Әділбек Ыбырайымұлы. Ұяластар
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Әділбек Ыбырайымұлы — «Әділбек Ыбырайымұлы. Ұяластар». Бірінші бөлім. СҮРГІН
/uploads/67db09e4-ecaa-5e03-a81e-4a84b611a232/cover.png
Бірінші бөлім. СҮРГІН
Күн бұлыңғыр. Демін ішіне тартқан қара жүрек қатігездің кеспірі сияқты дертіп, көкпеңбек күйі сыздана шытынаған. Әрі көңілді тұтаған сүреңсіздігімен қоймай, соңы буырқанған боранға ұласатындай мүттәйімдік нышан байқатты. Ал жаратқанның жанары көрінбегелі қай заман...
Сіреп түскен қар күртікке айналып, тас түйін бедірейген қалпы мизімейді. Қара жердің бетіндегі сойдақталған әжім тектес ой-шұқырын тегістеп, құтты бір жамалы опаланған теледидар жүргізушісіндей даланың өңін жылтыратып жіберген. Әдетте, жасанды жылтырақтың суық болатынындай, қылаусыз «әшекей» болмашы жаяу бұрқасынның өзіне шаңыта безерленеді. Қапияда уысында тұтамдалсаң аяй қомас: жаныңды шырқырата құрсаулап, жетпіс жеті әкеңді танытатын түрі бар. Тым құрымағанда мардымсыз боса да жылт еткен күн сәулесі білінсеші. Неше күнгі сілбілеген сұрқай дүние еңсені басып, онысыз да әтүйірі қашқан өмірді сұрықсыздандыра береді.
Осы көрініс етектің жазығына дендеп енген сайын қоюлана түскендей. Ара-тұра қараған, жыңғыл, үшқат сияқты шөлейтке өсетін бұталы өсімдіктер ұшыраспаса, қылт еткен көлденең қылау жоқ. Хан да, қара да жүретін күре жолда қыстың көзі қырауда пенде атаулы ілуде-шалуда кездеседі. Әсте, табиғат қолайын жақсы білетін жүргіншілер ауа райының қытымырлығынан сескенетін сыңайлы. Ал, анда-санда қылаң беретіндер шекесінің қызғанынан емес, әлдебір қыжалаттан, нақтысында тағдырдың қыспағымен жанын жалдағандар тәрізді.
Міне, осындай қанын ішіне тартқан сұрқай күнде сұрқай машина сұрқай тірліктің арасына сәт сайын тереңдей сүңгіп, мейлінше құлашын кеңге жазды. Жапан түзде жападан-жалғыз қара жолды жауып қалған қасат қардың үстінде қалықтап барады. Қай жерде сапары үзілетіні бір құдайға ғана аян…
Жапардың қара тұяғынан хал кетіп, иіні салбыраған қалпы тауы шағыла сабылғанына екінші тәулік. Бірақ тынымсыз шабуылдағанымен өндірген дәнемесі жоқ: текке арам терге шомылып, шаруасы бір орнынан тапжылар емес. Ілгеріге қарай жанын салып қанша өңмеңдегенімен, ісі бір оңғарылмай-ақ қойды. Есін қашырып, жан-жағынан анталай қаумалаған қырсықтың бетін қайтарар қайласын таппады.
Жанына зауал батты ма, кеудесі көріктей көтеріліп ауыр күрсінді. Қаздай шулаған көкірегінен ыстық жалын шарпыған леп атқылады. Өзегі ит тырнап жатқандай удай ашыды. Улы тырнақ жүрегін аяусыз осып-осып өткендей, өңінен сәл шіміріккендіктің нышаны білінді. Сол қолымен маңдайына құлаған шашын кері қайырып қойды. Аспан мен жер әппақ боп тұтасып, аяқтың астын жөндеп көрсетпейді. Соған тапжылмай үңілемін деп әбден қадала қараудан жанары талса керек, дүние буалдырланды. Алайда, мұны қайда екені белгісіз, сүйретіп әкетіп бара жатқан қара жол әсте де таусылар емес.
Енді бірде қабағы тұнжырай тас түйіліпті. Өңі күреңіте солғынданған, сұсы көрген көз тіксінетіндей сұп-суық. Сақал-мұрты сояудай боп көк моразданған. Күйі қашып, жүдегенге ұқсайды. Жейдесінің жағасын да кір шалған. Екі ұрты суалып, шаршағандықтан ба, әншейіндегі аясы кең нұрлы жанарлары сығырая жылтырайды. Көзінің төңірегінен жолақ-жолақ ұсақ әжімнің ізі білінеді. Күтімсіз дудыраған шашы одан бетер түр-әлпетін әлем-жәлем жасаған.
Шарасыздықтан миы шағылып, шақша басы шараға айналған. Қандай амалдың барын білмей, алжыған итше беталбат сенделіп келеді. Жол жеткізер емес, мұрат екібастан…
Бұл – ит тірлікте осылай әбден шөре-шөреге түскен пышана пенде еді.
Жапардың еріксіз өзегі қыжылдады. Дөңестеу қабақтары түйіліп, тайқы маңдайынан тарта екі қасының арасына тігінен түскен сызық пайда бола қалды. Кескіні әлдебір кеселден болмашы тыжырынғандай кепке енді. Жауһат шырағының әшейіндегі ұшқынын кіреуке мұңы торлап, енді қайта сол бір жылылықты аңғартпайтындай тұманыта тұтады. Атжақтылау біткен бетінің бұлшық еттері білемденіп, тағдырдың көлденең тартқан сыйына зығырданы қайнады. Осынау кеспіріне орнаған кейістік, оның жүзіндегі әжептәуір сүйкімділікті үшті-күйлі жоғалтып жіберген еді.
Ақымақтықтан тартқан азабына жанығып келеді.
Жанын қарманып, шылымын іздеді. Кішкене қызыл қорапты қалтасынан алып, әуелі ноқаттай ғана темекі тұтатқышты басты. Назарын жолдан айырмаған қалпы «оқшантайдан» бір бұрамын суырып, ерніне қыстырды. Сосын қайтадан баппен қораптың аузын жапты. Осы кезде тырс етіп, тұтатқыш та қызғанын аңғарта ұясынан кері серпілді. Сол заматта-ақ бәріне икем оң қол, әлгіні тажалдың жалғыз көзіндей қызартып әкеп, танауының астына қарай жақындата берді.
Көк түтінді бұрқ еткізгенде барып, жанары шырадай жанып, бойы байсалданғандай көрінді. Көк желкесінен бастап тартып сірескен жаурынының құрысқаны бір сәт ыдырағандай сезілді. Әйткенмен, бәрібір иіріміне жаңқаша үйірген ой ырқынан шығара қоймады. Табандатқан бұл бәледен арылайын десе де, сол сәтінде-ақ басы жадыланғандай әбілеттің соңынан өзі еміне сүмеңдеп бара жатты.
…Құдай бір айналдырса, келекесіне ұшыраған басты шыр айналдырады екен. Сона-а-ау жылдан тірлігінің кетеуі кетіп, ері мойнына итіне береді. Бір кездерде алдына биік мақсат қойып, күн ілгері сызған ұлы арман-жолының нобайы түбірімен күл-талқан күйреді. Ештемені уысында ұстап тұра алмады. Себеп… айта берсе, алуан түрлі. Онсыз да былайғы күйкі күйбеңдегі тауқыметтен қажып, сіңіріне ілінген шағында бірінен соң бірі бәлеге арандап, інілері әбден титықтатып бітті. Әсіресе, араларындағы жалғыз шешелерінің халі Жапардың арқасына аяздай батты. Бейнет пен қасіреттен арса-арсасы шығып, маңдайындағы әуелден-ақ қалың әжімі қырық қабаттанды да, сүтінен қожыраған шібіштің желініндей екі ұрты шүршие суалды. Қос жанары шүңірейе ұясына кіріп, түр-әлпеті сұрықсыз кеспірге айналды. Әшейінде-ақ жел мен күнге тотыққан өңі енді өрт сөндіргендей мүлде қарақошқылданып, қазанның түпкүйесіндей кепке енді. Басқаны қайдам, осының бәрі ең бірінші мұның жүрегіне шаншудай қадалды.
– Уһ-һ… – Аузынан темекінің көк түтінімен бірге, шер мен запыранның жалыны қоса атылды.
…Баяғыда-а-а… Баяғы болып кетті ғой, түге, 1985-ші жылы үміт пен күдік араласқан дүдәмалдың ортасында қақпақыланып келгенінде құдай қолдап, аңсаған арманы орындалды: жазатайым оқуға ілікті. Бірақ, жұртшылық жыр ғылып айтатын, жазушылар тамылжытып жазатын студенттік өмірі елді тамсантатындай өтпеді. Қалпындағы буазыған мамыражай дүние, мұның оқуға түсуін аңдып тұрғанындай тегенедегі сүтше шайқалды да, мұқым жұртты абыр-сабыр жасады. Кеңес өкіметінің тәлейінде болып көрмеген реформа, сараптау басталды да жөнелді. Дәп ұйытқысы іріген тұсқа киліккен жастық ғұмыр, қолдан жасалынған қилы сынап-байқаудың негізгі нысанына айналды. Әркім әртүрлі жаңашылдықты іздей тәжірибелік тәсілдер жүргізіп, көптеген тағдыр тәлкекке ұшырады. Жоғары білім беру саласында алғашқы қарауылға ілінген, студенттік оқу кестесі болды. Содан ба, дәріс дәйексізденіп, сапырылысқан ғалам одан сайын құйтұрқысын үдете түсті, үдете түсті. Ән-думанның етек-жеңі жиналып, ашқұрсақтау сүркіл тірлік сөлбірейе төбе көрсетті. Өларадағы сілбілеп жауған жаңбыр тәрізденіп, тоқтамай қойған қойыртпақ қоюлана берді, қоюлана берді. Қысқасы, сол бір кезеңнің тыңдар құлақты тұшындырып айтар шақтары тым аз.
Еңбек жолы да қиракездеу басталып, тұрмыстың ауыртпашылығы титығына тиген. Әбден ерқашты етіп, сілесін қатырғаны – баспанасының жоқтығы-тұғын. Кеңес өкіметі қирап, әркім өз қотырын өзі қаситын капиталистік дәуірдің дарбазасына еніп кетсе де, «жұмыс орнынан үй аламын» деген қанға сіңді қағидадан арылмады. Бір жазушының кітабындағы іргеде жүнін түтіп отырып феодализмнен социализмге бірақ секіргенін аңғармай қалған кемпір, сол жүнін түткен қалпы социализмнен капитализмге оралғанын да байыптай алмады.
Осы оңы мен солын байыптай алмай қалған кеп тұтастай қара халыққа тән еді. Әйтеуір, бәрі ертеңгі күнге үміт артатын тәрізді. Жапар да болашаққа сенді… Кімге, неге сенетінін де білмеді. Құдайдың өзі жарылқай салатындай болып көрінді. Сондықтан, әлдебір заманға бейім пенделерше көпшілік дүркірей соңынан ілескен саудаға да селт етіп, ыңғай танытпады. Ең бірінші ол әбілеттің білегі көтере алмас шоқпар екенін білді, білгеннен кейін беліне байламады. Байламағаны – ары жібермеді. Әлдекімнен, әлденеден қысылды. Мәліш бұйымын бұлдап, біреудің артық қара бақырын да алғысы келмеді. Обал-сауабынан қорықты. Екі кішкентай күшігі бауырын қалт-қалт көтеріп, көзін енді жыртитып ашқан. Соларға қырсығы тие ме деді. Содан кейін бәріне көнбіс қойторылық қалып аңғарта, осы қоңырқай тірлігіне бейілдік білдіріп, түпкілікті мойынсұнған. Бәлкім, біржола солай жүре беретін бе еді…
Кенет жеткен суыт хабар шымбайына қатты батты. Тұтас бұқарамен бірдей сіңіріне ілініп, әупірімдеп күн кешіп жатқандарында көрген нәубеттері аздай, зауал бұлардың әулетіне төтеннен жабысты. Соры қайнаған шешесі одан сайын соры қайнап, тәукеншік тірлікте тағдырдың татасын тартқанын түсінді. Өйткені, ұлы түрмеге түссе қай ана зарланбасын? Сорлы байқұс «қатарынан төрт қыз таптым, құдай маған ұл бермеді» деп уағында зар илесе, кейін зауалды тәңірден тілеп алған ұлдарынан әбден шегетінін сол заматта білмеді-ау. Әрі мынау көретін көресісінің бастапқысы екенін де екшемеді…
Әке баяғыда-ақ аттанатын жағына аман-есен қоныс аударған. Осындай иыққа салмақ түскенде, үй ішінен бас көтеріп шығатын ешкім жоқ. Не жасаса да тек Жапардың өзі ғана. Тепсе темір үзетін тете інісі бар-ау, бірақ құдай сана бермеген соң, қайтсін. Оған – бәрібір. Сорлатқанда, одан кейінгі інісі Жүсіп арандаса да жалғыз барып арандамай, төрт адам бірігіп қылмыс істеп қақпанға тұтылған. Ең ішіндегі “марқасқасы” да сол, бір басына қылмыстық істің төрт бабын жамап, темір тордың төрінде баптанып жатыр. Тағылған айып: ұрлық, қарақшылық, суық қару ұстаған, ұйымдасқан сыбайластық. Міне, сөйтіп, ешбір тегеуріні мықты мизіте алмас батпанның астында қалған да қойған.
Енді не жасамақ? Қымбатшылық қысып, зорға ілдәлдалай күнелтіп жүргенінде қайдан сапар шеге алсын? Алып-ұшып бара қалғанда да қиратып тастар дәнеңесі жоқ. Құр келіп-кеткеннің не септігі бар? Тек шерменде шешеңе төбе көрсетіп, көңілін демдеп қайтпасаң.
Ақыры жолға қамданды. Оның өзінде де көрші-көлеңге қарызданып, тиын-тебенін жинап-жасқап, барып-қайтуға жеткізді.
Бұл – наурыздың басы-тын.
Көңіл айдыны орталанып, автобустан сүлесоқ күйде түсті. Бірден алыстан көзге ұрғаны – ауылды әлдебір беймәлім де белгісіз күңгірттік жайлаған. Бұрын да оңғаны шамалы еді, ал бүгінде үйдің сиқы тіпті қашып жұтаңданған. Жаңбыр мен қардың суы тиіп, әр-әр жерінен сылақтары құлаған қабырға қотыраш-қотыраш. Ал, сиықсыз ағаштардан істелген сырсыз қақпаны күн жеп, әбден ақжемденген. Оның үстіне қоршауы бір түзудің бойымен тартылмаған, қисық-қисық. Кей тұсы арса-арса, арық сиырдың қабырғасындай ебедейсіз ырсиып-ырсиып тұр. Сонадайдан ретсіздік мен мұндалап, көзге ұрады. Ол аздай есіктің алды қоқыс. Қора жақ қыстан тазартылмаған сабан мен қиға толы, онысы мына ауланың әрімен әндем жараса қалыпты.
Осының бәрі жүдеу сұрқай тірлікті одан сайын сүреңсіздендіріп, өзегін тырнады. Қараптан қарап жұртта қалғандай көңілі құлазыды. Сосын, жағдайды өзгертіп жібергенге қолынан ештеме келмейтін дәрменсіздігін білгенде, зығырданы қайнады. Амалсыз жерге шырт түкірді.
Қақпаны ашып аулаға енді. Үйде жан-пенде жоқ. Тек шынжырдағы сары төбет қана иен шаңыраққа ес. Соған сенгендіктен бе, әлде тапа-тал түс болғандықтан ба, есікті құлыптамай құр әшейін жаба салыпты. Бәрі ашық-шашық.
Жаңа автобуста келе жатып ауылдың іргесіндегі қоңыр таудың бөктеріне көз жүгірткен. Әр-әр жерде шашыла жайылып жүрген ұсақ малды байқап еді. Енді, «солармен бірге таласа тәтем де бес-алты саулығын өріске шығарған екен ғой» деп қорытты. Содан соң көп бөгелмей бақшаны көктей өтіп, мал жайылады-ау деген жақты бетке алды.
Өзінің жорамалдағанындай болып шықты. Шешесі Нұрғаным өрісте жүр екен. Сонадайдан көріп сыртқы пошымынан бірден таныды. Бұрынғы дағдысынша суық өтпейтіндей қалың киініп, салысын шарт буыныпты. Осы үйреншікті кейпі алыстан жанарына оттай басылды. Бірақ, оның бұған көзі жетпейтін сияқты. Әлде, бар назарын малға салып, ары-бері жүрген сөдегей-солпы адамға онша ден қоймай ма, сөлбірейіп келе жатқан ұлына, әйтеуір, көңіл аудармады.
Өйтетіні, бүкіл ауылдың ұсақ-түйегі осы күнгейде тәрізді. Аяқты мал тоқтамай біріне-бірі қосылып кетсе, үлкен адамға ол да бір қып-қызыл машақат. Оңайшылықпен бөліне қоюы қиын. Сондықтан бес саулығын көзінен таса қылмай әрқайсысын жіті қадағалап, сол табаны тілініп жүгіретін әурешіліктен алдын-ала қорғаншақтанатындай. Осындай малға алаңдаушылықтың үстінде бейсауат жүрген кісіге қарамайтыны аян.
Жапар шешесін ап-анық көріп келеді. Өңі әбден тотығыпты. Әжімдері қатпарланып, жанарының нұры тайған. Кескіні қамкөңілдіктен күңгірт тартқан. Үсті-басы да қораш, көктемнің қара суығы өтпесін дегендіктен бе көр-жердегінің бәрін иығына іле беріпті. Бет-әлпеті қаракүреңденіп, жер татиды. Онысы көкірегіндегі қайнаған қамырығының көбігіндей кілкілдей көзге тосын көрінеді. Тым жүдеу. Құдды айдалада жападан-жалғыз қаңғыған Мұңлық пен Зарлықтың шешесінің кебіне енген.
Арқан бойындай жерге таянғанда ғана мұны аңдап, жыртық көздері жасаурай сүзіле қарады. Екі ара құрық тастамдай қалғанда анық ұлы екенін білгендіктен бе, жүзіне бір жылылықтың ұшқыны жүгіріп өтті. Сосын қорбаңдай қарсы жүрді. Ұмтылған қалпы соқталдай мұны бас салып, отызды алқымдаса да бетінен шөпілдетіп сүйіп жатыр. Иегі кемсеңдеп, ыстық жасы көзіне тимей-тимей кетеді.
– Амансың ба, күнім? Дені-қарларың сау ма? – Құшағына көмкерген күйі сауалды төпелетіп, үйіп тастады. – Екі жаманың аман ба, Бибінің халі қалай? – Мұрыны пырс-пырс етіп, сөзі көмейінен булыға шығады. Әбден зар мен шер боп кернеген кеудедегі әбілет, ұлы келгенде еркінен тыс өзегін тырнап, иінін босатты.
Шешесінің мына сұрықсыз кейпін көрген Жапардың да қуыс кеудесі азынай жөнелді. Дүниедегі құрсағын жарып шыққан жалғыз анасына болмашы бір көмегін тигізіп, тұрмысын жеңілдете алмағанына сол сәт қатты күйінді.
– Жақсы, өздеріңнің халдерің қалай? – Сөз аялғысы болғаннан соң, осылай міңгірлеуден басқа шарасы қалмады. Әйтпесе, жай-күйін айтпаса да тірлігінің әлпеті ап-анық көзге ұрады. Ет бауыры елжіреп, жүрегі қан жылап барады.
– Жаман емес, ел қатарлы… – Жанарының аясына іркілген жасын жаулығының ұшымен сүртіп, суланып кеткен мұрнын бір-екі тартып-тартып қойды. – Тек, әлгі, Жүсіптің жазғанның жазмышына ұшырағаны болмаса… Естіп жатқан шығарсың?
Еті өсіңкіреп, доғалаңдануға айналған жанарын тоқтатып, ұлының жүзіне діңкесі құрыған қалпы аңыра қарады.
– Естідім. –Жапар күнәлі адамдай күңк етті. Мойны салбырап, басын төмен тұқыртты. – Естідім. Бірақ, келіп қайтуға мұршам жетпеді…
– Бір алла жар болсын де… – Енді өзегін уайым кеулеген ана, бұйығы қоңыр таудың етегіне бейамал қараған күйі күңіренді. – Өкіметтің босағасында жатқалы, міне, бес айдың жүзі боп қалды. Ана темір құрсауда қайтіп қана қыстап шықты десеңші... жөнді киім де алдырмады. – Көкірегі қарс айырыла күрсінді. Бұған Жапардың жаны күйзеле шырқырады. Қолынан келетін қайран жоқ, шарасыз бейшара. Өзінің мұнысына кімді жазғырарын білмей дал.
Салы суға кеткен қалпы төңірекке көз жүгіртті. Жан-жағында пышырай шашылып жиырма-отыздан ұсақ мал жүр. Арасында шошайған бала-шаға. Алабажақтанған сары ала қаздың бауырындай бөктер, күннің көзі енді біраз осылай тұрса әр-әр тұста жатқан қары еріп, дүрк етіп көтеріліп кетпек түрі бар. Сонда да, тақыр да болса бусанған жерге қой жарықтық жабысып, айырылмайды.
– Көп болды ма малды сыртқа шығарғандарыңызға? – Сұры қашқан әңгіменің әлпетін басқа жаққа бұрмаққа тырысып, өзінше тосыннан тапқан сауалы.
– Соңғы жұмадан бері жайып жүрміз. Көктің исі мұрындарына келе ме, сағырланған шөпке онша қарамайды топалаң.
– Күн ұзақ осылай далада жүресің бе сонда? – Сордың сорбақтасы сорған шешесіне жаны ашығандықтан ет жүрегі езіле аңтарылды.
– Әрі-бері алдаусыратып, күннің көзі қайтадан кешке қарай ызғарлана бергенде үйге беттетем. Үй демекші, үйде ешкім жоқ па екен? – Бұған еңсесін сала үйіріле қарады.
– Жоқ.
– Жайнақ жем әкелмекші-тін. Ана қыз мектебіне барамын деп еді, сонда кеткен ғой. Оларды түстен кейін де оқытатын өнер тапты, самалет ұшыратындай. Ал, үлкен қыз саудада, тәйірі. Қой, жүр, қарның да ашқан шығар?
– Жоқ.
Олар бес-алты саулықты екі-үш қозысымен шүршитіп айдап, ауылды бетке алды.
III
Бір түнеп, ертеңінде-ақ қайтадан Алматыға аттанды. Ұзақ жолдың соққанына шаршамады, ой соғып қажыды. Байқауынша бүкіл ауырлық мұның иығына түскелі тұр. Тетелес Сапар өз басын алып зорға жүр. Одан кейінгісі қамауда. Ең кіші бауыры мектепте оқиды. Қол ұшын созатын жан-пенде жоқ.
– Уһ-һ. – Ауыр күрсінді. Шешесінің «ана кішкентай ұлдарына қарасаң ет бауырың езіледі» деп, інісінің отбасын айтып, егілгені елестеп, қайғыдан қауызына сыймай тебіренді.
Үйдің іші сіңіріне іліне жүдеген. Кедейшілік. Ішіп отырған тамақтарының өзі – қатықсыз қара көже. «Ана ұл құдай қолдап аман-есен құтылып шықса, бәрі оңшалады ғой» деп тұспалдады. Бірақ соның темір тордан құтылуына, өзінің қандай қам-қаракет жасауын білмей дал. Қайласыз. Бәрін шешетін ақша екенін жақсы ұғынады. Әттең, ол құрғырың уысына түскен бе? Бар болса, елдің үстінен күн көріп отырған заң иелерінің құлқынына аяусыз тығар еді. Рас, Жүсіптердің жасағаны кәдімгі қылмыс. Бірақ, бүкіл бәле-жаланы солардың басына үйе салуға болмас. Негізінде шелек жалағандар тұтылып, қырсықтың қара тұлыбын бастарына тұмшалаған да алған.
«Жапа шектік» деген төрт адам, сегіз ірі қара даулап отыр. Төртеуі – жылқы, төртеуі – сиыр. – Бір сәт ішінен тынып, лажсыздықтан шешесі көзімен жер шұқыған. – Алдымен солардың жоғын түгендеп беруіміз тиіс».
Осының бәрі миына шегедей қадалды. Аяқ астынан сонша малды қайдан таба қоймақ? Амалы таусылғандықтан ақылы айрандай іріп, шарасыздықтың шатқалына құлады. Жол бойы сона-ау ауылдан Алматыға жеткенше жанын да, санасын да мазалаған осы ой болды.
Иінін басқан тұрмыстың ауыртпашылығы емес, тағдырдың кездейсоқ зауал көрсеткені еді. Келгеннен кейін де екі-үш күн сең соққан балықтай меңіреуленген халде жүрді. Осы аралықта «жыртық үйдің құдайы бар» дегендей, күтпеген жерден сәл еңсесін жазарлықтай бір жақсылықтың шеті қылт етті. Ол – мүлде бұл ойламаған тосын жайт-тұғын. Үлкен бір акционерлік қоғамның президенті жалақысы дұрыс, басшылық жұмысқа шақыра қалғаны. Көктен іздегені аяқ астынан жерден табылғандай ұсыныс болғанымен, бірден бағасын төмендетіп алмаудың жолын көздеді.
– Мен мұны алып жүре алар ма екем? – деді алғаш шақыртқанында, әрі шынында да күмәнді көкейдің күлкілін аңдатып. Әйткенмен, санасында «осы жұмысқа аяғымның ұшы ілініп кетсе, Жүсіптің шаруасының бір жағынан шығысуға да шамам жетіп қалар ма еді» деген жақсы үміттің ұшқыны бой көтерді.
– Неге алып жүре алмайсың, әбден оны игеріп кететініңе көзім жеткеннен кейін ұсыныс жасап отырмын.
Президент ағынан жарылып, бұл ұйғарымның төңірегінде біраз ойланып барып, шешімге келгенін жасырмады. Және Жапардың айтқанына келіспейтіндей, жанарын бұдан тайдырмай қадала түсті.
– Әйтеуір, сіздерді ұятқа қалдырып жүрмейін… ештеме өндірмей... – Булығып барып босаңдау жауап қайырды. Онысы, бұл ұсынысқа іштей насаттана қуанғанымен, жауапкершілік үдесінен шыға алмай қалмаймын ба деген дүдәмалы-тын.
– Қорқатын дәнеңе жоқ, шамаң жетпей жатқан жерде көмектесеміз. Өзіңмен-өзің сыртқары қалып қоймайсың. Сенің проблемаң – біздің проблема, біздің басымызды қатырған мәселе – сенің де басыңды қатыруы тиіс. Өйткені, бәріміз бір ғана мүддемен жұмыс істейміз. Жеке шаруаның, өкіметтің шаруасынан айырмашылығы да осында.
Жапар мына қамқор уәжге жүрегі елжірей ойланып-ақ қалды. Ешкім бұлай жанашырлық танытып, дәл мұндай қиналған уақытында жәрдем қолын созбаған. Әп-сәтте-ақ ішкі әлемі астаң-кестең қотарылды. Алып қашқан әрқилы байламдарының ешқайсысына жіп таға алмай дал. Ақыры:
– Үш күнге мұрсат беріңіз, – деді лоқ еткізіп кесімді сөзін айтудан тайынып. «Бүгінгі ұйғарымым атүсті боларға» жорыды. – Ойланайын, бір байламға тоқтайын.
«Әлдеқандай болып бәлденгені несі, «кедейдің кербезінен сақта».., әулиесінбей барсыншы әрі деген жаман ой келіп қала ма көңіліне» деп, тағы да іштей қыпыжықтады. Жоқ, президенттің райынан ондай нышанның ізі білінбеді.
– Ойлан. Қабырғаңмен кеңес.
Жайбарақат пішінінен танбай тағы да бұған «ұзын – арқан, кең – тұсау» қалып байқатты.
– Мақұл.
Екеуі жылы қоштасты.
Бір қызығы бұл жігітпен немере бауыры Сүлеймен арқылы былтыр танысқан. Олар өзара әуелден тығыз қарым-қатынаста болса керек. Аты – Зейнел. Тәңір жазса адам кездеседі екен, одан кейін де бастары ірілі-ұсақты жиында екі-үш рет тоқайласты. Жарқын мінезді, ақ сары жігіт үнемі жылы ұшырай амандасатын. Бұл да оған іш тартып, әуелден білетін адамдай етене бола түсті. Енді, міне, Зейнел мұның үш ұйықтаса түсіне де кірмейтін бір шаруаның басын қылтитып отыр. Оған «ойланайын» деп сыпайылық таныта айтқанымен, ұйғарымын әлдеқашан жасап қойған. «Жарайды» деп қолқ ете қалуға, арланды. Жаны мұрнының ұшына келіп тұрғанда, әрине, бұл таптырмайтын тұс. Жақсыдан – шарапат деген осы. «Әлде, Сүлейменнің ықпалы тиді ме» деп те ойлады.
Кесімді үш тәулік өтісімен, өз шешімін білдірді.
– Дұрыс, мұның жақсы. Солай тұспалдағам. – Жайдары қалпы жымиған күйі, креслосының арқалығына шалқайды. – Ал, қызметің құтты болсын! – Қайта алға ұмсынып, қолын ұсынды.
– Рахмет!
Ертеңінде таңертең жаңа жұмыс орнына бірінші күннен кешігіп қалмайын деп, аяғын асығыс басып аялдамаға жүдемдете жөнелген. Ту сыртынан «кешіріңіз» деген тосыннан естілген үнге еріксіз мойын бұрды. Соңында сыптығырдай тартылған жап-жас жігіт имене күмілжіді. Әлде нәрсені айтуға ретін таба алмай тұрған сықылды.
– Сәлеметсіз бе?..
– Сәлемет… – Жапар да қапелімде аңтарыла тіл қатты, кейпінде ап-айқын «не керек?» деген сұраудың ізі жатыр еді.
– Кешіріңіз… машинаға мініңіз. – Бейсауат адам бүгежектей түсті.
Ашықтан-ашық мына шақырудың мәнісін түсіне алмаған Жапар айран-асыр қалпы жігіттің өңіне барлай қарады. «Не айтып тұр?» деген сауал еріксіз миына тепті.
– Сіз мені біреумен шатастырып…
– Жоқ. – Бейтаныс жанның сөзі нық, өңінен сенімділіктің ізі білінеді.
– Кім керек еді? – Тағы да тәптіштей ежіктеді.
– Сіз… – деді қыпыжықтап жас жігіт.
– Жайша ма? – Дауысы өзгеріп, кескінінен де қайран қалғандық білінді.
– Жұмысқа апарайын деп… – Жұмбақ адам бір түрлі қызарақтай күбірледі.
– Жұ-мыс-қа?! – Еңсесін сала шүйлікті. Сөзінің соңында таңданыстан ерінін жия алмай, ауызы ашық қалды.
– Иә. Мен сіздің шопырыңызбын.
Жапардың бойынан тоқ жүгіріп өткендей, денесі тыз етті. Мына сөзді өз құлағы ма естіген әлде түсі ме, соның байыбына жетпей жұмбақ күй кешті. Жалаңаяқ журналистің бір-ақ күнде шопырымен машина міне қалуы, еш көңіліне қонбады. «Біреу әдейі адам жұмсап, әзілдеп тұрған жоқ па екен» деп те ойлады. Сосын, біраз бөгеліп барып, лажсыз соңынан ерді.
Аулада ұйлығысқан үш-төрт көліктің арасындағы шетелдік әппақ сүйкімдісіне келіп тірелді. Жапар өзін әлі алып-қашты ойдың ырқынан арашалап үлгермеген.
Осындай алақұйын күй билеген қалпы артқы есікті ашып жайғасты. Лыпылдаған жеңіл неме орнынан бірден атырылып, көл дарияның бетіндегі су жыланша сырғанай жүйтки жөнелді. Толассыз машиналар аққан көшелердің бірінен кейін біріне өтіп, әп дегенше-ақ офистің алдына көлденеңдей келіп тоқтады.
Көңілінде бой көтерген қобалжу әлде қысылу сезімі бар, бөгде де бейтаныс кеңсенің табалдырығынан аттап ішке енді. Соңғы күндері ғана жүздері таныс боп қалған жаңа әріптестері жылыұшырай амандасты.
– Сәлеметсіз бе?
– Қызметіңіз құтты болсын!
Тұс-тұстан білдірілген ықыласты ілтипатқа Жапардың жаны жайылып сала берді. Ешқайсысы мұны тосырқап сыртқа теппей, алғашқы сәттен-ақ іштеріне қарай тарта түсетіндей.
Мүлде бұған беймәлім жат саладағы жылы шырай жігітке бейсауат орта, жаңа қызметке тез үйренісетіндей нышан танытты. Әу баста ұжымының психологиясы мен қарым-қатынасы тосын жұмыс орнынан тартыншақтағаны да өзіне аян. Өйткені, бұл – мұның қызметін тұңғыш ауыстыруы, өмірдегі табан тіреген не бары екінші мекемесі. Бүге-шігесі мәлім кәнігі орыннан жылжып кету сондай қиын болып көрінген. Сөйтсе, табиғаты бөлек ортаға соншалық үрке қараудың керегі де жоқ екен.
Көп ұзамай-ақ бір белеңнің шаңын бір белеңге қосып, тынымсыз шапқылау басталды. Аз оттап көп жусайтын жылқыдай, аз ұйықтап, жортуылы басым тірлікке түсті. Ел-елді аралап, ауыл-ауылды шолып, жинайтындары – инвестициялық жекешелендіру купоны.
Халықтың тұрмысы нашар. Қайда барсаң да балағаттап, ашуына булыға сөйлеген жұрт. Кімді сыбап, кімді жерден алып, жерге салып жатқаны белгісіз. Тіліңді тектеп ұстамасаң арасындағы ашынғандары ай-шай жоқ жуан жұдырығымен сілейте соғып, танауыңды дала-дала жасауы әбден кәдік. Сондықтан аузыңды бағып, заң түгілі заманынан қорықпайтын елден сақтана сөйлеу әбден орынды.
Міне, қоғамың тұтасымен осылай ыру-тыру. Үлкен екен-ау, кіші екен-ау деп, бір-бірін сыйлаудан қалған. Ежірей шал қит етсе қақ маңдайыңнан таяғымен салып кетуден тайынбайды. Көк өрім балалар сапсиған сақалынан алып, қарияны сабаудан да тартынбайды. Бәрінің қаны сұйылып, иманы қасымға айналған. Сол бет пішіні іргіл тартқан жұрттың ішінде жоқтан бар болып, аяғын басарға жер таппай жүргендері де ұшырасады. Бардан жоқ болып, кірерге көр таппай жүргендері де жетерлік.
– Купон ба?..
Сығыр көз кержақ сары әлдекімнің шікірәсындай сыздана сұрады. Болар-болмас тұқылы қалған попиросын дәміл-дәміл сорып, бұларға келемеждей қарайды. Үстіндегі қолтығы жыртық күн жеген көне көк жейдесі мен өкшесі сыртқа қашқан тәпішкесін ерен көретін түрі жоқ. Әрі онысының езуі ыржиып, ашылып кетіпті. Ар жағынан Шойынқұлақтікіне ұқсас тым жойыт, күс-күс башпайлары бадырая «мен мұндалайды».
Арада болмашы үнсіздік орнады. Әлден уақыттан кейін:
– Талдықорғанда бір кінәшқаны 100 доллардан алып жатыр дегенді естідім, сол рас па? – деді иегін қағып кержақ.
Мына қисынсыз әңгімеге Жапар еріксіз езу тартты.
– Жоқ, ол елдің қашыртпа сөздері ғой. – Мейлінше байыптылық танытуға тырысып, лезде күлкісін тия қойды.
– Жоғ-а-а, осы ауылдан да барып книжкаларын сондай ақшаға өткізіп келгендер бар! – деп, әлгі кержақтың жанында тұрған отыздың төңірегіндегі екі шойман қара жігіт қосамжарласа даурығысты.
Кеңсенің алды болатын. Әрлі-берлі өткендер мына бейсауат жандарды таңсық көріп, әрі не әңгіме-дүкен екенін білгілері кеп, құлақтарын тіге төңіректеріне іркіле бастады.
Сөзге қайтадан жасы жер ортасына ілінген әлгі кержақ араласты.
– Сендер сияқты сыпсыңбай саудагерлердің талайын көрдік. – Танауын шүйіріп, әлдеқандай болып шыға келді. Өзінің ұсқынының соншалық адам аярлықтай екені, езуі ырсиған аяқ киімі мен көн боп қатқан шалбары жырына да кірмейді. Осы сықпытынан қылаудай именетін түрі жоқ. – Біздің купонымызды алдап алып, қалаға апарып қып-қызыл ақшаға сатпақшысыңдар ғой.
– Ағасы, – Жапар мәселенің мәнісін түсіндіруге тырысты, – біреудің купоны біреуге жүрмейді. Онда сіздің аты-жөніңіз жазылған, жеке нөміріңіз бар, қалай оны әлдекімдер пайдаланбақ?
– Қарағым, олай заң-зәкүніңді соқпа! Талдықорғанда тура көкбазардың алдында сатып алып жатыр дейді. – Зейнет жасындағы келесі бір бөгде қария Жапардың жолын кесті. – Бүгінгі биттің еркегі мен ұрғашысын тап басып айыратын сұғанақ сұмдар, ондағы аты-жөнің мен нөміріңді пішту де демейді. Қалай қолайына жағады, солай бұрып ала қояды. Оған – көздері ашық, сауаттары жетіп тұр.
– Иә, тіпті Россиядан келіп алып жатыр дейді.
Әлдекім дүрмектің арасынан өзеуреді.
Сөзге қонақ бермейтін мына жініккен топтың кескін-келбетінен, қанша ұғындырса да ештеме өнбейтінін жақсы түсінді. Сондықтан, экономикалық сауатсыз қараңғы жұртқа сөзі мен уақытын қаза қылуға зауқы соқпады.
Сөйтті де мойнына су кеткен жаман жарбайдай еріксіз иіні салбырап, әлгі езулеген топты кейінге тастап көлігіне беттеді. Былай ұзағаннан кейін, қараптан-қарап отырып зығырданы қайнады. Ешкімге де емес, тек өзінің мына сөлпеңбай жүрісіне шамы қозды. Қазіргі қам-қарекеті бөгде түгілі өзіне, сіңіріне ілініп зорға отырған халықтан жылу жинап жүргендей көрінді. Ұсқынсыз, жиіркенішті елестеді.
Былайынша қарап тұрса заңға қайшы келетін тірлік жасаған жайы жоқ. Саудагерше айласын асырып, соқыр тиынын – қара бақыр, қара бақырын – күміс еткен де ештемесі жоқ. Бірақ, жылан шаққан қойды шабақтағандай, әркім-ақ аңдатпай біздей тілін бұған сұғып-сұғып алады. Әйтеуір, еш күнәсі болмаса да көптің қарғысын арқалаған бір бейбақ.
Қарапайым жұрт бүгінгі саясаттың байыбын қайдан білсін, жүз купонын кенеттен келіп қолына қарға саңғығандай көреді. Енді осы болар-болмас дүниесінен қарап отырып, тағы да айырылып қалмайын деп ойлайды. Сондықтан әбден ерқашты күйге түсіп, алдына қойған қос уыс жемді қызғанған шардақтай, қытығына тиетін сөз естісе алыстан-ақ құлағын жымыра береді. Тірліктің шыршуынан аузы күйген оларға жөн сөз айтқан адам да, жалғанды қисындырып соғатындар да – жақауратып, несібесін қағып кететін алаяқтар сияқты көрінеді де тұрады. Әбден жер қауып, біреудің сөзіне нанудан қалған. Өйткені, көлденең көк атты тұрмақ, құрсақтас ағайындылар да бір-бірін алдап жатқан уақ. Әйтеуір, ешкім ұғып жарытпас, сондай бәтуасыз заман. Сонау мамыражай шақ, бір ауыз сөз кепілдікке жүретін беймарал күндер атымен ғапыл болған.
Көкейінде осыны екшегеннен кейін әңгіме білмейтін мақаупес балаға ұқсаған халыққа қайран сөзін қор ғылып, уақытын текке шығындап бейсауат сенделгендей ұғынды. Дегенмен, көпшілік жиында жұртшылықтың санасына жететіндей қарапайым тілмен купонның не үшін керектігін түсіндіріп бақты. Тым құрымағанда «жылдар өткенде ол алтынға» айналады деп, сандығының түбіне тығып қоймасын деген ниетпен мейлінше егжей-тегжейлі сөйледі. Тіпті, қалаған жекешелендіру қорына табыстауларын сұрады.
Осындай сабылыспен тынбай ел аралап, шаруаға көп айналды. Уақыт болса өтіп барады. Жүсіп сол тапжылмай темір тордың арғы жағында жатқан күйінде жатыр. Шешесі зар илеп, екі көзін сауып ол отыр. Енді бір мұршасы келгенде шаруаның басын қайырып тастап, Текеліге тартпақ ойы бар. Аудандық сотқа кіріп, заң орнының тамырын басып байқап көрмек. Мәселенің бәрін ойдағыдай реттейтін бәтуаға келсе, майдан қыл суырғандай етіп қызметтерінің бағасының қанша тұратынын білуі керек. Содан кейін ғана барып әлдеқандай байлам жасауға болар.
Текеліге бармас бұрын әуелі ауылға ат басын бұрып, үйге соқты. Қақпадан ішке аттағанында есіктің алдындағы кілеттен қарындасының басы қылтиды. Шамасы, бейсауат машинаның дыбысын естіп, сыртқа қараса керек.
Ол мұны көре салып, аяғына тәпішкесін апыл-ғұпыл ілді де тұра жүгірді. Келген бетте мойнына асыла кетті. Ағасы бетінен сүйді.
– Халдерің қалай?
– Жақсы. – Гүлзат көздері жәутең қағып, ыржиып күледі. Бірақ, сонда да жанарының тұңғиығында кілегейленген мұңның шарбысы мен өңінен біртүрлі қобалжудың ізі білінеді.
– Үйде кімдер бар?
– Шынар екеуміз ғана. – Шынар деп тұрғаны жиен қарындасы, ең үлкен әпкесінің қызы.
– Апаң қайда?! – Таңданыстан дауысы қаттырақ шықты.
– Текеліде.
Секемал жігіттің іші қылп етті. Бұл сандалып жүргенінде сот талқысы өтіп, өзінің еш септігі тимей қала ма деп қауіптенді.
– Жайнақ қайда?
– Ол Қопаға кеткен.
Малдағы нағашыларының үйінде жүргенін іші сезді, сезсе де:
– Әшейін бе? – деп, нақтылай түсті.
– Сол, малдарын айдасып, жайлауға шығарысып салуға. – Гүлзат енді үлкен кісінің кейпіне еніп, сөзін салмақтай сөйледі.
Жапар жүрегі дауаламаса да Жүсіптің жайын білмек боп:
– Ал, апаң жайша кетті ме? – деп сұрады тәптіштей.
– Ана Қопадан әкеген малдарды Текелідегі кісілерге апарып беруге. – Қарындасының өңі сұлқ сынып, жаңағы насат шарпыған кейпі лездің арасында үшті-күйлі жоғалыпты. Бұл нағашыларының жәрдем қолын созғанын іштей ұғынды.
– Қашаннан бері үйде өздеріңсіңдер?
– Кешеден.
– Сабағың қалай?
– Жаман емес.
– Апаң немен кетті?
– Көкем үлкен машина әкеген, соған малдарды тиеп… – Көкем деп тұрғаны – Сапар.
– Қашан қайтатынын айтқан жоқ па?
– Бүгін келіп қалуы керек. Анау кісілердің кінә тақпай, ризашылығын білдірген қағазын аламын деген. Содан соң қорғаушыға жолықпақшы.
Мына әңгіменің сықпытынан оқиғаның барысын сырттай топшылауға болатындай еді. Жапар бір сәт бөгеліңкіреді, сосын барып өз жайын мағлұмдады.
– Мен де Текеліге жүріп бара жатқан бетім, жолай халдеріңді білейін дегенмін.
– Көке, шай ішіп кетіңіз!
Соны айтты да, апыл-құпыл қайтадан дастархан жасауға жүгірді.
Жапар сәл де болса арқасының құрысқан-тырысқанын жазайын деп, кең төсекке қисайған. Бірден бойы байсал тартып, денесі тұтастай шымыр-шымыр етіп балбырай жөнелді. Кілеттің қоңыр салқын бөлмесі жол соғып, ұшынған жанға нағыз шипа орын еді.
Көзі іліне қалыпты. Гүлзат оятқанда барып, өзінің қайда жатқанын әзер топшылады. Тұла бойы серейіп салға айналғанын сезінді және қол-аяғынан шойындай батпандықты аңғарды. Күштеп басын көтеріп, төсектің үстінде біраз сілейіп отырды. Сосын, беті-қолын жуып, ұйқысын ашайын деп тысқа шықты. Шопыр есіктің алдындағы көлеңкеге жайғасыпты.
– Қазір шай ішіп алайық, содан соң Талдықорғанға жөнейміз, – деді оған алдағы жоспардан құлағдар етіп.
– Жарайды.
«Ниссан-Блюберд» әп дегенше-ақ Талдықорғанға таянып келіп қалды. Қазір оңтүстік шығысқа қарай бұрылатын жолға түсіп, Текелі тауының аңғарымен ұңғуырлап, шатқалды жалдай тереңге сіңе береді. Сөйтіп, Жүсіптің үйіне барады.
«Тәтемді сол жерден тапсам көрім» деп, іштей уайымдады.
Сонау шатқалдың түбіне барып орналасқан рудникке қарай тартылған жол аяғы жеткізер көрінбеді. Ара-тұра жанама жолдар бөлінгенімен, қаланы қақ жарып төселген негізгісі – бір асфальт. Екі жағынан қапталдай үйлер салына берген. Және де шәрінің ортасын жарып Қаратал өзені ағады. Арынды тасқын таудан не бір ғаламат үлкен тастарды домалатып әкелгені ара-кідік өзеннің жайдақтау тұсын жанамалап өткенде байқалады.
– Қалай жүремін?
Шопырдың сауалы бей-жай қалпын бұзып жіберді.
– Басты жолдан шықпа. Бұрылатын жерді өзім айтамын.
Дегенмен таянып қалыпты. Мынау «кардондардың» атын білмегенмен, межелі жерлері жақын. Бір қызығы бұл қалада «ықшам аудан» деген ныспы кездеспейді. Елде жоқты тауып, «кардон» деген бір бәлені теліген. Іркес-тіркес салынған солардың арасымен бірінен-біріне өте бересің, шұбалаңқы. Бұл қала сонау кеңес заманының уақытында-ақ, одақ бойынша көшесінің ұзындығы жағынан екінші орын алатын.
Мөлшерлі тұсқа ілікті. Міне, «Клуб» аялдамасы, содан кейінгі қайқаңға қарай оңға салған жолмен бұлар да оңға кетуі тиіс.
– Қазір мына жерден бұрыласың, – деді сұқ саусағын шошайтып.
Асфальттан шығып топырақты сүрлеуге түскені сол екен, үйді-үйдің іргесімен жылжып, бір өзекшеден өтіп, төскейге көтерілді де демнің арасында жетті. Бұл кезде мамырдың алакеуім кеші де жер әлемін қараңғылығымен көмкеріп, біртін-біртін қоюлана тұмшалап үйіріле бастаған.
Бұл өзі қызық салынған үй: жетелеп әкелген жол дөңестің үстінде қалады да, баспана соның етегіндегі ойпаңға қарай орналасқан. Өйткені, сол ойпаңның табаны ғана қоныс теберліктей ептеп жазықтау біткен. Арғы жағы құлама жар болмаса да, үстірт қабаққа айналып кетеді. Ол жерге бір тірлік жасай қою қиын. Жалпы, көпқабатты баспаналардан басқа, жеке салынған тұрғын жай бөктерлердің қолайлы тұстарын қуалай бой көтерген. Осы себептен, түзу көшелер де некен-саяқ. Бұлтарыс-қалтарысы көп шаңдауыт жайдақ жол бірде құлдилап, бірде жоғарылап әрбір отбасының жымға қоныстанған мекен-жайына апарып тірейді.
Осындай оқшау жер қыртысына орай бұл үйге біреудің келіп, жалдың бойымен тартылған дарбазаны ашып шыққан-кіргенін ешкім байқай қоймайды. Қайта, бейсауат адам төмендегі үйдің төбесінен қарап, іштегі мән-жайды оп-оңай көре алады.
Қазір де Жапардың келгенін жан-пенде аңғармады. Аулаға байлаған кішкене ақ күшік үрудің орнына құйрығын бұлғаңдатып еркелеп, ара-арасында мүләйімси қыңсылады.
Ауызғы үйдің есігін ашты – тастай қараңғы, шам жанбаған. Шамды жағайын деп қабырғаны сипалап еді, қосқыш қолына іліне қоймады. Ілгері жылжып, адымдауға жазатайым еденде тұрған бірдемені іліп кетуден сақтанды. Мұқият аяғының басына қарады, ештеме жоқ сияқты. Сөйткенше көзі де үйреніп қалды. Бөлменің іші тастай қараңғы емес, күңгірт екен. Енді апалақтап, шам жаққышты іздемеді, әйтеуір белгісіз себеппен бөгеліңкіреді. Міне, іштегі дауыс құлағына ап-анық естілді. Шешесінің үнін жазбай таныды. Екеуі екі жаққа кетпей, осында жолығатынына қуанды. Сәл бойын билеген желпініс лебімен есікті шалқасынан ашты. Іштегілердің бәрі жалт қарасты.
– Амансыздар ма?!
– О-о, Жапарым екен ғой.
Шешесінің қарлығыңқы үні бірінші шықты. Әрі, жаман жарбай түйедей қиралаңдап, елден бұрын орнынан тұра бастады. Сөйтті де әлдеқашан қырмасақал болған бұның бетінен сүйді.
– Қалың қалай, қарағым? Дені-қарларың сау ма? Бибінің, балалардың халі жақсы ма?
– Аман-есенбіз, бәрі жақсы.
Осы кезде Жүсіптің үлкені Асхат келіп, апасының үйретуі бойынша «ассалаумағалейкүм» деп, қолын шошайтып ұсына берді. Сәби неменің ойында ештеме жоқ, қисық көздері ойнақшып, жақын туысы келгенге ерекше насаттанады.
Жапар еңкейіп оның бетінен сүйді.
– Қал қалай, жақсы ма?
– Әйбәт. – Езуі екі жағына жайылып, тіптен шадыманды дауыстады. Әйткенмен сәби жанарында әлдебір кейістіктің ізі жатыр еді. – Дәу папа, – мұны үлкендердің үйретуімен інісінің балалары «дәу папа» дейтін, – сен білесің бе, папамды алып кетті ғой.
Жапардың жүрегі шым ете қалды. Кішкентай нәресте өзін арқаланып, бір жағы пана тұтып шағынып жатқан сияқтанды.
– Қайда? – Жаны қаламаса да еріксіз осы сұрақты қоюға мәжбүр болды, өйткені кекілі селтиген кішкентай ұлға бірдеме айту міндеті тәрізденді.
– Түрмеге. – Нығарлап тұрып, құлшыныспен жеткізді.
– Сен қайдан білесің?
– Көрдім ғой, мілисалар қолына кісен сап алып кеткен.
Жапардың кеудесі тағы да шым етті. «Ойында ештеме жоқ шынашақтай нәрестенің көңіліне өшпестей дық түсті ме екен» деп топшылап үлгерді. Содан соң одан кейінгі кіші ұлды іздеді. Ол жозының қасынан тапжылмайды. Сәби жанарына беймәлім мұң жабысыпты. Ым қағып шақырғанына да селт етпеді.
Келінінің де өңі сынық, қамкөңіл қалпы ернінің ұшымен амандасты.
– Иә, қарағым, жұмысыңды ауыстырыпсың… Қолайыңа жақса, жарады… құтты болсын! Арғы-бергіні ойлап шешсең жарайды. – Шешесі сұлқ отырған қалпы жылусыз сөйледі.
– Рахмет! Жағдайдың беталысы қалай болып жатыр? – деп, Жапар негізгі жайтқа көшті.
Ас үйге аяғын тастап, келесі қуықтай бөлмеге өткенде осыны сұрады.
– Бәрінің талап еткен сегіз бас ірі қара малдарын әкеп бердім. Олар «Дүниеміз орнына келді, соттатпаймыз. Сотқа солай деп айтамыз, қолдарыңа солай деп қағаз береміз» дейді. Әйтеуір, ауыздары жақсы.
– Сапар қайда?
– Ол төрешіге кетті, рұқсат алсақ ертең тамақ апарып берсек пе деп отырмыз. Қазір келеді… келіп қалуы керек, ақ таңертең кеткен.
– Ы-ым… Дұрыс екен. – Бұл – әлі ештемесі айқын емес, бұлыңғыр істен Жапардың діңкесі құрып, лажсыздықтан айтқаны-тұғын.
Әңгіме үзіліп қалды. Үйді тым-тырыстық жайлады. Тыныштықты Нұрғаным бұзды.
– Жалғыз жүрсің бе? – Ұлына болмашы ғана мойнын бұрды.
– Жоқ, жанымда шопыр бар.
– Ой, ол баланы неғып шақырмай отырсың? – Шешесі ыршып түсті. – Бірге келген адамды сөйтіп далаға тастап кете ме екен? Әй, Асхат! – жалма-жан кішкене немересін іздеді.
– Не, апа?!
Қасына қасықтай қара ұл шауып жетті.
– Далада машинада аға отыр, сол кісіні «үйге шақырып жатыр» деп, ертіп кел.
– Жарайды. –Сәби бірден құлдыраңдай жөнелді.
Арада бірер минут өтпей шопыр да ішке енді. Табалдырықтан аттасымен сыпайы ғана амандасты.
– Қайрат, бері жүр! Мында кел! – деп дауыстады төргі бөлмеден Жапар.
Ол дауыс шыққан бөлмеге енді. Жолсоқты боп әбден қажып, екі көзі қызара қанталапты.
– Мен кішкене мызғып алсам.
– Шай дайын боғанша мына көрпенің үстіне қисай.
Жапар иегімен төрді нұсқады да орнынан тұрып барып, төсектің үстінен жастық алып берді. Қайрат жастықты құшақтаған қалпы екпетінен түсті. Көп ұзамай қорылға басты.
Шай ішіліп болып қалғанда Сапар төбе көрсетті. Қысқа амандықтан соң, төрешіні таба алмағанын айтты. Сосын барлығы ақылдаса келіп, Қарабұлақта тұратын Текелі қалалық сотының төрағасы Нұрланның үйіне баруға бекінді де, тығыз уақытты текке қаза қылмай бірден аттанды. Былай шыққаннан кейін Сапар:
– Оның әрбір поселкеде бірден-екіден үйі бар. Қай үйінде түстеніп, қай үйінде кештенетінін адам баласы біліп болмайды. Бүгін жұмысына келмеді. Талдықорғандағы үйіне кірдім, Крупскаядағы үйіне бардым – жоқ. – Терезені ашып тартып отырған темекісінің тұқылын сыртқа атып жіберді. Ұрты толған түтінді тысқа үрледі. – Ал, Қарабұлақтағы үйіне соға алмадым.
Жапар үндемеді. Ішінен тынып, ақылын сан тарапқа салып, әр қақпақылға ұрғыштаған өз ойымен өзі әуре.
Машина бұл кезде Текеліден шығып, Қарабұлаққа қарай құйғытқан. Жолды Сапар бастап келеді. Бір кезде Жапар:
– Сен төрешімен бұған дейін сөйлесіп пе едің? – деп, тағы да қайталап сұрады. Мұнысы қазір кездесіп қалса сөзді неден бастап, неден қоюдың нобайын көкейінде алдын-ала пісіріп алайын дегені еді.
– Иә, бірнеше рет. Көмектесіңіз, әкеміз ертеректе қайтқан, ауылда тұрамыз, жағдайымыз жоқ деп мән-жайды айтқанмын. Апам да жұмысына барып, көзбе-көз тілдескен.
– Жалпы, төреші сөзінің бет алысы қалай? Тәтеме не депті?
– «Апа, қорықпаңыз, көмектесемін. Барымта-сырымта деген халқымызға ежелден тән нәрсе. Ал, тек жанды қинайтыны, төртеуінің топтасуы. Әрі, балаңыздың басында елден ерекше бірнеше қылмыстық бап бар. Осы жағына келгенде кеңірек ойлануымыздың қажеттігін көремін», – депті.
– Былай, адаммен… тең дәрежеде дұрыс сөйлесе ме? Әлде танауын шүйіріп, биіктен қарай ма? –Жапар еңсесін сала Сапардың аузына үңілді.
– Мен-мендігін байқамадым, жалпы, жаман сөйлеспейді. – Ол бауырының бетіне назар тоқтата бір бөгелді де, сөзін сабақтады. – Мен бұған інісі арқылы шықтым, інісін бұрыннан танитын едім. Өзімен екі-үш рет кездестім, сонда «журналист ағам бар» деп сен туралы да мағлұмдағанмын. Қазір оңға бұрыласың, – деді әңгімесінің арасында Қайратқа жолды да нұсқап.
– Інісі қайда істейді?
– Ол осы Талдықорғанның «беделділерінің» бірі.
– Рэкет пе?
– Сондай «дөкейлердің» санатында.
– Ы-ым…
Олар қалтарыс-бұлтарысы көп сан қилы көшелермен біресе оңға, біресе солға бұлталаққа басты. Ақыры үлкен екі қабатты үйге тіреле тоқтады.
– Келдік, – деді Сапар.
– Бірінші сен көзіне көрін, сен көрінгеннен кейін-ақ мән жайға түсіне береді ғой. Ары қарай әңгімені өзім бастармын.
Жапар жерге табандары тигенше осыны айтып, бауырының қаперіне салып үлгерді.
– Жарайды.
Ұсынса қол жетпес биік темір дуалдың есігі тас бекітулі. Кішкене ноқаттай ғана іштегілерге үн бергіш бар екен. Сапар соны басты. Қоңыраусыз-ақ бұлардың дыбысына жінігіп, дарбазаның арғы бетіндегі арпылдаған иттің тарғыл дауысы ешкімді бейтарап қалдырар емес. Жеп жіберердей жер әлемді қуырып барады. Бітеу қорғаннан сықпыты көрінбесе де, әбілеттің тайыншадай тұрқы барына дүдәмалданбады.
Үйдің есігі ашылғандай болды. Шынында да солай екен. Ізінше дуалдың қақпасы сарт-сұрт етті, сөйткенінше 14-15-тегі ер баланың бойы көрінді. Ол бұл екеуін аңдасымен бір түрлі тіксініп қалды. Аман-сәлемі жоқ, көзі ежірейіп кібіртіктей берді.
– Папаң үйде ме? – Сапар бірден негізгі жайттан бастады.
– Қазір. – Шолақ қана ләм қатып, қайта кері қарай тұра жүгірді.
Көп ұзамай орта жастағы адам тысқа шықты. Есігінің алдындағы самаладай жанған шамнан кескін-келбеті ап-анық көрінді.
– Осы кісі, – деп, Сапар сыбыр етті. Адам келгенін естіп, көп бөгелмегеніне Жапардың іші жылыды.
Таянған оған Сапар «ассалаумағалейкүм» деп, қос қолын ұсына берді. Жапар да қабаттаса амандасты.
– А-а, сендер екенсіңдер ғой. – Бөгделерді көрген бетте бірден екпіндеген арыны басылғаны байқалды. –Талдықорғаннан інішектер «келеміз» деп әлгінде телефон соғып еді... Үйге жүріңдер.
– Беймезгіл уақытта мазаңызды алғанымызға кешірім өтінемін, – деп бастады Жапар, – аз ғана әңгімеміз бар еді… Мен кіріп шығайын, ол қала берсін.
Білдей бір сот төрағасының кіріптар пенделерді «үйге жүріңдер» дегеніне жүрегі тіптен елжіреді.
Нұрлан өзі бастады. Ауызғы үйге аяқтарын шешіп, келесі бөлмеге өтті де, баспалдақпен жоғары көтерілді. Көтеріле қалған жердегі шағындау бөлмеге жайғасты. Шалқақ диван, қос кресло, журналдық үстел қойылыпты. Төрдегі орынға үй иесі Жапарды өткізді. Жапар уақыттың біраз болып қалғанын топшылап, сөзбұйдаға салмай тоқ етерін айтуды іштей ұйғара әңгімесін бастады.
– Аға, түнделетіп жүрген жүрісіміздің мәнісін біліп отырған шығарсыз. Сапар сізбен жолығысып, мән-жайдың шет-жағасын айтыпты.
– Иә, апамен де сөйлескенмін.
– Ендеше мен сол кісінің үлкен баласымын, өзіңізбен бір ауыз тілдесейін деп... Жеті түннің ішінде жатсынбай қарсы алғаныңызға көп-көп рахмет. Ақыл-кеңесіңізді тыңдап, сол бойынша қам жасасақ па деген де ойымыз бар.
– Ініңіз, «үлкен бауырым журналист» деп айтқан еді, Алматыда тұрасыз ғой?
– Иә. – Жапар басқа кәкүр-шүкірге уақытты ысыраптамай, ойын әрмен қарай сабақтай берді. – Тәңірдің жазуымен алдыңызға келіп, танысып жатырмыз, атым – Жапар.
– Менің есімім – Нұрлан. – Үй иесі екенін аңғартып, бір жағы қошамет көрсетіп, қолын бірінші созды.
Жапар да орнынан атып тұрып, қос қолын ұсынып:
– Сіздің атыңызға сырттай қанықпын, – деді кішілік ілтипатпен елгезектік танытпағанына қызарақтап. – Әлдеқашан жолығатын жөнім бар еді, бірақ реті бүгін ғана түсті.
Осы кезде қырықтардағы етжеңді әйел баспалдақтан көтеріліп, бұлардың үстіне кірді. Жапар “сәлеметсіз бе” деп амандасты.
– Мынау жігіт, – сөзді киіп, оң қолымен қонағын нұсқап, – Жапар дейтін азамат. Журналист, Алматыдан келіп отыр, – деді Нұрлан. – Ал, бұл кісі, осы үйдің иесі – Ғалия.
Соңғы ләмін Жапарға қаратып айтты.
– Ғалия, бізге бір нәрсе реттеп жібер.
– Жоқ, әуре болмаңыздар. – Мынандай қонақжайлылыққа Жапардың мүлде бәйегі шықты.
– Ештеңе жоқ, сонау Алматыдан арнайы… – Сөзінің соңын жұтып тоқтады.
– Рахмет, аға. – Жүніске қатысты жайт жөнінде төрешінің өз аузынан көкейіндегісін естуге құлқы құлап, Жапар іштей тызақтады. Бірақ, сырттай ештеме білдіртпеуге тырысты. – Біздің ана бір тентек ініміздің мәселесі жанымызға батып барады. – Мейлінше салмақты көрінуге ұмтылып, әңгімені байыпты бастады. – Оның кілті, Нұрлан аға, бірінші – құдай, екінші – өзіңіздің қолыңызда сияқты. Қойшының баласымыз, ешқандай сүйеушіміз жоқ. Мектепте, жалпы, өмірде оның ешбір бұзақылығын көрмеп едік, бір сайтанның азғырғаны да… Жәрдемдесуіңізді өтінемін. Бүгін жәбірленушілердің барлығының малын орнына қойдық.
Нұрлан томсара, біраз ойланды.
– Жалғыз болса, көмектесу оңай еді. Құдай атқанда төртеу болып тұр ғой. Екі адамның басы біріккен іс, ұйымдасқан қылмыс деп танылады. – Шынында да бірден ұйғарым жасауға айласын таппай, тығырыққа тірелгендей халде сөйледі. – Әйтсе де жағдайларыңды ападан, маған бір-екі рет соққан ініңнен біліп жатырмын. Арандағанда осындай кем-кетіктің балалары арандайды. Сондықтан көмектескім-ақ келіп отыр, бірақ, жасыратын несі бар, сендерге бұра тартып, істі оңынан шешіп берсем, облыстық сот бір жұмаға жеткізбей, менің шешіміме қарсы қағаз жазуы әбден ықтимал.
Жапар аузына кіріп кете жаздап, еңсесін сала, әрбір сөзін мүлт жібермей тыңдап қалыпты. Осы кезде үлкен подноспен оны-мұнысын көтеріп Ғалия да оралды. Күле сөйлеп, дастарханын жайғады. Әңгіме бір уақ арнасынан ауытқыды.
Журналдық үстелдің беті лықа толды. Мойны қылқиған коньяк, айбынды ақ арақ және вино қаһарман сарбаздардай сап түзепті. Үлкен аққұманға шайды бірден демдеп әкелгенге ұқсайды.
– Қайсыдан құяйын? – деді Нұрлан ішімдікке ұмсынып.
– Коньяктан. – Әдейі ақсүйектіктің нышанын аңғартуға тырысты.
Бірінші алдына сүт қатқан шай келді. Сосын белі үзіліп кете жаздап тұрған рюмка қонақтады.
– Ал, Жапар, мынаны таныстық үшін…
– Рахмет, бақытты болыңыздар!
Екеуі де еріндерін тигізіп, бір-бір ұрттап қойды.
– Содан, – Нұрлан әлгінде үзілген әңгімесін сабақтауға ниет білдірді.
– Иә…
– Солай мәселені айыпталушының пайдасына шешіп жіберсем, олар ешқандай ойланбастан мені бір қомақты дүниеге кекіреледі деп қорытады. Ондай айыпкерді қорғаған сот шешімінің соңынан, небір заңгер сарапшылардың процесті талдап, зерттеген қорытындылары қаптап кетеді. Әрине, оның бәрін ұйымдастыратын – жоғары тұрған инстанция. Жалпы, шығарылған кез-келген сот үкімі он күннің ішінде қайта екшеле қаралып, осы ұйғарымды күшінде қалдыру керек пе, керек емес пе деген міндетті түрдегі ілеспе құжаттармен толығады. Онысыз болмайды, белгіленген тәртіп солай. Сондықтан, бұл жерде менің қолым адал болса да, әлгіндей қаулы алсам жоғары жаққа дүниені бөліспей, жалғыз қымқырғандай көрінемін. Содан кейін маған деген көзқарас өзгере бастайды. Жұмыстағы сүйкімсіздік кімге қажет?
Төреші жанарын Жапардың көзіне қадап, мелшиіп қалды. Ет жеңді денесі сәл лықсып, алдыға жылжыпты. Сол ұмсынған қалпы бұдан мақұлдау күтетіндей. Бірақ, жай-жапсарды еш кінәратсыз түсінген мейманының мойнына су кетіп, жан-дүниесі қалтырады. Бәлкім содан, ләм деп аузын ашуға мұршасы жетпеді. Әйткенмен, жынды адамдай аңырған қалпы үй иесінен назарын тайдыра қоймады. Отағасы қонағының мына ұсқынынан иіс алмастықты аңғарды ма, креслосына шалқалады да:
– Иә, біздің жүйенің сүйегіне әбден сіңісті стереотип, ең жаман психологиялық әдет-ғұрып осы, – деп, бір тілім нанға сары майдың үстінен жағылған қара икраны көмейлетіп жіберді.
– Нұрлан аға, бұл айтып отырғаныңыз әбден орынды. Ептеп өмір көрдік, ненің не екенін түсінетін халге жеттік. Жоғары жаққа сіздің де бетіңіз ашық, өзіңізге алғысымызды жаудырып біз де риза болып аттанатын бір оңтайлы мәмілеге келейік.
– Өткеннен бері топшылағанмын, – аузы қомпаңдап, шайнаңдаған күйі бір әңгіменің шетін шығарды, – әрқайсысынан 500-ден жинатсақ, істі дұрыс бітіруге жарайды.
Жапардың жүрегі май ішкендей аузына құйылды. Өйткені, бірігу жөніндегі мәселені бұл да өз араларында көтерген. Сөйтсе, істі болған өңге үшеуінің бірі – шешеден өлідей, әкеден тірідей айырылған. Әкесінің өзі темір тор мен тас қапастың ар жағына барып әлдеқашан тұрақ тапса керек. Дәл осы кезде – тұлдыр жетім. Екіншісінің әке-шешесі – сүйегі қаудырлаған шал мен кемпір екен. «Сотталмақ түгілі өліп қалса да беретін соқыр тиынымыз жоқ» депті. Үшіншісі – өздерінің туыстары. Ол да бір шығаннан шығып, әке-шешесін әбден запыс жасаған. Балаларына көңілдері онша жіби қоймайды.
Осы жағдайды білетіндіктен, көкірегі сыздай жөнелді. Енді қу бауырға бола барлығы үшін күюлеріне тура келеді. Бұл тұста саудаласу тағы да ретсіз. Туған бауырының тағдыры талқыға түсіп отыр.
Өз ойымен өзі арпалысып, Жапар сәл үндемей қалса керек, төрешінің сөзінен есін жинай қойды.
– Мұндай ұйымдасқан қылмысқа ондай ақша түк те емес… Мен істі қолыма енді алдым. Әлі бір айдай дұрыстап, сараптай отырып талдаймын. Ол шаруаны сол кезде ұйымдастырарсыңдар. Кел, кәне, алып жіберелік.
Хрусталь рюмькалар мұның кейпін келемеждегендей сыңғыр қақты.
– Сонда қандай жаза бермекшісіз?
Коньякты бір ұрттады да оның уытынан қақалып қалғандай демін шығармай арқалыққа шалқалай берді. Ерінін жымқырып, ойланған сыңайда сәл бөгелді.
– Үшеуіне екі жылдан шартты түрде кесемін де, біреуін алты ай химияға жіберген жөн-ау деп ойлаймын. Айттым ғой істі қолыма енді алдым. Бірақ нобайы маған белгілі, сондықтан осындай ұйғарымға тоқталатын шығармыз деп топшылаймын.
«Неге?» деген сауалды қонағының жанарынан байқаса керек, бөгеліп барып, сәл үзілістен кейін қайта сөзін сабақтады.
– Өйткені, төртіншісі – бұрын да бір мәрте сотталып, айыбын шартты түрде өтеген екен.
– Ол, үкім шығарылғаннан кейінгі тиісті он күннің ішінде, «ана үшеуіне неге шартты түрде жыл кеседі» деп, бәлені бастап жүрмей ме?
– Шығармайтын шығар, – жымсық көздері сығырая Жапарға үңілді, – енді ол жағын онымен өздерің сөйлесулерің керек.
Күлкілді бәлені төреші көкейіне тақап қойғаннан кейін Жапар амалсыз тілін тістеп, діңкесі құрыды. Тағы да ойын үй иесінің сөзі бөлді.
– Айтқандайын, прокурордың да алдынан өтіңдер. Мен оған шет жағасын айтып, сыр аңғартармын.
– Ол кісіге мөлшері қанша берелік?
– 500.
Жапардың арқасынан сұп-суық тер бұрқ ете қалды. Әйтсе де ішкі әбіржуін сыртқа білдіртпеуге тырысып бақты.
– Сотқа қорғаушы жалдау керек пе?
– Қорғаушыны жалдасаңдар да, жалдамасаңдар да өздерің біліңдер, кесімді шығаратын мен ғой. – Үйелменімен бұған төніп, үдірейе қарады.
– Сасқан үйрек артымен жүзедінің кебімен, өзіңізбен сөйлескенге дейін онымен бәтуәласып қойып едік. – Жігіттің мына кесімді уәжге айтары таусылып, ақтала қипыжықтай тіл қатты.
– Олай болса, бірінші күнгі процеске қатыссын, келесі күндерге «қаламақыға ақшамыз жоқ» деп, рахмет айтып, сыпайы ғана шығарып салыңдар.
– Мақұл, Нұреке, – Жапар бас изеп, қабырғадағы тілі қалмақтың найзасындай сойдиған абажадай сағатқа қарады, сосын төрешіге қайтадан назарын тоқтатты. – Өзіңізбен жүзбе-жүз сөйлесіп, бір жеңілдеп қалдым. Түннің бейсауат уағы болса да жатсынбай жылы қабылдағаныңызға рахмет. Енді бір өтінішім бар.
– Айт.
– Ертең тамақ апарайық деп едік…
– Жарайды, таңертең келіңдер, рұқсат бергізейін.
– Рахмет.
Нұрлан етжеңді денесін сүйрете орнынан көтеріле беріп:
– Содан кейін ұмытпай тұрғанда ескертейін, – деп, сылқ түсіп қайтадан креслосына отыра кетті, әйткенмен оң қолы шошаңдап жоғары ұмсынды, – жәбірленушілердің барлығынан сотқа жазған кері өтініштерін алып, маған тапсырыңдар.
– Мақұл. Сізге көп-көп рахмет. Бала-шағаңыздың қызығын көріңіз. Рұқсат болса, жүрейін.
– Мен сені иттен өткізіп жіберейін.
Екеуі тысқа беттеді. Әуелгідей аулада шам самаладай жарқырайды. Табалдырықтан сыртқа аттаған мұны көргенде, тайыншадай қызыл ит шынжырын сылдырлатып атып түрегелді. Бөгде адамның өкшесін баса шыққан иесін байқап, бір арс етіп қалт бөгелді.
– Жат тыныш, Симон.
Нұрлан зілсіз жекіді.
Аңғарлы неме, уыттанып барып әупи халге түсе қалды. Бағана есі-дерті басқада болып, ит жаққа тіпті назар да аудармапты. Енді оған көз тоқтатып қарап, шынжырды үзсе адам жейтін нағыз сойқан абылаңқы екенін ұғынды.
– Жарайды, Нұрлан аға, сау болып тұрыңыз. Рахмет! Әлі талай келеміз.
– Келіңдер.
– Жақсы.
Сапар да бұл кезде машинадан шығып, қастарына таянған. Ағайынды екеуі төрешінің қолын кезекпе-кезек алып, асқан бір ықыластылықпен қоштасты. Сосын көліктеріне қарай бұрылды.
Түн самаладай жарқырап, өзіне ғана тән қаракөк бояуға малына шомылған. Әуедегі жұлдыздар жыпырлап, қазір бірінен кейін бірі шолпылдай Жапардың кеудесіндегі ой-мұхитына таматындай.
Ол ауыр күрсінді. Онысын өзі де аңдамады. Тағы да ұшы-қиыры жоқ уайым, жапа шаңғытып мұны иіріміне тартып әкетіп барады.
Өмір-бақи мал сүмесіне қарап өткен әкесінің атын алты алашқа таныту, кішкентай кезінен көкейіне түйген ең аяулы арманы еді. Соны мақсат етіп, қажығанда қайрат етіп, өзін-өзі сүйреп келеді. Сондай пиғылдың тарыдай ғана нышаны інілерінен табылмағанына қарыны ашады. «Не үшін еркек кіндікті болып дүниеге келіп, әлдекімнің өренімін» деп өмір сүрмек? Өз басы өзі үшін өмір сүрмейді – әкесі үшін өмір сүруге, оның есесі кеткен талай жеңілістерінің орнын толтыруға әбден бел шешіп кіріскен. Соған біржола пейілі ауған. Бірақ, үлкен мұратқа ниет қою бір басқа да, көңілге алған істің өмірдегі көрінісі мүлде өзгеше. Сол әке, сол шешеден туған балалар мұның ойлағанын ойлап, қиялдағанын армандамайды. Ата-бабасының кеткен есесін, олар сол кездегі заман мен уақыттың кінәратынан деп топшылайтындай. Ал, өздерінің өмірі сәнді болса жетіп жатыр. Ақшалары – бар, киімдері – бүтін, осыны місе тұтады. Бірақ, сөйтіп жүріп, әлдекімдердің жетегіне ілесіп, тілін жоғалтып, мұңын жоғалтуын еш екшемейді. Қоңыз тірліктегі бір күндік тоқтығын – төрт құбыласының теңдігі деп есептейді. Қысқасы, қаперінде саңылауы жоқ қотиынға айналған. Сондықтан да оларға әке арманы – өмірлік азық, шеше назасы – мәңгілік қуат бола алмайды. Сон-о-оу бір жылдағы жастардың қақаған аяздан қаймықпай, тағдырдың жазғанына қарсы шығуы – осыны мықтап түсінгендіктен шығар…
Тағы да ауыр күрсінді. Машинаның панелінде жатқан сигаретке еріксіз қолы жүгірді. Темекіні тұтатып, көк түтінді құшырлана сорғанда, сарайы саңғырап ашылып салғандай көрінді.
…Аумағы қозы көш алаңды сыбсыңдаған сөздей сумаңдаған майда бұрқасын әрәдік тұстан ирелеңдей тіліп өтеді. Үріккен киіктің соңындағы шаңдай бозамықтана көтеріліп барып, қайта жер бауырлайды. Немесе бақсының жынындай шырқ үйіріліп шиырланған күйі біртін-біртін көмескілене жоғалады. Елеусіз ғана ескен леп әбжыландай ирелеңдегенімен күн жарықтық шажырқайдың безіндей шақыраяды. Бірақ, бұлт шарбысына бүркемеленбей ақ сәулесін аяусыз шашса да, ешқандай жылусыз. Қайта әппақ нұр сияқтандырып бірыңғай ызғар сеуіп тұрған сыңайлы. Аңғарған жанға бар сырын артына сақтап ішіне бүккендей, шамырқанған мінезбен жанарынан от шаша сұсты күйі сұлқ қалған. Бір кездерде барып жарықтықтың, абайсыз тасқа түскен сұлудың қолындағы шар айнадай шырт етіп сынып, күл парша болатынын ешкім білген жоқ.
Уақыт әлі ертерек, таңертеңгілік мезгіл еді. Ары-бері шаруа қамымен өткен пенде болмаса, адам қаралдысы сирек. Әйткенмен, адамнан бұрын алаңды ызғарға ісініп-кеуіп, құтырған үскірік-құйын кезіп жүрген. Зымияндықпен ішін тарта күлетіндей. Есірік желді ес көре тозаңыта буырқанып, қытымырлана жер бауырлайды. Сәлден соң қайтадан ирелеңдей жөнеледі. Құдды бір көзге көрінбей арлы-берлі шайтандар шапқылап, қиғылықты салатындай-ақ.
Алайда қадау-қадау іріктелген жастар бой жазып, сейіл құрғандай көңілді-тін. Соңғы кезде ілгері кеткен өркениеттің «озықтығынан» туған тілінде ұғынысу ар көрінгенімен бұлар ұлы да, қызы да барлығы жылмай қазақша сөйлейді. Көбісі бойжеткендер. Әрі, әлгілердің беймезгіл уақытта шоғырлануы көлденең көзді еріксіз өзіне аударды. «Е-е, оперативті комсомол дружинасы шығар, ешкімге керегі жоқ әлдеқандай бастамамен суық күнде сенделген» деген де ойға жетелейді. Әйтпесе мынандай шыңылтырда жайдақ жауырдай теп-тегіс алаң ит байласа тұратын жер емес. Соған қарамай қысырақтың үйіріндей топ ары да, бері де ығысады. Ызғарды елемей даурығыса әңгіме айтады, ара-тұра күледі.
Сыртқа көңілді көрінгенімен көкейлерінде жауап таппай аласұрған сауалдар мен іштей қобалжытқан елегізу бар еді.
– Жігіттер! Қыздар! Мен білсем отаны үшін от кешетін азаматтар қазір осында жиналады. – Аққұба кескінді, шашын артына қайырған сидаң жігіт сенімді түрде нық тіл қатты. – Көпшіліктің басы біріккен соң, біздің үніміз еріксіз түрде дөкейлердің құлағына жетеді. – Өңірі ашық. Мойнына салған шалғысының ұшын жел қақты. Аузынан будақ-будақ бозамықтанған бу атқылады.
– Ал, басы бірікпесе ше? – Бидай өңді қызыл курткалы қыз көкейіндегі күлкілді күмәнін жасырмады. – Ондай жағдайда мына кейпіміз – сыпсыңдығынан отарды тастап бөлініп, өз беттерінше таулы жақпарға өрмелей лағатын ыңғай ешкінің кейпі сияқты болып шығады.
– Жиналады! Жиналатын себебі, қазақтың қазақ деп тарихта танылғаны қай заман? Соншама соқтықпалы, соқпалы тағдыры бар елдің бір ауыз ләмге жарамағаны ма? – Қараторы жүзді орта бойлы жігіт екілене үн қатты. – Оның үстіне дәл бүгін, тағы да тағдыры талқыға түсіп тұр. Меніңше, бұған кез-келген адам селқос қарай алмайды.
Жаяу бұрқасын алаңға үйірілген жастардың тобығын айналсоқтап, тәйкүшіктенген бұралқыдай жылмаң қақты. Оның жетегіне ілескен сусыл елігіп барып басылады.
– Әне, келе жатыр! – деді ұзын бұрымды бойжеткен Байсейітова көшесін қолымен сілтеп. Тіп-тік біткен аққайыңның шыбығындай талдырмаш денесі сүдінін сұлуландырып көрсетеді. Суықтың сорғандығынан ба, екі беті қып-қызыл алмадай. – Мен Республикам үшін жанымды аямаймын. Осындай сезім әрбір отандастарымда бар шығар деп ойлаймын.
Бәрі Байсейітова көшесіне қарай жалт қарасты. Өздері сияқты он шақты жастар қарыштай басып келе жатты. Сосын сәлден кейін Фурманов көшесі жағынан да айтшылаған елдей шұбырған бір шоғыр көрінді. Елеусіз күйі үштен, төрттен топқа қосылғандары қаншама.
Бұл – кешегі, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Пленумындағы шешімге разы емес жандардың алаңдағы бас қосуы еді. Төтеннен тосын қадамдарға барулары – соңғы жылдардағы қайта құрудың ықпалымен жиі айтылып, санаға сіңісті бола бастаған “демократия” деген сөздің ықпалы. Демократияның қаншалықты шынайы қорғашталғанына ешкім есеп беріп, тереңірек үңілмеді. Үлкен мінберден сөйлеген қасқа бас дөкейлердің жариялылықты құр ғана тілге тиек, сөзге дәйек еткенін жалпы жұрт мейлінше ұғынып үлгермеді. Оның үстіне теледидар да саяси психология тұрғысынан дамыған шетелдердегі бейбіт түрде өтетін қоғамдық наразылықтарды дүркін-дүркін көрсете бастаған. Осының бәрі албырт та аңғал жастардың көкейінде сол күйі болаттай берік, тортасы айырылмас тоталитарлық жүйеге бір күнде көшіп келе қалғандай көрінсе керек. Шеп құрып бейбіт түрде наразылық шеруін өткізсе, ешқандай тосқауылға ұшырамайтындай түйсінді. Бәлкім, сондықтан жүрек түкпірінде қылаудай секемалдық селкеуленбеді.
Күн тырбынып төбеге өрмелеген сайын жұрт ағылып, ұйлыққан көпшілікке үстін-үстін қосыла берді. Бір сәт Космонавтар жағынан Сәтбаев көшесінің кенеріне сыймай адуынды да дүлей топ жөңкіле түйдектелді. Көк аспанда түйілген қара бұлтша будақ-будақ. Жолындағының бәрін жайпап өтетіндей. Бұлт артынан нөсер жауатынындай, олардың соңынан ізінше астаң-кестең бір нәрсе болатындай әсер қалдырды. Бұлардың басқа, бұрын жеткен лектен айырмашылығы қолдарына көтеріп алған ұраншыл әлем-жәлемдері де бар. Кәдімгі кеңес одағының қызыл туын да желбіретіп, асқақтата әуелетеді.
Кенет, осы тұста сап етіп қайдан шыға келгені белгісіз, милициялардың бес-алты ППМ қорапты машиналары Сәтбаев көшесін бітеп, Мирдің бойымен іркес-тіркес тізіле тоқтады. Қапияда әлгі тарпаң да адуынды лек мына кедергіден өте алмай қалатындай алаңдағылар алағызды. Және бұл бітеу машиналардың әрекеті билік тарапынан жасалған алғашқы кедергі еді. Осының өзі ашуына ісініп-кебінген шерушілердің маңдайын тырыстыра шытынтты. Бірақ, сап етіп аяқ асты қалай шыға келсе, дәл солай әлгі машиналар күтпеген тұстан алған бағытына қарай жылжып кетті. Екі жақтағы тасыған өзендей толқыған халық ұлы жіңгір қаланы тітіренткен күйі ұйлығысқан қалпы былықты да жөнелді. Болар-болмас тосқауылға бойларында қаны ойнап, одан әрмен ширыға түсті. Осы тұста мегафонның саңқылдаған үні де қуат алып бара жатты. Бір кезде елдің азаматтары қызыл мерекелерде сәнімен халыққа қолын бұлғап өкімет адамдары тұратын асқақ мінберден табылды.
– «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген халқымыздың әрқашан шындықты тура айтқан жасампаз қасиеті ұмытылып барып, бүгінгі жариялылықпен қайта оралып отыр. Тізгінді ұстаған ата-бабаларымыз «құлға да бір ауыз сөз» деп, құлақ кесті құлдың да пікірін тыңдаудан, тиянақтылық тапса кәдеге жаратудан тайынбаған. Біз оның қасында елміз, жұртпыз. Атқа мінерлерге айтар сөзіміз бар. Елдің тұтқасы ел перзенттеріне тиесілі. Келімсектің көсемдік танытқанына келіспейміз.
– Қазақстан жасасын!
– Қазақ елі жасасын!
Сөйлеушінің сөзін алаңдағы жұрт ұранмен іліп әкетті.
Ашуға ма, әлде бәленбай жылғы езгіге ме, әйтеуір намысқа булыққан жастар бір уақтарда буырқандыра ән бастады.
«Менің елім, менің жерім,
Гүлің болып егілемін.
Алматының аспаны әлеуетті үннен құлағы тұнғандай тас меңіреуге айналды.
Жырың болып төгілемін, елім,
Туған жерім менің – Қазақстаным!»
Ән аяқталысымен ду қол шапалақтанды. «Ура-а!» деген айқай үдемеленді. Жұрт біразға шейін жер сілкінгендей гүрілдеп, ширыққан толқыныстан басыла алмай тербеліске енді.
Тағы да халық перзенттері жандары шырқырай бірезу, өктемшіл басшылардан жалбарына әділдікті сұрады. Ешкім қарақан басының қадірін арттырып, ұпай алып қалуы үшін сөз сөйлемеді. Шымбайына батқан мәселені ғана көтеріп, жүрек түкпіріндегісін қылаусыз ақтарды. Бәрінің ой-ниеті қазақ елін неге қазақ басшысы басқармайды дегенге сайды.
Кімнің есіне келгенін қайдам, дәл осы кезде қазақ халқының қасіреті мен мұң-зарын тербейтін «Елім-ай» әні егілте созылсын. Тауы шағылып, емешегі езілген қалың жұрт көмекейіне тығылған өксігін баса алмайды. Ән құдіретінен еңселі ақ үйлер де, мәуелі шыршалар да бір сәт иіндері салбырап, тоңтеріс күй кешкендей. Әлдекімге өкпелі сияқты, тағдырына налитындай қоңырқай бір көріністің кескініне енген.
«Қара таудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді, ай-й-й, елім-ай.
Қарындастан айрылған жаман екен,
Екі көзге мөлтілдеп жас келеді, ай-й-й, елім-ай».
Осы өлеңнің жолдарын бүгін тұңғыш рет естігендей Жапардың жан дүниесі астаң-кестең қопарылып, бөлек толғанысқа батты. Қазақтың жаны қыстыққанда көкірегін жарып шығатын аһ ұрған жалынды әннің ең біріншісі «Елім-ай» болатыны неліктен? Әлде халықтың ес-жадысында мәңгілік сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа қан арқылы беріле ме екен? Бірақ, ән жолдарында неге «ел» сөзі ұшыраспай ең бірінші ауызға «қарындас» сөзі ілігеді деп албарды. Осының кез-келген пенде түсіне алмас бір сиқырлы құпиясы бар сияқты.
Сосын жан-жағына барлай назарын жүгіртті. Иін-тірескен жұрттың арасында бөріктіге қарағанда әйел заты басым сияқты. Әмбе олардың дені өзінен жасы кіші тәрізді көрінді. Он жеті, он сегіздің балаң да пәк кескіні қыздардың алабұртқан дидарынан айқын білінетін. Бір сәт барлығы жақын қарындасындай көзіне жылыұшырады. Іштей «қарындас…» деп бір қойды. «Қарындастан айырылған жаман екен…» Сонда атам заман, ақ иректегі өлшем бойынша өмірдегі ең аяулы жан қарындас болғаны ма? Халқымыз шаңыраққа ие болатын ұл деп көпсіткенімен, қарындасқа келгенде шығарға жаны басқа. Тіпті, құдай жолына апаратын иманды да қасиетті ұғымның өзін «дін қарындас» дейді. «Ауру – астан, дау – қарындастан» дегенде, дінді меңзеп тұрған жоқ па екен деп те таңданасың. Қарындастай пәк, ештемемен бүлінбеген дінді әлдекімдер арам пиғылмен ластамаққа ұмтылса, әрине дау шықпай тұрмайды. Өйткені дін – халықтың болмыс-бітімі, тіні мен ділі. Соған біреу қол салса қалай қарап тұра алсын.
Яғни, қарындас сөзі кіршіксіз пәктіктің, адалдықтың, турашылдықтың, имандылықтың, риясыздықтың баламасы-ау шамасы. Ақыры ойының ұштығын таба алмай аңырды.
Гу-гу еткен қара нөпірдің ортасында жападан-жалғыз өз ойымен қалып қойыпты.
– Құдай-ау, әлемде аумағының үлкендігінен тоғызыншы орынды алатын кең байтақ Қазақстанды бір ауданның ауқымынан асар-аспас автономия құрлы көрмегені ме? Бұл қай басынғандық?!
– Ақыл-естен айырып, орыстандырып бітті ғой. Енді неміз қалды?
– Қазақ меньшинствосы болашығының құрып бара жатқанын көре тұрып, өмір бақи орыс большинствосына бағынып өтуі керек пе?!
– Лениннің ұлттар саясаты қайда? Ана тілімізді неге жоғалтып барамыз? Адамзат ретінде бүгін құқымызды қорғап қалмасақ, тамырымызға біржола балтаның шабылғаны.
Осы тектес арыз-шағымға толы зар-мұңын ашына айқайлаған дауыстан құлағы тұнды. Жапар адуынды айқайдан бәленбай жылдар мақсатты түрде жүргізілген орыс оккупациясына нақты қарсылықты, қызылдар жасаған колонизацияны тас-талқан жасауға ұмтылушылықты, жаппай орыстандырушылыққа мызғымай қарсы тұрушылықты анық аңғарды. Осыны жан дүниесімен түсінгендіктен, қылышынан қан тамған қызыл идеологияға дауыс көтермек түгілі тіктеп қарауға жүрек дауаламайтын тұста бауырларының мына көзсіз батырлығына арқасы шымырлады. «Әй, бір бәлеге ұрынып кетпесе…» деп, іштей қобалжыды.
VII
Төрешінің үйінен ол жеңіп те, жеңіліп те шықты. Жеңгені – сот жүйесіндегі құрылымдық бөлімшелерде төменгісінен жоғарғысы үнемі ақша алып дағдыланғанын білді. Тек оны дағдыға ғана айналдырмай, тайынбай талап ететініне көзі әбден жетті. Әлбетте, дәніккеннен құныққан жаман. Ұлт, халық мүддесінің мәселесі шешілетін болса да олар бір-біріне «құрғақ қасық ауыз жыртады» деп, құлқыны құрып жалтақтай қарайтын тәрізді.
Жеңілгені – көзі ашық, көкірегі ояу қалпы сол арам айналымдағы қаржыға өзінің де үлес қосуға уәде байласқаны. Тіпті, құлшына отырып келісті. Кім үшін? Бір кіндіктен өріп шыққан туған бауыры үшін. Онсыз да жаман Атамқұлдың тегі, қылмыстылардың аты-жөні жазылатын қағазға түспеуі үшін. Әке атын қорғау жолындағы күрестің бұл да бір түрі сияқты көрінді. Дәп бүгін оның ең оңтайлы жол екенін әріден түсінді.
Уақыт беймезгілдікке ойысса да, үйдегі кішкентайлардан басқалары кірпік қақпай күтіп отыр екен. Барлығы әлдебір жақсылықтан үміттенетіндей бұларға телміре көздерін сатады. Әсіресе, шешелері, табалдырықтан аттаған екі ұлының жүзіне базаршылаған адамнан бірдеме дәметкен баладай жаутаң-жаутаң қарай береді. Бір ауыз ләмді соншама азаппен сарыла күткені өз алдына, енді, жай-жапсарды білуге кеткендер келгеннен кейін де ауыздарына су құйғандай үндемей сарсаң күй кешіргеніне іштей шыдамсыздана, күйгелектенетіндей.
Жапар шешесінің осы халін айна қатесіз аңғарса да, әлгіндегі шартты орындауға мүмкіндігі келе ме, келмей ме соған миы жетпей дал болып, әңгімені неден бастарын білмеді. «Соншама ақшаны қайдан табамыз деп ана байқұс тіптен таусылып кете ме» деп қорықты. Әйтсе де, «жолыға алдыңдар ма?» деген оның сауалы сөйлемеске мұршасын қоймады.
– Жолықтық. – Сөзін құлықсыздау, салы суға кете бастады. – Иман жүзді адам екен. Тамақ апаруларыңа рұқсат беремін, таңертең кеңсеге келіңдер деді.
– Е-е, бәсе, жаман адам емес, алдына барғанымда «апалап» өліп қала жаздап тұрады. Кісілігі бар.
Шешесінің Нұрланның қол-аяғын жерге тигізбей мақтай жөнелгеніне Жапар болмашы езу тартты. Ана байқұстың соншама баладай аңғалдығына күлді.
Машинаны жайғап, соңын ала кірген шопырға:
– Төрлет, балам, осының бәрі сенің арқаң, көліксіз жаяулап не тындыра алмақ адам? – деп, оған дән ризалығын білдірді. – Ал, енді, соттың қорытындысын қалай жасамақ ойы бар екен? –Дудырай қобыраған самай шашын реттеп, орамалын қайта тартты да мұғалімді тыңдаған ұқыпты баладай мұның аузына қарады.
– Құтқарамын дейді, тәте. Бірақ, біз сұрағанын тауып бере аламыз ба, бере алмаймыз ба, білмеймін.
– Сонда не сұрап отыр? – Өңі лезде жаңағы жайдарылығынан айырылып, тіксінген адамның кейпіне енді.
– Екі жарым мың доллар.
– Ол әлгі Әмриканың ақшасы ма?
– Иә.
– Ол сонда біздің ақшамен қанша?
– Көп… – Жапар жанарымен жер шұқыды. Нұрғаным ұлының шарасыздықтың қамалына тұтылып, қаракет жасауға айласы таусылып, аңырып тұрғанын түсінді. Сондықтан тақымдай бермей, сырт айналып кетті. Осы кезде «шай дайын» деген келіннің де даусы естілді.
– Шай ішпеймін, ұйықтаймын. – Сапар түпкі бөлмеге бет алды. Оған Қайрат қосылды.
– Менің де мұршам жоқ, лажы болса жатқаным дұрыс.
– Әбден қажыдың, жата ғой, балам, төсек салулы.
Түннің жарымында әбігерленіп дастархан жасаған келінінің ниетін аяққа басқысы келмей, Жапар шешесінің соңынан ас үйге беттеді. Шай үстінде бір байқағаны, төрешімен болған әңгімені естіген үй-іші мәре-сәре қалыпқа енгендей. Әсіресе, Нұрғанымның маңдайындағы әжімдері жазылып, көзіне нұр жүгіргендей көрінді.
– Ертең жарығыма тамақ апарып берсек, ар жағында құдай сәтін салса аз ғана қалған шығар, еркін күнге де жетер.
Жапардың тамағынан бір ұрттам шай әзер өтті.
VIII
Уақыт жылжыған сайын Жапардың мазасы қаша берді. Сот процесі басталатын мезет таяу, бірақ өзінің айтқан уәдесін орындай қоятын, уысына ештеме түспей тұр. Ол бәлені қайдан алатынын да білмей сансырады. Оның үстіне қым-қуыт жұмыс, ештемеге иліктіретін көрінбейді. Сол баяғы өкімет тарапынан елден купон жинауға берілген уақыт қысып, инвестициялық жекешелендіру қорлары осы аралықта мейлінше көбірек қарманып қалғысы бар. Сондықтан оның әрбір қызметкерлеріне жүктелген міндет те, қойылған мақсат та – бұқараны түрлі жағымды құлақтандыру арқылы өздеріне қарай тарту. Қысқасы, сенімдеріне кіру. Ол сенім – елдің ішінде жүрмесе, қағаз жүзіндегі құрғақ сөзден орнамайтыны да айқын. Халық ең тиімді деген мекемелердің акцияларын, өздерінің купондарына сатып алатындармен көзбе-көз жолығысқанды қалайды. Жолығысқан күнде де әбден аузы күйген жұртты иландыра қою қиынның-қиыны. Сондықтан кейде, жанын жалдап қанша шабылса да, құр зая сенделіске ұшырайды.
Бәрінен қажыды. Есі-дерті жұмысқа емес, мүлде басқа нәрсеге ауған. Қалай Жүсіпті құтқарып алу керектігі жатса да, тұрса да ойында.
Осылай бейшара халде жүргенінде арадағы бір ай зымырап өте шықты. Ауылмен хабарласып еді, соттың бір жұмадан кейін басталатынын естіді. Сосын, лажсыз қалталы деген бір-екі жігітке соқты. Бәрі жылы қарсы алып, сыпайы ұзатып салды. Бұдан кейін мүлде тынысы тарыла түсті. «Не істеу керек?» деген сұрақ буындырып, аласұрғызып барады. Басын тауға да соқты, тасқа да соқты. Бірақ, немере бауыры Сүлейменге бара алмады. Ол әке-шешесімен қосып, бірнеше ағайынды Алматыға көшіріп әкеп жатыр еді. Барлығының үй-жайын да жалғыз өзі шешті. Бәрін көріп, біліп тұрып буынсыз жерге қалай пышақ ұрарсың?
Әбден шарасы таусылғандықтан ежелгі бір досына баруға бел байлады. Ол дүние төңкеріліп кетсе де жеті атасынан бері дәулетінің қоры үзілмей келе жатқан, баяғыдан бай-тұғын. Қазір мүлде дүниені суша сапырады. Кім-көрінгенді жанына шендестіре қоймайтын тәкәппар. Енді қу бауыр үшін, именшектенсе де соған кіріптар болудан арланбады. Шегінерге жері қалмағандықтан беттің арын белге түйіп, тартты.
Жол бойы тозақтың отына бірнеше түсіп, бірнеше шықты. Сөзді неден бастап, неден қоярын іштей топшылауға тырысты. Бірақ, ойы бір жүйеге келмей, пышырай береді. Әбден әтүйірі қашты. Бір кезде «бармай-ақ қойсам қайтеді» деген де пиғыл санасына тықпаланды. Кенет, көз алдына әбден уайым мүжіп, реңіне қасірет іркілген шешесінің бейнесі елестеді. Аяныштан жүрегі солқ етіп соғып, көкірегі шымырлады. Сол-ақ екен омырауына құлаған басын тез көтеріп ала қойды. Тұғырында отыра-отыра әбден мезісі қашып, әлден уақытта дүр сілкінетін қырандай, жалма-жан жан-жағына қарады. Екі қапталында қабат-қабат үйлер, ары-бері ағылған адамдар.
Машина Достық даңғылымен жоғары өрлеп барады екен.
Үлкен үш қабатты үйдің дуалының аузына кеп тоқтады. Үй емес кесене тәрізді. Мәрмәрмен әспеттелген дарбазаның өзі сынған сағыңды одан сайын талқандап, мысыңды басады. Алтын жалатқан қақпалары аңылжытып, ақылыңды алады. Ал хан ордасына бергісіз зәулім ғимаратқа қарауға көз именеді.
Жапар машинадан түскеннен кейін сәл-пәл бөгеліс тапты. Бүгежектегенін сырт көзге білдіртпеуге тырысып, басын жоғары, кеудесін тік ұстауға талпынды. Сосын алдыға адымдай жөнелді. Мәссаған, ауланың іші мүлде ертегі елінен айнымайды. Бірақ, оған көзқұмарлығымен қадала қарауға нәпсісін тежеп, жібермеді. Асфальт төселген жолақшамен тура кірер есікке беттеді. Бір қуанғаны – дарбазаның ашық тұрғаны болды.
Қызыл ағаштан бедерленіп жасалған әсем есіктің тұтқасын баппен тартқанында, есік ашылмай жатып арғы жағында күміс қоңыраулардың дүрк көтерілген сылдыры бүкіл дүниені көмкеріп ала жөнелді. Сүйкімді үн біртүрлі адамның көкірегіне қуаныш сәулесін шашатындай.
Ептеп тосылғанымен Жапар табалдырықтан ішке аттады. Сол заматында қонақүйлердегі күтушілердей әдемі нұсқада киінген қыз арғы бөлмелердің бірінен төбе көрсетті.
– Сәлеметсіз бе? – деді Жапар.
– Сәлеметсіз бе? – деп, қыз басын болмашы ғана иді. – Төрлетіңіз.
– Рахмет. Бәкең үйде ме?
– Ол кісі қазір бос емес, күтуіңізге тура келеді.
– Жарайды.
– Жүріңіз, мында өтіңіз. – Қолымен ілгері жылжуына ишара білдірді.
Ауызғы үйінен бастап қалы кілем төселген еден, табанына жұп-жұмсақ тиді. Оның үстіне даладағы аптаптан келгендіктен бе, ішкі салқын ауа рахатымен баурап алды.
Қыз мұны кіре берістегі үлкен бөлмеден басталатын кең дәлізбен алып жүрді де, сәл өтпей-ақ сол жақтағы есікті нұсқады.
– Осында дем алып отыра тұрыңыз, мен қазір теледидар қосып берейін. – Ширақ қимылдап, алдыға озыңқырай берді.
Бөлменің жасауы қараса көз тойғысыз, жұтынып тұр. Бір қапталды кәдімгі тұлғасымен бірдей, ойнақтап бара жатқан қап-қара арғымақ аттың мүсіні жайлапты. Оған қарсы бетте қара былғарыдан көпіртіп жасалған қос креслосымен диван қоныс тепкен. Оның алдындағы қара слюдадан құйылған журналдық стол тіпті бек жарасым тапқан.
Әлгі қыз абажадай теледидарды шырт еткізді.
– Мінекейіңіз, – столдың шетіне пультті қойды да, сосын сәл бөгеліп, – Бәкір мырзаға кім келді деп айтайын? – деп сұрады.
– Жапар.
– Жақсы. – Сыпайылық таныта жымиып, шығып кетті.
Жалғыз өзі қалғаннан кейін төңірегіне барлай көз жүгіртті. Неге екені белгісіз, ең бірінші назары тоқтағаны кереге мен шаңырақтың ұштасқан тұсы болды. Қабырғаның жоғары жағына ойып тұрып, тұтастай өрнек жүргізіпті. Төбеде небір әшекейі бар италияндық шамдалдар сәулесін себезгілейді. Терезе де ауқымды, көлемі әдеттегі үйреншікті стандартқа сыймайды. Пердесінің өзі кем дегенде екі қаралық. Құдды бір сахнаның төгілген шымылдығын елестетеді. Екі шетке жартылай ысырылып, бойжеткен қыздың тоқпақтай бұрымына ұқсас жібек жіптен өрілген шашақты баумен белінен қынай байланыпты. Ортасында әппақ үлбіреген шарбы бұлт тәріздес желбегейі және бар. Алыстан қарағанда перденің белуарына дейінгі тұсы сылқым келіншектің әсте әшекейге малынған өңіріне келеді екен.
Өзінің тапқан теңеуіне іштей елітіп, тағы да бір ұқсастықтар іздегендей шымылдықтың шілтері төгілген іргеге қадалды. «Әсем». Басқа ештеме айта алмады. Кенет, диванның бұрышында еденде жатқан бір жолақ қағазға көзі түсті. Әлгі, көңіліне сондай жақын нәрсе болып көрінді. Осы беймағұлым жақындық өзіне бірден тартып алды да шартты, адамға тән көзқұмарлығымен жалма-жан үйелменімен үңілді. Жатқан – 50 долларлық бір-екі банкнот. «Әшейін, балаларға арналып дүңгіршектерде қызық үшін сатылатын фантиктер шығар» деп ойлады. Сосын тағы да қадалды. Жоқ, нағыз өзі. «Қой, құрсын, әлдекімдер құсап тіміскіленбей тыныш отырайын, бұл тірлігімді біреу байқаса ұят-тағы» деп, мақсатсыз түрде теледидарға жанарын ірікті.
Сақал қойған біреу әлденәрселерді көкезулене айтып, есіп апты. Оған журналист байқұс та ара-арасында тұздықтап, дем беріп қояды. Анау одан сайын қыбы қанып, екіленеді. Бірақ, Жапар олардың сөзін естімеді, сыртқы қимыл-қозғалыстарынан-ақ екеуінің бір ойдың адамдары екенін, белгілі.
мақсат үшін осылай қоғамдық пікірді жасанды қалыптастыруды көздеп, «сыр ақтарып» отырғанын түсінді. Қараптан-қарап, езуі тілінген үшінші жаққа жаны ашыды. Еріксіз басын шайқады. Екі иінінен терең бір күрсінді де, сағатына қарады. Келгеніне де 15 минуттай уақыт өтіпті. Шаруасы есіне түскенде ішкі дүниесі қопарылып сала берді. Сөйткенінше, аяқ дыбыры білінді. Бұл да есікке көзін сата телмірді. Осы аралықта бөлмеге алшаңдай басып, Бәкір де кіріп келе жатты. Үстіне түгі бұрқыраған әдемі көк жамылғы киіпті. Шаштары мөлідей жылтырайды, шамасы суға шомылып шықса керек.
– Ассалаумағалейкүм, Бәке! – деп, бұл орнынан көтерілді.
– Сәлем, – жайдары күлген қалпы қолын ұсынды, – қалдарың қалай?
– Жақсы. – Мұрнының астынан міңгір етті.
– Иә, қайдан?..
Қапелімде, Жапардың денесі дуылдай жөнелді. Біраз уақыттан бері қатынастарын үзіп алып, жаны қысылғанда ғана іздегеніне ыңғайсызданды. Және бұйым жоқ, тайым жоқ «2500 доллар бере ғой» деп сұраудың қаншалық қиын екенін енді тіпті сезініп, бетінің ұшы қызарып кетті.
– Үйден… – Аузы үсіп қалғандай, біртүрлі икемге келмейтін тәрізді.
– Шаруаларың дұрыс қой? – Жақсы рай танытып, мұның жағдайын ынта-шынтасымен сұрағандай көрінді.
– Шаруа дұрыс қой… Бірақ…
– Бірақ, не боп қалды? –Қабағы қатулана бұған үдере қарады. Столдың шетінде жатқан пультті алды да самбырлай айқұлақтанған теледидарды өшіріп тастады.
– Өзіңізге үлкен бір бұйымтаймен ат басын бұрдым. – Ар жағы сырдақтық танытса да, өңінен сыр алдырмауға ұмтылды. Алайда, Бәкірге тура қарауға жүзі дауаламады. Ал ол бұның сөзіне ден қойған. – Шайтан азғырып бір інім болмастың шаруасын істепті. Қазір сазайын тартқызып, ақылын кіргізетін тергеу изоляторында. Әлі соты өткен жоқ, келесі аптаға ұйғарылған. Төрешімен сөйлесіп, тамырын басып көріп едік – 2500 долларға тоқтады. «Сотқа дейін жеткізесіңдер» деген еді, соған мұршамыз келмей тыпырлаудамыз. Лажы болса қол ұшыңызды беріп, көмектесіңізші. Әйтпесе, байқұс бала жасаған аңғырттығынан оншақты жылды арқалап кетуі әбден мүмкін. Біз, құдай бұйыртса, қысқа дейін ақшаңызды қайырып береміз.
Осы кезде ғана үй иесіне еңсесін көтеріп қарады. Бәкір ойланып қалыпты.
– Иә, жағдайларың мәз емес екен, – деді сол тұнжыраған қалпы, сәл қабағын керіп. – Орыста бір керемет сөз бар.
Кенеттен есіктен әлгіндегі қыздың қылпы білінді. Ол ақ жамылғы жабылған қол арбаны итеріп, босағадан бері аттады. Үсті шөлмектерге сықап тұр.
– Не ішесің? – деп, Бәкір мұның бетіне назарын тоқтатты.
– Шырын.
– Қайсысын?
– Болса, өрік...
– Айжан, бізге өрік шырынын құйып жібер.
Әп-сәтте алдарындағы журналдық столдың үстіне фужерлерге құйылған шырын әкелдірілді. Басқа да жеміс-жидектер қойылды.
– Бәкір мырза, сіз кофе ішпейсіз бе? – деді бойжеткен.
Жапар Айжанның бұл ләмінен, үй шаруасын істейтін күтуші әйел екенін білді.
– Мейманымызға да кофе құйыңыз.
– Жоқ, мен шай ішейін.
Шүкиттей ыдыстарға біріне – шай, біріне – кофе құйып беріп, күтуші қыз шығып кетті. Бірақ, қол арбасы сол бөлмеде қалып қойды.
Фужердегі шырынын екі-үш ұрттап орталаған Бәкір:
– Шынында да жағдайларың нашар екен, – деп жалғады сөзін, – әйткенмен оған мұқалу, мою ер жігіттің ісі емес. Құдайдың шеберлігінен асқан ештеме жоқ. Меніңше, бұл – жаратқанның сынайын деп бастарыңа үйірген аз күнгі бұлты ғана. Бәрі де өтеді де кетеді. Қиыншылықтың, осы ала өкпе боп жүгіргеніңнің барлығы да ұмытылады әлі. Орыста керемет мәтел бар: «Жақсы досыңды жоғалтқың келсе, қарыз бер» дейді. – Бір мезет бөгеліп, ұйи телмірген Жапардың өңіне тоқтала қадалды. – Мен сені жоғалтқым келмейді, Жапар. Сен керемет адамсың.
Біреу құлақ шекеден тастай жұдырығымен қойып жібергендей, миы шайқалды. Көз алды қарауытып, дүние астаң-кестең төңкерілді. Сәл кілгіріп барып көзін ашып еді, есіктен дүрсілдете шапқылай кіріп келе жатқан жеті-сегіз шамасындағы ұлды байқады.
– Привет, папа! Сәлеметсіз бе, аға. – Арындатқан қалпы анадайдан үлкенге сәлем беру парызын орындады.
– Үй-и, неге сонша жүгірдің? – деді әкесі.
– Ақшамды алуға… Мені балалар күтіп тұр… – Үзіп-үзіп бірдеме айтқан болды.
Сол аңыратқан қалпы төрдегі кресло мен диванның ортасындағы жықпылға сүңгіді. Ізінше әлгінде Жапардың көзі шалған 50 долларлықтарды жинап алды. Атып түрегеліп, үстінде ырысы мол итерменің қасына барды. Ақшаны сол қолына умаждай ұстап кеудесіне басып, оң қолымен өзіне сусын құйып, бір-ақ сімірді. Сосын дедек қаға жөнелді.
Бөлмеде өлі тыныштық орнады. Ендігі отырысының артық екенін ұғынып, Жапар:
– Бәке, мені айыпқа бұйырмаңыз. Жан мұрынның ұшына тақалғаннан кейін қаңғалақтап, адам өзі не істерін білмей қалады екен. Сондай ділгірліктен алдыңызға жағдай айдап әкелді. Мазаңызды алғаныма кешірім өтінемін әрі уақытыңызды бөлгеніңізге рахмет айтамын. Рұқсат етсеңіз, жүрейін.
– Оқасы жоқ және оған қысылатын да дәнеңе жоқ. – Аққұба өңіне болмашы қызғылтым қан тепкендей байқалды, сонда да сұп-суық жымиды. –Алла жар болсын, ісің оңға бассын деймін.
Бұл кезде Жапар сөлбірейіп орнынан тұрған еді.
– Сау болыңыз, – деп, қос қолын ұсынды.
Үш қабатты ақ мәрмәрдан салынған еңселі үйден тауы шағылып шықты. Сүйегін сүйретіп кеп машинаға отырғанын біледі, одан арғысы жадында жоқ. Миы шыңылдап, есуастанып барады. Күллі сенімі күйреп, жіп тағып келген болмашы үміті шіріген айылдай шорт үзілді. Қара бет болғанда, төрешіге берген уәдесін орындай алмады. Енді Жүсіп тағдырдың жазғанын көріп, дәм бұйырған жеріне аттана береді. Бәрінен шешелеріне қиын соғатыны мәлім. Ана байқұс аңырап, азапты шегеді енді, шегеді…
Қайткенде де Талдықорғанға жетуі керектігін білді. Өйткені, бүгін – сенбі, ертең – жексенбі. Бүрсікүні дүйсенбіде – сот. «Бір алланың маған деп жолықтыратын жақсылығы бар шығар. Бұл өмірден баз кешіп кетсем де «тәуба» дейінші, бәлкім Бәкірдің сөзі дұрыс… – Жігері бордай үгітілсе де өзін-өзі тәубаға шақырып, іштей қайрады. – Қолыма қара бақыр түспесе де, қиын қыстау шақта тәтемнің қасында болғаным жөн. Тым құрымағанда үкім оқылған жағдайда, жабығу мен торығудың қамқасын басына киіп, жат жұртта жалғыз қалмасын» деп қорытты.
Үйге келді де оны-мұнысын реттеп, жолға жиналды. Бибінің дастарханы әзір екен, бір-екі шыны шай ішкен сыңайланды. Асқазаны запыран татып, қара су да бата қоймады. Тезірек аттанып кеткенді қалады. Сөмкесін қолына алып, балаларының бетінен сүйді.
Ымырт үйіріле қаладан шығып бара жатты.
Өлі қонаға Талдықорғанға жетті. Бір абұйыры Сапар үйінде екен. Өң жоқ, түс жоқ бұны көріп сасып қалса керек:
– Саған не болған, ауырып тұрған жоқсың ба? – деді қобалжи.
– Ауырғам жоқ. – Шолақ қайырды. – Шаруа не боп жатыр? – Бірден жай-жапсарға көшті.
– Жағдай өзің көргендегідей, сол қалпы. Жүр, төрлет. Залға кіріп отырып әңгімелеселік.
Жапар төргі бөлмеге өтті де, диванға сылқ етіп отыра кетті. Келінінің амандасқанына да құлықсыз бас изеді. Оқыс, назары жаңа орындықтар мен столға ауды.
– Жиһаз алғансыңдар ма?
– Иә, мынау қыңқылдап қоймай қойғаннан кейін, – келін жүрген жақты иегімен нұсқап, бетін тыржитты, – жатын бөлмеге төсек, сосын мына стол мен орындықтарды алғанбыз.
Ағасының миына қан құйылып, жүрегі тоқтап қала жаздады. Өңі одан бетер күреңітіп, ашуға тұншыға сызданды. Сапар бір сойқанның басталуынан қашқақтап, соңғы жағын жаймалап жіберді.
– Біз сені бүгін келіп қалады ғой деп, күтіп-күтіп, осы әзірде ғана жатқанбыз. Балалар әлдеқашан ұйықтаған. – Иесінің алдына түсіп жортақтайтын итше, елгезек қақты.
– Тәтем қайда? – Сұсы сұп-суық боп сұрланған қалпы діңк етті.
– Текеліде.
– Ы-ым… – Жапар ыңыранды, басқадай тіл қатуға мұршасы жетпеді. Бөлмеде тыныштық орнады. Бір кезде барып, – мен ақша таба алмадым, – деді Сапарға қарап. – Енді не жасадық?..
Інісі де тіс жарып уәж айтпай, сұлқ отырған қалпы тапжылмады. Тағы да иінді басқан зілмауыр тыныштық буындыра жөнелді. Дегбірді қашырған уақыттың салмағы санаға қатты соққы боп тиді. Бір кезде бауыры осы әбілеттен құтқарып:
– Менде жүз доллар ғана бар, – деді бұған.
«Ол қай жыртығымызға жамау болады» деп ойлады Жапар. Бірақ онысын сыртқа шығара қоймады. Әлден уақытта:
– Ертең Нұрланға жолығалық, – деді ақылдасқан пішінде.
– Иә, сосын?..
– Тағы да алдына бас ұрып, жағдайымызды айталық, «бір жұмада жерден қазсақ та әкелеміз» делік. – Одан ары уақытты айтуға ішкі ұжданы дауаламады әрі ақшаны қайдан табатынына есеп бере алмады. Әйтеуір аузына бір жұма ілікті. – Өйткені, ол бізді күтіп отыр, «сотқа дейін бәрін бітіріңдер» деген. Бармасақ, мәселені мүлде ушықтырамыз, қашып жүргендей көрінеміз. Таңертең ерте тұрып, сендегі тиын-тебенге оны-мұны алып, апаралық. Күн – жексенбі, ешқайда кете қоймас.
– Ол бүгін Крупскаядағы үйінде. Сонда барады деген.
– Онда тіпті жақсы, анда-мында сандалмай бірден тура тартамыз.
Ас бөлмеден келіннің «Сапар!» деген үні құлаққа шалынды. Кішісі солай қарай беттеді. Ізінше кері оралып:
– Жүр, шай дайын екен, – деді.
– Қайратты шақыралық, ол машинада. – Күні бойы шапқылап, шопырдың нәр сызбағанына өзін жазықтыдай сезініп, жаны ашыды.
– Машина үйдің қай жақ бетінде?
– Аулада.
– Қазір терезеден айқайлай саламын. – Сапар балконға беттеді. Соңын ала оның «Қайрат! Қайрат!» деген барақы дауысы естілді.
Қанша ұшынып келсе де ертесінде ақ таңертеңнен түрегелді. Санасынан бір сәт те өшпейтұғын жауапкершілік ішкен асын жерге қойғызып, түн ұйқысын төрт бөледі. Бүгін мүлде шырқы қашқанын, сиықсыз сүдінін аңдады. Сақалын қырып жатып, қолдарының дірілдегенін анық байқады. «Сонша беймаздана бермейінші. Өне-бойым қалтырайтындай жағдай емес қой бұл». Осындай алдамшы оймен сабасына түсуі үшін дегбіріне сабыр суын себуге тырысты. Дегенмен, миында неше түрлі сауалдардың кескілескен майданы жүріп жатыр. Оның бірі байыз таптырмай мұның шақшадай басын шарадай етіп қияндағы қиырға шығарса, келесісі төтеннен шыңырау шатқалға сүйрелейді. Ал, үшіншісі небір жойқын мұхит толқынына апарып тұншықтыра береді, тұншықтыра береді. Осындай сан тарау сауал мен байламсыз ұйғарымнан уәсуасы шығып, жел қуалаған түйеқарынша тентіреп келеді. Еңсені көтере қоятындай, тірлігі бір қисынға тоқтамай-ақ діңкелеткені.
Бұл жуынып шыққанша, үйдегілердің бәрі оянып алғанға ұқсайды. Ас бөлмесінен шәугімнің бір сарынды ызылдаған үні естіледі. Залда Қайрат пен Сапар жиналмаған төсектің үстіне шынтақтай сұлап, бейнефильмге үңіліпті. Екеуі де ыржалақ-ыржалақ етеді, шамасы көріп жатқандары комедия болса керек. Уытты сылтың оларға бір сәт ләззат сыйласа, мына келеңсіз көрініс мұның жүйкесіне бізше қадалды. Былайша қарағанда онда тұрған дәнеме де жоқ еді, бірақ бүгінгі бұлардың жағдайындағы ырқыл-жырқыл еш ақылға сыйымсыз-тұғын.
– Барыңдар, тездетіп жуыныңдар, – деді әлгілердің бұл сықпыттарын жақатпаған қалпы, – уақыт тығыз!
– Қайрат, бірінші сен жуынып ал. – Сапар қонағына құрмет таныта тіл қатты.
Базарды аралап, сәлем-сауқат алғанша бір сағаттай уақыт шығындалыпты. Әйтеуір, не нәрсеге тоқталса да тазасын, қымбатын іріктеді. Коньяк пен арақ-шараптың әртүрлі жасандылықтан қорғалған белгілері шапталған шетелдік нұсқаларын апарғанды қалады. Ал, жеміс-жидекті өкірте алды. Ұсынғанда қысылмайтындай қомақты, әрі көздің жауын арбар албырт болуын ойлады. Сондықтан жүз долларды тұтастай осы мақсатқа арнап, шып-шырғасын шығармай жұмсады.
Айтқандайын Нұрланды Крупскаядағы үйінен оп-оңай тапты. Үлкен ат шаптырым ауласында машинасының жүк салғышын ашып қойып, ішіне сұғына еніп, әлденәрселерді реттеп әуресі шығуда. Ту сыртынан қарағанда шөгіп жатқан түйеге баспалап кеп артынан ауыз салған абалақ сияқты. Беймезгіл уақытта бұлардың сау етіп кіргенін білмей де қалды.
– Ассалаумағалейкүм! – деген Жапардың дауысын естігенде барып, мойынын бұрып артына қарады. Ағайынды екеуін көріп, бірден жадыраңқы қабақ танытты. Жұмысын тастай беріп, алақанын бір-біріне кербездене қақты да, қос қолын қабат ұсынып ұмтылып келе жатқан Жапарға:
– Әликүмсалам, – деп, білегін ұстата салды.
– Халдеріңіз қалай, үй-іштеріңіз тегіс аман-есен бе? – деп, Жапар уысынан оның топ-толық білегі мен быртық саусақтарын босата қоймай, жік-жаппар күйге түсті. Еріксіз езуіне күлкі үйіріп, өз сауалын өзі құптағандай немесе дәл солай болуын қалайтындай басын шұлғи берді.
– Жақсы, жаман емес, ел қатарлы… – Төреші сөзге сараңдау кепте тіл қатты.
Осы кезде Сапардың «Ассалаумағалейкүм» деген қарлығыңқы үні естілді. Сол тұста барып Жапар Нұрланның қолын жіберді.
– Жұмысыңызға кедергі жасаған жоқпыз ба? – Жапар бүгежектей сөйлеп, қуыстана қопалақтады.
– Жоқ-ә, мынау бала-шаға «көкке шығайық» деп қыңқылдаған соң, кеше «ертең барамыз, дайындалыңдар» дегенмін. Соның қамы ғой. – Ту сыртын нұсқап, күнмен шағылысқан шетелдік шымқайкөк машинасына бір қарап қойды. – Қайта, дер кезінде үлгергенсіңдер. Әйтпесе, енді кешіккендеріңде ұстай алмай қалатын едіңдер.
Осы кезде баспалдақпен ырғала басып, төмен құлдаған етжеңді Ғалияның төбесі көрінді.
– Сәлеметсіз бе, жеңеше? – Жапар құрақ ұша солай қарай беттеді. Дастарханынан дәм татқаннан кейін шынайы пейілін білдіргендегісі. Бір жағы «өзің болғанша иттің қосын арқала» деген мәтелді көкейіне тұтып, жалпақтай салудан кішірейіп қалмаспын деп жұптады.
– Амансыңдар ма? – Келіншек басын изеді. Сосын атпалдай жігіт ұшыртып кеп қолын ұсынып тұрғаннан кейін, еріксіз қысылғандығынан саусағының ұшын шошайтты.
– Дені-қарларыңыз сау ма? Балалар аман-есен бе? – Шұбалтып барып әзер басылды. Мұнысы көлденең көзге тым сөкеттеу болса да, осылай елпілдеу керектігін әбден білгендігінен еді. – Иә, сыртқа бой жазып қайтпаққа жиналып жатырсыздар ма?
– Бұйыртса. Талайдан бері айтып, жоспарлап жүрген шаруамыз…
– Дұрыс, дұрыс. Алаңсыз дем алғанға не жетсін. – Ойын осылай бір түйіп қойды. – Онда ниетіміз қалыс екен, мынау болмашы базарлықтың дәмін сол жақта татыңыздар, – деп, інісіне мойнын бұрды, – Сапар, андағыны жеңешемізге бер.
– Жоқ-ә, оның несіне әуре болдыңдар… – Әйел қысылған сыңай таныта, езуіне күлкі үйірді.
– Ешқандай әурешілігі жоқ, Алматыдан арнайы өздеріңізге әкелген базарлық қой. – Шіміріксе де өтірікті қосып жіберді.
– Мен үйге кіргізіп берейін. – Сапар екі бүйірі сыртқа тепкен үлкен қара сөмкені шірене көтеріп, баспалдақпен жоғары өрледі. Осы тұста барып Жапар Нұрланға қайта бұрылды. Ол қызының әкелген төсеніштерін машинаның жүк салғышына мұқияттап қаттауда. Баяу жылжып, жанына таянды. Негізгі сөзінің біссімілләсін неден бастарын білмей іштей қобалжып тұрғанында, төреші өзі мұны әңгімеге тартты.
– Ат-көліктерің аман ба?
Бұған Жапар қуанып кетті.
– Аман. Сол, сізге соғып, сәлемдесіп шығайын деп бұрылдым.
– Дұрыс.
– Бірақ, көңіл-күй орнықты емес. – Көзімен жер шұқыды. – Әркімді жағдай билеген заман ғой, ана керекті дүниені таба алмадық. – Осыны айтып болғанша маңдайынан сұп-суық тер бұрқ етті. – Реті енді бір жұмадан кейін келетін түрі бар… уысыма түспей тұр. Осыны өзіңізге құлағдар етейін деп... Бірақ, ертең не жасайтынымды білмеймін.
«Бір аптаға мұрсат алайыншы, осы аралықта табатын шығармын» деген есек дәме көкейінде булықты.
Төрешінің жүзіндегі әлгіндегі жадыраңқылықтың нышаны үшті-күйлі жоғалып, әп сәтте өзгеріп қуаңданды. Өңі салқын тартып, бірте-бірте бұдан алыстап бара жатқандай көрінді. Ләм деп тіс те жармады. Бұл тіптен Жапарға ауыр соққы боп тиді. Жұдырықтай жүрегі аузына тығылып, көкірегі атқалақтай жөнелді. Қазір, «жоғалт көзіңді, жақсылықты түсінбейтін малғұн екенсіңдер» деп жекіретіндей сезінді. Екіншіден, өзінің қуыс қурай дәрменсіздігіне күйініп барады. Аңдаусыз астыңғы ерінін тістей жымқырып алғанын да байырқаламады. Жүзін төмен салып именшектенді, Нұрланға тіктеп қарауға мұрша жоқ.
– Оларың жарамаған.
Мынасы өзіне бағышталған сөз болғаннан соң әңгімеге құлақ асып тұрғанын аңғарту үшін Жапар мұршасы жетпесе де күштеп, төрешінің өңіне назар аударды. Бүйрек беттері сазара қалыпты, қысыңқы жанары айбат шеккен жыланның көзіндей жылтырайды. Мұның өн бойынан ток жүріп өткендей денесі тұтастай ду етті. Тағы да жүзі төменшіктеді. Жаңағы арсалаңдап хал сұраған кеп жоқ, жертезекке айналды да бір жола табанға жаншылды.
– Соншалықты көп ақша емес. Ондай қылмыстық бапқа, оның үш-төртеуін сұрайды.
Жапар ендігі үндемеуді ретсіз санады.
– Нұреке, бәрін біліп тұрмын, сіздің азаматтығыңызға тәнтімін, бірақ амал қайсы?.. – Таусыла сөйлеп, шынында да көкейіндегісін алақандағыдай жайып салды. – Уәде – құдай сөзі, орындаймыз. Аруақ атқанда бүгін, ертең болмай тұр. Жоққа жүйрік жетпеген…
– Онда былай ет.
Жапар елп етіп, бірден еңсесін жаза қойды. Әр сөзін қапы жібермей, мұқият тыңдауға бейіл.
– Ертеңгі күнге белгіленген сот процесіне, повестка жіберілген жәбірленушілердің біреуі келмей қалсын. – «Ұғып тұрсың ба» дегендей бұған шұқшия қадалды. Бұл да одан көзін айырмай қалшия қатқан. – Осы себепті пайдаланып, сот процесін кейінге шегереміз. Мұны жасау қолыңнан келе ме?
– Келеді.
– Ендеше солай істеңдер. – Багажникке сұғына еңкейген қалпы бұған жиіркенішті ұсқында жаратпай, тыжырына қарады. Кескінінде тұлан-тұтқан кісінің кейпі жатыр. – Бірақ, одан кейінгі белгіленетін күннен ауыстырмаймыз, түсіндің ғой?! – Үні зілді шықты.
– Түсіндім.
– Түсінсең, сол.
– Рахмет сізге, Нұреке. – Бірден Жапардың өңіне қан жүгіріп, сарайы саңғырап ашылып қоя берді. – Алла біледі-ау, аман болсақ, уәдені орындаймыз. Сізді осынша машақатқа салғанымызға кешірім сұраймын. Бізден қайтпаса, құдайдан қайтсын. Демалыс күніңіздің шырқын бұздым, айыпқа бұйырмаңызшы. Жақсылап демалып қайтыңыздар.
Енді бөгелсе, «қимас» жанын қажытатынын аңғарып, тезірек кетуге асықты.
– Сау болыңыз.
Төрешінің үйінен аттанысымен, салдыртқаннан салдыртып Текеліге тартты. Бұлардың хабарсыз ізім-ғайым жоғалғанынан шешелері жанын қоярға жер таппай тызақтап отыр екен. Екі ұлы бірдей сау етіп кіріп келгенде нұры тайған жанарында жарқ етіп, беймәлім ұшқынның қылауы білінді. Үнемі бір жақ шекесіне қарай қисайып кете беретін гүлді шарқатын дұрыстап қайтадан таққан қалпы, орнынан асып-сасып түрегеле берді.
– Амансыздар ма?!
Жапардың даусы бағанағыдай емес, көтеріңкі. Болар-болмас уақытқа мұрсат алғанға жаны жайдарыланып, бірер күн тағы да еркін тыныстайтынына насаттанатындай.
– Аманбыз, өздерің қалайсыңдар? – Сөйлеген қалпы бұларға қарай жүре берейін деп еді Нұрғанымның аяғы бастырмай бүкжең қақты. – Қараң қалғыр-ай, қу тізе қурайды да қалады. – Кейіп, назалана үн қатты. – Сонша кешіктіңдер ғой. Тым құрымағанда телефон да жоқ, қайда жүргендеріңді біліп отыратын. – Қолы бір жетпей қойған жоқ-жітікке де зықысы келетіндей. – Ал, енді не жасадыңдар? Ертең сот қой? – Қайласы таусылып, діңкелей бұларға қарады. Тотыққан өңінен бейамалдықтың сұлбасы айқын аңғарылды.
– Тәте, ертеңгі сотты кейінге қалдырады... – Бірдемде Жапардың жүні жығылып, ұнжырғасы салбырай берді.
– Немене, төрешіге жолығып келе жатырсыңдар ма? – Бұл ләмнің мәнісін түсіне алмаған ана одан сайын айран-асыры шыға аңтарылды.
Сапар шкафтың үстіндегі ожауды алды да, су ішуге сыртқа беттеді. Жапар костюмін босағадағы киім ілгішке іліп, төргі бөлмеге өтті. Быршып терлегеннен маңдайы жылтырап апты. Кекілінің тұсын бет орамалымен бір сүйкеді де, көрпешенің үстіндегі жастықты шынтақтай жата кетті. Шешесі әлі бұдан назарын тайдырмай қарап тұр екен.
– Жолықтық. Бірақ, уәделескен нәстемізді әкеп бере алмадық.
– Ойбай, онда анық сорлаған екенбіз ғой.
Әуелгіде Нұрғанымның аузына басқадай сөз оралмай шоршып түсті. Сосын жүрегі қан жылаған қалпы сұлқ отырып қалды. Табанда көз алдында шөгіп кеткендей көрінді.
– Онымен енді басқаша сөз байластық.
Осы кезде анасы байқұс қайта басын көтере қойды.
– «Сол уәде – уәде. Қолдан келсе, әлдеқашан-ақ азаматтығыңыздың алдында құлдық ұрып әкелер ек. Амал жоқ, мұршамыз жетпей жатыр. Сабырға келелік, бәріне билігін жүргізіп тұрған жағдай» дедік.
– Келісті ме?
– Келісті. Бірақ, алдын-ала белгіленген сотты болдырмаудың жолы біреу-ақ, жәбірленушілердің түгел жиналмауы. Өйтпесе, «елдің бәріне қағаз жіберілді, істі түпкілікті қарау басталады» деп жоғары жаққа баяндап қойған. Олар да әрбір бап бойынша жауапқа тартылғандардың шаруасының не былай, не олай шешілгенін қадағалап, істі қузап отырады. Солардың алдына ертеңгі күні көлденең тартатын дәйекті сылтау боларлық себеп, жапа шеккен жәбірленуші адамдардың толық құрамда басының бірікпеуі.
– Е-е, жарықтарым-ай, ә-ә… Кетеуі кеткен тірліктің қиюын келтіре алмай жүр екенсіңдер ғой. – Тереңінен бір күрсінді. – Енді қайтеміз, маңдайына жазғанынан көреді де соры қайнаған неме соры қайнап. Бірақ, о жерден ол дұрыс адам боп шыға ма, шықпай ма?.. – Лажы таусылған Нұрғаным, ішкі уайымын да ақтарып тастады.
Жапар үндемеді. Барлығын осынша азапқа салып қойған Жүсіппен іштей жауықты. «Миы суға айналып кетпесе, алды-артын ойлайтын жасқа жетті ғой. Неменесіне сеніп, қонышынан басты екен? Кімі бар тіреп тұрған? Заманның әлпетін көріп, біліп отыр. Әсіресе, бүгінгі күннің райы жаман. Қанын ішіне тартып, қаһарына ұшырағанның ешқайсысын аяйтын түрі жоқ. Қайта тұқырған басты одан сайын тұқыртып, езуін тіліп бас терісін теріс айналдырмақ.
Көпшілік жұрт жоқ-жітіктен сансырап, қоңызын теріп те кетті. Солардың ішінде шешелерінің де жұлыны құрттап, жүн-жүні шығып отырғаны анау. Оқыған-тоқыған, қызмет істейді, жұмыс жасайды деген өздері де сіңірлеріне ілініп, сілікпелері ғана қалды. Халдері дос күліп, дұшпан табалайтын жағдайда.
Осынау сын шақта албырттықты сабырға салып, ашуды ақылға жеңдіріп, жұрт алдында төбе көрсетудің орнына, әлдекімдердің басбұзар тентектері құсап итпен ит болып ырақайласып кеткені жынын қоздырды. Тіпті, қазіргі таңда тентекті «тентек» десең оны абырой, мәртебе көріп, телпегін аспанға атып насаттанбайды. Уақыт пен заманның ығына қарай, өп-өтірік жылмияды. Осының бәрін білмейтін, түйсінбейтін соншалық санасыз да емес еді ғой? Қай шайтан азғырып, қай жынның буындырғанын кім білсін, әйтеуір, шоқты үрлеп, қоздатып ойнапты. Абайсыз қолын күйдірсе, өзінің жанынан да бұрын ананың жүрегі ауыратынын білмепті, саппас. Баласы қыспаққа түссе, одан бұрын шеше тозаққа жанатынын қаперлемепті.
Енді, міне, у іштіргендей үй-ішінің топалаңын шығарып, біріне-бірін соғыстырып қойып қарап жатыр. Соңынан жүгіре-жүгіре ештеме өнбей, бәрінің тобанаяқтықтан тойтиып отырғанын біле ме екен, жазған? Тым құрымағанда титімдей балаларын ойламады ма? Сырттағы тірліктен бейхабарлықтан соң қазір, құр жатпай «соңымнан іздемеді, жүгірмеді» деп бұларды жазғырып, іштей күстаналауда шығар. Қара терге шомып сансырап, небір тірмізікті көріп қалжырап жүргенін сезінсе ғой, шіркін…»
– Әлгі қу шұбарбет құртты мұны, соған еріп… – Нұрғаным тағы да беталбат бір нәрсені бастап барып бөгелді. Үй ішіндегілер оны құптамайтын да, тыңдамайтын да сияқты – сөзіне көңіл аударған жан жоқ. Әркім бір жеткізбес ойдың соңына ілескен. Сол әредікте болмашы тыныштық орнады. Осы үнсіздікті қабырғасы қайысқан ананың тарғылданған даусы қайыра бұзды. – Мектепте жүргенде-ақ «әй, осыдан іргеңді аулақ ұсташы» деп құдайдың зарын қақтым. Көнбеді. «Ой, апа, ол бір жетім бала, өзі келіп тұрса, қалай үйге келме деп айтам? Жүре берсін, жақын дос болып кеттік» деп, шаң жуытпады ғой. Енді, міне, сол шұбарбетің біздің жындыны әңіреңдетіп айдап салып, арандатып, өзі бостандықта жүр. Әуелі оны да қамаған, қолхат беріп босаныпты ғой. Өмір қалай, ә-ә, қазір көрсе сәлемдеспейді де. Талай қолымнан адал асымды ішіп еді.
Жапар көмейлеткен ашу-ызаның бетімен долыра сөйлеген анасына анда-санда көз тастап қойып, сөзін жай ғана тыңдаумен болды. Мұны мүжіген ой, шеше байқұсты әлдеқайда терең ыңғуырлайтынын біледі. Қу жаны көкірегінде қуырдақ боп шыжғырылғаннан кейін шыдамай, арғы жағында кептелген мұң-зарын ашына ақтаратынын ұғынды.
– Осыны, әйтеуір, кім-көрінген иектегіш. Баяғыда ауылдың күллі баласы үйге топырлап, бақша жақта бір-бірін төмпештеп жататын. Ортасында ішек-сілесі қатып, Жүсіп жүретін. Енді, оқуды бітіргеннен кейін Текеліге келіп еді, әлгілері мұның соңынан осы жаққа ошарылыпты. Ақыр соңында бәрі баламды апарып түрмеге тықты да тынды.
Мол пішілген қаракөк көйлегінің өңірі ашылып, тағы да шарқаты бір жақ шүйдесіне қарай қисайып кетіпті. Ағы қалыңдаған шашы түте-түте боп үрпиіп апты. Әдеттегіден де тереңдеген маңдайының әжімі жиілегендей. Қос жанарының да төңірегі уақыт салған ізден шимайланып, бір кездегі қой көзі үш бұрыштанып қалыпты. Кішкене мұрнының етек жағындағы езуіне құлаған сызықтар, еті қатқан жылқының жауындығындай айқын бедерленген. Домалақ өңі өрт сөндіріп түтіккендей, қара қошқылдана көлбар тартыпты. Көкірегіндегі қасірет әбден уайым жегендіктен өңіне тепкен.
Осыны байқағандықтан, Жапардың жүрегі сыздады. Өмірде ешбір қызық көрсете алмай келе жатқан өзін жазғырды. Осыншама дәрменсіздігіне қорынды. Жаулығын қарқарадай етіп тартып, екі қолын жылы суға малып қана отыратын жасында, елім-телімі шығып, жетімдік көріп жүр.
– Қой, таңғы нәсіп тәңірден, бұған да тәуба, қамыққанмен не шара. Шөлдеп келген шығарсыңдар, шай ішіңдер, – деді анасы бір сәт серпіліп.
Келін бәрін қамдап қойған екен, апасының әңгімесін бұзудан тартынып үндемесе керек, мұны естігеннен кейін бірден:
– Шай дайын, апа, – деп дауыстады.
Сотқа арыз бергендердің ішінде Василий деген табыншы бар еді. Пошымының өзінен сұрқиялық байқалатын. Қауғадай басы ұйысқан жүн. Арасына қылаң жүгірген шашы мен сақалы білте-білте күйі ұйыса тұтасқан. Ол аз дегендей мұрты барып ұйлығып, аузының бар-жоғын білдірмейді. Үйренбеген көзге жабайы. Әмбе зор тұлғалы, апайтөс кеудесін құж-құж түк басқан. Онысы жағасы ашық жейдесінен «мен мұндалап» бірден орасандығымен назарға шалынады. Текелінің тауында жүрген кәдімгі қар адамы зәліттес. Соған қарамай көздері жылт-жылт етіп, әшейін тұрмай қулық ойлап тұратын сыңайлы. Сол бәлешілдігінен «ұры ұсталды» дегенді естіп, әлдеқашан жоғалған малын Жүсіптерге жапқан. “Өзінің сықпыты да келіспеген адам екен, басқа жолмен құртып жіберіп, өтірік байбалам салуы да ықтимал” деген Нұрғаным күйінді көңілмен әртүрлі жасаған жорамалдарының бірінде. Бұл Жапардың да көкейінде дық болып қалып қойып еді.
Қисынға салса, шынында да мынау ұрының ұсталуы – соны қайтадан өндіріп алудың төте жолы. Осы ұтымды тұсты қапысын тауып мүлтіксіз пайдалануды мақсат тұтты ма, дүрмекке қосылып арызды бұл да жазып жіберіпті. Онысы зая кетпей ойлағаны орындалып, жоғалды деген екі жылқысын бұлар Жүсіп мойындап отырғаннан кейін дауласуға мұршалары жетпей орнына қойып берді. Әрі, оның төрешінің жеке меншік малын бағатынын кейін білді. Бәлкім…
Арттары олқы немелер онымен тынбай, «жапа шектік» дегендердің бәрін сыртқа апарып қонақ жасап күтіп, мелдектеткен. Бүйірлері шыққанда барып әлгілер тұс-тұстан жапа-тармағай: «Әй-әй-әй, жас бала қалай ұрынып жүр? Оның үстіне екі бірдей кішкенесі бар екен, обал-дағы. Мынандай ағалары мен әпкелеріне қарап, ондайға барады дегенге нанбаймыз, біреудің айтағы мен азғыруына ілескен ғой. Кешірім жасаймыз, арызымызды қайтарып аламыз» деген бәрі бірауыздан қоғаша жапырылып.
Сөйтіп, түкке алғысыз көшеде қаңғып жүрген жаман можантопайларды ішкізіп-жегізіп, қарындарын шеңбірек аттыра әбден бір тойындырған. Әрине, осының бәрі әлдеріне тиетін қып-қызыл шығын, залал. Әйткенмен, амал қайсы, басқа түскеннен соң баспақшыл. Ауыздарын майламаса, ежелден ұрттарына қан толтырған бәлелер тісін-тісіне қойып, одан сайын қарысары айқын. Әрі бұл Нұрланның өзі нұсқап отырған ақыл-кеңесі. Айтқан нәрсесін бұлжытпай орындау бүгінгі күнде бұлардың міндеті зәліттес.
Қарап отырса, шағымданушылардың бәрі жатжұрттықтар. Текелі халқының тоқсан бес пайызы осындай келімсектерден құралған. Олар «интернационализм» деген антұрған сөзді алдыға салып, әрі түп қазығының қайда жатқандығын жырына да алмайды. Қапысын тапса бәрінің жергілікті жұртты тұңғиыққа батырып, мүрдем кетіргісі келіп тұрады. Ондайда танысын-танымасын шүлдірлесіп, көң тепкілескен шөжелердей бір жерден табылып, ауыз жаласа қалады. Осындай адам түсінбес еш жерде жазылмаған, бірақ айна қатесіз орындалатын өзара тәртіптері мен қағидалары бар. Оның ортасына бұл жалғанда сызат түсе қоймас… түсірмейді… түсірткізбейді…
Шай ішілгеннен кейін ағайынды екеуі асығыс жиналды. Ондағы ойлары, шаруа айтуға ер адам Василийді қолай тапты. Әйтпесе, нәтінде небір сұмдықты ерен көрмейтін безбүйректер, табан асты қылымсып «жоқ, төрешінің жіберген қағазына «міндетті түрде барамын» деп қол қойып алғанмын, бармасам – басыма бәле боладыға» сайып, мұндайда тіпті құтырып, ыңғай бермеуі мүмкін. Сондықтан, не де болса бақташыны айналдырғандары жөн сықылды көрінді. Оның үстіне жоғары жақпен байласқан бәтуә солай. Жолай дүкенге соғып, бір-екі шөлмек те ала салды.
–Енді оны таба қойсақ көрім, – деді Сапар машинаға мініп жатып, әлгінің қаңғыбастығын білгендіктен қынжылыңқырап.
Ертеңінде сегізде тайлы-таяғы қалмай қалалық сот кеңсесінің алдына жиналды. Тоғытуға әкелген қой сияқты әрі-бері сапырылысқан, үйірілген елдің қарасы көп. Әркімнің жанын мазалаған бір түйткіл бар, әйтеуір. Соның соңынан күйгелек қағып жүргендері беймаз кейіптерінен білініп-ақ тұр. Ал бұлардың да өз қобалжулары жетерлік. «Әлде қандай болады» деген сауал берекені ұшырып барады. Жапар жан-жағына қарап қояды. Біртіндеп, інісінің мәселесіне қатысты кісілер де төбе көрсете бастады. Жапа шектік екен деп олар состиысып аулақтанбай, жылы амандасты. Үзбей жүргізіліп бітімге шақырған әңгіме, жайылған дастархан барлығының иін жібіткендей.
Бұл жақсы нышанға Жапар жағының қабақтары жадыраңқы тартқандай. Тек, Нұрғаным «шұбарбет» деп жақтырмайтын Дулат қана анандай жерде осқырынып, жуымайды. Қасында екі-үш бойжеткен бар өзара үйіріліп, үйездеген жылқыдай шеңбер жасап, мына малағамды елемегенсиді. Ал, қамаудағы қалған екі жігіттің туыстарынан әзірге ешкім байқалмады.
Кешегі Василиймен араларындағы байласқан уәде болғанымен бәрі мойындарын созып, төңіректі елеусіздеу барлай шолады. «Сөзден тайып, жетіп келе ме» деп те үрейленеді. Онда – құрығаны.
Бір жағы Жүсіпті көріп қалатындарына да қуанышты. Әне-міне айыптыларды арнайы жасақ, бітеу машинамен осында әкелулері керек.
Уақыт тоғызды алқымдады. Енді Василийдің «шындап шаруаға айналғанына» көздері жеткеннен кейін, жазықтылардың келуін асыға күтті. Төзімді сарқып барып, сот басталудан болар-болмас бұрын төбесінде сиренасы бар бітеу сұр машина есіктің алдына ыңырана тоқтады. Автомат асынған милиция кабинадан түсіп, бутканың бүйіріндегі есігін ашты. Оның ішінен бақайшағына дейін қаруланған сержанттың және үш жасақтың сұп-суық кескіні көзге шалынды. Тақтай орындықтарда шіреп-шіреп отыр. Соған қарағанда дүңгіршектің бер жағына құқық қорғаушыларға жалпақтығы есіктің еніндей жер қалдырып, арғы жағын тұтастай жауып тастағанға ұқсайды.
Бастапқыда «бірден түсіреді ғой» деп ойлаған, жаңылысыпты, ондай әрекет байқалмады. Тегі, кабинадағы жасақтың басшысы боса керек, екпіндей ішке еніп кетті. Сосын Жапар Жүсіпті көріп қалам ба дегендей амалсыз тас түйін дүңгіршекке көзін сата сұғынды. Жоғарғы жағында болымсыз ғана қол сиятындай тесік бар екен, одан басқа ештеме жоқ. Діңкесі құри жайлап жылжып, бітеу көліктің ту сыртын айналды. Әдетте машинаның артында болатын есіктің орны да білінбейді. Сосын шарасы таусыла жан-жағына қарады. Осы кезде байқады, жұрт жәрмеңкеге жиналғандай қаумалай алыпты. Дәп бір ләвкеден тегін дүние тарататындай итіне иінтіреседі.
Неге екені белгісіз, тәтесі есіне оралды да, жалма-жан шешесін іздеді. Байқұс анасы басын бір жағына қисайтып ап, қонақ отырған үйдің босағасынан сығалап, тәтті дәмететін баладай бар аңсары милициялар жайғасқан есікке ауған. Күннен қорынғаннан ба, әлде көкірегін қасіреттің құтпаны тырнап жатқаннан ба көзі сығырая жұмылыпты. Еш қайласы жоқ, шарасы таусылып діңкелегені сыртқы ұсқынынан-ақ көрініп тұр. Тек қолынан келетіні, тәңірісінен бір жәрдем тілейтіндей.
Осы кезде ішке енген милиция жұлқына шықты. Шыға салысымен:
– Жолдан былай тұрыңыздар! – деп, жұртқа пәрмен бере қолын сермеді. – Босатыңыздар алаңқайды! Ары таман барыңыздар! – Түсі сұп-суық, жағына пышақ жанығандай екен. Жапардың қарап тұрып жүрегі шімірікті. Заң кісісіне қарсы келген ешкім болмады, үн-түнсіз ығыса берді.
Айыпкерлерді сот залына кіргізу тәртібі өздеріне әбден пысықталса керек, машинадағы үш қарауылдың екеуі ештеме айтқызбай жерге секіріп түсті. Біреуі дәнеңеге қарайламай ішке өтті де, біреуі осы алаңқайда әлгі бұйрықшының қасында қалды.
Бұл кезде жұрт, өкімет адамының пәрменімен сыртқа қарай әлдеқайда ысырылған-тұғын. Осыны көргеннен кейін барып, әлгі жағына пышақ жанығандай қара сұр офицер:
– Жібер! – деп, қатулана айқайлады.
Дүңгіршектің түпкі есігі тарсылдай ашылып, «айыпталушы Бәленбаев» деген іштегі милицияның үні зәрлі естілді. Оған «мен» деген жауап қайырылды. «Шық» деген бұйрық берілді. Ізінше «тоқта» деген дауыс қайта саңқ етті. Қайтадан темір есік тарсылдады. Содан кейін барып «жүр» деді шолақ қана.
Сол-ақ екен сопаң етіп біреудің төбесі көрінді. Қолы артына қайырылып, білегіне кісен салыныпты. Тамылжыған күннің сәулесіне көзі қарықты ма, жерге секіре беріп болмашы бөгеліңкіреді. Артындағы жендет нұқып жіберді. Табаны жер иіскесімен оны ана екеуі дедектетіп, іркілтпей сүйрей жөнелді.
Тура осы тәртіппен Жүсіпті ең соңынан алып шықты. Көрмегеніне бір жылға тақау уақыт болып қалған бауырына Жапар ұмсынып барып, іркілді. Өйткені қас пен көздің арасында жасақ оны назардан таса ғып үлгерген де еді. Бір аңдағаны – қара торы өңі аққұбаланып, өзі сидаң неме одан сайын тарамыстана түскендей байқалды.
Әлдебір киноның үзіндісіне ұқсас көріністен кейін, барлығы жапа-тармағай ішке ұмтылды. Солардың ортасын ала бұлар да лекіген топпен бірге жылжыды. Сот залы демде адамға толып-ақ қалған екен. Бос тұрған ортаңғы қатарлардың біріне жайғасты. Оң жақ қапталдағы темір тордың ішіне айыпкерлерді отырғызып та үлгеріпті. Қай уақытта шақырып алғанын кім білсін, әлгі Дулат та солардың қатарына қосылыпты.
Ең қажет адамдардың бәрі толық жиналмағандықтан, сот бір жұмаға кейінге шегерілді. Жапарға бұл да бір біткен іс тәрізді сезілді.
Осындай ұйғарымды өз құлағымен естіп, өз көзімен көргеннен кейін тиісті жұмысына суыт аттанып кете барды.
ХІI
Осы інісінің соңынан мұның тағы да бір шабылғаны бар. Ол бұдан төрт жыл бұрын болған уақиға.
Жүсіп армияға шақырылып, Украина жеріне барып түскен. Жарты жыл өткеннен кейін, сол кездегі алақұйын заманның ықпалымен Қазақстанға ауыстырылды. Арқалықтың маңындағы Державинск қаласындағы әскери базаға жіберіліпті. Бұны естігенде үй-іші түгел қуанды.
Сол жаңа округте үш-төрт ай қызмет атқарып қалғанында, кездейсоқ апатқа ұшырайды. Қарауылда тұрғанында қатты дауылдың екпінінен маңайындағы әлдебір ғимараттың әйнегі үстіне құлап, оңдырмай жарақаттаған. Шынының ұсақ ұнтақтары ең жанды жер – көзіне кіріп, жанарды бүркемелеген мөлдір қауашақты зақымдаған. Соған Арқалықта шұғыл операция жасалыпты. Арада бір жұмадай өткенде қасындағы жатқан науқас адамдарға өтініш айтып, хат жаздырады.
Осының бәрін сол хатты қолына алғанда бір-ақ білген Жапар дегбірі қашып, байыз таппады.
Ол кезде университетті аяқтап қалған болатын. Мемлекеттік емтиханның алдындағы өндірістік тәжірибеде жүрген, бір жағы түпкілікті істейтін жұмысына да орналасып қойған-тұғын.
Шауып отырып, редактордың орынбасарына кірді. Мән-жайды түсіндіріп айтып еді, обалы не керек, көпті көрген кісі сөзге келмеді. Үш күнге Арқалыққа барып-қайтуға мұрсат берді. Сәтіне қарай айдың шәкіртақы тиетін мезгілі-тін, қолына азын-аулақ тиынын жинап, ертеңінде ұшты да кетті.
Облыстық дәрухананы оңай тапты. Сосын тіркеу орнына барып, қай бөлім, қай палатада жатқанын да білді. Салдыртып сонда жетті. Кезекші бикенің рұқсатын алып, ақ жамылғыны иығына ілді де палатаға кіріп барды. Басты шоқпардай етіп таңып тастапты, төсекте сұлқ жатыр екен.
Жапар бас салып, бауырына қысты. «Халің қалай, не боп қалды?» деген тақылеттес сауалдарды ретті-ретсіз абдыраған кепте төпелете берді. Жанары байыз таппай басынан аяғына, аяғынан басына дейін әлденеше мәрте сүзіп шықты.
Ағасын шауып жетеді деп ойламаған інісі тосын көрініске абдырап, иә өңі, иә түсі екенін айыра алмай дал. Оның үстіне бір көзі тұтастай таңылған, бір жақ ашық көзі буалдырландырып көретін болса керек. Мына малағамды қапелімде ұғына алмағандықтан, бірден тілге келе қоймады. Ол сөйлемегенге, Жапардың одан сайын жаны бебеулей, тызақтап барады.
Жүсіп тұрмаққа ниет білдірді. Дереу оны жаурынынан демеп жіберді. Кеудесін ауырлау көтеріп, аяғын төмен салды да төсегіне оңшалып отырды. Содан кейін барып ағасының өңіне назарын тоқтатты. Қанталап кеткен жанарына ептеген күлкінің ұшқыны жүгіргені байқалды.
– Аяқ-қолың аман ба? Сынғаннан, мертіккеннен саусың ба? Іш құрылысың?.. – Ар жағын үрей билеген Жапар қадалған қалпы бәйексіздене шыжкөбек күйі, күмәнді сауалдарды үстемелетіп жатыр.
– Сынып-мертіккеннен аманмын, – деп, ағасының бетіне ұялыс тапқандай шіміріге қарады. «Қызбалықпен текке хат жазғызып, көңіліне алаң кіргізіп, әуреге салып қойғаным-ай…» деп, қысылатын сыңайлы. Сосын, ұялған тек тұрмастың кебімен езуі жайыла, ыржиып күлді. –Қалдарың қалай? –Ештеме болмағандай самарқау қалып байқатып, бұлардың жайынан сыр тартты.
– Түрегеліп жүре аласың ба? – Әлі сауалына мандытып жауап естімеген Жапар, қайта бұрып әкеп мұның жайына тірелді. Өңі сұрланып, үрей жайлаған.
– Жүре аламын, тек сәлден кейін көз алдым қарауытады, жүрегім лоблиды. Жатқанды жақсы көремін. – Ықтиярсыз болса да, өз жайынан мағлұм етпеске әддісі жоқ.
– Дәрігерлер не деді?
– «Көзбен ойнаған жарамайды, тамыры мимен жалғасқан. Табан аудармай кемінде екі ай емделу керек» деді.
– Ым-м…
Арада үнсіздік орнады. Жүсіп кінәлі адамдай аяғының басына қарап, шұқшия қалыпты. Жапарды бастапқыдағыдай түрлі түйткілді сауалдар тұншықтырып барады.
– Бұл уақиға қалай болды өзі? – Інісін көргеннен кейін әрі жағдайынан ептеп хабар алғаннан соң ағасы мән-жайды түгелімен білгісі келетінін аңғартты.
– Тура сол хатқа жазғандағыдай. – Бауыры бұған қарамай, мойнын тұқырта сөйледі. – Кездейсоқ, күтпеген жазым…
– Төбелестен емес пе? – «Бірдемені әдейі жасырып тұр ма» деп, шүйліге шаужайлады.
– Жоқ, бізде тәртіп қатал.
– Шыныңды айт. – Үлкені нанбай, қадала бастырмалатты.
– Шындығы сол.
Арада тағы да болмашы үнсіздік орнады. Аға бауырының өн-бойын басынан аяғына дейін, аяғынан басына дейін және бір сүзіп өтті. Әлдебір нәрсенің ұштығы шығып қалатындай сезіктене шолды. Сөйтті де:
– Емдеуші дәрігерің осында ма? – деп, басқа нәрсеге ойысты. Ондағысы «бұл жасырған нәрсені дәрігер айта ма» деген дәмесі еді.
– Осында.
– Аты-жөні кім?
– Гүлзия Оспановна.
– Операцияны кім жасады?
– Сол кісі.
– Қарашығы аман ба? – Бір жағы тұтастай мәрлімен шандыла оралып таңылғаннан кейін, көзінің бар-жоғына дүдәмалдана сұрады.
– «Аман» дейді. Қарашыққа бір миллиметрдей ғана жетпей қалыпты, әйтпесе ағып кетеді екен.
Жапар осы сөзді естігенде ғана шүкірәна жасады.
– Оған да тәуба. – Сонда да көңілінде күмәнді жайлар жетерлік еді. – Енді қалпына келеді дей ме?
– «Келеді» дейді, рас болса.
– Рас шығар, әйтпесе бекерден-бекер айтпайды ғой. – Бауырының көңілін демдеп қойды. Алайда өзінің арғы жағы сонда да табансыздық танытып, – жарақат қалай түскен? – деді.
– Қарашықтың айналасындағы ағын жарақаттаған. Біз білмегеннен кейін мән бермейміз, көз деген өзі бірнеше қабаттан тұрады екен ғой. Әуелі әр қабатын өзді-өзіне дәнекерлеп, іліндірді. Белгілі бір уақыттардан кейін тағы да операция жасау керек дейді.
– Ол не үшін қажет?
– Онша түсініңкіремедім, дәрігердің ұйғарымы бойынша солай. Әрі, шама келсе «Алматыға көз институтына барып қаралған жөн» дегенді айтты. Өйткені, мында бүгінгі күнгі жетілген медициналық аспаптар жоқ көрінеді. Ал ондағы ғылыми зерттеу институтында өркениетті елдерде қолданатын қондырғылар болса керек.
Үлкені мына әңгімені көкейінде қорытып, үнсіз бөгелді.
– Тамақтары дұрыс па, қарындарың ашпай ма? – деді одан ары қарай сөзін сабақтап.
– Жоқ, қарын тоқ.
– Мынау Бибі пісіріп берген жылқының еті, қазір жеп ал. –Қолындағы сөмкесін аша бастады.
– Тоңазытқышқа қоя салалық, жанымда жатқан екі жігіт бар, солармен бірге…
– Жарайды. Ұйқың қалай? – Әңгіменің бетін тағы да інісінің жайына қарай бұрды.
– Жаман емес.
– Түнде укол салмай ма?
– Жатардың алдында салады, көзіме дәрі тамызады, содан кейін таңертеңге дейін мазаламайды.
– Кешке бірге болғанға сұрасам, жіберетін шығар.
– Жібереді ғой, жібереді, – деп, Жүсіп жадырай үн қатты.
– Дәрігерлер қайда отырады, мен сөйлесіп келейін.
– Жүр, қазір алып барайын. – Орнынан тұрмаққа бейімделді.
– Сен отыра бер, мен өзім тауып аламын ғой. Тек қай бағытқа қарай баратынымды айтсаң болды.
– Азын-аулақ жүргенге ештеме етпейді. Жаным жатқанды қаласа да ары-бері қозғалып, қан таратқан да шипа.
– Жарайды онда. – Жапар інісін демей берді.
Дәрігер орта жастағы адам екен. Жалпыға сондай мейірін төккен шапағатты жан тәрізді көрінді. Жүсіптің айтқанын анағұрлым ұғынықты, анағұрлым кең түрде жеткізді.
– Шама келсе Алматыға апару керек. Біздің қойған диагнозымыз, жасаған ем-домымыз сәл жаңсақ болуы мүмкін. Астанада осының бәрін нақты айтады. Әрі ем белгілейді, соларды мұқият қабылдаған жөн.
Мұны естіп, Жапар мүлде қуанды.
– Онда бірден алып кетейін.
– Оған әзірше Жүсіп жол жүруге жарамайды. Кішкене осында әлі де оншақты күн емделсін. Бір жағы ертеңгі күні ешқандай артық әңгіме болмас үшін, оны Алматыға жіберетіндігімді ескертіп, мен әскери базадағы дәрігерлердің қаперлеріне салайын.
– Рахмет, – Жапардың мына қамқор сөзге іші елжіреді, – сонда қанша уақытқа жібересіз?
– Бір ай. Бірақ көрсетілген уақыттан бір күн де кешікпей қайтып оралуларыңыз тиіс.
– Әлбетте солай болады, ол жағынан қам жемеңіз. Сізге көп рахмет, менің бауырымның жайын ойлап, осыншама қамқорлық танытып отырсыз. Әйтпесе, біреудің денсаулығы біреуге қаншалық қажет? – Мейірі меймілдеген қалпы дәрігерге сүйіне қарады.
– Дәрігер болғаннан кейін, қолыңа түскен науқастың барлығы еш кінәратсыз құлан таза айықса деп ойлайсың. Сондықтан ең қолайлы тұстарды іздестіреміз. Бүгінгі Жүсіптің жағдайында Алматы қалай да барып көрінуі, қаралуы тиіс орын. Уақыт өтіп кеткеннен кейін, онда қаралудың пайдасы да шамалы.
– Мың алғыс сізге, Гүлзия Оспановна!
– Оқасы жоқ, өзіме тиісті нәрсені ғана істедім. Менің орнымдағы кез-келген дәрігер осындай шешім қабылдар еді деп ойлаймын.
Енді Жапар әңгіменің әлпетін өзге жайға бұрды.
– Басқа жері аман ба?
– Ептеп миы шайқалған. Жүрегі лоблитыны содан. – Ынта-шынтасымен тыңдаған жігіттің өңіне «мәнісі осындай» дегендей назарын біраз бөгеді.
– Мұның жайын сіз біле алдыңыз ба, төбелестен емес пе?
– Төбелестен емес. – Жанарын бұдан алмаған күйі басын шайқады. – Тегінде әскери базада бір нәрсе қит етсе, солдаттарды осы дәруханаға әкеледі. Өйткені, өздерінде госпиталь жоқ. Біз науқасты қабылдамас бұрын, үнемі себебін сұраймыз. Бұл жолы да дәл солай еттік. – Сәл бөгелді. – Әрине, оңай емес қой, үшінші қабаттың тұскиіздей далиған терезесі бар пәрменімен төбесіне түскен. Қайта мертіктіріп, сойып кетпей, құдай бір сақтаған.
Жапар мына құнтақтылыққа ризашылықпен сүйсіне жымиды.
Дәрігер қайта сөзін сабақтады.
– Расында да сол күні қатты дауыл соқты. Жазық дала болғаннан кейін бе, бізде ондай жағдай жиі бой көтеріп тұрады.
Жапар өзінің тым қазымырланып кеткеніне ыңғайсыздық танытқандай, иіні салбырай:
– Гүлзия Оспановна, басы артық сауалдар қойсам айып етпеңіз, пендешілікпен анық-қанығын білгіміз келеді ғой.
– Ол әлбетте, мұның еш артықтығы жоқ. Бәрі орнымен.
– Жақсы, сау болыңыз, мың да бір рахмет сізге.
Дәрігермен жылы қоштасып, көшеге бет алды.
Жапар таяу маңдағы қонақүйдің біріне келіп, екі кісілік нөмірге тоқтады. Сосын дүкеннен оны-мұны ішіп-жерлік дүниелер алды да, тоңазытқышқа жытырды. Содан кейін барып, інісі жатқан дәруханаға бет түзеді. Бағана Гүлзия Оспановна бүгін бауырлардың бірге болуына рұқсатын берген. Жүсіпті әкеліп, кеңінен бір әңгімені толғатпақ.
…Екеуі нөмірде сүт қатқан қою шайды ішті дерсің. Жапардың да хатты алғаннан бері маңдайы жіпсіп, шай ішкені осы. Әйтпесе, көңілі алағызып, ештеме жүрмей қойған. Анық-қанығына көзім жеткенше қоя тұрайын деп, ауылға да хабарламаған. Енді, міне, аман-есендігін көргеннен кейін арқа-басты кеңге салып, жайбарақат отыр.
– Халіміз жақсы, құдай бұйыртса университетті де бітіреміз. Мен жұмысқа тұрғанмын.
– Көрім болған екен, – деп, Жүсіп қуанып қалды.
– Жұмысқа толық араласқаннан кейін ел қатарлы күн көріп кетерміз. Оның үстіне арнайы жолдамамен барып жатырмын, екі жылдың аумағында баспана да берулері тиіс.
– Тіпті жақсы. – Інісі мүлде арсалаңдап, мына жаңалықты масайрай қабылдады.
– Апаңдардың халдері жақсы, кішкентай немересін ермек етіп, мәз.
Жүсіп төмен қарап күлімсіреп, үн-түнсіз бөгелді. Өйтетіні, бұл жазған бірдемеден құр қалатындай мектепті бітірісімен отау құрған. Армияға аттанғанында соңында ұлы мен келіншегі қалды. Соған енді біртүрлі қысылатын сыңайлы.
Осы толас екеуін де екі түрлі ойға бастады. Жапардың жадына Жүсіптің кішкентай кезі оралды. Бойы бір қарыс боп ап, тілі тастай тақылдап, сарқылмайтын сөзқалта еді. Таппайтын бәлесі жоқ-тұғын. Сонысына сүйсініп, жұрт күлген сайын үдететін. Өзі қап-қара, екі көзі шоқтай жанып, әркез қулана жымиып тұратын. Бір нәрсені бастар кезде тәмпіш танауын қос-қостан тартып, кірпігін екі-үш қабат қағып-қағып жіберетін. Оның бұл ұсқынына үнемі көтеріле селдіреген маңдайындағы үкідей ғана бір тұтам кекілі тіпті әр беріп, бойындағы қиқарлықты алыстан әйгілейтін. Әлденәрсеге келісе алмай Сапармен ілік-шалыс боп төбелесе қалса, аяқ-қолы бірдей жүгіретін шапшаң еді.
Бірде көрші ұжымшардың егінін қарауылдайтын шал, түс әлетінде үйге түскені бар. Бұлар барлығы мамыражай шай ішіп отырғанында үстінде тұрсиынан басқа лыпасы жоқ Жүсіп алқын-жұлқын кіріп келгені. Кекілі әдеттегідей осқырған аттың құлағындай тікірейіп алыпты, көзі жапалақтың көзіндей жанып тұр. Балтыры сатпақ-сатпақ батпақ.
– Ассалаумағалейкүм, – деп, төрдегі ақсақалдың қасына іркіліссіз жетіп барды. Қария оның мына шілтиген ұсқынына қарамай сәлемшілдігіне сүйсінді ме:
– Ой, дәу жігіт бол! Не деген әппақ баласың? – деді жымиып. Ізінше Жүсіп іркілместен:
– Мен әппақ емес, жылтыр қара газитпін! – деді нық, насаттана.
Үйдің іші қыран-топан күлкіге кенелді.
– Ой, жарайсың, балам, таудай жігіт бол! – Шал батасын беріп, кеңк-кеңк күлді.
Жан-жағындағы булыға күлген жұртты ерен көретін Жүсіп жоқ:
– Апа, шын тамағыңнан бер, – деді құйрығы жерге тиер-тиместе тағы да зуылдап.
«Ол несі?» дегендей, шал бұлардың шешелеріне қарады. Осыны түсіне қойған Нұрғаным:
– Шайды жалғанда жақсы көреді, сондықтан «өңге тамақтың бәрі тамақ емес, шын тамақ – шай» дейді, – деді күле сөйлеп.
Бұған қария сақалы тұштаңдап және бір күліп алды да:
– Не деген керемет бала?! – Жанында отырған шынашақтай қара ұлдың мейірлене арқасынан қақты. Жүсіп танауды әріден бір тартып ап, күні бойы мал соңында жүріп, қаңырығы түтегендей кесеге бас қойды.
Тағы бірде ұжымшардың жайлауға айдап бара жатқан қойына аңдаусызда бұлардың отары қосылып кете жаздады. Жапар бас боп, өңкей шиборбайлар малға қарап жүрген. Ойынға алдана қалыпты. Жосыла жотадан құлаған бөгде малды байқасымен тұра шапты. Ар жағынан да етегі делеңдеп шоқытқан аттылы көрінді. Мыңғырған қос отар тура былығуға сәл таянғанда, екеуі екі жақтан жетті. Бейтаныс шопан қызыл көз бәле екен, әлде үркесоқтаған сарыауыздарды басынғандығы ма, қалпағын оқшырайтып дүрсе қоя берді.
– Өй, малдарыңа неге қарамайсыңдар?! Дәл айдау жолдың үстіне тастап… Былығып кеткенде не жасар ек? Өй өңшең…
Біраз жініге тепсініп ап, ұзақ-сүрлеуден қажыған малшы тепеңдей жолына түсті. Кешке үйге келген соң Жүсіп «қойшы ұрсып жатқанда қолымды қалтама салып, «оттапсың» деп шығарып тұрдым» дегені. Бұған әке-шешесі қыран-топан күлкіге кенелсін.
Осы сурет үлкенінің көз алдынан жүгіріп өтті.
– Мен ауылдың өмірін түсірсем деп ойлаушы едім.
Жапар мына тосын ләмге еріксіз жалт қарады. Інісі әлдебір бұлыңғыр іліктің орамынан шыға алмаған күйі, бұған назарын аудармай көкейінде бұқпантайлаған ниетін жаймен ашты. «Түсіргені қалай? Мұны айтқан шын Жүсіп пе?» деп бір жағы аласұрып, бір жағы әңгімесіне еліте берді.
– Бірақ оған Мәскеу, не Петербордағы режиссерлықты бітіру керек.
Ауылдың баласына режиссура туралы бірде-бір мұғалім яки бірде-бір көлденең көк атты әңгіме айтпайтыны мәлім. Ал мынаның бұл жайтты қайдан қозғап отырғанын, ақылына сыйдыра алмады.
– Театр емес, кино режиссеры болу арманым еді.
Осы уақта ғана ағасына матамен таңылған басын ебедейсіздеу бұрды. Көгеріңкіреген ашық тұрған бір жақ көзі, бөлме ішіндегі алакеуімнен біртүрлі сұсты боп үңірейді. Жапар осы кезде жаздың кеші үйіріліп, қызыл іңір шақтың жайлай бастағанын топшылады. Сосын орнынан баяу көтеріліп барып шам жақты.
– Енді, қайда-а оған қол жеткізу.
Жүсіпті біртүрлі аяп кетті. Үстіне әйнек құлап көзінен жарақат алғандығы үшін емес, соншама зерек бола тұра, онысы еш кәдеге аспайтынына жүрегі ауырды. Байқұс бауырының көкірегінде алып қашқан әлдебір үміт ұшқынының лаулап жана алмай, қи шоғындай қоздап, сосын бірте-бірте бықсып, лажсыз өшіп бара жатқанын білді. «Шындығында да енді бұған қайдағы оқу? Кәрі шеше анау, әке жоқ. Селбесерлік қауқар өзінде де жоқ». Абайсызда ауыр күрсінді. Кеудесіне шер байланған інісін не деп жұбатарын білмеді, қыстыққанда аузына оңтайлы да сөз оралмады.
– Мен Құнанбайды жақсы көремін. Маған салса, көзі түгел Құнанбайды сомдар едім. Жарықтық, «өз топшылауым бойынша, адамның қай мінезі қасиетті болса, сол мінезі міні де болады. Мен өмірде ұстаған нәрсемді берік ұстанам. Жақсылық – кісінің айнымас табандылығында деп білемін. Соның түбінен мін шығатын кез де болатын шығар» деген еді салынды күйге түскен кезінің бірінде.
Жапар аң-таң күйде Жүсіпке барлай қарады. Мына ләмнің соның аузынан шыққанына онша нанбайтындай. Кішкентай кезіндегі қуақылана айтатын қылжақтары болғанымен, астарлы дүниені екшеп, салиқалылықпен зерделейтінін күтпеген. Енді, тұңғиық тұжырымға ден қойған інісінің зиынына іші жылыды.
– Қазақтың қонақжай, көпшіл, көнбіс мінездері – қасиеті. – Үрленген қарындай ғып таңылған басын сәл тұқыртып, ойлы кепте сөзін әрмен жалғастырды. Сырт қараған пендеге оның осы кездегі ұсқыны ебедейсіздеу еді. – Құнанбай жаңағы уәжді құнанбайшылдықпен айтса да, жарықтық, құдайшылыққа да бір табан жақын екенін аңғартты. Осы ақжарылқап мінезіміздің түбінен мін шығып, біздің ақырымызға жетуге тақау.
Рас. Айтып отырғанының бәрі көңілге қонымды. Бірақ, бұл сөздің Жүсіптің отыз тісін жарғаны әлі ағасының ақылына қонбайды. Кеше ғана ештемені парықтамай арсың-гүрсің жүріп, артын апай-топай жасап армияға кетіп еді. Арадағы бір жылдың ішінде осыншама өсіп, осыншама байсалдылықты қайдан ала қойған? Соған қайран.
Таңдана таңдай қағуда әрі әндемді ләміне жаны да үйіріліп барады. Өмір бақи түк көрмейтін қойшының қорасында өскенімен, осындай азаматтық көзқарасын байқатқанына дән риза. Ұл дегенді кез-келген дойыр қатын бір күшеніп туа салады, ал барлық жағынан терең адамдардың дүниеге келуі қиын. Оны аналар ғана өмірге әкеледі. Мынандай әңгімені қозғап ширатқан Жүсіп, тегінде, көптің бірі болмауы керек.
– Иә, жылқылы ауылмен көршілес, қоңсылас жүрудің мезеті әлдеқашан туды. Әйтпесе бәріміз ынжықтықтан жүнжитін түріміз бар. Бойымыздағы жалпақшешейлік басқа жұрттың алдында жермешелдікке әкеп тіреді. Бір сәт еңсені көтеріп, мына ғаламға ойлы көзбен қарау керек сияқты. – Әуелгі ойынан ажырай алмаған Жапар інісінің тұшымды ләмін осылай мақұлдады.
– Ауылдың сыртындағы сонау бостан түзден өріп шыққан бізді, қала түгілі, сол отыз шақты үй шоғырланған ұжымның орталығындағы елдің өзі көрбала көріп, мұрынын шүйірмеді ме? Мынау әлеуметтік теңдікті көздеген кеңес өкіметінде де қанша талпынғанымен пенденің біреуді кемсіту, тең санамау ниет-пиғылы өзгермеді. Әлеуметтік теңдікке ешкім жете алған жоқ. Өйтетіні, шындығында да қайсы жұрт бай болды, бар болды. Енді қайсыбірі жоқ болды, кедей болды. Біз нағыз ыңыршағы айналған кедейдің, қулығы сәл басым түскен білеуіттердің – еріні жалақ жалшысының баласымыз. Сондықтан, жылқылы ауылмен қанша көрші болсақ та қамбар тұқымының әлеуетті тұяғының дүсірінен үрпиісіп, бірден еңсемізді жазып кете алмаспыз.
Өз төтелі байламын жасап, терең тұжырымға тоқтаған інісінің бекер жүрмей әр нәрсені екшей жүретінін ағасы енді ұғынды. Осы уақытқа дейін мұның бойындағы зеректікті аңғармай келген қара басының мешеулігін бүгін кешіре алмайтын сияқты. Қалай да соңынан тартуы керек. Бірақ, әрнәрсеге өктемдігін жүргізетін өмір бұған дегенде әлдеқашан үкімін шығарып үлгерген. Алғашында шай қасықпен бал жалатқандай алдаусыратып, ақырында ауыр жүктің қамытын мойнына іле салған еді. Іле салған жоқ, өзі барып киіп алған-тұғын. Енді оны қайта сыпырып тастап, арман қуу үшін алаяқ, арсыз болуы керек. Арсыздықпен жеткен биіктіктен адалдықпен тапқан бір аяқ ас артық. Мейірің қанып ішесің.
Жапар ауыр күрсінгенін байқамай қалды. Дегенмен, лезде жайдақтау сары уайымға салынғанын аңғара қойды. Сөйтті де інісіне қарады, ол да әлденәрсені ойланып кеткендей. Бірақ ақ дәкемен шандылған өңінен тап басып бір нәрсені пайымдау қиын еді.
– Қой, ыстықтай шай алалық. Көптен бері сүт қатып, «шын тамағыңды» маңыздап ішпеген де шығарсың. – Інісінің бетіне күле көз жүгіртті.
– Жоқ, ә-ә, дәруханада баптап-ақ демдейміз, бірақ үйдегідей қайдан болсын.
Жапар әлгінде даярлаған оны-мұнысын інісіне қарай жақынырақ ысырды.
Сол күні сағынысып табысқан ағайындылар түннің бір уағына шейін әрнәрсені қозғап, талмаусырағандарынша ұйықтамады.
Уақыттың тығыздығынан үлкені ертеңінде қайтадан Алматыға ұшып кетті. Әйткенмен, шаруаның иін қандырып, Жүсіпті соңынан астанаға бір ай мезетке дұрыстап қаралуы үшін жіберетіндей етіп, келісіп аттанды. Одан кейін де дәрігермен телефон арқылы байланысып тұрды.
Айтқанындай-ақ, арада көп өтпей Жүсіп Алматыға келді. Алыстан «мен мұндалап» айғайлайтындықтан көзін жеңілдеп таңып қоюға ұялып, үстіне бет орамалын қойып қолымен басып алыпты. Тозаң шалмасын деп көшеде ғана сөйтіп жүреді екен. Үйде анда-санда шет-шетін сүрткені болмаса, былайғы уақытта ашық. Зақымданған жанар ап-айқын көрініп тұр. Доғалаң түсіп шел басқандай, әйнек тіліп өткен жарақаттың орны ағарып, оның төңірегі қанталай қызарған. Құдайдың шеберлігіне дауа жоқ,.
дімкәстеніп, солғын тартқан көз ұясының ішінен қарашығы ғана жылтырайды.
Бір шайын ішті де одан ары бөгелместен ауылға аттанды. Ол жақта оншақты күндей аялдап, содан кейін дәрігерге қаралды. Тыңғылықты емделген соң әрі мөлшерлі кезең де түгесіліп, қайта Арқалыққа оралды.
ХІII
Тынбай шапқылап, аяқсыратып алған жұмысын төрт-бес күннің ішінде бір ықшамдап қойып, Алматыға ат басын тіреді.
Күн сенбі еді. Қайткенде де айтылған ақшаны төрешінің қолына ертең ұстатуы керек. Ертеңнен қалса, қылышыңды боққа шап. Одан кейін он мың доллар тапсаң да құны көк тиын.
Енді баратын ешкімі де қалмады. Тек көздеп келе жатқаны өз бастығы, акционерлік қоғамның президенті – Зейнел.
Сондықтан, үйге кіріп жуынып-шайынысымен тура соның өзіне тартты. Әйткенмен, амал қанша, әншейінде офистен табылатын жігіт, қас қылғандай орнында болмай шықты. Сұрастырса, Болгариядан бір іскер азаматтар келген екен де, солармен үлкен ауқымдағы мәміле жөнінде келісім-шарт жасасыпты. Шаруа оңтайлы біткеннен кейін меймандарын демалдырып, құрметтеп жатқан көрінеді. Бірақ, қайда әкеткенін жан баласы білмейді. Білсе де білмеген бола ма, әйтеуір, хатшы қыз, бухгалтериядағылардың барлығы тоңтерістік байқатты. Жалма-жан ұялы телефонына хабарласып еді, оны да ағытып тастапты. Шамасы, ешкім мазамызды алмасын дегені болар.
Нақтысында солай екенін де біліп тұр. Бірақ, қалай да тауып алып, бір ауыз тілдесуге ділгір. Ең соңғы табан тірейтін тұғыры да сол. Иә бар, иә жоқ. Осыны ғана біліп, тыным табуы тиіс. Ал оған дейін бір сәт те тежелуге құқығы жоқ сияқты. Уақыты тым санаулы. Сол тығыз мезеттің ішінде ештемеден тайынып, шектеліп қалмауы керек.
Осындай байламға бекінген ол президенттің қасына жақын жүретін басқа жігіттерге телефон соға бастады. Ақыры тапты, «Алматы» мейманханасының астындағы саунада қонақтарымен оңаша байыздапты. Енді үстіне бармаса, шамалы мезеттен кейін мүлде ұстатпай кететіні аян. Сондықтан, ұят-аяттың бәрін жайына ысырып қойып, тура солай қарай тартты.
Қонақүйдің алдына тоқтағанында өздерінің бір топ жігіттерін ұшыратты. Қолдарына көтерген сөмке-сөмке ішім-жем. Мойындары сорайып-сорайып, әртүрлі жалтырақтан «кимешек киген» шетелдік шампандардың қылпы білініп барады. Екі-үш қорап сыраның да нобайы байқалды. Жеміс-жидек…
Олармен қысқа ғана амандасты.
– Зейнел осында ма? – Бірден шаруасына көшті.
– Осында.
– Сендер сонда барасыңдар ма?
– Иә.
– Қасында кімдер бар?
– Шетелдіктер.
Сөйлей табалдырықтан ішке енді.
Қонақүйдің жертөлесінде үлкен сауна бар еді. Барлығы солай қарай төмен түсті. Әлгі жігіттер келген бетте іркілмей ішке батыл енді. Бұл солардың соңын ала табалдырықтан аттаған. Дәл осы сәтте асыл затты бекзадалар демалыс бөлмесінен шығып, шомылатын жаққа қарай өтіп бара жатты. Ақ жамылғыға оранған екі қазақ қызының бет-әлпетін де назары шалды. Ақсары өңдісі бұған еш қымсынбай қарады да, ылғи да осындайда құрақ ұшып жүретін көп күтушілердің біріндей қабылдады. Соңын ала арқасын жалаңаштап тастаған Зейнел кетіп барады. Ыңғайсыз екенін біле тұрса да, «Зәке» деген сөз аузынан қалай ытқып шыққанын аңғармады. Ол қалт бөгелді. Мұны көріп:
– Өй, қал қалай, қайдан жүрсің? – деді. Әйткенмен өңінде «мұнда неғып келдің» дегендей жақтырмаған рай байқалды.
– Зәке, ассалаумағалейкүм!
Ұшырамайтын жерде табылғанына ебедейсіздеу кепке еніп, қолын ұсына берді.
– Әликумсалам! Жайшылық па?
– Жоқ.
– Не боп қалды?
– Менің туған інім істі болған еді… – Күмілжіп мүдіре берді. – Дүйсенбіде соты.
– Жылдамырақ айт.
– Соған екі жарым мың долларды ертең апарып беруім керек. Әйтпесе, кемінде он жылды арқалайын деп тұр. Бірақ, менде беретін ақша жоқ. Өзіңізден қыжалаттықпен жәрдем сұрап...
Президентке тура қарауға жүзі шыдамай, төменшіктей берді. Ол бұған өткір көздерін қадап біраз сұлқ тұрды да:
– Ақшаны кейінірек беруге болмай ма? – деді.
– Жоқ. – Жаны шығып кете жаздап, ышқына сөйледі. – Біз бұның алдында да келісілген уақтысында ақша таба алмай, әзер дегенде бір аптаға мұрсат алдық. Оның мезеті бүгін кешкі сегізде бітеді. – Соңғы сөзді ойынан қосып жіберді.
Тағы да арада үнсіздік орнады. Бастық бұған бедірейе қалыпты.
– Қағаз бар ма?
Жапар жанұшырып жанын қарманды. Дереу қойнынан бір жапырақ кітапшасын шығарып, қаламсабымен қоса бастығына ұсынды. Ол бір нәрселерді асығыс-үсігіс сойдақтата бастады. Сосын:
– Мә, – деп қайырып берді. – Қазір үйге бар да мамама мына қағазды ұстат. Мен айтты де, екі жарым мың ақша берсін. Дүдәмалданса, телефон соқсын. Оған дейін өзім де звондап қалармын. – Осыны айтты да асығыс ішке қарай жүре берді. Кіндігінен бастап оралып, тобығын қаққан ақ жамылғысы бір-екі делеңдеді де көзден тасаланды.
Жапар меңірейіп, сенделіп қалды. Мына малағамның шын-өтірігіне нанбай аңырып, ештеменің байыбын аңғара алмай тұр. Арғы жақтағы есік тарс етіп жабылғанда барып, өз-өзіне келді. Сосын қолындағы кітапшасына бір, жабылған есікке бір қарады. Сөйтті де сөлбірейіп, сыртқа беттеді. Былай шыға беріп кітапшаны ашып оқып еді: «Мама, мына Жапарға екі жарым мың доллар бер. Зейнел. 16.06.94 жыл» деп қолын қойыпты. Жүрегі аттай тулап, тамырлары қалыптағыдан ерекше бүлкілдей жөнелді. Ізінше жүдемдете басып, есірік айдағандай машинасына дедек қақты.
XIV
Ақшаны алған бетте иығынан ауыр бір зұлмат жүк түскендей он екі мүшесін қауырсыннан да жеңіл сезінді. Бірден тынысы кеңейіп салды. Іштей бастығының үлкен адамгершілігіне тамсана сүйсінді. «Алтын азамат қой. Сөзге келмеді. Осынша байлық пен даңқты көтеріп жүргені де кеңдігінен шығар. Әрі тікбақай қалалық емес, ауылда туып, жоғары сыныптарды ғана қаладан бітірген, елдің жігіті. Сондықтан қазақы тірлік оған жат емес. Бұл ақшаны бүгін алдым, ертең қайтарамын. Қайтарудың жол-жобасын кейін келісерміз» деген ұшпа ойлардың жетегіне ілесіп, жөней беріпті. Әйтеуір, көкірегін саңғыратып жіберген лекіген қуаныштың көрігі бар. Өзін көкте ұшып келе жатқандай сезінеді.
Заулатқан беті ешқайда бұрылмай үйге келді де, апыл-ғұпыл оны-мұнысын алып, жолға шықты. Тағы да бүгін түнделетіп Талдықорғанға жетіп, ертең ертеңгілік Нұрланның қолына уәде бойынша мынаны ұстатуы тиіс. Ол одан ары қарай облыстағылардың көмейін майлап, сот біткеннен кейінгі уақыттарда шығарған шешіміне қарсы ешкім бықсытып жүрмейтіндей жағдай жасамақ. Әрі қалалық прокурордың көңілін табу да дәл ертеңгі күннің еншісінде. Сондықтан, алдында тұрған бір тәуліктің әрбір секунды да қымбат. Бәрінен, анасының қуанышты жүзін көру баршасынан жоғары. Жүрегіне тас байланғандай сазыған кеудесін зұлмат шердің зілзаласынан бір тазартпақ, құдай бұйыртса. Сөйтіп, мына тантал азаптан шерменде жанды барынша тезірек босатуға асыға түсті.
Бүгін түске қарай ғана өздері аттанған Талдықорғанның қақпасынан өлі қонаға қайтадан еніп келе жатты.
Қанша шарқ ұрып шабуылмен діңкелеп жүрсе де, әлденеден елегізіп ұйықтай алмады. Қайта-қайта ояна берді. Жаздың сарғайып тамылжыған таңы да біліне бастады. Уақыт шамасы, алтыларды алқымдаған. Осы кезде кірпігі іліне қалыпты. Көзін ашып алса үйдің іші самаладай жарқырап тұр. Бірден атып түрегелді. Столдың үстіндегі сағатына қарап еді сегізден енді кетіп барады екен. Ас үйден әлденәрсе жөнінде балдырлаған Сапардың дауысы білінеді.
Шалбарын киді де жуынуға беттеді.
Көңілі орныққанымен төрешімен жүзбе-жүз жолығыспай тарқамайтын, жанында әлдеқандай қыстығудың сызы бар еді. Енді сонымен бір ауыз тілдеспей байыз табарлық жайы жоқ.
Ол қас қылғандай бұлар нысанаға ұстаған Крупскаядағы үйінде болмады. Талдықорған қаласындағы пәтерін білмейді. Енді тек үмітті Шұбардағы мекеніне артып келеді. «Сол жерден табыла қойса…»
Ерқашты ой әбден зықысын қашырды. Бұғанға дейінгі шаршағаны, елім-телім жүгіргені онша әліне тимеген екен, қазір жаны қарқараға жетіп, қинала қыстығады. Жан-жағындағы дүниенің ештемесін аңғаратын жайы жоқ, есі-дерті Нұрланды қалай да тезірек табу.
Ынта-шынтасымен осындай бір ғана ниетке құлаған. Сондықтан да машинадағылардың өзара айтатын әңгімелері де таусылып, барлығы томсарған кепке енген.
Міне, айдан астам уақыт бұрын келген үйінің көк қақпасы көзіне оттай басылды. Ол кезде түн іші боса да, самаладай жанған шамның жарығынан сыртқы нобайы тұтасымен ең бір ыстық дүниедей жадында қалып қойыпты.
Машина тоқтар-тоқтамастан атырылып, өңмеңдей ілгері ұмтылды. Ылдым-жылдым барып тұтқаны тартып еді, тас бекітулі. Ар жағындағы темір бауы сылдырлады. Сол кезде арыстан иттің арп еткен үні қоса естілді. Ол апырақ-тапырақ басып өңкілдей жетіп, есіктің болар-болмас саңылауына тұмсығын тақап, шабаланған бай-баламымен жер-көкті көшірді. Бірақ селт етіп үйден ешкім шыға қоймады. Күтіп біраз бөгелді. Ақыры болмаған соң, ноқаттай қара нүктені басып-басып жіберді. «Қап, әттеген-ай, бір жаққа кетіп қалғаны ғой» деп бұрыла берген. Өшкен үмітіне жарқ еткізіп сәуле түсіріп, ар жақтағы үйдің есігі ашылды. Жанталаса еңсесін салып саңылаудан сығалады. Жігіт боп қалған түнекүнгі баласы келе жатыр екен. Қуаныштан кеудесі күмбірледі. Ол қақпа есігін жартылай ашқанында-ақ:
– Қал қалай? – деп, бұл желдің өтіне жайылған кірдей жарбаң етті. Әлгі неме меңіреудей түсініксіздеу басын изеді. – Папаң үйде ме?
– Жоқ.
Мына қырсыққа әп-сәтте өзегі талып, зығырданы қайнай жөнелді. Бірақ онысын байқатпауға тырысты.
– Қайда?
– Текелідегі салынып жатқан үйдің құрылысын көруге кеткен.
Бұл кезде машинадан әдейі шықпай отырған Сапар да жандарына тақап еді. «Текелі» дегенді естіп, ол бірден сөзге араласты.
– Текелінің қай жерінде?
Ересек бала енді Сапарға қарата сөйледі.
– Сол, папамның жұмысының жанында.
– Оның қай жері? – Сапар тақымдай түсті.
– Соттың жанынан қиыстай екінші кардонға қарай асфальт жол кетіп жатыр. Сонымен тура бара бергенде әлгі жол оңға бұрылады. Дәл сол бұрылыста солға бұрылған жай жолдың сүрлемі бар. Сонымен жоғары көтерілгенде жаңа құрылыс участогі басталады. Сол жердегі бер жақ шетінен санағандағы төртінші, екі қабатты үй – біздікі. Папам сонда.
Бұлар «таба аламыз ба, таба алмаймыз ба» дегендей біртүрлі ойланып қалды.
– Папаң түсте үйге келмей ме? – деп сұрады Жапар.
– Білмеймін. – Бала иығын қиқаң еткізді.
– Кешке осында бола ма?
– Талдықорғанға кетеміз деген.
Мұны естігеннен кейін Сапар салған жерден:
– Талдықорғандағы үйдің телефонын берші, – деп сұрады.
– Онда телефон істемей тұр.
Ендігі әңгіменің мақсатсыз екенін біліп, бұлар «жақсы» деп, иіндері салбырай сырт айналды.
Машинаға мінісімен Жапар:
– Текеліге тарттық,– деді шопырға.
Баланың сілтеуі бойынша нобайлап жүріп келеді. Міне, қалалық соттың жанынан қапталдай өткен жолға түсті. Расында да ол көп ұзамай екіге айырылды. Біреуі – сүрлеу. Әлгімен қияс өрге беттегенде біраз үйлерден кейін жаңа тұрпатта салына бастаған өңкей еңселі коттедждер бой көрсетті.
– Осында шығар. – Сапар күңк етті.
– Сана, төртінші үй қайсы?
Ол да алыс емес екен. Тұспалдап бір үйдің қасына тоқтады. Екі орыстың жігіті үстері лай-лай, шаруа жасап жүр. Түскен бетте Жапар амандықтан соң әлгілерден:
– Нұрланның үйі қайсы? – деп сұрады.
– Осы.
– Қожайын қайда?
– Обедке кетті.
– Енді мұнда қайтып келе ме? – Жапардың жаны шыға қойған сауалы осы болды.
– Білмейміз.
– Қап әттеген-ай, ә-ә, – деп, санын бір соқты.
– Жүр, не де болса Шұбардағы үйіне барып күтелік, – деді Сапар лажы таусылып тұрса да, ағасын жұбатып.
Мойындары салбырап, көліктеріне қарай құлықсыз ілбіді.
«Жазған құлда шаршау жоқ». Қайтадан салып ұрып Шұбарға жетті. Ендігі байламы – осы жерден тапжылмау, «кеудесінде жаны болса қайткенде де кешке дейін бір соғатыны айқын» деген тұспал жасады.
Осындай ойдың сүресімен көк қақпаға тағы да тұмсық тіреген. Бұлар Текеліге шабуылдап кеткен екі ортада Нұрланның үйіне келген-келмегенін білу мүддесімен Жапар табаны жерге тиісімен, дарбазаға жүгірді. Бірден қоңырауды басты. Бағанағыдай емес, ізінше-ақ әлгі бала төбе көрсетті. Ол бұның ұсқынын есіктен мойнын шығара салғаннан байқап:
– Келді. Үйде! – деп дауыстады.
Жақсы лепесті естісімен Жапардың жүрегі тайша тулап ала жөнелді. Нұрлан қолына түссе бітті, жұмыстың бәрі жайымен шешіле салатын тәрізді көрінген.
Қапелімде есін жиып ала қойып алақ-жұлақ жан-жағына қарады. Іздегені албастыдай арпылдаған қабылан еді. Мұның бұл сықпытынан иттен үркесоқтап тұрғанын ұғынған бозбала:
– Жүре беріңіз, ол байлаулы, – деп дауыстады.
Шынында да көзі қанталаған абылаңқыны анау жақтағы гараждың қасына апарып тұқитқан екен. Соған ызалы төбет одан сайын атырылып, қазықты жұлып кетпек ойы бар.
Жапар итке бір қарап қойып, үйге заулады.
Бұл жолы үстіңгі қабатқа көтерілмеді. Аяғын шешкенінде бірден қожайынның ұлы:
– Былай жүріңіз, – деп, қақ маңдайындағы есікті нұсқады. Солай қарай беттеді. Есік айқара ашылғанда-ақ «көк қорапқа» үңілген Нұрланның берекелі тұрқы байқалды. Табалдырықтан аттасымен:
– Ассалаумағалейкүм, Нұрлан аға! – деді дауыстап, ондағысы үй иесінің көңілін өзіне аудару еді. Теледидар көріп отырған ол маңғаз кепте бұрылды. Әйткенмен:
– Әликүмсалам! Иә, келуіңмен. Ат-көлік аман-есен бе? – деп күле үн қатып, өткендегідей емес іш тарта сөйледі. Оның бұл меймандос ишаратынан Жапар тағы бір сергіп қалды.
– Сізге жете алмай сүрініп-қабынып, өзіңізді әзер ұстадық. «Мына бәтуасыздар тағы да жоқ» деп ойлап отырсыз ба деп, жанымыз мұрнымыздың ұшына келді. Кешіккеніме кешірім өтінемін. – Жапар үй иесінің ыңғайына жығылып, сарылтып қойғанын мейлінше жуып-шаюға тырысты. Бірден баса-көктей өтуге және ретін таппай, босаға жақта бүгежектей бөгелді.
– Оқасы жоқ. Қат дүние қолға түспей діңкелететіні бесенеден-белгілі. Оны білеміз. Мына жерге кел. – Иегімен жанындағы креслоны нұсқады. – Әлгінде келіп кетіпсіңдер, «қайта соғады ғой» деп, күтіп отырмын.
– Рахмет оныңызға. Өткендегі уәде бойынша айтылған істі тындырдым. – Жапар сөзбұйдаға салмай бірден шаруаға көшті. – Соны өзіңізге табыс етейін деп… – Сөзінің соңын жұтып, күмілжи бөгелді.
– Жақсы. – Нұрлан басқа ештеме айта қоймады. Әңгіме сәл саябырсыды. Осы кезде, – Қанат, бізге бір шырын әкеле қойшы, – деді ұлына дауыстап.
– Қазір, тоқта, мына ойынымды аяқтап тастайын! – деді ол да сонадайдағы түпкі бөлмелердің бірінен үн қатып. Шамасы жапсарлас бөлмеде компьютердің қызығына бөксе керек, ыжылдаған, болмашы гүрсілдеген дауыс шығады.
– Оларың жақсы болған, – Нұрлан енді бұған қарап сөйледі, – тағы да өткендегідей ыңғайсыздық килікпесін деп, сотты әдейі алдағы жұмаға емес одан кейінгі аптаға белгілегенмін.
Жапар күтпеген жаңалығын естігенде тілі таңдайына жабысып, аңыра аузын аша қарап қалыпты.
– Ертең таңертең барысымен қағаздарын жаздырып, келесі дүйсенбіге барлығын сот процесіне шақыртамын. Олай етпеске қисыны келмеді, өйткені шешімнен бұрын нақты іс ілгері жүруі тиіс.
– Түсіндім, Нұреке. Мың да бір рахмет бұл азаматтығыңызға. – Жапардың басы дамылсыз изеліп, алдындағы үйелмені үйдей неменің аузына кіріп кете жаздап отыр. Сосын міндеті есіне енді түскендей қойнынан ақ конвертке мұқият бүктеліп салынған ақшаны шығарды. Мұны байқаған төреші:
– Тұра тұр! – деді қолымен шорт кескен белгі беріп.
Бұл кезде ұлы да түрлі-түсті әшекеймен боялған екі қораптағы сусынды құлағынан сүйреп жеткен еді.
– Қанат, сен бар да ана иттің шынжырын ұзартып, дарбазаны жап. – Пәрменді үнмен иек қақты. Баласы сөзге келген жоқ, құлдыраң қағып, шапты да кетті.
Ұлы шығысымен Нұрлан орнынан түрегеліп, анандай жерде серванттың сөресіндегі бір қорап ақ қағазды нұсқады.
– Осының тура орта тұсынан бір парақ ал да бүктеп, екі мыңды өз қолыңмен санап сал.
Жапар айтқанын бұлжытпай орындады. Көзінше тиісті соманы санап, бүктелген парақтың ортасына жытырды. Сөйтті де Нұрланға сұраулы кейіспен қарады. Осыдан кейін ғана үй иесі жанындағы тумбаның суырмасынан және бір парақты алды да қақ ортасынан екіге бүктей бастады. Сосын ақшалы қағазды Жапардың өз қолымен әлгінің арасына салдырды да, сыртынан қапсыра ұстап, жоғарыға көтерілді. Көп кешікпей қайта қайырылып оралды.
– Енді таңертең прокурорға барып бес жүзді бер. – Сонадайдан сөйлей түсті. – Оған мән-жайды айтқанмын. Өзің де тағы кішік танытып, неғұрлым азырақ мерзім сұрауын өтінерсің. Әйтпесе, ол барынша көп мөлшерді талап етсе, соттың оны ерен көрмей өз бейілімен шешім шығаруы, жоғары жақтағы бәле іздегендердің бірден назарына ілінеді. Осындай кереғарлықтар болмауы үшін, прокурордың да ыңғайға қарай иліккені әбден керек-ақ нәрсе. Осыны әдемілеп жеткізерсің.
Жапар мына уәжге ләм-мим деп үн қатпай бақырайған күйі таңданыс кепте қалса керек:
– Прокурорға барып тағы да бұйымтай айтсақ, онда несіне далақтап шауып жүрміз деп ойлап отырсың ба? – деді диванға жайғаса беріп ол, жіпсік көздерін бұдан айырмай.
Қапелімде жігіттің аузына төрешінің ләміне сынаға жарарлық оңтайлы сөз түсе қоймады. Көмейіне келіп қалған ойын білдіруге асықпады, өйткені ерсі шығып, қиястандырып аламын ба деп қауіптенді. Сондықтан үндемей ақырын күткенді жөн санады.
– Кішірейе салғаннан ештеме етпейді. Әйтпесе, «мені айналып кетті» деп дүрдараздық нышан байқатуы әбден мүмкін. Қазір бізге мұндай басы артық шаруаның ешқандай қажеті жоқ. Қазақ айтатын «бетегеден биік, жусаннан аласа» көрінетін уақ осы. Қарсы келгенді тайындыратын мансапты иеленген, қолына билік тиген кез-келген пенденің бойында бес еркектің буы болатыны айқын. Ал, прокурордың жайы мүлде басқа.
– Алдына барғаннан кейін, әрине, кішілік танытып, ең бірінші айыпкер ретінде рахымшылық етуін сұрайтынымыз кәміл. Әлбетте, сіздің айтқаныңызды еш кінәратсыз орындаймыз. Әуелі осындай жөн көрсеткен ағалығыңызға шексіз ризамын.
– Оқасы жоқ. Шалыс басқанның бәрін түрмеге тыға берсек, ардақтайтын да адамымыз қалмас. Кейде осы бір қазақы кеңпейілдік тамаша қасиеттерді ұстанып қалу үшін де, әлдекімнің өңешін майлауға тура келеді. Бірақ, бұл әрекетті заң тілі түсінбейді. Түсінбейтін себебі, ол орыстық қағидаттарға сүйеніп, соған негізделіп жасалған. Оның өн-бойында қылаудай біздің ұлттық мінез-пайымға сай тұсы жоқ.
Мынау әңгіменің әлпеті шым еткізіп жігіттің жүрегіне ой тастады. Дәл осы жолы жай, өзінің ісін жасыру үшін сөз аялғысы ретінде айтса да, мұнысы қисынды, көкейге қонымды. Әрбір қылмысты істің бабы сол мемлекеттің салт-дәстүріне орайластырылып жасалуы қандай ғанибет. Осы тұрғыдан алғанда Қаз дауысты Қазбектің шығарған үкімі иманды әрі әлдеқайда ақиқатқа тән.
– Сіздің жағдайыңызды әбден түсінемін, қалыптасқан «ішкі тәртіпке» де әбден қанықпын. Ұлттық жадыны айтып қалдыңыз, ол – біздің тұтастай қоғамның дерті. Осыны ойлайтын төрешілердің бары көңілге медет. Сіздер қолға алсаңыздар бітпейтін шаруа жоқ, бірақ заңның діні мен тінін өзгерту қиын да шығар. Ол енді келешектің ісі, мен бір бұйымтай айтайын деп едім.
– Айтыңыз.
– Ақыры сот енді бір жұмаға кейінге шегерілсе, сегіз айдан бері қапаста жатқан інімізді бір күн болса да бұрынырақ қол хатпен жарық дүниеге шығарып алсақ болмай ма?
– Азаматқа бір жұманың салмағы онша көп күш түсірмейді. Одан да сот залынан бір жола босатқанымыз дұрыс. Әйтпесе, жанымыз ашығандықтан артық әңгіме ілестіріп, өзіміздің жолымызды өзіміз кесіп алуымыз мүмкін.
– Түсіндім. Мен сорлы шешемізді аяп барамын.
– Апаға айт, қорықпасын, дәм тартса ұлын көретін күн таяу.
– Рахмет, Нұрлан аға! Сау болып тұрыңыз, айтқаныңыздың бәрін бұлжытпай орындаймын. – Қолын қос қолдап алып, інілік ізеттілікпен кішілігін танытты.
Дала алпыс екі тамырды тұтасымен идірерліктей тамылжып тұр. Мұның қабағы тіпті жадырап шықты. Көңілін тұмшалаған әлдебір қапастан арылып, көкірегінде лекіген қуаныштың лебі алтынкүректей есе жөнелді. Енді ғана жан-жағындағы әсем дүниеге пендешілік қызығушылықпен қарады. Екшесе, пенде болып жүрудің өзі бақыт екен. Осы сүркіл басына түскеннен бері пендешіліктен де төмен құлдырап, бір-ақ мақсатта, бір-ақ бағытта қимылдайтын, бөтен ой-сезімнен ада – адам кейпіндегі машинаға айналыпты. «Қалай ақша табамын, қалай Жүсіпті құтқарамын» деген ойдың жетегімен жап-жасыл жайнаған мына жаздың рахатын да аңғармапты. Енді ғана маужыраған мұғалақ тылсымның сырына малтып, пендешілік рахатты кешіп келеді. Осы сезімнің иірімінде малти жүріп көз тастаса, адам пендешіліктен төмен түсе алады екен де, одан жоғары көтерілуі қиын екен.
Не бір байламсыз да баянсыз тұжырымның соңынан қуа-қуа Текелідегі Жүсіптің үйіне қалай жеткенін де аңғармады. Шамалауынша, төрт көзі түгел осында болуы тиіс. Өйткені олар да соттың кейінге жылжытылғанын білмейді. Сондықтан, ертеңгі күнге кешігіп қалмауы үшін барлығы бүгін жиналмақ-тұғын.
Айтқанындай-ақ, машина қырдың үстіне келіп тоқтағанында төмендегі аулада шүпірлеген балалардың қылпы байқалды. Бұлардың ауылында той болса да, өлім-жітім болса да кішкенелердің қосамжарласа шабатын әдеті. Әпкелері, әйтеуір, шуылдақтарын өбектетіп алады да жүреді. Олар аяққа оралып, онысы аздай бір-бірімен жанжалдасып, жылап, «қой» десе қоймай әбден жүйкеңді қажайды. Әсіресе, осындай сіркең су көтермейтін тұста жойдасыз шуылдың өзі оңдыртпай шаршатып жібереді.
Жапар осыған іштей шамданса да, сыртқа сыр білдірмеуге тырысып бағады. «Неге балаларын үйлеріне тастап кетпейді, – деп таңқалады, – әлде бұлар, әйтеуір оқиғаның барысынан хабардар боп отыру үшін, қызыққа жинала ма екен? Әлде, ештемесі кетпегендіктен осылай істей ме?»
Мұны бірінші байқаған шүлдірлектер бұл дәп бір базардан келе жатқандай сонадайдан алдынан «Жапар ағалап» тұра шапты. Іркес-тіркес жеткен бойда қаумалап ала қойды.
– Қалдарың қалай?
– Жақсы. – Бәрі шулап, хормен жауап береді.
– Үйде кім бар?
– Мамам бар, папам бар. – Әрқайсысы өз әке-шешелерін айтып мәз.
– Апаларың бар ма?
– Бар. – Шу ете түсті.
– Әуелі апаларынан бастамай ма бала деген? – Әдейі қайтер екен деп қыжырта сөйледі. Ешқайсысы үндемеді. Бұттары шидиген мұрын боқтарға әкелері мен шешелерінен асқан адам болмай тұр, шамасы.
Бұлардың дабырынан үйдегі ересектердің бір-екеуі осылай қарай мойындарын созды. Біреуі – үлкен жездесі. Ол табанда: «Жапар мен Сапар келеді» деп ар жағындағы жұртқа хабар беріп үлгерді. Ізінше шешесінің төбесі көрінді. Екі ұрты салбырап, жағы суалып, жанарының ұясы шүңірейіп ішіне кіріп кетіпті. Маңдайы мен көзінің төңірегіндегі, ұртының тұсындағы әжімдері тіптен қатпарлана түскендей. Қаққан қалайыдай бозарған өңінен көк тамырлары білінеді. Бір жұманың ішінде уайым әбден-ақ жеген екен.
– Амансың ба, тәте.
– Жақсы, өздеріңнің дені-қарларың сау ма?
Анасының ар жағын шемен шер кеулеп үңги кемірсе де, бәрін тайынбай көтеруге бейіл екендігіне сүйсінді. Сүйсінді де бірден шаруаға көшті.
– Осы келе жатқанда төрешінің үйінен келе жатқан бетіміз.
– Иә. – Жақсылық сөзден дәметіп, бір басып, екі басып ілгері бұған қарай ұмсына мойнын созды.
Жапар үйдің қабырғасын айналғанда тұтасымен көрінген өңгелерге:
– Қалдарың қалай? – деп жалпылама амандасты да, шешесінің жанына бөгелді.
– Келіңдер, әңгімені мында кеп айтыңдар, – деп, жаңалықтан сырт қалуға үрейленген әпкесі көлеңкедегі көпшілік отырған орындықты нұсқады.
– Жүр, – деп шешесі де солай қарай баруды мақұл көрді.
– Ертең сот болмайтын болды. Келесі жұмаға қалдырыпты. Біз беретінімізді бердік. – Дөңгеленген шөркеге құйрық басысымен айтқаны осы.
– Әй, жарығым-ай, ә-ә, – деп, состиып тұрған ана үлкен ұлының маңдайынан сүйді. Қан-сөлсіз суалған өңіне болмашы бір нұрдың шарпуы жүгіріп өткендей бал-бұл жанды.
– Төреші «апаға сәлем айт, қорықпасын, ұлымен табысатын күн таяу деді», – деп Нұрғанымның бетіне қарады.
– Айтқаны келсін қарағымның. Өзі бір сондай жақсы неме. – Шешесі «неме» деген сөзді әлдекімге айрықша риза боп, көңілі толғанда айтатын. – Алдына кіргенімде «апа, көмектесемін» деп еді құдай тілеуін бергір.
Мына әңгіменің әлпетіне отырғандардың бәрі серпіліп, көптен бері орнаған қабақтарындағы қияс мұң ыдырап жүре берді.
Ендігі бір жұма жылжымай жамбастап жатып алды. Төреші алдындағы борыштан құтылғаннан кейінгі ойлары тезірек мына тантал азабынан арылып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ қалыпқа жеткілері келеді. Алайда, әншейіндегі сырдаң уақыт, бір маңыздылық кепке еніп тапжылатын көрінбейді. Бірақ, келіннің қолына сотқа шақырған қағаз тигеннен кейін, өктеген аптық ептеп сейілгендей.
Айтылған күні тағы да таң атпастан тұрып, сегіздердің шамасында сот кеңсесінің алдына жиылды. Қанша уәде байласып, ақтық сөзін алса да «кім біледі, қалай болады» деген сияқты көкейде бір күмән бар. Барлығы жақсылықтың да, жаманшылықтың да құдайдың қолындағы іс екенін біліп тұр. «Иә, алла, көлденең кесіріңнен сақтай гөр» деп, шешесі дәміл-дәміл күрсініп қояды.
Жұрттың да қаралдысы молыға түсті. Талайдан бері бірнеше рет жүздесіп, сөйлесіп үйренісіп қалған жәбірленушілер жайдары жүзбен амандасты. Бұлар оларға одан бетер қоғаша жапырылып, құлдық ұрады. Көкейлерінде «ұрымтал тұста біреуі бүйректен сирақ шығарып жүре ме, әлде қайтеді» деген үрейдің жатқаны да айқын.
Сағаттың тілі тоғызға таянған сайын тағат қашып, ұзыннан сұлап жатқан көшеге Жапарлар қарағыштай береді. Өйтетіні, айыпталушыларды сот процесіне бітеу сұр машинамен әкелуі тиіс. Олар неғұрлым жылдамырақ келсе, соғұрлым Жүсіптің шаруасы тезірек шешіледі. Осыған бола сабырлары түгесіліп, көше бойына тесіле көздерін сатады.
Міне, сұр машинаның төбесі де көрінді. Тура өткендегідей тәртіп айна қатесіз қайталанып, кабинадағы офицер ғимаратқа кіріп шықты. Содан кейін ғана барып айыпкерлерді біртіндеп түсіре бастады. Тағы да Жүсіпті ең соңынан шақырды.
Сөйтсе, аса қауіпті деген адамды соңына қарай қалдыра береді екен. Оған бақылау айрықша болса керек. Олардың бүйтетініне толық дәлел бар. Жүсіп тергеу барысында осы топтың басшысы іспетті танылған. Мұны бұлар кейіннен білді.
– Атамқұлов! – Жасақ адамының дауысы зәрлі.
– Мен! – Жүсіптің жауабы машина дүңгіршегінің ішінен құлықсыз, құмыға естілді.
– Шық!
Ізінше қолы артына қайырылған Жүсіп көрінді. Тамылжыған күн шуағынан жанары жасқанып, онысыз да дәзі бар көз мына ақ сәулеге тұнып тұрған әлемнен қарығып, жұмыла берді. Аяғының астын байыптай алмағандықтан ба дүңгіршектен түсетін тепкішекте сәл кібіртіктеді. Жердегі милицияның бірі қолын созып айыпкердің білегінен ұстады, сонда ғана машинадағы милиция кісендеулі Жүсіпті босата берді.
Өз ұяласыңды осындай күйде ұшқастыру санаға біртүрлі салмақ салады екен. Жапардың жүрегі бұлқынып қалып, бір аунап кетті. Жалма-жан тағы да шешесіне қарады. «Байқұс ананың көкірегі қарс айырылып, жүрегі қан жылап тұрған шығар» деп топшылады. Кәрілік меңдеген өңі сұрланып, нұры тайған көзіне әлдебір айбындылықтың ұшқыны байланыпты. Екі милиция қолтықтап, ішке әкетіп бара жатқан Жүсіптің сонынан назарын аудармаған қалпы:
– Қорықпа, шығасың! – деп бір-екі мәрте айқайлап жіберді. Оны ұлы естіді ме, естімеді ме белгісіз, Жапар ап-анық естіді. Анасының мына қайратына іштей сүйсінді.
Ең ақырғы ішке кірген айыпкердің соңынан өкшелей шұбырған жұрт та үкім кесілетін ғимаратқа лап қойды. Осыншама халықтың бүгінгі сот процесіне жиналғанына Жапар қайран. Нақты жапа шегушілер сегіз де, куәлер де сол шамалас еді. Мұнша халық кімнің мүддесін көздеп келгенін түсінбей дал. Сот залына енгенінде тіптен айран-асыр күй кешті – құжынаған қауым орындықтарға сықай жайғасыпты да, кейбіреулері қабырғаларды қуалай тізіле иінтіреседі. Өткен жолы аңысын байқағандықтан «осылай болады-ау» деп, әпкесі мен жездесін ішке бұрынырақ жұмсап жіберіп еді, солардың орын алып қойғаны әтүйір бопты. Алдыңғы лектегі орындарына барып шешесі екеуі қатар жайғасты.
Жұрт қаншама мол жиналса да бейсауат дыбыс жоқ. Бәрі тып-тыныш үріккен қойдай ұйлығыса қалыпты. Тек прокурор ғана тойған қозыдай томпиып ап, өзіне тиесілі бұрыштағы «құтты мекенінде» бірнәрсені сүйкектете жазуда. Бұлар жаққа тіпті назарын да аударғысы келмейді. Өткенде де осылай салқын қабақпен қарсы алған. Сөйлесе келе ыңғайына қарай селбесетінін айтқан. Әйтеуір, Жапардың көңіліне бір медет тұтатыны – ол да «өз сыбағасынан» бас тарта қоймаған, алған. «Аға, айыптымыз. Айыбымызды мойындап тұрмыз. Жазығын біліп, ұсынған мойынды қылыш кеспейді деген. Көмектесіңіз, ініміз бір шалыс басты, енді қайталанбайды. Соңында шиеттей екі баласы бар, кәрі шешеміз бар. Соларды аяңыз. Әрине, құрғақ қасық ауыз жыртады, мінекейіңіз» деп, қатырма парағының арасына бес жүз доллар салынған «Азаматтық кодексті» алдына тастап кеткен. Содан кейін қайта жолыққан жоқ, ілкідегі дүйсенбіден көріп отырғаны осы.
Көп кешікпей-ақ хатшы қыздың «төреші келе жатыр!» деген үні әуені тіліп өтті. Ел дүрк көтеріліп, орындарынан түрегелді. Нұрлан үстіне қара мауытыдан тігілген жаналғыш Әзірейілдің кейпіне енгізетін шапанын желбегей жамылыпты. Нық басып орнына таянды, соңына ілескен екі халық заседательдері бар. Отырмас бұрын аудиторияны жанарымен бір сүзді. Өңінен ызбарлық пен сұстылықтың салқыны еседі.
Сот жұмысы үшінші күні ғана аяқталды. Айтқанындай Жүсіп сот залынан босатылды. Жүсіп қана емес жанындағы екі жігіт те азаттық алды, тек біреуі ғана алты ай химияға жөнелтілді.
Процесс басталған бірінші күні-ақ төрешімен мейрамханада оңаша, кеңінен сөйлескен. Ол ешқандай күдік тудырмас үшін тыңдауды әдейі үш күнге созатынын тағы да мағлұм етіп еді. Шешімнің тура осыдан бір ай бұрын өзі айтқанындай болатынын және мақұлдады. Сондықтан, еш алаңдамауын өтінді. Содан кейін Жапар да бұл тақырыпты айналсоқтамай басқа жайттарды қозғады.
Нұрлан сол сөзінде тұрды.
Нұрғаным жүгіріп барып, темір тордан босанып шыққан Жүсіпті бауырына қыса құшақтап, бетінен сүйіп жатыр. Жалғыз шешесі емес, әпкелері де тұс-тұстан қаумалай жабыла қоршапты.
Осы әредікте Жапар тұтқындар отыратын бөлмеге сұранып кіріп, алты ай химияға кесілген жігітпен тілдесті. Мына үкімді көтере алмай балауыз неменің көзінен ыстық жас бүртік атыпты, көкірегіне тығылған долы кесектен аузы қомпылдап сөйлей алмайды.
– Азаматсың ғой, бауырым, ердің басына нелер келіп, нелер кетпейді. Ары дегенде үш-ақ айда босанып, құтыласың. Сегіз ай отырғаның есептелсе, тіпті ол жаққа бармауың да мүмкін. Енді өзіңе бекем бол.
Жасып қалған жігіттің арқасынан қақты.
Осы кезде сырт жақтан дыбыр білініп, әжік-күжік дауыс естілді де, іле Жүсіп кіріп келді. Жапар інісімен бетпе-бет осы жолы ғана кездесті. Құшақтап, төс түйістіре көрісті. Сөйлеспеді. Соңында қалып бара жатқан жолдасымен қоштасуға кіргенін білді. Ол:
– Хат жазып, хабарласып тұрамыз. Давай, сау болып тұр! – деп, қолы кісендеулі досын бауырына тартты.
Осы кезде беймаз милициялар да бұларды “шығыңдар” деп тықсырта бастаған еді. Ағайынды екеуі тайталаспай, сыртқа беттей берді. Табалдырыққа таянғанда Жапар оларға:
– Рахмет, жігіттер! – деді.
XVI
Қиыншылықтың бәрі бір күнгідей болмай, үйдің іші әп-сәтте мәре-сәре қалыпқа енді. Нұрғаным ауылға оралысымен ақсарбасын атап сойып, көрші-көлеңге құдайы садақасын таратты. Бір кездегі уайым меңдеген жүзінде шаттықтың лебі еседі. Жұрттың бәрі тойға жиналғандай арқа-жарқа кепте.
Жапар да иығындағы ауыр жүктен арылып, ендігі уақытта жұмысына судағы балықтай еркін араласты. Бүкіл көлденең қам-қаракеттің бәрін кейінге ысырып қойып, бар ынта-шынтасымен өз міндетіне кіріскен. Оншақты күн сабылып жүріп, бөлініп берілген участогі – алты ауданды аралап, жұрттың купондарын инвестициялық қорларының есеп шоттарына аудартып қайтты. Ұзын ырғасы үш миллионнан асып жығылды. Осындай қомақты соманы игеріп тастағаннан кейін ғана Алматыға оралды.
Үйіне ел әбден орынға отырғанда жетті. Балалары әлдеқашан ұйықтап қалыпты. Танаулары пысылдап жатқан қос кішкентайының тамақтарынан иіскеп, беттерінен сүйді. Барша күйзелгені, торыққаны демде ыдырап жүре берді.
Ертеңінде Зейнелге келді. Ең бірінші оның азаматтығына алғысын білдірді.
– Сіздің жәрдеміңіз тимегенде қарманатын ештеменің жоқтығынан, құйыққа кеткендей ек. Бәрімізден бұрын шешеміз бір жасап қалды, өзіңізге мың да бір рахмет. Бауырымыз аман-есен үйірге қосылды. – Ақжарма көңілмен, шынтуайтындағы көкейіндегісін ағытты.
– Ақыры жақсылықпен бітсе жарайды. – Болмашы марапатқа мастанушылық байқатпады. Оны Жапар басшысының қас-қабағынан аңдап отыр. Сондықтан бұл тақырыпты ары қазбалай беруді жөн көрмеді. Сөйтті де бірден іске көшіп, тындырған шаруасын рет-ретімен баяндай бастады. Сөздері дәлелді болуы үшін өткізген купондарын растайтын халықтық банкіде белгі соқтырып, мөрлетіп алған қағаздарын көлденең тартты. Әйткенмен, мұның әлі біразы бұлардың есеп-шоттарына түсе қоймапты. Бұл жақта да күнделікті қадағалап, қоржындарына салынған жиынның есебін алып отыратыны бұрыннан мәлім еді.
– Жө-өн, атқарып жүрген ісіңнің беталысы жаман емес, осы қарқыннан танбай еңбек ете беру керек, – деді президент бұған ойлы көздерін қадап. – Жалпы, халықтың сеніміне кіруіміз – өте маңызды. Сол, көпшіліктің қолдауына жету үшін қызмет етуіміз тиіс. – Назарын аудармаған қалпы шүйліге тоқтады.
– Иә, біздің қордың, оның құрылтайшысы өзіміздің фирманың ел арасында мәртебесін асыру жолында байыпты да тыңғылықты іс қажет. Сондай бір шаруаны жүргізбес бұрын, ел ішіндегі арғы-бергі жағдайларды мұқият зерделеген орынды. Сонда ғана акционерлік қоғамның ұстанған бағытын табанды түрде, жұрттың қызығушылығын тудыра отырып ілгері бастырамыз.
– Мұның дұрыс, кез-келген шаруаға шығармашылық өре қажет. Осыны жақсы байқапсың. Ал, өткендегі ақшаны қалай орнына қоймақ ойың бар?
Жапардың кеудесі шанышқылап өтті. Беті де өрті шыға ду еткендей сезінді. Бірден иіні салбырап, кірпігін жоғары көтере алмай қалды. Солай ұнжырғасы түскен күйі:
– Енді, оны, қолма-қол орнына қоя қоятын менде мүмкіндік жоқ, айлығымның шетінен ұстап отыру жағын қарастырсаңыз дұрыс болар еді, – деді. Орындығының үстінде ішкі толқыныстан ары-бері ырғалып барып, жанарын президентке бағыттады. Ол сазарған пішінге еніпті. Қандай ой түйгенін кескінінен аңғару қиын, әйтеуір, араларында сілтідей тұнған үнсіздік орнады.
– Жарайды, солай болсын. – Бір кездерде барып тілге келді. – Бірақ, тым ұзап кетеді ғой. – Қолы зуылдаған қалпы калькуляторға жүгіре берді. Ілезде саусақтары зыпылдап, цифрларды тере бастады. Айналасы бір минуттың ішінде өз ұйғарымын да айтты. – Ол соманы тура бір жылға бөліп тасталық. – Бұған сынай қарағандай сыңай байқатты.
– Мақұл, мақұл. Әбден болады. – Жапар насаттанғаннан елп етті. Бұл шынтуайтында оңтайлы да қолайына жағатын ұсыныс. Бір жағы көмейіне түйін боп тығылған мәселе-тін, оп-оңай шешімін тапқанына қуанды. Енді осынау қамқорлық пен сенімді ақтау үшін тезірек ел ішіне оралып, жұмысына барынша кіріскісі келді.
– Бұдан былайғы жұмыс жоспарың қалай?
– Жатпай-тұрмай халықтың ортасында жүріп, іске барынша атсалысу.
– Дұрыс.
– Жақсы онда, мен жүрейін.
– Жолың болсын.
Жүректі сыздатқан шақтан адаланып, бірқалыпты қоңырқай тірліктің сүрлеуіне бойы үйрене бастады. Тек екі жарым мың долларды бір жылғы жалақысына бөліп, болымсыз ғана ақша алатындықтан қаражаттан бірталай қыжалат көрді. Әйтеуір, әйелінің жайлылығының арқасында үй ішінде түсініспеушілік туындамады. Негізгі діттеген нысанаға қол жеткеннен кейін екеуі де оны елемеуге тырысты. Қайта бұл жағдай Жапардың жұмысқа деген жігерін бұрынғыдан да тасытып, «бастықтың алдында ұят болмасын» деген жауапкершілігін арттырды. Осындай өзіне артылған сенімді терең сезінгеннен кейін ісіне бұрынғыдан да құлшына кірісті. Әрі бірбеткей өз тірлігімен айналысқанына ол қуанып та жүрді.
Бір ғана мәселемен алданып, басы сүргін шапқыншылыққа түскендіктен жаздың да сырт айнала бергенін байқамапты. Оны сәл қабағын шытынып, күздің салқын күндері келе бастағанда аңғарды. Ағаш біткен кәріліктен шашы ағарған кейуанадай салбыраңқы көңілсіз кепке енген. Керісінше бұлардың қабақтарындағы кірбің сейілген-тұғын. Бірде Жапар ауылға соққанында шешесі Нұрғаным:
– Анау Крупскаядағы құда-құдағиды шақырсақ, – деп, пештің аузына қи қалап отырып әңгімесін бастады, – дұрыстап құрмет көрсете алмай жүргенім. Еруліге қарулы деген, олар өткен қыста біздің жақтың басын қосқан. – Қазандықтың астына құнжыңдай шұқшыңдап, бір сәт бөгеліп қалды.
Крупскаядағы құда-құдағиы – Сапардың ата-енесі. Есін жинаған соң енді ағайын арасындағы ынтымақ жайын құнттағанын бұл ұғып тұр. Бірақ, соның қалай да абыроймен атқарылуын тілеп, іштей ой қорытқан қалпы үндей қоймады.
– Ендігі бір шәугім шай беріп те қояр едім. Оған жазғанның басымызға машақатын салып, алды-алдымызға тырым-тырым жасағанын көрмейсің бе?.. – Анасы мына жалғанға кейістік білдіре күңкілдеді.
– Жарайды, әбден дайындалып алып жаңа жылдың алдында, желтоқсанның ортасына қарай шақырғаның дұрыс шығар.
Ондағысы «оғанға дейін өзім де бір жағына шығысып қаламын ба» деген ойы-тұғын.
– Онда, сол мезетке тоқталайық. – Шешесі ұлының ықтияр танытқанына көтеріліп, қопалақтады да қалды. Қалап жатқан отын тастай салып, бұған мойнын бұрып қарады. Мәз. Шарқаты сәл шалқайып, оң жақ самай шашы түтілген жүндей үлдіреп сыртқа қарай қопсыпты. Онысы бір уыс көденің басындай бозамықтанып, әрі тым селдір көрінді. Желкесіне жинап қойған бұрымы да қамшының өріміндей ғана боп жіңішкеріпті. Жай шүберектен жасалған көнетоз шашбауының да ұшы селтиеді.
Айтқандарындай желтоқсанның басында қонақ шақырылды. Жапар бала-шағасын алып, құда-құдағиға беретін өзінің шамасы жеткен бір кісілік жағалы сый-сыяпатымен ауылға келді. Оны-мұны дастархан мәзірін де үйеме әкелген еді. Өйткені, «жақсы» деген де, «жаман» деген де сөз шешесі екеуінің ғана атына айтылатынын білді. Бір абыройы – бәрі ойдағыдай өтті. Келген жұрт ырзашылықпен аттанғандай көрінді.
Екінші бөлім. ТЫҒЫРЫҚ
Ызы-қию тірліктің жанды алқымнан сығымдаған аптығы басылып, өмір үйреншікті ырғағымен бейуаз реңіне енген. Соңғы бір жаңалық Жапардың жұмыс орны ауысып, жазу-сызудың төңірегіне оралды. Бұл да еш жаққа табан аудармай қызметке кірісуге бейімдеді. Тірлік өз ауанымен жылыстай берді. Қар еріп, Алматыда жаңа бір көктемнің нышаны байқалған. Наурыз туып, әйелдер мерекесі де өткен. Тек кездейсоқ соғылған қоңырау мазаны май ішкендей жасады. «Ойбай, құтқара көрмесең мен біттім, ертең – соңғы күн. Алты жүз доллар ақша керек» десін Сапар артынан жау қуып келе жатқандай асып-сасып.
Ол қалааралық сөйлесу пунктінен телефон шалғандықтан бес минуттың ішінде ештеме ұғып жарытпады. Аяқ астынан айран-асыр қалыпқа түсті.
Бұл тағы да абдырай әйеліне қарады. Жағдайды ол да естіп тұр. Сонымен, өздері аш-жалаңаш отырса да алдағы күндерге үміт артып, көп сөзбұйдаға жеңсік бермей екі жақтап елден қарыз жинауға бекінді. Сосын, бірден істеріне кірісті. Құдай сәтін салғанда сол күні-ақ ақша қолдарына тиді. Ештеңеге қарамай түнделетіп Талдықорғанға суыт аттанды.
Жол бойы көңілді алағыздырып, алыпқашқан мән-жайға барып бір-ақ қанды. Сөйтсе, ешкімге ұғынықсыз кез – тоқсаныншы жылдары бірге жүріп, бірге тұрған, көптеген коммерциялық мәмілелер тындырған, кейін сотталып тиышталған жолдастары бұғаудан босаныпты. Сапар оны дер уақтысында білмесе керек. Соған олар «Сен бізді қарсы алмадың, баяғы жолдастықты ұмыттың, сол үшін айыптысың. Айыбың – 600 доллар. Оны осы уақытқа дейін әкелесің, әкелмесең өз обалың өзіңе» деп мерзіміне дейін нақтылап, кесіп айтыпты. Сөйтіп, інісі болмайтын жерде жазықты болып, жаны мұрнының ұшына келіп тұр екен.
Бұл жай мұның құлағына ең ақыр соңында тисе керек. Талдықорғанға шешесі, үлкен әпкесі күйеуімен жетіпті. Жинап қойған бос бөшкедей тізіліп, сол үйде отыр. Бұлардың ақша әкелгенін естіп, бәрі тұс-тұстан самбырласты да жөнелді. Әсіресе Сапар «қазір апарып берейік» деп, қолды-аяққа тұрмай безілдеді. Шешесі де:
– Бүгін құтылыңдар бәледен, – деп, бәйек қақты. – Жарқыным Жапарым болмаса шаруа бітпейді, мың жаса, күнім. – Соңында алғыс-батасын жаудырып, аналық ризашылығын білдіріп жатты.
Шаруаны тура осы көпшіліктің көксегеніндей жасады да, бұлар сол күні түні қайтадан Алматыға қайтты да кетті. Рульдегі Жапар өз-өзінен аласұрып, жарылудың аз-ақ алдында. Соншама мәнжубас ынжықтықпен, көрінгенге жем боған інісіне зығырданы қайнады. Бағана, әлгілеріне «жайларыңа жүріңдер, басынатын адамды тапқан екенсіңдер» деп айтуға оқталып еді, оның мұнысына Сапар келіспеді. «Ойбай, қаланың ұрдажықтары да солардың сөзін сөйлеп отыр. Дүлейлердің ұйғарымын қаперсіз қалдырсаң, қарыс адым жүргізбей тастайды. Үн-түнсіз «аш бәледен қаш бәле» дегендей сұрағандарын беріп құтылмасақ, ерегесеміз деп тағы да бір ұшыққа ұрынармыз. Әрі, әлгілер жоғары жақпен де сыбайлас, олар құтылып, біз тұтыламыз» деген ағынан жарылып. Содан кейін ғана Жапар ашуын ауыздықтап, ақылға тоқтады.
Енді, міне, бәрібір өзінің жасаған тірлігіне көңілі көншімей, намыстан жарыла жаздап ылқылдайды.
Дегенмен, уақыт көп нәрсеге шипа екен. Бір кезде жүрегіне ауыр тиген жайттың зіл батпан салмағы аздап сейіліп, ыдырай бастады. Жүсіптің қайтадан шахтаға кіріп, көшке ілескеніне қуанды. Сапардың ештемеге ұрынбай аман-есен жүргенін көңіліне тоқ санады. Ал, Жайнақ мектепті енді бітірді, «әлі кішкентай» деп тұжырды. Әйткенмен, пенде атаулы алды-артын пішіп болған ба? Осы уақытқа дейін көргені аздай жазмыш бұл күтпеген зауалды басына төтеннен үйе салды. Бірі – «бауырым», бірі – «қайным» деп ебіл-дебілдері шығып шауып жүргендерінде, екі бірдей қарғасы көкірек ауруына шалдығыпты. Бұл сырқаттың басты себебі: жай-күйдің болмауынан – жарып ас ішпеу, бой жылынарлық иыққа ілердің тапшылығы, аяқты көсіп тастап жататын баспананың жоқтығы. Расында да өткен қыста осы мұқтаждықтардың ызғары қатты сезіліп еді, бәле өздерін айналып өтіп, қос сәбиін қанды тырнағымен шырмай қаусырыпты.
Мұны алғаш білгенде екі шекесін шеңгелдей ұстап, төбесіне жай түскендей жайрады. Қайта кішісінің балабақшаға баратыны абырой болған, сәбидің дертке шалдыққаны сол жердегі тұрақты дәрігерлік қадағалаудың арқасында анықталды. Әйтпесе, бұл әбілет көкірекке кеулеп кіріп, жанды ауыртпай кеуегі қалғанша мыстан кемпірше сора бермек.
Бір үйдің екі баласының бірі сондай дімкәстікке ұшырағаннан соң дәрігерлер шұғыл үлкенін де қаратуға кеңес берді. Айтқанындай-ақ Шырай да мысқалдап кірер залалдың зәрінен сырт қалмапты. Оның да өкпесінен дақ табылды.
Тағдырдың көрсеткен бұл зауалы ең ауыр соққы боп тиді. Әсіресе, оның салдарынан қорықты. Өйткені, Жапардың өзі де сексенінші жылдардың аяғында көкірек құрты ауруына шалынып, дәруханада ұзақ жатқан. Ақыры болмаған соң, ірің кеулеп соқталанған сол жақ өкпесінің жүректің тұсындағы жоғарғы жартысын алдыртып тынған.
Енді сондай бейнетке екі бірдей бауыр етін өз қолымен байлап бергендей көрді. Көкірек несібесін таласып емген бауырын арашалаймын деп, қос жазықсыз сәбиді құрбан еткенін кеш түсінді. Сосын барлығын жиып қойып, шұғыл емханалардың табалдырығын тоздырды. Лажы болса дәрі-дәрмектің күшімен бетін қайтаруға тырысты. Әбден науқастың нақ сол тажал екеніне көздері жеткеннен соң, тау бөктеріндегі балалар санаторийіне екі жолдаманы күшпен соңына түсіп жүріп алды.
Құжаттарды реттеуін реттегенмен, екеуін жетімханаға өткізгендей бөгделердің қолына беруге жүректері дауаламады. Бірақ, амал жоқ қос шұнағын нүктедей етіп жетелеп апарып, сонда табыстады. Мұнда тағы бір жаны қыстыққаны, жас шамаларына қарай екеуін екі бөлек топқа жіберді. Ең бірінші Шырайды мейірбике оң жақтағы корпустардың біріне әкетті де, қалтақ-құлтақ басқан Айбынды ақ желбегей киген бір қыз жетелеп, сол жақтағы ғимаратқа бастады. Сенің әкесі, шешесі екеніңді, тіпті, олар ескермейді де. Босағадан да сығалауға мұрсат бермеді. Күнделікті балабақшасына барып жүрген Айбын сондай көпшілік орнына кетіп бара жатқандай, кешке үйге қайтатынындай алаңсыз, кішкентай саусақтарын тарбита жыбырлатты.
Осы кезде Жапардың кеңсірігі удай ашып, екі көзіне лықсып кеп кептелген жасты тыюға мұршасы жетпеді. Неге екені белгісіз, жұртта қалған жандай құлазыды, кенет көңілін қына басты. Перзентіне араша тұра алмағанына қорланды. Өйтетіні, осы қу кеудесімен кеселденіп дәруханада жатқанында талай шынашақтай нәрестелерді көріп еді. Байқұстар әке-шешелерін сағынып, сол сағыныштан қаңырығы түтеп тұрып жылағандарында жұбатып еді. Ата-аналарының неге мұнда әкеп тастағанын түсіне алмай, олардың кішкентай жүрегі торығатын еді. Әркезде үздіксіз салынатын сояудай өкілден тыпырлап қашатын еді, ақ желбегейлі адамды жек көретін еді. Ақыры ащы даусы өзекті тіліп, тұрқы қасықтай болғанымен, өкпесі қара қазандай қалпы, шерменде қалпы шерленетін еді. Сондайда пәруана сәбидің үнін естіген құлақтың төбе құйқасы шымырлайтын.
Сол, санасында сәл көмескі тартқан сурет тура өз балаларының басынан өтетініне қабырғасы қайысты. Өз көзімен көрген оқиғаның ендігі кейіпкері қос бірдей қозысы болатынына назаланды.
Қайта әйелі бекем екен. Ол бұл өстіп дел-сал күй кешіп тұрғанында қапысын тауып, балаларының қай бағытқа кетіп бара жатқанын байқастапты. Дәрігерлермен кеңесіп, қандай бұйымның, дәрі-дәрмектің керектігін біліп қайтыпты.
Екеуі солбырайған қалпы машинаға мінді. Жапардың миы шыңылдап, есі-дерті балаларының жайына құлаған. Мұның бұлаудай қызарған көзін, реңі қашқан ұсқынын көрген Бибі:
– Қой енді, ертең-ақ жазылып шығады, – деді әзер еріндерін икемге келтіріп, бұдан артық сөйлесе өзі де еңіреп жылап жіберуге шақ тұр.
Уақыт өте берді. Күнде келіп санаторийдің есігінің алдын торуылдайды. Әкелген оны-мұныларын кезекші мейірбикеден беріп жібереді. Олар сол кеткеннен сарғайтып барып, әзер төбе көрсетеді. Бұлардың телмеңдеген жанарын көріп, «халдері жақсы, сәлем-сауқаттарыңызды апардым» дейді болмашы ықылас білдіріп. Ішке кіруге рұқсат жоқ, медициналық тәртіп солай – сыртпен байланыс жасалмауы керек. Сағыныштан жарылсаң жарылып-ақ кет, ол жақта – карантин. Балаларыңды көре алмай жүрегіңнің уылжып ауырғаны, ешкімнің жанына батпайды.
Бір күні күтпеген уақиға болды. Жапар жұмысында отырғанында телефон шырылдады.
– Иә, – деген бұл самарқау.
– Сәлеметсіз бе?
– Сәлемет…
– Сіз Атамқұловсыз ба?
– Иә. – Біртүрлі таңдана тіл қатты.
– Бұл санаторийден ғой, балалар дәрігері.
Жігіттің жүрегін біреу суырып алғандай:
– Иә, иә, – деп, әлгі кісінің сөзіне енді пейіл қойды.
– Сіздің ұлыңыз қатты науқастанып, қалалық 12-ші клиникалық дәруханаға жіберілді.
– Не болды?! – Үні тарғылдана ышқынғанын аңдамады. Әйтеуір, жаманатты хабардан миы шыңылдай жөнелді.
– Соны білмей, таппай далмыз, оң аяғын қозғалта алмайды. Кешеден бері төсектен тұруға мұршасы жоқ, қызуы басылмайды. Бүгін түнімен қырықтан түспей қойғаннан кейін сол жаққа апардық. Енді сондағы дәрігерлер мән-жайды зерделеп, не сырқат екенін анықтайды.
– Қандай бөлім, қай палата?
– Балалар бөлімінде, палатасын білмедік. Телефоны – мынау.
– Жақсы, рахмет.
Жалма-жан телефон соқты. Жүлге бос емес, тынымсыз дыңылдайды да тұрады. Тапжылмай отырып он бес минуттай әуреленді. Түсіп болмады. Сол ортада Бибіге де қоңырау шалып қойған. Ол ана жақта алас ұруда. Діңкесі құрығаннан кейін қайтадан әйелімен байланысып:
– Еш жаққа кетпе, қазір жетемін! – деді.
Бибінің кескінінен үрей мен абыржудың кейпі қатты аңғарылды. Көзі шарасынан шығып, әлдекімнен қорғаныш іздегендей жәутеңдейді. Өңі сұрланып, бетінің қызылы үшті-күйлі жоғалған. Денесіне болмашы бір діріл енгендей. Дауысына да әлдебір өзгешелеу толқындар араласыпты.
– Құдай-ай, жарығым-ай, не боп қалды? Жаратқан ием, жар бола көр.
Машинаға мінгеннен осы сөздерді бірнеше қайталады. Жолда келе жатып та құдайға құлдық ұра берді.
– Санаторийдегі дәрігермен сөйлестің бе? – Ері жағының бұлшық еттері бұлтиып, алдыға түнере төнген қалпы сауал тастады.
– Сөйлестім. Кінәраттың неден екенін білмейді. Остеомелид деген байламға тоқтам жасапты.
– Ол немене?
– Мен де түсінбедім, сүйек ауруы дейді.
– Сүйек туберкулезі емес пе?
– Жоқ, бұл оған жатпайды екен.
Жапар айран-асыр болған күйі, дәл бір өші кеткендей рульді сығымдай түсті. Басқадай сұрақ қойып, онысыз да әтүйірі қашқан әйелінің жанын қыстықтырғысы келмеді. Бар шамасы жеткені, машиналардың арасымен жын ұрғандай құйғыта ұшыртады. Кей тұстарда жол тәртібін қасақана сақтамай бағдаршамға кептеліп, шұбала иін-тірескен көліктерді қарсы бет бағытпен қапталдай орап, нөпірдің алдына барып тежеледі. Өйтпеске лажы жоқ, жаны қуырылып, қарашығына жетпей аптығы басылмайтындай.
Ақыры, үлкен дарбазаны айнала қойылған жыпыр-жыпыр машинаның арасына көлігін тастай салып, дәрухананың ішіне жүгірді. Бұларға түсіндірген балалар бөлімін көрінген көк аттыдан сұрай-сұрай тапқанын қайтейін, «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» дегендей, есік-терезесі тас бекітулі бір ғимаратқа маңдайларын тіреп тоқтады. Терезеден мойнын көрсетіп қалған, айналасында ұшырасқан адамдардан жауаптасып ұққаны – мұның ішіне былайғы жан баласын жібермейді екен. Қазір оның үстіне науқастардың тынығатын уақытына дөп келіпті.
Сасқалақтай абдырап, басқа амалын қарастыра бастады. Сонда істейтіні, істемейтіні бар ары-бері жүргендердің бар жөн сілтегендері, науқастарды қабылдап алатын орындағы кезекші дәрігерлерге жолығу болды. Абдырағанда бұл да ақыл. Екеуі тізіліп сонда тартты. Апалақтап, апыр-тапыр баса-көктеп кірді. Ондағылар мұндай өрт сөндіретіндей екпінмен келгендерге әбден еттері өліп кетсе керек, орыстың екі жігіті мен бір бойжеткен салқынқандылық аңғартып, селт етпеді.
– Сәлеметсіздер ме! – Жаны қыстықса да Жапар осылай инабатты көрінуге тырысты. Жөнін айтпай қоя ма деген секемалы да жоқ емес. Отырғандар жай ғана бастарын изеді. – Осында бүгін «Көктөбе» санаторийінен Атамқұлов деген бала түскен жоқ па?
– Қай кезде? – Шеткі бұйра бас жігіт керенау болса да тілге келді.
– Түске дейін… бәлкім...
– А-а, онда біз сағат екіден бері қарай ғана кезекшіліктеміз. Ондай баланың қабылданғанын білмеймін, қазір журналды көрейін. Фамилиясын тағы бір қайталап жіберіңізші.
– Атамқұлов Айбын. – Екеуі таласа жауап берді.
– Қазір, қазір. – Алдындағы үлкен қоңыр дәптерді ашып, қаламсабының ұшымен жүгіртіп, тізімге шұқшиды. «Атамқұлов, Атамқұлов» деп сыбырлап қояды. – Таптым. Ондай бала түскен екен. – Қуанышты жаңалық айтқандай екеуінің бетіне жымия, мамыражай кепте қарады.
– Кешіріңіз, қандай диагнозбен?..
Әлгі жігіт қайтадан журналына үңілді. Онша көп сарылтпай, тез арада басын көтерді.
– Остеомелид.
Бибінің жанары жасаурап, жасыған қалпы шеткері тұрып қалды. Жапар мейлінше жағдайға қануға ұмтылып, көңіліне келгенді сұрап жатыр.
– Қандай шұғыл медициналық көмек көрсетілуі керек екен, ол жағы жазылмап па?
– Неге жазылмасын, жазылады. Қазір айтайын. – Тағы да ала қағазына тұқиды. – Міне, тез арада операция жасалуы тиіс деп жазылыпты. Оған дейін қолданылатын дәрі-дәрмек те көрсетіліпті.
«Операция» деген сөзді естіп, екеуінің жүрегі зырқ ете бұлқынды. Сонда да Жапар мығым болуға тырысты.
– Балалар бөлімінің бас дәрігері кім?
– Валерий Степанович. Бірақ, қазір ол кісі жоқ, бүгінгі жұмысын бітіріп қайтып кетті.
– Ішке кіріп, баламызды көзімізбен көріп шығуға бола ма?
– Болмайды.
– Тынығу уақыты біткеннен кейін ше?
– Онда да болмайды, балалар бөлімінде – карантин.
Жапардың діңкесі құрып, жүні жығылды. Қайда барса да «карантин» деген сөз кесе көлденеңдеп алдынан шыға берді. Қайласы таусыла ауыр күрсінді.
– Емдейтін дәрігерін айтыңызшы.
– Емдейтін дәрігердің кім болатынын біз білмейміз, Валерий Степанович шешеді. Мүмкін, өзі қарауына алар.
Жігіттің иіні салбырап, дәрменсіздігінен тауы шағылды. Сонда да соңғы үмітіне иек артып:
– Жігіттер, мейірімділік танытыңыздаршы, – деді алақанын жайып, – бес-ақ минутқа ғана кіріп, баламызды көзімізбен көруге мүмкіндік жасаңыздар...
– Біздің қолымыздан келмейді. – Сазарған қалпы басын шайқады.
Осы кезде бөлмеге ғаріптікке ұшыраған бөгде адамдар еніп, бұлардың әңгімесіне киіп кетті. Дәрігерлердің бәрінің ықыласы мен көңілі солай қарай ауып, бұл екеуі еріксіз шеттетілді. Жапар ендігі тұрысының текке уақыт жоғалту екенін білді. Ақырын бұрылып, жылаған әйелін жетелей тысқа беттеді.
Далаға шыққаннан кейін де тас ғимаратқа біртүрлі еміне қарады. Бұл Жапардың көңіліне дәрухана емес, қапасхана сияқты әсер етті. Біртін-біртін жүрегі мұздай суып, арқасын аяз қарыды.
– Сені жұмысыңа апарып салайын да, Нұрмолдаға жолығайын. – Басқа табан тірер тығырықтың жоқтығынан осылай еткен жөн екенін Бибіге білдірді.
– Мен де барамын. – Жылаған қалпы үнін үзіп-үзіп әзер айтты. – Тым құрымағанда Нұрмолданы кіргізіп, сол арқылы Айбынтайдың жөнін білейік. Кішкентай күнім-ай, не болды саған, қайтіп жатыр екенсің?.. –Етегі жасқа толып, еңірей жөнелді.
Нұрмолда деп келе жатқандары Жапардың ең жақын досы Мұраттың інісі. Медициналық институтты және оның аспирантурасын бітірген, педиатр. Бастары ауырғанда балтыры сыздайтын осындай адамды іске араластырмаса, жөнін айтатын дені дұрыс бір пенде кездеспейтін сыңайы бар.
Ол жұмыс істейтін орталық саябақтың арт жағындағы облыстық балалар дәруханасына жеткендерінше біраз уақыт өтті. Абырой болғанда Нұрмолда кеңсесінен табылды. Бұларды көре сап, қашандағы ашық мінезімен шұрқырай табысты.
– Қалдарыңыз қалай?
– Жағдай мәз емес.
– Неге?
– Айбын аурып, дәруханаға түсті.
– Бәсе өңдеріңіз сынық, оған не болды? – Оның да бірдемде сұры өзгеріп, реңінен қобалжыс байқалды.
– Не болғанын білмейміз, өзің бір хабарын алып бермесең ештемесін ұқпадық. Кіргізбеді де, баланы да көрмедік.
– Қойған диагнозын айтпады ма?
– Әзірше остеомелид деп отыр. – Бибі енді ғана сөзге араласты. Нұрмолданың қабағы тіптен түйіле, құп-қу қалпы аңтарылды.
– Қай дәруханада?
– Он екінші.
– Балалар бөлімінде ғой?
– Иә.
– Оның бас дәрігері – менің ұстазым Валерий Степанович. Ол кісіге жолыққан жоқсыздар ма?
– Жоқ. Жұмысын аяқтап үйіне қайтыпты.
Нұрмолда қапелімде не жасарын топшылай алмай бір сәт ойлана бөгелді. Бірақ көп сарылтпай:
– Сағат алтыда мен кезегімді өткіземін, содан кейін Айбынға кірелік. – «Оған дейін шамалы ғана уақыт қалды ғой» дегендей қолындағы сағатына қарады. – Жағдайын егжей-тегжейлі білемін, қандай ем жасап жатқанымен де танысамын. Сосын, Валерий Степановичтің үйіне барып өзімен жолығамыз.
– Жарайды, мақұл. – Жапар басын изей берді. Бұл ишара «түйеге әтшу деген сеп» дегеніндей, кәріпшілікпен келгендердің әжептәуір иығындағы жүгін жеңілдеткендей әсер етті. Бибінің де жанарында үміттің жылт еткен шырағы байқалды.
– Біз осы төңіректе күте тұрайық, – деп басын шұлғыды.
III
Үшеуі дәруханаға қарай жолда келе жатқандарында Нұрмолдаға сауалды қарша боратты.
– Остеомелид деген не сырқат? – Бірінші Бибі бастады.
– Сүйек ауруы.
– Оны ұқтық, сүйек туберкулезінен айырмашылығы не? – Енді Жапар тақымдады.
– Бұл сырқаттың меңдейтін бірнеше себептері бар. Кейде жазым боп бала абайсыз аяғын соғып алса, сүйек шытынап немесе сыртындағы қабығы сырылып, дәзденуі мүмкін. Олардың сүйектері қатпаған, боркемік қой, сондықтан әлжуаз. Осы кеселдің көбіне балаларда кездесетіні сондықтан. Содан барады-дағы жүйке талшықтары түршігіп, қолтық пен шаттағы без шошынады, қызуы көтеріледі. Әлгі дәзденген тұсқа қан арқылы микроб түссе, бітеу жара боп дүмпиеді де, ақырында ірің кеулеп барып тесіледі. Яғни, сүйекке құрт түсті деген сөз. Сосын сүйек қалпына келмей борша үгітіле береді, үгітіле береді.
Мұны естіген екеуінің көздері атыздай боп, төбесіне бірақ шықты. Аяқ астынан мынадай бәлеге ұрынғандарына қайран. Құдайға не жазып қойғанын білмей Бибі солқылдай жөнелді.
– Қой, жеңеше, жыламаңыз, мен тек аурудың мәнін түсіндірдім. Айбынтайды құдай ондайдан сақтасын. Әлі қарайды ғой дәрігерлер, бұл алғашқы болжам ғана. – Сабырлы кепте басу айтты. – Бәле жабысайын десе оп-оңай. Кейде қараптан-қарап жіліктің ішіндегі майға микроб байланады, ол өз-өзінен бұзыла бастайды. Осы кезде адамның қызуы көтеріліп, аяғын, қолын, қысқасы қай мүшесі ауырса соны ала алмай қалады. Ақыры әлгі әбілетті құрту үшін жілікті тесіп, майын тазалап, ішін дәрі-дәрмекпен шайқап жуып тастайды. Бұл аурудың машақаты көп. Жалпы кез-келген сырқаттың залалы жаман, басқа салмасын.
Жігіт өңі сәл сұрқай тартып, басын шайқады.
Үшеуі Жапарлар бастапқыда кірген сырқаттарды қабылдайтын бөлмеге келді. Ондағылар алмасып үлгеріпті, жалғыз қазақ жігіті төбе көрсетті. Нұрмолда екеуі жылы ұшыраса амандасты.
– Жұмыс қалай? – деді Нұрмолда еркін қалпынан танбай. Столдың үстіне дипломатын қойды да, ашып, ішінен ақ желбегейін шығарып кие бастады.
– Бір қалыпты. Өзіңіз мұнда қайдан жүрсіз?
– Племяннигім осында сырқаттанып түскен екен, соған келдім. Әкелші журналды.
Анау әлгіндегі қалың қоңыр дәптерді мұның қолына ұстатты. Бұл тез-тез парақтап тиісті бетін тауып алды. Жазуларға шұқшия үңіліп, «так, так» деп қояды.
– Жарайды, бәрі түсінікті. – Журналды жауып, ары таман ысырды. – Балалар бөлімінде кім кезекші?
– Тамара Константиновна.
– Танымайды екем. – Бұрылып сыртқа беттеді. Ерлі-байлы екеуі Нұрмолданың соңынан тіркемесіндей бірге ілесті. Ол екінші қабатқа көтерілді, бұлар да қалмай ілбіді. Әлдебір есікке тянғанда бөгеліп:
– Сіздер осында тұрыңыздар, мен кіріп шығайын, – деді.
– Мынаны ала кір. –Бибі «күнім, аптапта тілі таңдайына жабысып шөлдеп жатқан шығар» деп, сусындар мен шырындар алған еді, сонысын ұсынды. Доктор қайнысы әлгі нәрселер салынған пакетті саусағына ілген күйі ішке еніп кетті.
Біраз айналды. Ол кешіккен сайын бұл екеуінің дегбірі қашып, тарс жабулы есікке телміре қарайды. Ары-бері жосықсыз сенделеді. Тілден қалған, бар ой-санасы балаларының үстінде. Тұтамсыз байламдар ұстатпай әр.
қиырға бір соғады. Салмағы қорғасындай ауыр минуттар мимырттап, тапжылар емес. Әлден уақытта барып сірескен есік қиғаштай ашылды да, ақ желбегейдің етегі, сосын Нұрмолданың өзі көрінді. Екеуі оған бірдей ентелесе ұмтылды. Тапырақтап қасына жеткенімен бірдеме сұрауға дәрмендері жоқ. Апалақтап педиатр жігіттің өңіне әлдебір жақсылықтан дәмете қарайды.
– Жатыр. Шатының безі шошыныпты. Әлгінде укол салған екен, қызуы сәл қайтыпты. Көрпе-жастығы терден суға малшыныпты. Көтеріп алдыма алып отырып, төсегін қайтадан жаңалаттым. Мені танып жатыр, «қал қалай?» десем, күліп қояды. Аздаған сусын бердім.
«Күліп қоядыны» онша көп уайым жемесін деп әдейі айтқан еді.
– Е-е, күнім-ай, – деді Бибі көкірегі қарс айырылып.
– Әлі емдеуші дәрігер бекітілмепті, ертең таңертең белгілі болады дейді. Сондықтан мардымды да ем жасалынбаған. Ана жердегі кезекші мейірбикелерге «дұрыстап қараңдар» деп табыстадым.
– Ой, рахмет! Мың жаса!
– Енді жүріңіздер, Валерий Степановичтің үйіне соғып, өзімен көзбе-көз сөйлеселік.
– Жолай жол-жоралғысын алалық.
– Оларыңыз жөн. Қазір кіргенде сізді «менің немере бауырым» деп айтамын, «племяннигіме дұрыс қараңыз» деп өтінемін. Бар ынтасымен мейірін төгуі үшін кейін азын-аулақ ақша да бере салсақ артық етпейді. Қайткенде де өзінің қолға алуын сұраймын. Өйткені бізде осы аурудың бұдан өткен білгірі жоқ. Менің ұстазым, ғылыми конференцияларда да жиі кездесіп жүреміз.
Нұрмолданың сөзіне екеуі де әжептәуір көтеріліп қалды. Осындай қайла таппай дағдарғанда көңілге медет болатын сөздің қайрат беретіндігін бұрыннан еститін. Соны ерлі-зайыпты екеуі өз бастарынан кешті. Сананы тұман торлағанымен қолы іс білетін адамның жаныңнан табылуы да құдайдың қарасқаны екен.
– Без деген болмашы шығу шықса да ісетін шошынғыш бәле емес пе, төңірегінде сыздауық сияқты нәрсе байқалмады ма?
Жапар әлі де өз-өзінен безі шошынып, бала соған бола ес-түссіз дәруханаға түсті дегенге нанбай, күмәндана сауал тастады. Баяғыда без шошынса шешесі уытын қазанның түп күйесін жағып қайтаратын еді. Бүгінде Нұрғаным жанында жүрген немерелеріне осы әдісін қолданады. Бірақ, ол ылғи да жара, сыздауық сияқты бір нәрселерге байланысты болатын.
– Мен де сондай дүдәмалмен Айбынның үсті-басын мұқият қарадым. Бірақ көзіме бүдір де білінбеді. Әйткенмен оң аяғын титтей қозғасаң құлындағы даусы құраққа ұрады.
– Құлыным-ай, ә-ә… – Бибінің үні күңірене естілді.
Жапар ауыр күрсінді.
– Без тағы неден шошынуы мүмкін?
Әйтеуір, әлгінде атаған остеомелид деген дерт теріске шықса деген үмітпен сұрап отыр.
– Кім біледі, ақзадағы зат алмасуы барысында да қабынуы ықтимал.
Бұдан кейін барлығы да үн-түнсіз қалды. Машина Абай даңғылымен салып-ұрып келеді. Жол бастаушы Нұрмолда, Мате Залка көшесінен өтісімен оңға бұрылуға ишарат танытты.
Дәрігердің мекені онша ішкеріге сұғына орналаспапты, көшемен қапталдаса салынған бір-екі қатар үйден өткеннен кейін іргесіне келіп тоқтады. Шеткі есіктен кіріп, екінші қабатқа көтерілді. Пәтері сол жақта екен, бірден қоңырауды басты. Бұған жауап ретінде арғы беттен дыбыр да білінді. Сосын көз тесікке біреудің үңілгені байқалды.
– Кім бұл? – деді әйел даусы.
– Валя тәте, бұл мен ғой, – Нұрмолда, облыстық балалар дәруханасындағы педиатр.
Құлыптың кілті бұрала бастады. Есік қиғаштай ашылып, арғы беттен етжеңді әйелдің қаралдысы көрінді.
– Сәлеметсіз бе, Валя тәте. – Дәрігер жігіт ежелден таныс екенін білдіріп, шұрқырай амандасты.
– Сәлемет, сәлемет. – Жылы шырай танытып, күле жауап қатты. Жапар мен Бибі де сыпайы амандасып, бастарын жарыса изеді.
– Үйге кіріңіздер. – Әйел есікті еркіне жіберіп, табалдырықтан бір шетке қарай ысырылды.
– Рахмет, Валя тәте, өте асығыспыз. Валерий Степановичте шаруамыз бар еді. – Ішке қарай бір адым аттап, өз жайынан мағлұм бере бастады.
– Валерий Степанович жоқ, саяжайға кеткен. – Әйел біртүрлі кінәлі адамдай ыңғайсыздана әбіржіді. – Шұғыл шаруа ма?
– Иә, мына кісі менің немере бауырым, – Жапарды нұсқады, – қасындағы жеңешем. Племяннигім қатты науқастанып, сол кісінің бөліміне түскен екен. Жағдайы мүлде мүшкіл, дұрыстап ешкім қарамай жатыр.
– Ол сағат түнгі он бірлердің шамасында келеді. – Әйелдің түрінен қынжылғандықтың ізі білінді. Мұны естіген Нұрмолда:
– Онда мен, – деп бөгеліп қалды, ретсіздеу бірдеме айтатын адамдай қипыжықтай сөзін сабақтады, – сол кезде тағы бір мазаларыңызды алсам, айыпқа бұйырмайсыздар ма?
– Жоқ, несі айып, келіңіздер.
– Мақұл. – Доктор інісінің үні қуаныштан саңғырай шықты. Жапар мен Бибінің де жаны кіріп барады. – Валя тәте, көптен бері сіздердікіне келе алмай жүр едім, мынау өзіңізге арнайы әкелген тартуым.
– Оның несіне әуре болдың, Нұрмолда? Керегі жоқ.
– Ешқандай әурешілігі жоқ, алыңыз. – Пакетті ұсына берді.
– Әй, қазақтар-ай… – деді үй иесі. – Төрлетіңіздер, бір-бір шыныаяқтан кофе ішіңіздер.
– Жоқ, Валя тәте, уақытымыз өте тығыз, он бірден өте қайта айналып соғамыз.
– Жарайды.
– Кездескенше.
Осы сөзді үшеуі жапа-тармағай айтып, бұрыла берді. Сыртқа шыққаннан кейін Бибі:
– Иман жүзді адам екен, жолымызды құдай оңғартатын шығар, – деді.
– Сәтін салсын де. – Көкейіндегі күмән ыдырасын дегендіктен Бибіге Нұрмолда дем беріп қойды. –Валерий Степанович одан да керемет адам.
Машина орнынан жылжып, қалың көпшіліктің ішіне де тұмсығы ілінді. Далада сапырылысқан қызу тіршілік үзіліссіз жалғасқанымен, үшеуінің бір сәтке тілі байланды. Осы тыныштықты Жапар бұзды:
– Остеомелид туралы қайдан оқуға болады?
– Үйде осы науқас жөнінде жазылған кітаптар сақталуы тиіс, егер бір жерге апарып тастамасам...
Тағы да еңсені езген тыныштық орнады. Жаздың ұзақ күні де ымыртқа айналып, төңірек алакөлеңкелене бастады. Бірақ, апшыны қуырған аптап әлі сейілетін көрінбейді. «Мұндай қапырықта төсекке таңылып қалу қандай қиын еді…»
– Мына жерге тоқташы. – Бибінің үні Жапардың ойын бұзды. Сөйтсе, жолдың қапталында тізілген қалың бір дүңгіршектердің легі. Соған қарап әйелі Нұрмолданың кішкентайларына бірдеме алғысы келгенін ұғынды. Мұны дәрігер жігіттің өзі де аңғарып үлгеріпті:
– Жеңеше, ештемеге әуре болмай-ақ қойыңыз, – деді дәбдірлей.
– Жоқ, ә-ә, балаларға қалай құр қол барам. – Келіншек оның сөзін елең етпей, сыртқа беттеді.
Нұрмолданың ошағы Құрманғазы мен Жароков көшелері қиылысының тұсындағы жер үйлерде екен. Ары-бері бұлаңға салып барып, бір сұр қақпаның аузына сұғына тоқтады.
– Ал, жүріңіздер. – Машинаның есігін ашпай жатып, қазақылығы мол жігіт үйіне шақырып бәйек. – Жаман атты естігелі естеріңіз қашып, нәр де сызбаған шығарсыздар. Алаңдамай, қазір шайға әбден қанып алыңыздар, сосын Валерий Степановичке жолығамыз.
От түтеткен мекені шағын ғана екі ауыз үй. Кіре берісте оны-мұны шаруаның нәрселері тұр. Газ плитасы да осында қойылыпты. Кәдімгі қазақы отау.
– Қожайын мына жақта басқа тамда тұрады. Аула бір, шығып-кіретін есік бөлек...
Нұрмолда қоңырқай тірлігінен хабардар етті.
Жапар Мұратпен қоян-қолтық араласқанымен, мұның шаңырағының табалдырығын аттап басқаны осы. Сондықтан ба, әлде мұндай оғыр-шоғырлықты күтпегендіктен бе, дәрігер жігіттің әйелі тосаңдау қарсы алды.
– Қалдарың қалай? – Жапар жайдары қалып танытуға ұмтылып, жылы амандасты. Нұрмолданың келіншегі мына кездейсоқтықтан қысылған кепте имене басын изеді. Бибі барып бетінен сүйіп жатыр. Жапар енді байқады, үш-төрттер шамасындағы ұл бала төр жақтағы сандықтың түбінде состиып тұр екен. Соны көріп:
– Келе ғой, бота, – деп өзіне шақырды. Балалы босағадан өрбігендіктен бе, әлгі ұл томсырайса да бұған қарсы жүрді.
– Ағаға «ассалау» айт, – деп, әкесі дем беріп қойды. Сол-ақ екен бір жапырақ неме саусағын шошайтып, қолын ұсынды. Жапар ұлды көтеріп бетінен сүйді.
– Дәу азамат бол. – Сөйтіп тұрып, кеудесі толқып кетті. Онысын сыртқа білдірмеуге тырысты. – Ал, әлгі таяуда туған батыр қайда?
– Ұйықтап жатыр ғой, әне. – Үй иелерінен бұрын Бибі жауап қатты.
– Бауы берік болсын!
– Айтқаныңыз келсін.
– Арнайы «құтты болсын айтып» келетін жөніміз еді, енді мынауымыз ұят… – Бибі қысылыс тауып, қызара сөйледі.
– Ешқандай сөкеттігі жоқ, бүгінде біреуге біреу өкпелейтін заман емес. Жағдай билеген уақыт. – Нұрмолда бәрін жуып-шайып жіберді. – Жәке, отырыңыз. – Жүктің үстінен алып, төрге жастық тастады.
– Ғазиза, шайыңды әкеле бер! – деп дауыстады да, өзі төсектің астындағы «қазынасын» іздеп кетті. Бір бума кітаптарды шығарып, ақтара бастады. Осы әредікте Бибі жаңағы алған тәттісін үйдің әлгі үлкеніне ұстата берді. Өңгедей бұйымын дастарханның үстіне қойды.
Бұл кезде Жапардың жадына еріксіз бір оқиға оралып еді.
…Сол күні Жапар тура өңіндегідей түс көрді. Әлдеқашан сүйегі қурап қалған атасы, әкесінің кіші інісі Тобықбай, өзі және мүлде танымайтын беймәлім орыс төртеуі көше бойлап келеді. Бұл ауылдың үшінші бөлімшесіндегі бір кездері аталары тұрған көше сияқты. Беталбат жүрмей, бәрі әлдебір нәрсені іздейтін сыңайлы. Әйтеуір, бұған солай көрінеді, нақтысында ол жағы көмескі. Атасы бұрынғыша қолына таяғын ұстаған, ақсаңдай басады. Әдеттегідей түсі суық, ат жақты пішінін күмістей шоқша сақалы тіпті айбындандырып жіберген. Сөзге сараң.
– Өй, мына жерге біреу әп-әдемі үй тұрғызыпты ғой, – деді әлдекім қайран қап, бір замандарда қара орман қоныстанған іргенің сол жақ қапталындағы ашық алаңқайға салынған сылағы жаңа үйді нұсқап. Не атасы, не ағасы екенін бағамдай алмады. Сосын тағы да:
– Сендерге осындай үйдің бірі болса жетіп жатыр ғой, – деді Жапардың баспанасыз сандалып жүргенін білетінін аңдатып. Бұл жолы да мұны қайсысының айтқанын байқап үлгермеді.
Төртеуі аяңдап, сонадайда дөйдалаға ағып жатқан суға таянды. Бұлар бөгелген тұсы судың үшке айырылатын көмейі болса керек, цемент бетоннан құйылып жасалған құлағы бар. Соған атасы орысты жұмсап, бір нәрселерін көріп ал деп тапсырды. Әлгі айтқандарын екі етпей елпең қағып, бірден шаруаға кірісті.
Сол аралықта анадай жерде тұрған, өзімен бірге әскерде болған Қайрат дейтін жігітті байқап қалды. Оны бағана да көрген, неге екенін білмеді, бір-біріне салқын. Қалтасында сыйлап жіберетін тиын-тебеннің жоқтығынан қашқақтап, бойын аулақ салатындай.
– Үйге жүр, – деп ол дарбазаға қарай бастады. Оның да қасында ересек орыс жігіті бар. Үй соныкі сыңайлы. Ішке кіріп, әлгілермен алқа қотан отырып арақ ішкен тәрізді.
– Менің жазған хатымды алдың ба? – деп сұрады Қайраттан.
– Екеуін де алдым, бірақ жауап жазуға уақытым болмады, – дейді еш қысылмай.
Мұны естігенде бұл өз-өзінен әжептәуір ыңғайсызданды. Жақсы көрген адамының салғырттығына іштей кейістік те білдірді.
Осы уақытта «сені «жүрсін» деп шақырып жатыр» деп, атасының қасындағы әлгі орыс босағадан сығалады. Бірден жүре қоймады. Әңгімеге алданып, сәл бөгеліп барып сыртқа шықты. Төңірекке көз тастады, сонадайда суды құлдилап атасы Тобықбайды ертіп әкетіп барады. Сосын, екеуі де бірте-бірте бұлыңғырланып, ақыры үшті-күйлі ғайып болды.
Түннің қай мезгілі екені белгісіз, ізінше көзі ұйқыда, санасы оянды. «Қап, – деп өкінді, – дүниеден әлдеқашан өткен атамның ағамды ертіп кетуі ырымға жақсы емес». Осыны ойлап қиналып, біраз жатты. Одан кейін тағы да ұйқы жеңдепті.
Жайлау екен дейді. Қасында бір топ жолдасы бар өз үйіне келіпті. Шамасы, түнделетіп жетсе тиіс, таң атып кісілер төсектен түрегеле бастаған. Қайсыбірі одан да бұрынырақ оянса керек. Әлгілер байқауынша түздің емес шәрінің адамдары сияқты, жіптіктей тартылған сыпайы киім киген. Қостың маңында қыдырыстап, айналаға тамашалай қарайтындай. Есік алдында әкесі жүр, шешесін аңдай алмады. Барлығы күн шығыс жаққа алаңдап, әлдекімге қарайлайтындай. Бұлардың арасынан біреу қой өргізіп пе, мал іздеп пе, әйтеуір, бір жаққа кеткен сыңайлы. Соны баршасы дегбірсіз күтетін тәрізді. Бір кезде әлгі адамның қарасы көрінді-ау. «Келе жатыр» деп арқаны кеңге салып тұрғандарында ол жақындай беріп, бұларға әлденәрсені қолымен нұсқап бірдеме-бірдеме деп айқайлады да, қайта кері қайтқаны. Ешқайсысы ұғынбады. Ендігі бет алысы – көз ұшында қарайған қос алма ағашы. Жаз жайлауға көшкенде мал айдайтын күре жолдың бойындағы әлгі жеміс ағаштары бұған ежелден таныс сыңайлы.
Шара таусылғаннан кейін Жапар лажсыз атқа қонды. Тақымындағы жануардың қандай мал екенін де байыптай алмады, әйтеуір, баран жылқы көрінді. Жай жүрмей, текіректете шапты. Бір кезде қара парға ұшырасты. Жыртылған жерді ауырсынып, аты қатты ышқынды. Сонда да қарамайды, шаужайлай түседі.
Жазық беткей тәмамдалып, өзекке құлдилады. Сылдырап су ағып, жан-жағындағы жасыл желекке шашырап қойлар жайылып жатыр. Соларды қақ жара ілгеріледі. Ендігі әредікте отар да кейіндеді. Бір кезде жаяулаған бөгде жан жолықты. Екеуі қарама-қарсы түйіссе де ол бұған селт етіп назар аудармады. «Салт атты адамды көрмедің бе?» деді бұл шыдамсыздық танытып. Әлгі түк естімейтіндей, өз бетімен қырға қарай кетіп барады. Айтса айтулы, еңгезердей жігіт. Қақпақтай жаурынын жалғыз аяқты жолдың жиегіне өскен биік барақы бөргез бен итмұрын да біраз уақытқа дейін жасыра алмады.
Ананың мына келеңсіздігіне біраз аңырып тұрып, діңкесі құри ілгері жөнеді. Жаңағы шағын өзекшесі құлдаған сайын терең шатқалға айналды. Енді соның оң жақ қапталдағы қия бетімен қабырғалай салды. Бір уақтарда әзер дегенде құлама беттің жалына жармасып шықты. Сөйтсе шатқалдың екі жағы да тарам-тарам, кезең-кезең құз-шың болып жалғаса береді екен.
Көп ұзамай әлгі бұл іздеген адам, «жылқыларды таптым» деп айқайлады. Сөйтсе ол жалғыз емес, қасында екі-үш кісісі бар сияқты. Онымен ұшырасқанына Жапардың көңілі тоғайып, енді, әлгіндегі үйдің есігінің алдында тұрғанда көрінген екі алма ағашты іздеді. Қас қылғандай назарына іліне қоймады. Сосын қия бетті құлдай төмендеді. Беттің құламалығы сондай, әуелі аттың өзі қабырғалап зорға жүреді. Қараса, іздеген адамы бұған мінгесіп алыпты. Аттары сүрініп, жардан ұшып кете жаздады. Міне, масқара, бұл оны танымайды да, түрінің өзін көмескі көреді.
Атын жетелеп, ілдәлдалап, қия беттің қыр арқасына мінді. Сол жалмен өрлеп сәл жүріп еді, алма ағашы тұр. Әлгінде өзі шыққан шатқалдың қарсы бетіндегі құлама жарға өсіпті, жарықтық. Алмалары ірі-ірі, сирек біткен әрі нарттай қып-қызыл.
Түбінде біреу отыр, мұны көрісімен «иесі кетіп қалды» дейді. Ұзағыраққа жан-жағына көз салып еді, сонадайда бір әйел адам әлдеқайда өз бетінше кетіп барады. Қалың етіп киініп апты, киімінің түсі сұр ма, қоңыр ма, ажырату қиын. Ту сыртынан қарап тұр, жүрісі сондай маңғаз. Ер тұлғалы адам екен, дене-бітімі ерекше ірі.
Және бір қызығы алма ағашы екеу емес, жалғыз. Киіз үйдің маңынан қарағанда кішкентай, жатаған қоңыр төбенің бүйіріне орналасқан іспетті еді, мынау тіпті шатқалға қоныс теуіпті. Осындай иінде өскенімен, бұларға қалай көрінгеніне қайран.
Алма ағашқа дейін ептеп баруға болады, ал оның тура түбінен құлама жар басталады. Егер жазатайым аяғың тайып кетсе, саудаңның біткені. Түйсіз құздан ұшып парша-паршаң шығады да тынасың. Жаңа дәл бұл таянғанда бір қып-қызыл алма сабағынан үзіліп, шыңырауға құлады. Соны көргеннен кейін тіптен үрейі қашты. Жанындағы жігіттерге:
– Алмасы құрсын, кеттік. Бізді онсыз да күтіп қалды, – деп, бұл жерден тезірек алыстатып әкеткісі келді. Сол кезде құз-шатқалды тітірендіріп «Жапар, Жапар!» деп айқайлаған әкесінің даусы естілді. “Мен мындамын” деп дауыстайын десе үні шықпайды. Әзер дегенде қыстыға дыбыс берді-ау.
– Үи-й, болмайсың ба?! Қайт, жүр тез! – дейді әкесі ренжулі кейіспен зекіп.
– Қазір, әйе, қазір. Міне кеттік, – деп, бәйек қаға жауап қайтарды.
– Келетін болды ғой, жүріңдер қайтайық, – деді әкесі жанындағыларға. Жанындағылары үйдегі қалған манағы бір топ адам сыңайлы. Ақырын айтса да бұларға сөзі тура қасындағыдай анық естілді. Бірақ, әлгі шоғырдың ешқайсысы да көздеріне шалынбайды. Олар тұрған шоқының басы қара түнек те, бұлар тұрған шатқалдың қабырғасы дәл күндізгідегідей жап-жарық.
Мұның қасында екі жігіт бар, үшеуі де салт. Бірақ екеуін де танымайды, әйткенмен, бұрыннан біліс адамдар сияқты.
Қия бетті қабырғалап уақытты жоғалтпай, сайдың табанына тұқита тік салды. Мұның астындағы жануар жас жылқы тәрізді, дөнен ғой деп топшылады. Ана екеуі екі жағында, ортада бұл. Төмен құлдилаған сайын жаңағы жарық сәуленің аясы тарылып, күңгірттік жайлады.
Сайдың табаны арықтың еніндей ғана, соншалық тар екен. Соған әбден түскен кезде, көлденең жатқан төрт бұрыш бірдеме ұшырасты. Табыт… табыт қой деп топшылады. Тақымындағы жануар осы сандық тәріздес дүниеге тұмсығын тіреп кеп тоқтады. Үстінен секіртіп өтіп кетейін бе деп бір ойлады да, құдайдан қорықты. Өте алмады. Осы кезде байқады, қасындағы әлгі екеуі ізім-ғайым, үшті-күйлі жоғалған. Жалғыздығына біраз елегізді. Әйткенмен, сабыр сақтап енді кеңінен айналмаққа қам жасап жатқанында, оянып кетті.
Ештемені де тұспалдай алмады, тек сағынып жүргенде әкесін түсінде болса да көргеніне қуанды.
Түс дегенді жори алмаймыз-ау. Әйтпесе, сол күнгі бұл басынан кешпек оқиғаны аруақтардың аяны арқылы алдын-ала дәлме-дәл жеткізіп тұрған еді. Оны Жапар қайдан білсін…
Ертеңінде апақ-сапақ мезетте үйге күтпеген адам Айгүл келді. Екі көзі бұлаудай, өң-түстен түк жоқ, беті долыға қызарған. Табалдырықтан аттап, босағаға сүйенген күйі солқылдай жылады. Қасында Әйгерім бар. Оның да үрейі қашып, жіпсік жанарлары жыпық-жыпық етеді.
Олардың мына ұсқынын көріп, үй ішіндегілер үдере түрегелді. Сұраулы кепте екі әйелге кезек қарайды. Әйгерім ештемені жарытып айта алмады. Ал, қасіретке кенелген келіншек өксігіне булығып, дұрыс сөйлеуге мұршасы жетер емес.
Жан түршігерлік түр-әлпетті аңдаған бұлардың зәре-құты ұшты. Әлдеқандай жаманшылықтың жабысқанын қапысыз іштері біліп тұр. Ал Жанаттың өлімін естігенде төбелерінен жай түскендей, бір сәт естерінен таныңқырап қалды. Жапар абдырап, асып-сасып не жасағанын білмеді.
Ажал әркімге әртүрлі келеді-ау, бейшара он екінші қабаттан құлап өліпті.
Жазда ғана Кегенге тойларына барып еді. Осыдан он алты күн бұрын ғана қол-аяғын бауырына алып, дүниеге ұл әкелген. Бір жапырақ шикі өкпе енді кімнің көкірегін иіскелеп, мейірім табар екен?..
Күйеу балаларынан «жиенді болдыңыздар» деген жеделхат алған соң, қыздың шешесі байыз тауып отыра алмай Жезқазғаннан Алматыға ұшақпен салған. Алып-ұшқан көңілі сүттауысқанын көріп барып саябыр тапты. Перзентханадан шыққаннан соң да қасынан сұңқа адым ұзамай, бәйек боп шыр-пыр қақты. Өйткені, қартайғанда тапқан кенжесі. Әрі, шүкиттей неменің бұл тұңғыш көтерген құрсағы болғаннан соң ба өз-өзіне келе алмай ыстығы артып, дәміл-дәміл сырқаттана берді. Сөйтіп, оның денсаулығы енесін де, шешесін де қобалжытты. Кейде кәп-кәдімгідей сақайып, үй-ішін қуантып қояды. Марқұм, дүниеден өтерінен үш күн бұрын тосын мінез көрсетіп:
– Мама, түсімді айтсам ұрыспайсың ба? – деп, бір сәт шешесіне мұңая қадала қарап тұрды да, ағыл-тегіл жылап жіберді.
– Үй-и, саған не болды?! – Зәумен тіксінген қос ана бірдей өре түрегелген. Бірі бұла неменің көз жасын сүртіп, бірі ыстық құшағына алып кеудесіне басты.
– Қой, жарығым, тектен-текке жылаған жарамас.
– Ертең-ақ белің бекігеннен кейін бәрі ұмытылады.
– Бүгінгі науқасыңа алаңдама, кейде осылай соңы сүлелендіріп, беймаза күй кештіретіні бар.
Екі ана екі жақтан жұбатып бақты.
Булығып, көз жасына тұншыға пысыңдаған ол біраз уақыт өткенде барып тілге келді:
– Мені Қазинаш тәтем шақырып жүр. – Әкесінің ең кіші інісінің әйелі ертеректе қайтыс болған, соны айтып тұр. – Бұрын бір рет түсімде «кел» деп шақырғанда, ауылдағы Найзабек аға: «Қазинаш, оның не? Оның оқуы бар емес пе? Әмбе әлі жас қой, мен барайын» деді. Кенет, сол заматта қыстыға ояндым. Сосын, айналасы екі күннен кейін Найзабек аға бұл өмірмен қош айтысты.
Бұдан ары тыңдауға дәті жетпеген шешесі:
– Қой, қайдағы жоқты айтқаның не?! – деп, тиып тастады. Шынында да ауылдағы Найзабектің аяқ асты дүниеден озғаны рас еді.
Жанат мына жалғаннан қайтатынынан екі-үш жыл бұрын троллейбуста келе жатыпты. Көлікке мінгеннен-ақ анадайда отырған қара киімді, ақ сақалды қарияға назары ауған. Бірақ онша мән бермеуге тырысқан, сонда да беймәлім жұмбақ тылсым өн-бойын жайлай берген еді. Біртүрлі қалтырайтындай сезінді.
Дел-сал қалпы межелі аялдамаға жеткенде қыз сыртқа беттейді. Қас қылғандай бейтаныс қария да сол жерден түседі. Бұл көшенің келесі қапталына аяңдады. Шал да өкшесін басып, ізінен қалмады. Бір уақта соңынан қуып жетіп, тоқтатып:
– Балам, осының алдында ғана дәруханадан шыққан екенсің, – деді қолмен қойғандай.
Бұл аң-таң. Шындығында да солайы солай.
– Енді бұдан былай киіміңді ешкімге беруші болма және еш жерге қалдырма. Сосын, бір айға дейін суға шомылма. Арғы жағын өзім айтамын.
Қыздың мына тосын әңгіме мен бейсауат адамнан сескенгендігінен әтүйірі ұшып кетті. Есін жиып көзін ашқанында, жатақхананың алдында тұр екен. Қалай келгеніне қайран, дәнеңені білмейді. Шамасы сол заматында-ақ санасын билеген үрейден ақылынан алжасып қалса керек.
…Бүгін жас келіншектің қайынбикесі мұның шешесін қонаққа шақырып, енесі екеуі сонда барып қайтпақ ниет танытты. Ең бірінші қос ана:
– Қалайсың, қарағым? – деп әуелі денсаулығын сұраған. – Барып келсек қайтеді? – Оның жағдайы күндегідей сәл болса, бүйтіп айтпас та еді. Кеше дәрігерлер укол салып кеткеннен кейін бе, тәуір көрінді.
– Барсаңдар, барыңдар. Бірақ, қонып қалмаңдар. – Көзі жәутеңдеп қиыла қарады. Өйтетіні, ері Нұрмолда да жоқ, бағана келіншектің өз шешесі шаруамен Шелекке жұмсап жіберген. Бүгін оралмайды.
Сол заматта темекі деген қат әрі қадірлі дүниеге айналды да, көзден бұл-бұл ұшты. Арзанға тапсаң, тек махорка күйінде Шелектен ғана табатын едің. Құдағи еліне қайтпаққа ыңғай танытып, осы «қадірлі» нәстені қоржын басын толтыра әкетіп, шылымқор еркектердің сауабын алмаққа ниет қойса керек.
– Барамыз да қайтамыз. Сені тастап сол жақта шалжиып жатады дейсің бе? Құдағи келгелі бір бой жазған жоқ. Тым құрмағанда құдашасының үйіне қыдырып кесін, – деді енесі үлкен қызының үйіне апаратынын аңғартып.
Жанат беймазалығына біртүрлі ыңғайсызданып қалды. Дерт сорып сұп-сұрға айналған жұқалтаң өңі, әп-сәтте шоқтай жанып өшті. Бірдеме айтуға оқталғанымен жаңа түскен келіннің ибасы жібермеді.
Сөйтіп, қос шешесін абысыны Айгүл екеуі жолға шығарып салды.
Күн сенбі еді. Олардың ізінше-ақ қайынағасы Мұрат асабалыққа шақырған тойға кетті. Үйде абысыны, өзі, үш кішкентай – бесеуі қалды. Бесіктегі нәресте – мұнікі.
Содан бері де бір қауым өтті. Екі абысынды-ажынды өзара күңкілдесе әжүк-күжік әңгіме айта жүріп, жеңіл-желпі шаруаларды жайғастырды. Соның арасында Айгүл дәмді етіп ас та әзірлеп үлгерген еді. Соны ортаға алып, қаймақ қатқан шайды алаңсыз бір сімірді. Мейірлері де қанып қалған-тұғын.
Жатын бөлмедегі бесіктегі бала жылады.
– Тәте, мен емізе қояйын. – Жанат үлкен абысынын «тәте» дейтін еді.
Кетіп бара жатып ваннаның есігін ашып тастады. Ары айнала беріп, әжетханаға кіргендей болды. Айгүл солай топшылады. Өйткені, бөпесінің жылауы жуық арада тиылмады. Осыдан соң жаңағы ойына сенді. Өйтетіні, Жанаттың ішіне ас тоқтамай мазасы қашып жүрген-тін.
Сосын бір қолына баласын көтеріп, бір қолына тамақ салынған ыдысын ұстап, жатын бөлмеге келді. Бөбешікті тербете отырып, өзінің кішкентайын тамақтандырды. Бесіктегі жылбысқы уанбай шыр-шыр етіп көгере жылады. Тіпті әлден уақытта үдете іңгәлады. Бұл бейшара нәрестенің сілесі қатар ма деп тызақтады. Шикі өкпе мұның жанын мұрнының ұшына әкеп, бір кездерде барып саябыр тапты. Осы аралықта ғана мұршасы кеп, келінін іздеді. Бөлменің бәрін қарады – жоқ. Әжетхананың есігін ашты – жоқ.
Оның ішіне ас тоқтамағанына қоймай, қанша тамақ ішсе де қарыны да тоймады. Осындай бір кеселге ұшырады. Өткенде енесіне «апа, өзегім талып барады» деген соң, ол кісі қазанда қайнап жатқан сорпадан құйып әкеп, арқасынан демеп өз қолымен ұрттатқан. Сонда оптыға жұтты. Ертесіне барып «кеше мен ыстықты сезбегем бе, аузым, тілім күйіп қалыпты. Бүгін ашып отыр» деген болатын.
Ерніне бірдеме тисе, ізінше әжетханаға жүгіреді. Бағанадан бері абысынының онша алаңдамағаны да сол. «Әжетханада шығар» деп, соңынан қузап іздемеген. Енді, міне, мұнда да жоқ. Лезде айран-асыр күй биледі. Кеудесі атқалақтай, дедектеп сыртқы есікке барды. Есік ашық тұр. Абдыраған күйі табалдырықтан аттады, дәлізде абыр-сабыр ел. Мұның ештеме ұқпай тұрған кейпін көріп, дабырға елтіп бұрынырақ шыққан көршісі «бір кемпір құлап кетті» дейді. Суық сөзді естігенде Айгүлдің жүрегі зырқ ете қалды. Жүгіріп баспалдақ жақтағы балконға барды. Төмен қарады да шыңғырып жіберді.
Жұрттың «кемпір» деп жүргендері – киіміне қарап жорамалдағандары екен. Жас босанған соң Жанат басына орамал тартып, үстін қалыңданып киініп алған-тұғын.
Балконнан басы айналып құлап кетті дейін десең, оған ешқандай ыңғайы жоқ. Белдеу темірлері биік, Жанаттың шамамен алқымына жетеді, алқымына жетпесе де көкірегінен келетіні анық. Біреу-міреу итеріп жіберді ме дейін десең, бейсауат бөгдені әлдекім көріп, немесе әлдеқандай дыбысты көрші-көлеңдер естімеген. Өзі секірді дейін десең, ешқандай санаға сыймайды. Үйде көңіліне қатты тиетін ауыр сөз, ұрыс-жанжал яки зекіп-жекіру ешқашан болған емес.
Жұмбақ малағамның шет жағасын бір көрші ас үйінен байқап қалыпты. Әу баста марқұм, жерге қадала қарап балконда тұрыпты. Әйткенмен шай ішіп отырған әлгі адам оның бұл сықпытына аса мән бермейді. Босаған шынысына шайын құйып, шәугімді қоя бергенде кенет бөлме күңгірт тартқан сияқтанады. Осы кездейсоқ құбылысқа шартты түрде еріксіз жалт қараса, аяғы көктен келіп жаңағы адам құлап бара жатады. Көрген кісінің өне бойынан тоқ жүріп өткендей, жүрегі зу етіп табанына түседі. Біразға дейін есіне келе алмапты.
Айгүл Жапарлардікіне күйеуін іздесуге жәрдемдесуін өтіне кепті. Мұрат бәрінің жақын сыйлас досы Ерсұлтанның немере інісінің тойын басқарып беруге кетіпті. Бірақ, той атты адамға ана шеті мен мына шеті бір күншілік жол Алматының қай тұсында екені бір құдайға мәлім. Оны Ерсұлтанның үйінде балаларын қарап қалған қайынбикесі Әйгерім де білмейді. Сонымен, ешкімге тойдың қайда өтіп жатқаны белгісіз. Сөйтсе де, дәл бүгінгі күн Мұратты табулары тиіс.
Есі шыққандықтан Жапар біресе шалбарын, біресе костюмін ұстай берсе керек:
– Тездетіп киінсеңші, – деді Бибі.
Нені иығына іліп, нені борбайына кигенін тәңірдің өзі білсін, асыға басып сыртқа беттеді. Осы кездің өзінде-ақ, еңкейсе арты көрінетін мини етекті қыздай күздің қысқа күні ұясына батып барады екен.
Бірден такси ұстап алып Жандосовқа тартты. Өйткені, тойдың сол көшедегі кафелердің бірінде өтуі ықтималдығынан сырттай хабардар. Әйтеуір, той иелерінің телефоны қолдарына дұрыс тиді. Әрі олардың Жандосов пен Жароковтың қиылысында, прокат пункті орналасқан үйдің үстіңгі қабаттарында тұратынын Әйгерім айтқан. Не керек, оныкі де нобай.
Жол-жөнекей жүргізушіге жай-жапсарды ұғындырып еді, ол құдайына қараған адам екен Жандосов көшесінің бойындағы асхана, кафелердің бәрін аралатты. Айгүл машинада қалады да, Жапар жүгіріп барып келеді. Сілені қатырғанда, ешқайсысында болмай шықты. Сосын екі жағында қапталдас созылған көшелерді де шарлады. Бәрібір, жоғын таппады. Кірмеген барлар мен кабактар да некен-саяқ. Айгүл екеуінің әбден діңкесі құрыды, үміттері ақталмады. Амалсыз машинаны жөніне жіберді. Енді жаяу бастапқыда жүріп өткен жерлерін қайта сүзіп, ақтауға кірісті. Бәрібір ештеме өнбеді. Той иелерінің пәтеріне телефон шалды, әуелгідегідей міз бақпайды. Демек, ешкім жоқ деген сөз. Сонда да сол үйге баруға тура келді. Ондағы ойлары: көршілердің бірі болмаса бірі білетін шығар деген есек дәме.
Көшеден ары-бері өткендерден прокат пунктін сұрады. «Анау» деп біреуі көрсетіп кетсе, келесісі «оны алып тастаған, қазір жоқ» дейді. Сеңдей соғылысып абдыраған күйлері бұрын прокат пункті болған үйді тапты. Оның бірінші подъезінен бастап кіріп, той иесін іздеді. Құдай төбеден ұрғанда ешкім ондай пендені танымайды. Үй бес қабатты, әр қабатында төрт пәтерден. Әрқайсысы бұларды әртүрлі қарсы алды. Бір қайран қалдырғаны ешкім есік ашпады, арғы бетінен тұрып тіл қатады.
Өлдік-талдық деп жүріп, үшінші подъездің төртінші қабатынан іздеген адамдарының пәтерін тапты-ау. Бірақ өздері алдын-ала жорамалдағандарындай онда жан пенде жоқ. Сосын жапсарлас есіктегі кісілерден жөн сұрауға кірісті. Бейсауат жандарға көршілерінің бірі: «мына келесі пәтердегілер тойдың қайда өтіп жатқанынан хабардар» деп сілтеді. Қуана сол үйдің қоңырауын басты. Есік ашқан қыз ба, келіншек пе мән-жайды шала-шарпы білсе керек, соңына бұрылып түпкі үйдегі әлдекімнен пысықтады.
– Осы Жандосовтың бойындағы жобалау институтының екінші қабатындағы асханада!
Жатын бөлмесі жағынан әлдебір әйелдің дауысы даурыға өрекпіді. Ал мына қыз оның үнін бұлар естімеді деді ме, тура соны сол күйінде қайталады. Бұл ләмнің соншалықты күңгірттігін сезінгеннен кейін Жапар жағдайларын айтып, жалына үн қатты.
– Таба алмайтын сыңайымыз бар. – Жапар дүдәмалын жасыра алмады. – Іздегенімізге үш сағаттан асып кетті, ұшынан да ұстатпайды. Апарып салыңыздаршы, өтінемін…
– Жақын, мына тұрған қол созым жерде.
Есікті ашқан әлгі адам тартыншақтады. Келушілер амалсыз тағы да қолқа салды. Ол арғы жақтағы біреуге құлықсыздау «апарып салшы» деп пәрмен берді. Бір жас жігіт пен бойжеткеннің төбесі сарылта күттіріп барып көрінді. Екеуі асықпай киінді. Әлден уақытта бұлар әлгі үйдің ішімен қош айтысып, алғыстарын жаудыра жолға түсті.
Жандосов көшесінің бойымен Абай даңғылына қарай беттеді. Бұрын байқамапты, көшенің екі қапталы да толған жобалау институтының корпустары екен. Әрі, соншама неткен қаптаған жобалау институттары екенін адам түсініп болмайды. Вахтерлары біріне-бірі сілтейді. Түннің бір уағында олардың өзімен де сөйлесу қиын. Солардың сілтеуімен бірде ілгері кетсе, бірде көшенің келесі қапталымен қайта кері сөлпектейді. Одан арттарына қарай қайта жүреді. Әйткенмен, той болып жатқан корпустың табылатын сыңайы жоқ. Әлгіндегі екі жас әлдеқашан таулары шағылып, кетіп қалған.
Кей вахтерлар үйлену тойды іздеп жүргендерін білгеннен кейін, «өздерің кешігіп келесіңдер, әмбе гүлдерің де жоқ, ұят емес пе?» деп, өз төтелі уәждерін де айтады. Бұлар ләм демейді. Мойындарына су кетіп, тілдерін жұтқандай сырт айналады. Олардың қайсы біріне жай-жапсарды түсіндірмек.
Итшілеп жүріп тапты-ау. Сөйтсе, Абай мен Жандосовтың қиылысында екен. Ғимарат тіптен Жандосов емес, Абайдың бойында тұр.
Әдеттегідей вахтермен сөйлескен. Ол той өтіп жатқанын мақұлдады. Сосын, Айгүлді оның қасына қоя тұрып, біліп шығуға рұқсат алды. Екінші қабатқа көтеріліп, өктеп сөйлеп гүжілдеген топтан «Мақсаттың тойы ма?» деп сұрады Ерсұлтанның інісінің атын атап. «Иә» деді әлгілер. Бұл заматында кері бұрылды, сол қалпы көктей өтуге әлденеден тайынды.
Сөйтіп, бір әурешілікті жеңді-ау, енді бұған қарағанда екіншісі әлдеқайда қиынға соқты. Мұратқа қаралы хабарды қалай жеткізбек? Мына жаңадан үйленіп жатқан екі жастың неке тойының үстіне күздің қара суығындай сумаңдап кіру жанын мүлде тітіркендірді. Ырымға жаман. Сонда да қайтадан ішке беттеді. Ешкімді танымайды. Әркімге бір телміре қарап жүріп Ерсұлтанды тапты, Мұратты тапты…
Марқұмды киізге ораған қалпы балконға ұзынынан салыпты.
Үйде өңкей бала-шаға. Ес біліп қалғандары үрпиіп, үрейдің торына шырмалған. Әрі мына малағамның мәнісіне түсіне алмай көздері жәутеңдеп, тірі жетімнің кейпіне енген.
Ал байқұс келіннің шешесі күңіреніп, өз бетін өзі жыртып, үйді басына көшіреді. Оның жанынан қарыс сүйем ұзамай екі-үш адам иығына мініп отыр. Әйтпесе, қызының соңынан бұл да секіріп кетуден тайынар емес.
– Құдай-ай, құдай-ай… Қасында үйдей болып теңкиіп, қара бет болғаным-ай… Сорлы басым сорлаған, әкесіне не деп айттым?.. Күнім-ай, ботам-ай, соншама түйсіз биіктен құларлықтай жаныңа не зор туды екен. Сенің табаныңа батқан шөңге, менің майдайыма қадалса болмай ма?..
Үйдің іші азынаған молаға айналып, әшейіндегі ұйыған тірліктің нышаны да қалмаған.
Марқұмның енесі нәтінде өте есті адам. Мынандай қалаймақанда ақылынан алжасқан жоқ. Тәңірдің көрсеткен сорынан әуелгі кезде көзінен жасы етегіне сорғаласа да, емендей бекінуге тастүйін байлам жасады. Сосын жас денені қалай болса солай жатқызбай, аққа орап оң босағаға қоюды өзінің міндеті санады. Бағана да сүйекті әкетпек ниеттегі дәрігер мен милицияға көнбей, мәйітті киізге сап он екінші қабатқа өзі көтертіп шығартқан. Енді, естияр балаларын төңірегіне шақырып, Жанаттың киімін қайшымен қия бастады. Әуелі ақ бәтесті даярлап алған, ашық қалған денені бірден орап отырды.
Байқұс ана қолы қимылдаған сайын күбір-күбір етіп күңірене сөйлейді. Азалы шақтың қасіреті қабырғасына батып барады.
Бұлар шаруаға мәйітті көтеретін, жылжытатын тұста ғана араласады. Соның өзі Жапардың жанын тітірендіріп, түсініксіз күйге түсірді. Өйтетіні, әлі суи қоймаған жас дененің қолдары білегінен, аяқтары тобығынан күл парша сынған. Сүйектері сыртта сойдиып-сойдиып, терісі ырсия ашылған… Қозғаған сайын сықыр-сықыр етеді.
Жапар өз-өзінен қалшылдап, дірілдеп барады. Тоңған да, қорыққан да жоқ сияқты. Бір әлеуетті қол иығынан ұстап ап, сілкіп жатқандай. Тезірек қайтқысы келді…
Енді қарап отырса сол күні өз әкесінің інісі мерт болуы ықтимал екен. Өйткені оны о дүниелік атасы су жағалатып ертіп әкетті. Бірақ бұның санасы әлгі заматта оянып, түсі екенін біліп, ыңғайсыз көрініске жаны езіле қатты уайымдады. Ағасы Тобықбайды қимады. Әйткенмен, көзін ашқан жоқ еді, мың сан жүйке тамырлары жартылай ұйқыда-тұғын.
Содан кейін жаратушы, бәрібір бір өзегіңді беретін жақыныңды аламын дегенді аңғартыпты. Сондағы түсінде біреуді іздегені – өңінде Мұратты іздегені. Жол-жөнекей ұшырасып жауап бермеген әлгі адам, өңінде де жөн сілтеуге ерінгендер. Алма ағаштың түбіндегі жалғыз кісі – Айгүл, «алма ағаштың иесі кетіп қалды» деп айтуы, Жанаттың шешесі мен енесінің, қайнысы Нұрмолданың сол сәтте үйде болмағандығын ол өңінде де айтты. Ал қып-қызыл уылжып піскен алманың құзға домалауы, жаңа босанған жас келіннің 12-ші қабаттан ұшып кетуі еді. Қасындағы танымайтын екі адам – бұрын-соңды көрмеген – ана үйден бұларды әкеліп тастауға шыққан қыз бен жігіт. Әкесінің «жүр тез» деп мұны шақыруы – аруақтың қолдап-қорғап, жебеп жүргені. Қалған кейбір сәттерге әлі өресі жетпейді.
«Түс – түлкінің боғы» емес, түс келе жатқан өмірдің жаршысы іспетті көрінді. Ұйқыда жатқанда берген алланың аянына қарап, көкірегі ояу, санасы сергек пенде ертеңгі өмірін болжар. Саңылауы жоқ өресіздер, ғұмырдың ешбір байыбына жетпей өте берер.
Жаңағы кішкентай ұлдың маңдайынан сүйгенде осы уақиға еріксіз жадына оралған еді. Сондағы жөргектегі жылбысқының селтиіп тұрғанына бір түрлі іші елжіреп кетті. Енді, кейінгі келіннің көкірегінен мейірім шарапатын сезінетін секілді. Ол да бір ұяң бала тәрізді көрінді. Ешқандай жазығы жоқ сәбиді шеткері қақпайтындай сыңайы бар. Өзінің құрсағынан шыққан нәрестемен қосып, екеуін тетелі ағалы-інідей өсіретіндей кескінінен иманжүзділік байқалады.
– Міне, мынаны оқуларыңызға болады, – деді Нұрмолда бір жұқалтаң кітапшаны сол жерде жүрелеп отырған қалпы ту сыртындағы бұларға жартылай бұрыла ұсынып. Жапар ұмсынып барып алды да, арқасын қабырғаға сүйей шынтақтаған іргедегі орнынан тұрып, диванға жайғасты. Жанарына «Остеомелидтің пайда болу жолдары» деген жазу оттай басылды. Бибі де бұған жабыса түсіп, әлгі кітаптың ішіне емініп барады. Екеуі кенезесі кепкен жандай құныға бас қойды. Бала денесінің неше түрлі сырқат мүшелері бейнеленген суреттер жетерлік. Әлгіні көргеннен кейін ерлі-байлыларды үрей жеңдеп, тілден айырылды. Бірақ саусақтары танбай парақтай ашады. Кітаптың орта тұсынан асқаннан кейін оларды емдеудің жайы баяндалыпты. Сонымен қатар емдеу әдіс-тәсілінің суреттері де берілген. Тура Нұрмолда айтқанындай неше түрлі жіліктерді тесіп, оның ішін қалай тазартып жатқаны да бар. Осыны көргенде Бибінің демалысы жиілеп, бұдан арыға шыдамады ма, шеткері ығыса берді. Шамасы, мына тантал азаптан денесі түршігіп, жеті насыры жерге кірсе керек. Жанарында «адамға тірідей осылай ем жасауға бола ма» деген сауал бар. Әрі, сәбиді тырнақтай етіп, мұндай азапқа қиғысы жоқ. Тостағандай жанары әп-сәтте боталап шыға келді.
– Шайға келіңіздер, – деген келіннің үні естілді.
Жапар жуық арада басын көтере қоймады.
– Содан кейін асықпай оқисыздар, қазір өзектеріңізді жалғап алыңыздар. – Шын жанашырлық ықылас аңғартты. – Кім біледі, мүлде басқа нәрсе шығар. Дәрігерлер көп жағдайда жаңсақ пайымдайды. Уайымдай бермей, дастарханға жақындаңыздар.
Екеуі жылжып, жозының басына таянды.
– Қазір шай ішісімен жөнейміз. – Нұрмолда сағатына қарады. – Әлі ертерек, оннан енді асыпты.
Бұлар дәрігердің үйіне қайта айналып соққанда әбден түн болған еді. Бағанағыдай ұбап-шұбап ішке енді. Бір абұйыры, қоңыраудың ізінше-ақ есік ашылды. Дәл табалдырықтан сидаң бойлы, шашына ақ араласқан ер адам қарсы алды. Өңі шаршаңқы, жағы суалыңқы. Екі ұртында Шапайдың шалғысындай терең әжімі бар екен. Жанары да нұрсыз ба, әйтеуір, бір сүреңсіздік байқалды. Жас шамасы елуге таянған.
– Қайырлы кеш, Валерий Степанович! – Жігіт етенелік таныта, ілтипатпен амандасты. Жанындағылар да жапа-тармағай:
– Сәлеметсіз бе, – деп, сыпайы бас изесті.
– Бағана келіп кетіп едік. – Нұрмолда сөзін әрі сабақтай берген.
– Иә, маған айтты. – Дәрігер онысынан хабардар екенін білдірді. – Не жағдай? – Жапарларға шүңірек жанарын бір жүгіртті де, әріптесіне бөгелді.
– Сап-сау жүрген бала, аяқ асты оң аяғын қозғалта алмай қалды. Ыстығы кешеден бері қырықтан түспейді. Алдын-ала тұспал бойынша остеомелид депті. Сол науқас сәбиді сіздің бөліміңізге жатқызыпты. Мына кісілер ата-анасы. Менің немере ағайым мен жеңгем. – Нұрмолда соңындағы адамдарды да таныстыра өтті. Дәрігер бұларға тағы да ықылассыз бір қарады.
– Қашан түскен?
– Түске қарай.
Профессор іштей бір нәрсені екшеп, ойланған кепте біраз үнсіз іркілді.
– Сонда не болғанын білмейсіздер ме? Жығылып немесе аяғын бір нәрсеге қатты ұрып алғаны қаперлеріңізде жоқ па? – Назарын Бибі мен Жапарға аударды.
– Біз ештемені білмейміз, ол санаторийде жатқан. Содан кейін ес-түссіз дәруханаға жөнелтіледі. Бар мәлім жайт осы, – деді Бибі.
– Санаторийде болды дейсіз бе?
– Иә.
– Онда бізге түске қарай әкелінген бала екен ғой.
– Валерий Степанович, көмектесіңізші, баланың жағдайы өте нашар. Қызуы қырықтың үстінде, әлі ес-түссіз. – Сөзге Нұрмолда араласты. – Ешқандай ем жасалынған жоқ, өйткені емдеуші дәрігері белгіленбеген. Доктор болмаған соң қолданылатын дәрі-дәрмектер бекітілмеген. Онысыз мейірбикелер өздігінен ештеме істемейді ғой.
Мына әңгіме Жапардың жүрегін парша-парша етті. Кішкентай бір жапырақ ұлы өлі мен тірінің ортасында жатқанда бұлардың жүрісі жай жүріс сияқты көрінді. Кеңсірігі ашып, әлдеқайдағы тұмшаланған өксік кеудесін қапты. Бір сәт Бибінің өзінен де ауыр қасірет шегіп тұрғанын сезінді. Сондықтан, сабырлылыққа ұмтылды.
Арада тас керең тыныштық орнады. Бұлардың айтамыз деген бұйымтайы түгелімен сарқылғандай. Тек ендігі күткендері үй иесінің бір-ақ ауыз сөзі. Ол не десе де бұл жазғандар тәңір салғаннан соң, бәріне бейіл. Дәл қазір жарты ләміне бола құлдық ұрып кетуге бар. Бірақ, шаршаңқы кептегі дәрігер өз кесімін айтпай әлдебір толғақ үстінде ұзақ бөгелді. Бір жағы адамның заңды демалысын жырмыштаған бұлардың да жүрісі кісі сүйерлік емес.
– Такси шақыртайын.
Жапар өз құлағына өзі сенбей аңтарылды.
– Көлігіміз бар! – Нұрмолда шыр ете қалды.
– Онда қазір шығамын. – Ол түпкі бөлмеге қарай кері бұрылды.
– Рахмет сізге, Валерий Степанович!
Жапардың тілінің күрмеуі жазылып, осы сөзді айтуға ғана шамасы жетті. Сосын шұғыл сырт айналып, тысқа ұмтылды. Соңынан Бибі де дедек қақты. Апыл-ғұпыл машиналарына мінді. Ері бірден оталдырды да, есіктің алдына көлденеңдеп кеп тоқтады. Оның кеудесінде бір үміт шырағы жылт етіп, Айбынының жайы қазір кілт жақсаратындай сезінді. Құдайдың жәрдем қолын созғанына мың мәрте шүкіршілік етті.
Айтқанындай көп күттірмей қос дәрігердің төбесі көрінді.
Түннің жуан ортасына айналса да Алматыдағы ағылған көліктің қаралдысы бәсеңдемепті. Соған қарағанда ақшаның соңына түскен бәтірлерге күн мен түнің бірдей сияқты. Жортуылмен күнелтетін тағы іспеттестенді. Бағдаршамның қасынан ыңырана атырылған небір сүліктей жұтынған машиналардың үні, ашына ақырған жыртқыштардың даусына ұқсайды.
Бұлар жол бойы тіс жармады. Тек Нұрмолда:
– Остеомелид болмауы керек. Науқас тарихындағы диагноз меніңше шалағайлық, асығыстық көрінеді, – деп, бір-екі мәрте қайталады. Оған дәрігер жауап қайтара қойған жоқ. Содан соң бәрінің айтатыны таусылғандай мылқауға айналды. Ерлі-байлы екеуі үшін тезірек қарашықтарына барып, сәл де болса басынан кешіп жатқан азабын жеңілдеткілері келеді. Сондықтан әрбір қарыс адым жер ат шаптырымдай көрініп, дәрухана жеткізбейді-ақ. Міне, Шапай көшесіне де тұмсықтары ілінді-ау. Қас қылғандай қызыл шамның көзі жырбың еткені. Жапардың тоқтамасқа лажы қалмады, алдынан жүргіншілер өтіп жатыр. Жол бос болса, бұған қарамай әлдеқашан жайына жөнелер еді. Жіпсіз байланып тұр, сағатқа тең секунд төзімін сарқып барады.
Валерий Степанович пен Нұрмолда ішке беттеді. Бұлар тыста қала берді. Әйткенмен, бір сәт еңселерін басқан ауыртпалық жеңілдегендей көрінді. Олар кешіккен сайын Айбынды мұқият тексеруде шығар деп жандары сүйе түсті.
– Күнім-ай, қайтіп жатыр екен жападан-жалғыз? Ішіне кіріп, өз көзіммен көрсем-ау. – Бибінің жүрегі сыздап, әредік жанған терезелерге көзін сата, телміре қарайды.
– Қой енді, алаңдама. Тек құдай сәтін салсын де. – Ар жағы қопарылып жатса да Жапар сабырлылық танытқысы кеп, әйеліне басу айтты.
– Тәуба, тәуба…
Ертеңінде таңертең ерте тағы да дәруханадан табылды. Кешегідей емес, «аузы мұрны жоқ отаудың» бұларға сәл саңылаулана есігі ашылғандай. Валерий Степановичтің тапсыруы бойынша мейірбике балаларының жай-күйін тап-тұйнақтай етіп жеткізді.
– Жағдайы бір қалыпты, тіпті, түндегіден кейін жақсарды деп айтуға да болады. – Орыстың қол-аяғы балғадай сары келіншегі тұздай көкпеңбек көзін қадай бақжиды. Түнде Валерий Степанович резервтегі ең таңдаулы қымбат дәрі-дәрмектерді қолданған екен. Мына әйелдің соны меңзегенін аңғарды. – Ыстығы отыз тоғызға төмендеді. Бөлім меңгерушісі қазір келеді, содан кейін өзі кіріседі.
Бұлай дейтіні, профессор емдік процедураны өз қолына алуға келісімін берген.
– Рахмет, көп жасаңыздар.
– Оқасы жоқ. – Мейірбике қызметте жүргенін, асығыс екенін аңғартып кейін бұрылды.
– Сау болыңыз, – деді ерлі-зайыпты екеуі оны бұдан артық ірке алмайтындарын түсініп.
– Жақсы… – Қаздаңдай басқандықтан ақ желбегейінің етегі делеңдей, лезде көзден жасырынды.
Осы сөздің өзін жасық көңілдеріне демеу етіп, бұлар қала берді. Ендігі бар хабарды Нұрмолда арқылы білмек, ол Валерий Степановичпен ұдайы байланысып тұратынын айтқан. Әрі доктор өзімен тікелей жолығуларына да рұқсат еткен. Бірақ «түске қарай хабарласыңдар» дегенді ескертті. Сондықтан ол кісіні күтудің ешқандай мәні жоқтығы ұғынықты.
– Жарайды, құдайға аманат, жүр. – Жапар баяу сөйлеп, әйеліне қарады. Ол жанарлары жасаурап, жазғанның салғанына шарасының жоқтығын танытты. Ері оны өзіне қарай иығынан құшақтай тартып, жүруге бейімделді. – Қазір жұмысқа барайық, сағат ондардан кейін Шырайға кіріп шығайық. Арасында Нұрмолдамен де телефонмен сөйлесерміз.
Көңілге алаң араласқаннан кейін шаруаның берекесі қашатыны аян, кеңсеге келгеннен соң Жапардың ештеме жасауға зауқы соқпады. Әйелінің де халі осындай екенін алыста отырып-ақ түсінді. Сең соққан балықтай дел-сал бір тірлік басталды. Әлсін-әлсін дәлізге шығып темекі тартады, әлсін-әлсін сағатына қарай береді. Арасында бастығына кіріп, оған барлық мән-жайды мағлұм еткен. Кез-келген уақытта жұмыстан жүре беруге де рұқсат алды.
Алматының аптабы буа түсті. Бұлар санаторийге барғанда-ақ дала жанып тұр еді.
Айбын ауырғаннан кейін дәрігерлер өздерін айыпты сезінді ме, Шыраймен жолығуға мұрсат берді. Балалары бастығып, әбден жетімсіреп қалыпты. Томағатұйықтау сәби одан сайын томпайып, үндемейді. Әке-шешесі құрақ ұшып, кезек бетінен сүйді. Бір уақта Шырай інісінің шықпағанына таңданып:
– Айбын қайда? – деді шешесіне қарап, “оны неге ертіп келмейсіңдер” деген кейіп танытып.
– Айбын басқа дәруханада жатыр, балам. – Бибі тереңінен күрсініп, кішкене нәрестесіне жабырқау жүзін көрсетпеуге тырысып, құшағына басты.
– Неге?
– Аяғы кішкене ауырып қалыпты, жазылғаннан соң қайта осында әкеледі. – Әкесі қарашығының тарыдай жүрегін қобалжытқысы келмеді.
– Жара шыққан ба? – Жауқат жанарлары жалт етіп, кіп-кішкентай бүлдіршін әкесіне қарады.
– Иә.
– Тез жазыла ма?
– Тез жазылады дейді.
Бұдан кейін ойын баласы өзіне әкелген тәтті, дәмділерді түртінектеп кішкене жеген болды. Бәрібір, қу жүрегі бір нәрсені сезіп тұрғандай бұрынғыша масайрай қоймады.
– Дәрі беріп жатыр ма? – Мамасы қызын бауырына тартып, маңдайынан сипалай жағдайын сұрады.
– Иә. – Шырай басын изеді.
– Укол сала ма?
– Салады, ащы-ы. – Кішкене қыз бетін тыжыртты.
– Сәл шыда, ботам. Содан жазыласыңдар. – Әкесі жүрелей отырып, қызының бетінен сүйді.
– Иығым ауырып қалды, – деп баласы сол жақ қолының жеңін түре көрсетіп, шағына бастады. Ине кірген орын қызыл шұбарланып, білемдене ісіпті. Әкенің жүрегі езіліп кетті. Әрі витамин уколының қалай ашытатынын өзі білетіндіктен, баласы үшін өзегі қыжылдады.
– Оған қыздырғышпен ыстық басу керек.
Папасы қызына қаратып айтты да, енді әйеліне бұрылып:
– Қазір кіріп мейірбикесіне айтсаңшы, күнде бір-екі уақыт қыздырсын. Қан ұйып, укол қатып, білемденіп тұр ғой, жылу тисе ептеп тарайды.
– Мақұл, қазір айтамын.
Содан көп бөгелмей, балалары мауқын басты-ау деген уақытта Бибі Шырайды өзінің тобына қарай алып жүрді. Әкесі сәбиінің бетінен сүйді. Бөбегі кетіп бара жатып ту сыртындағы бұған бұрылып, кішкентай саусақтарын жыбырлатты.
Әке жүрегі бір бұлқынып, орнынан аунап түсті.
Уақыт түс әлетіне де ілініп қалған. Ерлі-байлылар тағы да қалалық 12-ші дәруханадан табылды. Андыздатып жеткендерінде постағы ақ халатты жандардан аттап өте алмады. Таңертеңгілік етенелікпен қарсы алған көзі тұздай бойжеткен үшті-күйлі. Оның орнын басқа адамдар алмастырғанға ұқсайды, әлгілер жолдарын кес-кестеп онша рай бермеді. Және сөздері біз қадағандай, жүйкеге тақ-тақ тиеді.
– Кім керек?
– Біздің баламыз осында жатыр еді… – Жапар күні түсіп тұрған соң бұйымтайын мейлінше бипаздап жеткізуге тырысты. Аузынан осы сөз шыққаны сол екен, әлгі таз тырнадай екеудің бірі:
– Фамилиясы кім?! – деп тақ етті.
– Атамқұлов. Жағдайы қалай екен?
Әке жүрегі мән-жайды білгенше байыз таппай тызақтап барады.
– Жаман емес.
– Валерий Степанович қайда екен?
Сөзге Бибі араласты.
– Ол кісі қазір бос емес. Қалай босайды, солай сіздер турасында айтамын.
Осылай деді де мейірбике өз шаруасымен болып кетті. Бибі мен Жапар есіктен көздерін сатып, ұзына бойы созылған дәлізге телміре қарайды. Ары-бері өткен бірлі-жарым науқас балалардың қаралдысы білінеді. Бұлар одан сайын ұлдарының төбесі көрініп қалатындай еміне әукелері салбырайды. Әне-міне Айбынның бойы селтиіп бір бұрыштан қылтиярдай… қараң беретіндей... Жандары қыстығып барады, бірақ бұл күйзелістері ешкімнің қаперіне кіре қоймайтын тәрізді. Әйтеуір, бебеулеткен бір халді бастарынан кешуде. Сөйткенінше, балалар бөлімі меңгерушісінің өзі құдай айдап дәлізге шыға келгені. Жапардың жүрегі делдірлеп, атқалақтай жөнелді. Бибінің де жанарының қиығында беймәлім нұрдың ұшқыны қылаңытты. Ол состиысып тұрған бұларға селқос қана назар аударғаны бомаса, жүдемдете баспады. Самарқау көрінді. Жол-жөнекей әлдебір палата есігінің тұсына іркіліп, әлдекімдермен бір-екі ауыз тіл қатысты. Соларға айналып, ұзағырақ бөгеліп қалатындай қос міскіннің жандары тызақтап, бебеу қақты. Бірақ дәрігер екеуін алыстан таныған екен. Енді тура бұларға қарай беттеді.
– Сәлеметсіз бе, Валерий Степанович! – деді бәйекке түскен жігіт сонадайдан құрақ ұшып. Оның соңынан қосамжарласа әйелі де амандасты.
– Сәлемет, сәлемет… – Қастарына таянып жауап қатты. Жапар қос қолын ала жүгірді. – Кішкентайдың халі кешегімен салыстырғанда жаман емес. – Доғдырдың әдейі бұлардың қашқан құтына сабыр суын себейін дегені ме, алғашқы ләмін осылай бастады. Кешегі салбырап кеткен екі ұрты ептеп жиналғандай да көрінді. Еңсесі де жазылғандай аңғарылды. – Ыстығы сәл-пәл төмендеді, көзін ашып жатыр. Шатындағы домбыққан безден анализ алдық, енді соған қарап алдағы істі жоспарлаймыз. Қанының құрамын талдау бойынша білгеніміз, денесінің бір жерінде қабыну процесі жүруде.
Осы кезде Бибі бұдан арыға шыдамады ма:
– Кіріп, көріп шығуыма бола ма? – деді.
– Болады.
Жапарды алдағы іс алаңдатты.
– Сонда не жасамақ ойларыңыз бар?
– Ісік шалған маңайды ашуымыз керек.
Тілін тістеп, басқадай сауал қоюға шамасы жетпей діңкесі құрыды. Басы салбырап, ері мойнына кеткен күйі босағаға сүйенді.
Бұл кезде Бибі дәрігермен бірге ілгері жылжып кеткен еді.
Жапар табалдырықта кірген-шыққанға кедергі болмай, сыртқа беттеді. Жазғанның салғанына қарсы тұра алмайтын қауқарсыздығынан терең күрсінді. Осы жеке қалғанында-ақ тұңғиық ой оны қат-қабат иіріміне тартып, дедектете жөнелген.
Өзін жалғыз тал қурайдай сезінді. Басына байланған тауқымет, көлденең көк атты тұрмақ туған бауырларының да балтырын сыздатпайтынына қайран. Айналдырған екі қарашығы бірдей өкпе ауруына шалдығып санаторийге түскеннен кейін біреуі болмаса біреуі келетін шығар деп күткен. Одан бері де бір айдың жүзі жаңарды, хабар жоқ. Күл болмасаң бүл бол дегендей ешкім ат ізін салмады. Бір кезде бұл екі өкпесін қолына алып қырылып қала жаздап шапқылаған інілері, енді бұны қажет етпейтін сияқты. Тіпті, «қыз бала – бауырмал» деген сөз де жалғандығын танытты. Әпкелері де осы уақытқа дейін тырс етіп хабарласпады. Әйтеуір, бәрі құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Тым құрығанда телефон да соқпайды. Содан барып өзін жан-пенде аяқ баспайтын айдалада қалғандай сезінді. «Атадан алтау тусаң да, бір жалғыздық» деген сөз бекер айтылмаған екен. Дәл қазіргі уақытта шынында да құдай –жалғыз, бұл – жалғыз. Адасқан қаздай көкірегі шулап, көмейіне әлдеқайдан лоқсық тығылды, жанарының аясына ап-ащы сор байланды.
VII
Қыстауға араға жылдар салып жететін автоклуб келді.
Малшы ауылына кеңшар бас киношысының түсіп жатуының өзі үлкен абырой. Өйткені алты ай жаз күнге қақталып, алты ай қыс аязға дірдектеп, ақ қойдың соңында жүрген қаймана қазақ аз ба? «Бас-басыңа бай қайда» дегендейін, әлгілердің әрқайсына жекелей бөгеліп, жәшігін даңғырлатып отыратын киношы және жоқ.
Ол сығырың осындай бықыған жұрттың маңдайынан шертіп жүріп, көңілі ұнаған үйге ғана атының басын тірейді.
Содан соң төңірегіндегі жұрт кешкілік қойын қоралағаннан кейін, мінгесіп-ұшқасып солай қарай жөңкіледі. Онда да іргесі жапсарлас көршілер ғана, әйтпесе жын-шайтанның шүлдіріне бола түн қатып, ары-бері текке сабылар қойшы ақымақ емес. Одан да «қойын құрттап, айранын ұрттап» өз жайымен ғана тып-тыныш шаруасын тындырғанын қалайды.
Ал қойшылардың қоңыз тірлігіне шікірейіп шекесінен қараған өркениетті киношы, қызық қуып кеп қалғандарының қолын картина көргендерін мақұлдатып, осы тұста табельге топырлатып қойдырып алады. Сонымен шаруасы бітіп жатыр, айлық жоспар орындалады да шығады. Ел ілуде-шалуда бір оқпен екі қоян атып масайраса, бұл еш қиналмастан көш жердегі жұрттың қолын бір кеште жинайды. Үнемі солай. Ар жағында екі-үш күн кекірелеп ет жеп, жаз айы болса, мелдегінен атып қымыз ішіп, сүйегін ағартып аман-есен орталыққа оралады. Онда да құр қол емес, қойшы байқұс дархан: «сендер қалада тұрасыңдар ғой, обал-ақ…» деп, ауылдың өзін шаһар көріп біреуі қойын, біреуі бір қарын майын салып жібереді.
Сондай автоклубтың бірі ойламаған тұста сумаң етіп аяқ астынан есіктің аузына көлденеңдей тоқтады. Әрі, әшейіндегі сүйегі ауыр «газиктердің» бірі емес, анау-мынау кеңшардан табыла бермейтін – «рафик».
Көкек айының іші-тұғын. Үкедейдің сақыманшылары бар, бала-шағасы бар бәрі аяқ астынан мәз-майрам күйге бөленді. Жапардың қуанғаны – әкесінің бауырында отырып, еш алаңсыз кино көретіні. Интернаттағы аптасына бір көрсететін фильм еш сіңімді емес еді. Сағыныштан әбден сартаптанған кеудесі әке-шешесін аңсап, сазатын да тұратын. Қолқасына беріш байланғандай көкірегі үнемі ашып жүретін. Сондықтан ол жерде бал жесе де – тіл үйірмес, цирк көрсе де – тәнтіліктен тамсанбас. Қара танымай кетсе де құлатүзге бауыр басқысы бар, ешкім тектемейтін жазира далада ерке желдей есіп жүргісі бар. Бірақ, әттең…
«Рафик» мінген екі жігіт майлы қасықша жылмаң қағады. Әдетте киноны бұлар қоймайтын, үлкен-кішінің көзі әбден үйренген бір адам бар еді. Ныспысы – Кеңес. Жаз жайлау, қыс қыстауда үнемі сол кісі өзі аралайтын. Әрі ол ескі «Газ-52» буткалы машинасын ыңырантып жететін-тұғын. Бүгін оның алдын пысықайлар орап кеткенге ұқсайды.
Осы тосындық қана бала көңіліне ептеген селкеулік түсіргендей алғашқыда үп еткен қуанышы аяқ астынан сейіліп, томырықтана берді.
Бұл екеудің біреуі орталықтағы мәдениет үйінде вокальды аспапты ансамбльдің мүшесі екенін білетін. Аты – Толик. Шындығында азан шақырып қойған есімі кім екенін ит біліп пе, әйтеуір, сөйтіп орыстандырып атағанды бүгінде жұрт өнер көреді. Қазақша есімдердің бәрін «колхозбай» деп қабылдайтын сияқты. Сондықтан «Мэлс», «Вася» дегендерің бұлардың жатаған ғана ауылдарына да етене.
Әлгінің тұрқы ұнамсыздау, қурайдай қатып-семген тарамыс тәпелтек неме. Сол бір қарыс түріне қарамай байызсыз шәлтіреңдеген біреу. Осы сұрықсыз сұрқына сорайған кеңірдегі одан әрмен «әр беріп», шажырқайдың безіндей шақырайған көзі ұзын шашымен әндем жарасқан. Астыңғы қалың ерні салбырып, маймылдікіндей үнемі ақсиып тісі көрініп тұрады.
Бас терісі әлгіндей келісе қоймаған. Жалпы жұртты қайдам, өзін қазақ санайтын халыққа еш ұнамайтын гитараны сабалап, тоқал ешкінің құйыршығындай тынымсыз селтең-селтең етіп жүретін. Бір байқалатыны – о баста жұрын боп біткен ұсқынына қарамай, кеудесі аяққаптай. Сахнада гитарасын сабалап шатып-бұтқанын, шамасы, кез-келгеннің қолы жетпес үлкен мәртебе тұтады.
Ал қасындағысын біле қоймады. Интернатта оқып сыртпен араласа алмайтындығынан танымай тұрмаса, ауылдыкі емес сияқты.
Сөйтіп әлгілер ғайыптан тайып малшы қауымына кино қойып келе қалыпты. Бұлардың мына тайраңдары Жапарға біреудің нанын озбырлықпен тартып жегендей көрінді. Мұндай ой түюге жетелеген жайт – жаңағы, қазанның түп күйесіндей бәле, шаруашылықтағы жұмысшылар комитеті төрағасының баласы. Күллі мәдени-әлеуметтік саладағы адамдар да, шаралар да соның құзырында. Осы жолы жұмыскомның бастығы көнеден көпшілікке қызмет жасап жүрген адамды әдейі шеттетіп, тізгінді ұлына бергенге ұқсайды. Онда да қиығына ілінген кез-келген көлденең көздің суқаны сүйе қоймайтын сұмырайы түз төсі таңсық көрінгендіктен қиылып, өтініп сұрап болмаған шығар. Әлде шынында да өз төтелі бастама көтеріп, еңбектен бел жаза алмайтын қауымды бір серпілтіп қайтуға бері қарай аттанды ма екен? Оны соншама дала төсіне тартып тұрған қандай ғаламат күш?
Баланың санасында осы тектес түйткілдер төңкеріле сапырылысты. Бірақ ешқайсына өз тарапынан жауап таба алмады. Әйткенмен ешкімге бұл пиғылын білдіріп, тіс жармады. Көмейіне сан сауалды таяп қойып, өз-өзінен бұйыға томсарды. Анда-санда мұрынын елеусіздеу бір-екі мәрте тартып, қолының сыртымен сүйкеп өтті. Әшейіндегідей жүгіріп, асыр салмады. Көңілі әлденеге алағызатындай. Ағалары осындай бұйығылыққа бой ұрғаннан кейін, қос інісі де ойынның қызығына түспей, сонадайдан бейтаныс жандарға таңдана қарайды.
Шындығында да кубалықтарға ұқсас неменің бар болмыс-бітімі тас жолда туғандығын, сонысынан айнымай тас жолда өлетінін анық аңғартады. Байқауынша бұл сапар – қаншалық ауылда дүние есігін сығалады дегенімен, бұның қыр төсіне түскен бірінші жолы. Және де соңғы көлкектеуі, шамасы.
Нұрғаным киношылардың келгенін құрмет көріп, бір жағы қуана жылы-жұмсағын әзірлеп, бәйек қақты. Тек Жапардың үлкен әпкесі Танагүлдің өңіне бір жұмбақтың иірімі жасырынғандай. Дастархан басында әлгілерге тура қарамай жанарын төмен салып, жымиятын сияқты. Әсіресе жалбыр шаштыдан қыстығатындай. Онысын сырт көзден жасырып бұқпантайлайды. Сонысына қарағанда әуелден таныс тәрізді.
Бұл – баланың ішкі жорамалы. Әпкесін біртүрлі қызғанып кетті. Жүрегі ауырып, қынжылып қалды. Ал, екі інісі мен өзіне тете әпкесі Қорлан еш қаперсіз, алдарындағы табаққа битін салып, бүгінгі нәпақаларын қазан қаласына алаңсыз жөнелтуде. Жүсіптің тәмпіш мұрынының ұшы шып-шып терлепті. Әйткенмен оны байқайтын ол жоқ, танауын анда-санда тартып қойып, «шын тамағын» ұрып отыр.
Танагүл ауданның орталығында жұмыс істейтін. Әдейі науқан уақытында шешесіне қолқабыс беруге келген. Көктем мезгілінде әрбір мекеме бірлі-жарым кеңсе қызметкерлерін мал төлдетуге жәрдем етуге жіберетін ежелгі дәстүр бар. Өкіметтің мұндай «қырына» ең әуелі жастар ілігетін, сондықтан ол алдын-ала қам жасаған. Бөгде біреудің үйіне барғанша өзінің әке-шешесіне көмектескені әлде қайда жақсы.
Бойжеткенді қыстауға осындай себеп әкеген.
Ортаңғы бөлмеде кино басталды. Фильм болғанда қандай – таза қазақша, баршасы миыңа қолмен құйғандай сіңімді. Ұғынықты. Содан ба, елітіп бәрінің естері кеткен. Әрбір кейіпкердің сөзі мен ісіне қапысыз түсініп, Жапардың құлағының құрышы бір қанды. Әйтпесе, мәдениет үйінен көріп жүрген қаптаған «Мосфильмдерді» ұғына алмай, ит зықысы шығатын. Мынау бір жанның рахаты.
Бала неме насаттанып, әкесінің өңіне де барлай қарады. Жел қағып, күн жеп тотыққан жүзі сәл басқаша реңге еніп, қызықты көрініске біржола берілген екен.
– Ой-дөйт! – деді сақманшы жігіт санын алақанымен шапаттап, – мынауың қырғын ғой. – Бас қаһарманның әккілігіне сүйсінгендігін көпшіліктен бүкпелей алмады. – Бәрін шырқ үйіріп барады ғой.
Шынында да тымақсерілігі бар біреу төменетектілерді тұтастай иектеп, қи тепкіленіп жүріп, оқыстан міндеті жадында ояна қоятын қоразша қыдия қалады.
Кенет баланың есіне әлдеқайдан әпкесі сап етіп оралды. Жалма-жан жан-жағын шолуылдап еді қаралдысын байқай алмады. «Күңгірт бөлмеден көзіме түспей тұр ма» деп, одан сайын мұқият барлады. Жоқ. Жүрегі шым етіп, біз сұққандай жиырыла тітіренді. Сосын әлгі қазанның түп күйесіндей қонағын жанарымен жаутаңдай іздеді. Мойнын артына бұрып, бір қалыпты пырылдай айналған киноаппаратура жақты сүзіп өтті. Жуыр маңнан көзіне шалынбады. Сол-ақ екен, кездейсоқ аузына жын ұрттап алғандай ішкі дүниесі асты-үстіне шығып, қопарылды да жөнелді. Жаңағы тамашаға елтіген күйінен жұрқана да қалмады. Лезде қараптан қарап отырып демігіп, көкірегіне қайдағы өксік тығылды. Атып тұрып сыртқа ұмтылды. Ауызғы бөлмеде қазан-ошақпен әлек боп жүрген шешесі:
– Үй-и, қайда жүгірдің, ішің ауырды ма?! – деді, мұның тапыр-тұпыр жүрісін өзінше жорамалдап.
Ашу мен намысқа булыққандықтан қапелімде жауап қайыруға мұршасы жетпей үні көмейіне кептелді. Іркілместен жүйткіте берді.
Көкек айының көгілжім түні тамаша реңіне еніп, тұтастай аспанға жұлдызын аяусыз шашып тастапты. Айдың сұлбасы біліне қоймайды. Содан ба, қою түнек төңіректі тұншықтыра тұмшалаған. Әйтсе де есіктің алдындағы күйіске кірген отар ап-анық аңғарылады. Одан ары таманырақ атсерке, оң жақ қапталда ұзыннан-ұзақ созылған тепелек қараңғылыққа малына мүлгиді. Маңынан бейсауат қараң-құраңның сұлбасы байқалмайды.
Өзегін ит тырнағандай халде осы түсініксіз тұңғиыққа телміріп біраз бөгелді. Ешқандай сөдегей-солпы дыбыс білінбейді. Үйден арқан бойы жер ұзап барды да, мұқият құлақ түрді. Сосын, іргедегі тепелектің есігін ашты. Бұл енген бірінші бөлігінде электр жарығы самаладай жарқырайды. Ар жағында бірінен-біріне өтетін бірнеше қоралар бар, солардың бәрін аралап шығуға оқталды да бірден ол райынан қайтты. Айнығаны, адам аяғы көп жүретін бұл базға олар келе қоймайды.
Дереу есікті тарс жауып, қайта кері жүгірді. Ондағысы үйдің артында сонадайда қарауытқан бұрынғы баспана, қазіргі уақытта мал ұрықтандыру пунктіне айналған жәпірейген тоқал тамға, оның солтүстік қапталындағы шөгіндідей арса-арсасы шыққан көне базға бару-тұғын. Барды. Әлдеқашан пайдаланудан қалған қоржын тамның кішкене терезелері бар бәлені қымтай бүгіп, мұны түнере қарсы алды. Ақырын бұқпантайлап кеп, сол сығыр терезеден ішке үңілді. Тас қараңғы, ештемені көріп болмайды. Босағадан ары енуге жүрегі дауаламады.
Бұл жаққа жарық тартылмаған. Нақтысында тартылған, оны күйек біткен соң ағытып тастайтын. Сондықтан, бала тұрған жер тепелектің тұсымен салыстырғанда әлдеқайда қараңғы. Біртүрлі бойын үрей биледі. Осындай «көктем кезінде иен үйлерде ібілістер көп жүреді» деген үлкендердің сөзі есіне оралды. Бойы шым етіп, жауырынында жүздеген құмырсқа жүгіргендей жыбырлады. Беймәлім күштің тықсыруымен артқа шегіне берді. Шегініп келе жатып иығынан асырып соңына жапақ-жапақ қарайды, ештеме жоқ сияқты. Қараңғыға ту сыртын беріп жүрейін десе, айналған сәтінде-ақ бір әбілет желкесінен бүре қоятындай көрінді.
Сәби көңілді үргедек сезім биледі. Бір жағы ашу кернеген өзегі от шарпығандай ашып барады. Өзінің қоянжүректігінен діттеген мақсатына жете алмағанына опынды. Сонда да үйдің далдасына кеп, шөккен түйелердей өркеш-өркеш болып жатқан көне баздың орнына ұзақ телміре қарады. Әлден уақытта үміті үзілгенде барып ішке беттеді. Бір абыройы, мұның үйге кіргенін шешесі байқамады.
Киношылар топылған бөлменің табалдырығынан аттай сап, босағасына сүйенген қалпы тағы да әпкесін іздеді. Жоқ. Жалбыр шашты іздеді. Жоқ. Тауы шағылып, дізерлеп отыра кетті. Экранға назар аудармастан мойны төмен салбырады. Шарасы таусылғандықтан ба мақсатсыз кішкене кекілін жоғары қайырып қойды. Маңдайы жіпсіген су екен. Екі беті алаулап жанып бара жатқанын сонда аңғарды.
Қараптан-қарап шешесіне жыны келді. «Неге іздемейді? Неге сонша бейқам?» Осындай сауалдар миына сыналай енгенмен, жауабын таба алмады. Іштей арпалысып, азапты бір сәтті басынан кешті. «Әйем білсе…»
Өз ойынан өзі түршікті. Ұяттан ду етіп жүзі күйді.
Бір кезде абыр-дабырдан есін жиды. Сөйтсе, кино бітіпті. Ізінше шам жанды. Бала бірден әлі сырылдап айналып тұрған киноаппаратураға назарын аударды. Міне, қызық, мұның діңкесі құрып іздеген шашты албастысы әлгінің қасында жарбияды. Қашан келіп алғанына қайран. Сонша әлекке түскеніне, аяқ астынан өзі ақымақ болғанына қараптан-қарап ашуы қозды.
Сүлдерін сүйретіп орнынан әзер көтерілді. Көпшілікпен бірге сыртқа шықты. Ептеп тынысы ашылғандай, тереңінен демін алды.
Аспанда жұлдыздар дәл бағанағыдай пышырай шашылған қалпы самсай жымыңдайды.
Жапар төсекке жатқаннан кейін де дөңбекшіп ұйықтай алмады. Әлдебір елестермен ойша салғыласып, ұзақ бір тәжікелесуден сансырай сабылды да, ақыры кірпіктері айқаса бергенін аңдамады.
Ертеңінде оянса, үйдің ішін бір жүдеулік жайлаған. Бала жүрегі оны бірден сезе қойды. Апыл-ғұпыл түрегеліп, сыртқа ұмтылды. Күн әлі ерте болса да кешегі «рафик» үшті-күйлі. Әдетте кино қойған адам ұйқысын қандырып, таңертеңгілік асын, бір жүз грамын асықпай ішіп, содан кейін барып аттанатын. Жапар үшін мынау бір тосындық.
Қайран қалған күйі күн шуағынан жасқанған жанарын жыртита ашып, жан-жағына қарады. Шешесі сиырларды жаңа сауып бітсе керек, анадай жерде бұзауларды өріске айдап барады. Малға жекірген даусы әдеттегіден әлдеқайда қатқыл. Ол күндегі тірлігі бойынша төлді сәл ұзатып, кері қайтады.
Мұндай уақытта есіктің алдындағы жер ошақта ыдыс-аяқпен әуреленіп жүретін әпкесі көрінбеді. Бірден «ә-ә, Танагүл кеткен екен ғой» деп қорытты. Бір-ақ түнде әке-шешесін, бауырларын қиып, тастай жөнелгеніне көңілі қоңылтақсып, ұнжырғасы түсті. Сылқ етіп табалдырықтың тепкішегіне діңкелей құйрығын басты. Әпкесімен қараптан-қарап жауықты. «Қыз – жау» деп бұрынғылар бекер айтпаған екен. Алақанда әлпештеп бақса да енді, міне, өз туғанын дұшпанның аяғының астына салып берді де қойды.
Әлі бір мүшел жасқа жете қоймаған баланың зығырданы қайнады, жігері құмша уатылды. Кенет, «мүмкін, Танагүл үйде шығар» деген де бір ой көкейінің арғы шетінен қылаңытты. Бірақ онысы көңілінде мығымдық танытпай, ешкінің құйрығындай шыжбаң қақты.
Айтқанындай шешесі бұзауларды әудем жерге апарып тастап, қайтып оралды. Өңі өрт сөндіргендей түтігіп, күл тартыпты. Жаулығын бір жақ шекесіне қарай қисайта орапты. Мұнысы әдейіліктен емес, шарқатының солай қарай жылжып кеткені білініп тұр. Ашудан долырып, өзін-өзі әзер ұстап тежегені ызалы кескінінен байқалады. Алдынан көлденеңдеп өтіп бара жатқан көк ала қаншықты қолындағы таяқпен осып жіберді. Ол бейшара бір қаңқ етіп, жаны көзіне көріне беталбат зытып берді.
– Әдіра қалғыр, қасқыр алғандай кердең-кердең етеді ғой! Жаман неме…
Мұнысы, суық жүрістілердің аңысын аңдымай, жер қаптырғаныңа болайын деген сияқты кейістікті білдірді.
Түнде кинодан соң тамақ ішілгеннен кейін, елдің бәрі жатын орындарын тапқан. Тек бірді-екілі сақыманшы жастар қонақтармен әңгімелесіп, темекі тартып есіктің алдында іркілісті. Танагүл шешесіне жәрдемдесіп, ыдыс-аяқты жинастырып жүрген. Әле-сәле босағаға жалтақтап, әлгі қыз-жігіттердің үсті-үстіне шыққан көңілді күлкілері мен дауыстарына елегізе қарай берді. Қызының өрекпи алағызғанын ана байқұс аңдады.
– Бара ғой, қалғанын өзім реттеймін, – деді. Ондағысы «ауылдан сыртта жүр ғой, күнделікті бой жазып жатқан жоқ, өз құрбыларынан шет қалмасын» деген ойы-тұғын. Әрі, әкесінің назарына «жеңілтектікпен» ілінбеуін қалап, Үкедейді де «сен деміңді ала бер, отарды біраз уақытқа дейін мен күзетейін» деп, жылы орнына жатқызып қойған. Алайда, осы қызына жасаған қамқорлығы басына таяқ болып тиетінін білмеді.
Үйдің бәрін жиыстырды да, отарға бет алды. Жастар сол әңгімелескен қалпы есіктің аузында қала берген. Бұл қойды аралады. Екі саулық қоздаған екен, соларды ішке кіргізді. Ауыздандырды. Бір-екі жетім қозы бар еді, әлгілерді емізді. Бірақ, құлағы түрік жүрді. Сөйткенінше, машина гүр ете түсті. Бәрін тастай сап далаға атырылды, алайда көліктің арты қызарып бірталай жерге ұзап үлгеріпті. «Қап, мына балалар түнделетіп кеткені несі, құдайдың таңы бар емес пе еді» деп қынжылды. Сосын ойында ештеме жоқ, отарды тағы бір сүзіп шықты. Төлдеген мал көрінбеді. Үйге беттеді. Қолын жуып, содан соң ішке кірді. Енді бірер сағаттай мызғып алуға болатұғын. Орнына қисаймас бұрын қызының төсегіне келген, құдай атқанда ылым-жылым. Маңдайына біреу балтаның шүйдесімен қойып қалғандай басы айналып, есеңгірей теңселді. Аруақтың әбден атқанын сонда білді. Апалақтап, қайта кері жүгірді. Қапталдас бөлмедегі сақманшы қыздарға қарай тапырақтады.
– Әй, қарағым, Танагүл қайда?
Шеткі біреуін ақырындап ырғап оятып, шаруасын сұрады. Ол шырт ұйқы құшағында екен, апалақтап, әуелгіде ештемені ұғына алмай:
– Не, а-а? – дей берді.
– Танагүл қайда?
– Білмеймін.
– Әлгінде ғана бірге тұрмап па едіңдер?
– Біз үйге кіріп кеткенбіз.
Нұрғаным тілін тістей қойды. Енді күйеуіне не бетімен қарамақ? Жүрегі зуылдап, іші алай-түлей сапырылыса былықты. Шарасы таусылып, ернін сылп еткізді. Бірақ онысын өзі байқамады, күйгелектіктен еркінен тыс шыққан әрекет-тін.
Шаруасының біткенін ұғынды. Сосын орнынан сүйретіле көтеріліп, тысқа беттеді. Далада құлаққа ұрғандай меңіреу түн. Тылсым қараңғылық ешқандай хабар бермей тас-түйін мелшиеді. Әлгіндегі машинаның жарығы әлдеқашан ізім-ғайым жоғалған. Қараптан-қарап діңкесі құрыды. Қызын әдейі өзі қашырып жібергендей көрінді. Денесі болмашы дірілдеп, алқымы сығымдалды. Енді мұның уайым сауып, атар таңды көзімен атыруы ғана қалды.
Дәл солай етті де.
Таң сазарып біліне берген уақта сең соққан балықтай сенделіп, отардың шетінде жүрген. Тосыннан жөтелген ерінің дауысы естілді. Үнемі ұйқыдан тұрғанында осылай жөтелетіні бар еді, үздіксіз тартатын темекісінің зардабы. Өмір-бақи мал сүмесіне қарап келе жатқаннан соң түз тіршілігіне сай ұйқысы сергек. Оның үстіне төл алу жауапкершілігі тіпті жоғары – жылы төсекте шалжиып, тапжылмаса – еңбегінің еш, сорының тұзға айналғаны. Сондай алаң көңілмен ұйықтайтын ол түнімен төрт-бес рет тұрып, малды қарауылдайтын.
Нұрғанымның тіптен құты қашты. Абдырай үй жаққа көз тастады. Үкедей шылымын тұтатып үлгеріпті, ерніне қыстырған қып-қызыл шоқ әбілеттің жанарындай сонадайдан «мен мұндалады». Ұялған тек тұрмастың кебімен қарсы беттеді.
Әйелінің қылпын енді аңдаған Үкедей, мұның сөлбірейіп сыртта жүргеніне қайран қала сауал тастады.
– Әлі жатпағансың ба?
– Жатқызбасым жатқызбады. – Кейи үн қатты.
– Не боп қалды? Кино қойғандар қайда, көліктері жоқ қой? – Күйеуінің де көңіліне секемал енген бе, сұрақтарды үсті-үстіне бастырмалатып жіберді. Тұмшалаған қараңғылық бүркемелегенмен, өң-түсінің де аяқ астынан бұзылғанын біліп тұр.
– Бар бәле солардан келді! – Нұрғанымның үні құмығып барып, бір сәт үзіліс тапты. –Қыз жоқ!
– Не дейд?!.
– Не дегені несі, қызың жоқ!
Үкедейдің қаны миына шапты.
– О-о, әкеңнің аузы!.. Сенің берген тәрбиең! – Салған жерден әйеліне зеки тіл қатты. – Затсыз, қызды тыйып ұстамай ма? Танымайтын көрінген жын-шайтанның етегіне жабысып, жөней берсе, шекеміз қызған екен.
– Сен не қарап жүрсің тәрбие бермей, әкесі емессің бе? – Күйеуінің өзіне дүрсе қоя берді. – Мен бір жақтан әкеліппін бе?..
Сөйтіп, таң қылаң бере қораның шетінде ұрыс басталды да жөнелді.
– Әй, әкемесең, сенің қағанағыңды жарып шықпады ма, ант ұрған! Немене деп көкисің?!
– Қаның бұзық, өзіңе тартқан да.
– Не деп тантып тұрсың, әкеңнің аузы… – Жұдырығы қоса жүгірді. Сарт етіп әйелінің шықшытына тиді. Нұрғаным қалпақтай ұшты. – О-о, затсыз, көрсетейін саған қаны бұзықты. – Ашудан қалшылдаған қалпы тепелекке бұрылып, ісініп-кебіне ілгері аттады. Енді бөгелсе жаман қатынын парша-паршасын шығаратынын білді. Қай бір мінезге бай адам, «бір күн қой баққаннан, жүз жыл ақыл сұрама» деп қазақ бекер айтпаған, одан да есінің барында әйелінен алыстап кеткісі келді. Бірақ, жанын біреу табаға салып қуырып жатқандай, жаман күйінді. Әп-сәтте тауы шағылып, жүні жығылды. Әлдекім баса-көктеп кеп, ордасын ойран еткендей сезінді. Саусақтары дірілдеген қалпы темекісін ерніне апара берді. Өз кіндігінен шыққан баласынан мұндай озбырлық көремін деп ойламаған-тұғын.
Соңында қатыны қалды бүкіл қыстауды басына көтере озандап. Бірақ іштей омырылғаннан оның бая-шаясын естіген де жоқ. Әйтеуір, ту сыртында бақырауық түйенің бажылдаған үніндей шаң-шұң дыбыс қана шығып жатты.
Жапар бұл малағамның ешқайсысынан бейхабар-тын, әйткенмен мына көргені сол «ит ашуын тырнадан алады» дегендейін кеп. Жазықсыздан-жазықсыз ала қаншық қаһарға ұшырады. Өйткені, шешесінің кеудесіне жиналған запыранның уы буып, жанын қоярға жер таптырмай барады. Сондықтан оған әр нәрсенің бәрі жүйкесіне тиіп-ақ тұр. Міне, сағат ертеңгілік сегізден асса да, әлі тырс еткен хабар жоқ.
Қызы соншама ақымақтыққа баратын ақылсыз емес еді, мына әрекетін еш ішіне сыйдыра алмады. Көзі тұнып кеткен бе, шешем екен деп бір ауыз сөз айтпай әкесінің алдында әбден масқаралағаны жанын осқылады. Таң сәрідегі жеген жұдырығының да салмағы түк емес, «затсыз» деген заһарлы сөз шымбайына батты. Соған булығып, түтіге түсті. Бір кезде «өзіме де обал жоқ, тыныш отырған қызға «бара ғой, қатарыңнан қалма» деп нем бар еді, тойтитып қара жерге қаратты да кетті, қу ғана қар» деген ойға бой ұрды.
Осындай не бір тиянақсыз, жалт етпе ой сілемдеріне жолыққанымен, қолы үйреншікті жұмыстарын тындыра жүрді. Әйткенмен, іс-қимылының бәрінен құлықсыздық, әлде бір нәрсеге алаңдаушылық білініп-ақ тұр еді. Бір шоқып, екі қарайтын қарға сияқты, қолы бірдемені бітіргеннен бұрын қос жанары жол жаққа сүзіле берді. Кейде ұзақ-ұзақ күн салып телміріп, еріндері болар-болмас қыбырлап өз-өзінен күбірлей бөгеліп те қалады.
Мұның бәрін қалт жібермей аңдаған Жапардың зығырданы қайнады. Қанша есейсе де әпкесінің таза ақымақтығына миы жете қоймады. Осы уақытқа дейін бұған «тәртіпті, үлгілі бол» деп айтқан оның сөзі бәтуәсіз екен. Енді, құдай біледі-ау, бірде-бір әңгімесіне құлақ аспайды. Бір аяқ асқа алғысыз адамға бола тұтастай шаңырағының абыройын ақтарғанын кешіре алар ма?
Баланың екі ұрты томпайыңқырап, күнәсіз жанарларына мұң шарбысы үйірілді. Шешесінен де жиі дәміл-дәміл қара жолдың бойына үн-түнсіз қадалады. Қараған сайын безерген бетпақ дала ештемеден сыр берер емес, бедірейіп, жаның дәл қазір шиқ етіп шығып кетсе де сол бір сазарған қалпынан танбайды.
Жерге сыздықтата бір түкірді. Ала қаншықтың сары күшігінің үрпе-түрпесі шыққан жүніндей, бірі тұрып, бірі жатқан шашын кішкентай алақандарымен ретке келтірді. Мұнысы шашын шартты түрде сипағаны, әйтпесе, әдемілікке әуестенгені шамалы. Ішін қыз-қыз қайнатқан ыза мен кекке шыдамай жасаған далбасасы. Өз қимылына өзі есеп беріп тұрған жоқ. Бірде екі бүйірін таянса, бірде қолын қалтасына салып сұрлана қалады. Енді, міне, үйдің іргесіне жүрелей отырып, тағы да шырт түкірді. «Туған ошағына осындай да опасыздық жасайды екен-ау. Комсомолдар ешқашан алдамайды дегені қайда?»
Үйдегі райдан Қорланның да жүні жығылып қалыпты. Әшейіндегі тойтаңы жоғалып, аузы бұртиыңқырағандай кепке енген. Ол да бірдемені қыбыр-қыбыр істегенсиді. Ал, екі інісі мына сүреңсіздіктен бойларын аулағырақ салғылары келгендей, кеше таңертең төлдеген сақманның төңірегінде түртінектеп жүр. Әшейінде үйге су ішуге, нан жеуге жиі соғатын, бүгін ондай құлқылары жоқ. Пайымдауынша, «жас төлге қарап жүрміз» деген сылтауды шырға тұтатындай. Негізі, отбасындағы мұздай құрсанған суықтық бәрін алды-алдына бездіріп жіберген.
Әкесінің қабағы да тұнжырап, бүгіндікке ешкімге тіс жармады. Байқауынша жерге кіріп кете жаздап қорланатын сияқты. Тауы әбден шағылғаны салбыраған екі иінінен анық білінеді. Әншейінде әдемі көрінетін мұртының шалғысы да ебедейсіз тікірейіп, күнге тотыққан өңі одан сайын күреңіткен. Жүрісі де күндегідей ширақ емес, сылбыр қозғалатын тәрізді. Шай ішетін уақыты әлдеқашан болса да, үйге қарай аяғын аттап басқысы келмейтіндей. Дәл іргеден шаруа қамымен ары да, бері де өтеді. Көңілі тағдырдың тәукеншік сыйынан біржола қалған сияқты.
Бағана Жапардың көзі бір шалғанында қораның қамыс қабырғасына арқасын бере жайғасып, асықпай махоркасын орап, әлдебір тұңғиыққа шомып темекісін тартқан. Сонда асқар таудай әкесінің салы суға кеткенін аңдап, ұлының жүрегі қан жылады. Сонадайдан қасына томпаңдай барып, бұл да үн-түнсіз жайғасты. Көңілін жұбатарлық бірдеме айтуға ұмтылды, әттең, қапалы жүректі жадыратып жіберер аузына мандымды сөз оралмады. Бар бітіргені ұрланып, жапақ-жапақ өңіне қарағыштай берді.
Қайраны таусылған әкесі басындағы кепкісін алып тізесіне кигізді де, сарғайған қағазға оралған темекісін ерніне қыстырып ап ұзақ сорғылады. Шашының да ағы әдеттегіден молайып, маңдайының әжімі мен мойнының қатпары да қалыңдағандай. Күрт қартайып кеткенге ұқсады. Керзі етігінің қонышы үзеңгі баудан қажалып, ақжемденіп желіне басталыпты. Бұның келгеніне де селт етіп көңіл бөлмеді. Қалың ойдың ұштығына жете алмай, уайым мен қасіретке малшынды да малтыды.
Жапар «шіркін, егер үлкен жігіт болсам, соңынан қуып барып, жердің тесігіне кірсе де іздеп тауып, сазайын тартқызар ем. Әкемнің шағылған тауын солай бүтіндеп, кегін қайтарар едім» деді зығырданы қайнап. Кенет, бала неме әкесінің дәл осы сәт нендей ой ойлап отырғанын білуге құмартты. «Мүмкін, алғашқы тосын соққыны жанына ауыр алғаны шығар, соңыра табиғаттың өктемдігіне мойынсұнар. Танагүл шынында да біржола бөлек от түтетуге, үй болуға бет бұрды. Оңы мен солын таныған бойжеткеннің алдына неге қарсы тұрмақ? Олай болса әке-шешесі неге қияс қабақ танытып жүр? Құдалары жаман емес, қызметі бар, абыройы бар, бастық. Әркімнің-ақ сондай адамдармен сыйласқысы келмейтін бе еді? Қуанулары керек еді ғой, жоқ, қайтсе де мұнда бір дүмбілездік бар» деп топшылады.
Үкедей өзінің қасында мұның жарбиып отырғанын енді ғана аңғарғандай, басынан аяғына дейін мақсатсыз бір қарады да орнынан ілби түрегеліп, тағы да шаруасына жөнеді. Қораның астын тазалау, өз қағанағын жарып шыққан төлінен жеріген тасбауырларды телу, емізу деген сияқты адамның жүйкесіне тиетін қыруар жұмыс күтіп тұр еді.
Жапар тағы да жападан-жалғыз қалып қойыпты. Әкесіне де, шешесіне де жаны ашыды. Бірақ, олардың басына түскен мұң-наланы жеңілдетудің жолын таба алмады. Тек қана әпкесіне өкпесі қара қазандай болып қабындай берді, қабындай берді.
Тапа-тал түстің кезінде кешегі машина шайтан сияқты сап етіп, есіктің алдына тоқтай қалды. Алысқа аңыра қарап, көздерін талдырып жол күткенде қарасы да байқалмап еді. Енді Жапарға «ә-ә, бәлем, қатырдым ба» деп көктен түскендей насаттана кеп, буы бұрқырай тежелгендей көрінді.
Онның ар жақ-бер жағындағы ұл іштей жәбір шегіп, табалдырықта состия тұрып қарсы алды. Әпкесінің екі езуі екі құлағында, қаперінде ештеме жоқ қызыл көйлегінің етегі делеңдей машинадан түсіп жатыр. Бейұят ашық омырауы тоқ біткен өңірін сонадайдан жалтырата әйгілейді. Қимылынан «бұ жүрісім ұят болды-ау» деген сияқты қымсынудың ұштығы да білінбейді. Қайта, бәрі орынды тәрізді жайраң қаға күледі. Соңында – астыңғы еріні «жер тіреген» қайыстай «киномеханик». Әумесеріңнің әукесі кете Танагүлге әлденәрсені айтып, басын шұлғып құлдық ұрады. Қазақтың ұғымына салып жалпақ тілімен кескіндегенде, мына лауқиыңның ұсқыны үй кезіп қаңғыған бұқашыққа ұқсайды. Ал бүгінгі жастардың көзімен қарасаң, екеуі кәдімгі Голливудтың жұлдыздары сияқты.
Бала осы жиіркенішті көрініске одан сайын тыжырынды.
Сырттағы мотордың үнін естіп шешесі де етегіне сүріне-қабына тысқа шықты. Қызын көрген беттен шарқая дауысқа салып, айқайға басты.
– О-о, жерді құртқан қу ғана қаншық! Жүзі қара! Тірідей жерледің-ау!
Бойжеткеннің өңіндегі жаңағы жарқындық ізінше үшті-күйлі семіп үлгерген еді. Құлғанадай соңына ілескен жылтыр қарасы да артынан пысып, машинаның қалқасына қарай жылыстады.
Нұрғаным ентелей басып қызының қасына жеткен бетте шапалағымен осып-осып, жағының отын жандырды. Етегі делеңдеген қызыл көйлекті Танагүл денесі бүрісіп, әп-сәтте салтанатынан айрылып, пәруана күй кешті.
– Мұндай салдақылығыңды көргенше, өз қолыммен бауыздап өлтірейін. Үйге кір, жаныңның барында!
Қызы дедек қағып, тілге келместен ішке зып берді. Өңі тастай суық қарсы жолыққан әкесінің алдында бетімен жер басып, төбесімен жүргендей тіптен бүгежектеді.
Мұны көріп тұрған Жапардың әпкесіне жаны ашығанмен, кешеден бері кетіп жатқан есесінің сәл де болса қайтқанына көңілі тоғайды. Осы сәтте «әй, бері кел!» деген Үкедейдің қаһарлы үні көктен түскен қара тастай жүректі солқ еткізді. Жел мен күнге қақталған қап-қара ұл селт етіп, әкесіне қарады. Қарады да бірден үрейі ұшты. Қабағы қабарып, екі көзі қанталап, жүзі қарауыта түтігіпті. Мұртының шалғысына дейін айбынданып, кез-келген нәрсе екпініне қарсы тұра алмайтын қара долы күштің иесіне айналыпты.
Әлгі жылтыр қара құрттаған ешкідей қыпыжықтап, аяғы алға жүрмей тайсақтады. Сонда да алмас қылыштай әуені тіле қақ айырған әмірдің зәрінен құты қашып, ілгері ілбіді. Жанына таянғанда әбден қорланып, қаны қарайған әке оның алқымынан шап беріп ұстап, шала туған түсіктей солаңдатып, сілкіп-сілкіп жіберді. Бәтірді жаман далбай тұмақ құрлы сезбеді.
– Көрсетейін мен саған басынғанды. – Жағы қарыса, үні тісінің арасынан ысылдай шықты. – Жаман қойшының үйі, қолымнан қағатын ешкім жоқ дедің ғой, ә-ә… Көкеңді көзіңе әкелейін…
Жылтыр қараның тынысы тарылып, бірдеме-бірдеме деп шіңгірлей шырқырады. Ал қасындағы жолдасының мына қаһарлы шалдың айбатынан шаруасы тынып, кабинадан тысқа назар тастауға жарамады. Жүрегі тарсылдай соғып, қолы қалтырап отырған орнынан тапжылмады. Тіл-ауыздан да айырылып, «әу» деуге де мұршасы жоқ.
– О-о, шірік! Шірік жұмыртқадай уысыма салып, бырш еткізе салайын ба?
Бала әкесінің мұндай ашуланғанын бұрын-соңды көрмеген. Әлгі неме тілінен қақпанға түскен түлкідей, жетегіне оп-оңай көніп, соңынан сөлпектеді. Қол-аяғы ербеңдеп, ептеп қарсылық танытатындай. Бірақ, бары сол еді. Ал шамасы жетсе ештемеден тайынбайтын нағыз қаражүрек-тұғын.
Үкедей қолындағысын лақша бақыртып түпкі үйге сүйреп әкелді де, төрге қарай итеріп кеп жіберді. Тырапай асып, екі аяғы көктен келе құлады. Тыпырлап, есін жиып енді оңшалғанынша қара тастай дізесімен кеудесінен басып, үстіне қонжия кетті.
Соңынан ілесіп жүрген баланың жүрегі тайша тулап, зәресі қалмады. Ашу үстінде әкесі мына сұмырайды байқамай өлтіріп жіберетіндей. Сөйтіп, басына аяқ астынан бәле жамалып, қырсық жабыса ма деп қорықты. Бірақ, дізеге салған сайын айызы қанып, кеудесіндегі қыжылға су сепкендей болды.
– Мен сендей сайтанның сапалағын бір-ақ ұйпап жоқ қыла саламын! Көзіңді ашып қара, бастықтың баласы болсаң – өзіңе! Тірі тұрып ешкімге намысымды таптатпаймын!
Кішкене ұл әкесінің сөзіне зейінін көп аударды да, ана жылтыр қараның ақталып, шыр-пыр қаққанын онша тыңдағысы келмеді. Әрі, оның мына сөздерді соншалықты түсіне қоятынына да күмәні бар. Өйткені оның тек орысша сөйлейтінін білетін. Сондықтан, сұрланған қалпы состиып, есіл сөзі зая желге ұшқан бейшара әкесіне тағы жаны ашыды.
– Тыңдаңызшы, тыңдаңызшы… ештеме істеген жоқпын. – Екі езуінен жыны сорғалап, тастай қамалдың астынан сытылып кетуге далбасалайды. Иығын жапқан алу-далу шашы байының тепкісінде жатқан қатынды елестетеді. – Между нами ничего не было. Тек дискотекаға бардық.
– Немене?! – Үкедей бурадай барқ ете қалды.
Жапар да таңның бір уағындағы қайдағы дискотека деп ойлады. Өйткені, қыстаудан ауыл орталығына жеткенше, кемінде екі жарым сағат уақыт қажет. Әмбе, жырындылар сытылып жөнелгенде мезгіл түн ортасынан әлдеқашан ауып кеткен-тін. Ол мезетте әйдік шәрінің өзінде жиын-той құлақ кесті тоқтайды.
Кино қойғыш неменің көзінің ағын тұтас қан жауып, аясы жасаурапты. Мына шалдың дискотека дегенді ұқпағанына одан сайын дегбірі қашып:
– Танцы, танцы! – деді иегі дірдектеп.
– Ә-ә, нағыз шайтанның азғындаған үйіріне барған екенсіңдер ғой. – Ашуына булығып ысылдаған қалпы көзі бақжиған әбілетті алқымынан өзіне тартып, құйрығымен жер басқызып отырғызды да, – мылтықты әкел! – деді ұлына оң қолын соза ақырып. Жапар шошаң етіп секіріп барып, жүктің іргесінде сүйеулі тұрған қос ауызды қолына ұстатты. Мұздай суық, ұңғысы үңірейген қаруды көргенде әлгі тымақ серілігі бар жігіт қоянның көжегіндей жерге жантая берді. Өне-бойы тұтастай қалш-қалш етеді. Шүріппе басылмай-ақ, құдайына құлдық ұрып табан астында жан тапсыруға бейіл секілді.
Мына көрініске баланың жүрегі жирене тыжырынды. Оған жерде жатқан жігіт көрінген төбет ұшқасса тәйкүшіктене құйрығын бұтына қысып, борбайын ашып аунай кететін қаңғыбас бұралқы итақай тәрізді көрінді. Осыншама жігерсіз боркеміктің өздеріне соншама залалдық істегеніне, кеудесінде сәл саябыр тапқан қыжыл қайта бой көтерді. Әрі мұншама жасық, мұншама пасық сілімтікке бола әпкесінің бәрін тәрк еткеніне айран-асыр. Әйел баласының көзіне қан тұнғанда жауының қолына туған әкесін де тайынбай байлап беретініне, сәби болса да көзі жете түсті. Себебі бұл естіген аңыздарда, жырларда сондай қатыгез тұстар ұшырасатын. Міне, бүгін сол сатқындықты дәл өз басынан кешіп отырғанына қайран. Бәрінен, бір-ақ күнде тірліктің алдында ойсырай жеңілген әкесіне мүсіркей қарады. Бір түрлі өзегі удай ашып, тамағына өксік тығылды.
Қара сайтанның мына кебі Үкедейді де алғашқы райынан қайтарғандай. Жауым деп алқымынан алғаны, түкке тұрғысыз жұрын екен. Онымен теке тірескені атына лайық еместей. Сондықтан ашуын ноқталап, сабырға мінуге ұмтылды. Бастапқы құрыш темірдей айбат беріп, кеспірінен көрініс тапқан сұс біртіндеп, еріген мұздай ыдырады.
– Сендей ынсапсызға сөзімді қор қылып тұрған мен де ақымақ. – Дұшпанының тамағын сығымдаған сол қолын серпіп қалды да уысын ашып кеп жіберді. Ана неме оң жақ бүйіріне қарай аунап, қақпаннан құтылған-құтылмағанына сене алмай бір орнында тыпырлады. – Мә, мылтықты орнына қой, – деді ұлына қайтадан. Бала сөзге келместен ұшыртып қасына жетті де зілдей қос ауызды қос қолдап ұстай берді. Сол заматында әкесі әлгіні үйіне ұрланып кірген қара мысықтай желкесінен бүріп, далаға қайта сүйрей жөнелді. Ол бос тұлыптай сөлеңдеп, жетегінде кетіп барады. Ең сыртқы табалдырыққа таянғанда бар пәрменімен лақтырып кеп жіберді. – Бар, жоғал! Қайыра менің көзіме көрінбе, құдай көрсетпей-ақ қойсын.
Алақандарын бір-біріне қақты да, дәнеме болмағандай тепелек жаққа баяу аяңдады. Ал, «киномеханик» машинасына қарай жүдемдете басты. Бір кезде мотор үні гүр етіп оталды да, «рафик» орнынан оқыра тиген сиырша оқалақтай атырылды. Бала состиып есіктің алдында тұрды да қалды. Сәлден кейін барып, шешесінің құс қайтарарлықтай барқыраған дауысы құлағына жетті. Соған қарағанда бұл бар ой-қиялымен басқа әлемге ауып кетсе керек.
– Қу ғана қаншық, жаның барында көзіңді құрт! Бұлғақтатып ұзатамын ба десем… Басыма қасірет боп үйіріліп тұр екенсің ғой, оңбаған! Сендерсіз де жеген таяғым аз еді… жүзімді одан сайын қаралап… – Шешесінің сөздері бір-бірімен қабыспай, үзік-үзік шықты.
Жапар одан арыға төзбеді, аяғын санап басып әкесінің соңынан тепелекке қарай ілбіді. Бірақ, күңгірттеу қораның ішінен жан-пенденің қылпы білінбеді. Ұзыннан-ұзақ көлбей салынған бітеу баздың бір жерінде жүрген шығар деген оймен, құлағын түріп біраз бөгелді. Тырс еткен дыбыс байқалмады.
Інінің аузынан төңірекке баспалай қарайтын саршұнақша мойнын созған ұл оқыс мұрнын тартты да, танауын сол қолының сыртымен сүйкеп өтті. Сосын, бір-ақ күнде өмірдің шыршуынан әбден жертезектей тапталған әкесіне қолқабысын тигізуге ниет қойды. Сөйтті де келесі бөлектегі жеке-жеке шарбақтарға қарай секіріп түсті.
Әлдебір мұңға бөленіп жүріп, аққа жарымаған жаман-жәутік қозыларды емізген болды. Қолы шаруа тындырғанымен қаңғалақтаған қиялы әлдеқайда еді. Ара-арасында кішкентай кеудесін кере күрсінеді. Шамасы, онысын өзі де байқамайтын сыңайлы.
Кімге жаны ашитынын білмей санасы сартаптанды. Бастапқыда әкесі үшін жүрегі ауырды. Сонша жасқа келгенде, алақанына салып мәпелеп бағып отырған баласы бәрін тәрк етіп, мысы мен беделін қас пен көздің арасында белден баса, күресінге тастады. Енді, түннен бергі оқиға мен бағанағы шаң-шұңға куә болған үйдегі сақманда жүрген бөгделердің бетіне тура қарап, ананы үйт-бүйт деп қалай айта алады? Ертең, оларды түзде емес, көпшіліктің ортасы ауылда көрсе, қалай жүзі жанбасын? Көлденең көк аттылар да «ананың қызы сөйткен» деп, саусағын шошайтып сыртынан күлмесіне кім кепіл?
Ара-тұра ойынан жаңылдырып, емізіп жатқан асау қойы да жұлқынып қалады.
– Қос, жануар, қос!
Жіңішке, бала даусымен ештемені ұғынып жарытпас хайуанды да тәртіпке шақырып қояды. Әйткенмен, көкірегін жаралаған оқиғаның уыты тұла бойын сыздатып, қайыра өзінің далдасына тарта береді. Енді, шешесіне жаны ашыды. Есін білгелі телім-телім боп, ебіл-дебіл халдегі байқұс анасы қасіреттен қан жылап, басыр қайғыдан қабырғасы қайысары анық. Көкірегіне көн жамағандай, мына тағдырының тартқан сыйынан жарылуға шақ қап, кең дүниеге сыймай бебеулейтіні қақ. Үміті мен арманы, бәрі-бәрі жер мен жексен боп күйрегені де ақиқат. Бүйтіп бала тапқанша батпақ тапқаным да дұрыс екен деп түңілуі де ықтимал. Бұған дейін де «ұл тапқан қатынның бағы зор» деп айтып отыратынын өз құлағымен талай естіген. «Ұл азар болса – төбелесер, соқтығысар, әйтеуір, аман жүрсе жарады. Қыз ғой мұнда құртатын діңкені…» дейтін бейшара шешесі. Әлде, күннің-күнінде әйтеуір бетімен жер басатынын әлдеқашан білді ме екен?
Кішкентай жүрегі бір бұлқынып өтті. Әкесіне де, шешесіне де жаны әбден ашыды. Ал солардың аялы алақанының ыстық табын бір-ақ сәтте ұмытып, бір түнде жатқа айналған әпкесіне өкпесі қара қазандай. Осыншама ынсапсыздығына қайран. Бұрын мұндай бейбастыққа өңге барса да өзінің әпкелері ешқашан бармайтындай көретін. Енді, міне, ол ұйғарымы әдірам қалды. Бір ауыз сөз айтпай үйден қашып шығып, ойнап-күліп, ертеңінде түк болмағандай түс ауа келіп тұрғаны қандай қарабеттік. Батырлар жырындағы көңілі ауған әлдебір жігіт үшін әкелеріне қару жұмсайтын қаражүректік өзімен құрсақтас әпкесінде де бар тәрізді көрінді. Жаны түршігіп кетті. «Қыз – әкеге жау» деген көне сөз құлағынан кетпей ызыңдап тұрып алды. Бір кезде есін жиса, емізіп отырған қозы қойдың желінін таба алмаған ба, өз бетімен заржақтыққа салынып, бебеулете маңырап тұр екен.
– Ой, ақымақ, міне, мында.
Желкесінен бүріп ап, дұрыс жаланбай сауырына шарбысы қатқан салтақ немені, қалтыраңдатып саулықтың бауырына қарай икемдеді.
Бір заматтарда үйге келді. Үйдің іші өлік шыққандай, сұп-суық. Өрістегі сақыманшылар біртіндеп түстіктерін ішіп кетіп жатыр. Оларға бүгін әдеттегідей ыстық тамақ та жасалынбапты. Құр шаймен ашқұрсақтанып аттанса керек. Өйткені, жиналмаған дастарханның бетінде қолмен туралған таба нанның үзінділері жатыр, сары май тұр. Қаймақ та бар екен, әр-әр жерден ағараңдаған қант көрінеді.
Ылдым-жылдым жүгіре басып, бүкіл бөлмелерді аралап шықты.
Әдетте, бұл қыстауда екі отбасы отыратын еді. Соңғы кезде алыссынып ешкім қоныстанбайтын болған соң, ас үйден жапсарлас қабырғаны көршіге қарай тесіп, есік салдырып, үш бөлмелі үй жасап алған.
Ешкім жоқ. «Танагүл қайда екен?» деп іштей уайым сауды. Сосын бұл да отыра қап дайын дастарханнан шыны аяқ шай ішті де, сыртқа беттеді. Шешесі бошалаған інгендей сенделіп атсеркенің арғы бетінде жүр. Жүзін төмен салып, аяғының басына қараған қалпы аузы жыбырлап сөйлейтіндей. Шамасы, өзегін өртеген от-жалын байыз таптырмай ары-бері айдайтын сыңайлы.
Қасына баруға зауқы соқпады. Бара қалған күнде де не деп жұбатарын білмеді. Сосын, тағы да ештемеге құлықсыз қалпы иен түзге қарай аяңдады. Ондағысы, аулақта үюлі жатқан қордалардың үстіне шығып, төңіректі қарауылдамақ. Әпкесі жақын маңда жүрген шығар, сыртынан бақылап қоймақ. Сатқындық жасаса да көкірек несібесін бірге таласып емген ұяласы.
Ептеп жүрегі сыздап ауырды. «Өз қолыңды өзің кесе алмайсың» деген қазақтың мәтелінің мәнісін енді ұғынды. Қанша ақымақтыққа барса да Танагүлді далаға тастағысы жоқ.
Шоқаңдай жүгіріп үйілген көңге тырмыса өрмеледі. Шешесінің әпкесін үйден қуып жібергенін әбден біліп келеді. «Кешке ешкімге байқатпай үйге ертіп келермін» деп ойлады.
Төңірек көктемнің жайма шуақ шұғыласына малшынып, манаурап жатыр. Әлдеқайда бозторғай ентігін баса алмай шырылдайды. Бірақ бір тұтамға толмас тұрқы көзге шалынар емес, зарыға төгілген үні құлаққа талып жетеді.
Асықпай айналаны сүзе қарады. Ара-кідік алыстан қарайған ірі-қараның нобайы білінеді. Тай шаптырым маңнан сақманшылардың қылпы байқалды. Басқа ештеме назарына ілінбеді. Әйткенмен бұл тұс батыс пен солтүстікті ғана шолуға мұрсат беретін. Себебі, оңтүстік пен шығысты алып, бір-бірін қуалай салынған шатырлы бітеу баз тұр. Ол жақты байыптау үшін сол қоралардың төбесіне немесе арғы жағындағы үйілген қордаларға шығуы тиіс.
Бірден солай қарай тартқысы келіп тұрды да, «мүмкін осы тұста шығар» деген ойдың сүресімен тағы да біраз кідірістеді. Үмітпен әр кезеңді мұқият шолып, төбенің басында шошайып бірқауым бөгелді. Әбден көзі талғанда барып, келесі қапталға бұрылды.
Айтқанындай-ақ көп қиналмай әпкесін алыстан көрді. Үстінде өрттей қызыл көйлегі бар ол, мидай жазық далада қайда бұқпантайласа да «мен мұндалайды». Дегенмен қыстаудан тым ұзап, шымқап кетіпті. Нобайы білінгенмен, қимылын алыстан байқау қиынға соқты. Бір шоқ тобылғы өскен дөңесте жүргені немесе отырғаны белгісіз, алдамшы сағыммен толқындана буалдыр тартады. Бірде ол ауылдың орталығын бетке алып, кетіп бара жатқандай көрінді. «Бірақ, онда барғанда кім бар, кім күтіп отыр?» деп ойлады. «Бармауы тиіс». Енді бірде тапжылмай әлденеге қарап тұрғандай көрінді. «Көктемнің топыраққа тойынбаған жыланы арбап тұр ма» деген үрей келді көкейіне. Кенет бойы тыз етіп, жаны түршікті. Сәлден соң әпкесі бейқам, өз ойымен өзі оңаша қалып отырғандай білінді.
Бала тереңінен демін алды.
Бір уақтарда өз-өзінен шалдығып, үйге оралды. Әкесі арбамен отардан жас төлдеген саулықтарды әкеліп түсіріп жатыр екен. Соны көре сап, жүгіре басып тепелекке ұмтылды. Ондағысы қошақандарды шатыстырмай, әрқайсысын өзді-өз енесінің бауырына салуға көмектеспек.
Бұл таянғанда Үкедей сарыбас саулықты тепелекке кіргізді.
– Андағының қозысы қайсысы? – деп дауыстады шіңкілдек үнімен. Өйткені әрбір қойдың төлін шаранасы кеппей бір-біріне жақындастыруға болмайтынын білетін. Егер қозылар үстілері құрғамай, алда-жалда бір бұйымға қатар оралып келсе, енелері табанда жерінеді. Сондықтан әрқайсысын жеке-жеке қапқа немесе қоржынға салып жеткізетін.
– Анау қоңыр қаптағы егіздер.
«Егіз» дегенді естіп көңілін қуаныш жайлады. Жылдамдатып, қапты жерден көтеріп алды. Оның ішінде жас төлдер тынымсыз тыпырлайды. Жағы сембей үздіксіз маңырайды.
Мықшыңдай басып тепелектің табалдырығынан аттады. Сол сәтте әкесі де қарама-қарсы жолықты. Бірден күректей қолын созып, қоңыр қапты іліп алды. Сөйтті де жерге ақтарып тастады. Екі әппақ қошақан домалаңдай тыраңдады. Сонадайда маңырап байыз таппаған енелері де дедектей жетті. Соны күткендей әкесі қошақандарды артқы сирақтарынан алып көтеріп, жүрді де жөнелді. Балажан саулық әкесінің соңынан қарыс сүйем қалмай үкідей ұшты. Үкедей бірден оны тиесілі орны, оңаша шарбаққа жайғастырды. Ұлы алдына шелекпен су қойды, бір уыс шөп байлады, кішкентай науаға болар-болмас жем салды. Ондағысы желіні аққа жарымай қалмасын деген ойы еді. Және де кез-келген жас төлдеген қойға осылай жасалатұғын.
Әкелінген алты саулықты да бәрін жайғап, реттестірді. Бұл кезде күн де кіші бесінге еңкейген-тін. Қазір шамалыдан соң жас сақманға жем беріп, ішке кіргізе бастайды.
Әкесі арбасын айдап, қораны айнала берді. Бұл үйге беттеді. Есіктің алдындағы ошақтан түтін будақтайды. Шамасы шешесі кешкі астың қамына ертерек кіріскен сияқты. Одан әріректе қидың түтіні білінеді. Байқұс анасы екі қолын үш етіп, бірнеше шаруаны қабат істеп жүргенін білді. Тамақпен қоса таба нан пісіріп жатыр екен.
Табалдырыққа таянғанында қолындағы тегенеге салынған қамыры бар шешесі қарсы жолықты. Басындағы орамалы бір жақ шекесіне қарай қисайып апты. Самай шаштары да қобыраңқы. Мұны көре сап:
– Бар, әлгі қу ғана қаншыққа айт, жердің тесігіне кіріп кетсе де тез келсін деп жатыр де, жаны барында! – деді ашуға булығып. Сәл болса жарыла жаздап тұрғандай көрінді.
– Мақұл.
Құлдыраңдай жүгіріп қорадағы торы құнанын ерттей салып, өрісті бетке ұстап тыпыңдай аяңдатты. Желе-жортып жүрісін жүдемдете түсті. Әпкесі сол бағана бұл көрген тұстан ұзай қоймапты. Бірақ, Жапар екі ара қысқарған сайын біртүрлі өз-өзінен қыстығып, Танагүлге қарай беттей алмай келеді. Оған барып бірдеме деп айту ұят секілді. Әңгімені неден бастарын білмеді. Әйтеуір бір күштің итермелеуімен ілгері жылжиды. Бастапқыда қузап еді, енді құнанының аяғын ілбітіп қана бастырады.
Қараптан-қарап жүзі оттай жанды. «Мені көріп қазір қысылады ғой» деген ойдың сүресімен әпкесіне жаны ашыды. «Тоңып та кеткен болар…»
Баланың бұлай қорытатын да жөні бар еді. Көктемнің күні тамылжыта төгілгенімен, әлі сыздан арыла қоймаған самалы, далада ұзақ жүрген адамды жиде қақтырады. Ал, Танагүлдің үстінде қызыл жібек көйлегінен басқа өңгедей бұйымы жоқ-тұғын. Әлдеқашан сазарып, жақ жүні үрпиіп кеткені айқын-тын.
Жонданып біткен қоңыр белдің ойдымға айналған тұсындағы бір топ тобылғының арасында әпкесі жүзін түз далаға беріп, жүрелеп отыр екен. Енді қаулап келе жатқан көктің арасында қып-қызыл көйлегі оны сонадайдан шоқ қызғалдақ іспетті көрсетеді. Ал, жел алып қашқан қою қара шашы, қызғалдақ қауызының ортасындағы шымқай қара дағы сияқты. Бірақ, жақындап кеп оның ту сыртынан қараған адамның көңіліне секемал түсіретін кейпі де бар. Өйткені, айдалада кешкі сауыққа киетін қызыл көйлекпен ғана жападан-жалғыз жүрген бойжеткеннің бұл «сейілі» еш ақылға қонбайтын еді. Аңызға біртабан жақын малшы қауымы алас-пелес көктемнің кезінде жын ба, шайтан ба деуі де мүмкін.
Әпкесінің мына назалы сиқын арқан бойы жерден-ақ, ту сыртынан аңдаған баланың ет-жүрегі езіліп жүре берді. Оған Танагүлдің қазіргі халі Мұңлықтың кескінін елестетті. Кешегі қызыл іңірден басталып, бағанаға дейін жалғасқан өшпенділік табанда ыдырап, аяушылыққа айналды.
Тіпті, бойжеткеннің қатты қапаға бөленгені соншалық, өкпе тұсына таянып қалған ат тұяғының дүбірін де аңдамады. Әйтпесе, нәтінде секемшіл Танагүл бағана-ақ сәл сыбдырға жалт қарар еді.
Інісі бір жақ қапталынан кеп, құрық салым жерге тоқтады.
– Сені тәтем шақырып жатыр, «үйге жүрсін» дейді.
Танагүл оқыс үнге селт етіп, бұ тұрған жаққа мойынын сәл бұрды да тіс жармады. Мөлідей қара шашы жүзін жартылай жауып, өңін тұтас көрсете қоймады. Бірақ, бауыры оның қызарған жанарын байқап үлгерді.
– Жүр…
Баланың да беті кенет ду ете қалды. Неден қысылып, ұялып бара жатқанын білмеді.
Әпкесі өстіп жерге шұқшиған күйі недәуір уақыт үнсіз отырды да, бір сәт бұның бетіне көзі боталай қарап:
– Сен… көріп тұрдың ба?.. Көкем қатты ұрды ма? – деді.
– Кімді? – деді бұл таңданып. – Тәтемді ме?
Танагүл үндеген жоқ. Осы үнсіздік баланың көңілін бір-ақ сәтте астан-кестең еткендей болды… Көз алдындағы дүние түгел қып-қызыл болып кетті… Қырдан асып бара жатқан күннің көзі қып-қызыл… Танагүлдің көйлегі де қып-қызыл… Қып-қызыл дүниенің арасынан Танагүлге қайта бір қарап еді, оның беті күреңітіп, сазара қалған екен… Тек көйлегі ғана қып-қызыл…
VIII
Бибі ұлын көріп, жабыңқы көңіліне сәл де болса демеу тауып шықты. Бірақ кірпіктеріне көзмоншақтарын да іле қайтыпты.
– Ботақаным, жатыр кіп-кішкентай боп.., монтиып. – Иегі кемсеңдеп, икемге бағынбай болмашы қалтырады. Үніне де діріл араласып, көкірегінен жалын атқан қасіреттің лебі есті.
Ері болса әйелінің әрбір сөзін қалт жібермей аузын бағып келеді. Бір жағынан оның сағыздай созғанына шыдамы таусылып, дегбірі қашып барады. Сонда да тызақтаған төзімін сабырға жеңдіріп, байыптылыққа ұмтылды.
– Құлдығым, боп-боз боп бозарып, жер тартыпты. Ары-бері қозғала алмайды. Мына ыстықта табан аудармай жату, азаптың азабы. Шүмектеген терден төсегі шылқылдаған су.
– Медбикелер қайда?
– Үй-и, олардың әбден еттері үйренген ғой, селт етпейді.
– Қалың сырқат жандардың ортасында жүргеннен кейін, адамның азаптанғаны қалыпты көрініске айналып кеткен де. – Күйеуі лажы таусыла күрсінді.
– Енді ше, қайсібіріне жүгіре берсін.
– Тым құрымағанда балаға жел қақтырып, төсенішін жаңалап тұруға болмай ма? Салмағы да жоқ, бір-ақ жапырақ қой. – Жапар екі иінінен терең демін тартып, дәрменсіздіктен салы суға кете күйінді.
– Қайта, бұл, түннен бергі ықыластың ауғаны, дәрі-дәрмегі жағынан дұрыстап қарай бастаған сыңайлы. Ыстығы төмендепті, қазір бір қалыпты отыз жеті де жетіні көрсетіп тұр екен.
– Жыламап па?
– Жоқ. Тырнақтайынан ауырса одан сайын томсара түсетін әдеті, мені көргенде де «қыңқ» деген дыбыс шығармады, күнім.
– Су бердің бе?
– Бердім, шөлден тілі таңдайына жабысып қалыпты. Төсегінің жанына табуретканы қойып, тағы да сусын қалдырып кеттім. Бір ересектеу балаға су беріп тұр деп табыстадым.
– Палатада қанша бала жатады екен?
– Тоғыз бала. Бақалы көлдей бық-бық етеді, ауасы қапырық.
– Иә, алла, өзің жар бола гөр, – деді Жапар діңкесі құрығандықтан бұдан басқа қайласы болмай. Бибі де ендігі әңгіменің тек санаға артық салмақ түсіретінін ұғынды ма, үндемеді.
Бір мезеттерде күйеуі оны жұмысына апарып салып, өз мекемесіне қарай асығыс аттанып бара жатты.
Ертеңінде таңертең ертелеп жетіп балаларының халін сұрағандарында, кезекші медбикенің жауабын естіп, бір сәт ақылдан алжасып, ерлі-зайыпты екеуі де аңыра меңіреуленді. Дегенмен, Жапар бірінші тілге келіп:
– Операцияны қашан жасап еді? – деді жаны қыстығып.
– Кеше.
– Кешкілік операция туралы ештеме айтпадыңыздар ғой.
– Сіздерді басы артық алаңдаушылыққа ұрындырғымыз келген жоқ. Оны естіп ап түнімен ұйықтамайтын едіңіздер. Әрі жай болып кетсе де «ішке кіргізіңдер, операциядан соң жағдайы қалай, көреміз» деп, әлек салуларыңыз әбден мүмкін.
– Енді жағдайы қалай?
– Жақсы.
– Нендей кесел екенін біле алдыңыздар ма? – Әңгімеге Бибі енді араласты. Танауы қусырылып, жасаураған жанарын үрейдің тұманы торлаған.
– Дәрігер жазған дімкәстің тарихына қарағанда, жамбас сүйек пен ұршықтың бекіген жігінен сары су алған.
– Қазір ояу ма?
– Жоқ, ұйқыда.
– Наркозды артық беріп қойған жоқсыздар ма? – Бибінің үні ышқына, шырқырай шықты. Әбіржігендіктен бет пошымы да құбаң тартып, өзгеріп салды.
– Бәрі шамамен. Операциядан кейін оянды. Оятамыз. Енді, бәленбай күнгі жанына батқан кеселдің залалы кетіп, тынығып жатыр.
– Шынында да жай ұйықтап жатыр ма? – Қу шешенің жүрегі байыз таппай барады. – Мен кіріп, көріп шықсам бола ма?
– Әрине, жай ұйықтап жатыр. Қасында қас қақпай мейірбике отыр, әр жарты сағат сайын қан қысымын, ыстығын тексеріп.
– Ыстығы қандай?
– Отыз алтының үстінде ғана.
– Мені кіргізіңізші, – Бибі жалына үн қатты, – көріп шығайын.
– Ондай рұқсат беруге құзіретім жетпейді. Сағат он бірде дәрігер келеді, сол кісі шешеді. Бірақ, алаңдаудың еш реті жоқ, бәрі жақсы.
– Айтқаныңыз келсін! – Бұл бейшараның қолында дәнеңенің жоқтығын білген Жапар, оның ләміне қарсылық танытпады. – Жарайды, мына сусынды апарып беріңіз, шөлдеп оянады ғой.
– Мақұл.
– Мүмкін болса, төсенішін жиі ауыстырып тұрсаңыздар. Ыстық күнде терге малшынып, көрпе-жастығы тез дымданар. Су бұйымға қайтіп жата алады?
– Еш алаңдамаңыздар, Валерий Степанович айырықша табыстаған, қараусыз қалмайды.
– Рахмет сіздерге!
– Сау болыңыздар.
Бұлардың қолындағы пакетін алған бойжеткен көзден жасырынып үлгерді. Әлгінің сөзіне не иланарын, не иланбастарын білмеген екеуі босағада ләм-мимсіз өз ойларымен алысып, тұрып қалды. Меңіреу адамдай бір-біріне тіл қатпай біраз бөгелді. Бір жағы дүдәмалды, бір жағы қуанышты хабар әрі-сәрі күйге түсірді.
– Жүр, сағат он бірде келеміз.
Жапар әйелін қолтығынан алып, ілгері жетеледі.
Екеуі қайта қайырылып оралғанда Валерий Степанович салқын қабақпен қарсы алды. Өңі біртүрлі шаршаңқы көрінді. Оның осы салбыраңқы иінін байқаған бұлар әлдеқандай үрейден тіксініп, іштей қобалжыды. Сонда да Жапар дәрігердің алдында құрақ ұшып, сонадайдан қос қолын ала жүгірді.
– Сәлеметсіз бе?
– Сәлемет…
Бибінің жанары үрейден бақырая жасаурап, ернінің ұшымен ғана амандасып, сәлемдесудің мезіретін жасады. Содан кейін екеуі де бір сәт іркіліс тапты. Әлденәрсе сұрауға жүректері дауаламайтындай, тек ұрты суалған хирургтің бет-жүзіне жапақтай қарай береді. Ол да бір сөзге сараң неме сияқты, әлде бұлардың төзімін сарқа түскісі келе ме, әйтеуір, өздігінен аяғын ілгері баспайтын шабан жылқыдай мизімейді.
Дәл табалдырықтың аузында үшеуі аңдысып ұзақ тұрды. Бір-біріне тіл қатудан қорқатын сыңайлы. Жапардың миы шағылып бара жатты.
– Баланың халі жақсы…
Осы бір ауыз сөз жүйкеге түсірген бар ауыртпалықты демде шайып өтті.
– Реанимацияда…
– Ба-а… Барып… Барып шығайық, – Жапар аяқ астынан тұтығып, айтар сөзінен жаңылды, – рұқсат етіңіз.
– Әрине. – Дәрігер соңына мойнын бұрып, әлдекімге әлденәрселерді айтты. Жапар оның не деп жатқанын естімеді, бар ынтасы баласының қасына тезірек жету. Аяқ астынан екі құлағы тас бітеліп, меңіреуге айналды. Бір абыройы, көзі ептеп көретін сияқты. Біреу бұларға қарсы жүріп келеді. Келген бетте ақ жамылғыны қолдарына ұстатты. «Ки» деп беріп жатқанын ұғынды. Сосын, асығыс желбегей жамыла салып, сәл ұзап кеткен дәрігердің соңынан ұмтыла берген. Әлдебір күңгірлеген бейсауат үннен еріксіз бөгелді, сөйтсе, ішке кіргенде аяққа іліп жүретін тәпішке ұсынған ишаратты ұғынды. Сонда ғана барып, аяқкиіммен кіруге болмайтынын топшылады. Әйеліне қарап еді, ол қайта сабырлы тәрізді көрінді. Мына ішкі тәртіптің барлығынан хабардар сияқты, башпайындағы шандымасын шешіп үлгеріпті.
Реанимацияға кіргендерінде Айбын бір-ақ жапырақ боп жатыр екен. Өңі құп-қу. Кішкентай еріндері домбығып, тілініп-тілініп кеберзіген. Ештемеден бейхабар. Әке-шешесінің келгенін, әлдекімдердің төңірегінде жүргенін мүлде сезбейді.
Мұны көрген Бибі бет-аузы кемсеңдеп жылаған қалпы ұшыртып ұлының қасына жетті де, қолынан ұстап дізерлеп отыра кетті. Одан арыға дәті бармады. Еріндері жыбырлап әлденәрселерді айтатын сыңайлы. Бірақ ері ештемені ұғына алмады, әйтеуір балалары үшін аллаға құлдық ұра жалбарынғанын топшылады.
– Ұйықтап жатыр ол.
Дәрігердің үні нық шықты. Әйткенмен тамағы құрғағандай қырылдай естілді.
– Наркоздың уытынан ұйықтап жатқан жоқ па?
– Әрине, оны бүгін кешке дейін ұйқы тарта береді.
Арада үнсіздік орнады. Мейірбикенің бірі келіп, Бибіні науқастан ары таманырақ алып кетуге ниет жасады.
– Жақындамаңыз, мазасын аласыз… демалсын.
– Әлбетте, – қайтадан дәрігер сөзін жалғады, – дәрінің дәргейіне түскен дертті ағза оның заһарынан бірден бой алып кете алмайды. Уақыт өте күші қайта бастайды, сол кезде ұйқы да сейіледі. Оның үстіне бәленбай күнгі бұзылған табиғи ұйқы да бойды буған кесел жеңсік тапқаннан кейін дендеп, меңдей береді. Сондықтан балаларыңыздың қазіргі жайына күмәнмен қарамаңыздар. Осындай екі себептен алқымдаған ұйқы шынашақтай немені алып ұрмай қайтсін. Бәрінен бұрын операция өте сәтті өтті.
Жапар Валерий Степановичке бұрылды. Хирург бұған назарын тоқтатып, мейлінше түсіндіруде. Тек әбіржімеуін сұрайтындай.
– Қайтадан сарысу жиналмай ма?
– Жиналмауы тиіс, барынша қадағалаймыз.
– Ол неден болған?
– Ағзаға жақпайтын бір нәрседен кері реакция туындаған деп топшылаймын. Соның әсерінен жамбастағы ұсақ тамыр талшықтары семе бастаған. Осының ықпалынан келіп қалыпты жүйе бұзылғаннан соң, қозғалысқа көп түсетін буында сарысу жиналған. Мұндай тәндегі әлдебір күштердің себебінен өрбитін артық процестердің бәрін аңғарғыш ең жақын орналасқан без қабынған. Содан барып баланың ыстығы көтеріліп, аяғын ала алмай қалған.
– Реакция қайдан туындауы мүмкін?
– Әртүрлі себебі бар. Уколдан да болуы ықтимал. – Дәрігер екі жанарын бұдан алмай бажайлай қарады. – Кез-келген науқастан ең бірінші ем жасалынбай тұрып, «аллергияң бар ма» деп сұрайтынымыз сондықтан. Түпкілікті ғылыми зерттеу жүргізіп, дәрігерлік қорытынды шығарылмай, кейде алдын-ала жөн біліскен күннің өзінде де шалыстыққа ұрынатынымыз бар. – Валерий Степанович әңгімесін шорт үзіп, бірдеме ұғындың ба дегендей тіпті төне түсті. Содан кейін кілт бұрылып, есікке беттеді. Табалдырыққа таянғанда сәл бөгеліп, иығының үстінен соңындағыларға қарады да:
– Енді бөлмені босатыңыздар, науқас ағзаға артық-ауыс жүрістің өзі қатты ықпал етеді, – деді.
Бұдан соң Жапар кідірістегендерінің артық екенін ұғынды. Бірақ төсектің бас жағындағы әйелін сыртқа алып кетуге таянғанда, ұлының маңдайынан ақырын ғана сипап өтті. Дымды секілденді. «Иә, өзің жар бола гөр» деп, әкесінің аруағына іштей сыйынды.
Құдай қолдады ма, әлде дәрігердің қолы шынымен де жеңіл ме, ертеңінде-ақ Айбынның реңіне қан жүгіріп, беті бері қарады. Соңғы кезде үнемі кілгіріп, кірпігін қимылдатуға шамасы келмейтін жанарына нұр байланып, бұлар барғанда күлетін болды. Мұны көрген Бибі мен Жапар іштерінен «иә сәт» деп, дәтке қуат етті. Келесі күндері кеудесін көтеріп отыра алатын жағдайға жетті. Одан соң ептеп жүре бастады.
Аса зарықтырмай өзі жатқан санаторийге қайтадан ауыстырылды.
Үшінші бөлім. БӘТУА
Жан қыстығып, бауыр ет езілген мезет ақырындап соңда қала берді. Дерттің қатерлі остеомелид емес, соның жеңілдеу түрі болғанына әке-шешесі тәңірге мың мәрте шүкірәна етті. Балаларының риясыз сәби күлкілерін көріп шаршағандарын да, шалдыққандарын да ұмытты. Дамыл таппай күнде «Көктөбе» санаторийіне шапқылаумен болды.
Бұл кезде шілде де аяқталып, сарша тамыз да туған-тұғын. Ағаштардың басындағы жасыл желек те әр-әр тұсынан сарғыштанып, әшейіндегі болар-болмас самал желге желп етер желікпе мінезінен ажырағандай. Дүниенің бәрі саркідір тартып есейіп, бұ жалғанда біртоға байыпты тірлік басталғандай. Тәңірінің ықыласы ауып, қос қарғалары да аман-есен сақайып үйге оралды. Төрт көзі түгел отбастарында табысып енді мауықтары басыла бергенде, қыркүйек туып, алғашқы қоңырау да соғылды. Шырай мектебіне, Айбын балабақшасына барды. Соның артынша көп ұзамай күздің алғашқы салқыны да білінді. Бұрнағы күнгі аз ғана байыптылық баянсыз екен. Қазанның басында толассыз жаңбыр басталып кетті де, соңы қарға барып ұласып тоқтады. Ойдым-ойдым жиналған судың бетіне кілегейленіп мұз қатты. Жұрттың бәрі аяқ астынан бүрсең қағып, ызғардан сырт айналады.
Ауа райының құбылмалылығына қарамастан Жапардың көңілі бір сәт байыз тапты. Балалары аман, бауыры бүтін, жанды алқымнан алған шешілмей жатқан мәселелердің бәрі соңында қалды. Енді, талайдан бері кейінге ысырып қойған жұмысына алаңсыз кірісті. Жазғандарын қайта жиыстырып, жазатындарын рет-ретімен жоспарлады. Және осы аралықтағы бір жағымды жаңалық, мұның көңілін мүлде әуелетіп жіберді. Соңғы бес-алты жылда жарық көрген еңбектері жастар сыйлығынан үміткер ретінде ұсынылды. Құдай сәтін салса, бұйыртқаны қашпас деп жақсылыққа жорыған.
Бірақ, ол үшін қыруар жұмыс істеуі тиіс, машақаты көп нәрсе. Жатқан бір күрделі де жұмбақ «ойын». Әділқазылары бар, қатысушылары бар: ұзын-ырғасы елуге тарта адамның басы құралса, жалпы соның төңірегінде жүретіндердің қарасы жүзден аспақ. Мықты-мықты алты-жеті топ жіктелуі де мүмкін. Он тоғызыншы ғасырда атты бәйгеге қосқанда он шақырымдай жерден шауып келе жатқан сәйгүлікті күтіп ап, жініккен білеуіттер көмбеден сүйрелеп алып өтетін. Онда да адуындылары ғана, айбыны барлары ғана бұлай топтанып бәйгі аттарының алдынан шыға алады. Қалған ел-жұрттың бәріне ондай құзыр берілмейді.
Сол дәстүр қазақтың қанында әлі жалғасып келеді. Тек, сүйрелеп жетектеуді көптің көзіне түсірмей, мәдениеттілікпен өркениетті түрде жасайды. Қайта, бұрынғылардыкі әлдеқайда әділ сияқты. Өйткені, ат жоқ дегенде межелі жердің негізгі денін өз шамасымен шауып, қажыр-қайратын.
танытады да содан кейін барып қолдаушыларының демеуіне ілеседі. Ал мына жерде ондай өресі де, қауқары да жоқтарды шүу дегеннен жетекке алады. Ақыры көмбеден бірінші өткізеді.
Солардың илеуінде тапталмас үшін тынымсыз, қоғамдасқан тірлік жасалуы тиіс. Бірақ, Жапар кімге барып ақылдасып, шаруаны неден бастарын білмеді. Барлығы өп-өтірік ештемеден бейхабардай тоң-торыс сыңай танытты. Тіпті, ақырында бәйгіге қайдан ғана қатысқанына жыны келді, өз-өзін сөкті.
Осындай аумалы-төкпелі өлара шақта қасында бір жолдасы бар Сапар келе қалсын. Төбесі жап-жалпақ болып, өңі күреңіте тотығыпты. Беттері ойдым-ойдым, бұрыш-бұрыш білеуленіп тұр. Екі иіні салбырап, мазасы қашыңқыраған шаршаңқы кепте. Қысыңқы біткен көздері бар ма әзір, жоқ па әзір ғана жылтырайды.
Басындағы кепкісін кіре берістегі киімілгіштің үстіне қойды да, дабырды естіп залдан шыққан Жапарға қос қолын ұсынды.
– Халдерің қалай? – Үні де көмескі әрі тамағы ауырған ба, болмашы қырыл араласқан.
– Жақсы. – Жапар сөздің аялғысы болғаннан соң ғана осылай жауап қайырды, әйтпесе, бауырларына деген өкпесі қара қазандай.
Арада үнсіздік орнады. Соңынан ерген жігіт те үй иесіне үнсіз алақанын тарбита созды. Осы бір ыңғайсыздықты байқатпай жіберуге тырысты ма, Сапар:
– Әкел курткаңды, – деп, қасындағы жолдасына өз үйіне келгенін аңғартып, құрмет көрсетуге тырысты. Ол сырт киімін шешіп, қолына ұстатты. – Төрге өте бер.
– Қайдан жүрсіңдер?
Ебедейсіздікті ептеп сейілтпек үшін Жапар жөн сұрасқансыды.
– Талдықорғаннан.
– Тәтемдердің халдері жақсы ма?
– Жақсы.
Шешесінің амандығын білгеннен соң, басқа ештеме сұрауға зауқы соқпай кері бұрылып, төргі бөлмеге беттеді. Соңынан ере кірген қонақтар да жайғасты.
– Танысып қой, мынау менен үлкен бауырым – Жапар. – Сапар жанындағы жігітке қарады. – Ал, бұл жігіт, – енді назарын ағасына аударды, – менің жолдасым – Марат.
Марат орнынан тұрып кеп қолын берді. Сол кезде ғана Жапар оның кескініне барлай қарады. Қысыңқы біткен көздері көкшіл көрінді. Көзіне қарай өңі де сары жаратылыпты. Беті безеудің дағынан жыртылған жердей бұжыр-бұжыр. Бір түрлі шімірігіп кетті. Оның үстіне елден ерекше екі шықшыты қаңылтырдай қабысып, бет пошымы ат жақты біткен. Әрі үшкілдеу иегі сәл алға имиіңкиген сұрықсыздау адам екен. Бұрын-соңды Сапардың төңірегінен көрген пендесі емес. Талай мәрте «осы сенің тұрақты жора-жолдастарың бар ма, солармен бірге жүрсеңші» деп інісіне зар қаққан. Міне, тағы да көлденең көк аттыны «жолдасым» деп әкепті. Мұнысын жақата қоймады.
Селқос қолын алды. Сосын үн-түнсіз қонақтармен бірге теледидар қарады, бірақ жан-дүниесі алай-түлей. Терісіне сыймай, ашудан шамырқанып отыр. «Тағы да бір шаруасына мен қажет болғанмын ғой» деді іштей інісінің бұл келісін қорытып. Бағана-ақ ит терісін басына қаптар еді, амал қанша, қасындағы танымайтын сырт көзден именіп қана, өз-өзін ұстап қалды. Әйтпесе…
Осы кезде селтиіп залға Айбын кірді. Бір уыс кекілі үрпиіп, Сапарды жағаттайды. Жанарлары күлім қағып туысы екенін біліп тұр.
– Келе ғой, Айбын. – Сапар қасына шақырды. Бала бірден жетіп барды. Сол заматында-ақ оны ағасы көтеріп ап, тізесіне отырғызды. Бетінен бір иіскеп қойды.
– Сенің қай жерің ауырды?
– Ішім. – «Кеудең ауырды» дегенді бала неме өзінің түсінігі бойынша ішім деп ойлайтын болса керек.
– Қай жеріңе операция жасады.
– Әтпішімнің қасына.
– Кәне, қайсы? – Сапар кішкентайдың ышқырын төмен түсіріп, қарай бастады.
– Міне, мына жерім, – деп, бала өзі-ақ, пышақ тиген тұсты саусағымен көрсетті.
– Ой-бүй-үю, тыртық боп бітіпті ғой. Ауырды ма?
– Аз ғана…
– Енді ауырмай ма?
– Ауырмайды.
– Балабақшаға барып жүрсің бе?
– Иә.
Осы кезде зал үйге Бибі енді.
– Амансыңдар ма, Сапар! Апамдардың халі қалай? – деп, амандық-саулық сұрады.
– Аманбыз, аманбыз. – Сапар үйдей боп басын шұлғып, төмен тұқия берді. Өзінше ұялғаны.
– Қатынаспай кеттіңдер ғой. – Жеңгесі болмашы жымиды, арғы жағында назы бүркемеленгені білінді.
– Қу тірлік қоңыз тергізіп жүр де баяғы. Тамақ іздеген айуандық кептен ағайын іздеген адамдық кепке түсе алмай жатырмыз…
– Жарайды, амандыққа ештеме жетпейді.
Жапардың өзі айта алмағанын оп-оңай-ақ әйелінің орайын келтіре әдемі етіп айтқаны еріне ұнады. Болмашы езу тартты.
– Шай дайын, дастарханға жүріңдер. – Бибі осыдан соң жеңіл қозғалып, ас үйге беттеді.
Тамақ үнсіз ішіле бастады. Сапар да ағасының отбасы абыржығанда хал білуге жарамағанына қыстығатындай, біртүрлі қобалжыңқы. Әңгімені неден бастаудың жөнін таппады. Ал, Жапардың бойын кернеген ашу қайтар емес, дегенмен, онысы өзіне уақыт өткен сайын өкпеге ұласып бара жатқандай көрінді.
– Нендей шаруамен жүрсіңдер? – Сүт қатқан қою шайын бір ұрттап кесесін дастарханға қойды да, інісіне қарады. Ол қарыны ашып кеп қарбыта асаған аузындағы қуырдағын оптыға жұтып, жылдамдата жауап қайыруға ыңғай танытты.
– Мараттың машинасын Ұзынағаш жақта бір түрік аламын деген екен, ыңғайы келсе соны өткізіп жіберсек пе деп...
– Маркасы қандай?
– Фольксваген. – Әңгімеге қонақ араласты.
– Мекен-жайын білесің бе оның? – Үй иесі енді соған қадала назар аударды. Ондағысы беймәлім адаммен ілесіп барып, бауыры тағы да бірнәрсеге арандай ма деген күдігі еді.
– Білемін, – көзін төмен салып, қабағын көтермеген күйі сөзін жалғады, – жазып беріп кеткен.
– Онымен қайда жолығып жүрсің?
– Талдықорғанда.
Бұдан ары тақымдауды Жапар ретсіз көрді. Бірақ, мына екеуінің айтып отырған әңгімелері онша көкейіне қонбады. Ол неменің миллиондаған автомобиль сатылатын Алматының іргесінде тұрып, сонау Талдықорғандағы машинаны аламын дегені қай сасқаны? Әлде, ақымақтарды ары-бері шаптырып қояйын дегені ме? Немесе алдап соғып машинаны қолына түсіріп, ақша тұрмақ басқан іздерін де көрсетпей кетпек ойлары бар ма? Әйтеуір ақылына сыймады.
Ертеңінде екеуі оразасын ашысымен асығыс аттанды. Жапар «әлде қайтеді» деп күні бойы жұмысында елегізумен, алаңдаумен жүрді. Жиі үйге телефон соққыштады. Ешқандай хабар жоқ, мына іргеде тиіп тұрған жерден қайтып оралмапты.
Кеш батты. Жұмыстан ошағына қузаңқырап, тызақтай жетті. Әлгі екеуі әлі келмепті. Тамақтарын ішті, жатардың алдында ғана қоңырау шырылдады. Жүгіріп босағаға Жапардың өзі барды.
– Кім бұл?
– Біз ғой.
Сапардың даусын жазбай таныды. Бірден иығынан жүк түскендей жеңілдеп сала берді.
Екеуі құрған ауына түк ілінбеген балықшыдай иіндері салбырай табалдырықтан аттады.
– Кешіктіңдер ғой.
– Ұсақ-түйек шаруаларға айналып…
– Тым құрымағанда бір хабар бермейсіңдер ме? Мен осы уаққа дейін бөгелмеулері тиіс, ендігі қайтып кеткен де шығар деп ұйғарғам. – Екеуінің бетіне қадала қарады. Арада үнсіздік орнады. – Әлгі түрікке бардыңдар ма?
– Бардық. – Сырт киімін шешіп жатып Сапар құлықсыз тіл қатты.
– Не дейді?
– Бір товарым бар, сол өтсін дейді.
Жапар өзінің ойының дәл келгеніне таң қалмады.
– Енді, содан кейін, қузап қайтпайсыңдар ма? – Үлкендік өктемдігін білдірді.
– Одан біз қалаға түс болмай келіп алғанбыз. Бекер жүрмейік деп, басқа тірлікпен айналыстық.
– Жарайды. – Бәтуасыз әңгімеден Жапардың өзі қашты.
Бұлар өстіп әжік-күжік тіл қатысып жатқандарында Бибі ас үйге өтіп үлгерген екен, залдағы диванға құйрық басқандары сол еді:
– Шай әзір, – деп босағадан бой көрсетті.
– Енді, ертең қайтамыз. – Сапар дастархан үстінде алдағы жай-жапсарларынан мағлұм берді. – Түске дейін бір шаруаларды бітірсек, түстен кейін жылжимыз.
«Не шаруа» деп Жапар сұрамады, құлқы соқпады. Өйткені, бауырының осы уақытқа дейін тындырған маңызды дәнеңесі жоқ, құр сөлкекбай жүріс. Сонда да шабуылдаудан бір тынбайды. Ертеңгі тірлігінің де сондай өнбестің ісі екенін білді.
– Жақсы, енді демалыңдар.
Осыны айтты да ағасы жатын бөлмесіне беттеді.
Күн сенбі еді. Жапарлар төрт көзі түгел үйде-тін. Ойларында ештеме жоқ, жайбарақат мамыражай отырған. Балалар да бір нәрсеге алданып былдырлай сөйлеп, өз беттерімен ойнап жүрді. Бір кезде қоңырау соғылды. Бибі жүгіріп барып «бұл кім» деп сұрады да, көп іркілмей есік ашты. Залда кітап оқып отырған ері де бейсауат дыбысқа құлағын түріп, елегізе қарады. «Қалдарың қалай?» деген дауыс құлағына ап-анық естілді. Аяқ астынан айран-асыры шықты, өйткені, бұл Сапар екенін түпте отырып-ақ жазбай таныды. Олар кеше Талдықорғанға қайтып кеткен. Бүгін қайта Алматыға оралулары, біртүрлі көңілге секем тастайды. «Әлде бір нәрсе болып қалды ма?» деген күмәнді ой көкейге еріксіз кептелді. Және, інісінің үні қалыптағыдан қаттырақ. Қастарына шауып жеткен кішкенелерді еркелете айналып-толғанып, бәйек. Оның осынысынан ептеп ішіп, қызыңқырап келгенін аңғарды. Сосын, “е-е, машиналарын сатып жіберіп, содан кейін арқаны кеңге салып жүргендері екен ғой” деп бір топшылады. Осы кезде Сапар:
– Жапар қайда, үйде ме? – деп сұрады жеңгесінен.
– Үйде, үйде.
Ізінше-ақ бауырының төбесі көрінді.
– Иә, халдерің қалай? – Сонадайдан мейманасы тасып, тоқ көңілмен аршындай кеп ағасының қолын алды. Сапарды өкшелей жанындағы жолдасы Марат та іркес-тіркес енді. Оның өңінен ондайлық өзгеріс байқалмайды. Кешегідей сынық қалпы, тіпті бет сүйегі одан сайын шошая шодырайып кеткендей көрінді.
– Өй, сендер қайтпағансыңдар ма? Әлде барып келдіңдер ме? – Айран-асыр күйі екеуіне аңтарыла қарады.
– Қайтпадық.
– Неге?
– Аяқ-астынан жұмыс табылғаннан кейін, «қайда асығамыз, осыны бітіріп кетейік» дедік. – Әңгімеге тек інісі ғана араласып отыр, Марат сол салбыраған қалпы мойнын ішіне ап тоң-торыс қалды.
– Нендей жұмыс ол?
– Бір клиент кездесіп, соны Бішкекке апарып салдық. Содан қайтып келе жатқан бетіміз.
– Ол неғылған клиент?
– Алматыдан Бішкекке оптом кілем апарып сататын коммерсант әйел. Көлік іздеп жүріп бізге ұшырасты, бағасына келістік те шү-у дедік те тарттық.
– Оларың дұрыс болған екен онда. Мына ішіп алғаның не?
– Шаруаны бітіргеннен кейін… – Мұрынының астынан міңгірледі. Кеңкілдеп, қулана күлген болды. Кір сіңген күректей қолдарымен самай шаштарын сипалап қойды. – Енді осы кетіп бара жатқан бетіміз, шай ішіп аламыз да жөнейміз.
«Е-е, жағдайың белгілі болды» деп Жапар одан ары ештеме сұрауға зауқы соқпай, іштей бір уайымға батты. Араларында үнсіздік орнады. Бір кезде інісі қайтадан екілене сөз бастады.
– Ақша бар ма?
Жапардың зәрезап жүрегі май ішкендей кілк ете түршікті. Ең бірінші санасына оралғаны: «ақшаларының бәрін сарқып, жол жүрерлік тиынсыз қалған ғой» деген ой болды.
– Қайдағы ақша? Бір жалақыға қарап отырған адамда ақша бола ма?
– Жыламашы, мә ақша. – Қойнынан пора-пора теңгені суырып ап, ағасына ұсынды. Мұның көзі ежірейіп кетті.
– Бұл қайдан? – Үркесоқтай сауал тастады.
– Кешегі қызметімізге алған еңбекпұлымыз.
– Жоқ алмаймын.
– Ал.
Сапардың бірнеше мәрте ішіп ап, ақшаны текке шашқаны жадына оралды. Одан да қазір алып қалып, мұны тиімді кәдеге жаратқанды жөн көрді. Әйтпесе босқа ит рәсуасын шығарады.
Осындай тұжырымнан соң еріксіз қолын соза берді.
– Қанша мында?
– Төрт жүз доллар.
Сапарлар көп бөгелмей бір-екі шыны шайларын ішіп, қызыл іңірмен таласа жүріп кетті. Жапардың көкейінде інісіне деген басқаша бір аяулы сезім оянды. «Жазда қолы тимей келе алмаған шығар, соның айыбын өтейін деп әдейі бұрылған ғой. Әйтпесе, бұларға соқпай тікесінен-тіке кете берсе де ешкім сөкпейді. Кейде менің ит мінезім ұяластың өзін тасбауыр жасайды-ау» деп іштей өзін сөкті. Бәрінен бұрын бірдемде әйелінің алдында абыройы өсті де қалды. Бұрынғы ұйыған тірлікке басқаша рең кіріп, өзгеше жылу пайда болды.
– Қайнымның жомарттығы бар екен-ау? – деп, келіншегі де мәре-сәре. – Тек ішіп жүретіні жаман. Жолға шыққанда не керек сол?
Ері оның бұл ләміне жауап қатпады, үнсіз томсарды.
Жексенбі осындай жанға жайлы жаймашуақтығымен өтті. Дүйсенбіде тағы да қарбалас жұмыс басталды. Сейсенбі күні бесіннің кезінде телефон безек қақты. Әдеттегі қызмет бабымен мазалап жатқан біреу шығар деп жорамалдаған.
– Жапар аға, сіз бе? – деп бастады арғы беттегі адам. Даусынан бірден тани қойды – Сүлейменге тете немере қарындасы.
– Жазира, қалдарың қалай? Үй-іш аман ба?
– Аман.
– Қайдан звондап тұрсың?
– Үйден.
– Тыныштық па?
– Сізге Сапар туралы айтайын деп.
Жапардың запыс жүрегі зырқ етті.
– Оған не боп қапты?
– Жаңа біреу сапаржайдан телефон соқты. Сапармен бірге Алматыға келіп едім дейді.
– Иә. – Бір бәлені алдын-ала сезіп, кеуде тұсы атқалақтап барады.
– Сапарды милиция ұстап алып кетіпті. Әлгі адам: «Ол камераға кіріп бара жатып, «бауырыма хабарла» деп бірнеше телефонның нөмірін айтты. Солардың бәріне кезекпе-кезек звондап жатырмын, ешқайсысы жауап бермейді. Сіз ғана телефонды алдыңыз, – дейді. – Менің атым – Жайық. Вокзалда тұрмын, машинамның нөмірі – 327, ақ түсті «Хюндай-Соната». Екі сағаттай күтетін мүмкіндігім бар, содан соң кетемін” деді.
Біреу құлақ шекесінен тас күрзімен қойып жібергендей Жапар, мына жайсыз хабардан есеңгіреп қалды. Әзер өзін қолына алды:
– Жарайды, дер кезінде айтқаныңа рахмет. Мен қазір барып білемін...
Жанын шүбереке түйген қалпы, ұшыртып отырып жаңа сапаржайға жетті. Көлігінен түсе салысымен бірден көз жүгіртіп, иін тіресе тұрған автомобильдердің арасындағы ақ машиналарды алыстан сүзіп, барлады. Әлгі айтылған «Хюндай-Сонатаны» оңай тапты. Бірақ, маңында иесі болмай шықты. Содан көп ойланбай қалааралық жолға қатынайтын таксилердің шоқтана ұйлығысқан шопырларына беттеді. Жүргізушілердің жанына таянбай жатып, асығыстықтан сонадайдан дауыстады.
– Жігіттер, араларыңда ақ «Хюндайдың» иесі бар ма?
– Қай ақ «Хюндайдың»? – Екі-үшеуі қатарынан жарыса жамырады.
– 327-ші нөмірлі.
– Жаңа ғана осында жүрген. – Жапа-тармағай әлгілер мойындарын созысып төңіректеріне қарасты. Олардың осы әрекеттерінен барлығы бір-бірін сырттай білетінін іштей топшылады.
– Әне! – деді араларынан мұртты біреуі, орталық кіреберіс есік жақты нұсқап.
– Мен танымайтын едім, – Жапар ептеп абдыраңқырады, – үстінде қандай киімі бар?
– Баспалдақпен қатар түсіп келе жатқан екі жігітті көрдіңіз бе?
– Біреуінің кепкісі бар, біреуі жалаңбас…
– Иә, дәп солардың өзі. Жалаңбас келе жатқаны – сіз іздеген жігіт.
– Рахмет, көп жасаңыз.
Шұғыл бұрылып солай қарай емпеңдей жүгірді. Күртесінің омырауын түймелеп, әшейіндегі жып-жинақы жүретін ұқыптылығын да ұмытқан, екі етегі делең-делең етеді. Сол екпінімен жаңағы әріптестері сыртынан нұсқаған бейтаныс адамдарды қапталдай таянып кеп:
– Жайық деген сіз бе? – деді кепкісізіне ентіге.
Екеуі де шорт бөгеліп, дыбыс естілген жаққа жалт-жалт қарасты. Ныспысын атаған жігіт лезде мұны жанарымен басынан аяғына дейін шолып өтті. Өңіне бір өзгешелік енді.
– Иә. –Үні селқостау.
– Мен Сапардың ағасымын, есімім – Жапар. Нендей жағдай болып қалды?
Анау әңгімені неден бастарын білмеді ме, әлде «мынауы кім тағы да» деп күдіктенді ме, айтсам ба, айтпасам ба дегендей кепте тосыла берді.
– Әлгінде Сапар турасында... үйге телефон соққан сіз бе? – Мына бейтаныс адамның қапелімде тіл қатпай бөгелгеніне Жапардың дегбірі қашып барады. – Әлде мен шатасып тұрмын ба?..
– Түкті түсінсем бұйырмасын, – деді бір кезде әлгі.
– Яғни, телефон шалған сіз емес қой?
– Мен.
– Енді түсінбей тұрғаныңыз қалай?
– Жоқ, аяқ астынан болған оқиғаны айтамын.
Жапар аңыра оның аузына қарады.
– Алматыға барамын дегеннен кейін, ақыр таксистпін алып келдім. Маған ақшасын төлесе, кім мінсе де бәрібір ғой. Содан, «мында кіріп тамақ ішелік» деді. Кірдік. Енді жайғасып, аузымызға асымызды апара бергеніміз сол еді, кенет, «әне, анау» деген әйелдің үні кафені тітірентті. Жалт қарасақ, біздің столды сұқ саусағымен нұсқап бір жаулықты тұр. Соңында қаптаған милиция. Бірден, тырп етуге мұрша келтірмей бас салғаны. Тірек пунктіне мені де сүйреп апарды. Ақыры еш жазығымның жоқтығы анықталған соң, он-он бес минуттан кейін босатты. Ал, Сапарды алып қалды. Маған оның табыстағаны «осында бауырым бар, соған хабарла» деген сөзі болды. Содан кейін жанұшыра телефон шалып, іздеу салдым. Мән-жайдан құлағдар ету үшін, енді өзіңізді ғана күтіп тұрғанмын.
– Қазір, осы сапаржайдағы милиция пунктінде отыр ма?
– Жоқ. Оны әкетіп қалды.
– Қайда?
– Бішкекке.
– Біш-кек-ке-е?! – Тосын жауапқа таңданғанынан ішегі үзіле жаздап, сөзінің соңын соза сұрады.
– Иә.
– Иәсі қалай?
– Білмедім...
Жапардың тіптен айран-асыры шықты.
– Мындағы тірек пунктіндегі жаңағы ұстаған милицияларды танисыз ба?
– Танимын.
– Менімен еріп барып, солардың біреуін көрсетіп жібермейсіз бе?
– Көрсетейін.
Екеуі сапаржайдың ішіне кірді. Кірген бетте оңға бұрылып, қуысқа орналасқан құқық қорғаушылардың қуықтай ұясына енді. Іште бір сержант отыр екен.
– Мынау жігіт болды, – деп Жайық демін ішіне тарта сыбырлады.
Ол бұлардың кіргеніне елең етпеді, әлденәрсесіне шұқшыңдап отыра берді. Жапар әңгімені «сәлеметсіз беден» бастады. Ол сонда ғана көзінің ұшымен қиыстау бір қарады да, «иә, тыңдап тұрмын» дегендей ишара танытты.
– Кешіріңіз, Атамқұлов деген азамат жөнінде білейін деп едім. Мен оның ағасымын. – Бірден төс қалтасынан төлқұжатын шығарып, сержантқа ұсынды. Ол маңғаздау кеппен қолына алды да, ондағы сурет пен жазуға бір шекесінен оқшырая қарады. Содан бар ауыртпалық өз иығына түсіп тұрғандай, екі иінінен ауыр тыныстады.
– Иә, Атамқұлов деген азамат болды. – Осыны айтты да тілін жұтып қойғандай сазарып отырып алды. Жапардың төзімі таусылып, дегбірі қашты.
– Не бүлдірген ол?
– Адам тонаған. Шекарадан өтіп, басқа мемлекеттің азаматшасын тонаған. – Қанын ішіне тартып, мұның бетіне тепсіне қарады.
Біреу төбесінен сар еткізіп сұп-суық су құйып жібергендей, Жапардың жүрегі аяғының басына түсіп қала жаздады. Өзін-өзі зорға игерді, ұяттан тұла бойы тұтас жанып барады.
– Атамқұловтың өзімен бір ауыз тілдесуге бола ма екен? – деді жаңа Жайықтан оны Бішкекке алып кеткенін естісе де қасақана сауал тастап.
– Ол мұнда жоқ. – Әлгі жазған бірден екілене айқайлап санын сарт еткізіп соқты да, екі қолын екі жағына жаза бұған аңтарылды.
– Ал, қайда?
– Қырғызстанға әкетті. Оқиға сол жақта тіркелген, іздеушілер сол жақтан қуып келген. Осы жерден қылмыскерлерін ұстады да алды да жөнелді.
– Қанша қылмыскер боса да Қазақстан азаматын, өзге елдің құзырына бір сөзге келместен беріп жіберуге бола ма?
– Мен сізге айтып тұрмын ғой, қылмыс сол жақта жасалған. – Милиция алақанын жайған күйі оң қолын алдыға соза түсіп, бұған шүйліге түсіндіруге тырысты.
– Оны ұғып тұрмын, біз дербес өз алдымызға Ата заңымыз бар мемлекет емеспіз бе? – Жапар да оған ентелей өзіндік пайымын жеткізіп бағуда. – Сол заң бойынша республика азаматы нақты қылмыс мойнына қойылғанша, отандық құқық қорғау орынында болуы тиіс еді ғой. Неге сіздер республика азаматының алдындағы мемлекетіміздің конституциялық заңын сақтамайсыздар?
Бетіне қаны теуіп, сержанттың өңі күреңітіп шыға келді.
– Ондай заң соққыш болсаң бастықтарға бар, мен ештеме білмеймін. – Қолын бір сілтеді.
Жапар да қайран уақытын қор ғылып, бұл сөзді бұған несіне ежіктегеніне жыны қозды. Милиция сержанттарының көбі армиядан кейін жұмыс таппай қалаға келген ауылдың балалары екенін білетін. Осылар мемлекетаралық конвенцияларды оқиды дейсің бе? Алып кел, шауып келдікті атқарса жетеді.
– Ал, нақты қайда әкеткенін білесіз бе? – Өз ағаттығын түсіне қойып, дауысын бәсеңдетті.
– Қазір қарайын. – Әбден кір сіңді ескі журналын көсіп-көсіп ақтара бастады. Көп әуреленбей соңғы парақтың біріндегі ойдақ-сойдақ жазуға үңілді. – Бішкек қаласындағы Аламедин аудандық ішкі істер бөліміне әкетті. Іздесең, енді, сол жақтан іздейсің. Бұдан басқа бізде мәлімет жоқ.
– Жарайды, рахмет. – Ендігісінің басы артық әңгіме екенін білді. – Сіз маған көп жәрдем тигіздіңіз, сау болыңыз.
Кезекші милиция отырған орнында үндемей, құр бұларға басын изеген қалпы қала берді. Көңілсіз кептегі Жайық екеуі күту залына беттеді. Сапаржайдың іші әдеттегідей сапырылысқан адамға толы. Бірақ, бәрін бірдей жолаушы деп ойлау қате. Біреу – саудагер, енді қайсыбірі осы сапаржайдың тұрғыны – панасыздар, кейбіреулері осы жерде жұмыс істейді. Әйтеуір, халық ығы-жығы.
– Хабарын бергеніңе рахмет, Жайық, саған! Әйтпесе біз оны «ауылда жүр» деп іздемейтін де едік. Бір керегі болып қалар, мекен-жайыңды маған тастап кетпейсің бе?
– Мақұл, жазып алыңыз.
Жапар төс қалтасынан қойынкітапшасы мен қаламын шығарып, жүгіртіп жаза бастады.
– Ал, жақсы.
Жайық қоштасып ілгерілегенде, Жапар сең соққан балықтай сенделіп орнында бөгеліп қалды. Миын түйгіштеген: «Не істеу керек? Кімге барамын? Қалай құтқарамын?» деген сауалдар. Бірақ мұның ешқайсына жауап таба алатын емес. Қолынан ештеме келмейтіні мәлім. Сонда да жан тапсырар алдында тұяғын бір сермейтін көтерем тоқтыдай, ең құрымағанда әрекет танытып, оқиғаның шынтуайтындағы мәнісін білгісі бар. Оны тек органда істейтін жанашыр, таныс адамыңа барып білмесең, кез-келген құқық қорғау мекемесі сұрағаныңды бірден қолыңа ұстата қоймайды. Не нәрсенің болса да көзін табу маңызды. Бірақ, қалай таппақ?
Ойланып тұрып-тұрып, машинасына беттеді. Ендігі беталысы – Ерсұлтанның жұмысы – қалалық милиция бөлімі. Ол да бір түймедейді түйедей жасап, шаруаны тындырғанынан байбаламы көп адам. Демеу көрсетіп, сүйемелдегеннен бұрын жер-жебіріңе жетіп, жекен суыңды ішіп, жеті насырыңды жерге кіргізіп бітеді. Сонысын біле тұра бәріне көніп әке-көкелеп, сол арқылы бір хабарын алуға ниет қойды.
Кеш болса таянып қалды. Көшедегі қозғалыс одан сайын ығы-жығы былығып, қайшалыса түсті. Бір абыройы – оның мекемесі жаңа сапаржайдан онша қашық емес еді. Мұндайда иек астындағы жердің өзі ит арқасы қиянға айналатын әдеті.
Ол жұмысында екен. Кабинетінде адамдар отырғанына қарамай өзімсінгендікпен баса-көктей кірді. Ерсұлтанмен жиі араласқаннан кейін мына азаматтарды да бір кісідей танитын. Бәрімен емен-жарқын қол алысып амандасты. Жапар сырт пішінінен ештеме аңғартқысы келмей:
– Жұмыстың соңына қарай жиналып қалыпсыңдар ғой, – деп күлді.
– Негізгі іс жұмыстан кейін басталады ғой. – Етжеңді Қаламбек деген капитан езуі жайыла ырқ-ырқ етті. Оның бұл астарлы әңгімесінің мәнісін ұғынған қалған екеуі де үнсіз жымиды.
– Мыналар «моншаға барайық» дейді, мен «бүгін енді қоя ғойыңдар, күнде қаңғып қатыннан ұят болды» деп отырмын. – Ерсұлтанның үніне күлкі араласа шықты. – Бірақ, мына нояндар тақымдап, әкетіп барады… әйтеуір, аңқалары кебеді де тұрады, не бәле екенін білмеймін. – Соңы қарқылға ұласты.
Жапар бұлардың беймарал тірлігіне бүртүрлі қызықты. Өзінің ішкі ит тырнап жатқан жайын ойлап, жан жарасы одан бетер ушықты. Сонда да үшеудің ләззатты шағын суытқысы келмей әзілдей әңгімеге май құйып, өртеп қойды.
– Жігіттер шақырса біліп шақырады да…
– Иә, Ерекең барса, бәрі осы қоғадай жапырылады.
Есімі жадында жоқ аға лейтенант осыны айтып, одан сайын қулана жымиды.
– Жарайды, қойыңдар енді. Сәл тізгінді босатсаң бітті, тіл мен жағына сүйеніп басыңа бар бәлені үйіп тастайды.
– Ереке, өзің ғой, екі күн монша болмай қалса, «монша көрмедік қой» деп жылайсың. – Қаламбек құрдасы шиқылдай күліп әзілдей оспақтады. – Содан кейін, бір жағы бастық болғаннан соң, жөнсіз ескерту естіп қалмайық деп, алдын-ала қам жасаймыз да...
– Үй, сенің қам жасағаныңды… Қайда әлгі документ, ертең РОВД-ға өткізу керек, әлі жоқ. Ең бірінші, шаруаға алдын-ала қам жасасаңдаршы. Давай, барыңдар, жарты сағаттан кейін маған отчетпен келесіңдер.
Екеуі жаңағы әзіл-оспақтарынан тиылып, монтиған қалпы кабинеттен шыға берді. Сол кезде Ерсұлтан бұған қарап:
– Қалай, үй-іші аман ба? – деді.
– Аман…
– Жағдай дұрыс па?
– Жағдай дұрыс болмай тұр ғой сол. – Біртүрлі ыңғайсыздық танытып, жүзін төмен салды.
– Не боп қалды? – Кішілеу, бірақ домалақ біткен көздері ежірейіп, бұған ұмсына шүйлікті.
– Ой, анау Сапар өлтіретін болды. Милиция тұтқындап, Бішкекке алып кетіпті.
– Бішкекке алып кеткені қалай?
– Сол жақта бұзықтық жасаған.
– Сонда, соңынан осы жаққа қуып келген бе?
– Солай ғой, тәйірі.
– Не деген мықты милициялар олар? Біз мына іргедегі поселкелерге баруға көлік таппай, көлік тапсақ, бензин болмай қырылып жатамыз. – Басын шайқап қойды. – Қай жерден ұстаған?
– Сапаржайдан.
– Алдын-ала тосқауыл құрған ғой.
– Кім біледі? – Жапар иығын қиқаң еткізді.
– Сонда не істеп қойыпты?
– Білмеймін. Соны біліп беруіңе жәрдеміңді тигізуіңді сұрап, өзіңе келіп тұрмын. Өйткені, сендердің РОВД-ның участогынан жөнелтіліп отыр. Маған сапаржайдағы кезекші милиция дұрыстап ештеме айта алмады. Енді аудандық ішкі істер органындағы құзіреті жететін жігіттерді қосып, қайда әкеткенін білсек.
– Бішкек деген де Алматыдан кем қала емес қой, онда да бәленбай РОВД бар. Қайсынан сұраймыз.
– Сапаржайдағы тірек пунктінде қырғыздардан келген милициялар жөнінде бір дерек бар да... «Бақаның тілін балық біледі» дегендейін, сендер сұратсаңдар олар келгендер кімдер екенін айтып бермей ме? Мысалы, маған Аламедин ауданынан деді. Мүмкін кезекші менен тезірек құтылуы үшін айта салған шығар, сен нақты дерегін алып берші.
– Әй, әкеңнің… – Креслосына шалқалай отырды. – Тыныш қана жүрмей… арттарына қарамай, құйрықтарына шала байлап жүреді. – Кейи сөйледі. Сөйтті де біраз іштей үнсіз тынды. – Қазір, мыналардың есебін қабылдап біткеннен кейін бөлімге баралық.
– Сағат, міне, алтыдан асты, оғанға дейін олар кетіп қалмай ма?
– Бастықтар онға дейін отырады, оның үстіне қала бойынша рейд жүріп жатыр. Жұмыс қарқыны күшейтілген.
Жапардың бұл уәжге көнбеске амалы қайсы, басқадай шарасы жоқ. Арқа сүйейтіні әзірге тек – Ерсұлтан.
Жаңағы жасанды жігері бірдемде уатылып, еңсесі езіле иіні салбырады. Жан қалтасынан темекісін қарманып, шырпы тұтатты. Мүлгіген қалпы көк түтінді құныға жұтты. Осы кезде әлгіндегі жігіттер қайтып оралды. Бұл сосын дәл қазір өзінің басы артық адам екенін аңғарып:
– Мен дәлізде күте тұрайын, – деді де, орнынан көтеріле берді.
Бұлар Әуезов аудандық ішкі істер бөліміне келгенде, қараңғылық әбден қоюланған, ел орынға отырған кез-тұғын. Машинаны сұғынтып, милиция ғимаратынан ары өтіп барып, жинақ кассасының қасына қойды да, Ерсұлтан екеуі кері жүрді. Сөйтсе, бұл білмейтін үлкен ғимараттан бөлек, барак тектес шұбатыла салынған бір қабатты үй және бар екен. Ең бірінші соған бұрылды. Табалдырықтан-ақ, Ерсұлтанның таныстары ұшырасып қауқылдаса амандасып, төс түйістіріп жатты. Сол үйреншікті хал сұрау, бірін-бірі қағыту, әжуалау. Терісіне сыймай, шытынаған шақта Жапарға мұның бәрі ауыр соқты. Бірақ, тісін тісіне қойып, шыдап бақты. Шыдамағанда қайда барады.
– Миша қайда? – деді алғашқы ұшырасқандардан Ерсұлтан.
– Осында.
– Өзінде ме?
– Өзінде болған.
Ескерусіз үйдің кіре берісінен басталып ұзыннан-ұзақ созылған дәлізбен оңға бұрылып, қаптаған есіктерді кейін тастап, аңыратып соның кабинетіне келді. Еңгезердей-еңгезердей иығына пагон ілген үш жігіт қонақтаған тауықтай тізіле отыр екен. Оның ішіндегі біреуі орнынан атып тұрып, Ерсұлтанды бас салды. Тағы да сол ұзақ хал, жай сұрау басталды. Төзім сарқылып барып, жүйке түгесілгенде Ерекең діттеген сауалға жетті-ау.
– Миша қайда?
– Ол осында. Қазір ғана шақыртумен бастыққа шықты. Келеді. – Қысқа ғана жауап қайырды да, тағы да өзінің әңгімесіне көшті. – Ой, Ереке, жолығыспағалы қанша жаз, қанша қыс өтті. Бір мекемеде істеп жүріп осындай халге жетіп тұрмыз, басқа жаққа ауысып кетсек не болғаны?
– Айтпа.
– Бүгін осы кездесуімізді атап өтейік. Айтқандайын, әйелім босанған. – Жағасы жайлауда, тоқмейілсіп, есілте шұбыртты.
– Жарайсың! Ұл ма, қыз ба?
– Ұл! – Екпіндей есіп, сөзін нығарлай айтты.
– Ой, жарайсың!
– Уже, сегіз ай, еңбектеп жүр.
– Дені сау болса, бала жылдам өседі.
– Жүр, есіктің алдына, темекі тартайық.
– Жүр. – Ерсұлтан солардың ыңғайына көніп, еріп бара жатты. Осы кезде Жапар жанұшырып:
– Ереке, қазір Миша келіп қалады ғой, – деді.
– Алаңдама, ол ана ғимаратқа кетіпті. Есіктің аузында күтеміз…
Осыны естігенде барып, Жапардың бебеулеген жаны сәл саябыр тапты. Сосын, өзі де темекі тартып алдануға мыналардың соңын ала сыртқа ілбіді.
– Мишада тығыз шаруаң бар ма? – деді әлгі бұған бейтаныс жігіт Ерсұлтанға бұрылып.
– Иә.
Бесеуі үйіріліп, кіре берісте темекі тұтатты.
– Қандай шаруа еді ол?
– Мынау інішектің шаруасы, – деп, Ерсұлтан әлгілерге мұны нұсқады. – Інім – Жапар.
Жігіттер кезекпе-кезек қол алысты.
– Тағы бір бауырымыз бар Сапар деген, соны бүгін милициялар ұстап алып кетіпті.
– Үй, ол сөз бе? – Жаңағы есіріп сөйлеп тұрған жігіттің аты Мақсат екен, сол тағы да бірден Алакөл асығынан келмей, атырыла жөнелді. – Кез-келген жерден алып шықпаймыз ба өзіміз-ақ.
– Жоқ, оны сапаржайдан ұстаған бетте Қырғызстанға жөнелткен.
Осы кезде барып Мақсат тізгінін тартты.
– Мына, өзіміздің сапаржайдан ба? – Оң қолын шошайтып, ту сыртына қарай сілтеді.
– Иә.
– Не жасап қойыпты?
– Нақты білмейміз, соны білу үшін Мишаға жолықпақпын.
– Ә-ә, кішкене қиында-ау екен, – ескен неме сәл бөгелді, – бірақ ештеме етпейді. Шешіледі ғой.
Сөйтіп ол «айдай салдыдан аз өлді, көре салдыдан көп өлділік» ниетін танытты. Жапардың зығырданы қайнай түсті. Әйткенмен, тілін тістеп, тіс жармады.
– Ереке, – деді тағы да Мақсат өзеуреп, – қазір кафеге отырайық, ең құрмағанда кездескенімізді атап өтейік.
– Ең бірінші мына шаруаны бітіріп алайықшы. Мишаға Бішкекке телефон соқтырайық.
– Оғанға дейін сапаржайға звондап, оны қай ауданына әкеткенін анықтап қояйық та.
Бағанадан бергі Мақсаттың әңгімесінен осы сөзі ғана Жапардың жанына жақты.
– Ондағыларды білесің бе сен?
– Білмегенде.
– Жүр онда.
Ішке қайта топырлай кірді. Бірақ, ешқандай мандытып ол жерден жауап ала алмады. Әуелгідегі Жапардың өзі біліп шыққаннан басқа қосымша басы артық мағлұмат жоқ. Қараптан-қарап жыны келді, адамның тағдыры милициялар үшін ойыншық сияқты көрінді. Ең құрымағанда қарапайым ғана келгендердің аты-жөнін, қызметін, лауазымын, жұмыс телефонын, мекен-жайын жазып алып қалуы тиіс қой. Әрі-беріден кейін қуғыншының қолдарына ұстатып жіберген адамдары қанша құныкер болса да – Қазақстанның азаматы. Ал республика азаматын мемлекет мейлінше қорғамайтын ба еді. Бірақ, мынандай дүрегейлер ұйлыққаннан кейін ондай ережені қайдан білсін. Қырғызстанды әлі, сол – бірыңғай тәртіптік жүйедегі одақтас республикалардың бірі, ал, бүгінгі күнді – баяғы кеңес өкіметінің заманы деп ойлайтын болса керек. Айыпкерді өз ішімізде бір ауданнан бір ауданға жөнелткендей, жайбарақат қаракетсіз отырғандарына қайран.
Бірақ, мына жанындағылардың оны ойлап бас қатыратындай жайлары жоқ. Өз беттерінше даурығып, өзеурей екіленеді. Тіпті, бұған бола жолдарынан қалып, жіпсіз байланып тұрғандай көрінді. Ал, ана Мишасының да келе қоятын түрі жоқ. Келесі ғимаратқа жүгіріп барып іздеу, және мыналардың бірінің ойына кірмейді. «Балтыры сыздамастың қасында басың ауырмасын» деген осы.
Жанын қоярға жер таппай қарадай булығып барады. Әйткенмен амал қанша, қазір өліп кетсе де бұдан басқа қайласының жоқтығын біліп қана, шыдамына сабыр суын септі. Бір уақтарда барып Миша дегені бой көрсетті. Майлы қасықша жылмаңдаған қасқа бас біреу екен, қысқаша амандасқаннан соң кабинетіне асығыс енді. Соңынан Ерсұлтан қоса кірді. Осы кезде ғана Жапардың «уһ-һ» деп тынысы ашылғандай болды. Бір жақсы хабар шығып қала ма деп, дегбірсіздене қабылдау бөлмесінің бұрышындағы орындыққа қонжия кетті. Бағанадан бері тікесінен тіке тұрғандықтан ба, екі аяғы салдырап қалыпты.
Арғы жағынан күбір-күбір дауыстар естіліп жатты. Құлағын қанша түргенімен әңгіменің нендей бағытқа өрбігенінен мағлұм ала алмады. Әйтеуір, толассыз күбірдің жалғасқанын жанына медет тұтып, елітіп отыра беріпті. Бір кезде есік тарс етіп ашылғанда есін жиды. Ерсұлтан жайдары жүзбен табалдырықтан бері аттады. Бұл орнынан ұшып түрегелді. Бірақ, ол қапелімде тырс етіп тіл қатпады, мүдіріссіз ілгері жылжыды. Амалсыз Жапар соңынан ілесті. Ұмтыла беріп, төңіректі көзімен бір шолып өтті. Сол уақта ғана өзінің ауызғы бөлмеде бағанадан бері жападан-жалғыз қалғанын екшеді. «Енді ана Мақсаттар жолықпай-ақ қойса екен» деп тіледі. Бірақ, ол тілегін құдай бермеді, шыға берісте үйіріліп әлгілер тосып тұр екен.
– Ереке, жұмыс бітті ме? – деді бұлардың төбесін көре салысымен бірі.
– Біткен сияқты.
– Олай болса, Мақсат «қазір келемін, кетіп қалмасын, күтсін» деп, бас ғимаратқа кіріп кетті. Күте тұрыңыз, – деді әлгі.
– Рахмет айтып жүре берсек қайтеді, – діңкесі құрыған Жапар міңгір етті, – жағдайымызды біліп тұр ғой…
Бұлар сәл оқшаулау шықты.
– Ұят шығар, екеуміз қызметті бірге бастап ек, – Ерсұлтан Жапардың өңіне бажайлай қарады, – бағанадан бері қиыла шақырып жатыр, бір бес-ақ минутқа кірелік.
– Ереке, ол содан кейін ұзап кетеді ғой.
– Созылмайды, – мұның жанарына үңіліп қарады, шамасы түр-әлпеті бұзылып, іреңі қашса керек, – әбіржімеші, ертең сенімен бірге ере барамын, – деді.
Жапар шынында да біртүрлі бәдәуи жалғаннан тиянақ тапқандай, мына бір ауыз сөзге әжептәуір қуаттана марқайды.
– Миша не тындырды?
– Ештеме. Жаңағы қалай еді, Аламединский ме еді, сол РОВД-да ешкім болмай шықты, сөйлесе алмадық.
Бекерден-бекер уақытын жоғалтып, күш-қуатын сарп етіп сенделген шарасыздығына күйініп кетті. Амалсыз жерге қарады.
– Енді, ешкім телефонды көтермесе, кіммен сөйлеспек? Ренжімеші.
– Ренжіп тұрған жоқпын.
Осы кезде «Ереке, мен сендерді кетіп қалды ма деп қорқып келе жатыр едім» деген Мақсаттың барылдақ дауысы көрден шыққандай жиіркенішті естілді. Жапар еріксіз тыжырынды. Қолын бір сілтеп жөнеп берейін деп бір тұрды да, «ертең танымайтын жерде милициялар бір-бірін менен гөрі тезірек ұғысар» деп ойлады. Осы ойы ғана іштей қайнаған ашуын тежеп, салмақ түскен жүйкесіне күш берді.
– Жүріңдер, алысқа емес, мына сапаржайға-ақ барып отыра саламыз. – Мақсат жанды алқымнан алып, тақымдап қояр емес. Ерсұлтан тағы да Жапарға қарады. Қабырғасы сөгілген ол:
– Ереке, бір он бес минут отырайық та, одан арыға бөгелмейік, – деді жалбарына.
– Иә, мықтаса он бес-жиырма минут.
Салы суға кете тұрып, келісті.
Бәрі жапа-тармағай машинаға қарай беттеді.
Сапаржайдың Мате Залка жақ бүйіріндегі екінші қабаттағы кафеге тоғыса енді. Ондағы даяшылар Мақсатты жақсы танитын болса керек, бәрі жылы жүздерімен, жайдары амандасып қарсы алды.
– Жігіттер, екі столды бір-біріне қосып жіберіңдер! – деді Мақсат жанындағыларға пәрмен беріп, өз үйіне келгендей мұндағыларды билеп-төстеп барады.
Әп-сәтте милициялар көк қарғадай ұйлығыса жайғасты. Сапырылысқан не бір әңгімелер басталып кетті, құлаққа сүйкімсіз қарқ-қарқ күлкілер жалғасты. Бірінен-бірі айнымайтын тостар толастар емес. Уәделі он бес минут әлдеқашан табанын жалтыратты. Ерсұлтан да біраз бурылдана масайды. Енді Жапардың Ерсұлтанға деген өкпесі қара қазандай қабындады. Қамсыз, алаңсыз қалпы бәтуасыз әңгімеге қызу араласуда. Бұл одан ары шыдай алар емес.
– Ереке, жүрейік.
Ол бұған қызара бөрткен күйі жақамай қадалды.
– Братишка, кішкене шыдай тұршы, қазір шығамыз. – Үні де өктем естілді. – Жүргенде бүгін қайда барасың? Ертең ерте таң құланиектене аттанармыз, тоғызда сонда боламыз. Содан соң шаруаға кірісеміз.
Қызып алғанмен дауласып береке таппасын ұғынғандықтан, дымы құрыды. Әйтпесе, Ерекеңнің ішкен күннің ертеңінде басын зорға көтеретінінен хабардар-тын. «Таңертең тұрмай ит әуремді шығарады-ау» деп үрейленді. Оның сыры мәлім боса да, соның ыңғайына көніп, айтқанына жүргеннен басқа ештеме қалмады. Жаны ашиды деп, пана тұтып келген адамының түрі... Ерсұлтанның бұл әдетін білетін Бибінің “Әуре қайнаға” деп ат қойып жүргенінің себебі де осында.
Мына даурыққан жұрт өзінше бір әлем болды да, солардың ортасында отырып-ақ Жапар жападан-жалғыз қалды. Өңешінен бір түйір ас өтер емес, енді өз түтініне асыға бастады. Сағат боса он бірге таянды. Үй-іші мұның осынша жоғалған себебінен беймағлұм, ендігі алаңдай әбіржігендері анық. Ал бұның жаны қапасқа қамалып азаптанып, екіншіден, діңкесі құри жіпсіз байланғаны мынау. Осыншама құдайдың келекеге салатындай не жөні бар еді? Тәлкекке түсіріп, тамашалағанда не ұтады? Миы жетпеді. Әр қиырдан бой көтерген неше түрлі сауалдың соңынан дедектеп, сабылды кеп сабылды. Бірақ, тірлігінің өзі дәйексіз боп тұрғанда, оған ешқандай жауап таба алмайтынын ұғынды. Бар білетіні – ертең тағы да көрінгенге жалынып, ақша сұрайтыны. Жай-жапсарды айтудың өзі ұят. Бір емес, екі емес – үнемі бірінен-бірі аумайтын уақиғаны тізбектейді. Әрі-беріден кейін олар мұны осының бәрін ойдан шығаратын өтірікшіге де саюы мүмкін. Енді ешкімге жүзі дауаламайды, бетінен басып бара алар емес, бірақ қалай да Сапарды алып шығуы тиіс.
Біреу иығынан нұқи түртті.
– Жәке, – Ерсұлтан екен, – бір ауыз тілегіңді айтып жібер, Мәкең саған сөз берді.
Сол кезде барып қалың ойға шомып, әбден малтығанын білді.
– Рахмет, жігіттер. Бүгін өздеріңмен танысып отырмыз, осы таныстығымыз достыққа ұлассын. Алып қойыңыздар.
Тағы да стақандар соғыстырылып, тағы да өзеуреген қызу әңгіме қайта арнасын тапты. Тағы да бұл оқшауланып, мыналармен тұзы жараспады. Сол кезде барып төңірегіне назар аударды, кафеде бөтен өзге ешкім жоқ. Өрекпіген топтың қарқыны оңаша екендіктерін білгендіктен бе, үдей өршиді. Әбден жінігіп алған, біріне-бірі сөз бермей, даурығады. Беймезгіл тұста әуліккен өңге ел боса мекеме қожайыны әлдеқашан «біз жұмыс істейтін мезгіл аяқталды, босатыңыздар» дер еді. Бұлар шетірейген қызыл жағалы милициялар: шарасыздан құрдай жорғалап, қызмет етіп жүр. Тіпті, басқа көлденең көзді кіргізбей есікті іштен құлыптап қойыпты. Осылай оқалы шекпенділер келгенде тас бекініп алу қашанғы әдеттері сияқты.
Отыра-отыра саржамбасқа айналған бөкселерін шегеленіп қалғандай орындықтан әзер көтеріп, толқында шайқалған кемедей теңселе басып сыртқа беттеді. Мына миына ине жүгірткендей тауқыметтен құтылғанына Жапар құдайына мың мәрте шүкірәна айтты. Бірақ, ертерек қуанып қойған екен, тысқа шыққаннан кейін де буы бұрқырай ұзақ қоштасып, бір-бірін қия алмай тұрып алды… Уақыт болса зымырап бара жатыр еді.
III
Өлі қонаға үйге келгенінде Бибінің өңін үрейдің ізі жайлапты. Бірдеме сұрауға дәті бармайтындай жанарлары жәутең қағады. Шамасы ерінің бет-пішінін көріп, тосылып қалса керек.
Жапар аяғын зорға шешіп, курткасын немқұрайлы іле салды да залға өтіп креслоға гүрс етіп құлады. Соңынан әйелі ере кірді. Бірақ оған күйеуі ләм деп тіл қатпады. Тауы шағылып, еңсесін жаза алмай мең-зең күй кешті.
– Бір әйел телефон соқты. – Бибі осы сөзді айтты да әрмен қарай жалғастыруға дәті жетпегендей мүдірді. Жапар болса әшейінде «не қылған әйел» деп табанда сұрайтын еді, қазір оған ешқандай құлқы жоқ. Бауырының ақымақтығына назалануда, сондықтан әлдекімдердің телефон шалғаны елең еткізе алмады.
– «Сапарды қамап қойды» дейді.
Сол-ақ екен Жапар оқыс басын көтеріп:
– Қайдан звондап тұр?! – деді жұлып алғандай. Осы кезде ғана хабарласқан адамның тегін еместігін топшылады.
– Бішкектен.
– Біш-кек-те-ен? – Орнынан түрегеліп кетті. Бар үйелменімен қарсысына кеп тұрған келіншегіне төніп, мұп-мұздай кескінімен шүңірейе қадалды. Бет-пішінінен есі адасқан адамның кейпі білінеді.
– Иә, не айтты?
– Қырғызша сөйлейді, сөзінің көбісін түсінбедім. Әйтеуір, қамап қойды дегенді ұқтым.
– Қайда жатқанын айтқан жоқ па?
– Айтты. Жазып алдым.
– Өзінің кім екенін ше?
– Аты-жөнін айтты, есімі – Сара. Бірақ мекен-жайын, телефонын мәлімдеуден қашқақтады. «Қазір ақылдасамын, дұрыс деп тапсақ береміз» деді.
– Қайыра хабарласпады ма?
– Жоқ.
Мұны естіген жігіттің басы бірден көкірегіне құлады. Сосын ақырын салбырап барып, орнына қайта отырды. Бекер Ерсұлтанға итше еріп сабылып жүргенше үйге келсеші, беймағлұм адамның өзімен сөйлесіп, ептеген болса да бір мағлұмат алып қалатын еді. Енді ол қайтадан телефон шала ма, шалмай ма, бір құдайға мәлім. Әй, жазған-ай… «жақсыдан – шарапат…» деуші еді. Ал ол мұны сынайын дегендей от пен жаудың ортасында тұрғанда уақытын шығындап, жіпсіз байлағаны. Әдейі жанына батыра түскісі келгендей омалып, қысыр сөзбен суарып тапжылмай қоймады ма? Енді, міне, қара басып тікелей қатысы бар адамның өзі үйіне телефон шалғанда сөйлесе алмағанын қара. «Ертең соны алмай-ақ қойсам ба» деп те бір ойлады.
– Мен сол Сапардың шаруасымен жүрдім.
Бұл кезде Бибі қатарындағы креслоға жайғасқан еді. Солай қарай сәл мойнын бұрып қойды.
– Сен қайдан естідің?
– Жазира звондады.
Жапар қысқаша ғана бүгінгі оқиғаны баян етті. Содан кейін де біраз үнсіздік орнады. Бір кезде Бибі ақырын жылыстай берді. Шамалы уақыттан соң:
– Жүр, шайыңды іш, – деді.
Құрғап кеткен таңдайын жібіткен сыңайланды. Әйткенмен ертеңгі жолдың азабы көз алдына елестеп, көлбең қақты. Дел-сал қалпы жатын бөлмеге беттеген. Сол кезде бар болғыр телефон шарылдап қоя бергені. Жапар арбаңдай жүгіріп, солай ұмтылды.
– Алло! – деген шарқая дауысты әйелдің ащы үні аңсап күткен арманындай бойын бірден сергітіп жіберді.
– Тыңдап тұрмын.
– Бұл, Жапардың үйі ме?
– Дәл солай. Мен – Жапармын. Сіз – Сарасыз ба?
– Иә. Оқиғадан құлағдар боп жатқан шығарсыз. – Өктемдікпен тіл қататындығы аңғарылып-ақ тұр.
– Иә… – Мұның үні көмескілеу шықты.
– Сіздің бауырыңыз 2600 доллар ақшамды осыдан екі күн бұрын алдап соғып, ұрлап әкетті. Құдай қолдағанда, барғанымызға қарай текке сандалысқа түспей оны осында ұстап әкелдік. Енді, алғандарыңды қайтарып берсеңдер, іс тәмам, бауырыңыз азат.
Мына кіріптарлыққа итермелеген сөздің батпан салмағы бірден жан-жүрегін езгіледі. Табан астында ақшаны қайдан тапсын. Бірақ, інісі үшін жәбірленушінің алдында құлдық ұруға әзір. Әйткенмен, істің қалай насырға шапқанын білуге асықты.
– Мен түкті де түсінген жоқпын, жаманаттың жеткені рас, асықпай баяндап беріңізші.
– Оған өзіңіз білесіз, қалааралық байланысқа ақша көп кетпей ме? Әрі бұл телефонмен түсінісетін әңгіме емес.
– Олай болса нөміріңізді айтыңыз, мен қайта звондайын.
– Жоқ… – Әйел бір түрлі күмілжіді. Ізінше, – қазір тұра тұрыңыз, – деді. – Бұл оның әлдекіммен кеңеспек ниетін ұқты. Бір мезет байланыс үзіліп барып, қайтадан келіншектің «алло» деген үні естілді.
– Жоқ, олай болмайды.
– Ендеше, ептеп боса да оның не қылмыс жасағанын айтып берсеңіз.
– Жаңа айтпадым ба? Мені қорқытты, ақшамды ұрлады. – Үніндегі өктемдік қайтадан бел алып бара жатты. – Зорлайын деді.
Жігіттің миына қан құйылып кетті. Ып-ыстық әбілет шекесін ду еткізді.
– Қайта соңғы әрекетін ініңізді аяғандықтан жазған арызымда көрсетпей отырмын, ертең кешіксеңіз, мойнына осыны да ілемін.
Жапар мына қызылкөз бәленің алдында әбден айықпас тұманға қалғандарын білді. Аңдаусызда күрсінгенін де байқамады.
– Жарайды енді, ондай қызбалыққа салынбаңыз. Ақымақтан бір ақымақтық іс кеткен шығар. – Мейлінше сабырлы көрінуге, үнін салмақты шығаруға тырысты. Әйткенмен, оның бұл пиғылы қаншалықты деңгейде іске асып жатқаны белгісіз. – Мен естігенде-ақ соңдарыңыздан түре қууға бар едім, бірақ, қайда баратынымды білмедім. Мына, өзіңіздің хабарласқаныңыз жақсы болды, ең құрымағанда істің дерегін алдым. Енді сізді қайдан табамын? Әлгінде мен жоқта сөйлескеніңізде телефонымды беремін депсіз, беріңіз. Таңертең алла қаласа, Бішкекте боламын.
Әйел айтары таусылғандай үндемей қалды.
– Алло, сіз тыңдап тұрсыз ба?
– Иә.
– Қай жерде жолығамыз?
– Қазір айтамын.
Арғы бетте әлдекіммен күбір-күбір сөйлескені мембранадан көмескіленіп естілді. Шамасы онысы ер адамға ұқсайды.
Жапардың дегбірі қашып барады. Жаны қыстыққаннан маңдайы жіпсіді. Мыналардың созбақтаға салып, ұшқасатын тұсты айқындай алмай жатқанына жыны келді. «Кез-келген маңды белгілемей ме» деді ішінен. Сол кезде әйелдің жарықшақ үні қайта естілді.
– Манас көшесінің бойында, Фрунземен қиылысқан тұсында кездесеміз.
– Манасты қалай табамыз?
– Алматыдан кірген көшенің аяғы Манасқа айналады. Орталық базардан өткеннен кейін үш кварталдан соң – Фрунзе. Сонда тоқтаңдар. Машиналарыңның нөмірін айтыңдар, сендерге біз өзіміз келеміз.
– Жарайды, күні бұрын жол кеспелік, құдай бұйыртса сағат тоғыз-онда сонда боламын.
– Нақты бір уақытты айт.
– Онда.
– Келістік.
Түнімен Жапар ұйықтай алмай шықты. Тағы да нендей бәлеге ұшырағанын ойша елестетсе, жаны жаһанамға кетеді. Енді кімнің барып табанын жалайтынын білмеді. 2600 доллармен оңай-оспақ құтыла салмайтынын және ұғынды. Өзі сіңіріне ілініп әзер жүргенінде мына қыжалатқа апарып ұрындырған Сапарға қаны қайнады. Ас та төк бар болып тұрып құтырса бір сәрі, түгі жоқ, ыңыршағы айналғанына қарамай дандайситынына еш зиыны жетпеді. Бала дейін десе бала емес, ақыл тоқтатып, ата сақалы аузын қапқан жаста. Соған қарамай осындай иттіктен тайынбайды. Ең құрымағанда әбден өмірден таяқ жеп, сілікпесі шыққан шешелерін неге аямайды? Байқұстың бұларды тапқаннан басқа жазығы жоқ қой. Тірлігінің соңында ендігі қалғаны осылардың азасын тұтып, татасын тартуы ма? Елдің шешелері сияқты байлыққа мелдегінен батпаса да, қарапайым жұрт қатарлы неге оның уайымсыз-қайғысыз жүруге құқы жоқ? Әлдебір уақта қайта, «ұл-ай» деп барша жақсы үмітін бұларға артқан әкесінің ертерек өліп қалғанына қуанды. Әйтпесе, өренінің осындай сұмырай жүрісін көріп, жарықтық, жер болып, бір емес бірнеше мәрте өлер еді.
Ұзақ уақыт сұлқ жатып небір ойларды шиырлады. Ертеңгі айыптаушы жақтың құныкер бұларға қояр шарттарын ойша тұспалдады. Жәбірленушінің көңілін тапқанымен, құқық қорғаушы органдағылардың көңілін табу әлдеқайда қиынға соғатынын және бір көкейіне түйіп парықтады. Осы тұста Ерсұлтанның көмегіне арқа сүйегісі келді. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген мәтел қырғыздарда да бар шығар деп топшылды. Егер бар болса, Ерсұлтанның ұсынған бітіміне олар да тоқтауы тиіс. Өйткені, Алматы мен Бішкек тиіп тұр, қырғыздардың да азаматтары бұлардың қармағына ілінуі әбден ықтимал. Қалай болғанда да маңдайына алақандай жез жапсырғандар бір-бірінің иығындағы жұлдыздарын сыйлауға тиіс.
Осылай ойының соңы иманды иірімдерге қарай тарта береді. Соның өзі тапталғанда адамға демеу екен.
Жапар бас жағындағы орындықтың үстіне қойған сағатын алып, терезеден түскен болар-болмас бозамық сәулеге тосты. Төрттен кетіп барады. Апыл-ғұпыл орнынан атып түрегелді. Бір түрлі денесін қорғасындай ауыр сезінді. Бет-аузының тырысып тұрғанын аңғарды. Сосын түнімен ұйқылы-ояудың ортасында жатқанын есіне алды. Адам көңіліне қыпыл еніп, беймарал көсілмегендіктен осындай рабайсыздыққа ұшырайтыны белгілі еді.
– Тым ерте кетіп бара жатқан жоқсың ба?
Қырынан жатқан қалпы Бибі үн қатты.
– Ерте емес. Қазір барып Ерсұлтанды оятқанша, бір бие сауым уақыт керек шығар.
Жейдесінің өңірін қадаған күйі, теріс қараған қалпы жауап қайырды. Мұның сөзінен кейін Бибінің де жылы төсектен түрегелгенін ту сыртымен сезінді. Ол иығына халатын ілді де, бұдан бұрын жатын бөлмеден ас үйге қарай жылжыды.
Кеше өзінің тұспалдағаны дәл келіп, көресіні Ерсұлтаннан көрді. Есігінің аузында қоңырау соғып біраз байланды. Бәрі өліп қалғандай қапелімде тырс ете қоймады. Бір кезде әрең дегенде қатыны “кім бұл” деп сыңси тіл қатты.
– Мен ғой… Жапармын.
– Түн ішінде неғып жүрсің?
Күңкілдеген қалпы жау алатындай темір есіктегі қатарынан салынған үш құлыптың құлағын, бірінен кейін бірін сыртылдата бұрады. Дуда-дуда әйелдің төбесін көргенде жігіт:
– Қалдарың қалай? – деді.
– Жақсы.
– Ерекең үйде ме?
– Қайда болушы еді? – Ұйқылы көзін жыртитып, бұған аңтарыла қарады.
– Оянған жоқ па?
– Жеті түннің ішінде қайда бармақшы оянып? – Жапардың сауалы оған жынды адамның сөзіндей көрінді ме, дауысы қатқылдау шықты.
– Шаруа бар. – Жігіт сөйлеген қалпы курткасын шешіп, кіре берістегі киімілгішке ілді.
– Не шаруа?
– Бішкекке барамыз.
– Жұмысын қайтеді?! – Шолпанның жаны ышқына тіл қатты.
– Кеше ескерткен шығар.
– Ол ондай жұмыстан сұранғаны жөнінде ештеме айтқан жоқ.
– Оятайық.
– Оянса… – Күмілжіп барып сөзін жалғады. – Кеше «жақсы» боп келді ғой.
– Оянар, «тұрмасам, үстіме су құй» деген.
Әйел жатын бөлмеге кіріп кетті, соңынан ілесе баруға Жапар именді. Дегенмен оның «тұр-тұрлап» күйеуін мазалай бастағанын аңғарды. Тұтқиылдан түйілген бұл қылығын жақамай ері шамданып бірдеме дейтіндей. Бір кезде Шолпан халаты сөлеңдеп қайта шықты.
– Ананың тұратын шамасы жоқ.
– Мен барып оятып көрейін.
– Кім барып оятса да, мұндайда тұра қоймайтын еді.
Жапардың жүрегі зырқ ете қалды. Сонда да екіұдай күйде ілгері озды.
Бөлмеде сәулесі болымсыз кешкілік шам көмескі сығыраяды. Абажадай төсекте қалалық милиция бөлімі бастығының орынбасары оң жақ қырынан бүрісе жатыр. Көрпесін тарс бүркеніпті. Бөлменің тымырсықтығы мен арақтың ашқылтым иісі араласып, мұрынға жағымсыздау тиеді.
– Ереке! – Басына бүркенген көрпесін сәл төмен ысырып, ақырын иығынан қозғап көрді – міз бағатын емес. – Ереке, Жапармын ғой, тұр! – Болмашы қозғалды. – Әй, Ереке, жол жүруіміз керек.
– Не? Қазір тұра тұршы. – Сөзін үзіп-жұлып, ұйықтап жатып түсінде үрген иттей мыңқ-мыңқ етті. Сөйтті де көрпесін қымтанып ала қойды. Жапардың діңкесі құрыды. Сосын, қайтадан оның көрпесін күштегендей ашты.
– Ереке, уақыт кетіп барады, сағат тоғызда Бішкекте, кездесетін жерде болуымыз керек.
– Біш-ке-ек?.. – Осы кезде ғана оның саңылауына бірдеме барғандай көрінді. Сол жатқан қалпы өзі жаратылғаннан кішкене көздерін сығырайта ашып, бұған назарын тоқтата қарады. Қапелімде кім екенін жыға танымай әрі кешегі күңгірттеу ісін есіне түсіре алмай басы қататындай.
– Кеше айттым ғой Сапардың жайын, милициялар ұстап Бішкекке алып кетіпті деп.
– А-а, Жапар, сен екенсің ғой. Қазір бес минут жата тұрайыншы, содан кейін түрегелемін.
– Өй, бес минутқа ұйқың қанбайды ғой.
– Кішкене ұйқымды ашайын.
– Ұйқың ашылмайды, қайта сен қалың ұйқыға кіре түсесің.
Сонша кергігеніне зығырданы қайнаса да, лажы таусылғандықтан ас бөлмеге беттеді. Соңынан Ерсұлтан:
– Жоқ, қазір тұрамын, – деп міңгірледі.
Қайта Шолпанға іші жылып қалды. Таңға жуық уақыт болса да дастарханын әзірлеп, шайдың қамымен жүр.
– Тұрды ма?
– Тұрайын деп ыңғайлануда...
– Онда құдай бірдеме берейін деген екен. Арақ ішкен күні түннің бір уағы тұрмақ, әдеттегі мерзімінен асқанда барып зорға басын көтеретін еді. – Мақсатсыз бір күліп қойды.
Дегбірі құрып, арада екі-үш минут өткеннен кейін қайта жатын бөлмеге келсе, Ерсұлтан одан сайын жайланып, ұйқыға алаңсыз бас қойыпты. Соншама ит құрлы көрмегеніне ашуы қозып, қаны миына шапшыды.
– Ереке, жаңа тұрамын дегенің қайда?! – Лықсып кеп кептелген ашуын тежей алмады, көрпесін кеудесіне дейін ысырып тастады. Дауысы да қатқыл шықты. – Бармасаң, «бармаймын» деп айтпайсың ба, адамды жынды қылмай.
– Барамын ғой…
– Енді тұрмайсың ба! Менің жаным күйзеліп, құмша уатылуда. «Біреудің жоғын біреу әндетіп жүріп іздейдінің» кебі ғой сенікі. Жолымнан қалдырып… – Шамырқанған ашуын басамай екпіндете сөйледі. – Бармасаң, ешкім сенің тоныңды сыпырып алмайды. Адам деп келдім ғой саған.
– Осы, өз жөніңмен өлейін десең де, алқымнан сығып, жанды алып өлтірмейсіңдер. – Көзін ашпаған қалпы міңгірледі.
– Уәде бермеу керек еді.
Бішкекке көздеген межеден ерте жетті. Бұрын бірді-екілі келгені болмаса қала бұған мүлдем бейтаныс-тұғын. Әйтеуір жолшыбай сұрастыра жүріп, уағдалы жерге де ілікті. «Тіл – Киевке де апарады» деген осы. Бірақ, әлі де бір сағаттай уақыттың барлығын білген Ерсұлтан жаңа бір ұсыныс айтты.
– Осында менің жолдасым тұрады. Дөкей бастық, РОВД-да істейді. Кез-келген уақытта, кез-келген мәселемен келе бер деген еді. Алматыда аузы-мұрнынан шығарып сыйлап жібергенбіз. Соған барып көрелік, мүмкін септігі тиіп қалар.
– Текке сандалмаймыз ба?
Ерсұлтанға біртүрлі күмәнмен қарады.
– Жоқ, ол болса бір кәдеге жаратамыз ғой. Бекер қаңтарылып сарылғаннан, жүрелік! «Жүргенге жөргем ілінеді» деген, бір жақсылық жолығар.
Жолдасы езулеп, өзінің дегеніне сап өзеуреді. Таңертеңгі қызарған көзінің қанталағаны басылғанымен, аясының болмашы мөлтілдей жасаурағаны сол қалпы.
– Жарайды, баралық делік. Кешігіп қалмаймыз ба?
– Кешікпейміз.
– Адресін білесің бе?
– Білемін.
Моторды гүр еткізіп оталдырып, бейтаныс көшелермен құйғыта ызғытты.
Көрінгеннен сұрастырып жүріп, әлгі белгісіз «шоң» қырғыздың үйін зорға тапты-ау. Жапар да әлденәрседен үміттеніп, өзін қунақ сезінді. Ерсұлтан ішке кіріп кеткенде бір құшақ жақсы хабар әкелетіндей дегбірсізденіп отырды. Әлдебір уақыттан соң оның қалтарыстан солбырайған ұсқыны байқалғанда, құр сандалыс болғанын топшылап үлгерді. Ол есікті ашып жанына жайғасқанында:
– Не болды? – деп сұрады.
– Үй, әкеңнің… үйінде жоқ. Іссапарда дейді.
Одан ары ештеме естігісі келмеді. Газды басып қалды, машина атырыла жөнелді.
Тура бастапқы беттерін тауға берген қалпы кеп тоқтады. Бірақ сыртқа шықпады. Екі жанындағы, салондағы айналар арқылы түгел төңіректі шолуылдайды. Дегенмен «осы-ау» деп, айдар тағатын бірде-бір пенденің ұсқыны көріне қоймады. Әрі бұлар тоқтаған маң адам аяғы сирек жүретін, көпшіліктен оқшау тұс екен. Машиналар ары-бері дамылсыз жүйткуде, дегенмен салыстырмалы түрде олардың қарасы да сирек.
Уәде байласқан уақыттан он бес минуттай асты, әлгілердің төбесі әлі көрінер емес.
– Олар бізді әлдеқашан байқады. – Үнсіздікті бұзып, Ерсұлтан әңгіме бастады. – Әдейі жанымызға бірден салып-ұрып жетіп келмей, сырттан бақылап тұр.
– Оның не қажеті бар?
– Кім біледі, өздерінің ойлағандары бар да.
Жан қалтасынан темекісін алып тұтатты, Жапар да бір бұрамын ерніне қыстырды.
– Сөйлескенде қызбалыққа салынбайық, бұлардың тілі майда халық қой. «Тілі – майда, діні – қатты» деп аталарымыз бекер айтпаған, – деп Ерсұлтан бір ырқылдап күліп алды.
– РОВД-ға барғанда милициялардың жөнін өзің табасың.
– Енді, сөйлесіп көреміз, ең бастысы мына әйелдің кешірім бергені туралы арызын жаздыртып алуымыз керек. Қандай адам екен өзі, осындайдан ақша табатын алаяқ болуы да мүмкін.
– Иә, олар алса да 2600-ін алмаған шығар.
– Қайта оған рахмет айт, айыпкер қолына түскеннен кейін қанша соманы көрсетемін десе де ырық сонда еді. Дегенмен бұл әйелдің адамшылығы бар ма деп ойлаймын, әйтпесе, 10 мың доллар десе қайтер едің? Артыңнан пысып бересің.
Жапар мына жүйелі уәжге табанда жауап қайтара алмады. Біраз ойланды.
– Қазақ «өтіріктің өзіне емес, қисынына сен» деген. Ол бір алпауыт бизнесмен емес қатардағы біреу болса, ондай ақша бұған қайдан келеді деп ойлайтын жұмыр басты пенде табылмай ма? Табылады. Сондықтан қалжасына қарай, бойына шақ, ақылға қонар ақшаны көрсетіп тұр ғой. Бүгінде ақымақты қолыңа күндіз шырақ алып іздесең де кездестірмессің.
– Ол дұрыс. – Ерсұлтан темекісін құныға сорды да, тұқылын терезеден лақтырып жіберді. Ізінше шырт еткізіп түкіріп тастады. – Бірақ, кейбір жетесіздер мұндай ұрымтал тұста көптеп қарбытып қалғысы келетіні рас, сондай ынсапсыздан алшақтау ма деймін. Ал, шын жоғалтқан ақшасының үстіне мың доллардай қосса, оның ешқандай сөкеттігі жоқ, тартқан азабы бар емес пе?
– Ереке, біз сияқты сорлыларға осының өзі – үш-төрт жылдық табан ет пен маңдай тер. Бұнымен құтыла қойсақ бір сәрі, әлі сомасы айтылмаған құқық қорғау орындарындағыларға беретін ақша тағы бар ғой. Ол мұның межесінен асып түспесе, кем соқпайды.
– Бересің, енді қайтесің. Көпшілік жұрт қолында қаржысы болып тұрып, бере алмай күйіп кетеді. Себебі, басын қатерге тігіп, тиын-тебенді ала қоятын адам да әбден төңірегіне сенгенде барып алады. Ең бірінші істің, сондай жан-жағындағыларға сенетін біреудің қолына түскенін қалайық.
– Мыналар кешікті ғой.
– Күнің түсіп тұрған соң, шыдайсың.
Машина панеліндегі сағаттың тілі он жарымды көрсетіп үлгеріпті. Бағанадан бері үш-төрт адам ары-бері өткені болмаса, секемал туғызатын ешкімнің қылпы білінер емес.
Бір кез араларында өлі тыныштық орнады. Ерсұлтан күрсініп қойды. Түндегі ішістен миы былығып отырғанын Жапар іштей ұғынды. Бірақ, сырқырай сынып бебеулеткен басын жазып жіберуге еш реті жоқ. Қазір органдағы өзінің ордаңбайларымен сөйлесе қалса, аузынан жынды су бұрқырап тұрғаны еш ақылға қонбайды. Танымас жат жұрттың алдында қызыл тілге құшырын төгіп сөйлеген сөзінің текке рәсуасы шықпай ма. Сондықтан жанына мына азап қанша батса да шыдайды енді. Әйткенмен, пәтшағардың арақ сіңді күйік иісі мүңкіп тұр еді. Қыркүйектегі сасайдай сасық.
Оның бүйтіп тірідей қиналып, шөжігенін көру – жаны онсыз да шырқырап бара жатқан Жапарға қосымша соққы боп дарыды. Тәңірдің сонша өзін келемежге айналдырғанына қайран. Ешкімге қылаудай бір зияндығы тимеген еді ғой. Ешкімнің бетіне жел боп қарсы кеп, қотырына қонбап еді… Өмір бақи қой соңында жүрген әке-шешесінің де біреуге тізесі батты дейін десе, ол мүлде ақылға сыйымсыз. Олардың өзі өмірге текке келіп, барша ғұмырларын қоңыз терумен зая өткізді. Жан-пенденің жүзіне тура қасқиып сөйлеген адамдар емес. Соған қарамастан солардың етектерінен өрбіген бұлар да шыршуы мол ит тірліктің қақ-соғын ғана көруі тиіс. Неге олай? Бір кездегі әркімге азуын батырған дөкейлердің балалары сол жүрістерінен жаңылған жоқ: ішкендері – алдында, ішпегендері – артында. «Жая жегеннің баласы – жая жеп, шылқып жүр; қоңыз тергеннің баласы – қоңыз теріп, қыртып жүр» деген мәтел есіне еріксіз оралды. Оның қылаусыз айтылған шынайылығын қапысыз мойындады.
Кенет шешесінің сүрепеті қашқан кеспірі көз алдына елестеді.
Мына малағамды естісе тағы да қан жұтып, шарасыздан шайқалып кететіні мәлім. Дәміл-дәміл күрсініп, онысыз да күнге тотыққан өңі өрт сөндіргендей күлгін тартатыны анық. Бітіктеу біткен жанарлары мұңға меймілдеп, аясын жас шарбысы торлары қақ. Ондайда қаймыжық еріндері өз-өзінен жыбырлап, беймағлұм біреулермен жападан-жалғыз қалып сөйлесері де бар. Мұның бәрі, әлбетте, ендігі халінің мүшкілдігінен туындайтын лажсыздық белгілері. Байқұстың, шылауышы шүйдесіне қарай сырғып, ағарған самай шаштары сонадайдан қасіретін әйгілеп, қобырап шығып кетер еді. Жүрегі қансырап, тірідей өлмешінің күнін кешері айқын. Содан бір кездерде, жыны буған бақсыдай лаға жөнелер. Ондағысы, тым болмаса ақылынан алжастырған істің нендей бәлекет екенін білу. Сол үшін аудан орталығына тартады. Ауданнан Алматыға телефон шалады. Себебі, бір кезде атағы аспандаған ауылда сым тетігінің істен шыққаны қашан. Мүскін бәтірің енді тағдырдың ащы зауалынан жел қуған түйеқарындай немесе ошағандай, иә, ошағандай дедек қағар.
Анасының мұң кіреукесі жайлаған қоңыр көздері елестеді.
Осы кезде селк еткізіп ұйқысынан оятқандай алдарына алтыншы маркалы көк «Жигули» келіп, алқын-жұлқын тоқтады. Жолаушы мінетін жағынан бақа бас тапалтақ қара әйел атып шықты. Екпіні тау құлатарлықтай, оңай-оспақты ерен көрмейтін сияқты. Әлде мал ашуы – жан ашуымен безектеген түрі ме екен…
Бұлар да салоннан сыртқа суырыла берді.
– Сәлеметсіз бе?! – Жапар әудем жерден-ақ ұлы нағашысын ұшырастырғандай бәйек қақты. – Сара сізсіз бе?
Әйел түскен машинаның руліндегі еркек те бой көрсетті. Байқағаны, бұл келген бейтаныс екеуінің сықпытында алып бара жатқан ештемесі жоқ, кәдімгі қара базардағы салпылдаған көп саудагердің бірі ғана.
– Иә, менмін. Өзіңіз Сапардың бауырысыз ба?
Іркілмей жүрген қалпы жауап қайырып, сұрағын да төпеледі. Соған қарағанда көпті көрген, оңай-оспақтан именбейтінін аңғартты.
– Дәл солай – Жапармын. – Қолын құлдық ұра ұсына берді. – Өзіңіздің хабарласқаныңыз дұрыс болды… Біздің тарапымыздан бір иттік кеткен екен. Алдыңызда айыптымыз.
Осы кезде шашы май-май боп, бір-біріне жабысып білтеленген тәпелтек бойлы еркек те таянды. Ұсқынына қарамай сондай паң көрінді, көзі шатынап тұр. Жапар ері шығар деп тұспалдаған, қателеспепті.
– Мынау күйеуім – Байқал. Төрт бірдей үйелмелі-сүйелмелі баламыз бар. Қуғын-сүргін, атыс-шабыс тиылмағаннан соң мұнда Әндіжаннан осы көктемге салым көшіп келдік. Пәтер жалдап тұрамыз. Сол, тіршіліктің қамымен Алматыдан көтерме бағаға кілем әкеп, осында үстіне азын-аулақ тиын-тебен қосып сатамыз. Арасынан болар-болмас нәпақа түсіріп, бала-шағамызды асырап жүрген жайымыз бар.
Әйел салған жерден жай-жапсарды әріден баяндай жөнелді. Үш еркек соның аузына қарап, сөзін ыждаһаттылықпен тыңдады. Бөлгілері жоқ, әңгіме іркілсе, қымбат дүниелерін жоғалтып алардай барлығы мойындарын созып, қалт бөгеле қалыпты.
– Үнемі Алматыдан бері қарай такси ретінде машиналарын жалдап, белгілі бір адамдармен ғана жүруші едім. Әлгі, қырсық шалатын күні олардың бәрі басқа біреулермен мәмілелескен бе, әйтеуір табылмады. Сол арада бөгде екі жігітке жолықтым. Олар мені Бішкекке дейін жеткізіп салатын болды. Сәл секемденсем де «мұсылманның баласымыз ғой» деп тұжырдым. Сөйтіп, жолға шықтық.
Басына ұсақ қызыл гүлдері бар қара орамалды шарта тартыныпты. Оның екі ұшы мұның аршынды сөзі мен қимылының ыңғайына қарай селтең-селтең етеді. Кейде тілі де шүлдірлеп, тым тез сөйлеп кетеді. Көздері бақжиып, мол аласы төңкеріліп қалады. Пұшық мұрнын да дәміл-дәміл тартқыштайды екен. Екі қолы да ербеңдей ауаны мақсатсыз кескілеп, тұштаңдай жөнеледі. Өзі де бір нәтінде жеңіл адам болса керек, ә дегеннен-ақ байқалғаны – ұшып-қонып тұр.
– Бішкекке қызыл іңірде жетіп, тауарды төрт үйге бөліп түсіргенше ел әбден орынға отырып қойды. Үш сауда нүктесі ақшамды қолма-қол берді де, төртіншісі ертеңгілік түске дейін беретін боп бәтуа сұрады. Оған «жарайды» дедім, өйткені онымен жұмыс істесіп келе жатқанымызға жарты жылдай уақытқа таянған. Арамызда сенім мен бір-бірімізге деген іштартушылық орнаған.
Жапардың сырдаңдау қызыл езу әңгімеге іші кеуіп барады. Ол үшін ең қажеті – Сапардың мына бейтаныс әйелге жасаған қылмыстық іс-әрекеті. Бірақ ол тұсқа жуық арада жете қоятын түрлері жоқ. Дегенмен, Сараның әріден бастағаны да әбден орынды. Әйтпесе, малағамды өз көзің көрмегеннен кейін, әр жерінен үзіп-жұлынып айтылған бас-аяғы жоқ әңгімені түсіне де алмай қаласың. Сондықтан, жанын салып, оқиғаны аса бір құлшыныспен баяндап жатқан саудагер келіншектің әрбір сөзінің астарына мән бере, мігірсіз үңілді.
– Соның бәрінде сіздің ініңіз Сапар маған көмектесіп, кілемдерді іріктеп, әр үйге тиесілерін түсірісіп, қол қабысын тигізді. Менің олардан санап ақша алғанымды да көрді. Не керек, тауардың бәрін тастап, істің бір кезеңін игергеннен кейін, ол жігіттермен есеп айырыстым. Содан кейін сондай мейірман кішіпейіл жандардың ісіне разы болып, жартылық алдым.
Жапардың іші қылп ете қалды. «Бұ қалай» дегендей Ерсұлтанның бетіне қарады. Оның назары әйелдің аузында екен. Қаны жүрмей тұрғандықтан ба, өңі қара күрең тартыпты. Әңгіме әлпеті оған әсер ете қоймағандай.
– Өйткені, – Сара сөзін үздіксіз жалғай берді, – ертең тағы да бір мәрте Алматыдан кілем әкелуге уәделестік. Шопыр татпады, денін Сапар түгесті. Менің ішпеймін дегеніме бой бермей маған бір стақанын зорлап алдырды.
Тағы да Жапардың санасында «бұл жерде бір шикілік бар-ау» деген дүдәмал бой көтерді.
– Себебі, әлгіндегі моп-момақан жігіт екі стақан арақты қызыл өңешке жөнелткеннен кейін, кісі танымастай өзгеріп шыға келді. Қорықтым. Әрі олар әлгінде адам аяғы сирек жүретін ұры тұсқа тоқтаған.
«Екеуі бұрыннан танитын адамдары емес, бірінші рет көріп отыр. Әу баста ондай жерге тоқтауға неге жол берді? Мына әйелдің өзі сау сиырдың боғы емес-ау».
Жапардың күмәнді ойлары көбейе түсті. Әйткенмен, қарсы сауал қойып, әйелдің сөзін бөлмеді.
– Жәрдем сұрап бақырған даусыңды естісе де, былайғы жұрттың келе қоюы қиын. Қорыққандықтан ішіп жібердім.
Әтүйірсіз әңгіме жайсыз тигендай күйеуі орнынан қозғалақтады. Жанқалтасын қарманып, әлденәрсесін іздей бастады.
– Сосын, лажы болса кетуге әрекет еттім. Бірақ оған Сапар көнбеді. Бір кезде, күнделікті арақ ішіп жүрмегендікі, басым айналды. Тысқа баруға ыңғайландым. Сөмкемді алайын деп едім Сапар: «қазір келесің ғой» деп бермеді. Олардың мені күтетініне шәк келтірмедім. Жол табанынан төменірек түскенім сол еді, машина орнынан атырылды да, Алматыны бетке алып тартты да жөнелді. Мен бақырып-шақырып, алу-далу қалпы жолға шықтым да, қарсы келе жатқан машинаға қол бұлғап, алдына жата қалдым. Басады деп те тайынбадым. Әлгі жазған қиқылдап-шиқылдап кеп тоқтады. Бірден атып түрегеліп, шопырға жүгірдім. Соған бар жайды асығыс-үсігіс түсіндіріп, МАИ-дің бекетіне дейін апарып тастауын өтіндім. Бода-бода түрімді көріп шошып кетсе керек, әлгі байқұс сөзге келмеді. Ең жақын бекетке жеткізіп салды.
Жапар тағы да «сонда бұлар қаланың ішінде емес, үлкен трассаның бойында тұрғаны ма» деп ойлады.
– Сол жерде арызымды жазып, машинаның нөмірін көрсеттім. Қолма-қол іздеу де жарияланды. Бірақ олардың Алматы түгілі Талдықорған өтіп кеткеніне әлі қайранмын.
Мынау бейшара келіншектің сөзіне қарағанда көкейінде күлкілді күмәні жоқ, таза адамның арам ниеттілерден алданып қалғаны айқын бетке ұрады. Дегенмен, бұл айыптаушы жақтың сөзі және заң орындары үшін шешуші сөз осылардікі. Енді баяндалған жайттың өтіріктен ара-жігін ажырату үшін, Марат пен Сапардың әңгімесін тыңдау әбден қажет. Әттең, оған шара қайсы. Айыптың арқаны қалайда бұлардың мойнына оратылғаны оратылған. Сәл бұлқынсаң, ағаш кеңірдегіңді қылғындыра бунайды.
– Менің қорқып арақты ішкенім: «осыны ішпесең, қазір көрсетемін» деп Сапар қыстады, зорлайын деді. Жан тәтті, әлдеқайтеді деп, тыжырынсам да тартып жібердім. – Өз-өзінен әйел ақтала сөйледі.
Байқал мұздай құрсанған күйі темекісінің түтінін бұрқ еткізді.
Жапар бағанадан бергі көптірме сөзден ой қорытып үлгергенше, келіншек негізгі қазықтың басын қылтитып қойды. Мұнысы, көнбей туласаңдар осы қазыққа арандайсыңдар деген емеурін еді.
– Қайта, жаным ашығандықтан ол ниетін шағым арызда жазбадым. Маған басы артық ештеме керегі жоқ, алған ақшаны орнына қойып берсеңдер, бітті.
Бәтірдің көзі жемтігін арбаған жыланның жанарындай бұған сұғын қадап қиыла қапты. Жапардың жүрегі мыстандық зымияндықтан шімірікті. Бірақ, жанына тиген сойқан сойылдың ауырлығын аңғартпай:
– Сәке, «боқ жемесе иттің басы ауырады» деген, оның бұл білместігін кешіңіз. Ақшаңызды қолыңызға ұстатамыз. Жүріңіздер, әңгімені машинада жалғастыралық.
Есікті ашып, ерлі-байлы екеуіне салонды нұсқады. Олар еш қамшы салдырмай ішке сүңгіп-сүңгіп кетті. Төртеуі жайғасып отырғаннан кейін, Жапар қайта сөзін сабақтады.
– Оспадарлық іс сіздерді үш-төрт күн бұрын жарға жықса да, жаманатты хабар кеше кешке ғана құлағымызға тиді. Сондықтан біздің өзімізбен бірге тиын-тебен ала келуге еш мұршамыз болмады. Ең бірінші өздеріңіздің бет-жүздеріңізді көріп, бұл нендей оқиға екенін білгіміз келді. Көріп отырмыз, қарапайым көптің бірі екесіздер. Қайта, сол төрт бірдей кішкентайларыңыздың нәсібіне қарай айыпкерлеріңіз қолдарыңызға түскен. Әйтпесе, сонау Талдықорған, тіпті басқа мемлекеттегі құныкерді тұтқындау, алланың шеберлігінен. Тәңірінің өзі біледі, әрі-беріден кейін сіздің адал жан екендігіңіздің айғағы. Біз де сол қарапайым ауылдан шыққан елдің баласымыз. Құдай сорлатып қойғаннан кейін амал қайсы, кәрі шешеміз бар, мына Сапар үшін емес, сол кісі үшін кешірім арыз жазып беріңіз. Біз сол арызды қазір істі жүргізуші тергеушіге апарып табысталық. Ал, ақшаңызды, алла бұйыртса, ертең кешкі сағат жетіде әкеп қолыңызға ұстатамыз. Оған дейін мына машинаны сіздерге кепілдікке тастаймыз.
– Олай бола ма екен? – Байқал бағанадан бері бірінші рет мыңқ етті. Әйелі еріне жапақ-жапақ қарады. Осы кезде Ерсұлтан сөзге араласты.
– Тергеушімен жолықтырыңыз, заң орындары қандай пейілде екенін білейік, – деді.
– Олардың да құлқындары жаман, қармақтарына ілінгендерді тектен-текке жібере қоймайды. – Байқал әңгімені төтесінен бастады. – Байқауымша, оның үстіне Сапарға тістерін қатты қайрап отыр. Мына машинамен жетіп барсақ, «халдері жаман емес екен» деп, адамның ақылына сыймас ақшаны айтып лағар. Сондықтан мұны қойып, менің машинаммен жүрелік. Сұрап жатса «таксимен келдік» дерсіздер.
Жапар мына тосын ұсыныстың астарын түсіне алмай дал. Пайымдауынша мұның екі жағы бар. Біріншісі, көліктің құжаттары қолына тимей, қарсы мағынадағы арыз жазылмайды деген сөз. Екіншісі, бұлардың мейлінше тергеушіге жолықпағандарын қалайтындай.
Жапар өздеріне қажетті дүниелерді ептеп бүтіндеп алғанша осылардың дегеніне көне бергенді жөн көрді. Сондықтан бірден қолқ етіп айтқанына келісе кетті.
– Жарайды, біз көлігімізді автотұраққа қойып, кілтін қолдарыңызға ұстаталық. Содан кейін тергеушіге барғанда сіздердің тараптан жазылған қағазбен баралық.
– Мақұл. – Сараның кеберсіген қаймыжық ерні жып етті. – Қазір автотұраққа барғанда, сол жерден РОВД-ға телефон шалалық. Сапармен сөйлесу керек.
– Сапармен сөйлесуге бола ма?! – Жапар аңтарылып, әйелдің бетіне бақжия қарады.
Келіншек мырс етіп күліп жіберді.
– Жоқ, сіздің ініңізбен сөйлесу мүмкін емес. Мына тергеушінің аты да Сапар. Мені айналдырғанда, өңкей Сапарлар айналдырды ғой.
Санасы сан тарамға пышыраған жігіт ептеп бір нәрсені түсінгендей болды.
– Жарайды, жылжиық онда, ұзақ күнді кеш қылмай.
Ерсұлтан өктем үн қатты. Шамасы, Жапар бір сәт өз ойымен оңаша қап, сыртқа уайымын білдіріп алса керек. Осы сөзді естігенде барып, жіті қимылдады.
– Сіздер жол бастаңыздар, мен ілесіп отырамын.
Ерлі-байлы екеуі құнжаң қағып, ілгері оза берді.
Жаман түріне қарамай Байқал машинаны ширақ айдайды екен. Ескі көк шолағын салдырлата ойқастатып, бір-екі тұста жол ережесін де бұза төпеледі. Бірнеше иір-қиыр сүрлеулерге ұрындырып, жарты сағаттай қаланы ары-бері аралатып, шәрінің шығыс жағындағы ықшам аудандарға келіп бір-ақ тоқтады. Онда да бірден еш жаққа мойын бұрғызбастан автотұраққа әкеліпті. Мұны Жапарлар тұмсық тіреген қоршаудың сыртынан-ақ байыптады. Сондықтан «Ниссан-Блюбердтің» маңдайын үлкен көк дуалдың қақпасына иіндіре тізгінін тартты. Ерсұлтан да көліктен біржола түсетін тұсты аңғарғандықтан сүйегін ауыр қозғап, сүйретіле табанын жерге қойды.
Бұл кезде машинасынан ытқып шыққан Байқал, зып етіп бір қуыстан кіріп қақпаны өзі ашты. Дуал екі жағына шалқасынан шалжиғанда қаңтарулы бірнеше машиналардың қаралдысы көрінді. Осыны жанарымен шалып өткенше Байқал бұған «көлікті тура күзетшілер отыратын дүңгіршектің қасына қой» деп үн қатты. Жаңа танысының бұл еркінсуі де көзі бар қарақты пендеге көп жайтты аңғартар еді.
Жапар осыны іштей түйсінді, түйсінді де діңкесі құрыды.
Машинасын ыңғайлы деген ең сенімді тұсқа тоқтатты. Сосын асықпай керек-жарақ дүниесін реттеп, жинастырды. Әлденәрсені ұмыт қалдырмадым ба дегендей мойнын соңына бұрып, салонның ішін тағы бір құнтақтылықпен сүзе барлады. Көзіне ештеме іліне қоймады. Содан кейін ширақ қимылдап, сыртқа шықты. Есіктерін мұқият құлыптап, «Блюбердтің» кілті мен құжатын Байқалдың қолына ұстатты. Ол шырқ айналып, қарауылдан тосын көліктің сыртқы сипатын ыждаһатпен жазуын сұрап, зыр қағып жүр. Мұның берген дүниесін де қақшып ап, ылдым-жылдым аударыстыра қарастырып үлгерді. Сөйтті де бірден қойнына сүңгітіп жіберді.
Бұл ұсқыны Жапардың езуіне бір түрлі ызалы күлкі үйірді. Бірақ сазарған өңінен оның ұшқыны да білінбеді. Мынау ыбылжыған өмірден жиренгендей тыжырынды. Сосын жанарын оң иығынан асыра ту сыртына тастап еді, назары желі босаған шардай сөлбірейіңкіреп қалған жолдасының сұлбасына барып ұшқасты. Қапелімде Сараның төбесі жуық маңнан көріне қоймады. Еріксіз Байқал жаққа көз жүгіртті – шәпкісі мыжырайып, күзетшімен екеуі ғана жүр.
– Абай болыңдар, Алматыдан келген меймандардың машинасы. Біреу бірдемесін бүлдіріп кетпесін.
Пәтшағардың тілі майда, іш тартып сөйлегенде қолқа-жүрегіңді суырып ала жаздайды.
– Жоқ, а-а, қараймыз ғой. Несіне отыр дейсің.
Автотұрақтың адамы ақталып, шыр-пыр қақты.
Жапардың жаңа танысы аяқ астынан әлдеқандай болып, күзетшінің сөзіне құлақ аспады, әлде оған ендігі жауап қайыруды бойына шақ санамады ма, бұған таяна беріп:
– Жүріңіз, машинаға мінейік, – деп, ілгері жақты нұсқады. Бұл оның дегеніне үн-түнсіз ілесті. Ерсұлтан да көк «Жигулиге» қарай беттеді. Осы кезде қайдан екені белгісіз, Сара да ұры иттей сап ете қалды. Анадайдан самбырлай сөйлеп келеді.
– Әрең сөйлестім, кабинетінен шығып кетіпті, шақырмайды. Ішінде бір құдайға қараған біреулері бар екен, сол тауып берді. Ол болмағанда…
– Сонымен не болды, тоқ етерін айтсаңшы.
Байқал әйелінің сөзін бөліп, жекіре тепсінді.
– Тұра тұрсаңшы, осы көшеде жарапазандаймын ба? – Келіншектің көзі алайып, жақ жүндері үрпие дүрдиді. – Үйге баралық, ана қағазды жазайық…
Мұның «үйге баралығы» несі деп, Жапар іштей тынды. Содан машина орнынан жылжи бере:
– Сіздердікіне бармай-ақ, осында-ақ жазбаймыз ба? – деді көп сөзбұйдаға сала бергенді жақатпай.
– Ештеме жоқ, үй, міне, тиіп тұр. – Әйел таймаңдап, еркектердің алдын орап, аңдауынша үшеуін де байқатпай біртіндеп билеп-төстеп барады. – Ол жазу деген де бір – машақат. Бастапқыда оңай-оспақ көрінгенімен, жеме-жемге келгенде не жазарыңды, неден бастарыңды білмей аңырасың. Сондықтан, үйдің іргесінде тұрып, машинада қысылып-қымтырылғанымыз жарамас.
– Тергеуші не деді? Түске дейін жолығатын болдық па?
– «Сағат он екіде хабарласыңдар, қай жерде жолығысатынымызды сол кезде бәтуаласамыз» деді. Өзі бір жиналысқа кетіп бара ма, асығыс, кеңінен сөйлесе алмадық.
Діңкесі құрыған Жапар сағатына қарады, он бірден жиырма бес минуттай асыпты. Еріксіз күрсінді.
Оның бұл іштей толқуын Сара аңдады ма:
– Қазір тиісті қағазын тапсырамыз, содан кейін олар істі прокуратураға жібермей іркеді, – деді нық.
– Сапар қайда істейді?
– Аламедин РОВД-сында.
Арада үнсіздік орнады. Машина ойдым-ойдым тас жолмен шоқалақтай жылжиды. Үнсіздікті тағы да келіншек бұзды.
– РОВД істі не бары үш-ақ күн ұстап тұра алады екен, содан кейін ол құжат түгелімен прокуратураға өтеді. Әрине, одан кейін бұл іспен мүлде басқа адамдар айналысады, тергеуші де басқа болмақ… Бірақ, біздің әлі бір жарым тәулік уақытымыз бар.
Мына ләм желкесінен тосыннан қойып өткен күрзідей тиді. Жапақтап, «әйелдің айтып отырғаны рас па» дегендей Ерсұлтанға қарай беріпті. Өз ақылына салса, айна қатесіз солай сияқты.
Машина тоғыз қабатты үйлердің ауласына тоқтады.
– Міне, келдік. Біз осында тұрамыз. – Байқал көтеріңкі үн қатты. – Осы жерден пәтер жалдағанбыз.
Аядай ғана бір бөлмелі үй екен. Кіре берісіне төртеуі кептеліп, айнала алмай қалды. Іштен сеңірейген тағы да бір төменетекті байқалды. Оның ар жағынан состиған екі кішкене қыздың төбесі көрінді. Бұрымдары білте-білте, киімдері олпы-солпы. Қаладағы балалардың кейпіне мүлде ұқсамайды, қышлақтан бүгін ғана келген сияқты.
– Тұрағымыз осы.
«Күйімізді көрдіңдер ме» дегендейін қожайын екі қолын екі жағына жайып, меймандарына шарасыз кепте қарады. Бұлардың мына жұпыны тұрмыстарын аңдап, Жапар Сапардың ісіне ұялғанынан өртене бетімен жер басты. «Ұрындырғанда да құдай жөні түзу біреуге ұрындырмай» деп күйінді.
Осы кезде кішкене қыздар шешелеріне барып, бірдемелерін былдырлай жарыса шұрқырасты.
– Төрге өтіңдер.
Байқалдың бастауымен ілгері жылжыды.
Кірген бетте көлденең іске көп алданбай негізгі шаруаға кірісті. Ерсұлтанның көмегі осы жерде тиді. Небір қағазды толтырып жүрген жырынды милиция емес пе, бағанадан бергі естіген әңгімені қорытып жүйелеп қойса керек, екі жаққа да тиімді көзқарасты Сараға саумалап айтып, жаздырып шықты.
Әйткенмен, сөйтіп ежіктеп отырғандарында сағат тілі он екіден ауытқыған да еді. Үй иелерінің қыстауымен нан ауыз тие салған күйі, қайтадан апыл-ғұпыл далаға заулады. Бірақ, Сара Сапармен сөйлесіп, бүгін оның бұлармен кездесуге мұршасы жетпейтінін хабарлады. Мұны естігенде Жапардың жүрегі тоқтап қала жаздады. Біраз мезгіл тілден айрылып, өзімен өзі құсалана арпалысты. Кешеден бергі алас ұрғаны, бүгінгі сабылып жеткені еш нәтижесіз аяқталды. Борбай еті борша боп жүгіргені бәрі зая кетті. Тым құрымағанда тергеушімен жүздесіп, аптыққан көңілдің әптігін басар еді. Құдай оған жеткізбеді. Уайым арқалап келіп, қорғасындай ауыр да түнерген ойдың далдасында жер боп қайтпақ.
– Алаң болмаңыз, Жапар, мен өзім тергеушімен жолығып кешірім бергенімді айтамын.
Арада орнаған тас түнек тыныштықты әйелдің ғана дәті барып бұзғандай көрінді. Морт сыңған жігіт салбыраған басын ептеп көтеріп, еңсесін тіктеді. Болар-болмас жылы сөздің өзі адамға демеу екен.
– Енді не жасаймыз? – Ерсұлтан ерлі-байлы екеуіне сұраулы кепте қарады. – Сіз жаңағы жазған арызыңызды бізге беріңіз…
Ерсұлтанның сөзі аяқталмай жатып келіншек:
– Неге?! – деп, шоршып түсті. Жылмысқы көздері айналып, оған жеп жіберердей шұқшиды.
– Ба… бағанадан бері келіспедік пе, ақшаларыңызды ертең кешке алып келеміз деп… – Ерсұлтан кенеттен тұтығып, мына бетпақтықтан тайынып қалды. – Әкелеміз. Ол аздай кепілдікке тағы да машинамызды тастадық. Беріңіз, енді, сонау көрші республикадан ат сабылтып жеткенімізде біз де көңілімізді ептеп боса да, «қарманарлық бірдеме бар» деп демдеп қайталық. Әйтпесе, мына жүрісіміз нәтижесіз құр сандалыс...
Әйелдің ұсқынынан әлгіндегі жайдарылық ылым-жылым жоғалды. Итке шабуылдаған сасық күзендей қалш-қалш етеді. Осыны аңғарған Жапар тағы да бір бәлесін бүлдіріп алармыз деген күмәннен үрейленіп:
– Жарайды, ол қағаз сізде бола берсін, – сабырлы кепте ерлі-зайыпты екеуіне назарын кезек бөгеді, – бірақ, тергеушіге қалайда бүгін жолығып, ауызша болса да кешірім бергеніңізді айтыңыз. Ақшаңызды ертең кешке алатыныңызды және қоса айтыңыз. Ал, қолыңызға пұлыңыз тигенде осы қағазды еш қарсылықсыз, ешқандай ың-жыңсыз бізге бересіз. Осыған келіселік.
– Әрине, әрине… – Байқал шыбындаған жылқыдай шыжбақтады. – Біз біреудің сынық күреш дүниесін пайда көрген адамдар емеспіз, бірақ әлденеше аузымыз күйген. Сондықтан қорқақтаймыз, әрі өздеріңізді бірінші рет жолықтырып тұрмыз. Кімнің кім екенін білмей жатырмыз, білмеген соң…
Осы сөзін айтып біткенше желкесін қасыды, қолын қалтасына салды, салмағын бір аяғынан бір аяғына ауыстырды.
– Оныңыз орынды, кім-кім де бірінші көре сап, асатпай жатып құлдық демек жоқ деген сияқты, жайылып төсек бола қоймайды. Дегенмен, азаматтық бәтуаға келелік. Сіздер кешкі сағат төртке дейін тергеушімен сөйлесіп, жаңағы сөздерді жеткізіңіздер. Біз оған дейін күтелік, сосын оның телефонын беріңіздер.
Ерлі-зайыпты екеуі бірінің бетіне бірі қарады.
– Оны жасай аласың ба-ей? – Байқал келіншегіне күңк етті.
– Мақұл, осы айтқандарыңызды орындайын. – Әйел ерінің сауалына жауап қайырмай, Жапарға бағыттап сөйледі. – Сағат төртте қайда жолығамыз?
– Тура осында жолығалық.
– Келістік.
– Енді бізді жол-жөнекей әлгіндегі шағын базарға жеткізіп тастаңыздар. – Бағана бұлардың соңынан ілескенде бір базардың тұсынан өткен еді, Жапар соны меңзеп екеуіне өтініш білдірді. – Оразамызды әлі ашқан жоқпыз, өзегімізді жалғалық.
– Үйге жүріңіздер. – Әйел қайтадан майда үнмен жалпақтай тіл қатты, жаңа ғана сазара ысқырынғаны ізім-ғайым жоғалған. – Бір шәугім шай табылады ғой. – Ештеме болмағандай тым жайбарақат.
– Жүріңіздер, жүріңіздер! – Оған ері қосылды.
– Жоқ, рахмет. Босқа жолдан қалдырмайық, жаңағы бұйымтайымызды орындап келсеңіздер, мың мәрте құлдық. Біз тек базарға дейін жетіп алалық, егер ол сіздер баратын жолдың үсті болмаса, онда да қысас жоқ.
– О не дегеніңіз, апарып саламын ғой.
Байқал да тіпті алыстан сағындырып құдалары келгендей жылмай жортақтап, ұшып тұр.
Бір демде нысаналы маңға тұмсық тіреп үлгерді. Жол бойы ешкім тіс жарып, ләм демеді. Барлығы кешелі бергі ит әурешіліктен шаршағандай, әркім әр бөлек, өзді-өзі ой иірімдеріне малшынған. Жапар осыны ұғынды. Кенет, оның көкейіне қитұрқы бір сауал кеп кептелді. «Дәл қазір төртеуміздің уайымымыз екі түрлі ме екен?» деп бір қойды. «Жоқ, үш түрлі» дегенге келді. Соңыра «төртеу шығар» деп те ойлады. Мүмкін…
Базар жаңағы тұрған жерлерінен оншама алыс та емес көрінді. «Білмеген жердің ой-шұңқыры көп» деген сол, таяқ тастам жер екенін болжағанда асықпай аяңдап-ақ жаяу жетер еді.
– Жарайды, төртте жолығамыз.
– Мақұл.
Көк машина жылжи берді, бұл екеуі қалың нөпірге бет алды. Базардың шетінен ең бірінші көзге ұрғаны жоқ-жітіктің бейнесі болды. Иығына елде жоқ құрымды жамылған екі-үш сүмеңбай немелер қылқиып, аяққа оралды. Одан ары таманырақ тышқан сасыған қытайдың өтелдері саусылдап тұр. Тура айна қатесіз Алматыдағы көрініс. Бір айырмашылығы, бұл жердегі орыстардың: мемлекеттік тіл орыс тілі болса да, бүгін ғана алқаптан айлап-апталап жүріп картошка теріп қайтқандай, иіндері салбыраңқы. Басырқып, бас білдіріп тастаған тайдай, аяқтарын ептеп сақтықпен басатын сияқты. Адамды еріксіз ойландыратын нәсте.
Олардың бүгін бүрісетіндей де жөні бар. Таң атқаннан бері екі-үш қайтара өткінші жаңбыр себезгілеген. Бұлар көкейлеріне қыпыл енгеннен соң оны онша ерен көре қоймаған, тіпті әуелі нөсердің бүркігенін де байқамағандай. Жерге ойдым-ойдым іркінділер жиналыпты, аяқтың асты ыбылжыған лайға айналған. Күздің шұғыласы нәрсіз сәулесі көңілге титімдей де қуаныш сыйлай алар емес. Ағаштың жапырағы да, алаштың пендесі де діріл қағатындай.
Бір кезде мұрындарына күйген майдың исі шалынды. Сонда ғана Жапар мұнда өздерінің нендей ниетпен келе жатқандарын топшылады. Ауқаттану көкейлерінде бар еді ғой. Онда да Ерсұлтанға бола базар іздеген, өзіне салса, нәр татпақ емес. «Байқұс әлі басын жазған жоқ. Жұмыста болса ендігі мұртынан күліп, буы бұрқырап отырар еді. Қайта мұны сыйлағанынан тентіреп осында келіп тұр. Рахмет онысына. Әйтпесе, жанына не зор туыпты?»
Ұзын дәліз тәріздендіріп жасаған ләпкелердің орта тұсында, шатырдың астына қойылған төрт-бес столдың қаралдысы байқалды. Екі жақ қапталдағы жабайы сауда орындарының айқұш-ұйқыш темірлеріне жіп керіп, соған картон қағазға «палау, лағман, ыстық шай» деп ойдақ-сойдақ қолмен жазып қойыпты. Бұл, енді, жарнаманың қазақ пен қырғызша түрі.
Бұлардың болмашы іркілгенін аңдап қалған аспазшы әйел:
– Байке, келіңіздер, келіңіздер! Ауқат ішіп кетіңіздер, – деді меймілдеген ықыласпен.
Екі еркек ләм деп тіл қатпастан солай қарай бұрыла берді. Жаңағы әйел иесін көптен көрмеген итше бұлардың алдын орай арсалаңдап, көзіне нұр жүгіре қуанды. Бірақ онысының бәрі жасанды. Бұл бүгінгі саудагерлердің бойына тән мінез-тін. «Құдай-ау, мұндай тәйкүшіктікті жұрт қайдан бірдемде меңгере қалды, әлде осыған оқытатын бір жерде аярлықтың астыртын академиясы бар ма екен» деп Жапардың бұрыннан қайраны шығатын.
– Бәрі бар осында, байке. Палау десеңіз – палау, лағман десеңіз – лағман… – Етжеңділеу пошымына қарамай ұшып-қонады. Құтты бір тағамын тегін беретіндей қиылып қоймайды, мүмкін өтіп бара жатқан кісінің қалтасында көк тиыны да жоқ шығар. Бәлкім, мұның пісірген асына оның жанындағы пұлы жетпейтін шығар. Мақсаттары қалайда отырғызып ішкізу сияқты. Ішкеннен кейін таппасына қоймайды, «ақшам жетпейді десе» қаңғып жүрген милиция көп, соның біреуіне ым қаға қойса бітті. Әлгі көк соққыр мұндай «алаяқтың» қолын бұрап алады да кетеді, содан ары қарай ол пақырыңның тағдыры дәп осы аспаз боп бәйек қаққан неменің қолында. Оқиғасына тұздықты қосып, қағазды жандырып-жандырып жазып жіберсе, «түгім жоқ» деген пәтшағарыңның өзі «бәленбай есе ақша беремін» деп жалбарынар. Әйтеуір, осы елден ерекше елпілдеудің арғы жағында бір зымияндық жататындай көрінеді.
Жапардың есіне бала күнгі көрініс оралды.
Бұлардың үйі тура Ойжайлаудың шетіндегі жұртта отырды. Әрі табан аудармай сол жерді жеті-сегіз жыл жайлады. Жердің бәрі жақсы ғой жарықтық, бұл қоныстың бір кемшілігі – үй-ішіне өте қолайсыз. Өйткені, ол жұрт – тура айдау жолдың үсті еді. Дамылсыз үстірттегі жайлауға кеңшар мен ұжымшарлардың отар-отар малы айдалып жатады. Көш толығымен өтіп кеткенше екі көздерін өздері бағып отырған қойдан айырмаулары керек. Өйтпесе, төрт аяқты мал, зып етіп бөгде отарға қосылып кетуі ықтимал.
Сөйтіп, сондай қырағылықпен бір көшті ілгерлетіп салып уһ десе, бет алдындағы қырқадан екінші ұбақ-шұбақ созылған көштің айқай-ұйқайы естіліп, төбелері көрінеді. Бұлар тайлы-таяғымен тұтас қайта малға шабуылдайды. Бұл ойын қызығына тоймайтын сәбиге тұтқынмен пара-пар еді. Елдің балалары тайға мініп шапқылап, үйді-үйді аралап қыдырып.
жүргенінде Жапарлар жіпсіз байланып, «мал қосылып кете ме, бірлі-жарымы бөлініп өзекте қалып қойған жоқ па» деген дүдәмалмен титтей жүректеріне алаң кіріп тұрғаны.
Кейде, көш үйдің қасындағы өзектегі бұлақтан шыға алмай, ұзақ бөгеледі. Әлгі мал айдаушылар соңдарынан түре қуып келе жатқан ешкім жоқ болғандықтан арқаны кеңге салатындары бар. Отарды суға құлатып, өздері үйдек-түйдек күйі қалқиған қараша үйге түседі. Содан байқұс шешелері жолаушыларға шай беріп, болса тамағын ұсынып, қашан да құрақ ұшып күтіп жатқаны. Сөйтіп, таңның атысынан кештің батысына дейін кемінде жиырма адам тамақ ішетін еді. Оларды келді-кетті деп және ешкім сөкпейтін әрі ренжімейтін. Өйткені, халқымыздың ежелгі салт-санасын сақтап қалған қырда отырған жұрт үшін көлденең өтіп бара жатқан қаймана кісіге де тыржыңқы қабақ таныту еш ақылға сыймайтын, ол өліммен тең еді. Бір жағынан шешесі Нұрғаным: «менің де балаларым көшкенде мал соңында осылай тілдері таңдайларына жабысып, төбелерінен күн өтіп жүреді ғой» дейтін, әсіресе, олардың арасындағы кішкенелеріне жаны ашып. Жүргіншілер шайға да қанатын, қымызды да сіміретін. Онда ешкім «мынау менің тамағымды ішіп кетті ғой» деп ойламайтын, «ырысымды ішпейді» деп, алдағы күнде құдайдың беретініне еш шәк келтірмейтін. Ал базарға барып бір нәрсені сату, оның ішінде тамақ сату – барып тұрған қас масқара-тұғын.
Аспазшы алдыларына әкеп ыстық сорпаны қойғанда барып Жапардың бала күніне құлаған ой-қиялы ыдырай бастады. Буы бұрқырап лағман келді, әшейінде ең сүйікті тағамы еді, қазір тамағына бір нәрсе кептеліп, ас жүргізбей бунайтындай. Ал Ерсұлтан ыстық сорпаға бірден бас қойған. Кешегі түнгі сойқаннан кейін келесі күні түс ауғанға дейін нәр сызбай жүру барып тұрған ерлік. Сол қайталанбас ерлікті бүгін қасына серік боп ерген Ерсұлтан бұған көрсетті: жауапкершілік артып шыққаннан кейін, жүрдім-бардым салғырттыққа бой ұрмады.
Аспазға тапсырысты Жапардың өзі берген. Басында жолдасының нені қалайтынын білгісі кеп «Ереке, не ішеміз» деген еді. «Сорпа ішелік» деген ол одан арыға бармады. Бірақ құрғақ сорпаның топыраққа тойынбаған жыландай «шалажансар» бұған онша әсер ете қоймайтынын бағана-ақ топшылаған, сосын ту сыртына мойнын бұрып аспазшы әйелге иек қақты. Ол байқұсың атырылып-ақ тұр, бірден бұларға қарай салды.
– Иә, байке…
– Таза арақтарыңыз бар ма?
– Бізде бәрі таза, «самопал» жоқ. – Жаңа сойылған малдың өкпесіндей боп жайылған қытықсыз беті бүлк етпейді.
– Рас па?
– Құдай ұрсын, байке!
Жапар назарын Ерсұлтанға аударды, ол бірдеме айтар екен десе, басын тұқитып еңсесінің бәрін табаққа салып жіберіпті. Бұлардың әңгімесін естімейтін сияқты. Бірақ, дастарханның үстіне бір шөлмек келсе, «кет, әрі» дейтін де емес.
– Онда бізге бір тазасын әкеліңіз.
– Жарайды. – Қол-аяғы жерге тимей етжеңді әйел демде дөңгеленіп бара жатты.
«Әй, қайран нарық-ай…» деп ойлады жігіт. Баяғыда дәйекшіні шақырсаң келсе де кергіп басып, әйтпесе «қазір» деп қойып, сідігіңді сарғайтып, діңкеңді құртатын еді. Бүгін, міне, ләббай ұрып тұрғаны. Тіпті, саған өмірдегі ең қымбат қимас жанындай қиыла қарап, ери қылмияды. Осыншама аярлықты қай бүйіріне сыйғызып келген? Әйтеуір, түпкі мақсаттары мәліш дүниелерін қымбатқа бұлдап, қалтаңдағыны барынша әріден қопарып алып қалғысы бар.
Көкейіне тағы да бір қызық байлам оралды.
Жаралғаннан қалада тұрған адам алып мұржалар мен қара түтіннен басқа ештеме көрмейді. Кейін өсе келіп, солардың көбі өзі де алып мұржа салғыш инженер болып шығады. Қартайғанда заһар қаратүнегін шашқан сол тажалына «мен салдым» деген насаттанған көңілмен сүйсіне қарар. Осынысы үшін мұны ел де төбесіне көтерер. Тіпті, ондай адамның көретін түсі де индустриалды болып келер. Ал, мына майлы қасықша жылпылдағандардың көретін түсі қандай екен?..
Демде шөлмек те столдың ортасынан орын алды. Жапар екі стақанға құйып, біреуін жолдасына ұсынды.
– Ереке, кел, мынау тамақтың астында қалсын.
– Ішпеймін.
– Қой енді, дәл қазір бір жүз грамм пайдасын тигізбесе, зиянын келтірмейді.
– Жүрмей тұр, араққа қарағым жоқ.
– Біріншісін қыстап жіберсең, арғы жағы жақсы боп кетпейтін бе еді.
Ерсұлтан үндемеді, қызыл бұрышқа көмілген лағманын шанышқышына баппен орай берді.
– Бағанадан бері «тергеушімен жолығамыз ба» деп бөгелдік, енді әріптестеріңмен кездеспейтін болдық, кел, алып қоялық.
Оның қолы ақырын стақанға қарай жылжыды.
Екеуі қағыстырды да көп іркілмей тартып-тартып жіберді. Ізінше Жапар тағы бір қайтара құйып қойды, ондағысы Ерсұлтанды «адам» қалпына тезірек әкелгісі келгені еді. Бір жағы өзі де ақылдан алжастырған мына әбілеттен бір сәтке болса да құтылуды жөн санады. Сәл өтпей-ақ ептеп, тәбеті де ашылғандай сыңайы байқалды. Кешеден бері жоғалған аузының дәмі де қайта кіргендей сезінді. Арқасының құрыс-тырысы да жазылып, бойы балбырай байсал тарта берді.
– Бүгін ештеме бітпегендей көрінгенімен, көп шаруа тындырдық, Ереке. Қысылғанда осылай иықтан біреудің демегенінің өзі, түсінген адамға бақыт. Бұған «тәуба» деу керек, қашан да «тәубамызды» жоғалтпайық. Кел, сол үшін...
Жаңағыдай емес Ерсұлтан еш қарсылықсыз стақанын соғыстырды.
– Дұрыс айтасың, осындайда бір-біріміз үшін күймегенде қашан шабыламыз? Ақымақтықпен азапқа салса да бауырдың бары жақсы. Інілерің кішіліктен еркелейтін шығар, ал менің ағаларым көресіні көрсетіп келе жатыр. Өзіңнен үлкеннің ақымақ болғаны қасірет екен. Бірақ, далаға тастай алмайсың… Алып қоялық.
Екеуі қайыра соғыстырды да, бұл жолы мүдіріссіз сілтеді.
Лезде Жапар самайының жіпсігенін байқады. Ерсұлтанның өңі де қызылшырайланып, бал-бұл жана қалыпты. Бағанағы ала-құла жүдеу кейпінен арылып, әдеттегі байсалдылығына енген.
– Құдайдың мына әйелге қарасқаны ғой, әйтпесе сонау Талдықорғаннан Сапарды Алматыға тура алдына айдап алып келе ме? Маңдай терімен тапқан адал ақшасы болып тұр ғой.
Жапарға кішірек домалақ көздері ежірейе қадалды.
– Солай шығар… – Бұл оны құлықсыз қолдады.
– Төрт бірдей баласы бар екен, солардың көз жасы ғой жібермей тұрған.
«Біздің көз жасымыз кімнің үстіне төгілмеді, неге біздерді қан жылатқан адамдарды назамыз ұрмайды? Әлде, жеті атамызға жететін тәңірінің алдында жасаған күнәміз бар ма?»
Жолдасының келесі уәжіне еш жауап қайыра алмады. Керісінше оның бұл сөзі мұны одан сайын тұңғиыққа батыра түсті. Мақсатсыз мұртын сипап, иегін саумалап басын кекжиткен қалпы бір сәт ой қорытты. Ептеп білеуленген бетінің бұлшық еттері жыбыр-жыбыр еткендей болды. Шынында да Ерсұлтанның айтып отырған сөзінде уыздай ұйыған имандылық бар. Құдай алжастырайын дегеннен кейін енді қайтесің, әйтпесе бір бұралқының нанын тартып жейтін Сапар соншама тексіз емес еді. Әттең, қара басқаннан кейін не шара.
– Кел, мынаны енді қалдырмай ала салайық.
Байқаса өз уайымымен өзі лауқиланып кетіпті. Жалма-жан есін жиып сағатына қарады. Уақыт та біраз боп қапты, үштен асып барады. Сосын қолына стақанын алып жолдасымен бір соғыстырды да тартып жіберді. Аузына спирттен бөлек химиялық қосындылардың дәмі білінді. Бағанағы пәтшағардың бұл өнімді өз қолымен істегендей сөйлегеніне зығырданы қайнады. «Білмеймін» деп шынын айтса қайтеді, біреу бірдемесін кесіп ала ма? Арақты ол шығармайтыны елдің бәріне аян ғой.
– Еже, бері келіңіз. – Осында болғалы үйренген сөздерін Ерсұлтан кәдесіне жаратып пайдаланып-ақ тырысты.
– Байке, не дейсіз?
– Бір пачкі темекі берсеңіз.
– Мақұл.
Кеткені сол еді, әлгінің оралғаны одан да тез болды.
– Мінекейіңіз.
– Есеп айырысалық. – Жапар енді қозғалу керектігін байқатты. – Теңгені аласыздар ма?
– Ала береміз. Бізге теңге, доллар, рубль, сом – бәрібір.
Оның қолына сұраған сомасын ұстатты да, қоштасып сыртқа беттеді.
– Келіп тұрыңыздар.
Аспазшы сонда да соңдарынан қалмай жалпақтады.
Уағдалы тұсқа он бес минуттай бұрын жетті. Әйтеуір, өз тараптарынан кішкентай да кінәрат жібергілері жоқ. Қалай да жәбірленушінің көңілін тауып, қолынан түк келмесе де жылы-жылы сөйлесуге ниет еткен. Бірақ, қарсы жақтан ондай тап-тұйнақтық білінбейді. Тағы да ертеңгіліктегідей күттіріп қойды. Сарсаңдықпен жарты сағаттай өтті. Жапар өз-өзін әйтеуір «олардың да қолдарында тұрған ештеме жоқ, тергеушінің ыңғайына жығылып, соның төңірегінде айналсоқтап жүрген шығар» деген сияқты бұлдыр үмітке иек артып алдаусыратады. Жалпы, бұл өмірде бір нәрсеге сенім артпасаң, арам қатасың – өліп қаласың. Осы қағидатты ұстанғаннан кейін түпкі байламы негізсіз болса да, сол сырдақтың өзіне табан тіреп байыздауға бел байлады. Бірақ, Ерсұлтанның тоқтаусыз балпылдай айтқан әңгімесі жанына шоқ басқандай батып барады.
– Күйеуі де бір құдайға қараған адам, әйеліне басу айтып, тоқтамға шақыруда. Өздері Әндіжандағы соғыстан қашып келген босқындар. Енді мына жақта арандағандарын қарашы… Рас, шылқыған коммерсанттың біреуі болса, бүйрегім бүлк етпес еді. Мынандай жағдайда айыпкерді ешқандай милиционер аямайды. Мен өзім милиционермін ғой, – кеудесін қолымен нұқып, басын изеп, құлшына сөйледі, – олардың психологиясын білемін. Ал, мына байқұстар тергеушіге “кешірім бере гөр” деп айтуға өздері шабуылдап жүр… Азамат екен.
Бағанағыдай емес, жолдасының қан-сөлсіз өңіне қызыл жүгіріп, өзін сондай ширақ сезінетіндей. Темекінің түтінін де баппен ернін шүйіріп, шиыра үрлейді.
– Енді қайтеміз, Ереке. – Жапардың жаны қыстығып кетті, бірақ онысын лақ еткізіп көрсетпеуге тырысты. – Жазмыш солай, шара бар ма? Жазған құлда шаршау жоқ дегендей, «міне, кесетін болсаң басымыз» деп алдына құрақ ұшып келіп тұрмыз. Бұдан басқа қолымыздан не келеді, айтшы өзің? Сотталмақ түгілі атылып кетсе де, алдына мойынсұнбайтын безбүйректер табылады ғой.
Даусын көтерген жоқ, ойын баяу, нық жеткізді. Әйткенмен қабағы шытылып, жағы суала қалған еді.
– Қалай да Сапардыкі дұрыс емес, ең құрымағанда еркекке ұрынбай ма? Сөйлескенге де, қорғаштағанға да аузың барып, батылырақ кірісесің.
– Оныкін дұрыс деп, қолпаштаған ешкім жоқ, дәл қазір біздің мақсат – біреу. Мына әйелдің ақшасын беріп, қалайда Сапарды қамаудан алып шығу. Содан кейін онымен тәрбие жұмысын жүргіземіз.
– Жоқ-ә, сөз қозғаудың өзіне ауыз бармайтынын айтам да.
– Енді қайтеміз, жүзімізге көң жамап, бетімізбен жер басып тұрмыз. – Жапар бұдан соң ширыға жөнелді. – «Әйелінен ұялған ұрпақсыз қалады» деген… Бет моншағымыз төгіліп ешкімге тура қарай алмасақ, мына сандалыс жүрісіміздің мәнісі не? Ағаларының ынжықтығынан Сапар онда кемінде жеті-сегіз жылға кете барады. Ұялады екенбіз деп үйден шықпай қарап отырамыз ба? Тірі адам тіршілігін істейді деген баяғыдан келе жатқан сөз бар емес пе? Әлде біз өлікпіз бе? Айыпкер болсақ та сырт көзге бар екенімізді білдіруіміз керек шығар.
– Қол-аяғы балғадай, пошым-бітімі анау…
Осы кезде Ерсұлтанның сөзін аяқтатпай көздеріне ыстық боп қалған көк «Жигули» көлденеңдеп кеп тоқтады. Жапар бірден солай қарай беттеді. Байқал да машинасынан алқын-жұлқын шығып, ұмтылып келеді. Ар жағынан бозборан әйелінің ұсқыны көрінді. Басына бағанағы жиегінде көмкерілген ұсақ қызыл гүлі бар қара орамалын шарта буыныпты. Оның екі ұшы үріккен тайыншаның құлағындай желкесінен едірейеді.
– Зорға жолығыстық. – Сара самбырлай үн қатты. – Жиналыстан жаңа ғана босады. Көп күтіп қалдыңыздар ма?
Ол өзін айыпты санап, ақталатындай. Көздері де бір түрлі ұялыс тауып, тура қарай алмай жыпық-жыпық етеді. Оған күйеуі қосылды.
– Сіздерді жолдарыңыздан бөгеп…
– Жарайды оқасы жоқ, шаруаны тындырсаңыздар жарады.
– Реттедік. – Байқал нығыз сөйледі. – Кешірім ететінімізді айттық.
– Иә, иә. – Оған Сара қосылды. Енді Жапар соның аузына қарады. Бұл кезде жанына Ерсұлтан да таянған. – Түстегі жазған қағазды көрсеттік, сіздердің «ертең кешке дейін ақшаны қайырамыз» деген сөздеріңізді айттық, ініңіз Сапарды ертең босатуын сұрадым. Ол келісті.
– Телефонын берді ме? – Жапар шыдамсыздық танытты.
– Берді. – Күйеуі шорт қайырды. – Үйінің де, жұмысының да телефонын берді.
– Бірақ, – оған әйелі күмілжіп барып, жалғаса ілесті, – бұл шаруа жөнінен аудандық прократура хабардар болып үлгеріпті. Іс қазір солардың бақылауында екен. Сондықтан… – Тілін жұтып қойғандай тағы да мүдірді. Мүләйім көздерін бұған бір төңкеріп, лезде тайқытып әкетті.
Мына әйелдің және бір бәлені көмейіне тақап келе жатқанын Жапар іштей ұқты. Ұқты да оның батпан салмағынан жан-дүниесі қалтырай жөнелді, әйткенмен бұл әлжуаздығын ешкімге білдірмеуге тырысты. Дегенмен аққұба өңі күреңітіп кеткен еді.
– Шаруаны бір жола жайғау үшін азын-аулақ қаражат керек болып тұр. Онысыз тергеуші түк істей алмайды.
– Қанша? – Үні қыстыға, тамағынан қарлығып шықты.
– Менің ақшам бар, оларға беретін ақша бар, барлығы – алты мың доллар.
Мынаны естігенде жігіт төбесіне тас құлағандай есеңгіреп, ақылынан айырылды. Алайда, бұл күтпеген құқайы емес еді. Өйткені, жәбірленушінің шығынын орнына қойғанмен, милиция қолына іліккен бәтірді тектен-текке жібермесін баяғыдан білетін. Осы құйтұрқылықты біле тұра, қырғыздардың құқық қорғау орнының әрекеті өздерінікіне ұқсамайтын шығар деген аңғал ойға бой ұрғаны бар. Сөйтсе алжасыпты, шекпенділердің қомағай көңілі қай жерде де жемсаулығына басады екен. Егер шындығында да ақшаны алып, босататын болса, қайта ашығын айтып тұрған мына тергеуші – азамат. Өйткені ол, қанша әділдікті жақтағанымен, ішкі құрылымдағы әбден қалыптасқан «салтты» аттап қайда барсын? Тегіннен тегін босата алмайды, босатып жібергеннің өзінде оның қара басына қатер төнеді. Себебі, «Алатын нәрсені өзі ғана қымқырып, ешкімді ортақтастырмады. Ішкі істер жүйесі жекеменшігі ме еді? Бұл қайдан шыққан айталтақ, кімнің шікірәсі?» деп, ондағы кеудесіне нан піскен небір апайтөс «сұңғылалар» әлгі бәтірді жерге қазық қып қағып жіберер. Сондықтан оның бұл уәжі ешқандай өрескелдік емес-тін, нағыз жаны ашыған адамның ісі. Ал ақшаны қалтаға басып ап шаруаны тындырмайтындар қаншама?
Барлығы бір сәт үнсіз тұнжырады. Жапарлар мына қойылған шартты естіп тілден айырылса, ана екеуі зіл батпан сөзді жеткізіп, айыпты боп тұр.
– Кешкі сегіздерден кейін үйге хабарлассын деді.
Қайта әйел бәрінен өжеттік танытты. Құрдымға батқан үш еркекті осы бір ауыз ләмімен-ақ шыжымынан ұстап суырып алды.
Ерсұлтан екеуі мыналардың бетіне жапақ-жапақ қарады.
– Қазір, сабыр сақтаңыз. – Сара жалма-жан сөмкесін қопарыстыра жөнелді.
– Өй, жаңа қалтаңа салған сияқты ең ғой. – Күйеуі күйгелектеніп барады.
– Жоқ, сөмкеме салғам, – бүгежектеген қалпы жауап қайырды, – міне, таптым.
Әйел бір жапырақ қағаздың бүктеуін аша бастады.
– Жазып алыңыз.
Жапар сүйкектете жөнелді.
– Енді өзіңіздің телефоныңызды беріңіз, – деді Сараға.
– Иә, айтайын…
Сөйтіп, деректерді тәптіштеу аяқталды.
– Ал, енді, ертеңге дейін хош-саламат. – Жапар қойын кітапшасын қалтасына салып жатып, негізгі шаруаға көшті. – Сіздерге рахмет, кінәмізді кешіріп қана қоймай, жәрдемдеріңізді де аямадыңыздар. Алла жар болса, ақшаларыңызды ертең кешкі жетіде жеткіземін. Енді біз үшін әрбір минут қымбат, сондықтан ештемеге қарайламай тап қазір сапаржайға барып, Алматыға жүріп кеткеніміз ләзім. Сау болып тұрыңыздар.
– Ойбай, о не дегеніңіз, сапаржайға дейін жеткізіп саламыз ғой. – Сара шыр ете қалды. Әдеттегідей күйеуі қостады.
– Машина бар емес пе, отырыңыздар.
Бұлар олардың көрсетпек қызметіне үн-түнсіз келісті.
Сапаржайға келгендерінде әдеттегідей адам жыртылып-айырылды. Жапарлар кассаға бұрылмай бірден таксилер аялдайтын батыс жақ беттегі алаңқайға тартты. Жарықтықтар тізіліп, сонадайдан «мен мұндалайды». Бұларды әудем жерден қалт жібермей бағып тұрған сойдауылдай-сойдауылдай жігіттер, жандарына таянғанда:
– Қайда барасыңдар?! – деді қос-қостан даурығыса.
– Алматыға.
– Келіңдер.
Әлгі лек бұларға қарай тұтасымен сәл лықсып барып тоқталды.
Бұл топтан арытаманырақта «Такси, такси! Кімге такси керек?! Алматы, Жамбыл, Шымкент! Кез-келген жаққа жүреміз» деп, біреу жініге айқайлап өз бетінше ары-бері сенделеді. Қарап тұрсаң оның мына кейпі құтты бір жұмыртқалайын деп мазасы қаша қыт-қыттайтын мекиенді елестетеді. Байқауынша онысы мыналардың айқайшы-жарнамашысы сияқты. Осы елді бөрліктіріп даңғаза көтергені үшін де тиын-тебен алатын болса керек. Сондықтан да оның кондуктор деген сияқты «айқайшы» – «крикун» деген жанама аты бар.
– Қай машина?
– Анау асфальт түстес «Ауди». – Сидаң сары орыс жігіті тіз қатар тұрған көліктердің шет жағын нұсқады. – Қаншаусыңдар?
– Екеуміз.
– Автокөлікке бара беріңдер.
– Шопыры кім?
– Мен.
– Жүрмейміз бе?
– Енді екі адам керек.
– Біз асығыспыз.
– Олай болса, машина – үш мың екі жүз теңге. Төлесең, тіпті жақсы, жүре береміз.
Мына шартқа төтеп бере алмай Жапардың іші қылп етті. Қалтасында екеуінің жолына жетерлік қана пұлы қалған еді.
– Басқа, жүрейін деп тұрған машина жоқ па?
Төңіректі барлап, мойынын соза жан-жағына қарады.
– Бізде кезек. Жаңа ғана адамын толтырып Алматыға бір машина кетті. Қазір менің кезегім.
Осыдан кейін екеуінің сауалы таусылған. Үн-түнсіз әлгі машинаға қарай беттеді. Ең құрымағанда жұмсақ креслоға отырып, салдырап қалған өн-бойына тыным бергісі келді.
Көп сарылған жоқ, таксиге жүргіншілер жылдам толады екен. Ең бірінші сырдаңдаған орыс әйелі жетті. Жас шамасы елулерге таянған, бірақ көңілі жас сияқты. Жұтынып тұр. Аяқты қаздаң-қаздаң басады. Шашын сірестіріп бұйралап тастапты, екі бетті сүрмелеп бояған. Қасты керіп, кірпікті қайқайтып қойыпты. Сирек біткен қасының шалғайын қарындашпен әдіптеп, кем-кетігін қара нәлмен толтырып жіберіпті. Шеңбірек атқан омырауын мақтаныш көретіндей тырыстыра футболка киіпті, бұтында спорт шалбары. Екі мықыны сыртқа теуіп, мүсіні мінсіз білінеді. Бойы да сұңғақ, бітімінің бәрі осы еңселілігінен әдемі көрінетіндей байқалды. Әйтпесе, қаптаған орыстың жаман мәтрөшкелерінің бірі ғана тәрізді.
Келгеннен әр нәрсені бір айтып сөйлей келді. Шамасы анау-мынауыңды ерен көрмейтін өзіндік бір сасық паңдығы бар сыңайлы.
Бұдан кейін арада бес минут өтер-өтпесте бет-аузында ине шаншар орын жоқ тұтастай тікенектенген төртінші клиент жетті. Екі иіні салбырап, киімдері олпы-солпы көрінді. Осы ұсқынына қарамай ол да өзінше біреудің шікірәсін пір тұтпайтын сыңайлы.
Сөйтіп, төртеуі жолға бірге шықты. Әп дегенше-ақ Қазақстанның шекарасына келіп қалған-тын. Жапар «осылай сыдырта берсе, кәзір-ақ барамыз ғой» деп іштей қорытқан. Мұнысы өзіне басу айтқаны еді. Онысы асылық болған екен. Қырсық қылғанда шопыр Георгиевка поселкесіне бұрылып, мақалланың әлдеқайдағы бір түкпіріне дендеп ене түсті. Бұл өрескелдігі клиенттерінің шымбайына батып бара жатқанын біліп, ақтала үн қатты.
– Бағана Алматыға қатынайтын жолдасым аяқ астынан Шымкентке аттанды. Үйіне де кіре алмады. Соны маған жол-жөнекей ескерте сал деп еді, енді, айып етпеңіздер. – Қақ маңдайында тұрған салонның ішіндегі айнаға қарап, бұлардан кешірім өтінгендей қуыстана жымиды. – Ары кетсе, он бес-ақ минут. Одан артық бөгелмейміз. Бірге жұмыс істеп жүргеннен кейін… – Сөзінің соңын аяқтай алмай тілін жұта бөгелді. Өйткені оған ешкім иә «мақұл», иә «жоқ» деген бейіл білдіре қоймады. Осының өзі түсінген адамға түпкілікті қарсылық еді.
Әрине, мұны естігенде Жапар әйнектей шытынады. Әйтеуір, қырсық айналдырып, кедергі аяғына тұсамысша оралады. Әншейіндегі тікесінен түзу жүретін такси де бүгін бұра тартып, мұны келеке ететіндей. Бірақ, ашық қарсылыққа шығып, «машинаны жалдағаннан кейін Алматыға дейінгі ендігі қожайын – біз, ешқайда бұрылмастан түзу жүр» деп, қиястық танытпады. Өзін терісіне сыймай бара жатса да сабырға шақырды. «Пенде болғаннан соң, пенденің таусылмайтын шаруасы болады. Сондай бір қыжалат көрген тірлікпен бұрылып бара жатқан шығар. Әйтпесе, ту арқасынан аяздай қадалған алты көздің сұғы бейшараны жай таптырып отыр дейсің бе» деген бір көшебелі ойға тірелді. Содан кейін жанын қанша шүберекке түйе бебеулесе де, көнуге бет бұрды. Көнбегенде қайда барады. Азар болса боқтасар, ақшасын алып түсіп қалар. Содан кейін екі кештің ортасында кім мұны барар жеріне дейін әкете қойсын. Алматыға жетуін жетеді-ау, бірақ, қай кезде жетеді? Әңгіме осында. Тектен-текке бір он бес минутқа бола үш-төрт сағатынан айырылып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, бәріне төзуге тура келеді.
Тісін тісіне қойып шыдап бақты. Бірақ уәделі он бес минут емес жарты сағаттан астам уақыт шопырдың шаруасымен айналды. Ол әлдебіреудің үйіне кіріп, әлдебір нәрселерді алып, әлдебір шаруаларды қозғап, әлдебір жайттарға келісіп рульге зорға отырды. Енді бір бес минут бөгелгенде, Жапардың өті жарылуы әбден мүмкін еді, бірақ, жақ ашпауға бар-тұғын. Өйткені, бүгінгі ашуы ертеңгі шаруасына қырсық боп жамала ма деп, барлық азапты үнсіз көтерді.
Машина поселкенің бір қиыр шетіндегі оқалақ-шоқалақ жолмен ілби зорға жылжиды. Бағанағы осы қарқынмен әп-сәтте жетерміз деген үміті өзін бос алдау екенін әбден ұғынды. Бойындағы болар-болмас жігері түгі қалмай түгесілгендей көрінді. Кеудесін қара тас басқандай тынысы тарылды. «Ауди» асфальт жолмен бауырын жазып жүйткіте жөнелгенде де, ол шапшаңдық мұның уайым жайлаған көңілін сергіте қоймады. Тасбақаға мінгендей талабы шағылды.
Күн байып келе жатты. Бір жақсысы батар күннің сәулесі ту сырттарынан түсіп, көз нұрымен таласпайды. Сондықтан жанарым қарығады деп қорықпай алдыға батыл қарауға болады. Ілгеріні толық бақылай алған адам кез-келген тығырықтан шығып кете алатынына әркез сенімді. Міне, салқар дала арса-арса омырауын жайып тастап, ұзыннан-ұзақ созыла керіледі. Оң жақ қапталдағы жота-жота боп басталған қоңыр таудың етегі тұнып тұрған берекенің мекені екенін анық аңғартады. Ара-кідік көзге ілініп қалатын жылқы, ірі-қара, соларды көздеп түртінектеген салт атты бақташы бәрі-бәрі Жапардың көңіліне сондай жақын. Бір кезде өзі де ат үстінде мал соңында жүрген.
Осы бір сана-түйсігіне соншама етене бейқам көрініс өзіне тартып сәл сергіткендей болып еді, әбден меңдеген уайымы қайтадан болмашы серпілген көңілін сары аурудай сарғайтып жіберді. Жер өртенсе ел көреді, жан өртенсе пенденің назары шала қоюы қиын деген осы. Таңы айырыла, тілі таңдайына жабысып шапқылаған жол шаршатты. Қорғасындай ой одан әрман жанын жаныштап тастады.
Қарап отырса бүгінде кешегі күні пышақ үстінен бөлісетін безбүйректіктің төңірегінде топтасқандардың алды министр бола бастапты. Қысқаша қайырғанда рэкеттік топтардың төбеттері. Сонда әділдік қайда, «демократиялық қоғам құрып жатырмыз» деп ұрандайтынымыз не? Жұртымыздың елім деп еңіреп, халқы үшін көкірегімен жер жыртып жүрген азаматтары қайда? Мына бір бозөкпелер билік басына қалай келді? Әрине, ақымаққа да белгілі –ақшаның күшімен. Азын-аулақ қана шығын шығарып – тышқанның мұрнын қанатып, сосын соның орнын толтыру үшін қайтадан жамбасқа бопыр ақшаны басады. Осы жолда «реформа» деген бетперделік сөзді көлденең тартып, бойындағы барша «өнері» мен «талантын» жұмсайды.
Тіпті олар «рэкет» деген сөздің өзін пір тұтады. Өйткені осы тәсіл арқылы біраз нәтижеге қол жеткізіп отыр. «Әлі де қол жеткіземіз, « Р ыноктық Э кономикадағы К елеңсіздіктерді Е ртең Т үзейміз» деп, алдарына мақсат қойған. Сондықтан реформаны желеу етіп қара басы үшін қарайған халықты қан қақсатып, тұтастай елді сорлатып барады. Сасық байлықты одан ешкім қызғанбайды да, әттең, қағанағынан қағынып шыққан бәлелер халқының құндылықтарына қол салуда. Келімсектердің сойылын соғып, ана тілімізді әдірем қалдыруға бейіл. Әрі, сол өзіндік пиғылын іштей ұстанып қана қоймай, ұлтына қарсы ашықтан-ашық қамшы сілтейтіндер қаншама. Әлгілердің түсінігі бойынша қайда өмір сүрсе де бәрі-бір, тек ақшаны қолдарына уыстап тұрса болды. Ал халқымыздың мүддесі үшін күрессе, түз төсінде туғандар ғана күресе алады.
Жалпы, бизнесмендер инфляцияны сүйеді. Неғұрлым ақшаның құны түскен сайын, соғұрлым насаттанады. Өйткені, мұндай жағдайда өкіметтен алған несиесі елеулі пайыздарға өзінен-өзі арзандап отырады. Соған қарағанда мемлекеттің беделі, халықтың тұрмысы оларды онша ойландырмаса керек. Молданың тілеуі жаман демекші, бедекшілердің де ниеті қарау-ау. Ал, нанның бағасы өскендегі ауылдағы халықтың көңіл-күйін көрсең… Қанша бала киімнің жоқтығынан жаңа оқу жылында мектепке бара алмай қалды. Бұл – тек қазақ халқының басына үйірілген зауал. Бұған қазір назар аударып отырған ешкім жоқ, тырнақтың көбесіне жаңадан түскен күбірткі сияқты. Оны қара тасқа шертіп-шертіп жіберудің орнына, аңысын аңдып, бейтарап қалған жайымыз бар. Соқталы зобалаңның әлі талай жаныңды суырып, ауыртатын кезі алда.
Жапардың көз алдына және бір көрініс елестеді.
Алматының іргесінен онша қашық емес Кербұлақ ауданының аумағын аралағаны бар. Сонда көргені, жапан түздегі жалғыз үй малшының әйелі босаныпты. Байқұстың қол-аяғын бауырына алғанына екінші күн екен. Бейшара әлдекімдердің әйелдеріндей алдын-ала дәруханаға барып, жанын сақтамапты. Әрі перзентханадан шыққанында бір құшақ алқызыл гүл ұсынып, осы бақытты сәтін ешкім бейнетаспаға түсірмейді де. Оны бүйтіп еш пенде әздектетпес, өйткені, перзентханаға бармақ түгілі күнін көріп алса жарар. Және де туып жатқан қатынның алды немесе соңы осы ма? Құдай берді, босанды. Тәңіріге мұның жаны керек болса, дәрігер тұрмақ пірге барса да таусылатын дәмі таусылар еді.
Сондықтан ешкімді әуреге салмай қотандағы қой сияқты өз шаңырағында босана берген. Бірақ етегіне орап алған шикі өкпесін шаятын сабын жоқ. Амал қанша… Жаңа туған нәрестені шомылдыратын иіс сабыны тұрмақ, кір сабыны табылмас шопан байқұстар-ай, қай заманда да жұлының құрттағаны құрттаған… Қыл аяғы қора-қопсысының да сау тамтығы қалмаған. Электр жүлгесі тартылған ұстындарды әлдеқашан жұмыртқадан жүн қырқатындар қиып алып кеткен. Сөйтіп, жапан түздегі жалғыз үй адамзат өркениетінен мүлде тысқары, мүлде үрейлі.
Жапар екі иінінен ауыр күрсінді, әйткенмен онысын өзі де аңғармады. Тайқылау біткен маңдайы тырысып, кірпіктеріне нала кіреукесі ілінген. Арқалыққа жаурынын тіреген қалпы шалқалай отырып, мұң шарбысы жайлаған жанарын қимылсыз қалдырған.
Нан мен бензинді жеке адамдарға сатқызуды тоқтату керектігіне әбден көзі жетті. Өйткені, бұл өнімдер – үкіметтікі де емес, халықтікі. Кейбір ауылдарда ішерге ас жоқ, ашаршылық басталды. Бізге шынайы репрессия енді керек сияқты.
Иірімдеріне тартып тоқтаусыз жетелеген сұрықсыз сауалдар, беймәлім әлдебір нәрсені қуалап далбасалаған жігітті бірінен-біріне өткере берді.
Кредит көсегемізді көгерте ме? Несие алу – теңгені тұрақтандырудың көзі емес. Жазушы Эрнест Хемингуэйдің «Я знаю… А вы никто не знаете старик несет вздор. Этот старик только и годится быть на посылках и ходить проводником с иностранцами. Иностранец пришел сюда и хочет сделать то, что пойдет на пользу иностранцам. А расплачиваться придется нам. Я за то, что пойдет на пользу нам всем, я за нашу безопасность» дегені бар еді. Осы –шындығында да құдайға қараған сөз. Бұл жердегі «старигі» біз үшін қоғам өзгергенмен биліктің басында отырып қалған «көнекөздердің» жұқанасы сияқты. Жұртқа өтірік күліп, мүмкіндігі барда сататынын сатып, сосын бір күнде еліне табанын жалтыратып тайып тұрмақ. Содан кейін оның татасын өзіміз тартамыз, түздің балалары.
Көңілін самбырлап сөйлеген әйелдің үні бөлді. Ол бағанадан бері осылай құлшына әңгімені көйітіп отырған. Сөйлесіп, ынта-шынтасымен пейіл қойған адамы – шопыр. Әшейінгі жағдай болса бірге келе жатқан өңгелерін жанынан да жүргізбес еді.
Ілгері ұмсына түсіп, жүргізушінің құлағына аузын тақап анекдотты әй кеп сапырады. Таксиге сәл кештетіп келіп қалғанына діңкесі құрып, жыны қозатындай.
Бағана Жапарлар таксишімен бітімдескеннен кейін Ерсұлтан бірден аяқты көсіп жіберіп алдыңғы орынға жайғасқан. Содан соң жылы орнын біреуге берсін бе. Әрі, милиция емес пе, кәсіби ұғымы бойынша ол алдыда болуы тиіс. Тәртіп солай.
– Бір жаңа қазақ алты жүзінші «Мерседеспен» келе жатыпты. – Әйел осы сөзді айтты да елден бұрын өзі сыңсып күліп алды. Не үшін буынын жоғалтқаны беймәлім, әлде, келемеждің оқиғасы керемет пе? – Жолда оны МАИ тоқтатыпты. Инспектордың қасында кәдімгі пингвині бар екен. «Қайда барасың?» деп сұрапты жаңа қазақтан. «Алматыға». «Олай болса, мына пингвинді зообаққа апар» депті жолдың құдайы. «Жарайды, проблема жоқ» деп келісіпті қонақжай жұрттың өкілі сөзге келместен. – Әйел тағы да сыңғытып күле жөнелді. Шопырдың да езуі екі құлағына жетіпті.
– Содан.
– Содан… Бұл оқиға түске қарай болса керек. Түстен кейін әлгі инспектор «Достық» даңғылының бойында тұрса, манағы алты жүзінші «Мерседес» Медеу жақтан ағызып келе жатыр дейді. Тани қойыпты. Сосын жалма-жан ала таяғын шошаң еткізеді. Сол-ақ екен машинаның доңғалағы жер тістей тоқтайды. Ізінше жаңа қазақ кабинадан шығады, жүргінші жағынан пингвиннің төбесі көрінеді. Сырт пішімі дирижерге ұқсас неме екі жағына кезек бұлтаңдап келе жатыр дейді. Мәз. Екі қолында екі балмұздақ. Қазақ та мәз. Мұны көрген инспектор бірден дүрсе қоя беріпті. «Әй, неғып мынаны зообаққа апармағансың?» дейді зекіп. Сол заматта жаңа қазақ: «Апардым, басеке! Зообақты араладық, енді Медеуге барып келе жатырмыз» депті.
Салонның ішін құйымыр неменің құйқылжыған күлкісі алды да кетті. Шопыр да кеңкілдеп, жетісіп қалды. Бұған әшейінде бір ауыз сөзді құр жібермейтін Ерсұлтан үндемеді. Ал, Жапар, мына сықақ намысын шымшыласа да тексіз немелердің әжуасына тіл қатпады. Тек «салдақының аузына басқа ұлттың аты түспеді ме екен, ә-ә» деді ішінен.
Ымырт үйірілді. Әлі де табан астын толық бағдарлауға болатындығына қарамастан, кейбір қарсы жолыққан машиналар жарығын қосыпты. Алматының да шамы жана бастаған. Міне, бес-он минуттан кейін бұлар қалаға да кіреді. Біреулерге азапты жолдың ауыртпашылығы кейін қалып, арқаны кеңге жазатын уақыт таянған шығар. Ал, Жапар үшін аламантасырға толы қиямет сүргін алдында тұр. Бірақ, істі неден бастарын жобалай алмай дал боп келеді. Уәдені беруін берді, енді ертең кешкі жетіге дейін алты мың доллар ақшаны қайдан алмақ? Көктен сауа ма, жерден қаза ма? Ол әзірше бір құдайға ғана аян шаруа. Ондай нық шешімді кімге сеніп айтқанын өзі де білмейді.
Жаныға күйгелектенгеннен бе, жасар айласының жоқтығынан ба, мақсатсыз сағатына қарады. Бес минутсыз сегіз. Яғни, мұның жиырма үш сағат бес минут мұрсаты бар. Осы уақыт ішінде бір қаракет істей алмаса, онда ешкімге өкпесі жүрмейді. Сара кешірім жасаймын деген арызын жыртып тастауы мүмкін, керісінше Сапардың басына басқадай қосымша бәле-бәтерді үюі де әбден ықтимал. Бәрін күтуге болады. Істер тірлігіңді осы аралықта тындырып, шаруаны бітіруің керек. Одан кейінгі сөз сөз емес, одан кейінгіңнің барлығы бос далбаса.
Миы шанышқылай жөнелді. Сол қолымен маңдайын ұстады. Осы қалпы ұзақ уақыт сұлқ отырып қалды.
– Мені үшінші Ақсайдан түсіріп кет. – Жолшыбай әйелдің үні тың, Алматыға жеткеннен кейін тіпті құнжың қағады. – Вася, саған рахмет. – Бұл мәңгіріп отырғанында екеуі әлдеқашан танысып үлгеріпті. – Сондай жылдам, сондай жайлы жеттік, жол азабын тартқан жоқпыз. Қол-аяғың жеңіл екен. Телефонымды білесің, хабарлас...
«Пәлі, телефонына дейін беріп үлгеріпті», оны қашан айтқаны мұның жадында жоқ.
– Мен «Арман» базарына дейін барамын, – деді беті көкаяз неме міңгірлеп.
Қарап отырса, бәрі бір бағыттың үстінде. Ең соңынан Ерсұлтан екеуі түсетін боп шықты.
Әйел межелі жеріне жетіп, бұлармен хош айтысып қалғаннан кейін салон да, тыныс та кеңейіп сала берді.
VII
Ерсұлтанды үйіне апарып сап, өзі он екі мүшесін салдыратып босағадан зорға аттады. Бұл кез сағат тілі тоғызға таянған мезгіл-тұғын.
Аяғындағы туфлиін сыпырып, курткасын лақтырып тастады да, аптап үстіндегі ұзақ айдаудан қаталап кеп құдыққа заулаған шаңырақ мүйіздей, ешқайда мойын бұрмастан бірден телефонға ұмтылды. Күйеуінің өңі адам танығысыз бұзылғандықтан ба, Бибі қапелімде бір ауыз сөз қата алмады. «Қалай барып келдің, не болды?» деуге де батылы жетпеді. Тек состиған күйі ерінің кіре берістегі тумбаның үстіне тастап кеткен сырт киімін алып, жоғарыға ілді. Осы кезде қос бірдей кішкенелері де төбелері шошайып зал үйден іркес-тіркес шыққан еді. Әкелерінің өрт сөндіргендей ұсқынын көріп, екеуі де босағада селтие үріккен көжектің кескініне енді. Әншейінде жұмыстан үйге кіргенде танауларынан иіскейтін папасы, бүгін бұларға көңіл де аудармады. Өзімен-өзі жаны шыжғырыла телефонның құлағын бұрап жатыр.
Осы көңілсіздеу көріністен кейін бе, қызының шашы селдіреп, әлденәрседен секемал алғандай әрі сол дүдәмал дүниеге өкпелідей аузы бұртия қалыпты. Ұлының көздері бақырайып, бұрын бойы үйренбеген мына тоң мінезге жанары жасаурай назар аударған. Мұрынын елеусіздеу екі-үш мәрте тартып қойды. Беймәлім бір жаманшылықты екеуінің де іші біліп, содан кейін жетімсірей жасығандай.
Бибі кішкенелерін:
– Жүріңдер, былай барып отыралық, – деп, қайта залға қарай алып кетті. – Шырай, сен сабағыңды оқып біттің бе? Кел, тағы бір қарап шығайықшы.
Осы аралықта күйеуінің «алло» деген барлығыңқы үні естілді.
– Сәлеметсіз бе! Сапар бар ма екен?
Қайнысының атын естігенде келіншек еріксіз елеңдеді. «Сапары несі, ол қамауда отыр емес пе?» деп ойлады ішінен.
– Жарайды, онда мен жайырақ тағы да бір хабарласамын. Сау болыңыздар…
Ептеген тарсылдаған дауыс шығарып, телефон тұтқасының қайтадан ершігіне қойылғаны білінді. Осы кезде келіншек орнынан түрегеліп еріне қарай жүрді. Жапардың өңі жүдеу көрінді, екі иіні салбырап салы суға кеткенін аңғартады. Не былай, не олай өтпей, іргеге сүйелген тұлыптай телефонның қасында сөлбірейеді.
– Жүр, қолыңды жуып тамағыңды іш, дастархан әзір.
Күйеуінің бетіне қарап осыны айтты да, өзі бөгелместен ас үйге беттеді.
Тамаққа зауқы соқпады. Тек үш-төрт шыны сүт қатқан қою шай ішті, онда да мейірі қанып ішпеді. Пышақтың жүзінде отырғандай жүрегі қылпылдады да тұрды. Әлгі телефон соққаннан кейін және бір сағатқа жуық мезгіл өткеннен соң, қайтадан Бішкекті тере бастады. Сәтін салғанда осы жолы тергеуші үйінен табылды.
– Сәлеметсіз бе, Сәке! Мен, Сапардың ағасы Жапармын. Алматыдан арнайы өзіңізді іздеп барып, сізбен жолығыса алмай кеттім. – Баяндайын деген ойы тұздай уатылып, сөзі кібіртіктей шықты. – Бірақ, сіз тарапынан айтылған жылы сөзді көңіліме медеу тұттым. Рахмет, мені көрмей жатып жәрдем қолыңызды созғаныңызға. Бәрін Сара арқылы білдім, ол кісі де бір үлкен жүректі адам екен. Иә, айыптымыз. Біз жақтан келеңсіздеу кемшілік кетті. Әрине, айыбымызды жуамыз. Ертең кешке сағат жетілерде, құдай бұйыртса, бүкіл имандылық-материалдық шығынды алып, өздеріңізге барамын. Тек істі тоқтатып, бауырымды шығарып беріңіз. Сіздің айтқаныңызға толығымен келістім. Ал, оны босатуға негіз болуы үшін қандай қағаздар керек?
Бір сәт Жапар тұтқаны құлағына ұстаған қалпы мелшие тыным тапты. Ара-кідік «иә», «мақұл» деген тақілеттес жеке сөздерді шолақ қайырады. Бір кездерде барып ар жақтағы адаммен жылы қоштасты. Содан кейін ізінше қайтадан телефонның құлағын айналдыра бастады. Көп ұзамай «қайырлы кеш, Байқал» деген даусы шықты.
– Иә, жеттім… Рахмет… Аман…
Осындай үзік-үзік сөздерден кейін Сараны сұрады. Шамасы, әлгінің әйелі дәл қасында тұрса керек, Жапар онша көп бөгеліссіз сөзін жалғастырды.
– Тергеушімен сөйлестім, сіздің айтқаныңыздың бәрін бұлжытпай қайталады. Әйтеуір «босатып беремін» деп тұр, осы жақсы сөзін жарым ырысқа жоримын.
Жәбірленуші жақпен көп қазбалап сөйлеспеді, бар таптап айтқаны ертең кешке қалайда Бішкекке жететіні туралы болды. Содан кейін болар-болмас саябыр тапты. Онда да теңселе басып барып залдағы креслоға шалқасынан түсіп отырды. Басын кекжитіп арқалыққа желкесін тіреді. Өне-бойының дел-сал салдырап, табанының удай ашығанын енді білді. Бір сәт бұл дүниенің күйбеңін есінен шығарғысы келді. Бірақ әсте де олай жасай алмады. Бәрін ұмытпақ боп өзін-өзі қанша зорлағанмен, бір бәле май ішкендей жүрегінің басында кілкіп тұрып алды. Әбден таусылды, күйзелді. Күйзелу қайланың сарқылғанында кеулейтін «сезім» екенін мықтап ұғынды. Ендеше ол жұлымыр неме Жапарды әлдеқашан жеп бітірген еді. Бәлкім сондықтан болар осылай құты қашқан қалпы ой қуып, елес қуып өз-өзінен сөйлей бастады. Еріндері жыбыр-жыбыр етіп, ар жағындағы ұғынықсыз үн күбірге ұласады. Көзін кілгірте жұмып, әлдебір жалған дүниенің бозамығына сіңіп бара жатыр еді.
– Машинаны автотұраққа қойып па едің, ұйықтап барасың ғой, – деген әйелінің үнінен селк етіп қайта бері оралды. Бірден көзін ашып, басын көтерді. Қарсы алдында Бибі бұған сүзіле қадалып, назарын байлапты. Бұл неге екені белгісіз, бірден жүзін тайдырып әкетіп, бетін сол алақанымен умаждай сипалады.
– Машинаны кепілдікке Бішкекке тастадық.
Басқадай ештеме айтуға шамасы жетпеді, зауқы да соқпады.
– Жат онда, науқастанып қалған жоқсың ба, өңің қашып тұр ғой.
Бұл Бибінің сауалына жауап қайырмай, қарсы сұрақ тастады.
– Балалар қайда, ұйықтап қалды ма?
– Иә, түннің жарымы болмады ма?
Осы кезде ақшаны қайдан алуы керектігі жөніндегі ой енді ғана миына сақ етіп жабысты. Жантәсілім еткенде жебейтін біреу бар. Бірақ оны туыстары жан-жақтан талап, әбден қажытып бітті. Соның бәрін бес саусақтай біле тұра, мазаламасқа лажы жоқ.
Ол жаны ашып, қол ұшын созатын ет бауыр жақыны – Сүлеймен. Әкенің тәрбиесін көрген, өзі де жаратылысынан аңғарлы. Одан басқа ешкімге үміт арта алмайды. Әрине, ұят. Ұят болса да…
Орнынан самарқау көтерілді. Денесін ауыр қозғап телефонға жетті. Құдай қолдағанда ұялы телефонын өшірмепті, көп күттірмей ар жағынан үні естілді.
– Ассалаумағалейкүм! Қалдарың қалай?
– Қал нашар, – деді бұл.
– Айыптаушы жақпен сөйлестің бе?
– Сөйлестім, алты мың доллар сұрап отыр. Ертең кешкі жетіге дейін уақыт берді, оған үлгермесек, бітті.
Екеуі де тілсіз құмықты. Арадағы болар-болмас үнсіздік Жапарға тым ұзаққа созылғандай көрінді.
– Онда, – әңгімеге бірінші Сүлеймен көшті, – таңертең ерте офисте жолығалық, сол жерде бұл мәселені шешеміз.
– Жарайды.
– Жақсы.
Сүлейменнің осы бір ауыз ләмі бойына соншалық мол күш бергендей дүр сілкініп, серпіліп сала берді. Жаңағыдай емес өзін қунақы сезінді. Сосын «қой, демалайын, ертең мұнан да әлеует жұмыс күтіп тұр» деп іштей топшылап, жатын бөлмесіне беттеді. Әйелі бұл жатып қалғаннан кейін де жыбырлап, түртіншектеніп әлдебір үйішілік тірліктермен алданып жүрді.
Әлгінде жастыққа басы тиісімен көзі ілініп кететіндей көрініп еді, керісінше, соңынан құлғанадай қалмай иектеген ой тағы да жабағыны ортаға алып талқыға салған итқұстай тұс-тұстан қаумалады. Содан кейін-ақ зілмауыр тартып айқаса бастаған кірпіктері салмағынан ажырап, көзін жұмса да қайыра ілінбеді. Ештеме ойламауға тырысып баққанымен, сәлден кейін тағы да бір жел қуған ебелектей әлдебір баянсыз алдамшы дүниенің соңынан дедектеп бара жатады. Әбден ебіл-дебілі шығып, сүрмелі тірліктің түйткіліне жауап таба алмай титықтап қинала булыққанында барып, жалған дүниеге бекер арамтер боғаны есіне оралды. «Түй, жаңа ғана ештеме ойламауға бекіп едім ғой» деп, келесі жамбасына аунап түсті. Бірақ, көзін қыстап жұмғанымен көңілі тағы да мына кеңістікті қияндап шыға берді. Оны өзі де байқамады.
Неге тағдыр осыншама азапқа салғанын білмейді. Соңына ілескен інілерінің соншама ақымақтықтарына іші қазандай қайнайды. Елге қарасаң, бәрі үлкенінің айтқанын тыңдап, бірбеткей тірлік кешуде. Не де болса жақсылыққа, ілгеріге ұмтылуда. Айрандай ұйып, береке-бірліктері жараса қалған. Олардың ең бірінші ойлайтындары – ата-аналарына жаманшылықтарын көрсетпеу, шамалары жетсе тек қызыққа кенелту, рахатқа бөлеу. Ал, мұның бауырлары неге сонша түйсіксіз, дәртесі қысқа жаратылғанына қайран. Қарап отырса бәрі бір қап, бір саптан шыққан. «Алдыңғы доңғалақ қалай жүрсе, соңғы доңғалақ солай жүреді» деп айтып қазақтың шатасқан жері осы екен. Соңғы доңғалақ бір ізділіктен шығып кетуі мүмкін, кері кетуі де ықтимал. Бірақ, қазақ жоғарыдағы уәжімен болар-болмас алжасса да, соңыра ол кінәратын тұтастай түзеп жіберген. Әрине, өмірден алған сабақ арқылы: «бір биеден ала да туады, құла да туады» депті. Рас, осы құдайы сөзге келгенде Жапар жеңіліс табады. Жеңіліс табады да, інілерінің кінәраттарына кешіріммен қарайды. Жаратқанның ұйғарымымен о бастан алапес боп туса мұның жасай қоятын не қайласы бар? Өкінеді, бармағын шайнайды. Бармағын шайнағанмен не пайда – адам бауырды сатып алмайды, жаман екен деп біреу жақсы бауырын бермейді. Ит болса да солардың түскен шалшығына түсіп, солардың күйген отына күйеді. Әттең, амал не, тірліктен түйірдей де жақсылық көрсете алмай келе жатқан шешелеріне, міне, тағы да бір «сый» тартпақ. Тек, бәрі жабылып әзіз анасын тірідей өлтіруге айналғандарына іші қара қазандай қайнайды. Ішқұса болса – осы уайымнан ішқұса. Ішкені алдында, ішпегені артында боп ең қызық көретін жасына жеткенде, ұлдарының арқасында бірыңғай зауал тартып келеді. Қашанғы тарта бермек…
Тағы да өзінің көзі бақырайып ояу жатқанын аңғарды. Уақыттың біразын текке ысырап жасағанына, ертеңгілік мылжа-мылжасы шығып, басы зеңитініне іші удай ашыды. Еріксіз күрсініп, келесі бүйіріне қарай дөңбекшіді. Сонда барып байқады, Бибі де орнына жайғасыпты. Ол қашан келіп көрпеге тұмшалана қымтанғанын тіпті білмепті де.
Басын жастыққа қойып, дүн-дүниені ұмытуға тырысты. Өзіне-өзі осылай уәде бергенімен заматында сайтан ойдың соңынан жадыланып, су бетіндегі қалтқыдай қалқи ағып кетіп бара жатқанын байқады. Оның соңынан біржола елітіп, тереңіне батпай тежелгеніне қуанды. Бұл да болса табандылықтың беті. «Енді бұдан былай сан қабат иіріммен аққан әбілеттің толқынына ұрынбас үшін не жасаған рауа?» деп ойлады. «Таптым. Санайын, сөйтіп жатып көзімнің ілінгенін байқамаспын» деген тұжырымға тоқталды. Осылай істесе ұйқысы қашқан адам ұйықтайды дегенді бір жерден оқығаны бар. Жанарын жұмып, іштей санай жөнелді: бір, екі, үш… алпыс жеті… жүз жиырма төрт…
…Бұлар неге тым азғындап кеткен? Әйем құдайдан жатпай-тұрмай ұл сұрағанда аяғы осылай болсын деп сұрады ма? Жоқ, әрине. Ала жіпті аттамайтын адал, жігерін шарыққа қайрағандай намысшыл, тірліктің көлденең шыршуына мойымайтын қажырлы перзент сүйсем деп армандамады ма? Неге енді әкенің осы тілегі қабыл болмайды? Ұлдары шетінен жасық, қолдарынан бір іс тындыру келмейді. Бұл аздай бәрі түйсіксіз. Ал, әкелері ше? Етінен ет кесіп алса да қыңқ демейтін нағыз ерен еді. Өмірдің небір құйтұрқысын көрген, соның бәріне қасқая қарап тұрып төтеп берген. Төтеп беріп қана қоймай, тас-талқан етіп жеңіп шыққан. Әрі соның бәрі санасына мәңгілік терең ізін салып кетсе де, сол бір зауал шақтарды ешкімге білдіртпеді. Өмірден опық жеп, тұтастай ғұмырында қасірет арқалап кетті. Сол қасіретінің ішінде жасындай жарқылдаған ақиық армандары болмады ма… Сол армандарына ұлдары арқылы жеткісі келді, өзі шықпаған биіктерге ұрпағының көтерілгенін қалады. Ал, біз ше? Әке аманатын арқалауға ешқайсымыз жарамадық: көкжасықпыз, босбелбеуміз. Мұның бәрі құрысыншы, сүйекке таңба боп түсетіні – жол торыған қарақшымыз. Ойымыз да, ниетіміз де қарау. «Қараусың… қараусың… қараусың… қараусың…»
Әлдекім құлағының түбінен осы сөзді дамылсыз айтып, үстіне төніп тұрғандай көрінді. Кенет басын жұлып ап, төңірекке құлағын түрді. Сонда байқады, ұйқы мен ояудың ортасында жатыр екен. Жаңағы дыбыс тіпті айқындала түскендей көрінді. Енді анық бағдарлады, телефон дамылсыз шырылдауда. Орнынан апыл-ғұпыл түрегеліп, аппарат тұрған кіре беріске қарай жүгірді. Осы кезде Бибі де кеудесін көтеріп мұның соңынан қарап қалды.
– Алло!
– Жапар!..
Жігіт шешесінің дауысын бірден таныды. Үнінде күйзелістің ізі бар. Жан дүниесі ақпандағы аяздай қақап сала берді.
– Тәте, халдерің қалай?
– Халі бар болсын. – Демін тереңнен алып барып тоқтады. – Құрып қалдық қой, құрып… Ана, Сапардың жайын естіген шығарсың. – Нұрғанымның көкірегі қарс айырыла күрсінді.
– Естідім. Барып қайттым. – Лекіп кеп қаған ашуын барынша бүркемелеп бақты.
– Соның жаманатты хабары құлағыма тиісімен жаным қыстығып, байыз таппадым. Танагүлдің үйіне тарттым, қазір сенімен Қапалға келіп сөйлесіп тұрмын. Ауыл тынды ғой, тынды. Басың ауырып, балтырың сыздаса хабарласа қоятын телефон да жоқ. – Екпіндете сөйлеп, соңын алқынып барып бітірді. – Не дейді, не бітірдің, нені бүлдіріпті?
– Иттігінен тауып отыр.
– Иттігінен ұрынса да, енді бір қайласын жасамайсың ба?! – Үніне зіл ілесіп, зекіре сөйледі. – Өзім бара қоятын, тіпті, бөтен ел екен.
Шешесінің соңғы сөзіне не күлерін, не жыларын білмеді.
– Жасап жатырмын, тәте. Бірақ, ол қаншалықты нәтижелі болатынын білмеймін. Шаруаны жайғау үшін ақша керек, менде ондай қаражат жоқ.
– Қанша сұрап отыр?
– Алты мың доллар.
– Ол біздің ақшамен қанша?
– Шашың жетпейді.
– Енді қай бетімді айттым… Бір амалын тауып, шығар.
– Иә, мен сол Қырғызстанның сотымын. – Жапардың шамы қозды. – Қолымнан келгеннің бәрін жасап жатырмын, енді қайт дейсің? Әрмен қарай келмес қапасқа жібермесін деп, машинамды кепілдікке беріп, ертең кешке дейін мұрсат алып оралдым. Жерден қазсам да сол ақшасын апарып беруім керек.
– Олай болса, – шешесінің үні аяқ астынан бекініп, қатқыл шықты, – ертең барып, машинаңды ал да қайт, ештеме жасама! Сапарды шығарамын деп бірдеме істесең, әрекеттенсең құдай бар ғой, жолың ешқашан болмасын, жарай ма?! – Тепсініп, қаһарына мінді. – Жолың болмағыр…
– Жарайды, жарайды.
Өз шешесінің мінезін бес саусағындай біле тұра, болмашы ұстамдылыққа шамасы жетпей шырт ете қалғанына өкінді. Сөйткенінше Нұрғаным тұтқаны тастай салды. Өзегі өртенген жігіт мембрананың үзік-үзік дыбыс беріп, бебеулегенін құлағына біраз ұстап тыңдап тұрды да, тұтқаны ершігіне қойды.
Сағат бұл кезде екіден асқан-тын. Ері мойнына кетіп, төсегіне беттеді.
Ақыры ұйқысы ұйқы болмады, таң атқанша дөңбекшумен шықты. Соңғы екі күнгі жол азабы да тырапай асырып алып ұрмады. Түсінгені, қажығаннан уайымның уыты күшті екен, ұйықтатпады. Содан кейін алтыдан кете тұрып алды, жолға әзірленді. Бүгінгі ең алғаш бастаған ісі, қалтасындағы қалған пұлын санады, бар болғаны үш жүз теңгенің о жақ, бұ жағы. Үйге нан алатын ғана ақша қалдырды. Сосын ертемен қараңғылықты жамылып, қалғыған көшеге беттеді.
VIII
Ат басын тірер жері Төле би мен Әуезов көшелерінің қиылысы еді. Оған жаңа сапаржай арқылы бармаса, басқадай реті жоқ.
Троллейбусқа мініп, межелі тұсқа да келіп жетті.
Тым ерте болғандықтан ба, әншейінде адам ығы-жығы қаптайтын сапаржайдың төңірегі де таздың шашындай селдір. Әр-әр тұстан шашыраған шанжау-шанжау кісілердің төбесі көрінеді. Тротуардың бойымен бастары қалтаңдай үш-төрт алланың пендесі тәңірінің айдауымен дедектеп бара жатты. Солардың соңғы жағын ала Жапар да ілби ілескен.
Күздің дымды күні сүлкиген қабағын ашпай түнеріп тұр. Дәурені таусылған сары жапырақтар аяқтың астында шашыла сапырылысады. Түнде жауын жауған ба, әлде шықтың нәлінен жер соншалық ылғалданған ба, кейбір жапырақтар асфальтқа жабысып қалған. Кенет Жапардың назары жол жиегіндегі ағаштың түбінде елеусіз отырған ер адамға ауды. Алдына әбден ластанған әлдебір жұрын шүберекті жайып тастап, қырық бір шөптің басы – құмалағын үш жікке бөліп қойыпты. Әдетте бұл кепке қартамыс жандар енетін еді, ал мынау – тепсе темір үзетін отыздардың жуан ортасындағы жігіт. Сүйек бітімі де ірі көрінді. Бірақ, көз алды көгілдірленіп, жағы суалып жүдеу кескінде бұған телміре қарады. Бастапқыда «күн көріс немесе түндегі ішкен арағынан басы ауырғанын жазу үшін отырған біреу ғой» деп топшылаған. Сөйтті де мұндай таңсық емес көрініске ден қоймай өте берген, тек оның жастығы мен таң атпай жол күткендігі көкейіне ой салды. Оқыс, «құдай әдейі осыны маған ұшқастырып тұрған шығар, пал аштырайыншы» деген пиғыл санасында қылаңытты. Сол-ақ екен кілт бөгеліп, кері бұрылды. Ерінбей, әлгінің қасына таянып келді. Ол жасаураған жасық жанарымен бұған үрке қарады.
– Құмалақ ашасың ба?
– Ашамын.
– Бір тартқаныңа қанша аласың?
– Өзіңіз білесіз қанша ұсынсаңыз да… құдай берекесін берсін. – Мыж-мыжы шыққан шүберегінің шетін домбыққан қолдарымен жаймалап, қыртысын жатқызған болды. Бірақ онысы мұның бұл өнбес ісіне көнетін емес.
Жапар енді байқады. Жаймасының астында картон бар екен, шүберегінің төрт бұрышын таспен бастырып қойыпты.
Жігіттің көңілін екіұдай сезім биледі. «Пал аштырып, жолымды байқап көрсем бе екен» деген ниет бой көтерді. «Өз алдыңды өзің кестіріп қайтесің?» Онысына екінші бір ішкі үн басу айтты. Ақыры, санасына орнығып қалған бірінші пиғыл жеңді. Сәл ойланып барып:
– Бір мәрте құмалағыңды тартып жіберші, – деді беймәлім жанға тікесінен-тік тұрған қалпы төбесінен төніп. Осы сөз аузынан шыққаны мұң екен підірәна пенде аллаға мінәжат ете жөнелді.
– Иә, он сегіз мың ғаламды жаратушы тәңірім, қара аққа алмасып келе жатқан тұстағы айтар сөзіме дуа бере гөр.
Мынау иесінен адасып, қаңғыбастыққа ұшыраған иттей ұсқынсыз міскіннің алғашқы сөзі өне-бойын ду еткізді. Шынтуайтында да құты қашқан мүсәпірдің бірі болса да, түбі тегін еместей көрінді.
– Қаят нұрыңнан пендеңді қағажу етпе,
Көпірме сөзді көйітер ақ азу етпе.
Пейіштен шыққан қойымның құмалағы едің,
Ашылмай келген әлі күн ғажабы көпке.
Періште тілмен сөйлеші, тінімді жарып,
Ете гөр менің пейіштей түнімді жарық.
Жақсылық қана шыққайсың көмейден күмбір,
Алғайсың келіп шатассам тілімді қарып.
Біссімілларахымаллаһи, иә раббым, жар бола гөр!
Көкке көтерген күректей алақанымен бетін сипады да, дүрдік еріндері жыбырлап, әлденәрсені күбірлеген қалпы ісіне кірісті. Төңірегіндегі мына тіршілікті біржола ұмытқандай. Қабағы керіліп, кейде түйіліп өңінің өзі мың құбылып сала берді.
Жаңа онша пейіл қоймай тұрған Жапар жүрелеп, құмалақшының аузына кіріп кете жаздап отырғанын бір-ақ аңдады. Ол керісінше мұның бар-жоғын мүлде қаперден шығарғандай, әрі-беріден кейін құрғақ сөзден қайыр іздеген пенденің бары не, жоғы не бәрібір сияқты көрінді. Өз бетінше лағып, тоқтаусыз күбірлейді. Сәлден кейін Жапар төңірегіндегі өтіп жатқан жұрттан қысыла бастады. Ал, мына беймағлұм жан құлан түзде жападан-жалғыз қалғандай, осы жалғыздықтан жетек ұрғандай шалықтап отыр. Енді байқаса басын шұлғып, денесімен ілгерінді-кейінді изеңдей бастапты. Көзі жұмылып, тәтті бір сарынның буына елтігендей мүлгиді.
– Асығыс жолға жиналып барасың.
Бірден мұның мақсат қойған ісінен бастағанына жігіт тіксіне селк етті. Сонда да сапаржайдың маңында жолығысқаннан кейін әдейі «жолға жиналып барасың» деп тұспалмен айтқаны шығар деген пиғылмен бұл нақтылықты онша ерен көрмеді.
– Жолға шыққанға дейін алдыңда алақұйын сапырылысқан шапқылас тұр. Бұрын-соңды көрмеген, білмейтін адамдармен қым-қуыт жолығысасың. Соның бәрінде олармен араларыңда бәтуаға келу, бітімдесу тірліктері болатын сыңайлы.
Жүрісінен жаңылған жорғадай осыны айтты да кілгіріп, басын кейкиткен қалпы сілейіп қалды. Әлден уақытта беталды күбір-күбір ете бастады. Соған қарағанда мұны былай қойып, өзі әлдекіммен тілдесіп кеткен. «Иә, иә» деп басын изеп, тағы да теңселіске көшті. Ал жігіттің бар ындыны палшыға құлап, төңірегіндегі тірлікті ол да ұмытты. Жаңағы ары-бері өткен адамдардан шіміріккені үшті-күйлі жоғалды. Екі көзі беймағұлым пенденің кескінінде.
– Әрине, жүрегіңе қатты бататын кесел бар, жаның осы тұрғанда содан қыстығып тұр. Бірақ ол кеселдің нендей дерт екенін білмедім. Әйтеуір, бүгін кешке көңіліңе алған шаруаң бітеді. Бір күннің ішінде бір ай, қала берді бір жылда бітпейтін іс тындырасың. Айбының үстем, десің перен. Дегенмен, жолға өзің межелеген мезеттен әлдеқайда кешігіп шығасың. Соған қарамастан барған жағыңда да ісің оңғарылады.
Жапардың төбесінен біреу мұздай су құйып жібергендей тұла-бойы тұтасымен түршіге тітіренді. Арқасында мыңдаған құмырсқа жыбырлап жүргендей шымыр-шымыр етеді. Бұл ненің құдіретінен екенін өзі де аңғара алмады. Бір сәт әр қимылын қалт жібермей аңысын аңдыған құмалақшыны да қаперінен шығарып алғандай, мына тылсым дүниеде жападан-жалғыз қалып қойыпты. Селт етіп есін жиып, әлгі пақырға тесіле қарады. Дәл алдында көзінің асты көгілдірлене домбыққан, ішкіліктен миы сынып, басы ауырып, құты қашқан бір жұрын отырды. Жаңағы құдіретті кескін-келбетінен заматында айырылған. Тіпті, мұның есін алып, басын айналдырған сөзді айтқан мүлде бұл емес сияқты. Оны тәңірі қолма-қол осынау пақырға алмастыра қойғандай.
Жапар енді ғана айналасына көз салды. Адам қарасы әп-сәтте қоюланып, көшедегі көліктер де судағы нақан балықтардай лек-легімен шоғырлана жүйткиді. Былайғы тұрысының ерсі екенін біліп, жалма-жан жан қалтасынан жүз теңгелікті суырып ап, құмалақшының қолына ұстата салды.
– Рахмет, айтқаның келсін!
– Әумин.
Жігіт аяғын жүдемдете басып, ұзай берді.
Офиске келгенінде тас бекітулі қара есікке маңдайы тірелді. Сол кезде ғана уақыттың қай мезет екенін шамаламақ боп, сағатына қарады, сегізден енді кетіп барады. Осы заматта есіктің ішкі жағынан бір дыбыс білінді. Кішкентай желдеткішке ұқсас темір сыдырмасы ашылды да, оның арғы жағынан ежірейген көз көрінді. Ізінше:
– Сізге кім керек? – деді өктем үн.
– Әлі кеңсенің иелері келген жоқ па? – Тым ерте екенін білсе де, ұялған тек тұрмастың кебімен жорта сауал тастады.
– Тоғыздарда болады.
Осыны айтты да ағаштың діңіндегі ініне зып беріп кіріп кететін тиіндей, жылжымалы тосқауылды тез жаба қойды. Тағы да офис аузы-мұрны бітеу отауға айналды. Сонда барып кеңседе қарауылдан басқа жан-пенде жоқ екенін түйсінді. Лажсыз босағаға телмірмей, арытаманырақ жылжыды.
Әуезов пен Төле бидің қиылысы бірдемде ызы-қию шу мен ары-бері өткен жүргіншіге лықа толыпты. Бұйығы қала сапырылысқан қызу тірліктің ортасына айналған. Тұс-тұстан дедектеген жұрт, жан-жақтан анталаған машина бірден көзге ұрады. Әйтеуір, барша қауым асығыс. Барлығы бүйтіп жапа-тармағай ұмтылып, діттеген жерге бүгін бармаса, күллі дүниеден құр қалатын сыңайлы.
Жапар жан қалтасынан темекісін шығарды. Тұтатты да қою түтінді бір-екі құныға жұтып жіберді. Сосын сенделіп ілгері жүрді. Қарсы маңдайынан жайлап ескен күздің сызды желі өңірі мен етегін делеңдетіп өтті. Ерқашты жылқыдай қабағын шытынды. Теңселе басып, әудем жер ұзап барып қайтадан кері бұрылды. Осы қалпымен кеңсеге келіп тірелді. Сағатына қарады, әлі ерте. Тағы да теріс айналды. Межелі тұсқа барғанда қайтадан кері қазығына қайтатын арқандаулы аттай, тротуардың қос жиегіндегі шоқ талдың қатары сирей бастағанда соңына бұрылды. Осы қалпымен осы аралықты кемінде бес-алты рет жүріп, бес-алты тал темекі тартқан шығар. Тура тоғызда табанын кеңсенің табалдырығына тигізді. Әлі ешкім келмеген екен, әйткенмен есік ашылыпты. Қарауыл ішке кіріп отыруға мұрсат берді. Содан бес-алты минут өткенде барып алғашқы қызметшінің төбесі көрінді. Бұл – қашан да арсалаңдап жүретін етжеңді бітімді Әлмұрат еді. Ол көрген бетте:
– Жәке, қал қалай? – деп, қолын ұсына ыржия берді.
Оның бұлай іш тартатыны Жапар мен екеуінің әйелдері бір облыстан, екеуі бір-біріне «бажалармыз» деп әзілдесе, ілтипат танытатын. Әлмұраттың келіншегі де мұны көрсе «жезде» деп қоятын.
– Қалай, бажеке, үй-іші тегіс аман ба, балдыздың қалі жақсы ма?
Жапар осы сөзді айтып болғанынша Әлмұраттың кең құшағына көміліп қалды. Неше күнгі жапа шеккен жүрегі бір түрлі елжіреп кетті. Мынандай алғаусыз көңілмен әлпештеген ілтипатты көптен бері көрмеген еді.
Өстіп дел-сал болып тұрғанында Әлмұрат:
– Бажеке, саспа, інішекті шығарып аламыз, – деді бұл жайынан толық хабардар екенін аңғартып. – Керек сомасы алты мың деді ме? – Осы жағын нақтылай түсуге ұмтылып, үйелменімен үңіле қарады.
– Иә, алты мың. – Жапар абдырай тіл қатты.
– Кешке дейін жасаймыз. – Тіпті сөзі нығыз, өз-өзіне сенімді.
– Сен оны қайдан естідің?
– Түнде Сүлейменмен сөйлескеніңде, біз қасында болғанбыз, сол кезде бұл шаруаны тындырудың жартылай жобасын сызып қойып едік. Жүр, ішке кіріп әңгімелеселік.
Бұлар абажадай кіреберістен түпкері жылжыды. Сол жақта екінші қабатқа көтерілетін баспалдақ бар екен. Әлгімен жоғары өрлеп, ұзыннан созылған дәлізге тап келді. Соны бойлап жүргенде екінші есік осылардың отыратын орны боп шықты. Кеңсенің қайда екенін сырттай білгенімен бұрын-соңды Жапар мұнда бас сұқпаған еді.
Әлмұрат ыңылдай әндетіп, алдыда өзі жүрді.
Жапар бұл жігіттің осы тоқ көңіліне әрқашан ырзашылықпен сүйсінетін. «Ешқандай проблемасы жоқ па екен» деп те ойлайтын. Бүгін де жолдасының сол әдетінен жаңылмағанына іштей қуанышты.
Ол есікті ашып жатып:
– Сол заматында шефтан тапсырма алдық, – деп, тыңнан бір әңгіме бастады. – Он тонна қант қазір базарға шығарылады. Бәсекелестердің қатары сейілетін тұс қысқа қарай сатамыз ба деп қорытқамыз. Оған қажеттілік туғаннан кейін текке ұстап қарап отырамыз ба?..
Столдың басына жайғасып жатып, «дұрыс емес пе» дегендей бұған салихалы көзбен қарады. Жапар тиыш жүрмей, әлдекімдердің ісіне кедергі жасағанына жаман қуыстанды. Сондықтан болар ләм деп ауыз ашуға сөз таппады. Не мақұлдарын, не жоқ дерін білмеді. Осындай тығырыққа тірелгенінде Әлмұраттың өзі оны тұйықтан алып шықты.
– Бұған қосымша екі машинаны сатыңдар деп тапсырды.
Бұл тіпті Жапардың күтпеген уәжі еді, көзі бағжаң етіп шарасынан атқып кете жаздап:
– Не үшін? – деп қалды. Тамағы да қарлығыңқырап, үні қырылдай естілді. Жаңағы ыңғайсызданғаны бекер екен, мынау одан да сорақы көрінді.
– Он тонна қант бір күнде өте қоймайды ғой. Қазір базар толған – қант. – Әлмұрат мүлде сабырлы, өңінен титтей де қынжылудың табы білінбейді. «Есеміз әлдебіреулерге кетіп жатыр ғой» деген пендешілік қынжылудың ұшқыны да жоқ, құдды бәрі осылай болуы керек тәрізді. – Сондықтан қолымызға нақты ақша түсіретін жолдарды қарастырдық. Міне, қазір, тоғыздан асып барады, – тоқ білегіндегі сағатына бір үңіліп қойды, – бізге мұрсат кешкі жетіге дейін ғана берілді ғой. Солай емес пе?
– Солай…
– Ендеше, ары кеткенде беске шейін ғана уақытымыз бар деп есепте. Сонда бар болғаны он, он бір, он екі… – саусақтарын бүгіп санай бастады, – сегіз сағатқа толар-толмас. Осы аралықта алты мыңды жинай қою деген оңай шаруа емес, бірақ жинаймыз.
Жапар бұл шаруаны бір кісінің тындыратын ісі емес екенін әу баста-ақ түсінген. Дегенмен, соншама адамға салмақ салатынын білмепті.
– Ол қандай машиналар? – Елеусіз сауал тастады.
– Жаман машиналар емес, жылдам өтуі тиіс. – Бажасы автокөліктердің жақсы екендігіне, сондықтан кез-келген көрген көздің қызығушылығын тудыратынына бір түрлі қуанатындай, насатты. – Әрі әлденеше арзан бағаға береміз.
Жапардың жүрегі тағы да май ішкендей лық ете кілкіді. Біреулердің сорын қайнатқанына іштей өзін күстаналады. Әлмұраттың әлі өңі өзгерген жоқ, сол қалпы екпіндете түсті.
– Екеуі де осал маркалар емес, біреуі – 230-ыншы ақ «Мерседес», екіншісі – күміс түстес 929-шы «Мазда». Кластары жоғары, супер салон, бәрі автомат…
Оның сөзінің соңын естуге шамасы жетпеді. Миына біреу біз сұғып ағандай басы зыңылдады. Соншама қымбаттың дүниесін босқа бергендей арзанға үлестіру обал-ақ. Осындай әрекетке баруға бұларды итермелеп тұрған нақ өзі екенін біліп, жерге төбесімен кіріп кете жаздады. Әттең, тек тесік табылмады, тесік табылғанда әлдеқашан жеті қабат жердің астында жатар еді. Бұдан әлдеқайда сол жеңілірек...
Осы кезде телефон байбалам сала шырылдады. Осынау тосын шыққан үн мұны ұйқысынан оятқандай болды.
– Да-а. – Әлмұрат маңғаздана даусын созды. – Сәлем… – Әлдекіммен қысқаша амандасты. Сосын арғы беттегі кісінің уәжін тыңдай тосылды. Ол әлдебір жайттардан бұған мағлұм беретіндей. Бұл «иә… дұрыс… сөйтіңдер…» деген сияқты сөздерді шолақ қайырып отырды. Бір кезде барып қана:
– Жетпегенін мына қоймадан алыңдар тездетіп, содан кейін бәрін көтерме бағамен жіберіңдер. Ұқтыңдар ғой… – Сәл іркілді. – Онда қузаңдар.
Қысқаша осындай пәрмен берді де тұтқаны кертігіне қоя берді.
– Жігіттер ғой, ана қоймадағы қант шамалы қалған, соны базарға апарып тастапты, қазір осында келеді. Алаңдама, кешке дейін ол соманы шығарамыз.
Мұның ұнжырғасы салбырағанын «ақша табылмай қала ма?» деп уайымдады деп түсінсе керек, осындай басалқы сөз айтты.
– Жоқ, енді алаңдамаймын, бірақ осынша дүниені мен үшін далаға тастағандай көріп отырмын.
– Оған еш қысылма. Дөкей тапсырма берді, біз орындауымыз керек.
– Білем ғой, сонда да еңбекпен тапқан нәстені босқа рәсуа етіп...
– Ой, дүние бүгін – бар, ертең – жоқ. Ал, бауырдың жөні басқа. Басымызға бұлт үйірілгенде одан қауымдасқан түрде құтылу – әуелден қалыптасқан тірлігіміз. Еш қысылма, осында жігіттердің шаруасын шешу үшін қаншама машина жібердік. Жинаған дүниеміз өзімізге қызмет етпесе, оның қажеті қанша?
– Түсінемін ғой бәрін, сол дүниені жинауға менің титтей де қатысым болған жоқ қой.
– Бажеке, сен де баланың сөзін айтады екенсің, Сүлеймен бауырың жүр емес пе?
Жапар осы кезде сөзден тосылды.
– Қазір Темір келеді, ол машинаны алушылармен сөйлесуге міндеттенген. Содан кейін біз де мұнда отырмай іске кірісіп, клиенттерге көліктерді көрсету үшін қалаға шығамыз.
Мына айтылған жайттың бәрі жақсы, әйтсе де осы дүниені құрау үшін маңдай терін төккен жігіттердің сорын бұл сопақ астай қайнатып жатқандай сезінді. Әрі, Сүлейменнің төңірегінде жүрген азаматтардың бәрін жақсы танитын еді. Олар көрген жерде жандары қалмай құрақ ұшады. Жаңағы есімі аталған Темір де – сондай жігіттің біреуі.
Жан қалтасынан темекісін алды. Тұтатқан күйі бір бұрқ еткізді де, орнынан түрегелді. Кабинеттің ішінде ілгерінді-кейінді жүрді. Сонда байқады, төр жақта тағы бір есік бар екен.
– Мында кім отырады?
– Дөкей.
Жапар барып тұтқасын тартып көрді. Есік айқара ашылды. Жұтынған әдемі кабинет. Қайтадан жаба салды.
– Сүлеймен сағат он бірлерде төбе көрсетеді, оған дейін шаруаны бір ыңғайластырып қоюымыз керек.
Жапар жалғыз емес екенін ұғынды. Содан ба терең күрсінді, онысын өзі де байқамады. Бір түрлі кеңсірігі ашып, адасқан лоқсық тамағына тығылды. Оны аңғартпауға тырысып жайлап басып терезеге барды да, сыртқа қадалып тұрып алды. Немере інісінің азаматтығына іші елжіреп, жаны сүйсінді. Егер ол көпшіл болмаса, мыналардың бәрі маңайына шоғырланар ма еді. Әрине, жоқ. Және қашан да Сүлеймен туыстарға қол ұшын беріп, жәрдемдесіп жүргені. Жалғыз өзі оншақты отбасын асырап отыр десе артық айтқандық емес. Осының бәріне ықылас, пейіл таба білетін мұндай ішті жігіттер өмірде сирек. Сол сиректің бірі өз туысы болғанына Жапар марқайып қалды. Кешегі ұнжырғасы түскен кейпінен әлдеқайда қунақы көрінді.
Осы кезде есік ашылды. Жапар кері бұрылды. Темір табалдырықтан аттап, ішке кіріп келеді екен.
– Сәлем, бауыр! Үй-іші тегіс аман ба? – Кішілік танытып, құшағын айқара ашты. Жапар да оны кеудесіне басты.
– Аман, аман. Өздерің қалайсыңдар?
– Жақсы.
Содан кейін барып ол Әлмұратқа көңіл аударды. Онымен де төс түйістірді.
– Түнде қаншаға дейін болдыңдар? – деді Әлмұрат оған.
– Сендер кеткеннен кейін көп ұзамай біз де қайттық, онша қызықты ештеме байқалмады.
– Қазір қайдан келесің?
– Аналармен сөйлесіп… олар қазір автотұраққа барады. «Сонда жолығысамыз» деп айттым.
– Кеттік онда, жүрелік.
Әлмұрат бірден шаруаға кірісті.
– Кеттік.
Сол-ақ екен үшеуі апыр-топыр сыртқа беттеді. Далаға шыға беріс тұста Жапар және бір топ таныс жігіттерді ұшырастырды. Бәрі әбігер кейіпте сияқты. Олардың сықпытынан осы жердегі қоймаға, қант алуға келгенін топшылады. Әлмұрат:
– «Ең аз көтерме бағамен сатылатын қанттың көлемі он қап» деп қасарыспай, бір қап болса да бере беріңдер, – деп шегелей тапсырды. – Тездетіңдер, және сағат сайын хабарласып, шаруаның беталысынан мағлұм етіп отырыңдар.
– Жарайды.
– Біз шамалыдан соң қайта осында боламыз.
– Мақұл.
Үшеуі лағыл қызыл 100-інші «Аудиге» мініп, «Ақсайды» бетке ұстап тартты. Әлгі сатылатын «Мазда» сол жақтағы автотұрақтардың бірінде-тін.
Ә дегенше-ақ, ұшыртып жаңа сапаржайдың тұсына ілікті. Әлмұрат етжеңділігіне қарамастан машинаны әуелден ширақ жүргізетін. Кәзір де иінтірескен көліктердің арасына сынаша қағылады. Кейбір тұстарда бағдаршамның қызыл көзіне де тоқтамай, зу ете қалады. Онда да төңірегін жіті шолып, ешқандай кедергінің жоқтығын әп-сәтте бағамдай алатындығынан. Қысқасы, өзіне сондай сенімді, әйтпесе әлдеқашан көлденең кесірге арандар еді.
– Інішектер еркелік жасап қойып па?
Темір соңына мойнын бұрып, арт жақта отырған бұған әзілдей сауал тастады да ептеп жымиды.
Әдетте бұл – кез-келген нәрсеге салқынқандылықпен қарайтын жігіт. Қоян-қолтық араласпағаннан кейін Жапар өзі іштей солай топшылайды.
– Еркелегенде қатты еркелеп…
– Әй, ештеңе етпейді, ағасы болғаннан кейін бәрінің еркелегісі келеді де…
– Мына жерде ме еді?
Бұлардың енді басталған әңгімесін Әлмұраттың сауалы бұзды.
– Иә, осында. Бірақ, өкпе тұсынан төте кіретін жол жоқ, сондықтан «Электроника» зауытына дейін жақындап барып кері бұрыласың.
Төле би көшесімен трамвай жүретін желі тартылғандықтан кез-келген жерінен бұрылып кетуге қолайсыз еді – бір жақты. Сондықтан арнайы жерден өтпесе, релске барып асылып қалады. Әйтпесе, қозғалыс ережесін сақтауға дәл қазір бұларда құлық жоқ. Темірдің «Электроника» зауытына дейін барамыз» дегені сондықтан-тұғын.
Көп ұзамай машина кілт бұрылып, келесі қапталдағы жарыса созылған жолмен кері салды. Онымен де бауырын жазып көсілмей әудем жер барысымен тізгінді оңға тартты. Қатарласа жатқан екі қақпаға жетелеген кішкене тақ-тақтың оң жақтағысына түсті. Бұл – автотұраққа апарады екен де, келесісі техникалық стансасына тірейді екен.
Дарбазадан өтісімен тағы да оңға тартты.
Кіре беріс аузы соншалық тар боп көрінгенімен, ішіне енгенде қолтығы кең жатқан үлкен мекемеге тап келді. Ұзыннан-ұзақ созылған қатар-қатар лапастар жасалыпты, ана басы мен мына басына винтовканың оғы ғана жетсе жетер. Әрі оны-мұны қоятын ләвкелері жоқ демесең, бұлар әдеттегі сауда базарларының шатырлы жүлгелеріне ұқсайды. Күннің көзінен, қар мен жауыннан қорғайтын осы жабықтың астында сұғынып-сұғынып небір көліктер қаңтарылған. Арасында бөкселері салбыраған, қанаттары қиқайған жаман-жәутігі де бар, олар көбіне Ресейдің шығарған өнімдері. Әлгілердің ортасында азуын айға білеген сүліктей шаншылған кереметтері де тұр. Түстері де әр алуан. Сыртқы пішінінің өзі бір асқан паңдықты аңғартады.
Тереңге дендемей бір-екі қатардан өткен соң Әлмұрат тежегішті басты. Үшеуі серейіп-серейіп көліктен түскенде жан-жақтан арпылдай анталаған бір қора ит жеп жібере жаздады.
– Кет-ей!
– Жат!
– Жоғал! – деп жапа-тармағай зілдене жекіді. Бірақ оған ығатын шәуілдектер жоқ, шамалары жетсе балақтан іліп қалмақ. Тісін тістеріне қойып, жер бауырлап кеп шабаланады. Арасында арбиып дүрегей овчаркалар да жүр.
Осы кезде енді бір қатардан кейін тұрған әлгіндей ұзыннан-ұзақ созылған күнқағардың қасындағы дүңгіршектен шыққан екі кісінің ыпыны көрінді. Олар мына қожалықтың бақташылары екені айтпай-ақ білінді. «Қожайындармыз» дегендей қимылдары самарқау. Әлгі жыртылып айырылған арсыздарына да салғырттау зекіді. Сол-ақ екен жауша атойлаған өңкей ынсапсыздар тайынып, құмыға арпылдап барып, бірте-бірте тыйылды. Содан кейін ғана «кермедегі» темір тұлпарларды қарауылдаушылармен тілдесу мүмкін болды.
– Вася, қал қалай? – деді Темір.
– Ел қатарлы.
Жағасы мыж-мыж, өңірі алқам-салқам кержақ қолын ұсынды. Жанындағы күйелеш-күйелеші де күректей алақанын соза берді.
– Бізді іздеп ешкім келген жоқ па?
– Әзірше ешкім. – Ұсқынына қарамай жер әлемді ұстап тұрғандай екі қолын қалтасына салып шіренген Вася басын шайқады.
– Машинаға ешкім тиіскен жоқ па?
– Кім тиіссін? Жаңағыларды көрдің ғой, түнде одан да көбейеді. Біреу-міреу жоласа, жарып жейді. – Өзінің соншалық әлеуеттілігіне насаттанғандай, сап-сары ыстанған тістерін көрсете ырқ-ырқ күлді.
– Жарайсың, күзет солай болуы керек. – Темір оған дем берген қалпы «Маздаға» қарай беттеді. Әлмұрат пен Жапар да оның өкшесінен ілесті. «Мазда» бергі шетте екі-үш машинадан кейін ғана қаңтарылыпты.
Жапар оны сыртынан көргеннен-ақ сұлулығына сүйсінді. Пішіні ерекше – енді де ұзын. Көгілдір күміс тақылеттес екен, қас жүйріктей тұқиып тұр. Сондай келістілігімен сонадайдан «мен мұндалап» көрер көзге тап салады. «Мынандай «тұлпарға» мініп жүрудің өзі керемет қой» деп ойлады ішінен. Ал, салоны мүлде ғажап – нағыз қаракөк бекзатылыққа лайықтылығын танытады.
«Мазданың» есігін ашып, бұлар ары-бері айналдырып қарап жүргенде қызыл «Аудидың» жанына тағы бір көлік жапсарласа тоқтады. Сол-ақ екен иттер қауға тиген өрттей дүрк көтеріле шабалана жөнелді. Үшеуі де дыбыс шыққан жаққа көңіл аударды.
– Келді ғой.
Темір баяу ғана тіл қатты. Сөйтті де онысыз да айнадай жалтыраған әйнектерін сүрте бастады.
Жаңағы машинадан түскен екеу бұлардың қасына таянды. Сырықтай-сырықтай орыстың екі жігіті. Біреуінің қап-қара мұрты бар. Жылы амандасты. Содан бірден «тауарға» ықыластары ауды. Шыр айналып ең бірінші сыртқы нобайын бағдарлады. Сосын капотты ашты, екеуі екі жақтап ішкі құрылысына шұқшиды. Ары шұқыңдады, бері шұқыңдады, әйтеуір, ұзақ айналдырды. Ара-арасында өздері әжік-күжік сұқбаттасып, Темірге де бірлі-жарым сауалдар тастады. Ақырында, қоятын ешқандай кінәрат таппай қай жылғы екенін қайыра сұрады.
– Жігіттер, көріп тұрсыңдар, соңғы модельдердің бірі – шыққанына не бары бес жыл. – Темір шытына қабағын кіржитті.
– Бес жыл мерзім деген, бұлар үшін түк емес. – Әлмұрат гүр етті. Әшейінде әзілкеш жайдары жігіт, мұндайда мұз құрсана қалады. Мұны Жапар бірнеше жерде байқаған.
– Иә, иә…
Екеуі қарсы уәж айтпай жарыса бастарын изеді.
– Құжаттары дұрыс па?.. Қуғын-сүргіннен аман ғой… – Қара мұрттысы қадала қарады.
– Оған қам жемеңіз, міне құжаттары! – Әлмұраттың көздері құтырған бұқаның көздеріндей қанталай талаурады. Шалт қимылдап төс қалтасынан бумажнигін суырып ап, ішінен қатталған қағаздарды алып шықты. – Мынау, машинаның техникалық құжаты, ерінбей-жалықпай ондағы көрсетілген цифрларды матордың нөмірімен салғастырыңдар. Ал, мынау, менің атыма жазылған сенім хат, сатуға толық құқым бар. Міне – төлқұжатым, мұны да сенім хатпен салыстыруларыңа әбден болады. – Осылай тәптіштеп, әрқайсына жеке-жеке тоқталды. – Осы машинаға қатысты ендігі маңызды қағаз, МАИ мекемесінен алынған «іздеу салуда жоқ» деген анықтама. Бәрімен мұқият танысуларыңа толық мүмкіншіліктерің бар. Бірақ, жаңағы сөздерің артық, әлде біз әлдекімдерге ұқсап тұрмыз ба?
Мұндай құнтақтылықты күтпеген екеуі қапелімде абдырай айыптарын жуып-шаюға тырысты.
– Жо-жоқ… Дегенмен, нақтылық жақсы ғой.
– Дүдәмал сауалдың басын ашып алғандарың да дұрыс. – Темір оларды ыңғайсыздықтан құтқарып жіберді.
– Нақты қаншаға бересіңдер?
– Үш мың.
– Екі мыңын қазір, бір мыңын кейін берулеріңе де болады, – деп түзеді Темір. – Өте арзан… Шұғыл түрде ақша керек, сол үшін ғана сатып жатырмыз, әйтпесе…
– Мен сізбен толық келісемін, мынандай машина қай жерде де қымбат. – Мұрттысы сөйлеген қалпы тағы да еңкейіп, машинаның арт жағынан астына үңілді. Шамасы, кенжірдің тесілген-тесілмегенін байқайын деген болар.
– Оталдырып көрелік.
– Әлбетте.
Темір машинаға беттеді. Қара мұртты жүргінші жағынан таянып ішіне отырды, приборларды байқамақ. Ізінше матор гүр ете түсті.
«Мазда» әуелде автоматты подсостың ықпалымен сәл күшене гүрілдегенімен, кейін қызып алғаннан соң үнсіз ағатын терең судай «мылқауға» айналды.
– Ешқандай әңгіме жоқ екен, – деді бағанадан бері аузына су ұрттағандай мелшиген екінші орыс.
– Біз түстен кейін екі мыңды алып ораламыз, – деді мұрттысы. Оның тықақтауына қарағанда, негізгі алмақ осы тәрізді.
Бұл кезде Темір екеуі де салоннан сыртқа шығып, машинаның қасында тұрған еді.
– Жақсы, тездетіңдер. Алматы үлкен қала, бүгіннен қалсаңдар кешігулерің мүмкін. Маған қай клиент ақшасын бұрын ұсынса, мен кілтті соның қолына ұстатамын.
Темірдің мұнысы көпе-көрнеу өтірік еді. Иә, рас, Алматы үлкен қала, бірақ бұлар ешқандай жерге хабарландыру бермеген. Машина сату туралы байламды кеше Жапар телефон шалғаннан кейін Сүлеймен жасаған. Әйтпесе бұл жігіттер үстінен тиын-тебен түсіріп жүрген автомобиль саудагерлері емес.
– Оған дау жоқ, бірақ, біз олардың бәрінің алдын орауға тырысамыз. – Мұрттысы жымиып күлді.
– Оны сендердің жылдамдықтарың көрсетеді. – Темір «Мазданы» өшіріп, пультпен есігін құлыптады. – Менімен қалай хабарласуды білесіңдер, пейджерге хабар жібере саларсыңдар. Бәрі дұрыс болса – машина сендердікі, осы жерден айдап алып кетесіңдер.
– Келістік онда, байланысқа өзіміз шығамыз.
Әлгі екеуі құрақ ұшып, бәйек қақты.
Содан кейін нақты бітім жасалғандай қол алып қоштасты. Сөйтті де бұл топ екі машинаға бөлініп мініп, демде ізім-ғайымға айналды.
Үшеуі салып-ұрып офиске қайтып оралғандарында уақыттың өзі біраз межеге таянған-тұғын. Бағанағы қап көтеріп жүрген жігіттер үшті-күйлі. Екінші қабаттағы кабинеттің есігі де тас бекітулі. Бұлар кеткеннен бері жан баласы кеңсеге аттап баспағанға ұқсайды.
Жапар сағатына қарады, он бірге бес минут бар. «Қазір Сүлеймен де кеп қалар» деп топшылады. Жаңа әлгілермен саудаласып жүргенде жүрегіне түскен салмақ болмашы ыдырап, өзін сергек сезінген. Енді мына төрт қабырғаға тығылғаннан кейін бе, ескі дерті қозып, қайтадан кеудесін керней бастады. Бастапқыда бәрі ыңғайына келе кетердей көрініп еді, жаңағылардікі де жәй бұларды алдаусыратып жүргенге ұқсады.
– Жәке, сусын ішіңіз.
Темір бұған шыныға құйылған «Кола» ұсынып жатыр екен. Сол кезде барып өзінің кенезесі кебе шөлдеп отырғанын аңғарды. Бұған дейін қалай байқамағанына қайран. Темекіні тарта-тарта тілі мен таңдайы да әбден қуырылғанға ұқсайды.
Әлмұрат әлдекіммен қағанағы қарқ, сағанағы сарқ қалпы телефонмен әңгімені көйітуде. Екі иығы селкілдей күліп, әлденәрсеге өзінше мәз. Дәу де болса тілге тартып, ынтыға шүйіркелескені төменетекті сияқты, сөзі майда – майлы қасықша жылпылдайды. Үні де сыбызғының дыбысындай сызыла қалыпты. Әшейінде Жапар оның осы күлкі шақырар кейпін әжуалар еді, дәл бүгін оған зауқы жоқ. Мына пошымына салқын ғана езуін тартты. Ішіне сыймай көмейін керген мардымды уәж тіліне оралмады.
Сусынды бір-ақ екпінмен сіміріп сап, ыдысын қайтадан Темірге ұсынды. Ол қайыра ылқылдата толтырды. Жапар «Коланы» аузына апара бергенде түбінен қайнап шығып, әуеге секірген кішкене бүртіктері езуіне қонды. Енді жаңағыдай құныға бас қоймай, шынының ернеуіне самарқау ернін тигізді. Бір ұрттап, орындықтың арқалығына шалқайды.
Есіне түндегі шешесінің сөзі оралды.
Неге мұны сонша күстаналағанын әлі түсінбей дал. Осы уақытқа дейін жеке қара басы үй-ішіне зардабын тигізіп, уайымға салып, татасын тартқызған емес. Қандай қиыншылық болса да, нендей кесірлерге ұшырасса да, бәрін жалғыз жүріп жеңуге тырысты. Жеңді де. Бір абұйыры, жаманшылығын анасының құлағына тигізген жоқ. Жаманшылық дейтін де алып бара жатқан ештеме емес, сонда да тірліктің кәкір-шүкірін естісе мазаңдау ана жүрегі бір орнында байыз тауып тұра алмас еді. Сары уайымға салынатыны екібастан. Өмірдегі қиын нәсте – уайымның мүжігені, осы кеселден өзі шешесін қорғаштауын қорғаштап-ақ бақты. Бірақ, қолынан келмей жатыр, інілері бірінен кейін бірі мұның көкейіне түйген ардақты арманына қарсы балта сілтейді. Осындай әлпеш көңілмен жүргенде анасынан «жолың болмасын» деген сөзді естуге лайық па еді? Неге айтты екен шешесі? Бір кезде «әрең көрген Жапарым» деуші еді, «бүкіл қыздар осы қарғамның жолында құрбансыңдар» деуші еді… Жаны мұрнының ұшына келіп қыстыққан шығар. Әй, осылар-ақ таусып бітті, онысыз да арса-арсасы шыққан шешелерін ажалынан үш күн бұрын өлтіретін болды. Өңкей мақаупестер неге осыны ойламайды екен?..
Ауыр күрсінді. Сол кезде ғана өзінің мына жолдастарынан жырылып, басқа әлемнің аралына жападан-жалғыз тентіреп кеткенін білді. Сағатына қарады – он бір жарымға таяныпты. Жан қалтасынан темекісін алды.
– Сүлеймен келмеді ғой, – деді Әлмұрат.
– Кейде таңға дейін шаруалармен жүріп қалатыны бар еді, ұйықтап жатқан болар.
– Онда аналарға «Мерседесті» көрсетелік, звонда.
– Түске дейін шефті келмейді деп ойлайсың ба? – Темір оған қарсы сауал тастады.
– Келсе, күтер. Уақытты текке өлтірмей барып қайталық, егер олар дайын болса. Кім біледі, түстен кейін шұғыл шешетін тағы да бір шаруалар шығатын шығар.
Темір телефонның құлағын алып, ноқаттарды тере бастады. Ізінше әлдекіммен сөйлесе жөнелді.
– Тимка, адамдарың қайда? Түндегі айтқан бірінші Алматы жаққа жібер. – Дауысы үзіліп қалды, дегенмен көп іркілмеді. – Иә, иә. Машина сонда. Біз, міне, сол жаққа кетіп барамыз, жиырма минуттың шамасында боламыз. Жақсы.
Тағы да үшеуі апыл-ғұпыл атқа қонды.
Қай кезде де қаланың көшесі машинадан бір арылмайды. Күндіз тіпті құтыра қағынады: жыртылып-айрылып, бір-біріне қыр көрсетіп, жолды кесе ойқастайды. Егер оған төтеп бере алмасаң, көпе-көрнеу көлденең көк аттылардан қағажу көріп қаласың, алдыңды орап, қолтығыңды жаздырмайды. Есек мінгендей итініп, баратын жеріңе төзіміңді сарқып жетесің. Ол аздай, кейде, ала таяқ ұстаған әкіреңбайлар жолды жауып, сідігің сарғайғанша жіпсіз байлап жібермейді. Әлден уақытта ылыққан итше шұбырған әлем-жәлем бір лек қиқулата өтіп бара жатады. Шетелден келген делегация – мемлекеттік деңгейдегі жоғары лауазымды меймандар. Сондықтан жол беріп, шаруамыздан қалып қарап тұруымыз тиіс. Өйткені олар баламыздың баласына кетер көп-көп инвестиция әкеле жатыр.
Осындай кедергілер ұшыраспаса, машинаға бірінші Алматы деген сөз бе, тәйірі… Жаңағы Темір айтқан жиырма минутта діттеген жерден табылуы әбден мүмкін.
Құдай сақтағанда ондай тосқауылға ұшырасқан жоқ. Дегенмен де тамырдағы ұйыған қандай көліктердің легі иін тірескеннен ағызып кете алмай кібіртіктеп, дәміл-дәміл тізгін тартуға тура келді. Құдды бір атты ауыздыққа сүйеп шапқандай, ешкімнің қолтығын сөге көсілуге мұршасы жетпеді.
Жапар сары уайымға салынып, тағы да сайтан көбелектей қалбалақ қақты. Кенет бұ дүниеге қайта оралып, төңірегін бағдарлағанда қай тұста келе жатқандарын аңғара алмай, қайраны таусылды. Әйтеуір машина қысқа-қысқа көшелермен дәміл-дәміл оңға-солға бұрылып, қайдағы бір үйлердің арасына дендей сіңіп барады. Бірінші Алматы екенін біледі, ал нақтысын топшылау қиынға соқты. «Е-е, менің есім шығып қалған екен ғой…» деді іштей өзінің ептеп алжаса бастағанын мойындап. Бірақ, сыртқа тырс етіп тіс жармады.
Бір үйлердің қасына тоқтады. Әлгі үйлердің маңы бітеу гараждар. Сол гараждың алдында бұларды тағы да бір мыжырайған екі орыс қарсы алды. Біреуі бірден мән-жайды баяндай жөнелді.
– Сіздердің келе жатқандарыңызды айттық, қазір хозяйка кілтті әкеледі.
«Хозяйка» дегені ол нендей әйел, мұндағы тұрған шынтуайтында кімнің машинасы – Жапарға беймағлұм. Бар білетіні, ұрлық немесе қылмыстық жолмен келмегені, оған сенімді. Тапса бұл жігіттер, адал еңбектерімен, қайсарлықтарымен, әділдіктерімен табады. Жұртшылықтың ішіндегі түйіні шешілмей жүрген мәселелерді дабыра қылмай тігісін жатқызатын осылар. Бір жақтың шағымдануымен, келесі айыпты деген азаматтармен жолығысып, мән-жайды солардың аузынан естіп, екі жақтың әңгімесін екшеп барып, түбегейлі шешім жасайды. Ұйғарым қара қылды қақ жарған тура болса, әділ билікке кім құлдық ұрмасын, араз ағайындар кінәсін түсініп, бір-бірімен бітімдеседі. Осы өзара татулықты орнатқаны үшін, жігіттердің айтқан биліктеріне ризалықпен сый-сыяпаттарын беріп жатады. Мына машиналар да сондай ушыққан арақатынасты еш жанжалсыз лекерлегендеріне тиесілі кәделері шығар.
Дуалдың аузына іркілген Жапар осылай ой түйді. Бұл кезде бұларды қарсы алған екеуімен Темірлер жүре сөйлесіп, арытаманырақ барып бөгелген. Әлгі Чапаевтың сарбаздары зәліттес екі орыстан әлденәрселерді тәптіштей сұрауда.
Сарғайып көп күткен жоқ, семіруге бет алып келе жатқан орыстың ақ сары келіншегі жетті. Өзінше мәз, екі езуі екі құлағында.
– Привет, Тимур! – деді сонадайдан сыңғыр қағып.
– Где ты гуляешь, сколько можно ждать? Мы торопимся. – Темір аяқ астынан әзілге бұра бұлданып, әйелді шықпырта жөнелді. – Раз команда поступила, ты должна находиться здесь.
– Да брось ты, Тимур, у меня семья, дети. Еле оторвалась.
– Шучу, шучу. – Темір күліп, әйелдің арқасынан қақты.
– Твоя шутка грубая, – әйел басын шайқаған қалпы, плащының жан қалтасынан бір бума кілтті суырып алды. Көп ұзамай үш-төрт гараждан кейінгі темір есіктің аузындағы құлыпқа жармаса берді.
Есік шалқасынан ашылды. Сол-ақ екен көзге ақ боз жорғадай сүзілген мінсіз әппақ «Мерседес» отша басылды. Күңгірт гараждың ішін сәулелендіріп тұрғандай көрінді.
– Осыны сатамыз ба?
– Иә. – Әлмұрат баяу басын изеді. – Ала қойса енді…
– Қай жылғы?
– 90.
– Судай жаңа ғой.
– Аналарға дұрыс түсіндіріп пе едің? – Әлмұрат Жапардың сауалын жауапсыз қалдырып, дарбазаның тұсындағы Темірге дауыстады.
– Дұрыс түсіндіргем.
– Жоқ қой. Бізбен қатар шықса, осы уақытта келулері керек еді.
– Кім білсін, таппай жүрген шығар. Мен әдейі мына жерден көше жақты қарауылдап тұрмын.
– Жарайды онда, машинаны оталдырып сыртқа шығарып қояйын.
– Сөйт.
Әлмұрат «Мерседесті» кішкене қыздырып, кең жерге әкеп қойғанша Темір де, қасында алушылар бар, осылай қарай беттеп келе жатты.
Жалпы, бір нәрсені өткізіп жіберу соншалық қиын ба, әлде бүгін Жапардың жолына жуа бітіп тұр ма, мыналар да машинаны көріп көздері қызыққанымен қалталарынан суырып қолма-қол ақша ұстата қоймады. Бір жағы шү-у дегеннен ешкім жанына пұлын салып шықпайды да ғой, бірінші көреді, содан он ойланып, жүз толғанады. Кез-келген адамның басындағы жайт. Бірақ, оны Жапардың жайы көтере ме, ырғалып-жырғалып жүруге еш мұршасы жоқ. Міне, қазір сағат бірге таянды. Мұның енді алты сағаттан асар-аспас қана уақыты бар. Оның үш сағаты Алматы мен Бішкектің ортасындағы жолға шығындалады. Сонда үш-ақ сағат уақыты қалыпты. Содан кейін арғы тірлігі еш кәдесіз, жау кеткеннен соң қылышыңды боққа шаптың кері. Сара мұны одан ары күте алмайды, інісінің басын бір-ақ ауыз сөзімен мүрдемге жібермек.
Не бір жауабын таппас сауалдар миына сан мыңдаған көдедей қадалды. Әсіресе, уақытының өтіп бара жатқанын сезінгенде, көкірегі қарс айырыла жеті насыры жерге кіреді. Кеудесінен жаны шиқ етіп шығып кетпегендіктен ғана амалсыз отыр.
Шарасыздан қолы темекіге жүгірді. Терезені саңылаулай ашып, сигаретін тұтатты. Жан-жағының бәрі сол баяғы бәз қалпында. Ары-бері ағылған машиналар, жолды бойлай ілбіген бейқам адамдар… Бәрі-бәрі мұның ішқұста қайғысынан бейтарап. Жандары ешқашан ештемеден қыстығып көрмегендей, әрі қыстықпайтын да сияқты.
Уайымның уытына бөленіп, бір сәт іші уылжыды. Сүлейменнің қамқор қолын созғанына жүрегі елжіреді. Абзал азаматтығы – мыңның бірінен ғана табылатын үлкен қасиет. Әйтпесе, ағайынның бір ауыз сөзіне бола осынша дүниені бір күнде сатуға бұйыру – екінің бірінің істейтін шаруасы емес. Мұның ұққаны, оған дүниеден бұрын – кісінің көңілі қымбат. Әрі-беріден кейін осы жігіттердің бәрі соның төңірегінен шықпай жүргендігінің өзі оның бойында парасат тәңірісінің барлығынан. Әйтпесе, бұл күнде кімді-кім жарылқағандай. Жалғыз ғана ішіне қонбайтыны, осы тындырып жүрген ісін заңдастырып, әлі күнге шағын кәсіпорын құрмай-ақ келеді. Бір реті түскенде:
– Сүлеймен, бір фирма ашып қойсаңшы, – деген.
– Бар ғой фирмалар. Фирма ашу түкке тұрғысыз. Осындағы бір жігіттер күніне оншақты фирма ашып, оншақты фирманы жауып жатады.
– Неге? – Бұл аузы аңқия қарады. Сүлеймен құр езу ғана тартты.
– Кейбір фирмалар бір айға ғана керек болады…
Жапар одан ары тақымдап сұрамады, өйткені Сүлеймен тумысынан көп ашыла қоймайтын адам, сөзге тым сараң. Қайта мына әңгімесінің бәрі – мұны ең жақын туыс санап шешілгендегісі. Оның осы жұмбақтығын Жапар да сол күйі қалғанын қалайды. Неге екенін және өзі де білмейді. Бір түйсінетіні, неғұрлым аз сөйлеген адам, соғұрлым биіктей береді. Бүгінгі атжалмандар қоғамында осындай су шайып кетпес салмақты болған да қажет сияқты. Сондықтан оны сөйлетіп, сырын ала бергісі келмейді. Бірақ іштей бауырының фирма ашып, көзге түсетін, көкейге қонатын іспен айналыспағанын ұната қоймайды. Дегенмен, мына отырған офисінің өзі оны заңды тұлғадай сезіндірді. Күнде қасында жүрген жоқпын, мен білмейтін кәсібі де бар шығар деп қорытты.
Кеңсенің есігін тағы да үшеуі ашып кірді. Бұлар кеткелі мұнда ешкім аттап баспаған тәрізді.
– Сағат бірден асыпты ғой, Сүлейменге телефон соғайын. – Әлмұрат бұлардан кеңес сұрағандай үн қатты да, телефонның құлағына мінді. Көп әуреге салған жоқ, әлдекім тұтқаны алды.
– Қал қалай, Сүлеймен бар ма?
– Ол жоқ. – Арғы жақтағы дауыс тұтқаның өзінен бұларға анық естілді.
– Қайда?
– Білмеймін, бағана шығып кеткен.
– Жарайды онда.
Әлмұрат тұтқаны ұясына қойды.
– Кеп қалар. – Екі жолдасына дүдәмал кепте қарады. – Күтелік.
Ешкім оған ләм демеді. Темір столдың үстіндегі графиннен су құйып ішті. Ал Жапарға бәрібір еді, сол дал-далы шыққан қалпы сеңірейіп отыра берді. Бағанадан бергі мазалаған жауабы жоқ сауалдар мұның ішін үңгіп, құр кеуекке айналдырып тастағандай, сүлдері ғана.
– Бір жерден тамақ ішелік. – Темірдің қарны ашса керек, ұсыныс жасады.
– Үй, қазір дөкей кеп қалады, онымен жолығысып, мән-жайды айтып, түстікке содан кейін барайық.
Жапарға Әлмұраттың байламы ұнады. Өзіне салса, ешқайда барғысы келіп тұрған жоқ, екі бүйірі тоқ сияқты, асқа тәбеті шаппайды.
– Соткасына звондайық.
– Бағанадан бері звондап отырмын, өшіріп тастаған.
Бұдан кейін үшеуі де бір ауық үнсіз томсарысты. Жапар жан қалтасынан темекісін қылтитты. Сигаретін тұтата беріп Әлмұраттың дүние өртеніп кетсе де темекі тартпайтынына таңырқады. Жалпы, бұл білетін беделді де белді жігіттердің көбі «түтінге» үйір емес, арақты ауыздарына татып алмайды. Олардың бойындағы жаман әдетке деген кірпияздық қайдан дарығаны да беймағлұм. Және де көбіне жүретін жерлері – кешкі клубтар, мейрамханалар… тағысын-тағы көпшілік орындары. Солардың жуан ортасында тыныстағанымен жұққыш нәрселерді бойларына жуытпағандарына таң. Бәлкім, жаман әдеттен өздерін аулақ ұстауы, қажеттік туындаса кез-келген уақытта бітімгершілік орнатар әңгімеге бара беретіндігінен шығар. Ал, ондай жағдайда аузынан арақ сасып тұрса сөзінің не әтүйірі қалады? Сондықтан, өздеріне мұндай «ләззаттан» тұшынуға үзілді-кесілді тыйым салар. Осы қағида бұлардың тірлігіндегі бірінші шарт болса керек.
Бейсауат дыбыстан үшеуінің де құлақтары елеңдесті. Сөйткенінше Сүлейменнің өзі де кіріп келе жатты. Соңына ілескен тағы да екі жігіт бар.
– Таң атқаннан бері қолдарыңа түскен ақша осы ма? – Іштегі үшеуімен амандасып жатып, ізіндегі әлгілерге кейісті кепте сауал тастады.
– Бүгін не қырсық атқанын білмеймін, сауда жүрмеді. – Анау бүгежектей жауап берді.
Сүлеймен кабинетіне беттеген күйі «жүріңдер» деп барлығын өзіне шақырды. Жапардан басқалары ішке енді.
– Отырыңдар.
Орындықтардың тарсылы білінді.
– Сонда базарда қант күндегіден көп пе? – Сүлеймен баяу да сабырлы сөйледі. Ол әдетте дауысын көтермейтін, сол дағдысынан жаңылған жоқ.
– Көп. Машина-машина боп сыртта иінтіреседі.
– Онда түсіріңдер бағасын. Жай халыққа өзіндік құнымен, тіпті одан да төмен сатыңдар. Біздің бір-екі-ақ сағат уақытымыз қалды.
– Өйтсек, жанымыздағы өңге саудагерлер ренжиді.
– Ренжімейді. Ренжісе, бүгін үйлеріне қайта тұрсын. Ал сендер қара халықтың алғысына бөленесіңдер. Түсіндіңдер ғой.
Бір сәт бәрі тым-тырыс қалды.
– Сағат бесте сендерді осында күтемін.
– Мақұл.
– Жүре беріңдер.
Екеуі сөлбірейіп шығып келе жатты. Жапар өзін мыналардың алдында күнәһардай сезінді, олардың жүзіне тура қарай алмай қипыжықтай берді. Бәрі таныс жігіттер, әркімнің бала-шағасы бар. Ортақ дүние болса да, қолдарындағы барын арзанға беру обал-ақ.
Осындай ойды санасында топшылаған жігіттің беті дуылдады.
Ар жақтан Темірдің сөйлегені естілді.
– «Маздаға» екі мыңды түстен кейін әкелмек. «Мерседестің» ақшасын ертең береміз деді. Уақыт тығыз, әйтпесе… – Темір де діңкесінің құрып отырғанын аңғартты.
– Тамақ іштің бе? – Әлмұрат әңгімені басқаға аударды.
– Жоқ.
– Үйден қашан шықтың?
– Он бірден кете, бірден аналарға базарға бардым…
– Онда түстеніп алайық, – Темір үн қатты, – біз де нәр сызған жоқпыз.
– Жүріңдер.
Үшеуінің дүрк көтерілгені білінді.
Жақын маңдағы кафенің біріне тоқтады. Дастарханға жайғасып ас мәзірін қарай бергендерінде Темірдің пейджері шиқылдай жөнелді. Жапардың жүрегі бірге лүпілдеді. Темір қалтасынан әлгісін алып, қарап:
– Солар, – деді.
Жақсы сөз барлығының көңілін аялап өтті.
– Не дейді?
– «Хабарлас» депті, телефондарының нөмірі бар.
– Нөмірі қандай, айтшы. – Сүлеймен жанынан «ұялысын» шығарды. Темір сандарды тізбектей жөнелді.
– Алло, қазір сізбен Темір сөйлеседі.
Тұтқаны Темір алды.
– Да. – Басқа сөз айтпай құлағын тосты.
– Біз жарты сағаттан кейін сонда боламыз, келе беріңдер.
Телефонды қайтадан Сүлейменге ұсынып:
– Екі мың бар, – деді.
Жапардың өзегіне бір саңылау түскендей, өшкен үміті тұтанғандай болды. Тұла бойы бір ысып, бір суынды. Ішкен асы да бойына тарамады, өңешіне кептелді.
Тамақ ішісімен Әлмұрат пен Темір автотұраққа жөнеді де, бұлар Сүлеймен екеуі офисте қалды. Оңашадан оңаша отырып, өкпелескен адамдай тіл қатысып сөйлеспеді. Сүлейменнің табиғатын бес саусағындай біледі, сөзге жоқ. Ал өзі болса не деп әңгіме бастамақ, оған күйіті келіп отыр ма? Дәл осы қазір қойнынан бөзі, аузынан сөзі түскен. Ине жұтқан иттей бір бәле тура барып жүрегінің басына қадалды да, мұны күйкентайдай кілмитіп қойған. Ештемеге зауқы соқпайды. Уайымдай, уайымдай ет жүрегі езілді. Ой мен шер деген бәле меңдей берсе, көкірегі мен тілі сайрап тұрған адамның өзін меңіреуге айналдыратын болса керек.
Есіне әкесінің інісі Ыдырыс ағасы оралды. Өмірі күлген адам емес. Сыртқы сықпытына қарап мылқау ма дерсің. Не бір тосын көріністер де оның тілін шығара алмайды. Дүние астаң-кестең төңкеріліп, қызыл алауға оранып өртенсе де міз бақпайды. Малшының үйіне сирек келетін машина есігінің алдына тоқтап жатса да селт етпейді. Одан түскен адамдар «Ассалаумағалейкүм» десе, «Уағалекум» деп селқос қана жауап қайырады. Бар болған-біткені осы.
Жапардың әлі есінде, Ыдырыс ағасы бұдан жастау кезінде мүлде басқаша-тұғын. Басына жастықты немесе тұлыпты тастап шалқасынан түсіп, кеудесіне домбыраны көлденең қойып күмбірлетіп тартатын. Әдемі майда қоңыр дауысымен әуелетіп ән салатын. Бет-ауыздары қожалақ-қожалақ бұлар шауып жетіп барса, әзілдеп бірдеме айтатын еді, еркелететін еді. Ал, үлкен кісілердің баяндауы бойынша ағасы бозбала, жігіт кезінде әңгімешіл, сауықшыл болыпты. Жаратылысынан келісті кескіні де көптің ішінен бірден оқшаулап, иманжүзділігімен өзіне үйіріп тұрса керек. Күй тартып, ән салғанда көрген көз сүйініп, естіген құлақтың құрышы қаныпты. Сондықтан бойжеткен қызы бар қатындар Ыдырысты іштей қалап, сырттай тон пішіп жүреді екен.
Сөйткен ағасы ақырында тілі бар мылқауға айналды. Домбыраны ғұмырының соңғы жиырма шақты жылында қолына да ұстамай кетті. Қас қылғандай өкіметтің бір отар қойды бағуға жанына қосқан көмекшісі шынтуайтында мылқау болып жолықты. Алайда мылқау тілі бар бұған қарағанда әлдеқайда баж-бұж еткен дауысын жиі шығаратын. Сөйтсе, ой мен уайым бойдағы бардың бәрін ақырында құртып тынады екен. Сонда ол кісінің көкірегінде нендей кеселдің беріштей байланғанын Жапар осы күнге дейін білмей дал. Мүмкін, ұшқыр қиялы мен арманы бола тұра ғұмыр-бақи қой бақтырған өміріне назалы шығар. Елуден сәл асып барып мәңгілік көз жұмғаны да, сол назаның оның түбіне жеткендігі, бәлкім. Құрғырың тұқым қуалайтын құлғана ма, енді Жапарды тауып отырғандай…
Басы зеңіді, беймағлұм бәле қолқасын тұтап, еріксіз терең күрсінді.
Бір заматтарда аяқтың дыбысы білінді. Бұл салбыраған басын көтеріп есікке қадағанша әлгі екеуінің төбесі көрінді. Мұрттарынан күледі, соған қарағанда қолдарына қарға саңғыған тәрізді.
– Міне, алып келдік. – Жаңғалақтау Әлмұрат сөзді елпілдей бастады. – Бір мыңын келесі жұмада береді.
Қолындағы мұқият оралған ақ қағазды Сүлейменнің алдына тастады. Сүлеймен оған назар да аударған жоқ.
– Қазір базарға барып қанша жиналды, соның бәрін осында жеткізіңдер, – деді пәрменді күйде. Әлгі екеуі келген ізімен тізе бүкпестен кері қайтты.
Тағы да екеуден-екеу шошайып қала берді. Тағы да құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Сөйтіп үн-түнсіз қанша отырғаны белгісіз бір уақта Сүлеймен сағатына қарап ап:
– Бестердің шамасында ана жаққа телефон соқ, – деді баяу Бішкекті меңзеп.
«Олармен не деп сөйлесемін?» деген сұраулы кепте інісінің бетіне таңдана аңтарды. Ол да бұған көзінің қиығымен назарын аударды.
– «Шыға алмай жатырмын. Соманың жартысын таптым, қалай да таң атқанға дейін жетемін. Кеш болып кетті демесеңдер, ақшаны түннің ішінде апарып беремін» де.
Мына сөз көкейіне қонды. Олардың да «әлде қайтты» деп діңкелері құритыны екібастан. Ештеме бітірмесе де хабарын беріп тұрғаны жөн екен. Ертең жүз көрісіп сөйлескенде де – беті ашық.
– Ақыл екен.
Сағатына қарады, төрттен кетіп барады. Уағда бойынша жігіттер қазір келіп қалуы керек. «Ал, құр қол келсе қайтемін?» деді үнсіз үгіліп. «Жоқ, таң атқаннан кешке дейін базардағы сауда ісінде олай болуы мүмкін емес. Жылу жинап жүрген жоқ, нақты тауармен... Әрі, қантты арзанға беруге келісті. Арзанға бергеннің өзінде бұларға қажетті соманың көлемі қалайда уыстарына түсуі тиіс. Бәрі алдын-ала есептелген, саусақтарын танауларына тығып қайтпас».
Соңғы пайымы жігерлендіріп жіберді, көкейінде әлдеқашан жоғалған сенімді тірілтті. Сүлейменнің араласқан шаруасы аяқсыз қалмайтынын білетін, бұл да бір ыңғайына қарай беттейтініне өзін-өзі нандырды. Атжалмандай бой көтерген күмәні ыдырады.
Тағы да темекі тартты. Тағы да ары-бері сенделді. Әншейінде сазара тапжылмайтын уақыт байыз таппай сырдақтап барады. Келеді деген жігіттер кешіге берді. Міне, сағаттың тілі бестен де ауытқыды.
Сүлеймен телефонның нөмірін тере бастады.
– Сәлеметсіз бе, – деген үні де шықты. – Мына абонаментке «хабарлассын» деген сәлемдемемді жолдаңызшы. Рахмет.
Тұтқаны қайта ұяшығына қойды.
– Бестен кетті ғой, Бішкекпен сөйлесейін бе? – Тағы да ақылға сала інісінің бетіне қарады.
– Сөйлес.
– Бүгін шыға алмай қалмаймын ба?
– Әбіржіме, құдай бұйыртса қалай да аттанасың.
Жапар үндемеді. Үндемеген қалпы алдыға ұмсынып барып кешеден бері жадында жатталып, көкейінде татаусыз сайраған Байқалдың үйінің нөмірін тізбектеді.
Бұдан кейін де біраз уақыт өтті. Бөлменің ішін күңгірттік жайлағаннан кейін шам жақты. «Төле бидің» бойындағы тынбай ағып жататын көліктердің қатары еселене түскендей. Бұл сиық ел жұмыстан қайтып, адам аяғы артатын кеш мезгілін әйгіледі. Қоңыр күздің ерте үйірілетін ымырты қол созым жерде ғана қалған. Ал, әлгі келмек азаматтардан әлі хабар жоқ, не телефон да шалмады.
Жапар тағы да шыдамсызданып темекі тартты, тағы да ерсілі-қарсылы жүре бастады. Осы кезде аңдар бағындағы хайуанаттардың алақандай ғана тордың ішінде ары-бері мазасыз шабатынын түсінді. Байқұстардың іші қамырықтан түтеп, ақылынан алжасып, бойын кернеген дерттен дедек қағады екен ғой. Олар сол кезде жан-жағындағы тіршілік атаулыны көрмейтін, ештемені білмейтін болса керек. Түздің төсін аңсай-аңсай уайымнан лауқиға айналып, безектеген кезі пақырлардың. Дәл солар секілді өзінің де бір ғана інісінің жайынан басқа ештемені болжай алмайтынын байыптады. Соның дертінен қан сиіп тұрғанын аңғарды. Ал Сүлейменнің дүние төңкеріліп кетсе де былқ етпейтініне сүйсінді. Бұл тек батырға ғана бітетін мінез. Осы салмақтылық түсінген адамға көп жайтты аңғартады.
Бір кезде барып есік шалқасынан ашылып, бес-алты жігіт сау етіп кірді. Олардың арасынан Әлмұрат пен Темірдің төбесін көріп, Жапардың жанарында жылт еткен нұрдың ұшқыны қылаңытты. Орталарында ертеңгілік осы офистің төңірегінен байқап қалған, түс әлетінде Сүлеймен ертіп әкеген және кешелі-бүгінді кездестірмеген азаматтары бар. Бәрі мұнымен жапа-тармағай амандасты.
– Міне, үш жарым мың, – сөзді Әлмұрат бастады, – құдай атқанда бүгін сауда жүрмей-ақ қойғаны. Сағат төрттерден аса үш мыңға жетерлік теңге жинақталғанда-ақ ол жақтан шығып кеткенбіз. Сендердің хабарларың пейджерге түскенде валюта айырбастайтын пункт іздеп, шабуылдауда едік. Қырсық қылғанда еш жерде доллар жоқ. Бір жерден екі жүзден, бір жерден үш жүзден жиып, сандалып жүрдік.
Кешіккен жайларын осылай қысқа ғана мағлұм етті. Қалғандары жақ ашпады.
– Дұрыс, басқа ақшаның реті болмады дейсің бе? – Сүлеймен томсара тіл қатты. Сәлден соң, – енді мың доллар керек, – деді жігіттерге барлай назар тастап.
– Біз кеткеннен кейін базардағы жігіттер қанша шығарғанын білмеймін, кейде қол кешке қарай жүретін еді. – Әлмұрат күңкілдей күмілжіді.
– Олар мұнда келмейді ғой.
– «Келіңдер» деп ескерткен жоқпыз.
– Көріңдерші, көрші фирманың бухгалтері бар ма? – Сүлеймен төмен жақтағы жігіттің біріне иек қақты.
Ол шықты да, демде қайтып оралды.
– Бар.
Сүлеймен орнынан көтеріліп, дәлізге қарай бет алды. Көп айналмай қолына көк қағаздар ұстаған қалпы қайтып кірді.
– Міне, енді, бәрі әзір. – Жүзіне ептеп жылу жүгіргені байқалды. – Алты мыңды бересіңдер, бес жүз – жолдарыңа. – Ағасының бетіне қарап қойды. Жапардың қуаныштан жүрегі атқалақтай жөнелді. – Алдағы шаруа аллаға ғана аян, тағы бір нәрсеге тиын-тебен керек болса, жат жерде кімнен сұрайсыңдар?
Жапардың одан сайын еметайы езілді. Марқұм әжесі Зертонның жиі қайталайтын «тамам айыл жиналып – құйысқанға жетпейді, тамам ауыл жиналып – туысқанға жетпейді» деген мақалы есіне оралды. Жарықтық, өмірді көріп, арғы-бергіні екшегеннен кейін айтқан екен ғой. Әйтпесе, Сүлеймен болмаса мұндай жақсылықты кімнен көрмек. Иә, иә, қол ішіне икем…
Көз аңғарына лықсып кеп жас тығылғандай сезінді. Демде тұтаған көкірегі ашылып, сап ауаның кеңдігінен жас сәбидей қақала тұншыққандай түйілгенін аңғарды.
– Қазір Бішкекке таксилетіп тартыңдар. Темір, сен бірге бар. –Сүлеймен өткір көздерін жолдасына қадай, болмашы іркілді. – Танымайтын жер, түн іші, қалтасында ақша…
Ол бірден:
– Мақұл, – деп келісті.
– Жапар, мә, мұқияттап салып ал. – Інісі ағасына бір бума ақшаны ұстата берді. Мынандай қамқор сөзді бұрын-соңды естімегендей Жапар қатты толқыды. Ұялыстан толқыды. Шынтуайтында аға ініге қамқорлық танытуы тиіс еді, ондай үлкендік мұның қолынан келмеді. Өзін қор сезінді. Сөйте тұра «Темірді мазаламай-ақ қой» деп айтуға мұршасы жетпеді. Іштей оның ілесіп баратынына қуанды, Сүлейменнің аңғарлылығына сүйсінді.
– Мына жерден кешкілік ас ішелік, – тағы да Сүлеймен ұйғарым жасады, – содан кейін бірден атқа қонасыңдар.
Осыдан соң-ақ отырған жұрт түп көтеріліп, сыртқа лап қойды.
…Сапаржайға келісімен Байқалмен, Сарамен сөйлесті. Жолға шығып бара жатқанын, қолында ақшасы барын мәлімдеді. Осы турасында дәл қазір тергеушіге де хабарлауларын өтінді.
Бұл кезде сағат тілі жетіден әлдеқашан ауытқыған-тын.
Ең соңынан Бибіге қысқаша мән-жайды ұғындырды. Ол мұны таң қалдырып, тосын жаңалық айтты.
– Сапар телефон соқты.
– Қайдан… қалай?!. – Жаны ышқына сұрады.
– «Тергеушінің кабинетінен сөйлесіп тұрмын» дейді.
– Не деді?
– «Жазығым жоқ. Қайдан болса да ақша тауып әкеп, мені қалайда құтқарсын. Талдықорғандағы үйімді сатып, құдай аман қойса барысымен қайтарамын. Қазір қолымда кісен, мына жақта бол-болдың астына алып жатыр…» деді. Бар айтқаны осы.
– Жарайды онда, ештемеге алаңдамаңдар, дәм тартса ертең қайтып ораламыз. Қасымда Темір бар. Балалардың бетінен сүй.
– Мақұл. Тағы да… – Бибі және бір тың әңгіме бастағысы келгендей асыға сөйлеген қалып танытты. – Сапардан бұрын бір жігіт звондады. «Болар-болмас шаруаға отыр. Тездетіп шығарып әкетіңдер. Мен жаңа ғана сол жақтан босадым. «Бауырымның үйіне хабарлас» деп аманаттап еді» деді.
– Басқа ештеме айтпады ма?
– Жоқ.
– Жақсы, сау болыңдар.
– Жолың болсын…
Бұл асығыс тұтқаны орнына іле сап, таксилер тұратын алаңқайға заулады. Сол жерде Темір жүргізушілермен келісе беруге қалған.
Ел орынға отырғанда бұлар Бішкекті бетке алды.
Сағат он бірлерден кете «Тұңғыш» ықшам ауданындағы 72-інші үйдің есігінің алдына тоқтады. 178-інші пәтер сегізінші қабатта-тұғын, бұл кезде лифті істемейді, жаяу көтерілуге тура келді.
Қоңырауды басқаны сол еді, ар жағынан апыл-тапыл жүгірген аяқ дыбыры білінді.
– Кім бұл? – Байқалдың дауысын жазбай таныды.
– Мен ғой, Жапар.
Үй иесі есікті ашты. Ашылған есікпен қатар келушілердің мұрнын тымырсық иіс шарпып, жүздеріне жанған өрттің жалынындай леп тиді. Өйткені, аядай ғана баспанада бір қора адам үйме-жүйме еді. Жапар сәл шімірігіп, жиренгенін білдіртпеуге тырысып табалдырықтан аттады. Темір де ішке енді.
– Ассалаумағалейкүм.
– Әликуммассалам. Аман-есен келіп қалдыңыздар ма? – Байқал ескі құдасын көргендей, алдыға түсіп жортақтап барады. – Әлгінде телефон соққанда атқа қонсаңыздар, өте жылдам жеткенсіздер.
– Кешіккенімізді сіздер басқаша түсініп қала ма деп, жаным шыр-пыр қаға апшысы қуырылды. Айып етпеңіздер.
– Еш оқасы жоқ, ол бір бес-он сом емес, біреуден ала қоятын, бәрін түсінеміз.
Осы кезде шашы дудыраған Сара залдан төбе көрсетті. Ашылған есіктің қиғаштай қиығынан жерде сұлап жатқан кісілердің нобайы байқалды, сорайған, тыриған сирақтар назарға шалынды.
– Амансыздар ма?
– Аман, аман. – Жапар басын изеді.
– Байқал, мейманды неге босағаға тұрғызып қойғансың, ас үйге өтпедіңдер ме?
– Жоқ, рахмет! Балалар ұйықтап жатыр, мен жеті түнде мазасын алмайын. Тек сіздерге қайтып оралғанымды білдірейін деп әдейі бұрылдым. Ертең қай жерде, сағат қаншада жолығамыз – соны айтыңыздар?
Ерлі-байлы екеуі бір-біріне қарады.
– Айт-ей, қайда жолығамыз? – Байқал саңырау үйректей барқ етті. Бұтындағы трикосының тізесі жаңа күшіктеген қаншық иттің салбыраған бауырындай алға шығып кетіпті.
Әйел ойланып барып:
– Онда ертеңгілік сегіз жарымда, тура кеше таңертең алғаш ұшқасқан жерде кездеселік.
– Мақұл. Ақшаны қазір аласыздар ма, ертең сол кездескен уақытта берейін бе?
– Қазір! – Сараның үні төске тиген балғадай құлақты шың еткізді.
Жапар қойнынан қағазға оралған пұлын ап, екі мың алты жүз долларды санап алақанына салды.
– Енді маған осы ақшаны алғаныңызды растап, менің інім Сапарға бұдан былай еш кінә тақпайтыныңыз туралы қолхат беріңіз.
– Жарайды, жарайды.
– Содан кейін кешегі тергеу орнына жазған қағазды да беріңіз.
– Әлбетте.
Сөйтіп, мұндағы шаруаны бір тиянақтап тастап, «уһ» деп жеңілдеп қалды. Өздерін күтіп тұрған көлікке екпіндете кеп мінді.
– Бауырым, бізді дұрыс қонақүйге жеткіз.
Шопыр сөзге келген жоқ. Құйғытып отырып «Ыстықкөл» мейманханасына бір-ақ апарды.
Жол-жөнекей жүргізушінің айтуы бойынша «Ыстықкөл» Бішкектегі ең мықты отельдердің бірі екен. Мұны естігеннен кейін «орын табылмай қала ма» деп қауіптенген, сөйтсе бос нөмірлер жеткілікті. Әкімшіліктегі келіншек екеуінің атына бірдемде қағаз толтырып үлгірді. Таксишімен сол жерде есеп айырысып, қайыр-қош айтты.
Нөмірге жайғасқаннан кейін аяқ-қолы салдырап әбден сілікпесі шығып, титықтағанын аңғарды. Мүше-мүшесі икемге көнбей бөлек-бөлек жүр. Темір де кешелі бері жай жатып, ерте тұрып, күні бойы шапқылап, сүрлігіп қалыпты. Бірден шешінді де душқа кірді. Одан кейін Жапар да шайынды. Бұл шомылғанша Темір буфетке дастархан жасатып қойыпты. Соған барып таңдай жібітті.
Қанша діңкесі құрыса да, жастыққа басы тиісімен ұйқы жеңдемеді. Керісінше адам қатты шаршағанда көзін іліндіре алмай әуреленетін сықылды. Оның үстіне бәрібір ой мазалады: «ертең мыналар ақшаны алуын алып ап, істі тындырмаса қайтемін» деген сауал құлағының түбінде сары масаша ызыңдады.
Сөйтіп жатқанда құлып сылдырлады. Ізінше есік ашылып, Темірдің төбесі көрінді.
Ол әлгінде «мен ары-бері жүре тұрамын» деп, сыртқа кеткен. Бойдақ емес пе, тыным таппай біраз жерді шарлап келсе керек.
– Біздің қонақүйлерге жетпейді, – деді мұның ояу екенін біліп.
– Несі?
– Барлық жағынан. Ең бірінші – архитектурасы, мейрамханасы да нашар. Бір қалыспайтыны – жезөкшелер көп, және бір оңтайлысы – арзан.
– Қой құрсын.
– Шалдыққанымызды баспаймыз ба?
– Аулақ, одан сайын бір бәлеге шатылармыз.
Темір ықылық ата күлді.
– Жат, демал.
Ол теледидарды қосты. Шынында да айна қатесіз Алматыдағы арналар, адам атаулыны азғындыққа тәрбиелейтін бейәдеп бейнелер.
– Жарайды, жатайық. – Темір өзін-өзі басалқыға шақырды. Жапар үндемеді.
Түнімен елегізіп, дегбірі қашты, мандытып ұйықтамады. Таңертең ерте тұрып алды. Темірдің де ұйқысы сергек екен, кейбіреулер тәрізді төсекте иленіп жатпай, көзін ашқан бетте атып түрегелді. Әлде өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінгендіктен бе, әлде дағдысы солай ма, оны үнемі қасында жүрмегендіктен Жапар білмеді. Бірақ, қамшы салдырмай жағдайдың бәрін реттеп оңтайландырғанына кешеден бері іші жылып келеді.
Бір-бір шыны шай ішті де, тысқа беттеді.
Дала сондай ызғарлы. Күздің қара суығы табалдырықтан сыртқа аттасымен құрсаулай қармады. Бұлар өңірлерін қымтанғанымен өңмендерінен өтіп барады.
Түнде байқамапты, қонақүйден шыға салғанда оң жақ қапталда үшкілдеу біткен нардың өркешіне ұқсас қоңыр шың тұр. Әйткенмен басында бір шөкім қар жоқ. Оның екі қапталындағы сілемдері тайпақтау, соңы бұйраттанып барып бітеді. Ары қарай жазыққа ұласып кететін болса керек. Бауыры ағаш атаулыдан жалаңаш, не бұрала біткен өзекше де жоқ – әлі тағдырдың тепкісін көрмеген әжімсіз маңдайға ұқсайды. Күнгей болғаннан кейін де татыраң зәліттес. Қонақ үй қаланың шетіне орналасыпты, бұдан жоғары қарай қалқайған бірде-бір қабырға көрінбейді.
«Ыстықкөлдің» алдынан көлденеңдей өткен түп-түзу асфальт жол, сол биікке қарай ұзыннан-ұзақ шаншыла созылған. Шамасы анау қалың бәкене бұйраттардың арасында дөкейлердің саяжайлары ірге тепсе керек. Өйткені мінсіз төселген тас жол татаусыз сайрайды, мұндай жақсылық өкімет адамдарына ғана жасалуы ықтимал. Әрі, осы топшылауды нақтылай түскендей бейсауат қыбыр еткен машина да жоқ. Ала таяқты жініккен немелер қарапайым жұртқа, белгілі бір мезеттерде бұл бағытпен жүруге тиым салатын болуы тиіс.
Екеуі жолдың жиегінде жиде қақты. Сонау биіктің теріскейінен соққан жел сыңар өркеш шыңның тұсынан екіге жарылып өтіп, бер жағында қайтадан түйісіп, осы қара жолдың үстімен түп-түзу шаһарға қарай еш кедергісіз еліре жөңкілетіндей. Есірік неме қойын-қонышты кеулеп, сүйекті сырқыратып барады. Қас қылғандай қалаға қарай дөңгелеген бір көлік жоқ. Екеуінің жақ жүндері үрпиіп, көкпеңбек боп әбден жаурады.
– Қап, жаңа такси шақыртпағанымыз-ай, – деп өкінді Жапар.
Сарғайып, бағанадан тұрғандарынан бері екі-ақ машина төмен құлдилады. Олардың өзі алмады.
– Барып такси шақыртсақ па?..
– Керегі жоқ. Бір шығып кеттік, қайтып оралмай-ақ қоялық. – Темірдің бұл байсалдылығы ұнады.
Екеуі орындарында секіріп-секіріп қойды. Темір қолдарын ербеңдетіп, жаттығу тәсілдерін жасады.
– Әне, біздің машина келеді. – Жолдасы ықылық ата күлді. Өйткені, бір жақ қанаты сынған кәрі қаздай оң жағына жантайып алған ескі «Москвичтің» төбесі көрінген еді.
– Ала қойса ол.
– Алады.
Қол көтерді. Әлгі байқұс бұлар жақ қапталындағы кішкене қызғылтым шамын жыпылықтата берді.
Қаланың ортасы таудың бөктеріне қарағанда ық екен. Абұйыры, уәделі тұсқа кесімді уақытта дәл ілікті. Бұлар келгеннен кейін кішкенеден соң Байқал да ұрып-соғып көк тұлпарымен қара көрсетті.
– Ой-бүй-и, тоңып қалыпсыздар ғой, – дейді Сара көгерген түр-әлпеттерін байқап.
– Оқасы жоқ, амансыздар ма?
– Аманбыз, – деп ері қолын созды, – жүріңіздер, машинаға мініңіздер.
Екеуі амандасысымен көк «Жигулидің» ішіне сүңгіді.
– Тергеушімен сөйлесе алдыңыздар ма?
– Сөйлестім. – Сараның үні тақ етіп естілді. – Қазір онымен астаналық гастраномның алдында жолығамыз, содан кейін бірден ініңіз отырған мекемеге тартамыз. Ол сол жерден бауырыңызды босатып береді.
– Тергеуші Сапармен сағат қаншада жолығамыз?
– Тоғызда. Бүгіннен кешіккендеріңізде іс республикалық прокуратураға өтетін еді, онда менің де пайдам шамалы... – Әйел жауабының соңын, Жапардың топшылауына қарай бұрды. – Сіз қазір Сапарға үш мыңды ұстатасыз, ал төрт жүзді маған беріп қойыңыз.
– Неге?
– Ол ақшаны мені Алматыға алып барған милицияларға беремін, өйтпесек, олардың аузын қайтіп жабамыз? Біреуі болмаса біреуі шу шығарып жүрер… Түнде сіздер келгеннен кейін сөйлескенімде Сапар солай деп айтты.
Жігіттің іші сезіктене қылп етті. Мына әйелдің ләмі көңіліне күмән туғызды. Дегенмен, «сұраған сомасын әкелдік, егер шаруамыз тынып жатса, оны кім алса да біз үшін бәрібір емес пе» деген ой көкейінің түкпірінде басымдық таныта орнықты.
– Жарайды, – бір ауыз қарсы сөзге келмей келісті, – тек сізге тағы да төрт жүз доллар ақша үстеме қосқанымды растап, қағаз беріңіз.
– Беремін. – Әйел сөмкесін ақтара бастады, шамасы қалам мен қағаз іздеп жатса керек. – Осы жерге тоқташы. – Күйеуіне де пәрменін танытып үлгерді.
Машина оң қапталына қиыстай беріп, тежелді.
– Не деп жазайын? – Мойынын соңына бұрып, артта отырған бұларға қарады.
– Білмеймін, не деп жазуға болады? – Жапар абдыраңқырап қалды. – Иә, былай жазыңыз: «Мен азаматша Сара Бәленбаева айыпкерден 2600 доллар ақшамды толық және имандылық тұрғыда шеккен зардабым үшін 400 АҚШ долларын алдым. Енді оған қоятын ешқандай кінәм жоқ» деп жазыңыз.
Әйел сүйкектете жөнелді. Бірдемде қағазы әзір болды. Жапар қарап:
– Бүгінгі күнді көрсетіңіз, куә ретінде күйеуіңіз бен мына менің жолдасымды жазыңыз. Соның тұсына бұлар қол қояды.
– Мақұл. – Әйел бәріне бейіл.
Жапар тағы да қағазды қарады. Ендігісі көкейіне қонатын сияқты. Содан кейін барып көк қағазды ұсынды. Осыдан соң машина ілгері жылжыды.
Уағдалы гастрономның алдына тоқтады. Қалада қызу тіршілік басталған – ары-бері ағылған машина, қайшалысқан адам сәт сайын молайып, үстемеледі. Көшедегі сауда лавкелері де ашылыпты, жұмысшылары болса керек, төңірегінде оны-мұны көтерген әлдекімдер қыбырлайды. Аялдамадағы адамдардың қатары қалыңдады.
Сағат тоғыздан кетіп барады, әлгі келеді деген тергеушінің төбесі көрінер емес. Өмірі ұшыраспаған адамы болса да, Жапар ол шығады деген жақты жіті қадағалап, жанарын сол бағыттан алмады. Бір уақтарда:
– Әне, келе жатыр! – деген Сараның дауысы құлағына майдай тиді.
– Қайсы?
– Үстінде көк сырмалы курткасы бар, қолына портфель ұстаған адамды көрдіңіз бе? Әне, анау жолдың ар жағындағы үйдің бұрышынан шықты.
– Иә, иә… – Мақұлдай басын изеді.
– Сол ендеше күткен кісіміз.
Жапардың тіпті дегбірі қаша түсті, ал тергеуші болса маңғазданып, аяғын басар емес. Әйтеуір ілбіп, бергі бетке өтті. Сонадайдан байқап отыр, жап-жас жігіт. Машинаға арқан бойындай қалғанда Жапар қарсы беттеді.
– Сәлеметсіз бе! – Өкімет кісісі шікәмшіл келетінін ескергендіктен, ерлерге ерсілеу тұрғыда амандасты. Анау мұның бетіне бір қарады да, ұсынған қолын алды. – Мен – Жапармын. Рахмет сізге, қамқорлығыңызға сырттай риза болып жатырмын. – Дүниенің төрт бұрышын тіреп тұрғандай келуші бедірейіп, үндемеді. – Жүріңіз машинаға. – Жапар өзі бұрын барып есігін ашып тұр еді:
– Өте беріңіз, мен бергі шетіне отырамын, – деп алғаш рет үн қатты.
Машина жылжып кетті.
– Байке, қайда барамыз? – Байқал тергеушіге назар аударды.
– РОВД-ға, сол жерден тиісті қағаз алуымыз керек.
– Жарайды.
– Сапеке, иттігімізді кешіріп жатқан сіздерге көп рахмет. – Жапар жалпақшешейлік танытып, телефонмен ғана бір мәрте сөйлескен адамына енді орайы келіп тұрғанда мән-жайды толығырақ түсіндіруге тырысты. –Бақаң мен бәйбішесіне ақшасын және айыппұлын бердік, ол кісілердің енді ешқандай наразылығы жоқ.
– Иә, азамат бір шалыс басқан шығар… Ақшамызды алдық, басымыз аман, одан басқа не керек, кешіріп отырмын.
Мынау жасына жетпей жағы суалған, бас терісі сүйегіне жабысқан қайрақтай біреу екен, үн шығармады. Тек аудандық ішкі істер бөлімінен алысырақ тоқтауға пәрмен берді. Ішке кіріп, кеңсесінде жарты сағаттан астам айналып, зарықтыра әзер оралды. Содан кейін баратын мекемелеріне тартты. Онысы ит өлген жерге қоныстаныпты. Машина қайдағы бір даламен, қайдағы бір тоғаймен бұралаңдатып жай жолмен жүрді де қойды. Ақыры діттеген жерлеріне жетті-ау.
Тергеуші түсіп, түрмеге қарай аяңдады. Жапар да соңынан ілесті.
Бұлар келген мекеменің сырты тұтастай дуалмен қоршалыпты. Оның ауласына машина кіріп шығатын үлкен болат дарбаза салыныпты. Бұл қақпа тоқпен ашылып, жабылатын сияқты. Қақпаның оң жақ қапталындағы ішкеріде еңселі сұр үй «мен мұндалайды», айнала қоршалған төрт метрге жуық биік дуалдың өзінен белуарынан көрініп тұр. Тегі, үш қабатты ғимаратқа пара-пар, ал терезе атаулыдан жұрдай.
Осының өкпе тұсына, яғни, қақпаның сол жақ қапталына тайпиған шатырлы үйшік зәліттес бірдеме орналасыпты. Бойы дуалдан сәл қалқыңқы. Алып қорған еңсесін басқаннан кейін де үйшік тәріздес көрінгені бомаса, кәдімгі бір қабатты үй. Үлкен дарбазаны бекіткен жуан ұстын әлгі үйдің дәл іргесіне бітісе орнатылған. Ал ауланы қоршай жүргізілген дуалдың ана басы мұның сәл созыңқы салынған қабырғасына жымдаса кеп біткен. Өзінің бөлек кіріп-шығатын нән темір есігі бар.
Екеуі әлгі темір есікке барып қоңырау соқты. Іштен біреу көз тесіктен сығалады да, ілгешекті ашты. Милиция табалдырықтан аттады, бұл да ілгері жылжыды. Босағадан өтісімен ар жағында бақылау пункті бар екен.
– Осында тұрыңыз. – Бұған қатқылдау кепте иегін қақты. Сосын, – Шаймарданов орнында ма? – деді күзеттегілерге. Шамасы, Шаймарданов мына мекеменің бастығы болса керек.
– Орнында.
Тергеуші бақылау пункті арқылы ар жағындағы темір дуалмен қоршалған ашық аулаға кіріп кетті. Байқауынша, мына күзеттегілердің бәрі оны таниды, бір ауыз ләм деместен баратын жағына өткізе берді.
Жапар біраз қаңтарылды. Жұбаныш іздеді ме, темекіге айырықша зауқы шапты. Сыртқа шығайын десе қайта мұнда кіре алмай қалатын көрінді. Екі қарауыл бедірейіп, бұдан көздерін тайдырмайды. Бір кезде шыдамы таусылған жігіт:
– Мына аулаға кіріп тұруға бола ма? – деді.
– Кіріңіз, бірақ есіктен ары аттап ұзамаңыз.
– Мақұл.
Аула тұтастай асфальтталған. Мына «тайпиған» үй ішке қарай ұзыннан-ұзақ созылып, әудем жерге барып бітеді екен. Құқық қорғаушылар отыратын әкімшілік ғимарат осы сияқты. Сонадайда екі оқалы шабарман үш-төрт кісіге ауланы тазартқызып жүр. Ара-арасында жекіп, тап-тап береді. Бас-көз демей сыпыра балағаттайды. Соған қарағанда әлгілер, қолдарына түскен сұрауы жоқ міскіндерге ұқсайды.
Бір-екі мәрте осында жұмыс істейтін пагонды қызметшілер еңселі үймен екі ортаға ары-бері қатынады. Айбынын сыртқа тастағандардан Жапар «неғып тұрсың, қайдан келдің, кім жіберді» деп айта ма деп, сәл именшектенді. Бірақ, едіреңбайлар бұған едірейе қарағанымен, тіс жармады. «Сапар қай жерінде жатыр екен? Менің келіп тұрғанымнан бейхабар-ау» деп ойлады. «Аш шығар…»
Бір мәуіртте «тапал» тамнан дабырласа сөйлескен адамдардың үні естілді. Көп бөгелмей қаралдысы да байқалды. Араларында тергеуші де бар. Оны көріп көкірегіне қуаныштың шуағы үйірілді. Ол қасындағы етжеңді офицерге әлденәрсені түсіндіретін сияқты. Кенет Сапар мұны байқап қап:
– Мында келіңіз! – деп дауыстады да, жанындағы адаммен сөйлесіп, бөгелместен еңселі үйге қарай бет алды. Бұл сәтінде-ақ жүдемдете соңдарынан ерді. Оларды қамақ үйінің есігіне іліндірмей қуып жетті.
– Сәлеметсіз бе! – деді тергеушінің қасындағы гүжбан қараға. Ол сүзеген бұқадай күжірейе қадалып мұның басынан аяғына, аяғынан басына дейін ежірей көзімен шолып шықты. Бірақ, амандасуды мін санады. Талтаңдай басып ілгері озды. Әйткенмен Жапар қотиынның онысына қылаудай да ренжімеді.
Әлгі талтаңбай ішке кірісімен босағаның аузындағы күзеттегіге:
– Атамқұловты әкеліңдер, тергеуші келіп тұр! – деді шолақ қана бұйырып.
– Құп!
Дереу алдындағы бұрандасыз «бітеу» телефонның тұтқасын ала сап, «Атамқұловты әкеліңдер!» деді әлдекімдерге.
Жапар «ары баруыма ұрықсат етпес» деп осы дәлізде бөгеліс тапты да, ана екеуі ішкеріге өтті. Көп айналмай тергеуші де мұның қасына қайтып оралды. Бірақ бір-бірімен тіс жарып сөйлеспеді.
Екеуі состиысқан қалпы біршама күтті. Бір уақтарда есіктің тарсылдап ашылғаны, аяқтың дыбысы білінді. Көп ұзамай сол жақтағы қапталдан қолын артына айқастыра ұстаған Сапар көрінді. Сол-ақ екен:
– Атамқұлов, тоқта! – деген зәрлі үн де ілесе қабаттасты. Сапар қалт бөгелді. Дыбыстан кейін ғана барып бұйрықшыл әлгінің төбесі қылаңытты. Қолында қолшоқпары бар, беліне пистолет байлаған жылпылдаған біреу. Пішіні бір-ақ қарыс, бір-ақ уыс беті бар, бірақ шығырдағы тиіндей ширақ. Үстіндегі асай-мүсейі бойына бу беріп, есектің айғырындай қыдыңдатып қойса керек. Жан-жағына алақ-жұлақ етіп, әбжыланша ысқырынады. Қалжасына қарамай «дүрдиген» ұсқынын көріп, дүниенің төрт бұрышын тіреп тұрған осы екен дейсің. Осқырынған жанарымен сонадайдағы состиған тергеуші мен екеуін сүзіп өтті. Сөйтіп, өз-өзінен кіжінген қалпы кіре берістегі постағыға таянды.
– Мұны қайда апарамыз? – Дауысы да суырдың айғырының айқайындай шақ-шақ. Нәтінде осының бәрі қолдан жасалған мінез сияқты. Жалпы, милиция деген пақырда ұлт, нәсіл деген нәсте болмайтын сыңайлы. Ресейдің қызыл жағалысы да осылай қызылкөзденеді, қазақтың оқалы қара мықырлары да осылай қасарысады. Бәрі – бір сорт.
– Тергеуге. Тергеуші келіп тұр. – Постағы неме аяқ астынан айып арқалағандай ақтала үн қатты.
– Журналға солай рәсімдедің бе?
– Иә.
Тергеуші әлгілердің қасына барды да, киіз кітапқа қолын қойды.
– Кісенмен әкетесіз бе? – Енді тергеушіге қарады.
– Жоқ.
– Байқаңыз.
Жапар сонда барып інісінің қолы кісендеулі екенін білді. Өзін-өзі жұлып жеген қыдыңбай оны кісеннен арылта бастады. Омырауы алқам-салқам Сапар әлгінің қасында түйенің жампозындай. Екі иығы кең, бойы сұңғақ. Дегенмен тұтқындағы күндер арқасына аяздай батқаны білінеді. Шашы үрпе-түрпе, жіпсиген көзі шүңірейіп ішіне кірген. Әншейіндегі бүйрек беті суалып, ойдым-ойдым. Өңі жер тартып, күреңітіпті. Екі езуі томпайып, салбыраңқы көрінді. Жейдесінің жағасы жұлма-жұлма, шалбары умаж-умаж, күтімінің қиюы қашқан. Сүрліктірген ұзақ сабылыстан кейін таң асырылып, енді ғана ер-тұрманы сыпырылған жылқыдай сенделіс үстінде.
Үшеуі сыртқа бет алды. Темір есіктен шығысымен көк «Жигулиге» сығылыса тиеліп ап, «шү-у» деді де жөнеп берді. Сапар Сараны көріп бір сәтке қипыжықтап ұялыс тапқандай сыңай байқатты. Әйел де қанын ішіне тартып, сазара қалды. Абырой болғанда екеуі де ләм-мим демей іштей тынды. Кім біледі, ішкі толқынысын баса алмай, біреуі сөз бастағанда әлдебір құпияның кілті ашылып кетер ме еді. Бірақ, ақшасын алып көңілі тынған жақ та, бауырын тұтқыннан босатып арқасын кеңге тастаған жақ та ендігі қалған дүниенің сол жабулы қазан жабулы күйінде ашылмағанын қалайтындай. Олардың қазіргі кескін-келбеттері тек осыны ғана аңғартып тұрды.
Әудем жер ұзағанда тергеуші пенде атаулы жоқ ну тоғайдың ортасында:
– Мен осы жерде түсемін, – деді.
Машина кілт тоқтады. Жапар мен екеуі сыртқа шықты.
– Рахмет сізге. – Жапар тағы да сөзін алғыстан бастады. Аман-есен аттанып кетпей, жік-жапар болудан жалықпады. – Міне, сіздің еңбегіңізге – үш мың.
Қойнындағы бүктеулі қағазды қолына ұстата берген. Сол-ақ екен тергеушінің көзі бағжаң етті.
– Қалай?!
Жапар ештеменің байыбына бара алмай, тергеушінің бетіне аңыра қараған қалпы тежелді.
– Неге? Төрт жүзі қайда?
Осы кезде ғана барып оның шабына шоқ қарығандай оқыс шоршығанын түсінді.
– Төрт жүзін таңертең Сара «өзім беремін» деп алды. – Бір түрлі уәдеден тайқыған адамдай қуыстанды, үніне де діріл араласты. – Жүріңіз, сөйлеселік.
Екеуі машинаға қайтып оралды. Сығылыса жайғасты. Жанындағылар аңырыса қарайды.
– Сара, сіз, бүгін таңертең алған төрт жүзді Сапекеңе беріңіз. – Әңгімені Жапар қидаламай төтесінен бастады.
– Иә, иә… – Әйел аяқ астынан бүгежектеді. – Мен оны «өзім апарып беремін ғой» деп ойлағанмын, мінекейіңіз. – Төрт тал «көкқұлақты» сөмкесінен суырып ап тергеушіге ұсынды. Тергеуші Сапардың өңі демде қарасұрланып, ысқырынған әбжыландай ызбар шашты. Жылдам әлгіні қақшып ап, төс қалтасына салды да:
– Жақсы, – деп сыздана тіл қатып, машинадан сыртқа шыға берді. Бұлар да ештемеге қарайламай орындарынан қозғалды. «Блюбердті» қалдырған автотұраққа жеткенше ешқайсысы тіс жармады.
Машина сол қойған орындарынан тапжылмапты.
– Тексеріңіздер, бәрі қаз-қалпында. – Кілтті ұсынып жатып Байқал жаңағы ыңғайсыз көріністі жуып-шайғысы келгендей, іш тарта тіл қатты.
– Рахмет, орнында шығар. – Жапар да мейлінше сыпайы болуға тырысты. – Менің құжаттарымды әкеңіз.
– Мінекейіңіз. – Қойнындағы былғары кітапшасының арасындағы құжаттарды бұған ұсынды. – Мұқият қараңыз.
Жапар бір-екі шолып шықты, бәрі тап-тұйнақтай сияқты.
Рульге отырып, машинасын гүр еткізді.
– Енді, айып етпеңіздер, Бәке... Бұдан былай жақсылықта жолығайық. – Қоштасып, үшеуі атқа қонды.
– Ештеме етпейді, пенде болған соң тәңірінің жазғанын көреміз де көнеміз.
Бұлар жылжып бара жатқанда Байқал соңдарынан осылай деп дауыстады.
Төртінші бөлім. ЖАПА
Жапардың иығынан бүкіл зілбатпан сыпырылғандай жеңілейіп қалды. Бірақ бауырына деген өкпесі қара қазандай қайнады. Әйткенмен тіл қатып, тіс жармады. Ол да өзінің кінәсін сезінгендей арт жақта мөлиіп отырды. Және үш-төрт күнде сылынып түсіпті. Түрмеде өмір жайлы, болашақ турасында «жақсылап» ойланса керек.
Рульдегі Жапардың басына сан ой келіп, сан ой кетті. «Енді бұдан былай шешелерін қан қақсатпаса жарады» деп топшылады. Бәрінен ғазиз аналарының ғаріпшілік пен ділгірліктен сор кешкені жанына қатты батады.
Осылай санасын ой иектесе де, көшедегі жазуларды жіті қадағалады. Бір ыңғайлы жерден ауқаттандырып алмаса, ыстық тамақтың бетін көрмегелі біраз болған шығар. Әмбе, Темір екеуі де кеше кешкілік апыл-ғұпыл ішкен астан кейін, ішектерін майламапты. Оның да шекесі қызып келе жатпағаны айқын.
Қаладан шыға берісте бірінен-бірі аумайтын қаптаған ұлттық асханалардың барын білетін, соның бірінші жолыққанының қасына тоқтады.
– Жүріңдер, тамақ ішелік.
Жанындағы екеуі үн-түнсіз келісіп, ақырын сыртқа суырылды.
Бұлар әбігермен ары-бері шауып жүргенде түстіктің мезеті өтіп кетіпті. Содан ба мына асханада жан баласы жоқ. Әдеттегідей аспазшылар бұларды көріп көздерінде күлкі ойнап, жылы шыраймен, құрақ ұшты.
Стол басына жайғасқаннан соң Жапар тағамның дәмдісі мен таңсығына молынан тапсырыс берді. Мың болғыр даяшы келіншек «байкелей» зыр қаға, бәрін демнің арасында ылдым-жылдым алдарына қойды. Ең бірінші тандыр әкелді. Нанды көргеннен-ақ Сапардың шыдамы таусылып, күректей қолы дастарханға жүгіріп бара жатты.
– Талдықорғаннан шыққалы адам сияқты тамақ жейін деп отырғаным осы. – Өз-өзінен ырқ-ырқ етіп күліп қойды. Оның бұл пәтуасыз ләмін Жапар жақтырмады, бағанадан бері тыржиып келе жатқан ол, кірпіше жиырылды.
– Құдай бұйыртса, ішерсің. – Темірдің де жатып атарлығы бар екен, байқатпай іліп өтті. Және сайқымазақтықпен ыржиғандай болды.
Бұдан кейін ешкім тіс жармады. Сапар сөзінің мына екеуінің ішіне қонбағандығын аңғарғаннан кейін бе, әлде өзегі талғаннан ба, ләм-мим деместен әкелген бір табақ лағманның ішіне үйелменімен құлады. Желкесі күжірейіп, тұқиған қалпы соғып жатыр. Анда-санда ернінің былш-былш еткені де білінеді.
– Байқа, аш өзегіңе түсіп кетіп, Алматыға жетпей қалып жүрме. – Оның келепейсіз мына кескіні көңіліне сыймағаннан ба, Темір тағы да сипай қамшылап, ескерту жасады.
– «Кедейдің бір тойғаны – шала байығаны» депті ғой, өлсек те шала байып өлейік те.
Сөйлегенде түбін түсіреді, сөзі кәдуескідей. Мына әңгімесінің пошымына қарап, ішсіз адам деп айтуға аузың бармайды. Тұла бойында терең бір аңғарымпаздық жатқан сияқты.
Жапар бауырының жүзіне көзінің астымен қарап қойды. Күл тұтаған жалпақ бетіне ептеп нұр жүгіргені байқалды. Ұшы келте кішкентай танауының үсті шып-шып терлепті. «Әлде, лағманның сорпасы шашырады ма?» деп ойлады. Әйткенмен оны аңғаратын Сапар жоқ.
Тамақты сіреп ішіп, үшеуі сыртқа беттеді. Құрсаққа бірдеме барғаннан кейін бе, әлде шынтуайтында бостандыққа шыққанын енді сезінді ме, Сапардың қабағы жайдарылана түсті. Біраз жүріп, Қордайдың асуынан өткеннен соң біреу сұрағандай қамақтағы әңгімелерін қойыртпақтатты.
– Суық сүйегімнен өтті. Аштыққа емес, суықтың сорғанына шыдау қиын екен. Ұйықтау мүмкін емес, бүрге, бит маза бермейді. Айқай-ұйқай…
Үлкені соңына айна арқылы ала көзімен ата, жеп жіберердей бедірейді. Абырой болғанда, Темір де оның әңгімесін қостамады. Екеуінің тарапынан салқындық байқалған соң барып Сапар басынан кешкен жайттарды айтуын аяқсытты.
Жапар інісіне түсін бермей алдыға қараған қалпы мұз құрсанып, сұлқ отыр. Оның істеген ісіне өкпелі, тіпті, ағайын-туғанның алдында ұятқа қалып, бетімен жер басқанын ұғындырды. Ағасының осы пішінінен Сапар өзінің бүкіл әулетке кір келтіргенін түйсінгендей жаңағы елікпесінен басылды.
Ешкім үн қатпайды. Ұзыннан-ұзақ созылған жол жеткізер емес. Жапардың жаурынының ортасы удай ашыды. Сонда ғана өзінің оңбай қажығанын бағамдады. Маңдайы шытынаған қалпы терең күрсінді де, «ой, жалған дүние-ай…» деді іштей.
Кенет, бағанадан бергі бір сыдырғы ақ түтегін үйірген дауыл бұрқ-сарқ етті де, көзге түртсе көргісіз соқырға айналдырды. Еріксіз селт етіп ұйқысынан оянғандай Жапар тез ой шырмауынан адаланып, болар-болмас қана тежегішке салмақ салды. Сол-ақ екен машина оң жақ қабырғасына қарай ауытқып, сырғанай жөнелді. Бір абыройы – жылдамдық әлеуетті емес, бөкеннің желісіндей ғана-тын. Ат екпінін ауыздыққа сүйеп айлаға басар атшабар баладай, көктайғақтан алдын-ала сақтанғандықтан үшінші межеге қосып, мотордың ауанымен келе жатқан. «Ниссанның» жамбасы қиыстап барып, жол ернеуіндегі күртікке килікті. Әлі аяқтанбаған төлдей қақпақыланған көлікті қасат ырқына жібермей оңшалуына септігін тигізді.
Дегенмен де жігіт сасқалақтап-ақ қалып еді. Өйткені, айналасы тұтас жермен жексен боп былығып, ештемені байыптаудан қалған. «Жазым болса быламыққа тіс сынады» дегендейін, көлденең кесел жолықса аяңдап-ақ келе жатып тырапай асар. «Жаратқан алла, ондай бәлекетіңнен сыртқары ғыла көр…»
Көзін бақжита жолына бір үңілді де, басын болмашы шайқады. Сосын сол қолымен бетін аяусыз екі-үш қайтара умаждай сипалады. Ондағысы, рульде сергек отыруға ұмтылғаны.
– Мына боран қайтеді… өлтіре ме..?
Тағы да жалғызға үйір ой иектеді. Ішкі әлемінде де алай-түлей бұрқасын үдеп, онысыз да байызсыз көңілін алағызып бара жатты… «Бұрқасын», «Бұрқасын»…
…Онда да осындай қақаған қыс, желтоқсанның әбден зар күйіне еніп желіккен кезі еді.
Түстен кейін уақиға басқаша сипат алды. Алаңға жиналды демесең, ақылы сан тарапқа бөлінген бейбіт халықты милиция тұтастай қоршап, біреуін де шашау шығармады. Сырттан да ешкімді кіргізбеді. Сөйтіп жан-жақтан қаумалай сығымдап-сығымдап кеп, бас көтерген «бүлікшілдерді» тұншықтырып жібермекші.
Мызғымас құқық қорғаушылар мен қауіпсіздік сақшыларынан кейін селт етпес солдаттар, күңк етпес курсанттар шеп түзеген. Бақайшағына дейін мұздай қаруланған олардың ұсқындары жан түршіктіреді. Бастарында дулыға, қолдарында қалқан. Керек жағдайда шоқпары белінде, сапер күрегі арқасында. Әу бастан-ақ шолақ күректің ниеті жаман еді, мыналар сарбаздан гөрі әлдекімнің көрін қазуға келген қабіршілер сыңайлы. Түстері суық, ләм деп жақ ашпайды. «Әйт» десе тұра атырылатын қиял-ғажайып кинолардағы миы компьютерленген адам пішіндегі құлтемір сияқты. Және бұлардың үрейіңді үйірер сыртқы сүдінін одан сайын зорайтып, жетектеріндегі арпылдаған абылаңқылары дамылсыз қалың нөпірге атырылады. Сала құлаш тілдері салақтап, ауыздарынан ақ көбік ақтарылады. Бірыңғай темір торда тұрып іші пысқан мақұлықтарға мынау бір қып-қызыл мейрам сияқты – кең аула, ұйлығысқан жұрт. Тек бойындағы тасыған күшін қайда жұмсарын білмей, иесінен басқа екі аяқтыны хайуан көріп, жарып тастағысы-ақ бар. Тілін үйіріп, таңдайына жып-жылымшы қанның дәмі келеді. Одан сайын көзі қарауытып, қалың етке азуды көскісі кеп құмартады…
Бөлім командирі кіші сержанттан бастап жоғары қарай үлестірілген, қазірде дамылсыз қырылдай сарнаған рация бәрінің көкірегіне шандыла байланған. Сол арқылы ана-а-ау еңселі үйден жендеттерге толассыз ақпарат ағыны сапырылысуда. Әрбір сөзді қапысыз бағып мелшиген қызыл армия бір сәт мүлгіп кеткендей. Әмірші әпербақаны «әп» десе, таудан құлаған өзендей ошарыла жөңкілуге әзір.
Сайыпқыран сарбаздарға гвардия полковнигі Андрей Влох деген шегір көз әбілет пәрмен жүргізді. Қан көрсе өкіріп кеп үстіне төнетін өгіздей мына түземдіктердің бас біріктіргеніне ызадан тынысы тарылып, зығырданы қайнады. Өз-өзінен қалшылдап, терісіне симай күйіп-пісті.
– Құртыңдар көзін, сілімтіктердің! – Тістене әмір берді. Азу тістері шақұр-шұқыр қайралды. Өйткені, ақ үйдің де ниеті осы үдеден шығып жатыр еді.
Орыстан басқаны ұлт деп санамайтын үстемшіл неменің бұйрығымен, әрі бұл бұйрықты орындауды «отан алдындағы міндетім» деп ұғынған солдаттар шерушілердің шетіндегі шеңгеліне іліккен жұртты тарпа бас салды. Қолдарын қайырып, шаштарынан бұрап ұстаған күйі дырылдата сүйрелеп, милиция құрған тосқауылдың арғы бетіне апарды. Сосын, тілге келместен әй-шай жоқ аяусыз сабай бастады. Әйел екен деп, бала екен деп қарамады, көк ала қойдай қылды. Ақ қардың беті қызыл жосаға айналды. Оларға не милиция, не қауіпсіздікті қорғау қызметінің бір пендесі «әй» десеші. Қайта айбыны тасыған қаныпезерлер одан сайын құтырынып, әп сәтте-ақ жыпырлай сойылға жығылғандарды өлекседей үйіп тастады. Шалажансар денелерден қаланған үш-төрт шөмеле бой көтерді. Ыңырсыған, аһылаған дауыстар қаперлеріне кірер емес. Шамасы, алпыс айлалы алапестер ереуілшілердің үрейін осылай үйірмекші, жүрегін осылай шайлықтырмақшы, бетін осылай қайтармақшы.
Мұны көргенде зәрі миына шауып, тісін тісіне қойып келген Влохтың айызы қанды. Қайрақтай сұп-суық өңіне жаны жай тапқандықтан күлкінің ұшқыны жүгіргендей сезілді.
Алайда, аза бойды қаза тұрғызған жазықсыз қыздардың шыңғырған дауысы жүрегінде оты бар жігіттердің ешқайсысын жай таптырмады. Жалаңаш қолмен әлеуетті күшке көз жұмбайлықпен ұмтылды. Әттең, желкеден, қарақұстан тиген күрек пен сойыл бәрін баудай жайпады. Шалғының жүзіне ілінген жоңышқадай жапырылып, қидай жусады. Ышқынған үн, айқай-ұйқай құлақ тұндырды. Дегенмен, мына қатігездіктен шерушілердің беті қайтып-ақ қалып еді. Енді, бірі тұзаққа шатылса бәрі ілінетін шілдей маталмай, үріккен қойдай үдере состиысты. Бірақ сонда да алаңды тастап кетуге ешқайсысының жүрегі дауаламайды. Үстіндегі иесі мертігіп жығылған жылқыдай мына сүреннен тайқып шыға берсе, мұрат-мақсаттың әдірам қалғаны. Қазақ халқының үні өшкені – өшкен. Күмбірлеген кеудесін зар-мұң кернегендіктен қасарысқан қайсарлыққа басты. Алайда, ұйыған қандай түнеріп, безбүйректенген жандармдар жалаңаш қолды халыққа сойыл сілтестерін тоқтатар емес. Жазықсыз төгілген қан Мир көшесінің бойымен Абайға қарай ақиқат іздей құлдады. Бейбіт шеру ең алғаш Бейбітшілік көшесінде қорқауларға таланды.
«Шаш ал десе бас алатын» жасақ енді басқаша әрекетке көшті. Жігіттерді қанға бөктіріп, шалажансар күйі машинаға қарай дырылдата сүйрей жөнелді. Аппақ қарда сүйретпенің соңынан қып-қызыл дақ шұбатыла ілесті. Апарған бетте екеулеп қолы мен аяғынан алып, қораптың үстіне атып кеп жібереді. Бұршақтай түйір-түйір қан жеңіс салютіндей аспанға шашылып барып, бытырадай пышырап жерге із-түзсіз сіңе береді. Бір кезде үйеме денелер тиелген жүк машинасы әлдеқай жаққа жылжып кетті. Тек қар үстінде ұйып, тоңази бастаған жылымшы қанды әлдебір солдаттың жетегіндегі абылаңқы жалап, қызылсырап тұрды.
Жендеттер жігіттерді жөнелтті де, қыздарды халықтың көзінше қорлай бастады.
– Ә-әй, шәрмеңке! – Папағы оқшырайып, айқұлақтанған Влох онысыз да жертезекке айналған бойжеткенге зікір сала шүйлікті. – Жатырыңнан бұдан былай бүлікшіл бөлтіріктер өрмейтіндей жасайын. – Көзі тұздай офицер тістене ызбарланды. – Сосын бойжеткенді лақша бақырта шашынан сүйреп үш-төрт метрдей жерге апарды да, босата қойды. Жалма-жан енді оңшалып түрегелуге бет алған бейшараны күрзі етігімен ішінен ыңқ еткізіп тепті. Бір бақ ете қалып, онысыз да қалжасы шамалы неме екі бүктетіліп, ақ қардың үстінде аласұра дөңбекшіді. Оған қарайтын шегір көз жоқ.
– Отыр осылай мұздың үстіне… бәденіңе бәле бітпейтін бедеуге айнал!.. – Иығынан ұстап нығарлап, қара жерге басып-басып қойды. Сосын соңына кілт бұрылды. Осы арады қайта тұруға ұмтылған жанкештіні қайдағы бір солдат төбесінен тұқитты.
– Сидеть! Сказано тебе сидеть!
Жөппелдемеде екінші бір бойжеткенді бақырта сүйреп қасына әкеп мұздың үстіне шоңқитты. Сөйтіп демнің арасында жамбастап жерде отырған бойжеткендердің қаралдысы көбейді. Тұруға дәрмендері жоқ, төбелерінен төніп қанын ішіне тартқан солдаттар дікең қағады.
Мына қорлыққа шыдамаған қазақ жігіттері тағы да көз жұмбайлыққа басты. Бас жарылып, көз шықса да ұлттық намысты қорлатпауға ұмтылды. Жетпіс жыл имандылығы үйірілген, коммунистік рухта тәрбиеленген кеңес армиясынан мынандай қанқұйлылықты ешкім күтпеген. Үстем ұлт аз ұлтты бұлай қорлайды деп бір пенде күмәнданбапты. Ол бейкүнә ойларының тым аңғалдыққа ұрынғандығын көзбен көргендіктен, адуынды топ әскерге қарай лап берді. Шамырқанса үйдей тасты домалатар арынды Ақсудай адуынды екпінмен ұмтылған жастар мұздай құрсанған қаніпезерлерді тықсырып, тұншықтырып жіберді. Жаңа ғана айқұлақтанып, папағын оқшырайта киген офицер көптің талқысында қала берді. Алайда қара халықтың қаны судай шашылды. Тағы да отыз-қырығы баудай түсті. Дегенмен бүйте берсе тұра-бара мына милиция мен әскердің шебін шақ-шәлекейін шығаратынын ұғынған құзіретті Влох арқа сүйеп, табан тірерлік тағы да әлеуетті күштің келуін жоғары жақтан талап етті.
– «Бұрқасын» операциясын шұғыл бастау керек. Дер кезінде шара қолданбасақ, бүлікшілдерді тұншықтыра алмай қаламыз!
Сол-ақ екен бүгінгі ғарыш заманындағы нағыз соғыс даласында жүретін БТР-лар легі лепіре жетті. Оның пулеметінің ұңғысы халыққа кезенді. Ол аздай өңкиген қызыл өгіздей өрт сөндіретін машиналар өкіріп-бақырып екі иінінен ентіге тоқтады.
Бұл кезде желтоқсанның қытымыр күні шыңылтырланып, кеш те үйіріліп қалған болатын. Сонда да алаңда ине шаншар орын жоқ. Ашуға булыққан халық суықтан да тайынбады, қарудан да именбеді. Қазақ Республикасы үшін шыбын жанын беруге әзір.
Олардың мына сірескен сиқын көрген жасақ қолынан келетін барлық айла-шарғыдан тартынып қалар емес. Көзі ежірейген жандарал:
– Алға! Алға-а! – деді екіленіп. Қолы ербең-ербең етіп, танауы аспанда жүр. Дәп бір Мәскеуді қорғап қалған панфиловшылардың ерлігін қайталағысы келгендей тамағын жырта айқайлады. Сол-ақ екен, ең бірінші қара халыққа қарай түтін шашатын қол гранаталар шірене лақтырылды. Жазатайым біреудің басы жарылып, көзі шығады-ау деген қаперлеріне кірмейді.Тіпті, жер әлемді тітірентіп, ракеталар ысқыра жөңкілді. Әуеден қауіп төніп қалғандай, әбілетті зеңгір көктің қойнауына үстін-үстін зырқырата жөнелтеді. Айбынын одан әрмен айдындандырып көрсетуге ұмтылғандықтан ба, самаладай жарқыраған шамды тұтастай өшіріп, алаңды меңіреу қараңғылықта қалдырған.
Әділдік іздеген әлеумет есінен адасты. Енді табандарының астында оқ-дәрі жарыла бастады. Ызы-қию айқай-шудан құлақ тұнды. Кімнің кім екенін біліп болмады. Үрейден шыңғырған, жылаған, үркіншілікке ұшырып ошарыла жөңкілген ел. Көлденеңінен сұлап жатқан шейіттер.
Мұның бәрі қуатты қос авиациялық прожекторлар тілін сумаңдата ары-бері жөңкілгенде назарға шалынады. Әйтпесе алаң бақалы көлдей шулағанымен тастай қараңғы.
Мұндай соққыны күтпеген қарапайым жұрт әбден ашынды. Жалаңаш қолмен тағы да ажалға қарсы ұмтылды. Бұл жолы техникаға қарай қимылдады. Өңкиген қызыл машинаның бірін нысаналады.
Азаттықты аңсаған ашулы ұл мен қыз бір-бірін іштей ұғысып, бойларына соншама қуаттың қайдан біткені белгісіз, өрт сөндіруші машинаны төңкеріп тастады. Шопыры бақырып, екі-үш жендет тырбына сыртқа ұмтылуда. Жанармайы айрандай ақтарылып, жарылған оқ-дәрінің сәулесімен шағылыса көлкіп жатты. Әмбе кез-келген уақытта әмірді орындауға сақадай-сай сайланған сайыпқыранның моторы гүрілдеп істеп тұрған. Жан керек жүргізуші машина құлағанда оны сөндірудің орнына бас сауғалап, қаша жөнелді. Сол сәтте ракетаның ұшқыны тиген жанармай жана бастады. Ізінше алау – алып техниканы көмкеріп қалды.
– Шашыңдар суды! Аямаңдар! – деп, түкірігіне шашала бұйрық берді. – Көрсетейік бұларға өкіметке қарсы шыққанды.
Өртенген көлікті сөндіру санасына кірмейді, есі-дерті «есерлерде». Тезірек тұқымын тұздай құртып жіберуге әддісі құлаған.
Езу жиып үлгергенше алаңды Мир көшесі жағынан қаумалаған оннан астам өрт сөндіргіш машина күшене тұрып «шаптырды». Аязы қалшылдатқан желтоқсанның кешінде мына мұздай су жолындағы дірдек қаққан жастарды тықсырып жіберді. Тұщы етке алмас қылыштай боп тиген лақылдаған әбілеттен бастарын бүркемелеп, жондарын тосты. Қотандағы үріккен қойдай ысырылып, бір-біріне кептелді.
Лықсыған әлеуетті күштің екпінімен Фурманов жағындағы солдаттар шебі сетінеп, халық жосылып кеп берді. Соңынан фашистік кептегі сарбаздар итпен түре қуды. Жансауғалаған жастардың ту сыртынан сапер күрегі сілтенді. Бірінен кейін бірі бытыр-бытыр адамдар сойылға жығылып, өз қанына өзі тұншығып алаңда қалды. Оның біразы сол заматында жантәсәлім еткен еді. Итке таланғаны қаншама. Бақырған, шыңғырған, жекірген үн араласып, бір сәт көк аспанның өзі шіміріккендей, батыс жақ қызғылтым реңге бөленді. Былыға ыбырсыған әлемтапырақ дүниеге күйінгендер де, сүйінгендер де табылды. Алайда, сүйінгендер басымырақ-тын. Түбірімен опырылып түскен қарлығаштың ұясындай бөрік дұшпанның табанында тапталды. Сандаған түбіті үлпілдеген шәлі шылғауға айналды. Қазақтың рухы қашып, бағы шайқалды.
Бұл – СОКП тарихында жиі айтылатын қызыл алаңдағы төгілген қаннан кейінгі ең көп жазықсыз суша сапырылған қан-тұғын.
Ысқыра келіп шапшыған мұздай су ақ қарға тамған алау қанды шайып өтті. Осы көрініс “Бұрқасын” опперациясының санитарлық тазарту процедурасы сияқты еді. Сөйтіп, биліктің бишігін ұстағандар түнімен алаңдағы қанды жуып тазартып, ертеңінде дым болмағандай бұқараға беті бүлк етпей қарамақ.
Енді, оқшау киімдегілер басы жарылып, езуі тілініп, көзі аққан өлі мен тірінің ортасындағы қыз-жігіттерді қол-аяқтарынан алып жүк машинасына ата берді. Өлмеші денелер қорапқа барып, бірінің үстіне бірі бырш-бырш етіп құлады. Араларында шейіттері де бар. Сол бір мезетте о дүние мен бұ дүниені бақилық пен пәнилік бөліп тұрса да, тірі мен өлілер құшақтаса бірге жатты.
Беймезгіл уақытта беймәлім машиналар белгісіз жақты бетке алды. Қарау ниетті сұрқиялар түн жамылып барып, алдын-ала қазылған ұраға өлмеші денелерді төңкеріп тастады. Сол заматында-ақ, жылан бауыр тракторлар ұраны жермен жексен етіп тегістеп жіберді. Әлдебір уақытқа дейін топырақ астынан ыңырсыған үн шығып, қара жер көкірегі қарс айрыла булыға күрсінді. Көк шұнақ аязбен әрленген үскірік құйын ғана ұрадан ыңырси естілген үнді табалағандай сықылықтай күліп, жас топырақтың бетінен аракідік үйіріліп өтіп, әжуаға басты.
Ал, ақыл-есі орнындағы, аяғынан жаңылмаған тұтқын шерушілерді көрдей суық камераларға апарып тықты.
Көзі тұздай, жез мұртты Влох қолына түскен бір топ бастаңғышыларды адам аяғы жетпейтін айдалаға апарып, өзі қатыгездікпен үкім шығарды. Ең бірінші бәрін жіпке тізген моншақтай етіп, бір сызықтың бойына сапқа тізді. Сосын айыпкерлердің алдында алшаңдай басып ары-бері жүрді. Өзінің таныс біреуін іздегендей екі көзін әрқайсына жеке-жеке үңіле қадады.
– Ұйымдастырушыларың кім?!
Қойған сауалы желмен ұшып, далаға лақты. Ашуына шашалған шалдуар неменің екі самайындағы тамыры лыпылдай соқты, жағының бұлшық еті қатты тістенгендіктен білеулене сыртқа тепті. Сосын қасарысқан қас жауының әуселесін көрейін деп, онысыз да суыққа қалшылдаған бейшараларды шешінуге бұйырды. Ең бірінші сырт киімін сыпыртқызды.
– Алаңға шығарған кімдер?
Өлі тыныштық.
– Қайталап сұраймын, кім сендерді алаңға шақырды?
Тіс жарған ешкім болмады. Тек тастай қараңғы түн қанын ішіне тартып, ызбарлана гуілдейді.
Сауалы жауапсыз қалғандықтан пәтшағар, қарсы алдында тұрған балаң жігітті қақ төбеден сапер күрегінің қырымен қойып кеп жіберді. Қылыштай лыпылдаған өткір темір маңдайды қақ айырды. Ыңқ еткен дауыс қана шықты да, дене жалпасынан құлады. Сыр етіп сидектеген қанның үні естілді, ізінше әппақ бу аспанға атылды. Сәлден соң жантәсіліммен шыққан қорыл білінді. Оны ізінше шидің басындағы уілдеген жел жұтып жіберді.
– Айтпайды екенсіңдер, анау сияқты тиесілі сазайларыңды тартасыңдар. Мен сауалыма жауап алмайынша дамыл таппаймын.
Сол-ақ екен құзғындай үйірілген солдаттар тұтқындарды шешіндіре бастады. Денелері белге дейін жалаңаштанды, қыздардың тек омырауында шандымасы ғана қалды.
– Көтерілісті ұйымдастырып жүрген кім?
Үнсіздік. Обыр да қорқынышты тастай қараңғы түн.
– Етіктеріңді шешіңдер!
Сол сәтте-ақ қайсар жастар жалаңаяқ қар кешті. Жалаңаш денені сорған мұздай суық үскірік жел бәрін дірдектете бүрістіріп жіберді.
– Көсемдеріңді айтасыңдар ма, айтпайсыңдар ма?
Тағы да тұтқындар тілін тістеді. Етінен ет кесіп алсаң да бір ауыз ләм қатпайтыны орыс офицерінің қанын қарайтты. Мынандай қайсарлықты үнемі «жасық» деп ұғып келген өндірдей қазақ жастарынан күтпеген. Енді, міне, өзі ит болып, сөзі желге ұшуда.
Бір жүлгенің бойына тізілген саптағылардың ең басындағысына барды. Ашудан мысық мұрты едірейіп, қатыгез сұстың ызғарын себеді. Әрі қырауланып, тастай қараңғы түнде түсін айбаттандырып көрсетеді.
–Сен айтшы, кім бастап жүрген?
Ызғырық ұшындырған балғын дене қалш-қалш етіп, ерні сөйлеуге келмейді. Бірдеме айтуға жігіттің мұршасы жоқ, қызыл жендеттің сауалын естігеніне де күман бар.
Жауап жоқ. Офицер сазарып міскіннің бетіне қарап тұрды да, автоматтың дүмімен құлақ шекеден қонжитты. Бақ еткен дауысы ғана шықты да, сірі қарға гүмп берді.
Тұтқынның келесісіне таянды. Иығына түскен шашын жел алып қашқан бойжеткен екен. Екі жұдырығын иегінің астына тығып, қос шынтағын омырауына жинап алыпты. Қоянның көжегіндей дір-дір етеді.
– Ұйымдастырушылардан кімдерді білесің?
Бейшара басын шайқағандай болды, әлде суықтан тұла бойы қалшылдағандықтан офицерге солай көрінді ме, мына бетпақтықтан қаны миына шапшыды. Қолына қайдан іліккені белгісіз, семсердей сілтенген темір қақ маңдайдан тиді. Заматында ұзыннан құлаған дене бір жиырылып, бір созылып әппақ қардың үстінде алас ұрды.
Сөйтіп, қазанатты сақтаған халық, қарындасты сақтай алмады. Қара тұяғынан қал кетіп қалжырағанымен, ажалдың аузында тұрса да ашу, кек жігіттердің жүрек түкпірінде булыға бұлқынды.
Әрқайсына жеке-жеке шүйліккенімен бір ауыз жауап ала алмаған жендет, одан сайын өшпенділікпен зығырданы қайнады. Мына бұратана жұрттың шамаларына қарамай қасарысқанын, жалаңаштап тастаса да желтоқсанның үскірігі мен аязды түнінен жасқанбағанын – алтын басын аяққа таптағандай ұғынып, қатты қорланды. Қанталаған көзі ештемені көрмей, құлағы тұнды. Қарсы алдында тек ұлы орыс ұлтына айбат шеккен құбыжықтар ғана үдере ақиланғандай сезінді. Олардың шидей мойнын бұрап, бырт-бырт үзіп, табанда жоқ қылып жіберу керектігін түсінді. Революцияшыл, лаңшыл, қанқұйлы ата-бабасының орашолақтық бірмойындығына басып, асқан бір фашизмдікпен өндірдей жастарды бірінен кейін бірін қылышпен шапқандай күректің қырымен ұрып, жайратып тастады. Бәрінің маңдайын қақ айырып, жанын жаһанамға жіберді. Аза бойың қаза тұрар шыңғырған үннен де, қаны сарқырап ағып қорылдаған қолқаның жантәсілім сәтінен де шімірікпеді. Қайта айызы қана түсіп, халыққа қарсы шыққан сілімтіктерді жусатқанына бойына насаттық еніп, құйрығын қайқайтып үй іргесінде жүрер дүрегейдей талтаңдады.
Шаруа әбден тынғанда жан алғыш жәбірейілдей жендеттеріне мәйіттің бәрін ұраға тастап көміп тастауға бұйрық берді.
– Бір сағат уақыт, тілмен жаласаңдар да тамшы қанның ізі қалмасын. Жан-пенденің көзіне көрсетпей, сүйекті құртыңдар. Ертең ізі де білінбесін!
– Құп болады, жолдас, гвардия полковнигі! – Қарыс сүйем қалмай жанында жүрген жандайшабының ербең етіп оң қолы маңдайына тиіп, қос өкшесі тақ ете қалды.
Сосын папақты қолбасы тонының етегі делеңдеп, УАЗ машинасына қарай алшаңдай басты. Дәл қазір қазақтың бәрін тұқымын тұздай етіп қырып тастаса да, қолынан ешкім қақпайтынына әбден сенімді еді. Мұның мына айуанға тән кескінін аңдағандықтан бұны да ана туды дегенге, мейірімге бөлеп бесік жырын айтты дегенге үргедек көңіл ешқандай нана алмайды.
Арада абыр-дабыр басылғаннан соң Коммунистік партияның шешіміне қарсы шыққан «басқыншыларды» тұншықтырған «жаужүрек ұлдарға» өкімет наградалары берілді. Сол екі ортада армия қатарынан демобилизацияға кеткендер де бар екен. Сонда да сайыпқырандардың соңынан наградалары жіберіліпті. Сондай Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет граммотасының бірі қырғыз жігітінің қолына тиеді. Ол жан төзбес айуандықты өз көзімен көргендіктен «мұндай марапатты алуға қақым жоқ» деп кері қайтарған. Оның осы бір азаматтық позициясы қазақ жұртының жүрегінің түкпірінен мәңгілік жылы орын тауып еді.
III
Ертеңіне тағы да жолға шықты. Шұғыл Талдықорғанға бармасқа әддісі қалмады. Түнде бәтуаласып, Сүлейменнен алған ақшаны қайтарудың жөн-жобасын қарастырған. Сонда Сапар басы салбырап отырып:
– Пәтерімді сатайын, ақшасын берейін, – деген.
– Сенің ол үйің біз алған ақшаның үштен біріне де жетпейді. – Өңі сұрланып, Жапар бірден қатты кетті. – Тым құрымағанда қала, баяғыдай облыстың орталығы болса бір сәрі… Сатқан күніңде де жеті насырыңды жерге кіргізіп барып, сатарсың. Оны бүгін, ертең кім ала қояйын деп тұр? – Қабағын түйген қалпы бауырына қарады. Ол шоймандай қап-қара күйі бұған жонын беріп, тоң-теріс күжірейді. Үндемейді. Үндеуге шамасы жоқ. – Оданда, пәтердің құжатын әкеліп Сүлейменнің қолына ұстатайық. Сата ма, өртей ме өзі білсін. Біз оның үстіне тағы да екі үй қосып саудалағанның өзінде, алты мың жарым долларды шығара алмаймыз. Ол жалпақ жұртқа аян. Тынышынан-тыныш осылай жасағанымыз дұрыс. Ағайынның алдында бетіміз ашық болсын.
Бұл турасында осындай ұйғарымға тоқтады. Екіншіден, қылмысты Марат екеуі бірге жасап, ақшаны теңдей бөліске салғаннан кейін, қазіргі жағдайда материалдық жауапкершілік оның да мойнына жүктелуі тиіс. Сондықтан айып тағушы жаққа берген алты мыңның үш мыңын содан өндіріп алулары қажет. Тым құрымағанда ол, әлгі алған ақшасын қайтарып беруі керек.
Міне, ең күлкілді мәселе осы болып тұр. Одан ақша талап етсең «мен мына адамды білмеймін, маған қысым көрсетіп жатыр» деп шағымдануы да мүмкін. Немесе, «сендер әдейі ақылдасып ап, менің үлесімді алып қана қоймай, тағы да үстінен түсімін өндірмекшісіңдер» деп соғуы да ықтимал. Тіпті, «мен ештеме білмеймін, қайда барсаңдар онда барыңдар, ақша тұрмақ соқыр тиын да бермеймін» деуі де ғажап емес. Сапар екеуі жасаған тірліктерінің соңы осылай айналып шыққанын оған сендіріп көр...
Шынында да адам нана қоятын нәрсе емес, қисынсыз, көңілге қонбайды. Аман-есен бөгде мемлекеттегі оқиға орнынан сытылып шығып, өз еліне келу, екі облыстың аумағынан өтіп кетіп, бір күннен кейін қайта жәбірленушінің қолына түсу – тек кинода ғана болатын нәрсе. Өмірде жоқ. Осы тұрғыдан қарағанда Жапар оған бәле іздеген алаяқ болып көрінуі әбден мүмкін. Әрине, өзіне қатысты ондай пиғыл қалыптастырғысы келмейді, бірақ, амалы жоқ. Сүлейменнің ақшасын орнына қоюы тиіс. Сондықтан Сапарды Алматыға тастап, Талдықорғанға жалғыз аттанды. Оның қамаудан босанғаны туралы дабыра етпеді де. Ондағы ойы біреуден біреу естіп Мараттың құлағына тисе, ол: «Әдейі ұйымдастырып отыр. Ешкім түрмеге де түскен жоқ, іздеуші ұстап та алған жоқ» деп бір-ақ кесіп айтады. Оған күмәнсіз. Сол себептен мұқият сақтыққа барды.
Талдықорғанға келген бетте Маратты іздеді. Таппады. Отбасынан ажырап, басқа бір екі баласы бар қатынмен тұрады екен. Біреудің шалабы өзінікінен әлдеқайда жақсы көрінсе керек. Солардың үйіне барып еді, әлгілер есік ашпады.
– Марат бар ма? – деді бұл екінші қабаттың алаңқайында айқайлап.
– Жоқ, – дейді ер баланың даусы.
– Мамаң бар ма?
– Жұмыста.
– Марат қайда?
– Білмеймін.
– Кешке келе ме?
– Білмеймін.
– Үйде тығылып отырған шығар.
– Жоқ, тығылып отырған жоқ. – Сөз шешесінің ашынасы туралы болса да бала намыстанып қалды, даусы тақ етіп естілді.
– Рас айтасың ба?
– Рас айтамын.
– Жарайды, жақсы онда.
– Кім дейін…
– Өзім бір айналып соғамын.
Талдықорғанға кірген беттегі алғашқы шаруасы осылай сәтсіздеу басталды. Ол үйден шығып, інісінікіне тартты. Үйде келіні бар екен. Қайнағасын салқын қарсы алды. Жалпы, өңінен жылылықтың нышаны байқала қоймайтын жан. Сапар да бір кезде әйелін баласымен шығарып, мұны екі баласымен күйеуінен ажыратып алған. Сондықтан Жапар інісінің жаңа отбасына қанша іштартайын десе де, ар жағында бір нәрсесі жібермейді.
Ернінің ұшымен амандасты.
– Сапардың жайын білесіңдер ме? – деді бұл жорта.
– Естіп отырмын, қамалмаса одан әрі. – Мына сөзі – байын тастап тиген қатынның әңгімесі емес, қас дұшпанның табалауы. Жапардың жүрегі мұздап қоя берді. Дегенмен онысын сыртқа білдіртпеуге тырысты.
– Анау Марат дейтін жігіт бұдан хабардар ма?
– Құлағдар. Бірақ, ұсталғанына сенбейді.
– Сапарды ұстап әкеткенін көзі көрген Талдықорғанның жігіттері бар ғой.
– Олардың сөзіне иланбайды.
– Ым… – Жапар айтарынан жаңылып, біраз үнсіз іркілді. – Маратты көрдің бе?
– Көрдім, кеше кешкісін әйелі екеуі келіп қайтты. Әйелі әлгінде ғана біздікінде болған.
– Қай әйелі, соңғысы ма, бұрынғысы ма?
–Бұрынғысымен хабарласпайды.
Жапардың қараптан-қарап қайласы таусылды. Одан ештеме шықпайтынын іштей ұғынды. Сосын:
– Бішкектен келе жатырмын, – деп бастады әңгімесін. – Сапар сонда қамауда. Милиция Маратты іздетіп, Талдықорғанға сұрау салыпты. Мен барып тергеушімен сөйлесіп, үш күнге мұрсат алдым. Алты мың доллар керек. Осы соманы қалайда апарып бермесек, жердің тесігіне кіріп кетсе де Маратты табады. Содан кейін іс ушығады. Сондықтан енді оны көрсең, «тез арада үш мың доллар тапсын» деп хабар айт. Таппаса, өз соры өзіне. Ал, мен мына үйдің құжатына келдім. Сол құжатты кепілдікке қойып, біреуден қарыз аламын. Басқа амалым қалмады.
Келінінің өңінде ешқандай өзгешелік байқалмады.
– Алыңыз…
Осыны айтты да ішкі бөлмеге өтті. Көп кешікпей қайтып оралған ол бір бума қағазды көтеріп әкелді.
– Барлық құжаттары осының ішінде. “Сатамын” деп өзі даярлап жүрген, ештемесіне тиіскен жоқпыз.
Қара сұр өңі одан сайын түнере қанын ішіне тартып, ызбарлана көгерген. Қатқан қурайдай кескінінен жылылықтың, тіпті, тіршіліктің нышаны білінбейді. Қолынан келсе шайнап тастағысы бар.
– Енді жолықсаңыз айтыңыз, Сапар мені көрмей-ақ қойсын. Балалардың да мазасы қашып бітті. Жағдайымыз нашар. Оларды әке-шешемнің үйіне апарып тастадым, өзім базарға шығып жүрмін. – Ашуға булығып, үніне діріл араласты. Көз аясына жас та лықсып кеп қалды.
– Жарайды, құдайдың басқа салғаны ғой, көнеміз… – Жапар мынадан кейін жаңағы ішкі өкпесін ұмытып, абдыраңқырады. Әрі мұнысы келінін жұбатпақ боп айтқандағысы еді.
Босағада тік тұрған қалпы, тізе бүкпестен қайта сыртқа беттеді.
Жазған құлда шаршау жоқ, тағы да Мараттың ашынасының үйіне барды. Есік қағып еді бұл жолы, «кім бұл» деген әйелдің үні естілді.
– Марат бар ма, мен Сапардың ағасымын.
Сол-ақ екен, есік шалқасынан ашылды. Ар жағынан тығыншықтай қараторы әйел дүрдие қарсы алды. Беті сазарып, түлен түртіп тұр.
– Сәлеметсіз бе? – Жапар да қасақана даусын қатайта амандасты.
– Сәлемет…
– Марат бар ма?
– Жоқ.
Жігіт бұдан ары шыдамай, ләм-мим деместен ішке енді. Аяғын да шешкен жоқ. Бөлмелерді түгел аралап шықты. Тұрып жатқандары екі бөлмелі үй екен. Жесір әйелдің қоңыртөбел тірлігі ғана барлығы байқалады. Екі ұлы состиып, мұңлы жанарларымен бұны жеп жіберердей, жақтырмай қарайды.
– Қашан келеді ол?
– Білмеймін… – Қыбың қанды ма дегендей долдана торсиған әйел сыздана үн қатты. Қайта, бұл – танымайтын адам болған соң ғана әдеп сақтаған сыңайы тәрізді.
Жапар келініне айтқан әңгімені тура сөзбе-сөз қайталады. Бірақ, мына бедірейген бетпақтың санасына ештеме жетер емес.
– Оны бүгін ұстап әкетсе де, бізге бәрібір…
Мынау зәрлі сөз Жапардың жүрегіне сүңгідей қадалды. Бағанадан бері бос әуре боп тұрғанын енді түсінді. Көкейіне түйіп келген үміт сәулесін осы бір ауыз ләмімен мына салдақы, бір леген кірдің суын құйып өшіре салғандай әсер қалдырды.
Мойны салбырап сыртқа беттеді. Соңынан тарс етіп есіктің жабылғанын естіді.
Діңкесі құрып кеп машинаға мінді. Қанша қара тұяғынан әл кетсе де, шешесіне жолығуы – парыз. Сондықтан қарыс адым жердің өзі титықтатқанымен, алаңдап отырған анасын ойлағанда, ол керенаулығы әп-сәтте үшті-күйлі жоғалды. Өзі ғана білетін жақсы хабарын жеткізу үшін ауылға тартты.
Қызылағаштың шетіне қызыліңірде ілікті. Шешесі үйде екен, мұны көре сап:
– Әкем, Жапар-ау, не бітіріп келе жатырсың? – деп, сонадайдан алдынан тұра жүгірді.
– Алып шықтым.
– Әй, қарғам-ай, көрсетті-ау саған мыналар көресіні. – Күйіне сөйлей кеп, бетінен сүйді. – Ал, енді айтшы, не бүлдірген сонда?
Жапар анасының жүрегін ауыртпай-ақ қояйын деп, уақиғаның бетінен қалқып қана баяндады. Анау екінші адамнан ақшасын алғанша, Алматыға әдейі қалдырып кеткенін бүкпеді.
– Е-е, күнім-ай, қарап жүрмей сенің басыңды әбден саудаға салды-ау… Қайтейін, ақырының қайырын берсін. – Пештің үстінен отқа бір шелек көмірді бір-ақ қотарып, сыбыртқымен плитаны сыпырып жатып күңіренді. – Ол иттің баласын текке жіберіп қоймай, ақшаны алу керек. – Сөзінің соңын тістене тәмамдап, тепсініп қояды.
Осылай таусыла сөйлей дастарханын жайды, жаны тызақтай отырып шайын берді. Шайдан кейін Жапар қайтадан Алматыға жиналды.
– Балам-ау, түнделетіп жүресің бе, ертең таңертең құдайдың жарығында аттансаңшы, – деді Нұрғаным.
– Оған, жаңағы, Маратты ел орынға отырғанда үстінен баспасаң, оңай-оспақпен қолға түсетін адам емес.
Діңкесі құрыған Нұрғаным:
– Е-е, – деді, – айбайлап жүр, әйтеуір. Құдай жолыңды оңғарсын.
– Сау болыңдар.
Жапар дарбазадан сыртқа шығып, қараңғыға сіңіп бара жатты.
Талдықорғанға қайтып оралғанынша сағат түнгі ондардың шамасына таянған еді. Тағы да салып ұрып ат басын көзі үйреніп қалған үйге тіреді. Абырой болғанда іздеген кісісінің үстінен басты. Ол бұл күткендей басын төмен салып, міңгірлей қарсы алған жоқ. Ежірейіп, айбат шеге қарады. Жапар іштей «бедіреюін, өткенде есек құрты мұрнынан түсіп, жылбырап отыр еді» деп ойлады.
– Қатынды тонағандарың не еркек бастарыңмен?! – Бірден тықсырып алайын деп әдейі ә дегеннен қатты кетті. – Сапар, әне, жатыр. Сенің соңыңнан да қуғыншы шығарайын дегендерінде, мен барып, «қоя тұрыңдар» деп үш күнге мұрсат сұрадым. Қайдан тапсаң оннан тап, үш мың долларды маған ертең кешке дейін жеткіз. Олай болмайды екен, сорың абақтыда қайнайды.
– Сапар қайдағы түрмеде жатыр, мен онымен бүгін ғана сөйлестім ғой.
Жапардың төбесінен біреу мұздай су құйып жібергендей селк етті. Аяқ астынан қулығы ашылып, абыройы айрандай ақтарылды. Шындықтың соңынан жүрген өзі табан астында алаяққа айналып шыға келді.
– Сен қай сайтаныңмен сөйлестің? – Жапардың үні өзінің байқауынша алғашқы айбынынан айрылып, селқостыққа ұшырады.
– Осы хабар құлағыма тигеннен кейін сенімен сөйлесейін деп, үйіңе телефон соққанмын. Тұтқаны біреу көтерді. Сені сұрадым, «ол жоқ» деп тастай салды. Сапардың дауысын жазбай таныдым. Қайыра звондап едім, алмады. Бала емеспіз, бәрін білеміз. Ондай қулық-сұмдықтарыңды қойыңдар.
– Сен, біріншіден, басқа біреудің үйіне ұрынуың мүмкін. Екіншіден, артыңнан милиция түскенде саныңды соғасың. Мен сені қорқытып, үркітіп тұрған жоқпын, ертең кешке дейін ақшаны әкемесең, өз обалың өзіңе.
Осыны айтты да сыртқа беттеді. Бірақ ашуға тұншығып, өз-өзінен қалшылдап бара жатыр еді. «Сарамас неме, неге телефонды көтереді? Басы бір қазан болғанымен бір шаншым миы жоқ» деген атжалман сауалдар мен ашу, көкірегіне кептеліп буындырып әкетті. «Сүлейменнің берген ақшасын орнына қою үшін енді қаражатты қайдан таппақ? Көкейіне түйіп, көздеген адамы аузыңа саңғыт деп отыр. Кім бұған сұрағанын қолына ұстатпақ? Мына үйдің қаражатымен еш тесігі жабылмайды… Әрине, Сүлеймен бұдан бір тиын да сұрамайды. Бірақ сұрамайды екен деп хайуанша жамбасына баса беруі тиіс пе? Жоқ. Қайтару – міндеті».
Алматыға жеткенше тек осы сауалдар ғана мұның жан серігіне айналды. Мазасын алды, сілікпесін шығарды, алқымынан сығымдап қылғындырды, қолқасын тұтап тұншықтырды. Қай-қайдағы қаңғыған біреуден тепсінген сөз естігеніне, алаяқ сұм боп көрінгеніне қорланды.
Бір уақтарда өзінің әлдекіммен екілене салғыласып отырғанын байқады. Қай уақытта сөйлеп кеткенін жобалауға дәрменсіз. Сатқа ұрған ба, қояйын деп қозғалған көңіліне басалқы болғанымен, арада шамалы уақыт өтпей-ақ қайта жынымен сөйлескендей күбірлей бастайды. Барлығында да Сапармен ұстасып отырады. Ол бір аузы кепердей қара диюға айналды.
Үйге келгенінде тек мұның елесі ғана табалдырықтан аттаған еді.
Өңі күреңітіп ішке енді. Зал үйде Сапар видикті тамашалап, ұзыннан сұлай жатыр екен. Мұны көріп:
– Қалай барып келдің? – деді.
– Әй, сарамас, сен неге телефонды көтересің?! Отыр дегеннен кейін орныңнан қозғалмай өлік құсап отырмайсың ба? – Жеті түннің ішінде үні тарғылданып, тым ашулы шықты. – Екі ортада мен қулық сауған сұмырайдың кебіне ендім. Есің дұрыс па, ойламайсың ба? Басың бір қазан болып…
– Қайдан білейін, телефон шырылдап қоймай қойғаннан кейін… – Мұрнының астынан міңгірледі.
– Өй, шырылдамақ түгілі, жарылып кетсе де, ол қоңырау саған емес екенін бес саусағыңдай білесің ғой. Әлде біз саған телефонға жауап бер дедік пе? Кетерімде су миыңа таптап тұрып, “тұтқаны алма” деп жүз мәрте айтпап па едім... Енді ол біздің ісімізді тек ақылдасып істелінген қулыққа ғана сайып отыр. Ақшаны бермейді. Оныкі дұрыс, сен де болсаң солай ойлайсың.
Сапар диванда шалқасынан түскен қалпы меңірейіп жатты да қойды. Ағасы иіні салбыраған күйі теріс айналды. Одан басқа істейтін қайласы да жоқ еді. Сүйретіле басып жатын бөлмесіне беттеді. Бірақ ашу буып, шамырқандыра қалшылдатты. Інісінің соншама ақымақтығына еш ақылы жетпеді.
Ертеңінде Жапар төсегінен ауырып түрегелді. Біреумен сөйлесуге де, біреуге қарауға да ешқандай зауқы соқпады. Енді не жасайтынын білмей ақылынан алжасты. Үйге сидырмай ішін өксік-ит тырнады. Сосын сыртқа бет алды.
Қала сол әдеттегісінше қызу тірлігінен айнымаған. Жүйткіген машина, қайшалысқан адам. Бұл да уайым буындырған сүле-сапы күйі солардың арасына сіңісе берді.
Тауы шағылған қалпы Сүлейменге келді. Сүлейменнің бірден байқағаны, әншейінде қылау да жұқтырмай жүретін ағасының сақал-мұрты да қырылмапты. Үстіндегі жейдесінің жағасы да қыртыстанғандай көрінді. Көзінің асты домбығып ісіп, қасіреттің уытынан ойлы жанары нілденіп тұр екен. Көңілін қына, қарашығын торта басқан.
Алғаш осыны аңғарғанынан-ақ тіксініп:
– Қал қалай? Жүзің сынық қой, ауырып тұрған жоқсың ба? – деді.
– Жоқ. – Сыртқы ұсқыны жүдеулеу, иіні салбыраған күйі әңгімесін бастады. –Талдықорғанға барып үйдің құжаттарын әкелдім. Бішкекке жұмсаған ақшаны тауып беретін мүмкіндігіміз жоқ, аз да болса сол үйді көптей көріп алыңдар. – Бір папкі қағазды столдың үстіне қойды. – Ал, анау, қасындағы бірге тонасқан екінші жігіт, тіпті, маңына жуытатын емес. Одан ештеме өнбейтін түрі бар. Қайта өзімді алаяққа санады.
– Жарайды енді, қисыны келмесе керегі жоқ. – Қашанда сабырлы қалпынан танбады. –Мына құжаттар сенде тұра берсін, кейін қажет боса алармыз. – Қағазды Жапардың өзіне қарай ысырды. – Қысылатын, әуреленетін ештеме жоқ.
Содан кейін бір топ жігіттермен шұғыл шаруаға жүретінін айтып, жинала бастады. Ізінше тысқа бет алды. Жапар да солармен сыртқа ілесе шықты. Табалдырықтан аттасымен әлгілер қысқа ғана қоштасып, өз тұстарына қарай аяңдады. Бұл да машинасына таянып қалған, ту сыртынан:
– Жапар! – деген Сүлейменнің даусын естіді. Жалт қарады. – Еш қысылмай-ақ қой!
Бауыры бұған жайдары қалпы қолын көтерді. Сөйтті де қара «Мерседеске» мініп, жүріп кетті.
Осы көрініс оның иығындағы зіл батпанның салмағын мейлінше жеңілдеткендей әсер етті. Бір сәт состиып, жапа-жалғыз қаққан қазықтай қалшиды. Сосын рульге сергек келіп жайғасты.
…Қапелімде біржола есінен шығарған өз жайы жадына оралды. Ой көзбен үңілсе осы бәсекеде жөн-жобаның реті бұған қарай бұрылып тұрған сияқты. Жастарға берілетін сыйлықтың барша шарты мен парқы мұның ғана жазғандарының өлшеміне тура келетіндей. Өйткені, бәсекедегі бірлі-жарым жігіттің жасы, бәйге шартында көрсетілген шектеулі мөлшерден асып кеткен еді. Бірақ, қалай екені белгісіз тайынбай, жең сыбана сынға қатысуда. Әншейінде болар-болмас нәрсеге қадалатын қазылар бұған көздерін тас жұмып, қасақана ескермеген, елемеген сыңай танытады. Дегенмен, Жапардың ішкі бір аңғал сезімі әділдіктің қалай да жеңетінін, олардың бұл бұлталақтары көп ұзамай әшкереленетініне күмәнсіз еді. Әрі қараптан-қарап басы саудаға түсіп шатылып жүргенінде құдайдың көзі тура боп, қолдайтын тұсы да осы сыңайлы көрінді. Біртүрлі өзінің мерейі үстем болатынына сенді. Сондықтан біреулерге барып бұйымтай айтып, алдынан өтпеді. Өтетін де ешкіммен таныс, біліс емес екен. Сондықтан, шаруасын бір аллаға табыс етті. Бар сенгені – төңірегіндегі жолдастарының мұның жазғандарына берген бағасы. Олардың айтуынша, бұл – нағыз бүгінгі жастардың арасындағы қаламы жүйрік қас шебердің біреуі.
Үйге біртүрлі жеңілейіп оралды. Кешегі алаяқ көрінгені де сәл жүрегін сыздатқанымен, ептеп аптығы қайтқан-тын. Інісіне де кешіріммен қарады. Әйткенмен, көкейіндегі томырықтың бәрі бірден тарап кете қоймады, тоң-теріс қалып байқатты. Сапарға бар айтқаны:
– Сен әлі де екі-үш күн осында жат, бүгін жетіп барсаң, менің шынында да өтірікші болғаным, – деді.
Ол үндемеді. Өзінің алкеуделігі мен бірмойындығын танытып, қабағын түйіп, күжірейді де қалды. Кешегі кішік қалпынан жаңыла бастады, тағы да кеудесі аяққаптай боп ісінгендей көрінді. «Жә, қойшы, оны жаныштай бергенде не түседі, – деп ойлады ағасы. – Жеткен жері осы».
Кеш батты. Ел орынға отыратын қызыл іңір шақ туды. Енді әлдебір мәуріттерде біртін-біртін төңіректегі үйлердің шамдары сөне бастады. Бұлар да жастыққа бас қойды. Тағы да күнделікті дағдысындай Жапардың ұйқысы қашып, миын ой шырмаған қалпы төсегінде еріксіз дөңбекшіді. Сөйтіп мазаңданған тұста, зал жақтан ары-бері жүрген аяқ дыбыры білінді. «Е-е, темекі тартқысы келген шығар, о байқұс та қайбір шекесі қызып жатыр» деп қорытты іштей Сапарға жаны ашыған сезімі оянып.
Түртінектеген дыбыр ұзаққа созылды. Бір кезде дыбыс кіре берістен әлеуеттірек білінді. Көп ұзамай есік ашылып, қайта жабылды. Содан кейін үйдің іші тым-тырыс бола қалды. Бауырының сыртқа шыққанын анық білді. «Қазір қайтып оралады» деген ойдың сүресімен күтіп біраз бөгелді, келмеді. Сағатына қарады – бірден он жеті минут ауыпты. Сосын лажсыз тағы да тың тыңдады, шыққан адам қайтып оралатын көрінбейді.
Жаңағы құрсаулап, қамалаған тарам-тарам қалың ойды жігіт осы жолы адастырып-ақ кетті. Көңіліне елең енді. Қанша алағызғанымен Сапар қайтып келер емес. Сағатына қарады. Әлгіндегіден бері де жеті-сегіз минут өтіпті. Темекі тартуға құлқы ауған кісі осы уақыттың ішінде үйге кіруі тиіс еді, өйткені дала қақап тұр. Күздің қара суығы әбден мысасына мінген кез, үш-төрт минуттан ары шыдау мүмкін емес.
Бұл лажсыз орнынан түрегелді. Шамды жақты. Есікті байқастады – ашық. Сапардың киімдерін түгендей бастады. Ол аяқ киімін, курткасын тұтас киіпті. Залға барды, онда да дәнемесі қалмапты. Қайта кеп күртесін иығына іле сап сыртқа бет түзеді, жуық маңнан тірі пенденің ұсқыны көрінер емес. «Сапар» деп бір-екі рет дауыстады. Жауап жоқ. «Ә-ә, кеткен екенсің ғой» деп қорытты. Бірақ, «жолына ақшаны қайдан алды екен» деген ой сақ етіп көкейіне қадалды.
Есікті құлыптап, төсегіне беттеді.
Таңертең тұра сап залды қарады. Ондағысы – түнде мен қатты ұйықтап қап, оның қайтып оралғанын білмеген шығармын дегені еді. Ешкім жоқ, салулы төсек сол қалпы жатыр.
Мұны көрген Бибі де:
– Сапар кетіп қалған ба? – деп таңдана аңырды.
– Ол ақшаны қайдан алып жүр?
Ері оған қарсы сауал тастады.
– Кеше «бас киім алам» дегеннен кейін мың теңге қалдырғанмын.
– Ім-м…
“…Сапар соққыдан ауыр халде дәруханаға түсіпті, сойыл бастан тиген екен” деген суыт хабар сумаңдай жетіп, Жапардың көңілін астаң-кестең етті. Шұғыл барып қайтуға жинала бастады.
Бұл “ағаш” ақшаның күннен-күнге құны қашып тұрған тоқсан екінші жылдардың кезі, жалғыз өзі жұмыс істейтін. Бибі баламен үйде, онысыз да тапқан тиын-тебені былай тартса – олай жетпейді, олай тартса – былай жетпейді. Сонда да жолға шықты.
Келсе басына операция жасапты. Жалпақтығы төрт сантиметрге жуық, ұзындығы бір қарыстай сүйегін алып тастапты. Тек терісін тігіп қойса керек. Дәрігердің сөзіне қарағанда кейін жетілгенде қайыра ашып пластмасса салмақ сыңайлы. Қайта үш бұрышты темір қырынан тимей жанымен тиіп, ми қабына бір миллиметрдей ғана жетпей тоқтапты. Қақ алланың өзі қаққан, әйтпесе осы күні жаназа намазын оқитын жайлары бар көрінеді.
– Не болды? – деп сұрады ағайынды екеуі оңашаланған мәурітте.
Басын тұтастай ақ дәкемен таңып тастаған Сапар сөзді неден бастарын білмеді ме, бір сәт темекісін тартып үнсіз тұнжырады. Жалпақ бетінен мүләйім көзі ғана жылтырайды.
– Төбелестік.
Бір-ақ ауыз ләм қатты да тағы да тосыла қаңтарылды. Ағасы сөзін жалғастыратын шығар деп күтті. Тіс жармады.
– Төбелескеніңді біліп отырмын ғой, кім кінәлі? Жанжал қалай басталды? –Жапар шұқшия қадалып, одан әрмен тақымдады. Сонау Алматыдан шабылып жеткенінде ең құрымағанда анық-қанығын білуге мұстақ.
– Арақ ішіп алғанбыз ғой, байланысқанбыз. Содан төбелес шыққан. Мен оны соқсам керек, ол қашса керек. Ақыры тығылып қалыпты, мен іздеппін.
Қолындағы шылымының тұқылын тастап, табанымен езгіледі. Осы аралықта әңгімесінің желісі үзілді. Байқауынша ашып айтқысы келмейді, лажы болса тікелей сауалдан жалтарып кеткісі бар. Оны төмен шұқшиған порымы аңғартады. Бірақ, Жапар одан арыға шыдамады.
– Содан!
– Қоймайтын болғанымнан соң қалтарысқа тығылып, өте бергенімде темірмен соққан. Одан арысы есімде жоқ.
Осыны айтты да тағы да іркілді. Соңғы сөзі бұдан әрі мені мазалама дегенді мәлімдегендей.
Екеуінің арасында үнсіздік орнады, бір кезде Жапар:
– Қарап жүрмей, жарымжан боп қалдың. Есе жібермей, заң орнына шағымданайық, – деді.
– Жоқ, керегі жоқ. Өзім кейін бәрімен есеп айырысамын.
– Сен тағы да төбелесемін деп тұрсың ба?! – Ағасының үні қатты естілді. – Енді қол көтерсең, тынышынан-тыныш түрмеге тығар апарып. Іздегені де сол олардың. Заң тілімен сөйлесу керек. Бірдеме істегің келе ме, қазір істе. Одан кейінгі «шауып аламын» дегеніңнің бәрі бекер, көзіңе көк шыбын үймелетеді. – Қатулы қабақпен түйіле қарады. Сапар үндемеді. Ол үндемеген соң басының жарақатын аяп, бұл да «қойшы» деп тықсыра бермеді. Бірақ, өз бетінше сұрау салып, оқиға жөнінде іздестіріп еді, көрді, білді деген адамдар да жоғарыдағы тұрғыда ғана әңгіме айтты. Сөйтіп, жабулы қазан жабулы күйінде қалған. Әйткенмен, бәрібір шындық аянға айналды. Ол төбелесіп жүргені, мұның басын сонша қатыгездікпен жарған адам – келіннің бұрынғы күйеуі екен. Әрине, ашынған. Енді, міне, қайдағы біреу үшін әлі талай азапты басынан тартар. Маңдайынан болмашы күн өткізуге, жел тигізуге әсте болмайды. Бибінің “бас киім аламын дегеннен соң…” деп, күмілжігені сондықтан еді.
Бұл үндемеді. Жеті түнде тайынбай жолға шығар батылдық сезімнің қайдан тұтанғанын енді ұғынды. Бір түрлі өзінің шабаланып-шабаланып, ақыры іске алғысыз қалпы жұртта қалған бұралқыдай керексізге айналғанына жан дүниесі қалтырады. Жат тұрмақ, бірге туған бауыры қара түнектен арылған соң жарамсыз өтелдей лақтырып кеткеніне қапаланды.
Сүлдесін сүйреткен қалпы жұмысқа келді. Бастығының да қабағы салыңқы екен. Жапардың сәлемін салқын қабылдады.
Соңғы кезде байқағаны аралары жараспай жүр. Өйткені, биылғы аласапыран жұмысқа беймарал ден қоюға мүмкіндік бермеді. Алты ай жаз балалары ауырды, оның соңын ала Бішкектің оқиғасы қосылды. Қысқасы, ол мұның ары-бері шапқылағанын көтере алмады. Содан қабағы жиі қыртыстанатынды шығарды.
Жігіт енді бұдан былай оның қабағын қыртыстандырмауға ұмтылды. Еш сөзге келместен жұмыстан босату жөніндегі өтінішін жазды да алдына апарып тастады. Әлгіні оқыған бастық:
– Мынауың не? – деп, таңырқаған кеппен бұған аңтарыла қарады.
– Басқа қызметке ауысайын деп… – Жорта осылай деді.
– Дайын тұрған қызмет болса, жарайды. Дегенмен, ойлан.
– Ойланып барып, өтініш беріп отырмын.
– Жарайды, онда, әзірше қол қоймай тұрайын. – Жанашырлық сыңай танытқандай қалып байқатты.
– Жақсы.
Қоштасты да сыртқа беттеді.
Ағылған машиналардың арасында әйтеуір лекке ілесіп келеді. Қайда бара жатқанын өзі де білмейді, мақсат-мүдде ада-күде. Су бетінде қаңғалақ қаққан жаңқа да – бір, бұл да – бір. Ешкімге керегі жоқ, өмірдің ауанымен кетіп барады. Бір түйсінгені – миллиондаған жұмыссыздардың қатарын тағы да бір адамға арттырғаны.
Кеудесін қамырық кеулеп, өкініш пе, нала ма өзіне де беймағлұм бір әбілет алқымын сығымдады. Сан түрлі сауалдар миын шабақтап, мазасын май ішкендей жасады. Бір кезде барып аңдаса, үйіне қарай бет бұрыпты, қуанып кетті.
Бұрын бастығымен араларынан қыл өтпейтін ағалы-інілідей етене жүріп еді. Оның бастықтығынан ағалығы жақын еді. Болар-болмас қуанышын, ренішін одан жасырмайтын. Кіші бола тұра шама-шарқынша жақсылығын да аямайтын. Сөйтсе, адам өзгереді екен. Мұндай құрақ ұшқанды менің абыройыма бас ұрып, қызмет ету деп түсінетін болса тиіс. Көпе-көрінеу кішірейтіп, қол балаға айналдырғысы келді. Қанша керемет ізденіспен тың үлгі мен жаңа нысанда мақала жазса да, қасақана басқаларды марапаттады. Бір ауыз жылы сөз айтуға жарамады. Жапар алғашқыда елемеді, сөйтсе мұны тіпті іске алғысыз етіп тастапты. Кейін түсінді, қалай да мұның бетін қайтарып мысын басуға ұмтылыпты. Жанындай жақсы көрген ағасының өзі осындай сатқындыққа барғанда, мына жалғанның опасыздығына көзі жетті. Содан кейін де үн-түнсіз жұмыстан кетіп қалғанды жөн көрді. “Өзі білсін, өресі жеткен жері сол болса қайтейін” деген де қойған. Өйткені, оның тыраштанып көтермелеп жүргені бойында жылт еткен дәнемесі жоқ, рухани тұттай жалаңаш адам еді. Бітіргені пәлсапалық-экономикалық факультет. Әлем философтарының айтқанын жазғандарына сыналап енгізіп немесе өңін айналдырып, өзінікі етіп шығарады. Сол плагиаттығын жатып кеп аяқ-қолын жерге тигізбей мақтайды. Жапар ағасының осы тексіздігіне қарыны ашты, көңілі қалды. Қалай бұл уақытқа дейін мұндай екіжүзділігін білмегендігі үшін өзін жазғырды.
Осының бәрі сапырылысып, жер тезек болған көңілі одан сайын жұрынға айналды. Пендешіліктің алдында дал-далы шығып жеңілгеніне көзі жетті. Біреумен сөйлесуге де, пікірлесуге де еш құлықсыз. Телефон жаққа аттап басқысы жоқ. Жалпы, ештемеге зауқы шаппайды. Дәл қазіргі пұшайман халі – аңылжыған даладағы тығырыққа тірелген түйеқарынға ұқсас. Лажы боса, қай тарапқа болса да дөңгелеуі қажет еді. Әуелі, есірік желдің де ықпалы тимей, қимылсыз өлікке айналды.
Бір байырқалағанында үлкені мектептен, кішісі балабақшадан келіпті. Балабақшадан кішісінің қалай келгеніне қайран қалды. Әсілі, Шырай әкесінің мұқала қирағанын түйірдей жүрегімен сезініп мазаламай, Айбынға өзі кеткен. Әйтпесе, Айбынды күн сайын бұл әкелетін. Дәл бүгін оған да қауқары жоқ… шамасы жетпеген… Тек, екі кішкентайының өзара шүлдір-шүлдір сөйлегенін естіп емешегі езілді. Енді біраздан соң әйелінің үнін құлағы шалды. Бибі де жұмыстан келгенге ұқсайды. Ал, бұл – асқар таудай паналары, сал болған адамдай жамбасын көтере алмай сұлаған. Бар тындырғаны қолындағы пультпен теледидарды қосты. Диктор әйел соңғы хабарды зыпылдата баяндауда. Мақсатсыз қалпы соған жанарын қадады. Тәңірдің өзі мұның қинала түскісі келетінін қалай ма, қас қылғандай дәл осы аралықта диктор жастар сыйлығының қорытындысы шыққанын, кімдер лауреат болғанын айтып салғаны. Тағы да ағалары барлардың аты озыпты. Сол-ақ екен, жүрегі бір бұлқынды да саудасы мүлдем тынды. Көзі қарауытып барып, бір мезет төрткүл дүние тас соқыр тылсымға айналды.
Өзін жел айдаған ебелек яки ошағанша дедек қағып жүре бермей бір орында бадалғанына өкінді. Енді мына қара түнек әбілет мұны жыраға тығып, сүйегін күл парша ұндап кетпек. Қалайда қасарысып бағып, тағдырдың тартқан сыйына мойымауы керектігін ұғынды. Ең бірінші Шырайы мен Айбынын шақырды. Екеуі мұның күні бойы сұлқ жатқанынан үрке соқтап, залдың табалдырығынан аттады.
– Келе ғойыңдар, ботақандарым. – Осыны айтып кеудесін көтерді. Балаларына құшағын ашып, күле қарады. Мына тірліктің кәкір-шүкірін бір сәт мысқылына алғандай көрінді.
Жанына таянған екі құлынын маңдайынан иіскеп, бауырына басып отырып қалды.
– Шыбыным, сен бүгін неше алдың?
Көптен бері баласының сабағын да сұрамағаны есіне оралды.
– Бес. – Баяу үн қатты.
– Жарайсың, ботақаным менің.
– Папа, мен қағаздан әйбат үйшік жасадым. – Айбын да балдырлай тіл қатты. –Бақшада тәрбиеші маған да бес қойды.
– О-о, күнім менің. – Екеуінің бетінен кезек сүйді.
Осы балаларымен сөйлескеннің өзі, оның тоқтаған тірлігін қозғап жіберді. Бұл – шыға алмайтын қақпақылға тығып, күйретуге таяп қалған әбілеттің құрығынан сытылып бара жатты. Мына тірлікте көп нәрсеге ұмтыла берудің қажеті шамалылығын түйсінді. Шамаң жетсе, атақ-даңқсыз, дақпыртсыз-ақ өзіңнің биіктігіңді адал еңбегіңмен мойындата білу керек екен. Оның бір ғана жолы, ештемеге құлақ аспай еңбектене беру, еңбектене беру. Жауыздармен де, дұшпандармен де осылай күресуі ләзім. Бірақ, бұл өте азапты жол, азапты жол болса да одан басқа қайласы жоқ.
– Жүріңдер, шайға! – деген Бибінің де үні шұғылалы естілді.
– Мама, қандай тамақ пісірдің? – деді Айбын.
– Тауықтың етінен бұқтырма.
– О-о!
Екі кішкентайы құлдыраңдап жүгіре жөнелді.
Тәуелсіздік күні таянған сайын Алматының көшелері сол қалпы қала берді. Бұрынғы партияның тұсындағыдай мерекенің қарсаңында қызыл мәуітіге жазылған небір әлем-жәлем ұрандар ілінбеді. Оның есесіне ана фирманы, мына компанияны марапаттай жарнамалаған айқұш-ұйқыш маталар сонадайдан айқайлап машина жолдың төбесінде самалмен шайқалып, асылып тұрды. Ресейлік әйгілі әнші әйелдің келіп концерт қоятыны дамылсыз теледидар, радиодан хабарланып жатты. Оны шақыртып, қаржылай демеушілік танытып отырған фирманың да аты тоқтаусыз қайталанды. Біреулер тойып секіретін сияқты. Аңдауынша миығынан күліп, өзінше бір думан қуған жұрт бар да, қайғысына қақалып, уайым сауған бұқара бар. Бұрыннан да ара жігі байқалатын екі әлеуметтік топтың, бүгінде айырмашылығы жер мен көктей боп көзге бірден ұрады. Жалпы, қара халықтың жағдайы мәз емес.
Бірақ, сәт санап тәуелсіздік күні мейрамы таянып қалды. 16-шы желтоқсан жуықтаған сайын, ана тілін таза сөйлейтін қазақтардың көңілінде біртүрлі желпіністің оты тұтанатыны аңғарылады. Бұл мереке – Жапарға да айырықша ыстық. Ыстық болатыны желтоқсан көтерілісінде екінші курс оқитын, қан төгістің бәрін өз көзімен көрді.
…Сабақ сағат сегізден басталатын.
Пәтер жалдап тұратын Жапар ойында ештеме жоқ ертеңгілік оқу корпусына кіргені сол еді, алдынан ентелей басып Бақыт дейтін курстас қыз жолықты. Әншейінде салмақты да сабырлы бойжеткеннің әлденеге қатты қобалжығаны бет-пішінінен айқын аңғарылды. Көзі тасырайып, өңі сұрланып кетіпті. Мұны көріп Жапар да тіксініп қалды.
– Сен естідің бе, Қонаевты алып тастапты.
Екеуінің аман-сәлемі осы болды.
Күтпеген жаңалықтан тіксініп, жігіттің арқасы мұздап қоя берді. Қапелімде аузына сөз түспей бір сәт ләмнен мақұрұм қап, сәл тосылып барып:
– Сен қайдан естідің? – деді қапалақтай.
– Радиодан берді ғой. Жатақханадағылардың бәрі шулап жүр. – Курстасы жанын сала ұғындыра жөнелді.
– Орнына кімді қойғаны айтылды ма?
– Колбин деген біреу.
– Қазақстандық па?
– Грузиядан. Ол жерде екінші хатшы боп істеген екен.
Мынанша тарихи жаңалықтан тыс қалғанына жігіт іштей ұялыс тапты. Жанарын қыздан тайдырып әкетті. «Мені де біреу болашақ журналист дейді ғой…»
– Қап, әттеген-ай, ә-ә. Өзіміздің Қазақстаннан ешкім шықпағаны ма? – Қайраны таусылып, мұрнының астынан міңгірледі.
– Жұрттың бәрі басшының сырттан келгеніне наразы. Қарсылық ниеттерін танытып, алаңға жиналайын деп жатыр. – Қыздың өңі одан сайын құбыла түсті, бірақ жігіт әлденәрсені санасына сіңдіре алмай томсарып қалды.
Әңгіме осымен доғарылды да, екеуі аудиторияға кірді. Әр-әр жерде шанжау-шанжау студенттер отыр екен. Отырып ап дабырласа қызу пікірталасты жандыруда.
Көп ұзамай сабақ басталды. Алғашқы жұп СОКП тарихы еді, мұғалімді бірден студенттер сұрақтың астына алды.
– Ағай, Қонаевты орнынан түсіру, әлдебір саяси мүдделіліктен туындаған жайт емес пе? – деді Жұмабай дейтін ересек жігіт.
Аудитория демін ішіне тартып, сілтідей тынды.
– Бұған ешқандай саяси мән беруге қақымыз жоқ. – Тығыншықтай қара домалақ оқытушы мейлінше қатал көрінгісі келді ме, әшейіндегі қатулы қабағын одан сайын түкситіп, мына сауалға да, сауал қоюшыға да жиіркене көзін тікті. – Коммунистік партияның шешімі солай болған екен, яғни, одан бір астар іздеу – біздің санамызға жат көрініс. Сондықтан сенің ішкі идеяңның өзінде… – Саусағын Жұмабайға қарай шошайта безеп, әлдебір нәрсені айта алмай күмілжіген сыңайланды. Бірақ қатты шамданғаны ісінген бетіне лап етіп жүгірген қызылдан анық аңғарылды. – Ал, Қонаевтың орнынан түсуі, қылаудай қатер емес. Демократия заңдылығына, қайта құру қағидаларына салып қарасақ, ешқандай сөкеттігі жоқ. Басшы адамдар ауысқанымен, коммунистік идея – түпкілікті де жалқы.
– Қазақстанның өз ішінен неге біреуді қоюға болмады?
Көпшілік арасынан әлдекім тағы да сауал тастады. Енді ғана дәріс оқитын кафедрасына бет алған оқытушы кілт бұрылды. Көзі жапалақтың көзіндей қанталай қапты. Барша жұртты жақамаған қалпы сыздана шолып өтті.
– Біз бәріміз – коммунистік партияның сапындағы солдатымыз. Ертең «ана жерге барып қызмет етесің» десе, сол жаққа отан алдындағы азаматтық міндетімізді өтеу үшін кете береміз. Сондықтан партия шешіміне күмәнмен қараудың өзі, жастар, – алдыңғы қатарға таянып келген ол, партаның бетін саусағымен тоқылдатып, шәкірттерінің мына сиқына көңілі көншімейтіндей басын шайқады, – сендердің позицияларыңа жат нәрсе. Қазақстанға басшы боп кім келсе де, коммунистік идея мен коммунистік бағдарлама аясында жұмыс істейді.
– Ағай!
– Ағай!
– Қайта құру қағидалары…
Әр-әр тұстан дауыстар жамырай шықты.
– Болды жетеді, бүгінгі тақырыбымызға көшейік. – Оқытушы оң қолын жоғары көтеріп, әлгілердің алдын кесіп тастады. Сөйтті де дәрісін бастады.
Жапардың ынтасы сабаққа ауа қоймады, көкейіне әлдеқайдан алаң енді. Бір-ақ күнде Қонаевтың орнынан түсуі ақылына қонбайды. Ел енді қараусыз қалатындай көңілі қоңылтақсыды. Қазақ басшысыз Қазақстанның болашағын елестете алмады.
Осылай аласұрып отырып бір жұп сабақты әзер азаппен бітірді-ау. Бітіре сап, далаға атыла жөнелді. Мақсаты – алаңға барып азамат ретіндегі наразылығын білдіру.
Троллейбуста адам әдеттегіден лықа екен. Елдің аузында әртүрлі алып қашты әңгіме. Әйтеуір, өле жатқаны да Қонаевтың атын бір атап өтеді.
Көлік те үйреншікті әуенімен жүрмейтін сыңайлы. Біресе бұлталақтап, біресе іркіліп, қадамы қарысып келеді. Әуелі, Космонавтар көшесінен солға бұрылып сәл жылжып барды да, шорттасы үзілген малдай шорт тоқтады. Сол тоқтағаны тоқтаған болды. Есігін айқара ашып жіберді. Жұрт ақтарылып түсе бастады. Жапар көпшіліктің үстінен мойнын ілгеріге созып қарап еді, алдарында тіз қатар арқанын шұбатқан троллейбустар бірінен соң бірі иінтіреседі. Олардың бұл сыңайы жуық арада қозғала қоймайтындарын әбден-ақ аңғартты. Сосын сыртқа секіріп түсті.
Көпшілік қауым Энергетика институтына бет алып бара жатқандай байқалды. Өйткені, шетінен орысша сөйлескен тікбақайлар екені білініп тұрды. Алаңға барып қазақтың намысын жыртатын болса, ауылдан шыққандар ғана жыртатынын Жапар астанаға келген бір жылында әбден түйсінген. Қалалық қазақтар ұлттық мүддеден әлдеқашан айырылып қалып еді. Енді, міне, қаннен-қаперсіз олар өз ауанымен жайбарақат кетіп барады. Әлгілер үшін қазақты жын-шайтан билесе де бәрібір сияқты.
Жапар зығырданы қайнағандығынан табанының астына шырт түкірді. Курткасының қалтасынан темекісін шығарып тұтатты. Күн бүгін әдеттегіден аязды көрінді. Суықтан жиреніп, жарғақ жағасын көтеріп қойды.
Бір кезде Энергетика институтынан Сәтбаевқа қарай айналғанында, таздың шашындай селдір ғана бір лектің орталық алаңды бетке ұстағанын аңдады. «Әй, иттер-ай», деп кіжінді өз-өзінен. Кімге ашуланғанын да бағамдай алмады. Бірақ, алдындағы алаңға жиналған қара-құрым жұртты көріп көкірегін қуаныш кернеді. Көзі жылтың қағып, жүрісін ширата қузады. Құлағына репродуктордан ұшына шыққан үн саңқ-саңқ жетіп жатты.
– Азаматтар, кең байтақ Қазақстанымызды басқаратын республиканың білікті кадрлары жеткілікті. Тағдыры елімізбен тікелей байланысты тұлғалардың жоғары эшалонда бола тұрып, бірінші хатшыны сырттан әкелуге наразымыз! Олар біздің ділімізді, сырымызды білмейді.
Аршындап адымын ілгері басқан сайын жалынды айтылған леп өн-бойын баурап барады. Ізінше шу еткен нөпірдің бір ауыздан шыққан мақұлдау ишарасы Алматының аспанын тітірентіп жіберді. Мынандай ұранның қуаты бойын кернегендіктен бе, жаңағы болмашы шым еткізер аяздың ызғарын да ұмытыпты. Бір байқағанында айнала қоршаған милициялардың арасынан өтіп, қалың топтың ортасына сіңіп барады екен.
Көзін мінбеге тікті. Онда бұған беймәлім оншақты адам сап түзепті, бұрын ешқайсысын еш жерде көрмеген, елге беймағлұм жандар. Сыртқы сықпытына қарағанда бұлардың біреуі де – өкімет адамы емес сияқты, халықтың төл перзенттері. Жандары қысылып, бастарына қарқарадай бәтірдің төнгендігінен алқалы топтың алдына шығуға мәжбүрлер. Әрі, бәрі тек қазақ тілінде ұран тастап, қазақ тілінде насихат жүргізеді. Мына жиналған бұқара да оларды қапысыз ұғып, қапысыз пікір алмасуға көшкен. Ешкім “орысша сөйле” деп талап қойып жатқан жоқ.
– Біз, мынау, Орталық Комитеттің үйінен бүгінгі саяси шешімге тізгін ұстаған біреудің шығып, түсінік беруін талап етеміз. Демократияға қадам басқан қайта құрудан бері халық өз таңдауын білдіріп, өз пікірін айтуға құқылы. Оған міндетті түрде билік басындағылар құлақ қоюы керек. Тарамаңыздар, біздің жіберген өкіл Орталық Комитет хатшыларының бірі кәзір осында сіздердің алдарыңызға келетіні туралы мағлұмат әкелді.
– Тарамаймыз!
– Тарамаймыз!
– Қазақстан жасасын!
– Менің елім, менің жерім…
Брежнев алаңын тітіренткен ән басталды. Мынандай соншама көп халықтың хорға қосылуын Жапар өмірінде бірінші рет көрді. Өзі де жұртшылықпен теңселе тұрып барынша шырқады.
Ән аяқтала салысымен мінбеге басына орамал тартқан, үстінде күздік пальтосы бар сидаң қара қыз көтерілді. Оның бейнесі жігіттің көзіне оттай басылды. Өйтетіні, бойжеткен журналистика факультетінде Жапардан бір курс қана жоғары оқитын. Әншейінде назарға іліге қоймайтын жан еді, бойында елі дегенде булығып жатқан бұла күштің барына жігіттің ет жүрегі елжіреді.
– Азаматтар! – Қыздың үні шырқырай шықты. Даурығысқан жұрт сап тынды. Осыншама халықтың бір-ақ мүдденің үстінде күнілгері келіскендей әп-сәтте сөйлеушіні қолдай іліп әкетіп, әп-сәтте сөйлеушінің сөзіне ден қоюлары Жапарды қатты қайран қалдырды.
– Біздің елімізді Дінмұхамед ағамыз 25 жыл мүлтіксіз басқарды. Ол кісінің халық алдында титтей де кінәраты жоқ. Біз, қалың бұқара орнынан озбырлықпен түсіріліп отырған Қонаевтың жағындамыз. Қазір келетін Орталық Комитеттің өкілдері осыған жауап беруін талап етемін.
Қыздың одан ары сөйлеуге мұршасы келмей мінбердің үстінде иегі кемсеңдеп, жылап жіберді. Оның жасына булығып ықылық ата өксігені микрафон арқылы ап-анық естілді. Әрбір жүрекке солқ-солқ етіп барып тиді. Халық шу ете жөнелді.
– Дұрыс!
– Біз де сол үшін келіп тұрмыз.
Сөйткенінше болмай басында суыр тұмағы бар, үстінде қара тоны делеңдеген Жапардың өз курстасы Әлімғазы мінберге шықты. Қимылдары шалт, көздері жалт-жұлт етіп бүкіл алаңды жанарымен шолып өтті.
– Уа, халайық! Бәріміз еліміз бен жеріміздің болашақ тағдырына бола осында жиналдық. – Аузынан будақ-будақ ақ буы атқалақтап, шамырқанғандығының сықпытын анық көрсетеді. «Жарайсың журфактықтар!» деп сүйсінді Жапар ішінен. – «Құм жиылып, тас болмас, құл жиылып, бас болмас» дегендері ме бұл?! Өз шаңырағымыз өзімізде, іргелі ел емес пе едік. Соншалық басынып кісіні сырттан әкелетіндей, республикамыздан ел билейтіндей бір пенденің табылмағаны ма? Бұған біз көне алмаймыз! Бүгін көнсек, өмір бақи құрсаудың қамытын мойнымызға кидік деп есептеңдер…
Әбілғазы ақын жігіт еді. Осындай жалынды сөзін айта келіп, жұртқа рух беретін өлеңін оқи жөнелді. Жыр аяқталғанда, ел ду қол шапалақтап, қолпаштай жөнелді.
– Жарайсың!
– Жігітім, жампоз-ақ екенсің!
Енді елдің алдына Жапар тани қоймайтын адамдар шыға бастады. Бәрінің аузындағы сөз, бір ғана бәтуадан өрбіп жатты.
Мынандай қара нөпірге тұңғыш рет енген жігіттің бастапқыдағыдай емес аптығы басылып, бойы үйрене бастады. «Көп – қорқытады, терең – батырады» деген осы екен. Әуелгіде қалыңға сіңгенінде-ақ, буырқанған күш жан-жағынан қысып, таптап кетердей үрейлендірген. Енді өзінің әлеуетті теңіз толқынында тербелген қайықтай, ары-бері лықсыған ағыммен теңселіп тұрғанын сезінді. Жан-жағында да – өзі сияқты монтаны жастар. Тіпті, көзі боталаған небір арулар жүр. Бәрі әдеттегіден де сұлу, әдеттегіден де қимас жандар. Бір-бірін танымаса да, әуелі бірінші рет көріп тұрса да іш тартып, шапағын төге елжірейді. «Қазақстан» деген ауыздарынан жалынды сөз шыққанда, көкіректері қаздай шулайды.
Кенет, Жапардың көз қиығы мінбер жақтағы дөңестегі бағананың басына қара қарғадай қонжиған бейсауат біреуге түсті. Ол пәтшағар пулеметке екпеттеп ап оқ ататын Шапайдың сарбазындай, қалың қауымға камерасының ұңғысын бұрып алып еңкеңдейді. Әлгінің төменгі жағында сірескен қызыл жағалылар тұр. Осыны байқағанда әпербақандардың пәрменімен мына оқиғаны әлдекімнің аспай-саспай бейне таспаға сыдырта көшіріп жатқанын ұғынды. Сосын, үлкен мемлекет үйіне қарады. Оның да қайсыбір абажадай терезелері шалқасынан ашық. Шенеуініктер жанарларын тайдырмай мына әбілетті қызықтай қадағалайтындай. Ол жақтан да камераның объективі ереуілшілерді нысанаға алмағанына кім кепіл?
Жігіт енді ту сыртына бұрылып, тұрғын үйге назарын аударды. Күллі қабаттың балконының есігі айқара ашылып, әрқайсында бірден, екіден мына малағамды тамашалап тұрған адамдардың сұлбасы білінді. Кейбірінің иті де мойнын қылтита төмендегі жыпырлаған жұртқа қарайды. Әукесі салбырап, жоғарыдан барп-барп үреді.
Сөйткенінше болмай, оң жақ қанаттан абыр-дабыр білінді. Әлдекімдер бағанаға тап-тап беріп, қарға сияқты жарбиған операторға тас лақтырды. Жұрт соған қарай ойысты. Бірақ, алғаш боп тас атқандардың әдейі ұйымдастырылған жансыздар екенін ешкім бағамдай алмай қалды.
– Уа, азаматтар, дүрлікпейік! Байбаламға бармайық! – Репродуктор ышқына саңқ-саңқ етті. – Бейне таспасына жазса жаза берсін, әділеттің ақ жолында біздің арымыз таза!
Алғашында шамданған жұрт райынан қайтты. Бірақ, жағдайды әдейі ушықтыруға ниет қойған зымиян органдағылар демонстрант ретінде елдің арасына кіріп, тағы да операторға қарай тас жаудырды. Ашуға ісініп, кебініп толқып тұрған жұрт екінші айтылған басалқыға бас бермей, әлгі «ешкінің» кейпіндегінің соңынан лап қойды.
Осы уақытта Жапардың миына «мыналар бүгін жұрттың бәрін бейне таспаға басып ап, ертең сол бойынша сазайын тарттырады» деген үрейлі ой сап етіп оралды. Содан кейін оқудан бір-ақ күнде табанын жалтыратады.
Жүрегі зу ете түсті. Өйткені, қаншама азаппен осы оқуға әзер ілініп еді…
Сытылып қалыңның арасынан тайқи берді. Толқындай тулаған лектің ортасында сыналай ілгерлеп жол табу қиынның қиыны екен. Бір адым алға басса, екі адым кейінге кетеді. Итшілеп жүріп алаңның ернеуіне ілікті. Сонда байқады, тай шаптырым алаңда ине шаншар орын жоқ. Бәрін қазақ жастары сықай толтырған. Осыншама отансүйгіштіктеріне, елі мен жеріне берілгендіктеріне сүйсінді. Сүйсіне тұрып, «әлдебір әбілетке арандай ма екен» деп те қауіптенді.
Көкейін үрей билеген қалпы Абай даңғылына қарай беттеді.
Корпусқа келгенінде сабақ жайына қалыпты. Барша студенттерді деканның орынбасары аудиторияға тығып, басқа ұрып санап, түгендеп жатыр екен. Тағы бір аңғарғаны, факультет әкімшілігі мұндай құнтақтылықты қазақ топтарына ғана көрсететін тәрізді. Орыс топтары жайраң қағып, емін-еркін жүр. Олар үшін сабақтың кездейсоқ болмай қалғандығы төтеннен құдайдың өзі бере саған мерекесіне ұқсайтындай. Самбырлай сөйлесіп, қыз-ұлы аралас темекілерін тартып, еш қаперсіз шаттыққа кенелген.
Декан орынбасары Құдияровтың өңі түтігіп кетіпті. Қасында факультеттің комсомол ұйымының хатшысы бар. «Бәленбаев қайда, Түгенбаев қайда?» деп зікір сала шүйлігеді. Әрқайсының жүрген жері анықталып, мейлінше тәптіштелуде. Бас-аяғы он-он бес минутта студенттердің денінің басы бірікті.
– Кім алаңға барды?!
Құдияровтың алғашқы сұрағы осылай басталды. Аудитория тым-тырыс. Тыныштық ұзаққа созылған сайын ұстаздың өңі сұрланып, қадала түсті.
– Алаңда кімдер болды?!
Сұрағын тағы да пысықтай қайталады.
– Барған жоқпыз. – Әуес дейтін кішкене қыз бір қалтарыстан ақырын ғана үн қатты.
– Ешкім бармады ма? Шындарыңды айтыңдар. – Комсомол хатшысы бұл уәжге нанбайтындай зымияндана көзін төңкерді.
– Ешкім.
– Арандатушылардың айтағына еріп кетіп жүрмеңдер. КПСС Орталық комитетінің шешіміне қарсы шығу деген не сұмдық. Ол – барып тұрған ақымақтық. Ондай саяси сауатсыздыққа біз сендерді тәрбиеледік пе? Партия бәрімізді теңдей көреді. Сондықтан, ақымақтар жиылған алаңға қарай аяқтарыңды аттап бассаңдар, сирақтарыңды шағамын. Қазір бәріміз жатақханаға барамыз, бөлмелеріңнен ешқайда шықпайсыңдар. Оқытушылар күндіз-түні қатаң кезекшілік орнатады. Аудандық партия комитетінің, университет партия комитетінің, ректораттың талабы – тәртіпті күшейту, бейбастақтықты тоқтату. Осы жұптарыңды жазбай жатақханаға барыңдар. Бес минуттан кейін мен де соңдарыңнан жетемін, өзім рейд жасаймын. Біреуің болмай қалсаңдар, университетпен қош айтыса беріңдер.
Соңына ызбарын тастап, аудиториядан шыға берді. Хатшы да бұйдалы бұзаудай сөлпектей жөнелді.
Жұрт сүреңсіз орындарынан көтеріліп, тысқа бет алды.
Жатақханада тұратындардың дені – қазақ бөлімінің студенттері. Барлық жерде солай. Жатын орындарына қуып тығу туралы пәрмен Жапардың намысына тигендей әсер етті. Әйтсе де ілбіп, жолдастарымен жатақханаға қарай өрледі.
Айтқанындай-ақ тексеру басталды. Дүкенге нан алуға шықсаң да журналға тіркелді: «Бәленбаев сағат бәленбайда дүкенге кетті, бәленбай уақыттан кейін қайтып оралды. Қолында наны, сүті бар». Бұл тәртіп айқұлақ мұғалімдердің көңілін әбден көншітті. Айдаһарша ысқырып, жер жара құзырын жүргізіп бақты.
Түс ауып, үлкен бесінге таянды. Жапар қипақтай бастады. Мынандай сүреңсіз тірлік оның көкейіне қона қоймады. Сосын студенттер кеңесінің бөлмесінде отырған Құдияровтың өзіне кірді.
– Иә, неғып келдің? – деді ол ай-түй жоқ мұны көре салысымен.
– Ағай, мен жатақханада тұрмаймын ғой, пәтеріме барайын.
Мұның топтағы староста екені декан орынбасарының есіне түсті ме, алғашқы райынан қайтып, мүсіркей қарады.
– Мынандай қым-қуытта ешқайда шықпай, осында қона салсаң қайтеді? Бірдемеге ұшырарсың.
– Оның бетін аулақ қылсын, үйіме барайын.
Төр жақта отырған оқытушы иіні салбыраған қалпы ойланып, бір ұйғарымды іздеді. Бұл да үлкен кісі ыңғай бермеген соң шығып кетпей, бадалып байланды да қалды.
– Жарайды, бар. Абай бол бірақ. – Сұқ саусағымен столды тоқылдатып, қабағын түйді. – Ертең басың бәлеге былықса, мен сені қорғайды екен деп ойлама.
– Мақұл. Рахмет.
Бақылаудан босаған соң, тынысын кеңінен алып, Әл-Фараби көшесіне қарай аяңдады. Қыстың шыңылтыр аязы одан сайын зәріне мініп, шақұр-шұқыр етеді. Бір әбілеттен хабар бергендей күн құлақтанып шатынап тұр. Ұясына кіруге арқан бойы қалыпты.
Жапар өңірін қаусырына тітіренді.
Аялдамаға барғаннан соң әлдеқайдан бойына біткен әлеуетті күш үйіне қарай тартпай, алаңға қарай аңсарын аудара берді. Лажсыз осы бір ішкі сиқырдың жетегіне ілесіп, 61-ші автобусқа аяқ артты. Әне-міне дегенше жүйткіген көлік межелі тұсқа да әкеліп жеткізді.
Халық бағанағыдан да қалыңдай түскендей. Үйірілген ымыртпен бірге ел жиналған тұс қап-қара түнекке айналған. Бал арасының омартасы сияқты құж-құж етеді.
Енді байқауынша мінбердегі бейбіт ереуілдеушілердің орынын өкіметтің адамдары алмастырғанға ұқсайды. Алыстан саңқылдап құлағына жеткен сөйлеушілердің ләмі осыны аңғартты. Әрі, алаңды қоршай шамдарын жарқыратқан әскери техника иінтіресе ұйлығыпты. Бірінші кезекте өрт сөндірушілердің қызыл ноян машиналары өңкиіп-өңкиіп тұр. Құлағына жаңғырыққан репродуктормен таласып, тынымсыз арпылдаған иттердің үні шалынды. Құтты бір неміс фашистері туралы кинодағы адам жейтін овчаркалардың ызалы үрісіне ұқсайды.
– Азаматтар мен азаматшалар! Құрметті студенттер! Сендердің мына әрекеттерің – басбұзарлық, бұзақылық қана. Ешқандай заңның аясына сыймайды. Күллі СССР халқын әлем алдында масқараладыңдар. Америка бізге қарап күліп отыр. Осындай бейбастақтықтың басқа жерде емес, ең бірінші Қазақстаннан тұтануы, өте өкінішті. Мәскеудің алдында абыройымыз төгілді. Одан сайын келемежге ұшырамау үшін бейбіт түрде тарауларыңызды сұраймыз. Егер, енді он минутта өз ықтиярларыңмен тарамасаңдар, күш қолдануға мәжбүрміз.
Жапардың жүрегі зу ете түсті. «Күш қолданғанда, мынанша халықты қырмақ па?» деген сұрқия ой өзегін тіліп өтті.
Сөйткенінше болмай, қалың нөпірдің шетіне де ілініп қалған еді. Міне, масқара! Алаңдағы халықты бақайшағына дейін қаруланған әскер тас-шеген қоршапты. Бастарында каска, қолдарында сойыл. Тобығынан төбесіне дейін жапқан слюда тектес материалдан жасалған, алдындағысын әйнектей ап-анық көрсететін қалқандары бар. Жандарында арпылдаған қасқыр иттері және жұлып кете жаздап бұлқынады. Халықты иірген отардай қыспаққа алыпты. Олардың бер жағында – милициялар. Бұлар да бес қаруын сайлап, сақадай сай. Қабақтары түксиіп, жау түсіруге дайын.
Жапардың алдынан қарсы жолыққан әлгілердің біреуі, мұның көкірегіне қолшоқпарын тіреп тоқтатты.
– Куда идешь?
– Можно пройти к народу?
– Нет, нельзя! Лучше иди по своей дороге. Вон, туда!
Зікір сала айдаланы нұсқады. Жапар мына әбілеттерден ары өте алмайтынын біліп, діңкесі құри жан-жағына шарасыздықтан мойынын созды.
– Парень, иди, иди! Живее…
Осы тұста келесі беттен өкіріп-бақырған өрт сөндіруші машинаның ышқынған үні тұла бойын тітірентті. Әппақ бу кеудеден шыққан жанның бейнесіндей аспанға атылды. Оған қабаттаса үрейлене бажылдаған адамдардың да дауысы ілесті. Әлеуетті толқын тас шеңбер жасаған әскерді сетінетіп жіберді. Әп-сәтте қалыңның ішіне кіре алмай тұрған Жапар бауырларының ортасында қалды.
Үріккен ел бірін-бірі таптай жосылып кеп берді. Мұндай бастығырылуды қораға қасқыр түскенде тас-талқаны шыққан отар қойдан ғана көріп еді. Аяққа жаншылып аһ ұрған азалы үн әр-әр тұстан естіледі. Сәлден соң Жапардың құлағы тұнып кетті. Толқынға қарсы жүре алмай, жаңқаша лықсып ағымның ыңғайымен қақпайлана берді.
Жұрт екіге айырылды. Бірі со бетімен Ленинге қарай лап қойды да, екіншісі Фурмановпен Абайға құлдилады.
Мінбердің тұсында ызы-қию атыс-шабыс басталғандай көрінді. Жастардың алдын кес-кестеген әскер де қарап қалған жоқ, құр қол бейбіт жұртпен қоян-қолтық шайқасқа кірісті. Қыз-жігіттер олармен қаша соғыс салып, құрсаудан сытылып кетуге жанталасып бағуда. Әсіресе, жігіттердің көзжұмбайлығы қазақ жұртының болашағын тас-түйін бекіген түлейден арашалап, аулақтатып әкетіп бара жатыр еді. Ендігі аласүреңде алаңда қалу өте қауіпті-тұғын.
Дәл Жапардың көз алдында бір милиция полковнигі тұсынан өте берген қаршадай қызды жуан жұдырығымен қойып кеп жіберді. Қыз жел үйірген қауырсындай қаңғалақ қақты. «Аһ» деген үні шығар-шықпастан шалқалап барып, ұзынынан сұлады. Бірден танауынан қан аспанға шапшып, сидектей жөнелді. Енді болмаса мың сан табанның астында балғын дене жаншылатын еді. Өйткені, арттан итерген тегеурінді күш алдыдағылардың жылжымауына шама бермейді. Тіпті, аяқтарын аңдап басуға да мұршаларын жеткізер емес. Осындай қақпақылға салған қысталаңда жығылған адам қайта тұруы екіталай.
Жапар сол заматында бойжеткенге жүгірді. Қолтығынан демеп тұрғыза бергенде, кенет әлгі қатыгез полковниктің жаңғақша ұшқанын көзі шалды. Оны кім соққанын бағдарлайын дегенінше, лейтенант шеніндегі біреу теріс бұрылып қалыңға сіңіп бара жатты. Мұндай күтпеген жайтты көрген жігіттің өне-бойы әлденеден тыз ете дуылдады. Халқын сүйетін азаматтардың қызыл жағалылардың ішінде де барына «тәуба» айтты. Бойына қуаттың қайдан біткеніне өзі де қайран, былқ-сылқ еткен балауса денені қапсыра құшақтай көтеріп ап, дедектей жөнелді. Полковниктің табанда жаншылып өгіздей өкірген үні ғана құлағына жетті.
Мұнша бұла күш өзіне қайдан пайда болғанын аңдай алмаған Жапар төңірегін сәлден кейін байыптады. Сөйтсе шынашақтай әлгі қызды үш жігіт көтеріп алыпты. Ұлттығымыз бен намысымыз сынға түсер ұрымтал шақта бейтаныс бөгдеге көмекке келген мына беймағлұм жандарға еметайы езілді. Ауыздықпен су ішкен уақытта қандасын жат қолына тастамайтын азаматтардың барына сүйсінді.
– Жоғары өрлейік! Жоғары өрлейік!
Алқынған күйі өршелене айқайлады. Себебі, негізгі қалың жұрт ошарылған бағыттан іштей бас тартты. Оның үстіне мына тұста аялдама да жақын. Одан ары таман, тым құрыса арасына сіңіп кетсе, «Самалдың» әсем үйлері жымыңдайды.
Әлгі жігіттер пәрменді ләмнің ауанымен Фурмановтың бойымен тіке салды. Әшейінде байқай бермепті, бұл маң шаншылған қайқаң екен. Арқан бойы жер жүрмей үшеуі де барлығып, сенделіп қалды. Бойжеткен әлі көгерген күйі есіне келе алмай былқ-сылқ етеді. Атқалақтаған өз қанынан өзі шошынғаннан талықсып кетсе керек. Бірақ қан саябыр тапқанымен әлі де тоқтамаған-тын.
– Екі жағынан қолтықтап жүрелік.
Қыздың аяғын жерге түсірді – буын жоқ. Оған да қарамай сүйрелей жөнелді.
Бұлар аялдамаға таянғандарында қанаты сынған қаздай бір жағына шоңқиған ескі сары автобус тұстарынан ілби өтіп бара жатты. Қашқындардың жандары мұрындарының ұшына келіп, одан сайын өршелене ышқынды. Абұйыр болғанда, жүргізуші бір құдайына қараған адам екен, салонның іші лықа толғанша тапжылмады. Ең соңынан әупіріммен Жапарлар да ілінген еді. Табалдырықтан аттағаны сол, тарс-тарс етіп қиюы қашқан есік те жабылды. Ентіккені сондай, жүрегінің аузынан шығып кете жаздап атқалақтай соққаны өзіне ап-анық естіледі.
Бір кезде барып құлағы даң-дұңды шалды.
– Неге жұртты аузы-мұрынынан шығарып аласың!
– Неге аялдамада шамадан тыс ұзақ тоқтадың?! – деп әлдебір орыстың әйелдері шаптыға шәңкілдеді.
– Сол керек оларға!
– Жетпіс жыл мойнымызға мінгізіп отырмыз, дандайсыған!
Маржалар бел алып, автобустың ішін керіп барады. Орыс атаулының бәрі қазаққа жирене қарайтындай.
Бұ сиықтары Жапарға ұнамады. Көкейіне әлдеқайдан ашу тығылды. Әп-сәтте намысқа булыққандықтан қара тер көмді. Бір уақ көңілін басқа нәрсеге аударуға ұмтылды ма, өзі сүйемелдеген бейтаныс қызға қарады. Бейшараның өңінде қан-сөл жоқ бозарған, мұрыны қып-қызыл боп домбыға ісініпті. Қайда кетіп бара жатқаны, кіммен кетіп бара жатқаны қаперіне кірмейтін сияқты.
Жігіт жан қалтасынан орамалын шығарып оның аузын сүртті. Сосын қолынан ұстап көрді, сыпсиған нәзік саусақтары мұп-мұздай. Алаңда сүйегін суық әбден қармағанша жүргенге ұқсайды.
Жаңағы жігіттер де жандарында тұр. Қабақтары түксиіп, кіржің тартқан. Әлденәрсе көңілдерін қобалжытатындай.
Ілгерідегі өңге аялдамада адамдар сирек ұшырасты, түсетіндердің қатары да селдір көрінді. Автобус ілби Әл-Фарабимен тартып барады. Құдай қарасқанда мына 100-інші маршрут Жапардың үйіне дейін апаратын. Арман аялдамасына жетсе, мұның пәтері дәл іргесінде.
Негізгі қауым «КазГУ-градта» ошарыла жерге төгілді. Автобусты керіп тұрған студенттер екен. Абажадай ескі «дүңгіршектің» іші кеңіп сала берді. Жаңағыдай емес, көлік күйіті кетсе де орнынан жылдамырақ қозғалғандай көрінді. Бірақ бұрандасы босап, қиюы қашқан қаңқасының салдыры күшейгендей байқалды. Сол салдырға тағы да ысылдаған шарқая дауысты әйелдің үні ұласты.
– Аяқтары сыңғырлардың бәрі Брежнев алаңына барған. Неге сол жерде қырылып қалмайды!
– Айтпаңыз, күндерін көре алмай жүріп, бас көтергендері несін алған?!
– Шетінен аямай жазаға тартса екен!
Осындай тепсіне, бір жағы күстаналай даурығысқан қаңқу үн әлден уақытқа дейін үстемелеп барды да, өздеріне қарсылық танытып басу айтқан ешкімнің болмағандығынан ба біртіндеп саябырлыққа ауысты. Әйткенмен, тұздай көк көздер жанындағы бірлі-жарым қой көздерге сұғын қадап, қит етсе түтіп жіберуге дайын еді. Абырой боғанда сол сәт еңсесін түзеп, тіктеп қарайтын да жан-пенде табылмады. Табылатын да еді, қара халыққа қыр көрсеткеннен ештеме өнбейді. Осыны түсінгендіктен байбаламшыл немелерге ешкім асыл сөзін, шамасы, қор қылғысы келмеді. Одан да ішкі зар-мұңын өкімет басындағыларға шағынғандары әлдеқайда тиімді еді.
Әйтсе де кекірігі азған мыналардың көкайылдықтарына Жапардың шамы қозып, өті аузына төгілді. Зәрі ұртына жиылса да жақ ашпады. Сүйретіліп барып өзіне дәрменін салған бейтаныс қызбен қатар босаған соңғы орындықтардың біріне жайғасты. Ол – әлгі ноян жұдырықтың екпінінен әлі есін жия алмағанға ұқсайды. Әйтпесе, осы уақытқа дейін бір ауыз тілдесер еді, ондай ниеттің нышаны да білінбейді. Тек мұның иығына басын сүйеп, қалай икемдесе солай көне береді. Саусақтары әлі сол мұздай қалпы. Ара-тұра өксікке ұқсас ықылық атады. Өрімдей жастығына мастана бұлаң қаққан он жеті-он сегіздегі бойжеткеннің ішкі сарайында қасіреттің болуы да екіталай-тұғын…
Автобус бұлар түсетін «Арман» аялдамасына тоқтады. Жігіттің табаны жерге тигені сол еді, құрық салым жерде үдірейіскен бір тобырдың қаралдысын байқады. Ұсқындары үрейлі, құтырған бұқадай атылайын деп тұрған тәрізді. Ойлағанындай-ақ, ішінен біреу суырылып шығып, Жапарды құлақ шекеден ала қойып кеп жіберді. Оқыс соққыдан шалқалап барып әзер еңсесін түзеді. Малақайы сонадайға ұшып кетті. Қолтығындағы бойжеткен шар етіп шыңғырып жіберді. Сол кезде аялдамадағы жініккен топтың екеуіне қарай ошарыла қозғалғанын, қолдарында бір-бір сойылдарының барын көзі шалып үлгерді. Жігіт ойланбастан қызды сүйрелей, жылжып бара жатқан автобусқа қарай ұмтылды. Жүргізуші де бұл малағамды айнадан байқап отырса керек, кілт тоқтады. Соңдарындағы адуынды тобыр да өкшелей кеп қалған еді. Жігіттің аяғы табалдырыққа тиісімен автобус атырыла жөнелді. Бір абыройы, қапелімде Жапар қызды уысынан шығарып алған жоқ. Әзер дегенде оны өзіне тартып, табалдырыққа қойды. Сол кезде автобустың терезесі шалдыр етіп сынды. Кеспелтек таяқтың ұшы жігіттің тура бетіне тигені. Тоқ соққандай дың ете қалды да, жып-жылы бір нәрсе танауынан жүгіре жөнелді. Бірақ жаңқадай ғана қызды одан сайын қапсыра қармап, ілгері озды. Танауындағы қанды бір сүртіп тастады да:
– Рахмет саған, бауырым! – деп, шопырға дауыстады. Даусы тарғыл-тарғыл. Үніндегі жарықшақты өзі де ап-анық байқады. Бірақ іркілмей ілгері жылжи берді, алдыңғы есіктің тұсына таянып бөгелді. Сойқанды тұстан үш жүз метрдей ұзағанда, – осы араға бізді түсіріп кетші, бауырым, – деді. Шопыр сөзге келген жоқ. Бір құдай септескенде бағанағы бір-бірінің қолтығына су сепкен зәндемілер жоқ, әлдебір аялдамада қалғанға ұқсайды. Әйтпесе екеуін ана жаңағы қанына қарайғандардың қолына байлап беріп кетер еді.
Автобус бірден Орбитаға қарай жүйткіте жөнелді.
Бұлар түсіп қалған Розыбакиевтің басы тастай қараңғы екен. Әйткенмен бейсауат шаң-шұң дыбыс, асфальтті гүрп-гүрп еткізіп жүгірген мол аяқтың дыбыры білінеді. Кенет, әлдеқайдан әйел заты құлындағы дауысы құлаққа жетіп, шырқырай жылады. Оған жекіген, әлдекімдермен жанжалдасқан дөкір тілді еркектердің өкіреші қосылды. Бәрі орысша сылқита сыбайды.
Жігіттің өне-бойы қалтырады. Үрейін қасындағы қызға білдірмеуге тырысып бақты. Аяғын санап басып ілгері жылжыды. Пәтеріне жүз-ақ қадамдай қалған еді. Қара бұлтша түйілген есірік тобыр елеусіз қылтадан зәузадада алдыларынан шыға келгені. Жапар қолма-қол тұстарындағы үйдің біріне кірді де кетті. Тәңірі жар боғанда әшейін шарбақтан жасалған қақпасы ашық екен. Бірақ, екі-үш қанден шабалана балағына тап-тап берді. Оны жігіт ерен көрмеді, бар ынта-зейіні көшедегілерге ауған. Әлгілер бұларға қарай тапап, қонатын құсша шүйіліп келе жатты да, әлдеқайсысының пәрменімен кілт бұрылып төмен қарай құлдай жөнелді. Сол кезде барып Жапар тынысын терең алып, «уһ» деді. Маңдайынан сұп-суық тер бұрқ ете түсті. Әлден уақыттарда барып:
– Кто вы!? Чего надо!? – деген байбаламшыл үн жігіттің құлағына жетті. Сөйтсе үйдің иесі – кәрі кемпір бұларға зікір сала тепсініп тұр.
– Бабушка, не беспокойтесь! Мы сейчас уйдем!
– Быстро уходите, а то я сейчас милицию вызову!
– Бабуля, напрасно вы нас выгоняете. Там драка, убить могут… По всему городу идет беспредел… поймите.
Кемпір бір сәт аңырып, қапелімде абдыраңқырап қалды.
– Ой, боже! Правда?..
– Как они исчезнут, мы тоже уйдем, поверьте…
Жігіттің үні дірілдей шықты. Қария оның айтқан сөзіне нанды. Көшедегі андыздаған қансоққырлар көзден тасаланғанынша қақпаның ішінде бөгеле тұруларына мұрсат берді.
…Қарыс сүйем жердегі жалдамалы жаппасына әзер жетті.
Бірақ, кейін ішкен-жегені ірің болып, зорға жүрді. Өйтетіні, факультеттің комсомол хатшысы соңдарына түсіп, бірнеше адамның аты-жөнін де көрсетіп жіберген. Бір-біріне өшіккендер орыс пен немістің соғысындағы қалаймақан сәтте ту сыртынан жасырынып оқ ататынындай, осы ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланды, сонадайдан саусағын шошайтса жеткілікті. Әрі, оқу тобының старостасы, партия мүшесі еді. Қолға түссе оңбайтынын білді. Сондықтан да ұйқысы қаша берді.
Енді ғой, міне, желтоқсанның жампоздарын көтеріп, ел тәуелсіздігінің содан бастау алғанын мойындап отыр. Әйткенмен, бұл ел мүддесі үшін тірескен жүрекжұтқанның бірі емес еді. Әттең, небір қаһарман жігіттер үшті-күйлі жоғалып кетті. Сол өкінішті…
Үйге еңсесі көтеріліп, бір жағы мұқалып оралды. Табалдырықтан аттасымен Шырай:
– Папа, Сапар көке келді, – деді.
– Қайда, үйде ме?
– Жоқ, кетіп қалды.
– Қашан келді?
– Сағат үштерде.
– Сен оны қайдан көрдің?
– Маған мектепке келіп үйдің кілтін алып, сосын қайыра әкеп берді.
– Қайтадан келемін деген жоқ па?
– Жоқ. Кетіп бара жатыр екен. – Кішкентай қызының жанарлары жыпықтап, бір нәрсені абайсызда бүлдіріп алғандай өз-өзінен бүгежектеді. Әкесінің де іші мұздап сала берді. Бірден Талдықорғандағы үйдің құжаттарын тастай салған кіреберіс жиһазының үстіне қолын жүгіртті. Жым-жылас. Сонда барып Сапардың жерге олшитып отырғызғанын білді. Бұл кешелі бергі жеген таяғынан да әлеуетті соққысымен күл-паршасын шығарып, күйретіп жіберді. Екі беті дуылдап, жанын қоярға жер таппады. Енді Сүлейменге не дерін білмеді. Сапар туған бауыры, Сүлеймен немере бауыры. Туғанына тартып, үйдің құжатын әдейі беріп жібергендей көрінетіні есіне түскенде, ұяттан жердің тесігі болса кіріп-ақ кеткісі бар. Әттең, амал не, бір қап, бір саптан шыққан адамның өзі аямай қара бет етіп, елдің алдында кәдеге жарамсыз ғып табанға тастайды. Бұл бірге тумағың түгілі, қас дұшпаның жасамайтын қаскөйлік қой. Енді қайтті?
Біресе отырды, біресе түрегелді. Күшәла жеген итше мазасы әбден қашты. Сосын, ақыры сыртқа ата жөнелді. Ондағы ойы – қалай да Сүлейменді тауып алып, болған істі шып-шырғасын шығармай баяндау, азаптан арылу. Әйтпесе, енді бір минут кешіксе, ол мұның біріне де сенбейтіндей көрінді.
Бір абыройы ол үйінен табылды. Жасының үлкендігіне қарамай алдына мөлиіп барып, ит кебін киген қалпы барлығын баян етті. Бұл әңгімесін аяқтағанда да, оның бет-әлпетінде ешқандай өзгеріс байқалған жоқ. Біраз үнсіз отырып:
– Жапар, несіне қиналасың? Біз қолымыздан келген көмегімізді жасадық, енді өзі білсін. Тіпті, оның Талдықорғандағы үйінің керегі де жоқ, – деді. Басқа ештеме айтпады.
Мына ләмді есту қандай ауыр еді, өліп кетпеген соң адам ит жанды екен, төзді. Оның үйден тек сұлбасы ғана сүйретіліп шығып бара жатты.
Машинаның руліне зорға ие болды. Өз табалдырығынан аттасымен төсегіне омақаса құлады.
Оны алып ұрған ұят пен ождан еді.
Содан кейін-ақ күлдібадам тірлігі одан сайын әрсізденіп, мағынасы жоғалды. Бәрі күңгірт, бәрі тастүнек тәрізді. Бәрі мұны орталарынан ит қосып қуып шыққан сияқты. Ешкімнің арасына, еш жерге сыймайтын сияқты. Тек, өзімен өзі мәңгүртке айналды. Үйден де сыртқа аттап баспады. Сыртқа барғанда қайда барады? Білмеді. Әрі-беріден кейін бұл кімге керек, кім қажетсініп отыр? Ешкім. Қуыс қурай құрлы қадірі жоқ. Уәсилә тірлік ақыры шындықтың бетін ашты.
Осы зауал жанына қатты батты. Қараптан-қарап қадірі қашқанына уайым жеді. Тілден қалды, бірақ небір сауалдар санасында бітісіп, жауабымды тап деп анталайды да тұрады. Әлгілердің соңына ілесіп, ұшы-қиыры жоқ қайдағы бір сүрлеумен сөлпектейді де қояды. Не мандытып жауабын таппайды, не біржола бұл әбілеттен іргесін аулақ сала алмайды. Ақылын аңылжытып шақшадай басын шарадай жасап, әйтеуір, миы қатып отырғаны. Тіпті, жын иектегендей әлгі әумесер ой-сауал мұны біржола жадылап, илеуіне салып, ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстады. Соның ғана ықпалымен шылауына айналып, шыңырауына құлап, сұмырай сұм запыраннан құтылып кете алмады. Астан қалды, ұйқысы қашты. Ақыры келе-келе құлағының түбі шуылдап, басы зеңитінді шығарды. Екі көзінің алды тұманданып, уақыт өткен сайын дүние қарауытып бара жатты. Мезгілдің қай уақ екенін де топшылай алмайтын халге ұшырады. Тек ұзынынан түсіп, сұлайды да жатады. Ауырмай-сырқамай дертке шалдықты. Ой құрты көкірегін кеулеп, жапырақтай жанын тынымсыз кеміреді.
Мұның осындай тығырыққа тірелген тұсында әдейі сынайық дегендей жора-жолдастары да аттап баспай қойды. Тым құрығанда біреуі келсе, болмашы сәтке боса да алданар ма еді? Кім білсін, тұла бойын құрсаулап иектеген әбілеттен арылар ма еді? Әйткенмен, қас қылғандай ешкім де төбе көрсетпеді. Сол кезде барып дос-жаранның бар-жоғына күмәнданды. Сөйтсе, мұнда дос та жоқ екен. Бірге туған бауыры өзегінен тепкенде, бір кезде жақын жүрген жолдастарына кінә артудың артықтығын байыптады. “Атадан алтау туса да, бір жалғыздық” дегендей, жал-құйрығы жоқ тұлдыр екен. Осы уақытқа дейін мұны байқамай келіпті, енді анық көзі жетті.
Жалқылығын сезінген сайын соры қайнай, өзегі шымырлайды. Соры қайнаған сайын шарасыздықтан кеудесі көріктей боп, күрсіне береді. Күрсінген мезетінде көкірегі құсадан азаттық ап, адаланғандай көрінгенімен, әп-сәтте шелекке лық етіп тола қалатын өзеннің суындай басыр қайғы кеудесін кере жөнеледі. Тағы да күрсінеді. Шегі жоқ тоқтаусыз күрсіну. Біресе жатады, біресе түрегеледі. Кеудесін көтеріп отырса басы айналады. Жатса – тынысын бітеп, алқымына қара тас тығылады. Жаны қиналғанымен, әсте де сайтан сапалаққа айналған сауалдар бір сәт те бұны тастап кете алмайды.
Ақыры, есінің ауытқып бара жатқанын байыптады. Бұдан құтылу үшін, қалай да сыртқа шығуы керектігін түсінді. Бой жазуы тиіс сияқты. Әйтпесе, қаншама күн Бибіге де маза бермей келеді. Өйткені бұл түні бойы ұйықтамай жүріп шығады. Көзі іліне қалатындай жастыққа басын қойса, ақыры құр дөңбекшуден шыдамы таусылып, түрегеліп кетеді. Үй ішінде ары-бері сенделеді. Мұның әрбір қимылын әйелі қас қақпай бағып жатады. О бейшараның күндіз жұмысы бар, түнде күйеуімен қатар тағдырдың татасын әбден-ақ тартады. Бірақ, ләм деп тіс жармайды. Тек бір күні:
– Жаңа жылда ауылға барып келелік, – деді.
Ондағысы «еріне жабысқан қайғы-дертті бір емдесе, туған топырағы емдер» деген жақсы ойдың нышаны еді. Әрі, «ары-бері жол жүрсе, иектеген әбілеттен құтылар» деген де пиғылы болды. Жұма күнге жұмыстан да сұраныпты.
Сөйтіп, ауылға қарай тартты да жөнелді. Шынында да Жапардың өңіне қан жүгіргендей көрінді. Сары уайымға салынса адам деген күннің көзіне немесе желдің өтіне шықпай-ақ қараяды екен. Міне, күл татыған қан-сөлсіз өңі шырайланып, аяқ астынан ерінің жанарына нұр байланғандай көрінді. Оның үстіне осы сапар құдай жолдарын оңғартып, ауданның әкімі Жапардың шығармашылық кешін өткізіп беруге келісті. Бұл да қапалы көңілді бір серпілтіп тастады. Алматыға қайтар кезде жол-жөнекей ағайын-туғанның бәрін аралап, тайлы-таяғы қалмай сол күні аудан орталығына келуін өтінді. Бәрі құлшынып, келетін ықыластарын білдірді. Өкпесі қара қазандай болса да, Сапардың үйіне де кірді. Інісі жоқ, келіні бар екен. Оған бүкіл жай-жапсарды мағлұм етті. Келін «жарайды, айтамын-айтамын» деп қалды. Сөйтіп, бір серпіліп Алматыға оралды.
Уәделі мезгіл таянғанда бір күн бұрын Қапалға аттанды.
Қаңтар айының басы. Күн шайдай ашық. Дегенмен, қыстың айына сеніп болған ба, кеш бата бұлар діттеген жеріне іліккенде қар жапалақтап жауа бастады. “Әй, ертең кісілер сағат онға Қапалға жете алар ма екен” деп қорықты. Өйткені, ет жақындары кездесу белгіленген күні таңертең Талдықорғаннан шықпақ боп бәтуаласқан. Өйтетіні, ауданның орталығы атанғанымен дәл қазір Қапалдың құты қашып тұр еді, біріншіден, жарықтан мақрұм. Екіншіден, қанша туыс болса да, нарықтың заманында ауылдағы ағайынның үйіне бір қора адаммен салмақ сап, ошарыла түсу ақылға сыймайтын. Келгенше қонақ, келгеннен кейін үй иесі ұялады демекші, ешкімді ыңғайсыз жағдайға қалдырғысы және жоқ.
Енді, міне, қас қылғандай қар жауғаны жарамады. Өйткені, қар түссе, Қапалға дейінгі аралықта көлбей сұлаған қос Шыңбұлақ көлікті бұғаулап, жүргізбей тастайды. Бұрынғыдай кезекшілікте тұратын жыланбауыр тракторлар әлдеқашан әлдекімнің меншігіне өткен, жол аршылмайды. Яғни, қатынас тоқтайды деген сөз.
Осының бәрін іштей екшеген Жапар қалай да шешесінің келуін қалады. Әйткенмен, оған өзі жандалбас жасамаса, ешкімнің селт етіп қозғала қоймайтынын ішкі түйсігімен сезінді. Сондықтан түн жамылып, қардың толассыз жапалақтағанын ерен етпей етекке кетті. Әуелі, Абай мен Ақешкінің ортасындағы аңырақайда ақиған боран тұруы да мүмкін. Егер ол жерде боран болса, өткел бермеуі әбден кәдік. Оған қарамады.
Ойлағанындай-ақ шатқалдан құйылған дауыл түтей соғады. Бір аллаға сыйынып, тоқтаусыз тарта берді. Тәңірі қолдағанда астындағы 99-шы «Жигули» еш жерге іркілген жоқ, ақырын ілбіді де отырды. Әйтеуір, итшілеп жүріп әупіріммен жетпіс шақырымдағы Қызылағашқа да жетті-ау. Айтқанындай-ақ шешесі жаяу, қайраны таусылып аласұруда екен. Апыл-ғұпыл жиналып, қарындасы әзірлеген шайды ішер-ішпестен қайта жолға шықты. Ендігі жол тіпті қиындайды, өйткені үнемі өрге жүрулері тиіс. Сондықтан, машина оппаға кептеліп қалса итеріседі деп, інісі Жайнақты да ертті.
Мұнысы әбден ақыл болған екен, астындағы көліктері Ақешкінің қайқаңында-ақ сыр берді. Бұған да тағатын кінә жоқ, тізеден келетін ұлпа жер әлемді бедерсіз тегістеп жауып тастаған. Бұ жолмен бұлардан басқа жан баласы жүрмеген, бір жағы жеті түнде кім жүре қойсын. Мамық қар сіресіп жатыр әрі дымды неме машинаның тұмсығына жиналып, кептелген қалпы жолды бөгеді. Лажсыз шопыр артқа шегінеді. Тәңірінің бір жарылқағанда көктен саулаған ақ ұлпа толастады, түн сүттей әппақ реңге енді. Сонда да шопыр аңдаусызда бір ойпаңға бұлталаң ете қаламын ба деп, еңіске қарай артпен шегінуге қорқасоқтайды.
Жайнақ пен Жапар әлдеқашан машинадан жерге түскен. «Жигулиді» соңынан итермелеп дедек қағып жүр. Дегенмен, судай жаңа көлік анау-мынау оппаны бұйым құрлы көріп тұрған жоқ, діңкелеткенде болар-болмас кедергіге ұшырасса, дөңгелек бір орында зыр қаға айналып, қадамы қарысады. Ағалы-інілі екеуі жабылып, машинаны қайқаңнан шығара алмай әбден діңкеледі. Алдағы екі Шыңбұлақ ойына оралса, Жапардың аза бойы қаза тұрады. Мына, жылқының шоқтығындай ғана дөңестен аса алмағандарында, тіпті, екі шыңды игерем деу ақымақтың ісі сияқты. Бұлардың әбден ит әуреге түскенін көріп, шешелері де жанығып отыр.
– Жарықтық-ай, дәл бүгін жауғанын қарашы… Әбден қиналдыңдар-ау… Маған бола бекер келдің, ертең ауылдан шыққан автобуспен елмен бірге баратын едім ғой.
– Қойшы, тәте, ұят емес пе…
Машинаның жанында ырсылдап жүгіріп, әзер сөйлесе де наразылығын білдіріп қояды.
Әлгінде көліктің соңынан мықшыңдау тым ыңғайсыз соғып әрі кенжірден шыққан түтін бетке ұрып, тынысты одан сайын тарылтқан соң, есіктің әйнегін түсіріп, қапталынан итерген. Іште отырған шешесінің сөзін ап-анық естіп, тілдесіп келе жатқаны да сондықтан.
Осы екі аралықта шопыр:
– Екеуің екі жақтан тура алдыңғы дөңгелектің үстіне капотқа отырыңдаршы, – деп дауыстады. Бұлар жарайды деп, ілбіп әзер жылжыған көліктің капотына жамбастарымен секіріп-секіріп қона қалды. Сол-ақ екен, жандары жай тауып сала берді. Тіпті, өкшелерін бамперге тіреп, алға қарап орнықты жайғасты. Салмақ, тура негізгі айналатын дөңгелектің үстіне түскеннен кейін, машина қарқынын бәсеңдете қойған жоқ. Бүрі жойылмаған жап-жаңа дөңгелектер үстінен басқан салмақтың күшімен, іркілмей тартып берді.
Не керек, жандарын жалдап жүріп бұлар таңғы сағат беске таман ауданның орталығына жетті-ау. Жапар сонда қабырғалылық танытқан Жайнаққа бір сүйсінді. Егер, інісі болмағанда далада қалғандай екен. Талай мәрте «Жигулиді» ойыншық машинадай оппадан жұлып-жұлып алды.
Әпке-жездесінің үй-іші бұларды күтіп көз ілмепті. Беймезгіл уақыт боса да басы қосылғандарына бәрі мәре-сәре күйге еніп, шұрқырай жөнелді.
Ертеңгілік кездесудің басталуы сағат онда еді, ауа райының аяқ асты алай-түлей мінез көрсеткеніне орай, әдейі бір сағатқа кейінге шегерілді.
Әкім жылы қабылдады. Әртүрлі әңгімелер айтып, халықтың хал-күйі туралы да сөз қозғады. Бірақ, ол кісінің айтқаны Жапарға әлдеқашан белгілі жайттар еді. Тіпті, сол тірмізік шақтың бәрін көпшілікпен бірге өз басынан өткеріп келеді. Сондықтан салқын ғана көңіл қойды. Әрі-беріден кейін бұдан да аянышты жайттарды баян етейін деді де, өзін-өзі сабырға шақырды. Өйткені, көсемсіп алға түсіп сүйреңдеуді қолай көрмеді. Екіншіден, өкіметтің жіберген өкілі емес, қонақ ретінде ат басын тіреп отыр. Үшіншіден, өмірінде тұңғыш рет жасаған көпшілік жиынға ең жақындарының келуін қалады. Әкіммен әңгіме үстінде де есі-дерті соған ауып, «келе ме, келмей қала ма» деген оймен дегбірі қаша алағызу сәттерді басынан кешті. Бірақ онысын мейлінше сыртқа сездірмеуге тырысып, сабырлы қалпын сақтауға ұмтылды. Ара-арасында әкімді қостап қойғаны болмаса, басы артық ештеме айтпады. Бір кезде ол кісі:
– Он бірге таянып қалыпты, – деп қолындағы сағатына үңілді.
– Онда барайық. – Жапар да жұртты иіріп, күттіріп қойғанына ыңғайсыздана үн қатты.
Сонымен сыртқа бет алды.
Халық көп жиналыпты. Діңкесін құртқанда әкесінің ең кіші туған інісі Тобықбай қол созым жерде тұрып, қара көбейтуге жарамапты. Оның бүйтетінін әуелден-ақ білген еді. Өйтетіні…
Осы кездесу жөнінде сөз байласып қайтып бара жатқанында:
– Аға, астанадан келмек қонақтар сіздердікіне түнеп, Қапалға қарай ертеңгілік осы жерден аттансын, – деп өтініш білдірген.
– Жарайды, – деп әйелі екеуі келіскен. Содан Алматыға барған соң бір-екі күн өтпей жатып ағасы телефон шалып тұр. Қысқа ғана амандық-саулықтан соң, әй-түй жоқ:
– Қонақтар біздікіне түспей-ақ қойсын, ажырасайық деп жатырмыз, – деді.
Бұл бірден тіксініп қалды, ердің жасы елуге таянып ата сақалы аузына шыққанда Тобықбай ағасының айтып тұрған сөзі мынау. Сонда да онысын сездірмеуге тырысып:
– Жарайды, – деді. – Бірақ, өздеріңіз келіңіздер…
Осыны ғана ескертіп үлгерді, ағасы жауап қайыратын шамада емес тәрізді.
– Ренжіме…
– Мақұл…
Сонымен әңгіме біткен. Жалпы, «қайыр» деген сөздің қасиетіне жете алмай жүргендеріне қапаланады. Біреулер атадан жалғыз туғанына өмір бақи өкініп өтеді. Бұлар үйірімен үш тоғызы шұбырса да, қатынаспақ түгілі, тым құрымағанда бір-біріне жылы сөз айтуға жарамайды. Сыртқа шыққанынан бері осы уаққа дейін өзінің маңдайынан ешкім сипап, арқасынан қақпапты. Университетті қандай азаппен бітірді. Қалтасында соқыр тиыны да жоқ, апталап аш жүрген кездері де ұшырасты. Әсіресе, бұл батпан балалы болғанында шымбайына қатты батты. Кішкенелерінің жоқтықтан тақұл-тұқыл тамақ ішкендеріне қарап, жаны ауырды. Сол кезде туыстарының «біреуі келсе ғой» деп армандады. Қасарысқанда ешкім қатынаспады, өзі жалғыз адасқан қаздай миллиондаған тұрғыны бар қаланың ішінде сандалды да жүрді. Жарайды, бауырлары балаңдықпен білмеген шығар. Ал, ата орнындағы Тобықбайға не жорық. Баяғыда, мұның байқауында, білімсіз сияқты көрінетін, жасы қанша ұлғайса да дәртесі қысқа адамның ақылы сол күйінде қалады екен. Бұл жеке от түтеткен он бір, он екі жылдың ішінде мұның үйіне не әйелі, не өзі бас сұқпапты. Ал, Алматыға қаншама мәрте әр түрлі себептермен қатынап жүрді.
Енді, міне, ең үлкен ағасы Үкедейдің әрең көрген ұлының алқа топтың алдына шыққанына сүйінуге де шамасы жетпеген екен. Осыменен екі қайыра Жапардың Тобықбай ағасынан қатты көңілі қайтты. Бірінші жолы, әкесі өліп жерлеп келе жатқанында, оның сөзінен шошынып еді.
– Әй, құдай-ай, бір-екі жыл тұра тұрмай, енді менің малымды кім бағады? – деп қиналғанын шыққыр көзі көріп, керең болғыр құлағы естіген. Ұғынғаны, ол үшін бауыр жыртық-тесігін бүтіндеу үшін ғана керек. Бір жағы бұлай қиналатыны Тобықбай ауылдан қалаға сол жылы ғана көшіп барған-тұғын. Ұсақты-ірілі күллі малы ежелден Үкедейдің қолында. Қабырғасына батқан уайымы – ағасының өлгендігі емес, енді сол малды қалай бағу. Қыстың көзі қырауда кімге апарып тығарын білмей сансырауда. Ал, Үкедей өмір-бақи оның малын бағып, әбден іргесі мен буынының бекуіне мейлінше қарасты. Сол табан етінің, маңдай терінің өтеуіне, ағасының өлімін шынайы аза тұтқан інісінің түрі осы.
Бауырды жұмысын тындыру үшін ғана қажетсінген адамды Жапар сонда бірінші рет көрді. Сол жолы іштей қатты қапаланды. Жарайды, оныкін жөн делік. Ал, өзінің ұяластары – туған бауырлары да иық тірестіріп, мұның қуанышынан табыла алмады. Келмей, қашқақтайтындай бұйымтай айтып, ешқайсына салмақ салып жатқан жоқ. Бірыңғай жаманшылықтарына шақыратын өздері сияқты емес, тойына шақырды… Не көрінді сонша? Айналдырған төртеуі ел назары түскенде түгелдене алмады.
Осыған зығырданы қайнады. Сөзінен жаңыла берді. Бір кезде арманда кеткен әкесінің бейшара халі көзіне елестеді. Марқұм Үкедейдің алқа топтың алдына шығып айта алмаған аспаһани мұң-зарын ағыта жөнелді. Ең бірінші тіліне оралғаны, бұған кішкентай кезінде құлағына әбден сіңірген өсиеті.
–Дала құрсағында жаралып, түз мінезін бойыма сіңіргенімді өзімдік ерекшелігім деп ұғамын. Азамат боп қалыптасуыма әкемнің ықпалы, тәрбиесі көп тиді. «Мен саған, балам, ұлын әздектетіп машина мінгізетін дөкей бастықтар сияқты мүмкіндік жасай алмаймын, – дегені күні бүгінге дейін құлағымның түбінде. –Есесіне, көңіліңді қалдырмайтын ат мінгізем. Ат жігіт адамды тәрбиелейді. Бойыңнан тарыдай қасиеттің дәні табылса азамат боп шығарсың, бомаса – өкпелеме. Өйткені қалың нөпірмен келе жатып, дүрк етіп шаба жөнелгенде жақсы ат алдыңғы лектен қалдырмайды. Бір төбенің басына ошарылып түскенде, сен де игі жақсылармен қатар, адуынды топтың ортасында боласың. Әңгіменің неден басталып, немен тынғанын естисің. Егер, астыңдағы атың жаман болса, әлгі шоқының басына жұрттың соңын ала келіп, бәтіңкесі жыртық баладай имене қаға беріс шет жағына тізе бүгерсің. Басынан бастап естімеген соң айтылып жатқан сөздің мәнін ұғынбайсың, содан әңгімеге араласа алмай тіліңді тістеп отырасың. Міне, түсінсең, жақсы ат жігіттің жарқырай көрінуіне көп септігін тигізеді. Сондай қанатың болатын арғымақтардың жалын тартып міне біл. Ең бірінші – адам таны, екінші – ат таны. Өйткені, аттың да аты бар, қазанаты – бір бөлек, жігіттің де жігіті бар, азаматы – бір бөлек, қазанаттың белгісі – шапсаң – жүйрік, сатсаң – пұл, азаматтың белгісі – әрі – мырза, әрі – құл. Халқыңның мырзасы да бола біл, құлы да бола біл» деген еді.
Ел ду қол соқты.
Бір байқағаны, отырған қауым жиі-жиі шапалақ ұрады. Жұртшылықпен жүздесу аса бір ықылас аясында өтіп жатқан сыңайлы.
Ептеп бауыры жазылып, төселіп келе жатты. Осы аралықта көңілін асқақтатып, туған ауылдың тізгінін ұстап отырған ел ағалары мен ағайын-жұрт кешігіп, ішке сау етіп кірді. Содан кейін-ақ, арқасы да, тынысы да кеңіп сала берді. Бірақ, ет бауырларының төбе көрсетпегені көкейінде беріш боп қатты да түйінге айналды.
Ауданға мұң-наладан айығып ораламын деп барып, одан сайын үстіне қара батпанды артып, қасірет жамап алғандай. Мұнысы – «тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, құлағынан айырылыптының» кебін кигендік.
Алматыға келгеннен кейін тіпті ұнжырғасы салбырап жиылмады. Аңдамай асығыстық жасаған екен. Арсың-гүрсің шалағайлығының салдарынан өзінің артында ешкімі жоқ, желдің ығымен жалғыз далбақтап ұшқан қарағандай болыпты да қалыпты. Сол жалғыздығын жалпақ жұртқа жария етпегені ләзім еді, амал қанша… Енді, міне, қарап тұрса алқа топтың алдында насатқа мерейі тасымай, керісінше жасып қайтыпты. Мұның құрметіне көпшіліктің жиылған жеріне, бір-біріне қосылмайтын құм сияқты ет жақын бауырларының басы бірікпегеніне қарны ашты. Мүскін бейшараның осы сорлылығын көрген жұрт, сырттай мүсіркеп те кеткен болар. Қайта, туғандарынан гөрі немерелес ағайындары арсалаң қағып, қызмет жасады. Сонау Алматыда жатып Сүлеймен дастархан мәзірінен бастап күллі жағдайды шешті. Аяқ артар көлікті көлденең тартып, арқа сүйер жігіттерін жіберді. Әпке-қарындастары ниет-тілектің ішінен табылды. Танымайтын әлеумет қошамет көрсетті. Тек қана осыны қанағат тұтып, шүкіршілік етеді.
Алайда, бәрібір мұндайда қасыңда бірге туғаның жүрмеген соң, көлденең көз күндеп жерлейтіні жасырын емес. Осыны ойлағанда көкірегі қарс айырылады. Қайғы жұтып, уайым сауып таусыла зарыққанында көзі жеткен нәстесі, мұның ешкімге керегі жоқ екен. Керек кезі – ағайындарының басына қара түнек үйіріліп, тыныстары тарылған уақ. Қалған мезетте іздемейді, бар-жоғы бәрібір. Өйткені, отыз жасын тойлағанында да дәл осы көрініс айна қатесіз қайталанған. Енді бұл жолы туыстары хайуан боп кетпесе сол кемшілікті жібермес деген… Әттең мұныкі ақымақтық екен, қандастарының санасында иненің жасуындай саңылау пайда бомапты. Сол селт етпес тасжүректіктерінен айнымапты.
Өстіп, бұрынғы қайғысына еселеп қасірет жамалды. Қанша өзін-өзі сергек ұстап иектеген бәле-жаладан арылайын десе де, оған шамасы жетпеді. Шамасы жетер де еді, әттең… бір жаққа барып көңілін демдеуге – барар жер, басар тауы қалмапты. Жора-жолдастардан да адаланды, ешкім есігінен бас сұғып жайын сұрамайды. Күл болмаса бүл болсын дегендей, олар да тым-тырыс. Әлде, қабырғасына аяз батқан шақты қалай өткерер, сынап көрейік дегендері ме. Әйтеуір, тырс етпейді. Осы халі, қатарының бәрін жұтып, соқа басы сопиып қалған қубасқа ұқсады.
Құса… нала… наза… бәрі-бәрі кеулеп жеп тастады. Бұрындары түнде болмаса да күндіз бірер сағат көзі ілінетін. Қазір одан да қалды. Қос жанары кілмиіп сенделеді де жүреді. «Мезетті ауыстырып алдым ба» деп, әдейі күндіз төсекке жоламай да байқап көрді. Әйткенмен, түнге қарай бәрібір кірпіктері айқассашы. Жастыққа басын салғанмен, ұйқы жоқ. Көкірегі қаздай шулап, төсекте ары-бері аунайды да қояды. Тіпті, күндіз миы аузына түсіп басы зеңитін, ал түн баласы санасы саңылауланып барып шайдай ашылып кетеді. Сөйтіп, буындырған ой талқысынан жанын қоярға жер таппай арпалысып шығады. Сандалтқан сайтанның сапалағын ыдыратып, енді көзін жұмса, айдалада тұрған сағаттың сыртылы миына шеге қаққандай тиеді. Барған сайын дыбысы үдей түседі, үстемелене түседі. Атып тұрып сағат атаулының бәрін жинап әкеп, залдың бір бұрышына үйіп, көрпе-жастықпен көміп тастайды. Сосын, есігін тарс жабады. Бірақ, бір жауыздың көзін жойғанымен екінші әбілет үдере бой көтереді. Аяқ асты тоңазытқыш «гүр» етіп ала жөнеледі. Оны барып тоқтан жұлып тастайды. Енді «сөлекет дыбыстан құтылдым-ау» деген кезде, сырттағы қаңғыбас мысықтар мауығып, аза бойыңды қаза тұрғызып, жаныңды түршіктіреді. Олардың арбасуы аяқталған кезде аулада әлдеқайдан машина пайда болып, әлдекімдерге бепілдетеді-ау. Не керек, айта берсе бұған залалын тигізбейтін бәле атаулы жоқ, бәрі қарсы. Қыл аяғы қарапайым жұрттың бірі құсап ұйықтауын да көп көреді. Содан барып жеті түнде жетпіс рет орнынан тұрып, ел қатарлы көз шырымын алу үшін жасамайтыны жоқ. Аяғын қан жылы суға да малады, шөп қайнатып, бал қатқан сүт те ішеді, басқа бөлмеге барып тығылады, бәрібір пайдасы шамалы.
Осындай арпалысудан жүйкесі қажи ма, күннің көзі шығысымен екі шекесі солқылдап, басы мәңгіреді де қалады. Жанарын ашса көз аясы удай ашып, тұла бойын тызылдатып жөнеледі. Сосын топыраққа тоймаған сәуірдегі жыланға ұқсап, ұйқы мен ояудың ортасында төсекте былқ-сылқ етіп жатқаны. Сонда да ұйқы біржола игеріп әкете алмайды. Ақырында сал боп қалған денесін сүйретіп, орнынан лажсыз тұрады. Жыбырлап ана бөлмеге барады, ас үйге шығады, жатын бөлмеге келеді, әйтеуір, өң мен түстің ортасында түртінектеп, мазасы май ішкендей қашып, тынымсыз ілбиді де жүреді.
Күйеуінің беймаза күй кешкені Бибінің қабырғасына оңбай батты. Нәтінде көп сөйлей қоймайтын бұйығы әйел іштей тынды. Тұманның торына шырмалған Жапарды қалай сергітіп жіберудің жөнін білмеді. Кейінгі кездегі оның хал-күйі күрделеніп бара жатқанын байқады. Күйеуімен бірге өзі де түн баласы ұйықтамайтын болды. Ақыры, төзімі таусылды.
– Дәрігерге барып көрінсеңші, – деді кешкілік сүреңсіз күйі. Күйеуі естімеген адамдай тіс жармады. – Дәруханаға жатқызар. Жатқызса, алаңсыз емделіп шық. Мен сенің мына қалпыңнан қорқайын дедім. Тұра-бара, ақыл-есіңнен алжасарсың. Кімге ренжисің, неге ренжисің?
– Мен біреуге ренжулі дейсің бе? Өкпелесем туғандарыма өкпелеп жатырмын.
– Оларға да кінә тақпа. Өрелерінің жеткен жері сол болса, не шара… Ештемені ойыңа алма.
– Ештемені ойыма алғым-ақ келмейді, бірақ қалай ұшы-қиыры жоқ әлдебір елестердің соңына ілесіп кеткенімді аңғармай қаламын. Кейде соның ішіндегі әлдебіреулермен сөйлесіп отырамын. Сөйтіп, өз даусымнан өзім барып есімді жиямын. «Қой» деп орнымнан түрегелемін, әйткенмен ізінше өзім қасақана қалдырған қалың ойдың тұманы қайтадан мені иектеп, тауып алады.
–Ондай бас-аяғы жоқ зарығуға салынсаң, көп ұзамай мәжінге айналарсың. Содан кейін кімге керексің? Ақыл-есі бүтін емес адам кімге қажет? – Бибі бұған бар үйелменімен бұрылып, екі көзін алмай қадап, тұрып қалды. Жанарының аясы жасқа толып, әне-міне жосалана жөнелетіндей көрінді. – Сен бізге, мына балаларыңа керексің. Басқа ештемені емес, осыны ойла.
Ертеңінде дәруханаға күйеуімен бірге барды. Сол күні дәрігерлер Жапарды тексере келіп, тұрақты түрде емдеуге жатқызу керектігін айтты. Өйткені, жүректің бұлшық еттері болмашы қабынып, соғу ырғағы ауанынан ауытқыған. Бұған айырықша мән бермесе, соңы қатерге ұрындыруы мүмкін.
Сөйтіп, Жапар кардиологиялық бөлімнен бір-ақ шықты. Алғашқы бір-екі күннен кейін-ақ өзін сондай жеңіл сезінді. Өйткені, небір әсері күшті дәрі-дәрмектер қолданылды. Массаж, гидромассаж, түрлі аппаратуралармен тексерудің өзі, мұның оймен жалғыз қалуынан арашалады. Көңілі де былайғы жұрт тәрізді күнделікті тұрмыстық мәселелермен ғана алданды. Бәрінен ұйқысының қалыптасып келе жатқанына қуанды. Кешкілік «ұйықтай алмаймын-ау» деген бір үрей тұманытады да, соңыра көзі ілініп жүре береді.
Сонда да санасының түбінде «Әй, нағыз қара жүрек болып кетпесе, осы жолы екі бауырымның біреуі келер. Жайнақты қойшы, ол ауылда ғой» деген дүдәмалды үміт қылаң берген. Әрине, олардан ештеме дәметпейді, ұяластарының іздеп келгені неге тұрады? Әттең, бұл өзінің аңғал да алаңғасарлау ойы екенін кейін бірақ түсінді. Жиырма күнге тарта дәруханада жатқанында, көкірек несібесін таласып емген бауырлары төбе көрсетпеді. Ақырында, енді одан ары жатуға өзінің де төзімі жетпеді. Өйткені, әйелінің болар-болмас жалақылық аз ғана тиын-тебені күн көруге жарамай бара жатқанын бағамдады. Тезірек қарекет жасап, тамағын асырарлық жұмыс тауып алуы тиіс. Және де бала-шағаны тастап, өзінің қамын ғана күйттеп, жанын бағып кеткені еркек басына жараспайтынын ұғынды.
Оның үстіне дәруханадағы соңғы тәуліктер де мазаң ойларды көңіліне тықпалады. Ем-домның бастапқыдағыдай әсері білінбеді. Есі-дерті бұл жерден тезірек кетуге құлады. Сондықтан бірінші емдеу кезеңі аяқталысымен үйге келді. Әкелерін көргенде қос кішкентай құлыншағы мәре-сәресі шығып, мәз болды да қалды. Олармен асыр салып ойнап, бұл да бір ләззатты шақтың шуағына шомылды. Әбден мауқы басылған соң, Шырайдың сабағына қарасты.
Бесінші бөлім. СОҢҒЫ ДЕМ
Айрандай ұйыған күндер біртін-біртін жылыстап жатты. Бибінің де қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Өмірлері беймарал тірлікке ойысты. Шырайымен көктем шықты. Жайдарылық танытып жаз өтті. Болмашы күлім қағып, күз туды. Соңынан шытынды. Қаһарлы қыс та іргеге таянған. Осы тұста Жапарға жақсы бір мекемеден қызметтің ұштығы да білінді. Әттең… Әттең, мұның пешенесіне жазылған реңіне енген жаймашуақ күндер санаулы ғана екен. Құдай бұл тамылжыған шақтарын көп көріп, төбелерінен кенеттен жай түсірді. Тағы да ауылдан жеткен суық хабар айрандай ұйыған тірліктің шақ-шәлекейін шығарды. Енді әбілет ең кіші інісі Жайнақтың басына үйіріліпті. Бәле оның басына үйіліп қана қоймай, мүлде құтылмастай етіп торына шырмапты.
Ұғынғаны, ауыл екіге бөлініп төбелескен. Себебі ежелден «жынды, жынды» десе телпегін аспанға ататын төре-тайлақ Көнектің он бір орашолақ ұлы бар еді. Атам заманнан шетінен қаны бұзылған, өңшең қара жүрек білеуіттер. Көрген-баққаны тек озбырлық. Немерелері де дәл сондай ұр да жық, деміне піскен алкеуде нойысқа айналды. Әшейін, сен тұр, мен атайын.
Ошақтағы тәрбие солай. «Озбырдың әмсе аты озады» деп ойлайтын боса керек, Әкесі баласына «ұр, соқ, қират» деп үйрететін еді. Жапардың күні бүгінге дейін есінде: Көнектің үшінші ме, төртінші ме ұлы 1972 жылы түн ішінде интернаттағы шырт ұйқыдағы балаларға шетінен өтекті қыздырып ап басқаны бар. Бәрінің жауырыны, жамбасы күйіп, бір қабат терісі сыдырылыпты. Әлгі немесі ол үшін жазаланған да жоқ, қайта қатар құрбыларының алдында айбыны тасып одан сайын есіріктенді. Содан бері ауылды қаншама қан қақсатты.
Бүгінде сол дөкірдің шыбығынан жаралған тұяқ, атпалдай азамат. Әупидің бар болған-біткен сыйқы жаңағы, ал баласы қитұрқыны қоздыратын сырқындының өзіне айналған шығар. Себебі ол ешқашан ұрпағына «ешкімге озбырлық жасама, төбелеспе» деп тәлім бермейді. Керісінше, «шамаң жетсе әлеуетті күшпен қарайған халықтың бәрін тізеңнің астына сал» дейтіні кәміл. Өйткені, тәртібі қатал кеңес дәуірінің өзінде-ақ төңірегіне жандайшаптарын жинаған әлгілер жолындағысын ұрып-соғып, жапырып өтетін. Бірақ, нағыз қанқұйлы бола тұра, солардың ешқайсысы сотқа тартылған жоқ. Неге?..
Солар енді мынау балапан басына, тұрымтай тұсына лаққан уақытта мүлде жінігіп, әуелі есігінің алдынан адам жүргізбейтін халге жеткен. Үлкенді үлкен демей, кішіні кіші демей сабайды екен. Оларға қой деп айтатын әкелері де әумесер, пайғамбар жасынан асса да ұлдарының қаныпезерлігін мәртебе көретін нақұрыс. Біреудің сөзі яки өзі қолайына жақпай қалса:
– Әй, сен кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білесің бе?! – деп, жіпсік жанарлары қанталай өжелене ақияды. Жалпақ бетіндегі едірейген жез мұрты, бидайдың масағындай одан сайын тікірейіп шыға келеді. – Ұлдарыма итше тепкілетіп, көкеңді көзіңе көрсетемін!
Аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып сілкіне тепсінгенінде, жыны буған бақсыдай қалшылдайды. Тіпті, дандайсығаны сондай, ауылдың басшыларына да осылай әкіреңдеуден тайынбайды. Олар шалдың сақалын сыйлай ма, әлде, жындымен жынды болғылары келмей ме, әйтеуір, жағаларына жармасса да ешқайсысы қарсылық танытпайды. Өстіп, ешкім бетіне тура кеп қолын қақпаған соң, Көнектің әбден кеудесіне нан піскен. Кісімсінгендіктен екі иінінен дем алып, он тоғызыншы ғасырдың поштабайындай, ені бұтына симай жүреді.
Аталы сөз айтатын қаба сақалды бабалары өстіп тақиясын аспанға атқаннан кейін, тайлақтың кіндігінен өрген төбеттері былай тұрсын, бауырын жерден енді көтерген күшігі де құйрығын қайқайта талтаңдайтын бопты. Қысқасы, тайлы-таяғы қалмай әулетімен жұдырықтарын ала жүгіріп, елдің бәрін илеуіне салып, айтқанына көндіріп, айдауына жүргізгісі келген ғой. Оған Қызылағашта ұл тауып, қалжа жеген басқа да әйелдер бар емес пе? Сол ұлдар бұл лаңға бастапқы кезде мән бермеуге тырысқанымен, ақыры төзбеген. Соңында қолға шоқпар алып, білекті сыбанып тұрып, екі жақ боп төбелескен. Сол кезде сойыл ма, жұдырық па бата тимей қате тиіп, Көнектің екінші ұлынан туған немересі опат болады.
Содан, тайлақтар тұқым-тұқиянымен елге әйгілі қаншалық қанқұйлы боса да, заң алдында жәбірленушінің кебін киіп шыға келеді. Жұртқа ақымақтау көрінгенімен, алпыс айлалы әлгілер енді жұдырықтарымен иліктіре алмағандарды заңның тілімен тізе бүктіруге ұмтылады. Қандай жағдайда да есе алудың ретін білетін төре-төлеңгіттер төбелеске қатысқандарды басқа ұрып тұрып тізімдетіп, ешқайсысын шашау шығармай түгелімен қаматады. Әрине, адам өліп отырғанда милиция әшейінде қанша сорлы болса да мойнына қан жүктеген кісіні аясын ба?
Сөйтіп, солармен бірге Жайнақ та тұтқындалып кете барған. Аңғал неме «төбелестің бе, ұрдың ба» десе, «төбелестім, ұрдым» депті. Енді ісі сотта жатыр екен. Нұрғанымның бұрынғы жылағаны жылаған ба, көзінен қан аралас сорасы ағып, құсадан запыран құсса керек. Әрине, бауырында жүрген қолындағы ең кіші ұлын айдың күні аманында қаматып қою оңай тисін бе? Оның үстіне ұзынқұлақ «кемінде он жыл береді» деген де алып қашты сөз шығарып қойыпты. Уәсуәлі уәждің өзі адамның ақылын аңылжытып, бағытынан алжастыратыны белгілі. Шешесінің есін сондай ұшқары айтылған әңгімелер-ақ алып бітті.
Жапар да мұны алғаш естігенде ешқайсының жазасыз кетпейтінін ұғынған. Болмыс-бітімімен соны әріден түсінді де, жанын шүберекке түйіп қалай да бауырының жазасын жеңілдетудің амалын қарастырды. Және, ол амалдың біреу-ақ екенін білді. Бұл жерде тек қана ақша сөйлейтінін ұғынды. Ұғынды да дымы құрыды. Бірақ қалай да ақша табуы тиіс. Әйткенмен, оны кімнен сұрамақ? Көкейінде тек көмескі бір үміттің ұшқыны білінеді. Ол – осыдан екі жарым жыл бұрын қарағандылық жігіттер бұлардан алты мың доллар ақша алған. Нақтысын айтқанда, Сүлейменнен. Дәл сол кезде Жапардың жанында фирманың жиырма мыңға жуық доллары жүрді де, Сүлеймен содан алты мыңды әлгі жігіттерге әперген. Бұрыннан қатынасатын жолдастары болса керек. Бірінің аты – Алмас еді. Жапар да олармен жүзбе жүз жолығысқан-тын. Кейін бауыры мекемемен өзі есеп айырысты. Ал, бір білетіні ол азаматтар қарызды әлі қайтарған жоқ-тын. Енді тек Арқаға барып, соны сұрау ғана есі-дертінде тұрды.
Сол көкейіне оралысымен жолға шықты да кетті.
Бүгін міне, екінші тәулік – басы қатып, ақша іздеп сөлпектегелі. Алматыны дамылсыз бір күн шиырлады, ештеме таппады. Сүлейменге жолығуға жүзі шыдамады. Енді тас түйін Қарағандыны бетке ұстап, тартып келеді. Барған күнде бейтаныс әріптестерін таба ма, таппай ма ол жағы дүдәмал. Тапқан күнде олар мұның қолына бірдеме ұстата қойса жақсы. «Сені қайдан көрдік?» десе, не істемек? Әйтеуір, әппақ тылсымның ішінде рульмен арпалысып, тісін тісіне қойып қарыса қасарысады. Әлдекімге деген ашу, кек керегенің көзіндегі енді тартылып жатқан арқандай ширықтыра, пісіре, елірте жетеледі. Әлдекімге деген назасы, көкейіне кептелген қамырығы өкпесін қара қазандай қабындатып, ішін кеулейді. Сөйтіп, сақылдаған аязда көкірегін қысқан аптаптан қаңырығы түтеді.
Шарадан тыс темекісін іздей бастады. Тағы да небір ойлар миына сынаптай үймелеп, иіріміне тарта берді.
…Бір кіндіктен туғанымен бұлар – ағайындылар – әлдеқашан жат жандарға айналғанына көзі жетті. Өйткені, бір-бірін іздеу, бір-бірінің ауыртпашылығын сезіне білу сияқты адами түйсіктерден ада-күде ажыраған. Сондықтан мынау қиын-қыстау уақытта өкшелеп келе жатқан қос інісін қаперіне алмады. Қаперіне алмағаны бүйрегінің бүлк етпейтінін біледі. Тіпті, олар азғындағаны сондай, басқа бәле үйіріліп, иыққа ауыртпалық түскенде қол ұшын бермесе де, қуанышқа да баруға жарамайтын халде. Бұның бәрі, Жапардың пайымдауынша, өзімбілемдік көкіректік пен ешкімді тән алмау дербестігінен өрбіген көрсоқырлық. Әрі, осы көрсоқырлық көргенсіздіктің ең үлкені сияқты. Себебі, бауырларында шешенің де сөзін селт етіп көңілге тоқу жоқ, бірмойындық басым. Қайдан шығып, қайдан қойғанын білмейтін мәңгүрттік жұтаңдығы жайлаған.
Мұндай адамдардан отанға қызмет етсем деген пікір ешқашан байқалмайды. Олар өздері үшін өмір сүреді. Кейде өздері үшін де өмір сүре алмайды. Өйтетіні, адымын ашқан сайын көкірегін кеулеген көрсоқырлықтан ұрынбайтын нәрсеге ұрынады. Басына таяқ тигенде барып, жақындары есіне оралады. Және ондайда «неге қол ұшын бермейді» деп жазғырады. Алда-жалда бостандыққа шықса қайта сол ескі әуеніне басады. Басынан кешкен қиыншылығы бір күнгідей болмай тез ұмытылады. Тегі, жақсылықты да, жаманшылықты да тез ұмытқан кісі – жақсы адам емес.
Бірақ, Жүсіпке ептеп жүрегі жылиды. Ойын баласы кезінде «жердің астын үңгіп қазып-қазып, Қопадай жерден шығамын» дейтін еді 30-40 шақырым алыстағы шаруашылық жақты нұсқап. Әу бастан аузына құдай салды ма, өскенде қолына қайла алды. Оның шахтада істеуі – қиындықтан қорықпағандығы. Ең бастысы түрмеден шыққаннан бері ешкімге салмағын салмады. Ал, шахта мен тозақтың арасы – бір-ақ аттам. Кінә да таға алмайды.
Осыны түйсінгендіктен әрі бір құрсақтан шыққаннан соң, «әйтеуір, аман болсын» дейді.
– Е-е, жалған-ай… Сол «аман болсынның» ар жағында қаншама масылдықты мойныңа артып алғаныңды өзің де білмей қалады екенсің ғой...
Жапар жападан-жалғыз отырып күбірлеп, еріндері жыбырлай әлдекіммен сөйлесе бастады.
«Өйтетіні, халқымыз бен жас отанымыздың мүддесі үшін теріс азу көкжалдармен ымырасыз күрес жүргізу еншімізге тиді. Бүгінде осы мақсатты көздесе, ана тілінің уызына жарыған төл перзенттер ғана көздейді. Ал тепсе темір үзетін ел ішінен шыққандардың дүңгіршек сияқты ойсыз жаратылуы, барып тұрған қатер. Соларға «әйтеуір, аман болсын» дегенді айта тұрып, өзіңе қаншама міндет жүктейтініңді ойлайсың, ақылыңнан алжасасың.
Ал, қағынан жерініп, «өркениетке» ілесіп кеткен топтың арасындағы ұлдардың ой-толғамы құнарсыз ботқа көжеге ұқсас. Олар ашықтан-ашық ұлт мүддесін келімсектердің аяғының астына салып береді. Сондықтан мұндайлардан еш қайыр жоқ. Әлгілер тек – «мемлекеттік қызметте 98 пайыз жергілікті ұлт өкілдері істейді» деген сөзді көлденең көк аттылардың тіліне тиек етіп, «қазақ жұртында теңгермешілік жоқ» деп мін таққызуға ғана – дәйек. Шынтуайтында солардың бәрі орыстарға қызмет етеді. Өйткені, ана тілінен мақұрым мәңгүрттер, «қазақша ұғым дес алып кетсе, кәдеге жарамай қаламын ба» деп тайсақтайды. Тіпті, арасында шетелдерде жылдап тұрып, ол жақтардағы тұрмысты мейлінше көріп келгендері қаншама. «Британдық ағылшындар теледидардан әлемге әйгілі деп күпініп, телпектерін аспанға атып жүрген жұрттың Пугачевасын да көрсетпейді. Өйткені, халқының ұлттық сезімдері басым. Көркемдік жағынан нашар, эстетикалық тұрғысынан құрып қалса да ыңғай өздерінің төл әндерін қояды. Себебі оларға өзгенің алтынының бір тиынға қажеті жоқ» дегені бар солардың бірі.
Бірақ, осы уәжді айтып отырған әлгі пақыр қазақ әндерін мойындамайды. Сөйтіп, кез-келген пенденің қолынан келетін жұртын сүю арқылы, елдің іргесінің нығаюына септігін тигізбейді. Керісінше, үнемі орыс тілді жоқтайды. Олай болатыны – уызынан жарымаған, ана тілінің құнары мен ләззатын сезінбейді, мән-мазмұнын білмейді. Ал сондайларға ана тілді үйрену, адами шектен төмендеу сезіміне ұрындыратын болса керек. Жас мемлекетіміз үшін де ең қауіптісі – шетелдерде оқып, бүгінде өкімет аппаратында қызмет етіп жатқан осындайлар.
Өйткені, қазіргі таңның өзінде қайда барсаң Лениннің салған сілемі әлі сәулеленіп тұр. Ең бірінші осы беті жылтырақ қазақпыз дейтіндер қазақ тілінің ілгерілеп, дәуірлеуінен қатты қорқады. Әлгілердің санасына берік орнаған берішті ыдырату үшін де, мал сүмесіне қараған ортадан шыққан азаматтардың аянбай тер төгуі қажет. Ал, олардың жағдайы болса мүлде басқа, өзіндік ой түю қабілетінен алшақтаған. Қоғам тұрмысын өзгертіп жіберетін нендей іс атқарылса да, жоғарыдағылардың әлеуеті деп топшылайды да қарап отырады. Өздерінің билік басындағыларға ықпал ете алатындарын әлі күнге түсінбей келеді. Түсінсе де күрескерлік қабілет жоқ, қандай шаруаға да табансыз, қырсыз. Оның есесіне үй арасындағы ұсақ-түйек тірлікке араласуға арланбайды. Керісінше мұнысын батырлық көреді, мәртебе деп таниды.
Сөйтіп, ұяластарың осындай болып тұрғанда, кімге арқа сүйемекшісің? Қазығыңнан ұзап қайда барасың? Ең бірінші, ойыңды жалпақ жұрттың деңгейіне дейін апару үшін, өзің шыққан ортаңды сол бағытқа әбден сайлап алу жөн екен. Әттең амал не, халқымыздың бұрынғы өткен абыздары «бір биеден ала да туады, құла да туады» деп әлдеқашан қапысыз дәл тауып айтқан. Сенің сөзіңе пысқырып қарамайтындар қаншама? Тіпті, туған бауырың іргесін аулақ сап, өзінше бір төбе болғысы келеді. Ел көшкен жұртта жарымай отырып үшінші әпекесінің «алаштан кем қылсаң да, ағайыннан кем қылма» деп күлін көкке шашқаны бар. Қарап тұрып қабырғасы қайысты. Осындай пасық тәкаппарлықтан арылу қиын-ақ. Бәрі бір-бір манап… Аузы дуалы қасиетті Мөңке бидің айтқан «үйдің ішінде неше жан болса, бас-басына би болар» заман туды. «Маған келсін илігіп» дейтіндей қатынаспайды. Қайта, қол ішіне қарай икем болуы керек қой. Жылдар өтеді, кәпірдің діні қатты – сол бетінен қайтпайды.
Кейін солардың біреуінен алда-жалда көз жазып қалсаң, жоқтап жылаудың қажеті жоқ. Өйткені, сен оны алғаш араларың алшақтағанда жоғалтқансың. Сол кезде жылау керек еді. Ендігі жылау – сауапсыз. «Сондықтан мен өле қалсам сораны сорғалатып пысыңдау иманыма салмақ боп тиер».
Тағы да қолы еріксіз темекіге жүгірді.
Қарап тұрса қарны ашады. Отбасындағы мұның алдындағылар да, артындағылар да оңбапты. Мәселен әпкелері… Елдің қыздары ибасы төгілмеген қалпы қарайған халықтың алдында үлкен бір сүйкімділікпен, өзіне тән айбын-абыройымен беделге ие боп жатады. Ал бұның әпкелері қос-қостан байға тиіп, шүйгіп жүр. Ешқайсысы бірінші күйеулерін қанағат тұтпады. Апалары жеңілтек пе, әлде жезделері желіккіш пе, әйтеуір, мұның миы жететін шаруа емес. Қит етсе төрт құбыласы тең отырғандай онысыз да жұлма-жұлмасы шыққан шешелеріне салып-ұрып жетеді. Көлденең көзден, көрші-көлеңнен имену-тайыну жоқ. Жалғыз келсе бір сәрі, құлын-тайын ерткен биедей шұбыра ошарылады. Сөйтіп, өзі ілініп әзер жүрген кемпірдің бар ма әзір, жоқ па әзір несібесіне жабыла бас қояды. Қыз кездерінде шешелерінің басын әлденеше қатырып еді, қатын болғанда да қасіретті тартқызып-ақ бақты.
Тете әпкесі Қорланның бағы бір ашылмайды. Бала кезінен байқайтыны, байқұс барып тұрған қиямпұрыс, қырсық еді. Онысы, соңынан ұл туды «май құйрық» деп, еркелеткендіктен де шығар. Бірақ, ақылды қыз есейіп етегін жапқанда өзіне деген осы құрметті ерекше қастерлеп, текті, тәкаппар болуға ұмтылар еді. Әттең, ондай сұңғылалық нышан байқалмады… Мектепті бітіргеннен кейін Семейге техникумға барды. Онда да жең ұшынан жалғасып, жолдама әперген. Соңғы емтиханда жағдайы мүшкілденіп, оқытушы:
– Үш қойсам, бәрібір өтпейсің-ау, – дейді жаны ашып.
Сонда Қорлан:
– Неге, жолдамамен келдім, өтемін! – дейді шақшырая кәміл түрде. Үні де жағымсыздау шықса керек.
– Жолдаманы қалай алдың? – Демде мұғалімнің жаңағы мейірмандық кейпінен өңінде ештеме де қалмайды. – Сен мектепті енді ғана бітірмедің бе?! – Одан сайын екі көзі ежірейе қадалады.
Әпкесі сонда барып өзінің ойсыз сөзінен бәлеге арандағанын іштей топшылайды. Өйткені, жолдама өндірісте кемінде екі жыл жұмыс істеген стажы барларға ғана тиесілі-тін.
– Ондай пысықтығың болса, жерді жарып шығарсың. Бара бер.
Сұп-сұр қалпы безірейген оқытушы басқадай ештеме демейді. Тек үні қатқылдау көрінді.
Қорлан сөлбірейе орнынан көтеріліп, сыртқа беттейді.
Ақыры, ертеңінде түстен кейін үміткерлердің тізімін көріп, соңғы емтиханнан құлағанын білді. Сәл көңіліне кірбің ұялағаны болмаса, әдеттегідей қиямпұрыс қалпы үйге оралды. Бірақ, сол жолы басынан тайған бағы мәңгіге тайған еді. Одан кейін де қаншама рет оқуға барып көрді, бәрі-бір ештемеге іліге алмады.
Ол заманда қабылдау емтихандары тамыздың ортасында аяқталатын. Үй болса байланыс, қарым-қатынас дегеннен ада, малмен жайлауда отыратын. Сол кезеңдердегі әкесі мен шешесінің төскейдегі қасқа жолға қарайлайтын тәйкүншік кейпі әлі бүгінгідей көз алдында. Жалпы, Қорланды ғана емес, бүкіл қыздарын жыл сайын сарғая алыстан үмітпен күтетін. Діңкелеткенде олар ешқашан әке-шешелерінің көңілдерін жарқ еткізіп, оқуға ілігіп қайтпады. Жапар да әпкелерінің мерейі үстем боп оралуын құдайдан тілеуші еді. Әттең, ондай бақытты шақты көруді ешкімнің маңдайына жазбапты.
Жыл сайынғы сүргін дәл осылай айна қатесіз қайталанады да отырады. Артынып-тартынып әпкелері қиратып тастайтындай-ақ тағы да Алматыға сапар шегеді. Оларды шығарып салу – үлкен шаруа. Жайлауға ірге тебісімен бір-екі ірі қараны сойып, жолдарына пұл жасайды. Содан кейін шешелері алу-далу боп етекке дейін сандалады. Үй-іші тайлы-таяғымен ұбап-шұбап тас жолға шейін барады. Содан көңілдері күпті боп, елегізеді де жүреді.
Әсіресе, оқу іздеп үйін әбден шығындатқан үшінші әпкесі – Мағира. Жылда ҚазПИ-дің бұл үшін әлі де белгісіз бір факультетіне барады да, құлайды. Қай кезде құлайтынын кім білсін, «конкурста балым жетпей қалды» деп, тамыз тәмамдала төбе көрсетеді.
Ол тумысынан діні қатты, өзім дегенде өгіздей қара күші бар, айтқанынан қайтпайтын бірмойын-тұғын. Осы дінсіздігінен бе, «соңымнан өсіп келе жатқан бауырларым бар ғой» деп ойламады. Ал інілері жаздың күні өрім-өрімі шығып, жұртта қалған жұрынды киіп, борпылдатып керзі етікпен жүрді. Әрі біреуінің бетінен қағатын әке-шеше ме, Үкедей ешқашан қыздарының алдынан шыққан емес. Көкейінде «осылар оқыса екен, осылар орнын тапса екен» деген әкелік кіршіксіз тілегі ғана болды. Жас баладай жол күтіп, әлдекімнің төбесі сонадайдан көрінсе «балаларым ба екен» деп, күн салып қарайтұғын. Ондайда Нұрғаным да істеп жатқан шаруасын тастай сап, сол жаққа әлсін-әлсін аңыра тесілетін. Екеуі де «ұл-ай» деп аңсағандарымен, қыздарының тілеуін қатты тіледі. Амал қанша, көпшіліктің қолына оңай ілінетін жақсылық хабарды естімей-ақ кетті.
Ал олардың күйеуге тигені кез-келген төменетектінің жасайтын табиғи нәстесі еді. Бұл үлкен қуаныш болғанымен, жоғарыдағы шаттыққа салыстыруға келмейтін күйкі тірліктегі бір лүп еткен самалдың нышаны-тұғын. Енді керісінше, әпкелерінің жаппай ажырасуы – кез-келген төменетектінің жасамайтын қаракеті. Осы үшін әке жүрегі қанша парша-паршасы шықты. Көбіне үнсіз қалатын, үнсіз бұйығып жүрегі қан жылайтын. Ақыры жүрек байқұс өзі күтпеген зілзалаға шыдамады. Ешкімге бір ауыз сөз айтпастан, ауырмай-сырқамай мәңгілік дүниеге жөней берді.
Мезгілінен бұрын дәуірін теріс айналдырғаны да дұрыс бопты. «Бір қызымнан бір қызым әм сорақы» дегендейін, ұлдары одан да асып жығылды. Жетесіздікті әпкелерінен көріп, сезініп өскен інілері, тіпті, жүгенсіздіктің шегіне жетті. Жапар бауырларының басын қанша біріктірейін дегенімен, арамтерге шомды. Айтқанына ешкім құлақ аспады. Жүре тыңдады. Әрқайсысы бір-бір тұлға боп көрінгісі, әрқайсысы өз бетінше тірлік істегілері келді. Ақыры, оттап шөп жегеннен басқа ештемені білмейтін көк өгізден айырмашылығы шамалы болып қалды. Абайдың ашуланғанында айтқан “адам – боқтың қабы” деген теңеуі дәл осыларға лайық, дәл осыларға бағышталғандай.
Бір сәт жігіт еңсесін жазып жан-жағына қарады. Төңіректің бәрі қарға кептелгеннен кейін құпиясын байқатпайды. Ұзыннан-ұзақ созылған қырдың өне-бойы ақ зонттан киім киген барлаушының үстіндей көпсіп, бір реңнен аумайды. Не ұшқан құс, не жүгірген аң көз ұшына ілінбейді. Тіршілік атаулының тым құрығанда нобайы, нышаны білінер емес. Ақпанның аязынан ақылынан жаңылып, аңылжыған дала ғана сұлқ жатыр.
Күн еңкейген сайын қарсы жолығатын машина да таусылды. Есесіне ақ түтек боран үдеп, ақилана ысқырынатындай. Ұшы-қиыры жоқ қара жол мұратына жеткізетінін де, жеткізбейтінін де білмейді. Білетіні: бұл – жалғыз, құдай – жалғыз. Бар шаруаны тәңірге ғана тапсырып, тәлейінен көруге бейіл.
…Былтыр күзде Мағираның үйіне барды. Көкейінде талайдан бері оған деген қыжыл пайда болып еді, содан кейін қатынаспай кеткен. Бірақ Бибі қоярда-қоймай:
– Әй, көкірек несібесін таласа емген әпкең емес пе, барайық. Хал-жайын білейік. Жақсылығын ұмыттың ба? – деді дігірлеп.
Жақсылығы Айбынды емшектен шығарғанда оншақты күн баққан. Басқа ештемесін жарытып есіне түсіре алмады. Көкейінде беріштей қадалып тұратыны – дәл іргесінде отырып туған шешесіне төрт жылдай қатынаспай қойғаны. Өйтетіні, оның қолында қарайған-құрайғаны бар, шешесінің қорасында түгі де жоқ. «Бара қалсам бірдеме сұрайды» деп қашқақтайды, тәйірі. Құдайға тәуба, қиын күндер артта қалды. «Елде болса ерінге де тиеді» екен, ешкім аштан өлген жоқ. Әрі-беріден кейін оның жасағаны – өзі болған қыз төркінін танымастың кері. Осыған бола ренжиді. Әйтпесе, «бірдемеңді бөліспедің» деп өкпелемейді.
Әйелінің сөзінен кейін тағы да сонысы санасында көлбең етті.
– Жоқ, бармаймыз.
– Неге бармаймыз?
– Шыққан жеріне өзі келмеген адамға біз басымызды иіп, құлдық ұруымыз керек пе?
– Сен кіші емессің бе?
– Мен кіші болсам, ауылда оны тапқан шешесі отыр емес пе? Қара орманына шауып келсе тағынан түсіп қала ма?
– Ауылдағылардың ошағы басқа, біздің отбасымыз бөлек. – Бибі бұған үйелменімен бұрылып, негізгі кілтипанды ұғындырмақ мақсатпен шұқшия үңілді. – Егер сау етіп бара қалсақ, өзінің жасап жүргені иттік екені басына сақ етіп тимей ме?
– Иә саған, жаман қатты тиеді.
– Қой, енді, оның қайбір шекесі қызып жүр?
Осы уәжден кейін әңгімелері шорт үзілді. Себебі, Мағираның күйеуі үшті-күйлі жоғалғалы жылдан асты. Семей жаққа «пияз апарып сатамын» деп кеткен екен, содан жер жұтқандай ылым-жылым. Төрт баласымен өзі жалғыз отыр. Ұзынқұлақтың айтуы бойынша, жездесі Өскемен жақта бір әйелмен қосылып, от түтетіп жатқанға ұқсайды.
Әлбетте, мұның бәрі алып-қашты әңгіме, нақты өлі-тірісінен хабар жоқ. Әпкесі содан бері бала-шағасымен тырмысып, өз күндерін өздері көруде. Қолдарында бес-алты ірі-қаралары, бір-екі гектардай жері бар, соны күтіп-бағып күнелтеді. Сондықтан, қашан да телім-телімі шығып жүргені. Әрі, осы болар-болмас дүниені қызғанғандықтан ағайыннан алыстап, сырт айналады. Жапардың бір байқағаны «адамды адам еткен – еңбек» деген қағиданың дұрыс айтылғандығы. Соңғы уақта көзі жеткені, адамды айуан ететін де, еңбек екен. Өйткені, бір тамағын асыраймын деп, өмірі таусылмайтын шаруаның соңына түсетіндер бар. Сөйтіп, тірліктің шыршуымен алданып жүріп, туған шешелерін ұмытатындар кездеседі. Олар қарабайырлығы, бір жағы көркеуделігімен есекке ұқсап дамылсыз тырбына береді, тырбына береді… Ал, өмір елеңсіз ғана жеміріліп, мүжілген үстіне мүжіледі. Бір күні біреудің болмаса біреудің ажал сағаты соғатыны ақиқат. Сол кезде ғана аһ ұрып, итшілеп тірлік кешкенін бәлкім ұғынар, бәлкім ұғынбас. Елдің қойын қайыруға ғана жарайтын балаларының амандығын көңіліне тоқ санап, мимырт жүрісімен жалбайы сүйретіліп тырбынар, тыраштанар...
Мағира дәл осындай адам еді.
Әйелінің сөзінен кейін Жапардың біртүрлі әпкесіне жаны ашыды. Алайда, алғашқы райынан қайта алмады.
– Шекесі қызбақ түгілі өмірем қапсын!
– Қой, олай деп айтпа, алдымызда не күтіп тұрғанын қайдан білесің? –Бибі жуып жатқан ыдыс-аяғын тастай салып, бұған жартылай бұрылып қарады. – Ит те болса бір құрсақтан шықтыңдар, бару керек. Сендердің бір-бірлеріңді іздемегендеріңді көріп өскен мына балалар тұра-бара не болады?
– «Қыз деген бауырмал» деп жататын еді ғой, оныкі бауыр ма, беріш пе? – Жапар да алған бетінен қайтпай өжелене өрекпіді. – Бүгінгі ақша мен байлықтың заманында қара табан көптің бірі болсаң, босағадағы қара төбеттен де қадірсізсің. Жесір қалғанымен, қорасындағы жеті өгізінің буы төбесін жеті қат көкке жеткізіп тұр. Сонау қыз кезінен-ақ «тентекті тентек десең телпегін аспанға ататынның» нақ өзі еді, артында түгі жоқ болса да қара санының мүйізін санап насаттанар найсап. Қолын боққа былғап отырған, лыпасы жоқ уақтың өзінде жерден шыққандай әңіреңдейтін...
– Сонша қазып, мінеп не көрінді. Өздері жаман болса да, балалары қандай, алтын асықтай. Шырай да, Айбын да сағынып жүр.
Осы тұста қос құлыны:
– Папа, барайықшы! – деп, жарыса шыр ете қалды.
Жапар қарашықтарының өңдеріне жымиған қалпы, барлай қарады. Жаңағы қабағы түйіліп, қанына қарайған ашулы кейпі әп-сәтте үшті-күйлі жоғалыпты. Мына бауырмал екі күшігінің ұсқынын көргенде, демде қанына қарая қасарысқан ашуынан жаңылды.
– Жарайды, барамыз. – Үні құлықсыздау естілді.
– Ура! – деп екі бүлдіршіні қолдарын шапаттап, жарыса айқайлады.
…Сөйтіп, бірден ауылға тартпай, жолдарынан қиыстау жатқан Талдыға ат басын бұрды.
Әпкелері жаман қарсы алған жоқ, бұлардың төбесін көрісімен күнге қақталып қара қайыстай болған өңі шаттықтың шуағына шарпылып, көзін қилы-қилы құбылтып күле берді. Насаттанғанында бір көзі үлкейіп, біреусі сығырайып кететін бала кезгі әдеті. Әрі мұнысы көңілі шалқи сарайы ашылып, арқа-басы кеңи жаны жадырағанында байқалатын кескін-тін. Енді, міне, кексе әйел болса да сол емшек сүтімен біткен дағдысынан ажырамапты.
– Жаным-ау, күндерім-ау… – Сонадайдан сөйлеген қалпы бұларға абдырай емпеңдеді. Жанында ит талаған тырнадай шаштары үрпиіп кеткен қара сирақ балалары бар. Олар да есейіп қалған ба, әдеттегідей тұра шаппады, адымдарын бір түрлі үркесоқтап ашатындай. Жанарларында кілегейленген мұңның нілі жатқандай. Әп дегеннен-ақ бір байқалғаны әпкесінің жағы суалып, ортасы ойылған қауынның шөпегіндей ішіне кіріпті.
Шарбақтан шығысымен құшақтап беттерінен сүйіп, мәре-сәре күйге бөленді. Шырай мен Айбынның қалқиып өскенін көріп, олардың түрлеріне қайта-қайта қарап, күле береді. Дәміл-дәміл бас салып құшақтап беттерінен шөп-шөп еткізеді.
– Ойбай-ай, мынаның түрін-ай, Жапардан аумай қалыпты. – Шырайға сөйтіп мейірін төксе, – мынау әлі болпиған қалпы ғой, – деп, Айбынды өзіне шақырып бауырына басты.
Осы мейірі үйірілген шақты көрген Жапардың бір сәт жүрегі аунап түсіп, еріп жүре берді. Әпкесіне жаны ашыды. Қурайдай қатып, сіңір-сіңірі шығып тартылып қалыпты. Онысыз да ат жақты біткен бет пошымы одан сайын сопиып, иегі үшкілдене сорайып шығып тұрғандай байқалды. Қысыңқы көздерінің аясын кіреуке торлағандай. Жанарының ұшқыны да солғындап, нұры тайған. Киімдері олпы-солпы, әйткенмен онысына ешқандай көңіл аударар Мағира көрінбейді. Ауылдағы жұртшылықтың көзі мейлінше үйреніскен әрі барлығы бір деңгейлес шаруашылыққа киетін күнделікті бұйымдары. Аяғына әбден тозығы жеткен, көшкен жұрттан табылар әлдеқайдағы сүйретпені іліп алыпты.
Балаларының да сиқы тым жұпыны. Бұттарында ескі шалбардан кесіп қолдан жасалынған шорти, үстері тұттай жалаңаш. Денелері отқа қақталған бастың терісіндей күнге күйіп, қара қошқылға айналған. Кір сіңді шаштары үрпиіп, ұсқындарын қашырып-ақ тұр. Үш-төрт жастардағы ең кішкенесі, тіпті, еш лыпасыз алдыларынан қарсы шықты. Екі ұлдан кейінгі Аягөз ғана дұрыстау киінгендей көрінді. Бірақ оның иығына ілгендері де тозығы жеткен нәрселер еді.
– Халдерің қалай?
– Жұртпен қатар, әйтеуір, біреуден ілгері, біреуден кейін күнелтіп жатырмыз. – Бауырының келгеніне мерейі тасыды ма, әлде ішінде қыж-қыж қайнаған қамырығын білдіргісі келмей қолданған амалы ма, езуінен күлкісі ажыраған жоқ.
Сағына табысқан ағайындылар ұбақ-шұбақ үйге беттеді.
– Азын-аулақ малымыз бар, соларға қарап жан сақтап... Күнделікті қаймағын балалар Үштөбеге апарып сатып келеді, сол қант-шаймызға жетеді. Басқадай күнкөрістің амалы жоқ, ақшаны тек сүттен жасап отырмыз. – Күнге тотыққан маңдайындағы әжімдері жиырылып, ауыр күрсінді.
Бұл құйрық басып тізе бүккендерінде айтқан өз жайлары турасындағы мағлұмы-тын.
Жапардың мойны салбырап, қайда барса да алдынан шығатын жоқ-жітіктің зардабынан қабырғасы қайысты. Мұндай сүреңсіз әңгімені естудің өзі ауыр.
– Одан қалса, еңбектеп жер тістелейміз. Көктемде салған жуа, қызылша бар. Солардың арам шөбін отап, қаңырығыңды түтеткен жаздың аптабында су салу – құдайдың бір азабы. Балалармен барып бәріміз тірідей тозаққа түсеміз. Мехнаты сондай көп, ал күзде ақшаға айналдырғанда маңдай теріңе арзымайды.
Бір сәт әпкесі салы суға кеткен адамның кейпінде үндемей қалды. Қасірет торлаған өңінде бір бүйірі ойсыраған кісінің кескіні жатыр. Осыны аңғара тұра ауыр да болса Жапар жайсыз сауал тастады.
– Мырзабектен не хабар бар? – Жөнсіз әңгімені бастауын бастап алып, өз-өзінен қипыжықтады. Әйткенмен онысын сыртқа білдіртпеуге тырысты.
Мағира ауыр күрсінді. Бірақ тосылған жоқ.
– Ұзынқұлақтан естуімше әлдекімдер көріпті. Бірақ, «көрді» деген адамды іздеп барып сұрасам, ол басқа біреуден естіген болады. Ақыры, соңын таппадым.
– Іздеген біреу бар ма?
– Үлкен қайын ағамыз «іздеймін» деп жолға жиналып жүр. Сол, қаражаттың қисынын келтіре алмай қаңтарылуда, шамасы.
– Кеудесінде жаны болса, ер-азамат бөгде жерде бір күн де бөгеле ме?..
– Соны мен де ойлаймын. Бірақ, тағы да бір күмәнді тығырыққа тірелетінім бар. – Осы тұсқа келгенде бағанадан бері сұлқ отырған Бибі басын көтеріп, қайынбикесіне көздерін тіпті ежірейте қарады. Оған мына кісі сұмдық бір жан түршігерлік оқиға айтатындай көрінді. – Өзіміздің ауылдағы саудамен айналысып жүрген біреуден қарыз алған. Соны «қайтарып беремін» деп көкөніс пісісімен суыт Семейге тауармен кеткен. Сол кеткеннен күні бүгінге дейін жоқ. Менің шамалауым бойынша қолындағы дүниесінен айырылып, қайта алмай діңкесі құрып жатса керек. Келсе, тиісті адамына ақшасын әкелуі қажет. Оған, ондай тиын-тебені жанында жоқ. Содан бөгде жерде жіпсіз байланып отырған шығар…
– Соған бола лаға безу ақылға сыймайды. – Жапар қисынды айтылса да бұл уәжге келіспей, қарсылығын білдірді.
– Пәлі-і! – әпкесінің үні қатты шықты, – қарыз алып қайтара алмай қашып жүргендердің осы ауылдың өзінен үш-төртеуі кездеседі. Әлгі ақша берген кәріс зікір салып қаншама рет үйге келді. «Мен бір тиын да көрген жоқпын. Берсең, берген адамыңнан ал!» деп, шығарып салғанмын. Содан, әлі дамыл таппай екі күннің бірінде хабарын алуға жетеді. Қашып жүрген сондайлардың сүйегі де табылды. Кім өлтіргенін білмейді…
– Құдай ондайдың бетін ары қылсын. – Бағанадан сөзге араласпай отырған Бибі тосыннан қосылды. – Шиеттей бала-шағаларыңыз бар, аман шығар… келетін болар… – Өз ләміне соншалық нанымсыз екенін білдіріп, жүзін кілт төмен сала берді.
– Аман шығар… – Мағира сөзінің соңын жұтып, өз-өзінен бір күліп алды. – Ел «әлдекімге үйленіп, бірге тұрып жатыр екен» дегенді де айтады. Сөйтсе, сөйтіп те жүрген болар.
– Қой, құрсын… – Жапар бұл қойыртпаққа болмашы наразылығын білдірді.
Мағира содан кейін дастархан жасауға кірісті. Ендігі әңгімені ары-бері шапқылап жүріп өрбітті.
– Бақшаны биыл қалай салдыңдар?
– Балалармен жабылып, өзіміз… Кәрімбек пен Әлімбек өсіп қалды ғой. Бәрін істейді, малға да қарайды. Содан кейін баяғыдан бері араласатын Кзәнди деген шешен жолдасымыз бар, ол бір жағына шығысады.
Жапардың көз алдына бет-аузын көкмораз жүн басқан, жасы жер ортасынан асқан шешеннің кейпі елестеді. Мырзабектің бар кезінен екі отбасы жора-жолдас боп, аралас-құралас жүретін. Бұл олардың сыйластығына іштей сүйсінетін. Соңғы бір әңгімеден естуінше оның да қатын-баласы Шешенстанға көшіп, өзі жалғыз ата жұртына бармай бадалыпты. Осы жағдай біртүрлі көңіліне көлеңке түсіргенімен, ойын арам пиғылға бұрмаған.
Осындай мән-жайды сұрасқан қалпы бір шәугім шай ішіп, ауылға тартты. Ана дым білмес кішкенеден басқа жиендерін де ала кетті. Оларды қайтар жолда соғып, өзі әкеп тастауға уағда байласты.
Нағашы әжелерінің үйіне көтеріңкі көңілмен келген жиендер ертеңінде төсектен бір түрлі пәсейіп оянды. Әсіресе қыздың мазасы қаша берді.
– Мамам малға қарай алмай жатқан шығар, кетейік, – деп, қос ағасын асықтырды.
Баланың сонша бәйек болғанына Жапар әлденеден дүдәмалданды.
– «Қыз – бауырмал» деген сол ғой, мамасына жаны ашып барады, – деді Бибі оның бұл қылығын көріп. Аякөздің тызақтағанын іштей жақсылыққа жорып тұрғаны да оның өңінен айқын аңғарылды. – Ұлдар, әне, ойларында ештеме жоқ, жүр далақтап. Кескіндерінен “шешеміз жалғызіліктен қиналып қалды-ау” деген қынжылыс байқалмайды.
Жапар бірдеме айтуға оқталды да, үй-ішілік шыршудан биік тұрғысы келді ме, сырт айналды.
Көңілі нілдей бұзылған Аякөз ақыры ағаларына жан таптырмады. Сөйтіп, балалар сағат он бірлердің шамасында автобусқа мініп, үйлеріне қайтты да кетті.
…Жапар ауыр күрсінді.
Қырыққа келіп, қырма сақал болса да жақсы көрген адамы туралы жаман ой ойлай алмайтын сорлылығына күйінді. Өмірінің оңбай жүргені де тіршілік атаулының бәріне баладай аңғырттықпен қарайтындығынан шығар. Сол жолы сорлы басы ештемеден күмәнданбапты ғой. Ақыры… Әпкесінің әлгі қаңғыған шешенге күйеуге тигенін кейін білді. Сорақысы сол – Шешенстандағы соғыстан қатын-баласы бас сауғалап қайта қашып келіпті. Мағира тоқалы екен.
Көк түтін бұрқ етті. Оның ысынан көзі ептеп ашыды. Жанарының аясын лықсып кеп жас торлады. Бұл – көрінген көк аттының алдында көкірегі басылғандығынан ба, әлде түтіннің ащылығынан ба, өзі де пайымдай алмады. Сірке суын ішкендей өзегі кенет жидіп жүре берді. Әлем тұтастай буалдырланып, біртін-біртін меңіреулікке ұласты…
Дөңгелектің екпінінен ұшқан сірі қар, құмша суылдап капоттың үстінен жүгіріп өтті. Ысқырған желдің уілі құлағына ап-анық естілді. Бағана жаратқанның жанары шымылдықтай тартылған тұманның арасынан болар-болмас бір жылт еткенде, күннің құлақтанып тұрғанын байқаған. Сонда жеті қат көктің маңдайы қақ айрылып кете жаздап сызданып, шытынай көрінді. Енді тіршілік атаулыны атжалман өңешіне салып қылғыта салғысы келетіндей, дүн-дүниені шамырқанған мінезімен қусырып барады.
…Бұлықсып көктем келді. Дүрк етіп көгі қаулаған бұла күнмен бірге Жапар да толыса түсті. Өткен жылы маусым айында ғана мектепті бітіріп еді, енді биыл мамырда құрбылас қатарымен бірге армияға шақырылды. Кеудесін үй-ішіне, туған жерге деген қимас сезім кернегенімен, азамат болғанына қуанышты-тұғын.
Ұзақ жолға аттануға екі күн қалғанда Талдықорғандағы техникумда оқитын әпкесіне тартты. Бұрын қалаға жиі қатынамағандықтан шәрінің қитұрқысын аңдай алмай адасып, әбден рәсуасы қашты. Түнеукүні бір келгенінде нөмірі бәлен автобусқа мінген сияқты еді, ол автобусың бүгін ақылынан алжасқандай әлдебір қуысқа апарып тастады. Бұдан соң жандалбасалап, көзі үйреніп қалған орталықты іздей бастады. «Сол тұсқа апарады ғой» деп келесі көпшілік көлігіне отырған, ол мүлде қиыс тартып ит зықысын шығарды. Содан діңкесі құрыған соң доңғалақ атаулының бәріне қолын бір сілтеп, шаһарды қақ жара тікесінен тартты. Бармаған жері қалмады, екі аяғы салдырап, табаны удай ашыды. Жөн сілтеген адамдардың айтуы бойынша жүргеннің өзінде, қалың үйдің ортасына орналасқан техникумның корпусы қарасын көрсетпеді. Құдайдың күні де шақшырайып, табаға салғандай қуырып барады. Терден шыт жейдесі денесіне жабысып, маңдайы күнмен шағылыса торсиып, үйіткен тауықтай қызара бөртіп жылтырап алды.
Сөйтіп, түске дейін табанынан таусыла сандалып жүріп Мағираның жатақханасын әзер тапқан. Студенттер сабақтан енді келіп жатыр екен. Ешқайсысын танымайды, өңкей ақ халат кигендердің арасында әпкесі жоқ. Бір кезде қалың топтың ішінен Мағирамен бірге оқитын қыздардың қылпын байқап қалды. Олар да мұны тани кетті, бұрын бірлі-жарым мәрте кездескендері де бар.
– Ой, қал қалай?!
Әсіресе ашық сары өңді бойжеткен сонадайдан қолын бұлғап, бұған етенелік танытып іш тарта елпектеді. Мұның өз-өзінен екі беті ду етті. Өйткені жанынан ағыла шұбырған бөгде жандардан қысылды. Олар бұған көздерінің қиықтарымен қарап, «бұл кім» дегендей сыңай танытатындай. Себебі, Жапардың тоқырайған басында ашық сұр түсті шетен қалпақ, үстінде қара костюм еді. Күн «жегендіктен» өзі көмірден жаралғандай қап-қара болатын. Бұтында ұсақ шақпақ-шақпақ өрнектері бар ақ түсті шалбар, аяғында артельдің тіккен қызыл платформа туфлиі-тұғын.
Осы тұрысының өзі түрлі-түсті индиялық киноның көрінісіндей.
– Қашан келдің?
Ал мына әпкесімен бірге оқитын қыз ештемеден тайынар емес, көшедегі көлденең кісілердің бәрін өзімсінетіндей тым еркін.
Жапар тіпті қыстықты, қас қылғандай аузына «жақсы» деген сөз де ілікпеді. Рухын езген ынжықтық еңсесін жаздырар емес. Құдай атқанда аңқалақтаған бәтірдің есімінің кім екенін де ұмытып қалыпты, кәне, жадына түсіре алсашы. Сосын, ұялған тек тұрмастың кебімен, езуі ыржиып күлген болды. Осы екі ортада ендігі оны мазалаған нәрсе «қал қалай» мен «қашан келдің» деген сауалдың қайсысына бұрын жауап беру керек деген сұрақ-тұғын.
Ол өстіп ит әуресі шығып тұрғанында әлгі бойжеткен сылаң қағып қасына да таянған еді.
– Қал қалай, Жапар?! – Қайыра сәлемдесті.
– Жақсы. – Танауының астынан естілер-естілмес міңгір етті. Мұрнының ұшы шып-шып терлепті.
– Ауылдан қашан шықтың?
– Бүгін.
– Мағираға келдің бе?
– Иә.
– Жүр онда бөлмеге, ол қазір келеді. – Бұдан қос жанарын алмай, өзімен бірге ілесуін өтіне ықылас танытты. – Оқу корпусында топ жетекшісімен қалды, шамасы, кемінде бір жарты сағат айналатын жұмыстары бар. Соған дейін шақырайған күннің астында тұрасың ба қаңсып? – Екі ойлы пішінде сенделген мұның қапелімде қозғала қоймасын ұқты ма, қолтығынан алып, өзімен ілестірді де жөнеді. Бұл танауы тесілген тайлақтай еш қарсылықсыз ілби берді.
– Ауылда не жаңалық бар? – Құдды бір бұлардың ауылындағы тірліктің бәрінен хабардар жандай сауалды осылай тастап, аузы тынбады.
– Еш жаңалық жоқ.
– Үлкен кісілер аман ба?
– Аман.
– Биыл қандай оқуға тапсырмақ ойың бар? – Әсілі, былтыр мұның құрылыс техникумын көңілі қаламай кетіп қалғанын білетін сыңайлы.
– Биыл оқуға құжат тапсырудың реті болмас.
– Неге? – Көзі бағжаң етіп, қолтығына қысылған далбайдай бұған оқшырая қарады.
– Армияға кетемін ғой.
– Қашан?
– Екі күннен кейін.
Қыз енді тоқтап тұрып бозбаланың бетіне таңырқаған пішінде сұғын қадады. Екі көзі «мұның шын ба, шын емес пе» дегендей тесіледі. Соңында мақсатсыз жымия салды. Жапардың жүзі жанды.
– Ой, жарайсың!
Бозбала үндемеді.
Бөлмеге келгеннен соң Жапарды отырғызып қойып шайдың қамына кірісіп, зуылдай жөнелді. Ара-арасында әр нәрсені бір сұрайды. Бұл «иә» немесе «жоқ» деп қана жауап қайырады. Көңілі уақыт өткен сайын әлденәрсеге алағыза берді. Елегізе алаңдауы сырт пішінінен де байқалып қалса керек:
– Қазір келеді, бір жаққа асығып отырсың ба? – деді әпкесінің курстасы «иә, армияға кетіп бара жатырсың, бәрін сеземін ғой» дегендей қулана жымиып.
– Жоқ.
– Ә-ә, онда жарайды.
Осыны айтқаннан кейін көп ұзамай сыртқа шығып кетті. Бөлмеде жападан-жалғыз қалды. Сәлден соң әлгінде тоққа қойылған шай сақылдап қайнай бастады. Орнынан түрегеліп барып суырып тастады. Қайта жайғасты. Тым-тырыс тыныштықтан зеріккендей болды. Терезенің алдында жатқан газетті алып ақтарыстырды. Бір кездерде барып аяқ дыбыры, сөйлескен қыздардың үні естілді. Есік шалқасынан ашылып ішке әлгі бойжеткен мен тағы да бұл танитын бидай өңді қыз енді.
– Келуіңмен. – Ол мұны кішісінгендіктен бе, жатсынбай қолын соза алдыға ұмсынды.
– Рахмет.
– Әлия айтты, армияға жүрейін деп жатыр екенсің, жолың болсын! Екі жылың екі күнге татымай тез өтсін.
Сонда барып сары қыздың есімі жадында жаңғырды.
– Айтқаның келсін!
Осыдан кейін екеуі бұрышта тұрған столды кітаптардан босатып, бетіне дастархан жайды. Қолдарына оны-мұны ұстай келген екен, демде столды жайнатып жіберді.
Осы екі ортада Мағира ішке енді. Жанарында нұр ойнап, өңі бал-бұл жанады.
– Қашан кеп қалдың?
– Ал, бақытты бол!
Әпкесінің бірден беті ду ете түсті.
– Оны қашан естідіңдер? – Абдырай үн қатты.
– Естіген жоқпыз.
– Естімесеңдер, сен қайдан білдің?.. Қыздар айтты ма? – Жанындағы құрбыларына қарады. Олар бұл әңгімеге біздің еш қатысымыз жоқ дегендей аяқ астынан бүгежек қақты.
– Жоқ, ешкім де айтқан жоқ. Бірақ, ішім сезіп, біліп тұрмын. – Әпкесі жымиып күлген қалпы жүзін төмен сала берді. – Әскерге жүремін, соны құлағдар етейін деп…
– Шығарып салуға енді қайтіп бардым?.. – Мағираның алғашқы екпіні жоқ, мойнына су кете сөйледі.
– Ауылда бұл шешіміңді ешкім білмейді, келе бер. Мен аттанғаннан кейін үй-ішті өз жайыңнан хабардар ете жатарсың.
– Жарайды… тәтемдерге тіс жармасаң, барамын.
– Айтпаймын.
Сөйткен әпкесі тұтастай әулеттің атына кір жағып, әкесінің аруағын аяққа таптап бата бұзып отыр. Бата бұзған ешқашан барқадар таппайтынын білді ме екен, жазған. Күйеуге тигеніне қарсы емес қой Жапар, бірақ екі мәрте ерге шығу ерлікке жатпас. Қайта әпкесінің бұ тірлігі қырыққа келсе де зәуілі басылмаған салдақының ісі сыңайлы. Қанша байсыраса да төрт баласын шұбатып, бес-алты баласы бар түсінік, түйсігі бөлек өзге келімсектің етегінен ұстау еш ақылға қонбайды. «Ұлы бар қатынның байға тиюі бекер» деп шешесі бұрындары бұлардың бала кездерінде жиі айтып отыратын еді. Тым құрымағанда осы сөз көкейінде қалмағаны ма?.. Мұның байқауынша Мағира түйсігіне ештеме түймейтін соншама саңылаусыз емес еді… Сөздің де қадірін бір кісідей ұғынып, өнерді де бір кісідей әлпештейтін. Ендігі мына тірлігі – нағыз қас жауыңның басына да тілемейтін абыройсыздық. Қазақта «қызың төрт-бес баласын шұбатып, төрт-бес баласы бар тілін түсінбестің етегінен ұстасын, құдай бар болса» деген қарғыс жоқ. Ал, сол жоқ қарғысқа ұшырарлықтай марқұм әкесінің не жазығы бар еді?.. «Қыз – жау» деп қазақ осындайдан, жаны әбден күйгеннен айтса тиіс. Әйтпесе, не көрініпті сонша…
…Жиендерін көрген Нұрғаным өзін іздеп келген кішкенелердің бетінен сүйіп, мәре-сәре күйі құрақ ұшты. Олар дүрк көтеріліп қайтып кеткенде көңілі қоңылтақсып, әлденәрсеге алағыза берді. Жапар анасының Мағирасын сағынғанын, қаншама безбүйрек болса да іштен шыққан шұбар жыланын көруге мұстақтығын перзенттік жүрегімен түйсінді.
– Тәте, Мағираның үйіне алып барайын ба? – деді бір мәурітте.
Кеспірін уақыттың өрнегі кескілеген шешесі бір сәт қалт бөгеліп, ойлана томсарды.
– Барсам, барайын…
Қызының үйіне саңы ауып, есі-дерті құлағанын ұлы қапысыз ұқты.
– Қай бір жетісіп жүр дейсің о қарағым… Балаларын жіберіпті, өзінің келгеніне тән ғой. – Ана байқұс бірден қолқ ете түсті. – Байдан тірідей айырылып отырғалы жылға таяды. Жайын білсем, біліп қайтайын.
Салып ұрып, бесіннің шамасында Талдыға ат басын тіреді. Сол жолы Жапардың әпкесінен қатты көңілі қалды. Сөз арасында Мағира:
– Қазақ «құдай, алаштан кем қылсаң кем қыл, ағайыннан кем қылма» депті. Сол айтқандай ағайыннан кем қылмасын. Түрмеге қамалса, өздерінің ақымақтығынан. Менің оларға жәрдемдесіп бөліп беретін ештемем жоқ, балаларым өсіп келеді, – деді.
Бауырларының басына күн түскенде өзінің қарайласпағанын осылай түсіндірді.
Мұны көргенде Жапардың есіне баяғыдан келе жатқан аңыз-әңгіме оралды.
Қалмақ шапқыншылығында қыпшақтың сайын даласындағы бейқам қоныстанған ауыл жау қылышының астында қалады. Әлгілер өлтіргенін өлтіріп, тірілерін байлап-матап тастайды. Дұшпан жасағын бастаған әмірдің ықыласы қолға түскендердің ішіндегі бір келіншекке ауса керек. Әлгіден жай-жапсарды сұрай келе күйеуінің де, балаларының да, бауырларының да қапияда тұтқынға айналғанын және олардың осы қалыңның ортасында тұрғанын біледі.
– Олай болса, – дейді әмір ат үстінде ызбарланып, – сол, ең қымбат жандарыңның арасынан біреуін ал да, аттан. Бастарың – азат.
Қолы матаудан босанған әйел өзімен бірге әкетуге бауырын қалайды. Сонда мұны көрген әмір таңданып:
– Неге сен бауырыңды таңдадың, соның мәнісін айтшы, – дейді.
Жаужүрек келіншек суық жанарымен әмірге тесіле қарап:
– «Қатын – жолда, бала – белде» деген емес пе ер-азаматтар. Бауырды қайдан табамын? – деген екен.
Сонда ғана әйел шешімінің керемет астармен әдіптелгенін ұғынған озбыр сөзге тоқтап, тұтқынның бәрін босатып жіберіпті.
Ал, бүгінгі ғарыштық ғасырдағы өркениетті заманның әпкесі, «ағайыннан кем қылмасын», «балаларым өсіп келеді» дейді. Сонда дейді-ау, ағайыннан кем болмай-ақ қойсын, артықшылықты дүниеде деп ойлай ма?
Жапардың жанына бәрінен осы сөз қатты батты. Сол күнге дейін ішкі пиғылын қалай түсінбей келгеніне қайран. Қолындағы аз ғана сасық дүниесімен Мағира әпкесі барлықтарынан биік тұр екен. Оның ұғынуынша, қалғандары қоңыз теріп жүр.
Бәлкім, сол дүниені бөлісе алмай Мырзабектен көз жазды ма, сол дүниенің кесірінен төрт бірдей баласы тірі жетім қалды ма…
Тіпті, соншама күпінерлік бес-алты сиырынан басқа алып бара жатқан байлығы да жоқ еді. Шынтуайтында сорлының басында бес батпан бейнеті мен қара қазандай қасіреті ғана болатын.
Дала, дала… Маңқиып жатқан ұшы-қиыры жоқ маң дала. Ештемеден, бейхабар, ештемеден қапысыз, соқыр, мылқау. Түртсе көргісіз ақ түтек боран жініге желіксе де селт етер емес. «Білгеніңді істеп ал» дегендей одан сайын бауырын жазып, бұйығылық танытады. Есірік жел бұл қам-қаракетсіздікті сезінгендіктен бе, көкайыл қатындай көкезулене екпіндетіп ұли түседі, құтыра түседі. Осы алу-далу әбілеттен аспан мен жер астасып, тұтастай әлем шымқай боз түске енген. Тек үрейді алып, өзегін суыра ышқынған долы боран кәріне міне жөнелгенде дүн-дүние шайқалып кететіндей көрінеді.
Төрт құбыланы түтіп жеген аласапыранның ішінде болар-болмас қалт-құлт етіп келе жатқан өлмеші жарық көрінеді. Ажалына асыға ма адам баласы, жалпы, тіршілік иесі тырп етпейтін мына сұрапыл күнде жамбасын сүйретіп, алға итінеді. Жолды жал-жал боп көміп тастаған күсет, машинаны теңіздегі толқынға ұшыраған қайықтай лақтырып жібереді. Бұл қақпақылдан әзер есін жиып түзуленіп алғанша, қайта бір оппа дегелек қақтырады. Заматында жантәсілімдікпен рульді оңға, солға бұрай жөнеледі. Әйтеуір, бір алланың өзі жар бола ма, оңшалып алады. Не керек, бітпейтін жан беріп, жан алатын арпалыс. Жолдың әшейін аты ғана, әйтпесе зымиян үскірік әлдеқашан тұтасқан маң далаға айналдырып жіберген. Жазатайым күртіктің бір иіріміне шоңқиып барып тоқтасаң – біткенің. Зәрлі де қаһарлы аяз бен дауылдың өтінде тірі қалуың неғайбыл. Тоқтасаң болды, алдын-ала иманыңды оқи бер. Иманыңды оқығың келмесе қайткенде де іркіліп қалмауға тырысу керек.
Осы долы мұхит толқынының айдауындағы жаңқаша қалт-құлт етіп келе жатып, Жайнақтың жайын ойлады.
Қайран інісі екі иығына екі кісі мінгендей зор денесімен балаша кеңкілдеп күліп қоятын. Зипа бойында тал міні жоқ, мүсіні келісті-ақ еді. Көңілінде бүкпесі де болмайтын. Бір айыбы, кішірек кезінде тамаққа көп өкпеледі. Өйтетіні, ерке-тін. Әкесіз жетімдігін білдірмеймін деді ме, шешесі Нұрғаным байқұс төбесінен құс ұшырмауға тырысты. Тіпті, көлденең көк атты тұрмақ, бірге туған Жапарлардың біреуі оған сөйлесе көңіліне ауыр алатын. Жақтырмай қалатын. Осыны бала неме арқалана ма, жөн-жосықсыз болар-болмас нәрсеге бұлқан-талқан тулайтын. Бұдан соң «әкесі жоқ – өтірік жетім, шешесі жоқ – шын жетім» деген сөздің ақиқаттығына келіспеске амалың қалмайды.
Енді, міне, тас қамалдың ар жағына барып тас бекініп жатыр. Құдай шыр айналдырып әкеліп, ағайынды төртеудің ақыры біреуін түрмеге тығып тынды. Тәңірі бұған аян беріп, «түбі қоймаймын, төртеуіңнің біреуіңді өкіметтің босағасына телміртемін» десе, Сапар қамалғанда қозғалмай-ақ қоятын еді. Тағдырдың ең кішілерін апарып тозақ торына тастағанына жүрегі бебеу қағып, жаны тызақтайды.
Қайран шешесі қайтіп қана отыр екен?..
Көкірегі сыздай жөнелді. Жанына шемен боп қатқан зауал, ішкі дүниесін безек қақтырды.
Ауылда тірлік етер мүлде кәсіптің қалмағандығынан Жайнақ жазда Алматыға келген. Жұмыс іздеп ұзақты күн сабылғанымен, еш жерде күтіп тұрған істің ұштығы да білінбеді. Иіні салбырап, жүні жығылып босағадан аттайды. Інісінің өстіп көңілсіз оралғаны Жапардың жанына қатты батты. Бұлай қиналатыны, Жайнақтың оқымағандығы тікелей өзінің кінәсіндей көрінетін. Ағалық танытып, кезінде қол ұшын соза алмады. Созғыса-ақ келген, шамасы жетпеді. Әттең, өз уақтысынан он жыл бұрын туғанында бәрін жайғастырып қояр еді. Қырсық қылғанда, дәл бұл өмірге араласатын тұста, дүние астаң-кестеңі шығып өзгерді де кетті. Тәңертеңгі ақыл түске жарамай қалды. Соның салдарынан тоз-тозы шығып, өліп қалмай көпшілікпен қатар күнелткеніне, шүкіршілік айтыпты. Сөйтсе, онысы күпіршілік бопты, жарғақ құлағы жастыққа тимей бір бәлені қотарыстыру керек-ақ екен. Ендігі аужалы тіпті сиықсыз – кәдесіз бұйымға айналған – ешкімге қажеті жоқ. Өле қалайын десе құдайға да керегі жоқ сияқты, алмайды.
Жайнақтың мектептен кейін оқу іздеп ұзауына мүмкіндігі жетпеді. Қаражаттың жоқтығы бағын байлады, өйтетіні кез-келген оқу орыны ақша сұрады. Сол тұста армия деген де бір тажалға айналды. Барған балалардың кейбірі соққыға жығылып, қайсыбірі қашып, ішінара беймәлім себептерден өліп жатты. Ел ішінде үрей туды.
Қазір осының бәрі, ойлап отырса, жариялылықтың «жемісі» тәрізді. Ежелгі жабық дүние демократияның ықпалымен қалқып бетіне шықты да содан бейқам елдің үрейі ұшты. Өйткені социализм қоғамында мұндай сұмдық жоқ, болмаған сияқты көрінді. Әйтпесе, оқуға түсуің үшін бұрын да ақша сұрайтын. Жапардың өзі армия қатарына шақырылған кеңес өкіметінің тұсында да, әскерде осындай жайсыз үрдістер бар-тұғын. Онда да жақ-жақ, ұлт-ұлтқа бөлініп қызыл шеке боп төбелесетін, таяқ жейтін, әлдекімдерге таяқ жегізетін; онда да қашып-пысқандар көптеп кездесті; онда да өлім-жітімге ұшырағандар, өздерінің денесін өздері тілгілегендер болды. Бірақ, ел бүгінгідей армияға аса қауіппен, қатерлі дүниедей қараған жоқ. Өйткені, кім түймедейді түйедей етіп бадырайтып жазса, кім жанашыр ретінде оптыға сөйлесе сол беделге, абыройға, билікке ие болатын заман туды. Баладай аңғал халық ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланған сондайларға пейіл қойды, соңдарынан үдере ілесті.
Енді жұрт шамалары жетсе, балаларын әскер қатарына жібермей алып қалуға тырысты. Нұрғаным да осы бәледен тіксініп, кіші ұлын қасынан ұзатып шығармауға бар күшін салды. Әскери комиссариатқа өзінің жалғыз басты екенін, зейнетте отырғанын айтып шағымданып қаншама сабылды. Беймәлім оқалы найсаптарға босағасындағы байлаулы сиырын беріп, Жайнақтың армияға баруын екі жылға шегерген. Келісім бойынша олар әскери билетін кейін, түпкілікті қолына әпермек болған.
Уақыт өте келе, жай жұмыстың өзіне орналасуға ер-азаматтарға әскерге барғандығы үлкен септігін тигізді. Жұмысқа алмауға сылтау іздеген мекеме осы желеуді бет перде тұтты.
Жайнақ қаптаған фирманың біріне кіргенінде ондағы мығым дөкейі:
– Әскерге барған ба едің? – деді көзінің астынан шүйіліп.
– Жоқ. – Бұған дейін де талай жерден салы суға кеткен Жайнақ кібіртіктей үн қатты.
– Оның жарамаған, бізге әскерге барғандар керек.
– Тым болмаса күзетке алсаңыздар.
– Сол күзетті айтамын. – Креслосына шалқалап отырған қалпы, темекісінің түтінін ернінен шүйіре шығарды. – Мамандығың жоқ қой шамасы?
– Иә...
– Амал қанша, пошым-бітімің жақсы-ақ екен. Ренжіме, еш реті жоқ.
Алматыға келіп жұмыс іздеп жүрген кезіндегі бұл бірінші рет күйреуі емес-тін. Құдай адымды аштырмайын десе, аштырмайды екен. «Екі қолға бір күрек» дейтін заман өтіп кетіпті. Сол күректі ұстау үшін де әлдекімдерге жәреукелену немесе әлдекімдермен ауыз жаласу қажеттігін ұғынды.
Тесік-тесікті, ұңғыл-шұңғылды қалдырмай сабылып жүргенінде жігіттің осыған көзі жетті. Сосын бәрінен күдерін үзіп, үйде томаға тұйық отырып қалды. Тындыратыны бірінші сыныпқа барған Айбынды мектепке апарып, қайыра әкеледі. Ертеңгі сабаққа дайындалтады. Жеңгесі жұмыста, Жапар ұсақ-түйек шаруалармен жүреді. Сондықтан кешкілік тамақ әзірлеп қояды. Бірде ағасына:
– Көшеден ауылдың баласын көрдім, – деді.
– Иә. – Жапар «ол не деді» деген пішінде оқшырая қадалды.
– Ауылда көңіл жұбатарлық ештеме жоқ, жанжал дейді.
Жапардың санасына бірден Көнектің тентектері сап ете түсті.
– Не қылған жанжал?
– Ой, ана, «Апырымовтар ешкімге жантаптырмай бара жатыр» дейді. Есігінің алдынан өткен адамды шақырып ап, жұмыстарын жасатып қояды екен. Енді, ауылдағы балалар солармен жақсылап тұрып шайқаспаққа даярланып жатса керек.
– Сені соған жүр деп тұр ма? – Ағасының үні қатқыл шықты. – Құры-ы-сын, аулақ!
– Жоқ. Кездесіп қалғаннан кейін жаңалықтарды айтқаны ғой.
– Енді жолықса «жұмысқа тұрайын деп жатырмын, таяу арада ауылға бармаймын» де, жарай ма?
– Өзі де сөйтемін. Ауылда болмағаным қандай қатып кетті, әйтпесе маған да «жүр» деп қолқа салар еді. Бармасаң, жексұрын боп көрінесің. – Еш қылаусыз балаша көкейіндегісін айтты.
Жапар сырт айналды. Шынында да ел ішілік жастардың түсінік, танымы оны да қайран қалдыратын. «У ішсең руыңмен» деген қағидат әлі сепсімей, бойларында қалып қойған. Он тоғызыншы ғасырдағыдай сойыл алып, жік-жікке бөлініп соғысу бүгінгі күннің тәсілі емес екенін ешкім қаперлемейді.
Әңгіме осымен бітті де, күнделікті күйбең тірлік өз әуенімен жылжи берді. Қайтып ол жөнінде сөз қозғалған жоқ.
Қазақтың пәлсапасы басқа халықтың пайымынан әлденеше терең екенін Жапар баяғыда мойындаған. «Адамның басы – алланың добы» деген рас. Әлгі әңгімеден кейін арада ай өткенде алдын-ала келісім бойынша Жайнақтың әскери комиссариатқа баруы керек болды. Сөйтіп ауылға аттанды.
– Кейінірек барсаң қайтеді? – деді Жапар әлденәрседен секемденіп.
– Оған комиссариат тағы бір бәле шығарып, «шақырғанда келмедің» деп, бірдемеге ілініп жүрем бе? Өтірік құжат жасатқан бір-екі баланың ісі сотта жатқан көрінеді. Тынышынан-тыныш жолығып, не айтпақ екен, білейін. «Болмайды, армияға барасың» десе, кетемін.
Расында да соңғы кезде көрінген нәрсені желеу етіп қалайда әскерден бой тасалау үрдісі етек алып, комиссариаттардың қызметі тексеріле бастап еді. Былықтары да газеттерге жазылып, бірлі-жарым комиссарлардың бастары бәлеге шатылған. Енді әлгіндей әрекетке барғандары өздерінің жанын сақтау үшін, бұрын кейінге қалдырған адамдарының бәрін жинап жатса керек.
Ағасы осыны ойлады. Бір жағы інісінің де ауылға қарай саңы ауып, ар жағы қолқылдап дегбірсізденгендей көрінді. Іштей «апасын сағынды ма, – деп тұжырды, – барса барып келсін, бәле-жаласынан сақтасын».
– Жарайды. Бар да, ештемеге алданбай, жылдам қайт. – Көкейінде төре-төлеңгіттердің тірлігі сайрап жатты. «Бір нәрсеге ұрынып қалмаса екен» деп қорықты. Сондықтан, тез оралуын қатты тапсырды. Ойлағанындай-ақ, бар бәле Жайнақтың ауылға келуін күтіп тұрыпты: екі жікке бөлінген тобырдың төбелесі, кісі өлімі, түрме…
III
Жапардың төбе құйқасы шымырлады. Ой қуып сандалып айшалықтанғанында, мына былыққан дүниеде қалай жол тауып жүріп келе жатқанын да білмеді. Бар білетіні – қайткенде де Қарағандыға жету. Әлгі іздеген адамдарын ұшыратып, ақшаны алу. Оларға ақша бергелі де арада үш жылдай өтіпті, иманшылықтары болса мұның басына күн түсіп, ауыздықпен су ішкенінде жерден қазса да табар.
Қас қарайды. Сол-ақ екен, түнеріп барып күн бірдемде ұясына кіріп үлгерді. Дауыл күшейіп, үдеткен сыңай танытады. Оны жолды кес-кестеген сумақай үскірікке ілескен түйіршік қардың сықпытынан байқап келеді. Жүрісі мүлде баяулап қалғандай, ілгері басқан аяғы кері кетеді. Әйтеуір, алланың жар болғандығынан, машинаның күштілігінен ғана ілби қозғалатындай. Әйтпесе, баяғыда далада қалғандай еді. Жол-жөнекей неше техниканы көрді. Бүрсең қағып КамАЗ-дың шопырлары қыздырғыш оттықтарын жалаңдатып жүр. Шамасы, солярка жүретін жүйенің бәрін көк аяз қармап, содан алпауыт көліктің демі құрып, қара тұяғынан хал кете болдырған өгіздей діңкелеп тұрған сыңайлы. Қайсыбірі балонын өртеп жатыр. Оның қасында тәуба. Тыным таппай төрт құбыласынан ұйтқи-ұйтқи дауыл соқса да, тоқтамады. Жол мұраты – жетуді көкейіне түйіп, жанына қарысып-ақ тірмізіктенеді. Бірақ, Қарағандыға барар жолдың мойны қашық еді…
Жаңа жылдың алды-артындағы мерекелік екі-үш күнді пайдаланып, ат басын ауылға тіреді. Бұған үй-іші, әсіресе, анасы Нұрғаным мәре-сәре. Ақжарма көңілдің аясында Жапар да ерекше насаттанды. Шешесін сағынып жүр еді, мауқы басылып, көзайым тапты.
Сөйтіп, тоқсаныншы жылды туған босағасында қарсы алды.
Ертеңінде түске қарай жекжаттары әрі мектепті бірге бітірген Жомарт сап ете қалсын. Арсалаңдай амандасып, шұрқырай қал-жай білісті.
– Сенің үйде екеніңді естіп, әдейі келдім. Жаңа жыл құтты болсын!
– Рахмет. Үй-іш тегіс аман ба, апамның қалі жақсы ма? – Жомарттың шешесін бұлар «апа» дейтін еді.
– Аман, аман.
Ауылдың жай-жапсарын, өзге де ұсақ-түйек ананы-мынаны сұрастырған қалпы, көтеріңкі күйде шай ішілді. Дастархан жиналар алдында Жомарт:
– Жүр, қыдырып келелік, үйде отыра бересің бе? – деген ұсынысын да айтып үлгерді.
– Жарайды, бой жазалық.
Сыртқа шықты. Күн шақырая шатынағанымен сары шұнақ аяз кәріне мінгендей. Әудем жер ұзамай жатып, бетті шым еткізді. Бірақ оны жаңағы ішкен бірер жүз грамның буымен екеуі елей қойған жоқ. Самбырлай сөйлеп, қарыштай басып ілгері оза берді. Алған беттері – «Үшінші».
Жомарт сонда тұратын еді.
Кеңестік шаруашылықтың бұл үшінші бөлімшесі орталықтан үш шақырымдай жерге қоныстанған. Жұрт «Үшінші бөлімше» деп атын толық айтқанды қиынсынды ма, әу бастан «Үшінші» деп атапты. Бұған әлде оның үш қана көшесі болғандығы, негізгі орталықтан үш шақырым жерде тұрғандығы ықпал етуі де ықтимал. Әйтеуір, Жапар ес білгелі осылай естіп келеді. Өздерінше үлкен іргелі ауыл, жүзден астам түтіні бар. Жастары бәле іздегіш, шетінен қызыл шеке болып төбелесіп жататын. Төбелестің ішінде осы төңіректегі жұртқа белгілі жынды Көмірханның білеуіттері, Көнектің төбеттері және олардың жандайшаптары жүретін. Жанжалды шығаратын да солар. Әсіресе, сырттан келгендерге қырғидай тиеді. Өйткені, екеуінің де үйлері Үшіншіге кіре берістегі сол жақ қанаттағы көшенің бас жағында орналасқан. Кім келіп, кім кеткенін қалтқысыз көріп отырады. Одан қала берсе, үйірлі неме аш бөрідей шұбырып Үшіншінің үш көшесінде сабылады. Біреуі әлдекіммен ілігіссе, басқа түкпірде жүрген қалғаны демде ошарыла жиналып үлгіреді. Содан кейін барлығы қорқауша жабылып, ту-талапайға салады.
Дүбінген дүлейлер аздай Жебеуханның жініккен жындылары атқа қонады. Олардың да үйі оң жақ қанаттағы шеткі көшенің басына ірге тепкен. Әлгілер де ауылға кімнің келіп, кімнің кетіп жатқанын алақандағыдай мүлтіксіз аңғармақ. Және жойыттардың көзі құтырған иттің көзіндей қып-қызыл болып қанталап тұратын еді.
Бұлардан басқа да аннан қағылған, мыннан қағылған жойдасыз дөкір мінезділер жететін-тұғын. Бәрінің сықпыты үй маңында жуан-жуан тышатын, ал сыртқа шықса еш кәдеге жарамайтын дүрегей төбетке ұқсайтын.
Сол ылаңшыл ауылға бет алып келе жатты.
Екі елді мекенді ортасынан қақ жарып ағатын Қызылағаш өзені бар. Жазда салынатын бақшаға байланысты екпінінен айырылып жылап ағады да, жұрт ары-бері төтесінен өте береді. Қыста қос ернеуін керіп, көкмораз мұз қатады. Ортасында арқыраған су, кейде ашулы аяз оның да бетін құрсаулайды. Бірақ, таудан дамылсыз құйылған ағын тастүйін мұздан асып шығып, қызылсуға айналады. Тағы бір мысасына мінген аязда ол да көк «болаттан» кіреуке жамылады. Енді келесі бір кезеңде таудан құйылған ырықсыз су көктайғақтың үстімен лықсып кеп қалады. Әйтеуір осындай, дамыл таппайтын арпалыс. Ақыры көктем келіп бәрі сабасына түседі, ал жаз шыға бастағанда Қызылағаш өзені асау мінезінен айырылып тынады.
Сондықтан жұрт қыстың күні күрежолдың бойындағы көліктер жүретін үлкен көпірмен қатынайды. Ол екі араны тіптен қашықтатып жібереді.
Көпірді кейінге қалдырып асфальттан солға бұрылғанда өзекше, одан соң қыстау, қыстауға жапсарлас жалғасқан зираттар ұшырасады. Соқпақ қалың моланы қақ жарып, қорымдардан асқанда барып ылдиға ұласады. Содан біраз жүргенде бөлімшенің қоймасы мен жаман-жәутік малы тұратын шаруашылығына салынған базына ұшқасасың. Оның атын орысша далитып «хоздвор» дейді. Әлгіден ұзағаннан кейін ғана даңғой махалланың өзіне таянасың.
Жолшыбай Жомарт қызу әңгімені бастағаннан соң ба, жаяу адамға алыстау көрінетін алшақтық байқалмады. Жапар әне-міне дегенше зираттардың қасына таянғандарын аңғармады. Сосын жолдан қиыстап, әкесінің моласына бұрылды.
– Әйемнің басына барамыз ба?
Мұның әкесін ағайын-туғанның бәрі «Әйе» дейтін еді.
– Иә.
Тізеден келетін қарды кешіп, ілгері жылжыды. Бес-алты адым ұзаған соң күпсіген ұлпа күртікке айналды. Кейде қасат кісінің салмағын ерен көрмейді де, кейде ойылып түседі. Сондықтан асықпай ақырын аяңдап, қаптаған бейіттің ішіндегі атасы мен әкесінің тұсына ілікті.
Қара жердің қойнына әкелі-балалы екеуі қатар жайғасқан еді. Сол қашанда міз бақпай жататын тымырайған қалпы бұйығы қарсы алды. Қабірдің дәл іргесінде бір сәт олардың пәнидегі өрені иіні салбыраған қалпы, үнсіз мүлгірді. Жомарттың да өңіне салқындықтың лебі жүгіріп, томаға тұйықтаныпты. Жапар тым құрымағанда құранның бір сүресін білмегеніне өкінді. Сонда да әйтеуір далбасалап, өзінше аруақтың алдында мінәжат етті. Сөйтті де келген ізімен кері жүрді.
Бұлар таянғанда Үшінші бақалы көлдей бықып, қайшалысқан елге толы көрінді. Бүгін қаңтардың бірі болғандықтан ба, бәрінің қабақтары жадыраңқы. Көбі жастар. Сақ-сақ күліп бір-біріне әзіл айтады, қағытады. Екеуімен бетпе-бет жолығысқандары қол беріп, жылы ұшырай амандасты. Ара-арасында есігінің алдына шығып тұрған шал-шауқандардың да жетімсіреген кейпі көзге шалынады. Олардың сықпыты сарғайған жапырақ сияқты қуаң әрі күні өтіп бара жатқандарына опынатындай.
Жомарттардікіне бір құшақ буды арқалай кірді. Шөгіңкіреп қалған кәрі кемпір жүкке арқасын тіреп, жіп иіріп отыр екен.
– Амансыз ба, апа!
– Ой, Жапарсың ба? – Қаперсіз қария бірден басын көтеріп, сәлемнің орнына қарсы сауал тастады.
– Иә, мен ғой, апа.
Үлкен кісі бүгжеңдеп орнынан тұра бастады. Жапар да сырт киімін шешпестен қарсы жүрді.
– Өзің дағарадай жігіт бопсың ғой.
Қария маңдайынан сүйді.
Әп-сәтте-ақ дастархан жасалып, сары май мен ақ құрт, орауы қызылды-жасылды кәмпит мерекенің мерейін асырды.
– Оқуыңды қашан бітіресің?
– Құдай қаласа биыл жазда.
– Аз қалыпты ғой.
– Мезгілі таянған сайын, соңы жеткізбей шаршатады екен.
– Ештеме етпейді.
– Жапардың ауылға келгенін естіп, әдейі барып ертіп келдім, апа. – Сөзге Жомарт араласты.
– Дұрыс, бір-бірлеріңді іздеп жүргендерің жөн.
– Қазір мына Сәрсендердікіне барамыз.
Сәрсен де Жомарттармен замандас әрі екеуіне де жиен.
– Бүгін мәре-сәре болатын болдыңдар.
– Мәре-сәре болатын күн ғой. – Жомарт тіпті айдарынан жел есе екпіндете сөйледі.
Шай ішіп қайта сыртқа шыққандарында күн әжептәуір еңкейіңкіреп қалыпты. Соған қарағанда әңгімеге алданып, біраз бөгелгенге ұқсайды. Сонадайда көше бойымен құдыққа қарай шана сүйреткен бірлі-жарым баланың қылпы байқалады. Кейбірі флягін толтырып үйіне қарай су әкеле жатыр. Ара-кідік әтештер шақырады, ит үреді. Ауыл тірлігі сондай ғанибет реңге енген.
Жапарлар енді Сәрсендердікіне қарай бет түзеді. Бір-бірімен қанаттас салынған үйлердің арасымен жүріп, көздеген межеге демде ілікті. Әне-міне дегенше жиендерінің үйі қол созым жерде тұрды.
Екеуі бақшасынан кірмек ниетпен, төтелей тартты.
Қорасының арт жағынан әлденеге көздерін қадаған екі-үш адамның нобайы байқалды. Қатты-қатты шыққан бейсауат үндер де естілді. Соған қарағанда үйілген шөптің ар жағында әлдебіреулер жанжалдасып жатқанға ұқсайды. Сөйткенше болмай «ой, әкеңнің…» деп ышқына боқтаған біреудің дауысы да құлаққа ап-анық шалынды.
Бұлар жүрісін жүдемдетті.
Маяны айнала беріп Жапар өз көзіне өзі сенбеді. Сенбейтіні, дәл алдында Сапар біреуді сабап жатыр. Мұны шешесі Нұрғанымнан бастап үй-іштің бәрі қалада деп ойлаған. Енді Үшіншіде қайдан жүргеніне қайран.
– Саған осы керек қой, мә! – Әлгіні бырш-бырш түйгіштейді. Бүкіл назарын соған аударып, жанындағы тіршілікті біржола ұмытқан. Туған ағасының дәл қасына келіп тұрғанын да аңғармады.
Ана пәтшағардың шақар екендігі жалпақ жұртқа бұрыннан мәлім-тұғын. Таяқтың астында қалса да қызыл тілге ішкі қыжылын төгіп, буырқана бұлданады.
– Өлтіремін! Өлтіремін әкеңнің!.. – Біреу қолын ұстап тұрғандай шырқырайды.
– Өлтір… – Ызалы үн, қарысқан тістің арасынан ысылдай шықты.
Сәрсен жүгіріп кеп Жапармен амандасты. Амандаса сап:
– Сапар, қой енді, болды! – деп, басу айтқандай сыңай байқатты. Жұдырықтасқандарды қызықтаған төңіректегі өңге жігіттер де дабырласа басалқы сөздің шетін қылтитты. Содан кейін Жапар «өзара бірдемеге келіспей шекісіп қалған шығар» деп, көп бөгелмей ілгері жылжыды. Табалдырықтан аттасымен арқа-жарқа ниет танытып, кеу-кеулеген қошамет басталды. Сонда да жігіттің көңілі сырттағы малағамға алаңдап, байыз таба алмады. Ара-кідік:
– Әлгілер не болды? – деп, сұрап қойды.
– Ой, ол екеуі әлдеқашан татуласып, бірге Сапардың жолдастарыныкіне кетті. Қазір келеді.
Бұл сөз де көңілін жай таптырмады. Дегбірі қашып, шырқы бұзыла берді. Есік ашылған сайын босаға жаққа назарын тігеді. Терезеге үйірілген қараңғылыққа қарағанда, уақыт біраз болып қалғанға ұқсайды.
Сөйтіп, шырқы бұзылып отырғанында Сапар да жетті. Інісінің төбесі көрінісімен:
– Біз қайталық, үйге барғанша қай заман, – деп, ағайындарының ықыластарына рахмет айтты.
– Тізгін ұшымен жүргендерің дұрыс болмады, отырмадыңдар ма кішкене. –Біраз қызыңқырап қалған Жомарт наз айтқандай сыңай байқатты.
– Айып етпе, өздерің жайбарақат демалыңдар. Енді бізге қолқа салма, жүрелік.
– Жарайды.
Асығыс аттанды. Өйтпесе, үйірімен шұбыра көшетін осы жердегі әбілеттер қазір сарт етіп келе қалуы әбден мүмкін. Келе қалса қара жүректі нойыстардың талқысында қалатыны анық. Жанжалдасқан әлгімен Сапардың татуласқанына нанбайды. Нанбайтыны, Көнектің төбеттерінің құлы болып жүріп, соларды арқаланатын найсаптар жетерлік. Бағанағы таяқтың астында жатса да «өлтіремін» деп кіжінуші нақ сондайдың өзі еді.
Түн жамылып Үшіншіден шыға берді. Жапардың көңілі үріккен киіктің үйіріндей ошарылды.
– Былай жүр, былай жүр, – деп Сапар ағасын қақпалап, жолдан қиыс бұрды.
– Өй, қайда барамыз? – Жапар мұның мәнісін түсіне алмай, одырая қарады.
– Қазір аналар соңымыздан өкшелей қууы мүмкін. Оншақты минут мына «хоздворға» кіріп, аңысын байқалық. – Інісінің қабағы түйіліп, өңі шытынғаны ызалы үнінен аңғарылды.
Осыдан кейін ғана барып Жапар бастарына қандай қатердің үйірілгенін аңдады. Сөйтті де амалсыз, қарауытқан қара құжыраға беттеді.
Баздың қалқасына бұқпантайлаған күйі, құрығын көлденең ұстаған салт атты адамның Үшіншіден шыққанын көрді.
– Әне. –Сапар әлгіні иегімен нұсқады. – Бұлар, соңғы кезде есесі кеткендерді елсіз жерде жабылып сойылға жығуды әдетке айналдырған. Алдымен бір-екеуі атпен түре қуып орта жолдан бөгейді де, қалғандары жаяу-жалпылап үйірімен жетеді. Кейде бес-алты атқа мінгесіп-ұшқасып кеп, ошарыла түседі. Ал содан кейін кергіге сап, итше тепкілейді.
– Не болып кеткен бұларға?
Әлгі беймәлім аттыдан жанарын алмаған қалпы Жапар таңдана басын шайқады.
– Соңғы төрт-бес жылда осындай шайқас дәстүрге айналған. Жалқыға жабылуды намыс санамайды. Бас көтерер жігіттерді бір-бірден жәукемдеп, десін қайтарып, дымын құртады.
Бет-бейнесі көрінбейтін беймәлім сабазың мүлде асығатын емес. Атының тұяғын ғана жыбырлатып, қарсы беттегі егіншілікке ғана пайдаланылатын темір-терсектердің жықпыл-жықпылын аралап, мұқият тінтуде. Былайғы сыйқы өз бетінше әшейін жүрген адамға ұқсайды.
– Әне, көрдің бе, бізді анда тығылып отыр деп, қаңтарылған комбайндардың арасын тексеріп жүр. Қазір енді бір бөлегі шұбырып, мында да жетеді. Кеттік.
Әрі оның ол тұсты шолуылдауы, сол маңнан үлкен трассаға тартқан бір жол шығады. Шалғайлығына қарай онымен көбіне машиналар қатынайды да, қалың зиратты көктей ат-шана, жаяу-жалпылар жүреді. Бір жағы «қуғыншыны жаңылыстыру үшін әдейі солай қиястай жөнелді ме» деп, арылта байқастағаны.
Баздың ішінен атырылып, екеуі қасқа жолмен салды.
Табанның астында аяздың қысымына шыдамай гүрт… ғырт… етіп сынған сірі қардың бай-байы. Жапарға бұл тымық ауада сонадайдан «жүргінші әне кетіп барады» деп қуғыншыға жөн сілтеп, байбалам салған бақырауық түйедей көрінді. Еріктен тыс соңына жалт бұрылып, көз тастады. Қап-қара жым-жылас әбілеттің ішінде Үшінші әлдебір сұмдықты жасырғандай бұйығы қалпы тым-тырыс. Біртүрлі өне-бойы шым ете қалды. Сосын ағайынды екеуі алдыға жүдемдете адымдады. Көңіліне алаң кіргенмен әйтсе де, соншама қараулыққа баратындай елдің іші ұсақтанғанына сенгісі жоқ. «Әбден қалыптасқанша бүгін төбелесіп, ертең татуласатын бір жылғы төлдің шекісетіні болмайтын ба еді. Енді соны жеті атасынан бергі буынға түскен кектей көріп, ұрымтал тұста атой сап жабыла кетуге бара қоймайтын шығар» деген пиғыл Жапардың санасын шарлап жүріп алды. Мына жанталасып, әлдекімдерден бой тасалауға ұмтылып келе жатқан күлкілі тірліктеріне намысы қозды.
«Әй, кәпір» болмаса жеті түнде ошарыла қуып жын соғып па?»
Өкпесі аузынан атқалақтай шыға жаздап ентігеді. Жойдасыз жүрістен қыстыға деміккен ырсылы екі құлағын тұндырып жіберді. Оның үстіне зираттарға қарай жақындаған сайын жер қайқаң. Өр жай жүрген адамның өзіне салмақ салып, әліне тиер еді. Енді мынандай жан қарқараға таянғанда ашқан адымды қарыстырып, тұсамысша кібіртіктетті.
– Келе жатыр! – деген Сапардың шолақ қайырылған ызбарлы үні бойын қармап, құрсаулады. Оқыс артына жалт қарады. Ат тұяғының жол табанындағы тапталған қарды қарш-қарш басып, шапқаны білінді. Оған қабаттаса беймәлім нәрсе ызыңдап құлағына жететін сияқты. Оның не әбілет екенін сәлден соң ұғынды.
– Тоқта!
– Қашпаңдар, әкеңнің…
– Бәрібір құтылмайсыңдар!
Жапардың буыны әлденәрседен босап, қол-аяғы еркіне илікпеді. Шынында да білеуіттердің киіз басқандай етіп білекке салатынына сенбей дал.
– Жүр, Жапар, неғып тұрсың?!
Інісі жеңінен тартты. Сол тұста барып орнынан қозғалды.
Бұл уақытта түнектің ішінен көмескіленіп, әбілетше түйілген аттының сұлбасы да көрініп қалып еді.
– Жолдан былайырақ қыратқа шығайық, ол жерде қар сұйықталуға тиіс. Лажы болса ерден аударып тастап, аттарына мініп кету керек. – Сапар жерге шырт түкіріп, мұны дөңеске қарай жетеледі. – Егер бұлардың тосқауылында қалып қойсақ, онда біткеніміз… Соңында жаяу-жалпылап тағы бір қорасы келе жатыр.
Қалың зиратты қапталдай тура әкесі мен атасы жатқан тұсқа таянды. Осы кезде жемтіктің үстінде қанатын далбақтата қағатын қара құсша екі етегі далақтап әлгі атты да жетті. Мінгесіп-ұшқасқан екеу екен. Артындағысы секіріп түсіп бірден Сапарға ұмтылды. Жапар қараңғыда оның бет порымын аңдай алмады, әйткенмен тұлғасы үйдей көрінді. Жерошақтың маңында құйрығын қайқайтып жүрер дүрегейше дүрдиген тайлақтың біреуі екенін жорамалдады.
Әлгі құжыр мен Сапар екеуі шартпа-шұрт ұстаса кетті.
Ал ат үстінде қалғаны – бағанағы таяқ жеген неме. Ай-шай жоқ, бұған құрығын үйіріп тап берді. Арғы-бергіні екшеуге мұршасы жетпей Жапар да ұмтылды. Құрық салым жерге жуықтатпай, қос қолын ербеңдетіп, атын үркітіп жіберді. Бірақ бұл әдісінің еш кәдеге аспайтынын тез топшылай қойып, атты қайта маңына таятуды ойлады. Ол құрық сілтегенде сойылдан шап беріп ұстап, ерден аударып түсіруге ниеттенді. Дәл солай болды да. Әйткенмен сілтенген сойылды қармап қалғанымен, қансоққырды аттан аудара алмады. Бір қуанғаны, тізгін қолына ілінді. Оны саусақтарына екі-үш қайыра орап, алақанына шаптай уыстады. Сөйтіп, бірі – жерде, бірі – жоғарыда жан таласа арпалысты. Шамалы уақыт өткенде төменге қарай тұқитып, еңсеріп-ақ еді, ту сыртынан әлдекім қорбаңдап жүгіріп келе жатты. «Ә-ә, түлей атқыр, Сапарды жайратып жеткен екен-ау» деп, онысыз да желіп бара жатқан атты тоқтатпай, соның ауанымен дедек қаға қашқақтады. Ал ердің үстіндегі ананың мойыны оң қолының астында-тын. Бұл аяғы анда бір тиіп, мында бір тиіп сүйретіліп барады. Осы әрекеті қарсыласына да ұнайтындай, ол мұны аттың жалына қарай тартады. Өстіп амалдап, ерден ауып қалмай уақыт ұтқысы бар.
– Жапар, тоқта! Тоқта!
Жапар ештеме естімеді. Бар дәрменімен тырысып, құшағын қарсыласының мойнынан ажырата қоймады. Бір байқағаны, соңынан елпеңдеген әлгінің қолында білектей жуан нән сырғауылы бар.
Бұл – Сапар еді. Ат көтінен сыпырылып түсе сап лом темірмен өзіне атырылған әбілетті қапысын тауып, қаруынан адаландырды да алысып берді. Өңіріне жабыса қарманған білеуітті басымен танауынан бір сүзіп кирелеңдетті де, жоян жұдырығымен жағынан қонжитты. Оның аузын заматта-ақ танауынан аққан қан жапты. Әлеуетті соққыдан сәл сенделіп теңселген әлгіні тағы да құлақ шекеден жанып өтті. Ол буынын ұстай алмай ирелеңдеп құлап бара жатты. Осыдан кейін ломды ала сап ағасының соңынан ұмтылған.
Жапар қараңғыда оның қолындағы сойылды аңдап, мына аттыға мінгесіп келген дұшпанның екіншісі екен деп топшылады. Қатты ырсылдай ентігіп, көзіне қан тұнғаннан құлағы тас бітелді. Соның әсерінен інісінің үнін естімеді.
Осы әредікте қуғыншылардың жандайшаптары да «жау қайдалап» ұбақ-шұбақ созылып жеткен еді. Олар бірден Жапардың соңындағы Сапарға тап бергенде барып ағасы дәт деді. Өзінің ақымақтығына күйіне булықты. Сол тұста жауырынының ортасына күрзідей сойыл ыңқ етіп тиді. Ер үстіндегіге жармасқан екі қолы салдырап төмен түсе берді. Шеңгелден құтылған ол атын бір тебініп, атырыла жөнелді. Әрі түкірігіне шашалып барқырап барады.
– Сойыңдар иттерді! Аямаңдар! Аяғын екінші қайтара Үшіншіге қарай аттап баспайтын жасаңдар!
Әйткенмен Жапар есін тез жия қойды. Оң жақ қапталынан таянып қаған әлдекімді оң қолының сыртымен бар пәрменімен періп кеп жіберді. Ол қапелімде кейін шегініп, бойына дарытпады. Жұдырығы нысанаға дөп тимей, сүйкей жанады. Бұл барша үйелменімен ту сыртына бұрылды. Осы аралықта Сапарды іздей төңіректі шолуылдады. Анандай жерде қара-құрым нөпір үй орнындай алаңды алып үйіліп қапты. «Әй, мына жініккен сұмдар ана сорлыны өлтіретін болды-ау» деп ойлап үлгерді. Сол аралықта шабынған қарсыласы қайта бұған жұдырық сілтеді. Бұл да тайталасып бақты. Алайда қос қарау үйірінен бөлініп, қапталынан жылыстай жеткен еді. Кенет, құлақ шекесі дыңылдай жөнелді. Ізінше көзінің оты жарқ етті. Жер айналып аспаннан шықты. Жапар тәлтіректей барып танауымен оппаны сүзе құлады. Сірі қар алаулаған бетіне майдай тиді. Ол осы сәт өзінің бүйіріне түймештелген тепкіні сезбеді де.
Бір есін жиғанда әлі абыр-дабыр, ырс-ырс еткен үн, зікір сала боқтаған дауыс құлағына шалынды. Орнынан сүйретіле тұрып солай қарай беттеді. Еріні дүрдиіп ісінген сияқтанды.
– Мен сенің қаныңды ішемін дедім ғой, мә саған!
Баяпар да шіңкілдек дауыс.
– Түрегел!
Ізінше сылқ етіп тиген әлеуетті жұдырықтың дыбысы, «аһ» деп ауырсына ышқынған әлдекімнің үні құлағына шалынды. Бұл – Сапардың ышқынысы екенін де ұқты.
Жапар білеуіттерге қол көтеріп береке таппасын бажайлады. Айламен алуға ұмтылды.
– Әй, қойыңдар! Өлтіресіңдер ме?! Жетті…
– Мынау тіріліпті ғой…
– Аулақ ары! Саған не керек?!
Жонын күжірейтіп тұрған біреу таяна бергенінде кілт бұрылып, мұның өңірінен итеріп кеп жіберді. Әлгінің қауғадай басы мен жап-жалпақ беті безбүйрек қалмақтың датқасын елестетті.
– Не әкеңнің құны кетті менде? Неге итересің?
– Қайтеді-ей… – Анау гүжбан кеудесімен ереуілдей тапап, тарпа бас салды. Енді Жапардың тежелуі ретсіз-тін, қаны қызып «өлсем де жастығымды қармана кетейін» деп, әлгінің иегінің астын көздей сілейте соқты. Өз соққысының екпінімен аты жоқ саусағы қан қақсай жөнелді. Шамасы, осы жасына дейін ешкіммен шекісіп көрмеген басы жұдырығын дұрыс түймегенге ұқсайды.
Сол-ақ екен:
– Мынау қайтеді-ей? – деп, жауыздар тұс-тұстан анталады. Жапар тағы да илеудің астында қалды. Әлеуетті тобыр қаңбақша дөңгелетті. Жаны қыстыққанда ауа жетпей қыстықты. Тыпырлап далбасалағанымен қорғасындай батпанның астынан сытылып, жалтара алмады.
– Тоқтатыңдар! Тоқтатыңдар! – деп айқайлады. Бірақ ешкім оның сөзін тыңдар емес.
Әлдебір кезде аласапыранның арасынан құлағына кенет, «қойыңдар, қойыңдар» деген біреудің басалқы айтқан даусы естілді.
Бұл келген байбаламшыл бәленің ағасы еді. Ең бірінші өз інісін тықсыртты. Содан кейін қанына қарайған ұялас төбеттердің арасына килікті. Жініккен немелер жуық арада арашаға көне қояр түрі жоқ. Басу айтқан кезде сайқымазақтанып тежелгендей бүкпентайлайды да, сол арада айнала беріп, әрқайсысы Сапарды бір-бір соғып өтеді. Таяқтың сілелеткені соншалық, онысыз да ол аяғынан тұра алар халде емес еді. Сонда да әлгілер әкесінің құны кеткендей орнынан көтеріп ап төмпештейді.
Жапар байбаламшылдың ағасын сырттай танитын еді.
– Әбсәт, тоқтат бауырларыңды! Ананы өлтіретін болды! – деді орнынан сүріне-қабына түрегеліп.
Обалы не керек, Әбсәт те барынша жанжалға араласуда. Өз інісін бір-екі түймештеп жіберді.
– Мынаны әкетші! – деп, әлдекімге пәрмен берді. Соған қарағанда арашаға тағы біреулерді ерте келгенге ұқсайды. Ол байбаламшылды қолтығынан қармап тартқылайтын сияқты. Әлгі неме одан сайын дандайсып, көткеншектеп жүре қоймайтын тәрізді. Баж-бұж айқай, діңк-діңк жекіс күшейді.
Салбыраған қалпы сүйегін сүйретіп барып, нойыстар әлі тынбай тепкілеп жатқан інісінің үстіне құлады. Бір-екі жұдырық ту сыртынан тигендей болды. Бірақ оны ерен көрмеді, ерен көрмейтіні жан беріп, жан алысқан арпалыстан еті әбден қызып алған-тын.
Әлдебір уақыттарда озбыр топ қалпақтарын алшысынан киіп, мейманасы тасыған қалпы төменге құлдилады. Ағайынды екеуі тірі өлік қалпы аруақтардың басында жерленіп қала берді. Теп-тегіс күртік үйірлі қасқырдың ойнағына ұшырағандай тапталып, қардың бетінде қызыл жоса қанның ізі сүрмеленген. Ол қараңғыда одан сайын қара ноқат боп көрінеді.
Жапар мына ожарлардың басынғанына, әсіресе атасы мен әкесінің сүйегінің басына әкеп, итше тепкілегендеріне қорланғаны соншалық, көзін ашпаған күшіктей бауырын жерден көтере алмады. Құсадан аһ ұрды. Әкелері көрден шығып ұлдарының әлжуаздығына, босбелбеуліктеріне мүсіркей қарап тұрғандай көрінді. Әшейінде таяқ жесе ештеме етпейтін еді, ағайынды екеуінің бірдей аруақтың басында жайрағандары сүйегіне таңба боп басылмақ.
Осындай сауалдардың санасына бірі келіп, бірі кетті. Неғұрлым оның тұңғиығына батқан сайын қасіреті қабындап, көкірегі аяздай азынады. Қасіреті қабындаған сайын қара жерден бауырын жазу тым ауырға соқты.
Анандай жерде екпетінен Сапар қирай сұлаған. Соққы бұдан гөрі оған көбірек тиген. Еңсесін тіктеуге дәл қазір оның да дәрмені жетпейді…
Екеуінің де бастары жалаңбас, тұмақтарының қай тұста қалғанын да білмейді. Әлгілердің олжалап әкетуі де ықтимал.
Бір тал жұлдызы жоқ соқыр түн төбелерінен түнерген қалпы шұқшия төнеді. Әлденуақытта әлдеқайдан ит ұлыды…
…Осы оқиға есіне оралғанда тынысы тарылып, маңдайынан сұп-суық тер бұрқ ете түсті. Бұрында да сондағы қорланғаны санасында қылаң берсе жүрегінің басы қыжылдап, жанын қоярға жер таппайтын. Дәл қазір де қара құрт шаққан малдай бүгежек қақты. Өне бойынан қара шұбар жылан өрмелей жүріп өткендей денесі тітіренді. Қараптан-қарап зығырданы қайнады. Ашуға булыққаны сондай, өзінің жеті түннің ішінде жападан-жалғыз ақ қарлы боранда, көк мұздың үстінде келе жатқанын да ұмытты. Көкірегін әлдебір кек буды. Осы кектің уытына малшынып ол ұзақ сабылды. Білеуіттерден көрген озбырлығы жанын қыжыртып ілгеріге одан сайын жүдемдете сүйрей берді. Кейде астындағы машина судан шоршып секіріп, қайра тереңге гүмп беретін дельфиндей жолды кес-кестеген күсеттен ырғып барып қайта қонады. Сырдаң тұста мұндай шоршудың қатерлі екенін де қаперлей алмады. Төтеннен соңынан қуғыншы шыққандай құйын-перен заулатты. Тұла бойының талмаусырап қажығаны да тарап, жауындағы жылқыдай ширықты. Көзі қанталап, тас боса да шайнап тастауға әзір еді. Бар өшін бауырын кеңге жазып көсіліп жатқан қара жол мен астындағы машинадан алды. Ішкі өңезінен запыран қотарылғаннан кейін бебеулете берді, бебеулете берді. Тіпті сағатына қарауды ұмытты. Әлдебір уақыттарда қарсы маңдайынан бозамықтанған ақ сәуленің нышаны білінді. Бастапқыда алдамшы бір жарықтың шоғыры шығар деп мән бермеді. Әйткенмен бұл, ұйқысын аша алмай манаурап жатқан қабағы тұнжыр Қарағанды еді.
Қалаға ел орнынан тұрып, жыбыр-жыбыр тіршілік басталғанда келіп кірді. Қойын кітапшасында жазылған мекен-жай бойынша Алмастың үйін іздеді. Көрінгенді тоқтатып, Титов көшесін сұрады. Құдай атқанда ешкім білмейді. Барша тартқан жол азабынан мына тантал қабырғасына қатты батты. Іргесіне келіп тұрып көздеген адамына жолықпаса, қасіреттің үлкені сол болмақ. Аласұрып, меңіреу қаланың қойнына дендей енді.
Пәтерінің телефоны да бар еді. Бірақ, әдейі телефон шалмады. Ондағы ойы, танымайтын адаммен сөйлеспеуі де мүмкін, «Алмас үйде жоқ» дей салуы да ықтимал. Одан да бірден үйіне барып, бар жайды сосын айқындағанды жөн көрді. Осылай ой қорытқан соң дамылсыз іздеді. Әйтеуір сәтін салғанда, Титов көшесін білетін бір пенденің ұшырасқаны. Соның сілтеуімен ені бір-ақ аттам көшенің бойына ілікті. Шамасы, бұл бір қаланың қиыр шеті боса керек. Сұрай-сұрай, беталбат лаға бергеннен өзінің шәрінің қай тұсында жүргенін де бағамдай алмады. Түйсінгені, ит арқасы қиянға шығып кеткенге ұқсайды. Тағы да бір қыдыру ұзағанда көкейіне жатталып қалған нөмір көзіне оттай басылды. Сұрқай түсті бес қабатты үй екен. Ауласына тоқтады да машинасынан түсті. Сарылып ұзақ отырғаннан аяқ-қолдары қарысып қапты. Қылтасын жаза алмаған күйі кібіртіктей алға жылжыды.
Қоңырауды басып еді, бидай өңді әйел есік ашты. Бейтаныс мұны көрген заматында тіксініп қалғандай, жүзінен ішін жия қойған нышан байқалды.
– Сәлеметсіз бе?
– Сәлемет…
– Алмас бар ма екен?
– Бар. – Қой көздерінде таңданыс ізі білініп, үні де құбылып салды. – Үйге кіріңіз.
Осыны айтты да кейін шегінді. Жігіт босағадан сөлбірейген қалпы аттады да, состия бөгелді. Көп ұзамай арғы бөлменің бірінен түсі таныс жігіттің төбесі көрінді. Бұған қарап жайдары қалпы жымиятын сияқты.
– Ассалаумағалейкум! Хош келдіңіз!
Мейір қандырар ықыласты сәлемді күтпеген бұл іштей таңданыс сезімін өткерді.
– Әликім… – Еріні болар-болмас қана жыбырлады.
– Ат-көлік аман келдіңіз бе? Мынандай ақ түтек боранда көзжұмбайлықпен жолға жападан-жалғыз аттанған нағыз жүрек жұтқан екенсіз.
Жапардың тіпті айран асыры шықты. Мұның аңырған кейпін көріп үй иесі бір нәрсені түсінді ме:
– Маған Сүлеймен телефон шалды, – деді. – Бері қарай тартып кеткеніңізді содан естідім.
«Ойпырым-ай, ә-ә, Сүлеймен де мені іздеген екен-ау» деген ой лезде санасында жүгіріп өтті.
– Келіңіз, шешініңіз.
Мұның иығындағы курткасын сыпыра берді.
– Тіпті, біздің табиғатқа үйлеспейтін киіміңіз де жұқа.
Жапар аяғын шешкенше тымағын, шарпысын орын-орынына қойып та үлгерді.
– Төрлетіңіз, қазір шай да даяр болады.
Жігіт тура бір көптен бері сағына күткен нағашысының үйіне келгендей сезінді. Залға барып борпылдақ диванға жайғасқанда-ақ денесін зіл батпан бір нәрсе төмен қарай тарта берді. Алдында отырған отбасының да сөздері біртін-біртін құмыға естілетіндей.
– Мен барып телефон соғып келейін, – деді үй иесі ауызғы бөлмеге беттеп.
Бұл басын изеді. «Қайда? Кімге?» деген сауал да тастамады, өйткені осынау мәурітте оның сөзін мүлде естуден қалған еді.
Алмас қайта қайырылғанында бейтаныстау қонағының танауы қусырыла, ұйықтап кеткенін көрді. Қапелімде мұның мәнісін ұғына алмағандай қалт бөгеліп іркілді де, болмашы мезет ойланған пішінге енді. Сосын кері бұрылып жастық әкелді. Оятып алмауға тырысып, аса бір еппен басына жастады. Бірақ оны Жапар сезбеді, неше күнгі ұйқы жылы үйге кіргенге алды-артына қаратпай бірден алып ұрған-тын. Әлдебір уақыттарда барып санасы ұйысқан қалың ұйқыдан арыла бастады. Көзін ашуға мұршасы жетпей қиналды, бір жағы өзінің қайда жатқанын да бағамдай алмады. Жанарын жыпситып ашқанда да, беймағлұм дүние оның жадына ештеме оралтпады. Бір түсінгені, түз емес – үй. Осыны ілік етіп ары қарай бағамдауға тырысты. Сол кездерде барып біртін-біртін ұзақ жолда жүргені, Алмастыкіне түскені жадында жаңғырды.
Бөлме алакөбең екен. Өзінің келгені, үйге кіргені жаңа ғана сияқты болғандықтан «әлі таң толығымен ата қоймаған ба» деп қорытты. «Көзім іліне қалғанын қарашы» деп, орнынан түрегелді. Ас үй жақтан танауына қайнаған еттің исі білінді. Сол кезде барып қатарынан екі-үш күн ыстық ас ішпегені есіне оралды. Өзегі талып, жүрегі сазды. Сөйткенінше болмай бұл жатқан залға Алмастың өзі де кірді.
– О-о, түрегеліпсіз ғой! Жол әбден соғып тастаған ғой, қатты ұйықтадыңыз.
Жапар «мынаның қатты ұйықтадыңызы несі» деп, түсінбеді. Беті баржиып ісінген қалпы үй иесіне назар аударды.
– Көзіңіз ілініп кеткеннен кейін біз де оятпадық… – Ұзақ жолдан келгенінде бірден алдына ыстық су қоймағанына ыңғайсызданғандай күмілжіді. – Тұрғаныңыз жақсы болды, тамақ әзір. Өзім де «енді оятармын» деп бет алған едім.
– Бүгін өзі нешесі, қазір күннің қай мезгілі? – Жолаушы көкейін мазалаған сауалын сыртқа шығарды.
– Желтоқсанның жиырма жетісі, кеш батып бара жатыр.
– Сонда, – басын бір жағына кекжиткен қалпы өңіне таңданыстың ізі жүгіріп, аңырған күйі бөгелді, – кешке дейін тұяқ серппей ұйықтағанмын ба? Мен шамалы ғана көзім ілініп, әлі таң толығымен ата қоймаған деп ойлап отырмын.
– Жоқ, кеш батып барады.
Жапардың жүрегі қан жылай жөнелді. Қараптан-қарап бір күнін текке өлтіргеніне жыны қозды. Өйткені, күн емес әр минуты қымбат-тұғын. Тым құрымағанда мынаған бұйымтайын айтып та үлгермепті.
Ұнжырғасы түсіп, басы төмен салбырады.
– Қап! – деп, оң қолымен маңдайы мен шеке тұсын мақсатсыз ұйпалай берді.
– Жуынып, тамақтанып алыңыз. Шаруаны содан кейін тындырамыз.
Сенімді айтылған «тындырамыз» деген сөзге іші жылыды. Көп кешікпей алдына үйеме табақ ет тартылды. Мына сый-құрмет те алағызған көңілін орнықтырып, бірлегендей, бүтіндегендей.
Әңгімені Алмас еттің үстінде бастады.
– Сүлейменге сіздің аман-есен жеткеніңізді хабарлап айттым.
– Қашан? – Аузынан осы сауалдың қалай атқи жөнелгенін де аңдамады. Жанары да бағжаң етті.
– Таңертең сіз келе салысымен «телефон соғамын» деп ас үйге өтпедім бе? Сөйлесіп қайтып оралсам, ұйықтап кетіпсіз.
– Ә-ә…
Арада үнсіздік орнады. Ертеңгіліктегі бидай өңді әйел сорпа құя бастады. Қонақжайлылық танытып, «тамақ алыңыз» деп қояды. Етегіне үш-төрт жастағы ұл жабысып, ажырамады. Аузы-басына шырышты сатпақ-сатпақ етіп жағып апты.
– Кезінде азаматтық танытып, қолымызға ақша ұстатқан едіңіздер, – деп жалғады сөзді отбасы иесі. – Оны ұмытқан жоқпыз. Дер кезінде қайтара алмай ұялып жүр ек, өз аяғыңызбен іздеп келгеніңіз тіпті масқараға ұшыратты. – Сөзі үзіліп қалды. Қонақ та әңгімеге ынтызарлық танытпай оның бірде-бір лепесіне селт етпеді. Тек самарқау күйі ас алып отырды. Сәлден соң барып ләмі қайта сабақталды. – Ақша деген де өзі, қысқы күннің көзі сияқты ара-тұра бір жылт етеді де, қайта бетін көрсетпей зарықтырады. Сондай оны сағынып жүрген тұсқа тап келдіңіз.
Үргедек Жапардың жүрегі қылп етті. Осы арада әңгіме де шорт тиылды. «Әй, бекер сандалыс болды-ау» деген дүдәмал да көкейіне кептелді. Жасыған қалпы отағасының бетіне қарады. Ол да бұдан жанарын тайдырмай қадалыпты.
– Бірақ, үміт арқалап ат арылтып келгеніңізде құр қол жолға салу азаматтыққа саймайды. Жанымда тиын-тебен болмаса да, астымдағы машинаны беремін. Сіздің машинаны аяқ артып жүру үшін мен алайын. Тіпті, қыжалат көріп бара жатсаңыз, сатасыз. Оны базарға шығарғанға да жүз ұялмайды, жұтынып тұр. Қысылмай, дұрыс баға да сұрай аласыз. Дәл қазір осындай көмек қана қолымнан келеді.
Аузына бір кесек етті тастап жіберіп тағы да мейманының өңіне назар аударды. Жапар оған тіс жармады.
– Содан кейін, менің қасымда болған екінші Талғат дейтін жігіт Абай қаласында тұрады. Ол сізді күтіп отыр. Үйінде екі мың доллар ақшасы бар, береді. Онымен әлгінде ғана сөйлестім.
Жапардың өңіне қан жүгірді. Тынысы да саңғырап ашылып салды. Мына жігіттердің мәрттігіне жаны сүйсініп барады.
– Менің уақытым өте тығыз, мейлінше жылдам қайта жолға шығуым тиіс. Машинаның құжаттарын қалай рәсімдеп үлгереміз, ол ат емес ауыстырып міне салатын.
– Оның бәрі реттелген. Сіз демалып жатқанда мен барып нотариустан жүргізуге, сатуға сенім қағаздарын алып келдім. Тек аты-жөніңізді қазір қолмен әдемілеп жазамыз. Содан кейін машинаны мінесіз де, қалаған уақытыңызда аттанасыз.
Мұны естігенде Жапар мүлде жадырап, жаздай жайланды. Жаны қысылып, қарқараға тірелгенде құдай көз жасын көріп, мынандай адамдарға жолықтырғанына мың мәрте шүкірана етті.
Сыртқа шыққанда есіктің алдында алқара көк «Тайота-Карина Е» маркалы жапондық машина жанарына оттай басылды. Айтса айтқандай құйрық-жалы төгілген жорғадай тұқия жұтынады. Ал өзінің мініп жүрген «Ниссан-Блюберді» бұдан әлдеқайда қораш екен. Сиықсыз болса да төрт жылдай тақымбасты торысына айналған көлігін біртүрлі іші қимады. Сөйте тұра қамқор жанның “тіпті болмай бара жатса, сатарсыз” деген сөзі құлағында ызыңдап, айналып жүріп алды. Амалсыз сұр машинаның кілтін Алмастың қолына ұстатты.
– Ал, жақсы! Жолыңыз болсын! – деді Алмас.
– Атан жілік азамат екенсің, рахмет саған! Өркенің өсе берсін! –Мынандай мырзалықты көрмегендіктен бе біртүрлі қапалақтады. Өңіне лып етіп қан жүгіргендей де болды. Көптен бері күлмеген аялы жанарлары да ұшқын ата жылт етті.
– Айтқаныңыз келсін!
Екеуі құшақтасып қоштасты. Сосын Жапар жаңа машинаға отырды да оттықты қосты. Мотор заматында-ақ гүр ете түсті. Приборлардың көгілдір сәулесі адамға басқаша әсер береді екен. Кенет, назары өз машинасына ауды. Айдалаға жат қолына тастап кеткен бұған өкпелідей бұйығы ғана томсыраяды. Қимасы қалып бара жатқандай, мұның да жүрегі қотарыла қобалжыды. Ендігі бөгелуінің артық екенін ұғынып, орнынан еріксіз жылжыды.
Халқы қайшалысқан қаланың шамы самаладай жарқырайды. Шет жақтары болмаса, орталық көшелері кең сияқты көрінді. Қарағандыға таңның шапағы сызаттанғанында келіп, сам жамырай бастағанда аттанғанын жақсылыққа жорыды. Қазір, құдай амандығын қойса бір сағаттың о жақ, бұ жағында Абай қаласына қоналқаға жетіп барады. Сосын шаруасын бітіріп, тізгін ұшымен қайта Алматыға тартпақ. Білетіні – ақшаны әзірлеп, Талғат мұны күтіп отыр.
Осындай лекіген көңілмен шаһардың сыртына қалай шыққанын да аңдамады. Барған сайын машинаның қатары сиреді. Сол тұста ғана ашық далада аққан жұлдыздай жалғыз заулап келе жатқанын байыптады. Жаңа машина да ұшардай шүйлігеді, қараталдай шапшиды.
Алдынан сумаң қағып, үскірік айдаған жаяу бұрқасын жүгіріп өтті. Мұндай көрініс бағанадан бері сан қайталанған, тіпті, жолды кесіп ирелеңдей жөнейтін жыланға ұқсас әбілет, соңғы екі-үш күннен бергі серігі іспетті де боп алған еді. Қалай екені белгісіз, дәп осыған назары ауды. Қараптан-қарап арқасын аяз қарығандай сезінді. Тұғырдағы дүр сілкінген құстай, денесі тітіренді. Зәуде, тосыннан есіне желтоқсандағы қыз оралды. Бейшараның аты – Баршагүл екен.
…Әр қарайғаннан шошынған екеуі бұқпантайлап кеп Жапардың күркедей ғана бір ауызды үйіне бас сауғалады. Асты әдейі ұраға арналып қазылған лашық аңырап тұр. Жаман құжыраға қожасы тақтайды аяды ма, едендерінің жымдасатын жықпылы түйіспей, саусақ сиярлықтай ырсиып-ырсиып ашық қапты. Содан танбай үрлеген қара суық өн бойыңды қармап, қалтыратып жібереді. «Ү-үү» десең, пештің мұржасындай аузыңнан будақ-будақ бу атқылайды.
Өмірі көрмеген құқайын көріп алу-далуы шыққан, өңі қан-сөлсіз қызды сүйемелдей қапталдағы ескі темір төсекке жатқызды. Жүрегін түршіктірген қорқыныштан ба, сүйегінен өткен суықтан ба, бойжеткеннің денесі болмашы дір-дір етеді. Осы аянышты кескіні, қапияда тұзаққа ілінген қоянның көжегін елестетеді. «Қонағының» ұсқынына сәл үңіліп қадала қарады да, үстіне көрпе жапты. Сосын, таңертең дегди берсін деп үйге кіргізіп кеткен тамызығын от тұтатпақ ниетпен пешке қалай бастады. Иліккен сайын маңдайынан көзі атқып шығып, ағып түсетіндей солқылдайды. Ептеп тыжырынды. Сол кезде ернінің дүрдие ісінгенін аңдады.
От бір лау етіп жана жөнелсе, шелек толы көмірі де әзір. Оның қызуы бой жылытып, асты-үстінен жел гулеген мына «аңғарға» қонып шығуға жарар еді. Бірақ, аш өзектің тілемсектігін қайтаратын осы қотыр тамда ештеме жоқтығы жадына оралғанда, өз-өзінен қысылыс тапты. «Енді қайтеміз, қара шай мен қара нан жерміз…»
Әншейінде бықсып тұтанбайтын от демде тартып, лаулай жөнелді. Сатырлай дыбыс шығарып, қу ағаш жана бастады. Ептеп, көңілі жайланды. Бұл да болса құдайдың қарасқанына.
Күйелеш қара шәугімге су құйып, қазандықтың үстіне қойды. Ізінше «қағаберісте қалып, ұмытылған әлденәрсе бар шығар» деп, ескі шкафтың аузын ашты. Тілеуіне қарай, жартысынан көбі желінген «Шаруа майы» назарына ілікті. Қуанып кетті. Жарты бөлкеге жуық нан, үш-төрт түйір қант табылды. «Бақытқа толығымен кенелу үшін, бұдан артық ештеме керегі жоқ қой» деп насаттанды.
Сосын бұрыштағы столдың үстін сүрте бастады. Изеңдеп ары-бері қозғалған сайын миы аузына кептеліп, басы зырқ-зырқ етеді. Сонда барып өзінің пошымының келіспей, сиқының қашыңқырағанын аңдады. Төр жақтағы ескі шар айнаның тұсына таянды. Міне, масқара, оң жақ көзі қара күреңденіп, қанталапты. Бір тәулік тұрмақ, бір жұмада жазыла қояр сыйқы жоқ. Құдай атқанда ертеңгі сабаққа бара алмайтын болды.
Қызған пешке бір шелек көмірді көміп кеп жіберді. Шәугім де ызылдай бастады.
Қолын шайды. Содан кейін барып, біраз уақыт ұмыт қалдырған «мейманына» назар аударды.
– Қалың қалай? Жылындың ба?
Оның да сұрынан сұр қалмаған. Нәзік пісте мұрыны домбығып, қара қошқыл реңге енген. Баданадай көзі ісіктен тырсылдап, жіпсиген. Тек ар жағынан отты қарашығы ғана жылт-жылт етеді. Өңірінің бәрі қан-қан.
– Жүрегім айнып, басым айналып барады.
– Кеудеңді көтеріп отыру керек шығар.
Қыз үндемеді. Арада тоңтерістік орнады.
– Қазір шай ішеміз. Ыстық шай ішкеннен кейін басылар.
Екеуі оны-мұныны тістеріне басқан сықылданды. Қыз мүлде нәр сызбады деуге де болады, күйкентайдай шүршиіп отырды да қойды.
Олар дастархан басында танысты.
– Менің есімім – Жапар, – деді жігіт.
– Баршагүл, – деді бойжеткен басын изеп. Шамасы, сөйлеудің өзі әліне тиіп, қажытатындай көрінді. Иіні салбырап, ұзақ тілі байланды. Тырс етпей қоюды әбестік санады ма, бір кезде барып қайта сөзін жалғады. – Политехникалық институттың бірінші курсында оқимын. Алаңға құрбыларымның бәрі келіп еді, не жағдайға ұшырады екен? Бәле-жаладан аман боса көрім. – Маңдайын қолымен сүйеп, үн-түнсіз томсарды. Көпсіген самай шашы төмен салбырады. Уайым сауып, санасының сарабдал тартқаны осы ұсқынынан-ақ белгілі-тін.
Көңілін шер басып, мұң жамылған оның жанын жадыратарлық жігіттің де мандымды бірдеме айтуға қауқары жетпеді. Неден бастап, неден қоярын білмеді. Салы суға кетіп, салдары құри берген.
– Мен жатақханама қайтайын.
– Жоқ! – Осы кезде жігіт ышқына екіленді. – Қазір көшеге шықсаң, сойылға жығыласың! Аман жетпейсің. Ертең барасың.
Бойжеткеннің қарсы уәж айтуға еш ыңғайы қалмады.
Бөлмедегі жалғыз төсекке екеуі қатар жатты. Баршагүл іргеге жабысып, қабырғаға бетін берді. Жігіт шет жағынан жайғасты. Әлден уақытта қыздың танауы пыс-пыс етіп жылағаны аңғарылды. «Қайтсін, ертеңгі тағдырына үрейленіп жылайды-ау, бәтір» деп қорытты жігіт. Өзінің де көкейін қорқыныш кеулей жайлаған, біреуге басалқы айтар жағдайы жоқ еді. Кенет:
– Енді менің саған ғана күйеуге тиюім керек, шамасы, – деген құмығыңқы естілген үн Жапардың алай-түлей көңілін одан сайын қотарып, астаң-кестең жасады.
– Неге?! – деді қапелімде аузына өңге сөз түспей, бас жоқ, аяқ жоқ мынандай әңгімені естіген соң жұлып алғандай.
– Сенің қасыңда жатырмын ғой… – Көз жасына булығып, сөзін аяқтай алмады.
– Жатса не ғылады?
– Екі қабат болып қалмаймын ба?
Жапар мына қисынсыз ләмге мырс етіп күліп жіберді.
– Неге күлесің? «Жігіттерге жақындама, екіқабат боп қаласың» деп мамам айтқан. Енді мен сенен бала көтеретін шығармын.
Қыздың соншама сәбидей таза, баладай аңғалдығына жігіттің ет жүрегі елжіреді.
– Соған жылап жатырсың ба?
– Иә. – Көкірегі жарыла, өзегін от-жалын шарпи шындығын айтты.
Арада біраз үнсіздік орнады. Ықылық араласқан оның жұмсақ демі білінеді. Соны тыңдай лажсыз ойға бөленген жігіттің жүрегіне аяушылық сезім ұялады.
–Ештемені уайымдама. Таң атсын, жатақханаңа дін аман апарып саламын.
Қараптан-қарап сондағы тірліктеріне күлкісі келді. Зәумен, өз-өзін ұстай алмай қарқылдап күліп те жіберді. Әзер буынын бекітті.
Бір кездерде сонадайдан шамдары жарқырап, Абайдың нобайы көрінді. Жаны сонда тұрғандай кеудесі өрекпіп, жүрегі атқалақтай соқты. Таянған сайын асығып, дегбірі қаша бастады. «Құдай бұйыртса, айналасы бір сағатта қайта жолға шықсам…»
Інісін жылдамырақ қапастан құтқару үшін тызақтады.
Акселераторды құшырлана басып қалды. Сол-ақ екен, машина шымбайына қамшы батқан жылқыдай атырыла жөнелді. Жол табаны жіңішкеріп, жер апшысын қуырған темір тұлпардың бауырына жиналды. Әйткенмен, екі қапталдағы ақ пен қара шектескен әлем, қалыспай қатарласа жүйткиді. Кенет, қолтығын жазып үлгермей алдынан шынтаққа ұқсас иіннің ұшырасқаны. Мұндайда жұлдыздай аққан көлікті тежеудің артықтығын әрі қатерлілігін білетін. Сондықтан ірікпей рульді жолдың ыңғайына оңға тартты. Бірақ, ептеп сасқалақтаңқырап газды әлсіретіп алған еді. Ендігі тұста өз ауанымен ғана сырғыған дөңгелек болмашы бір ойдымда бұлт етіп, табансыздық танытып тайды да жөнелді. Ізінше газды басып жібергенде, алды жетелейтін машина оңшалар еді, қапелімде бұл әдіс қаперіне оралмады. Жалма-жан арты айналып, бір жақ қабырғасына қиыс кетіп бара жатқан немені дұрысына қарай бұра берді. Әйткенмен, бағыну ырқынан біржола шыққан машина лықси тайғанақтап, енді, кілт сол жақ қапталға салды. Осы әредікте газ басу есіне сақ ете түсті. Үргедек сезім аралас күйі, барынша акселераторды нығарлап жіберді. Қақпақылдан машина үріккен жылқыдай жалт беріп, қайта оңға тартты. Әлгі бетімен өмірі жүген-құрық тиіп көрмеген шу асаудай бас бермеген қалпы жолсызға атырылып, дөй далаға лаға жөнелді. Кемінде жүз жиырма шақырымдық жылдамдықпен дөйіп, жұлдыздай аққан көлік жол жиегіндегі кесілген қара ағаштың түбіртегіне сол жақ езуімен бырш етіп соғылды. Әлгіден кейін-ақ бір жамбасына қарай көтеріле берді де, ақ боран сірі қарды аспанға құмша шашып, оңқа-шоңқа аударылды. Онымен қоймай ылдиға бір-екі рет домалап кетті, ақырында төрт дөңгелегі көктен кеп шалқасынан барып өңкиді. Сол мезетте оқыс есік ашылғанында жетілік шамның жалп етіп өшетініндей, күллі жарығы сөнді де қараңғылыққа біржола сіңді.
…Бүйіріне істік қадалғандай жанын қуырып, бебеулетіп әкетіп барады.
Есін жинағанда ең алғаш сезінгені осы болды. Басқа ештемені пайымдауға мұршасы жетпеді. Әлдекім ішіне үңгіп кіріп, қабырғасын қырғышпен қырып жатқандай әсер етті. «Аһ-һ» деп, өзегінен жалын ата ышқынған үні де естілді. Төтеннен жабысқан зауал он сегіз мың ғаламды тұтастай ұмыттырып, жанын суырып, өлтіріп барады. Жантәсіліммен булыққан дене керіліп-созылып, белуарынан қамшы тиген жыландай шиыршық атты. Мойын еттері де білеуленіп, күре тамыры одырайды. Сосын әлден уақытта аузына жылымшы қанның дәмі білінді. Түкіріп тастағысы келді. Тілін толғай қозғап еді, ұртының қойыртпаққа толғанын сезінді. Шұбалшындай бірдеме езуінен ирелеңдей жөнелген тәрізденді.
Көзін аша алмайтын сықылды. Ашса сау етіп аясына ащы запыран құйылатындай. Әйтсе де, әлденемен шылана баттасып жабыса айқасқан кірпіктерін әрең, күштеп ыдыратты. Әйткенмен меңіреу қараңғылық әсте де сейілмеді. Жанары жұмулы күйі қалған сыңайлы.
Уақыт өткен сайын тынысы тарыла берді, басы айналды. Өті аузына төгілетін сияқты, таңдайы қан аралас кермек дәм татыды. Қолын қозғалтпақ боп еді, шамасы жетпеді, әлдебіреу тас шегендеп байлап тастағандай. Қараптан-қарап алқымы сығымдалды. Өзінің қайдан келіп, қайдан тұрғанын жадына түсіре алмады. Көзі қарауытып барып, қайтадан ақылынан алжасып жүре берді.
Солтүстіктен соққан жел күшейіп, қарқынын үдетті. Жалмауыздың тіліндей сүйреңдеген үскірікті бірінің соңынан бірін төпелетіп, жаяу бұрқасын ақ шұнақ аязды боранға ұласпақ ыңғай танытты. Ауа райының бұзылатын нышаны ымырт үйіріле білінген, әйткенмен Жапар ескен көңілдің лебімен аңғармады. Аңғарса да іргесіне таяп қаған түлей боранды қара суды теріс ағыза құйғытқан соң қаперіне де алмаған.
Ат-көлігі аман боса мұның бәрі ештеме емес еді, әттең…
Төбені тұтастай тұмшалай жапқан тұңғиық әлем бір қылаң еткен жұлдызды көрсетпейді. Тастай қараңғы дүние әшейіндегі түннен әлдеқайда қою да қатігез. Демде төңкерілген машинаның ығына аптапта аңызақпен көшетін құмша сауылдаған қар жинала бастады. Бірақ, жолаушы жігіт мұның бәрінен тысқары еді. Тіршіліктен тысқары күйі беймағлұм сәтті басынан өткерді.
Сынық терезеден соққан үскірік талықсыған денеге тікендей қадалды, жаңқадай тырнады. Маңдайынан аққан қан аязға шалынып, кілегейлене бастаған. Ес-түссіз қалпы қанша уақытты өткергені де бір құдайға ғана аян-тын. Есін жиғанда аяғы, әсіресе, бақайшақтары суықтан қуырылып, бебеулете әкетіп барады екен. Бағанағы бүйірінің «тесіліп» ауырғаны сәл саябыр тапқандай. Енді шамалап мойыны сыздайтындай. Ыңғайсыз жатып қалған тәрізденді. Төңірегін бажайлайын деп көзін ашса да, түртсе көргісіз тастүнек ештемені аңғартпады. Қолын көтеріп әлдебір нәрсені қарманып іздеген сыңайланды. Онысы мақсатсыз далбасалай тіміскілену еді. Ет қызумен ырқынан тыс жасаған болмашы қимылдың өзі, қабырғасын сөгіп, қажытып жіберді. Діңкелеген күйі салдыраған білегін шарасыз тастай салды. Міне, қызық, қолы басынан асып барып түседі. Осы кезде ғана барып аяғы көктен кеп жатқанын топшылады, осы кезде ғана барып жол апатына ұшырағанын бағамдады. Лаждап, мына қапастан шығуға ұмтылды. Бірақ, бірақ… оған мұршасы жетпеді. Кіндіктен төмен қарайғы тұсты әлеуетті соққы жапырылған машинамен қосып сығымдап тастапты.
Жанталаса аласұрып көрді. Бәрібір, онысынан ештеме өнбеді. Жан-пенде жоқ айдалада беймәлім біреулерді айқайлап көмекке шақырғысы келді. Әйткенмен, лаһатта қалғандай үні құмығып, көмейінен шығар емес. Ұйықтап жатып бастығырылу мынаның қасында түк емес екен, ояу адамның бастығырылуы бір ғалам боп көрінді. Жер сілкініп, көрер жарығы таусылмай, үй қабырғаларының арасында тірі кептелген пақырдың күйін кешті. Тантал азапты басынан өткерді де, адам тірідей қандай тозақтың қыспағында қиналатынын енді түсінді.
Қорлықтан ба, ашудан ба өкпесі өрекпіді. Жаны да тызақтап, қара тұяғынан хал кеткенше, әлденәрседен ұстап тырмыса тартынды. Кіндіктен төмен жақты ала қапқан әбілет міз бақтырар емес. Қасқыр сияқты өз денесін өзі шайнауға да бар еді, әттең, тұтылған тұсы аузына ілінетін не аяғы, не қолы емес – жуан бел.
Арпалыстан ентігіп, әл-дәрмені сарқылды. «Қой, сабыр сақтайын, сабыр… – деп, аптыға алып ұшқан екіұдай пиғылына басалқы айтты. – Бүйте берсем, басыма үйірілген қатерден бұрын, өзімді-өзім жеп бітермін».
Бір сәт ештеме ойламауға бекінді. Жанарын жұмып, қимылсыз қалды. Бәтуасыз байламы сырдақтық танытып, заматында-ақ санасына «ер жолдысынан, ат жолдысы жақсы» деген нақыл оралды.
– Қап, сыралғы серігімді бекер алмастырған екенмін. «Өткелекте тұрып, ат айырбастамайды» дегенді қалай ғана қаперімнен шығардым?..
Сол қолы ербең етіп, әлдеқайдан маңдайына тиді. Етіне шоқ басып алғандай дыз ете дуылдады. Сонда ғана байқады, оң жақ қабағының үсті маңдайынан бастап сыдырылып, салбыраған тері бір көзін тұтас жауып, тұмшалаған екен.
– Жатайын енді өстіп, қасқырша ұлып. – Өзін-өзі келемеждеді. Кенет, дыбыс бергішті басу миына сақ ете түсті. Апыл-тапыл адымдап жүре бастаған баладай, әлсіз қолдары ебедейсіз ербеңдеп, рульдің ортасын тапты. Бар күшін салып қанша нығарлағанымен, тілі байланған өгіздей неме мыңқ етер емес. Қаракетінен ештеме өнбеген соң тауы шағылып, қажыр-қуаты күл парша уатыла күйреді.
Сөйтіп, айдалада жападан-жалғыз қасіретіне қамалып, өкініштен, наладан жапа шекті. Тырс еткен тіршілік білінбейді. Өзінің де қозғалуға құлқы соқпады. Тек еркінен тыс қара суық тұла бойын қалтыратып жіберді. Тісі-тісіне тимей сақылдайды.
«Осылай қалғаным ба» деп ойлады. Ештеме тындырмаған күйі өмірді текке өткергеніне ызасы қозды. Бар көргені қорлану мен азап қана. Есесі кім көрінгенге кетіпті. Тым құрымағанда бір жерде қапысын тауып жеңіске жетпепті-ау. Опыну. Күйреу. Қыл аяғы хан да, қара да жүретін қара жолдың бойында омақа асуы былайғы жұрттан сорының қалыңдығынан шығар. Қараптан-қарап көкірегі сыздады. Тасмаңдайлығына көзі жетті. Әрі-беріден кейін омақа асқанына күйінген жоқ, болбырлығына зығырданы қайнады. Сол-ақ екен жаны қыстығып, жұдырықтай жүрегі шырқырай жөнелді.
Ол жаны қиналып ұзақ арпалысты. Дәл қасынан машиналар ары да, бері де ара-тұра боса да өтіп жатты. Қас қылғандай опатқа ұшыраған иіннің етегі шұғыл өзек-тұғын. Сол өзекте теңкиген көлікті тас қараңғыда жан пенде байқасашы. Оның үстіне аккумляторға қатты соққы тиіп жүлгесі ажырап кетті ме, ә дегеннен-ақ шамы да сөнген.
…Жадынан жаңылып қап, қайта бір есін жиғанда аяз сорып мазасын қашырған бақайшақтары жанына онша батпай, дуылдап тұрғандай болды. Өзінің мұратына жетпей тұтылғанын қапияда қақпанға түскен көкжалдай сезінді. Әттең, түк бітірмепті. Мұның қасында інісі Жайнақ, тапталған аруақтың абыройын биіктеткендей. Сапар екеуінің жіберген есесін алып, ата-бабасының басында екі ағасының төгілген қанын қанмен жуған екен. Бауырларының ғана емес, қара халықтың озбырлыққа қарсы түйілген жұдырығы бопты-ау жарығы. Бір нәрсенің шетінен шығамын деп университетті бітірген өзі, қарапайым жұрт үшін ештеме істемепті. Қайран сол бауырының азаматтығын нойыстардың алдында арашалай алмаған босбелбеулігін, екі дүниеде кешпейді… кешіре алмайды…
Боран үдей түсті. Дауылдың ұйтқи, құбыла соққан адуынды үні жалғыздың айқайы тұрмақ, күннің күркірін де жұтып жіберетін обыр халде. Бұл кезде Жапар айқайлаудан да қалған. Өзімен-өзі арбасып тек сандырақтап сөйлей берді.
– Қайран пайғамбарым-ай, «атадан – алтау, анадан – төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ…» «бірақ, мен неге жалғыздықтың азабын тартып жүрмін?» деп аһ ұра күрсіндің.
Ол бұдан ары тілі күрмеліп, ештеме айта алмады. Бірақ, шер мен шеменге тола күмбірлеген көкірегі азалана ақтарылып, татаусыз сайрап тұр еді.
«Түсінемін, түсінемін жайыңды. Сол жалғыздығыңмен жекпе-жек арпалысып жүріп, ақыры жеңіліс таптың. Әйткенмен, пенде атаулының ешқайсына дес берген жоқсың. Күйресең, пенделік өлшемнің сен шыққан биікке шыға алмағандығынан күйредің. Арада бәленбай жыл өтсе де, мен де сол, қасиетті абызым, өзің көтерілген асқаққа ұмтылдым. Бар қажыр-қайратымды салып талпындым. Тым шырқау биіктесің, екі дүниеде де иық теңестіре алар емеспін. Міне, тағы да сенің атыңды жамылған шәрінің етегінде табалдырығынан аса алмай сұлап жатырмын. Не деген тасмаңдаймын. Бәлкім, о дүниеде аруағымыз ұшқасар. Мен де жалғыздықтан күйіп барамын. Атадан да, анадан да төртеу боп туып, ит тірлікте төбеге шыға алмадық. «Диуананыкі алды-алдына» дегендейін, алды-алдыға тарттық. Әке арманын, ана тілегін мансұқ еттік. Бата бұздық. Оларды қойшы, бәрі де пендешіліктің шыршуы ғана. Бәрінен қатты өкінетінім, өнердегі сен тастаған соқпақтың сорабын таба алмай келемін. Итшіледім. Қарасам, жылт етерлігі жоқ жұрын екем… аяқты қап екем…»
Боран мен аяздан тісі-тісіне тимей сақылдады. Жайшылықтағы жайдары өңінен тіршіліктің реңі қашып, шаңыта бозарды. Өне бойы қалшылдап, шыбын жанын паналатар жер таппай тірмізік хал кешті. Долы үскіріктің адуынымен үстін қырау көміп, тірідей ақ кебінге орай берді. Бірақ көкірегіндегі шемен боп қатқан нала мен наза, өзегін от болып қарыды.
Осылай екі дүниенің ортасында кіресілі-шығасылы күй кешіп, мандымаған пендешілік тірлігіне арызын айтып тауыса алмады. Жарғанатша төбесімен төмен салбырап тұрып, тағдырдың салған зауалын біртін-біртін сезінуден қалып бара жатты. Бір сәт мына дүниені келеке еткендей езуін болар-болмас тыржитты. Бірақ, қырау сірескен мұрты оны сыртқа білдіртпеді. Өзі де бұл кезде теперішті аңғарудан алыстап кеткен-тін.
…Өрттей қызыл қаулап өскен қызғалдақтың арасында майсаны кешіп жүр. Сарайы саңғырап ашылып, көңілі риясыз шалықтайды, алаңсыз тіршілік қойнауына біржола шомп берген. Әдеттегі тарылу мен қыстығудың еш нышанын сезбейді: қағанағы – қарқ, сағанағы – сарқ. Айбынды мойнына мінгізіп, Шырайды жетелеп апты. Жұпары танауды жарған жасыл желекті кешіп, жүгіреді. Қос қозысы сықылықтап күледі. Өзі де рахаттана қарқылдайды.
– Папа! Папа!
Шырайы бірдеме айтқысы келетіндей қолынан тартқылайды. Бірақ сәби үніне күлкі араласа шыққандықтан бөбегін одан сайын ойнатып, күлдіре түскісі кеп, әдейі оның шырылына көңіл аудармайтындай. Шікәмсіз нәрестенің кәусар бұлақтай сықылықтай түскенін қалайды.
– Папа! Папа! Мен шаршадым!
Осы кезде барып жүгіруін бәсеңдетті. Бірақ тасыған көңілінде шек жоқ еді. Қоңыр дөңнің қойнауында тоқтап ұлын жерге түсірді де, қызының маңдайынан иіскеді. Мейірі қанар емес. Екінші қайыра самайынан иіскеді. Мейірі қанар емес. Бұрымы селтиген ботасы қытығы келгендіктен иығын көтеріп, мойынын, тамағын бұқпантайлады. Өйткені, әкесінің құлағының түбінен иіскейтін бұрыннан әдеті еді. Ондайда балғын денесін әкенің тікенек мұрты жыбырлататын, содан қашқақтайтын. Қазір де содан тайынғаны.
Енді бірде жотаның дәл үстінде тұр екен. Қолдарында үзіп алған екі-үш тал гүлдері бар қос құлыны, сонадайдан бұған қарай құлдыраңдап, жарыса жүгіріп келеді. Бұл перзенттерін кеудесіне баспақ боп, құшағын айқара ашты. Әудем жерден Бибінің қылпы білінеді. Ол әлденәрсеге ырза емес сияқты. Бұлардың шаттанғанына сәл бейіл қойғандай. Пейілі ауғаннан кейін болар-болмас иі жұмсарғандай. Оның кейісті қабағын байқасымен арқа-жарқа насаттанған жігіттің жүрегін әлдебір аяз қарып өтті…
Ол соңғы рет бұ тірліктегі суықтықты сезінген еді.
Құтырған сайтанның құйрығындай ирелеңдеп, төңкерілген машинаның үстінен бозамық бұрқасын жүгіріп өтті. Ақиланған ақ боран одан сайын мысасына мініп, әлгінде көмескілене көрінген Абайдың шамын ізім-ғайым жоғалтып жіберді.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру