Мазмұнға өту
Home

Асалы-Көкетай оқиғасы

Бөбетай Қанзия

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Асалы-Көкетай оқиғасы

Бөбетай Қанзия — «Асалы-Көкетай оқиғасы». «АСАЛЫ – КӨКЕТАЙ ОҚИҒАСЫ»

/uploads/4daba29c-ede4-5348-ba14-52e71a15aeba/cover.png

«АСАЛЫ – КӨКЕТАЙ ОҚИҒАСЫ»

(О.Көшбаевтың «Маңғыстау ғашықтары» шығармасы бойынша)

(төрт көріністі драма)

Қатысушылар:

1. Асалы – жылқышы жігіт
2. Көкетай – байдың қызы
3. Жылқышы қарт
4. Бибатпа – Асалының анасы

5. Бибінұр – бойжеткен қыз
6. Ақсұлу – бойжеткен қыз
7. Көкетайдың жеңгесі

8. Қыздар, жігіттер, әйелдер.

БІРІНШІ КӨРІНІС

Кездесу

Үйде тойға жиналған қыздар.

Бибінұр (сырттан жүгіре кіріп):

- Қыздар-ай, аманбысыңдар? Орта толсын! Мен жаңа жолда бір жігіт көрдім. Байдың баласы ма, әлде бардың жалғызы ма, білмеймін. Әйтеуір, көрерге көз керек бір жігіт осы тойға келе жатыр. Өзгелерден ерекше, бірден көзге түседі екен. Әй, неге екенін білмеймін, онан басқа да астына сәйгүлік мініп, үстіне барын кигендер көп емес пе? Құдай-ау, қалай деп айтсам сендерге жеткізе алам. Астындағы құла аты да, ер-тұрмандары да ерекше. Өзгелерден ірі ме, әлде еңсесі биік болып көріне ме, білмеймін.

Бір қыз:

- Өй, сенің «білмеймінің» көбейіп кетті ғой, сонымен қандай жігіт өзі?

Бибінұр:

- Әсіресе, жанарын айтсаңшы. Бұлқынтпай-ақ бірден өзіне баурап алатын, ерекше көзқарас. Бұл жақтың тойына Ұлытаудан асып, жер түбінен асып кім келе қояды дейсің. Әрі кетсе Әлімнің, болмаса Табынның бірінің мәпелеп өсіргені шығар. Бір қыздың бағы ғой? шіркін! Ондай жігітке барсам, Тескентау асып кетсем де риза болар едім.

Ақсұлу:

- Әй, сен Бибінұр, өзің көрмей жатып ғашық болғаннан саумысың? Немене сонша, жігіт көрмегендей. Байқа, басың байлаулы екенін ұмытпа.

Бибінұр:

- Е, сол ноқта саған да ілініпті деп естідім ғой, Ақсұлу. Басымның байлаулы екенін ұмытып кетті ғой деп ойлайсың ба? Қайта осы сөзді сол ноқтадан енді мойнымды босату мүмкін болмағасын айтып отырған жоқпын ба!? Қыз байғұсқа жан-жақтан жасалар тыйым көп қой. Тағдыр шіркіннің қызға деген осыншама тарлығы-ай! Ал, қыздар, мен сендерге көргенімді, көз қуанышымды айттым. Айтпады демеңдер, тап сол жігіт бүгін біреуіңнің жүрегіңе шоқ салады. Ендігі келіп те қалған шығар. Біз жолда олардан озып кеткенбіз.

(Бәрі дабырласып сыртқа, келген жігіттерге қарап тұрады. Алдарынан екі күтуші жігіт шығады.)

Бибінұр:

- Әне, келіп те қалыпты.

Бір қыз:

- Иә, иә, әлгі жігітті құла атқа мінген деп пе еді? Онда анау болды ғой...

Екінші қыз:

- Иә, сол болды ғой. Дәл соның өзі болды.

Жігіттер қыздарға жақындап амандасады. Күтуші жігіттер бәрін араластыра отырғызады.

Бірінші жігіт:

- Ал, жарандар, бүгін ауылымызда үлкен қуаныш. Бердібай ағамыздың баласы бас құрап, отау көтеріп жатыр. Осы қуанышқа тілеулес болып алыс-жақыннан жиналып жатырсыңдар. Осындай той өз бастарыңда да болсын!

Көпшілік:

- Әумин!

- Айтқаның келсін!

- Той тойға ұлассын!

Екінші жігіт:

- «Тойға барсаң тойып бар, жұмысыңды қойып бар», «Тойдың сәні ән болар» деген, тойдың әні мен сәнін қыздыра отырайық! Ал, ендеше, кім бар қане, өнерімен сайысар, өнердің арқасында қыз бен жігіт тіл табысар. Ал, бастайық!

Ақсұлу:

- Алдымен өзің бастасаңшы, ауылдың алты аузын.

Көпшілік:

- Иә, өзің баста!

- Өзің «әу» деп жібер!

Екінші жігіт:

- Ал, жарайды онда!

Бұл тойды баста десең біз бастайық,

Бәйге алған жүйрік аттай ойқастайық.

Тойына екі жастың келгеннен соң.

Жел сөзден бір-екі ауыз біз қашпайық.

Біз келдік той дегенде жиылысып,
Үстіге бар асылды киінісіп
Қадамы баршамызға құтты болсын,

Келіпті бақыт құсы үйіңе ұшып.

Белгілі бұл қазаққа тілдің желі,
Той екен жұрт жиналған мерекелі
Сәрсенбі сәтті күні той жасапсыз,

Тойыңыз тойға ұлассын берекелі!

Көпшілік:

- Әп, бәрекелді!

- Ой, сабазың!

- Ой, пәлі!

Бірінші жігіт:

- Ал, қыздар, ендігі кезек сендердікі.

Көпшілік:

- Ақсұлу айтсын!

- Жоқ, Бибінұр бастасын!

- Қосылып айтсын!

- Әй, одан да айтыс бастаңдар, айтыс.

- Дұрыс-ақ!

Екінші жігіт:

- Ал, қыздар, кеттік.

Арбаның арысы емес, бел ағашы

Ауылымның жиналыпты кәрі-жасы.

Сайрайын сайра десең бұлбұл болып,

Қыздар-ау, маған қарай қараңдаршы.

Қыздар:

Арбаның арысы емес, бел ағашы,

Аулымның жиылыпты кәрі-жасы.

Білмейміз бұлбұлсың ба, қарғасың ба?

Күшіңді көрсеткенше мақтанбашы.

Екінші жігіт:

Мінгенім дәйім менің торы бесті

Тұралап торы бестінің тұяғы ескі.

Салғанда мен «көкекке» естен танып,

Шуласып қыздар біткен «пәлі» десті.

Қыздар:

Мінгенім дәйім менің торы бесті

Тұралап торы бестінің тұяғы ескі.

Салғанда сен «көкекке» қыздың бәрі

«Құрысын, даусы неткен жаман» десті.

Екінші жігіт:

Деген соң әләуләйлім, әләуләйлім,

Аспанда жарқыраған күн мен айым.

Шындасам, мен сендерді жеңер едім,

Әуре боп болмашыға не қылайын!

Қыздар:

Деген соң әләуләйлім, әләуләйлім,

Аспанда жарқыраған күн мен айым.

Шындасақ, біз де сізден қалыспаймыз

Сыйлаймыз замандас деп, не қылайық?

Екінші жігіт:

Деген соң өлең екен, өлең екен,

Білгенге мынау өлең өнер екен.

Жігіттер, назар салып байқадың ба?

Қыздарға бірдеңелер керек екен...

(у-шу күлкі)

Бірінші жігіт:

- Ал енді, қонақтардың да өнерін тамашалайық.

Бибінұр:

- Қонақ жігіттер айтсын!

Бірінші жігіт:

- Асалы айтсын, Асалы!

Көкетай:

- Асалы дегенің кім?

Бірінші жігіт:

- Қыздар, танып қойыңдар. Мынау – Асалы деген көрші ауылдың сері жігіті, өзі керемет әнші.

(Қыздар сыбырласып қалады.)

Асалы:

- Замандас құрбылар, көңілдеріңізден шықпай жатса, сөге жамандамаңыздар.

(Асалы ән айтады)

Көпшілік:

- Уай, пәлі, мынау нағыз әнші ғой!

- Жарадың!

- Тағы,тағы да айтсын!

Асалы тағы әнге басады. Әннің соңғы жағында жарық сөне береді. Жарық қайта жанғанда. сахна шетінде Асалы, Көкетай. Сахнаның екінші шетінде қыздар, жігіттер. Музыка ойнап тұрады.

Көкетай:

- Құрбыларым күтіп қалды. Жолымыздан қалмайық. (Кетуге ыңғайланады.)

Асалы:

- Аз ғана кідіре тұршы, Көкетай. (Екі қыз сырттарына қарайлап):

- Жүр, Көкетай, ауылға қайтатын уақыт болды.

Көкетай:

- Иә.

Асалы:

- Түсінесің бе, Көкетай. Отты айнала көлбеңдеген көзсіз көбелектей, сенің жаныңнан кете алар емеспін. Екеумізді кездестірген бүгінгі күн не деген кеңпейіл еді!

Көкетай:

- Тойда күліп кездессек те, тағдыр бізді табыстырмас. Асалы.

Асалы:

- Неге олай дейсің жаным? Көкетай:

- Айттым ғой, менің басым ноқтаға киюлі деп, енді одан босап шығу жоқ қой.

Асалы:

- Сол ғана ма кедергі? Жанымыз шын жарасса жанымыз, жастық жігер бәрін жеңіп шықпай ма?

Көкетай:

- Қайдам, әкемнің мінезі өзіме белгілі ғой.

Асалы:

- Енді қашан жолығамыз, Көкетай? Тап бүгіннен сенің бейнең менің жадымнан шықпас, сол жылқы соңында жүрсем де, сенің ауылың жаққа қарайлаумен болармын. Сәті түссе сені көріп тұруға қарсы болмашы, сәулем!

Көкетай:

- Қайдан білейін, Құдай қолдаса, көрісерміз. Ал жолыңыз болсын.

Асалы:

- Амандықпен көріскенше Көкетай!

Екеуі екі жаққа қарай жүреді. Алыстан Асалының әні естіліп тұрады. Жарық сөнеді. Музыка.

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Құдық басында

Жарық жанғанда құдық басындағы әйелдер көрінеді.

Бір әйел:

- Әй, қыз, менің ыдыстарымды толтырып жібер. Қазір мен саған бір қызық әңгіме айтып беремін.

Екінші әйел (құдықтан су алып жатып):

- Иә, сенің әңгімең таусылмайды. Тағы не естіп келдің?

Бірінші әйел:

- Ойбай, әне өздері де келе жатыр. Бұлар тек жүр дейсің бе?

Екінші әйел:

- Кімді айтасың?

Бірінші әйел:

- Анау әлгі Дүйсенбай ағамыздың қызын айтам. Қасына жеңгесін ертіп бізге қарай келе жатқан жоқ па?

Екінші әйел:

- Иә, солар ғой.

Бірінші әйел:

- Иә, болса - сол. Үйіндегі қызметші әйелдің бірін жібермей, ол келін неге сушыл бола қалды дейсің, қасындағысы Көкетай ғой.

Екінші әйел:

- Иә. Суға келгенде тұрған не бар?

Бірінші әйел:

- Ойбой, аңқаусың-ау, шырағым. Осы қыз туралы ел әңгімені гулетіп жүрген жоқ па? Анада көрші ауылдағы Бердібайдың баласы үйленген жоқ па?

Екінші әйел (жақындай отырып):

- Иә, үйленген.

Бірінші әйел:

- Сол тойға біздің ауылдың қыздары да бармай ма желігіп. Ұзын сөздің қысқасы, сол тойда біздің Көкетай бір жігітпен танысыпты. Содан бері сол жігіт кеш болса біздің ауылдан шықпайтын болыпты.

Екінші әйел:

- Ол кім болды екен?

Бірінші әйел:

- Е, ұзын құлақтан естігенім, өзі бір әкесі де жоқ, жалаңаяқ көрінеді. Жеменей жігіт болса керек.

Екінші әйел:

- Ей, байғұс-ай, «құдағидың көңілі құртқа шабады» деген. Дәмесі зор екен. Көкетайдың айттырулы жері бар емес пе?

Бірінші әйел:

- Сол себептен де жұрт шулап жүрген жоқ па? Ертең әкесі естісе не болады, қайын жұрты біліп қойса не болады? Әбден масқара сонда болар! Әйтпесе қыз бен жігіттің шаруасында несі бар жұрттың.

Екінші әйел:

- Соны айтам-ау. Әй, мұның түбі жақсылыққа апармас. Қыздың үйі біліп қойса, бітті дей бер, ана жеңгесі не бітіріп жүр екен? Әкесі қызын сол жыртық шекпен жылқышы жігітпен жіберіп, қарап отырады дей ме екен. Сорлы, одан да жөнін айтып қызды тоқтатпай ма?

Бірінші әйел (сыбырлап):

- Айтпақшы, жігіт Көкетайды Маңғыстауға, Бозашы жаққа алып қашқалы жүрген көрінеді. Тек, тісіңнен шығарма. Сен естіген жоқсың, мен айтқан жоқпын.

Екінші әйел:

- Шынымен де қыздың маңайы ештеңе сезбей жүр ме екен? Әй, қайдам?

Бірінші әйел:

- Ылғи біздің қыз бен жігіт осы маңайда кездесетін көрінеді. Ал жеңгесі су алған болып ауылға қайтатын көрінеді. Шеткі үйдегі Хадиша айтады, кеш түссе екеуін осы маңнан көремін дейді.

Қастарына Көкетай мен жеңгесі келеді. Амандасады.

Әйелдер:

- Көп жаса, шырағым. Аманбысыңдар?

Бірінші әйел:

- Иә, кештетіп жүріп сұқ көздерге ілініп қалармыз. Қайтайық.

Кетеді. Құдық басында Көкетай мен жеңгесі.

Жеңгесі:

- Еркем, не байқадың, әлгілердің сөз ыңғайы бірдемені сезетін сияқты ма, қалай өзі?

Көкетай:

- Қойшы, жеңеше. Нені сезуші еді. Сен де жоқ жерден секем ала береді екенсің.

Жеңгесі:

- Жоқ, еркем. Бұлар адам түгіл, құмда жорғалаған кесірткеге дейін жібермейді ғой. Абай болайықшы, әйтеуір. Ал мен үйге қарай бара берейін. Әне, анау аттылы Асалы болар, көп кешікпе, еркем, көзге түсіп қалма.

(Жеңгесі кетеді. Қыз қалып қояды. Музыка)

Көкетай:

- Құдай-ау, осы мен не істеп жүрмін? Қанша барлық пен байлықтың ортасында бұлаңдап өссем де, түбінде бұғалықтың мойныма түсетінін түсінгем. Бірақ өзім көріп білмеген адамға ата-баба салтымен қалай кете бермекпін. Сонда Асалыны қайтем? Асалыны көргеннен-ақ тағдырымның онымен байлаулы екенін түсіндім. Егер Асалы «Тағдырдың маңдайға салғанын бірге көрейік» десе, менде қарсы болар дәрмен жоқ. Бірақ антты бұзып, бізді жерге қаратты деп ата-анам, ел-жұртым қарғамаса екен деймін. Әй, қайдам, осыны ойласам жүрегім дірілдеп, қорқа берем.

(Асалы келеді)

Асалы:

- Көкетай!

(Екеуі құшақтасып амандасады. Музыка)

Көкетай:

- Былайырақ шығайық. Әйтпесе, біреулердің көзіне түсіп қалармыз.

(Екеуі тасаға барып тұрады.)

Көкетай:

- Асалы, неге екенін білмеймін, соңғы кезде сені алғаш көргенім есімнен кетпейді. Бердібай ағаның баласының үйленген тойы есіңде ме?

Асалы:

- Әрине, мен сені сол тойда кездестірдім ғой, жаным!

Көкетай:

- Сол тойдан кейін сенің кетіп бара жатып төбенің үстінде артыңа бұрылып қарағаның есімнен кетпейді. Кейде, тіпті, түсімде көремін. Саған жеткім келеді, қасыңа барғым келеді. Бірақ сен сол қалпыңда, астыңда құйрық жалы төгілген құла атың бар, мен жақындаған сайын алыстай бересің. Артыңнан жүгіре-жүгіре өкпем өшіп айдалада құлаймын. Орнымнан тұрсам, көз ұшындағы сені көремін. Қорқамын, жаным. Бүгін міне, қасымда отырсың. Келесі кездесуіміз болмай қалатындай, осы ең соңғысы сияқтанады да тұрады.

Асалы:

- Көкетай, неге сонша үрейлене бересің? Әлде бір нәрсе сездің бе?

Көкетай:

- Әкем тым қатал ғой. Екі сөйлегенді жаратпайды. Ол құдаласып қойған адамдармен өлсе де сертін бұзбайды. Ақылынан ашуы басым адам. Екеуміздің арамыздағы жайды білмейді деп айта алмаймын. Жандайшаптары әлдеқашан жеткізген болар. Өткенде ауылдағы барымташы тентектерді жинап кеңес қылыпты дейді. Қорқамын. Осының артында үлкен бір қатер бар сияқты.

Асалы:

- Олай болса, есіңде ме, Бозашы беттегі ағайындарды сағалап жол тартайық деп едім ғой. Алдағы сәрсенбіге дайын боласың ба, Көкетай?

Көкетай:

- Білмеймін, не істерімді білмеймін. Бұл тіршілікті өзіңсіз елестету маған енді мүмкін емес сияқты. «Шешінген судан тайынбас» деген, бағым ба, әлде сорым ба, тағдырымды бердім сенің қолыңа!

Жарық сөнеді. Музыка.

ҮШІНШІ КӨРІНІС

Тәуекел

(Далада қос алдында жылқышы қарт пен Асалы отырады. Түн).

Жылқышы қарт:

- Әй, Асалы қарағым! Біреу көзімен көргенін айтады, біреу құлағымен естігенін айтады. Соңғы кезде Дүйсенбайдың қызымен сен туралы жұрттың ауызында алып қашпа әңгіме көп. Дүйсенбайдың қызымен кездесетінің рас па?

Асалы:

- Рас!

Жылқышы қарт:

- Рас болса, шырағым, Дүйсенбай қызын саған оңайлықпен бермейді. Кедей байға, бай Құдайға жетсем дейді. Ал мен білетін Дүйсенбай байлығының буына мастанған, жағдайсызға қайырылмаған жан. Ол бұл хабарды естісе, саған жақсы болмайды. Әкең марқұмды көзім көрді. Әй, жарықтық иманды болсын, ешкіммен жаманаттаспай өтті өмірден. Міне, сен есейіп, ел қатарына қосылып, қасыма келгенде, орнында бар оңалар осы екен ғой дедім. Сен мені әкеңдей құрмет еттің. Ал мен сені баламдай жақсы көрдім. Әңгіменің қысқасы, аң қарап шықтық деп кеше бізге соғып кеткен үш жігіттен сезіктеніп қалдым. Мылтықтары да жоқ, қақпаны да жоқ. Тым құрыса, ерткен иттері де жоқ. Ол неғылған аңшылық?! Әсіресе, ана ортадағы қараның сенің астыңдағы құлаға қарап «Таң асырдың ба?» деп сұрағаны маған ұнаған жоқ. Жаман айтпай жақсы жоқ. Ертең артыңнан дойыр ала шабатын осылар болмасын. Дүйсенбай да, қалың мал беріп қойған жағы да бірі қыздан, бірі қалыңдықтан айрылып жер шұқып қалмайтыны анық. Қазақтың дауы ежелден жер мен жесір дауы ғой.

Асалы:

- Иә, аға, айтқаныңыздың бәрі дұрыс, ал маған Көкетайсыз тіршіліктің құны жоқ. Сізден несін жасырайын, көп ойланып Көкетайды алып қашуға бекіндім.

Жылқышы қарт:

- Не дейсің, Асалы? Алып қашамын дейсің бе? Сонда қай жерге барып паналайсың, бағыттарың қай жақ?

Асалы:

- Бозашыдағы Жеменейлерге кетсем деймін. Кеше түнде қызбен уәделесіп келдім. Алдағы сәрсенбіде кетпекпіз.

Жылқышы қарт:

- Әй, шырағым-ай, жалғыздығың жаныма батса да алған бетіңнен қайтара алмаспын. Тәуекел - ердің жолдасы. Үйдегі анаң не айтады бұған?

Асалы:

- Ол кісіге бүгін барам. Ал, аға, жолың болсын деп тіле!

Жылқышы қарт:

- Ал онда не отырыс, бір іске бел буған екенсің, онда бөгелме, ақ жол болсын! Мен сәрсенбіде күтіп алып, жолға шығарып салармын.

Жарық сөнеді. Музыка. Сахнаның бір шетіне жарық түсіріледі. Жарық бірте-бірте жанады.

Асалының анасы Бибатпа:

- Е, өтіп бара жатқан өмір-ай! Осы шаңыраққа келін болып түскенімде жұмыртқадай аппақ, домаланған үй еді. Қашанғы шыдасын. Қазір көлеңке болып та, жаңбыр жауса ықтасын болып та жарытпайды. Марқұм ата-енем, жалғыз тұяғының үбірлі-шүбірлі болғанын тілеп еді. Жалғыз немересі Асалы жасқа толмай жатып, атам мен енем екеуі де бірінен соң бірі кетті. Енем байғұс кетерінде қимай қоштасып, «өркендерің өссін» деп еді. Бірақ жалғыз баласының ізін жалғастырар жалғыз немере – Асалы ғана болды. Оған да шүкіршілік деп жүргенде, сол жалғыздың қызығын көре алмай отағасым да өмірден өтті-ау! (солқылдап жылайды.) АҺ, дүние-ай, ендігі Алладан жалбарына сұрайтыным, Асалыжан аман болса екен, соның қызығын тауыспаса екен, жалғыз жапырағыма жар бола гөр деймін де. Жасаған! Жар бола гөр! (бетін сипап, мінажат етеді.) Құдайдың құдіреті-ай, басқа ұрғашы құрып қалғандай, Дүйсенбайдың қызын көре сала, соған құлап түскенін қарашы! Тең-теңімен, тезек қабымен болмаушы ма еді? Маған жалғызымның амандығы керек. (Жүнін шүберекке орап тастап, қара шәйнекті қолына алады.) Қой, мен неғып отырмын, мүмкін Асалыжан кеп қалар. (Орнынан көтеріле бергенде Асалы келеді. Кемпір қайта отырады.)

Асалы:

- Апа!

Бибатпа:

- О, құлыным. келдің бе? Жаңа ғана сені ойлап отыр ем, жарығым, жүрегім! Аманбысың, әйтеуір, қасыңдағы ағаң күйлі-қуатты ма?

Асалы:

- Аман, апа. Ақсақал да, мал да аман. Ол кісінің өзі жіберді мені. Мен сенімен қоштасқалы келдім.

Бибатпа (шошынып):

- Не дейді? Не деп тұрсың, балам-ау?!

Асалы:

- Тәуекелге бел будым, апа! Ойлап осыған тоқтадым.

Бибатпа:

- Құлыным-ау, олар кім, сен кім? «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген. Мына жаман күркеңе ат ойнатып келсе, шаңырағыңды ұстап тұрар уығың мықты ма еді? Болмаса керегең кең жайылып па еді? Ал егер де «болары болыпты, енді маған қалың малымды әкел» десе, не дейсің? Ана есіктің алдындағы ыңыршағы айналған жаман қоспағыңды апарасың ба?

Асалы:

- Апа түсінесің бе? Олар мұндай мәмілеге келмейді. Сондықтан біз аттың басын алысқа. Бозашы жаққа бұрғымыз келеді.

Бибатпа:

- Ойбай, сорлы балам. Дүйсенбай сені Маңсуалмастың маңынан аман жібереді деп ойлайсың ба? Із жаңылтып, құтылып үлгере алсаң жақсы.

Асалы:

- Апа, сәрсенбінің сәтіне қарай қараңғы түсе аттанамыз. Өзіңді әуелі бір Құдайға тапсырдым, екінші, осындағы ағайындар қарайласа тұрар. Ат айналып қазығын табар, біраз тыншыған соң оралармыз, апатай. Мен енді жолға жиналайын, батаңды бер.

Бибатпа:

- Түбі осылай боларын сезіп еді-ау жүрегім. Тәуекелге бел бусаң амалым бар ма, қайтейін. Құдай жолыңды оңдасын, Қараман Ата, Бекет Ата, Маңғыстаудағы ата-баба аруақтары қолдасын, құлыным! Әумин!

(Баласын құшақтайды. Жарық сөнеді.)

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

Қуғын

(Түн. Сахнаның шетінен Асалы мен Көкетай асығыс жүгіріп шығады. Алдына жылқышы қарт көрінеді. Амандасып тастың үстіне отырады.)

Жылқышы қарт:

- Қарақтарым-ай, сендерге қарап сүйініп те тұрмын, күйініп те тұрмын. Сүйінгенім -бір-біріңе деген ыстық ықыластарың ерекше екен. Әй, бірақ сендердің осы сезімдеріңді түсінетін адам бар ма екен? Осыған күйінемін! Біз де жас болдық, біз де ғашық болдық. Құдайдың өзі кешірсін, жастықта бәрі жарасымды ғой. Бір боламыз, не болса да бірге көреміз деп уәделескен екенсіңдер, жолдарың болсын! Ата-баба, әулиелер қолдасын! Асалыжан, бұл жердің бедері өзіңе белгілі ғой. Түн қараңғысын пайдаланып, Есеттің құлауынан шығып кетсеңдер, бір-екі күнде ойлаған жерлеріңе жетесіңдер. Ал, қуғыншылар келіп сұрай қалса, Жем бойына қарай кетті деймін. Ал енді кідірмеңдер! Ай туғанша біраз жерге барып қаласыңдар. Ал, Асалыжан, сенің сырың маған мәлім. Енді қызбалыққа салынба. Жалғыз емессің, енді жаныңдағы өзіңе сенген жанды да ойла, аман болыңдар!

Көкетай:

- Сау болыңыз! Алдымызды болжап білмесек те, кетіп барамыз. Біздің тәуекелден басқа амалымыз қалмады. Қазақтың қыз баланы үкілеп, әлпештеп өсіріп келіп, бойжеткен соң басын дауға тастайтыны өкінішті-ақ. Біреу түсінер, біреу түсінбес. Айтылатын қатты сөз де, салмағы ауыр қиындық та бізге түссе ештеңе емес. Тағдырдан соның бәрін көтереміз деп барамыз ғой. Жылы пейіліңізге рахмет. Ақжолтай тілек айттыңыз, қабыл болатын шығар. Аман болыңыз, аға!

(Екі жаққа айырылады. Дүсірлеген aт тұяғының дыбысы естіліп тұрады. Жарық сөне бере қайтадан дүсірлеген, тасырлаған дауыстар, у-шу. Сахнаға Асалы мен Көкетай шығады.)

Көкетай:

- Асалы, құтылып үлгереміз бе? Қуғыншылар жақындап қалды.

Асалы (кідіре түсіп):

- Тыңда мені, Көкетай. Біз екеуміз де тірі қалуымыз керек. Ертеңгі өміріміз үшін. Мен жалғыз болсам да ана келе жатқандарға қарсы шығам. Өздері де көп емес екен. Сен ілгері оза бер. (Көкетайды бауырына қысады.)

Көкетай:

- Жоқ, Асалы, олай болмайды, жаным. Оны ойыңнан шығар. Сені жау қолына тастап, мен қайда кетпекпін. Сен жоқ жерде мына дүниенің қандай мәні болмақ. Не көрсек те бірге көреміз деген уәдеміз қайда?

Асалы:

- Артыңа қарайлама. Мен қуып жетемін. Бір-екеуін аттан аударсам, өздері де қорықпас дейсің бе? Басқа амал жоқ, Көкетай. Қолымды қандағым келмесе де, амалсыздан қару көтеруге тура келеді. Астыңдағы атың ұзаққа шыдамайды, сондықтан анау шыңға иек артсаң, ескі қалашықтың орны бар. Сол жерден күт. Артымыздағы қуғыншылар тек осылар болса үмітімізді үзбейік. Ал, тез аттан. (Тағы да қуғыншылардың даусы естіледі. Қыз артына қарайлай сахнадан кетеді. Асалы қуғыншыларға қарсы шығады. Қуғыншылар Асалыны қоршай ұмтылады.)

- Қолға түстің бе, бәлем!

- Өле алмай жүр екенсің!

- Қорша, жіберме!

(Асалының қарсыласқанына болмай соққыға жығады. Қоршай тұрады.)

- Қалай екен!

- Қыз ұрлағыш неме ғой!

- Өлді-ау деймін!

Көкетай:

- Тоқтаңдар!

(Жігіттерді итеріп тастайды.)

Көкетай:

- Жоламаңдар маған. (Қуғыншылар қалт тұрып қалады. Көкетай Асалының қасына жүгіріп келеді.)

- Асалы қайда? Асалы қайда? Асалы, тірімісің, Асалы? Асалы, мені тастап қайда кеттің? Тастама мені! Өзіңмен бірге ала кет! Сенсіз маған жарық дүниенің керегі не? Жауыздар-ай, қалай ғана қолдарың барды? Жазығы не оның? Жазығы мені ұнатқаны ма, мені сүйгені ме жазығы? Асалы, Асалы... Қара ниеттер-ай, Құдайдан да қорықпадыңдар-ау, адамшылығы жоқ айуандар-ай, Құдайдың қарғысы атсын сендерді! Қатал тағдыр-ай, ең болмаса соңғы сәтінде басынан сүйеп, соңғы сөзін ести алмадым-ау, қош дей алмадым-ау. Қайтейін Құдай, қайтейін! Жоқ! Мен сенсіз өмір сүре алмаймын, енді маған ештеңенің керегі жоқ.! Болдым! Болдым өмір сүріп!!!

- Асалы, мен сенің қасыңда, осы жерде. Маңсуалмаста мәңгі қалам!

(Өзіне қанжар сұғып, Асалыға қарай құлайды.)

Қуғыншылар:

- Қап, арзан сөзге еріп, адал махаббаттың обалына қалдық-ау!

- Қандарын мойнымызға жүктедік-ау.

- Обал болды-ау...

(Сахна сыртынан)
Осылайша бірін-бірі сүйген қос ғашық,
Соңдарынан қуғын көріп алас-қапас қоштасып,
Аққу арман жеткізбеді, ғайып болды мәңгіге,

Қатал заман қорқаулары жанын қиды қастасып.

Ғашықтардың денесін де екі бөлек жерлепті,

Жалған намыс шырмауында өздерінше өрлепті.

-деп «Ең болмаса өлгеннен соң бірге болсын тәні» Бірге көму ешқайсысының естеріне келмепті.

Маң далада Асалының шырқап салған әні жүр,

Қыздарында Көкетайдың қылығы мен сәні жүр».

Рухтары қос ғашықтың Маңсуалмас маңынан

Бір-біріне қарайлаумен, қарайлаумен әлі жүр.

(Қайғылы музыка, жаңғырыққан дыбыстар: Асалы, Көкетай. Шымылдық жабылады)

Соңы.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙