Мазмұнға өту
Home

Кедергісіз кеңістік

Бақтыбай Жайлау

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Кедергісіз кеңістік

Бақтыбай Жайлау — «Кедергісіз кеңістік». БАҚТЫБАЙ ЖАЙЛАУ

/uploads/45394dd4-d931-52c9-88f5-e17c77ac6f21/cover.png

I. СЕЗІМ АКСИОМАСЫ

(оқушының оқшау дәптерінен)

СӨЗБАСЫ

Лә Иләха ИллАлла!

Сөзімнің басы – кәлима.

Кәлима қонса жүрекке,

Жеткізіп қолды медетке,

Қуат болар фәниға.

Сөзімді тыңда, жамағат,

Етейін ойды жария.

Жамағат, тыңда сөзімді
Бір ауыз бәйіт айтайын,
Шаршы топқа түскенде

Бағымды сөйтіп байқайын.

Сөз басында алдымен
Толғайын біраз жыр жайын,
Халықтың асыл өнері –
Құдіретті қара өлеңі,

Өлеңнің жайын жырлайын.

...Өлеңнің жайын жырлайын.

Алтынға сөзі барабар
Бұрынғы өткен бабалар
Түндерді талай таңға ұрып,
Елді өзіне таң қылып

Сыр ғып айтқан бұл өлең,
Той-думанда сән құрып

Жыр ғып айтқан бұл өлең.

Даналығын жебе ғып
Жау қайтарған бұл өлең,
Жалғыз сөзді демеу ғып

Дау тойтарған бұл өлең.

Табынтып елді сөзіне
Бас идірген бұл өлең,
Талайлардың көзіне

Жас үйірген бұл өлең.

Жылататын, жұбататын

Қасиетті ұлы өлең.

...Қасиетті ұлы өлең.

Ертеде өткен жүйріктер
Жырласа қайтқан арыны,
Сөйлеген сайын тасыған

Дауылды толқын дарыны.

Жанартаудай жұлқынған

Жүрегінде жалыны.

Жылы-жылы СӨЗ айтса,

Тербеген елді бал үні.

Тәубесіне де келтіріп,

Түзеген тентек, тағыны.

Бүгінгі менің айтпағым –

Солардың салған сарыны.

Олар бір тасқын, көл - теңіз,

Мен оның сала ағыны.

Олар Күн де, мен Аймын

Дарыған бойға жарығы.

...Дарыған бойға жарығы.

Мәңгілік өмір өнерде,

Өнерлі жандар өлер ме?

Сүйсінуші ем қызығып

Ондай жанды көргенде.

Тұлпарлыққа талпынған

Тұра ма құлын көгенде?

Балалық ойды бағыт қып
Жас он төртке келгенде
Қалам мен қағаз қолға алып,

Құмартқам мен де өлеңге...

Шаршыға түсіп шабыспен
Сынатсам өнерімді елге,
Алдағы алуан асқардан
Көсіле асып келерге,

Үкілеген үмітпен
Бәйгеге түссем желерге
Жаббардан жәрдем күтемін,

Тілекті Тәңірім берер ме?

...Тілекті Тәңірім берер ме?

2004 жыл

АНАМА

Тал бесікте түнімен

Ұйқы көрмей тербеттің.

Мәпелеген ұлың ем,

Бүгін, міне, ержеттім.

Үміт артып бір Хаққа,

Аңсадың бақ туар күн.

Айналып арман расқа,

Көп ісіме қуандың.

Өмірде – әрбір уақытта

Өзің болдың тірегім.

Жолымды бастап бақытқа,

Тілеуімді тіледің.

Тірліктің ауыр-жеңілін

Білмей еркін мен өстім.

Сенен алып мейірім,

Қатардан қалмай теңестім.

Ерледің бағып, өсіріп,

Демедің, беріп қол ұшын.

Көрмедің еш тосылып,

Борыштымын сол үшін.

Өмір – кезек, тағдыр да

Ұланыңа сен, Анам.

Парызымды алдыңда

Ақтап өту – серт маған!

2003 жыл

ӘКЕ ПОРТРЕТІНЕ

Ағы менен қарасынан көзіңнің

Ашу менен нараздықты сезіндім.

Неге сонша қатуландың, жан әке,

Қынжылтты ма қылықтары ез ұлдың?

Дейді жұрт: «Бұл бір үйге ер азамат!»

Солар айтқан мендегі таза ма ат?

Азамат боп атанып жарытам ба,

Өтелмей бойымдағы бар аманат?

Семіріп халық айтқан мақтауына

Балаңның бұл жүрісі жақпады ма?

Күні ертең үміт еткен сеніміңді

Күмәндана қарайсың ақтарыма.

Түсінбедім. Ойыңды түсінбедім,

Түсінуге келмей жүр күшім менің.

Бірақ та бір нәрсені жобалаймын –

Оңалуын қалайсың ісім менің?!

2004 жыл

НЕ ҚАЛАР?

Бақтыбай жырау Жолбарысұлы (1842-1902) ізімен

«Дейді екен – ұсталардан дат қалады»,

Дат қалады, артында зат қалады.

Оған халық көненің көзіндей ғып,

Бұйымның асылы деп ат тағады.

«Дейді екен – жазып кеткен хат қалады»,

Хат қалады, ол елде сақталады.

Болашаққа үлгі боп сөз маржаны

Жалғасып ел аузында жатталады.

Адамның өмірі де тоқталады,

Тоқталады, дүниеден жоқ болады.

«Дейді екен – өлгеннен соң қабірінде

Саудырап сүйегің мен жақ қалады».

2004 жыл
***
Қазағым бір бақытым – тілім деген,

Осы тілде – ғылым да білім деген.

Қанатын қанша кеңге жайғанымен

Тіл білмеген ешбір ер білінбеген.

Қазағым бір бақытым – тілім деген,

Осы тілде – сөзім де үнім деген.

Қасірет - қуанышын қатар көріп,

Осы тілде жылаған, күлімдеген.

Қазағым бір бақытым – тілім деген,

Осы тілде – ділім де дінім деген.

Ақ сүтпенен дарыған өнерімен

Төл тілінде жырлаған ұғымды өлең.

Қазағым бір бақытым – тілім деген,

Осы тілде – салт-дәстүр, ырым деген.

Тау-тасқа таңба болған тарихының

Осы тілде ұғынған сырын терең.

Қазағым бір бақытым – тілім деген,

Осы тілде сыналар мінім деген.

Тіл білмес келімсектер кемсіткенмен,

Бұл тілдің қасиеті бүлінбеген.

2004 жыл
***
Сүйіп сені, болдым ғашық,

Сезіміңді аңсадым.

Сырымды да салдым ашып,

Саған ауды аңсарым.

Төзімді жеңіп құштарлық,

Тағатсыз сені ойға алам.

Түнде ұйықтаймын еске алып,

Таңда ойлап оянам.

Жас сезімді түлеткен,
Жаным, саған, арманым,
Жасыра алмай жүректен

Жыр жолдарын арнадым.

2004 жыл
***
Өмір жолы жарыстардан құралған,

Мәресіне шақырады ол алдан.

Сол өмірдің жетелейтін төріне

Әрбір жанда бар мақсат пен сан арман.

Бұл жарыста кәрі де бар, жас та бар,

Мақсаттары құштарлықтан басталар.

Хас жүйріктер осындайда сыналар,

Топтан озып тарландарда бақ шабар.

Өмір – жарыс, ұзақ-ұзақ жолы бар,

Бағыттары – оңы және солы бар.

Бар мұратың – сын жолында адаспау,

Адаспаған іздегенге жолығар.

2004 жыл

АҚЫЛДЫ ҚОЖА

(әжемнің ертегісі)

Тұрар әр кез жаңа атқан таңға ұқсап,

Шіркін, қандай тамаша еді балғын шақ?!

Тауыса алмаспыз бар қызығын біз оның

Қаншама рет әңгімелеп жар қылсақ.

Еліктіріп тылсым дүние әлемі,

Отырушы ек ермек қылып әжені.

Ертегі, аңыз, әңгімелер ой салып,

Шарықтаушы ек қиялменен әуені.

Батырлықпен елге өзін сүйдірген,
Тапқырлықпен ханның басын идірген
Кейіпкерлер тағдырына қызыға,

Тыңдап өсіп, көбін еске түйдім мен.

Санаммен саяхаттап кезге балаң,
Кейде мен соның бәрін есіме алсам,
Ішінде ой желісі үзілмеген

Қалыпты жадымда тек бірен-саран.

Болса да бұл базарлық қарапайым,

Мен оны бір кәдеме жаратайын.

Әңгімеге әуесқой, құйма құлақ

Балаларға баяндап таратайын:

Жұртына өсиет пен салған ақыл

Бір шаһарда Қожа атты болған ақын.

Сүйсініп өнеріне қалың халқы

«Ақылды Қожа» атапты оның атын.

Бірде оның үйіне алыс жерден

Бір жігіт жолаушылап қонақ келген.

Қожа оны қонақжай лебізімен

Қарсы алып барымен құрметтеген.

Сол күні билік еткен ел әкімі

Той жасап тәмам жұртты шақырады.

Патша берген жарлықты бір шабарман

Ақылды Қожаға да жар қылады.

Қожа айтты:

– Тілеймін патша даңқын!

Құтты болсын тойлары жиған халқын.

Бірақ та мен бұл тойға бара алмаспын,

Қонағым бар үйімде, айта барғын.

Қожаның бұл сөздері ханға жетті,

Хан оған:

– Мейманымен келсін, – депті.

Бұйрықты екі айтқызбай орындайтын

Шабарман келген ізбен кері кетті.

Жиналды Қожа тойға бұйрықты естіп,

Жанына үйіндегі жігітті ертіп.

Шабарманға:

– Сен ордаға қайта бергін,

Біз артыңнан барамыз, – деді – жетіп.

Қонақпен бірге Қожа жолға шықты,

Жолай оған ел жайлы тіл қатыпты.

Халқының қулығынан сақтансын деп

Және бір мынадай деп үлгі айтыпты:

– Саулығыңды ойлайтын болса миың,

Жиында көрсетпе артық асыл бұйым.

Ол дүниең өзіңе сор боп тиер,

Ал одан соң көретін ісің қиын.

Осылай деп Қожа оған ақыл берді,

Жігіт те басын изеп мақұл көрді.

Қозыкөш жерден өтіп қос аттылы

Сарайына патшаның жақын келді.

Бұларды ел құрметпен қарсы алады,

Көп ұзамай мереке басталады.

Думандатып, көңілді сәнге бөлеп,

Құйқылжыта шырқалды жастар әні.

Содан кейін жайылды ақ дастархан,

Қонақтарды шақырды жол бастап хан.

Ас басында Қожа мен жігіт те бар,

Оларға да тартылды бір астау дәм.

Сол сәт жігіт қалтадан алтын сапты

Пышақ алып ортаға ет турапты.

Оны көріп бір уәзір себеп етіп

Жігіттен кеп пышағын сұрап апты.

Бірақ уәзір алды да қайтармады,

Жігіт те оны сұрап сөз айта алмады.

Астан кейін босады хан сарайы,

Жиын бітіп, ел кетті, той тарқады.

Сол кезде уәзір айтты:

– Уа, ханымыз!

Өткен жазда тоналғанда қазынаңыз,

Мына алтын пышақ та жоғалып ед,

Ұры ұсталды, енді сіз жазалаңыз.

Мұны естіп ханға ашу жиылады,

– Дереу дарға асың! – деп бұйырады.

Сонда Қожа патшаға жақын барып,

Өтініш қып былайша қиылады:

– Бұл менің қонағым еді үйге келген,

Дәстүр бар ғой «Мейманды сыйла» деген.

Рұқсат бер үйіме қондыруға,

Жазалаңыз ертең сан айламенен.

Хан айтты:

– Сыйлап бүгін Қожа атын,

Бұл ұрыны бір күнге босатамын.

Қашырып алмау үшін жандарына

Біреуің қарауылдап қоса барың!

Қожа кетті қарауыл мен жігітті алып,

Үйіне жатты бәрі төсек салып.

Жастыққа бас тиген соң қарауылы

Уайымсыз ұйқыға кетті қалғып.

Сонда Қожа сыбырлады:

– Ей, қонағым,

Ақыл сөзді ұқпадың, тыңдамадың.

Ертең таңда өлесің ит өліммен,

Осы ғой бағың тайып сорлағаның.

Бұл сенің тірліктегі соңғы түнің,

Күн батарда ең соңғы сөнді үмітің.

Алайда мына сөзді ұғып алсаң,

Әлі талай жалғасар көрер күнің.

Ертең патша алдында «Датым бар» де,

«Сізге айтар ойымда антым бар» де.

«Сөзімді тыңдасаңыз ризамын,

Содан кейін-ақ дарға тартыңдар» де.

Ол антым мынадай де: «Менің әкем –

Жаһан кезген саудагер болған екен.

Бірде ол сапарында дүниесімен

Бір жерді пана етіп, қылған мекен.

Сол жерде түн жамылып бір қарақшы

Оны өлтіріп, бар заттарын тонапты.

Кейін мен әкемді іздеп шыққан кезде

Денесінен тапқанмын бұл пышақты.

Осы пышақ иесі оны мерт қылған,

Әке құнын дауламай мен тек тұрман.

Бұл пышақты таныған жан – қылмыскер,

Осылай деп өзіме-өзім серт қылғам.

Бүгін, міне, сіздің уәзір сол сертті

Мойындатып, өз қылмысын көрсетті.

Бұл пышақты қазынадан ұрлап ап,

Бұл пышақпен әкемді де мерт етті.

Қолтықтағы қарақшыны көріңіз,

Қылмысына тән жазасын беріңіз.

Әділдік пен теңсіздіктің билігін

Таразыға тартатын да өзіңіз».

Деп тоқтатты Қожа сөзін ақырғы,

Ұғып алды жігіт те ол ақылды.

Рауандап, шұғыла шашып шығыстан

Осы кезде таң да атуға жақын-ды.

Ертеңгілік бір хабаршы жар салып,

Дар жанына жиылады бар халық.

Екі жендет жетеледі жігітті

Ажалына тұрған алда қарсы алып.

Жігіт айтты:

– Уа, мырзалар, батырлар!

Патшаға айтар ойымда бір датым бар.

Ең соңғы рет жүздесейін ханменен,

Қанды дарға содан кейін асыңдар.

Бұл тілекті жендеттер қабыл алды,

Жігітті хан алдына ертіп барды.

Ал патша:

– Датың болса сөйле, қане,

Ойыңда не бар айтар? – деп сұрады.

– Тақсыр, датым мынадай, менің әкем

Сауда қылып әлемді кезген екен.

Бір күні керуенімен түн ішінде

Ен далада қоныпты жерге бөтен.

Түнде оған бір баукеспе жолығыпты,

(Алаяқтың қашан да торы мықты).

Қазынасын тонаған сол ұрының

Қолында әкем шейіт болыныпты.

Оралмай өткен кезде мерзімінен

Жолға шықтым әкемнің мен де ізімен.

Жолшыбай мүрдесіне жолыққанда

Осы пышақ табылды кеудесінен.

Содан бері іздеп әлгі ұрыны,

Талай жерде көрсеткем бұл қаруды.

Сіздің елде кешегі өткен жиында

Мұны көріп уәзіріңіз таныды.

Бұл пышақты ұрлап ол қазынадан,

Әкемді де тонап ап, қаза қылған.

Бүгін оның қылмысы болды әшкере,

Хан ием, енді өзің жаза қолдан.

Деді жігіт қайталап Қожа сөзін,

Дәлелдеді күнәсіз таза өзін.

Патша оның айтқанын жалықпастан

Үнсіз тыңдап, көрсетті аса төзім.

Шынында, жігіт таза ед бұл ұрлықтан,

Жан емес һәм дүниеге құмартқан.

Уэзір оның қызығып бұйымына

Ойы еді жаламен қылмақ құрбан.

Патша айтты:

– Ол азғын келсін бері,

Шын сатқынды танысын, көрсін елі.

Ардан безген жандардан құтылмайды,

Күнәсін мойындатып өлтір, – деді.

Қожа сөзі осылай ақтап жанды,

Жігіттің жас өмірін сақтап қалды.

Ал уәзір сол күндестік ниетімен

Ұзамады алысқа аттап арды.

...Бұл өмірде кездесер арамдықты

Әрқашан әділдік пен адал жықты.

Ол үлгіні жалғайтын болашаққа

Ізгі жандар ту еткен адамдықты.

2004 жыл

МАҢҒЫСТАУЫМ БҰЛ МЕНІҢ...

Ғасырға ғасыр жалғап тарихы өткен,
Ежелден ата-бабам мекен еткен,
Әр ақыны атына жыр тербеген

Маңғыстауым – бұл менің Атамекен!

Төсі толы мұнара, ақ ордадан,

Жерде пенде, аспанда Алла оңдаған.

Қандастарға кең құшақ іргелі елім –

Маңғыстауым бұл менің бақ орнаған!

Шетте жүрсем сағынар сағынышым,

Мен қазақпын жаралған арым үшін.

Сағынышым, арымның асқақтығы –

Маңғыстауым бұл менің мақтанышым!

Атағымен көрініп әр таңдардан,

Таныды әлем Туым мен Елтаңбамнан.

Байтақ елім, мұнайлы жерұйығым –

Маңғыстауым бұл менің ел таңданған!

2004 жыл

ОҒЫЛАНДЫҒА БАРҒАНДА

Қырларды басып,

Таулардан асып,

Басыңа келдім, Пір Бекет.

Асыға күткен,

Мақсатқа жеткен

Ниетімді қабыл ет!

Ұрпақтың тілімен,

Табыну үнімен

Жыр арнайын, Ер Бекет.

Жанымды сырмен,

Жалынды жырмен

Сезімімді тербеп өт.

Өзіңе арнап,

Сөзіме жалғап,

Әр кез саған бас ием.

Сиынарым Хақ,

Сенерім әруақ,

Бір сенсің, Бекет Әулием!

Қырларды басып,

Таулардан асып,

Басыңа келдім, Пір Бекет.

Асыға күткен,

Мақсатқа жеткен

Ниетімді қабыл ет!

Ниетімді қабыл ет!

2004 жыл
***
Мен ылғи сүйсінемін балалыққа,
(Бұл менің бойымдағы шалалық па?)

Сондықтан болар бәлкім өмірдегі

Ұқсауға тырысамын сан алыпқа.

Разы етіп елімді әр ісіме,

Жете алсам мерейлі мәресіне.

Бақыттымын талап пен тұлғама сай

Жарап жүрсем елімнің кәдесіне.

Мен ылғи талпынамын биіктерге,

(Жетелеген арман мен үміттерге).

Айға шауып сал болған арыстандай

Қаламын бұл сезімнен үркіп кейде.

Аңсамас тірісінде биікті кім?

Биіктікпен өлшенер жүйріктігің.

Қиялымның жалғанған жетегіне

Тағдырым тек үзбесін үміт жібін.

Мен ылғи күрсінемін қиындыққа,
(Бірақ ол бірлік барда бұйым боп па?)
Содан шығар арқамда жүк салмағы

Білінбей келе жатыр ұйым топта.

Taп қылар алуан-алуан даңғылына,

Лаж бар қандай жазмыштың жарлығына?

Төзімім, таусылмай сәл сабыр етсең,

Ұласады түн де ақыр таң нұрына.

Мен ылғи өкінемін пенделікке,

(Жүрміз ғой пенде болып сенделіп те).

Енді арылтып ондайдан бойымызды,

Түзу жолмен барғаймыз егделікке.

Жасыңда білместікпен есір мейлі,

Бірақ жүре түзелсін көш ілгері.

Келешекке қам жасап серпіл, жүрек,

Егделік пенделікті кешірмейді.

2005 жыл

ӘКЕ БЕЙІТІНІҢ БАСЫНДА

Асқар тау, алып нар тұлғам,

Ұланың келді артыңнан.

Өмірден мынау өзіңсіз

Өткізіп уақыт сан жылдар.

Осынау кезең ішінде
Оралып оңға ісім де,
Қол жетті талай нәрсеге

Талпыныс еткем үшін де.

Шаттыққа толы кездерім

Өзіңді талай іздедім.

Кей арман болды табысым,

Дей алман бірақ: «сезбедің».

Сәттерім де көп сүрінген,
Шарасыздығым білінген,
Бойдағы міндет салмағы

Ауырлап белім бүгілген.

Сын шығар бәлкім бұл маған,

Ол үшін артпан мұң саған.

Көшімді жүре түзетіп,

Күшімді жұмсап шыңдалам.

...Асқар тау, алып нар тұлғам,

Ұланың келді артыңнан.

Жәрдем болсын жаныңа

Аятым Хаққа айтылған.

2005 жыл

«СУҚҰЙҒЫШТЫҢ» СЫРЫ

«Суқұйғыштар» жаңашыл, талап-талғамы өте жоғары, ғылымға әуес келеді. Бірақ бұл істермен айналысу барысында еріншектік жеңіп, өте баяу қимылдайды.

Жұлдызнамадан

Шынында, мен ғылымға құштармын-ақ,

Ойымда бар жаңа бір істі атқармақ.

Осы талап балалық арманымды

Мақсат етті өзіме жүктеп салмақ.

Сүрлеумен сара жолын салғандарға

Ғылыммен із жалғасам арман бар ма?

Танытып құдіретін төл тілімнің,

Үлгі етсем білгенімді әр жандарға.

Болар ем бұл ісіммен бағы басым,

Бірақ тағдыр жазған соң бағынасың.

Рас, менің бойымда жалқаулық бар,

Мұнымды мойындамау – арыма сын.

2005 жыл

ДҰҒА ETEMIH ӨЗІҢНЕН

Күнәларым көп, білем, пенделігім,

Пенде болып күн кешкен мен де кұлың.

Қателікті кешірер сипат тілеп

Дұға етемін Өзіңнен, ей, Ұлығым!

Құдіретіңе әрдайым табындыр да,

Хақ жолыңа бастай гөр, жаңылдырма.

Соны сұрап түндерде жалбарынып,

Дұға етемін Өзіңнен әр таңымда.

Кетпегей жүрегімнен иман алшақ,

Билемегей бойымды дүния, мансап.

Рухыма мәңгілік азық болар

Дұға етемін Өзіңнен дидар аңсап.

Қуат бер тежейтұғын құлқын күшін,

Тазарсын тән мен жаным, сыртым-ішім.

Құндылық – менің үшін түзу тірлік,

Дұға етемін Өзіңнен сол құн үшін.

Көңілім құштар Сендік қайырға бек,

Пешенемнен несібе айырма тек.

Қос дүниенің асылы – арманымда,

Дұға етемін Өзіңнен тарылма деп!

2005 жыл
***
Өмірімді көркейтер ән-жырыңмен,

Бұлт-шабытым, кеттің бе қаңғырып ел?

Кел-дағы нөсерлетіп суаршы бір

Шөлдеген көңілімді жаңбырыңмен.

Кел, шабытым, ұйтқыған дауылменен,

Қуатыңмен жырлайын жалынды өлең.

Басайын жанымның бар шаңын сілкіп,

Жеңілдеп қалсын біраз жауыр денем.

2005 жыл

МЕНІҢ ТЕРМЕМ

Жүрегім, сөйле, сайра, тіл,

Өнерің қазір сында тұр.

Қолқалап сені әлеумет,
Алқалап келіп тұрғасын,
Сөйлегенде тіл мен жақ

Жаңылмасын, тынбасын.

Алдында біраз толғайын

Жырымды халық тыңдасын.

Зейін сал бұған, замандас,

Айтты деп біздей құрдасың.

Сөз дегенің – атқан оқ,

Жай отындай бір жасын.

Даудың басы – қызыл тіл,

Тіліңнен жел сөз озбасын.

Пәлеге ол қалдырар

Аңдамаған ер басын.

Налысаң тауың шағылып,

Тәуекелің сынбасын.

Жабыққанда көңілің
Жаныңа жақын сырласың,
Бойыңды билеп балқытар

Бейне бір сынды қорғасын.

Өнердің де асылы

Оздырған топта жорғасын.

Тентекті түзер айласы

Есіне салып тәубасын.

Басыңа қатер төнгенде
Болса егер жолдасың,
Ажалдан да құтқарар

Келтіре білсең ымырасын.

2005 жыл
***
Сәлем, Каспий, аққуларын тербеген,

Толқындары қуаласқан желменен.

Бір ғажабың – қанша дауыл соқса да

Лайланбайды тасып тұрған өр денең.

Құмарлықпен тамсанудан саған бір

Жауланғаны соншалықты санамның.

Осынау бір қасиетті сендегі

Кейде іздеймін мінезінен адамның.

2005 жыл

СЕЗІМ АКСИОМАСЫ

Аксиома – дәлелдеуді қажет қылмай, ғылыммен

Фигуралар қасиетін көрсететін тұжырым.

Мендік сезім дәл осындай,

жеткізе алман тіліммен,

Оған мысал бұ жырым.

Өмірімді шексіз сүйем көңіліммен, күшіммен,

Отаныма, туған елге, төл тіліме ғашықпын.

Осы ойыммен халқыма еңбек ету үшін мен

Болашаққа асықтым.

Бұл жолыма бағыт бол ар

құштарлықтан жаралған,

Ата-баба өсиеті білім алу – аманат.

Тұлғаңа тән талаппен үлес алып заманнан

Атану парыз Азамат.

Ес кіргелі мақсат етіп бір арманды қуғанмын,

Табындырған өзіне өмірді соған арнадым.

Дүниеге анадан адам болып туғанмын,

Адам боп өту – арманым.

2005 жыл

ҰЛT ТАҒДЫРЫ

Жаратылыс заңы солай,

Жақсылық пен жамандықты тең қойған.

Алуан түрлі іс шығады

Әр адамның бойындағы бір ойдан.

Сол сияқты, бір қойдан

Ақ қозы да туады,

Қара қозы да туады.

Адамзат та осындай,

Кейбіреулер өлгенінше адалдықта тосылмай,

Базбіреулер туа сала пенделікті қуады.

Пенделіктің шырмап алып құрсауы,

Текті елімнің азды бүгін ұрпағы.

Жалғасатын болса олар осылай,

Күні ертең-ақ ұлт рухын құртады.

Арамызда арын сатқан қандастарым көбейді,

Бірақ оны ешқайсысы мінім екен демейді.

Енді біреу өз тілінде ойлап, еркін сөйлей алмай,

Және дағы жұртпен қатар жер басып жүр ұялмай.

Қазір тіпті ұстануда шатақ, шала дінді бөтен,

Алайда оның зор қасірет екендігін білді ме екен?

Сорақысы – сәбиін де шетке сатып «кәсіп» қылды,

Көп қаракөз жат қолында кете барды асып қырды.

Анаға қарсы қыз шығуда,
Әкеге қарсы ұл шығуда,
Осылайша ұлтымыздың шаңырағы шайқалып,

Тәрбиесі тұншығуда.

Мұндай емес едік қой бұрындары,

Әлде... ұлтымыз ұлтсыздыққа ұрынғаны.

Өртейтін де өзекті өкіндіріп,

Халқымыздың бүгінгі осы халі.

2005 жыл

МЕН СОЛДАТТЫҢ САРҚЫТЫМЫН

Мен соғыстың не екенін бесіктен

Белім шығып, ес кіргенде-ақ есіткем.

Қаһарлана атам ылғи айтушы еді

Неміс жайын біздің елге өшіккен.

Олар бізге алғаш жорық бастапты,

Бейкүнә елге жау жарағын жасқапты.

Менің атам ерлікпенен сол кезде

Өткізіпті қан майданда жас шақты.

Кешіп жүріп ол соғыс дауылдарын,

Ойлапты ошақ басын, ауыл қамын.

Тілепті ел мен жердің амандығын

Және де ұрпағының жойылмауын.

Құштарлыққа жеңдіріп зұлымдықты,

Қолдапты Алла өзінің құлын мықты.

Ішінде атамыз бар жауынгерлер

Жау жеріне Жеңістің туын тікті.

Енді, міне, арада жылдар өтті,

Соғыстың суық лебін жұрт ұмытты.

Атамның аңсап өткен тілегіндей

Бабалардың ерлігін ұлтым ұқты.

Болашаққа жалғайтын ата үмітін

Орнында бар адамның арты бүтін.

Майданда осы күнді армандаған

Мен өзім сол солдаттың сарқытымын.

2005 жыл

САРМЫС БАТЫРДЫҢ СӨЗІ

Көнекөз қариялардың айтуынша, қазақ-қалмақ шайқастарында, одан кейін Жем бойында орыстарға қарсы жорықтарда ерен ерлігімен еленген, Адайдың Шоғы руынан шыққан баһадүр бабамыз Сармыс батыр жасы ұлғайғанда жаугершілікпен жүріп қаза болыпты. Жарықтық, жау қолынан қатты жарақаттанып жатса да дұшпанда кеткен кек-ызасы ғана жанына батқан екен.

Қырықмылтық деп атанған
Адайдан туған Шоғы едім,
Нысаналап ұрыста

Атылған жауға оғы едім.

Қорған болған жасымнан

Ел-жұртымның бағы едім.

Жорықта айла асырған

Дұшпанымның соры едім.

Өмірге мынау келгелі

Бұл қартың нелер көрмеді?

Сан мәрте тағдыр тезінде

Жеңсе де зауал өлмеді.

Қатер төнген халқыма
Сонау бір өткен шақтарда
Жер қайысқан қолымен
Жоңғар жауым шапқанда,

Дамылсыз сүрен салдырып,
Түндерді жалғап ақ таңға,
Талайлардың жас қаны
Су орнына аққанда

Аман қалған қу жаным

Найзадан да, оқтан да.

Одан бергі кезеңде
Жайық бойын жағалап
Ағайын біткен жүріп ек

Қонысын қатар паналап.

Күндердің күні болғанда
Намысын ұлттың табалап,
Орысым жөнсіз соқтығып,
Кіргенде елге қамалап,

Асынып қару шығып ек

Күш қосып ылғи азамат.

Жайратып жауды жығып ек

Кегі үшін көптің жазалап.

Арыма арнап садаға
Аллаға қылған аманат
Ажалсыз жаным тағы да

Қалған ед сонда саламат.

Бүгін, міне, осы бас
Егделік жасқа болып құл,
Қайратым қайтып, денем де

Майдан да жатыр қалып тұл.

Түсінем, қарттық жеңгеннен
Төсекте сырқат тауып құр,
Айқасып дертпен өлгеннен

Шайқасу жаумен – бақыт дүр.

Алайда мына жатысым

Жаныма қатты батып тұр.

«Қабырғамда қырық жара,

Омыртқамда он жара».

Бәрінен де ауыры –

Жүректегі бір жара.

Тән жарасы жазылар,

Жан жарама не шара?

Бойында тұнған намыс-ар,

Артымда қалған күні ертең

Кегімді қуар тегім бар.

Маңғыстау ойын жайлаған

Сегіз арыс елім бар.

Бес қаруын сайлаған

Жаужүрек талай ерім бар.

Соларға үміт артамын,

Есемді менің қайтарар.

Әруағым сол кез бір аунап,

Жаралы жүрек жай табар.

Ажалым жетті, сеземін,

Таянды басқа көрім тар.

Қартайған кезде қапы ғып

Дұшпанда кеткен кегім бар.

Медеу болар көңілге

Жұбанышым және бар –

Болса Жаббар Ием жар.

2006 жыл

ДОСТЫҚ ПАРЫЗ ЕСЕП ЕМЕС ҰҚҚАНҒА

Заманынан бері қарай әлімсақ

Қазақ халқы дос дегенде кеңқұшақ.

Керегелес, үйі іргелес тұрса да

Болған емес қырғиқабақ, қырықпышақ.

Осындай бір пейілі кең елім бар,

Пейіліне берген Тәңір жерім бар.

Құшағымда қонақжайлық көңіл мен

Ошағымда ұсынатын төрім бар.

Төрлет, асыл досым, төрге шығып ал,

Бүгін саған айтар біраз сырым бар.

Тас жарса да, бас жарса да қуаты

Сен дегенде майдаланар тілім бар.

Осы тіл деп бабам менің шарқ ұрған,

Осы тілмен бағам менің артылған.

Төл тілімді сыйлаған жан қашан да

Ықыласын көрер жомарт халқымнан.

Алдына тосып тұзын әр кез ұлтым,

Қызмет етіп сыйлайды жолдас-жұртын.

«Көрші мен дос ақысы – Хақ еншісі»

Деп үйреткен дінім мен ұлы ғұрпым.

Аталарым ардақ тұтып сақтаған

Дәстүрім бар, мәдениетім, салт-санам.

Салмағы оның басқа емес, досқа сын,

Мұны ұқпас тексіз ғана хас надан.

Тарихымен талайларға танылған

Далам жатыр ақ сағым нұр жамылған.

Бірлік пенен берекеге шақырып,

Тауым да тұр Ұран-Оты жағылған.

Достық басын шығарып бір жағадан,
Қол ұсынса еліме егер әр адам,
Ұлтына да ұлысына қарамай

Тумаса да туысыма балағам.

Жо-жоқ, бұрыс түсінбе тек мұнымды,

Қабылдама бағалау деп құнымды.

Және-дағы соңғы айтарым, қанекей,

Естен шығар есеп деген ұғымды.

Дос мойынға артылар сан жүк барда

Достық парыз есеп емес ұққанға.

Шын достықтың шартын тұтқан шынайы

Сезім ғана пана болар ықтарға!

2006 жыл

НҰРСҰЛТАННЫҢ ӨЛЕҢІ

Көңілі көсем, көкірегі қазына,
Көсіле сөйлеп отыратын жазыла
Алақаны аялы әзиз әжемді

Өмірімнің ұқсатушы ем жазына.

Қаһарлы Қыс Атам еді, жарықтық,

Желтоқсаннан жүрем ылғи танып нық.

Көр балалық көңілім бар, кезінде

Кеңесіне қала алмаған қанып түк.

Биылғы Күз Әкені еске салады,

Бұлтты аспандай сәл түнерген қабағы.

Қасқа Күздің берері мол, әйтсе де

«Қысқа жіптің күрмеуге жоқ жарамы».

Алда енді гүл кезеңі көктемнің,

Міне, бізге күлімдеп тұр көкте Күн.

Бұл Көктем Күн менің Анам екен ғой

Бәрімізге шуақ шашып, төккен нұр.

...Тірлігімнің тамыры осы төрт мезгіл,

Жұдырықтай жүрегіме еккен жыр.

2006 жыл

ҒАШЫҚТАР

Жер-егісті суарып диқан-аспан,

Найзағайдың жарқылы ұйқымды ашқан.

Түні бойы гүрілі маза бермей

Жайым мынау жүзімнен сиқым қашқан.

Деп менің осы ғана еңсемді езген,

Көңілсіздік себебін көрсем күзден.

Табиғатқа болар-ау сөзім обал,

Ұят және ағаш пен өр теңізден.

Өйткені әуес олар жаңбырына,

Әу бастан жазған тәңір тағдырына.

Жалғыз ғана өзім деп ойлап па едің,

Көзін ілмей атырған таңды мына?

Таң демекші, Күн, сен де ғашықсың ба?

Жердің бетін өбуге асықтың ба?

Түн түнегін түрдің де нұрландырдың,

Шыға сала шуағың шашып қырға.

Махаббаттың мекені – ашық аспан,

Көгінде самғар өңкей ғашық құстар.

Кейбірі туған жерден жылу іздеп,

Бір тобы барады әне қашып қыстан.

Жел де сәнін сүйеді сұлулықтың,

Енді мен барлығының сырын ұқтым.

Табиғат та өзіммен мұндас екен,

Басында білместікпен ұрыныппын.

2006 жыл

ҚАРАСАЗ САПАРЫ НЕМЕСЕ МҰҚАҒАЛИ РУХЫНА ДҰҒА

Уа, Мұқағали, әз ағам!

Сан ғасырлар бойына
Қоныс еткен қазағым
Осынау байтақ мекенді

Шарлау еді қалауым.

Жер көріп және ел танып,

Барлау еді талабым.

Арман еді қашанғы –

Топырағына тәу ету

Өзіңдей асыл ағаның.

Қалауым шынға айналып,
Орындалып арманым,
Сенің туған жеріңе

Тиді бүгін табаным.

Бұл тұрақты мен де енді

Өлеңмен жырлап бағамын.

Қарсы алды бізді Қарасаз

Құшағын жайып аялы.

Шалкөдең жатыр шақырып

Жалғаған тауға аяғын.

Табиғат, мұнша жомарт па ең

Сыйлаған алуан бояуын?

Емізген мейір қандырып
Енесіндей даланың –
Тасыған Қара өзеннен

Тараған бұлақ – әр ағын.

Бейне бір әсем әншідей
Қырнап ап желмен тамағын,
Шырқайды шілік сазымен

Тербетіп дала дарағын.

Төсін де көк шөп орапты

Көктемнің беріп хабарын.

Талдары анау жайқалған

Сіміріп бойға самалын.

Оқысам әр кез өзіңді

Осы көркем бейнеге

Келуші ед ылғи қарағым.

Енді, міне, жырыңды

Жеріңнен сенің табамын.

Азамат ең, аға, сен!

Сезсең де қанша қиындық,

Шегінбей кейін бір адым.

Көтерген көрмей бұйым ғып

Тағдырдың талай сынағын.

Жықпай өткен тірліктен

Үміті мен шыдамын.

Алдағы асыл арманға

Жалғаған мақсат-мұрадын.

Ақын едің, аға, сен!

Шабыттың жаққан шырағын,

Кие тұтып Құрандай

Тағынған жырдың тұмарын.

Жаралған саған егіз боп

Поэзия – сыңарың.

Асырып толқын арнадан,

Тасытқан сөздің бұлағын.

Асау ағыс үніне

Түргізген көптің құлағын.

Сарқылмас сусын сипаты

Сендегі асыл мұраның.

Жырға жерік жүректер

Қандырған әр кез құмарын.

Маған да бүгін бұйырған
Нәсібі шығар Құданың,
Жазыпты тағдыр маңдайға

Көруге ақын тұрағын.

Осында тұрып өзіңе

Тілеймін Хақтың шуағын.

Рухыңа арнап оқылған

Қабылы болғай дұғаның.

Я, Жаратқан тәңірім!

Жыр етіп толғап зар үнін,
Танытқан елге дарынын
Қазақтың ақын нар ұлын

Қолдағай жар боп әмірің.

Кең қылып мәңгі қабірін,

Түсіргей нұрың, жарығын.

Әумин!

2006 жыл

АТА ӨКІНІШІ

(тіл туралы толғаныс)

Атасы: Иә, балам, емтиханыңды қалай тапсырдың?

Немересі: Бәрі ойдағыдай, ата! Тек Қазақ тілі пәнінен ғана төмен баға алғаным болмаса...

Атасы: Бұл не сөз? Ондаған жыл мектеп қабырғасында жүріп, өз Ана тіліңді жетік меңгермей қай біліміңмен мақтанып тұрсың?

Бұйырған ед, балам, сенің бағыңа

Бейбіт өмір, азат күннің таңы да.

Тағдырыңа қуанушы ем тәубе етіп,

Мына сөзің ауыр тиді жаныма.

Айтпа, балам, асылық,

Бұл қылығың әпермейді жақсылық.

Бала емессің бұрынғыдай енді сен

Кей сөздерің еленбейтін жассынып.

Ана тілің – жаны, рухы халқыңның,

Қадірін біл қолыңдағы алтынның.

Осы күнді арман еткен аңсаумен

Сөзін тыңда қартыңның.

Тілің – барлық даналықтың иесі,

Заманалар жалғасының жүйесі.

Мұны ұқпасаң, арда емген анаңнан

Ақ сүтінің жібере алмас киесі.

Осы тіл деп бабаң сенің шарқ ұрған,

Осы тілмен бағаң сенің артылған.

Төл тіліңсіз қанша мерей жисаң да

Аса алмас даңқың сенің халқыңнан.

Меңгер мейлі тілдерін сен бүкіл ел,

Халқың онда үміт артып үкілер.

Егер бұлай өз тілінді кемітсең,

Бетіңе кеп түкірер.

Ауыр сөздер айттым, білем, тіл қатып,

Оған бола бетті теріс бұрма түк.

Енді біраз санаңменен сарала,

Өз тіліңде ойлану да – бір бақыт!

2006 жыл

II. «ҚИЯЛЫМ ЖАҺАН ШАРЛАП ЖҮР...»

(студенттің көңіл күнделігінен)

АҚЫНДАРДА ДОС БОЛМАЙДЫ

«Ақындарға азғындар ереді... Алайда иман келтіріп ізгілікке жеткендер, Алланы есіне алғандар басқа...»

Құранның «Шұғара» сүресінен

«Ақындар – Аллаға жақындар».

Әмір Темір
«Өмірде ақындардың бәрі жалғыз...»
Мұқағали

Ақындарда дос болмайды пендеден!

Күлер бәлкім сандырақ деп

Бұл сөзіме сенбеген,

Ол үшін де мен ешкімді тергемен.

Білгің келсе Құран сырын –

Оқығанда шайыр жырын

Жанына үңіл, жүрегіне ен дер ем.

Болмаса егер ақындар досқа кенде

Саналы өмірлері босқа өтер ме?

Шер тарқатар жан таппай

Ақтарар ма мұң-зарын тас кереңге?

Мұндайда оларға жын жүрер жақын,
Ерттеп берер қолынан мінер атын,
Алайда азғындықпен асқан өрге –

Тән емес қарекет қой талапты ерге.

Сайтанды серік еткен құрсын тірлік,

Тәңірім, ондай күнді басқа берме.

Талабымен игерген өнер кенін,

Елі сүйіп оқитын өлеңдерін

Аты дардай бір ақын деп жазыпты:

«Шараппен ғана жалғыз кемел көңіл;
Тірі болса ғой, шіркін, дос болар ек
Мұңлық аға Мұқаңдай кемеңгерім!» (?)
Осы сөздің иесі – айташыға

Мынадай жауабым бар берер менің:

Ол заманға Сізден, рас, бұрын келді,

Заман оған сондықтан қырын келді.

Өліарада өлеңнен өнім алып,

Жұтта жүріп жемісті жырын терді.

Мүсәпір жұртына артып жауыр қылған

Кісәпір қоғамның сан «сыйын» көрді.

Тек қана ақынды емес ол бір кезең

Дүдәмал күйге салды дүйім елді.

«Алла – ақиқат, Кұран – шын» деумен өткен
Діңкелетіп дініне мығым ерді,
Хаямның Хақтан күткен Нұр-шарабы

Осы деп шайтани-су шырын берді.

Сезіміңді улайтын тарап қанға

Шипа емес, шірік шөлмек шарап жанға.

Ақын дара жүргенмен елден жырақ

Оны өзіне жақын ғып жаратты Алла.

Тәңірін танығандар жалғыз қалмас,

Жалғыздық жарасар тек Жаратқанға.

...Мұнымды Мұқағали рухынан

Сұраңыз Маһшар күні таң атқанда!

2007 жыл
***
Көгершін – көңіл көкке өршіп,

Қанатын керіп қиялым жаһан шарлап жүр.

Кезім жоқ бірақ өткен түк

Шиеленген шеңберін шешіп тар тағдыр.

Құмартып бала күнімде

Әжемнің талай тыңдап өскем ертегін.

Бұлыңғыр тартып бүгінде

Ескіні қоса елестетеді ертеңім.

Көктем бе, әлде жаным – Күз?

Тұлғамды танып, тиісін тауып теліп көр:

Жағымды яки жағымсыз

Өмірімдегі өзіммін басты кейіпкер.

Батыр емеспін

Зұппыһарын асынған,

Серігім де жоқ табылатын қасымнан.

Керқұла атқа тақымым тиіп, жал құшпай,

Жалғыз жортқам жасымнан.

Ақын да емен,

Ғазал-жыр деп жазғаным –

Қырық өтірік сандырағы Тазшаның.

Дүр талант, ділмар дарындылар бақытты,

Одан менің аз бағым.

Ғашық боп та сезімге таппай түк азық,

Жабырқау тартып жаным содан жүр азып.

Күн астындағы Күнікей қызға қол жетпей

Көңіл қалған құлазып.

Самұрық құс құныкер досым бар менде,

Тұтатсам қылын ұшып жетер бір демде.

Аспан асып кетсем деп едім ол-дағы

Келмей қойды жәрдемге.

Ғаріп күйде орнатар басқа бақ тегін

Алтын балық аңсаумен өтіп сәттерім.

Қалам – қармақпен отырам кейде ой аулап,

Теңіз – өлең дәптерім.

Көктем бе, әлде жаным – Күз?

Тұлғамды танып, тиісін тауып теліп көр:

Жағымды яки жағымсыз

Өмірімдегі өзіммін басты кейіпкер.

2007 жыл
***
Жердің бетін жауып аппақ қар ауыр,

Күмістейін өңі өзгеріп дала тұр.

Дәл қазір сен шықпасаң да аулаңа

Балконыңнан қара бір.

Сұлулыққа құмар келер қыз жаны,

Қыстың бірақ аралас қой мұз-қары.

Ал бүгінгі күннің аяз түгілі

Білінбейді ызғары.

Сөзсіз бұл күн саған да бек ұнары,

Алайда бұл қашанғы өстіп тұрады?

Жаңа жылдың жаңа қарын басқанның

Орындалады мұрады.

...Шықтың екен тұрмайық құр кідіріп,

Көше бойлап қайтайық жүр қыдырып.

Тұра берсек тоңазиды денеміз,

Бізге керегі жылылық.

2007 жыл

ДЕРМАТОГЛИФИКА

(...-қа)

Дей бер мейлі мұны жаңсақ мағына,
Мен өзіңнен бір сыр аңсап жаныма,
Үңіліп ем нәзік алақаның мен

Сүйрік саусақтарыңа.

Бұл болжамның түспесе де тасы нық,

Ынтық қылған қызыққұмар жас үміт.

Алақаның құпиясын ашпады

Жан сырыңды жасырып.

Одан дағы тани алмай түзу заң,

Көптен күткен кәусар көңіл бұзылған.

Балалықтың ізі әлі кетпепті

Саусағыңа сызылған.

Көрген сайын шиыр сырлы әр ізді,

Періштені тани түсем жаны ізгі.

Бой жеткенің ересектік емес тек,

Ой жеткенің маңызды.

Ол үшін де айтпан саған бекер сын,

Бұл сөзімді ренішсіз көтер шын.

Ең бастысы мендік сәруар сезімді

Қашан ұғар екенсің?

Әр ісіммен саған ылғи жайғам сыр...

(Түк сезбеген түйсігіңе қайранмын).

Осынау бір бала көңіл, бейкүнә

Мінезіңнен айналдым!

2007 жыл

АҚБӨБЕК – АРМАН

Кемді күннен тапқандай нақ керегін,

Қос ғашықтың жырынан бақ көремін.

Қайып сері – құрбаны сағыныштың,

Шаһит кешкен армандап Ақбөбегін.

Жиделі, Жарқұдықты тұрақ қылып,

Жүргені бойды билеп қуатты үміт.

Күндері сағым болды Бөбек қыздың

Ойнаған шарқат жаулық лақтырып.

Кетсе де Қызылбас пен Тәжік асып,

Көңілдері сезімнің жазына асық.

Мұңлық – Зарлық баршаға үлгі десек,

Біреулер жүр күн сайын ажырасып.

Бағындырар жіпсіз-ақ матап алып

Сезім сыны, шынында, қатал анық.

Жігерімді жасытып алдым мен де

Қалқаның қылығына қапаланып.

Ұға алмай ынтызар құрбы жанын,

Шарасыздан түңіліп, тұнжырадым.

Көңілім де қапалы, мұңлы халім,

Кім қандырар жүректің бұл құмарын?

Аша ма деп бақытым паң құшағын

Аңсаймын әрбір күннің таңғы шағын.

Сиынамын санама сіңірсе деп

Нұр сәулесін мұнартқан әлгі сағым.

Тәңір сыйы дейді ғой бақ дегенің,

Тосып жүрмін сол сыйдың тап келерін.

Қиялымда күлімдеп қол бұлғайтын

Жүр екен қайда менің Ақбөбегім?!

2008 жыл

MEPEKEMI3 АРНАЛСЫН ЕЛДІГІМЕ

(Жаңаөзен қаласының 40 жылдығына)

Көкжиектен әуелі таңды көрем,

Мұным бірақ табиғи заңды дер ем.

Өзенді айтсам, кешегі ерлікпенен

Өрілген тарихы бар мөр ғып берер

Өткені ойға оралар алдыменен.

Көшеді үмітпен өр, күдіктен кер,

Өседі жігіттер ел құлық берген.

Ұқтырып бір күш барын толқытатын,

Бұқтырып кіл дұшпанын қорқытатын

Бұл маңның қасиетін біліп пе еңдер?

Тәңір Ұлы! Мына жұрт-ұлық пендең,

Деп ойлаймын Өзіңнен ырық келген.

Есіне ап Атыңды ел жасар қадам,

Төсіне ақ сәжде ғып качалкалар

Бұл Сенің назарыңа іліккен жер.

Батасын берген Қыдыр – қара шалды,

Атасын көргенді ұл жарасарды.

Халықтың қосып басын іс қылатын,

Алыптың тосып қайрат, күш-қуатын,

Қырқында «қамал бұзбай», қала салды.

Бұл сөзім аңыз емес, әфсана да,

Ол кезің жан бітірді жас қалаға.

Әп-сәтте қауыз жарған, ерте гүлдей,

Он жылда... (әжем айтқан ертегіңдей)

Бой көтерген жоқ па ана Астана да?!

Жолыңда кездессе де бұйым іс көп,

Соңында тосылмадың қиын күш деп.

Бала шақта өзіміз арман еткен

Болашаққа жолдаған аманатпен

Бізге де жетті бұл күн туын тіктеп.

Қалам жас, нұр шашады шұғыла көк,

Қадам бас бағытың бір құбыла боп.

Берекеміз жалғансын ендігіме,

Мерекеміз арналсын елдігіме,

Ынтымақпен тойлайтын жұмыла көп!

Қумайық түлік қамын, мүлік қамын,

Ұғайық алда алуан үміт барын.

Сайрап жатыр біз жүрер сапар әлі,

Еліңді оған Ниетің апарады:

Тек Сабыр мен Тәубеңді ұмытпағын!

Ұлықтарым!

2008 жыл

(...-ға)

Биші екеш жүрегіме хандық құрдың,

Тіл қатпастан жаныма жарлық қылдың.

Торықтым мен, қайдан-ақ жолықтың сен

Мұңлыққа аңсар болып, Зарлық құрбым?!

Екеуміз бірге жүрген шақтар қандай?

Қазір айтсам, бейне бір тәтті армандай.

Қалпым көп сол уақта мол баққа ие,

Шарқым кем оны жыр ғып ақтарғандай.

Сезім сынын сөз етіп жүрісіп ек,

Кейде үнсіз тұрып-ақ ұғысып ек.

Елемедік арада жас пен басты,

Тоғысқандай тіпті жан тынысы дөп.

Сен маған ақтардың сыр сандығынды,

Мен саған хат қып жаздым бар жырымды.

Қоса сызылған болса, оқығым кеп

Маңдайыңнан іздедім тағдырымды.

Білсекте ие екенін көшіне Кім,

Жазмышқа артамыз көп несіне мін?

Ғапылдықтың тағы бір мысалы ғой –

Екеуміздің еншіміз есіл өмір.

Тұра ма ылғи сондай сәттер үстем?

Өтеміз бе тынумен, әттең, іштен?

Қасаң тірлік құрбаны боламыз ба?

Сен не дейсің мұныма, ақ періштем?!

Құптайсың да зілмауыр сауалымды,

Қайталайсың тым ауыр жауабыңды.

Үйретесің содан соң маған үлгі,

Нақтылайсың тағылым-талабыңды.

Сен едің сенім берген, білесің бе?

Үмітім артса, ол да үлесіңде.

Жігіттік жігерімді жанып алып,

Дағдылана бастағам күресуге.

Сынаса Құдай бұлай ерді, тегі,

Қиын-ау көңілдің де көндігері.

Жанымда жәрдемшім жоқ,

Қайтсем керек

Жаратуға сол күшті енді кері?!

2009 жыл

ӘКЕ ТУРАЛЫ ОДА

(үзінді)

Абзал жан ең, тұла бойың нұр тұнған,

Тірек едің бізге қолын ұмсынған.

Арамызды ажыратты, амал не?

Алып ажал келді дағы тылсымнан.

Өнегеңмен, көңіліңмен көркем ең,

Қай кезде де биік болды мәртебең.

Байқалатын бойыңнан бар ұлылық,

Жанарыңда жатты сыры жарты әлем.

Дидарыңа құмар тіпті төрде Күн

Сендей жанды қияр, сірә, көрге кім?

Fазиз ғұмыр арнасынан ғайып боп,

Кете бардың биіктетіп жер бетін.

Кете бардың – қапаландық, қайғы алдық,

Қолымыздан келмей қылар қайран түк.

Бірақ тынбай тәубе етіп Тәңірге,

Абыройлы Әке атыңнан айналдық!

Сені мәңгі тірі десек жарасар,

Сені үйдің Пірі десек жарасар.

Ipi десек кім бар бұған таласар?

Бар адамның жақсы атымен бағы асар.

Алды болып құрбы-құрдас, қатардың,

Абыройлы Азамат деп ат алдың.

Соқпағында Өмір атты сапардың

Ұрпағыңды оң бағытқа апардың...

Талабыңдай үлкен еді талғамың,

Әр ісіңді ізгілікке арнадың.

Орындалса деп бар тілек-арманың,

Қолдауменен келді Анамыз – жан жарың...

Бар бұйымың тұр бейне бір көзіңдей,

Тек кешегі күнді жүрміз сезінбей.

Кім толтырар ордаңдағы орныңды?

Жер жаһанда жоқ еш адам өзіңдей.

Маң даладай жомарт еді жан-жүйең,

Пейіліңмен біткен шығар бар киең.

Бізді әлі де қолдап, қорғап жүргейсің

Рухыңмен, ардақты Әкем – Әулием!

Сенсіз күйге көңіл әзер көнген-ді,

Сонда да іздеп отырамыз кейде енді.

Еске аламыз ондай сәтте аңсаумен,

Елестетіп асқақ тұлға-бейненді.

Енді дәйім аман жүргей ұл-қызың,

Соларменен жарқырасын жұлдызың.

Сен көрмеген бар қызықты тілейміз

Анамызбен көргейміз деп біз бүгін.

Бұрынғыдай мол шаттықты байқар кім?

Келді артыңнан Аллаға аят айтар күн:

Жаратқанның шуағымен нұрланып,

Рух-Гүлің Жаннат бақта жайқалсын!

2009 жыл

– Сен әлі үйленген жоқсың ғой? – Жоқ.

– Ертең үйленесің... керемет гашық боласың...

мен саған сенем. Ол да сені сүйеді...

Қадыр Мырза Әли ақынмен әңгіме

«Ұға алмай ынтызар құрбы жанын,

Шарасыздан түңіліп, тұнжырадым.

Көңілім де қапалы, мұңлы халім,
Кім қандырар жүректің бұл құмарын?»
Деп жүргенмін дүниеден түңілгенде,
Жақыным да жарамай тұғыр деуге,

Жаныма жай табылмай жұмыр жерде,

Түсінер жан табылмай сырымды елде...

Бұйырған орны Өлең – Тақтан асыл,
Атанған біздей жігіт шақта Жасын
Ақ шал маған арнады ақ батасын,

Аталық ақыл айтып ақтара шын.

Ашылғандай бақыттың паң құшағы,
Туғандай жаңа күннің таңғы шағы,
Найзағайлы ұшқынын салды шалы,

Содан менің үмітім жанды тағы.

...Өткізгем өзіңді ойлап неше күнді,
(Алайда қайтем бұлдап есебімді?)
Сен бірақ бетке басып кешегімді,

Қайтармашы тек менің меселімді.

Өтінем!

2009 жыл

АСТАНА АРУЫНА

Көптен бері өзіңнен үмітті едім,

Кідіртеді жүрсе де күдік кейін.

Сары уайымға, сұлуым, салдың мені

Патшаның қызын сүйген жігіттейін.

Әр нәрсені ойға алып, арман қылам,

Байлығым жоқ – бабадан қалған мұрам.

Тарту етсем деген ем ертегідей,

Бірақ та қайтсем сені таңғалдырам?

Беремін деп зәулім үй – сарай салып,
Құшқанын да білместен қалай табыт,
Жас жанын пида етіп, жар жолында

Құрбан боп кеткен жоқ па талай алып?

Ал қазір жоғары ғой талғам аса,
(Қызыға ма қыз да көз арбамаса?)
Анадай ғимараттар салу – арман,

Ғайыптан кеп құдірет қолдамаса...

Толғандырмас құс қонған ұя кімді?

«Бәйтерек» те баурап ап қиялымды.

Жыланның ауызынан қорғап қалған

Ұланның қарекетін қылам үлгі.

Жүрегіміз шалғайда сағынысар,

Оны бірақ ұға алмас тағы құс әр.

Болса ғой самұрықтай құныкерім,

Тұтатсам қылын саған алып ұшар...

Лаулатар бейбітшілік шырағын шын

Адамзат үшін ұлы, сірә, бұл сын.

Бір алқада бас қосқан дінбасылар

Ел үшін һәм мен үшін дұға қылсын.

Ақ батамен дарытсақ Хақтың нұрын,

Бәлкім, сонда жанар ма бақ жұлдызым?

Маң даланың паң мінез болмысымен

Тәнті етермін Сарыарқа жақтың қызын...

Есілдің ерке мінез толқынындай

Күлкіңмен қуанышқа толтыр ыңғай.

Каспийдей боп көңілім тасып-толсын,

Қылығым болмаса да жойқын ұлдай.

Емес мұным жүректің базынасы,

Бар айтатын сөзімнің лазымы осы.

Ерінің де еншісі, байлығы ғой –

Елінің ортақ дәулет-қазынасы.

Сондықтан да несіне қысыламын?

Сағынышымды құс қып ұшырамын.

Жанында жүрсем сыйдан кенде қылман,

Ал әзірге жырымды ұсынамын.

...Тәуекелден жас жүрек жасқана ма?

Бағым үшін, деместен «басқа қала»,

Тартып отырар күнім туар ма екен

Бетімді бұрып алып Астанаға?!

2009 жыл

САЗ БЕН СҰЛУЛЫҚ

(скрипкашы Анар Асанқызына)

– Дарыныңыз мені бек тәнті етеді, –

Десем жай, жақпан сірә, жеңге, тегі.

Дүниеге іштегі бар сырымды

Дауыстап айтайыншы, нем кетеді?

Сүйрік саусақ пернеде сылаң қағып,

Сахнаға сіз шыққанда бұраңданып.

Санам елтіп, арбалам сиқырына,

Саз бенен сұлулықтан сыр аңғарып.

Құлақтан бұрын келер көкірекке,

Құдірет бұл... сезімді сетінетпе...

Қайран көңіл, ол күйді шын ұқпасаң,

Құр құмармен бұрылмас беті көпке.

Болмаса да кеудем бай, күй сіңірген,

Бұл сазды ұғындым жан, түйсігіммен.

Бұрын тіпті әуезге ынтыққам жоқ,

Бармайтын танауыма иісі мүлдем.

Жүйкемде жұмбақ сезім сырын жазып,

Жүрегімнің шертті бар қылын нәзік.

Жанымды жаулап алды, бұған дейін

Жүргем санап жұпыны жырымды азық.

Сазы оның болса толы құпияға,

Санамның құштары сол құпияда...

Сырын жаяр сіздердей жан болмаса,

Сай болғаны бұлбұлсыз жұт ұяға.

Тартқан сайын тағатсыз сырын қатар,

Тұла бойды еріксіз шымырлатар.

Табыстырса тағдырым сіздей жанмен

Тыңдаумен таңым атып, күнім батар.

Сүйрік саусақ пернеде сылаң қағып,

Сахнаға сіз шыққанда бұраңданып.

Санам елтіп, әзірге, жүргенім бұл,

Саз бенен сұлулықтан сыр аңғарып.

2009 жыл

НҰРБОЛҒА

Телеарнада қызмет ететін кезім. Алматы қаласына кезекті іссапармен аттанарда телеоператорым Н.Бүркітовтің келіншегі тұңғыш сәбиін босанғалы, ай-күні жетіп отырған...

Жорналшың ем – жауынгер, жеке батыр,

Майдандас серігім сен – оператор.

Тізе қоссам өзіңмен, алдымызда

Қандай бөгет болса да өтем ақыр!

Деп аттанып едік қой Алматыға,

Байқадың ба, жолда әлі қар жатыр, ә?

Ол сөз емес, сен үш күн тұрып жүрдің

Ұйқы көрмей, көзбенен таңды атыра.

Мұның бірден жаныма батты менің,

Өйткені сен толқитын шақ, білемін.

Шарасыз болдық рас екеуіміз де

Тек жаныңа жәрдем боп ақ тілегім.

Құрып кетсін бұл сапар, жол адыра,

Қырсық шалған ісімді қара мына.

Мен өзім тым ыңғайсыз жайда жүрдім,

Бекер-ақ қалдым-ау деп обалыңа.

Жеткенде хабары елден қуаныштың,

Алдымызда жорғалап, құрақ ұштың.

Менің де ісім оңға өрлей берді,

Таба алар бұдан асқан жұбаныш кім?

Уақытпен арпалыстың күрес құра,

Бірақ одан тынши ма жүрек, сірә?

Асықтырды-ау бейтаныс балаң және

Жас босанған жеңгеміз Гүләстра.

Алматыдан қайтқанша, пойызда да

Еш отыра алмап ең байыз таба.

Сәбиіңе жеттің бе алып-ұшып,

Мауқыңды бастың ба әбден айыз қана?

Жаңа өмір осылай бастала ма?

Fибрат деп ат қойыпсыз жас «данаға».

Енді маған алаңсыз ересің бе,

Келесі іссапарым Астанада?

Бұйырса!

2009 жыл

SMS-ЭКСПРОМТ

Сәулелі жарығы нұрдың,

Мұнарлы сағымы қырдың.

Көз тоймас көркіңді аңсап,

Мен сені сағынып жүрмін.

Күлкіңнің үйірген ізін,
Оймақтай ойылған жүзің
Еріксіз ынтызар етер

Ерітіп көңілдің сызын.

Таға алман тал бойыңа мін,

Сан арман бар ойымда бір.

Шіркін-ай, тергізсем саған

Бақыттың сарайында гүл.

Қисынға сияр дерегім,

Тек мұның қиял демегін.

Сен қалап тұрсаң ылғи мен

Жолыңа қиям керегін.

Сезімнен күдік пен кірбің

Сейілтіп үміттендірдің.

Қалқатай, қабыл алғайсың

Сен ғашық жігіттен бір жыр!

2009 жыл

Атақты ұстаз, әулие кісіге бір жас жігіт кеп: «Уа, Ата, мен сізден рухани ілім үйреніп, дін жолына біржола бет бұрғым келеді. Осы жолда маған бағыт сілтеңіз, Аллаға ғашық болудың шартын үйретіңіз», – депті. Сонда абыз қария ойланып: «Әй, шырағым, әлі тым жас екенсің. Өзің үйлендің бе? Қызға ғашық боп көрдің бе, сірә?» – десе, әлгі жігіт одан сайын құлшынып: «О не дегеніңіз? Мен бар қызықтан бас тартып, тіпті дүниеден баз кешіп, тек Құдайды ғана сүйгім келеді» – деп жауап қатыпты. Сонда ақылман ақсақал айтқан екен: «Сен маған мурид (шәкірт) боларсың-ау, бірақ Алланың жаратқан Жаралысын сүймей, Жаратушыға ғашық бола алмайсың!»

Бала кезден білетін әңгімем, бірақ кімнен естігенімді ұмыттым...

Кеудемнен қуатты үміт тұғыр алды,

Шаштың кеп шуақ қылып шұғылаңды.

Ғайыптан кезіктің де тарам-тарам

Бағыттан көрсеттің сен құбыламды.

Атқармай жүрсем де әлі жалғанда түк,

Жан едім сүйген Жаббар Алламды анық.

Жаратқаннан жеткен зор пәрмен болар,

Тағдырым артқызды мол талғамға жүк.

Ғашық емес ғаріпке Жар алыс-ты,

Көтермес шамадан тыс сана күшті.

Құдайдың құдіретін тану үшін

Алдымен сүй деп маған жаралысты.

Аллам ғой бұл сезімді нәсіп қылған,

Аллам ғой мені саған ғашық қылған.

Дер кезінде өзіңмен кезіктіріп,

Болашақ бақытыма асықтырған.

Қасиетін көріп Хақ берген сыйдың,

Сезінгендей ырғағын зердем күйдің.

Жан сырымды ақтардым, ұғынғайсың,

Перзенті ең ғой жөн білер, көргенді үйдің.

Тұрғандай бақ басымда, тақ астымда,

Көңіл бұдан басқаға талассын ба?

Онсыз да шырғалаңы мол сапарда

Енді мені оң жолдан адастырма!

2009 жыл
***
Ермек болып күн сайын ғаламтор тек,

Қалғандай қайран досым – қалам қор боп...

Серігімді қайтадан қолыма алдым

Жыр бастар – бір бастаса саған жол деп.

Демеймін артқандықтан бақ-талабым,

(Бәлкім, бұдан басқа түк жоқ амалым).

Өзімнен бұрын жалғыз Хаққа мәлім

Бір сырымды мен саған ақтарамын.

Болса да ойы шолақ, ақылы кем,

Сезімін жасыра алмас ақының ем.

Оңынан туса айы шайырлардың

Алдымен ел ішінде аты жүрер.

Шықпаса да әзірге атым дардай,

Келешектен алар көп хақым бардай.

Жақұтым, сен бір қадам жуықтасаң,

Бақытым екі қадам жақындардай.

Жанымды Алла жырмен жарық етті,

Жыр – ақынның байлығы, бары депті.

Сені сүю үшін де тағы маған

Сыйлапты ғашық болу қабілетті.

Махаббатсыз тартады қу жан солғын,

Өлеңсіз де артады мұң-зар сорлың.

Арзу болған көңілге дәру Ару –

Сен менің Музам болғын?!

2010 жыл
***
Айнам, маған үндемейтін жан дейсің,

Айтылмаған сырым саған бар кей, шын.

Жүректегі жазуларды жеткізер

Тіл мүдірсе, жыр кідірсе қайтерсің?

Мәнді өлеңнің таба алмай ырғағын,

Бұйырмастан кешеуілдеп жүр бағым.

Көкіректе сайрап жатқан сыр барын

Аңғартса деп армандаймын жырларым.

Кеудедегі кенді қашан ақтарам?

Сонда ғана мәңгі жасар бақ табам.

Өмір шіркін жеткізер ме, білмеймін,

Көңіл бірақ сол бір аңсар шаққа зар.

P.S.: Айнам, маған үндемейтін жан дейсің...

Білемін.

2010 жыл

ҚҰТТЫ ҚОНАҚ

(Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев университетімнің жаңа ғимаратына келгенде)

Маңғыстау – биік тұтқан үй-жалауын,
Бар бізде мейман күтер күй жоғары,
Толтырып төрін құттыханамыздың

Қош келдіңіз, көп күткен сый қонағы!

Көз алдымда көгілдір сарай тұрды,

Сарайдан санамызға арай кірді.

Шәкірттерге шатырхат үлестіріп,

Жөн сілтеуде ертеңге қарай нұрлы.

Кетпеу үшін келешек көзқаман боп

Оқу менен тоқудан өзге амал жоқ.

Адамзаттың борышы – ғылым қамдау

Күнілгері алдағы кезге алаң боп.

Онсыз да елдің кеткен көп есесі,

Беймүмкін түгендеуім деп нешесі?

Бір анық білім-ғылым кенже қалып,

Халқымның өткен күнге өкпесі осы.

Таппақ боп байтақ елдің бақ талабын,

Жұртың үшін жаһаннан жоқ қарадың.

Оны ертең тарихым растайды,

Дүниенің дерегі Хаққа мәлім.

Озалдан ие дүние атқа «бір кем»,

Қалмаған жалғаншы бақ, тақ та кімнен?!

Қай кезеңде қандайы қазағымның

Көрінер Сардарынан атқа мінген.

Болашақ қой бүгіннің қазылары,

Есте тағдыр қысы мен жазы-дағы.

Бірақ осы дәурені дербес елдің

Қастерлі қаріптермен жазылады.

Елім қазір Орта Азия өрінде тұр,

Ерім – уәзір Еуропа төрінде отыр.

Шығысым мен Батысым – қос тараппен

Арамызды жалғауда сенім-көпір...

Өзіңізбен жетеді төбем көкке,

Үлгі боп әлемдегі келем көпке.

Талап һәм артық қылып білігіммен,

Жаратқан, биігімнен төмендетпе!

2010 жыл

ПІР БЕКЕТ АТА НЕМЕСЕ КЕДЕРГІСІЗ КЕҢІСТІК ҺӘМ УАҚЫТ ХАҚЫНДА

Дүнияуи ілімді біз анық деп жүрдік,

Мектептің оқулығынан қанық боп жүрдік.

Өлшемі қылып уақыттың кеңістіктегі

Ең жылдам құбылысты жарық деп білдік.

Жаратылыс жұмбағы кешегіде екен,

Алдымнан шықты дүниенің есебі бөтен.

Сауалым тым көп болып барады, зинһар,

Жауабын кім дөп тауып, шешеді екен?

Айшылық жолдан өзгелер қиналары анық,

Күй кешіп жетер кейпінде диуана ғаріп.

Пір Бекет таңғы намазын оқиды екен

Оғыландыдан Меккеге, Хиуаға барып...

Жұртының жәрдем-мұратын қабыл, оң көріп,

Мешіт салғанда тұратын шалың жөн беріп.

Және сол сәтте жорықтас жолдасымен ол

Көрінген жауға қаптаған қалың қол болып...

Әзілі ортақ (Атамен болар жасы тең),
Бір досы таудан ауғанда жол арбасымен
Үйде отырған Ер Бекет көмекке келіп,

Түйе табанын тіреген жөн арқасымен...

Бұл істеріне Алыптың қылған-ды күмән,

(Әулием, Өзің таныттың тұлғаңды мұнар).

Қажет жерінде әп-сәтте табылатұғын

Қимылы жүйрік жарықтың жылдамдығынан.

Тарихаттың ол көрген астар түбін шын,

Шариғаттың меңгерген асқар шыңын тым.

Мағрифат пен Ақиқат әлемін кезген

Өлшеп береді Рухтың шапшаңдығын кім?

Ілім жолында арнаған сауғаға жанын,

Әруағыңнан айналдым, уа, Пәруана Ғалым!

Тылсымы терең танымың мен білсем,

Ата, Пірдің соңы Өзің мен тек Аллаға мәлім!

Рамазан айы, Қадыр түні, 2010 жыл

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙