"Жапырақ сілкінген кеш" кітабынан
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Марфуға Айтқожина — «"Жапырақ сілкінген кеш" кітабынан». «ЖАПЫРАҚ СІЛКІНГЕН КЕШ» КІТАБЫНАН 1992 ЖЫЛ
/uploads/5c663182-3977-5e0d-aa02-bd8dbae743ce/cover.png
«ЖАПЫРАҚ СІЛКІНГЕН КЕШ» КІТАБЫНАН 1992 ЖЫЛ
Қайран, талқы таулары- ай!
АРНАУ
Өлеңнің өніп жатса тасқа гүлі,
Жұртына жетіп жатса асқақ үні.
Табаны аумай өтсе туған жерден
Адамның болар ма екен басқа мұңы?!
Бұл шақта ширықты ма,
Шынықты ма үн,
Таңдардың тілеп келем тұнықтығын.
Келеді бір мұңымды бәріңе айтқым,
Шыңына Алатаудың шығып бүгін.
Тілекке жетпеймін бе,
Жетемін бе,
Тағдырдың жүрген жоқпын жетегінде.
Мекендеп Алатауды жүрген жай бар,
Тусам да Тәңіртаудың етегінде.
Келсем де бір ғасырдың жартысына,
Тағдырдың түсіп келем талқысына.
Бөлініп,
Жарылудан көз ашпаған,
Қайтейін,
Қазағымның халқы, сірә.
Көңілім жүрмесе де тасып ерен,
Ойымды саған айтар ашық өрем.
Туған ел!
Өзіңе арнап өлең жазам,
Көз емес,
Жүрегімнің жасыменен!
САЙРАМҒА ДЕГЕН САҒЫНЫШ
Жандардың кешірмейтін қорқақтығын,
Керемет көркің жұртқа ортақ бүгін.
Шашымды толқыныңа сан таратқан,
Кешегі тентек күнді аңсап тұрмын.
Еркелік қысып кейде,
Қызып қаным,
Жүруші ем жүрегімнен үзіп жалын.
Аңдитын айлы кеште сұңғақ жігіт,
Білдіртпей сонша үзіліп қызыққанын.
Келетін сауық құмар жеңгелер де,
Қазақтың келіндері кем бе өнерге.
Аққудың сыңқылыңдай күлкілері
Қосылатын шашпауда теңгелерге.
Сол сылқым сезді ме екен бата алмасын,
(Жасырып жеңгелерден жатар ма сыр)
Ішінен көп жеңгемнің іздегендей,
Тастамас сөзін жерге,
Қатарласын.
Сол такаббар мінезін қойды қызың,
Ендігі көріп тұрсың ойлы жүзін.
Бар ма деп өткен күннен жалғыз белгі,
Сайрамның қатып жатқан ойдым мұзын.
Мұз ғой тек,
Мұздың аты суық асқан,
Жүретін қыста жұрттар жуымастан.
Көл жатыр мұз құрсаулап,
Қар жамылып,
Буалдыр көлдің бетін буы басқан.
Жатса да жүрегімнің түбінде мұң,
Бой тартып,
Мен тұнықтан түңілмедім.
Көргендей болам кейде ерке қыздың
Бұлғаңдап қос бұрымы жүгіргенін.
Құзын да,
Елең қылмай шатқалын да,
Ойнап бара жатқандай ат жалында.
Өзіңе жаны ұқсаған өренің бар.
Тұратын айтуға да
Мақтануға.
Жүретін құйындатып ат баурында,
Ерке қыз,
Маған тартқан жоқ па мұнда.
Желіндей желпіп өткен Сахараның,
Жақының,
Мен болармын
Жатбауырың да...
Көңілінде бар дейсің бе,
Қандай тілек,
Жан тынбас жағаңа бір алмай түнеп.
Баурыңа басып мені баулысаң да,
Тағдыр ғой,
Жүрмін сенен шалғай түлеп.
Талқының бетке ұстаған биіктерін,
Қайтейін қимай барам,
Тұнық көлім!
Толтырып кетейінші қарашыққа,
Тым нәзік сезіміңді құйып сенің.
Болар ма одан асқан тілек менде,
Ақынға ел таныған,
Тірек кем бе.
Кеудемді тартып барам керуендей,
Қалып бара жатыр-ау,
Жүрек сенде!..
ТАҢБАЛЫ
Қарайтын кірпік ілмей таңға мынау,
Тұрсың ба аман-есен,
Таңбалым-ау!
Тасынан елік тайған,
Такаббарым,
Түсіріп көрмеп едің жанға қылау.
Куә боп бастан кешкен сан ғұрыпқа,
Тұрушы ең елеңдемей жаңғырыққа.
Тасынды қандай адам таңбалады,
Кім болмақ,
Сендей тауды мәңгі ұмытса.
Әйтеуір сау екенсің сан жаладан,
Емес қой таңбалаған
Аңғал адам.
Талқы асып,
Сайрам қонған талай көштің,
Өзіңді қыз-келіні әнге ораған.
Сол әннің қайталайсың қайырмасын,
Дейсің бе ұмытпасын,
Жаңылмасын.
Менің де жүрегімде таңба жатыр,
Тағдырым,
Сенен ерте айырғасын...
Тағдырым,
Сенен ерте бөлектеді,
Бақыттан кенде қылмақ,
Демек мені.
Аңсағанмен, амал не
Жете алмадым,
Сұрама,
Көп қой оның себептері...
ТҮН БҮРКЕП ҚАРАШЫҒЫН
Туып-өскен мекенім,
Көзім көрген,
Ақ сүтіңнен нәр алдым әзің берген.
Оралған елге осынау перзентіне,
Сынағандай қарайды төзім — мерген.
Жанымды тебірентіп сезімдермен,
Шалдықтырмай шығарған өзің бе өрден.
Мен қалай осы сәтті ұмытайын,
Аман-сау қауыштырған кезімді елмен.
Қуаныш, көңіл бөлмей аланға да,
Жастанған үнсіздікті анам ғана.
Ағынан ақтарылып,
Ағыл-тегіл,
Көрісіп тұрған сынды маған дала.
Жия алмай құшағымды саған жайған
Мен тұрмын жүрек ессіз,
Санам да ойран.
Ыстық қой ана мейірі елден ерек,
Ұмытсын ол мейірді балаң қайдан.
Білмеймін тұрғанымды қалай шыдап,
Басымнан өткен соң ба талай сынақ...
Қараған сайын анау қия бетке —
Өшкенін іш сезеді арай-шырақ.
Келгенін сезгені ғой баласының,
Төгеді мөлтілдетіп дала шығын.
Жатты ұйықтап қалың ұйқы құшағында
Түн бүркеп,
Анашымның — қарашығын...
ЖЫР – МҰНАРА
Қадырың асқан туыс,
Құрбыңа да,
Басында қабіріңнің тұрмын, Ана!
Отыз жыл ортаға сап оралғанда,
Сияқтанып көріндің жыр — мұнара.
Айналып қасіретке тыныстағы үн,
Асыға күттім жылдар шығыс таңын.
Қолымнан бар келгені,
Анашым-ау!
Күрсініп,
Көкіректен жыр ұштадым.
Жүрегім жалын болып жыр ұштады,
Ойларым болса,
Кешір,
Тым ұшқары.
Қауышып үлгірмей-ақ туған елмен,
Аққуың
Айдынынан тұр ұшқалы.
Аққуың айдынынан тұр ұшқалы,
Алыста жүріп балан пір ұстады.
Талқының тарсынғандай кен алқабын,
Шашыма қонып жатыр күміс қары.
Ақ қарға ұшар басын алдырып шың,
Қасқарып тұр той ол да мәңгілік тың.
Түлегін туған мекен қанша күтсе,
Анашым!
Жанарыңды талдырыпсың.
Алдымнан енді, міне,
Арайладың,
Көркіңнен көз ала алмай қарайладым.
Есілген толқыныңа тоғыт мені,
Бұлт көшіп,
Көкіректен тарар ма мұң.
Бойға күш жетіп едім жиып талай,
Кетермін енді сені қиып қалай.
Қимастық сезім неткен қиын еді,
Толғанып жатыр Сайрам,
Ұйықтамай!
Әрең бір отыз жылда қауышқанда,
Арманын айтып балаң
Тауысқан ба.
Басымнан бара жатыр бұлт жөңкіліп,
Сайрамның күйі маған ауысқан ба?!
Анашым!
Жарқырайды басындағы ай.
Құшпайын қабіріңнің тасын қалай.
Әкемнің қолмен ойған әр таңбасы —
Көзіме оттай ыстық басылғаны-ай!
Атынды жазған екен «Бәтима» деп,
Ойлаймын,
Қаншама ұғым жатыр ма деп.
Қараңғыда үзілмей жанып тұрған,
Мен болармын шырағың,
Басындағы от!..
ҚАБІР БАСЫНДА
Анашым!
Болармысың енді де алаң,
Күн туды көретұғын елді де аман.
Арада отыз жылды сабылдырып,
Басына қабіріңнің келді балаң.
Басына келді балан қабіріңнің,
Сеземін,
Сарқылғанын сабырыңның.
Аз ба екен жер бетінде өзегі өрт боп,
Азабын тартқан жандар сағынудың.
Жүрген соң сағыныштан қанат байлап,
Өзіне адам биік талап қоймақ.
Кездесер осы күннің сәтін тосып,
Жүрегім тайдай тулап,
Таң атты ойлап.
Көзіме көрінбейді
Қосағашын,
Қалайша көңіл енді босамасын.
Жанарым —
Тұнып аққан тұма болды,
Туған жер аттаған соң босағасын.
Кездесіп тұрмын үнсіз талайыңмен,
Кезінде шуақ төккен арайым ең.
Кім білсін,
Енді қашан соғарымды,
Қабіріңнен топырақ алайын мен.
Өткенді қозғап несін кек қыламын,
Қарттардан елдің жайын көп сұрадым.
Бейне бір сезім кешкен күйіме ұқсап,
Самалмен ырғалады кек құрағың.
Тым-тырыс.
Түн қымтанып төңірек тұр,
Тұрғаны сырттай тыншып
Не керек бұл.
Көңіл сырын сонымен жеткізгендей,
Даланың ақ жаңбыры себелеп тұр.
Кешегі асау толқын,
Дара тасқын,
Арнасы бәсеңдепті Қаратастың.
Тұнығын кешіп өскен,
Қайран,
Тентек,
Жаныңа кетіп еді жара сап кім?..
Мен сені қайда жүрсем есіме алам,
Алмаса тірі жүрер несін адам.
Жағанда қалар едім,
Қаратасым,
Жетім боп қалады ғой екі балам...
Кетіп барам, кешірші,
Кешір, анам!
САЙРАМ САМАЛЫ
Бұлттан кезін ашып алған кенеттен,
Шуақ күнге тұрамын сені теңеп мен.
Талай жылдар кетіп едік хабарсыз,
Толып жатқан себептен...
Жүрсең де алыс сәлем жолдап,
Елеп сен,
Сәттерің көп мені аспанмен тең еткен.
Сайрамкөлдің самалына қызығам,
Ертелі-кеш сені өпкен.
Арай төгіп тұрған кезде нұрлы күн,
Нұрлы күнмен бірге жетті сырлы үнің.
Қандай қиын,
Тел-құлындай құрбының,
Көре алмауы бір-бірін.
Қоңырлатып жетіп жатыр алғашқы ән,
Тілектерде шек болар ма жалғасқан.
Тіл-көздерден сау болса кен бұл күнім,
Шәрбатына тоймас жан.
Дүние бүгін соншама әсем түрге енді,
Кім қаламас,
Шын ұғысып жүргенді.
«Достық» жолы арамызға тартылып,
Жалғап жатыр ажырамас іргемді.
Жан күйімді жасыра алмай жыр жазам,
Болсыншы деп қуанышқа бір белгі!
* * *
Сан бөгет,
Салқындатқан тосылды арман,
Қайтадан арнам толып,
Қосылды арман.
Екі елім сусындайды жағасында,
Іленің жайқатылып басында орман.
Жаман жоқ келген ойды жасырғаннан,
Кәп жылдар хабар күттік асыл жаннан.
Етекте ел,
Ұштасып өрінде елең,
Жалғасқан жарастық бар ғасырлардан.
Еш өзен теңесе алмас серпініне,
Жатпай ма жалғастырып өршіл
Іле, Іленің бойындағы
Шалқып жатқан,
Құлжаның кез алдымда көркі міне.
Құлжаның көз алдымда көркі міне,
Қол жетті баруға да төркініме.
Құлжаның қоңыр желін жеткізе бер,
Арнасы арындаған, Еркін Іле!
ТАБАНҒА ЖЫЛЫ ТИДІ СУЫҚ ҚАРЫҢ
Ақынды азапты ойлар тыншытқан ба,
Ризамын,
Көзімнен жас ыршытсаң да.
Жүректі шайып таңның шуағымен,
Қуанып қалам аман күн шыққанда.
Жүргізіп мезгіл билік атырапқа,
Сарғайып жүдейді екен
Жапырақ та.
Көзіммен көк тауларды күңде шолып,
Жүрегім қақ бөлінер екі жаққа.
Тамыпты біреуінде —
Кіндік қаным,
Түсіндім біреуінде —
Шындық мәнін.
Ақтарып келем сенен сыр жасырмай,
Телқұлын — тағдырымның сыр ғып бәрін.
Жыл озған сайын жанға жуық бәрі,
Таңдайда тұр ғой ұйып —
Тұнық дәмі.
Жүгірдім қыста барып жалаңаяқ,
Табанға жылы тиді суық қары.
Маңдайы соғылса да үміт тасқа,
Жонымнан жүрсе де өмір;
Тіліп таспа,
Ұмыту туған жерді мүмкін бе екен
Басымды бәйге тіккем ұмытпасқа!
Болса егер еске салдың ұмытқаным,
Бәйек боп жаныма кір жуытпадың.
Өзіңсің нәзік жырға жібек арқау,
Қалғанша жүрек тоқтап,
Суып қаным...
Жанарды жасқай берді сұлу сағым,
Желбіретіп үкідей тұлымшағын.
Баурында бақытты күн өткеріп,
Еркелеп жүр кешегі —
Құлыншағың...
ОЙ ЫҚТАҒАН КӨҢІЛДЕ МҰҢ ҚОЮЛАП..
Ақын едім жұптасқан жұртыменен,
Mice тұтпас тірлікті сырсыз-желең.
Ой ықтаған көңілде
Мұң қоюлап,
Күзгі аспандай жабығып жүрсің неден.
Күзгі аспандай жабығып жүрсің неден,
Жүрегің бар жыр десе дүрсілдеген.
Еске түссе туған жер кіндік кескен,
Кем де кем-ау күндерің
Күрсінбеген.
Сияқтанып шайқалған қара жорға,
Өмір озып арындап барады ол да.
Жолаушы едім жел аптап,
Күн қақтаған,
Өз тағдырын сынайтын дара жолда.
Ұзақ па екен бұл сапар,
Қысқа ма екен,
Осы жолды әйтеуір құшқан екем.
Биігіне арманның қол созамын,
Демесем де аспанда құсқа жетем.
Құшқан екем жарымдай,
Бауырымдай,
Оранғам жоқ өмірдің дауылын жай.
Ата мекен төрінде отырсам да,
Болмайды екен туған өз ауылыңдай!
Қайран менің күндерім,
Қызу-батыл,
Бояуы жетпес себебін сызуға тіл.
Жүрегімнің түбінде айықпайтын,
Мұзына тең Мұзарттың
Мұңым жатыр...
Кім бар дейсің бұл мұңды ұғынатын,
Көз жасым кел,
Өте алмас жүзіп атың.
Көлеңкеде өскен бір жапырақ ем,
Күннің көзін аңсаған,
Шұғыласын.
Қанша биік болғанмен тұрақ бүгін,
Сүзіп ішкен күндер-ай, бұлақ суын.
Жиырмада көзіме жас алмап ем,
Елуімде,
Туған жер,
Жылап тұрмын...
Кешір мені,
Туған жер,
Кешір, Анам!
Есейгенде жияды есін адам.
Бұлт қонатын шындарға мен өлеңнің,
Қондырсам деп келемін кешін аман!
Ақын едім жұптасқан жұртыменен,
Mice тұтпас тірлікті, сырсыз-желең.
Ой ықтаған көңілде
Мұң қоюлап,
Күзгі аспандай жабығып жүрсің неден
ЖАНЫМНЫҢ ЖАПЫРАҒЫН СІЛКІНДІРІП
Қапыда қалмасын деп күлкің бұғып,
Кеудеме қиқулаған дүрсіл кіріп,
Жүремін бар ойымды ортаға сап,
Туған ел!
Тілектесім,
Жүрсін біліп.
Жүретін арманым ең жаныма еріп,
Берейін домбыраның сазына ерік.
Сазды әуен,
Назды үнің ғой келе жатқан,
Сезімнің шым кестесін нәзік өріп.
Туған ел!
Тілектесім,
Жүрсін біліп,
Берейін жүрегімнен гүл сындырып.
Қырмызы қыр самалы сипап өтті,
Жанымның жапырағын сілкіндіріп.
Жанымның жапырағы сілкінеді.
Бәлкім менің жүрегім жыр тіледі.
Тағдырдан тек осыны тілер едім,
Адамның орындалса бір тілегі.
Болмаса да сүйеніш,
Тірек менде,
Айтатын жұртыма арнап тілек кем бе.
Тарымның құм даласын кезіп келем,
Нәзік қой,
Шыдар ма екен,
Жүрек шөлге!..
ТӨРІНЕ ЖҮРЕГІМНІҢ ҰЯ САЛҒАН
Өрінде отырсам да Алматының,
Алыстағы езіңмен жалғас үнім.
Үніңнен үзіліп тұр толқынды күй,
Асатын сырластықтан бар ма шырын.
Жаудырып жатқан соң ба тұнық Сайрам,
Ойымды отырсың біліп қайдан.
Елестеп көз алдыма келе берер,
Жағанда жүрген күндер құрып сайран.
Жағанда жүгіруші едік,
Кешіп толқын, Амал не,
Алысқа ұзап кетіпті ол күн.
Сайрамның тұнық көлі қасиетті —
Тербеген махаббатты бесік қой шын.
Қағатын қанаттарын қия таңнан,
Аттары ел аузында жиі атанған,
Құстары туған жердің қиқу салып,
Төріне жүрегімнің ұя салған.
Төріне жүрегімнің ұя салған,
(Айықпай көптен бері жүр осы арман).
Құс екеш құсының да жаны жомарт,
Бар әнін көкірегіме құя салған!
Содан ба құс үніне құмарлығым,
Айығар басымыздан мұнарлы күн.
Сайрамның саясында өскен құрбым,
Кескінің көз алдымда тұрар бүгін!
ТАЛҚЫМЕН ДИДАРЛАСУ
Тартса да қаншама көп халқы қайғы,
Сыр шертпей отыра алмас Талқы жайлы.
Талқыны ауызға алмай,
Ей, халайық!
Менің де ойым биік шалқымайды.
Айналып түссе дағы аспан жерге,
Үмітім онсыз менің баспайды өрге.
Күрсінбей,
Күні өтпеген балан едім,
Байланған көкірегі жастай шерге.
Тербетіп тереңімді сонша тұнық,
Сол шерім жатыр бүгін тарқатылып.
Көрейін мен де өзімше ақтарылып,
Әсеттей жатпасам да ән шақырып.
Көрейін мен де өзімше ширатылып,
Жүрегі құштар жан ем жырға тұнық
Жүйрік қой желген аттай уақыт деген,
Жүргенді көтермейтін ырғатылып.
Ақын ем ағытылған,
Еркін үнді,
Көрейін уақыт, сенің серпініңді.
Тілеп тұр,
Күй — көкірек,
Күмбір қағып,
Армансыз осы бір сәт шертілуді.
Талқыны кетермін мен аттап қалай,
Жартасы жатыр сырды жастап талай.
Бәрін де бір басыңнан өткізсең де,
Тұрсың-ау, аласармай, асқақтамай!
Тұтасқан сабыр толы,
Тұлға қандай!
Тынбаспын мен де өзіңді тыңдап алмай.
Сарықпай сабырыңды қалай тұрсын,
Елгезек бұлттар қолын бұлғағандай.
Жетіп ем, сапарымды жылдамдатып,
Тағынып омырауға жырдан жақұт.
Тілдескен аспанменен,
Тәңіртауым,
Өзіңсің басымдағы тұрған бақыт!
Көрінбей көзге талай заңғарсымақ,
Келеді ғой төзімімді таңдар сынап.
Отыз жыл жылу беріп,
Жыр жаздырған,
Өзіңсің көкіректе жанған шырақ.
Сәл мұрсат берсе, шіркін, уақыт маған,
Туған жер!
Дәм-тұзыңды татып бағам.
Қойныңнан қойтас құрлы орын алсам,
Болар ма,
Менен асқан бақытты адам!..
ҚҰС КЕЛГЕНДЕ
Әуелеп ұшқан сайын құстар үдеп,
Бұлқынар ұясында құштар жүрек.
Анашым,
Айтушы еді,
Құс келгенде,
Тағы бір қимас жылым қысқарды деп.
Сусылдап қаққан сайын құс қанатын,
Сияқты сезімің де ұшталатын.
Құстарға келген,
Кеткен мән береді
Өмірді өлеңіндей құшқан ақын.
Асығып күтем ұдай көктемдерді
Ғажап қой көктемдермен жеткен белгі
Аяулы, асылымдай аңсаттырып,
Дүркіреп,
Құстар ұшып шеттен келді.
Асудан не бір биік асқан демек,
Келгені сән береді аспанға ерек.
Бұлбұлдың бал үніне балқыды ма,
Жауады жапырақтан жас та кенет.
Тоғытып тұла бойға төзімдерін,
Тұтасқан таулардағы сезім керім.
Тауларға қарайлаумен құс ұйқылы,
Әйтеуір,
Түн ұзаққа көз ілмедім...
Құстар-ай!
Әуелеген,
Аспандаған,
Жаныңның нәзік сырын ашқан маған.
Шүпірлеп айна көлдің айналасы,
Ерекше естімеген басталмақ ән.
Қашанда аман қонып,
Ұшсаң болды,
Сүйемін мен де өздерің ұшқан жолды
Балаймын бақыттыға менен гөрі,
Әуелеген құстарым ұшқан жолды.
Асыға күтем солай көктемдерді,
Ерекше ғой,
Көктеммен жеткен белгі.
Наурызды елмен бірге тойлау үшін,
Дүркіреп,
Құстар ұшып,
Шеттен келді!..
Жарысып атқан таңмен жазам өлең,
Болмайды жазбайынша маза деген.
Ерте ме,
Кеш пе әйтеуір бәрімізге,
Бір келері анық қой қаза-бәлең.
Жоқ менің сонда дағы қорқынышым,
Жүрек батыл,
Жаралған жорту үшін.
Осынау туған елдің бүтіндігі,
Тілегім,
Тірліктегі бар тынысым.
Жаным құштар болса да әнге менің,
Қызық қуып, құмартып,
Дәндемедім.
Ержүректі елімнен қанат байлап,
Асамын бұл өмірдің сан белеңін!
Бұл шақта төрт қыбыламды ойланамын,
Қанағатым,
Әлі де жоймағаным,
Алматыны ән-күймен дүрліктіріп,
Мүшелімді демеймін, тойламадым.
Мен әсте қаламаспын даңғойлықты,
Бұл заманда керек қой жанға ой мықты.
Өмірге Қажымұқан екі келмес,
Үн шығармай көтерген таудай жүкті...
АЙНҰР ӘН САЛҒАНДА
Өмірдің босағасын жайдары аттап,
Қанатын айдын көлге жайған аппақ
Ұқсаған аққу құсқа бір қыз көрдім,
Тұратын ерініне ай қонақтап.
Мінезі қырмызыдай сызылып тұр,
Кетердей қоңыраулы үн үзіліп бір.
Үніне таулар толқып,
Жел желпініп,
Жатқандай сол дауысқа қызығып қыр.
Әніне әркім құмар тапқыр жанның,
Гүлдері билеп тұр ма бақ-қырлардың.
Жастығы жарасымын тауып тұр ғой,
Көліне келгендеймін аққу-қаздың.
Бөлейтін күй сазына жанды жаңа,
Жүрегі қалағандай әнді ғана.
Біржола өзіңді өзің ұмытасың,
Қосылған кезінде Айнұр домбыраға.
Сол бір сәт ағады өзен омыраулап,
Тасқындаған өзенде
Өмір аунап.
Айнұрдың дауысынан айлы кеште,
Айнала тұратындай қоңыраулап.
Мен әсте қаламаспын даңғойлықты,
Бұл заманда керек қой жанға ой мықты.
Өмірге Қажымұқан екі келмес,
Үн шығармай көтерген таудай жүкті...
ҚЫЗДАР-АЙ
Кешегі қайран қыздар!
Қос бұрымды,
Толқындап қос бұрымы тосты кімді,
Жүрсем де өздеріңнен мен алыста,
Толғаймын мен кешегі жас күніңді.
Сиғызып құшағыма барлығыңды,
Аламын есіме сол бал күніңді.
Тұнып тұр жүрегімде
Сыңғыр үнің,
Тыңдадым тебіреніп зар-мұңыңды.
Әр тұсқа кететіндей тарап тасқын,
Өмірге өздерінше аяқ бастың.
Жүрсең де бірің ойда,
Бірің қырда,
Тағдырлас,
Өздеріңмен қанаттаспын.
Кетсем де өздеріңнен ірге бөліп,
Бірге ұшып жүремін,
Бірге қонып.
Өздеріңе ұқсаған қоңыр тірлік,
Шаттыққа деме мені жүр кенеліп.
Отырмын қарап, міне,
Жүздеріңе,
Көз тастап алыстаған іздеріңе.
Жанарға келе жатыр жас мөлдіреп,
Сендерді сағынды ма,
Іздеді ме...
Балалық бал дәуренді іздеді ме,
Телміріп қарай берем жүздеріңе.
Жыр жазып жарқын жазда сәлем жолдап,
Жүзімді төсей түсем күз лебіне.
Байқаймын,
Ызғырық бар күз лебінде,
Ұқсаған жандармыз ғой
Гүлге біз де.
Әуенін тырналардың тыңдай түсіп,
Кетіп бара жатамын тізбегінде...
АРҚАМА СҮЙЕЙ ТҮСІП ТАЛҚЫ ТАУЫН
Әбілез Жүніске
Көрмеген пендеге ұқсап сағы сынып,
Дүние-ай!
Отыр жігіт ағытылып
Жалтармас жанарына қарағанда,
Болар ма тұнықтан да
Жаны тұнық.
Құрметтеп отыр қоршап жалпы қауым,
Баурайды тыңдаушысын,
Балқытады үн.
Оранып ой толқынға мен де отырмын,
Арқама сүйей түсіп
Талқы тауын.
Таудың да жанарынан тарамай мұң,
Жатқандай желпи түсіп қарағайын.
Таңдайын қағып таңға қарап отыр,
Жиналған дос-жарандар,
Бар ағайын.
Тұлпардай тыпыршыған жараулы анық,
Барады нұрлы жүзі алауланып.
Үйірген көпшілікті бір өзіне,
Жүзіне бір ғанибет қарау қанып.
Жүруші ем осы сәтті арман қылып,
Арманды әрмен қарай
Жалғар ма үміт.
Қалыпсың арпалыста аласармай,
Әніңді аспанменен жалғап жүріп.
Қайтадан өшіп барып,
Жалғанды үміт,
Арада өтті жылдар салған бүлік...
Қауышар сөтке қолым енді жетті,
Өзіңе талай жырлар арнап жүріп.
Сиятын бақыт емес маңдайға жай,
Кетермін әнге құмар қанбай қалай.
Даланың дамылдамас дауылпазы,
Даусыңнан тарата бер,
Таңдарға арай!
Теңесер биіктермен өлшемі тым,
Талқының сен дағы бір —
Бөлшегісің!
Ән сүйіп,
Арман қуып өмір кештің,
Сол әнмен арулардың өртеп ішін.
Сал да өзің,
Саналы да,
Сері де өзің,
Осындай серіліктен зерігер кім.
Көркіне жан иесін табындырған,
Өзім де қаса сұлу,
Зерігермін!
АЙНАЛАЙЫН
(Толғау)
Айналайын!
Баураған бауырыңнан,
Бауырында айыққан ауру жан.
Туған ауыл тынысын,
Тіршілігін,
Тыңдаймын үдеп соққан дауылыңнан.
Айналайын!
Кешіргіш жүрегіңнен,
Сезіміңді оранып жүремін мен.
Жүрегіңнің лүпілін үзбей тыңдау —
Адам үшін бақыт қой, біле білген.
Анаға тән аңғарғыш бала сырын,
Сол сырға қанық сенін қарашығың.
Мейірің ғой жүретін аңсаттырып,
Сол аңсау ғой,
Өзгермей қалатұғын.
Жалғыз сөзін жанымды тынықтырар,
Бар шындықты өзіндей кім ұқтырар.
Күнің дағы ерекше күліп шығар,
Көлдерің де көлдерден
Тұнық шығар!
Айналайын!
Ып-ыстық бауырыңнан,
Бауырында айығар ауру жан.
Қайта оралған аққуың мен болармын,
Абайсызда көз жазған дауылыңнан!..
СОҢҒЫ ТІЛЕК
ШЕКАРА
Туған топырақ,
Адамның жер — Анасы!
Тұтасқан татулықпен ел арасы.
Араны бөлгенімен шек — сызығы,
Көңілдің болмайды екен шекарасы.
Тілектің болмаған соң бөлектігі,
Жүректі жүреді екен бөлеп мұңы.
Шекара десе,
Шерім ақтарылар,
Тілменен жеткізе алман теңеп бұны.
Бар ма екен елден елдің бөтендігі,
Еске алып отырғам жоқ бекер бұны.
Бөлектеп жүрер болсаң,
Ей, ағайын,
Төгіліп көкіректің кетер мұңы.
Шектеліп тұрған елдің төңірегі,
Шекара! Десе, тілім бөгеледі.
Келеді шекарадан ұшып кеткім,
Даланың секілденіп көбелегі.
Нәзік қой,
Сезім — жаңбыр себеледі,
Даланың еркін ұшар көбелегі.
Арманда кеткен сол бір жан анамның
Төгілген шекарада көп өлеңі...
Көбелек те туған жер деп еледі.
КЕЛЕР ЕДІ
Анашым!
Тірі болса келер еді.
Келер еді толтырып кенерені.
Келер еді ақсарбас жолына атап,
Баласы болған кезде немерелі...
Көл-көсір жасар еді шілдехана,
Ырымсыз мұндай сәтте жүрмес ана.
Шандатып қырқаларды ат бәйгесі,
Думанмен қызар еді бұл босаға!
Ауылын жинар еді аймағымен,
Қайран менің анашым!
Ойлары кең.
Әдетінше той алдын өзі бастап,
Отыратын ақжарқын,
Жайдарым ең.
Даусы да қарлықпайтын ұзақ таңға,
Өзіңсіз ол кезде қыз ұзатқан ба.
Сағынып отырамын сол әніңді,
Бір жола,
Алыс сапар ұзатсам да.
Қалайша арамыздан ерте кеттің,
Қалайша елден ерек еркелеттің.
Қалайша ерте үзілді әсем әнің,
Ерекше табиғатың берсе де екпін.
Балайтын жұрт өзіңді жүректіге,
Алғыс пен аямайтын тілекті де.
Көксеген күндеріңе жете алмадың,
Сағыныш елге деген жүдетті де.
Арман мен сезім селін кешем бүгін,
Қалыпты аңыз болып шешендігің
Болғанмен көзден таса,
Анашым-ау!
Арманың елге деген,
Өшер ме үнің...
ҚАШҚЫН
Қайрымсыз уақыт еді ол қауіп төккен,
Жаңбырдай ажал бұлты жауып көктен,
Күн туып ел басына аштық,
Жоқтық,
Жазықсыз талай жандар ауып кеткен.
Қызығын көрмей бала,
Жарының да,
Бөленген талайлардың жаны мұңға.
Аштықтың азабынан аттай алмай,
Адамдар қалған таудың жарығында...
Уақыт ол — қастандығы асып тұрған,
Жандарды жазығы жоқ ашық қырған,
Бас көтерер азамат «жау» атанып,
Жер аударып,
Қамауды кәсіп қылған.
Төніпті ел басына тасқын-апат,
Қалайша қан төгуден ассын атақ?!
Жан сауғалап шет елге кеткендерді,
Заман-ай!
Жәбірлеген «қашқын» атап.
Не береке болады қашқан елде,
Қайсы арманы олардың басқан өрге.
«Қашқын» атын жамылған,
Қайран анам,
Күйінді кім түсінді басқа жерде?!
Бала дейтін бала да шауып келген,
Қамшы үйірді елдерге ауып келген.
Ауған елдің қыраны қияға ұшса,
Ойда жоқта басына қауіп төнген.
Дүние-ай!
Жүрсем де ішіп бұлағыңнан,
Кетпейді осы бір сөз құлағымнан.
Жаңғырып осы бір сөз жеткен сайын,
Жүрегім жосаланып,
Жыр ағылған.
Әкемді әкеткенде ұстап менің
Басыңа қыс қырауы қыстап сенің,
Аштыққа бәрін беріп,
Аяулы, ана,
Қайғының қара бұлтын құшпап па едің.
Қатарға қосылсын деп бөбектерің
Білемін күні-түні өбектедің.
Кеткенде аштық алып барлығын да,
Қаңырап қараң қалған кенет төрің...
Ол кезде мен өмірге келмегенмін,
Көп еді көкіректі кернеген мұң.
Жылуын бір төкпей-ақ бататұғын,
Шыңынан Бүркіттінің өрлеген күн.
Аштықтан қырылғанда балаларың,
Қалды екен қалай шыдап ана жаның.
Жүректі жапырақтай қолыңа алып,
Еріксіз жат өлкені паналадың.
Аман қалар екен деп бұл тұстан кім,
Кезіңнен қасіреттің бұлты ұшқан күн,
Анашым айдалада,
Ақ боранда,
Сен жалғыз қасқырмен де жұлысқансың.
Заманда баспай тұрған сөзің өрге,
Әкемдей біреу көзге көрінер ме.
От жағып айдалада айбат шегіп,
Ерім-ай!
Алғызбаған бөрілерге.
Азабын сол бір күндер тізіп-теріп,
Қасірет дәриясына жүзіп келіп,
Ұзақ таң айтушы едің аңыз сынды,
Тыңдаушы ек қорқып әрі,
Қызық көріп.
Тұрмайтын бір қалпында өмір-ау бұл,
Естіліп тұрады әлі қоңыраулы үн.
Арманда кеткен,
Анам,
Соны ойласам,
Жуады ып-ыстық жас омырауды.
Кетпейтін әлдеқандай сезімге еріп,
Жан едің төзімің де,
Сөзің берік.
Жаныма «соңғы тілек» қанат байлап,
Отырмын жазар енді кезім келіп.
Жаудырып жас жаңбырын гүлге күнде,
Зар болып жүргенінде бір көруге,
Әкем дағы жетіпті сендерді іздеп,
Запыран жұтып,
Зар жылап жүргенінде.
Сәбиге тән іңгәлап,
Ерікті үнмен.
Дүниеге сонан соң келіппін мен.
Әнмен анам тербетіп тал бесікте,
Мойныма алқа таққан теріп гүлден.
Аңсап жүріп Жетісу заңғарларын,
Жалғасыпты үзілмей таңдарға әнің.
Сол әнің ғой жетелеп алып келген,
Тыңдаушым,
Тағдырыма таңданбағын.
Сол әннен өзегімде жанған жалын,
Сол әннің жалғасы боп жалғанғанмын.
Жете алмай арманыңа кетсең дағы,
Мені алып келген,
Анам, армандарың.
Өкініш өзегіңді өртеп отпен,
Жан анам,
Қайран анам,
Ерте кеткен.
Айтушы ең туған елді көресің деп,
Жанында отырғанда еркелеп мен.
Сыңсыған жапырақтар ормандағы,
Сияқты-ау,
Жан анамның толғанғаны.
Жалғыз сәт ұйқысынан оятар ем,
Дариға-ай!
Келер болса қолдан бәрі.
Кеудеден кетерде ұшып жапырақ — жан,
Көрінді жанарынан жадырап тан,
Адамдар,
Арманда аңсап өтеді екен,
Бір уыс дәмелі боп топырақтан.
Әр заман,
Әр дәуірде қасірет көп,
Жайым жоқ қасіретке —
Жасып өтпек.
Ата-ана!
Өсиетің орындалды,
Мені де отыр елім қасиеттеп!
Туатын ақ шолпандай таң атарда,
Аялап алып отыр алақанға.
Еліме жарасады еркелігім,
Өз еркің,
Мені аққуға баласаң да.
Өзіңнің туып-өскен Аякөзің,
Бұл таңда отырамыз аяп өзін.
Болмайтын жарылыстар жер бетінде,
Анашым!
Бақытты екен бала кезің!
Туған топырақ,
Адамның жер-Анасы!
Тұтасқан татулықпен ел арасы.
Араны бөлгенімен шек — сызығы,
Көңілдің болмайды екен шекарасы.
ТАЛАЙ САПАР ЖАЛҒАСАР
Жалғанда жақсылықтан үмітті көп,
Жаныңды түлетпей ме тұнық тілек.
Жазықсыз кіналаудан мен аулақпын,
Айтуға көңіл қимас ұмытты деп.
Кетпейтін естігеннің құлағынан,
Жалғасып келе жатыр бұла бір ән.
Сабақталып ой келді ой артынан,
Аумай қалып Бүркітті бұлағынан.
Жарылып талай жандар жүр ағынан,
Тілеумен жақсылықты ұзағынан.
Талай сапар жалғасар туған жерге,
Ажалдың аман жүрсем тұзағынан...
ҚАПТЫҢ ТАУЫ ҚАСЫНДА НЕМЕСЕ АСПАН ТАУЫ АЯСЫНДА
Ақ шатыры аспандап,
Аспан тіреп,
Аспанның аясында жатқан шіреп
Қап тауының қасында қарап тұрмын,
Қашанғы халқы үшін асқан тірек.
Көрінген көзге осынау дара тұлға,
Жоңғардың көсіледі даласында.
Күн көзін көлегейлеп қаптың тауы,
Өркеші ақ бұлттармен таласуда.
Өркеші ақ бұлттармен таласуда,
Өзіне ол жаралғандай қаратуға.
Арқау боп ұлы ақындар жырына да,
Келеді бірге жасап санасында.
Естігем бала кезде аңыз атын,
Оны айтса тілінен бал тамызатын.
Жырлаған ұлы Бэйүй 1 ,
Білал — Назым,
Жырлаған Аспан тауын нағыз ақын.
Көргенде көңіл бірден елең етті,
Тұтасқан ол —
Таулардың кереметі!
Аспанмен бой теңесіп тұрғаннан соң,
Өзің айтшы, ол кімді елемекші.
Күні ұзын тұрған шолып төңіректі,
Қиялым қыранымен ере кетті.
Қиялға ерік беріп қызықтаймын,
Тауда өскен,
Тау қызы да келеді отты!
КЕШІР МЕНІ
Қайран Талқы таулары-ай!
Биік неткен,
Сен екенсің іштегі күйік көптен.
Қарап тұрмын қасында көз ала алмай,
Бұрынғыдан кетіпсің биіктеп сен.
Қайран Талқы таулары-ай!
Биік неткен,
Халқымның құтысың ба, үйіп-төккен.
Шуақты шындарыңа шығар мені,
Арман жоқ,
Алауынан күйіп кетсем!
Қайран Талқы таулары-ай!
Биік неткен,
Әніңді тыңдамап ем ұйып көптен.
Шертші бір,
Күй кеудеңді күмбірлетіп,
Ғажап емес,
Нөсердей құйып кетсем.
Қайран Талқы таулары-ай!
Биік неткен,
Самалың сипап жатыр,
Сүйіп беттен.
Білмейтін қадіріңді балаң кезде,
Кешір, сендей сұлуды
Қиып кетсем!..
ҚАЛЫҢ МҰНАР
Қаптың тауы бүркенді қалың мұнар,
Неліктен сол мұнарға жаның құмар?!
Шығыстың аруындай перде тартқан,
Мұнарың —
Сұлулыққа малындырар.
Қалқалап тұрды Қапты сағым-мұнар,
Сезімтал жүрегім бар әніңді ұғар.
Алысқа кеткенде де сан аялап,
Осынау сұлулығың сағындырар.
Жүзіңді жасырғанмен көлегейлеп,
Қиялды текке айтпаған телегей деп.
Тәуекел теңізіне жүзген жанмын,
Теңізде,
Өр толқында келер ой көп.
Шет жайлап жүрген мен бір қиялшылың,
(Кеудеге көме түсіп ұяң сырын).
Тек қана бүркенетін мұнарым жоқ,
Көрініп ақ жүзімнен тұрар сырым!..
САҒЫНЫШПЕН ОЙҒА АЛДЫМ
Жағасына сәл кідіртіп Сайрамның,
Елес сынды өте шықты,
Қайран күн!
Сұлу Сайрам тұнығынан өмірге —
Жыр қанатын жайғанмын.
Сыңғыр үні кетер ме естен Сайрамның,
Сені тағы сағынышпен ойға алдым.
Балалықтың бал шарбатын бөлісіп,
Қызығына қана алмаған,
Қайран күн!
Толқыныңа өр қанатын жайса жыр,
Сол кездерім оралар ма қайта бір.
Ерте кеткен бұл әмірден,
Достар-ай!
Деді ме екен татулықты айта жүр.
Сырымызға ортақтасып аспан-ай,
Бетімізден өстік ешкім жасқамай.
Тағдыр күйге салса дағы басқадай,
Мен ойымнан өтем сені тастамай.
Айтып жату қиын шығар себебін,
Жаңғырады көкіректегі көне мұң.
Мен де бір күн жұлдыздайын сөнемін,
Сонда сені жүрегіме көмемін...
ПЕРІШТЕ КӨҢІЛ
Сыбырлап құлағыма сұлу үнің,
Тұрғандай айтып маған сыры,
Мұңын...
Сезімін сақтай білген сұңғақ бейнең
Тұрады көз алдымда күні бүгін.
Өтсе де талай ғұмыр белестеніп,
Тұрады кешегідей елес беріп.
Аптабы шаңқай түстің шыжғырады,
Кеше ғана балауса емес пе едік.
Өзіңнен тым шалғайда жүріп бүгін,
Жастанып тұрдым талай үміт шыңын.
Қалпында мөлдіреген қалды ма екен,
Кешегі періштедей тұнық күнің?!
Талайдың іштей үнсіз ұғып мұңын,
Менің де ширатылып,
Шынықты үнім.
Жоқ шығар шарасы да шынықпауға,
Шыңына сан белестің шығып бүгін.
Тағдырдың аласұрған ағындары,
Қайтейін, кейде еркіме бағынбады.
Оятар шырт ұйқыдан түн ішінде,
Сырттағы бір есіктің қағылғаны.
Уақыт — шебер,
Санаға салады өрнек,
Мақтай түсіп, арқаңа қағар ел көп..
Қысымына жылдардың қарамайды,
Бәрі бір сенің бейнең қалады өр боп!
ДҰҒАЙ СӘЛЕМ!
Дұғай сәлем айта бар елге менен,
Түсіп жатыр жолдарға өрнек өлең.
Өлеңімен әуре боп жүрген балаң,
Өрлемеген,
Бақыты,
Өрлемеген!
Дұғай сәлем айта бар жолдастарға,
Сөйлеп кетсе үндері талмас таңға.
Сабақтастың сәлемі таусылар ма,
Арманы ортақ,
Тілегі жалғас жанға.
Дұғай сәлем айта бар құрбыласқа,
Қуанатын арай таң түндік ашса.
Келер күннің қадамы құтты болып,
Арман бар ма,
Жүрегі жырға ұласса!
Дұғай сәлем айта бар үлкендерге,
Қайран қарттар!
Қара жер бүркенген бе...
Сақтап келем жадымда жалтармаймын,
Қанат қағып, қалықтап жүрсем де ерде.
Дұғай сәлем айта бар кішілерге,
Бауырласым, бағамды түсінер де
Жиі ойлап жүремін жүрек сыздап,
Басқан сайын қадамым,
Ісім өрге.
Бар ма менен олардың айырмасы,
Тамар кейде көзімнің ауыр жасы...
Сияқтымыз құстардың қос қанаты
Сияқтымыз бір әннің қайырмасы.
Дұғай сәлем айта бар елге менен,
Түсіп жатыр қағазға өрнек өлең.
Өлеңмен әуре боп жүрген балаң,
Төрлемеген бақыты,
Өрлемеген!
Дұғай сәлем айта бар елге менен!
ЕЛГE БАРДЫМ
Елге бардым, елпілдеп шыққан алдан,
Қайран жеңгем!
Жанарын шыққа малған.
Тау-тасына құшағым қауышқанда,
Айтқызбай-ақ жүректен ұққан арман.
Елге бардым, жайынды Ана — құшақ,
Елес берді еркелеп балалық шақ.
Қатарлары сиреген,
Сұңғылам-ай,
Ой толғанып отырды далаға ұқсап.
Көз жұмыпты кешегі асыл құрбым,
Бұлағына көзімнің жасын жудым...
Қарды омбылап қабірін іздеп жүріп,
Аруақтар алдында басымды идім.
Жүрек симай кеудеге барады ойнап,
Ойнағаны —
Жатқандай және де ойлап.
Жақындығы араға сына симай,
Қабірнама қалыпты далаға орнап...
Көзге елестеп өткеннің бәрі-бәрі,
Көңіл шіркін қауыздай тарылады.
Қашанғы күңгірт күнді кеше берем,
Басымнан қайғы қашан арылады?!
Көзден жасым тиылмай жосылады,
Талай бөгет жатыр ғой тосып әлі.
Әке ұлынан айрылған,
Қыз анадан,
Басы қашан елімнің қосылады?!.
Елге бардым, Елпілдеп шыққан алдан,
Қайран жеңгем!
Жанарын шыққа малған.
Тау-тасына құшағым қауышқанда,
Айтқызбай-ақ,
Жүректен ұққан арман!
ШЫҢДАҒЫ ШОПАН
Жатқанда құс қиқулап енді қонып,
Көктемге бір ерекше белгі болып,
Сәйгүліктер сабылған даласында
Мәз боп қайттым баладай,
Елді көріп.
Жалғыз үймен отырған жапандағы,
Қандай берік десеңші шопан жаны.
Айыр таулар арасы,
Меңіреу, тыныш,
Жайылып жүр беткейде отарлары.
Мәпелейді,
Күтеді жаны қалмай,
Қоңыраулатқан құздарды әні қандай!
Құлағымнан кетер ме қоңыр үні,
Жүргендеймін шөліркеп әлі қанбай.
Қыран кезген тау-шыңын араладым,
Жартасқа жаңғырыққан даладағы үн.
Ұлдархан мен Сара жүр әбігер боп,
Жұмсап қойып бастауға балаларын.
Береке мол сол үйде,
Бас құралған,
Сол бір үйден басталар тасқын — арман.
Жүзі нұрлы даланың шуағындай,
Маң төбеті еріп жүр қасқыр алған.
Далада ескен бала да малға бейім,
Сен дағы әке жолын жалға дейім.
Таңнан бұрын оянар,
Бауырлар-ай!
Қырда жүріп, қатардан қалма кейін.
Туған жерге ұйғарып қойған атын,
Күнес деген ұлы бар қой бағатын.
Қысы-жазы көрмеген мектепті бір,
Сондай кезде толқисың,
Ойланасың...
Жүрсең де тау жаңғыртып асқақ үнмен,
Хабарың жоқ, қарғам-ай,
Басқа күннен...
Белдеуде тұр тыпыршып,
Оқыранып,
Күнестің бәсіресі — қасқа жирен.
Бар ма деймін балада асыл дарын,
Байқаймын,
Жанардағы — жасындарын.
Дәкен отыр миықтан күліп қойып,
Іштен мақтан еткендей жас ұлдарын!
Қанша атса да қайталап жылдар таңы,
Жалғыз үйдің жапанда ұлдар сәні.
Кім біледі, олар да оқу оқып,
Өмір сыны серпілтіп,
Шындар тағы...
Тындырымды, іскер деп,
Дәкенім деп!
Ұміт артқан ұлы екен әкенің көп,
Сертке берік өзіндей ер тұрғанда,
Қауіпім де,
Ешнәрседен қатерім жоқ!.
Біз бұл жақта,
Ал, сендер, арғы бетте,
Көңілінде білмеймін,
Қалды ма өкпе.
Хабар күтіп жаутаңдап жүрсің бе екен,
Арада жыл айналып,
Ай, күн өтсе...
ҚОС БҰРЫМ
Сияқтанып арқамдағы қос бұрым,
Екі ел бүгін бір арнаға қосты үнін.
Ортақ күннің шұғыласына оранып,
Жалғасса екен достығым!
Ұмыттырып кешегі бір қайғымды,
Көкіректі күй кернейді айбынды.
Көз алдыма әкелгендей үйіріп,
Арманымдай алыстаған ай-күнді.
Тату заман орнар болса халқыма,
Баяғыдай бәрі келмек қалпына.
Хабарласып,
Қауышуда ел мен жұрт,
Сәлемдесіп қайттым мен де Талқыға.
Көңіл тыншып қалды білем бір шама,
Жете алмадық бүйрек қанша бұрса да
Қашық еді қол жетпестей ол кеше,
Қайран, Құлжа!
Иек асты тұрса да.
Бұл күндерді көрмей кеткен жандар көп,
Ұғыспастық тұрды арада заңғар боп.
Татулықтың талмайтұғын қанаты,
Деп ойлаймын төбемізде самғар деп.
ЖАСЫЛ ЖАПЫРАҚ Қ.Н-ҚА
Тез болды барғаныңнан оралғаның,
Демеймін жүгі жеңіл жол-арнаның.
Сол елді қайта көріп,
Қайта құшу —
Өшпейтін көкіректен ол — арманым!
Аман ба, ат-көлігің,
Кімді көрдің,
Түрулі тұр ма екен түндігі елдің?!
Тұнығынан Сайрамның келдің бе алып,
Жастығымды жасырған мұңды көлдің.
Аман ба екен сол елдің түлектері,
Жолдады ма сәлемін жүректегі,
Қайтемін сыр жасырып,
Асыл Қалдаш!
Қашанғы сол сағыныш жүдеткелі.
Келдің бе алып бір шымшым топырағын,
Немесе жалғыз жасыл жапырағын.
Мекенді есіме алсам туып-өскен,
Ерекше бір нұрланып отырамын,
Кеудемді жаныштардай нөпір-ағын...
Күйімді саған төгем ел ұқпаған,
Ғажабы ақтарылам сеніп саған.
Бір кезде көп-ақ еді өзіңе ұқсас,
Өзі де,
Өмірі де көрікті адам.
Қашанда түсірмейтін жанға қылау,
Сол елдің аспаныңда самғадың-ау!
Тағы да бастап кеттім,
Кешір, мені,
Бір әнді таусылмайтын таңға мынау,
Тез болды барғаныңнан оралғаның,
Демеймін жүгі жеңіл жол-арнаның.
Сол елді қайта көріп,
Қайта құшу,
Өшпейтін көкіректен ол — арманым.
КӨКТЕМ ӘУЕНІ
(БАЛЛАДА)
Есті де көктем самалы,
Желпіп бір өтті даланы.
Құстарын күткен тауларым,
Сүзіліп көкке қарады.
Сүзіліп кекке қарайды,
Әдеті солай талайғы.
Сүзіліп көкке қараса
Бұлттары жауып,
Тарайды.
Жауған бұлттың астында,
Ұқсап толқын тасқынға,
Керуендеп келе жатады —
Былтырғы кеткен ақ тырна
Оралды тағы тырналар,
Оралмақ солай жылда олар.
Ұқсайды кейде қайыққа,
Бетімен көлдің сырғанар.
Оралды тағы тырналар,
Жаныңды әні мұңға орар.
Мекенін,
Биік тауларын,
Келеді аңсап жылда олар.
Оралды тағы тырналар,
Жүректе саз көп жырланар.
Жанымыз жақын жандарға
Айтылар керім сыр да бар.
Елемей жауық,
Боранды,
Жыл құсы тегіс оралды.
Оралмай қалды бір тырна,
Аңсайды дала сол әнді...
Тауысып тағдыр тағатын,
Төнді ме оған қара түн.
Қайырып әлде кетті ме,
Қаһарлы дауыл қанатын.
Кім ұғар дертін басқаның,
Келмесе сезбес,
Басқа мұң.
Қиығын жалын шалды ма
Найзағай ойнап қас-қағым.
Жете алмай мөлдір бұлаққа,
Қалды ма құба қыратта.
Байғұстың үні, әйтеуір,
Жетпей-ақ қойды құлаққа.
Қосылмай сол құс қатарға,
Шөлдеген болар жапанда?!.
Қанатын оның қақтырмас,
Тағдыры сонша қатал ма?!
Қалдырған оны қиырға,
Шынымен тағдыр қиын ба,
Әйтеуір сол құс тыраулап,
Тұрғандай менің миымда...
III
Жанары мұңлы мөлдіреп,
Бұлқынды білем сол жүрек.
Аспанға тұнық қарады,
Талпынбақ болып соңғы рет.
Айнала тегіс мұнартып,
Таң атқан болар құлан түк..
Тандағы мөлдір шықтарға,
Қараған болар құмартып.
Ауаны жұтып бал-тұнық,
Денесі қызған сәл суып.
Есін бір жиған шақтарда,
Ұшқан да болар талпынып.
Ұшқанын бірақ көрді кім,
Шақты ма түзге ол мұңын.
Еледі ме екен ай мен күн,
Кішкентай құстың ерлігін!
Тағдырын жалғыз тырнаның,
Аялап менің тұр жаным.
Келуін күтіп жатқандай —
Көлдерім,
Байтақ қырларым!
Тырнаның мұңы сондай-ды,
Толғандым талай ол жайлы.
Жыл құсы қайта келгенде,
Сол құстың орны толмайды.
Япыр-ай!
Қалай толтырам,
Қорқады көңілім олқыдан.
Оралмай қалған тырнаның
Өмірі — өлмес бол сын ән!
Борайтын дауыл жол артып,
Қиын да киын болар сын.
Сапарлап кеткен құстарым,
Қалай да түгел оралсын!
Қалай да түгел оралсын!
Қара бұлт басып ел көгін,
Алғанда ауыр жер демін —
Оралмай қалды-ау,
Қайтейін,
Бауырым,
Қайран ерлерім!
Жалғасып қайта жол арна,
Солардың орны толар ма?!
Адасып қалған бір тырнам
Колыма қайта қонар ма?..
Осыны ойлап кеткенде,
Сабыр мен тағат жоқ менде.
Үмітпен ылғи қараймын,
Сағынып жеткен көктемге.
Салтанат,
Думан әр шағы,
Базары жаздың тарқады.
Сарғайтты дала гүлдерін,
Шуақты түздің сары таңы.
Қуарған шөптер қыраулап,
Үстінен жатты шық аунап.
Аспанның жүзін көрсетпей,
Тырналар қайтты тыраулап.
Оралмай қалған тырнаның
Өгейсіп орнын тұр жаным.
Өгейсіп соны жатқандай —
Көлдерім,
Байтақ қырларым.
Еңіреткен жұртты заман-ай!
Жүрекке қайғы жамады-ай!
Бөлінген елді ойласам,
Жүректің жасы тамады-ай!
Заман-ай!
Елді шайқадың,
Сынадың тағы байқадың.
Есімді жиған бұл шақта,
Кеп те ғой саған айтарым.
Тұнығым қайда тұндырған,
Гүлдерің жатыр сындырған...
Құлағымнан кетер ме,
Құлынның даусы шыңғырған
Қалдырдық солай азапқа,
Азаптап шығу — ғажап та.
Жүргенмен біздер «ұжмақта»,
Талайлар кетті-ау,
Тозаққа...
Қайғыны берген қазаққа!
Тырналар,
Қайтқан тырналар,
Ойыма — арқау,
Жырға — нәр.
Оралмай қалған мұңдықтан,
Келіндер алып бір хабар.
Көрсеңдер сәлем айтыңдар,
Көрсеңдер сәлем айтыңдар!
Көктемде сол тырнаны —
Қалдырмай ала қайтыңдар!
Келіндер алып хабарын,
Күйде екен нендей қарағым?!
Қарағымды қараумен,
Талды ғой менің жанарым.
Ыстық жас толған жанарға,
Мұңайып біреу қарар ма.
Сарғаю жақсы —
Ағашқа,
Сағыну жақсы —
Адамға,
Ыстық жас толды жанарға!..
САПАРДА ТУҒАН САН ОЙЛАР
ОМБЫ ЖЫРЛАРЫ
Сәлемдесу
Дұғай сәлем еліме Омбыдағы,
Омбы деген білімнің мол бұлағы.
Қарасаңыз Омбының өткеніне,
Талай терең ойларға шомдырады.
Дұғай сәлем еліме Омбыдағы,
Демеймін Омбы кеші тоңдырады.
Келіп тұрмын шілденің ыстығында,
Жайқалған шағында бір көл құрағы.
Алдымен жұртым,
Айтар ойды ұғын көр,
Келмесін көңіліңе жай күдіктер.
Тулатып Қара Ертістің толқындарын,
Жарысқан дала ғой бұл сәйгүліктер.
Қараймын егде тартқан ағаларға,
Ісіне ағалардың баға бар ма.
Ертістің тұнығына жүзіп келіп,
Ойнайды ақ шағала жағаларда.
Таңданам Омбыдағы жеңешеме,
Басқа жан жеңешеме теңесе ме.
Жесірдің көз жасындай жүзін жуған,
Ақ жаңбыр жапырақтан сорғалал тұр.
Әлі де талай-талай өтер жорық,
Ойлар көп көңіліңді кетер бөліп.
Төгіліп ана тілі тұрмаған соқ,
Өз далаң кетеді екен бөтен болып...
Сол Ертіс,
Тұрмын міне,
Сол Омбыда,
Ертістің жағасында шомам мұңға.
Мағжандай жыр-жүйрігін жоқтаймын ғой,
Әлде мен кештеу келген болармын ба?!
Шарпылып өтсем дағы өрт алаңнан,
Арылмай жүреді екен дерт адамнан.
Ертістің суы ойсырап ағып жатыр,
Халқымның көңіліндей орталаған!..
Жарысып Қара — Ертістің толқынымен,
Жүйрік қой,
Қамшы ұрғызбай жортады арман.
Жиырма бес
Жас қайын жағалауын өрімдеген,
Ертісім,
Көзіме ойлы керінді ерен.
Жағанда жүріп сенің жазар ма едім,
Өзіңе ұқсаған бір өмірлі өлең.
Ерекше күй тыңдаймын Ертісімнен,
Ертістің тұнық жанын ел түсінген.
Көгіңнен ерте сөнген жұлдыздардың
Әлі де айықпапты дерті ішіңнен.
Белгісіз арман іштей алаңдатты,
Күтумен бір жаңалық далаң жатты.
Ертістің жағасына тым болмаса,
Шоқанға бір ескерткіш қаланбапты.
Алыстан керуен үні тиылмайды еш,
Кетіп бара жатқандай қиырға көш.
Төрінен түнгі аспанның ағып түскен,
Арман-ай!
Қапы кеткен жиырма бес.
Тек қана толқын ғана тоқтамады,
Толқын құшқан қайындар шоқтанады.
Есіліп жатқан Ертіс толқындары,
Бейне бір сияқты еді жоқтау әні.
Жақсы мен жақсылардың табысқаны,
Жаманды шошындырар жаны ұшқары
Шоқан мен Достоевский достығында
Дүлдүлдің дүбірі бар алыстағы.
Сарғатқа сапар
Атырып талай оймен тұнық танды,
Еске алып талай-талай ұмытқанды.
Сарғатқа тартып кеттік тағы да біз,
Серік қып Сайымжан мен Үмітжанды.
Орманмен оюланған әр қапталы,
Асықтым ағайынға —
Сарғаттағы.
Айтпай-ақ көңіл күйін сезіп келем,
Белгілі сағыныштай зар жатқаны.
Сырласқан ақ бұлттарымен аулақтағы,
Сарғаттың бара жатыр баурап жаны.
Келді деп ақын ұрпақ іздеп бізді,
Атаның аунап түссін аруақтары.
Ауылға алаңдаймын баратұғын,
Балалар шығар бәлкім,
Қара тұлым.
Шырадай жанып тұрып қара көзі,
Білмесе қасірет қой ана тілін.
Басқанын естіп талай өктем үнін,
Жүрген соң болар егіп шетке гүлін.
Адасып қалар ма екен ана тілден,
Жоқтығынан бір қазақ мектебінің!..
Жүректі жегідей жеп бөлеген үн,
Көбінің маған таныс көрем өңін.
Сарғатта отыр қазақ ауылы боп,
Ортаға алып жалғыз Төлегенін...
Сарғаттың самалы да майда мына,
Деп қалдым адамдары жайдары ма.
Атқа қону қазаққа жарасады,
Бір Төкенді тартасың қай жағыңа?!.
Сол жағын Омбылықтар ойлады ма.
Қапсырма
Ақынға аманат қып тапсырғасын,
Жеңгемнің алып кеттім қапсырмасын.
Теңедім аспандағы туған айға,
Құлақта дірілдеген ақ сырғасын.
Бұл күнде егде тартып қалғанымен,
Көремін қапсырмадан жас тұлғасын.
Жан едім тебіренген өссе гүлің,
Жадымда жүрер осынау естелігің.
Еліңнен сән кетсе де,
Жан, Жеңеше-ау,
Тұнып тұр қапсырмада ескен үнің,
Ай-күнге жарқылдатып қапсырманды,
Жорғамен шайқалдың ба көште бұрын.
Тұнып тұр қапсырмада әнің сенің,
Тұнып тұр өпшейтұғын жалын-сезім.
Қапсырма таққан,
Жеңгем,
Қамзолына,
Ұқсайсың қапсырмаңа барынша өзің.
Сезімнің шегі де бар алып ұшқан,
Жанымды туған елдің зары құшқан.
Халқымның теңдесі жоқ қол өнері
Жоғалып кетер ме екен жарылыстан.
Мұңымды жасырам ба көмейдегі,
Шындық қой қасіреттің көбейгені.
Балқытып жібермесін қапсырманды,
Алапат жарылыстар Семейдегі.
Үдеген сайын Семей жарқылдары,
Таулар да шөгіп жатыр нар тұлғалы.
Халқымның бар өнерін жояр ма екен,
Аралдың сияқтанып тартылғаны,
Бар асылын қолынан, жіберген соң,
Ұрпаққа не демекші артындағы.
Құрақ қурап,
Тау түні салқындады...
Басыма туғаннан соң аландар күн,
Емдесең де жазылмас жарам бар мың.
Мұрасы туған елдің былай тұрсын,
Тағдырын отыр ма елеп адамдардың.
Кім көреді көз жасын босып кеткен,
Арқадағы ақ бөкен,
Маралдардың?!.
Жыр жатыр қапсырмаңда тарамайтын,
Көл жатыр,
Көңіл жатыр,
Шалқар, ай-түн...
Жеңеше-ау!
Жеңілдетші жан жүгімді,
Қайғым бар күннің көзін қалқалайтын.
Қырау болып қасірет самайда тұр,
Күңіреніп айта жатар талай ғасыр.
Кешегі ән қалқыған Қарауылда,
Қан жұтып,
Қара киіп Абай жатыр!..
Бітер ме екен сол өлген маңайға тіл...
Дәметкен
Сұрау салып, кідіріп әр өткелге,
Кеш бата жеттік-ау бір Дәметкенге.
Сапырған сүт бұлағын сауыншы ол,
Дәметкенге жетем деп әлектенбе.
Бөртпе салы басына салындырып,
Алып келді аруды малындырып.
Ақын кеуде кеткенде ағытылып,
Менің де жүре берді жаным жылып.
Дәметкен тұр әуенін бастап тағы,
Дауысы бізді көріп асқақтады.
Сауыншы болып елде жүр демесең,
Ол да бір сері жан ғой Қасқаттағы.
Қайтадан орала алмай кеттік-ау бір,
Сан себеп тілдесуге тапсақ тағы.
Ақынның арылған ба ойдан жаны,
Біз үшін әр сөзінің болған мәні.
Барады ақша бұлттар аспанда аунап,
Бейне бір сияқтанып толғанғаны.
Қалқалап қалар ма екен дауысыңды,
Сібірдің ойдым-ойдым ормандары!..
Қимастық жасқа толды жанары елдің,
Жаутаңдап Қасқатыңда қала бердің.
Атың жетті бірақ та Алатауға,
Өшірмей жыр — сезімді жана бергін!
* * *
Айтары жоқ,
Ауылың қандай сирек,
Қондыра салған дерсің шалғай сүйреп.
Тағдырдың тәлкегінен басқа түскен,
Кеткенің белгілі ғой қалмай күйреп.
Тұрса да орман өсіп,
Тұнып тоғай,
Мен жүрмін үрейлі ойдан ұйықтамай.
Қартының көзі кетсе бұл ел қайтер,
Қалайша ана тілін ұмытты оңай?!.
Қадірлі бауырласым, іргелесім,
Өткіздік талай күннің бірге кешін,
Жасырып қалам саған айтпай қалай,
Ана тілден адасып жүр демесін.
Бұл менің назым емес,
Күйінгенім,
Аз күнде талай сырды түйіндедім.
Ана тілін. тірлігің, шуақ күнің,
Түнек басар болмаса үйінде күн.
Қашанда мен халықтан аласамын,
Халқымның тірлігімен санасамын,
Тілің өшсе,
Сенің де өшкенің ғой,
Ойлашы, келер ұрпақ болашағын.
Есілкөл
Ақтарып бар арманын жүректегі,
Алдыңа келді Алатау түлектері.
Әлде бұл аңсай күткен көптен бергі,
Ақ бұлттай ақтарылған тілек пе еді.
Көңілден арылғандай алаңдығым,
Ортаңда тұр ғой толқып балаң бүгін.
Жұртымның жүрегінен шын ұсынған,
Даланың алуан түсті алам гүлін.
Асығып жеттік, міне,
Есілкөлге,
Есілкөл!
Кетпес болдың есімнен де.
Қайран ел қалды білем бір сілкініп,
Ана тілі самалдай есілгенде.
Жете алмай қайттым, әттең, Қасқатыңа,
Жыр арнасам деп едім бас-басына.
Қасқаттағы бауырлар қалай жүр деп,
Жанарым кетті-ау менің жасқа тұна.
Ойымды жазып кеттім тасқа сырлы,
Бір керу арман болып Қасқатыңды.
Өзім деп өзегімнен жалын өрем,
Ойым жоқ өздеріңе басқа түрлі,
Дей көрме, Алматының ақын қызы,
Біз үшін әлде несін бас қатырды...
Есілкөл!
Көріскенше қош-аман бол,
Шындаса бекімей ме босаған бел.
Жаныма қандай жақын қимай барам,
Осынау ата-бабам жасаған жер!
Жатса да тастарыңды жуып тасқын,
Есілкөл!
Мені әсте ұмытпассың.
Жағаңа қонған елің аман болса,
Тұп-тұнық жанарыңа жуытпас мұң!
Амангелді
Әлпештеп, аялаған ең жақыны,
Аулыңа Алатаудың келді ақыны.
Келді әншісі, аяулы азаматы,
Жатқан соң осынау бір жерде асылы.
Өлеңмен түсірді аттан Амангелді,
Бауырым, саған кінә тағам ба енді.
Көрсетсе ақындығың саған белді,
Танытқан ақындығым маған елді.
Жаудырып жыр нөсерін Алматымда,
Айтқансың ерлеріңді жанға тұлға.
Омбыда жатып жырмен қиқуласаң,
Мен дайын Алатаудан жалғасуға.
Ақынға шабыт беріп тулайды Есіл,
Бастай бер өр өлеңнің тынбай кешін.
Омбының асыра тұс ата даңқын,
Халқыңның оздыра бер жыр бәйгесін
АҢСАУ
Қарайсың жанарыңнан таралып мұң,
Болар ма алшақтығы аралықтың.
Көлбеген көк мұнарың көрсетер ме,
Іздерін аңсап келген балалықтың.
Көрейін Көлденеңсу,
Көксаламды,
Айыптама,
Көз жазған кеп баланды.
Төркіндеп келген қызың мен болармын,
Алыста жүріп білген тек бағанды.
Өзіндей өзгеше жер табамын ба,
Гүлдерің майысады сабағында.
Соған да риза болып аттанар ем,
Шыңың тұрғай,
Жүрсем де табанында...
Суық қой, болмас, сірә,
Таста сезім,
Табанға көзің қиып баспас едің.
Көңілім сергіп кетті,
Көріп сені,
Мейлі, қайда болса басташы өзің!
Қыран жүр қияныңда батыл шарлап,
Биікте жүріп кімге ақыл салмақ.
Ал менің мынау нәзік жүрегімде —
Жартасыңа барабар жатыр салмақ.
ЕСТАЙ АУЫЛЫНА БАРҒАНДА
* * *
Иіліп тағзым еттім,
Естай ақын,
Келеді жүректерде өшпей атың.
Артыңда ұрпағың бар қашан дағы,
Өзіңді сағынышпен еске алатын.
Өтсең де тар заманның қыспағында,
Еңсеңді еңкейтпедің күшті ағынға.
Теңі жоқ ән тудырған «Қорлан» сынды,
Шек бар ма сенің сезім,
Құштарыңда.
Сан кешіп бастан шабыт — алапатын,
Тірліктің көзге ілмедің аласасын.
Ән салып асқақтата,
Жыр төккенде,
Ару — түн тыңдар жайып қара шашын.
Ән десе арқама асқан тіреу едің,
Ән сүйген ұрпағыңның біреуі едім.
Түнеріп талай төніп бұл басыма,
Сан рет серпілген-ді түнеме мұң.
Әніңнен бәрін іштей сеземін мен,
Кетердей өрт шарпылып өзегімнен.
Өмірдің тартысына,
Талқысына,
Бар ма екен сендей ақын төзе білген.
Әніңмен жалғастырып жанға жырды,
Өнермен өлшегенсің бар бағынды.
Әніңмен қоңырлаған,
Мамырлаған,
Айтпай-ақ ұғып келем арманыңды.
Жатырсың мекен етіп дала жақты,
Өмір көшіп,
Даланы жаңалапты.
Қазаққа өшпес мұра қалдырсаң да,
Бар қазақ бір күмбезге жарамапты!..
Халықтың таразылап ақыл-күшін,
Тандана қарадың ба,
Батыр мүсін!
Бір ескерткіш қолынан қоймағанға,
Ақыным, назаланып жатырмысың?! .
Ойламан, жалғызсырап қалды ма деп,
Жүрегің ғашықтықтан жанды ма көп.
Аулында — Қаражарда ескерткіш жоқ,
Күнде өлең оқыр едім алдыңа кеп.
...Ес жиып,
Әлі ілгері кешеді елің,
Қайтарады қарымын, еселерін.
Ай күмбезін орнатып, атайды әлі —
Естай деп қала менен көшелерін.
Менің де бір арманым орындалар,
Жараса ескерткішке осы елеңім!..
КЕРЕКУ КЕШІ
(Сабыржан салған ән әсерімен)
Даусыңның қоңырын-ай,
Майдасын-ай!
Барады жыр-толқындар ойға сыймай.
Кәдімгі Керекуден ән боратқан,
Кешегі қайда Майра,
Қайда сырнай?!
Әнші қыз,
Ақын Майра аңыратқан,
Қызығып ай қарайды шаңырақтан.
Әнімен ауыл кешін сан әлдилеп,
Әнімен Керекудің таны да атқан.
Толқытып сол бір сәттер өлеңді-өлең,
Белдерде еліктер де елеңдеген.
Қосылып ақындыққа серілігің,
Тынысы тірлігіңнің тереңдеген.
Атынды әнмен жайып Сарыарқаға,
Қалықтап жүрді аққу — ән бар ортада.
Майра боп қалдың бүкіл қазақ үшін,
Заман-ай!
Дүркін-дүркін жаңарса да...
Жата ма жан түбінде өткір сезім,
Бар екен өзіңе сай жеткіншегің.
Серік пен Сабыржандар шырқатқанда,
Көк нөсер,
Сұлу саздың кештім селін,
Жаңғыртып жатыр кешін Керекудің,
Бар екен айтысқа ерік беретін күн.
Айтыстың атын халқын аңсағаннан,
Көзден жас,
Көкіректен төгетін мұң.
Аспанға аты шыққан Керекуді,
Жасымнан кереметтей көретінмін.
Жел көмей Сабыржандай жүйіріктер,
Айтысқа білем,
Жан сап беретінін!
Таңсық қып,
Тамсандырған жыршы Майра,
Қашанда,
Қай кезде де жүрсің ойда.
Қазақтың даласында Майралар көп,
Сен ұқсап тұрсың әне,
Аспанда айға!
Өмірді өткерсең де серілікпен,
Үзілдің таң шолпандай көрініп сен.
Кешегі сан сайраған Семейінде,
Талайдың тумай жатып демі біткен...
Басына өзің барған бұлақ қайда,
Кетті екен көздің жасын бұлап қайда?!
Малынған қос етегің көкорай бел,
Сарғайған жылай-жылай құрақтар да.
Табиғат пәк сезімге жуындырған,
Жаралған жан едің бір сұлу жырдан.
Желтоқсан оқиғасы жас ұрпақтың
Сезімін тұншықтырып,
Үнін буған
Ой салып сол оқиға «ақылсызға»,
Батыр боп кетпеді ме батылсыз да.
Баурында Керекудің сан толғанып,
Бәріне ой жіберіп жатырсыз ба?!.
Сыр айтсам, кешір енді,
Әнші Майра,
Қайғыны ақтармасаң жаншымай ма.
Оңаша отырғанда елден алыс,
Батамын сансыз қиял.
Сансыз ойға.
Ақын ем ел үмітін арқалаған,
Базары бұрымымдай тарқамаған.
Мен де бір текті жанның баласы едім,
Тегіне,
Айнымаса,
Тартады адам!.
БЕЙНЕ БІР КӨРГЕН ЖАҚСЫ ТҮС СИЯҚТЫ
Көзіңе елестетер ұшқыр атты,
Көңілге көктеткендей күш-қуатты,
Естайдың ауылында күндер өтті,
Бейне бір керген жақсы тұс сияқты.
Бойыңа біткен сонша асыл көрік,
Біреулер жүргенге мәз қасында еріп,
Көркіңді көлеңкелер жат мінез жоқ,
Қарайды саған ару қасын керіп.
Қаныңа сіңген жақсы қасиеттер,
Өлеңнің өрнектерін жатыр ма өріп.
Өлеңнің өрнектерін жатыр ма өріп,
Бітімің жаралғандай батыр болып.
Қарашы Баяныңның бауырына,
Ақ бұлттар шатыр тігіп,
Жатыр қонып.
Сапармен өте бермес осылай күн,
Ырысы ортаймайды досы бардың.
Мерт болған шапқыншыдан елін қорғап
Ұрпағы болармысың Жасыбайдың.
Қоршаған төңірегін жасыл шыңдар,
Жарқырап жанарыңдай жатыр айдын!
Баяның тұр ғой бүгін мерейің боп,
Келдім мен сол Баянды көрейін деп.
Қаныштың аты қандай қазақ үшін,
Сөнбеген,
Лапылдаған тереңінде от.
Барып ем Естай аты себеп болып,
Жүрсінші аруағы жебеп-қорып.
Баяны көңілге ерек әсер берді,
Сұлулығы соншама бөлектеніп.
Көзіңе елестетер ұшқыр атты,
Көңілге көктеткендей күш-қуатты.
Естайдың ауылында күндер өтті —
Бейне бір көрген жақсы тұс сияқты.
Толқындап көкіректе сансыз мұным,
Өмірде болған емес қамсыз күнім.
Тағдырдың берген ол да сыйы болар,
Ағайын, емес бірақ әлсіздігім.
Ширығып төгер жаным бар шындығын,
Халқымның тілеуі ғой,
Сансыз жырым.
Тағынған қанатым ол —
Ән мен арман,
Үзіледі босаса сәл шылбырың.
Салмақтан қайысамын санадағы,
Самай шаш бәлкім, содан ағарады.
Жанғаны еңбегіңнің сол емес пе,
Өнердің биік болса шаңырағы.
* * *
Суы мөлдір, көкпеңбек,
Жасыбайға жетсем деп,
Жолаушы көп асыққан
Баянға жатқан шеттен кеп.
Жасыбайдың тұнығын
Айтады тәңір өпкен деп,
Содан ба
Суы көкпеңбек!
Көрсең де қысын, Көктемін,
Төгеді нұрын көкте күн.
Аймалап алтын сәулесі,
Көрсең ғой кәлді епкенін.
Өңің тұрғай түсіңнен
Кетпей жүрер тек сенің!
Өкінішті болды деп,
Қарайды асығыс кеткенің.
Аңғармай қалдым өзім де,
Уақыттың қалай өткенін.
Ұқсастығы көп екен,
Шыршалы,
Жасыл текшенің.
Інісі ме деп қалдым,
Баянды сұлу Көкшенің!
ЛАҒЫЛ ЖҮЗІК
Алыстан баурап-тартып,
Бағындырып,
Сағымға оранады,
Сағындырып.
Жүрсем де Алматының бау-бағында,
Тыңдағам талай-талай әніңді ұйып.
Тұрасың жұмбақтанып,
Сағым киіп,
Төсеген қыраныңа тағың биік.
Көзінің жауын алған көрген жанның,
Жасыбай!
Жарқыраған лағыл жүзік!
Самырсын да,
Шырша да саянда тұр,
Суреттеуге жетпейді-ау,
Бояуға тіл.
Жасыбайдың күзетіп тыныштығын,
Кірпік ілмей қарап тұр Баян батыр.
Жатырсын сен жүзіңді тұмшаламай,
Жұпар исі аңқыған,
Шыршалар-ай!
Тең келе алмас сендегі сұлулыққа,
Биіктен саған қарап тұрса дағы ай!
Бауыржан десе, Бауыржан,
Елгезек бала, тәуір жан.
Келді деп ақын алыстан,
Жүгіре шықты ауылдан.
Шылбырын ұстап тұлпардың,
Сипалап жатыр сауырынан.
Өмірден қанша үміткер,
Бар шығар басқа жігіттер.
Қонақ келді ауылыңа,
Мойыныңды бұрып көр.
Ат арытып жүріп көр.
Білерсің кісі қадірін,
Жұмыс басты,
Жігіттер!..
Қолына алып кетпенін,
Орады диқан еккенін.
Менің де асар мерейім,
Еңбегің жанса тек сенің.
Үмітін артқан елің бар,
Шығарар шыңға кеп сенім.
Тұлпарлар жортқан мекеннен
Сен де еніп,
Көктедің...
БАЯН АТЫ БЕЛГІЛІ БАЯҒЫДАН
Баян атың белгілі баяғыдан,
Баян десем жапырақ жаяды жан.
Баурайында жасаған өнерлі ұрпақ,
Баянына арнамай,
Аяды ма ән.
Көрмесем де көкейге қанық —
Баян, Биігінде Баянның қалықтар ән.
Сұлулыққа қызығып сырттай мынау,
Дей алмаймын сенде мен қалып қоям.
Баян десе, мен көптен елеңдегем,
Сен емессің сырт көзге еленбеген.
Өзің жайлы қанша асқақ ән айтылып,
Ақындар әсерлеген өлеңменен.
Алатаудың жетеді асқақтығы,
Кете алмаспын еш жерге тастап мұны,
Жарасады жанымыз,
Сәніміз де,
Қысы-жазы қар жатқан аппақ шыңы!
Жарасады жаныма биіктігі,
Қалай ғана кетермін қиып мұны.
Жылылықтың барлығын жүрегіне
Тұрған жоқ па,
Тұс-тұстан жиып күні.
Алатаудың ортақпын мол сырына,
Қаншама ұлттар сыяды қолтығына.
Мен әзірше, бауырында жүргеніммен,
Түбінде бір шығарар,
Ол шыңына!..
ҚАРА БҰРЫМ ТОЛҚЫНДАП ТІЛЕРСЕКТЕ
Арманы бір қашанда,
Тілегі бір,
Үміт артқан халқымның түлегі бұл.
Осынау қарақат көз сіңлілерім,
Алаулаған жаны — жаз,
Жүрегі — гүл!
Ертең — ана,
Болмайтын тынымдары,
Адал, нәзік,
Ақтарар сырын жаны.
Болашақ ұстаздар ол, ұлағатты,
Төгілген тілерсекке бұрымдары.
Қара бұрым төгілсе аш белінде,
Жарасады қызға да,
Жас келінге.
Бұл заманның қыздары шашын кесер,
Жалындаған сезімге мас кезінде.
Артық айтсам, арулар,
Кек санама,
Қыз қашанда бойсынған текті анаға.
Арқасында қыздардың қара бұрым
Толқып жүрсе,
Тәңір-ау, көп бола ма?!
Мақтанышпен қарасын досың келіп,
Қызғанышпен қарасын қасың көріп.
Кесе көрме қызығым,
Бұрымыңды,
Жарасады жүргенің шашынды өріп.
Жастығың,
Сұлулығың,
Кестелерің,
Шашынды жөн болады кеспегенің.
Шашың тұрса төгіліп аш белінде,
Деп білемін салтымның өшпегенін!..
Қара бұрым толқындап тілерсекте,
Не бір ару еленбей жүрер шетте.
Жөн болады қыздарға ақыл айтқан,
Еркелетіп,
Тым еркін жіберсек те.
Еркеліктің қадірін,
Білмей шегін,
Солғанына өкінем гүлдей сезім.
Алдана ма, әлде бір Арсыздық па,
Мұндай іске ешқашан күлмеуші едім.
Қазақ үшін керек қой өтімді ана,
Кейде жаспен жуады бетін дала.
Бойжеткеннің бәрі де текті болса,
Қайдан келді әкесіз жетім бала.
Жетімдіктен өмірде бар ма жаман,
Жетім қал деп аналар қарғамаған.
«Тірі жетім» балалар көбейген соң,
Жатырмыз ғой үй салып, арнап оған.
Қамтып, әйтеу,
Қолдағы барды иелеп,
Жатыр оны адамдар тәрбиелеп...
«Тастанды» деп біреулер атаса оны,
Қадалғаны емес пе жан-жүйеңе оқ
Керген кезде «жетімдер» үйін барып,
Жындануға сәл қалдым,
Құйынданып.
Балалардың кетпе деп жылағаны,
Тұрып алды шырқырап миымда анық.
Болсам дағы бір көрген өзім «бөтен»,
Үйге оралып,
Сан алуан сезім кешем...
Өзіме-өзім сұрақты жаудырамын,
Қандай едің деп тым жас кезінде сен.
Орнағандай осы сәт басыма түн,
Гүлдеріме қарадым ашылатын.
«Оң жақтағы» қыз жүкті болды десе,
Бар ауылға таңба боп басылатын.
Құлағыма жеткендей майда бір үн,
Кешегі бір намысшыл қайда күнің?!
Ер жігіттен шықпас-ау ондай әдет,
Ақылды қыз,
Өзіңді ойла бүгін..!
АР ЖҮГІ
Басына Естай ақын бардым міне,
Адамға жеңіл ме екен ардың жүгі.
Естайдың Жайқоңыры желе-жортты,
Батқандай арқасына жардың мұңы.
Төгіліп майда жалы желер тынбай,
Көзіме көрінеді өнер — шындай!
Жаралған алуан үннен сиқыры мол,
Сияқты құйқылжыған көмей — сырнай
Тыңдаса,
Төгілердей тастан да шық,
Барады дала желі аспандатып.
Сол әннің әсерінен оянады,
Ғасырлар жер баурында жатқан ғашық.
Көп елес көз ұшында көріп қалам,
Қиялдаймыз болған соң ерікті адам.
Қара-Ертіс жағасына,
Қаражарға,
Сол әннің ырқыменен еріп барам.
Қара-Ертіс! жағасы да ән;
Даласы да ән,
Сиқырлы ән еркімді алып аласұрам.
Бар екен ақын ұрпақ Қаражарда,
Тұратын жүздеріне жарасып ән.
Тұратын өміріне жарасып ән,
Сол елдің сергіп қайттым арасынан.
Құндақтап жүрегіне Естай әнін,
Ел-жұрты шығармай жүр санасынан.
АҚҚУ АРАЛЫ
Өтсе де өткелектен,
Өткелдерден,
Шіркін-ай, бұл бабамыз неткен мерген.
Көзінен құралайды көздеп атқан,
Іздемей оңай олжа шеттеу жерден.
Маралдың ішінде де маралы бар,
Ақ-қараны айырар саналы жан.
Арудың аққу құсын сүйген Естай
Таңдап ап арулардың аралынан.
Жатса да ғашықтықтан күйреп ерен,
Садақпен аруды ақын түйремеген.
Арудың елжіреген ет жүрегін —
Ақтарған теңдесі жоқ күй мен өлең.
Ағытқан теңдесі жоқ күй мен өлең.
Төрдегі басын төмен сүйремеген.
Әніңді келе жатыр жалғап сенің,
Өзіңді,
Өнерді де сүйген өрен!
ЖАЙҚОҢЫР
Жайқоңыр әннің аты жайма-шуақ,
Кеткенсің қайран өмір,
Қайда шуап.
Әнші Естай,
Ақын Естай арқадағы,
Өшпейтін жағып кеттің әнге шырақ!
Байты өзің жүрген Қараөткелің 2 ,
Таусыла қарап тұрмын тағат-демім.
Толқынға тоғытылып бара жатыр,
Ақын қиял нағылған қанатты едің!
Келгенсің қашаннан да асып өрең,
Арқаның қарттары да,
Жасы да ерен!
Сияқты Жаяу-Мұса,
Әнші Майра,
Өзіңнен тараған ғой асыл өрен.
Өзіңнен тараған ғой асыл өрен,
Исадай етпесем де тасып ерен —
Сарадай саңлақ шыққан ауылданмын,
Тот басып жерде жатқан жасық емен!
Тот басып жерде жатқан жасық емен,
Ақынмын,
Азаматпын,
Ғашығы — өлең!
Елім бар өнерімді қадірлеген,
Жазамын көздің тұнық жасыменен.
Шалғайдан келгем Шығыс-Түркістаннан,
Жанарымнан сағыныш бұлты ұшталған.
Өнердің тұнығынан жүзіп ішіп,
Мен едім жастайынан жыр құшқан жан.
Мен едім жастайынан жыр құшқан жан,
Жасанды сөзден аулақ,
Білгіш жалған....
Келгем жоқ өз бетіммен елді тастап,
Үйіріп алып келді бір күшті арман!
Екпіні — қара дауыл,
Жігіт — арман,
Шерімді шерте білген,
Жібіте алған.
Тұстарда басымызға бұлт үйрілген,
Шақырған қолын бұлғап үміт алдан.
Ол күндерді мен әсте ұмыта алман!
Шығыста бір өзен бар Іле деген,
Іленің толқындары іледі өлең.
Тұнығы сол Іленің кетерімде
Тілеуін ақындардың тіле деген!
Тілеуін Атамекен тіле деген,
Сырласып көріп пе едің Ілеменен.
Мойныма таққан оның бойтұмары,
Содан ба жұбын жазбай жүреді өлең.
Содан ба жұбын жазбай жүреді өлең,
Түнетіп шындарға да түнемеген.
Кетпедім азып-тозып,
Келсем де «ауып»,
Жандармен бірге жүріп жүрегі — өлең.
Қала бар Құлжа деген шығыс жақта,
Табады жаным содан — Тыныс тапса.
Еңсесі биік болып көрінеді,
Арасы елмен елдің тыныш жатса...
Тауы бар сол бір елдің Тәңір атты,
Жүрегім жылағанда — Таңы уатты.
Тәңірдің ұрпағы бар жаны жақсы,
Уықтай ұстап тұрған шаңырақты.
Күй шертіп кешегі бір қиын күннен,
Бұлттардан ақ жаңбырдай құйылдым мен
Бір балаң тағзым етіп келді,
Естай!
Бөлесін шуағына үйірлі іргең!
Жолаушы емес едім тегін жүрген,
Жырменен таныстырдым тегімді мен.
Аяулы ақын бабам,
Білгің келсе,
Келесің бірге жасап өзің бізбен.
Атағың ұрпағыңмен жасай бермек,
Мүсініңді тастардан қашайды өрнек.
Қараөткелде ескерткіш болмағанмен,
Әндерің жүр ел асып,
Аспанға өрлеп!
Болса да бойда сабыр,
Тағат-төзім,
Қаныма бара жатыр тарап сезім.
Қорландай ару әннің шын бапкері,
Асқақ ән,
Киелі аруақ,
Қазақ та өзің!
САРҚЫРАМА ҚАСЫНДА
Такаббар,
Талқы тауы көк тіреген!
Сол тауда қыран құстар кеп түлеген.
Еркесі сияқты еді,
Сарқырама,
Жартасын жата қалып тепкілеген.
Құлама басын құзар құздан алып,
Керемет,
Құбылыспен қызғанарлық,
Сарқырап жатыр ағып қыс ішінде,
Сезімін селдеткендей бізге барлық.
Бәлкім, ол —
Періштедей пәктігінен,
Талай жыл мені күтіп жатты білем.
Өзіңе созған қолым жетпесе де,
Қанатын жүрек құсым қақты кілең.
Шындарға мен шықпаған жетті ме өлең,
Білместік,
Бәлкім, талай өтті менен,
Құдіреттей құзыңнан құлап аққан,
Қалпыңды бір көрсем-ау деп тілегем.
Сезініп сырттай бәрін жүрекпенен,
Сәттілік саған дәйім тілеп келем.
Жататын құз-қойнауды көзіне ілмей,
Кеудемнен өзіңе ұқсас,
Түлетші өлең!
Бөлендім ойлап сені зарлы-мұңға,
Әйтпесе,
Мен біреуден жарлымын ба?!.
Қойнында шатқал-шыңның өскеннен соң
Алғанмын өр мінездің барлығын да.
Алғызбай жатса да алда асу биік,
Алдыңа келіп тұрмын басымды иіп.
Сарқырама сияқты тасымаса.
Жүрмейді балаң сенің жасын құйып.
Жүрмейді балаң сенің жасын құйып,
Мен де бір ауып кеткен асыл киік.
Өзіңе оралармын сәті түссе.
Жер беті жасанғанда,
Жасыл киіп.
Келіп едім ақырған ақпанында,
Көп-ақ екен жоғалтып,
Тапқаным да...
Қыстың көзі қырауда,
Сарқырама,
Алдымда ақтарылып жатпадың ба.
Толғанып қойған бабам, тасқа да атын,
Өткен ғой,
Тауларға ұқсас асқақ ақын.
Өр өмір кешіп келем өзіңе ұқсас,
Жайым жоқ қысылатын,
Жасқанатын.
Өлеңнен болмаған соң басқа жақын,
Ой сергек,
Сезімімді басқаратын.
Адасқан айдыныңнан аққуыңмын,
Қақтырған армандары қос қанатын.
Жаныңа өтсем деуші ем жара салмай,
Қайтейін,
Жете алмадым ара шалғай...
Қолымнан бар келері —
Ей, Тәңіртау!
Қалармын адам болып,
Аласармай!
КЕЗЕҢГЕ ШЫҚҚАНДА
Басынан мұнар кетпей көлбеген көк,
Жатыр ғой биік Жоңғар көлденеңдеп.
Сайрамдай сұлу көлін ортаға алып,
Қос тауым,
Сәбиіндей тербеген кеп.
Кездерім еске оралып сайрандаған,
Елжіреп қарап жатыр Сайрам маған,
Бурыл шаш,
Бұйра толқын,
Бұла мінез,
Біздегі ұқсастыққа қайран қалам!
Жаудырап жатыр дерсің жас арудай,
Сұлулық бола бермес аса мұндай.
Қапыда құшақ жазып қалмайын деп,
Талқы тұр,
Көзден бір сәт таса қылмай.
Талқы тұр қыса түсіп жүрегіне,
Тағдырдан жалғыз соны тіледі ме.
Сайрам көл!
Қызың келді қайта оралып,
Тағынып малта тасты білегіне.
МАЛТА ТАС
Әдемі, қандай жұмыр малта тасың,
Толқындар көрсетпейді жайса шашын.
Тапжылмай, көл жиектеп жату үшін,
Сұрапыл дауылмен де шайқасасың.
Тозсаң да,
Жатырсың сен мұжылсаң да,
Төзесің күні ұзаққа,
Ұзын таңға.
Сайрамның Малта тасын жаным сүйер,
Шұбарлап өрнектеген жүзін таңба.
Толқынның төзіп қанша тепкісіне,
Жатыр ол сенім артып тек күшіне.
Тұнығын құшып,
Қоршап, жататұғын
Малта тас,
Қасиетің жоқ кісіде!
Төсінде дүбірлетіп сағым қырдың,
Жүрсем де қоршауында қалын жырдың,
Сайрамның сыңғырлаған
Малта тасы,
Бейне бір қимасымдай сағындырдың.
Күзетіп жатасың ба көзіңді ілмей,
Тым нәзік үлбіреген сезім — гүл ғой.
Уыстап сені қалай алғанымды,
Қалдым-ау,
Осы бір сәт өзім білмей!..
Әдемі қандай жұмыр малта тасың,
Толқындар көрсетпейді жайса шашын.
Тапжылмай,
Көл жиектеп жату үшін.
Сұрапыл дауылмен де шайқасасың!..
ӘКЕ ЖҰРТЫ
Шыққанда Талқыны асып,
Кезеңге бір,
Құйылып қолқа — жүрек, өзенге нұр.
Сайрамның жанарынан жас жаңбырлап,
Егіліп жатқандығын сезер көңіл.
Теңдессіз тап болғандай бір суретке,
Басылды көзіме оттай Күркілдек те,
Коп жылдар өзіңменен көріспеп ем,
Ұсынып тұнығыңды тұрсың көпке.
Кешірдің тентектігім аңғарылса,
Неліктен жақын едің жанға мұнша.
Маңына маржан шашқан,
Күркілдегім,
Ішейін тұнығыңды қанғанымша.
Шым батып жоғалмайтын
Тасқа,
Құмға,
Өзіңсің өзенім де,
Бастауым да.
Мен сені қалай ғана ұмытайын,
Әкемнің жұрты жатыр бас жағында.
Бөктерде,
Қарағайлы,
Көгал — шатты,
Әкемнің жұрты жатыр,
Жоғалмапты.
Кетсе де өзі өмірден,
Көзі ғой бұл,
Тұрмын мен тебіреніп соған қатты.
Мен тұрмын тебіреніп,
Еміреніп,
Жатқандай сол бір жұрттан өмір өріп.
Ескі жұрт!
Еске салар кәп жайларды,
Жатса да ойы ойсырап,
Өрі кеміп...
Оты орап өкініштің құшып жалын,
Өтті екен қимай қарап,
Тұсыңнан кім?!
Сол күндер өлең болып оралды ма,
Сол жігіт қырдан теріп ұсынған гүл.
Кім ұғар, сол сәттегі күйімді,
Алла-ай!
Ұсынған тағдыр маған күйің қандай.
Әкемнің көне жұртын көрген кезде
Бауырыма ыстық сезім құйылғандай!
Жөңкілген бұлттар дайын аспан кернеп,
Сол сезім мені ілгері бастай бермек.
Сол сезім сияқтанып тұр ғой самсап,
Мәңгі жас самырсындар тастарда өрлеп
ҚОШТАСУ
Кешегі көп күдік пен күмән қалып,
Қолымыз жетті,
Тәубе бұған да анық.
Көне жұрт!
Қош бол енді көріскенше,
Көз алдым бара жатыр тұманданып...
Аз күнгі қонағың ем шақырылған,
Не күттің,
Не тіледің ақыныңнан..
Жастанып Сайрам көлді сен жата бер,
Толқының мен болайын сапырылған.
Әке жұрт!
Сен тұрғанда тілекке бай,
Ұшармын туған көлге түлеп талай.
Әзірше мен төзермін сағынышқа,
Білмеймін,
Шыдар екен жүрек қалай?!
Жаныңа азық болар күш-қуаты,
Көретін туған елді түсті сәті.
Алпыс күн арадағы тез-ақ өтті,
Көретін қас-қағымда тұс сияқты...
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру