Сүйінғара
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Маршал Әбдіхалықов — «Сүйінғара». БІРІНШІ БӨЛІМ
/uploads/5e3c5303-5b0a-5431-98f0-ee7801bc487f/cover.png
БІРІНШІ БӨЛІМ
Сен барда сүйеулі еді арқам жарға-ай,
Қатепті қайыспайтын қара нардай.
Алдында байтақ жұрты анталаған,
Сүйекем сөйлер еді-ау қарқуардай.
Абыл ақын
ТҰНЫҚ ТЕҢІЗ
Ертеңгілік теңіз беті, түгіне дейін майланып кеткен жалпақ жондай жалт-жұлт етіп, көзді қариды. Көл-көсір болып жатқан, шеті-шетіне көз жетіп болмайтын теңіз суы емес, көктен әлдекім төге салған сынап секілді. Күн нұрында ойнақшып, су беті сан құбылады.
Құмақты жағаға жеңіл толқын жылп-жылп соғылып, еріккен баланың шырт-шырт түкіргені сияқты.
Жағалық жуыла-жуыла бір кездегі көкшіл өңінен өзгеріп, қуқыл тартқан жұқа шүберектей елестейді. Одан әрі көгістеніп, көк нілмен беті бұзылғандай болады. Көкжиекке қарай көгере түсіп керіледі.
Теңіз тұнық жатыр.
Бұл сәуірдің аяқталып қалған кезі. Енді төрт-бес күнде өліара, содан соң Жаңа ай туады. Оңтүстіктен бері қарай, күннің жылынған ретін аңдып қозғалған шүрегей үйректер ертеңгі қараңғылыққа тобымен өтіп кеткен. Сәске шақта бірен-саран қарабай қанаты жалпылдап ұшып, ерінсе жағадағы тастарға қонып тынығады. Бұлар – сонау ызғарлы күзде бас сауғалап, жылы жай іздеп, қоныстарын тастай қашқан құстар. Бұл кезде бұрынғы орындарында мызғымай қалып қойған шағалалар ғана қазір ерсілі-қарсылы еркінси ұшады. Су жағалауын бауырлап қозғалатын түрлі үйрек-қаздарды менсінбей, кеуде көтергендей көкке өрлеп, қатты шаңқ-шаңқ етеді. Кейде ұшып келе жатып, төмен құлдырай суға күмп беріп, сәті түссе бауырын күнге шағылыстырып шабақ іліп шығады.
Оңаша қойнауда, ел көзінен тасаланып қос аққу, жас аққулар адалдыққа оңаша ант берісіп жатыр. Сүйген жарын анау күңкіл-сүңкіл көп, шау тартқан кәрілерден оңаша алғаш рет алып шығып, жас аруын тұңғыш рет жалғыз қызықтайды. Жаңа ғана жұптасқан жас жұбайлар біріне-бірі еркін қалтқысыз беріліп, ұйқылы көзбен, ояу көңілмен осы халды кешеді.
Мәңгі мүлгіп қалғып, иесіз жатқандай сұрғылт қотыр тасты жағалау, ойдым-ойдым қойнаулардың қазіргі бар иесі – осы құстар. Оларды үркітетін өздерінен басқа тіршілік болмаса да, бәрі-бәрі көп ұзамай осы тұстан көзге көрінбей теңіз төріндегі аралдарға қарай ұмтылады. Ұрпақ өргізу, өмірді жалғастыру күн астындағы тіршілікке мәшһүр құбылыс болса да, оның да қызықты құпиялары бар. Құс екеш құс та бұл сәтте абыройларын қымтап, тіпті, қастарындағы жұбайларынан да бөлек шығып, қымсынып қымтырылады. Жапан аралдар, қымтаулы тасалар іздейді.
Осындай тіршілік кешіп жатқан, салқар жатқан көл-дария бетінің тыныштығын, тұнығын біреу бұзғысы келгендей үркітіп жіберген сияқты болды. Су беті шіміркене дір ете түсті. Қара көк, кей тұсы жасыл тартып шыға келді. Жел жұқа толқын жағалыққа шылп етіп бір соғып, жеңіл жарылды.
Бұл сәтте бүкіл жағалықта жалғыз кісі бар еді. Ертеңгілікте келген ол шатысып қалған ауын жаза алмай әлек. Бір шетінен тартып қалғанда қалтқылары ілініп, ауын жыртып ала жаздады. Жібінен тартса да, шығар емес. Ол қара терге түсті. «Әйелдердің ішек аршығанынан да кем емес қой!» деп кейіді. Ашуланғаннан ауды тартып-тартып қалып, дал-дұлын шығармақ та болды. Қанша кейісе де, жыртуға дәті бармады. Ауды қайдан, қалай алғаны есіне түсіп, өзін-өзі тежеді. Маңдайынан тамшылаған терін алақанының сыртымен сүртіп жіберіп, қайта жаза бастады. Жағалықтағы байлаусыз қайықты жылжыта-жылжыта теңіз айдынына алып кететін толқындай оны ой арнасы өз құшағына түсіріп жібереді. Ондай сәтте жігіт қолы сылқ ете түсіп, бір ноқатқа қарай қадала қалды. Көз алдында... Мөлдір судың тамшысындай қос ноқат. Жәудірей, жәутеңдей қарайды. Түпсіз тұңғиық секілді...
Әуелгі сәтте ойламаған осы бейне кейін ауылға келген соң бір күні үй іргесінде киіз үстінде шалқалай жатқанда көз алдынан жалт ете түсті. Алғашында бұл не құбылыс деп ойлап, өзі де аңырып қалды. Оның неге ұқсайтынын, қайда жүргенін есіне түсіре алмай әлек болды.
Кейін барып биылғы көктемгі жол сапары есіне түсті.
Қазірде құм үстінде жалғыз отырған Өмірзақтың ойына сол күндер қайта орала қалды.
...Қар еріп, жер аяғы кеңи бастаған шақта шешесі бір қыңқылды бастады. Жұбайының да, баласының да мазасын жиі алатын болды. Сонау оң жаға бетте, теңіз жағасында ол кісінің төркін жұрты болатын. Төркін дегенде де көп адам емес, кемпір-шал ғана. Олар көк теңіз жағалауын сағалап, бері қырға шықпайтын. Солардан қыс бойы хабар-ошар жоқ. «Нағашыңды сен іздемегенде, кім іздейді? Барып, ең болмаса аман-саулығын біліп қайт. Қол ұшын бер. Сен барсаң мәз болады. Менің де отырысым мынау. Үйден ошаң етіп шыға алмайсың. Баға алмай жатқан мал-мүлкің жоқ, сонда да үйдің күйбеңі таусылмайды. Әкеңнің түрі де анау. Оны қалай тастап кетерсің» деп бір айтады. Енді басқа сәтте: «Бір шүйкебас алып, қолымды да ұзартпадың. Мен байғұс қалай шығамын? Жалғыз бауырымның өлі-тірі хабарын білмей шерменде болдым-ау. Осы сенің әкеңе неге шықтым екен? Ата-анама қолғабыс тиетін салтаң бас біреудің етегінен ұстап, қасында отырмадым ба?» – деп жылайды. Ондай шақта Өмірзақ қысылып қалады. «Назаланбашы, апа, барамын!» – деп уәде береді. Уәдесі артынан ұмыт болып кетеді. Бұл, әне барамын, міне барамынға салып созбалай беретін. Ондай жағдайда шешесі әкесіне тиіседі...
— Жер түбіне алып келіп, жалғыз бауырымнан айырдың. Ең болмаса, ауырса көңілін сұрап, басын сүйей алмайтын болдым. Туысым деп мен үшін өзегін үзгенде, ол байғұс менен не қайыр көреді? Көзі жұмылса бір бел топырақ салып, артынан бата да тигізе алатын халіміз жоқ! – Мұндай шақтарда шешесі көзіне жас алып, кәдімгідей босайды. Жаулығының ұшымен көзін сүртіп, от басында жер шұқып отырып қалады.
— Мына балаң барып келемін деп жүр ғой. Мейлі! Қолдағы аз ғана жандыққа қарайтын адам да керек. Оны бақпай, бәрін сойып, етін қақтап аламыз ба? Қайтеміз! – деп әкесі дау айтады.
— Мал, мал дегенде қайбір қайыру бермей жатқан қора-қора қойың, үйір-үйір жылқың бар! Бес-алты тұяқ ешкің ғой сондағы... — Әдетте ерегеспе мінезі жоқ, жай, сылбыр әйел көрінетін шешесі бұл тұста оңайлықпен көне қоятын адам сияқты емес. Отағасының әрбір сылтауына қарсы дәлел келтіріп, сөзден көп ілгері ататтырмайды. Ақыры, шалы да онымен одан әрі көп тіресуге жарамайтындай болып көрінеді. Әлде, әрі дауласуға зауқы соқпай қала ма, әйтеуір:
— Айтқаның дұрыс қой. Тек оның бір реті болып тұрғаныдағы– деп, кәдімгідей жуаси сөйлейді.
Шалының үнінен, райынан сынған әуенді сезіп, бұл да іштей, қатты айтып жіберген жоқпын ба деп өкіне бастағанмен, бірақ оның не дегелі отырғанын анықтап білу құмарлығы жеңеді.
— Не реті бар? – деп даусын өзінше қатайта сұрады. Бұл жолы шалы, тап осы сұрақты күткендей тез лық ете түсті.
— Оларға жиені құр қол қалай барады? Артынып-тартынып жататын асыл қазынасы болмаса да, бір-екі ешкі-лақты айдап апарып бере ме деп едім. Шөлдегенде таңдайларына тартсын. Үнемі су жағасында, өзектері де талатын болар, – деді.
Бұл жолы шешесі үндемей қалды. «Е, байғұс, шалым-ай! Осы ма еді ойлап жүргенің? Бәсе, ондай адам емес еді ғой. Менің аға-жеңгемді неге бөтенсіретсін. «Қысқа жіп күрмеуге келмейді» дегендей мал жоқ болып жүр екен ғой» деп, ойға кеткен-ді.
Осыдан кейін көп ұзамай солай қарай жүретін төрт-бес адам бірігіп бір қос болды да, жүрді де кетті. Олардың кейбіреуінің шаруасы да Өмірзақтың шаруасы секілді– көрісетін рет; ерлі-зайыпты екеуі бет сипауға, тағы біреулер сырқаттың көңілін сұраймыз деп шыққандар. Жолдағы ауылдардан екі-үш түйелі қосылды. Жиналғанда едәуір топқа айналып, алдарына салып айдаған малдары да жиырма, отыз жандық болды. Олардың ішінде осы Өмірзақтың да нағашыларына арналған екі лақты ешкісі бар. Малдың да, өздерінің де тынысына қарай су қуалай жүріп отырды. Олар Шетпеге қарап бұрылмастан, Шерқаланы айналып өтіп, Шайыр басында бір дем алды. Одан Жыңғылдыға асып түсіп, Шатқа тірелді. Үдектің құдығының басына да ат шалдыра кідіріп, Түбіжікке түнделете келді. Мұның басынан ерте қозғалып, Қаңғаның ойына Қаракөз бұлағының үстіне келіп үңілді. Бұл арадан өткен соң жолаушылар бөліне бастады. Ақыры, Өмірзақ Өрдекке баратын кісімен біраз жерге бірге келді де, әлгі жолдасының сілтеуімен Аралдының тұсынан тура төмен құлады.
Сонау алыстан жиенінің іздеп келгеніне мәз болған нағашысы әбігер болды да қалды.
Қайтарында осы торды орап салды. Бұл тордың құрғақ далада неге керек екенін түсінбеген Өмірзақ оны алғашында алғысы келмеді. Бірақ нағашысының көңілін қимады. Қолына ұстап, салмақтап еді, ауырлығы жоқ екен. Ат артына өңгере салған. Оның немқұрайды, селқос пішінін көрген нағашысы да налып қалды.
— Шырағым, осы үйде сенің қанжығаңа ілуге жарайтын нәрсе болса аямас едім. Бірақ, көріп отырсың біздің күйімізді. Келгеніңе қуанғаннан, өзімнің қымбат дүниемді – мына түрікпен көршімнен алған ауымды сыйлап отырмын. Онымды қомсынба, – деді қиналып.
— Жоқ, нағашеке! Қомсынып жатқаным жоқ. Құдай сақтасын, сіздің сыйыңызға ренжіп... – Өмірзақ ол кісіні жұбатпақ болды.
Қарт кісі үйдің іргесіндегі қотыр тасқа құйрығын қойып, теңізге қарап отырып қалды. Көл-көсір теңіз бетінен белгісіз нәрсе көріп отыр ма деп, Өмірзақ та еріксіз солай бұрылған. Бірақ бұл ерекше ештеме байқай алмады. Сол көл-көсір болып жатқан шалқар теңіз. Тек, осы тұста теңіздің шет жиегі көрініп, оның арғы жағы қайда ұласатынын біліп болмайды. Сонда дүние алақандай осы аймақ та, әлем толған су ма?
Оның ойын нағашысы бөліп жіберді:
— Шырағым, жиенім, біз жасымыз ұлғайған адамбыз. Қазақ «төрінен көрі жақын» дегенде, біз сияқты қарттарды айтады.
Өмірзақ оның сөзін бөле:
— Ой, нағашеке, сізге әлі қарттық қайда? Көр деген қайдағы нәрсе! – деді, қызуланып.
Тоқта дегендей нағашысы қолын көтерді, оның сөзін тыңдамайтын адамша тыжырынды.
Сен мені алдарқатпа, жиен. Құдайдың құрығынан ешкім құтылмайды. Қалаған күні алады. Ол үшін біз таласпай-ақ қоялық, – деп, сәл кідірді де, сөзін қайта жалғап кетті. Баяғыда бір үлкен кісі екінші кісіден: «Байлық әуелі – ханда, ханнан қалса – байда. Басқа кімде болушы еді» депті. «Жоқ, білмедің» депті сонда әлгі сұрақ берген кісі. «Үш шапқаннан қалатын ханда байлық жоқ, үш жұтағаннан қалатын байда байлық жоқ» депті. Сол айтқандай, анау күйеудің, сенің жиен, он шақты тоқтысы мен бірер қарасы қатты бір қыс соқса, тәлтіректеп қалмай ма?
Қарт ойланып қайта кідірді. Оның әңгімесінде мән жатқанын жаңа ұға бастаған Өмірзақ нағашысының күнге қақталған қоңырқай жүзіне қарай қалды. Ол кісі одан әрі үндемей қала ма деп қорыққандай жүзіне жәутең-жәутең үңілді. Содан кейін сөзін қалайда жалғастырмақ болып:
— Сонда, байлық кімде болды, нағашеке? Әңгімеңіздің аяғын бітірмедіңіз ғой, – деп сөз тартты.
— Аяғын өзім де естігенім жоқ. Бірақ менің ойымша, байлық – мына суда, теңізде. Осының іші толған балық, тіпті, шет-шегі жоқ. Мына, түрікпен көршім қақтап-тұздап қысы-жазы мол қазынаға қолын малғандай, суға ауын салады да, тамағын табады. Мүмкін, күндердің күнінде бір кәдеңе жарар деп ауды саған ырымға сыйлап отырмын, – деді.
Міне, сол нағашысы берген сыйы мынау. Оны әкелгеннен бері жазып отырғаны да осы. Келген бойда шешесінің қолына ұстата салған.
Ол сәтте Өмірзақтың ойында бұл ауды ертелі-кешті бір кәдеге жаратамын деген ой жоқ-ты. Әйтеуір, үлкен кісіні сыйлап алып келген. Аудың жайын сен білесің ғой дегендей оны шешесіне ұстата салды. Оны шешесі жақсылап орап, теңге салып қойыпты. Кеше үй-ішін қағып-сілкіп, тазалап отырып, теңді ашқанда соның ішінен шықты.
— Қарағым-ау, Өмірзақжан-ау, мына нағашың берген ауды құрып, бізге балық сорпасын ішкізбейсің бе, – деді шешесі ауды теңнен шығарып.
Бұлар, күн көзі бұлтты болған соң, далада, киіз үй іргесінде отырған. Астына киіз төсеп алып әкесі таспа тіліп жатыр еді. Таяу күндерде үйді жығып, қайта тігіп, керегенің кейбір көнерген көктерін қайта көктеп тастамақ болатын. Істеп отырған ісін тастай салып, Тілеміс қарт кемпіріне қарады:
Сонда исін мүңсітіп, өзін былжыратып балық жеп отырмақпысың!
Несі бар? Балық жеп жатқан ел бізден кем бе? Өмірзақ жаным балық ұстап әкелсе қуырып та жеймін, асып та жеймін. Намазыңа кесел болатын болса, жемесең сен жемей-ақ қой. – Шешесі істеп отырған ісін тастамастан сол төмен қараған күйі сөйлеп кетті. «Мына сөзің шының ба, әлде ойының ба?» дегендей шалы оған қарап қалыпты. Оған кемпірі, тіпті, бұрылмады да. Әкесі мен шешесінің бұлай аңдысқаны Өмірзаққа қызық көрінді. Екеуінің шарпысуы қаншама жерге барар екен деп аңдығандай, ол екеуінің арасындағы сөзді одан әрі ұшындырмақ болып:
Нағашым ауылының балығы керім тәтті, ал сорпасы адам таңдайына жабысып қалатындай. Дәмі таңдайымда әлі тұр, – деді.
Әкесі бұл жолы баласына бұрылды. Көзінің астымен қарады да, басын шайқады. Содан кейін қасында тұрған құманды қолына алды да, оның шүмегінен су ұрттады. Ұртын томпайта толтырып алған суын қолындағы көнге бүркіп-бүркіп жіберді.
Ертең балық аулаймын, – деді кенет Өмірзақ. Бірақ бұл жолы оның бойында осының алдындағы қызбалық қуат жоқ еді. Сабырмен, салмақты түрде айтты. Ұзақ ойланып-толғанған шешімі секілді. Әкесі де, шешесі де бір сәтке істеп отырған істерін қоя салды. Бірақ үндеген жоқ. Алайда, алдымен шешесі шыдай алмай кетті.
Әй, шал! Неге үндемей отырсың? – деп күйеуіне тиісті.
Е, маған, не дейсің? – Қарт кісі бұл жолы да бұрылмады. Қайтадан құманды көтеріп, қайтадан су ұрттап, қолындағы көнге бүркіп-бүркіп жіберді.
Мына бала балық аулаймын деп отыр ғой. – Оның айтып отырғаны өзінің баласы екенін ол кісі ажырата алмай отырғандай Өмірзақты саусағымен шошайта көрсетті.
Аулай берсін.
Өмірзақ әкесі мен шешесінің мінезіне, бостан-бос сөз қақтығыстарына күле басын шайқады да, орнынан түрегеліп кетті.
Кешегі сол екі кісінің шарпысуы есіне түскенде, қазір де күліп алды. Әкесі неге үндемей түнеріп қалды? «Шешесі соншама оны не үшін сөйлеткісі келді? Қызық! Сонда мұның балық аулаған-ауламағаныңда, бір-екі шабақ ұстаған-ұстамағаныңда не тұр?»
Бүгін ертеңгісін, малды суарып келген соң, үйдің төрінде шалқалап жатып еді. Шешесі кешегі әңгімені қайта есіне салды.
Балыққа барсаң шалап дайындап беремін, – деді.
А, иә! Керек! – Өмірзақ бірден қозғала қойған жоқ.
Ол орнынан көтерілуге ерінді. Балық аулауға, тіпті су жағасына баруға еш ықыласы жоқ екенін сезді. Қайта жата қалмақшы болып оңтайланды. Бірақ, әлдебіреу: «Болмайды, болмайды. Тұр орныңнан!» деп сыбырлайтындай сезілді.
Ол төсекшеден атып тұрды да, тез-тез жинала бастады...
Теңіз жағасында отырып Өмірзақ өзінің бүгінгі мінезін де ойлап қояды. Ау шатыса түссе, ол соны жазуға бұрынғыдан да ұмтыла, құштарлана ұмтылатын секілді. Бұл не деген ерегес? Кіммен, не үшін ерегеседі? Оны өзі де түсінбейді.
Ол күн көзіне қақталып, қызынып кеткен соң, су жағасына барып, қос алақанымен жылымшы суды алып кеудесіне, арқасына шашты. Желдің лебі тұла бойын мұздатып, жанына рахат сепкендей болды. Ол құмарлана суға қайта ұмтылып, қос құлашын сілтей жағалықты шалпылдатып, үсті-басы суға малмаңдай болып шыға келді. Содан кейін ауды жазуға қайта отырды.
Ауды сол шетінен ақырын тартып еді, тарқатыла бастаған секілді көрінді. Абайлап, қайта байқады. Дәл солай! Асықпай-саспай шетінен ақырын тартса сусып, төгіле береді екен. Тек аудың торына ілініп қалған қалтқыларды сабырмен ағытып ал. Қатты тартып, кере жұлқыма!
Бұл бүгін Өмірзақтың ашқан алғашқы жаңалығы. Сол сәлдекендей нәрсенің өзі оны қанаттандырып жіберді. Бойын жаза керіліп құлашын кең сілтей ауды тез жаза бастады. Жұмысы өнген сайын көңілдене шаттанып, тағы да ой арнасына қалқып кетті.
Көз алдынан, өткенде, ауылына қыдырып барғанда, көрген басқа да көріністер өтіп жатты.
...Күн кешкілік сәт еді. Үш күн қатарынан жел болып, теңіз үстінде дауыл тұрып, балықшылар ау салуға шыға алмаған-ды. Ақыры теңіз саябыр тауып тынды. Төртінші күні таңда теңіз миығынан күліп жымия қалыпты.
Балықшылар ертеңгілікте ауларын теңізге тастады да, түстен кейін көже-көкірлерін ішіп, теңізге қайта шыққан. Олар көз ұшында қараңдап біраз жүрді. Біреуі тұрып ауды тексеріп, екіншісі ескек еседі. Кішкентай қайық су бетінде ақырын жылжиды. Ауға түскен балықты жабыла бөлдіркеге аударады. Содан кейін ауды қайта құрып тастады. Ақыры, бөлдіркенің басын кейін бұрып, ескекті қолдарына алып есе бастайды. Теңіз үстіндегілердің қимылын манадан бері аңдып отырған ауыл адамдары осы кезде жағаға қарай лап береді. Сол топпен ілесіп Өмірзақ та кетті. Оған бұл қызық, ермек. Бұрын көрмеген тың тірлік.
Жағаға жиналған жұрттың көзі анау келе жатқан бөлдіркеде. Екі-үш күн жас балықсыз, сорпасыз қалған балалар теңіз үстіне төне түседі. Балтырларын түріп алып, жағада бір-біріне су шашып, ілгері ентелейді. Содан кейін иықтасып сүйескен, сабыр сақтаған келіншектер мен қыздар. Таяқтарына сүйенген қарттар құм үстіне жантая-жантая қалысқан. Кәдімгі үйдің төрінде, төсек үстінде керіліп жатқандай әңгіме-дүкен құрады.
Оқшаулау тас үстінде Өмірзақ осының бәрін шолып көріп тұр. Бірақ, өзін біреу аңдып тұрғандай қымсынып, қысыла берді. Мұны кім андып тұр? Кенет, ол артына бұрылды. Өзіне тесіле қарап тұрған мөлдір көзді шалып қалды. Көршінің қызы, басын бір келіншектің иығына сүйеп, бұған қарай қалыпты. Оны Өмірзақтың өзін байқап қалғанын сезген қыз әлденеге күліп, жүзін тайдырып жіберді. Сүйеніп тұрған келіншекке бірдеңе айтқандай болды.
Келер сәтте Өмірзақ назарын балықшылар аударып алды. Олар маңғаз, паң. Жүрістері сабырлы. Өз істеріне риза адамдарша, көпке самарқау көз тастайды. Бөлдірке ақырын жылжып келіп, тұмсығын дік еткізіп қайраңға тіреді. Оның үстіндегілер секіріп-секіріп жағаға шықты да, оны бір-екі лықсытып-лықсытып жіберіп қайраңға кеуделете шығарып тастады. Шамалы толқын алып кетпейтіндей болды. Содан кейін, бөлдіркедегі балықты топыраққа шығарып, бір үлкен кісі үнсіз бөле бастады. Кейінірек тұрған Өмірзаққа да бір қарап, екі шоқырды аяғының астына лақтырып тастады.
Жоқ, алда риза болсын. Маған қажеті жоқ, – деп ол кейін шегінген.
Болмайды, аласың. Бұл көптің ризығы. Бәрімізге де жетеді, – деп, ол кісі, басқаларға да үлестіріп жатты. Балық тегіс бөліне, жиналған елге жетті.
Сол күні барлық үйдің алдында от жанып, бала-шаға күлкісі ұзақ мезгілге дейін естілді...
Құм үстінде жалғыз отырған Өмірзақтың көз алдына келген суреттер сол көріністер болатын. Ой үстінде отырған Өмірзақ мерзімнің түске жақындағанын абайламай да қалды.
Кеменің жүрісі жолдан шатысамын деп, ауаны қолымен қармаған соқыр адамның жүрісінен бірде-бір айнымайды. Бір аттап, кідіріп, екі аттап, тоқтап, қарғаша сақтанады.
Қолына ұзын таяқ ұстаған кісі кеменің тұмсығында жүр. Ол таяғын суға салып байқап қарайды. Кейде, оны су түбіне жіберіп, содан кейін етпетінен жата қалып, қолын төмен созады. Артына қарап әлдене белгі береді. Кеме кейде жылжи төмен жөнеледі де, енді бір сәтте, тұсаулы аттай кібіртіктеп қалады.
Аумен әлек болып отырған Өмірзақ жылжып келе жатқан кемені әбден жақындағанша көрген жоқ. Кенет, су беті шалп еткендей болды да, ол жалт бұрылған. Түсі бұзылып кетті. Кемеден жеңіл бөлдірке суға түсіріліп, оған үш адам отырып жатыр екен. Келер сәтте қос ескек көтеріліп, суға бір мезгілде шылп ете түсті де, олар Өмірзақ отырған тұсты бетке ұстады. Жүрегі зу ете түскен Өмірзақ алғашқы сәтте абдырап кетті. Орнынан тұра қашарын да, немесе отыра берерін де білмей, мелшиген күйінде сілейіп қатты да қалды. Бұлар кім болуы мүмкін? Жалғыз кеме бұл жағалауда не істеп жүр? Қайдан шыққан кеме?
Ойына, кеше шақтарда әңгімелескен қарттардан естіген жайлары келді. Мынау, үлкен судың арғы бетінде қалың ел бар көрінеді. Оларды орыстар деп атайды екен. Көздері көк, шаштары сары көрінеді. Үлкен шәрлері, дәу-дәу кемелері бар деседі. Олар су бетінде от кемемен де жүреді дейді. Өмірзақ сол орыс дегенді әлі көрген жоқ. Мынау, кемемен келгендер солар ма екен? Бірақ, олар бұл жағалауда, далада не шаруалары бар? Әлде... әлде... бұл неше бір түрге айналатын жын-шайтан болып жүрмесін! Олар жайындағы әңгімелер орыстар туралы әңгімеден де көп. Біреуге өлген әке-шешесі болып көрінеді, екінші кісінің көзіне аң күйінде түседі. Өмірзақтың есінде қалғаны, көк теке болып көрінген шайтан жайындағы әңгіме еді.
Бір кісі түйемен келе жатса, жолда жайылып жүрген көк текені көреді. Қылшығы жылт-жылт етіп сақалы сала құлаш теке айдалада жайылып тұрады. Қолға үйренген теке болса керек, ол кісіні жатырқап қашпайды. Әлгі жолаушы түйені шөгеріп, жерге түсіп, текені ұстап, алдына өңгеріп алады. Қайтадан жүре береді. Қанша жүргені белгісіз, әйтеуір, бір мезгілде әлгінің сақалын сипап: «жарықтықтікі біраз бар екен?» депті. Сол кезде көлбеп жатқан көк теке мырс етіп күліп жіберіпті де: «Сенің атаңның сақалынан қалай екен» дейтін көрінеді. Әлгі кісі шошып кетіп, түйесінен құлап түсіп талып қалады. Сосын, көк теке жоқ болып кетеді. Есін жиып қараса, ол биік құздың басына келіп тұр екен. Кәлимасын қайырып, зорға дегенде есін жиған көрінеді-мыс.
Ал, мынадай кеме күйінде, суға жүзген бөлдірке күйінде көрінген жын-шайтан жайында естімеген-ді. Егер сондай құбылыс болса, кәлимадан қайтады деген соң, ол кәлима айтқысы келді. Бірақ, жын-шайтанды қайыратын бірде-бір аят білмейді екен. Сонысына өзі іштей өкініп: «Иә, Алла! Иә, Бекет ата» дей берді. Оған қайтқан кісілер жоқ екен, олар қайта жағаға бөлдіркелерінің тұмсығын тіреп, оның алдында отырған қаба сақалды қара кісі секіріп, құм үстіне түсті. Қалған сары өңді екі адам бөлдіркені жағаға, құм үстіне шығарды. Соңғы екеуі жалбыраған сары шашты. Сірә, әлгі шалдар айтатын орыстар болса керек. Бұлар қайдан жүр? Тыныштық па бұлардың жүрісі?
Ол орнынан ұшып түрегелді. Қолындағы ауы жерге түсіп кетті.
Жағаға бірінші болып секіріп шыққан кісі бұған қарай жақындап келеді. Езу тартып күлетін секілді. Жүрегі дүрсілдеп соғып Өмірзақ мелшиіп қалды. Бір сәт, тіпті, кейін шегініп қаша жөнелгелі оқталды да, бірақ, қашып ешқайда құтыла алмасын білген соң, өзін-өзі сабырмен тоқтатты. Әрі буын-буындары босап, аяғы да илікпей қалған секілді.
Анау кісі сабырлы кейіппен жақындап келді де, қолын ұсынып:
Ассалаумағалейкум, – деді әдейі соза түсіп.
Қуанып кеткен Өмірзақ өзінің:
Әлейкүмассалам, – деп қалай айтып қалғанын абайламады. Лып еткізіп қолын да ұсына салды. Бұл қимылынан оның, қаншама үрейленіп тұрғанын түсінген кісі қайта күліп, қайта қолын ұсынды.
Тұрпаев! Мен Тұрпай баласы, – деді.
Өмірзақ мұндай кісіні естімеген. Сондықтан оған не дерін білмеді. «А, иә!» деп езу тартып, ақсия күле берді. Осы кезде бөлдіркелерін шығарған екі кісі де бұлардың қасына келді. Өмірзақ күлкісін әп-сәтте тыйды да, оларға үнсіз қарай қалды. Бір сәт екеуі мұның екі жағынан айналып ту сыртына өтіп бара жатқан секілді болды. Арқа тұсын бергісі келмей, ол кейін ырғып кетті. Оның бұл қимылы да еріксіз болған еді. Оның неден шошынғанын түсінген Тұрпаев:
Сен бізден қорықпа! Біз – жау емес, біз – дос, – деді. Тұрпаевтың айтқанын тура түсінді ме, әлде оның не айтқанын емеуріннен ұқты ма, әйтеуір, ана екеуі де бастарын изеді. Өзінің осының алдындағы қимылына қызарып кеткен Өмірзақ:
Жоқ, мен қорқып тұрғаным жоқ! – Тұпа бойы дірілін сездірмегісі келіп, ол ілгері аттады. Бұрынғы орнына қайта жақындап тұрды.
Сіздер кімдерсіздер? Қайдан жүрсіздер? – деп сұрады. Содан кейін батылданып кетіп.
Анау кісі жауабын кідіртіп жатпады.
Біз Ұлы Русьтанбыз. Қасымызда ғалым бар. Жер зерттейміз, су зерттейміз.
Өмірзақ оның қай ел жайында, не туралы айтып тұрғанын анық түсінбеді. Тек ол кісінің үні жұмсақ, ешбір астарсыз анық секілді естілді. Өмірзақ соған сенді...
Бұл кісінің түрінің қасындағы жолдастарынан өзгеше екеніне Өмірзақтың көзі бірден түскен. Қоңыр күреңдігі түрікпендердің жүзіне, тіпті, елібі кейбір қазаққа да келетін секілді. Қап-қара қаба сақал. Бірақ қазақ шалдарының сақалындай ұзын емес, дөңгелене біткен. Бұл сәтте Өмірзақ оның солайша қиылғанын білген жоқ еді. Ал бас бітімі, көбіне сопақ келетін түрікпендікінен гөрі, домалақтау, қазақ бет-пішіміне ұқсаңқырайды. Тек, мұрны сәл дөңестеу де, мұрын ұшы ішіне қарай майысқан имектеу. «Бүркіттің тұмсығы секілді екен!» деп бір теңеп алды Өмірзақ. Алайда, кім болатынын айқын ұғып, ажырата алмады. «Әйтеуір, қазақша сөйлеп тұр ғой. «Ассалаумағалейкумге» тілі мүдірмей келеді. Мүмкін, мұсылман шығар!»
Осыдан кейін оның ойы басқа жаққа ауды.
Салдыр-гүлдір суға түсіріліп жатқан темірдің шақырлағаны оның ойын бөліп жіберді. Өмірзақ су бетіне қарады. Екі кісі құлаштап қозғап, үш тармақ шойын нәрсе су түбіне кетіп барады. Шығыршығынан бастап шойын шынжырмен созылып жатыр. Жәкір ақ көбікті бұрқ еткізіп күмп етіп суға құлады да, шойын шынжырды салдыр-гүлдір сүйрете жөнелді. Көп ұзамай оның да үнін теңіз жұтып жібергендей, қалт тынды. Бұл жердің суы тайыз болатын.
Кеменің екінші қапталынан суға тағы бөлдірке түсіріліп, оған да үш адам міңді. Екеуі ескекке отырып, біреуі оның қақ ортасында қақшиып тұр. Бөлдірке жақындағанда мына үшеуі де, анау арттағы кісіні танып, соған ұмтылды.
Өмірзақ та бір-екі аттай түсті де, кідіріп қалды. Мыналардың ұмтылыс ретіне қарағанда, ол – бастық адам. Жаңа өзін Тұрпай баласымын деп атаған кісі де, жағадағы басқа екеуі де тұмсығымен құмға тірелген бөлдіркедегі кісінің екі қолынан ұстады. Бұлардың қолынан демеу алып, жағаға жеңіл қарғып түсті. Ол да Өмірзаққа қарай жүрді.
Сары шашы жалбыраған ұзын. Бірақ Өмірзақ көріп жүрген ауылдың салақ әйелдерінің, дауыл соққан шөмеледей қобыраған шашындай ұйқы-тұйқы емес, таза таралған. Киімі де мынау кісілерден өзгеше. Бешпеттерінің қалтасынан күміс шынжыр салбырап тұр. Өмірзаққа тақап келіп, оның жүзін үнсіз шолып өтті де қолын ұсынды.
Ишансың ба? Мен Карелин Григорий Силыч! – Содан кейін Тұрпаевқа қарады. Ол ұмтыла келіп, Өмірзақ алдында жалпылдай сөйлей жөнелді.
Бұл үлкен ғалым, зерттеуші, һәм офицер Карелин Григорий Силыч! Сенімен танысқысы келеді. Қолыңды бер, – деді.
Карелин қазақ тілін білмейтін. Оның жүрген ортасы – Орынбор қаласы, Жәңгір ханның ордасы. Ондағылардың бәрімен өз тілінде, орысша тілдеседі. Сондықтан, мынау жатқан бұратана халық тілі тікелей қажетті де болмады. Мүмкін, сондықтан ба, әйтеуір, оған жөндеп мән бермеген-ді. Ойы сонау өскен ортасы солтүстікте жатқан Петербург, одан бергі Москвада болып, тым құмартпаған да. Орынборда да, хан ордасында да амандасқан адамдардың бір-біріне «Ишансыз ба, Ишанбыз!» деп жататынын естіп, өзі де қандай болмасын, кім болмасын, Шығыс адамын кездестірсе, «Ишансыз ба!» деп салатын. Бұл сөзді мұндай зиялы адамнан естіген әлгілер: «Ишансыз ба, акшимисиз!» деп, әбден иіліп-бүгіліп қалатын.
Алайда, мына қыр қазағы әлгі шәрлерде көрген кісілеріндей иіліп-бүгіліп жатпады. Жүзінде пәлендей сес болмаса да, ешбір елпексіз, үнсіз ғана қос қолын ұсынды. Амандасу ишараты осымен бітті.
Өмірзақ іштей қанша тіксінгенменен, жаушылық ниет сезбейтін секілді. Басқа кісілерге мынау бірдеме айтып еді, олар су ортасында тұрған кемеге кетті. Содан кейін жағаға ыдыс-аяқ, жерге төсейтін нәрселер әкеліп, от жаға бастады. Сірә, жағада тамақ ішуге дайындалып жатқанға ұқсайды. Карелин Өмірзаққа көп сұрақтар қойды. Оны Тұрпаев аударып отырды. Сұрақтарында кісі күдіктенерлік ештеме жоқ. Ауылың қай жерде, әке-шешең бар ма, қалай күн көріп жүрсіңдер, не кәсіпшілікпен айналысасыңдар деген жайлар төңірегінде. Өмірзақ алғашында жасқана отырып, кейін ашыла түсті. Өз әл-қадірінше жауап қайырды. Карелин оның жауабын үнсіз ғана тыңдады да қойды.
Бір кезде құм үстінде қисайып жатқан Карелин басын көтеріп алды да, бір нәрсеге қадалып қарай қалды. Ол қараған жаққа Өмірзақ та бұрылып, Карелин көзінің үюлі жатқан мұның ауына түскенін байқады. Карелин түрегеліп барып, оны аударыстырып ұстап көрді. Тұрпаевқа қарап бірдеме деп еді, мына ауды қайдан алғанын және қашаннан бері балық аулаумен айналысатынын сұраған екен.
Өмірзақ бар шынын айтты.
Осыдан кейін ол екі-үш кісіні шақырып, ауды жаздыра бастады. Бір мезгілде өзі де шешініп, Өмірзаққа да шешін дегендей ым білдірді. Өмірзақтың шешінерлік ештемесі де жоқ еді. Бұтында ақ шыттан тігілген дамбалының кең балағын санына дейін түріп алды. Етегі далаңдаған кең көйлегінің етегін ышқырына қыстырды. Осылайша бәрі суға түсіп, ауды құрып тастады.
Көп ұзамай қалтқылар ойнақши бастап, ауға ілінген балықтардың бұлқына жұлқынғаны байқалды. Содан кейін тамақ ішіліп, Өмірзақ та олардың қасында отырды.
Бір мезгілде басын жоғары көтеріп, күн көзінің төмен еңкейіп бара жатқанын байқады. Көк жиекке тұсаудай жер қалыпты. Содан кейін жайылып тұрған атына көз тастады. Тұрпаев оның бұл қимылын аңдып отырса керек.
Ауылыңа қайтасың ба? Ауылың қайда еді? – деп сұрады.
Анау жақта. – Өмірзақ оңтүстік бетте көлбей жатқан жолға қарап қолын сілтеді. Отырған жерін дәл айтпайды. Алайда, оны неге бүккенін өзі де түсінбеді. Осы кезде ғана мына кісілерге әлі де толық сене алмай отырғанын байқады. Шынында да, кімдер бұлар? Не іздеп жүрген жандар? Сырт қарағанда, бұлардың бүгінгі әрекеттерінде ешбір дұшпандық жоқ секілді. Бірақ мына жағалаудан не іздейді? Мал мен аңнан басқа не бар бұл далада? Олар да сонау қырда ғой. Қалай ойласа да, Өмірзақ бұлардың жүрісінен жөнді ештеме түсіне алмады.
Оның осы күдігін сезді ме, басқа өзара шаруалары болды ма, қара-қаба сақалды мен анау шегір көз, ұзын шашты бастық өзара сөйлесіп кетті. Өмірзақ екеуінің сөзін тосып қалды. Ол сөз аяқталмай орнынан тұрып кете алмайтынын анық сезді.
«Қап, әттеген-ай, атымның кейінде қалғанын. Егер, оның арқасына бір қонсам, қарамды көрсетпей кетер едім. Қолдарында мылтығы жоқ, жаяу қуып жете алмайды. Қап, әттеген-ай!» деп опынды. «Ал тұрып кетсем не істейді? Бас салып жабыса ма? Онда, әрине, «л бермейді».
Бірақ, бұлай отыра берудің реті жоқ. «Не де болса көрермін!» деп іштей бекініп, ол орнынан көтеріле беріп еді. Карелин оның тізесінен басты. Зілсіз, ақырын ұстады. Реті бірдеме айтқысы келген адам секілді. Содан ол кісі Тұрпаевқа қарады да, әлдене деп сөйлеп кетті. Содан кейін Тұрпаев Өмірзаққа бұрылды да:
Асығып отырсың ба? – деп сұрады.
Ауылға қайтуым керек қой... Кешке мал келеді. Шешеме көмектесуім керек.
«Кешкі мал келгенге асығатын мұның не реті бар? Шешесіне қалай көмектеседі?» Ол жағын бұл кісілер түсіне ме, түсінбей ме, онда Өмірзақтың шаруасы болмады. Өзінше дәлелім өте қисынды деп санап, Өмірзақ Тұрпаевқа қарады.
Карелин мен Тұрпаевтан басқалары орындарынан түрегелді. Үш-төртеуі бөлдіркеге бет алды. Солардың желеуімен орнынан көтеріле берген Өмірзақты бұл жолы Тұрпаев кідіртіп тастады.
Қазір, қазір ауылыңа қайтасың. Сәл кідір.
Өмірзақтың амалсыз қайта отыруына тура келді.
Олар тамақ ішкен орынды басқа біреулері жинап, соңында қалғандар ыдыс-аяқты тазалауға кірісті. Үш-төрт адам бөлдіркеге отырып кемеге қарай кетті. Ақыры теңіз жағасында үшеуі ғана қалды. Осы кезде Тұрпаев оған бұрылып:
Ауылыңда үлкен кісілер бар ма? – деп сұрады.
Менің де әкем үлкен кісі. Ауылда басқа да үлкен кісілер бар. – Өмірзақ сұрақтың астарын ойланып жатпады.
Сәлден кейін Тұрпаев:
Сүйінғараны танисың ба? – деді.
Карелин де, Тұрпаев та оның жүзіне көз астарымен қарай қалды. Оны аңдығандарын білдірмеуге тырысады. Бірақ, Өмірзақ бұл жолы да, олардың неге сұрап отырғанын аңғарған жоқ.
Өмірзақ қарт кісілер әңгімесінен Сүйінғара жайын естігені бар-ды. Алайда, оның есімін әркім әртүрлі айтады. Кей сөздерге қарағанда, ол ертегідегі батырлар секілді. Ал, енді бір кісі оны жамандап та сөйлейді. «Ол кім? Тірі адам ба, өлі адам ба?» Ол жағын Өмірзақ ойланбаған-ды. Бұлардың сұрап отырғаны ол кісі ме, әлде басқа ма?
Өмірзақ осы тарапта ойланып қалған.
Мен Үргенішбайдың Сүйінғарасын сұрап отырмын. Адайдың атақты баһадүрі. Сен оны білмеуші ме едің? – Тұрпаев Өмірзақ жүзіне үңіле қарады. Оның өңінде ешқандай өзгеріс жоқ-ты. Мынау отырған кісілер өзін сынай қарайды деген оның қаперіне де кірмеген-ді.
Естуім бар, бірақ анық білмеймін.
Ал үлкен кісілер біле ме?
Білетін шығар, сұрап көрейін.
Ендеше сұра. Сосын бізге айтып кел. Бізден сен қорықпа. Ел де қорықпасын. Сүйінғара атаң да жақсы адам, – деп, ол Өмірзақты иығынан қақты.
Бұл кезде жаңа кеткен бөлдіркенің біреуі қайтып оралды. Одан қолында матаға оралған түйіншегі бар матрос құмға секіріп түсті де, оны Тұрпаевтың қолына ұстатты. Тұрпаев қарап еді, ол кісі өзіңіз реттей берсеңізші деген ишарат білдірді.
Каютадан отырғыш алдырды да, Карелин оны кеменің тұмсығына апарып орналастырды. Содан кейін асықпай ыңғайланып отырды. Сол кезден бастап, міне, әлі бір қозғалған жоқ.
Бұл кісі каютадан шыққан кезде күн еңкейіп келе жатыр еді. Ертеңнен бері қасық түбінде балқып жатқан қорғасындай домаланып тұрған күн көзі, қазір қожырай құлақтанып, біреу түртіп қалса қағанақтай жарылып кететін сияқты.
Карелин әлі де ой үстінде.
Көзі бұлдырай алысқа қарап, нақты не ойлап отырғанын өзі де анық білмейді. Осы соңғы үш-төрт күн ішінде сүлесоқ мінезге тап болды. Бұл жайды өзі абайлаған жоқ еді.
Сол мазасыз алғашқы күндердің бірінде кеме үстінде тұрған Тұрпаев оның жүзіне қарады да:
Сізге не болып жүр, Григорий Силыч? Өңіңіз бір түрлі сынық, ауырып қалғаннан саумысыз? – деп сұрады.
Жоқ... Оны неге айттыңыз? – Карелин шынымен таңдана Тұрпаевқа бұрылды.Таза көгілдір көзінде балаша ынтығу бар.
Тамақ жөндеп ішпейсіз, ойлана бересіз.
А, солай ма. Өзім де байқамаппын, – деді Тұрпаевқа, бір сыр айтқалы оқталды да, өзін-өзі тыйып тастады. Ойындағысын іркіп қалып:
Мүмкін, ауадан болар, – деп салды.
Бұлардың әңгімесін кеме капитанының көмекшісі тыңдап тұрған. Әңгіменің осы тұсында, ол көзі жарқ ете түсіп, бұларға бұрылды.
Егер, ғалым мырза, ренжімесе, оның емін мен айтар едім. – Тырбиған жез мұртын сылап-сипап алды.
Карелин де, Тұрпаев та оған жалт қарасты. Шегірек көз, жез мұртты жүзін тайдырмайды, қайта жақындай түсті. Бұл кеме экспедиция есебінде Карелинге бағынатын. Алайда, ол тікелей капитанмен ғана араласып, команданың басқа мүшелерімен қатынасы жоқ. Мынау кісіні кеме үстінде көріп жүргенмен тілдескен адам емес. Оның «Талым мырза» дегеніне таңғалды.
Ол қандай ем?
Мынау жағаларда артиллерия гүрсілдеп, ат ойнақшып, қылыш жарқылдап жатса, сіздің мигреніңізді жұлып түсер еді.
Сіз мені артиллерист деп айтып тұрсыз ба?
Дәл солай.
Онда қателесіп тұрсыз. Артиллерия оқуын оқығанмен бір оқ та атып көрген адам емеспін және атпаймын да.
Өте өкінішті-ақ. Сіз, Берг мырзаны білуші ме едіңіз. – Әңгіменің мәнін осы кезде түсінген Карелин қып-қызыл болып кетті. Аузына сөз түспестен тұтығып қалғандай. Жұдырығын көтеріп, сілкіп жіберді. Алайда, бұлар айдын теңіз ортасындағы жалғыз кеме үстінде тұр. Ол жұдырығын қатты сілтегені соншама, шынтағы ауырып қалды.
Жез мұртты оның бұл кейпіне таңдана қарады:
Ренжітіп алсам, кешіріңіз! – Кейін бұрылды да кубрикке түсіп кетті.
Екеуінің әңгімесін тыңдап тұрған Тұрпаев сөз астарын жаңа ғана ұқты. Бірақ Тұрпаев ол туралы көп ойланып жатпады. Жаңағы шақта алқызыл жанып кеткен Карелиннің жүзі сұп-сұр болып шыға келді.
Григорий Силыч! Григорий Силыч! Көп ренжімеңіз! – деп Тұрпаев оның қолтығынан сүйемек болған.
Кетіңіз! – Карелин оның қолынан қағып жіберді...
Қазір Карелин бір мезгіл сол жайды ойлап кетті.
«Тілмашқа артықтау айттым-ау. Жазығы жоқ еді. Ал, анау...» Иә, ол Бергті еске салды. Берг атын естісімен оның әдейі ұрынғалы тұрғанын білді. «Сонда оның жалғыз өзі солай ойлай ма? Әлде, команда құрамында оның ниеттестері бар ма? Әйтпесе, маған, экспедиция бастығына, қайдағы бір мичман талтайып тұрып, тіл тигізер ме еді!» деп бер жағымен айтты. Кекете айтты. Ал шынында ол айылын да жимады. Кубрикке түсіп бара жатып, тіпті ризашылықпен езу тартқандай көрінді. Мүмкін, мүмкін!
Сол бойда, оған қатты ызаланғанмен, тап қазір оның кеудесінде ешқандай ашу кек жоқ секілді. Осы үш-төрт күнде сөніп өшкен бе?
Берг! Берг! Ол, өз атына ғана емес, бүкіл Ресей империясының атағына кір келтірген жоқ па! Осы жағалауларда отырған бейбіт адай ауылдарына бұйқыт келіп, малын-жайын шауып алды. Қан-жоса қылды. Ресей ішінде одан кейбіреулер жиіркенді, енді біреулер оны қаһарман деп жариялады. «Тағы елдерді осылайша бағындыру қажет. Орыс қаруынан сескенетін болсын!» деді.
Анау мичманның меңзеп тұрғаны сол Берг. «Елді оқпен, отпен бағындыр, найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен биле» дейді. Жоқ, ол менің жолым емес. Ал, сонда менің жолым қайсы?
Қалай болғанын өзі де байқамай қалды. Кенет оның ойына граф Аракчеев түсті. Ол, осы бір жер түбінде, Каспий теңізінің жағасында Маңғыстау жағалауына қарап отырып та осы кісі есіне оралғанда тұла бойы дір етті.
Тағдырдың тепкісі қатты ма, әлде Аракчеевтің құдіреті одан да күшті ме, әйтеуір, жиырма бір жасар Гриша Карелин бір түнде күймеге отырғызылып, осы жалпақ жонның қиыр шетінен, Орынбор даласынан бір-ақ шықты. Орынбор даласы, қырғыз-қайсақ деп аталатын халықтың ортасы – өмір жолын жаңа бастаған, болашағы зор деп есептелетін жас өрім артиллерист-офицердің өңі түгіл түсінде көремін деген жері болмайтын. Қазірде отырып сол күндерді есіне алғанда: оны ішкиіммен жылы төсекте жатқан жерінен Аракчеев суық қолымен суырып жіберіп, басынан айналдыра былғап-былғап шірене сілтеп лақтырғанда Орынбор даласынан томп еткізіп бір-ақ шығарғандай елестейді.
Содан бері де он жылдай мерзім зымырап өте шықты. Алғашқыда, бұл далаға өздерін қазақтармыз деп атайтын халыққа ол жатсына қараған. Кейін бойы үйрене, таныса келе, оның өткен-кеткенін, бертінгісін білуге көңілі ауғанын сезді.
Хан Жәңгірдің ордасында тұрғанда, оған Жәңгірдің айтқан бір сөзі қатты ойландырды. Хан Карелин жайында сырттай біледі екен. Ордасына қызметке шақырып етене танысқаннан кейін:
Біздің халқымызда бір мақал бар. «Жетім қозы тас бауыр, түңілер де отығар!» дейді. Сіздің жайыңыз да тап сондай. Біздің ордамыз қазақ-орыстармен шекаралас екенін өзіңіз де білесіз. Сіз астана кісісі, Петербор адамысыз ғой, естідіңіз бе, естімедіңіз бе, оларда да жақсы нақыл бар: «Царь всегда с милостью, казак всегда с долей» дейді. Сіз де сол патша ағзамның мейірімі түскенше менің ордамда болыңыз. Терең біліміңізді менің ұрпағыммен бөлісіңіз, – деді де Карелин жүзіне қарады.
Карелин төмен қарап кідіріп қалған. Оның бұл кейпін екі ойлы болып отыр деп түсінген Жәңгір қайта сөйлеп кетті:
Мен де сіздей білімдар кісінің ақыл-кеңесіне зәрумін. Біздердің, қазақтардың түсінбейтін көп нәрсеміз бар. Бұған не айтасыз?
Карелин басын көтерді де. Жәңгірге қарады.
Ол мәселені келіскен сияқты болдық емес пе. Менің ойымда жаңағы сіз айтқан орыс-қазақтарының мақалы. Менің естуімше ол: «Царь не без милостей, казак не без доли» деп үміттендіріп қоятын. «Патша... қашан да қайырымды» деп, нығарлап қойдыңыз, – деді.
Хан күлді де:
Жап-жаңа ғана айттым ғой. Біздер, азиаттар, әлі көп нәрсені жөн түсінбейміз деп. Мен жаңсақ естіген болармын. – Оның әлгі мақалды әдейі бұрғанын Карелин осы тұста байқап қалды. Бірақ сыр білдірмеді.
Хан теріс қарай мырс етіп күлген сияқты болды. Келер сәтте хан шынтақтап жатқан жастығынан шұғыл көтеріліп, шарта жүгініп, отырып қалды. Содан кейін Карелинге жалт бұрылып, сөйлей жөнелді.
Алайда, патша ағзамның қай кезде де қайырымды, пейілі кең екені өтірік пе? Міне, біз сияқты жалпақ далада жайдақ жатқан бұратана халықты да өзінің Ұлы мәртебелі мейірімінің астына алып, шарапатын түсіріп отыр. Үлкен шыдам көрсетіп отыр. Ал, біз сол жақсылықты әр кезде түсіне білеміз бе, сол ықыласқа ықыласпен жауап бере аламыз ба, соны бар жүрегіммен терең ұға білу үшін мен сіз сияқты астаналық білімді адамдарға құштармын, Сіздің бұл өлкеге келгеніңізге де міне, бес-алты жылдай уақыт болып қалды. Біздің халқымыз жайында сіздің өз ойыңыз болар. Алайда, мен халқымды жылқыға теңер едім. Иә, кәдімгі әлі бас білмеген асау жылқыға. Ол жылқы не істейді десеңізші? Мойнына құрық, басына жүген түсіргісі келмейді. Ал, сол, оның басына пайда ма? Пайда емес. Ол езуі жиырылып, жуаси қалса, оның бар ауыртпашылығы, өлім-жітімі қожасының мойнына түседі. Қожасы оған мерзімінде жем су тауып беріп, бар күтімін мойнына алады. Жақсы қожа жұмсап отырған көлігін, бағып отырған малын аш-жалаңаш қоя ма. Ал, тағының аты тағы. Ол, иә, өзара қырқысып құриды, не өзінен күшті тағының аузында кетеді. Ыссыда шөлдеп өледі, суықта үсіп өледі. Өледі, құриды...
...Карелин құлағына хан дауысы да келіп тұрғандай.
Күн еңкейіп келеді. Жеңіл жел тұрғандай болып, су беті дір ете түсті. Салқын леп тұла бойын тоңазыта бастағандай. Бірақ, оны елер Карелин жоқ. Сол баяғы бір бағытқа, мынау құм жалдың қырына көзін қадап қалған.
Ол әуелде Өмірзақтың жүрісін бағдарлап отырған.
Өмірзақ қолына бұлар жібек кездеме ұстатты, оған азын-аулақ шай түйіп салды. Өмірзақ алмаймын деп азар да безер болған. Бірақ бұлар зорлықпен алдырды.
Бұл көңіл. Мұны алмау ұят болады, – деп түсіндірді Тұрпаев.
Ұят деген соң Өмірзақ түйіншекті ұстады. Тұрпаев көңілі орнына түскендей болып оған қарады да:
Сен бізге тағы да кел. Шалдарды да ертіп кел. Мүмкін, олардың ішінде Сүйінғараны білетіндері бар шығар, – деді.
Сөзінің соңында Тұрпаев Карелинге жалт қарады. Сүйінғараны сұрастырғанмен оны ізде, ауыл адамдарын шақыр деп Карелин билік бермеген-ді. Талайды көріп, арлы-берлі жортқан саудагер, кейде билігі жоғары әміршілердің берген өкілдігінен асырып жіберу жақсылыққа апармайтынын, тіпті, өз басына қатерлі екенін білсе де, шыдай алмай кетті. Сүйінғара оның өзіне де керек еді.
Астрахан басындағы шаруаларын басқа адамдарына жүктеп, басын қатерге тіге әлі белгісіз елге, Маңғыстау даласына шыққан экспедицияға тілмаш болып, құлшына ұмтылғанда саудагердің өз есебі бар. Міне, сол мүмкіншілік қолына өзі келіп тұрғанда, неге айырылып қалуға тиісті.
Артық айтып қойғаным жоқ па деп, ол сескене Карелин жүзіне қараған. Ол ештеме естімеген, түсінбеген адам секілді маңқиып тұр.
Келесің ғой, келемін деп уәдеңді бер, – деп Тұрпаев Өмірзақтың қолын ұстады.
Келемін, – дей салды Өмірзақ. Тезірек құтылуға асыққан адам секілді шұғыл басын изеді.
Содан кейін Өмірзақ асықпай барып атының тұсауын алды. Арқасына тоқымын салып, айылын тартты. Ауын тоқым жібінен өткізіп, өзі ырғып мінді. Мынау кісілерге бір бұрылды да, ақырын ғана тебініп қалды.
Карелин бірден атына қамшы салып, қаша жөнелер деп ойлаған. Өмірзақ олай істемеді. Атын ақырын ғана тебініп, жеңіл жортақпен қозғалды. Сол жүрісінен иә қатты тебініп озған да жоқ, тізгінін тартып тежеген де жоқ. Сонау қырат басына шыққан соң, атының басын тартып, кідірді. Содан кейін кері бұрылып, бұларға қарады. Тіпті, қолын көтеріп бұлғағандай да болды. Әйтеуір Карелинге солай көрінді. Оны бейбіт көңілі нышаны санап, Карелин іші жылып сала берді. Жоқ, дұрыс жол Бергтің жолы емес. Бейбіт әңгіме, өзара келісім. «Сүйінғараны тауып алу қажет. Сүйінғарамен сөйлесу ләзім» деген нық шешімге келді. «Оны қалай табуға болады? Тек, мына жас жігіт, соның ауылдастары арқылы табу қажет».
Осындай ойға келген Карелин орнынан түрегеліп кетті.
Жаңа бір кезде ұйтқи соққан жеңіл жел тына қалыпты. Теңіз беті тынышталып, тұп-тұнық мөлдір судың түбі көрініп жатыр. Әлемде бұл тыныштықты бұзатын, тұнық лайлайтын күш жоқ секілді.
Күн ұясына отыра бергенде Өмірзақ та ауылына жетті. Айналаны қара көлеңке торлап, төңірек қарауытып келе жатқан-ды. Желе-жортқан жалғыз аттыны алдымен шешесі көрді. Баласына ау құруға жел бергенімен, онысына кейін қатты өкінген. Өмірзақ кідірген сайын, жүрегі дүрсілдей соғып, көз алдына түрлі сурет келген: біресе, ол асау толқынмен алысып жүр, енді бірде, үлкен балық ауын тереңге тарта сүйреп, ауға оратылған Өмірзақ елестейді.
Жаным-ау, амансың ба? Соншама неге айналдың? – деп, оны айқын танығаннан кейін атына ұмтылды.
Маған не болушы еді? Көкем қайда? – деп, ол әкесін сұрады.
Не болды дейтіні бар... «Су – тілсіз жау» деп айтпай ма?
Көкем бір жаққа кетті ме? Қайда көкем? – Өмірзақ қайталай сұрады. Атынан түсіп, оның ер-тоқымын сыпырып алды да, тұсаусыз қоя берді.
Өзінің осыншама өліп-өшіп ұмтылғанына жөн назар аудармағанына ренжіп қалғандай анасы:
Ол қайда кетуші еді? Отыр ғой әне, – деп, қолын немқұрайды сілтей салды.
Төрт-бес ауыл ақсақалдары далаға киіз төсетіп, көрші үйдің қапталында отыр екен. Атының ер-тұрманын үйдің іргесіне жинап, қолына манағы бір кезде Тұрпаев берген түйіншегін ұстап қарт кісілердің қасына келді. Олардың көбін бүгін ертеңгісін көрсе де, өзіне назар аударайын дегендей жөткірініп алды да, дауысын мақамға келтіріп:
Ассалаумағалейкум, ақсақалдар, – деді.
Қарт кісілер қасына отыра кетуді ыңғайсыз көріп, түрегеліп тұрып қалды. Түйіншегін артына ұстады.
Қарт кісілер айтып жатқан әңгімелерін кілт үзіп, дауыстаған жаққа бұрылды.
Әлейкүмассалам! Қарт бол, балам! – Бойы шүкейт асықтай кішкентай болса да, жолы үлкен ақсақал оның мақамына салып, жауап қайырды.
Өмірзақтың әкесі де бұрылып:
Ау сен бе едің? Келіп қалдың ба? – деді.
Әдетте, үлкен кісілер сөзіне килігетін Өмірзақтың одыр мінезі жоқ-ты. Сондықтан қарттар да не айтатындарын білмей кідірісіп қалды.
Балам! Неғып тұрсың? Үйге бар, – деді әкесі. Баласының бұл мінезін әкесі де тосын санаған.
Мен бір нәрсе айтайын деп едім. Мынаны қараңыздаршы... – Ол жасыра артына ұстап тұрған түйіншегін көпшілікке ұсынды. Олар оның не нәрсе екенін қараңғыда аңғармай:
Бұл не нәрсе?
Кәне, кәне, көрелікші, – деп қауқылдасып қалды.
Мынау жібек мата ғой. Ішіндегі не? – Өмірзақтың әкесі шүберекті шешіп, ораулы нәрсені уыстай ұстады. Бір сәт бәрі де үнсіз тына қалды. Кішкентай ақсақал алақанына бір уыс шайды алып, екі-үш түйірін аузына салды.
Ойбай, Қаржеке, арам нәрсе болып жүрмесін! – деп, екінші кісі оның қолына жабысты.
Қаржас қарт оны тыңдамады. Аузына салған екі-үш түйірін талмап алды да:
Бұл шай деген болады.
Шай дейсіз бе?
Иә, шай екен.
Содан кейін басқалары да екі-үш түйірден ауыздарына салып, дәмін алып талманып көрді. Олар алғашында алдарындағы мата мен шайды қызықтап, бұлардың Өмірзақ қолына түскенін сұрауды ұмытып кетті. Кенет, Өмірзақтың әкесі басын көтеріп алды да, баласына жалт бұрылып:
Әй, сен мұны қайдан алдың? – деп сұрады. Көпшілік жұрт Бесқаланың ойы деп атайтын Хорезм өңіріндегі қалаларға сапар шеккен некен-саяқ қалашылар әкелетін, немесе теңіздің арғы-бергі бетінің саудагер-көпестері жиналатын Сартастың жәрмеңкесінде ғана кездесетін мынау қымбат мата мен шайдың Өмірзақ қолына түскенін ойлағанда, олар өз ойларынан шошынып кетті. Қолын енді ұсына бастағандар кейін тартынып, ауыздарына салып дәмін алып отырғандар, харам нәрседей түкіріне бастады.
Өмірзақ болған жайды асықпай-аптықпай баяндап берді.
Астапыралла, бұл не болды екен? – деп шошынды бір кісі, Өмірзақ әңгімесін айтып болғаннан кейін.
Кеме деп отыр ғой. Су ішіндегі кеме-дағы.
Жоқ, ол кеме қайдан келеді? Аспаннан түсті ме?
Қайдағы аспан? Сумен жүзіп келді-дағы.
Осы кезде шеттеу отырған бір кісі манадан бері әңгімені үнсіз тыңдап отырған. Кенет ол отырған жерінде бір қомпаң етіп түрегеле жаздап барып, құйрығын нығарлай қайта басылды.
Ал енді, сол кемені осыдан екі-үш күн бұрын мен де көрдім. Тек, жұртты босқа үрейлендірмейін деп айтқан жоқ едім, – деді.
Сен оны қалай көріп жүрсің?
Биыл қайымай қалған жарбай інгенім көптен бері көрінбей кеткен. Қасындағы тайлағы да жоқ. Соны іздеп теңіз жағалай шығып едім. Сонда көрдім, бір кеме жүр екен. Жүрісі жай, біреуді аңдағандай асықпайды. Олардың көзіне түспей, төбенің тасасынан сығалағанмын. Біз көріп жүрген түрікпендердің қайығына ұқсамайды. Өмірзақжанның көргені сол болар. Аспаннан кеме жауып кетті дейсің бе? Әрине, сол! – Бұл сөзін ақырын, сақтықпен бастап, аяғын нық сеніммен аяқтады.
Басқа ешкім ашық ештеме айтпады. Бәрі де ойлана, мүдіріп қалған. Кішкентай шал бір кезде Өмірзаққа бұрылды.
Саған бірдеме айтты ма? Бірдеме сұрады ма?
Сүйінғараны білесің бе деп сұрады.
Шағын ауыл адамдарының келесі күнгі әңгімесі осы жағалауда жүрген жалғыз кеме жайында болды. Әйелдер жағы шайды салып қайнатып татып көрді. Еркектер жағы да ақыры оларға қосылды.
Үшінші күні жиналып жағалауға бармақ болып келісті.
А! Келдің бе? Күтіп едім көптен сені. Келеді деп ойлап едім. Самсаған қалың, сарала әскерің қайда? Зеңбірек, добың қайда? Ә, жоқ па? Онда шешін. Қанға киімің бүлінер. Жөндеп шоқынып ал. Дұрыстап шоқын. Бірақ, сенің ағаштың бетіне cap жезбен жапсырған құдайыңнан енді түк пайда жоқ. Оның алтынмен аптап, күміспен күптесең де түк қайыры жоқ. Менің Аллам бәрінен де күшті. Жат, кәне, кәпір!
Хан қолындағы қайқы қылышын көтере ақырып жүріп келеді.
Хан сарайы есігіне дейін кілем төсеулі екен. Бұл кейін жылжып барады. Шынымен хан менің басымды алып, мынау асыл кілемдерді қанмен бүлдіре ме? Жоқ, мүмкін емес! Жоқ!
Бұл жай ғана айбар ғана. Менің төгілген бір қасық қаным үшін Россияның кек алатынын білмей ме? Маған неге едіреңдейді? Қазір өзіңе тұра ұмтылсам шауып тастай алар ма еді? Ол ілгері ұмтылмақ болады. Бұл кезде хан қолындағы қылыш шығып кетіп, оның маңдай алдында өзінен-өзі ойнайтын секілді.
Артынан сылдыр естілгендей болды. Дір-дір, сылдыр-сылдыр.
Қара айналаға. Артыңа қара! – деп хан ақырып қалды. Содан кейін басындағы бас киімін билете қарқылдай күлді.
Алтынмен аптап, күміспен безегендей болып елестеген хан сарайы көзден ғайып болды.
...Ол теңіз үстінде жалғыз қалғандай. Ұмтылып ілгері де жүре алмайды. Аяғының асты суси береді. Теңіз дегені енді сусыған құм болып шықты. Жаңа көгілдір өң енді сарғайып кетіпті. Ол қалың құм ішінде малтып келеді. Тек құлағына жаңағы бір шалынған сылдыр-сылдыр әуен кетпей қойды.
Кенет, тура көз алдыңда адамның қураған қаңқасы пайда болды. Біреу... екеу... үшеу... төртеу... жалғасып жатыр. Оның құлағына шалынған сылдыр жел тербеткен сол қаңқалардың сылдыры екен. Дір-дір, сылдыр-сылдыр.
А, көрдің бе? Көрдің бе, жаңа! Көр, жөндеп көр!
Тас төбесінен шыққандай хан дауысы саңқ ете қалды. Қою мұрты, қалың кірпігі, доғалаң мұрны – бәрі тұтасып, түсініксіз домалақ бейнеге айналып, оған төніп келе жатқандай. Денесінің қайда екені белгісіз. Қайқы қылыш тағы жалт-жұлт етеді.
Григорий Силыч! Григорий Силыч! Таныдың ба, бізді? Таныдың ба, бізді? – Бұл дыбыс шіркеу ішінен күңгірлеп шыққан секілді.
Шыжыған құм үстінде бір жағынан өлі аруақтар көзіне елестеп, екінші жағынан қайқы қылышымен қаһарлы хан төне түсіп, тіпті, алыстан тағы бір бейне, Алексей Андреевич Аракчеевтің де бейнесі көрінгендей болды. Осылайша жанталасып жатқан Карелин оқыс қозғалып оянып кетті.
Айнала үрейлі тас қараңғылықта. Жан-жақтан белгісіз нәрселер анталап, бұрыш-бұрыштан сығалап тұрғандай. Жүрегі дүрс-дүрс соғып, өзінің қайда отырғанын ұқпады.
Әуелгі шақта жаңағы көрген үрейлі көріністердің түс, иә өң екенін айыра алмады. Бір кезде, ұйып қалған сол қолы шымырлады. Иненің ұшымен біреу ақырын шабақтағандай. Маңдайын сипады. Қара тер болыпты.
Сонда ғана өзінің каюта ішінде екенін ұқты. Сол жағынан жатып, сол қолы жүрегінің астында қалған. Ұйыған қолының шыңылы күшейе түсті.
Каюта әйнегінен жылтыраған солғын сәуле көрінді. Ай жарық болса керек. Стол үстіндегі сіріңкеге қолы ілініп, майшамды жақты.
Түн ішінде ұйықтап жатып, шошып оянғанын айқын түсініп, есік бағдарын анықтады да майшамды сөндіріп тастады.
Далаға шықты. Дөңгеленген ай сүттей жарық. Теңіз үстінің салқын ызғары денесін қарып өтті.
Жәкірлеулі кеме сол бұрынғы орнында тұр. Жеңіл ғана тербеледі. Бүкіл әлем ұйқы құшағында. Кеменің бас жағында, палубада ұйықтап жатқан матростардың қорылы естіледі. Кісіні селт еткізіп, елеңдетер басқа ештеме жоқ.
Карелин палатасына қайтып келді. Келіп, шешініп жатты. Ұйқысы қашып кетті.
«Бұл не деген түс? Анау қайқы қылышын алып жалаңдап тұрған хан кім? Сүйектері салдыраған өліктер не үшін мұның көз алдынан елестеп өтті».
Түске сенбейтін Карелин өзінің ойлап-ойлап шаршағанын ұқты. Хан, әрине, Хиуаның ханы. Оның қазіргі қорқатын дұшпаны – Россия. Англияның да оған алыстан қол созып отырғаны белгілі.
Карелин сияқты патша қызметкері қолына түссе оның аямайтыны айдан анық нәрсе. Ал, ана түсіне кіріп жүрген өліктер кім? Ал, ол князь Александр Черкасский болды! Бірақ, бұл кезде Карелин Черкасский сапарының жайын анық білмейтін. Бұдан бір ғасырдан астам мерзім бұрын, тіпті, Ұлы Петр патша тұсында болған оқиға. Ұлы Петр патша Каспий теңізін Россияға түгел қарату жөнінде әрекет жасаған. Ол анық. Карелиннің анығырақ білетіні: күні кешегі Наполеон жорығының бір сыры. Карелин айналасындағы адамдар Наполеонның жорығына әртүрлі қарайтын. Әрине, Наполеонды жеңу, Россияны тазарту – патриоттық іс. Оған ешкімнің таласы жоқ. Ал, ол соғысты болдырмауға мүмкін бе еді? Талас, міне, осы тұстан шығады. Наполеонның бірінші жауы, яғни оның есебі бойынша Францияның бірінші жауы – Англия. Құрлықтан қоршау жариялап Наполеон Англияны әлсіретпек болды. Ол үшін Россиямен берік одақ жасау керектігін түсінді. Наполеон Александр қарындасы Марияға үйленуге ниет қылды. Әйелінің ақылынан аса алмаған Александр патша қарындасын бермеді. Наполеонның тағы бір ойы Россияның оңтүстігімен осы Маңғыстау, Үстірт үстімен Индияға да өтпекші болған. Сол үшін Александр патша түрмеде жатқан атаман Платовты босатты, қазақ әскерлерін дайындады. Бірақ, ол жоба да іске аспай, ақыры мәселе 1812 жылдың соғысымен тынды.
Ал, Маңғыстауға Россия патшаларының ішінде алғашқы көз тіккені Петр екені ғана белгілі Карелинге. Черкасский бұл жағалаудан әулие Петр қорғанын салғанын, анау түрікпендер тұсынан Қызылсу қорғанын тұрғызғанынан, еміс-еміс хабары бар. Егер, ол жайында материалдар болса Сыртқы істер министрлігінің архивінде шығар. Оны оқу Карелинге әзір мүмкін емес. Бұған тапсырма осы жағалаудан жаңа берік бекініс салатын қолайлы жер табу. Өйткені, әулие Петр қорғанының тұсы тайыздап, оған кеме келе алмайтын болған. Мұны сезсе де, Хиуа ханы басынан сипамайды. Мүмкін, оның бұл түбекте тыңшылары да болуы ықтимал. Анау Сүйінғара деген кісі Хиуа ханына көнбей жүрген көрінеді. Оның қандай мақсаты бар, не үшін ханмен шалыс түсіп жүр? Карелин оны анықтауды қазір бірінші мақсат етіп қойды.
Мүмкін болса, Черкасский жағдайын да анықтаса жарар еді. Оны кім білуі мүмкін? Әйтеуір, Хиуаға өткен, сол жақта өлген. Әрине, ажалы неден болса да өлген. Әйтпесе, міне ғасырдан астам мерзім өтті. Осы күнге дейін тірі жүруі мүмкін емес. Бірақ, қалай өлді? Хиуа ханының қолынан қаза болды ма, әлде өз ажалынан өлді ме? Мұны білу керек. Оны білу болашақта Хиуамен қатынас үшін, тіпті, саясат үшін қажет. Оны анықтауға кімді жіберсе болар еді? Жергілікті ел ішінен біреуді жұмсаса. Сауда-саттық деп бұлар бара береді. Бірақ, ол үшін хан сарайына дейін жете алатын, пысық, алғыр адам керек. Ондай адам бұл елден табыла ма? Мына, Тұрпаевты жұмсаса ше? Бұл тындырып келер еді. Бірақ, оны қазір жіберуге болмайды. Салынатын қорғанның орнын іздеп тауып, кейін қайту қажет.
Түсіне еніп жүрген өліктер кім? Оны Карелин қанша ойланса да, таба алмады.
Бұл кезде Александр Бекович Черкасский экспедициясының қайғылы халі Россияға толық мәлім емес-ті.
Ол – Петр патша заманында болған оқиға.
Солтүстік соғысын жүргізіп жатқан Петр Бірінші патшаға алыстан, Маңғыстаудан өкіл келді. Ол хиуалықтардың өздеріне жасап отырған қысастығын айтып, ұлы патша ағзамға тілек білдірді.
Ол кісінің айтуы бойынша, Узбой өзені Каспий теңізіне құяды екен. Құяр жері – Қызылсудың тұсы. Түрікпендермен ерегескен хиуалықтар оны Арал теңізіне бұрып жіберген. Өзеннің сол арнасының бойындағы құмның алтынын күреп алуға болады. Соны ұлы патша ағзамның құзырына жеткізгелі келіпті. Бұл хабар Солтүстік Балтық теңізі үшін соғысып жатқан Петр патшаны қатты қызықтырды. Каспийдің шығыс жағалауы, одан әрі Орта Азия мен Индияға өтетін жол Россияның болашағын жатпай-тұрмай ойлаған қажырлы патшаның бір бүйірінде жүр екен. Бірақ, бұл міндетті кімге жүктеуге болады?
Патшаның қарамағында тәрбиеленген Кавказдағы ер Черкештің атақты бегінің баласы Дәулет Кизденгерей деген жас жігіт болатын. Жастайынан қолға түскен алғыр, пысық, өжет бала оңтайлы офицер болып шыққан-ды. Қазір ол Александр Бекович Черкасский аталатын. Міне, осы Александр Бекович Черкасскийге отряд беріп, 1711 жылы алғашқы рет Каспийдің Шығыс жағалауына аттандырды. Черкасский Каспий теңізінің тұтас картасын алғашқы жасағандардың бірі болды. Шығыс жағалауға Бозашыдан бастап, Персиямен шектес Қызылсуға дейін бірнеше бекіністер тұрғызды.
1717 жылы Александр Бекович қасына 200-дей адам алып, Хиуаға аттанды. Қарулы әскерді көрген Шерғазы айла құрды. Ол өз аяғымен келіп, Александр Бековичті Хиуаға жеткізбей қарсы алды. Оның қойны-қонышына кіріп, басын иіп сыйлайтындығын білдірді. Ханның ықыласына елтіген Черкасский отряды жан-жаққа бөлініп кетті. Осы шақта хан оларға бас салып, қарусыздандырып, көбінің басын шауып алды. Ал, Александр Бековичтің басын Бұқар хандығына сыйға жіберіп, терісінен барабан қаптады. Осылайша, Петр патшаның адал офицері қаза тапты. Бұл Хиуаға жақын Порсу көлінің жағасында болған қанды оқиға еді.
Карелиннің бұдан толық хабары жоқ-ты.
Бірақ, ол үрейленіп, көпке дейін ұйықтай алмады. Тек таң алдында ғана көзі зорға ілінді.
Ол оянған кезде жұрттың бәрі тұрып кетіпті. Кеме үсті, адамдары өз тірліктеріне кіріскен. Кейбіреулері жағаға шығып кетіпті. Лапылдатып от жағып жатыр. Сірә, балық ұстап, содан сорпа жасау қамы болса керек.
Каютадан шыққан Карелин айналасына қарап төңіректі шолып тұрды. Қып-қызыл шартабақтай болып шығыстан күн көтеріліп келеді. Ери балқып тұрған сияқты. Одан түскен сәуле қызғылт болып көрінеді. Жарқылдап жал-жал болып жатқан сарғыш құм да қазір қызғылт нұрға малынып тұрғандай елестейді. Аспан таза, тек сонау батыс жақта, бір-екі қарайған ноқат көзге ілінді.
Таза ауаға шыққан Карелиннің тұла бойы дуылдап, суға түскісі келіп кетті. Бұл тұс тым терең емес, сүңгіп шығуға әбден қолайлы. Асты құмақ, мөп-мөлдір болып жарқырап жатыр. Бірақ шешініп жіберіп сүңгіп шығуға Карелиннің жігері жетпеді. Салқын тие ме деп қорықты. Және бұл кезде оның каютадан шыққанын көрген капитан, ескекті қайықты кемеге жіберген-ді. Карелин жай қозғалып қайыққа отырды да, қайық жағаға қарай жылжи жөнелді.
Команданың кеме үстінде жұмысы жоқ қолы бостары жағада жүр екен. Тұрпаев та осы топтың ішінен көрінеді. Әрегіректе, үш-төрт адам жер шұқылайтын секілді. Нақты не істеп жатқандары бұл жерден анық көрінбейді.
Кеме капитаны суға шомылып шықса керек, шашын тарап тұр. Жағаға шыққан Карелинді байқап оған күле қарады.
Қайырлы таң, Григорий Силыч! Бір сүңгіп шығыңыз, тамаша! – деп, бас бармағын көрсетті. Рахаттана, ақсия езуін тартты. Күнге күйіп, теңіз суына желінген өңі қоңырайып кеткен.
Мен сіз сияқты теңіз қожасы емеспін ғой, – Карелин оған әзілмен ақтала жауап қайырды. Өзінің суға шомылудан қашқақтағанын бүркегісі келетін сияқты.
Бәрібір теңізді зерттеп жүрсіз ғой.
Бұдан әрі сөз жалғаспай қалды. Карелин назарын теңіз жағасында жүргендерге аударды.
Оны Тұрпаев та осы кезде көрді. Басын көтеріп Карелинді байқады да, қазып жатқан шұңқырдан қарғып шықты. Алақанындағы топырағын уқалай-уқалай түсіріп жіберіп Карелиннің қасына жақындады.
Жақсы ұйықтап тұрдыңыз ба? – Ол Карелин қабағындағы кірбіңді байқап үндемей қалды.
Ұйқым нашар болды, – Карелин самарқау сөйледі.
Бәсе, қабағыңыздан көрініп тұр. Суға шомылып сергіп алмайсыз ба? – Оның сөзін Карелин жақтырмай қалды. «Бәрі жабылып, мені суға түсірмек, ал,түспеймін ерегескесін!» деп ішінен кідиді. Бірақ сабыр сақтап ол ойын сыртына шығарып айтпады.
Не істеп жатырсыңдар?
Карелиннің қабағына қарап бір сәт кідіріп қалған Тұрпаев оның сұрағына мәз болып сөйлей жөнелді.
Ащы теңіз жағасындағы құмнан тұщы су шығады дегенді естуім бар еді. Құм сүзгіш есебінде болса керек. Соны тексерейін деп жағалаудың құмын қазып жатырмыз. Егер тұщы су шыға қалса өте жақсы ғой, солай емес пе? – Тұрпаев тым көп сөйлеп бара жатырған жоқпын ба дегендей Карелин жүзін тағы да бір шолып шықты.
Сонымен су шықты ма?
Әлі қазып жатырмыз. Құм асты ылғалданып келеді. Мүмкін, шығып қалар, – Ол ойын осылайша бөліп-бөліп айтты.
Жә, онда қаза беріңіздер. Мен де келермін, – деп Карелин ілгері қозғалып кетті. Одан құтылғанын түсінген Тұрпаев анау құмды қазып жатқандар қасына келді. Топырақ кәдімгідей дымқыл тартыпты. Бір мезгілде судың белгісі де білінді. Шұңқыр түбінің құмы опырыла құлап, көпке дейін таза су алынбады. Тұрпаев өзі секіріп түсті де, шұңқырды кеңейтіп, айналасын күрекпен көсіп-көсіп жіберді. Содан кейін белді тепкілей, төмендете ойып алды. Табаны астындағы судың былжырап кеткеніне де қарамады. Едәуір қаздым-ау деген кезде басын көтерді. Аяқ астына кәдімгідей су жиналып қалыпты. Содан кейін шұңқырды ентелей қаумалап тұрған кісілерге қарап:
Шелек беріңдер! – деді.
Матростардың бірі дайын шелекті ұстата салды. Ол аяғының астындағы жерді қырнай тазалап жоғары көтеріліп кетті. Кенеренің топырағын опырып жібермес үшін сақ қозғалады. Содан кейін ол шұңқырдың төбесін жаптырып тастады.
Қандай су екен? Дәмін көрмейміз бе? – деген матросқа қарап.
Асықпа. Су жиналсын әбден, – деді.
Тұрпаев Карелин қасына келді. Бұл кезде ол жуынып, шайынып біраз сергіп қалған-ды. Бірақ қабағындағы кірбің әлі жазылып кетпепті. «Бұған не болды екен? Бір түнде кіржиіп шыққаны несі?!» деп Тұрпаев ойға қалды. Ашып сұрай алмады.
Таза ауада тамақ ішіп болған соң, Карелин Тұрпаевты оңаша шығарып алды.
Қалай, кешегі бала жігіт уәдесінде тұрар ма екен? Әлде өзіміз де қам жасаймыз ба? – деп сұрады.
Қайдан білейін. Жалпы, дала адамының айтса сөзінде тұратын мінезі бар еді. Олар өтірік айтқанды үлкен күнә санайды. Тек, үлкен кісілер араласып, баланы жібермей тастап жүрмесе, – Тұрпаев сақтана сөйледі. Оның шынында да сенімі аз еді. Ол бала бұлардың бір емес, бірнеше адам екенін көрді. Қарусыз еместерін де білді. Бұдан бұрынғы да оқиғалардан көзі қорқып қалған ел малдарын алдарына салып айдап көшіп кетулері де мүмкін. Оны қай сайдың басынан табасың. Өздерінде көлік жоқ, жаяу іздеп, сірә, жете алмайсың. Ол күдіктің бәрін Тұрпаев ойлағанмен, ашып айтпады.
Карелинмен жолдас болғаны да осы сапар. Оның мінезін, қандай кісі екенін анық білмейді. Ертеңгі күні, сәтсіздік жай бола қалса, осының кеңесі еді деп, мұның басына бәрін үйіп-төгіп, аударып тастамасына кім кепіл? Сондықтан, сақ болған абзал. Оның шешімін басшының өзі айтсын.
Тұрпаев Карелинге шешімді өзінен күтетін, оны неде болса орындауға дайын адам ретінде көрінді.
Өз ойымен болған Карелин де үнсіз қалды. Құм үстінде арлы-берлі қыдырып жүрді де, көзілдірігін алып түзеді.
Қалай? Су шықты ма? – деп сұрады кенеттен.
А, иә. Шығып жатыр. Тұнсын деп жауып қойдық. – Тұрпаев тез жауап қайырды да үнсіз қалды. Оның ойындағы басқа нәрсе екенін айқын түсініп тұр. «Бірақ, неге кібіртіктейді? Ойында не бар? Неге бүгеді?»
Бір мезгілде Карелин:
Осыдан Хиуа қанша жер? – деп сұрады.
Хиуа дейсіз бе? Хиуа ма? – Тұрпаев ойлана кідіріп қалды. «Е, сіздің мазаңызды алып жүрген осы мәселе екен ғой. Хиуа алыс қой! Бірақ хан адамдарының, тыңшыларының, бұл маңайда жүруі әбден ықтимал. Бұл түбек тартыстың ортасы болуға айналды-ау өзі. Орыс әскері бері өтсе, бұл жерде тоқтап тұрмайды. Хиуаға қарай өтері сөзсіз. Сондықтан, хан ақымақ болмаса, түбекке бұларды жібермеуге тиісті. Ол үшін тыңшысыз бола ма?»
Тұрпаев жауап қайырмады. Карелин де оған сауал бермеген адамша, өз ойымен бұрылып кетті.
Өзінің үрейін алған түнгі түсін ол ешкімге айта алмады.
Үй адамдары тысқа шықпай отырып қалды. Сүйінғара мен серіктері аттарына өздері мінді. Ел әдеті солай. Бата оқи келген кісіні шығарып салмайды.
Олар үнсіз орындарынан қозғалып, ауыл қарасы үзіліп, көзден тасаланып кеткенше бір-бірімен тіс жарысқан жоқ.
Сүйінғара жұрттың алдына түсіп, атын төңіректете желіп келеді. Үзеңгіде шіреніп аттың желісіне қайта-қайта бойын көтеріп-көтеріп, тіпті, тура шаба жөнелетіндей кідіңдеп қояды. Өзінің жетпіс үстіне шыққанын ұмытып кететін сияқты. Тұла бойына, көктем шығысымен жаңа желік біткендей.
Қыста жер аяғы шалғай болып, қайтыс болған бірнеше кісінің намазына келе алмай қалған. Қасына Қоңыр молданы, тағы да басқа төрт-бес адам ертіп шыққанына, міне он шақты күн. Осы уақыт ішінде бұлар ат үстінде.
Кей жылдары жұртта қалған ескі көнше қатып тырысып, күнге қаңсып кеуіп кеткен қарынша шатырлай жататын Маңғыстау бедері, қаншама қытымыр күн туса да, тап осы шақта – сәуір айының аяғы саратан, заузамен астар шақта, әйтеуір бір шырайланады. Жермен түстес болып, қылтанақ жапырақшалары оңып кеткен түбірлі жусандарға дейін бас жарып көктейді. Олардың саясындағы шашырап қылтиған балапан жусандар қарт түбірлердің арасындағы алақанның аясындай шөкім тақырларға шүпірлей жиналып, лүп деп жел бір соқса ұша жөнелгелі тұр. Мортықта басын көтеріп, жасыл ала түсімен жер бетінің бояуын әрлендіреді. Әр жерге, судың ұялаған ояңдарына шыққан қоңырбас та қызғылт күрең жібекше үлбеп, майлы сорпаның бетіндей жылтырайды. Шытыр да піспеген мен, ақ жапырағын жайып, өзінше өрнек болып, көзге оралады. Баурайдың құмағына біткен сүттіген де, асқа, адамға, арқауға жарамаса да танымайтын жанға ол да шөп санатында кісі көзіне түседі. Гүл жарғақ ақшатаулар, жалпақ жайылып, алқапты алып жатыр.
Мүмкін, табиғаттың осы бір мамыражай сәті желіктірді ме, ауылдан тасаланып кеткен соң Сүйінғара атын тебініп қалды. Астындағы тор қасқа, әбден отқа тойып тыныққаннан кейін ол да тер шығаралық дегендей ұмтыла жөнелді. Басқа серіктеріне де аттарын тебінуге тура келді.
Бұлар қазір Қарашажының ойына құлап келе жатыр. Анау ойпаңда құдық, содан кейін Атжал деген қабақ. Қабақтың басынан бұрылып, әрі ассаң, алдың – Мырзайыр мен Бесқұдық. Содан өткенде қайта даланың басталып, құмы сусыған Сауысқан мен Үштаған, Өтес сайының үстімен, тау бауырлай жол Күйкен бағытына кетеді.
Сүйінғара төңіректеген күйі жол айырығына жетті де, ат басын сол жақ қапталына кілт бұрды. Жолға сұғына еніп жарып, атының басын тежеді. Соңынан еріп келе жатқандар тоң-торыс таңдана мүдіріп қалған-ды. Ат ұстайтын бір-екі жас жігіт қана сол екпіндерімен бұрылып, Сүйінғара соңына ойланбастан түсіп кетті. Екі-үш кісі ат басын тартып, жол үсті кідіріп қалды. Оларға, Сүйінғара бері жүріңдер дегендей ишарат болған соң, амалсыз аттарын тебінді. Әсіресе Қоңыр молданың кежегесі кейін тартып келеді.
Бұлар он шақты күннен бері ат үстінде. Қыста жол қатынасы қиын болған соң, бара алмай қалған бата борышы бар-ды. Алдымен, солардан құтылды. Күннің шуағы әсер етті ие, әлде жас келген соң үнемі жүре алмайтыны есіне түсті мe, қыдырғысы келіп кетті.
Сүйеке! Бата оқыған адам ел қыдырмайды. Мұныңыз ұят болып жүрмей ме, – деп қасындағы бір серігі оған ескертіп еді.
Жетпістен асқан Сүйінғараны енді кім ұяттап, кім сөгер дейсің. Асарымызды асап, жасарымызды жасаған жоқпыз ба, – Сүйінғара әлгі сөйлеген кісіге бұрылды. Көз жанары әлі отты ұшқын шаша күлімдей қарайды. Оның ойын түсінбеген серігі шындайын деді:
Сіз баяғы қызба жігіт емессіз, өзіңіз айтқандай жетпістен астыңыз. Енді, «иә, Алла» деп үйде тыныш отырса да болады. Құдайдың бергеніңе шүкіршілік ету керек қой.
Қоңырқай кісінің жүзіне Сүйінғара үңіле қарады. «Мынау өкпе айтып отыр ғой. Бұл ненің өкпесі? Бұған мен не жаздым?
«Күшігім-күшігім десең аузыңды жалайды» деп, мынау нені бықсытып келе жатыр?» Сүйінғара бір сәт ашу шақыра шорт сына жаздап барып, өзін-өзі тежеді. Өздерінің жол үстіндегі, бөтен ауылда екені есіне түсті. «Айдалада жол серіктерімен керісіп жатқаным ұят болар. Ел күлер» деп, тағы бір ойланып алып:
Молдеке-ау! Не жазығым болды? Жасыңыз келді, намаз оқы дедіңіз, намаз оқыдым. Өлім-жітім батадан қалма дедіңіз. Міне, бұл жолы да сол өліктің батасына келіп отырмыз. Маған басыңа сәлде орап, сопы бол дейсіз бе. Оған оқуым жетпейді, әлде жетпістен асқанда мүрит болып, қайта молда алдына қалай жығылайын. Оған тізем қатып кеткен сияқты, молдеке!
Алла жолыңа түсудің ешқандай кештігі жоқ. – Қоңыр молда шынымен қыңырайып тұр. Бұдан әрі жүруге еріне ме, әлде өзінің айтқанына шын сене ме?
Сүйінғара бір сәт ойланып қалды. Осы Қоңыр молдамен алғашқы кездескені есіне оралды. Ол бұдан жеті жылдай мерзім бұрын еді. Сүйінғара Жайық бойында, Кіші жүздің қалың ортасында болып, көп азаматпен мұңдасып, көп қарамен сырласып қайтқан-ды. Қай кезде қазақтың айтатыны – мал жайы, жер дауы. Хан Жәңгір тағына әбден орнығып, елді алалай бастады. Қоғалы көлден, тұщы бұлақтан, шұрайлы жайылыстан ығыстырып, ағайынды кейінге, ми далаға серіпті. Сонау Петербордан келген сары ала шенділерге, кетпен құйрықтай кесіп-кесіп, құйқалы жерлерді, шұрайлы суларды берді де жіберді. «Олар демалады, балық аулайды» дейді. Пәлен жылда бір келіп, аң атып, құс аулағанына кім қарсы? Мейлі, қонақ болып келсін, аунасын-қунасын. Сонау Астрахан мен Үйшіктің арасындағы кең алқапты қорық қылып күзеттіріп қойғаны зорлық емес пе! Бәрін, бәрін бүлдіріп отырған Жәңгір хан. Айласы – мықтылардың аузын алу. Ақ патшаға білдірмей, бер жағындағылармен жымдасу, ауыз жаласу. Осылай деп ойлаған Кіші жүздің жиырма бес атасы түгелге жақын хан үстінен арыз жазған. Және сол кездегі патша өліп, оның орнына балаларының бірі отырып жатқан кез. Жаңа патшаның, елін аузына қарату үшін жарылқасыны болуға тиісті емес пе?
Бұлардың содан да дәмесі бар-ды. Бірақ одан үміт қайыр болмай кетті. «Әрине, қарға қарғаның көзін шұқымайды» деп бекер айтылмаған. Ақ патшаның айналасын торыған кілең қарғаның аузына хан жемтік толтырып қойса, мұның үстінен олар шыбын ұш қызар ма? Өзіміз жиналып, елші сайлап, тарту-таралғымызбен Ақ патшаның өзіне баруымыз керек еді!» деп, өкінісіп тарасқан. «Хан, хан» дейміз, «Ханда қырық кісінің ақылы» дейміз. Сонда өз бауырын тонап талағаны қай ақылы, қай қайырымы? Бізді қойшы, алыста жатқан Адаймыз. Ханға да, басқаға да қатысымыз шамалы. Ал, анау оны қоңсылас отырған аталас қазақтарының, бір тума туысқандарының да көрген күні күн емес.
Осылайша, елге торығып оралған Сүйінғара бір үйде осы Қоңыр молданы кездестірді. Тамақ желініп болғаннан кейін, ас қайырып бата оқу кезегі осы молдаға тиді. О баста мақамын соза дауыстап, «Иә, пісімілла рахман рахим» деп ұзақ сүреге түскен сияқты еді. Қапай болғаны белгісіз, әйтеуір оны қысқа қайырып тастады. Сүйінғара тіпті абайламай да қалыпты. Содан кейін екі-үш жерде ас қайыру жолын әдейілеп осы кісіге берді. Бұл кісі үй иесінің, айналадағы адамның қас-қабағына қарайды екен. Жағдайға қарай ұзынды иә қысқалы етіп бітіре салады. Мұнысы Сүйінғараға қызық көрінді. Айналасында, көп ешкімі жоқ екенін білген соң Сүйінғара оны қоңсылыққа шақырды.
Жас шағымызда жарыстықта, алыстықта, ал бұл күнде, міне, жетпіске тақалып келдік. Енді қанша ғұмырым бар екенін қайдан білейін. Төрімізден көріміз жақын деген адамбыз. Жастың ажалдысы өледі, кәрінің бәрі өледі. Тілегенім – тыныштық, өзіміз секілді тыныш адаммен қоңсы болып уақыт өткізсем деп едім. Сіздің айналаңыз датым көп емес екен. Аз ғана малыңызға қарайтын күш қара баршылық. Бұл өтінішіме не айтасыз? – деген-ді.
Айналасына сүйенер ешкімі жоқ, кемпірі мен екеуі ғана тұратын молда Сүйінғара сияқты кісіге қол артқанды өзі де жөн көретін. Көп ойланбай келісім берді де, Сүйінғара оны ауылына көшіріп алды.
Содан бері де, міне, жеті жылдай мерзім өткен екен, әзір ища деспей келеді.
Жаңа бір сәтте Сүйінғара ашу шақыра жаздап, сол уәделескен шағы есіне түсіп кідіріп қалған. Райынан тез қайтып, ақылға байыз беріп, тіпті, молда алдында жығылғандай сөйледі:
Жас келген соң, бұрынғы жүрістің қалғанын көріп жүрсіз ғой. Мына Тұрыш құрдасым да өткен күзде қажылыққа барып қайтты емес пе. Күз дедік, қыс келіп қалды дедік. Әйтеуір, қол тимей кетті. Ауылы мына – Бекі-Сәубетте. Осылайша жүретін рет бола бере ме, ауылының үстіне келген соң сол құрдасыммен қолдасып кетсем деп едім. Ол да Алла ісі!
А, иә солай. Құдайы іс. Мен де қажының қолын ұстасам деп жүр едім. – Қоңыр молда да сылқ ете түсті. «Әй, Қоңыр молдам, жарайсың! Тез көне салдың. Қыңыраймай, бірден көнгенде де еш айыбы жоқ еді. Мейлі осылай-ақ болсын!»
Сүйінғара атын қайта тебінді. Ол артында келе жатқан Қоңыр молданы да, серіктерін де ұмытып кетті. Ойы – Тұрышқа ауған.
«Ойпыр-ай, тап осы Тұрышты Меккеге барып, қажы болады деп кім ойлаған. Бұ Тұрыш не жасамады? Жас кезінде баукеспе ұры болды. Барымта жасап, оңтайлы жерден жылқы-қара, мал ұрлады. Ұрлықты қойғаны да қызық-ау оның. Өзі айтқанда күлкіге, әзілге айналдырып жібереді». Иә, қалай деуші еді: «Бірде Тұрышекең келе жаттық деп бастайды. «Аш бөрідей жалақтап, айналасына алақтап, алдына ештеме түспей келе жатқанда жалғыз атты кісі тап бола кетті. Киімі бүтін, ат-тұрманы сайлы, астындағы көлігі де келісті-ақ. Ең болмаса осыны олжалайын деп ұмтылғанымда, әлгі сыртынан қораш көрген кісім мені ат үстінен жұлып алғаны. Содан кейін ердің қасына үш рет балаша аунатып: «Қоясың ба, ұрлықты, қоймайсың ба?» деп, соғып-соғып алды. «Сонымен, ұрлықты бірден үзілді-кесілді қойып кеттің бе?» деп сұраған-ды, Тұрыштың әңгімесін тыңдап болғаннан соң. «Иә, қойдым!» Мұны Тұрыш ойлана айтатын. «Ойпыр-ай, сонда саған әлі келіп, ат үстінен бұрау таяқтай суырып алған кім болды екен? Екі аяқтыда саған қарсы келетін жан бар ма, шырағым-ау» Бұл сөздің астарын түсінсе де, түсінбеген адам болып ол да түк өңін берместен: «Білмедім!» дейді. «Мүмкін, ол адам болмаса, аспаннан түскен құдірет болар. Тап сенің істеп жүрген ісіңді Алла тағала көрмей отыр дейсің бе? Көріп отыр ғой. Тым ірі ғой әрекеттерің. Сені жөн жолға салайын деп саған аян бергені болар. Ал, тап екі аяқтыда сені жеңді дегенге тіпті, нанбаймын-ау, нанбаймын, жиенжан!» деп Сүйінғара көзінің астымен барлай қарайтын. Тұрыш сонда да сыр бермейді. «Япырым-ай, солай дейсің бе, нағашеке! Болса болар, өзім де күмәнданып едім» деп, кәдімгідей таңғалған пішін көрсететін.
Қазір Сүйінғара есіне сол сәттер оралып, өзіне-өзі күліп қояды. Кейін, сол Тұрыш ел қорғаған батыр атанды. Қандай болмасын, ұрысқа бар ынты-шынтымен түсіп, бәс тігіп жүрді. Айла-шарғысыз, ақ адал ниетімен ұрысты. Оған ешкім шәк келтірген жоқ.
Бүгін сол Тұрыштың істеп отырғаны мынау. Меккеге кетіп, содан қажы болып оралды. Содан бері Сүйінғара көрген жоқ. Замандас болып бірге жүрген адамның о баста ұры, кейін сопы атанған Тұрыштың басына сәлде орап, қажы болғанын көз алдына елестете алмай-ақ қойды. Көбіне-көп Сүйінғара соған қызығып келеді.
Жер асып, су асып сонау Мекке-Мәдинеге барғанда мақсаты не, не тапты? Соны білмекке құмар.
Бұлар Тұрыш ауылына жеткенде күн сәске мезгіл болды. Бұл ауылдың ертеңгі тірлігі аяқталып, ас-су ішіліп, жұрттың сәл сәт саябыр табатын шағы.
Тұрыш кең үйінің іргесін де, есігін де түрдіріп, өзі төрдегі төртбақ киіз үстіне салынған төсекте отырған. Қолында қалың кітап. Бірер бетін аударғанменен, көп оқымады. Көбіне-көп арқа тұсынан, керегенің көгінен ескен майда желге кеудесін тосып, айналаға қарап қояды. Содан кейін көзін ауыл алдындағы ойға, қарсы баурайға салып, ойға беріледі.
Төрт-бес аттылы келеді. Бағыты біздің ауыл сияқты, – деп үй сыртынан үлкен баласы дауыстады.
Төрт-бес деймісің? Қай тұстан келеді?
Қарашажын бетінен.
Алдында бір кісі оқшау ма?
Иә!
Ат үстінде қалай отыр? Бойын тік көтеріп келе ме?
Иә, солай. Ұзын бойлы адам секілді.
Ендеше, Сүйінғара болды. Ауылдың ат ұстайтын бала-шағасы қайда? Сүйінғараның атын өзің ұста. Жә, тоқта. Мен де шығайын, – деп, Тұрыш жасының егделігіне қарамастан лып етіп қозғалды. Кітабының бетін тез жапты да, тұсындағы кермеге сала салды. Содан кейін мәсін сипап қонышынан тартып түзеп, кебісін киді. Сабырмен басып, есік алдына шықты.
Аттылар ауыл желкесіне өтіп, әлі ат бастарын бұрған жоқ еді. Үйден шыққан Тұрышты таныды ма, осы кезде Сүйінғара серіктеріне сәл аялдай, ат үстінде бірдеме айтты да басын Тұрыш үйіне туралады.
Бірін-бірі айқын ажырата танып, Тұрыш та жолаушылардың алдынан шықты. Баласы одан бұрынырақ ұмтылып, бір қолымен шылбырына жабыса, екінші қолымен Сүйінғараны қолтығынан сүйеп, жерге түсірді. Сүйінғара мен Тұрыш қос қолдап көрісіп, амандық-саулық сұрасып жатқанда, басқа жолаушылардың да аттары ұсталып, ауыл адамдары да, жүргіншілер де ауыл сыртында сәл аялдады.
Тұрыштың үлкен баласы Сүйінғара атын тұсауды інісіне тапсырып, өзі үйге кіріп кеткен-ді. Қонақтарды үйге кіргізуге үйдің дайын екенін көріп, қайта шығып, әкесіне қарап дауыстады.
Алғашында, бұл ауылға көп кідірмеспін деп ойлаған-ды Сүйінғара. Көрісіп сәлемдесіп, дидарласқан соң, ертесіне-ақ аттанып кетерміз деген шешіммен, қасындағы серіктерін түгел ерткен. Бірақ төрт-бес күн кідіруге тура келді. Оның бас себепкері Тұрыш және балалары болса, басқа да ағайын-көршілер қосылды.
Ертесіне шай ішіліп, дастарқан жиналған соң, Тұрыш Сүйінғараға қарап:
Ал, Сүйеке, қандай бұйымыңыз бар, айта отырыңыз. Қазақ: «жақсы көрген қонағыңның бұйымын келгенде сұра» демей ме, кеше келген бойда, жақсы көрсек те қыстағанымыз жоқ. Қалаған бұйымыңызды орындауға бүгін де уақыт бар деп бүгін сұрап отырғаным ғой, – деді.
Сүйінғараның сарғыш өңі шаймен қызарып, бал-бұл бусанып отырған. Басын оқыс, тік көтеріп, өңі қызарып кеткендей болды. Ұзын сояу кірпіктері де тіктеніп, шікірейе, көзі шүңірейе қалды.
Қандай бұйым болушы еді. Көрлік көрістік. Ища деспеген сыйлы інімдей едің, ауылың тұсына келген соң аттап өте алмадым. «Әулие аттаған оңбас!» деген. Міне, қажыға барып келдің. Сенің қолыңды да ұстау ләзім. Бұйым дегенді атама, – деп, тез-тез шұғыл сөйледі.
Ендеше, бізде бұйым бар? – деді Тұрыш түсін өзгертпестен.
Сүйінғара оған таңдана басын қайта көтерді.
Ал, ал, айт бұйымыңды болса! – деді.
Бересіз ғой. – Тұрыш та күліп алды.
Сүйеке! Күнде көріп, күнде жүздесіп жатқан жоқпыз. Тоқтының жасындай жасымыз бар, осыдан енді қашан көрісеміз. Құдай айдап келе қалыпсыз, асықпаңыз. Екі үлкен баламды еншісін бөліп, бөлек шығарғанмын, солар да үйін көрсеткісі келеді. Мынау отырғандар, – деп өзінен төмен отырған екі қарт кісіні көрсетті... – Құдайы қоңсыларым, бұлар да ата балалары, сіздің кідіргеніңізді қалайды. «Қол қусырып қарсы аламыз, ошағымыздың басын көрсін, балаларымызға батасын берсін», – дейді.
Тұрыш сөзінің осы тұсында, Сүйінғара езу тарта бір күлді де, қасындағы жолдастарына қарап алды. Содан кейін оның сөзін бөле:
Қаусаған шалда не бата болушы еді? Бата қажыға барып келген өзіңде-дағы. Алысты көре жатарсың, әуелі өз ауылыңды өз батаңмен жарылқап ал, – деп бір әзілдеп алды.
Ол не дегеніңіз, Сүйеке!
Сіз де біраз жортқан жансыз! – деп Тұрыштан төмен отырған кісілер ілгері ұмтыла түсіп сөйлеп жатыр еді. Сүйінғара қолын көтерді де, оларды тыйып тастады.
Жә, ағайын! Ниетіңді көрдім, ризамын. Ауылдан да шыққалы біраз болды, о жақтан да хабарымыз жоқ. Мына серіктеріммен ақылдасайын. Бұл кісілер не дер екен?
Әлгі кісілер қайта қозғалақтап, Сүйінғараға қарай:
Ауылыңызда Кежі бар ғой.
Жаңа жазғы жұртқа қонды деп естідік.
Неде болса жібермейміз! – деп, ағайыншылық, сыйластық базына айтты. Көптің мұндай ықыласына іші жылығанмен Сүйінғара сыртын бермеді. Тіпті, қабағы сәл түйілгендей кіржиіп орнынан тұрып кетті. Серіктері де көтеріліп, бәрі де тысқа шықты.
Үш жолдасын елде керек болып қаларсыздар деп кейін қайырып, екеуін өз қасында алып қалмақ. Қоңыр молдаға қарап тұрып ол кісінің есімін атағалы тұрды да, қайта ойланып қалды.
Молдеке! – деді, осылайша атағанды жөн көрді. – Сіз қалай қарайсыз? Менің қасымда қаласыз ба, әлде елге қайтасыз ба? Мына, кісілер бұйымшылаған соң, мен кідіргенімді жөн көріп тұрмын. Елдің назары ғой. – Сүйінғара майдалап, жай сөйлеп, көзінің астымен Қоңыр молдаға қарады. Оның назарын елемегендей молда теріс бұрылып алған жүзін толық бұрмай:
Оны өзіңіз біліңіз, – деді.
Қайдан білейін, сіздей кісімен бірге сұхбаттас та болған жөн. Тең-теңімен деген. Бірақ, ауылда да үлкен ешкім қалмады. Кежі болғанмен, ол арс-гүрс. Бір нәрсені бүлдіріп ала ма деп қорқамын.
Сүйінғара ойланған адамның кейпімен кідіріп қалды. Бірақ ол ойланып тұрған жоқ еді. Өз шешімін Қоңыр молда өзі айтсын деп оны баққан-ды.
Кеше бұрылыста-ақ молданың бұл ауылға беттегісі келмегенін айқын сезген. Одан бұрын да бұл мінезін білетін. Тіпті сонау бір кезде: «Тұрыш қажылыққа барып қайтыпты. Барып соның қолын алсақ қайтеді?» – деген еді. Сонда Қоңыр молда тыжырынып: «Ұрыдан сопы шыққанды көрген емеспін. Ол бір оңған нәрсе болыпты» – деп жақтырмай қалды. «Ай, молдеке-ай, дініңізге беріксіз-ау!» – деп Сүйінғара басын шайқаған. Күлгісі келіп тұрса да басқа ештеме деген жоқ-ты.
Сондықтан да, «Кете беріңіз!» дегеннен гөрі, онысын бұл кісінің өзінің айтқанын жөн көрді. Қоңыр молда да, Сүйінғараның ыңғайын түсінді ме, әлде өзі асығыс па жауабын кідіртпеді:
Мен ауылға қайтайын. Сіз қала беріңіз.
Сүйінғара кілт кері бұрылды.
Шапандарын желбегей жамылған екі кісі қатар бой түзеп, ақырын басып, төбенің бауырымен жоғары өрлеп барады. Екеуінің де бойы қолдан шаншыған ағаштай, тіп-тік.
Сол жақтағы Сүйінғара аяғын жерге қадай басып, тіпті, кейбір үлкен тастарды ырғи адымдап өтіп кетеді. Бір сәт ол, әлі де өз аяғының қуатын тексерейін деген адам секілді. Кейде денесін де ырғап қояды. Қасындағы сөйлеп келе жатқан Тұрыш ондай сәттерде сөзін үзіп, оған қарайды. «Осы мен босқа сөйлеп келе жатырған жоқпын ба?» – деп ойлайтын болуы керек.
Құлағым сенде. Иә, айта бер, – деп Сүйінғара үн қатады.
Олар төбе басына еркін көтерілді. Сүйінғара бір сәт қолымен ым білдіріп, Тұрышқа кідір дегендей белгі берді. Оның не көріп тұрғанын түсінбеген Тұрыш жан-жағына қарады. Адам назар аударардай ештеме жоқ сияқты. Шығысқа қарай созылып жатқан кең алқап. Анау қыраттың үсті жалпақ жон, батыс жағалауда сұлап жатқан жіңішке жал, одан «рі ассаң Шетпе сайының етегі. «Бұл кісі не көріп тұр? Әлде қарт адам ентігіп қалып, демін алып тұр ма? Олай да сияқты емес. Жаңа ғой, кей жерлерден секіре аттап, аяғын тың алып келе жатқан».
Бірақ, оның ойын Сүйінғара бөліп жіберді.
Иә, айта бер әңгімеңді, жиен. Сонымен қандай шәрлерді көрдің? – деп сұрап, әңгімесін одан әрі тыңдауға ықылас білдірді.
Ой, шәр дегенің көп екен. Сапырылысқан сан-сапат адам. Шүлдірлеп бірдеме айтады да жатады. Бізден басқа елдің тілі бәрі бір ме, әлде олар да түрлі-түрлі сөйлей ме, түсініп болмайды. Әйтеуір былдыр-былдыр, шүлдір-шүлдір... – Әңгімесінің осы тұсында Тұрыш мырс етіп күліп жіберді. Сүйінғара жүзін шұғыл бұрып, оған сұстана қарады. Бірақ, Тұрыш жүзі жайбарақат, ешбір келеке-келемеж жоқ. Сүйінғара түсін сонда да жылытпай:
Неге күліп тұрсың? – деп қатал сұрады.
Ойбай, нағашеке, саған күліп тұрған жоқпын. Жолда болған бір оқиға есіме түсіп кетті, – деп Тұрыш күлкісін тыйды.
Ол қандай оқиға?
Тұрыш әлденеге басын шайқады. Содан кейін басын қайта тік көтеріп, күлімсірей, Сүйінғараға тура қарады.
Әйел десем апам да кетеді, Мұңал десем, Сіз де кетесіз-ау. Осы сапардағы бір серігім Мұңал шалдың істеген ісі есіме түсіп кетіп, күліп едім, – деді.
Е, қалың Мұңал үшін күйетін менің не жайым бар? Мына сақалыммен өзімді даттамасаң болды, – Сүйінғара да жаңа бір сәтте ашу шақыра қалғанын жуып-шайып: – О, Мұңал шал не нәрсе жасады? Шәрге отырды ма, не бүлдіре қойды дейсің? Көп болса ақ көңілділіктен астындағы атынан айырылған болар. Айт неде болса.
Бұл өзі біз кейін қайтып келе жатқанда болды. Қағбаның қара тасын көріп, енді өліп кетсек те арманымыз жоқ деп күпініп келеміз. Мұсылманшылықтың бір шартын орындаған сияқтымыз. Жолда тағы бір үлкен шәрге келіп, базарына бардық. Әлгі шалдың есіне қайдан түскенін білмеймін: «Мұсылманшылықтың бір парызы – құл сатып алып, босату. Соны орындасақ қайтеді?» дегені бар емес пе. Қаржымыз да сарқылып келе жатқан. Шынымды айтайын, менің ішім бүлк ете түсті. Шын мұсылман болсаң, бұрынғы азабымыз да жарар деп ойлаймын. Айтуға – аузым кісендеулі. Шынымен мұсылман боламыз деп, анттасып шыққан соң, бәріне төзу керек. Ақыры, еңгезердей қара құлды сатып алдық. Енді, әлгі құл бізден қалсайшы. Тағы бір шәр өттік, екі шәр өттік. «Шырағым, жөніңе кет» деп айтайық десек, тілін білмейміз. Сонымен тағы бір шәрге келіп, өзара ақылдасып, бұдан құтылайық дедік. Зорға дегенде оның тілін білетін біреуді таптық-ау, әйтеуір. Әлгі байғұс, бізден құтылуға өзі де зар болып келеді екен. Бірақ, қашқан құлдан жаман нәрсе бар ма? Қолыма босаттық деген қағаз алып берсін, – депті. Сонымен, ақша шығындап куәлік қағаз ұстатып, ол бізден, біз одан, осылайша зорға құтылдық. – Тұрыш жеңіл езу тарта әңгімесін аяқтады. Оны мұқият тыңдаған Сүйінғара да сәл жымия:
Біздің шал дұрыс жасаған. Мұсылманшылықтың бұл дүниеде қиындығын көп тартсақ о дүниедегі азабың жеңіл болады ғой, – деп, бір қайырып тастады, айналасына көз тастады.
Бұлар қазір қоңырқай төбе басында тұр еді. Сүйінғара жан-жағына қарай береді. Әлдене іздеп, таба алмағандай Тұрыш бұл жолы да жан-жағына бұрылып, адам көзіне ілінерлік ештеме таба алмады. Неде болса, оның өзі бірдеме айтар деп үнсіз кідіріп қалды.
Олар ойда жатқан ауылға көз тастады. Содан кейін Сүйінғара кейін күрт бұрылып, тура желке тұсына қарады. Ол тұста басы сүйрік емшектей біткен тік шоқы бар-ды. Осы маңайдағы ең биік жер сол шоқының басы. Соны саусағын шошайта нұсқады:
Жүр, ананың басына шығалық, – деді.
Тұрыш оның биіктігін көзбен жобалап, қарсылық айтқалы оқтала беріп еді, оның алдын Сүйінғара алып кетті.
Немене, Кебеден алыс дейсің бе? Әлде шыға алмайсың ба?
Тұрыш: «Сізге болмаса маған ештеме емес» деп айтқалы тұр еді. Сүйінғараның мына сөзінен кейін ол сөзін тіл ұшынан қайтарып алды. Кейде сәл нәрсеге шытыр ете қалатын мінезімен ренжіп қалуы мүмкін.
Ол үнсіз адымдай жөнелді. Екеуі де шапандарының етегін түріп алды. Іштей тіресіп, кімді-кім жеңеді дейтін сияқты. Тік жарларды қиялай өтіп, қайта тоғысып, қайта қиястай, екеуі тік өрлеп келеді. Бірін-бірі жіберетін емес. Шоқының басына екі жақтан келіп, екеуі қатар шықты. Қай-қайсысының да шаршап кейін қалмай, қатар шыққанына екеуі де риза. Біріне-бірі риза. Сол ризашылықпен екеуі де қатар күліп жіберді.
Соңғы жылдары далаға көп шықпағаннан ба, бұрын бірде Хиуалап, бірде Жем-Сағыз бойын қуалап, тіпті Жайыққа, хан ордасына дейін жолаушылап, ел ішінде тыным көрмейтін Сүйінғара биыл көктемде құйрық басып үйде отыра алмады. Тіпті, жер аяғының босануына зорға жеткендей. Соңғы күндердегі ат үсті жүрісіне мүсет етпей, міне, жаяулап жөнелгені. Кеше Қоңыр молдадан. ауылдың басқа да бала-шағасынан құтылайын дегендегі бір ойы осы болатын. Тұрышпен қалай жүрсе де жарасады. Қатар – теңге жақын. Төрт-бес жас кішілік деген немене, тәйірі. Әрі бірі – Тобыш, бірі – Мұңал, жиен-нағашылы болып ойнайды. Сүйінғараның өз нағашысы басқа болғанмен, Тұрыш Мұңалдың жиені. Әзілдессе әзілдері орынды. Жаңа бір сәт: «Осы мен бала болып кеткен жоқпын ба?» – деп ойлаған-ды Сүйінғара.
Шоқы басында ырсия күліп тұрған Тұрышты көргенде, оның көңілінде еш кіршік жоқ екенін ұқты. Тағы да іштей риза болып, арқасынан қақты.
Екеуінің де маңдайы жіпсіген.
Сүйінғара сыртқы желбегей шапанын шешіп алып, белін тас қылып буған камзол бешпентпен қалды. Төбе басында самал соғады. Жаңа төменде тұрып, ол тынысы тарылып тұншыққандай болған. Енді, міне, тыныс дүниясы, көкірек сарайы, кеңейіп қоя берді.
Бұлар шыққан шоқы – осы маңайдағы ең биік жер. Көз жеткенше айнала тегіс көрінеді.
Анау Бекінің қабағы. Оның үсті жалпақ дөң. Бір жағы – Шынжыр мен Асар, құбыла беті – Торлының кең шатқалы. Одан оңға жүрсең қалың ел қаумалаған – Қарақия. Оның бойын өрмелесең Шетпенің кең аңғары. Батыс жақ қабырғасының белбеуін әлдебір құдірет қызыл, жасыл бояумен сызып өткендей, ал шығыс жағы сайдың сонау сағағына тақар жері болмаса, көбіне опырылмалы, жұмсақ қызыл топырақты. Әсіресе, тап осылар тұрған бағыттағы өкпе тұсы түйетайлау, тап осы тұстан ғана аңғар ішіне құлауға болады. Содан әрі үш жағынан үш аңғар келіп тоғысып, жауын жауса балшықты, күн құрғаса шаңытты Шетпенің өзі. Шетпе деген жер емес деп, осы бір отырысқа қолайсыздығынан айтқан болар. Сонау жатқан – Сартаған мен Тұщыбек, одан әрі, көрмейсің бе дегендей Оқпанның басы қылтияды.
Сүйінғараға Оқпан қазір өзі басында тұрған шоқыдан да биік болып көрінді. «Шіркін, соның басына көтеріліп төңіректі шолар ма еді. Шаршаған қарттай сұлап жатқан Қаратау табан астында жатып Үшауыз бен Қошақ, аппақ қардай жарқыраған ақ тұмсық қол астында тұрғандай болар еді. Әттең, ұшарға қанат жоқ!» Сүйінғара бір сәт осылайша ойлады да, өз ойына өзі күліп жіберді. «Е, шалым желікпе! Жетпістен асқаныңды ұмытып кеттің бе? Мына бір аласа шоқыға ентікпей шықтым деп тым желігіп бара жатырсың ғой».
Осылайша, ол көңілімен оңды да, солды да қайта шолып өтті. Дүниесін түгендеп, көңілі жайланған адамдай езу тартты. «Е, бұл не желік десем, туған жерді қызықтаудың желігі екен ғой. Сонау бір жатқан түбек төрінен, Бозашының теңізге астасқан кішкентай пұшпағынан не көрінуші еді. Міне, енді көрдім ғой. Ар екенсің ғой, Аймағым!» деп дауыстап жібере жаздады.
Осыдан кейін жүзі нұрлана жадырап, құрыс-тұрысы жазылған адамша рахаттанып Тұрышқа бұрылды:
Ал, айта бер әңгімеңді. Неге кідіріп қалдың?
Тым жеңілденіп кетіпсіз. Салқын тиіп қалмай ма? – деп Тұрыш өз күдігін білдірді.
Жеңілденіп дейсің бе, желігіп дейсің бе? Иә, бойымда сондай бір жел бар сияқты.
Ол одан әрі өз сезіміне тереңдеп жатпады. Осы айтқаным да жетер дегендей, тыйылып қалды. Қайта Тұрышқа бұрылып:
Тоқ етерін айтшы: жүрген жерінде кісінің көз жасы бар ма?
Тұрыш жауап іздеп жатпады. Бұл да оның көп ойланып-толғанған нәрсесі болса керек.
Бұл дүниеде адам тұрғанда адамның көз жасы тыйылар ма? Біреу күледі, біреу жылайды. Біреу баладан айырылып боздайды, біреу анадан айырылып аңырайды. Оған сірә, тыйым болар ма? – Тұрыш жеңіл күрсінгендей демін ауыр алды да, тоқтап қалды. Ол да айдалаға қарап әлдебір ойға кеткен. Сүйінғараға оның жүзінен өзі қозғау салмаса, сөйлемейтінін аңғарды.
Жоқ, сен өлім зарын айтпа. Өлімнің құрығынан құтылды деген патшаны да, ханды да, байды да естігенім жоқ. Ондай құдірет болса алдымен Мұхаммед пайғамбарымыздың өзі тірі жүрмес пе еді? Небір ділмар көсемдер, небір дүлдүл шешендер аттанған ол дүнияға. Алла әділ болса, жұртты неге тең жаратпайды? Алланың осы алалығына сен барған ғұламалар не дейді екен? – Жаңағы жүрістен бе, әлде қызулана сөйлегеннен бе, Сүйінғараның өңі қызыл шырайланды. Шекесіндегі көк тамыры білеулене сойдиып көрінеді. Жұдырығын түйіп алған.
Біз ғұламалар алдында болғанымыз жоқ, ғұламалар көрмедік. Ғұламалар болса болар, дін оқу шыққан шәрлер ғой барғанымыз. Бірақ, біз олардың тілін білмейміз, мақаумыз ғой. Алайда, жаңа өзіңіз қойған сауалдың жауабын Алла тағаланың өзі айтқан емес пе: «Бәрін өзім жасаймын, бірақ адамдар бір- бірінен көреді» деп. – Тұрыш Сүйінғара жүзін барлай қараған. Ол жаңа тынышталып отыра берген сияқты еді, Тұрыш сөзінің осы тұсында қайта қозғалақтап кетті.
Бәсе, мен де соны айтамын-ау. Адамды өзі жаратады екен, ендеше оны әуреге салып не өші бар? Әлде, өзіне ермек үшін жаратқан ба? Сен маған осыған жауап берші? – Сүйінғараның қабағы түйіле, ұзын кірпіктері найзадай тікірейіп кетті. Өңі көнетоз тартқанменен, көзінің оты әлі де жалынды еді.
Тұрыш мырс етіп күліп жіберді. Төмен қарап басын шайқады да, сол езуіндегі күлкісін жимастан:
Нағашеке, қажыға барып келген атағым бар ғой, мені ая. Құдайға күпір жасама! Құдайымды жаңа тапқандай болып отырғанда, онымен қайта адастырма, – деді.
Сүйінғара оған жалт бұрылды. Көзінің ақ-қарасы ойнақшып, ол ашу шақырғандай болған. Алғашында Тұрыштың ойын түсінбей қалған болуы керек, аузын ашты да аңтарыла қарады. Оның мәні санасына кейін жеткендей күле басын ұстап:
О, алжыған шал! Мен ұмытып барады екенмін ғой. Сен қажыға барған хазірет екеніңді, басыңа сәлде орап, сопы жолға түскеніңді ұмытып кетіппін ғой, – деп бір кідіріп алды. Келер сәтте жүзіндегі күлкінің табы да қалмады. – Ал енді не істемексің? Осылай сопы болып өтесің бе?
Сопы болса несі бар? «Өлімді жерде молда семіреді, өлеңді жерде өгіз семіреді!» деп. күн көріске молдалық та жаман кәсіп емес-ау. Қалай ойлайсыз, Сүйеке?
Тұрыш Сүйінғараға қарап еді, ол үндемей қалды. Тұрыштың ойы бұл емес екенін, оның өзінен сөз тартып тұрғанын анық сезді. Егер де Тұрыш бұдан: «Ал, енді маған не істе дейсің? Не ақылың бар?» десе, не айтар еді? Сүйінғара ойланып қалған. Ол өзі де Тұрышты көптен көрмеген соң сағынып, әрі ақылдаспаққа келген. Кеше Тұрыштың кідір дегеніне еш қарсылықсыз көне қалғаны да сол. Оның үнінен, ықыласынан Тұрыштың да мұны күткенін, дос құшағын айқара ашып отырғанын түсінген-ді. Осының алдындағы барлық әңгіме бел басып сынау ғана еді. Сөздің түйіндісі енді айтылар кезекте.
Сүйінғараның осы ойын оқып шыққандай енді Тұрыш сөйлеп кетті.
Сүйеке! Біз жастықта алыстық та, жұлыстық, шарпыстық та таластық. Енді, міне, жас келді. Ойланатын кез емес пе? – Тұрыш сәл кідірді де, Сүйінғараға бұрылып оқыс сұрақ қойды.
Мына ханыңыздан не хабар бар, Сүйеке? Тыныш жатыр ма? – Тұрыш бұл сұрағым төтенше-ау деп ойлағанмен, Сүйінғараға ондай әсер етпеген сияқты. Ол ойланып жатпастан:
Жатыр ғой, хан. Бірақ қашанғы тыныш жатар дейсің. Аңдып жатыр ғой. – Сөзін шорт үзді де, ол Тұрыштың тұла бойын тінте, басынан аяғына дейін қарап шықты. Әсіресе, басындағы сәлдесіне көзін тіктей қадады. Тұрыш қысылғаннан шапанының өңірін қымтап, басындағы сәлдесі тарқап кеткен жоқ па дегендей, басын сипады.
Сипамай-ақ қой. Орныңда тұр, – деп Сүйінғара көзін аударды. – Сен сияқты ел қорғаны ерлер сопылық жолға қашан түгел түсіп болады деп жатыр ғой. Бір күні төбемізден жайдай түсер.
Сүйеке-ау, біз қартайдық. Бірақ, ел бар емес пе, ел болған соң қорғайтын ерлер тумас па? Біз қартайып қана қоймаймыз ерте ме кеш пе, өлеміз. Сонда не болады? Ел қорғансыз қалады деп ойлайсыз ба?
Тұрыштың бұл сөзінен кейін ғана Сүйінғара өзінің артықтау кеткенін түсінді. Тұрышты әзілдеймін деп шынында асыра сілтеп жіберіпті. Мұның айтып тұрғаны дұрыс қой. Бұлар өлгенде ел қырыла ма? Бірақ оны түсінсе де, сөзден жеңілгісі келмеді.
«Өлім, өлім» деп қақсай қалыпсың ғой. Біз өлмейміз шайтан боламыз деп жүрміз бе? Біз кімнен артықпыз? Tipі тұрғанда тіршілігіміздің әңгімесін айтамын. Осыным дұрыс емес пе, жиен? – деп, сөз аяғында Тұрыштың өзіне сұрақ тастады.
Екеуі де үнсіз айналаға қарады. Дала сол жым-жырт дыбыссыз қалпы. Жеңіл жел ғана шөп бастарын сипалап, баяу еседі. Жаңа бір кезде айналада көлеңке көп секілді еді. Күн көзінің биіктегенін танытып, ол қоңыр көлеңкелер қазір қашып кеткен. Айнала жабырқай түскен секілді.
Сүйеке, ауылға қайтпаймыз ба? Балалар біз кеткенде малдарын жайғасып жатыр еді, енді пісіп те қалған болар, – деді Тұрыш, қолымен көлегейлей күн жүзіне қарап.
Күн көзі шынында да біраз жерге барып қалыпты. Оны Сүйінғара да аңғарды.
Олар тау етегіне түскенше үнсіз келді. Әбден төмен түсіп болғаннан кейін Тұрыш үстін қағынған адамша кідірді. Аяғын нығарлай басып, адымдап бара жатқан соң жүріп бара жатқан күйі артына мойын бұрды. Оның тоқтамайтын әдетін байқаған Тұрыш:
Сүйеке! Сәл кідіріңізші. Ақылдасайын деген бір ойым бар еді, – деп оны дауыстап кідіртті.
Сүйінғара кейін бұрылып оның қасына келді. Бір қырын тұрып құлағым сенде дегендей ишарат білдірді.
Жыңғылдыдан мешіт салдырып, бала оқытсам деп едім. Сіз оныма не айтасыз? – деді. Ұстаз алдында тұрған шәкірттей жәутеңдей қарайды. Сүйінғара ойланып қалған соң, ол дәлелім жеткіліксіз болды ма дегендей қайта екпіндей сөйлей жөнелді.
Олар тек құран мен әптиекті оқымайды ғой. Біз дәрсүн үн аша алмаспыз. Ең болмаса нахұдты оқытсақ, дұрыстап жаза білсін. Басқа да ылым көп қой. Тек қысы-жазы малдың соңында жүре бере ме? Есеп-қисап, сауданы білсін. Бәрі Алланың құдіреті болар, бірақ адамның оймен тапқан нәрсесі көп қой. Тіпті Алланың өзіне кісі ойымен жетпей ме? – Тұрыш тез-тез сөйлегеннен ынтығып қалып тыңдады. Сүйінғара тыңдап болды да, өңін өзгерткен жоқ.
Сірә, күпір болсам да айтайын: Барлық істің атағы Алланыкі де, істейтін адамның қолы ғой деймін. – Сүйінғара ілгері жүріп кетті. Тұрыш та оған еруге мәжбүр болды. Бұл жолы Сүйінғара қаншама күпіршілік сөз айтса да, оған таласпады. Бағынышты адамдай оның аузына жалтақ-жалтақ қарады.
Менің бұл сапардан түйгенім осы. Анау сумен жүретін көліктер, түрлі шәрлердегі неше түрлі бұйымдар, тіпті үстіміздегі мына шүберек те, бәрі де адамның ақылымен жасалыпты ғой. Тіпті, құлды да құдай жаратпаған екен. Ақшаң болса соны да азат етіп алатын көрінесің. – Сүйінғара Тұрыштың сөзін осы тұста бөліп жіберді:
Ниетіңді түсініп келемін. Бірақ айналаға қарадың ба? Талап жеп, тапап өтейін деп Хиуаның ханы тұр. Елдің малын бітір деп, зекеттеп жұтып етегіңді аузына салып, шайнап отыр. Кеудеңе өрмелеп келеді, кеңірдегіңе де жабысады. Оған қалай шыдарсың. Естіген жоқсың ба? Сол жақтағы елдің жайын. Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан... Жыландай ысқырынып отырған қазағыңның ханы да анау. Әттең, Ордадан біз алыспыз, сондықтан бізге амалы жоқ. Төңірегін түтеп, жеп, өз елін түңілдіріп отыр. Патшаң болса Айдарханды алып, бері қарай өндіршегін созып тұрған күйі анау. Ол да сонымен тынар деймісің. Аттанар бір күні бері, салар отты аузын, қадар темір тісін. Сонда елді қорғар, жерге пана болар азамат керек маған. Менің жатсам шошып оянар, тұрсам қалтырап кетер ойым сол. Ұрпағың шикі өкпе болып, басы айналып қалмаса жарар еді деймін. – Сүйінғара көңілі босағандай сөз аяғын жай бітіріп, бұрылып кетті.
–Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығады. Мұны мен емес, ата-бабамыз айтқан, бірдеме біліп айтқан болар. Ұрпағымыздың көзін ашпаймыз ба? Әлде қызық көп екен, соны көрмейтін көр соқыр біз екенбіз. Соны көріп, біліп отырып Адайыңа, қалың еліңе қалай жаның ашымас...
Тұрыш кідіріп қалды. Сүйінғара да басқа ештеме айтпады. Бұдан екеуі де өз ойларымен болып үнсіз тұрды да, ауылға оралды.
Қонағасы жеп болғаннан кейін Сүйінғара жүретіндігін айтты. Басы Тұрыш болып, ауыл адамдары, оны әлі де кідіртпекші еді, бірақ оған көнбеді.
Ниеттеріңе рақмет, ағайын! Әрқайсысыңнан бір қой жегенде маған мүйіз шыға ма? Өздеріңді көрдік, амандастық. Мынау Тұрыш дегенде бұрын да сыйлас адам едік, енді анау сияқты алыс сапардан оралып, бұрынғыдан да құрметті болып отыр ғой. Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал келіп сәлем береді деген. Мені кідіртпеңдер, жүрейін, – деп орнынан атып түрегелді.
Бұдан кейін оны ешкім бөгей алмады. Тек аттанарда, үзеңгіге аяғын салайын деп тұрып Тұрышқа бұрылды да:
Жолда Құлбараққа соғайын деп едім. Ол да бір тірі әулие ғой. Бір жағы оған да асығыспын, – деді. Үзеңгіге сол аяғын іліп жіберіп ырғығанда, екінші аяғы аттың екінші қапталына сарт ете түсті. Қолтығынан демеп жібермек болғалы тұрған Тұрыш көзі оған ілесе алмай қалған. Жарайсың, шалым! Жарайсың, жетпісім! Бойында әлі де қуат бар екен» деп сүйсіне тұрып қалды.
Сүйінғара атын тебініп қозғала бергенде Тұрыш:
– Батырға бізден де дұғай-дұғай сәлем айтыңыз, – деп дауыстады.
Кежінің Сүйінғараны іздетіп жіберген кісісі оны суыт жүріп отырып, Құлбарақтың ауылынан тапты. Ол келгенде, Сүйінғаралар да аттанғалы жатыр екен. Көп көзінше сыр ашпай, түйе іздеп жүрген адам бола қалды.
Кежінің тапсырмасын ол жол үстінде оңаша ыңғайлы келгенде айтты.
Мынау теңіз жағалауында бір кеме жүрген көрінеді. Судың тереңдігін өлшеп, асықпай әр жерге бір тұрады екен. Соның үстіндегі бір кісі Сүйінғараны сұрапты. Реті келсе, дидарласып, тілдескенді ыңғайлайды. Сол хабармен белгісіздеу бір шалды жұмсаған. Сонысына қарағанда өздерін құпия ұстай ма қалай? Сондай сыңай байқаған соң Кежі де көп дабыра жасамай, ол шалды кейін қайтарып жіберген. «Сүйекең келсін, өз жауабын айтар. Барып сөйлесемін деп жатса өзі білер. Иә, болмаса жоғалған мал іздеген адам ретінде өзің соғып кетерсің!» деп тапсырған.
Бұл келіп кеткен Өмірзақтың әкесі еді.
Сүйінғара ауылға келген соң да, Кежіден тәптіштей сұрап еді. Бірақ ол да әлгі әңгімеден басқа жөнді ештеме айта алмады.
«Бұл сонда кім болды екен? Мені қайдан таниды? Жоқ-ау, менде қандай шаруасы бар» деп ойланды. Біресе, «Сүйінғара тентек деген дақпырт қайда да жетіп жатқан болар-ау. Сол тентекті көрейінші деген біреу-дағы. Көргісі келсе өзі іздеп табар. Аяғыммен іздеп барып, не жыным бар!» деп те ойлады. Алайда, бұл ойының шолақ қайыру екенін өзі де ұқты.
«Жоқ, мұның қисық, мұным дұрыс емес. Сонау теңіздің арғы бетінен мені көру үшін жүр дейсің бе? Мұның басқа бір себебі бар болар. Мүмкін, осы жағалауға шығып, қоныстанғысы келетін шығар. Бұлар, олар бұл Маңғыстаудан не бітіреді? Айдалаға қой жая ма? Қой жаятын дала өздерінде де жететін шығар-ау. Анау Айдарханның ар жағындағы қалмақ даласы бос жатқан жоқ па? Маңғыстаудың кісі қызығатындай нулы орманы, қоғалы көлі жоқ. Мекиен дала. Әлде Маңғыстаудың үстімен былай өтпекші ме екен. Иә, ол да мүмкін! Қызылсу жағалауы, Хиуа хандығы. Оның ар жағында атақты Парсы, ертегідегі Үнді жатыр. Күштілерге әлемнің аядай аз болып тұратын әдеті ғой. Кім біліпті? Неде болса көрерміз».
Шағын ауыл аяқ астынан әбігер болды да қалды. Бұлардың үстіне бір жағынан Сүйінғара, екінші жақтан... Екінші жақтан келетін кісіні анық білмейді. Әйтеуір, мынау жалғыз жүрген кемеден біреу шығатын көрінеді. Сүйінғарамен сөйлесуі керек. «Жалғыз кісі қайдан келеді?! Қасында серіктері болар. Бірақ олар қандай адамдар? Қарулы ма, қарусыз ба? Алыс жерден келген адамдар қалай қарусыз жүреді? Қарулы болса олардың ойында не бар?!» Осы жайды ойлағанда, ептеп сескенейін деді. Алайда кездесуге Сүйінғара келетін болса, тыныштық шығар деп көңілдерін басты.
«Неде болса көріп алармыз? Бүкіл ауылды қырып тастай қояр деймісің. Біз де тірі жандармыз. Әрекет жасармыз. Босқа әбігер болмалық, келгесін көрерміз». Енді олар қонақтарды кімнің үйінде, қалай қабылдаймыз деген шаруаға кірісті. Бұл көп дау туғызбады. Ол кісіні ертіп әкелетін Өмірзақ, содан кейін Сүйінғара ауылына да барып қайтқан да Өмірзақтың әкесі. Өмірзақ әкесінің алдына түсіп ештеме айта алмай тұр. Бірақ бұл сөз тұсында әкесі:
Біздің үй бар ғой, – деді.
Жөн-ақ. Біздің үйге түссін. – Өмірзақ әкесінің сөзіне қуанып кетті. Жүзі бал-бұл жанып, көзі қуаныштан ұшқын шаша, орнында бір ырғалып алды.
Сол күннің ертесіне Өмірзақтың әкесі таңертең мал өріске кетерде, бір ту ісекті көгенде байлатып алып қалды.
Басқа үйлер де ауылға келген соң үйімізден дәм татыруымыз керек қой деп күбінген. Көптен бері теңде жатқан, жаңа деген киімдерін киіп, топ-топ болып күтіп, бүгін келмейтін шығар деп ойлағанда, Сүйінғара қасындағы екі серігімен бұлар тосқан жолдан емес, теріс жақтан шықты. Олар үш аттылыны ауылға тіреліп келгенде ғана көрді. Жолайы жүргіншілер деп оларды елемей отыра бергенде, жастау біреуі жақындай келіп:
Уа, хабарлас! – деді. Қалған екеуі кейіндеу тұр.
Көлеңкеде отырған бір шал:
Хабарлассаң, аттан түс. Ауылымыз еру, – деді. Бірақ ана жігіт аттан түскен жоқ. Сол ат үсті тұрған қалпы:
Бұл кімнің ауылы? – деп, сұрақ қойды.
Осы кезде әлгі шал қайта бұрылып, әрегіректе тұрған екеуіне көзі түсіп кетті. Оның біреуі Сүйінғара екенін шырамытып:
Уа, Сүйекем келді! Үйден шығыңдар, – деп дауыстап жіберіп, өзі де лып етіп орнынан жеңіл көтерілді. Үйді-үйлерінде отырған ауыл адамдары да бұл дауыстан кейін тысқа атып-атып шықты.
Өмірзаққа ерген Тұрпаев та жалғыз келді. Мал сойылған үйге ауылдың ересек адамдары түгел жиналды. Бірақ, олар күткендей үлкен оқиға болған жоқ.
Тұрпаевтың айтуынша, кеме жай жүрген көрінеді. Жер көру керек, ел көру керек. Көп ұзамай кеме кейін кетеді, әзірге кеме адамдарына тамаққа мал сатып алмақ. Олар.
Сүйінғараның атағын сонау Орынбор жақта естіпті. Сосын елдің ақсақалы деп сәлемдескенді жөн көріпті. Сөзді сыйлап, оның келгеніңе көп-көп сау болсын айтады. Соны ұйымдастырған ауыл адамдарына да алғыстарын білдіреді.
Бар болғаны осы. Басқа артық ештеме айтпады.
Сүйінғара бөтен ештеме айтпады. Тіпті, әдейі іздеп келген адам сияқты көрінбейді. Жолайы соққан адамдай, селқос тыңдап қана отыр.
Тек тамақ желініп жатар алдында ғана екеуі оңаша далаға шығып кетті. Ауыл дыбысы басылып, дыбыс естілмейтін жерге жеткенде ғана, Тұрпаев Сүйінғараны тоқтатты да:
Сізбен Карелин сөйлескісі келеді, – деді.
Ол кім? – Сүйінғара селқос сұрады.
Ол кісі Сізді танимын дейді.
Мүмкін. Менімен не жайында сөйлеспек?
Өзі кездескенде айтар. – Сүйінғара сәл кідіріп барып:
Біз қалай кездесеміз?.. – Қайта сөйледі. – Сосын... бұл неге соншама құпиялайды. Бізде қазақта: «Жақсыныкі – жария, жамандікі – құпия» деген сөз бар. Ол кісі қысылмаса, біздің қысылып жасыратын нәрсеміз жоқ. – Сүйінғара Тұрпаевты сөйлетпек болып еді, бірақ ол сөзден қашқақтай берді.
Оның реті бар...
Сүйінғара одан әрі түбегейлеп сұрап жатпады. «Бұлар жай жүрмеген адам болды!» деген күдігі басталып келе жатқан сияқты. Ол бұрылып кетті. Тұрпаев та бұл жолы кідіріп жатпады.
Тұрпаевтың айтқан кісісін Сүйінғара айқын білмейді. Ертеректе Кіші жүз ішіне барғанда, елдің әдеп-дәбін сұрап жүретін орыстар болатынын естігені бар-ды. Олардың сұрамайтын нәрсесі жоқ көрінеді. Тіпті отырып-тұру, киім кию, ас ішіп аяқ босатуға дейін түртіп жазып алады екен.
Ол төсекке келіп жатып, ойланған күйі ұйықтап кетіпті. Бірақ қашанғы әдеті бойынша ерте оянды...
Тұрпаев төсектен одан да бұрын тұрып кеткен екен. Қыдырыстап жүрген Тұрпаевқа Сүйінғара да жақындап келді. Қалай ұйықтап тұрғандарын сұрасқан сыпайылықты көп созбай:
Біздің кеме жаққа соқсаңыз. Мен өзім сауда адамымын. Сізге арнаған сәлем-сауқатым бар еді, – деді Тұрпаев.
Тұрпаевтың әдейі сылтауратып тұрғанын түсінген Сүйінғара оны сезгенін білдірмей, күлкіге айналдырған болып:
Сәлем-сауқат деген жақсы ғой. Тым құпиялай бердің, шалды айналдырып бір нәрсеге ұрындырайын деп жүрген жоқсың ба? Саудагер болсаң, саудагерге бәрібір, тиыны сылдырлап жатса жарады. Ай, бірақ қаудыраған кәрі шал қанша бұл болар дейсің? – Әлі де күлген қалпы, Тұрпаевқа қарады. Тұрпаев үнсіз қалды. Оны ренжітіп алдым ба деп ойлаған Сүйінғара сол әзілдеген күйінде: – Мен, әрине, орыс саудагерлерімен саудаласып көрген адам емеспін. Ал мына бесқаланың саудагерінде иман жоқ, – деп әзілінің артын жуып-шайғандай болды.
Сауда деген тіршілік қой. Онсыз кімнің күні бар. – Тұрпаев Сүйінғараға қарады. – Сіз бұл жердің жолын білесіз. Қазір кетіп қалайық. – Сүйінғара сәл ойланды да:
Болсын! – деп қысқаша кесіп айтты.
Енді бәрібір қаншама әзіл-оспақтағанмен мына кісінің бұл жерде ештеме айтпайтыны белгілі. Сондықтан тышқан-мысықша ойнағанмен ештеме шықпайды. Тез жүрген дұрыс.
Серіктеріне аттарды алдырып, олар аттанып кеткенде, ауыл адамдары тіпті, толық тұрып та үлгермеген еді.
Бұлар екі төбеден асқаннан кейін Тұрпаев атының басын тежегендей болды. Оның қимылын аңғарып келе жатқан Сүйінғара да атының тізгінін тартып, жерге түсті. Тұрпаев та кідірді.
Кәне, жігіттер аттарды жая тұрындар. Біз жүрісіміздің ретін ақылдасып алайық, – деді.
Аттардың тізгінін атқосшысына ұстатты да, шөп үстіне қисая кетті. Тұрпаев та оның қасына келіп, үнсіз отырды. Екі жігіт аттарды аулақ шығарып, сулықтарын босатып, аяқтарын ұсады да, отқа жіберді. Үлкен кісілердің әңгімесіне ұлықсатсыз араласпайтын олар сол тұрған жерлерінде отырып қалды.
Ал, кәне, айтатыныңды айт. Оңаша қалдық, – деді Сүйінғара әлі үнсіз отырған Тұрпаевқа қарап.
Не айтайын! – Тұрпаев күтір еткізіп жусан жұлып алып, танауына апарды. Жусан басын лақтырып жібергелі оқталды да, оны тастамады.
Ойпыр-ау, мынау Маңғыстауға жусан иіскеуге келген жоқсың ғой, – Сүйінғара басын көтеріп одырая қарады. Қайтадан басылып отырды.
Оныңыз рас. – Тұрпаев қолындағы жусан сабақтарын лақтырып жіберді. – Сіз Хиуамен қатынасыңызды үзіп жүр дейді. Ол неге? – деп тура салды.
Біз ешкімге бағынышты емеспіз. Хиуаға да, басқаға да. Өзімізбен өзіміз жатқан елміз.
Мая би мен Қалбы би бағынады ғой.
Олардың өз еркі.
Сүйінғара мұндай сұрақты күткен жоқ-ты. «Менің Хиуа ханымен келіспей жүргенімді қайдан естіді? Және оның бұл кісіге не қажеті бар? Саудагердің сұрап отырғаны мынау, ал анау кемедегі кісі кім?» Оған түрлі ой келіп кетті. Сондықтан, жауапты қысқа қайырып, мұның өзін сөйлеткенді жөн көрді.
Шығыстан жаңа көтерілген күн жоғары өрлеп келеді. Дала жым-жырт тыныш. Тек жусан түптеріндегі торғайлар ғана шыр-шыр етіп, өзара үн қатысады. «Шіркін, еркін құстар-ай» – деп ойлады да, кенет есіне өткенде болған бір оқиға түсіп кетті.
Сонда да қасында екі атқосшысы бар, даламен желе жортып келе жатқан. Соңында келе жатқан екеудің біреуі, кілт кідіріп, тұрып қалды. Әлденеге үңіліп-үңіліп қарап тұрды да, қайта тебіне жөнелді. Сүйінғара оны көргенмен кідірген жоқ. Сол жүрістерімен кете берген. Анау соңдарынан шауып келіп ілескенде, оның атының терлеп қалғанын көрді:
Не көріп кідірдің? – деп сұрады.
Бір бишара торғай шырылдап қалыпты. Сіздің атыңыздың аяғы оның ұясын бұзып, төрт жұмыртқасын езіп кетіпті. – Жігіт Сүйінғараға тура қарады. Сүйінғара айыптыдай, өзін сөгіп тұрған секілді көрінді.
Менің атым аяғы басқанын қайдан білдің? Ат ұяны баса ма? – Сүйінғара да оған қабағын суыта қарады. Оның көзқарасынан қаймыққан жігіт:
Уызы шашырап жатыр. Оның үстіне сіздің атыңыздың тұяғының таңбасы бар.
Сен де сөйлейді екенсің. Оттама! – Сүйінғара қатты тебініп, әрі атына қамшы салып текіректей жөнелді. Одан әрі бұл әңгімені созғысы келмеді. Жігіттің сөзінің дұрыстығын өзі де сезіп келе жатқан.
Мына жігіт жаңағы кідірген тұста, астындағы аты мойнын қиялай әлденеге ойқастап өтпек болған. Тура келе жатқан атының бұл мінезін жақтырмай қалған Сүйінғара атының тізгінін қатты тартып, қамшымен сауырдан осып-осып жіберген. Үстіндегі кісіден мұндай мінез күтпеген ат қапелімде сасып қалып, төрт аяғы шатқаяқтап барып, артқы аяғы әлденеге кірш еткізгендей сезілді. Ат атыла жөнелді. Шынымен, торғайдың ұясын бұзып кеткен болар. Сол бойда ол: «қайдағы болмашы торғайды айтып деп жігітке кейіп қалған...
Қазір, торғайлардың таңғы шырылын тыңдап жатып, сол оқиға есіне түсіп кетті. «Еркіндік деген атағы екен ғой, бишараларды жылан арбап түсіреді, түлкі алдап түсіреді. Әлі жеткен аямайды. Бұл жалғыз торғайдың басындағы жағдай ма? Күшті күшсізді қай кезде де іліп-жарып кете бермей ме? Табиғат деген сол емес пе? Осылайша құдай жаратқан дейміз!» Оның ойын Тұрпаев бөліп жіберді.
Тым ойланып қалдыңыз ғой.
Жай... – Сүйінғара ол өзі айтпаса, еш әңгіме бастамауға іштей бекінген. Тұрпаев соны сезді ме, әлде бұлай тым-тырыс отыра бергенді ретсіз көрді ме, сөйлеп кетті.
Мен айттым ғой сізге саудагермін деп. Мені қызықтыратын – сауда. Сауда – елдің тірлігі деп тағы да қайталаймын. Саудасыз, шынында да, халықтың күні бар ма? Мысалы, мына сіздердің малдан басқа ешбір тіршіліктеріңіз жоқ. Хиуа мен Бұқардың қант-шайысыз, матасы, астығысыз қалай күн көресіздер? Шикі ет жеп үңгірге кіріп жататын аң болып кетпейсіздер ме? О, сауда арқылы мемлекеттер дамып өркендейді, сауда құрыса олар да құриды... – Тұрпаевтың сөзін осы тұста Сүйінғара бөліп жіберді.
Сіз осы қай халықсыз? – деп сұрады.
Орыс империясының боданымын. – Тұрпаев Сүйінғараға таңдана қарады. Оның сұрағына түсінбей қалды. Сұрағын түсінгенмен, оның не үшін сұрап отырғанын, ойында не бар, не айтқалы тұр, соны аңғармаса керек.
Орыс елінен келгеніңді біліп тұрмын ғой, шыққан тегің кім? Қай ел? Дінің кім? Соны сұрап тұрмын. – Сүйінғара ойында бөтен пікір жоқ секілді. Әйтеуір, сөзін солай жайбарақат айтты. Оған Тұрпаев сенерін де, сенбесін де білмеді. Сүйінғара сұрағынан күдіктенбей, тек күдіктенген адамша...
Арғы тегім Қап тауынан шыққан. Дінім – христиан. Қазір орыс мемлекетінің қызметіндемін. Сізді осы елдің басшысы, сардары деп естідім, сондықтан еліңіз жайында сөйлесейін деп едім. Сөзім артық болса айыпқа бұйырмаңыз.
Жоқ, жоқ, не айыбы бар? Айта беріңіз.
Тұрпаев бұдан кейін де сауданың пайдасы жөнінде тағы да біраз сөйледі. Оның сөзін Сүйінғара селқос тыңдады. Бұл кісінің мақсаты түсінікті бола бастаған сияқты. Саудагер Маңғыстаудан сауда орталығын ашпақ бола ма, қалай? Хиуамен екі ортамызды шұқшия сұрауына қарағанда, соған меңзейді.
Бірақ, бұл өзі үшін сұрап отыр ма? Әлде, бұған осыны білуге тапсырған кісі бар ма? Мүмкін, тіпті орыс патшасы бұл жақтан сауда ашқысы келетін шығар? Оны қалай білуге болады? Мына кісіден соны ашып сұраса екен? Бірақ, ондай жайды айта ма?
Егер біз Хиуамен ат құйрығын шорт кесіп, сауда қатынасымызды үзсек, сіздер бізді қорғап, олардан алатын бұйымдарымызды берер ме едіңіздер? – Сүйінғара жатқан жерінен басын көтеріп алып, Тұрпаевқа туралай қарап қалды.
Тұрпаевтың көзі жыпылықтап кетті. Қаба сақал шолақ мұрты тікірейіп кеткендей болды. Онсыз да түк-түк беті үрпиіп, бет түгі сыртына шыға келгендей. Маңдайының қалың қыртысы бұрынғыдан да қалыңдап, қою қалың көзін жауып кетті. Сығырая сүзіле қалды.
Кешеден бергі бірін-бірі емексіндіру, жұмбақтау аяқталған. Қазір, осы жерде айтылса шындық айтылады. Айтылмаса, сол аңдысу қайта жалғасып, аяғы немен тынары белгісіз. Екеуі де соны түсініп отыр.
Патшаның, патшалықтың ойын білмеймін. Менің айтқаным, өз ойым осылайша, – алдымен Тұрпаев жалтарды.
Сүйінғара қайтадан қисая кетті. Бірақ келер сәтте орнынан атып тұрды да, үстін қаға бастады.
Қозғалалық, саудагер мырза. Күн қызып келеді, – деді. Тұрпаев та жайбарақат пішінмен, қолын көлегейлеп күн жүзіне қарады. Көкжиектен арқан бойы көтеріліп қалыпты. Дала тегіс жарқырап, күн нұрына малынған. Анадай жердегі екі жігіт аяқтарын аяқтары үстіне шалыстыра салып, шалқалай жатыр. Түнімен жайылған ат қазір жусап қана тұр.
Иә, күн көтеріліп қалыпты. Жүрсек, жүрелік. Сүйінғара да, Тұрпаев та тап осының алдында бірімен-бірі іштей арбасып, аңдысқан адамдар сияқты емес, екеуі де мына бейжай табиғатты тамашалап, күннің қызуын аңдып жатысқан кісілердей орындарынан көтерілді.
Айқын ештеме ұға алмаған Сүйінғара: «Осы мен теңіз жағасынан, кемеден не аламын?» деп айтпақ болды да, кідіріп қалды. Неде болса келдім ғой, аяғына дейін шыдайын. Мүмкін, бұлардың айтатыны кейінде болар деп ойлады. Атын тебініп қалып жортақтай жөнелді.
Тұрпаев та ат үстінде ойда келеді. Жаңағы сәтте Сүйінғара қойған сұраққа қысылып қалған. Ол қазір айтуға болмайтын жай. «Россияның Маңғыстау туралы қандай ойы бар? Маңғыстауды қарамағына алса, ол Хиуамен бетпе-бет келу деген сөз. Оған Россия бара ма? Өйткені, Хиуаның баққаны Россия, оның әрбір қадамы. Индияда жүрген ағылшындар да осы жөнінде тың тыңдайтын көрінеді. Сонда екі алып бетпе-бет келмекші. Одан не шығады? Оны Тұрпаев қайдан білсін. Ол үшін несіне бас қатырады? Оған қазір керегі Сүйінғараның Хиуа хандығымен қол үзіп жүр деген сөздің төркіні. Мұның түсіне бастағаны, Россия Маңғыстауға өтуге бел шешкен. Егер осы тұстан әскери қамал салынса, соның қорғанышымен Тұрпаевқа сауда жүргізуге болады. Оған Тұрпаевтың көзі жетеді. Жағалаудан әскери қорғанның басшылары қолдаса, ел ішінде Сүйінғара сияқты беделді ақсақалдарға арқа сүйесе, Тұрпаевтың тасы өрге өрмелемей ме? Сүйінғара ондай уәдеге бармай, тіпті Хиуамен екі арасын ашпай отыр. Жорта айтпай отыр.
Шал қиястап, Россия мен Хиуаның арасындағы қатынастардың ретін ажыратып алмақ болды. Оған Тұрпаев жауап бере алмайды. Біріншіден, айқын білмейді. Білсе де айтпайды. Мынау шал Хиуамен байланысын әлі мүлдем үзбеген болса ше? Россияның Маңғыстауға қызыға бастағанын ханға жеткізіп қойса, олар айқай көтерсе? Кім кінәлі? Тұрпаев кінәлі болып шығады. Ондай жағдайға өз басың түгіл, үрім-бұтағыңмен құрып кетуің оп-оңай.
Жоқ, ең дұрысы ол жөнінде үндемеген. Карелин не айтса да өзі біледі, оған Тұрпаев араласа алмайды. Өзі үндемейді. Қазіргі мақсат – Сүйінғараны өзінен алыстатпай жақындай түсу. Сол үшін Астраханнан ала шыққан бұйымдары бар еді. Соны беріп қою керек, кейінгісін уақытында көреді».
Кеме ақырын жылжып келеді. Су беті, сүтті көп құйған бала шайының бетіндей боп-боз. Кей жерлердің құмағы көрініп жатыр. Жіңішке өзекті артына тастап, теңіз бетіне шыққанында біразға дейін тұп-тура бағыт ұстады. Су астының суреті әуелі жасыл көк, сосын шымқай көк тарта бастағанда ғана, кеме маңдайын батысқа қарай тура түзеді. Желкенін көтеріп, жүрісін барына салды. Осы кезде ғана кеме үстінде тікелей жұмыстары бар матростар болмаса, басқалардың бәрі өз орындарына кетті. Тек Карелин ғана жағалауға қарап біраз тұрды да, теңіздің салқын лебі бойын тоңазыта бастаған соң ол да ішке енді. Каютаға келіп, төсегіне шалқалай жатып соңғы кездегі байқалған қағаздарын қарастыра бастады. Өйткені, бұлар енді бұл жағалауға, Бозашының терістік бетіне орала қоймас. Ол Карелинге айқын сияқты болды. Себебі, бұлардың келген мақсаты осы жағалаудағы бұрынғы әулие Петр қорғанының орнын көріп, Қызылтас, Сартас пристаньдарының хал-жағдайын зерттеп бақылау, теңіздің терең тайыздығын анықтау болатын. Олардың бәрін де көрді. Жаға тайыз, пристань салып, қорған түзеуге мүмкіндік жоқ.
Карелинге Петербургте, Азия департаментінде дұрыстап тұрып ескерткен бір нәрсе – тоқтайтын қойнау табу және болашақта бекініс салатын қолайлы жер іздеу. Ал бекініс салу – Орта Азияға өтудің бастамасы. Орта Азияның хандықтарының ар жағында Ауған елі, Үнді елі жатыр. Оларға әскермен өту үшін қаншама дайындық қару-жарақ, әскер күші керек болады. Оның бәрін осы тұстан теңіз арқылы өткізіп, Маңғыстау түбегінде дайындау қажет. Сонда ол бір күндік, бір жылдық құрылыс емес, жылдар бойы тұру керек. Россияның Орта Азияға өтетіні жөнінде бұл күнде Карелиннің еш күмәні жоқ. Оның өзі де дұрыс деп есептейді.
Алайда, өту жолы қалай болу керек. Мәселе тек осында деп ойлайды.
Жас талшықты түбінен қиып түскен Аракчеев бейнесі көз алдына келгенде бүкіл Петербургтың чиновниктерін құртып жібергісі келеді. Бірақ, ол 1825 жылдың декабріндегі Сенат алаңындағы оқиғалар жайын естіп, сол туралы ойлағанда тұла бойы дір ете түседі. Олардың әрекетін бұл түсінбейді. Сонда олар жеңе қойғанда бүкіл империяны құртып жіберуі мүмкін бе? Патшасыз қандай империя болмақ? Ал, империя болмаса Россияның өзі жоқ болып кетуі ықтимал емес пе? Біз ағылшындардан кембіз бе? Олар бүкіл Индияны, Аравияны, Африканы ұстап, Орта Азияға, Шығыс Азияға келіп отырған жоқ па? Персияға ықпал жасай бастады. Персия Россияның шекарасы, Түркияға да Одақ болып шығатыны сөзсіз. Сонда Россия бәрін Англияға беріп қоя ма? Біздің мануфактурамыз үшін Орта Азияның мақтасы керек емес пе? Орта Азия мақта еккенменен, оны өндірістік жолмен игере алмайды. Тіпті, Орта Азияның өзі үшін де, неше бір мұхиттар ар жағында жатқан Британияға өткізгенше, Россияға сатқаны пайдалы ғой.
Тіпті, керек болса Орта Азияны әскери күшпен басып алғанына да Карелиннің қарсылығы жоқ. Біз басып алмасақ, Британия басып алады. Бір кедергі-тін. Бірақ, ағылшындар да мұсылмандар емес қой. Мейлі, мешіттерінде намаздарын оқи берсін. Ол жағынан біз қарсылық жасамауымыз керек, қайта қолдауымыз қажет. Сонда ғана өз жағымызға тарта аламыз. Мақтаның пісуіне намаздың кесірі жоқ.
Сонда Орта Азияға, Персияға, тіпті Кавказдың шығыс бетімен қатынас жасау үшін Каспий теңізі керек. Оның жағасынан бүкіл айналаға ортақ мықты порт салуымыз дұрыс іс. Ал, міне, сол порттың орнын таңдау Карелинге жүктеліп отыр. Яғни, ана Аракчеевтер мұны менсінбей, қудалай берсін, бірақ қазіргі кезде Россияға, империяға бірден-бір қажет адам мына өзі Григорий Силыч Карелин! Осындай ой келгенде Карелин тіпті, көңілденіп кетті.
Қолындағы қағаздарын ысырып қойып, тағы ойға шомды.
Сонда ол порт қандай жерде тұруы керек? Ол негізгі жабдықтау порты Астраханға да, Гурийдің де қалашығына да жақын болуы тиіс. Егер сонау Қызылсу тұсынан, тап Ашхабадтың өтінен Бакудың тұсынан салса қалай? Онда негізгі базадан қашықтап кетеді. Онда тағы бір қиындығы бар. Түрікпендер бізге әлі бағынған жоқ. Орта Азия хандықтары, тіпті, солтүстік шығыста қалады. Ауғандар елі мен Персия тым жақын. Жаудың тап ортасына апарып салғанмен пара-пар. Ал мынау Астраханға да, Гурий қалашығы да, яғни Еділ мен Жайыққа жақын. Темірхан Шораға да жақын. Каспий теңізінің оңтүстікке қарай тура бұрылатын тұсы ең оңтайлы жер. Бірақ, ол жерде ішетін су, кеме тұратын қойнау бар ма? Енді, міне, соған қарай бұрылып барады.
Оның есіне осы сәтте Сүйінғарамен сөйлескені оралды. Мұның байқауынша Сүйінғара өзін өркөкірек ұстады. Даланың феодалы несіне сенеді екен. Анау, Хиуа ханымен жанжалдасуы да ақылға сыяды. Қазіргі жағдайда ол үшін Россия ара түспейді. Хиуа ханының қолында әскер бар, күш бар! Мынаның қарамағында кім болушы еді. Көп болса, даланың феодалдары сияқты отыз-қырық жігіті бар шығар. Анау Жәңгір ханның, сұлтан Айшуақовтың қанша жігіттері бар. Жүз – екі жүз! Қолдарында қамшы, шоқпар, кейбірінде қылыш, найза. Бұл анау Ордада жүргенде де, Орынборда жүргенде де адайлар тентек деп естуші еді. Сол рас болды-ау. Әрине, қай тұрғыдан алғанда Сүйінғаранікі есепсіздік. Дегенмен, қызық адам. Сірә, біздің жай жүрмегенімізді сезеді-ау деймін. Ішін бергісі келмейді. Тұрпаев та сондай қорытындыға келдім деген жоқ па. Талай жортқан бұл қу саудагер де адамды таниды. Сыйлық тартып, біраз иіліп қалды. Әрине, Маңғыстауды игере қойғандай мұндай дала феодалдарын пайдалануымыз керек. Тұрпаевтікі ақыл.
Егер күндердің күнінде Россия мен Хиуаның ортасын таңдау керек болса, Сүйінғара біздің жағымызға шығуы ықтимал. Хиуа ханына қайтып бару үшін, анау көкіректі тастап, табанын жалап баруға тиісті. Оған сірә, көне қоймас. Мен одан: «Хиуа ханымен, неге қарсысыздар» дегенімде, ол не деді? А, иә! «Хиуа ханының бектерінің біздің алдымызда кінәсі бар!» деген екен ғой. Ханмен кез келген адам таласа ала ма! Яғни қыжылы болғаны. Ал біздің чиновниктер, оның қарамағындағы елдің ішкі істеріне қол сұқпай, сәл еркелете ұстаса, әбден қолға тұрғызуға болады.
Сүйінғара жайындағы, алдында қалып бара жатқан Бозашы турасындағы ойларын осылайша қорытып, ол қағаздарына тағы бір үңілген. Кенет, күнделік дәптеріндегі асығыс жазылған жолдарға түсті. «Су бетіндегі ақ мұнайлар!» Тіпті леп белгісін қойып жазыпты. Сол жазбаны оқып шықты да, ол үш леп белгісін қойды соңына.
Карелин сол оқиғаны қазір де көз алдына келтірді.
...Теңіздің осы тұсында ұсақ аралдар көп екен. Тіпті, кейбірін жөнді арал деуге де болмайды. Су бетіне сұп-сұр тас көтеріліп, қарауылдай шошайып тұр. Теңіздің тереңдігі де белгісіз. Кез келген жерде кеменің қайырлап қалуы ықтимал.
Бұлар суға бөлдіркені түсірген. Екі матрос ақырын есіп келеді. Карелин бөлдіркенің тұмсығына отырып алып, су бетін аңдып тұр. Су беті бозғылт тартып, айран төгілген тәрізді. Кенет матростар ескектерін судан көтеріп, қайта түсірерде, әлдебір, шырын жабысып, созыла қайта төгілетінін байқады. Күн сәулесі тура түскенде, жарқ етіп, шұғыланың нұрындай қызыл-жасыл түске еніп нұрланып кетті. «Ой, мынау, май ғой. Теңіздің бұл қиыр шетіне қайдан май төгіледі. Үлкен кеме су бетін ластады дейтіндей бұл жаққа қайдан келеді. Келгенде де мына бөлдірке зорға өтіп келе жатқан тайызға қалайша өтеді. Су бетін ластайтын маңайда қара көрінбейді». Түрлі ойға қалған Карелин бөлдіркені тоқтатып, төмен еңкейіп, алақанымен су бетін сипады. Қолы майланып шыға келді. Иә, расында да май. Алақанын мұрынына жақындатып, көріп еді, мүңкіп кетті. Дереу кемеге кейін қайтып, шелек алып келді. Жаңағы жерден шелекпен су бетін қалқи, жарты шелектей май алды. Кемедегілердің бәрі жабылып, қолдарына жағып, иіскеп, бұл мұнай деп тапты. Бірақ оларды таң қалдырғаны мұнайдың түсі. Бұрын талай жүріп, Бакуде де болған матростар, иісі, қоюлығы мұнай, бірақ түсі келмейді десті. Ақ мұнай болуы мүмкін деп, Карелин осыны дәптеріне түсіріп қойған.
Міне, қазір көз алдына сол күнгі әбігерленгендері қайта оралған. «Ол мұнай қайдан шығады? Жер астынан шығады. Басқа ешқайдан келуі, аспаннан жаууы мүмкін емес» деп қорытты. «Егер бұл түбектен мұнай табылса! Онда бұл түбектің империя үшін маңызы бұрынғыдан да арта түсер еді. Петербургке барған соң, айту керек. Ұмытпай айту қажет» деп қорытты.
Бірақ оның ойын кеме капитанының дауысы бөліп жіберді. Каюта есігінің алдына келіп:
Григорий Силыч! Бұрылысқа келдік, – деді.
А, иә? Не дейсіз? – Ой үстінде отырған Григорий Силыч алғашында капитан сөзін ұқпай қалды. Келер сәтте оның не айтып тұрғанын айқын аңғарып: – Қазір, қазір! Сыртқа шығайын. – Ол стол үстін қармалап, пенснесін зорға тапты. Оны мұрнына қондырып, далаға көйлекпен шықты.
Теңіз үстінде жеңіл жел бар екен. Ол судың салқын лебін әкеліп кемеге себелейтіндей. Оның алғашқы әсері әлдебір белгісіз қара нәрсенің ортасына түскендей болды. Бірақ аспан ашық, күн көзі биікте жарқырап тұр.
Кенет, ол төмен қарады. Су түбі шымқай қара. Оның түбі түгіл беті көрінбейді. «Қандай терең, қарасу» деп ойлады Карелин теңіз бетін шолып тұрып.
Бұл – Маңғыстау түбегінің батысқа қарай созылып келіп, оңтүстікке кілт бұрылатын тұсы еді. Оны ел Қарасу атайтын. Қай жағынан қарасаң да, алыстан да, жақыннан да, күн ашық-жарықта да бұлтты мұнарлы күн де, осылайша қарайып жататын. Биік құз жартас тап осы тұста, кеудесін созып ұмтылып, теңіз үстіне құламақ болып, зорға шыдап қалғандай.
Тура алды, оң қапталы, арқа тұсы көл-көсір су. Сонау көкжиек ұласып, оның шеті де, шегі де жоқ сияқты. Сол жақ қолдағы ал аса тау, теңіз жағасын жағалай оңтүстікке қарай ойысып барады. Су мен тау арасында сәл ашық қалдырып, теңізбен жарастырып қойғандай. Теңіз шарасынан шығып кетіп, анау жалпақ жонға қарай жайылмасын дегендей. Сұрғылт тастар түстікке қарай қозғалған сайын бұлдырап, бозғылт тартады. Содан кейін қайта, көгілдір рең алып, теңіз бетінен қалқып дірілдеп тұрған нәрседей елестейді. Кейде ішінде әлдекім жатқан шымылдықтай суретке айналады.
Сүйінғара айтқан тұс осы. Енді ілгері жылжыса, олар шығанақ қойнауға кіруге тиісті. Карелин тура оңтүстік батысқа қарағанда, су ішіне сұғынып жатқан қара жердің шетін көрді. Оның жағамен тұтасқан бөлігі қарайып кездеседі.
Өзінің әрекетін байқап тұрған капитанға қарап, ілгері жүр деген белгіні қолын бұлғап білдірді.
Салдырлап жәкір көтерілді. Кеме ақырын жылжып жүре бастады.
Тауды қапталына алып, жағаға таяу келеді. Белгісіз жерде әлденеге тап боламыз дегендей сақтықпен жылжиды. Бірақ, теңіз түбі алыста жатыр, кеме тиетін емес. Ақырын қозғалып отырып олар кең қойнауға кірді. Бір жағы тау. Одан жел асып, қойнау суын шайқай алмапты. Ал, күнбатыс бетінде сұқ саусақтай шошайған, ұзындығы бір-екі шақырымдай қара жердің шеті су ішіне кіріп алып, толқынды теңізден бөліп тастаған. Әлдебір құдірет күші ерінбей-жалықпай шағын қойнауды болашақ үшін жасағандай. Бұл тұс – үлкен Азия құрлығының Европаға қарай сұғылып келген бір қиыр шеті. Мұндай тыныш қойнауды адамның қолдан жасауы қиын, табиғат шебердің мүмкіншілігі жететін ғана нәрсе. Бір жар кеме емес, үлкен эскадра еркін сыйып кететін мұндай қойнау Каспийдің шығыс жағалауында сонау Түрікпен, Парсы шекарасына дейін жоқ еді. Оны кейін әркім әртүрлі атап жүрді. Біреу сұқ саусақ десе, екінші біреулер: «Жоқ, олай емес! Азия құрлығы осы тұста қолын Европаға созған. Мынау Қарағантүп түбегі оң қолының басы болса, мынау бас бармақ пен сұқ саусақтың ортасындағы кішкене ашықтық ойыс» деп жүрді. Қалай болғанда да, бұл кеме тоқтауға таптырмайтын кең қойнау еді. Карелин ойына тағы да Сүйінғара оралды.
Екеуі ыммен сөйлескен адамдай болды. Бірақ ештеме ашып айтылмаса да, олар бірін-бірі іштей ұққан секілді. Бұларға не керек екенін, бұлардың не іздеп жүргенін айқын ұқпаса да, бағдарды дұрыс сілтепті. Керегінің өзі осы ғой.
Мүмкін, бұл қойнауды олар іздеп жүріп, Сүйінғарасыз да табар еді. Карелин алайда оның ниетіне риза болды. «Жоқ, кеңірек сөйлесу керек еді. Бекер сақтық жасадым. Әй, өзім де жоқ нәрседен қорқатын болдым. Алексей Андреевич! Бүкіл өмірімді бұздың-ау» деп, ойда жоқ жерден Аракчеевті еске алды.
Ол осыдан кейін Петербургке баруға тиісті. Аракчеев әлі тірі. Қазір жұмыстан бос болғанмен, сол жерде тұрады. «Менің қайта іске орналасқанымды білсе, не істер еді? Мүмкін, қайта килігіп, мені істен қалдыруға тырысар ма еді? Бұл Павел мен Александрдың заманы емес қой. Қазіргі адамдар, жеке басының қалауымен, сүйемін, сүймеймін деп әрекет жасамауға тиісті. Іске кім пайдалы, осы тұрғыдан келулері керек. Орынбор өлкесіндегі істер үшін қазір мен пайдалымын. Бірақ бұл күштілерді түсініп болмайсың. Кейде, шыбынның ызыңы да мазаны бұзып, ойын басқа жаққа бағыттап жібереді. Жазықсыз елдер, жазықсыз халықтар зардап шегеді. Иә, түсініп болмайсың, бұл мықтыларды. Олардың ойларынан адам да, құдай да шығып кетеді. Дүнияның тұтқасын өздері ғана ұстап тұрғандай. Аракчеев, Аракчеев! Россия империясы үшін аяғында кім пайдалы болып шықты!»
Болашақ қорғанның орнын қарап тұрған Карелин осындай ойларға кеткен-ді.
Осы шақта үш атты кісі жусанды даламен ілбіп келеді. Соңғы екеуінің астындағы аттары да арынды, өздері де екпінді секілді. Бірақ алдарындағы кісінің тұсынан шауып өтіп кете алмай, астарындағы көлігінің тізгінін тарта береді. Үстіндегі кісінің бар ойын оқып, ыңғайына көндігіп алғандай астындағы аты да кібіртіктеп қалыпты. Әбден еркінсіп басын жерге салады. Атының жайын ойлаған иесі сулығын алып, тізгінін ер басына іле салды. Ат күтірлетіп жусанды шайнай бастады.
Сүйінғара соңынан ерген екі жігітке дегбір де жоқ, ұмтылып кетер жігер де жоқ, аяғын қалай басса, бұлар да солай аттап, демдерін іштерінен алып келеді.
Алғашқы кезде, анау әңгіме бітіп, ат бастарын ауылға қарай бұрған кезде-ақ бұлар тебініп суыт жүріске түсуге ниеттенгендей. Бірақ Сүйінғара көзімен алара қарағанда-ақ жым болды. Бұл жай жүреміз дегеннің белгісі. Одан озып кетуге болмайды. Іштей күрсініп, олар бір-біріне қарады. Іштегі сырларын қабақтарымен ұғысты.
Сырт қарағанда, шаршайтын ештеме болмаған сияқты. Далаға түнеген жоқ, ауылға шықты. Теңіз жағасында отырып, келген кісілермен сөйлесті. Бірге болып шай ішісті. Енді, міне, ауылдарына қарай ат басып түзеп келеді. Иә, шаршайтын ештеме жоқ секілді. Бірақ көліктерінің аяғына жем түскендей кібіртіктеп, жүрістері өнбейді.
Әсіресе, Сүйінғара ат үстінде қалғып отырғандай. Тізгінін бос жіберіп, ілбіп келеді.
Түс ауған мезгіл. Ертеңгілік шықылықтап, маза бермейтін бозторғайлар үні де естілмейді. Олар күннің қызуынан тығылып қалған ба, әлде бұлар оны тыңдамай ма, әйтеуір дала беті маужырап, тынып қалған. Жас жігіттер көңілі алабұртып, ауылға қарай ұшады. Жарық барында, ертерек жетсе кештің қамын ойластыруға болар еді.
Сүйінғараның бүгінгі жүрісі, тіпті, бұрынғыдан ойына қорғасын құйылып кеткендей, басы мең-зеңдей болып бауырында балбырап келеді. Бір жусанды жерге келгенде, атынан түсіп қара жерге аунай кетті. Екі қолын тарақтай, басының астына салып, шалқалай жатты. «Ой, мынау шал ұйықтап алайын деп жатқан жоқ па!» деп, күдіктеніп жас жігіт, атқа қарай жүрген сылтаумен қасынан өтіп, көз қиығын салған. Жанарында ұйқы да, қалғу да жоқ. Сонау зәулім көктегі әлдекімге көзін тура қарағандай құп-құрғақ, қайта шегірейе түскен. Ал түкті қасы түйіліп, сояудай кірпіктері де тікірейіп тік тұр. Қой көзіне көгілдір аспанның сәулесі түсіп көгертіп жіберген. Ол бір шұқанақтай көлшік, ақ кірпіктері оны қоршаған тік құрақтар секілді.
Бұл – Сүйінғараның ойға кеткені. Оның тыныштығын бұзуға болмайды, сөз естіп қалуың мүмкін.
Белгісіз адам шақырып жатыр, ол теңізбен іштен келіпті деген соң, Сүйінғара мазалаған ойды шешемін бе деп барып еді. Қайта Карелинмен кездесіп ой жамап қайтты. «Бұлар кімдер болды, жаным-ау, – деп қиналды Сүйінғара. – Бұл бетте не іздеп жүр? Ашып еш нәрсе айтқан жоқ. Жер жайын сұрады, су жайын сұрады». Орыстар жер бетін суретке түсіріп, оны өлшеп алады дегенді, бұрыннан да естігені бар-ды. Мүмкін, ол егін егетін, шөп шабатын жер болса, бір сәрі. Біздер, қазақтар, пәлен құдық менікі, түген құдық сенікі, анау жазықта мен отырамын, сонау қырдан әрі сен қонасың деп, ауызша өлшеп-пішіп жатамыз ғой. Бұлар жазу-сызуы бар сауатты ел. Бірақ олар теңіздегі кемеден шыққан жоқ. Ойлары басқа болды. Сонда не ой ол? Анау, дөңгелек сақал саудагер Хиуа жайын сұрағыштай берді. Бірақ, саудагерлердің ойында сауда, одан өнетін теңгеден басқа не болушы еді. Үлкен базар Хиуада, Бесқаланың ойында, сол үшін сұрайды-дағы. Патша онымен табақтас болып, ақыл-кеңес сұрады дейсің бе? – деп ежелгі әдетімен оны да бір сырттай мұқатып алды.
Сүйінғараның ешкімге айтпағанымен, іштей дәметкен нәрсесі бар еді. Ол анау Карелиннен тұжырымды сөз күткен. Басын өлімге тігіп, соншама жерден босқа келуі мүмкін емес қой? Бірақ, ол ашып ештеме айтпады. Жер жайын, су жайын сұрады да кетті. Бұл білгенін айтты. Бозашының тұсы тайыз, кеме жағаға келе алмайды. Су тіпті, кейін қайтып барады. Ал, анау Қарасудан әрі, қараған тұстан өтсе, су да терең, теңіздің арғы бетіне де жақын. Айдархан шәрі де, Темірхан шорасы, Қап тауы да сол тұста жақын көрінеді ғой. Анау Түрікпеннің Қызылсуы, Парсы-қызылбас та, бәріне қолайлы сол тұс. Оны айтты да «жоқ, қорған салса, тіпті, үлкен шәр салса, бізге зиян ба? Соны неге ойламағанмын. Ол маған бірден қалайша сенеді? Мен оған сендім бе, мысалы. Әй, өзімнің ақылым қысқа болмаса жарар еді. Соны да ұқпағаным ба? Түу!»
Сүйінғара жатқан жерінен атып түрегелді. Атына мінді де, көңілденген адамша желе жорта жөнелді.
Бірақ, келер сәтте атының басын қайта тежеп, кідіріп қалды. Белгісіз нәрсе іштей жанын қинап, тұла бойын түгел жазуға жібермейтін секілді. «Мұным менің не кібіртік? Неден жасқанамын. Әлде шал болған, шау тартқан деген осы ма екен?»
Ол атынан қайтадан түсті де қайтадан шалқалай жата кетті. Өзін не мазалап, не тыным бермейтінін түсінбейді. Ауылына жетіп, үйінің төрінде де осылайша шалқалап жатса болар еді. Бірақ үйінің іші тар секілді сезіліп, жұрт оның ойын аңдып, жан-жағынан анталап тұрғандай. Ал мынау оңаша, далиып жатқан кең дала қандай рахат! Тынысыңды мол алып, қалай аунаса да көтереді.
Сүйінғара заңғар көкке қарады. Аспанда алашабдар жұқа бұлт қана бар. Ол қанша тесіле қараса да, оның түбі көрінер емес. Сол ғаламат алдында, өзін тым әлсіз, тым кіші сезінді.
Оның есіне сонау бір күндер, жастық шағы түсіп кетті.
Шын ықыласымен бақты. Кісінің ала жібін аттау, оған қиянат жасау деген ойында болмайтын.
Сол бағып жүрген жылқысының бір үйірі ұрланғаны әлі есінде. Иә, онда Сүйінғара неше жаста еді? Жиырманың қырқасына қылтиып жаңа ілінген шағы еді-ау. Сірә, бұрыннан аңдыған әккі, әрі алыстан келген ұры болмаса керек. Кешкісін шымыраудан шыққан жылқы жайылып, алда жатқан көп шатқалдардың ішіне кірген кезі еді. Тіпті, малға ұрының шабатын уақыты емес. Күн әлі батпаған. Ілгері кеткен бір үйірді сайдың бойымен жылыстай айдап, тасаға түсірген. Су ішіп қанған соң, жүлгенің бір саласында жайылып жүрген болар деп ойлаған. Ойпыр-ау, тапа тал түсте болмаса да, күн бесіннен ауған шақта қайдан жау келеді деп ойлайды. Бұлар да шыңырау басынан ырғалып-жырғалып шығып болмады. Кейбіреуі ауылға қайтуы тиісті, енді бірі жылқыны түнетуге кетеді. Жөнді не айтып, не қойғандары да естерінде жоқ. Әйтеуір, олар дөң үстіне шыққанда жылқының алды шатқал ішіне кіріп кетіпті. Әдетте, бұл жылқының күн ыссыда дөң үстінде бытырай жайылатынын да ойламапты. Бір жағынан серігі де: «Қайда дейсің! Жатқан шығар сай бойын қуалай жайылып. Өткенде, жауын жауып, ебелек көп шығыпты» деп алдарқатып қояды. Ештеме ойында жоқ Сүйінғара соған иланып қалыпты. «Ой, шайтан-ай, зымиян екен-ау сондағы серігі. Әлгі кім еді?» Иә, Кәрібек қой! Ол да бұл күнде марқұм болып, бір төмпектің астында томпайып қалды. Сонда мені алдағаннан не пайда өндірді? Бай оны да кейін мен сияқты қуып шықты.
Сондағы сабылғаным-ай! Ой, шайтан онымен қоймай, жылқы соңына мені айдап салуын қарашы. Ішім түйілді деп те өтірік айтқан екен ғой.
Ол алыс жақтың ұрыларымен келісіп, бір үйір жылқыны айдатып қоя беріпті. Көп болып жүрсе, көзге бірден түсетінін білген соң, жердің ыңғайымен айдап апарып, Торлының қапысына кіргізген де жіберген. Маңғыстаудан, ойдан ұрланған жылқыны кісі қайдан іздеуші еді? Жем-Сағыз бойынан Көкжар беттен. Иә, Бесқаланың ойынан іздейді. Сол жақтың базар саудасы бар. Соған сіңіріп жібереді.
Сүйінғара сол екі бағыттың жолын да сүзіп шықты. Бірақ айдалып өткен жылқы ешкімнің көзіне түспеген. Үлкеннен де, кішіден де сұрады, алайда, еш сыбыс сезілмейді. «Бұл не болғаны? Жердің жарығына тап болып, соған түсіп кетті ме? Ондай жарық жайын естімеп еді. Иі, жер жұтып, иі аспан көтеріп кетпесе, бір хабар шықпас па?»
Сүйінғара әбден торығуға айналды. «Жылқы жоқ!» деп бай алдына барса, оның да түрі белгілі. Әдетте, бір тоқтының сүрініп кеткенін көрсе: Аяғы сынды-ау, сорлының деп байбалам салып отыратын кісі, бір айғырдың үйірі тұтас жоғалып кеткен соң, не күйде екенін түсіну үшін көп ақылдың керегі жоқ. Мұндай кезде оның алдына көрінгенше, осылайша дала кезіп кеткен жөн. Жоғалған жылқының бір хабары шықпас дейсің бе? Ол ұзақ сенделді. Ақырында айдалада жылқы бағып жүрген жылқышыларға тап болған-ды. Олар үш адам екен. Екеуі жас та, біреуі жасамыс кісі. Мұның қандай шаруамен жүргенін түсінген жастау екеуі мұны келемеш жасады.
Ой, өз қораңның жоғалған малы үшін сабылып жүр ме десем, біреудің малы ма еді. Байдың малы – жаудың малы! Түгелімен неге қырылып қалмайды, – деді.
Ошақ басында шәлиіп жатқан екінші жігіт те, мұны ала көзімен ата қарап:
«Байдың асын байғұс қызғанады» деген бізден бұрын келе жатқан сөз емес пе? Сол кезде айтылған байғұстың бірі-дағы. Үйір жылқыны иіріп алып мырғамға кенеліп жатқан арлан қасқыр тобы мұның сонша қиналып жүргенін біле ме екен? Әй, білмейді-ау. Білсе...
Сүйінғара жігіт сөзін бөліп жібереді. Қабағы түйіліп, сасқан пішінмен:
Сен оны көрдің бе! – деп, қайырыла сөйледі. Көзі жәутеңдеп, үйір жылқының бар хабары қасында шалқалай жатқан жарғақ жігіттің жауабында тұрғандай, оның үстінен үңіле қарады. Анау сол жатқан күйі көзін ойнақшытып басын бір бұрды да, қайта аударылып түсті.– Білсе, айдап әкеліп бұл байғұстың алдына салар еді-ау, – деді бұрынғы әуеніне басып.
Мұндай келемешті күтпеген Сүйінғараның түсі бұзылып кетті. Ызаланғаннан оған атылып ұмтылудан Сүйінғара сәл қалды. Егде кісі сезіп қалып: – тоқтаңдар! – дегенде ғана бұрылды.
Екі серігін көзімен атқан кісі:
Ой, не оттап отырсыңдар! Өздерің ақ киізді үйлеріңнің төрінде шалқайып жатырсыңдар ма, кісінің малын бақпай. Онсыз да жаны қиналған адамды неге қажайсыңдар! Малы жоғалмағанның бәрі есті. Ең болмаса жөндеріңді айтсаңдаршы. Бұл болса адалдығымен жүр. Байдың құйған іркітіне мелделеріңе дейін тойып, ауыздарыңа келгенді оттаған сендер итсіңдер! – Содан кейін Сүйінғараға бұрылып:
Қарағым, елеме бұлардың сандалғанын. Екі-үш күннен бері ауылдан оңаша шығып, қойыртпаққа еркін тойып еді. Жалшы деген сол ғой. Содан кекіректері азған ғой. Ауыздары сасып жатыр, – деді.
Содан кейін орнынан тұрды да, Сүйінғараға иек қағып:
Жол ақысы жүру деген. Тұр, шырағым, жолыңды сілтеп жіберейін, – деді. Өзі орнынан тұрып үсті-басын қағынды да, бұрылмастан жүріп кетті. Үнсіз қалған ана екеуіне одырая бір қарады да, қолына жүгенін ұстаған Сүйінғара қарт жылқышының артынан ерді.
Тұсаулы аттары қатар жайылып жүр. Ол атының ерін де алмаған. Ана кісі Сүйінғараның атына барды да, мұны күтті.
Сүйінғара атын жүгендеп, сулығын салып, жүгенін қайырып, қолына ілген соң, әлгі кісі қолтығынан сүйеп, демеп жіберетіндей болып еді, бірақ иығынан басты. Сүйінғара өзіне қарай бұрылғанда:
Шырағым, бас бітісіңе қарасам өжет бала сияқтысың. «Қоянды қамыс өлтірер, ерді намыс өлтірер» деп, намысқа ұрғаның жөн. Мен де бір Мұңалдың баласымын, ағаңмын! Жоғалған жылқыңның қай бағытта, кімдердің қолында екенін білмеймін. Ондай нөпір көрінбей қалмаса керек еді, бұл күнде алақандай ойда айла да көбейіп кетті ғой. Мен бір жар рет, ұрланған малды белгісіз сайға кіргізіп тастап, көз тасада ұстап, қуғыншыдан ізін жасырып жылға-жылғамен айдап кететінді көрдім. Жалғыз шығып бекер жасаған екенсің, бірақ енді не амал? – Сүйінғара бұл кезде аяғын атқа арта берген-ді, аяғын ер үстінен қайта жұлып алып, жерге секіріп түсті.
Ағатай-ау! Мен не істеуім керек еді! «Жылқыңды ұрлап кетті, Бай-еке! Кешір!» деп алдына мүләйімсіп бас ұрамын ба? Жоқ! Іздеймін! Таппасам, кес басымды? деп барамын! – Өңі күл болып оңып, көзі шарасынан атып шығардай шатынап кетті. Бойын ыза әбден кернесе керек.
Қой, інім, жай! Мен табалап тұрғаным жоқ. Айтайын деп тұрғаным: жауың алдындағы жылқыны айламен алып кетсе, сен де айламен аңды» деген ақыл. Анау Тарлының қапысын білуші ме едің? Сен алдырған малдың бір соқса соғатын жері сол деп ойлаймын. Бірақ сақ бол. Аңдысқан дұшпан абайсызда түссең аямайды. Оның ішіне бір түссең сені ешкім де таппайды. – Осыны айтты да, атыңа мін дегендей қолтығына қолын жүгіртті. Өзінің ыза үстінде қатты кеткенін, бұл кісінің аузынан жақсылықтан, ақ тілектен басқа сөзі де, ойы да жоғын Сүйінғара кейін ұқты. Бірақ мойыны қарысып қалғандай бұрылмады, аузына жөн алғыс сөзі де түспеді. Бірақ ана кісі сіресіп қалған Сүйінғара кейпін, тіпті, аңдамаған сияқты. Ер үстіне лып етіп қонған Сүйінғараның тізгінін ұстап тұрып жол сілтеді.
Осы бағытыңмен тура жүріп отырсаң біраздан кейін, Тарлыға қарай бұрылатын жол кездеседі. Бірақ, сен оған түспе! Олар жалғыз жолдың аузын аңдиды. Жол одан әрі өтіп, ойға құлайды. Сол ойға түскен соң бұрылып, қапыға кірудің басқа ретін тап. Реті бар. Ал, тарт! Жолың болсын! – Ол кісі ат жалынан қолын босатып, мойнына бір ұрды. Сүйінғара да тебіне жөнелді. Ақыл айтқан кісіге, артына бұрылып та қарамады.
«...Иә, жастық-ай; шіркін. Адуынды-ақ!» деп күрсінді айдалада шалқалай жатқан Сүйінғара. Сонда мен неменеге сеніп шірендім екен, тіпті артыма бұрылып қарамадым. Тіпті, сол кісінің аты-жөнін де сұрамай кеттім. Кейін әркімнен іздеу салып көріп едім, із-түссіз, зым-қайым жоққа айналды. Қаптаған көп мұңалдың біріне айналып, көз алдымнан ғайып болды...
Содан бері алпыс жылға таяу уақыт болыпты. Тап, сол оқиғаның есіне бүгін неге оралғанын ол түсінбеді. Айдалада шалқалай жатып, сол жайды ойлады.
...Иә, сонымен арты не болып еді? Ол кісінің айтқаны дәл келді емес пе? Жұрт бұрын көп білмей кең аңғарға құлайтын жалғыз жол бар екен. Ол қиындау, бірақ, қысылғанда өтуге болады. Іздеу аяқталып, мал иесі күдерін үзіп түңілуі, сұрау салуды қойды деген кезде, олар қайта айдап малды шатқалдан шығарып, қыр үстіне өтіп кететін көрінеді.
Жасы үлкен кісінің есіркеп сөйлеген сөзіне Сүйінғара тыжырына, тыртыса тыңдағанменен, іштей кәдімгідей жылып қалған. Ол кісі көзден таса болып кеткенде, мойнын артына бұрды. Бірақ, ешкім көрінбеді. Ол кезде барып жөндеп демін алды.
Сол кісінің айтқаны жөн болып шықты. Жылқыны қапының бір қуысына тығып тастаған екен. Малды жалғыз өзі айырып ала алмайтынын білген Сүйінғара, тез елге жетіп хабар берді. Жылқыны олар айдап шығарып жатқан кезде айырып алды.
Бірақ арты не болды? Сол істеген еңбегін бағалады ма? Өзін қуып шыққан жоқ па?
Есеп айырысып, тиісті малын алып еліне қайтқалы сұранғанда Сүйінғараға бір де тұяқ бермеймін деп, қайта өлген малдарын осының мойнына артқан жоқ па? Сондағы Сүйінғараның өкінгені-ай. Бармағын шайнағанмен, не өнді? Ерегескен Сүйінғара бір үйір жылқыны алдына салды да, қуып кетті. Келді де ішіне бөліп жіберді. Содан кейін ол бетке аттамады. Басқасы ештеме емес-ау. Тек анау Матай ағайынның өкпесі жанына қатты батты. Неге өкпелейді? Олар ел болып жабылып сөгердей Сүйінғара не істеді? Алғаны, өзінің маңдай тері мен табан етінің ақысы. «Әй, ағайын, ағайын! Кейде сондай өкпе зорлығың бар-ау!».
Шалқалай жатқан Сүйінғара қайтуға асықпады. Қасындағы жігіттердің тықыршығанын сезсе де елемепті, «қайбір шаруаларынан қалып барады? Тұрсын! Барармыз! Мынау оңай шаруа ма? Ойланып алайық!» деп, іштей келте түйді.
Иә, бұл оңай шаруа емес.
Орыс елі көп дейді? Білімі бар, көргенді, оқулы көрінеді. Мынау орыс кісі мұны бекер іздемеген болды. Егер, тиісті алым-салығын алып, елді тек өзіне-өзін билетсе, одан қашуға бола ма? Май-шекері, ұн-астығы, киім-кешегі болса, басқа не керек? Мал-мұлын, тері-терсегін бермей ме ел! Анау саудагердің жылмаңдауы бекер емес! Жоқ, бұл жерде енді ойланатын жай жоқ! Ақыры, біреуге қол арту керек болса, осыларға арту керек.
...Бағанадан бері анау ескі оқиғалардың мұны неге мазалап жатқанын енді түсінгендей болды. Бұл жерде де нық жігер, батыл шешім керек екен. Олай болса, Сүйінғара шешті. Ол – мынау, кемемен келгендерге көмек жасайды. Анау Қалбы, Маялардың «Дін, мұсылманшылық!» деп шатуы мүмкін. Әсіресе, Қалбының солай айтатыны кәміл! Маяның білмеймін не айтарын. Ол иілуі мүмкін, иі жұмсақ адам ғой. Бірде онымен Сүйінғара кездесіп, өзегі үзіліп жүр деймісің. Елінде астық бар, мата-жай бар. Ханның қолында әскер-күш бар! Оған қалай қарсы тұрасың! Ол бір шарасыздық дағы деп күрсінген. Барып Маямен ақылдассам ба екен! Жоқ, ақылдаспаймын. Ол өзі шешсін, ал мен өзімше белімді будым.
Ал Қалбы қыңыр адам. Мойны бір қисайса, оны қайта жазу қиын. Ерегессе өлсе де қайтпайды. Қыңырайып барып, құласа құлар, бірақ айтқанынан айнымайды. «Мұсылман, мұсылман!» деп кеңірдек жырта айқайлайтын Хиуа ханының мұсылманшылық рақымы шамалы ғой. Бегінің де, бегіленінің де аялағаны – Адайдың малы. Қанша елді қан қақсатты. Зекеті мен бітірі бітер емес. Мынау арқа беттегі, өзіміздің қазағымыз деген ағайынның да істеп отырғаны анау. Ол жақта да шаң, дүрбелең бар көрінеді. Уа, сорлы ел басыңды кімге сүйерсің? Кім саған пана болар?
Сүйінғара орнынан атып түрегелді де, атына шапшаң мінді.
Бірден тебіне жөнелді.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
АҢДЫСУ
Бұл жаулықты бастаған.
Ел намысын тастаған,
Тар қонысқа таласқан,
Бір кемпір-наз өкпе еді.
Ығылман Шөреков
«Исатай-Махамбет» поэмасынан
Өмірзақ ат тізгінін жарқабақтың басынан төмен түсетін жалғыз табан жол көрінгенде ғана тартты. Оған ыңғай байқаған жетегіндегі түйе де кідірді... Түйе үстіндегі Өмірзақтың шешесі де ештеме айтқан жоқ. Теңіз сарылы күшейе берген соң оның жақын екенін сезсе керек.
Баласымен екеуі діттеп шыққан межесіне жақындаған сайын көп сөзден тыйылған. Әсіресе, ертеңгісін анау Түбіжік желкесіндегі бір ауылға қонып шыққан. Сарала таңнан аттанып, олар енді іздеп келе жатқан ауылына жетіп тынығуға тиісті.
Түнде жатарда үй иесі:
Ой, атан желіп отырсаңдар, күн қыза Аралдыға жетіп қаласыңдар, – деген.
Алайда, олар қатты жүре алмады. Және алдында жатқан Қаңғаның ойына Құйымжақтың, тіпті Түбіжіктің өз тұсынан болмаса Көкше мен Қаракөз бұлағының тұсынан төмен түсіріп жіберіп, төтелей шығып кететін жол болатын. Оны Өмірзақ айқын білмейтін. Сондықтан Ол Үдек құдығының басынан айналып, Төрткөлдің батыс бетімен жүрді. Ана жолаушылардың ізімен түсіп отырып, солардан айырылатын жерге қарай салды. Оның да көп бұрулығы жоқ еді. Жалғыз өзі болса мүмкін, ауыл адамдары сілтеген төте жолмен кетері ықтимал. Қасында шешесі болған соң, адассам сол ренжір деп қысылды.
Бірақ ол адаспапты. Теңіз жағасындағы нағашысының аулының тап үстінен түсіпті. Өзі жаяулай келіп қабақ басынан төмен еңкейді де, дәл келгендерін түсінді. Екі қыстау, екі-үш киіз үй аяқ астында жатыр.
Ол шешесіне келді де:
Жолы қиын, жаяу түспесек болмас, – деді.
Түсейін, түсейін. Келдік қой. – Шешесі түйе мойнымен сырғып түсе қалды. – Иә, пісміллә! Жеттік пе, әйтеуір. – Ол үсті-басын сілкіп, қабаққа келіп үңілді.
Жалғыз ағасының ауырып жатқан хабарын жүргінші жолаушы жеткізді. Одан сырқат кісі бұйымшылап өтініпті. «Өз шаруаңмен кетіп бара жатыр екенсің. Бұру көрме, менің қарындасым мен күйеу балама соқ. Жалғыз жиеніміз бар еді. Жігіт болып қалған, өткен жолы соғып кеткен-ді. Менен тағы бір хабар алсын. Мына ауруым меңдеп бара жатқан секілді. Күйеу бала мен қарындас келе алмайтын болса, жиенімізді жіберсін. Тапсыратын шаруам да бар!» депті. Соны Бозашы бетке келген кісі айтты.
Жолаушы кісінің бұл сөзінен кейін үйдің үлкендері үрпиісіп қалды. Тіпті Өмірзақтың шешесі көзіне жас алып:
Ағекемді көре алмай кетемін бе? Жер де шалғай, бір қиянда жатырмын, – деп кәдімгідей босады. Жаулығының ұшымен ылғалданған көзін сүртті. Оған жүргінші жұбату айтты.
Уа, бәйбіше! Олай босама! Алла қуат берсін. Мүмкін, әлдеқандай салқын шығар. Мен тек айт деген сөзін айтып отырмын. Айтпасам, борыш болады. Қолынан дәм татқан сыйлы кісі еді. Ешкімге зияны жоқ, бір құдай деген жан ғой. Алланың рақымы түссе, жазылып та кетер. Ал, шаруаларыңыздың реті үйлесіп жатса, барып көрісіп қайтқандарың артық емес қой. Оны өздерің біліңдер, – деді.
Өмірзақтың әкесі ол кісіден:
Көршілері кім екен? – деп сұрапты.
Төрт-бес үй отырған балықшылар. Әсіресе, бір түрікпен шал көршісі бар. Жалғыз қалған, жасы жеткен кісі. Немересі, қызы сірә, немересі-ау деймін. Келін-баласының қайда екенін білмедім. Ал, қош болыңдар, мен жүрейін. – Ол кісі орнынан түрегелді.
Қонақтың атын әкел, Өмірзақ. Ал бізде бұйым-қызметіңіз бар ма?
Қандай бұйым болсын. Әбекеңнің бір сәлемін жеткізу. Басқа бұл ауылда шаруам жоқ.
Рақмет ендеше. Біздің Әбекеңді сыйласаңыз, сізді Алла сыйласын. Ауылымыз осы, жолыңыз түссе келіп-кетіп тұрыңыз. – Ол кісі өз пейілін білдірді.
Міне, хабардың реті осылай жетті. Алғашыңда үшеуі бірге жүрмек болған. Бірақ, оған шаруаларының реті үйлеспеді. Аз ғана ұсақ малға қарайтын кісі қажет. Оның күндіз суаруы, кешке қоралауы бар. Өмірзақты тастап, екеуі кету де мүмкін емес. Ол кісі жиенге байланысты шаруам бар депті. Содан әкесі кейін баратын болып қалды да, Өмірзақ пен шешесінің келіп тұрған реттері осы.
Ауыл адамдары Өмірзақ пен шешесін әбден тау етегіне түскен соң көрді. Алғашында кімдер екенін ажырата алмай одырайып тұрысты. Өмірзақ сыртта жүрген нағашы жеңгесін бірден таныған-ды. Ол кісі жерошақ басында шай қайнатып әлек еді. Ежелгі сыбай-серігі түрікпен шалдың үйі де Өмірзақ көзіне жылы ұшырады. Өткен жолғы көрген шалдың қызы Гүлше Өмірзақтың көз алдына қазір де келе қалды. Өмірзақ онымен мына құдықтан су алып келе жатқанда ұшырасқан. Олар тіс жарып тіл қатысқан жоқ. Тек имене төмен қарап көз қиығын бір тастады. Жүзі ду ете түскендей, өңі жылы ұшырап кетті. Кейіннен де мөлдір көздің сол қиығы, қыздың ұзын кірпігі, мұның көз алдында тұрып қалғандай. Көзін жұмса болды, бірнеше рет елестеп өтеді.
Өмірзақ бір сәт келген шаруасын, нағашысының ауырып жатқанын ұмытып кетіп, анау үйдің айналасын көзімен тінткіледі. Гүлше көрінбейді. Тіпті, ол үйде тіршілік жоқ сияқты. Әлдене болып қалды ма деп жүрегі зу ете түсті. Аман болса жарар еді. Бәрі де аман болсын!» деп тілегіне нағашы атасын да қосты. Осы кезде бұларды ажырата танып, нағашы жеңгесі де ұмтылған-ды.
Ой, мынау ерке қыз ғой, Өміржан ғой! – Ол ілгері ұмтыла түсті де, үйге қарай бұрылып: – Отағасы! Қарындасың келеді, жиенің келеді, – деп те дауыстады.
Гүлше күтпеген жерден, нағашысы үйінің тасасынан көрінді.
Анау кісінің дауыс етпей қуана үн қатқанынан іздеп келе жатқан адамының тірі екенін ұқты. Гүлшенің де қарасын көріп қарадай қуанды. Нағашы жеңгесі құшақтап сүйіп жатқанда, тек ырсиып күле берді.Ол кісі содан қайын сіңлісімен құшақтасып көрісті.
Екеуі қатарласа сөйлеп жатыр:
Аман-есенсіңдер ме?
Қуаттымысың, жеңеше! Сені де көретін күн бар екен ғой.
Шүкір, шүкір! Көкем қалай? Тірі ме әйтеуір.
Жақсы, жақсы! Күйеу бала неге келмеді?
Шаруадан, мал-жандықтан қолы тие ме?
Олардың сөзінің осы тұсында Өмірзақ күліп жіберді. Анау кісінің күйеу бала деп сұрап жатқаны, өзінің әкесін, елуден асып алпысқа таянған әкесін көз алдына елестетті. «Ерке қызы – мынау, самайына ақ кірген кемпір. Күйеу баласы – анау, буыны қалтылдай бастаған шал. Қайта жасы үлкен болса да мына кісінің өзі тың. Иә, шіркін көңіл-ай!»
Бұл шақта Гүлше де алдарынан шығып, ернін қыбырлатып сәлемдескендей болды. Содан кейін тез жүзін аударып әкетіп, бұлардың түйесінің бұйдасынан ұстап, үйдің қапталына шөгере берді.
Шағын киіз үйдің төрінде жатқан кісі бұлар үйге кіргенде орнынан тұрып отырмақ ниет білдірді. Ол үшін әуелі кеудесін көтеріп, екі қолымен жер тіремек еді. Бірақ ауырсына ыңыранып, төсегіне қайта жатты. Ыңқылын естірмейін деп шыдап бақты.
Үйге бірінші болып Өмірзақтың шешесі кірген. Ағасының мынандай күйінен абдырап буыны босағандай кідіріп қалды.
Иегі кемсеңдеп, көзінің жасы төгіле берді. Бұл кезде төрге ұмтылған Өмірзақ шешесінің ондай күйін байқамаған болатын. Ол нағашысының жастығын түзеп, басын сүйеді. Шал ризашылықпен Өмірзақтың қолын қысты да, басын изеді.
Осы кезде Өмірзақ шешесінің дауысы шығып кетті.
Тұншыға өксіп, үні ышқына шықты. Қанша десе де, өзін-өзі ұстай алмай қалды. Ағасының қуқыл тартып әлсіреген үрейлі бейнесінен шошыды ма, әлде ойына басқа нәрсе түсіп кетті ме, оны ешкім білмеді. Ышқына шыққан үні жарықшақтана атылып, тастан-тасқа соққан оқтың үніндей естілді. Бәрі соған қарай қалысты.
Оған ілесе үйге кірген жеңгесі:
Саған не болды, ерке қыз. Тірі жатқан кісіге адам дауыс ете ме екен? Ондай жаман ырымға бастама. Көрмейсің бе, жатыр ғой өз төрінде, өз төсегінде, – деді.
Жеңгесінің дауысы алғашында қатқылдау шыққанымен, аяғын жұмсарта аяқтады. Ұзын бойлы, сүйекті кісі қазан-ошақ жаққа қарай өтті.
Ағасы да мұның дауыс шығарғанын жақтырмай, тыжырына қалды. «Қой, қой!» деп дауыс шығарғандай болды. Зылиқа риза болып кетті.
Солай-ау, жеңеше! Шыдай алмадым, көремін бе, көрмеймін бе деп қорқып едім.
Көзіндегі жасы кеппесе де, күлімдей жалтырап ағасына қарады.
Армысың, көке! Бармысың әйтеуір! – Тағы да босаңсып бара жатқанын сезіп, өзін-өзі тежей: – Қойдым, қойдым! Жақсы болсаңыз, енді жыламаймын, – деді.
Бұлар келгеннен кейін Абдал қарт екі-үш күнде кәдімгідей тәуір болып қалды. Жас сорпа ішіп, төсекте басын көтеріп отыруға да әлі келді. Оған әрқайсысы өзінше дәлел тауып, мәз болысып жатыр.
Бұл шалдікі еркелік екен ғой. Қарындасы мен жиені келіп еді, тұрды да кетті, – деп зайыбы қағытады.
Езуі күлуге жуыспаса да, күлімсірейді. Көзі жылтырай:
Жігіт жақсы болса, нағашысын сұра деп. Өміржандай жігіт келгенде нағашысы сұлап жату бұған ар ғой. Бар қуатымды жинап, намысқа тырысып отырмын, – деп күледі.
Өмірзақтың иығына сүйеніп далаға шықты. Үйдегі әйелдер жағы: «Қайтесің? Әбден әлденіп ал, сосын-ақ шығарсың!» – деп еді, шал көнбеді. Буындары сырт-сырт сатырлап, үзіліп кететін сияқты. Бірақ ол тырысып көнбеді. Далаға шыққан соң, қыдырт деді. Қиналғанына қарамастан, өзін-өзі зорлады. Ақыры қатып, қаңсып қалған қу сүйекке қайта шыр бітіп, ол жіпсігендей болды. Сол кезде ғана шал ыссы тасқа құйрығын қойып, дем алды. Таза ауаны керіле, рахаттана жұтты.
– Ой-хай! Паһ, шіркін кең дүние-ай! – деп күбірлеп сөйлеп қояды.
Осыдан кейін ас ішуі де біртіндеп түзеле бастап, жиі-жиі терлейтін болды.
Бір күні өзі киінді де, белін мықтап таңды. Аяғы да ширап қалыпты. Ешкімнің көмегінсіз өзі тысқа шықты да, есік алдында айналаны барлап жүрді.
Төңірек сол бұрынғы қалпы, еш өзгеріс жоқ. Ауыл төбесінен үңіліп тұрған жарқабақ сұрғая батысқа қарай созылып барады. Көп ұзамай ол терістікке бағытталып, оралып кетеді. Құмдауыт жағы да, бүкіл теңіз де әлденені құпиялап қымтанғандай көзден ғайып болады. Сәл әрегіректен, ербиіп-ербиіп сүттіген көрінеді. Ал, теңіз жағасына таялған сайын, сусыған қызғылт құм үстінде жеңіл жел бар. Ондай сәтте, бүкіл су беті жыбырлап, саған қарай, жағаға қарай жөңкіле ұмтылып келе жатқандай. Алғашқы ондай көріністі көрген адамға теңіз қазір бері қарай ақтарылып, бүкіл әлемді су алып кететіндей елес береді. Бірақ, теңіз шарасынан шықпайды. Жағаға келіп бар салмағымен күрс соғылып, ауыр күрсініп демін алып қайта кейін лықсиды. Осылайша, мәңгі толқып, мәңгі қозғалыста жатады.
Кейде, тапа-тал түсте теңіз тұсынан үңіліп аспандағы ай жарқырап тұрады. Жұқа аппақ сәуле шашқан дөңгелек жүзі сәнденіп кетеді. Өмірзақтың нағашы анасы - Әбекеңе мұндай сәттерде ай мұңайып, жалғызсырап тұрған сияқты көрінеді. Төмен түсіп батып кетсе, оны біреу жұтып жіберіп, қайта шықпай қалатындай. «Бейшара-ай! Неге жалғыз болып жаратылды екен? Жалғыздың мұңлық күні осы-ay. Күн де жалғыз. Алайда оның қызуы, қуаты бар. Кейде шақырайып, қаһарын төккенде әлемді өртеп жібере жаздайды, тіпті, өртеп те жібереді. Ал, ай ше? Жүзі мұңды жас жесірдей, жас жетімдей солғын! Бейшара-ай!».
Көзінің алды бұлдырап, теңіз беті көтеріліп келе жатқандай үрейлі. Бүкіл дүние дүр теңселіп кеткен сияқты. Сол шайқалған теңіз, дірілдеген күн мен айға қосылып бұл да құлап бара жатқандай сезініп еді, келер сәтте сол қопарылып бара жатқан әлемнің арасынан қалт еткендей елес берді. Кеудесін судан көтеріп, бұған арнап қол бұлғағандай. «Ойпыр-ау, мынау біздің Берді аға ғой. Берді аға!» деп, ол дауыстап жібере жаздады.
Қасында тұрған Өмірзақ ол кісі өңінің құбылып кеткенін байқады. Бір сәт құлап бара жатқандай көрінді. Ол Әбекеңді құшақтай алды.
Не болды, нағашеке! Не болды? – дауысы қаттырақ шығып кетті.
А, Өмірзақ! Сенбісің? – Ол есін келер сәтте жинады. Көзін ашып, денесін тіктей түзеп тұрды.
Басым айналып кетті ме? Көзіме Берді ағаң елестеп... Жүрші, бері!
Әбекең көрші тұрған Гүлшенің үйіне қарай жүрді. Оның мақсатын түсінбеген Өмірзақ жүрегі дүрсілдеп кетті. Ол үйге жақындаған сайын, ол бір ысынып, бір суынды. Оның әкесі, түрікпен шал қайтыс болыпты. Бірақ, ол неден, қалай қайтыс болды, ол жағын Өмірзақ білгісі келсе де, сұрай алмаған. Сұрауға қысылды. Бір қалтарыста әкесіне қайыр болсын деп, иек қағып қалды. Гүлше де төмен қараған күйі үнсіз бас изеді. Бұлар келгелі Әбекең үйіне кіріп-шығып, өз адамдарынша шаруаларына араласып жүр.
Ол үйге жақындағанда Әбекең кідірді де, сырттан дауыстап:
Гүлше! Үйдемісің! – деп сұрап алды.
Қыз бала үйдемін деген соң, тағы да сол тұрған жерінде үн қатып:
Көрпеше жайшы, айналайын. Берді ағаңа мына Өмірзақ бата тигізсін, – деді.
Өмірзақ жүрегі тағы дүрсілдей соғып кетті. Алайда, үрейсіз жеңіл соғатын секілді. Тіпті, кеудесін жылытып өткендей. Бұл не құбылыс екенін анық түсінбеген ол, қысылып, ауа қарманған адамша атасына қарап:
Апам да бата оқысын, – деді.
Иә, солай ма? Иә, айта қойшы. – Әбекең ақсақал жеңіл көнді. Өмірзақ үйге қарай балаша жүгіре жөнелді. Шешесін ертіп шықты.
Гүлшенің үйіне күдікті үмітпен ынтығатын секілді. Барғысы, Гүлшемен сөйлескісі де келеді. Бірақ, оған жүрексініп, батылы жетпейді. Ол бір ұят нәрседей қысылып, егер екеуі оңаша сөйлесе қалса, бүкіл әлем екеуіне саусақ шошайтып қарай қалатын сияқты. Балаң сезімнен әлі толық ада болмаған желең жігітке анасы қорғандай. Сондықтан, анасын алдына салып ол үйге еш именбестен кірді.
Әбекең алақанын жайып, аят оқи бастады. Күбірсіз, белгісіз әлдебір сыбыс шығарып, ерні ғана қыбырлайды. Басқалар да өздерінше айтатындарын айтып, ілесіп қолын көтеріп, беттерін сипады.
Өмірзақ білмейтін-ді. Оған үйренуге тырысып, құнттаған да адам жоқ. Үйде астан соң әкесі ас қайырады да, ерінбесе бұл да алақанын жаяды. Қазір де, рет бойынша қолын көтеріп еді. Көзі Гүлшеге түсіп кетті. Ол басын тұқырып, төмен қарап қалыпты. Көзі мұнартып, жас үйіріліп, соны көрсетпеу үшін қырындай отырған сияқты. Әйтеуір, аузы жыбырлап бұл да бір нәрсе айтады. Мұны көрген Өмірзақ қарадай терши жөнелді. Қолы сылқ етіп, төмен түсіп кетті де, келер сәтте қайта жинап алды. «Қап, әттеген-ай! Ұят болды-ау. Түк аят білмеймін. Мына Гүлше зулап оқып жатқанда, мен мақау адаммын, безірейіп отырмын. Көргенсіздік деген осы шығар. Неге бірдеме үйренбедім екен. Әйтеуір, осындай сый жерде аузың жыбырласа болды-дағы. Не айтып отырғаныңды кім білсін!» Оның есіне бір жігіттің айтқан әңгімесі келді. Ол да осындай аят білмейтін болса керек. «Бір күні, қасымда құрдасым бар, айдалада келе жатыр едік, – деп бастаған әлгі жігіт әңгімесін, – Содан айдалада мола кездесті. Басына найза шаншып, қабырдың үстіне сауыт пен қалқан тастапты. Ел үшін шейт кеткен батыр болар деп ойладым. Жеткізе алмайтын болған соң, осылай жерлеген шығар. Кім де болса, әйтеуір туған жер үшін қан төккен адам ғой, аят оқиын десем, ештеме білмеймін, қасымдағы жолдасымнан өтінуді ар көрдім. Жүрелей отыра қалып: «Қобыланды сонда шүу деді. Тайбурыл сонда гуледі» деп, заулаттым. Ақырында: «жатқан жерің жайлы болсын!» деп, бетті сипап орнымнан тұрдым да, бір уыс топырақты аударып тастадым. Сол кезде құрдасым келіп, құшақтай алғаны. «Түу, өзің ғұлама молда екенсің ғой, мұның бәрің қайдан үйреніп жүрсің?» деді. Мен оған менсінбей қарап: «Сендей маубас дейсің бе? Бір естісем қағып аламын» деп мақтанып та үлгердім».
Алайда, Өмірзақ ойын Әбекең қарттың қимылы бөліп кетті. Ол да аятын аяқтап, бетін сипап жатыр екен. Өмірзақ та асығыс-үсігіс қолын қайыра салды. Өзінің бұл әрекетін біреу-міреу байқап қалды ма деп, айналасына қарап еді, күдіктенетін ештеме сезбеді. Жүрегі орнына түсіп, тынышталып отырды.
Иә, жарықтық жатқан жері жайлы болсын, – деді де, аузынан бұл сөз абайсызда шығып кеткенін абайлап қалды. Бұл кезде Гүлше далаға, ошақ басына шығып кеткен-ді. Содан кейін ол қарындасы мен Өмірзаққа қарап:
Жарықтық, жақсы көрші еді. Қайда жатқанын кім білсін. Балыққа жем болып, бақа-шаянның аузында кетті ме? Тілсіз жау – теңіз жұтты ғой оны. Ауыл-аймақ үшін опат болды, – деп күрсініп алды.
Нағашысының аузын андып отырған Өмірзақ оған таңдана қарады. Бұдан бұрын келгенде ол Гүлшенің әкесін көрген-ді. Әбекең үйіне шақырып, қонақ болған. Пәлендей қартаймаған кісі секілді-ау. Әйелі өліп, жалғыз қызына қарап отырғанын естіген. Бірақ, қалайша қайтыс болғанын бұл білмейді.
Әбекеңнің мына сөзінен кейін тосын бір нәрсенің болғанын сезген Өмірзақ:
Ол кісі қалай қаза тапты? – деп сұрады.
Бұл сұрап тәптіштеп алмаса, ол кісі ештеме айтпай қоятындай. Шынында да, Әбекең қарындасы мен жиенін асығыс шақыртып, әлдене айтқысы келетін адамдай, бірақ соған батпайтын секілді. Алайда оны Зылиқа да, Өмірзақ та әзір сезіп жүрген жоқ. Олар алғашында неге шұғыл шақырды деп күдіктенгенмен, оның бұлар келгендегі ауру халі, қайтадан жазылып кетуі бар күдікті сейілтіп, ұмыттырып жіберген.
Қазір де Өмірзақ ешбір бүкпе ойсыз сұрап қалған-ды. Әбекең қарт ойланып отырды. Сәлден кейін Өмірзаққа бұрылып:
Сен ол кісіні көрдің ғой? – деді.
Иә, көрдім.
Жақсы кісі емес пе де?
Жақсы кісі сияқты.
Жақсының өзі еді. Ел үшін кетті ғой суға.
Қалай болды ол оқиға? – деп, Өмірзақ қайталай сұрады.
Бұл жолы Әбекең кідіріп жатпады. Болған оқиғаны баяндап берді. Ол былайша болған екен.
Осы көктемнің суық басталып, жер бетінің көпке дейін жіпсімей жатқанын жұрттың бәрі білетін. Теңіз жағалауында одан да қиын соғыпты. Мұз көпке дейін түспей, көпшілік тарығып қалған. Қолдарындағы сирағы шығып, сәл шыдаса, екеу-үшеу болғалы тұрған ұсақ жандықты пышаққа қимайды. Олардың обалынан бұрын, қыстан шыққан арық, сойған еңбегіңді ақтамайды. Бала-шаға ашығып, үлкен кісілерге де оңай соқпайды. Осы жағдайды көрген қарт балықшы түрікпен үйінде шыдап отыра алмайды. Мұз сөгілісімен, жұрттың айтқанын тыңдамай, үлкендігін елемей, қасына серік алып су үстіне шығып кетеді. Тереңірек барып, ау тастайды. Алғашқы күндері көп ештеме ілінбейді. Балықтың көктемде қалай жүретінін оның өзі ғана біледі. Ақыры, сол жылғаны тауып ау тастады. Ауды балық қауып қалған екен. Бөлдіркені толтырып, ауды қайта жазып төгу қызығымен жүргенде, тұтқиылдан жел соғып, оны шайқалтып жібереді. Сол кезде Берді қайықтан ауып, суға түсіп кеткен. Кәнігі балықшы бөлдіркеге қайта жабысқанда шығып кетуі мүмкін еді. Алайда, бірден батып кеткен. Иә, мұздай суда сіңірі құрысып қалған, немесе құлағанда басы ескекке, не бөлдіркенің қырына соғып, есінен танып қалған. Қалай болғанда да, жағаға балық толы бөлдірке келді де, Берді қарт шықпай қалды.
Шағын ауылға бір бөлдірке балық біразға жетті. Жер аяғы кеңіп, мал төлдеп, адам аузы аққа ілікті. Осылайша, шағын ауылды аштан алып қалды.
Сүйегі табылмастан кетті ме? – Әбді ақсақалдың әңгімесін ұйып тыңдаған Өмірзақ оның аузына құлағын тосты. Ең болмаса сүйегі табылса, тіріліп келгендей қуанатын секілді. Әбді қарт ақырын ғана басын шайқап:
Судың ағымы қайда алып кеткенін қайдан білейік. Жағалықты, аяқ жететін жерді біраз кезіп едік, ештеме кездестіре алмадық. Біз, бүкіл ауылымыз болып Берді аға алдында борышты болып қалып отырмыз. Әсіресе, мен қарыздармын ол кісінің алдында, жиенжан, – деп сөзінің осы тұсында Өмірзаққа бұрылды. Сәл кідіріп алып әңгімесін жалғастырып әкетті. – Мына Зылиха біледі, пәлендей көп малым болмаса да мен де жұтап қалып, осы теңіз жағасын паналағанмын. Өлмейтінге өлі балық жолығады. Сонда осы Берді ағаны паналап едім. Енді міне, қолымда жалғыз кенжесі Гүлшесі қалды. Осыны жөндеп орналастырсам деймін, – Әбді қарт сөзін күрт тоқтатты.
Бұл күні олар басқа әңгіме айтқан жоқ. Әрқайсысы өз ойларымен тарасты. Өмірзаққа қарт әңгімесі қатты әсер етті. Түнімен түсінде теңізді, оның бетінде қалт-құлт қалқыған шалды көрді. Ол кісі Өмірзаққа қол бұлғайтын секілді, бұл да оған көмекке барғысы келеді. Бірақ, әлдене кеудесінен кейін итеретіндей. Бір мезгілде, бөгет болған нәрсе кейін сыпырылып қалып, ол құлаштап жүзіп келеді. Бір мезгілде, шалға қарай тағы бір адам оның қапталында қосарлана ұмтылады. Әуелгісінде, ол айқын көрінбеді. Кенет ол шашы ұзын адамға ұқсайды. Ойпыр-ау, мынау Гүлше ғой! Иә, соның өзі, дәл сол!
Өмірзақ қанаттана түскендей ілгері құлашты ұрып-ұрып жіберді. Бірақ, қарт бейнесі қылт-қылт көрініп, ғайып болды.
Айдын теңіз үстінде Гүлше екеуі ғана қалып қатар жүзіп келеді. Теңіз толқып тулай бастады.
Алыстан әлдеқайдан гүрсіл естілгендей. Сол гүрсілден Өмірзақ оянып кетті. Мұның не түс екенін ұға алмай, ол басын көтеріп алды. Шынында ол гүрсіл естіледі. Ол орнынан көтеріліп қарағанда, теңіз бетінің қозғалып жатқанын көрді. Жағаға гүрс-гүрс соғылған толқындар кейін лықсиды.
Таңертеңгі астарын ішіп болғаннан кейін, Әбді қарт та қарындасы мен жиенін қасына отырғызып алып, Өмірзаққа қарады.
Кешегі Берді ақсақал жайында айтқанымнан сен не ұқтың? – деді.
Аянышты өлім екен. – Әлденені сезе бастаған Өмірзақ та жауабын қысқа қайырды.
Қалай өлсе де өлімнің аты бір ғой. Әрине, ақ жуылып, аруланып қойылғанға не жетсін. Мен, ол жөнінде емес, оның арты жөнінде айтамын. Соған не дейсіздер?
Зылиха ағасына қарап, содан кейін назарын баласына аударды. Баласы ештеме аңғарып отырған жан еместей, түрулі есіктен теңіз бетіне қарайды. Ол кісінің не айтқалы келе жатқаны айқын бола бастаған сияқты. Екеуі де үнсіз қалды. Оның өзі үлкен кісіге қарсылықтай болып көрінуі ықтимал. Сондықтан да Зылиха баласының жүзін тағы бір шолып өтті де ағасына:
Өзіңіз айта беріңізші. Біз не шешелік, – деді.
Мен айтсам, Өмірзақ пен Гүлше бір-біріне лайық секілді. Сүп-сүйкімді бала, сүйенер ешкімі жоқ, қолыңа кіргізіп ал. Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала деген – Әбді сөзінің аяғын Зылихаға қарап, тіктеу бітірді.
Зылиха жүзі тез құбылып шырайланып кетті. Көзінде қуаныш ұшқыны пайда болғандай жылт-жылт етеді.
Ондай келінді бізге кім берер? – деп қарттың жауабы айқын болса да төмен қарап, имене сөйледі. Өзі ризашылығын да бірден бүкпесіз білдіріп тастады.
Менің марқұм алдында борышымды өтегенім болады. Бұл дүнияда Гүлшенің менен жақын адамы жоқ. Әкесі солай деп ертеде тапсырған. Мен де мынау, бірде ауру, бірде сау. Сіздерді асығыс шақырғандағы айтарым осы еді. Бұған да жетпей кетемін бе деп едім, шүкір, жеттім әйтеуір. – Мойнындағы жүк түскендей Әбді қарт орнынан бір көтеріліп, қайта отырды. Жан-жағына да жеңілдене қарады.
Өмірзақта үн жоқ, тына қалған. Көзін бір қадаған ноқаттан алмайды. Қозғалуға қорқып отырған секілді.
Ал қалың мал көп сұрайсыз ба? Біздің жайымыз да тым мәз емес, – Зылиха сол төмен қарап именген күйі көз қырын ағасына тастады.
Е, теңі келсе тегін бер деген. Мен де қатал болмаспын, – деп қарындасының ыңғайына қарай ол да әзілдей үн қатты. Әбден жеңілденіп, бар мәселе шешілгендей. Ол орнынан тұрып кетті. Үйдің орта тұсына барды да, кілт бұрылып орнына қайта отыра қалды.
Мұндайда әйет оқылады екен ғой, – деп қолын жайды. Ол әйетін бастай беріп қайта үзді. Ол да қарысып барады.
Өмірзақ лып етіп орнынан тез көтерілді. Көпшілік қолдарын көтеріп, беттерін сипағанда ол да үлкендер ісін қайталады.
Осылайша Өмірзақ пен Гүлше тағдыры шешіліп, екеуі бір-біріне бір ауыз тіл қатпаса да, бір үйдің адамдары болып шықты.
Төрт-бес түйесі бар, аттылы-есекті бес-алты адамнан құралған шағын топтың ел аралап жүргеніне біршама уақыт. Оны әркім анау ауылдан көрдік, мына ауылдан көрдік дейді. Көш керуені дейін десе оған ұқсамайды. Тиеген жүгінің ішінде ұзын-ұзын кереге, төңкерілген шаңырақ жоқ. Тек қонған жерде бастарына қалқан болатын күркешіктері ғана бар көрінеді. Жаңа ауылға келгенде соларын тұстарына құрып жіберіп, уақытша баспана ғана жасайды. Ал, сауда керуені дейін десе, одан да қораштау. Олар анау Сартасқа барып, тіпті теңізден әрі өтіп кетіп үлкен базар ашатын көрінеді. Бұлардың жүрген жері – ауыл арасы. Қай ауылға келсе де, алдымен балалар мәз болады. Есек көрмеген олар соған шуласып қалады. Содан кейін, жүгін түсірген соң теңдерін ашып балаларға шекер ұстатады. Ондай байлықты көрмеген ауыл балалары тәттіге шыбындай жабысады. Бірақ оны олар кейін қуып жатқан жоқ. Тіпті, қаба сақалды үлкен басшысы олармен кейде сөйлеседі де. Онысы қазақша судай.
Осылайша, жаз бойы елдің ішінде әңгіме тараған топ ақыры Өмірзақтың ауылына да келеді. Бұл ауылдың адамдары хабарларын сырттай естіп, кейбірі шай-су, көйлек-көншек мата алып келгенменен, қиянда, теңіз жағасына таяу шағын жарлы ауылға назар аударады деп ойлаған жоқ еді.
Шоғырланған жүргіншілер алыстан қарайып көрінеді. Алғашында біресе бытырап, біресе ұйлыға жайылып келе жатқан малдай көзге түсті. Өйткені, бұл далада осылайша жайылатын мал аз болмайтын.
Бұл ауылдың бар жандығы, аз ғана жылқы-түйесі ауылдың желкесіне беттеп теңіз жағалауына қарай кететін. Олардың көрінетін де кезі емес. Қазір шай-шалаптарын ішіп, бір сәт сабырлы тыныштыққа, байыздауға көшкен.
Топтанған шоғыр кенет бірінің соңынан бірі тізіліп, ұшқан құстай шеру түзеді. Түп-түзу істіктің бойына ілінгендей. Сол қалпын бұзбастан ауылға жақындады. Шеру басында төрт есек. Содан кейін аттылар. Біріне-бірі тіркелген түйелер ең соңында. Олар ауылдың тура алдынан көрінгенмен, жақындаған сайын оңға қарай қиястап, деңгейден өте беріп кірді. Түйелерін шөгеріп түсірген жоқ. Тек, бір атты кісі жалғыз өзі ауылға қарай жүрді.
Әркім үйінің іргесінде қарап отырған. Ешкім оларға қарсы шыққан жоқ. Бір-екі бала солай қарай жүгірмек еді, оны қарт кісілер кейін қайырып тыйып тастады.
Мұндай тәртіпті бұрын бірде-бір жан көрген жоқ-ты.
Даланы ешкім қызғанбайды. Жолаушы болса жүктерін түсіріп, ауылдан келіп ас-су ішулеріне болады. Бағыттарын басқа жаққа түзеген жандар ауыл үстіне бұлайша туралап келмейді. Керуен өтіп кетеді.
Ұйлыққан топтан жалғыз бөлініп шыққан атты кісі шеткі үйге жақындады. Өмірзақтың әкесі көлеңкеде отырған да, өзі үйде болатын. Ол үйден шықты да, бұл кезде тақалып келіп қалған атты кісіге қарсы жүрді.
Жүргінші атының тізгінін тартып, одан ырғып түсті. Үстіндегі киімі саудагерді, тіпті діндар адам кейпін бейнелеген, өте пысық, көзі отты екен. Қызыл-жасыл патшайыдан тіккен желбегей шапаны бар. Шапан ішінен камзол бешпенті, белін патшайы шапан түстес орамалмен сірестіре таңып алыпты. Басына ақ шүберектен сәлде ораған. Аяғында басы қайқы былғары етік. Дөңгелете қырған сақалы мұртымен қосылып, тұтасып кеткен.
Аттан секіріп түскен бойы, екі алақанын жая Өмірзаққа қарай ұсынды. Амандасып, қолдасудың мұндай түрін білмейтін Өмірзақ та жүргіншінің ыңғайына қарай екі алақанын жайып, қол берді. Екеуі осылайша амандасып алды. Қою қалың қасты, имек мұрынды, қошқыл қара жүзді, шақша бас түрікпен кісісі екені көрініп тұрса да, ол қазақша таза сөйледі. Тіпті, аман-саулықты да:
Қоныс құтты болсын! – деп бастады.
Әумин. Айтқаныңыз келсін! – Ол кісі аманшылықты осылайша бастайды деп ойламаған Өмірзақ абдырап қалды. Үлкен кісілер мұндайда не айтушы еді? А, иә, «жол болсын!» деп жүргіншіге де тілек білдіреді. Өмірзақ солай айтты.
Әлей болсын. – Өмірзақ мұндайды түсініп қалды. – Иә, әдет бойынша солай. «Жол болсын!», «Әлей болсын!» Өзінің де, мына жүргінші кісінің де ата жолымен амандасып, сөйлескеніне іштей риза. Жүргінші әлденеге құбылған жүзін шолып өтті де:
Біз азды-көпті бұйым сатып жүрген шағын сауда адамдарымыз. Үлкен жәрмеңкеге түсетін жайымыз жоқ. Шай-су, көйлек-көншек дегендей. Егер ақсақалдар қарсылық білдірмесе, осы ауылдың үстінде де төрт-бес күн еру болсақ деп едік.
Өмірзақ мұндай нәрсеге билік айтуға өзінің жас екенін сезсе де, сауда-саттыққа бұл ауыл ақсақалдарының қарсы болмайтынын ұғады. Өйткені, үлкен кісілердің, базардың алыс екенін айтып, көйлек-көншек жайларына қиналып отырғандығын талай естіген.
Өте жақсы. Ешкім қарсы болмайды. Иә, үйге жүріңіздер. Әне, әкем де отыр. Басқа ақсақалдар да бар, – деп бәйек болды.
Өмірзақ өзіне қарай жақындап келе жатқанын көрген Өмірзақтың әкесі де орнынан көтерілді. Үй ішіндегі кемпірі пен келініне дауыстап:
Кісілер келе жатыр. Киіз-көрпелеріңді жөндеңдер, – деді. Өзі иығындағы шекпенін дұрыстап қайта жамылып, оларға қарсы жүрді.
Басқа үйлердің көлеңкелеріндегі қарт кісілер де орындарынан көтеріліп, бері қозғалды.
Осылайша келген сауда адамдары бұл ауылда ұзақ жатып қалды.
Малға, тері-терсек, жүн-түбітке шай-шекер, мата айырбастап алысты. Өмірзақтың үйіне ықыласы түсіп, тамыр болалық деп әкесіне шапан жапты. Шешесіне де көйлек тігіп киіңіз деп мата ұсынды. Гүлшеге ықыластары ерекше түсті. Оған көйлектік матаға қосып, айна мен тарақ та сыйлады. Гүлше оны алмаймын деп басын шайқап еді, оған ұсынған Дұрды: «Өкпелеймін!» деп болмады. Айна мен тарақты матаға орап оның алдына лақтырып жіберді. Үй адамдары:
Сый кісі, қонақты ренжітпес болар, – десті.
Гүлше қара торы жүзі күреңітіп кетіп, алқызыл ернін тістеді. Төмен қараған күйі басын көтерместен отырып қалды. Алдындағы дүнияға қолын апармады.
Ағаң ғой. Үлкен кісінің қолын қақпас болар, – деп атасы да екінші рет сөйледі. Оны ұялып отыр деген енесі де шалының сөзін қуаттады.
Қожаң берсе, қойныңа сал, – деді.
Тек Өмірзақ қана үнсіз. Ол келіншегіне қарады, оның соншама неге үнсіз қалғанына аң-таң. Әдетте, ол күле сөйлеп отыратын, ашық мінезді еді. Іштей келіншегіне риза. Жылтыраған нәрсе көрдім деп жабыса түскен жоқ. Басын шайқап, алмаймын деген кейіп көрсетті.
Бұл өзі ыңғайсыздау болып бара жатқан соң, енесі оның алдындағы матаны, айна мен тарақты алып қаптылап тастады. Содан кейін қонаққа бұрылып:
Рақмет, шырағым. Бізді сыйласаң, сені Алла сыйласын. Еруліге – қарулы деп бізден бұйымың болса айт, – деді.
Шешесінің сөзіне риза болып қалған Өмірзақ та қонаққа жалт бұрылып:
Иә, Дұрды аға! Не бұйымыңыз бар, айтыңыз? – деді.
Ешқандай бұйымым жоқ. Тамыр болалық, – деді. «Күйеу бала бол!» деп айтайын деді де, Гүлшеге бір қарап, ол сөзінен іркіліп қалды.
Гүлше Дүрдының өзіне бөтен ықыласпен қарайтынын бірден-ақ сезген. Алғашқы келген күні атасы мен Өмірзақ Дұрдымен амандасып тұрғанда ол үйден шыға келгенде Дұрды оған бірден жалт қарап, оқыс бұрылды да, ол сезімін үлкен кісі мен Өмірзақ сезіп қала ма деп қысылғандай, тез жүзін аударып әкетті. Әлдене айтып, қалайда бұлардың назарын бөлуге әрекет жасады. Алайда, оның қас-қағым арасындағы бұл қимылын Өмірзақ та, әкесі де байқамаған-ды.
Кейіннен де, Гүлше Дұрдының сұқтана қарағанын байқады. Оны Гүлше түсінбеді. «Менің түрікпен қызы екенімді біліп, қазаққа қалай тұрмысқа шығып жүр деп таңдана ма? Әлде... әлде... ойы басқа ма?» Әйтеуір, өзіне қарағанда Дұрдының өңі сұстанып, көзі шегірейе қалады. Кейде Гүлшеге Дұрдының бұл қарасы, торғайды аңдыған мысықтың көз қарасындай елестейді. Бір-екі рет бұлардың дастарқанынан дәм татып отырып тым ілгері сұғынбады. Басқа жұртқа жүзін көрсеткісі келмей, кейін шегіне беретін сияқты. Гүлшенің бір-екі рет торғай аңдыған мысықты көргені бар-ды. Бүкіл тынысын ішіне, бауырына тартып, төрт тағандай жерге жабысып қалатын. Кірпігін қақса торғай ұшып кетердей, көзі бәжбие қатып қалады. Мұрты тікірейіп, тынысы үзіліп бара жатқандай. Ес-түссіз ұмтыла қатты секіргенде, сорлы торғайды тырнағымен іліп түседі. Дұрды да өзіне сол мысықша атылатын ниетпен дастарқан басынан кейін жылжитын сияқты.
Мұны, Гүлше жан баласына, тіпті, Өмірзаққа да айта алмады. Сондықтан да, ол Дұрды ұсынған көйлекті, айна-тарақты алғысы келмеді. Бірақ ашып қарсылық айта алмады.
Бар ынта-шынтымен бұлардың тез кетуін тіледі.
Гүлшеге қас қылғандай керуен бұл ауылда ұзақ жатып қалды.
Алғашында: «Жан-жақта жолдастарымыз бар еді. Соларды күтеміз» деді. Тағы бірде: «Артымыздан жаңа жүкпен Хиуадан керуен келуге тиісті болатын. Соны осы жерде кездестіруіміз қажет» деп сылтауратты.
Дұрды көбіне Өмірзақпен жүреді. Өмірзақтың да пәлендей бітіріп жатқан шаруасы жоқ. Оларға мал суарысып көмектеседі. Кейде жай барып отырады. Тамақ ішуге үйіне шақырады.
Бірде, түс ауған мезгілде ол Дұрдымен үйдің көлеңкесінде отыр еді.
Күн төмен еңкейіп келеді. Дегенмен ыстығы әлі басыла қоймаған. Айнала, бүкіл дала қып-қызыл ыстыққа балқып тұрған сияқты. Аптап жаныңды қоярға жер таптырмай қарып, қақтап барады.
Шіркін, қазір теңізге шомылып шығар ма еді? – деді Өмірзақ қиялдап.
Көз алдына өткендегі нағашысы ауылына барғандағы сурет қайта келді. Сол күндердің рахатын бүкіл тұла бойымен қазір сезгендей.
Дұрдының өзіне қадала қарай қалғанын сезген жоқ. Қиялға жүзіп кеткендей үнсіз.
Сен теңізде болып көрдің бе? – Дұрды өз сұрағын ақырын қойды. Әлденені үркітіп аламын ба деп сескенген адамдай.
Болдым теңізде. Қайын атам балықшы түрікпен емес пе? – деп күлді.
А, иә! – Дұрды бір сәт үнсіз қалды. Оның ойлана төмен қарай отырып қалғанына Өмірзақ назар аударған жоқ. Қайта сөйлеп кетті.
Сіз, Дұрды аға, балық ауламайсыз ба? Менің балық аулайтын ауым бар, – деді.
Ау дейсіз бе? Оны қайдан алдың?
Нағашы атам сыйлады. Ал ауды жазып, құруын орыстар үйретті.
Дұрды оның жүзіне жалт қарады. Сенерін де, сенбесін де білмей көзі жыпылықтап кетті. Тынысы тарылып, дем ала алмай қалғандай өндіршегі дүрс ете түсті.
Орыс дейсің бе? Қайдағы орыс ол?
Сіз сияқты ел аралаған орыс. Олар да көйлек-көншек берді. Бірақ сауда жасаған жоқ, сумен жүрді.
Сауда жасамаса не іздейді? – Дұрды шынтақтап жатқан. Бүкіл денесімен ілгері жылжып, құлағын Өмірзақтың аузына тосқандай болды.
Өмірзақ бар көргенін, білгенін айтып берді.
Осыдан кейін олар бұл ауылда көп жатпады. Алғашында, артымыздан сататын бұйым әкелетін серіктеріміз бар деген-ді.
Жата беріңіз. Неге асықтыңыздар? – деген адамдарға.
Бастап келетін жолбасшысы ауырып қалыпты. Жүріс білетін, сенімді басшысыз алыс жолға шығу өте қиын ғой. Аманшылық болса талай көрісерміз, – деді.
Асығыс апыл-ғұпыл жиналды да, тез қозғалып кетті. Жол байлау болады деп барлық есекті осы ауылға тастады. Олар Өмірзаққа бұлармен су тасуға, отын-тезек тасуға болады деп, сен ие бол деген. Мұншама есекті тегін алуға батылы бармаған Өмірзақ қарсылық білдіріп көрген, оны Дұрды зорлап көндірді. Оның шын ықыласымен ұсынып тұрғанын түсінген ауыл адамдары жан-жақтан шулап кетті:
Жолда жол байлау болса қайтсын... Дұрыс қой бұлары.
«Естімеген елде көп, есек мінген сартта көп» деген. Хорезмнің ойы толған есек көрінеді.
Біз де Бесқалаға барып, хиуазын қайырамыз. Тамыр болармыз әлі, оны кім біліпті? – десті.
Көпшілік сөзінің осы тұсында Дұрды күліп:
Дұрыс айтады әлеумет. Тамыр болдық, тағы жолығармыз, – деді.
Осы кезде Өмірзақтың көршісі жарғақ шал:
Бәрін алмасаң, біреуін маған берші. Мен көлік қылайын.
Маған да біреуін бер. Тезек тасуға балалардың көлігі жоқ болып жүр еді, – деп екінші кісі де алатын ыңғай білдірді.
Сол сәтте әрбір үй бір-бірден есекті болды да қалды. Кейбіреулер тегін алуға ыңғайсызданып, ешкі-лақ бермек болып еді, одан Дұрды ат-тонын ала қашты. Есекке қой бергенді артық көрді ме, ешкім қой атамады.
Осыдан жиырма шақты күн өткен соң, ауылға үш атты кісі келді. Тым алыстан болмаса да, аттары терлеп қалыпты. Қабақтары қатыңқы. Аттарының тізгінін тап ауыл үстіне келіп тартқанменен, бірден жерге түспеді.
Алдында қара сұр кісі бар. Қамшысын ердің басына тиеп, соған сүйене сәл еңкейіп, белін босатқан сияқты.
Бұл кімнің ауылы? – деп сұрады.
Олардың келе жатқанын алғашқы көрген балалар болды да, үлкен кісілер далаға шыққан жоқ-ты. Сұсты кісіні көрген балалар алғашында жүгіре ұмтылғанмен, ұйлыға кідіріп қалған. Алда тұрған біреуі ғана батылдай дауыстап:
Біздің ауыл, – деді.
Біздің ауылың не, боқмұрын?! Сендей шибұтта ауыл болушы ма еді? – Ол ат үстінен қамшысын жасқап қалды. Балалар үйді-үйіне зыта жөнелмеген менен үрпиісе кейін шегінді. Балалық қызықтау басым болып тұр.
Тілеміс деген шалдың ауылы осы ма? – деп сұрады екінші бір кісі.
Тілеміс шал бар біздің ауылда. – Алғашқы «біздің ауыл» деп сөйлеген бала таныс есімді естіген соң қуана батылданып кетті. Бұл кезде сырттағы кісілердің дабырын естіген Өмірзақ та үйінен шығып келе жатыр еді. Соны көріп кеткен бала оны қолымен нұсқай көрсетті.
Мына Өмірзақтың әкесі Тілеміс деген. – Содан кейін біздің шаруамыз бітті дегендей ойменен балаларға қарап: – Жүр кеттік!
Бұрын ойнап жатқан жақтарына қарай жүгіре жөнелді. Мына қатал кісілерден еш қызық көре алмайтынын сезген балалар, оның соңынан дүрліге ерді.
Жүргіншілер балаларға назар аударған жоқ. Үйінен шығып, бұларға жақындаған Өмірзақ сәлем берген. Бірақ оның сәлемін алған үлкендер болмады. Олардың салқын ызғарлы қабағын таныған Өмірзақ та үнсіз тосылып қалды.
Тілеміс деген шалдың баласы сен бе? – деп қамшының ұшымен нұсқады.
Ат үстіндегілердің өзіне соншама неге шұқшиғанын түсінбеген Өмірзақ ойланып қалды. «Бұлар кімдер? Не үшін дігірлеп тұр өздері? Мұның әкесінің қаншама қажеті бар?» Ойына келген сауалдарға ол жауап беріп үлгермей, алдыңғы тұрған шегірек көз қара сұр атын тебіне тақалып келді...
Әй, тілің байланып қалды ма? Әкең қайда деймін?
Әкем ауылда жоқ. Құдасына көрісуге кетті.
О, құдасыз қалғыр, құдасыз қалсын. Құда деген оның не теңі еді. – Қара сұр кісі қарадан қарап тұрып тыжырынған-ды.
Өмірзақ өңі өзгеріп, қаны бетіне тебе жүзі күреңітіп, жұдырығын түйіп алғанын өзі де абайламай қалды. Бірақ, оны келер сәтте жазып жіберді. Қабағы түйіле, көзі от шаша шатынайды. Алайда, сойдауылдай үш адамға қарсы не істер? «Бұл не үшін? Әкемнің не жазығы бар?» деп іштей қайталай берді.
Келген кісілер де таңырқап қалған сияқты. Іздеп шыққан адамдары Өмірзақтың әкесі болды. Бұл айқын. Сол кісі ауылда болмаған соң енді не істеулері керек?
Өмірзақ: «Әкем неге керек еді?» деп сұрауға оқталды да, өзін-өзі тежеді. «Айтар өзі! Маған қыстырылып неге қажет?» деп тыжырынып қалды. Жаңа үйден шыққанда, «ауыл үстіне қонақ келген екен, әкем жоқ болса да үйге шақырайын» деп ойлаған-ды.
Бірақ мына кісілердің жүрістеріне, сөз реттеріне ренжіп қалды.
Мүмкін, мынау да білетін шығар. Осыдан сұралық, – деді үшеудің ең соңында тұрған кісі.
Осы ауылға Хорезмнің саудагерлері келді ме? Айт, кәне, шыныңды? Алдында тұрған адам бұған қайта ұмтыла түсті. «Мынау қайтеді-ай!» Егер ол кісілер келгенде біздің не жазығымыз бар? Айтпайын ба келгендерін деп тұрды да: «Жоқ, айтайын. Не істер екен!» деп түйді.
Ал келді. Оларға не істейін деп едіңіз?
Қайда кетті олар?
Саудаларын жасады да, елдеріне кетті.
Олардың дауысы шаң-шұң қатты шықты. Бұл кезде ауыл адамдары жиналып қалған-ды. Көптің топтасуы Өмірзаққа дем бергендей. Келіп тұрған кісілердің кім екендерін біліп тұрмаса да, батыл сөйледі.
Ат үстіндегі үшеу Сүйінғара жұмсаған кісілер болатын. Хорезм ойынан, Бесқаладан саудагерлердің келіп-кетуі еш таң емес-ті. Бірақ осы соңғы келген топ ішінде тың тыңдап, әр нәрсені аңдитын көрінеді деген хабар жетті. Соны сұрастыра келгенде, олардың соңғы тоқтаған жері – Сүйінғараның Карелинмен кездесу үшін барған ауылы.
Үнсіз қайтып кетуге намысы жібермейді. Әлдебір ашу арқасын құрыстырып, тұла бойын сірестіріп тастағандай. Қару сілтемей, аузынан ақ иті, көк иті ақтарылмай жазылмайтын секілді.
Кімді паналатып, кімге қара су беріп жүргендеріңді білесіңдер ме? Олар жау! Ханның тыңшылары! Елдің жауы, Сүйінғараның жауы! Біліп қойыңдар осыны. Айтқанды тыңдамасаңдар, ойнатармын бастарыңа әңгір таяқты!
Көк есек осы кезде ақырып жіберді. Ойына не түсіп кеткенін кім білсін, әйтеуір талтая тұрып, ішек-қарнын солқылдата ақырды. Екі құлағы тікірейіп кеткен.
Ауыл адамдары үнсіз тұр.
Үш кісі алғашында аңыра кідіріп қалды. Керіліп тұрған көк есекке қарады. Оның ар жағында да үш-төрт есек көрінеді.
Мынау...мынау не? – Манадан бергі әрлі-берлі шошаңдатып тұрған қызыл тобылғы қамшысын енді соларға нұсқады. Оның бұл қимылын Өмірзақ түсініп қалып, қарқылдап күліп жөнелді.
Шайтан! Көк есек болып көрініп тұрған шайтан! – деп дауыстады. Өңі құбылып кеткен кісіні көргенде одан сайын күлді.
Есек! Бұлар, шырағым, сол саудагерлерден қалған есектер! – деді көрші жарғақ шал.
Үшеуі тұрған жерлерінде кері бұрылып, дүрсілдете шаба жөнелді.
Есектерді алдарына салып айдап кетті. Ауыл адамдары оған қарсылық білдірмеді. Анау келген саудагерлер дұшпандар, елдің дұшпаны дегені оларды да ойландырып тастаған-ды.
Осылайша, Сүйінғара ойланып жүргенде ауылға, Тұщыбектен шыққан Мәмбетнияз батыр келіп түсті. Жүрісі суыт, қабағы қатыңқы. Жайшылықпен жүрмегені бет-пішіні, жүріс-тұрысы арқылы да айтпай көрінеді. Үстіне қару-жарағын асып алыпты. Тіпті, көк сүңгісін де ерінің қасынан өткізіп, өңгеріп алған. Аяғында саптама етік, белін бекем буыпты. Оны көрген Сүйінғара таңдана қарап:
Уа, батыр жол болсын! Тыныштық па? – деп сұрады.
Тыныштық болушы ма еді, Сүйеке! – деп атынан түсті де: – Ассалаумағалейкум, Сүйеке! – деді.
Тап осы жерден қазір аттанып кететін адам секілді. Үйге кіруге еш ықыласы жоқ.
Мына Әлім қырдың үстінде біздің елге жауша тиіп жатқан көрінеді. Соны естіп, қалай шыдайын. Кешегі Төлептің жоқтығы да бізді басынғаны. Төлеп жоқ болса, біз бар емеспіз бе, Сүйеке? Ботаны боздатып, қойды шулатып, қатын-қалашты жылатып қойып, қалай тыныш отырамыз, Сүйеке? Алдыңа аттан дегелі келдім, белімді бермеймін деп келдім. Қол бастар аға деп келдім. – Мәмбетнияздың беті түтігіп кетті. Сарғыш өңі қып-қызыл болып қанталап, өндіршегі дүрс-дүрс етеді. Ас түйіліп жұтқан адамдай сөзі үздік-үздік шығады.
Уа, жөндеп түсіндірсеңші, жарқыным! Не болды?
Алдымен үйге кір, деміңді ал! – Қонақтың атын ұста дегендей, жас жігіттің біріне иек қақты.
Серіктерін де орналастырыңдар! – деп, екінші жігітке Сүйінғара әмір етті. Бұл Мәмбетниязды оңаша алып, өз үйіме түсіремін деген ишарат болатын. Оны ауыл жігіттері солай түсініп, екі етпестен орындап жатты.
Сүйінғара Мәмбетниязды ертіп өз үйіне бастады. Қатты жүрістен ат соғып тастаған Мәмбетнияз талталақтай қозғалып келеді. Қолына найзасын ұстаған күйінде киіз үйдің алдына жақындады. Сүйінғараның кіші қызы есікті көтеріп ашты да, сәлем бергеннің ретімен аузын қыбырлатты. Жүзі түтіккен Мәмбетнияз оны елеген де жоқ. Табалдырықтан аттар тұста қолында әлі найзасы жүргенін байқады. Маңдайшаның қапталынан, туырлыққа сүйей салды.
Ол табалдырықты аттап өткен соң есікті жапқан Айсалқам найзаны кейін апарып, киіз үйдің белдігіне қыстырды.
Беліндегі қылышын шешпестен салдырлата төрге өтіп, салулы көрпеге барып отыра кетті.
Уа, батыр, жеңілденіп шешініп отыр! – Оның беліндегі қылышын, қолындағы қамшысын тастамағанын ескерте Сүйінғара қонағына қарады.
Төсек салып болып есік жақта Сүйінғараның екінші қызы Жансалқам ақырын ғана жылжып, артымен шықты да, есіктің сықырлауығын қаусыра кетті. Екеуден екеу оңаша қалған кезде ғана Сүйінғара тағы да қонағына бұрылып:
Ал, иә, не болды? Кәне, түсіндіріп айтшы, – деді.
Шапқан жаудың не айтатыны бар. Дөңнің үстінде Адайды малымен иіріп, көшін доғарып бөрідей тиіп жатқан көрінеді. Соны ести сала, бар жасағымды ертіп, сізге шауып келген бойым осы. Баста, Сүйеке!
Әуелі түсіндірші. Ол Әлім ағайын емес пе? – Сүйінғара ақырын сөйледі. Мәмбетнияздың аптыққанын жақтырмайтын шырай білдіріп отыр. Бірақ, айналасына қарап сабырға келетін Мәмбетнияздан рет байқалмайды. Қолындағы қамшысын сілтей жөнелді.
Ағайын болса осылай істей ме? Жаумын дегені ғой. О заманда бұ заман көшкен елге тигенді көріп пе едіңіз? Өкпесі болса айтып, алары болса сұрамайтын ба еді? Адыр жоқ, бұдыр жоқ, қапталдан келіп тиіскені – бітіспеймін, кел іспеймін дегені. Уа, Сүйеке, біз кімбіз? Елді тонатып қойып қалайша отырамыз. Аттану керек. аттану керек. – Екі бүктеулі қамшысымен киіз үстін қойып-қойып қалды. Жеңіл тозаң бұрқ ете түсті.
Аттану қиын емес қой, арты қиын. Біз барып Әлімді шабармыз, Әлім бізді шабар. Солайша ағайын қырылысып жатамыз ба? – Сүйінғара сөзін бітірер-бітірместен Мәмбетнияз киіп кетті.
Ойпыр-ау, соншама жауыздық істеп отырған елді ағайын деп айтуға қалай аузыңыз барады? Сол ағайын ба екен. Жоқ, ол – жау! Қойыннан шыққан, қолтықтан тиген жаудың жаманы! – Мәмбетнияз қамшысы бұл жолы ауада шошаң-шошаң етті.
Сүйінғара үнсіз қалды. Салалы саусақтарымен сиректеу сақалын сипалап, кейде ұшын талдап ширатады. Келер сәтте қос алақанымен бетін бірдей ысқылап уқалады.
Кенет Сүйінғара орнынан атып түрегелді де, Мәмбетниязға қарап:
Ал, сен шаршап келген шығарсың, сәл дем ал. Мен шаруашылық жайын қарастырып келейін, – деді. Соны айтты да, кідірмей есіктен шығып кетті.
Мәмбетнияз: «О!» деп аузын ашты да, басқа ештеме айтып үлгермеді. Қомпаң етіп орнында бір қозғалып, құйрығын ырғалай қайта отырды. Қапталындағы қылышының төсекке тірелгенін сезді. Сүйінғараның мынау әңгімені одан әрі өрбіткісі келмей, шығып кеткенін жақсы ұқты. Бір сәт бойын ашу буып, бұл да осы отырған бойында тік көтеріліп, тұра жөнелмек болды. «Кідірмей жауға бастайды деп келсем, мына кісі кері тартып отыр ғой. Ағайынға паналығы жоқ, басына қиын іс түскенде араша болмайтын адамға несіне ақыл саламын? Қайран атам Төлеп-ай, қарт бабам Қармыс! Жалаңаш ұйықтап жатып, жау десе тыр жалаңаш тұра шабатын, қайран сабаздарым! Мынау не болғаны? Ел қорғаны деп келгенде, «ағайын», «тума ғой, қан төкпе!» деп міңгірлейді». «Келер сәтте есіне қасындағы он шақты адам түсті. Солармен барып, сонау қырдағы қалың елге қалай қорған боларсың? Неде болса аңдысын аңдиын, бұл кісінің де ойлаған бір ойы бар шығар. Елін талатып қояр дейсің бе?»
Сәл сабасына түсейін деген сияқты. Беліндегі қылышына қолының қалай барып қалғанын аңғармады. Кібіртіктей кідіріп тұрып, оны шешіп алды да, іргеге ысырып тастады. Содан кейін құс жастыққа шалқалай жатып аяғын керіле созды. Бойын құрсаған ашу онымен бірге созылып, сәл тарайын дегендей болды. Сонда да кең үйдің қақ ортасында жалғыз өзі жатып ұрынарға қара таба алмай кіжінді.
Есік ашылып, дағарадай үлкен жаулық көзге түсті. Үстіндегі жібек көйлегінің етегі мәсісін жапқан әйел адамның пошымы көрінді. Есікті шалқалай сабырмен көтеріп, үйге Сүйінғараның бәйбішесі енді. Оған таңдана қарап, танығаннан кейін Мәмбетнияз орнынан көтерілді. Оған жеңге саналатын бұл кісімен әлі көріспегені есіне түсіп, адымдап барып қос қолын ұсынды.
Есенсің бе, батыр қайным! Ел-жұртшылық аман ба? Ал, жол оң болсын! – деді.
Сол оң болса жарар еді-ау. – Мәмбетнияз қайтадан орнына барып, малдасын құра отырды. Етігін бір-екі шертіп-шертіп жіберді. Бәйбіше де үйдің сол жағына шығып, жаңағы Сүйінғара отырған төсектен төмендеу жайғасты.
Немене соншама? Тыныштық па, әйтеуір? – Бәйбіше кең етегін түгел жайып, аяғына дейін қымтай орналасты.
Тыныштық болмай тұр ғой. Ағайын арасы бұзылып, жау бізге ауыз салып тұр. Соған күйеміз-дағы. Басқа не болсын, – Мәмбетнияз үні бәсең шықты. Ол жаңа Сүйінғара алдында тасыраңдағанмен, мынау әйелге не деп айбар шегерін білмей қалды. «Әй, мен не деп кеттім? Бұл әйелге несін айтамын? Әйел не түсінуші еді?» Осы ойлармен тыйылып, түнеріп қалды.
Иә, ағайын арасында кейде ондай-ондай болады ғой. Келісіле жатады-дағы, – деп Сүйінғара бәйбішесі де сөзді көп өрбітпеді. Жайланып отыр, қайным! Көптен бері көріскеніміз жоқ. Сыбағаң сақтаулы, бір соғар деп жүргенмін.
Осы кезде қымызды сабасымен көтеріп, екі жігіт те енген-ді. Ұзын сабаны әрең көтеріп кереге басына ілді. Оған ілесе сырлы зерендер ұстап, қыздар көрінді. Сүйінғара да үйге қайта кірді.
Енді әңгіменің баяулап, ашудың қожырап бара жатқанын ұққан Мәмбетнияз сырт киімін шешуге оқталды да, көңіліне әлі де діт алып кідіріп қалды. «О, шынымен жібіп, ашудан қайтқаным ба? Жоқ, оным болмас» деп іштей өзін-өзі жанығанмен, оның бос қауқар екенін ұға бастаған.
Бұлардың жүрісінің ретін байқаған Сүйінғара жаңа далаға шыққанда, Кежіге мұқияттап бір нәрсе айтқан.
Қонақтар күтімін өзің басқар. Ойын-әзіл жағын көбейт, басқа әңгіме болмасын. Ас-суды аяма!
Сол Сүйінғараның айтуы бойынша басқа үйлерде де қымыз ішу, басқа да тамақ қамдарына кірісіп кеткен. Ауылдың әзілқой, сауықшыл сайқымазақтары да жиналып, солардың үстіне кіргізілген.
Бұл ауылдың бұрынғы қонақ қабылдау әдетін білетіндер мұның әдейі істеліп отырған нәрселер екенін жақсы ұқты. Ауыл иелерінің ырқынан шыға алмай, сол ағымда кете барды. Мұны Мәмбетнияз да ұқты. Қайта-қайта түтігіп, іштей ашу шақыра қатуланып, бірақ, күлімдей қарсы алып, құрақ болып күтіп отырғандардың рабайсыз көңілдеріне қарап, ауыз ашар болмады. ішіп-жеуден, қысыр әңгімеден артылмады.
Ер Төлептің тұқымы Мәмбетнияздың қатты ашумен келгенін көрген Сүйінғараның мақсаты – оның алғашқы ашуын тарқату. Бір басылып сабасына түскен соң, онымен тілдесуге болар. Ал мына күйінде қияс келсең – оның да қияс тартары жоқ.
Ол қыр үстінде қандай оқиға болғанынан толық мағлұматы жоқ. Кей кезде бола беретін құдық басындағы тентектердің шарпысып, буыршындай шайнасуы ма? Жоқ, болмаса Жем-Сағызды ағар басынан ұстаған Әлімнің алыстан көздеп, ел болып көтеріліп, тұтас Адайға салғалы отырған қысасы ма? Егер олай болса, Алшынның қай аталарымен тізе қосып отыр? Әлім қалың ел, бірақ, жалғыздан жалғыз мұндай ақылға келуі мүмкін бе?
Мәмбетнияздың аузына асты өзі тоса отырып, Сүйінғараның ойлаған ойлары осы. Әзірге онысын сыртқа шығармай, үй ішінде ұйлыққан түтіндей, кеудесінде қайырып отыр. Ана Мәмбетниязға да айтқызбауға тырысады. «Аттан! Аттан!» деп елді көтереміз екен, онымыз қатын-қалаш, бала-шағаның ұсақ кіжіңі болып шықса қайтеміз. Сақалымыз шошаңдап, ұсақ-түйектің арасында жүргеніміз ұят болмай ма? Айналадағы басқа ағайын келемеж жасап күлмей ме? Ал егер жаман айтпай жақсы жоқ, ол тек бүкіл Әлімнің ойласқан әрекеті болса, онда олар жалғыз деймісің. Ағайын арасына шын қырғын тумай ма? Оны күшпен жеңе алармыз ба? Жоқ, жоқ! Ашу алда, ақыл артта. Алдыңғы ашуға басу, соңғы ақылға жол берілсін! Сүйінғараның шешімі осы. Мәмбетниязға айтып көреді, қиястап көнбесе, қатты да айтады.
Ертесіне Мәмбетнияз ендігі жолы жайында сөз бастағанда, Сүйінғара оның аузындағы сөзін ләмінен алып кетті.
Батырым, інім! Ашуды қайырып, ақылға салалық... Асығып, аптықпалық. Қартайып қаусаған шағымда жанымды қимай, аянып отырғаным жоқ. Әуелі не бүлінгенін анық білелік, хабар алалық. Содан кейін не қайрат жасарымызды ақылдасармыз. Хабар өзімнен болар, – деп Сүйінғара кесіп айтты.
Мәмбетнияз басқа сөзге келе алмай қалды. Тек аттанып бара жатып:
Бала-шаға көз жасы мойнымызда ғой. Соны ұмытпалық, – деді.
Сүйінғара көзін жұмып алып, қосылған пішінменен басын бір-екі изеді.
Екеуі үнсіз қоштасты.
Осы кезде Айсалқам кеше үйдің іргесінде қыстырулы тұрған көк найзаны байқап қалды. Бірақ, өзі ұмтылуға именді. Ер қаруын әйел адам ұстамайды деп естігені бар сияқты.
Найзасы қалып қойды! Найза қалды! – деп дауыстады. Оның қасында бір ауыл баласы бар еді. Соған алып бер деп нұсқады. Қара домалақ бала жылп етіп суырылып, найзаны алды. Алғашында жеңіл деп ойласа керек, ұшынан ұстап еді, салмақты найза, құлаған теректей ауып барып шаңға жалп ете түсті. Бір тәуірі ешкімге зақым келтірмеді. Бала ұмтылып оны көтергенше, ересек екі адам қатар ұстады.
Ой, балшыққа батқыр, балшыққа бат. Ол саған үйге түскен түйені қуатын қорағаш емес қой, – деп Мәмбетнияз ат үстінен айқайлады.
Шаңға көмілген найзаның бауынан ұстады.
Кешегі шошаңдай келген көк найза бүгін Мәмбетнияздың ерінің қасына бауымен ілініпті. Түйреймін деп сұстанған ер қаруы емес, қорағаштай бұлаңдап сүйретіліп кетіп барады.
Соған қарап тұрған Сүйінғара оның кез келген сәтте көтеріліп, кісіге айбар шегіп, сұстанып, сүйірленіп шыға келетін өлім қаруына айналып кететінін ойланып, шошынып кетті.
Мәмбетнияз тағы қыр асты, көзден таса болғанда Сүйінғара үстіне Кежіні жалғыз шақырып алды.
Мұны іздеп келіп кеткен ауылдың адамдарымен хабарласып, судың бетімен келген кеменің жайын айқындап келуді тапсырды. Бірақ, бұл әңгіме әзір құпия сақталуы тиісті, тек екеуі ғана білмек.
Сол күні малдың жайылысын бақылайтын адам болып Кежі ауылдан жалғыз аттанып кетті.
Ауылда қалған Сүйінғара тыншып отыра алмады. Үйден ол да шығып, төбеге қарай жалғыз беттеді. Не бұл? Сонау қыр үстіндегі дүбір қайдан шыққан? Қандай әбігер, кімнен келді? Мәмбетнияздың бетін бір қайырып жіберді. Бірақ ол ауылына барып, мұның хабарын күтіп тыныш жата ала ма? Бұдан да Сүйінғарадан да басқа оның ақылдасатын адамы бар емес пе? Мая биге бармай ма? Қалбымен хабарласпай ма? Бәрінің сөзі бір жерден шығып, оған сабыр берсе жақсы. Ала бүлік шығарып, қолтығына су бүркіп: «Аттан, аттанға» салса ше? Онда екі елдің арасы одан әрі бүлініп ушықпай ма? Жаңа жанғалы жатқан отты сөндіру оңай, үлкен өртке айналса әл бермей кетпей ме?
Бір ой үстінде, ол қап-қазір атқа мініп соның алдын алмақ үшін жүріп кетпек те болды.
Жоқ, оным болмас. Мына жақтан Кежі оралсын. Айналадан тегіс хабар келсін.
Тап осы жерде тағы бір шешімге келді де, ол тез төбе басынан түсті. Адымдай асығып ауылға жетті де, үш жігітті іріктеп үйге шақыртты.
Ат-көліктеріңді дайындаңдар, ертең жүресіңдер! – Сүйінғара олардың жүзін шолып өтті. Ешқайсысы да: «Қайда барамыз?» деп сұрамады. Өңдерінен қайда жұмсаса да, жүруге дайындығы білініп тұрды.
Анау Арқа жақта неде болса, бір дау бар көрінеді. Соның жайын мұқият біліп қайтыңдар. Бірақ, еш нәрсеге араласпаңдар. Жүрістерің суыт, сондықтан жетекке бір-бірден ат алыңдар. – Сүйінғара сәл кідірді, бірақ, жігіттер бұл жолы да үндеген жоқ. – Азық-түлік, ас-су жағын өздерің біліңдер. Ей, бөрі азығы мен ер азығы жолда деген. Сомадай жігітсіңдер. Оның ретін өздерің табасыңдар-дағы. Сол да жігітке сөз болып па? – Жігіттің ересектеу біреуіне қарады да, саусағымен шошайтып:
Сен басшы бол, қалған екеуің қосшысыңдар. Ауылда Кежі жоқ, өзің жүріс ретін басқара бер. Ал, қош, жолдарың болсын! – Сүйінғара оң қолын көтерді де, алақанымен бетін бір сипады. Содан қолын бір сілтеп, жүре беріңдер деген ым білдірді.
Үш жігіт үнсіз орындарынан атып тұрды да, табалдырықтан тез-тез аттап кетті.
Сүйінғара ауылынан Мәмбетнияз ашуы басылғандай болып оралғанмен ауылда шыдап жата алмады. Түрлі ой түрткілеп, «жүр де жүр» деп тұрғандай.
«Осы менің сонау бір түбектің төрінде жатқан Жарының бір тентек шалына барғаным не? Мына өзімнің ағайындарыма, аталастарыма неге бармаймын? Солармен неге ақылдаспаймын! Әнеттің балалары – Мая мен Қалбы бар. Бірақ олар хан сағалап қалған, қит етсе Хиуаға шапқылайды-дағы. Басқа да тума бар емес пе? Матай Ботақара жатыр ана түбекте. Жоқ, оған баруға бола қоймас!» деп ойының осы тұсында Мәмбетнияз кідірді. Шынтақтап жатқан жастығына бір аударылып түсті. «Жетімек пен Жандайдың арасында дау бар. Бірімен-бірі дауласып, бірімен-бірі жауласып отырған кісілер біреу жайлы сөз айтар ма? Ақыл айтпас – алжастырар. Орынсыз сөз айтар. Сондықтан, бұл сапар Матайға барғаным, Ботақарамен ақылдасқаным ретсіз екен!» – деп бір түйіп тастады. Ақыры ол Әліпке баруға тоқтады.
Бірақ бұл жолы ол найзасын өңгермей, қасындағы серіктерін де шағындап, үш адам ғана ертті. Өткен жолы Сүйінғараның ауылынан қайтардағы көрініс есіне түссе керек. «Ой, балшыққа батқырдың не істегені-ай. Қорағашқа ұқсатып шаңға жалп еткізгені. Жорта жасады ма, ол балшыққа батқыр. Келемеж етуі де мүмкін-ау» деп кіжінді.
Астындағы атын тебініп қалды. Оның қасындағылар да Мәмбетнияздың аяқ астынан ашулана қалғанын аңғармай, олар да аттарын тебіне жөнелген. Бәрі қосылып дүсірлегенде, ауыл адамдары да киіз үйлерінен шығып үрпиісе қарасты. Кейін бұрылып соны аңғарып қалған Мәмбетнияз:
Жау қуып келе жатыр ма, әй! Үйдің іргесінен шаба жөнелгендерің не? – деп, серіктеріне ақырды.
Олар үнсіз ат бастарын ірікті.
Содан Әліп ауылына жеткенше бір-біріне тіл қатысқан жоқ. Жастар жағы өзара ыммен ғана белгі берісіп, алда келе жатқан Мәмбетниязды иектерімен нұсқайды. Күліп жібереміз бе деп қысылып, ауыздарын қолдарымен басады.
Ал Мәмбетниязды ат үстіне тік отырғызып, байлап қойғандай. Жаңа ол ауылға артына қарай бұрылып қараған, сонысы күнә болғандай міз бақпайды. Тіпті, жан-жағына бұрылып қараса, абыройы айрандай төгілетін сияқты. Ат үстіне, ер қасына қаққан қазықтай, Мәмбетнияздың соңына ергендер де, мұның да қырсықтың бір түрі екенін сезіп келеді. Ол жаңағы ауылдан шығардағы сәтке қитықтанып қалғаны. Бұлар үндемесе, осылайша ат үстінде үзіліп кетуге бар. Қашанға шыдар екен деп сынасып, соңына ергендер де оған шылау беретін емес.
Осылайша, ат үстінде, қақшиысып, іштей ерегескен күйлері Әліптің ауылына жетті.
Қонақтарды Әліптің балалары қарсы алды. Олардың берген сәлемдеріне Мәмбетнияз ернін ғана жыбыр еткізді.
Әлекем қайда? Елде ме? – деп сұрады.
Елде, үйде. – Әліптің үлкен баласы Мәмбетниязды қолтықтай аттан түсіріп, үйге ертіп келе жатқан. «Неге, қонақтың алдынан шықпайды?» деп айтып қала жаздауға Мәмбетнияз сәл қалды. Дік етіп кідіріп, көмейіне әлдене тығылғандай «Ыңқ» деп қалды. Жас жігіт оның бұл қимылын әлденеге сүрініп кеткен екен деп түсініп:
Сақ болыңыз, Мәке! – деп бәйек болып қалды. Аяқ асты шөпсіз тақыр болса да, алыстан жатқан тасты теуіп, жол тазартты. Жас жігіттің осылай түсінгенін ұққан Мәмбетнияз соны сылтауратып, еш нәрсеге сүрінбесе де:
Оқа емес, жусанның түбірі ме, – деп сылтауратты. Мұның бәрін киіз үйдің іргесінен көріп жатқан Әліп үйде үнсіз жатыр еді. Төрт атты қараны ол алыстан көрген. Мәмбетнияз екенін жақындағанда таныды. «Бұл не шаруамен жүр? Елге жау шапса, бұлай бейбіт жүрмес еді? Онда баяғыда тасырлатып, ауыл үстін шаң жасар еді. Ауыл үсті мызғымай, нық отырысында да бір зәк бар. Қыдырып, сәлемдесетін де жүрістің реті емес. Амал туысымен келіп көрісіп кеткен. Неде болса артын аңдимын» деп бұғып жатқан. Оның сүрінген адамша кідіргенін де көрді.
Мәмбетнияз есіктен кіруге айналғанда төсегінен бас көтеріп, түрегеліп отырды. «Ассалаумағалейкүмін» есіктен айта кіріп, «Әлейкүмассаламды» жүре тыңдап, ол бірден төрге өтті. Сырт киімін шешіп, қасындағы ере келген жігітке ұстатып, бұл жолы киіп шыққан мәсінің кебісін төрге шығар жерде аяғынан шешіп, кейін ысыра салды. Содан кейін жеңілденіп келіп асықпай баптанып көрпе үстіне отырысты. Бір-бірінің өз басының, ауыл-аймақ, бала-шаға, бота-тайлақ амандығына дейін сұрасты.
Әліп Мәмбетниязды іштей андып отыр.
«Мына баптануына қарағанда асығысы жоқ екен. Бүгін қонуы мүмкін. Қонақасы дейтін, өткенде келіп кетті. Келген сайын мал соя берсем, жындылығым. Кеше балалар ұстап әкелген аңның еті бар еді, соған қосатын қатынның бір-жар жілігі жоқ дейсің бе? Сүрі-мүріден қалған бірдеме табылар» деп, қонағын әңгімеге айналдырып отырып қалды.
Бірақ әлі жөнді сөз айтылған жоқ. Жүрісінің мақсаты да түсініксіз. Әйтеуір, бұл кісі жай жүрген жоқ. Алайда, неге кідіріп отыр. Соны білуге Әліптің құмарлығы ауа берді.
Мәмбетжан, суыт жүрсің ғой, тыныштық па? – деді Мәмбетнияздың жүзінде ешбір қапылыс болмаса да.
Ақкөңіл Мәмбетнияз осы жерде шырмалып, шыдай алмай кетті. «Әй, қадірлі бауырым-ай. Бірден берекеңді алмай, сабыр сақтайын десем де, өзін бәрін сезіп отыр екенсің ғой. Сонау қиянға Сүйінғара деп сабылғанша, бірден саған келсемші» деп, іштей егіліп кетті.
Уа, Әлеке! Жолы үлкен ағайым едің. Мен адасыппын. Қасымдағы бауырым сен тұрғанда, мен ақылдасуға Сүйінғараға барыппын. Ініңнен бір білместік кетіпті, – деп ақтарыла салды.
Сүйінғараның атын естігенде Әліптің реңі қуқыл тартып кетті. Сары өңіндегі тарғыл секпілдері қарайып кеткендей, бет-аузы жыбыр-жыбыр етті. Көкшіл шөлмек көзі шақырайып, Мәмбетниязға түйіле қарады.
О шалда нең бар еді? Бітірді ме шаруаңды?
Жоқ, бітірмеді.
Аруақты сыйламағаны ғой. Күні кеше өткен атаң Ер Төлепті ұмытқаны ғой. Сонау ит өліп, есек қырылған жер түбіне сен барғанда, сенің меселіңді қайырған кісі, сірә, оңар ма. Оңбас! – Әліп Мәмбетнияздың Сүйінғараға не шаруамен барып-келгенін білмейтін. Әйтеуір қазір Мәмбетнияз өзі ренжіді деп отырғаны да, оған қосылып, соның ыңғайына бас игенді жөн санады.
Аруақты сыйламайды деймісің? Солай екен-ау өзі. Мен ғой Ер Төлептің тұқымымын. Атам аруағын сыйласа, менің сөзімді қоштар еді. Тіпті, көк найзамды балаға шаңға былғатып, әбден масқара қылды. Осыдан кейін барып ол бар болған жағдайды баяндап берді.
Бұл Әліптің естімеген әңгімесі еді. «Мынау үлкен дау ғой. Даулассын! Аяғы немен тынар екен. Сүйінғара шалға бұрын барып дұрыс жасаған. Бірінші хабарын естіген соң, енді оның бір жақсы ат, жаманаты соған қалады. Қандай жақсы ат болушы еді мұнда. Елді бастай алмаған. Міне, мына жақта ханмен араздастырып қойды. Ханның Сүйінғараны атарға оғы жоқ. Елдің өрісін тарылтып, Бесқаланың базарынан қақты. Ол жаққа барған елді барымташы деп бас салады. Ана, Жәңгір ханға қарай, Айшуақ сұлтанның тұқымымен тілдесіп жүр деп еді, арты міне, мынандай болды. Бұл да Сүйінғараның кесірі. Ол өзі тікелей кесірлік жасамаса да, соның ылаңы болмай ма? Әбден, соның ылаңы деуге болады».
Әліптің қарадан-қарап отырып тамағы құрғады.
Әй, мына қонаққа сусын берсеңдерші. Кісі түкірігін жұтуға айналды ғой, – деп көрші үйде отырған әйеліне дауыстады.
Иә, айта бер әңгімеңді. Қазір сусын әкеледі, – деп ол қайта Мәмбетниязға бұрылды.
Не айтатыны бар? Бары осы. – Мәмбетнияз шынында шөлдеген еді. Ауыл арасы ұзақ жер. Оны демалмастан өтті. Бірден сусын сұрауға ұят көріп, кейін әңгіменің ағымымен онысын ұмытып кетіпті. Қазір аузы кеберсіп, таңдайы жабысып отыр. Ешқандай сөзге зауқы болмай отыр.
Бәрін өзі бүлдірген соң Сүйінғара не айтсын. Мүмкін, оған керегі де осы елдің бүлінгені болар. – Оның сөзін естімей отырған адамдай Мәмбетнияз бұл жолы үндеген жоқ. Әзірге осы жетер дегендей Әліп те одан әрі қозғамады. «Тағы да реті келер, тағы да айтармын» деп іштей ойлады.
Үйге қымыз алып әйелі кірген-ді. Енді соған бұрылды да:
Мына қайның бағланды да, басқаны да жеп жүр ғой. Сен оған бұрын көрмеген асын дайында. Жеңгем осындай ас берді барғанымда деп айта жүретіндей болсын. – Мұнысы мал соймай-ақ қоялық, кешегі аңның етін ас дегені еді.
Ол көңілді сияқты. Қазір Әліптің бар ойы Мәмбетнияз бен Сүйінғараның арасында. Аяқ астынан бұған неге құмарта қалды, ол жағын білмейді. Әйтеуір, екі ортадан от шығатын секілді, от шықса бұған рахат болатындай.
Бұл кісінің атын молда қойыпты. Әкесі еліне молда шақыртып, ауыл адамдарын намазға жықпақ болып жүргенде әйелі босанады. Ауылға келген қонақ деп ат қойып, азан шақыру міндетін сол молдаға жүктейді. Молда кітабына қарап отырып:
Иі, пісміллі рахман, рахим! Ауылыңды намазға жығып, нағыз құдайға берілген адам екеніңізді көрсетіп отырсыз. Соныңызды Алла тағала қош көріп, міне, қошқардай ұл сыйлады. Ұрпағыңыздың басы да ұл, ал бүкіл ылымның басы «әліп». Сондықтан, біз балаңыздың атын «Әліп» болсын дейміз. Ал, қанеки, қолдарымызды көтеріп, бата жасалық. Әліп, Әліп! – деп, баланың құлағына екі-үш айқайлады. Алдында майлы ас жеген молданың түкірігі де шашырап кетті. «Әліп» дегеннің бір әріп екенін де көп ойланып жатқысы келмеген молданың кітап бетін ашып қалғанда сол әріпті оңай көзіне түсе қалғанын да елемеді. Үлкен молда қойды, кітаптан қарап қойды деп шуласты да қалды.
Кейіннен, Әліп ержеткенде ауыл балалары Әліпті таяқ деп, нұнды шұқыр аяқ деп білмейді!» деген сөздер шығарып, оны Әліптаяқ атайтын. Ал кейбіреулер оның бетіндегі ноқат секпіліне қосып, «Шұбартаяқ» деп те келемеж жасайтын.
Арық кезінде шұбар секпілі бадырайып, айқын көрініп тұратын. Қазір, егде тартып есейген кезде шұбарлары ылжырап езіліп кеткендей көрінеді.
Мәмбетнияз бір зерен қымызды басына көтеріп, күреңітіп шыға келді. Әбден қаталап қалған екен, тер бұрқ ете түсті. Сәрбоз көйлегінің жағасын ағытып желпініп-желпініп алды. Әліп өз аяғынан ернін тигізіп ауыз тиді де ішкен жоқ.
Әйел ыдыс-аяқты алып кетіп, қайта оңаша қалғанда Мәмбетнияз баяғы сөзді қайта жалғастырып:
Иә, сонымен бәрін бүлдірген сол шалдың өзі дейсің бе? Астапыралла, бәрін өзі бүлдіріп қалайша түк білмегендей бола қалады, ә? Әй, ол сондай зымиян ба еді? – Мәмбетнияз анық естиін дегендей шынтағындағы жастығын ысырып, құлағын тақай түсті.
Зымиян болғанда, оның арамдығына найза бойламайды. Істеп жүргендерін өзің саралап ойланшы. Ханға салық төлемейміз деп елді Хорезмнің бектерімен шатыстырды. Өзі сонау теңіздің жағасында түбекте жатыр. Хан қатуланса кімге тиеді? Жолдағы елге тиеді. Аяғында Сүйінғара аман қалады. Ағайын десе тыныш жатқан Матайға ұрынар ма? Түрікпен Бектұрлы ишанды паналатты дейді. Жалғыз түрікпеннен жау болушы ма еді. Ишан бала оқытады, ешкімге зияны жоқ. Ишан сылтау ғана. Ал, енді міне, Әліммен ұрыстырып қойды. Арты не болатынын кім біледі? – Әліп тым түбін түсіріп бара жатты. Мәмбетнияз одан әрі шыдауға шыдамы жетпей:
Сонда не істе дейсің? Не істейміз? – деп асығыс сұрап қалды.
Е, оны менен несіне сұрайсың. Істеген Сүйінғара. Маған келмей бірден соған барыпсың. Екеуің шеше беріңдер, – деп аяқ астынан өкпелеген адам болып шықты. Қабағын кіржитіп, үнсіз қалды. Мұны күтпеген Мәмбетнияз да аңырып қалды. Адамда қалтарыс болады деп ойламайтын ол:
Қап, әттеген-ай! Өзімнен-ақ болған екен, – деп шынымен қиналды. Қайта тершіп кетті.
Әліп күліп жібере жаздап зорға шыдады. Аяқ астынан қалай жалтарып кеткенін өзі де абайламады. Ауызына домаланып сөз түсе қалды. Сол ыңғаймен қабағын тыржитты. Бар болғаны осы. Оған Мәмбетнияз үлкен әлекке қалды.
Ойланып келгенде Әліп Мәмбетниязды Сүйінғараға неге айдап салып отыр, оны өзі де білмейтін.
Ертеңіне Мәмбетнияз бұл ауылдан да кері аттанып кетті.
Қыр үстіндегі дүрбелең жайын естіп, Мәмбетнияз әрі-бері қопаңдағанмен, басқа көп оған ермеді. Ол да осы екі сапармен тынып, бос дабырыққа баспады. Анау жатқан билерден де, Сүйінғарадан да хабар болмады.
Әрі, осы кезде екі елдің арасындағы түсінбестік келісіліпті. Жұрт қоныстарына қоныпты-мыс деген әңгіме шыға қалған. Оны кім таратқаны да белгісіз. Жұрт бұл хабарға әбден сенді. Мүмкін, көпшілік көңілі тыныштық қалап, өздері шығарып та алған болар.
Оны ешкім тексеріп жатпады.
Елді дүрліктірген бұл дау сәл нәрседен белең алған-ды.
Шағындау көлшікке олар сиыр сәскеде жеткен-ді. Қасындағы бала серігі бұрынырақ шешініп, су шетіне күмп берді де, шомылып алды. Қойшы кідіріп қалған. Екі-үш күннен бері су ішпеген мал суға бас қойғанда, ол екі атанды бірдей шөгеріп, оған артулы ұсақ қозыларды түсірген. Әрқайсысының енесін тауып, қозыларын бауырына салып, атандарға артқан метей-местерін де шешкен-ді. Үстерінен жүк түскен атандар да тұщы суға қанып, ыраңдап-тыраңдап қалған-ды.
Жер беті көкыраң болып, төселіп жатыр. Желдің жеңіл ғана лебі бар. Майда шуақ айналаны қыздырып, бүкіл әлем соған жонын төсеп рахат табатын секілді. Әп-сәтте шөлдерін қандырған қой да табандап жата қалды. «Бүгін осы судың басында еру болған жөн шығар. Кір-қоңды жуып, тазарып алған абзал. Мал да тынықсын бір күн де болса» деп ойлаған Күбірбай жаңа шешіне берген. Көптен су тимеген дене таза ауаны сезісімен дуылдай жөнелді. Ол апыл-ғұпыл шешініп, суға күмп берді.
Үш атты тап осы кезде жетіп келді. Бірден адуындай құтырынып, қамшыларын суылдата суға тізесінен төніп тұрған Күбірбайға төне айқайлады.
Тұйықты лайлап жүрген қай көргенсіз? Шық, қане, – деп алдында келе жатқан жирен атты айқайлады. Жарғақ сары өңді, мұрнының астында мұрттың жұлынған жосығы бар. Оған Күбірбайдың көзі түсті де: «Қатынмен төбелесіп, мұртын жұлдырған пәле емес пе!» деп ойлап қалды. Одан әрі жуына берерін де білмей, әлде судан шығарын да ұқпай Күбірбай аңырып қалған. Анау селдір мұртты едіреңдеп төніп келеді. Етсіз арық жіңішке адам екенін де байқап үлгерді.
Шық, кәне, судан! – Ол қамшысын сілтеп қалып еді, астындағы аты қамшыдан жасқанып, басын қайқаң еткізіп, кейін тартты да қамшы Күбірбайға жетпеді. «Е, мына атаңа нәлет қайтеді, ай? Кісіні сабай ма?ә деп, оның ашуы қоза бастады.
Әй, сен, не әкіреңдейсің? Әкеңнің атасынан қалған мирас суы бар ма? Құдайдың ен даладағы тегін суын қызғанған қандай зәнталақсың! – деп дауыстап жіберді. Ол көзінің астымен мына өжектеген кісіні аңдыды. Әдейі, тиіскелі келген соң сол ойын орындамай кететін реті жоқ. Арқа жонды тосып тұрып, жөнсіз таяқ жегенше, неде болса алысып көрейін деп түйді. Енді мұны қапысын тауып, аттан аударып түсіріп, қамшысы мен атын алса, ар жағында көре жатар. Анау, атын тебіне тағы ұмтылып еді, атының аяғы езіліп жатқан бал шыққа сырғанап, құлап қала жаздады. Шошына кейін бұрылғанда, ол қапталынан жабысты. Қолына шапанының шалғайы ілінді. Осы сәтте, екінші атты оның ту сыртынан өтіп, қамшымен арқасынан осып жіберді. Қышынып тұрған дене дуылдай жөнелді. Қойшы Күбірбайдың қаны басына шапқандай, көзі мұнарланып кетті. Шапанының шалғайына жабыса түсіп, ат үстіндегі кісіні бері еңкейтті. Екінші қолы аттың тізгініне тиді. Нәті жуас ат, көзі ойнақшып тырп етпей тұрып қалды. Аттың омырауы астынан екінші қапталына лып етіп өтіп, үстіндегі кісіні итеріп жіберді. Ол гүрс етіп жерге құлағанда Күбірбай атқа ырғып мінген-ді. Ердің қасы ескі лыпасының бауын іліп кетіп, дар еткізді. Бірақ, оны елеген Күбірбай жоқ. Екінші кісі қамшысын көтеріп, ұмтыла келеді екен. Оны да тез қағып жіберді. Сол кезде барып үшінші аттыға көзі түсті. Ол судың келесі бетінде жатқан қойды үркітіп, мұның қойшы серігін қуалап жүр. Жас бала аттың омырауына кіріп алған. Тұла бойына қамшы тигізбеуге тырысып, безек қағады. Күбірбай тақымына ат тиген соң, солай қарай шаба жөнелді. Жас қойшыны айналдырып жүрген балаңдау жігіт екен. Ат үстінде шомбалдай болып нығарлана отырған Күбірбайды көргенде зәресі ұшып кетті. Бұтындағы лыпасының бауы үзіліп, балағы жыртылып, оның түрі қазір түр емес-ті. Балауса жігіт түгіл жуан білек, тапа шой қойшыдан одан үлкен де адам ығысар еді. Оны кейін жасқап тастап, Күбірбай кейін ұмтылды. Біреуі атты, біреуі жаяу екеуі де мынаның түрінен шошиын деді. Өсіп кеткен сабалақ шашы қара терге малынып, бетін жауып кеткен. Арқа жоны қанталап, көзі де қызарып алған сияқты.
Ербеңдеген екі қолы болмаса, кісі оны адам жынысына ұқсатар емес. Ат үстіндегі екінші кісі қамшысын көтере бұған ұмтылып еді, Күбірбай одан тайқымады. Бар екпінімен қағып өтетін адамша аттың тізгінін қоя беріп тебінеді. Оның алдынан найза тіресе де тоқтар емес, жарып өтетін адам секілді. Қарсы келе жатқан кісінің астындағы аты Күбірбайдың түрінен үркіп, туралап келіп, тайқып кетті. Үстіндегі кісі ат тізгініне ие бола алмай қалды. Осы кезде Күбірбай оның астындағы атты жалпиған жұмсақ сауырынан осып-осып жіберді. Ат мөңки ұмтылды. Астындағы көлігі жасып қалған соң үстіндегі адам да көп қайрат көрсете алмады. Осылайша, бәрін де жасқап тастағаннан кейін ғана Күбірбай ашуы қайтайын деді. Көзі жаси қалған селдір мұрттыға түсті. Қамшысын көтере соған ұмтылды. Ол шекпенінің шалғайына сүріне-қабына қашып, екі қолымен басын қорғалады. Қамшыны көтергенмен, оны ұрған жоқ. Торғайдай бұққан түрі оның ашуын әбден басып тастады. Екінші атты қашарында, қайта ұмтыларын да білмей, атының ауыздығын сала алмай жүрген. Мына жаяуды соған қарай айдады.
Әй, мынауыңды мінгестіріп алып кет. Өлтіресің бе, айдалада қалдырып, – деді. Дауысында ыза жоқ.
Ұрмағанымен қамшымен жасқап, алдындағы кісіні екінші аттыға әкелді. Анау үзеңгісінен аяғын босатып, артына мінуге ыңғайланды. Ат артына отырған соң, Күбірбай қамшымен ұмтылып қалып еді, олардың астындағы ат дүрсілдетіп шаба жөнелді.
Бұлар кімдер? Айдалада мал суарып жатқан адамдарға неге ұрынды? Оны Күбірбай түсінбеді. Әйтеуір, бәрі аяқ астында опыр-топыр болды да қалды.
Олар өздеріне сеніп келіп, абайсызда аттарынан айырылды. Қапелімде естерін жия алмады. Бірақ, көп болып қайта оралуы ықтимал. Онда бұл екеуі не қайрат көрсетеді? Сондықтан, көш жолына қарай тез кету керек.
Күбірбай қосшы баласына түйелерді қайта жүгін артып берді де, малды өргізіп алдына салды.
Арқасын тіліп өткен қамшының табы қазір ғана білінді.
Апыл-ғұпыл жуынып, үсті-басын қарады. Ішкиімнің дал-дұлы шығып, аяғының басына оралады. Оны қалай оңтайласа да киюге жарамады. Жалаңаш денесіне шалбарын киіп алды. Жүннен тоқылған шалбардың сояудай-сояудай қылдары тікенектей қадалады. Бірақ оған қарап Күбірбай кідіріп жатпады. Атқа мінді де, жаңағы серігі асып кеткен қырға бұл да көтерілді.
Ежелгі әдет бойынша, көктем туып қырдың көбесі сөгіле, қырға қарай Жем-Сағыз, Ойыл бойына, тіпті өрлеп барып Тайсойған құмына да сіңісе кіретін Маңғыстау елінің көшін биыл олай жібермеуге уағда байласылды. «Оны бастап жүрген кім екен?» деп сұрасқанда, алғашында айқын жауап болмады. «Патша бұйрығы ма, хан жарлығы ма?» деп те сауал қойылды. «Үстірттің мидай даласын патша қайтсін. Патша алыста, құдай биікте. Қауыны мен егініне түсіп жатқанымыз жоқ. Хиуаның ханының бізде не шаруасы бар? Келсе, зекет пен бітір деп малын айдап кетіп жатыр. Келмесе өзі біледі. Мұны бастап жүрген өз ағайындарымыз. Кіші жүздің балалары көрінеді». «Жоқ, мұны бастап жүрген нақты кім? Кіші жүздің өзі жиырма бес. Ағайынның он екі ата Байұлы ма? Әлде ағамын деп жүрген Алшын ата ұлы Әлім бе? Жібектей майда, самалдай жұмсақ дейтін Жетіру ма? Сонда оның Тама ма, қайсысы? Қайсысы қаруын сілтеп, ел алдынан шыққан? «Анық білмедік, Жем мен Сағыз, Ойыл мен Қиылдың сағасын кім ұстаушы еді? Сірә, алты баулы ағаң Әлім-ау деймін». Сонда олар Адайға не кінә артады? Адайдың жазығы не? Жылда мәмілеге келіп жүріп, биыл неге қағына қалыпты? Кім ағайынның қолтығына су бүркіп жүрген?
Сөздің реті осылай болып келді.
Тұс-тұстан өрлеп келе жатқан көш тоқтатылып, алдарынан қарулы жасақтар шығыпты. Әр жерде әртүрлі қақтығыс болып, мал тартып алынысып, кісіге жарақат та салынған көрінеді. Екі ел бірін-бірі аңдысып, қыр үстінде тоқырасып қалысты.
Біреулер, даудың басы алдыңғы күзде басталыпты-мыс дейді. Күзде, кешеуілдетіп келіп қалып жедел ойға көшіп келе жатқан үш Адай ауылының Ұшқан ата суының басында ат-көлігі жоғалып, сол жерде Әлімнен басқа ел жоқ екен, содан көреді. Мезгіл тығылтаяң болып, Адайлар Маңғыстаудың ойына, Әлімдер Атырауға көшіп кетіседі.
Өткен жазда, олар жайлауда кездесіп, Атырау бойын қыстайтын Кетенің Алтай, Құттығай, Байқошқар ата балаларынан сол жоғалған ат-көлігінің дауын даулайды. Біреулер: «Жоқ, олай емес, жоғалған небәрі ат жабу көрінеді. Сол ат жабу табылмай, Адайдың бір тентегі көшкен елдің артынан Кетенің атын міне қашады, соны Кете жігіттері қуып жетіп өлтіріп кеткен сияқты-мыс» деп те соқты. Бірақ Кетелер кісі өлтіргенін мойындамай, теңдік бермеген. Ант беріп ақталмаған да, кісі құнын да төлемеген.
Осылайша, даудың басы пышақ, түбі құшақ болып өршіп, өртене берді.
Сусыз шөлде тығырыққа тірелген ел ілгері жүре алмады. Кейін кете алмады. Оңға қарай бұрылып, Аралдың суын жағалайын десе, ар жағы қалмақ, өзбек, егіншілікте отырған ел жібермейді.
Еділ мен Жайық бойына да ұлықсат жоқ, бәрі өлшеулі, бәрі пішулі. Арты Маңғыстаудың ойы, жаз жайласа қыста қу тақыр болып мал қырылады.
Көп ел Күйкенің көк желкесіне қарай, ащы Каспийдің жағасын жиектей, Құлжан мен Бұғыбайға тіреледі. Бір шеті Айыршағылға қарай ауып, Ырғызбай мен Қарабұлаққа да жайылады. Жазғы жайылым, қысқы қоныс деп айырып жатпады. Әркім тиген-тиген жерден орналасып, мұның қанша мерзімге созыларын да білмеді.
Ел болып жиылысып, жаңа құдықтар қазып, кідіруге шешімге келді.
Кейінгі ел ішіне, ақсақал-қарасақалдармен ақылдасуға ат-көлік жіберіліп, жұрт бір дағдарысып қалған-ды.
Бұл кесапаттың кесірін біреу Адайдан, біреу Әлімнен көрді. Жоқ, Әлім мен Адайды айдап салып отырған Таңбадан құр қалған Әлімнің тумасы Шөмекей, Шөмекейдің Шектісі жоғарыда отырып: «Түрт шайтан, түрт!» деп әзәзілдік жасауда деген де болжамдар айтылды.
«Алшынның балалары олжаласқанда, атты болған Күбірбай» деп, ол қойшыны да жұрт сөзге араластырып, қылжақ етті.
Ойпыр-ау, мен сорлы екі елдің арасының бұлай шатысатынын қайдан білейін. Білсем, аты да құрысын, өзі де құрысын демеймін бе. Етіме ащы қамшы батып кетті. Өлгенімді, тірілгенімді білмеппін. Не жазығым бар. Мен білмедім ғой, – деп Күбірбай қойшы мұндайда қатты қысылатын.
Қатыққа тойып, жеңгей көште қалып, қуаты бойына сыймай жүрген Күбекең кімді аясын. Салып қалып құлатып, атын тартып алған. Болған соң өзі батыр, кімді аясын, – деп інілер жағы жеңіл әзілмен ағаларын қағытып, ұялтып қалатын.
Қойсаңдаршы, қайдағы батырлық. Қойшының жаман ашуы да қысып кеткен, – деп оған мойымауға тырысатын.
Бұл әрине, көже-көкірге тойғаннан кейінгі әзіл-оспақ еді. Қалың ел маза таба алмады. Түйенің белін босатып, жүгін түсіргенменен аттың ерін ала алмады. Жарамды көлікті күні-түні арқандап ұстап, ауылдан ұзартпады. Қару ұстайтын жігіттер түн баласында шешінбей көздерінің шырымын алды.
Үлкен әбігер басталып, ел тарықты.
Бірақ, бұл асқынып басталып, күтпеген жерден бітіммен аяқталды.
Жер аяғы босанысымен қасындағы серіктері жан-жаққа бытырап кеткен Исатай осы соңғы екі-үш күн ішінде тыным таба алмады. Күн жылына бастаған соң үйі іші қапырық болып, таза ауаға шыққанға құмартты ма, әлде көңілі әлденеге беймазаланама ма, ол жағын айқын түсінбеді. Әйтеуір, ауылдың артындағы аласа жал басына шығып, жалғыз өзі ұзақ қыдырады. Жүрген сайын есіне өткен-кеткен оралып, ойы ауырлай түседі. Тіпті, кей сәт ұзақ ой еңсесін түсіріп, басын төмен салбыратып жіберетін сияқты. Ондай шақта Исатай төмен түсіп бара жатқан басын тік көтеріп, кең кеудесін тіктеп ұстап, маң далаға маңғаз көз тастап, қасқая қарап тұрады. Егер шығысқа қарап тұрса, батысқа күрт бұрылып, сонау алыста, Жайықтың арғы бетінде, Еділге таяу жатқан хан ордасын қазір көріп тұрғандай түйіледі.
Қақаған аязда үрдіс ұмтылып, Жайықтың бергі бетіне азғана тобымен өтіп кетті. Соңынан қуғын болғанмен ізін қарлы боран жасырып, бағытын бұрмалап, соңына түскендерден құтылып шықты. Мынау жатқан жалпақ құмның етегін паналаған ел ішін паналап, қыстан да шығып отыр. Қасындағы тобы шілдей бытырап, қайта жиналып, қайта тарайды. Бірақ, бұлайша жүре беру мүмкін емес. Неде болса, осы жаз сойқан жазы болады. Ордадағы ханмен, хан қол артқан патша әскерімен қашан кездеседі, қай жерде ұстасады, ол жағы беймәлім. Әйтеуір бір тіресері хақ. Оны көңілімен айқын сезеді. Көңілге басқа да күдік еніп, маза бермейді. Ел ішінде бұларды да аңдушылар жүрген көрінеді. Бірі Жәңгір ханға Исатай тобының жүрген бағытын сілтесе, екіншісі тұрған жерін нұсқайтын көрінеді. Бұлар бір адам, жалғыз қара емес, әлі де топ. Топ болған соң, шоғырланып көзге түсетіндері рас.
Махамбет қасына үш-төрт серік алып кеткен. Одан да хабар жоқ. Бір ақылға салса, оның хабар жіберетін реті де шамалы. Бірақ Исатай соған да күдіктенеді. «Оның бөлек аз ғана адаммен кеткенін сезіп қалып, хан тыңшылары ұстап алса ше? Өшпес өкініш болмай ма? «Ел, ел» дегенде, елдің ішінде де аласы болмай ма? Тіпті анау ханмен де біз бір ел емеспіз бе? Міне, жүрміз ғой өліспей беріспейміз деп. Ол өзін төре деп, бізді қара деп шіренетін шығар. Олардан төрелік кеткені қашан? Төре құдайдың қалағаны, қожа пайғамбардың сүйгені болса, өздерінің елі, суы-жері қайда? Жапанда жатқан қазақтың даласына аяқтарын неге көсіліп салып, шіренеді. Қазақ өзі қойын жайып, жылқысын суара алмай ма? Олардың біздің мойнымызға мініп алып, Кейқуатша кердейтіні несі? Құдайға күпір болсам да, мен көріп жүрген хан – қарақшы. Сұпы молда – алдаушы, тап солай». Исатай осылайша да толғанып кетті. Әрлі-берлі адымдай жүріп, ойы қайта Махамбет басына оралады. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деп, бір азғын ұстап беріп, апат жасамаса болар еді. Махамбеттен айырылғандағы күйін көз алдына елестетіп, өзінен-өзі шошынады. «Мен елдің семсер қылышы болсам, ол расын айтар аузы ғой. Ол апат болса, мен мылқау қалмаймын ба? Айтар аузы жоқ құр босқа қылыш сілтеген жан не өндіреді? Қылыш қорқытса, асқақ үн үрейін алмай ма? Қылыш тура сілтегенге тиіп тек алдында тұрғанды шаппай ма? Ал асыл сөзі ше? Ол сай-сүйегіңді сырқыратып, жайлы төсектегі жылы денеңе қадалған шегірдей тулатып, жанды жегідей жемей ме? Мақаштың айтқан сөздері қылыштың жүзінен бір кем бе? «Хан емессің – қасқырсың, қара албасты басқырсың! Хан емессің – аярсың, айыр құйрық шаянсың! Олай-бұлай да адам айтады екен-ау хан бетіне. Тек жанына жамандық бермесін!»
Исатай ауыл сыртында сол бұлттарға қарап тұрған. Ойына әртүрлі нәрсе оралады. Табиғатта да адам мінезіне ұқсайтын жайлар ұшырасады. Бұлар да қара бұлтша түйіліп, хан ордасының үстіне, Жәңгір ханның басына бар қаһарын төкпекші. «Шіркін-ай, сондай күн туса енді аянбас еді. Қарт бураша қадалып, аузыма сала шайнап, төске салып мыж-мыжын шығарар еді. Содан кейін шауып өлтірсе де мейлі! Тек ашу бір тарқап, қанды кек алынса! Алынса! Қабағы түйіліп, ерні жыбыр-жыбыр етті. Жұдырығын түйе, көзі шатынай әлдебір белгісіз бағытта қадалып қалғанын, кейін байқады».
Оның ойын желке тұсынан аттың пысқырғаны бөліп жібереді. Кілт бұрылып, жақындап келе жатқан Махамбетті көрді. Алғашында, оның бір өзі келе жатқанына таңдана қарай қалған. Айналаны тінте көз салып, серіктерінің ауылға қарай өтіп бара жатқанын байқады. Көңілі содан кейін ғана орнына түсті.
Осыдан төрт-бес күн бұрын Махамбет ел ішін аралап кеткен-ді. Бұл осы жақтағы шаруаларды реттеп алып, әріде түбекте жатқан Адайға жетпегенмен, беріде орналасқан Әлім-Табын, басқа да солармен іргелес елді араламақшы еді. Қыс өтіп, көктем туды. Оның арғы жағында жаз жатыр. Бұл жаз жазылатын жайдарлы бола ма, әлде қыстан жаман қысымды бола ма, ол жағы беймәлім. Орынбор мен Петербордағы әкімдердің аузын алып, өз жағына шығара ма, әлде орыс патшасы әділет ойлап қалың көптің сөзіне құлақ аса ма, бұл екіұдай мәселе. Бірақ, енді бітісер жер жоқ! Бітісуден кетіскен болар. Ел ішін барлап, осы жайларды көппен ақылдасқанды мақұл көрген. Қол жинап, күш біріктіргенді мақсат еткен. Махамбеттің атанып кеткеніне көп болмаса да алғашқы сәтте Исатай оны аман-сау қайта көргеніне қуанып кетті. Оның мезгілсіз тез оралғаны жайында кейін ойлапты. Сол сәтте жүзіне қарап, қабағындағы кірбеңді де байқап қалды. Бірақ онысын шаршағанға сайып сабыр сақтады. «Өзі айтар, қазбалап қайтемін» деп түйді. Аман-саушылық сұрасып, жай-жапсар білісіп олар біршама жүрді. Алайда әңгіме қоңырқай тарта берді. Ақыры Исатай Махамбет жүзіне қарады да:
О, батырым! Қабағың салбырап кетіпті ғой. Бұрынғы бастан кешкеннен ауыр не болды сонша? Неде болса көтерші қабағыңды. Айтшы! Жаныңды жегідей жеген не? – деді.
Сол аяғын тез ілгері салып, бұрыла кілт тоқтады. Махамбет жүзіне тура қарады. Махамбеттің қабағы ашыла қоймады, сол солғын күйі жүзін бұрып әкетті.
Жолдан шаршаған болармын. Соңғы күні-түні ат үстінде болдық, – деп селқос жауап қайырды. Көзін көктеңбілдене жаңғырып келе жатқан далаға салды. Тақыр жерлерде ойдым-ойдым шалшық бар. Топырақ кеппеген, алыстан қарайып көрінеді. Кешегі жауын көп жерге дейін жетіпті. Олар мұны жол бойы көріп келген. «Жауын жауар, жер жаңғырар. Көктемнің ызғары өтіп, жайма шуақ күн де жетер. Бірақ адамның көңілі жібір ме, Тар пейіл кеңір ме! Ай, білмеймін!» деп, өзінше ойға кетіп қалған.
Сабырлы Исатай өзінің Махамбет қабағынан шошып кетіп, шыдамсыздық жасап алғанын кейін аңғарды. «Бірақ бұл менен нені бүгеді? Ойында бір нәрсе болса өзі айтар. Асылы шаршаған шығар. Мынау батпақта малтып жүру, адамға да, малға да киын. Кісінің жанын жейді. Осындай оймен ол ілгері қозғалып кетті». Бұл жолы оны Махамбет тоқтатты.
Исекем, ренжітпейін деп кідіріп едім. Бірақ көңілге алғандығымды айтпай тынар емеспін. Бөліне көшкен ел, бөріккен қойдай болып жатыр. Жарыла көшкен ел, жаралы қойдай болып жатыр. Ойда жатқан Адайды мына қырдағы Әлім ағайын алдынан кес-кестеп, жаз жайлауға жібермейтін көрінеді. Торыққан ел мен тулаған малдың шуылы құлағымда шыңылдап тұр. Не жетпейді бұл елге? Ағайын бірін-бірі талап жеп, таласып жеп, сүйісудің орнына шайнасып, қалай өсіп, өнеді? Қызыл көз арлан да, тағы хайуан да өз нәсілі үшін жанын ортаға салмайтын ба еді? Не жетпейді бұл халыққа? Шалқыған көл теңіздей Еділ мен Жайық екі су, мынау қыздың бұрымдарындай бұрылған – Жем мен Сағыз, Ойыл мен Қиыл, шетін көрген сырбаз Сыр, аты аңыз болып жететін жер жәннаты делінетін Жетісулы өлке, одан әрі Ақ Ертіс пен Қара Ертіс, мама биенің сауырындай жалпақ жатқан жайлы Сарыарқам! Соншама көл-көсір байлықты менсінбегендей, бір шұқыр құдыққа таласамыз. Осы еді мені ойға қалдырған, Исекем!
Махамбеттің екі көзі үрлеген шоқ секілді жанып тұр. Өңі нарттай қызарып, мұртын ширата береді. Бұл – оның нағыз қызып, тұтанған шағы. Осыдан кейін әдетте, жырды нөсердей төгіп-төгіп жіберетін. Өрлеген балықтай кеуделеп, басы тасқа соқпай қайтпайтын.
Исатай да бұл сәтте Махамбет аптығын басуға тырысты.
Адай да қарап жүрді дейсің бе? «Ақкөз» деп жұрт бекерге айта ма, өздерінде де кінә бар шығар, – Исатай үнінде наразылықтың салқын ызғары бар. Теріс қарай бұрылып, тыжырана сөйледі.
Даудың басы – пышақ, түбі – құшақ дегендей, қай-қайсысының шыққан төркіні, әрине, болмашы нәрсе. Бірақ сен қылғанға мен қылдым, сенен артық не қылдым деп, түймедей нәрсе түйедей болып отыр. Артын күтелік деген сабыр бар ма? Сабыр жоқ қой. – Бұл жолы Махамбет әбден басылып қалды. Жаңағы сәтте жан-жағына жалт-жұлт етіп ұшқын шашқандай болған қызу жоқ. Мұртын ширатып, басын төмен салды. Оның бұл пәс бола қалған пішініне қарап Исатай басын шайқады да, күліп жіберді.
Содан кейін жүзін мұнар бұлт шалғандай қарайып:
Иә! – деп ауыр күрсінді.
Үлкен жалпақ кеудеден бос бөшкенің күңгіріндей шыққан күрсіністі құлағы шалып қалған Махамбет жалт қарады.
Исатай көзі бұлдырап, алысты болжап тұрғандай. Махамбет не болғанын сұрағалы оқталды да кідіріп қалды. Исатай әлдене күбірлеп тұр. Бір сәт ол кәлима қайырып тұрғандай елес берді. Махамбет одан сайын үрейлене түсті. Баданадай көздері шарасынан шыға бақырайып қарапты да қалыпты. Құлағын түріп алды. Бірақ келер сәтте Исатайдың күбірлеп айтып тұрғаны өлең екенін құлағы шалып қалды. Өлең болғанда да өз өлеңі. Исатай ақырын шұбыртып:
– Хан баласы қабан-ды,
Қайырылып шапса жаман-ды.
Хан баласы қара жылан-ды
Қайта айналса шағар-ды.
Шабар күнің бүгін-ді,
Бүгіннен кейін қиын-ды, –
деп келді де соңғы жағына, – Иә, қиын-ды, – деп қостап та қойды. Түйген жұдырығын оқыс сілтеп жіберіп, кілт тыйылды.
Оның не ойлап, не айтып тұрғанын түсінген Махамбет, әйтеуір жайшылық екенін ұғып жүрегі орнына түсті. Жаңағы сәтте Исатай қарадан қарап тұрып күбірлей жөнелгенде ол шошынып қалған-ды.
Жалт еткізіп көз қиығын Исатай жүзіне тастап алды да, дауысын бір кенеп жіберіп мақамдай жөнелді:
– Қатын-бала, мал бағып,
Үйде отырсам да өлем деп.
Қорлықта жүрген халқыма
Бостандық алып берем деп.
Қырық бір жасқа келгенде
Ауыр әскер қол ертіп,
Жасқұсқа барып кіргенде
Арыстандай ақырған
Айбарыма шыдамай
Хан баласы жылады-ай!
«Жанымды қи» деп сұрады-ай!
Ақкөңіл, аңқау жүрекпен
Беремін деп мен тұрдым, –
осы бір тұсқа келгенде Махамбет Исатай жүзін тағы бір шолып, сәл мүдірді. Оның күлімсірей ризашылықпен тыңдап тұрғанын байқаған соң ілгері жалғастыра жөнелді:
– Көк бедеуді бауырлап,
Шабамын деп сен тұрдың.
Исатай басшы білсін деп,
Ауыр әскер қол тұрды.
Махамбет өлеңді бітірді де күліп жіберді. Бұлар қанша үзеңгілес серік болып жүрсе де, бүйтіп сөз жарыстырып көрмеген-ді. Махамбеттің суырып салып, төгіп тастайтын жырларын оның білетінін-білмейтінінен де көп хабары жоқ. Жүрек түбінен лықсып келіп қалғанда, сол сәтте ақтара салады. Жүрегінің басы жеңілдегендей, өзі де бір бусанып қалады.
– Қырық бір жасқа келгенше
Өз дегенім болмаса
Өзгенің тілін алмаған,
Кісі ақылы қонбаған –
Қанша айтсаң да болмадым,
Сөзіңе құлақ салмадым.
Бұрала біткен емендей
Қисық туған сорлы ағаң
Хан сөзіне сенгенім! –
өлеңнің осы тұсында Исатай шорт үзді де, Махамбетке қарады. Жүзінде жап-жаңағы жайбарақат кейіп, әзіл-ойын пішім жоқ, қайта қоңырқай тарта қалған:
Жүр, Мақаш! Демал! Шаршап келген шығарсың. Қалған істі кейін ақылға салармыз, – деп, Махамбеттің айтарын күтпестен ауылға қарай кең адыммен адымдай жөнелді. Атын жетегіне алған Махамбет оның соңынан үнсіз ере берді.
Ертеңіне сәске түсте, ауылдың абың-күбің тірлігі басылған соң Исатай серіктерін өзі отырған үйге шақырды.
Жігіттер біртіндеп кіріп жатыр. Түрулі есіктен далаға қарап отырған Исатай олармен иек қағып амандасты да, діттеген адамы түгел жиналды деген кезде басын көтеріп, ұзын мойнын соза көзбен шолып өтті. Түгел келген екен.
Міне, жігіттер, өлмеген құлға болды жаз деп, жер аяғы да кеңіді. Бұл жаз бізге кең бола ма, тар бола ма, оны бір тәңірі біледі. Жарлылық деген жақсы екен, жатып ішер ас болса, ал біздің жатуға мүмкіндігіміз жоқ. Жатқанға жан жуымайды. Ел аралап, сөз таратып, адам - қара, ат-көлік жинаймыз. Сірә, ханмен қайта шайқаспай қалмаспыз. Алдымыз қан болғанда, артымыз шаң болмасын. Тоқты-торым, құлын-тай, бота-тайлаққа таласып жатқан артымызда ел қалады. Қолымыздан келсе, сол таласқан қазақ баласын бірлікке бастап, келістіргіміз келеді. Сіздердің қолдарыңызға жоғарғы елге барып уағыздайтын үшбу хат берерміз. Ал біз Махамбетпен төменге қарай Үстіртке Әлім ұлы мен Адай арасына, Табынға қарай аттанамыз. Ал, енді уақыт тар. Жүрудің қамына кірісіңдер! – деді.
Жұрт үнсіз шығып кетті де, әркім өз қамымен болды. Махамбет екеуі екі-үш күнде үндеу хатты да дайындап бітіріп, жан-жаққа бәрі бытырай-бытырай жөнелді.
Көпшілік аттанып кеткен соң Исатай Махамбетті оңашалап алды да:
Ал, Мақаш! Енді екеуміз бітірер шаруа қалды. Кімнен бастаймыз? Қалай тындырар екенбіз бұл шаруаны? – деді.
Махамбет кідіріп жатпады. Ол бұл жайды талай ойлап, талай толғап, өз ойын да реттестіріп қойса керек.
Әуелі Әлім ішіне шығалық. Ақсақал-қарасақалымен жүздесіп, тілдеселік. Одан әрі Жетірудың Шектісіндегі Көтібар мен Арыстан батырларға хабар салып, Табыннан шыққан Барақтың Асауын да шақырталық. Ел боламыз десе бір елең етпес дейсіз бе. Солардың алдынан өтелік. Содан кейін Адай ағайынға хабар салармыз. Сүйекеңе кісі жібертеміз. Солай емес пе? – деп Исатай Махамбетке қарады.
Әрине, Сүйекеңе адам жіберу қажет. Қасына кімді серік етеді, өзі біледі ғой. Біз төменгі Адайға бара алмаспыз.
Шіркін, Маната деген биік бар дейді. Содан ар жағындағы үш түбек алақанға салғандай көрінетін сияқты. Ай мүйізді арқардай бір қияда маңқиып тұрып, сол түбектің жұпарын жұтар ма еді. Әттең, оған күн қайда? – Махамбет өзінің лапылдай жанып, армандап бара жатқанын сезіп қалды ма, кілт кідірді. Шаппай жатып тежелген арынды жүйріктей, жұлқынып, қос жанары жұлдыздай жалт-жұлт ойнайтын секілденеді. Өңі күреңітіп, мұрты қыбырлап тұрғандай. Оған көз қиығын тастаған Исатай, оның күбірлеп отырғанын байқады. «Шайырымның арқасы ұстаған екен ғой. Еділді көріп емсеген, Жайықты көріп жемсеген тарланымның тұяғы тағы да қызып отыр екен ғой. Бұл жолы нені көкседі екен. Е, Үстірттің жалпақ жоны, Маңғыстаудың жазық даласын көріп отырғандай мұнартады. Не айыбы бар оның? Ол да туған даласының бір шеті ғой!»
Махамбет үнсіз қалғаннан кейін, Исатай өз ойына қайта беріліп кетті. Кеше кеште, Махамбет келіп, ел ішіндегі дүрбелең жайын айтқанда, ол екіойлы болып қайтқан. Алғашында, ханмен араны ашып алып, содан кейін ел тыныштығына біржола кіріссе деп те ойлаған. Алайда хан жеңдіре қоя ма? Оның жағында зеңбірегін оқтап, бұларды көздеп патша әскері тұрған жоқ па? Патша ағзам, Жәңгірдің кінәлі, бұлардың адал екеніне сенер ме? Сеніп, билікті елдің өз қолына берер ме?
Күрес бастаған шақта, олардың бар дұшпаны хан болатын. Бірақ бұл іске патша араласты. Егер ханды жеңіп, ақ патшаға Жәңгірдің бар қиянатын түсіндіріп берсе, патша ақылсыз ба, бұлардың айтқанына көнетіндей көрінді.
Бірақ өткен жолы хан сарайы қолында тұрып, айырылып қалған соң, оған көмекке патша әскер жібергеннен кейін, ол бұған күмәндана бастаған.
Сол Махамбет келген түнде де, таң атқанша ұзақ толғанды. «Махамбеттің айтқаны жөн. Артындағы елдің бірлігін діттеп, сол елмен бірге ханға қарсы аттану керек. Хан ордасын шапсақ, патшасын тағы көріп алармыз!» деп түйген.
Қазір де сол шешіміне қайта бекініп:
Тұр, Махамбет серігім! Аттаналық! Қылышты көтерген соң, оны сермер болар! Істі бастаған соң тындырар болар!
Исатай орнынан атып тұрып, маңғаз адымдап есікке қарай бет алды.
Жаңа ғана түрлі ой өңін шалған Махамбет те жадырай, ұшып түрегелді. Өңіне әп-сәтте жаңа нұр ойнап шыға келді. Еңсесін тік ұстап, ол да табалдырықтан аттады.
Қасына азғана топ серігін ертіп, Исатай мен Махамбет Жайықтың бергі бетіне өтіпті дегенді Сүйінғара ертерек естіген-ді. Қыс бекіп, жол қатынасы болмаған соң, бұдан кейінгі олардың хабары мүлдем үзілді де қалды. Қаншама құлағын түргіштесе де түк естімеді. «Олар ел ішінде жасырынып жүрген көрінеді. Аңдушы көп болған соң, ешкіммен хабарласпайды екен», – деп біреу айтса, екіншілер одан басқаша сөйлейді. Жер аяғы босап, көктем әбден бекіген шақта «Исатай да, Махамбет те аман екен. Тайсойған құмында қыстап шығыпты. Бері қарай, Әлім ішіне өтіпті», – деген сөз бір жетсе, келер кісі одан да тиянақтырыңқырап: «Тіпті, одан да бері Сам-Матай құмының, Бейнеудің қонысына қарай, Адай ішіне де келетін көрінеді», – деп лақап айтты.
Бұл хабарға едәуір елеңдеген Сүйінғара өз тарапынан да хабар салмақ болып оқталды да, нақты тұрағын білмеген соң кідіріп қалды. Тек, солай қарай, қырға жүретін адамдарға: «Құлақтарыңды түре жүріңдер. Шамаларың келсе, хабарын жеткізіп отырыңдар», – деп тапсырумен болды.
Оңаша отырған сәттерінде: «Ей, есіл ерлер-ай, – деп налыды. - Туған жеріңде қурайдай панасы жоқ, қаңғып жүргендері-ау. Бұл не әділет! Жерге, суға кім ие? Таққа отырған адамның айтқаны – ақ, қарғағаны қара болып тұр ғой. Ханнан ба бұл, әлде айналасындағы қарадан ба?» Айтқаныңыз әділет емес, халыққа қиянат, – деп тұрып алса қайтер еді. Елдің бәрін қырып сала ма? Қалай қырып салады? Ол тақта жалғыз біреуді біреу арқылы қырып-жойып отырған жоқ па? Қазағыңның ханы да, басқаның ханы да солай істеп отыр емес пе? Мынау Аллақұлдың бізде, Маңғыстауда не алмағы бар? Жақсы, Бесқаланың ойына мал жайма, ата-бабам жері десін. Бүкіл Маңғыстауға, Адай еліне алым-салық салғандай қандай хақысы бар. Бітір дейді, зекет дейді. Алла соның жалғыз өзінікі ме екен? Әркім өз үйінде құлшылығын жасап, мінәжат етсе болмай ма? Жоқ, оны хан жинау керек! Хиуада берілген садақа ғана қабыл болатын секілді. Бастарында дағарадай сәлдесі бар, қолдарында найзадай асатаяғы бар, үстерінде зәулім мешіттері бар, – мейлі дінге солар-ақ ие болсын. Ал, мына Кетікке орыс қорған салды деп, бізге дігірлегені несі. «Дінді аздырады, елді тоздырады, кәпірлер», – дейді. Сонда бұл кәпірді кім жаратты. Олардың өз құдайлары бар. Білімге жетік, ешкімнен ақылсыз халық емес сияқты. Хиуаның Алласы күшті болса, олардың құдайын құртпас па еді? Олар аспанда сыйысқанда, жердегі басқалардың таласына жөн болсын».
Қанша ойлағанмен бұған өз ақылының жетпейтінін Сүйінғара анық түсінді.
Осы кезде басқа бір оқиға болып, оның ойы бөлініп кетті. Бітімге шақырған Исатай мен Махамбет хабары жетісіменен, Сүйінғара тіпті ойланып жатпады. Осы күнді ілгеріден күтіп, не дайындықпен жүретінін біліп отырған жан секілді, жол қамына тез кірісіп кетті. Жан-жаққа адам аттандырып: Ишан түбекте жатқан Матайдан Ботақараны, Тұщыбектен Төлептің Мәмбетниязын және қасымда қарулы да серігім болсын деп Құнанорыс Шабай батырды шақыртты. Шабарманға баратын адамға жеке-жеке тапсырма беріп жатты.
Матай ағайынға сәлемімді жеткіз. Бұрынғы ашу-араз қалсын. Сырт елдің алдында біртұтас болып көрінелік. Ел қамын ойлаған анау батырлар Арқаға бізді сол үшін шақырып жатыр. Әлде арада ұсақ-түйек кірбің болса, қойсын. Ботақара артында қалатын ағайынын осыған бекітіп, бері аттандырсын. Осыны мұқият тапсыр. Сосын Исатай мен Махамбет халқы үшін еңіреп жүр ғой. Мүмкін, торығып, шаршаған шығар. Оларға ас-су болатын, астына көлік болатын сый-сияпатымыз болсын. Оны Ботақараның өзі біледі ғой. Ұсақ жандыққа жол ауыр, мен ірі қарадан айдағалы отырмын. Осыны сөз арасында қоса жеткізерсің. – Ботақараға жіберген кісісіне Сүйінғара осылай десе, Мәмбетниязға қысқа сәлем жолдады:
Арқадағы елде дүрбелең туды деп, бірінші дүбір шығарған өзі еді. Мәмбетниязға айт, «келтегін тастап, телпегімен келсін. Құшағын айқара ашып, ашусыз келсін. Жел сөзге ермей келсін» Тап осылай де. – Аттандырып тұрған кісі астындағы атының сауырынан сипап тұрды да, алақанымен салып қалды. Жүргінші ытқи жөнелді.
Ал Шабайды жай серіктікке шақырды. Содан басқа да өз сөзім өтеді деген ағайынға Исатай мен Махамбеттің ісіне өз үлестерін қоссын, көпке түскен ауыртпалық қой, ауырсынбай аралассын ортаға деп те адам шаптырды.
Сүйінғара сәлеміне бір адамнан басқа ағайын мақұл көрісіпті. Ол кісі бай Әлімбай болатын.
Менің Арқада малым жоқ, еру елмін. Осы ой да маған жетеді. Артық шашылып жатқан малы болса, Сүйінғара өзі бере берсін. Менің бұл іске көп қимам қышымайды, – депті.
Бұл сөзді естіген Сүйінғара өңі лапылдап жанып бара жатқандай болды. Қабағы түйіліп, сояудай ұзын кірпіктері тікірейіп, орнынан тұра ұмтылатын адамдай оқыс қозғалды да, қайта отырып қалды.
О, дүниеқоңыз! О, тексіз! – деді де, қой көзі шүңірейіп, ойланды да тыйылып қалды. Бай Әлімбайды тексіз дегенде мән бар-ды.
Сүйінғара оның аталарын жақсы білетін. Олар кезінде көп мал бітпеген, шаруалары орташа қораштау адамдар болатын. Әлімбай кенет байып кетті. Ол малды адалдан жинамады, барымта-сырымта, тағы басқа да айла-шарғымен тауып жүр дейтін ел ішінде пыш-пыш бар-ды. Ашу үстінде соны айтып салды да, Сүйінғара түйіліп қалды.
Ертесіне ол Кежіні оңаша шақырып алды.
Естідің бе ана жоқтың сөзін кешегі? – деді.
Естідім! – Кежі жауабын қысқа қайырып, тынып қалды. Ағасының сыры өзіне мәлім ол, оның бір күрт шешімге келгенін сезді.
Естісең сол, айдат бір үйір жылқысын. Аузындағы адал астай иттің күйсеуін қарашы. – Сүйінғара сөзі жарлықтай айтылды. Бірақ әдетте сөз қайырмайтын Кежі бұл жолы кібіртіктеп қалды.
Ой, сен не ыбылып тұрсың? Бол! Орында айтқанды! – Алайда Кежіге қарай түйіле сөйлегенмен, үні алдыңғыдай өктем шықпады. Әлдебір күмілжу бар. Соны сезген Кежі:
Біреудің арам малы не қажет? Ақ жолға бара жатқанда адал жүр дағы, – деп бір қойды.
Немене? Ол бір адал жолмен тапты дейсің бе сол малды.
Әдетте, ашуға мінгенде бұлайша оңайлықпен тоқтамайтын Сүйінғара бұл жолы тосылып қалды. Жаңа оған Кежінің айтқан сөзін алғашында елемей өте жаздады да, әйтеуір, кідіріп қалды. «Адал жолға арам малмен барма?» Бұл да жөн сөз екен-ау. Исатай мен Махамбет, оған ерген қалың елге барғанда: «Сүйеке! Мынау кімнің малы?» десе, тіпті, артымнан әлгі жаман қуып келіп: «Сүйінғара, жылқымды айдап кетті. Сонымды алып бер деп төрелікке салса, не бетімді айтамын, қай жүзіммен көрінемін. Жоқ, ойбай, олайша масқара болуға болмас!» Осындай ойлармен ол бөгелген-ді. Дегенмен, бірдеме айтқалы оқтала беріп еді, Кежі тағы да алдын орап кетті.
Өзіңіз ел бірлігі, ел тыныштығы деп бара жатқанда, артыңызға от тастап, дау тудырып кеткеніңіз жарамас. – Сүйінғара Кежіге көзімен ата қарады. «Мынау немене менің ойымдағыны оқып тұр ма. Соншама қадалуын қарашы!» Бірақ әлі де қиқарлыққа бағып:
Түу, өзің де заржақ болып біткен екенсің! – ол Кежіге қарай қолын бір сілтеді де, кері бұрылып кетті.
Жол дайындығы үстінде басқа бөтен оқиға болған жоқ. Азғана күн ішінде тез жинақталып аттанды да кетті. Ас-су тиеген көліктері бар, айдаған малы, өздерінің астындағы ат-көлік, бәрі жиналғанда олардың қарасы сырт көзге едәуір сияқты көрінді.
Жұрттың бір таңғалғаны – Сүйінғара мінезі. Бұрын сабырлы, көп сөйлемейтін адам секілді еді. Әсіресе жолға шыққаннан кейін әбден дегбірсізденіп кетті. Елден бұрын ерте тұрып, жұртқа маза бермейді. «Болыңдар, тұрындар! Ат-көлікті жинаңдар! Ас-суларыңды дайындаңдар. Күн ысымай тұрып жүріп кетелік!» деп ертеңгісін мазаласа, кешкісін: «Жатыңдар! Оттарыңды сөндіріңдер! Шоқтарыңды көміңдер, таңертең тез жағуға жақсы. Жатыңдар, ерте тұру керек!» деп дігірлейді.
Оның осылайша құбылып, толқығанын оған жақын жүргендер бұрын көрмеген сияқты. Кейде дұрыс, кейде ашу үстінде қисық болса да, әйтеуір, шорт кесіп тастайтын. «Дегенмен шал толқып келеді. Исатайды, Махамбетті көруге құштар. Бұрын талай сырлас болған адамдар. Қос ардагер Сүйекеңді аға тұтады. Сүйекең оларды інілерім, үзеңгілестерім деп қадірлейді. Иә, қиын іс бастады Исатай мен Махамбет, – деп ойлады Шабай. Ханға қарсы тура аттанды. Ханның өзі жалғыз болса бір сәрі, ол арқасын тамға сүйегендей, патшаға қол артып отыр ғой. Ақ патша, оның қолында аузы үңірейген зеңбірек. Гүрс-гүрс жарылатын доп. Қарлы борандай төгілген қорғасын оқ. Қылышпен, қырықтықпен, келтек-шоқпармен оған қарсы қалай шығарсың?»
Сол күні Сүйінғара үш жігітті ілгері оздырып жіберді. Олар ілгері кетіп, алдағы елдің қай жерде жиналғанын біліп хабар беруге тиісті. О баста кісілер Жем мен Сағыздың бойында, Әлім ағайын ішінде кездеселік деген сөз жеткізген-ді. Бірақ нақты қай жерде бас қосады, оны анық білмейтін.
Қаратөбе басындағы ауыл сағым ішінде бұлдырап көрінеді. Хабаршы оларды күткен осы ауыл екенін жеткізген соң Сүйінғара оқшау шығып, жұрт алдына түскен. Екі қапталында екі батыры – Мәмбетнияз бен Шабай. Мәмбетнияз ат үзеңгісінде шіреніп, біресе ілгері, біресе кейін ырғалады. Жалқын сары өңі де сан құбылып, ішкі толқуы сыртқа теуіп, ап-айқын білініп тұр.
Шабай ойлы күйде бірқалыпты. Еңсесін биік көтеріп, тік отыр. Жүзінде қуаныш та, реніш те білінбейді. Қара торы өңі сәл күреңітіп, анда-санда ұшы жіңішке ұзын қара мұртын сұқ саусағының сыртымен бір сылап қояды.
Ауыл бейнесі бірте-бірте айқындалып, одан бөлініп шыққан топ қара да байқалды. Олар ауылдың артына шығып, жолаушыларды күтетін сыңай байқатты. Сүйінғара да атының басын сәл солға тартып, ауылдың сол қанатынан орағытатын ыңғай танытты. Қарсы алушы, күтуші топ та ілгері озып барып, ауыл үстінің шаңынан өтіп, тазалыққа шыққан соң кейін қайырылды. Бұл кезде Сүйінғара тобы да ауыл деңгейінен өткен болатын.
Сүйінғара Исатайды бірден ажыратты. Кең жауырынды, алпамса денелі Исатай жұрттың алдында тұр екен. Оның қасындағы бойы Исатайдан сәл аласа, мығым денелі Махамбетті де көрді.
Осы кезде Сүйінғара ежелгі әдеттен басқаша мінез көрсетті. Атының басын сәл тежеді де, жерге ырғып түсті. Тіпті кейінгі атқосшысына көлігінің тізгінін де ұстатпады. Жерге бос салбырата тастай салды. Аттың өзі де үстіндегі иесінің бұл мінезіне абдырап қалса керек. Ол белең алмай, үнсіз тұрып қалды. Алғашында атқосшы да дағдарып қалған.
Құлталақтай ілгері суырылып бара жатқан Сүйінғараны көріп, көлігі үстінде ұмтылып келіп, аттың шылбырын ұстады. Содан барып ол да жерге түсті. Шабай да кідірместен атынан түсіп, шылбырын атқосшысына берді. Кейінгілер де алдыңғыларды көріп, аттарынан түсе-түсе қалысты. Жұрттың соңынан едірейіп жалғыз Мәмбетнияз қалды. Ол әлі аң-таң. «Ауылдың сыртына кісі келмейтін бе еді? «Хабарлас» деп тұрмайтын ба еді». Алдынан шыққан кісі, қонақты қолтығынан сүйеп түсірмейтін бе еді? Бұл не болды енді!» деп найқалып тұр. Алайда жалғыз өзінің көзге шыққан сүйелдей адырайып тұрғаны ерсі екенін жаңа түсінді. Әрі атқосшысы атының басын тежеп, қолтығынан сүйегелі қолын ұсынып тұр екен. «Е, жұртты жұмсамасам да, өз атқосшым бар. Соған сүйетпегенде қолтығымды, өзім түсем бе» деп, ол да жерге түсті.
Сүйінғара ешкімге қарайтын емес. Емпелектеп ұмтылып барады. Балаша қуанып, сағынған адамына ұмтылғанда, соның бойында болатын тағатсыздық қазір тап мына сексендегі шалдың бойына біткендей. Жасы үлкен кісінің осындай ұмтылысын алыстан байқап тұрған Исатай да шыдай алмай кетті. Ол да ілгері ұмтылып, аршындай адымын тез-тез басты. Оған бір сәт Сүйінғара жүзі бұлдырап келе жатқандай елестеді. Сүйінғара екі қолын көтеріп, тамырлары көк білеуленіп, саусақтары ербең-ербең етеді. Бос ауаны қауатындай. Құшағын аша ұмтылып, еріндері күбір-күбір сөйлейтін сияқты. Оған сәлем бергелі ұмсынған Исатай қарттың мынау бейнесін көргенде, сәлемінен жаңылып:
Оу, Сүйеке! Оу, Сүйеке! – дей берді. Өзі де босап кеткендей. Тек құшағын ашып Сүйінғара құшағына кіре берді.
Қос арысым! Бәйтерегім! – Шалдың денесі тарамыс жіңішке болғанымен, әлі де бойында қуат бар сияқты. Исатайдың кең кеудесін қысып-қысып жіберді. Осы кезде ғана Исатай шал құшағында балаша қалып қойғанын сезіп, бір сәт өзінің босап кеткенін аңғарды. Денесін кейін тартып, айналасына қарап, осалдығынан өзі қысылды.
О, Сүйеке! Ассалаумағалейкум! – деп дауысын бекітіп үн қатқан.
Сүйінғара оның сәлемін алмады да, тыңдамады да. Исатайдан бір адым кейін, ырсия күліп тұрған Махамбетке ұмтылған-ды. Махамбет те оған құшағын аша ұмтылып, кенет оқыс қимыл жасады. Аңдаусыз қалған Сүйінғараның екі қолын қаусыра құшақтап, орнынан көтеріп алмақ болды.
Сырт қарағанда етсіз кісі болса да, Сүйінғараның сүйегі ауыр екен. Бірден орнынан жұлып алмақ болған Махамбет оны қозғай алмады да, қарқылдап күліп жіберіп, бұл да Сүйінғара құшағына енді. Тік мұртын Сүйінғараның мойнына басып, мауқын басып, иіскеген сияқты болды. Қалай оқыс қимылдаса, солай оқыс құшағын жазып жіберіп:
Ассалаумағалайкүм, Сүйеке! Ініңіздің еркелегені ғой бұл. Ғафу өтінемін, – деп Сүйінғараның екі қолын қос алақанымен қаусырып, қатты-қатты сілікті.
Ағаңды қақпақылдай қақпақ болдың ба, Махаш! Ойна, ойна, сендерді бір көріп, мауқын басайын деп келді жаман ағаларың, – деп, Сүйінғара да оның қолын қыса түсті. Содан қайта Исатайға бұрылып, оның да қолын алды.
Мұның бәрі әп-сәтте болып өтті. Әлдебір сезім құйыны өз иіріміне салып жіберіп толқытып, қайта шығарып тастағандай. Осымыз да жетті-ау дегендей, Исатай бойын түзеп алып, айналасына қарады. Көзімен әлдекімді іздеп, желке тұсында тұрған ұзын бойлы, мұртты қараға көзі түсіп:
Көрісіңіз, Сүйеке, мына Әлім ініңізбен, – деді.
Сүйінғара басын оқыс көтеріп, Исатай нұсқаған кісіге тіктеп қарады. Осының алдында балаша босаған Сүйінғара ғайып болғандай, жүзін суыта, көзінен ұшқын шашады. Кеудесінен ашу-ыза дүлейі көтеріліп, бір сәт басына қарай шапса керек. Өңі қызарып кетті.
Көпшілік сілтідей тына қалды. Соны байқап қалған Сүйінғара тез өңін жылытып, қолын ұсынды.
Кел, інім, көріселік! Ұзағынан көрістірсін, – деді.
Ұзын бойлы мұртты қара да қолын соза қоймады. Ол да бойында ашу сақтады ма, белгісіздеу болды. Қоңыр салқындықты сейілтейін дегендей, Исатай:
Уа, не кідіріс бар? Қонақтар далада тұрып қалды ғой, – деді. Исатай сөзінен кейін төрт алақан қауысып ұстасты да, қайтадан жеңіл айырылып кетті.
Жұрттың бәрі мұны көздерімен аңдып, иықтарынан жүк түсіп жеңілдегендей тыныстарын жөн алды. Бірінші болып Махамбет дауыстап жіберді.
Біткен істің міні жоқ! Бітірген ердің кемі жоқ! Ал, Сүйеке, қош келдіңіз! Жолыңыз болсын! – деп, дауыстай ұмтылып келді де, қарт кісінің қолтығынан алды. Исатай да бұрылып, ауылға бастаған-ды. Қалған жұрт жапырыла қозғалды.
Бұларды ауыл ортасындағы кең үйге түсірді. Үй ішінде жүк жоқ. Уыққа байланған шашақтар төмен салбырап, үй салтанатына салтанат қосады. Есіктен төрге дейін кілем төселіп, оның үстіне киіз тасталған. Киіз үстінде төсек-көрпелер, жастық тасталыпты. Тек сол жақта, керегенің басына ілініп, етегі жерге жеткен үлкен саба шып-шып тершіп тұр. Аңқыған саумал қымыз исі үй ішінде жұпардай қалқиды. Қонақтар үйге кірер алдында бапталса керек. Соның тұсында жезбен қапталған ағаш сандық қойылған. Басқа артық жиһаз жоқ. Ірге түрулі, самал жел желпіп тұр. Бұл қонақтар үшін әдейі тігілген үй екені белгілі болды.
Жаңа бір сәтте Сүйінғара ауыл айналасының шөбінің тапталмағанын байқап еді. Сірә, осы басқосу үшін тың жер тандап, бүкіл ауыл әдейі қондырылса керек.
Үйге кіріп, осыншама ілтипатты сезген Сүйінғараның іші жылып кетті.
Шай ішіліп болғаннан кейін Сүйінғара бүгін демалғандарының жөн екенін білдірді. Қонақасы кейін бола жатар, бүгінше бізге мұрса берсін деп өтінді.
Оған ешкім қарсы болған жоқ. Бұлардың және күтіп отырған сыйлы қонағы бар-ды. Шекті ішіндегі Көтібардың Есеті де осы мәслихатқа қатыспақ ниетте екен. Сол келіп үлгермепті. Мұны естіген Сүйінғара:
Ендеше өте жақсы. Келсін Есет батыр, – деді.
Бұл күні басқа әңгіме айтылған жоқ.
Ертесіне, әдетімен ерте оянған Сүйінғараға Исатай ілесе шықты. Екеуі әңгімелесе жүріп, ауылдан ұзап кетті. Желбегейлі жамылған шапанының етегін жел желпіп тұрғызбаған соң оны Сүйінғара қолымен қымтай ұстай ыққа қарай ыңғайланып, Исатайға бұрылды:
Ал, Исатай інім! Ниеттерің оң болсын, ойға алғандарың іске ассын. Біз бірақ жығылғалы келгеніміз жоқ. Зорлап біреуді жығуға да құлқымыз жоқ. Бізге бітім, тыныштық керек! – деді.
Исатайға ескертіп қояйын деген ойын айтқан соң онысын көп сөзге айналдырғысы келмейтін сыңай танытып, желге қарай бұрылып кетті... Сүйінғараның сол пиғылын түсінді ме, әлде жөнді сөйлеспей дауға бармағысы келді ме, Исатай үндемей қалды.
Жалпы, кешеден бері Исатай көп сөйлемейді, үнемі ой үстінде. Кешегі Сүйінғараның оқыс қимылы оның да көңіліне дық болып қалған. Әлімдерді көндіріп, Адайлармен бітімге иемденудің өзі оңай болды ма. Махамбет екеуі қаншама тер төкті. Тізеге салмағанмен, көп иілуге тура келді. Соның бәрі зая кеткені ме? Әлімдерді сөйлетсең, бар пәле Адайда. Тыныш отырған елдің егініне, жеріне түскен, тұнық суын лайлаған, бүтінін бүлдірген. Адай елдікпен келмеген, едірейе келген. Ал Адайға кезек тисе, ол да ақталып шығатыны сөзсіз. Би айтса бидікі жөн. Құп айтса құлдікі жөн. Жаңа ғана Сүйінғара: «Жығылғымыз келмейді», – деді. Бұл қалай болмақ ендеше! Екі жақ та тартысып, екеуі де тік қалмақ. Иә, бұл қиын күрес екен. Бірақ бастаған соң бітіру қажет.
Осы күні күткен басқа да адамдары тегіс жиналып, олар бас қосып отырып, қонақасыға сойылған ту биенің етін бөліп жеді. Ертесіне, Қаратөбе басына ақ киіз жайылып, мәслихат басталды. Айтыс-сөз екі күнге созылды. Он жылдан асып бара жатқан даудың бүге-шегесі көп екен.
Төбе би деп ешкім ойламаса да, Исатай сөз тізгінін өзіне алды. Жолын сыйлап, біт ажа ара ағайын деді ме, әйтеуір, оның алдына ешкім түспеді.
Исатайдың бір таңғалғаны – Сүйінғара мінезі. Оның бойында кешегі арындап келген екпін, аптығу мүлдем жоқ. Молда алдына берілген баладай тып-тыныш.
Қызыл тобылғы сегіз өрме қамшысын бір бүктеп қасына сұлата тастаған. Отырысы да бөлекше. Сарта жүгініп алыпты. Қарсы жақ сөйлеп жатып, сөзі түсініксіздеу болып бара жатса, өндіршегін соза басын көтеріп, құлағын тосады. Түсіндім сөзіңді дегендей, мойнын кейін тартып алып, иегін кекжите сақалын сипайды. Ұзын кірпіктерін тікірейтіп, көзін сүзе қарайлайды да, келер сәтте көзін тарс жұмып алып, ойға беріледі. Оны сөз тыңдамай отыр ма деп ойлап қаласың. Бірақ енді бір мезет сөз шиеленісіп бара жатса, көзін ашып алады. Көзінде ешқандай қалғу, ұйқы белгісі жоқ.
Исатайдың пайымдауынша, екі ел әбден өштесіп, ерінбей алысқан. Қолға түссе – малды малдай, адамды адамдай аямаған. Адайдан адам көп кеткенде, Әлім малдан көп айырылған. Бірақ Әлім де қарап қалмаған. Бір шапқанда, Адайдың үш ауылын қатар шауып, бес мың жарым жылқысын бойына сіңіріп жібереді. Темір таққан Байтақта тағалаулы атпен Адайдың соңынан қуып келіп, мұз үстіне аттары тағалаусыз елмен айқасты көз алдына елестеткенде, Исатай жаны түршігіп кетті.
О, ағайындар-ай! Соншама бір-біріңе өштескендей не болды? Адайың аңғал болар, тасыр болар, бірақ арғы атаң – бір бауырың емес пе еді? Сен – аға, ол іні емес пе еді? Тарылып келіп бауырыңа кіргенде, бауырынан тепкенің қандай ағалық? Адай да әділетті деп айта алмаймын, қостамаймын, Әлім аға, қатыгездігіңді. Мейірім, мейірім керек, ағайын! – Исатай одан әрі әлдене айтқысы келді де кідіріп қалды. Ойына не түсіп кеткенін ешкім білмеді.
Кешеден бері сөйлеген ел де доғарылып қалған-ды. Бәрінің ойындағы бітім секілді. Бірақ анау жығылды, мынау жықты деген ескі намыс қырсауы тас қылып бекітіп ұстағандай. Содан аттап кетуге именіп, қорғалайтын секілді.
Исатай түйіндеп айтып, кесімін білдірмесе де, екі жақты да ойға тастаған-ды. Содан кейін орнай қалған тыныштықты кенет саңқ еткен қатты дауыс жарып өтті. Жұрт дауыс шыққан жаққа жалт бұрылды. Сүйінғара орнынан түрегеліп кетіпті. Өңі қызарып, көзі от шаша қадала қалған. Тұла бойы дірілдейтін секілді. Исатай оған қарай қалып, не болғанын түсінбеген. Ашуланып тұрған сияқты көрінген. Бірақ сөйлеп кеткенде, оның толқып тұрғаны байқалды.
Ау, қаумалаған әлеумет! Екі күн ұдайы айтыстық. Жоқ, екі күн емес, біздің Адай-Әлім болып айтысқанымызға талай заман болыпты. Байқап отырсам, бұл дау басталған жылы туған бала, міне, бір мүшелге толыпты. Он үш жыл бойы алысыппыз. Сонда не таптық? Алдымыздағы малымыз суын жөн ішіп, отын оттай алмады. Жігітіміз бір күн көсіліп жатып, тыныш ұйықтай алмады. Қуғын, сүргін! Жалығатын уақыт болған жоқ па! Өзімізді өзіміз аздырып, тоздырдық қой, ағайын! Адайдың ұзында өші, қысқада кегі жоқ! Әлімге келіп тығылса, амалы болмай, малы тарығып, жаны қысылған соң келді. Анау екі құмнан әрі тышқақ лағымыз аттаса, егініме түстің деп қылышын жалаңдатып Хиуаның ханы шыға келеді. Күннің батысында, желкемізді де орап жатқан – суы ащы көк теңіз. Асты тас, үсті тас Маңғыстаудың үш түбегінде жатырмыз шаңытып. – Сөзінің осы тұсында Сүйінғара кілт тоқтады. «Жә, жетер!» деп ақырын күбірледі де, қолын бір сілтеді. Көзі Мәмбетнияз бен Шабайға түсіп кетті. Оның сөзін құлағы шалып қалған Шабай өзінше түсінді. «Тым жыланып кеттім, мұным дұрыс емес!» – деп тұрғандай болды. Шынында да, Сүйінғара осылай ойлаған-ды. Назарын Исатай мен Махамбетке бір салып өтті де, дауысын кенеп алып қайта сөйледі.
Мына қос арыс не үшін еңіреп жүр. Өз бастарын ойласа, бұлар кімнен кем болар ед? Ойланайық, әлеумет! Мүмкін, Әлім ағайын, менің жасым үлкен болғанмен, жолым кіші шығар. Бірақ Исатай мен Махамбеттей азамат күн қатып, түн қатып жүргенде, тілегі екі елдің бітімі болса, берелік тілегін! Бітім тапқаннан опық жегенді осы сексен жасым ішінде көргенім жоқ. Солай емес пе, әлеумет!
Ол көпшілікке сұрау қойғандай бұрылғанменен, жауап тосып жатпады. – Егерде солай десеңдер, мен бата жасағалы тұрмын. Мұнымды кім теріс дейді. Айтыңдаршы, кәне? – Сүйінғара бойын тіктеп алды. Оның бұл сөзі соншама тосын болды ма, ешкім үндей алмай қалды. Бұл жолы да көптің үн қатуын, қостауын күтіп жатпай, ілгері аттады да:
Келіссеңдер, әкел ала жіпті! Ала жіпті кеселік! – деді.
Шабайдың ар жағында, тасада отырған Сүйінғараның атқосшысы қабынан ақ пен қара қой жүнінен есілген жіпті алып, оның алдына келді. Қолына ұстата салды. Сүйінғара жас бала жігітке қараған жоқ, ала жіптің шетінен ұстап:
Мұның бір шетін кім ұстайды? – деді.
Жұрт оның ойын жаңа түсінгендей. Бірінші болып Махамбет айқайлап жіберді.
Дұрыс, Сүйекеңдікі! Ала жіп кесіңдер. Қайта ала жіп аттамайтын болыңдар!
Жіптің екінші басын Көтібардың Есеті мен Кетенің Құдайберген батыры ұстады. Сүйінғара екінші басын тартып тұрып, қынынан пышағын суырып алып шорт қиып жіберді. Екі жақ та қолдарындағы шолтиған тұтамды жоғары көтеріп, елге көрсетті.
Сүйінғара қолындағы тұтамды жоғары көтерген күйі екі қолын көтерді.
Ал енді бата жасалық. Өткен әлеумет, келген салауат! Бұл сақал сипар деген бата болсын! Екі қолымен бірдей сақалын сипап өтті. Содан кейін қолын төмен түсіріп, орнынан жүріп кетті.
Біреуі түсініп, біреуі түсінбей апақ-сапақта бәрі орындарынан тұрды. Етектерін қағып, үстерін сипап, жабысқан шөп-шалаңды түсіріп, күбірлей тарасып жатты.
Сүйінғара бұл шешімге кенеттен келмеген-ді. Кеше кешкісін серіктерімен – Шабай мен Мәмбетниязбен ақылдасқан-ды. Исатай мен Махамбеттен де сыр тартып көрген-ді. Бәрінің де ойы – бұл дауды тез бітіру. Қалай бітіреді? Ол жағын ешқайсысы да ашып айта алмайды. Екі жақтан да шабылған ел, барымтаға түсетін мал, ең бастысы – өлген адам саны көп. Елдің ашуы бар, мал сұрауы, кісінің құны бар. Оны қалайша екі жақ та аттап өтіп, ұмытып кетер. Оның кесігін айту қиын! Бірақ ілгері аттау керек! Соны сан ойлап, сан толғанып, не шешімге тоқтарын білмеген Сүйінғара Исатай сөзінен кейін орнынан қалай тұрып кеткенін абайламады. Әйтеуір, ешкім қарсы шықпады. Бата жасалған соң, ала жіп кесілген соң, қалғаны жеңіл. Үлкен жүк иықтан түсті. Әрине, қандай дау болса да, бәрі де жым-жылас бітпейді. Үлкен жараның орнындай біреу ашиды, тіпті артында үй орнындай таңбасы да қалады. Ұсақ-түйектің бәрін түгендеймін деп жүрсең, ешқандай іс бітпейді.
Бұдан кейінгі әңгіме дастарқан басында өтті. Бірақ қандай болсын бітімге келген елдің бетіне күлкі жүгіріпті. Сүйінғара соны медет тұтты.
ҮШІНШІ БӨЛІМ
ШАПҚЫНШЫЛЫҚ
Ол ұрыспай неғылсын,
Ардақтап өскен ұл үшін
Арулап сүйген қыз үшін.
Нұрым ақын
Петербургке келгелі Григорий Силыч өз көңілін өзі түсінбей қойды. Иығынан зіл басқандай. Кеудесін жөнді көтере алмайды. Тіпті, кей сәттерде тынысы да тарылып кететіндей. Ылғалды, тұманды ауадан ба, әлде мұның себебі басқа ма, ол жағын айқын ажыратпады.
Бұл көңілсіз болатындай еш жағдай жоқ сияқты.
Осыдан он жыл бұрын бұл қаладан бұғаумен айдалып кеткен болатын. Ал қазір сол қалаға еркін оралып отыр.
Алыста, анау Орынбор даласында, Жайық өзені бойында, Маңғыстауда, ащы сулы Каспий теңізінің қотыр тасты жағалауында оңаша қалған сәтте осы қаланы ойлайтын. Алғашқы кезде жолдастары тума-туыстары, қаланың өзі, тіпті, жекелеген кейбір үйлер көз алдында көлеңдеп, оның ұйықтай алмайтын кездері болушы еді. Қаланы бір көрсе, көшелерімен еркін жүрсе деп қиялдайтын.
Сол арманы, сол қаласы – міне, көз алдында елее емес, кәдімгідей көлбеп жатыр. Ол арманына да жетті. Бірақ, көңілі ашылмай, Нева жағасындағы тұманды қаланың қызындай кеудесін сығып, тұқырта берді.
Алғашында, ол өз мінезіндегі бұл өзгерісті ұзақ жүрістен, шаршағаннан болар деп ойлаған-ды. Алайда, шаршағаны да кетіп, демалатын уақыты да өтті. Сағынып келген моншасына да түсіп, денесін әбден балбыратты. Моншаға бірге еріп келген серігі оның соншама құмарлана түскенін байқап: «Сүйегің бор болып езіліп кетіп жүрмесін, Григорий», – деген-ді. Серігіне: «Не дедің?» – деп бір жалт қарады да, Григорий Силыч отырып қалды. Көз алдына әлдебір елес келгендей. Оның не екенін сол сәтте айыра алмай, айран-асыр болды. Карелин сіресіп отырды да қалды. Қолындағы сүлгісі де түсіп кетті. Серігі оның бұл құбылысына қайран қалды. Оның ойына жаман пікір келіп, өңі сұрланып: «О, құдайым-ай! Бұған не болған? Шынымен... шынымен, бірдемеге шалыққан ба сонда? Шыныменен, психикасы бұзылған ба? Иә, бұл байғұсқа оңай болды ма? Жап-жастайынан айдалып кетті. Қайда, айдалды десеңші? Тағы қырғыздардың, қалмақтардың ортасына, ұлыған бөрі мен маңыраған малмен серік болды. Қайта, өзі шыдамды екен. Сырт қарағанда есі дұрыс адам секілді әлі. Мүмкін, мынау ортаға келген соң, есі қайта түзеліп кетер» деп ойлады.
Ал, бұл кезде Григорий Силыч көз алдындағы нәрсе мүлдем басқа еді. Әлгі кісінің «сүйегің бор болып езіліп кетпесін» деген сөзі, оның ойына алыста, сонау бір далада болған бір оқиғаны есіне түсіріп жіберген.
...Олар үш адам еді. Біреуі – жол сілтеуші қазақ. Ол кісінің есімін көпке дейін білетін, бірақ қазір ұмытып қалыпты. Не шаруамен шыққаны да есінде еміс-еміс. Әйтеуір, даламен үш адам болып келе жатқан. Кенет алдарынан қарақұйрық қашты. Қайсысы екенін де білмейді, әйтеуір біреуі бір тушаны атып алды. Әйтеуір, қазақтың қолында мылтық жоқ-ты, ол емес атқан. Алайда, әлгі қазақ ол тушаны керемет қылып пісірді. Бұлар оны асуға ерінген. Ерінген жоқ-ау, жолда суымыз таусылып қалады деп қауіптенген. Сорпа жасауға суды қимаған.
Ол қазақ қалай істеп еді? Әуелі құлаған аңға жүгіріп барды. Қынындағы пышағын суырып алып, оны бауыздап жіберді. Содан кейін оқтың тиген жерін іздеді. Оқ басынан тиіпті. Басын кесіп алып тастап, оның терісін сыпырды. Ішін жарып, тері үстіне қарнын бөлек түсірді. Оны сипап қарап шықты. Бұдан кейін барып, бұларға отын-тезек жинатты. Өзі жерошақ қазып отынды өртеді. Содан кейін отын тергізіп қойды да, өзі әлгі тушаны бұтарлауға кірісті. Білегін сыбанып алды. Күнге шағылысып жарқ-жұрқ еткен пышақ жүзіндей көзі де жалт-жұлт етеді. Жүзі күлімдеп, өзі қаралай рахатқа батып жүр.
Отты үсті-үстіне жақтырып, өзі тушаны әбден түгелдей мүшелдеп болды. Оның қарнын тазалап, барлық етін соған сала бастады. Әбден нығарлап толтырды, туша түгелдей өз қарнына сыйып кетті. Қарынның аузын тігіп, шоқтың қоламтасына көмді. Қарынға от-жалын өтпейтіндей етіп қоламтамен көміп тастады да, үстіне қайта от жақтырды. Бұрын мұндайды көрмеген Карелин мен серігі аң-таң болып, ана қазақтың қимылын аңдуда. Қазақ кісі өзінің ісіне әбден риза болып, бұларды таңғалдырғанына мәз. Бүкіл билік өзіне ауған оның істеген ісі шымырлап, дауысы да батыл шығып жатыр. Билеуші сол да, мынау екеуі соның айтқанын орындаушылар.
Осындай күйбеңмен жүргенде, қанша уақыттың өткенін абайламапты. Отты бөлек аударыстырып, ақыры қоламта ішінен қарын да алынды. Қарын сырты былбырап босап, күймепті де езілмепті. Ал ішіндегі астың дәмі Григорий Силычтың әлі де аузында татитын секілді. Ет ылжырай босап, сүйегіне дейін езіліп кеткендей. Одан бұрын да, кейін де Карелин ондай дәмді жеп көрмеген.
Жаңа моншаға келген серігі: «сүйегің езіліп кетпесін» дегенде көз алдына осы бір сурет оралып, ол үнсіз отырып қалған-ды. Елтіп, егіліп кеткендей...
Қанша мерзім өткенін абайламады. Есін жиып, монша ішінде тыр жалаңаш отырғанын ғана сезді. Анау серігі әлдене шаруамен айналысып кетіпті. Бұл да тез-тез үстіне су құйып, асығыс киіне бастады.
Шомылып болып қалдың ба, Гриша? – деп сұрады жолдасы. Ол Карелин қимылына әлі аң-таң. Жаңа сүле соққан адамдай мелшиіп отырып қалды. Енді қапылып киініп жатыр. «Жоқ, расында да бұған бірдеме болған! Мынау тегін адамның әрекеті емес. Психикасы бұзылған шығар!» – деп қорытты да, сөзіне жауап ала алмаған соң, ол да киіне бастады.
Екеуі моншадан үнсіз шықты.
Өзіне не болғанын Карелиннің өзі де анық түсіне алмады.
Тумалары да алғашқы уақытта жол соққаннан, шаршағаннан болар деп ойлаған. Кейбірі оның бұл мінезін аңғармаған-ды. Алғашында, бір түн ішінде аяқ астынан алып кеткен соң, тірі оралады деп ешкім ойламаған. Оларға әйтеуір, Орынбор даласындамын деген хабар жетті. Бірақ, ол жүрісі бір күн, бір жыл, екі жыл емес, тура он жылға созылды. Аман жүргендігі жөніндегі бастапқы хабар жеткендегі үміт қайта өшіп, көпшілік күдер үзіп, үміт қайта өшкен-ді.
Міне, өзі келіп, оларды айран-асыр қалдырды. Бірақ жат дүниенің адамындай сұлық, шинель киіп, тамақ ішіп қозғалған қу сүлдер секілді. Бұрын қызу мінез, үйірсек, ақжарқын, ажарлы болатын, сол мінездің қазір бірі де жоқ. Ұзақ ұйқыдан, ұзақ аурудан тұрған адамдай. Бәріне сүлесоқ.
Өзінің мінезіндегі бұл құбылысты алғашында Карелин өзі де байқамаған. Қуана қарсы алғандардың оған таңдана, тосырқай қарайтынын сезе бастады.
Тіпті, осы күндердің бірінде жақын тумасы:
Гриша! Петербургта ойын-сауық көп, соларға қатынасып, есеңді қайырмайсың ба? Әлі жассың ғой, Гриша! Ойнап-күл! – деген-ді.
Ол шынымен ақ көңілмен айтқан. Бірақ Григорий Силычке қамқоршылық міндетті өз мойнына өзі іліп алған жеңгесі:
Жоқ! Григорий алдымен докторға қаралуға тиісті. Жүйке тамыры бұзылған ба деп қорқамын. Тез, тез, докторға қаралуға тиісті. Біз жақсы доктор іздеуіміз керек, – деді.
Ол да риясыз көңілмен, бар ықыласымен айтты. Екеуінің де сөзін тыңдап отырған Григорий Силыч сәл езу тартты да, күлген жоқ. Отырған креслосынан тұрып кетті. Анау екеуі ренжіп қалған жоқ па деп оның түріне тесіле қараған-ды. Григорий Силыч сонда да сыр берген жоқ. Әбден шыдамы таусылған жеңгесі одан:
Ренжіп қалған жоқсың ба, Гриша? – деп сұрауға мәжбүр болды.
Григорий Силыч оларға таңдана, жаңа көріп отырғандай қарады.
Не дейсіз? Ренжіп дейсіз бе? Сіздер не айтып едіңіздер? – деді.
Содан үнсіз ойланып, бөлме ішін қыдырып кетті.
Жеңгесінің көзі шатынап кетті. Ол бұрылған кезде екі қолымен жағасын ұстап, ыммен жігітке бөлек бөлмеге шығалық деген белгі берді. Бөлменің есігі жабылар-жабылмастан:
Ах, не болды? Осылай құрып кеткені ме? Қандай жап-жас еді. Болашақ туралы үміті қандай еді? «Бәрімізге бұл тірек болады, биікке көтеріледі» деп ойлаушы едік. Ал, міне! Шал деп шал емес, жас деп жас емес. Сіз ақылыңызды айтыңызшы. Жоқ, докторға, докторға көрсету қажет, – әуелі анау жігітке қарап бастады да кейін өзінен-өзі сөйлеп кетті.
Осы оқиғадан кейін Григорий Силычтің ойланып жатуға мұршасы келмеді. Сыртқы істер министрлігінің Азия департаменті алдында есеп беруге тиісті. Карелин соны жазуға кірісті.
Ойланып қарағанда, көргені, естігені көп. Ал, қағазға түсіруге келгенде, соның бәрі басынан ұшып кеткендей. Оңаша бөлмеге жабылып алып, жазбаларын ақтарды. Күнделігін, басқа да түрлі қағаздарын алдына алса болды, ойы сонау алысқа кетіп қалады.
...Біресе, Жәңгір ханның сарайының оймыштары көз алдына елестейді. Жалт-жалт етіп көз алдынан Фатимаханым өтеді. Карелиннің еркек есебінде оған жақындығы да, тіпті, ынтықтығы да болған емес. Бірақ, көз алдында тұрған соң оған қарайды. Әрі, ол орысша тіл біледі. Карелинге де тіл қатып сөйлесетін жан керек.
Қазан шәрінің үлкен дінбасының ерке қызы Бөкей ордасында мектеп ашып, балаларды оқытпақ болды. Оның қолында бар билік бар...
Карелин қазір соны ойлап тұр. «Сұлу ханшаның бұл еріккендегі ермегі ме, әлде шын ниеті ме? Шын ниеті болса құптарлық жай. Сонау, Орынбор мен Орал қалашығымен, Еділмен шектесіп, әрі созылып жатқан елде жөн сауатты адам жоқ. Малдан айырмасы әйтеуір екі аяқты, тілі бар, сөйлей біледі. Бірақ әлем жайлы не біледі? Әйтеуір, алыста орыс деген ел бар көрінеді, орман-тоғайы, құдайдың өзі қалаған ақ патшасы бар дейді. Дегенмен, олар да қу. Өз бастарына іс түскенде ойлана бастайды екен. Анау Сүйінғараны алыңызшы. Ішін бергісі келмейді, әлі паң. Бірақ Россия жағы на ниеті құлап тұр. Иә, ондай кісілерді Берг сияқты ожарлар бүлдіреді ғой. Әйтпесе, қолға келіп түсіп-ақ тұр. Қалбы, Мая деген билері бар дейді. Ол екеуін мен көргенім жоқ. Мая биді Тұрпаев көріп, тілдесіп келді. «Хиуаның ханына амалсыз бағынамыз» дегендей ишара білдірді дейді. Тұрпаев та қу. Қазір қайда жүр екен? Астраханда мені күтіп жатқан шығар. Өз бетімен арғы бетке өтпейді. Әскер өтсе, қорған салынса, ол сол қорғанмен бірге сауда лавкасын салғалы отыр. Қу саудагер! Қу болмаса саудагер бола ма? Иә, ол жаққа қорған, қала салынып, әскер өткізілсе, бірінші байитын адам Тұрпаев саудагер болады. Бүкіл гарнизон солдаттарының қалтасындағы қара бақырын да, далада малдың өзін малдай, жүнін жүндей, өлігінің терісін терідей сыпырып алады. Ол халықтың басқа не амалы бар? Хиуадан қол үзсе, Тұрпаевтарға келеді, бұлардан шығысса, Хиуа ханының алдына бас иеді. Басқа еш амалы жоқ... Ал, егер оқытып, бұл халыққа білім берсе! А, не болар еді? А?»
Карелиннің ойы осылайша шарықтап кетті де, ойын шорт үзді. Қауырсын қаламдағы сия кеуіп қалыпты. Оның ішіне қатып тұрып қалған сияны сүртіп тазалады да, қайта қағазға үңілді. Күңгірт бөлмеде кең стол үстінде кішкентай майшам ғана сығырайып тұр. Ал айнала тұтас қараңғылықта. Қараңғы үрей кішкене бөлмені ғана емес, бүкіл елді бүрістіріп тұрғандай.
Оған әлдебіреулер сол қараңғы ішінде қозғалып «және тағы не айтасың? Ойыңда не бар?» деп, жақындай, үстіне төніп келе жатқан сияқты. Алдыңғы жағындағы біреуін бұл таниды да. «Ойпыр-ау, мынау... мынау Алексей Андреевич... Алексей Андреевич Аракчеев қой. Бұл әлі соңымнан қалмай жүр ме еді...».
Карелин орнынан ұшып түрегелді.
Бөлме іші тым-тырыс. Оның оқыс қимылынан ауа қозғалып, құрдымға айналып бара жатқан кішкентай майшамды өшіріп жібере жаздады.
Жоқ, бөлмеде ешкім жоқ.
Ол бетін уқалап, ақырын орнына отырды. Өзінің ойынан үрейленгенін жаңа түсінді. Сол ойымды қағазға түсіріп қойған жоқпын ба дегендей столдағы қағазына ұмтылды. Жазбапты. Мынау жазылғандар бұрынғы қағаздары, жол жазбалары, күнделігі екен.
«Уһ, құдай-ай! Сақтай гөр, құдай-ай! Жынды болып кетпесем жарар еді!»
Ойында басқа нәрсе болғанмен, асығыс қағаз бетіне: «Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауы географиялық орналасуы жағынан қаншама қолайлы болса да, өзіне тиісті назарды әзір өзіне аудара алмай отыр. Жол-жөнекей болса да бұл маңайға назар аударған теңізшілер де аз. 900 шақырымға созылатын Ежелгі Маңғыстау мен Гурьев қалашығының арасындағы жағалауды бірде-бір жаратылыстанушы зерттеген жоқ. Бұл аймақ өте кең, біздің болашақтағы Орта Азиямен сауда және саяси байланыстарымыз үшін өте маңызды. Орта Азияның есігін осы жерден бастап ашуымыз керек» деп жазды.
Содан кейін барып қайта демалды.
Жаңағы бір сәт құрсаудай қысқан үрей сәл сейілейін деді.
Қаламын қайта сияға батырып алып, одан әрі желдіртіп: «...Бұл аймақ сырт қарағанда шаруашылық мақсатында қоныстандыруға қолайсыз көрінгенімен, әскери және сауда мақсатында үкіметіміз бұл жерге назарын жөндеп аударуға тиісті» деп жаза берді.
Баяндама-қағазды ол құмарта тез жазып тастады. Бүгін байқап, ойлап отырса, өзі сол өлкеден көп нәрсе көріп, біраз нәрсе ойына түйген екен. Алда бөгеліп, тоқтап ойдымға жинала беретін ағын судай, ойындағы нәрсе де иіріліп қалыпты. Міне, енді соның алды аршылып, ағуға жол түскенде, сарылдай төмен ағытыла жөнелетін тасқындай, оның ойындағы нәрселер де қағаз бетіне ағытыла жөнелді.
Бұл күндері Карелиннің өзінің де көңілі көтерілгендей болды. Сонау дала суреттері бірінен кейін бірі тізіліп, тізбектеліп өтіп жатты. Кейде, сол бейнелерді қазір көріп отырғандай тамсанып ұзақ отырып қалатынын байқады. Басқа бөтен бөгде нәрсе оның алыста, Маңғыстау даласында емес, орыстың солтүстіктегі астанасы – Петербургте отырғанын есіне түсіргенде, ол тыжырына жақтырмай бұрылды.
қанша сақтанса да, негізгі ойын қағаз бетіне түсірді. Ол ойы: Россияның болашағы үшін, яғни оның Орта Азияға еніп, Индиядан бері жылжып келе жатқан Англия саясатына қарсы тұруы үшін, сол жақтан қамал-қала салынуы тиіс. Оған ең қолайлы жер Маңғыстау түбегі, дәл айтқанда Топқараған тұсы. Ол жерде табиғи қолайлы қойнау бар, оған қанша кеме болса да сыяды. Ең бастысы, Астрахан мен Гурьев, Темірхан Шора, Дербент, Перовск порттарына жақын. Ал ана Қызылсу тұсы түрікпендердің ортасына, ар жағында Персі елі, Ауғанстан жақын, екінші сөзбен айтқанда. ағылшындармен бетпе-бет келіп тұр. Оның қазіргі жағдайы Россия үшін қажеті шамалы. Россия асықпауға тиісті. Алдымен, орналасқан жерлерінде нық тұрып алып, ақырын ілгері жылжуы керек. Россия мен Англия мақсаттарының ақыры Орта Азияда түйісетініне еш күмән жоқ. Англия мен Россия Орта Азия топырағында бетпе-бет осы ғасырда келе ме, әлде ол келесі XX ғасырда бола ма, ол анық нәрсе. Болашақта қапы қалмас үшін, сол болашақтың қамы үшін Россия бүгін қимыл-әрекет бастауға тиісті. Оны бір кезде ұлы Петр ағзам түсінген, әрекет жасаған. Князь Бекович-Черкасскийдің қателігін біз қайталамауға тиістіміз. Рыцарлық дәуір өтті, түрлі амалдың, айла-шарғының, есептің заманы туды. Иә, есеп, жігер-батылдық қажет. Алақандай Британия аралы, Ұлыбритания атанып, бүкіл Азияның шығысымен, етегін ұстап десе де болады. Енді, міне, оның орта тұсына, Индиядан асып, Ауғанстан, Персия Кіші Азияға қол салып келеді. Қазір Хиуа ханының сарайында кеңесші болып сыбырлап, не көшеде ала шапан киіп, саудагер ауған, не перісі болып, тың тыңдап ағылшын тыңшыларының жүрмесіне кім кепіл? Анау Герат оқиғасы нені көрсетті?..
Көп созылмай, тез шақырылған Сыртқы істер министрлігі Азия департаменті комитетінде де осы ойларын қайталап айтты.
Өзінің соншама неге батылданып, тіпті, мемлекет атынан, үкімет атынан сөйлеп кеткеніне кейін таңғалды. Коллегия мүшелері – аксельбант таққан қарт генералдар, басқа да түрлі чиновниктер Карелин сөйлегенде тым-тырыс тына қалды. Әдеттегідей, жөтеліп шашалған да ешкім болмады. Тек, есінеуі қысып бара жатқан қарт кісілер басын төмен салып, ауыздарын орамалмен бүркеді. Олар, тіпті, Карелиннің сөзіне де, неге соншама нұсқау айтып батыл сөйлегеніне де таңданбаған еді. Көпшілікті қайран қалдырған, бұл мәжілістің тез шақырылғаны. Коллегия мүшелері Карелиннің қолжазба баяндамасын жақында ғана алған-ды. Мұндай күрделі нәрсені асықпай ойластырып, ақылдасып шешсе керек-ті. Әрі бұған патша ағзам, министр басқа да ықпалды адамдар қалай қарайды. Солардың да пікірін біліп, асықпай ақылдасып, шешілетін-ді әдетте мұндай мәселе. Жоқ, жоқ! Неде болса бір асығыстық бар.
Комитет мүшелерінің тағы бір тосын көріп тосылып қалған жағдайы, бүгінгі мәжіліске қатынасып отырған жас генералға байланысты. Ол еңгезердей, биік, өте ірі денелі, өңін күн шалған қара торы, қозғалысы өте шымыр, аяғын нық басады. Үстіндегі генерал формасы су жаңа. Мынау генералдарға қарағанда жас болғанмен өзі оларға, көп иіле бермеді. Бұрын әрбір жас адамның бұлардың алдына келіп, басын иіп, қолын ұстағандарына үйреніп қалған шалдарға бұл генерал мінезі өте тосын. Бірақ, оған не дейтіндерін білмей әлек.
Жас генерал Орынбордың генерал-губернаторы, патшаның да бүкіл империяның шығыстағы қазіргі тірегі Василий Алексеевич Перовский. Бұл қарт кісілердің оған таңғалып, онымен санасатын да жайлары бар.
Бұл жас генерал кезінде анау 1825 жылдың декабрь айында Сенат алаңынан патша ағзамға қарсы бүлік бастаған офицерлермен таныс, тіпті, ниеттес болды деген сыбыс болатын. Бесеуі дарға асылып, қалғандары Сібірге айдалып әлі сол жақта қаңғып жүргенде, бұл император Николай ағзамның қасынан шықты. Жап-жас болып генерал, жап-жас болып империяның шығысын қолына ұстап отыр. Орынбордан әрі жатқан Қырғыз даласын, анау Орта Азия аталатын аймақты, Хиуа, Бұқар, Қоқан хандықтарына Россия империясы атынан әмір жүргізіп жүр. Бүгінгі мәжіліс те соған байланысты. Оның пікірімен патша ағзамның өзі санасса керек. Сондықтан, бұл жас генералды іштей менсінбегенмен, сырттай сыпайылық көрсетпеске болмайды. Патша ағзаммен сыйлас, хабарлас жүрсе, бүгінгі мәжілісте бұлардың не айтқанын жеткізіп қоюы да ғажап емес.
Кейбірінің шаштары түсіп, басы қызғылт шақа түске боялып, кейбірі қолдарына таяқ ұстап шоқаңдап, иықтарынан асырып лента іліп омырауларына бар моншақтарын тағып жылтыраған генералдар дағдарып қалған еді...
Карелин баяндамасы біткеннен кейін үзіліс жарияланды.
Бір сәт тыныштық орнай қалғанда Григорий Силыч өзінің жүзінің қызарып кеткенін байқады. Ол аспанда қалқып жүріп, жерге түскен адамдай. «Неге соншама биіктеп кетті? Жерге түсерін неге ойламады? Не бүлдірді?» Оның басына бірден келген сұрақтар осы болды.
Комитет мүшелері өзара әңгімелесіп, қозғала бастағанда, Карелин өзінің мелшиіп тұрып қалғанын аңғарды. Содан кейін асығыс коридорға шықты. Темекі тартқысы келді де, қолын қалтасына салды. Бірақ, оны біреу көріп қалып, сөгетіндей көрінді. Бұрышқа барып тұрды. Бірақ онымен ешкімнің де шаруасы болған жоқ. Перовский де шықпай қалды. Комитет басшысына, не басқа да жоғары мәртебелі адамдарға кеткен болар. Бұл мәжілісті де асықтырып жүрген сол. Сондықтан, мәселе айқын шешілгенше тыным таппайды.
Қазір үзіліс бітіп, талқылау басталады.
Кім қалай сөйлейді? Бұл ойды кім қостайды, кім қарсы дау айтады? Шалдар бұрынғы әдеттерінше мыжуға салатын болар. Ал, анау алыстағы түбекте не болып жатыр екен? Олар өздерінің тағдырының мынау алыстағы қалада, Петербургте, мынау қарт генералдар, түрлі чиновниктер алдында қазір шешілгелі жатқанымен хабары жоқ болар. Иә, хабары жоқ олардың! Бұрынғыша Хиуаның ханымен, бектерімен алысып, амалсыз салықтарын төлеп, малын талатып, талан-таражға түсіп жата бере ме? Әлде, орыс патшасы оларды өз қарамағына алып, бір орталыққа, тәртіпке бағындыра ма?
Григорий Силыч бұл мәселенің қазір, анау кабинетте шешілетінін біліп тұр. Бірақ, оған өзінің ықпал жасай алмайтынын да жақсы ұғынды. «Иә, ол айтарын айтты... Айтарын айтты... Тоқта, ол айтарын айта алды ма?»
Григорий Силыч қалтасынан темекісін шығарып, бір талына от алдырды. Құмарлық жеңіп кетіп, екі-үш қатарынан сорып жіберді. Әлдебір қызу буын-буынын қуалап басына тиді. Жүрегі шымырлап өтті. Тұла бойын қуалай жөнелген қызу миына бір зырқ етіп тиіп, кейін қайта оралды. Шырқау биігіне, миға сорғалай ақты.
Осыдай кейін ол темекіні қайта сорғысы келмей қалды.
«Иә, иә! Мен нені айтпадым... Ол халықтың өзінің Россияға қосылғысы келіп хат жазып отырғандарын, оған біздің әлі жөн құлақ аспай жүргенімізді айтпадым. Англия не ойлайды, Германия не ойлайды, Түркия қалай қарайды деп жалтақтаймыз. Россиядан көмек сұраған, достың қолын ұсынған ел, қолында қару жоқ, әлсіз екенінен басқа кінәсі жоқ ел, босқа сергелдең болып жүр ғой. Сондықтан барады да, кейбір ожарлар, ақылсыз ақымақтар қолдарына бір жар христиан баласы түсе қалса, Хиуаға он алты ділдаға сатады. Соған мәз болады. Шекараны аттаған, қапысыз жүрген орыс баласы да осыдан зиян шегеді. Қорлықта, құлдықта зарлайды. Кейбір надандардың кесірінен, осылайша ел мен елдің арасы бүлінеді. Ал, көрші-қоңсы ел тыныш, тату болғаны жөн».
Ол осыны айта алмапты. Ойында болса да, айтуға жігері келмепті. «Қап, не де болса айтып салуым екен. Көп болса, Орынборға қайта жер аударар. Тіпті, аналар Сібірде де жүр ғой».
Бірақ, Григорий Силыч бұлайша оңашада ғана кіжінді.
Григорий Силыч бөлме ішінде ысқырып жүр. Тіпті, ара-арасында өзі ысқырған вальс ырғағына тербеліп те қояды. Бірақ оралымсыз аяғы жинап жатқан жүгін іліп кетіп, кідіреді. Оған сәл аялдап, қайта ысқыра жөнеледі. Кейде, тіпті дауысын шығарып:
«Со-ло-вей, мой со-ло-вей...» – деп те жібереді.
Григорий Силычтің бұл мінезіне жеңгесі қайран. Келген кезде мұны қорқытқан тұйық мінезінен тіпті, құлан-таза арылған. Көңілді, шат. Бәріне күле қарайды. Әуелгі сәтте оның мұндай арқайын күйге түскеніне қуанғанменен, кейін қайта күдіктене бастады. «Бұл өзі денсаулығы құбылмалы болды-ау. Ол не екен? Сау болса жарар еді?» Одан сөз тартпақ болып:
Бұл не әуен? Мен естімеген әуен екен, – деді.
Өзінің бұрын-соңды музыкаға әуестігі болмаса да, одан сөз шығарайын деп осылай айтқан. Онсыз да өзі сөйлегісі келіп тұрды ма, әлде жеңгесінің сөзін сыйлады ма, Григорий Силыч жинап жатқан нәрсесін қоя салып, басын көтерді. Содан кейін, бөлмеде екеуінен бөтен ешкім болмаса да, айналасына сақтанған адамша қарап алды. Содан кейін жеңгесіне қарай бір-екі адымдай жақындап келіп:
Бұл – вальс, жаңа вальс. Шығарған адам түрмеде отыр. Ол – Алябьев, – деді.
Жеңгесі оның айтқанын жөнді ұқпады. Бұл не деген вальс? Оны шығарған адам не үшін түрмеде отыр? Алябьев деген кім өзі? Бірақ, оның бір ұққаны «түрме» деген сөз болды. Түрмеде отырсаң ол қылмысты адам болды. Ал, қылмысты адам жайында сөз қозғаудың қажеті жоқ. Әсіресе, ондай әңгімені Григорий Силычке айту пайда емес. Ол кісінің ұққаны, одан жасаған тұжырымы осы болды да, одан әрі әңгімені созуды қажет таппай, шаруам бар еді деп келесі бөлмеге шығып кетті.
Григорий Силычтің де бұл әңгімеге зауқы шаппай қалды. Қайта күйбеңдеп, жүктерін жинастыра берді.
Бұл Орынборға, одан әрі Маңғыстауға қайта жүруге дайындық еді.
Григорий Силыч комитет мәжілісінің жалғасын қайта көз алдына келтіріп, оның тез біткеніне әлі қайран. Комитет мүшелері, Карелин ойласа да бірақ осылайша оңай шеше қояды деп күтпеген қорытындыға келді...
Үзіліс те тым созылған жоқ. Генералдар қаужаңдап, әлденіп алды ма, жоқ па, әйтеуір көп ұзамай залға Перовский келді. Ол бөлмеден тез шықты да, тез мәжіліс залына өтті. Комитет мүшелерін ішке шақырған шолақ қоңырау берілді. Мұндай шұғыл нәрсені көрмеген комитет мүшелері, не болып қалғанын анық түсінбей ұйлыға ішке енді. Төтенше біреу келіп қалған екен деп те ойлаған-ды олар. Анау қабырғадағы есіктен патша ағзам болмаса да, соған жақын біреу келетіндей елестеген.
Бірақ, басқа ешкім келген жоқ. Мәжіліс ағасы Орынбор генерал-губернаторы Василий Алексеевич Перовскийге сөз берді. Перовскийдің мұның ойын қолдайтынын сезетін сияқты болса да, бірақ оның тап осы жерде, істің нағыз пісіп шешілер сәтінде не дейтінін біле алмай дал болды. Тағатсызданып кетті, отырғыш үстінде абайсыз ырғалып алды. Отырғыш сықыры бүкіл залға шулап шыққандай болып, қарадан-қарап қызарып шыға келді. Алайда оның бұл қысылысын ешкім аңдамаған сияқты. Бәрінің назары қазір анау Перовскийге ауған.
Перовский қысқа да тұжырымды сөйледі. Ол барлық билік өз қолында, оған бар мәселені шешу тапсырылғандай.
Ұлы патша ағзам Петр Алексеевич заманында Каспий теңізінің шығыс жағалауына өтеміз деп мақсат қойған. Ол Россия империясының бүгіні үшін де, болашақ мүддесі үшін де қажет. Англия корольдігі Россияны Индия емес, тіпті Орта Азияға өткізбеуді мақсат тұтуда. Олар Ауғанстан, Персияға кіріп отыр. Ал, Хиуа хандығы бұл тарапта екіжүзді саясат ұстауда. Өздерінің әлі келмейтінін сезіп, Маңғыстау адайларын алдына ұстап қырылыстырып бізге қарсы айдап салмақ. Қолдарына бір христиан баласы түссе соны сатып алып, қызықтауда. Солардың кесірінен шекарада да тыныштық жоқ. Кейде, тіпті, қырғыздар бүлік те шығармақ. Сондықтан біз Каспий теңізінің шығыс жағалауынан, атап айтқанда, Маңғыстау түбегінен қамал салып, шығыс жағалауда нық тұруымыз қажет. Бұл мәселені бұдан әрі созуға уақыт жоқ! – деп тұжырып айтты.
Көпшілікке Перовский сөзі биік мәртебелі патша ағзамның атынан айтылған бұйрықтай көрінді. Сондықтан, оған ешкім таласып жатпады. Маңғыстаудан әскери қорған салуға тиісті. Оған жұмсалатын шығынның мөлшері де, оның қандай жолмен өндірілетіні де бұрын ойластырылып шешіліп қойылған. Бұл құрылысты жүргізу Григорий Силычке жүктеледі.
Өзіне бұл міндеттің артылғанын Григорий Силыч сабырмен қабылдады. Ол орынды шешілген, солай болуға тиісті нәрсе секілді. Бұдан басқа алыс түбекті кім біледі? Әрине, өзі.
Басқа жұртшылық та бұған ешқандай қарсылық білдірген жоқ. Григорий Силычтің өзі де ештеме айтпады.
Мәжіліс өтіп кеткен соң, кейін оңашада ойланғанда өзінің анықтауға тиісті, білуі қажет әлде де біраз нәрселері бар екенін ұқты. Мәжілісте қайта көтеріліп сөйлеуге, сол ойын ортаға салуға жігері жетпеді ме, әлде оған зауқы соқпай қалды ма, ол жағын ұқпады. Соңғы кезде ол мінезінен бір нәрсені байқап жүр. Кейбір жай ойында болса да, оны орындауға келгенде зауқы соқпай, сиыр құйымшақтатып аяқсыз қалдыратын болып жүр.
Оның ойлаған жайы анау жергілікті халықпен ендігі жердегі қарым-қатынасы болатын. «Ол ел Россия империясы қарамағына алына ма, жоқ па? Егер сол көпшіліктің өтініші орындалып, Маңғыстау Россия империясына қосылатын болса, империяның өз бодандары алдында тиісті міндетін атқаруы керек. Алдымен, Хиуа хандығының басқа да түрлі барымташылардың зорлығынан қорғап, шекараны анықтауға тиісті. Тағы үлкен мәселе – жер-су, яғни мал қоңсыны кендігі күй-жайы. Оларға тиісті көші-қон орындарын белгілеп, оны бұзушыларды тәртіпке шақырып, бұзақыларды тезге тартуы қажет. Ал, егерде олар империя қарамағына қабылданбаған жағдайда, тағы да жер мәселесі қалай болады? Жер, қоныс солардікі. Олардың жеріне қорған-қамал салу мәселесін кіммен шешеді? Біз қолымызда күш бар деп кеуделеп ене береміз бе? Бұл әрекетіміз жергілікті халықтың заңды қарсылығын тудырып, екі ел арасында қақтығыс шықпай ма?»
Григорий Силычті мазалаған мәселелер осы еді.
Бірақ, ол комитет мәжілісі үстінде ойындағы сөзді қозғамады. «Мынау зорға отырған қарт генералдар бұл мәселені бәрібір шешпейді. Оны тек генерал-губернатордың өзімен, Перовскиймен ғана келісу қажет. Василий Алексеевич қана білуге тиісті. Петербургте, болмаса Орынбордың өзінде-ақ сөйлесермін» деп, мәжіліс үстінде өзін-өзі тежеген.
Мәжілістен кейін Перовскийге бұл жайында айтып көріп еді, ол кісі:
Кейін, кейін! Орынборға барғасын, не тіпті анау Маңғыстауда шешерміз бұл мәселені. Қазір, оны сөз етіп, уақыт алмаңыз. Тез жүріп кетіңіз! – деді.
Карелиннің оған айтар дауы болмады. Сол дұрыс шығар деп, келісті де қалды.
Қазір де, бұл жайды одан кейін де ойлаған. Бірақ, мына жүріс әбігері Григорий Силычті бұл ойдан аулақтатып, ұмыттыра берді. Генерал-губернатордың: «Кейін! Кейін!» деген сөзі де қосымша болды.
Бастапқыда Карелин: «Е, ұлықсат болса болды. Петербургтен бір күнде шығып кетемін. Почта күймесіне отырамын да, тайып тұрамын. Кеудемді керіп, таза ауа жұтамын сол күні-ақ» деп ойлаған. Бірақ, жол жүру дайындығына шындап кіріскенде, ол аз шаруа болмай шықты. Анау да қажет, мынау да қажет. Карелин ой түкпірінде ғылыммен айналысу мәселесі де болатын. Соған қажет әдебиет іздеу де керек. Баяғыдай бір түнде күймеге салынып айдалып бара жатқан жоқ. Қызмет бабымен, мемлекеттің үлкен тапсырмасын орындауға жүргелі отыр. Россияның Орта Азиямен шекарадағы үлкен өкілі. Тіпті, бұл кісі мына Орынбор генерал-губернаторынан да әрегірек, нағыз шекараға, алғы шепке барады. Сондықтан, Россия өкілі есебінде көрнекті болу жағын да қарастырған жөн. Оның да өзіндік дәрежесіне лайықты сән-салтанаты бар. Бір сәт көзін жұмып, сары ала киім киген өзін ойша елестетті. Кәдімгі айна алдында тұрғандай. Айна алдына қауырт келген, бірақ жақындап қараса, киімі олпы-солпы. Бір иығы көтеріліп, бір аяғы төмен түсіп тұрғандай.
Осы сәтте Карелин ойына Петербургке келген кезде көрген бір түсі оралды. Онда да түсінде – сары ала киім. Оны кимек болып тырысады. Бірақ, жеңіне тығып алып, балағына қолын тығып алып, шатыстырып жатыр екен. Оянып кетсе, үстіндегі жамылғышы аяғына, қолына оралып қалыпты...
Григорий Силыч! Гриша! Саған не болды? Жайғасып отырып алдың ғой, – деген жеңге дауысынан шошып кетті. Қараса – шынында да кресло үстіне отырып, қалғып бара жатыр екен.
Тфу! – деп жіберіп, орнынан ұшып тұра келді. Жан-жағына қарап, өзінің жинақталып жатқанын көрді. Нәрселері еденде шашылып қалған.
Ол қайта жол қамына кірісіп кетті.
Көп ұзамай жақында ғана құлағына тиіп, ұнап қалған вальсті қайта ысқыра жөнелді. Көңілі жаңа-жаңа жайланып келе жатқан секілді...
Осыдан он шақты күн өткен соң, жалғыз күйме қаладан шықты. Қаланың биік үйлері андыздап-андыздап тұрды да, ол күйме кейін бұрылмайтын болған соң, төмендеп қала бергендей. Бірте-бірте аласарып, ақыры көзден ғайып болды. Бірақ күйме ішіндегі жалғыз жолаушы артына қарап, кері бұрылмады. Тек, қаладан әбден қара үздім-ау деген шақта, бойын көтеріп, мойнын сәл соза ілгері қарады.
Тура алды, дөңбекшіп жатқан белестер, айналасында ойдым-ойдым жасыл желекті қайыңдар, ұйлыққан шыршалар. Карелин бел-белес, қырат-қырқалар, таулар жер денесінің тыртысып қалған жарасындай көрінетін. Ол ілгері жүрген сайын төңірек жазыла, жазықтана түсті.
Жер қыртысы тегістеле берген сайын, Григорий Силыч көңілі де жайланып, тынысы кеңи түскен сияқты сезіледі.
Жолдың екінші күні дегенде ол кең жазық ортасына келгенде ат айдаушыға белгі беріп, күймесін кідіртті. Өзі жерге түсті. Қоңырқай дала жалғыз күймені қақ ортасына алып, тегіс қоршап тастағандай. Көкжиекпен тұтасып, аспанға сол жалпақ тақтайды іліп қойған сияқты. Жел жоқ. Жел болса анау биік көгілдір күмбезді тербетіп, дөңгелек даламен қосып қалықтай жөнелетіндей. «Қазірде де бұл қозғалып келе жатқан болар. Біз сезбейтін шығармыз» деп Григорий Силыч көңілі, тіпті, қиялдап жөнелді.
Дала суреті көңіліне орныққан соң, ол керіле дем алды. Ішінен дем шығарып, тағы да құмарлана салқын дем жұтты. Содан кейін күймесіне қайта отырды да, ат айдаушыға:
Ал, бауырым! Тарт сонау маң далаға! Аянба енді! – деп жарлық айтты.
Өзі күйменің арқасына қарай шалқалап рахаттана, тағы да дала ауасын жұтып, маңдайын уқалады. Содан кейін, алдағы мақсатына асығыс оймен болса да тез жету үшін, көзін жұмып сол дала суреттерін елестетті. Көңіл құсы ұшып сол аймақ бетінде қалықтай жөнелді.
Ақырын жылжып келіп қойнауға кірген кемелер айналаны тосырқай кідіріп қалған. Екпіндерін басқанменен, демдерін іштеріне алып, төңіректен тың тыңдайтын секілді. Жағалықтағы қамыс іші зу етсе, алды-арттарына қарамай, кейін күрт бұрылып «шыққан жеріміз – Астрахан қайдасың?» деп қашқалы тұрғандай.
Жағалауда адам үрейленетін ештеме жоқ. Жым-жырт тыныштық. Қанаттарын сабалап әрлі-берлі ұшқан теңіз құстары ғана жүр. Олар күнделікті кәсібі, тіршілік қамымен шұғылдануда. Бауыры ақ сұр шағалалар күмп беріп суға атыла сүңгіп, аузына ұсақ-түйек шабақ ілінсе, онысын алып тасаға, оңашаға ұмтылады. Ал, құр ауыз қалғандары шаңқылдап, су үстіне төне келіп, өзіне жемтік іздейді. Тек жағада, тас үстінде маңғаз отырған қарабайлар ғана қанаттары жалпылдап, теңіз жағасындағы қотыр тастардың тасасын паналап анау терістік бетке, Қарасуға қарай өтіп, көзден ғайып болған.
Карелин каютадан шығып, қолын сілтеп әмір бергенде ғана алдындағы кемедегілер жәкірлерін суға лақтырды. Олар салдыр-гүлдір етіп шынжырлары зырылдап, күмп-күмп суға құлады. Теңіз беті быжылдай, көпіршіп шыға келді. Ақсабын көбік қалай тез пайда болса, солайша шапшаң өшіп жатты.
Қойнауды шығыс жақ тұсынан тұтас қоршап тұрған биік құздың басына қонып отырған қарақұс, отырған жерінен қанатын жалп еткізіп бір көтерілді де, екінші биікке барып қайыра қонды. Содан сол ғана бұл келгендерді аңдығандай міз бақпады. Дала бетіндегі жыбырлағанға үстінен шүйіліп, бүріп алып, бетінен қағу дегенді білмейтін сол ғана мынау төменде қозғалғандарға аң-таң. Оның бұларға күші жете ме, әлде мұның өзіне қауіп пе? Әлдене гүрс ете түсті де, көк түтін бұрқ ете қалды. Қарақұс бұрын мұндайды көрмеген-ді, ол үшін бұл тосын үн. Сондықтан, ол жаңа қонған орнынан қайта көтеріліп, сонау Қарасу тұмсығынан әрі, оңашаға кеткенді жөн көрді.
Бүкіл жағалаудан көз тоқтатар қара көрінбейді, сұрғылт тау сілемі оңтүстікке қарай кетіп жатыр. Тым көп ұзамай, шығысқа бұрылып, көзден таса болды. Оның ар жағында не бары беймәлім.
Кемелерден жеңіл бөлдіркелер суға түсіріліп, оған Карелин, Тұрпаев тағы да басқа төрт-бес адам отырды. Жаңағы сәтте аспанға қарап оқ шығарған кісі де мінді. Оның мылтығын ала жүргеніне ешкім де қарсы болған жоқ. Қойнаудың батыс жағын алып, бар бойына шошайған сұқ саусақтай созылып ұзын құмақ су ішіне ене кіріп жатыр. Сол тұс қана тазалау. Бөлдірке соған қарай бет алды.
Бұлар жағаға шыққаннан кейін, бөлдірке қайта кемелерге қарай кетті. Әзірге, жүкті осы жерге шығарғанды жөн көрісті. Екі жағы теңіз суы, келер адам болса, бір бағыттан, оңтүстік беттен ғана келеді. Қиын жағдай туа қалса, қорғауға оңай. Оны да осы бастан ойламаса болмайды. Мұны бәрі айтпай түсіністі.
Кемелер қайта қозғалып, жағаға таяла түсті. Бірақ соқыр адамдай суды таяқпен өлшеп, сақтықпен жылжиды. Қайырлап қалудан қорқады. Ақыры, енді бұдан әрі баруға болмайды деп, жәкірлерін суға қайта тастаған соң, жүк түсіру асығыс басталып кетті.
Карелин де, Тұрпаев та, кемелермен келген солдаттар да, неде болса осы жағалауда қалатын болған соң, тезірек қара жерге табан тіреп алғанды жөн көреді. Ал, кеме адамдары, жағаның тыныштығынан үрейленіп, қара жерден қол үзіп терең суға шығып кетуге асығатын сияқты. Әйтеуір, екі жақ та қапылыста.
Осы жағалауда қалатындар екі ойлы. Бір жағынан жағаға, жерге шығып алуға асықса, екіншіден, мынау кемелер кеткен соң күндерінің не болатынын ойлап, күдіктенеді. Бұрын көрмеген ел, халық. Мұның ар жағында атты әскер бар, Хиуа, Бұқар хандықтары жатыр дейді. Азиаттықтар тағы делінеді. Кейбіреулер, осыдан бұрынғы Александр Черкасский экспедициясының тағдырынан да еміс-еміс хабардар болса керек. Хиуа ханы бүкіл отрядты қырып тастаған. Ұлы патша ағзам, Ұлы Петрдің өзінен сескенбеген. Сондай қаһарлы, қайратты жаннан ықпаған, ығыспаған адамдар қазіргі Николашка патшаны місе тұта ма? Содан кейін бұлар ағылшындармен одақ, ауыз жаласып жүр деседі. Ал, ағылшындар дегенің бүкіл Индия елін, шетсіз-шексіз байлықты уысында ұстап отырған жоқ па.
Мұны көбіне офицерлер, солдаттардың кейбірі біледі. Орынбордағы шекаралық топ пен даланың ортасындағы жағдайларды білетін қарт қазақ солдаттар да бар. Олардың көзінше талай қанды оқиға болған. Хиуа, Бұқар, Қоқан хандықтары христиан баласын сатып алып, тұтқын етіп ұстайды. Оны құтқарып алу үшін көп қаржы керек. Кейде, сол беттен келген сауда адамдары да Орынборда ұсталып, қамалып қалады. Екі жақтың, Хиуаның ханы мен Орынбор әкімшілігінің айтысып-тартысып жатқаны. Мұндай оқиғаның талайына куә болған қарт солдаттар да, соларды еске алып, қауіпті сезгенменен, амалдары жоқ. Іштерінен тынып, бұйрыққа қарсы шыға алмайды. Жіпсіз байлаулы, жіпсіз құрсаулы.
«Құдайға зарың өтпейді – биікте, патшаға арызың жетпейді – алыста» деп, күрсініп алып, мойындарындағы қамытын тартып, сылбыр басып, ілгері жүре береді.
Мансұров сияқты офицерлер анау Тевризде, осыдан үш-төрт жыл бұрын болған қайғылы оқиғаны да білетін. Ағылшындардың айдап салуымен, Персияның мұсылман-фанатиктері орыс елшілігін қырып салды. Елшілікте Александр Сергеевич Грибоедов деген шығармашы да болған. Оның денесін бір грузин қызы Тифлисте алып қалып жерлеген. Грибоедовтің қандай шығармашы болғанын Мансұров анық білмейді. Әйтеуір, оны жолда Александр Сергеевич Пушкин кездестіріп, қатты қайғырған дейді. Ал Пушкин шығармаларын бүкіл Петербург, Москва оқиды және ол кісі Орынборға, Жайық бойына келіп кетті. Тіпті, генерал-губернатор ағзам Василий Алексеевич Перовскийдің өзі құрметпен қарсы алып, шығарып салды. Айтпақшы, генерал-губернатор осы қамалды салуға патша ағзамның айналасын, тіпті өзін де көндіруге көп күш салыпты дейді. Ол кісінің департаментте сөйлеген сөзін өткен жолы, мына Карелин айтты. Егер қамал мерзімінде бітсе, Василий Алексеевичтің өзі де осында келіп қалуы мүмкін. Сонда шіркін көзге түсіп, генералмен сөйлесіп қалуы да ықтимал. Мұнда келе қалған күнде ол қайда түседі? Әрине, әскери отрядтың командирі Мансұровтың қолына келіп түседі. Оған жөнді сыйлық жасаса? Бұл даладан ол кісіге лайықты не сыйлық табылуы ықтимал.
Ойы бірден-бірге ауған Мансуров теңіз жаққа бұрылды. Сол шақта басына тың шешім сап ете қалды. "Уылдырық! Каспийдің қара уылдырығы бар емес пе? Бір бөшкесін жөндеп дайындатып, генералдың көлігіне салып жіберсем, одан артық сый болар ма? Оны тездетіп дайындау қажет.
Сосын өзімізге де, мына солдаттарға да азық есебінде балық аулатпаса болмайды. Сонда... Сонда... қазына бөлген азық-түлік үнемделеді, оны ептеп пайдалануға да болады».
Әуелде, күдіктене, күңгірт оймен ойланып қалған Мансуров ойының ақырында қатты қуанып кетті: «Әй, бәсе жүрегім күпті болып, бір жақсылықты сезетін сияқты. Сондағы осы жайлар екен ғой. Жоқ, бұл сапарға шыққаным дұрыс болды. Ақымақ басым мені іште, анау жақта қалдыратын адам, байланыс та іздедім-ау. О, құдайым-ай, мені қалдыруға көмектесетін адамның болмағаны қандай тамаша болған. Ротмистр Павлов өз орнына мені тыққылап, қалып қойып еді. Жат анау сасық Астраханда, бөшкеге тыққылаған шабаққа ұқсап! Ал, мына жерді қарашы. Қандай кеңшілік, таза ауа, тұнық теңіз. Жоқ, қолыңа түскен бұл ырыстан айырылма, Мансуров. Тек солдаттарды айдай біл, аяма оларды». Ол қуанғаннан айқайлап жібере жаздады. Тек мынау бес жүздің үстіндегі адамға өзінің командир екені есіне түскенде ғана кідіре қалды. Және барлық құрылыстың, экспедицияның басшысы Карелин сайланғаны да ойына оралды.
Мансуров жан-жағына қарап еді, Карелиннің жоғын байқады. «Иә, ол айтпақшы жағалауды аралап кеткен еді ғой. Қазір жоқ. Бастық жалғыз өзі!» Мансуров ақыры шыдай алмады.
Болыңдар! Тез! – деп айқайлап жіберді.
Жұмыстан бос ешкім жоқ-ты. Әркім өз шаруасымен айналысып жатқан. Олар жұмыстарын қоя салып, айқайлап тұрған Мансуровқа бұрылды. Оның ешкімге тура қарамай басына айқайлап тұрғанын түсінген солдаттар, бастарын бір шайқап, қайыра істеп жатқан істерімен айналысып кетті. Бұл сәтте өзінің абайсызда босқа айқайлағанын түсінген Мансуров та, бұған қарап кідіріп қалғандарды көзі шалып:
Болыңдар дедім ғой. Тез! – деп соларға дүрсе қоя берді. Оған ешкім қарсы жауап қайырмады.
Карелин жеңіл қайықпен оң жағалауды шолып келуге кеткен. Ескекші екі солдатпен қоса қасына Тұрпаевты отырғызды.
Өткен сапарда, Сүйінғараның сілтеуімен осы маңайға, Қарасуға келіп барлап кеткенде де Карелин төңіректі сырттан шолып өткен. Жағалауға жақындап, қара жерге шықпаған-ды. Отырған елді, жерден малды байқамаған. Одан бері де екі жылдай мерзім өтті. Өзгеріс болуы ықтимал. Және бұлардың осы жағалауды шолып шыққаны Хиуа ханының құлағына тимеді дейсің бе? Олай болса, ханның қарап жатпауы да мүмкін. Тіпті, хан тарапынан пәлендей шара алынып, әрекет жоқ жағдайда екі жағалауды сүзіп шығып, не бар, не жоғын біліп отырған абзал. Сырт қарағанда, мынау ойда тұрған үш биікке қатер тек шығыстан болуға тиісті. Жан-жақтан құлайтын үш аңғар осы жерге келіп түйісіп, таудың осы тұсы ғана кетиіп тұр. Теріс беттен еш қауіп жоқ. Себебі, ол бағдар – тұйық.
Бұлар, оң жаға бетке біраз жүрді. Анау теңізге үңіліп тұрған тұмсықтан өтіп, әрі қарай да барды. Жағаға таяу келіп тоқтаған аласа таудың жиегі бірқалыпты қашықтықта теңіз жағалауын жағалап отырған. Әр тұста ғана теңіз үстіне келіп шөгіп кеудесін суға малып басын тік көтерген түйе секілді, тұмсықтар көрінеді. Тау бойын аралаған, не биіктен үңілген мал да, адам да көзге ілінбейді. Егер біреу-міреу бұларды аңдитын, қастандық ойлайтын болса, тек жалғыз-жарымдап төмен түсуі мүмкін. Қалай өзінің құлап кетерін білмей тастан-тасқа секірген жау жау ма?
Екі-үш тұстан келетін сай бір жерге келіп тоғысып, жалғыз арна құрайды. Тұрпаев есіне Сүйінғара айтқан сөзі түсті: «сол тұста бір кетік бар» деген. Иә, шынында да кетік! Екі тау бір-біріне ұмтылып, бірақ жетіп тұтаса алмай келіп тұрып қалған. Әскери қорғаныс тұрғысына бұл әбден қолайлы. Қорғанысты орта тұстағы биік үстіне салса, екі қапталындағы биіктерге қару орнатса, ешкім де мұның биік басына шыға алмайды. Дүниеге сауда-саттық тұрғысынан қарайтын Тұрпаев та Карелин жоспарымен танысқан соң:
Е, Григорий Силыч! Бұл керемет болады. Бұл қорғанға атты-түйелі азиаттар түгілі, Европаның шамалы жаяу әскері де жолай алмайды. Тура айтамын, жолай алмайды! – деп қуаттады.
Карелин көзі күлімдеген Тұрпаевқа қарады. Қорғанның осы жерден салынары, мына табиғаттың осы бір қолайлы шешіміне іштей өзі де риза болып тұрған.
Дұрыс болар! Дұрыс болар! – деді. – Енді мына таудың баурайына, осы қорғанның ықтасынына сауда қалашығын салса, қатып кетер еді? – Карелин күдікпен қарады. Бірақ, Тұрпаев ондай мінез танытпады. Тіпті оның әзілін естімеген адамша күле қарайды. Карелиннің өзі қаралай қысылды. Сондықтан да, алдыңғы айтқан сөзін жуып-шайғандай:
Жә, әзілге, айтамын, – деді қаралай қысылған Карелин.
Нені әзілге айтасыз? – Бұл жолы Карелин жүзіне туралап Тұрпаев қарады. Көз қарасында, бүкіл өңінде ешбір әзіл-оспақтың нышаны жоқ. Бір қалпынша, бар ықыласымен қарайды.
Жә, жаңағы... сауда жөнінде, – деді Карелин бұрынғының үстіне қысыла түскендей болып.
Тұрпаев сәл жымия күлді де, басын шайқады:
Жоқ, Григорий Силыч! Оның еш әзілі жоқ. Бұл дала саудасыз қалай күн көреді. Арып-ашып мен босқа жүр дейсіз бе? Россия, бұл жағалауға қоныстанбай ма? Егер қоныстанады екен ол қоныстанушылар бос даланы, оны кезіп жүрген көшпенділерді жай қызықтауға келе ме? Олай болмаса керек, – деді.
Бұл көптен бері серік болып Карелиннің қасына ерген Тұрпаевтың ашыла сөйлеген сәті еді. Бар ойын тұмшалай сақтап келген саудагер бүгін бар ойын ашық айтқысы келгендей. Осылайша қазір сөйлеуді дұрыс көрді. Мынау қорған тұрғызылып жатыр, оның арғы мақсаты түсінікті. Бірақ, онда, мемлекеттің мақсатында саудагердің шаруасы қанша. Ол тек өз кәсібін, саудасын біледі. Енді оны бүгудің қажеті қанша? Айту керек ойын, ашық айту керек. Тап соның реті қазірге түсті. Соның сәтін жібермеу – мұның міндеті.
Тұрпаевтың басқа да ойы болатын. Ол өзінің сауда ісіне жарналас етіп Карелинді де тарту.
Бірақ, Карелин саудадан аулақ, оған икемі жоқ жан секілді. Тұрпаев бұдан әріге барғысы келмеді.
Тұрпаев сөзінің дұрыстығын Карелин де түсініп тұр.
Қасына ерген серігі жайында ол осылайша ойлады да, бірақ негізгі ойы басқа нәрсеге ауып кетті.
Бұлар жағаға шыққалы бірнеше күн болды. Мынау, қабақ үстінен басталатын дала меңірейіп қатып қалғандай, қыбыр еткен жан болмады. Рас, алғашқы күндері екі жақтағы биік басынан аттылар көрінген. Олар алыстан одырайып, қарауыл қарағандай ойға үңіліп тұрды. Соңғы күндері олар да жоқ болып кетті.
Жым-жылас, тылсым тыныштық. Дала бүкіл тіршілік әрекетін күрт тоқтатып, демсіз, қимылсыз қалғандай. Алғашында мұны Карелин жөн түсінбей таңданып қалып еді, соңғы кезде ол үрей туғыза бастады. Жүк түсіру, шатыр тігіп баспана жасау сияқты күйбеңмен жүрген көпшілікке де бұл әсер ете бастады.
Осы серіктес болған уақыт ішінде Карелин Тұрпаевтың кейіп ашуланғанын, не қатты қиналғанын көрмеп еді. Не айтсаң да үнсіз қабылдап, ойлана басын бір тұқыртып, неде болса ішінде сақтайтын. Бұл жолы да басқа сыр білдірген жоқ. Тек айтқан кеңесі:
Григорий Силыч! Күзетті күшейтіңіз. Әсіресе, түнге қарай сақ болыңыз, – деді ақырын.
Карелин Тұрпаев жүзіне қарап қалды да:
Немене? Қауіп бар ма, бірдеңе естідіңіз бе? – деп сұрап қалды.
Тұрпаев күліп жіберді:
Қасыңызда бірге жүрген жоқпын ба? Мен қайдан не естуші едім, – деді шұғыл түрде.
Иә, рас! – Карелин ойлана бұрылып кетті. Осы жағалауға келгелі Тұрпаев мұның қасынан екі елі шыққан емес. Үнемі бірге жүр. Анау жақта, Астраханда, Тұрпаевпен қажет болса ғана кездесетін. Ал, бұл жаққа келгелі, одан көз жазса, бірдеме болып қалатындай қасынан айырмайды.
Тұрпаев та бұрылып кеткен Карелин жүзін көз астымен шолып тұр. Ұзын ат жағы солбырайып, жүдеп кетіпті. Көзі де үңірейіп, ішіне тартылып баратын сияқты. Сұрғылт көзілдірік ар жағынан жанары да солғын тартып қалғандай. «Әлде әйнекке күн шағылысып, мына жалтыраған топырақ шағылысып, даланың солғын сұрғылт бейнесі, елесі өзгеріп тұр ма екен?!» деп ойлады Тұрпаев. «Әрине, шаршайды ғой. Мына елдің де мінезі өзгеріп кетіпті. Бұлар жағаға шыққалы бір жан хабарласқан жоқ. Әлде білмей жатыр ма? Анау Сүйінғара шалдан не хабар екен? Неде болса білу керек еді? Азық-түлік керек, ат-көлік керек! Оның бәрін елден жинамаса, қайдан алады? Не шара істесе болады? «Кемедегінің жаны бір» дейді орыстар. Менің де тағдырым осылармен бір емес пе! Мен де шара ойластыруым қажет. Иә, солай істемесе болмайды!»
Тұрпаев ойланып, осындай шешімге келген-ді. Бірақ, бұл пікірін сол бойда Карелинге айтқан жоқ. Табиғи сақтығына бағып, аңысын аңдып қалды.
Тағы да екі-үш күн өтті. Жүк түсіріліп бітті. Бірақ бұларға келген қырдан еш адам болмады. Оларды іздеп шығуға Карелин адамдары да қаймықты.
Ақыры, Тұрпаев шыдай алмай Карелинге өз ойын айтты.
Мен, Сүйінғара шалға барайын. Сөйлесейін. Біздің келгенімізді білмейтін шығар, – деді.
Карелин оның айтқан сөзіне таңданып қалды.
Қалай барасыз? Жол қауіпті емес пе? – болды оның Тұрпаевқа берген сұрағы. Тұрпаев бұл жайды күнілгері ойланса керек. Кідіріп-мүдіріп жатпады. Өзінің нық шешімге келген әдетімен Карелин жүзіне тура қарады да:
Бұл оңаша жағалауда көліксіз, азық-түліксіз жата берген қауіпсіз емес пе? Сосын біз теңізден өтіп не үшін келдік? Елмен араласу үшін келгеніміз жоқ па? Ендеше, басталық сол араласуды.
Ол кісіге қалай жетесіз?
Бұл сұраққа Тұрпаев ойланып қалды. Оны нақты шешпеген болатын. Қолдарында ешбір көлік, тіпті мал атаулы жоқ-ты. Сүйінғараға жетсем деген тек оның әзірге ойы еді.
Өйткені, алда жатқан кең даладағы олардың алғашқы кездескен адамы да, жылы сөйлескен аздап тіл табысқандай болған кісісі де сол Сүйінғара. Өткен сапарда, Сүйінғара көп жайды Тұрпаевтан тәптіштеп сұрады. Бірақ ол тұста Тұрпаев Сүйінғара сауалдарына жөнді жауап бере алмады. Өйткені, көптеген жайды, жалпы Россияның, Маңғыстаудың, әзірге дарқан жатқан, бірақ жан-жағынан қоршалып келе жатқан бұл кең даланың болашағы жайында не ойы барын айқын білмейтін.
Міне, енді көп қаржы бөлінді, қорған салынбақ. Әскер әкелініп түсірілді. Болашақта, бұл жағалауда кәсіпшілік – балық аулау шаруашылығы жолға қойылмақ. Енді, сол елден келген адам есебінде бұл даланың қай кісісімен де Тұрпаевтың ашық сөйлесуіне болады. Әйтеуір, Тұрпаев өз шаруасын біледі, соған өзі жауап бере алады.
Оның Сүйінғараға бармақ болғандағы ойы осы-тын. Бірақ ол қалай жетпек? Немен жетпек?
Осылайша бұлар дағдарған шақта ешкім де күтпеген бір оқиға болды. Қорғанға Әнеттің бір ұлы Мая келді.
Әнеттің балалары жан-жақта бытырап жүретін. Қосбармақ Мырзағұлдың баласы Бекетпен тайталасып Қырымқұл Бұқарға қайта оқуға кетті. Бұл таластың ешқандай пайдасы жоқ екенін оған бүкіл ел жабылып, әкесі Әнет те айтып еді. Оған Қырымқұл көнбеді. «Ел аузына Бекет ілініп кетті, мен одан қалып қойдым. Мен кейбір кітапты жөн оқымадым. Кем оқуымның орнын толтырамын. Бекеттен атағымды асырамын» деп ерегесіп көнбеді. Әбден шарасы таусылған әкесі Әнет ауылдан шығатын жолға, Қырымқұлдың әйелі мен екі баласын таңертең тұрғызып қойды. Бірақ, оған Қырымқұл кідірмеді. Екі баласы мен әйеліне теріс қарап жүріп бара жатып, екі алақанын көтеріп: «Бір Аллаға тапсырдым» деп өтіп кете берді. Сол сапардан ол кісі кейін оралмай Бұқар шәрінде, үлкен мешіт алдында намаз үстінде аштықтан, қалжырағаннан үзілген көрінеді.
Әнеттің балаларының ішіндегі атағы шыққан Төлеп. Ол өзі батыр, ержүрек адам болған, көп жаугершілікке қатынасып, бірақ ақырында үлкейген шағыңда, ел ортасында өлген. Денесі Сисем атты көп қауым ішіне қойылған. Қыдырша қызбалау, ұрыншақтау, мал жинап, дүние көздеуге кіріскен.
Ал, Мая болса әуелден қораштау адам еді. Басында шашы сирек, аласа бойлы, жарғақ бет. Малына, атағына сенген Әнет баласының осы кемшілігін қасына сұлу келіншек қосып толтырамын деп ойлағандай көршілес отыратын Кіші жүздің шеркеш руының бір қызына құда түсіп, алып берген. Тәкаппар шеркеш қызы Әнеттің абыройын той үстінде төкті. Тартыссыз-талассыз келгенімен, беташар шақта, Әнетке сәлем етпей қақшиып тұрып қалады. Халық алдында масқара болғанын Әнет мойындамағанда, бар ашу-ызасын тілі арқылы келініне төккен. «Өңірің ашылмасын, күлің шашылмасын» деп теріс бата беріп, «Ашыңдар жүзіқараның бетін!» деп, басқа ешкімге келін жоралғысы – сәлем жасатпаған да, тойды таратып жіберген.
Бірақ жуас Мая бала болса да сол әйелімен тұрып жатты. Кейін өкініп, көңілінде атам қарғысына ұшырадым деп ойлаған тәкаппар келіншек Маяға екінші әйел алып беріп, содан туған Маяның үшінші баласы Бәйімбетті бауырына салып, үйін бөлек тігіп отырып жатты.
Қырымқұлдың баласы Қалбы мен осы Мая Хиуа ханын сағалап, елден бітір-зекет жинасып, өздерін ханның билері санаған.
Қарасу тұсынан Түпқарағанның батыс шетіне, ел Кетік атап кеткен ашық тұсқа келіп түсіп, қамал салуға кірісіп кеткен Карелин отряды жайындағы хабарды ел арасынан естіді. Алғашында, бұларды сырттай барлауға тыңшы кісі жіберген. Мұның жіберген кісісі әскердің сырт айбарынан сескеніп маңайлай алмай, қайтып барды. «Ойбай, қара құрым-ау, қара құрым!» деп, ентігін баса алмай күпінді. Осы хабар Маяны сескендіріп те, ойландырып та тастады. «Сонда бұл не болғаны? Қара құрым әскер неге бос жағалауға түсіп жатыр? Соғыс ашпақ па? Кіммен соғысады? Адаймен бе? Ол әскерге қарсы тұратын Адайда не күш бар? Мынау ғой, хабарын біліп кел деп жіберген пысық, еті тірі деген жігітім. Ол әскердің қарасынан қорқып ентігін әлі баса алмай отыр. Жоқ, Адайды алу үшін мұнша әскер төкпес! А, мен не айтып отырмын. Жауын бірде жауып, бірде жаумайтын мекиен бос дала кімге қажет? Не кәдесіне жаратады? Патшаның көздегені Хиуаның ханы болды. Иә, тап солай. Сол хан. Ханда қазына бар екені рас! Олардың ар жағында үлкен елдер, зор байлықтар жатыр дейді. Әйтеуір, Хиуаның базарына барғаныңда көзің мол дүниеден жайнап кетеді ғой. Ал, анау Үндістан деген елдің қазынасының көптігі сонша, оны артар көлік жоқ деседі жұрт. Одан да әрегірек көптеген теңіздің арғы жағалауында Енглез деген ел бар көрінеді. Ол оқулы, тоқулы, от-кеменің неше түрін жасаған, қара жермен талай темірді зырлатқан мықты ел деседі халық. Құмалақтай нәрсені тастап жіберсе, бүкіл ауыл-аймағың көкке ұшып жоқ болатын көрінеді. О, астапыралла! Адамның да ойлап таппайтыны жоқ».
Ал, енді мына, жағалауға әскерін төгіп жатқан орыс елін Маяның өзі көрген жоқ. Бірақ, естуі бар. Айдарханға сумен барып келген кісілермен тілдесті. Анау, Жәңгір ханның шалқайып отырған себебі, сол елге қол артқаннан дейді. Бұл да өнерлі, қара жердің көп сырын игерген ел деп айтады көпшілік. Зіркілдеген зеңбірегі, күрсілдеген домалақ доптары бар екен. Ол жарылса, ауыл-аймақ түгілі, қара жерің қозғалып кетеді білемін.
Осы жайларды ойлағанда Мая үйінің төрінде киіз үстіне төсеген қос төсекшенің үстінде отырып, қалтырап кетті. Отырған орнының асты қара жер емес, сусыған құм секілді. Ордалы ақ үйі желді күнді қаңбақтай жел лүп етсе, домалана жөнелетіндей елестеді.
«Екі нар сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» деген. Сол шыбыны осы Маңғыстау елі болса керек. Қай нар мықты? Кім кімді ығыстырады? Қайсысының қомына жармасқан жөн?
Бірнеше күн қатарынан осы жайларды ойлаған Мая жағалыққа келіп жатыр деген әскерді, оның бастаушыларын өз көзімен көріп қайтқанды жөн санады. «Бұрын барсаң орын бар» деп, қазақ бекер айтпаған болар. Иә, Алла тәуекел!
Жасы үлкен алдымдағы аға деп Сүйінғараға хабарласпастан, аралас ағайыным деп Қалбымен ақылдаспастан Мая салынып жатқан қамалға жалғыз өзі кетті. Тарту-таралғының қашанда артықтығы жоқ, реті келсе, тон болмаса да жол болатын орамал деп аз ғана ұсақ мал, бір жар ірі қара да алдына салып ауылдан айдатып шықты.
Қамысауылдың қабағына келген соң ол алдағы ойға қарап, біраз тұрды. Екі таудың арасы кетиіп, одан әрі жарқырап теңіз жатыр. Әлгі жіберген кісісі айтып келгендей, қарақұрым қаптаған ешкім көрінбейді. Бірақ, сол Кетіктің терістік бетінде шағын тау бар. Ол басын жерге салып сұлай кеткен жарбай түйедей сұлық жатыр. Оның екінші қабаты бұл тұстан көрінбейді. Сол тасада кім жатқаны белгісіз. Осы бір белгісіз хал аздап үрей туғызғанмен Мая атын қайта тебінді. Маяның соңына ерген аз ғана нөкер тобы да, оның ыңғайымен қозғалады. Бұлар қабақтан төмен құлады. Алдарынан ешқандай қара кездеспеді. Әбден етекке түскен соң, Мая атының басын тағы тартты. Бірақ, бұл жолы ойланып кідірген жоқ-ты. Оң жақ қолда Шүйлі деп аталатын аңғарсай бар. Соның бойы ағашты, шөбі қалың келеді. Етек тұсында, жоғары басында суы бетіне шүпілдеп шығып жатқан екі құдық бар-ды. Мая қолын сілтеп сол бағытты нұсқады да, малды айдап келе жатқан кісілерге:
Сендер малды суарып, үйлеріңді осы жерге тігіп қойыңдар. Ас қамдарыңды да ұмытпаңдар, – деді.
Әдетте, бұл ел қазағы жолаушы шыққанда азық-түлігін ғана алып, тіпті, асып бара жатса түйе арқасына жолым үйді арта салатын. Тіпті, қос керегені алып шығып, итарқа жасай да салады.
Басына түрлі ой келген Мая төрт қанат жеңіл ағаш үйді де ала шыққан. Мынау ат арытып тілдескелі іздеп шыққан кісілер қорған салып, тас үй тұрғызып жатырған көрінеді. Түрлі шатырлары құрулы дейді. Олар Маяны құрметтеп, қабылдап, үстіне шатыр тіге ме, жоқ па. Ондай сый-құрмет болмай қалса, шаң-шаң болып итарқаның керегесінің арасынан тазы иттей иіріліп, керіліп шығып жатқан ерсі емес пе? Өзінің төрінен шалқайып тұрып, еркін шығып жатқанға не жетсін. Сондықтан, бұл үйді алып шыққаны осы жөніндегі сақтығы болатын. Келе жатып, жол үстіндегі ауылдарға қонды да, әлі тіккізген жоқ-ты.
Бұл шаруасын реттегеннен кейінгі ойы іздеп келе жатқан кісілерімен қалай кездесу? «Оу, хабарлас!» деп тұсынан ат үстінде шіреніп тұратын қазақтың киіз үйі жоқ бұл жерде, «Мынау кімнің ауылы екен? Ауылда кім бар бізбен сөйлесетін. Мен пәленшемін» деп жастау біреуді атпен шаптырып жіберетін де үйлерін тізілте тігіп отырған ауыл жоқ. Сонда бұл қалай барады?
Ат үстінен «Ассалаумағалейкум!» деп, көпшілікке бағыттап сәлем берсе, оған «Әлейкүмассалам» деп жауап қайыратын жан бар ма?
Маяның ойын енді осы жайлар мазалады. Қалай болғанда да, ойына алып шыққан жеріне келіп те қалды. Бұлар құлаған тұста, ойпаңда дөңгелек төбешіктер бар. Солардың тасасынан шыққан соң салынып жатқан қорған айқын ашылып, көзге түгел көрінеді.
Екі жағын қолмен қашап бөлек түсіргендей, көлбей жатқан аласа таудың үстінде адам қара көрінеді. Олардың жүрісі абыр-сабыр. Не істеп жүргендерін алыстан ажыратып болмайды. Әйтеуір, әрлі-берлі қапылған бір жан. Көзіне бірден сол шоғыр топ түскен. Мая таудың бергі бөлегінің басында тұрған жеке кісіні алғашында аңғармады. Оны аңғаратын да реті жоқ еді. Таудың баурайында отырған күзетші бес-алты атты қара жақындап қалғанда ғана байқап қалып, биікке қарай жүгіріп шыққан. Ол да алғашында не істерін ұқпай, абдырап қалды. Анау ойда шатыр қасында жүрген командирге, Карелинге хабар берейін десе, бұлар тақалып келген. Осы жағалауға шыққалы осылай қарай беттеген жан көрмеген күзетші әбден састы. Жақындап келе жатқан топтың қаруының бар-жоғын, жүрістерінің ыңғайын да байқаған жоқ. Мылтықтың аузын әуеге көтеріп жіберді де, гүрс еткізді. Оның жаңғырығы жақын тауға шағылысып, қайталанып тынғанда, оным әсерсіз болды дегендей, екінші рет көк аспанға атып салды.
Бұл кезде Мая да тобымен тоқтап қалған-ды.
Қасындағы бір серігі:
Ойбай, би аға! Мая-еке! Мыналар гүрсілдетіп атып жатыр ғой. Құрысын, қайталық! Қырып салар бәрімізді, – деп атының тізгінін тарта, кейін бұрыла беріп еді, Мая оған жекіріп тастады.
Келіп алып қашқаны несі? Жаның тәтті болса, бұлардан енді құтыламын десең – қал осы жерде? Бейсеубет келе жатқан адамның кім екенін білмесе, сүйіп қарсы алсын ба? Жақындалық, тілдеселік, – Мая атын тебініп ілгері оқшау шықты да, қамшысы ұшын сабына қайырып, оны жоғары көтерді.
Бұл кезде Карелин де, Тұрпаев та, отряд командирі Мансұров та, басқа да қолы бостар күзетші қасына топталып келген-ді. Жұмыс жасап жатқан кісілер де мылтық дауысына елеңдеген, жұмыстарын тоқтатып, қарай қалысыпты. Бәрінің көзі ойда шоғырланған бес-алты аттыда. Қалған мал, адам Шүйлі сайының арнасына кіріп, көзден таса болған.
Мая сол қолын көтерген қалпы ілгері жүрді. Қалғандары да үрейлене аттарын тебінді. Бұл жолы ешкім оқ атқан жоқ. Төбеден де адам құламады. Бұлар да аңдысып тұрғандай өзінің қамшымен қолын көтергені енді ерсі болатынын сезген Мая оны төмен түсірді. Оған да төбе басындағылар теріс ниет көрсетпеді, әлі үнсіз тұр.
Карелинмен бірге биікке көтерілген Тұрпаев та үнсіз тұрып қалған. Екі көзі шүңірейе келе жатқандарды тінтуде. Тұла бойларында қару көрінбейді. Иығынан асып, аспанға аузы шошайған мылтық та, қапталдарында салпылдаған қылыш та, ердің қасына көлбетіп сүйей салған найзасы да, қару атаулы түгелінен жоқ сияқты. Киім киістері де қазақтарға ұқсайды екен, – деп ойын қорытты Тұрпаев. – Хиуалықтар болса, ала шапандарын үстінен, сәлдесін басынан тастамас еді. Мына кісілердің алдыңғысының үстінде шапан бар секілді, басқалары желбегейлеу. Екі-үшеуі шаршы орамалды бастарына тарта салған. Бәрінің белбеулері бар. Алдыңғы кісінің белдігі кісе болса керек, ат үстіне ырғалғанда күн көзіне шағылысып көрінеді. Ал, басқалар, не қолдарына түссе, сонымен белдене салған.
Осыларды шолып қарап тұрған Тұрпаев Карелинге қарады да:
Григорий Силыч! Мен алдарынан шығайын, кімдер екенін білейін, – деді.
Не істерін білмей, неде болса бұлар жақындап келсін деп күтіп тұрған Карелин Тұрпаевтан:
Солай істейсіз бе? Бұл даланың дәбі осылай ма? – деп сұрады.
Бұл жайды Тұрпаев та айқын білмейтін. Әйтеуір, қазақ ауылына келген адамдардың сырттай хабарласып жөн сұрасып жататынын көрген-ді. Ол, әрине, қонып отырған ел болса, тігулі киіз үйлер болса жарасар еді. Бірақ, мына жағдайда не істеуге болады? Тұрпаев ойында ондай қазақшылық әдеп-салт жоқ-ты.
Айнала тым-тырыс хабарсыз қалған соң мына жақындап келе жатқан адамдарды іші жақсы көріп қалған. Не шаруамен, не мақсатпен келе жатыр бұлар? Оны Тұрпаев білмейді. Бірақ даланың өкілдері ғой. Тілдесіп, сөйлесу керек, іш тарту қажет. Ол үшін ой-пікірлерін анық білгенше кішіпейіл болып, сыпайыгершілік көрсеткен абзал. Бұлар жай жүрген, ештемені көрмей келе жатқан жандар емес! Ондай жағдайда жаңа күзетші мылтық атқанда бытырап, тарап, қаша жөнелер еді. Қолын көтеріп, бейбіт ниетпен, бұлар да тілдескелі келеді. Осы жайларды ойлаған Тұрпаев:
Иә, солай! Дала этикасы соны талап етеді, – деп Карелин көнетін ыңғайға бұра салды.
Қорықпайсыз ба?
Неден қорқамын. Қарулары жоқ, құр қол келе жатыр ғой. – Шешімге бекінген Тұрпаев бұдан әрі кідіріп жатпады. Төбе басынан төмен сырғанап кетіп қалды. Қос аяғымен қаншама тіреп, кейін тіренсе де, төбенің етегіне ол домалай, аяқ асты шаңытып түсті. Әйтеуір, құлаған жоқ, аяғымен тік қалды.
Мая тобы да жақындап келіп тұрған. Тұрпаев та қолын көтеріп, мен әлі де жақындаймын дегендей белгі берді.
Мая атының басын тежеді. Қасындағылар да ат тізгіндерін тартып, тұрысып қалды. Бәрінің де көзі Тұрпаевта. Дөңгелек жүзді, шоқша қара сақалды. Мұрт қоймапты. Өңі күнге күйген бе, әлде жаратылысынан ба, қап-қара. Жақындағанда аңғарды, қасы да қою қара екен. Мұрны имектеу келген. «Мынау, мен естіген орысқа ұқсамайды ғой. Кім болды екен? Мұсылман ба, қалай?» деп қалды бір сәт. Содан кейінгі ойы – сәлемді бұрын берсем бе екен, әлде оның сәлемін аламын ба? Тіл білмейтін, әдеп білмейтін адам болып жүрсе қайтемін! «Жолаушы қонақ атаңнан да ұлы» деген сөз бар еді. Неде болса сәлем бере салайын. Ұят болып жатса, ата жолын сақтап едім дей салармын.
Маяның да, Тұрпаевтың да сәлемі қатар шықты. Тұрпаев та:
Ассалаумағалейкум! – деген-ді.
Бұған тек Мая ғана емес, басқалар да риза болып қалды.
Ой, мынау мұсылман екен ғой.
Иә, мұсылман-ау.
Тек біреуі, жаңағы «атып жатыр ғой» деп сескенген жігіт қана, күмән білдіріп:
Төбесі тесік біреу болып жүрсе қайтесің, – деп күдік айтты.
Мұның бәрін Тұрпаев естіп тұрған. «Төбесі тесік» деген сөздің мағынасын білетін. Анау Астрахан бетіндегі құм ішіндегі бір ауылға сауда ретімен барғанда осы сөзді естіген. Сонда Тұрпаевпен еріп жүрген қазақ тілін жақсы білетін, бұған тілмаш болып, Тұрпаевқа тіл үйреткен тағай жігіті, «Төбесі тесік болса немене? Айран құйып ішесің бе?» – деген-ді. Сол сөз қазір Тұрпаевтың ойына оралды да, аңысын аңдыды.
Бірінші болып Мая атынан түсіп, қолын ұсынды. Қалғандары да оның істегенін қайталап, қолдасып жатыр. Тұрпаев үнсіз ғана қол беріп тұрды да, жаңағы сөзді айтқан жігіттің қолын сәл кідірте: «Немене? Тесік болса көже құйып ішейін деп пе едің?» – деді.
Жұрттың бәрі бұл жауапқа аң-таң қалысты. Кейбіреулер күле ана жігітті қағыта бастады. Бәрінің өңіне күлкі үйіріліп, жүздері шырайланып қалды.
Тоң солқ етіп қозғалып, жібиін дегендей. Бірақ оның қашан толық түсіп кетері белгісіз еді. «Дегенмен, шүкіршілік! Тіл білетін адам бар екен, әйтеуір! Тілдесерміз, сөйлесерміз. Артын көрерміз!» деп Мая да ішінен тәубе қылып, алдымен белдігін шешті.
Ауылынан өзін-өзі қамшылап, өзіне-өзі қуат беріп, сырттай күпініп, қампиып шыққанменен жол үстінде Мая түрлі ойға қалған. Адымдап ілгері аттап, мынау межелеген жеріне жақындаған сайын, көңілі сан құйқылжып қобалжыды. «Иә, Алла өзің жар бола гөр. Қолдай көр аруақ!» деп іштей сыйынып та алды. Діні басқа, тілі басқа елге қарай аттанып бара жатып, аузына Алланы алғанына да шошынып кетті. «Осы мен жасым келмей алжып жүргенім жоқ па? Иә, астапыралла! О, құдайым бір өзің жар бола көр». Әлде кейін қайтсам ба екен деп толқыды. «Жоқ, енді қайтар шамам жоқ. Иә, бәрі Алланың қолындағы іс қой. Басымызға өзі салған екен, оны Алланың салғаны деп көтеру қажет!» деп өзінше тың түйінге келді.
Осыдан кейін Мая қайта көңілденіп, атын қайта тебінген-ді.
...Оны қарсы алған тілмаш-саудагер ертіп әкеліп Карелинмен, содан кейін офицерлермен таныстырды. Бастапқы шақта бұлар тегіс дүрліге, секем алып қараған. Мая жүріс ретін айтып түсіндірген соң, оның жай танысуға келгеніне иланды. Әйтеуір, иланған болды. Карелин мен Мансұров ақылдасып, бұл кісінің қасына Тұрпаевты қосты да, өздері түрлі шаруалармен кетті. Тек сол сәтте Тұрпаев Карелинге қарап:
Мен бұл кісіні біздің мақсатымызбен таныстырайын. Даланың, елдің сырын білейін. Сол үшін, ашық сөйлесу үшін мына құрылысты көрсетейін, – деген-ді.
Карелин жауап беріп үлгергенше Мансуров оның сөзін киіп әкетті:
Тек, сауда, қарым-қатынас мақсатын айтасыз. Басқа сыр шашушы болмаңыз. Сосын, Хиуа хандығы жайын сұраңқыраңыз. Болды, – деді.
Осы жағалауға келген отрядтың әскери басшысы Мансұров нығыз денелі төртпақ адам. Беті бұжыр. Әрқашанда әскери формамен жүреді. Аяғынан етігін тастамайды. Әлі тақымына ат тимесе де, етігіне шпорын тағып алған. Сонысы салдыр-гүлдір етіп, елді үркітіп болады. Кейде, қараңғы түн ішінде де салдырлап жүргені.
Тастай қараңғы түн ішінде оқыс дыбыстан селт етіп қалады да, оның Мансұров екенін білген соң: «Е, біздің айғыр генерал екен ғой» деп қарқылдап күледі. Оны Мансұровтың еститінін, естімейтінін ешкім білмейді. Бірақ, анау ішкі Ресейдегідей емес, бұл айдалада солдаттар да өзін еркін ұстайды. Мансұров та солдаттарынан іштей үрейленіп, сескене жүретін болса керек.
Тұрпаев көбіне Карелин қасында, Мансұровпен сирек кездеседі. Іштей сескеніп, жалтақтамай жақын жүргенді қалайды. Бірақ, оның реті келіп жатқан жоқ «уақытыңда көрерміз!» деп Тұрпаев та оған тым құштарлана ұмтылмады. Мансуровпен қазіргі арадағы сөз Тұрпаевтың онымен алғашқы тілдесуі. Айтқанына қарай, Тұрпаев Мансуров сөзін қузалай түскісі келді. «Саудадан басқа не мақсат бар? Хиуа жайын неге тәптіштеп сұрауым қажет?» деп сауал қоймақ болды да, бірақ «сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» деген қазақ мақалы есіне оралды. Кезінде, осы ақыл сөзді естігенде қайран қалған. «Жоқ сақ болған дұрыс! Онсыз да патшаның мақсаты көрініп тұр ғой. Мен оған қыстырылып қайтемін. Пәлесінен аулақ!» деп, ол ойынан айныды. Бірақ, мысқылға, әзілге үйір қасиеті оны қарап тұрғызбады. Оған және тағы да көзі түсіп кеткен Мансуровтың аяғындағы шпор себепкер-ді.
Мансуров мырза! Егер ат-көлік жайы әңгіме болса қайтемін. Мінетін ат, жүк артатын түйе қажет емес пе? – Ол күлкісіз, қалжыңсыз айтты.
Бұл сөз тұсында Мансуров та кері бұрылды. Әскери дәрежесі үлкен адам алдында тұрғандай оқыс бұрылып, етігінің сіресіне таққан шпоры тағы да салдыр-гүлдір етті.
Ат дейсіз бе? Мұныңыз ақыл екен. Маған бір мінетін ат болса. Сөйлесіп көріңіз, Тұрпаев мырза. Егер бір ат тауып берсеңіз, сіздің алдыңызда қарыздар болар едім, – деді.
Осыдан дейін Тұрпаевты төмен қол адам санап, жөнді амандаспай қиқая келгенін мүлдем ұмытып кетті. Лақ ете ақтарылып, саудагердің бұлтарысын аңғармай, қолына келіп өзінің түскенін сезбей қалды.
«Бұл дұрыс болды. Қолға түстің, Мансуров мырза. Бір атты өз қаржыма сатып алып берсем де табармын!» деп Тұрпаев көңілі жайланып қалды.
Содан кейінгі уақытта Тұрпаев Маяның қасында. Осы салынып жатқан құрылыспен таныстырмақ ниетпен, тау басына қолтықтай алып шықты. Бұл кезде солдаттар тау басына жаяу адам түгіл аттылы арба көтерілетін жол салып тастаған. Оның екі жағы, әсіресе, теңіз жақ ой беті мықтап қоршалған. Кісі құлап кетемін деп қысылмай еркін шығады. Таудың үстін тазалап тегістеп тастапты. Кейбір тұсын балтамен шапқылап келтірген. Белуарларына дейін шешінген көпшілік күнге күйіп, тотығып қалған. Тастан ұшқан, желмен көтерілген ақ ұнтақ ұлпа шаңға беттері былғанып, көздері ғана жылтырап көрінеді. Тастың биік көтерілген қалың тұстарын арамен дырылдата кесіп, бір қалыптан шыққан тастарды текшелеп жинап қойыпты. Таудың үстін жылмита тегістеп, оның төбесінен бірдеме шығатындай үңгіп ойып барады.
«Бұл не болды, жаным-ау? Құдайдың басқа қара жері жетпеді ме екен. Не шығарады бұл қу тастан? Әлде шаһарды тегіс даладан тұрғызбай ма?» деп қайран қалды. Бірақ, өзінің таңданғанын сездірмеуге тырысты. «Мынау жылмиған қара да бір қу болса керек. Мен мұның екі туып бір қалғанындай, көптен сағына күткен туысындай жабысты да қалды. Қайдан үйренсе де қазақшаға үйреніп алыпты. Соншама емпелектеуіне қарағанда мен де, сірә, керек кісімін. Олай болса өзімді бұлдап көрейін. Мұншама пұл болар екенмін!» деп ойлап, екінші жаққа назарын аударды. Ол тұста да оқшау тұрған биік бар-ды. Соның да баурайын қайламен шапқылап баспалдақтап жол түсіріп тастапты. Оның да үстін тегістеп бір нәрсе орнатуға дайындаса керек.
Кенет Маяның басына бір ой сап ете түсті де, тұла бойы мұздап қоя берді. «Мынаның үстінен әскер жатқызып, ана биікке зеңбірек орнатады екен ғой. Солай, дәл солай! Одан басқа қара жердің топырағын қазып, жын ұрып кетіп пе оларды. Сол зеңбірек ауызы үңірейіп, аспанға ор-тор болып ұшатын доп ататын көрінеді. Ал ол доп түскен жерін ойып алып, маңайындағылардың бәрін жапырып өтеді деседі бұл жұрт. Осылайша жайлап жылжып, ішке кіре береді де».
Өзінің неге тұла бойының мұздап, соншама неге үрейленгенін Мая жөнді ұқпады. Абдырап қалыпты. Ақылға салып, ойланып қараса соншама шошынатын ештеме бола қойған жоқ сияқты. «Егер бұлар тау басына қорған тұрғызып, биікке зеңбірек құрса, қорғанады дағы. «Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында» дегендей, тілі, діні бөлек ел, бірден қалай сеніп кетеді. Мүмкін, біздің елден де талай тентек шығар. Қарусыз, құралсыз қорғаусыз жатқан дүние болса, оны қыстырып кетуге кім тырыспайды. Ал ана Хиуаның ханы ше? Мұсылман дінінен тыс бір адамды ұстаса, тіллалап сатып отырған жоқ па? Олар әлі мұны сезбей жатыр. Сезген, білген күні не қиғылықты салатынын кім біліпті. Ал мен бұлардан не деп үркемін. Мынау тілмашы бәйек болып жүр. Үлкен шенді лауазымды кісілері де тап беріп ұстатып жатқан жоқ, сірә, кет әрі емес. Дегенмен, сақ болған абзал. Жайлап, барлап, аяқты аңди басып жүрген жөн. Егер, менің бұл жүрісім хан құлағына шалынып, Хиуаға шақыра қалса: «кім екендерін, не мақсатпен жүргендерін білмек болдым» деп құтылмаймын ба? Сонда маған хан не айтады?»
Мая бұлардың мынау тау басын неге тегістеп жатқанын ұқпады. Оны туралай сұрауға да батылы жетпеді.
«Алайда, бұл тегін шаруа, бос жүріс емес. Аз күн болып кететіндер мұншама әрекет жасамаса керек-ті. Бұл да Алланың құрығындай мойныңа түскен қыл бұрау-ды. Ретті, көнсең көнесің, көнбесең көндіреді. Ақыл сұрап, кеңесіп, алдыңнан өтіп жатқан ешкім жоқ. Онысы, яғни, құрығым мықты дегені, күшіне сенгені. Сондықтан не істеу ләзім? Босқа тулап әлек болмай, ыңғайына қарай, іс істеген жөн. Артын көре жатармыз, ал әзірше аңысын андып, ішіне кіріп байқаған дұрыс!»
Осындай шешімге келген Мая Тұрпаевқа бұрылып:
Біз мына жалпақ жонда орда жатқан Адай деген елміз. Ал мен Әнеттің алты ұлының бірі Мая боламын. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал келіп сәлем береді» деген сөз бар біздің елде. Ел шетіне осындай кісілер келіп жатыр деген соң, жасым үлкен болса да кішірейіп шыққанмын. Онымның айыбы жоқ болар, інім? – деді.
Тұрпаев оған:
Мақұл! Мақұл! – деп басын изеді.
Мая мен оның серіктері құрылыс ісімен біршама танысты-ау деген кезде Тұрпаев басын көтеріп аспанға қарады. Түс мезгілі болып қалыпты. Қазір солдаттар түскі асқа жиналады. Офицерлермен бірге Тұрпаев та соған қатысуға тиісті. Ол алдын ала Карелинмен де, Мансуровпен де келіспесе де, Маяға бір тілек айтқалы оқталды. Бірақ онысын айтып үлгергенше балға соғылған темір қаңылтырдың шыңылдаған әлсіз үні естілді. Солдаттар оның үнін күшейткендей қолдарындағы барын даңғырлатып, жұмыс орындарын тастап жинақтала бастады. Жаңағы жұмыс үстіндегі сылбырлық жоқ. Өңдері жылып, көңілденіп, кідірместен сапқа тұрды. Жалғыз кісі оңаша қалды да, дауыстап әлдене айтты. Содан кейін аяқтарын қосып басып жүріп кетті. Бірін бірінің құйрығына байлап тізген түйелер тізбегі секілді. Мая да қасындағы серіктері де мұның не нәрсе екенін түсінбей қалып, Тұрпаевқа қараған. Ол езуін тартты да, бұлардың таңғалғанына мәз болғандай сөйлеп кетті.
Түс кезі – демалыс, тамақ ішеді. Айтпақшы, сіздер де жүріңіздер, тамақ ішіңіздер, – деді.
Мұндай шақыруды күтпеген Мая да оның қасына ергендері де бір-біріне қарасты. Аузы жеңілдеу, жаңа бір сәтте Тұрпаевтың «төбесі тесік пе?» деп қалжыңдасып қалған жігіт бұл жолы да шыдай алмай:
Несі бар, ішсек ішелік. Түс кезі де болып қалыпты ғой, – деді.
Жылтыр қара өңді, қияқ мұртты бұл жігіт Маяға жиен болатын-ды. Елгезек, тындырымды, осындай ойын-әзілі де бар. Сол үшін де Мая оны осы сапарда қасына ертіп жүретін. Оның сөзіне оншама мән де бермейді.
Одан егделеу келген шапанды кісі әлгі жігітке бұрылып:
Орыстар доңыз жейді. Доңыздың басын берсе де мүжисіңбе, жиен? – деп қағытты. Көз астымен Маяны шолып еді. Ол үнсіз ойланып тұр екен. Жиен жігіт бұған да мүдіріп жатпады.
Несі бар? Ел жеп жатса, адал болғаны. Шошқа жемей, сен мыналардан артықпын, ерекшемін деп тұрсың ба? Ал берсе мен жеймін, менің қайбір намазыма кесел болады.
Мая бұл екеудің сөз қақтығысын елемеді. Ол өз ойымен болып тұрған. «Шақырғанға барған дұрыс па, әлде бармаған дұрыс па? Бірден, айтқандарына көніп, жетектегі түйедей жүре бергенде адамның сыйы кетпей ме? «Ас іш» деп айтты деп жүре берген ұят шығар. Кідірейін бұл жолы. Егер, әбден қолқалап жатса кейін көрерміз» деген ойға келіп бірақ, соған сылтау таппай тұрған. Мына жиеннің сөзі тілге тиек болды.
Мынау менің жиенім, – деді ол Тұрпаевқа әлгі жігітті нұсқап. – Бүгінше осыны ертіп бар. Барамын деп өзі де құлшынып тұр ғой. Ал біздің өз қосымыз бар. – Ол ойланған пішінмен аспанға, күн көзіне қарады. Бозарған күн әлі ілгеріде тұр. Бесін тұсына жетпепті. Бірақ, мынау кісі бұл жайды сезбес деп ойлап: – Біздің намаз кезіміз болып қалыпты. Намаз оқылық, тынығалық, – деді.
Тұрпаев не айтарын білмей қалды. Бұл кісілер тұтқиылдан келіп қалды да, Карелинмен, Мансуровпен бұдан арғы әрекет жөнінде кеңеспеген. Егер, барыңыздар деп қоя берсе, оның аты не болмақ. Бұлар күн көтеріле кетіп қалып, қолға түскен жіптің ұшынан айырылып қалып жүрмесе. Айдаладан жел қуғандай, далаға сіңіп кеткен қазақты қайдан табарсың! Зорлап отырғызып, осында бол деуге тағы ыңғайсыз. Қалай болғанда да алдарқатып қолға ұстау қажет.
Осылайша Тұрпаев екі ойда тұрғанын Мая түсінген сияқты. Сондықтан, қол ұшын бергендей сабырмен:
Егер әбестік деп таппасаңыз, сіз бізге қонақ болыңыз. Шұбат ішіңіз, қозының етін жеңіз. Әрі, сөйлесе де түселік. «Адам сөйлескенше» деген аталарымыздың сөзі бар. «Бір көрген – біліс, екі көрген – таныс» дейді тағы біздің ел. Мүмкін, таныс, дос-жар, тіпті тамыр болармыз, – деп Мая сөзбұйда тастады.
Тұрпаев айтылған мәтел сөздердің мағынасын дәл анық ұқпаса да, Маяның ниетін анық сезді. Бұл өзінің де тілегі еді. Бекер сыпайыгершілік жасап, өтірік көлгірсуді орынсыз деп тапты. Сондықтан ол Маяға тура жауап берді. Бірден лап ете түскенді Тұрпаев та ыңғайсыз санап, әзілге айналдыра:
Егер шынымен шақырып тұрсаңыз, мен шақыруыңызды үлкен ықыласпен пайдаланамын. Тек мен алдымен бастықтарыммен келісіп алайын. Олар рұқсат етсе барамын, – деді.
Шын, шын ниетіммен! – Мая сәл басын еңкейте кеудесін қолымен қусырып иілді. Ол мұның Хиуаға барғандағы көрген ізеті еді. Бұл жерде оны артық көрген жоқ.
Тұрпаев өзі жеке барып, Карелинмен, Мансуровпен ақылдасып оралды. Мансуров Тұрпаевтың Мая қасына баруына бірден қарсы шықты. Тамақ үстінде онсыз да қызарып отырған ол:
Неге бөлек кетеді? Келген екен біздің ішімізде болсын. Олардың ойында не барын кім біледі? Азиаттардың талай қулық жасағанын естігенмін, – деп зіркілдей жөнелді.
Карелин де алғашқысында не дерін білмей қалды. Егер бұлар тіл білетін жалғыз Тұрпаевтан айырылып қалса, жағдайлары өте мүшкіл болады. Онда, үлкен мұхит ортасындағы тағылар арасына түскен адамдардай қалады. Бірақ, Тұрпаев оны өз ыңғайына икемдеп, бару керектігін дәлелдеп ұғындыра бастады.
Григорий Силыч! Біз алдымен бұлардың сеніміне енуіміз керек. Сонда ғана шын сырын білеміз. Маған не істейді? Реті танысуға, тіпті, қызмет көрсетуге келген адамдар. Мен барайын, сөйлесіп сырласайын. Басқа не амал бар? Осылай істемесек болмайды, Григорий Силыч. Өткенде жалғыз кемемен де келдік қой, ал бұл жолы көп әскерміз, – деп Тұрпаев басқа да дәлелдер келтірді. Карелин оның ыңғайына көнгенін білдірді. Алғашында, жаңа тамаққа тәбет шаптыру үшін алып жіберген арақтың буымен қыза сөйлеген Мансұров та мұның барғанының дұрыс екеніне көзі жеткендей:
Мейліңіз, барсаңыз барыңыз. Бірақ, қасыңызға не солдат ертіңіз немесе қолыңызға қару алыңыз, – деп қоймады. Тұрпаев іштей қарсы болса да, Мансұровтың айтқанына көнген сыңай білдірді. Қазір онымен таласып, сөзді қайта өрбіткенді жөн санамады. Бірақ, күзетші солдат ал дегеніне көнбеді.
Пистолетіңізді алайын, ал солдат қоспаңыз. Мылтықтың аузы үңірейіп тұрғанда қандай дұрыс әңгіме болады. Одан да мен өз қаруымды, саудагердің қаруын алып барайын, – деді.
А, иә! Не дейсіз?! – Мансуров оның не айтып тұрғанын ұқпай қалды.
Карелин оған жаратпаған көзбен қарады. Бұл кезде тамаққа қайта бас қойған Мансуров оның көзқарасын байқамады.
Саудагердің қаруы – оның товары-дағы. Оны өзіңіз біліңіз. Біздің қордан да сый-сияпат көрсетіңіз, – деп Карелин ықылас білдірді.
Әлі белгісіз бұл елге жүру жөнінде мәселе шешілген кезде, Петербургте жергілікті халықты, оның басшыларын ішке тарту әдістері талқыланған. Түпкі мақсат Хиуа болған соң жағалаудағы бұратана елді ақыл-айламен икемге келтірген жөн, сол үшін олардың басшыларының, ру ақсақалдарының аузын алған дұрыс деп келісілген. Құрғақ қасық ауыз жыртады. Сондықтан, реті келген жерде жұмсалатын қаржы шығарып қазына мойнына алып, оны ақшалай да, мата, шай-шекер сияқты дүниеліктермен де өткеруге рұқсат жасаған. Карелиннің қазіргі «біздің қор» деп отырғаны сол жай.
Ол қордың да кейін реті болар. Аз ғана адам, шағын топ қой, бұларға мен өз пұлыммен барайын. Және олар әзірге мені шақырып жатыр ғой, – деді.
Осылайша бастық саналатын екеуінің де келісімін алған соң, Тұрпаев өзінің қосына келді. Жүгінің арасын ашып шай-шекерді едәуір бөліп, таза шүберекке орап салды. Ол кездеме жібектен де өлшеп шығармақ еді, бірақ басына бір ой келді де, кідіріп қалды. «Мұның реті кейін келер. Бір күнде бұлар кете алмас. Кетемін дегенде де жібермеспіз» деп түйді. «Ал бет сүртетін орамалдан әрқайсысына бір-бірден сыйлаған жөн. Беттерін сүрткенде-ақ май қылып шығарар, бірақ мен сыйлайын». Тұрпаев Астрахан бетінде орамал жөнінде қазақтар арасынан естіген бір сөзі бар еді, соны есіне түсіре алмай-ақ қойды. «Әй, қойшы! Қазақ сөзі көп ел екен. Оның қайсыбірін теріп жүремін. Әйтеуір, қай ел болса да, дүниелік сыйлап, ұсынып жатсаң. алмаймын деп қолыңды қақпайды. Соны анық білемін!» деп тағы ойланып тұрды. Бұл алғандарының бәрі көпке ортақ екен. Анау басшысы ақсақалға ерекше нәрсе ұсынып, оның дәрежесін бөлек көтеріп тастау қажетін ұқты. Оған не алсам екен? Оның есіне қазақтардың көбіне белін таңып жүретіні түсті. «Бұнысы несі?» деп те сұраған-ды Тұрпаев. Үнемі ат үстінде жүретін болған соң, ер үстінде белі ауырмасын деп таңып тастайтын. Осындай бір кәдеге жарай ма деп Тұрпаев төрт-бес қызыл шарқат орамалды жүк арасына орап салған-ды. Қазір соның біреуін шығарды.
Осыларын орап алып шыққанда қос қолымен алып жүретін едәуірлік жүк болды. Өзін күтіп тұрған Мая тобына келген соң, әлгі жүгін анау жылпос Маяның жиенімін деген жігіттің алдына өңгерді.
Мынаны қостарыңа дейін алып жүр. Барғасын шешіп көрерміз, – деді күліп. Мая да атынан түсіп, тізгінін сол жігітке ұстатты. Өзі шапанының шалғайын артына қайырып жіберіп, қос қолдап беліне таянды. Тұрпаевты қосқа қарай жаяу бастады.
Мая өз ақылына әбден риза болды. Мал айдатып, тігетін киіз үй алып шыққаны қандай жөн.
Елден бұрын келіп патша адамдарының қолын алды. Сірә, мұндай кісілерге олар да зәру. Қарсы алып, ықылас-ілтипат көрсетті. Сыртында қомсынып, кемсініп қалып, кейін қақпады. Апарған үйінің төрінде өзімен қатар отырып, кеңес құрды. Өзімен бірге ақ дәмін бөліп ішісті. Әрине, ауылға шақырып, өз үйінің төріне түсіргенде бұдан да артығырақ болар еді. Ауыл-аймағы көрер еді мұның дәрежесін. Мүмкін, құдай оңғарып ол күн де туар. Бұлар бұл жағалауға бір күнге емес, түбегейлі келгенге ұқсайды. Анау саудагердің ләмі солай ғой. «Сіз ақылды, көреген адам екенсіз. Орыс патшалығы үлкен, қуатты. Онымен осылай қарым-қатынасқа көшіп, достық қолын ұстағаныңыз өзіңізге де, үрім-бұтағыңызға да тек ырыс» деді-ау. Өзі мына көк теңіздің арғы бетіндегі, Қап тауын жайлаған елден екен. Ұстараның жүзіндей лыпып тұр. Көп жүрген, көпті көрген адам ғой реті. Сөзі де майда, жүрісі де епті. Шіркін, менің Баймұхамедім осындай адам болса! Ол үшін тіл білу керек екен ғой. Міне, мына кісі тіл білгеннің арқасында қадірлі адам болып отыр. Барған шақта біздің қосқа оның жалғыз өзін жібергілері келмеді. Оны сездім ғой. Егерде, оны өлтіріп тастасақ, тілдері кесілген мылқау адамдардай болады да қалады.
«Адам сөйлескенше, ат кісінескенше» дейді қазақ. Ол тек қазақ үшін емес, барлық халықтарға келісімді қасиет болса керек. Мынау Хиуаға барып жүрміз. Олармен де тіл табысқан сияқтымыз. Бірақ ол табысқанымыз құрысын. Басыңды иіп, кеудеңді қусырып, маңдайың жерге тигенше жалпаңдайсың. Ананың аузына, мынаның көмейіне тыққылайсың. Бітірін, зекетін жинап, мұсылманшылық атақты малға сатып аламыз. Ал олар бізге не беріп жатыр? Жабылып сорып жатыр. Ал елге көрсетіп отырған қайыры бар ма?... Ал, мынау ел білімді көрінеді. Бізге керек дүние бұларда бар көрінеді. Ана саудагерлердің айту реті солай ғой. Шайы-шекері, астығы, матасы болса, біз жүнімізді, терімізді, малымызды берсек.
Алым-салыққа жинамайтын басшылық бола ма? Егер, анау Хиуадан, ханнан қорғаса, оларды талатпаса, малымызды, барымтаға салмаса, бізге не керек?
...Хиуаға, Бұхараға, Қоқанға көз тіге ме қалай? Мейлі, ала берсін оларды. Бізге тыныштық берсе болды. Тәртібі берік, заң әділ болса, кім қашады ондай елден. «Бәрін Алла жаратқан, бәрі Алланың ісі» дейміз. Егер бәрі Алланың ісі болса, біз несіне қарсы боламыз? Қарсы шыққанда Аллаға не істейміз? «Сиынғаныңнан сүйенгенің мықты болсын» деп те шығарып жүрген осы қазақ. Іске орашолақтау бұл қазақ, сөзге жіберсең дес бермейді. Аузымен орақ орады. Менің бұл жүрісімді білсе, не саққа жүгіртер екен? Бірақ, білінбей қалатын әрекет бар ма? Бәрі де білінеді. Мейлі, білсе біле берсін.
Ауылға қайтар жол үстінде осындай түрлі ойға қалған Мая, дегенмен, мұның бәрін медет тұтты. Артын көріп алармыз, неде болса бұл барғаным жөн деп қорытты.
Аллақұл хан бірнеше күннен бері мазасыз. Өткенде аңға шығып келгеннен кейін құлағы ауыратынды шығарды. Оған түрлі ем-дом жасады. Булап та көрді. Бірақ, мұның қай-қайсысынан да жөнді пайда болмады.
Бәрі ханның осы құлағының ауырғанын андып, сыртқа шығарғанмен іштей бәрі келісіп, ханның мазасын алуды мақсұт тұтқандай.
Алдымен үлкен дін ағасы келді. Оны қалайша қабылдамассың! Тығыз шаруа, кейінге қалдырмайтын іс деп төстеп кетті. Есік алдындағы күзетке де жөн сөйлеспеген. Хан отырған бөлмеге аршындай адымдап еркін кірді. Бұдан да хан өзі сескенеді, ал басқа адам қалай ықпасын.
Ол кісі кіріп келгенде хан жақтырмаған пішінмен тыжырынып көрді. Бұл сәтте қатты ауырмаса да, соны сылтауратып қолымен де құлағын басып еді, оны да елемеді. Иә, алдарқатқандай болып:
Жел тиіп қалған болар. Бір-жар күн булап, желге шықпасаңыз жазылып кетеді ғой, – деп жан ашыған мезіретін білдірді де, одан кейін шаруасының ретіне ауысып кетті. Әдетте, әйтеуір сыпайыгершілік сақтап, рұқсат сұрайтын. Бұл жолы оның да ишарасын жасамады. Бірден сөйлеп кетті.
Хан ием! Мына қазақтар, атын атап айтсам, мына адайлар құтырды. Құтырмағаны емей немене, міне, екі жылдың үстіне кетіп барады, не бітір, не зекет жоқ! Құдайды ұмытқан. Онымен қоймай жіберген өкілге қарсылық жасайды. Тіпті, масқара! Соңғы жіберген адамдардың көлігін тартып алып, есектеріне теріс мінгізіп қоя беріпті. Ішке көшеміз, тіпті кәпірге көнеміз деп шалқаятындары да шығыпты. Масқара! Бұдан артық масқара болар ма? Осыған қарсы қатты шара алмаса болар емес! Менің амалым таусылды, хан ием! – деп бір тоқтады.
Хан мұндай әңгімені бұрында некен-саяқ естіп жүретін. Бірақ мынау айтылып отырған жай бәрінен де сорақы, адам құлағына тосын секілді. Ханның ауырған құлағы бебеу қақтыра шаншып өткендей. «Не істеп отырмын. Кәпір өтеді деген не сөз? Егер, орыстар Маңғыстауға келсе, онда Хиуаға да келді деген сөз ғой! Сонда бұл не болғаны?».
Хан оқыс бұрылғанда, құлағы бұл жолы шаншып өтті. Осы кезде оның ойына осында Хиуада жүрген ағылшынның адамдары түсті. Олар мұнда оңтүстік арқылы Гераттан келді. Құрғақ жылғы жерді отайтын құрттай бұлар да бері жылжып келеді. Үндістан, Парсы елі, Ауған елі, міне, енді Хиуаның да қақпасына кірді. Әйтеуір, ағылшындардың бір жақсылығы – негізгі елі алыста, жер шетінде жалғыз аралда жатыр ғой. Одан бері қарай ағылшындар шұбыра қоймас. Бірақ, бұлардан қару, қаржы алуға болады.
Жақында, бір түнде әлгі офицер келіп кетті. Аты-жөні кім еді! Иә, Джеймс Аббот. Жылы-жылы сөйлеп, адам ішіне кіріп барады. Сөз ләмі ол да Маңғыстауға қарай, мына қос теңізге дейін, Каспий мен Аралға дейін өтпек. Аузында бір сөз – сауда, сауда! Үндістанды, Ауған елін көркейттік, ештеме білмейтін жабайы жүрген халыққа тіршілік жасап, өмір сүруге мүмкіндік бердік дейді. Парсы еліне көмектесіп жүрміз дегенін де айтып қояды. Иә, олар Парсыдан орыс елшілерін бір үркітті. Орыс елшілігін қырып салды. Қырып салу не қиын? Осыдан жүз жыл бұрын біздің хан иеміз Шерғазы да анау Порсу көл жағасында орыстарды қырып салған. Соларды бастап келген мынау Қап тауындағы бір елдің баласы, мұсылман үмбеті дейді-ау. Сонда, бұл патшалық Қап тауының халқын да өзіне қызметке тартқаны ма? Е, оның не таңданатыны бар? Күшің жетсе, иә күшің жетсе...
Ойға кеткен Аллақұл хан тағы да басын оқыс қозғап қалды. Осы сәтте әлгі ағылшын қайта есіне түсіп, оған кейігенін ойлады. Соңғы келгенінде одан хан құлағына ем-дәрі сұрады. Джеймс Аббот оған менде мұндай дәрі жоқ деп жауап берді. Хан оларда ондай дәрі болады деп естіген.
Мүмкін, таусылса таусылып, қазір жаныңда жоқ болар. Бірақ, ханға батқаны – оның жауабының түрі. Ханның ауырып отырғанына қиналып, жаны ашымағандай: «Жоқ!» деп шорт қайырды. Тіпті, мұның құлағының ауырғанын елемей, өзінің шаруа жайын, жүріс ретін айта берді. Ашуланған хан, көзін жоқ етіңдер деп әмір бере жаздап, зорға шыдады...
Хан ойын дін ағасы бөліп кетті.
Бұған шара, қатал шара алу керек емес пе? Не айтасыз хан ием? – деді.
Ол бүлікті бастап жүрген кім? Жел беруші бар ма өзі? – Хан ойына тағы да бір нәрсе түсіп, ол дін ағасына бұрылды.
Бар! Бар ондай бүлікші! – деп ол кісі қуанып кетті. Даусы асығыс шықты. Ханға ақылдасқан болып көлгіргенмен, ойында шешімі, қазіргі өзі айтқан қатал шарасы дайын тұрса керек. Ханның осы сұрағын күткен күйі сол сауалды естіген сәтте соның бәрін айтып тастауға да оқталды. Бірақ, айтпай бүгіп қалды. Хан өзі шешсін, керек болса ақыл-кеңесті артынан айта жатармын деп тыйылды. Осындай түйінге келген дін ағасы кінәлі деген кісісін жамандауға келгенде аянбаған сияқты. Ол – Үргешбай деген кісінің Сүйінғарасы. Өзі Бозашы түбегінде. Елінің алдына күзет қойып, тіпті, адайдың өзімен де жөн араласпайды. Хиуаға келуді, бізді мойындауды қойды. Анау Бектұрлы ишанның малын бір айдап кетіп, ишанның ел алдында беделін төкті. Қадірлі билер Қалбы мен Маяны да менсінбейді. Ақыл-кеңестерін елемейді. Бұл екі би сіздің алдыңызда бас иіп жүр ғой. Мынау бізге таяу жатқан, орыс патшасының қаһарынан ығысып жүрген елге де лаң салып, салық төлемеңдер, жоғары көшіңдер дейтін көрінеді. Біздің, бас мешіттің, шаруасы болмаса да бір жайды сіздің құлағыңызға салайын. Мүмкін, сіз өзіңіз естіген де боларсыз? – деп сөйлеп отырған кісі тағы да кідірді.
Ол тағы не нәрсе?
Әрлі-берлі өткен сауда керуенін жүргізбейді деседі. «Менің сыбағамды тастаңдар!» деп кәдімгідей алым-салық айып алатын көрінеді. Ұлықсатсыз Маңғыстау жерін баспаңдар деп әмір жүргізетін сияқты. – Хан жүзін көз астымен аңди дін ағасы сөзін жай бітірді.
Бұрынғы айтылғандардың бәрінен осы соңғысы ханның жаралы жеріне қатты тигендей. Құлағым ауырды деп отырғанын ұмытып кетті. Жалт бұрылып, көз жанары жарқ ете түсті. Дөңгеленте қидырған сақалы, бастырып қойған қара мұртының қылдары да тікірейіп, ұшып тұра келгендей.
– Ол елдің билігін оған кім беріпті? Кім асырап отыр ол елді? – Кінәлі мынау отырған кісідей ажырайды. Бұл жолы дін ағасы құзырыңа бас иген адамдай сәлделі басын төмен иіп, жүзіндегі жымысқы күлкіні сездірмеуге тырысты. Көздеген мақсатына жетті, ханның қанын қыздырып, ашуын қоздырды. Енді, хан таудан төмен домалаған тастай тоқтауды білмейді. Биіктен құлаған тасқын селдей жолындағының бәрімен алыса, етектетіп барып жайылып тынады.
Келер сәтте дін иесі басын көтерді. Сонда да хан жүзіне қарамай, ханның билігімен таласқан кісінің ісіне қатты қиналғандай:
Сіздің билігіңізге нұқсан келтірген бұл пендені кім десе болады? Мен түсінбедім. Сіздің ашуыңызға тиейін деген ойым жоқ, білгенімді айттым. Тілегеніміз сіздің абыройыңыз! Сіздің абыройыңыз бүкіл Хиуаның, күллі боданыңыздың абыройы. Біздің мешіт те, бүкіл мұсылман баласы аузы бір болса, іргесі берік болса дейміз. Осындай іріткі салушыны естіп, қатты қиналдым. Сіздің сырқат екеніңізді білсем де әдейі келдім. Ал, бесін намазының уақыты болып қалды. Мен кетейін. – Дін ағасы орнынан көтерілді де, ханға тағзым мезіретін жасап, кетуге бағытталды. Оны Аллақұл хан да кідіртіп жатпады.
Хан ойы басқа да жайларды шарлап кетті.
...Сол күнгі көзге түртсе көргісіз түнде Хиуаның тар көшелерімен жарды жағалап тағы бір кісі, хан сарайына келе жатты. Осындай қара түн түгілі жарық күндіз де бейсеубет кісі шатасып кететін Хиуа шәрінен адасамын деп қорқар емес. Қолына жарық шам ұстағандай еркін келеді. Соған қарағанда келе жатқан жалғыз жанның бұл талай шиырлаған жолы. Тек көшеде келе жатқан адам-қараның жүрген сыбысы келсе тасаланады. Үстінде қара жамылғышын қымтанып, қара түннен де бетер өтіп қарайып кетеді. Бұл шақта кейде түнделетіп, екі-үш адам болып шығатын хан күзетшілерінен басқа Хиуа көшесімен көп адам жүрмейді. Олар да сарай қақпасынан шыққаны болмаса, көш алысқа, мынадай шет жақтармен жүруге құштарлығы жоқ. Хан сарайын сырттай торып, сол төңіректі төңіректегенді жөн санайды.
Бұл жалғыз келе жатқан – хан жансызы Дұрды. Ол да хан сарайына көп шақырылмайтын. Саудасын жасап, алыста жүреді.
Бірақ бүгін хан уәзірі әдейі адам жіберіп, түн жамылып хан сарайына жетсін деп хабар берген. Уәзірдің осылайша шұғылдатуына қарағанда төтенше оқиға болғаны. Алайда, ол жайлы ойлап Дұрды бас қатырмады. «Шақырды – бару керек, бұйырды – істеу керек». Бұл Дұрдының басын тіккен кәсібі. Шамалы қоқайдан өзі де қорықпайды. Қару-сайманы сай. Хан шаруасымен жүрген адамға осындай қараңғы түнде абайсызда тасадан ұрынған қарақшы болмаса, ешкім алдынан кесе көлденең шыға алмайды. Қараңғы түн мұның да серігі, қара жолда жүрген басқаның да серігі. Онда тек қапысын тапқанның қанжары шешеді.
Дұрды содан ғана сескенеді.
Бірақ хан сарайына келгенше ешкім жолықпады. Ол сарайдың үлкен дарбазасына бармады. Көзден таса жақтан ойылып салынған кішкене қақпа алдына келді. Шарттасқан уәде бойынша сес берді. Майлап қойылған ашар сылдырламай, ақырын ғана айналып түсіп, кілтті ашты. Дұрды мысықша лып етіп, табалдырықтан аттап өтті.
Бүгін оны алдымен бас уәзірдің өзі қабылдап алды. Бұл тиісті тағзымын жасаған соң, бас уәзір мұны ертіп әкелген күзетшіге, кете бер деген ишарат білдірді. Ол кісі есікке ұсталған шілтерден өтіп, есікті сыртынан қаусырып суға шым батып кеткен нәрседей ғайып болды.
Түрегеліп тұрған бас уәзір Дұрдыны өз қасына ыммен шақырды. Содан кейін кілем жайылған тақта үстіне өзі отырып, Дұрдыға да отыр деген белгі білдірді.
Дегенмен, бүгінгі шақырыстың ерекше екенін, әлдебір шұғыл жайға барып тірелетінін Дұрды мына бас уәзірдің қас-қабағынан айырды. Бұрынғы келгенде күле қарсы алып, тіпті көңілді сәттерінде шарап та сыйлайтын. Екі-үш рет мұның арқасынан қағып сырласқан да жайлары бар-ды.
Бүгін жүзі сұсты, бірақ әйтеуір, ызғар жоқ. Жаңа бір есіктен кірген сәтте, алысырақта тұрған бас уәзір жүзі көрінбей, ол қақшиып қалған-ды. Дұрды жүрегі зырқ ете қалған. «Менің өз басым бірдеме жаздым ба? Не істеп қойдым? Әлде біреу нақақ қаралап қойды ма? Онда бұл сарайдан шығып, жарық дүние көру жоқ дей бер. Не зындан, не көп кідіртпей, піскен жүзімдей басыңды қиып түсіреді!» Қазір, ондай жағдай еместігін мына бас уәзір бет пішімінен көріп тұр.
Көңілі орнына түскен Дұрды бас уәзір көрсеткен жерге жайғасып отырды. Тіл қатып, сыр тартпаққа ойға кетті де, бірақ бас уәзірдің қас-қабағының әлі қаталдығына қарап, қаймықты. «Билігі бар адамдардан нені де күтуге болады? Қазір – көл, қазір – шөл. Қай жағынан шығамын? Дұрысы – бас баққан». Осындай тұжырымға келген күйде үнсіз отыра берді. Бірақ, бас уәзір кідірмеді.
Сені бүгін ұлы хан ием шақыр деген. Хан ием қабағында үлкен кірбің бар. Терістігіміз тыныш емес. Орынбор шәріне жететін саудагерлеріміз жазықсыз ұсталып, сондағы хакімдердің қас-қабағына қарап қимылдайды. Ол ол ма, Айдарханнан сумен өтіп мына теңіздің бергі жағасына әскер түсіріп, қорған салып жатыр деген де хабар жетіпті...
Қанша шыдайын десе де бұл жолы Дұрды өзін-өзі ұстай алмай кетті. Ол мұның атағына мін еді. Теңізге тіреліп жатқан сол түбектегі тышқанның жортқанын да Дұрды біліп, хан сарайы оны осы кісінің аузынан естуі тиісті. Сол үшін арып-ашып қанша жүрді. Хан алғысына бөленемін, Хиуаның белгілі адамы боламын деп арман етті. Оны жұрт саудагер деп біледі. Ешкім де оның басқа сырын білмей-ақ қойсын. Хан сарайымен қатынасы осындай қараңғы түндердің қабатында өтеді. Бұл үлкен шәрде кімдердің жүргенін біліп бола ма? Жақында сол жаққа мына ауған елінен келген кісілер де өтеді деген сыбыс естіді. Оларды бастаған адамның діні де, тілі де басқада деген сөз де құлағына шалынды. Дұрды оны қаншама тіміскілесе де, әзір ізіне түсе алмай жүрген-ді. Оның үстіне мына хабар!
Кім жеткізді ол хабарды? – Дұрды сауалын шыдамсыздана қойды.
Оның неге тыз ете қалғанын түсінген бас уәзір:
Ол жақта да адал адамдар бар ғой, – деді де бұл тараптағы әңгімені одан әрі жалғастырғысы келген жоқ. Дұрдыға еш нәрсе айтуға мұрша бермеді.
Ал өзің басқа не білесің? Не істедің?
Менің естігенімді бүккен жерім бар ма? Маған сенбейсіз бе? Өткен сапардан кейін олай қарай аттағаным жоқ. Анау орыстың келіп жағалауды аралап, Сүйінғарамен сөйлескенін айтып келдім. – Алдындағы сұрағын қойып, бас уәзір сөзін шыдай алмай бөліп жібергенмен, онысына Дұрды сол сәтте өкінген болатын. Сондықтан ол ақтала сөйледі.
Оны бас уәзір де ұқты.
Ал неге бармай жүрсіз? Әбден байып болдыңыз ба?
Құдай сақтасын. Сол сапарда не таптық? Дүниямызды жөнді пұлдай алмай, анау орыс офицері жайын ойлаған соң, тез кетумен болдық. Берген қарызымызды да жинай алмай, әбден ойсырап шығынға ұшырадым.
Бас уәзір Дұрды сөзін жақсы түсінді. Өзінің де көздеген мақсаты хан қазынасынан қаржы сұрату болатын. Бұл жолы хан да көп қарсылық жасамас. Хан ықыласы түссе, басқалар не істейді. Өйткені, мына шаруа ешқандай кідірісті күтпеген, қаншама шығынды да көз жұмбай шығаруға болатын шаруа. Оған Дұрды сияқты берілген адамды жұмсаған дұрыс. Және сапарын өтеп, саудасын жасауға қаржы берсең, қолыңнан қарыз алған кісі – қолдан жемделген есек. Саған жалтақтап қарап, пайда жем тілеп, алдыңда қылпылдап тұрады. Бас уәзір тағы да бір сәт хан жайын ойлады. «Хан көнуге тиісті. Бір саудагердің бір сапарына шығын деген немене? Ал Дұрды керуеннің қалған саудагерлерін құрастырып алады. Мүмкін күзет жайында ойластырармыз. Сарай күзетінен бір-жар адамды саудагерге айналдырып қосармыз. Қорғанысқа жақсы. Бұлар хан жолынан таюы ықтимал, ал қолдарындағы тиынынан, жинаған малдарынан өлсе де айырылмайды». Оған бас уәзірдің ешбір қаупі жоқ.
Бас уәзір ертесіне хан алдына қайта барып, ойлап-толғап шешкендерін айтты. Аллақұл оған қарсылық жасамады, тек көзін жұмып отырып басын изей берді. Тек бас уәзір қоштасар шақта оны сәл бөгеп:
Әлгі Сүйінғара деген адам кім? Ол неге соншама талтаңдайды? Кімді басынайын дейді?
Адайлардың өздері айтатындай, ол соңғы кезде біздің құрықтан қашып жүр. Соңғы кезде осындай адуындық көрсетеді. Ал, оның орыс офицерімен сөйлескені анық. Бірақ не айтқанын анық білмейміз. Олар бұл күнде жағалауға келіп түсіп, қорған салып жатса, олардың Сүйінғарамен келіскені, – деп бір кідірді... Содан кейін тағы ойланып тұрды. Хан ештеме ләм сөз айтпай отырып қалған соң, қайта тағзым етті де сөйлеп кетті. – Сосын, бізге бағынышты қызмет көрсетіп жүрген билерді де шақырту керек қой деймін. Мен Қалбы би мен Мая биді айтамын. Салынған қорғанға көмектессе, Сүйінғараның тарапына да қатаң жаза қолдануға тиістіміз. Олардың өздері айтқандай, балақтағы битті басқа шығармау керек. – Бас уәзір кеше хан осы жайды айтқаннан кейінгі ойлап-ойлап шешкен жайларын түгел жеткізіп тыңды.
Мақұл! Қорған болса - ол құртылсын, ал анау әлгі... Сүйінғара дегеннің басы кесіліп әкелініп, Хиуа қақпасына шаншылсын. Ата-бабаларымыздың осындай да жазалары болған. Біздің керуенші, сауда адамдарына сыбаға сұрайды екен, Сүйінғарасы бағасы сол болсын! Әумин! – деп, Аллақұл екі алақанын жайып, бетін сипады. Ханның бұл сөзінен кейін тағы басқа ойға кетіп қалған бас уәзір де, асығыс екі алақанын жайып, ханның жасағанын жасап, айтқанын қайталады.
Хан алдында бас уәзірге тағы бір ой келген. Ол Сүйінғара ауылын шауып алу жайы. Егер бірнеше мың әскер жұмсап барғанда жалғыз шалдың басы не олжа? Оданда бүкіл жолдағы елдің малын сыпырып алып, өздерінің де жол ақысын ақтайды. Алдында олжа барын білсе – әскер де ынталы. Дұрдыға жұмсалған қаржы да есесімен орнына түседі. Егер бұған бүгін ханды келістіргендей жұмсайтын басшының да ретін тапсам...
Өзім де соңғы кезде көп шығынға ұшырадым. Бұл жұрт бас уәзірдің қамын ойламайды, аузын ашады. Хан не бітіріп отыр? Әйтеуір, айқайы көп, қолында үлкен билігі болған соң алдына дірілдеп барады. Ал бәрін тындырып жүрген біздер, мына менен, бас уәзірден бастап кейінгілер емес пе? Осы ақылды да айтқан кім! Мен! Сонда мен өз жайымды да өзім ойламасам, кім ойлайды?
Осылайша, Сүйінғара өз басының оның бала-шаға, ауыл-аймағының тағдыры алыстағы Хиуа хан сарайында күн ілгері шешілген-ді.
Аттылы екі жолаушының Манатадан көтеріліп, Үстірт үстіне, жалпақ жонға шыққанына да бірнеше күн. Бұл тұста ел сирек. Олар барар бағытын анық білмесе де, жалпы жобасын сілтелеп алған. Бұрын жүрген қарттардың айтып берген бағдары бойынша, әзірге, табандары астындағы жалпақ жолдан айырылмауы тиіс. Ал, егер де, түнде жүре қалса, Темірқазық жұлдыз олардың сол жағынан көрініп отырады. Маңдайларын тура солтүстік пен шығыстың нақ ортасына түзесе болды.
Олар қыз іздеп, қызық қуып шығып едік деп айтуға ұялды. Жүрістерінің мақсаты жайында, әр жерде әрқилы сөйледі. Бірде «Жоғалған жылқы іздеп жүрміз» десе, екінші ортада: «Жақын тумаласым бар еді, сол сырқат көрінеді, амалсыз соған келе жатырмын» дегенді де айтты. Бұлардың сөзі рас па, оны түгендеп жатқан ел жоқ. Ас-суын беріп, қош айтысып қала береді.
Таңғы салқынмен жолды біраз еңсеріп тасталық деп олар бүгін де ерте оянған-ды. Ер-тоқымдарын арқалай шығып, аттарын жайылып жүрген жерінен ерттеп мінген-ді. Түнде қонған ауылындағы бағытты білетін кісілердің айтуы бойынша, мынау алда жатқан қабаққа көтерілген соң, жол екіге айырылады. Бірі терістік бағытқа қиястап кетеді де, екінші тармағы сойдиып оңға бұрылады. Соңғысы сонау Бесқаланың ойына алып барады. Ал бұлар солға қарай бұрылып, терістік бетті маңдайларына ұстау керек.
Әлдене оймен келе жатқан Күсеп өзін Бәшкей нұқып қалғанда шошып кетті. Бәшкей де алдыңғы жақты нұсқап үнсіз қалған. Бесқаланың ойына апарады деген жолдың үсті толған аттылы. Төрт-бес қатар тізіліп, лек-легімен бері қозғалып келеді. Арты көрінбейді. Оның аяғының бар-жоғы тіпті білінбейді. Мұның әскер екенін бұлар кейін айырды. Күн көзіне қапталындағы қылыштары жарқ-жұрқ етіп, оқшаулау келе жатқан бір-екеуінің найзалары да шошайып көзге түсті.
Мынау әскер ғой! – деп қалды Бәшкей шошына.
Иә, әскер, хан әскері! – Күсеп дауысы да үрейлі естілді.
Мынау жау! Біздің елге келе жатқан жау. – Келер сәтте атының басын шұғыл бұрып тебіне берді де, әлі де сілейіп тұрған Бәшкейге:
Кеттік сорлы! Бұл хан әскері! – деп тағы айқайлап жіберді.
Бәшкей де атының басын кері бұрып, шауып бара жатқан Күсептің артынан ілесті.
Арттарынан шыққан қиқуды олар келер қабаққа ілескен мезгілде де естіді. Алғашында оны елемей шаба берген-ді. Қабақ басынан көтерілгенде Күсеп артына бұрылды. Төрт атты кісі оқтай зулап, бұлардың соңына түсіпті. Аттарының екпініне қарағанда, бұларды қуып жететіні кәміл. «Хан әскері» деп басында айтып қалса да, Күсеп бұған күмәнді еді. Бұлардың соңына түсіп, қуғанына қарағанда, жау екені анық болды. Бұлар сонда кімге қарсы келе жатыр? Анау Түпқараған жақтағы Кетікке салынған орыс қорғанына келе ме, әлде Бозашыда отырған елге келе ме? Хиуа ханы Сүйінғараға, басқа да Адайдың ақсақалдарына кісі жіберіпті, анау кәпірлердің қамалын бұзып, теңізден бері өткізбеңдер деген жарлық беріпті, бірақ оған біздің ақсақалдар көнбейтін көрінеді деген хабарды еміс-еміс естігені бар-ды. Енді бұлардың күштемек болғаны ма? Арттарындағы дыбыс тақала түсті. Бұлар бірақ аттарының басын тежемеді. Неде болса қуып жетсін дейтін секілді. Астындағы аты қара терге малынған біреу олардың алдын орай бергенде ғана Күсеп атының басын тартты. Оған қарап Бәшкей де кідірді.
Ей, қазақ! Неге тоқтамайсың! Басыңды шауып түсірейін бе? – деп, қылышын қынабынан суырып алып жалаң-жалаң еткізді. Өзі таза қазақша сөйлейді... Басқалары да аттарының басын тартып, екеуін қоршай алды.
Күсеп пен Бәшкей үндеген жоқ.
Неғып жүрген адамсыңдар? Қайдан келе жатырсыңдар? – деп сұрады әлгі кісі тақап келіп.
Жоғалған жылқымызды іздеп жүрміз, – деді осы тұста Күсеп.
Өтірік айтасыңдар? Тыңшысыңдар сендер! – әлгі қылышты кісі қайта дүрсе қоя берді. Маңдайында төбелі бар астындағы тор атты қара терге малынып, қаракер болып кеткен. Жіңішке сирақтары шыбықтай солқылдап, тұяғы шапшаң шап деп, қызып тұрған секілді. Аяқ астындағы ұсақ тасты кейін атқылап тұрған жерінде қыдың-қыдың етеді. Күсеп, бастарына еш қауіп төніп тұрмаған адамдай, атты қызықтап кетті.
Біз жайымызға жүрген адамдармыз. Бізде не шаруаларың бар? – деп, Бәшкей өжектей қалғанда басын көтерді. Досының жүзі түтігіп кетті. Көзі ұшқын шашып, анау қылыш көтерген жауынгерлерге қадала қалған. Қашанда Күсептің де, басқаның да қас-қабағына тас түйін болып ширатылып, аңғара түсетін құстай ширатылып алған. Оның бұл жаңа кейпіне таңғалып болғанша, әлдене Бәшкейдің жауырынына сарт ете қалды. Сұр жылан оралып келіп, Бәшкей жонын тіліп өтіп кейін серпілгендей болды. Күсеп жалт қарады, – басында сең-сең бөркі бар, қозы терісінің шашақтары көзін жапқан қарасұр тарамыс кісі өрмелі қамшысын сілтеп қалып, қайта жинап алып тұр екен. Жаңағы сәтте досының арқасындағы жылан болып елес еткен соның қамшысы болды. Арқасы тілініп түскендей болып көзі қанталаған Бәшкей кейін бұрылғанда, екі кісі қылыштарын айқастырып кесе көлденең тұра қалды.
Абайсызда жолдасы ұрынып қала ма деп сасқан Күсеп:
Тоқта, Бәшкей! Пәлеге қаласың, – деп шырылдай дауыстап жіберді. Өз дауысынан өзі шошынды. Үні тарғылдана, шорқақтанып шыққандай үрей туғызды.
Қалар пәлеге қалып болдық-ау, сірә! – Ал, Бәшкей үні ерекше сабырлы еді. Өзінің жап-жаңа досы үшін қысылғандай шыңғырып жібергеніне ұялған Күсеп, үнсіз қалды. «Иә, солай болды-ау. Неде болса Алланың басымызға салғанын көрерміз-дағы» деп іштей күбірледі. Ер үстінде бір ырғалып, қайта жөнделіп отырды. Әдетте «Алла» деген сөзді бұрын айтпайтын Күсеп аузына сол сөздің қалай түсіп кеткеніне өзі де таңғалды.
Бірақ, олардың ойланып жатуға жағдайы жоқ-ты.
Әскер алды, жаңа ғана бұлар асып түскен биіктің басына көтерілді. Бірақ, кідіріп тұрмады. Таудан төмен құлаған топан судай төмен құйылып, шұбап келе жатты. Алды етекке жайылып, арты әлі көрінбейді. Жоғарыдан төмен ағылғандай жойқын күшке қарай қалған Күсеп есіне бала кезінде естіген бір аңызы түсті. Ол аңыз ордалы жыландар туралы еді. Күсеп өз басы ұясында жатқан ордалы жыландарды көрмесе үлкен апандарды, иә тіпті, қыздырынып кең алқаптың баурайын алып жататын жыландар болатынын, оларды ордалы жыландар деп атайды деп естіген-ді. Олар ұсақ келеді, өздіктерінен ешкімге тиіспейді-міс. Ал жазатайым әлдекім біреуін өлтіре қалса, бәрі жабылып сол кісінің соңына түсіп қуып, өлтірмей тынбайтын көрінеді. Бірде, жолаушылар келе жатса солардың біреуі ордалы жыландардың біреуін өлтіріп кетіпті. Жолаушылар қаша жөнелген. Ордалы жыландар біреуінің өлгенін байқап, бұлардың соңынан қуғын басталғанша, олар қарасын үзіп кеткен. Ақыры түн болып, көңілдерін басайын деген кезде ақсақал кісі түйені сойғызып, әлгі жылан өлтірген жігітті сол түйенің қарнына тігіп тастапты. Ертесіне оянса, түйенің қарынын быжынаған орда жыландар жайлап алған. Бір сау жер көрінбейді. Жұрт тұрысымен жыландар да кейін серпіліп, жайланып кеткен. Қарынды жарып қараса, жыландар уын жайып жібергенде жігіт қарын ішінде сеспей қатып серейіп қалыпты.
Қабақтан төмен қарай ағылған әскерді көргенде Күсеп есіне осы аңыз-әңгіме оралып, мынау шұбырған әскер сол жыландарды елестетіп жіберді.
Жыландар жортуыл жорығына түскенде біреуі жер бауырлай сумаңдап, екіншісі мойнын қақита омыраулап, тіпті, үшінші біреулері шоршып-шоршып секіре ұмтылып, ілгері қаптайтын көрінеді. Мынау, әскер де сол шұбырған ордалы жыландардан айнымайды. Төбелері шошаң етіп, біреуі арасында жортақтап алып, қайта атының басын тартып, екіншісі астындағы көлігін ойнатып, ауыздығымен алыстыра аспанға қарғып, ілгері сұғынып келеді. Ешбір кідіріс жоқ.
Жыландар соңынан қалмай талап өлтіргендей ол жігіттің жазығы болсын делік. Абайламай қалса да, әлде өлтіргісі келіп өлтірсе де әйтеуір, бір жыланды басып кетті. Ал анау Бесқаланың ойында жатқан Хиуаның мына тыныш жатқан Маңғыстауда не алмағы бар? Бұл елдің не жазығы бар? Біздің, Бәшкей екеуміздің кінәміз не?
Ол бір сәт кідіріп қалғанда, Күсептің ойын аяқтатпай әлгі қазақша білетін кісі оның арқасынан қылыш жүзінің сыртымен нұқып қалды. Бұл алдыма түсіп ілгері жүр деген белгі еді.
Күсеп Бәшкейді іздеп жалт бұрылғанда, оны да қаба сақалды біреу артынан найзамен түрткілеп ілгері нұсқап, жолға түсіріп жатыр екен.
Жау қолыңды қайырып байлап, аяққа кісен салады дегенді Күсептің естуі бар еді. Бұлар екеуінің де қолын байлаған жоқ. Тек алдарына салып, айдап келеді. Мидай далада екеуінің қашуға да еш мүмкіншілігі жоқ. Олар қашса, тек өлім тілеп, жаудың қорғасын оғы тезірек қуып жетіп, құлатсын деп қашпаса, басқа мақсат жоқ.
Бәшкейдің де, Күсептің де алғашқы ойларына келгені анау ойда жатқан елдің жаудан хабарсыз қалғандығы болды. Елге жетіп белгі берер бұларда хал жоқ, торға түскен құстай екеуін де ұстап алды. Айқайласа, үні жетпейді, ұшарға қанаттары жоқ.
Әскер сол күні ұзағымен, түн бойы дамылсыз жүріп отырды. Қоржындарындағы торсығын шешіп алып, ат үстінде таңдайларын шылайды. Құрт-ірімшік пе, әлде басқа дәнді нәрсе ме әйтеуір, әлденені ауыздарына салып салманады.
Манатаның қабағына олар келер күні түс ауа ілінді.
Алда келе жатқандар тоқтап, кейінгілерге де кідіріңдер деген белгі берілді. Қаптаған әскер қақ жарылып, жолдың екі қапталын ала қарс айырылып өз топтарымен бөлініп-бөлініп жатыр. Бастаушылар аттарынан түскеннен кейін, басқаларға да сондай әмір болса керек. Бәрі аттарынан түсіп, алдарын босатып өздері жеңілденді. Кейбіреулері етіктерін шешіп, пысынаған аяқтарын желге қақтырып, шұлғауларын қайта орауда.
Тек анау оқшау отырған бес-алты кісінің қасындағылар әрлі-берлі шаңқылдап, топ басшыларын жинап алады. Олар да аттарын тебіне ұмтылып, жеделдете жетіпті, тиісті жарлығын алып кейін шығады. Жан-жаққа екі-үш аттыдан кетіп жатыр. Сірә, айнала қойылған күзет болса керек.
Күсеп пен Бәшкейде көпке дейін ешкімнің шаруасы болған жоқ. Оларды да аттан түсіріп, бір мылтықты кісіге күзеттіріп қойды. Олардың ештемеге зауқы соқпай, басқалардың жүрісін барлаған күйі жатқан. Бір мезгілде Бәшкей Күсепке қарай бұрылды:
Бұлар кімге қарсы келеді екен? – деп сұрады.
Ит білсін бе. Әйтеуір сайланып шығыпты ғой. – Мылтықты күзетші сөйлескендерінен секем алып, жаратпағандай ажырая қарады. Содан кейін екеуі де үнсіз қалды.
Барлық берілетін бұйрық-жарлық беріліп, айналаға тегіс күзет қойылып, жұрт тынышталған кезде ғана екеуін оқшау отырған кісілер алдына алып келді. Олар ортасындағы имек мұрын, қалың қабақты кісіні қоршай орналасыпты. Оның ұзын кірпіктері көзін жауып кетіп, ол қалғып отырған секілді еді, екеуін алып алдына тізерлеткенде көзі алара бір жарқ етті де, қайта жұмылды. Манағы кезде бұларды ұстап қазақша сөйлейтін кісіге қарап иек қақты. Соны андып отырғанда, әлгі кісі құйрығымен бір жылжып, Күсеп пен Бәшкейге қарады.
Ұлы ханның мыңбасшысы Мәмбетнияз сардар сіздерден шынын айтуды сұрайды. Шындарыңды айтсаңдар, сендерге біз тимейміз. Бізге керегі Үргенішбайдың Сүйінғарасы, деді.
Сүйекем бе? – Бәшкей дауысы қатты шығып кетті.
А! Сүйеке дейсің бе? Сенің ағайының болды ғой.
Тілмаш Бәшкейге тесіле қарады. Содан кейін мыңбасыға бұрылып ақырын дауыспен әлдене айтты. Оны бұлар анық естімеді, сондықтан түсінген де жоқ. Мыңбасы мұнымен келіскендей басын изеп, қапталына қисая кетті. Қасында отырған кісілер оның шынтағына таяныш іздеп әлек болды да қалды. Әбігер бір сәт реттелгенде әлгі кісі бұларға қайта бұрылды.
Сүйінғара ауылы қазір қай жерде отыр?
Ақкөңіл Бәшкей айтып қоя ма деп қысылғандай Күсеп оның алдын орап:
Біз ештеме білмейміз. Жылқы қарап жүрміз деп айттық қой, – деп еді, оған анау кісі ажырая қарады.
Сенен сұрап жатқаным жоқ. Мына Сүйінғара тумасынан сұраймын.
Жаңағы кезде «Сүйекем!» деп дауыстап қалып өзінің сырын білдіріп алғанын Бәшкей енді сезді. Бірақ, неге екені белгісіз көп қысылған жоқ. Тұла бойында сабырлы мінез, тыныштық пайда болғандай.
О, жары деген көп ел! Ол жетімек жары, мен – шотан. Бұл елдің бас-аяғы қайда?... – деді.
Оның қанша екенін мен жақсы білемін. Айтпақшы, Әлімбайдың ауылы көшті ме, әлі орнында ма? – деп сұрады кенеттен.
Әлімбай? Қай Әлімбай? - Күсеп таңдана қарады.
Қанша Әлімбай бар еді, Бозашыдағы Бай Әлімбай, Манашпен құда түскен Әлімбайды айтамын. – Ол қатулана сөйледі.
«Әй, мынау бәрін біліп тұр ғой. Бұл қайдан біледі? Бәрін білсе, Сүйінғараның ауылын бізден неге сұрайды? Әлде сынамақ па?» Күсеп тершіп кетті. Бірақ, неде болса ештеме айтпауға бекінді.
Күсеп Әлімбай Кетікке көшеді дегенді естіген. Алайда, бұлар бері шыққанша көшкен жоқ еді. Оның ауылын да шаппақ ниеті бар екенін ойлаған Күсеп, қасақана естіген лақабын шындық етіп:
Әлімбай бұл маңайда жоқ. Кетік жаққа көшіп кетті. – Күсеп мұны тістене айтты да, анау кісі аузына түскелі тұрған жем шығып кетті дегенде, ренжір деп ойлаған. Әп-сәтте құбылып кеткен жүзін қайта суытып, бұларға төне:
Сүйінғара діннен безген кәпірлерге сатылған. Сендер оны қорғаймыз деп әуре болмаңдар. Бізге тек ауылының қазір қайда отырғанын көрсетсеңдер болды. Көрсетпесеңдер, бастарыңмен қоштаса беріңдер, ал оны жердің астына түсіп кетсе де табамыз. Бұл хан жарлығы.Күсеп пен Бәшкей үндеген жоқ. Оларда қазір айтар сөз жоқ еді.
Әскер орнынан кешке жақын қозғалып, көз байланар шақта Манатаның құлауына жетті. Олардың түн қараңғылығын пайдаланып, мысықша аңдып басып жорғалап келе жатқан айласын Күсеп те, Бәшкей де ұқты. «О, иттердің айласын-ай. Манатадан күндіз құласа, біреу-міреудің көзіне шалынамыз ба деп түн жамылып келеді. Қазір Сүйекем ауылы Күйкеннің алдында отыр. Егер суыт жүріп отырса, оған таң саз бермей-ақ, таң қараңғысында жетуге болады. Жұрттың таңғы тәтті шырт ұйқыда жатқан кезі».
Бәшкей көз алдына: үстеріне қандай жау келгенін білмей аласұрған ауыл, өртенген киіз үйлер, шаштары алау-далау қыз-келіншек, кәрі әже, отқа түсіп шырылдаған жас нәресте, қолдарына не түссе соны ала ұмтылып, бірақ не пәлеге тап болғанын ұқпай босқа жанталасқан еркектер, желісін үзіп зарлаған бота-тайлақ, беталды маңырап, артындағылар алдыңғысын тапап ұйлыққан ұсақ мал-жандық келді. Солардың бәрі ендігі мезгілде бұған бұрылып: Сен, қасындағы досың Күсеп екеуің жауды ауылға түнде әкелген! Атаңа нәлет! Атаңа нәлет!» деп сұқ саусақтарын шошайтып, қатын-қалаш беттеріне топырақ шашатын секілді елестеп кетті.
Айдалада қаралай қысылып, қолқасы аузына тығылды. Өзі тершіп қоя берді.
Кенет... кенет санасына әлдене сарт етіп ұрғандай, ойы жарқ ете түсті, көз алдына от ойнап өткендей болды.
Тап-тақыр болып жатқан сор. Тап сол сор! – деп ішінен күбірлеп жіберді. Астындағы атын тебініп қалғанын өзі де абайламады.
Ей, қазақ! Құтырма! – Оның әрбір қимылын анау тілмаштың аңдып келе жатқанын осы қатқыл үнінен айқын сезді. Оған жалт бұрылды да:
Сіздерге тез жүріп, Сүйінғара ауылына түнде тиісу керек емес пе? – Бұл сөздің де аузына қалай түсіп кеткенін байқамады. Мұндай сөз күтпеген тілмаш алғашында абдырап қалды.
А, иә?!
«Ал, иә» болса не тұрыс бар? Жүру керек, – Бәшкей атын қайта тебініп, шаба жөнелді.
Оның ойын түсінбеген Күсеп:
Бәшкей! – деп айқайлап қалды.
Оған Бәшкей кідірмеді. Тек атының басын сәл іріккендей болды. Әлде Күсепке солай көрінді ме, ол жағын білмеді.
Бұл да атына қамшы басып, оны қуып жетіп қалды. Сол кезде ғана Бәшкей аты жарға сүрінгендей, екі қолын көтеріп шалқалақтай барып, қайта еңкейгенде, өзімен қатарласа берген Күсептің санын шымшып алды. Оның бұл әрекетін ешкім байқаған жоқ. Осы сәтте ғана Күсеп Бәшкейдің өзінше ойлаған ойы барын ұқты.
Тау етегіне түскен жол бұлталақтай сай-саланың бойын қуып, кейде одырайған адырларды белдеулей орап жосылады. Бәшкей жол бастау билігін өз қолына алғандай, тоқтаусыз заулайды. Түн қараңғылығы қоюланып, шағын төбелерді қара көлеңке басып, аңдыған нәрседей үрей туғызады. Сондықтан ба, әлде жолды анық білмегеннен бе, оның артындағылар үнсіз ғана тізгіндерін босатып қойып, аттың жалына жабысып алған.
Шұбатыла созылған жол шырғалаңнан шығып жазыққа ілінгенде екіге бөлінетін еді. Бірі оңға қисая бұрылып, содан терістікке қарай тартады. Екінші сілемі тура кетеді. Бәшкей ойланып жатпастан тура тік тартты. Одан ешкім секем алып кідірген жоқ. Күсеп те оның ойын іштей ұққандай, үнсіз төпеп тарта берді. Оң жаққа бағыттап кеткен жолдан түнде түгіл, күндіз де табылмайтындай болып қараларын үзгеннен кейін ғана Бәшкей атының басын тартты.
Түн орталап қалған кезде олар үлкен сордың шетіне ілікті. Осы кезде ғана Бәшкей демін алғандай болды. Оның ойын Күсеп енді ғана айқын түсінді. «Әй, Бәшкей достым, жарайсың! Бәсе, неғып ол құйғытып келе жатыр десем, бұлар сезбей тұрғанда осы Сорға түсіріп жіберу екен ғой мақсатың. Жарайсың, достым! Енді айнала бер сорды. Түнімен шыға алар ма екенсің!»
Бәшкей секілді Күсеп те бұл әрекеттерінің арты не болатынын ойлаған жоқ. Мақсат – ел оянғанша бұларды адастыру.
Алғашында сасып қалғанмен кейін Бәшкей ойына осы кең сор түскен-ді. Мана жол айрықта өзінше айла жасап Күйкеннің астында отырған Сүйінғара ауылына қарай өтетін бағыттан желе жорта өтіп кеткен-ді. Жол басшысы сол жерде бағытты айыра алмаған соң, сенімі күшейген-ді. Таң атып, күн шығып, бұлар бағыт-бағдарды анықтағанша біраз уақыт өтеді. Жалпы қарасы үш мыңға тарта әскерді ел, қалайда көреді. Көрген соң қам жасайды. Бәшкейдің бар ойы осы. Басқа қолынан келері жоқ.
Түн ортасы ауа әскер де, бұлар да қалжыраған шақ еді. Көбі ерінің басын ұстап қалғып келеді.
Кенет әскердің орта тұсынан бір дауыс шықты да, сол жерге кісілер үймелей қалды. Олар қауқылдасқан үнінен алыстан ештеме айырып болмаса да, барлық әскер кідірді. Сол тұстан екі-үш адам бері шапқылап, әскердің бас жағына, Күсеп пен Бәшкейге қарай тақап келді. Жаңағы дауыс шыққан кезде солай қарай шауып кеткен тілмаш та бар. Қараңғыда оның бет-пішімін айырып болмайды. Бірақ, дауысы қырылдай үрейлі шықты.
Сендер не істеп келе жатырсыңдар? Біздер қайда келеміз! – Ол қылышын шығарып, аспанға көтергендей болды.
Сіздер іздеген ауылға келеміз. Немене, дұрыс емес пе? – деп Күсеп үн қатты.
Екінші біреу үн-түнсіз шауып келді де, дойыр қамшымен Күсепті қақ маңдайдан көздеп тартып жіберді. Бірақ, ол тайқып кетіп, көк жотасынан тиді. Анау кісі көздеген жерінен тигізе алмағанына ызаланғандай, қайта ұмтылған. Күсеп лып етіп Бәшкей тасасына түсіп кетіп, қамшы бұл жолы соған тиді. Бір жақ шекесін тыз еткізіп, ұстарамен қырып өткендей болды.
Неге ұрасыңдар, әй? Не жазығым бар, – деп бар дауысымен айқайлап жіберді.
Бұлар жол бағытын жөндеп бағдарлап келе жатқан жоқ еді. Осы тақырға іліне бастаған сәтте, қалғып келе жатқан біреулерінің қоржыны түсіп қалыпты. Қайта айналып келіп, жаңа сол қоржынның үстінен шығады. Сонда ғана екі жігіттің адастырып жүргені айқын болады. Аяқ астынан бұлардың неге қауқылдасқанын түсінбеген еді. Неде болса, әйтеуір бір нәрсені сезді. Сол – айқын. «Шуласыңдар бәлем. Бәрібір енді ол ауылды түнде шаба алмайсыңдар!» Бәшкей дуылдаған құлағы мен иығының ашуын аз да болса осымен қайтарғандай болды.
Ақырғы рет сұраймын. Сүйінғараның ауылына бастайсыңдар ма, жоқ па?
Жаңағы осып кеткен қамшы ашуын қоздырған Бәшкейге мынау әкіреңдеген үн жаралы жерін түрте түскендей ызаланып, өзін-өзі ұстай алмай кетті. Еріндері қыбырлап, арқа-жоны да дуылдап өткендей. Тұла бойынан өзіне сыры белгісіз бұйығы жатқан күш, әлгі ертегіде айтылатын шөлмектен шыққан жындай қозғалып, оны көтеріп бара жатқан секілді.
Сүйекең ауылын білемін. Көрсетпеймін. Ал не істейсің, не істейсің кәне! Істеші істейтініңді – деп, тас қараңғыда қарсы ұмтылғандай көрінді.
Осы мезгілде тілмаш кісі, ешбір үнсіз қолындағы қылышын көтерді де, бар күшімен сілтеп қалды. Ол әлденеге кірш етіп енгендей болды. Күсеп Бәшкейдің «ох!» деген сыбысын естіп қалды. Келер сәтте оның ат жалын құша ілгері еңкейгенін де байқады. Досының денесін құшақтауға ұмтыла бергенде, ол одан әрі сусып ат қапталына қарай құлай берді. Мойын тұсынан жылымшы қан қолына тиіп, бүкіл денесімен тітіркеніп, шошып кетті.
Өлтірдіңдер ғой. Не жазығы бар еді? Бәшкей, Бәшкей! Көтерші басыңды? Бәшкей! – деп шыңғыра айқайлап жіберді.
Оның жан ұшырған шыңғырығымен қоса шиті мылтық дауысы да гүрс етті. Адам үні де, мылтық дауысы да араласып даланың бетін шошыта жаңғырықтырып, тым-тырыс тынды.
Аллақұл ханның Маңғыстауға аттандырған үш мың әскері бір сәт дағдарып қалды.
Мыңбасы Мәмбетнияз тілмаш Дұрдыға кейіп, ал ол болса жан-жағына алақтай қарайды. Бүкіл әлем мына жаңа жасалған қылмысқа қанына қарайып тас түнек болып қалғандай. Аспанда адам бағдарлар саңылау жоқ. Тілмаш, саудагер Дұрды бұл ойға талай келіп жүргенмен, ол анау Сартас, Кетік тұстарынан кейін қайтатын. Бір-екі рет Әлімбай ауылында болып кеткенде де, сол Сартас жақтан келіп, кейін оралған-ды. Сүйінғара ауылы Бозащыда, Күйкеннің астында дегенді естігенмен мынау көз түртсе қараңғылықта ештемені бағдарлап болар емес.
Қарап тұруға болмайтын болған соң, әрлі-берлі жортып, бағыт аңдыды. Бір-екі рет ат copғa еніп кетіп, зорға қайтарып алды. Ит қазақтар бізді мықтап адастырған екен!ә деп, анау жазықсыз екі пендені өлген соң да жазғырып алды.
Қаншама уақыт өткені белгісіз.
Даланы бағдарлап тұрған Дұрды тілмаштың үрейі ұшып кетті.
Жүрегі зу ете түсіп, орнында сілейіп қатты да қалды.
Ол қарап тұрған бағыттан қара жер қақ айырылып, жердің жартысы басын көтеріп келе жатқан сияқты. Ақырын ғана қозғалып, қазір бұлардың қабатына жұтатындай көрінді. Анау алып қара бұлардың үстін басып қалса, бір Дұрды емес, мынау үш мың атты әскерді жалғыз екпінімен жұтып, жоқ етер. Дұрды ішінен кәлимасын қайырмақ болды. Бірақ, оған аузы жұғыспады. Бірақ белгісіз алапатта емес, бұларды жұту үшін қақ жарылған қара жер Ана да емес-ті. Таң саз беріп, түн жамылған қорасынан келе жатқан Күйкеннің көк қабағы қарауытып айқындала бастаған еді.
Тіл-жақтан айырылып, меңірейіп қалған Дұрды Күйкен бейнесін ажырата бергенде, жүрегі орнына түскендей болды. Қуанғаннан: «Уһ!» деп дауыстап жіберді.
Әне! Әне, Күйкен! – деп, саусағын шошайта ілгері шаба берді. Озбыр күштің зорлықшыл қиянатын көргісі келмегендей, күн шарасы қан жылай ақырын қозғалады. Қызыл сәуле қандай шашырап, түнерген қара бұлттардың етегін ал қызылға бояйды. Анау дөңгелек қызыл шар қанға толып кең далаға иек артса шыдамай жарылып, бүкіл далаға қан төгілгендей. Табиғаттың құдіретіне амал жоқ. Күн көтерілуге тиісті. Бүкіл аспанды торлаған шудалы қара бұлттар қара жамылған қатындардай, анау күн көрінсе, шағынып зарлай жөнелетіндей.
Бүкіл жылаған табиғаттан тақырда қалған қос қыршынның хабары жоқ. Өңдері боп-боз, тып-тыныш. Құлап бара жатқан Бәшкейді ұстаймын деп, Күсеп оның үстіне құшақтай құлаған-ды. Енді екі құрдастың құшақтары жазылмай, мәңгі бірге айқасқан, жұп-жұмсақ даланың майда желі, оларды аялап, шаштарынан сипайтын секілді. Қоңыр майда желдің өтінде ақырын желбірейді.
Жаңа үдере қозғалған дүбірмен үрейлене шаба жөнелген қос ат көпке ере түсіп қалған-ды.
Анау жойқын нөпір топтың, жемсау құлқындары одан зорға ашылған. Бұралқы болып қалған екі арық атта шаруалары болмайды.
Үстерінде тебінген жүргіншілер болмаған соң қос ат сәл кідіріп барып, бастарын отқа салды.
Тіршілік тоқталмады.
«Берді ағаның сүйегі ақыры жағаға шығыпты. Бірақ, оны көметін адам жоқ көрінеді». «Жалғыз қызы бар емес пе еді?», «Е, қыз ата орнын қай кезде ұстай алған, кетті ғой баяғыда, күйеуіне еріп!», «Байғұс-ай, обал болған екен. Иә, заман-ай! Қандай арыс қарт еді. Аш елді тойындырамын деп өлді емес пе. Артында көметін де адамы болмады-ау! Ой, заман-ай!»
Осындай әңгіменің қайдан шыққаны, кім таратқаны белгісіз. Әйтеуір, ел ішінде гулеп, бірден-бірге ақыры Өмірзақ әке-шешесінің құлағына шалынды. Оны Өмірзақ пен Гүлше де естіді.
Алғашында бұл үйдегі төрт жанның төртеуі де шошынып қалды. Бір-бірімен тілдесе де алмай, бұған кім кінәлі деп іштей тебіреністі. «Үйдің иесі үлкен кісі болып, осы жайды ойламаған мен кінәлімін. Үлкен кісі жастарға жөн сілтеп отыру керек еді. Иә, жақсы қарт кісі солай істеуші еді. Үлкендігім бұл, білместігім!» деп, Өмірзақ әкесі айыпты өзіне аударды. Сосын үндей алмады. «Әйел адам болып, уақытында не жасауды да ойламаппын. Гүлше келін әлі жас бала! Өлімнің кәдесін қайдан білсін. Жарықтық, дәметті-ау. Талай бейсенбіде аруағы келген шығар. Алдынан ең болмағанда қарата бата шыжғырылған да иіс болмаған соң назары сынып зорға шықты-ау үйден. Ой, құдайым-ай, мені де өстіп те алжастырдың ба? Бірақ құдайдан көретін нем бар? Аспаннан мен үшін салбырап түсіп, отымды күзетсін бе!» Өмірзақтың шешесі де өзін айыптап күйзелді. Мұндай нәрселерді көп білмейтін Өмірзақ Гүлшені аяды. Онсыз да жалғыз Гүлшеге бұл хабардың оңай соқпайтынын жақсы ұғады. Өзінің жазықты екенін анық біліп, атап айта алмаса да, әйтеуір кінәлі санады.
Ал Гүлшенің не ойлағанын ешкім білмеді. Оның қара торы өңі әңгімені алғашқы естіген сәтте қан теуіп күреңітіп кетті де, үндемей қалды.
Тек өндіршегі бір дүрс етіп, айтпақ сөзін ішіне жұтып қойғандай болды. Содан кейін сазарған күйі жағын ашпады.
Тек сол сүйекті іздеп табу жөніндегі төртеуінің де ойы бір жерден шықты.
Бір түйені қомдап, азық деп үш бойдағын алдарына салып айдады. Онсыз да шаруашылықтарының шарғасы шамалы екенін өзі де біліп отырған Гүлше:
Үшеуін бірдей қайтеміз? Біреуі де жарайды емес пе, – деген.
Бұған төсекте жатқан атасы ойланбастан қарсы шықты. Сәл басын көтеріп отырған-ды ол кісі. Оқыс қозғалып кеткенінен жөтеліп те қалды. Жөтелін басып, басын тіктеп ұстап:
Құданың сүйегін тапсаңдар, жерге берерсіңдер. Содан кейін басына тас қалауларың керек. Оның әрине... – қарт қайта қысылып қалды да сәл кідіріп, қайта жөнделіп сөйледі. – Оның әрине, басыңа тас қалаңдар. Бір белгі болсын. Оған қаншама уақыт керек. Соның бәрінде қалай ассыз жүресіңдер. Қой деген немене? Сойсаң таусылады. – Қарт сөзін әрең бітіріп, қайта төсегіне қисаюға оңтайлана берді.
Осы кезде Гүлше қайта сөйледі.
Өзіңіз де сырқатсыз, біреуін сойып сорпа жасап ішпейсіз бе? – Гүлшенің бұл шын ойы еді.
Тіп-тік жүрді де, қарт кісі кенет құлады. Кеудемді әлдене сығып бара жатыр деп, төсек тартты да қалды. Кейде ентігіп, дем ала алмай қалады. «Мүмкін, тұла бойында салқын бар ма екен? Жас сорпамен бірнеше күн терлесе, ауруы термен шығып кетер ме еді, қайтер еді» деп ойлайтын Гүлше. Ойын айтуға үлкендерден именетін. Қасындағы зайыбы Өмірзаққа да ашылып сөйлемейтін. Алғашында үлкен кісілердің көзінше күйеуіне еміреніп жатуды ерсі көрді. Кейін мұнысы әдетке айналды. Әсіресе, Гүлше үшін түн қараңғысы азап. Бұлардың екеуін қатардан жеке үй көтеріп беріп, оңаша шығаруға жағдайлары келмеді. Жазда, әйтеуір бір сәрі. Үлкен кісілер үйде, бұлар далада. Сонда да Гүлше орынсыз сыбыс шығып кете ме деп қысылатын. Ал қыста, бір үйдің ішінде...
Келінінің сөзіне риза болған шал:
Ой, айналайын Гүлшежан-ай! Ендігі жерде сен екеуің аман болыңдар. Ал біз-бізді енді қоя салыңдар, – деп орнына қайта жатты.
Шалдың түңіле айтқан бұл сөзінің бәрінің де көңілдері төмен түсіп, тағы да үнсіз жай орнады. Өзінің абайламай ойындағысын түгел айтын тастап, бұларды қиналтқанын тез ұққан шал қайта басын көтеріп:
Ой, айналайындарым-ау! Бұл не отырыстарың? Өмірзақ! Саған не болды? Осындай боркемік пе едің? Қой, шырағым, тұр орныңнан! Мен де қазір өлейін деп жатқаным жоқ қой. Келерсіңдер, талай сорпа ішіп терлерміз. Ал, егер Алла тағала құрығын салса, одан ешкім де құтылмайды. Оған жылау – бос жылау! Ал, текке отырмаңдар! Жол ақысы жүру деп, жолға дайындалыңдар...
Осыдан кейін екеуі жолға шығып кеткен. Бірақ, Берді қарттың сүйегін таба алмады. Ескі үйге кіріп, жағалауды олай шарлады, былай шарлады. Ең болмаса үгілген сүйек белгісі де жоқ. Ақыры Гүлше:
Енді табыла қоймас. Ауылға қайталық, – деді, Өмірзақ әбден шаршап келген шақта. Оның өзін аяп отырғанын түсінген Өмірзақ:
Ауылға асығатын не бар? Әлі де іздей түселік... Сосын... екеуміз оңаша, – деп келіншегінің жүзіне қарап жылмиды. Оның нені емеуріндеп отырғанын ұққан Гүлше де жүзі сәл қызарып, теріс бұрылып кетті. Жымия езу тартып, денесі рахаттана болбырап өткендей болды. Содан кейін Өмірзаққа қайта бұрылды.
Біртүрлі жүрегім қобалжитын секілді. Жүрегім төмен қарай суыра ма... түсінбедім.
Жұқалау төсекте аяғын созып жіберіп шалқалай жатқан Өмірзақ жаңа ішкен сорпасына бусанып жатқан. Екі қолын басының астына салып, аласа жастық-сымақты биіктетіп, саусақтарын тарақтап алған. Кенет басын көтерді де:
Кәне, көрсетші жүрегіңді. Қалай тартатынын көрейін, – деді. Оның не айтқалы тұрғанын ұқпай қалған Гүлше таңдана қалған. Келер сәтте Өмірзақтың қолы тар қолтықтан өтіп, жүрек жағы емес, теріс жағынан сүңгіп тосырайған емшегінің ұшынан қысқанда Өмірзақтың қолын қысып ұстады. Өмірзақтың бұра тартқан жағына буын-буыны босай өзі де ыңғайланып, солай қарай қисая берді...
Берді ағаның сүйегін таба алмайтынын екеуі де түсінсе де олар осындай ұйқылы-ояу маужыраумен тағы да екі-үш күн жатты. Содан кейін, алдарына екі қойын айдап асықпай ауылдарына бет түзеді.
Ауылға соңғы белес қалғанда ыңғайсыз болған соң Өмірзақ түйеден түсіп, қойды жаяу айдаған. Қосақтаулы екі қой да ауылдың жақындағанын сезді ме, әлде қашқанмен құтқармайтындарын ойлады ма, әйтеуір, бастарын тұқыра төмен салып тура жүріп келеді. Кейде отқа ауыздарын салғылары келсе, бірін-бірі тартып әбден зықылары да шықты. «Алдағы белеске көтеріліп, ауыл қарасы айқын көрінген соң олар өздері-ақ ауылда ұмтылады, сол кезде қосақтарын ағытармын. Тек сәл шыдасын» деп ойлаған Өмірзақ.
Олар соңғы белеске көтеріле бергенде шошып кеткен Гүлше түйенің бұйдасын тартып қалды. Қатты үреймен шыңғыра:
Ойбай, мынау не? – деп айқайлап жіберді.
Ұзақ жол қалжыратып бұйығы келе жатқан Өмірзақ бұл шыңғырыстан селк ете түсті. Бұл кімнің қай жақтан шыққан даусы екенін ұғынбай, айналасына абдырай бұрыла берді. Бір орында шыр көбелек айналса да ешкім көрінбеді. Екі қой да сол дауыстан үрейленген болуы керек, басын жерден көтеріп алыпты.
Өмірзақ-ай! Бұл не болар? Түйеге мінші! – Гүлше дауысы бұл жолы дірілдей шыққанда ғана Гүлшенің шыңғырып жібергенін түсінді. Жүрегі дүрсілдей түйе үстіне қарады. Қомның үстінде Гүлше бар мүмкіндігінше ілгері ұмтылып, алға қадала қалған. Оның не көріп тұрғаны белгісіз. Жүзі оңып кеткен. Мұндай жағдайда сұраудың да реті жоқ.
Түйенің басын бұйдасымен жерге тұқыртып жіберіп, Өмірзақ оның мойнына мініп алды. Қом үстіне шығып үлгермей-ақ, иір мойынға аяғын тіреп, Гүлше қараған жаққа көз жіберді. Ештеме көре алмады. Ауыл жоқ. Құлаған уықтары жапырылып, құламай қалған кейбірі аспанға қадалған жалаңаш саусақтардай состиып тұрған жалғыз үй көрінді. Тағы да биіктеп жоғарылағанда жалаңаш керегелері бар және киіз жартылай салбырап жабулы екі үйдің жұрнағы көзге түсті. Егер бұлар шатаспай, өз ауылдарына тура келсе және мынаны ауыл деп атаса, бұлардың үйі орнымен жоқ.
Әрі отыр! – деп Гүлшені қалай шынтағымен ығыстыра қағып жібергенін Өмірзақ аңғармады.
Қом үстіне орнықты да, бұйдасын сілкіп түйені қос бүйірден теуіп жіберді. Мұны күтпеген атан орнынан тапырақтай желе жөнелді. Қосақтаулы екі қой да біразға дейін біздерді қуып келе жатыр екен дегендей тырбаңдасып жүгіріп келеді. Желген түйе оларды басып кете жаздап, өтіп кете берген соң екі бойдақ естерін жиды. Қапталдай тырағайлап қашып, түйе үстіндегілер бұлардан қарасын үзіп бара жатқан соң өкпелері өшіп кідірді. Бірақ жерге бастарын сала алмай, тағы не сергелдең болады деп алақтап тұрды. Бұта астында ұйықтап жатқан қоян шошып ата жөнелгенде, қоянның да, екі қойдың да зәресі зәр түбіне кетті. Әуелі сүзісіп қала жаздап, қоян шалқалай құлап тұрып зыта жөнелді. Өзінің қайда қашып бара жатқанынан хабары жоқ. Екі қой да құлақтары қыбырлап қайта кідірді.
Бұл кезде ауылдың орны әбден айқын көрінген соң көз алдындағы бейнені түсінбей қалған Өмірзақ та түйенің бұйдасын тартты.
Өмірзақ та, Гүлше де меңірейіп қалған. Ақыры, шыдамы кеткен түйе бір пысқырынып жіберіп, аяғын жерге тарпығанда ғана ол екеуі айдалада мелшиіп қатып қалғандарын сезді. Иә, енді неде болса жүру керек.
Өмірзақ түйенің бұйдасын сілкіп қалды да, қайта тартты. Бұрылып жіберіп түйенің мойнымен сырғанап жерге түсті. Оған Гүлше де ілесті.
Екеуінің ойындағы да бір нәрсе. Бірақ бұл не нәрсе болды, бір-бірінен сұрасуға қысылады. Ең алдымен екеуі де дауыл соғып кетті ме деп ойлаған. Олай деуге келетін реті бар. Жер бетінен жауып өткен жаңбырдың ызғары тарамапты. Шөп басы да жапырылып, жаңа-жаңа қайта көтерілген. Жауыннан кейін ілесе шығатын балапан жапырақ дүрілдеп қауламай, тек қылтиып бас көрсетеді. Әдетте, жауын алдында қара дауыл өтеді. Кейде ол алдына құйқылжыған құйын салып, бейқұт отырған елдің әлегін аспаннан шығарып, шаңырағын да төңкеріп жүре береді. Алыстан ауыл қарасы опырайып көрінгенде Өмірзақ солай ойлаған-ды. Бірақ, жақындаған сайын үрейі ұлғая берді. Егер дауыл соққан болса, ауылдың адамдары қайда? Киіз үй ішінде отыр дейтін үйлердің қирап жатқаны анау. Не болды? Не? Өмірзақ шыңғырып жібере жаздады. Оның қорқынышты жүзіне көзін салып келе жатқан Гүлше де дыбыс шығармады. Ауылға жақындаған сайын өзі де көп нәрсені көріп келеді.
Өмірзақтың әкесі үйінің есігі алдында жатыр. Ол кісінің бір шекесін, бетін түгелдей қан жауып кеткен. Үстіндегі киім – сол төсекте жатқан ішкиімдері. Қолының тұсында оқшау жатқан бақан көрінеді. Сірә, осы кісінің қолынан шыққан сияқты. Шешесінің денесі босағада. Жиһазы жоқ үйдің азғана төсек-орны шашылып кетіпті. Бұлардың босағасы шатынап екі жаққа қайырылғанда, кәдімгі дарбазаны ашқандай, екі босағаны екі жаққа күшпен айырған. Ағаш үйдің артқы керегелері де әлі тік тұр. Тек сол босағаларды айырған кезде алдыңғы уықтар босап, шаңырақ ілгері еңкейе, босаға үстіне құлаған. Ал басқа үйлердің шаңырақтары орталарына, уықтардың кейбірін сындыра опырылған. Бұл екеуі басқа үйлердің айналасын жүгіре аралап шықты. Әр үйдің қасында түрлі өлік.
Өмірзақтың тағы бір байқаған жайы ауыл адамының өлігі түгел емес. Басқа адамдар қайда кеткен? Өлсе өлігі көрінбейді, болса – өздері жоқ. Оның саның қазір дәл айта алмаса да реті солай.
Екеуі, ауыл шетіндегі Нарша апайдың қараша үйіне дейін барып, дағдарып қалды. Ол үйдің сүйегі түзу де, киізі сыпырылып түсіпті. Үй қасында жатыр. Сосын көп киіздің, ағаштың басы не аяғы, иә болмаса ортасы жанып сөнген.
Кенет... біреудің ыңырсыған дыбысы Өмірзақтың құлағына шалынған сияқты. Ол селт ете түсті. Гүлше де құлағын тоса қалды. Сол сәтте өшіп барып дыбыс қайта шықты. Бұл жолы айқын жақыннан естілді. Екеуі жабылып үй жанындағы киізді ашып қалды. Киіз орауын жазып алғанда арасынан әйел адам денесі көрінді. Бұлардың жұлқи ашқанына ауырсынып қатты қиналды. Мұны сезген олар бірін-бірі үнсіз түсінді. Киізді жайлап жазып арасынан әйел адамды шығарды. Етпетінен түсе жаздады, өзінің қозғаларға әлі жоқ. Шашы дудар-дудар. Сырт пішімі Нарша апайға келеді. Енді, өңіне аударып танымаса, дәп сол деп айтуға да мүмкін емес. Екеулей жандәрмен аударғанда ғана, оның Нарша шешей екені анық болды. Бір қолының басы жоқ, шауып түсірілген. Әйтеуір, дем алады, кеудесінде жаны бар.
Біреу де болса тіршілік белгісі бар жанды тапқан Өмірзақ та, Гүлше де қуанып кетті. Бұл шақта екеуіне бүкіл ауыл орнынан тұрып, тіріліп кеткендей елестеді. Сұлық жатқан Нарша апайдың жүзіне, кеберсіген ерніне қарап Өмірзақ та Гүлшеге бұрылмастан:
Гүлше! Бол! Тез! Бол! – деді.
Нені болайын?
Бол! Бол! Су әкел!
А, иә, – Гүлше орнынан тұра жүгірді де қайта бұрылып: – Мүмкін шай қайнатармын.
Өмірзақ бұл жолы да Нарша шешейдің басын сүйеп отырып:
Барыңды жаса! Ет те ас, тек алдымен қара су әкел!
Гүлше жүгіре жөнелді.
Түйе әлі шөгерілмеген еді. Бұйдасын шұбатып кетіпті. Қасындағы қосақтаулы екі қой да жайылып жүр. Жауыннан кейінгі шаңы жуылған жұмсақ шөпке қадала қалған. Ел қырылып жатқанда жайларына жайылған жануарға Гүлше кейіп қалды. Сәлден кейін өзіне-өзі ызаланып: «Маған не болған? Жынданғанмын ба малға ұрсып!» деп өзіне-өзі таңданды да, түйені тұрған жерінде шөгерді. Екі метейді тез түсіріп жіберіп ыдысына су құйып қайта жүгірді. Су құятын тостағанының жүкте қалып қойғаны есіне жолда түсіп, қайта оралды.
Өмірзақ Нарша апайдың басын сүйеп тұрып, ерніне су тамызды. Алғашқы ол кісі су ішетін белгі бермеді. Су ернінен сырғанап мойнына құйылып кетті. Содан кейін езуін ашыңқырап, мол құйып жіберіп еді, өндіршегі ылғал барғанын сезгендей дүрс ете түсті. Ерні де бұл жолы жыбырлаған сияқты. Тіпті, тамсанып дәметкендей. Тағы да су құйса дұрыс бола ма, жоқ па ол жағын Өмірзақ анық білмеді. Ойланып отырғанда, шілдеде шөлдеп талықсып жатқан адамға бірден су бермейді, ерніне жағып бастайды деген түсті. Содан кейін өзінше шешімге келді:
Гүлше! Сен мына Нарша апайдың басын сүйеп, ерніне су жағып отыршы. Не болмаса былай істелік. Басына тиянақ жасалық, шалқалай жатсын, – деді.
Гүлше бөлек жатқан киіздерді әкеліп бүктеп, ол кісі еркін тынысымен жататындай тиянақ жасады. Екеулеп соның үстіне жатқызды. Гүлше Нарша апай ернін сумен шылап отырып қалды.
Орнынан түрегеліп кеткен Өмірзақ айналасына бұл жолы оймен қарады: қираған ағаш үйлер, жайраған өлік денелер, быт-шыты шыққан ыдыс-аяқ. «Ей! Мен неғып тұрмын. Бұларды жинау керек қой. Реті ауылды жау шауып кеткен. Ол жау енді қайтып орала ма жоқ па? Қалай болғанда да тіршілік ету керек емес пе? Мына өліктерді кім жинап, кім жерлейді? Құрастырып болса да әзірге лыпа, баспана жасау керек қой. Оны кім тұрғызады? Айтпақшы, бұл ауылдың аз ғана малы қайда екен? Анау теңіз жағасында ашығар жеп жүретін бойдақ түйе, құлындамаған бие, тай-құнан болатын? Оларды да жинап алу қажет. Тіршілік, тіршілік!»
Осының бәрі қаршығадай басына түскенін ойлағанда Өмірзақ көңілі босап кетті. Көзінің айналасы ылғалданып, мөлдір тамшыға айналып төмен сорғалай, аузына кермек дәм тиді. Осы сәтте артынан Гүлшенің қуанғаннан:
Өмірзақ, қара! Нарша апай көзін ашқысы келеді. Кірпігі қимылдап жатыр, – деп айқайлап жіберді.
Өмірзақ жалт бұрыла түсіп, кідіріп қалды. «Менің не болғаным? Гүлшенің қасында қалай жылап тұрмын? Ол әйел емес пе. Жоқ, болмайды. Жылауға болмайды». Алыстан бір нәрсе көріп тұрған адамша бұрылмай, көзінің жасын алақанының сыртымен сипап жіберді.
Жақсы, жақсы! Қазір! – Өмірзақ әлдене іздеген адамның сылтауымен ілгері қарай жүрді. Көзі құрғап, жаңа келіп қалған тамшының табы кеуіп кетті деген кезде кейін бұрылды.
Нарша ірі денелі ұзын бойын созып, көзін жөнді аша алмаса да кірпігін қозғап, тыныстап тіршілік белгісін береді. Өмірзақ тізерлей отырып, кеудесіне құлағын тосты. Жүрегі соғып жатыр. Осылайша Өмірзақ сәт отырды. Кенет орнынан атып тұра келді.
Осылай отыра береміз бе, Гүлше? – Дауысы дірілдеп шықты. Оны өзі де сезіп, көзімнен жас шығып кете ме деп қорықты. Тағы да айналасына қарап жайрап жатқан өліктерді, қирап жатқан ауылды көрді. Барынша тістеніп, барынша өзіне қуат беріп: – Мына өліктерді көму керек. Ауылды да жинастыралық. Енді отыра бергеннен не өнер? Ал сен ас істеу қамына кіріс. Нарша апай мүмкін астан тәуір болар! – Үні тағы да босаңсып бара жатқан соң, қолын бір сілтеді де, тезірек адымдап жүріп кетті.
Тек бірнеше күннен кейін Нарша апайға ес кіргендей сөйлеуге талпынды. Ол кісінің бас көтергеніне үш-төрт күн болса да, сөзі шұбалаңқылау үздік-создық шығады. Дегенмен, әйтеуір ұлы ырғағын түсінуге болады. Алғашқы күндерде көп сөйлеуге шыдай алмай шаршап жатып қалатын.
Өмірзақ теңіз жағасынан қайта айдап келген екі қойдың бірін сойып, жас сорпа ішкен соң Нарша апай басын көтерейін деді. Осы кезде, екі керегені бір-біріне сүйеп Өмірзақтың жасаған итарқасы оған тар болып көрінеді. Соның төрінде Нарша апай отыр. Содан кейін сорпа-тамақ беруге қол жететін жерде – Гүлше. Ал, Өмірзақ – оның шығар көзінде. Онда да егер шаршап шаруасының арасында немесе кешкісін аста келеді. Ал жатарға Өмірзақ Гүлше екеуіне де итарқа жасап алған.
Өмірзақтың да жұмысы көп-ті.
Ескі киіз, жыртылған алаша тауып алып барлық өлікті қатар жинады. Одан кейін ауыл сыртындағы дөңес басынан жер қазды. Әрбір мүрдені жеке-жеке жерлемек болған еді. Әке-шешесін және көрші үйдегі үлкен бір ақсақалды тайыздау шұңқырға салып, беттерін жапқан соң, бәрін бөлек-бөлек көмуге әлі келмейтінін сезген. Төртінші шұңқырды үңірейтіп кең етіп бір қазды. Қалған он шақты денені соған әкеліп салды. Оларды тасудың да тәсілін тауып алды. Екі-үш адамды бір киізге салып, ақырын сүйретеді...
Гүлше оған: «мен де көмектесейін!» деп еді, бірақ Өмірзақ оған көнбеді. Өзінің алғашқы сәтте әкесінің денесінен қорқып дірілдеп, амалсыз көтергені есіне түскенде, Гүлшенің жүрегі ұшып кетер деп ойлады. Бірақ оны ренжітпей дәлел айтуы керек.
Осыдан бірнеше күн бұрын, қирап жатқан ауылға келіп мына өліп жатқан кісілерді көргенде Гүлше дауыс етіп жылап жіберген, үнінің қалай қатты шығып кеткенін Өмірзақ өзі де білмейді.
Жылама! – деп, айқайлап жіберді.
«Жылама» деп бұлайша неге ақырғанын Өмірзақ әлі түсінбейді. Дауысы солай қатты шығып кетті. Көз жасын бірден тыя алмаса да, Гүлше басылып, кеудедегі өксігін басып тұншықтыра, зорға тыйылды. Кейін көңілі үйреніп кетті ме, көз жасынан әбден тыйылып қалды. Гүлше ренжіп қалды ма деп, қысылып жүретін Өмірзақ өзінің де әйеліне бірінші ақыруы еді. Соны ойлап дағдарып қалған. Кенет ойына бір сылтау келіп, қуанып кетті.
Е, енді бұлар ешқайда қашпайды. Өзім де көмемін. Сен ана Нарша апаңның қасында бол. Соны күт, – деді.
Оған Гүлше қарсылық айтпады.
Оларды жерлеп болғаннан кейін құлаған үйлердің орнын тазалай бастады. Киіз, кереге, уықтарды, ыдыс-аяқ – әрқайсысын бөлек үйінділеді.
Өмірзақ пен Гүлшенің ендігі ұзақ шаруасы Нарша апайдың аузына үңіліп, бұл ауылға не соққанын білу. Айналада жүріп, Нарша апай сөйлейін деп жатыр десе, Гүлше ым қағады. Өмірзақ жүгіріп келеді.
Қарулы бір топ кісі... топ кісі... – Нарша апай сөзін баяу бастады, сол қарулы топ кісі көз алдына келіп тұрғандай қайта талықсып кетті. Содан кейін екінші рет басын көтергенде: – Сол топ кісі... топ кісі, «Гүлше! Гүлше!» деп айқайлап... Иә, айқайлап... – Нарша тағы да босап қалды. Бұл жолғы Нарша апай әңгімесіне Өмірзақ та, Гүлше де айран-асыр қалды. «Ол кім?» «Гүлше деп неге айқайлады?» Естіген сәтте Өмірзақ сыртына шығарып дауыстап «Бұл несі екен-ей?» – деді де, оны ұмытып кетті.
Гүлше Өмірзақ жүзіне жалт ете қарап, барлап өтті де күйеуінің жүзінде ешқандай қызғаныш, күдіктену сезімін көре алмаған соң, жүрегі орнына түсті. Бұл сөзді айтқан кісінің кім екенін, неге айтқанын ол сұңғыла әйел жүрегімен сезіп еді. Кім екенін де енді топшылаған, дұрыс топшылаған: «Иә, сол, сол! Сол саудагер!» деді.
Расында да, бұл ауылды шапқан Дұрды соңына ерген топ болатын.
Күсеп пен Бәшкей өлген соң да Мәмбетнияз бен Дұрды оларға ызалы келе жатты. «Қап, иттердің сүйегін сол құшақтасып жатқан күйде өртеп жіберу керек еді. Сүйегі де табылмай қалсын. Жел болып, тозаң болып ұшып жоғалсын. Басыңа қара келмесін. Біреулер тауып алып, арулап жерлеп жүрер. Олай болса мынау ханның әскері өлтірген қос қыршын деген сөз тарайды ғой».
Біраз уақыт өтіп, олар терістікке қарай жүре берген сайын, Дұрдының ойы басқа жаққа ауа берді. «Е, оларды кім тауып жерлейтін еді? Бұл елде бір жан қалдырмауы керек. Бәрін ит жеп, құс жеп, құрысын әбден!» Бірақ мына таңның атып кеткенін айтсаңшы. Әлгі екеу болмағанда ауылға қараңғыда жететін едік. Дұрды осылайша ызаланды.
Тек қана басын көтеріп ирелеңдей зулап, жемтігіне ұмтылған жыландай ілгері тартып әскер келеді. Быршып терлеген ат бауырына соққан үш мың адамның өкше дыбысы, ысқырынған жыланның үрейінен кем шықпайды. Дұрдының айқын түсінгені, ауыл енді қашық емес, тек тура тарта беру керек. Солтүстік бағытқа қарай зулап бара жатқан жалғыз аяқ жол ең болмаса бір ауылға жеткізеді. Енді ол ауыл желке тұсындағы теңізге түсіп кетпесе, бұлардың шеңгелінде. Е, сонда бұлар шеңгелді оқсатып қысады, қанын да, майын да ағызады. Ағызады.
Сай-сайды, жылға-жылғаны қуалап ілгері өтіп бара жатқан әскерді таң қараңғысында көрген бір жылқышы болды. Ол құрығына ат үстінен сүйеніп, мүлгіп-қалғып тұрған. Аттан түссе ұйықтап қалады. Сондықтан ара-арасында құрығына сүйеніп қалғып алып, құлап бара жатса, қайта оянып, таңғы ұйқымен әбден арпалысып қалжырауда еді. Алғашында ол көз алдындағы елес деп ұқты. Бірақ, құлағына жылқының пысқырғаны, одан да бөлек сарыл сыбыс келеді. Елес-елес болып үзілер емес, шұбап тізіліп өтіп жатыр. Бетін уқалап-уқалап жіберді. Әдетте, мұндай жағдайда елес ғайып болып өшіп кетер еді, бірақ бұл жолы айқындала түсті. Ол құрығын көтеріп, атын тебініп, ұйқысын әбден ашты. Иә, оның тұсынан аттылар тізбегі өтіп барады. Олардың қарулы адамдар екені айқын болды. Көзіндегі ұйқыны біреу оса тартып жұлып алғандай, көзі жарқ ете түсті. «Мынау әскер ғой. Иә, әскер! Түн жамылып қайда барады? А, Сүйінғара ауылына, Сүйінғара ауылына! Ох!»
Жылқышы одан әрі ойланып жатпады. Аттың өкпесін өшіре бүйірінен солқ еткізіп бір тебінді де, көз тасаланып шаба жөнелді. Бұл тұста әскер алдынан кедергі болып көлденең түсіп жатқан тау, биіктік жоқ. Бұлар реті жол білмеген соң, жалғыз аяқ соқпаққа түсіп алып, тұспалмен кетіп барады. Осыны ұққан жылқышы төтесінен тартты. Әйтеуір, елді оятып үлгерсе жарар еді.
...Сүйінғара қай кезде де ерте оянатын. Күндіз ұйықтасын-ұйықтамасын, демалып тыныстасын, иә шаршап келсін, қайда қонып шықса да ерте тұратын. Тап сол күні төсегінен бұрынғыдан да ерте көтерілді. Жүрегі дүрсілдеп әлденені сезетіндей тыным таптырмады. Жүрек басын кептеп тұрып алатындай, жөнді ас та жеген жоқ.
Шапанын жамылып далаға шықты.
Ауыл үсті жым-жырт. Сақ төбеттерге дейін ұйықтап қалыпты. Олар осындай шыққан сәтте әбден танығанша үрмесе де, тіршілік белгі беріп қыңсылайтын да содан кейін қайта тыныш табатын. Мана бір жатар шақта, Кежі үйінің бір төбеті ішін тарта ышқынып ұлып еді. Оны біреу сүйекпен ұрған. Сол майлы жілік басына риза болды ма, әлде ол да жалығып қойды ма, ешбір сес жоқ.
Денесі тоңазиын деген соң, Сүйінғара ұйықтамаса да төсегіне барып жатқалы бұрылып еді. Жан ұшыра барлыққан дауыс тап осы сәтте шықты.
Уа, Сүйеке! Сүйінғара! Ауылыңа жау келді! Жау! Жау! – Дауысы жас баланың балғын үні емес, қарттың қарлыққаны да емес, жігіт ағасыныкі. Қорыққаннан қос көретін жанның сандырағына келмейді.
Сүйінғара тұла бойы дірілдеп өтті.
Ей! Мен мұндамын! Не дейсің? Доссың ба, жаусың ба? – деп айқайлады Сүйінғара.
Келер сәтте аршындай адымдап анау айқай салған кісіге ұмтылды да, қалшиып тұрды да қалды.
Бұл ауыл биіктеу жал басында отыратын. Сонау алыстағы ойдан шұбатыла шығып келе жатқан әскер көрінді. Ол мал ішінен шыққан ішектей созытылып, ақыр аяғы жеткізер емес. Қырат басындағы ауылды олар да көрсе керек. Ақырғы ұмтылысқа дайындалғандай жалпағынан жазылып, кең алаңға созылып бара жатты. Алайда, бұл көпке ұзамады. Шеп құрып, сап түзеп жату уақыт алып, өздерін көзге түсіретін ойлаған болу қажет, олар сонау алыстан лап қойды.
Бұл келгендердің шынымен жау екенін айқын түсінген Сүйінғара бағытын күрт бұрып, үйге қарай жүгірді. Тез жұртты оятып, киініп те алды. Белін сықайта таңып, үй артында қаңтарулы атқа жайдақ мінді. Кешкісін үй тұсына салт атты суыта байлап қою көптен әдетке айналған-ды. Сол ат бүгін де үй артында қаңтарулы тұрған. Сүйінғара аттың шылбырын босатты. Содан бар дауысымен:
Уә, тұрындар! Жау! Жау! – деп айқайлады.
Ауыл адамдары осы кезде түгелге жақын оянып болған. Түк түсінбеген балалар жылап, ересектері үрпиісіп діріл қағады. Ер адамдар түгелдей киініп тұр, кейбір қару-жарағы барлары асынып та алған. Солардың бірі – Кежі. Кежі бойы Сүйінғарадан аласа болғанмен, одан жалпақтау пішімді. Қазір қалың киіммен бұрынғыдан да толысып кеткен:
Бұл не? Не болды бұл? Осылайша тұрып қырыламыз ба? – деді ашулы үнмен.
Енді не істейсің? Бала-шағаны, бәрін алып қамыс паналаймыз. Шаба берсін ауылды. Қамысқа, атты бара алмайтын тасаға кетеміз.
Ал, мына малды, дүниені қайтеміз?
Мал құрысын – жан аман болсын. Мал құрысын – жан аман болсын! – Сүйінғара бүкіл ауылға дауыстай айқайлады. Асықтыра ауыл ішін екі рет шапқылай өтіп шығып, өзі бастап көпті алып кетті. Бұлар да біраз қара болып қалды.
Бірақ ауыл адамы түгел кеткен жоқ еді. Солардың ішінде Кежі де бар. Оның кетпейтініне әбден көздері жеткен Сүйінғараның екі қызы – Айсалқам да, Жансалқам да Кежінің қасында болды. Сүйінғараның үлкен әйелі Сұлуке де қыздарының Кежі маңайынан шықпай жүргенін көргеннен: «Ай, құрысыншы! Мыналардан жаным артық па? Не көрсем де мына қайныммен, балаларыммен көрем-дағы» деп алғашында қозғалғанмен, кейін басылып қалған.
Сүйінғара ауылда кімнің қалғанын, өзіне кімнің ергенін бажайлап жатпады. Артына түскен дүрмек топты алдына өткізіп соны паналату қамыңда шарқ ұрды. Алыстан, қияннан көрінген топтың қарасын көріп-ақ, қарсыласа алмайтындарын бірден ұқты. Бұл тып-типыл қылып қырып кетуге келе жатқан қаһар. Осы сәтте бүкіл ел жиналып, топ құруға еш мүмкіндік жоқ. Егер, осыдан аман қалса бір сәт.
Олар атқа өріс бермейтін сордың ішіне кіріп, қамыс паналап алақандай құрғаққа шықты.
Әскер ауыл үстіне жете, бар жол қорлығын, азабын осы ауылды шапса алатындай озбыр қарекетке жанталаса кірісті. Әр үй тұсында қалған еркек өзінше қайрат көрсетіп жатты.
Алғашында далада жүрген Кежі өз үйіне кірген. Екпінмен келе жатқан көпшілік оған қылышын суыртып үлгермеуі мүмкін. Ал, олар алғашында үйге біріндеп кірмек. Неде болса, өз үйінің төрінде өз табалдырығын қорғап өлмек. Оның өлетініне еш күмән болмады. «Әттең-ай, елді жинай алмай, бірігіп қуат көрсете алмай қалдық-ау. Бүкіл Адай басын қосса, күшін біріктірсе, кім біліпті. Иә, енді оны не ойлайтыны бар! Иә, Алла, өзің жар бола гөр!» Ол осылайша сыйынды да үстіне мана бір шақта киіп алған сауытын, қос қолындағы қос қылышын қайқитып ауаны осып-осып алды.
Ауыл шеті күтірлей бастады. Міне, дүрсілдеп бұл үйге де адам жақындап келеді. Есіктен алғаш аттаған адамның жүзін жөн айырмады. Оны артындағы есік жабылғанда қақ маңдайдан басы жарылған денесі жерге сұлқ түсті. Кежі жерге еңкейіп жіберіп, қаны шашыраған денені есік алдынан ығыстырып, қазан-аяқ жаққа ысырып тастады. Алғашқы қан көргеннен кейін денесі қалшылдап кетті. «Келсін! Келсін! Мынау оларға кедергі болмасын. Кейін жатсын». Ол тіпті, сәл ойланып, оңтайланып, оң жақтағы жүкті құлатып жіберіп, соның үстіне шықты. Бұл есіктен кірген адам үйдің ортасына өткенде ұруға ыңғайлы. Кежі бойындағы алғашқы діріл басылған. Буындары қатайып, тұла бойы сіресіп қалғандай. Ауыл үстінің айқай-шуы жылауы ұлғайған сайын, тек ерні жыбырлап қозғалады. Көзіне қан толып қарауытып кеткен.
Осылайша Кежі тағы да бес-алты адамды құлатып түсірді.
Алдыңғы кезде, оларды жинап тастамақ болған ниетінен қайтып, оған еш ықылассыз қалды. Тағы біреуі есікті аша беріп сұлап түскен адамдарды көріп, ышқына шошынып кейін ытқып кетті. Әлденеден дауыстап жүр. Кежі терши жөнелді. Енді жағдай қиындайды. Бірақ, олардың үйді құлататынын әлде көтеріп әкететінін білмей тұр. Ол үйдің ортасына шықты. Қос қолындағы қылышпен ұмтылуы қажет. Әлі де жастығын ала кетуі тиісті. Бірдемеге таласқан тобыр, ағаш үйдің керегелерін шатырлатып жіберді. Екі-үш уық шатырлап сынып түсті, бірақ шаңырақ орнында қалды. Тағы бір рет қатты соқса, шаңырақ шатынап келіп тас төбесінен түседі. «Сонда өз шаңырағым астында көміліп қалғаным ба? Жоқ! Жоқ! Неде болса бір өлім, ұстасып өлу керек!»
Кежі төңкейіп жатқан өліктерден секіріп өтіп, далаға шықты.
Ертеңгілікте бүтін тұрған ауылдың быт-шыты шыққан. Кімнің не істеп жүргенін біліп болмайды. Біреулер желіні суырып жатыр. Теңдерді шашып, ішінен дүния іздеп жүргендер де баршылық. Әрлі-берлі жүгіріп жан сауғалаған бір жан. Ол айналасын тегіс шолып жөн ұғынғанша:
Көке! Көке! – деп дауыстаған екі қыз үнін естіді. Бірі Айсалқамның үні де, екіншісі, сірә, Жансалқам болса керек.
Кежі дауыс шыққан жаққа бұрылып, бес-алты жаудың ортасында жағаласқан екі қызды көрді. Айсалқам қолындағы қылыш күн көзінде ойнаған балықтың жонындай жылт-жылт етеді. Бұлардың қашан ұсталғанын кім біліпті, әзір қыз қолындағы қылышты ала алмапты.
Кежі орнынан үнсіз атыла ұмтылып, шеткісін қылышпен бастан тартып жіберді. Оның басындағы тымағы ұшып түсті де, құламаса да қызды босатып жіберді. Ал екіншісін Кежі иықтан көздеп шапты. Оң қолы босанған Айсалқамның өзі үшінші дұшпанды сол қолынан шауып жіберді. Қолы бөлініп түспесе де, ауырсынып қалған болса керек, ол да ебедейсіздеу сылқ етіп жерге құлап кетті. Сірә, ол жараланған да жоқ. Тек қылышын қайта көтерген Кежіні көзі шалып қалып өлдім ғой деген үреймен сылқ ете түссе керек.
Оны Кежі қас-қағым арасында сезіп қалды да, бірақ құлаған соң менсінбей үстінен аттап өтті.
Ол екеуі жабылып, бес-алты адам сүйрелеп бара жатқан Жансалқамды тез босатып алды. Бірақ, жаңа кезде өтірік құлаған дұшпан орнынан ұшып тұра келіп, Кежіні арқа тұсынан келіп, басынан шауып түсірді. Неге екені белгісіз, қуанғаннан:
Сүйінғара! Сүйінғараны өлтірдім! – деп дауыстап жіберді.
Бұл Сүйінғара емес! Кежі көкем! – Айсалқам мен Жансалқам бетін қан жуып, дауыл соққан ағаштай теңселіп тұрып қалған Кежі денесін екеуі екі жақтан қолтықтап алды. Сөйлеуге шамасы келмей, санасынан айырылып бара жатқан Кежі екі қарындасының иығына қолын артты. Екеуі Кежіні үйге кіргізбек еді, бірақ он шақты адам жабылып, Сүйінғара үйін аударып тастады. Үйдің қақ ортасында аспа баудан ұстаған Сұлуке қақшиып тұр екен. Қансыраған қайнысын көріп, ол Кежіге ұмтылған. Бірақ, буынынан әл кеткен Кежі шөккен нардай сылқ етіп екі тізерлей қалды. Екі жағынан демеген қарындастары ғана оны жерге құлатпай ұстап тұрды.
Үш мың әскер жабылған соң ауылды тез демде, біреу тілімен жалап өткендей тазартып шықты. Бұл кезде әскер басшысы Мәмбетнияз да әскер тізгінінен айырылып қалған-ды. Топты, оның тізгінін ұстайын деген жөн ниеті де жоқ. Мақсат бітті! Сүйінғара ауылы шабылды. Сексенге келген шалдың басында не тұр? Хан ашу үстінде айта салған болар. Оның қайда жүргенін бұл түбекте бұларға кім айтады? Сүйінғара басын іздейміз деп басқа олжадан, үлкен олжадан айырылатын түріміз бар. Ұзақ жол бойында ешбір ауылға тиместен, үнсіз, сыбыссыз келдік. Өйткені елді шошытпаған жөн, ол әзірше тыныш жата берсін. Ал, қайтар жолда кім не істесе де ерікті. Жаңа осы ауылға жақындап келе жатқанда жолда көлденең жатқан сорға тап болды. Түнде оққа ілінген екеуі де сорды айналдырып, мысты құртты ғой. Сор тақыр болмаса адастырып жүргенін түсінер еді емес пе?
Міне, теңіз шетіне, сорларға жетті. Мақсат орындалды.
Мәмбетнияз Дұрдымен ақылдасты да, бірінші жырылып шығып кеткен сол Дұрдының өзі болды. Оның ойында Гүлше өткен жолы қалған. Онда бұл саудагер артық қимыл жасап, иегін қаққанын сезсе, адайдың тентектері көзін сол сәтте құртады. Ал қазір қарамағында әскер бар, қолында – қару!
Ал мына Сүйінғара ауылының шаруасы бітті. Қолға түскен адам мен мал, кейін Хиуаға айдалады. Оны атқаратын адамдар бөлек. Дұрды оларға араласпайды, өз шаруасымен болады.
Көз алдындағы Гүлшенің дөңгелек жүзі, жұмыр денесі бірте-бірте жақындай түскен Дұрды, өз жігіттерін бөліп алып, солай қарай бағыт ұстаған.
Ол сол ауылда, Гүлше мен Өмірзақтың жоқ екенін біліп, әбден өтінен қағынып тұрғанда, соңғы бар күшін жинаған Өмірзақтың әкесі сырықты көтеріп, соңғы демі алдында онысын Дұрдының басына шағып құлайды деп тіпті ойламаған-ды.
Нарша апай басын көтерді. Тамаққа беті қарағандай, аздап сорпа ішті. Бұл Гүлше мен Өмірзақ үшін үлкен оқиға болды. Барын сол кісінің аузына ұстап, бәйек қақты.
Осы күндерде екі бала ерткен бір әйел бұлардың аулының үстінен шықты. Ауылдарына жау келіп тигенде бұл әйел екі баласымен жоғалған қойын іздеп кеткен екен. Күйеуі қайтыс болған, үйінде балаларына қарайтын адам болмаған соң ертіп алған еді. Содан кешке қарай оралып келсе ауыл үсті ойран болып жатыр. Түгелдей өртеп жіберген. Баспана іздеп, ел қарасы көріне ме екен деп шыққан реттері осы. Адасып кетіп табылған үш саулығын алдарына айдап алған.
Бұл үш қараға Өмірзақ та, Гүлше де қуанды. Өмірзақ қалбалақтаған әдетімен:
Осы ауылда қалыңыз. Біз де, міне, үш жанбыз. Мына үйлердің орнынан бірдеме құрастырып, баспана жасармыз. Қайда барасыз? – деді.
Қара тұрықты, ұзын бойлы әйел мойнын созып, кеудесін де көтеріп алды. Көзінде жасу, жасқану жоқ, құп-құрғақ.
Көрерміз, – деп үн қатты да қайта басылып отырды.
Әңгімені өзінен аударғысы келгендей Нарша апайға қарады. Ол кісінің шабылған қолы шолтиып тұр. Оны Гүлше жуып, ескілеу шүберекпен таңып тастаған. Бір жақсысы сыздап ауырмайды. Соңғы күндері жыбырлап қышығандай болады, сірә жарасы жазылып келе жатса керек. Жүзі шырайланып, үнсіз алысқа қарайды.
Бізді қойшы... әйтеуір жеті мүшеміз сау ғой. Мына апайға қиын болған екен, – деп күрсінді.
Нарша апай сол отырған қалпы:
– Тән жарасын қойшы – жазылар-ау, жан жарасын айт-дағы, – деді. Қайта үндемей қалды.
Шүберек дастарқан басында отырғандар да ләм демеді.
Екі баласын ертіп келген әйелдің аты Қарашаш болып шықты. Жасы елуге әлі жетпеген. Ұзын қос бұрымы тілерсегіне түседі. Не қиындық көрсе де өңі таймапты. Қажырлы да адам болса керек. Ертесіне, белін таңып алды да, жұмысқа кірісіп кетті. Алдымен екі баласымен басына үш керегені кең жайып, төртіншісін жөн жазбай, есік орнына қапталын саңылау тастап баспана жасап алды.
Бұлар осындай қамдарын жасап аяқтаған шақта, ауыл үстімен бес-алты атты кісі өтті. Алғашында олардың да қарулы екенін көргенде, әсіресе балалар жағы үрейленіп қалған. Үлкендер жағы да іштей секемденіп сабыр сақтады. Бірақ, олар бейбіт адамдардай жеңіл жортақпен келеді. Ауыл тұсына жақындағанда аттарының тізгінін тартып аяңға көшті. Олар ауыл тұсына соқпай өтіп кететін адамдарша келді де, іргеге тақалғанда ғана аттарының басын бері бұрды. Мына халді сырттай көріп, тілдеспей өтіп кеткенді ретсіз көргендей. Ауылдың жайы көңілдерін босатса керек. Ауыл үстіне келгенменен аттарынан түспеді. Сол тұрған күйлерінде хал-жай сұрасып, жүріс реттерін айтты.
Қапияда соққан жаудан өш алу үшін Сүйінғара елден қол жинап жатқан көрінеді. Бұлар соған қосылуға бара жатқан жандар екен.
Маған баруға бола ма? Мені ала ма? – деп дауыстап қалды Өмірзақ.
Сөйлеп тұрған қаба сақалды тығыз денелі қара кісі, Өмірзақтан жүзін аударып, Гүлше мен Наршаға қарады. Содан кейін екі баласын денесіне басып, жүргіншілерді сырттай бағып тұрған Қарашаш жүзін де барлап өтті. Үш әйел де іштерінен тына қалғандай. Содан кейін, ол кісі бір күрсінді де:
Жассың ғой әлі, шырағым, – деді.
Неге жаспын? Менің де кегім кетті оларда! Ауылымды шапты. Ата-анамды өлтірді. Әне! Әне, қараңыз! Қанша адамды жерледім, осы ауылдан! – Өмірзақ өз қолымен жерлеген адамдар сүйегінің басындағы төмпешіктерді көрсетті. Бұлардың бәрі де Өмірзақ нұсқаған жаққа жүздерін бұрды. Төбе басында үш бөлек төмпешік және үйінді бар еді. Соған қарап, қаба сақалды ат үстінде тұрған күйі алақанын жайып әйет оқыды да, іштей: «Жатқан жерлерің жайлы болсын!» деп бетін сипады. Қасындағылар да, үш әйел мен екі бала, Өмірзақ та қолдарын жайып, бата рәсімін жасады.
Бұлардың есінен өлген адамға артынан оқытатын бата жасайтын садақа да шығып кеткен. Оны Өмірзақ тіпті, ойламапты. Қазір ғана есіне түсті. «Бірақ, мен өзім әйет білмеймін, нені оқимын. Сол беттерін жапқаныма риза болсын. Әйтеуір ниетім түзу ғой» деп іштей өзін-өзі ақтап шықты.
Ал, аман болыңдар. Сырттарыңнан түрлеріңді көріп, мүсіркеп едім. Өлген артынан өлмек жоқ, тірлік қамына кірісіңдер. Қош болыңдар! – Үлкен кісі ат басын бұрды да, тебініп қалды. Қалғандары да аттарының шашаларымен шөп басын қағып, ол кісінің соңына түсті.
Орнынан түрегелгенімен қатты сөйлеуге жан дәрмені жоқ Нарша апай олардың соңынан көзі мөлдірей қарады. Ерні жыбырлай бір нәрсе айтып тұрған сияқты. Өмірзақ ол кісіге таңдана қарады да, құлағын аузына тосты:
Ақ жолға барыңдар! Аман болыңдар! – Нарша апай дауысы сыбырлап қана шығады. Ол кісі үнінің қарлығып қалғанын әлде өзінің күш кетіп әлсіреп тұрғанын аңғара алмады. Өмірзақ Нарша апайды қолтықтап, төсегіне қайта отырғызды.
Өмірзақтың өзі де мең-зең екіұдай болып қалды. «Барамын көппен бірге!» деп ұмтылып еді, ана кісілер мұның сөзін елемей кетті. «Әлде өзі жасықтық білдірді ме? Айқайлауын айқайлап айтып, жөндеп ұмтыла алмады ма? Бірақ мына күйінде қалай барады? Қару-жарағы жоқ, шидем шекпенмен ұмтылған жанға жау тоқтар ма? Сонда осылайша күлкі болып қалғаным ба? Мына Гүлше әйелдің алдында, Нарша апайдың, анау Қарашаштың, оның екі баласының алдында өз абыройымды өзім төккенім бе?»
Өмірзақ жүзі күйген қазан түбіндей қарайып, түтігіп кетті. Гүлше оның мұндай күйге түскенін әлі көрген жоқ-тын. Не істерін білмей абдырады. Сыр тартып сұрайын десе, мына түрінен қаймықты. Жан қиналысы үстінде ауыр сөз айтып тастаса Гүлше жауап қайтара алмайды. Гүлше жел сәл лүп десе өшетін айдалада жанған шырақтай. Біресе тілі ұзара созылып, біресе аласара кішірейіп, лептің ыңғайына қарай жаны құрақ ұшатын сол шырағдандай Гүлше де Өмірзақтың қас-қабағын аңдып бәйек болды. Түнде де, төсекте жатқанда да, оның қолтығына мысықша тығылып еді, Өмірзақ селт етпеді. Оның әлдебір ойға кеткенін түсінген Гүлше одан әрі тықпаланбады. Бойын кейін тартып, шалқалай жатты. Көзінен ұйқы қашып кеткен. Ол Өмірзақтың неге осыншама түйіліп қалғанын түсінетін сияқты. Алғашында, әйел адам болған соң, күйеуінің бұлайша түйіліп қалысын жақтырмаған-ды. Ұзақ ойлап қараса, Өмірзақтікі дұрыс сияқты. «Ер жігіт кегімді аламын деп аттанса несі айып? Реті, ана саудагер бұл ауылға Гүлшені алып кету үшін келген. Өткен жолғы сапарында Гүлшеге көзқарасы ұнамап еді. Басқа жұрттың назары тайып кетіп, Гүлшемен оңаша қалса болды күлімдеп, тіпті мұрты да жыбырлап кететіндей. Гүлше онымен оңаша қалудан қатты сескенді. Ал ол болса оңашалық іздеп, шамасы келсе сүйкеніп өтуге тырысады. Айна-тарақ та ұсынып өзіне тартып көрді. Гүлше олардың тезірек кеткенін соншама тіледі. Сүйінғараның адамдары олардан қалған есекті қуып кеткенде де қуанды. Сол есектермен бірге бүкіл рухы өшкендей. Ал егер бұл ауылда болып Хиуаға Гүлшені де алып кеткенде мұның соңынан Өмірзақ қумау керек пе? Әйелін жау қолына ұстатып жіберіп, өзі үйінде шалқайып жатқан еркек қандай жан, қандай еркек? Жоқ, менің ренжуім дұрыс емес! Алланың салғанын мен де көрермін! Өмірзақ аттансын жауына». Көп ойдың ақырында Гүлше осындай түйінге келді.
Гүлшенің бұлайша тыпыршып ойланатын жайы бар. Ол Берді атасынан қалған қылышқа байланысты. Сол оқиға қазір Гүлшенің көз алдына келіп жатыр.
...Берді қарттың өлерінен екі-үш жылдай бұрын, күздің шуақты күнінің бірінде қарт кісі үйдің күншуақ жағында ескі нәрселерін қарап отырған. Кенет Гүлшені шақырды да, үйде төрдегі кереге басында ілулі тұрған қылышты алып келуге жұмсады. Қылышты қынабынан шығарып, сипап ұзақ отырды. Оны шақпақ таспен қайрады. Ақыры оның жүзін саусағының басымен жүргізіп сипап, қынабына қайта салды. Гүлшеге ескі шүберек алдырды да, орап тастады. Қарт атасының бұл әрекетіне таңдана қарап тұрған кішкентай Гүлшеге қарап:
Мынау менің ескі қаруым еді. Енді ұстай алмаспын. Сандығыңның түбіне салып таста. Мүмкін... – Шал немересінің жүзіне барлай қарады да, өңін бұрып кетті. Бірақ, далаға қарап отырып сөзін қайта жалғады: – Мүмкін... кезінде бұған да ие табылар. Сандығыңның түбінде жата берсін.
Сол қылыш сандық түбінде әлі күнге дейін жататын. Кішкентай кезіндегі түсінбегенін Гүлше бүгін ұққандай. «Атам маған оны не үшін берді? Жас бала түсінбейді деп ойлаған екен ғой. Соны тапсыратын ие қазір бар емес пе? Атам айтқаны осы екен ғой».
Гүлше көпке дейін ұйықтай алмай жатты да, таң алдында көзі ілініп кетіпті. Бірақ, көп ұзамай әлденеден шошып оянды.
Қорадағы аз ғана қой өріп барады екен. Соның бәрі Гүлшенің тура басына келіп үңіліп тұр.
Таң әлдеқашан атып, төңірек тегіс жарық болған.
Гүлше төсегінен асыға тұрды. Құмандағы сумен бетін шайынып алды. Малды ауыл үстінен өткізе айдап тастады да, тез кері оралды. Ол сандығын ашты. Түбінде ораулы жатқан қылышты шығарды. Орауын жазып, оның майланған жүзін сүртті. Осы сәтте иегін көкжиекке ілген күн көзі алғашқы сәулесін қайқы қылышқа арнап шашқандай қылыш жүзі жарқ ете түсті. Соның жалт-жұлт еткен нұры бетіне шағылысты ма, әлде ұйқысы әбден қанды ма, Өмірзақ та оянып кетті. Әйелінің қолындағы қылышқа әрі таңдана, әрі қуана қарады.
Сүйінғара ауылының үстінде үлкен нөпір. Келіп жатқан, жан-жаққа аттанып кетіп жатқан аттылар тобында шек жоқ сияқты. Бірнеше үй тігіліп қалыпты. Өмірзақ бұл ауылды бұрын бір көрген-ді. Онда ауыл қанатын кең жайып, шалқая отыратын. Қазір, оған жүні жұлынып жауын астынан шыққан торғайдай бүрісіп қалғандай елестеді.
Елдің қабағы салыңқы, бұрынғы жарқ-жұрқ еткен жарқын күлкі жоқ. Аяқтарын ептеп басып, ақырын сөйлеседі.
Өмірзақ қалың көпшілік ішінен сөйлесетін ешкім таппай алақтады. Бұдан басқа адамның бәрі шаруаларының ретін білетін жандардай, тек мұның жалғыз өзі ғана, кең ағынның үстіндегі әлсіз бұрау таяқтай. Атын иіріміне түскенде қай жаққа ағып бара жатқанын білмейді. Білсе де өз бағытына бұрылып, қайрат жасауға дәрмені жоқ.
Өмірзақ әркімнің жүзіне қарап, әбден дел-сал болды. Жөңкіліп жүрген көпшілік, оны кесе-көлденең тұрғандай көреді.
Жол бер, шырағым!
Былай тұр!
Е, қарағым-ай, абай болсаңшы! Ат тұяғының астында қалып қоясың ғой, – деп мүсіркейді де.
Оның шидем шекпенінің белін жүн тұсаумен әбден таңып алғанын, оған қылышын байлап қойғанын көрмейтін сияқты. Әлде кемсітейін деп әдейі елемей ме екен. Ызаланған Өмірзақ: «мені неге менсінбейсіздер! Менің де жауда кегім бар!» деп айқайлап жібере жаздады да, өзін-өзі тоқтатты.
Осылай жүргенде көзіне таныс бейне шалынғандай болды. Жетектегі атының тізгінін жұлып ала жаздап, ілгері ұмтылды. «Иә, сол кісілер! Әнеу күнгі бұлардың ауылының үстінен өткен кісілер!» Сол тобын жазбай кетіп барады екен. Өмірзақ қуанғаннан:
Ағай! Ағайлар! – деп барынша дауыстай, айқайлап жіберді.
Көп адам бұл дауысқа елең ете қалды. Өмірзақ олардың ешқайсысына да қараған жоқ. Мұның дауысына өзінің таныстары да тоқтаған соң, соларға ұмтылды. Олар Өмірзаққа қарап аң-таң кідіріп қалды. Қайда көргендерін естеріне түсіре алмай әлек. Қастарына әбден тақалып келіп, олардың мұны жыға тани алмай тұрғандарын түсінген соң, өзін таныстыра:
Танымай қалдыңдар ма? Әнеугүні біздің ауылдың үстінен өттіңдер ғой, – деді.
«А? Иә!» Қаба сақалды басшы кісінің ойына енді сап ете түскендей. Атын тебініп қалды да, жақындап келіп тізгінін қайта тартты. Сәл еңкейіп, жүзін шырамытқандай болды. Бұлардың неге танымай тұрғанын Өмірзақ енді түсінді. Өткенде бұлар келгенде Өмірзақ үстінде шыт көйлек-дамбал болатын. Ал, қазір киініп алыпты. Бұтында – жарғақ шалбар, аяғында басы қайқайған қазақы етік, үстінде шекпен. Басындағы қозы терісінен Гүлше жасаған бас киімі қазақтың малақай порымында болса да, сең-сең төгіліп, етек жағы түрікпеннің бөркіне ұқсаңқырап кетіпті. Өмірзақ соны түсінгендей бас киімін жұлып алды. Өзінің әбден пысынап терлеп кеткенін сонда ғана сезді. Салқын леп бас құйқасын шымырлатып барады.
Қаба сақал кісі осы тұста ғана ойын анық ажыратып:
Ой, қарағым-ау! Мұнда неғып жүрсің? Ауылың иесіз қалды ғой? – деді. Үш әйел, екі бала ортасында жалғыз бас көтергені осы талдырмаш жігіт екенін айқын түсініп кеткен-ді. Мұның: «Мені де ала кетіңдер!» дегеніне жауап бермегендері де сол себепті болатын.
Малымыз қолда. Ауылға әйелім де ие бола алады. – Өмірзақ Гүлшенің атын атамақ болды да, кідіріп қалды. «Әлім пәленше деп несіне мақтанамын. Ауылға ие бар. Мен көппен бірге болуым керек!» Өмірзақ жауабының ұлы ырғағы осы. Оның жауабына қаба сақалды кісі риза болғандай. Сәл жымиып күлді де:
Е, солай ма! – деп кідіріп қалды. Сәлдекеңдей ойланып тұрды да, басын қайта көтерді. – Ендеше, қол жинап жатқан Сүйінғара атаң! Сол кісіге бар, – деді.
Сүйекең қайда? Сүйекеңді танимын. Біздің ауылда орыспен кездескен! – Өмірзақ қапыла сөйледі. Мынау кісі жүріп кетіп, ол тағы да адасып қалатындай көрінді.
Әне, ана төбедегі отырған шалдарды көресің бе? – деп үлкен кісі ауылдың шығыс жағындағы оңаша төбе басындағы оқшау төбені бүктелген қамшысымен нұсқады. Өмірзақ ол нұсқаған жаққа қарап, төбе басында дөңгелене отырған адамдарды көрді. Олар әлдене әңгімеге кіріскен, ауық-ауық қолдарын көтеріп, не нәрсе болса да таласып қалатындай.
Иә, көріп тұрмын! – деді Өмірзақ әлгі солай нұсқаған кісіге қайта бұрылды. Одан әрі сөйлей түскенін тілеп тұр.
Көрсең, адайдың бар игі жақсысы соның басында. Беріштен Құлбарақ батыр отыр деп естідім. Құлбарақта да не беріштік қалды дейсің, баяғыдан адайға сіңген ол да адай ғой. Тек мұңалға кірерін, тобышқа кірерін білмей басы қатып жүрген шығар, – деп күлді. Бұл кісінің нағашысы беріштен болған соң, әзілдеп тұрғанын Өмірзақ ұқпады. Нағашы-жиенді қалжыңға қазір зауқы жоқ-ты.
Мен не істейін? Солардан ұлықсат сұрайын ба? – деп сұрады ақыры Өмірзақ. Әбден шыдамы таусылды.
Иә, атаңа сәлем бер, алдынан өт!
Өмірзақ атының тізгінін қайырып мініп алды. Жаңағы сөйлескен топпен қоштаспастан, тебіне жөнелді. Көпшіліктен бөлініп, төбеге қарай оңаша шыққанда ғана үлкен кісілер үстіне атпен желіп барғанның ұят екенін ойлады. Атынан қайта түсіп, атын жаяу жетелеп жүрді. Бірақ атты жетелеп, ол кісілер жанына қалай барасың. Төбе етегіне атын тұсап тастады.
Қызу сөзге кіріскен кісілер Өмірзақтың келгенін елемеді. Ол да дауыстап сәлем беріп, сөзді бұзуға именді. Көзі қазір сөз ұстап отырған Сүйінғараға түсті. Бұлардың ауылына келгенде аққұба ма, әлде сары ма, әйтеуір ашық өнді адам секілді еді. Қазір жүзі түтігіп қарайып кеткен. Тек, кеудесін көтере, басын тік ұстай, кейде шалқалап та алатын қалпы өзгерген. Шоқша сақалы тікірейе көтеріліп, басы қайқайыңқырап та кетеді. Көзін жұмып алып сөйлеп отырғандай көрінді Өмірзаққа.
Ағайын! Менің ұзында өшім, қысқада кегім жоқ адаммын. Болған, кектенгенім – ол кегімді тірімде өзім алдым. Әлім, қайратым жеткенді істедім. Өкінбеймін! Хан Жәңгірден қол үзсем, хан халқын тонады, ата-бабасының жерін талан-таражға түсірді. Кешегі екі арыстан Исатай мен Махамбеттің тілегін тіледім. Ел арасы алыс, жер шеті шалғай болып, қолына қол қоса алмадым. Хиуаның ханымен таласқа түссем, елімнің, жерімнің қамы! Басқасын айтпағанда, Бесқаланың ойына, Хорезмнің шәрлеріне кеткен қалашымның қалтырамай дірілдемей, жарқырап, еркін барып-келген күні бар ма? Маңына жоласаң малыңды сұраусыз айдап алады, алыста жүрсе бітір-зекет деп күшпен жинайды. «Сүйінғара сыбаға жинады, үлес алды деп тантитындар да бар! Білемін ол күңкіл сөзді. Мен сонда Хиуаның бегінің егініне түсіп, шарбағынан секіріп отырмын ба? Ата-бабам қорғаймын деп қанын төккен қасиетті жерімде, өзімнің Бозашымда, үйімнің төрінде отырмын. Бізден басқа біреудің жерін ешкіміздің лағы аттаса айқай шығарады. Ал неге біз жерімізге бөтенді талтаңдатып еркін жібереміз. Жоқ, мен тірі тұрғанда оған көне алмаспын! Құдайды біз үшін Хиуаның ханы жаратқан жоқ, жаратса бәрімізді де құдай жаратты. Құдай бар болса, оған ешкімнің еншісі жоқ! Мені «орысқа іш беріп жүр» деп сөгетін көрінесіңдер. Жасырмаймын, олармен сөйлескенім рас! Орыс елі – үлкен көршің! Аманыңда анау жездең Әбілқайыр хан, міне, бүкіл жиендерің патшаға арқа сүйеп, талтайып отырған жоқ па. Олар: «сауда жасаймыз, білім әкеліп, мектеп ашамыз!» дейді. Саған оның несі теріс! Сонау қорқып-үркіп, қай тұстан барымташы шыға келеді деп алақтап, Хиуаға барып келесің! Ал орыс саудасын үстіне әкелсе, одан неге қашамыз? Ол елдің ақ қағазға қарамен түсірген заңы бар, тәртібі бар. Саған керегі – оның тауары. Әкелсін тауарын, ашсын жәрмеңкесін, құрсын базарын. Оған тіпті Хиуаның саудагерлері де дүниесін түсірсін. Сен де барып базарға бағыңды сына! Керегіңді таңдап ал, қолыңнан келсе үйіңе дүнияңды қара нарыңа тиеп қайт. Өзіңде жоғыңды өзгеден ал! Көтермеймін ол айыбыңды!
Ал, ханның істеп отырғаны мынау. Тек менің ауылымды ойран етіп, қатын-баламды алып кетсе – өші менде болғаны! Бірақ олар жол бойы бүкіл елді шауып, қиратып, қолына түскенді алды-артына өңгеріп, алдына түскенді айдап барады. Соған не айтасыңдар? Көніп отыра бересіңдер ме, әлде қайрат жасайсыңдар ма? Ал, ағынан жарылып, бет-жүзге қарамай айт айтатындарыңды! Кінә, менен болса, соқ менің бетіме! Тек, жалтақтама, ағайын! – Сүйінғара айналасына көзін салмастан отырып қалды. Келер мезетте басын шұғыл қайта көтерді. Бірақ үндемеді. Ол осылайша кілт тоқтап қалады деп ойламаса керек жұртшылық. Қапелімдегі кідірісті Тұрыш бұзды. Осы хабарды естісімен, Жыңғылдыдан тура келген ол алғашқылардың бірі еді. Жағдай ретін түсінгеннен кейін жорық-жүріс қамына қасындағы бір серігін қайта жұмсап, өзі ауылда, Сүйінғара қасында қалып қойған. Тұрыш ұзын мойнын бір ырғап алды да, сөйлеп кетті:
Тыныш ауылды қапияда шапқан жау қызып алған, құтырынып алған. Жолындағылардың бәрін жапырып, қиратып барады. Қазір ол дүния-мал қызығына түсіп, бытырап кетті. Бытырағаны, шашылып-шашырағаны – бізге дөп! Айтысатын не сөз бар? Бесқаланың ойына құламай жету ләзім. Уәж осы! Басқа сөз жоқ! – Әдетте қызбай сөйлейтін Тұрыш бұл жолы да сол әдетінен таймады. Тек, қолындағы сегіз өрмелі дойыр қамшысын жерге бір ұрып алды.
Бұл ақыл!
Келісім осы болсын!
Ал, баста, Сүйеке! Билігіміз – өзіңде! – деген дауыстар осыдан кейін жамырап кетті.
Жан-жақтан да түрлі дауыстар естіліп жатты. Бірақ, көпшіліктің ден қойғаны Мая жайындағы сөз болды. Оны сол жақтан келген кісі айтты.
Қалбы мен Маяны да Хиуа алдыртыпты. Анау теңіз жағасындағы орыстар салып жатқан қамалды бұзыңдар дейтін көрінеді.
Мая не депті? Қалбы қайда? – деген сұрақтар туып қалды.
Маяның баласы Баймұхамбетті кепілдікке Хиуада қалдырыпты деген де әңгіме бар.
Бұл сөзді Сүйінғара қолын көтеріп, өшіріп тастады. Ол, тіпті, естімеген кейіп көрсетті. Отырған жерінде нығарлана түскендей:
– Ол қамал салушыларға ат-көлік, азық-түлік керек. Сый-сияпат деп бермесеңдер, пұлына сатып алады. Ол қорған бір күндік, екі күндік уақытша нәрсе емес. Сол ғана естеріңде болсын. Ал, мен қолымнан келген көмегімді бердім, аянғаным жоқ. Әлі де аянбаймын.
Сүйінғара орнынан ұшып түрегелді де, қолын көтерді. Жаңа ғана гулей қалған көпшілік қайта жым-жырт басылды. Бәрі бастарын көтеріп, Сүйінғара аузына қарай қалған.
Ниет-көңілдеріңді көрдім. Ризамын, ағайын! Бірақ, сексенге келген мен бас сардарлыққа жарамаспын. Ол билікті жастардың бірі алар. Бір сөз көкейіме қонды, ол – тез аттану! Алла жар болсын! Әумин! – деп Сүйінғара бетін сипады.
Орындарынан тұрып үлгергендері бар, көтеріліп жатқандары да бар, бәрі де бата жасаған рәсімде. Етек-жеңін қаққылап, иә сол күйлерінде еш жерлерін сілікпей-ақ тұрып кетіп жатқандары бар.
Манағыдан бері сөз ақырын андып тұрған Өмірзақ та, Сүйінғара бетін сипағанда, ерні күбірлеп бұл да екі алақанын бетіне апарды. Сүйінғара қозғалып кеткенде, өзінің де қимылдау керегін ұқты. Басына қан теуіп шыққандай, жүзі ду ете түсті. Көзі бұлдырап кетті. Өзінің қалай ұмтылып, орнынан қозғала берген Сүйінғараның қасына қалай лып етіп барып қалғанын абайламады.
Ассалаумағалейкум, Сүйеке! – Дауысының қалай шыққанын да елемеді. Тек екі көзі – Сүйінғарада! Белдігін қатты таңып жатқан Сүйінғара жас дауысқа елең етті. Сояудай ұзын тік кірпіктерін көтеріп, Өмірзақты шоли қарады. Оны ұнатқаны, ұнатпағаны белгісіз.
Ассалаумағалейкүм, Сүйеке! Мені танымай қалдыңыз ба? – Бұл жолы Өмірзақ үні сәл батылдау шыққан-ды. Сүйінғараның тіктеп қарап, назар аударғаны медет болса керек.
Әлейкүмассалам! Қай баласың?
Сүйеке, ұмытып қалдыңыз ба? Тілеміс шалдың баласы – Өмірзақпын. Біздің ауылда судың арғы бетінен келген-кісілермен сөйлесіп едіңіз ғой, – деп арғы бетті нұсқағандай терістікке, теңізге қарай қолын сілтеді. Ең күшті дәлелі осы болса керек. Көзін сол Сүйінғара жүзінен айырмады.
А, иә! - Сүйінғара да Өмірзақ пішімін шолып шығып, басын көтерді. Есіне оралған шығар. Сәл ойланып тұрып, белін жөндеп қатайтып алды да:
Ауылың аман ба? – деп сұрады.
Қайдан аман болсын. Шауып кетті ғой.
Тіпті, жан қалмады ма?
Үш әйел, екі бала бармыз. Сосын мен. – Өмірзақ жауабын қайырғанда Сүйінғара теріс бұрылып кетті. Өмірзақ барымды айтып болдым дегендей үнсіз тұр. Бірақ, Сүйінғара Өмірзаққа қайта бұрылды.
Балалар кімдікі? Өзіңдікі ме?
Жоқ, менде қайдан бала болсын. Келінің әлі жас, – деді.
Өмірзақ басқа жұрттың да Сүйінғара екеуінің әңгімесіне құлақ түре қалғанын қазір аңғарды. Бірақ бұрынғыдай қысылмай басын тік көтерді. Ешкімнен қаймығып, жасқанбады. Тұла бойында бұрын белгісіз батылдық пайда болыпты. Қазір, біреу тіл тигізсе, ұрынса, тап бергелі тұрғандай. Бірақ оған ешкім ұрынбады да, тимеді де.
Белдігін әбден қатайтып алған Сүйінғара шапанының екі шалғайын қайырып жіберіп, беліне қыстырды. Алды ашылып, қара барқыт шалбары көрінді. Аяғында қисық өкше етігі бар. Сірә тақасы қатты көрінді.
Шырағым! Бұл бәріміздің де басымызға түскен кесапат! Қаза болған тумаларыңның, ата-анаңның қайырын берсін. Қолдарынан дәм татып едім, – деді де орнынан қозғала берді.
Сүйеке! Солай ғой. Бұл қасірет бәрімізге ортақ қой. Мені де жасағыңызға алыңыз, – деп ұмтылды. Бұл жерде айтарын айтып қалмаса, оның қайтып кері келмейтінін жақсы ұғынды.
Сүйінғара оған таңдана қарап қалды. Көзінің оты жарқ етіп, ашу шақырғандай. Басын шалқайта түсіп, бажырая тағы назарын салды.
Шырағым, әлі жассың! Ауылыңа қайт.
Өмірзақ тағы да оған дау айтып сөйлемек еді, бірақ Сүйінғара кимелеп кетті. Жаңағы сәтте ғана қызыл шырайланып тұрған жүзі сұрғайып, қата бастаған су бетіндей сарғайып, шатынай аязданып барады. Жыбыр-жыбыр ететіндей елестеді.
Сонда, жауыңа қару көтерер ұрпағың қайда? Бір Хиуа ханының жолында бәріміз қырыламыз ба? Кеше мен өзім, айналамды қамысқа тығып паналағанымда өлімнен қорқып па едім? Кейін ұмтыларға қол қалсын, өсерге жан қалсын дегенім жоқ па? Қайт ауылыңа, келінге ұл бала таптыр. Біз, мынау көпті әлі де іріктейміз. Жау соңынан, артында ұрпағы бар, өсер-өнер барлар ғана шығады. Ата-баба салтымен астымыздағы атымызды өлсек, сояр қарамыз, үстіміздегі ақ сауыт кебінімізбен аттанамыз біз, – Сүйінғара бұдан кейін ешкімге бұрылып қарамады. Аршындап адымдай басып төбеден төмен түсті. Оның соңынан қалған топ та қозғалды.
Не істерін білмей тұрып қалған Өмірзақты сыртынан келіп біреу бауырына тартты. Өмірзақ жалт бұрылып, жерде тұрған аяқ пен қапсыра құшақтаған кеудені көрді. Жүрегі мұздап шошынып кетті. Басын көтеріп, төбесінен үңіліп тұрған мұртты кісінің басын көргенде жүрегі орнына түсті. Бұл Тұрыш еді. Өмірзақ оны бұрын танымайтын, жаңа ғана сөйлеген сөзін естіді. Бауырына тартқан ыңғайы, жылы шырайы мұны да елжіретіп жіберді.
Мені де ала кетіңізші, ағеке! Ең болмаса атқосшы болайын!
Ұзын бойлы Тұрыш Өмірзақтың жауырынан қақты да:
Сен жігіт емессің бе? Түсінсеңші! Бәріміз жау қуып кетсек мына ауылдағы бала-шаға, қатын-қалашқа кім басшы болады? Мына қирап жатқан елді кім көтереді? Осылай жұртта жайрап жата бермек пе? Тентек болма, ауылыңа қайт. – Тұрыш жай сөйледі. Ойлана кідіріп тұрды да: – Біз оралған соң, менің ауылыма, Жыңғылдыға кел. Хат танып, сауатыңды аш! Інім бол! Соған, кәне, қолыңды бер! – Тұрыш Өмірзақтың оң қолын қос алақанымен басты.
Бұдан кейін Өмірзақтың айтар сөзі болмай қалды. Ол көзімен тұсаулы тұрған атын іздеді.
Түйілген топ аттанып бара жатты.
СОҢҒЫ ҰМТЫЛЫС
Соңғы кезде Сүйінғара бұрын үйренбеген әдетке тап болды. Көп ойланып, көп жата береді. Бұрын, ол үй ішінде ғана ешкімді кіргізбей жатушы еді. Қазір, тіпті сыртқа, көлеңкенің салқын самалына киіз төсетіп, үстіне төсек салдырып, жастыққа шалқаятынды шығарды. Оны күннің жылынып, жердің көктеп, үлкенге де, кішіге де мамыражай шуағының әсері деуге де болатын. Бірақ мұндай әдеті бұрын да жоқ-ты. Қалай десе де жұрт, бұл соңғы кезде осындай бір нәрсе тауып алды.
Қазір де ол, қалың төсек үстінде жатқан, көзінде ұйқы жоқ. Көзін тас жұмып алады да, қайтадан тез ашып жібереді. Сол шақта, көзіне сонау биіктен төңкерілген көкшіл аспан ғана түседі. Сол мәңгі көк аспан бұрынғы қалпы, мәңгі жұмбақ жатыр. Оның шегі бар ма, түбі бар ма? Оны ешбір жан біліп болмайды. «Ой, жарықтық-ай!» деп ойлады бір сәт Сүйінғара, биіктен жерде не әрекет болып жатқанының бәрін айқын көреді. Бірақ сол зор зұлматтың, арпалыстың біріне де араласпайды. Тіпті қыбыр етпейді. Ол кейде қарадан қарап тұрып шатырлап, үстіңе төніп келіп, бей-берекетіңді алады. О, жарықтық-ай! Сенің со ұлылығыңда, шыдамдылығыңда шығар. Жер үшін, жер бетіндегі ырзық үшін! Ас, жай үшін, ар-намыс үшін қырқысып-қырылып жатқан адамның бірінің де ісіне қатыспайсың. Тек биіктен үңіліп, қарайсың да тұрасың. Тіпті құдайға күпір болсам да айтайын, жоғарыдан көзің бозарып, мөлиіп қарайсың. Иә, мөлиіп қарайсың! Сүйінғара ойы шатаса бастады. Ол аспанға жайбарақат қарап жатып, оған шатынайын деді. Аспанның енжарлығына, үнсіздігіне кейіді. Біресе ол қайтадан басылып, сабасына оралып: «Жә! Өмірдегі нәрсенің бәрін түзете алмассың! Сабырлы, шыдамды болған жөн шығар!» деген де ойға көшті.
Оның ойын әйелі бұзып жіберді. Есік алдына шыққан Сұлуке алысқа қарап тұрып қалған. Оны өз ойымен жатқан Сүйінғара байқамаған-ды. Әйелінің сыбысына қарай жалт бұрылды.
Не тесіле қарап тұрсың? Не көрінеді? – деді ол.
Сұлуке үнсіз тұра берді. Сүйінғараның айтқанын оның естігені де, естімегені де белгісіз. Сүйінғара құлағын қанша түріп, тіпті басын көтергенімен әйелінен еш жауап ести алмады. Тек, жеңіл желге қаудырлаған әйел көйлегінің сыбысы ғана естіледі. Алысқа көз жіберіп, бір орында қатып қалған. Әлденеге күдіктенген Сүйінғара әуелі басын көтеріп алды да, артынан шыдап жата алмай орнынан тұрып кетті. Содан кейін әйелі қараған жаққа бұл да көзін жіберді.
Айқын еш нәрсе көрінбеді.
Ауыл алды – кең жазық. Көз жеткен жердің бәрі теп-тегіс. Жер беті қазір түгел көктеп, дала беті тұтас жасыл түске айналған. Ұясына қарай еңкейіп келе жатқан күн көзі дала жүзін жадыратып, жандандыра түседі. Күннің тура асты ақшыл қылаң күміс рең тартып, басқа бүкіл әлем бар бояуын бетіне шығарады. Кешкі шақта әрбір бұтаның сойдиып, қарауытып, күдірейе үрей ұшырмақ бола келетін әдеті. Бірақ қазір ол мерзімге ертелеу. Күн көзі ешкімге әл берер емес. Көлеңке түсіретін нәрсенің бәрін жарқыратып, бар әлемді нұр сәулеге толтырып жіберген. Осы көрініске бір сәт елтіп кеткен Сүйінғара қараған тұсынан, бүкіл алдынан көзге ілінерлік жөн ештеме айыра алмай-ақ қойды. Сондықтан ба, әйелі ілгері қарап тұрған күйі:
Мынау біреудің өкпесі өшіп келеді ғой. Тыныштық болса жарар еді! – деп үн қатқанда Сүйінғара оған жалт бұрылды.
Не нәрсе көріп тұрсың? Не болды?
Ананы көрмей тұрсың ба? Біреу келе жатыр ғой. – Сұлуке мұны ақырын айтқанымен, Сүйінғараға ол сөз дабырай болып жеткен-ді. «Дауысында үрей бар ма? Ол ненің үрейі? Жалғыз кісіден де адам үрейлене ме екен? Шабуылдап жүрген бір тентек тағы» деп алғашында өзін-өзі іштей тежеді. Бірақ шауып келе жатырған адам оның ойын елеңдете берді. Енді, өзінің ашуланып кетуі мүмкін екенін ұққан Сүйінғара, әйеліне үнсіз бұрылып, орнынан қозғалып кетті. Бірақ қаншама тыныштық ойласа да, жалғыз аттының жүрісі оны мазалай берді. «Мұның жүрісі қалай өзі? Тағы не пәле болып қалды екен?» деп, қайта кідірді де, айналасына бұрылды. Аузынан Кежі аты шығып кете жаздап, өзінің оқыс кеткелі тұрғанын аңдады. Кежі жоқ екен ғой. Ол өлген екен ғой. Ол өлгелі қашан! ...Ол өлгелі неше заман болды!» деп, ол келер сәтте Кежі жайын, өткен оқиғаларды ойлап кетті. Бірақ өз сөзі, міне, тым ырық бермеді. Лақ етіп төгілгелі тұрған іштегі дауылды тежеп, өзіне тоқтатты. Тұла бойын алып бара жатқан сезімнен тез құтылу үшін ол Сұлукеге бұрылып:
Ауыл жігіттерінің қайсысы бар? Айтшы. Ана келе жатқан кісіні кім де болса қарсы алсын, – деді.
Өзі қайта теріс айналып жүре берді. Енді қайта жатуды ойлаған да жоқ. Жаюлы жатқан төсегіне көз қырын бір салды да, ауыл сыртын бағыт алып кетті.
Кежінің қаза табуы, басқа да өткен оқиғалар – ауылдың жабылуы, бұлардың қуған дұшпанына жетуі, одан кейінгі ханмен ортадағы алыс-беріс жағдайлар ойына неге қайта-қайта орала берді. Бірақ оларды Сүйінғара айқын түсінбеді.
Жаңа ғана ауызына Кежі атының түсіп кете жаздағанын да Сүйінғара аңғармай қалды: «Бұ не болды! Қартайғаным ба? Төрінен көрі жақын деген осыдағы. Бірақ, менен, сексеннен асқан Сүйінғарадан ел не сұрауы керек?» Бір сәт осылай деп, өзін-өзі жұбатқанымен, бірақ ол әлденеге риза емес секілді. «Ей, осы мен қайда барамын? Сондағы қорыққаным, жалғыз атты ма? Ол неғып жалғыз жүрген кісі? Осындай мамыражайда кісі шалқайып төрінде тыныш жатпас па! Мұның осыншама ат сабылтқаны несі? Жоқ, бұл жай жүріс емес! Неде болса келсін!»
Біраз жерге барып қалған Сүйінғара кейін қарай кілт бұрылды.
Келген кісінің шаруасы тосын болды. Әйтеуір, ол Сүйінғараны туралап шыққан адам екен.
Манатадан бергі тұстағы Сисем Ата басында бір топ адам жүрген көрінеді. Олардың түрін де, түсін де, тілін де айырып болмайды. Олай қарап, бұлай сынаған адамға тіпті исі қазақ емес сияқты. Сондықтан, оларды Еділ-Жайық бойынан немесе бергі Жем-Сағыздан келген деп айтуға да реті жоқ. Аспаннан салбырап түспеген. Тек келсе, Хиуа жақтан келген болуы ықтимал. Бірақ ол тараптан келген саудагер дейін десең, артқан жүгі, жүргізген саудасы көрінбейді. Көп сөйлеп, уағыз айтып, диуана секілді тірлік кешкендер секілді. Бірақ диуана артынып, тартынып, атпен, түйемен бұлай шұбырмаса керек еді.
Кісі әңгімесінің ұлы ырғағын осылайша ұққан Сүйінғара сөз аяғына шыдап отыра алмады.
Сонда олардікі не уағыз? Не деп жүр өздері?
Сүйінғараның сұқтана сұғына қараған жүзіне қонақ жалт бұрылды. Сөзін шорт тоқтатты. Бірақ келер сәтте өзінің Сүйінғара қасында отырғанын ұғынып, қайта сөйлеп кетті. Жаңағы Сүйінғараның көлденең киліккеніне қаймығып, сөзінен жаңылмағанына қарағанда, бұл сөзді ол ілгеріден дайындап келсе керек.
Кәпір келеді, кәпір көбейді дейді олар.
О кәпір қайдан келеді? Неден көбейеді? Неден көбейеді? Аспаннан түсе ме? – деп, Сүйінғара қонаққа бұл жолы тағы да шұғыл қарады. Оның алғашқы екпінінен ықпай қалған қонақ бұл ретте де көп қыңбады. Қайта бұрынғыша кідірместен қайта сөйлеп кетті.
Сендер осылай бұйығы, жуас бола берсеңдер, кәпір иықтай береді. Ол мойындарыңа әбден мініп алады, бір мінсе қайтып түспейді дейді. Міне, олардың айтып жүргені! – Сөзін аяқтаған кісі Сүйінғараға тура қарады. Манадан бері әлденеге дікектеп отырғандай болған Сүйінғара үнсіз қалыпты. Әлдебір ойға кеткен. Оған қарап қонақ та ауызын ашпады. Үйдің оң жағында қымыз сапырып отырған Сұлуке де үнсіз қалған. Киіз үй іші жым-жырт тыныштыққа бөгіп кідірген.
Сүйінғара орнынан ұшып түрегелді де:
Ал, қонағым! Мезгіл кеш болды, жатып тынық, – деді. Содан кейін Сұлукеге бұрылып: – Мына қонақтың төсегін салсын. Айт балаларға! – Бұдан кейін Сүйінғара кідірмеді. Сұлукенің әлдене айтпақ болып бұрыла бергенде, оны да көзіне ілмеді. Сезбеген адамша шығып кетті.
«Бұйығы, жуас» дейді. Бұйығы, жуас ел үш мың қарулы кісінің соңынан сегіз жүз адаммен түре қуа ма? Бұйығы, жуас! Жоқ, мұнда бір есеп бар! Ол не есеп?» Далаға жалғыз шыққан Сүйінғара осы жайларды ұзақ ойланды. Терең ой оны өз түбіне қарай сүйрелеп, алып бара жатқандай. «Бұл жай жүріс емес, себепті жүріс!» деген қорытындыға келді. «Кәпір, кәпір!» – деп саусақтарын шошайтқандары, анау судың бетіне тұрғызған орыстардың қорғаны болса керек. Олар да доптарын ойнатып, оттарын жарқылдатып, күпілдей келді ғой. Сірә, іштерінде өткендегі мен кездескен аз болса керек. Оқаланып, асынып, қарумен кеуделеп кірді. Сонда мыналардың уағызы – соларға қарай елді көтеру. Жоқ, бұл – жаудың ісі. Елді отқа итеру!» Сүйінғара ойланған сайын кейи түсті. Айдалада түн ішінде ол өз ойын тежемейді де. «Мұндай жауды ауыл үстінде талтаңдатып қоюға болмайды. Басқа жұрт не істесе ол істесін, оған, әйтеуір, мен көнбен!» Ол өзінің тас қараңғыда жұдырығын тас түйіп, қақшиып қатып қалғанын кейін барып аңғарды.
«Мына қатын неге құтырады-ай. Маған тіпті бұл жолы аттанба деп әлек салды-ау. Неге мен бұл жолы атқа мінбеймін? Ауылың үстіне біреу келіп айқай салып, атойлап жүрсе, мен қалай тыныш үйде жатамын? Кежі мен Бүркітәлі өліп, Айсалқам жау қолында қалды. Ауылдар шабылды, ел бүлінді. Жан кетті, мал кетті! Солардың артында мен жан тыныштығы үшін қарайып қалдым ба? Жоқ, ол қатынның айтқаны бола қоймас. Маған «қартайдың» дейді. Қартайғаным рас. Сексеннің үшіне келіппін. Қартайғанда кісі төсектің жұмсағын салып, соның үстінде шолжиып жатуы керек пе? Болмайды ол, болмайды! Қолыңнан келгенінше қайратыңды жұмса!»
Ат үстінде жортып келе жатқан Сүйінғара Сұлукемен осылайша айдалада іштей, үнсіз таласады.
Қонақ кісінің сөзінен кейін ол ел шетінде жүрген кісілерді ұстауға Сүйінғара кеше түнде бірден-ақ бел шешкен. «Ат сабылтып мен деп келген екен. Менің одан жалтаруыма болмайды. Ол – намыс ісі. Өлсем жау қолында-ақ өлейін. Өлген кісілер менен артық па, кем бе? «Сүйінғара қартайып, тасаланып қалыпты» деген сөзді естігенше, қара жердің қабатында тыныш жатқан жөн дағы. Ол ауылдың атқа мініп, қару ұстай алатын жігіттерін күндіз дайындады да, кеш түсе аттарына мініп жүріп кетті. Соған Сұлуке қарсы болды. Оның бар айтқаны да:
Мына інілеріңнің біріне бастау кезегін бермейсің бе? Сақалың сапсиып қашанғы алға түсе бересің! – деген-ді. Қатты болса да, жұмсақ-жайлы болса да осылай айтты.
Е, менің кезегімді алып, жолыма жүретін адам болып, мен оның қолын қақтым ба? Бұл жүрісім Кежі мен Айсалқамның аруағы үшін, – деді. – Біз тірі тұрғанда ешкімге жерімізді таптата алмаймыз, – деді де, атын тебініп қалды.
Ауылдан сол қалпы, кейіген қалпы шықты да көпке дейін атының басын тежемеді. Ұзақ мерзім бүлкілмен отырды. Жүретін болып, дайындық кезінде күтуші жас жігіт: «Сізге жорға ат дайындайын. Ыңғайлы болар!» – деген-ді. Оған Сүйінғара: «О несі! Жорғасы несі? Кісі жорыққа шыққанда жорға міне ме екен?» деп ұрсып тастаған болатын. Әуелден де жорғаға құмарлығы жоқ Сүйінғара, оны тіпті ерсі көрген. Барлық сол ашу бұл қатты жүрсе жазылардай, соңына ерген көпшілік те үнсіз қозғалып, шұбатылған шағын арқанша созылып келеді.
Сол жүріспен отырған олар кешкі ымырт кезінде бір жалдың баурайына жетті. Одан асып түссе – Сисем Ата. Сондықтан олар осы жерге кідірді. Аттарын тарлап тұсап, көп алысқа жібермеді. Әркім алып шыққан сусынын, айран-шалабын ішіп, көздерін іліндірді.
Джеймс Аббот ұйқыдан ерте оянды. Даланың таза ауасында ұйқысы қанып қалды ма, әлде оны түрлі ой мазалады ма? Ол жағын түсінген жоқ. Бұлар осы тұста кідіріңкіреп қалды. Әуелде ілгері жүремін, теңіз жағасынан тұрғызылған жаңа қорғаннан бір-ақ шығамын деп ойлағанымен, діттеген межесі жақындаған сайын жүрегі шайлыға беретін секілді. Онысына өзінің айқын сенімі де жоқ.
Әйтеуір, ұйқысы қашқан адамдай орнынан ерте тұрып кетті.
Шығыс жақтан қылаңытып таң атып келе жатқанмен, айналасындағылардың бәрі тегіс ұйқыда. Ричмонд Шекспир де бас көтеретін емес. Қалғандар – түрлі ауғандар, хиуалықтар да теңкейіп-теңкейіп жатыр. Ол орнынан тұрып, айналасын барлай қарады. Мүлгіген күңгірт далада ешнәрсе көзге жөнді ілінбейді. Сонау алыстағы тегіс дала бозартып көрінгенмен, бұлар орналасқан баурай бойы әлі күңгірт. Түрлі елден жиналған жұрт түрлі жайда ұйқыда. Бірақ олармен Джеймс Абботтың араласы шамалы. Ричмонд Шекспир екеуі ғана бір болады. Ас-суын күтушілер дайындап, солармен ғана тіл деседі.
Ричмонд ояна қоймаған соң ол біраз қыдырып алды. Тым алысқа кетпеді. Жүрегі әлденеге қобалжитын секілді. Бұлардың елден шыққанына қанша мезгіл. Сонау Темзадан шығып Индияға, Бенгалияға келді. Одан Ауғанстан арқылы бұл далаға, Маңғыстауға да жетті. Орыс елі дегеннің шекарасында тұр. Енді кейін шегінер жол жоқ. Сонда не мақсат тындырды? «Индия елін Англияға қосуға біз үлгере алмадық. Бірақ мына Азияны Ұлы Британ империясына қосуға біз үлес қоса аламыз. Мынау жатқан даланы өзімізге қаратуға не күш керек? Бір-екі батальон да жарайды. Хиуа ханының түрі анау? Ең болмаса шаншыған құлағына тамызар дәрісі де жоқ! Оған дәрі бермегенім дұрыс болды. Басқа нәрседен ұшынса да менен көруі мүмкін. Қолында күш-қайрат, қару-жарақ тұрғанда жалғыз-жарым кісіге бұ шығыс тағыларының істемейтіні жоқ. Бұлардан не зұлымдық-зымияндықты күтуге болады. Маңғыстау мынау. Өлі жатыр. Әрине, алдымызда Россия! Бірақ оның есін жиғызбау қажет. Сондағы біздің жұмсарымыз кім? Мына ұйықтап жатқандар. Осылар алды Ауғаннан шығып, бергісі Хиуадан сатылып, не ойлап келеді? Түк те ой жоқ. Аз ғана алған тиын-тебеніне мәз. Ал осыларды осы тағы күйлерінде қалдыру тіпті, құдай алдында күнә ғой!»
Джеймс Абботтың ойы осы тұста бөлінді.
Сүйінғара тобы Сисем Ата басына осы кезде көтерілген-ді. Ол бір-екі епті жігітті бұлардың кімдер екенін жаяу бағдарлап қайтыңдар деп жұмсаған. Екеуі көп кідірмей оралды. Әлгі екеуін жұмсап жіберген соң қайта жатуға зауқы болмай қалған Сүйінғара тасада қыдырыстап жүрген. Қазір таң толық атқан кез. Мүмкін, күнде ерте тұруға әдет алып, бойы үйреніп қалған кісіге мерзімнің ықпал жасауы мүмкін. Алайда, оларды бұлайша тез келеді деп Сүйінғара ойламаған-ды. Асыр аң-таң қалып:
Ал, иә? – деп олардың жүздеріне үңілді.
Сүйеке! Олар ұйықтап жатыр. Күзетші екенін білмеймін, біреуі әйтеуір ербиіп тұрды. Басқалары әлі ұйқыда, – деді, сарғыш жастау өңді біреуі. Қапыла сөйлеп, ынтығып тұр.
Оу, кімдерді айтасыңдар? Кімдер ұйықтап жатыр? – Сүйінғара әлгі жігітке бұрыла қалт қарап, қатал сұрады.
Әлгі біз іздеп келген, Хиуа ханынан келген кісілер. Бәрі бір жерге қоршалып ұйықтап жатыр. Түйелері айналарында иіріліп, тізеулі... – Сүйінғара келбетінен қаймыққан әлгі жігіт бұл жолы ентігін басайын деді. Сүйінғараның бұрылғандағы сұрғылт жүзі қаймықтырып тастаса керек.
Сүйінғара да, ол екеуі де үнсіз қалды. Әлгі жігіт бұл жолы қасындағы жолдасына қарап еді, қара торы жігіт үнсіз тұр. Оның да жас екенін дөңгелене тебіндегі шыққан қара мұрты ғана жасыратын секілді. Сүйінғара көп кідіріп тоқтамады. Екінші жігітке бұрылып:
Сен неге үндемейсің? Олардың Хиуа ханынан екенін қайдан таныдыңдар?
Киімдері, үстеріндегі ала шапандары мен басындағы дағарадай сәлделері айтып тұр. Сосын... – Екінші жігіт сәл кідірді де, бірақ өзі қайта сөйлеп кетті. Ойын екшеп алса керек.
Сосын, көліктерінің ішінде есектер жүр. Есектердің қайдан келетінін өзіңіз де түсінерсіз. Жігіт бұдан кейін үндемеді, сәл мүдірді.
Оған Сүйінғара да сұрақ бермеді. Тек көп ойланып тұрды. «Иә, естімеген елде көп, есек мінген сартта көп» деген ел сөзі бар. Бұлар, кімдер болса да, келген бағыты – мына ел, Хиуаның хандығынан шыққандар. Ендеше, бұлар жай жүрген жоқ». Одан әрі тағы бір шешімге келіп, әлгі жігітке ақырғы рет бұрылды.
Қанша адамның шамасы екен. Оны байқадыңдар ма, сірә? – Сүйінғара үніндегі жаңағы қатқыл әуен жоқ. Едәуір жұмсарып қалыпты. Содан батылданып кетті ме, әлде табиғатында сөз құмар ма, алғашқы сарғыш өңді жас жігіт қайта тез сөйлей жөнелді.
Адам саны қырық пен елудің арасы. Одан көп емес, көлік реті де соған келеді.
Бұл жолы Сүйінғара оның жауабына қанағаттанған секілді.
Ендеше, тұрсын жігіттер. Тез аттанамыз.
Джеймс Аббот тобының жатқан жері келесі төбенің төңірегі болса да, Сүйінғара өз адамдарын тура бастамады. Етекке қарай кететін саймен өтіп, төбенің оң жағы бетіндегі тасадан шықты. Бұл тұс ойпаңдау еді. Тура көтеріліп, тез қимылдауға ыңғайлы. Және Сүйінғара әлгі екі жігітті жаңа барып келген бағыттарына қайта жіберген:
Жаңағы өздерің оларды бақылаған тұстан аңдып отырыңдар. Біз ар жағынан өтіп, төбеміз көрінгенше тырп етпеңдер. Сонда ғана сендер де қимылдаңдар. Оған дейін демдеріңді шығармаңдар. Ал енді... – Сүйінғара артына бұрылып, жақын серігіне қарады. – Қабыл! Әлгі екі мылтықты осыларға бер. Тигізе алмаса да, түтін шығарсын. Мыналарға от бере аласыңдар ма? – Жігіттер не айтарын білмей, мүдіріп қалды. Бірақ оларды Сүйінғара сынап жатпады. Оған уақыт та тар болатын. Тек жаңағы өзі бұрылған жігітке қарап: – Қабыл! Бұл екеуімен сен де қал. Тұтата алсаңдар, аспанға көтеріп түтін шығарыңдар. Ең болмағанда шиті мылтықтарыңды шошаңдатып, қамшыларыңды көтеріп, олардың зәресін алыңдар. Бірақ тағы ескертемін. Біздер көрінбей сендер де қылп етпеңдер, тек осы шартқа берік болыңдар.
Сәтін салғанда жардың екінші беті түйетайлау, көтерілуге ыңғайлы екен. Етектен шыққан Сүйінғара тобы бірден лап қойды. Осы сәтте жоғары беттен гүрс еткен мылтық үні естіліп, көк түгін де көтерілді. Оқиғаның осылайша тез болғаны әсер етті ме, әлде мына жатқан жұрт шын бейқам ба, әйтеуір бәрі тез бітті.
Сүйінғара тобы оларды айналдыра қоршап алды. Джеймс Аббот адамдары да үрпиісіп, орындарынан ұшып-ұшып тұрысты. Біреуді зақымдап жаралап, тіпті екі жақтан да қол ұмтылған адам болмады. Екі-үш күннен бері ауылдан суыт шығып, әлденеге өшіге ұмтылған тап мыналардың ұйқы-тұйқы түрлерін көріп өздері абдырап қалғандай. Екі жақта да тіл де, сыбыс сөз де жоқ. Тек Сүйінғара бұлардың арасын атымен аралап, топты тегіс байқап шықты. Адам сескенерлік қару жоқ секілді. Осы сәтте ғана Джеймс Аббот есін жиғандай болды. Ричмонд Шекспирге қарады да, ағылшын тілінде әлдене айтты. Содан кейін екеуі де қапшықтарына ұмтылғандай болды. Бұл Сүйінғара адамдарына күмәнді көрініп, олар қимылдайын дегендей болған. Тіпті, бір-екеуі қозғалып, оларға ұмтылуға оқталған. Бірақ Сүйінғара қамшысын көтеріп, оларды тыйып тастады. Жұрт аңдысқан жым-жырт қалыпқа қайта көшті. Бірақ өз дүнияларына ұмтылған екеуінен көздерін жазбайды. Джеймс Аббот қызметшісіне де әмір бере алмады.
Екеуі де үстіндегі киімдерін шешіп тастап, бұттарындағы жұқа лыпамен қалды. Асықпай, қайта киіне берді. Күннің жоғары өрлеп, ыстықтың көтерілгеніне де қарамастан, екеуі де ағылшын офицерінің толық киімін киіп алды.
Кім екендерін бұл сәтте айқын таныса да, Сүйінғара олар тарапында бір шешімге келген-ді. Мұны ауылдан аттанғанда кесіп-пішкен. Алайда, арты қалай болады деген сақтықпен ол жайында ешкімге тіс жармаған-ды. Бұл кезде айналаның жым-жырт болғаны соншама, жаңағы бір сәтте тоқтап қалған бозторғайлар орындарынан қайта көтеріліп, өз әуендеріне шырылдарына жаңадан, тың әуенмен кірісті.
Содан кейін ол өз адамдарына қарап қамшысын көтерді де:
Уа, көпшілік! Бұлардың кім екендеріне көздерің жетті ме? Мен түсініп тұрғаным жоқ. Әйтеуір, дос емес. Алайда бізге қару жұмсамады, біз де босқа қан төкпелік. Бұларды түгелдей айдап, Кетікке жеткізіңдер. Сонда келіп орныққан орыс үкіметі өздері шешсін. Мына екі сарыаланың да тілін солар біледі. Сендерді Қабыл бастап барады. Ал, Қабыл, жүктерін жинат, – деді.
Сүйінғара өзі бөлек шығып кетті. Екі жақ та абыр-сабыр болып қалды. Джеймс Аббот тобы жүктерін жинай бастады. Олар мұны Сүйінғара адамдарының қимылын дүниені жинақтай бастағанынан ұққан.
Әлдебіреудің шаңқ ете қалған үні шықты. Ат басын кейін бұрған Сүйінғара, мана ертеңгісін жұмсаған саржағал жігітті көрді. Ол Джеймс Абботтың қасына барып қалыпты. Сүйінғара өңінен қаймығып қалған ол, кейін шегіне бергенмен, шаңқылдап сөйледі.
Мына сарыала мені кейін итеріп жіберді. Қабында қаруы болуы керек, – деді.
Қаруы болса тартып ал! Егер қару шықса, шап шынашағын. Басқа қимыл жасама, – деп Сүйінғара әмір берді. Шу қайта тыйылған секілді.
Содан кейін Сүйінғара Қабылды оңашалап шығарып:
Жолды білесің, Қабыл! Шетпенің аңғарына жетіп, одан әрі Тұщыбек, Жыңғылдымен кетесің. Сақ бол! Сірә мына екеуі Хиуа ханының кісісіне де ұқсамайды. Тіпті, осылар әлгі Енглез деген ел ме деп те қорқамын. Әйтеуір, екеу ғой әзір. Тегістей орыс қаласына жеткіз. Соларды өздері тергеп-тексерсін. Не жаза береміз десе де еріктерінде. Тіл-хат, заң-закон өздерінде. Тек біздің бір тілегімізді жеткіз. Бұл менің емес, көптің тілегі де болар. Маңғыстауды қу дала болса да, қолымыздан келгенше бір жауға топырағын бастырмаймыз. Өйткені бұл – туып-өскен, ата-бабамыз сүйегі жатқан жер. Тек сақ бол, ешқайсысын шашау шығарма. Мен елге қайтайын. Жолда Бүркітәлі басына, Құлбараққа соғамын. Кежінің де моласын жөндеу керек еді... Иә, бұл тірлікте шаруа таусыла ма! – деді де ол бұрылып кетті. Неге екені белгісіз сол өлген адамдармен бірге көз алдына әзір алынбай Хиуа хандығы қаласында жүрген Айсалқам мен Жансалқам да осы арада ойына оралып кетті. Екі қызы әлі сонда. Өлі деген хабар жоқ. Үні сәл дірілдеп шыққандай. Қабыл да оны қысталамады. Алпамса денесін тез бұрып, мыналардың жүгін жината бастады. Апар көліктерін алдырып, оларды тиету қажет. Барар жері де алыс, күн де қызып келеді. Әйтеуір, жүрер жолы бұлақ судың үсті. Жыңғылдыдан өткен соң, Үдекке соғар. Содан әрі бұлар Қаңғаның желкесімен өтеді. Қамысауылдан етекке құласа, кетиген тау арасынан қалашық, шағын тау басында орыс әскерінің қорғаны көрініп тұр деген.
Қасына үш-төрт жолдас ерткен Сүйінғара да, олармен Өтес сайының басына дейін бірге келді. Солтүстік-батысқа бұрылды.
Лек болып ілгері өтіп, осыдан бес жыл бұрын салынған Ново-Петровск қорғанына қарай жүріп бара жатқан тұтқын топқа, соларды айдаған адамдарға қарап, төбе басында кідіріп тұрды. Биік Маната асуының етегі де алыс емес. Бұл тұста жықпыл таса көп. Анау дүрмек сол көп тасаның қабатында көрінбей кетті.
Бұл бір мыңда сегіз жүз отыз тоғызыншы жылдың май айының да аяқталып қалған кезі болатын. Орысша бұлайша жыл қайыруды Сүйінғара білмесе де көктемнің таусылып қалғаны анық. Әзірге көк шөп сембесе де жаздың ыстық екпіні таяу. Оның ар жағы аптап шілде.
Көз алдындағы суреттер елеске айналып, әбден ғайып болған соң Сүйінғара кідіріп қалған серіктеріне қарады. Тағы да бір рет, соңғы рет Сисем Атаға бұрылды.
Тап осы сәтте өмір жасы сексен үшке келген Сүйінғара бұдан екі жыл өткен соң мүрдесін көпшіліктің көтеріп тап мына биікке, Сисем Атаға әкелетінін білген жоқ. Тіпті, ол түгіл анау тасаға түсіп кеткен тұтқындардың тағдырының не болары беймағлұм. Бірақ, бұл өз міндетінен құтылды. Өкімет қолына тапсырады. Тек соның жайын ойлаған.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру