Құрбандық
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бөбетай Қанзия — «Құрбандық». ҚҰРБАНДЫҚ
/uploads/5d7ecc7a-a348-5906-a4e9-4ce20fc43850/cover.png
(2 бөлімді, 7 көріністі драма)
Қатысушылар:
1. Журналист жігіт
2. Зағипа – әйел
3. Сәуле – студент
4. Айгүл – студент
5. Жанар – студент
6. Тергеуші
7. Куратор әйел
8. Жиналыс жүргізуші кісі
9. Партком секретары
10. Комсорг
11. Әділова – Кәсіподақ ұйымының төрайымы
12. Дауылбаев Дүйсен – Зағипаның әкесі
13. Айжан – Зағипаның құрбысы
14. Өгей шеше – Зағипаның шешесі
15. Қыздар, жігіттер
16. Солдаттар
17. Күзетші милиционер
18. Зағипа – жас кезі.
БІРІНШІ БӨЛІМ
БІРІНШІ КӨРІНІС
Вокзал басы. Скамейкада журналист отыр. Қасына ішімдікке салынып, азып-тозған Зағипа келеді.
Зағипа:
— Темекіңіз бар ма?
Журналист (қалтасынан алып ұсынады):
— Мінеки, алыңыз.
Зағипа:
— Рақмет, ағасы. (темекі тұтатады.)
Журналист (ысырылып орын босатып):
— Ініңіз болатын шығармын?
Зағипа:
— Болсаң, боларсың. Отыра тұрайын. (журналистке қарап) – Жақтырмай отырғаныңды білем.
Журналист:
— Неге
Зағипа:
— Жасырмай-ақ қой, тезірек кетсе екен деп отырсың ғой ішіңнен. Иә, қазір менен бәрі қашады, бәрі менен теріс айналады. Бір кезде қандай қыз болып едім. Осы күні бәрі өтірік.
Журналист:
— Шынында да, апай, неге сонша азып-тозғансыз.
Тағдырыңыз қиындау болды ма? Өзіңіз қазақшаны таза сөйлейді екенсіз?
Зағипа:
— Батыстанмын, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында өсіп едім. «Көресіңді көрмей көрге кірмейсің деген», қанша азып тозсам да өз тілімді ұмытқан жоқпын.
Журналист:
— Апай, ақыр пойыз екі сағатқа кешігіп келеді екен. Уақытыңыз болса, өзіңіз туралы айтып берсеңіз.
Зағипа:
— Уақыт болса дейсің бе, менің уақытым, менің өмірім осы жерлер емес пе? Ал өзім туралы айту қиын, оны жай айта алмаймын, айып етпесең, бір бөтелке алып бер, соны ұрттап отырып шерімді бір тарқатайын.
Журналист:
— Жарайды, апа, алып келейін (кетеді) Зағипа (оңаша):
— Шамасы журналист болу керек. Менің тағдырым бұған соншама неге қызық болды екен? ЕҺ, дүние-ай!
Журналист (келеді):
— Мінекиіңіз, апай (құйып береді)
Зағипа (стаканды ұстап):
— Өзіңе құймадың ба?
Журналист:
— Мен ішпеуші едім.
Зағипа:
— Дұрыс інім. Бұған үйір болмай-ақ қой. Мен де іштегі күйігім мен шерімді осымен басам деп жүріп, қалай үйір боп кеткенімді білмей қалдым. (алып қояды) Бір кезде мен де бұны татып алмайтынмын. Үлбіреген, күнәдан пәк, желкілдеп өсіп келе жатқан бойжеткен едім. Студенттік өмірімнің екінші жылы, 86-ның желтоқсанының ызғарына ұрындым. (Жарық сөнді)
Екінші көрініс
(Музыка)
Сахнаға төрт қыз шығады. Әңгімелесіп жүріп келеді.
Сәуле:
— Қыздар, осынымыз дұрыс па? Кураторымыз ешқайда бармаңдар деген жоқ па еді?
Айгүл:
— Сәуле, сен не, қорқып келесің бе? Қазақ жастарының бәрі жиналып жатқанда біздің бұғып қалғанымыз жарамайды. Ештеңе бүлдірмейміз ғой, көрейік өз көзімізбен, жұрттың пікірін тыңдайық
Зағипа:
— Расында да, ЖенПИ-дің өңкей қыздары батылдық көрсетіп барып жатқанда, алаңның іргесінде тұрып, біз неге бұғып қаламыз. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, тілегіміздің бір екенін көрсетейік.
Жанар:
— «Бұға берсең сұға береді» деген, көрсін біздің де ел екенімізді. Қазақтар, біз бармасақ, ол жерге кім барады?
Сәуле:
— Ана қаптап тұрған әскери адамдар өте қорқынышты екен. Олар бізге қарсы қол көтерсе қайтпекпіз. Жүрегім бір жамандықты сезетін сияқты. Тыныштық болса екен, әйтеуір. Бірақ мына толқыған халықты енді тоқтату қиын шығар. Алаңға әр жағынан жұрт әлі келіп жатыр.
Зағипа:
— Иә, халық өте көп екен. Көрдіңдер ме, көбі өзіміздің қаракөздер. Бір-бірімізден адасып қалмайық. Олар бізге қарай келе жатыр.
Осы кезде алдарынан шегіне жүріп келе жатқан қыз-жігіттер, оларды ұрып-соғып келе жатқан солдаттар көрінеді. Жігіттер солдаттармен жақтасып, қыздарды қорғай бастайды. Шегіне қашқан, у-шу, жағалас.
Сәуле (құлап жатыр):
— Қыздар, Зағипа!
Зағипа (жүгіріп келіп тұрғыза бастайды):
— Тұр, Сәуле, тұр не болды? (Сәулені сүйемелдеп келеді.)
Осы кезде солдаттар оны да соққыға жығады. Айқай-шу, шыңғырған дауыстар. Жарықтар сөне бастайды.
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Үстел басында тергеуші. Күзетші Зағипаны алып келеді.
Тергеуші:
— Фамилияңыз, атыңыз?
Зағипа:
— Дауылбаева Зағипа.
Тергеуші:
— Оқитын оқу орныңыз?
Зағипа:
— Сәулет-құрылыс техникумы.
Тергеуші:
— Алаңға не үшін бардыңыз? Сіздерді кім бастап барды?
Зағипа:
— Ешкім, өзім бардым.
Тергеуші:
— Не үшін?
Зағипа:
— Жай.
Тергеуші:
— Шыныңызды айтыңыз, әйтпесе қиын болады. Оқудан шығарылып, сотталасыз.
Зағипа:
— Шыным сол, елмен бірге болайын деп өзім бардым.
Тергеуші:
— Ел, қайдағы ел? Ел ма осы, өңкей ұлтшылдар, шетінен бұзылған нашақорлар, жезөкшелер. Сендер қызық қуып бардыңдар, шыныңды айт. Қасында кімдер болды?
Зағипа (қасарысып):
— Басқа айтатыным жоқ.
Тергеуші:
— Ах, солай ма, шлюха, өз обалың өзіңе, қашан мойындағанша көресің әлі. Алып кетіңдер! (Кетеді).
Тергеуші:
— Екіншісін әкеліңдер! (Сәулені әкеледі) Қалай бикеш ойландың ба? (Сәуле үндемейді) Неге үндемейсің? Ой-ой-ой, кім тиген саған? Қандай қатыгездік, ә? Қалай менің айтқаныма келісесің бе? Егер келіссең, бұл жерден ептеп босатып жіберуге болады. (қызға жақындайды) Келістік пе? (қыз шегіншектейді.)
Тергеуші:
— Онда өзің біл, кеміңде бес жылға сотталасың. Оқудан, комсомол қатарынан шығарылып, иттей боп қаңғып өлесің.
Сәуле (жылап тұрып):
— Мені, мені қорлап мазақ еткен.
Тергеуші:
— Кім?
Сәуле (тіcтеніп):
— Сенің солдаттарың.
Тергеуші:
— Ах сука, сен Кеңес Одағының солдаттарына жала жаппа. Қара мұны, жап-жас болып, мұның болмайды. Алып кетіңдер!
(Жарық сөнеді). (Камера іші. Қаракөлеңке. Сәуле кіреді 4-5 қыз алдынан шығады. Сәуле еңіреп жылай бастайды).
Қыздар:
— Не болды, Сәуле? Жылама, шыда. Тағы да ұрып-соқты ма?
Сәуле:
— Кешегі талабын қайталап айта береді, айтқаныма көн деді. Енді зорлауына түспекпін бе? Онсыз да абыройымды айрандай төккен жоқ па? Бүйтіп қорланғанша өліп қалғаным жақсы еді. (Солқылдап жылай бастайды.)
Зағипа (жақындап келіп).
— Сәуле, жыламашы енді, өлем деген сөзді айтушы болма. Онсыз да өліп отырмыз ғой. Сол алаңға барған күні, сені сүйрелеп жүргендер мені де қорлап кетті. Қасымыздағы Айгүл мен Жанар қайда, олар не күйде, өлі ме, әлде тірі ме, ол да белгісіз. Алдағы тағдырымыз не болары белгісіз. Соттай ма, оқудан шығара ма, бәрінен де арымызды аяққа таптап, шашымыздан сүйреп, соққыға жыққанын айтсаңшы. (Қыздар еңіреп жылай бастайды).
Бір қыз:
— Жігіттерді қинап ұрып-соғып жатыр. Өлді-ау, байғұс.
Екінші қыз:
— Мынаны естіп отырып шыдай алар емеспін. Жынданып кететін шығармын.
Бірінші қыз:
— Не көрсек те ештеңе айтпайық. «Алаңға өзім бардым» дегеннен басқа ештеңе демеңдер.
Зағипа:
— Иә, дұрыс айтасың. Қыздар, жылағанмен енді пайда жоқ. Ендігі жағдайымыздың қиын екенін сезіп тұрмыз. Біз өз халқымыз үшін, оның болашақ жақсы күндері үшін, еркіндігі үшін өзімізді құрбан еттік. Біз болмасақ ұлт намысын кім жақтайды? Әйтеуір біреу шығу керек қой. Бұл ісімізге ешқашан өкінбейік! Бір кездері бізді де түсінетін уақыт туар!
Музыка «Желтоқсан желі». Сахна жабылады.
Екінші бөлім төртінші көрініс
Сахнада техникум басшылары жиналыс өткізіп жатады. Трибунада куратор әйел. Төрт қыз, екі жігіт жұрт алдында түрегеп тұр.
Куратор:
— Сонымен, біздің техникумның осы студенттері желтоқсанның он жетісі күні Брежнев алаңына барып, жаппай тәртіпсіздікке қатысқан. Біздің ескертулерімізге құлақ аспай, бүкіл техникумның атына кір келтіріп отыр. Менің ұсынысым, кейінгілерге сабақ болу үшін бұл студенттерді комсомол қатарынан және техникумнан шығарып, аластау керек. «Сенген қойым сен болсаң» дегендей, әсіресе, группаның старостасы Дауылбаева Зағипаның бұл әрекеті ешқандай кешірімге жатпайды.
Жиналыс жүргізуші кісі:
— Ендеше, дауысқа саламыз. Брежнев алаңындағы ұйымдастырылған жаппай тәртіпсіздікке қатысқан төмендегі студенттер техникумнан шығарылсын.
1. Дауылбаева Зағипа
2. Ысқақова Сәуле
3. Әбдиева Жанар
Музыка («Желтоқсан желі») Жарық сөне түсіп қайта жанады. Сахнада Зағипа жалғыз, пойызда отыр. Сартылдап жүріп келе жатқан пойыз дауысы естіліп тұрады.
Зағипа:
— Бұл дүние не болып кетті, кейде осының бәрі түс сияқты. Қинала-қинала оянып кеткім келеді, осының бәрі түс қой деп өзімді сендіргім келеді.
Шынымен басыма менің қара түнек төнгені ме? Арманым көп еді, бәрі де енді үмітімнің сөнгені ме? Достарым қайда қызық күндерді бірге өткізген. Сүйгенім қайда серттескен? Оның да менен теріс айналып үлгергені ме? Осы мен шынымен де ауылға барамын ба? Елге қалай көрінем? Әкемнің бетіне қалай қараймын? Ауылдастарым қалай қарсы алар екен? Бәрі беймәлім, бәрі үрейлі! Қайран анам, егер сен тірі болсаң, мені қалай қарсы алар едің? Не болса да мені отқа тастамайтын жалғыз адам өзің болар едің-ау, қайтейін, сен де мені ерте тастап, мәңгілікке кете бардың. Жазығым не, жазығым көппен бірге алаңға барғаным ба? Маңдайым тасқа тиіп, үмітімнің кесілгені ме? Әкемді, бауырларымды жерге қараттым-ау. Бірақ елге бармағанда, енді қайда бармақпын? Не де болса, маңдайыма жазғанды көрермін.
(Музыка. Жарық сөнеді)
БЕСІНШІКӨРІНІС
Сахнада жиналыс көрінісі. Ауылдық кеңес. Бастауыш партия комитеті председателі, ауыл активтері. Зағипа әкесімен бөлек отыр.
Партком секретары:
— Күн тәртібіндегі мәселе – совхоз жұмысшысы Дауылбаев Дүйсеннің тәртіп мәселесі. Жолдастар, өздеріңізге де белгілі, өткен жылдың декабрь айында Алматыдағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан жастар қазір жауапқа тартылып, алды сотталып, кейбіреулері комсомол қатарынан, оқуларынан шығарылып жатыр. Дауылбаев Дүйсен совхозымыздың мақтаулы механизаторы болғанымен балаларын тәрбиелеуде өрескел кемшіліктер жіберген. Өз балаларын коммунистік партиялардың идеялары негізінде тәрбиелей алмағандықтан, оның қызы Дауылбаева Зағипа Алматыдағы тәртіпсіздікке қатысып, оқудан шығарылып отыр. Осындай отбасындағы өрескел тәртіпсіздіктерді, қызын дұрыс тәрбиелей алмауы себепті коммунист Дауылбаевты партиялық жазаға тарту туралы ұсыныс жасаймын. Енді сөйлеуге көшейік. Сөз комсомол ұйымының секретарына беріледі.
Комсорг:
— Жолдастар, күн тәртібіндегі мәселе белгілі ғой. Дүйсен ағайдың өзі ұнамды мінезімен, ерен еңбегімен елге танылса да, бала тәрбиесіне мән бермегені көрініп тұр. Осының айғағы ретінде қызы Алматыдағы оқуынан шығарылып, елге оралып отыр. Мұндай жастар ешкімге үлгі боп келістірмейді. Сондықтан қызының өрескел тәрбиесіне басты себепкер Дүйсен ағайға партиялық қатаң шара қолдану керек.
Партком секретары:
— Қане, тағы кім сөйлейді..? (Ешкім үндемейді.) Сөз кәсіподақ ұйымының төрайымы – Әділоваға беріледі.
Әділова:
— Менің сұрағым бар. Дауылбаевтың қызына.
Зағипа орнынан тұрады.
Әділова:
— Міне, қазіргі жастар ештеңе ойламайды, іс-әрекеттеріне жауап бермейді. Ақыры осының аяғы өкінішке ұрындырады. Естуімізше, бұл қыз қазіргі шешесін де сыйламайтын көрінеді. Сондықтан баласы үшін ата-ана күйеді. Бананы дұрыс тәрбиелей алмауы себепті, Дауылбаев партия қатарынан шығарылсын деген ұсыныс. Үйіндегі мектеп жасындағы балалары бар дегендей, жұмысында қалдыра тұрған жөн шығар енді. Жоғарыдан тағы нұсқау келіп жатпаса.
Партком секретары:
— Дауылбаев жолдас, соңғы сөз кезегін сізге береміз.
Зағипаның әкесі (орнынан тұрады):
— Мен не айтайын. Жағдайды бәріңіз де жақсы біліп отырсыздар ғой. Еңбекке жараған кезден бастап осы совхоздың қара жұмысында істеп келем. Жұмыстан бас тартқан кезім жоқ, адал еңбегімнің арқасында үкімет сенім білдіріп коммунистік партия қатарына қабылдады. Кім баласын жаман болсын дейді. Қатарынан қалмасын деп қалаған оқуына жіберген едім. Анасынан да жас қалып еді. Бала кезінен өжет, пысық болып өсті. Осы өжеттігі шығар, оны осы іске итермелеген. Енді міне, жазбай-жаңылмай балам үшін күйіп отырмын. Өзімді қойшы, мені қинап жүргені осы қызымның жайы. Оқудан шығып қалды, жұмысқа да ешкім алмайтынын жүрегім сезеді. Бұл оқиға біздің отбасымызға түскен нәубет болды ғой. Мойынмен көтеруден басқа амал жоқ. Жағдайымды ескеріп, жұмысымда қалдырыңыздар, рақмет.
Партком секретары:
— Сонымен жолдастар, қаулыға көшеміз. Күн тәртібіндегі мәселені талдап, талқылай келе совхоз бастауыш партия ұйымы қаулы етеді.
Қаулы
1. 1986 жылдың 16-18 декабрь күндері Алматы қаласында болған студенттердің тәртіпсіздік әрекеттеріне қатысқан Дауылбаева Зағипаның әкесі Дауылбаев Дүйсенді баласына дұрыс тәрбие бере алмағаны үшін коммунистік партия қатарынан шығаруға деген ұсыныс аудандық партия комитетіне жолдансын.
2. Қызының көрсетілген мерзімде учаскелік милицияға тіркеуге келіп тұруын қадағалау және жүзеге асыру Дауылбаев Дүйсенге міндеттелсін.
Қарсы, қалыс бар ма? Ендеше қаулы негізге алынсын деген жолдастар қол көтеріңіздер. (Бәрі қол көтереді).
Музыка. Бәрі кетеді. Әкесімен қызы қалады. Зағипа жылап отырады.
Әкесі Дүйсен (мұңайып отырады):
— Иә «көресіңді көрмей, көрге кірмейсің» деген осы! Сендердің жамандықтарыңды көрмесем деп едім. Енді не болады, ақылым жетер емес. Сен оқып адам болып, ел алдында еңсеміз көтерілер деп үміттенуші едім. Қайтейін, өз қолымды өзім кесе алам ба? Жылағанмен пайда жоқ, жүр балам үйге барайық.
(Жарық сөнеді)
Алтыншы көрініс
Үйдің бөлмесі. Зағипа жалғыз отырады. Үйге құрбысы Айжан кіреді.
Айжан:
— Зағипа қалайсың? Жиналыс не деді?
Зағипа:
— Не десін. Көкемді партиядан шығаратын болды. Үйде де айқай, жұрттың бәрі маған қарап күліп, табалап тұрған сияқты. Кеңсеге барып келгенше, жерден басымды көтере алмадым. Енді не істеймін? Ешкімді көргім келмейді. Бәрі бітті.
Айжан:
— Қой, жылама. Жыламашы! Әзірше үйден шықпай-ақ қоясың да. Кейін көре жатарсың.
Зағипа:
— Үйден шықпау қайда. Өз үйіме өзім сыймауға айналдым. Өгей шешенің аты өгей шеше екен ғой. Қит етсе мені мысал ғып айқай шығарады. Бұдан әрі шыдай алар емеспін. Туған анам тірі болғанда, осылай сүтке тиген күшіктей болар ма едім. Мен осы көп ұзамай кететін шығармын.
Айжан (шошып):
— Қайда?
Зағипа:
— Қайда болса, сонда. Басым ауған жаққа! Танымайтын жерге қарамды батырғаным дұрыс.
Айжан:
— Қой, танымайтын жерде не істейсің?
Осы кезде Зағипаның өгей шешесі кіріп келеді. Келе айқайға басады.
Өгей шеше:
— Сен қызды кім шақырды? Бұзылған досыңның жырын тыңдап отырсың ба? Иә, үйрен, үйрен, сен де үкіметке қарсы шық. Шауып аларсыңдар. Ақыры сен де мына қыз сияқты далада қаларсың. Отыр ғой міне, бізді елге жексұрын қылып. Осының кесірінен ел-жұрттың бетіне қараудан қалдық.
Айжан:
— Ой, мен жай келгенмін. Енді келуге болмай ма?
Өгей шеше:
— Болмайды келуге. Осы қыздың әлегінен біз шіріген жұмыртқа болдық, біз жұртқа алапес болдық. Кет! Кетіңдер бұл үйден!
Айжанды қуып, өзі де шығып кетеді.
Зағипа (бөлменің ортасында тұрып):
— Неткен сормаңдай едім. Бітті, бәрі бітті. Көзді ашып-жұмғанша өмірім тас-талқан болды. Бәрі, бәрі менен теріс айналды. Қасымдағы жалғыз досым Айжанды да жолатпай қойды. Ол байғұстың мені аяғаннан басқа қолынан не келеді. (жылап тұрып)
Жастығым менің, сая бағым-ау
Шынымен менен теріс айналдың ба?
Тағдырым, мені аямадың-ау
Маңдайдан ұрар тасқа айналдың ба?
Бұлыңғыр өмір, ешбір үміт жоқ
Не күтем енді алдағы күннен.
Болмаған жолы, бақытсыз сорлы
Кетейін сіңіп қараңғы түнге.
(Жарық сөнеді)
ЖЕТІНШІ КӨРІНІС
Скамейкада журналист пен әйел отырады.
Әйел-Зағипа:
— Содан кейінгі өмірім осы болды. Сол күні түнде ауылдан кетіп тындым. Аудан орталығынан пойызға мініп, Ақтөбе жаққа кеттім. Қолында дұрыс құжаттары да жоқ мені кім жұмысқа алсын. Талай түн көшеде, далада қаңғып жүрдім. Ақыры осы бөтелкемен дос болдым, күйіктен ішем деп, осының құлы болғанымды сезбей де қалдым. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деген. Содан бері ел жаққа аттап баспадым.
Журналист:
— Апай, өткен өтті. Қазір бәрі басқаша. Сіздер, сол бір желтоқсан күндерінде алаңға шыққан жастар Кеңес империясының темір құрсауын талқандап. қазақ ұлты ғана емес, бұрынғы кеңес халқының азаттық, егемендік жолындағы күресіне жарқын жол аштыңыздар. Қазір тәуелсіз ел атандық. Құдайға шүкір, халқымыздың болашағы жарқын. Сіздердің әрекеттеріңізді қазір халық басқаша бағалайды. Бәріне де сарапшы – уақыт. Сіздердің сол кездегі ерлік істеріңізді, биік рухтарыңызды кейінгілерге үлгі етуде. Енді сіз де өзгеріңіз, сілкініңіз, бұл жүрісті қойып, жаңарыңыз. Қаласаңыз, мен сізге көмектесейін, емделіңіз. Сөйтіп, туыстарыңызбен, туған ауылыңызбен қайта қауышыңыз.
Зағипа:
— Інім, сен маған жақсы сөздер айттың-ау. Кеудемдегі сөніп қалған шоқты үрлегендей боп көріндің. Жалындар ма екен жүрегімдегі сол бір шоқ. Үміт оты тұтанар ма екен қайтадан?
Журналист:
— Әрине, апа, жүрегінде жалыны бар адам мәңгі жоғалмайды. Сіз сияқты, сол кездегі Қайрат, Ербол, Сәбира, Ләззат, Нұртай сияқты мыңдаған ұлт ұландарының есімдері өшпейді.
(Сахнаға қазіргі жастар шығады.)
Жастар (кезекпен):
...Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың...
Өсер ұлдың қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің,
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!
Журналист:
— Жасыма, апа! Көтеріңіз еңсеңізді! Егеменді еліміздің ертеңі жарқын болсын!
Музыка. «Елім менің»
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру