Тәтті қауын
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қалмақан Әбдіқадыров — «Тәтті қауын» (Көркем әңгіме). ТӘТТІ ҚАУЫН
Август айының бас кезі болатын. Таңертең төмпешіктің үстіне шығып қарағанымызда, жазық дала бейне бір тынық теңіздің көгілдір беті тәрізді еді. Қожахметтің моласы сол тынық теңіздегі жалғыз желкенді қайық сияқты көрінеді.
— Сол көрініп тұрған жалғыз мола Түркстанның ортасында ғой, кете берейік, — дедім жолдасыма.
— Асықпаңдар. Ыстық күннің сағымы алыстағыны жақындатып көрсете береді. Көрініп тұрса да, көп жер. Астық тасыған көлік қайтқан соң, қалаға жеткізіп салармыз. Шөлдеп қаласыңдар, — деді қарт колхозшы.
— Жұмыс көлігін әурелеп қайтеміз, — деп, көрініп тұрған қалаға қарай туралап жүріп кеттік.
Біз «Абат» колхозынан шыққанда, ұлы сәске болып та қалған еді, күн көтерілген сайын ыстық қоюлана берді. Бес километрдей жүрген соң-ақ, жер беті отқа қақтаған темірдей қоңыр тартып, қоңырсық иіс шығып, шоқтанған көмірдің жалыны тәрізді бұлдыр көтеріле бастады. Төбемізге төнгендей болып тұрған «Сұлтанның мешіті» (Қожахметтің моласы) кейін шегініп, көз ұшында қылтиып, қазықтай болып көрінді де, аздан кейін мүлде жоғалды. түсі өрт шалғандай сарғая бастаған шағыр жусан, адыраспанға жабысқан шілде қоңыз, шегірткенің шырылдаған үні үдей түсті...
Аяқ басуымыз баяулай бастады. Әлдеқайдағы шөлдеп өлгендердің оқиғалары ойға түсе берді. Шөл әбден жеңіп, аяқ басуымыз сұйыла бастағанда, бір бүйірдегі балшықтан соғылған күркеден түтін бұрқ ете қалды. Келе жатқан бетімізден аздап бұрыс та болса, соған қарай беттедік.
Күркеге су сеуіп, сыпырып, сап-салқын етіп, қойып, шай қайнатып, қарт диқан отыр екен. Сәлем берген бізге мұқият бір қарады да, «ішке кір» деген ишаратпен иегін қақты... Шай ішкен соң, қарт диқан:
— Енді аздап тыныс алыңдар. Менің кішкене жұмысым бар еді, — деп, сыртқа шығып кетті. Біз төселген көк шөптің үстіне бауырлап жата қалыстық.
Ұйқымыз қанып, далаға шыққанда, күн еңкейіп қалған екен. Салқын күркенің іші аздап бойымызды тоңазытып тастағаны білінді. Тауға қарай беті шетіне көз жеткізбес қауын егістігі екен. Екі қауынды көтеріп қарт диқан келе жатыр. Әкелген қауынды күркенің көлеңкесіне қойып:
— Балаларым, күн ыстығының уыты қайтты. Мына қауынды жеп, қалаға жүріп кетіңдер, — деді.
Біз қарттың қасына отыра қалыстық. Ол қауынның бірін жарып, бір кесіп аузына салды да:
— Диқан-бабаның қырық айдап жұмсартқан жерінен трактордың бір айдаған жері ұлпа болып еді. Тәттілігі де асып түскен екен! Балалар, жей беріңдер! — деп, алдымызға екі кеспе қауын қойды да, өзі екінші қауынды жарды. Біз шірнесін аузымызға бір-бірден салып, соншалықты тәтті қауынды тауыспай жатып, екіншісін жарған қартқа:
— Ақсақал, екіншісін жарғаныңыз қалай? Алдымен мынаны тауысып алайық-тағы, — дедік.
— Тәтті алуан түрлі болады, балам. Әрқайсысының дәмі өзінше басқа. Жеп отырғандарың — колхоз агрономдарының жаңадан тапқан тұқымы. Бұл айрықша тәтті. Мынаны да жеп көріңдер. Бұл — Түркстанның мыңдаған жылдар тәтті деп келген қауыны. Бір кезде Диқан-баба екккен қауынның тұқымы еді, биыл тек қана бір гектар жерге егіп отырмыз. Мүмкін келер жылы екпеспіз де, — деп, бір-бір тіліп берді. Бірақ сусынымызды қандырып тастаған алғашқы қауындай дәмді емес екен.
— Ата, сіз қайта-қайта атап отырған бабаңыз кім? Ол қай заманда қауын еккен адам? — деп, екеуміз де бетіне қарадық.
Тәтті қауынның әңгімесі сол қарттың айтқаны еді.
— Осы Түркстанның бектер билеп тұрған бір дәуірі болса керек, қысыр сиырдың сүтіндей Қаратаудың аз ғана суы — Яссауи арығы болыпты, —деді қарт диқан. — Қара жердің таңдайын жібіткендей сол аз су бөктерлеп ағып, ылдиға жайылғанда, алдымен егінін суаратын құйқалы жердің иесі байбатшалар екен. Олар тәуір жерді бармағына басып, бес бақшалы балшық қорғанмен шыр айналдырып қоршап алған. сонау Қаратаудан сылдырап құйылған Яссауи арығы, онан шыққан ұзын жаптар, көтерме тоғандар суды сүйемелеп отырып, байбатшалардың сол зәулім қорғандарына кіргізген. Оның іші алма, жүзім, алша, өрік... Ол қорғандардың ішінде әлденеше жүздеген жалдамалы құлдар жалаң аяқ жұмыс істеп, таң атқаннан күн батқанша қарш-қарш кетпен шабатын болған.
— Байбатшалар кісіні базардан жалдайды екен, — деді қарт диқан. — Міне, базар қайнап жатыр. Сонау кісі сирек баратын жиекте қаз-қатар отырған кетпеншілер.
Жібек шапандарын делдитіп, қойқаңдап жүрген біреулер әрқайсысына бір барады. Олар байбатшалар.
— Нан бересіз бе?.. — дейді кетпеншілер.
— Арзанға келесің бе?.. — дейді жібек шапандылар. Кетпеншілер жабырқап төмен қарап, бір нәрсе айтса, олар қарқ-қарқ күліседі. Кейбіреулері мұңайып, налыған түрмен шекпенін арқалап жалдаушыларға еріп кетіп те жатады.
Оқшаулау отырған бір қара шалға байбатшаның бірсыпырасы барады. Бәрі де қарқылдап күлісіп өтіп кете береді. Оның сөзі өзге кетпеншілерден басқа, байбатшаларға «өрескел», «масқара» сияқты. Оның айтатыны:
— Мен де жалданатын кісімін. Бірақ басқалардай нан үшін ғана емес, жүздің бірі үшін ғана емес, нақты санап алатын ділдаға қызмет етем. Мен жерге егін егіп, алтын шығаратын кісімін. Бір жаздық еңбегіме төрт жүз ділда берсе, мен соның жалшысымын. Мына сияқты топырақты жерге онан кемге жалдануға болмайды, — дейді де, бір уыс топырақты сығымдап алып, жалдаушының алдына қарай атып тастайды.
— Сонда Түркстанның топырағының бәрі алтын болып кеткені ме?
— Қате айтасыз, мырза! Бұл топырақ алтыннан да қымбат: арпа, бидай — асхана, алтын, күміс — тас қана!.. — деп, жалданушы кісі шыңы жеткен темірдей жалтыраған шекесін күнге қақтай түсіп отыра береді.
Жібек шапандылар оны естіп:
— Әпиінді аз жеп қойған екенсің, молырақ жегенде, топырақ түгелімен гауһарға айналар еді. Күн көзіне жатып, кішкене ұйқтап тұрсаң, сенімен сөйлесуге болар еді, — десіп қарқ-қарқ күліп өте береді.
Жаман шал түркстандықтардың аңызы болған бай екен, оның қосалқы аты, «ақшалы» болыпты. Қайдан көбейетінін де жұрт білмей, қайран қалады. Егіз туған саулықтай дүкендері молая береді.
Жаман шал байыған үстіне байи береді. Оның байлық өркенінің мұншалық өріс жайғанына өзге байбатшалар қарыны қарс айрылғандай болады, оның ептеп тиын-тебені болса да шыға бергенін тәуір көреді. Қара шалды «бәңгі» дескендер кеңесіп, «ақшалыны» құлатпақшы болады. Төртеу-бесеуі бірлесіп барып:
— Мырза, сізге келдік, — дейді.
— Келгеніңіз жақсы.
— Кеңесіміз бар.
— Айтыңыз...
— Базарға керемет бір диқан келіп отыр. Жерге алтын егіп шығарады екен. Бірақ бір жазға төрт жүз ділда сұрап, оны алдымен қолыма бересің дейді. Осы отырғандар болып ешқайсымыздың шамамыз келмеді. Тәңір берген байбатша едіңіз, сіз алып, бір жаз өнерін көрсеңіз қайтер еді?.. — деседі.
— Әбден болады. бір жазда өндірмесе, он жазда өндірер, оны өндірмесе, өлігі қорғанға көмілер. барып сөйлесейік, — деп базарда отырған шалға келіп:
— Жалданасың ба? — дейді.
— Жалданам... Жалақымды нақты алам. Еңбегімді берем. Бірақ еркіммен жүрем. Біріңді екі қылып қайтарып, артығын өзім алам. Егін піскен соң, қалтаңның аузын аш. Бір жаздық еңбек құным төрт жүз дәлда! Кереметімді көрем десең, сына соңымды... — дейді диқан.
Жаман шал сұрағанын бермекші болып, алып қайтады.
— Бәңгінің сандырағына бір құлаттық, — деп байбатшалар үйіне қайтады.
Диқан келген байбатшаның қырық шарбағының отыз тоғызында егіс басталыпты. Жері ескірді деп егілмеген бір қорғаны қалып еді. Диқан соған келіп қосын тігеді, байбатшаның уәдесі: «Не істеп жатырсыңдар?» — деп сұрамайтын болады.
Төрт жүз ділдаға төрт өгіз, екі жерағаш (ағаш соқа), үш жұмысшы жалдап алады. Егінге арнаған бар күші осы болады. мұның өзі «ақшалыны» күдікке түсіреді. Өйткені ол шарбаққа егін еккен жылдарда ең кемі он, он бес кісі кетпен шауып, төрт-бес қос жүруші еді.
— Мұнысы қалай? Екі қос, үш кісімен не істейді?..Сұрап көрсем қайтеді... — деп тықыршып барып, зорға сабыр етеді.
Жұрт күндіз жер жыртады, түнімен ұйқтайды. Күн ысып кетті деп тағы жатады.
Жұрт жұмысқа шыққанда диқанның төрт өгізін көгалға бағып жайып жүрген бір кісісін көреді. Жұрт көлік шаршады деп қосын доғарып жатқанда, қарнын кебеже теңдегендей қылып өгіздің егіс қорғанға кіргенін көреді. Жұрттың сыртынан көргені осы-ақ болады.
Шалдың қосы кештен басталады, күн көтеріле қояды. Шарбақтың ішін күн сайын бір айдап тастайды. Күндіз қорғанның қақпасы берік тұрады. Онда не істеліп жатқанын ешкім білген емес. Сырттан топшылағандар «бәңгі қарап жүр-ау» деседі.
Жұрт жерін жыртып та болады. қауын-қарбыз тігіліп жатады. Алды өсіп, өркен жаяды. Диқанның қосы баяғы қалпында, анда-санда қорғанға кіретін жаптан (арықша) су ағып жатады.
Оқиға желісі мен шешім
Бұл қорғанға да қауын егілмек еді. Жұрттың қауыны түйнек салуға айналғанда, таңертең қос доғарып жатқан жігіттер:
— Диқан, біздің қос қашан бітер екен? — десіп асыққандық белгісін көрсетеді.
— Қолыңдағы ағашыңды айдаған жеріңе лақтырып көр, бұл жердің жыртуы көңілдегідей болған-болмағанын сол біледі, — дейді диқан балта сабындай самиян ағашты жігіттің қолына беріп. Жігіт ағашты лақтырып жібергенде, суға тастағандай жоқ болып батып кетеді.
Енді қосты бітірдік, балалар, жақсы қызмет атқарыңдар. Төрт өгізді үшеуің сыйлағаным, сатып, ақшасын бөліп алыңдар, мейілдерің, мал етіп тұтыңдар, — деп.
Қолдарына тағы да жиырма ділдадан ақша беріп, жігіттеріне рұқсат етеді. Мұндай еңбек ақыны, бұл сияқты сыйлықты жалшы жігіттер өмірінде бірінші кездестіреді.
Бұл күнге дейін диқан қорғанның ішін он рет айдап, жеті рет суарған болатын.
Көлдей қораның ішінде осыдан бір жеті бұрын өндіріп қойған Үндінің қара құлабасы, Парсының қара баспалдысы, Амударияның ала шартылдағы, Ауғанның сары торламасының тұқымынан төрт-ақ түп қауын тігеді. Өнген кезінде бір көреді де, қорғанның аузына құлып салады.
Жұрттың қауыны пісіп, базарға түсе бастайды. Қауыны ақша шығарған мырзалар:
— Е, Жаман шал байбатша, төрт жүз ділданың диқаны не істеп жатыр? — деп күле бастайды. Оған мырза қысылады. Қипалақтап, диқаннан талай рет сұрайын десе де, сұрамаймын деп берген уәдесі бөгет бола береді. Сөйтсе де, бір күні қорғанның қақпасына келіп:
— Диқан, осы қорғаныңның ішін бір көрсетсең қайтеді? — дейді.
— Әбден болады, міне кілт, бар да өзің көре ғой, — дейді диқан.
Есікті ашып жібергенде, жапырағының қалыңдығы бір елі болып, төрт жерде тұрған төрт түп пәлекті көреді. Ол пәлектердің түсі сарғайып шөлдеп, ұшып кетейін деп тұрған тәрізді. Үндемеймін деген мырзаның ішіне өрт түсіп кетеді де:
— Уәдең қайда? — дейді.
Мырза үндемейді.
Қосына келіп құлаштай мақта қалтаны алады да, төрт жүз ділда алтынды санай бастап:
— Сен сияқты уәдесіз кісіге еңбек сатқан айыбым үшін мына дәлданы санап ал! — деп алдына үйе салады. Мұның тегін шал емес екенін алтын куәландырып тұрған соң, Жаман шал қатты сасады:
— Ғапу етіңіз, қателесіппін. Онымды енді сездім.
— Әй, сен сезіп те оңбассың, бірақ істі аяқтап шығу менің міндетім еді, — дейді де, диқан ділданы қалтаға қайта салып, орнына тастай береді.
Сонан біраз күн өткенде «сол диқанды сен ал» деп кеңес беретін байбатшалар тағы жиылып келіп:
— Енді «ақшалыны» мазақтайтын күн болды, біз қауынды сатып та бітірдік. Кел, барып масқарасын шығарып, бір күліп қайтайық, — деп, Жаман шалдың үйіне келеді.
— Е, мырза, халің қалай?
— Әбден жақсы.
— Төрт жүз ділда не істеп жатыр?
— Білмеймін.
— Оның себебі не?
— Өздеріңнің алдарында істеген ісін сұрамасқа уәдем болған. Мен бір айтқан соң, сендердей тақақтап беймазалайтын кісі емеспін, — дейді маңғазданып.
— Ақшаның қызығына түсіп кетіп, қауынды түгел сатып жіберіппіз. Жейтін қауын қалмаған соң, айрықша қауын еккен диқаннан жегелі келдік, — деседі мырзалар.
— Жүріңіздер, — дейді.
Күлуге келген мырзалар ілесе жөнеледі. Олар әңгімелесе отырып, диқанның қорған қақпасындағы қосына келеді. Қожасы байлардың қауын жегелі келгендігін айтады.
— Әттеген-ай, балам, енді бір күн сабыт еткендеріңде, кемеліне келтіріп жеген болар едіңдер. Қайыр, өзің қораға кір де, кіре берісте ала таяқ шаншып қойған жерімде жатқан түйнекті (кішкене қауын) үзіп әкеле ғой. Осы келген тобыңа сол да жетер, — дейді.
Байбатша қорған ішіндегі қауынды көріп, қайран қалады. Төрт түп қауын желісін жайып, қорғанның ішін түгел алып кетіпті. Әр жапырағы сайын түйнеген қауын жусаған қойдай деңкиіп жатыр. Әрбір бұтақтан шыққан желіні бетімен жібермей, реттеп жолға салып, бір-біріне шатастырмай даралап өсіріпті. Түйнеген қауынға алуан түрлі ағаш, шөптен белгі қойып, кейбір жапырақтарын жұлып тастапты. Мұндай қауын өсіргенді бұрын көрмеген бай шетіндегі айтқан қауынды үзіп жібергенде, ол қарс айрылып, екіге бөліне қалады. Кеседен асып төгілген балдай шірнесін сорғалатып, жартысын көтеріп әкеледі. Кесіп жеген мырзалар екі-үштен артық аузына салуға тәттілігінен тіл үйіріп, мүмкіншіліктері болмайды. Сол жартысы бәрінің сусынын қандырады. Соны «түйнегім» деп отырған диқанның үлкен қауынының қандай екеніне көздері жете алмай күлуге келген байбатшалар:
— Төрт жүз ділда, — деп, бірі-біріне қарасады. — Бұл Түркстандағы қауынға кірген айрықша тәттілік.
Байбатшалар кетуге айналғанда:
— Байбатша, енді бес күннен кейін базарға қауын апаратын арба жібер, — дейді диқан.
— Олай болса, — дейді көзі күлім қаққан «ақшалы», — базардан дүкен әзірлетейін.
— Қауынның сату міндеті менде, байбатша... Мен үшін дүкеннің керегі жоқ, — дейді диқан.
Көлік келгенде, алдымен төрт түп пәлекті өгіз жегіп арқанмен тарттырып, далаға шығартып тастапты. Қорғанның іші үйілген қауын болады да қалады.
Қауын базарға барғанда өзгенің бір арба қауынының құны — диқанның бір қауынының пұлы болады. өзгелердің қауынына саудаласқанды қойып, жұрт жаңа түсті қауынға жабылады. Диқан басында өзі тұрып алып, алыпсатарлардың қолына түспейтін қылып көптеп қауын сатқызбайды. Тәтті қауынның тұқымы елге тарағандай етіп бірден, екіден артық ешкімге бергізбейді. Елу көлікпен тасып, қауынды сатып та бітіреді. Шал ақшаны тапсыру үшін байбатшаны өзінің қосына қонаққа шақырады.
Мырза диқаннан ақшаны қалай көп алу жөнінде алуан түрлі ой ойлайды.
Өйткені оның қорғандарының ешқайсысынан жылына төрт жүз ділдадан артық табыс түсіп көрген жоқ еді. Оның үстіне диқанның қауын еккен қорғаны, жері тозып, егін шықпайды деп қалдырған егістік болатын. Онан мұншалық өнім шығады деп ойлаған да жоқ еді. Өзін шығынға итермелеген байбатшаларға егесіп, жорта істеген бір кісілігі болған-ды. Бірақ диқан базардың сан адамының алдында «біріңді екі етіп қайтарам», — дейді. «Бір жылда қорғанымда құлдық ететін біреуді сатып алғаным болар», — деген. Диқан ескі жерді жаңартып, өлкеде бұрын болмаған тәтті қауын шығарып, сатып алуға жұртты ынтықтырады. Базардағы қызметшілерінің лепірме сөзіне қарағанда, қауын бума қап алтын болыпты. «Кемінде қырық мың ділда» дегенді айтады. Тіпті он мың ділда болса да, сегіз жүзінен қалған ақшаны бір қаңғыған шал алып кете бермек пе?.. Мұндай жағдай ата-бабасының ешқандай тарихында болып көрген емес. Жер-су ақшалынікі бола тұрып, ақшаның көбін диқан қалай алады?..
Ал көптің алдында берген уәде бар. Оның басқасын қойғанда, іштей бақталас төрт мырза есіткен. Олар диқанның қасиетін енді біліп, қалай қолдарына түсіруді ойлап, алуан түрлі айла-амалын істеп жүр. Диқанға жаны ашымаса да, Жаман шалға артық алтын түсірмеуге ара түседі. Бірақ кісілерінің айтуына қарағанда, диқан баймен есебін бітірген соң, басқа қалаға кетпек деседі. Ақшаны «сақтап беруге» сұрамақ болады. оған көнбеген күнде жалғыз шалды жоқ салуға жіберіп, қорғанның бір жерінде көме салуға, өштескен адамын өлтіретін қанішерін қасына ертіп, түнде барады.
Диқан керекті құралдарын жинастырып, жолға шығуға дайындалып отырғаны рас екен. Алуан түрлі оймен басы қатып келген мырза қорғанға кіріп, қайран қалады. Бұрын жұмысшылар жататын үлкен бөлме қаңырап тұратын еді, ол сыпырылып, кілем, киіз төселіп, жарқырап шырақ жағылыпты. Жаздай диқан жатқан қақпа босағасындағы бөлмеде ет, май, күріш, түрлі жемістер үйіліп жатыр. Қорған ішінде алаулап от жанып, шай қайнатып, ас дайындаған бірнеше адамдар жүр. Төрге диқанды отырғызып, Түркстанның белгілі диқандары түгел жиналып, егістің өнімді болу жөнінен әңгімелесіп отыр екен. тоқымдай кетпенімен төбені допша қағып аударатын жас егіншілер есік жақта қарттың әңгімесін тыңдап отыр. Селебе пышағын ішіне байлап келген мырзаның баскесері көптің сесінен тайсалып, кейін шегініп қалады. Келген мырзаны көрген қызметшілер;.
— Мырза, жоғары шық, — десіп, төрден орын көрсетеді. Арам ойының орындалмайтынына көзі жеткен мырза бой жасырып қалған баскесерін іздей алмайды.
Мен жер шарын түгел аралап, елдің игілігін сақтамаған алақандай да жер көрмедім. Егін шықпайтын, кен шықпайтын жер жоқ. Бірақ елге еркіндік, жерге еңбек керек. Жердің егіз емшегінің бірі — су. Оны да еркін еңбек табады. Бүгін Түркстандамын. Жер ырыс таңдамайды. Түркстанның бүгінгі таңында шешіліп, еңбек ететін жағдайы жоқ екен... Еңбек иесінде жер жоқ екен. Жер иесінде еңбек жоқ екен... Мен бұл топырақтың бәрі көмулі жатқан алтын екенін көрдім. Бірақ суды молайту керек, — дейді Диқан баба.
Диқандар ас ішіп, алуан қызық әңгіме тыңдап отырып, таңды атырады. Көптің алдында мырзаға сегіз жүз ділда санап беріп, қалған бір қалта алтынды отырғандардың ортасына қояды.
— Бұл ерікті Түркстанның суын молайтуға қаржы болсын. Ол күн ұзамай-ақ туады. Мен оған дейін дүниені бір оралып келейін. Мен көп өмір көрген адам болсам да, үйренетінің әлі көп, соны іздеймін, — деп, диқан батысқа қарай жүріп кетіпті.
— Түркістан бүгін сол диқан айтқан еңбек иесінің қолында. Қауын егісі бір қорғанның ішінде ғана емес, ондаған гектар жерде. Оны біз тек Түркстанның алақандай базарында ғана сатпаймыз, Москва, Ленинград, Украина, Белоруссияға, қала берсе жер шарына жетерлік етіп егіп жатырмыз. Қазып алатын алтын — біздің келешегіміз. Өрбіген ұрпақтардың бақыты. Сол көмулі ділдаға жүз мыңдаған колхозшылар кетпен соғып жатыр. Жердегі қазынаның кілтін екпінділердің сапалы ісі ашты, — деп әңгімесін аяқтады қарт.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру