Жалғыз
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Смағұл Елубай шығармаларының басты идеясы халықтың әлеуметтік пікіріне әсер етіп, тарихи санасын оятуда жатыр. Қазақтың кеңестік дәуірде бастан кешкен нәубетті кезеңдерін асқан шеберлікпен суреттейді. Жазушының қаламгерлік мақсаты ұлттық болмысты сақтап қалу десек, артық айтқандық емес.
/uploads/5a48218b-873c-55d1-a907-20a8ff9e7d86/cover.png
Хикаят
Оянып кеткеніне өкініп, көзін қайта жұмып біраз жатты. Тіршіліктің қым-қуыт тауқыметінен ада шырын мас бір бейқам ұжмақ мезгілде жүр екен түсінде. Үзілмесе екен сол түс, бұны сәтке де болса мамық құшағында әлдилеген сол қияли дүние жалғаса берсе екен деп опынады іші. Түсінде бұл әлі бала екен дейді. Жүгіріп келеді. Тізеден келетін су айдынды шолпылдатып жүгіреді. Күміс тамшылар бұршақ секілді мың бытырап шашырап, күн көзінен мың жақұт төгілгендей. Сол жақұт жылтылдап жауған күміс тамшыларға шомылып, арманы болған жұлындай ақ келіншек қалың шашын сілкіп тастап, алдында қашып барады. Тоқ балтыры күнге жарқ-жарқ етеді.
Дүние бейбіт. Дүние мас. Дүниеде сақылдап күліп, күлгендері ешкімге естілмей, бірін бірі қуалаған екеуі ғана екен дейді. Төбеде риясыз нұрын құйған жалғыз күн. О несі екені белгісіз, айдын беті қызыл жалқын құбылады. Құлпырған бақыт айдыны. Көңілінде елеуреген жас тілек, жарқын қуаныштан өзге зәредей түйткіл жоқ. Талай мезгілдер бойы бұны баласынып менсінбей келген сұңғақ бойлы, аршын төс, тұла бойы түгел сиқыр осы келіншек бүгін бала Кемелдікпен ғана оңаша қалған. Еңкейіп келіп үңілген күн күліп тұрған сияқты. Сықылықтап тұрған айдын көл мәз болатын сияқты.
Бала Кенелдік қуып келеді. Сиқыр келіншек денесіне қол тигізбей сықылықтап қашады. Бұрқаған күміс тамшылар сауылдап төгіледі. Суға малынған аппақ келіншектің бұраңдаған нәзік белін, жұмыр бөксе, оқтау балтырын көріп келеді. Бала Кенелдік ұстап алғысы кеп, кішкентай саусақтарын тарбитып созады. Сықылықтап қашып діңкесі құрыған күлегеш келіншек қазір-ақ суға күмп беріп құлайтын тәрізді. Сонда бұл оны өзінің тарбиған титтей саусақтарымен мықыннан, не білектен, не болмаса тоқпақтай анау шаштан ұстайды. Сөйтіп, сиқыр келіншекке қазір жетеді. Енді бір секірсе жетеді...
Сол тұста оянып кеткен.
Жүрегін өкініш шымшылап, тамсанып біраз жатты. Жатқан жері жапан дүз, биік тораңғыл көлеңкесі - тін. Төңірек сарғайып құлазыған кер жазық. Иесінің оянғанын сезіп, торы төбел сулығын шайнап оқыранады.
Көктемде жауын суы жүріп, қазір қаңсып қалған сайдың іші сыбдырлады. Басын көтеріп еді, қаңғалақтап кезбе құйын өтіп барады екен.
Түс қайтыпты.
Балалық шақ қанша алыстаған сайын, жүрекке сонша жақын тарта ма, соңғы кезде әлгіндей түсті жиі көреді. Аспаны сондай биік, күндері сондай ұзақ қызыл-жасыл толықсыған мамыражай табиғат арасында өмірдің қызыққан базары мәңгі тарқамастай көрінетін пәруана балалық шағы үнемі бұны қол бұлғап шақырады да жүреді.
Ойын үзіп, бір ауық табиғат ызыңына құлақ тікті. Болмашы ғана суырылып ескен майда өлкек желге тораңғыл жапырағы, қалың ши жақын бұта бастары түгел жамырап үн қосады. Қамыс судыры жәй парықсыз үндесе, тораңғыл жапырағы кісінің жан пернесін сөйлетер ойшыл бір қоңыр күйге жетектейді. «Дүние екі жарылды. Кенелдік, оның бірі — ескірді, артта қалды; екіншісі — жаңа өмір, ол алда; сен қанша көзіңді жұмып, құлағыңды бітеп, тау мен тасқа қашқаныңмен, бұл ақиқат, бұл шындық» деп сыңсиды жел.
Кенелдік қонышынан қамыс сыбызғысын алып, бір-екі үрлеп - үрлеп қойды да, ақырын боздатып әлгі жапырақ ызыңына салды. Саз анау сарсаң жондар реңінде жүдеу қоңыр созылып, іңірде қазығын айналып боздаған жетім бота зарына түсіп барады. Жоқ, бұл саз бота боздау емес, бұл ырғақ — Кенелдіктің көптен бері көкірегін түйнеп жүрген ырғағы, қазіргі дүмпулі кезеңде екі күннің бірінде жерді тастап қашуға шақ отырған дәулетті әкенің, осы елден шыққан алғашқы большевик Асайынның, не әрі емес, не бері емес, тыныштықты таудан іздеп жүрген Кенелдіктің сергелдең күн, сапырылысты көңіл күйлерін әуен, саз тілімен айтса керек еді. Бірақ сыбызғы көмейі бүлкілдей түсіп кідірді.
Орнынан тұрып, астына төсеген көрпешесін қағып-сілкіп, атының төс айылын босатып, қайта тартты. Бөктергідегі мылтығына көзі түскенде, бүгін де аңнан құр қол қайтып келе жатқанын еске алды. Келіншегі Дәмежанға бүгін қандай сылтау айтар екен?
Торсықты басына көтеріп, сусын ішті. Басы зеңіп қалған. Денесінде ыстық бар сияқты. Жел өтінде ұйықтағаннан шығар. Аптап өткен болар деп ойлады.
Беліне ырғып мінгенде, тыпыршып тұрған қаз мойын сұлу торы арқаға қарай ауыздығын кере тартты.
Ат басын іркіп, сонау сағымды даланың түстігінде нардай шөгіп жатқан тау сілемдеріне көз жіберді. Тау сілемдері бұлдыр-бұлдыр сұйылып, сағымға еріп тұр екен.
Ат басын еркіне жіберді. Ауылды сағынған жануар жарау торы көлденең жатқан бетегелі жонға лыпып ойнап шыға келді. Қанат байлап ұшуға бар.
Бұрылып, алыс қалып бара жатқан тауға және қарады. Миығында бір құпия күлкі оянған. Торы төбел бір ырғақ төкпе жорғасына көшкеннен кейін, тербеліп отырып еріксіз қиялға шомды.
Ол тауды бұндағы жұрт Лабақ тауы дейді. Кенелдіктің жаз болса аң аулайтын оңаша елсіз мекені. Осыдан он шақты күн бұрын сол тау ішінде бұл үшін бір күтпеген жәйт болды. Сол күні де ауылдан таң ата шығып, Лабақ тауына кешкісін жеткен. Тау деген аты болмаса, бұл ара ұлан жаздай ылғал тамбайтын, адам - қарасыз, бедірейген қорым тастар өлкесі. Шалғай болғандықтан, Кенелдіктен өзге аңшы да аяқ баспайды. Кенелдікке керегі сол, құс сыңқылы мен балпақ бебеуінен өзге тырс еткен дыбыс жоқ, мәңгі мылқау, мәңгі жым-жырт тастар арасында өз ойымен өзі оңаша жүргені. Хошы келсе, қарақұйрық жолағын аңдиды, апанынан қасқыр үркітеді, хошы келмесе, киік етін шоққа тастайды да, нар тастың көлеңкесінде шалқасынан жатып алып сыбызғысын сұңқылдатып, саз аулауға көшеді.
Сол күні үйреншікті соқпағымен келе жатып, тау арасына ене берген. Аңдаусызда жан серігі — бәйге торы құлағын алға тігіп тоқтай қалғаны. Басын көтерсе, дәл жол үстінде қорым тастар арасына енетін «қақпада» тігулі үш шатыр тұр. Бейне ертегідей жібек ақ шатырлар. Өңім бе, түсім бе деп Кенелдік шошып қалды. «Пері» деген ой басына сарт етті. Кәдімгі жолаушыны түзде сәнмен, салтанатпен арбап тәлкек ететін перілер.
Ондай аңыздарға Кенелдік бірде сенсе, бірде сенбейтін. Перілер өңшең сұлу қыз бейнесінде көрініп, жас жігітті қонаққа шақырып, ауылына алып барады-мыс. Жолдан шаршап келе жатқан жолаушы түнімен шарап ішіп, сұлу құшып ойнап-күледі-міс. Перілер жас жігітті құс төсекке жатқызады-мыс, таңертең жігітіңіз оянса, жамбасында жер, басы астында жылқының тезегі жатады-мыс.
Көзі тірі Томаш жылқышы да осындайды бастан кештім деп айтады.
Кенелдік толқып тұрғанда, шеткі шатырдан қызыл көйлекті бұралған бір қыз шықты да, сәл іркіліп, зып беріп ортадағы ақ шатырға кіріп кетті. Алыс та болса, қыздың сұлу ақ білегі күнге жарқ еткендей. Енді Кенелдіктің шүбәсі қалмады. Тұла бойы шымырлап, тамыр - тамырын қуалап мұздай қан жүгірді.
Сөйткенше ортаңғы шатырдың есігі қозғала түсті де, бас жарған гүлдей қызыл-жасыл киінген бір топ қыз сыртқа лап қойды.
Ат басын бұрып, тебініп қалды Кенелдік. Үркіп тұрған Торы төбел лып секіріп, тайқып тасаға түсіп кетті! «Ой, сайтандар - ай деп таңырқады Кенелдік. — Шеттерінен сұлу, үзілейін деп тұр және бастарына түгел үкілі тақия киіп алған. Таптыңдар алданатын адамды?!»
Сайды қуалап желе жортып, Лабақ тауының шығысына бет түзеді.
Кеш түсіп қалған шақ болатын. Бұрын түнеп жүрген үйреншікті мекенін өзгертіп, «сандық тас» үстіне қонып шығуды ұйғарды. Ымырт үйіріліп, шығыстан сызылып ай туған шақта, жел жақтан жіңішке созылып қыз айтқан алыс ән естілді. Тыңдап қараса, Ақанның «Қараторғайы».
Таң қалғаны сонша, орнынан ыршып тұрды. Кім де болса, Кенелдікке арнап айтып тұр. Кім де болса, Кенелдікті танитын біреу. Бұл сүйетін әуенді әдейі айтып тұр. Дауысын - ай, дауысын!
Пері болмақ тұрмақ, сайтан болса да, мынандай дауыс үшін барып аяғына бас үру керек. Іле атына қарғып мініп, жел өтіне қарсы шапты.
Көп ұзамай ай жарығында жалаңаш тастақ төбе үстінде алтыбақан теуіп, ән салып жатқан топ қызға жақындады. Сескеніп, ат басын әрегірек тартты. Әнге қанша сенгенімен, көріп тұрған адамның тірлігінен гөрі перінің әрекетіне көбірек ұқсайды. Әйтпесе, жапан дүзде бұл не жүріс өңшең қызға.
Былайырақ манағы үш ақ шатыр тұр. Төбе басында ән үзілген. Бұл әрі-сәрі тұрғанда, төбе жақтан:
— Ей, жолаушы! Сері Кенелдік болсаңыз, үрпимей, жақындаңыз! Әйтпесе, жолыңыздан қалмаңыз! — деген айқай естілді.
Кенелдік атын жетелеп, алтыбақанға қарай қозғалды. Үзілген ән шарықтап қайта көтерілді. Қыздар әткеншек тебе бастады. Сары көйлек, ақ көйлек, көгілдір көйлек. Бастарында өңшең үкілі тақия.
Қыздар жақын келіп іркілген Кенелдікті елемегендей теңселіп тұрып әндерін айта берді. Арқанда отырып ортада тербелген ақ көйлекті қызға қарап ән салады бәрі. Қынама белді бешпент киген, етек-жеңі шұбалған ақ көйлекті қыз Кенелдікке көзін төңкеріп қарағаны болмаса, әнін үзбеді. Көзі ұялы үлкен екен.
«Әнге қосыл» дегендей жақын тұрған бір қыз бұны жеңінен тартты. Енді состиып түру, қалай болғанмен, орынсыз көрінді. Енді үндемесем, қорыққанымды сезіп қалар деп, әнге бұл да қосылды.
Қара торғай, Ұштың зорға - ай, Бейшара-ай, шырылдайсың... Жерге қонбай...
Бұған қырын беріп теңселіп отырған ақ көйлекті қыз әннің орта тұсында айға қараған күйі жұмбақ көңілденіп, сәл миық тартты. Бейкүнә сәби күлкісіндей. Өңінде ай сәулесі ойнады. Қоршап тұрған қыздардың да жүздері күлімсіреді. Кенелдік те езу тартты. Жан сыздататын мұңлы он осы жолы ерекше көңілді аяқталды. Ортадағы қыз:
— Сәлем бердік, Кенелдік аға! — деп, әткеншекте отырған күйі кішкентай аппақ қолын ұсынып, жұмбақ жымиды.
— Сәлем, айналайын... — деп бұл ұмтылып келіп, қыздың қолын қысты.
Сасқаны болар, бейтаныс арудың балғын саусақтарын жібермей алақанында ұзағырақ ұстап қалыпты. Қыз қолын ақырын босатып:
— Сіз мына жапан дүзде ойын-сауық құрып жүрген өңшең қыз жын-шайтан емес пе деп өз көзіңізге әлі сенбей тұрсыз, солай емес пе? — деді.
Кенелдік күлді. Өңшең биязы жымиған әдемі қыздардың ұсынған қолдарын кезекпе-кезек алып бола беріп:
— Қарындасым, енді... кім болсаңыздар да, Кенелдік... сіздердің қолдарыңызға түсті. Не істесеңіздер де өз еріктерің! — деді.
Қыздар шу ете түсті. «Ой, алақай - ай!» деп сықылықтады кейбіреулері. Ортадағы ақ көйлекті қыз күлген жоқ, әткеншектің арқанына шекесін сүйеп, баяу теңселіп ойланады. Сөйткенше басын көтеріп, төмендегі ақ шатырларға қарап, «Жез-де-е!» деп дауыстап айқайлады. Дауысы неткен сазды еді. Шеткі шатыр көлеңкесінен кішкентай адамның бойы көрінді. «Жезде, домбыраны алып тез жет!» «Қазір» деп, кішкентай адам ақ шатырға сүңгіп кетті...
Әткеншек теңселіп, ортадағы қыз сызылтып әнге салды. «Сары жазық, сарсаң белдер, қош, аман бол, бірге өскен қатар-құрбы дос, аман бол...» деп бастап еді, қыздар түгел іліп алып кетті. Бір кезде бұл қалада, оқуда жүріп, елді сағынғанда шығарған «Тұсау кесер» еді. Орта қолдау ән еді... Мына қыздар қосылып сыңсығанда мүлдем құлпырып, құдіреттеніп барады. Әлдеқандай ыңғайсыз күйге түсіп, қысылды. Үстіндегі желбегей ақ жібек шапанды ауырлағандай. Сол небәрі екі жыл сыртта жүргенде ел ішін қаншалықты сағынғанын қазір сезіп тұр. Мына қыздар аққудай мойын созып, алысқа ұмтылған сағынышты еске түсірді. Туған жер бейнесін жерұйықтай аңсатып, ұжмақтай қастерлетеді. Е, тоба, көп аңғал, шалалығына қарамастан, бұл өзі жүрек тербеп мейлінше қарапайым, бірақ биік ән шығарыпты - ау бір кезде. «Қалайша менен осындай ән туды!» деп таң қалып тұр. Енді шамалай бастады. Ортадағы қыз Шиліөзен тұсындағы Есіркеп байдың қызы сияқты. Соңғы жылдары «әнші, өлеңші, Есіркептің қызы» дегенді құлағы жиі шалушы еді, бірақ ел аралауды, жиын-тойға баруды сиреткен Кенелдік оның өзімен әлі бір кездескен еді.
Шатыр жақтан домбыра әкелген «кішкентай адам» маймақ аяқ шалдау кісі екен, Кенелдікпен ескі танысындай жылы сәлемдесті. Ортадағы қыз домбыраны қолға алып, әткеншектен түсе берді.
— Қонағымыз бізді танымай тұр, жездесі, таныстырып өтпесем болмас! — деді қыз домбыраның құлақ күйін келтіріп жатып. Қалған қыздар оны дөңгеленіп қоршап тұра қалды. Маймақ аяқ кісі Кенелдікті өзімсіп жымыңдап көз қысты. Онысы «тұра тұр, қазір сыбағаңды береді бұл қыз» дегендей еді.
Сол арада қыз домбыраны қағып-қағып жіберіп, мүлде бір екпінді өршіл мақаммен «Есіркептің қызы мен, атым Сауық...» деп бастап термелете жөнелді. Өзін, шыққан руын таныстырып өтіп, енді бір кезде «Кім мұңлық дүниеде — қыздар мұңлық» деп жалғап, осы даланың елігі секілді ерке Сауықтың күндердің күнінде аттап өте алмайтын дәстүр, ата салт құрсауы, бой жаздырмай, тыпырлатып қолға ұстар темір торы барын мұң тілімен, ән тілімен толғады. Терменің осы тұсында қыздардың мұң шалған, торыққандай шарасыз түрлерін байқады бұл. Сауық қыз сұңғыла дауысын еркіне жіберіп, айлы аспанға шарықтата көтеріп, аруақтанып қызу төкпектейді. Неге екені белгісіз, ерке қыз осы сәт домбырасын лақтырып тастап, еңкілдеп жылап жіберер деген Кенелдік. Бірақ Сауық қыз өйтпеді. Жырының соңын иіп әкеп, Кенелдікке тіреді. «Аты шыққан», «өнері биік» серінің бүгін қыздардан қорқып, ат басын бұрып қашқанын ұйқастырып термелеп өтіп, жұртты ду күлдірді. «О заман да бұл заман қыздан қашқан серіні есіттің бе, халайық?» деп төгіп барады. «Білмесеңіз, айтайын, болады екен осындай заманақыр серісі» дейді.
— Ал Кенелдік аға! — деді қыз Сауық, жұрт күлкіден тығылғаннан кейін. — Сізді мен сайысқа шақырып тұрғаным жоқ, бұны жәй жасы кішінің назы деп ұғыңыз! — деп, қыздарына бұрылды да: — Ал қыздар, ағаның қонақ кәдесін енді дастарқан басында тыңдасақ қайтеді? — деді.
Қыздар қуана қостап, шу ете түсті. Кенелдікті қонаққа шақырып, Сауық қыз ортасында, төмендегі ақ шатырға қарай беттеді бәрі.
Маймақ аяқ шал Сауық қызға әрі жезде сымақ, әрі атқосшы екен. Жол бойы, қатар аяндап келе жатып, бай қызы жайлы әңгімелеп берді.
Есіркеп бай жалғыз қызын беттен қақпай бұла өсіреді. Қыз Сауық ұл орнына ұл болып, жалын тарап ат мініп, өлең айтып, құс салып, жастайынан ер көңіл сері өседі. Биыл қыздың жасы он алтыға толады екен. Жуықта қыздың үш жасынан атастырып қойған қайын жағы қалыңдығын сұрайды. Әкесі тойға дайындалады. Сонда қыз әкесіне: «Осылай боларын біліп ем, жастайымнан қанша әлпеш көрсем де, түбінде атап қойған біреуге матап беретіндеріңді біліп ем... Әке, сізден соңғы тілегім болсын, тойға дейін Лабақ тауына аңға шығып, сергіп қайтуыма рұқсат беріңіз!» дейді. Әкесі рұқсатын береді.
— Сөйтіп аттанып, осы елсізге келіп қалған жайымыз бар, қонағым, — деп маймақ аяқ шал әңгімесін аяқтаған.
Қыздар шатыр алдына, сыртқа ай астына төсек төсетіп, бір саба қымызды сонда алдырып, Кенелдікке бөлек құрмет көрсетті. Төрге отырғызып, аппақ білектерін созып қымыз ұсынғанда, бұл мынау сән мен салтанаттан, ерекше құрметтен көңілі тасыды. Соңғы үш -төрт жыл ішінде шаршы топқа саңқылдап естілмеген дауысы шығып, дүр сілкініп қайта түлегендей, өзінің сонау бір жиын-тойға кіріп, өнер сайыстырып айшықтанып жүретін бұла күндерін қайта тапқандай, домбырасын сабалап ән мен күйді түйдек-түйдек жіберді. Сауық қыз да әнші екен. Кейбір тұста домбыраны қақшып алып, ай астында қанат қағып талпынып отырған аққудай табындыра түседі. Сонда Кенелдік басы айналғандай болады. Жас қыздың бойына табиғат пішкен сұлулық пен әдемі дауыс — отты өнер қосылғанда, көз жасқантып құдіреттеніп кетеді екен.
Осыдан он күн бұрынғы сол кездесу, Есіркеп байдың ерке қызымен Лабақ тауында айлы түнгі кездесу әлі күнге шейін бұны таң қалдыра береді. «Өй, пәлелер - ай!» деп өзінен-өзі оңаша күледі. Кенелдіктің қапысын тауып, күтпеген жерде кездесіп таң қалдыру үшін, әдейі сайланып, сәнімен, салтанатымен жасанып шыққан екен-ау. Жап-жас Сауық қыздың ақылы мен жүйрік көңіліне қайран қалды. «Әй, пәле, бұл алмай қоймас. Көздеген мақсатына жетпей қоймас», — дейді іштей.
Алқымы, құлақ түбі қарауытып терлеген Торытөбел шұнаңдап аяқты сергек тастап келеді. Анда-санда боз жусан арасынан «пар» көтеріліп бұлдырық ұшады, сызып сұр қояндар қашады. Жүрген сайын кер дала жеткізбей қашқақтап, керіле түседі.
Сол түні, Лабақ тауында ай астында алтыбақан тепкен күні ертесіне «нөкерлерін» ерткен Сауық қызбен бірге аңға шығып, шеңгел арасынан қасқыр үркітіп, қосыла қуып әбден шерін тарқатқан. Сол күні оңашаланып тілдеспей - ақ, әлсін-әлсін назар қағысып жүріп-ақ, Сауық қыз екеуінің арасында жақындап кетсе, жанып кетуге шақ бір өзара ынтық сезім балалаған. Кешкісін, ай туғаннан кейін, Сауық қыз серіктерімен бірге ат беліне қонған. Кенелдік қыздарды ұзақ жол қатар жүріп отырып шығарып салған. Қыздар мінген семізден жараған өңшең сәйгүліктердің төңкерілген сауырларында жылт-жылт ай ойнағаны көз алдында.
Айдың көгілдір сәулесі түскен үлбіреген жас арудың әлсін-әлсін құбылған дидарын елестетті. Үлкен ұялы көзі айдың ақ нұрына жақұттай жарқ-жұрқ ете береді. Лып еткен қуаныш пен үрей толқыны жиі-жиі алмасып тұрды өңінде.
Сонау Лабақ тауындағы әңгіме Дәмежанның құлағына тигенінен хабары жоқ, сол күні ауылға ымырт үйіріле жетіп, үлкен үйдің оң қанатында тұрған отауына ат басын тіреп тоқтаған. Әншейінде бұның келе жатқанын ат дүбірінен танып сыртта тосатын Дәмежан бұл жолы бой көрсетпеді. Үйге кірсе, келіншегі сүйек төсек үстінде шоқиып әлденені құрастырып отыр екен.
Екеуінің назары жолықты.
Дәмежанның көзқарасында «қарағым, хабарыңа қанықпыз» дегендей тілсіз кінәлау тұрды.
Бұл бір езуінен күлді. Әншейінде ұшып қарсы ұмтылатын Дәмежанға ұқсамайды. Дәмежан үшін Кенелдіктің бір езуінен күлгенінің өзі құшақ жайғанмен пара-пар болмаушы ма еді. Келіншегі «е, келсең бопты» дегендей немқұрайды назарын түсіріп, шаруасымен бола берді. Бұл ішінен мырс күлді. Неге күлгенін өзі де түсінбейді. Мүмкін, мынау кең дүниедегі жалғаншы өмірге әлде әр пендеге бір мінез берген табиғат жасаушының шеберлігіне күлгені шығар. Мынау бұтаққа қонған торғайдай шоқиып отырған келіншегі де өзінше бір құбылыс. Қазір бұдан теріс айналған түрі бар, енді осы кішкентай жаратылыстың бетін бері қаратудың өзі, ойласаң, қанша тауқымет. Қалай күлмессің!
Осыдан төрт жыл бұрын қолға түскен жабайы аңның баласындай көзі мөлтілдеп, назарың тіке түссе де ыршып кетуге дайын тұратын бала еді Дәмежан. Тал бойында тазалықтан басқа, бұлалықтан басқа еш қылау жоқ еді. Алғаш кездестіргені қызық. Салт бас, сабау қамшы қалпы қарақұйрықтың ізіне түсіп, Аққұмға шығып кеткен. Киік қуып келе жатып, елсіз құм ішінде шұбырған түйе ізін жолықтырды. Байқап қараса, үйір соңынан кебісті біреу еріп отырыпты. О, тоба - ай, мынау қызыл қия құм арасында түйе соңында жүрген неткен ұрғашы! Ізі жаңа, сайрап жатыр. Ізге түсіп жүре берген еді, анадайда түзгенге жайылған үйір түйе көрінді. Тебе астында өзен бар-тын. Шамасы, түйесін суарып, кейін қайтайын деген кім де болса. Қызылиек жалаңаш құм төбеге көтеріле түсіп, ат басын ірке қойды. Балғын жас қыз судың тізеден келетін шет жағасында суды уысымен іліп алып жуынып тұр екен.
Бұл, абырой болғанда, қалың дүзгеннің тасасында іркіліп еді. Төбеге сәл бұрыс көтерілгенде, қыз да бұны көретіндей екен. Әзірше тук те сезген жоқ, шашын алдына төгіп, бейқам жуына берді. Өзі сіріңкенің талыңдай талдырмаш сұңғақ бойлы қыз. Жасы, асып кетсе, он бес, он алтының шамасы. Ә дегенде ат басын бұрып, білдірмей кетіп қалғысы келген. Кенелдік мынау қынаптан суырған қылыштай қыз тұлғасынан көз аудара алмай, жіпсіз байланды. Қыздың тарқатуы ұзын шашы арқасында аунап, сәл еңкейсе, лықсып алдына түсіп, жалаңаш иығын, өңіріндегі томпиған қос анарын жаба береді. Жиырманың бесеуіне келгенше осынша жалпақ елден қыз ұнатпаған серіңіздің тынысы тарылып, танауы қусырыла берді.
Адам баласы көз жасқантар осынша сұлу болар деп ойламаған ғой.
Қыз ботаның тірсегінде қос тізесін дірілдетіп қосып, әнтек бүгіліп, алақанымен су іліп ап үстіне шашқанда, біртүрлі қалт-құлт құлап кете жаздайды. Және сонысы өзіне ерек жарасады. Тал бойына тән нәзіктігі, әлсіздігі, мінез биязылығы көрінеді. Қыз жан-жағына сақтықпен үрке қарап қойып, жағада жатқан көйлегіне таман аттады.
Кенелдік те ат басын бұрып, бір төбені айналып шығып қайтып келе жатты. Қыз киініп, құм белге көтеріліп келе жатыр екен. Бұны көріп үркіп кетіп, қалт тоқтай қалды.
Кенелдік те ат басын ірікті. Қыз неге таңырқап тұрғанын өзі білсін, бұл әлгі сұлулық -жәннат басынан үзілген гүлдей көз құрышын қандырар сұлулық қайда кетті деп аңырып тұрды. Қыздың үстінде қырық жамау көнетоз көйлек жауһарды жұтқан жалмауыздай жігіт көзіне жат көрінді. «Қайтсем де сен қызды киіндіремін де, үйленемін», — деді ішінен.
«Айналайын, кімнің қызысың, атың кім?» деген сұрағына қыз іркіле түсіп жасқана жауап қатты да, бұған мөлт-мөлт қарады. Бай малын бағатын әкесі сырқаттанып қалып, Дәмежан әкесі орнына өріске шыққан екен. Өр киіктей лыпыған сұлу торы ат үстіндегі жігіт ұнап қалды ма, байғұс қыз мөлтілдеп қарай береді.
— Айналайын, сенің әкеңе күні ертең құдалыққа кісі жіберсем, қарсы болмайсың ба? — деді Кенелдік төбеден қойып қалғандай.
— Неге? — деді қыз түсінбей.
— Мен сені ұнатып қалдым, айналайын!
— Аға, сіз кім боласыз? Неге мені тәлкек етесіз! — деп қыз қабақ шытып, өкпелеп қалды. Бұрылып, түйесінің соңына түсті.
Кенелдік қыз соңынан біраз қарап тұрды да, Торытөбелге қамшы басты. Сол шапқаннан мол шауып, ауылдан бір-ақ шықты. Келе әкесіне кірді.
— Әке, мен үйленемін, құдалыққа дайындалыңыз! — деді.
Қази бай таң қалғаннан біразға дейін тілі байланып отырды да:
— Ол кімнің қызы? — деді. Кенелдік түйешінің атын атағанда, Қази тағы да тілден айрылды. Кенелдік Қазидың бір жастан қолында өскен өгей ұлы еді. Кенелдіктің шешесі Кербез елден өткен сұлу әйел болады. Өз әкесі күйші Серке байлардың жаласынан ұсталып, Сахалин түрмесінде қайтыс болғаннан кейін, Қази Кербезге үйленеді. Кенелдік үш жасқа келгенде ел ішін оба жайлап, талай ауылдар қаңырап бос қалыпты. Шешесі сол індеттен кетеді. Кербезді ерек қадірлеген Қази оның басына елден бөлек тас кірпіштен күмбез орнатқан.
Өмірінде өз кіндігінен бала көрмеген Қази Кенелдікті өгейсінбей, әлпештеп өсірді. Кенелдік бұтына шалбар іліп, жалын тарап ат мінгелі бері өгей әке осы елдің талай жақсыларының қызын айттырған. Бірақ Кенелдік бірін қаламады. Салтқа, батаға жығып үйлендірейін десе: «Әке, ұнаса ала беріңіз, бірақ қасына өзіңіз жатпасаңыз, мен жатпаймын», — деп талай кесіп тастаған. Бұ баланың елден ерек мінезін байқаған Қази құр жарғыласудан ештеңе өнбейтінін ұғып, ендігі жерде: «Ерікті өзіңе бердім, балам, итті алсаң да үйлен», — деп іркілген. Кенелдік сыбай-салтаң жүріп, бүгін мынадай дегенде, Қази бай не қуанарын, не қуарарын білмей, тұтығып қалғаны сол еді. Кенелдіктің қайтпас ыңғайын байқады да, «бопты» деп ол да бір-ақ кесті.
Қази байдан Бөрібай түйешінің үйіне құдалыққа кісі барғанда, Дәмежанның байғұс шешесі төрден есікке, есіктен төрге сасып жүгіре беріпті деген сөз бар. «Қазидың баласы Кенелдікке сені сұрай келіп отыр, не дейсің?» — деп сұрағанда, Дәмежан жүзін жасырып, үндемей отырып алады.
Айналасы айдың ішінде Кенелдік Дәмежанға үйленіп тынды. Әке дәулетін шашып, Кенелдік алдымен өзіне үлкен үй жанынан сәні бүкіл елден өткен ақ отау тіктірді. Оның уығын күмістетіп, керегесін алтын буына бояттырды. Есіркеп төрге дейін түрікпен қалы кілем төсеттірді. Өз арманын орындап, кедей үйден шыққан қалыңдығын алдымен батсайы, жібекке малынта киіндірді. Көзі мөлт-мөлт еткен қараторының әдемісі Дәмежан сәнге бөленгеннен кейін еңсе көтеріп, жаңбырдан соңғы гүлдей жайнады. О л бір қызық күндер еді. Қол тиіп кетсе, уыз жас қалыңдығы еліктің лағындай дірілдеп қоя беретін. Сөйтіп үйленген Дәмежан бұған көзінің астымен сүзе қарап қойып, төсек үстінде инесін сабақтап отыр.
— Не болды? — деді бұл тізе бүкпестен.
— Ештеңе болған жоқ, — деді келіншегі ине жіпті тісімен үзіп жатып. — Атам сені үйінде күтіп отыр.
Қазидың неге бұны күтіп отырғанын Кенелдік білетін. Қази осы ауылдан шыққан алғашқы большевик Асайын бастаған сіңірі шыққан кедейлер қашан үйіне басып кіріп, өзімді домалатып бай лап, мойныма арқан салып, Сібірге айдайды деп күтіп отырған. Жаңа өкімет дегенді өзі көрген де емес. Жаңа өкімет дегеніміз Асайын бастаған кедейлер болса, онда соларды көрмей-ақ, Қашқар асайын деп қопаңдағанына екі айдың жүзі болған. Көшуге көнбей отырған Кенелдік еді. Қази:
— «Пәленшенің баласын жын қағыпты, тау-тас аралап сыбызғы шалатын қияли ауруға ұшырапты» дегенді естігенде бір қартайып ем, енді мынау сапардан жолымды байлап, тағы кері тартып отырсың, сені адам еткеннен өзге жазығым жоқ еді, тумағаныңды көрсеттің - ау, балам! — деген ренішін де айтқан.
Бұ жолы да әкесі әңгімені әріден қозғап келе жатыр еді, Кенелдік:
— Әке, Қашқарға көшсеңіз, жолыңыз болсын, мені үгіттеп бекер әуре болмаңыз, әнеугі айтқаным айтқан, — деп орнынан тұрып кетті.
Әкесімен болған әлгіндей Шолақ әңгімеден кейін жатарға отауына келсе, Дәмежан әдеттегі төсекті сыртқа, айлы аспан астына, үлкен тахта үстіне салыпты. Ақ масахана үлбіреп толқып тұр. Келіншегімен сырласуға асығып, тез шешініп, масахана ішіне кіріп барса, салу төсек бос тұр. «Шынымен өкпелі болғаны - ау Дәмежан. Лабақ тауындағы кездесуді естіп қойды ма екен» деп қауіптенді. Көңілі қалса, ел жатқанша төсекке келмей, қазан-аяқты сылтауратып жүріп алатын әдеті еді. Күттіріп қоятын әдеті еді.
Бір уақытта қора шетіндегі заржақ иттерге дейін дыбысы өшіп, ұйқыға кеткен шақта байқаса, қашан келгені белгісіз, төсек шетінде теріс қарап шошайып Дәмежан отыр. Білегінен ұстап масахана ішіне кіргізді.
— Бұл не жүріс? — деді бұл, жауап болмайтынын біле тұра.
Келіншегінде үн жоқ. Айдың самала жарығы масахана ішін жұмсақ нұрландырып тұрған. Дәмежан бұған көз қиығын шаншып қадап бір қарады да, үнсіз отыра берді.
— Айтсайшы, не болды? — деп үш қайтара сұрағаннан кейін ғана тіл бітті.
— Лабақ тауына Есіркептің қызы да аңға шығатын көрінеді ғой.
— Оны мен қайдан білейін, — деп таңырқады Кенелдік.
— Сен де сол тауда жүрсің емес пе?
— Оу, тау дегенің алақандай алаша ма, оның күнгейі, батысы, шығысы бар емес пе!
— Ендеше, неге аңнан құр қол қайттың?
— Өй, көздеген оғың тимесе, қайтеміз?
— Алланың өзі білсін, кімді көздеп жүргеніңді.
— О, Жасаған Ие! — деп күңіреніп бұл жастыққа құлай кеткен.
Енді бүгін қалай қарсы алар екен деген ой мазалап келеді Кенелдікті.
Күн еңкейіп, ұясына беттепті. Ауылдың жақын қалғанын сезген Торытөбел құлақ қайшылап, шұнақ - шұнақ желе жортады. Ауылға қарай қой, түйе айдаған малшылар қарасы көріне бастады.
Өткен жолы келіншегі екеуі арасында болған әңгіменің сыңайы әлгідей.
Дәмежан бұдан қатты жасқанатын. Кенелдікті Сауық қыздың төсегінен суырып алдық дегенді естісе де әлгіден артық мінез көрсетпес еді. Көзінің жасын сығып - сығып тастап, ит тірліктің үйреншікті ағымына ілбіп ілесе берер еді. Өйтпеске лажы не. Дәмежан үшін өзінің Құдайдай жалғыз екенін білетін Кенелдік оның алдында ақталып жатқысы келмеді. Керек десе, Сауық қызбен тауда болған қызықтың бәрін айтады. Кенелдіктей жігітке ондай серіліктің несі артық?! Рас, Дәмежан қиналады. Жанын отқа жағады. Несі бар, Кенелдіктей өзі сері, өзі кербез, ел еркесі үшін бірер әйел жанын құрбан қып жатса, несі бар. Кенелдік! Табиғаты бөлек туған Кенелдік! Уақытынан озып туған Кенелдік! Осылай деп бүгінде бүкіл аймақ ел мойындайды. Олар тіптен мойындасын, мойындамасын, Кенелдік өз бағасын өзі біледі. Бір бойына табиғат көрік пен талантты тел пішкен сирек жан емес пе ол. Түрікменнің қаз мойынды, қамыс құлақ сұлу ақалтекесі осы өңірде тек Кенелдіктің ғана астында. Ол ақалтекенің ер – тұрманын ер-тұрман әлі ешкімге біткен емес. Жырда айтылатын сері Төлеген асып кетсе, осы Кенелдіктей - ақ болар. Қара тобырдан жарқырап бөлек түру үшін, жаз болса иығына желбіретіп ақ жібек шапан жамылады. Той-жиындарға сылаңдаған ақалтекемен ақ жібек шапаны жарқырап жетіп барғанда, қалың ел Кенелдіктен көз ала алмайды. Тәкаппарлықтан, паңдықтан аты шыққан сұлулардың талайы іргені түріп жіберіп, сығалап қарап жататын.
Кенелдік жиын-тойда көп отырмайтын. Мағыналы жыршы не өнерпаз күйші болмаса, соларды тыңдап іркілмесе, өзгесіне көп үйірілмейді. Жиылған жұртты таң қылып, ақалтеке беліне қарғып мініп, салтанат тарқамай жалғыз Кенелдіктің шошайып елден бөлек қайтып бара жатқанын көресің.
«Бұл не қылған жан, дені сау ма өзінің?» — деп жұрт таң қалып жағасын ұстайды.
«Қайдан сау болсын, анда-санда жыны ұстағанда, тау-тасқа барып күңіреніп күй шалып, сұңқылдатып сыбызғы ойнайтын көрінеді ғой», — дейтіндер де табылады. Қайсы біреулері: «Адыра қалсын, еш пәлесі жоқ, оның ауруы — менмендік, бай баласымын, қалада оқыдым деп кеуде көтергендік, асқандық», — деп жұдырық түйіп қызынып жатады.
Кенелдіктің сыртынан қызыға құптай қарайтындар да бар. Олар жастар жағы. Кенелдік те солармен аз-кем шүйіре табады. Домбыра тартып, сыбызғы шалып, сирек те болса сол ортада әсер көрсетеді. Көңіл сергітеді.
Сары жазық ойпаңына құлағанда, Жылы бұлақ басында отырған ауылы алақанға салғандай анық көрінді. Қаз-қатар қонған үйлер шилі жазық ортасында аралдай оқшау тұрған домалақ төбеге маңдай тірей отыр. Әр үйдің алдында жылт-жылт жанған от. Иірген жүндей бұралып түтін көтеріледі. Үйлерден кіріп-шығып жүрген әйел, бала-шаға байқалады.
Өрістен қайтқан түйелердің алды желіге іркіліп тұр. Ауыл кешінің әдеткі көрінісі.
Домалақ төбе басында алқа-қотан отырған қариялар, бас көтерген ер-азаматтар.
Ауыл ортасындағы үлкен ақбоз үйдің оң қанатындағы ақ отау — Кенелдік отауы. Үйден самауыр көтеріп, шұбалған ақ көйлекті келіншек шықты.
Кенелдіктің бойын бір жылы қан қуалап аққандай болды. Дәмежан бұған ұнайтын көйлегін киіп шыққан еді сыртқа.
Төбе басында Қазиды айнала алқа-қотан отырған топ Торытөбелін сылаң - сылаң аяңдатып ауылға қарай өте берген Кенелдікті назар қиығымен ұзатып қала берді.
Түйе сауған әйелдер ішінде бұдан көз алмай қарап тұрған Шекерді байқады. Әлі қарап тұр. Жұрттан имену жоқ. Мана тораңғыл астында жатып түсінде көрген бұрымы білектей аршын төс, күлегеш келіншек он жыл бұрынғы осы Шекер. Пірекеш молданың жас тоқалы Шекер. Кенелдікті тез есейткен Шекер. Бүгінде Кенелдік оған көз салмайды. Ал Шекер реті келген жерде тиісіп, реті келген жерде сүйкене кетеді. Тілін батырып шағып алады.
Кенелдік байқап келеді. Бұл анау қабақтан құлағалы Дәмежан үйге он кіріп, он шықты десе болар. Шыққан сайын жалт етіп бұл жаққа бір қарайды да, самауыр қасында күйбеңдеп сәл тұрып үйге кіріп кетеді.
Танауға жер ошақтарда бықсыған сары қи иісі ұрды.
Енді үйден жез құман алып шығып, Дәмежан есік алдын су сеуіп сыпыра бастады. Бұл — келіншегінің беті бері қайтып қалғанының белгісі.
Кенелдік Торытөбелдің шылбырын қазыққа байлап жатқанда, Дәмежан жалт қарап қойып, тағы да үйге зып кіріп кетті.
Кенелдік жымиып күлді. Оқыранған Бәйге торыны мойынынан еркелетіп қағып қойып, үйге қарай беттеді. Беттей беріп көз алды қарауытып теңселді. Басы айналып, көзі ештеңе көрмей тұрып қалды. Теңселіп сәл тұрып есін жинағандай. Ұзақ жолдан дене құрысқандық шығар деп жорамалдап, мән бермей, үйге беттеді.
Отаудың есігі түрулі. Үй іші салқын болсын дегені ғой, Дәмежан іргелерді де көтеріп түріп қойыпты. Әнеугі кірбің әңгімеден кейін бұл не қылған қарсы алу деп таңырқап келеді. Қалайда бір өзгеріс бар.
Табалдырықтан аттай беріп, босағада көйлеп ағараң етіп күтіп тұрған Дәмежанды байқады. Сызылып тұр.
Мейлінше салмақтанып, шаршап-шалдығып келген кісіше қабақ шытып, зілденіп табалдырықтан аттады. Ұйқылы жандай көзін сәл жұма түсіп, төрге қараған күйі тоқтады. Дәмежанның жәудіреген көзі кірпік қақпай қадалады. Бұл ішінен күлді: «Е, сабазым, сағындым де, сөйтіп өкпені ұмыттым де! Жөн. Жөн. Сәл қабақ жылытсам, асыла кеткелі тұрмын де! Жоқ, туысқан, солай тұра тұр! Кенелдік кім, сен кім, сезгенің дұрыс. Кенелдіктің өзі тұрмақ, бір ауыз айтқан жылы сөзіне зар боласың... әлі.» Іші жылып тұрса да, көңіліне осындай бір мекер ойлар келіп, Дәмежанның қасынан зілдене басып өтіп кетті де, кереге басына асықпай тұрып қамшысын ілді. Бір ауыз тіл қатпай, назар салмай не әдеттегідей иығынан қысып еркелетпей, сұп-суық жанынан өтіп кеткенінің өзі Дәмежан үшін, бәйек боп тосып тұрған Дәмежан үшін, ауыр соққы екенін біледі.
Қазір еңіреп жіберуі де ықтимал Дәмежанның. Мейлі, бұл соққы әнеугі бас көтеруіңнің, мінез көрсетуіңнің есесі болсын.
Көз қиығын салса, келіншегінің дөңгеленген көзінде мөлт-мөлт жас тұр. Бұны кінәлай жек көре қарап тұр.
Соққының дәл тигеніне іштей риза болды.
Енді осы арада жақындап барып, жетімсіреп тұрған келіншегін құшағына тартып еркелетсе болар еді. Бірақ бір ит мінезі ондай кісілікке жіберер емес. Өзі жеңіліп тұрған адамды одан бетер таптай түскісі келді.
Шапанын да асықпай шешіп, керегеге іліп жатыр.
Дәмежан өз намысына өзі тұншыққандай үн-түнсіз орамалының ұшын көзіне апарды. Қабағы дірілдеп, шын жеңіліп, жәутең-жәутең қарай береді. «Шыныңмен кеткенің бе менен?» дегендей үрейлі көзқарас. Кенелдіктің кердең жүрісі, салқын қас-қабағы: «Е, кетпегенде, сен кім едің, менімен салыстырғанда кім едің, жетеді осынша жыл әйел еткенім де» дегендей сыңай танытады.
Шекелеп киген су жаңа қырғыз қалпағын қолына алып, шаңын сілкіп аударып-төңкеріп ыңыранып тұрып, көзінің астымен келіншегіне тағы қарады.
Дәмежан көз жасына ерік беріпті.
Солқылдап бұның кеудесіне құлай кетті келіншегі. Сөйлеп жатыр:
— Кешір, Кеніш! Кешір! Мен кінәлімін. Мен... мен...
«Жоқ, сен кінәлі емессің, мен кінәлімін!» деп айтып салуға сәл-ақ қалды.
— Жарайды!... — деп, еркелетіп келіншегінің шашынан сипады.
— Кеніш! Кешір мені! Ой, етің неге жанып тұр? — деп Дәмежан шошып кетіп, бұның бетіне тура қарады...
— Жә, ештеңе емес!..
Басы зеңіп, көз алды тағы да бұлдыр тартып, төсеу кілем шетіне отыра кетті. Дәмежан аяғына жабысып, етігін шешіп жатыр.
— Шәйіңді тездет!..
Кенелдік кеудесіне дейін шешініп, салқын сумен жуынды.
Дәмежан самауырды үйге кіргізіп, дастарқан жая бастады. Көз қиығымен Кенелдіктің әр қимылын қалт жібермей бағып жүр.
Кенелдік иық, мойнын сүлгімен ысқылап сүртіп жатыр.
«Еркек» аталатын осынау жан дүниелері жұмбақ жандардың сиқырын енді түсініп келеді Дәмежан.
Оны түсіндірген жасы жетпістен асқан, бетін түгел әжім басқан Тәуіп шешей. Бес ешкісін сауып, соның сүтімен күнелтіп отырған ауыл шетіндегі өзі балгер, өзі тәуіп жалғыз басты кемпірді жұрт түгел «Тәуіп шешей» дейтін. Жер астындағы жыланның күйсегенін білетін сол мыстанға барып, кешенің алдыңғы күні Дәмежан мұңын шағып, ақыл сұраған. Кенелдік Лабақ тауында Сауық қызбен кездесіп жүр деген лақапты естігеннен кейін, не істерін білмей, сол кемпірге барған. Барса, Тәуіп шешей құлауға шақ тұрған қырық тесік жаман үйінің көлеңкесінде ала ешкінің желініне жабысып, түйгіштеп сауып отыр екен. Дәмежанның сәлеміне тіл қатпай, бетіне сығырайып шұқшиып ұзақ бір қарап алды да:
— Е, келін екенсің ғой! Құлағым сенде, — деп тараусыз, ешкі жүні секілді сексиген бурыл шашын кейін ысырып, жарғақ құлағын қалқитып ашып қойды. «Сөйлей бер» дегені.
Дәмежан күттіріп тұрмады. Бүкіл мұңын бейне Тәңір тыңдап тұрғандай ақтарды. Күйеуінің жылдан жылға салқындап, соңғы кезде мүлдем тастап кетуге бағыттап бара жатқанын айтты. Көзінің жасы бырт-бырт үзіліп отырып сөйледі. «Қайтемін? Енді не істеуім керек?» деп, кемпірдің аяғын құшып құлауға шақ қалды.
Асы л тасты күміс жүзігін саусағынан сыпырып алып, шүйкедей балгер кемпірдің алдына қойды. Қимас жүзігі еді, бірақ күйеуі одан да қымбат қой.
Кемпір жүзікті қақшып алып алақанына салып, көз алдына әкеліп иіскелегендей біраз тексерді де, буын - буыны сытырлап орнынан қалт-құлт түрегеліп үйіне кіріп кетіп, ескі киіз қапты сандықты ашып, жүзікті сонда жасырды. Сонан кейін тамсанып, қалт-құлт басып, қолы дірілдеп, Дәмежанға қарай қозғалды. Әлсіз, дәрменсіз саусағымен бұның білегінен ұстады. Аузы сылп етіп тамсанды. Нұры өшкен жанары жылт етіп тірілгендей.
— Е, балам! — деп қарлығып сөз бастады кемпір. — Бұл кесел, сен айтып отырған кесел ұрғашыда жалғыз сенің ғана көріп отырған хикметің емес... — Бұл сонау Адам Ата, Хауа Анадан басталған хикмет дүр.
Кемпір осы жерде үнсіз қалып, асықпай отырып тілінің астына бір шөкім насыбай тастады. Ойланып алды.
— Алла тағаланың өзі жаратқан Адам Ата мен Хауа Ана жер бетінде бас қосып біраз тұрғаннан кейін, Хауа Анамыздың көз жасы көл болып, жаратқан Жалғыз Иемізге шағым айтып барған екен деген сөз бар. «Е, жаратушы Жалғыз Ием, — депті Хауа Анамыз сонда, — бірімізді ер етіп, бірімізді әйел қып өзің жараттың! Жәннаттың сайран бағынан қуып, екеуімізді жалпақ Жер бетіне жібердің! Өссін, өнсін деп жібердің! Бірақ Сіз жасаған Адам Ата — Жер бетіндегі менің жалғыз қосағым мейірімсіз болып шықты. Маған қарамайтын тас жүрек болып шықты. Көр-жерді сылтауратып, бас ауған жағына қаңғып кететін бо¬лып шықты. Құлазыған Жер бетінде жалғызсырап үнемі мен қалатын болдым. Шара қолданбасаңыз, Жер бетіне жіберген Адамыңыздың жан серігі — Хауа Ананың жаны қиналды» дейді. Сонда Хауа Анамызды тыңдап болған Алла тағала аз ойланып отырады да, жарылқаушы Микаел періштені шақырып алып, тапсырма береді.
Сонда жаратушы Жалғыз Ием алғашқы әйел Хауа Ананы жасау үстінде еленбеген кейбір қателіктерін айтқан екен дейді.
Періштеміз Алла тапсырмасымен Хауа Ананы Жәннат моншасына енгізіп, қолына үш түрлі нәрсе береді.
Мейір дейтін өсімдік суын беріп: «Осыдан бір ұрттап және көзіңді, жүзіңді шай! — дейді. — Ал мына Жәннат гүлінің суымен алқымыңды сүрт! — дейді. Жұмақ сүтінің қаймағын беріп: — Бұнымен беліңді, мықыныңды сыла!» — дейді.
Сол күннен бастап Мейір гүлімен жүзін, көзін шайған Хауа Анамыздың дидарында жұмсақ нұр пайда болады. Жанарына мейірім шырайы енеді. Жаны гүлдей нәзіктенеді. Хауа Ананың бел - мықыны жұмақ сүтінің қаймағымен сылағаннан кейін ұлпадай жұмсарады. Жәннат гүлімен сүрткен алқымы үнемі бір хош иіс таратып тұрады. Еркек адам әйелдің алқымына ұмтылатын себебі сол жұмақ гүлінің иісін сезгендіктен көрінеді. Не керек, сол күннен бастап Адам Атамыз отқа ұмтылған көбелектей Хауа Анамызды айналып шыға алмайтын халге ұшырапты.
Алла Хауа Анамызға дарытқан сол қасиеттің бөрі о баста әйелдің қай-қайсысына да беріледі. Біреу сол бойына дарыған құдіретті қасиетті күтеді, қастерлейді, көпке сақтайды, біреу күте алмайды, айрылып қалады. Ол қасиеттен айрылған әйелден еркек кетпегенде, кім кетеді? Солай, балам! Еркегің әуейленіп жүрсе, алдымен өз-өзіңді қолға ал! Ең тәуір деген көйлегіңді ки. Адамың сырттан оралғанда күндей күліп қарсы ал. От басына береке беріп, жайнап жүр... Ол қанша ызғар болса, сен сонша ыстық бол! Жас әйелдің нұрынан ерімейтін еркек болмайды. Солай, балам!
Тәуіп шешейдің осы ақылдары еске түсіп, Дәмежан шай құя отырып өз-өзінен жымиып күлді. Дәмежанның не білетінінен хабары жоқ Кенелдік бейжай шай ішіп отыр.
Дәмежан еркек атаулының Адам Атадан бастап сырына қанғанына іштей мәз. «Мейлі, — деп қояды, — Сауық қызбен Лабақ тауында кездесе берсін, еркектердің сырын білмейтін ол бейбақтан бұл бәрібір тартып алады Кенелдікті!»
Кенелдік есікке қарады. Мол денелі, еңселі Қази төбе басынан түсіп, осында туралап келеді екен. Екі қолы арқасында, ілбіп басып келеді. Етек-жеңі кең ақ жейдесінің жалпақ жағасын әдеттегі ши мақпал бешпентінен шығарып тастаған.
Ой үстінде келе жатқаны ақырын жүрісінен байқалады.
Қази есік алдында іркілді.
— Ассалаумағалейкүм, төрлетіңіз! — деп Кенелдік орнынан тұрды.
Дәмежан да шапшаң босаға жаққа ысырылып, жол берді.
— Жә, отыра беріңдер! — деп, Қази кірмей, сәл теңселіп тұрды да, ашық есік алдындағы кішкене орындыққа танауы шуылдай түсіп, тізе бүкті. Бұларға қырын отырған күйі, жүндес қалың қабағын шытып, алыс көкжиекке көз жіберіп, қалтасын сипалап, насыбай шақшасын қарастыра бастады. Әлдене айтуға ыңғайланған түрі бар, Кенелдік іште отырған күйі әке сөзін тосты.
Қази мүйіз шақшасын жанқалтасынан тапты да, табалдырыққа асықпай тық-тық ұрып алды. Енді ырғала отырып, алақан ортасына бір шымшып көк бұйраны шөкиіп үйді.
— Мезгіл репеті бұзылып барады, балам, — деп, сонау қабақтан бері құлаған қасқа айғырдың үйіріне назар жіберді. — Тұс-тұстан келіп жатқан дүмпу әңгімеге бақсақ, жаңа өкімет дала жұртына шығара бастаған көрінеді. Ол жүрген жерінде ірі байларды тұтқындап, ел билігін кедей-кепшіктің қолына беретін көрінеді. Және, онымен қоймай, «өкімет сенікі», «күнің туды» деп өңшең жалаң аяқ кедейдің қолтығына су бүркіп, қолдарына таяқ беріп, байларға қарсы айдап салатын көрінеді. Қызыл өзектегі Шонай осыдан үш күн бұрын арғы бетке өтіп кетіпті.
Қази алақанындағы насыбайды тілінің астына ырғытып жіберіп, асықпай отырып қолын құмандағы сумен шайды.
— Жаңалықтың үлкенін тағы да есіте отыр, балам, біздің елге де қаладан шығыпты деген ұзынқұлақ бар. Ол оны бастап келе жатқан сіздің досыңыз, большевик Асайын дейді...
Шал іркіліп, енді мойнын бұрып, Кенелдікке бажайлай қарады.
— Азды-көпті оқығаның бар. Бізге қарағанда заман ағымына қанық шығар деп айтып отырмын. Дүр көтеріле көшсек, ұстап тұрған ешкім жоқ бізді. Әйтсе де, ата жұртпен біржола ат құйрығын кесісу де оңай шаруа емес. Шыны, басымызға күн туып отыр... Не айтасың, балам?
Шал жауап тосты. Бурыл сақалын жел қозғап қояды. Қабағындағы қос сызық тереңдей түскен.
Әріректе, ауыл алдындағы бұлақтың суына қасқа айғырдың үйірі құлап жатыр.
— Кеңес өкіметі, ары кетсе, қолдағы малды алар, бірақ кеудедегі жанды ала қоймас, әке! — деді Кенелдік.
— Қолдағы малды алса, кеудедегі жанды алғаны емей, немене?!
Қазидың беті жыбырлап кетті. Шапанының етегін сілкіп тастап, жұлқынып түрегелгенімен, бірден кете алмай, аттай түсіп іркілді. Сақалын саусағымен тарамдап тұрып:
— Е, жөн екен,.. — балам! — деп, өзінше бір тұжырымға келгендей қабағы түнеріп, үйіне қарай қозғалды.
Кенелдік шегініп төсекке арқасын сүйеп, домбырасын қолына алды. Өз денесі өзіне ауырлап кеткендей. Қолында күш жоқ. Бір науқастың басталғанын сезді.
Тық-тық біраз шертіп отырып, домбыраның құлақ күйін келтірді. Ішекке тағы да сол ырғақ ілікті. Мана жапан түзде тораңғыл жапырағынан естігендей болған ырғағы. Көптен іздеген саз ұстатпай отыр. Осынау қым-қиғаш мезгіл үніндей күрделі кең қайырымды күй туса керек еді. Сол күй сол құбылмалы мезгілдің Кенелдік ұққан, Кенелдік көкірегінен екшеп өткізген бейнесі болса керек еді. Әзірше домбыра ішегі көкейкесті сол әуенді ұстай алмай, тілі шешіліп «сөйлей» алмай, кібіртіктеп отыр.
Басы айналғандай болғасын, домбырасын орнына қойды. Манадан бұның қас-қабағын бағып отырған келіншегі:
— Кеніш, — деп ұшып тұрып басын құшақтай алды.
Ол неге өйтті десе, бұл көзін жұма берген екен. Дәмежан дереу басын сүйеп, жастыққа жатқызды. Сезгені — басы қорғасын толтырып қойғандай ауырлапты. Денесінде бір түйір әл жоқ.
— Кеніш, Тәңірім - ай, не болды саған?.. Не болды?.. — деп Дәмежан төңірегінде ұшып-қонып жүр. — Молда қайнағаны шақырайын ба, Кеніш, етің жанып барады ғой!
— Шақырма! — деді Кенелдік, неге екені белгісіз, Пірекеш молданы суқаны сүймейтін. Сондай малғұнға Шекердей әйелді қосқан бұл тағдырға не шара.
— Мұздай көженің суын берші! Үстіме қалыңдау бір нәрсе жап!
Ғұмырында төсек тартып ауырып көрмеген еді. Сондықтан да сырқат жандарды көргенде, біртүрлі ыңғайсыз халге түсетін. Көп адамдар жарымжан біреуді көрсе аяп, қайғырып жатады. Кенелдік өйте алмайды. Ауруға жеңілу де кісінің әлсіздігі, әлжуаздығы деп болжайды.
— Жәй, өткінші сүзек болар, дабырық етпей қой! — деп қаракөл ішікпен арқасын қымтап жауып жүрген Дәмежанға басу айтты.
Түрулі іргеден кешкі апақ-сапақ ауыл көрінеді. Қаракөк аспан сынығы да сондай сұлу. Ауыл арасынан лақ, қозы қуалап шуылдап балалар өтті. Аяқ шандары желсіз тымық ауада кілкіп тұр. Маңыраған қой дауысы ауылды түгел орап алған.
Үй жанынан дүсірлете шауып әлдебір атты өтті.
Әлдебір шелек даңғырлай жөнелді. «Ойбуй, көтек, ұста! Ұста!» деген әйелдің айқайы шықты. Шелекті мүйізіне іліп алып ешкі қашқан болуы керек. Салдырлатып жүр. Шулап қуған балалардың қыран-топан күлкісі естіледі. Іргеден көрініп тұрған қаракөк аспан сынығында жылт-жылт жұлдыздар пайда болыпты.
Танауына қидың қоңырсыған иісі келді. Жел жақтағы жер ошақта сүт пісіп жатқан болуы керек. Арқа тұстан біреу ән айтып келеді. Малшылардың біреуі болар.
Дәмежан барып іргені түсірді.
Енді назарын көтеріп, жоғары қараған. Алдымен түндігі ашық шаңырақтан аспанға назары түсті. Жұлдыздар туыпты. Жүдеу, түнеріп тұр. Алтын, күміспен аптаған уық, кереге, шаңырақтан бері салбыраған ауыр-ауыр жібек шашақ баулар, дөңгелене ұсталған қымбат кілемдер кәдуілгі күлімдеп, жайнап тұратын бояу бедерін жоғалтқандай қызықсыз, көмескі, сүрең тартқандай.
Басын сүйеп отырып, керсенмен Дәмежан аузына көженің суын тосты. Салқын көженің суын көзді жұмып сімірді. Аузында дәм жоқ. Ауру осылай басталды.
Сонан кейін ұзақты кеш «тоңып барам» деп сандырақтаумен болды. Дәмежан үстіне үйдегі көрпенің бәрін жапты. Бір кезде көзін ашса, шамасы түн ортасы, басында Дәмежан көзін сүртіп отыр. Шамды жақындатып, бұның бетіне үңіліп әкесі қарайды. Көзінде әлде үрей, әлде таңданыс бар. Әріректе состиып өгей шеше тұр. О да бұдан көз алмайды. Түн ортасында бәйбіше неғып ұйқысын қиып келе қойды екен дейді іші. Шамасы, Кенелдік қатты науқастанып қалған - ау.
— Қай жерің ауырады? — деп сұрады Қази. Дауысы күңгірлеп алыстан естілгендей. Осы түсім емес пе деген бір ой келді. Шамасы, өңі болу керек. Көздері жәудіреп, жауап тосып тұр.
— Бір суық алып барады, басым айналады, — деді бұл.
Түннің қай шамасы екені белгісіз. Сыртта жел тұрыпты. Үй үстінде же л ағымына әлдебір нәрсе ызыңдап үн қосады. Неткен жүдеу үн еді өзі? Көзге бүкіл жетім даланы, панасыз жалаң иық жондарды елестетеді. Кісінің жан пернесін басып, жүректе де мұңдас үн қоздатады. Қасында үңіліп тұрған жұртты ұмытып, қиял ағымына түсіп кеткен екен. Жағасын ептеп аша берген қолдан ес жинап, көз ашты. Шошыған әке, өгей шешенің үрейлі түсін шалды. Олардан жақындау көз жасы мөлтілдеп, орамалының ұшын тістеп қиналып Дәмежан тұр. Сығырайып, лықсып жанған май шамның ала көлеңке жарығында тұрғандардың бет - пішіндері әдеттен тыс ұлғайып, ойғыл - шойғылдап жат көрінеді.
— Байқап тұрсың ба? — деді Қази кірпігін қақпай. Бәйбішесіне арнап айтты.
— Ие... қызыл бөртпек!.. — деді бәйбіше әрең тыныс алып, шалына жалтақ-жалтақ қарап.
Кенелдік олардың сөзін естісе де, әлі зерделей қойған жоқ. Бұнымен сөйлеспей, өгей әке мен шеше өзара күңкілдескеніне түсінбеді. Бұл көзін ашып жатыр емес пе?
Кенелдік көзін келіншегіне аударды. Дәмежан еңсесі түсіп, көз жасын сүртіп отыр. Құлағы бай мен бәйбішенің сыбыр - сыбыр сөйлескенін шалды. Не айтқандарын есітпей қалды. Дәмежанның жылау себебі сол сыбырда жатқандай сезілді. Мойнын бұрып, бай мен бәйбішеге назарын аударды. Қази сақалын сипап, тіктеліп, шегініп қалған. Көзінде бір түсініксіз сескену бар. Бәйбіше шалына бір, бұған бір қарақтайды.
Ішінен «мазаны алмай, кетіңдер!» деп айтуға оқталып бір жатты да, көзін жұмды. Жұмған сәтте оларды ұмытып, өз жүрек дүрсіліне, қорғасын құйғандай зілдей басының уілдеген сырқат үніне ден қойды. Төңірегін болжап, аңғарып жатқан санасы болмаса, бүкіл аяқ-қол, тұла бойы өзінікі еместей, зілдей жат бөренедей.
Салдыр ете қалған дыбыстан тағы көзін ашты. Дәмежан ошақ қасындағы жез құманды тіктеп жатыр. Қашан келгендері белгісіз, бай мен бәйбішеден берірек келіп Дәмежанның әке-шешесі Бөрібай шал мен кемпірі Қатша жақындап үңіледі.
— Иә, Кенелдік, ауырып қалдың ба? — деп қайын ата шын күйзеліп, Кенелдіктің білегін ұстады. Қайын енесі де ерні күбірлеп, қиналып тұр.
Кенелдік сөйлесуге, бірдеңе айтуға зауқы жоқ. Тіптен кірпігін қағуға хошы келмей, үн-түнсіз қалған.
— Ей, тоба! — деген Бөрібай шалдың діріл дауысы шықты. — Ей, тоба, бұл не болды екен?
Сонан кейін тұрғандар өзара күбір-күбір қысқа тілге келгендей болды.
— Келіп көрсін...
— Шақырайық... — деген сөз соңын есітті бұл. Кімді шақырмақ? Неге шақырмақ? О жағын ойлап жатпады. Кірпік айқастырып, қыбыр-жыбырдан азат бір бейбіт ұйқы, мамыражай тыныштыққа енгісі келді. Созылтып баяу ұлыған сырттағы жел үні естіледі.
Үйдегілер бір-бірлеп тарай бастаған сияқты.
— Жүр! Жүр! — деген Қатша кемпірдің өктемдеу үні шықты.
— Жоқ, апа, мен отырамын!.. Бұл — Дәмежанның дауысы. Кемпір сыбыр - сыбыр етті.
— Мейлі... отырамын, апа! — деп қатқылдау айтты Дәмежан тағы да. Есік ашылып, жабылды. Сезіп жатыр. Тынысы шілденің аптабында ыстық. Таңдайын жалады.
— Дәмежан...
— Не, Кеніш? — деп Дәмежан жақындап келіп үңіліп қарады.
— Су... су берші!
Дәмежан лып жүгіріп барып, кесеге сылдыратып су құйып әкелді. Сол қолымен Кенелдіктің басын сүйеп тұрып, оң қолымен суды Кенелдіктің ерніне тосты.
— Әлгілер... кімді шақырғалы кетті?
— Молда қайнағаны...
Кенелдік қабағын түйіп, сәл үнсіз жатты.
— Бар, айт, ешкімнің қажеті жоқ! Шақырмасын молданы!
— Кеніш... Сен сырқаттанып жатсың ғой!..
— Бар! Айтқанды орында! Табалдырықтан аттаушы болмасын!
Ақырын сөйлесе де, Кенелдік зілді айтты. Дәмежан ыршып түрегеліп, кетер - кетпесін білмей, сәл күйбеңдеп еді... Кенелдік назарын төңкеріп, атып жібергендей сұғын қадап, шақшиып қарады. Дәмежан жалт бұрылып есікке ұмтылды. Келіншегінің соңынан есік сарт жабылғаннан кейін, басын көтере беріп, қос шекесін қысып отырды. Қос шекесі шаншып - шаншып қалған еді... Басына таман тұрған шыраны жақындатып қойды да, алдымен сол білегін жарыққа тосты. Маса шаққандай сирек қызыл түйіршіктерді көрді. Жағасының ілгегін ағытып, өңіріне үңілді. Омырауында шашырап әлгіндей қызыл түйіршіктер жатыр. «Бұл не кесел болды екен?» деп ойлап үлгіргенше, үйге жақындаған аяқ даусы естіліп, іле есік ақырын ашылды.
Кірген кісінің қолында май шам бар.
Үйге алдымен қызыл бет, қаба сақал бас сұғып, тышқан көзі суық жылтылдап, назарымен үй ішін тінтіп шықты. Іркіле түсіп, табалдырықтан әрең кірді. Арқа тұсында келіп тұрған біраз адам бар сияқты. Қазидың қолшоқпары Әли қалды Кенелдік суқаны сүймейтін. Ол «мырза» деп иілген сайын, бұл жиырыла түсетін. Ішкенге тоқ, жегенге мәз байдың соқыр күш, қара сойылы — парықсыз осынау жанды адам деп исінбейтін. Үстіне баса- көктеп кіріп келгеніне қазір жыны қозып жатыр. Бірақ ашу шақыруға әл жоқ. Әли қабаттаса қалдың иығынан Пірекеш молданың да шекесі көрінді. Қаба сақал ысырылып, молдаға жол берді.
Пірекеш молда аттай түсіп, жүзін қолымен көлегейлеп тоқтады. «Сұбхан Алла, Сұбхан Алла» деп ерні күбірлеп тұр. Есіктен тағы біреулер бас сұқты.
— Балам, жағаңды сәл ашшы... иә, кеңірек! — деді молда аят, Құран оқып машыққан дауысы ап-ашық саңқылдап.
Кенелдік жыны ұстап, ызадан не істерін білмей жатыр. Мына молданың өзі жақындауға қорқып, айтып тұрған сөзін қарашы! Жанының тәттісін малғұнның!..
Жейдесінің жағасын дар айырып, кеудесін жарыққа бұрды.
Пірекеш молда шошынғаннан басы кекшең ете түсті. Көзі ежірейіп, қолын сермеп, артымен жорғалап есікке шегініп барады.
— Сұбхан Алла! Сұбхан Алла! Соның өзі!.. Соның өзі!.. — деді сөзінің соңын жұтып, дауысы дірілдеп. — Шегін! Шегініңдер кейін!
Есіктен бас сұғып тұрған бір топ жұрт дүбірлеп кейін серпілді.
Шам ұстап тұрған қызыл бет қаба сақал Кенелдіктің бары-жоғын ұмытып, тышқан көзі оңды-солды секіріп, үй ішін тағы да тінте қарап шығып, ұмтылып есікке беттеді.
Іле ауыл арасынан айқай шықты:
— Індет! Індет келді! Інде-е-ет! Оба-а! Оба басталды-е- е! Атта-ан!
Жаршыға қосылып ауыл иті шулап үріп қоя берді.
— Ат-та-ан! Үйлерді жығыңдар! Көшіңдер! Індет! Інде-е-ет!
Сыртта ерсілі-қарсылы жүгірген жаяулардың аяқ дүрсілі естілді. Таңғы ұйқысын қимай шырылдап жылаған балалардың, у-шу болған әйелдердің дауысы тұс-тұстан естіледі.
— Жығыңдар үйлерді! Көшіңдер! Оба-а-а! Оба-а! — деп заржақ жігіт ауылды айналып қақсап жүр.
Кей жерлерде қазан - табақ салдырлады. Шамасы, үйлерін жыға бастаған болса керек жұрт. Сыртта Дәмежанның жалбарынған дауысы шықты:
— Жібер деймін, апа! Мен ешқайда кетпеймін!
— Соры қайнаған бала - ау... кірме деймін онда! Сорлатпа бізді! — дейді тұншығып, кіжініп ұрысқан Қатша кемпірдің дауысы. Сөйткенше үйге алқын-жұлқын боп Дәмежан кіріп келді. Іле алыса - жұлыса Қатша кемпір де кірді.
— Кеніш! — деп ышқынып айқайлады Дәмежан, — Кеніш! Ел кеткелі жатыр! Ауыл көшкелі жатыр!!!
— Шық! — деп жекіді Кенелдік. — Шық үйден! Шешең де, өзің де шық! Кетіңдер!
— Кеніш!..
— Кетіңдер!
— Не жазығым бар?.. Кеніш!
Дәмежан қолымен бетін басып, еңкілдеп отыра кетті.
— Шығыңдар!!! Айтқанды неге істемедің?.. Неге шақырдың молданы?!
— Кеніш!.. Жазығым жоқ!.. — Дәмежан еңіреп ұзынынан құлады.
— Керегі жоқ!.. Болар іс болды енді! Көрінбе көзіме!
— Есіттің ғой, әне, есітеріңді! Жүр! — деп Қатша кемпір қызының қолтығынан жұлқи көтеріп, есікке сүйреді. — Есіркеп байдың анау сері қызы емдеп алар! Жүр!
— Кен-і-іш! — Дәмежан шыңғырып жылап жіберді. Шешесі жұлқылап сүйреп табалдырыққа жеткізді.
— Жүр! Жүр деймін, қу тоқал... жүр! Осынша күңі болғаның да жетер! Бай баласы болмаса, қара жаяу біреуге - ақ тиерсің! Жетер осы қорлығы!..
— Кеніш... Құдай-ай, кет деме! — деді Дәмежан босағаға қолы ілініп, кейін бұрылып.
— Шық!
Дәмежан көрінбей кетті.
Сырттағы дүрліккен ызы-шу үдей түсті. Жүк артқан нарлардың «бақ» етіп қышқырған дауыстары, сулығын шайнап үй маңынан желе жортып өткен ат тұяғының дүрсілі. «Шу», «шок», «тарт» дегендей шолақ айқай бұйрықтар.
— Я, Алла!
— Я, Жасаған!
— Сақтай гөр! — деп күңіренген әйелдер.
Әлгі лықсып келген ашу дауыл боп сыртқа шыға алмай, іште булықты. Басына қаны теуіп, қос шеке тамыры жарылып кетердей бедірейіп солқ-солқ соғады. Шаншып барады. Лыпып жанған бетін ағаш төсектің күміс шаптырған мұздай жақтауына төсеп, ет беттеп көз жұмып біраз жатты. Беті лыпылдап жанып барады. Аспан төңкеріліп жерге түскендей. Төңірегін өрт шалғандай тынысы тарылып, көмейге лықсып тірелген ашуын бұғаулап әлек.
Ауылдың күншығыс қанатынан мақаммен созылып азан шақырған дауыс көтерілді:
— Ашшадан Ила Аллаһи ил-алла-а-а-а!
Пірекеш молданың сазды дауысы таңғы ауыл аспанына қалықтап шығып, әндетіп түспей тұр. Кісінің аза бойын қаза етердей мынау тақуа дауыс осынау жұртты тұтқиылдан соққан індет — обадан қорғау қамымен сұңқылдаған жарылқағыш аспан құдірет үніндей биіктеп, төбе құйқаны шымырлатады.
Істің шындап насырға шапқанын сезді бұл.
Сұңқылдап жылаған әйел дауысы естілді.
Оған іле-шала:
— Өртеңдер!
— Түгел өртеңдер!
— Тарт көштің басын! Түстікке тарт!
— Айт, шу, айт! — деген айқайлар шықты.
Кенелдік маңдайын орамалмен мықтап тартып, екі қолымен жер таянып тұруға ыңғайланды. Кеудесінде тірі жаны болса, қазір сыртқа ұмтылу керектігін түсінді. Ұмтыла түсіп, аяғында жан жоқтай қиралаң етіп отырып қалды. Жүрегі дүрсілдеп, сырттағы ию-қию айқайға еріксіз құлақ тігіп, демігіп отырды.
...Біраздан соң теңселіп, екі аяғы үстінде әрең тұрып, үй ішіне көз салды. Кереге басында ілулі домбырасы тұр екен. Соны алды да, аяғына аяқ киім ілуді де ұмытып, үстінде ақ көйлек-дамбалы, тірі аруақтай қалт-құлт басып есікке беттеді. Ызы-шу көп айқайдың арасынан Дәмежанның әлдекіммен айқайласып, жылаған үні шығатын тәрізді. Сөйткенше, үйдің түндігі ашылды да, шаңырақтан ішке лаулап жанған шала кеп түсті. Кілем шетіне кеп түсті.
Кенелдік үйге тағы бір рет аларып қарады да, есікті иығымен итеріп ашып, сыртқа аттады. Алғаш байқағаны — салқын топыраққа ып-ыстық табанының тигені. Ысып жанған етіне сырттың салқын желі де жайсыз тиді. Сонан кейін байқағаны — шығыс жақ қызыл арайланып қалған шақ екен. Одан кейін ауыл айналасында жағалай лаулап жана бастаған шилерді көрді. Жүк тиеген түйелерін жетектеп, шуылдап қашып бара жатқан туған-туысқандар, аттарына мініп бере желіп, шеттеп шыққан ер-азаматтарды көрді. Бір арбаның үстінде ақ көйлегі жарқ етіп Дәмежанның да бойы шалынғандай болды. Пақырдың дауысы өлі шығып барады. Арба үстінде әлдекіммен алысып бара жатқан тәрізді.
Биік аспанда әлі сөне қоймаған таң Шолпаны. Күндегідей жарқырап тұр.
Маңынан аяқ дүрсілі шықты. Қараса, қаба сақал. Бұның отауына лаулап жанған тағы бір шаланы лақтырып жіберіп, жылыстап қашып барады.
— Ақсарбас!
— Ақсарбас! — деген айқайлар алыстай түсті. Төбе басында азанын аяқтаған Пірекеш молда мықшыңдап атының беліне әрең қонып алысымен, шаңы аспанға шығып топырлап қашқан көш соңынан ол да шапты.
Қора-қора мал көш алдында қабаққа тырмысып ұзап кетіпті. Үйме-жүйме жөңкіген көш арасында шаңға араласып, Дәмежанның арбасы да көрінбей кетті. Жапырылған қалың көш соңында көтерілген қою шаң дұрыстап болжатар емес. Көштің жел жағын ала қатар қозғалған топ аттылар арасындағы қара айғыр мінген ірі денелі Қази тұлғасы оқшау шалынады.
Ыздиған Сары жазықтың даласында тұс-тұстан өртенген шидің ортасында шошайып жалғыз Кенелдіктің ақ отауы қалыпты. Отаудың ашық түндігінен бықсыған түтін үйіріліп шыға бастаған.
Еңкейіп, үйден алып шыққан жалғыз мүлкі — домбырасына қарады. Өзі сол домбыраны балдақ тәрізді сүйеніш етіп тұр екен. Табан астындағы жел лықсып сәл шайқалғандай. Көзін жұмып, дүниені аз-кем ұмытып, өзімен өзі қалды. Әлгінде таңғы керімсал самалға тоңазып, тітіркенгендей болған тұла бойы енді керісінше салқынды қалап, ысып - жанады.
Жанған шидің, күйген киіздің иісі қоюлап танауға ұрды. Өздері алыстап кетсе де, таңғы таза ауада қаша көшкен ауылдың айқай-шуы, маңыраған қой дауысы әлі естіліп тұр. Манадан бері Сары жазықты айнала шауып, бөлек-бөлек шиге әр жерден от жіберіп жүрген жалғыз атты қаба сақал бұ кезде сонау қабаққа тырмысқан қалың шоғыр көштің соңынан далақтап шауып, ол да алыстап барады.
Күлкісі келді Кенелдіктің. Қызыл бет қаба сақалды ойлап күлкісі келді. Дұшпандығын жасырумен ғұмыр бойы іш құста болып-ақ шаршап еді. Пақырдың көз жасын Құдай көрді - ау дейді.
Әлдене шатырлады. Қараса, отауының шаңырағынан лаулаған жалын тілі сумаңдап шыға бастапты. Шатырлап үйдің уық - керегесі жанып құлап жатса керек. Іште жанған мүліктің қою түтіні жалын аралас бұйраланып сыртқа тебеді. Кенелдіктің көз алдына іште қалған, қазір от шалған дүние-мүлік, сірескен жібек батсайы көрпе-төсектер, Дәмежанның бүкіл жиған-тергені сақтаулы ағаш сандықтар, тендер, қаттап жиналған кілемдер елестеді. Әлдебір аяныш, опыныс сезімі жүрегін шабақтап өтті. Зат екеш затты да кісі аяйды екен. Иісің сіңген, көзің үйренген, ыстығы бар, суығы бар өміріңнің пәлен жылғы көз куәгерлері құрып жатқандай. Мынау жалын осы кезге дейін өмірде көрген қызық пен шыжығыңның ізін өшіріп, күлге айналдырып жатқандай.
Кенелдік домбырасына сол сүйенген қалпы, ақ көйлек-дамбалы желбіреп, қураған шалдай еңкейіп, қалт-құлт етеді.
Отауы қып-қызыл жалынға оранып тұр. Уылдырық, түс киіз, алашалар тез жанып, енді үйдің жалын оранған сүйегі қалған. Алтын, күміс буына бояған қымбат кереге, уықтар гуілдеп үн шығарып, анда-санда шарт - шарт атып қойып өршелене жалындайды. Бір ауық: «Осы көріп тұрған ғаламатым түс емес пе?» — деп ойлап тіксінеді. Дереу өзіне, аяқ-қолына, сонан кейін айналып төңірегіне қарайды. Қалай қараса да ақылға сыймайтын құбылыс. Таңғы көгілдір сұйық ауаны тілгілеп, батыстан да өрт шығып жатыр, шығыстан да өрт шығып жатыр. Әр жерде шоқ-шоқ жалын жарқырап, дала түгел жанып жатыр.
Ары қарай не болғанын білмейді.
Естен таныпты.
Баяғы балалық шақ. Бейбіт күндері. Бір шырын әуен әлдиінде, басы да, аяғы да жоқ бақытты мезгілде мамыражай жарық дүние кешіп жүгіріп келеді екен дейді. Күлгені естілмей, аппақ тісі жарқылдап, қалың шашы арқасында аунаған баяғы тоқ балтырлы келіншек алдында қыпша белі бұраңдап, қашып келеді суменен. Бала Кенелдік, осы келіншекті талай заман сағынған бала Кенелдік, бір нәрсеге таң қалып, қуа түседі. Ғұмыры қол жетпес көрінер осынау уыз арманы — сылқылдаған бақыттың соншалықты алыс емес, енді шындап екі секірсе, жетерлік жақын қалғанына таң қалады. «Бұл өмірде, күйкі тіршілік арасында, осындай адам бақыттан басы айналар сәби таза жұмақ күндер де болады екен-ау!» дейді.
Аспан - жердің арасын ақшаңқан ыстық нұр себелейді. Аяқ астынан шашыраған мың сәуле жақұт тамшылар жауады.
Көзін ашса, ыстық топырақты құшақтап етбетінен жатыр.
Езуінен аққан сілекейі топыраққа тамса керек, сол арада ерсілі-қарсылы шапқыласқан құмырсқалар.
Тал түс болыпты. Күн жанып тұр. Терлепті. Басын көтеріп, жан-жағына қарады. Төңірегі қара жолақтанып күйген шидің ізі. Отауының орнында да дөңгеленіп күл қалған. Күл ортасында шойын қазан мен темір ошақ тұр. Қалғаны түгел жаныпты.
Ауыл орны сыптай жалаңаш. Ыздиған жұртта шошайып жалғыз бұл отыр. Әредік -әредікте от тимей қалған ескі-құсқы нәрселер байқалады, темір-терсектер көрінеді. Әлі кеуіп үлгермеген жас тезек, жапаларға ұшып-қонып бір топ қарға жүр... Дауыс беріп қарқылдап қояды.
Өртенген отаудың орнына жақын Бәйге торының ер-тоқымы жатыр. Өлді деуге қимай, бұның атының ер-тоқымын әдейі ырымдап тастап кеткенге ұқсайды.
Шөлдеп жатыр екен. Енді байқады. Манадан бері ыңылдап тұрған әуен қасында жатқан домбыраның ішек үні екен. Үлбіреп ескен леп ішекті қозғап сыңсиды екен. Сол үнге құлақ қоя отырып, жеңін түріп, үңіліп білегіне, төсіне қарады. Денесіндегі қызыл бөртпек молая түсіпті. Шашырап тарай түсіпті. «Бұның үш жасында осы ел шетінен оба тиіп, екінші шетінен шыққанша талай ауылдар қаңырап бос қалыпты. Елден асқан сұлу шешесі Кербез жиырма үш жасында сол обадан кеткен...»
Естуінше, обадан қашқан ел үш күншілік жер аспай қоныс теппеуге тиіс. Жалғыз ғана Қази ауылы емес, бұ төңіректегі көшпенді саһара халқы құлақтанса, Сары жазықтан іргесін аулақ салып тырым-тырақай қаша көшетіндері анық. Қара дауылдай ел шетінен тисе, қамыстай отап өтетін бұл ылаң шыққан Сары жазықты енді талай жыл адам аяғы баспайды. Жылы бұлақ суынан енді су ішпейді. Егер, ұмытпаса, дала халқы атын атаудан қорқатын бұл індетпен ауырған адам үш күн өтіп, төртінші күн дегенде қайтатын көрінеді. Өткен түнді есептемегенде, бұның алдында әлі толық үш күні бар екен.
Кенелдік, неге екені белгісіз, осының бәрін өкінбей-ақ, қайғырмай-ақ, сабырмен ғана ой елігінен өткізді. Қалған үш күн өмір жалғыз басына онша да аз емес сияқты. Таңы бар, түсі бар, кеші бар, түні бар, біраз мезгіл екен үш күн дегеніміз де. Сол үш күннің бәрін далада жалғыз, өліммен бетпе-бет жатып көреді енді. Тағдырдың салғанын көреді енді...
Домбырасын қолына алып, жер таянып қалтылдап орнынан түрегелді. Әлгінде маңдайын орамалмен мықтап таңып алғаны тәуір болыпты. Әйтпесе, қос шеке тамыры жарылып кетердей екен.
Сәл шайқалса, жаны шығатындай қорқақтап, аяғын санап басып, төбе астындағы бұлаққа қарай беттеді. Таңдайы кеуіп қалған. Жұтына береді. Еті жұмсақ табанына жердің қыртысы да жайсыз тиеді. Үркектеп, бүгежектеп басады. Еңсесін көтеріп, алдына қарауға зілдей басы көтертер емес. Аяқ астына үңіліп кібіртіктейді. Жолында жатқан бір түйіншекті басып кете жаздады. «Бұ несі?» деп, түсінбей, солпиып біраз үңіліп тұрды. Дірілдеп, ақырын отыра беріп, жасыл орамал түйіншекті қолына алды. Кепкен құрт екен. Екі адам елестеді. Шекер мен Дәмежан. Құрт тастап кеткен, әрине, сол екеуінің біреуі. Қайсысы болды екен? Шамасы, Шекер болды-ау! Дәмежан жылап жүріп бұның азық-түлік қамын ойластыра қоятын реті жоқ, әрине.
Құртты ала жүрді. «О, тоба! — деп таң қалып келеді. — Айналасы бірер сағаттың ішінде дүние қалай төңкеріліп түсті! Осыдан бірер сағат - ақ бұрын отауының төрінде жатқан жоқ па еді? О, тоба, бұ не болды? Өңі ме, түсі ме?! Мына дүние не боп барады, Кенелдік?! Бұ не сұмдық!? Бұ қалай?! Бұны жалғыз тастап, шынымен, бәрі қашып кеткені ме?!»
Іркіліп, айналасына қарап ойланады. Әпенді сияқты күйге түскен Кенелдік... Есіне Сауық қызға берген уәдесі түсті. «Ертең кездесеміз» деген уәдесі түсті. Жақсы басталып, түгел шырқалмай жатып ортасынан үзілген әндей жүректі шабақтап бір өкініш шымшып өтті. Кеудесінде шыбын жаны бар жігіт, Сауық қыз ертең ат ойнатып Лабақ тауының белдеріне шыққанда, алдынан шығып қарсы алуға тиіс еді. Сауықтай, он төрттегі айдай толықсыған жас арудың жанына сызат түспеуге тиіс еді. Қайдағы бір кеселге бел беріп, алжыған шалдай қалт-құлт басып келе жатқан түрі мынау. Ер жігітке лайық іс емес. Ертеңге шейін күн бар ғой, бірақ, мүмкін, айығып кетер. Мүмкін. Егер жазылып кетсе, жаяу жүгірсе де жетер еді Лабақ тауына. Аспандатып, биік әуелетіп, шырқалмай қалған сол бір әнді, тек Сауық қыз екеуі ғана қосылып шырқауға тиіс кербез әнді көтеріп бір салар еді-ау!.. Сонсын... сонан кейін не болса, ол болсын...
Қап-қара боп төселіп жатқан күйген шидің күліне аяқ басты. Күн тимеген аяғы тым нәзік, еті аппақ екен. Кіршіксіз ақ шыт көйлек-дамбалын жел кеулеп, қара күл - төсекпен аруақтай қозғалып келеді. Жүре түсіп, балалығы ұстап тоқтай сап, ізіне бұрылып қарады. Басқан жерінің құмы ағарып, ізі моншақтай тізіліп қалып отырыпты.
Төбенің бір бүйірін тас арасынан тесіп шығып жатқан бұлақ суына жетіп, дәрет алатын шалдар секілді жүрелеп отырып, уысымен су іліп ап ішті. Үңіліп еді, су бетінде өз тұрпатын көрді. Шашы үрпиіп, мойны жіңішкеріп кеткен бе, қалай? Мұрны қоңқайып, көз үясы көлеңкеленіп тереңдей түскендей. Асықпай отырып, таңертеңгі үріккен қойдай дүрліккен елді, у-шу айқай, ию-қию қарбаласты елестетті. Өлімнен қандай қорқады, ә! Жандарының тәттісін! Қойдай бөрлігіп қашты - ау! Пірекеш молданың азан шақырған дауысының үрейлісін! Адамның жаны түршігеді.
Сәби күнінен, неге екені белгісіз, отқа таң қалатын. Лаулап жанған отты көрсе, айналып қарағысы келе беретін. Ал бүгін ғұмырында көрмеген ғаламат өртті көрді - ау!
Батыстан да, шығыстан да лаулаған өрт! Тұс-тұстан қоршаған өрт! Бір жағынан, қорықса, бір жағынан, сол сұрапыл құбылысқа таңданып қараған.
Ол өз алдына.
Осы уақиға үстінде жан сарайына бір кіреуке түсті. Түнеріп көңіл түкпіріне бұлт шөкті. Реніш бұлты. Ой сарабына салып байқаса, жұрттың жан сақтап қашқанына емес, бұл басқа нәрсеге ренжіпті. Бейне бұдан құтылуға асыққандай, бір жақыны келіп төбе көрсетпей, Кенелдік жұртта шошайып қалып бара жатқанда маңында Әли қаба сақалдан өзге ешкім көрінбегені жанына батқан екен. Сол арада ең болмаса бір жанашыры айналып келіп: «Кенелдік, қош, бақыл бол!» деп айтуға жарамағаны несі! Ел дәстүрі қайда? Мұсылманшылық қайда?
Ашу-ыза толқыны көмекейіне ұрып, тығылып біраз отырды.
«Әттең, дүние-ай, Құдайдың құдіретімен Кенелдік тірі қалып, сендермен кездесетін күн болса! Күн болса!..»
Жүрегі айнып, құсқысы келді. Бүгіліп, екі бүктетіліп шиқылдап құрғақ лоқсыды. Әлі құрып, тұла бойы салдырап шаршап қалды. Қара тер бунап, әлден уақытта бусанып жіпсіп берді. Майда өлкек самалды сезді. «Уһ!» деп тыныс алып, орнынан түрегелді. Аяқ буыны әрең ұстайды. Қос тізесін болмашы діріл соғып тұр. Жай созылған кең саһараға, сағым ойнай бастаған бұлдыр ұзақ көкжиекке ойсыз көз тастады. Дала соншалықты кең, өзі осы жалпақ дүниеде соншалықты титтей екен!..
Бәрін ұмытатын дел-сал тыныштықты қалады. Бұлақ жағасы ызғар, жатуға жайсыз болғандықтан, төбе басына шығуды ұйғарды.
Кеудір топырақ табанына батып кібіртіктеп басып, домбырасын сүйретіп төбеге өрлеп келеді. Еріктен тыс әлсін-әлсін назар жолдап таңертең қоштасқан қабаққа, сол жусанды жонды тіліп бері құлап жатқан қасқа жолға қарай береді. Безеріп жатқан елсіз жөн сол кеткен бүкіл көшті жалмап тастап, енді бейжай ұйқыға бас қойған аждаһадай көлденең түсіп дүңкісі жатыр. Солтүстік алыстан бұралаңдап, төбесі көк тіреп келе жатқан қаңғыбас құйын солай беттеп барады.
Төбе басындағы шағын жардың көлеңкесіне жетіп қисайды. Бос топырақ жамбасына құс төсектей жайлы тиді.
Денесіне топырақ тимес үшін, жейдесінің етегін ышқыр ішіне жіберді де, басындағы орамалын жазып, бүкіл беті, мойнын орап, жерге шалқасынан түсіп жатты. Жалаңаш аяқ-қолы түздің жалын атқан ыстық аптабын сезеді. Көзі жұмулы, көңілі ояу. «Елең - алаңнан үдере тартқан көштің бұ кезде Майқұдыққа құлайтын шамасы болды-ау, — деп топшылады. — Майқұдық — бұл арадан түстік жер. Бірақ обадан қашқан ел ол арада іркіле қоймайды. Босқындап ары тартады. Түйелі көш сол қауырт екпіннен таймай тартып отырса, бүгінгі түнді жол үстінде өткізіп, ертең таң Шолпаны туған шақта Қараспан асуына ілігуге тиіс. Қараспаннан әрі құлады дегенше, шекарадан өтті деген сөз. Құланның қасуына мергеннің басуы дәл келіп, Қази енді жүрісті үдете түспесе, бәсеңдетпес. Пақыр шал тағдырдың большевик Асайынмен жүздестірмей, табан астынан дүрк көтергеніне өлердей риза шығар. Бай малын бағып күнелтіп отырған қарашылар сірә үн шығармайды. Дәмежан! Дәмежан қалай бара жатыр екен? Қараспаннан асты дегенше, жалғыз Кенелдіктен емес, кіндік қаны тамған жерден, елден мәңгі айрылғанын сол түсінсе керек еді ғой! Бірақ... кім білсін, бұл кезде көз жасы құрғап, болған іске шара жоқ деп, мүмкін, тыншыған да шығар. Қашанғы қиналады...»
Кенелдіктің басына сұмдық ой келіп, бетінен орамалын сыпырып алып, ұйқысы шайдай ашылып, тіктеліп отырды. Шаңқан түскі жарық көзін аштырар емес. Бес жыл құшағында жатқан, бес жыл бірінің иісі біріне сіңген қойын жары — Дәмежан! Оның көз жасы түске дейін құрғаған болса, сонда қалай? Сонда кім қиналмақ? Жақын дегенде, жанашыр дегенде, басқа кім бар? Өгей әке, өгей шеше ме? Қуанбаса, қуара қоймас. Дос-жаран? Асайын түсті есіне. Оның өзімен тіл табыса алмай кеткелі қашан.
«Жанашыр дегеннен және кім бар? — деп ой сарабына салып көріп еді. Таң қалды. — О, тоба, ойлап қараса, мынау аспан астына сыймай жүретін Кенелдік жалғыз екен-ау! Шынтуайттап келгенде, жан баласына керегі жоқ екен-ау! Айтпақшы, Сауық қыз бар емес пе? Сауық қыз! Ертең ат ойнатып алдыңнан шыға алмасам, қанатымның сынғанын сен қалайша сезбессің, қыз Сауық! Қалайша менен бір хабар алмай сен тынышталарсың! Жоқ, бір адам мені іздеп келсе, сен іздеп келерсің, қыз Сауық! Сен келші.
Бұлай өлуге Кенелдіктің намысы жібермейді! Бүйтіп бұралқы итше сүйегі шашылып далада қалғысы келмейді! Ең болмаса, бір өзің, Сауық қыз, өзің келші!!!
Ал бүгін қашқан ағайынмен әңгіме басқа. Кенелдік тірі қалса, кездеседі әлі олармен!»
Қасқа жол жатқан алыс дөңге ежірейіп көп қарады. Бейне ол дөңнің ар жағында Кенелдікті танитын мың сан ел сығалап қарап тұрғандай. Соларға бұл әлгі ойын арнағандай. «Солай, ағайын, кездесеміз әлі!»
Қалай қараса да сарғайған дала, кең созылған Сары жазық даласы. Теңіз бетінде жыбырлап сағым толқыны көшкен бір өңкей боз тегістік.
«О, тоба, жалғыз қалғаны рас па бұның?! О, тоба, осының бәрі рас па?! Рас па! Рас па?!»
Басы айналып, отырған жерінде құлады.
Семинарияда қатар оқыған жігіттердің ішінде сенің орның бөлек еді, Асайын! Өзің жас болғаныңмен, ойың, сөйлеген сөздерің жасамыс еді. Тіліңде біртүрлі от бар еді. Екпіндеп, еңселеп, шыншыл сөйлейтінсің. Өз сеніміңді, ұққан шыныңды қорғағанда қызарақтап, керек жерінде жұдырықтан да тайынбайтынсың. Сол қалпың:
— Тұйықсың, заман астан-кестен толқындап тулап жатқанда шын азаматқа бұғып қалуға болмайды! Өнеріңді айтып, әніңді айтып, әуеніңді айтып ақталма! Не әрі, не бері екеніңді айт! Революцияға қарсысың ба әлде жоқсың ба, бір ауыз сөз!» — Губернелік қаланың тар көшесін жаңғыртып осылай деп қызу айқайлап жібергенің есімде. Жолымды кесіп көлденең тұра қалып, жауап тосқаның есімде.
Кенелдік күлген. Бірақ Асайын шындап тұр.
— Қарсы да емеспін, жақ та емеспін, жолдас Асайын, жолымда тұрсың! — деген күліп.
— Сен либералсың. Былайша айтқанда, қорқақсың! Біз екеуіміз дос бола алмаймыз ба деп қорқамын, Кенелдік!
— Мен даланың адамымын, Асайын! Шынымды айтсам, осы қаланың у-шуы мені шаршатты. Елге қайтқым келеді. Бұл тұрысымда мен қарсы болуға да, жақ болуға да лайық емеспін!
Асайын ойланып, көше ортасында селтиіп тұрып қалғанда, бұл ғарыштап адымдап жүріп кеткен.
— Кенелдік, тоқта! — деп айқайлаған сонда Асайын. — Тоқта, енді айрылыссақ, біз шындап айрылысамыз, бір нәрсені айтқым келеді, Кенелдік! Рас, елді сен де сүйесің, мен де сүйемін. Рас қой?
— Рас.
— Егер қазір сол елдің, соқыр елдің алдында тұрып отына күйіп, суығына тоңбасақ, біз қылмыскер боламыз! Соны ұғасың ба?..
Кенелдік дос сөзінің соңын жүре тыңдап, алыстап кеткен. Екеуінің арасындағы бұл соңғы әңгіме, соңғы қақтығыс еді. Қазір ұйқылы - ояудай халде көзбен көргендей қайта елестейді.
Кеш түсіп кетіпті. Алаптың қойын-қонышына көлеңке үйірілген. Қайда жүр екен сол Асайын?! Отряд бастап, революцияны далаға енгізгелі келе жатыр дей ме? Жалын тарап ат мінген, жарқылдатып қару асынған Асайын! Әлі мұқалмаған, өз дегенінен таймаған қалпы екен-ау! «Қарсысың ба әлде жақсың ба?» деген семсердей өткір, саңқылдаған дауысы құлағында. Асайын ежіктеп дәлелдейтін көптеген шындықты бұл ішінара мойындағанмен, кейде досының шектен тыс қызбалығының ар жағында бір балалық, шалалық аңғарғандай болатын да тұратын. Қазақ даласындағы әйгілі он алтыншы жыл Кенелдік пен Асайынның арасын мүлдем алшақтатып жіберді. Ел жігіттері топ-топ бас құрап, даланың бай-шонжарына, патшалық Россияның қысымына қарсы көтерілгенде, Асайын сол дүмпуге көзді жұмып қосыла шауып араласып кетті де, Кенелдік үн-түнсіз жалғыздап, шеттеп қалды. Иә, ол кезең үнемі бір жиыннан, шу дабырдан қашқысы кеп тұратын, үнемі бір жалғыздықты жаны көксейтін де тұратын кеселге алғаш ұшырап жүрген кезеңі еді.
Маңында жатқан түйіншекке қолын соза беріп байқады, қызыл түйіртпектер енді қол сыртына шашырап түсе бастапты. Дәмге тәбеті болмаса да, түйіншекті шешіп, бармақ басындай құртты тілі астына басты. Аузында дәм жоқ. Сонда да, зияны жоқ қой деп, құртты сора түсті.
Науқастың жаны төңірек дүниені өзінше сезеді. Кірпік қозғауға халы жоқтай. Мынау көкжиекті қымтап, алыс-жақынды назардан жасырып, үн-түнсіз, сыбырсыз маңайын қоршап келе жатқан қыр кешін бұл өзінше көретін сияқты. Түс пен өң арасы халде. Ыстық пен суығы алмасқан мынау кешкі әлем біресе тынысты бітеп тарылып, біресе кеңіп, шалқайып азынайтын сияқты. Жалғызсыратып, біртүрлі үрей тудырады. Ақыл-санасы ондайда үзіліп сөніп жоқ болса, іле қайта жаңғырып, кәдімгі сау қалпына келеді. Не әрі емес, не бері емес. Сондай бір тұста ақылы сыбырлап: «Киімің жеңіл, жаздың түні жылы дегенмен, таңы қоңыр салқынды, жұртта қалған тоқымды әкеліп, астыңа сал» дегендей болды.
Төбе басынан баяу, көлеңкедей қозғалып түсіп келе жатып байқағаны, денесі матадай жеңілдепті. Сылынып жүдегендей. Осы бағытында күшті жел тұра қойса, қаңғалақтап ұшып құлайтын түрі бар. Абырой болғанда, үлп еткен леп байқалмады.
Ер-тоқымның арасын ашып қарап, шағын көрпеше тауып алғанда, бойын төтенше бір жылы қуаныш биледі. Кеудесін жауып жатса, ол аз ба! Сол көрпеше мен екі-үш тоқым өзіне кәдімгідей жүк болып, төбе басына көтеріліп келеді. Ел көшкен жұрттан аулақ, төбе басында түнеуді жөн көрді.
Тұйық қараңғы түсе бастаған шақта төбе басына да жетті. Жусан арасынан орын сайлады. Ашық алаңда жатқаннан бұта арасында жатқан дұрыс шығар.
Әлсін-әлсін «қаңқ» етіп қойып, түнгі аспанда белгісіз бір құс өтіп барады. Демін ішіне тартып, сол үнге құлақ тосты. Сондай адамның бойын түршіктіретін тарғыл үн. Өзі арқадан түстікке қарай барады. Белгісіз құсты көре алмайтынын білсе де, жүзін көтеріп сирек жұлдызды кең аспанға қарады. Бұл ұйықтағанша осынау жиһанкез құс көшкен ауыл үстімен де қаңқылдап өтетін шығар - ау! Дәмежан, Шекерлер де естиді - ау осы үнді!..
Жиһанкез құс дауысы алыстап ұзап кетті.
Төбе басында көйлек-дамбалы бозарып, ұп-ұзын боп сорайып тұр. Жаны ұйқы-тұйқы. Тосын бір сезімдер толқынына түседі. Құлазыған дала. Алды да, арты да, оңы да, солы да түн. Осы түн тіптен таусылмайтын болса, не істейді! Әншейінде көзге ыстық мекен қазір біртүрлі үңірейіп, тілден, естен айрылған жандай түсі суып, жат көрінеді. Мейірімсіз, қатал, жат.
Көрпешесін жамылып, аяқ-қолын бауырына алып бүрісіп тоқым үстінде жатыр. Домбыра мен түйіншек бас жағында, жусан арасында. Танауға ашқылтым шөп иісі ұрды. Ақшатау иісі. Жусаннан сәл биіктеу бұ маңда сирек өсетін танау жарар кермек иісті шөпті Кенелдік танып жатыр. Қиял төрінде бір сәуле оянып, езу тартқандай болды.
Ақшатаудың жұпары үнемі сол бір түнді, сылқылдаған Шекерді, Кенелдіктің алабұртқан алғашқы жігітшілік, балаң күндерін еске салушы еді. Ұйқысы келер емес. Жатып қиялға шомды.
...Ауыл сол жаз Бұйрат құмның етегінде отырған. Түн болса, өңшең жастар ауыл сыртына шығып, қарағанды қырқа басына жиналатын. Көбінесе алтыбақан теуіп, ән айтады. Әртүрлі ойындар ойнайды. Шекердің жас кезі. Жанып тұрған кезі. Әйелі өлген Пірекеш молдаға тигеніне көп болмаған. Әлі бала Кенелдік ауылға келіншек болып түскен күннен бастап Шекерді ұнатқан. Бір таң қалатыны, Шекер шалға тидім деп мойып, мұңаймайтын. Қашан көрсең де әп-әдемі киініп, ықшам, ұршықтай дөңгеленіп жарқылдап жүргені. Өзінің тілі де қызық. Ішегіңді қатырып күлдіріп қояды. Ауыл балалары түгел Шекерді жақсы көретін. Реті келсе, Шекермен бірге құдыққа суға баруға, мал суаруға не түйе сауып жатқан келіншектің ботасын тартып тұруға бәрі де іңкәр. Шекер сыңғырлаған сазды дауысымен рақмет айтады, жайнаң қағып күліп жібереді, соның өзі де жетіп жатыр. Ал реті келгенде, Шекерге жақындап жанап өту тіптен бақыт. Танауға жағымды нәзік бір әтір иісі ұрады. Басың айналып, шала мас болып қаласың.
Сол күні ақсүйек ойнаған. Қыздармен, келіншектермен ойынды сылтауратып жағаласу үшін көбінесе ересектеу балалар жағы ойынның соңын ақсүйекке айналдырып жіберетін. Құнан қойдың қураған асық жілігін балалар әдейі қалың қараған ішіне қарай лақтырады. Айлы түнгі аспанда зуылдап ұшқан ақсүйектің суылына бәрі демдерін ішіне тартып құлақ тіге қалады. Ақсүйек алыс бір түкпірге барып дүрс ете түседі. Бәрі жарыса жүгіріп, қараған арасына сүңгіп кетеді. Сол кезде әркім өзіне ұнаған қызын төңіректеп, қалың бұта арасына сіңіп жоғалады. Шекердің өзіне деген ерекше ілтипатын сезетін Кенелдік келіншекті білегінен қаттырақ ұстап, шеткерірек тартады.
Екеуі шөпті тысыр-тысыр басып, ақсүйекті іздеп жүр. Біресе ай жарығы түсіп тұрған алаңда бой көрсетіп, біресе бұта түбінде ұйыған қою көлеңкеге кіріп кетеді. Жерден көз айырмай, ақсүйекті іздеген болып жүр. Өзгелердің сыбыр - сыбыр дыбыстары, бұта тысырлары алшағырақ қалды. Кенет сәл алдында аяқ астына қарап келе жатқан Шекер шапшаң еңкейіп, жерден әлденені іліп алды да, тұра қашты. Кенелдік тұра қуды. Ойын тәртібі бойынша, шамасы келсе, ақсүйекті тартып алып, дәріпке жетсе — бұның ұтқаны. Бойшаң Кенелдік бұраңдап қашқан келіншекті, бұтаны айнала беріп, ай сәулелі алаңға жеткізбей ұстап алды. Жасы үлкен болғанмен, кіп-кішкентай боп құшағына сыйып кетті. Нәзік әтір иісін сезді. Кенелдікті өзімен бірге алып келіншек құлап түсті. Безілдеп сыбырлап жатыр: «Жібер деймін, қалжыңдағам, ақсүйек жоқ менде, қарасайшы!» Кенелдік үндемейді. Жүрегі кеудесіне сыймай дүрс-дүрс соғып, жүзінде ай сәулесі сырғақтаған Шекердің дөңгелек әдемі бетінен көз ала алмайды. «Ойбай, біреу келіп қалар, сен өзің бұзық екенсің ғой, жібер!» десе де, Шекердің дауысында зіл жоқ, қорқып емес, қуанатынға ұқсайды. Өйткені көзі күліп тұр. Сонда Кенелдік келіншектің бүлкілдеп жатқан тамағынан асығыс сүйіп алды. Тұңғыш рет әйел сүюі еді. Ұяттан лып етіп тұла бойы түгел өртеніп, ытқып тұрып қаша беріп, буыны ұстамай, сүрініп құлады. Бір жас шөптің үстіне құлаған. «Тоқта!» деген сыбырын есітті Шекердің. Сол құлаған жерінде Кенелдік ұяттан беті күйіп ет беттеп жатыр. Астындағы шөп ақшатау екен. Ашқылтым иісі бұрқырап танауды жарған сонда. Шекердің ып-ыстық алақаны бұның басы, шашын қытықтап сипалай беріп, қаттырақ нұқып өтті: «Тұр, жұрттан ұят, неғып жатсың!» Шекердің өзімсінген дауысы, бұрынғыдай емес, тіптен етене, тіптен жақын. Сонда Кенелдік құшағында жатқан ақшатаудың гүлінен құшырланып бір иіскеген.
Қазір де танауына жұпары аңқып ұрып тұрған сол ақшатау иісі! Осы маңда өсетіні байқалады. Бүк түсіп бүркеніп жатса да, таныс шөптің тізеден сәл биіктеу бойын, ақшыл көк түсін, тікенсіз ұсақ гүлді нәзік бұтақтарын қиял көзімен көреді.
...Түнімен күркілдеп жөтеліп, азап шекті. Құрғақ жөтел іштен түйгіштегендей шаршатып, діңкелетеді. Жөтел қысқан сайын қиналып, тұншығып, тұла бойы бусана түседі. Қайдағы -жоқтағыны ойлап жатып, таң алды сәл тыншып, көзі ілініп кеткен екен. Таңның бұйығы тыныштығын бұзған, жер сілкінткен ұлы дүбірді есітті. Шығыс тұстан естіледі. Жер дүсірлеп, аламан бәйгенің аттары жақындап келе жатқандай. Тура Кенелдік үстін басып кетуге шақ қалғандай. Сатырлап келіп қалды. Басын жерден жұлып алуға шама жоқ. «Жөтеліп жібермейін» деп сақтықпен аузын басып, жамылған көрпешенің жиегін көтеріп, сығырайып қарады. Сарғайып үлгірген шығыс көкжиек аясында, жақын жарқабақ үстінде сояу-сояу анталап, құлақтары тікірейіп ытырынып, қатар түзеп топ киік тұр. Жіп-жіңішке аяқтары қамыстай жыбырласып тұрыстарын. Өңшең семізден жараған сәйгүліктердей. Күрк жөтеліп қалды. Топ киік жалт берді. Доптай ыршып-ыршып кетіп, іле көзден ғайып болды. Дүсірлеп ұзап барады. «Әттең, — деп күрсінді аңшылығы ұстап, — әттең, жарақты күні жау жолықпайды деген осы!».
Күн шығып, ауа жерді қыздырғанша, әлсін-әлсін күрсініп дөңбекшумен болды. Масадай қаптап, масадай талаған ойдан дегбірі қашып, басына тартса, аяғына, аяғына жапса, басына жетпеген шолақ көрпешемін «алысып» шықты. Сонан бір кезде, ыси бастаған күн шуағына бойы, ойы түгел маужырап, бұйығып ұйықтап кетіпті.
Ұзын бойлы, сабырлы анасы келіп тұр екен басына. Қолында ұршығы, иіріп жүрген жібі бар. Аяқ басқаны естілмей, баяу, паң аяндап қасына келді. Көз қарасынан, жүз нұрынан дүниеден ерте кеткен ғазиз анасы Кербез екенін ұғып жатыр. Анасы жанына келіп, биязы тізе бүгіп, Кенелдікті жұмсақ, мейірімді назарымен аймалайды. Әлдеқайдан, әлде желден, әлде аспан, әлде жерден бір саз жүректі уатып, бүкіл жаныңды тербетіп тамшылайды. Сыңсып шер толғайды. Шексіз кең аспан, шетсіз жер арасында же л айдаған қаңбақтай қай сайдан шығып, қай сайда қалары белгісіз баянсыз тірлікте, адамның адамға деген кәусар махаббатынан өзге ұлы сезім болмайтынын, одан өткен, одан зор тірлікте байлық болмайтынын уағыздауға бет бұрған абыз толғау, сыршыл үн. «Құлыным - ай, жамбасыңнан сыз өтті ғой!» дейді ана сыбырлап. Ана Кенелдіктің үстін қымтап жауып, жарасын алақанымен сипайтын сияқты. Кенелдік үндей алмады. Тіл қатса, шешесі алдында өмірден көрген наласын, жапасын айтып жас баладай боздап жіберермін деп қорықты. Көмейіне өксік тіреліп, жетімсіреп кемсеңдеді. Сөйтіп жатып оянды.
Сыңсып тұрған жанында жусанға сүйеулі домбыраның жел қозғаған ішегі екен. Жан сазды тосын бір сарнау үн шығарады. «Баяғыдан іздеген әуені — замана күйі осы емес пе?» деп біраз тыңдады.
Домбыраны жығып, төңкеріп қойды. Көлеңке үстінен ауып, шақырайған күн көзінде қалғандықтан, терлеп ұйықтаған екен. Қолында әл жоқ. Шынтақтап еңсесін түзеп, әрең дегенде басын көтеріп тіктеліп отырды. Биік шарайна аспанға, дөңгеленіп қоршаған алыс бұлдыр көкжиекке қарады.
...Қамзолдай келте пішкен дөңгеленіп, Дүние кетерінде шыр айналды.
Жұртта ұшып-қонып жүрген топ қарға беймаза қақылдап дүрк көтеріліп ұшты. Бұл отырған төбені қиялай ұшып өтіп, бұлақтың арғы тұсына барып қонды. Құйрықтарын созып, жер таяп қонады. Малғұндардың нобайы бұған жалтақ-жалтақ қарай ма, қайтеді! Кенелдік те олардан көз айырмай қарады. Сөйтсе, қақылдап қойып, қарғалар әлденені торуылдайтын сияқты.
Дүниедегі қас дұшпанын енді танығандай қарғаларға жыны қозды. Малғұндар, өзі нешеу? Асықпай отырып шетінен санап көрсе, анау-мынау емес — он тоғыз! Сөйткенше болған жоқ, қарғалар дүрк көтеріліп ұшып, тура бері беттеді. Ой, мыналар қайтеді?! Қанаттарын ысылдатып төмендеп, дәл төбесінен ұшып өтті. Кенелдік малғұндардың салқын жылтылдаған ашқарақ көздерін анық байқап қалды. Қарғалар әлгіден де жақындау жарлауыт басына барып қонды. Өздері шамадан тыс ірі көрінді осы сәт.
Жүрегі салқын шымырлап, болмашы қалтыранды. Жалаңаш аяқ-қолына көзі түсіп шошып кетіп, бір ауық мәңгіріп қалды. Денесінің сау жері қалмаған. Қаптаған қызыл бөртпек. Құм бетіне жауған жаңбыр ізіндей дөңгеленген қызыл дақтар. Тек аяқ-қолы емес, үсті-басының бәрі сол күйде. Дереу бетін сипады. Беті де сау емес. Жара бетіне де шығыпты! Шұбар бет бола ма енді...
Басы кеудесіне сылқ құлап, көзін жұмып, ернін қыр тістеп, ыңыранып теңселді.
Сөйтіп отырып бір кезде өзінен-өзі селк-селк күлді. Өзі өлгелі жатып, «бетіме жара шықты» деп қайғырғанына күледі. Бірақ адам қызық. Адам үміті еш уақытта да үзілмейтін сияқты. Сол өшпейтін үміттей жымиып күлген қыз Сауықтың бадана көздері елестеді. «Кездесеміз, қайтсек те кездесеміз, кездесуіміз керек» деп қиылып тұр. Лабақ тауындағы уәделі жерде ақалтеке мінген сері Кенелдікті кездестіре алмай, дал болып тұрсың - ау қазір, қыз Сауық! Кенелдіктің қазір не күйде жатқанын білер ме едің!..
Қолымен жер таянып, әрең дегенде тікейді. Қарғалар үркіп, қарқылдап ұшып жөніне кетті. Ақ кебінге оранған тірі аруақтай сорайып төбе басында сәл тұрып, қаз-қаз басып төмен бұлаққа қарай беттеді. Анда-санда шайқалып кетіп, құлай жаздайды. Жатқан жерінен ұйқысырап жүріп кеткен адамның әрекетінде.
Жүрелеп бұлақтан су іліп алып ішу де оңайға тиген жоқ. Ырғалып бұлақ басында көп отырды.
Төбе басына қайта шыққанша бір жүріп, бір тұрып, ұзақ шырғалады. Қырға көтерілген соң, бүлк-бүлк сағым көшіп жатқан ми далаға, тегіс көкжиекке шаршау назар жіберіп, тебіреніп толқып тұрды. Бірөңкей сұрқай жапан түзге біртүрлі сағынып, ынтығып қарайды. «Қайран дүние, жарық дүние! — дейді ойы. — Жұпыны болсаң да, сұрықсыз болсаң да, сенен қымбат нәрсе жоқ екен ғой! Жер басып, көк айдың аспан астында сені аралап, әйтеуір, тірі жүрудің өзі бақыт екен ғой! Неге соны бұрын ұқпағам! Неге бұрын зерделемеген?»
Қыруар сезім кешіп, даланы жаңа көргендей тамсанып ұзақ толқыды.
Қарғалар қайтадан ұшып келді. Шынымен, Кенелдіктің құлауын күтіп жүргені ме - ай мынау иттердің! Ең болмаса бір кесек атып үркіте алуға шамасы жоғын қарашы. Соны ойлағанда, өзінің қаншалықты бейшара халге түскенін болжады. Сенгісі келмейді. Бірақ сендің не, сенбедің не. О, тағдыр! Шебер тағдыр!
Көкжиек қыдырған назары кенет бұлдыр-бұлдыр сағым арасымен көлденең желіп бара жатқан түйелі адамды шалғандай болды. Жүрегі дүрсілдеп қоя берді. Тесіліп көз жіберді. Иә, түйелі адам!
Алыс көкжиекте қылтиып түйелі адам желіп өтіп барады. Қолын көтере беріп, бұлғай түсіп кідірді. Бақса, бұның қолы көрінетіндей жер емес екен. Көретін болса, төбе басында ағарып тұрған бұның осы тұлғасын көрер - ау.
Түйелі адам Есенбай қыстауы тұстан шығып, Лабақ тауына қарай сағым аралап емпең қағып барады. Жедел тартып барады. Кейде сағым ішінде бұлдырап, әдеттен тыс тырна бойлап сілейіп ұзарып көзге шалынса, кейде еріген балауыздай жалпиып тарбаң-тарбаң желеді.
Түйелі адам қашан көзден үзілгенше, телміріп қарады да тұрды бұл. Белгісіз жолаушы көкжиектен қалай қылтиып шықса, солай көкжиекке сіңіп жоқ болды. Жүрісі мал қарап жүрген шаруаға лайық.
Зеңгір аспан астында шошайып тағы да жалғыз қалды.
Тағдыр! Бұ неткен тәлкегің!
Тұрған жерінде тізерлеп сылқ отыра кетіп, маңдайын жерге төсеп бүк түсті. Қарғалар бейне құлақ түбінде қарқылдайтындай...
Кешегі кеткен көш. Құдай білсін, қай арада жүргенін? Шекарадан ғой, сірә, өткен болар. «Жат елде қор болмасаң игі еді» деп, бала мінез ақкөңіл Дәмежанды ойлап, аяды. Қай жерде кетіп барады екен Дәмежан? Шекер не ойлап барады екен? «Бір түйекештің қызын аламын деп, бізді көзге ілмей кетіп едің, пәлем, сазайың!» деп бара ма, кім білсін. Ойлап қараса, Шекер, сылқылдаған сылқым Шекер бұны сүйген екен-ау!
Қазір төбе басында бүк түсіп жатып, жер бетінде бүгіннен басқа енді бір күн өмірі қалғанда, есі кіресілі-шығасылы талықсып жатып, Шекер екеуі ғана білетін сол ғажайып түнді, Кенелдікті бірнеше жылға есейткен ерекше түнді еске алды.
Танауына құрғақ топырақ иісі келді. Жерге мандайын сүйеп жатқаннан екен. Жалаң маңдайын сүйеп жатыр! О, тоба, топырақты, маңдайы тұрмақ, балағына жұқтырмайтын бұл кірпияз Кенелдік, кербез Кенелдік емес пе еді... Кірпігін ашып, топырақ бетінде шапқылап жүрген жалғыз құмырсқаны көзі шалды. Құмырсқа тұп-тура тана¬уына кіріп кетуге оқталып келеді. Үрлеп қалды. Пақыр, аяғы аспаннан келіп ұшып түсті. Солай, құмырсқа - еке, біліп қой, жер құшып қор болып жатқан бұ пендең де кезінде дәуренді сүрген!
Көзін жұмып, шырын қиялға енді. Баяғы ақсүйек ойнайтын түннен кейін көп ұзамай көрші ауылда, аты-жөні есінде жоқ, бір айтулы кісі дүние салып, Пірекеш молда өліктің жетісі өткенше сонда болды.
Жаз еді. Кенелдік іргесі түрулі үлкен ақ орда ішінде домбырасын тыңқылдатып әлдебір үн аулап отыр. Пірекештің үйі бұларға іргелес еді. Домбырасын тарта отырып, үйіне кіріп шығып жүрген Шекердің шағын бойынан көз айырмайды. Шекер әдетінше, бүгін түскен келіншек сияқты малынып киініп жүр. Етегіне зер жүгірткен ұзын қызыл көйлек үстінде. Ең жарасатын, ең әдемі көйлегін киіпті бүгін. Аш белін үзілдіре киген қынама белді жеңсіз қара бешпенті тұлғасын бедерлей түседі. Бешпентке сыймай тырсиған толық жұмбақ омырауы Шекердің бойына біткен ең көркем байлығында. Қашауын тапқан мүсіндей. Назар сүріндіріп, көз алдыртпайды.
Шекер жұрттың өзіне сұғынып қарайтынын сезетіндей, бұлғақтап сыртқа көп шығады. Аяқ басқан сайын шаш - бауындағы күміс, жез қоңыраулар сыңғырлай, жүріс-тұрысының өзі бір түгел әндей әсер береді. Сол Шекер бір кезде, қараңғы түсіп, жер ошақтарда от жылтылдап жанған кезде шашбауын сылдыратып бері қарай жүрді. Сыртта бәйбіше үлкен керсенмен шұбат сапырып отырған. Шекер бәйбішемен сыңғырлап күліп әңгімелесті. Не сөйлескендерін Кенелдік естіген жоқ. Ол кеткеннен кейін, өгей шешесі бұны дауыстап шақырды.
— О не? — деп Кенелдік домбырасын төсекке сүйеп, сыртқа шықты.
— Бүгін Шекер жеңешеңнің үйіне барып жат, жалғыз екен, қорқамын дейді.
Кенелдіктің жүрегі бұлқынып тулады, қуанғаны не қорыққаны белгісіз. Сонан, қашан жататын уақыт болады деп асыққанда, қырсығып уақыт өтпей қойды. Бір жағынан, Шекермен бетпе-бет сөйлесуден ұялады да. Әнеугі ақсүйектен кейін бұл қашқақтап, Шекермен әлі бір жүздеспеген еді. Сөйтіп, домбырасын шертіп отырғанда, Шекердің өзі тағы келді.
— Жүр, күйші бала, шай жасап қойдым, домбыраңды да ала жүр, — деп жұмсақ күлді. Дауысы әндей естіледі.
— Бара ғой, бар! — деп өгей шешесі де қостап демеп қойды.
Кенелдік жібек шашақты, сабына күміс шаптырған үлкен домбырасын алып, Шекердің соңына ерді. Еріп бара жатып ұялғаны - ай. Байқаса, мынандай тоты, сән-салтанаты бөлек әйел затымен қатар жүру үшін жаралмаған екен. Жүрісі қорбаңдап, қолы біресе алдына, біресе артына шығып, әбден масқара болғаны. Шекер, өзінен небәрі екі жас үлкен Шекер, бұл қысылған сайын, жайнаңдай түсетін сияқты. Құлағындағы үлкен сырғасы күлдір-күлдір етіп, езуі ұшында бір сиқыр күлкі балалап, Кенелдікке көз қиығын салып қояды.
Шекер үйін мұнтаздай етіп жинаған екен. Дастарқаны жаюлы. Отта тұрған тас құман күтір-күтір қайнап, шайдың қою иісі ұрады танауға. Дастарқан үстінде не керектің бәрі бар. Шекер бәйек қағып, лыпып құрмет көрсетеді.
Шайдан кейін Шекердің тілегімен Кенелдік домбыра тартты. Келіншек шұғыл ден қойып қалыпты күйге. Шекердің соншалықты байсалды, ойлы қалпын тұңғыш көруі еді. Бұрын ауыл арасында, ойын үстінде жиі күлетін жайдары Шекер үйінде мүлдем басқа адам. Салдарлы қимылдап, биязы күліп, титтей жеңіл мінез байқатпайды. Және өнерпаз жас қонағынан да соны талап ететіндей. Кенелдіктің әрбір тартқан күйін өзінше түсініп, өзінше бағалап отыр. Шекерден мақтау сөз есіткен Кенелдік сол күні шешіліп көп күй тартты.
Домбыра, күйден өзге екеуінің арасында көлденең әңгіме болған жоқ-ты.
Содан ұзақ отырып, кеш жатқан. Кенелдік тор алдында текемет үстіне салынған төсекте.
Есікті ішінен ілдіріп, босата жақта сәл күйбеңдеп жүрген Шекер бір ауық үрлеп шамды өшірді.
Үй іші тас қараңғы. Кенелдік өз жүрек дүрсілін тыңдайды. Шекер шолпысы гүлдір -гүлдір етіп сол жақтағы керулі жібек шымылдықтың ішіне енгені байқалды. Шамасы, сырт киімін шешіп жатса керек, шолпысы беймаза сылдырай береді. Аташ төсек ақырын сықырлады.
Сонан кейін қараңғы үйдің ішінде сілтідей тұнған тыныштық ұйып қалды. Бұл қаттырақ тыныс алуға да жүрексініп, тым-тырыс жатыр. Есіне Пірекеш молда түсті. Бір таң қалғаны, әлгінде үй ішінде молданың киім-кешегінен, керек-жарағынан бір де бір мүлік көре алмады. Бәрін жинап, Шекер тығып тастаған сияқты.
Айлы түннің теңгедей ақ сәулесі үлбіреген жібек шымылдыққа түсіп тұр. Будай жұқа жібек шымылдық келіншектің болмашы күрсінісінен кейде ұсақ дірілдеп, тітіреп қояды.
Ауылдың арғы шетінде маңқылдап ұйқылы-ояу ит үрді. Өріс жақта айғыр ересектердің қырқысып таласқаны, пада қуып дүсірлегені естіледі.
— Күйші бала! — деп сыбыр ете түсті бір кезде Шекер.
— Не?
— Менің ірге жағымда бір нәрсе тықырлайды, қорқамын.
— Тышқан болар.
— Сол тышқаннан қорқам, менің ірге жағыма келіп жат, күйші бала!.
Кенелдіктің жүрегі дүрсілдеп аузына тығылды. Белгісіз күш итергендей орнынан қалай атқып түрегеліп, сусыған жібек шымылдықтың ішіне зып кіріп кеткенін байқамай қалды.
Шекер жалаң аяғын керуеттен салбыратып жіберіп, тарқатып тастаған қалың шашы иығын жауып, бетін басып бүгіліп отыр екен. Айдың теңгедей сәулесі иық шашын көрсетіп тұр.
Шымылдықтың ішіне кірген бетте-ақ, Кенелдік алыста жүріп талай аңсаған таныс әтірдің иісін сезді. Шекердің ірге жағын ала батсайы көрпенің астына сүңгіп кетті. Демін ішіне тартып, тып-тыныш бұғып жатыр. Шекерде де үн жоқ, аяғын көрпеге тығып, жастыққа басын қоя бергені еді, кенет кереуеттің астынан әлдене тықыр - тықыр жүгіріп өтті. «Ой, апа!» деп шыңғырып жіберген Шекер Кенелдікке қарай аунап түсті. Басын мұның иегіне тақап жабысып қалыпты.
Кенелдік сонда да қимылсыз. «Тышқаннан да адам осылай қорқады екен-ау!» — деп ойлады. Тек жатқанша қорқақ келіншекке:
— Кешеден бері қалай түнеп шықтың? — деп сұрақ қойды.
— Ұста қайнағаның қызы келіп тұр еді, бүгін тұмауратып қалыпты.
Сәлден кейін Шекер бұның құлағына сыбырлап:
— Бері қарап жат! — деді өкпелегендей. Дауысы назды.
Бұ кезде бейтаныс төсекте кәдімгідей жүрек тоқтатқан Кенелдік аударылып түсіп, бауырына бүрісіп тығылған, күндіз-түні қиялында мәпелейтін, еш уақытта қолым жетпес дейтін армандай сылқым Шекерді дірілдеп асығыс құшақтады.
Айдың теңгедей сәулесі келіншектің жартылай ашық омырауына түсіп, жұмыртқадай ақ етін анық көрсетеді. Көзі түн жұлдызындай тереңнен құпия шұғылаланған жас әйел күлімсіреп, кірпігін айқастыра қойды. Жартылай шаш жапқан біртүрлі масаң жүзін шалқайтып, өзі белін бұралтып, Кенелдіктің құшағына шап-шағын боп сыйып барады.
Ұяттан, ғұмыры бастан кешпеген мынау тосын жайдан Кенелдіктің лапылдап жүзі өртенді. Не істеп, не қойғанын ақылмен болжау қиын. Жанып тұрған отқа ұмтылған бала көбелектей өзінің со жолғы көзсіз батылдығына әлі күнге таң қалады.
Шекердің бір көтеріліп, бір басылған мамық омырауына, иығын түгел жауып лықсыған қою толқын шашына құлап ойнаған айдың сол теңгедей сәулесін бұл жұтқысы келгендей аузын ашып ұмтылған. Теңге сәуле секіріп ойнап, бірде Шекердің кеберсіген ернін, қусырылған танауын төңіректеп дірілдеп тұрса, енді бірде келіншектің тарс жұмулы көзін, шытылып жазылған қарлығаш қанат қастарын аймалап өтеді. Шошаңдап әбден желіккен сол теңге сәуле енді оңды-солды ыршып, биязы ұлпа иек астына кіріп-шығып, одан секіріп толқынды қалың шашқа да сүңгіп ойнап жүр. Шекердің кеберсіген ернінен үзілген «Көкем!», «Көкем сол!» деген ыстық келте лебізі, жалын шарпыған тынысы иығын күйдірген. Сол тынысты әлі күнге сезеді.
Сонан кейін Шекер солқылдап ұзақ жылаған. Кенелдіктің әбден зәресін ұшырған. Шынымен шатылған екенмін деп жаман қорыққан Кенелдік. Шекер күйеуінің көзіне шөп салғанына қиналып жылаған екен деп түсініп қорыққан.
— Бәріне мен кінәлімін, мен... мен... — деп бұ да өзінше бүк түсіп іргеге құлап, қайғы шекті.
Кенелдіктің «күңіренісін» естіп қалып, Шекер күліп жіберді.
— Ой, ақымағым - ай, сен неге кінәлісің? — деп бұны иығынан сілкіп, таң қалды. Кенелдік сонда:
— Мен емес пе сені бүлдірген, мен емес пе... мен... — деп жыламсырады.
— Ой, топас - ай, ой, кеңкелес! — деп әбден мәз болды сонда Шекер.
— Менің неге жылағанымды түсінбедің, ә, жарайды, түсінбей-ақ қой, бір кезде түсінерсің, — дегені есінде.
Он жыл бұрынғы әңгіме еді бұл. Үйленгеннен кейін Кенелдік Шекерді ұмытып кетті. Қазір ойлап қараса, сол ұзын салқар он жыл бойы Шекер байғұс мұны ұмыта алмапты. Он жыл бойы Кенелдікті күтіп өтіпті. Мүмкін, сол он жыл бойы жылап та өткен шығар - ау! Өзіне деген Шекер сезімі ұлғая түспесе, содан бері тіптен де бәсеңсімегенін Кенелдік сезетін. Шекер байғұс соны сездіретін.
Қарғалар қарқылдап, қанаттарын суылдатып үстінен шып өтті.
Басын көтеріп, қарсы алдында баяғысынша меңіреу созылып жатқан қиян шөлге мөлиіп кеп ұзақ қарады.
Түс қайтыпты. Жер бауырлап боз дала төсінде бүлк-бүлк көшкен сағым бар. Бұ төңірекке адам - қара ізі түспегеніне, аспан шатыры астында шошайып Кенелдіктің жалғыз қалғанына небір ықылым замандар өткендей.
Қайран Шекер! Әйелдің асылы екенсің ғой! Сезімің неткен баянды! Осындай ақымаққа бола сонша неге азаптандың екен! Сенің жаныңа үңілуге, сені түсінуге он жыл бойы бұнда бір талпыныс болмапты ғой! Ойпыр-ай, бұл неткен адам сонда! Бұл неткен...
Үйіріліп ескен аңызақ жел бейне бір қоршап келе жатқан өрт лебінде ыстық тілімен жалаңаш аяқ-қолы мен мойын тұсындағы ашық денесін қарып жалайды. Жаз бойы күн астында қурап қаңсыған дала шөбінің иісі де қолқаға ұрады.
Тула бойы ұйып қалған екен. Денесі түгел жаралы екенін ұмытып, жиырыла беріп өз аяғына, қолына көзі түсіп... қатты шошыды. Сол отырған жерінде есінен танып етбетінен құлады.
Арада қанша мезгіл өткені белгісіз, бір кезде есін жиып, көзін ашса, жұлдыздары жапырласқан түнгі аспан шатыры астында жатыр. Таң қалды. Жоқтыққа кетіп, кең дүниеге тағы қайтып айналғандай. Әлі тірі! Егер бұл естен танып жатқанда бір күн өткен болса, онда бүгін Кенелдіктің жарық дүниемен қоштасатын күні. Кенелдіктің соңғы күні. Бір құдірет иесі Кенелдікке ес беріп, санасын тірілтіп, осынау кең әлеммен қоштасып, бақылдасып қалу үшін әдейі оятқандай. Тырс еткен дыбыс жоқ. Ақылы ап-айқын. Сырқаты да онша қинамайды. Жып-жылы тыныш кештің кезі. Жусан арасынан ысырылып ай туып келеді. Ақырын сызылып туған ай, жұлдыздары ұшқындаған сабырлы аспан, жүрісін іркіп бұта түптеріне жасырынған жел, адамның алтын бесігі — жер, бәрі, бәрі түгел тыншып, кәдуілгі беймаза жүрісінен тыйылып, жаратылыстың шерменде тағдыр перзенті — Кенелдіктің ойланып-толғануына мұрсат бергендей.
Кенелдік биік аспанға қарап шалқасынан жатыр. Ойлап емес, осы болмысты, жаратылысты, кеңістікті, сол кеңістік ортасында дүрс-дүрс жүрегі соққан өз хал-күйін сезіп жатыр. Көз шарасына, қиялшыл санасына түпсіз, шексіз кең әлем сыйып жатыр.
Сары жазық даласында, кішкентай төбе басында жүрегі соғып жатқан бұл бір иненің жасуындай тірлік. Осынау кең дүниемен, анау аймен, жұлдызбен немесе жер бетіндегі қисапсыз адам атаулының қайғысы, күлкісімен, не олардың осы кезге дейінгі жер бетіндегі беймаза тарихымен салыстырғанда, бұл кім?! Түк те емес! Соның өзінде, осы Кенелдіктің титтей көкірегінде аласапыран бұрқаған құбылыстардың өзі неткен кісі шошырлық! Егер жер бетіндегі бүкіл адам жанына үңілер болсақ ше...
Дәл желке тұсынан байғыз сұңқылдады. Қорыққаны сонша, тұла бойы мүздап, шымырлап қоя берді. Тфу, ит - ай! Бейне бұның жаназасын оқыған молдадай желкесінен келіп сарнауын. Өзі жар басында отырған сияқты. Ауылда байғыздың шақыруына қарап жамандық пен жақсылықты болжайтын. Байғыз сықылықтап шақырса, қуанышқа деп, сұңқылдап шақырса, ренішке деп жоритын.
Байғыз сұңқылдап үш-төрт қайтара дауыстады да, қанаты сыпылдап ұшып жөніне кетті.
Төңіректе тағы да сілтідей тұнған тыныштық орнады. Ай көкжиектен үзіліп шығып, аспан төріне қарай жүзеді. Самала нұры Сары жазықтың ол шеті ме бұл шетіне түгел түсіп, алқаптың кедір-бұдырын айқындап құйылып тұр. Ауыл көшкен жұрт төңірегіндегі жанған шидің орны көлеңкедей бөлек-бөлек қарауытып шалынады.
Ай сәулесі түскен нәрсенің бәрі біртүрлі жұмбақ, жұмсақ нұрланып кететіні несі екен! Осынау жапан түздің өзі, қалқиған бұта, үңірейген жар, сайлар, қырлар — бәрі бір жұмбақ құпияланып, ақ күміс будай дірілдеп тұратыны несі екен! Шөл екеш шөлдің өзі иранбақтай қиялыңды ойнатып, жетектеп алыс қырларына шақырады!
Таңдайына бал дәмінің табы келгендей, әнеугі айлы кеш, Сауық қызбен екеуі бір түн таң атқанша жүріп сырласқан Лабақ тауындағы жылы айлы кеш еріксіз әндей тамылжып еске оралады. Құмығып түн түкпірінен өксіп жеткен пұшайман әндей жанды сағыныш баурайды.
Көрген түстей шолтаң етіп өте шықты-ау ол да! Лабақ тауындағы ай астында арсиып -арсиып тұрған меңіреу жақпар тастар еске түседі. Құрғақ сайларды бойлап ұйысып ескен шеңгел жымдарын көріп жатқандай. Айдың сұйқылтым нұры жеңіл мұнардай бүркеген шаттар, алқаптар, аңғарлар. Көз алдында тұр. Мәңгі жым-жырт, бір кезде жылғаларында бұлақ бүлкілдеген тірлікпен ықылымда - ақ қоштасқан өлі тау, қорым тастар арасы. Сол күні ұжмақ бағындай көрініп еді-ау!
Екінші кездескен күні айлы кеште Кенелдік үлкен үй - тастың көлеңкесінде тұрып қыз Сауықты күткен. Бір уақта тастың үсті жағынан көйлегі ағараңдап Сауық қыз келіп жалтақтап тұрды. Бұған көзі түсіп, «ей» деп қуанып кетті.
Кенелдік қызды қолынан демеп, тас үстінен түсіріп алды.
— Алысырақ кетейік, күлгеніміз естіліп қалып жүрер, — деп сақтық айтты қыз.
— Қыздарың ұйықтаған жоқ па? — деп, бұл оны қолынан жетектеп, қорым тастардың арасымен, ай жарығы түсіп тұрған құм сақ шағын алаңға бастады. Қыз аңдамай басып кетіп, тастарды салдыр-гүлдір еткізіп еді.
— Ақырын! — деп Кенелдіктің зәресі ұшты.
— Қорықпаңыз, — деп күлді қыз Сауық. — Менің қыздарым бүгін мені іздей қоймас!
— Батырлығың байқалды, қыз Сауық!
— Қорқақты қуа берсең, батыр болады дейді ғой.
— Сенің осы тау арасына аң аулап шыққаныңның өзі — батырлық.
— Сіз мені әлі білмейсіз. Білсеңіз, қалжыңды қояр едіңіз!
— Қалжыңдадым ба мен? — деді Кенелдік.
Сауық қыз тоқтап, астыңғы ернін тістеп, өзінен әлдеқайда биік Кенелдікке шаншылып тік қарады. Бұл түсінбей қалды. Өкпе-назы ма әлде оңашада жанына үңіліп қарайыншы дегені ме? Іркіліп, айға қарсы тұрған қыздың сабырлы жүзіне, терең қарақат көзіне бұл да үңілді. Сонда түсінді. Екеуінің ойы екі жақта іспетті. Қыздың жүйрік көңілі соны сезгендей, апақ-сапақ толқығандай.
Бұның жүзінен іздегенін таппады ма, кім білсін, қыз мұңайып, аяқ ұшына қарап, қатар басып келеді. Кенелдік оны аяп кетті. Қалай қолы барғанын білмейді, қыздың иегін алақанымен сәл көтеріп ұстады да, ойлана қалған көзінен еңкейіп сүйіп алды. Бұндай қимылды мүлде күтпеген жас қыз ішегін тартып шошынып, бетін басып тұрып қалды. Әйел затымен қарым-қатынаста біраз тәжірибелі «қасқыр» Кенелдіктің бұл не жалына қол жүгіртпес асау қыздарға, не ақылды тым көп айтатын ұстамды қыздарға жасайтын кәдуілгі әдісінің бірі еді. Даланың дәстүрінде жоқ әлгідей «бүйірден соққан» тұтқиыл шабуылдан кейін есеңгіремейтін қызды көрген емес. Сонан кейін әңгіме өзгеріп, не оң, не теріс арнаға түсетін. Әйтеуір, шырғаланып миды ашытып ұзаққа созылмайтын. Қыз әдеппен бұның қолын ысырып, иығынан төмен түсірді де, қабақ шытып қиылып:
— Тоқтаңызшы! — деді. Тіке қараған ұялы үлкен көзінде ұшқын дірілдеп, әлдене айтуға оқталғандай. Ерні дір ете түсті.
— Бірдеңе айтқың кеп тұр ма, айналайын! — деп бұл күлді. Ішінен тек әйтеуір ұрыспаса екен деп тұр. Қыз күлген жоқ. Орамалының өңіріне құлаған бір ұшын саусағына орап, ай астындағы сонау белдерге қабағын сәл шытып ойланып қарады. Сосын суық демін алып күрсінді де, тіл қатты:
— Сізбен ақылдасайын деп едім. Әкем мені сол уәделі адамына ұзата салысымен арғы бетке көшкелі отыр. Рас болса, жаңа өкімет байларды түгел бала-шағасымен тұтқынға алатын көрінеді. Жер аударатын көрінеді. Өз басымды ойласам, арғы бетке өткім келмейді. Бірақ ертең түрмеде шіритінімді ойлағанда, не істерімді білмеймін...
Сауық қыз орамалының ұшын көзіне апарды. Кенелдік жақын тұрған қойтасқа отырды. Қыз жуасып, состиып тұр алдында.
— Бекер қорқасың, ұстаса, әкеңді ұстайды, сенде несі бар? Рас болса, революция Шығыс әйелдеріне бостандық беруге тиіс.
— Мен де солай деп естігем, егер жаңа өкімет бай қызы деп өгейсітпей, басыма бостандық берсе, менің осы ат беліне отырғаным отырған.
Кенелдік күліп жіберіп, Сауық қызды белінен құшақтап еркелетіп, алдына отырғызды.
— Сонда, қыз Сауық ат беліне қонғанда, не істемек?
— Ақбоз атым аман болса, бұл өлкеден кетемін. Ақбоз атқа жететін бұл елде жүйрік жоқ. Қалаға барамын. Пана іздеймін.
— Мені ала кет, ендеше!
— Егер жолдас болуға жарасаңыз, сізді де ала кетемін.
Қыз сыңқылдап күлді. Кенелдік құшағында тыпырлатпай ұстап, қыздың бүлкілдеп тұрған ұлпа иек тамағынан аймалады. Талпынып тұруға ұмтылғанымен, Кенелдіктің қайратты құшағы жаздырған жоқ. Әрі бұлқынып, бері бұлқынып, Сауық қыз тыншыды. Енді бірде жіңішке білегі үркектеп келіп бұның мойнынан жасқана құшақтады.
Құшақтары айқасып, тас үстінде ұзақтан - ұзақ отырып қалыпты.
— Тауда жалғыз аң аулаған Кенелдіктің, сырнайын сұңқылдатып саз аулаған Кенелдіктің қандай ойы бар екен? — деп, қыз әзіл-шыны аралас Кенелдікке сауал қойды.
— Кенелдіктің қай ойын білгің келеді?
— Кенелдік осылай тау аралап жүре бере ме әлде заман ағымына ден қойып, тірлік өзгерте ме?
— Өзің бір... пәле қыз екенсің, сұрамайтын нәрсені сұрайды екенсің!
Кенелдік атып тұрып, манадан бері уысына салып бұлтылдатып отырған жылпың тасты ақ сілеме мұнарланып жатқан шеңгел сайға қарай екі-үш секіре беріп құлаштап жіберді. Тас зуылдап аспандап, ай астына кетті. Әлден уақытта барып алыс бір түкпір тасқа шық етіп соғылғаны байқалды.
Тас үстіне қонған тоты құстай ұзын ақ көйлегінің етегі төгіліп бұралып отырған қызға бұрылды.
— Кенелдіктің ескі тірлігі өзгерді не, өзгермеді не?! Одан қыз Сауыққа келіп-кетер не бар? Кенелдік бойдақ емес қой, — деді.
— Кенелдіктің бойдақ емес екенін қыз Сауық жақсы білетін, бірақ сері емес екенін білмеуші еді, енді оны да білді. Сау болыңыз! — деп қыз Сауық шапшаң түрегеліп, кең етек жеңі бұлғақтап қосқа қарай беттеді.
Кенелдік екі секіріп барып Сауықты білегінен ұстап, ірікті. «Өзі шынашақтай, үлбіреген нәзік бұ тірліктің де ашуы ат үркіткендей екен» деп іштей күледі. Алманың сабағында мойнын бұрып, танауы делдиіп, қыз бұған тіптен көз салмайды. Өзі тамақтан өтіп кетуге дайын тұрған жас сұлу. Кенелдіктің ойына қулық кірді. Ойлап қараса, бірбеткей қыз көп айналмай ат басын басқа тарапқа түзейтін түрі бар. Одан Кенелдікке не пайда. Онсыз да мұңға толы қоңыр тірлігіне кездейсоқ ұшып енген мынау тамаша құстан әзірше қол жазбаудың қамын ойлау керек қой. Мұндай құс — бақыт құсы; шақырсаң, қолыңа қонар ма еді.
— Қалқам! — деді. — Осынау елсіз мекенде өзіңді кездестірдім. Расымды айтсам, көпке шейін түсім бе, өңім бе деп, өз-өзіме сенбей жүрдім. Мен елден қашып, ел менен қашып, соқпағым тұйыққа тірелгендей, бағытымды, бағдарымды таба алмай сенделіп жүргенде, сен кездестің. Мен сырқатпын, көп ұзамай мені жын қағады деп жыласам да, сен сенбей қойдың. Күліп, аузымды бастың. Айналайын, сонан кейін мен жоғалтып жүрген өз басыма деген сенімді тапқандай болдым. Мен ойланайын, екі күн мұрсат бер. Екі күннен кейін осында кездесейік. Не шешімге келгенімді мен сонда айтайын.
Қыз сонда бұның төсіне бетін қойып, құрғақ өксіді. Кенелдік ұзақ аймалап турды да, иіліп, қызды жас баладай қолына көтеріп алды. Қыз қарсылық білдірмеді. Кенелдіктің мойнын тас қып құшақтап алды. Көзін жұмып, иығына басын сүйеп, ұйықтағандай болды. Кенелдік те үнсіз. Жеп-жеңіл періште қызды қауырсын құрлы көрмей көтеріп, сабырлы нұрын құйған ай астына қарай аяңдап кете барды. Қыз ештеңе деген жоқ. Ұйықтап қалғандай. Кенелдік кете берді. Кете берді.
Құмығып Күн түпкірінен жеткен өксік әндей жүрегін сағыныш сорды.
Дариға - ай, көрген түстей өткені ме?! Келмеске кеткені ме соның бәрі! Айтып ауыз жиғанша, неге сонша тез өтті? Кенелдік, әлі отызға толмаған Кенелдік, оңы мен солын енді танып, өмірге енді келе жатқан Кенелдік. Дәл осындай кезде ажал бұның аяғынан шалды - ау...
...Неткен қатал, неткен әділетсіз бұ тағдыр!
...Жоқ, тіптен сенбейді.
Өлімге сенбейді!
Кенелдік өлмейді...
Өлуге тиіс емес!
Тиіс емес! Тиіс емес!!!
деп ышқынып айқайлады.
«Әй, иттер! — деп айқайлады. — Кенелдік өлуге тиіс емес. Өлмейді!»
Өз дауысынан өзі түршікті. Төбе басы дүрлігіп, бұта арасында әлдене сытырлап тура қашқандай болды.
Жекіріп айқайладым дегені ашынып жыламсыраған өксік дауысындай әлсіз шығып, өзінен өзі қорланып, күйіп кетті. Шалқалап жатқан жерінен екі қолымен жер тіреп басын көтеріп, жан-жағына қарап ентігіп отыр. Төңірек бұталар да дүрлігіп селтие қалған сияқты. Кенелдік бұталарға, төбелерге, мынау ай астындағы жалпақ дүниеге ашумен, бүкіл кәрін төгіп қарайды.
«Кенелдік әлі өлмейді!» — деп тағы айқайлады. Дауысы қоңыраулаған айлы аспан астында жаңғырықты.
«Сен, Қази, өгейлігіңді таныттың! Сен Кенелдіктің қара табан күйшіден туғандығын таныттың! Әкем менің Сахалин түрмесінде шірісе, одан туған Кенелдік жұртта шіруі керек екен ғой! Сеніңше, солай екен ғой! Кездесерміз әлі сенімен! Кездесерміз!»
Жұдырығын жоғары көтеріп сілікті.
Көкірегінде талайдан қордаланған ашу-ызасы осылай жалғыз шырыл айқай боп шықты. Жалғыз айқай боп мелшиген түнге сіңіп жатыр.
Тұрайын деп еді, тұра алмады. Тіптен буын жоқ. Тұла бойын қаптаған жара және бар. Айқайлап - айқайлап шаршап, діңкеледі. Басы айналып, құсқысы келіп шайқалып отыр.
Шарасы таусылып, екі иығы селкілдеп, құрғақ өксік атады. Беті лыпып жанғандай. Қаны басына теуіп, құлағы шулайды. Солқ-солқ шеке тамыры соғады.
Сол күйі ұзақ отырды. Әлгінде дүниені өрт шалғандай болған. Ауа қапырық атқандай еді. Біршама мезгіл өткеннен кейін құлағындағы толассыз шуыл бәсеңсіп өшіп, енді түннің еңседен басқан зіл тыныштығын сезгендей. Ауа қоңыр салқын тартқандай.
Кенелдік жұмулы көзін ашып, қоршаған түпсіз тылсым тыныштыққа селт етіп құлақ тіге қойды. Еш нәрсе ести алмай, ақ сілемі мұнартқан көкжиекке алақтап көп қарады. Жүрегі өрекпіп ұшып, бейне бір қуанышты күткендей дүрсілдейді. Маңайда біреу жүргендей. Көлденең назар сезіле ме, қалай. Әне! Сауық қыз! Айдың аппақ нұрынан жаралған қияли салт аттыда даланың бір шетінен шауып шыға келді... Алыстан құмығып жеткен пұшайман әндей қалықтап, баяу көсілтіп шабады. Неге тұяқ дүрсілі естілмейді атының? Оң құлағын төсеп тыңдаса да тып-тыныш, сол құлағын төсеп тыңдаса да тып-тыныш. Ой, тоба! Көйлек етегі желбіреген қыз Сауық көсілте шауып, ың-жыңсыз алдынан көлденең өтіп барады. Сүт жарық тегіс даламен күміс салт атты жас ару орамалы желбіреп сызып өтіп барады. Сыңсып аққан сағыныш әнінде. Өтіп барады. Өте берсін. Перінің қызы екенін таныды бұл. Перінің қызы. Әй, сайқал - ай! Сауық боп кеп арбамақ. Кенелдікті ақымақ қылғың келеді, ә? Байқа, Кенелдікті әлі еш қыз ақымақ қылған емес!
Ойының соңын дауыстап айтып, сылқ-сылқ күлді Кенелдік. Оң жамбасқа келмейтін болған соң, алды-артыңа қарамай қаштың - ау, ә?
Перінің қызын қорқытқанына мәз болып, көңілі өсіп біраз отырды.
Көзі жерде жатқан домбырасына түсті. Жібек баулы домбыра. Осы жібек шашақты үйленген жылы Дәмежан өз қолымен таққан еді-ау. Кереге, уығын алтын, күміспен аптаған, сәні сол өлкеден асқан жұмыртқадай ақ отауы, сол отаудың сәнін келтіріп кіріп-шығып жүретін дембелше бойлы келіншегі еске түсті. Киіктің лағындай шұнаңдаған ақалтеке тұқымды Бәйге торысын еске алды. Кірпияздығы, талғампаздығы дәл Кенелдіктің өз мінезіне ұқсайтын. Жемді де талғап жейтін. Өзі бір ішек, үнемі қаншырдай қатып жарап жүргені. Арқасына ақ жібек шапаны делегейленіп Кенелдік қонып, жиын -тойға кіргенде, жануардың делебесі қозып, төрт аяғын билеп басып, қаздай мойнын созып айдыны шығушы еді-ау! Тура Кенелдіктің өз мінезі. Соңғы жылдары болмаса, бұрынырақ Кенелдікте сондай делебе болатын. Қолына домбыра алып шаршы топқа кірді дегенше, жанып түседі. Ән мен күйді қырғидай сорғалатады. Қаумалап келген қалың тобырды қамыстай отап, өнеріне бас идіртпей қоймайтын.
Сонан кейін сол қошеметшіл тобырдан қашып жүрді. Тыныштық, жалғыздықты, оңаша ойды аңсаған жылдары болды. Сөйтіп жүріп мертікті. Мертікті де құлады. Бекзада, сері, өнерпаз «жас пері» Кенелдіктің алтын басы небәрі екі-үш күннің ішінде құмырсқамен тең болды. Енді соған жем болуға аз-ақ қалып жатыр.
Неткен тәлкегі бұл тағдырдың? Қалай көнерсің!..
Желке тұсындағы жардың үстімен әлдене «ырс-ырс» жүгіріп желге қарай дүрсілдей шауып өтті. Жүрегі зу етіп, жусан арасына басын шапшаң жасыра қойды. Жырынды аңшы Кенелдік әлгілердің ұялас қасқыр екенін сезіп қалған. Қорыққаннан иманы ұшып, жүрегі аттай тулап, жер бауырлап, ернін жымқыра тістеп жатыр.
Жарыса шапқан аяқ дүбірі арқаға таман ұзай түсіп тыйылғандай болды. «Қаңқ» еткен шолақ қыңсыл, үздік-үздік ырыл естілді. Шамасы, жұрт маңында шабыс іркіп, әлденеге айналсоқтағандай. Өздері түстіктен шауып келді-ау. Екпіндетіп, жарыса құлдилаған сыңайларына қарағанда, танаулары жел жақтан әлдеқандай иіс шалса керек. Ойпыр-ай, Құдай сақтады - ау! Аттай дүсірлеп дәл жанымнан өтті-ау, ә!
Басын жусан арасынан қылтитып баяу көтеріп, төңіректегі қара жолақтанып жатқан төмендегі жұртқа қарады. Ауыл көшкен жұрт ай тақыр еді. Орта тұсында Кенелдік отауы өртенген орын қара дақтанып жатыр. Сол тұста ай тақырдың бетінде ерсілі-қарсылы жүйткіген төрт-бес көлеңке байқалады. Ербең қаққан сайтан көлеңкелер біресе қоғамдасып ұйыса қалып, біресе шашырап кетіп, шапшаң жүйткіп алаңды айнала жүгіріседі. Кейде кілт тоқтай қалып, қайта шапқыласады. Қылғытып салар талшық іздеп жүрсе керек. Әр нәрсені бір иіскеп, түк таба алмай аласұратын сияқты. Өздері ай жарығында қылаңытып көзге әрең шалынады. Бауырына жабысып жүгіріп жүрген көлеңкелері болмаса, өздерін байқау да қиын.
Маңдайынан суық тер шықты. Бәйге торысымен өкшелеп жүріп талай қасқырды телпек домалатып еді. Талай қасқырдың көзінде жасыл ұшқын тұншығып еді. Сол жасыл ұшқынды кекті көздер қазір өзіне қарай сұғынып келе жатқандай. Дүниедегі ең жаман нәрсе — сол ата жауының шырадай жанған обыр назарымен бұның назарының түйісетіні -ау. Кегі, есесі бар қорқау малғұндар әй - шайға қаратпай «арс» секіріп келіп бұның көзін опырып алады-ау! Иә, көзін опырып алады. Адамда кеткен кегін солай қайтаратын көрінеді ғой залымдар.
Сөйткенше болған жоқ, ай тақырда ербеңдеп жүрген көлеңкелердің бір-екеуі бөлініп, тура Кенелдікке қарай жүйткіді.
Тынысы бітіп, бұл сол қалпы сіресіп қимылсыз қалды. Көзі жарысып ұмтылған қос қасқырда. Қорыққанынан кірпігін де қаға алатын емес. Бойынан жан кетіп қалған.
Кенет, ағып келе жатқан қос қасқыр, төбе етегіне іліге беріп, ұмар-жұмар айқаса кетті. Гүр-гүр ете түсті.
Ай тақырда қалған қасқырлар ұйысып қауымдасып отырған. Енді бірде пышырай беріп, арқаға қарай андыздап ұмтылды. Сатырлаған аяқ дыбыстары естіліп, өздері жүйткіген бірнеше жіңішке сызық тәрізденіп самала жарық даламен сызып барады.
Етекте жүрген қос қасқыр да үйірінің соңынан садақ отындай сүйірленіп зымырап ақты. Кенелдік естен танды.
Сол бір әуен, құмыққан алыс сағыныш әні — сағым кілкіген көкжиекті айнала желген аруана зары екен дейді. Еміс-еміс естілген боздау сарын тұла бойын түгел баурап үгітіп жатыр. Иітіп барады. Осылай толқып жатқан Кенелдіктің бас жағында екі кісі өзара күңкілдесіп отыр. Бірі — анасы: жүріс-тұрысы, жас өңі Дәмежаннан аумайды. Екіншісі — әкесі: сырықтай ұзын кісі, еңкейіп, қазанға «жеті нан» пісіріп жатқан Кербезге бір нәрсе дейді. Әңгімелері — бұның қамы. Жалғыз ұлды қайтсек аман алып қаламыз, қайтсек азабын жеңілдетеміз дейтін сияқты. Әкесі сонау Сахалиннен келіп отыр. Кенелдік мынандай күйде жатқанда, байғұс әке көрінде тыныштық таба алмай, сілкініп тұрыпты. Асығып ұшып жетіпті.
Осы Сары жазықтың күншығысында жатқан шешесі де тыныш жата алмай, бас көтеріп келіп отыр.
Кенелдік іштей таң қалады. Әкесін көзбен көріп тұрғаны осы. Қайран әке әлі ұмытпаған екен ғой. Кенелдіктің жарық дүниеде не күйде жүргенін сезіп жатады екен ғой. Қайран әке, қайран шеше, мен де сендерді осынша жыл ұмытқаным жоқ! Жалғыз қалғанда, не басым ауырып, балтырым сыздағанда сіздерді ойлайтынмын! Әйтеуір, бір кезде екеуіңіздің ортаңызда осылай еркелеп жататынымды білетінмін. Сіздердің рухтарыңның еш уақытта жоғалмайтынын білетінмін. Сол тілегімнің орындалғанына ризамын.
«Қайран балам - ай!» деген ананың күңіренген дауысына басын бұра беріп оянып кетті.
Әке де, шеше де жоқ, «жеті нан» пісіріл жатқан бас жағындағы қазан-ошақ та жоқ. Төбе басында шаң-шаң болып жалғыз жатыр. «Қайран балам - ай!» деген күйзеліс үн құлағында тұр.
Кенелдік алақтап жусан арасына көз салды. Әкесі мен шешесі шынымен келген сияқты! Әлдекім бұғып қалған жоқ па? Шынымен басына ешкімнің келмегені ме? Түсі болды ма тағы?!
Мезгіл сәске түстің шамасы. Жел бар. Арқадан ескен ыстық жел. Ауыл алдында үнемі май топырағы шығып жататын түйе шаңдақ болушы еді. Қазір сол арадан болмашы ақ шаң суырылып бас көтеріп қояды. Назары түнде қасқыр ойнақ салған ауыл орнындағы ай тақырға түсті. Құлазып ыздиып жатыр. Топ қасқыр құлдилап асқан белді сағым шалыпты. Сол маңда аспанға ду-ду көтеріліп ұшқан баяғы қарғалар көрінеді.
Қаталап шөлдепті. Мойын бұрып, жан-жағына қарады. Желге үн қосып гуілдеп қасында домбырасы жатыр. Құрт түйген түйіншек жатыр. Қолын созып, домбыраны жуан көлеңкесіне таман ысырды да, түйіншектегі құрттан біреуін алып ұртына салды. Қозғалуға, көтерілуге шамасы жоқ. Денесін қаптаған жара буын - буынының жанын көтеріп тастаған. Үстіндегі су жаңа ақ көйлек-дамбалы адам көргісіз. Шаң мен терге мейлінше былғанған. Түнде басы жерде қалып, беті, мойны шашына түгел топырақ жабысыпты. Байқаса, қышырлап тіс арасында да құм жүр. Жеңімен ақырындап сүртіп, қабақ, маңдайындағы құмды түсірді. Аздап тазаланған болды. Қолының тырнағы да өскен. Өскен тырнағы астына да топырақ кіріпті.
«Қор қылайын десе, бұл Құдайың да шебер - ау! Ең болмаса таза, адамға лайық өлімін де қимағаны - ау! Соншалықты не жазығым бар еді», — деп аспанға қарады.
Бұрын сау кезінде мән бермейтін Тәңірге қазір шындап бет бұрып қарайды.
Аспан безірейіп тұр. Бүлк етпес қаныпезер қаталдығы байқалады.
«Сонда қалай, мынау Кенелдіктің құны, ақылы, қиялы шартарапты шарлаған, көкірегіне күмбірлеп күллі әлем сыйған, сөйлесе, тілі қара тасты балқытқан Кенелдіктің құны, о, Жасаған - ау, анау құмырсқамен тең болғаны ма? Сол құмырсқамен бірге сүйегі шашылып жер бетінде қала ма? Оу, Жасаған - ау, ендеше, адам етіп о бастан неге жараттың?! Нұрлы ақыл, сайратып неге тіл бердің?! Мөлдіретіп жанар, үлбіретіп неге ажар бердің?! Жарыққа, жылуға, аспанға, жерге, гүлге, солардың бәрін бір бойына жинаған әйел затына ғашық етіп неге ыстық жүрек бердің?! Енді қайтіп соның бәрін топыраққа тастамақпын?! Қайда сендегі әділет?! Адам сенің ең асыл перзентің емес пе еді! Жер бетінің ажары, раушан гүлі емес пе еді, қалайша топыраққа былғамақсың! Әділетің қайда?! Ең болмаса табиғаттың асыл перзенті — Адам үшін бір ерекше қаза ой¬лап таппадың ба? Ойлап таппадың! Тас жүрексің, қаталсың Жасаған! Қатыгезсің сен, аспан! Қатыгезсің!»
Кенелдік дауысын шығарып, жоғары қарап жұдырығын түйіп, кіжініп айқайлай бастады. Тәңірге ұрса бастады.
«Адам адам болып жаралғалы сен ош алумен келесің! Қудалаумен келесің! Ең болмаса тасбақаға берген ғұмырды да бермедің адамға! Аяқтан тартсаң — басқа, бастан тартсаң — аяққа жетпейтін ғұмыр беріп, соны күнде болжап отыратын сана беріп жазаладың! Атаққа, билікке, сұлулыққа, байлыққа тоймас қомағай нысап беріп, бақытсыз еттің пендені! Осы кезге дейін жасырып келген сырым еді. Енді айтамын. Әділет жоқ сенде! Әділет жоқ! Әділет жоқ!»
Кенелдік ентігіп, шаршап қалды. Қалайда іштегі шерін бір тарқатқандай болып аспаннан жүзін тайдырып, енді төңірегіне көз салды. Жусан бастары бас шұлғып, жел ыңғайына қарай жапырылып емпеңдеп Кенелдік айтқан әлгі шындықтардың бәрін мақұлдап ызың салады. Ағып жатқан желдей дүние жалғаншы дегенді олар да сарындап сыңсып айтады.
Көкжиек таза емес. Боз шағырмақ тартып тұр. Шағын бір бұлттай толқып қарауытқан не десе, қарғалар екен. Көкжиектен туындап көрініп осылай беттеп келеді. Шамасы, олар да бір нәрсені шамалап келе жатса керек.
Бұның есебі бойынша, бүгін мынау жаман аурудың соңғы күні. Алса, бүгін алып кетеді. Жүрегі айнып, үсті - басына қарауға дәті барар емес. Біртүрлі жағымсыз иісі де сезіледі.
...Әр нәрсені ойлап басы қатты. «Құрысын, — дейді бір ойы, — алса, алып-ақ кетсе екен тезірек. Тек көп қорламаса екен».
Қарғалар үстінен ұшып өтіп, жапырлап жақын жар басына қонып жатыр. Беймаза қарқылдасады. «Әлі тірі ме едің?» деп наразылық айтып жатқандай.
Кенелдік түйіліп көп қарады қарғаларға. Назарына түк ілікпей, мынау құла түзде сарғайған жанға қарғалардың ұшып келіп ойын бөлгені тіптен жақсы болды. Бозарған далаға қарап көз талдырғаннан гөрі, ұшып-қонып селтең - селтең еткен қоралы құсқа қараған өзіне ермек екен. Оның үстіне, жәй құстар емес. Кенелдікпен қоштасқалы отырған соңғы тірлік иелері әрі жер бетіндегі ең соңғы дұшпандары. Бұл жан тапсырған бойда - ақ шуылдап келіп жабылып талап, көзін шұқуды күтіп отырған дұшпандары. Бір жақсысы, бұлар өздерінің жау екендігін жасырып отырған жоқ. Тамақтары бүлкілдеп, ниеттерін танытып отыр. Кенелдікке сонысы ұнайды. Бұ тірлікте шын жауыңды танып, көзбен көрудің өзі олжа ғой!
Секеңдеп дала аралап келе жатқан кезбе қаңбақ бұның жанынан домалап өтіп, екі-үш секіріп барып қарғаларды үркітіп жіберді. Шуылдап аспанға көтерілген малғұндар Кенелдіктен ұзағысы келмей, үстінен біраз ұшып айналып өтіп, төбенің түстік жағына қарай ауып кетті.
Мына құзғындардың қорлығы өтіп, ыза бунап жылағысы келді. «Уһ» деп дауыстап жалын ата күрсінді.
«Неткен қайырымсыз едіңдер» деп жақын-жуықтарын, ауылдастарын іштей бір әлсіз, шарасыз қарғағандай үн шығарды. Сыңсып жылағандай шарасыз ыңыранған үн. Құлағына таныс үн. Аурулы жанның үні.
Көзі алдына ауыл шетіндегі жапырайған лашық үй келіп тұра қалды.
Кенелдік Бәйге торысын сылаңдап не аңға шығып бара жатқанда, не аңнан келе жатқанда сол жыртық лашық үйден үнемі осындай шарасыз ыңырсып үн естілуші еді. Өзі өмірінде бас сұғып көрген үй емес. Жалпы, Кенелдік ауылда өз үйінен басқа үйге бас сұқпайтын. Ал әлгіндей ауру-сырқаты бар үйлердің есігін өлсе ашпайтын. Бірақ ауыл арасының әңгімесінің көбін Дәмежаннан естиді. Әлгі лашықта тұратын бес жастағы мешел інісі мен он бір-он екідегі қыз бала көрінеді. Өткен жылы өлген Күлпәш деген жесір әйелдің балалары көрінеді. Бұрын қасында отырған Битан дейтін жамағайыны әлгі балаларды қолға алған екен. Соңғы кезде сырқат бала түнде жылай беретін болған соң, шешесінен қалған жаман лашықты құрастырып, Битан балаларды сонда шығарыпты. Балаларға шеше орнына шеше болатын Битанның әйелінің мейірімсіздігін айтып кейде күйзеліп, күйініп отыратын Дәмежан.
Кенелдік мән бермейтін.
Жақында ауылда бір шаң-шұң айқай болды. Мезгіл сәске түстің кезі еді. Битанның әйелінің қарғанған дауысы шықты: «О, обалың өзіңе көрінсін, қатын! О, пәле-жалаң өзіңмен кетсін! Пәле-жалаң өзіңмен кетсін!»
Не болды десе, ауру інісін арқалап он екі жасар қыз бала түнде үйден қашып кетіпті. Жұрт: «Ол қашып кеткен жоқ, Тасқұдықтағы Райыс бақсыға інісін көрсетуге, емдеуге алып кетті», — деді. Дәмежан да солай деді. Тасқұдық бұл арадан он бес шақырымдай жер еді. «Бейшара балалар қиналатын болды-ау!» дегенмен, ешкім аттанып ізінен қуып шыға қойған жоқ.
Кенелдік Бәйге торысын жемдеп болып, енді Лабақ тауына тездетіп жүруді ойлап тұр еді. Жетім балаларды аяп, Дәмежан Кенелдікке: «Сен қуып барып, Тасқұдыққа жеткізіп тастайсың ба?» деп құлаққағыс қылған. «Бәйге торы адам алдыртпайды ғой» деп, бұл оп-оңай тайқып шыға келді. Бәйге торының, шынында, адам алдыртпайтын мінезі бар еді.
Сонымен, Лабақ тауында Сауық қыздың қызығымен жүріп, әлгі уақиғаның аяғы немен тынғанын сұрауды ұмытып кетіпті.
Сыңсып жылаған қыз баланың шарасыз үні келіп тұр құлағына қазір. «Ауру інісін арқалап, Тасқұдыққа жете алмай, адасқан екенсіңдер ғой, сорлылар - ай! Мынау сендердің зарың ғой естіліп тұрған. Ауаға, желге сіңіп қалған зарларың. Аспанның сұп-сұр безбүйрек екенін, даланың құлағы таскерең меңіреу екенін сендер сол күні көрдіңдер - ау, көрдіңдер! Лабақ тауында нем бар еді менің сонда! Сауық қызда нем бар еді менің сонда! Бәйге торы мінгізбесе, сен екеуіңді жаяу арқалап неге Тасқұдыққа жеткізбедім? Мен, Кенелдік, соны неге ойламадым?! Неге соны ойламадым?! Қалайша ойламадым?!»
Қыз баланың тұншығып жылаған үні, өксіген үні тіптен анық естілді. Дауыс кем - кем жақындап келе жатыр. Кенелдік назарын көтермей, маңдайын жерге басып, көзін жұмып алды. Құрғақ өксік бунап жатыр.
Бала үні жақындай түсті. Басын көтерсе, бірін бірі арқалаған жетімдерге көзі түсетінін сезіп, зәресі зәр түбіне кетіп қорыққаннан қалш-қалш дірілдеп жатыр. Өзіне қарсы келе жатқан жетімдерге көзі түссе, табан астында жүрегі жарылып кететінін біліп, құлағын бітеп, басын тас қып құшақтап алған.
Бұта сытырлап сынғандай болды. Балалар қасына келіп, иығынан сілкіп тартатындай бүрісе түсті. Жиырыла түсті. Тек бұған қолын тигізбей өтіп кетсе екен. Тек қол тигізбесе екен.
Тілегі болды. Өксік дауыстар жел ығына қарай ойысып ұзай берді, ұзай берді.
Етінің ыстығы күшейіпті. Басы әлдебір бөлек мүшедей жат, зілдей ауыр. Езуі, тіл үстіне жара шығып, уылжыған тәрізді. Сайраған ояу санасынан өзге осы тұла бойында сау жер жоқтай сезіледі.
Мынау сымбатты сұңғақ тұлғасы, биязы нұрлы өңі, толқын қара шашы қазір тозып, топырақ - топырақ болып, тірі жанға керексіз, құла түзде жатыр. Сырттай көрген көз шошып, жиіркенетін хал. Сау кезі болса, өзі де жиіркенер еді. Бірақ өзінен өзі жиіркену орнына, басқа бір сезім... аяныш сезімін аңғарады. Аяп жатыр өзін. Ішінен өзге жұрт та, анау аспан, мынау жер де бұны сөйтіп аяса екен дейді.
Енді бұны бір құтқарса, аяныш қана, жүрегіне аяныш кірген пенде ғана құтқарады. Соған көзі жетті.
Көкірегінде ойдың аласапыран құйыны ойнап, толқиды. Бұған бейтаныс сезім, бейтаныс ақиқаттың үстінен шыққандай. «Байлық та емес, билік те емес, атақ та емес адамды құтқаратын... Адамды құтқаратын адамға деген аяушылық!» — дейді іштен бір айқай. «Өрмекшінің торындай талай тағдырлар шатысқан адамдар тірлігіне аспандағы жалғыз күндей сәулесін таратып, ұлы тіршілікті қозғап тұрған сол сезім — Аяныш! — дейді әлгі айқай.
Шіреніп күш жинап, басын көтергісі келді. Жан-жағына тағы да бір дұрыстап қарағысы келді.
Жел күшейе түсіпті. Алқаптың тұс-тұсынан шаң көтеріліп, желмен бірге жөңкіліп аға бастаған. Шағырмақ аспандағы қызыл құлақтанып сығырайған күн де еңкейіп батысқа... жоқ, шығысқа... Шығысқа қарай аунап барады!..
...«Мынау несі?» — деді. Әлде бұның басы айналды ма? Әлде түсі ме?
Жоқ, өңі. Мына төбеде тұрған күн, енді шығысқа еңкейіп барады. Басы айналғаны - ау! Күннің батысы мен шығысын шатастырып алғаны - ау!
Ызыңдап шайқалақтап тұрған жусан бастарына, шаңдатып құты қашып жүдеу тартқан Сары жазық даласына қарап ойланады. Япырмау, сол күннің туғаны ма! Не деуші еді? Заманның ақырғы күні не болады деуші еді?
«Күн батыстан шығып, шығысқа батар. Аспаннан Ғайса түсер. Жер астынан Тажал шығар. Тау тауға соғылар. Тас қаңбақша домалар. Дүние астан-кестен болар. Маһруптан бір от көрінер. Машрықтан бір от көрінер. Сол от адам баласын қойдай топырлатып қиямет даласына қарай айдар. Қиямет даласында адамзатқа ұлы Сот бар. Адам баласының жер бетінде жасаған бүкіл шарапаты мен кесепаты таразы басына түсіп салмақтанар». Солай демеуші ме еді. Сол айтқан Ақырдың күнінің бір белгісі ғой мынау!!!
Мынау Сары жазық даласы азынау сарындап шақыртады. Аспан репеті де ұнап тұрған жоқ.
Жүрегіне шым-шымдап үрей кіріп, қорқа бастады. «Тау тауға соғылған» сол ғарасат майданын көрмей-ақ қояр ма еді...
Тас түйін бүрісіп жасырынып қалар ма еді...
Желді, дауылды күнді ұнатпайтын о бастан әдеті еді. Желдің гуілі, бұта сарыны қайдағы -жайдағыны еске түсіріп мазасын алып, құлазытып жіберетін.
«Қайда кеткен әлгі малғұндар?» деп мойнын бұрып, жан-жағына қарады. Қарғаларды іздеді. Табиғаттың мына бұзылған түсінен қорыққаны ма... жалғызсырап жатыр. Құс та болса, қасында жүрсе екен!
Мына дауылдың соңы жауын-шашынға айналайын дегендей. Арқа түс көкжиектен түнеріп түйіліп келе жатқан бұлтты байқады. Әлде қара құйын шаң ба?
Кенелдік шарасы таусылып, жан-жағына қарады. Әттең, ең болмаса бір ықтасынға да құламаған екен. Қолтықтан сүйеп жіберетін жалғыз-ақ адамның керегі тұрғаны... Астында жатқан тоқымның шетін денесіне жауып, желден қорғанған болды. Буын - буынының жанын алып тастаған бұл індет сайратып ақыл-санасын сау қалдырғанын қайтерсің. Көріп - сезіп жатсын, азаптансын дегені ғой.
«Жер бетінде жасаған бүкіл шарапаты мен кесапаты салмақтанар, таразының басына түсер» дейді, ә! Беу, аспан, сонда сенде әділеттік болғаны ма?! Түбінде әр нәрсенің бір сұрауы болғаны ма?! Бәсе, сұрауы жоқ нәрсе болушы ма еді? Бәрінің де сұрауы бар. Шымшықты нақақ өлтірдің бе — сұрауы бар. Бір күні жауап бересің! Әлсізге қиянат жасадың ба — сұрауы бар. Жауап бересің!
Неге ең соңғы рет құшағын жайып үстіңе құлаған Дәмежанды өкпеден тепкендей «кет!» дедің екен! Ол пақырдың жазығы сені жақсы көргені ме еді?! Қасыңда болғысы келгені ме еді?! Жат осы лай! Қылмысың жалғыз бұл емес! Өзің бекзада бола тұрып, қара табан түйешінің қызына үйлендің. Жарайды, бұның кісілік дейік. Бірақ жүре келе Дәмежанды талай жылатпадың ба? «Теңім» деп бас қосқан жарыңды күңің етіп алдың емес пе! Қанша сен білдірмеймін дегенмен, арадағы алшақтық таразы басында тұрды емес пе? Оның бүкіл тірлігі, тынысы сенің қабағыңда тұрды емес пе? Сен қабақ шытсаң, ол күйіп, қабақ жылытсаң, ол күліп келді емес пе? Бейшара, адам емес, сенің жанындағы өз жаны, өз қуанышы, өз билігі жоқ көлеңке еді ғой! Жай жүрген пақырды тынышына қоймай тиісіп, талай қиянат жасап жылатқан да кезің болды ғой! Неліктен өйттің екен, Кенелдік?! Жалғыз ғана сені пайғамбарым деп, жалғыз ғана сенің етегіңнен ұстаған жалғыз ғана жан емес пе еді ол? Жарық дүниедегі ең жақының емес пе еді?! Сонда қалай? Сонда адам өзін жақсы көрген ең жақын адамына алдымен қиянат жасайтын болғаны ма?.. Жасайтын болғаны - ау.
...Неткен қатыгез едің, Кенелдік! Қатыгез аспан емес, мына сенің жүрегің екен ғой! Сенің шұлғауыңды жуып, сағағыңа оралған Дәмежанға көрсеткен әуселең әлгі болса, қалған жұртқа не жорық! Қиямет күні немен ақталасың, Кенелдік! Адам баласына жасаған қай жақсылығыңды айта аларсың! Айтшы!.. Түк жоқ! Түк жоқ! Жо-о-оқ!!!
Кенелдік айқайлап жіберді.
Адам тұрмақ, жаныңда қарғаның да қалмағаны сол! Қалмағаны сол, Кенелдік! О, аспан, сенде әділет бар. Есітесің бе, сенде әділет бар! Әділетіңде шек жоқ сенің! Әділ жазаладың сен! Жүрегінен аяушылық кеткен бұның. Аяушылық кеткен екен! Жүректерден аяушылық кеткенде Күн сөнеді демеп пе едің! Адам апатқа, зор апатқа ұшырайды демеп пе еді! Иә, солай деген! Ұшырайды деген!!!
Ұшырады міне...
Ет беттеп жатқан күйі, жерді жұдырықтап ұра бастады. Дауысы өшіп таусылып, сыбырлап жатыр.
Ұшырады...Ұшырады!..Ұшырады!!!
Сілесі қатып жер құшақтап, қанатын жайып жатқан күйі, кенет кілт тыйылып, үнсіз қалды...
Жел борап шаңытып өтіп жатыр. Бұталар ызың салады. Кенелдікте қимыл жоқ.
Ұйықтап не өліп қалғандай тым-тырыс жатқанына көп болды. Бұта басын шулатып ағып өтіп жатқан жел етек-жеңін кеулеп, шаң сіңген бұйра шашын қобыратып, мазалап қояды. Кенелдік былқ етер емес. Жел төңірегіне үйіріліп ойнап, бір бүйірінің топырағын қазып үрлесе, екінші бүйірінен құйрық төмпешік жасап өріп барады.
Тірлік нышанысыз тырп етпей едәуір жатқан Кенелдік бір кезде екі иығы селкілдеп «қиқ -қиқ» күле бастады.
Күлмей қайтсын, есіне жер бетіндегі талай күйкі адамдар түсті. Алтынын қайда тығуды білмей жүрген Қази, бұл өліп, ол қалғанына мәз топас Әли, өзінше сұм сымақ Пірекеш молда түсті. Кенелдік басына зауал туған күн сандарын сипаттап қашқан сабаздар... Енді қайтер екенсіңдер! Қашқар тұрмақ, одан әрмен кетсеңдер де, енді мына бәрімізге ортақ зауалдан құтыла алар ма екенсіңдер! Уһ... Күлмей қайтсын. Күйкі тірліктеріңнің күлі көкке ұшты емес пе! Бұ дүниеде мың жасайтындай бір ұрттарыңа май толса, бір ұрттарыңа қан толып ырылдасып болмап едіңдер!.. Ал енді, Тажалдың шойын табаны астында тойған қан даладай быртылдап жарылыңдар! Аспан әділ! Бұл құдіретін әдейі жіберіп отыр! Сіздердің бір - біріңізге жасаған қиянатыңыз бен шашқан қаныңыздан жер қайысқаннан жіберіп отыр бұл құдіретін! Жер бетін сендердей қасіретті тірліктен әдейі аластау үшін жіберіп отыр бұл құдіретті! Уһ...
Тынши қалып, төңірегіне жалма-жан құлақ тікті. Жүрегі сезген жаманат енді қалай басталар екен деп демін ішіне тартып күтеді. Талай-талай аңыздан естіген Ақырзаман, ғарасат майданы қалай басталар екен деп күтіп жатыр. Жердегі тіршілікті табанына сап таптайтын Тажал қай тұстан хабар берер екен деп күтіп жатыр. Күткендей - ақ, жел шуылы аралас көкжиектен зор күркіреу естілген тәрізденді. Шынымен есітті - ау құлағы! Дауысының зорын кәпірдің! Ишша, мынау неткен дауыс! Қазықтағы бура бұйдасын үзетін, есіткен ер естен танатын дауыс! Тажал дауысы!
Бойын үрей билеп, денесін діріл соқса да, өз көзімен мына әлепетті көргісі келді. Бүкіл адам баласын жалғыз өзі табанға салып тыпырлатып жойғалы келе жатқан құдіретті, көз қиығын салса да, бір көргенге не жетсін.
Топырақ - топырақ болған жүзін жерден баяу көтеріп, ақырындап жусан арасынан сығалап, жел өтіндегі алыс көкжиекке көз жіберді. Құлағы алдамаған. Арқа көкжиектен түнеріп бір әлепет келеді. Дүниенің сол бұрышы бүлініп жатқандай. Жауар бұлттай түнерген қаһарлы Тажалдың бір иығы көк тіреп, бір иығы жер тіреп келе жатыр. Ала құйын екпінінің жаманын, ысқырған дауыл тұрыпты. Мәссаған, әнеки, Сары жазықты бойлап үйдей - үйдей тастар қаңбақша домалап, қаңбақша секіріп ұшады. Дала қуалап тырағайлаған мың сан доптай жеп-жеңіл ыршып ұшады. «Тоқпағы күшті болса, киіз қазық жерге кіреді» деген осы да. Ә, бәлем! Кенелдіктің айтқаны болды ма! Қаңбақша домаланып ұшыңдар, тастар! Айтпақшы, бұл қай таудың тастары екен? Арқада жуық маңда тау жоқ сияқты еді ғой!
Әй, бірақ тау тауға соғылғанда, алыс-жақын сөз боп па? Сонау қияндағы Кавказ тауының тастары да, жарықтық! Өзіңді көрмесек те, жарықтық Кавказ, домалап жеткен тастарыңды көрдік - ау! Бұйырғанға не шара.
Қанша қорықтым дегенмен, іштегі бір шұнақ ойы: «Қарап өлгенше, мынау дүние астан-кестен болған қиямет-қайымды да өз көзіммен көріп өлер болдың-ау!» деп сықылық атып қуанғандай. Иә, шындығында, Кенелдік адамзаттың бүкіл тарих бойында жасаған шарапаты мен кесапаты салмақтанар Ұлы күннің куәгері болғалы тұр. Әттең, жалғыз жатыр. Бұны тыңдар бір жан жоқ. Қордаланып көкірегіне бір ұлағатты пікірлер келген еді. Көптен тұншыққан, жарып шығар саңылау таба алмай, көптен іште булыққан шерменде ойлар өз кезегі, ағытылар сәті енді келгендей тілден бұршақтап, жаңбырлап құйылғысы келеді. Анау қаладан қашып, күрестен қашып, қайран досы Асайынмен араздасып далаға кетіп, саяқ жүргенде Кенелдік тек шыбын жанын, қара басын күйттеп жүріп пе еді! Оу, халайық, ортаңыздан даңғаза шудан - дудан безіп, әңгіме - тілден безіп, ат-тонын ала қашып, бошалаған аруанадай жападан-жалғыз үн-түнсіз дала кезіп кеткенде, құбыласын таба алмай, өз жан құбылысын іздеп сергелдең жүрмеп пе еді! Өз жан құбыласын таппаған жаннан өзгеге не қайыр?!
Аспанға, түте-түте жөңкіген ұшпа бұлттарға қарады. Бұлттар жел ығына қарай сапырылысып жөңкіп барады.
Кенелдіктің сол құла далада соқпақсыз жүргенін, ашық күні адасып жүргенін байқатқан мынау аспан ғой! Соған сенесің бе, халайық?! Үш күн мынау ашық далада сол аспанға қарап жатып ұқты оны Кенелдік, Кенелдік ақалтекесіне мініп сылаң - сылаң жортып, ауыл шетіндегі шұрық тесік лашық жанынан, лашық ішінде сыңсыған қасірет жанынан өте берген сәтте-ақ адасқанын байқамайды екен. Енді байқады. Құбыласының қайда екенін енді байқады! Бүкіл адам тірлігіне қажет жалғыз құбыланың не екенін Кенелдіктен сұраңдар енді! Бірақ енді кеш. Әттең, кеш! Сол жалғыз құбыланы о бастан ұмытпаған болсақ, осы күн туар ма еді! Осындай апатқа ұшырар ма едік! Мынау домалақ жердің әр пұшпағында аспанға қарап, реңкі бұзылған аспанға қарап бәрің де бармақ тістеп тұрсыңдар қазір. Кенелдік тәрізді «әттең, кеш түсіндік!» деп тұрсыздар. Өздеріңізге де сол керек. Обалдарың жоқ. Қашан ажал - тірліктегі бұлтартпас осынау қатал ақиқат келіп алқымнан осылай алмайынша, сіздер бірді - бірге былықтырып қателесіп жүре бересіздер. Естеріңізді жинап тәубаға келулеріңіз - ақ қиын сіздердің! Алқымнан алған ажал, хан не құл екенді ұрмай, тоқтыдай домалатып сілкілеп, шырылдаған шыбын жандарыңды танау ұштарыңа қарай айдағанда ғана барып сіздер бұл жарық дүниедегі жалғыз өмірдің шын мағынасын түсінесіздер! Әттең, дүние, енді бір ғұмыр берсе, басқаша, тіптен басқаша өмір сүрер едім, алдымен адамдарға жақсылық жасаудан бастар едім деп талай қу бас бұ пәниден аһ ұрып көшті емес пе?!
Әттең, жалғыз жатыр. Әйтпесе, мынау Ұлыстың Ұлы күні алдарыңызға шығып, ақ көйлек-дамбалшаң аруақтай қалқиып тұрып бір сөйлер еді... Талай жыл тілден, үннен айрылған, тау аралап тас кезген, жалғыз жүріп сырнай тартып, ән салып «қияли» атанған, «пері соққан» атанған Кенелдіктің қалай сайрағанын, әттең, халқым, көре алмайтын болдыңдар! Мына ғаламаттың репеті жаман...
Әнеки, тағы күркіреді. Тажал күркіреді. Бұл жолы дауысы тым анық естілді. Аспан асты жаңғырығып, біздің мынау байғұс жер қозғалып тітірегендей болды. Жақын қалса керек. Жазмыштан озмыш жоқ қой. Не де болса көреміз енді. Көреміз енді бұ Құдайдың басқа салғанын. Неткен зор дауыс. Әлі есінен танбай жатқан мына Кенелдігіңіз неткен жау жүрек! Япырмау, бұл неткен жүрек жұтқан жан!
Тфу, мына шаң қайтеді? Аузына да құм кіріп кеткен бе!
Жер суырып шаңыта берген соң, лажсыз еңсе көтеріп тікелей отыруға тура келді. Бұта, желдің шуылы, құм ысылы қосылып ұлыған бір зор сарынға айналыпты. Ұлан жаздай ылғал тамбай кеберіп құрғап жатқан жер ала шаңға айналып аспанға шығып кеткендей. Кейде құйындап лықсып келіп, әлдебір шаншудай ұсақ қиыршық құммен бетке ұрып өтеді. Өршіп жанған ұлы өрттің бықсық түтінінде жалданып бұйраланған қою шаң күн көзін перделеп жасырғысы келеді. Сығырайып әлсіреп, аспанның бір бұрышына ығысып кеткен күн бейшара шаңға батып - шығып малтығандай. Алыс-жақын жондар, көкжиек жосылма шаң ағыны астында бірде жалаңаштанып көрінсе, бірде көзден тасаланып кетеді. Құп-құрғақ қаңсыған топырақ иісі қолқаны атады.
Жел ел көшкен жұрт тараптан соғып тұрғандықтан ба, топырақ аралас қой, түйе қиының иісі де жүр.
Жел жақ бөксесін қалқалаған жеңілдеу тоқымның біреуі ыққа қарай ұшып кетіпті.
Гуілдеген дауыл арасында салдырлап жақындап келе жатқан нәрсені көзі шалып, жүрегі су ете түсті. Даланы басына кешірген бұ не салдыр-гүлдір десе... құрымаған шелек екен. Салдырлап желмен бірге «жүгіріп» келе жатқан түбі түскен қаңылтыр шелек.
Иманы тас төбесіне шыққан Кенелдік біразға шейін жүрегін ұстап есеңгіреп отырды. Шелек секіріп ыршып даңғырлап жанынан өтіп кетті.
Жүнін жұлған торғайдай құты кетіп төбе басында бүрісіп шошайып отыр. Тірі жан екендігін білдіріп, анда-санда үрпек басын қозғап сығырайып аспанға қарап қояды. Екі қолы жерде. Бейне мына екпінді жел ұшырып әкететіндей жұмыр жердің жалынан мықтап шеңгелдеп ұстап алған. Жақындап ыршып өткен қаңбақтан шошып жасқанып қалады. Аспанда жүрген қаңбақтарға адырайып кеп көз алмай қарайды. «Беу, жарықтық Кавказдың тастары, сен де түбіт құрлы болмадың - ау Құдіретті мына күш алдында!» деп таңғалып отыр.
О, Жасаған, көрем деген сұрапылы ма еді бұл! Күн теріс айналып, Аспан Жерге түсіп, Жер Аспанға борап ұшқан мынандай топалаңды көрем деп ойлап па еді?! Тажал дауысын өз құлағыммен естірмін деп өңі тұрмақ түсінде ойлап па еді? Әп, бісміллә! Бісміллә!
Тажал тағы да күркіреді. Бейне күн күркірегендей. Аспанды әлгі түбі түскен шелекше салдырлатып бір дырау күш қирата жаздағандай.
Кенелдік Тажал келе жатқан жел өтіне бұ жолы бет бұрып қарауға дәті шыдамады. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Тажалда көз болып, назары мен назары жолыға қалса, жүрегі жарылып кетіп жүрер!
Ішінен күбірлеп отыр. Шалдар талай айтқанда құлаққа ілмеуші еді. Шалдардың заманақыр жайлы айтқан әңгімелері ауылда еститін көп ертектің біріндей миға қонбаушы еді. «Болса, бір кезде болар, бәлки. Бірақ біздің кезімізде қайда!» деп мән бермейтін. Міне, енді сол сұмдықты көзбен де көріп жатыр. «Ей, шалдарым - ай, шалдарым!»
Кенелдік басын шайқап, кеңк-кеңк күлді.
— Бұ ғаламаттың неден басталғанын мен айтайын, сіздер тыңдаңыздар! — деп, өзінен-өзі сампылдап сөйлей бастады. — Он екі жасар қыз бала ауру бөпесін арқалап ауылдан қашып шыққан түні басталды бұл ғаламат!.. Бірін бірі арқалаған қос нәресте жапан дала, зәулім аспан астында сыңсып жылап кетіп бара жатқанда басталған бұл ғаламат!.. Осынша ауылдан жаяу кеткен жетімдердің ізінен қуып шығар бір азамат табылмаған сағатта басталған бұл ғаламат! Жүректерден күн сөнген күні басталған бұл ғаламат!.. Бір -біріңе деген жиреніш жүректерді шелдей қаптаған күні басталған бұл ғаламат!!! Бұл ғаламат енді бәріңнің түбіңе жетпей қоймайды! Жер бетінен сипап тынбай қоймайды!
Шел қаптаған мың сан жүректерден тамған у тамшыдан өсіп шықты бұл тажал! Өздерің еккен зұлымдықтан өсіп шықты!..
Көзді аштырмай екіленіп үдеп соққан шаң дауылға, әудем жер көрінбей бір уыс болған мынау әлем тапырақ дүниеге ақыл-естен айрылғандай бір ауық үнсіз тесіліп кеп қарады. Құлағында ысқырып шулап азынап әндеткен жел. Жерді қос қолдап шеңгелдеп ұстап шегедей қадалып отыр. Ми жазық ортасындағы мынау оқшау домалақ төбе үстінде отырған ақ киімді Кенелдік телегей-теңізде төңкерілген кеменің бауырына жабысып отырған ақ шағаладай. Сол кеме жал-жал толқыннан толқынға секіріп шайқақтағандай.
«Осы күйім шындық па әлде көз байлау елес дүниесі ме?» деп іштей шүбаланды. Көз қиығын салып үсті - басына, аяқ-қолына қарап, қазіргі күйі шындық екеніне көзі жеткендей.
Осылай әңкі-тәңкі отырғанда кенет жүрегі қалтырап, қорқып кетті. Желке тұсынан бір нәрсенің жақындап келіп қарап тұрғанын сезгендей. Бұдан көз алмай бақшиып қарап тұрғанын сезгендей.
Жалт қарады да: «Әй-и-и-и!» деп шыңғырып жіберді. Құлын дауысы шықты.
Бір төрткөз құбыжық жақындап кеп сүмпиіп тұр! Тұра қашты. Құбыжық емес, қара кер төрткөз ит екен. Тфу, малғұн!
Жүрегі аттай тулап, көзін тарс жұмып, қос қолымен жер таянып, басы салбырап, діңкесі құрып қалды...
Қайдағы қаңғыбас иттен қорқып дауыс шығарғанына өлердей қорланды.
Аспанның бір жағы шатыр-шұтыр сынды.
Кенелдік жиырылып бұғып қалды. Тажалдың қаһарынан аспан қақ айрылып жерге түскендей. Құлақ тұнды. Күңгірлеп алыстап кеткен зор дауыс дүниенің ақырын паш етіп дала кезіп толқындап ұзап барады. Төбесі аспан тіреген Тажал, шамасы, қазір айналасы ат шаптырым Сары жазықтың үстіне салбырап төніп жақындап қалса керек!
Кенелдіктің астындағы төбе қозғалғандай. Бұта біткен бейне бір қорқып безек қаққан тірі жан иелеріне егіліп, одан бетер шулап берді. Кенелдік Тажалдың тынысын сезгендей. Алып жалмауыз табанына салып бір басып тындыра салса тәуір ғой, ең жаманы — жүн-жүн добал саусағымен бұны іліп алып, ұрадай үңірейген аузына жақындатқаны ғой. Ең жаманы — бұның аяқ-қолын тарбаңдатып көтеріп тұрып, қалай жесем екен деп ойлағаны ғой иттің.
Қос қолдап басын құшақтаған күйі бүк түсіпті. Еті салқын тартып тоңазығандай. Дір-дір етеді. Байқаса, иегі де кемсеңдеп діріл қағып жатыр. Тісі тісіне тиер емес. Кеудесі, бүкіл іш құрылысы қосылып безгек тигендей қалтыратып алып барады. «Енді ештеңені ойламайын, болар іс болды ғой. Мынау жарық дүниемен қоштасар алдында бір минутке болса да тыныштық табайын. Жаныма сәл тыныштық берейін» дейді. Бірақ әбден ұшынып алған ойы, қиялы сан құбылып, алас ұрып байыз таптырар емес. «Маһруптан бір от көрінер. Машрықтан бір от көрінер. Аспаннан Ғайса түсер» дегені қайда? Дегені қайда!
Дауыл екпіні сәл әлсірегендей ме?
Кенелдік бұғып жатқан жерінен басын көтеріп алды. Өзі қалш-қалш етеді. «Әй, атасы нәлет! Өзім онсыз да обадан кеткелі жатып, неменеге қыбыжықтап қорқа беремін! Бұйрықты жанға бір өлім!» деп іштей ширатып, жанығып бас көтерді.
Даланың беті ашылып қалыпты. Шаң дауыл тұтасып емес, сұйылып, бөлек-бөлек әр жерде шудаланып жосқындайды. Шығысқа қараған. Қан жосын шаң дауылдан сәл биікте талауратып күн батқалы тұр. Қызарып әдеттен тыс ісініп, үлкейіп кетіпті. Күн астынан от көрінді!
О, Жасаған! О, тоба! Қып-қызыл қырмызы жалданып көкжиек өртеніп жатыр! «Маһрұптан бір от көрінер».
Енді батысқа қарады. О, Жасаған! О, тоба! Батыс көкжиек те өртеніп келеді! «Машрықтан бір от көрінер».
Тіптен жап-жақын түстік дөңнің үстінен де қызыл жалданып өрт қаптап Сары жазыққа құлап келеді.
О, Жасаған! О, тоба! Бәрі рас... Ақырзаман! Болды, міне, ақырзаман!!! Ал керек болса! Міне ғаламат! Міне сұмдық!
Өрттің бәрі осылай қаптап келеді. Күңіреніп қоршап келеді. Өрт! Өрт! Ұялы өрт!
Аспан асты түгел өртеніп келеді. Адам баласы көрмеген айдаһардай аласұрған қуатты ақ жалын! Жердің бетін жайпап, жалмап келеді. Шын зұлмат! Шын топалаң! Шын апат!!!
Аспанда ұшқан құс та, жерде жорғалаған құмырсқа да құтылмайтын ұлы Апат!!!
Аспан тас төбеден тағы да қарс айрылды. Найзағай ойнағандай. Осының бәрі Тажалдың ойраны деп ұқты көзін жұма қойған Кенелдік. Тажалдың түнерген бұлтқа айналып, арқа тұстан төнгенін сезіп отыр. Бірақ әлі бұрылып қараған жоқ. Жүрегі дауалар емес.
Даңғырлаған жаңғырық көкжиек асып алыстап тұншыққаннан кейін барып көзін ашып, алдындағы жазыққа қарады. Әне, желге қарсы бөпесін арқалап кішкентай қыз бала кетіп барады. Жалаң аяқ, жалаң бас, тұлымшағы желбіреп барады. «Бәсе, — деп ойлады, — Кенелдік білген, жетім нәрестелер со күні Тасқұдыққа жете алмай, жолда адасып кеткенін білген. Кенелдіктің кінәсінен әлі күнге жапан дүзде адасып жүр бейшаралар».
Қыз баланың үстінде шолақ қызыл көйлегі. Арқасындағы бөпесі жалаңаш па, Құдай-ау! Шаңға бір кіріп, бір шығып, желге қарсы жанынан өтіп барады.
«Өй, айналайындарым - ай! Сендерді Құдай айдап келген шығар! Жақсы болды-ау келгендерің! Ой, айналайындарым - ай! Жақсы келдіңдер! Келіңдерші, кіп-кішкентай торғайларым - ай, бауырыма басайыншы өздеріңді! Бұ дүниеде қамқор құшақ барын біліңдерші сендер де!»
Жоқ, нәрестелер бұны байқамайтын сияқты. Байқағысы келмейтін сияқты.
«Өй, тоқтаңдар! — деп өрекпіп айқайлап жіберді. — Өй, бері жүріңдер! Айналайындар!..» Бөпесін арқалаған жұдырықтай қыз бала бұған өкпелідей. Әдейі естігісі келмейтіндей. «Қап» деп қиналып кетті Кенелдік. Орнынан ұмтыла берді.
«Айналайын! Ау-ay, жаным, мен Кенелдік қой! Мен Кенелдік ағаң ғой!!!»
«Ойпырай, тоқтамайтын болды-ау. Тоқтамай өтіп барады - ей нәрестелер!»
«Тоқта! — деп бақырып айқайлады Кенелдік. — Тоқта! Тоқта!»
Өкіріп ұмтылып құлады Кенелдік. Жерді маңдайымен сүзіп, ұзынынан созылып түсіп, құлжадай өкіріп жатыр. Осынша көрген наласы, оған, ең соңында, құшағын ашып шақырып, мына жетім нәрестелерді тоқтата алмағаны қосылып, ал кеп жыласын. Өмірінде бүйтіп жыламаған еді.
Іші - бауырын өксік толқыны сілкілеп, ағыл-тегіл жылады. Жер-ананы құшақтап, Жер-ананы тырнап жатыр. Кезінің жасы бетін жуып, көзінің жасы топыраққа сіңіп жатыр. Осы сәт Тажал тура шеке тұстан, әлгі нәрестелер кеткен тұстан шатыр-шұтыр аспанды ұрды.
Кенелдік пышақ кескендей тыйылды. Басын жерден жұлып алды. Есіне әлгі сәбилер түскен-ді. Тұра ұмтылды. Еңсе көтере беріп мұрттай ұшты. Енді тез жетіп тоқтатпаса, әлгі сәбилер Тажал табанына түседі!!!
«Әп» деп тістеніп, екі қолымен жер таяп еңсе көтере бастады. «Қолтығымнан деме!» деп айқайлап, ата-баба аруақты шақырды. Осы арада дауыс естілді. Аспаннан естілді.
— Ке-ні-і-іш! — деген жіңішке дауыс. Ғайсаның дауысы? Аспаннан түсіп келе жатқан пайғамбар дауысы! «Аспаннан Ғайса түсер!»
— Біссміллә! — деген сөз түсті аузына, — біссміллә!
— Ке-ні-і-іш!!
Аспаннан естілген дауыс бұны атымен атап шақыра ма, қайтеді. «Әлгі балаларды құтқармай, «мен сенімен қалай жүздесе алармын!» дейді іштей Ғайсаға. «Құтқару керек!» Ұмтылып, екі аяғы үстіне қалқиып түрегеле бергенде, жел ұшырып, шайқалып кетті. Ызалы аңдай ыңыранып, ұрынып қайта ұмтылды. Төрттағандап, қапталдан соққан желге күш бермей, шіренеді.
Жел аралас жып-жылы жаңбыр тамшылары ұра бастады.
Кеудеден итерген желге қарсы тұрып, Тажалға қарай бір адым жасады. Тажал бұлт пішіндеп түнеріп төніп қалған екен. Әлгі байғұс жетімдер қайда! Жауын астында жүгіріп келе жатқан кім анау?
— Ке-ні-і-іш! — деп айқайлайды өзі. «Кім мынау?!»
Жауын астында жүгіріп келе жатқан әйел. Орамалы қолында.
Дәмежан! Дәмежан ғой мынау келе жатқан. Бұралаңдап жүгірісін. Орамалын бұлғайды. Бұны көріп келе жатқан сияқты. Төбеге тура келеді. Қапталында жүгірген иті көрінеді. Дәмежан түн жамылып көштен қалып, кейін қарай қашып шыққан.
Әлгі нәрестелер қайда кетті?! Екі иығынан тыныстап өксіп тұр Кенелдік. Мынау Тажал қазір Сары жазықты табанға алғанда, жаңағы соры қайнаған сәбилер қайтеді?! Мені таптаса, таптай берсін, бірақ таптайтындай сәбилердің не күнәсі бар? Олардың не жазығы бар?
— Тоқтат мынау ойранды!!! — деп аспанға қарап қолын жайып айқайлай беріп, шалқасынан құлады.
— Тоқтат! Сәбилерде жазық жоқ!
— Ке-ні-і-іш! — деп шыңғырып жіберді төбеге жетіп қалған Дәмежан.
Кенелдік ұрынып жатыр. Тұруы керек. Қайтсе де тұруы керек. Көрсетуі керек қайратын. Кенелдік, ұмтыл! Көтеріл, Кенелдік! Соңғы рет. Соңғы рет! Қайдасың, күшім! Қайратым! Аруақ!!!
Тістеніп көтеріле беріп, жер сүзіп және құлады.
— Кеніш!
Жүгіріп жеткен Дәмежан қолтығынан ұстап қалды. Боздап жылап жүр өзі. Ұрынып тұруға ұмтылған Кенелдік келіншегінің бетіне әлі қараған жоқ. Ашулы. Шіреніп, еңсесін көтеруге күш қылып жүр.
— Көтер! Көтер қолтығымнан! — деп жекіді.
Бір қолын мойнына асып жіберіп, белінен құша көтеріп, Дәмежан әрең тіктеді Кенелдікті. Сабалаған жауынға, бұлтқа қарап тұрып жұдырығын көтеріп Кенелдік көр көрсетеді:
— Тоқта - ат! Тоқтат мына ойранды, қайдасың!!!
— Кеніш! Не болды, көкем? Не болды саған?!
— Тоқта, сұм Тажал! Тоқта!
— Кеніш, Кеніш, бері қарашы!
Кенелдіктің түрінен шошып кеткен Дәмежан:
— Көкем - ау, көк – е - ем! Не күйге ұшырағансың! — деп әндете сыңсып, Кенелдікті құшақтап дауыс салды.
— Жаңа желге қарсы жүгірген бала көрдің бе?
— Қайдағы бала?.. — деп сыңсиды Дәмежан.
— Қаптаған өрт көрдің бе?
— Қайдағы өрт? — деп сыңси берді Дәмежан.
Кенелдік сонда барып есін жиғандай болды. Құшағында өзінің Дәмежаны тұр!
Келіншегінің орамалсыз жалаң басына, өзіне, көзіне, етене ыстық білектей қос бұрымына, селкілдеген кішкене қос иығына есеңгірегендей қарады.
Дәмежан жылауын тыйып, жүзін көтерді. Кенелдіктің түсі әлем тапырық екен. Айтары жоқ. Күйеуінің көзінен біртүрлі санасыз жат ұшқынды байқап, қатты шошыды. Кенелдікті аяп, құшақтап, иегі кемсендеп тағы жылады.
Кенелдік басын көтеріп, жауынды, бұлтты аспанға аңырып қарады. Селдіреп құйған ақ жауып астындағы Сары жазықтың көзге таныс алабына, белдерге, алыс көкжиекке назар жіберді. Дала жынынан қағылған бақсыдай жуасып, тыншытты. Жусандар, бұталар мынау аспаннан құйылған райыс нұрына алақан тосып, сәбилердей қуанатын сияқты. Назарын түсіріп, әйелінің бұлаудай іскен көзіне, кішкене сопақ жүзіне қарады. Дәмежанның сол баяғы ынтық жүзі. Назарлары түйісті.
— Дәмежан! — деді Кенелдік. Дауысы әрең шықты. Дірілдеп шықты.
— Кеніш...
Кенелдік түсі бұзылып, бүгіле берді... Шөгіп барады... Келіншегінің тізесін құшып, көйлегіне бетін басты. Сыбырлап, солықтап жатыр. Ғұмырында адам баласына айтпаған жүрек сөзін айтып жатқаны сезіледі.
Дәмежан осы минут тағдырға да, өмірге де риза. Көктен тілегенін Құдай жерден бергендей толқиды. Бешпетімен күйеуінің басын, иығын жауыннан қорғаштап қымтай түсті. Күбірлеп жатыр Кенелдік.
Бүрісіп отырған Кенелдіктің басын құшақтап, жауын тигізбей, өз денесімен қалқалап тұр. «Мынау өткінші нөсер тезірек өтіп кетсе екен» дейді.
Дәмежанға еріп келген төрткөз ит жып-жылы ақ жаңбыр астыңда олай бір, бұлай бір жүгіріп, асыр салып ойнауға кірісті.
Ертесіне сәске түсте Сары жазық алқабына Асайынның отряды сау ете түсті.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру