Мазмұнға өту
Home

Көтеріліс күнделігі

Жанат Нұрмаханова

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Көтеріліс күнделігі

Жанат Нұрмаханова — «Көтеріліс күнделігі». Маңғыстаудағы 1870 жылғы көтеріліс – мұрағат құжаттарында

/uploads/6a60c782-7b67-5ebd-90ee-5b689a064820/cover.png

Маңғыстаудағы 1870 жылғы көтеріліс – мұрағат құжаттарында

АНЫҚТАМАЛЫҚ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР

1870 жылғы Маңғыстаудағы халық көтерілісі оның басшыларының атымен «Иса-Досан көтерілісі» деп аталып, ел жадында осылай сақталды.

Досан, Исамен бірге Алғи (Алдыоңғар) Жәлімбетов, Тілеуберген Орақов, Шүрен Иманов, Дихан Өтепов, Сүгір Шабаев, Қайырлап Есенгелдиев, т.б. ержүрек ерлер қарсыласына үзеңгі қағыстыра қатар шапты.

ДОСАН ТӘЖИЕВ

1835 жылы Бозашы түбегінің Жиделі жерінде дүниеге келген. Халық батыры.

Патша үкіметінің озбырлығына қарсы халықтық көтерілісті бастаушы. «Үш ауызда» елден салық жинауға шыққан пристав Рукинді өлтіріп, жасағын тұтқынға алады. Бірнеше күн Форт Александровск бекінісін қоршап, орыс әскерін дүрбелеңге түсіреді. Армян базарын талқандайды, Николаевск станицасын өртеп, Қарағантүптегі маякты қиратады. Кавказдан жіберілген жазалаушы отрядпен шайқасады.

Стихиялы түрде басталған көтеріліс ақырында қару күшімен басылып, Досан ауылдастарымен, қарулас жолдастарымен 1871-1873 жылдары Хиуа жеріңде бой тасалап жүреді. Хиуаны жаулауға келген және өз іздеріне түскен орыстарға Ходжеліде, Қарабайлыда, Қоңыратта тұтқиылдан шабуыл жасап, жеңіске жетіп отырды. 1873 жылы Үстіртке қоныс аударады, 1874 өзін аңдыған топпен атыста жараланып, қолға түседі. Екі жылдан соң 1876 жылы 11 ақпанда түрме азабынан көз жұмды. Қаратөбедегі қауымдыққа жерленген.

Ұрпақтары Батырға айырықша күмбез көтерді. Халқы Досан атын аңызға айналдырды. Досанның ерлік істерін халық ақындары Ақтан, Бала Ораз, Қашаған, Қалнияз, Сәттіғұл жырға косты.

Досан – ел есіндегі ұлы есімдердің бірі.

ИСА ТІЛЕНБАЙҰЛЫ

1829 жылы туған. Маңғыстаудағы 1870 жылғы көтерілістің ұйымдастырушысы. Би. Патша өкіметі халықтық дүрбелеңнен сескеніп, жан-жақтан әскери құрамалар шақыртты. Кавказдан, Еділ бойынан, Оралдан келген, зеңбірек сүйреткен әскери күштерге шиті мылтық, қылышпен ғана қаруланған дала ұлдары қарсы тұра алмады.

Көтерілісшілер Үстіртке, Хорезмге қарай ығысты. Хиуа билеушісі Маңғыстау батырларын орысқа қарсы айдап салғысы келді. Ел қыспақта қалды. Қару күшіне мойын ұсынған халық алым-салық ауыртпалығынан бой көтере алмады.

Елдің тыныштығын ойлаған Иса уезд басшылығына өзі келіп, алған бағытынан бас тартатынын сездірді. Оның ел алдындағы беделін өз мүдделеріне пайдаланғысы келген билік оған лауазым беріп, елді тыныш ұстау тәсілін ұстанды.

Иса Тіленбайұлы 35 жылдай болыс басқарушысы болды. 1909 жылы өмірден озды. Оның билігі, ақындығы жайлы әңгіме ел арасында көп таралған.

Серікбай Өтелгенұлы Тұрымов –

Түпқараған ауданының әкімі

БАБАЛАР АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШЫМЫЗ ЕДІ

Маңғыстау қазақтарының патшалық биліктің озбырлық саясатына қарсы шығып, көтеріліске шығуы – біздің елдігіміздің көрінісі, ал көтеріліс басшылары Иса мен Досан – өз елі үшін ерліктің символы. Сондықтан Маңғыстау тарихындағы осы бір елеулі оқиғаны жете білу – баршамызға сын.

Соңғы жылдары облыс аумағында көптеген тарихи тұлғаға ескерткіштер орнатылып, кітаптардың шығарылуы – халықтың төл тарихын тануға құштарлығын аңғартады. Бұл тұрғыда Ерлерін Еліне танытып, ұлттық мүдде, елдік мәселе, жастар тәрбиесі дегенде сұңғылалығымен тәнті етіп келе жатқан Маңғыстау облысының әкімі, ұлтжанды азамат Қырымбек Елеуұлы Көшербаевқа халықтың айтар алғысы шексіз.

1870 жылғы көтерілістің 140 жылдығына да біз облыс әкімінің тікелей ұсынысымен Форт Шевченко қаласынан Иса Тіленбайұлы мен Досан Тәжиевке, олардың бейнесі арқылы осы бір халықтық бұлқыныстың барлық құрбандарына ескерткіш қоймақпыз. Ескерткіштің тұғыры кезіңде көтерілісшілердің қуатты қарудан қаймығып, босқа қырылудан сақтанып, ала алмаған биіктігіне орнатылады.

Бодан елге күйініштен басқа бергені жоқ, күйік болған «Күйік патша» орнатылған орында енді асқақтай, өр кеудесін теңіз самалына тосып, «Ерлігіміз – ұрпағымызға мұра» деп елдің батыр ұлдарының тұғырлы тұлғалары тұрады. Олар ала алмаған бекіністе, қазір іргелі қалаға айналған Фортта халық батырларының тойы тойланады.

Сонымен бірге, жалпы көпшілік назарына Ұлттық мұрағат қорынан алынып, қазақшаға аударылып, ұсынылып отырған осы «КӨТЕРІЛІС КҮНДЕЛІГІ» құжаттар топтамасы да батыр бабаларымызға қойылған бір ескерткіш болғалы отыр. Енді халықтық көтерілістің тарихын ашып көрсетуде қалтарыс жақтар болмас деп есептейміз.

Кеңестік Одақты басқарған сұңғыла саясаткерлердің алыс-алыс жылдарды болжайтын жоспарларында ұрпақ санасынан тарихи шындықты көлегейлеу тәсілдері жататын. Соның бірі – орысқа бодан болған халықтардың төңкеріске дейінгі тарихын тануына тосқауылдардың көп болуы. Сол себептен қазақ халқының да Қазан төңкерісіне дейінгі тарихы күнгірт еді.

Одақ құрамындағы ұлттар тек ұлы халықпен («ұлы халық» – сталиндік сүйікті термин) біріккеннен кейін ғана, солардың ақылымен жүргеннен кейін ғана адам қатарына қосылғаны кез келген ақпарат арқылы миымызға құйылды. Сексен жыл бойы санамызға сіңірген социализм идеясына, халықтар теңдігі идеясына мойынсұнғанымыз соншалық, Кеңестер Одағы ыдырар қарсаңында «Қазақстанның Россияға қосылуының 250 жылдығы» деген атаулы оқиғаны ұлан-асыр тойлап, жүздеген кітап жазып, түрлі мәдени шаралар мен бірнеше ондаған ғылыми конференциялар өткізгеніміз әлі ұмытылған жоқ.

Сонымен қатар, қай кезеңде де әр қазақтың көкірегіңде қоламтадай көмулі басқа бір кереғар ойлар жатты: бұдан 250 жыл бұрын да, 150 жыл бұрын да, тіпті 50 жыл бұрын да қазақ кең байтақ жерін «өз еркімен» бермеген. Тек келешек ұрпақтың бас амандығы үшін қаруы күштіге қарсы келмей, жатқа жерін еріксіз бастырған, бөтен билікке еріксіз мойынсұнған. Қазақ жерінің ерікті түрде емес, қару күшімен бағындырылғанын орыс ғалымдары да ашық айтып келеді.

Бірақ бодан болдық екен деп, еш қарсылықсыз, айтқанға көніп, айдағанға жүре бердік десек, бүгінгі тәуелсіздігімізді бірте-бірте жақындатқан, бостандығымыздың жолында қан төккен, азап шегіп, айдалған аталарымыздың рухы алдыңда әділетсіздік болар еді. Халық басқыншылыққа қару ала қарсы шықты, белден басты бассыздыққа, отаршылық озбырлыққа төзбеді, айтқанын істетем дегендерге тосқауыл қойды. Сөзіне елін ұйыта алған би мен соңынан қол ерте алған ер – Иса, Досан сияқты ұлдарымыз болса, халық үшін кектенді.

...Астана жұртын айналса,
Бес қаруын белге ұрса,
Ат үстінде күн көрсе,
Тебінгіні теріс тағып,

Темір қазық жастанса,
Қарындас үшін қан жұтса,
Ол ер жігітке жарасар! (Мұрат Мөңкеұлы)

Отарлаушы елге қаймана қазақтың қарсылығының бір көрінісі – Маңғыстаудағы 1870 жылғы халықтық көтеріліс. Халық арасында көтеріліс басшыларының атымен «Иса-Досан» деген атқа ие болған бұл бас көтеру халықтың жерін алған, еркін алған отаршыларға қыр көрсетуі, өзін танытуы еді.

1868 жылы 21 қазаңда шыққан, ел ішінде «Низам заңы», орыс билігінің тауында «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторларының далалық облыстарын басқару туралы уақытша ережеге» қарсы Маңғыстау қазақтарының қарсылығы осы заңды шығарған үкіметті біраз бөрліктірді. Бұратана халықтан қарсылық бола қоймас деп өктемсіген отаршыны қазақтардың қысқа мерзімдік қарсылық әрекеттері қатты дүрліктірді. Дабылы патшаның өзіне жетіп, тынышын алды. Дүрбелеңге сол кезеңнің осы қалай білікті әскери шенділері араласты. Осы көтеріліске байланысты түзілген мұрағат құжаттарында патша үкіметінің 30-40 ірі-ірі әскери басшысының аты аталады.

Көтеріліс дүмпуі жетісімен, алдымен келген граф Кутаисовтың Дағыстан әскерінің қолбасшысы князь генерал-адьютант Меликовке:

«Өлке түгел көтерілген, қарусыз бір адам жоқ. Көп шығынға ұшырағандарына қарамастан, олардың еңселері түсетін емес... үлкен бір шешімге келген, тек қарулары нашар...» деп жазуы;.

генерал-адьютант Н. Крыжановскийдің Кавказ округі бастығына жазылған хатқа «Бұл – біздің осы түкпірдегі кісі жыларлық шарасыздығымыздың көрінісі» деп бұрыштама жазуы;.

Александровск фортының коменданты, капитан Зелениннің «Мен 20 жыл топографтар корпусының офицері бола жүріп қазақ даласында талай қақтығыстарды көрдім, бірақ дәл осындай көзсіз және табандылықпен жүргізілген шабуылды көрмеп едім. ...Форттың тағдырын осындай бірнеше шабуыл шешіп кетуі мүмкін еді. Онда мұның немен аяқталатынын көзге елестетудің өзі қорқынышты» деуі;.

Рукиннен кейін келген приставтың: «Бізге әуелден де берілмеген адайлар енді тіпті бағынудан кетті. Біз Маңғышлақта өзімізді осы жердің қожасымыз дей алмаймыз» деуі халық күшін, халықтық толқудың тегеурінін аңғартады.

Көтеріліс күшпен басылды. Жан-жақтан оқпанынан от шашқан зеңбіректерін сүйреп келген отаршы Маңғыстаудың ұлдарын тоз-тоз қылды. Малын талады. Халық амалсыз мойынсұнды.

Бұл оқиға еліміз егемендік алғанша ашық айтылған жоқ, тарихи оқиға ретіңде оқулықтарға енбеді. Тек бірқатар тарихи оқиғалардың пердесін ашуға рұқсат берілген хрущевтік жылымықтан соң ғана ғалым Мариям Тұрсынова «Казахи Мангышлака во второй половине XIX века» кітабында аталған көтеріліс туралы толыққанды мағлұмат берген екен. Ширек ғасырдан соң горбачевтық жариялылықта журналист Сайын Әділханов (марқұм) «Досан батыр» атты көлемді еңбек жазды. Осыдан 5-6 жыл бұрын жарық көрген жазушы Ә. Спанның «Иса Тіленбайұлы» атты кітабы да аталған көтерілістің тарихын танытты. Сонда да 1870 жылғы халықтық көтерілістің ашылмаған құпия беттері аз емес.

Бұл халықтық көтерілістің жергілікті жерде жадтан шықпай, бүгінгі күнге дейтін ұмытылмай келуінде, ең алдымен, ел ақсақалдарының еңбегі өлшеусіз. Олар мезгіл-мезгіл осы оқиғаны жаңғыртып, мерзімдік басылымдар бетіне, тіпті өзара бас қосқан сәттеріңде бір-біріне айтып, аталарының ерлік істерін дәріптеп отырды. Мұнда олардың туған топырақтағы қанды оқиғаны ұмытпай, күштінің зорлығы мен озбырлығын, мал баққан елдің кіріптар күйін ұрпақ есінде қалдыру керектігін болжаған көрегендігі жатыр дер едім.

Бабалардың ерлігін айтуды кезеңнің жағдайлары тежеген уақыт үшін олардың аруақтарының алдыңда кешірім сұрай отырып, бүгінгі ескерткіштердің біздің оларға деген құрметіміздің бір белгісі екендігін айтқым келеді. Көтерілісшілер алмаған биіктерді кейінгі ұрпақтары алды. «Ерлік ұмытылмайды, Елдігіміз – мәңгілік!» дейміз біз де.

ТАРИХИ ҚҰЖАТТАР – ӨТКЕННІҢ МҰРАСЫ

(Кіріспе орнына)

Мұрағат – адамзат ойлап тапқан игілікті істердің бірі. Мұрағаттық жазба өткеннің ізін жаңғыртып, адамзат қажетіне жарамды мұраға айналады. Қазақтың «Қаламмен жазғанды балтамен шауып кетіре алмайсың» деген сөзінің астарында үлкен мән жатыр, қағазға түскен кез келген тарихи оқиға өміршең болады, қағазға түскен деректер мен мәліметтер қанша уақыт өтсе де, сол қалпында сенің көз алдыңа келе қалады. Уақыт өте келе, жаңа ұрпақ ата-бабасының өткен жолын осы жазба ескерткіш арқылы саралай алады, өз бағасын береді. Соңдықтан мұрағаттық материалдарды біз тарихи шыңдықтарға апаратын төте жол деп есептейміз. Қалың оқырман назарына мұрағаттық құжаттар жинағын ұсыну мақсатымыз да осы себептен.

Әрине, мұрағаттық жазбалар өз кезеңінде кезеңнің саясатына, оны құрастырушының көзқарасына сай түзіледі. Көне жазбалардың негізінде, немесе, соған сілтеме жасай отырып, тарихи оқиғаларға баға беруші де, оны жарыққа шығарушы да (тарихшы, жазушы, өлке зерттеушісі) өз ұстанымдарына сүйенеді. Мұнда белгілі бір мақсатқа мүдделілік, басқа да талаптар пен қажеттіліктер үлкен роль атқарады. Бір тарихи құжаттың әр түрлі көзқарас туындататыны да сондықтан.

Пікірлер кереғарлығы туындағанда «Тарихи дерекке объективті көзқарас керек» деген ара ағайындық сөздер де айтылады, алайда, осы объективтіліктің критерийі қайсы? Оны кім екшеп шығарады? Мұнда да бірауызды болу қиын. Бұдан шығар қорытынды – тарихи шындықтың да заманның ауанын аулап, «бұрылып тұру» мүмкіндігі болатындығын мойындауға тура келеді екен. Яғни, әр заманның өз шындығы бар.

Тарихи деректердің тағы бір көзі – Ел жады. Ұрпақтан ұрпаққа жалғаса айтылып келе жатқан әңгімелердің құны жоғары болады, онда адамдардың сезімі, әсері, көрініске бағасы жатады. Сол себепті атадан балаға жеткен әңгіме қызықты, тыңдаушысын рухтандырады. Алайда, Жад өзгерістерге ұшырайды, әрбір тыңдаған құлақ пен айтқан ауыз өз ойын, өз пікірін қоса сабақтайды. Кейде кейіпкердің аты өзгереді, оқиға орны, адам аттары (оқиғаның өткен жылы, жер аты, жер көлемі, адамдар саны...), ұмытылады немесе шатастырылып айтылады, тіпті уақыт өте келе, іздеушісі жоқ – адам, қаузаушысы жоқ – іс жадтан шығып, мүлде ұмытылады.

Қазақ халқы тарихының жазба дәлелдерінің мұрағат талмай қалғанынан біз төл тарихымызды тануда көп ұтылып жүрміз.

Бұл тұрғыдан алғанда, XIX ғасырдың жетпісінші жылдары болған Маңғыстау қазақтары көтерілісінің біршама «жолы болды», қағазға құнтты халықтың жазғандары бізге аталар тарихын қалтқысыз тануымызға мүмкіндік беріп отыр.

Биыл 140 жылдығы аталып отырған бұл көтеріліс туралы анық мәліметтерді Маңғыстау өңірі сол кезде бағынған Орынбордың, кейін Ташкенттің (мұндағы құжаттардың біразы Орынбор құжаттарының көшірмесі) мұрағаттарынан табуға болады.

Қазақ елі мұрағатшылары мен тарихшыларының атқарған игілікті істердің бірі – Қазақстанның ұлттық мемлекеттік мұрағатына Орынбор құжаттарын толық көлемде алдыруы болды. Ұлттық мұрағаттың қорындағы Закаспий (Каспий сырты) әскери округінің, Манғышлақ приставтығы басқармасының, Кавказ әскери округінің құжаттарында, Манғышлақ уезінің әскери және азаматтық істерінде Маңғыстаудың XIX ғасырдағы тарихына қатысты мәліметтер мол.

Осы құжаттарға сүйене отырып жазылған бірегей ғылыми еңбек – тарихшы ғалым М.С. Тұрсынованың бұдан 43 жыл бұрын қорғаған «Казахи Мангышлака во второй половине XIX века (вопросы социально-экономической и политической истории)» деп аталатын кандидаттық диссертациясы. Ғалым осы ғылыми еңбегімен аттас кітап шығарып, соның негізінде 1870 жылғы Маңғыстау қазақтарының (шаруаларының) көтерілісі туралы мәліметтер оқулықтарға енді.

М. Тұрсынова көтерілістің қозғаушы күші «жұмысшы бақташылар қатысқан шаруалар көтерілісі» деп баға береді. Аталған еңбектің кеңестік тәртіп кезеңінде жазылғандығын ескерсек, оған осылайша таптық рең берілуі заңды екендігін түсінеміз. Дұрысында, бұл оқиға халықтың барлық әлеуметтік қабатын қамтыған, жалпыхалықтық көтеріліс еді. Қарапайым халықпен бірге рулық бөлімшелерді басқарған сардарлардың да ұрыс даласында жүруі – бұл пікіріміздің бір дәлелі.

Жалпыхалықтық бұл дүрбелең туралы аз жазылды деуге болмас, халық ақыны Сәттіғұл Жаңғабылұлының әкесінің ауызекі айтудағы естелігі негізінде 1939 жылы шығарған «Досан батыр» дастаны, Ш. Әленовтің, Е. Жаманбайұлының, З. Ижановтың, Орынбаевтың жергілікті газеттерге жарияланған мақалалары қалың оқырманға көтеріліс жайлы бірқатар мағлұматтар бере алды. Қаламгерлер Сайын Әділхановтың «Досан батыры» мен Ә. Спанның «Иса Тіленбайұлы» кітаптары бірін-бірі байытып, оқырманның қажетін өтеді.

Бұл жарияланымдардың бәрінде де «1870 жылғы көтеріліс – халықтың орыстың отарлау саясатына қарсылығы еді» деген әділ баға берілді. Көтерілістің туындау себептері, оны қатыгездікпен басып-жаншу, жеңілген жақтан үлкен көлемде контрибуция өндіру – отаршылдық озбырлықтың айқын көрінісі.

Сонымен бірге, бұл кезде қазақтың орысқа отар болғанына 130-140 жыл толғанын, 3-4 ұрпақ орыс билігін мойындап өскенін де естен шығарып алмауымыз керек. Хиуа ханының ықпалынан ірге ажыратпаған Маңғыстауды бөле алып қарасақ та, түбек жерін орыс таптағалы 40 жылға жақын уақыт өткен екен. Ал Каспийдің маңғыстаулық жағалауында қамалдың салынғаны қазаққа шаруашылық тұрғысынан біршама тиімді болды. Сауда-саттық, мал мен оның өнімдерін, қыл-құйрық, тері-терсек, жүн-жұрқаны тұрмыстық бұйымдарға, астыққа айырбастауға мүмкіндік болған «Меновой обмен» жергілікті тұрғындар үшін Хиуамен арадағы саудадан әлдеқайда пайдалы еді. Біраз қазақ кәсіпке үйренді, приказчик, балықшы, арбакеш, саудагерлікті меңгерді, орысша үйренді... Бұған қарап біз бұл халықтық наразылықтың жалпыорыстық тәртіпке емес, салық салудың жаңа көлеміне қарсылық екендігін аңғарар едік.

Көтеріліс, дәлірек айтқанда толқу, мерзімдік тұрғыда аз уақытты қамтыды. Қарсылық әрекеттер мен шабуылдар жоспарсыз, алдын ала дайындықсыз, стихиялы түрде, оқиғаның туындау барысына қарай аяқастынан өрбіп отырды. Сонымен бірге, келтіріліп отырған мұрағат құжаттары мен естеліктер адайлардың әу баста қарулы көтерілісті ойластырмағандығын, уезд бастығымен келіссөз жүргізуге мүдделі болғанын дәлелдейді.

Жергілікті халықтың бекініске шабуылы оның ішіне тығылған басқа халықтың өкілдерін жойып жіберуге бағытталған жоқ. Қарсы жаққа ешқандай саяси талап қойылмады. Бірінші кезекке ұлттық мүдде емес, әлеуметтік мүдде, яғни күнкөрістік жағдай – «қара қазан, сары баланың қамы» шықты. Сондықтан көтеріліске ұлт-азаттық қозғалыс деп баға беру де қиын.

Нарын өңірінің өрістен, қоныстан қысым көрген қазағы түгел қолдаған, Исатай мен Махамбет көтерілісінде де әлеуметтік мүдде көзделді, сонымен бірге халыққа қиянат жасаған жеке билеушілерді тақтан түсіру туралы саяси талап қойылды.

Бірқатар жазбагерлеріміздің «орыс әу бастан басбұзар адайды басқа қазақтан бөліп тастау саясатын ұстанды» деп жазғанымен де келісу қиын, себебі Хиуаға қарсы пайдалануға болатын қазақтарға қысым көрсету орыстың өзіне тиімсіз болып шығар еді. Оның үстіне Жаңа тәртіп бойынша адайларға «Орынбор даласына» дейін көшіп-қонуға тыйым салынған жоқ, тек салық төлемегендердің көші тежелді. Тиісті салықтары төленгеннен кейін олар бұрынғысынша үйреншікті қоныстарда көшіп-қонды.

Орыстың Маңғышлақ приставтығын құрудағы мақсаты – Каспий аумағын дербес басқару құрылымына айналдыру, сонымен бірге Кавказ наместнигі ұлы князьдің иелік ететін аумағын кеңейту болды. Бұл орыстың қашаннан көксеген Хиуаға орыс ықпалын күшейту, балық түсімі жоғары Каспийдің маңғыстаулық жағалауын басы бүтін иемдену мүддесімен астасып жатты.

Маңғыстаулықтарды дәл 1870 жылдың көктемінде атқа қонуға мәжбүр еткен не? Мұның бірнеше себебі бар:

Біріншіден, өңірдің жаңа әкімшілік басқаруға көшуі. Жергілікті халық Орал облысынан алынып, Кавказға бағынғанда толық түсінік жұмыстары жүрмегендіктен Арқадағы жазғы қонысынан айырыламыз деп дүрлікті.

Екіншіден, жаңа ережеге Шөмішті-Табын руының қазақтары да қарсы болды. 1869 жылдың аяғында олар Сам, Матай құмдарынан әрі қарай, Хиуаға таяу қоныстанып алды. Асауов Дәуіт, Жанғали Арсланов, Әзберген Мұңайтпасовтар басшы болып, елін орысқа салық төлемеуге шақырды.

Мұндай батыл әрекеттің маңғыстаулықтарға да әсері болғаны сөзсіз.

Үшіншіден, «Уақытша ереже» бойынша уезд бастықтарының құзыреті жоғары болды да, оларға үлкен билік берілді, сондықтан кей өңірлерде уезд бастықтары өз бетінше белден басты әрекеттерге барып, халыққа тырнағын батырыңқырады, сөйтіп, жергілікті халықтың көтерілуіне өздері себепкер болды. Маңғыстау мысалында уездің жаңа бастығы «Берсе – қолынан, бермесе – жолынан», салықты қару күшімен өндіріп алу ниеттері бар екендігін сездірді.

Төртіншіден, түтін салығының басқа өңірлерге қарағанда мұнда көбірек болып белгіленуі. Мысалы «Уақытша ереже» бойынша Түркістан генерал-губернаторлығының мал өсірушілеріне түтін салығы жылына 2 рубль 75 тиыннан болса, Орынбор мен Батыс Сібір генерал-губернаторлығының бұратана халықтарына 3 рубль мөлшеріңде салық салынатын болды, Маңғыстаудағы іргелес, қоныстас түрікмендерге бұрынғысынша 1 рубль 50 тиын, ал қазақтарға салынатын түтін салығы бұлардың бәрінен де артып, 3 рубль 50 тиынға дейін көтерілді. Онымен қоймай, бұрынғыдан екі еседен астам өскен түтін салығының екі жылғы көлемін бірден өндіру әрекеті жасалды. Айталық, 1868 жылы салық әр үйге 1 рубль 50 тиын болса, 1870 жылы Рукин әр үйден бірден 7 рубль жинап алғысы келді. Бұл жаңа әкімшілік құрылымның шығындарына қатысты деп түсіндірілді. Бұған қоса екі жылдың салығын төлегендер ғана жазғы қонысқа көше алды. Сөйтіп, мал ашуы жан ашуын туындатты.

Мұнымен қоймай, көтеріліс басылғаннан кейін жергілікті халыққа жаппай контрибуция (соғыс шығынының орнын толтыру) салынатын болды. Өлке тарихын зерттеушілеріміздің біразы, мысалы, С. Әділханов (марқұм), бұған байланысты «орыс үкіметі өз бағынысындағы халыққа контрибуция салуға құқы жоқ болатын» деп орынды пікір білдірген. Шындығында да, Маңғыстауды Ресей аумағы деп жариялай отырып, орыс үкіметі бұл өңірге жауға қараған көзқараспен қарады. Дәлірек айтқанда, жерді иемдене отырып, халқының қанын сорды.

Бесіншіден, Орал әскери губернаторы генерал-майор Веревкин жаңа ережені түсіндіруге Маңғыстаудың екі дистанциясының бастығын Оралға шақырып алып, жаңа ережені түсіндіріп, 3 рубль 50 тиын көлеміндегі түтін салығын 1870 жылдан бастап жинауды сұраған еді. Ал 1869 жылдың аяғында Манғышлақ приставтығына тағайындалған подполковник Рукиннен ол фортқа өз қызметіне жүрер алдында адайлардан 1869 жылдың да түтін салығын 3 рубль 50 тиын көлемінде дереу өндіруді талап еткен.

Рукин фортқа екі дистанция бастығымен бірге келді, бұл екеуі болса елге екі түрлі ақпарат әкелді: жоғары дистанция бастығы «жаңа ереже бізге тарайды» десе, төменгі дистанцияның бастығы мұны жоққа шығарды. Оның халыққа бұлай айтуына Кавказдан Красноводскге келгенінде отряд бастығы, полковник Столетовтің төменгі адайлар мен түрікмендерге «Жаңа ереженің талаптары тарамайды, төленетін алым-салық көлемі үй басына бұрынғысынша 1 рубль 50 тиын болып қала береді» деп түсіндіргені және осыған байланысты олардың өтініштерін қабылдағаны да себеп болды (қараңыз: № 7 құжат). Халықтың кімге сенерін білмей, дүрлігу себебі содан.

Алтыншыдан, Орынбор генерал-губернаторлығының басқа өңірлеріне Ұйымдастыру комиссиясы дегендер шығып, елдің беделді адамдарымен келіссөздер жүргізіп, жаңа ережені түсіндіріп отырды. Үй есебін алу, елді ауыл-ауылға бөлу, сардарларды, болыс билеушілерін сайлауды ұйымдастыру, т.т. Әрине, бұл жерлерде де халықтық қарсылықтар болды, мысалы, Жем бойы қазақтарының дүрбелеңі, таздардың, ысықтардың, Байбақты Қармысұлы бастаған шеркештердің орыс әскерлерімен қақтығыстары, табындардың Хиуа бетке ығысып қонуы, т.т.

Мұны өткен ғасырда жарық көрген тарихи мақалалардың авторлары да дәлелдейді. «1869 жылы алдымен Кіші орданың қазақтары қозғалды. Бірақ бұл халықтық толқу дер кезінде алынған екпінді шаралардың нәтижесінде жыл аяғына дейін басылды.

Маңғыстауда бұл кезде, адайлардың жанжал құмар мінезіне қарамастан бәрі жайбырақат тыныш болды. Бұл кезде Александров фортының әскери бастығы капитан Зеленин еді. Ол адайлармен тіл табыса алатын және өзіне шексіз берілген жоғарғы дистанция бастығы зауряд-хорунжий Маяевты, төменгі дистанция бастығы зауряд-хорунжий Қалбинді жиі-жиі қонаққа шақырып, солардың қолымен діттеген мақсатына жетіп отыратын» («Русская старина», 1894 жыл, № 7. Юдин. Маңғышлақ жарты аралындағы 1870 жылғы Адай бүлігі.).

Пристав, подполковник Рукин Қазақтарды басқару ісінде ешқандай тәжірибесі болмағанына қарамастан, адайлармен таныспастан, қазақтардың түтін санын қалай алудың жайын білместен, олар маған сөзсіз бағынады деген өпірімдікпен Александров фортына келген соң көп кешікпей-ақ, жаңа ережені енгізуге далаға шығуды ұйғарды.

Ол ұйымдастыру комиссиясының міндетін өз мойнына алып, елге қарулы қолмен шықты. Қазақтардың орыс әскерін ішкері жібермеу әрекетінің қантөгіске ұласып кетуіне себеп болды.

Қарулы қақтығысты уезд бастығының елге қарумен шығуы, шовинистік өктем Кутаисовтың халықтың қарсылық көрсеткеніне ызаланып, дағыстандық атты әскерді далалықтарға қарсы қоюы, ел басқарған екі бидің екі түрлі көзқараста болуы арандатты.

Жетіншіден, орыстарға көмекке келген қолдың (күштің) жергілікті халықпен бейбіт бітімшілік жолын таңдамай, қару күшіне сеніп, өктемдік көрсетуі де жағдайды ушықтыра түсті. Егер Кутаисов сияқты шенді әскербасылары ұшқалақтық танытпағанда, дүрліккен халық бірте-бірте саябырсып, соңы өзара келісімге келу рәсіміне жалғасары сөзсіз еді.

Күшті күшін танытып, қаймана қазақты жуасытты, атқа қонған ерлер орыс тәртібімен жазаланды. Халық көкірегінде шемендей қатып, шер қалды.

Орыс тәртібі қазақ жеріне елдің бодан болған кезінен емес, одан аттай бір ғасыр өткен соң бірте-бірте жеткен еді. Патшалық билік өзінің басқару жүйесін әуелі Орта жүзге енгізді, Орта жүзде хандық билікті жойды, билік аға сұлтандар басқарған округтік приказдарға ауысты. Округтер болыстарға бөлінді. Болыстарға бөлу кезінде қалыптасқан рулық қарым-қатынас ескерілмеді.

1824 жылы Кіші жүзде хандық билік ыдырап, Орынбор қазақтарының облысы құрды. Бұл облыс Шығыс, Батыс, Орта бөліктерге, бөліктер дистанцияларға бөлінді.

Маңғыстау адайлары түгелдей Орынбор қазақтарының Батыс бөлігінің сұлтан правителі қарамағына беріліп, бағындырылды да, 52-ші дистанцияны құрады. Маңғыстау жарты аралын басқару қиын болғандықтан бұл дистанция кейіннен екіге – жоғарғы және төменгі дистанцияларға бөлінді: Жоғары дистанция, 3 тайпа ел, Үстіртті қыстады, оны Бәймәмбет Маяев басқарды; төменгі дистация, 5 тайпа ел, оны Ғафур Қалбин басқарды. Екеуі де елге беделді би, дәулетті адамдар еді, олар үкіметтен тұрақты жалақы алып тұрды.

Дистанция бастықтарынан кейінгі бөлімдерді басқару сардарларға тапсырылды, олардың міндеттері алым-салықтарды жинау, басшылықтың басқа да тапсырмаларын орындау болды.

Орынборға бағынатын қазақтарға түтін салығын салу 1837 жылдың басынан басталды, көлемі 1 рубль 50 тиын болып белгіленді, оның тікелей мемлекеттік салықтық сипаты жоқ-ты. 1844 жылы ғана Орынбор ведомствосының салық системасына енді.

1846 жылы Түпқарағаннан бекініс салғаннан кейін орыстың адайлар мен Маңғыстау түрікмендеріне ықпалы күшейді. Сондықтан 1850 жылдан бастап адайларға түтін салығы салына бастады.

Адайларды басқару басқармасы Орынбор шекара комиссиясының қарамағында болды, ал Александровск фортының комендантына тек бекініс маңайында көшіп жүретін қазақтар мен 1863 жылдан бастап түтін салығын төлей бастаған түрікмендер бағынды.

Көшпелі адайларда салық төлеу жүрдім-бардым орындалды. Бұл туралы генерал-адъютант Николай Крыжановский 1870 жылы сәуірде патша канцеляриясына былай деп жазады:

«Сіздің жоғары императорлық мәртебеңіздің қаперіне берейін, маған сеніп тапсырылған басқармада бұрын мұндай деректер болмаған, әлі күнге дейін жоқ. Себебі адайлар осы кезге дейін бізге күшпен бағынып келген, ешқандай орыс билігі оларға тарамайды. Тіпті облыстың батыс бөлігінің сұлтан-правителі 1869 жылға дейін өз қарамағында болған Маңғыстау жартыаралына қоластында 150 қазақ әскері бола тұрып баруға тәуекелі жетпеген... 20 жыл бойы адайлар алым-салықты дұрыс төлеп келген жоқ, әркім өз қалауынша және 10 үйден бірі төледі. Іс жүзінде адай руының саны көрсетіліп келгеннен кемінде екі есе көп.

Орынбор бастығының Үстіртке қарулы қолмен шығу туралы ұсынысы жоғары үкімет тарапынан шешімін таппай келгендіктен төзіп келдік» деп Маңғыстаулықтарға салық жөнінен жеңілдік беруге үзілді-кесілді қарсы шығады (қараңыз: құжат № 8).

Қазақ даласындағы орыстық басқару ала-құла болып, оны бір жүйеге келтірудің қажеттілігі туындады. Екі жылдық мерзімге тәжірибе ретінде енгізілген 1867 жылы 11 шілдедегі «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы уақытша ереже» және 1868 жылы 21 қазандағы «Орынбор және Батыс Сібір генерал губернаторларының далалық облыстарын басқару туралы уақытша ереже» сол себептен пайда болған еді. Негізгі мақсат – әкімшілік басқаруды орыс қолына шоғырландыру болатын. Уездік соттар империялық заңдар негізінде жұмыс істейтін болды, билер сотының күші жойылды. Салықтың біртұтас жүйесі енгізілді.

«Ресей қарамағындағы халықтарды бірыңғай басқаруға көшіру, жергілікті ақсүйектерді ел басқару ісінен ығыстыру, рулық қатынастарды әлсірету Қазақ даласын бірте-бірте орыс жерімен кіріктіріп жіберуге бағытталды» деп жазды зерттеуші И.И. Крафт осыдан ғасырдан астам бұрын.

Уақытша ереже жұмыс істеген кезеңді Қазақ даласында орыс тәртібінің толық қалыптасқан кезеңі деп айтуға болады. Болыс, ауылнай сайлау осы заңнан бастау алды, бұрын шен-шекпенге ашық таластық болмаған елде ағайын арасындағы алауыздық пен жікшілдік күшейді. Ереже талаптарының нақты болмауы себепті уездік бастықтар, «ояздар», өңірде өзі қожа, өзі би болды. Пара беру пара алу осы кезден дендеді... Қазақ арасы осылайша бүлінді.

Маңғышлақ приставтығы (1868-1881) – бастапқыда Орал облысының құрамындағы Маңғыстау жартыаралындағы әкімшілік-аумақтық бірлік болып құрылды. Орталығы – Александров форты. Құрамына Бозашы, Тюленьи, Морской, Святой, Подгорный, Долгий, Орлов, Жандауыр аралдары кірді. Халқының саны – 20 мың үй.

Приставтық құру арқылы көшпелі өмір сүретін адай руы мен түрікмендер азаматтық басқаруға көшірілді. Жаңақұрылым 1870 жылы 20 ақпаннан бастап Орынбор генерал-губернаторлығы құрамынан алынып, Кавказ наместнигіне бағындырылды.

1874 жылы Каспийсырты (Закаспий) облысы құрылды. Бұл облысқа бастапқыда Красноводск, Ахалтеке уездері қарады. Маңғышлақ уезі Кавказ наместничествосынан алынып, 1881 жылы маусымда Каспийсырты (Закаспий) облысына қаратылды.

Каспийсырты облысы жиырма бес жылдай дербес өмір сүріп келді де, 1899 жылы Түркістан генерал-губернаторлығына қосылды. Кеңес билігі орнаған кезге дейін Маңғыстау осы бағыныста болды.

Ұсынылып отырған жинаққа келсек, орыс тілінен аударылып беріліп отырған мұрағаттық құжаттарды Оқырманның өзі оқып, кезең оқиғасына бағасын өзі беріп, түйін жасауына мүмкіндік берілді. Оқырман назарына «Иса-Досан» көтерілісінің күнделігі іспетті бір-екі мақала қоса ұсынылды.

Облыстық газет арқылы «Иса-Досан көтерілісі жайлы құжаттар жариялана ма» деген оқырман сауалы ішінара болса да орындалды деп есептейміз.

Жанат Жанашқызы Нұрмаханова.

тарих ғылымдарының кандидаты,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

ОРЫСТЫҢ МЕРЗІМДІК БАСПАСӨЗІНІҢ БЕТТЕРІНЕН

Патшалық билікті дүрбелеңге салған 1870 жылғы Маңғыстау қазақтарының бас көтеруі орыс баспасөзінің бетінен түспей, ширек ғасыр бойына жаңғырып тұрды. Оқиға ортасында болғандардың естеліктері мен империялық басқаруға сыни көзқарастағы демократиялық топтың мақалалары арада көп жыл өткеніне қарамастан мерзімдік басылымдарға оқтын-оқтын жарияланып тұрды. Соның неғұрлым өзекті деген екеуін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Алғашқысы – «Маңғышлақ жартыаралындағы 1870 жылғы Адай бүлігі» деп аталады. Бұл көлемді мақаланы оның авторы П. Юдин «Русская старина» журналының 1894 жылғы 7-санына жариялатқан.

П. Юдин «Военный сборник» кітапшасының (Альманах болуы керек. Н.Ж.) 1872 жылғы наурыздағы кезекті санын қарап отырып, «Подавление беспорядков на Мангышлаке в 1870 году» деген мақаламен танысады. Оның қолында осы оқиғаға қатысты басқа да материалдар бар болатын, атап айтқанда, оған Орынбор ғылыми мұрағат комиссиясының мүшесі Н.Г. Иванов берген осы оқиғаның тікелей куәгері, өзінің жақын досы, топографтар корпусының подполковнигі Зелениннің жазбалары, басқа да мұрағаттық құжаттар.

П. Юдин «Военный сборниктегі»мақаланы өзіндегі деректермен толықтыра отырып, осы очеркін жазып шығады. Біз мұның Маңғыстаудағы 1870 жылғы халықтық толқудың тарихын ашудағы ролін сараптай келе, оқырман назарына ұсыну қажет деп таптық. Әрине, мақаланың өн бойынан оның авторының шовинистік көзқарасы, бұратана халыққа деген пиғылы, кемсітушілігі аңғарылып тұрады. Бірақ бұл отаршы елдің өкілінің өз «шындығы», тарихи кезеңнің көріністері екенін оқырман жақсы түсінеді деп ойлаймыз. Ал оқиғаның тікелей куәгері, сол кезде капитан шеніндегі Зелениннің жазбаларында көтеріліс туралы бұған дейін айтылып, жазылып келгендегіден өзге, жаңа деректер келтіріледі, сол арқылы көтеріліс картинасы неғұрлым айқындала түседі. Мақала сонысымен де құнды.

Н.Ж.

П. Юдин

МАҢҒЫШЛАҚ ЖАРТЫАРАЛЫНДАҒЫ 1870 ЖЫЛҒЫ АДАЙ БҮЛІГІ

(«Русская старина», 1894 жыл, №7)

Маңғыстау жартыаралы Каспий теңізінің шығысында, айтарлықтай үлкен кеңістікті – теңіз жағасынан Хиуа иелігінің шегіне дейінгі, негізінен құнарсыз, жүріске қиын, тек көшпелі қазақтардың көшіп-қонуына ғана қолайлы даланы алып жатыр. Бұл жердің тұрақты тұрғындары қазақтардың адай руы, жалпы саны 40 мың үйдің шамасында, олар бір орында тұрақтамай, жыл бойына мал соңында көшіп жүреді. Қыста Маңғыстауда, Теке шекарасына жақын, ықтасын Оғры, Маңлы Хорис, Құрбан және Дали (жер аттары автордың жазуынша беріліп отыр. Н.Ж.) жерлерін мекендейді. Жазда Жем өзенінен ары Орал облысының шегіне дейін көшеді, сөйтіп малдың қысқы жайылымын сақтайды. Себебі олардың қысқы қоныстарында, жалпы Каспий жағалауынан Қарабұғаз шығанағына дейінгі жерде шөп мардымсыз, әсіресе, жаздың аптап ыстығыңда қуаңшылықта шөп түгел күйіп кетеді.

Осы жүзжылдық басталғанға дейін Маңғыстау жартыаралы маңайындағы жерлерімен Түрікмен иелігіне Пірғали ханға қарады.

Маңғыстауда орыс бекінісі жедел салына қойған жоқ, тек 1834 жылы ғана Маңғыстау жартыаралы Астрахань губернаторының бағынысынан алынып, Орынбор өлкесінің бастығы генерал-адъютант (кейіннен граф) Василий Алексеевич Перовскийдің қарамағына өткеннен кейін салынып, сосын 1846 жылы генерал-губернатор Обручевтің кезінде аяқталды. Мұнда үш казарма, азық-түлік дүкені, лазарет-цейхауз, оқ-дәрі қоймасы, басқа да ғимараттар болды.

Бастапқыда бекініс аумағы үлкен болды, қабырғаларына тақалып, тиісті атқыш артиллеристерімен 24 зеңбірек тұрды, ал гарнизонда шептік жауынгерлердің жарты батальоны, үш жүздей Орал қазақтары болды (мұнан әрі жазылуы ұқсас «қазақ» сөзімен шатыстырмас үшін «казак-орыс» деп атаймыз. Н.Ж.).

Бекіністің екі жағындағы екі таудың басына да батареялар орналастырылды. «Қадағалау мұнарасы» деп аталатын бұл таудың біреуінде флагшток бар, ту қадалған.

Бекіністің аты – Ново-Петровск. Кейіннен Орынбор генерал-губернаторы, генерал-адъютант Безак (Безак Орынбор өлкесін 1860-1864 жылдары басқарды) фортта болған кезінде оны тым үлкен деп тауып, көлемін кішірейтуді ұсынды. Бекіністің қабырғасында 8 зеңбірек қана қалды, таулардағы батареялар алынып тасталды, бекіністің аты Александровск форты болып өзгертілді.

Бекініс салынғаннан кейін даладағы ұрлық, Каспийдің жағасында қалың қамыс тасасына тығылып, орыс балықшыларының аулағанын аңдып отыратын қазақтардың тонаушылығы біраз азайды, бірақ түпкілікті тыйылған жоқ.

Адай дегендер ешқандай билікті мойындамаған халық. Басқа қазақ руларына қосылмай бөлек өмір сүріп, олармен тіпті туыстық қарым-қатынас та орнатпайтын даланың бұл жаугер ұлдары басқаның есебінен өмір сүргенді, өзгенің байлығына қол сұққанды тәуір көреді. Олар тек орыстарды ғана емес, өз қазақтарын, хиуалықтарды, түрікмендер мен текелерді де тонайды (автор бұл жерде теке тайпасын түрікмендерден бөліп көрсетіп отыр. Н.Ж.). Текелер де адай сияқты басбұзар халық, олардың араларында мал ұрлығы, қақтығыстар жиі болып тұрады.

Маңғыстаудағы орыс үкіметіне қарсы бүліктің қарсаңында мынадай оқиға болған еді: Адайлар 500 адам болып, текелерге келеді, олардың ауылдарына кенеттен шабуыл жасауды ойлап келген. Текелер болса мұны қандай жолмен болса да, алдын ала біліп қалған да, шақырылмаған қонақтардың алдынан одан көп қол шығарған. Екі жақтың кездесуі жан беріп, жан алған қырғын қақтығысқа ұласқан. Бұл ретте текелер жеңіске жетіп, өз жауларының бірнеше адамын тұтқынға алған.

Қирай жеңілген адайлардың көп адамы өліп, ұрыс даласында қалып, біразы жараланып, ауылына қайтады, бірақ «Қаз ашуын тырнадан алып», қайтар жолында орыс үкіметіне мойынсұнып, алым-салығын төлеп отырған түрікмендердің бейбіт жәуміт руының үш аулын шауып, далаға із жасырып кетеді.

Жапа шеккендер,әрине, Александровск форты басшылығына арызбен келеді, бірақ олар не істей алады, мұңдай қарақшыларға? Алайда, әскери бастық дистанциялардың бастықтарын (олар екеу: жоғарғы және төменгі, орыс үкіметі оларды беделді қазақтардан тағайындаған.) шақырып алып, ұрланған заттарды адайлардан кері тартып алып, иелеріне қайтарып, айыптыларды фортқа жеткізуге бұйырды.

Дистанция бастықтары үкіметке берілген адамдар, солай бола тұра олар басбұзарларға ештеңе істей алмады. Оның үстіне, адайлар форттан далаға шыққан әскери партияға шабуыл жасап, айтарлықтай нұқсан келтірген.

Орынбордан 1863 жылдың жазыңда кіші Қазақ ордасының батыс бөлігі правителінің ставкасы орналасатын бекініске орын іздеп, штабс-капитан Зеленин басқарған отряд өлкенің оңтүстігіне қарай жылжыды. Отряд құрамыңда 50 оралдық казак-орыс, 4 урядник және бір офицер болады.

Отряд Жемнен өтіп, Сарыбұлаққа таяғанда адайлар оларға шабуыл жасап, аттарын тартып алмақшы болады. Күн кешкірген уақыт болатын. Отряд қоналқыға жиналып, қарс жасап орналасты. Сол кезде кенеттен қамыс арасынан бірнеше ондаған атты кісі қиқулап шыға келді де, отрядқа қарай шапты. Абырой болғанда, қазақтардың мылтықтары оқтаулы болатын, шауып келе жатқандарға қарсы оқ жаудырды. Топ ыдырады.

Адайлар мұнымен тыншыған жоқ, отрядты Исанбердіге дейін жанамалап, аңдып барды.

Орынбордан шығарда генерал-губернатор сұлтан-правительге отрядқа қарай шығып, қарсы алуды ұсынған еді. Сұлтанның жанында оның қауіпсіздігіне жауапты тұрақты 200 қазақ болатын. Алайда, ол қас қылғандай үйленетін болып, тұрған жерінен әрірекке көшіп кетіпті. Сөйтіп, Исанбердіні қорғаусыз қалдырылған.

Преображения күніне бір күн қалғанда келіп жеткен отряд сұлтанның қай жерде екенін білмей, сол жерде тоқтап, сұлтанның келуін тосуға мәжбүр болды. Отряд бастығы штабс-капитан Зеленин соның алдында сұлтанды іздеп тауып, адайлардың отрядтың ізіне түсіп келе жатқанын, өздерін қарсы алу қажеттігін айтып, шабарман жіберген болатын, бірақ одан еш нәтиже болмады.

Отряд қорғанысы мықты қолайлы жерге орнықты. Үш жағы сумен қоршалған, тек алды ғана ашық дала. Сол жерге лагерь құрылды, қоршай каре жасады.

Айта кету керек, ауыспалы каре мұнда басқа жақтағыдан сәл өзгешелеу жасалады. Бірінің артынан бірі тізбектеліп, түйелер шөгеріледі. Сосын қолда бар жүктен, арпа, кепкен нан, басқа да азық-түлік салынған қаптардан кісі беліне дейін, кейде одан да жоғары қабырға қаланады. Сол қоршаудың ішінде қорғаныста отряд орналасады. Штабс-капитан Зелениннің отряды үш айлық азық-түлікпен қамтамасыз етілген еді, онда 96 түйе болды. Соның арқасында отряд құрған каре өте мықты болып шықты, оны бірден шабуылмен алу мүмкін емес еді. Алайда, қазақтар қулық жасады, олар казак-орыстардың «үрдісін» және осал тұстарын жақсы білді.

Преображения күні, яғни 6 тамызда маңайда адайлардың жоқтығын және салыстырмалы түрде өз қауіпсіздіктерін қамтамасыз ете алғанына малданып Зеленин казактарға шарап үлесін беруге бұйырды. Бұған дейін екі апта бойы күннің ыстықтығына, әрі маңайды торып жүрген қазақтардан сескеніп, ешкімге арақ берілмеген еді. Аш қарынға түскен арақтан қазақтардың біразы масайды, лагерьдің қауіпсіздігін естен шығарды. Қарын тойғызып, ас-су ішкеннен кейін олардың бірі мылтықтарын тазаласа, екіншілері ән салып не әңгіме-дүкен құрысып отырды, үшіншілері ұйқыға бас қойды. Отряд бастығы да күркеге кіріп, сәл мызғып алуға ұйғарды.

Мезгіл тал түс болатын, отряд түгел ұйқыға кетті. Аттар жақын жерде көгалда жайылып жүрді. Атты күзететін 12 казактың біразы қалғып-шұлғып отырған. Кенет жер астынан шыққандай, табынға қарай бір топ қазақ лап қойды. Жаңағы маужырап отырған солдаттардың біразы оқ атып үлгерді, қазақтар тұсаулы аттарды ары қарай айдай бастады. Жемнен өтсе болды, олар ешқашан да ұстатпайды, ал казак-орыстар үшін айдалада атсыз қалу өліммен пара-пар нәрсе еді. Себебі ең жақын Орал шебі 450 шақырым жерде. Осы ойдың өзінен денелері түршіккен казак-орыстар жан дәрмен мылтықтарына жабысып, аттардың соңынан жүгірді. Отряд бастығы қасына тек алты адам қалдырып, барлығын солай жұмылдырды.

Адайлардың лагерьге тіке шабуға тәуекелі жетпеді, әріректе күтіп тұрған басқа қазақтар аттарға қарсы жүргенімен атылған оқтан қорқып, беттей алмады. Сөйтіп, орыстар аттарын кері қайтарып ала алды. Орал казактары да қаны қызу халық қой, қайтарған аттарын кареге кіргізіп, ерттеп, қазақтардың соңынан қумақ болды. Бірақ олар жан-жаққа бытырап кеткен еді.

Кареге кірген аттарды санағанда бір ерттелген ат артық болып шықты, артынан қазақтарға көрсеткенде, ат жаңағы атыста қаза болған, адайлардың жол бастаушыларының бірі Өтен оқтаудың (мақалада осылай жазылған. Н.Ж.) аты дегенді айтады. Отряд та шығынсыз емес еді.

Отряд үлкен мерекелердің бірін осылай «атап» өтті. Осы оқиғадан соң келесі күні Зеленин Орынборға және сұлтан-правителге хабар жібермекші болды. Алайда, маңайды торуылдап, жау тобы жүргенде мұны жүзеге асыру оңай емес-ті.

Зеленин адайлардың бірін шақыртып алуға ұйғарды. Мұңдай әдіс бұрын да қолданылатын. Ақшаға көп нәрсе істеуге болады, ақша үшін туған әкелерін де сатып кететіндер табылады, тек көбірек берсең болғаны.

Орыс отряды бастығының тапсырмасын орындайтын адам кешікпей-ақ табылды, ол кеше ғана бізге шабуыл жасағандардың тобындағы адам екен. Зеленин қос уыстай екі гривендік ұсақ күміс ақшаны араластырып-араластырып жіберді де, «мынау ақша саған, егер менің пакетімді сұлтан-правительге жеткізіп, кері жауабын алып келсең тағы да осындай қос уыс ақша аласың», деді оған.

Ешқашан осынша ақша көрмеген әлгі қазақтың көзі қозы көрген қасқырдың көзіндей жайнап кетті.

— Жақсы, бастық, жақсы! Бәрін де істеймін, – деп жалбаң қақты ол.

Ол шынында да, бәрін айтқандағыдай дәл орындап келді.

Жаңағы хабар жеткізуші кетісімен отрядқа Зеленинмен бұрыннан таныс, бізбен тату адайлардың бір биі келді. Ол біздің Өтен-оқтау сияқты басбұзардан аман құтылғанымызға қуанышын білдіріп, құттықтады. Зеленин оны қабылдады, сосын бірден кешегі шабуыл туралы бұрын біліп пе едің деп сұрады.

— Әрине, біз бәрін де білеміз, – деді ол.

Зеленин күйіп кетті. «Сен орыс үкіметіне берілгенсің, орыстан алған алтын медалің бар. Неге бізге ескертіп, хабар бермедің?!

— Ай, бастық, несіне ашу шақырасың? Бізге олай істеуге тіпті болмайды.

— Неге?

— Онда мені сатқындығым үшін итше қорлап, басымды кесіп алған болар еді.

Ол отрядқа шабуыл жасамас бұрын Өтеннің өз аулында болып, орысты жеңіп шығуға құдайдан медет сұрап, бата жасағанын жеткізді.

Шайға қанғаннан кейін би аулына жүріп кетті. Еңдігі жерде қазақтардың бас құраған жиынын көрсе, дереу хабарлайтынын айтып, Зеленинге уәдесін берді. Бір жақсысы, оның аулы отряд тұрған жерден 10 шақырым ғана қашықта еді.

Арада күн өтіп үлгерген жоқ, биден хабар келіп жетті. Кешегі қақтығыста өлген адамның ағасы орыстан өш алуға қол жинап жатыр екен. Қазақтардың хабарының көбіне жалған болып шығатынын білетін Зеленин өзіне таныс үш қазақты, анық-қанығын біліп келуге жұмсады. Олар хабарды растап келді.

Адайлар біраз адам жинаған, отрядқа таң алдында шабуыл жасауға ұйғарым жасап отыр екен. Бұл азиаттардың шабуыл кезінде көп қолданатын тәсілі, таң алдында адам қатты ұйқыға кетеді де, олардың мүлік заттарын оңай олжалап алуға болады.

Бұл түні отрядтағылар көз ілмеді, бірақ шабуыл болған жоқ.

Отряд бұл жерде қазан айына дейін болуды ұйғарған, бұл оларға жергілікті ауа райын жақсылап зерттеу үшін және Жем өзені бойында салынатын болашақ бекіністің орнын таңдау үшін қажет еді. Бекініс, негізінен, басқа бейбіт қазақтарды адайлардың шапқыншылығынан қорғау үшін тұрғызылмақ болатын. Алайда, мынадай жаулық пиғылдағы жабайы адамдар қоршап тұрғанда отрядтың бұл жоспарды іске асыруы қиын еді. Екі қақтығыста әрқайсысы берілген 40 патронный кім 10-ын, кім 20-сын атып, азайтқан еді. Зеленин Орал шебіне таяу жақындап қоныстану қажет деп тапты.

Бірінші күні отряд 30 шақырым жол жүрді. Домбаяқ құдығының маңына келіп қос тікті. Сұлтан-правителге жұмсаған қазақты олар осы жерде кезіктірді. Сұлтан онымен бірге офицер басқарған 30 казак әскерін және Маяев деген кіші ордаға түгел беделді адай биін қоса ертіп жіберіпті. Бұған қоса сұлтан Зеленин отрядына көмек ретіңде үш фунттық зеңбірегімен тағы да 150 казакты көмекке жіберетіндігін айтқан.

Би Маяев отрядқа үлкен қызмет көрсетті. Оның адайлар арасындағы беделін пайдаланып, Зеленин оны адайларға ықпал етуі үшін отрядтың алдымен жүргізіп отырды. Шамасы, адайлар оны өте сыйлайтын болса керек, екі күннен соң отряд келгенде Исанбердіде бірде-бір қазақ үйі болған жоқ, бәрі Үстірт үстіне көшіп кетіпті. Мұнан әрі Орал шебіне дейін жолшыбай адайлардың топтары кездесіп қалып отырды, алайда, олардың ешқайсысында отрядқа шабуыл жасау туралы пиғылы аңғарылған жоқ. Жем бекінісіне келгеннен кейін Зеленин отрядты соңда қалдырып, отрядқа жалғыз кетті, қасына тек Маяев пен оның жандайшаптарын ертті.

Орынборға жеткеннен кейін Маяев генерал-лейтенант, шекара комиссиясының төрағасы Лодыженскийдің қабылдауына келтірілді. (Оралсырты қазақтары 1868 жылға дейін Орынбор шекара комиссиясының ерекше басқаруында болып келді, оны төраға басқарды. Сондықтан Орал маңы даласы «Орынбор ведомствосының даласы» деп аталатын). Лодыженский Маяевты маңызды тұлға ретінде бағалап, үлкен құрмет көрсетті. Қазына пәтеріне орналастырып, күн сайын тәуліктік нәпақалық қаражатты 2,5 рубльден бөлгізді. Мұңдай ақша тек сұлтан-правительдерге ғана төленетін. Әрине, бидің таңданысы шексіз еді.

Зеленин оған отрядты қорғаудағы еңбегі үшін қандай сый дәмететіндігін сұрағанда Маяев не айтарға білмей, сасқалақтап қалды. Маяевқа әуелі мойынға тағатын алтын медаль берілмек болды, бірақ қазақтардың бұған онша құмар екендігін ескеріп, «темірді кім көріп жатыр», оған жасыл барқыттан (мұсылмандардың ұнататын түсі) тігілген шапан сыйлауға ұйғарым жасалды. Шапанның етегі, жағасы, өңірі генералдық алтын галунмен зерленген. Мәртебелі қазағымыздың қуаныштан жүрегі жарылардай болды.

«Осы шапанды киіп, генерал-губернатордың қабылдауынан кейін маған келгенде Маяевтың жүзі жайнап, қуанышы қойнына сыймай, шаттанып тұрды» деп жазады өз естелігінде Зеленин.

— Енді мені жұрттың бәрі білетін болады, – деді ол, – үстімдегі патшаның иығыма жапқан шапанын көргендер қызғаныштан жарылып өлер. Мен барлық дүние-мүлкімді, барлық әйелімді, барлық малымды бір ғана осы шапанға айырбастап жіберермін. Қара орманымды берем. Енді мен орыстар үшін өлем, өлгенше патшаға адал қызмет етемін.

Біздің қорғаушымыздың қуанышы дәл осындай болды. Шыңдығында да ол орыс үкіметіне адал қызмет етті. Адай көтерілісі кезінде Россияның мүддесі үшін жанын берді.

1868 жылы Орынбор ведомствосының даласын басқару таратылып, ведомство екі облысқа, Торғай және Орал, бөлінгеннен кейін келесі жылы оны басқарудың жаңа ережесі енгізілді. Бұрынғы сұлтан-правительдер мен дистанция бастықтарының орнына орыстан сайланған уезд бастықтары ел басқаратын болды. Сонымен бірге түтін салығы да бұрынғы 1 рубль 50 тиынның орнына 3 рубль болып белгіленді. Осы өзгерістерге байланысты барлық Адай ордасы түгелдей Орал облысына қарайтын болды.

Қазақтарға бұл ұнаған жоқ, соның ішіңде жаңа тәртіп өз аталастарына билік жүргізіп келген бұрынғы дистанция бастықтарына жақпады.

1869 жылы алдымен Кіші орданың қазақтары қозғалды. Бірақ бұл халықтық толқу дер кезінде алынған екпінді шаралардың нәтижесінде жыл аяғына дейін басылды. Маңғышлақта бұл кезде, адайлардың жанжал құмар мінезіне қарамастан бәрі жайбырақат тыныш болды. Бұл кезде Александров фортының әскери бастығы капитан Зеленин еді. Ол адайлармен тіл табыса алатын және өзіне шексіз берілген жоғарғы дистанция бастығы зауряд-хорунжий Маяевты, төменгі дистанция бастығы зауряд-хорунжий Қалбинді жиі-жиі қонаққа шақырып, солардың қолымен діттеген мақсатына жетіп отыратын.

1869 жылдың аяғында Орал әскери губернаторы генерал Веревкин Маңғышлақ приставтығына подполковник Рукинді тағайындады. Ол келу бойына адайлардан 1869 жылдың түтін салығын 3 рубль 50 тиын көлемінде дереу төлеуді талап еткен. Соның алдында ғана генерал-майор Веревкин адайдың екі дистанциясының бастығын Оралға шақырып алып, жаңа ережені түсіндіріп, 3 рубль 50 тиын көлеміңдегі түтін салығын 1870 жылдан бастап жинауды сұраған еді. Солай бола тұра, Рукин өз қызметіне жүрер алдында оған 1869 жылдың салығын да осы көлемде жинау тапсырылды. Мұндай екіжақты әңгіме дистанция бастықтары тарапынан да, қазақтардың өздеріне күдік әкелмей қоймады.

Рукин өзіне бөлімшелерді басқаратын барлық адай сардарын шақыртып алдырып, әр қайсысынан қолхат алғанымен, ел ішінің тыныштығы бұзылған еді. Күн өткен сайын толқу бой ала бастады.

Қазақтарды басқару ісіңде ешқандай тәжірибесі болмағанына қарамастан, адайлармен таныспастан, қазақтардың түтін санын қалай алудың жайын білместен Рукин Александров фортына келген соң көп кешікпей-ақ, жаңа ережені енгізуге далаға шығуды ұйғарды.

Қазақтарды өз дегенінен шықпайды деп есептеп, Рукин 1870 жылдың наурыз айының басында қасына бір офицер, екі урядник, 40 атты казакты ілестіріп, ай жарымға жететін азық-түлік алып, далаға беттеді. Отряд құрамында сонымен қатар даланы жақсы білетін, әрі халыққа беделді би Маяев болды.

Адайлар отрядтың қашан қаладан шығатынын аңдып отырды. Қаладан далалыққа шығатын жол тау арасымен өтеді. Отряд бекініс қақпасынан шыққан бойда адайлар өздерінің хабаршыларын қандастарына жөнелтті. Бекіністен 60 шақырымдай жол жүріп, тегістікке шыққаннан кейін, отряд өздеріне жан-жақтан әр түрлі топтың жақындай бастағанын аңғарды. Жүрісті тоқтатпастан Рукин екі қазақты алға жіберіп, бұл неғылған тобыр екенін біліп келуге жұмсады. Адайлар Рукинді далаға бұдан әрі қарай жібермейтіндігін ашық айтқан. Бұл ескертуге құлақ аспастан Рукин отряды тағы да бірнеше шақырымға алға жылжып, бір құдықтың басында түнеп шығуға аялады.

Келесі күні қарасы он мыңдай адам отрядты қоршап алып, Рукиннің фортқа қайтуын талап етті. Бұған жауап ретіңде орыс винтовкасынан оқ атылды. Адайлар сескене қойған жоқ есесіне қарсы оқ атты. Атыс басталып кетті, абырой болғанда бұл жолы екі жақ та дін аман, адам өлімі болған жоқ.

Отряд келесі күні де осы құдықтың басында болды. Жағдайдың ушығып бара жатқанын көріп, Рукин фортқа Зеленинге хат жазып, бір қазақты жұмсады, көмекке қол сұрады, дәрі-дәрмектерімен фельдшердің келуін талап етті, казак-орыстар үшін үш шелек арақ және әр адамға 40 патроннан қосымша оқ сұратты.

Хатты форттағылар 24 наурыз күні кешкі 5-те алды, сол заматта жаңа отряд жасақталып, жолға жиналды.

Бұл жерде айта кететін нәрсе, форттағы гарнизонда небары 200 казак бар болатын, оның бірқатары Рукинмен бірге кетті. Ал бекіністе 150 казак қалды, олардың өздері де түгел жаяу еді. Қазыналық аттың саны 24 еді, оның алтауымен гарнизонға су тасылады, қалған алтауы қандай ма болсын шаруа шыға қалса деп қосалқы ұсталады. Сонда бос аттың саны тек 12.

Отрядты жарақтандыру үшін фортта сауда жасайтын армяндардан ат сұрауға тура келді. Сағат 10-ға жақын 20 казак-орыстан құралған отряд дайын болды: 1 урядник, 1 офицер, 1 фельдшер, 2 ат зеңбірек сүйреуге, тағы екі ат арбаға жегіліп, керек-жарақтар мен 1600 патрон тиелді.

Жолға шығар алдында шіркеуде мінәжат жасалды, священник өз тарапынан Николай әулиенің бейнесімен казак-орыстарға ақ жол тіледі. Оралдық казактар, негізінен, көне нанымның (староверцы. Н.Ж.) адамдары еді, сонда да иконаны қабылдап, жан тәндерімен құлшылық етті.

Отряд даладағы жорықтарда мол тәжірибесі бар офицер есаул К.- ның басшылығымен жолға шықты (автордың К. деп көрсетіп отырғаны есаул Колесников болуы керек. Оның фамилиясы бірқатар мұрағат құжаттарында көрсетіледі. Н.Ж.). Жол көрсетуші би Маяевтың ұлы болды.

Казак-орыстар түнімен жүріп отырды. Таңертең Рукин қосына 10 шақырымдай қалған кезде кездескен қазақтардың бірінен жаманат хабарды естіді: Рукиннің өзі өлген, отряды тұтқынға алынған. Осы қақтығыста өлген Б. Маяевтың сүйегін әкеле жатқандар да қарсы жолықты. Отряд кері оралуды жөн деп тапты.

Рукин фортқа хат жолдаған түні, яғни наурыздың 24-нен 25-іне қараған түн тыныш етті. Қазақтар таңертең оның қосынынан шеттеп, тау жаққа ыдырап кеткен. Адайлардың өздеріне шабуыл жасау райынан қайтқанын көріп, Рукин жедел жиналып, фортқа қарай жылжыды. Алайда, ол өз лагерінен екі шақырымдай жүрген соң отрядты қазақтар қоршап алды. Тағы да атыс басталды. Адайлар азық-түлік тиелген түйелерді тартып алды, отрядты алға жылжытпауды ұйғарды. Сол күні орыстар небары он шақырымдай жолды еңсере алды.

Форттың жолында Каспий теңізін бойлай созылған үлкен құлама жар бар, Рукин солай қарай беттеп, үнемі сол маңда балық аулап жүретін орыстардың көмегіне сүйенбек болды. Ол балықшылардың қайықтарын пайдалана отырып, фортқа жетіп алуды көздеді. Алайда, қазақтар оның бұл ойын сезді де, отрядтың жолын кесті, отрядты балықшыларға қарай өткізбей қойды. Қоршауға түскен, әрі азықсыз, сусыз қалған Рукин адайлармен келіссөз жүргізуге би Маяевты жіберді. Маяев отрядтан бөлініп, алға қарай қадам басқаны сол-ақ екен, өз қандастары тарапынан атылған оқ сеспей қатырды.

Жағдай тіпті қиындап кетті. Көмектің келетіндігіне еш үміт жоқ, фортқа дейін әлі 120 шақырым жол бар (бұл жерде жол қашықтығы дұрыс көрсетіліп отырған жоқ. Н.Ж.). Отрядтағыларға ажалын тосқаннан басқа амал қалмады. Соған қарамастан түн тыныш өтті. Қазақтар жағалай от жағып, казак-орыстардың жылыстап қашып кетпеуін қадағалаумен болды.

Таңертең отрядқа үш қазақ жақын келді, екі би, бір старшина, қарусыз. Келіссөз жүргізуге Рукинге етене қазақ Косынканы сұрады, оны Рукин алдында ғана жұмсап жіберген еді (бұл Қосым Мырзабаев болуы керек. Н.Ж.). Косынканың жоқ екенін естігеннен кейін олар қасына аудармашысын алып, Рукиннін келуін сұрады. Есаул Логинов орал казагі, қазақ тілін білетін, сондықтан Рукинмен бірге қазақ билеріне жақын келді.

Келіссөз ұзақ жүрген жоқ. Казактар қашан қаруларын тастамайынша отрядты бұл қоршаудан шығармайтынын жеткізді. Есаул Логинов қазақтардың алдап соғатынын біл тұрса да, отрядқа қару тастауды бұйырды. Олар бастапқыда бұған көнбеді, сосын тыңдамағандары үшін сотқа тартылатындықтарын естігеннен кейін, үнсіз көнді.

Қазақтар мылтықтың бәрін тоқыммен жауып, үстеріне өздері дөңгеленіп отыра қалды, Логиновты да жандарына отырғызды. Тек Рукин ғана түрегеліп тұрды. Ол үстінде алды ашық қысқа тон киген, тонның қалтасында осыдан үш ай бұрын оқтап қойған алтыатар револьвері бар еді.

Қас-қағым ғана уақыт өтті, қазақтар «Алла» деп айқайлап, казак-орыстарға бас салды. Логиновтың мойнына арқан салып, түйеге байлап тастады. Рукинге бірнешеуі ұмтылды. Ол револьверін қазақтардың біріне қарай кезеніп еді, қаруы от алмады. Сосын көп ойланып жатпай-ақ қаруды аузына апарып, шүріппесін басып қалды. Өлі дене жерге сылқ ете қалды.

Аласапыран басталды да кетті. Кейін жақын маңдағы таудың басында отрядтағы жағдайды бақылап тұрған Косынканың айтуынша, орыстар қарусыз болса да, біраз уақытқа дейін арпалысқан, бірақ жеңілген. 17 адам сол жерде өледі, қалғандарын тұтқындап әкеткен. Рукиннің бас терісін сыпырып алып, астыңдағы атымен қоса Хиуа хандығына жөнелткен. Адайлар хиуалықтардан орысқа қарсы бұдан кейінгі болатын соғысқа көмек сұраған. (Ұрысқа бастан-аяқ қатысушы Барақұлы Шабайдың (1846-1941) айтуынша, Рукин солдаттарына бес адам топ бастап барған. Олар: Досан, Алғи, Иса, Орақ, Дихан, бір мезгілде өз топтарын ілестіре шапқан. Бұл естелікті газет арқылы халыққа жеткізуші – Естерек Жаманбаев, «Маңғыстау», 1992 ж. 22 сәуір. Н.Ж.).

Адайлар мұндай қанқұйлылықпен тоқтамады, тобымен барып, Сартастағы балықшыларға шабуыл жасады. Мұнда Николаевск станицасының қоныстанушыларының қайықтары болатын, қайықтар Александров фортына қарасты еді. (Николаевск станицасы форттан бес шақырым жерде, оның тұрғындарында шанышқылы 60 жаяу әскер мылтығы болды, мылтықтың әрқайсысына 40 патроны бар еді.) Көтерілісшілер енді Каспий жағалауындағы барлық балық аулау кемелерін тонауға кірісті, ұрыс ұзаққа созылды.

Қазақтардың мақсаты қорғанысы әлсіз орыстарды құртып, олардың фортқа көмектесуіне жол бермеу болатын, содан кейін бекініске шабуыл жасау еді, себебі олар форт гарнизонындағы күштің аз екендігін білетін. Көмек келетін жер жоқ, орыстар қоныстанған ең жақын Гурьев қалашығының өзі форттан 400 шақырым жерде еді. Ал адайлардың саны көп, және олар Хиуа беттен әне-міне көмек жетеді деп отырды.

Алайда, олар балықшылар мен орыс қоныстарын талаумен жүріп, уақыттарын өткізіп алды, форт өз мүмкіндігінше қорғанысқа дайындалып үлгерді.

Көмекке кеткен отряд жедел қайтып оралған соң және үш күн өткеннен кейін жеткен Косынкадан толық хабар алғаннан кейін капитан Зеленин Адай ордасының жаппай көтерілгенін түсініп, форттағы шені үлкен лауазым иесі ретінде қорғанысқа дайындалды. 27 наурыз күні Орал облысының әскер басына қазынаның қайығымен хат жіберді, бұған қоса қоныстанушылардың қайығымен Астраханға да хабар жолдады. Соңғы қайық діттеген жеріне үш күңде жетіп, жағдайды толық баяндаған. 1 сәуір күні-ақ Орынбор губернаторы генерал-адьютант Крыжановский Маңғыстаудағы толқудың мән-жайына қанық болды.

Фортқа даладағы оқиға жөнінде хабар жетісімен бекініс маңайында отырған ауылдар түгел далаға көшіп кетті. Бекініс ішінде сауда жасап жатқан армяндардың приказчиктері мен оларға қызмет етіп жүрген қазақтар да ғайып болды. Қолында кәрі әкесі мен бала-шағасы бар бір қазақ қана фортта қалуға ниет білдірді, өлсем орыспен бірге өлермін деп ол өзін қамалға кіргізуді сұрады.

Қорғаныс қаруларын тоқтатпау үшін Зеленин снарядтар мен мылтық патрондарын дайындатты. Бекіністегі әйел біткен снарядқа қап тігу ісімен айналысты, ерлер бекініс қабырғасын тіктеп, жөндеуге жұмылдырылды, қорғаныс жұмыстарының барлық түрлерін атқарды.

Адайлар бекіністің қорғанысқа күрт дайындалып жатқанын естіп, алдау амалына көшті. Елге ықпалды бір бидің туысы арқылы бекініске хат жолдапты, бидің болған ұрысқа еш қатысы жоқ екен, Рукиннін өзі халықпен тіл табыса алмай, басқа орыстарымен қоса қолға түсіпті. Адайлар қолы ол кезде 5 мың еді. Енді Рукинді бекініске әкеліп салар едік, Зеленин қарсы алса болғаны... (Бұл бидің Иса екендігі келесі мақалада айтылады. Н.Ж.)

Капитан мұңдай қулықтың арты неге соғарын сезіп, бидің өзіне жіберген туысын ұстауды бұйырды. Бидің өзіне хатпен егер ол Рукинді алып келсе, оған Жоғары дәрежелі награда бергізуге жұмыстанатынын, ал оны қарсы алуға казак солдаттарының шығатынын, өзінің бастық басымен бағынышты бидің алдынан шығып, беделін түсірмейтіндігін айтты.

Хатты қазақтардың ішіндегі сіңірі шыққан кедей егіншіден, арық атқа мінгізіп беріп жіберді.

Би басқа хат жолдап, өз туысын ұстап қалғанына наразылық білдірді, оған басқа адайлар да ренжулі екендігін жеткізді. Зеленин оған да жауап жазып, қазақтардан қорықпайтындығын, қамалға келе қалса 10 зеңбірекпен қарсы алатынын айтты. Өзі бидің туысын дарға асамын деп қорқытып, адайлардың жоспарын біліп алды, олар фортқа Верба жексенбісінде шабуыл жасайды екен.

Шындығында да дәл солай болды. Сол күні түс ауа, сағат 4-тің кезінде қалың қол шамамен 10 мың адам, фортқа қарай жылжып, бірте-бірте бекініске жақындай берді. Олар оқ жетер жерге жақындай бергенде бекіністен мылтық пен зеңбірек оғы жауып кетті. Қазақтар кейін лықсыды, жан-жаққа бытырап кетті.

Фортқа таяу, 200 сажендей жерде едәуір биік тау болатын, оған шыққанда фортта, дала да алақандағыдай көрінеді. Қазақтар солай ұмтылды, Зеленин олардың алдын орай 12 адам мергенді солай қарай жөнелтті. Қазақтар таудың жарты деңгейіне дейін жетем дегенше казак-орыстар тау басына шығып үлгерді де, төменге қарай оқ жаудырды. Адайлар мұндай «қарсылауды», әрине күткен жоқ еді, өлгендер мен жараланғандарды сүйрей кейін шегінді.

Шабуылдың бірінші күнінде гарнизонның мықтылығы мен қуатын таныту үшін оқ аяусыз атылды, атыс сағат кешкі 8-ге дейін жалғасты. Қазақтар далаға бытырап кетті. Түн аңдумен өтті.

Қазақтар әдісті өзгертіп, бекініске түнде шабуыл жасайтын тәсілге ауысты. Түн көзге түртсе көргісіз, тас қараңғы болатын. Форттың батыс бетіңде өз үйлерінің жанындағы дүкеншіктерде азиаттарға қажетті әр түрлі заттар сататын армяндар тұрағы бар еді, осы жерде қазақтардың қойларын нанға айырбастайтын орны айырбас базары да болды.

Қазақтардың шабуыл басталған бойда барлық армян үйлері мен дүкендерін, тауарларын тастап, бекініске көшіп алды. Қазақтар осыны пайдаланып, түнде олардың үйлерінің есік-терезелерін бұзып, тонауға көшті. Мұны көріп тұрып, армяндардың жүректері қан жылады, Зеленинге жалынып, тонаушыларды атуды сұрады. Ол бастапқыда үйлерді өртеп алудан қорқып келіспеген, кейін армяндардың «жаудың қолына түскенше өртенгені жақсы» дегеніне байланысты зеңбіректен оқ жаудырды.

Тек бейсенбі күні ғана Кавказдан сарыла күткен алғашқы көмек келіп жетті, Майор Архангельскийдің бастауымен екі рота қысқа мылтығы бар жаяу әскер. (Көмектің Кавказдан келетін себебі 1870 жылы Маңғыстау жартыаралы Орынбор генерал-губернаторлығы бағынысынан алынып, Кавказ наместничествосына қаратылды. Оралға хат жіберіп, көмек сұратқанда Зеленин бұл туралы білмеген. Н.Ж.).

Қасиетті Пасханың алғашқы күнінде ұлы ғибадат кезінде тағы екі рота атқыштар мен 140 дағыстан келді. Оларды бастап келуші граф К. (Бұл граф Кутаисов еді, автор өзіне ғана түсінікті себеппен оның фамилиясын толық, көрсетпей отыр. Н.Ж.)

Бұл жерде істің мән-жайын анық суреттеу үшін соңғы келген көмектің бастығы графтың бізбен кездесуі туралы айтпай кетуге болмайды. Гарнизон пасха мінәжатынан кейін үйді-үйге демалуға тарап кетеді. Дәл сол кезде айлаққа кемемен дағыстандықтар келіп жетеді. Графты күтіп алу туралы алдын ала әңгіме болғанынан қарамастан, сол сәтте оны қарсы алушы ешкім болмай шығады. Граф айлақтан фортқа дейін алты шақырым жаяу жүріп келеді.

Бұл оның бекіністегілерге бірінші ренжуі еді. Екіншісі бекіністің өз ішінде болды. Зеленин оны мундирмен емес жай ғана суртюк киіп қарсы алды: қапылыста ұмытып кетті немесе бірнеше күн бойы ұйықтамай, әбден шаршағандықтан ескермеді. Граф бар ашуын Зеленинге төкті және пасханың бірінші күні таңертең 10-да гарнизонға толықтай тексеру жүргізді. Бәрі лас, шашылған, солдаттар шаршаулы, граф Зеленинге тағы да біраз ақыл айтып, оны әскери бастық қызметінен алып тастайтын болды.

Пасханың бірінші күні осылайша өтті. Келесі күндері графқа мінезін жұмсартуға тура келді, себебі ол Зеленинсіз қазақтарға қарсы не шара алу керектігін білмейтін еді, мұны тек Зеленин білетін. Алайда, кейін граф өзіне бағынышты осы жаннан өшін мықтап алды.

Фортқа қосымша көмек келген кезде оның маңайыңда бірде бір қазақ қалмаған, бәрі аулаққа көшіп кетісті, кейбірі 60-70 шақырымға дейін қашықтап кетті. Зеленин графқа көтеріліс енді басталып жатқанда, қазақтар әлі де болса ұзап кетпей тұрғанда басып алуды ұсынды.

— Менде тасымал құралы жоқ, далаға қалай шығамын, – деді граф.

— Жол онша қашық емес, мәртебелім, әрі кетсе үш күндік жол, ешқандай зат тасудың да қажеті жоқ солдаттар үш күндік кепкен нан алады, дағыстандар аттарына арпасын алады, ал етті сол қазақтардың өздерінен тартып ала аламыз.

— Қалайша, дағыстандар аттарына шөп бермей, үш күн бойына арпамен аттарды өлтіріп алмай ма?

— Құдай-ау, біздің отряд ешқашан далаға шөп алып шықпай-ақ, айлап жүре береді. Шөп деген далада да бар емес пе?!

Граф ешбір сөзді құлағына ілгісі келмеді, өз білгенімен әрекет етті.

Зелениннен Каспий теңізінің жағасында форттан оңтүстікке қарай Александр Бай жерінде бейбіт түрікмендердің көшіп жүретінін естіп алып, барлық дағыстандықтарды (140 адам) сонда түйе алып келуге жұмсады. Басшылыққа олармен бірге келген капитан князь Багратион-Мухранский белгіленді.

Бұл графтың бірінші сәтсіз тапсырмасы еді. Алдында ғана көшкен қазақтардың артынан қуып жетуге дағыстандықтарды пішенсіз екі күнге шығара алмайтын болып жатыр еді, енді 250 шақырымға суыт жүруге, кемінде бес күн пішенсіз болуға бейіл болып отыр. Оны аз десеңіз, князь Мухранскийді жібергеннен кейін екі күннен соң графтың өзі далаға кетті. Өзімен бірге төрт рота жаяу әскер, бір шолақ зеңбірек алды, құрал жабдықтарды қорғауға майор Архангельскийдің командашылығымен бір зеңбірегімен 70 солдат қалдырды, олар армян қоныстарына пәтерлерге ауыстырылды.

Граф кетерінде Архангельскийге қандай жағдай болса да фортқа ауыспауды қатаң бұйырды. Граф қазақтар шабуыл жасай қалғанда бұл солдаттардың ашық жерде, қорғаныссыз қалатынын ескермеді, оларды форт жақтан қорғаудың еш мүмкіндігі болмайтын, шабуылды тойтару үшін атыс бола қалса, форттағылар алдымен өз адамдарын атып алатын еді. Шынында осылай болды да шықты.

Граф фортқа жіберілген барлық қорғанысты өзімен бірге алып кеткенде, форт бұрынғы күшімен қалды – 170 казак, оның 70-іңде ғана шолақ мылтық болды, қалғандарыңда шақпақпен от алдыратын білте мылтық және 1809 жылы құйылған ескі үлгідегі алты фунттық жез зеңбірек қана болды. Келесі күні-ақ қазақтар форттың күйін білгендей қоршауға алды.

Мұндай жағдай барлығын күйзелтіп жіберді. Қамалды қалай сақтап қалуға болады? Майор Архангельский өз солдаттарын гарнизонға әкелу туралы Зелениннің өтінішіне қарсы шықты, себебі бұған граф тарапынан бұйрық болған жоқ. Қолда бар құралмен қорғанысқа әзірленуге тура келді. Армяндар қолдарына мылтық алды, тіпті лазареттегілер де бекіністі қорғауға сапқа тұрды, қысқасы қару ұстай алатындардың бәрі қамал қабырғасына таяды. Өлім алдында тұрғандай бәрі бір-бірімен қоштасты. Осал деген қақпалар тастармен тірелді.

Күн күтумен өтті. Қазақтар күндіз биікте құрылған қарулардан жасқанып, оққа ілінетіндерін біліп, түнде шабуылдауды ұйғарған.

Күн ұясына қонып үлгерместен майор Архангельский адам жіберіп, гарнизонға қосылғысы келетіндігін білдірді. Амал жоқ, келісуге тура келді. Қазақтардың жинақталып тұрғанына қарамастан, Зеленин Архангельскийдегі зеңбіректі әкелісуге 25 казак-орысты көмекке жіберді. Жер тау-тасты болғандықтан ауыр қаруды тіке сүйреу мүмкін емес еді, оны екі шақырымдай жермен орағытып әкеліп кіргізуге тура келді. Қазақтардың бұл маневрді аңғармай қалғаны ғана бізді орынсыз қырғыннан сақтап қалды.

Күн ұясына отырып, тек оның шапағы аз ғана сәуле шашып тұрғанда қазақтар өздерінін жиналған жерлерінен қозғалып, тауды қиялай, фортқа беттеді. Бекініс мұндай қонақтарды от шашумен қарсы алуға дайын еді.

Қараңғы түсті, тау беттен біреулердің бейнелері көлбеңдеді. Қаруға тұтатқыштар дайындала бастады. Бір уақытта орысша сөйлеген сөздер естілді, «Кавалерия! Кавалерия!» деген сөздер құлаққа жетті. Бұлар князь Мухранский мен граф гарнизоннан бірге алып кеткен урядник екен. Оларды бірден ішке кіргізіп алдық. Форты қоршап тұрған қазақтар түйе алып, қайтып келе жатқан графтың отрядына лап қойыпты.

Граф түрікмендерге кеткен князь Мухранскийдің артынан кетіп, екі асу асқаннан кейін қайтып келе жатқан бұларды көреді, князь Багратион графқа адайлармен қақтығысып қалғанын, бірнеше дағыстандықтың жараланғанын жеткізді. Граф көп ойланып жатпай-ақ, қасына князь бен 50 дағыстан нөкерін алып, реляция жазу үшін кері бұрылып, бекініске беттейді. Отрядтың қалғаны форттан 40 шақырым жерде қалады.

Шоқытып отырып, олар сол күні бекіністен 9 шақырым жерге келеді. Қазақтар топтың шамасын байқап қалып, олардың қамалдағылармен қосылуына жол бермеу үшін атой сала, лап қояды. Алдыңғы лектегі князь Багратион ебін тауып сытылып шығып, фортқа хабар беруге, көмек шақыруға шабады.

Бекіністегі аз ғана күштен бөліп көмек берудің өзі қорқынышты екенін білсе де, Зеленин 60 солдат пен 25 атты казакты шолақ зеңбірекпен майор Архангельскийдің басшылығымен көмекке жібереді.

Фортпен тұрақты хабарласып тұру үшін, отрядтың діттеген жерге жеткенін білдіру үшін олармен бірге горнисті жібереді, ол мезгіл-мезгіл сигнал береді де, бұлар жауап ретінде мылтық атады.

Отрядқа сақ болу, мылтықтарының атуға дайын болуы тапсырылды, егер қазақтар шабуыл жасай қалса, бір сапта тұрып залп беру, сосын жағдайға қарай әрекет ету тапсырылды.

Горнның даусы көпке дейін естіліп тұрды да, үнсіз қалды, тек көп уақыттан соң ғана зеңбірек үнімен қосарланып, қайта шықты. Барлығы қамалдың құтқарылатынына қуанып, шоқынды.

Графтың нөкеріне не болды? Ол тек дағыстандықтардың көзсіз ерлігі ғана оны аман алып қалды. Өзіне шабуыл жасаған қазақтарға қарсы әуелі он дағыстанды жіберді, бірден атылған залп, қылышын жалаңдатып, жетіп қалған атты жауынгер, бастапқыда қазақтарды абдыратып тастаған. Бірақ дағыстандық алғашқы ондық түгел жер жастанды. Екінші ондықпен кескілескен ұрыс жүріп жатқанда шыққан зеңбірек даусы, горнның үні бұларды құтқарды. Үлкен көмек келе жатыр деп қазақтар шегініп, бытырап кетті.

Кешкі онда граф фортқа аман-сау жетті, дер кезінде жіберген көмегі үшін Зеленинге рахметін айтып, шай үстінде, рюмка соғыстырып отырып, екеуі татуласты.

Фортқа келген кезінде бұларды жеңу үшін қылышты қыннан суырудың өзі артық деген графқа қарап Зеленин:

— Біздің адайлар қалай екен? – деді қулана.

— Шайтан алсын, бұларың біздің дағыстандарымызға сай келетін, қызу қанды, өлермен халық екен!

Шабуыл кезінде адайлар графтың атын алып кетіпті, атта артулы шабаданы, оның ішінде қағаздары, ақшасы, әйелінің суреті кеткен, сондай-ақ, бір адай қолындағы винтовкасын да жұлып алған.

Бұл жайлардың бәрі дереу Кавказға хабарланды, ол жақтан көмекке тағы без жүз дағыстандық, толық құрамдағы атқыштар батальоны және қара теңіз әскерінің екі шолақ зеңбірегі жеткізілді.

Бұл көмек фортқа келгеннен кейін граф олардың бәрін жинап алып тағы да далаға, Сарытасқа кетті, бекініс тағы да бұрынғысынша өз күшімен қалды. Графтың мақсаты қазақтарды жазалау еді, алайда олар оның келуін күтіп отырмай, Үстіртке, Хиуа бетке көшіп кетті. Бұл бір бұрын білмейтін адамға өткізбейтін, таулы-тасты, суы жоқ жерлер еді, солдаттар бұл жерлерден өте алмас та еді.

Граф сонымен өлген Рукиннің орнына жаңадан бастық болып, полковник Ломакин келгенше ештеңе де тындырған жоқ. (Ломакин Хиуа жорығын ұйымдастырушылардың және қатысушының бірі, Көктөбе – Геок Тепе батыры. Кейіннен Хиуаны бағындырғаны үшін генерал-майор шенін алды. Зеленин ол туралы өте жақсы пікірде болған, оның қабілеттілігіне сүйсініп отырған. Князь Меликов те Ломакинді қатты сыйлаған. Н.Ж.)

Қазақтардың ізіне түсу Ломакинге тапсырылды. Ломакин бір сапарында қазақ ауылдарының бірінің үстінен түсіп, 20 мың қой, 2 мың жылқы және 600 түйені қолға түсірді. Граф бұл жолы да бәрін бүлдірді.

Отрядтың бастығы ретінде ол сол бойда бекініске жетіп, князь Меликовке хабар беруге асықты, өзімен бірге Ломакинді да ала кетті. Алып келе жатқан малы тиісінше қорғалмады. Қазақтар, әрине, мұндай мүмкіндікті бос жібермей, жолшыбай барлық малды бөліп-бөліп айдап кетті. Графтың соңдағы түрін көрсеңіз... Амал жоқ, князьға енді қолға түскен малдан айырылып қалғаны туралы хабарлауға тура келді.

Істің насырға шапқанын білгеннен кейін князь Меликовтің өзі лагерьге келді, алайда қандай да бір көмек беруге дәрменсіз еді, бұл кезде қазақтар Хиуа шегіне өтіп те кетті.

Адай көтерілісі осымен аяқталды, қайта өрбіген жоқ. Орыс әскері лайықты марапатталды, әсіресе графпен бірге болған дағыстандықтардың әрқайсысы бір-бір Георгиевск кресіне ие болды, бұған қоса өз бастықтарынан ақшалай сый алды. Ал фортты қорғағандар назардан тысқары қалды, оларды ешкім есіне де алған жоқ. Тек Зеленин князь Меликовке жеке кіріп, барлық жайды баяндағаннан кейін ғана қамал қорғаушыларының еңбектері тиісінше бағаланды. Гарнизон үшін басты сый – фортқа Кавказ наместнигі, ұлы князьдің өзі келіп, бұларға адал қызметі үшін «патшалық рахмет» айтуы болды.

Мақала «Царская колонизация в Казахстане (по материалам русской периодической печати XIX века)» (Алматы: Рауан, 1995) кітабынан алынды, толықтай аударылды.

В.А. Потто

РУКИН ОТРЯДЫНЫҢ ҚАЗАСЫ

(Исторический вестник, 1900 год, №7)

1871 жылы маған қазақ даласына сапарға шығудың реті келді...

Алдында ғана дүрбелең өткен Орынбор даласы қауіпсіз емес еді...

Біздің отрядтардың шекара шебіне орналасуына байланысты шабуылдар мен қарақшылық бұл жерлерде едәуір азайған, бірақ жолаушының қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмайтын. Ойыл бекінісінде маған 4 атты орал казагын қосып берді, сақ болуымды қатты ескертті.

Бастапқыда сақтанып жүрген болдық, кейін жайбарақаттыққа ауыстық. Ойылды кешіп өтіп, Барқынның құм тауларын арта қалдырған соң ұшы қиыры жоқ Орал даласы далиып алдында жатады. Бұлтсыз аспаннан күн шақырайып, төбеңнен шыжғырады. Елсізде ілбіп келеміз. Қасымдағы казак-орыстарымның винтовкалары қисайып, жанына аунап кеткен, мойындарына тер құйылып, өзара мағынасыз тілдескен болады. Көңілсіз көрініс.

Бір кезде әйтеуір бір қараға іліндік, құм қоршаған Тамырбұлақ көліне ат суытатын болдық. Аты көл деп аталғанмен суы әлдеқашан тартылып қалған сор. Біздің жайласа бастағанымыз сол екен, бір атты қазақ жанымызға тепеңдеп жетіп келді. Біраз тұрды да, әрі қарай шауып кетті. Қасымдағы казак-орыстарым секем алып қалды, «Мына орда неғып жүр? Аттарымызды алып кетпесін» деп күңкілдесті.

Таныс емес өңірде бірінші рет болсам да, маған қауіпті ешнәрсе аңғарылмады. Алғашқы көзтанысым үстіңде май сіңді күпісі бар, еңгезердей қазақ, барымташыға мүлде ұқсамайтын сияқтанды.

Арада жарты сағат өткен жоқ, жаңағы қазағым үстіне көк мауыты шапанын киіп, белін күміс белбеумен буып, қоқиып қайта келді. Бізге келіп, таныстығын бастады. 1869 жылғы реформаның шапағаты шарпыған, көрші болыстың болыс басқарушысы екен. Мен оған аттан түсіп, кешкі асымыздан дәм татуға шақырдым.

Көпті көрген, орысша бірсыдырғы тәуір білетін жан екен, екеуміздің сөзіміз жарасты. Әңгімеміз кешікпей-ақ мал жайылған тыныш даланы қарақшылардың қақтығыс алаңына айналдырған, күні кеше дерлік болып өткен оқиғаларға ауысты...

Кездейсоқ кезіккен осы қазақтың айтқандары, өзім жолықтырған, тұтқыннан қайтқан басқа казак-орыстардың әңгімесі, Орынбор архивінің шаң басқан қағаздарындағы деректер 1869-1870 жылдары бұл далада не болғанын көз алдыңа қалтқысыз келтіреді...

Осы ғасырдың жиырмасыншы жылдарына дейін Россия қазақ даласының ішкі өміріне мүлде араласқан жоқ, тек Орта Азиямен сауда қатынасын қамтамасыз етумен шектелді, бола қалса орыс-қазақ арасының шабуылдарын тойтарды.

Билік жүргізуі мұра болып келе жатқан, қазақтарды басқаруға қойылған хандар орыс мүддесін мансұқ етумен болды, қазақтар арасындағы толқулардың себепкерлері де солар еді. Бұл орыс өкіметіне жиырмасыншы жылдары хандық билікті тартуға негіз болды. Орынбор ведомствосының даласы үшке бөлініп, әрқайсысын бір-бір сұлтан басқарды. Сұлтан-правительдер өкімет адамдарының бақылауымен әрекет еткенімен, сол бұрынғы қазақ ханы күйінде қалды, айырмасы бір ханның орнына үш хандық орнағандай әсер берді.

Далада біздің бекіністеріміздің саны көбейген сайын қазақтардың шапқыншылығы азайды. Жайық пен Каспийден Сырдарияға, Аралға шекара шебі тартылып, бекіністер орнап, орысқа даланы игеру жеңілдеді. Қарауыл кардондары алынып тасталды, Орынбор бекінісінің әскери маңызы төмендеді.

Қарудан қаймыққан қазақтар бейбіт көшпелілерге айналды. Енді орыс үкіметі мұндай тыныштықпен шектеліп қалғысы келмеді. Себебі, біз шебімізді мыңдаған шақырым алға жылжытқаннан кейін, әсіресе Түркістан генерал-губернаторлығы құрылғаннан кейін, бұрын шекаралық меже болып келген Дала Ресейдің өз ішіңдегі аймақ болып қалды. Енді өз билігін еркін жүргізу үшін далада империялық тәртіпті орнату қажет еді. Сөйтіп, 1868 жылдың соңында «Торғай және Орал облыстарын басқарудың уақытша ережесі» қабылданды.

Сұлтан-правительдер өзінің көшпелі ставкасымен қоса таратылды, оларды өздерінің кеңсесі, орынбасары (вице-губернатор), прокуроры, соты, уезд бастықтары, т.т. бар губернаторлар алмастырды. Бұл әкімшіліктің жоғары қабатын түгелдей орыс шенеуніктері иеленді. Төменгі билікті, тікелей халықпен қарым-қатынаста болатындары қазақтардан тағайындалды (болыс бастықтары, ауыл старшиналары, т.т.), оларды қазақтардың өздері сайлады.

Дала аристократиясының беделі түсті. Билікке, сый-құрметке бойы үйренген хан тұқымы сұлтандар кейінге ығысты. Жаңа ережеге қарсы болғандар, әрине, алдымен осылар еді. Қарапайым халық та Жаңа ережені жатырқады. Бұл заң талабы бойынша қазақтар иеленіп отырған жер енді мемлекеттікі деп жарияланды, қазақтар оны тек қоғамдық негізде пайдаланушылар болады, құқықтары село тұрғындарымен теңестірілетін болды, ал жыл сайынғы алым-салықтары екі есе көбейетін болды. Халықтың қолайына келмейтін бұл жайлардың бәрін сұлтандар мен молдалар өз мүддесіне пайдалана қойғысы келді, түрлі алып-қашпа әңгімелер ел аралап кетті.

Жаңа ереже туралы алғашқы әңгіме бұл өңірге былай жеткен: 1869 жылдың қаңтарында бір сұлтан Елек қорғаны маңыңда далаға Ережені енгізуге келе жатқан орыс шенеуніктерін кездестіріпті. Жерді қазынаға алады, қазақтарды орыс мұжықтармен теңестіріп, шаруаға айналдырады және солдатқа алатын болады деп келген. Сол-ақ екен, ел бөрлікті. Алдымен би Мұңайтпас Бұтамбеков ел адамдарын өзіне жинады. Жүзге тарта би, батыр жиналды, бірі ережені қабылдауды қолдап, екіншілері оған қарсы болыпты, екі күн гүжілдесіп, ешқандай келісімге келместен тарапты.

Дәл осы кезде Уфаға муфтиге жолығуға кеткен молда Ықылас Досов еліне қайтып келді. Келе сала Қобда мен Елекке ат шаптырып, елді өзіне шақырған. Бұл жолы мың жарымдай адам жиналды. Ықылас сол бойда «Ұйымдастыру комиссиясын» бері қарай өткізбеу үшін Елекке қарулы қол шығаруға пәрмен берді. Халыққа Орынбор муфтиінің далада мешіт салуға рұқсат бермегенін, себебі орынборлық муфтилерге бұдан былай қазақтар арасында дін ісімен айналысуға тыйым болғанын жеткізген. Ықылас «Жаңа ережеде» мұсылман дініне қарсы да баптар бар деп елі дүрліктірген.

Елекке таяу маңда шенеуніктер мыңдаған қолмен қарсы келіп, кідіріп қалған, қол оларды екі күн қоршап тұрған. Үшінші күні комиссия кері қайтыпты. Бұл Торғай облысында орысқа қарсы ашық көтеріліске шығуға бастама болды. Қобда мен Елек бойы түгел толқыды. Көтеріліске қосылғысы келмегендер бойларын қашыққа салып, көшіп кетісті.

Мұнымен қабаттаса Орал облысының Гурьев уезінде де халық дүрлігіп жатты. Ол жақтың ұйымдастыру комиссиясының төрағасы Твертинов бір ғана болыс ұйымдастырып үлгерген. Сонымен бар жұмысы тамамдалған. Жем сағасынан бес шақырым жердегі Таздардың аулына келгенде оған Сағыз бен Тентексордан келген ысық руының адамдары жолығып, тоқтатады. Олардың айтқаны – ру ішіңде үлкен толқу бар, егер Твертинов бұлардың аулына соқпай, кері қайтатын болса, бұлар істі басуды мойындарына алады.

Твертинов бұған келіспеді. Старшиналар кетіп қалды. Ымырт үйіріле орыстар тоқтаған лашықты 400-ге тарта адам жан-жақтан қоршап алды. Казак-орыс шаналарын тақастырып, аттарды бір-біріне матап, шеп құрып қорғанысқа дайындалды. Қазақтар екпінмен ентелей жетіп келді де, вагербургтың дайын екенін көріп кейін шегінді. Орыс жақтан Шамсутдинов деген казак шығып, бұларға не керек екенін сұрады. Олар ұйымдастыру комиссиясының құрамындағы Тауасаровты өздеріне шығарып беруді талап етті. «Тауасаровты шығар! Шығар, ол сатқанды! Бермесеңдер күшпен аламыз! » десті жиналған топ. Бұлар Тауасаровты тығып тастап, оның мұнда жоқ екенін жеткізді.

Топ кейін қайтқандай болды, бір кезде кері қарай лап қойды. «Орыстарға өлім келсін!» Қазақтарды қатарласа, бір мезгілде атылған мылтық даусы қалт тоқтатты. Өлгені қалды, басқасы қаша жөнелді.

Қыстың ызғарлы түні, суық пен қорқыныштан бивуак ішіндегілер діріл қақты. Бар-жоғы 12 адам сырттағы мыңдаған атты қазаққа қалай қарсы шықсын, көмек келетін жер тағы жоқ. Тан қараңғысында лагерьге 3 қазақ келді, «ысықтар ағылып келіп жатыр, сендерді тірі жібермейді, бізге сенсеңдер, осы жерден алып шығамыз» десті. Казактарда басқа амал да жоқ еді. Ат-шанасын, лагерін қалдырып, олар түн қараңғысында жылыстап, қарауылдың жанынан өтіп кетті. Жолбасшылар оларды теңізге дейін шығарды. Мұз үстімен амалдап, жылжып, келесі күннің түніне қарай олар Гурьевке жеткен. Сөйтіп, Жана ережені енгізудің алғашқы амалдары орыстар үшін осылай сәтсіз аяқталды.

Қазақ батырлары бұрынғы кездердегідей атқа қонып, шекара шебіне шабуылды жиілетті. Жайықтың қатқан мұзын көпір қылып, маңайдың орыс селоларын тонап, мал айдап әкетіп жатты...

Жайық жағасының тыныштығы қайта бұзылды.

...Бәрібір Орал облысында қазақтардың көтерілісі тез басылды. Жаңғырығы Маңғыстауға естіліп, енді адайлар дүрлікті.

Далалық қазақтармен кездесе, пікірлесе жүріп, мен осы көтерілістердің әңгімелерін көп естідім. Бұл шынайы, болған қалпында бояймыз жеткізілген әңгімелер еді.

Бастапқы кезде Жаңа ереже адайларға тарамайтын болды. Олар Орынбор даласынан өте қашықта, Хиуа, Түрікмен бетте көшіп жүрді. Реформаға дейін де, реформа Орынбор жеріне енгізілгеннен кейін де адайлар бұрынғысынша екі дистанцияға бөлініп, өз билерінің Маяев пен Калбиннің басқаруында болды. Орынбордағы бастықтар оларға алым-салықтың жаңа көлемі туралы айтқан жоқ, бұл олардың бергі жақтағы қазақтарға қосылып кетуін тежеді.

Даладағы дүрбелең басылысымен-ақ, Орал облысының губернаторы өзіне, Оралға екі дистанцияның бастығын шақырттырды. Екеуі де 1870 жылдың басында келді. Екеуіне тиісінше нұсқаулар беріп, кейін қарай қайтарыңда бұлармен бірге бүкіл Манғышлақ приставтығы бағынатын уезд бастығы болып тағайындалған подполковник Рукин бірге келді.

Жұрттың айтуына қарағанда, Рукин іске шалт кіріскен. Ол ереженің адайлар үшін жаңалық екендігін, жергілікті тұрмыстық жағдайдың ерекшелігін, қалыптасқан үрдістерді бұзудың қиындығын, уездің алып жатқан аумағының кеңдігін назарға алмады. Күшпен, қаталдықпен, қарумен жартылай жабайы өмір сүріп келе жатқан көшпелілерді бағындыра қойғысы келді. Сөйтіп, өзін өзі тығырыққа тіреді.

Адайлар болса бұрын төлеп келгендерінен артық салық төлеуге қарсы екендіктерін білдірді, ауылдар арасын межелеуді – ғасырлар бойы қалыптасып қалған көші-қонды тежейді деп түсіңді. Орысқа шын берілген Маяев оларға орыс үкіметінің мақсатын түсіндіріп, босқа әуре болды. Халық оның сөзіне құлақ аспады, бірте-бірте Калбин жаққа ауыса бастады.

Наурыз айының орта шенінде алғашқы дүрлігудің хабарын естісімен Рукин қасына елу шақты адам алып, көтерілісшілерді жазалауға жолға шықты. Қазақтарды жеткілікті білмей тұрып, орыс ұлығының қарулы казак-орыспен көрінуінің өзі адайларды тыныштандырады, оларға қарсы екі-үш рет оқ атсам қорқады деп ойлады. Мұндай аз қолмен шығудың қауіптілігін айтқан жанындағы Маяевтың да, басқа билердің де сөзіне құлақ аспады, фортқа кері қайту туралы естігісі де келмеді.

Сөйтіп, форттан 125 шақырым қашықтыққа дейін жүріп жетті. Маңайда жөн сұрайтын, жол сұрайтын ешкім жоқ-ты, ауылдар жан-жаққа бытырап көшіп кетісті. Сарытасқа жеткеннен кейін Рукин өзіне кері қайтқаннан басқа амал қалмағанын түсінді. Алайда, бұл кезде оның қайтар жолын көтерілісшілер жайлап алған еді.

Сардарлардың бірі, Иса Тіленбаев деген бай, жас қазақ отрядты бірнеше топпен қоршап алды (мақалада Исса Тулумбаев. Н.Ж.). Отряд қауіпті жағдайда қалды, отряд құрамындағы жергілікті адайлардың бірқатары өз қазақтарының жағына шығып кетті, Рукинмен бірге Маяев пен оның бір-екі жігіті, сосын 12 жылдан бері Александров фортына хат тасушы болып жүрген егде казак Косынко қалды. Рукиннің жалы жығылып, тығырықтан шығар амал қарастырды. Бір жігітті форт комендантына жіберіп, «Мені адайлар қоршап алды, көмекке қанша болса да адам жібер, олармен бірге әскери патрон комплектісін, фельдшер, дәрі-дәрмек және арақ жіберткіз» деп хат жазды.

Өзі уақыт ұту үшін Исамен келіссөз жүргізуді бастады. «Қарулы топты неге жинадың?» болды оның тілмаш арқылы қойған алғашқы сұрағы. Бұған Иса «Сен әуелі бізге Маяевты бер, ол сатқын біздің қолымызға түспейінше, біз сендермен келіссөз жүргізбейміз» деп жауап берді.

Жауап әкелушімен бірге бастан-аяқ қаруланған бірнеше қазақ бірге келді, мақсаттары – Маяевты ала кетпек.

— Мен Маяевты бере алмаймын, – деді Рукин, – сонымен бірге Исаға айтыңдар, егер бұл жердегі азғана казак-орысты құртам десеңдер, орыс үкіметі сендерді аямайды.

Иса, әрине, Рукиннін сөзінен оның қорқынышын аңғарып, бел алып кетті.

Отряд ертеңіне, 24 наурыз күні тағы да он шақырымдай фортқа қарай жылжыды. Жолда, Ақтауда тар аңғар бар еді, қазақтар осы жерді алдымен алғысы келді. Мұны сезген отряд та урядник Багайдиновты бас қылып, алты казак-орысты алға жіберді. Тау қуысына екі жақ қатар жетті, атыс, төбелес басталды. Багайдинов пен екі казак сол жерде өлді, қалғандары отрядқа қашып келді. Шегінер жол жабылды.

Қолында жақсы винтовкасы бар, ұрысқа үйренген елу атты казак-орысқа барымташылар шайқасын жарып шығу онша қиындық келтірмеген болар еді, алайда Рукиннің екпіні басылып, жасқанып қалған, тіке шабуылға шыға алмады. Таулы-тасты жерде арбамен жылжу да қиын болды. Рукин арбаны, азық-түлігімен, шатырларымен тастап, тіпті аттарды да қалдырып, түн қараңғысында жаяу кетуді ұсынды. Отряд бұған көнбеді. Атпен қозғалуға да оңай, ұрыс болса оларды таса қылып, форттан көмек келгенше екі-үш күн қорғана тұруға болады деген уәжге құлақ аспады. Рукин казак-орыстардың ұрыс тәсілін білмейтін, олардың көңілін аулап жігерлендіру де қолынан келмейтін, тек бұйрыққа ғана бағынуды талап етуші болды. Казактар күңкілдеп-күңкілдеп, алға жаяу кетті.

Күн кешкіре форт беттен бір атты көрінді, отряд әуелі казак-орыстар көрінді ме үміттеніп қалды, Маяев өз дистанциясының адамы екенін танып, тілдесуге алға ұмтылды, алайда жанағы қазақ мұны атып түсірді.

Рукин отрядтың құтқарылатынынан үмітін біржола үзіп, бар сенімін жоғалтты. Теңізге дейін 5-6 шақырым қалған, сол жерден балықшылардың кемелерін тауып, фортқа жету туралы да жоспары болды, бірақ түннің қараңғылығы адым аштырмады. Ассыз-сусыз, көліксіз отрядқа тас үстінде түнеуден басқа ештеңе қалмады. Қазақтар оқ жетпейтін жерде маңайды шиырлап жүрді. Түн ортасы ауа Рукин Косынканы жанына шақырып алды. Қолына мылтық беріп, «өзің білесің» деді. Қосым қоршаған өз қандастары арасынан жарып өтуге қорқып, тасада тығылып жатып, көз алдында өтіп жатқан оқиғаның еріксіз куәсіне айналды.

Таң ата казак-орыс ұрысқа дайындалды, бірақ Рукиннің ойына не түскенін кім біледі, қайтадан келіссөз жүргізгісі келді.

Тілембаевқа адам жіберді, «қанға қан, жанға жан, екі жақтан да адам өлді, біз барлық көлігіміз бен азығымызды тастадық, енді отрядты кері өткізсін»

Жауап алып Дәулет Қалдыбаев деген қазақ келді.

— Иса сені офицерлеріңмен қоса өз қосына шақырады, содан кейін ғана ол отрядты өткізеді.

Рукинге бұл өктемдік ұнаған жоқ, бірақ шартты қабылдауға көнді. Отряд мүшелері түгелдей бұған қарсы болды. Алдайды. Бізге рұқсат беріңіз, жолды өзіміз ашамыз...

Рукин құлақ аспастан, қасына екі офицер мен вахмистр Макаровты алып, Исаға кетті. Бір жар сағат өткен соң Макаров келді, енді барлық казак-орыстың қазақтар қосына келуін талап етті. Оралдықтар бас тартты. «Қазаққа берілгенше өлген артық!»

Макаров Рукинге белгі берді, ол отрядқа қайтып келіп, бәрін тыныштандырды.

— Азығымыз жоқ, теңізге жол жабық, фортқа дейінгі жол қашық, қазақтар бізді қоя беруге уәде беріп отыр...

Отряд бұған сенбейтінін айтып, шуылдасты.

— Олардың қолыңда біздің офицерлеріміз қалды ғой!

— Кім бұған кінәлі?!

Біраз тәжікелескен соң бәрі Рукиннің соңына ілесті.

Иса казак-орыстың қаруларын тастауын талап етті. Рукиннің «неге» деген сұрағына: «Қазір ат-көліктеріңді әкеледі, кім біледі, сендердің ойларында не барын» деген жауап алды.

Рукин отряд мүшелерінен осыны талап етті. Олар бағынбауға бел буды. «Бізді құдай кешіреді, өлсек қарумен өлеміз», «Мұныңыз – сатқындық». Рукин бекініске келісімен оларды бұйрықты тыңдамағандары үшін жазалайтындығын айтып, ашуланды.

Осы кезде урядник Неулыбин алға шығып: «Бауырлар, бізге Бекачтар сияқты өлуге құдай жазып тұрған болар, бір-бірімізбен қоштасайық та, құдайдың басқа салғанын көрейік» деді («Бекач» князь Александр Бекович-Черкаский, 1717 жылы Хиуада осылайша қарусыз қалып, қорлықпен өлтірілді).

Казак-орыс бар қаруын сыпырып ортаға тастады. Жиырма шақты қазақ оны киізбен жауып, бірсыпырасы киіздің шетіне отырып алды. Алайда, кейбір орыс қулық ойлап, қынын тастап, қылыштың өзін шалбарларының қалтасынан өткізіп, өздерінде қалдырған еді, Ливнин, вахмистр Макаров, Неулыбиннің өзі, тағы да 17-18 адам .

Иса ысқырып жіберді, тасада тұрған қазақтар бұларға лап қойды. Алдымен есаул Логиновтің мойнына арқан лақтырылып, түйеге сүйретілді, басқалары да осының кебін киіп, кейіннен Хиуаға қарай жөнелтілді, қылышын жасырғандар өлермендікпен шайқасты, хорунжий Ливкин ауыр жараланып, екінші күні өлді. Макаров пен Неулыбин, тағы басқалары жарақаттанып, тұтқынға түсті. Рукин аласапыран басталғанда ғана өз қатесін түсініп, өзін-өзі атып өлтірді, Иса оның қасына жетіп келіп, қылышпен басын шауып түсірді.

Орал казактары үшін қаралы шайқас осылайша аяқталды.

Отрядты басқарған Рукинді қорқақ не сатқын деуге болмас, ол қантөгістің болмауын қалады, отрядты құтқарғысы келді.

Рукиннің өлімі Маңғыстаудағы үлкен бүліктің басы ғана болды. Оның хаты уақытында фортқа жетіп, дереу көмек ұйымдастырылды. 25 наурыз күні 20 казак-орыс, бір зеңбірегімен отрядтың соңғы түнеген жеріне жетті. Оларға аз уақыт қарсылық көрсетіп кідіргенде, көмек те үлгерер еді, әттең...

Сарытасқа жақындай бере бұларға Маяевтың сүйегін әкеле жатқан қазақтар қарсы жолықты, отряд бастығының өлгенін солардан естіп, бұлар кері қарай бекініске бұрылды. Енді қамалды қорғау қажеттілігі туындады.

Қас қарая бұлардың жанынан түйе мінген бір қазақ желіп өтті, бұларға қолын бұлғап, «Тез, тез кетіңдер, тірі тұрғандарыңда» деп айқайлады. Кейбіреулер оның Дәулет Қалдыбаев екенін танып қалды.

26 наурызда Александровск фортындағы тірі жан түгелдей табандарынан таусылды, қамал іші адам түсініп болмас ала сүргін. Рукинге көмекке кеткен отряд қайтып оралды, казак-орыс, тұрғындар, армяндар, бейбіт қазақтар бәрі алаңға жиналып, қайғылы хабарды өз құлақтарымен естігісі келді. Сол жерде Дәулет Қалдыбаевты ұстап әкелгендер болды. Оны тұтқындап, комендантқа әкелді, ол офицерлердің, казактардың бәрінің тірі екендігін айтып сендіргісі келді.

Қайғылы хабардың шындығы қамалға Косынко келіп жеткеннен кейін ашылды. Адайлар түгел атқа қонған, бағыты – бекініс!

Форт коменданты, талай ұрыста ысылған, көпті көрген капитан Зеленин қамалдағы бар билікті қолына алып, қорғанысқа дайындалды. Оның қысқа да жалынды сөзі казак-орыстардың бәрін жігерлендіріп, бекініс үшін жан беруге бекінді. Гурьев пен Астраханға жаушы жіберілді. 1 сәуір күні телеграф Орынбордан адайлар көтерілісі туралы хабар таратты.

6 сәуір күні таң алдында бірнеше қазақ ақ жалау көтеріп, фортқа келді, Исадан елші келіпті. Қамалдағы қазақтарды жіберсе, бұл Рукинді барлық офицерімен қоса босататынын айтқан.

Зеленин оның ұсынысын қабылдаған жоқ. «Келсең кел, 14 зеңбірекпен қарсы аламыз!» «Сен қаруына сенсең, біз құдайымызға сенеміз»... Тілмаштар арқылы айтылған екеуара әңгіме осыған сайды.

9 сәуір күні көкжиектен түтіні бұрқырап кеме көрінді, Кавказдан екі рота казак әскері жетіпті.Жасыл туын желбіреткен қазақтар бекіністегі қоршауын алып, далаға шегінді. Виноклін көзінен алмай, теңізді тінтіп отырған Иса зеңбірегін сүйреткен, қаптаған көп әскерді көрген соң «Енді бізге Хиуаға кетіп, ханнан пана сұрағаннан басқа ештеңе қалмады» депті.

... Маған осы әңгімені айтқан қазақ ауыр бір күрсінді де,

— Сау бол, тамыр, алаңдама, бұл жер тыныш, алаңсыз жүре беріңдер, – деп маған қолын созды. Асықпай атына отырып, аяңмен ауылына беттеді.

Менің қасымдағы казак-орыс «қайдан тыныш болсын, түнде күзет қоймасақ болмайды» деп күңкілдеді.

Әкесінің үйіне келгендей керіліп, алаңсыз ұйқыға берілген оларды мен таң ата зорға оятып алдым.

Қазақ даласы қандай тыныш...

Мақала еркін аудармамен, ықшамдалып беріліп отыр.

Н.Ж.

Құрастырушының түсіндірмесі.

Беріліп отырған екі мақалада, бұлардан басқа естеліктерде де Рукин отрядының қолға түсуі мен оның өзінің өлімі айтушы тарапынан түрленіп жеткен әңгімелер негізінде, азғана айырмашылықтарымен ұқсас баяндалады, бірін-бірі толықтырады.

Мысалы, жоғарыдағы мақалада Рукин өзін-өзі атқаннан кейін «Иса оның қасына жетіп келіп, қылышпен басын шауып түсірді» десе, «Досан батыр» мақаласындағы И. Қиялбаевтың естелігіңде Рукинді Досан бауыздап өлтірді делінеді (С. Әділханов. «Маңғыстау» газеті, 1991 жыл 30 шілде).

Бұл айырмашылықтар онша маңызды емес деп есептейміз, маңыздысы – осындай оқиғаның болғандығы дәлелденіп тұр.

«ИСА-ДОСАН» КӨТЕРІЛІСІНЕ ҚАТЫСТЫ МҰРАҒАТТЫҚ ҚҰЖАТТАР

Құжат №1 Ішкі істер министрлігінің Орал облысының әскери губернаторы.

2 қаңтар 1870 жыл

Орал қаласы

Үстірттен мынадай мәліметтер келіп түсті: Үстіртте көшіп-қонып жүретін Шөмішті-Табын руының қазақтары, қазір Сам, Матай құмдарынан әрі қарай қоныстанып алған, Жаңа ережені қабылдамауға ұйғарған.

Олардың басшылары Асауов Дәуіт өзінің ұлы Алданазар Дәуітовті және Жанғали Арслановты бас қылып, Хиуа билеушісіне депутация жіберген. Өздерінің бағынатынын, билеуші белгілеген көлемде зекет төлеп отыруға пейілді екендерін айтпақ көрінеді. Ол жаққа барғанда олардың сөзін Хиуа билеушісіне жеткізуші Ырғыз уезінің қазағы Әзберген Мұңайтпасов болмақ.

Депутацияның қайтып келгені туралы дерек әзірге жоқ.

Осыны айта отырып, сізден, жоғары мәртебелім, Ембі уезі бастығының жеткізген хабарын (донесение) тексеріп, анық-қанығына жетіп, барынша толық дерегін маған жеткіздіруіңізді ұсынамын.

Әскери губернатор, генерал майор Веревкин.

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты,

85-қор, 1-тізбе, 22-іс, 2-орам, 1, 2-пп.

Құрастырушының түсіндірмесі: Үстірт үстіндегі Табын, Шөмішті руларының орысқа қарсы мұңдай әрекетінің Адайлардың атқа қонуына да ықпалы болды.

Құжат №2 ОРЫНБОР ГЕНЕРАЛ ГУБЕРНАТОРЫНЫҢ ОРАЛ ОБЛЫСТЫ БАСҚАРМАСЫНА БЕРГЕН ҰСЫНЫСТАРЫНАН ҮЗІНДІ.

1870 жыл 16 наурыз №1498

Осы жылдың 5 наурызында №2502 санмен келген жолдаудағы ұсыныстарды қарай келе, облыстық басқарма Манғышлақ приставтығы бастығының адайлардан 1869 жылдың түтін салығын ақшалай емес, қоймен алу туралы ұсынысын бекіту қажет деп есептейді.

Мен өз тарапымнан қазақ даласының өткен жылғы күрделі жағдайын ескере отырып, облыс бастығының бұл тұрғыда берген нұсқауын қолдаймын.

Басқарманың осы қағаздағы Ережені бекіту туралы ұсынысына келсек, болашақта да осы жайларды ескеріп отыру керек.

Орал облысының әскери губернаторына мен хабарлаған, жоғары биліктің Маңғышлақ приставтығын Орынбор генерал-губернаторлығының бағынысынан алып, Кавказ әскери округіне қосу жөніндегі пәрмені туралы басқарманың пікірін де білгім келеді, алым-салық жинаудың белгіленген ережесі бұл жағдайда қандай болмақ?

Генерал-адъютант Крыжановский.

85-қор, 1-тізбе, 22-іс, 2-бума, 33-п.

Құжат №3 ЖОҒАРЫ ДИСТАНЦИЯ БАСТЫҒЫ ЗА УРЯД ХОРУНЖИЙ МАЯЕВҚА ОРЫНДАУ ҮШІН ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ ОРАЛ ОБЛЫСЫНЫҢ МАНҒЫШЛАҚ ПРИСТАВТЫҒЫ.

25 қаңтар 1870 жыл

Александровск форты

Әскери губернатордың осы жылдың 18 қаңтарындағы №29 жазған ұсынысына сай бұрын кідіртіп қойған кедергілердің бәрін алып тастап, жоғары жақ белгілеген ережелерді шұғыл енгізу қажет:

§58. Көшпелі тұрғындар, әр уездегі қазақтар, болыстарға бөлінеді, болыстар – ауылдарға бөлінеді.

§59. Облыс бойынша болыстар мен ауылдарға бөлу олардың арасындағы жағдайға байланысты уездерде бірте-бірте немесе бір мезгілде жүзеге асады, оны губернатор бекітеді. Ауылдарда 100-ден 200-ге дейін, ал болыстарда 1000-нан 2000-ға дейін үй болады.

§60. Болыстар мына тәртіппен құрылады, жерді ортақ пайдаланатын, іргелес, қоныстас отырған ауылдар бірігеді.

§62. Болыстарды болыс басқарушылары, ауылдарды ауыл старшиналары басқарады.

§63. Болыс басқарушылары мен ауыл старшиналары сайлау (нәтижесі) бойынша тағайындалады.

§64. Болыс басқарушыларын сайлау ауыл старшиналарын сайлаудан бұрын өткізіледі.

§68. Болыстардың әрбір 50 үйі орталарынан бір өкіл сайлайды, таңдау түскен мұндай өкілдердің съезі болыс басқарушысы мен оған кандидатты сайлайды.

§69. Болыс басқарушысын сайлау сайлаудың жүру барысына араласпай, тек тәртіпті қадағалаушы болып отыратын уезд бастығының немесе оның көмекшісінің қатысуымен өткізіледі.

§135. Қазақтар арасындағы істерді шешу үшін, мейлі ол халық соты қарайтын қылмыстық іс болсын, немесе алуан түрлі дау-дамай болсын, әр болыста 4-тен 8-ге дейін билер сайланады.

Билерді сайлау болыс басқарушыларын сайлаумен қатар, сол сайлаушылармен, сол мерзімге, сол тәртіппен өткізіледі.

§77. Таңдаушылардың болыстық съезі болыс басқарушылары мен ауыл старшиналарының шығындарын айқындайды.

§78. Болыс басқарушылары мен ауыл старшиналарының шығындары туралы шешім сайлаудан бұрын жасалып, уезд бастығына бекітуге ұсынылады.

§79. Болыс басқарушылары мен ауыл старшиналарының белгіленген шығындары қоғамдық тұрғыда, түтін салығымен бірге жиналып, уездік басқармаға жеткізіледі. Лауазым иелері өздеріне белгіленген жалақыны ол жақтан, облыстық басқарма белгілеген мерзімде, өзі немесе өкілі арқылы ала алады.

63-параграфқа сәйкес болыс басқарушылары халықтың таңдауымен сайлануы керек, алайда бұл тәртіптің қазіргі жағдайда қолайсыздық әкелетінін ескеріп, бөлімшелердің басқарушыларын сайлауды ұсынамын, ал ауыл старшиналарын жұртшылық өздері сайласын.

Мәртебелім, сардарларға осыны тез және дәл орындауға пәрмен беруіңізді сізден сұраймын:

1. Әр басқарушы өзіне қарайтын бөлімнен әрбір 50 үйден бір адамды, жасы 25-тен кіші болмауы міндетті, халықтың таңдауымен өзіне шақырады.

2. Қазақтардың өз арасында туындайтын дау-шарларды салт бойынша шешу үшін халықтың таңдауымен 6 адамнан тұратын болыстық би немесе судья сайлау.

3. Таңдаушылар кеңесі мен сайланған судьялар кейін көрсетілетін жерге міндетті түрде келуге шақырылады.

4. Әр таңдаушы өзін сайлаған 50 үйдің тізімін өзімен бірге ала келуі керек, Сардарларда бөлімдегі барлық үйдің тізімі болады.

5. Шақырылған жерге жиналғаннан кейін таңдаушылар болыс басқарушылары мен ауыл старшиналарының жалақысын, басқа да шығындардың көлемін белгілейді, осыған қоғамдық ұйғарым шығарып, шығындарды ауылдарға бөледі.

6. Бұдан кейін өз жерлеріне қайтып оралады да, ауылдар құруға кіріседі, ауыл старшындарын сайлайды.

Мұнда сіздің баса назар аударатын нәрсеңіз, басқарушылар мен таңдаушыларды үй санын жасырып қалудан сақтандыру қажеттігі, оңдай жағдай орын ала қалса, екі есе айыппұл салынатыны не жұмыстан кететіні ескертілуі керек.

Пристав, подполковник (қолы).

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты, 85-қор, 1-тізбе, 22-іс, 2-орам, 3-4 пп.

Құжат №4 ОРАЛ ОБЛЫСЫ МАҢҒЫШЛАҚ ПРИСТАВЫНЫҢ ОРАЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘСКЕРИ ГУБЕРНАТОРЫНА РАПОРТЫ.

1870 жыл 14 наурыз, № 626

Болыстардың басқарушыларына Жаңа ережені енгізуді тез арада аяқтау, соңдай-ақ, бұл ережені қабылдауға келісе қоймаған кейбір руларды (бөлімдерді) бұған мәжбүрлеу және қабылдату мақсатыңда ертең, яғни 15 наурыз күні мен көмекшіммен бірге далаға шықпақпын. Жанымда 2 урядник, 38 казак айдауыл болады, 45 күнге жететін азық-түлік аламын.

Ережені қабылдауды күшпен енгізу шараларын аламыз, бірақ қару қолданбай, Жаңа ережеге қарсылықтың пайдасыз екенін түсіндіру үшін халыққа беделі бар қазақтар арқылы әрекет ететін боламыз.

Форттан шыққан соң Бозашы жартыаралының тұсынан өтіп, Қаракешу бұғазына, одан оңтүстікке қарай Александр Бай шығанағына қарай барып, сол жерде түрікмен старшындарын шақыруды ойластырып отырмын, содан кейін Фортқа қайтып ораламын.

Жол ұзақ емес, бірақ қазақтармен түсінісу көп уақыт алатын сияқты. Қаракешудің маңында бір аптадай боламын, 25 сәуірде қайтып келермін деп есептеймін.

Маяев және жақын маңдағы болыстардың ережені қабылдаған басқарушылары менімен бірге жүреді. Қалбинді де шақырттым, бізге жолдан қосылатын болсын дедім, алайда, бұған күмәндімін. Ол өзін бізден сыртқары ұстап жүр.

Азық-түлік пен басқа да дүниелерді артуға 35 түйе алдық, оларды болыс басқарушылары бізге тегін берді. Олардың әрқайсысы бізге, біздің мына ісімізге пайдасын барынша тигізуге тырысып жүр, ережені қабылдамағандарды бізге қарай икемдегілері келеді. Болыс басқарушыларының бұл сезімдерінің қаншалықты шынайы екенін айта алмаймын, оны уақыт пен жағдай көрсете жатар.

Қазір қазақтарды Ережені қабылдауға мәжбүр ететін бір нәрсе Жемге, Сағызға, Ойылға көшу жайына байланысты. Бұған олар «Ережені қабылдадық алым-салықты төлеуге әзірміз» деп менен куәлік алған соң ғана рұқсат етіледі. Мен оларды мұндай куәліксіз Жем бойындағы отряд ары қарай өткізбейді деп сендірдім. Бұл туралы, мәртебелім, сізге бұрын жазбаша жеткізген болатынмын.

Егер сіз менің рұқсат қағазымсыз қазақтарды арғы жағаға өткізбейтін пәрмен беріп, қандайма бір әскери отрядты Жем бойына жөнелтсеңіз, бізге пайдалы болар еді. Болыс басқарушылары сол жерде постылардың немесе отрядтардың бастықтарына келіп, рұқсат қағаздарын көрсетеді.

Ережені қабылдауға мәжбүр ететін тағы бір себеп бар – Красноводск отрядының жартысы Балкан түбегіне шықты. Олар әуелі Әмударияның көне арнасын бойлай жүріп, сосын ағыспен жарыса жоғары өрлеп, Хиуа иелігіне дейін жетеді. Қазақтардың Хиуаға бұрылу ниетін осылай кесіп, ерте ме, кеш пе, оларға біздің Ережені қабылдау қажет болады.

Осы жайларды негізге ала отырып, бәрі де ойдағыдай орындалатынына сенгің келеді.

Егерде Красноводск отрядының мақсаты орындалмаса, Әмударияның көне арнасын аршу жай ғана әңгіме болып қалатын болса, Орта Азиямен сауда жүргізетін тауар қоймаларының нүктелері қолайсыз болып, Красноводск отряды қайтадан Кавказға қайтып оралатын болса, онда біздің бұл маңайдағы ықпалымыз сөзсіз жойылады.

Бұл енді күзге қарай айқындалатын шығар.

Пристав бастығы, подполковник Рукин.

85-қор, 1-тізбе, 22-іс, 25-26-пп.

Құрастырушының түсіндірмесі: Бұл құжаттан пристав Рукиннің өз міндетін атқаруға шұғыл кіріскені айқын көрінеді. Сонымен бірге, оның империялық отаршылық мүдде үшін жан-тәнімен қызмет еткенін аңғарамыз.

Маяев және Рукинмен бірге жүрген, ережені қабылдаған жақын маңдағы болыстардың басқарушылары:

«Ол қарулы қолмен халыққа шыққанда онымен бірге есаул Логинов, хорунжий Ливкин, урядниктер Багайдинов пен Макаров, тілмаш зауряд хорунжий Бекшеровтен басқа казактардан: дистанция бастығы, зауряд хорунжий Маяев, бөлімше бастықтары Аманжол Сатыбалдиев, Құлат Орақов, Қосшы Ембердиев, Көпей Жүзбатыров, Орақ Жаулинов, түрікмендердің ауылнайы Атандық Жұмаболов, молда Бура Есенаманов және 5 қызметші қазақ болған екен» ( Ә. Спан. «Иса Тіленбайұлы», 44-бет).

Осы адамдардың аты-жөні жоғарыда келтіріліп отырған В.А. Поттоның мақаласында да бар.

Құжат №5 ГЕНЕРАЛ-АДЪЮТАНТ КРЫЖАНОВСКИЙДІҢ ӘСКЕРИ МИНИСТРГЕ РАПОРТЫ.

2 сәуір 1870 жыл

№1941

Өткен жылдың қазан айында өзіңізге жолданған, менің ішкі істер министріне 28 қазаңда жазған №6474 хатымның көшірмесінде сізге мен мынаны білдіргім келген еді: Жаңа ережені Маңғыстау қазақтары арасында толық күйіңде енгізу ертерек дегенмін.

Шеткері жатқан бұл өлкенің ерекшеліктеріне, халқының көшпелілігіне байланысты өлкенің ақсақалдарымен, беделді адамдарымен Жаңа ережеге қатысты алдын ала келіссөздер өткізіп, оны ішінара өзгерістермен немесе бекітілген ережелерінен сәл-пәл ауытқуларымен қабылдауға қол жеткізу керек еді.

Орал облысының әскери губернаторы таяуда маған осындай келіссөз жүргізу тапсырылған Манғышлақ приставы полковник Рукиннің адай руының беделді адамдары мен билерінің Александровск фортында өткен жиыныңда Жоғары билік бекіткен Дала облыстарын басқару ережесін қабылдауға шешім жасаған. Бұдан кейін жоғары дистанция бастығы зауряд хорунжий Маяев, төменгі дистанция бастығы зауряд хорунжий Калбин өз дистанцияларындағы бөлімдердің, оларға бағынысты ауылдардың атынан ережеде көрсетілген шарттардың бәрін орындауға, және түтін салығын да, жер алымын да төлеуді орындауға міндеттенді.

Адайлар бұлайша бағынғаннан кейін ол жерде жаңа басқаруды біржола нықтау үшін полковник Рукиннің ұсынысы бойынша генерал-майор Веревкин мынадай нұсқаулар берді:

1) Жоғары дистанция бастығы зауряд хорунжий Маяевқа бұл дистанцияның қазіргі бөлімдерін болыс деп, оларды басқаратындарды болыс бастықтары деп атау ұсынылды.

2) Жаңа ереженің талаптарына сай лауазым иелері мен қазылық жасайтын билер жергілікті қазақтар арасынан халықтың таңдауы бойынша сайланып қойылуы керек еді, алайда көші-қонмен жүретін адайлардың ауылдарының шашыраңқылығын, таңдаушыларды бір орынға жинаудың қиындығын ескеріп, уақытша шара ретінде болыстарды басқаруды болыс бастықтарының міндеттері мен құқықтарын жүктей отырып, бұрынғы бөлім басқарушыларына тапсыруға ұйғарым жасалды.

3) Егер ерекше бір кедергі болмаса ауыл старшиналары мен қазылық етуші билер болыс басқарушыларының басқаруымен халық қалауымен сайланады.

4) Сайлау өткеннен кейін болыс басқарушыларын әр ауыл бойынша үй санының тізімін әкелуге міндеттеу керек, мұнда ауыл старшиналары мен қазылық етуші билер болып кімдер сайланғаны да көрсетіледі. Үй санын жасырып қалғандығы үшін жауапкершілікке тартылатыны ескертіліп, жасалған тізімнің дұрыстығына олар бізді сендіре алатын болуы керек.

Адайларда болыстар құрылып болғаннан кейін Жана ережені түрікмендерге енгізу қолға алынады. Санының аздығына қарамастан оларда ерекше басқару құрылымы құрылуы керек, себебі түрікмендерді қандай ма болмасын адай руының бөліміне қосу бір-бірімен ұдайы дұшпандық қарым-қатынастағы жүретіндіктен мүмкін емес. Бұл жерде қашықтықта, Қарабұғаз, Кендірлі жерлеріне көшіп жүрген түрікмендер арасындағы жұмыс бірқатар қиындықтар келтіруі мүмкін.

Олардың кейбіреулері Красноводскге қарай көшіп кеткенде де, саны соншалықты аз, бар-жоғы аңғарылмайды, олардың орындарына қазақтар көшіп алады.

Сонымен бірге генерал-майор Веревкин Рукиннің ұсынысы бойынша жоғарыда аттары аталған билер Маяев пен Калбинді Маңғышлақ приставының қазақ арасындағы көмекшілері ретінде қалдыру өте қажет және пайдалы деп есептейді. Бұрынғы дистанциялардың орнына құрылатын болыстарды қадағалауда олардың пайдалары мол болады деп есептейді, оның үстіне бұған дейін олар адай арасындағы тыныштықты сақтауда, оларды Жаңа ережеге икемдеудегі еңбектерін ескеріп, олардың ресми жағдайларын сақтаса, Маңғышлақ приставының көмекшілері деген екі лауазым енгізілсе, генерал-майор Веревкин бұл лауазым үшін облыстың басқа уездеріндегідей олардың әр қайсысына жылына 400 күміс рубльден, шабарман жалдауы үшін 200 рубльден, кексе шығындары үшін де қаражат бөліп, жылына 1200 рубль берілсе, бұл шығындар адайлардан алынатын жер алымының есебіне жатқызылса деген ұсыныс айтады.

Орал облысының әскери губернаторының адайларға қатысты жоғарыда айтылған нұсқауларымен толықтай келісе отырып, мен зауряд хорунжийлар Маяев пен Калбинді Маңғышлақ приставының көмекшілері етіп қалдыруға рұқсат еттім, бұл туралы ішкі істер министрлігінің назарына бердім.

Сонымен бірге, жоғары мәртебелім, сізден мынаны анықтап алғым келіп тұр, мұңдағы қазақтар жазды Орал даласында өткізеді де, қыста Маңғыстауда болады, маған оларды ендігі жерде кімдер басқаратындығы түсініксіз болып тұр, Орынбор бастығы ма, әлде Кавказ бастығы ма? Егер оларды Кавказға қосатын болсақ, қазақтардан алынатын алым-салықты ол жақтың бастығы жинап алатыны өзінен өзі түсінікті. Мұндай жағдайда Маңғыстау қазақтарының төлейтін салықтары орынборлық қазақтармен бірдей болуы керек қой.

Мен таяуда Орал облысының әскери губернаторынан мынадай мәлімет алдым: Кавказдан Красноводскге келгенінде отряд бастығы, полковник Столетов адайлар мен түрікмендерге «Жаңа ереженің талаптары бұларға тарамайды, төленетін алым-салық көлемі үй басына бұрынғысынша 1 рубль 50 тиын болып қала береді» деп түсіндірген және осыған байланысты олардың өтініштерін қабылдаған.

Полковник Столетов өз айтқандарының қате екендігін кейін жеткізер деп күткенімізден ештеңе шыға қоймады, Маңғышлақ приставтығының бастығы бұл сөздердің дұрыс еместігін айтып, жағдайды түсіндіргеннен кейін халық біршама тыныштанды.

Жоғарыдағыдай бұйрықтар іс жүзінде халық арасына тарап кетпесін деп қауіптеніп, мен өз тарапымнан, жоғары мәртебелім, сіздің назарыңызды мынаған аударғым келеді: адайлардан алынатын салықты бұрынғысынша қалдыру басқа қазақтардың да осыны талап етуіне ұласуы мүмкін. Сонымен бірге адайлардың өздерінің де наразылығын туғызып, тіпті толқу туғызуы да ғажап емес. Олардың жаңа үлгі бойынша алым-салықтан қашақтап, Кавказ ведомствосындағы шалғай жерлерге қарай көшіп кету қаупі де жоқ емес.

Жазда Орал облысының жеріне көшіп барғанда адайлар ол жақтың қазақтарына өздерінің жеңілдіктері туралы айтуы әбден мүмкін нәрсе, ал бұл дегеніміз Орал қазақтарының қызғанышын, өз бастықтарына деген наразылығын туындатады. Бастықтың біреулерге жеңілдік жасап, екіншілерін ауыр салықпен матауы басшылыққа деген сенімсіздікке әкеледі.

Генерал-адъютант Крыжановский.

85-қор, 1-тізбе, 22-іс, 2-орам, 14-17-пп.

Құрастырушының түсіндірмесі: Құжаттың түзілген уақыты көтеріліс басталған кезден кейін болғанымен, хат иесіне бұл хабардың әлі жетіп үлгермегені аңғарылады.

Жаңа ереже бойынша түтін салығы адайлар үшін екі еседен аса өссе, түрікмендерде бұрынғы көлемде қалдырылды. Жоғарыда келтіріліп отырған құжатқа сүйенсек, халықты шатыстырылып жеткізілген бір хабар бөрліктірген көрінеді: «Кавказдан Красноводскге келгенінде отряд бастығы, полковник Столетов маңғыстаулық адайлар мен түрікмендерге Жаңа ереже тарамайды, төленетін алым-салық көлемі үй басына бұрынғысынша 1 рубль 50 тиын болып қала береді деп түсіндірген және осыған байланысты олардың өтініштерін қабылдаған».

Дәл осындай жаңсақ хабар төменгі дистанция бастығы Г. Калбин тарапынан да таратылған.

Н.Ж.

Құжат №6 АЛЕКСАНДРОВСК ФОРТЫНЫҢ ӘСКЕРИ БАСТЫҒЫНА ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ ОРАЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘСКЕРИ ГУБЕРНАТОРЫ.

1870 жыл 8 сәуір

Жаңа ережені қабылдағандығы жөнінде куәлігі болмаса Маңғышлақ приставтығы қазақтарының жазғы көшін өткізбеу керектігі ескертіледі.

Маңғышлақ приставының 23 ақпандағы (№404) ұсынысы бойынша өткен наурыздың жиырмасында Калмыков, Гурьев және Ембі уездерінің бастықтарына (№3141, 3142, 3143) нұсқау берілді, олар өз уездері жерінде Маңғышлақ приставының қазақтарына адай руы бөлімдерінің басқарушыларының (болыс басқарушыларының) Приставтық бастығынан Ережені қабылдағаны жөнінде куәлігі болғанда ғана кедергісіз көшіп-қонуына тиісті өкім берсін, онсыз дағдылы көші-қонға тоқтау салынады.

Бұл туралы, жоғары мәртебелім, өзіңізді құлағдар етіп жатырмын, орындалғаны өзімізге пайдалы болады деп ойлаймын.

Әскери губернатор, генерал-майор Веревкин.

85-қор, 1-тізбе, 22-іс, 2-бума, 42-п.

Құжат №7 Орынбор әскер округі әскери қолбасшысының Әскери министрге рапортынан.

көшірме

8 сәуір 1870 жыл №3098

Орал облысының әскери губернаторы өткен 21 наурызда №329 хатпен мынаны жеткізді: Ысық руынан Айтов деген қазақ Орал облыстық басқармасына келіп арызданған, өткенде болған даладағы толқудың кезінде оның және руластарының 500 жылқысын адай руының аты шыққан баукеспе ұрысы, би Мыңбай Әжібаев барымталап әкеткен, осы барымтаға қарсы тұрған Досалының інісі Мералы Айтовты өлтіріп кеткен.

Бұл жөнінде Маңғышлақ приставына Әжібаев айдап кеткен жылқыны Айтовқа қайтартуға, баскесердің өзін ұстауға нұсқау берілген болатын. Соңғы тапсырма дистанциялардың бұрынғы бастықтары Маяев пен Калбинге жүктеліп, ұстаған жағдайда сыйы бар екені жеткізілген еді.

Алайда, Маңғышлақ приставының айтуынша Мыңбай Әжібаев осы кезге дейін 300 үй өзі сияқты қарақшылармен бірге бір түкпірде көшіп жүр. Маяев пен Калбин оларға қарсы ештеңе істей алмайды, себебі барған қолды да олар ту талақай тонап алады. Сол себепті генерал-майор Веревкин екі жылдан бері ел тонап, жұртқа жәбір көрсетіп жүрген Әжібаевтың ізіне түсіп, ұстау үшін бір айлық азық-түлігімен, тасымал құралдарымен жабдықтап, Александровск фортынан 50 казактан тұратын отряд жіберуді ұсынады. Осы командамен бірге дистанциялардың бастықтары Маяев пен Қалбин, олардың сөзін тыңдайтын қазақтар бірге баруы қажет дейді.

Мен өз тарапымнан далаға, белгісіз бір түкпірге шағын отряд жіберуді орынсыз деп есептеп, генерал-майор Веревкиннің ұсынысын қабылдамауға бұйырдым. Оған бұл бұйрықты жібермей тұрып, мен Маңғышлақтағы оқиға туралы үш жеделхат алдым, оның біреуі, Жоғары мәртебелім, сіздің атыңызға 2 сәуір күні генерал-майор Веревкиннен Оралдан түсті, қалған екеуі Астраханнан – Астрахань губернаторынікі, Астраханға Александровск фортынан келген балықшыдан жеткен.

Бұл жеделхаттың мазмұны мынадай: Александровск фортынан келген балықшы айтты, қазақтар Форттан командасымен бірге салық жинауға шыққан офицерге шабуыл жасады, сол жерде 5 адамды өлтіріп, қалғанын далаға алып кетті. Сонымен бірге қазақтар балықшыларды да тонап жатыр, тұрғындар бекініске қарай қашып, Астраханға хабар жіберуде, бірақ Гурьев жолы қауіпсіз емес.

Екінші жеделхат Форт комендантынан келген еді, Рукин 40 адаммен далаға шығып, Форттан 120 шақырым жерде отрядымен бірге тұтқынға түскен, Маяев өлтірілген.

Жоғары мәртебелім, менің Сізге №2762 санмен 28 наурызда жолдаған рапортымнан белгілі, Орынбор ведомствосының оңтүстік бөлігіне осы жазда тек екі отряд жіберіледі, оларға Үстірттегі істерге араласуға тыйым салынған.

Тек қана адайлардан немесе менің жорамалдауымша, адайлардан, түрікмендерден, басқа да басбұзарлардан құралған, полковник Рукинді тұтқындаған тобырдың әрекеті генерал-майор Веревкин айтқандай, осыған дейінгі Маңғыстаудағы, тіпті Жемнің арғы бетінде қалыптасқан тыныш жағдайды бұзуы мүмкін.

1869 жылдың 12 желтоқсаныңда № 320 санмен өзіңізге жолдаған хабарымда айтқанмын, Даланың оңтүстік бөлігін өз дегенімізбен жүргізіп, заңды үкіметке бағындыру үшін Үстірт пен Маңғыстаудағы басбұзарлардың ұясын ыдырату керек немесе оларды Хиуа жеріне түпкілікті кетіру қажет және мұны осы жылдан қалдырмай жүзеге асыру қажет дегенмін.

Қазір Орынбор өлкесінің жаңа шекарасын жүргізу туралы ұсыныс алып отырмын, бірақ Үстірт үстін тазарту жөнінде қандайма болмасын шара алу жөнінде нұсқау болған жоқ. Орынбор округі тарапынан бұл сірә, енді жүзеге аса қоймас, бұл міндетті мүмкін Кавказ округіне жүктерміз...

Соңғы айтқаныма байланысты мен мына шараларды алу қажет деп есептеймін:

1. Александровск форты мен Манғышлақ приставтығының Кавказ бастығының бағынысына берілетіндігі туралы жоғарыдан пәрмен болған екен, оны шұғыл жүзеге асыру қажет. Мәліметтердің басым бөлігін мен Жоғары императорлық мәртебелі, Кавказ Армиясының бас қолбасшысына жеткіздім, қалған бөлігі енді жеткізіледі.

2. Фортты өткізуді іс жүзінде аяқтау үшін Кавказ бастығына қазақтарды басқаратын жаңа Маңғышлақ приставын тез арада жіберу қажет. Олай болмаған жағдайда олардың арасындағы бүліншілік Орынбор ведомствосының қазақтарына да ауысуы мүмкін. Егер Форт коменданттығына жаңа адам сайланатын болса (ортақ ісіміз үшін өте пайдалы болар еді), ол да шұғыл арада Фортқа жетсін.

3. Приставтықтың жаңа бастығы келген бойдан барлық мәселе бойынша Кавказ бастығына хабарласуы керектігі, Орынбор бастығына қағаз жолдауды доғару қажеттігі ескертілсін.

4. Жаңа приставқа Форт гарнизонын құрайтын Орал қазақтарын ең бірінші мүмкін болған жағдайда босатуды тапсыру керек. Фортта қазір Орынбор жергілікті артиллерия командасының адамдары бар (осы жылдың қаңтарындағы есеп бойынша бұл командада 1 обер офицер, 1 фейерберкер, 24 қатардағы жауынгер бар), бұларды Кавказ округінің бір артиллериясына қосуға болады.

Осыларды Сіздің жоғары мәртебеңізге жеткізуді өзімнің борышым деп есептедім.

Әскербасы генерал-адьютант Крыжановский.

85-қор, 1-тізбе, 22-іс, 2-орам, 12-14-пп.

Құжат №8 Дағыстан облысының бастығына Манғышлақ отряды бастығының «Қазақтардың Адай руын және Маңғыстау түрікмендерін басқаруды реттеу туралы» баяндамасы.

Маңғыстау жартыаралын басқаруды реттеу және көшпелі халыққа біздің әкімшілік билігімізді енгізу туралы менің ұсыныстарымды сұрап, Сіздің маған берген бұйрығыңызға байланысты мынаны хабарлаймын:

Адайлар – қырғыздардың бөлек бір руы болып есептеледі. Олардың түтін саны күні бүгінге дәл анық емес. Орынбор басшылығының дерегі бойынша (1869 жылға дейін) үй саны 10-15 мың аралығында.

1869 жылы олар 9280 үйдің салығын төледі, үй санының бұдан кем еместігі күмән туғызбайды.

Ру 9 тақтаға бөлінеді: түрікменадай, бәйімбет, жаулы, қырықмылтық, ақпан, жеменей, құнанорыс, тобыш, балықшы (бұлардан басқа Орал, Торғай облыстарының аумағыңда көшіп-қонып жүретін тәзіке бөлімі де бар, қазір оларды өз руларынан мүлде бөлініп кетті деуге болады). Бұл рулар бір-бірімен тығыз туыстық қарым-қатынаста, тұтас бір отбасы сияқты өмір сүреді. Сондықтан біздің әкімшілік билігімізге осы бөлімдердің бәрі де, Үстірт пен Ембі арасында басқа қырғыз руларымен бірге көшіп жүретін 3500 үйді қоса алғанда, толықтай бағынуы керек.

Басқа адайлар, негізінен, жартыаралдың өзінде, Бозашы мен Маңғыстау арасында көшіп-қонып жүреді, өздерінің қыстағы, жазғы қоныстары бар. Сағыз, Ойыл өзендеріне дейін көшіп барып, күзде өз мекендеріне қайтып келеді.

Маңғыстауда адайлардан басқа түрікменнің егдір, абдал рулары, қожалар бар, олардың күнкөріс көздері, негізінен, балық аулау. Сондықтан олар жағадан көп қашықтамай, ауыл-ауыл болып, Түпқараған мен Қарабұғаз аралығыңда көшіп жүреді.

Қырғыз руларының тағы бір тобы: беріш, кердері, жаппас, қожа бұдан бірнеше жыл бұрын Маңғыстауға қоныс аударып, тұрақтап қалған (жаппастар мен қожалар ішкі немесе Бөкей ордасынан көшіп келіп, адай руларына қосылған).

Осы тұрғындардың барлығы бір басқаруға бағынуы керек, мұны Орынбор басшылығы да мойындаған еді. Манғышлақ приставтығы ашылған кезде адайдың аталған тоғыз тақтасы түгел приставтыққа қаратылды.

Адай руын және Маңғыстау түрікмендерін басқаруды, менің ойымша, мына негізде реттеуге болады:

Дағыстан облысының бөлімдеріне қатысты талаптармен, ішінара өзгерістер енгізе отырып, «Адай» атауымен ерекше бөлім ашу керек. Бөлім төрт наибтыққа немесе учаскеге бөлінеді.

1. Түрікмен наибтығы, бұған барлық түрікмен рулары – егдір, абдал, қожалар – 295 үй кіреді.

Түрікмендерге адай руларының бірін қосу – қолайсыздық әкеледі, себебі бұл екі тайпа арасындағы қашаннан келе жатқан жауласу кедергі болады.

Халықты басқарумен бірге әрбір наибқа полициялық қадағалау үшін белгілі жерлер шектеліп берілуі керек. Мысалы, Түрікмен наибтығының аумағын Александровск форты жағалауынан Қарабұғазға дейін белгілеп, шектік сызықты жағалаумен жарыстыра Қарақия тауына, одан төменірек шығысқа қарай Бесоқты құдығына, Үстірттің төменгі етегіне дейін тартуға болады, сосын оңтүстікке қарай Қарабұғаздың солтүстік жағалауға дейін, бұл наибтықтың оңтүстігі болып есептеледі.

2. Маңғышлақ наибтығы, оның құрамына бәйімбет тайпасы 952 үй, тобыш 1843 үй, түрікменадай, бәли, тіней және жаманадай – 828 үй, барлығы 3624 түтін. Шекаралары солтүстік жағынан Сарытас шығанағының жағалауы, Қайдақ, Бозашы жартыаралын бөліп тұрған түбектен басталып, шығыста Үстірт табанынан Бесоқты құдығына дейін, оңтүстік пен батыста Түрікмен наибтығымен шектеседі.

3. Бозашы наибтығы, құрамына жеменей 1604 үй, жары 1200 үй, беріш руының бір бөлігі 70 үй, барлығы 2874 түтін. Полициялық тұрғыдан наибтық қарамағына Бозашы жартыаралы кіреді.

4. Үстірт наибтығы, құрамында қырықмылтық 1000 үй, балықшы, ақпан, құнанорыс (көбіне бір сардардың басшылығында жүреді) 1004 үй, түрікменадай, байбол 868 үй, барлығы 2872 түтін. Бұл наибтықтың шекарасын дәл белгілеу мүмкін емес, себебі, Орал облысының оңтүстік шекарасы айқын емес. Сонымен бірге Үстіртте адайлармен бірге шөмішті, табын рулары, басқа да рулар көшіп жүреді. Шығыс жағында екі болыс құрылды. Осыған байланысты Үстірт наибтығының міндеті бұл жердің Орал облысының болыстары мен уездері бастықтарының қарамағына берілген бөліктерін тек қадағалаумен шектелетін болар.

Адайлар мен Орал облысының арасын нақты және түпкілікті шектеуді әзірге қоя тұру керек, барлық шарттар мен деректер анықталған соң барып, соның негізінде шекаралық сызықтарды жүргізуге болады.

Жақын жерлерді полицейлік қадағалау мен әр бөлімнен алым-салық жинауды қазіргі негізге сүйене отырып, сарларға жүктеген жөн. Олар бұл лауазымға сайланады және оларды бөлім бастығы тағайындайды.

Әдет (салт) бойынша істерді қарау үшін сыйлы және ықпалды билерден сот сайлануы қажет, әр бөлімге бір биден. Үй санының аз болуы себепті ақпан, балықшы, құнанорыстарға бір би жеткілікті.

Осылай қылсақ, сот 8 биден құралады, 7 би адайлардан, 1 би түрікмендерден, бұларға істі шариғат жолымен шешуде қажетті, әрі бір іс жүргізуші хатшы бола алатын (письмовод) бір молда қосылады.

Билерді сайлау мен тағайындауда, сот барысының ісін жүргізуде Дағыстан облысының округтік соттарына қолданылатын тәртіп пен ереже қолданылуы керек. Тек билердің іс тәжірибесі мен ықпалы ескерілсе. Ел арасында құрметке ие билер бөлім бастығы жолдаған істерді қарау жөніндегі тікелей міндеттеріне қоса, өздерінің халыққа ықпалымен де көп пайда әкеледі.

Болмашы істер: ұрыс-жанжал, төбелес, ұсақ ұрлық, суға талас, т.б. қазіргі, бұрыннан қалыптасып келе жатқан тәртіппен шешіле берсе болады, мұндай істерді екі арада арашашы болып сайланған адамдар шешеді.

Қасақана адам өлтіру, сатқындық, адам тұтқындау, тонау, қазына мүлкін бүлдіруде кінәлі деп танылғандардың ісі әскери сотқа беріліп, әкімшілік тәртіппен жазаланады.

Басқарманың бөлім бастығының, басқада шендердің көшпелі халыққа қатысты құқы мен міндеттері Дағыстан облысының бөлімдерді басқару туралы жалпы ережесіне сай болады. Себебі Адай бөлімі де осы санатқа қосылады.

Бөлім құрыла қалса, осыған дейін Орал казак әскеріне бағынып келген, Форт пен Николаевск станицасындағы армяндар қоныстанған сауда слободкасын «поселение» деп атап, Дағыстан облысының әскер бастығына бағындырған тиімді болады.

Көшпелілер арасында толқу, тәртіпсіздік орын ала қалған жағдайда бөлімдердің бастықтары мен наибтарға басбұзарларды бірден ұстап, тұтқындауға, тәртіпсіздікке дереу тыйым салуға мүмкіндік беретін шараларды қабылдау керек. Ол үшін сенімді, берілген адамдар арқылы даладағы жағдайды, ақсақалдардың әңгімелерін, басқа да нақты мәліметтерді жеткізіп тұратын шабармандардың (рассылный) айырықша командасын жасақтау керек. Команда Дағыстан тұрақты милициясы құрылған негізде жасақталады.

Осындай негіздерде Бөлім құру, менің ойымша, таяу уақыттың ішіңде өзінің оң нәтижесін беретін болады.

Қолымызда полиция басқармасы мен барлық азиаттар түсінігінде мызғымайтын биліктің сөзсіз әрі ең басты көрінісі болып табылатын сотты, сондай-ақ, ел арасында беделді, әрі бізге сенімді көптеген түздіктерді (наибтар, депутаттар, сардарлар, шабармандар) өз жағымызда ұстай отырып, халыққа біздің талаптарымыз бен мақсатымызды дұрыс түсіндіріп, ұғындыруға мүмкіндігіміз жеткілікті, сол себептен Адай руы жақын арада бізге толықтай бағынады деп үміттенуге болады.

Маңғыстауда және Үстірттің батыс бөлігіңде толық тәртіп орнап, ұрлық-қарлық, тонау тыйылып, керуен жолдары қауіпсіз болмақ.

Алайда, бұл нәтижеге қол жеткізгенше, тосын оқиғалардың туындап қалуын жоққа шығаруға болмайды. Жергілікті халықтың ішіңде бізге жат пиғылдағы адамдардың, сондай-ақ, жаңа тәртіптің кезінде бұрынғы ықпалы мен беделінен айырылғандардың сөзіне еріп, толқып жүргендер бар. Сонымен бірге, Хиуа үкіметінің тарапынан да мұндай мүмкіндіктердің мүлт жіберілмейтіні белгілі, олар жасырын және ашық жолдармен өздерінің жоғалтқан ықпалын қайтарудың барлық амалдарын қолданады. Адайларды азғырып, біздің барлық бастамамызға дұшпандықпен қарап, жоққа шығаруға итермелеуде.

Осындай себептердің әсерінен қаңдай ма болмасын толқулардың, тәртіпсіздіктердің болмауы үшін және кінәлілер мен бағынбағандарды көрсету үшін Бөлім бастығы Александровск фортының гарнизонына келтірілетін әскери күшке сүйенуі керек. Гарнизон аз-мұз тәртіпсіздікке төтеп бере алады. Егер көп адам жиналып, көтеріліс ауқымға ұлғаятын болса, оны тойтарып, қайта тәртіп орнату үшін Кавказ әскерінен айырықша отряд құрылуы керек.

Қандай ма болмасын түсінбеушілік туындамау үшін Александровск форты мен гарнизон коменданты Бөлім бастығына бағындырылады, олардың құқы, міндеттері мен қызметтік қарым-қатынастары анық және толық нақтыланған.

Бөлім басқармасы, сот және шабармандар командасы қаражат қиындығына кезігуі мүмкін, бұларды жергілікті алым-салықтың есебіне қосуға болады. Адайлардың 9000 үйінен 3 рубль 50 тиыннан 31 500 рубль, түрікмендердің 295 үйінен 1 рубль 50 тиыннан 442 рубль 50 тиын, барлығы 32 000 рубльге жақын ақша бір жылда жиналады.

Басқарманың штаттық жобасы кейін жасақталады, бұл қандай әкімшілік тәртіптің енгізілетініне байланысты.

Манғышлақ приставының көмекшісі, капитан (қолы қойылған).

85-қор, 1-тізбе, 22-іс, 64-71 пп.

Құрастырушының түсіндірмесі: Маңғышлақ приставының көмекшісі деп екі адам аталады, бірі – есаул Логинов, екіншісі – капитан Зеленин.

Зеленин туралы дерек жоғарыда келтіріліп отырған П. Юдиннің мақаласында кездеседі.

Есаул Логиновты қазақтар тұтқынға алып, кейіннен босатқан.

Құжат № 9 Императорлық ұлы мәртебелі Патша ағзам!

Өткен наурызда Әскери және ішкі істер министрлері маған мынаны жеткізді:

Патша ағзам, жоғары императорлық мәртебелі, генерал-адмирал өзінің төрағалық етуімен осы жылдың 2-ақпаны күні өткен үлкен Комитеттің қорытындысына сай, қазіргі Манғышлақ уезін Александров фортымен қоса Орынбор генерал-губернаторлығынан алып, тікелей өзіңіздің императорлық мәртебеңіздің құзырына қарату туралы өзінің жоғары өкімін жасады деді. Жаңа шекара Орынбор өлкесінен Өлі қолтыққа дейін, Үстірттің солтүстік шетінен Арал теңізіне қарай өтеді екен.

Маған сеніп тапсырылған өлкенің аумағында жоғары биліктің ұйғарымын жүзеге асыру үшін талап етілетін нұсқауларға қатысты мен, ен алдымен, Александров фортымен қоса Маңғышлақ уезі түгел қарап келген Орал облысының әскери губернаторынан жаңа тәртіпке қатысты ойы мен пікірін және жоғары императорлық мәртебелі, ұлы князь, Кавказ наместнигі Михаил Николаевичке азаматтық басқаруды тапсырудың алыс-берісіне қатысты өз түйінін талап еттім.

Генерал-майор Веревкиннің маған ұсынған мәліметтерін қарай келе мен мынадай түйінге келдім: Маңғышлақ приставствосын қазіргі құрамда азаматтық басқаруға беру барлық жазба істерімен, қаражат сомаларымен, есеп-қисабымен, қазыналық мүлкімен Кавказ бас басқармасы тапсыруға өкім еткен таяу орналасқан Кавказ бастығына беріледі. Приставтықтың жеке құрам бойынша тізімі мен істер ведомстволарын, қаражат сомаларын, қазыналық мүлкін приставство жасайды да, приставтық бағындырылатын Кавказ бастығына ұсынады немесе жеткізіледі.

Приставтықты ұстау шығынының сомалары Орынбор әскери палатасының ведомствосының қаржы кассасынан қаржыландырылып отырған Орал облыстық басқармасының сметасына енгізілген. Бұл тұрғыда Маңғышлақ приставтығы жақын орналасқандықтан Гурьев уездік казначействосына қаратылған болатын. Өткен жылы басқарманың 1870 жылға дейінгі ұстау шығынына Оралдан Александров фортына Орал казначействосынан аванспен екі мың күміс рубль жіберілді, себебі Гурьев казначействосынан форт жолының қашықтығынан әрі тұрақты қалыптасқан қатынастың жоқтығынан белгіленген уақытта ақша талап ету мүмкін болмаған еді.

1870 жылдың 1 қаңтарынан бастап облыс бастығының айырықша өтініш жасауына байланысты приставтықтың басқармасынан арнайы жиын-терім кассасын ашуға рұқсат етілді. Мұнда Орынбор губерниялық казначействосының кестесі бойынша барлық шығыңды жүргізіп отыратын, соның алдында және Орынбор бақылау палатасының алдында арнайы жиын-терім үшін кассалық ереженің жалпылама негізінде арнайы жинаушылар үшін есеп беріп отыратын болады.

Сондықтан шығындар жөніндегі барлық шот, приставқа берілген аванс та, арнайы жиын-терім кассасынан алынған қаражат та пристав басқармасында жинақталған. Кавказ бастығы қажет болып жатса, мәліметтерді сол жерден талап ете алады.

Енді Орынбордың емес Кавказдың қаржылық және бақылау мекемелеріне бағынатын арнайы жиын-терім кассасының бұдан былай қалдырылуы, болу-болмауы Кавказ бастығының құзырында болады, бұл жөнінде олар кіммен қалай келісімге келеді, оның өзі біледі.

Бұған дейін приставтықтың штатын ұстау шығыны тек қана Орал облысының сметасында болса, енді одан алынып, Кавказ ведомствосына аудару керек болады.

Облыстық басқарма тапсыру қажет деп көрсетілген Кавказ бастығына Маңғышлақ приставтығын құруға және оған қарайтын қазақтарға жаңа ережені енгізуге қатысты істерді, нұсқауларды жеткізеді.

Солай болғанда, приставтықты басқаруды өткізу мүлтіксіз атқарылды, ал Кавказ бастығы оны басқаруға қабылдады деп есептеуге болады.

Кавказ бастығының міндетіне приставтықпен бірге оның аумағыңда көшіп-қонып жүрген қазақтардың адай руын және түрікмендерді басқару да кіреді, себебі приставтықты құрудың өзі осы көшпелілерді азаматтық басқаруға байланысты еніп отыр.

Манғышлақ приставтығының бөлініп, Кавказға өткізілуі бұл өңірдегі көшпелі қазақтар үшін ерекше ереже енгізуге сылтау болып табылмауы керек, себебі 1868 жылдың 21 қазаныңда жоғары билік Орал облысы бойынша Жана ереже енгізгенде барлық қазақтар үшін, Сібір, Түркістан, Орынбор қазақтарына бірдей жағдай болуы есептелді, олардың арасында ереженің бірте-бірте енгізілуі жөнінде мен нұсқау бердім. Бұдан Маңғыстаудың қазақтарының тысқары қалуы дұрыс емес, бұл оларға жеткізілді және олардың арасында осы ережені бірте-бірте енгізу жөнінде ұсыныстар жасақталды.

Орал және Торғай облысының қазақтарын дүрліктірмей, толқытпай тыныштық үшін әлі күнге дейін жаңа тәртіп бойынша салық төлеуден қашақтап жүрген адайларға Жаңа ережені қабылдауда еш жеңілдік жасалмауы, керісінше, шұғыл түрде енгізіліп, салық толық көлемде өндірілуі керек және мұндайда әскери күштің ықпалын қолдануға да болады.

Тек осы ретте ғана Даладағы тыныштықты сақтауға болады. Жаңа мекемелердің бейбіт дамуына мүмкіндік сонда ғана туады. Сонда ғана бұрынғы заманның тәртібіне қайта оралудың болмайтындығына, ол үшін босқа арам тер болудың қажетсіздігіне қазақтардың көздерін жеткізуге болады.

Адайларға жасалатын кез-келген жеңілдік басқа қазақтарды да сондайға қол жеткізуге ұмтылдырады. Ал бұл дегеніміз Дала ұдайы толқуда, дүрлігуде болады, тұрғындардың тыныштығы бұзылады, мемлекеттік мүддеге нұқсан келеді деген сөз.

Адайларға берілетін жеңілдіктер мүмкін барлық Далаға ықпалы болмас еді, егер олар көрші облыстар жеріне көшіп-қонбай, өз аумағынан шықпаған болса. Өкінішке орай, жаз бойы олар Орал облысының жеріне, Жем бойына, Сағызға, Ойылға дейін барады. Алым-салық төлеу мәселесінде сол жерлердің қазақтарымен бірдей деңгейде болса ештеңе емес, жеңілдік алдық деп оларды толқытады, араларында алауыздық туындауы да ғажап емес.

Бұдан басқа, менің ойымша, көрші облыстар аумағына көшетін адайлардың бастықтарыңда өз адайларының алым-салықты төлегендігі туралы куәліктері болуы керек, онысыз Орал облысы аумағына өткізілмеуі керек. Уезд бастықтарының нұсқауы бойынша, куәлігі жоқтар кері қайтарылуы керек, қажет болса, әскери күш қолдануға болады. Сонда ғана оралдықтар арасында тыныштық орнатып, біздің билігімізге бағынғысы келмейтін жабайы адайларды бұғалықтауға болады.

Кавказ ведомствосы мен Орал облысы арасында шекара жүргізуге келсек, ол облыстарды уезге бөлген кездегі Манғышлақ приставтығы мен Гурьев және Жем (Эмба) уездері арасындағы шекарамен қалу керек деп есептеймін, шекара аталған уездер мен приставтықтардың қысқы қоныстарының араларымен өтеді.

Бұл шекара Өлі қолтықта дәл Ақбұлақ бұлағынан Жұрынқұдыққа дейін, одан тура Арал теңізінің сызығымен Қасқа жолға дейін, мұның картасы бар. Маңғышлақ приставтығының шығыс жағында Арал теңізінің батыс жағалауы мен далаға деңдей кіргенде сол жерден Ембі уезі қазақтарының және Шөмішті-Табын руының 1,5 болысының қысқы қонысы басталады. Бұл ордалықтар ерте көктемнен бастап Ембі уезінің шегіне қарай көше бастайды, жартысы көбіне сол жерде жазды өткізеді, қалған жартысы Торғай облысының Елек өзенінен дейін көшеді.

Осыларды ойластыра келе, мен адайлардың бұрынғысынша Орал облысы бағынысыңда қалғанын дұрыс дер едім, себебі, жаз айларыңда олар жақын маңайға көшіп келеді, алым-салықты өндіріп алу оңай болады, әрі облыс аумағында облысқа қарамайтын қазақтардың көшіп-қонуы болмайды. Ал қазіргі жағдайда қыс күндері олар бізге қол жетпейтін қашыққа көшіп кетеді, жазда жерімізді мекендейді де, ештеңе төлемейді, әрі өзара немесе Орал облысының басқа уездерінің қазақтарымен бола қалған кереғарлықта жауапкершіліктен жалтарады. Облыстық, уездік өкіметке бағынбағандықтан істеген қылмыстары мен заңға қайшы әрекеттері үшін жауапқа тарту қиын болады.

Сонымен бірге мен Орал облысының әскери губернаторының ұсынысына сай, жоғары императорлық мәртебелім, мен сізге мынаны хабарлауды өз борышым деп есептеймін, Александров форты мен приставтықтың бөлінуіне байланысты адайларды Орал облысының бағынысында қандай түрде де қалдыруға болмайды, бұл жағдайда облыстық бастыққа адайларды басқару үлкен қиындықтар әкелетін болады, иә салық жинамайды, иә өзіне бағындыра алмайды.

Сонымен, бірге мен сізден өтініп сұраймын, Орал облысының әскери губернаторына Маңғышлақ приставтығын өткізу үшін Кавказдың нақты қай бастығымен, қай жерімен, қандай адамдарымен хабарласуы керек, осыны білдірсеңіз екен...

Тағы да, Маңғышлақ приставтығын өткізу мәселесіне қатысты генерал-майор Веревкиннің пікірі. Орал облысының әскери губернаторы маған мынаны жеткізді, Красноводск отрядының бастығы полковник Столетов Жаңа ереже адайларға тарамайды, мұндай ереже олар үшін үлкен зиян әкеледі деген. Мен өз тарапымнан генерал-майор Веревкиннің арызын әбден орыңды деп тауып, әскери министрге осы жылдың 2 сәуірінде (№1941) рапорт түсірдім. (Бұл рапорттың көшірмесін біз қоса беріп отырмыз. Н.Ж.)

Жоғары императорлық мәртебелім, мен сізге жеткізуді өз борышым деп есептеймін, адайларға жасалған кез келген жеңілдік іргелес Орал облысы қазақтары арасында сөзсіз қиындықтар туғызады. Жоғары императорлық мәртебелім, сізден өтініп сұраймын, Жаңа ережені адайлар арасында енгізілуіне, алым-салықтың да олардан Орынбор ведомствосы қазақтарымен бірдей алынуына пәрмен берсеңіз екен.

Сізге Орал облысы губернаторының маған жеткізген хабарының (№3800) және Маңғышлақ приставы Рукиннің форттан шығар кезде жазған осы хабарға қоса берген рапортын өзіңізге пайдалы болар деп жолдап отырмын.

Жоғары императорлық мәртебелім, өзіңіз де аңғарған боларсыз, мен осы хабарымда Кавказ ведомствосына өтіп жатқан жерді мекендейтін бұратана халықтың кейпін, олардың үй санын, жалпы қазақтар мен түрікмендер туралы ештеңе жазбай отырмын.

Сіздің жоғары императорлық мәртебеңіздің қаперіне берейін, маған сеніп тапсырылған басқармада бұрын мұндай деректер болмаған, әлі күнге дейін жоқ. Себебі адайлар осы кезге дейін бізге күшпен бағынып келген, ешқандай орыс билігі оларға тарамайды. Тіпті облыстың батыс бөлігінің сұлтан-правителі 1869 жылға дейін өз қарамағында болған Маңғыстау жартыаралына қоластында 150 казак әскері бола тұрып баруға тәуекелі жетпеген.

20 жыл бойы адайлар алым-салықты дұрыс төлеп келген жоқ, әркім өз қалауынша және 10 үйден бір үй төлеп келді. Іс жүзінде адай руының саны көрсетіліп келгеннен кемінде екі есе көп.

Орынбор ведомствосының мұндай шарасыздығына Орынбор бастығының Үстіртке қарулы қолмен шығу туралы ұсынысы жоғары үкімет тарапынан шешімін таппай келгендіктен төзіп келдік.

Өзіңізге деген үлкен құрметпен, жоғары императорлық мәртебеңізге жан-тәніммен берілгенімді көрсете отырып, қызметшіңіз Николай Крыжановский, генерал-адъютант.

1870 жыл, сәуір № 2098

85-қор, 1-тізбе, 22-іс, 2-орам, 18-24-пп.

Құжат №10 Дағыстан облысының әскери қолбасшысына Маңғышлақ отряды бастығының баяндамасы.

Кавказ Армиясының бас қолбасшысы, жоғары императорлық мәртебелінің Санкт Петербургтегі айырықша кеңесте талқыланған және жоғары императорлық мәртебелі, патша ағзамның өзі бекіткен Закаспий өлкесіндегі әрекетке қатысты ұсыныстары ішіңде бізге қатыстылары мынаған саяды:

Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы Кавказ Армиясының барлық әрекеті Александровск фортында, Красноводскіде және Балқанда гарнизон ұстаумен шектелуі мүмкін, сонымен бірге даланың орыстың басқаруына бағынбаған бөлігіңде мүмкіндігіне қарай ұшқыр отрядтар ұсталуы мүмкін. Қажет болған жағдайда жан-жаққа кететін жолдарын кесіп тастау үшін түйе көлігімен, белгілі бір мерзімге өз бетінше өмір сүруге болатыңдай, жеткілікті мөлшерде керек заттардың қорын алу керек болады.

Бұл бізге сол маңайды зерттеп білуге, біздің өз билігіміз жүрмеген жерлердегі тұрғындарды аз ғана шығынмен басқаруға мүмкіндік берер еді.

Округтік штаб бастығының 15 наурыздағы Сіздің атыңызға жазған № 850 рапортының мазмұнынан мынаны түйіндеуге болады, Кавказ Армиясының бас қолбасшысы, жоғары императорлық мәртебелі Маңғыстау жартыаралындағы біздің болашақ әрекетімізді былайша жорамалдайды:

Осы рапортпен жан жақты мәлімет беруді, ұсыныстарымызды сұрайды.

1. Александровск фортының гарнизонының құрамы, оның міндеттері мен әрекет ететін аумағы туралы;.

2. Гарнизонның азық-түлік көлемі;

3. Фортты басқару штатының көлемі, әскери бастықтың көшпелі халыққа қатысты және Маңғыстау жартыаралын басқарудағы құқықтары мен міндеттері.

Жоғарыдағы сұрақтарға қатысты Сіздің маған берген бұйрығыңызға байланысты мыналарды хабарлай аламын:

1. Александровск форты 1846 жылы тұрғызылған, гарнизон 2 рота жаяу әскерге (әскери құрам), екі жүз Орал казактары, артиллериялық, әскери жұмысшы, ас-су дайындаушылар, т.б. командаларға арналған бөлек салынған 5 құрылыстан тұрады:

а) Жеке тұрған жартасқа тұрғызылған негізгі бекініс, Түпқараған айлағынан 5,5 шақырым жерде. Сол жерде осы 1846 жылы губернияның төменгі жағынан келген, Орал казак әскері қатарына жатқызылған, балықшылар қоныстандырылған Николаевск станицасы бар.

б) бөлек тұрған батарея, казармасы бар, кішігірім жарқабаққа салынған, негізгі бекіністен оңтүстік-батысқа қарай 100 сажень (бір сажень 2,13 метрге тең. Н.Ж.) .

в, г, д) теңіз жағасына төндіре салынған үш қорғаныс мұнарасы бар, олар станицаны және айлақ пен форт арасындағы жолды қорғау үшін тұрғызылған.

1863 жылы бекініс гарнизоны экономикалық тұрғыда кішірейтілді, Әскери министрдің 1864 жылғы 12 шілдедегі № 197 бұйрығына сай тек екі жүз орал казак жаяу әскерін ұстау қажет деп ұйғарылды (жылына бір жүздігі кетіп, казак-орыстар әрбір екі жыл сайын алмасып отырады, орнына басқа жүздік келеді.), сосын штат бойынша коменданттық басқарма.

Мұнан басқа кейбір қорғаныс құрылыстары құлатылып, көмілді, тек екі мұнара қалдырылды, біреуі айлақта, жағалауда, маякқа қаратылған, екіншісі станицаның оңтүстігінде.

Сондай-ақ, негізгі бекіністің солтүстік бөлігі мен сондағы казарма да құлатылып, көмілді. Себебі бір-бірінен шашыраңқы орналасқан, әрі қорғаныстық тиімділігі шамалы болғандықтан бұлардан құтылу керек деп есептелді.

Күні бүгін жау азғантай қолмен бекініске солтүстік және оңтүстік жағынан көрінбестен тақап келе алады, флангалық қорғаныс жоқ. Қорғаныс шебінің жартысынан көбі құр жазықтықтан тұрады, мылтық оғы үшін де қолайлы емес. Бекініс ішіңдегі құрылыстар мен қорғаныс қабырғасы ескірген, жаңа бағытта қайтадан алмастыруды, қайта тұрғызуды қажет етеді.

Бекіністі сумен қамтамасыз ету тау етегіндегі құдықтар арқылы жүзеге асады. Өткен жылдың күзіне дейін су қолайсыз, тік жарқабақтағы жолмен 2,5 шақырым қашықтықтан тасылатын еді, күзде жаңа жол салынып, құдыққа дейінгі қашықтық бір шақырымға дейін қысқарды. Дұшпандық ойлаған жақ қаласа – таса жермен келіп, бекіністі су алу мүмкіндігінен оп-оңай айыра алады.

Азық-түлік, пішен, отын, басқа да қажетті бұйымдар мен заттар фортқа тек қана теңіз арқылы келеді. Жеткізілген жүк жағадағы құмаққа түсіріледі де, 5,5 шақырым жердегі фортқа бөлек-бөлек тасылады. Жол құмдауыт, жүруге өте ауыр. Мұндай жағдайда жүк тасымалына айтарлық көп шығын кетеді (1864 жылғы штат бойынша жылына 600 рубль, жүк таситын 65 ат тиісті болды).

Жүк тасу шығынын жабумен бірге көліктерді кенеттен шабуылдауы мүмкін дұшпаннан қорғау үшін де тұрақты бірнеше конвой болатындығы ескерілмей келеді.

Николаевск станицасы, маяк, айлақтың өзі де, ер адамдар Сарытасқа балық аулауға кеткен кезде қорғаныссыз қалады, 1870 жылғы сияқты форт гарнизонынан қандайма болмасын көмек келем дегенше талан-таражға түсіп, тоналуы әбден мүмкін.

Бекіністің мұндай жерге салынуы тікелей гигиеналық мақсатты көздегендіктен болар деп жорамалдауға болады. Қайдақ жағалауына салынған бұрынғы Ново-Александровск бекінісіңде гарнизон ауруға шалдықты деп бекіністі айлаққа таяу салудан қауіптенушілік болды. Алайда, 24 жылғы тәжірибе көрсеткендей, бұл бос қауіп болып шықты, Николаевск станицасының тұрғындары безгекпен де, құрқұлақпен де ауырмайды, өткен жылдың шілдесінен бері станицада пәтер жалдап тұратын төменгі шен әскерилердің де денсаулықтары жақсы.

Осы жайлардың қай қайсысы да бекіністі кідіртпей басқа жерге көшірудің қажеттілігін көрсетеді, ол үшін Николаевск станицасына жақын орын таңдап алынуы керек. Сонда ғана бекіністің қолайсыздығы мен тиімсіздігінен құтыламыз.

Орынсыз шығындардан арылу жаңадан салынатын қамалдың шығындарын өтеп шығады. Бекініс маңайындағы саудагерлер станицаға жақын қоныстанады, олардың үйлерін көшіріп салу шығындары айлақтан фортқа, одан кері қарай жүк тасып жүрген шығындарының азаюы есебінен ақталады.

Маңғыстаудағы бекіністе ұстайтын гарнизонның көлемі жөніндегі мәселе жаңа бекініс салынғаннан кейін ғана түпкілікті шешіледі. Алайда, бекіністі көшіру әзір жүзеге аса қоймайтындықтан, гарнизонның күші мен құрамын анықтағанда Ұлы мәртебелі бас қолбасшы белгілеген басты мақсаттан, яғни тек қана қорғаныс түріндегі әрекеттен өзге, бекіністің қазіргі жағдайыңда қолайсыз жағдайдың бәрін назарға алу керек.

Біріншіден, осы оймен мен Александровск фортында қорғаныс үшін мына күштерді ұстау керек деп есептеймін:

1. № 14 Кавказ JІиновиновск батальонының әскери құрамдағы 2 рота жаяу әскерін, оларды жылма жыл алмастырып отыруға болады.

2. Құрамында 200 адамы бар казак-орыстардың жүздігі, уряднигімен қоса, казак-орыстар жаяу болуы керек. Олар үшін қазақтардың аттарын ұстаймыз. Қазір қолда 197 ат бар (бұлардың 65-і штат бойынша тиесілі, 132-сі өткен жылы полковник граф Кутаисовтың қазақтардан тартып алғаны, бәрі де сапқа үйретілген).

Бұл казак-орыстарды тасу, ұстау шығынын айтарлықтай жеңілдетеді. Бекіністі станицаға жақындатқаннан кейін осынша казак ұстаудың қажеті болмайды.

3. Инженерлік ведомствоның әскери жұмысшы командасы, құрамында: 1 кондуктор, 1 унтер-офицер және 20 қатардағы жауынгер.

4. Кемінде 8 зеңбірекпен қаруланған, жеткілікті дәрежеде фейерверкерлері бар, гарнизон артиллериясы, офицерімен қоса.

5. Жеткілікті қызмет көрсетушілері бар 30 адамға арналған лазарет, қазіргі лазаретті № 19 Кавказ линиялық батальонының құрамына беру керек деп есептеймін, бұлай еткенде лазареттерді ұстау шығыны азаяды.

6. Азық-түлік дүкені жанында команда ұстау. Оның құрамын қажеттігіне қарай интенданттық айқындайды.

Гарнизонның мұңдай құрамымен далаға екі асудан аспайтын қашықтыққа шағын отрядтар ғана шығара аламыз. Туындайтын жағдайларға байланысты қандайма бір мақсат үшін неғұрлым көбірек күш қозғалысы қажет болып жатса, онда Кавказ жағалауынан арнайы, сол мақсат үшін ерекше құрамдағы отрядтар жасақтап, іссапармен жіберуге болады.

Екіншіден, өткен жылдардың тәжірибесі көрсетті, Александровск фортының гарнизонында Әскери қаулы жинағының 4-томы, 3-кітабыңдағы 1133-тармағының, XXXIY қосымшасына көрсетілген пісірілетін және құрғақтай, түйірлеп берілетін азық-түлік үлесі таратылып келді, бұдан гарнизонның төменгі шендегілері құрқұлақ, іш өту, т.б. ауруларға шалдықты. Ал Бас қолбасшының бекітуімен Кавказ әскери кеңесінің 14 наурыздағы, 24 сәуірдегі және 6 мамырдағы қаулыларымен Маңғышлақ отрядына бөлінген, кейіннен гарнизонға да бөлінген азық-түліктен ауырып-сырқағандар болған емес.

Сондықтан Александровск фортындағы гарнизон үшін болашақта да осы соңғы азық-түлік үлесін азғана өзгерістерімен таратылса тәуір болар еді деп ойлаймын. Бір адамға тәулігіне: ет – 1 фунттан (1 фунт О, 409 кг немесе 96 золотникке тең. Н.Ж.) , капуста 50 золотник (1 золотник 4, 266 грамға тең. Н.Ж.) , 2-ші сұрып бидай ұны 4 золотник, сары май 50 золотник, тұз 13 золотник (оны гарнизон форт ішіндегі тұзды көлден өздері өндіріп алады), бұрыш 0,10 золотник, лавр жапырағы 0,16 золотник, жуа 8 золотник, бұршақ 16 (бұрынғы 32 орнына) золотник. Сірке су да екі есе азайтылып, айына 15 чар (1 чарка 0,123 литрге тең. Н.Ж.) ғана беру керек деп есептеймін.

Осындай үлес обер офицер мен денщикке де берілуі керек. Жұмысқа тұрақты жегіліп жүрген 65 аттың жемі де ұмытылмаса, себебі су, айлақтан пошта аттарсыз әкелінбейді, сондай-ақ, түйемен әкелуге қолайсыз заттарды, спирт құйылған бөшке, сірке су, капустаны, құрылыс ағаштарын тасуға, бұдан басқа күн сайын гарнизон мен лазаретке су тасу, қыста ойылған мұз тасылады.

Аттарға жыл бойына құрғақ пішен мен арпа бұрынғы үлеспен берілсе жеткілікті, яғни әрқайсысына 10 фунт шөп, 4 горнц арпа ( 1 горнц, 3,3 литр көлеміне тең. Н.Ж.) . Ал қазақтардың аттарына жылдың 8 айына сол үлестегі пішен мен аздап арпа берсе жеткілікті, қалған уақытта олар аяқтай жайылады.

Тамақ пісіру үшін, қазына үйлері мен гарнизондағылардың бірқатары тұратын тұрғын үйлерді жылыту үшін бұрынғы тәртіп бойынша отын бөлу де қажет, жергілікті жағдайға қарай ағашты тезекпен ауыстырғанымызбен түтіні көзді ашытып, төменгі шендегілердің денсаулығына нұқсан келтірді.

Жоғарыда аталған азық-түлік, пішен, отын ақшалай емес, заттық түрде келтіріліп, айлақтан форттағы интенданттықтың қарауына тапсырылуы керек. Ақшаны тек сары май үшін ғана бөлуге болады, себебі ол кейде шошқа майымен, құйрық маймен, ораза кезінде өсімдік майымен алмастырылады, сондықтан оларды осында сатып алуымызға мүмкіндік болуы керек. Ет жөнінде де соны айтуға болады, ол кейде балықпен алмастырылады.

Гарнизонға жас көкөніс – қияр, көк жуа, қызылша, шалқан, т.б. жеткізіп тұру үшін форттағы бақ пен бақшаны күтімде ұстау керек.

Форт салынғаннан бастап гарнизондағы азық түрін жақсарту үшін шаруашылыққа арналған қаражатқа жеңіл қайықтар мен балық аулау құралдары сатып алынды, олар Николаевск станицасының тұрғындарына тегін пайдалануға берілген балық түсімі жақсы жерлерге қойылды.

Бұрынғы жылдардан белгілі болғандай, жылына жергілікті бағамен бәсі 40-60 рубль болатын 20-30 пұт балық ауланатын. Еңдігі жерде гарнизон құрамында Орал казактары болмайтындықтан балық аулау ісін бірте-бірте жойып, алынған жағалықты станицаға қайтару қажет деп есептеймін, ал аулау құралдарын сату керек.

Үшіншіден, Маңғышлақтағы ұсынылып отырған қарекет бағдарламасына байланысты әскер бастығының басқару штатын мына шендермен шектеген жөн болады:

1. Полковник шеніндегі (подполковник болса да болады) Әскер бастығы немесе комендант;.

2. Плац-адъютант, өзінің жалпы міндетіне қосымша оған пошта бөлімін басқару жүктеледі, еңбекақысы қазіргі негізде төленеді;.

3. Іс қағаздарын көшіруші 5 адам, солардың ішінен біреуі аға көшіруші болады, екеуі пошта қызметінің ісін жүргізушілер.

4. Ауа райын бақылайтын қатардағы 2 қызметкер, еңбекақысы қазіргі негізде төленеді;.

5. Басқармаға екі күзетші, бақ пен бақшаға төрт күтуші.

6. Атбағар.

7. Священниктер мен 2 шіркеу қызметшісі. Шіркеу мен священникті Орынбор епархиалық басшылығынан алдыру керек те, Кавказ Армиясының бас священнигінің қарамағына бағындыру қажет.

8. Түрікмен және қырғыз тілінен аудармашы.

Штатқа босатылатын ақшадан мыналардың қызметін бұрынғысынша қалдыру қажет деп есептеймін:

1. Басқарманың асхана қызметшілері;
2. Кеңсе заттарының шығындарына;
3. Шіркеу шығындары;

4. Аттарды емдеуге, әбзелдеріне, тағалауға, т.б. шығындар.

Аттардың санына қарай кететін шығындарын қайтадан шығаруға тура келеді, қандай аттар ұстау керек, қазақтардың тәуір аттары 40-50 рубль тұрады, соны анықтау керек.

5. Бір қайықтың жөндеуіне тек 200 рубль ғана бөлу керек. Қайықты Николаевск станицасының казак-орыстарына қажет болған кезде тиісті жерге апарып тұруын міндеттеп, беріп қойған жөн болады.

6. Шаруашылық бөлімінің шығындары (ыдыс сатып алу, су таситын ыдыстарды, арбаны жөндеу, бақшаның, суаратын машинаның, құдықтың жөндеу жұмыстары, басқа да уақ-түйек жұмыстар).

7. Форттағы ғимараттар мен шіркеуді дұрыс күтімде ұстау үшін жөндеу сомалары қайта қаралуы қажет және ол күрделі жөндеу қаражатынан кем болмасын.

Комендантқа жалпы негізде бағынатын гарнизоннан басқа мыналар да бағынуы керек: саудагерлер слабодкасы, Дағыстан облысының штаб пәтеріндегі слабодкалар. Оларға Әскери бастыққа бағынатыны сияқты тәртіп қолданылады; сосын Николаевск станицасы, бұларды Терек казак әскеріне жатқызуға болады. Бұл станицаның казактары көктемгі және күзгі балық аулау науқанынан бос кезде қайықпен қызмет көрсете алады.

Көшпелі халыққа қатысты әрекетіміз оларды басқармай-ақ, бекіністі нығайтумен шектелетін болар. Коменданттың Маңғыстау жартыаралының көшпелі халқына қатысты міндеті күрделі емес, іс жүзінде тек мыналармен шектеледі:

Қазақтардың бекіністің базарында жүргізілетін слободка саудагерлерімен сауда-саттығының қозғалысын қадағалау, сосын олардың өзара дау-шарларын қарау.

Көшпелілердің ешқандай ұсыныс хатсыз, өз еркімен әкелген алым-салықтарын қабылдау;.

Форттың айналасында көшіп-қонып жүретін тұрғындарды олардың ішкі істеріне араласпай, дау-жанжалдарына араласпай, тәртіптерін сырттай қадағалау.

Форттың маңайында, негізінен, 35 үйдей сіңірі шыққан кедей түрікмендер тұрақты, 40-50 үй осындай кедей-кепшік қазақтар қыста көшіп жүреді. Қалғандары бекіністен 30 шақырымдай жерде.

Өзіміздің саудагерлеріміз бен балық аулаушыларымыздың мүддесін қорғау мақсатымен беделді қазақтармен қарым-қатынаста болу қажет, бірақ біз оларды күштеп ұстап отырғандай әсер қалмайтын болсын.

Генерал-майор (қолы қойылмаған).

85-қор, 1-тізбе, 22-іс, 2-бума, 44-55-пп.

Құрастырушының түсіндірмесі: Құжатқа қол қоюға тиіс адам – Маңғышлақ приставтығының бастығы (пристав), әскери отряд бастығы генерал-майор А. В. Комаров. Ол бұл міндетті 1870 жылдың қыркүйегінен 1871 жылдың маусымына дейін атқарды.

Осы құжатта берілетін өлшемдердің мағынасы:

1 сажень = 2,13 метр;
1 фунт = 0, 409 кг;
1 фунт = 96 золотник;
1 золотник=4, 266 грамм;

1 чарка = 0, 123 литр;

1 горнц = 3,3 литр.

Н.Ж.

Құжат № 11 Дағыстан облысының бастығына

Маңғышлақ отряды бастығының баяндамасы

Қазақтардың адай руы мен Маңғышлақ түрікмендеріне

біздің әкімшілігімізді енгізу қажеттігі туралы

Қазақтардың Адай руы 9 тақтаға бөлінеді: 1. Қосай немесе Түрікменадай (құжатта осылай беріліп отыр. Н.Ж.) , 2. Бәйімбет. 3. Жаулы. 4. Шоғы немесе Қырықмылтық. 5. Ақпан. 6. Жеменей. 7. Құнанорыс. 8. Тобыш. 9. Балықшы. Бұлардан басқа Орал, Торғай облыстарының аумағында көшіп-қонып жүретін Тәзіке бөлімі де бар, қазір оларды өз руларынан мүлде бөлініп кетті деуге болады.

Адайлар осы ғасырдың бас кезінде Жем өзенінің төменгі ағысын мекендеді, тез көбейіп өскен адайлар басқа қазақ руларының қысымымен бері қарай ығысып, өз кезегінде Маңғыстау мен Бозашыда көшіп жүретін түрікмендерді ығыстырды, оларды оңтүстікке қарай жылжуға мәжбүр етті. Олардың аз ғана тобы (295 үй) жағадан көп қашықтамай, Түпқараған мен Қарабұғаз аралығында көшіп жүреді.

1834 жылы Ново-Александровск бекінісін салғанға дейін адайлар Хиуа ханына бағынышты болды, оған зекет төлеп тұрды. Хан жарлығын алып тұру үшін Хиуаға жиі қатынайтын еді. Хиуа үкіметінің талап етуімен орыс көпестеріне, балық аулаушыларына қарсы дұшпандық әрекеттерге жиі баратын. Соның бір мысалы, 1839 жылы Өлі Қолтықта Хиуаға қарай шыққан генерал-адъютант Перовскийдің отрядына арналған азық-түлік тиелген бірнеше қайықты тонап, сосын өртеп жіберді.

Осы бекіністі салғаннан бері адайлар мен Маңғыстау түрікмендеріне біздің ықпалымыз артып келеді, әсіресе, бекіністі 1846 жылы Түпқараған айлағын салғаннан кейін. Сондықтан 1850 жылдан бастап адайларға түтін салығы салына бастады.

Ру түгелдей Орынбор қазақтарының батыс бөлігінің сұлтан правителі қарамағына беріліп, бағындырылды да, 52-ші дистанцияны құрады. Бұл дистанция кейіннен екі, жоғарғы және төменгі дистанцияларға бөлініп, адайлар арасында беделді дистанция бастықтарымен басқарылды, олар бізден тұрақты жалақы алып тұрды.

Мұндай жағдайда Хиуа үкіметінің адайларға ықпалы айтарлықтай төмендеді, тонау, талау бірталай азайды. Біз үшін тек Маңғыстау ғана емес Үстірт үстіне қауіпсіз шығу мүмкіндігі туды. Қартаға түсіру партиясы аздаған күзетпен қалаған жеріне барып-келіп жүрді. Мысалы, 1868 жылы «Кавказ және Меркурий» қоғамы жабдықтаған экспедиция магнит кен орнын іздеп форттан 120 шақырым қашық жатқан Қаратауда ашықтан ашық екі ай жарым болып қайтты.

Осы 1869 жылдың аяғында болған дүрбелеңнің кезінде Орынбор даласының оңтүстік бөлігінің адайлары көтерілісшілерді қолдамақ түгіл, олардың Гурьевке бара жатқан тобын тоқтатты. Осы 1869 жылдың аяғында Маңғышлақ приставтығы ашылды да, Орал облысының бастығы Жаңа ережені енгізуге кірісуге мүмкіндік алды.

1870 жылдың наурыз айыңда пристав полковник Рукин 2 уряднигі, 38 адам Орал казактары бар конвоймен тұрғындарды жеткілікті дәрежеде алдын ала ескертіп, дайындамастан, далаға Жаңа ережені енгізуге шықты.

Ереженің халыққа неғұрлым ұғынықты жағы ол алым-салықтың үй басына 1 рубль 50 тиыннан 3 рубль 50 тиынға көбейіп кеткендігі. Бұл адайларды дүрбелеңге түсірді. Өздеріне келген отрядты алдап тұтқынға түсірді, оның мүшелерінің жартысын тұтқынға алды. Осы жеңіске масаттанған олар әуелі осы кезде Сарытаста шығанағында балық аулап жатқан балық аулаушыларға шабуыл жасады, олардың бірқатарын өлтіріп, бірқатарын тұтқынға алды. Мұнан соң Николаевск станицасына шабуыл жасады, үйлерді, айлақта тұрған кемелерді өртеді, сосын фортты қоршап алды.

Бұл кезде приставтықтың билігі Кавказға өткізіліп жатқан, сол Кавказ жақтан әскердің тез жетуі адайлардың қамал қоршауын тастап кетуге мәжбүр етті. Кейбіреулері жазадан қашып, алыс аймақтарға, Қарақұмға, Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағалауына, Қарабұғаздың шығысындағы Түйірге, Үстірттің оңтүстік бетіне көшіп кетті. Бұлайша кенеттен көшу олардың өздеріне зиянға шықты, малы көшке ілесе алмай, жас төлдеген малды өсімімен жолда қырып алды, сөйтіп, адайлардың бірқатары кедейленіп қалды.

Полковник граф Кутаисов бастаған отрядтың қозғалысы мен әрекетінің нәтижесінде 2000-дай ат тартып алыңды, Қаратаудағы егіндік жойылды.

Үстірт үстіндегі адайларды Орынбор өлкесінен шыққан отряд тәртіпке келтірді. Олардың көтеріліске қатыспағандықтары анықталғаннан кейін тартып алынған мал мен дүние-мүліктің көп бөлігі иелеріне қайтарылды. Ең бастысы, тәртіп орнады. Наиб тағайындалып, оған екі көмекші белгіленді. Сенімді әрі беделі бар адайлардан шабармандар командасы жасақталды. Осы жұмыстарымыздың нәтижесінде қазіргідей тәртіпке қол жетті.

1869 жылға дейін салық төлеп келген 9280 үйдің ішінен 1871 жылдың 1 ақпанына 1869 жыл үшін 1 рубль 50 тиыннан толық салық төлегендері – 7352 үй; ал 1870 жыл үшін 3 рубль 50 тиыннан төлегендері 6928 үй. Бұдан басқа 295 үй түрікмен 1 рубль 50 тиыннан төледі. Маңғышлаққа топ-топ болып келіп жатқан адайлардан салық осылайша жиналып жатыр.

Хиуа жеріңде, Түйірде, жәуміттер арасында тиісті салығын төлемеген тағы да 2000 үй бар.

Тұтқынға алынған казак-орыстар мен жай тұрғындардың ішінен 31 адам қайтарылды. Қалғандары Хиуада тұтқында, олардың қолыңда қанша тұтқын бар екені белгісіз, әзірге 33 адамның ғана дерегі шығып тұр.

Тұрғындар мен көпестерден тартып алынған заттар мен тауарлардың ақысын көтеріліске қатысқандар ақшалай, малдай қайтаруда, 20 000 рубльдей жиналды, қазір адайларға 36 000 рубль көлемінде контрибуция, жеңілген жақ ретіңде соғыс шығындарын төлету жүргізілуде.

Маңғыстау пен Бозашыда көшіп жүргендердің бәрі толықтай наиб пен оның көмекшісіне бағынады. Кейбіреулері өз істерін қайта қарауды сұрап, өтінішпен келіп жатыр.

Өткен жылдың желтоқсан айында наиб тұрақты атты әскер полкінің бес жауынгерімен екі жартыаралдағы қыстақтарды түгел аралап шықты, барлық жерде де тыныштық, бәрі де біздің тәртібімізге мойын ұсынған.

Қазір мынадай мәлімет алып отырмыз, Хиуа шегі мен Түйірдегі адайлар біздің талаптарымызды толықтай орындауға келісіп, Маңғыстау мен Үстіртке қарай көше бастаған. Бұл фактілердің бәрі Адай руы қазір біздің әкімшілік басқаруымызды енгізуге болатын жағдайда екендігін көрсетеді, егер біз жергілікті халықтың талап-тілегін ескере отырып, басқарсақ, табысқа толық сенім бар.

Адайлар арасында біздің билігімізді нығайтып, өз тәртібімізді орнату үшін үш қуатты құралымыз бар:

1. Александровск фортының гарнизоны, егер оны көшпелілер Маңғыстау мен Бозашыға қыстаққа келгенде далаға жақсы ұйымдастырылған, ұшқыр атты отрядтар шығара алатын жағдайға келтіре алсақ.

Көктемнің бас кезі, мал әлі көкке ілінбей, жас төл әлі аяқтанбаған кез – көшпелі елдің ең бір осал кезі. Орынбор және Сібір өлкелерінде салықты осындай уақытта, қыс кезінде жинап алады. Бұл кезде күнкөріс көзі тек қана мал болып отырған ел мүлде жұтап қалудан қорқып, талапты сөзсіз орындайды. Жүрмелі отряд үшін бұл еш қиындық туғызбайды. Осындай қозғалыс екі-үш рет қайталағаннан кейін халық мойын ұсынып, өз міндетін қалтқысыз орындауға үйренеді.

2. Сауда. Маңғышлақ қазақтары мен түрікмендері киімге арналған барлық материалды, теріден басқасын, аяқ киімді, ыдысты, киіз үй ағашын, т.б. заттарды айырбас жолымен немесе ақшасына негізінен, Форттың базарында орыс саудагерлерінен алады. Хиуа жағында нан мен қағаз тауарлары (кенеп, мақта маталар дегені. Н.Ж.) әлдеқайда арзан болғанымен малдың өтуі не айырбасы нашар, мардымсыз бәс береді, себебі мал ол жақта да жеткілікті.

Сондықтан Александровск фортынан көшпелілерге нан сатудың маңызы біршама жоғары, бұл оларды бағыныштылықта ұстаудың бір құралы бола алатынын өткен жылдардың тәжірибесі көрсетті.

Нанды тек бізге сөзсіз бағынатын қазақтарға ғана сату туралы нұсқаудың берілуі олардың арасында тәртіп орнатуға, бізге берген уәделері мен міндеттерін сөзсіз орындауға септігін тигізеді.

Менің жинаған деректерім бойынша, 1870 жылдың 5 шілдесінен 1871 жылдың 19 наурызына дейін көшпелілер Форт базарынан 70 000 рубльге 10,078 четверть астық алған (1 четверть 209,91 литр көлеміне тең. Н.Ж.). Жыл ішінде орыс тауарының сатылуы 150 000 – 170 000 рубльді құрайды.

3. Үшінші құралымыз, бұл – олардың жазғы көшіне рұқсат беру. Жаз айларында олар Жем, Сағыз және Ойыл өзендеріне дейін көшеді. Маңғыстауды қыстап шыққан соң сәуір айының орта шенінен бастап Үстіртке шығады, содан бірте-бірте солтүстікке қарай ығысып, жаз ортасына таман Орынборға дейін жетеді. Бұл уақыт ішінде олар Ойылдың, Гурьевтің, Орынбордың жәрмеңкелеріңде малының артығын сатады. Адайларға мұндай көшсіз болмайды, көп малға кейін Үстірт үстіне шыққанда, Маңғыстауда аяқтай жайылатын шөп жеткіліксіз болады.

Орынбордың оңтүстік аймағыңда өз тәртібін енгізумен айналысып жатқан ол жақтың басшылығына өз міндеттемелерін орындамаған адайларды Жемнен әрі өткізбеу мүмкіндігі бар. Өз басшыларынан рұқсат қағазы жоқтарға Орынбор жеріне көшуге рұқсат болмайды.

Маңғыстау Орынбор басшылығына қайта беріле ме, әлде Кавказдың басқаруыңда қала бере ме, бұдан істің мәні өзгермейді.

Егер біздің Маңғыстаудағы қарекетіміз Александровск фортында гарнизон ұстаумен шектеліп, өзіміздің әкімшілік басқаруымызды енгізіп, билігімізді көшпелілерге толық жүргізе алмасақ, оның қандай салдары болатынын айту да менің өз борышым деп есептеймін:

Адайлар мен Маңғыстау түрікмендерінің іс жүзіңде орыс боданы еместігін білген Хиуа үкіметі жағдайды сөзсіз пайдаланып, өз билігін қайта жүргізуге тырысатындығына ешқандай күмән жоқ. Бұрынғысынша зекет жинап, діни ықпал етудің барлық шараларын алады, ал бұл дегеніңіз біз үшін әсте тиімсіз, себебі басқа қазақ рулары да осы бағытқа бұрылып кетуі мүмкін.

Қазір Хиуа жерін паналап жүрген барлық басбұзарлар мен елді дүрліктіріп жүргендерге, Орынбор өңіріндегі бізге наразы басқа да қазақтарға адайлар ішіне келіп бой тасалау аса қолайлы болмақ.

Орыс көпестерінің өз приказчиктерінің делдалдығымен жүзеге асырып келе жатқан даладағы саудасы да тоқырап қалады, себебі олар Хиуаға қарап кеткен елге өз тауарларын жіберуге тәуекел етпейді. Дәл осындай себептермен форттағы базар саудасы да төмендеп кетпек.

Балықшылардың қайықтарын, ау құралдарын, тауары бар қоймаларды тонау бұрынғы кездерде жиі орын алып келген (қазір Маңғышлақ приставтығында осындай қарақшылық әрекеттер бойынша 40 шақты іс жатыр), егер жаппай тонау орын алатын болса, оның ауқымы үлкен болмақ. Өлі Қолтық, Бозашы, Сарытас жағалауындағы, Мойын, Тюленьи аралындағы балық аулау және итбалық кәсіпшіліктерін қорғауға көп күш керек болады. Бір крейссер қазірдің өзінде жеткіліксіз болып отыр. Біраз шығынды талап ететін шаралар алуға тура келеді, мүмкін тағы бір немесе екі бекініс салу қажет шығар.

Егер қандайма бір себептермен Хиуа адайларға өз ықпалын жүргізе қоймаса да, олар өздеріне ешкімнің әкімшілік билік жүргізбейтінін аңғарса, тонау мен қарақшылық істерін қайта жалғастырады, өзара, не түрікмендермен қақтығысады, сондай-ақ орыс балықшылары мен көпестерін тонау мүмкіндігін бос жібермейді.

Бұл жағдайлардың бәрі үкіметке адайларды отрядтар жіберіп, ұдайы жазалап отыруды немесе біздің әкімшілік билігімізді енгізуді қажет етеді. Бірінші жағдайда, жазалау бізге көп пайда әкелмейді, керісінше олардың бізге деген дұшпандық көзқарасы күшейе түседі. Екіншісі, неғұрлым қолайлы.

Маңғышлақ отряды бастығы (қолы анық емес)

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты.

85-қор, 1-тізбе, 22-іс, 2-бума, 56-63-пп.

Құрастырушының түсіндірмесі: Құжатқа қол қоюға тиіс адам –Маңғышлақ приставтығының бастығы (пристав), әскери отряд бастығы генерал-майор А.В. Комаров. Ол бұл міндетті 1870 жылдың қыркүйегінен 1871 жылдың маусымына дейін атқарды.

Құжат №12 Жоғары императорлық мәртебелі, Кавказ Армиясының бас

қолбасшысына Әскери министрдің 1870 жылдың 26 сәуірінде

түсірген рапортынан көшірме № 259

Осыған қоса беріліп отырған пікір-ұсыныстардың көшірмесінде (№3098, №1941) Орынбор әскери округінің әскери қолбасшысы Маңғышлақ жартыаралының тұрғындары арасында тәртіпсіздіктің басталуына түрткі болған жағдайлар туралы бірқатар мәліметтер жеткізген:

1) Өз әрекеттерімен Орынбор даласының оңтүстігінде елді бөрліктіріп, тыныштықты бұзып, Маңғыстау пен Үстіртте жасырынып жүрген қаскүнемдерден арылу қажеттігі туралы (№ 3098);.

2) Александровск форты мен Маңғышлақ приставтығын Орынбор бағынысынан бөлу туралы (№ 1941);.

3) Маңғыстаудың көшпелі қазақтарынан, әсіресе жазда Арқа бетке Орынбор даласына көшетіндерден алынатын түтін салығын азайтудың бізге қолайсыздық әкелетіндігі туралы.

Полковник Рукинді казактар (мұнан әрі жазылуы ұқсас «қазақ» сөзімен шатыстырмас үшін «казак-орыс» деп атаймыз. Н.Ж.) командасымен қоса тұтқындаған, Александровск фортына шабуыл жасаған тобырларға қарсы жасалатын әрекеттерге келсек, императорлық жоғары мәртебелім, Сізге мынаны хабарлауды өзіме абырой санаймын:

2 және 12 сәуір күнгі жеделхаттарда басбұзарларды тиісінше жазалау керек деген жоғары пәрмен алдық. Осы мақсатпен Александровск фортынан түсіріліп, далаға беттеген отрядтың бастығына осы көктемде Орынбор округінен Жемнің сыртына шығатын әскермен бірлесе қимылдау қажет, ол үшін ұтырын тауып, оларға шабарман жіберіп, хабарласуы қажет.

Александровск форты мен Маңғышлақ приставтығына Сіздің императорлық жоғары мәртебеңіздің билік жүргізуіне келсек, 9 және 12 сәуірдегі жеделхаттарда көрсетілгендей, Маңғышлаққа жолданған адамдарға тиісті нұсқаулар берілді.

Генерал-адъютант Крыжановскийдің хабарлауы бойынша, Фортты өткізуге қажетті мәліметтердің көп бөлігі Сізге жеткізілген, қалғаны енді жолданады.

Форт пен приставтықты басқаратын жаңа адамдарды таңдау, сонымен бірге осы кезге дейін форттың гарнизоныңда жатқан екі оралдық жүздікті Кавказ округінің әскерімен алмастырып, үйлеріне жіберу де Сіздің кеңпейілді құзырыңызда.

Форттағы Орынбор жергілікті артиллериясы командасының төменгі шенді адамдарына келетін болсақ (бір офицер, бір феберверкер және 27 қатардағы жауынгер), оларды қияндағы Орынбор командасына орналастырудың қолайсыздығын ескере отырып, Кавказ округінің жақынырақтағы артиллерия командаларының біріне қосу неғұрлым дұрыс сияқты немесе енді құрылуы жоспарланып отырған Баку командасына қосса... бұл жөнінде бас штаб тарапынан айырықша көзқарас бар.

Адайлардан алынатын түтін салығының көлемін 1 рубль 50 тиын көлемінде қалдырудың қолайсыздығы (тиімсіздігі) жөніндегі генерал-адъютант Крыжановскийдін пікіріне көшейін, мұндай әрекетке барсақ, түтін салығын 3 рубльден төлеп отырған Орынбор қазақтары салықтың біркелкі еместігіне наразы болып, қарсылыққа көшеді, олар да салық көлемін бұрынғысынша қалдыруды талап етер еді.

Генерал-адъютант Крыжановскийдің айтуынша жаңа алымның көлемі адайларға жеткізілді, көптеген старшындардың тарапынан келісім болды, түтін салығы жаңа ережеге сай төленетін болып келісілді. Сол себептен адай ауылдарын жоғары салықтан босату қолайлы бола қоймас. Бұл ауылдардың көпшілігі жаз айларыңда Орынбор даласының аумағына Жем, Сағыз, Ойыл өзендерінің бойын, яғни Орал облысы қазақтарының қалың ортасына көшіп келеді, Маңғышлақ пен Үстіртке тек күздің соңында келеді. Осыған байланысты адайлардан алынатын салық көлемі Орынбор ведомствосының қазақтарынан, жаз уақытында Торғай облысының шегіне дейін көшетін Түркістан өлкесінің Сырдария болысының қазақтарынан алынатын салықпен бірдей болғаны әділ болады.

Дала облыстарына енгізілген ереже бойынша қазақтар салықты қысқы қонысы орналасқан ведомстваға төлейді, яғни Маңғыстауды қыстайтын адайлар сол аумақтың жергілікті бастықтарына, Орынбор даласы қазақтары төлейтін көлемде төлеуі керек.

Әрине, Орынбор даласына қарай емес, оңтүстікке қарай көшетіндердің төлемдерінің басқаша болатыны өзінен өзі түсінікті. Красноводск мен Балканға дейін көшетін ордалықтарға қатысты алым-салық генерал-адмирал, ұлы князьдің төрағалығымен қабылданған бұрынғы комитеттің қаулысында көрсетілгендей, басқаша тұрғыда қарастырылды, мұның өткен ақпанның 2-де жоғары деңгейде бекітілгені жөнінде, Сізге, императорлық мәртебелім, мәлім.

Осыларды өз құзырыңызға жеткізе отырып, қорытындысы туралы мені хабардар етуіңізді сізден көптен көп өтініп сұраймын.

Кавказ Тау басқармасының бөлім бастығы, стат советнигі (қолы)

85-қор, 1-тізбе, 22-іс, 2-орам, 9-11- пп.

Құжат №13 Александровск фортына

Уезд бастығына

Сізге сәлем жолдаймын, Өзіңізге құдай жар болсын!

Мен сізге, сіздің маған деген пиғылыңызды білмесем де, өзімнің жанымды қинап жүрген жайлар туралы жазып отырмын, сіз де менің ойымды білмейсіз ғой. Сіз істің мәнін білетін, әділ бастық екеніңізді сырт адамдардан естіп жүрмін.

Мұнда Маңғышлақта мен дұшпаным көп, досым жоқ ортада жүрмін. Бір мезгілде халықтың досы, әрі бастық болу оңай емес, мен әрқашанда екіншісінің жағын қолайлаймын, сондықтан да менің жауым көп.

19 жыл бұрын мен Хиуа ханы Магомед Еминге қызмет етуге бардым, ол мені кері қайтарып, Адайларды басқаруды тапсырып, бұйрық шығарды. Менің тікелей қарамағымда 6 Адай биі (құжатта осылай. Н.Ж.) болды, олар ханға 600 алтын ділдә төлеп тұруға тиісті болды.

1856 жылы маған орыстардың атынан Магомед Али Тәуке Сұлтаноғлы деген келіп, бұдан былай орыс үкіметіне қызмет ету керектігін жеткізді. Мен оның тапсырмаларын уақытыңда, дәл орындап отырдым. Орынборға Магомед Али арқылы түтін салықтарын жіберіп тұрдым. Содан бері орыс үкіметіне адал, жан-тәніммен қызмет етіп келемін.

1858 жылы (өлкені генерал Катенин басқарған кезде) мен генерал Григорьевке таныстырылып, сол жылы өз қызметім үшін мынадай сыйлықтарға ие болдым: алтын медаль, жасыл парча тон, 100 рубль ақшалай, 2 жақсы ат және мақтау қағазы.

1859 жылы Волиушин басқарған кезде парча халат, 100 рубль, алтын қылыш, күміс ожау, сусар бөрік, басқа да сыйлықтарға ие болдым.

Бастықтар маған бұған дейін мұнда ешкімге көрсетілмеген құрметті көрсетті, Петербургке патша ағзамды шақырылдым. Менен басқаға Петербургқа келіп-кетуге шақырылу бақыты бұйырған жоқ. Алайда, бұл сапарға мен өзіме байланысты емес себептермен бара алмай қалдым.

Осыған дейін Адай билерінің ішінде ешкімге де маған көрсетілгендей кеңпейілді құрмет көрсетілген емес.

Алайда, 1866 жылы Маяев жоғары өкіметтің пәрмені бойынша тұрақты жалақы алып тұратын болды, сөйтіп мәртебесі менен жоғарылап, айбынын арттырды. Осы себептен менің халық алдындағы беделім түсіп кетті.

Өзіңізге белгілі, осы жылдың көктеміңде Рукин мен Маяев далаға жаман оймен емес, халыққа жаңа Ережені ұғындыру үшін шыққан, екеуі де өлтірілді. Егер мен Рукин шақырған кезде Фортқа барып, онымен бірге жолға шыққан болсам мен де осы жайға ұшырар едім. Мен оның шақыруына бара алмадым, себебі аса қауіпті аурумен ауырып қалдым, ұлым да хәл үстіңде жатты.

Рукин мені өзіне шақыртуының себептерін басқаша түсіндірді: мені дистанцияны басқарудан босатып, екі дистанцияны да Маяевқа тапсырғысы келді. Мұнан кейін мен оған хат жаздым, жоғары басшылыққа арыз жазатынымды айттым.

Көп адам мені үкімет пен халық арасына жік салып жүрген адам деп есептейді. Бірақ Сіз менің кімге болса да жаңа ережеге, басшылыққа қарсы сөз айтты дейтін адамды көрсете аласыз ба? Бұл тұрғыда мен біреуге бір жол жазып па екенмін?

Егер адайлар толқуының шын себебін білуге құлықты болсаңыз, мен өз білгенімше оны сізге түсіндіріп көрейін:

1. Өткен жылы Орал облысы бойынша жаңа ереже шыққанда халықтың жартысы оны қабылдады да, жартысы қабылдаған жоқ. Ережеге мойын ұсынғандарды оған қарсы болған адайдың жары тайпасының адамдары тонады. Сол кезде мен дәулеталы мен жетімектен төрт тонаушыны (олардың бастаушылары Алғи мен Досанды) тұтқындауға бұйрық алдым. Осы бұйрықты жергілікті бастықтарға жеткіздім, сонымен бірге оларға сардарлар Аманжол мен Көтібардың ұлдарын да тұтқындап, ұрланған аттарды қайтарып алуды тапсырдым. Жергілікті бастықтар мұны орындаған жоқ, алайда, жарылардың арасында бұл үлкен дүрбелең туғызды.

2. Енді Исаның бізге (орыстарға дегені. Н.Ж.) неге жауыққанын түсіндірейін. Жары Рахманбердінің ұлы Тоқман Исаға барып, төрт адамды тұтқындауға және алып кеткен жылқыны қайтару туралы бұйрықтың болғанын, бұған Иса не айтар екен деген сауалды жеткізеді. Иса сол бойда тура жауабын бермеген, есесіне қазақтарды жақтап, орыстарды даттап хат жазған. Ал Тоқман болса жарамсақтанып, хатты Рукинге көрсетіп қойған. Пиғылы әшкереленіп қалған Иса енді ашық араздыққа шығып, бізбен жауықты, басқаларды да осыған үндеді.

3. Бәйімбет тайпасының медет тақтасынан Қарамұраттың інісі Басшы.

Ережені қолдаған Орал қазақтарының жылқысын барымталап жүріп, мерт болды. Енді Қарамұрат інісінің кегін алу үшін орыстардың бірін өлтірмекке бел буды.

4. Тобыш тайпасынан Құлдың балалары: Ержанмен Ермәмбет Франсуславск (Франгул) приказшигінің бес атын алып кетті.

Олардың үстінен арыз түскен соң Маяев сол бес атты қайтарып, айыбына тағы бес ат әкетті. Сол ағайынды жігіттер Маяевпен өшікті, сол арқылы бізбен де араз.

5. Жеменей тайпасынан Қансұлтан Аймамбетов Басшының жолдасы еді, Басшы өлетін кезде ол соның жанында жүрген. Осы себептен ол Басшының кегін қайыруды көздеп, айналасындағыларды да соған азғырды.

6. Бұдан басқа, өткен жылы адайлар Арқадағы (Жемнен әрі) елді тонаған кезде сол үшін оларға салынған айып өте қатаң болды. «Бізден айып екі есе өндіріліп алыңды» десті олар, бұл адайлардың көбіне жақпай, ашу-ызасын туындатты.

Бұл туралы кез келген адамнан сұрап көріңіз, менің нағыз шындықты айтып отырғаныма көзіңіз жетеді.

Осының бәрін сізге толық айтып отырған себебім, көтерілістің туындауының нақты себебін білу үшін бұл деректердің сізді қызықтыратынын білгендігімнен.

Сонымен бірге хабарлаймын, полковник Рукин Форттан шығып, Шатмыш құдығына келгенде шабарман Шалабай Есенамановты хатпен маған жұмсап, өзіне келуге шақырған. Шабарманның астындағы аты Қаратауға келгенде зорығып өлген. Сол себептен хат маған уақытыңда жеткен жоқ, мен хатты бәрі апа-сапа болып, біткеннен кейін алдым. Маған полковник Рукин мен Маяевтың өлгендігі туралы хабар жетті.

Ешкім мені осының бәрін алдын ала білді, алдын ала болжады деп кінәлай алмас. Жаманат хабарды естіген соң мен атқа қонып, кездескендердің бәріне де айттым, тіпті кейбіреулеріне жазбаша жолдадым, олар үлкен қателік жасады, үлкен қылмыс жасады дедім. (Бірқатарын) жинап алып, ақылға келуді, мұжықтарды өлтірмеуді, көпестерді тонамауды, Фортқа шабуыл жасамауды сұрадым. Менің осындай хаттарымның бірі кездейсоқ Исаның қолына түскен, ол хатты жыртып, лақтырып тастаған. Басқалары да осылай істеген, менің ақыл-кеңесіме ешкім құлақ аспады. Менің тарапымнан оларға бірдеңе айтудың өзі артық, пайдасы аз іс еді. Рукин мен Маяевты өлтіріп, отрядты тұтқынға алып, басқа да ауыр қылмыстар жасап, елірген топ өздеріне қайтар жолдың жоқ екендігін білді.

Ендігі жерде мен өзімнен еш дәрмен, еш көмек жоқтығын түсіндім де, өзімді шет ұстауға ұйғарып, далаға дендей көшіп кеттім. Өз өмірім үшін де қауіптенгенімді жасырмаймын. Менің сөзімнің шындық екендігін менімен жаулығы жоқ кез келген адам растай алады.

Мұнан кейін мені басшылар шақырып, орын алған оқиға туралы сұрайтын болар деп, күтіп жаттым. Шақыру келіп қалар деп ешқайда шықпадым. Алайда, басшылар да, қазақтардан да еш адам мені шақыртқан жоқ, маған ешкім назар аудармады, мен шеттеп қалдым.

Мен «неғып маған хабар жазатын бір жұлма қағаз табылмады, неғып маған жіберетін істен қолы бос бір адам табылмады» деп таң қалдым. Басшының мені неге өзіне шақыртпағаны маған түсініксіз, менің оған келмеуімнің себебі де сол – оның шақыртпағандығынан болды ғой.

Тек Мамедниязовпен жолыққаннан кейін ғана мен басшылық тарапынан маған хат та, шақыру да келмейтінін білдім, себебі орыстар орын алған тәртіпсіздікке менің қатысым бар деп сезіктенеді екен. Ал мен болсам былай есептедім, менің кінәм болса, оны маған айтады, ал кінәсіз десе маған қаңдай да болмасын бір қызметті ұсынады.

Менің бұл істе қолым таза, жолым ақ, менің айналамдағы адамдар, жақын туыстарым, менің өзім, менің балам, менің ағам бұл тәртіпсіздіктерге араласқан емеспіз, неге мені осындай уақытта, пайдам тиетін кезде назардан мүлде тыс қалдырады деп таң қалдым. Егер менімен қас қазақтар мен туралы жағымсыз бірдеңе айтқан болса, басшылар неге бір жақтың сөзін тыңдайды, екінші жақты да тыңдап, мәселенің анық-қанығына көз жеткізбей ме?

Мен бұдан кейін де Хиуа жақтың өзімді шақырғанына құлақ аспай, осында қалып отырмын. Бірақ ешкімге қажетсіз, сұраусызбын, кіммен сөйлесу керектігін білмедім. Ал Хиуа ханы болса мені бірнеше рет шақырып, бұрын еш қазаққа ұсынбаған істерді тапсырғысы келді.

Хиуа жақтың маған ұсынып отырған жеңілдіктері мен сый-сияпаты менің сіздердің қызметте болғанда алатынымнан кем деп ойламаңыз. Сенбесеңіз, қандайда болсын бір молданы жіберіңіз, сіздің көзіңізді жеткізу үшін мен ханның хатын көрсетейін.

Мен осыған дейін өзімнің неге Хиуаға кетіп қалмағанымды түсіндірдім. Енді баламды неге ол жаққа жібергенімді түсіндірейін.

Көпес Волошин Николайдың приказщигінен көп тауар алып, өз кепілдігіммен жұртқа таратып бердім. Сонда да 1000-нан аса қой менде қалды. Көтеріліс бұрқ ете түскенде бұл қойлардың менікі емес, Волошиндікі екенін білетін қазақтар менен тартып алып кетер деген қауіппен мен малды баламнан Хиуа бетке апарып, сатуға айдатып жібердім. Балам қойдың бір бөлігін таза ақшаға сатқан, қалғанының ақшасын көктем туа жинап алатын болып, елге қайтып келді. Волошиннен менің кепілдігіммен алынған бұрынғы қарыздың да жартысын ақшалай жинадым, қалғанын кейін төлейтін болдым.

Егер менің орын алған бұзақылықтарға қатысым жоқ дегеніме сенбей, мені жамандап жүрген қазақтарға сенетін болсаңыз маған Хиуаға қарай ығысқаннан басқа амал қалмайды.. Бірақ менің берген уәдем мен мойныма алған міндеттерім (мысалы, Волошинмен жасалған келісімім) сөзсіз орындалатын болады және бұзылмайды, себебі мен де, басқа қазақтар да менің кепілдігіммен Волошиннен зат алғанда құдай атымен адал сөзімізді бердік қой. Қазіргі менің жинағаным 600-дей қой, зат алған басқа қазақтар осы Маңғыстауда деп есептеймін, қалғанын өзім іздеп шығып жинаймын, жиналған соң Волошинге қайтарамын.

Бұдан басқа менің Мәмбетнияздан естігенім, сіз билерді жинап алып, Рукинді кім өлтірді, фортқа кім шабуыл жасады, әскерді, тұрғындарды талаған кім деп сұрапсыз. Билер ол адамдар сіздің жаныңызда қазір жоқ деп жауап беріпті. Біліп қойыңыз, осы сөзді айтқандардың бәрі де сізге қарсы дұшпандық әрекет жасап, тәртіпсіздікке қатысқандар, арасында 2-3 адам, мүмкін сырт қалған болар. Ұрысқа қатысқандардан аз ғана үй ғана Хиуа өтіп кетті, қалғанының бәрі қазір қасыңызда.

Тәртіпсіздікке приказчиктердің де, сауда қызметкерлері мен армяндардың да араласы бар, себебі олардың көрсетуінсіз қожайындарының малы, тауарлары, басқа заттары қайда екенін басбұзарлар таба алмаған болар еді.

Осы айтып отырғандарымның біріне де менің араласым жоқ. Мен патшаға берген антыма адалмын, татқан тұз-дәмім үшін бұларды анық деректер бойынша айтып отырмын. Мен баламды ана аласапыраннан кейін қазаға қайыр болсын айту желеуімен Маяевтың аулына жібергенмін, содан естіп-біліп, айтып отырмын. Менің ұзақта шұбалаңқы хатыма жауап жазғайсыз.

Зауряд хорунжий Қалбин.

85-қор, 1-тізбе, 23-іс, 2-орам, 68-74 пп.

Құрастырушының түсіндірмесі: Жоғарыда келтіріліп отырған Ғ. Қалбиннің хаты – тарихшылар үшін нағыз олжа. Көтерілістен соң іле жазылғандықтан оқиғалардың өткен жері, қатысқан адамдары мен олардың оқиға кезінде алған орны, көзқарастарына қатысты деректер мұнда нақты келтірілген. Хатта 20 шақты адамның аталады, оларға баға беріледі.

Бір өкініштісі, Алғи мен Досанды тұтқындауға кімнен бұйрық алғанын Қалбин көрсетпейді, бірақ өз тарапынан басқа сардарлардың балаларын қоса ұстау туралы ұсынысы болғанын жасырмайды. «Алайда, менің бұйрығымды ешкім орындамады» деп кінәні әлдекімге аудара салады. Мұнысы – орысты алдаусырату болуы да мүмкін.

Екінші жағынан, құжатта хат авторының ұстанымы, оның орысқа да, Хиуа бетке де жақсы атты болғысы келген екі жақты саясаты анық аңғарылады. Рукин: «Қалбинді де шақырттым, бізге жолдан қосылатын болсын дедім, алайда, бұған күмәндімін. Ол өзін бізден сыртқары ұстап жүр» дейді, өзінің Орал облысының әскери губернаторына 14 наурызда жазған рапортында (№8 құжатты қараңыз. Н.Ж).

Қалбин өзінін Рукин шақырған кезде фортқа бармай қалуын «был сам опасно болен, и у меня был при смерти сын» деп бүркемелейді.

Бұл оның сол кезде Хиуадан қауіп ойлағанын көрсетеді. Сөзінің жалғандығын баласын оқиғадан соң анда-мұнда жұмсай бергені дәлелдейді.

Орыс бастығына хат жазып отырып, «Хиуа ханы болса мені бірнеше рет шақырып, бұрын еш қазаққа ұсынбаған істерді тапсырғысы келді. ...Хиуа жақтың маған ұсынып отырған жеңілдіктері мен сый-сияпаты менің сіздердің қызметте болғанда алатынымнан кем деп ойламаңыз...» дей тұра, ендігі жерде күштің қай жаққа ауғанын аңғарып, орыс қызметіне мүдделірек болғандығын аңғартады.

Адай елін басқару тапсырылған екі дистанцияның бастығының (Маяев пен Қалбин) бақталастығы осы хатта аңғарылып қалады. «Алайда, 1866 жылы Маяев жоғары өкіметтің пәрмені бойынша тұрақты жалақы алып тұратын болды, сөйтіп мәртебесі менен жоғарылап кетті. Осы себептен менің халық алдыңдағы беделім түсіп кетті.».

Мұны «Ұйқыдағы арудың оянуы» кітабында Ә. Кекілбаев та растайды.

Екі бидің арақатынасы бұдан кейін келтірілетін мұрағаттық құжаттарда да көрініс тапқан.

Н.Ж.

Құжат №14 Қазақтардың қолында тұтқында отырған

Николаевск станицасының тұрғындарының тізімі:

Штаб офицер 1;
Обер офицер 4 (екеуі өлген);
Қатардағы жауынгер 2 (екеуі де өлген);

Казактар 38 (17-сі өлген).

85-қор, 1-тізбе, 23-іс, 2-орам, 85 п.

Құжат №15 Ішкі істер министрі мырзаға

1870 жыл 4 қыркүйек

№4646

Орал облысының әскери губернаторы маған Маңғышлақ приставтығын Александров фортымен қоса Орынбор генерал-губернаторлығынан біржола алып, Кавказ бастығының бағынысына беруге дайын екендігін хабарлады.

Осы хабарды жоғары мәртебелім, Сіздің қаперіңізге беру – менің борышым деп білемін.

Әскербасы генерал-адьютант Н. Крыжановский.

Құжат №16 Дағыстан облысы бастығының хаты

1870 жылдың 9 желтоқсаны №7156

Темірхан Шора қаласы.

Мәртебелі А.В. Комаровқа

Қадірлі Александр Виссарионович!

Сіздің мәртебеңізге белгілі, осы жылдың жазында қазақтардың адай руының әр түрлі тайпалары мен бөлімдерінің өкілдері сіздің алдыңыздағы полковник, граф Кутаисовка қолхат беріп, өздері үшін, өздерімен бірге көшіп жүретін ағайындары үшін мынадай міндеттемелер алды:

1. Орыс үкіметіне сөзсіз бағынады, бастықтардың қойған талаптарын сөзсіз орындайды.

2. Қол қойғаннан кейін екі айдың ішінде қарамақтарындағы үйлердің санын жасырмай, 1870 жылдың салығын үй басына 3 рубль 50 тиын көлеміңде төлеп болады.

Өткен 1869 жылдың салығын мүлде төлемегендер не болмаса, толық көлемде төлемегендер оны биылғы жылдың салығымен қоса бұрынғы 1 рубль 50 тиын көлемде төлеуге міндеттенеді.

3. Тұтқында ұстап отырған барлық орыстарды қайтарады.

4. Араларыңда жүрген көтеріліс бастаушыларын, олардың ішіңдегі полковник Рукинге, орыстар мекеніне, Александровск фортына, орыс әскеріне, балықшыларға шабуыл жасауға дем берушілерді ұстап береді, ал олардың Маңғыстаудан тысқары кетіп қалғандары болса қай жерлерде бой тасалап жүргендерін көрсетеді. Бүлікшілерді ұстаудың, оларды жеткізіп берудің немесе жоюдың барлық шараларын алуға тырысатын болады.

5. Қазақтар көтеріліс кезінде тонаған заттарын, тауарларды, түйелерді, аттарды, уақ малды қайтарады, кімнің қолында болса – көрсетеді.

Егер затынан айырылған, сондай-ақ талапайдың кезінде адамы өлген жақ, тұрғындар болсын, көпестер болсын, қайтарылған дүние мен малға риза болмаса, онда оның тартқан зардабы үшін бастық белгілеген көлемде шығынды өтейді, бұл шығынды өзінің ауыл-аймағымен бірлесіп өтеyіне болады.

6. Басшылық қандай басқаруды қолайлы деп есептесе, сол енгізілген тәртіпті сөзсіз қабылдайды.

7. Өздерін басқаруға қойған басшылықты қабылдайды, оған құрметпен қарап, берген бұйрықтарын сөзсіз орындайды, оларды ниеті бұзық адамдар тарапынан болатын шабуылдан қорғап отырады.

8. Басшылық талап еткен барлық талаптарды сөзсіз және қарсылықсыз орындап отырады. Мысалы көне құдықтарды аршу, тазалау, жаңадан құдықтар қазу, жолдарды оңдау, т. б. Бұдан басқа әскери отрядтардың қозғалысы кезінде Бас басқарманың бекіткен бағасымен түйелерді, аттарды жалға береді, жеткілікті жол бастаушылар тағайындалады.

Бұл міндеттемелердің бірқатарын қазақтар қол қойғаннан соң бірден орындады, ал бірқатарын қазақтар мен түрікмендердің өкілдері өткен жылдың қыркүйегінде Армияның бас қолбасшысының келуіне байланысты Темірхан Шораға келгендеріңде одан жергілікті жағдайға байланысты, орындалысы әзір мүмкін болмайтын міндеттемелерге мұрсат сұрады.

Менің Ұлы императорлық мәртебелі, Ұлы князь ағзамға баяндауыма байланысты ол кең пейілділік танытып, міндеттемелердің орындалу мерзімін алдағы жылдың ақпанына дейін ұзартты.

Енді оның белгілеген мерзімінің жақындауына байланысты, сондай-ақ, сіздің хабарыңыздан біліп отырғанымдай, Маңғышлақ қазақтарының алыс далалықтан Маңғыстау мен Бозашыға қарай көшіп келіп жатқанына байланысты, сізден алдағы жылдың ақпан айында оларды Александровск фортына немесе өзіңіз қолайлы деп тапқан басқа орынға шақыртуыңызды сұраймын.

Оған Маңғышлақ приставтығының барлық рулары мен ру тақталарының өкілдері түгел қатыссын. Оларға осы жылдың жазыңда жасаған барлық қылмыстарын тізіп айту керек, басшылыққа қарсы әрекеттері, көпестер мен тұрғындарды тонауы, өлтіруі, т.б.

Олардың осы істегендері үшін аса қатаң жазаға тартылмауы Орыс үкіметінің қазақтарға өз боданымыз деп қарағандығынан екендігін түсіндіру керек. Орыстар оларды түпкілікті талан-таражға салуды, не мүлдем жойып жіберуді қаламайды. Сондықтан олардан жоғарыда берген уәделерін бұлжытпай, уақытында, әрі дәл орындауы талап етіледі.

Бірінші пункт бойынша, берген қолхаттарына сай, кімде кім Орыс үкіметіне бағынудан сәл де болса жалтарса, өздерін басқаруға қойған бастыққа бағынудан бас тарта қалса, қатаң жазаға тартылады.

Екінші пункт бойынша, үйлердің нақты санына қарай жарнаны сол заматында төлеп тұруды талап ету. Үй басына 1870 жылға 3 рубль 50 тиын, өткен 1869 жылдың салығын төлемегендер 1 рубль 50 тиыннан төлеуге міндетті.

Өткен жылдың да, биылғы жылдың да алым-салығын кейін төлеймін дегендерге аз уақытқа мұрсат берілуі мүмкін. Алайда, мұндай жағдайда оларды сол рудың беделі бір адамы немесе сол тайпаның бөлімі түгелдей кепілге алады. Төленбей қалған жағдайда салық кепілдік берушілерден өндіріліп алынады.

Үшінші пункт бойынша, көтеріліс кезінде тұтқынға алынған адамдарды дереу қайтаруды немесе оларды ұстап отырған адамдарды, қамалған жерлерді көрсетуді талап ету.

Егер соңынан кімде кімнің тұтқындарды жасырып қалғаны немесе қайда екенін біле тұра көрсетпегені анықталса, сол адам қатаң жазаға тартылады.

Төртінші пункт бойынша міндеттемелердің қай жерде, қалай орындалатыны туралы арнайы пәрмен беріліп, хабарланады. Мен бұл тұрғыдағы ұсыныстарымды округтік штаб бастығына, көшірмесін жеке хат ретінде Сізге, мәртебелім, жолдаған едім, енді Кавказ Армиясының Бас қолбасшысының рұқсатын біржола алғанша бүлікшілердің басшыларымен дем берушілерін, бүлікке қатысушыларды ұстап беру талабы тоқтатыла тұруы керек.

Генерал-майор Свистуновтың айтуынша, Императорлық ұлы мәртебелі менің осы мәселеге байланысты 30 қарашада жазған № 3963 хатыма байланысты өз пікірін таяу арада білдіреді, алу бойына мен оны Сізге хабарлаймын.

Бесінші пункт бойынша, бүлік кезінде тонап, тартып алынған барлық мал-мүлікті, түйені, атты, қойды толықтай қайтаруды талап ету керек.. Алайда, қазына мен жеке адамдардың тартқан шығыны мен зиянының орны мұнымен толмайды. Сондықтан олардан мына көлемде контрибуция (соғыстан келген материалдық шығынды өтеу. ЕЖ.) өндірілетіндігі хабарлануы керек.

Бүлікке тікелей қатысқан ауылдардың әрбір үйі құны 3 рубль болатын бір қойды алты жыл бойына беріп тұрады, ал бүлікке араласпаған, алайда, ол жөнінде біле тұрып орыс үкіметіне хабарламаған, бүлікті басуға қол ұшын бермеген ауылдардың әрбір үйі құны 3 рубль болатын бір қойды үш жыл бойына беріп тұрады.

Контрибуцияны жинау қазірден басталады, өзінен өзі түсінікті, алымды қойдың орнына жеткілікті көлемде ақшалай да өтеуге болады. Қазақтардың осы мақсатпен тапсырған қойларын ақшаға айналдыру мәселесіне келсек, Сізден Александровск фортындағы саудагерлермен келісім жүргізіп қоюыңызды өтінемін.

Мен алдын ала болжап отырмын, қазақтардың бірқатары «біз ұрысқа бүлікке қатысқан жоқпыз, білген жоқпыз, сол себепті бастықтарға жеткізе де алмадық» деп арыз әкелуі мүмкін. Ал бұл арыздардың анық-қанығын білу, тіпті куәгерлер жинап тексеру ұзақ уақыт алады, әрі қолайлы емес. Сондықтан, алдын ала, құпия түрде, сенімді адамдар арқылы Маңғышлақ приставствосының қай аулының бүліншілікке қатысы бар, қай аулының қатысы жоқ, барынша толық та нақты мәліметтерді жинастыра беру керек. Сосын контрибуция осыған байланысты белгіленеді.

Жинақталған мәліметтерге негізделе отырып шығарған, халыққа хабарланатын Сіздің шешіміңіз түпкілікті және өзгермейтін болып шығарылғаны дұрыс. Қазақтар тарапынан қандай арыз келіп түссе де, өзгеріссіз қалуы керек. Контрибуцияға қатысты өзгеріс тек қазақтардың өздері аулының дәл мәліметін әкелген кезде ғана енгізілуі мүмкін. Контрибуция түрікмендерге тарамайды, себебі олар көтеріліске тікелей де, жанама да қатыспағаны белгілі.

Алтыншы пункт бойынша, қазақтарға өздерін басқаруға қандай тәртіп енгізілсе, соған сөзсіз бағыну керектігі нақты жеткізілсін. Жаңа ереже жан-жақты нұсқау Сіз келіп, Маңғышлақ приставтығын аралап көріп, танысып болған соң беріледі, оған дейін қазақтар жергілікті бастықтардың айтқанымен жүріп-тұрады.

Жетінші пункт бойынша, қазақтар өздеріне басшылық етуге белгіленген адамдарға құрметпен қарап, айтқанын екі етпей орындауға тиісті. Болыс, ауыл басшылары және олардың көмекшілерінің бұйрықтары бұлжытпай орындалады және оларды басқа қазақтардың ғайбаттауынан, шабуылынан қорғап отырады. Егер олар қарсы әрекеттерден зардап шеге қалса, тек кінәлі адам ғана емес, өз басшыларын қорғамаған, оқиғаның алдын алмаған басқа қазақтар да жауапқа тартылады.

Сегізінші пункт бойынша, қазақтардың басшылық жүктеген міндеттердің бәрін – ескі құдықтарды аршу, жаңаларын қазу, жолдарды жөндеу, т.б. сияқты жұмыстарды тегін атқаратындығын жеткізу.

Сонымен қоса, біздің әскеріміздің қозғалысы (сапары) кезінде күш-көліктің (ат, түйе) талап етілген санын басшылық белгілеген ақыға жалға беруге міндетті.

Осы жоғарыда айтылғандардың орындалғандығы жөнінде, мәртебелім, сізден жан-жақты ақпар күтемін.

Өзіңізге шын берілген, шынайы құрметпен,...

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты, 85-қор, 1-тізбе, 23-іс, 2-бума, 93-101-пп.

Құрастырушының түсіндірмесі: Көтеріліс басылды. Күші қазандай қайнағанмен, қаруы жоқ халық қара қазан, cap баланың қамы үшін отан-орманына қайта оралды, от жаққан ошағының басына қайырлады.

Бел алған отарлаушы енді «Араларындағы көтеріліс бастаушыларын, Рукинге, орыстар мекеніне, фортқа, балықшыларға шабуыл жасаушыларды ұстап бер, тысқары кетсе – жерін көрсет» деп талап етуде (4-пункт). Мұны өз қазағының, болыс басшыларының қолымен орындатады.

Қазақтар көтеріліс кезінде тонаған заттарын, тауарларды, түйелерді, аттарды, уақ малды қайтарады, кімнің қолында ондай мал қалып қойған болса – көрсетеді (5-пункт).

«Қайтарылған дүние мен малға біз риза болмайтын болсақ, бастық белгілеген көлемде шығынды өте» дейді.

Тағы да, «Бүлікке тікелей қатысқан ауылдардың әрбір үйі құны 3 рубль болатын бір қойды алты жыл бойына беріп тұрады, ал бүлікке араласпаса да біле тұрып, орыс үкіметіне хабарламаған, бүлікті басуға қол ұшын бермеген ауылдардың әрбір үйі құны 3 рубль болатын бір қойды үш жыл бойына беріп тұрады.» Мұның бәрі жыл сайынғы алым-салықтан тысқары.

«Мен алдын ала болжап отырмын, дейді бастықтар, – қазақтардың бірқатары «біз бүлікке қатысқан жоқпыз, білген де жоқпыз, сол себепті бастықтарға жеткізе де алмадық» деп арыз әкелуі мүмкін. Сондықтан, алдын ала, құпия түрде, сенімді адамдар арқылы Маңғышлақ приставствосының ауылдарының бүліншілікке қатысы бары мен жоғын анықтау керек.»

Осының бәрі арда өскен аңқау елге қолданылып отырған қитұрқы айла. Қалай болғанда да қазақтың малы келімсектің қолыңда, отаршының көмейінде кетті.

Құжат №17 Маңғышлақ отряды бастығының бұйрығы

Жоғарғы және төменгі Адай руының (бұрынғы дистанцияның Н.Ж.) барлық сардарларына, жергілікті бастықтар мен рубасыларына, билерге, старшиналарға.

Өздеріңе белгілі, алдағы жылдың 1-ақпаныңда, яғни енді 30 күннен кейін, адайларға сөзсіз бағынуға, Дағыстан облысы бастығы алдында мойындарыңа алған міндеттемелерді орындауға сыйлаған мерзімді уақыты бітеді.

Ол мерзімге дейін барлық сардарларға, жергілікті бастықтар мен рубасыларына, билерге, старшиналарға, жоғарғы және төменгі дистанцияның барлық руынан бірнеше адамға қазір бәріміз бағынатын, кеңпейілді жоғары басшылықтың еркін қолдау үшін, сонымен бірге тиісті жарлық алуға Фортқа келуді бұйырамын.

Сонымен қоса ескертемін, менің шақырғаныма дер уақытыңда келмеген рубасылары менен Жемнен әрі өтуге рұқсат беретін тиісті билетті ала алмайды.

Билет алмағандар ұлы князь, Кавказ наместнигі, патша ағзамның інісінің еркін аяқасты етушілер болып есептеледі.

1870 жыл 28 желтоқсан.

Қоса беріліп отырған тізім:

I. Бәйімбет тайпасы

1 – бөлім Сабытай: Байбол, Жамбоз, Жәдігер, Өтеулі, Матай, Жаманқара, Көрпе, Айым, Шақа, Сарболат, Медет, Жағалбайлы.

2 – бөлім: Райымберді, Әнет, (Қырымқұл, Қыдырша), Жақау, Боқсары, Мамыртай, Әтембек, Байшағыр, Жанақ, Сарқасқа.

II. Тобыш тайпасы

Жоғарғы адайлар – 993 үй, Бегей тақтасы – 300 (Қабақ, Қосеке, Малай), Шегем – 693 үй (Бабық, Сырлыбай, Қараш), Кердері – 32 үй (адайдан бөлек).

Төменгі адайлар – 850 үй, Қамысбай-Төлеке, Күмісбай, Қожа (адай руынан емес), Қаржау,.

Дорал, Өтеулі, Жаңай, (Зорбай, Құл), Бәубек, Шонтай, Тоқабай, Табынай.

III. Түрікменадай тайпасы 1596 үй:

1. Байбол тақтасы – 868 үй, Есенқұл, Есенбай, Киім шалбар, Қадыр;.

2. Тіней –264 үй, Таңат, Тәңірберген, Құдайберген;

3. Уәли – 282 үй, Есқара, Есберді, Жарбол;

4. Жаманадай – 182 үй.

IY. Жеменей тайпасы – 633 үй.

1. Жомарт, Қожантай, Қалша, Бегімбет, Қожағұл, Шолан, Кедей;.

2. Шылым – 971 үй, Қаратоқа, Бәйбіше, Ақбота, Көшеке. Өрдек (Олжашы, Бекет, Мамыр, Есен, Көнерпе.

Ү. Жаулы тайпасы,

1. Жары – 700 үй, Дәулеталы, Досай 9 үй, Жетімек, Мұрат-Кеще, Мете (барлығы 10 үй),.

Баян, Назар, Бектеміс, Тоқтамыс (10 үйі Хиуада);
2. Қосқұлақ 290 үй, Наурызек, Жаналы, Қыдырбай;
3. Ескелді – 150 үй, Жандан, Мәтен, Төлбай;
ҮІ. Қырықмылтық –1002 үй, Есекей, Жұма;

YII. Құнанорыс (Хиуада), Балықшы, Ақпан.

YIII. Беріштер 50-60 үй, Жаулылармен бірге.

85-қор, 1-тізбе, 23-іс, 2-бума, 90-92-пп.

Құжат №18. Маңғышлақ приставына

№293

24 шілде 1874

Красноводск бекінісі

Өзіңізге сеніп тапсырылған Маңғышлақ приставтығы өзінің алып жатқан ауқымы мен құрамындағы аудандар жөнінен айтарлықтай көлемді. Оны әзірге төрт болыстың орнына үш болысқа бөлсе жеткілікті болар деп ойлаймын, атап айтқанда: Маңғышлақ, Бозашы және Түрікмен болыстары.

Төртінші Үстірт болысын Маңғышлақ приставтығына жоғарғы адайлар қосылған кезде ғана құруға болады.

Приставтықтың болыстық бөліністеріне байланысты үш болыстың басқарушыларын тағайындауды және олардың хатшы, іс жүргізушілерін таңдауды сұраймын, олардың аты-жөні жазылған тізімді осы лауазымдарына бекіту үшін маған жіберіңіз.

Сондай-ақ, жоғары мәртебелім, маған Ереженің негізінде үш болыстың әрқайсысындағы рулар мен олардың бөлімдерінің қысқы шекаралары туралы айырықша жазба жіберсеңіз, маған ол ұлы императорлық мәртебелі, Бас қолбасшыдан осы шекараларды бекітуді сұрау үшін қажет.

Кавказ әскери округінің Закаспий әскери бөлімінің генерал-майоры (қолы анық емес)

85-қор, 1-тізбе, 80-іс, 1-бума, 1-пп.

Құрастырушының түсіндірмесі: Закаспий әскери бөлімінің бастығының міндетін бұл жылдары генерал-майор Н. Ломакин атқарды.

Құжат №19 Әскери бөлім бастығына рапорт

№879

1874 жыл 30 қыркүйек

Сіздің өткен шілде айының 24-де №293 хатыңызда маған берген ұсынысыңызға байланысты мынаны хабарлаймын: Манғышлақ, Бозашы және Түрікмен болыстарының шекаралары қысқы қоныстарының араларынан былай өткені дұрыс деп есептеймін: Манғышлақ жартыаралы солтүстігінде Түйесу құдығымен (Қошақ шығанағына таяу), Ақтау және Ақжол тауларымен шектеседі; шығысында Үстірт пен Қарақын құдығына дейін; оңтүстігіңде – Тамлы, Бесүйік, Темір, Дөре шығанақ және Қарашағылды; батысында Каспий теңізі жағалауында көшіп жүретін түрікмендер жері мен Қарашағылды құдығынан Александров фортына дейін.

Екінші болыс шекарасы Бозашы жартыаралы түгелдей, Манғышлақ болысының шеті Түйесу, Ақтау, Ақжолмен шектеседі.

Түрікмен болысының жері Александров фортынан Қарабұғаздан арғы Құлы құдығына дейінгі теңіз жағалауы.

Қосымша: Закаспий әскери бөлімі Маңғышлақ приставтығының болыс басқарушылары мен хатшы іс жүргізушілердің тізімі.

1. Маңғышлақ болысы, болыс басқарушысы – Есекенов Бекболат; хатшы - іс жүргізуші – Түменбаев Құлыш.

2. Бозашы болысы, болыс басқарушысы – Есенжанов Төлеген (Тілеген); хатшы – іс жүргізуші – Мұхамедсапа Хасамитдинов.

3. Түрікмен болысы, болыс басқарушысы – Мамед Құлиев; хатшы – іс жүргізуші – Машырық Қожаназаров.

Маңғышлақ приставтығы бастығынын көмекшісі, майор (қолы)

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты, 85-қор, 1-тізбе, 80-іс, 1-бума, 2-3-пп.

Құрастырушыдан: Осы құжатта аты аталатын Тілеген Есенжановқа қатысты мәліметтерді қоса беруді жөн көріп отырмыз. Оның Маңғышлақ уезінің бастығына осыдан аттай 100 жыл бұрын жазған хатында өзі туралы жан-жақты баяндалған.

Тілеген Есенжанов 1874 жылға дейін Гурьев уезінің Қаратау болыстығында болыс болып қызмет атқарған. 1873 жылы Хиуа жорығына қатысып, Хиуаны алғанша сонда болған. 1877 жылы Қызыл Арбат бекінісінің түбіндегі шайқасқа қатысқан. 1874-1906 жылға дейін Райымберді болысының болысы болды. Жасы ұлғайған соң, жұмыстан өз еркімен шеттеген.

Атқарған қызметтері үшін:

1) Мойынға тағатын «Адалдығы үшін» алтын медаль, Александров лентасымен;.

2) Мойынға тағатын «Адалдығы үшін» алтын медаль, Станислав лентасымен;.

3) 1889 жылы «Милиция юнкері» шенін алды;

4) Сол жылы патша сыйлығы – парша шапан киді;

5) 1887 жылы «Орта Азияға жасаған жорығы үшін» күміс медалін алды;.

6) 1902 жылы милиция прапорщигі шеніне жоғарлатылды;

7) 1903 жылы 1 сәуірде 3-дәрежелі Станислав орденімен наградталды;.

8) Сол жылы мойынға тағатын «Адалдығы үшін» алтын медаль, Андреев лентасымен наградталды.

Жасы 80 таяған кезде өзінің үкіметке сіңірген еңбегі үшін зейнетақы сұрап, уезд бастығына арыз жазған. 1909 жылдың мамырында Маңғышлақ уезінің бастығы подполковник Калашниковтың сұрауымен Закаспий облысының бастығы Түркістан генерал-губернаторына хат жазады.

Нәтижесінде бұрынғы болыс бастығы, милиция прапорщигі Тілеген Есенжановқа 1909 жылдың 1 қаңтарынан бастап айына 25 рубль (жылына 300 рубль) зейнетақы тағайындалады.

Дерек «Маңғыстау» газетінің 1998 жылғы 29 қаңтардағы санына жарияланған Зияда Ижановтың «Милиция прапорщигінің өтініші хаты» деп аталатын мақаласынан алынып отыр.

Құжат №20 МАҢҒЫШЛАҚ ПРИСТАВТЫҒЫНА

№701

30.09.1874

КРАСНОВОДСК

Кавказ әскери округіне бағынысты жерлердің атауларының шұғыл өзгертілуіне байланысты, бұл жөнінде сізге 26 қыркүйек күні № 650 хатпен хабарланды, басқарма бұдан былай «Форт Александровск фортының әскери бастығының басқармасы» деп аталатын болады.

Сізге, жоғары мәртебелім, 21 тамыз күні форттың әскери бастығы подполковник Архангельскийді таныстырған кезде бұл туралы хабарланғанын қаперге беремін.

Закаспий әскери бөлімінің бастығы генерал-майор, (қолы қойылған)

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты, 85-қор, 1-тізбе, 75-іс, 5-орам, 2-пп.

Құжат №21. Манғышлақ приставтығының айырықша белгілері, әскери ордендері бар қазақтарының және түземдік милицияның қаза болған шабармандарының пенсия алатын отбасыларының тізімі:

Әскери ордені бар қазақтар: Бердіқожа - 8 рубль; Көкіш Төленбаев 8 рубль; Қабақ Ермембетов - 8 рубль; Көроғлы Данасбаев - 8 рубль; Хожа Қалбинов (қайтыс болды) Айзақ Төленбаев - 8 рубль; Ержан Мырзабаев - 8 рубль.

Қаза тапқан шабармандардың отбасы: Дәрі (құжатта Дяры) Жаңғабыл Маяевтың отбасы -100 рубль;.

Жамангелді Қаралиев - 30 рубль. Отбасы мүшелері:

Өмірзақ Сариевтың отбасы - екі адам (23,34) Дорба Салов үш адам, 70 рубль. Милиция юнкері:

Қосым Мырзабаев отбасы - үш адам, 8 рубль;

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты, 85-қор, 1-тізбе, 37-іс, 2-орам, 6-25 пп.

Құжат №22 Әскери бөлім бойынша бұйрық

1875 жыл

(Бұратана халықты бөле-жара басқарудың әдісін жетік меңгерген II Александр патшаның 1872 жылғы ережесіне сай, Закаспий әскери бөлімінің бастығы генерал-майор Н. Ломакин 1875 жылдың 2 қазаңда арнайы бұйрық шығарып, Маңғышлақ приставствосының бірнеше шенді адамдарын патшалық медалдармен наградтады).

1. Бердіқұлов Қажы Мәмбет – Манғышлақ приставтығы басқарма бастығының жазбаша аудармашысы, алтын медаль, Станислав лентасымен;.

2. Осындай алтын медалмен басқарманың ауызша аудармашысы Қосым Мырзабаев та наградталды. Өз бұйрығыңда Ломакин оны ерекше мадақтап, «Юнкер милиции» деген атақ берді.

Шабармандар:

3. Тоқмақ Рахымбердиев,

4. Таужан Мырзабаев,

5. Қожық Құлмырзаев күміс медалмен наградталды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты, 85-қор, 1-тізбе, 93-іс, 30-п.

Құжат №23 1877 жылы медаль алғандардың тізімі

1877 жылы тағы бір топ адам «За усердие» (Ыждаһаты үшін) белгілерімен наградталды:

1. Ғафур Қалбин – алтын медаль, Владимир лентасымен;

2. Сатиман Құлманоғлы – алтын медаль, Анна лентасымен;

3. Есіргеп Досжанов – Баянберді аулының старшинасы, алтын медаль, Анна лентасымен;.

4. Несембай (Нысамбай) Қалқаманов – Түрікменадай аулының старшинасы, алтын медаль, Анна лентасымен;.

5. Аким Ованесов – Армян слабодкасының старшинасы, алтын медаль, Анна лентасымен;.

6. Алданазар Ембердиев – күміс медаль, Станислав лентасымен;.

7. Сафаралы Аға Қылышоғлы – күміс медаль, Станислав лентасымен;.

8. Оразмәмбет Салтыбаев – күміс медаль, Станислав лентасымен;.

9. Ермекбай Қарабасов – Бәйбіше аулының старшинасы, күміс медаль, Станислав лентасымен;.

10. Белунин Алексей Никифорович – Николаевск станицасының старостасы, күміс медаль, Станислав лентасымен.

85-қор, 1-тізбе, 148-іс, 25-п. Адамдардың аты-жөні құжаттағыдай көрсетіліп отыр.

Құжат №24 1881 жылы қаңтарда медаль алғандардың тізімі

1881 жылы қаңтар айында «Батылдығы, ерлігі, Текелермен күресте көрсеткен түрлі көмектері үшін Маңғышлақ приставтығы басқармасына қызмет көрсетіп жүрген бір топ бұратана халық өкілдері медалдармен, белгілермен наградталды.

1. Қосым Мырзабаев – милиция юнкері, алтын медаль;
2. Мұхамед Сапа – урядник, алтын медаль;
3. Сапар Әлиев – джигит (жауынгер, сарбаз) алтын медаль;
4. Шоман Шымыров – алтын медаль;

5. Құрман Қалқындаев – кеудеге тағатын күміс медаль;
6. Ақжан Тоғжанов – кеудеге тағатын күміс медаль;

7. Нұрман Бисембаев – кеудеге тағатын күміс медаль.

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты, 85-қор, 1-тізбе, 239-іс, 6-7 пп.

Құжат №25 1881 жылдың 5 мамырында медаль алғандардың тізімі

Манғышлақ приставтығының бастығы Генерозовтың 1881 жылдың 5 мамырындағы бұйрығына сай «Ынтасы мен үкіметке шын берілгендігі үшін» бір топ бұратана халық өкілдері наградталады.

1. Қабақ Ермембетов – I Бозашы болысының болыс бастығы, мойынға тағатын алтын белгі, Станислав лентасымен;.

2. Иса Тіленбаев – Түпқараған болысының болыс бастығы, кеудеге тағатын алтын белгі, Станислав лентасымен;.

3. Алданазар Иембердиев – Жанай аулының старшинасы, кеудеге тағатын алтын белгі, Станислав лентасымен;.

4. Мыңбай Қосымов – шабарман, кеудеге тағатын алтын белгі, Станислав лентасымен;.

5. Балқасым Есекенов – Манғышлақ болысының болыс бастығы, кеудеге тағатын күміс белгі, Станислав лентасымен;.

6. Сәтаман Құлманов – Бектеміс, базар аулының старшинасы, мойынға салатын күміс белгі;.

7. Тастан Көбеев – ауызша аудармашы, кеудеге тағатын күміс белгі;.

8. Әмір Қалқаманов – Түрікменадай аулының ақсақалы, кеудеге тағатын күміс белгі;.

9. Аман Дүрдиев – Түрікмен болысының ақсақалы

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты, 85-қор, 1-тізбе, 239-іс, 12-13 пп.

Құжат № 26 Манғышлақ уезі бойынша бұйрық №16

1884 жыл 31 желтоқсан

Маған сеніп тапсырылған басқарманың ауызша аудармашысы болып жұмыс істеп жүрген милиция юнкері Ержан Мырзабаев 31 желтоқсанда рапорт беріп, денсаулығының нашарлап кетуіне байланысты қызметін жалғастыра алмайтынын айтып, жұмысынан босатуды сұрады.

Аталған аудармашыны жұмысынан босатып, бұл қызметке уездік басқарма жанындағы рассылный командасының шабарманы, Гурьев уезінің қазағы Тастан Көбеевті облыс бастығы бекіткенге дейін уақытша, тиісті жалақысымен алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысқа қабылдадым.

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты, 40-қор, 1-тізбе, 27-іс, 3-бума, 1-п.

Құжат №27 Мақтау қағазына ие болғандар тізімі, 1886 жыл

1886 жылы бір топ жергілікті адам Мақтау қағазына (Наградной лист), әр түрлі сыйға ие болды. Олар:

1. Аманжан Сатыбалдиев – орыс қызметінде 1871 жылдан бері. II Бозашы болысы.

2. Жамансары Киреев – орыс қызметінде 1880 жылдан бері, I Бозашы болысы.

3. Би Қожық Тасымов – қызметте 1877 жылдан, II Бозашы болысы.

4. Нысантай (Несембай) Қалқаманов – қызметте 1874 жылдан.

Түрікменадай аулы. Оның бұған дейін «алтын «За усердие», петлица түріндегі күміс «За усердие», Хиуа жорығы үшін алған мойынға салатын күміс «За усердие» белгілері болды.

5. Қалбин Мамбетов – Жетімек-мете аулының старшинасы, қызметте 1876 жылдан.

6. Телбай Қайыпов – байбоз аулының старшинасы, қызметте 1879 жылдан.

7. Елемес Айтмамбетов – шабарман, қызметте 1878 жылдан.

85-қор, 1-тізбе, 256-іс, 10 п.

«ИСА-ДОСАН» КӨТЕРІЛІСІНЕ

ҚАТЫСТЫ ЖАРИЯЛАНҒАН МАҚАЛАЛАР

Ж.Ж. Нұрмаханова,

аға оқытушы, т.ғ.к. Педагогикалық технологиялар институтының.

тарих және философия кафедрасы

«Иса Тіленбайұлының туғанына 180 жыл» облыстық ғылыми-практикалық конференцияға ұсынылған баяндама. 2009 жыл, 14 желтоқсан.

ДҮБІРІ БҮГІНГЕ ЖЕТКЕН ДҮРБЕЛЕҢ

(Маңғыстаудағы Иса-Досан бастаған

көтерілістің сабақтары)

Келесі жылы аттай 140 жыл толатын, ел аузында «Иса-Досан көтерілісі» аталып кеткен Маңғыстау қазақтарының патша пәрменіне қарсы бас көтеруі ел жадынан өшкен жоқ, оны айтасыз, дақпырты дүркін-дүркін көтеріліп, басылып отыратын оқиғаға айналды. Баспасөзге, көбіне ел тұтас оқып, талдай алатын жергілікті мерзімдік басылымдар бетіне көптеген мақалалар жазылды. Пікірді пікір қоздатып, мақалалардың иелері естігенін, оқығанын, мұрағаттық құжаттарын алға тартты.

Мұның бәрі тарихи жадты жаңғыртып отыруда үлкен роль атқаратын іс. Ел ішінен шыққан жекелеген азаматтардың төтен ерлігі жастарға рух беретін тарихи оқиға ретінде дәріптелгені қандай ғажап! Ел мүддесін ойлап, әрекет еткен қай азаматтың да аты ұмытылуға тиісті емес қой.

«Иса-Досан» көтерілісіне келгенде, кейде тұтас елді атқа қонуға мәжбүр еткен басты себептер тасада қалып, оған қатысқан адамдардың айналасындағы алып қашпа әңгіме алдыңғы планға шығып кететіні бар. Бұл негізсіз де емес, солай бола тұра, басылымдарға өткеннің кейінгіге сабақ болар тұстары ғана айтылып, жазылғаны ғанибет болар еді деп ойлаймыз. «Иса-Досан көтерілісі» неге оқулықтардан орын алмайды деген сұрақтардың жауабын да, мүмкін, осыдан іздеген жөн болар [1].

Кім өз еркімен бұғалыққа мойын созады, халық отарлаушылар әрекетіне о бастан наразы болатын, ашу-ыза іште буынып, «күш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» болып, бармағы тістеулі еді. Жаңа салықтық тәртіп пен ел басқарып отырған екі адамның шен-шекпенге таласқан бақталастығы отқа май болып құйылып, лап етіп өрт шықты. Жалынына сол өртті тұтандырушылардың өздері шарпылды.

Ойлап қарасақ, мәселе төркіні халықтық толқудың алдыңғы сапындағы Иса мен Досанда ғана ма? Бұлар халық қалқан қылып ұстаған тұлғалар ғой. Бірі батыр, бірі би екі басшы жұрт қалауымен іс қылды. Олар халық атынан сес көрсетіп, керек болса, халық атынан келіссөзге отырып, ел мүддесін жүзеге асыруды мақсат етті емес пе?

Сол кезеңнің мұрағаттық құжаттарын таразылай отырып, мәселенің түп-төркіні өз ішімізден шыққан ел билеушілерімізде жатқанын айқын аңғарамыз. Ұнатпасақ та, шыңдық – осы.

Әбіш ағаның «...Екі шонжар өзара қырбай болып, ел арасына іріткі туғызумен жүретін... «Аталмыш көтерілістің тұтануына осы екі билеушінің Орал облысының басқармасына шақырылуы түрткі болды... Бәймембет Маяев ел арасына жаңа реформа адайларға да жүреді деп хабар таратса, Гафур Қалбин оның сөзін жоққа шығарып, Бәймембетті сатқын қылып көрсетіп, ел алдында бедел алғысы келді» деуі осыны көрсетпей ме? [2, 62 б.].

Екі дистанция бастығының бір-бірімен қырғиқабақ екенін Маңғыстау тарихының осы кезеңін жан жақты зерттеген ғалым Мариям Тұрсынова да айтқан [3, 77 б.].

Уақытша ереже шыққан кезде Маңғышлақ уезін Орал облысынан алып, Кавказға қарату мәселесі қаралып жатқан болатын. Орынбор мен Кавказға қарасты аймақтардың шекаралары айқын белгіленбеген еді. Оның үстіне Красноводск отрядының бастығы Столетов Г. Қалбин басқаратын төменгі дистанция қазақтары мен түрікмендерге «Сендер бұрынғысынша 1 сом 50 тиын төлей бересіңдер» деп ала көңіл етті. Халық, әрине, ауыр салықты көтеріп ал деген Б. Маяевтан гөрі оны төлемеудің жолын көрсетемін деген адам Г. Қалбиннің сөзіне елтиді. Ал Қалбиннің ішін қызғаныштың қызыл иті тырнағалы көп болған...

1863 жылы Орынбордан төрт урядник, бір офицер, елу қазақпен жаңа бекініс орнын қарастыруға штабс-капитан Зеленин жолға шығады. Жем өзенін бойлап, Сарыбұлаққа жеткенде оларға жергілікті қазақтар қайта-қайта шабуыл жасап, адымдарын аштырмайды. Зелениннің отрядын бұл қыспақтан жоғары дистанция бастығы Б. Маяев жолбасшы болып алып шығады. Зеленин өз отрядын Ембі бекінісінде қалдырып, Орынборға Бәймембетпен бірге барады, оны шекара комиссиясының төрағасы Лодыженский қабылдайды. Бәймембетті сұлтан билеушілерге лайық құрметпен қарсылап, үлкен сыйлықтар тартады. Автордың айтуы бойынша, Бәймембет «Мен енді өле-өлгенше сендерге қызмет етемін», «Мен бұл сыйға қара орманымды айырбастауға әзірмін» депті [4, 85-87 бб.]. Екі дистанция бастығын ала көз қылған Орынбордың осы сыйы.

Тарихи оқиғалардың анық-қанығына жетуге бізге мұрағаттық, жазба деректер көмекке келеді. Оқиға өткен кезге уақыты жағынан неғұрлым жақын жазылған құжаттық деректерді барынша дәл деп бағалау керек. Ал деректер әр түрлі деңгейдегі адамдар жазған бірнеше құжатта дәлме-дәл қайталанып тұрса, бұған нақ сенуге болады. 1870 жылғы оқиғаға қатысты көп құжат бізге Орынбордан жетті (Өзге халықтың қағазға құнтты екенін осындайда мойындауға тура келеді.)

1870 жылдың 14 наурызыңда Маңғышлақ приставствосының бастығы, подполковник Рукиннің Орал облысының әскери губернаторына жазған рапортыңда: «.. Маяев және Ережені қабылдаған жақын маңайдағы болыс басшылары ертең менімен бірге жүреді. Қалбинді де жолдан қосыл деп шақырып отырмын, бірақ келе қоймайтын сияқты. Ол соңғы кезде өзін бізден сырт ұстап жүр...» [5, 25-26 бб.].

Бұл сапардың немен аяқталғаны, сірә, белгілі.

Енді араға аз уақыт салып уезд бастығынын атына Г. Қалбин жазған хатқа назар аударайық:

«Ойымдағының бәрін Өзіңізге жайып салайын, жаңа адамсыз ғой, мені білмейсіз, мен де Сізді білмеймін... Айналамда дұшпаным көп. ...Адай билерінің ішінде ешкім менен асырып басшылар тарапынан сый алып көрген жоқ еді (өзінің 1858 жылы және 1859 жылы алған наградалары мен сыйлықтарын тізеді). Алайда, 1866 жылы Маяев жоғары биліктен тұрақты беріліп тұратын айлық алды. Сөйтіп менен айбынын асырып кетті. Менің халық алдындағы беделім төмендеп қалды.

Осы жылдың көктеміңде Рукин мен Маяев далаға жаман пиғылмен емес, игілікті іс үшін шыққан еді, екеуі де өлтірілді. Рукиннің шақырғанына барсам, мен де сол жағдайға душар болар едім. Мен ол шақыруға бара алмадым, себебі өзім қатаң ауырдым, балам да өлім халінде жатты.

Рукин алдында мені орнымнан алып, екі дистанцияны да Маяевқа беретінін айтқан еді...

Егер адайлардың толқуының шын себептерін білігіңіз келсе, мен айтайын: Бірінші, ...жаңа ережені қабылдағандарды жарылар тонады. Мен олардың ішінен дәулеталы мен жетімектен төрт адамды ұстауға бұйрық алдым, әсіресе жары Али мен Досан. Бұйрық жергілікті бастықтарға жеткізілді, оларға Аманжол мен Көтібар сардардың ұлдарын ұстауды да тапсырдым. Бұл орындалған жоқ, бірақ жарыларды біраз бөрліктірді.

Енді Исаның бізге не себептен жау болғанын айтайын, менің 4 адамды ұста дегенімді жары Рахманбердінің ұлы Тоқман Исаға айтып келеді. Ол қырғыздарға бүйрегі бұрып, оларға хат жазады. Тоқман болса, бұл хатты Рукинге көрсетіп қояды. Сөйтіп, Исаның пиғылы бастықтың алдында әшкереленіп қалады да, ол онымен ашық жаулыққа шығады...

Тағы бір себеп, өткен жылы Жемнің арғы бетіңдегі көпестерді тонағаны үшін салынған айып тым көп, азғана кінәміз үшін біз қатаң жазаға тартылдық деп жүрген адайлар да көп. Осының бәрін Сізге көтеріліс себептерін анық білсін деп жазып отырмын...

...Сіздің айналаңыздағылардың бәрі сол қақтығыстарға қатысты. Саудагерлердің малының, мүлкінің қайда тығылғанын айтқан да оларға қызмет көрсетіп жүрген приказчиктер...

Бұлардың бәрін мен Маяевка көңіл айтуды желеу етіп, барлауға барған баламнан естіп, жазып отырмын. Зауряд хорунжий Қалбин.» [6, 68-74 бб.].

Қалбиннің хатты орыс кәрінен қорыққанынан жазып отырғаны сөзсіз.

Көтерілістен соң көп кешікпей-ақ Дағыстан облысының бастығы Манғышлақ приставы Александр Виссарионович Комаровқа хат жолдайды. Онда алдындағы Кутаисовқа Адайлардың орыс тәртібіне сөзсіз бағынуға уәде бергені айтылады. Олар екі ай ішінде түтін салығын осы жылға 3 сом 50 тиын, өткен 1869 жылға 1 сом 50 тиыннан түгел төлеуге міндеттенген екен. Тұтқындағы орыстар түгел қайтарылатын болды. Егер кімде кімнің тұтқындарды жасырып отырғаны анықталатын болса, олар қатаң жазаланады.

Көтерілісті бастағандарды ұстап беруге, ұрланған заттарды қайтаруға болыс, ауыл басшылары сөз берді. Жоғалған, бүлінген заттар үшін оларға мына көлемде контрибуция салынады: көтеріліске қатысқан ауылдар алты жыл бойына, ал қатыспаған, бірақ біле тұра жергілікті үкіметке хабарламаған ауылдар үш жыл бойына бір қойдан (3 сом) қосымша салық төлеп тұратын болады. Сондықтан қырғыздардан қой сатып алатындар көпестер алдын ала дайын болсын.

Дүрбелеңге қатыспағандықтарын айтып, арызданушылардың нөпірін болдырмас үшін Сізден алдын ала, жансыздар арқылы қай ауыл қатысты, қайсысы сырт қалды, соны анықтап қоюыңызды сұраймын, деді облыс басшысы. Сіздің контрибуция жөніндегі шешіміңіз соңғы сөз ретінде, қырғыздардың арыздарына қарамастан жүзеге асуы тиіс. Түрікмендер бұл салықтан босатылады.

Сондай ақ, көмілген құдықтарды аршып, жаңадан тағы құдықтар қазып, біздің әскеріміздің жүруіне жағдай жасалатын болсын. Қырғыздар қажет еткен кезде бізді атпен, түйемен қамтамасыз ететін болсын. Жағдайды ұлы князьдің өзіне баян еттік. Тәртіпке бағынбай, бұйрықты орындамағандардың қатаң жазаланатындығын ескертіңіз» [7, 93-101 бб.].

Міне, осылайша, халық жуасыды. Отаршылдық күшіне мінді. Көкіректе қайтпаған кек қалды, қоламтадай көміліп намыс қалды, жауды шаппаған қылыш қынында қалып, тот басты.

Түйін: Жүз қырық жыл өткеніне қарамастан жергілікті тарихтанушылар арасында басылмай келе жатқан әңгіме – Бәймембетті кім өлтірді? Досанды кім ұстап берді? деген сауалдардың жауаптары. «Бәймембетті атқан Рукин екен», «Досанды ұстатқан Аничкин отрядындағы табын Нұрша екен» деген дәлелі жоқ сөздермен оқырманды шатастырғаннан ештеңе ұтпаймыз [8]. (Қазақ, жалпы, басқа рудың ішкі ісіне араласпаған ғой).

Сол кезде жазылған құжаттардың (жоғарыда келтірілген Қалбиннің хаты, капитан Зелениннің жазбасы, уезд бастықтарының наместникке жазған рапорттары, жоғары биліктің нұсқаулары, т.б.) бәрінде жоғарыдағы сұрақтардың жауабы айқын көрініп тұр.

Жауабы жоқ сұрақтың бірі – көтерілісшілер нені мақсат етті? Жоспары не еді? Орыс қоныстарын, армян дүкендерін талап, дүние-мүлік алу ма? Солдаттарды өлтіріп, қаруын иемдену ме? Балықшылардың қайықтарын қирату арқылы келімсектерді осы мекеннен ығыстыру ма? Әлде бекіністі жаулап алып, сырттан келер жатты жолатпау ма? Әрине, олай емес.

Кеңестік кезеңде Маңғыстаудағы 1870 жылғы көтеріліске баға бергенде тарихшылар саясат ауанына ілесіп, «Маңғыстаудағы шаруалар көтерілісі» деп оған таптық реңк беруге әрекет жасады, ал іс жүзінде көтеріліске тек кедейлер емес, бай болыс та үн қосты, атқа мінді. Жас та, кәрі де отаршылар әрекетіне өз қарсылығын білдірді.

Халық көрген қорлығының, тартқан азабының өтеуін іздеді. Жасалған бүліншіліктер – ашудың басуы еді.

Сонымен бірге, артық салық төлеуге наразы болған халықтың «мал ашуы –жан ашуын» өз мүддесіне қарай бұрып, отқа май құйған Хиуа беттен келген үгіттің күшті болғандығы. Қару күші мен үгіт күшінің арасында қазақ қалып, қосақ арасында босқа қырылды. Бүгінгілер өткеннің сабағын ұмытпаса екен.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жаманбайұлы Е. Иса-Досан көтерілісі жайлы құжаттар жариялана ма? / Маңғыстау, 1993 жыл 9 қараша.

2. Кекілбаев Ә. Ұйқыдағы арудың оянуы. – Алматы: Қазақстан, 1979.

3. Турсынова М. С. Казахи Мангышлака во второй половине XIX века (вопросы социально-экономической и политической истории): Дисс. ... к. и. н. - Алматы, 1967. - 264 с.

4. П. Юдин. Адаевский бунт на полуострове Мангышлак в 1870 году // Царская колонизация в Казахстане (По материалам русской периодической печати XIX века). Сост. Ф.М. Оразаев. - Алматы: Рауан, 1995. С. 79-100)

5. ҚР ҰММ. 85-қор, 1-тізбе, 22-іс, 25-26 бб.

6. ҚР ҰММ. 85-қор, 1-тізбе, 23-іс, 68-74 бб.

7. ҚР ҰММ. 85-қор, 1-тізбе, 23-іс, 93-101 бб.

8. Спан Ә. Иса Тіленбайұлы. Тарихи танымдық баян. – Алматы: «Нұрлы әлем» баспасы, 2004.

Жаманбайұлы Естерек

ИСА-ДОСАН КӨТЕРІЛІСІ ЖАЙЛЫ ҚҰЖАТТАР ЖАРИЯЛАНА МА?

(Мақала ықшамдалып беріліп отыр)

... «Өзбекстанның мемлекеттік архивінен құжаттар көшірмесі алдырылды, барлығы 154 бет. Бұрын тарихы жете зерттелмеген бұл көтерілісті зерттеуге тарихшылар кірісіп кетті» деген хабарды газеттен оқып, жариялана ма деп күтіп едім, жарияланбады.

...Менің сұрауым бойынша облыстық этнографиялық музейдің қызметкері Құралай Ізімбергенова қызымнан алған жауабым мыналар еді:

I. «1870 жылғы көтеріліс бойынша қылмысты деп табылып, жауапқа тартылғандар мен 1876 жылы 18 наурызда біткен немесе аяқталған іспен жасалған үкім төмендегідей:

1. Алғи Жалмағамбетов (дұрысы – Жәлімбетов, Е.Ж.),
2. Досан Тәжиев,
3. Тілеуберген Орақов,
4. Күмісбек Молсынбаев,

5. Дихан Өтенов,
6. Шүрен Иманов,
7. Жайсаң Жиенбаев,
8. Әлібай Сүтімбаев,

9. Нұрша Сланбаев,
10. Естілеу Берсүгіров,
11. Есенгелді Мәмбетов,
12. Қарасай Мамаев,

13. Табынай Бегешев,
14. Өтеген Итемгенов,
15. Сүгір Шабаев,
16. Берсүгір Жантаев (Бернияз Жантаев болуы да мүмкін),

17. Орақ Байдалиев,
18. Демесін Жиенбаев,
19. Жанбала Тәжиев,
20. Жарас Тәжиев (Досанның тумаластары),

21. Табан Досанов (Досанның үлкен баласы),
22. Қошмәмбет Досанов,
23. Қошқар Досанов,
24. Қажымұрат Сырлыбаев,

25. Қайғылық Әділов,
26. Демесін Әнімов,
27. Реушен Ахметов,
28. Құлжан Мақанов,

29. Әбілғазы Есмағамбетов,
30. Мәліке Төленов,
31. Ержан Бернелиев

II. Үкім кесілгендер:

1. Алғи Жәлімбетов – 7 жылға жер аударылған;
2. Тілеуберген Орақов – алғашқы үкім дарға асу;
3. Дихан Өтепов – Сібірге жер аударуға кесілген;
4. Шүрен Иманов – Сібірге жер аударуға кесілген;

5. Демесін Жиенбаев ( Айтұрғанов) – Сібірге жер аударуға кесілген;.

6. Әлібай Сүтімбаев – Сібірге жер аударуға кесілген.

III. Сотқа жетпей, түрмеде өлгендер:

1. Досан Тәжиев,

2. Өтеген Итемгенов;

3. Жұбанияз. Досан ұсталған күні оққа ұшқан.

Облыстық этнографиялық музейдің қорынан алған жауабым осылар еді.... Жауапталған, жазаланған адамдардың бірқатарын танымаймыз. Қошмәмбет, Қошқар Досанов дегендер Досанның балалары емес. Досанның 4 баласының аты Табан, Бөртебай, Шолтан, Өтежан. Досан батырдың тұқымынан қазір 28 үй барын айтқанбыз...

...Алғи қол-аяғы кісендеулі күйіңде айдалып, Сібірде жүргенде әл күші таусылып, құлаған жерде өлтірілген, қасыңдағы жолдастарына оны көміп, ит-құстан жүзін жасыруға рұқсат етілмеген. Мұны айтып келген Алғимен бірге айдалып кетіп, мерзімі біткен соң, 1884 жылы елге оралған Өтепов Дихан деген кісі.

Досан, Алғи, Орақ, Дихан, Иса болып, бесеуінің бес жақтан шауып, Рукин отрядын талқандауы шындық. Солармен бірге шауып, көтеріліс біржола басылғанша қатардағы жауынгер болған Барақұлы Шабайдың (1849-1941) әңгімесін тыңдаған адаммын...

Бізге керегі – Өзбекстаннан алдырылып, облыстық өлкетану музейі қызметкерлері зерттеп жатқан материалдардың газеттерге жариялануы ғой. Осыңда мәселелерге көзқарас қалай екен?

«Маңғыстау» газеті, 1993 жыл 9 қараша.

Құрастырушыдан түсіндірме:

Жоғарыдағы мақалада келтіріліп отырған адамдардың аттары басқа құжаттарда сәл өзгертіліп көрсетіледі, мысалы Тілеуберген Орақов – Тілеуберді О., Күмісбек Молсынбаев – К. Мүлкібаев, Әлібай Сүтімбаев – Әлімбай Сатымбаев, Қарасай Мамаев – К. Мыңбаев, т.т. Ал Жанбала Тәжиев пен Жарас Тәжиев Досанның тумаластары.

Есімдері маңғыстаулықтарға таныс еместер Досанды ұстаған кезде бірге қолға түскен Досанның Хиуа беттегі үзеңгілес жүрген тілеулестері болуы керек, кейбіреулері Хиуаның орысқа қарсы жұмсап жүрген жансыздары болуы да әбден мүмкін.

Алғиға бастапқыда кесілген үкім 10 жыл, оның Хиуа жорығына көмектескені ескеріліп, 7 жылға азайтылады. Айдауда жүріп, азаптан өледі.

Досан 1874 жылы 24 шілдеде ұсталды, 1875 жылы қарашада форт түрмесіне келтірілді. Онымен бірге тумаластары Жанбала мен Күмісбек Мүлісбаевтар да түрмеде азапталды. Досан 1876 жылдың 10 ақпанда, Жанбала 18 наурызда, Күмісбек 25 қаңтарда көз жұмған.

Сондай-ақ, Манғышлақ приставтығы басқармасының «Бүлікті ұйымдастырушыларды приставтықтан тысқары жер аудару» туралы бұйрығының 1872 жылдың 26 наурызында шыққанына қарамастан, көптеген адамның одан бұрын да Маңғыстаудан сырт жерлерге, әсіресе ішкі Ресейге мәңгілікке жер аударылғаны көрінеді. Мысалы, Есенгелдиев Қайырлап 1871 жылдың 13 қыркүйегінде өмірінің соңына дейін Харьковке жер аударылған.

АЛҒИ ТУРАЛЫ

Дихан (Сібірге жер аударуға кесілген Дихан Өтепов. Н.Ж.) елге келсе, қадірлі бір ақсақал қайтыс болып, халық жылап отыр екен. Оның туысқандарына көңіл айтуға, дұға жасауға келіп, Дихан:

— Уа, халайық! Ел ішінде, ағайын арасында, арманын айтып, арыздасып үлгерген, төрелескен өлімге адам жылай ма екен?! Өлім деп Алғидың өлімін айт! Қол-аяғымыз кісендеулі, шұбыртып айдап келеді. Итке жеккен шанасы, теріден тіккен панасы бар елді көрдік.

Бір күні Алғи күш-қуаты сарқылып, жығылды. Қолтығынан демеп, сүйей бердік. Сол кезде жендеттер жетіп келіп, Алғиды бір шаншып өлтірді де, айдалаға тастап жүре берді. Бетін жасыруға жалынып рұқсат сұрағанымызда, өзімізді ұрып-соқты. Есіл ер, қарға-құзғынға жем болып, айдалада қала берді. Әне, ауыр өлім деген сол болар! Туған жердің бір уыс топырағы бұйырмаған, әрі осындай аянышты өлімге жылауға болар, – депті көкірегі қарс айырыла.

... Алғидың қатал жазаға ұшырау себебін де айта кетелік. 1870 жылдың қазан айында қолға түсіп, форт түрмесінде жатқанда Алғиды пристав генерал-майор Комаров Хиуаға барлау жасап келуге жұмсайды.

Комаровтың мақсаты – болашақ Хиуа жорығына дайындық үшін жол жайын, ханның күшін, әскер, қаруын, т.б. білу еді. Алғиға дұрыс хабар әкелсең – босатамыз дейді. Жол жағдайы жақсы білетін жігіт ағасы қапастан босанып шығу үшін «Дұрыс хабар әкелемін» деп уәде береді.

Хиуаға келген соң Досанмен жолығады. Ол «приставқа не деп барасың» деп сұрайды.

— Түйелі адамға алты апталық жолы бар, қарулы солдатқа алты күндік елі бар екен деймін, – деп жауап береді.

— Олай деме, жанаралға Хиуа ханы күшті екен, шамалы уақытта ала алмайсың де. Хиуаны орыс алса – біздің паналайтын жеріміз қалмайды ғой, – деген көтерілісшілер.

Алғи олардың өтінішін орындап, Фортқа оралғанда келісімді сөзді айтқан. Пристав хабарына риза болмай, Алғиды қайта қамап тастайды. Жалған мәлімет әкелгені үшін тағы айып қосады.

... 465 сом шығынды Алғи Жәлімбетов пен Дихан Өтеповтен өндіруге, олар кедей болса, ағайындарынан өндіруге үкім жасайды.

Сотталғандардың бәрінің «жай халықтан шыққандар», билер мен старшындардың жоқтығы назар аударарлық.

Деректер «Досан батыр» мақаласынан алынды. Авторлары – Е. Жаманбайұлы, С. Әділханов. «Маңғыстау» газеті, 1991 жыл 3 тамыз.

ДОСАН ЖӘНЕ ОНЫҢ ДОСТАРЫ

Досан Хиуада хан сеніміне кіріп, оның әскерімен бірлесіп, шабуыл тәсілін өзгерте отырып, орыс жаулаушыларына қарсы күресті жалғастырмақшы болды.

Хиуа ханының өз есебі бар еді. Айлакер ханның аярлығы да күшті, мақсаты – Досанды пайдалана отырып, адайлардан зекетті түгел өндіріп алу және оларды орысқа қарсы айдап салу еді.

Досан орыстан есеңгіреп қалған елінің етек-жеңін жинағанын қалап, уақыт ұту әдісіне көшті. Сол өңірде жәуміттер тыныштық бермейтін. Бейбіт ауылдарға қайта-қайта шабуыл жасап, тонап кетіп жүрді. Малды айдап, әйелдер мен балаларды құлдыққа әкетті. Мұндай шабуылдардан хиуалықтар да аз зардап шеккен жоқ. Хан Досанның қолымен от көсеп, оны жәуміттерге қарсы қойды, сонымен бірге оны қазақтар мен түрікмендерден алым жинауға пайдаланды. Жағдайды пайдалана отырып, Досан 1872 жылы жасағын 200 адамға жеткізді.

Осы шағын қолды ол жәуміттерге ғана емес Кауфман басқарған Хиуа экспедициясына және батыста Ломакин басқарған Маңғышлақ отрядына, шығыста – генерал Скобелев басқарған барлаушылар отрядына да қарсы шебер пайдалана білді. Негізгі қақтығыстар мен ұрыстар Ходжейлі, Қарабайлы, Қоңырат жерлеріңде өтті. Қай ұрыста да Досан өзін шебер ұйымдастырушы, ержүрек қолбасшы ретіңде көрсетті. Алайда, жақсы қаруланған, үйретілген, патша әскеріне хиуалықтар төтеп бере алмады. Алған позицияларынан айырылып қалып жатты.

Оның үстіне хиуалықтар патшалық отарлаудың мәнін жеткілікті түсінбеді, биліктің жергілікті бектерге уақытша берілуіне қанағаттанып, босаңсып кетті. Бұл бір жағынан, орыстың қанатының астына кіру Хиуаны әр түрлі тобырдың шапқыншылығынан да қорғайтын еді.

Көп ұзамай отарлаушыларға қарсылық мүлде саябырсыды.

Досан мен оның жолдастары үшін елге қайтудан басқа жол жоқ еді. Бірақ ол екі ұдай жағдайға қалды: бір жағынан өз кінәсін мойындап, кешегі қарсыласқан жауынан кешірім сұрап, бас иіп бару, екіншісі – өмірінің соңына дейін ымырасыз күрес жолына шығу. Досан екінші жолды таңдады.

Оны мұндай шешімге итермелеген 1874 жылдың 4 мамыры күні қанды көйлек жан досы, қанаттас жолдасы Алғи (Алдыонғар) Жалмәмбетовтің ұсталып кетуі еді.

Досан өзіне қараған аз ғана ауылмен Үстірт үстінде, Сам шатқалдарында, Бейнеу, Қақпақты, Сай, Бесшыңырау, Күшікбай жерлеріңде көшіп жүрді. Бұл Досанның ұрысқа араласпаған аз ғана тыныш күндері еді.

Жазалаушылар отрядтары Досанды іздеуін тоқтатқан жоқ, оның келуі мүмкін жерлердің бәріне аңду қойылды.

Бірде Досанның руластарының ата күлдік жерінде отырған ауылдар шабылып, жазалаушылар отряды екі ер адамды, жиырма әйелді тұтқындап алып кетті. Жұманияз деген туысы орыс қаруынан өлді.

Досан Жұманиязды жерлегеннен кейін қасындағы қарулас достарына рұқсат беріп, қоштасады. Ізіне түскендер оған сонда да тыныштық бермейді... 1874 жылдың 24 маусымы күні өзін ұстауға келген Аничкин отрядымен соғысып, Досанға оқ тиеді. Онымен бірге қарулас достары Қарасай Мыңбаев, Тілеуберді Орақов, Әлімбай Сатымбаев, Дүкелі Өтепов, Күмісбек (Ақбала) Мүлкібаев (бір деректе – Жылқыбаев) ұсталады...

Сот ісі екі айға созылды, 1874 жылдың шілде, тамыз айлары оның жолдастары үшін нағыз қасірет айлары болды.

Маңғышлақтағы жергілікті билік пен Каспийсырты облысының бастықтары істі Каспий сырты армиясының Бас қолбасшысы жанындағы Далалық әскери сотқа беруге әлденеше рет өтініш жасады. Бұл өтініш қанағаттандырылып, іс Форт Александровскнің әскербасы Архангельскийдің төрағалығымен Дағыстан облысының әскери штабының обер-прокурорының кеңесшісі Қарауовтың, Темір Шораның әскербасының іс басқарушысы, лауазымды советник Прилисскийдің қатысуымен 1876 жылдың 8-14 наурызы аралығында қаралды.

Тексеру барысында жиналған материал 5-томды құрады. Айыпталушылардың кіналары әскери дағдымен тез анықталып, тағдырлары тез шешілді, бар-жоғы 4 күнге созылды.

Далалық сот Тілеуберген Орақты дарға асу арқылы өлім жазасына кесті. Алғи Жалмәмбетовті 10 жылға қиырға жер аударуға кесті. Дихан Өтепов пен Шүрен Имановты әскери соттың қарауына қалдырып, түпкілікті үкім шығарған жоқ. Демесін Жиенбаев, Әлібай Сүтімбаев және Өтеген Итемгеновті Сібірге жер аударуға үкім болды.

Табын Досанов пен Жарас, Жаманбала (басқа құжатта – Жанбала. Н.Ж.) Тәжиевтерге айғақтардың жеткіліксіздігінен қоғамдық айыптау белгіленіп, қатаң қадағалауға алынатын болды. Табынай Бегешев пен Шолтан Досанов қылмыстық қудалаудан босады.

1876 жылдың 3 шілдесі күні Каспийсырты армиясының Бас қолбасшысы Алғи (Алдыоңғар) Жалмәмбетовті (Жәлімбетов), 1873 жылғы Хиуа жорығына қатысқанын ескеріп, жер аударуды 7 жылға дейін кемітті. Басқа жазалар да ішінара жұмсартылды.

Досан мен оның бірқатар жолдастары түрмедегі адам төзгісіз ауыр жағдайдан, соттан бұрын көз жұмды. Досан Тәжиев 1876 жылдың 10 ақпаныңда, Жаманбала Тәжиев 18 наурызда, Күмісбек (Ақбала) Мүлкібаев 25 қаңтарда түрмеде қайтыс болды.

Қалғандарын алда басқа ызғарлы түрмелер мен ауыр азапты алыс жолдар күтіп тұр еді...

4. Ижанов. «Досан және оның достары». «Местное время», 1996 жыл маусым. Ықшамдалып, орысшадан аударылып беріліп отыр.

ТАЛАУҒА ТҮСКЕН АУЫЛДАР

(Қолдағы материалдар негізінде жиналған деректер)

Көтеріліс басылған үш айда Маңғыстауға патша әскері лық толды, халықтың басына қара түнек орнады.

Мамырда фортқа ұлы князь Михаилдың адъютанты барон Мейендорф келеді. Ол жетекшілік еткен отряд Құрықтөбедегі тобыш бөлімінен 500 жылқы, Ақтөбеде 2000 жылқы мен түйе тартып алады.

Малмен қоса Боранқұл, Атандық ауылдарының 16 адамын, ішіңде 3 бала бар, ұстап әкетеді. Қарсылық көрсеткен Жантоқа деген кісі өледі.

1870 жылдың 7 маусымыңда князь генерал-майор Медиков келді. Онымен бірге Н.А. Крыжановский, Н.А. Веревкин, Бизяновтың қарамағындағы полковник Новицкий, подполковниктер Байқов, Саранчев, Аничкин басқарған жазалаушы отрядтардың қарулы қолдары Аспантай-Матай, Сам құмдары және Жем, Сағыз, Ойыл бетке көшетін ауылдарды ұстап алып, екі жылғы салықты талап етті, төлегені туралы куәлігі жоқ ауылдарды шапты, малын айдап әкетіп, қарсылық көрсеткен адамдарын өлтірді. Оларға қарсы оғы шашырап, жарық шанып атылатын зеңбіректер қолданылды.

...Форттан 12 шақырым жерде бес мыңдай көтерілісшілер қолы Кутаисов бастаған екі рота атқыштармен қақтығысқа келеді. Кутаисов қолынан 10 адам өліп, 14 адам жаралы болған, ал «ұрыстан соң қазақтардың өлі денелері бірнеше шақырымға созылып жатты» деп жазыпты 1881 жылы «Современные известияның» 187-санында (3-бет).

Әскери министр Милютин осы күндері Крыжановскийге «Көтерілісшілерді естен кетпейтіндей етіп жазалауды» талап етіп телеграмма жолдады.

Бұған жауап ретіңде генерал-адъютант Крыжановский Милютинге «Үрейі ұшқан ауылдар мал мен дүниелерін тастап, қашып жатыр. Қолға түскен қой – 17 мың» деп ақпарат берді.

1870 жылдың 8 қыркүйегіңде Қияқты өзенінің маңыңда бір адай аулынан 50 жылқы, 64 түйе, 20 қой алынса, 10 қыркүйекте Дауылшада отырған қырықмылтықтардан 20 адам қаза болды, үйлері өртелді.

13 қыркүйекте Орынборға астыққа бара жатқан керуенді солдаттар тоқтатып, 21 адамын өлтірді, 350 түйесін тартып алды.

(Орыс әскерилерінің жергілікті халыққа көрсеткен зәбірі шектен шығып, оларға шара қолдануға мәжбүр болған кездер де болды. Мысалы, орыс өкіметі жергілікті халыққа көрсеткен айуандығы үшін подполковник Байковты соттады, оны барлық атағынан айырып, Тобыл губерниясына жер аударды).

1870 жылдың күзіңде Маңғышлақ пристав бастығы, әскери отряд командашысы болып келген генерал-майор А.В. Комаров салық толық жиналмады деп, елден 2000 жылқы, 500 қой, 32 түйе тартып алдыртты.

Реті келгенде айта кетейік, «Уақытша ереже» бойынша Түркістан генерал-губернаторлығының мал өсірушілеріне түтін салығы жылына 2 рубль 75 тиыннан болса, Орынбор мен Батыс Сібір генерал-губернаторлығының бұратана халықтарына 3 рубль мөлшеріңде салық салынатын болды, ал Маңғыстау қазақтарына салынатын түтін салығы бұлардың бәрінен де артып, 3 рубль 50 тиынға дейін көтерілді. Бұл жаңа әкімшілік құрылымның шығындарына қатысты деп түсіндірілді. Мұнымен қоймай, көтеріліс басылғаннан кейін жергілікті халыққа жаппай контрибуция (соғыс шығынының орнын толтыру) салынатын болды. Өлке тарихын зерттеушілеріміздің біразы (мысалы, С. Әділханов) бұған байланысты «орыс үкіметі өз бағынысындағы халыққа контрибуция салуға құқы жоқ болатын» деп орыңды пікір білдірген. Шыңдығыңда да, Маңғыстауды Ресей аумағы деп жариялай отырып, орыс үкіметі бұл өңірге жауға қараған көзқараспен қарады. Дәлірек айтқанда, жерді иемдене отырып, халқының қанын сорды.

Жоғары билікпен келісе отырып, пристав бастығы 1870 жылғы көтеріліске қатысқан әр үйге алты жыл бойы бір-бір қой төлеп тұруға, қатыспағандарға (үкіметке хабарламағаны үшін жаза) үш жыл бойына бір-бір қой төлеп тұруға пәрмен шығарды. Салық сыртындағы бұл алым (контрибуция) осы есеп бойынша 1871 жылдан бастап, жыл сайын қыркүйек айында жиналатын болды. Мысалы, Бәйімбет тақтасы – 2100 қой, тобыш – 2100, жеменейлер – 3300, жаулы – 2700, түрікменадай – 1800 қой, т.т. төлейді.

Патша билігінің жорықтық қажетіне қарай күш-көлік салығы қосымша салынды. Бұған қоса жол салу, құдық қазу, бұрынғы құдықтарды аршу сияқты жұмыстарды қазақтар тегін атқаратын болды.

Ж. Нұрмаханова.

Ұлттық мұрағат құжаттары мен М. Тұрсынованың «XIX ғасырдың екінші жартысындағы Маңғыстау қазақтары» еңбегінен (80-110 беттер) алынды.

КӨТЕРІЛІСШІЛЕР ТУРАЛЫ ОРЫС ӘСКЕРИЛЕРІНІҢ ПІКІРІ

Граф Кутаисов табиғатында шыдамсыз, шешімді ойланбай қабылдайтын, мінезсіз адам екен. Көтерілісшілердің дабылы жеткенде кемемен түбекке екі рота дағыстандық қолымен алдымен жеткен де сол еді. «Бұл жабайы тобыр үшін қылышты қыннан шығарудың өзі артық. Біздің зеңбірегімізді көрісімен-ақ адайлар жым болып, сабасына түседі» деп астамсып келген үлкен лауазым иесінің келесі бір сәттегі пікірі мүлдем басқаша.

Бекіністі қорғаныссыз қалдырып, екі көш жердегі түрікмендерден түйе алам деп кеткен бетінде Кутаисов аз ғана әскерімен өзін қоршап алған көтерілісшілерден зорға қашып құтылады. Қамалға келген соң Зеленин: «Біздің адайлар қалай екен?» деп сұрапты. «Шайтан алсын, бұларың біздің дағыстандарымызға сай келетін, қызу қанды, өлермен халық екен!» депті ол.

Шабуыл кезінде адайлар графтың атын алып кеткен, аттың үстінде артулы шабаданы, оның ішінде қағаздары, ақшасы, әйелінің суреті болған. Бір адай қолындағы винтовкасын да жұлып алған. «Русская старина», 1894 жыл, № 7. П. Юдиннің мақаласы.

Ал Дағыстан әскери отрядының бастығы, князь генерал-адьютант Меликовке граф Кутаисовтың жолдаған жеделхаты мынадай: «Өлке түгел көтерілген, қарусыз бір адам жоқ. Көп шығынға ұшырағандарына қарамастан, олардың еңселері түсетін емес... рухы күшті, үлкен бір шешімге келген, тек қарулары нашар...», «Атқа отырған біреулерін қанша атсақ та құламады, шауып келеді, шауып келеді, сөйтсек, олар ердің үстіне өздерін таңып алады екен... Адам шошырлық аласапыран... Мұндай қиян кескіде әскердің бас-аяғын жинап ұстау қиын болды...»

Бұл хаттан соғыс ісіне, сапқа үйретілген әскери қолдың стихиялы түрде жиналып, аяқасты шабуылға шыққан қазақтың аз ғана тобынан жасқанып қалуы, жекпе-жекке келгенде қарсы тұра алмай, тайсақтағандығы дәлелденіп тұр. Өзбекстан Орталық мемлекеттік мұрағатынан, 715-кор, 41-іс, 263-п.

Генерал-адьютант Н. Крыжановский болса, Орынбор округі бастығының жазған хатына мынадай бұрыштама қойыпты: «Ұлы императорлық мәртебелім, бұл – біздің осы түкпірдегі кісі жыларлық шарасыздығымыздың көрінісі».

Хат Маңғышлақ приставтығындағы жағдай жөнінде Кавказ наместнигі, князь Михаил Николаевич Романовқа жолданып отыр. Өзбекстан Орталық мемлекеттік мұрағаты, № 2513 құжат, 1870 ж. 05,05.

Александровск фортының коменданты, капитан Зеленин: «Мен 20 жыл топографтар корпусының офицері бола жүріп қазақ даласында талай қақтығыстарды көрдім, бірақ дәл осындай көзсіз және табандылықпен жүргізілген шабуылды көрмеп едім. ...Форттың тағдырын осындай бірнеше шабуыл шешіп кетуі мүмкін еді. Онда мұның немен аяқталатынын көзге елестетудің өзі қорқынышты болды» деп жазған. «Военный сборник» журналы, 1873 жыл, № 11, 65-бет.

Ж. Нұрмаханова.

1870 жылғы Маңғыстау қазақтарының көтерілісіне байланысты оқиғаларға араласқан, мұрағат құжаттарында есімдері аталатын орыстың әскери адамдары:

1. Ұлы князь М.А. Романов – Кавказ наместнигі;
2. Ішкі істер министрі Милютин;
3. Князь Баратинский;
4. Князь Горчаков;

5. Князь генерал-адьютант Медиков;
6. Капитан князь Багратион-Мухранский;

7. Барон Мейендорф, ұлы князь Михайлдың адъютанты.

8. Генерал-лейтенант Мещеринов;
9. Генерал-майор Н.А. Ломакин;
10. Генерал-майор А.В. Комаров;
11. Генерал-майор Веревкин;

12. Генерал-адьютант Н. Крыжановский;
13. Генерал Свистунов;
14. Генерал-майор Бизянов;
15. Полковник граф Кутаисов;

16. Полковник Трейтер;
17. Полковник Новицкий;
18. Полковник Карганов;
19. Полковник Столетов;

20. Подполковник Рукин;
21. Подполковник Саранчев;
22. Подполковник Аничкин;
23. Подполковник Байков;

24. Подполковник Махашов;
25. Майор Архангельский;
26. Капитан Зеленин;
27. Капитан Твертинов;

28. Фельдцейхмейстр Михайлов;
29. Есаул Логинов;
30. Есаул Колесников;
31. урядник Багайдинов;

32. урядник Неулыбин;

33. вахмистр Макаров, т.т.

СӨЗ СОҢЫ

Азаттық үшін азапты ғұмыр кешкен аталардың өмір жолы. Осы жолда өздерінің ерлігімен, өрлігімен Досандар мен Алғилар жанын пида етсе, Исалар санада саралап, ел пайдасын ойлады. Бабалар жүріп өткен жол бізді бүгінгі тәуелсіздікке бірте-бірте жақындатты.

От қарулы отаршыға жалаң қылыш, жайдақ атпен қарсы шыға алған, Сырым Датұлының, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының, Жоламан Тіленшіұлы мен Есет Көтібаровтың, Байбақты Қармысұлының, Өтен Ақтоғайұлы мен Нарынбай Шаңдыұлының, Иса Тіленбайұлы мен Досан Тәжіұлының, т.б. ұранды ұлдарымыздың ерлігін барша қазақ азаматының білуі – міндетті.

Мақтанышпен айтылатын есімдерді, Рух көтеретін ерліктерді тарих тозаңына көмдірмей, санада жаңғыртып отырайық. Сонда біз елміз, сонда біз Ұлымыз!

«Иса-Досан көтерілісінің» 140 жылдығы қарсаңында оқырман назарына ұсынылып отырған бұл танымдық жинақтың шығуын құп алып, қолдау көрсеткен Түпқараған ауданының әкімдігіне, аудан әкімі, Елін сүйген ұл Серікбай Өтелгенұлы Тұрымовқа үлкен ризашылығымызды білдіремін.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙