Мазмұнға өту
Home

"Сенека"

Мырзагелді Кемел

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

"Сенека"

Мырзагелді Кемел — «"Сенека"» (Көркем әңгіме). Сенека

Сенека

Луций Анней Сенека көне философтардың ішінде даналығы жағынан әрі ақын, әрі көсемсөзші, әрі философ ретінде аты тарихта қалған белгілі тұлға.

Сенека біздің дәуірімізден 4 жыл бұрын дүниеге келіп біздің дәуіріміздің 65 жылы қайтыс болған. Ол Испанияның Бетика провинциясында Кордова қаласында туған. Ол кезде ол жер Италияның колониясы болған. Оны кей қатарластары провинциал деп кемсітетіні осы себепті.

Сенеканың жастық шағы Папирий Фабианның әсерімен өтті. Соның нәтижесінде оның жан-дүниесі философия мен шешендіктің бірлігін қабылдады.

Сенеканың тағдыры өте күрделі. Сенатор болып, онан соң қуғындалып жер аударылған, одан императордың мұрагерінің – зұлымдығы мен залымдығынан атағы шыққан Неронның тәрбиешісі, сол арқылы елдің нақты билеушісі болған, сол кездегі аса байлардың бірі, бір емес бірнеше рет қазынаның мүлкіне қол сұққаны үшін, мемлекет мүлкін төгіп-шашқаны үшін айыпталған әкімші, соңғы сәттері ұмытылған шонжар, отставкадағы оппозиционер болып, ақыр соңында императордың аяусыздығының құрбаны болғанда өзіне-өзі қол жұмсаған, яғни өз дәуірінің барлық маңызды оқиғаларының куәгері ғана емес, қатысушысы да болған адам. Ол осылай бірде биікке самғап, бірде биіктен оңбай құлап өмір кешкен. Сенека өмірінің соңында – дүние жалған екен, барлығы бекер, тек қана философиямен айналыссам, ешкімді көрмесем, араласпасам, байланысымды үзсем, уақытымды олар үшін босқа кетірмесем деп ойлаған. Айдауда жүргенде әуелі ұнжырғасы түсіп, өмірге нала болған, кейіннен оңалып, философиямен айналысқан, «Өмірдің қысқалығы туралы» деген трактат жазған.

Бір-біріне кереғар істермен айналысқан ерекше тағдыр иесі Сенека сонда да тарихта негізінен жақсы жағымен аты қалған, оның себебі Сенеканың ілімі барлық адамға бағытталған. Ондай адамдардың жағымсыз жақтарының бәрі аузына ие бола алмай күндегендердің сөзі сияқтанып ұмытылады да, ақыл-парасатқа толы негізгі өмірі елдің есінде қалады.

«Мені түсіну үшін мен өмір сүрген заманды түсін» - деп Шәкәрім қажы айтпақшы Сенеканы танып-білу үшін оның өмір сүрген ортасын тану маңызды.

Рим мемлекеті біздің дәуірімізге дейінгі 509 жылдан біздің заманымыздағы 30-жылдарға дейін республика болған. Билік халық өкілдері – Бүкілхалықтық жиналыс пен Сенат және Жоғарғы магистранттар – халық жыл сайын қайта сайлайтын атқару билігі арасында тең бөлінген еді.

Біздің дәуірімізге дейінгі 27-жылы Октавиан Август Республиканы құлатып, Империя құрды, яғни монарх басқаратын бір адамның билігі орнады. Бірақ Август жеке басқару билігін орнатқанмен қалыптасып қалған республикалық жүйені тұтастай ыдырата алмады. Ол өте берік және өміршең болып шықты. Император тек солардың бәрінің үстінен қарайтын билікші болып қалды. Біраз уақыт Халықтық жиналыс пен Сенаттың жұмысы бұрынғыша жүрді. Дегенмен бұрын билікті қатаң бөліске салып, жылына бір рет қайта сайланатын бұл жүйе бұрынғыша істеп кету мүмкін болмай қалды. Император іс жүзінде барлық билікті қолына алды. Ол «Халық трибуны» өмір бойғы атаққа ие болды, Магистраттың, Халықтық жиналыстың, Сенаттың шешімдеріне вето қоя алатын болды. Одан соң ол Сенаттың принцепсі деп жарияланды. Принцепс – ол барынша құрметті адам ретінде Сенатта бірінші болып сөйлеу құқығына ие тұлға еді. Бұрын да болған бұл атақ жай ғана құрмет белгісі ретінде болса, енді Сенатта принцепс сөйлеген соң басқа сенаторларға тек соның сөзін мақұлдау ғана саналды.

Осылай бола тұрып Август Сенаттың пікірін қолдаушы ғана делінді. Ешкім нақты биліктің императордың қолында екенін айта алмады.

Августың өзінің ұлы болмады, сөйтіп әйелінің бұрынғы күйеуінен туған баласы Тиберийді ұл етіп өзіне жаздырып, өз орнына соны қойды. Тиберий елді 23 жыл басқарды. Бұл кезде де император билігі шексіз болуы жалғасты. Сол кезде ғой Тациттің: «өліп бара жатқан бостандықтың іздері ғана қалды» дейтіні.

Тиберий принцепстің, яғни императордың ұлылығына тіл тигізгендер мемлекетке сатқындық жасағандармен қатар жазаланатын заң шығарды. Принцепске қарсы сөз айту, оны қорлау саналды.

Өмірінің аяғында Капри аралдарына кетіп қалған Тиберий өзінің кезінде күніге болған кісі өлтіру, жазықсыз жазалау секілді әділетсіздігі үшін кешірім сұрап Сенатқа хат жазды. Осыған орай Тацит: «Сократтың: «Тирандардың жан-дүниесіне үңіліп қарасаң, оның жара мен ісік басқан тәнін, залымдық пен азғындық жайлаған жанын көресің» дегенінің растығына көз жеткіздім» деп жазды.

Бұлардан кейінгі билеушілер Гай Цезарь, Калигула, Клавдийлер де нағыз Шығыс деспоттары секілді шексіз билік жүргізді. Осы Калигуладан бастап Сенека сарайда қызмет етті.

48-жылы Клавдийдің әйелі Мессалина өлтіріліп, оған әйелдікке Агриппина келгенде оның ұлы Нерон 11 жаста ғана болған. Агриппина Сенеканы айдаудан алдырып, жоғары қызметке қойып, баласына тәрбиеші болуды ұсынған. Әйелдің әріден жоспарланған ойын Сенека түсінбеген, өйткені ол императордың сарайының айлаларын әлі білмейтін. Неронға тәрбиеші болып келісімен Сенека Магистраттың (Үкіметтің), Халықтық жиналыс пен Сенаттың жай ғана иллюзия екенін, нақты билік «принцепстің достарының» азғана тобының қолында екенін бірден түсінді және сол азғана топтың ішіне кіріп кетті. Сарайдың ішкі оқиғаларына қаныға бастағанда, бес жылдан кейін Агриппина күйеуіне у беріп өлтіріп, 16 жасар Неронды император еткеніне куә болды. Сөйтіп әуелден тұтқынға түскендей болған Сенека жас императордың ең жақын кеңесшісіне айналған.

Нерон император Клавдийдің әйелі Агриппинаның бұрынғы күйеуінен туған ұлы еді. Агриппина Клавдийді өзінің орнын оның бұрынғы әйелі Мессалинадан туған ұлы Британикке беріп қоя ма деп өлтіртіп жіберді.

Сенеканың билік маңайына өте жақын жүруіне не себеп болғанын біз білмейміз, ол мүмкін атаққұмар я пайдакүнем болды ма (оны осылай деп өте жиі айыптаған), жоқ философ бола тұрып, яғни адамның ішкі дүниесін жіті бағалаушы ретінде билеушінің жанында болып доктрина жүргізу адамдарға тиімді деген сенімде болды ма, біз білмейміз. Білетініміз – Сенека жеке билік мемлекетті ұшпаққа жеткізетініне әбден сенген және соны ұдайы насихаттаған. Адамдар мемлекеттің бір мүшелері ғана деп санаған. Сондықтан да жеке билікке қызмет ету арқылы жеке билік иесін жақсылықты, ізгілікті жағдайларға бұрсам деген ниетте болған.

Сенека, тіптен, мемлекеттегі билік иесіне қызмет ету моральға сәйкес келмеуі де мүмкін және онда тұрған ештеңе жоқ деген ойда болған. Ол сарай ішіндегі пәлелердің жуан ортасында жүріп-ақ, компромисс пен жол беру арқылы бәрін де шешуге болады деген тактика ұстанған. Осы философияның ықпалымен ол Клавдийді Агриппина өлтірткенде «Клавдийдің асқабаққа айналуы» деген памфлет жазды, сөйтіп бұрын мадақтап жүрген императорды балшыққа батырды, оны нақұрыс, қанішер және қатыгез деп айыптады. Осылай ете тұра ол жас Неронды аспанға көтеріп, мақтау сөз жазды. Сөйтіп ол іс жүзінде мемлекет басқарушы төрт адамның біріне айналды. Неронды анасын тыңдамауға үндеді, өйткені оның билікқұмар қатігездігіне көзі жеткен еді. Әлі қауіпті жастағы императорды арандатып алмау үшін Сенека гвардия басшысын одақтас етіп алып, Сенаттың ролін арттырды. Сол кездері Сенеканың: «Тек ақылман адам ғана патша бола алады» дейтін ұран тастады. Неронға қаратылған «Мейірімділік туралы» дейтін трактаты да сол жылдардың жемісі. Бұлар – Сенеканың қиялына сәйкес туындаған идеалдар болғанымен, нақты жағдай ол ойлағандай болмай шықты. Агриппина жайлы шектеулер жасауға кеңес берген сайын Нерон оған аса үлкен көлемде сый жасап тұрды. Сенеканың байлығы өскені сонша сарай төңірегіндер оны күндеп, «Сенеканың уағыздары бір басқа, тұрмысы бір басқа» деп өсек тарата бастайды. Император болғанына алты жыл болғанда, 22 жасар Нерон анасын өлтіруге бұйрық береді. Тациттің жазуынша, Нерон анасын да әуелде у болып өлтіргісі келеді. Бірақ Британик солай өлтірілген соң ол әдісті қайталағысы келмеді. Сөйтіп, ақыл берушілерді тыңдап, суға түскеннен соң бір тетіктерді іске қосқанда қирап кететін корабль жасаттырып, бір мерекеде анасын соған отырғызып, теңізге жібереді. Азғана жел тұрғанда корабль қирап суға кетуі тиіс болды. Бірақ корабль қирағанмен Агриппина өзі жүзіп жағаға жетеді. Бұл ұлынан келген іс екенін түсінген анасы сыр білдірмей қоя салады. Мұны естіген Нерон басқа жолы қалмағандықтан адам жіберіп анасын төсегінде өлтіртеді. Сенека қызмет бабына орай амалсыздан Неронды ақтап Сенат алдында сөз сөйлейді. Бұдан кейін барлық ашу-ыза Неронға емес, Сенекаға қаратылады, оның басына бұлт үйіріледі. Өзін ақтау үшін Сенека «Игілікті тұрмыс туралы» деген трактатын жазады.

Бұл кездері Агриппинаның әсерінен құтылған Нерон Сенеканың кеңестерін тыңдамайтын өзімбілермен бола бастайды. Ол ессіз ойын-сауыққа, төсек қызығына алаңсыз түседі. Оның бұдан басқа ермегі театрда роль ойнап, лираның сүйемелдеуімен ән айту бола бастады. Ол кезде театр екінші сортты адамдардың ісі саналатын. Билікшінің бұл ісін Сенека да мақұлдамады, бірақ қара халық қол шапалақтап қарсы алды.

Нерон таққа отырмас бұрын Клавдийдің Октавия деген қызына үйленіп алған еді. Бірақ таққа отыра сала аты жайылып қалған, еркімен кеткен Акта деген қылықты қызбен бірге болуды ұнатты. Көп өтпей өз ортасынан Сабина Поппея деген әйелге құмартты. Неронның сенімді өкілі болып билікке араласа бастаған Сабина жөнінде Тацит: «Онда жанның адалдығынан басқаның бәрі бар» деді. Бірте-бірте Неронмен көңілдес болғандардың көбі сонша, олардың аты-жөнінің соңынан қуу мүмкін болмай қалды. Сенека жас әйелдердің сыбырымен өзіне төгілуі мүмкін билікші қаһарына ұшырап қалмау үшін іштей мақұлдамағанымен бұған тыйым сала алмады. Нерон да әлі тіпті жас еді.

Сенека өз заманындағы үлкен байлық иесінің бірі болды. Ол өзі сынаған артық сән-салтанаттың құшағында өмір сүрді. Ол байлығын адал жолмен құралған деп ақтап алғысы келді. «Ақылман байлықты сүймейді, бірақ оның болғанын қалайды; ол байлыққа өзінің жүрегін ашпайды, бірақ оны үйіне кіргізеді» деді. «Тамаша өмір туралы» деген трактат жазып, «Байлық кедейліктен жақсырақ және керісінше», «толық жоқшылықта өмір сүрген мақұл» деген ойларды мақұлдады.

Сенека: «Ақсүйектер сапына жатпайтындар қоғам ісіне араласуына болмайды» деген келісуіміз қиынға соғатын пікірді де айтқан философ.

Осындай кереғар, қатерлі мезгілде Сенека сарайда өмір сүрді. Бәрін өз көзімен көріп, көңілінен өткізген соң Сенека қызметінен бас тартып арыз жазады және Нерон берген барлық сыйды қайтаратынын императорға мәлімдейді. Ол берген сыйлықтарын қайтып алудан бас тартып, өзіне өзінен алыс жібергісі келмей біраз жүрді. Бірақ Сенека қалай болғанда да мемлекет істерінен алыстап, тыныш өмірге көшуге бел байлайды, «Жан тыныштығы туралы» трактатын жазады. Онда азаматтық істерден, форумдарға қатысудан, ел алдында сөйлеуден, түрлі демалыс кештерінен бас тартқысы келетінін, яғни азамат емес, адам ғана болып қалғысы келетінін айтады. Және осылай жасайды да. Ол «Бос уақыт туралы» трактат жазады. Онысы Корсикада жазған «Өмірдің қысқалығы туралы» трактатқа ұқсас болып келеді, яғни бірталай өмірді өткізіп, қаншама құрмет пен қиыншылық көріп, қайтадан айдаудағы сәтіне қайта оралғандай күй кешеді. Сенеканың: «Адамдар арасындағы қарым-қатынаста бәрінен бұрын Отанға деген құрмет жоғары тұруы керек» дегені нағыз мемлекетшіл, Отаншыл адамның сөзі.

Сенеканың өмір жолын барлап қарасақ, ол Август тұсында дүниеге келді, Калигула оны жек көрді, Клавдий Корсика аралдарына жер аударды. Император сарайына хат жазып Римге қайта оралған оны Агриппина ұлына философияны үйретсін деп таңдаған жоқ, оны адал, жөнімен сөйлейтін адам ретінде таңдады. Неронға Сенеканың ықпалы орасан зор болып бара жатқанын байқаған Агриппина бір кездері қалайда баласын өзіне қаратып алу үшін, өзіне көңілдес етуді ойлады. Оны байқаған Сенека Акта арқылы Неронға: «Жалпыға бірдей ұнамсыз мұндай әрекетке барған билікшісінен ел теріс айналуы мүмкін» деген ойды жеткізіп, бұл қылмыстан императорды айырып алады. Осыдан соң Нерон анасын жек көрді және оны өлтіруінің бір себебі осы болды. Басты себеп – Неронның Октавияға сезімі болмағанмен, оның артында саяси күш тұрғандықтан, онымен ажырасып, Поппеяға үйленгісі келгендіктен анасын өлімге қиды. Өлімге анасының Неронның орнын тартып алмақ болып, кейбір іс-әрекеттер жасай бастағаны да себеп болды. Сондықтан Сенеканы Агриппинаның өліміне себепкер болды деушілердің сөздері қисынға келмейді. Қайта Агриппинаның өлімі Сенеканың Неронның өзінен алыстатуына алып келді. Ол Сенеканың «Агриппинаның айтқанын онша тыңдай берме, еркін басқар» деген кеңесін оның өзіне қарсы пайдаланды.

Тарих қайталанды. Клавдийді Агриппина өлтіртсе, Агриппинаны Нерон өлтірді. Осының бәрі тақ үшін болған талас еді. Платонның: «Адам қанын бір татқан адам қасқырға айналады» деген сөзі Неронға дәлме-дәл келеді.

Жетпіс жылға жуық өмір сүрген Сенека үш императорға (Калигула, Клавдий, Нерон) қызмет қылған. Оның үшеуі де түптің-түбінде Сенеканы өз жолдарынан тайдырғысы келген. Мұның себебін Сенеканың ел билеу ісіне қатысқандағы адалдығы мен шыншылдығының, қолынан келгенінше дұрыс бағыт беруге тырысқанынан іздеуіміз керек.

Осылайша тарихта екі Сенека қалды, бірі - өрелі философ, екіншісі – айлалы әзәзіл. Осы екі образды қалай біріктіруге болады? Біздің алдымызда кім: екіжүзді ме, жауыз ба, айлалы алдағыш па, жоқ, терең ойшыл, таза тақуа ма, біліп болмайды. Ал сөздері... Олар адал, ашық, шыншыл. Өмірінің соңында барлығынан баз кешіп, тыныштық іздеуі де тәубешілдіктің белгісі.

Сенека үлкен драматург болған, оның қаламынан «Медея», «Эдип патша», «Фиест», «Федра» секілді осы кезге дейін құндылығын жойылмаған трагедиялар туған. Олардағы хорға арналған қысқа сентенциялар мен монологтарда Сенека өзі ұстанған философиясы негіздерін ұсынған.

Сенека жоғарыда аталғандардан басқа «Диалогтар», «Полибийге жұбату сөз», «Мейірімділік туралы»,»Марциалға айтқан сөз», «Гельвийге жұбату сөз», «Ашу туралы», «Апоколокинтос», «Ақылманның тұрақтылығы туралы», «Бақытты өмір туралы», «Көріпкелдік туралы», «Адамгершілік философиясы туралы кітап», «Ерте өлім туралы» атты ірілі-ұсақты трактаттар жазған.

Сенеканың шығармалары философиялық ойдың ерекше тереңдігімен емес, таң қаларлық адамгершілік биіктігімен және күйкі тірліктің игіліктерінің бәріне де жиіркеніштігімен тәнті етеді.

Оның айтқан сөздерінің ішінен бірен-саранын теріп мысал етер болсақ, олар мыналар:

...Барлық айғайлардың ішінен мен сенің кемшіліктеріңді айтқан кездегі ауырсынған айғайыңды естігім келеді.

...Құлдың еркін адамнан ешбір айырмасы жоқ.

...Жауға да шын пейілмен жәрдем беруге тиіспіз.

...Болып жатқан нәрсенің барлығы болуы тиіс нәрсенің белгісі.

...Діндерде белгілі бір материалдық игіліктерге жету (байлық, денсаулық, бақыт) мотиві бар. Бұлар Құдайдың көзінше ешбір құндылыққа ие емес, оларды Құдайдан сұрау пайдасыз және керексіз, өйткені ол адамның өзіне ғана қатысты нәрселер.

...Қанша қаласаң сонша өмір сүру – біздің қолымызда.

...Сана ғана мәңгілік, ол мәңгі қалады.

...Бізге өзінің айнымас заңдарын таңатын тағдыр әрбір заттың ретін анықтайды, әлемді бағындарған Құдайлық өре, адамдардың істерін хаосқа араластырып жіберетін кездейсоқтық, осының бәрінен бізді философия қорғайды.

...Бір адамды өлтіргендер жазаланады, сөйте тұра ал тұтас ұлтты жойып жатқандардың ісі ерлікке бағаланатыны несі?!

Осы соңғы ой одан он сегіз ғасыр кейін дүниеге келген Толстойда да бар.

«Құдайдан жасырмағанды адамнан жасыра алмайсың» деген қазақ сөзінің мағынасындағы бір ой да Сенекада бар.

Сенека ұстанған стоиктер ілімінде адамдағы проблемалардың себебін сыртқы әлемнен іздеу қажетсіз, өйткені ол – адамның жан-дүниесінде жүріп жатқандардың сыртқы көрінісі ғана делінеді.

Сенека әлемдегі барлық жамандық қайдан шығады деген сұрақ қойып, «құмарлықтан» деп жауап берген. Оның айтуынша құмарлықтың ең жаманы – ашу, одан – дөрекілік, әдепсіздік, қатігездік, құтыру келіп шығады. Махаббат та, егер ол ұятсыздыққа алып барса, құмарлыққа жатады. Құмарлық адамның жан-дүниесіндегі сана күшін жоқ етеді, өйткені құмарлық жанды баурап алып оны көрсоқыр қылады. Сенеканың осы ойларын оқығанда, басқа бір философ, Сенеканың шығармашылығын онша қабылдай бермейтін Квинтиллиан оған «Шешенді тәрбиелеу» деген трактатында мынадай мінездеме береді: «Оның көп сөздері мақұлдауға лайық, көбісі таңдану туғызады, бірақ оларды мұқият таңдап алу керек; оны Сенеканың өзі жасаса тіптен дұрыс болар еді! Табиғатында ол лайықты адам еді, жақсылық іздей жүретін және іздегенін тапқан еді» деген.

Осылайша ол өзінің соңғы еңбегінің бірі «Адамгершілік хаттары» деген Луцилийге арнаған хаттарын жазады. Бұл хаттардан кейбір үзінділерді оқырманға жеке ұсынғымыз келеді.

Луцилийге жазылған адамгершілік хаттары

1. Өзіңді өзің үшін жеңуге тырыс, бұрындары сенен тартып алған немесе ұрлаған, бостан-босқа өткен уақытыңды сақта және жинақта. Біздің уақытымыздың бір бөлігін бізден күшпен тартып алады, бір бөлігін ұрлайды, біраз бөлігі босқа ағып кетеді. Бірақ барлығынан ұяттысы – біздің өз ұқыпсыздығымыздан жоғалтқан уақытымыз. Бажайлап қарап көрші: біз өміріміздің басым бөлігін ақымақтық істерге, бірталай бөлігін – бостан босқа, және барлық өмірімізді керек емес істерге жұмсап өткіземіз. Уақытын бағалай білетін, бір күннің өзі неге тұратынын білетін, әр сағат сайын өлімге жақындап жатқанын толық сезінетін бір адамды көрсетші... Өлім біздің алдымызда тұр, біз өлімнің құрығындамыз. Сондықтан әр сағатыңды босқа жіберме. Бүгінгі күнді уысыңда ұстай білсең, ертеңгі күнге азырақ бағыныстасың. Кейінге қалдырып жүргеніңде, бүкіл өмір ағызып өте шығады.

2. Барлық жерде боламын дегендер еш жерде де болмайды.

Дәрілерді жиі ауыстыру ауруға ем болмайды. Түрлі дәрі жаққан жараның жазылуы қиын. Өсімдікті бір орыннан екінші орынға ауыстырып отырғыза берсең, жайқалып өспейді.

Дүниесі аз адам кедей емес, соны көбейте түскісі келетін адам кедей. Адамдағы ең аз байлық – барлық керектіңнің болуы, ең көп байлық – тойынғаныңша баю.

3. Дос болғың келген адамды жан-тәніңмен қабылда, пікіріңді ашық айт, онымен өзіңмен сөйлескендей сөйлес. Сонда оны танисың. Танып болған соң одан күдіктенбе. Онда ол сатқынға айналады. Оған сенсең – сенімді етесің.

Әбігершілікке құмарлық – қайраткерліктің белгісі емес, рухы ылғи қозып езілудің белгісі және әрбір қимылды ауырлық санау әдеті – алаңсыздықтың белгісі емес, еркелік пен имансыздықтың белгісі.

Табиғаттан кеңес сұра: ол саған күн мен түнді жаратқанын айтады.

4. Бастаған ісіңді табандылықпен жалғастыр және жаныңның жайлылығы мен жетілуіңнен ұзағырақ рахат алу үшін асық.

Көп адамдар сарқырап ағып жатқан суға кетіп бара жатқандай, тікенекті бұтақ пен үшкір тастарға жабысқандай жабысатын мына өмірден ешбір қиналыссыз айрылыса алатындай болуды күн сайын ойлан. Көп адам өлімнің қорқынышы мен өмірдің азабы арасында аласұрады: олар өмір сүргісі де келмейді, қалай өлуді де білмейді. Өз өміріңді тартымды ет, ол жайындағы барлық үрейді таста. Жоғалту әзір тұрмаса, ешбір игілік оның иесіне қуаныш әкелмейді.

Кім өзінің өмірін жек көрсе, өзгенің өміріне қожайындық жасайды.

Аштық пен шөлге шыдай алмай, өзіңе үстірт қарайтындардың есігінен қарама, қабағын түйе жақтырмай қарағандар мен сәлеміңді жек көргенін жасырмай алатындарға барма.

5. Тобырдан дұрысырақ өмір сүру үшін бәрін жасауға тиіспіз.

6. Өзім үшін алған білімім, қанша ізгілікті болса да, мені ешқандай қанағаттандырмайды.

Гекатонның мына сөзі маған ұнады: «Сен менен қандай жетістікке жеттің деп сұрайсың. Мен өзіме өзім дос болдым».

7. Барлығынан бұрын неден қашу керектігін білесің бе? Тобырдан! Тобыр ішіне кірсем сол күйімде шыққан кезім болған емес. Одан бір нәрсе жұқтырып, кірленіп шығасың. Одан шыққанда сараң, менмен, сән-салтанатқа құмар, ашушаң және қатігез болып шығасың.

Келіңіздер, біздер көпшіліктің мақтағанынан рахат ала кетпеу үшін жанымызды таза ұстайық. Бізді көп адам мақұлдағаны сенің көп адамға түсінікті болғаныңнан шығар, оған несіне риза боласың? Біздің қадір-қасиеттеріміз біздің ішкі дүниемізге қызмет етсін.

9. Кімнің ісі жүріп тұрса – достары мың, қиналысқа түссе – айналасы шөл.

10. Мен өз пікірімді өзгерте алмаймын: тобырдан қаш, азғана топтан да қаш, бір адамнан да қаш!

Адамдармен өмір сүргенде, Құдай саған қарап тұрғандай бол, Құдайға қарата сөз айтқанда, сені адамдар тыңдап тұрғандай бол.

12. Әрбір күніңді сол күн қатардың соңын алып тұрғандай, өміріңнің күнін аяқтап тұрғандай етіп шығарып сал.

15. Бізден бұрынғылар хат жазысқанда: «Егер сенің денің сау болса, онда жақсы, ал менің денім сау» деп бастайтын болған.

Өзімнен өзім озсам де!

17. Саған жақсы өмір сүруге біреулер кедергі болса, жақсы өлуге ешкім де кедергі бола алмайды.

Эпикур: «Көп адамдар байлық жию арқылы қиындықтарынан құтылам деп ойлайды, олар қайта басқа қиындықтар тауып алады» деген. Оған таңданатын ештеңе жоқ, ауру адам ағаш керуетте жата ма, алтыннан жасалған керуетте жата ма, қайда болса да кеселі бірге жүреді.

22. Өлім сағаты алдында біз дүниеге келген сәттен гөрі нашарырақпыз. Оған өзіміз ғана кінәліміз: біз ынтықтықтан, қорқыныштан, ырымшылдықтан, залымдықтан, тағы басқа кеселдерден құтыла алмадық. Өлгенде туғандағыдай алаңсыз болғандар даналыққа жетеді.

23. Біреулер өмірін аяқтауға тиіс кезде бастайды, кейбіреулердің өмірі басталмай жатып аяқталады.

24. Кәрілік деп толық қуатсыздықты емес, адамның шаршаған жасын айтамыз.

28. Өзіңнен қашып кете алмайсың!

Өзінің кемшілігін білмейтін адам, оны болдырмауға тырыспайды.

30. Теңдік - әділеттіліктің басы.

51. Сен еркіндік деген не деп сұрайсың. Жағдаяттың да, болмай қоймайтын істің де, кездейсоқтықтың да құлы болмайтын, фортунаны өзімен бір қатарға қоя алатын, ол сенің алдыңда әлсіз болып шықса, еркіндік сол.

53. Кім қалың ұйқыға кете алмаса, қайдағы-жайдағылар түсіне кіреді, шырт ұйқыға кеткен адам өзін-өзі ұмытқандай болып ұйықтайды.

59. Егер қызық пен рахат қусаң – қасіретке ұшырайсың. Қуаныш деген әркімнің-ақ мақсаты, біреулер оны ойын-сауық пен сән-салтанаттан іздейді, тағы біреу – атаққұмарлықтан, оны қоршап ісі түсіп тұрғандардың көп болғанынан іздейді, тағы біреу – көңілдестерден, тағы бірі – ештеңеге ем болмайтын сөз өнерінен іздейді. Олар осы іздегендеріне мас болғандай алдамшы тәтті сезімде жүреді. Бірақ айнымайтын қуаныш – даналықта.

61. Барлығын бұйрықпен жасаушы бақытсыз емес, сол ісін өз еркінен тыс орындағандар бақытсыз.

64. Қайғы деген тез арада-ақ жеккөрінішті нәрсеге айналады. Біреудің өлгеніне қатты күйзелген адам - өзінің одан бұрын өлуі мүмкін екенін ойлап көрмеген адам. Өлген кісі кіші болсын мейлі, тағдыр өлімді кезекке қарап келтірмейді. Біз ылғи өзіміз де, бізге сүйікті адамдар да өлетінін ойлана жүру керек.

77. Ақылды қашан да байсалды. Өйткені ол басқа нәрсеге тәуелді емес және фортунадан да, адамдардан да мейірім күтіп тұрған жоқ. Фортуна күліп қарағанда пенделерді құрметке, игілікке толы етеді, бірақ бір нәрселерден айырады – жаңағылардың жолында ардан аттаудан арланбайтын жолдастар кезігеді, тойымсыздықпен жиналған дүние-мүлік жоғалуға бейім келеді, бір сөзбен айтқанда – қуанышы аз болады.

Жан рахатына жеткісі келгендер құрмет пен игілікке тек адалдық арқылы жетсін.

Адалдықпен кешкен өмірді қыстартқанмен, одан оның адалдығы азаймайды.

Туллий Марцеллин өз жастығын байыппен өткізді, бірақ қатерлі болмаса да көп күшін алған, ұзағынан келген жанды ауыртатын ауру еңсеріп, тез-ақ қартайып қалды, сөйтіп өлім туралы ойлай бастады. Ол көптеген достарын жинады, олардың біреулері ауруға мән бермегенсіді, біреулері жағымпаздыққа салынып, досқа ұнайтын сөздермен жұбатқысы келді, тек біздің стоик досымыз ғана өзіне тән ержүректікпен және шыншылдықпен былай деді: Марцеллин, сен аса бір маңызды нәрсені ойлағандай уайымдай берме! Өмір сүру маңызды емес, түптеп келгенде – сенің құлдарың да, малдар да өмір сүреді, маңыздысы – адал, ақылмен және жүректілікпен өмір сүру. Тамақ, ұйқы, махаббат – осы үшеуінің төңірегінде ғана айналып жүргеніңе көп болғаны есіңде ғой. Алдымен өлім туралы қорқыныштан өзіңді құтқар. Біз өлуге тиіс болсақ та өлгіміз келмейтіні, өліп бара жатқанда да өлгіміз келмейтіні жиі кездесетін жағдай. Айналып келгенде бізді бір өлім күтіп тұрғанын білмейтін тоғышар жан жоқ, бірақ өлім жақындап келе қалғанда қашқақтап, қалтырап, жылай бастаймыз. Мың жыл бұрын неге өмір сүрмедім деп ойлайтындар, мың жыл кейін де неге өмір сүрмеймін дегенмен бірдей. Сен бұрын да болмағансың, бұдан кейін де болмайсың. Бұрын өлгендердің қаншама тобы сенің алдыңда өткен, кейін өлетіндердің қаншама тобы алдыңда кезек күтіп тұр. Бізге дейінгі де, бізден кейінгі де уақыт біздікі емес. Өзіңе белгіленген уақытты созамын десең – күшіңді босқа жұмсағаның!

Жауының қолына түсіп қалған бір спартандық, оған қорланатын бір жұмыс орындауды нұсқағанда: «Мен құл емеспін!» - деп бақырыпты. Міне бұл еркіндіктің бізге қаншалықты жақын екендігінің көрінісі. Сөйте тұра адамдар құлдыққа түседі. Сен – адамдардың, заттардың, өмірдің құлысың! Өйткені өлуге ерлігі жетпесе, ондай өмір – құлдық өмір!

Гай Цезарь құлдыққа алған біреу одан өлім тілегенде: «Сен қазір өмір сүріп жүрмісің?» депті. Кемпірлер ұзақ өмір сүргенін мақтаныш етеді, бірақ төңірегінде оған төзе бер ме? Өмір пьеса сияқты, оның ұзақтығы маңызды емес, құлаққа жағымдылығы мен жақсы ойналғаны маңызды.

78. Достардың махаббаты ауруға ем, ол қорқыныш пен өлімді күту туралы ойды қуады. Егер достарым өмір сүре берсе, мен де өмір сүргенім – олармен бірге болмасам да, олардың іштерінде, ойларында өмір сүремін.

Посидоний: «білімдар адамның бір күні тоғышардың ұзақ ғасырынан да ұзақ» деген. Бақытсыздықта уайымға түсіп кетпе, сәттілікке сенбе, фортунаның алдамшылығын ойла – ол бірде оңынан, бірде терісінен келеді. Ұзақтан бері күтіп жүргеніміз бола қалғаны оңайырақ.

80. Денесін шынықтыратын адамдар көп, жан-дүниесін жетілдіретіндер өте аз.

82. Нені ойыңа алсаң соны орында, қалай өмір сүргің келсе солай өмір сүр, өмірің желіп өтетіндей болғанша, қиын болсын.

83. Ішімдікке салыну - өз еркімен ессіздікке ұрыну. Адамдардың көбін тыйым салынатын нәрседен жақсы ниет емес, ұят ұстап қалады.

84. Ғылымға құмарлық - өзгенің есебінен ақыл алу. Оқысам, біріншіден -өзіме өзім риза бола түсуден арыламын, екіншіден, біреудің білгенін біліп болған соң, оны жетілдіруді ойлаймын. Оқу ақылға азық береді. Тек жазумен немесе тек оқумен ғана айналысуға болмайды, оларды кезектестіріп отыру керек. Сонда біз оқығанымызды елеулі бір нәрсеге айналдырамыз. Осылай біз гүлге қонып бал шырынын жинап, оны алып келіп бір қауызға құйып балға айналдыратын бал арасына ұқсаймыз.

87. Кездейсоқ нәрсе бізді жақсы ете алмайды.

Байлық делдалға да, жезөкшеге де қона салады. Клеопатраның сүйіктілерінің бірі Хелитон да бай болған. Жалған сөйлейтін және аузы таза емес Натал да (әйелдер оның аузына кіші дәрет сындыратын болған) көп байлыққа мұрагер болған және мұрагерлікке көп байлық қалдырған. Кім қандай нәрсеге ие болса, өзі де сондай. Ақша салатын жәшіктің құны ішіндегі ақшаның құнымен тең, жәшіктің өзі сол ақшаға қосымша ғана. Сондай-ақ, көп ақшаның иесі сол ақшаға қосымша. Ал игілік әркімге беріле бермейді. Ол жамандықтан туындамайды, байлық сараңдықтан пайда болады, демек, байлық – игілік емес.

Қанжар өзі ешкімді өлтірмейді, бірақ ол өлтіруге құрал бола алады.

88. Музыка жайында айтсақ, шектер жуан және жіңішке дыбыстар шығарғанмен, өзара үйлесім табады. Адам жанында да осындай үйлесім болуы тиіс.

Геометрия менің иелігімдегі жерді өлшеуді үйретеді, бірақ адамға қанша жер керек екенін үйрете алмайды. Маған сол иелігімді кішірейтіп алма деп ақыл береді, ол - жерді өз туыстарыммен де бөліспе дегенімен тең. Одан да мен бәрін беріп, көңілді күйімде қалуды үйренсем болар еді. Тура сызықтың қандай екенін біле тұрып, тура жол таппасаң, оны білгеннен пайда не?!

Білсең де, білмесең де солай болатын болса, болмай қоймайтын нәрсені алдын-ала білудің керегі не?!

Жақсылық пен жамандықты зерттейтін тек философия ғана. Уәдеге беріктік - өрте, ұр, өлтір, бәрібір сатып кете алмаймын, - дегенге алып келсе, ондай қаскөйлікке негізделген уәдеге беріктік неге керек.

Адамға қатысты істердің қайсысын алмасаң да, оның біліп алатын және зерттейтін нәрселері қисапсыз көп, соның жаныңның қоржынына сыйғызу үшін басқа артық нәрсенің бәрін жаныңның қойнауларынан қуып шығу керек. Ізгілік тар, лас жерде жасалмайды. Жаныңды тазарт, керексіз нәрселерді қоқысқа таста.

89. Өзіңді бағындыр Луцилий! Енжар бола бастасаң – оят, бейбастақтық бар болса – тыйым сал, өзіңнің де өзгенің де сараңдығыңды қадағалап, түзет. Жеріңнің шекарасын, байлықтың көлемін- өсіремін деп қашанғы тырысуға болады?! Бүкіл ел сыйып кететін жердің бір ғана қожайынға керегі не? Араларын бөліп тұрған өзенді, тіптен теңізді де бөліп алуға тырысудың қажеті қанша? Ондағы аралдар да менікі болсын деу қай ақылға сыяды? Бүкіл имениені, тіпті державаны өз иелігіне алғанның иелігінен тыс тұрған бөлік бәрібір көп болады.

Ал, біреу сараңдық жасаса, біреулер орынсыз шашуға құмар, оларды қайтеміз. Әсем көлдердің жағалауын менің үйім сәндендіріп тұрсын дейтіндер, сән-салтанатқа құмарлар неге көп? Соншама көп ұйықтайтын бөлмелер кімге керек? Соның біреуінде ғана жатпай ма адам?

Біреуге бір нәрсе айтқанда, оны өзің де есітетініңді, жазғанда оны өзің оқуға тиіс екеніңді ұмытпа?

90. Дүниеге келгендердің барлығы саналы болса, даналық өзінде барды жоғалтып алар еді. Оның ең бағалы және биік болатыны – ол бізді өзі іздеп келмейді, оны ұғынуға әркім өзі барады, біреу арқылы оны ешкім ала алмайды.

Философияның еңбегі біреу ғана – барлық құдайлық және адамдық істерде ақиқатты табу. Әділеттілік, арлылық, ұяттылық онымен дос. Ол бүкіл киелі нәрселерді құрметтеуді және бүкіл адами нәрселерді сүюді үйретті, құдайлардың қолында билік, адамдардың қолында достастық болуды насихаттады.

Барлық нашарлардың жақсыларға бағынатыны - табиғи іс. Үйірді немесе қотанды үлкені немесе мықтысы басқарады. Адамдарды басқаратын билікшілер үлкен немесе мықты болумен бірге адамдық қасиеттері мол болса игі.

Посидонийдің «құйылған темірді ақылмандар жасап шығарды» дегенімен келісе алмаймын. Темір мен мысты ақылдылар емес айлалылар тапқан. Өйткені ондай заттарды табу үшін оны бағалай білу керек.

Ақылманның тамақ табуы жеңіл. Өйткені оған көп нәрсе керексіз.

Бір ақылман қос алақанын біріктіріп бұлақтан су ішіп тұрған баланы көріп, қашаннан бері қалтасында алып жүрген шыныаяғын лақтырып жіберіпті. Табиғат ешкімге салмақ салмайды, ешкімнен ешқандай ауыр жұмыс талап етпейді. Біз әзірге тап болғанбыз, тойына бастағанда одан да жақсырақ болуын қалап, өзімізді өзіміз қиындыққа мойынсұндырғанбыз. Сән-салтанатқа құмарлық табиғаттың тепе-теңдігін бұзды, олар алдымен артық нәрсені қалай бастады, сонсоң табиғилыққа жат істерге барды, бірде бірте жанын тәніне құл етті.

Ақылман жалған пікірлерге бағынуға тыйым салды, кейін өкінетін рахатты айыптады, бізді ылғи қуанышқа алып баратын игілікті мадақтады.

Ең бақытты адам – бақытты керек етпейтін адам, өзіне билік ете алатын адам – ең билігі толық адам.

93. Ұзақ өмір сүруді емес, ризалықпен өмір сүруді уайымдау керек.

98. Бақытқа бағыныштыларды бақытты деме.

Кім керегінен ерте қасірет шексе, сол керегінен көп қасірет шегеді.

Бақыттың сағымы тобырды еліктіреді.

99. Досың қаза болса, сондай досың болғанына шүкірлік ет, сонда қайғың азаяды.

Бақытты да, қайғыны да көзге ұрып тұратындай сездіру – санасыздық.

101. Әрбір күн, әрбір сағат біздің түкке тұрмайтынымызды көрсетіп тұр.

Өмірге құштарлықтан да құтыла жүру керек: ақыры болмай қоймайтын нәрсе болмай қоймайды.

Дүниеден өтер сағатың соққанда қорықпа: ол сенің жаныңның емес, тәніңнің соңғы сағаты. Табиғат бізді кетерде келген кезіміздегідей тонайды. Әкелгеніңнен көп нәрсе әкете алмайсың, қайта өмірге ала келген нәрсеңнің біразын тастап кетуге тура келеді. Сенің соңғы күнім деп қорқып жүрген күнің - сенің мәңгі өміріңнің туған күні.

103. Дауылдан алдын найзағай жарқылдайды, ғимарат құлар алдында қабырғасында жарықтар пайда болады, өрт болғанда алдымен түтін иісін сезесің.

105. Адамды басқа біреуді өлтіруге итермелейтін – үміт, қызғаныш, жек көру, қорқыныш, жаны жаратпау.

Ең пайдалысы қобалжымау және адамдармен аз сөйлесу, өзіңмен көбірек сөйлес.

Жаза күткен жазаға ұшырайды, ал ол жаза лайықты болса, онда келмей қоймайды. Ұсталмаған айыптының өзі ұсталып қалар ма екенмін деп уайыммен өмірін өткізеді.

107. Өмір – дөрекі нәрсе. Сен ұзақ жолға шықтың, демек бір жерде сүрінесің, бір нәрседен таяқ жейсің, құлайсың шаршайсың, сонда: «өліп қалсам етті» деп ойлайсың, бірақ өзіңді алдап тұрсың, ол ойдан шошисың.

Қыста жаурайсың, жазда ыстық, теңіздегі тыныштықтан кейін толқындар көтеріледі, кезектесіп желдер соғады, түн күнді алмастырады, мәңгіліктің өзі қарама-қарсылықтардан тұрады.

XII.2008 – II. 2009.

III. 2012.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙