Мазмұнға өту
Home

Тастама отты, Прометей!

Мұстай Кәрім

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Тастама отты, Прометей!

Мұстай Кәрім — «Тастама отты, Прометей!». ТACTAMA ОТТЫ, ПРОМЕТЕЙ!

/uploads/6101be89-cc0a-5a26-ae2a-75b228f1401c/cover.png

ТACTAMA ОТТЫ, ПРОМЕТЕЙ!

Алты суpeтті трагедия

Қатысушылар

Прометей, ақ керішті көз жасына илеп, адам жаратқан құдай. Бұрын титан болған.

Зевс, бас құдай. Кейде аңғырт, сыпсың сөзге сенгіш.Сондықтан ғайбатқа, өсек-аяңға тез құлақ асады, әрі тасбауыр, сыйға жомарт, жазаға шектен тыс қатал.

Агазия, Жердің қызы. Жанында Жердің оты жанып жүреді. Тұлғасы елден ерек. Сол себепті адамдар оны жат көріп, шеттетеді.

Гера, Зевстің соңғы - жетінші әйелі. От басының амандығын сақтаушы құдай. Бұрын қарлық жасап, күнәға белшесінен батқандықтан жорта қылымсып тұрады.

Афродита, махаббаттың пірі. Сымбатты, салиқалы. Зевстің туған қызы, Гераның өгей қызы.

Гефест, темірші ұста, тойларда - тир ағасы және шаруашылық істерін басқарушы құдай. Ақсақ, білегі жуаң, басында билігі жоқ, опасыз, тек Зевстің әмірін бұлжытпай орындайды.

Гермес, екі жүзді: бір беті ақ, бір беті қара, құлағының біреуі қалқиып, екіншісі салпиып тұрады. Қитар, Зевстің хабаршысы, шабарманы, тыңшысы.

Фемида, Прометейдің анасы. Әділ төрелік пірі. Табанды тұлға болғанымен, перзентін азаптан құтқару үшін Зевспен бәтуаласқысы келіп, қатты толқиды. Ақыры, онымен келісімге келмейтінін түсінеді.

Эрида, араздықтың пірі. Аузына келгенін соға береді.

Өкім

} Зевстің қызметкерлері.

Күш

Адамшах, адамдардың көсемі.

Тәңірілердің тойында - Мусагет (жыр - күйдің пірі), Эрот (махаббат пен зинақорлық пірі), Дионис (шарап пен сауық пірі), бірінші, екінші, үшінші жас құдайлар, хор қыздары (хариталар) қатысады.

Қызғалдақ алқабы мен Тамұқтың төңірегінде – ерлі - зайыпты алтау, мүгедектер,ару қыз және басқалар қатысады.

ТӘҢІРІЛЕРДІҢ ТОЙЫ

Олимп тауы. Зевстің Гефест салып берген алтын сарайы. Титандарды талқандап, Кронды Тамұққа тастаған Зевс өзін тәңірілердің тәңірісі, адамдардың патшасымын деп жариялайды. Осыған орай ол ұлан - асыр той жасауға әзірленеді. Жүз жылдық сый-сияпат беруді ұйғарады. Титандармен тайталаста ерен ерлік көрсеткен жас құдайлар жиналады. Олар өңшең адыр, асқақ. Тойға танымал тәңірілер мен әйел құдайлардан Прометей, Гефест, Гермес, Дионис, Эрот, Эрида, Мусагет, той-думан пірлері хор қыздары қатысады.

Тақтың екі қапталына Гера мен Афродита келіп тұрады. Әр жерде алқа - қотан отырған, жантайып жатқан құдайлар бұларға назар аудармайды. Кейін Зевс кіреді. Ол келгенде тойға жиналғандар қоржаңдасып, қозғалақтап қалады. Бұдан соң ақсақ Гефест лыпылдап тамақ таратады. Үлкен - үлкен дөңгелек, жалпақ тастардың үстіне төбе - төбе тағамдар үйілген, қомақты құмыраларда шарап.

Зевс таққа отырғанда бәрі тына қалады. Зевстің аяқ ұшында бетінің ақ жағын, қалқиған құлағын әміршіге бұрған Гермес отырады. Прометей бір шетте төменге – Жерге қарап тұрады. Эроттың қасында манадан бері сықылықтасқан хор қыздары да тынады.

Тап осы сәтте тағдыр тәңірілері мойралардың даусы саңқ ете түседі.

Мойралар.

Залымды зұлымдық туады,
Зұлымдық залымнан шығады. –
Бұл шырғалаң бір тұйық,
Түпсіз тылсым тұңғиық, -

Залымды зұлымдық туады,

Зұлымдық залымнан шығады.

Бар ғаламда, Көкте, Жерде
Ешбір шара жоқ бұған,
Дәрменсіз бәрі әзірше –

Барша сиқыр, бар дұға.

Залымды зұлымдық туады,

Зұлымдық залымнан шығады.

Келер әлі жарқын заман:

Қайсар тұлға туып мықты –
Талқандайды зұлымдықты,
Күйретеді залымдықты,
Қолыменен құдіретті

Орнатады әділетті.

Мәңгілік тұрмас залымдар,

Мәңгілік тұрмас зұлымдық. ...

Мәңгілік тек көз жасы, от,

Жасыл жапырақ,ақша бұлт...

Бұл сөздерді тәңірілер тыңдаса да естімейді.

Зевс.

Топырлатып қырдық титандарды...

Гермес.

"Қырдық" емес-ау, "қырдым" деу керек.

Сен қол болсаң, біз жұдырығыңбыз...

Зевс (осы қошеметке әбден риза болып).

Топырлатып қырдым титандарды,

Қарт әкемді аттым жаһаннамға.

Бұдан былай барлық құдайлардың,
Пенделердің, жан-жануарлардың,
Суда жүзген балық, ұшқан құстың
Жалғандағы жалғыз падишасы

Мен боламын. Әй, кім өзі анау

Жантайып жатқан мен сөйлегенде?!

Гермес (ұшып тұрады).

Кешір, ұлық! Әдет.

Дионис (қолына бос бокал ұстап тұрады).

Бойға сіңген...

Барлық жас құдайлар ұшып тұрып, қақшиып қатып қалады.

Зевс.

Бұдан былай бұл әдетті таста!..

Ал сендерді даттау үшін емес,

Мақтау үшін жидым осы тойға. ...

Топырлатып қырдым титандарды,

Қарт Кронды аттым жаһаннамға.

Осы жеңісіме жүз жыл бойы –

Сауық-сайран құрып, шаттануға

Шақырдым мен мұнда баршаңызды.

Менің айбыныма, айбарыма

Лайықсыңдар.

Ғажап шайқастыңдар.

Паһ, бір Прометейдің өзі қандай!

Әй, Прометей!

Прометей (Жабырқау).

Тыңдап тұрмын сені.

Зевс.

Тыныштық па екен?

Прометей.

Астан-кестен. Сұмдық. Қиян-кескі.

Зевс (Ашуланып).

Жұлдыз пәле шақырады ылғи.

Көрсетер едім құдіретімді!

Тек мұршам жоқ...

(Аспанға таяғын сілтеп қояды.)

Прометей.

Бәлкім, біз өзіміз

Дау көтеріп, көкті дүрліктіріп,

Аққан арнасынан аударғанбыз?

Сондықтан да олар жолдан тайған...

Зевс.

Жұлдыздарды қоя тұрайық...

Гера.

Той басталған кезде әлгі шартты

Ұмытып кетпе.

Зевс.

Оның не тағы?

Гера.

Сен бұрын қызың Афродитаға

Күйеу таңдамақшы болған едің.

Өзек өртеген өз баламдай ол

(Афродитаға жарамсақтанып басын иеді.)

Тойға топырласты жас құдайлар...

(Қулана жымыңдайды.)

Зевс.

Оны сәл соңырақ. Думан қызсын... Бас cay кезде қызды қайтсін бұлар? Қызып алса, дуылдасардағы, Өздері келіп ұрынар әлі. Ақылдысы да, ақымағы да "Мен мұндалап" шығар кеуде қағып.

Гера (қылымсып).

Ай, қусың - ау.

Зевс (зайыбының бөксесінен қағып).

Егер мас болмасам,

Алғаш көргенде байқамай сені

Өте шықпас па едім тұсыңнан.

Гера (бокал көтергендей, қолын ыңғайлап).

Жасасын шарап - әйел бақыты!

Дионис (бос бокалын Зевстің алдында төңкеріп көрсетеді).

Бос бокал ұстап қарап отыру –

Бедеу қатын алғандай азап.

Зарықтырмашы, баста тойыңды.

Зевс.

Шыда, Дионис! Жүз жылдық тойда Қорқау қарныңды тойғызарсың.

Дионис.

Білесің ғой, еркек екі жерде

Шыдай алмайды. Соның біреуі –

Күтіп тұру шарап құйылғанын.

Дионис бос бокалдың түбін алақанына сарт еткізіп, бұрылып кетеді. Осы кезде Эрот ыржыңдап, хор қыздарын күлдіріп тұрады.

Зевс.

Әй, сауық-сайран бикештері,

Күн ілгері күле бермесеңдер Қайтеді?

Эрот! Ыржаңдамашы!

Гера.

Тойды баста, Зевс, жас құдайлар

Тықыршып тұр тағат таппай.

Зевс.

Қазір, Гера!

Есім бар кезінде

Бұйрықтарымды беріп болайын.

Mac болған соң тағы тексеремін.

Гермес!

Қарт әкемнен мирас қалған

Тұтқындарды босаттыңдар ма?

Кешірім беремін бүгін бәріне!

Гермес.

Босаттық әміршім.

Төртеуінен Басқасы азат.

Зевс.

Ay, оларың кім?

Гермес.

Екеуі Гераның әміріменен...

Гера (алға шығады. Паңданып, қылымсып сөйлейді).

Мен жетінші зайыбымын Зевстің...

Бұрында да талай байды көргенбіз...

Зевс.

Байқаңқырап сөйлесеңші, бибі?

Гера.

Жетіншімін! Бірақ соңғысымын,

Бұдан былай неке бұзылмастай

Қасиетті мөрмен бекітілмек.

Айыптылар мейірім күтпесін.

Тәубеге келген күнәқармын мен –

Жазам қатал болмақ жазықтыға!

Эрот .

Пай-пай!

Гера.

Гермес айтқан әлгі екеу

Неке бұзып, ғашық болған екен.

Зевс.

Не істеген?

Гера.

Сүйген. Ғашық болған.

Зевс.

Қатты құмартып па кәдімгідей?

Гефест.

Күйіп-жанып, өліп-өшсе керек.

(Ақсаңдап Зевстің қасына келеді.)
Олар жатқан екі қара зындан
Жарқырайды аппақ нұрын шашып,

Бір-біріне алтын сәуле тарап.

Темір бұғауларды салғанымда –

Сусып түсті саулап құм сияқты...

Зевс.

Ғашықтығы сонда шын шықты ғой?

Гера.

Шын болғанда қандай!

Шектен асқан!

Зевс (орнынан тұрып, курзісін көтереді).

Бәсе, солай екен... Қазір бар да

Зындан құлыптарын аш сен, Гефест.

Адал сүйген жарлар азат болсын!

Махаббаттың мүлдем жөні басқа.

Жас құдайлар бұл шешімді дуылдаса құптайды. Гефест пен Гермес шығып бара жатып бір шетте тоқтап қалады.

Гера (ренжіп).

Міне, қандай қызық. Ғұмыр бойы Еркектің намысын еркек жыртады.

Зевс (мысқылдап).

Айтшы, Гермес, әлгі тұтқындардың Екеуі де еркек пе, қалай?

Гермес (қулана жымыңдап).

Біреуі қатын. Ғаламат ару...

Зевс (қарқылдап күледі, оған басқалары да қосылады).

Әнтек қателестің, Гера, ха - ха!..

Эрот.

Махаббаттың жөнін біледі Зевс.

Тегін айтпайды ғой, ха - ха, ха - ха!

Баласы қаптап жүр жер-жаһанды –

Ақсағы да, анау тоқсағы да...

Гефест пен Гермеске қолын шошайтып көрсетеді, құдайлар күледі.

Зевс.

Шама-шарқыңды білмейсің, Эрот!

Эрот.

Қойдым, қойдым...

Зевс (Гефест пен Гермеске).

Не күтіп тұрсыңдар?

Тұтқындардың төртеуін де шапшаң босатыңдар.

Гефест пен Гермес жүріп барып тоқтайды.

Афродита

Асықпашы, әке.

Өктем өкіміңді шығаруға.

Екінші жұп менің өміріммен

Тұтқынға алынды.

Қылмыстары

Жарылқарлық емес, шектен асқан.

Зевс

Не істеген сонша, құдайдың да

Жарылқауға күші жетпейтіндей?

Афродита

Олар, әке, мүлдем ғашық болмай, Махаббат отына тазармастан Некелескен. Міне, сондықтан да Баласының бәрі - кілең кәрі, Тәштек, бүкір, ақсақ-майып, ғаріп,.

Шерменде боп өңкей азып туған. Әлемдегі барлық мүгедектер Осы екеуінен тарап кеткен.

Зевс.

Уа, құдайлар! Естідіңдер ме?

Құдайлар.

О, Зевс!

Зевс (ашуға булығып).

Махаббатсыз неке?

Жарылқау жоқ!

Отты құралыңды алып, Гефест,

Екеуін бір алтын шынжырменен

Шырмап таста, алтын торға қама!

Оларға о баста бұйырғаны

Осы алтын.

Мейлі, мәңгі солай
Бір-бірінен безіп, жиренісін,
Күйіп-пісіп, көзге күйік болып,
Торда азап тартсын құсаланып

(Аса таяғын көтереді).

Әумин!

(Гефест пен Гермес шығып кетеді).

Дионис (бос бокалын көтереді).

Әумині айтылды... Тойды баста!

Зевс

Иә, Мусагет, тарт күйіңді!

Баяу мұңды музыка басталады.

Хор қыздары сахна төрінде бұлаң қаға билейді.

Тәңірлер түгел жиналды ма?

Дионис.

Бәрі түгел...

Гера (кіржіңдеп).

Кешіккені біреу,

Шолжаң Эрида - араздық пірі,

Той қызғанда келеді ұдайы.

Аспанның тірегіндей шіреніп.

Тәлімсіген жанжал тәңірісі!

Эрот.

Қайда кетер дейсің, келе жатар,

Қайта, кешіккені жақсы емес пе...

Зевс (тағынан төменге түсіп, сый-сыяпат қойылған бір тастың қасына келеді).

Әй, Мусагет, дырдуыңды доғар!

Ырың-жырың қиқу мезі қылды.

Күміс табақты даңғырлата соқ!

Олимп сілкінгендей солқылдасын!

Бірнеше рет даңғыра қағылып, соңынан ызыңдаған мұңды әуен басталады. Гефест пен Гермес қайта кіреді.

Зевс (даңғыра тынған сәт).

Міне, мынау –

Тура тәңірлерше...

Топырлатып қырдық титандарды...

Гермес (Зевстің алдына жетіп барады).

"Қырдық" емес, қырдым" деген дұрыс,

Сен жұдырық, біз саусақтарыңбыз...

Зевс (жаңылысқанына ызаланып).

Топырлатып қырдым титандарды,

Қарт Кронды аттым жаһаннамға.

Сол ерлігім үшін торқалы той!

Бокалдарға шарапты құй, Гефест!

Жалтыр басты скифтерше ішейік,

Құй шарапты, тамшы су қосмай!

Құдайлар (дуылдасып):

- Даңқы арта берсін ұлы Зевстің!

- Еңіреп туған ердің сөзі бұл!

Гера.

Бұзықтықты тағы адамдардан

Үйренемісің, Зевс?

Мұның қалай?

Зевс.

Енді кімнен үйрен дейсің оны?

Әмір ішкен кезде әр ұрттамын

Санап, мыжыңдап маза алғанын

Қашан қояр осы қатын-қалаш?

Толтыра құй, Гефест!

Шапшаңдатып!

Гефест.

Мақұл, Зевс, мақұл.

Қанша айтсаң да,

Сенің менен шапшаң құдайың жоқ.

Талай заман тарар мен туралы

"Ақсақ жүйрік шықты" деген нақыл

Құдайлар:

- Жүйрік шықты ақсақ Гефест, ха-ха-ха!

- Көргіш болды қитар Гермес, ха-ха-ха!

Гефест бокалдарға шарап құйып шығады.

Бөрі де бокалдарын қолға алады.

Зевс (бокал алады. Үрейлі тыныштың орнайды).

Билік алып, бастан еркім кетті,
Қазір менің ықтиярым емес,
Қатал ықтияры бас құдайдың

Үстеріңнен үкім жүргізеді.

Қатыгездік етсем, кешіріңдер,

Тек өзімнен мейірім күтпеңдер,

Жазатайым жаңсақ басқан кезде.

Дионис.

Тұңғыш тостағанды көтергенде

Ұлыстың осындай ұлы күні, Зевс,

Бізді қорқытпасаң қайтер еді?

Зевс.

Ұлыстың ұлы күні қайғылы күн Мен үшін.

Әлі айта алмаймын –
Жоғалттым ба, әлде таптым ба мен,
Ұтылдым ба, әлде ұттым ба мен –

Білу қиын...

Мейлі.

Бітті бәрі!

Адыра қалсын күмән атаулы,

Түйткіл тауқыметін тартсын шайтан!

Тәңір төрешісі - зерек зерде!

Көтеріңдер, тартып жіберіңдер,

Жаңа патша - Зевстің құрметіне!

Жас құдайлар (дуылдасып):

Ұлы патша Зевстің құрметіне!

- Зевстің даңқы мәңгі арта берсін!

Арта берсін Зевстің абыройы!

- Өсе берсін біздің мәртебеміз!

- Бақытымыз біздің мұндай патша!

- Патша үшін ішкен шарап тәтті!

Бәрі шарапты қағып салады, алайда бір шетте тұрған Прометей ішпей қалады.

Зевс.

Ay, Прометей неге ішпей қалды?

Прометей. Тостақ толы ащы шарап ішем,

Жоғалтамын сөйтіп жан досымды...

Енді араң алыс, хош, бауырым!

Ажырасу қиын дүниеде,

Көздің жасы тамды тостағыма.

Хош, Зевс!

Сезеді ішім: ақтық рет

Жылап тұрып өзіңмен қоштасамын.

(Ішеді).

Дионис (масаң).

Досыңнан айырылсаң, патша таптың,

Сонда патша саған ойыншық па?

Зевс (жұмсақ).

Достықтан оп-оңай бас тартасың,

Қалай құбылуың бұл, Прометей?

Прометей.

Білесің ғой өзің патшалардың

Қимас досы болмас ешқашан да...

Арқа сүйер қос тірегі оның –

Екеу ғана - жарамсақ пен жендет.

Осы кезде Зевстің қасындағы Гермес еңсесін көтеріп, қомпиып қалады. Өйткені, ол әлгі "қос тіректің" бірі. Мен ондайға мүлдем жарамаймын.

Зевс (Прометейге).

Ішер – ішпестен - ақ басыңа шапты –

Есеңгіреп кеттің...

Гефест!

Неге Ыдыстар бос?

Гефест.

Қазір құямын.

Ақсаңдай лыпылдап шарап құйып шығады.

Жас құдайлар оған қолын шошайтып күледі, дуылдасады.

Жас құдай

(Диониске басын иіп).

Кешіріңіз, мұнда алғаш келгем.

Гермес қалай өзі: бір беті ақ,

Бір беті қара?

Дионис.

Ақ беті оның Зевске арналған

Қара беті - қалғандар үшін.

Жас құдай.

Ау, бір құлағы былай қалқиып,

Бір құлағы қалай салпиып тұр?

Дионис.

Қалқиғаны көктен әмір күтеді.

(Зевсті көрсетеді).

Салпиғаны жерден тасиды өсек.

(Басқаларды көрсетеді).

Жас құдай.

Қызық екен...

Дионис.

Қызық, тіпті ғажап...

Гера.

Той тым божырап бара ма, қалай,

Хор қыздары неге тына қалды?

Мусагет те мүлгіп кетіпті ғой.

(Алақанын үш рет соғады ).

Манағы мұңды музыка қайта басталады. Хор қыздары биге түседі. Беліне садақ байлаған Эрот солардың ортасында. Хор қыздары сылаң қағып, бұрала билейді. Эрот та алуан түрлі әсем қимылдар жасайды. Осы кезде Құдайлар шарап ішіп, жымыңдасып, сөйлесіп отырады. Ақсақ Гефест бишілер арасында құрақ ұшып, бокалдарға шарап құяды. Би, музыка өрши түскенде Бірінші жас құдай қарғып тұрады.

Бірінші жас құдай.

Тоқта! Доғарыңдар, дабыраны!

Сәт сағаты соқты!

Нар тәуекел!

Батаңды берші,

Зевс, Афродита!

(Афродитаның алдына бас иеді).

Қолыңды бер, қәне, жан жарым бол!

Менен қолай күйеу табу қиын.

Бәрі де сасып қалады.

Зевс жалғыз өзі қулана жымияды. Зевс.

Епті жігіт сияқтысың, кәне,

Қандай тәсілің бар бізге таңсық?

Бірінші жас құдай.

Құдайларға біткен барлық өнер
Қолымнан келеді. Оған қоса
Бір жұлдызға екіншісін соғып,

От шығара білем, міне, былай.

Үстелдегі бокалдарды алып бірін-біріне соғады. Бокалдар шылдыр етіп қирайды. Тойдағылар қарқылдап күледі. Афродита оны ұнатпай, басын шайқайды. Бірінші жас құдай сасқалақтап қалады.

Зевс (Афродитаның жігітті ұнатпағанын байқап).

Болайын деп тұрған тойың еді,

Бүлдірдің. Жас екенсің, өсе тұр.

(Қолын сілкеді).

Екінші жас құдай (ұшып тұрып).

Батырлығым, Зевс, өзіңе аян!

Кескін-келбетім де көз алдыңда.

Ақылға да кенде дей алмассың!

Афродита!

Егер маған тисең,

Бағы ашылған бибі сен боласың.

(Тізе бүгіп, тағзым етеді).

Зевс.

Өзгеде жоқ қандай өнерің бар?

Екінші жас құдай (ұшып тұрады).

Шамырқансам шалқар теңіздерді

Ақтарамын, былай төңкеремін.

Шарап құйған үлкен табақты алады да, бір жас құдайдың төбесіне төңкере салады. Тойдағылар қарқылдасып күліседі. Афродита оны жақтырмай, басын шайқайды.

Зевс.

Тойыңды сен, күйеу болмай жатып

Төгіп-шаштың. Барып, көңіл көтер!

(Қолын сілкеді).

Үшінші жас құдай ұшып тұрады да Афродитаның алдына келіп, аяғына жығылады.

Үшінші жас құдай .

Сегіз қырлы сайыпқыранмын, Зевс,

Мұнда Афродитаға менен басқа

Лайықты күйеу табу қиын.

Өзім сері, өзім сал жігітпін,

Алпыс екі айла таба білем.

Меніменен өмір сүру қызық...

Зевс.

Бірін көрсет соның.

Үшінші жас құдай.

Әй, күйшілер!

Тартыңдаршы менің желдірмемді!

Бажылдаған әулекі күй шертіледі. Үшінші жас құдай қазіргі заманғы модаға айналған билерге ұқсатып, тыржақтап, қисаңдап, секеңдеп, екілене еліріп билеуге кіріседі. Зевс бұған мәз болып, ішек-сілесі қатып күледі. Үшінші жас құдай билегенде Хор қыздарының бірі ұзын етегін көтеріп, онымен биге түседі. Афродита басын шайқайды.

Зевс.

Әй, желтең жігіт, жетер!

Түсіндік.

Билеймін деп тойдан қағыларсың.

(Қолын сілкеді).

Гера.

Қандай жастар өскен бұ заманда?

Қыз айттырудың жөнін білмейді.

Дионис.

Жастар бұзық.

Тіпті шарапты да

Тойып іше алмайды, сорлылар.

Зевс (шеткерірек тұрған Прометейге тағы да бұрылады. Прометей әлі жабырқау). Достықтан да артық туыстық бар - Бауырластық. Прометей, мен мұны саған айтам. Алтын Афродита, Бәлкім, жалғыз сені лайық көрер! Сүйек-шатыс жекжат болар едік.

Прометей.

(Афродитаның қасына келеді. Афродитаның алтын киімі нұрланып, жарқырап кетеді. Ол Прометейді ұнататын сияқты).

Алтын қолды, алтын Афродита!

Бұл ғаламда, сірә, сенен кемел

Ештеңе жоқ. Мен әлемді білем.

Сенен кеммін, мен - бишара, кәріп.

Гера (жақтырмай, иығын қушитады).

Зевс.

Соқпа қайдағыны!

Прометей. Кәріппін, Зевс.

Басымдағы бір тал шашым кеміс.

Зевс (шошып).

Шашың қайда сонда?

Прометей.

Жердің бір қызы еркеледі де,

Оны гүлге балап жұлып алды.

Зевс.

Лайық па өзі жалғыз тал шашқа,

Сол шашыңды жұлып алған нашар?

Прометей.

Уа, құдайлар!

Егер оның бір тал шашына мен

Өзім лайық болсам, Жер мен Көкте

Бұдан асқан бақыт бар ма маған!

Зевс.

Махаббаттан есің таңған құдай!

Шынында да мықтап шатылыпсың –

Бұған мүлдем шара табылмайды!

Афродита (оның алтын киіміндегі сәуле сөнеді).

Сонда мені кемсіткенің ғой бұл..

Прометей.

Олай емес, ару Афродита,

Мен өзімді сенен кем көремін.

Афродита (күрсініп).

Бәсе...

Өзімді сүйгенді мен сүймеймін

(Гефестке қарайды).

Менің сүйгенім - сүймейді мені.

(Прометейге қарайды).

Бұған менің мүлдем амалым жоқ.

Прометей.

Онда сен де әлсіз екенсің ғой,

Махаббаттың пірі бола тұрып.

Афродита.

Қоспаймын да, айырмаймын да мен Ғашықтарды.

Тек қамқорлық жасап, Қауіп-қатерден қорғап қаламын.

Прометей.

Афродита, зінһар, ашуланып,

Ғашығымнан менің өш алмашы.

Өтінемін сенен, Афродита!

Афродита.

Ұялсаңшы бұлай жалынуға!

Өш алуға қалай қолым барсын?

Ғашықтардың пірі емеспін бе?

Прометей (басын иеді).

Рахмет саған, алтын Афродита!

Афродита.

Сүйген жарыңды бір көрсем деймін.

Прометей.

Кездесер жер - қызғалдақ алқабы.

(Шетке шығады).

Осы күйеу таңдау кезінде Гефест қобалжып, қызғанып, жаны жай таппай тыпыршып жүреді. Афродита күйеулерді ұнатпай, басын шайқаған сайын қужыңдап, қуанады. Ол Афродитаны сүйеді. Араздықтың пірі Эрида келгенін Гермес хабарлайды. Жұрт абыр -сабыр абыржып қалады.

Гермес.

Араздық пірі Эрида Келе жатыр!

Дауыстар:

- Эрида келеді!

- Жанжал келеді!

- Әй, дәукес Эрида келеді!

- Дөп келуін - ай - думан қызғанда!

Тыртиған тар, қысқа белдемше, сорайған биік екше туфли киіп, қолына алма ұстаған Эрида бұлталақтай бұлтақтап, кердеңдеп кіреді. Ол тура Зевстің қарсы алдына барып тұрады.

Эрида.

Міне, мен де келіп жеттім.

Зевс.

Көрдік.

(Оны бастан-аяқ шолып шығады).

Эрида.

Көргішсің ғой, көзің жіті сенің.

Зевс (Эриданың киіміне тағы деп таңырқап, таңдана қарайды).

Апыр-ай, бұл қандай әдепсіздік?

Қайдан шыққан мұндай сұмпайы сән?

Эрида.

Өзім пішіп, өзім тіктім мұны.

Зевс.

Пішкеніңмен, тігіп бітірмепсің.

(Өз рөліне еніп).

Тіфу, масқара!

Қайдан тапқансың?

Мына шолтаңдаған етегіңнен

Абұйырың ашылмай ма, азғын?

Эрида. Ой, Зевс - ай, етек деген алдамшы ғой, шіркін, тіпті тірсекке түскен салпы етектің астынан абұйырын ашатындар толып жатыр... Оған алыстан айғақ іздеп қайтеміз.

(Гераға қарай жымың етеді. Құдайлар қарқылдап күліседі).

Зевс.

Өзі бұзық, сөзі сойқан ылғи,

Неткен бейбақ еді мынау!

Эрида.

Тоқтың көзі етекте, аштық көзі - Тамақта.

Сендер тоқ та, мен ашпын.

Зевс.

Эридаға шарап құй, Гефест!

Эрида .

Мен де сенің мерекеңе құр қол келмедім.

Сыйлығым бар. Мынау алма!

(Гефест құйған шарапты қағып салады).

Ту - у, скифтерше су қоспай ішіп жатыр екенсіңдер.

Бәрекелді!

Зевс.

Эрида, сен анау Эроттың қасына бар да, жайыңа отыр.

Бүгін жанжал шығарма.

Эрида.

Құдай сақтасын!

Сол дау-дабыра титығыма тиді әбден.

Дионис (мас).

Ендігәрі шарап ішпеспін.

Жөнді сыбайласым жоқ.

Эрот (мысқылмен).

Эрида! Айналайын, мені телміртпе.

Эрида.

Тартуымды тапсырамын да, қазір...

Титандармен шайқаста,

Кронды Тамұққа тастауда ерен ерлік көрсеткен ең батыр, ең сымбатты, ең... ең қайратты жас құдайға берем бұл алманы! Мә, қақшы! (Алманы әуеге лақтырады. Лақтырады да өзі қағып алады. "Мә, қақшы!" деп тағы да лақтырады).

Сол сәт тойдағы барлық жас құдайлар алмаға лап қоя ұмтылып, қым-қиғаш таласып, бірін-бірі итеріп, түйгіштеп, төбелесіп: "Алма менікі", "Батырдың сойы - мен!", "Менен сымбатты жан жоқ - алманы мен алуға тиіспін!", "Даңқ алмасы - менікі", "Алманы маған бер!", "Мә, саған алма!" деп қыран - пышақ қырылысады. Зевс аң-таң.

Гефест.

Ұят қайда, жас құдайлар!

Әдеп қайда? Сұмдық сорақы ғой мыналарың!

Құдайлар мұны тыңдамайды, алма бір шетке домалап кетеді, алманың ізінен тойдағылар түгел қуып, бірін-бірі жұлқыласып, еңбектеп шығады. Оларға ілесе Эрида, Эрот және басқа құдайлар да кетеді.

Дионис.

Бір көрмегеніміз осы еді, мұны да көрдік, ха-ха-ха! Титандарды қырып салған сайыпқырандарды бір сұрқия топырлатып айдап шықты-ау, ха-ха-ха! Пай-пай, Зевстің сарбаздарының намысқа тырысуын - ай!

(Кетеді).

Зевс.

Бар, Гермес, әлгі алманы тартып әкел.

Даңқ алмасы өзімде ғана болуға тиіс.

Гермес.

Өзінде ғана болады. (Шығады).

Той тарқайды. Ішінде Гера, Афродита, Гефест жоқ, Зевс пен Прометей ғана қалады. Прометей Жерге қарап тұрады.

Зевс.

Міне, тағы жүз жыл өте шықты,

Кеудең толы қайғы, наразылық,

Жерге қарайсың көз алмай әман.

Көкте не жетпейді?

Жақпайтын не?

Той-думан ба, сауық-сайрандар ма?

Тартқан ризық, ішкен шарабың ба?

Әйел назы, даңқ - дәреже аз ба?

Әлде өзім бе мазаңды алған?

Қырық құдай шалқып тойлағанда,

Жалғыз өзің оқшау қыңырайдың.

Не жетпейді саған?

Не жақпайды? Прометей.

Мына тірлігіміз, ермегіміз,

Істеген іс, қылған қылығымыз.

Зевс.

Қай ісіміз? Прометей.

Жүздеген жыл бойы Сойқан соғыс толас тапқызбады,

Көктен қар жаумады, қан жауды ғой.

Тағы жүз жыл бойы дырду - думан,

Ағыл-тегіл сауық-сайран өтті.

Айтшы, бұдан басқа не тындырдық?

Нені түзеп, не жасадық осы?

Күллі Көкте бір Гефестен басқа

(Гефест салған сарайды көрсетіп).

Шөп басын сындырған бір құдай жоқ.

Зевс.

Әлем түзетуге зәру емес –

Не қажетті түгел жаратқанбыз.

Прометей.

Жарата салып, ұмытқанбыз біз,
Пенделерге қара, тас қараңғы,
Тар қапаста шексіз азап шеккен,

Мүлдем жарық көрмей, көктем көрмей.

Сен оларды оттан айырғаның –

Айырғаның үміт-арманынан...

Зевс.

Оларға сол керек!

Білесің бе,
Құрбан шалған кезде, кімдер мені
Сүйек-саяқ тастап тәлкек еткен? –

Солар! Дандайсыған дарақылар...

Сол жазығы үшін жаза тартсын.

Прометей. Қашанға дейін?

Зевс.

Мәңгі бақи...

Прометей.

Қандай қатыгездік!

О, адамдар!

Зевс.

Мұның саған қандай қатысы бар,

Сонша күйінетін мүсіркейтін?

Шаруаң қанша сенің адамда?

Прометей.

Ұмыттың ба, Зевс, өзіңменен
Тереземіз сонау тең кезінде,
Көз жасыма ақ керішті илеп,
Мен сол адамдарды өз қолыммен

Сомдап соққанмын.

Иә, олар менің
Кез жасымның гауһар бүршіктері -
Парлап, Ыршып келіп
Тамғандары,

Әлі талай таматыны.

Зевс.

Онда,

Көздің жасы тыйылады...

Суалтамын оны, құрғатамын.

Адам баласының ар-ожданын

Тар қапасқа қамап тұншықтырам.

Ар-намыстан айырылса адам –

Адам емес, азып туған жәндік.

Прометей.

О, Зевс!

Мейірім - шапағатың қайда?

Адамдар мың - ақ жыл өмір сүрді,

Олар әлі аңғал, сәби күйде –

Бар жазығы балаңдығы шығар.

Сен патшасың.

Күллі кемелі де,

Кәрібі де сенің перзенттерің.

Зевс (шамырқанып).

Кәріптерін қырып тастау керек!..

Прометей.

Ождан қайда?

Ар-ұятың қайда?

Зевс.

Ар - ұятым - мына менің өзім.

Прометей.

Тәңірілердің тәңірісісің.

Тәңірі намысы тұлғаланып,

Бәрінен биік тұрады асқақ!

Сен рақымсыз болсаң, бар ғаламды

Жәдігөй мен жылпос қаптап кетер.

Зевс (ақырып).

Тәкаппарлықты таста, Прометей!

Ендігәрі ақыл үйретпегін
Кімді жазалау, кімді жарылқау
Жайлы. Жетті! Егер өзіме де,
Сөзіме де қырын келер болсаң,

Маған емес, өзіңе өкпеле.

Күпір сөздеріңді кешірсем де,

Кесірлігіңді кешіре алман.

Ұзақ кідіріс.

Зевс жауап күтеді .

Прометей үндемейді.

Зевс одан сайын қажай береді.

Мәңгі бақи есте сақта мұны:

Өзі еркіннің сөзі де еркін.

Тәуелсіздің сөзі - тажал оғы.

Тәуелдінің сөзі - тұлдыр түтін.

Құлдардың тілі - құлыптаулы тіл.

Мүшкіл халге түспе, осыны біл,

Шаш жұлдырып, бас жоғалтқан құдай!

(Бұрылып кетеді).

Прометей.

Айтқан ақылыңа рахмет.

Мәңгі Ұмытпастай сабақ.

(Шетке шығады).

Зевс (бір шеттен).

Есте сақта соны.

Гермес қауырт кіреді.

Ол абыржулы.

Зевстің қасына келеді.

Гермес.

Әміршім!

Зевс.

Кейін келерсің!

Гермес.

Кейін кеш болады.

Зевс .

Не өзі сонша?

Гермес.

Алмаң, міне. Әрең тартып алдым.

(Ұсынады. Зевс біраз алмай тұрады).

Зевс (кіржіңдеп).

Кілең күдік, ылғи сыбыс, өсек,

Түйме көрсең, түйе көргендейсің.

Гермес.

Асырып айтпасам, сенбейсің ғой.

Бұл өзі шынында да жаман хабар:

Жердің қойнауында от жаралды –

Еміс-еміс ұшқын жылтырайды!

"Оты бардың - билік қуаты бар!" –

Деген сөзің еске түсіп, шошып,

Қорқып келдім, тақсыр.

Зевс.

Шамасы, сен

Көргенсің ғой түнгі май қоңызды –

Қараңғыда жанып жылтырайтын.

Кейде зауза қоңыз дейді оны.

Гермес.

Мені мүлдем аңқау деме, тақсыр,

Жердің қойнауынан ұшқын шықты!

Өршіп кетуі кәдік!

Зевс.

Қайда көрдің?

Гермес.

Көрінбейді әлі. Тек сеземін. Қайда екенін анық білмеймін. Әйтеуір, бары рас.

Зевс.

Бола берсін...

Жер отының барлық қауқары

Әлгі май қоңыздың жылтылындай.

Тіпті қобалжитын жөніміз жоқ.

Гермес.

Айтпай қалды деме.

Құтылдым мен...

Зевс (мақтанып).

Күллі әлемнің жанын жайнататын

Киелі от - менің ошағымда.

Соны, әйтеуір, сөндірмеңдер –

Бір ұшқыны да шашау шықпасын!

Ал жердің оты...

(Қолын бір сілтеп, кете береді).

Әйтсе де, Гермес,

Жаһанда жылт еткен жарық көрсең,

Табаныңмен таптап, езіп таста.

Гермес.

Бұлжытпай орындаймын, тәңірім.

Зевс.

Киелі оты бардың - қуаты бар!...

Ay, Жер оты?..

(Үрейлі кескінмен).

Оған көктің оты

Қосылмаса, түкке жарамайды.

Ал Жер оты...

Тіфу! Тіліме кеп

Орала берді-ау осы бір сөз...

Прометейге адырая бір қарайды да кетеді,

соңынан Гермес ереді.

Прометей Жерге ұзақ қарап тұрады.

Прометей.

О, Зевс, өз құдіретіңе өзің Аңғармадың үкім кескеніңді.

Абайсызда жаңсақ қадам басып,

Айтып салдың оттың құпиясын...

Екі отты - Көк пен Жердің отын

Ұштастырсаң, қатер төнер саған –

Жер ұтады да, Көк ұтылады!

Қолында оты бар кісі ашады

Талай тылсымдардың терең сырын.

Сол от бір сәт оқыс жарқ еткенде,
Парша-парша болған бұл ғаламды
Жалғап, қосып, қайта жасайды да,

Қайта жаңғыртады, жайнатады.

Екі отты қосу, бәлкім, менің

Тағдыр жазған төл міндетім шығар?

Парасатты парызым емес пе!

Қияндағы қиын жолға шықтым!

Қиындықсыз қол жетпеген дәйім,

Аңсаулы арман, ұлы істерге!

Нар тәуекел! Қане, батаңды бер,

Агазия - мөлдір махаббатым!

От сөнеді.

ҚЫЗҒАЛДАҚ АЛҚАБЫ

Бүкіл алқапты нарттай қызыл қызғалдақ қаптаған.

Бүл ғашықтар кездесетін атырап.

Прометей дің құшағында

Агазия.

Кейін Афродита елестейді.

Прометей.

Агазия! Мөлдір махаббатым!

Екеуімізді қосып, табыстырған
"Екі" деген санның мағынасың
Құдіретін, қыруар құпиясын,
Енді ғана айқын аңғардым мен

Өзіңменен қайта қауышқанда.

Бір-біріне әлі қосылмаған

Миллиондар - нөл осы

Екі алдында. Мың жыл күлгенім жоқ еді.

Бүгін Күлсем деймін сәбилерше шалқып,

Бәрін ұмытып, маужырап, балқып!

Бақытымды Екі мәрте таптым –

Мұрат жолында, махаббатымда.

Жүрек бұғауларын жүз пәршалап,

Асылыма жеттім, асылыма! Агазия!

Сүйген жарым менің,

Құшағымда тұрған кезіңде де

Елжіреймін, сені сағынамын.

Жанарың тұр жайнап көздерімде,

Жүрегіміз бірге дүрсіл қағып,

Сонда да мен сені сағынамын.

Неге үндемейсің?

Агазия.

Бақытымды

Үркітермін бекер үн шығарсам.

Күн шығарда күңгірт тартады ай.

Сен сөйлеші, мен тыңдайын ұйып...

Прометей.

Жиһан жаралғаннан бері саған Ынтызармын.

О баста бір уыс Топырақ едің сен.

Ғашық болдым.

Талай ғасырдан соң топырақтан Үрық өнді.

Сан ғасырлар өтті. Саған жан бітті.

Мен іңкәр болып,

Күйіп-жанып сүйдім, сүйе бердім...

Дәл қазір де шаттықтан шалқып,

Құшақтап тұрып сағынам сені,

Құмарым бір қанбай...

(Кенет қапаланып).

Агазия!

Бүкіл өмірің бір күндей болып,

Заулап өте шықса, қайтемін сонда?

Агазия.

Ол жаңа басталды.

Прометей.

Демек, бітті.

Агазия.

Рас-ау, басталғаны біткені ғой.

Прометей.

Жоқ!

Уақыттың барлық мезгілдерін

Мен өзіңмен дәйім өлшеп келдім.

Бұдан соң да солай етем.

Сені,

Сені құдай жасап, сонау

Көкке Бірге ала кетем, Агазия!

(Олар бір-біріне тәжім етеді).

Афродита елестейді.

Ғашықтардың бақытын көріп таңданғанымен, мұның түбінде қайғымен бітетінін сезіп, қапаланады.

Афродита.

Махаббаттан ұлы ештеңе жоқ,

Адамды тәңірмен теңестірген.

Тіпті тең емес-ау?

Жер қызына

Тәңірі тәжім етіп, басын иген.

Әбден лайық екен.

Дидарында Ғажайып нұры киелі оттың.

Өмірі қысқа пенделердің мен

Мұндайларын алғаш көріп тұрмын.

Бұлар лайық: ақ батамды берем!

(Кенет күйініп).

О, қатыгез жазмыш!

Байғұс құдай,
Сен тілеген тағдыр бұйырмады,
Ризығы да, ажалы да оның

Осы жерде.

Біздің патшалыққа

Ұша алмайды ол

Қанаты жоқ...

О, қанатсыз қасқа, шарасызсың!

Көзімдегі қасірет оттарынан

Кірпігім өртенді, аяп сені...

(Ғайып болады).

Агазия (Прометейге таяу келіп).

Бүкіл ажалдылар арасында

Бақыттысы, бәлкім, өзім шығар.

Тынысыңа маспын - қандай рақат!

Адамға не керек бұдан басқа?

Прометей, (ұшып тұрады).

Мен ажалсыз етем сені қазір!

Жүрегімді жұлып аламын да

Кеудеңе салам тең жартысын.

(Кеудесін айырмақшы болады).

Агазия (ұмтылып).

Тоқта, тоқта!

Прометей.

Тоқтасам, кешігерміз.

Агазия.

Жоқ, жоқ! Жоқ, керек емес.

Қорқам!

Прометей.

Неден қорқасың?

Агазия.

Мәңгіліктен.

Әуре етпе мені!

(Жалынып).

Өтінемін, әуре етпе, сүйсең...

Прометей.

Түк түсінбеймін.

Агазия.

Сен құдайсың ғой –

Бәлкім, бұл жағдайды түсінбессің.

Жерде менің барлық бауырларым

Туыстарды қиып, жалғыз өзім

Қалай тастап кетем мәңгілікке?

Прометей.

Олар сені мына мен секілді

Ұната ма?

Агазия.

Ұнатпайды мені.

Күдіктеніп, кілең шеттетеді,

Тіпті жәбірлейді.

Тек өздері

Менсіз тұра алмайды.

Прометей.

Түсінбеймін.

Агазия.

Түсінбейсің бұған.

Құдайсың сен.

Прометей (күйініп).

Ақылым мүлдем жетпейді бұған..

Адамдарды өзім жаратсам да

Ұмытыппын. Бар обалы - маған!

(Қынжылып).

Оларға не болған?

Ау, қалайша

Жек көреді өз бауырын өзі?

Агазия.

Мен туғанда, менің бесігіме

Әлдеқайдан ұшқын шашырапты.

Алтын арай шашып, кетіп қапты.

Оттың кесапаты тиген деп жұрт

Жат көреді мені содан бері.

Прометей.

Асыл жарым!

Сол бір алтын арай
Көз жасымның оты жарқыраған –
Саған іңкәр, шексіз сағыныштан

Өзегімді өртеп, жарып ұшқан.

Сол бір ұшқын тербеп жүрегіңді,

Талай тебірентіп, қайғы салды...

Кешір мені, кешір, Агазия,

Жер-жаһан алдында жалынамын!

Агазия. (құшақтап).

Құшағымда тұрып қобалжыма,

Күллі күдік, күмәніңді ұмыт.

Еркелетіп, аймалағаныңда,

Бар ғаламды естен шығар мүлдем,

Бір өзімді ғана құшаққа ал!

Кешегіні, ертеңгіні ұмыт,

Бар дүниені ұмытшы бір сәт!

Прометей.

Әлемді ұмыту, Агазия,

Сені ұмытумен барабар ғой.

Бұған менің шамам жетпес, сірә.

Сен ажалды кезде - азаптымын.

Толас таппан.

Агазия.

Онда махаббаттың

Осы жерге жетіп, тынғаны ма?

Прометей.

Жоқ!

Сені ажалдан құтқарамын!

Агазия.

Қой, Прометей!

Мен айттым ғой саған:

Маған мәңгілікке жол жоқ мүлдем.

Жалынамын, жаным, бұдан былай

Айтпа мұны, егер мені сүйсең.

Прометей.

(өзінің басты мұратын еске түсіреді).

Сүйем!

Сол үшін де белді буып,

Бас кетерлік іске құлаш ұрдым:

Адамдарға, Бар адамзатқа

Мәңгі өмір берем, сыйлық етіп,

Солар арасында сен боласың.

Агазия.

Адам айтса мұны, ақылынан

Адасқан дер едім.

Құдай айтты,

Қайтерімді білмей, сасып тұрмын.

Прометей.

Мен титанмын.

Иә, мен құдаймын,

Қуатым шексіз.

Жерде от жаралды.

Осы отқа сонау ғарыштағы

Киелі отты қосамын да

Адамдарға берем.

От жарығы

Түскен адам мәңгі өмір сүрер.

Жердің жүзін солай жарқыратып,

Күллі әлемнің көркі етемін.

Мұратыма егер жетпей қалсам,
Өртенем де, өзім күл боп кетем
Ажалымды тауып, сеніменен

Бірге барып кірем қара жерге..

Агазия.

Есіңді жи, құдай!

Прометей.

Жоқ, жимаймын!

Қайтпас қайсар, нағыз хас батырлар,

Нар тәуекел етер мұндай іске...

Иә, мен бел байладым,

Зевс отын Жердің отыменен жалғастырып,

Замананың бетін өзгертуге.

Агазия.

Мен қорқамын бұдан.

Прометей.

Мен де қорқам...

Бірақ мақсатымды орындауға

Мен дайынмын!..

Батаңды бер, Агазия!

Жауап орнына Агазия оны құшақтайды. Сол сәт баяу, үрейлі музыка естіледі. Сахна қарауыта түседі. Тағдырдың пірлері Мойралардың даусы естіледі.

Мойралардың даусы.

Тағдырдың пірлері - біз сұраймыз:

Осы сенің соңғы шешімің бе?

Прометей.

Бәлкім, әлі біраз ойланарсың?..

Жанымызға батып мүшкіл халің,

Қатты қайғырғаннан айтып тұрмыз.

Прометей.

Жоқ!

(Жаңғырық: "Жоқ!", "Жоқ!", "Жоқ!" деп қайталайды).

Мойралардың даусы (олар әр сөзді созып, үзіп – үзіп айтады).

Қап тауына қара, о, Прометей!

Көресің бе, анау тас қияны?

Сол жартасқа бұғауланасың да,

Ақырет көріп, тауан тартасың!

Отыз мың жылға созылар азап.

Отыз мың жыл.. Отыз мың жыл..

Егер райыңнан қайтпайтын болсаң,

Зевс саған қазір жаза бермек –

Отыз мың жыл..

Отыз мың жыл..

Сүйген жардың құшағында тұрып,

Соны еске түсір, ойлан шапшаң –

Отыз мың жылға. созылар жазаң.

Мұңды музыка үзіледі.

Бірдеңе күрсілдейді.

Кавказ тауындағы жартас.

Зевстің қызметкерлері Өкім, Күш, Гефест, Прометейді шыңырау құрдымға төніп тұрған құз жартасқа алып келген.

Өкім.

Мен Өкім. Өкімім бітті солай.

Күш.

Мен Күш.

Менің күшім тәмәм.

Енді Бұғау күші мені алмастырар.

Қане, Гефест, өнеріңді көрсет!

Өкім.

Бұғау жаса, үш жүз ғасыр бойы

Тот баспайтын, тыпыр еткізбейтін.

Прометейдің бауырын шоқыр құсқа

Құрыш тұмсық, темір тырнақ кигіз.

Зевс әмірі солай.

Гефест.

Орындаймын.

Кетіңдер, қане.

Сендер тұрғанда,

Тыныс тарылады.

Ісім оңбай.

Күш .

Байқап сөйлесеңші, жарықтығым,

Біз - Зевстің екі азу тісіміз...

Өкім мен Күш кетеді. Гефест Прометейді құз жартасқа керіп, байлап, бұғаулайды.Темір шыңқылдайды, шынжыр шылдырлайды. Тастөбеден бүркіт шаңқылдайды. Гефест істі тындырып, Прометейдің алдына жүгінеді.

Гефест.

Жексұрындық, жауыздық қой мынау,

Еркімнен тыс қазір жасығаным.

Қолым неге сынып құрымаған,

Көзім қалай ағып түспеген?

Қарғыс атсын менің өнерімді!

Салған сарайларым күл боп ұшсын,

Өзім құйған анау алтын тәждер

Су болып ақсын.

О, мейірімсіз, Зевс!

Шебер суретші, ақын болатын

Жендет жасадың сен перзентіңді.

Қайсарларға жаман атақ таңып,

Қорлап, азаптауды білесің сен!

Жаным сүймегенді жасады қолым,

Қандай қорлық!

Зевс бұйырыпты-мыс!

Жауыздықтан емес мұның бәрі,

Қажеттіліктен жасалыпты-мыс,

Неге керек екен бұл қиянат?

(Жылайды).

Жаным сүймегенді жасады қолым,

Ғафу өтінемін, кешір мені,

О, Прометей!

Прометей.

Жетер енді, Гефест!

Көзіңнің жасын көлдетпе бекер.

Мұнда үш жүз ғасыр тұрамын мен.

Ауа бұзылады көз жасыңнан.

Гефест.

Менің көз жасыма күлесің сен.

Прометей.

Көз жасыңның құны сол болған соң...

Гефест.

Мен өкінем...

Прометей.

Иә, оны білемін:

Өз еркімен, әлде еркінен тыс
Ардан аттап, күнә жасағандар
Тап осылай жорта мүләйімсіп,

Жақсы көрінуге тырысады.

Аңқылдаған кілең адал жандай,

Зар еңіреп, жуып-шаяды да –

Сосын... ау, еркек болсаңшы, сорлы.

Қылмысыңа қырық сылтау айтып,

Қырық мәрте кешірім сұрай берме...

Гефест (тұрады).

Қарғыс атсын менің өнерімді!

Прометей.

Өнерің тамаша.

Шеберлігің Шектен асқан.

Қарашы, мінеки,

(Шынжырларын шылдырлатады).

Мұздай темір құрсадың маған.

Ғажап!

Гефест.

Не десең де саған ризамын мен.

Тағдыр жазғанына амал қанша.

(Кетеді).

Прометей.

Бауырымды шоқыр құсқа,

Гефест, Құрыш тұмсық кигіз, ұмытпа!

Бүркіттің шаңқылдағаны, қанаттың суылы естіледі.

Адамзатты сүйдім, сонда тапқан
Бақыт - дәрежем, көрген әуселем –
Биіктерден биік
Қап тауының

Шырқау шыңы ғой шыққан ұшпағым.

Азап - ақырет тағына міндім.

Бір заманда осы құрбандықтың

Мәнін түсінер ме ажалдылар?

Тегі, құдайға да бақыт керек,

Аса қажет бақыт құдайға да! ...

Не деп тұрсың өзің, о Прометей?!

Жақсылығың, тартқан жазаң үшін

Әлде сыйлық алғың келсе керек?

Тым ұсақсың, титан! ...

Олай болса -

Неге мұнша тауқымет тартамын?

Шаңқылдаған бүркіт

Прометейдің үстіне қонады.

Оһ, алғаш рет бауырымды тілді

Құрыш тұмсық, темір тырнақты құс!

Бұл азаптан қашан құтылармын?

Прометейдің шешесі Фемида кіреді. Ол бастан - аяқ қара киім киген. Жалаң бас, шашы аппақ. Прометей дің қарсы алдына келеді.

Фемида.

Балам!

Прометей.

Aпa!

(Ұмтылады. Шынжырлары шылдырлайды).

Фемида.

Мынау неткен сұмдық?

Прометей.

Көріп тұрсың.

Фемида.

Неге барлық пәле

Бір басыма жауады сонша?

Балаларым!

Неге барлығың да Зевс қаһарына қарсы шықтыңдар?

Анау ағаң Атлант, жаза өтеп,

Күн мен түннің сонау торабында.

Иығыменен көкті тіреп тұрған.

Енді саған мұндай ауыр жаза Берді Зевс.

Байғұс ұландарым!

Прометей.

Қалағаныңды айт, анашым,

тек Бізді "мүскін", бізді "байғұс" деме.

Фемида.

Жоқ, жоқ, балам!

Қайғы-қасіреттен

Ақылдан адасқан анаңды кешір.

Жо-жоқ, мүскін емессіңдер,

Мүскіндерді мүсіркеу басқа...

Прометей.

Неге келдің, aпa?

Жағдайымды

Жеңілдетер шараң болмаған соң,

Тек өзіңді бекер қинап тұрсың.

Фемида.

Өтінем, балам!

Күпірлігіңе Кешірім сұра.

Зевс кешірер сені.

Оны ар-ожданың көтермесе,

Аяғына өзім жығыламын.

Прометей.

Олай деме, апа, аш көзіңді!

Егер жазықтылар жендеттерден,
Қорлық көрген жандар залымдардан
Кешірім сұрағанда,
Бұл ғаламда

Әділет қашан орнайды сонда?

Қашан?

Фемида .

Мен саңыраумын, соқырмын:

Балам тұтқын болып, қайғы шеккен.

Бар әділет - соны құтқаруда.

Тәубеге кел, балам, ғафу өтін,

Бұдан басқа біздің шарамыз жоқ.

Тәкаппарлық жасап, асқақтама,

Топастармен бекер тайталаспа.

Бағын, балам, Зевс құдіретіне.

Прометей.

О, ғаламның барлық аналары!

Неге осындай ержүрек ұлдар

Табасыңдар сендер?

Балаларың Ержеткенде, теңдік сұрағанда,
Шақырасыңдар тәубе етуге,
Өкінуге, құлдай бас июге,

Тіпті тізе бүгіп, жүгінуге.

Бұларың қалай?

Сөйте тұрып,

Біздің кеудемізге неге мұндай

Қайтпас қайсар жүрек саласыңдар?

Фемида.

Ішімізде кім жатқанын алғаш

Білмейміз біз.

Прометей.

Бұрын білсеңіздер
Өңкей жуас, кілең кеще ұлдар,
"Ә" дегенде "мә" деуші құлдар

Туасыңдар ма бұл дүниеге?

Тып-тыныш жасар едіңдер сонда...

('Шынжырларын шылдырлатын қояды).

Неге бізге мұндай отты жүрек Бересіңдер?

Сосын өкінесіңдер, - Ана?!

Фемида.

Анаңды ренжітесің...

Өкінер едім, өңшең бишара,
Мүгедектер тапсам: ынжықтарға,
Аусарларға ақ сүтімді берсем,

Мен өкінер едім...

О, Прометей,
Өкінбеймін сені тапқаныма,
Тек өкінерім: сенің жазаңды

Өзім тартуыма амалым жоқ.

Бала үшін жанды пида етсек,

Тыныш болар едік біз аналар...

Прометей.

Азап шексем де жарқын жүзіңе

Қайғы салмаспын, берік бол, анам.

Зарлаған үнімді есітпес Зевс,

Тек тәубені менен талап етпе!

Фемида (Жігерленіп)
Бұл шешімің өте дұрыс, балам,
Әділеттің пірі - Фемиданың

Перзенті деуге әбден лайықсың.

...Қандай ұят!

Өз баламды өзім

Жауыз жауға жығып бере жаздап

Бас июге бекер үгіттедім.

Ақылымды қайғы тұмшалады.

Қайран перзентімнің қайғысынан...

Прометей.

Енді бара ғой.

Сенің азабың

Өз қайғымнан бетер жанға батты.

Енді келме, апа.

Үш жүз ғасыр

Өте шығар.

Қайта қауышармыз.

Фемида.

Қиналғанда уақыт жай өтеді,

Сабыр сақта, балам, сабыр сақта!

Фемида кетеді. Қайтадан бүркіт шаңқылдайды. Ол Прометейді талайды. Прометей үн шығармайды. Қызғалдақ алқабы, жарық Прометей мен Агазияға түседі. Агазия жәрдем сұрағандай Прометейге сиынады.

Агазия (сескеніп)

Біз екеуміз жаман түс көрдік..

Өңіме кір, жаным, өңіме кір!

Прометей.

Бұл - түс емес, менің көрешегім,

Тағдыр тәңірілері аян берді.

Агазия.

Сен райдан қайт, ойлан,

О, Прометей!

Прометей.

Райдан қайту - сенен үміт үзу,

Өз-өзімнен безу деген сөз ғой.

Жоқ, жоқ, мен - Прометеймін.

Сертім берік.

...Үш жүз ғасыр заулап өте шыгар,

Сен ажалсыз болып, мені күтсең.

Тәуекел етемін, Агазия!

(Қараңғы түсе бастайды).

Агазия.

Қатты қысып, құшақташы мені!..

Тағы, тағы бір мәрте, тәңірім...

От сөнеді.

ЗЕВС САРАЙЫ

Гефест салған сәулетті сарайлардың бірі. Түкпірдегі ошақта шоқ жайнап жатыр.

Зевстің киелі оты осылай жанады. Өкім мен Күш күзетте тұр.

Өкім.

Аса ардақтымыз - тұтқында тұр,

Асқан асылымыз - тар қапаста,

Құлыптаулы, берік кісендеулі.

Түсінбессің осы тәңірлерді –

Тыйым салар болса, неге жаратады,

Жаратады да қамап тастайды?

Осы отты талай заманалар

Күзетіп тұрмыз біз.

Түсінбеймін,

Кімнен, неге қорғап тұрмыз мұны?

Айтшы, қане...

Күш.

Мен тек қара күшпін.

Тәңірі жасағанды тексеруге

Шамам жетпес.

Жетсе де хақым жоқ.

Өкім.

Онда азын-аулақ ақылың да

Қамауда ма?

Күш.

Саған мәлім, Өкім,

Өкім.

Мен де соқыр, саңырау өкіммін.

Найзағай емеспін, күркіреумін –

Зевс найзағайының күркірімін.

Күш.

Ақылды сөз айттың таң қаларлық.

Өкімнен есту ғажап мұны.

Өкім.

Жалықтым мен.

Бездім.

Күш.

Неден бездің?

Сатпасаң, айтам.

Күш (қарқылдап күледі).

Сатар едім-ау,

Түрің мынау, түкке тұрмайсың.

Өкім.

Мазақтама!

Саудаласқан шақта

Өкімнің бетіне ісім қарасын –

Оны жақсы білем.

Сатпайсың ба?

Күш.

Сауда-саттық менің шаруам емес,

Онымен айналысатын Айла,

Мен - Күшпін.

(Ызасын ішке сақтап).

Өтінемін, айт, қане...

Өкім.

Қоқилана берме бостан-босқа.

Айтам. Тыңда.

Күш.

Тоқта!

Асықпашы.

Егер сырың

Ішіңе сыйса, айтпа, шыдап бақ.

Сыймай тұрса, қане, ақтара сал

Өкім.

Жарылып барамын...

Азап шектім,

Әлдекімдердің көлеңкесіндей,

Жалған өкім болып өмір кешіп.

Неге өзім Өкім бола тұрып

Мен Зевске өктем бола алмаймын?

Мені Өкім етіп жаратқан соң
Өзі маған бас июге тиіс,
Бұйрықтарды, барлық өкімімді
Оған өзім жүргізуім керек,

Мен Зевстің босағасында емес,
Отыруым керек тор алдында

Менен үстем ештеңе жоқ, сірә!

Мен - Өкіммін!

Қара... Қандай қорлық!

Қарауылда тұрмын ит секілді.

Аса ардақтымыз - тұтқында тұр...

Тіпті өзім де...

Күш. (таңырқай тыңдап).

Мәссаған!

Пай – пай - пай, қатырдың - ау!

Сені, сірә, шайтан түрткен шығар!

Бүйте берсең, бас құдайды қазір

Қапылыста тақтан қағып тастап,

Қарғып мінерсің - ау орнына.

Өкім.

Жоқ, тағында өзі отырсын ол

Мен тап оның желкесіне мініп,

Талтайып отырамын Сол кезде...

Күш.

Тезірек сөйтші.

Есім шыққанша

Күлейін бір, ішті тырнап.

Ха - ха!

Бір жақтан гүрсіл естіледі де кенет тынады.

Өкім. (күдіктеніп).

Тыныш!

Айтқанымды қайтып алам.

Түк айтпадым, тіпті тіл қатпадым...

Күш. (сасқалақтап).

Айтпағанды қалай естідім мен?

Өкім.

Естігенің бекер.

Күш.

Қусың, Өкім.

Көзкөреке қырық құбыласың,

Қырық түрлі қылық шығарасың.

Өкім.

Мен Өкіммін.

Бәрі жарасады,

Не айтсам да дұрыс, орынды.

Бірақ ештеңе айтпадым ғой...

Күш.

Ә-ә, солай дейсің, қызық...

Солай.

(Сәл тоқтайды. Тағы қызып кетеді).

Құрып кеткір!

Қазықтай қақшиып,

Көз айырмай, міз қақпай, осылай

Мәңгі сөнбес отты күзет те түр.

Шайтан алар дейсің бе, тәйірі?

Күш.

Зевс ұйықтағанда жұлқынып қал бір,

Торға түскен тентек жолбарыстай...

Құдайларды шарап қалжыратқан.

Өкім.

Тып-тыныш.

Олимп шырт ұйқыда.

Біздер тұрмыз...

Күш.

Сілекейді жұтып...

Зевс дастарқаны тағамға толы,

Көл-көсір боп шарап шалқып жатыр...

Хор қыздарының мұңды әні естіледі. Өздері де шақырғандай ишара жасап, көрініп қалады. Өкім мен Күш елең етіп, құлақ түреді. Күш ұйып тыңдайды.

Хор қыздарының ән шырқауын - ай,

Тамылжытып...

Күш.

Иә, сол байғұстардың

Қарт құдайлар қалай көңілін тапсын...

Шақыруын қара.

Өкім.

Арбағыштар...

Күш.

Азғырғыштар!

Шақырмаңдар бізді!

Өкім.

Өктемдігім өтпес бұл сиқырға.

Күш.

Төзімім таусылды - дәрменім жоқ. ...

Көңілді сәл көтеріп келсем, бәлкім,

Күнә болмас еді.

Тіпті сауап...

Өздері шақырады өліп-өшіп...

Күш.

Енді бұған қалай төзу керек?..

Өкім.

Арбап алды, мүлдем арбап алды!

Өктемдігім бітті!

Күш.

Күшім бітті.

Кетейік, қане!

Осы арада Зевс ошағына Ойран тие қоймас.Қолдарын бір сілтеп, кетеді. Біраздан соң Прометей кіреді. Қолында қамыс. Ошаққа жақындайды.

Прометей.

Рақмет, айналайын, хор қыздары!..

(Тыңдап тұрады. Біраздан соң ән тынады).

Асыл арманыма жаңа жеттім.

Қол созымдай ғана қалды бәрі,
Шапағатты оттан ұшқын алып,
Мына қамысыма саламын да –

Самғап ұшамын Жерге!

Бір шеттен Афродита шығады.

Ол үнсіз.

Алғаш Прометей оны байқамайды.

Афродита.

Ей, Прометей! Күш пен Өкім анда.

Прометей.

Алтын Афродита?

Жалғыз өзің

Мезгілсіз жүрсің Зевс сарайында?

Афродита.

Сені ескертіп, қорғап қалуға

Келдім.

Мынау ісің қауіпті ғой.

Асығыстық жасай гөрме.

Тыңда!

Мұның зауалын тартасың, титан!

Прометей.

Оны білемін.

Афродита.

Тартар азабың Ақтала ма?

Прометей.

Алдан айту қиын.

Афродита.

Ойлап қара: әлгі адамдарға –
Қадір білмес қара надандарға
Бақытыңды құрбан етпекшісің,
Азаттықтан, абыройдан безіп,

Өтеуіне не алмақсың сонда?

Прометей.

Зевстен қарғыс алсам, адамдардан

Алғыс алатын шығармын, бәлкім.

Афродита.

Әлі сәбисің - ау, сен, Прометей.

Прометей.

Құйттай қолымен қорықпай сәби

Шоқ шеңделдеп, жылан өлтіреді.

Сол бір сәбилікті сақтай алсам,

Прометей болған қалпымда қалам...

Афродита.

Сондағы мақсат?

Прометей.

Мақсатым - Адам.

Афродита.

Көзіңді аш!

Адам дегенің кім?

Өңшең соқыр, ғарып, жалмауыздар,

Бірін-бірі талап, жұлып жейтін.

Прометей.

Осы ойымды орындамасам,
Өзің айтқан әлгі кәріп - қасар,
Кілең соқыр - мылқау, санасыздар,
Әдеп білмес, топас, имансыздар,

Қара шыбындай құжынай қаптап,
Бар дүниені басып алады да,
Сонау жасыл - жаннат жас планета

Мүгедектер елі болып кетер.

Зевс ермек таппай, еріккен кезде

Таптап қырып тастар барлығын да.

...Көзім ашық менің, Афродита,

Енді адам кезін ашпақшымын.

Сөйтіп, көрсін олар өздерінің

Қандай сұлу, ғажап екендігін.

Бәлкім, маған алғыс айтар сонда.

Афродита.

Алғыс күтпе, ауыр азапты күт...

Көріп тұрмын, берік бел буыпсың.

Босқа егеспейік.

Шыдамды бол,

Құдіретті, қасіретті құдай!

Прометей.

Рахмет саған, ару Афродита!

(Қамысын созып, отқа ұмтылады.

Ол ұшқын шаша бастайды да тоқтайды).

Афродита.

Сақтан!

Өкім мен Күш ана жақта

Қып-қызыл мас, ләйліп отыр түге.

Соларды байқайын.

(Басын иеді).

Хош, Прометей

(Кетеді).

Прометей (оңаща келеді. Ұшқын шашырай бастайды. Прометейдің жүзіне жарық түседі. Бетінде қуаныш ойнайды).

Ғалам жаратылған сонау бір сәт Ғажап еді.

Сірә, содан соңғы Мәңгі өшпейтін ғаламат осы - Зевс ошағынан отты алып мен Адамды ажалдан құтқарамын.

(Қамыстың ішіне ұшқын салады).

Я, сәт! Қолымда отым.

Ұшамын!

Сәлеметсің бе,

Жер планетасы!

Армысың, Адамзат!

Ғарышқа ұшады, ізінде нұрлы жолақ жол жосылып қалады. Біраздан соң бірдеңені сезген Гермес кіреді. Алайда ол алғаш ошаққа назар аудармайды.

Гермес.

Ішім толы кілең қулық, сұмдық,

Айналама алуан айла құрып,

Сұмырай сұмдар аңдып тұрғандай.

Құдайлардың бәрі ұйқы құшағында,

Көзге ұйқы келмес, күдіктеніп.

Бүгін басқа...

(Ошақ жаққа қарайды. Өкім мен Күштің жоқтығын көріп, қатты сасады. Жерге түсіп қалған екі-үш ұшқынды байқайды. Қос жұдырығымен маңдайын төбелеп, алас ұрып, зыр жүгіреді).

Құрыдым - ау!

Ойбай! Қап, құрыдым!

Өкім!

Күш!

Қайдасыңдар?

Қашқындар!

Сатқындар!

Тамұқ сұмырайлары!

Отты ұрлап кетті!

Отты! Отты!

Өкім мен Күш құшақтасып келеді. Екеуі де удай мас.

Өкім.

Біз мұндамыз!

Неге айқайлайсың,

Қитар Гермес?

Шырылдамасаңшы

Жеті түнде.

Күш.

Зевсті оятарсың.

Тыныш!

Дабырлама.

Басыңды жаз.

Шарап ішіп.

Гермес.

Кещелер!

Өй, ашық ауыздар!

Аһ! Күш әуел бастан ақымақ туған,

Ау, сен қайда қалдың,

Өкім? Өкім! Саған айтам.

Өкім. (басын шайқап).

Сонша дүрліккендей

Не боп қалды?

Гермес.

Отты ұрлап кетті!

Міне... Міне...

Ұшқын түсіп қалған...

Өкім (есі кіріп).

Өлдік! Өлдік!

Күш (түңіліп).

Өлдік.

Мұны білсем,

Шарабымды ішіп құртар едім...

(Қоңырау қаға бастайды).

Құрыдық! Өлдік!

Құрыдық! Өлдік!..

Тойдағы барлық Тәңірлер сүріне-қабына жиналып, залға толады. Дауыстар: "Не болған?", "Неге дабыл қағылып жатыр?", "Әлде Зевс тағы да тойға шақырды ма?", "Ұры түсіпті дейді", "Зевсті ұрлапты!", "Кім ұрлаған Зевсті?" Зевс кіреді. Тәңірлер аң-таң. Гермес оның аяғына жығылады.

Гермес.

Жазаңды бер!

Қатал жазаңды бер!

Зевс.

Кімге?

Гермес.

Маған.

Зевс.

Жөніңді айт, неге?

Гермес.

Маған! Отты ұрлап кетті!

Зевс.

Қоя тұр. Кім ұрлаған?

Өкім? Күш! Ө к і м.

Біз көрмедік, тақсыр, жазаңды бер.

Зевс.

Жаза кейін! Кім ұрлаған отты?

Гермес.

Ізін кесіп үлгермедік әлі.

Зевс.

Тәңірлердің бәрі осында ма? Гефест, санап шық! Гефест (ақсаңдап - шойнаңдап жүріп, тексеріп шығады). Түгел сияқты.

Дауыстар:

- Бәрі де осында!

- Біреу жоқ қой!

- Кім жоқ?

Гефест.

Кешір, Зевс,

Прометей жоқ!

Дауыстар:

- Қайда Прометей?

- Әй, Прометей!

- Прометей!

- Прометей!

- Прометей жоқ!

Зевс. Онда, сол ұрлаған. Қап, Прометей! Күллі Көкке қиянат жасадың, Бүкіл құдайларға, заң біткенге Қарсы шықтың. Зевс құдіретіне Қол көтердің. Кегім қайтпас саған Қандай ауыр жаза бұйырсам да...

Дауыстар:

- Уа, қайратты титан, құрыдың ғой!

- Өлген жерің осы, шебер құдай!

Гермес.

Өкім мен Күшке әміріңді бер –

Қуып жетіп, тартып алсындағы,

Кері әкелсін киелі отты!

Оларменен өзім бірге ұшамын.

Зевс.

Одан тартып алсаң, өзге ұрлар.

Жоқ! Жоқ!

Бұған айла, айла керек...

Ол апарған оттан құты қашып, Адамзаттың өзі аласұра Сөндіреді табанына таптап, Сөйтіп, сонда Жолдан тайған ұры Ашуға булығып, ызаланып, Тісін шайнап, жұтып жібермесе, Мына алтын таяқ темір болсын!

(Таяғын лақтырады).

Әй, Эрида, Гермес! Міне, келді Кезектерің өнер көрсететін! - Жерге жетіңдер, Прометейден озып!

(Гермес пен Эрида ғайып болады).

...Жаза кейін! Күллі күнәлі де, Күнәсіз де сазайын тартады - Жаза кейін. Бірақ бүл жазаның Мерзімі жоқ. Мәңгі бақи жаза...

Үрейлі тыныштық . От сөнеді.

ТАМҰҚТЫҢ ТӨҢІРЕГІНДЕ

Тас қиялы құлазыған құз. Төменде Тамұқ, төңіректе тырбиған құрақ ағаштар, сұрқай сирек бұта. Гермес пен Эрида кіреді. Олар адамдарша киінген. Гермес иығына дорба асқан, Эрида таяқ таянған. Эрида ақсайды, Герместің екі құлағы да салпиып тұр. Екеуі тас үстіне отырады.

Эрида.

Адам кескінінде жүру қандай қиын! Уһ! Мына Жер дегенің жаяудың жүйкесін құртатын ит арқасы қиян екен ғой, аяғым талып, зар қақсайды.

Гермес .

Зарланбашы, жарықтығым. Ұсқынсыз болсаң да құдай тағаланың тұқымысың ғой.

Эрида. Сен мені "ұсқынсыз болсаң да" деп неге кекетесің осы? Қитар неме? Афродитаның өзі мені қызғанғанда іші жарыла жаздайды. Ой, салпаң құлақ шерменде! Менен құдіретті құдай жоқ, мен араздықтың пірімін. Мен бұзғанды Зевс езі де түзей алмайды. ЬІржық аузыңды абайлап аш, сасық сүр бойдақ! Тіфә! (қызып кетіп). Әйтпесе, қайырылып, қайтам да кетем!

Гермес . Иә, асыл сөздеріңді айтып тауыстың ба?

Эрид а (басылып). Таусылған сияқты. Немене?

Гермес . Азырақ аптығыңды бас ендеше.

Эрида (қайта қызып). Қайран қамқоршым - ай! Елжіреп, еріп барамын! Атқаратын қызметің кілең жауыздық, әйтпесе өзіңмен көңіл қосар едім...

Гермес. Қызмет жағына келсек, сенікі де онша оңып тұрған жоқ-ау...

(Қолын сілкеді).

Эрида.

Менің жұмысым таза, адал жұмыс. Бәрін де жұрттың көз алдында істеймін, құдайларды бір-біріне қарсы қойып, алдымда жанжалдастырамын. Сен ұдайы аяқ астынан пәле қазып, тырнақ астынан кір іздейсің.

Гермес .

Ой - бой, Эрида - ай! Біз екеуіміз біреудің екі аяққа киетін қос шабатасымыз ғой. Әйтпесе Зевс мына жұмысты бізге тапсыра ма?

Эрида (күледі).

Шабатаны тауып айттың. Сен сонда қайсы шабатасың, оң аяққа киетіні ме, әлде сол аяққа киетіні ме?

Гермес (ойланып).

Сенен соңғысы, екіншісі...

Эрида (оған бұл ұнайды).

Бәсе, көңілдесің көңіл қалдырмас болар.

Гермес.

Әлбетте!

Эрида.

Қайда әлгі адам деген азғындар?

Гермес (орнынан тұрып, түрлі тастанды қоқырларды тебеді).

Қалдырған қоқырларына қарағанда, осы маңайда болуы керек. Қыруар сүйек, тері-терсек, құмыра сынықтары...

Эрида (таңданып).

Табиғатты қалай ластаған?

Гермес.

Бұл - басы ғой әлі...

Эрида.

Әй, адамдар! Қайдасыңдар?

Гермес.

Келер. Күтейік.

Эрида.

Мен күтуді ұнатпаймын.

(Қисалақтайды).

Төзімім жетпейді...

Гермес.

Ә-ә... Бәрібір күтуге тура келеді.

Эрида.

Әй, Гермес! (Маңдайын сарт еткізіп соғып қалады). Басыма бір ой сап ете түсті! Құдайлар жанжал шыққан жерге жиналады ғой. Шамасы, адамдар да солай шығар. Кел, айқайласып, жанжалдасайық.

Гермес.

Ай, сұрқиясың - ау, оң шабата.

Эрида.

Оң шабатаң кім?

Гермес. Сен!

Эрида.

Ay, неге оң шабатамын, сол шабата емеспін!

Гермес.

Ендеше солысың - сол шабатасың.

Эрида.

Ау, неге солы? Неге оңы емес? Неге тайқақтайсың?

Гермес.

Айтқаның болсын - оңы, оңы, оңы...

Эрида.

Неге менің айтқаным бола береді, сенің айтқаның болмайды?

Гермес.

Жақсы, жақсы, менің айтқаным болсын!

Эрида.

Неге сеніңше? Сенің қай жерің артық? Қай жерің?

Гермес.

Жоқ, артық жерім жоқ!

Эрида.

Неге жоқ?

Еркек емессің бе?

Неге артық жерің жоқ?

Өй, жексұрын, есуас, опасыз, ант атқан!

(Осылай жанжалдаса береді)

Гермес.

Басыңда бір шайнам ми жоқ, әулекі, жәдігөй!

Эрида.

Менің басымда ми жоқ па? Қазір мына басыңда бір тал шашыңды қалдырмай жұлам. (Герместің шашын жұлқылайды, шыңғырған ащы дауыс шығады)..Мә, саған! Мә, саған! Басыңды жалмауыздың жұмыртқасындай жалтыратайын! Салпаң құлақ сұмырай!

Гермес.

Ойбай, қой! Қой деймін!

Осы кезде тастардың тасасынан жасырынған адамдар шұбырып шығады. Олар Гермес пен Эриданы қаумалай қоршайды.

Әлгілер адамдарды кермеген болып, жорта ұрыса береді.

Адамшах (келіп бас иеді).

Мен адамдар көсемі Адамшах болам. Өздерің кімсіңдер? Әй, сендер кімсіңдер?

Эрида.

Көріп тұрған жоқсың ба? Еркек пен қатын!

Адамшах.

Оны көріп тұрмыз - ау... Қайдан келдіңдер менің жеріме? Тіпті, әкелеріңнің үйінде тұрғандай, рақаттана жанжалдасып жатырсыңдар. Неменеге таласасыңдар?

Гермес.

О баста бізден тату, бізден бақытты жан жоқ еді.

Эрида.

Еркелеп, сүйісіп мейіріміз қанбай, тату-тәтті өмір сүрдік.

Гермес.

Бір-біріміздің бір де айыбымызды, бір де қатемізді, бір де жамандығымызды көрмеген едік, білмеуші едік, естімеуші едік.

Эрида.

Қазір мынау мүгедекке айналды! Сұмдық!

Гермес.

Тұра тұршы, албасты!

Адамшах.

Апыр-ай, бір пәлеге тап келгенсіңдер ғой?

Эрида .

Тап келгенде қандай, пәлеге ұшырадық!

Жер соғып қалдық, құрыдық, әбден титықтадық.

(Жылайды).

Адамдар: -

О, байғұстар!

- О, бақытсыздар!

Адамшах.

Жағдайларыңды толық айтып беріңдер.

Бәлкім, әлдеқандай көмек көрсетерміз.

Эрида.

Шаруамыз біткен.

Енді бізге ешкім де көмек көрсете алмайды, тіпті Зевстің өзі де...

(Адамдар арасында үрей туады).

Гермес.

Сіздерге сабақ болсын, айтып берейін, әйтсе де... Сонау заманда біздің өңірдегі барлық адамдар, мына өздерің секілді тату, сау-саламат, бейбіт жасайтын еді... Мұны бұрын айттым - ау деймін.

Адамдар:

- Оны айттың.

- Айттың.

- Содан соң не болды?

Гермес. Прометей деген бір азғын, дінді бұзған қиямпұрыс құдай Көктен от әкеліп, бізге жарық шашты. Қапелімде бәріміз де ұсқынсыз, кәріп - қасар болып шықтық. Көзді ашып -жұмғанша бір-бірімізден суынып, түңіліп кеттік. (Эридаға) Әй, құбыжық, жын қаққан жымысқы!

Эрида.

Кет! Ойнастан туған көрбақ!

Адамшах.

Біз де, бәлкім, кәріп шығармыз, әйтсе де бір - бірімізден түңілгеніміз жоқ, Зевске шүкір.

Гермес.

Прометей оты шарпымаған кісі өзгенің кемістігін көрмейді. О баста менің бір бетім күн, бір бетім ай еді, қазір, міне, бір жағым ақ тасқа, екінші жағым қара тасқа айналды.

Өй, екі жүзді малғұн. Қитар ібіліс (Адамшахқа) Сырттан түскен жарығы бір пәле, Прометей оты пенделердің ішін жайлап, ішкі сарайын жарқырататыны сұмдық. Өкпе-бауырың, ішектерің, ішек - қарныңның ішіндегі бәле - матарың түгел көрініп тұрады.

Адамдар:

- Зевс, өзің сақта!.

- Құдая тоба! Құтқар бізді мына пәледен!

Эрида.

Бір бұл емес-ау. Бір-біріңнің не ойлағаныңды, қандай ниетпен, қандай мекерлік жасап, қандай айла құрғалы тұрғандарыңды біле қоясыңдар. (Гермеске). Уай, ұятсыз, іші толы қулық, сұмдық мына сұмырайдың. Ойнасқор! Ойыңда тағы да өзге қатын түр ма? Бұзық неме! Ішек - қарның көрініп тұр. Қара бет шерменде! (Адамдарға). Барлық істегенің, істейтіндерің бесенеден белгілі. Міне, қандай масқараға душар болдық біз!

Адамдар:

- Мына қырсығыңнан сақта, жаппар құдай.!'

- Жазғырма, Зевс, мәңгі табынамыз: саған!:

Адамшах .

Бәлкім, мына кесапат бізге келе қоймас.

Гермес.

Жоқ! Прометей, қазір осында келе жатыр. Адамдар:

- Осында келеді?

- Құрыдық десеңші онда!'

- Енді қайттік!

Адамшах.

Бәлкім, бір амалын табармыз!.? Адамдар:

- Шарасын тап, Адамшах!

- Ойбай, таба гөр!

- Қорға бізді!

Гермес.

Иә, бір шара бар. Тек біз санасыз болдық,ақымақ болдық, соны қолданбадық.

Адамшах.

Үйрет бізге. Мәңгіге қызмет етеміз.

Гермес.

Прометейдің Агазия деген қалыңдығы бар.

Адамшах.

Білеміз. Біздің бауырымыз ол. Тек кескіні,. көңілі бізге тартпады. Жат болды. Адамдар:

- Бізді сиқырлап, шерменде етті ол.

- Біз одан қорқамыз. Оның тәңірісі: басқа. Адамшах. - Шуламаңдар. Кеңес тыңдайық. Гермес. Агазияны Прометей барша жаннан артық: сүйеді.

Прометей от әкелгенше, оның қалыңдығын ұрлап үлгірсеңдер, оған: "Егер отты кері алып қайтпасаң, Прометей, біз Агазияңды өлтіреміз" - деңіздер. Агазияға табынады ол Оңай құрбан етпейді оны. Егер ерегісіп, осы шарттарыңа көнбесе, отын тартып алыңдар да, жерге тастап, сөндіріңдер. Агазияны анау Тамұққа тастаңдар. Оты да, қалыңдығы да құрысын.

Адамшах (толқып).

Ол құдай ғой. Бір сілтегенде бәрімізді қырып тастаса, қайтеміз?

Гермес.

Ол - данышпан құдай. Қара күш қолдануды, жаза беруді білмейді. Оның осал жері, дәрменсіздігі осында...

Эрида.

Оты қамыстың ішінде.

Біз оны кейін білдіге, онда аңқау едік, ақыл беруші болмады.

Адам шах.

Үлкен рахмет сендерге, уа, бишара, ерлі-зайыпты! Сендердің бақытсыздықтарың бізді құтқарып қалар, сірә. Мекенімізге келіп, төрімізге шығыңдар, қолдан келген құрметімізді көрсетеміз.

Гермес.

Бара алмаймыз. Біз жүрген жерге дау-дабыра, қастандық, қырсық, қарғыс, бақытсыздық жауады. Біз Прометей отымен қағынғанбыз. Сендерге қайғы салғымыз келмейді. Барыңдар. Сау-саламат өмір сүріңдер.

Адамдар:

- Қандай ізгі жандар!

- Қандай қайырымды!

(Адамдар ақырын тарайды).

Эрида.

Қатырып алдадық адамдарды! Олар да құдайлар сияқты шын сөзден гөрі жалған сөзге көбірек сенеді екен. Күлерсің де (сықылықтап күледі), жыларсың да (жылайды). Прометейді аяп тұрмын. Асылым әйел емес пе, көңілім бос.

Гермес . Шіркін, жұмсақ қой сенің тас көңілің мен менің темір жүрегім...

От сөнеді.

ҚЫЗҒАЛДАҚ АЛҚАБЫ

Алқаптың жартысы жап-жарық, жартысына көлеңке түскен. Жарық жақта көрінген қызғалдақтардың түсі бүл жолы екі түрлі: нарттай қызыл және қап - қара. Бүкшеңдеген адамдар жарық жақтан көлеңкеге қарай өтіп барады. Олар біреудің қыр соңынан қалмай аңдып, ізіне түсіп жүр. Біраздан соң жарық жақтан Агазия көрінеді.

Агазия.

Қақ жарылды жиһан дәл ортадан. Бір жақ — жарық. Бір жақ - тас қараңғы. Бір жағы -махаббат. Бір жағы - Сағыныш - махаббат көлеңкесі. Қайсы жағындасың сен, Прометей? Қанаттарың нұрға малынды ма? Әлде тастай түнек талдырды ма? Зарығып, сарылып, сағыныштан Сарғайдым, жаным, жолыңа қарап. Тынысымнан анау қызғалдақтар Өртеніп барады. О, Прометей, Қайсы ғаламда сен самғап жүрсің? Келші, келші Жерге, жаппар ием! Өзіңменен осы планетада Тек бір тыныс алсам, сол да жетер Мендей ажалдыға сол да бақыт.

Келші, асыл жарым - жаратушым, Мені махаббаттан жаратқан тәңірім. Келші, келші! Егер сен келмесең, Қараңғылық қаптап жердің бетін, Қызғалдақтар күл боп ұшып кетер. Шарасыздықтан қиналып тұрмын. Ғарыштағы Көктен жарын күткен Жерде түңғыш әйел жалғыз өзім. Бұдан былай талай жылдар бойы Сіңлілерім сонау Көкке қарап, Ғарыштан от әкелуге кеткен Сүйгендерін солай күте бермек. Сөйтіп, олардың да тынысынан Қызғалдақтар күйіп өртенеді. Иә, оңай соқпас оларға да. ...Есен қайтыңдаршы, біз күтерміз. Біз шыдармыз. Есен қайтыңдаршы... Хабарларың емес, өздерің қайт. Біз күтерміз...

(Қолын көкке жаяды). Осы кезде адамдар Агазияны ақырын қоршап алады.

Адамшах. Кімді күтіп тұрсың, Агазия?

Агазия (сескеніп).

Прометейді!

(Қуанып)

От әкеле жатыр!

Адамдар:

- О - от? О - от?

- О – о - от?! О – о - от?!

Агазия (адамдар отты күтіп тұр екен деп ойлайды. Көкке созады).

Тезірек жет, сені жұрт күтіп тұр. Адамдар күтіп тұр! Асық! Асық!

Адамдар (зәре – құты ұшып):

- От – от - от... – о – о - от!!

- От – от - от... – о – о – о - от!!

Агазия.

Анау тұстан зәулім
Көк қақпасы
Ашылар да, нұр дариясындай,

Прометейдің жолы шұбап қалар.

Кілең сол арадан сау етеді...

(Адамдар оны одан сайын қалыңырақ қоршайды).

Ей, адамдар., қатты қуанғанда,
Нұрға кенелгенде, ұмытпаңдар,
Прометейге шексіз алғыс айтып,

Бас июді. Әйтпесе, кейін ұят.....

Адамшах (жер тепсініп).

Қысқарт, сайқал!

Кезенді құдаймен

Заңсыз зина жасауың аз ба!

Қазір енді барша адамдарды

Қыратын шығарсың отқа өртеп?

Саған қандай зиянымыз тиді?

(Жұмсарып).

Дұрыс, сені ұнатпаймыз. Бұған Айыпты біз емес. Себепшісі Өзің болдың - бізге бой бермедің..

Агазия. (таңданып).

Не деп тұрсың, Адам? Ізгі оттың Қатысы жоқ мына далбасаға. Мені емес, отты сүйіңіздер, - Біліп қойыңыздар, ол тәңір оты...

Адамшах (баса көктеп)

Білеміз ғой! Көктен от әкеліп, Ішімізді сыртқа айналдырып, Біздің бүкіл пікір - ойымызды Біліп алып, көрген - білгеніңді Тәңіріңе тасып тұрмақсың ғой...

Агазия .

Ей, Адам шах, бекер күйдіресің.

Құдайдан қорық!

Адамшах.

Қорыққанда қандай!

Адамдар :

- Біз қорқамыз!

- От - өлім!

- От жанжал шығарады!

- От - әзәзіл!

- От - өсекші!

- От - ұятсыз!

Агазия.

Көктен келе жатқан киелі отқа,

Жалған сөйлеп, жала жабасыңдар!

Уа, жасаған, қандай күпірлік бүл?

Адамшах (өзін-өзі ұмытып).

Құдай Көкте.

Жерде - өзіміз бас!

Адамдар:

- Тәубеге кел, Адамшах.

- Тәубе, тәубе!

Адамшах.

Тәубе, тәубе!

Алайда Жердің иесі өзім...

Мен баспын да, сендер - аяқсыңдар

(Жер тепсінеді).

Агазия (қатты қапаланып).

Сендерді жеңетін қаруым жоқ.

Махаббатым...

Махаббат қару ма? Қару емес. Сүю - қарусыздық ... ...Көздерің көргенде, өздерің - ақ Қайран қалып, рақаттанасыңдар. Күтіңдерші, сабыр сақтаңдаршы! Әне, көк қақпасы ашылады, Жарылған жиһан қалпына түсіп, Қызғалдақтар қайта қызарады. Талай тылсымдарды тіліп өтіп, Менің жарым келер шырақ ұстап, Өзім ұшамын қарсы алдынан, Қанаттарым шықты! Қос қанатым...

(Қанатын қомдап, талпынады).

Адамшах.

Ұшпай тұра тұр.

(Ұстайды).

Агазия

Неге ұшпаймын?

Адамшах.

Құлап қаларсың.

Агазия.

Құламаймын.

Құшағына барам тәңірімнің.

Адамшах.

Өзіңді күтіп түр өзге құшақ.

Зындан құшағы. Ызғарлы құшақ.

Агазия.

Не жазығым үшін мұндай жаза?

Адамшах (көкті көрсетеді).

Жазықты - Ол Жаза тартатын сен.

Егер оттың жерге бір ұшқынын

Түсіре қалса сенің Прометейің,

Тәніңменен жаның қоштасады.

Не от, не өмір - біреуін таңда!

Агазия.

От пен өмір - бірдей.

Адамшах.

Бірін таңда!

Агазия.

От пен өмір! Екеуі де керек.

Адамшах.

Жақсы, оны тәңірің таңдар.

Сені қалай ұнатқанын сонда Көрерміз...

(Қолын сілкеді).

Бекер салғыластың өте ұзақ.

Қызғалдақты алқабыңмен қоштас,

Агазия!

Бұдан соң қайтып келе алмассың,

Ұнатасың ғой сен бұл алқапты.

(Адамдарға).

Неғып тұрсыңдар!

Жоғалыңдар! Тез!

Қол ұстасқан адамдар Агазияны қаумалай қоршап алады. Қоршау дөңгелене жылжығанда Агазия қарсыласпай, жүре береді. Тоқтайды.

Агазия.

Адамдар, әлі ұйқыдасыңдар.

Мынау сендердің көрген түстерің,

Сандырақтарың.

Сорлы адамдар!

Сендер, сірә, оянарсыңдар ма?

(Кетеді. Адамдар сәл кейінірек қалады).

Адамшах.

Оянғаны несі?

Ұйықтай берсін.

Өмір кешіп,

Ұйқыдағыдай...

(Кетеді. Ұзақ кідіріс).

От сөнеді.

ТАМҰҚТЫҢ ТӨҢІРЕГІНДЕ

Тыныштық. Алыстан салтанатты күй талып жетеді. Ол бара-бара қайғылы сарынға айнала береді. Прометей кіреді. Қолында қамыс.

Ол алғаш көңілді.

Прометей.

Менен бақытты құдай жоқ, сірә. Жерге От әкелдім. Сүйгеніме Мәңгілік жан һәм мәңгілік тыныс. Алып келдім. Бар ғаламды шарлап, Өзіңе оралдым, Агазия, Ыстық құшағыңа самғап жеттім, Жарың болып саған қосылуға... Шырқап ұштым, заулап. Бұрын-соңды Мұндай қарқынменен ұшпағанмын. Жым-жырт көкте қалың жекендей боп Жапырылып қалды планеталар Қанатымның қатты екпінінен. Тіпті бір сәт қатты састым, Қарқынымнан, шалқар шаттығымнан Өзім лаулап жанып кетем бе деп.

Агазия!

Келдім. Бүл ғаламда Менен бақытты құдай жоқ, сірә: От әкелдім Жерге, құт әкелдім. Отты отқа қосса енді адам Балшыққа жан кіріп, темірге - күш, Ағашқа - күй, тасқа тіл бітеді. Адамдар! Мен келдім. Дайынсыңдар ма?

"О – о - о- т","О – о - т..."деп шулаған үрейлі үн естіледі. Прометей таңырқап, жан-жағына жалтақтайды. Агазияны іздейді. Шығып кетіп қайта кіреді.

Күтем деген Қызғалдақ алқабында... Шарлап шықтым. Ізі ғана қалған. Мұнда да жоқ...

(іздейді).

Жердің сүйіктісі,

Ең асылы, көркі, қайдасың сен?

Түнек арасынан Прометейдің қарсы алдына бүкірейген құныс Мүгедек шыға келеді.

Мүгедек.

Жердің ең асылы мына менмін. Мені шақырдың ба?

Прометей.

Сен бе асыл?

Мүгедек.

Иә, сымбатты, сұлу...

Тіпті бір ару қыз маған ғашық.

Прометей.

Соқыр шығар.

Мүгедек.

Көзі сау. Көрмейді.

Жұрт көрмейді кемістігімізді.

Сен көресің. Неге көресің сен?

Қолыңда от, көретінің содан...

(Кенет Прометейдің аяғына жығылады).

От керек емес!

Жоқ, керек емес!

Қой, паш етпе бізді!

Масқаралама!

Алып кет отыңды! Аулақ! Аулақ!

Түрегеледі.

Прометейге жақындайды.

Прометей шегінеді.

Егер тыңдамасаң, өкінесің.

Мүгедектер мейірімсіз кілең...

Прометейдің алдынан тағы да екі ғаріп шыға келеді.

Мүгедектер (қосыла):

Алып кет отыңды!

Әйтпесе, сен Өкінесің!

Өкінесің!

Өкінесің!..

Қараңғыдан жүгіріп шыққан Әйел мен Еркек Прометейдің алдына тізе бүгіп, тағзым етеді.

Әйел

Сорлатпа бізді, уа, Прометей! Біз ажарсызбыз, біз дарақымыз, Ішіміз толы қулық, мекерлік, Топастық. Алайда, түсіне гөр, Күдіктен адамыз. Біз соқырмыз, Көз көрсе де, көңіл тас қараңғы. Сол қалпында қалсын көңіліміз!

Еркек.

Бір-бірімізді қатты сүйеміз, Соқыр сезім, соқыр санаменен, Соқыр сенімменен ұнатамыз, Көңіл көзімізді ашпа, тәңір!

Әйел

Басқан ізің сүйіп, жалынамын: Әурелеме біздің махаббатты!

Еркек (жылап тұрып жалынады). Отыңды сен аулақ алып кет те, Басқа жерге, басқаларға тарат. Біреулерге, бәлкім, қажет шығар...

Әйел

Шапағатты құдай, рақымды хақ! Айырмашы мені жан жарымнан!

Қосақтасқан бірнеше Ерлі-зайыпты қараңғыдан шыға келіп, Прометейдің алдына жүгінеді. Прометей қамысын кеудесіне қысып, сілейіп қатып қалады.

Әйелдер (қосылып): Айырмашы мені жан жарымнан!

Еркектер ( қосыла бас иіп): Өтінеміз, тақсыр, өтінеміз! Айыра гөрме бізді! Бір өзіңе Құлақ кесті құл болайық мәңгі...

Қараңғыдан әдемі жас Қыз суырылып шығады.

Қыз.

Мен арумын, көріп тұрсаң керек.

Прометей оған қарайды,

Қыздың бетіне жарық түседі.

Прометей.

Көрдім.

Қыз.

Сиқырлы отты тарт менен, Сен көргенді топас адамдар көрсе, Сұлулығым үшін өмір бақи Өш алады менен. Отыңды тарт! Ару апам содан азап шегіп, Жұрттан тартты талай тауқыметті! Міне, түпсіз Тамұқ. Шырағыңды Лақтыр соған, лақтыр, уа, жасаған! Тәңірі болсаң, ая! Жарылқа! Агазия хәліне түсірме бізді!

(Прометей селк етеді).

Прометей (шақырады).

Агазия! Қайда Агазия?

(Жауап жоқ. Жым-жырт).

Тіпті жаңғырық жоқ. Агазиям!

(Аласұра зыр жүгіреді).

Есенсің бе? Тірісің бе? Агазия!

Түнектен Адамшах шыға келеді. Адамдарға қолын сермейді, олар кейін шегінеді.

Адамшах.

Әзірше аман. Қаласаң, тіпті Тірі қалады.

Прометей.

Агазия!

Адамшах.

Ол жайында кейін Ең алдымен, мен - Адамшах, өзім Сенен жауап алам, жаппар құдай. Сары таңнан қара түнге дейін Созылып жатқан Жердің қожасы - мен Неге келдің бізге?

Прометей.

От әкелдім.

Адамшах.

Кім сұрады оны сенен? Мен бе? Аяғыңда аунап жатқан мынау Кәріп - қасарлар ма?

Дауыстар (қараңғыдан):

- Сұрамадық!

- Бізге оттың қажеті жоқ!

- Қой, қой, қой...

- О – о - от, о – о - от...

(Шу естіледі).

Адамшах .

Кім сұрады?

Прометей.

Мен тәңірімін, Адам, данамын - Құдіретім зор да қаһарым жоқ - Адамдарға ненің керектігін Алдан көріп, алдан болжаймын ғой. Жер қойнауында жаралған ұшқын Тәңір отыменен қосылғалы тұр. Екі оттан шыққан осы жарық Адамдарға керек. Жерге керек.

Адамшах.

Сұрағанды ғана берсін құдай - Артық, кемді сыйлап қажеті не?

Прометей.

Мен - Прометей, Адам, мен данамын, Сұрағанды ғана күте берсем,.

Құдайлығым қалмай, даналығым Эриданың кескен тырнағына тұрмас.

Адамшах.

Тұрмаса қайтем. Анау байғұстарға

(Жерде аунаған адамдарды көрсетіп).

Сенің даналығың қажет шығар...

Дана емес, әскер керек маған,

От емес-ау, қара түнек керек.

Мына пәлеңді алып кет аулақ.

(Қамысты көрсетеді).

Прометей.

Бұл мүмкін емес қой. Адамдарға Арналған ол

Адамшах (қатты).

Мүмкін! Әбден мүмкін!

Прометей.

Мүмкін емес!

(Ызаланып).

Мынау қандай сұмдық?

Тебіреніп, самғап ұшып келдім,

Жалын жұтып, балқып, жанып келдім.

Мен сендерге бақыт алып келдім...

Адамшах (тыныш).

Ау, біз сенен бақыт сұрадық па?

Прометей (қатты).

Жердің сәбилері, ояныңдар!..

(Кенет басылып).

...Жаңа мұратыма жеткен кезде,

Қандай мүшкіл хәлге тап болдым мен.

Тек бәрібір жазмыштан озмыш жоқ –

Мен білемін жұртқа не керегін...

Адамшах. Мен де білем бізге не керегін –

Сен отынды әкеткенің жақсы.

Прометей (батыл).

Жоқ! Қамысты сындырам да қазір

Жіберемін отты. Міне, былай.

(Қамысты сындырғысы келеді).

Адамшах (сұқ саусағын жоғары көтереді).

Агазия?!

(Ұзақ тыныштық)

Прометей (жалт қарап).

Қайда Агазия? Агазия!

Адамшах.

Отқа сатам...

Прометей (түсінбей ).

Сонда қалайша...

Отқа дейсің бе?!

Адамшах.

Саған да бақыт керек қой, құдай, Бақыт саған аса қажет шығар - Бізге қарағанда... Өзің таңда: Мына Тамұққа сен не отыңды Лақтырасың, әлде көз алдыңда Агазияны біз лақтырамыз. Ойланба, тәңірім, таста отты!

Прометейдің алдына анталап келген Мүгедектер, Еркек те Әйелдер оны Тамұққа қарай тықсырып итере бастайды.

Дауыстар:

- Таста отты!

- Агазияны құтқар!

- Таста!

- Сорлатпа бізді!

Прометей кейін шегінеді. Қамыс ұстаған қолын жоғары көтереді. Адамдар секіріп, қамысты тартып алуға тырысады.

Дауыстар:

- Таста, отты, тәңірі!

- Таста!

Адамшах.

Әй, Агазияны алып келіңдер!

Адамдар қоршаған алқа ішінде Агазия келеді. Ол әлі алыс.

Дауыстар:

- Агазия келе жатыр!

- Қабіріне өзі келе жатыр!

- Апыр-ай, шалқақтауын!

Адамшах .

Соңғы мәрте айтам: таңда, Прометей!

Адамдар тағы да Прометейді қоршап алады, ышқына шыңғырған дауыстар.

Дауыстар:

- О – от - от!

- От – о – от - от!..

- Таста отты!

Адамшах.

Бақытыңды басқа тептің, Прометей!

Дауыстар:

- Таста отты!

- Таста!

- Таста?!

(Агазия жақын келеді).

Прометей.

Агазия!

Агазия (бір шеттен)

Прометей! Отты тастама! Тастама отты, Прометей! Тастама! Жер ұшқыны менде! Мен жанамын. Мен тұтандым!

(Агазия лап етіп жана бастайды).

Қош бол сүйіктім! Қош бол!

Прометей. Тәңір оты менде! Мен жанамын.

(Қамысты сындырады, өзі лапылдап жана бастайды).

Мен жанып барам! Агазия! Мен қасыңа жетем қауышуға - Естисің бе?

Агазия.

Естідім, жаным!

Прометей лапылдап жанып бара жатып Агазияға таяп келеді. Қосылады. Екі жалын ұласады.

Прометей.

Ақыры бірге қосылдық - ау біз.

Агазия.

Соңғы мәрте қысып құшақта мені. Мәңгі жетерлік етіп құшақта. Міне, осылай! Міне, осылай! Жарым менің - тәңірім менің!..

Олар лапылдап жанады. Тыныштық. Бүкіл дүние жарқ етіп, жарқырап кетеді. Адамдар алғаш аң-таң, олар ошақтың басына жиналады. Жүздері жарқын, сұлу, нұрлы, көңілдері шат - шадымаң, жайраң қағады. Адамшах, кейін Агазияны қаумалай қоршап келген Адамдар ғайып болады.

Бірінші адам. Мүгедектер қайда?

Екінші адам. Ғаріптер қайда?

Үшінші адам. Соқырлар қайда?

Төртінші адам . Ұсқынсыздар қайда?

Екінші адам. Есуастар қайда?

Бесінші адам . Бәрі де сымбатты, сұлу, Сүйкімді!

Бірінші адам . Жүздері, көздері нұр жайнаған! Мынау кімдер өзі таңғажайып.

Манағы Мүгедек (ол сұлу, сымбатты). Бұл - біз ғой! Бұл - біз өзіміз ғой!

Манағы әйел Қандай ғажап мынау! Біз өзіміз құдайлар сияқты Сұлу екенбіз, сымбатты екенбіз ғой! Дауыстар:

- Бұл - біз! Біз бұл!

- Біз - адамбыз!

- Біз - өзіміз!

- Дүние жап-жарық, көз қамасады!

- Жер қандай көркем - жылағың келеді!

Баяу әуен естіледі. Адамдар алғаш ақырын басып, ошақты айнала билеп кетеді. Би қыза береді. Қол шапалақталады. Салтанат біразға созылады. Ошақ жана береді. Адамдар ошаққа назар аудармайды. Ошақ сөнеді. Адамдар кілт тоқтайды. Ошақ сөнгенмен жарық сенбейді. Агазия жоқ, Прометей оны баяғы құшақтаған қалпында тұрады. Содан соң сәл тізе бүгіп, еңкейеді. Қос уысымен күл алады.

Прометей.

Күлің ғана қалды, сүйген жарым.

ЬІстық күлің. Ол да суып кетті.

Сен бір тозаң едің - ғашық болдым,

Өніп көктедің сен - ғашық болдым.

Жанып, күлге айналдың.

Қазір енді Аппақ күліңе де ғашықпын мен.

Әттең, бұл дүниеден қыршын кеттің,

Сыйлап кеттің өлмес махаббатты...

(Қос алақанындағы күлді ерніне тигізеді).

...Сапарым тәмам. Істі тындырдым. Күдер үземін қазір мен Көктен. Иығымдағы қос қанатымды Бұтаны жұлғандай, жұлып алам. Агазия тыныс алған елде, Оның күлі араласқан жерде Мәңгіге қалам...

(Адамдарға бұрылып қарайды).

Егер сіздер қабыл алсаңыздар...

Бірінші адам. Біз, Прометей, өте айыптымыз Сенің алдыңда. Қалайша енді Ақталсақ екен? Айтшы, қалайша?' і.

Прометей. Өздерің адам бола алсаңдар - Ақталғандарың. Meн дән ризамын..

Тұс-тұстан Өкім, Күш, Гефест шыға келеді. Гефест қолында балға мен бұғау. Олар біраз үнсіз тұрады.

Өкім.

Зевс әмірі саған мағлұм шығар. Біз келдік.

Прометей (түрегеледі ).

Естігем. Дайынмын.

Иә, қатал Өкім, сенен құтылып болмас.

Топас Күш, әзірше сені де жеңер амал жоқ...

(Гефестке келеді).

Байғұс Гефест, алтын қолды асқан шебер

Гефест, қандай қорлық мына жүрісің...

(Оның қолын ұстайды).

Ғаламаттар жасар қолдарың бар... Мен дайынмын.

Бірінші адам. Қайда әкетесіңдер Прометейді?

Күш.

Шырқау шыңға - Қап тауының тас төбесіне! Ұзақ емес,

Не бәрі отыз мың жылға...

Прометей (шыға бастайды. Оның ізінен Өкім, Күш, Гефест ереді).

Мен сендерге қайтып келем, адамдар. Отыз мың жыл заулап өтіп кетер, Дүние аман,.

Дүние бүтін болса... Мен Қайтып ораламын, адамдар.

Шымылдық.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙