Өмірдің биік аспаны
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Амангелді Кеңшілікұлы — «Өмірдің биік аспаны». МӘҢГІЛІК СӘУЛЕ
/uploads/5063e2d5-2c2f-520f-b07a-35304debf10c/cover.png
МӘҢГІЛІК СӘУЛЕ
Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы туралы қазақ қаламгерлерінің біразы өз көзқарастарын білдіріп мақала жазғаны белгілі. Ең алғаш ақынның көзі тірісінде қалам тартқан Әбіш Кекілбаев болатын. Басқаларының бәрі дерлік ақынның даналығын ол көз жұмғасын ғана түсінгендей жабыла жазып, жарыса мақтаған.
Мақтаудың да мақтауы бар. Сырттай қызықтау, тереңіне бойламай сұқтану айналысы мәрмәр таспен әдіптеліп әшекейленген құдықтың суының дәмін білмей-ақ сыртқы сұлулығына мәз болумен бірдей.
Поэзия – адам жанының дауасы. Сахна төріне шығып алып, қолын сермелеп ақыл айту немесе халықтың ауру-сырқаулы нүктелерін одан сайын қоздырып, ақыл айтып, үгіт-насихат жүргізу – поэзия емес.
Жеке адамның жан әлеміне қалай әсер етеді, ол оқырманның сезім пернелері діріл қақты ма, өзінің сөзіндей, өзінің мұңы мен қайғысындай немесе қуанышындай алай-дүлей күйге түсірді ме – міне, Поэзия деген арудың құдіреті осында.
Сіздің қолыңызда қазақ әдебиетінің тарихында бұрын-соңды ешкім жаза алмаған, Жаратылыстың жаны құпия-жұмбаққа толы Ақын атты перзентінің әр лебізімен өзінің жүрек пернелері үндестік тауып, ақын өлеңдеріндегі қуанып отырып жылаған, еңіреп отырып күлген ғажайып сезім, қым-қиғаш жан тебіреністері бұл автордың да тұла бойын жер сілкінгендей күйге түсіріп, өз басының жүрекжарды қуанышы мен аспан жерге құлағандай қабырғасын қақыратқан қайғысына қаламын малып жазған эссе-роман.
Егер сіз осы кітапты бас ала алмай оқып түсінсеңіз, сіз бақытты адамсыз. Мұндай ұлы дүниелерді түсінудің өзі – ұлылық.
Жарық дүниеден тым жас кеткен қазақтың көрнекті ақыны Кеңшілік Мырзабековтің ұлы Аменгелдінің шығармаларын оқыған сайын «атадан бала туса игі, атаның жолын қуса игі» деген бабалар арманынан туған тіркес менің көкейіме оралады. Сонда менің көзіме жас үйіріледі... Оның «Қазақты сүюін», «Кафканың үйін», «Гогольдің өлімін» немесе басқа жазбаларын оқыған сайын көркем шығарма оқығандай және сол шығарма оқиғасының дәл ортасында өзім жүргендей сезінемін.
Қазақ әдебиетінің мен білетін тарихында дәл Амангелдідей терең талғамды түсінікпен поэзияға, жалпы әдеби шығармаға талдау жасаған сыншы немесе эссеист болмаса, әдебиет тану саласында еңбек еткен ғалым болған емес. Әрине, академиктің алтынды шапанын жамылған «атақтылар» болды, бірақ олар социалистік реализмнің шынжырлы шеңберінен шыға алмады немесе талантты қаламгер замандастарының туындыларын жер тепкілеп жамандап, оның орнына жазған-сызғандары кейбір газеттерде жарияланатын ортаңқол репортаж, очерктерден аспайтын, қаймағын алған сүттің айранындай шалапай шығармаларды мадақтап, авторларының арқасына жастық, шынтағына көпшік қою әдетке айналды.
Осындай біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсымен әдебиетімізде Солтүстік мұхиттың балталасаң қатая түсетін сірескен мұз-дариясын атом заманының кемесіндей тілгілеп, әдебиет әлемінің шамшырағындай жарқырап, әділеттен, шындықтан бұрылмай келе жатқан осы - Амангелді Кеңшілікұлы.
Мен Мұқағали ақынның шығармаларына Амангелдімен жарысып талдау жасаудан аулақпын. Көкірегін у жалағандай уһілеп өткен ұлы ақынның оқырмандарының жыл өткен сайын қатары көбейіп келе жатқанын халық көріп отыр.
Осы кітаптың авторы ақынмен замандас та емес, бірақ оның шығармаларын жастанып жатып оқып, жанына талғажу еткен жас ұрпақтың өкілі.
Көзі тірісінде «классик» атанып, дүниеден өткеннен кейін шығармалары ғана емес, өзі де ұмыт болған, ұмыт болатын қаламгерлер қаншама...
Тірілер қатарынан кеткеніне жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, шығармалары жыр қадірін білетін жұрттың рухани қорегіне айналған Мұқағали ақынның рухы жыл өткен сайын туған халқын жебеп, жырлары жаратушы күш көк аспанға қадаған күндей шуақ-сәулесін салқын қоғамнан, суық ауадан тоңып жылу іздегендердің жанын жібітіп, құлазыған көңілдеріне нұр шапағын шашуда. Ол сәуленің нұры ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жеткен сайын жарығы ұлғая түседі. Өйткені ол шынайы поэзияның сәулесі. Ол – мәңгілік сәуле.
Фариза Оңғарсынова, ақын, Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
ҚАРЛЫҒАШЫМ КЕЛДІҢ БЕ?
Дәуірдің сүзгісінен өткен санаулы кітаптар ғана әлсін-әлсін соғатын уақыттың дүлей дауылына төтеп береді. Амал нешік, күні кеше ғана сүйікті досымыз болған том-том кітаптарды да мезгілдің бораны ұшырып әкетіп, ұмытылып, санамыздан сыпырылып қалып жатады. Уақыт - қатал сыншы. Өнердің ұлы талаптарына жауап бермесе, келер ұрпақтың кәдесіне жарамаса, ескерткіш орнатып, құдайдай табынған пірлерімізді де өткір қылышымен турап тастайды. Тамырын тереңге жіберген алып бәйтеректер ғана түк болмағандай бәрімізге сонау аспанмен таласқан биіктен қарап, мәңгіліктің хабаршысындай жайқалып тұрады.
Қала қалың ұйқыға кетіп, өлі тыныштық орнаған түндерде кейде менің сондай ұлы кітаптармен сырласатын кездерім бар. Жұлдыздары самаладай жарқыраған ғажайып түнде тәтті қиялдың құшағында маужырап, мәңгіліктің хабаршысындай болған ұлы ақындардың жырларымен сырласқаннан артық не қызық, қандай ғанибет бар мына жалғанда? Олармен сырласқанымда мүлде күтпеген сүйіспеншілігім оянып, ұлы ойларға жетелеген армандарымның бақшасында қауызын ашқан гүлдері қайта бүршік атып, пайғамбарлар ғана өмір сүретін жұмбақ әлемнің ауасымен тыныстағандай боламын. Жүрегіме қымбат сезімдерімнің шырағын жаққаны үшін махаббатым мен ризашылығымның құрметін білдіргім келген ақындардың, өзімізден аумайтын жұмыр басты пенде болғанына илана алмайтын сияқтымын. Жо, жо, жоқ, қанша тырыссам да мен оларды қарапайым пенделердің қатарына қоса алмаймын. Менің көзіме олар өмірдегі әділетсіздікпен, жауыздықпен, екіжүзділікпен, тоғышарлықпен6 дүние-жалғанның бүкіл зұлымдығымен күресу үшін Жерге жіберілген Алланың елшісіндей болып елестейді. Олардың жырларында – адамды жаратқан алапат рухтың тасқыны мен құдайлық оттың ұшқыны бар.
Өмірдің көлеңкелі өзегінен салқын самал соғып, оның аязы жанымызды тоңдырғанда біз сол ұлы туындылардың отына жылынамыз, маздаған жалынынан қуат алып, өнердің биік аспанындағы ұлы мұраттарға ұмтыламыз. Содан соң, басымызды дуалап алған өнердің сиқырына арбалып, күндіз күлкімізден, түнде ұйқымыздан айырылып, жанымыз аласұрып, тыныштық таппайды.
Не сиқыр, қандай құдірет бар олардың өнерінде? Жазғырсаңыз өзіңіз біліңіз. Өмірдің аласапыранында адасып кетпеуіме көмектесіп, адамдық сезімімнің сүйегін тоздырмай келе жатқан өнер туындыларының құдіретін мен, аспаннан түскен төрт киелі кітаптан кем бағаламаймын. Құдайдың сөзін тереңірек тануға жол ашқан ол кітаптармен өмірдің асау белестерін бағындырып, ақылым толыса бастаған шағымда танысқанмын. Ал сол уақытқа дейін менің ой-санама ізгілікті рухтың нұрлы сәулесін шашып, адамды сүюге үйретіп, Алланың хикметін ұғындырған өнер туындыларының аспаннан түскен киелі кітаптардан несі кем? Әрі-беріден соң Забур да, Тәурат та, Інжіл де, қасиетті Құран да адамдық қасиетімізді жоғалтып алмау үшін көктен түсірген Тәңірдің өнері емес пе? Ендеше оларды оқығанға дейін жанымызды адамгершіліктің нұрлы шуағымен жадыратып, ұлы Жаратушының бар екенін ұмытқызбаған өнер туындыларының да киелі кітаптармен қатар тұруға хақысы бар. Құдайдың қалауымен адам баласы туғызған ұлы шығармаларда да, киелі кітаптардағыдай Алланың мәңгі шешілмейтін жұмбағы жасырынған.
Мен бүгін түннің бір уағы болғанына қарамастан, сондай ұлы кітаптардың арасынан арманшыл дәуренімнің қиялдарын саясына паналатқан Мұқағалидың «Өмірдастан» жыр жинағын алып, ой теңізіне шомып отырмын. Жүрегімді белгісіз сағыныш тырнап, аяулы сезімнің шаншуы мазалап, сағымдай бұлдыраған армандарымды мәпелеген Мұқағали поэзиясымен сырласқан «махаббат қызық мол жылдарымның» жаулығы желбіреп, мені өзіне шақыратын сияқты.
Қандай сұлу еді - ол армандар! Қандай пәк еді - ол махаббат! Арман мен махаббат құсының қанатына мініп, өмірдің биік аспанында самғап, бақыт іздеген сезімдерім қандай әйбат еді! Алтын күннің сәулесімен арайланған бақытты шағымның үстінде күлімсіреген бұлтсыз, ашық көк аспанының көркіне қанша қарасаң да көзің тоймайтын. Ой, дариға-ай, жүрегімді шоқтай қыздырған сол күндер де сынаптай сырғып өте шығыпты-ау. Бір сәтке оралса ғой, көрген түстей болған - ертегі уақыт!
Ғажап! «Өмірдастанды» қолыма ұстағанымда жүрегім дүрс-дүрс соғып, Мұқағали поэзиясының бақшасында гүлдеген сезімдерім қайта тіріліп, тереңде қалған ескі мұңымды оятып, жанымның алыс түкпіріндегі, тіршіліктің базарында жүріп, күйбең тірліктің қамымен ұмытыла бастаған өмірімнің музыкасы ойнап қоя берді. Жүрегімді дүрсілдеткен беймәлім сиқырдың құдіреті ойымда жүрген пенделік тірліктің шаң-тозаңын сілкіп тастап, асқар таудың арғы жағында қалып қойған ұлы армандарымның сәулесіне шомылдырғандай болды, жанымның нәзік пернелері сағыныштан дірілдеп кетті. Алыста қалған балалық сезімдерімнің найзағайы да қайта күркіреді. Ұмытылып қала жаздаған әдемі музыканы есіне түсірген көңілім әлденеге өкпелеген сәбидей өксіп, әуелі көзімнің алдын гауһар тамшылар сақиналап, сәлден соң кірпігімнен сырт-сырт етіп тамған бүртік-бүртік ыстық жас бетімнен сырғанады.
Заулап өткен заман-ай құр аттайын,
Сырғанаған күндер-ай сынаптайын.
Өксі көңіл, өткізген сәттеріңе,
Өксі көңіл мен сені жұбатпайын.
Белгісіз қыр аса ма, сай бара ма,
Асығады осы өмір қайда ғана?!
Көшін тартып барады шіркін жастық
Оянғасын қарасам айналама....
Неліктен, қалайша ұмыта жаздағанмын ол керемет музыканы? Жадыраған жаздың жаймашуақ күніндей ең әдемі үміттерімді нұрландырған ол сиқырлы әуен әлі күнге дейін менің жүрегімнің шыңырауында өмір сүріп келеді екен-ау! Құдайым-ау, әлі тірі екен ғой – ол ғажайып музыка. Қара желі үзілмей соғатын күздің суық күніндей болған жүдеу жылдар да оның гүлдің сабағындай дірілдеген нәзік үнін өшіре алмапты.
Көңіл-күйімді босатып, жүрегімді елжіретіп жіберген Мұқағали поэзиясының музыкасы, құстармен бірге жылы жаққа ұшып кеткен менің бақытты өмірімнің қуанышын алып келгендей болды. Кітапты ашып қалғанымда одан қайғысыз қамсыз күндердің қайығында жүзген дариға-дәуренімнің қарлығашы ұшып шығып, жанымның нәзік пернесіне қонып, дүние сарайымды тазартып, баяғыдай еркелеп, сайрап қоя берді.
Қарлығашым келдің бе, қаршығадан саумысың?
Аман-есен жеттің бе, айыр құйрық нау-құсым?
Оралдың ба тағы да өзің өскен ұяға.
Оралдың ба сүйіктім, екеуің де бармысың?
Қарлығашым, бұ қалай, қайда кеткен серігің?
Зияны жоқ зиялым, өкпелетті сені кім?
...Түсінікті, сүйіктім, түсінікті айтпа енді,
Тұмар құсым кеткен-ау тырнағында перінің.
Мен өзгеріп кеткеніммен, ол алыстан қол бұлғаған бала күнімдегідей жүрегін кірлетпеген, шыныдай таза қалпында қалып қойыпты. Қайғысы сай-сүйегіңді сырқыратып, қуанышы жүрегіңді аттай тулататын Мұқағали ескі досымдай қапсыра құшақтай алып, «жүрегінің түбіне кір жасырмай» ақтарылып, сырласа жөнелді. Ең алғаш оның өлеңдерін Асқар досымнан естіген күнгідей жүрегім қайтадан лүпілдеп, ыстық сағынышы балалық шағымның күллі өлкесін оятты. Аспанмен таласқан Хан-Тәңірінің биігіне көтерілген Мұқағали поэзиясы дүниенің кеңдігін есіме салып, нұрлы шуағымен көңіл-күйімді жадыратты.
Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін,
Алынбаған ақым бар сенде менің
Бұйрат құмдар – бұйығып шөлдегенім,
Бура бұлттар - бусанып терлегенім.
Өнерді жаратқан құдайдың шеберлігіне қалай таң қалмайсың! Кемеңгерді туғызған айдаһар уақыттың таудай ақынды құлатып, мерт қылуға қауқары жеткенімен, жауқазындай жырларын жермен-жексен етуге шамасы келмепті. Кеудемізді арман кеулегенде, сезімдерімізді өрмектің құрындай шайқаған Мұқағали жырлары уақыттың шарпуына қарылған сайын одан сайын жарқылдай түсіпті. Ақынның жауқазын поэзиясы жазда қырда құлпырып, қыстың қара суығында жылы күндерді сағынып, біздің жүрегімізде гүлдей беріпті. Асылық айтты деп сөге көрмеңіз, адамдық сезім аман тұрғанда оны өлтіруге құдайдың да әлі жетпейді екен.
Өмір дейтін тайғанақ мұз-айдында,
Жырлап кетем, алдымен жылаймын да.
Сөредегі кермені кесіп өтсем,
Маған әлі жетпейді құдайдың да.
Мұң мен зарға ондайда шаң қаптырам,
Қайғы дейтін қаншықты қан жаптырам.
Ұры-уайым тиер деп қай жағымнан,
Секем алған киіктей аңдап тұрам.
Аттай жүріп өмірдің баспалдағын,
Бірі менмін қайғыдан қашқан жанның.
Көзім жасын көл етсем сөнер ме екен,
Көмейімнен лапылдап, шашқан жалын?!
Жоқ сөндірмен, сөндірмен, жыламан да,
Қуаныштан мұң жуық тірі адамға.
Дариясы өмірдің шайқалмайды,
Дәрмені жоқ бір пенде жылағанға.
Жүргемін жоқ қайғының жүгін артып,
Ер сүрінсе еңкеймес, жығылар тік.
Бөліп-жарған қайсыбыр қуаныштан,
Ойландырған оңаша мұңым артық.
Уақыттың дүлей дауылы Мұқағали поэзиясының рухын сындырмақ түгіл, оны шыңдай түсіпті. Қайта бүгінгі күннің тірі ақындарынан гөрі сүйегі баяғыда қурап қалған Мұқағали поэзиясының өміршең рухы ұрпақтың қамын көбірек ойлап, қамығатын сияқты. Бәлкім, өңінен қайғының табы сезілетін Мұқағалидың осыдан отыз жыл бұрынғыдай кітап бетінен маған мұңайып қарайтыны да сондықтан шығар?! Кім біліпті? Мына рухсызданған әлемде, әлі де оның о дүниедегі жанын баяғы ауыр ойлар жаншып, мазалап жүргендей. Ақынның ақберен жырларын оқығанымда менің жаным онымен бірге жылап, күйзелгендей болды.
О, Муза!
Қайдасың сен желік берген?
Жалын мен отқа ғана ерік берген
Серігім, қайдасың сен сеніп келген?
Дәптер жатыр парағы аударылмай,
Аударылмай шынымен қалғаны ма-ай!
Ойлар жатыр еңсемді бір көтертпей,
Тонна-тонна қорғасын салмағындай
О, Мұқағали! Сен менің арманның көбелегін қуған балалық кезімнің, махаббаттың дәмін алғаш татқызған, сосын оның күйігінен өртеніп кете жаздаған бозбала дәуренімнің және өмірдің аласапыранында да алыстағы жұлдыздарға қолымды созғызған жастық шағымның - ең сүйікті Музасы болдың. Өзімді табу үшін сенің өлеңдеріңмен сырласқан жылдарымды жаным тынышталып, көзім жұмылғанша ұмыта алмайтын шығармын. Енді жанымды жылытып, жүрегімді әлдилеген сол жылдардың уақыт көмескілеген әйнегінің шаңын сүртіп, шамам жеткенше оны суреттеп көрейін.
Төртінші сыныпқа көшетін жылы інім Мағжан мектепке баратын болып, әке-шешем мені қалаға алғызды. Торғайда таңның атысынан, күннің батысына дейін ауланың ит-құсын шулатып жүрген ауылдың қара домалағы бір күнде қаладан бір-ақ шығып, 1978 жылдың тамылжыған тамызында Алматыға келдім.
Алматы салқын қала екен. Аэропорт басынан әжем екеумізді әкем қарсы алды. Самолеттен шыққанымда бір суық ызғардың бойымды түршіктіріп жібергені есімде. Жолдары тақтайдай тегіс көшемен заулаған таксидің ішінде келе жатып, көшелері дәл күндізгідей жарқыраған қаланың түнгі көрінісіне таң қалып, терезеге жабысып, көп қабатты үйлерге қызыға қараймын.
Үйіміздің дәл іргесінде орналасқан №9 қазақ-мектеп интернатында негізінен тек ауылдың балалары жатып оқитын. Едәуір қиындық туғызғанымен, амалын тауып әкем, інім екеумізді сол мектепке оқуға берді. Жеміс-жидектің бәрі уылжып піскен 1 қыркүйекте судай жаңа формамды киіп, Алматыдағы жалғыз қазақ-мектеп интернатының табалдырығын аттадым.
Қандай ортаға түссе де ең алдымен баланың іздейтіні - дос. Ол оңай табыла кетті. Аты-Асқар. Бойы менен ұзын, сүйегі ірі, ат жақты, қыр мұрынды, көркі келіскен бала. Беті сәл сопақтау, түрі қазақтан гөрі, сол жылдары барлық қыздардың «кумирі» болған, үндінің әртісі Дхармендраға қатты ұқсайды. Қасы-көзі көмірдей қап-қара. Әсіресе көздері сүйкімді, әрі әдемі. Күлімдегенде кез-келген қыз оның жанында суға салған қанттай еріп сала беретін.
Қаланың баласы болған соң, ауылдың қарадомалақтары сылтау тауып мені ұрып тастағысы келіп тұратын. Шамасы оған интернатта жатып оқитын сыныптастарымды «инкубаторлықтар» деп мазақтайтын қыршаңқы тілімнің де жазығы бар болуға тиіс. Реті келсе мені бір нұқып қалуды олар теріс көрмейтін. Алайда ондайды істеуге Асекеңнен сескенетін. Кез-келген баланы оның мысы басып тастайтын. Мен осындай күшті дос тапқаныма бақытты едім.
Екеуміз кейде сабақтан қашып, киноға барамыз. Есейе келе бұзықтығымыз үдей түсті. Ұстаздарымыздан жасырынып мектептің төбесінде немесе сабақтан соң әке-шешемізден тығылып Асқардың үйіне жақын жердегі сарқырап ағатын үлкен Алматы су каналының айналасындағы жібектей майса шөпте жантайып жатып, темекі шегетін жаман әдет шығардық. Осындай «рахат» көңіл-күйдің үстінде бір күні мен досымның көңілін аулау үшін, оған орыстың ақыны Сергей Есениннің өлеңін оқып бердім.
Не жалею, не зову, не плачу,
Все пройдет, как с белых яблонь дым.
Увяданья золотом охваченный,
Я не буду больше молодым.
Әдебиетке аса қызықпайтын досым оқыған өлеңімді қас-қабағы да қимылдамай, сүйсініп тыңдап отыр. Әлденені есіне түсірген көздерін алысқа тігіп, жанарын беймәлім мұңның кірбіңі шалып, ойланып қалыпты. Құлағының жанынан ұшып өткен араның ызыңын да елейтін емес. Өлеңді оқып болғанымда ғана назарын маған аударып:
– Бұл кімнің өлеңі? – деп сұрады.
– Орыстың ақыны Сергей Есениннің.
– Керемет өлең екен. Енді мен де саған бір өлең оқып берейін.
Ол көк теңіздің түсіндей джинсиінің қалтасынан, қатырма қорапқа салынған, сол жылдардағы ең қымбат «Космос» темекісін алып, бір талын маған берді де, екіншісін әлі анасының сүті кебе қоймаған балғын ерніне қыстырды. Оттық алып, екеуміздің де аузымыздағы шылымымызды асықпай тұтатты. Ащы түтінін сорып-сорып қойды.
Сен мына – жанарымның ішіндесің,
Жанардың білесің ғой кішірмесін,
Ішіне жанарыңның сақта мені,
Біреулер көлеңкесін түсірмесін!
Асқардың соншалықты шынайы, әрі табиғи жазылған өлеңді қайдан жаттап алғанына қайран қалып, аузым ашылып, сүйсінгенімнен орнымнан қозғалмай, мелшиіп тұрып қалыппын. Және музыкасы сыңғырлаған ғажайып өлеңді өмірдегі ең аяулы досымның оқып беруі маған қатты әсер етті.
Өлеңнің алғашқы жолдарының өзі-ақ жанымды баурап, толқынысқа салды. Тұлабойым шымырлап, таудың арғы бетінен талып естілген әдемі әнді немесе әр дыбысы сезіміңнің жібектей нәзік пернелерін басатын Бетховеннің «Айлы сонатасын» алғаш тыңдаған адамдай дүниенің бәрін ұмытып, өлеңге ұйып, есеңгіреп барамын. Ойым мына дүниені ұмытып, маған бейтаныс бір әдемі әлемде ләйліп жүр. Сәл тыныс алып, темекісінің түтінін аспанға сақинаша будақтатып болып, досым өлеңді әрі қарай оқып жатыр.
Сен менің - мына тылсым кеудемдесің,
Білесің, кеудеме ешкім тең келмесін.
Кеудеңе-зынданыңа салып сақта,
Біреулер көкпар қылып өңгермесін!
Асқар өлеңді қоңыр дауысымен, бір деммен, мәнерлеп оқып шықты. Мектептегі ұстаздарымның әдебиет туралы сұрақтарына мүдірмей жауап беріп жүрген мен, бұл өлеңді кімнің жазғанын таба алмай, өмірімде тұңғыш рет жеңіліске ұшырадым. Басқа емес, әдебиет пәніне мүлде қызықпайтын досымнан жеңіліп, оның алдында ұятқа қалдым.
Балалық жүрегімді қайта-қайта соқтыртқан сол күні тұңғыш рет Асқардан, өмірден ерте өткен қазақтың Мұқағали Мақатаев есімді ақынының болғанын естідім. Ақынның баласы бола тұрып, мұны білмеуім ұят, тіпті өлім еді. Бірақ біраз уақыттан кейінгі Асқардың қалжыңы маған ұят-сиятты да, өлімді де ұмытқызып жіберді.
– Не болды саған, Ардаша ғашығың есіңе түсіп кетті ма? – деді ол кенеттен, ойланып кеткен маған қылмысымның дәл үстінен түскен тергеушідей дүңк еткізіп.
– Ал, сен Ботаға ғашықсың...
Екеуміз кілемдей жайылған көк шөптің үстінде алыса кеттік. Төбемізден осы тентектігіміздің бәрін көріп, балалық шағымыздың күні күліп тұрды.
Екі күннен соң менің өмірімде ертегіге бергісіз оқиға болды. Жексенбіде әкем Мұқағали Мақатаевтың «Дариға-жүрек» кітабының негізінде театр институтының соңғы курсының студенттері сахналаған, Алматыдағы балалар мен жасөспірімдердің театрында болып жатқан қойылымға ертіп апарды.
Қыркүйек айының аяғы еді. Уақыт екінтіден ауып, ақшам мезгілі жақындап қалды. Қалың өртке қызған темірдей қызарып, дүниеге қызғылт сәулесін шашқан күн де ұясына батып барады. Жаздағыдай емес, күннің жылы шырайы азайып, бірте-бірте денем суық желдің өткірлігін сезе бастады. Қойылымның басталуына әлі біраз уақыт бар.
Театрдың алды ығы-жығы адам. Жүрегім лүпілдеп, кітаптарын сүйсініп оқыған жазушыларымды көруге ынтығып, біреуді іздеген адамдай жан-жағыма алақ-жұлақ қараймын. (Мен ол жылдары оқиғасы қызық прозалық кітаптарды көп оқитынмын, поэзияға аса қызықпайтынмын. Арманым - болашақта үлкен жазушы болу еді.)
Бірақ өзім танитын жазушылардың ешқайсысын да көре алмай қатты қапаландым. Бір уақытта жазушы Төлен Әбдіковты көзім шалып қалғанда, құдды бір пайғамбарды көрген бейбақтай тұла-бойым дірілдеп кетті. Былтыр жазушының «Айтылмаған ақиқат» деген кітабын оқып, қатты сүйсінген едім. Әсіресе кітаптағы «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі мен «Оң қол» әңгімесінің аянышты оқиғасы қатты әсер етіп, жүрегім күйзелгендей болған. Ал, «Әке» повесін оқығанымда түні бойы жылап, көзім бұлаудай болып ісіп кеткен. Енді міне сол сүйікті жазушым – дәл менің алдымда тұр. Менің қиялымда - бұл тек ертегілерде ғана болатын ғажайып сәт!
Әкем театрдың алдында Төлен Әбдіковпен амандасып, шүйіркелесіп, біраз уақыт әңгімелесіп қалды. Мен шығармаларын оқығанымды айтып, жазушыға мақтанғым келді. Сосын үлкен жазушы болу үшін не істеу керек екенін сұрағым келді. Сосын.. Бірақ «Ассалаумағалейкум» деп сәлемдескеннен басқаға, батылым жетпеді. Сүт пісірім уақыттан соң ол бұл қойылымды кеше көргенін айтып, әкемнен рұқсат сұрағандай кейіп танытып, кетіп қалды. Өкінішті. Көкейімде жазушыға қоямын деген, өзегімді жыртып бара жатқан қаншама сұрағым қалып қойды.
Театрға кірдік. Төбесі биік, әрі күмістей жарқыраған өнер ғимаратының ішін арлы-берлі кезіп, жұртқа қарап, маңғазданып қоямын. Өнерлерін кинодан немесе теледидардан ғана тамашалап жүрген, театрдың қабырғаларына ілінген атақты әртістердің суреттеріне аузымның суы құрып, тамсанып қараймын.
Орнымызға отырдық. Жарық сөніп, сахнаның шымылдығы түрілді. Бақытымызға орай, бізге сахнаға жақын жерден орын бұйырыпты. Тағатсыздана күткен қойылым да басталды-ау! Зал сілтідей тына қалды. Масаның ызыңы естілетін тыныштық орнады.
Сахнаға үріп ауызға салғандай сұлу қыз бен әдемі жігіт жүгіріп шықты. Қыздың күннің сәулесіндей жібек көйлегін, төбеден түскен сахнаның жарығы онан сайын жарқыратып жіберді. Жарықпен бірге тал шыбықтай бұралған қыздың оқтаудай түзу аяқтары мен ақ сазандай сандары көзіме шағылысып, балалық көңілімнің ұялшақ сезімін қытықтай жөнелді.
Олардың арғы жағында теңіздің асау толқындары тулап жатыр. Дүниеге мас екі ғашық бір-біріне ынтығып, күн жауардың алдындағы теңізден бетер алабұртып, алқынып тұр. Бір мезгілде жүректің нәзік талшықтарын музыканың әдемі әуені тербеп, жігіт сол сөзді асыға күткендей болған қызға қарап, тіл қатты:
Мен –Адам Ата,
Ол – Хауа ана,
Мен де таза, ол да таза, ауа да.
Жылжып ағып жылға жатыр – қой толқын,
Харекетсіз біз отырмыз жағада.
Дәл осы сәтте бір алапат күш отырған орнымнан жұлып алып, сол жылдары сүйіп тыңдап жүрген композиторым Гектор Берлиоздың «Симфониялық фантазиясынан» төгілген музыканың құдіреті жан сарайымда ойнақшып, оның асау толқындары мені өзімен бірге ағызып әкеткендей болды.
Көзіме теңіздің жағасында бір-біріне еркелеп, арпалысып жүрген арыстандар елестеді. Біреу мені қолымнан жетектеп, Құдайдың жәннат-бағына кіргізіп жібергендей. Жылжып аққан жылғаға тас лақтырып, аяқтарын құмға бөлеген қыз бен жігіттің сыр-дастанын ұйып тыңдай бергім келеді, тыңдай бергім келеді. Дүние алғашқы жаратылған пәк қалпына қайтып оралғандай.
Сыр-дастандағы суреттелетін бүгінгіден тым бөлек табиғаттың көрінісі неткен керемет еді! Төбеңде құстар ию-қию шулайды. Бұйра шашын таранған шалғында, нәр алудан тынбаған көбелектер ұшып жүр. Жан-жағыңдағы сан-алуан, қызыл-жасыл гүлдер қандай тамаша!
Тау мен орман жақтан әдемі самал соғады. Көктемнің шарабына мас болған Адам Ата мен Хауа ана Жаратушының айтқанын тыңдамай алғашқы күнәларын бастағалы тұр. Құдай кешірсін, бірақ осындай сұлу табиғаттың аясында ол күнәны бастамау мүмкін бе өзі? Тіршіліктегі аң-құстардың бәрі де сенің сол күнаны жасағаныңды қалап тұрса, одан қалай бас тартуға болады? Алмадай албыраған Хауа ананың балдай тәтті ернінен өбіп, оттай ыстық құшағында балқып, Құдай тыйым салған күнаның рахатына батқаннан артық қандай ләззат бар, мына жалғанда? Және ол ләзатты Құдайдың өзі жаратса.. Алайда, бәрінен бұрын сол күнаға батпай, жанып барып тоқтаған ақынның сезімі қандай пәк, әрі сұлу еді десеңізші!
Албыраған алмадайын Хауа анам,
Албырап тек отыр еді манадан,
Шырт етті де, бұтағынан үзіліп,
Шолп беріп, суға түсті жағадан.
Сермеп қалып, аппақ сазан-білекті,
Ағынменен арпалысып бір өтті.
Су сипалап, су аймалап денесін,
Мен өппеген дидарынан су өпті.
Студенттер сахналаған қалған қойылымдарға ақынның соғыстың сүреңсіз жылдарын суреттеген «Шаруа һәм жауынгер», «Менен сұра», «Аға мен тірімін» сияқты поэмалары негіз болыпты. Ал, бұл қойылымдардан алған әсерімді айтып жеткізуге тілімнің құдіреті жетпейтін шығар, сірә!
Сахнаның шымылдығы қайта түріліп, екінші қойылым басталғанда «Адам ата мен Хауа анадағы» нұрлы сәулесімен жанымды еркелеткен әуен кілт тоқтады да, күтпеген жерден ойнап кеткен Вагнердің симфониясындағыдай мазасыз музыка жанымның тыныштығын бұзды. Жаңа ғана жүрегімді жылытқан музыканың құдіреті, енді мені суық мұздың үстіне тастай салып, тұла-бойымды түршіктірді. Өмірді жұтып қоя жаздаған аждаһа ажалды көзіммен көргендей, көңіл-күйімде бір құйын басталды.
Зұлым соғыстың ащы шындығын жырлаған бұл дастандардан, осы тақырыпқа жазылған кейбір туындылардағыдай жалған пафостың үнін естімейсің. Кейіпкерлердің іс-әрекетінің бәрінен де соғыс атаулыға қарсы шығып, гуманизмнің туын биік көтерген Мұқағалидың жан айқайы шыңғырып тұр.
Осыдан бір жыл бұрын оқыған Лев Толстойдың соғыс тақырыбына жазылған әңгімелері есіме түсті. Мұқағалидың ұлы дастандарында да соғыстың трагедиясын суреттеумен қатар, дәл Толстойдағыдай сол зұлматтың неден болатынын білгісі келетін философиялық тереңдік бар.
...Соғыс деген қайдан шықты?!
Авторы кім алғашқы?
Есіл Адам, есі кетіп, оған несін жармасты?!
Бір дәуірден бір дәуірге неге үзілмей жалғасты,
Бүкіл адам тарихының бетін неге қан басты?
Есіңізге түсіріңізші, орыстың ұлы жазушысының «Жортуыл» әңгімесінде де картинаның қақ ортасынан, отандастарының пікіріне қосылмаған «Шынымен де адамдарға осы ғажап дүниенің, мынау шексіз жұлдызды аспанның астында өмір сүру тарлық ете ме? Қалайша мынау сүйкімді табиғаттың аясында адамның жанында өшпенділік сезімі, кекшілдік, өзі сияқтылардың көзін құрту құмарлығы өмір сүре алады. Адамның жүрегіндегі жаманшылықтардың бәрі де сұлулық пен мейірімділіктің көрінісі болып табылатын – табиғатпен жақындасқанда жойылып кетуге тиіс емес пе» деген Толстойдың соғысқа қарсы дауысы естілмейтін бе еді.
Үйге келе салысымен әкемнің бөлмесіндегі кітаптарды қотарып Мұқағалидың жинағын іздедім. Жазу үстелінің тартпасынан ұлы ақынның «Өмірдастан» деген таңдамалысын тауып алғанымда қуанышым қойныма сыймады. Үміт пен күдік бір мезгілде көңілімде оянып, жүрегім лүпілдеп ақын жырларына үңілдім.
«Өмірдастанды» оқи бастағанымда, аспаннан тырналардың тізбегі ұшып өтіп, ауламыздағы үйлердің төбесіне қонғандай болған ғажайып бір көңіл-күйдің бесігіне бөленгенімді білемін.
Ақынның көктемгі табиғаттың көркіндей сұлу поэзиясы бозбала дәуреннің желігімен қатқылдана бастаған жүрегімдегі мұздарды ерітіп, ізгілікті сезімдерімді оятқандай ма, қалай?! Ал, кітапты соңына дейін оқып шыққанымда тас-талқаным шығып Мұқағалидан жеңілдім. Ол менің еркімді билеп, ой-санамды жаулап алды.
Бір күндік сәуле..
Бір күндік жарық мекенім!
Мәңгілік түнек – қапасқа қалай кетемін.
Келмейді-ау тілім...
Өлгеннен сұра дер едім,
Тірі жандарға,
Өмір дегеннің не екенін.
Өмір дегенге,
Тірлікте, сірә, жетер ме ой,
Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.
Бекер ғой бәрі,
Бекер ғой бәрі – бөтен ғой
Өмір дегенің – бір күндік Сәуле екен ғой!
Ғарыштан құйылған ғаламның мұндай көркем шуағын өмірге шашу үшін сезімнің жылуы жеткіліксіз - жүректің қайнаған ыстығы керек. Өмірде көрген қызығыңның бәрі жалған! Адамның әппақ арманынан жаратылған сәуленің бар екені ғана рас. Қиял-ғажайып ертегідей болған күздің осы түнінде, кеудемде дүниеге жарығын шаша алатын бір жарық сәуленің болғанын жан-тәніммен аңсадым.
Бірақ мен оның бір күндік емес, сәулесі мәңгі сөнбейтін жұлдызға айналғанын қаладым. Балалық жүрегім сол мәңгілік сәуле үшін ғана өмір сүруге болатынын түсінгенде ауға түскен балықтай тыпыршып, балғын жұдырығымен кеудемді қайта-қайта ұрды.
Түн ортасы. Үйдегілердің бәрі ұйықтап қалған. Мұқағалидың жырлары қиялымды тербеп, делебемді қоздырып, қанша тырыссам да көзім ілінбей қойды. Ешкімге білдірмей далаға шығып, шылым шектім.
Сынған семсердің шетіндей болып ай туыпты. Қараңғы түнде өмірдің биік аспанында жымыңдаған жұлдыздардың бәрі де жерге Мұқағали поэзиясының сәулесін шашып тұрғандай. Темекінің ащы түтіні жаныма жағып, дәмді болып барады. Аулада ескен самал жел мұрныма алма ағашының әдемі иісін әкелді.
Жаным рахаттанып, таза ауа тынысымды ашып жіберді. Көктегі самсаған жұлдыздарға қызыға қараймын. Ертегіге бергісіз сол түні өмірімде тұңғыш рет мына жалған-дүниеден жоғалып, қара түнді ерекше сәндендірген жұлдызға айналып, шексіз аспанға сіңіп кеткім келді.
МАХАББАТ ЭЛЕГИЯСЫ
Жұмыс ыңғайына орай Арқаның төсіндегі әсем қала Астанаға қоныс аудардым. Енді Алматыға жолым түскенде Кеңсайда жатқан зиялыларымыздың аруақтарына тағзым етіп болған соң, қаланың ортасындағы саябақтағы Мұқағалидың ескерткішіне соғып, ақынның рухымен сырласып қайтуды дәстүрге айналдырдым. Бірақ ұлы ақынның рухына ілтипат танытып, оның ұшып кеткісі келген қырандай қомданып отырған таудай ескерткішіне сәлем бермес бұрын, сол саябақта сыңсып өсіп тұрған ағаштардың арасынан Мұқағалидың қайыңын тауып алуға тырысамын.
Салқын күзде бүрсеңдеп, сол қайыңды тағы бір көруге ынтығып, ғашығын сағынған жігіттей саябаққа қарай асығып келемін. Күннің жауатынан хабар беріп ескерткендей болып түнерген аспанға көз қиығымды да салмаймын. Көңілсіздіктің жаулығын жамылған күйімді жапырағы тоналып жатқан Мұқағалидың қайыңы ғана түсініп, маған аяушылықпен қарайды.
Бұл жолы да ол ертегідей басталып, қайғылы аяқталған бозбала дәурен шағымдағы алғашқы махаббатымды есіме түсіріп, мені мұңайып қарсы алды. Құдай-ау, содан бері жиырма бес жыл заулап өте шықса да сол күндердің қас-қағым сәті де ұмытылмай, елесі әлі күнге мені мазалап, қыр соңымнан қалар емес. Екеуміз талай қыдырған, қол ұстасып жүріп армандаған, ең алғаш рет саған Мұқағалидың өлеңін оқып берген осы саябақта бірнеше жылдан соң, аяулы менің Махаббатымның белгісіндей болып ұлы ақынның ескерткішінің орнатылатынын кім білген?
Сенің опат болғаныңа да жиырма бес жыл толыпты. Бозбала көңіл-күйдің желігімен мақтанып, келешекте өзің туралы роман жазамын деп саған уәде бергеніме де жиырма бес жылдан асыпты. Кім біледі, арманның аппақ соқпағындай болып аспанға қарай тартылған қайыңның қасында өзіңді тағатсыздана күтіп тұратын бозбала кезімдегідей, сенің де о дүниедегі жаның өзіңе арналатын сол ғажайып шығарманың жазылуын сағына күтіп жүрген шығар. Неге жауап бермейсің, Махаббат екеуміздің талай сырымыздың куәсі болған Мұқағалидың қайыңы? Әлде сені іздеп саябаққа келмей кеткенім үшін өкпелейсің бе маған? Әлде сол күндерді ұмытты деп ойлайсың ба, аяулым?
Сен мені түсінші, Махаббат! Енді мені сағынып, алыстан қолыңды бұлғап қайта-қайта өзіңе шақыра бермеші. Ұмытшы мені. Қиял қанатымен өмірдің биік аспанында самғаған жаны сүттей әппақ, жүрегі шықтай таза - ол басқа бала болатын. Басқа... Пенделік тірліктің шаң-тозаңына көміліп, жаны шәршап, жүрегі тозып, махаббат таба алмай өмірдің боранында адасқан - мен мүлде басқа адаммын. Басқа...
Сол үшін жазғырмашы, өкпелемеші маған. Қайта анау ақ қайыңның жанындағы орындықта екеуміз ғана қалған қоңыр күздің салқын кешіндегідей кеудеме тығылып, тағдырдың аязы тоңдырған жанымды жылытшы. Жылата бермей, аяшы мені! Сен де ойнақ салып, қайта-қайта кеудемді соғып мазалай бермей, сабырлық сақташы жүрегім. Қолымнан келмегендіктен емес, сол жараның орнын қайта тырнау жанымды сыздатып ауыртатындықтан ол уәдені орындай алмай жүрген жоқпын ба. Егер соны түсінсең көкірегімді өксікке толтыра бермей, қайта жүрегімнің маңдайынан сипап, Махаббат, мені жұбатшы!
Сабырлық сақтауға қанша тырыссам да бұл жолы өзімді ұстай алмай сенен мәңгілікке айырылған күнгідей ақ қайыңды құшақтай алдым, көңілімнің бұлты сөгіліп, көзімнен жас парлап қоя берді. Ақ қайың да өткен күндерін сағынып Махаббатқа айналып маған қосылып жылап жібергендей болды.
Жапырақ -жүрек жас қайың!
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң
Мен қайың бола бастайын.
Келісесің бе, жас қайың?
Жиырма бес жыл бұрын, Мұқағалидың осы өлеңін саған оқып бергенімде қайғыға емес, қайта керісінше жаным рахатқа батып еді. Сен сонда мұндай мұңлы өлеңді енді қайтып оқымауымды өтініп, бұртиып, өкпелегенсің. Енді қайың көрген сайын сенің сол өкпелеп тұрған бейнең көз алдыма елестеп, беймәлім мұң, кеудеме басылған оттың шоғындай жүрегімді күйдіріп, жанымды қоярға жер тапқызбайды.
Дәл осы сәтте жаңбыр сіркіреп, жел ұшырып әкетпеген жапырақтан сырғанаған мөлдір моншақтар менің қолыма тамшылады. Жаным одан бетер күйзеліп, жүрегім табанымның астында жаншылған жапырықтардай езіліп кетті.
О, Махаббат! Сенің рухың мені ұмыта алмай, жапырағың тоналған күздерде сол жылдарды сағынып әлі күнге жылайды екенсің ғой, жарығым!
Бірақ сен менің жетімсіреген жанымды ауыртып, ендігәрі бұлай жыламашы. Жиырма бес көктем, жиырма бес жаз, жиырма бес күз бен жиырма бес қыс бойы жылап келгенің де жетер. Енді сен адамға, ал мен қайыңға айналып, сенің орныңа - мен жылайын. Қайың болып - мен күңіренейін.
(Көрінер, мүмкін кімге ерсі.)
Өміріңді маған бір берші!
Дүрбелең мына дүниені
Адам көзімен бір көрші.
Қайың боп мен де бағайын,
Орманнан орным табайын.
Беймәлім маған өмірге,
Қайың көзімен қарайын.
Сен-дағы жерден нәр алдың,
Мен-дағы жерден нәр алдым.
Біреуден сен де жаралдың,
Біреуден мен де жаралдым.
Тілің жоқ, жанды қайың сен,
Айырмашылығым - Адаммын.
О, ғажап! Жаңбырдың сіркіреуі сап тыйылды да, күннің көзін тұмшалаған бұлтты жел қуып әкетіп, алтын сәулесі қайтадан жарқырап, дүниені нұрға бөледі. Табиғат сияқты мен де жаңарып, қайғылы ойлардан арылып, саябақтан кетіп қалғым келді.
Ауыр күрсініп, орнымнан тұра бергенімде жолдың жиегіне жеңіл көлік тоқтай қалды да, одан бір жас жігіт атып шығып, дүңгіршекке қарай жүгіріп кетті. Есігі ашық қалған көліктің ішінен даңғырлап шыққан «Мұзарт» тобының орындауындағы Мұқағалидың сөзіне жазылған «Сенің көзің..» әні құлағыма шалынып, ескі жараның орнын тырнап жіберді. Құлағымнан кетпей қойған әннің сиқырлы әуені мені жібермей, отырған орныма тастай қылып қайтадан байлап тастады.
Махаббатқа қалай ғашық болғаным.. жүрегін қалай жаулап алғаным.. өзім шығарғандай болып, осы өлеңді оған қалай оқып бергенім.. оның қаза тапқаны.. бәрі-бәрі есіме түсіп, жаңа ғана жауа алмай кеткен бұлттар, енді менің күздей тұнжыраған көңілімде күркіреп, құйып қоя бергендей болды...
Сол жылы қыс Алматыға кешеуілдетіп келді. Түні бойы қар жауып, таңертең тұрып, терезеден қарасам айналаның бәрі көрпесін қымтанып, көшенің бойындағы сап түзеген ағаштар ақ бөкебайын жамылып алыпты. Күннің суығында сабаққа барғым келмей төсекте керіліп-созылып біраз жаттым.
Кеше түннің бір уағына шейін ойнап, үй тапсырмасын да орындауды ұмытып кетіппін. Мектепке барсам, қатарынан бірнеше екі алатынымды анық білемін. Сабаққа бармаудың бір-ақ жолы бар. Ол- ауру. Бірақ денім сау, еш жерім ауырып тұрған жоқ. Бір кезде түпкі бөлмеден «Қанә, тез тұрыңдар, сабаққа кешігесіңдер» деген әкемнің қатқыл дауысы естілді. Дәл осы сәтті пайдаланып, ішімді қолыммен ұстап, ауырған адамдай бүк түсіп жатып алдым. Бөлмеге әкем кіріп келді де, менің бұл жатысымды көріп:
– Не болды саған? – деп сұрады.
– Ішім, ішім қатты ауырып тұр.
Баланың басқа қулығына аса мән бермейтін кез-келген ата-ананың ауру десе зәре-құты қалмайтын әдеті. Менің әкем мен шешем де ет пен сүйектен жаратылған адам баласы. Шәруаның бәрін ұмытып, не ішіп, не жегенімді сұрап асты-үстіме түсіп бәйек бола қалды. Бәйек қағулары көңіліме жағып, одан сайын ауырған адамның кейпіне бар жан-тәніммен беріліп ене түсемін. Шынымен де ауырып қалғаныма басқалар түгіл енді өзім илана бастағандаймын.
Қойшы, сонымен не керек, амалын тауып сабақтан қалып қойдым. Бір сағаттан соң дәрігер келді. Ол мені тыңдап көрді де, емханаға барып қаралу керегін айтып, қағаз жазып беріп, кетіп қалды. Әкем де жұмысына кетті.
Үйде жалғыз қалдым. Телевизорды қосып кино көрдім. Кино біткен соң ішім пыса бастады. Балконға шықсам, көрші үйде тұратын Марат аулада ойнап жүр екен. Мені көріп қуанып кетті. Мен де оны ұзақ күткізбей, ауру екенімді ұмытып, тез-тез киініп, ойнақтап, далаға атып шықтым.
Рахатқа батып, екеуміз ұзақ ойнадық. Бір кезде ойыннан да жалыға бастадық. Енді не істеуге болады? Түс уақыты болып қалды. Кенеттен Марат бір бұзақылық ойлап тапты. Екеуміз ауладағы электр қалқанының тасасында тұрып, мектептен қайтып келе жатқан қыздарға қар лақтырып, мергендігімізді тексермек болдық.
Бірінші кезек маған тиді. Басында әдемі құндыз бөркі бар бір қыз майысып біздің үйдің жанынан өтіп барады. Нысанамды көздеп, құлаштап тұрып, қолымдағы қардан жасалған оғымды оған қарай бар пәрменіммен атып қалдым. Дәл осындай мерген болармын ба? Оғым қыздың тура бөркіне тиіп, ұшырып түсірді.
Марат екеуміз қарқ-қарқ күліп, мәз-мәйрам болып жатырмыз. Ал, қыз болса жалт бұрылып, өкпелеген кейіппен, қабағы түйіліп, маған бұртиып қарады. Не істерін білмей көзі жыпылықтап біраз аңтарылып тұрды да, сосын жерде жатқан бас киімін алып, қарын қағып болған соң «Балбес» деді де, басқа ештеңе айтпай жөнімен кете барды.
Төбемнен жай түскендей мен бір орнымда сілейіп тұрып қалдым. Өмірде мұндай да сұлу қыздар болады екен-ау! Қасы жіңішке айға ұқсайды. Жанары жас ботаның көзіндей сүйкімді, әрі мойылдай қап-қара. Жыпылық-жыпылық еткен ұзын кірпіктері әдемі жүзін одан сайын шырайландырып тұр. Қабағының түйілгені, бұртиғаны да өзіне әйбат жарасады. Мен бір көргеннен-ақ оған ғашық болып қалғанымды ұқтым. Ойынды әрі жалғастырғым келмей, үйге қайттым.
Бөлмемде жалғыз жатырмын. Тамақ ішуге де, телевизор көруге де, далаға шығып ойнауға да зауқым соқпайды. Ішіме түсіп кеткен оттың шоғы, жалынға айналып, енді тұла-бойымды өртеп барады. Бұрын-соңды мұндай сезім еркімді билеп көрген емес.
Бірте-бірте еркімді билеп алғаны да аз болғандай ол сезім енді менің ой-санама үстемдік ете бастады. Жатсам да, тұрсам да оның бұртиып қараған келбеті көз-алдымнан кетпей қойды. Айнаның алдына келіп ұсқыныма қарасам, шынында да мына түрім адамнан гөрі, «балбеске» көбірек ұқсайтын сияқты. Мендей «балбестің» ондай ай десе аузы, күн десе көзі бар аруға керегі қанша?
Сұрастырып жүріп, мен оның үйімізге жақын орналасқан орыс мектебінде оқитынын анықтадым. Ұзын бұрымы бар, көздері ылғи да күлімдеп тұратын періштедей сұлу қыздың аты – Махаббат екен. Әсіресе, жымиған кезде оның беті бал-бұл жайнап, ерекше құлпырып кететін.
Ғашықтық дерті өміріме өзгеріс енгізіп, аз уақыттың ішінде есейтіп жіберді. Бұрынғыдай емес, енді ересек жігіттердей киім киісіме ерекше мән беретін болдым. Әдемі шәш қойып, оны дұрыстап тарап, үсті-басыма әкемнің иіссуын сеуіп, ең жақсы киімдерімді киіп, Махаббатқа қырындай бастадым. Әзірше жүзін бір көргім келіп аңсап, өтірік біреуді күткендей болып оны тосып, жолында тұрғаннан басқа әрекетке бара қойғаным шамалы.
Бірақ Махаббат түк көрмегендей маңғазданып аяғын нық-нық басып қасымнан өте шығады. О, тоба! Ең болмағанда мен жаққа көзінің қиығын да салмайды. Оның осы бір мінезі менің діңкемді құртып, шаршап, тіпті, жүдеп кеттім. Үйде жүрсем де, түзде жүрсем де тек Махаббатты ойлап, ішкен асым бойыма сіңбейді.
Оның үстіне соңғы кездері Махаббатты үйіне шығарып салатын бозбалалар да табылып, ішімде алай-дүлей боран соққандай болып, жаным күйзелді. Не істерімді білмей, күндіз-түні неше түрлі ойдың қамсауында қалып, қиялға батамын…
Махаббатқа емексіп жүріп жыл да өте шықты. Тоғызыншы сыныпқа көшетін жылы мен оған «екеуміз дос болайық» деген мағынада хат жаздым. Бір апта емес, бір ай өтсе де Махаббаттан жауап келмеді. Менің сабақтан кейінгі шаруаларымның бірі – мектептен үйіне қайтатын кезде сол қызды торуылдау болды.
Бір күні мен ауламызда тұратын Махаббаттың жақын құрбысынан оның поэзия кітаптарын ерекше сүйіп оқитынын естіп-білдім. Мен бұл жаңалыққа жердің тартылыс заңын ашқан Ньютоннан да бетер қуанған шығармын. Ура! Эврика! Таптым! Махаббаттың жүрегін жаулап алуға болатын бір-ақ жол бар. Ол – поэзия.
Поэзияны сүйетін қыздардың ақынға ғашық болмауы мүмкін емес. Мен тез арада ақын болуым керек. Осылайша, мен Махаббатты сүйетінімді өлең арқылы білдіріп, хат жазуды ұйғардым. Махаббат қазақшаны аса жақсы білмейтін шығар, сондықтан міндетті түрде өлең-хатты оған орысша жазуым керек. Және дүниеде ешбір ақын шығара алмаған теңдессіз өлең жазуға тиіспін. Айтуға жеңіл болғанымен, шын мәнісінде бұл оңай шаруа емес еді.
Орысшаны бір адамдай жетік білсем де, қанша тырыссам да өзге бір елдің тілінде өлең жазу машақат жұмыс болып шықты. Дүниеде өлең жазудан өткен машақат жұмыс жоқ па деп қалдым. Көңіліңде сайраған ойларыңның бәрі қағаз бетіне түскенде, мән-мағынасы жоқ былжыраған бір тақпаққа айналады.
Махаббат секілді өлеңнің қадір-қасиетін білетін қыз менің ондай өлеңіме күліп, тіпті мазақ қылса ше? Мұндайды көрмек түгілі, ойыма алудың өзі маған ауыр. Шіркін-ай, махаббат туралы шабыттанып жыр жазған Пушкин қандай бақытты еді. «Я вас любил» секілді өлеңді қыздардың падишасына оқысаң да талып түсетін шығар. Әлде Пушкин, Лермонтов немесе Есениннің өлеңдерінің бірін өзім жазғандай етіп жолдап жіберейін бе? Ұлы ақындардың жазған өлеңі маған бір қызмет жасаса – оның несі айып? Жоқ, олай істеуге де болмайды. Біліп қойса, ұрлығымның үстінен түсіп, масқарам шығады.
Сол жылдары менің кітапханамда қаланың сыртындағы базардан, еврей кемпірінен сатып алған, мәшинкамен басылып, кітапша сияқты етіп шығарылған, совет үкіметіне қарсы болғаны үшін сотталып, лагерьде қаза тапқан орыс ақыны Осип Мандельштамның өлеңдер жинағы бар еді.
Мандельштамның махаббат туралы жазған бір өлеңі маған қатты ұнайтын. Оның үстіне ол ақынның өлеңдері түгілі, өзін де, өнер адамдары ғана болмаса, қарапайым халық білмейді. Ешбір оқулықта оның есімі аталмайды. Ақынның өлеңін әдемілеп көшіріп, ең жақын құрбысы арқылы Махаббатқа беріп жібердім.
Я наравне с другими
Хочу тебе служить,
От ревности сухими
Губами ворожить.
Не утоляет слово
Мне пересохших уст,
И без тебя мне снова
Дремучий воздух пуст.
Я больше не ревную,
Но я тебя хочу,
И сам себя несу я,
Как жертву палачу.
Тебя не назову я
Ни радость, ни любовь.
На дикую, чужую
Мне подменили кровь.
Еще одно мгновенье,
И я скажу тебе,
Не радость, а мученье
Я нахожу в тебе.
И, словно преступленье,
Меня к тебе влечет
Искусанный в смятеньи
Вишневый нежный рот.
Вернись ко мне скорее,
Мне страшно без тебя,
Я никогда сильнее
Не чувствовал тебя,
И все, чего хочу я,
Я вижу наяву.
Я больше не ревную,
Но я тебя зову.
Келесі күні ол ең жақын құрбысы арқылы маған хат беріп жіберіпті. Өз хатында мені ерекше адамдардың бірі санайтынын айтып, дос болуға келісім беріпті.
Хатыма берген Махаббаттың жауабын алған соң, бақыттан басым айналды. Ұзақ күттірмей оны киноға шақырдым. Ол келісті. Сабақтан кейін екеуміз киноға бардық. Кинода отырғанда бір әдемі сезім тұла бойымды ерітіп, Махаббатқа қарап елегзи беремін. Ақырын ғана қолынан ұстап, сүйріктей әдемі саусақтарын қысып қойдым. Ол маған көзінің астымен күлімдеп бір қарады да, киноны көріп отыра берді.
Кинодан шыққаннан кейін балмұздақ сатып әпердім. Екеуміз «Арман» кинотеатрының артындағы саябақтағы орындықтардың біріне отырып, әңгіме соғуға кірістік. Маған ол жазған өлеңімді қатты ұнатып қалғанын айтып берді. Тағы не жазып жүргенімді сұрады. Осы сәтте мені бір сайтан азғырып, мақтаншақтығым ұстап:
– Менің жазған повесім де бар, – деп өтірікті соғып жібермеймін бе…
– Маған оқуға берші, – деп ол жабыса кетті.
Әбден сасып қалған мен не айтарымды білмей абдырап:
– Көрсетпей-ақ қояйыншы, ұяламын, – дедім.
– Оқуға берші, әйтпесе, ренжимін, – деп ол онан сайын қиылды. Жағдайым ауырлай бастады. Маңдайымнан ащы терім бұрқ ете қалды.
– Жарайды, көрсетейін, бірақ сен де менің бір өтінішімді орындайсың!
– Ол қандай өтініш?
– Сен де мені жақсы көретініңді айтасың. Сосын бетіңнен бір сүйгізесің.
– Мен сенімен енді….
Махаббат маған ренжіп, кетуге ыңғайланды. Ісім насырға шаба бастады. Оны білегінен ұстай алдым да:
– Өкпелемеші, жай, әзілдегенім ғой. Дүйсенбі күні мектебіңе әкеліп беремін. Келістік пе? – дедім мен бәрін жуып-шаюға тырысып.
– Келістік.
Әрине, маған өзім жақсы танитын, көп адамға беймәлім жазушылардың шығармаларының бірін көшіріп апаруға болатын еді. Бірақ мен бұл жолы өтірік айтуға ұялдым. Және Махаббатты шын сүйетінімді дәлелдеу үшін повесть жазуға бел будым. Осылайша, екі күн бойы ұйықтамай «Когда улетают ласточки» деген орысша повесть жазып шықтым.
Бұл хикаяда соғыста жүріп қаза табатын қазақ солдатының елімен, жерімен қоштасатын сәті оның артында қалған баласының көзімен бейнеленеді. Жазған повесімді тор көз дәптерге маржандай қылып көшіріп, Махаббатқа апарып бердім. Ол оқып болған соң шығармамды тез қайтарды. Үйге келгеннен кейін дәптердің ішінен хат тауып алдым.
– Мен де сені жақсы көремін, – деп жазылған болатын ол хатта…
Мектеп жайына қалып, сабақтан қашып енді екеуміз жиі-жиі киноға баратын болдық. Екі айдан соң Махаббаттың әке-шешесі «Қазақстан» кинотеатрына жақын жерден үй алып, көшіп кетті. Енді бұрынғыдай күнде болмаса да, әр жексенбіде кездесіп тұруға уағдаластық. Екеуміз де аптаның соңын тағатымыз таусылып күтуші едік. Сирек кездесу бір-бірімізге деген ынтызарлығымызды одан сайын арттыра түсті. Сәл кешігіп қалсам Махаббат бұртиып, маған өкпелеп қалатын. Бұртиғанда бетінде болмашы бір шұңқыр пайда болып, онысы бет-әлпетіне әдемі көрік беретін.
Жексенбі сайын Махаббаттың үйінің жанындағы «Қазақстан» кинотеатрына киноға бару үйреншікті әдетімізге айналды. Және қандай кино екені екеумізге де бәрібір еді. Үнді киносы ма, Батыстың киносы ма.., талғамаймыз. Кино тек сылтау ғана. Шындығында бір-бірімізді көру үшін ғана оған кіріп жүргенімізді екеуміз де үнсіз түсінеміз. «Қазақстан» кинотеатрында болатын фильмдердің билеті де аса қымбат емес. Бар-жоғы 20 тиын. Екі сериалы киноға кірсек Махаббат екеумізге 80 тиын ғана кетеді. Оның үстіне сол жылдары мен Торғай облысы, Жангелдин ауданының «Жаңа өмір» газетіне әңгіме жіберіп тұратынмын. Газеттен кейде маған 10-15 сомдай қаламақы келеді. Мұндай ақша Махаббатты қалай қыдыртсам да емін-еркін жетеді. Не деп бара жатырмын мен, дәл осындай бақыт құшағында жүргенімде, тиын-тебен деген де тәйірі сөз болып па.
Кинодан шыққан соң Пастер (бүгінгі Мақатаев) көшесіне жақын жердегі саябаққа барып, қыдырып, күн батқанша әңгіме соғамыз. Әңгімеміз де таусылмаушы еді-ау! Махаббат орыс мектебінде оқығанымен қазақшаны да жетік біледі екен. Сондықтан екеуміз кейде орысша, кейде қазақша, кейде орысша мен қазақшаны араластырып сөйлесе береміз. Бірақ қай тілде сөйлескеніміз біз үшін аса маңызды да емес еді. Біз бір-бірімізді тілсіз-ақ түсінетінбіз. Сүйем-күйем деген сөздерді айтпасақ та, бір-бірімізге деген ынтызарлығымызды көзімізбен-ақ ұқтыратынбыз.
Бүгін тағы да кинодан шыға салысымен саябаққа қарай аяңдап келеміз. О, ұлы Жаратушы! Өмірде де ғажайып ертегілердегідей күндер болады екен-ау! Күні кеше ғана Махаббат маған қарамай қойғанда қиналып, сүйікті ақыным Мұқағалидың:
Ғашықпын!
Шын ғашықпын сол адамға!
Мен болмасам болмайын. Сол аман ба?
О, тәңірім! Неткен жан қайырылмайтын!
Жүрегі еттен бе, әлде қоладан ба?
- деген өлең жолдарын оқып, жүрегімді жұбатқан айларымның бәрі артта қалып қойды. Енді махаббаттың балдай шарабына мас болып, басым айналып, лүпілдеген жүрегім жарылып кете жаздап, шаттықтың, қуаныштың әнін шырқап келеді.
Артынан жүгірген талай бозбаланың біріне де қарамай қойған, көркіне ақылы сай, әлемдегі ең сұлу Махаббат менің жанымда отыр. Және жәй ғана емес, суықтан тоңып, ағаштың бұтағынан пана іздеген торғайдай қойныма тығыла түседі. О, Жаратқан! Сенейін бе, сенбейін бе бұған? Түсім емес пе бұл?
Аяқ астынан күн суытып, жаурап қалған Махаббаттың маған жабыса түскені үшін табиғатқа деген ризашылығым да шексіз еді. «Күн суып кетті, үйге қайтайық» деген сөзді айтудың орнына қайта керісінше Құдайдан күннің одан бетер суытып, Махаббаттың маған онан сайын жабыса түскенін тілеймін. Оның қасымда ұзағырақ болуы үшін бар-өнерімді салып, құбылтып, неше түрлі әңгіме айтып көңілін аулауға тырысамын. Ауладағы, мектептегі оқиғалар туралы әңгімелерім түгесілгенде Махаббат сүйіп тыңдайтын әдебиет тақырыбына ойыстым.
Сол күні мен оған Мұқағали туралы айтып бердім. Әсерлірек шығу үшін, әңгімемнің кей тұстарын қоюлатып, Мұқағалидың өмірінде болмаған оқиғаларды да ойдан шығарып, оның оқыстан қаза тапқаны туралы өтірікті де қосыңқырап жібердім. Шындығында өлеңдерін сүйсініп оқығаным болмаса ақынның қалай дүние салғанын білмеуші едім. Дәл осы уақытта жанарын мұңның сәулесі шалған Махаббаттың:
– Сонда ол, қалай опат болған? - деп сұрап қалмасы бар ма?
Табан астында өтірік ойлап шығарудың мұндай шебері болармын ба.
– Біреулер түнде көшеде келе жатқанда пышақтап кетіпті. Өлерінен екі күн бұрын соның бәрін сезгендей болып, өмірге базынасын айтып, қайыңға арнап өлең шығарыпты – дедім мен бетім шімірікпестен. Өткен жолы мен оған Есениннің тамырын алмаспен қиып, соңғы өлеңін қанымен қалай жазып кеткенін әңгімелеп бергенімде Махаббаттың көзіне мөлтілдеп жас келген. Сонысын қатты ұнатып қалғандықтан, Мұқағали туралы әңгімемнің де бояуын қолымнан келгенше қалыңдатып жатырмын. Сенімдірек болу үшін Мұқағалидың өлерінің алдында жазған өлеңі деп «Жапырақ жүрек жас қайыңын» бар өнерімді салып оқи жөнелдім. Бірақ Махаббат өлеңді соңына шейін оқытқызбай сүйріктей әдемі саусақтарымен менің аузымды баса қалды.
– Ендігәрі, мұндай өлеңдерді оқымашы.
– Неге?
– Қайғылы өлеңдерді ұнатпаймын.
Кеш түсіп, дүниені жан-жақтан төнген қараңғылықтың қою тұманы билей бастады. Саябақта құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Бұл хикаяның жалғасын мен білемін дегендей екеуміз отырған орындықтың жанында өсіп тұрған ақ қайың ғана үнсіз тұнжырайды. Сездірмеуге тырысса да, Махаббаттың қатты жаурай бастағанын байқадым. Курткамды шешіп, оның денесіне жауып, қымтай бергенімде, рабайда қолым оның анарына тиіп кетті. Махаббат селк ете қалды. Ұялғаннан тіпті, құлағына дейін қызарып кетті. Ал, менің бойымда бір тәтті діріл жүріп өтті. Үзіліп қалған үнсіздікті Махаббат жалғады.
– Өскенде кім боласың, жазушы ма, әлде ақын ба?
– Жазушы боламын. Саған арнап бір үлкен роман жазамын.
– Класно! –деп қолын шапалақтады. - Бірақ оған дейін сен маған арнап бір өлең шығаршы. По-жжа –луйста!
– Онда сен де менің бір тілегімді орындайсың. Ерніңнен бір сүйгізесің? Жарай ма?
Жауап берудің орнына Махаббат сықылықтап күлді.
– Сен немене, қыздардың ернінен сүймесең жүре алмайтын «маньяксың» ба? Өзіңді жақсы көретінімді білесің ғой. Сол жеткілікті емес пе?
– Жеткілікті ғой. Бірақ сүйіскен кезде адамның қандай сезімді басынан кешетінін білгім келеді.
Махаббат үндемеді. Үндемеуін мен ішімнен келістіге санадым. Солай екеніне тіпті еш күманым да болған жоқ.
Мен үшін тағы да азапты күндер басталды. Орысша өлең жазу қандай машақат жұмыс болса, қазақ тілінде өлең шығарудың азабы одан кем емес екен. Жазғандарым, көңілімнен шықпай ондаған өлең жыртылды. Оқуды мүлде ұмыттым. Есіл-дертім – Махаббатқа арнап өлең шығару. Махаббаты есінен тандырып жібере жаздайтын таңғажайып өлеңді оқып беріп, оның ернінен сүйген сәтімді елестеткенімде, жүрегім бәйгеде шапқан аттардың тұяғындай дүрсілдеп, сол тәтті удың дәмін сағына күтіп, түні бойы ұйықтатпай қояды.
Алайда, бір күн өтті. Өлеңім жазылған жоқ. Екі күн өтті. Тағы да сол жағдай. Үш күн өтті. Сабақ жайына қалды. Мектептегі ұстаздарым ескерту жасады. Төрт күн өтті. Физика, химия пәнінен екі алдым. Бірақ Махаббатқа арналған таңғажайып өлең тумады. Ой шаршатып, жаным жүдеп кетті. Бесінші күні Махаббатты таң қалдыратын өлең жаза алмайтыныма көзім жетіп, ақындықтан біржолата күдерімді үздім.
Тағы да үйреншікті әдетіме басып, жұрттың көбісі біле бермейтін ақындардан жақсы өлең іздеп, жиендік жасауға кірістім. Ұялудың орнына Бердібек Соқпақбаевтың Қожасындай «ақынның бір өлеңін алғанымнан, оның поэзиясы қуарып қалмас» деген мағынадағы сөздермен қайта өзімді қорғап, ар-ұятымның алдында ақталғандай боламын.
Сонымен не керек, қазақ және орыс тілінде жазылған талай жыр жинақтарын ақтарып, мен сол махаббат жырын Мұқағалидан таптым. Ақынның «Сенің көзің..» деген өлеңін оқығанымда, қуанғаннан төбем көкке сәл-ақ жетпегендей болды. Жетуі үшін оны тек Махаббатқа оқып беру ғана қалды.
Өлеңнің ырғағы, музыкасының сыңғыры, сезімнің тасқыны менің көңіл-күйімнің табиғатын айна-қатесіз қалайша дәл жеткізген. Мұндай өлеңді Құдай неге Мұқағалиға жазғызған? Махаббатқа арналып менің, тек менің ғана жүрегімде тууға тиіс өлең емес пе бұл! Гармонияның үйлесуін айтпағанда, өлеңнің әр жолындағы теңеулердің бәрі Махаббаттың табиғи жаратылысын дәл суреттеп тұрған жоқ па? Әлде бұрын-соңды да мына дүниеде дәл Махаббаттай періште өмір сүрген бе? Мүмкін емес. Сене алмаймын оған. Бәлкім Мұқағали бұл өлеңді Махаббат сияқты қызды кездестіргісі келіп армандап жазған болар. Егер ол ондай аруды өмірінде бір рет көрген болса:
Мен нағыз махаббатты армандаймын,
(Оны мен жоғалтып та алғандаймын..)
Ақ қаздар арасында аққуымды
Ажырата білмеген сормаңдаймын.
– деген сыңайдағы өлеңдерді жазуы қалайша мүмкін болмақ. Мүмкін, қатал тұрмыстың илеуінде жүрген ақынның айтып отырғаны басқа махаббат па? Бірақ мен әрі қарай ол туралы ойлағым келмеді. Жастықты қойныма қысып құшақтап, ертең Махаббатқа бұл өлеңді қалай оқып беретінімді ойлап, балбырап, тәтті ұйқыға кеттім.
Төзімім таусылып, сағатыма қайта-қайта қарап, екеуміз кездесуге уағдаласқан саябақтағы жолдың жиегіне жақын жердегі ақ қайыңның жанындағы орындықта оны тағы да тағатсыздана күтіп отырмын. Көңілім қобалжып, жүрегім өрекпіп Махаббаттың келетін жағына қайта-қайта қараймын...
Алыстан таныдым. Автобустан секіріп түсіп, жолдағы шөптерге сүріне-қабына ол маған қарай енесін сағынған еліктің лағындай жүгіріп келеді. Үстіндегі соңғы сән үлгісімен тігілген көк көйлегінің етегі желмен желп-желп етеді. Қолында кіші-гірім дорбасы бар.
– Кешірші, саяжайдан келе жатқанымызда аяқ астынан папамның көлігі сынып қалып, үйге әрең жеттік. Мынау саған. Дәмі сондай тәтті.
Дорбаның аузын ашып қалғанымда, мұрнымды жарып жібере жаздаған аппорттың қышқылтым хош иісі аңқып қоя берді. Үлкендігі кішкентай баланың басындай, ұқыпты қолмен жуылған бес-алты алманың өзі дорбаның қарнын қампитып тастапты. Біреуін алып, тауыса алмайтынымды сезіп, ортасынан бөліп жартсын Махаббатқа бердім.
Сол күні «Қазақстанда» үндінің фильмі көрсетіліп, билеттер алдын-ала сатылып кетіпті. Киноға кіре алмадық. Бірақ сыртымызбен уайымдаған адамның сыңайын танытқанымызбен, ішімізден билеттің таусылып кетіп, ұзағырақ сөйлесуімізге мүмкіндік туғанына екеуміз де қуанып тұрмыз. Құдды осы киноға біреу бізді зорлап кіргізіп әңгімелестірмей жүргендей тіпті, бойымыз жеңілдеп қалды.
Мұндайда уақыт та зымырайды екен. Балқыған темірдей қызарған күннің ұясына қалай батып қалғанын да байқамай қалыппын. Тіршіліктің шулаған желігінен саябырсыған кеш саябақта жайқалған ағаштарды да маужыратып жібергендей. Біреуісінен басқасы желінбеген бір дорба алма сол қалпында «мені ұмытып кеттіңдер ме?» дегендей орындықта тұр. Көліктердің де жүрісі сап тыйыла қалды. Әлдеқайда шырылдаған шегірткенің үні ғана тыныштықты бұзғандай.
Түні бойы жоспарлаған іс-әрекетімді жүзеге асырудың сәті түсті. Енді кештетуге болмайды. Тәуекел!
– Махаббат, саған арнап жазған өлеңімді оқып берейін бе? – дедім кенеттен. Қатты қобалжығандықтан дауысымда діріл пайда болды.
– Шынымен маған арнап өлең шығардың ба? Какой ты молодец!
Жүрегімнің дүрсілдеуінің, дауысымдағы дірілдің сәл де болса да басылғанын күтіп тынысымды алдым. Махаббатқа қарадым. Қобалжып кететін кездегідей оның көздері жыпылықтай берді. Маған қараған жанарында бір таңданыс бар. Мұндай таңданған жанардың сұранысын қанағаттандырмауға қалай дәтің шыдайды?
Бойымдағы буырқанған сезімнің екпінімен оның жанарының тұңғиығына көзім тоймай қарадым, әлі де дірілі басылмаған дауысыммен, асықпай, әр сөзімді шегелеп Мұқағалидың өлеңін оқи жөнелдім.
Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған,
Сонда жатыр менде жүрген орындалмас бар арман.
Сенің жүзің көкте күннен, жерде гүлден нәр алған.
Шашың сенің – жан баспаған жапандағы қара орман.
Өтірік көрмегенсіп Махаббаттың өлеңді тыңдап жатқан сәтіндегі қимылының бірін де назарымнан тыс қалдырмай қырағы сақшыдай бақылап отырмын. Ботадай жәудіреген көздерінен маған деген бұрынғыдан да күшті ынтызарлықтың ұшқынын байқап қалдым. Мұқағали поэзиясының құдіретімен қыздың мысын басып, мен жеңіп, ол жеңіліп барады. Соны сезіп, рингте жеңіп бара жатқанын түсінген боксшылардай енді оны біржолата құлатқым келіп, бар өнерімді сала түстім.
Қас-кірпігің қарлығаштың қанатындай қап-қара,
Үлбіреген жүзің сенің ақ жібек пе, мақта ма?!
Әсем басың әп-әдемі, мүсініңе шақ қана,
Шиедейін еріндерің қызарып тұр шоқтана.
Кеше күні бойы айнаның алдында тұрып дайындалғанымның пайдасы тиді, білем. Өлең оқу шеберлігіммен Махабаттың талдай бойын ұйытып жібергенімді анық сездім. Әне көрдіңіз бе, өлеңнің келесі шумағы оқылғанда ол бұрынғыдан да күшті сүйіспеншілікпен маған жабысып, сүйріктей саусақтарымен менің қолымды қатты-қатты қыса түсті.
Толықсыған тұла бойың шыбық па екен, тал ма екен,
Бейнең сенің баяу атқан жазғы шұғыла таң ба екен,
Күлкің сенің шашылған нұр, сезің кәусар, бал ма екен,
Бұл ғаламда сенен артқан, сірә, біреу бар ма екен!?
Бұл ғаламда сенен артқан жан бар деуге сенбеймін,
Сен солайсың, Ләйлім менің, сенбе маған, сен мейлің.
Бұл ғаламда сенен артқан бір жан болса егерде,
Өз көзімді өзім оям, оны мәңгі көрмеймін.
Өлеңнің бұл жолдары тіпті, екеуміздің ортамыздағы нәзік жіпті үзіп тастап, махаббат сарайының қақпасын ашып жібергендей болды. Махаббаттың басы еріксізден менің иығыма құлады. Ол –жеңілді, мен –жеңдім. Ойланып-толғанатын не бар, енді? Осы сәтті пайдаланып, «айтқаныңды неге орындамайсың?» дегендей сұранып тұрған оның шиедей ернінен сүйдім. Махаббат қарсыласқан жоқ. Абайсызда қолым дорбаға тиіп кетіп, жерге құлап қалған бір-екі алма сәкінің алдындағы жолға түсіп алып, секіріп билеп, төмен қарай домалай жөнелді…
Аспандағы ай мен күнге қолым еркін жетіп, жүрегім шексіз бақытқа кенелген, бірінен-бірі асып түсетін қызығы таусылмайтын күндер зымырап өте берді. Мен өмірімнің биік аспанында жарқыраған бақыт сәулесінің енді мәңгі сөнбейтініне сенімді едім. Бірақ тажал ажал мені Махаббаттан бір-ақ күнде мәңгілікке айырды.
Ал, енді құрметті оқырман, Махаббаттың қалай қаза тапқаны туралы әңгімені әзірше айтпай –ақ қоюға рұқсат ет. Оны айтып берудің маған қаншалықты ауыр екенін өзің де жақсы түсініп отырған шығарсың. Мен бұл әңгімемде ауыр операция жасауға кіріскен дәрігердікіндей ұқыпты қолмен жиырма бес жыл бойы жанымды сыздатып ауыртса да тиіспей келген жарамның Мұқағали ақынға байланысты жерін ғана ұстап көруге тәуекел еттім. Құдай қуат берсе бұл махаббат хикаясын келешекте, жазылып жатқан («Махаббат, мені жұбатшы») романымнан оқырсыңдар. Дегенмен Махаббат қаза тапқан күнгі көңіл-күйімдегі аласапыранды айтпай кетуге дәтім шыдамай тұр.
Махаббаттың қаза тапқанын естігенімде, ойламаған жерден біреу кеудеме біз сұғып алғандай селк ете түстім. Аяқ астынан мына дүниенің не болып кеткенін де, қандай әрекет жасау керек екенін де түсіне алмай миым істемей қалды. Ақыл-ойынан адасқан ғаріптей біресе отырып, біресе тұрып, жылай беремін. Жалғыз досым жүрегім ғана серігінен мәңгілікке айырылғанын бірден түсініп, бұзып шыққысы келгендей болып тоқтамай дүрсілдеп, көтеріліс жасап, бар күшімен кеудемді қайта-қайта соға жөнелді.
Көшеге шығып такси ұстадым.
– Сейфуллин мен Пастер көшесіне дейін апарып тастаңышы, ағатай!
– Үш сом.
– Жақсы.
Такси жүргізуші аузы жабылмай сөйлей беретін кісі екен. Көзімнің бұлаудай болып ісіп кеткенін көріп, не болғанын, неге жылағанымды қоймай сұрап жатыр. Ал, менің дәл осындай халде онымен сөйлесуге мүлде көңілім соғып тұрған жоқ. Бес минутта заулатып алып келді. Қалтамнан он сом алып бердім де, артынан жау қуып келе жатқан адамдай таксиден атып шығып, Махаббаттың үйіне қарай жүгіре жөнелдім. «Артық ақшаңызды алыңыз» деп соңымнан айғайлаған дауысқа бұрылып та қарамадым. Енді оның маған қажеті қанша?
Махаббаттың үйінің жанына едәуір адам жиналып қалыпты. Біреулер аулада киіз үй тігіп жатыр. Үшінші қабатқа көтеріліп пәтеріне кірдім. Қаптаған кісі. Ешқайсысын танымаймын. Қайғыдан жаншылған жүрегімді онан сайын езіп жіберген Махаббатты жоқтап жылап-сықтаған ащы дауыстар естіледі. Мені көріп, есіркеген бір адам жоқ. Көңіл айтуға кіріп шыққан сыныптастарының бірі деп ойлап жатқан шығар.
Олар Махаббаттан мәңгілікке айырылудың мен үшін қандай ауыр қайғы екенін қайдан білсін? Олар Махаббаттың менің өмірімді нұрландырып тұрған ғажайып күн болғанын қайдан білсін? Олар сол жарық күннен айырылған менің жанымның енді қара түнекке айналғанын қайдан білсін? Олар қатал тағдырдың жүрегіме өсіп шыққан әдемі гүлімді жұлып әкеткенін қайдан білсін? Олар...
Бір уақытта төргі бөлмеден Махаббаттың анасының құлынын жоқтап, ботадай боздаған ащы дауысы естілді. Қазақша жоқтау айтып жатыр. Анасының зарлы жоқтауы сай-сүйегімді сырқыратты.
Мінгенде аты кер ме екен,
Маңдайдан аққан тер ме екен?
Ащы бір дауысым шығарсам,
Анамның дауысы дер ме екен?!
Құдайым-ау, қазақ сөз сүйектен өтеді деуші еді! Мына ащы сөздер сүйегімнен өтпек түгіл, оны үгітіп жібергендей болып буын-буыным босап, сылқ етіп диванға отыра кеттім де, көзімнің жасын тоқтата алмай, егіліп жыладым.
Төргі бөлмеден тұңғыш рет Махаббаттың анасын көрдім. О, Тәңірім! Табиғат-Ананың мұндай да шеберлігі болады екен-ау! Сойып қаптап қойғандай Махаббат анасынан аумай қалған екен. Құдды Махаббат өлмегендей, Мұңлық пен Зарлық бір-бірімізбен көрісіп жоқтасып, мен – босағада, ол болса – бөлменің төрінде жылап отырғандаймыз. Қабырғада қаралы лентасы бар Махаббаттың бәрімізге бұртиып қараған суреті ілініп тұр. Маған өкпелегенде дәл осылай бұртиып қараушы еді.
Әрі қарай мына көрініске қарауға дәтім шыдамай далаға шығып кеттім. Көңілімдегі бұлттар онан сайын нөсерлетіп, көзімнің жасы тиылмай қойды. Бұл не деген таусылмайтын көздің жасы еді, аспан тесіліп кеткендей болып, кейде қатарынан бірнеше күн бойы жауатын Алматының сәркіл жаңбырындай ағыл-тегіл жыласам да тоқтайтын емес. Жаныма дауа іздеп, дүкеннен темекі сатып алып, қойып кеткен шылымымның улы түтінін қайта-қайта тоймай сордым.
Ертеңіне жұрт Махаббатты соңғы сапарға шығарып салды. Мен бұл қайғылы көріністің бәрін аулада өскен ағаштың жанында тұрып бақылап, Махаббаттан мәңгілікке айырылғаныма әлі сене алмай, мәңгіреп барамын.
Әне, оның сүйегі салынған қаралы табытты ұлардай ұлап-шулаған жұрт жылап-сықтап көлікке салып жатыр. Зарлап жоқтаған әйелдердің бәрі қалып қойып, зират басына баратын еркектер асығып, үйдің жанындағы автобустарға қарай кетіп барады.
Неге мына жұрт соншама Махабатты қара жердің қойнына тапсыруға асығады? Қалайша сендер көздерің қиып әлемдегі ең сұлу періштені өз қолдарыңмен тамұқтың түнегіне тастай саласыңдар? Неткен безбүйрек, қатал едіңдер адамдар!
Мен зират басына бармай, қалып қойдым. Қалай барам? Жүрегімді нұрландырған сәуленің қабірге қойылып, қара топырақпен көмілгенін қалай көрем? Қалай шыдайды оған жүрегім?
Бара алмағаным үшін кешір мені Махаббат? Мен ол жаққа сенімен мәңгілікке қоштасқым келмегендіктен бармадым. Өйткені сене алмаймын сенің өлгеніңе. Мені бар жан-тәнімен жүрегі елжіреп сүйген жанның дәл осылай аяқ астынан бір күнде ғайып болуы қалайша мүмкін болмақ? Сені жұрт зиратқа емес, басқа жаққа алып кетті. Басқа...
Тағдыр өткір қанжарымен жүрегімді осып өтті. Енді одан аққан қанды қалай тоқтатарымды білмей, зиратқа емес, жарамды емдеу үшін Махаббат екеуміз талай қыдырған саябаққа бардым. Ақыл-есін жоғалтқан жынды адамдай кешке дейін саябақта жүрдім де қойдым. Не үшін екенін өзім де білмейтін мағынасыз жүріс.
Жаз ортасы. Тамылжыған табиғат, бұрынғысынан да ерекше құлпырып, сәндене түсіпті. Далада баяу ескен бойыңды сергітетін бір әдемі қоңыр-салқын жел бар. Күн таудан асып, қызыл торғындай толқынданып батып барады. Саябақтағы көзіңді қуантып жайнаған гүлдер, бір-бірімен сырласып, теңселіп, жапырақтары жетіліп, жазғы жасыл киімімен құлпырған ағаштар, сайраған құстардың әні адамның есін алып, қоңыраулатып қызық думанға шақырып тұрғандай. Бірақ бүгінгі көз алдымдағы жаздың жәйлі кешіндегі әдемі суреттің бәрі жарақат алған жүрегімнің жарасын емдеудің орнына, қайта онан сайын ауыртып, керісінше оған бұрынғыдан да қалың қайғы жамап беріп жатыр.
Күн батып, дүниенің төрт бұрышынан төнген қараңғылық көзді байлағанда жұрттан жасырынғандай ұрланып Махаббат екеуміздің талай сырымыздың куәсі болған Мұқағалидың қайыңының қасына келдім. О, ғажап! Бұрын-соңды келгенімде ылғи да жарқырап қарсы алатын ақ қайың, бұл жолы қайғыма ортақтасып, жылап тұр.
Күздің салқын кешінде Махаббатты аймалағандай оны құшақтап, ішімдегі ауыр толқын жүрегімнің жағалауын ұрғанда көзімнен жас тоқтамай парлады. Кеудемнің астында бір зат бүлкілдейді. Жүрек. Кімнің жүрегі? Менікі ме, әлде қайыңдікі ма?
Бар жоғы менде бір жүрек,
Ол өлсе мәңгі кеткенім.
Сендегі семсе мың жүрек,
Келгенде жасыл көктемің,
Тірілер қайта дүркіреп.
Жапырақ-жүрек жас қайың!
Жанымызды айырбастайық?
Адам боп жүрсең қасқайып,
Қайың боп тұрам қасқайып,
Тәуекел, айырбастайық!
Өмірге-өмір жалғасып,
Анамыз жерге жармасып,
Бірде адам, бірде қайың боп,
Сүрейік өмір алмасып....
ТАҒДЫРМЕН БЕТПЕ-БЕТ
...так кто ж ты, наконец?
– Я – часть той силы,
что вечно хочет
зла и вечно совершает благо .
Гете, Фауст.
Флоренцияның ұлттық музейінде Италияның ұлы перзенті, Ренессанс дәуірінің аса көрнекті өкілі Микеланджелоның «Жеңімпаз» деп аталатын мәрмар тастан қашалған мүсіні бар. Дене бітімі керім, аласа маңдайының алдында бұйра шәші желбіреген жалаңаш жігіт, басы салбырап, өлімге мойынсынған жауын тізесімен басып тұр. Бірақ жеңімпаз кезінде қанын ішкісі келген дұшпанына енді көзінің қиығын да салғысы келмей, оны өлтіруге да асыға қоймайды. Өйткені осыдан әрі қарай оны бұл жеңістің ләззаты қанағаттандырмайды да.
Саябақта орнатылған Мұқағали ескерткішінің алдына келгенімде менің ойыма Микеланджелоның «Жеңімпазы» оралды. Уақыт таразысымен өлшесек араларында талай ғасырлық алшақтық жатқан, көңіліңе алуан-алуан ой тағалайтын екі ескерткіштің рухани үйлесімінде бірін-бірі толықтырып тұрған үндестік бар.
Жалған дүниенің ауыр бейнетінен құтылған Мұқағали да мына өмірге бейқам қарап, кеудесінің қоңыр күмбірін тыңдап, саябақтағы жайқалған ағаштардың ортасында, өмірінде зәру болған жеңістің бәріне түк мән бермей, түпсіз терең ойының түйінін шеше алмай, қабағы түксиіп, салқын тұнжырайды.
Енді ақынға бәрібір. Ол – жеңімпаз. Тіпті, әлдекімдердің сойылын соғып ақынның жүрегін жаралағандар да уақытында қателескендерін мойындап, рухынан кешірім сұрап, оны мақтап мақала жазып, жыр алыбының сыртынан талай қауесетті қарша боратқан дұшпандарына дейін жамырап Мұқағали туралы естелік айтып үлгірді.
Аруағын разы қылу үшін, жүгіріп жүріп, көзі тірісінде көре алмаған атақ-даңқтың бәрін ақынға алып бердік. Кітаптары том-том болып басылып шығып жатыр. Ең бастысы ақынның жырлары халықтың жүрегінің төрінен ойып тұрып орнын алды. Бір сөзбен айтқанда Мұқағали ұлттық мақтанышымызға айналды. Енді Мұқағали туралы шын ниетпен де, тіпті, қызғанышпен айтылған сөздер де тек ақынның мерейін биіктете түспек.
Осыдан артық ақынға қандай жеңіс керек? Шаттанып, жеңістің қуанышынан басың айналатын бақытты сәт осы емес пе? Алайда рухы мүлде бөлек жеңісті күткендей болған ескерткіш Мұқағали басқа бір ойлы дүниенің тұманына оранып, мұңаятын секілді. Не ойлап отыр екен, ол?
Бала күнінде қырында ойнақ салған, өмірдің боранындағы адасқан шақтарында түсіне жиі-жиі кірген ауылын ойлай ма? Әлде тағдыр деген асауға ауыздықсыз мініп, қор болған жылдарын есіне алып, өкініп отыр ма екен? Немесе, мына өмірді өтпейтіндей көріп, адамгершіліктің сәулесін ұмытқан пенделерге әлі күнге дейін жаның ашып, қамығып отырсың ба, абызым?
Неге үндемейсің? Жазылмай қалған жырларың мен айтылмай кеткен сырларыңның сандығын ашып, көңіліңді жасытқан кедейліктен серпіліп, өмірімнің өліарасында менімен бір мезгіл сөйлесіп, жүрегімнің қайғысын тыңдашы. Мен де сенің ескерткішіңнің алдына жетіскеннен келіп тұрған жоқпын, аяулым. Өмірдің аязынан жаурап, рухсыз қоғамнан жалығып, мына жалған дүниеден сырласуға тұратын бір адам таба алмағандықтан келдім, қасыңа.
Неғылған ой жаншып тұрған мұншама,
Нені аңсаймын,
Кімге барып, мұң шағам?!
Әуре ететін әлде жырым, сенбісің?
Әлекке сап, әр нәрсеге жұмсаған?!
Не көксеймін?!
Неге мұнша жалықтым?!
Әлде өмірді енді білдім, жаңа ұқтым?
Қолың жетпес қуатыңа құмар қып,
Әурелеген әлде сен бе, жарық күн?!
Аңғал, ақыным-ай! Неге сонша асықтың бақи дүниеге? Тағдырдың шылбырына сүйретіліп өлген аянышты өліміңмен кімге, нені дәлелдемек болдың? Өзіңді шын сүйетін жандардың жүрегін жаралап, жанын жылатқаннан басқа, сен бұл өліміңмен ештеңені де дәлелдей алған жоқсың - қатігез заманға.
Қайта сен кеткен соң зұлым заман онан сайын ызғарын төгіп, қаһарына мініп, қабағынан қар жауып, қатулана түсіп, жанымызды тоңдырды. Нағыз ақындардың бәрін сұм ажал әлі де баяғыдай қырықтың қырқасынан аса салысымен өлтіріп жатыр. Тағдырыңды қайталап, қаншама ақын қыршыннан қиылып, артыңнан кетті. Сенің жаның олардың Рухымен ендігі қауышқан да болар.
Тасбауыр заман халықты аямақ түгіл, қайта оларды бұрынғыдан бетер жаншып, сүліктей сорып, рухын сындырып, аздырып-тоздырып бітті. Тәуелсіздік алып, азаттықтың таңы ата ма дегенімізде, барлығы керісінше болып құлдықтың қамыты мойнымызға киіліп, армандарымыз суалып, жанымыз қуарып, жүрегіміз тозып, ұятсыздықтың дауылы қоғамымызды долы желдің айдауына түскен ұсақ қардай ұшырып әкетіп барады. Өңшең надан, иманнан безген, қазақтың қанын қанша ішсе де тоймайтын, қанша езсе да айызы қанбайтын, байлығын тонаған сайын араны ашыла түсетін қоғамның жалмауыздарымен күресетін дәрмен де қалмады кеудемізде. Қалай күресеміз? Аяғымызда - құлдықтың шынжыры, қолымызда – құлдықтың кісені.
Халықты құлдық санадан құтқарғысы келген арыстай азаматтарымызды атып өлтірдік. Тәуелсіздіктің арқасында жеріміз сатылып, ырысымыз жатқа бұйырып, рухымыз бауыздалып кетті. Егер тірі жүрсең қазақ болып туғаныңа өкініп, Абай кешпеген қасіретке белшеңнен малшынып, біреулері тойып, біреулері тоңып секіретін рухсыз қоғамнан запа шегіп, құсалықтан өлер едің. Заманның дәл осылай азғындалуы арғы-бергі ғасырымызда болған емес. Қоғам – жиіркенішті, заман – жиіркенішті, қайда барып күн көрем, Мұқағали?!
«Райымбек! Райымбек!» поэмаңда сен ақтабан шұбырынды замандағы шаңырағы ортасына түсе жаздаған қалың еліңнің қайғысына қабырғаң қайысып, қымызымыз жауымыздың таңдайында, қыздарымыз дұшпандарымыздың борбайының астында кеткен нәубатты жырлап едің.
Ақтабан шұбырынды,
Қадарсың қайда барып тұғырыңды?!
Қазақ жері – алып бір қара қазан,
Қазанда қайран жұртым қуырылды.
Ақтабан шұбырынды.
Қарғаған кім болды екен ғұмырыңды?
Жортпай тұрып, үйрендің жығылуды,
Шаппай тұрып үйрендің тығылуды.
Ақтабан шұбырынды,
Ақ туың жығылуылы.
Олақ қатын тоқыған алашадай,
Өрмегіңнің арқауы суырылды.
Жәннатыңды жамсатып жау орнады,
Жатқаны анау өртеніп қара орманың.
Туырлығы туралып тоқым болып,
Қаңқасы тұр қалқиып қара Орданың.
Ақтық байлап, табынып тал-қайыңға,
Өтті күнің, сор қатып маңдайыңда.
Кетті қымыз жауыңның таңдайында,
Кетті қызың жауыңның борбайында.
Ақыныңа, серіңе, батырыңа,
Туысыңа қимаған жақыныңа.
Тұяғымен ор қазған тұлпарларың,
Тулап кетті жауыңның тақымында.
Нәлет айтып, кеш кірген ақылыңа,
Ана сүтің аузыңа татыды ма?
Ал, мен ауылдың қирап, халықтың босып, үйсіз-күйсіз қаңғырған қазақтың жер асты, жер үсті байлығының тоналып, несібесінің жатқа бұйырып, қайран жұртымның тағдырының қара қазанда қуырылған ақтабан шұбырындысын көзіммен көріп, жүрегім жылап, жанарымнан жас емес, қан сорғалап «Қазақты сүюді» жаздым.
«Қазақстанның бір үлкен қаласына бара қалсам, жүрегімді қуаныш сезімі емес, керісінше қайғы мен мұң билейді. Қазақ болып өмір сүрудің –қасірет екенін ұғамын. Қай қалаға барсам да ең алдымен көзіме қайыр сұрап, қаңғырып, жұмыссыз жүрген қазақ оттай басылады; тәнін сату арқылы сол қаладағы бір үлкен көшенің атын шығарған қазақтың қыздарын көремін; араққа салынып айналасын зәр сасытып жатқан қазақты кезіктіремін. Адам өлтіру, қыз зорлау, ұрлық жасау секілді ауыр қылмыстардың бәрі де тұрмыс-тіршілігі ауыр осы қазақтардың арасынан шығып жатады. Құдайшылығыңды айтшы, мұндай қазақты қалайша сүюге болады? Рухани мүгедекке айналған бұл адамдардың жан-дүниесінің ұсақ болатындығы соншама, оларды сүюге қанша талпынсаңыз да еш нәтиже шықпайды. Әлемнің рухани тынысынан сұлулық іздеген сіздің биік жаныңыз нұрлы дүниені сүйгісі келеді. Міне осы сәтте неміс, ағылшын немесе француз болып тумағаныма қатты өкініп, тілдесетін қазақ таба алмай, көз жасымды көлдетіп, жылай жаздаймын». (Амангелді Кеңшілікұлы, «Қазақты сүю» кітабынан)
Жауатын бұлттай түнере бермей, менімен бір уақыт сырласшы, ақыным! Мен өмірде ақын қалмағандықтан, ұры мысықтай жасырынып, ұлылықтың сәулесін сағынып, сенің ескерткішіңнің алдына өлген Рухымды іздеп келдім, Мұқағали. Кезінде сенің асқақ дауысың саңқылдаған өмірдің биік аспанынан бұл күндері атақ-даңққа таласқан құзғын қарғалар мен билікке ар-ұятын, рухын сатқан байғұстардың аянышты үні ғана естіледі.
Ендеше жүректегі қайғымның, жанымдағы дертімнің сенікінен он есе ауыр, заманымның жүз есе қиын екенін түсінші, қымбаттым. Сен ең болмағанда келешегіңе сеніп, арыз жазып кеттің. Ал, мен болсам замана дауылының келешегімді қайда ұшырып әкетіп бара жатқанын да білмеймін.
Келешегім! Бар ма, ол? Бар болса, менің жаным неге оны сезбейді? Ал, жоқ болса, онда өмірлік мәнін жоғалтатын мына баянсыз тіршіліктің ендігі уақытта маған керегі қанша?
Жаз едім кеше,
Айналып күзге барам ба!?
Жалын жоқ,
От жоқ, жасыған мына жанарда.
Ауытқып кетті, аймалап тұрған самал да,
Кеулеп тұр міне,
Дауыл ма, әлде боран ба?
Кіреуке күз. Сұрғылт аспандағы солғын күн дүниені қуанта алмай, шаршағандай болып таудың арғы жағындағы күркесіне кіріп барады. Ымырт үйіріліп, айналаға қараңғылықтың қою тұманы жайыла бастаса да саябақтан кете алмай, удай мұңның уызы жүрегімді шаншып Мұқағали ескерткішінің алдында ойға шомып, әлі тұрмын. Суықтың көрігіндей болып теріскейден ызғарлы жел соғып, денем тоңғанмен, баяғыдан таныс ескі мұң мені осы жерге әкеліп жіпсіз көгендеп тастағандай, тіпті, орнымнан қозғала алар емеспін.
Қайта-қайта ескерткішке қарап Мұқағалидың ұлы рухын түсінгім келіп, сезімдерімді қопарып, ойларымды ақтарып, жалқын сәуленің жұмбағын таппақ боламын. Назарымды оның алып кеудесіне аударғанымда ғана адамдардың мейірімін сағынып, дәуірдің тайғақ өткелінде талай-талай қиналған ақынның тағдырын түсінгендей болып, ой мұңына жаным қажалып, көзімнен мөлдір моншақтар үзіліп-үзіліп түсті. Неге жылағанымды өзім де білмеймін. Түннің бір уағында айта алмай жүрген сырымның бәрін саябақта отырған Мұқағалиға ақтарып, бейнебір Құдай мені тағдырмен бетпе-бет жүздестіргендей, ақынның өлеңдерін ішімнен күбірлеп оқып, жүрегімдегі шемен болып қатып қалған шерімді тарқаттым.
Құрып кетпей, жер басып тұрғаныңда
Қалай ғана жағарсың бұл қауымға?
Талай рет мойныма арқан салып,
Талай рет шақ қалдым жындануға.
Біле тұра бірісі білмегендей,
Теріс қарап кетеді, тілге келмей.
Жабыла кеп жармасып олжалайды,
Жаудан түскен түйені жүндегендей.
Ал, Мұқағали... Жоқ, ол мен түгіл, емешегі үзіліп, еміреніп сүйген мына өмірге де мүлде назар аудармай, сол баяғы мұңайған қалпында маған беймәлім басқа әлемнің мұнарына батып барады. Оның рухы тынышталды ма? Білмеймін. Әлде, сағым бақытты қуып, үміт-шоққа көбелектей күйгенде қайта-қайта оны бұралаңға салған өмірге, анасындай жұбата алмаған тағдырына әлі өкпелі ме? Білмеймін... Жыландай жиырылып, жақсылықтың қалдығын да қимаған тажал тағдырмен өмірдің бұрқасынында бетпе-бет кездескенде де ақын оған бағынбай, ноқтасын басына салғызбай сүйреген жоқ па еді!
Хабар жоқ саған кеткен елшілерден,
Ей, тағдыр!
Сөйлесейік, келші бермен.
Қаншама соқпақтарға бастасаң да,
Сенімен сөйлесуді ерсі көрмен.
Білесің бе?
Мен саған бағынбаймын!
Бар ма тағы беретін зарың, қайғың?!
Көлденеңдеп жолымда тау боп тұрсаң,
Мен –мұнартқан басыңда сағымдаймын!
Сондықтан да жібер деп жалынбаймын.
Көзімнен тағы да ыстық-ыстық жас тамды. Не болды саған? Неге қайта-қайта әлденені ойлап, қамығып, жылауық аспандай көз жасыңды сыға бересің, жанарым? Өміріңде бір рет те көрмеген адамың үшін неге соншама егіліп, күйзелесің жаным?
О, ғаламат! Дәл осы сәтте ғана ұзақ жылдар бойы кілті табылмай жүрген ойымның құлпы ашылып, бала күнімнен бері менімен бір бесікте тербеліп келе жатқан ақын поэзиясын неге соншалықты қатты сүйетінімнің сырын түсінгендей болдым.
О, Мұқағали! Мен сенің отты жырларыңды оқығанымда болмыспен бетпе-бет жолығып, өзімнің тағдырыммен сөйлескендей қапаланады екенмін. Гетенің Фаустындағы Жер рухының «Сен өзің танымақшы рухпен теңесесің» деп айтатынындай, шындығында мен саған құрмет көрсету үшін ғана емес, өзімнің рухымды тану үшін ескерткішіңнің алдына келіп тұр екенмін. Мен сенің тағдырыңа қарап, өзімнің қайғымды көреді екенмін. Мен әкемнің алақанындай мейірімді сағынғанда көңілім жабырқап, көзім жасаурап сенің жырларыңдағы адамгершіліктің сәулесін іздейді екенмін.
Жаның ашып,
Жарылқама,
Жарылқама, қымбаттым.
Жан ауырып баратқасын
Жасыра алмай тіл қаттым.
Барса келмес сапарында түсім қашып, түн қаттым
Бір нәрсемді жоғалттым да,
Бір нәрсемді ұрлаттым.
Сан соқпақты сапарымда
Мықтымын ғой деуші едім.
Биіктіктің барлығын да бойымменен өлшедім.
Жарылқама!
Берме маған жауыздықтың семсерін,
Мейірім бер, мұңайғанда жасың сүртем мен сенің
Ойпырмай! Көзі тірісінде осы алып кеуденің астындағы лүпілдеген жұдырықтай ғана жүрек Арқаның ақтүтек боранында адасқан сәбидей жаурап, адамдардың мейірімін, жан жылуын сағынып қаншама рет маңдайы тасқа соғылып жылады десеңізші. Қақаған қыстың саршұнақ аязында да, қардың суы көлдерге құйып дүркіреген көктемде де, жер жіпсіп, жауқазын гүл қырларды құлпыртқан жазда да, жапырағы сарғайып, кілемдері тозған күзде де қапыда қан құсқан ақын жүрегі сол мейірімді анасының құшағын аңсаған сәбидей сағынды емес пе.
Мейірім бер,
Мейірім бер, жүрегімді тас қылма,
Үйдегі Ана мейірін бер түзде жортқан қасқырға.
..Сенесің бе, сезесің бе?..
Сенің үшін бас құрбан,
Естілмеген әніңмін мен алты қырдың астынан.
Бір нәрсемді жоғалттым мен,
Бір нәрсемді ұрлаттым...
Соны іздедім,
Айдын көлдің аққуларын шулаттым,
Барса келмес сапарында түсім қашып, түн қаттым.
Мейірім бер, Мейірім бер...
Саған келдім, қымбаттым.
Қаншама рет осы алып кеуденің астындағы алтын жүрек дүрсілдеп, қайтқан қаздай қоңыр төбесіне қонып, Мағжандардан соң өмір көсеп тастаған кәусардай сезімді іздеп, тыныштық таппай аласұрды. Дүниеден түңіліп, дәтке қуат таба алмай, қаншама рет ғазиз жүрек жанын аямаған жауларына тістеніп, өлеңінің дауысын, долы үніне қайрады. Емхананың керуетіне таңылып жатқанда да жүрегі жараланған таудың жабайы тағысы, жаны жылап адамдардың мейірімін зарыға күтті.
Дүние түн құшағында маужыраған сайын күн суытып, жел тербеген ағаштың басындағы сарғайып, мезгіл тоздырған жапырақтар, көбелектей ұшып, сонау биіктен жерге құлап барады. Көшенің шамдары әлі сөнген жоқ. Бәрі баяғыдай болғанымен, күн батысымен саябырсып, сабасына түсетін бұрынғы тыныштық ізім-қайым жоғалған. Арлы-берлі зырылдаған көліктер толастар емес. Көңілімде басылмайтын алаң бар. Ненің алаңы? Түсінбеймін. Көңіліме қонақтаған беймаза алаңнан құтылу үшін, жаныма ұялап алған әдемі мұңнан айырылғым келмей, Мұқағали ескерткішінің алдында әлі отырмын.
Жырласам ба екен, жыласам ба екен, білмеймін,
Алдымда тұрған адамды мынау кім деймін?!
Алдымда менің адасып кеткен арман тұр,
Жылытсам ба екен, жұбатсам ба екен, білмеймін?!
Алдымда менің адасып кеткен тұр арман,
Айыру қиын бейнесін сұрғылт мұнардан,
Жетілмей жатып жемісін мұның кім алған?
Алдымда менің ағаш тұр көктей қуарған.
Осыдан он шақты жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде сыншы Әмірхан Меңдекенің «Жалғыздық, сені қайтейін?» деп аталатын бір әдемі эссесінің жарық көргені есіме түсті. Тереңнен толғанып жазған сыншының мақаласында жалғыздықтың зарын тартқан Абай, Мұхтарлармен қатар адамдардың мейіріміне зәру болып өткен Мұқағалидың аянышты тағдыры туралы да әңгіме қозғалған-тұғын.
Расымды айтсам, шын көңілмен жазылған сыншының мақаласынан соң замандастары тарапынан Мұқағалидың рухын тануға талпыныс жасалатынын асыға күткенмін. Бірақ өкінішке қарай сыншыға қарсы дау айтушылардың сөзі Мұқағали ақын қоғамнан да, замандастарынан еш қиянат көрген жоқ, көзі тірісінде жыр жинақтары үзілмей жарық көріп жатты, қаражат жағынан да таршылық көргені шамалы... деген сыңайдағы мүлде басқа әңгімеге ауып кетті.
Бір сөзбен айтқанда көзі тірісінде Мұқағалидың жағасы жайлауда болып, еш қиындық көрмепті. Тағдырынан таяқ жеген ақынның замандастарының мейіріміне зәру болғаны да, жалғыздықтың зарын тартқаны да ойдан шығарылған өтірік екен.
Құдайым-ау! Қалайша біз Мұқағалидың аруағынан ұялмай мұндай сөздердің саумалын сапырамыз. Ұлы ақынды коммунистік партияның да, Жазушылар одағының қатарынан да шығарып, бала-шағасымен тентіретіп жібергеніміз күні кеше емес пе еді. Осыдан артық ақынға қандай қиянат жасауға болады? Айтыңызшы, қандай?
Алайда ұзақ жылдан бері мені «неге ақынды коммунистік партияның, ал содан соң Жазушылар одағының қатарынан шығарып тастады?» деген сұрақтан гөрі, «неге кезінде өлімге басын тігіп, Мағжанның ақындығын жүрегімен арашалаған Жүсіпбек Аймауытов сынды Мұқағалиды қорғайтын бір замандасы табылмады?» деген сауал көбірек, әрі жиі мазалайды. Неге?
Ақын шығармашылығын сөз қылғанымызда біздің бәріміз де Мұқағали өмірінің осы бір жанды жарасына тиіп кетуден жүрексініп, ол туралы әңгіме айтудан қашқалақтаймыз. Ал, шындығында бұл тек Мұқағалидың ғана емес, әлі күнге дейін жазылмай келе жатқан қоғамның жарасы екенін айтпай кетуге болмайды. Міне сондықтан да ғасырдың басындағы Мағжандар мен ғасырдың бел ортасындағы Мұқағалилардың кімдерден қиянат көргені туралы ащы ақиқат айтылмайынша, қоғамдағы осы қылмыс әлі де, алдағы уақытта да жалғаса береді.
Сосын, ит басына іркіт төгілген кеңқолтық совет заманының қаламгерлерді арқасынан қағып, еркелетіп жасаған шарапатының ақынға да тиіп кеткеніне бола Мұқағалиды бақытты ғұмыр кешкен адамдардың санатына қосуға бола ма? Жоқ, болмайды.
Рас, ақынның жыр жинақтарының биттің қабығындай болып, баспалардан бірнеше рет жарық көргені ақиқат. Алайда қатырма қағазбен шыққан Мұқағалидың таңдамалы жыр жинағының ақын өмірден өткен соң ғана халықтың қолына тигенін қалай ұмытамыз? Мұқағалидың талай замандастары советтік заманның игілігін артығымен пайдаланып, том-том кітаптарын үсті-үстіне шығарып жатқан мезгілдің әдемі өліарасында ұлы ақынның жұртқа мақтанып, ұялмай көрсетуге болатын бір қалың жинағын шығара алмағаны, оның жанына батпады деп ойлайсыз ба? Бала шағасын асырай алмай бірнеше жыл бойы күйзелген қазақтың ұлы ақынына жұмыс тауып беру де аса қиын шаруа емес еді ғой, адам түгіл итіне дейін тойынған советтік заманда.
Бақытымызға орай мұндай әңгімелердің бәрінің де басына су құятын Мұқағали Мақатаевтың ұзақ жылдар бойы жанын жегідей жеген мұңын шағып Димаш Ахметұлы Қонаевқа жазғанымен, жолданылмай қалған хаты табылды. Дүние саларынан екі жыл бұрын жазылған осы хатты оқи отырып ұлы ақынның өзегін өртеген мұңын, жұмыссыздықтан күйзеліп, табанынан тозып таусылып, төрт баласын асырай алмай қайғырған абзал әкенің жан қиналысын көріп, жүрегің қан жылайды. Мұқағалидың қаншалықты ауыр азап шеккенін, тағдырының қаншалықты аянышты болғанын оқырман көзіне елестету үшін қайғылы хаттың кей жерлерінен үзінді келтіре кеткенді артық санамадық:
«...Қымбатты Димаш аға! Жоғарыда айтқандарымның бәрі мүлде із-түзсіз кеткен емес. Нақтылай айтсам, менің ауданым мен ұжымшар жойылып, «Социалистік Қазақстаннан» шығарылып, қызым қайтыс болып, оған қоса бірнеше ет жақын туған-туысқандарымның қазасынан кейін күйініп, бәрінен баз кештім... Сол тұста мен өмірімде түзелмейтін қате жібердім. Қасақана ма, жоқ па, өзіңіз төреші болыңыз, дер кезінде уақытылы жарна төлемей, СОКП қатарынан өзімнен-өзім шығып қалдым. Билетті Совет аудандық партия комитеті тартып алды. Сырғабекова хатшы болатын Ол тап болған жағдайда шығуға жол таба алмай тығырыққа тірелдім. Қалай дегенде де өз кінәмнан тазару үшін шығармашылыққа шарқ ұрып ойландым, толғандым, іздендім.....
Өкінішке қарай, қаншама тер төгіп еңбектенсем де, бұдан он жыл бұрын жіберген қателік еш тыным бермейді маған. Кейде туған әдебиетке қарақан басының қамын күйттейтін көлденең көк атты көріндім. Сондықтан қателігім ешқандай жөнделместей сезініп, ұнжырғам түсіп, көлеңкеде қалуға тырыстым, әлдекімдер мені де көлеңкеде ұстауға әрекет етті. Не істеген ләзім? Бәріне де дариға ақын жүрек кінәлі. Әйтсе де барымды салып еңбектендім. Бәрібір жеңіл емес еді...
Әдетте адамның күнестен гөрі, көлеңке жақтары көзге көп түседі. Нәжістің аты нәжіс. Ол адамға, әсіресе мен сияқтыларға бір жұқса, жуық арада одан тазару оңайлыққа соқпайды. Өз іс-әрекеттерімде адамдарға ұдайы таупиықсыз қарап, әсіресе ішіп алғанда имансыздыққа бой ұрып, көп қателікке бой ұрыппын. Ешкімді күстаналамай, дөрекілік танытпай, бетің бар, жүзің бар демей, қара қылды қақ жарғандай туралығын айтыппын. Ақырында осы жылғы қаңтарда Қазақстан Жазушылар одағының секретариаты мені КСРО Жазушылар одағы мүшелігінен шығарып тынды, өзіме де сол керек шығар. Ол үшін ешкімді де кінәламаймын. Кезінде мен Жазушылар одағының аппаратында да, «Жұлдыз» журналында да қызмет еттім. Бірақ бәрібір өзімді әрқашан басы артық сезіндім. Ол әріптестерімнің маған деген салқын қарым-қатынасынан сезіліп тұратын, менің атыма жамалған жаманат ұдайы қаныма сіңгендей.
Құрметті Димаш аға! Қазір мен бәрінен де түңілдім. Жолдас-достардан да, әмпей ымыраластардан да, жаман әдеттерден де. Үйде омалып жаза беремін, жаза беремін. Бұлардың не әкелерін кім біледі? «Сырым саған, Отаным» атты жаңа кітаптың қолжазбасын дайындадым. Егер «Жазушы» баспасы немесе Қазақстан Жазушылар одағы 1975 жылғы жоспарға енгізбей, сызып тастаса тағдырым қалай болады? Екі жыл болды еш жерде жұмыс істемеймін, отбасым үлкен, кейуана анам, төрт балам бар, әйелім жарты жалақымен мектепте ұстаздық етіп жүр.
Таяу арада менің «Аққулар ұйықтағанда» атты жаңа жинағым жарық көрді. Чилидің ұлы ақыны Пабло Нерудаға арнаған поэмам жарияланды. Сөйтсе де мен ертеңнен күдерімді үзбей жазуды жалғастырып жатырмын. Жақында ғана «Халқыма хат» деген өлеңімді тәмамдадым.
Ардақты Димаш аға! Мен қырық екі жасқа толып, жан тыныштығын басқа тараптан іздегенімді түсіндім. Өзіме-өзім келіп, кінәмды жуып-шайып, өз ақымақтығымнан жоғалтқанымды қалпына келтіруге көмектесіңіз. Ажал алдында тұрғандаймын, құтқара көріңіз! Сіз қалай шешсеңіз, солай болады.
Ізгі ілтипатпен М.Мақатаев. 17.V.1974 ж. («Мұқағали шығармалары, көп томдық толық жинағы, V том, 228 ші бет).
Аянышты хат! «Қазір мен бәрінен де түңілдім.. Үйде омалып жаза беремін, жаза беремін. Бұлардың не әкелерін кім біледі?... Екі жыл болды еш жерде жұмыс істемеймін, отбасым үлкен, кейуана анам, төрт балам бар, әйелім жарты жалақымен мектепте ұстаздық етіп жүр… Ажал алдында тұрғандаймын, құтқара көріңіз! Сіз қалай шешсеңіз, солай болады». Сияға емес, қаламын жүрек қасіретінің қанына малып жазған қандай ауыр сөздер.
Хат жазылды. Бірақ сезімнің дауылы соғып өткен соң «жүрегімен қан жылап тұрып айтқан» иесінің қолына тисе Мұқағалидың өмірін өзгертуі де әбден ықтимал, тағдырының ең қиын өткелінде жазылған, ақынның бүкіл қасіреті баяндалған мұңлы хат жолданылмай қалды. Неліктен?
Мұқағалиға хатты жазған соң, оны жібере салу да оңай іс болып көрінді. Алайда барлық мұңын қопарып, жан сырын ақтарып осы ұзақ хатты жаза салысымен ақын бойындағы бүкіл тәуекелін сарқып алды. Жо, жоқ, тіпті олай де емес. Ақиқатында оның бойында басқа бір долы сезімдер буырқанып оянып кетіп, тағдырына бағынғысы келмеген сотқар ақынды онымен ерегістіріп, қайта төбелестіріп қойды.
Егер хат жіберілсе арыстан Мұқағали қандай жақсы адам болса да биліктің аяғына жығылған, тағдырына көнген пенде болып шықпай ма. Содан соң ақынның, уақыттың ауыр сынына төтеп бере алмай морт сынатын, пендешіліктің таңбасы басылған қарапайым тіршілік иелерінен қандай айырмашылығы болмақ?
Егер адуын Мұқағали өмір-күресте тағдырынан оңбай жеңілсе жаулары, әдебиеттегі күндестері мәз болып мазақтап, сықылықтап, артын ашып күлмей ме, сосын ол жүрегіндегі бар қазынасынан айырылып, шөл далаға айналмай ма. Бұл Мұқағали үшін өлімнен де ауыр қасірет болар еді.
Ал, содан соң «Сөредегі кермені кесіп өтсем, Маған әлі жетпейді құдайдың да» деп Тәңіріне шабаланған немесе көнудің орнынан қайта айбат шегіп «Білесің бе? Мен саған бағынбаймын! Бар ма тағы беретін зарың, қайғың?!» деп тағдырына арыстандай атылған Мұқағали ақынның өжет мінезінің болғанына келер ұрпақ қалай сенеді? Басқасын айтпағанда атағы төрткіл дүниеге дүрілдеп тұрған Расул Ғамзатовты да аса мойындамай, құрдасындай қалжыңдасып:
Бір өлеңі – бір елдің мұрасындай,
Жыр жаза алмай жүрмін мен Расулдай.
Расулдай...
Бағым да жүр ашылмай,
Құсбегінің қолындағы лашындай
-деп оны әзіл аралас шындығымен қағытқан Мұқағали емес пе, бұл? Ендеше неге ол Құдай сыйлаған талантына лайық құрметті, көшедегі қайыршыдай халықтан сұрап алуға тиіс? Өлеңдерінің рухы қазақ поэзиясының биігіне көтерілген уақытта, өнерді әйелінен, тіпті, бала-шағасынан да артық сүйген Мұқағали отбасының қамы үшін де мұндай қадамға барғысы келмеді. Осылайша ақын мұңайып, жүрегін ауыртып, көзінің жасы сорғалап отырып жазған аянышты хатты тартпасының суырмасына салып қойды.
Тау халқы жыр алыбы Расул Ғамзатовты алақанына салып аялап, көкке көтеріп, атағын аспандатқан уақытта, одан таланты бір мысқалдай да кем емес, өлеңдерінің рухы Шекспир, Байрон, Лермонтовтардың жұлдыздарының қатарында жарқырауға лайық, қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаев бала-шағасын асырай алмай, жұмыссыздықтан күйзеліп, көшеде қаңғырып қалды. Ішіндегі алай-дүлей болып соққан боранды қалай басарын білмей, ішкілікке салынды. Ешкімге керегі болмаған Мұқағалидан замандастары да безіп, ат-тонын ала қашты. Дүниеден түңіліп, көкірегі қайғыға, көзі жасқа толған байғұс ақынның әуреге салып қойған нәлет тағдырына өкпелеп, ащы суды сіміріп, сүйегі баяғыда қурап қалған Омар Һәйамның аруағын күңірентіп, мұңын шаққаннан басқа амалы қалмады:
Бәрібір,
Бізді ішкіш деп жүр ғой
Аяулым,
Ішіп қайталық,
Басына барып Һәйәмның.
Көземіз майға,
Көзіміз жасқа кенеліп,
Азан салайық
-Оянғын, баба оянғын.
Хан менен бектен,
Молда мен шонжар күштіден,
Дейді ғой Сізді қиянат көріп ішті деп.
Оянғын, баба,
Отырайық бір кәйіп қып.
Біздің шараптар Сіздің майлардан күштірек
Темірдей төзімді болсаң да тажал тағдырмен тайталассаң ол сені қамырдай илеп, табанының астына салып, таптап тастайды. Ал, бетпе-бет келгенде тағдырына бағынғысы келмей, азуын көрсетіп онымен тірескен, жаны қауызын жаңа ашқан гүлдей нәзік Мұқағалидай ақынға жүз есе қиын. Өмірде алдына ұлы мақсат қойып, соған жету үшін мойымай, барлық қиындықтарға төзіп, кездесетін кедергілерді сабырлықпен жеңіп, соңына дейін күресетін адамдар бар. Бірақ амал қанша? Мұқағали ондай адамдардың санатынан емес-тін. Ол күрескер болған жоқ. Дүрдиіп, тағдырына, кейде тіпті Құдайға құр босқа кіжінгені болмаса, шындығында ол сол тағдыр мен Құдайдың бір тамшы мейіріміне зәру қорғансыз адам еді.
Алайда тағдыр оны ботадай боздатып, зар жылатқанымен, Құдай ақынды ешқашан тастап кеткен емес. Мұқағали зарлағанда оның жүрегінде өмір сүрген Құдай да оған қосылып, ақынмен бірге жылады. Сүйікті құлының тілегін орындап, оны ақын етіп жаратып қана қоймай, оған нағыз ақындық тағдырды сыйлаған да Құдай болатын. Өмірінің қиын сәттерінде ақын адамдардан емес, аспанға қарап Алладан қолдау сұрап, жалбарынды.
Я, Аллам!
Жаратушы жалғыз ием.
Медет бер, жапандағы жалғыз үй ем!
Хал сұрар, жәй түсінер бір пенде жоқ.
Жүрек жүн, ойым опат, жанды жүйем.
Әрине ақын пролетариаттың көсемдері туралы да поэма жазды. Бірақ ол поэмалары оқушы көкірегіне тереңдеп дари алмады. Арагідік ақын шығармашылығы әңгіме болғанда, осы бір дерек мысалға келтіріліп, Мұқағали поэзиясының кейіннен қалыптасқандығы хақында қате пікір айтылып жүр. Шындығында бұл мүлде олай емес. Ақиқатында Мұқағалидың жүрегінде поэзиямен бірге имандылықтың нұрына шомылған Алланың сұлу сәулесі өмір сүрді. Сол ғажайып сәуленің қалауынан басқа дүниені жырлау ақын табиғатына жат құбылыс еді. Міне сондықтан да пролетариат көсемдері туралы тақырып Мұқағалидың стихиясы емес-тін.
Ал, енді сол жылдардағы сұм ажал сүйікті қызынан айырып, ақынды тағдыр зар еңіреткен мезгілдегі Мұқағалидың жүрегін жарып шыққан жырларын оқып көріңізші, Бетховеннің ұлы музыкасы «Көз жасы мелодиясын» тыңдағандай елжіреп, еріксізден көзіңізге мөлдір моншақтар үйіріледі. Және сүйікті қызына арналған бес өлеңнің әр қайсысы қандай үлбіреген нәзік сезіммен, таңғы шықтай мөлдір махаббатпен жазылған десеңізші. Әр өлеңнен Мұқағалидың боранды жылдарындағы сүйікті қызын сағынған шақтағы әр түрлі жағдайдағы көңіл-күйінің қайғылы музыкасын тыңдағандай боласың.
Байқайсың ба, көңіліңді ерекше толқытатын Мұқағалидың бұл тағдырлы бес өлеңі мен ұлы композитор Бетховеннің «Көз жасы мелодиясының» арасында көзге көрінбейтін жібек сәуледей байланысқан бір әдемі үндестік бар. Уақыт тауып сен де бір мезгіл осы бес бәйітті Бетховеннің ғажайып мелодиясын тыңдап отырып, оқып көрші.
«Көз жасы мелодиясы» көңіліңде пайда болған өксікті ойға салатын музыкадан басталады. Сосын кенеттен көзден тамған жасты еске түсіретін мұңлы әуен жүрегіңді шымшып қоя береді. Ғайыптан пайда болған қайғылы әуеннің ырғағынан, жанардан сырғанап түскен ол мөлдір моншақтың қасіреттің жасы екенін түсінгендей боласың. Бірақ сәбидің кіршіксіз жүрегендей таза жаста, кенеттен басына орнай қалған қайғыға әлі аса иланбайтын сенімсіздік бар сияқты.
Бірте-бірте Бетховеннің музыкасы шарықтап, жанардан үзілген гауһар тамшылардың үдей түскенін байқатады. Ия, көзден сыртылдап түскен гауһар тамшылар, жүректегі қайғының отын онан сайын қоздырып, үдеп барады. Енді әуеннің тылсым құдіреті басыңды сағымдаған қайғы мұнарының сенікі екеніне анық көзіңді жеткізгендей болады. Сол сәтте әуен шарықтап, тоқтай алмай жылаған көңіл-күйдің көрінісі көз алдыңа елестейді.
Содан соң музыканың сиқырлы әуені енді ол мөлдір моншақтардың көзіңнен емес, жүрегіңнен тамшылап тұрғанын сездірткендей әсердің бесігіне бөлейді. Бір уақытта көз жасы төгіліп қана қоймай, өзін жылатқан қасіретпен сырласа бастайды. Ақыр соңында қасіретке малшынған сенің бүкіл жаның көз жасына айналып кеткендей күйге түседі.
Енді Мұқағалиға келейік. Оқып көріңіз. Қызы қаза таба салысымен оған арнап жазылған Мұқағалидың алғашқы бәйітінде, әлі сол қайғының растығына иланғысы келмейтін ақын жүрегінің сенімсіздігі анық байқалады. Мұқағалиға қызы әлі өлмегендей, өкпелеп уақытша бір жаққа кетіп қалғандай болып көрінеді. Расында да жер гүлін, көк нұрын төккен арайлы көктемде келген сүйікті қызыңнан бір күнде айырылып қалғаныңа қалай сенуге болады? Бұл ақын жанарының қарашығынан сырғанап түскен алғашқы тамшысы, жүрегінің алғашқы күрсінісі.
Сол өмірге несіне өкпеледі?!
Ал өмір оны сыртқа теппеп еді.
Қайғырмаймын, жырым ғой жазылмаған.
Күрсінткені болмаса текке мені
Өлең 1962 жылдың 14 қарашасында жазылыпты. Енді бір күн өте салысымен, яғни, сол жылдың 15 қарашасында ақын жүрегінен туған жырды оқығанда, қас-қағым сәттің ішінде сол қайғының орнының тым тереңдеп кеткенін көресің. Тарқаудың орнына қайғының бұлты одан бетер қоюланып, жараның орны онан сайын сыздай түсіп, жүректі кеміріп, жанды ауыртып барады. Не істеген ләзім?
Қызы түсіне енген соң байғұс ақын жүрегінің бақшасындағы балбырап пісіп тұрған жүзімін тажал тағдырдың жұлып әкеткеніне көзі жетті. Мойнына асылып ойнаған тәтті қылықтарын есіне алған Мұқағали енді сүйікті қызының рухын сәбилік сөздермен әлдилеп, жұбатпақшы. Жаңа ғана тілі шыға бастаған бейкүнә сәбидің уіліндей әлидеде, абайсызда өртеніп кетіп, қайғының қара орманына айналып, жараланған ақынның жанын сыздатқан қаншама қасіреті жатыр.
...Түсімде қызым мені шақырады,
Өзеннің ар жағында отыр, әні..
Ғафу, балам, ғафу ет, бара алмаймын,
Мен деген – жер бетінің «ақымағы»
Мен деген –жер бетінің «ақымағы»,
Алдымда асқар асу жатыр әлі.
Сабыр балам, қай жаққа қашар дейсің
Сені жапқан қара жер топырағы
Қасіретпен уланған ақын жүрегін қайғының дерті шоқтай күйдіріп барады. Жылжып жылдар өтті. Мұқағалидың қайғысы жазылған жоқ. Қараңызшы, күні-түні еңірей берген соң ақынның көз жасы да таусылып, енді оның ғазиз жүрегі жылай бастады.
Бұлданба, жүрек, бұлданба!
Жиылып досың тұрғанда,
Жиырып сені жентектер,
Жымысқы қайғы-мұң бар ма,
Бұлданба, жүрек, бұлданба!
Қызығы тайып, қызы өлген,
Жалғыз-ақ сен бе бұл маңда?!
Қыс қайтып, жасыл көктемде,-
Қызғалдақ өсер қырларда
Өзін-өзі жұбатқысы келгенімен, өлеңнің рухы басына түскен ауыр қайғыдан ақын жүрегінің қарс айырылып, онан сайын күңіреніп, күрсініп жылап жатқанын аңғартады. Не амал істеуге болады удай мұңның уызы улаған, сезімтал жүрекке? Қызын сағынып, қайта-қайта кеудесін соққан жүректің дүрсілін қалай тоқтатасың? Тоқтату мүмкін бе, оны?
Қызым менің,
Гүлім менің,
Аяулым!
Жатыр молаң жотасындай қоянның
Құлпытастың құны маған бес тиын,
Бірақ таспен қалай жаншып қоярмын
Жоқ, мүмкін емес екен. Қайта жылдар өткен сайын қызының сүйегі жатқан зират жақтан ескен сағыныштың самалы бұрынғыдан бетер күшейе түсіпті. Жанын ауыртқаны аз болғандай, енді ол дауыл аласұрып, бұрқасындатып ақынның ішінде соғып, көңіл бұлты сөгіліп, жүректің жасы нөсерге айналды. Жүректегі нөсердің алапат екпіні байғұс ақынды өлтіріп тынбаса игі.
Қойман, ботам
Керегі не көк тастың.
Қыста ақ қар, жазда шалғын шөп бассын.
Өзің келген май айында ақ нөсер,
Ағыл-тегіл бізбен бірге жоқтассын.
Керегі не көк тастың
Бұлқынып, жүрекке мықтап байланған қайғыдан босана алмаған ақын жаны тұншығып барады. Қайғы теңізіндегі үміттің қайығы қирағанымен, төгілген көздің жасы тоқтамай о дүниедегі қызының рухын оятып, елесін тірілтті. Удай қасіреттің мұңын емген дариға-жүрек те шаршады. Жан тыныштығын іздеген Мұқағали енді алдамшы елестен құтылғысы келіп, көр азабына түскендей қиналды.
Қайтсем сенің құтылам елесіңнен?!
Отырасың қасыма келесің де.
Сен өлгенсің, жаным-ау, мен тірімін.
Мен тірімін,
Тірімін!
Көресің бе!!!
Көңіліне ұялап алған қайғы, бүкіл болмысын билеп, ақынның әппақ жүрегі уайымның аязынан шытынап кетті. Уайым мен қайғыдан тозған ақынның, ішіндегі монтаны күйініштің сөзін сыртқа шығарғаннан басқа қолынан не қайран келеді? Соңғы өлеңнен тіпті Мұқағалидың өлімге мойынұсынып, өмір шырағының сөнуге айналағаны байқалай ма, қалай?
Көнген жаным жазаға, қазаға да,
Өкпелеме,
Сен енді жазалама.
Шын болса, табысармыз ахиретте,
Әзірше, жаным мені мазалама!..
Қайтесің, «өкінішсіз өмір, қайғысыз қаза жоқ». Өмір жылжып өте берді. Аяудың орнына, тышқан ұстап алған мысықтай оның өмірімен ойнаған қызталақ тағдыр ақынды одан бетер жылатты. Алда, әлі ақынды талай рет ботадай боздататын тағдырдың сыбағасы дайын тұр.
«Қаныңмен жаз, сонда сен Рухтың не екенін түсінесің» дейді Фридрих Ницше. Тағдырдың ноқтасын басына салғызбай сүйреген Мұқағали ғажайып жырларының бәрін қаламын қанына малып отырып жазды. Және жанын сыздатқан әр өлеңінің толғағы да ауыр болды.
Тағдыры онсыз да қиын болып жүрген Мұқағалиды ақындық мінез бұрынғыдан да күрделі сергелдеңге салды. Атағына, лауазымына, кім екеніне де қарамай бәріміздің де тамағымызда жыбырлап тұратын шындықты айтқан ақынды мына қоғам құбыжықтай көріп, шеттетуге тырысты.
Қаншама күндер мен түндер бойы көз шырымын алмай жазылған жауһар жырлардың лайықты бағасы берілмеді. Заманға бейімделіп алған пысықайлардың шығармашылығы мақталып, кітаптары жарқырап шығып жатты. Ал, кең дүниеге сыймай, өмірдің биік аспанын іздеген Мұқағали түзелудің орнына, тағдырмен бетпе-бет келгенде қайта-қайта ерегісіп, тіршіліктен бір рахат көре алмаған ғұмырын тығырыққа әкеп тірей берді. Бірақ, ол үшін қоғамды да, заманды да, ақынның замандастарын да кінәлауға болмайтын шығар.
Лев Толстойдың шығармашылығын талдаған философ-сыншы Лев Шестов («Дүниені күйретуші, әрі жаңартушы құдірет») орыстың ұлы жазушысының не себептен өзін қайта-қайта тығырыққа әкеп тірей беруінің себебін, ұлы дүниелер туғызу үшін оған сол ұлы азаптардың да ауадай қажет болғанымен түсіндіреді. Ендеше босанатын әйелге толғақ қалай керек болса, өлеңді жазбай, оның бәрін жүрегінен туғызған Мұқағалиға да толғағы ауыр азаптар соншалықты керек болды. Сол үшін ол нағыз ақындық тағдырды таңдап, өзін-өзі аямады. Қиналды. Қайғырды. Жылады. Қорқудың, тіпті қашудың орнына, қасіреттің ауылына барып жатып алды. Қайғы-қасірет пен толғағы ауыр азапты ізденістерде ғана ұлы өнер туатындықтан, ақын тағдырының басқаша болуы мүмкін де емес еді. Жылдар өткен сайын ол толғақтың, жанын қинаған азабы да күшейе түсті. Дүние-жалғаннан түңіліп, өмірінің соңындағы Фаризаға арнап жазған өлеңі – Мұқағали ақынның ең толғағы ауыр жыры.
Ақынның бұл зарлы толғауын тебіренбей, жанарыңды жасқа шыламай оқу мүмкін емес. Бұл аяғына кісенін салғызбай, нәлет тағдырына қарсы атылған қыран ақынның өмірінің дауылындағы - ең соңғы, әрі ең азапты шайқасы. Ақынның бұрынғы өлеңдерінде өмір мен өлім бір-бірін жеңе алмай арпалысып келсе, Фаризаға арнаған жыр бәйітінде ажал шеңгеліне ақынның оңбай түсіп қалғаны анық байқалады. Мұнда күйікті ойдың салмағынан шаршап, бөлекше бір ауруға шалдыққан ақын, енді тіпті ажалдың құшағынан босанып шығуға талпынбайды да. Ақынның өмір шырағы да майы таусылып сөнуге айналған шамдай әлсіреп барады.
Мұқағалидың жасы қырықтың қырқасынан асты. Дариға-жүрегін аямай, нағыз ақындық ғұмыр кешіп, ұлы дүниелер туғызса да, уақыт өте келе ұлтымыздың асыл қазынасына айналатын жауһар шығармалардың бағасын білетін халықты ақын көріп тұрған жоқ. Жұмыссыздықтан да, көңіліндегі қайғының тұманын сейілту үшін қайта-қайта улы сусынды жұта бергеннен де ақын шаршады. Үміттің соңғы арқаны үзіліп, тірегі сынды. Келешегі белгісіздік тұманымен қоршалған. Қайтпек керек? Әлде тағдырына көніп, сабасына түсіп, жұрт қатарлы өмір сүрсе ме екен?
Ал, жұрт сияқты өмір сүру дегеніңіз – жүректеріндегі имандылықтың сәулесі сөнген, уақыттың ығына бейімделіп алып, екіжүзділікке салынған алаяқтардың айтқанына көну ма? Жұрт сияқты өмір сүру дегеніңіз - адамшылық қасиетіңнен айырылып, биліктің семіз малайы болып, итаяғынан ас ішіп, әр кімге бір жапалақтай жалпылдау ма, сонда? Жұрт сияқты өмір сүру дегеніңіз - Құдай сыйлаған асыл қазынаңды пендешіліктің тезегіне айырбастап, бақытыңды күл-қоқыстың арасынан іздеу ма? Жұрт сияқты өмір сүрудің, хайуанға айналудан қандай айырмашылығы бар? Ендеше сол жұрт сияқты өмір сүргеннен гөрі, өлген артық емес пе екен, адам болып қалғысы келетін, ақынға? Өмір бойы оттай жанған Мұқағалидың жаман тезектің шоғындай болып бықсығанын қашан көріп едіңдер?
Көрер едің,
Шаламын ба, отпын бар,
Білер едің,
Ақынмын ба, жоқпын ба?..
Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда,
Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда.
Түсінер ең,
Езбін бе, әлде ермін бе.
Байқар едің,
Артықпын ба, кеммін бе?..
Мен Спартак бола алмадым, не шара,
Сенің өзің Цезарь болып көрдің бе?!
Сырым да – осы,
Жырым да- осы,
Алдыңда.
Байқашы бір,
Бықсыдым ба, жандым ба?
...Махаңдар жоқ,
Махаңдардың сарқыты –
Мұқағали Мақатаев бар мұнда!
Қызталақ тағдыр! Аямасаң, аяғыңның астына салып, таптап таста. Бірақ сен басқаларды болса да, Махамбет пен Мағжандардың сарқытындай Мұқағалидай ұлы ақынды жұрт сияқты өмір сүруге көндіре алмайсың. Поэзия пайғамбары Абайды да көндіре алмағансың жұрт сияқты өмір сүруге. Қайғыңмен, беретін зарыңмен ақынды қорқытпақсың ба? Қорқыта алмайсың. Ақынды өлтіру үшін беретін тағы қандай уың бар? Мұқағали ақын оны да уыстап ішуге дайын.
Тәуекел! О ұлы Жаратушы, егер дүниенің бүкіл жаманшылығы менімен бірге қара жерге көмілетін болса, адамзаттың бақыты үшін Алла сыйлаған жанымды да сол ұлы мақсаттың жолына құрбандыққа шалайын. Тек содан кейін тажал тағдыр, өмірге әлі талай келетін таланттарды тағы да зар жылатып, аруағымды күңірентіп, арамдық жатқан, жауыздық жатқан көрімнің қақпасын келіп, қақпасыншы!
Ойым бар менің,
Ойым бар менің ерекше.
Жақсылық жауып,
Дүние мынау сел өтсе,
Жауыздықтардың, жамандықтардың барлығын
Көрге алып кетем керексе.
Адамның бүкіл айыбын
Арқалап алып,
Азабын өзім көрер ем.
Жамандық басқан денемен,
Жандырып жатқан,
Тоңдырып жатқан тамұққа
Жамандығыммен төнер ем.
Бүкіл дүние жамандықтарын
Артыңдар маған көтерем!
Қарызым болсын өтеген,
Жауыздық біткен менімен ғана бірге өлсе,
Бүгін-ақ өліп кетер ем.
Армансыз барып,
Көрімнің аузын жапқасын,
Дүниедегі тірілер
Жамандық іздеп бақпасын!
Жауыздық жатқан,
Арамдық жатқан көрімнің
Қақпасын келіп қақпасын.
Міне, осылайша тағдырдың қайта-қайта жылатқанына төзе алмаған байғұс ақын тамұқтың тұңғиығында жатса да сүйе беретін өмірімен қоштасып, базыналық жырын жазып кетуге белін бекем буды. Дегенмен ол өлеңді ақын кімге арнайды? Өмірінің соңында жанында дос деп айтуға тұратын бір адам да қалмапты. Жұмыссыздық тұрмысын ауырлатып, жанын қинағаны аз болғандай, көмектеспек түгіл кешегі достардың бәрі де күйіктен ішіп кеткен ақынды алыстан танып, тұра қашады. Тағдырдың қиын өткелінде қарайласпағандарды дос санауға бола ма, өзі?
Шыныменен дос жоқ-ау,
Дос жоқ менде.
Сонда қалай, өмірім босқа өткен бе?!
Осылай бір байламға келдім бүгін,
Қарадым да сүйіскен қос кептерге.
Менде арамдық жоқ еді алабөтен,
Доссыз өмір жалғанда қараң екен.
Қақ жарылған қауымға қайран жүрек,
Қашан ғана қаңырап қалар екен?!
Бір сәтте Мұқағалиға ғаламат ой келді. Өмірмен қоштасатын базыналық өлеңін жалған тіршіліктен дос таба алмай күйзелген ақын әйел затына арнап жазып кеткенді қош көрді.
Ия, ия, әйелге. Ақпанның ақтүтек боранында, дүниені қуантып ақынға өмір сыйлаған әйел болатын. Мұқағалидың бойына керемет ұлы сезімді дарытқан да әйел-өмір еді ғой. Құдайдың ғажайып сұлу сәулесіндей жырларын ақын қызғалдақтай құлпырған қазақтың ару қыздарына ғашық болып жүргенде жазды емес пе?
Кім біледі? Бәлкім, біздің Құдай деп жүргеніміздің бәрі әйелдің жүрегінде жасырынған таңның шұғыласы шығар. Неге біз еркектер қанша күшті болсақ та, өміріміздің ең қиын сәтінде Құдайға ғана шағатын мұңымызды, сағымыз сынып әйелге айтамыз? Ендеше дүниеден түңілсе де, досы жоғына күйінсе де, тағдырын қарғаса да Мұқағали ақын әйелдерді кіналай алмайды екен. Осылайша әйел затын ғана қимай мына өмірмен қоштасқан ақын, қолына қаламын алып, базыналық жырының алғашқы шумағын жазды.
Фариза!
Фаризажан, Фариза қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз.
Бірімізден-біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз
Қайран, арыстаным-ай! Ешкімге тең келмейтін алып кеудеңдегі біресе асау теңіздей тебіренетін, біресе долы дауылдай буырқанатын күшің қайда кетті? Қаралы тор бұлбұлындай зарлаған үнің қандай аянышты еді!
Қараңызшы, барлық үміті үзіліп, арманы күйреген бақытсыз ақын қайғының теңізіне батып барады. Өмірдің үскірік-аязынан жаны жаураған, «жігітінен қазақтың дос таба алмаған» ақын маңдайынан бір сипайтын мейірімді іздеп, соңғы сөзін әйелге айтып жатыр. Әйелге! Фаризаға!
Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жаралмаған жан екем күресуге.
Жылай жүріп, өтірік күлесің де,
Жүресің де қоясың, жүресің де.
Бірі итеріп кеудемнен бірі шалып,
Тастағысы келеді күресінге?
Құр айтып қоймай, тағдырдың наласынан жүрегі өртеніп жатқан Мұқағали әйел затының ғана оның нәзік жанын түсінетініне сеніп, жылан-ажалға арбалған торғайдай шырылдап, көзінің жасын тоқтата алмай, қайта-қайта өксіп-өксіп жылайды. Жазбақ түгіл, мұндай өлеңді оқудың өзі қандай ауыр еді. Қайғының әуені еркіңді билеп, аза бойыңды қаза қылып, денеңді түршіктіріп, неше түрлі ойға шомылдырады.
Әкесінің құны бардай, жалмауыз тағдыр ақынға неге соншама өшікті? Ақындық жүрек сезе-дүр. Ертең өлген соң жұрттың бәрі де оның ұлылығын мойындайды. Ер-тұрманы түгенделмей кеткен ақын еді, деген сыңайдағы неше түрлі естеліктер жазады. Қара түнекті жарып шығатын мейірімнің таңы да сол уақытта атады. Мұқағалидың рухын аялайтын мейірім де, ақынның талантына табынатын мойындаулар да сол кезде болады. Дегенмен сол мейірім мен мойындаудың ақынға дәл бүгін, көзі тірісінде керек екенін тасбауыр жандар неге ұқпайды? Ешкімге керегі болмай қалған ақынның, күресуге жаралмаған пендесінің жарық дүниенің жылуын сағынып, әйелге мұңын шағып, өмірімен қоштасып жатқанының себебін түсінетін кім бар ма, мына жалғанда?
Замандастарының естеліктерін оқысаңыз бәрі де Мұқағалиға бір жақсылық жасағанын айтып, ақталып жатады. Бәрі де шетінен көзі тірісінде-ақ ақынның ұлы талант екенін мойындап, зор құрмет көрсеткен.
Лайым, солай болғай! Дегенмен мен мұндай сөздердің ешқайсына сенбеймін. Сенейін десем, Мұқағали өлеңдерінің рухы жалған дүниеден жақсылық көре алмай, маңдайынан сипайтын алақанға зәру болғанын айтып, зар жылайды. Кімге сенейін? Ақынға ма, әлде замандастарына ма?
Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
...Серіппесі үзіліп тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң, мен саған мұң шағамын,
Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім...
Салыстырмалы түрде өнердегі адамдарды үшке бөлуге болады. Алғашқылары мағыналы ештеңе жасамаса да, қыбырлап-жыбырлап, төменде жүріп-ақ барлық тірлігін бітіретін бауырмен жорғалаушылар. Өмірдің бүкіл рахатын солар көреді. Ар-ұятын сатып, тіршіліктің қамы үшін пендешілікке салынып, әр кімге бір жалтақтап өтірік өмір сүреді. Мағыналы ештеңе тындыра алмаса да, мансапқа жетіп, атақ-даңққа бөленеді. Бәрі шетінен пысық келеді. Том-том қылып, жарқыратып кітаптарын шығарады. Мақталады. Дұрысы – битін салып жүріп, өздерін мақтатқызады. Өнерде жүргендердің басым бөлігін, салмағы жоқ, өлген күні шығармашылығы да өздерімен бірге суық көрге көмілетін, қанаты жоқ осындай адамдар құрайды. Олар – дарынсыздар.
Өнерде белгілі бір биіктікке дейін ғана ұша алатын үркердің шоғырындай ғана топ бар. Олар көп оқып, көп ізденеді. Өнерге мейлінше адал болуға тырысады. Жағымпаздыққа, екіжүзділікке, көрсеқызарлыққа салынбай, ондайдан бойын аулақ ұстайды. Өмірдегі де, өнердегі де ұстанымынан таймайды. Олар – таланттар.
Алып қанаты бар, әр ұшқан сайын тек биікте самғайтын, дүниеге сия алмай өтетін ерекше жаратылған адам да келеді өмірге. Ол қоғамдағы әділетсіздікке төзбей, тағдырына бағынбай, онымен күресіп өмір бойы азап шегеді. Өмірдің биік аспанын іздеп аласұрып, жаны тыныштық таппай қиналады. Дүниенің бүкіл рухани байлығын гауһар тастай уыстап жүрегіне жинайды. Қоғамның заңдылығына бағынғысы келмей, ағысқа қарсы жүзеді. Шығармаларын сиямен емес, қанымен жазады. Ол рабайда, ғасырда бір туатын – ұлы талант.
Таудай биік Мұқағали да - Құдай алып қанатымен жаратқан сондай ұлы талант еді. Әділін айтсақ, осынау биік аспанның астында ұшу да ақынның құлашын кеңінен жаюына аздық етті. Өйткені Мұқағалидың өз ішінде өмір сүрген ұлы аспаны, дүниенің аспанынан биік-тұғын. Сондықтан да ұлы ақын, дүниенің аспанын жарып шыққысы келіп, әр ұшқан сайын қайта-қайта барып оған алып қанатымен соғылды. Әр соғылған сайын, ақын болып жаратылғанына өкініп, қанатының қауырсынын оңдырмай сындырып алып, қатты күйзелді. Бірақ қанаты жазыла салысымен биік аспанда ала алмаған өші бардай қыран-ақын қайтадан қанатын жазып, сол жаққа қарай ұшты.
Ақын болып несіне жаратылдым,
Арасында қап қоймай қара түннің,
Қасиетін сезем деп Ана тілдің,
Қауырсыны қалмады қанатымның.
Қу тірлікке құл болып, аяң басып,
Құлашымды жая алмай баратырмын
Жауһар жырлары миллиондаған адамдардың жүрегін жаулаған ақынның да дәл осындай қасіретті өкініші болады екен-ау! Кәусардай мөлдіреуге жаратылған Мұқағалидың жанарын неге кіреуке мұңның кірбіңі басты? Ой қабырғасы сөгіліп, шабыттың дария толқыны тасып, бойына сыймағанда дауылдарға да, жауындарға да қарамай, ағындарға қарсы жүзіп, дамылдамай, қара нөсердің қағынғанын да елемей аспанға қарай самғайтын қыран-ақынның шынымен де күннің қара суығы тоңдырған торғайдай шырылдап, гүлдей нәзік әйелдің жанынан пана іздегені ме?
Бұл не сонда? Кірпігіне үміт ілдіре алмай өткен Мұқағалидың бәрінен де түңіліп, мезі еткен ойларынан шаршап, ақыр соңында тағдырынан жеңілгені ме? Жоқ, олай болмаса керек?
Ақын жеңілген жоқ. Тағдырымен болатын ақырғы шайқасқа шығу үшін, өмір майданында қанатындағы қауырсынының бәрі сынған жаралы қыран соңғы күшін жинап жатыр. Өмірлік базынасын айтып болған соң, ол қайтадан биікке самғап, бұзып шыққысы келіп, жаралы қанатымен тағы да дүниенің аспанына барып соғылады. Тағдырымен шайқасып өлуге тәуекел етіп, қанаты майырылып, көзі қанталаған қыран-ақынды енді ешкім тоқтата алмайды.
Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,
Аттап өттім олардың қия белін.
Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды.
Жия бергім келеді, жия бергім.
Маңдайымнан сипайтын бір жан болса,
Енді қалған өмірімді қияр едім.
Заманның қоңырауындай кеудесі бар ақынға тағдырдың құлпы бәрібір кісенін сала алмады. Мұқағалидың «бүлікшіл-бунтарлық» бұзақылығының себебін түсіне алмағандар оны тіпті ақыл-есінен айырылған жындылардың қатарына да қосып қояды. Шындығында оның бәрі «бұзақылық» та, «жындылық», «сотқарлық» та емес, Мұқағалидың ақындық мінезі болатын.
Тағдырмен бетпе-бет келгенде ақынды талай рет тура жолдан тайдырып жіберген де, сонымен қатар оны өнердің биік шыңына көтерген де сол мінез еді. (Жүрек пен мидың қатпарында жасырынып жатқан ойдың кенішін іздеген Мұқағалидың өлеңдерін өміршең етіп тұрған да сол мінез емес пе. Тереңірек үңілсеңіз, Мұқағалидың ақындық мінезінде тек ашу мен ыза ғана емес, жүректегі мұзды майдай ерітіп жіберетін күннің шуағындай жылы лиризм мол. Ақиқатын айтсақ, жиырмасыншы ғасырда туған басқа еш ақынның өлеңінде де табиғат пен өмір соншалықты нәзік лиризммен жырланған емес.)
Өнердегі мінезінің арқасында тек аспанмен таласқан биікте ғана ұшқан Мұқағалидың, жүрегін жарып шыққан ақберен жырлары ылғи да қайшылықта туып, ақынның жанына бір сәт тыныштық бермей, оны үстін-үстін қинады. Ақын өлеңдерінің рухынан Мұқағалидың жүрегінен туған әр жырының толғағының ауыр, әрі қатерлі болғанын аңғарасың. Фаризаға арнаған өлеңінде осы ерекшелік тым айрықша сезіледі.
Білмеймін, бұзықпын ба, жындымын ба?!
Кеп тұрады телігім мұңды-мұңға.
Енді қалған өмірдің құрдымында,
Өлтірсең де көмбеймін жырды құмға!
Нөл болады деп айтам, жалтармаймын,
Көбейтсең де қаншама мыңды мыңға..
Дария тілдің ағынымен, ақын аузымен айтылған сөздің бәрінің де ақиқат екенін мойындамасқа лажымыз жоқ. Өңкей нөлдерге күйінген ақынды шегіп жатқан азабынан құтқаратын бір-ақ құдірет бар – Өлім. Амал қанша, егер жүрегінің есігін қағып тұрған ажал болса, Мұқағали ақын одан да шошымай, Құдай айдап әкелген қонағындай қарсы алуға әзір.
Көкірегінде өмірге айтылмаған талай ғашық әні кетіп бара жатқаны болмаса, итке тастайтын сүйегін де ақынға қимаған қу тіршілікте не қызық қалды? Құдай аузына салғанда, көріпкелдікпен өзінің есебінде жазғандай қырықтың бесеуінде, өмірден түңіліп ішкілікке салынып кеткен, отты жырлары миллиондаған адамдардың жүрегін нұрландырған Мұқағали ақынды ажал жердің азабынан құтқарып, мәңгілікке құшағына алды.
Өзімнің есебімде
Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.
Кім біледі..
Ендігі қалған өмір
Неше жылға жетерін,
Неше күнге?
Ұмыт болып есебің, есегің де,
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде
Қырықтың бесеуінде.
Адал едім,
Артынша «арам» болдым,
Адам едім,
Ақыры «надан» болдым.
Жиылып бұл жалғанның жамандығы
Ақыры маған қонды.
Жаман болды.
Айтыңдар,
Қайсысың бар ардақтаған.
Таразыға тең қойып, салмақтаған?
Басылған маңдайыма қарғыс таңба,
Қарауға жан батпаған,
Жапалақ емеспін мен жалбақтаған,
Қыранмын екі көзін қан қаптаған.
Ақыры, байғұс ақын өліп тынды. Оны өлтірген кім? Заман ба, қоғам ба, әлде адам ба? Жоқ, олардың ешқайсысы да емес. Ақынды өлтірген оның жүрегінен туған өлеңдерінің ұшқыны. Уақыт өте келе сол ұшқын жалынға айналып, отты жырлармен қауышқан ақынның жан әлемін өртеді. Қатты қиналған күндерде ақын ішінде жанған оттың жалынын сөндіре алмай, талай рет азапқа түсіп, арпалысқан жоқ па еді.
Айтатын саған сырым бұл,
Ертеңім менің бұлыңғыр.
Әлсіреп дымым құрып жүр.
Адасып менен кеткен бе?
Айналайын құлын-жыр.
Айтатын саған сырым бұл,
Бастаудың мұздай суымен
Мерт болып кетсем жуындыр.
Өртенген жанды суындыр
Біз ылғи да д үниеге келетін ұлы ақындардың қасіретке белшесінен батып, азап шегіп, жарық дүниеден жақсылық көре алмай өтетінінің себебін өмірдің заңдылығымен түсіндіруге тырысамыз. Шындығында мұның басқа да себептері бар.
Ұлы ақындардың мына біз сияқты қарапайым пенделерден бір үлкен айырмашылығы табиғат та, тіршілік олардан тыс жерде емес, ішінде өмір сүреді. Табиғаттың дүлей дауылдары олардың кеудесінде соғып, үскірік аяздары жүрегін тоңдырып, аптап ыстықтары жанын күйдіріп жатады. Тіршіліктегі әділетсіздіктер, қайғы-қасіреттер олардың ішіне түсіп кетіп, оны оттай жандырады.
Қазақ поэзиясының жарқыраған күні Мұқағали Мақатаев ағат басқан қадамдары үшін халқынан кешірім сұраған бір өлеңінде, төсіндегі тыным бермейтін заттың жүрек емес, от екенін жырлаған-тұғын. Ақынға ғажайып жырларды жаздырған да, тағдырына бағындырмай қойған да, қайта-қайта азапқа салған да сол лаулаған оттың құдіреті болатын.
Ақыр соңында жанғанға да көңілі көншімей, мына дүниені, Жарық күнді бар жан-тәнімен еміреніп сүйген Мұқағали жүрегіндегі оттың жалынына өртеніп өлді.
Meн сені сүйгем
Жаныммен сүйгем, Жарық Күн!
Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың.
Ақ сәулең сенің аймалап мені,
Жарық Күн,
Тұрған да болар үстінде мынау табыттың.
Ғарыштан құйған ғаламға ортақ шуағын,
Сезгемін білгем,
Мен үшін бір күн тынарын.
Тастама мені,
Тастама мені, Шырағым!
Шуағың түссін,
Шөп болып, мейлі шығамын.
Қомағай көңіл құмартып өткен әрнеге,
Тірлікте, сонау түскемін талай әуреге.
Кешкен өмір де,
Көрген бақыт та – барлығы,
Жетпейді екен ғой,
Бір күндік сенің сәулеңе.
Бір күндік сәуле..
Бір күндік жарық мекенім!
Мәңгілік түнек – қапасқа қалай кетемін.
Келмейді-ау тілім...
Өлгеннен сұра дер едім,
Тірі жандарға,
Өмір дегеннің не екенін.
Өмір дегенге,
Тірлікте, сірә, жетер ме ой.
Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.
Бекер ғой бәрі,
Бекер ғой бәрі –бөтен ғой.
Өмір дегенің – бір күндік Сәуле екен ғой!..
Аянышты өлім! Аққу жырдың қанатына жазылған ақынның қаншама арманы орындалмай, ішінде кетті. Міне сол үшін өмірден түк қызық көре алмай өткен Мұқағалидың опасыз тағдырына қалай өкпелеуге де қақысы бар.
Ақын да - адам баласы. Көнгісі келмегенімен, бәрібір ол да барлық адамдар сияқты тағдырдың жазуымен басына бақыт құсының қонғанын армандады. Бірақ ылғи да тағдыр Мұқағалидың айналасын қалың тұманмен қоршап, оның басына бақыт құсын қонғызбай қойды. Алайда мына біздер, оның жырлары жүрегімізде ізгіліктің шырағын жаққан қарапайым оқырмандары, ақын поэзиясының миллиондаған табынушылары Мұқағалиды зар жылатқан тағдырды, сол үшін жазғыра аламыз ба? Жоқ.
Есіңізде ме, Гетенің Фаустында ақын өзінің әзәзіл тағдырынан оның кім екенін сұрағанда ол, «мен өмір-бақи зұлымдық жасағысы келгенімен, өмір-бақи тек игілік туғыза беретін құдіретпін» деп жауап бермеуші ме еді. Мұқағалидың тағдыры оның жеке басы үшін ғана – трагедия, ал қарапайым халық, яғни мына біздер үшін – игілік. Егер тағдыр ақынды қинамаса, ауыр азаптарға салмаса, зар еңіретпесе біздің бәрімізді де ерекше елжіретіп, оқығанда есімізден тандырып жібере жаздайтын ғажайып жырлар Мұқағалидың жүрегін жарып шығар ма еді. Жарық дүниеге Мұқағалиды әкелген құдай ол туғанда ақындық тағдырын да онымен бірге жаратты. Ұмытпасаңыз, Мұқағалидың «Бесік балағындағы жылан» поэмасында бұл көрініс жыланның символдық белгісімен әдемі суреттеледі.
Қызылшақа сәби Мұқағалиды шешесі ұйықтатып, бесікке бөлеп, керегеге сүйеп, жылғадан су алуға кетіп қалады. Әжесі де тезек теруге кеткен. Күлуге де, қуануға да мұршасы жоқ әкесі шөп шауып жүр. Әлдебір уақытта шешесінің құлағына нәрестесінің шырылдаған үні естілгендей болып, жүрегі су етіп, бәрін тастап үйіне қарай жүгіреді. Жүрегін ұстап үйіне жетсе, затын бөтен шошырлықтай дәнеңе жоқ. Сәбиі томпиып, қаннен-қаперсіз бесікте тәтті ұйқыда жатыр. Бір уақытта ине-мұрты танауына шаншылған ала мысық үдірейіп, бесікке қарап бырылдап, қоя береді. Сол кезде ғана анасы тал бесіктің балағында оралып жатқан қарашұбар жыланды көреді. Қапелімде не істерін білмей, зәре-құты қалмаған анасының сәбиін бесіктен шешіп алуға да дәрмені болмай қалады. Дәл осы сәтте үйге әжесі кіріп келіп, ақынның анасы оған ымдап бесіктегі әбжыланды нұсқап көрсетеді. Әжесі болса немересінің тірі қалғанына көзі жеткен соң, жыланды қысқашпен ұстап алып, дұшпанының аузына сүт тамызып, өлтірмей жөніне қоя береді.
Дастандағы бесік балағындағы жылан ақынға тұңғыш рет жолыққан тағдырдың символдық көрінісі. Ең алғаш ол тағдыр ақынға жылан кейпінде жорғалап келді.
Мен жатыппын есен-сау бесігімде,
Алда болып ажалым, несібем де.
Титтей-титтей қырық күн сығалапты.
Қырық жамау құрым үй тесігінде.
Әлде сақтап, періштем қақты ма екен?!
Әлде қорғап мысығым жатты ма екен?
Әлде менің дұшпаным өзі қорқып,
Менен келіп қорғаныш тапты ма екен?!
Неге менің үйіме төте кірді?!
Бесігіме неліктен көтерілді?!
Неге мені шақпады?!
Сезді ме әлде?!
Мен өзіне жау емес екенімді.
Қарашұбар жылан қалпындағы тағдыр кейін Мұқағалиға адам кейпінде жолығып, кездескен кезде талай рет ақынды аямай шақты. Шындығында тағдыр дегеніміз көзге көрінбейтін құбыжық емес - дәл өзіміз сияқты адамдар ғана. Ақынның қиналған сәтінде көмектеспеген, өміріне қарайласпаған – замандастары, жүрегін жаралаған –сыншылары, маңдайынан сипамаған –достары, талантын бағаламаған, құрметтемеген, қадірін кеш білген – жұрты, алақанына салып, аялай алмаған – қазақтар.
Әр ақынның өз тағдыры бар. Махамбеттің басын кескен –жауыздар, Абайды сабаған – қасиетсіздер, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақып, Әлихандардың басын жұтқан – жалмауыздар, күні кеше ғана Алтынбекті өлтірген – опасыздар... Бұл да тағдырлар.
Бетпе-бет келгенде сол тағдыр Мұқағалиды зар жылатты. Дегенмен ақынның көзінің жасын жауын қылып, қайта-қайта ботадай боздатқанымен еш уақытта да Мұқағали ұлы өлеңді тағдырынан өш алудың құралына айналдырған жоқ. Өмірінің соңына дейін ол замандасы Фаризаға арнаған өлеңіндегі «өлтірсең де көмбеймін жырды құмға» деген уәдесін бұзбаған Мұқағали болып қалды. Сөзімізге сенбесеңіз, Мұқағалидың жырларын оқып көріңіз. Ақынның шалқар поэзиясынан замандастарын қарғап-сілеп жазған бір өлеңін таба алмайсың.
Қайта керісінше, әр кездескенде ақын тағдырын аяп, таңдайына ақ құйып, жолға салып жіберіп отырды. Басқаша сөзбен айтқанда тағдыр ақынды қыспаққа салған сайын Мұқағалидың жүрегінен бұрынғыдан да сұлу, бұрынғыдан да керемет, адамгершіліктің әдемі сәулесіндей жарқыраған ғажайып жырлар туа берді. Ақыр соңында ақын өлгенде тағдырдың өзі оны жоқтап жылады.
Мына дүние зұлымдық пен мейірімділіктің бітіспейтін майданы. Екі аяқты пендесін Алланың түзу жолына салғысы келетін Құдайға қашан да қиын. Өйткені ол зұлымдыққа қарсы алаяқтық, екіжүзділік, опасыздық, сатқындық сияқты оның қаруымен күресе алмайды. Ондай қаруды қолына алса Құдайдың өзі зұлымдыққа айналады. Ұлы Жаратушының зұлымдықпен күресетін жалғыз ақ қаруы бар – жүректің сәулесі. Ол жүрегінде сәулесі бар - кемеңгер. Ол жүрегінен имандылықтың нұры шашыраған – ғалым. Ол жүрегі от болып жанған – ақын.
Қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаев жүрегі от болып жанып, миллиондаған оқырмандарының жанына адамгершіліктің шуағын шашқан, Құдайдың халыққа сыйлаған сұлу сәулесі еді. Ендеше дәл осындай Жердің ғажайып сәулесінің мәңгілікке сөнуі қалайша мүмкін болмақ? Сене алмаймын, оған.
Мұқағали өлген жоқ. Ақиқатында Алла-Тағала - көзі тірісінде халық қадірін білмеген, адамдар бағалай алмаған, тағдыр аямаған Жердің таңғажайып сәулесін, баршамыздың көзімізді қызықтырып, жарық күндей жарқыратып, аспанға апарып жағып қойды.
МҰҚАҒАЛИДЫҢ СӘУЛЕСІ
Өмірім қалыпты арнасымен ағып жатқан әдемі уақытта Алматының мазасыз тіршілігі шаршатқандықтан ба, әлде үлкен шаһардың қапырық ауасынан тұншыққандықтан ба білмеймін, көңілімді кір басқандай болып, қаланың шаң-тозаңынан сілкіну үшін Арқаға кеткім келді. Күрең күздей көңілім жабырқап, жетімсіреген айдың мұңлы сәулесіндей сарғайып, үміттің оты сөнуге айналған күндерімнің бірінде аяқ астынан арманым орындалып, жұмыс бабымен Астанаға ауыстым. Балаша қуанып, іштегі құйын-сезімімді баса алмай, бір перизат күй көңілімді шалқытып, бөктерден соққан самал желдей бойымды сергітіп тастады.
Әйтпесе, соңғы жылдары сайын даламның дидарын сағынғанда бір жұмбақ сезім жүрегімді елжіретіп, түн ұйқымды төрт бөліп, берекемді кетірген еді. Дауыл соққанда текемет қырдың шаңы аспанға көтеріліп, сабасына түсіп тынышталғанда, теңіздей толқып жататын Арқаның сахарасын ойлағанымда Абай атамды да есіме алып, шығармаларын қайталап оқып, жылдар өткен сайын оның рухын тануға жақындай бергенімді түсінгендей хәлді басымнан кештім. Ойлары бір-бір қаралықтай ұлы ақынның кітабын қолыма алғанымда сайын даламның бір жұтым таза ауасы бөлмеме кіріп кетіп, жусан иісін қуып әкелгендей әсердің бесігіне бөлейтін. Шығармаларын оқыған сайын ылғи да менің көзіме Абай – ұзаққа созылған қараңғылықты мойындап қойған қазақ сахарасын кенеттен арайландырып жіберген, қапас түнекті жарып шыққан, жарығы көз тайдыратын нұрлы күндей болып елестейтін.
Қызық! Астанаға қоныс аударғаннан кейін біраз уақыт өткен соң қайтадан Алматымды сағынып, тіпті, бауыр басып қалған Жетісудың асқар таулары түсіме кіріп, тағы да саябырсаған көңілімнің тыныштығы бұзылды. Енді мен Абайдан гөрі елесі алыстағы жұлдыздай жылтылдаған Мұқағалиды жиі-жиі ойлап, бұрын-соңды болмаған толқулар санамды шырмап, сағыныштың шын кәусарын татқызып, ақынға деген баяғыдан да күшті махаббат бойымда буырқанып оянып кетті. Сүйікті ақынымның жыр жинағын сұратып алып, өлеңдерімен қайта сырласып, мауқымды басқанымда ғана өзегімді өртеген отты сөндіргендей болып, сабама түстім. Көңілім босап, Мұқағали өлеңдерінің қоңыр әуені жүрегімнің нәзік талшықтарын дірілдетіп, шерімді қозғап, тағы да жанарым жасқа шыланды.
Махаббат па?
Махаббат болған менде.
Жиі барғам аққулар қонған көлге.
Ал, қазір тоңған жүрек, солған кеуде.
Ғашықтық па?
Ғашық та бола білгем.
Бір-ақ жанға ғашықпын бала күннен
Жанымменен сүйемін, жанарыммен.
Сағыныш па?
Қалай оны тауыса аламын.
Сағынғамын, шөлдегем, аңсағамын,
Ақыры шаршағамын, шаршағамын.
Арқаның апайтөс даласындағы сұлу шаһарда, ертегі өмірін есіне түсіріп өксіген көңілімді Мұқағалидың жырларымен жұбатып, Кеңсайда жатқан талай арыстардың аруағы қорғаған биік таулардың ортасында қалып қойған кербез қаламды сағынған күндерім сынаптай сырғанап өте берді.
Қарашада іссапармен Алматыға баруға жолым түсті. Бала күнімде аяғым топырағына тигенде бауырына басып, аналық махаббатымен әлдилеген мекеніме жеткенімде көңілім алып-ұшып, осы қалаға тұңғыш келе жатқан кезімдегідей толқығаным-ай! Көзімді кіреуке мұңның кірбіңі шалып, қырықтың қырқасынан асқан шағымда әлі сәби кезімде кетіп қалған мекеніме, данышпандай терең, әрі жомарт далама, ақ көделі әдемі өлкеме әкемнің аруағы шақырып әкелгенімен, анамның құшағындай ыстық, әрі мейірімді Жетісу жерінің қамқор шешемдей болғанын сонда ғана жан-тәніммен түсіндім. Көңілім қайтадан құлазып, жетімсіреген жүрегім абайсызда қақпанға түскен қасқырдай қиналып, ұлып қоя берді.
Толқын-көңіл тоқырап, таусылуы-ай,
Тасып-тасып басылған тау суындай.
Жетім жүрек жастықтың жұртында қап,
Ұлиды кеп бөрінің қаншығындай.
Қырық күздің қырқада бұлты аунайды,
Қырық көктем келсе де жылыта алмайды.
Қылын шертсең күмбірлеп күй төгетін,
Қырт көңілден бұл күнде дым тамбайды.
Қырқасына шыққанда қырық белдің,
Мойынымды артыма бұрып көрдім.
Жатыр екен жиырма мекенінде,
Мен несіне қырықты қуып келдім
Поездан түскенімде жаңбыр құйып, Алматы мені жылап қарсы алды. Күннің салқындығынан емес, көңілсіз қарсы алған қаланың суықтығынан денем тоңып, тұла-бойым қалшылдап кетті. Көшедегі сап түзеген ағаштар да, мұңайған үйлер де, құмырсқаның илеуіндей құжынаған халық та, шабақтай шоршыған көліктер де мені танымағандай өмір-өзеннің толқынымен ағып барады.
О, Алматы-анашым! Жүрегім қуаныштан жарыла жаздап, сонау балалық шағымда құлыныңдай құраулап жеткенімде жаздың жаймашуақ күніндей жадырап қарсы алып, бауырыңа басқандағы ыстық құшағың қайда кетті? Неге салқын болып барасың жылдан-жылға? Талшыбықтай бұралған қазақтың ару қыздарының көркіндей әйбат келбетіңді кім айғыздаған? Жұпар исіңді кім ластаған? Мені көргенде қыршын кеткен қос ұлы есіне түсіп, көзінің жасына ерік беріп тоқтата алмайтын байғұс әжемдей жүрегімді ауыртып, неге жылай бересің, Алматы?
Сандалғаны-ай санамның сан бөлініп,
Тамырымда тулайды қан желігіп.
Бара жатыр көлшіктер көлге айналып,
Бара жатыр төбелер тау көрініп.
Құмды құшқан қу тақыр баққа айналып,
Суық аяз күйдірген оттай қарып.
Әлсіз жүрек әл жиып алатындай,
Арагідік лып етіп, тоқтай қалып.
Тас көшеге табанмен сына қағып,
Қайда асығып барады мына халық?
Абыр-сабыр ағылған адамдарға
Айғай салғым келеді тұра қалып.
Отыз жыл өскен әсем қалама емес, басқа шаһарға, тіпті бөтен елге келгендей көңілім құлазып, жапырақтары тоналған ағаштай қамығып, уақыттың улы тікенегі жанымның жарасына тиіп кетіп, сыздатып барады. Құдды бақыттың көбелегін қуған - балалық шағым, бозбала дәуренімнің есігін қаққан- тағдырлы махаббатым болмағандай, заманның дауылымен алыстырып қойған жастық өмірімнің қызығы бұл қалада өтпегендей Алматы маған салқындық танытып тұр.
Жұдырықтай жүрегім ғана арман қуған жылдарымның бәрінің де осы қалада ұя салғанын ұмытпай, сол әдемі ғұмырымды көргісі келіп кеудемнің қақпасын ұрып қояды. Ыстық қонысына келгенін сезген қайран жүрегім ол қарлығаш-дәуреннің басымнан ұшып кеткеніне әлі сенбей, мазамды алып дүрсілдейді. Салқын нөсер көшеде емес, арман қуып шаршаған менің күзгі көңілімде құйып тұрғандай болып, сатырлап жауған моншақтары көңіл тереземнің әйнегін сындырды.
Арман-ай, әкеттің-ау тым алысқа,
Әкеттің-ау!
Қайғы ма, қуаныш па?!
Әншейін әуре болып жүрмін бе, әлде
Әзіргі көңіл жықпас жұбанышқа?!
Арман-ай!
Орындалар болармысың,
Қолыма қалай етсең қонар құсың?
Әлде сен әр қиядан із соқтырған
Олжасыз, опығы мол сонармысың?
Құдайым-ау! Солығы бір басылмай, жүйрік тұлпардай жеткізбеген сол арман қайда жоғалып кетті? Неге жас күнімдегідей көңілімді алдап, ойнақтап шықпады алдымнан? Бетін әжім басқан Алматыммен бірге оның да дәурені өтіп, қартайғаны ма? Мүмкін көңілімнің теңізінде кербез аққудай қалқыған әдемі армандарымның болғаны өтірік шығар? Мүмкін оның бәрі көрген түс шығар? Әлде осының бәрі бөтен біреудің басын мұнарлаған сағым бұлты ма екен?
Жо, жо, жоқ. Болғаны анық! Әйтпесе, неге дүниенің жалғандығын, қоғамның қасіретін, заманның залымдығын, тағдырдың опасыздығын көре-көре бәрінен түңіліп шаршаған менің ғазиз жүрегім сені қайтадан көргенде ботадай боздап, жылап қоя берді Алматым? Әйтпесе, неге мен қаншама жылдар өтіп, талай үмітімнің шырағы сөнсе де өміріме алтын шуағын шашқан Мұқағали сәулесінің болғанын ұмыта алмаймын? Әйтпесе, неге мен түннің бір уағында, жарық іздеген жынды көбелектей, сол армандарымды сағынып ұлы ақынның ескерткішінің алдына келіп тұрмын? Әйтпесе, неге менің бүгінгі күннің қара суығынан мұздаған жаным, сенің тас мүсініңнің алдына келгенде ғана жылып сала берді, ақыным? Айтшы, неге?
Денем жаурап, жаздың жылы шуағын аңсаған көңіл-күймен Мұқағали ескерткішінің алдында тағы да бір күзді шығарып салып тұрмын. Күннің кенеттен суып кетуі қыстың таяп қалғанын аңғартқандай. Тұла бойымды тоңдырған күздің салқын түнінде алысқа көзімді тігіп, таудың арғы жағына батқан жарық күн ғұмырымның барлық қуанышын өзімен бірге арқалап әкеткендей, келмеске кеткен ертегі өмірімді армандап қайта-қайта күрсініп қоямын.
Жарқырап шығып,
Қалтырап барып батар күн.
Қысқарып қалар тәулігі ұзақ сапардың.
Күн батқан жерге,
Қосымды мен де апардым,
Күнменен бірге дамылдап мен де жатармын.
Өмірім менің!
Күнменен бірге жылжыған,
Өте бер жәйлап,
Несіне саған қынжылам.
Ашылып күнмен,
Күнменен бірге тұнжырап,
Күнменен күліп,
Жыласа бірге тұр жылап.
Әрине, жасым ұлғая бастағандықтан дәл бүгін маған Абайдан ыстық, әрі жақын кемеңгер жоқ. Шамасы поэзия патшасы тек менің ғана емес, кемелдікке жетіп, жүрек сабырлылығына, жан тазалығына сусаған, ақылында сәулесі бар кез-келген қазақтың өмірінің өліарасында іздеп баратын - рухани мешіті болса керек.
Дегенмен Алланың жүрегіндей нұрланған сол ұлы ғибадатханаға кірерімнің алдында, жастығымды арайландырып, таңғажайып шуағын шашқан Мұқағали сәулесінің менің өмірімде болғанын қалайша ұмыта аламын? Қалайша? Тіпті, алапат сезімнің тасқынымен тереңде жатқан мұңымды қопарып тастаған Мұқағалиды, елжіреген жастық жүрегіммен Абайдан да артық сүйген кездерімнің де болғаны рас қой.
Мұқағалиды жұлдыздардан да жоғары көтерген көңілім мен сол жылдардағы ақынды құлай сүйген махаббатым үшін менің байғұс жүрегімді жазғыруға бола ма? Неге мен бұл шындықты жұрттан жасыруға тиіспін? Сезімімнің бақшасында қауызын ашқан әдемі гүлдерімді Абайдан бұрын рухының нұрымен аялаған да Мұқағали поэзиясының сәулесі емес пе еді?
Енді сол сағым-бақыттың аспандағы елесі аяулы ақынымды есіме түсірткізіп, алыстан қолын бұлғап, көңілімді алдап мені өзіне шақырғандай болады. Сол әдемі сағымға телмірген көңілім, соның бәрінің де өтірік елес екенін біле тұра, неге алдана бергісі келеді оған? Түсінбеймін.
Алдама мені, ақ сағым,
Арбама мені алыстан,
Өзімше мен де патшамын,
Өзімше мен де данышпан.
Алдағын, мені арбағын,
Жалғанды кезер жоқ жайым.
Сыбаға сенен алғанмын,
Ілессем енді оңбайын!
Алданып саған тау асып,
Алданып саған құм бастым.
Хайуандарменен санасып,
Айдаһарлармен сырластым.
Тұяғы күйген құланның
Шөлдерде мені қалдырдың,
Ысқырған улы жыланның
Уымен сусын қандырдым!
Арбама енді,
Алдадың!
Алданып саған барамын.
Адасып саған барғамын.
Адасып өлмей жапанда,
Қалайша тірі қалғанмын?!
Батыстың данышпаны Эмерсон бір сөзінде адамды тазарақ, әрі қаһарман ететін дүниені ғана поэзияға жатқызуға болатынын қадап айтыпты. Ақиқат солай болса, неге біз Мұқағали жырларының – сәбидің көз жасындай шынайылығымен тазалыққа тәрбиелеген, ақындық қуатымен - бойымыздағы қаһармандық рухты оятқан заманымыздың ең ұлы сәулесі болғанын айта алмай келеміз?
Әсіресе сұлулықты іздеп басы айналған біздің ұрпақтың аяулы ақынды бауырмалдық махаббатпен сүйіп, жас жүрегіміздің талпынып саусағын жайып, оны ең жақын адамымыздай жақсы көргеніміз өтірік емес қой. Енді оқырманға, өлеңдерінің сиқырымен жанымызды арбаған Мұқағали поэзиясын менің және менің замандастарымның неге ерекше сүйгенінің себебін, шамам жеткенше түсіндіріп беруге тырысып көрейін.
Бір жалт еткен түстей болып балалық шақ та, бозбала дәурен де зымырап өте шығып, мектепті бітіріп 1985 жылы университетке оқуға түстім. Әр аймақтан ағылған жастармен танысып, басымды шыркөбелек айналдырған думанды, қызықты күндер басталып кетті. Тек анда-санда Махаббат есіме түскенде ғана, жыланның улы тіліндей ащы өкініш жүрегімді жалап, бір өксітіп кететін. Ондай кездерде мен сыздап кеткен жарамды емдеу үшін, әдебиеттен жұбаныш табуға тырысатынмын. Бірақ ол жылдары тек менің ғана емес, Алматыға келген жастардың бәрінің де әдебиетке деген ықыласы бөлек, қызығушылығы күшті еді.
Әкем ақын болғандықтан Мұқағали жөнінде қатарластарымнан гөрі көп білетініме сенімді едім. Арман ауылының шаңын бұрқыратып Алматыға жеткен еліміздің әр түкпірінен келген жігіттермен сөйлесе келе, өлеңдерін оқығаным ғана болмаса Мұқағалидың өмірі туралы түк білмейтініме көзім жетті. Ақынды ерекше сүйетін замандастарымның аузынан естіген аңыз-әңгімелер аузымды ашқызып, көзімді жұмғызып, поэзия төресінің шығармашылығына деген құштарлығым мен ынтызырлағым бұрынғыдан бетер арта түсті.
«Егер нағыз ақын болғың келсе, өзің туралы аңыз туғыза біл» деген екен, өмірді біздерден гөрі тереңірек білетін Платон ақсақал. Шындығында да сағым-арманды қуған біздің бәріміз де ол жылдары ақынның поэзиясынан гөрі, ең алдымен оның аңыз-бейнесіне ғашық болдық.
Тағдыры қиын, мінезі шатақ Мұқағали хақында ол уақыттары баспасөз бетінде аса көп әңгіме айтыла қоймағанымен, ел сан-саққа жүгіртіп таратқан, кейде тіпті, бір-біріне қарама-қайшы келетін түрлі-түрлі аңыздар, сымсыз телефон арқылы жұртқа жетіп, халықтың ақынға деген ерекше махаббатын сілкіп оятты. Ал, елдің махаббаты Мұқағали ақын жөнінде күнде бір аңыз туғызып жатты.
Мұқағали бір күні шалқып, Жазушылар одағында жүреді. Ащы сусыннан ұрттаңқырап алған оны көріп қалған біреу «Мынау маскүнем Одаққа қайдан кіріп кеткен. Қуып шығыңдар тез!» деп ақынды қорлап, намысына тиеді. Сонда Мұқағали «Ей, қақпас! Мынау таудай денеммен төбеңе келіп төнейін бе? Үстіңе Алатау құлағандай сезінерсің!» деп оның мысын басқан көрінеді. Енді бір ақыннан естіген әңгімемде Мұқағали аса сыпайы, былапат сөз аузынан шықпайтын, өте мәдениетті адам ретінде сипатталады. Ол Мұқағалиды іздеп үйіне барғанда оның абыр-сабыр болып сасқалақтап, өлең өлкесінде әлі танылып та үлгірмеген өзіне жыр сүлейінің қалай құрмет көрсеткенін, тағы бір кездескенде киноға апарып, лимонад сатып әпергенін әңгімесінің майын тамызып тұрып айтып берген. (Ақын жөніндегі айтылатын осындай әңгімелерге құлағымды түре жүріп, кейде соларды салыстырып, Мұқағалидың өмірде қандай адам болғанын түсіне алмай басым қататын. Ол кім? Қоғамдағы әділетсіздіктерге наразы бүлікші-бунтарь ма, әлде адамдардың мейірімін зәру болып өткен байғұс ақын ба?) Оның сыртында Мұқағали дүние салса да жырларына ғашық болып зиратына барып жүрген әйелдер туралы айтылып жатқан аңыз-әңгімелер қаншама. Есебін түгендей алмайтын мұндай хикаяларға көңіліміз елеңдеп, Мұқағалиға деген сүйіспеншілігіміз күн өткен сайын күшейе берді. Сүйінші сұрағандай құлағымыз шалған сол әңгімелерді бір-бірімізге жеткізгеннен де ләззат табушы едік. Соның бәрін көріпкелдікпен жырлап кеткен ақын өлеңдерін оқығанымызда Мұқағалидың әулиелігін мойнындамасқа амалымыз қалмады. Ақын бір өлеңінде қырықтың бесеуінде дүниеден өтетініне сәуегейлік жасаса, енді бір жырында өлген соң өзі туралы талай естеліктердің жазылатынын айтып, толғанады.
Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін.
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.
Аныз ғып айтар мүмкін қылығымды,
Қылығымды ұнатқан жұлынуды.
Жақсы көрген дер мүмкін «жылынуды»
Әйтеуір қазбас былық-шылығымды.
Әдебиетіміздегі қайталанбайтын құбылыс болған Мұқағалидың басқа ақындармен салыстырғанда халықтың айрықша махаббатына көбірек бөленуінің түп мәнісін түсінбегендіктен «билік тым қатты көңіл бөлгендіктен Мұқағалидың ақындығы дүркіреп кетті» деген сыңайдағы пікірді айтушылар да табылып жатыр.
Ақиқатында ресми биліктің ақынға шын көңілмен бет бұрушылығы оның алпыс жылдығынан кейін ғана басталды. Ал ол уақытқа дейінгі аралықта ақын шығармашылығы туралы ауыз толтырып мақтанарлықтай жұмыс билік тарапынан жасала қойған жоқ. Тек сол кезден, яғни Мұқағали дүние салғаннан кейін, он бес жыл өткен соң ғана жыр сүлейінің кітабын дұрыстап шығарып, халыққа тарату ісі қолға алынды. Тіпті, ақынның талай замандастары уақыттың кеңшілігін молынан пайдаланып, шығармашылық кештерін дүркіретіп өткізіп, газет бетінде жиі-жиі насихатталып, телевидениеден көрсетіліп, кітаптарын жарқыратып шығарып, дүркін-дүркін уағыздалып жатқан мезгілде де тазалыққа сусаған халық махаббатының Мұқағалиға ауғанын қалай жоққа шығарамыз.
Әділ таразыласақ Мұқағали поэзиясының халықтың ыстық ықыласына бөленуінің себебі мүлде басқада. Егер Мұқағалиды мұқият оқыған болсаңыз оның өлеңдерінде ақынның оттай жанған жүрегіндей лапылдаған, халқын сүйген керемет махаббат бар. Қоғамнан теперіш көріп, тағдырынан талай таяқ жеп, заманның аялы алақанын сезіне алмаған ақынның, еш уақытта да халықты сүйген махаббатының ыстығы басылған емес. Өмірдің орманында адасып, қателескен күндері ылғи да ақын кешірім сұрап, халқына қайтып оралып отырды.
Туған ел, көз жасы үшін кешір мені,
Кешегі жетімдер мен жесірлердің.
Ортасында өшу мен өсулердің,
Таяғын тарттым талай кесірлердің,
Туған ел сол үшін кешір мені!
Санасын сары уайым сарылтып, тынысын тұйық тұман тарылтқан азабы ауыр жылдарында да Мұқағали халқынан күдерін үзбеді. Өмірден жапа шегіп, тағдырдың шылбырынан босана алмай қиналып, тауы шағылғанда ақын халқына хат жазып, мұңын шағып, ел-жұртынан қолдау сұрап, зар еңіреді.
Тамұққа барады алып мына құрғыр,
Құлауға пәс-ақ қалып тұрағым тұр.
Қуанып өтем бе деп келіп едім,
Түн сайын оңашада жыладым кіл.
Жұртым-ау, жылаудың да себебі бар,
Неге сонша алдымнан келеді жар?
Сен келіп селбеспесең, қайран жұртым,
Сенделіп екі ортада өледі жан.
Ажыратсам деп едім, ақ, қараны,
Ылғи көрем езу мен таптағанды.
Күйзеліп таң атқанша таңды күтем,
Ойпырмай-ай, таңның өзі қап-қараңғы!
Әлбетте, заманға иілгісі келмей, тау құлатқан тасқынның ағысына қарсы жүзіп, дүниені жұтып қоя жаздаған айдаһар уақыттың дауылымен арпалысқан арыстан-ақынға оңай тиген жоқ. Сондай қиын сәттерде де ақын халықтың тағдырынан ажырамай, ұясын қорғаған қарлығаштай туған тілін, салтын, халықтық дәстүрін ойлап, шырылдады. Жұрттың бәрі Жаратушыға сенбей, Құдайға тас лақтырып, имансыздық салтанат құрған заманда, ондай қоғамнан жиіркенген Алланың сүйікті құлы Мұқағали жалынды жырларымен жүрегінде ұлы Тәңірге мәңгі тозбайтын ескерткіш тұрғызды.
Сатқан емен.
Сатпаймын дінімді мен,
Өлмейтұғын, өшпейтін күнім білем.
Алла есімі – жүрегім жұдырықтай,
Жүрегімнің соққанын біліп жүрем.
Мұхаммедтің үмбеті – мұсылманмын,
Пайғамбарым қолдайды қысылған күн.
Алсын Тағалам, ант етем, ант етемін,
Алла есімін кеудемнен ұшырған күн!
Алла-ақиқат.
Аллаға сеніп өтем.
Адалдық пен ақиқат серігі екен.
Адаспаймын, Аллама сеніп өтем,
Арамдыққа баспаймын – жолы бөтен.
Әңгіме барысында біз Мұқағалидың жүрегінде поэзиямен бірге Алланың сұлу сәулесінің өмір сүргенін айтқан болатынбыз. Өкініше қарай халық сол әдемі сәулені - тек ақын өлген соң ғана көріп, қайран қалды. Көзі тірісінде Мұқағалидай жердің керемет сәулесін бағалай алмағанын түсініп, сол олқылықтың орнын тезірек толтыруға жанталаса кірісті. Басқаша сөзбен айтқанда Мұқағалидың поэзиясына Алла жар болып, ұлтын сүйген адалдығына сүйсінген халықтың махаббаты көтеріп әкетті.
Құдайдың құдіретіне қалай таң қалмайсың? Пендешілік іштарлықпен Мұқағалиға деген халықтың махаббатын қызғанып жатқанымызда, Алланы сүйген жүрегі үшін Тәңірдің өзі ақынның тау мүсінін табиғаттан қашап шығарды.
Тоқсаныншы жылдары Мұқағали шығармаларының ер-тұрманы түгенделіп жарық көре бастауы, оның өнерімен жақынырақ танысқан халыққа, әсіресе әдебиеттің есігін енді-енді қаққыштап жүрген мына біз сияқты жастарға қатты әсер етті. Көктемнің найзағайындай жарқылдаған ақын жырлары көңіліміздің аспанын жарқыратып жіберіп, сезіміміздің тас қамалын бұзып кірді. Өмірдің биік аспанында жалт-жұлт етіп ойнаған Мұқағали поэзиясының сәулесі жанымыздың айнасына шағылысып, еріксіз көзімізді жұмғызды. Қызуы бойымызды балқытып, көңіліміз күншуаққа шығып, сезім күніне жылынғандай болдық. Жүрегіміздің құпиясын оқып қойған оның өлеңдерін ең құнды дүниеміздей көріп, замандастары ерекше қастерлеген Гетенің «Вертеріндей» бағалап, қайда барсақ та Мұқағалидың жыр жинақтарын өзімізбен бірге алып жүрдік. Сан-алуан бояуымен құлпырған ақынның сиқырлы сөз өнерінен ерекше қуат алдық. Жастық дәуреніміздің найзағайлы жазындай күркіреген ақын музасы ойлануға да мұршамызды келтірмей, алапат сезімінің тасқынымен бізді өзімен бірге ағызып әкетті.
Соқ жүрек,
Солқылда ми
Тасы, қаным!
Өмірге айтылған жоқ ғашық әнім,
О, Муза!
Бір өзіңе бас ұрамын,
Тездеп жет,
Мен бір жаққа асығамын.
Ғашық әнім айтайын өмірге мен,
Құлақ естіп, көздерге көрінбеген.
Нөсерім тұр көгімде төгілмеген,
Жемісім тұр бағыма себілмеген.
Бермей кетпен бәрін де тегінде мен.
Дүниенің бәріне биіктен қарайтын, қартайып, қайғы ойлаған Абай ол жылдары бізге әлі алыс, түсініксіз жұмбақ жан болды. Ал, біз жас едік. Аласұрған жастығымыз махаббаттың отына күйгісі, сезімнің күніне қыздырынғысы, арманның өзеніне шомылғысы, сұлулықтың бақшасында қыдырғысы, ой орманында адасқысы келді. Жанымыз аңсаған сол кереметтерді біз жұмбақтамай, сезім қақпасының есігін айқара ашып тастаған Мұқағалидан таптық. Жас болғандықтан біздің де мынау кең дүниеден алғымыз келетін ақымыз мол еді. Мұқағали бізге Құдайсыз қоғамда Алланы ұмытпауға, қара тобырдың ортасында да күндей жарқырап жүруге болатынын үйретті.
Біз ол жылдары «билік тым қатты көңіл бөлгендіктен Мұқағалидың ақындығы дүркіреп кетті» деген әңгімені айтқан емеспіз. Бәріміз де Мұқағалиды бөлшектеуге келмейтін жанымыздай, бөлуге болмайтын қазақтың біртұтас рухындай бағаладық. Қайта керісінше бізге ақынның насихатты кемшін түсіп жатқандай көрініп, барлық жерде оның өлеңдерін оқып, ақын мұрасын қолымыздан келгенше жарнамалауға тырыстық. Мұқағалидың мұрасы баспасөзде жарық көре қалса, өзіміздің бір жақсы дүниеміз жарияланғандай, жүрегіміз жарыла жаздап қуандық, ол туралы бір жақсы сөз айтылса өзімізді біреу арқамыздан қағып мақтағандай өрекпіген көңіліміз шаттыққа кенелді. Ақынның келер ұрпаққа, яғни мына бізге қаратып айтқан «ойлы жас» деген сөзі бәрімізді де қатты толқытты.
Адамды адам түсінбеу –бір ақырет.
Ойлы жас түсініпсің, рахмет!
Рахмет!
Жассың ғой жалыны мол.
Жалыны мол және де қуаты көп.
Ойлы жас!
Өлең – менің бар тынысым,
Жақсы сөзім – жаны игі халқым үшін.
Атақ қуып, бақ қуып, даңқ қуып,
Біреулерден жүргем жоқ арту үшін.
Заманның аласапыран уақытында әдебиетке келген мына біз Мұқағалидан - дүниенің бәрін танып-біліп қойған ақылгөйді, пәлсапа соғып ділмарсыған данышпанды, құрыштай шыныққан күрескерді емес, қайта керісінше, сүйгенде ақыл-есінен айырылып қалатын, қуанғанда балаша мәз болатын - дарақыны, қайғырғанда еңіреп жылап жіберетін, жүрегі жараланғыш - дәл өзімізден аумайтын қорғансыз адамды көрдік. Ол ең алдымен – адам еді.. Сол үшін біз оны сүйдік. Адамдық сезімі, қайғысы мен қуанышын бізбен бөліскені үшін жақсы көрдік. Өнерге берілген адалдығы, жүрегін кірлетпеген өмірдегі тазалығы үшін ерекше қастерледік.
Біз Мұқағалиды көрген жоқпыз. Бірақ ақынды бірге өсіп, біте қайнасқан, оның көзін көрген замандастарынан кем құрметтеген жоқпыз. Өйткені оның асау жырлары емін-еркін тулаған біздің жастық шағымызбен үндесіп жатты. Мұқағали келуімізді күтпей-ақ жауындарға, аласұрған ағындарға да қарамай жүрегімізде дауыл тұрғызып жердің бүкіл сағынышын арқалап қанатын жазып, құшағын жайып, бізге қарай самғап ұшты.
Мен сені сағынғанда,
Қарамай жауындарға, дауылдарға.
Қарсы қарап жүземін ағындарға,
Кеудемде қимылдаған жаным барда.
Мен сені сағынғанда,
Бір минут та қақым жоқ дамылдарға.
Мен сені қызғанамын,
Қызғаныштан мұз шайнап,
Тұз жаладым.
Шаңқылдап алдымнан шық,
Ана-қыран,
Алыстан келеді ұшып мұзбалағың,
Ақынның лирикалық туындыларымен танысып, оның махаббат жырларын оқығанымызда сол сезімдерді өзіміз басымыздан кешіп тұрғандай толқыдық. Мұқағали құлай сүйіп өлең арнаған аруға ғашық болмау мүмкін емес еді. Оның махаббат лирикасынан шуақ болып шашылған сұлулыққа бәріміздің басымыз айналып қалды. Бояуы құлпырған Мұқағали поэзиясының әдемі гүлдері жастық дәуреніміздің махаббат өлкесін жайнатып тастады. Ал, ол ғазалдарды жаттап алып, оны құлай ғашық болған қыздарымызға оқыған кездегі алған әсеріміздің тәттілігін сөзбен айтып жеткізе алмаспын, сірә! .
– Құс боп ұшып жоғалсам не етер едің?
– Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.
– Отқа түсіп өртенсем, не етер едің?
– Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.
– Бұлдырасам сағымдай не етер едің?
– Жел боп қуып ақыры жетер едім.
– Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?
– Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін.
Жазылу формасы өте қарапайым болып көрінгенімен, осы шағын ғана миниатюрада біздің жастық шағымыздың мазасыз махаббатының дірілі соншалықты шынайы, әрі табиғи кестеленген. Музыкасы сыңғырлаған ол әдемі лирика уақыт өте келе біздің рухани қазынамызға айналды. Ақынның үлбіреген жырларында - қайта-қайта махаббат дәметіп, оның құшағында тұншығып өлгісі келетін біздің жастық шағымызды толқытқан ертегі өмірдің дариясы ағып жатты. Біз Мұқағали поэзиясының махаббат шарабынан құмарымыз қанғанша сіміріп ішіп, мас болдық. Ұлы ақын бойындағы алапат сезімімен Мағжанның рухын тірілтіп, уақыттың дауылы сөндірген оның поэзиядағы жандырған махаббат шырағын біздің жүрегімізде қайтадан жақты. Ол шырақ бәрімізді магниттей тартып, тыныштық таппаған жанымыз жынды көбелектей сол отқа барып қайта-қайта күйді.
Сүйгісі келе берер сүйген ерін,
Сүй жаным!
Сүйкімді бір күйге енемін.
Жүрегіміз жақыннан бірге соқсын,
Ағытшы бешпетіңнің түймелерін.
Сүй жаным!
Сүйе бергін, кім біледі...
Бір кезде еске аларсың түнді, мені.
...Жалт етіп өте шыққан баяғыда,
Жастықтың талықсыған бір күні еді.
Ұялып, барады өтіп бұлақ-бала,
Бұйығып, үн қатпайды жылап қана.
Баланың маңдайынан сипалаған,
Дірілдеп айдан тамған шуақ қана.
Біз тек Мұқағалидың махаббат жырларын ғана сүйіп оқыған жоқпыз. Айсыз қара түндерде адасып, өмір көктемінің жылуын сезе алмай кеткен ақынның кез-келген жыры біздің ең жақын сырласымыздай болды. Жүрегімізді жаулап қана қоймай, оның өлеңдері бір оқығаннан-ақ біздің басымызды дуалап алды. Біз ол жырларды ауық-ауық оқып қоймасақ тұра алмайтын жағдайға жеттік. Лүпілдеген жүрегіміз саусағын жайып, жастығымыздың күніндей жарқыраған Мұқағали поэзиясынан төгілген ғажайып сәулеге қарай талпынды. Ыстық сезімімен ішіміздегі мұзды ерітіп, сеңді қозғап жіберген сәулелі жырлар тазалықты, шынайылықты, табиғилықты, сұлулықты, адамгершілікті аңсаған жанымыздың шөлін қандырған - жастық дәуреніміздің суаты болды.
Біз Мұқағалимен сырласып қана қойған жоқпыз. Ақынның тартқан тауқыметі мен көрген қасіретін жеке басымыздың қайғысындай қабылдадық, Өмірінің соңында аурухананың темір керуетіне таңылып, өлетінін сезіп, жарық дүниемен қоштасып жазған базыналық жырларын оқығанымызда, ең жақын адамымыз дүниеден өтіп бара жатқандай қиналдық.
Не пайда күрсінгеннен, өкінгеннен,
Не пайда дәтке қуат бекінгеннен,
Алайда, емханада көз жұмғаннан,
Жақсы еді ғой майданның өтінде өлген.
Құрбан ғып жастығымды, жас ғұмырды,
Жауымнан жасыра алмай қастығымды.
Жанымды аямаған жауларымнан,
Ала жатар едім ғой жастығымды.
Өкінбен, мұңайман да, өксімеймін,
Өмірім, осылай-ақ өтші мейлің.
Алайда, аласапыран тіршіліктің,
Алдында күресе алмай тек сілейдім!
Күнін көріп жүргем жоқ жетім құлдың,
Бірақ та не бітірдім, не тындырдым.
Шөп жинаған ініне суырдайын,
Әйтеуір тіршілікке бетім бұрдым.
Қара саз, қала шалғын өлеңде өстім,
Қырға шығып ырысқа кенелмеспін...
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім.
Жанымыздан пана іздеген Мұқағалидың үлбіреген жырлары сезіміміздің нәзік пернесін басып, жүрегімізді елжіретті. Мәңгілік мекеніне өзімен бірге ала кеткен ақынның нәзік жанын түсінгіміз келіп, біз қайта-қайта оның поэзиясына үңілдік. Атақ-даңқты керек қылмаған Мұқағали біздің көзімізге нағыз сұлулықтың символындай болып елестеді. Біз де Мұқағали сияқты өнердің мәңгілік сәулесі болуды армандадық. Алайда ұлы ақын болудың қандай ауыр азап екенін біз ол жастықтың оты жалындаған жылдары таразылаған емеспіз.
Жиырма жыл бұрын балауса үндері енді-енді естіле бастаған біздің буын әдебиетке Мұқағали болуды армандап келді. Біздің бәріміз, әрине әр кім өз қиялымызда Мұқағалиға жан сырымызды ақтарып, өзімізше сырластық. Біреуіміз оның өлеңіне ән шығарып, қалғандарымыз өлең арнап бәріміз де ұлы ақынға құрмет көрсетіп, жүрегіміздің төрінен оған орын тауып беруге асығатынбыз. Бәріміздің де жүрегіміздің бір түкпірінде Мұқағалидың ұлы музасы тебіреніп, ән салып жатты.
Ұлы ақынға деген махаббатымыздың шексіз болғаны соншама, біз тіпті оның поэзиясымен шөлімізді қандырғанға да қанағаттанбадық, оған еліктеп Мұқағали болып өмір сүрдік. Ойлы жас екенімізге сеніп, бізге аманат айтып кеткен ақынның үмітін ақтағымыз келіп, бір ауыз сөз айтсақ та Мұқағалидың өмірін мысалға келтіріп сөйлеуді әдетке айналдырдық. Менің замандастарымның ішінде Мұқағалиға өлең арнамаған ақын жоқ шығар, сірә! Біз оның өлеңдерін өміріміздің шындығы көрінген шарайнадай бағаладық. Өлеңге жан бітірген ақын поэзиясын оқығанымызда біздің жанымыз жылап қоя берді.
Жапырақ-жүрек жас қайың!
Жанымды айырбастайын.
Сен Адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын
Келісесің бе, жас қайың?
Бұл жылап тұрған не болды екен? Жас қайың ба, әлде біздің жанымыз ба? Әлде екеуі де ме? Алла сыйлаған өмірін айырбастай алатын мұндай тәуекелге тек жүрек жұтқан ақын ғана бара алса керек.
Бұл өлеңде Табиғат - Адам - Өмір атты үш кеңістікті біріктіріп тұрған құдірет біреу – ақынның жаны. Өлеңді оқығанда сол құдірет сенің ішіңе еніп алып, алапат дауылы жан әлеміңнің астаң-кестеңін шығарады. Өйткені бұл лирикалық шығармадағы шындық ақынның жан сәулесінің жібімен кестеленген.
Ғажап! Бір қарағанда қаралы күйдей күңіренген ақын жырларын қайғының бұлты басқандай болып көрінеді. Бірақ сол мұңлы жырларды оқи бастағаныңызда сол қайғы бұлтының артына жасырынған күн жарқырап шыға келіп, сиқырлы сәулесімен сіздің жаныңызды жайнатып тастайды. Тіпті, ақынның ажалмен оңашада сырласқан өлеңін оқысаңыз да батып бара жатқан күннің әдемі сәулесін көргендей әсер аласың.
Менің досым болсаңшы кешірімді,
Сабыр етші, тауысайын несібемді.
Бастамаған ісім көп, аялдашы!
Қақпашы тым ертерек есігімді.
(Алам десең, пендеңнің жаны дайын)
Тоқташы, тіршіліктен жалығайын.
Рақатқа белшемнен батпасам да,
Қалтам толы сорымнан арылайын.
Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен тоқсаныншы жылдардағы қиыншылық, әсіресе әдебиетке енді келген біздің буынға ауыр тиді. Ешкімге керегіміз болмай қалған өзімізді «жоғалған ұрпақтай» сезініп, Алматының тар көшелерінде жұмыс таба алмай, қаланың қапырық ауасын жұтып, үйсіз-күйсіз сенделгенімізде жүз грамымызды тартып алып, Мұқағалидың жырларын оқып, жүрегімізді талай жұбатқанбыз. Егер Мұқағали жырлары болмаса «адам қасқырға айнала жаздаған» сол жылдары, нәзік өсімдіктей енді басын көтеріп келе жатқан талай ақындардың өліп кетуі де ықтимал еді. Біз Мұқағалиға сол жылдары өліп кетпегеніміз үшін де қарыздармыз.
Ұлы жазушы Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романында князь Андрей Балконскийдің Аустерлицтің түбіндегі шайқаста ауыр жараланғанда ғана биік аспанды көріп, таң қалатыны бар емес пе. Ал, біздің оқ тиген жанымыз князь Андрейдікінен де бетер ауыр қиналды. Өйткені Отан-Анамыздың түгі қалмай сатылып кеткен, өліп қалсақ, дүние салардың алдында көңілімізді жұбатып қарайтын биік аспанымыз да жоқ еді. Біз сол биік аспанды Мұқағалидың мәңгі мекеніне айналған Кеңсай жақтан іздедік.
Уақыттың аласапыран дауылы соққанда Мұқағалидың поэзиясы жүрегімізде өсіп келе жатқан әдемі гүлдеріміздің қалқаны болды. Есенинге арнаған өлеңінің арқасында, біздің бәріміз де орыстың бүлікшіл ақыны Сергейді, тағдыр сергелдеңге салған Мұқағалидай жақсы көріп кеттік. Дәл сол жылдары біздің бәріміз де осы өлеңді оқығанда өзіміздің тағдырымызды көргендей сезімді басымыздан өткергенбіз.
Әй, Сергей!
Сергей, Сергей, Сергей, Сергей!
Түстім-ау сергелдеңге мен де сендей,
Аулаққа, тым аулаққа кеттім білем,
Жаны ашып ақыл берген елге сенбей.
Мен-дағы сол жақтанмын,
Ауылданмын.
Ауылдың ауруымен ауырғанмын.
Өзіңді Мәскеу қалай қабылдаса,
Алматы мені солай қабылдады.
Алматы бізді де құшақ жайып қарсы алған жоқ. Бізге келгенде Мұқағалидың тағдырындай бәрі таусылып, кітап шығармақ түгіл, күнкөрістің өзі мұңға айналған заман туды. Ұлы ақынның кеудесінен итерген күншілдердің бізге де жылы қабақ таныта қойғаны шамалы.
Менің замандастарым қайда тұрарын білмей, жатын орын таппай қиналып, үкіметтен баспана сұрап жалынғанда жомарт биліктен екінші, үшінші пәтерлерін алып, үйден «коллекция» жинап, жақсы қызметтің арқасында мұрттары әбден майланған ағаларымыз біздің «сұрамсақтығымызды» бетімізге басты. Ең болмағанда олар біздің мұңымызды да тыңдағысы келмеді. Соған қарамастан біз ең қиын уақытта да әдебиет майданындағы ұрыс алаңын тастап кеткен жоқпыз. Дегенмен ауыр тұрмыс еңсемізді езгенде орыс ақыны Сергей немесе қазақтың жыр сүлейі Мұқағали сияқты қаланы тастап, ауылға кетіп қалғымыз келген кездеріміз аз болған жоқ.
(Менің де өкіндірер өткенім көп)
Атқа міндім, алысып, теппедім доп.
Мен-дағы малды сүйем, итті сүйем,
Інімнің маңдайынан шерткенім жоқ.
Шаршағанда ширығам шарап ішіп,
Саған ұқсап менің де жанады ішім.
Құлағыма сыбырлап «құран» оқып,
Иектейді мені де «Қара кісі»
Өкшелеп қуған тағдырымыздан қалай құтыларымызды білмей далбасалап қашқанымызда Сергей мен Мұқағалидың құлағына құран сыбырлаған сол қара кісі көшенің бұрыш-бұрышынан бізге де талай жолыққан.
Жасырып қайтеміз? Қыр соңымыздан қалмаған қара кісінің шарабын ішіп, махаббат таба алмай адасып, тағдырдың азабын тартқанымызда жанымызды жылыта алмаған ыстық құшақтарды аймалап, біз де талай күнаға батқанбыз.
Мен де сендей, Серега, күнадамын,
Жыр азабын тартамын, тіл азабын.
Туған ауыл, туған жұрт қайда барсам,
Қайда барсам – қасымда Рязаным...
Әй, Сергей!
Сергей, Сергей, Сергей, Сергей!
Бір ауылдан екенбіз, мен де, сен де.
Басым сынып барады, басым сынып,
Жөндесем де болмайды, емдесем де.
Ақиқатында жанымыздай жақсы көріп кеткен Мұқағали поэзиясының құдіретін сөзбен түсіндіріп беру мүмкін еместей болып көрінеді маған. Өйткені ұлы поэзия еш адам баласы түсіндіріп бере алмайтын Құдайдың ұлы жұмбағы болса керек. Міне сондықтан да біздің бәріміз кейде далбасалап Мұқағалидың поэзиясы туралы түрлі жорамал жасап жатқанымызбен, оның ешқайсысы да бізге ұлы ақынның өнерін түсіндіріп бере алмайды.
Кейде мен Мұқағали өзінің ойларын «ана ақыннан немесе мына ақыннан алған», сондай-ақ «анандай ақынның, мынандай ақынның шинелінен шыққан» (осы «Гогольдің шинелі» бізге бәле болды) деген сыңайдағы пікірлерді де естіп қаламын. Мен Мұқағали поэзиясының Данте, Байрон, Лермонтов, Есениндермен үндесетініне дауласпаймын, жоққа да шығармаймын. Өзге түгіл, мұны ақынның өзі де мойындаған.
Қалқам,
Мен Лермонтов, Пушкин де емен,
Есенинмін демедім ешкімге мен.
Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген.
Жат жерді жастанғанда жазатайым,
Қанымен жазды, мүмкін, ағатайым.
...Қасиетіңнен, қара өлең, айналайын,
Қазақтың дәл өзіндей қарапайым.
Түзу-түзу тілінген таспадайын,
Қамшы өремін таспадан басқадайын.
Қаламасаң қамшымды аулақ жүргін,
Қараша үйдің есігін ашпа, ағайын!
Түзу-түзу жыртылған аңыздайын.
Аңызыма неге нәр тамызбайын.
Қара өлеңі қазақтың қаза болса,
Қара көзден неге қан ағызбайын.
Іздемпаздық менің де бар өнерім,
Будан жасап бидай мен тары егемін.
Қазан-миым бәрін де қайнатады.
Дара қойып қазақтың қара өлеңін.
Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның айтқанын қайталадым.
...Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып, өзіне қайтарамын.
Адамзат баласы Жер-Ананың алып бесігінде тербетілгендіктен, біздің бәріміз де Данте, Шекспир, Абай сияқты өнер аспанындағы жұлдыздардың ерекше жарқыраған сәулелерінен қуат алмаймыз ба. Ендеше олардың өнерінің, әлемді нұрландырған ғажайып бояуларының біздің бойымызда өз ізін қалдырмауы қалайша мүмкін болмақ?! Қайта ол бояулар бірін-бірі тапқанда, бірін-бірі толықтырып, өнер әлемін одан сайын құлпырта түспей ме.
Францияның әйгілі жазушысы Ромен Ролланың айтуынша, өнерді шабыттандыратын идеялардың ауқымы өте шектеулі. Өнерде айтылмаған ой, жазылмаған оқиға жоқ. Өнердің күші онда емес - суреткердің сол ойды қалай жеткізіп, жалғыз өзіне ғана тән өрнегімен айшықтай алатын шеберлігінде. Сондықтан да бәрімізді де есімізден тандырып жібере жаздаған, жүрегімізді әлдилеген Мұқағали поэзиясының ғажайып музыкасының жұмбағын онын ізгілікті жанына қандай ұлы сәулелердің шуағын шашқаннан ғана іздеудің қажеті жоқ.
Мұқағали поэзиясының ұлы жұмбағын, оның әдебиетке қандай жаңалық әкелгенімен түсіндіруге тырысып жүрген сыншылар да баршылық. Бұл да ақынның шығармашылық өнерінің қыры мен сырын аса терең білмейтіндердің айтып жүрген ұшқары пікірі.
Білмек парыз. Оқырман қандай да бір ұлы ақынның немесе жазушының шығармасын оның поэзия мен прозамызға не жаңалық әкелгенін білу үшін оқымайды. Әдебиеттегі жаңалық ғасырлардың еншісіне тиемелі жүк. Егер жиырмасыншы ғасырдағы қазақтың сөз өнеріндегі біртума таланттардың бәрі әдебиетке жаңалық әкелген болса, кешіріңіз, онда біздің прозамыз бен поэзиямыз тек жаппай жаңалықтан тұрады.
Қарапайым оқырман ретінде мен бір сәт Шекспир немесе Пушкиннің рухымен тыныстап, шығармаларының сәулесіне шомылғанымда сол кемеңгерлердің өнерге қандай жаңалық әкелгенін ойланамын ба? Жоқ. Мен олардың ұлы туындыларын өзімнің өмірім туралы не айтқанын білу және «адам болып қалғым келгендіктен» (Достоевский) оқимын.
Әділіне жүгінсек, «күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарған» Мұқағалида кейбір ақындардағыдай ерекше көрінгісі келіп, жаңалық жасауға тырысқан, күшеншектік болған емес. «Жүрегіңе үңіл де жаза бер» (Сенека) деген қағиданы берік ұстанған ұлы ақын - жүрегі қалай сөйлесе, солай жырлады. Жасандылыққа ұрынбады.
Мұқағали поэзиясының ерекшелігін оның тіл байлығының молдығынан іздеушілер де табылып жатыр. Өз басым ақынның өлеңдерінде замандастарының бәрінен асып түсетін ғажайып көркем тіл болды деп те айта алмаймын. Сондықтан да «Мұқағали тілі» деген «өтірікті» ойлап шығарып, жұртты әбігерге салудың қажеті қанша? Мұқағали біздің жүрегімізді тіл байлығының молдығымен жаулап алған жоқ. Оның жырларында маңдайымыздан сипап еркелететін өмірдің сәулесі мол еді. Өмірімізді ерекше арайландырған ол шуақты сәуле мейірімділікті аңсаған жанымыздың ең жақын сырласы болды. Ұлы ақын өмірді жырлаған жоқ, ол сәбидің көңіліндей таза жүрегін жайып ашып тастап, бізбен сырласты. Міне сондықтан да «Мұқағалидың ұлылығы неде?» деген сауалға ақынның өз сөзімен жауап беруге болады.
Мен жырламаймын,
Сырласамын.
Сыры бар замандаспен мұңдасамын.
Асыққан уақытпен,
Адымымды
Абайлап, анда-санда бір басамын.
Көгендеп жыр қосағын.
Келмейді, жыр жасағым.
Бөгендеп бетонмен қоя алмаймын,
Өзінше емін-еркін туласа ағын.
Ғайыптан пайда болған сайтандайын.
Жыр туса қайтармаймын.
Улатып май таңдайын,
Ащы тіл ақиқатын айтар дәйім.
Жаныңнан жалындаған өрт кетпеген,
Жалықпай өзімді-өзім зерттеп келем.
О, жүрегім!
Орныңнан қобалжыма,
Жарамсақ жалғандыққа беттетпеген!
Тіптен де мен емес-ті,
«Мен» дегенім,
Сендірмеймін,
Сенбеңдер сенбегенің.
Басқаның жаны-сырын ұғу үшін
Өзімді зерттегенді жөн көремін.
Мендегі бар,
Сенде бар, онда да бар.
Демек, сенің
«Менің» де сонда қалар..
Өз жаныңды алдымен жайып таста,
Жақсылықтың көкесі сонда болар.
Не шығады бәрін де сүйем деуден?
Бәрін де сүйемін деп, иемденген.
Бәрін де мен де сүйем,
Айтпан бірақ,
Отырып оңашада күйер кеудем.
Күйер кеудем..
Сондықтан күйінемін.
Жасырман, жырым да сол жиі менің,
Жыр жазу, кім біледі, ермек шығар?!
Ақын болу –
Неғылған қиын едің!!!
Ұлы Лев Толстой француз жазушысы Ромен Ролланның хатына жауап жазғанда, сөзінің «біссімәлласын» бауырым деген ұлы сөзден бастағанды жөн көріпті. Шындығында нағыз ұлылық дегеніміз – шеберлікті меңгеріп, өнердің биік шыңына көтерілу ғана емес, оқырманның сені оқып, сырласпаса тұра алмайтын ең жақын бауырына айнала білу.
О, Мұқағали! Сенің өнердегі ғажайып сәулең менің жанымды нұрландырып, жүрегімдегі ізгіліктің шырағын жағып, адамгершілікке тәрбиелеп, қаһармандыққа баулыды. Уақыт өте келе сен менің өнердегі ең жақын бауырыма айналдың.
Қаншама уақыт сырласып, мауқымды баса алмасам да сенімен де қоштасатын уақыт келді, ақыным. Бір кездері сен де Пушкин ескерткішінің алдында барғанда мен сияқты тебіреніп, ұлы ақынмен қоштасқан екенсің.
Ал, енді қоштасайық, сардар аға.
Мен ертең кетем ұшып сардалама.
Қыранның қырандағы – кең далада,
Қыранның қырандығы тауда ғана.
Мен ертең кетем ұшып сардалама.
Қош боп тұр, қош есен бол, сардар аға!
Сөкпей де өкпелемей қал балаңа.
..Ақынның ақындығы – атақта емес,
Ақынның ақындығы – арда ғана.
О, мәңгілік сәуле! Мен де ертең сардалама ұшып кетемін. Егер сен жарты ғасыр бұрын, жан сырыңды ақтарып Пушкин ескерткішімен рухани ізбасары ретінде қоштассаң, мен сенің ескерткішіңмен ұлы Толстойдың француз жазушысы Ромен Ролланға жазған хатындағы қимастықпен айтқан, адамның ең жақынына ғана арнайтын, дүниедегі ең ардақты, ең жылы сөзін қайталап, өзіңмен қоштасқым келеді.
Қош бол, бауырым!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру