Мазмұнға өту
Home

Әбдімәлік Нысанбаев. Қожа Ахмет Иасауи даналығы туралы

Әбдімәлік Нысанбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Әбдімәлік Нысанбаев. Қожа Ахмет Иасауи даналығы туралы

Әбдімәлік Нысанбаев — «Әбдімәлік Нысанбаев. Қожа Ахмет Иасауи даналығы туралы». /uploads/43c4c5ff-0b1b-5bb3-87f4-b3048750facd/cover.png

/uploads/43c4c5ff-0b1b-5bb3-87f4-b3048750facd/cover.png

ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА

ҚОЖА АХМЕТ ИАСАУИ ДАНАЛЫҒЫ ТУРАЛЫ

Иасауитанудың кілті қайда?

Жаратқан жұмыр басына сана сәулесін сіңіріп, жарық дүниеге ойлы көзімен бажайлап қарай бастағалы өзін қоршаған ғалам құрылымы мен мәнінің ақиқат сырларын білуге ұмтылумен келе жатқан адамзат дүниетанымы төрт саладан турады: мифология, дін, философия, ғылым. Және танымның бұл түрлері шартты түрде Ғайса пайғамбар туған күні меже етіп алынған біздің дәуіріміздің арғы-бергі жағындағы мыңжылдықтардың он бойында бірін-бірі толықтырумен, біріне бірі ықпал етумен келеді. Адамзат тарихындағы пайғамбарлардың да, ғұлама ғалымдардың да ешқайсысы дүниенің ақиқат сырына жеттім деп айтқан емес. Тек уағызына сенген үмбеттері мен жолын қуған шәкірттеріне сол Ақиқатқа жетудің бағытын сілтеумен қанағат тұтқан.

Мына қызықты қараңыз: бізге ғарыш пен жердің ұңғыл - шұңғылына дейін үңіліп, қолына іліккен жанды - жансыз заттардың микробөлшегіне дейін ақтарып-төңкеріп, табиғаттағы барша құбылыс атаулының сырын зерделеп біткендей көрінетін бүгінгі батыс философиясында «дүниені танып білу мүмкіндігінен күдер үзген» постмодерншілдік сарын белең алып отыр. Қазір өзіміз тәуелсіз телеарналардан күнде көріп, жағамызды ұстататын неше түрлі қиял-ғажайыптар мен түсіңе кіретін қорқынышты фильмдер әлдекімдер байбалам салып жүргендей «үшінші сортты қоқыр-соқыр» емес, бүгінгі таңда батыс өркениетін меңдеген әлгі ағымның ықпалы. Ақылы мен парасаты, білімі мен білігі бізден оқ бойы озық кеткен бұл өркениет өкілдері дүние сырын зерделеуден неге зерігіп, неден торығады? Айбарымен әлемді ығына жығылдырып отырған елбасыларынан бастап, ақылымен дүниені аударып-төңкеруге қауқары бар ақбас ғұламаларына дейін неге апта сайын ғибадатханаларына барып, Жаратқанға құлшылық етеді?! Жоқ, бұл қалыптасқан дәстүрге адалдығын көрсету немесе әдет-ғүрыпты сақтау ниетінен туған сыртқы рәсім емес. Бұл - ұшы-қиыры жоқ ғаламның тым күрделілігін тани білген, өз санасының мүмкіндігін тәкаппарсынбай бағалай білген әр ұлттың, әр адамның ішкі сенімі мен иманы. Иманы жоқ ұлт - ұлт емес, есерсоқтар тобыры. Көкірегіндегі ізгілік сәулесін жоғалтқан адам - адам емес, қатерлі мақұлық.

Тұтас бір мың жыл бойы даналық хикметтері ұлттық дүниетанымымыздың берік өзегі болған ұлы бабамыз Қожа Ахмет Иасауи туралы мақаламды дәл осылай бастап отырғанымның бірнеше себебі бар. Ең алдымен, біз - жетпіс жыл бойы «дін адамның басын айналдыратын апиын» деген қағиданы бала кезден жаттап өскен бүгінгі ғалым -зерттеушілер бүл көзқарасымызбен Иасауи даналығының сырын тани алмаймыз. Қаншама жыл бойы атеистік идеология үгіт-насихатының шырмауына түссе де, қарапайым халық «Әзірет Сұлтан» деп пір тұтатын, қабірінің басына барып тәу еткенінің өзін «Кіші қажылық парызымды орындадым» деп көңілі марқаятын ұлы тұлғаны біздің ғалымдарымыз әлі күнге дейін «мұсылман мистицизмінің», «миссионерлік сопылық әдебиеттің» ірі өкілі деп марапаттаған болып жүр. Мұндай материалистік ұшқарылық пен еуропоцентристік түсінік табынан арылмаған қасаң рационалдық әдіс арқылы Иасауи даналығының сырын білмек тұрмақ, маңына да жолай алмаймыз. Бұл - бір.

Екіншіден, тарихнама ғылымында, оның ішінде отандық ғалымдардың еңбектерінде бір солақайлық бар: тарихтағы қай тұлғаның мұрасын зерттемесін, ең алдымен, тегін қазбалап, сонан соң оның рухани әлемін әлгі тегіне қатыстыра талдауға ұмтылады. Әрине, тектану ғылымының маңыздылығына, жалпы адам баласының бойындағы талант пен қабілеттің қан арқылы атадан көшкен қасиет негізінде бүршік жарып, дамитындығына шүбә келтірмеймін. Алайда, кез келген тұлғаның қалыптасуы оның бойындағы ана сүтімен дарыған таланты мен қабілетінің ғана жемісі емес, бүл - өскен ортасының, туған жұртының, бала кез¬ден бойына сіңген дәстүрлі ұлттық мәдениетінің, алған тәлім -тәрбиесі мен білімінің нәтижесінде бірте-бірте сомдалатын құбылыс. Осы тұрғыдан келгенде, Қожа Ахмет Иасауи бабамыздың шежіресін таратып, «әкесі Ибраһим қажы еді, өзі Әзірет Әлінің он төртінші ұрпағы» болып келеді деп, қазбалаудың қаншалықты мәні бар деген ойға батасың. Бәлкім, солай болса, солай шығар. Бірақ, бұл дерек Қожа Ахмет Иасауидің түркі жұртының өкілі екендігіне ешқандай күмән келтірмеуге тиіс. Себебі, оның танымы мен көзқарасы түркі жұртының дәстүрлі дүниетанымы аясында қалыптасып, ғұмыр бойы туған халқы мен атамекеніне деген жүрекжарды сезімін даналық жырына қосып өткен. Кәне, «Диуани хикметтерге» құлақ түрейікші:

«Туған жерім қасиетті Түркістаннан

Бауырымды тасқа ұрып келдім міне».

(19-хикмет)

Немесе:

«Халқымнан хабар жетті, риза болдым,

Әркім сөкті яки тепті, сабыр болдым».

(5-хикмет)

Немесе:

«Талса - тағам, кір тон киер жетпегеннен,

Соның үшін Түркістанға келдім міне...

Кезіп жүріп шаһарыма кайта оралдым,

Түркістанда мазар болып қалдым міне».

(19-хикмет)

Оның үстіне, Қожа Ахмет өз жырларын түркі халқының ежелгі жазба тілі - көне шағатай тілінде жазған. Буған қоса, оның даналық дастандарының тіліндегі бүкіл ұғым - түсінік түркі ұғымы, түркі түсінігі. Тіпті, сопылық әдебиетке етене тән ишараттардың (символдардың) өзі түрік ұғымында қолданылады. Мысалға:

«Білгейсің бұ дүние барша елден өтер,

Малға да сенбе, бір күш қолдан кетер.

Ата-ана, қарындас қайда кетті, ойлап көр,
Төрт аяқты шабан ат бір күн саған жетер»
(10-хикмет)

Немесе:

«Ей, мұсылман, бүл дүниенің баяны жоқ,

Шын білерсің әр кез мұның жалғаны жоқ».

(22-хикмет)

Немесе:

«Иініңде кір шапан, көкірегіңде жүз мың арман,

Бұл дүние опасыз, көзіне де ілмес дәруіштер»

(42-хикмет).

Біз бөліп көрсеткен ұғымдардың тек түркі жұртына тән түсініктер екеніне ешкім де дауласа алмаса керек. Демек, Қожа Ахмет Иасауи - түркі жұртының перзенті, дәстүрлі түркі мәдениеті тудырған тарихи тұлға. Бұл - екі.

Үшіншіден, Қожа Ахмет Иасауи дүниетанымын уақыт және кеңістік бойынша да, географиялық аймақ бойынша да ешкімге қатысы жоқ дара нәрсе сияқтандырып бөліп алып, оқшау қарастыруға болмайды. Себебі ол түркі мәдениеті тудырған тарихи тұлға ғана емес, өзінен бұрынғы ғұламалар ойларынан тәлім алған, өзінен кейінгі толқын -толқын даналар дүниетанымының қалыптасуына эсер еткен, түркі өркениетінің біртүтас, үздіксіз даму процесіндегі ықпалды күш иесі. Соңдықтан, алпыс үш жасында, өзі айтқандай, «Өлмес бұрын жан бермектің дертін тартып», оз еркімен жер астына түскен Иасауи әрекетінің мәнін түсіну үшін алдымен, өлімнен қашып, мәңгілік өмір іздеген, құдіретті күйімен ажалдың өзін жеңген тағы бір түркі ойшылы - Қорқыт Ата ізденісінің байыбына ой жіберіп алу қажет.

Салыстырып қарасақ, араларын үш жүз жылдай уақыт бөліп жатқан түркі даласының қос ойшылының іс-әрекеттері мен дүниетанымында ұқсастықтар өте көп. Қорқыт та, Иасауи да адам өмірінің бұ дүниедегі мәнін, әлемнің Ақиқатын іздеп, ел кезіп дәруіш болады. Іздеген Ақиқатын таба алмаған Қорқыт баба туған жері, жер кіндігі - Сырдария жағасына қайта оралып, өзен үстіне желмаясының жабуын төсеп, соның үстінде жүз жыл бойы қара қобызымен «Өмір жырын» күңірентіп, ажалды маңына жолатпайды. Ал, Иасауи болса, кезбеліктен жалығып, туған жері Түркістанға қайта оралып, алпыс үш жасқа толғанда өз еркімен жер астына түседі. Сол қылуетте тағы да алпыс үш жыл бойы Жаратушыға жалбарына жыр жазып, Хақпен Жаны бірігіп дидарласуды, сөйтіп дүниенің ақиқатына қанығуды, өз замандастары мен Жаратушы арасын жалғастыратын көпір болуды армандайды. Дәстүрлі түркілік таным сипаттарын түсініп алмаған, оның ішінде Қорқыт ойларының мәйегіне қанықпаған жан Қожа Ахмет Иасауи дүниетанымының сырын да ұғына алмайды. Басқаша айтқанда, Иасауи хикметтерінің сырын ашуға жәрдемдесетін кілт тым тереңде - ежелгі түркілік әфсаналар мен Қорқыт Ата аңыздарында жатыр.

Ал қазіргі Иасауитанушылар он екінші ғасырдан бастап түркі жұртының дүниетанымында өшпес із қалдырған ұлы әулие ойларын тым оқшауландырып талдайтыны сондай, тіпті, оның алдындағы Әбу Насыр әл - Фараби мен Әбу Әли Ибн Сина көзқарастарымен Қожа Ахметтің арасында ешқандай байланыс жоқ тәрізді әсерде қаласың. Оны айтасың, біз әлі күнге дейін Иасауи ойларының өз замандастары Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари пікірлерімен қалай астасып жатқанын зерделеуге талпыныс жасап көрген де жоқпыз. Ал Иасауи хикметтерінің Асан Қайғыдан бастап, Абайға дейінгі қазақ ақындарының дүниетанымын қалыптастырудағы рөлі мүлде зерттелмей жатқан тың тақырып.

Әрине, «сопылық» деген сөзден әзірейіл көргендей шошитын бұрынғы идеологиялық құрсау тұсында бұл тақырыптарды ауызға алуға қорқып келгеніміз рас. Бірақ ол құрсаудың қақырағанына да жеті-сегіз жылдың жүзі болды емес пе?! Енді әл - Фарабидің де, Ибн Синаның да, Жүсіп Баласағұнның да, Махмұт Қашқаридың да сопылық ағымның белсенді өкілдері болғанын несіне жасырамыз (мен, бұл тұста, баяғыдан бергі жасыруға болмай келген шындық - Иасауидің тікелей шәкірті Сүлеймен Бақырғаниды айтпай отырмын)...

Екінші ғасырдан кейінгі түркі жұрты ұрпақтарының иманы мен танымының қалыптасуына үнемі ықпал жасаумен болған Қожа Ахмет Иасауи ойларының ізі Асан Қайғыдан бастап, Абайға дейінгі қазақ ақындарының шығармаларында сайрап жатқандығы баяғыдан бадырайып көзге шалынатын шындық. Буған Қазақ ақындарының жырларын жай ғана шолып шыққан кез келген жан көз жеткізе алады. Мысалы:

«Қаз-үйрегі болмаса,
Айдын шалқар көл ғаріп,
Мұратын тауып алмаса,

Азғын болса, пір ғаріп».

(Асан Қайғы)
* * *
«Менің достым барды һәр жерде,

Іздесем, табылмайды тар жерде.

Табылмаса қайтейін,

Мен ісімді Хаққа тапсырғанмын һәр жерде».

(Шалкиіз)
* * *
«Бала берсе тезінен,
Пірлердің бітсе демінен,

Шілтеннің тиіп шылауы,

Артылып туса өзімнен!».

(Ақтамберді)

Немесе:

«... Күнәмді қалай ақтадым,

Аз нәрсеге ант ішіп,

Аруақты аттадым...

Адал сопы мен емес

Пірдің сөзін тұтынған...».

(Дулат)

Біз бұл тұста он тоғызыншы ғасырдың өзінде сопылық жолды парыз санап, қазақ әдебиетіндегі Иасауи дәстүрінің айна-қатесіз жалғастырушысы болған Шортанбай жырларын атап өтуді артық санадық. Сондай-ақ, көне мүсілімдік фәлсафа мен сопылық көзқарасты жарыстыра терең талдай отырып, сопылық ілімнің мәйегіндегі даналыққа тушына келе, бұқара халықты жалған еліктеушіліктен, сопылықтың ішкі мәніне үңілмей, сыртқы фанатизміне бас ұрушылықтан сақтандырған ұлы Абайдың отыз сегізінші қара сөзі көзі қарақты оқырманға таныс болар деп сезініп, оған да тоқталмадық. Себебі, бұл жолғы мақсатымыз - Иасауидің кейінгі қазақ ойшылдары дүниетанымының қалыптасуына тигізген ықпалын қопара зерттеу емес-ті, тек Қожа Ахмет Иасауиді оқшау алып зерттемей, түркі өркениетінің тұтас, үздіксіз даму процесі аясында қарастыру қажеттілігін дәлелдеу болатын. Ендігі зерттеушілер Құл Қожа Ахмет бабамызды cap дала төсінде ғайыптан пайда болған жалғыз түп құрма ағашы сынды қабылдамай, Қорқыттан Абайға дейінгі қазақ даласының ойшылдары шоғырында алып, дүниетанымын түсінуге осы тұрғыдан талап жасай алса, біздің де мақсатымыздың орындалғаны. Бұны үш деп қойыңыз.

Төртіншіден, Қожа Ахмет Иасауи - адамзат өркениеті тарихындағы улы ойшылдар қатарында ерекше орны бар тұлға. Әулие бабамызды алдымен өзіміз танып алып, содан соң әлемдік өркениет тарихындағы лайықты тұғырына қондыру - барша түркі баласының парызы. Бұл жай мақтан үшін айтылып отырған қызыл сөз емес.

Адамзат дамуының жаңа дәуірінен бастап әлемдік өркениет тарихын жазу құқығына ие болған еуропалықтар Шығыс ренессансын айналып өтіп жүрген жоқ. Айналып өте алмайды да. Себебі, қазіргі батыс өркениетінің іргетасы шығыстық ғұламалар еңбектерінің негізінде қаланғаны бүгінгі таңдағы ғылымда мойындалған ақиқат. Алайда, ғасырлар бойы батыста үстем болып келген еуропоцентристік көзқарас тоңы әлі күнге жібіген жоқ. Бұған алдымен өзіміздің дәстүрлі мәдениетіміздің терең тамырларын зерделеп алудың орнына батыстағы дайын түсініктер мен ұғымдарды қабылдауды оңай көретін біз де кінәліміз. Соның салдарынан Иасауиден бұрын Шопенгауэрді, Асан Қайғыдан бұрын Томас Морды піp тұтамыз. Ал тарихи әділдікке жүгінсек, Шопенгауэрдің иррационалдық түйсікке негізделген таным философиясының негізінде сопылық ілімнің «азап шегу арқылы көңіліңе жарық етіп құйылатын кездейсоқ ақиқатқа жету, Хақпен дидарласып, соның рухымен бірігу» идеясы жатыр. Ал адамдар тұрмысына жайлы «жерұйық» мекен іздеу туралы утопияны Асан Қайғы бабамыз Томас Мордан әлдеқашан бұрын айтып кеткен.

Бұл жерде мәселенің мәні кімнің бірінші, кімнің екінші айтқандығында емес. Мәселенің мәні - біздің дәстүрлі ұлттық дүниетанымымызды бүтіндеп, сол арқылы әлемдік өркениет арнасына өз болмысымызбен қосыла алуымызда. Қасаң идеологиялық қағидалар құрсауы сөгіліп, еркін ойға мүмкіндік ашылған қазіргі заманда біздің кейбір зиялы отандастарымыз, оның ішінде жастар жағы, Артур Шопенгауэр мен Фридрих Ницшені, Николай Бердяев пен Жан - Поль Сартрді, Альбер Камю мен Карл Ясперсті жаңа танығандай, олардың ойларының ішкі мазмұнына түйсінбей, сыртынан тамсана табынып жүрген жайы бар. Батыс ойшылдарына бұлайша көзсіз еліктеу жасандылықтан басқа түк те бермейді. Ал олардың мұраларын біз өзіміздің дәстүрлі дүниетанымымыз арнасында, ұлттық ұғым - түсініктерімізбен сабақтастыра отырып игерсек қана әлемдік өркениет айдынына батыл ене аламыз.

Мен мұны қадап айтып отырған себебім: жоғарыда аталған Шопенгауэр де, Бердяев та, Ясперс те өз идеяларының өзегін Шығыстан, оның ішінде сопылық ілімнен алғанын жасырмай айтып кеткен. Міне, көрдіңіз бе, біз өз топырағымызда пайда болған дәстүрлі дүние - танымымызды, оның Қожа Ахмет Иасауи сынды ірі өкілінің мұраларын байыппен зерделеп алмай тұрып, адамзат ойының тарихындағы осы біздің дүниетанымымыз әсерімен дамыған кейінгі ағымдарға көзсіз бас ұрамыз.

Бұл орайда, қазіргі қоғамымыздағы тағы бір өткір мәселенің бүгінгі тақырыбымызға қатысты астарын айтпай өтуге болмайды. Қазір не көп, діни секталар көп. Жасөспірім ұрпағымыздың ата-анасы ұстанған иман жолынан тайып, мүлде басқа сенімдердің жетегінде кете бастағаны туралы байбалам салып жатырмыз. Бұған кім кінәлі? Балаларын бетімен жіберген ата-ана ма? Жастардың көңіліне жол таба алмай жүрген дін басыларымыз ба? Жоқ, әлде осы бір шетін мәселеде қатаң саясат ұстай алмай отырған мемлекет пе? Менімше, кінәнің үлкен бөлігі әлгі жастарымызға дәстүрлі дүниетанымымыз ұғымдарын жүйелі де әсерлі етіп түсіндіріп бере алмай отырған бізге -әлеуметтік ғылымдар мамандарының арына жүктелуге тиіс.

Жетпіс жыл бойы қорқытса да, үркітсе де, иландырса да, алдаса да, әйтеуір, берік құрсауында ұстап келген коммунистік идеологияны тәрк еттік. Таусылмайтын даңғаза саяси шараларымен бірге комсомол ұйымы да тұғырынан тайды. Біз енді ұлттық идеологияны қалыптастырып, жастарымызды соның рухында тәрбиелейміз деп шештік. Ал ұлттық идеология қалай жүзеге асырылуы қажет? Алдымен, жастардың иманы мен дүниетанымын қалыптастыру арқылы. Мұның ең төте жолы - бұрын айтылмай келген, жазуға тыйым салынған Қожа Ахмет Иасауи сынды ұлы ойшылдарымыздың мұраларын жаңаша талдап, жастарымызға әсерлі етіп ұғындырып беру. Сонда қазіргі жастарымыз Иасауи іліміндегі адамгершілік, имандылық, төзімділік, адалдық, ізгілік, өмірдің ақиқатын ұғуға талпыну идеяларының жанында кез келген «Кришна» бауырластығы далада қалатынын түсінер еді. Міне, Қожа Ахмет Иасауи мураларын жаңаша зерттеудің төртінші қыры осында.

Біз бір мақаламызда осы айтылған міндеттердің бәрін атқарып шыға алмайтынымыз белгілі. Мақсат - жаңадан қолға алына бастаған Иасауитану ісіне дұрыс бағыт сілтеп, болашақ зерттеушілерге ой салу. Қожа Ахмет Иасауи бабамыздың дәстүрлі ұлттық дүниетанымымыз тарихындағы орнын айқындау мәселесіне жаңаша көзқарас қалыптастыру. Ол үшін, ең алдымен, Иасауи ұстанған сопылық ілім деген не, ол түркі жұртына қалай тамыр жайды деген сұрақтардың қысқаша жауабын тауып aлy қажет. Ендігі әңгіме сол туралы.

Дәстүрлі түркі дүниетанымы және сопылық ілім

...Дүниедегі іргелі діндердің ең жасы болып табылатын ислам діні өз кезіндегі ғылым мен білімнің дамуына қатты ықпал жасаған. Себебі Құранда баяндалатын «Алланың сегіз сипатының екеуі ғылым» (Абай) болып табылатын. Тек кейін мұсылманшылықты жаңа жерлерді жаулап алудың, билік жүргізудің құралына айналдыруға ұмтылу ниеті исламның ортодокстік қағидаларын қалыптастырды. Алайда мұсылманшылдықтың әу бастағы дәнегіндегі ізгілік, ақиқатты танып-білуге ұмтылушылық, имандылық сынды сенім дәстүрлері жоғалмай, жаңа бағыт сопылық ілім түрінде көрініс берді.

Жоғарыда айтқанымыздай, сопылар ежелгі дәуір (грек, рим) философиясын жетік меңгерумен бірге, өзге діни нанымдардағы жақсы нышандарды, әсіресе зороатуштрашылық пен далалық Тәңірге табыну дәстүріндегі құнды түсініктерді қабылдап алды. Мысалға, Қожа Ахмет Иасауи бабамыз өз хикметтерінде жиі-жиі еске алып, сыйынып отыратын Мәнсүрдің, яғни Әбу Мүгіс әл - Халадж бин Мәнсүрдің (858-922) атасы зороатуштралық сенімнің белгілі өкілі болған. Азап шегуді, дәруіш болуды, яғни кезбелікті ғұмырының мәніне балаган Мәнсүр Түркістан арқылы (иә, осы өзіміздің Түркістан арқылы) Үндістанға дейін сапар шегеді. Сопылық ілімді ақсүйектердің ғана еншісі емес, күллі адамзатқа ортақ бауырластық деп түсінген, сол үшін осы біздің заманымызға дейін «социализмнің алғашқы жыршысы» деп сынға алынып жүрген Мансұр дар алдында тұрып та өзінің көзқарасынан таймайды. «Мен ақиқатты таныдым, жаным Алламен бірікті» деп сенген ол «Хақ (Алла) деген мен» деп жар салған күйі дар тұзағына ілініп кете барған. Мәнсұрдің қалай өлтірілгенін көрген оның шәкірті Әбу Бәкр аш-Шибли (Қожа Ахмет хикметтеріндегі Шәбли) қымбат киімдері мен асыл тастарының бәрін отқа жағып, өзін өзі азапқа салыпты деседі. Қалай болғанда да, Мәнсұрдің бізге жеткен «Китаб ат-тауасин» атты шығармасы тек ислам дінінің тарихындағы ғана емес, ежелгі шығыстық дүниетаным тарихын тану үшін де қажетті құнды шығармалар қатарында саналады...

Сонымен, сопылық ілім қандай ілім? Неге ол осыншама ықпалды күшке ие бола алды?

Сопылық - адам туралы ілім. Иә, қоғамды жетілдіру үшін, дүниенің ақиқат сырын білу үшін алдымен адамның өзі рухани жағынан жетілу қажет деп есептейді сопылар. «Кемел нисан», яғни кемел адам қалпына жетіп, Жаратқан хақпен дидарласып, әлемдік ақыл-оймен бірігуің үшін төрт сатыдан өтуің қажет. Біріншісі - жұрттың бәріне ортақ шариғат жолы. Яғни Жаратушының өз сөзі «Құранда» айтылатын парызыңды орында. Өтірік айтпа, ұрлық қылма, зәбір жасама, т.б.

Екінші саты - тариқах жолы. Бұл саты кез келген адам үшін міндетті емес. Қалайсың ба, өз еркің. Бірақ тариқат жолына түспей, яғни ақиқатқа жету мақсатымен азап шекпей, мехнат тартпай, өзіңді өзің қинамай, өмір қызығынан бас тартпай, кемелдік дәрежеге жете алмайсың. Әрине, осы жолды таңдаған кез келген жанға пір (немесе пірғуан), яғни ұстаз қажет. Қожа Ахметке жеті жасында кездесіп, пірі болған, ұстаздық еткен әулие - атақты Арыстан баб.

Үшінші саты - хақиқат (яғни ақиқат) жолы. Бұл енді азап арқылы, жатпай - тұрмай ізденген жанкешті еңбегінің нәтижесінде адамның дүние сырын тани бастауы.

Төртінші саты - мағрипат. Хақпен дидарласу, адамзатты жаратқан әлемдік рухпен, яғни абсолют ақыл-оймен бірігу. Бүл дәрежеге жеткен адам қайтыс болған жақын -туысқандарының рухымен де еркін дидарласып, ғаламның барша сырына қаныға алады.

Демек, дүниенің сыры да, жаратушысы Алла да адамның өз ішінде, өз «менінде» жатыр. Қожа Ахмет Иасауидің «Өзіңді танығаның - Хақты танығаның» дейтіні сондықтан. Ғұлама бабамыздың бүл ойының сырын ұғу үшін оның хикметтеріне тереңірек зер салу қажет.

«Диуани хикмет» - даналық қазынасы

Қожа Ахмет Иасауидің өзін өзі тануының өзіндік ерекшелігі бар. Иасауи «менің» тануы оның «Даналық кітабының» алғы сөзі болып табылатын бірінші хикметінде - ақ көзге түседі.

«Биссмиллә» деп баян еттім хикмет айтып,

Шәйрттерге дүр мен гауһар шаштым менге.

Жанды жалдап, қайғы шегіп, қанды жұтып,

Мен «Дәптер сәни» сезден аштым менге, -

деген ақын ақиқатқа «мен» есімдігімен әр сөйлемдегі ойларын түйіп тастап отырады. Мен - мөлтек ғалам, Алла - ұлы ғалам.

Сопылар мұны әдетте тамшы мен мұхит арқылы бейнелейді. Ақын хикметтерін тереңдей зерттеген әрбір адам бір қарағанда қысқа шумақтарға, тіптен әрбір сөйлем, әрбір сөзге ғұламаның үлкен ақпараттық терең мәнді жүк артқанын аңғарады. Шығармадағы ұлылы -кішілі ой түйімдерінің ерекше өріліммен байланысуының сыры неде десек, ішкі мағыналық байланыспен қатар сыртқы көзге көрінер байланыс - қайталау. Ақынның алғашқы хикметте, одан басқа хикметтерінде де қолданған «мен» есімдігін қайталау әдісі -сопылық үрдістегі белгілі ұстын. Осы ұстын - ақиқатқа жету әдісінің мәні де, тылсым сыры да. «Мен» деп әйгілеп кейде өзіндік етіс түрінде қолданса, «мен» ғұлама мені ретінде де, шәкірт мені ретінде де үнемі қатысыға отырады. Яғни бүкіл шығарманы көктей өтіп тұтастығын қамтамасыз етуші, Ақиқатқа ұласушы, пенделік сипатынан тазарған ұстаздың немесе шәкірттің танымының атауы.

Қожа Ахмет Құдайға мінәжатын үнемі бірінші жақтан айтады. Ақын хикметін оқыған әр шәкірт Жаратушыға арналған мінәжат, ғибадатын айтып, сопы жанын шабақтаған Құдай алдындағы күпірлігін, ғаріптігін өз жанымен сезінеді, Құдай шапағатынан қуат тілейді. «Мен ұлы ғаламның бөлшегімін, мен - мұхиттың тамшысымын. Ұлы ғалам ақиқатына өзімнің мөлтек ғаламымды тану арқылы жетемін» деген Ғұлама Мені шығарманың өн бойында жаңа сапалық өзгерістермен әр деңгейден көрініс береді. Алғашқы деңгейде ақиқатқа ұмтылысымен «от іздеген көбелектей» болады, екінші бір деңгейде ақиқатқа жетіп «отқа түссе», қайтадан «шоқ болып ұшумен» алғашқыдан жоғары жаңа Мені туады.

Өзін білгені - хақты білгені,

Құдайдан қорқып, ынсапқа келгені, -

деген ғұлама Алла-тағаланың мейіріне арналған мінәжатында адамның өзін өзі тануының маңызын нақты айтады. Бұдан қазақтың «өзін өзі білген ер бақытты, өзін өзі билеген ел бақытты» деген даналығымен үндестігін аңғарамыз. Иасауи оз ілімінің негізгі мәні -тариқат жолына жеті жасында Арыстан бабтың «құрма» беруімен түседі.

Жеті жаста Арыстан бабам іздеп тапты,
Әр сырымды керген сайын бүркеп жапты,
«Бихамдиллах» кердім деп ізімді өпті,

Сол себепті алпыс үште кірдім жерге.

Арыстан баб - Ахмет Иасауиға Алла назарына ілінген таңдаулы адамдардың ана несібесі -сопылық ілімді жеткізуші, Иасауи сырын бүркеп жабушы.

Жақсы білсең, тариқаттың қатері бар,

Қаламасаң, осы жолға түспе, достар.

«Пірсіз жүріп, дерт пен шерді пайда қылдым,

Пір етегін тұттым, көңілде шырақ жанды, —

деген жолдардан сопылық ілімінде аса зор маңыз берілетін мүрид пен мүршид (ұстаз бен шәкірт) ара қатынасы, пірсіз жолға түсудің қауіптілігі көрінеді. Сопының ақиқат жолында пірлерінен басқа жебеп жүретін аруақ, періште, әулие, қызыр, пірмуғанның бар екенін айтуымыз керек.

Қазақ халқының аруаққа табынуы күні бүгінге дейін сақталған, көнеден келе жатқан дәстүрлі наным-сенімі екені белгілі. Аруақтар рудың, халықтың ұранына айналып, табулық мәнге ие болған. Аруаққа сыйыну халықтың, рудың, әрбір отбасының санасында ерекше орын алды. Аруақтарға бағыштап құрбандық шалынып, ас беріледі. Мұндай жиындарда өнер жарысы, ойын-сауық, ірі құрылтайлар өткізіледі. Ата-баба жолы деп олардың өсиеттері болашақ ұрпаққа жеткізіліп отырды. Сондықтан да Иасауидің аруаққа табынуы көшпенді салт-сананың нақты бір көрінісі дейміз...

«Көзі жас, халыққа бас, жаны адал» Қожа Ахметтің ғасырлар қойнауынан бізге жеткен үні оның ілімінің өміршең, кеңістік пен уақыт ұғымын жеңген жасампаздығын айғақтайды. Халық аузында сақталған «Мәдинада - Мухаммед, Түркістанда - Қожа Ахмет» деген сөзде әлемдік дінді уағыздаушы улы ұстаздарды ажырамас тұтастықта ауызға алу ниеті жатыр.

«Алланың және оның пайғамбарларының құдайлық әлемі түрік ортасында ойшыл Қожа Ахмет Иасауи арқылы тарады. Қудай және оның пайғамбарлары жайлы ілім оның мектептерінен бастау алып, одан әрі Дешті Қыпшақтың байтақ өлкесінде, Еділ бойында, аяққы Азияда таралады. Түріктерге өз ана тіліндегі «Хикмет» шумақтары түсінікті еді. Оның таралып қабылдануына бір тұтас түркі тілі, сондай - ақ далалықтарға болсын, егіншілерге болсын түсінікті қарапайым бейнелеулер (образдар) игі ықпал етті. Ең бастысы ескі наным-сенімдер жоққа шығарылмай, Тәңірге, Құдайға сену өз маңызын сақтауының игілікті ықпалы болды. Бірақ Қудай идеясы маңызды өзгеріске түсіп, бұл ислам Құдайы - Алла болды. Шаман, Зоорастра, Манихей, Будда, Христиан діндеріне негізделген күрделі, кейде қайшы келетін ұғымдар ысырылып, олардың орнына Құдай -Алла, пайғамбарлар, Қасиетті Кітап - Құран жайлы қалыпты тұжырымдамасы бар жүйелі ілім - Ислам келді.

Қожа Ахмет Иасауи Жоғары Ақиқат деп білген Аллаға деген махаббатын жырлап, исламды түрік халықтарына жақындатты. Бұл махаббат түрік жанын бұрын да мекендейтін, ал әулие ойшыл далалықтар мен қалалықтар жүрегінде махаббат отын жаңа күшпен жақты. Ол поэзияның мәні жайлы араб - парсы түсініктерін және сопылық өлең тұжырымдамасын, өз қауымына түсініксіз болғандықтан, қолданбады...

Сегізінші хикметінде ақын сопылық мұратының әуелгі кезеңі, абсолют Ақиқатқа ұласуының айқын айғағы болған қылуетке түсу шағында өзінің күйін сипаттап, әр шумақты «Мұстафаға аза тұтып, кірдім мен (қылуетке)» деген сөйлеммен түйіндеп отырады.

«Бақыл айтып, жер астына қадам қойдым, Жарық дүниені талақ етіп, хақты сүйдім. Зікір айтып, жалғыз өліп, жалғыз күйдім, Мұстафаға аза тұтып, кірдім мен».

Осы хикметінде толық адам, микрокосмос - ғарыш, ғалам мен адамзатты байланыстырушы, перзенттері мен үмбеттерінің күнәсін жуушы Мухаммед пайғамбардың бейнесі жан-жақты ашыла түседі. Пайғамбардың жүзін көру мақсаты орындалғанын айтады.

Сопылар түсінігіндегі кемел адам - адамдардың ақиқат жолындағы ізденістің нәтижесі ретінде анықталады. Жалпы кемел адам - өзінің Құдаймен тұтастығын толық жүзеге асырған, яғни Алланың сипаты мен бейнесін қабылдап, оған бүтіндей ұласқан адам.

«Машақат тартпайынша,

Пайғамбардың жүзі қайда?!

Қызмет қылмай, бос қиял бермес пайда.

Жан-тәніңді Хақ жолында етсең пида,

Мұстафаға аза тұтып, кірдім мен», —

деп ғұлама барлық адамдардың жетілуге мүмкіндігін уағыздайды. Бірақ бүл жетілу жолдарының да сатылары бар. Сопылардың ойынша, Мухаммед кемел адамның ең жоғарғы, абсолютті жетілген бейнесі, оны Алла барлық жанды, жансыздың архетипі ретінде жаратқан. Одан кейінгі сатыда пайғамбарлар, төрт шариар, әулиелер, пірлер, дәруіштер деп жүйеленеді...

«Иман шариғат - мәні тариқат» деп білген ғұлама адам баласының жетілу жолында, Ақиқатқа талпынысында рухани тазарудың маңызын, имандылық, парасаттылық, қанағатшылдық, тәубе, қайырымдылық, адалдық сияқты адамгершілік қасиеттерді дамыта түсу қажеттігін уағыздайды. Діни сенімді адамның жан-жақты, түбегейлі жетіліп, кемел адамға айналуының бірден-бір шарты деп біледі. Шариғат - білім, тариқат - іс-әрекет, ал Хақиқат - Аллаға ұласу болғандықтан, осы жолдағы көсемдікті, қолдаушылықты, ұстаздықты Мухаммед бойынан көрді.

Махаббат – орта ғасыр дүниетанымы әлемінің өзегі. Философиялық, діни және эстетикалық ой - толғаныстардың барлығы осыдан қорек алады. Махаббат - Иасауи шығармаларындағы ең басты тақырып. Сопының бүкіл даналық кітабын Аллаға деген махаббатын жырлауға арналған десек те болады. Өйткені махаббат бүкіл онтологиялық, гносеологиялық мәселелердің шым - шырмауын шешер, жүйелік түйіндердің тылсымына, сырының тереңіне бойлап, гауһар сүзер бірден-бір танымдық философиялық категория еді. Махаббат - Жаратушының теологиялық қағидасы, ғарыштық заттанудың себебі еді. Ғаламдық рухтың Ламаканда шарықтап самғауының, адамдық иман үясы жүрегіне ұялауының да басты себебі - махаббат.

Сопылықты махаббаттың, үйлесім мен сұлулықтың діни философиясы деп түсінудің негізі оның діни - философиялық танымдарын махаббатпен тығыз байланыстыруда жатыр. «Махаббат пен құштарлық - ол екі жол» (Абай) дегендей, Махаббат адамдардың қоғамдағы отаншылдық, халықсүйгіштік, ұлтжандылық, патриоттық, жалпы адамгершілік, имандылық қатынастарын анықтайтын халыққа тән философиялық категория еді. Сондықтан да ортағасырлардан бұл түсініктің ресми қалыптасқан мән -маңызы болды. Ал Иасауи үшін махаббат - ұлы сезім. Ол оз алдына пәк махаббатты мақсат етіп қояды. Өзінің асқақ махаббаты ретінде Аллаға табыну мен сүюді таңдап алады. Өйткені махаббат адамды о баста даралық әлемнен алуан түрлі дүниеге әкелді, енді Бар және Бірге осы махаббаттың қуатымен ғана қайта оралады. Сопы өзінің осы түп бастауына махаббатпен оралу мақсатын «Фәна фи Алла мақамына салдым мен» деп алғашқы хикметтерінде ашық айтып, негізгі мәселе қылып қояды.

«Жалған атақтан арылып, сәби болдым, Алла атын айта-айта ашық болдым. Аллаға бар жаныммен адал болдым, «Фәна фи-Алла» мақамына салдым мен»...

...Махаббаттың басты қасиеті адамды жетілдіреді. Оның бойындағы зұлымдыққа, азғындыққа итермелейтін нәпсінің бірден-бір дауасы да сол. Адам жанын нәпсі ласынан махаббат отымен ғана тазартуға болады. Махаббат - адам бойындағы тәкаппарлық, қанағатсыздық, даңққұмарлық, т.б. қасиеттерді жеңіп қана қоймай, адам назарын ақиқатқа бағыттай алады.

Сопы махаббаты қалыпты жағдайда адамға тән сезім, психологиялық құбылыс емес, бұл -басты мақсаты адамды моральдық жетілдіруге бағытталған этико - эстетикалық категория. Иасауи тағы бір байқағанымыз, жарандардан көп қуғын көре отырып, надандардан, діні қаттылардан зәбір шеге тұра, халық қамы, үмбет алдындағы парыз, елге қызмет етуді Хаққа жету мақсатымен қатар айтады. Бұл «Халық Құдайдан бір жас кіші» деген халық даналығына сай. «Халық сүйген адал құлдар халайықпен бірге болар» дейді. Ақын сопылар поэзиясына тән символдар тілін әр түрлі оралымда үйлестіріп, ұтымды пайдаланды. Мәселен, от символы арқылы бірде от боп жанып, шоқ боп ұшса, бірде күлге айналып, енді бірде отқа түскен көбелектей болады. Сондай-ақ топырақ сипат алу, тариқат жолының шаңына айналу, зәмзәм болып жерге сіңу сияқты қолданыстар ғашық сипатының терең сырын бейнелейтін үлкен символдық жүк арқалап түр. Сонымен қатар, бүл ғалам жаратылысы, ғаламдық айналыс жайлы ортағасырлық космологиямен тығыз байланыста. Махаббат базары, махаббат майданы, махаббат бағы және махаббат бұлбұлы, махаббат мәжілісі сияқты символдар да хикмет құрылымында әрқайсысы өз орнында қолданыла тұрып, қиялды қанаттандырар тылсым сырлы мәнге ие.

«Шариғаттың шапанын кимейінше,
Тариқаттың пырағына мінбейінше,
Ой әлеміне беріліп батпайынша,
Хақиқаттың майданына кіріп болмас», -

деген жолдардың кейбір қырларын пайымдасақ, мынандай ойға жетелейді. Шариғат адамның имандылық сыры - сыртқы киімі. Ол - жолға түсушіні бұ дүниенің кесапатынан сақтайтын, оның ар-ожданын қорғайтын білімдердің жинағы. Ал тариқат пырағы -Ақиқатқа деген ғашықтығымен және ұлы Ақиқат алдында күпірлігін сезінумен қанаттанған қос қанатты пырақ. Бұлармен қатар адам жаны ессіздікке ұрынуы, яки ақыл құрсауынан, дене тұтқынынан босап, ғаламға самғауы үшін ерекше күйге түсуі керек. Осылайша Хақиқат майданына кірген адам ғана мағрипат іліміне ие болады. Адамның о бастан тереңдегі бастау көзінде бар үміт пен үрейді иман - шариғатпен қорғап, тариқат жолында қанаттандырып, Ақиқатқа жеткізетін де, Ақиқат майданында мағрипат білімін -Абсолют Ақиқаттың тылсым сырын білгізуші де Махаббат. Өйткені Махаббат о баста бүкіл ғалам заттануы мен жанды, жансыздық, Құдай бейнелі адам рухының да басты себебі еді. Сондықтан:

«Махаббаттың асасын қолға алып,
Бақыт тонын иыққа киіп алып,
Махаббаттың түгімен қанаттанып,
Мағрипаттың бұтағына қонғым келер», -

деген жырларында Махаббаттың жетекші орнын айтса, «Махаббаттың дариясында шомылып жүріп, мағрипаттың гауһарын алғым келер» деп, «мағрипаттың гауһары» деген образдық атаумен әулиелерге ғана аян болар ілкі білімді бейнелеп, оның өзін Махаббат дариясының тереңінен іздейді. Мағрипат деп әдеттегі білім мен ғылымынан айрықша таным мен білімді атайды. Бұл білімнің берілуі, яки дидар көру тікелей Алла рақымы мен шапағатына байланысты. Бұл Хақ нұрының төгілуімен, ерекше таным органы – жүрек -діл арқылы бүкіл жан-тәнімен қабылдайтын білімі. Бүл - адам жанының таза айнаға айналғанша тазарып, жарқырауы арқылы сәулеленгенде хақ дидарын көруі. Махаббат пырағының қос қанаты секілді хаққа деген ғашықтықпен қатар оның улылығына табыну күпірлігі бар. Бұл екі сезім тариқат жолындағы қозғаушы күш ретінде астаса дамып, сопы ғашықтық күйі мен оз күпірлігін сезінген дегдарлық күйін образдық бейнелермен сипаттайды. Ғұлама шығармасындағы осы үлкен бір желі дегдарлық күпірлік күйінің шешуші сәті, хаққа ғашықтығымен түйісер тусы бу дүниеден баз кешіп, қылуетке түсуімен айқындала түседі. Сопының дегдарлығы, жанын, ділін пида етуі, тақуалығы, қалелдігі, тәубасы мен таупиығы, қанағаты, тәуекелі, ғаріптігі, ғибадатшылдығы барлығы ғашықтық сырымен астаса дамып, әр сатыда шариғат шарттары арқылы ымыраласып, Хаққа деген улы махаббатқа ұласады. Ақын өзінің күпірлік күйін былай суреттейді:

«Ғашық жолында бола алмадым мысал топырақ,

Халім харып, бауырым кәуап, көз бұлдырап,

Сол себептен Хаққа сыйынып келдім мен».

...Кез келген халықтың дүниетанымы біртұтас әлем. Әрине, ұзаққа созылған бодандық бұғауы мен сыртқы экспансияның өктемдігі осы тұтастықты бұзуы мүмкін. Бұзды да.

Алайда тарихи себептер әсерінен быт-шыт болып шытынаған түркілік рухымыз бен дәстүрлі дүниетанымымыз бір кездегі тұтас жүйесінен айырылса да, жер бетінен мүлде жоғалып кете қойған жоқ. VII ғасырда - ақ тасқа қашап жазылған асыл жәдігерлеріміз: Білге қаған мен Тоныкөк жырлары, Қорқыт күйлері мен Қожа Ахмет Иасауи хикметтері, әл - Фараби мен Махмұт Қашқари трактаттары, Асан Қайғыдан Абайға дейінгі ұлы ақындарымыздың өлеңдері тұрғанда, ұлттық рухымыз, дәстүрлі мұсылмандық дүниетанымымыз ешуақытта жоғалмақ емес.

Тек біздің, қазіргі зиялы қауымның міндеті - әлгі сыртқы экспансияның өктемдігінен жоғалған жүйені, көмескі тартқан ұғымдар мен түйсіктерді қалпына келтіріп, ұлтымыздың рухы мен санасын қайта түлету. Сонда ғана қазақ халқы, жалпы түркі жұрты әлемдік өркениет арасына өз болмысын, келбетін, тіпті дербестігін сақтай отырып кіріге алады. Халқымыздың он екі ғасырдан бергі ұлттық иманы мен ділін, танымы мен көзқарасын айқындап келген Қожа Ахмет Иасауи дүниетанымы мен даналығы туралы азды-көпті ой айтқан біздің бүл жұмысымыз осынау ұлы мақсатқа игі ықпал етер деген үміттеміз.

Ә.Нысанбаев. «Қазақстан. Демократия. Рухани жаңару.

— Казахстан. Демократия. Духовное обновление».

— Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1999. С. 94-130.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙