Бояр балалары
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Мұстай Кәрім — «Бояр балалары» (Көркем әңгіме). БОЯР БАЛАЛАРЫ
әңгіме
Сонау ерте замандардан бері біздің ауылдағы бие байлайтын кісілерге қымыз ішіп, ет жеуге талай төрелер келетін болған. Әлі солай. Әйелі, бала-шағасымен шұбырып, бүкіл жаз бойы бұта басын сындырмастан рақаттанып жатқаны. Біздің үй оларды "боярлар" дейді. Бояр емей кім? Бар тірлігі ұйқысы қанғанша ұйықтау, қарыны жарылғанша қымыз ішіп, ет жеу, содан соң тобымен орманды, тауды аралау. Тауда да тойым жоқ оларға: көк шалғынға төсек жапқыштарын жайып отырады, өйткені, біздің шөбіміз олардың несін... тәнін тырнап, көйлегін ластайды ғой. Әйелдері басына қол шатыр көтеріп жүреді. Шамасы, біздің күніміз де жақпайды - ау. Жаңбыр жауса, інінен сығалаған саршұнақтай қақпадан басын сұғып қарайды да, жылт етіп, қайта кіреді. Сыртқа аттап баспайды! Сол боярлар менің де мазамды алып бітті. Сәкіде тамақ жегенде сәл жамбастап жата қойсам, әкем: "Түрегеп отыр, бояр ма едің соншама?" дейді. Таңертең көбірек жатсам, Үлкен шешем: "Осынша ұйықтайтын қайдан шыққан бояр мынау?" дейді. Мұртаза ағам жұмсағанда ерінсем: "Бояр сияқты шіренген керенау неме" дейді. Кішірек кезімде осы бояры түспегір әбден титығыма тиетін. Әйтеуір, біраздан бері коп айтылмайтын болды, бәлкім, өзімнің де боярлығым қалып бара жатқан шығар.
Жұрттың жыл сайын келіп тұратын боярлары бар. Боярлар келмейтін тек біздің үй. Шамасы, тәкаппар әкем ешкімге жағынғысы келмеген шығар. Әрі кісі күтудің де күйбеңі оңай емес. Әлде үйіміз де, өзіміз де сол боярларға ұнамаймыз ба, қайдам. Қысқасы, боярымыз жоқ біздің. Болмағаны тіптен жақсы. Басқалардың боярларының титығыма тигені де жетер.
Мойынға қызыл галстук тағып, бүкіл дүние жүзі революциясының жеңісі жолында жан аямауға ант еткен соң біздің, балалардың, әлгі боярларға ыза - кегіміз өрши түсті. Түрлі шонжарлар, боярлар, төрелер бұрын халықты қанау арқылы күн көріп, бұқараның ырысын ішкенін біз енді жақсы білеміз. Ал мына түк бітірмей, жатып семірген қала боярлары солардың дәл өзі емес пе? Бізге осыларды Сапарғали деген бала түсіндіріп берді.
Қазір біздің бастығымыз екеу: көшеде Шәһидұлла, пионерде Сапарғали. Шәһидұлла кейде оған қоқыраңдап, ұрынғысы келіп тұрады. Бірақ анау галстугінің бір ұшын ұстай беріп: "Тиіп көр, осыдан, басың екеу болса..." дейді. Шәһидұлланың басы аңғырт болғанымен екеу емес.
Сапарғали Губернатор көшесінде Асхаттың үйінің қарсысында тұрады. Уәлетдин сияқты оның да әкесі Герман соғысынан оралмаған. Қазір шешесі екеуі ғана. Пионерлерге бастық болғанға шейін Сапарғали жылайман еді. Мұңын шаға қалса, адам аяп кететін. Садақ тартқанда жебесі нысанаға тимесе, ол: "Бақытым жоқ осы менің, бақытым болса, әкем Германияда қалмас еді" деп зарланатын. Ойын басталарда жеребе салынғанда кезек келмесе: "Басыма құт қонса, Сапарғали боламын ба?" деп жылай жаздайтын. Былтыр көктемде екеуміз Ақмаңайда қармақ салғанда оның қармағына бір дәу тісті балық қапты. Ол балықты жанталаса жағаға қарай тартты. Тістінің арқасы судан жартылай дүңкиіп шықты. Өте ірі балық екен. Ұзындығы сала құлаш. Көлден шыққан кереметтің сағағынан қысып ұстар десем, ол кенет тістінің үстіне құлай кетті. Сөйткенше балық ыршып түсті. Қармақты үзіп, көл түбіне зытты. Сапарғали қолымен су қарманып қамыс арасын біраз іздеді. Әлден соң жағаға шығып отырды да, жылай-жылай зарланды: "Егер менің ырысым болса, неміс ядро құймас еді, Герман соғыс ашпас еді, әкеме мылтық кезеп атпас еді... Тіпті қаппай қалғанда өкінем бе саған, ей, тісті! Неге бұлай әурелеп кеттің? Сонда мүлдем аямағаның ба? Сен аяйтын болсаң, әкемді патша алмас еді, арқасына мылтық та салмас еді, сүйегі жат жерде қалмас еді...".
Уәлетдин мен Сапарғали немерелес туыс балалар. Екеуі қосыла мұңын шақса, өзегіңді өртеп, сай - сүйегіңді сырқыратады. Менің балық аулайтын құлқым қалмады.
- Жүр, Былау көліне барайық, Сапарғали, онда табан балық кеп қабады, - дедім мен.
- Бұйырғаны қайда да қабады ғой... - деді ол күрсініп.
Пионер жетекшісі болғалы осы Сапарғали өзгерді де кетті.
Аяғын анық басып, сөзін байқап сөйлейтін болды. Бойы ғана емес, мойны да созыла түсті оның. Біз көрмегенді көреді, біз білмеген қайдағы - жайдағыларды біледі, біз оқымаған кітаптарды оқиды. Шетелдерде балалардың қалай қиналатынын, байлар кедейлерді қалай жәбірлейтінін, өз көзімен көргендей егжей - тегжейлі тәптіштеп айтып береді. Әлдеқайдағы қиян қиырдағы боярларға, байларға, буржуйларға біздің зығырданымыз қайнап, өшігеміз, өзіміздің боярларға да ыза-кегімізді аямаймыз. Шама - шарқымызша мазасын алып, берекесін қашырамыз әлгілердің. Қараңғы түсуден олар ұйықтайтын үйдің бөренесіне тарс – тарс тас лақтырамыз, көшеден өтіп бара жатса, әдейі ит қосамыз. Бала -шағаларын ажуалап, мазақтап, күн көрсетпейміз, Алайда, бояр балаларымен төске төс тигізіп, алысып көргеніміз жоқ, шайқасқымыз келеді, көп ұзамай жаудан кек алудың сағаты соқты.
Сайдың арғы жағындағы Меңнулланың үйіне ерлі - зайыпты боярлар келді. Мен сияқты бір ұлы, менен сәл кішілеу қызы бар. Ұлы - қысқа балақты, көгілдір шалбар, қызы -тізесіне де жетпейтін гүлді көйлек киеді. Баланы біз "Сабан сирақ", қызды "Шегіртке" деп атадық. Баланың сирағы шынында да бидайдың сабағындай сып - сидам, тізесі де сабақтың буынындай. Қыз қолды - аяққа тұрмай секіреді де жүреді: жүре беріп секіреді, жүгіріп барып секіреді, қарап тұрып ыршып түседі.
Бұлар күн сайын таңертең төртеуі себет ұстап Губернатор көшесінен тауға шығып, кешке қайтады. Сабан сирақ пен Шегіртке ата - анасынан бір елі қалмай, емпеңдеп ереді де отырады. Шегірткесін қойшы. Бізге керегі Сабан сирақ. Алғашқы күндері біз Асхаттың немесе Сапарғалидың үйіне тығылып, әлгілерді жабыла мазақтайтынбыз:
- Бояр, бояр - төбеңді ояр!
- Әй, күнге күйген бояр, дамбалыңның балағына шыт жетпеген бе, қалай?
- Әй, қақталған боярлар, тау басында ауаға семіресіңдер ме осы?
Біздің таптық дұшпандарымыздың төртеуі де тырысқан арық жүдеу еді.
- Жұртты коп ренжіткен ғой, өздеріне шыр жұқпайтыны содан, - деген қорытынды шығарды Асхат бұл қүбылыстан.
- Сенің де майың шыжып бара жатқан жоқ, - деді Сапарғали.
- Ішерге тамақ табылмайды маған... Боярлар сияқты тамақ жесем, қарныма шыр байланар еді.
"Ит үреді, бөрі жүреді" дегендей, біз мазақтай бердік. Олар бізге қайырылып та қарамады. Одан сайын қолымыз қышып, жұдырығымыз жұмыла берді.
Қазір біз, "біз" дегенім, Сапарғали, Асхат, мен Терең сайдағы үйілген тастардың арасына жасырынып, боярларды аңди бастадық. Олар күнде қайтарда осы жерден өтеді. Бүгін қолға түспесе, ертең түсер, ертең түспесе, әйтеуір, бір түсер... Түсті қолымызға! Бүлдіргеннің уылжып піскен кезі болатын бүл Біздің Терең сайда жидек бітік өседі. Әр жерге қызыл шекпен жайғандай тұтас қызарып жатады. Үстінен шыға қалсаң, басыңды көтере алмайсың.
Кеш түсе әлгі себеттерін көтеріп, Терең сайға келді олар. Бояры мен бәйбішесі соқпақпен кете берді де, ұлы мен қызы шетке шығып, жидек теруге кірісті. Әуелі олар әр жерден жұлып жеп кете бергісі келді. Жұлып көр! Жидек піскен жерге қолың бір тиіп кетсе, оңай құтыла алмайсың. Міне, Шегіртке шоңқиып отырды, Сабан сирақ аяғын көсіліп, шөпке жата кетті. Ауыздарын толтырып, жидекті асап жатыр, асап жатыр.
Оқиға желісі мен шешім
- Ей, балалар! Жүріңдер! - деп айқайлады ата - анасы біраз ұзап кеткен соң.
- Қазір! - деп шырылдады Шегіртке. Бірақ бұлардың жуырда орындарынан тұрар жайы жоқ. Піскен жидектің сиқыры сондай.
Үлкен боярлар қырдан асып, көрінбей кетті. Балалары саңырау қозыдай сайдың түбінде адасып қалды. Сәті түсті, сағаты соқты. Біз үшеуміз үш тараптан Сабан сирақ пен Шегірткені қаумалай қоршап алдық. "Герман соғысында" алған сабағымыз осы жерде бір кәдеге жарады.
- Ә - ә, қолға түстіңдер ме, боярлардың үрім - бұтағы! - деді Сапарғали. Дереу маған әмір етті. - Кіндік! Сен Шегірткенің қанатынан ұстай ал, ата-анасына хабарлап жүрмесін. Біз мынаның малтасын еземіз.
Ұл мен қыз ақ шүберектей ағарып, алдымызда қалшылдап, дірілдеп түр. Сабан сирақтың мұңлы қой көздері мені бірден баурап алды. Жоқ, оған қол көтеруге батылым жетпейді. Шегіртке жер тепсініп, шырылдап жылай бастады. Оның осы жылағаны маған жігер берді. Қыздың жіңішке білегінен ұстап алдым. Бірақ біз еркек намысының, жігіт әдептілігінің не екенін білеміз. Қыз баланы үру түгіл тырнақ тигізбейміз, тіпті бояр қызы болсын, мейлі. Жылағаны маған түк эсер етпейді. Көзі мысықтың көзіндей жап-жасыл Аяйтыны жоқ, ал анау баланың көзі...
- Кісінің қанын ішкен боярмысың сен? - деп жекірді Сапарғали. - Бояр болсаң, мә! Сазайыңды тарт! - ол Сабан сирақтың өңменінен түйіп жіберді. Асхат қосыла ұрды. Бала жыламады, қашқысы да келмеді, рақым сұрамады, жайымен ақталуға тырысты...
- Біз... мен бояр емеспін, балалар! Мүлдем бояр емеспін!
- Сен болмасаң, әкең бояр, шешең бояр, атаң бояр, әжең бояр! Сен бояр төбеттен туған боярдың күшігісің, - деп көтеріліп кетті Сапарғали. Тек баланың көзіне қарады да, қайтып беттемей қойды.
- Қандай бояр өзі, ашуыңды келтірмейді, - деп сасқалақтады Асхат.
- Аузынан сілекейі аққан кез келген боярдан, кез келген өлімтік буржуйдан жасқансақ, бізден күрескер шыға ма?! Күрескер жауға мейірімсіз, қатал болуға тиіс! Мына мен сияқты!
Сапарғали Сабан сирақты тағы бір соқты. Оның желкесінен қатты итеріп жіберді. Бала омақаса құлады. Сапарғали Асхат пен маған сынай қарады. Жұрттан қалмау үшін мен де Шегірткені ұстаған күйі жерде етбетінен жатқан Сабан сирақты бір тептім. Тебуін тепсем де тұла бойым шымырлап кетті.
...Басқаларға еріп өзім қаламаған жаман істі алғаш рет істеген жерім, бәлкім, осы шығар. Есіме түссе, әлі күнге оң аяғым тартып қояды. Бірақ, өкінішке орай, кісіні тепкенімнің алды-арты осы ғана емес-ті... Сол себептен болар, кейде жүрегім шаншып кетеді.
Балаға біз қайтып тимедік. Ол ақырын басын көтерді. Оның иегіндегі жарадан қан ағып түр. Шамасы, тасқа құлаған - ау. Қолымен иегін ұстады. Алақанына қан сау етіп құйылды. Қан көргенде де ол өзгермеді. Сол үнсіз қалпында қалды. Аяғын нық басып, шалбарының шаңын қақты. Жараланған ағасын аяп, Шегіртке одан сайын шырылдап жылады. Мен оның қолын босаттым.
- Жылама, жаным, түк ауырмайды. Сумен жусақ тыйылады, - деді бала. Ол біздің бәрімізді елеген жоқ. Қарындасын жетектеп алды да асықпай кете берді.
Біз аң - таң болдық. Сабауын сабадық - ау, кімді сабадық осы? Қыз бен бала төбеге көтерілді, одан қыр астына түсті де біржола көрінбей кетті. Көзден таса болғанымен, көңілімізден кетпеді олар.
...Бұл боярлар біздің ауылға қайтып келмеді. Жылжып жылдар өтті. Мен де қала тұрғыны болып кеттім. Шаш қойып, өлең жазып, тіпті оларды бастыра бастадым. Алғашқы кітабымның қолжазбасы баспаханаға кеткен соң бір-екі күннен кейін осында жүгіріп келдім. Күтуге сабырым жетпеді.
- Анау ағайың сенің кітабыңды теріп жатқан, - деп көрсетті маған біреуді.
Әріп терушінің қасына бардым. Ол мені байқамады. Мойнымды созып қарадым. Қолының қимылына көз ілеспейді. Мен жазған сөздердің әрібін теріп жатыр. Саусақтары қорғасын әріп емес, асыл тастан алқа тізіп жатқандай қастерлеп, аялап ұстайды.
- Сәлеметсіз бе? - деп амандастым мен біраз уақыт өткен соң.
Ол маған қайырыла қарады. Сарғыш аққұба жүзінде күлкі ойнағандай болды да, адырайған көңілсіз көздері самарқау қалды. Ол басын изеді. Мен дереу бір шетке бұрылдым. Иә, бүл кісі баяғы Меңнулланың үйіне келетін бояр - Сабан сирақ пен Шегірткенің әкесі екені күмәнсіз. Мұнда қайдан келген? Әлде бұл тап жауы ізін жасыру үшін жүрген жоқ па? Өткендерін жасыру үшін? Мен біраз күдіктеніп қалдым... Ал кейінірек осы күдіктің аяғы ар - ождан азабына айналды.
"Меңнулланың бояры" дегеніміз, бала шақтан баспаханада жұмыс істеп, өкпе ауруына тап болған жүмысшы - әріп теруші болып шықты. О бір жылы ауруы меңдеп кеткен соң шипа болар деп ол біздің ауылға қымызға барған екен. Қарашы, кімнің балаларын жәбірлегенбіз біз! Ол әріпті әріпке қосып, менің алғашқы өлеңдерімді алаңсыз теріп, тасқа басып, олардың өмірін ұзартқалы жатыр. Оған бұл дүниеде осыдан қажетті, осыдан тығыз іс жоқ сияқты.
Мен оған бір ауыз сөз айта алмадым. Қимадым. Ұяттан өртеніп кеттім.
...Төрт жылдан соң тағы да кездестік. Дәл сондай ойлы, қой кездер маған қадала қарады. Мен оң мен түстің, өлім мен өмірдің арасында жатқанмын... Көкжиек шайқалып, жатқан жерім теңселеді. Жер теңселмейді - ау, мені зембілге салып әлдеқайда алып барады. Мен өзім тербелемін. Малмандай терге батқан арық солдат мені әрең көтеріп келеді. Оның иегіндегі көлденең тыртықтан көз айырмаймын... Тыртықтан бұрын жара түседі ғой, жарадан қан ағады. Бүл жарақаттан тамған қан өте алыста, Терең сайдағы сұр тасқа жұғып қалған болса керек. Жұққанды жаңбыр жуып, күн кептірген шығар. Ұмытуға, елемеуге бола ма... Ал жылдар өткен соң ол от ұшқыны болып түссе ше сенің жүрегіңе? Айтайық, езіңнің тұп - тура айыбың да жоқ сияқты. Оның ше, оның айыбы бар ма еді сонда? Жерге тамған әрбір тамшы қанға, әйтеуір, біреу айыпты, біреу жауапты - екі жақтың біреуі, әрине. Екі жақ та бірдей айыпты, не бірдей айыпсыз болмайды.
Иә, зембілде жатқанда - ақ мен оны таныдым. Тәндегі жараларымның сыздағаны басылды, бірақ...
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру