Мазмұнға өту
Home

Ибаш Жанболатова

Әбілқайыр Спан

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ибаш Жанболатова

Әбілқайыр Спан — «Ибаш Жанболатова». ТУҒАН ЖЕР – АЛТЫН БЕСІК, АТА КҮЛДІК

/uploads/3ea6b247-947d-5ae1-b12c-b064f299de3d/cover.png

ТУҒАН ЖЕР – АЛТЫН БЕСІК, АТА КҮЛДІК

Имандары саламат болғыр, баяғы біз көре қалған үлкендер жете танығысы келетін мезіретін «Қай баласың?» деп бастайтын. Кейде тіпті түстеп біліп тұрса да солай деп сұрайды. Бұлары енді бір есептен сынау. Ауылдың мен деген баласы руын, ата жігін білуге тиісті. Жеті атасын білуі міндет. Шалдар «пәленшекем баласы бұл жағына қалай екен» деп ретті жерінде барлау жасап, «емтихан» алып жіберуге де пейілді. Сондайда қателесіп кетсең, түзету жасап жататыны бар. Ал енді, сол ақпейіл қариялардың өзара сұхбатында бұл мәселеде айтысқа барып, қызыл кеңірдек болып гүжілдесе кететінін де көре қалдық талай. Шежіреге жүйрік көнекөздер әлдеқашан сүйегі қурап қалған ата-бабалар жігін ежіктеп, кімнен кім өрбігенін түгендеп, ақтарыла жөнелгенде таңғалу, ризашылық сезімнен бұрын, «бейне солардың бәрін бесікке өзі салып, сүндеттегенде тақымын ұстап отырғандай» деп шенеп, талай күнәһар болғанымызды да жасырмаймыз. Енді ойлап отырсақ, қайран қара шалдардың онысы жайдан жай емес, қазақтың қазақтығын, елдігін нықтағаны, соның әліппесін үйреткені екен. Адам баласының саналы тірлігінің өзі қауымдасу, бірлесу, күш біріктіру арқылы қамтамасыз етілген. Аталық, рулық, тайпалық т.б. бірлік, сол қауымшылдықтың бір көрінісі ғана болып шықты.

Ру сұрасқанды, рушылдық кері тартпалық деп түсіндірген қасаң қағиданы қалың қазақтың қабылдамауының мәнісі содан екен. Шынында осы әлгі «Қай баласың?» деген қау көкірек шалдардың, атамыз басқа болып шықса, теріс айналып кеткен жерін көрместен-ақ жетіп едік қой осы жасқа. Демек, мен де сол баба үрдісінен жаңылмай, келесі әңгімені бас кейіпкерім - Ибаш Жанболатқызын ру жігінен таныстырып бастағалы отырмын.

Адайдың үлкен бір тіні Мұңал, Тобыш болып тарайды. Тобыштан тарайтын бір тақта Шоңай. Басы өсіп көбейе келе, дербес ру атын алған, өскен ауыл. Шежіре Шоңаймен бірге туған бауыры Жаңай есімін Мұңалжар етегінен Жемге құйылып жатқан келте өзенмен байланыстырып, моласы Жем бойындағы Бақашы әулиеде дейді. Ендеше, Шоңай да бауырынан онша қашық емес, сол маңайда бақилық болуы. Қазақтың шежірелік дерегін нақтылайтын айғақ жер атаулары болып келгені мәлім. Соған сүйенсек Шоңайдың бір ұрпағы Сам Даңұлының аты Үстірттегі Сам құмымен байланысты. Бұл туралы ел аузында екі әңгіме бар. Бірі - Сам осы құмда туғандықтан солай аталыпты десе, екіншісі - еліне ықпалды ақсақал Сам Үстіртті картаға түсірген саяхатшыларға көмектесіп, соған риза болған карта сызушылар, үлкен құмды массивті Сам атымен хаттап, картаға түсіріпті дейді. Қалай болғанда да бұл дерек, Адай бір шеті, Мұңалжардан енді бір шеті Арал түстігіндегі Алғидың ала дөңінен бері лықсып келгенде, Шоңай оның ішінде Даңның ауылы, сол бір құйқалы қонысты қыстап жайлағанына күдік туғызбауға бастайды.

Ал бұл келіс қашан болып еді деген сұраққа, жауапты мына бір дерек шамалап болса да беретіндей. «1694 жылы Тәуке ханға елші болып келген Федор Скибин маусымның екінші жұлдызында Есек мергеннің үш жүз аттылы жасақпен Түркістаннан шығып, жортуылға аттанғаннан хабар береді». (Әнес Сарай, «Көнеліктер», 272 бет. Алматы «Санат» 2008 ж.)

Мұндағы Есек мерген белгілі Есенғұлұлы Есек батыр. Оның сонда келіп соғысқаны Жем мен Жайық бойындағы қалмақтар. Ол ұрыстың қазақтардың жеңісімен аяқталғаны белгілі. Есек батыр сол бетінде келіп, Жемнің төменгі жағын мекендеп қалғандығын дәлелдейтін, оның атындағы жал, арал, құдық. Сол Есек қолында Шоңай жігіттерінің де болғаны анық. Олар Есек қонысының Арал жағына орналасуы.

Адай қолының Үстірт ернегіне Айрақтыға келіп, түрікмендермен ұрысуы 1742 жылы. Ал Маңғыстауға бастап келуі 1750 жылдар басы. Шоңай атаның бір тіні Құнан, Дөнен, Тай аталар атымен таралады.

Қазақ баласына ат беруге келгенде, салақтау деген пайымға иек артып, «бұл ата немене, баласына басқа ат таппап па, не жылқы жасын баласының есімімен түгендеп кетуді мақсат тұтып па» деп қала көрмелік. Көне заманда Қыпшақтың Елбері деген үлкен тайпасының Құнан атты ханы болған. Құнан хан отыз мың әскерімен Қытайға, Тибетке жорық жасап, аспан асты елінің шаңырағын шайқалтқан. Шыңғыс ханмен соғысатын Хорезм шахтың шешесі Түркен ханым осы Елбері елінен. Кейіннен Шыңғыс, Бату жорығына қатысқан Елбөрілер Дон бойына барып орнығып, кейіннен орыстанып кеткен. Адмирал Колчактың бабасы Қолшық батыр, әйелінің бабасы Өмір батыр - осы Қыпшақтар әулетінен.

Шоңайдың бір перзентінің атының Құнан аталуының сырын екі жасар еркек жылқыдан емес, тегі осы тарихта атын қалдырған Құнан батырмен, қазақтың баласына ырым қылып жақсының атын қоятын жайсаң жоралғысы арқылы түсіндірген дұрыс болар. Ағасы Құнан болғанда, оның артынан ерген інісінің Тай аталуы заңды құбылыс. Шежіре дерегінде «Дөнен Құнан ағасынан кіші. Ол дөнен шыққанда туып еді» делінеді.

Құнан аталастарын Маңғыстау ойына бастап келген атақты ақсақал, би, зайырлы кісі болған. Жыңғылды бұлағын қоныс етіп, сонда жерленген. Қазір ол белгілі Құнан әулие қорымы. Тайдан - Айтуған. Ол атақты ақын-сазгер.

Ел берген баға - Шоңай би, өнерпаз, кісілікті адамы көп шыққан айтулы ауыл. Халық айтса қалт айтпаған. Орақ тілді, от ауызды, әділ биліктің алдаспаны - Құлыш би, Маңғыстаудың ойы мен қырын сазымен ұйытқан бал бармақ Есір күйші, атын атап кеткен Айтуған ақын, жады хатқа жазылғанның өзінің қатесін түзететін Алшын абыз - бұлар қай кезде де қадір арттырған тұғырлы тұлғалар. Шоңайдың біз кезін көріп, әңгімесін естіп қалған жайсаңының соңғы өкілі Алшынбайұлы Өтежан ақсақал сөзімен, саналы өмірімен, сарабдал қызметімен абыз атағын абыроймен алып жүрген асылымыз сол. Мемлекет қайраткерлері Нұрлыхан Өтеуұлы Бекбосынов, Зейнолла Өтежанұлы Алшынбаевтарды ортасының Отпаны деп жатсаң жарасар.

Күні кеше арамыздан кете барса да, арғында аңыз әні, өлмес өнері қалған Ізбасар Шыртанұлы, жетпіске келсе де өнер айдынында желкенін шірей керіп, желге қарсы жүзіп келе жатқан Күріш Тасболатов - бұлар бір жатқан әлем.

Шоңайға қатысты Алшекеңнің «Адай шежіресінде», С.Әбішевтің «Құлыш би», Ізбасар Шыртанұлының кітаптарында, басқа да еңбектерінде жазылғандықтан, шежіре деректі осымен шолақ қайырып, негізгі тақырыбымызға көшелік.

Біздің хал-қадірімізше толғап, әңгіме еткелі отырған кейіпкеріміз Ибаш Жанболатова осы мақтауына сөз таптырмай қинайтын Шоңай ауылының перзенті.

Шоңайлар өскен ауыл дедік. (Бүгінде алды он атадан асып кетті). Мал мен жанның өсімі бір Жыңғылдыны әлдеқашан тарлық еткен соң, ағайындар іргесі біртіндеп кеңи беретіні өзінен өзі түсінікті. Оған қоса қыр тірлігіне күрт бетбұрыс жасайтын, өзге де жағдайлар көп. Соның бірі жұт. Маңғыстауда орта есебі әр он жылда бір қайталанып отыратын жұтта, күн көрістік малынан қол көтерген көп отбасылар теңіз жағалап, балықшылықты кәсіп еткен. Құрықтағы балықшылар ауылын сол ретпен Жанболат отбасысы бір үйге көбейтті.

Маңғыстауға орыс қамалы орнаған соң, ізінен балықшылары ере келді. Әуелі үкімет көмегімен салынған қала іргесіндегі станица тұрғыны болған балықшы орыстар, біртіндеп бұл кәсіпті жандандыра берді. Қазақтардың оларға қойған аты «қарашекпендер». Олай аталуының себебі, орыстың қарапайым адамдарының ол кездегі киім үлгісі қара матадан тігілген ұзынша шекпен мен картуз. Үкімет жаңа жерге қоныстандыру үшін казактарды алдымен әкелетін. Бірақ тұрғындарға әлгі атаудың телінуіне қарағанда казактар өте азшылық. Себебі, олар өз киімдерімен жүреді. Біртіндеп балықшылар арасынан байлар да шыға бастаған. Соның бірегейі Захар Кузьмич Дубский. Захар тәркілеу кезінде айтты деген сөз:

 Осы жерге бір қол арба оны-мұны тауармен бақалшы саудагер болып келіп едім. Кәсібімді соны сатып бастап байыдым. Байытқан, қазақтар, сендер өздерің адал еңбектеріңмен. Енді кезегі келіп соны қайтарып алам деп тұрсаңдар, несіне апшимын. Алыңдар, тек игіліктеріңе тұтынсаңдар болды.

Захар Кузьмичтің адамгершілігін, қол қайырын көп керген жергілікті қазақтар, оны жер аудартпай алып қалған. Бәрі бірдей ара түскен. Сонда жиналыста жанашыр сөздерін айтқан Захар үйінде қол бала болып ержетіп, дәмін татқан Сарыұлы Бәйнеке, Ондаған ұлы Нұр, Жанболат т.б. болған еді.

Жергілікті ел Қарабөкежеден Ақсу, Кендірліге дейінгі жаға бойын «оң жаға» бет дейді. «Шөбі күзде қазанның қара суығы қақпай, малға ас болмайды» делінетін бұл өңірдің негізгі кәсібі балықшылық. Бұл бет Дубский иелігінде. Саура, Ақшұқыр, Қолтық, Құрық, Кендірлі - бәрінде балық батағалары. Қазіргідей емес, ол уақытта теңіз ризығы мол. Құдайдың бір жарылқағаны батағалар маңында ас тұзының кеніштері жеткілікті. Кетіктің өзінде Қатықбұлақ, Ақшұқырға таяу Қошқар ата, Ақтау мүйісінің ығы Аққолтықта дауыс естім жерде тағы бір тұзды көл, Құрық жанында Оймаша. Және тұз болғанда қандай?! Қол суының өзінде шайылып өндіріледі. Сапасы өте жоғары. Және Қатықбұлақтан өзгесінде ие жоқ. Тегін. Керегінше ала бер. Ендеше, сондай бай жерде пайда көзін білетін ақылды Дубский байымағанда, кім байымақ?! Ақтаудан Кетікке баратын бұрынғы айдау жол бойында Арба кескен деген жер бар. Түлкілі сайының тастақты беткейінде арба ізі ойып, тіліп тастаған соқпақ сонары. Сол Дубскийдің кіре тартқанынан қалған.

Құрық негізгі батаға отан ол уақытта. Орны қазіргі кент тұрған жердің батысында. Ертеректе мұнай барлаушылар тұрғызған причал - пристань ол уақытта да кеме тоқтайтын жер болған. Батаға үйінің қабырғасы қамыс. Балық тұздайтын апан - шан тастан қаланып шегенделіп, іші ағашпен өрілген. Мұз Құлалы аралынан қайықпен әкелінеді. Қысқасы, кәсіпқойлар орталықтан құрылысқа шеге мен ағаштан басқа ештеңе тасып әуреге түспеген. Бәрі жергілікті жердің өзінен. Жұмысшы күші тегін. Болмашы тиын-тебеннің өзін мол табыс деп білетін қазақтар бәріне дайын. Өздері үшін баспананы да өзі салып алады. Ау-құралды, қайықты Дубский жалға береді. Ақысын аулаған балығымен өтейді. Қазақ арасындағы «Неужели Захар бір қайық бермейді» деген сөз содан қалған. Бергенін алғаны әлденеше есе қылып асыра толтырып жатса, Захар жомарт болмағанда ше?! Қу Захар солай қазаққа жарылқаушы болып танылып алған. Ал дүние қарыздар болғанша, ықылас қарыздар болуды өлім санайтын қырдың мәрт қазағы содан Захарға адал. Құдайы алдында абайламай күнәлі болса болған шығар, ал Захар алдында сүттен ақ, судан таза. Сондай момын қазақтың бірі Жанболат болған да қойған. Ол кісі Шоңайдың Бөгенбай ұрпағынан.

Батаға үкімет меншігіне өткен соң Жанболат соның басшысы. Ол атадан екеу. Ізіне ерген інісі Озғанбай, ол да балықшы. 1920 жыл да Маңғыстау тарихында ереуілді кезең болып есте қалды. Қаңтардың қара суығында Гурьевтен ақтардың генерал В.С.Толстов басқарған он бес мыңдық армиясы қыр жолымен Кетікке босты. Казак орыстарға о бастан тістері басулы, оған қызылдар жағының ызғыштырған айдап сал үгіті қосылған соң Адай неге аянып қалсын. Онсыз да боранға ұрынып, үсіп өліп, азып-тозып келе жатқан армияны аямай жұлқылап бақты. Сөйтіп, Кетікке жете алған мың жарымдай ақ әскерге қызылдарға қарсылықсыз берілуден өзге жол қалған жоқ. Генерал В.С.Толстов көбі офицер, екі жүз жетпіс адамымен, ішінде әйелі, енесі, бала-шағасы да бар, Иранға қашты. Толстовты, одан да бұрын оның өзімен бірге алып бара жатқан алтын қазынасын қолға түсіргісі келген қызылдар оның тобын құрлықпен атты жасақпен қуып, теңізден әскери кемемен торыған.

Біз бертінде қол жеткізген, 1921 жылы Түркияда басылып шыққан «Қызылдар тырнағы астынан беймағлұм қиырға» (От красных лап в неизвестную даль) атты мемуарында В.С.Толстов осы күнгі Ақтау порты тұрған жерге таяп келген қызылдар кемесі жасағына зеңбірекпен оқ жаудырған соң, Қарақия ойына қарай қиыстап бас сауғалағандарын жазыпты. Кеме ұзап кеткеннен соң барып жолға түсіп Құрыққа аялдап, онан әрі жағамен Кендірліге тартады. Жолшыбай Қарабұғазда тосқауылға ұрынарын білген соң, әккі генерал онан әрі Үстірт ернегінің астымен жүріп, шалдыртпай құтылып кетеді. Бұл сапарында оған жолбасшы болған балықшы Тіней Сарман.

Солай бүкіл Ресейді жанап өткен азамат соғысы, қиырдағы Құрықты да шарпи кетеді. Құдай қарасқанда бұл ауыл ақтардың зорлық-зомбылығынан аман. Жалпы генерал Толстовтың өзі басбұзарлыққа, ел тонауға қарсы болған. Жолшыбай көліктерін, азық-түлігін сатып алып отырған. Жолбасшы Сарманды Иран шекарасына өткен жерден алты түйе мен жол қаражатын мол етіп беріп қайтарған.

Құрық ауылы Толстов әскерінің асығыс соғып қана өткенін естерінде қалдырған. Сол «ақ кетіп, қызыл келген жылы» Жанболат Ибаш атты қызды болды.

Толғағы бастап білдіріп, әйелі қабағын кіржитіп тұрған күні Жанболат кеше кешкісін төккен құрма ауын тексермекке әдетінше теңізге кеткен еді. Қасындағы қолғанаты інісі Озғанбай. Тап сол ретте жел теріскейден соғып, ауды балдыр басып, кәсіп онша қанды болыңқырамай тұрса керек көптен.

- Аға, оң көзім тартты, - деп қалулы рөл ұстап отырған Озғанбай.

Айналайын, онда бүгін жол болар. Ау сіресіп жатқан шығар, - деулі ағасы жан амандығынан бұрын балықты аузына алғанын жуып - шайып іле шала, жеңгең аман-есен босанар,- дегенді үстеп қояды.

Балықшы көзі жіті. Көп ұзамай аудың қарақшысы көрінеді. Онысы басына жалау байлап, үлкен қалтқы үстіне шанышқан сырық. Көлденең кеме келіп килікпесін деп, бір жағынан ауларын тез тауып алуы үшін қойылған белгісі ол. Соған таяп келіп зәкір тастап тіркеулі бөлдеркеге отырды. Бұл бір михнатты тірлік. Ауды көтеріп қарап, түскен балығын алып, аумен бірге сілкіп қағып балдырынан тазарту да керек. Әп деп көтере бергенде бір сүйіртұмсық құйрығы бұлаң етті.

 Иә, сәт!

Бұл көбіне Кендірлі шығанағы жағында болыңқырайтын қызыл балық түрі. Кетікке қараған сайын сирей береді. Оны басқа келдекпен бір періп, бөлдеркеге атып ұрып ілгері жылжып, ау арқасын шыжымдай беруі мұң екен, тағы ауыр тарта жөнелді. Бұл жолғысы үлкен бір топас бекіре. Құрсағы шіреп тұр. Уылдырығын шашпаған буаз екен. Сол ретпен ау қаралып болғанша күн түске тырмысып, бұлар балыққа толы бөлдеркені үлкен кеме қайыққа әзер есіп жеткізді. Ағасы желкен кергенше інісі бөлдеркені тіркеп байлап, уылдырықты балықтардан бастап қарнауға кірісіп те кеткен. Сол тірлігі жаға көрінгенше жалғасты. Балықтың теңізге тасталған ішек-қарнын қақшыған шағалалар көкті жаулап алған. Қуана шаңқылдап мәз болып, айнала ұшып жүр олар. Мұндайды балықшылар «басқа құс қонған сәт» деп біледі. Жағада күтіп тұрғандар балықшысының ауының қаншалықты майланғанын кеме үстін тори ұшқан шағалаларға қарап шамалайды.

 Е, Жанболаттың бүгін жолы болды! - деп жатыр жағадағы көп тілеулес. Енді сүйінші деп айқайлау үшін, кеме қайықтың дауыс жетер жерге келуін асыға күтулі. Сәлден сон, ол да айтылды.

 Сүйінші! Қызды болдың, Жәке! Ау, Озғанбай айналайын, қарындасыңның бауы берік болсын!

Кемедегілер мәз. Асымдықтан басқа балық сүйіншіге берілді. Балықшы ауылы дегенмен, көген құр емес. Бір марқа пышаққа түсті. Сол жерде перзент аты Ибаш деп қойылды.

 Ибашжаным туғаннан ақжолтай, ырысты болып еді, менің атымды тегі осы перзентім шығарар,- тәубешіл Жанболат бұл сөзін көп дабыра қылмай, жақын-жуықтарға, сырлас дос жарларына ғана айтты.

Ибаш ес біліп қалған бала. Байлар тәркіленіп жатыр. Енді бәрі ортақ болады деген сөздерді құлағы шалған. Соның ізінше тағы дүрбелең. Ел малын айдап көшіп кете бастады. Оның артынша әскер келіп түсті. Мандайларында қызыл жұлдызы, төбелері шошақ бас киімді орыстар. Түстері суық. Көліктері шолақ құйрық ат, бірер машина көлігі бар. Бұл ауылдың аз-мұз жылқылары, бойдақ түйелері Қызылқұмда бағылатын. Соны жалданып бағып отырған малшыны, мал суарып жатқан жерінен «байсың» деп ұстап, Құрыққа жаяу айдап әкелді. Жанболат шолақ орысшасымен оның жалшы екенін айтып, мына малдың осы ауылдың әр үйге шаққанда бірер қарадан ғана келетін дәулеті екендігін зорға түсіндіріп, әйтеуір жағдай ұшықпай қалды. Соның өзінде қызыл әскерлер бауырынан жарап тұрған төрт - бес құр атты өздерімен алып кетті. Ауға түскен балық сірә, солардың несібесі.

 Бұл қызыл, кедейге болысады демеуші ме еді. Мыналары несі? Жоқ, орыстар тек өз орыстарының жарлы-жақыбайын жарылқай ма? - деп, ауыл адамдары аң-таң.

Артынан хабар жетті. Қараған Босағада қызыл әскерлер мен қазақтар жағынан Мырзалы бастаған көп адам өліпті. Оған ілесе жеткен хабар тіпті сұмдық. Көшіп бара жатқан елдің біразын Кендірліге әкеліп, айдалаға қамап ұстап отыр-мыс. Ол қамақ атын «ләгір» дейді екен. Жанболат бастаған бір топ балықшы кемелерімен жақындап барса, қазақ қарға тамырлы қамалғандар ішінде жақын-жұрағаттар жоқ пе екен дейді ғой, Тоқмақтың биігінің басынан оқ жаудырып жолатпапты. Күзге салым көктемде естілген хабар расқа айналып, Құрықта колхоз құрылды. Енді балықшы, балықшы емес колхозшы делінетін болды. Ау, құрал, қайық, кеме бәрі ортақ мүлік делінгенмен, әзір әркім өзінде бұрыннан барымен тірлік етіп жүр. Артынан жоғарыдан тағы бір нұсқау келіп түсті. Құрықтағы ұжым енді «балық заводы» деп аталатын болыпты. Ат өзгергенмен заты бір. Балық бұрынғысынша ауланып жатыр. Жанболаттың іскерлігі, адалдығы, сауаттылығы бағаланып, заводтың директоры болған. Ауыл өміріндегі ендігі бір үлкен жаңалық, мектеп ашылды. Баяғыдай жағдайы бардың баласы оқып, жоқтың баласы жайына қалатындай емес. Оқу жалпыға ортақ, міндетті. Көп баланың бірі болып, Ибаш та мектепке барды. Сабаққа алғырлығымен көзге түсті.

Құрықта өткен балалық. Қандай жерде, қандай ортада болғанына қарамастан бала шақ атаулының бәрі солай ма, әлде Құрықтың жөні бөлек пе, әйтеуір Ибаш үшін ол бала кездің жөні бөлек. Ілкіде жайдақтау жағаның болмашы ықтысынан сағалап салына берген ауыл ұжым болған соң етек-жеңін жинап, бәкене үйлер көше тәртібін сақтап түзілген. Шеткеріректе шағын пристань. Завод деген аты дағарадай шаруашылық базасы соған таяу орналасқан. Моторлы кемелер жоқ. Балықшы кемелерінің бәрі желкенді. Күн тымық күндері ауыл тұсындағы теңіз жағасы зәкір тастап тұрған кемелерге толы. Оңтүстік шығыс жақтағы Жыланды мүйісінің екі жақ қолтығы кемелердің дауылдан ығып барып тұратын аялдамасы. Ауыл аспаны күн ұзаққа шағаладан арылмайды. Балық көп ауланып, талап тасыған кездері тіпті толып кетеді. Бұл еті жеуге жарамсыз құс екен. Бірақ жұмыртқасы адал. Ауыл балалары оны құм жағадан дорбалап жинап әкеледі. Мамалары ірімшік сияқтандырып қуырып сақтайды.

 Бірде теңізде тастай қараңғы тұман түсіп, үп деген жел жоқ, желкеніміз салбырап тұрдық та қойдық, - деп бастар еді Жанболат әке әңгімесін шағаладан көрген бір шапағаты туралы: - көп тұрып қалдық. Аш емеспіз. Алып шыққан азығымыз жеткілікті. Балық сірә баршылық. Бірақ, ауызсу аз еді. Сол аздың өзі де таусылды. Теңіз суына асқан балық сорпасы қанша ішсек те шөл қандырар емес. Әбден кенеземіз кепті. Енді тәуекел деп ескекті қайыққа отырмақ болғанбыз. Бірақ онымен жағаға жете аламыз ба? Белгісіз. Қай шамада тұрғанымызды білмейміз. Жақсы, өліп-талып жағаға жеттік делік. Онда су, ел бар ма, жоқ па? Бұл уақытта ауылдар әрірек дөңде күйек алып жатады. Ал жағада тұзды су көзінің тапшы екенін білеміз. Сөйтіп, әрі-сәрі тұрғанымызда аспаннан шағала үні естілді. Кешікпей өзі де көрініп, үстімізден айналып өтті. Қуанып кеттік. Білеміз, бұл құс жағадан ұзап ұшпайды және күн ашықта ғана көкке көтеріледі. Демек бұлт, тұман іргесі көтеріліп келеді. Күткендей-ақ тұман сейілді. Сонда көрдік, Тоқмақтан бергі бүйір тұста ашық теңіз үстінде тұр екенбіз. Кеше егер ескекті қайықпен жүзіп кеткенде өліп-талып, діңкені құртып жеткен жағамыз - шөл. Елсіз. Аман қалуымыз екіталай. Содан бері осы шағала жарықтықты біртүрлі іш тартатын болдым.

Әкесі көп сөйлемейтін кісі. Бірақ ара-тұра шешіліп бір кеткенде, сондай-сондай әңгімеге қарық қылатын. Айтатыны әрине теңіз жайы, балықшылық өмірдің хикаяттары. Ибаш тыңдай беруден жалықпайды. Бірде әкесімен, Озғанбай ағасымен бірге теңізге шығып қайтты. Мезгіл шіліңгір шілде айы еді. Құмды мүйістен айналды. Алдында естіген - бұл қортпа балықтың тайыз жағаға келіп үй іздейтін уағы. Жылқы сияқты балықтың да үй іздейтінін сонда көріп, білді. Қортпаның үй іздеуі асты құмдауыт тайызға келіп аял жасап, жонын күнге қыздырып, бір қабат су астында жатуы екен. Әккі балықшылар сондай ұрымтал жерге айналдыра қармақ құрып тастайды. Соған ұрынып тірелген балық шарасыз күйде жата береді. Бұлардың қармағына да сондай бір қортпа түскен екен. Ондай үлкен балық көрмеген Ибаш аң-таң. Әкесі мен ағасы айтып отырса бұдан да үлкендері болады. Мынау да сорлы емес. Көптен бері ұстаған ірі қортпа. Есінде қалғаны оның еті ете майлы болады екен. Ішінен шыққан кілегей желімнің өзіне кішігірім табақ толады. Балық желім де бағалы өнімнің бірі. Оған да жоспар беріледі. Жоспардан бұрын қырдағы елден де сұраныс көп. Шеберлер ағаштан жасалған ер, домбыраларды, үй бұйымдарын сол желіммен ұстатады және ол мықты, берік болады екен. Жоқшылық уақыт қой. Әсіресе, ыдыс-аяқ тапшы. Ибаш көрген көп үйдің аққұманы, шай табағы, стаканы шарулы, жамаулы болады. Шару - аққұманды тапталған жез, мыс сым темірмен құрсау. Ал өзге жабдық балық желімімен, кәдімгі ұзынша етіп тілінген қағазбен сынған жері ұстатылады.

Су жолының арқасында жан-жақпен Құрықтың қатынасы мол. Әсіресе, 1931 жылы Бекдашы, Шағадамға барып кәсіп қылып, тұрып қалған ағайын жиі қатынасады. Түсетін үйі ел ағасы Жанболаттікі. Олар жай келмейді. Қырда ағайын тумалары бар. Солардың тірісіне сәлем беріп, өлгеніне бата оқу негізгі шаруасы. Ал қыр жақпен қатынас тіпті қиын. Бұл ауыл негізгі кәсібі балықшылық болғандықтан ат-түйе көлік тапшы. Балық зауытының 1,5 тонна жарымдық жалғыз машинасы бар. Техника атаулыдан сол. Бірақ, бензині тапшы. Дегенмен ұсынақты Жанболат Красноводскімен, Астраханмен жалғасып, тіпті ғайыптан тайып келе қалған әртүрлі экспедициялардың көңілдерінен шығып, аз-мұз бензин қорын жасақтап қояды. Машина болмаса, өзге көлікпен қарасады. Әйтеуір, алыстан арып-ашып келген ағайынның сағын сындырған жоқ. Ибаш қазақ дегеннің ең бір бауырмал халық екенін солай бала күнінде өз ауылында, өз отбасында көріп өскен.

Балықшылар ауылы дулы, шулы орта болып көрінгенмен, бұйығы. Қоңторғай елде той аз. Ойын-сауық жоқтың қасы. Ибаштың есінде, бірде атпен Сәттіғұл ақын келді. Бір жұмадай қонақ болып жатып, жыр айтты. Енді бірде Шағадамнан балықшы қайығымен Есенғали Бөкенбаев деген жас жігіт ақын келіп, жекелеген адамдарға өлең шығарған. Жазылған бір топ өлеңін Жанболат алып қалып, аудандық газетке жеткізіп, колхоз құрылысын, балықшыларды мақтаған бірер өлеңі жарық көргені есте қалыпты. Аудан басшысы болып тұрған жылдары Есенғалимен жақын таныса алды. Соғысқа барып келген ол шағадам -Красноводскіде тұрақтап қалыпты. Дегенмен Фортқа жиі келетін. Бір келісінде Байнекенің үйінде «Тоғыз қайықты» айтты. Домбыра тартуды білмейді екен. Тақпақтап жатқа айтты. Соның өзінде әсерлі болды. Естіген ел көзіне жас алды. Кетерінде Байнекеңе арнап өлең шығарды.

Құрық солай колхоздар іріленіп, жағадағы балық кәсібі тиылғанша дүрілдеп тұрды. Кендірлідегі, мұндағы мал бағушы елімен бірге енді алыс мал жайылым учаскесі болып құрылған Сенек, Сұмсаға қарай, ал балық кәсібіндегілер Фортқа қарай ығысып, бұл жаға да мүлдем иесіз қалды.

Ауданның бір басшысы болып тұрған кезінің бір жазында Ибаштың шаруа аралай іссапарына шыққаны бар. Көлігі ат. Әдейі жолдан қиыстап, жаға жолымен жүрді. Ақшұқырдан қонып аттанған күні Оймашаға жақын ауылға қонды. Суы алғаулы бір құдықты сағалаған түйе ауыл. Ертесіне Кендірліге жақын Майемердің құдығына жетті. Мұнда да сондай жағдай. Құдық суы алғаулы. Ауызсуын жағадағы ыза құдықтан тасып ішкен малшының сыңар ауылы. Темір баба әулие басындағы ащылау бұлақ пен керімді, Қақпақты бетке әрі алыс, әрі қоныс болмай биыл ешкім бармапты.

Аданың аралына бір жақтан ауып келген аз жылқы тағы болып кетіпті. Айғыры адамға шабады, - деп үрейлене айтып отырды жұрт. Ибаш көңілі қатты құлазыды сонда.

Геолог барлаушылар осы маңайға зер салыңқырап жүр. Олар несие сөздің адамдары емес. Бір білгендері бар шығар,- деді де қойды. Солай дерін десе де, айтқаны боларына сене қойған жоқ еді. Сол айтқан барлаушыларының көш алды Құрыққа келіп қонған күні қуанғаны-ай. Сосын Кендірлінің келер кезегін асыға күткені.

Ибаш апа бұл өңірде де жаңа қалалар бой көтереріне сеніп өткен кісі.

СЫҢАР СОҚПАҚПЕН ЖЕТКЕН ӨРКЕНИЕТ

Маңғыстауға әртүрлі экспедициялардың келгіштей бастаған кезі 1950 жылдардың басы. Орталықпен негізгі қатынас жолы теңіз болған соң ба, жоқ әлде сапар бағыты солай ма, әйтеуір, солар алдымен Форт-Шевченкоға ат басын тірейді. Тіпті негізгі жұмыс объектісі Маңғыстау ауданының жерінде болса да солай. Сол кездің тәртібі бойынша келіп түскен бетте аудандық партия комитетіне соғып, мағлұмданады. Аудан басшыларымен кездесіп, келіс мақсатынан қысқаша хабар береді. Айтарлары ортақ - «кен іздегі жүрміз» дегенге сайған соң, қарсы алушылар жүрегі иіп сала береді. Мұраттарына жетіп, іздегендері табылып жатса, ақ түйенің қарны жарылғаны емес пе?! Теңіздің арғы шетіндегі Доссор, Мақат, Құлсарыға ұқсап кешегі құла дүз, қу медиеннің аты шартарапты шарлап кетер деп дәмеленеді. Аталған жұмысшы поселкелер ол кез өлшемімен алғанда, бұл ел үшін үлкен, сәулетті шаһарлар. Ал ондағы мұнай кәсіпшіліктері соғыстан соң бірінен соң бірі қатарға қосылып жатқан алыптардан бір де кем емес. Шіркін, бізде де сондай болса деген арман көзі ашық, әр адамның көңілінде көлбеңдеп-ақ жүр. Содан да ғой, әлгі экспедицияларға аудан басшылары тарапынан алабөтен пейіл, құлық танытылып жататыны. Бірақ солардың түпкілікті тұрақтап қалған бірі жоқ. Жұмыстары маусымдық па, әлде іздегендерін табуға деген күдігі қоюланып кете ме, белгісіз, әйтеуір, теңіз мұзы түсе келген топ құспен бірге ошарыла қайтып кете барады. Кетерлерінде бітірген, тындырғандары туралы есеп беруді де қажет деп таппайды. Есеп түгілі, қысқаша хабарлама жасау, тіпті, «қош болыңыз» мезіретім де жасау қаперлеріне кіріп шықпайды-ау кейбір шіркіндердің. Сосын ондай келімсектерге көз үйреніп, көңіл суый бастағаны да құпия емес.

Ибаш бүгін де кеңсеге ертелетіп келген. Кеңсе көмір жаққан пешпен жылытылады. Сосын мұнда ең алдымен есік ашатын от жағушы. Ол әдеттегісінше бөлме-бөлменің пешін маздатып тастаған соң, бұл жолы үйреншікті көп күйбеңінің біріне кірісіп кетпей, дәліз бұрышындағы орындыққа әлдекіммен әңгімелесе қалыпты. Онысы − бейтаныс орыс, киім киісіне, қолындағы сөмкесіне қарағанда алыстан келген жолаушы. Кеше кешке салым Гурьевтен Ан-2 ұшағы қатынаған. Сірә, сонымен келген болды. Әйтпесе, Астраханмен су жолы әлі ашылған жоқ. Бакумен де қатынас тоқтаған. Айлақ мұзы сіресіп жатыр. Ибашты көріп, серігінен күткен адамыңыз осы деген белгіні алған бойда жолаушы бері беттеді. Сыпайы амандасып. қабылдау бөлмесіне сырт киімін ілген соң, кабинет иесі де өз тарапынан ізет танытып, күтіп тұрған екеуі төрге озды. Мейман бірден сапар жөнін айтты.

Ленинградтағы Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу геологиялық барлау институтының өкілі болып шықты, қысқаша ВНИГРИ деп аталатын мәртебелі мекеме. Институт алдағы көктемнен Маңғыстауда кешенді барлау жұмысын бастайды. База Форт-Шевченкода болады. Соған қолайлы мекенжай керек.

 Түбіжікті қазасыздар ма? - деп қалды Ибаш. Ол қаланың шығысында отыз шақырым жерде. Сонда мұнай бар дегенді құлағы шалған.

Ол алаңды енді Қазақстанның өзі қазады. Біз баяғыда отызыншы жылы-ақ терең бұрғылауға дайындап бергенбіз. Бастап кетуге соғыс бөгет болды. Біздің де кешеуілдеп келуімізге сол соғыс себеп. Бұл жолы Оңтүстік Маңғыстау, Бекі, Басқұдықтан бастаймыз. Одан кейін Бозашы. Бір сөзбен айтқанда, Ибаш Жанболатовна, біз бүгіннен бастап біржола маңғыстаулықпыз,-деп жымиып қойды қонақ. Өзі бір иманжүзді адам екен. Оның үстіне соғысты айтқанда, қабағын шытып қалғанына қарап, сезімтал әйел жүрегі бұрынғы майдангерсің-ау деп қалған. Қателеспепті. Еділден Берлинге дейін барған жауынгер офицер екен. Ибаштың солдат жесірі болып шыққанын білген соң, тіпті жылыұшырап сала бергені. Адам сөйлескенше деген ғой, екеуі бірден тіл табыса кетті.

Үлкен бір барлау тобына база бола қоярлық қолайлы мекен-жай жоқ Фортта. Бәрі есепте. Сол жерде сәтін салғанда Ибаштың есіне Баутин кентіндегі шіркеудің түсе кеткені. Ол баяғы 20 жылдан бері қаңырап тұрған. Әлдебір ала өкпелер соны бұзып алсақ қайтеді дегенде, Ибаш қарсы болған.

Көненің жәдігері. Мәскеу шіркеулерін бұзбай, аман сақтап отырғанда сендерге не жорық. Тұра берсін, - деп ұрысқан әлгілерге. Шіркеу солай аман қалғаны. Бас-көз болып отырған дін өкілі жоқ. Келіп мінәжат етушілер, сірә, жоқ. Мінәжатшы түгілі, арадігінде шіркеуге қарап тұрып шоқынатын кәрі-құртаңдар да селдіреп барады біртіндеп. Оны айтасыз-ау, Баутиннің ендігі орыс тұрғындары қалай шоқынуды да білмейді. Енді сол босқа тұрған құдай үйін игілікке пайдаланса. ештеңеге қайшы келе қоймас деп ойлаған Ибаш қонағын солай қарай бастады. Шіркеу мейманға бірден ұнады.

Владимир Ильич: «Россиядағы ең мықты салынған құрылыс - түрме», - деген ғой. Meн оған шіркеу дегенді үстер едім, - деп күліп алды әуелі ол. Осы сөзімен жан-жақты білімді адам екенін аңғартып, тағы мерейін үстеп әкетті.

Жұмысшылар тұратын уақытша жатақхана мәселесі оңай шешілді. Балықшылар, ал олардың көбі үйсіз-күйсіз сойталбайлар, «Менің адресім - Кеңес Одағы» дейтін тобырдың тым көбейіп, қиырдағы Маңғыстауға да жеткен кезі. Мұз түсе кемемен айдынға кетеді. Иранмен шектес Пірсағат тереңінде келер қысқа дейін болады, тіпті жыл он екі ай кемеде жүретіндері де көп. Кележақ экспедицияның өзге де қамы жетіп артылады. Ол уақытта жанар-жағар май тапшы.

Көршілес екі ауданның ортақ мұнай базасы осында. Бакуден танкермен әкелінген май өлшеулі, көбіне жетіспейді. Ибаш мейманның көзінше мұнай базасының директоры Орынбай Бәлдековті шақырып алып, жағдайды түсіндірді. Орекең де бұрынғы майдангер офицер. Қонақ екеуі танысқан бойда шұрқыраса кетті. Оларының арты сол бойда достасуға ұласып, бәрі кеште Орекең үйінде қонақ болысты. База шіркеудің қасында көрші еді. Соны есепке алған Ибаш шіркеу үйін экспедиция алдынан дайындап қоюды коммунист Бәлдеков жолдасқа, ол басқарған ұжымға жүктеп тастап, сол жерде тағы бір шаруаның басын қайыра қойды.

Міне, Ибаш Жанболатованың мұнай барлаушылармен достығы солай басталып еді. Жыл құсымен бірге артынып-тартынып ленинградтықтар да жетті. Басшылары Дьяков, Черепанов деген ғалымдар екен. Бұрын ғылым өкілдерімен етене таныстығы жоқ Ибаш басында аздап тосылып, тосырқап қалған. Жоқ, бұлар өте бір ізетті, кішіпейіл адамдар болып шықты. Үнемі сыпайы, сызылып тұрғаны. Бірде өздері бастамашы болып, аудан белсенділері бас қосқан жиында Маңғыстау түбегінің кен байлықтарын игеруге байланысты келешегі туралы лекция оқыған. Тіпті, қиял-ғажайып нәрсе дерсің. Жұрт аузын ашып қалыпты. Ибашты бәрінен бұрын тәнті еткені олардың не айтса да сеніммен айтатыны. Сонысымен тағы бір қатты риза қылғаны бұдан сәл кейінірек.

Ленинградтықтар Бекі, Басқұдық дөңін шарлаудай-ақ шарлады. Бұраубайларын сүйретіп, әр жерді бір қазып жүріп алды. Бірақ іздеген мұнайы таптырар емес. Бірде арнайы іссапарымен Ибаш та келген барлаушылар қосына. Қасында геолог ғалым Дьяков бар.

Бұл маңайды барлауды аяқтап келдік, - деген Дьяков. Ибаш сұраулы жүзбен қарап тұр. Онысын айтпай-ақ аңғарған серігі алдында аңғарған қазылып біткен ұңғыға апарды. Ақырындап бұрап аузын ашып, от беріп еді, көгілдір жалын маздай жөнелді.

Бұл - газ. Жер бетіне жақын қабаттан шығып жатыр, - деп түсінік берді ғалым.

Құрамын зертханада тексеріп көргенімізде, мұнайдың бетінде болатын ілеспе газ болып шықты. Демек, мұнай да, газ да бар. Алыста емес олар. Маңайлап қалдық. Баяғыда Христофор Колумб Индияны іздеп теңізде әлденеше ай сапар шегіп, қалжырап, наразылық білдірген теңізшілер су бетінен салынды шөп-шаламды көрген соң ғана сабасына түскен екен. Күткендегідей көп кешікпей жағаға тіреліпті. Америка солай ашылыпты. Біз құдды сол Колумб сияқтымыз. Сәл шыдалық. Бәрі де сәтімен аяқталады.

Ғалым солай дегенде жүзі нұрланып, құбыла жақ көкжиекке тесіле қарап тұрған. Ол қараған жақ қыр астында Жетібай, оның шығысында Өзен жатқан.

1954-тің ерте көктемінде аудан басшылары облыс орталығы Гурьевке шақырылды. Ағымдағы көп мәселенің бірі болар деп ойлаған бұлар қамсыз. Жоқ, одан гөрі күрделілеу болып шықты. Түбіжікке Ембіден терең бұрғылау бригадасы барады. Әуелі біреу, артынан ілесе тағы бірі. Солай ағыла бермек. Соған қолайлы жағдай жасалуы керек. Бұларға қайтарда барлаушылардың үш өкілі ере келді. Ертеңіне Түбіжік. Бұл екі сайдың ортасындағы басы құбылаға қараған сұғым. Шевченко колхозының орталығы Қаңғаның шығысында қозы өрісіндей жер Шығыс қойнаудың ернегінде суы тұщы екі құдық, жар астында суы алғаулы шүңкілдек бір құдық. Айдау жол бойына таман сай бойында бір түп тұт ағашы есіп тұр.

Ибашқа салса, болашақ барлаушылар базасын Қаңғаға орналастырмақ. Ондағы ойы мектеп, клуб, тағысын тағы құрылыс салу мехнатына қалғысы келмеген. Келген мамандар онымен келіскен жоқ. Негізгі жұмыс осы сұғым үстінде, ой ішінде. Қаңғамен ара недәуір жер. Қатынасса біраз жанар-жағар май шығын болады. Оның үстіне екі арам ой. Жауын жауса балшық болады. Ол да бөгесін. Соларды ескере келіп, барлаушылар ауылы сұғым ұшына таман орналасатын болды. Бұл жерде негізгі қабырғалық материал тау тасының дәл іргеде екендігі де қаперге алынды. Ибашқа ұнағаны бұлар нағыз істің адамы екен. Сол жерде машина ығында тұрып, болашақ елді мекеннің жоба жоспарын қағазға түсірді. Іргедегі малшы ауылға бұрылып, құдықтың су өнімділігін де анықтап алды.

Солай тағы бір қарбалас тірлік басталды да кетті. Әуелі жер түбі Қаратоннан баржамен бұрғылау қондырғысы келді. Онымен қабат бір жағы Гурьевтен тырқылдақ матормен, бір жағы Үстірт арқылы машинамен барлаушылар отбасы жетті. Алғашқы мұнара сұғым үстіне Таушық пен Форт арасындағы айдау жолға таман орнады. Көрмегенге бөрі таң — мұнара тым биік, алып көрінген. Артынан барып білсе, бұл - УРБ-3 дейтін шағын, ескі үлгідегі үлдебай болып шықты. «Урал» маркалы биіктігі елу төрт метрлік алыптың келіп орнағаны кейінірек. Мұнара құралданып жатқанда, елді мекен құрылысы да қызу жүрген. Жартысы жерден қазылып, таспен биіктетілген үш келте көше түзеп салынған жатаған үйлер.

Келген бұрғылау бригадалары Ембідегі Қаратон экспедициясыныкі, ресми түрде сонда есепте тұратындығы себепті елді мекеннің әуелі Қаратон атанғанын бүгінде көп адам ұмытқан, Түбіжік атанғаны сәл кейінірек. Негізгі барлаушы мамандар қара тондық болғанмен, біраз адам жергілікті жерден тартылды. Алғашқы айлардың ішінде-ақ жұрттың бәрін баспанамен қамту мүмкін еместігі белгілі болды. Амалсыз тізгінді Ибаштың өз қолына алуына тура келді.

 Жігіттер, бұдан да жаман күнінде тойға барыпты ғой аталарымыз. Біз де сөйтейік. Бір лажын жасалық. Жер үй қазып амалдауларыңа тура келеді. Онда да өз күштеріңе сенесіздер. Бізден болар көмек - белағаштық бөрене, әйнек қана босата аламыз.

Өй, несін айтасың, ол кездің адамдарының тойнағы бөлек еді ғой. Кенттің шығыс жағындағы кебір жүрекше басынан әуелі Айназаров Құлқария бастап жер үй қазып алды. Бұл баяғы атақты Баубек Айназар мергеннің немересі айдаһар атқан батырдың ұрпағы Құлекең сөйтіп, сенді бұзды. Оған ілесе Қожыров Алданбай, Ыбыраев Ерназар. тракторшы Үбәй... Солай кент жер үй ауылмен жалғасып, Түбіжік үлкен бір елді мекен бола кетті.

Кент шетінен бастауыш мектеп үйі бой көтерді. Қинағаны - мұғалім жайы. Мұғалім бүкіл ауданда жетпейді. Жоғары білімділер саусақпен санарлық, арнаулы орта білімділер де аз. Көп мектептерде ұстаз қауымының дені қысқа мерзімді курс бітіргендер. Олардың да орналасып қалған жылы мекендерін суытып, жаңа жерге, тосын ортаға көшкісі жоқ оңайлықпен.

Ибаштың қиналған сәтте есіне түскені Мәрия құрбысы. Ол маңғыстаулық атақты құрылысшы, шебер Серікбаев Ідірістің қызы. Ідекең ғұмырының соңғы жылдары Форттың шығыс жағынан, ол ауыл аты Бөгет делінеді, тастан қиып жекеменшік үй салған өзіне. Мәрия Ибаштың досы әрі сыныптасы болған үстіне тағдырласы да. Ол да Бақтығали дейтін жалғыз ұлымен жалғыз бас жесір. Ана бір жылы Құлалыдағы мектепке мұғалім табылмай, Ибаш Мэрияға қолқа салып, сонда жіберген. Мәрия бүкіл соғыс жылдарын сондағы мектепте өткізген. Жақсы ұстаз деген атағы бар ауданда.

Mінe, Ибаш сол Мәрияның үйінде отыр. Шақыртса да болар еді. Бірақ олай еткен жоқ. Өзі аяқтай келді.

Шайланған соң бірден шаруасына көшті.

 Мәрияш, тарыққанда тапқаным тағы сен болдың. Түбіжіктегі жаңадан ашылмақ мектепке бар дегелі отырмын. Мұғалім де, оқу ісінің меңгерушісі де, директоры да өзің боласың. Ол десең де басқа берер адамым жоқ тап қазір. Төрт сыныпты екі ауысыммен оқытып лаждайсың.

Обалы қане, Мәрия сөзге келген жоқ. Келісті.

Солай ашылған Түбіжік бастауыш мектебі 1961 оқу жылының аяғына дейін болды. (Осы жолдар авторы сол мектептің бірінші сыныбына 1956 жылы барған түлек екенін қаперге бере кетелік).

Барлаушылардың дербес жұмысшыларды жабдықтау бөлімі бар. Сол кенттен аралас дүкен ашты. Сірә, олар да кадрға сусап отырса керек. Сатушылыққа қаладан Өмірова Шәжида дейтін жалғыз басты әйелді әзер алданың күшімен, онда да партия мүшесі болған соң қарсыласа алмай, жіберді. Аудандағы сауда ұйымы орталығы Астрахандағы балықшылар кооперативі, сосын аудандық тұтынушылар одағы. Ибаш барлаушылар үшін сауда нүктесін ашып, тауар босатуды өтініп, Астраханға өтініш жасап көріп еді, олар ат-тонын ала қашты. Амалсыздан ішкі мүмкіндікті қарастырып, Түбіжіктен тұтыну қоғамының тағы бір дүкенін ашты.

Аудандағы бірден бір тағам өндірістік кәсіпорын Баутин балық комбинаты. Баяғыда соғыстан бұрын КСРО Азық-түлік комиссары А.И.Микоянның өзі келіп ашқан комбинат өнімі қалбырға түрген майшабақ. Оның өнімі де үлкен сұранысқа ие. Артынан белгілі болғаны қырық қабақ соғыс ұшығып, әйлеңкес империалистермен «не сен, не мен» деп текетіреске түскен Кеңес елінің миллиондаған адамы бар армиясының, одан қалды тікен темір қоршау аржағында, «бесжылдықтың балғасын солқылдата соғып жатқан» миллиондаған еріксіздер армиясының негізгі қорегінің бірі - осы майшабақ екен ғой. Әйтпесе, соншама құрдым өңешке қызыл балық, заманында патша дастарханының сәні болған сазан мен көксерке берілмейді ғой. Берген күнде де шақ келе ме?! Солай болған соң, бұл комбинат өнімі де есепте. Жергілікті жер үшін аз мөлшерде босатылады. Ибаштың бір жеңісі талай табалдырықты тоздырып жүріп, жергілікті жерге берілетін сол шабақ лимитін көбейткені.

Ең күрмеуі қиын түйін барлаушыларды етпен қамту болды. Етті көрсетісі қышитын қазақ етсіз отыра алмайды. Ал оның сол уақыттағы бірден бір көзі қолдағы жекеменшік мал. Ол «тесік қайыққа мініп келгендерде» атымен жоқ.

Жергіліктілердің де шекесі шылқып тұрғаны шамалы. Колхоздар жекеге мал сата алмайды. Еттік мал Орскідегі ет комбинатына айдалып апарылып тапсырылады. Одан ішкі қажеттілік үшін алуға болмайды. Ұлықсат жоқ. Жергілікті жерден қасапханалардың ашылғаны беріде болған ұжмақ, ризық, береке. Ибаш осы мәселені облыстық партия комитетінің алдына қойды. Обалы не керек, облыс басшылары түсіністікпен қарап, түбектегі екі аудан басшыларына мемлекетке тапсырылатын ет есебінен мал сатуға нұсқау берді. Онда да уақ малдан ірі қараға тиюге болмайды. Сөйтіп, 1955 жылдың қысында бұл уақытта Маңғыстау ауданында ашылған екінші барлау мекені Тас басқа жердің түбі Алаторпада бағылып жатқан мемлекеттік дайындау мекемесінің малынан екі жүз қой, ешкіні барлаушылар өз адамдарын жіберіп айдатып алды. Тасбасқа көрші Ленин атындағы колхоздың басқарма төрағасы Төлесінов Ерғали Ибашқа ағайын. Бұрынғы майдангер, көшелі кісі. Ол да қол ұшын бере кетіп, келер жазда Тасбасқа екі жүз қой берді. Ибаш барлаушы отбасыларын малданса екен деген тілегін алға салған соң кәрі саулық емес, тұсақтан бергізген. Осылайша тас бастықтардың үйінің іргесіне құмалақ түсті, қозы маңырады Күнде ертемен өріске шағын отар мал өріп шығатын болды ауылдан. Оның қойшысы сол уақытта науша бозбала, кейіннен Ақшымыраудан бастап бұрғышы болып, осы кәсібінен қол үзбестен зейнетке шыққан, қазір Өзенде тұратын зейнеткер Рзабек Нұрбеков ағамыз еді.

Түбіжікте де осы жағдай. Дегенмен мұнда көбі оңай шешілді. Біріншіден, өз аудандары. Екіншіден, барлаушылардың құдайы көршісі Қаңға-Шевченко колхозының басқарма төрағасы Қиту Бекжанов бір болмаған жақсы адам. Сол қол ұшын берудей-ақ берді. Бұл ауылдан да түзге шағын отар түзілді. Қойшы - Ауданбай шал. (Жалғыз баласы барлаушы еді. 1957 жылдың көктемінде өкпе сырқатынан қайтыс болды. Ұрпақ қалған жоқ). Біраз үйлердің желісіне бота байланып, келе түйені баққан Жайлықара шал. (Ұлы Серкебай қазір Ақтауда тұрады).

Тек шешілмеген проблема – отын. Ол уақытта Таушық шахталары жабылған. Сірә, орталықтың өзі көмір тапшылығын қатты сезініп отырған болар, шетке ештеңе ауыстырмайды. Фортта көп үйлер тезек жағып отыр. Өрістен қаптап, тезек теріп, арбамен әкеліп сатуды кәсіп етушілер бар. Бір қап тезек бір сом тұрады. Бірден бір отын - қи. Ол колхоздың өзінен артылмайды. Сол отын мәселесі 1960 жылға дейін шешілмеуімен келді.

Көмір дегеннен шығады, ол жарықтық табан астында жатқан болып шықты. Түбіжікте бұрғы шамалы тереңдіктен соң тұтасып жатқан көмір қабатына тиді. Қазіргі өлшеммен алғанда алып жатқан аумағы да, сапасы да Екібастұздағыдан бір де кем емес көмір.

Әрине, ол кезде оны өндіріп аларлық күш жоқ. Біліп қойғанның артығы жоқ, Түбіжіктің негізгі қазынасы көмірде.Ол қазақтың жинақ кассасында жатыр, келер ұрпақтың несібесі. Алдағы ғасырда бүгінгі мұнайшының ұрпағы шахтер болып жатса таң қалмаңыз. Әрине, ол уақытта көмірді қазіргідей отқа жақпаймыз. Мүлдем басқа технология келеді өмірге.

Түбіжікте алғашқы барлау ұңғысы қазылып бітті. Құрамында күкіртті қосылыстары кеп смола дерлік қою мұнай алынды. Қоюлығы соншалық, майшығырмен соруға да келмейді. Тек жоғары қысыммен айдап шығаруға ғана болады. Барлау әрі қарай жалғасты. 1954жылдың жазында Тасбасқа бұрғы салынды. Мұнда мұнай тіпті жер бетіне шығып, сай тұйығында жылымшылап ағып жатыр. Енді тереңіне бойлап көру керек. Тасбасқа барған бұрғылау бригадасы Түбіжіктен бөлінді. Бұл соңғы алаң Маңғыстау ауданының жерінде. Бірақ Фортқа - Шевченко ауданына бағыныста. Түбіжікте де, Тасбастада жергілікті кеңес құруға мүмкіндік жоқ. Үй саны аз. Кейіннен Қошақ, Қызанда, ілкіде Өзен мен Жетібайда да солай болды.

 Ибаштың бұрын балықшылар десе шығарға жаны бөлек еді. Енді барлаушыларға бауыр басып алды әбден, - десіп жүрді сол жылдары жұрт. Олай деулерінің жаны бар. Ішкі көкей көзінің меңзегеніне ғалым геолог достарының айтқанына дем берген Ибаш түбектің ендігі келешегінің мұнайда екендігін білген. Тек бұл емес, ауданның бірінші хатшысы болған Мазан Халелов, Хафизолла Куанышбаевтар да солай деумен кетті. Бұл екі азамат осы өңірге еңбегін сіңірудей-ақ сіңіріп, жақсы атын қалдырудай-ақ қалдырып кетті. Ибаштың шалымдылығына тәнті болған бұлардың барлаушыларға қатысты көп мәселелерді осының міндетіне жүктей салуға бейім болғаны да рас. Жоғарыдағы сөздің шығуына бір себеп осы.

Тасбастан да мұнай табылды. Бірақ бұл да қою. Итеру тиімсіз деп шешілді. 1956 жылдың күзінде ондағы жұмыс тоқтатылып, барлық күш Түбіжікке шоғырландырылды. Фортқа жақын Қошанай алаңына бұрғы салынды. 1957 жылдың жазында Қошаққа да барлау барды. Кезекте - Қызан. 1958 жылдың көктемінде Ибаш сол бетке іссапарымен шыққан. Мақсаттары алды келіп жатқан, арты енді келе жақ барлау қосының жайын қамдамақ. Мәстекке келгенде маңайды танымай қалды. Ескі достар ленинградтықтардың аяғы мұнда да жетіпті. Олар бір кездегі Чапаев атындағы колхоздың орталығынан қалған үйлерге орналасты. Бір бригадалары теңіз жағасында - Долгийде. Тайыз бұрғылап қазып жатыр. Мәстектің ойы да, дөңі де толы техника. Бір шетте москвалық барлаушылардың қосы. Бастығы Александр Иванович Диманов деген жас жігіт екен. Бұлардың міндеті ертең терең бұрғыланып барлануға тиіс алаңдарды табу. Ол геология тілінде структура делінеді екен. Ондайлар осы алақандай Бозашының өзінде бірнешеу. Соларды айқындап, аумағын белгілеп берген соң Өзен, Жетібайға қарай қоныс аудармақ. Ол бетте қазірдің өзінде Мәриям Байларова дейтін гурьевтік ғалым басқарған қазақстандық геофизиктер жұмысты бастап жіберген.

 Онан әрі Үстірт. Солай бұл Маңғыстау бізді оңайлықпен жіберер емес. Тек геофизиктер үшін кемі ширек ғасырлық жұмыс көлемі бар, -деді Димаков күн сіңді кенеп шатыр ішінде қалайы кружкамен қою шайды сораптап тартып отырып (геология — минерология ғылымдарының докторы, профессор, Маңғыстау жер қатпары жайлы әлденеше ғылыми монографияның авторы Александр Иванович Димаков қазір Санкт-Петербургта тұрады. Соңғы қызметі ВНИГРИ-дің Батыс Қазақстан секторының меңгерушілігі).

Ибаш Мәстектен өте қанаттанып шықты жолға. Терең бұрғылау мұнарасы құралданып жатқан Имағанбет содан көрінім жер екен. Мекені осы шыңырау басы болғанмен, ресми түрде алаң Қызан деп аталады. Бастығы - инженер Хасан Тәжиев, мастері - Петр Шамрай. Екеуі де жас жігіттер. Бұрғышы инженерлер. Өткенде Ибаш ұсынысымен қала комсомолдары бастама көтеріп, С.М.Киров атындағы мектеп түлектері барлау алаңдарына жұмысшы болып баруды шешкен. Соңғы емтихан тапсырысымен солар келіп жетпек.

Мұнда жұмыс жақсы жүріп жатыр екен. Қызандағы басқарма төрағасы Ахметов Бегейбай Ибаштың ескі танысы. Бұл да майдангер. Ол ауыл іргесіне келіп жатқан барлаушыларға ықылас ілтипатын алғашқы күннен-ақ көрсетіп жатыр екен. Сонысымен қатты риза етті. Өткен жылы барлаушылардың орташа тереңдікке қазатын тобын Қызандағы су тапшылығын ескеріп, көрші Ақшымырауға орналастырған. Алдын қысқа салып келген отбасылар ескі жер үйлерді жөндеп, тезек қорасына пеш орнатып кіріп, лаждап қыстан шықты. Дербес мекендерінің құрылысы ерте көктемде бастаған. Негізгі құрылыс материалы - қамыс. Тізеден қазылған жер үйдің қабырғасын қамыспен көтеріп, сыртын майласа қыста жылы, жазда салқын тамаша баспана. Ортасынан сыңар көше түзген барлаушылар қонысы бой түзеп қалыпты. Шағын клубы бар. Оқушы балалар ауылдың мектебіне барады. Барлаушылар ескі шыңыраудың бірін аршып, цементтен астау орнатып ауызсу мәселесін де шешіп алыпты. Басшы Құспан Садықов - байырғы барлаушы, білімі -техникум, ескі өлшемнің адамы болғанмен, шаруаның ретін білетін ақкөңіл, аржайы жан. Сол уақыттың өзінде егде кісі. Жұмыс та біршама жақсы жүріп жатыр. Әзірге Қоңырорпада бірнеше ұңғы қазылу үстінде. Енді Қайдақ соры жағасына қарай ойыспақ. Қысқасы, мұндағы жағдай жақсы екен. Ибаш көңілі тіпті көтеріліп қалды.

Аудандағы соңғы кездің үлкен бір өзгерісі бұрынғы барлау тобының негізінде жаңадан Маңғыстау мұнай-газ барлау тресі құрылған еді. Бастығы Орынбай Адайұлы Бердіғожин. Туысы гурьевтік. Сондағы мұнай техникумын бітірген байырғы маман. Әр жердегі барлау тобын айтпағанда, бұл трест деген өте үлкен құрылым болады екен. Дербес автокөлік, тағы басқа көн торлары, жабдықтау бөлімі, құрылыс мекемесі бар. Олар үшін негізгі мекен-жай қаланың Бөгет жақ шетінен бөлінеді.

Жалпы Маңғыстауда, оның ішінде Фортта құрылыс материалы о бастан жеткілікті. Ол -кәдімгі таудың ұлутасы. Соны бертінде арамен кесіп өңдеп, әуелі мешіт, мола салған ел келе-келе тұрғын үй құрылысын салған.

Форттың көп үйлерінің қабырғасы сол тас. Кеңес тұсында тау тұмсығынан карьер ашылған. Ондағы жұмыс әуелі қол күшімен еді.

Ибаш жоғарыға соны өндірістік негізге көшіру мәселесін қойып, ол ұсыныс қолдау тауып, Алматы тау-кен институтын бітірген жас инженер Халидолла Қарпеков бас инженер болып келіп, карьерді бүгінде үлкен бір өндіріс ошағына айналдырған. Бірақ мүмкіндік шектеулі, қол байлаулы. Еркің өзінде емес. Өзіңнің өніміңе өзің қожа емессің. Шыққан тас баржамен Астраханға жөнелтіледі. Тіпті, оған Гурьевтің де көп билігі жүре бермейді. Оларға бөлінген үлес те шектеулі. Басында карьер таласып-тармасып жүріп, өздері табан ет, маңдай терімен өндірген тасынан зорға үлес алып, қаланың оңтүстік күнбатыс шетінен бірнеше үй салып алған. Онда да өз қызметкерлері үшін.

Жаңа ашылған трест орталығы үшін тас алу мәселесін Алматының алдына дейін қоюға тура келді. Сөйтіп, ұлықсат берілді. Онда да карьер өнімділігін арттыру арқылы өндірілген тас есебінен. Солай қаланың шығыс жағындағы кіреберіс бүгінде жаппай құрылыс алаңы. Жаңа үйлер сап түзеп салынып жатыр.

Бірақ орталықтан жырақтағы жаңа трест жұмысының бірден қарқын алып кетуі өте қиын болды. Құрал-жабдық, шебер маман, тіпті жанар-жағар майға дейін тапшы. Жүктің басым бөлігі Гурьевтен қыр жолымен машинамен тасылады. Жолсызбен кемі бір апта, он күн жүріп жетеді. Байланыс рация арқылы ғана. Бұрғының қазғанынан тұрғаны көп. Жоғарының алған шешімі трест басшылығын өзгертті. Бердіғожиннің орнына Халел Өзбекқалиев келді. Мәскеудің Губкин атындағы мұнай институтын бітірген жас инженер екен. Одан бұрын Гурьевтегі техникумның геология бөлімін бітіріпті. Бір сөзбен айтқанда, бір басына жететін білімі бар. Тік, сырбаз, көп сөзге жоқ. Ибаш бір көргеннен «Істің адамы боларсың. Мінезің де бар-ау. Ана маңдай терің басқа бітер маңдай емес. Ақылсыз да емес шығарсың» деп бағалаған іштей. Сол болжамы айнымай келді. Жаңа басшы жұмысты асықша үйіріп әкетті. Ол уақыттағы партияның талап, тәртібі қатты. Бәріне өзі басшы, өзі қожа, ештеңені уысынан шығарғысы жоқ. Бірінші хатшы Ибаш та сол тәртіп тезіне бағынады. Тек бағынып қоймайды, аудандағы соның бірден бір жоқшысы да. Өзбекқалиев оған «ләббай тақсыр» деп оңай иіле кетер кісінің сойынан емес екен. Оның мұнысын партия қатарындағы тәжірибесінің жоқтығы, өндіріс маманы екендігі, жастық албырттығы, бас асаулығы деп бағалауға, сосын кешіріммен қарауға тура келді. Жас басшының Ибашқа өте-мөте ұнағандығы - елжандылығы. Бұрын қала халқы ауызсуды шеттегі «Патша құдықтан» алып ішетін. Олай аталуы алғаш қамалмен бірге 1839 жылы қазылған. Патша қамалы басшысының тапсырмасымен қазылған соң солай делініп кетулі.

Ауласында құдығы бар үйлер сирек. Құдық суы алғаулылау. Сырттан келген адамға бірден білінеді. Халел алдымен осы су мәселесін шешті. Биік басына қазан орнатып, соған Шүйлі бұлақтың кәусар суын Құйғызып тұрды. Жұрт құдықтан су тарту машақатынан құтылды. Қазанға келеді де, кранды ағытып, ыдысын толтырып ала береді. Трест үйлерінің жанынан іші цементтелген су құяр бассейндері қоса салынып жатыр.

Халелдің тағы бір тәнті қылған жері – батылдығы. Облыстағы үлкен жиналыс мінберінен сөйлегенде, партия комитетінің бюро мәжілістерінде күлбілтелемейді, ашық, ашып айтады, не нәрсенің де көген түбінен ұстайды. Бірде жаңа барлау аландарына арнаулы ұшақ бөлініп, күнара қатынап, көкөніс жеткізіп тұратын болсын деген талапты айтып тастады. Бұл бұрын-соңды бұл облыста болмаған жағдай. Содан да болар бірсыпыра басшылар «дәмесін қара» дегендей, салқын ыңғай танытып қалды. Оны аңғармаса Халел Халел бола ма? Енді тіпті шамырқанып кетті.

 Тек бұл емес, дәрігер керек. Қайталап айтам, медбике, фельдшер емес, жоғары білімді дәрігер! Барлаушылар ауылында ауру-сырқау, өлім, әсіресе балалар өлімі, өндірістен жарақат алу көп. Табиғи өсім жоққа тән. Партия бізден үлкен мұнайды тап деп отыр. Ендеше оның іздеушілеріне қамқорлық та болсын. Өйтпейінше құла дүзде маман тұрақтату мүмкін емес. Ол мүмкін болмаса мұнай да болмайды!

Орынды уәжге ешкім ештеңе дей алмай қалды. Соның селбеуі болар, 1959 жылдың қысында өңірге арнаулы дәрігерлер тобы шығып, ішінде барлаушылар да бар, ел жаппай рентген аппараты арқылы алғаш рет тексеруден өтті. Тексеру қорытындысы жан шошырлық. Түбек тұрғындары республика бойынша өкпе ауруы жөнінен алғашқы орында! Жедел шара алуға тура келді. Тұщыбектен шұбатпен емдейтін санаторий құрылысы қолға алынды. Өзен мен Жетібайдан жұмысшы асханалары ашылып, көкөніс Гурьевтен ұшақпен жеткізіліп тұрды.

Сол жиналыста Ибаштың қатты риза болғаны соншалық, Халел інісінің қолын құшырлана қысты.

 Біздің көп басшылар алдына хатшыны салып, арқа сүйеп жаман үйренген. Өз қотырларын өздері қасуға жоқ. Жалтақ. Жарадың, Халел інім!

 Бұл - басы. Ертең мұнай шығаралық. Сосын арқаны жарға тіреп отырып сөйлесеміз әлі жоғары жақпен.

«Әй, сол мұнайы түскір табылса жақсы». Ибаш бұл күдігін естіртіп айтпағанмен, сұңғыла Халел түсіне қойды да жауабын кідіртпеді.

 Мұнай бар, болады, aпa! Taп осы сөзіме сеніңіз.

Шынында ол бір қиын кезең еді. Соның алдында ғана Гурьевте үлкен басқосу болып Маңғыстаудан көмірсутекті қосылыстар іздеудің болашағы бар ма, жоқ па деген мәселе қаралған. Одақтың біраз ғалымдарының аузы қисайып қалыпты. Сонда ішінде трест басшысы Халел Өзбекқалиев, бас геолог Валентин Токарев, республиканың бір топ геологтары, Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевтар оларға батыл қарсы шыққан.

 Біз түбектің жер қойнауының беткі жағын ғана шұқылап жүрміз. Онда да бәрін емес. Болашағынан мол үміт күттіріп отырған Өзен, Жетібай алаңдары қозғаусыз жатыр,- деген-ді. Ақыры соңғыларының дегені болды. Аталған екі алаңға барлаушы ауылдар барды. Түбіжікте қазып тұрған бір ғана терең бұрғылау қондырғысы қалдырылып, барлық күш сол жаққа шоғырландырылды. Бұлар Шевченко ауданына қарайтын жерде. Ибашқа таныс. Өзеннің отыз шақырым шығысында ауданның алыс мал жайылым учаскесінің орталығы - Сенек. Ибаштың бір «ауру» жері сол. Қаламен қатынас қиын. Алыс. Оның үстіне учаске делінгенмен, оның өзі Қазақстандағы көп ауданның жерінен үлкен. Малшы ауылдары шашыраңқы орналасқан. Байланыс - рация. Почта аптасына бір рет қана келіп тұрса, соның өзі жетістік. Сол мекенге енді барлаушылар қоңсы қонып жатса құба-құп. Тек, іздегендері табылса ғой.

1961 жылдың көктемінде 1 Май мерекесін өткізе салып, солай қарай іссапарымен шықты. Негізгі ойы - барлаушылар жайымен таныспақ.

Жетібайда қыста болып кеткен. Екі мұнара құралданып қазыла бастағанын көрген. Бұл жолғы діттегені - Өзен. Мұнда жол-жөнекей әлденеше рет болғаны бар. Қысы-жазы бір түйе отары отыратын. Қосымша тағы бір қой отарын әкелуге біріншіден, бұл жердің қысы қатты, екіншіден, су тапшы. Қызылсай деп аталатын сай тұйығында құдық өте көп. Бірақ бәрі таңқы. Әрі алғаулы.

 Баяғы шалдар мал жайын бізден гөрі жақсырақ білген ғой. Бұл жер әу баста қырым құлдар мен жаманадайлардың ортақ қонысы екен. Солар көп қыстап жайламапты. Күзде күйегін алып, көктемде қозы аяқтанғанша аз күн отырып көшіп кетеді екен. Ана сай тұйығындағы көңдер уақ жандығы үш-төрт жүзден аспаған орта шаруа жатақтардыкі, деп осы жерлік түйеші Кәдірбай шал біраз гәптің басын шерткен. Барлаушы ауыл сол Қызылсайдың батысындағы төбе басына орнапты. Үйреншікті көрініс. Бәкене үйлер. Төрт жылдық бастауыш мектеп былтыр жеркепеде оқып шыққан. Мұнда да мұғалім Түбіжіктегідей біреу. Аққулиева Сая. Енді жаңа мектеп құрылысы салынып жатыр екен. Қабырғасы көтеріліп қалыпты. Қарсысында клуб. Ол бітуге жақын. Былтыр Ақшымыраудағы қоспен бірге көшіп келген ағаш шебері Нұрадин Бегалиев ағаш еден төсеп болып, сахнаға кірісіп кетіпті. Енді бір шетте асхана. Әдейі соғып, дәм татып еді - жақсы. Біріншіге борщ, щи, екіншіге қалбырдағы ет қосылыпты. Жас ет күнде бола бермейді. Сақтайтын тоңазытқыш жоқ. Гурьевтен аз мөлшерде ұшақпен келген ет сол күні асылады. Енді бір жертөледегі аралас дүкен тауарлары да салыстырмалы түрде алғанда көңіл тоғайтады.

Монша сай өрнегіне салыныпты. Ондағы есеп - лас суды төмен ағызып жіберу. Мекеннің коммуналдық қызметкері Тасбас, Түбіжіктен білетін Айтжан апай. Мастер Зейнолла Ысқақовтың әйелі. Салдырлаған ақкөңіл, ақ жарма жан. Тек бір айыбы бар - бұрқыратып шылым шегеді. Жақсы көретін қарындастарын көріп үй иелері мәз. Зейнекең қосағына тапсырма бере салып, Ибашты бұрғылау алаңына бастады. Ауылда бас көтерер өзі екен. Үлкен басшы Үсенов Фортқа кетіп қалыпты. Ол кез дәстүрінде қазіргідей аудан басшысы келетін болса, қапылып қарсы алуға дайындалу жоқ. Әрі Ибаштың ондайды ұнатпайтыны бар. Сосын бері шығатынын хабарлауды қажет деп таппаған. Орташа тереңдікке қазатын мұнара құралданып жатыр екен.

Бұрғышылар тілінде «Крелиус» деп аталатын мұнара. Авторы инженер Крелиустың атымен солай аталған. Кеңестік мұнай өндірісінің кәрі бейнетқоры. Тасбастан бастап Маңғыстаудың қара ойын бір айналып шығып, енді Өзенге келіпті. Анау әр жер, әр жердегі машина үстіндегі қондырғылар картировка деп аталады. Олар жер қабатының беткі бөлігін ғана шұқып дерліктей қазып, қабаттардың орналасу ретін анықтайды. Алаңды терең бұрғылауға дайындаудың дайындығын қамтамасыз ететін барлаудың барлауы. Жақында үш мың метр тереңдікке дейін қазатын үлкен мұнара құралданбақ. Соған дайындық та қызу жүріп жатыр. Тағы бір ескі таныс Мұрат Қайырлиев қосынның шаруашылық жағын басқарады екен. Ол саз ерітіндісін даярлайтын қондырғыны құралдан болып қайтты.

Зейнекең үйі де қабырғасын таспен көтерген жер үйде тұрады екен. Аласа есіктен еңкейе кірген Ибаш көзі бірден ауыз үй бұрышында жанып тұрған білтелі керосин пешке түсіп, күліп жіберді. Көзіне оттай басылды.

 Апа-ау, мынаны ала келгенбісіз? Жаны сірі екен өзінің. Айтжан апа күліп жатыр. Оған қосылып Ибаш та күлді. Олары себепсіз емес-ті.

Форттағы наубайхана қуаты шағын. Оның үстіне пісірген наны да пәлендей дәмді емес. Сосын қоғамдық тамақтандыру орындары болмаса, оның нанын көп үйлер алмайды. Нанын баяғыша табаға көміп пісіреді. Отын жоқта ол да аз машақат емес. Неге екені белгісіз, сауда дүкендеріне бүйірінен піскілеп, ауа үрлеп барып жағатын керосин пеш түспейтін болған. Барының көзі аз. Болған күнде де ауылдың қарапайым әйелі біле бермейтін кілтипаны көп. Қауіпті. Бірде Ибаш Гурьевке барғанда үш пілтемен жанатын осы пешті көріп, сауда орындары арқылы заводтың өзіне сұраныс берген. Сау болсын, олар алыстағы ауданның сұранысына құлақ асып, бір аз ғанасын жіберіпті. Ибаш соны түгелімен барлаушылар отбасына тізіммен бөлгізген. Сөйтем деп біраз жұрттың наразылығын туғызған. Майлық-саулығы бірдей арнайы пілтелі болмағанда кәдімгі май шамның пілтесін қосып, жамап салып жағуға болатын пеш бұл ауылға солай келген. Шүкір, керосинге тапшылық жоқ. Ашыған қамырды кәдімгі кастрюльге салып, үстіне қойып пісіріп, шайын да қайнатып, етін де асып жұрт бір жасап қалды. Солай бұл пеш барлаушы ауылға келген «өркениеттің» алғашқы қарлығашы іспетті еді.

Ибаш бұл сапарынан көңілді оралды. Артынша келесі бюроға барлаушы ауылдардағы әлеуметтік жағдай, мәдениет, тұрмыстық, медициналық қызмет жайы туралы мәселе дайындауға тапсырма берді.

Содан бастап жағдай күрт оңалды. Гурьевтен арадағы ұшақ графигі қатаң сақталатын болды. Кітапхана ашылды. Келген жаңа кітаптар, жаңа фильмдер алдымен Өзен мен Жетібайға жіберілсін деген нұсқау берілді. (Сол жылы төртінші сыныпты бітіріп, жазғы каникулды Өзенде еткізген осы жолдар авторы алдында шыққан Сабыр Шәріповтің екі томдығын, Е.Букетов аударған болгар жазушысы Иван Вазовтың «Бұғауда» романын сол «жазда Өзеннің жер үй кітапханасынан» оқып, «Тынық Дон» фильмін алғаш сондағы шағын клубта көрген).

Бұл уақытта трест Фортқа мықтап табан тіреп орныққан. Қаланың Бөгет жағынан бүгінгі тілмен өлшеммен айтқанда, үлкен бір мөлтек аудан орнады. Әуелі әлдебір аула ішіндегі құлаған үйді жөндеп кірген трест артынан дербес кеңсе салып алды. «Көзін мектеп тескен» Ибаш соны мектеп қылғысы келді. Бірақ Халел көнбей, өздері салған құрылысқа өздері басып кіріп бермей кетіп, ол дау облысқа дейін жеткен. Артынан түсіністі. Кішілік танытқан Халел:

 Апай, сіздің жағдайды да түсініп отырмын. Бірақ менің де жайым онша емес. Қазақстандағы ең үлкен кен барлау ұжымының ескі аулада отырғаны жараспайды-ақ қой. Оқасы жоқ, келер оқу жылына сырнайдай қылып дербес жылу қазаны бар мектеп салып беремін.

Нағыз жігіт қой, сөзінде тұрды. Жаңа мектеп салынды. (Ол кеңсе, мектеп үйлері Фортта әлі бар. Сыны да кеткен жоқ, міні де қураған жоқ. Кеңсе үйінде қалалық саз мектебі бар).

Бірақ бар қиындық барлау алаңының тым алыстығы. Өзенге таңертең жүк алып шыққан машина кешке зорға жетеді. Басшы мамандар апталап, айлап жатады. Қыс, жауын-шашын кезде жағдай тіпті қиын. Бұрғының тоқтағаны көп. Қазақы өлшеммен айтқанда, жер қойнына қарыс, сүйемдеп еніп барады дейтіндей. Онсыз да қиналып жүрген адамды мазалап қайтем деген Ибаш Халелді көптен мазаламай жүрген. Бір күні кеңсеге өзі келді. Көптен көрмеп еді, қарайып жүдеп, тотығып кетіпті. Бірақ көңілді. Қолында қағазға ораған түйіншегі бар.

Амандықтан соң соны ашты. Цилиндр сияқты қара қошқыл зат болып шықты онысы.

 Біздің тілімізде мұны керн дейді. Жердің бұрғы бойлап барған тереңінен алынатын жыныс. Жетібайдағы ұңғыдан алдыңғы күні алдық. Мұнайға малшынып тұр. Осы қалпында от берсек қиша жана береді.

 Тасбас, Түбіжіктікіндей болып жүрмей ме? - деген күдігін айтты бірінші хатшы Ибаш.

 Жоқ, апай. Олар жердің беткі қабатында қалып, жеңіл қосылыстарынан ажыраған шөгінділер. Ал мынау тереңде. Сол жаралған күйі тұмшаланып жатқан болуы тиіс. Құдай деп айталық, іздегеніміз табылған болар. Апай, бұны айтып отырғаным, алдағы пленумда мен трест жұмысы жайлы есеп беруім керек екен. Соны кейінге қалдыра тұрсақ. «Күлшелі бала күлуге жақсы» деген ғой... - деп жұмбақ жымиып қойды трест басшысы. Сол күннен бастап көңіл алаң. Құлақ түрулі. Бірақ әзірге хабар көңіл көншітпей тұр. Авариядан соң авария. Жетібайда да, Өзенде де жұмыс жүрмей жатыр. Жобалы тереңдікке дейін әлі біраз бар. Ибаш та бұл кезде барлау жұмысының біраз қыр-сырына қанығып алған. Жобалы тереңдік дегені барлау ұңғысының қазуы жобаланған тереңі. Қазу барысында жолшыбай керн-тау-кен жынысы алынып, тексеріліп, зерттеліп отырады. Жетібайдағы ұңғы Маңғыстаудағы ең терең ұңғы екен. Айтып отырса, ондай тереңдіктің Ембіде де қазылғаны сирек. «Көрмеген жер көрстан» деп содан екен жігіттердің мимырттап, адымын аша алмай жүргені.

Бір күні дегбірі кеткен Ибаш тағы жолға шықты. Жетібайға түс қайта жетіп, ауылдың жай-күйімен танысып, бас инженер Хасан Тәжиевтің үйіне келіп қонған. Үй иесі жоқ екен. Мұнара басында жүрген болып шықты. Әйелі шақыртпақ болып еді, Ибаш ыңғай бермеді. Қонақасыға да қарсылық білдірді. Бұрын талай келіп дәмдес болған отбасы. Ибаш жалпы орынсыз шашпалықты, қонған үйін мал сойғызып мазалауды жақтыртпайды. Оған қарапайымдылықтан, солай болғанды қалайды, ұнатады. Хасан жатар алдында келді. Күндегісі сол екен. Тағы шай дастарханы жасалды. Ақырын, байыпты сөйлейтін Хасан жұмыс барысымен қысқаша хабардар етті. Бұзылған жер жөнделіп, жақында қазу жұмысы қайта басталыпты. Осы қарқыннан жаңылмаса, енді аз күннен соң аяқталады. Сосын қабатты аттырып, сынау басталады. Не бүк, не шік - бәрі сонда белгілі болады. Жігіттер көңілі күпті.

Әңгімемен отырып кешірек жатқан. Жолсоқты болған Ибаш жастыққа басы тиісімен ұйқыға кетті. Тумысынан сергектігі бар әлдекім есікті қатты қаққанынан оянып кетті. Есікті Хасан барып ашты. Келген адамның даусы тым қатты шықты.

 Ойбай, Хасеке! Фонтан атып кетті! Тіпті қалай болғанын білмей қалдық. Әуелі аспандаған су бұрқақ. Артынан аждаһаша қап-қара бірдеңе. Құдайекең сақтасын. Мұнай деген осындай болады екен ғой!

 Дизельді сөндірдіңдер ме? Хасан дауысы тым үрейлі, абыржып шықты.

 Сол бойда сөндірдік. Қазір тас қараңғы.

 Е, онда болды ендеше. Ибаш жаңа хабар басталғанда-ақ жеңіл халатын иығына ілу қамына кіріскен. Үстіне Хасан кірді апалақтап. Қуанған да бір, қорыққан да бір деген ғой, бөлмеде ауданның бірінші хатшысы әйел адам иені ашық жатқанын ұмытып ентелей енді.

 Сүйінші, апай! Мұнай шықты!

Ибаштың да есі шығып кетті. Хасан сол бойда мұнара басына жөнелді. Енді ұйқы болған жоқ. Үйдегілер көрер таңды көзімен атырды. Бәрі мұнараға асығулы. Ертеңгі шайды шала-шарпы ішіп, машинаға отырған. Сөйтсе, тек бұл емес, ауылдың бар адамы солай қарай шұбап барады жаяу-жалпылап. Қайдан, қашан, қалай естігендерін қайдам, бәрі хабарланып үлгеріпті. Көңілді, жүздерінде күлкі ойнайды. Ибаштың есіне түсіп кетіп, көзіне жас үйірілді, тап осы жағдай 1945 жылы 9 майда болып еді...

Кең далада, әсіресе, Бозащыда құйын тұратын. Сол бір орында бөксесімен шыр айналып әуелеп шаншылап тұрып алатын әуелі. Бері салып, үйімізді ұшырып кетер деп, зәре-құты қашқан жұрт соған үрейлене қарап, үлкендер жағы білген дұғаларын күбірлеп, дұға білмегендер «Піссімілла, піссімілла» десіп, балалар жағы «Кет, пәлекет, таздың үйіне бар» деп құйынға қарай тепсініп әлекке түсер де қалар еді. Мынау - сол аумаған құйын. Одан бір айырмасы - бір орында және түрі қара қошқыл. Жақындап бару мүмкін емес. Ысқырған, гуілдеген дауысы құлақ тұндырады. Барлық бригадалардың жұмысшылары шеткерірек ошарылып тұр. Не істеу керектігін білмей дал. Рациямен Гурьевке хабарланыпты. Ондағылар осындай фонтанды ауыздықтайтын арнаулы бригада шақыртыпты Бакуден. Олардың қашан келіп жетері белгісіз.

 Жігіттер-ау, ақыл ойдан артық емес. Соларға қарап тұрмай өзіміз де қам жей берсек қайтеді? Тәуекел қып фонтан аузына превентор қойып керелік, - деді мастер Салық Рысқалиев. Онысы ортаға ақыл салғандағысы. Өндіріс басшысы Хасан солай ету керек дей алмайды. Хасан тұрсын, трест басшысы Халелдің өзінің олай әмір беруге құқы жоқ. Жұмыс кезінде кез келген сәтте өрт шығып кетуі мүмкін. Онда адам өміріне қауіп. Фонтан аузындағылар қас-қағым сәтте күлге айналады. Дегенмен, жігіттер жарады. Іске кірісіп кетті. Адам мен жер қойнауында тұмшаланған дүлей күш арасындағы арпалыс басталып жүре берді. Ұңғыдан шыққан мұнай көл-дария болып маңайды басып барады. Бір шеті ойға қарай ағып жатыр. Екі Бульдозер аулақтан тоспа жасау қамында.

Түс қайта Форттан Халел Өзбекқалиев бастаған бір топ басшы мамандар жетті. Ертеңіне Гурьевтен ұшақпен тағы бір топ адам. Превентор оңайлықпен қойылар емес. Қысым күшті. Әрі ыстық. Ұңғы аузында адам екі-үш минуттан артық тұра алмайды. Бакуден әлі хабар жоқ. «Кісіге қараған күнің құрсын, боқтарын боталы інген қылуларын қарашы, оңбаған, шірік қызылбастардың», - деп сықпыртып жіберді шыдамсыз жігіттердің бірі. Баутин портында келген сойталбай теңізші әзірбайжандармен талай жұдырық сілтесіп, сыралғы болғаны бар ғой. Сол қыжылы басылмапты. Осы сөз қамшы болған болуы, беті қайтып, шаршап шалдығып тұрған топ жігіттер қайта ұмтылды ұңғыға. Превентор дегені ұңғы аузындағы ашыққа болтпен бекітілген темір құбыр екен. Ортасында ашып жабар задвижкасы бар. Соны ауызға бекітсе жетіп жатыр. Онан әрі превентор бойлап атқан фонтанды тұмылдырықтай қою шайдың батасындай. Ереже бойынша ол ұңғы қазылып басталғанда, бүйірден қойылуы керек еді. Бірақ фонтан ұрып кетеді деп кім ойлаған. Бұл осыған дейін түбектен қазылып қала барған қайырсыз көп ұңғының бірі болар деп есептеген ғой жігіттер. Бірақ қазір бәрі кешірімді еді оларға. Орысша айтқанда «победителей не судят». Соңғы шабуыл нәтижелі болды. Колхоздың шөп машинасына жегілген бақырауық қоспағы құсап, жынын беталды құсып жатқан ұңғы енді бір сәтте сыздықтатып шаптырғандай болды. Сонда барып бері лықсыған жігіттер біразырақ демін алып болып, қайта ұмтылды. Содан соң ғана әуелеген бұрқақ арнаға түсіп, енді еркек түйеше көлденеңдеп сыздықтатты. Соның өзінде арыны қатты. Ұзын құбырды басынан жаңа оқ тиген жылан сияқты солқылдатып жатыр.

Орталыққа фонтан ауыздықталды деген жедел хат кетті. Ибаш осы соңғы екі-үш күндегі жігіттердің ерлігін көргенде барып, соғыстағы жеңістің тек осы бұла күш арқылы ғана мүмкін болғанына көзін мықтап жеткізді.

Өзен жағдайы бұдан гөрі оңай шешілді дерлік. Әуелі тайыз ұңғыдан газ атып кетті. Зертхана нәтижесі оның мұнайдың бетіндегі ілеспе газ екендігін көрсетті. Дәл қасынан №1 терең ұңғы қазылып жатқан. Ол да мимырттап жобалы тереңдікке жетпей қойды. Ақыры мамандар келісе келіп, бұрғы жеткен жерден атып, саңылау ашып сынап көруді ұйғарды. Сөйтіп еді, тағы фонтан! Енді ешкімнің шәгі қалмады – бұл дөңнің асты тұтасып жатқан мұнай екен! Баласы күлшесін ұстап келген соң орталықтың да қабағы жадырады. Бәрін үйіп-төкті дерлік. Барлаушылардың негізгі жалақысына Жүз он пайыз үстеме қосылды. Түрлі техника ағылды. Бәрі заводтан шыққан бойы су жаңа. Жабдықтау күрт жақсарды. Бұрынғыдай Ибашқа сұратпай өздіктерінен жарылқап жатыр. Әйтеуір ағыл-тегіл молшылық. Тек жетпей тұрғаны – адам күші, маман кадр. Бұл ретте аудандық партия комитетінің міндеті алғашқы кезекте мұғалім, дәрігер кадрлармен қамтамасыз ету болып қалды. Ауданда бұлардың қай-қайсысы да жетпейді. Ауданды былай қойғанда, облыс, республикада солай. Елде әсіресе, қазақта соғыстан сон халықтың табиғи өсімі күрт көтерілді ғой. Солар енді міне мектеп жасында. Барлық облыста дерлік пединститут бар. Педучилище бар. ҚазМУ, ЖенПИ тағы бар. Соларды жылына бітірген мыңдаған мұғалім аздық етіп жатыр. Құдай берсе осылай-ақ берсін! Тәубесіне іштей келетін Ибаш мұны да ішпен айтады. Сол мұғалімді әуелі Өзен мен Жетібайдағы мектептер үшін түйірлеп жинауға тура келді. Жетібайдағы мектепке есімі республикаға белгілі ұстаз Зердебай Бекарыстановты, Өзендегі енді ұлғайып алты сыныптық болып ашылған мектепке Қызыл өзендегі мектептің оқу ісінің меңгерушісі Сәнжан Боранбаевты жіберді. Ибаштың жеке қамқорлығындағы Сенек мектебіне де «ауыз салуға» тура келді. Ол 1960 жылы сегіз жылдық болған. Соны енді бірер жылда орта мектеп қылғалы жүр еді. Ол ойдан бас тартуға тура келді. Ондағы жоғары білімді Нұрберген Кемалиев пен Бәйімбет Қойлыбаевты Өзенге әкелді. Тарихшы мұғалім Жәңгір Смағұлов аудандық газет редакторының орынбасары болып жүрген. Газет жабылды. Жәңгір өте сауатты адам. Ондай маман өзіне де керек. Аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушілігіне таптырмайтын-ақ кадр. Қинала-қинала отырып, оны да Өзендегі мектепке жұмсауына тура келді.

Жағалық кәсіпшіліктің қысқаруына байланысты, Сартастағы «Путь к коммунизму» колхозы да тарады. Онда Ибаш келешегінен көп үміт күтіп жүрген екі жас мүғалім бар еді. Бірі – Жаңагүл Мәмбетбаев. Қызылорда пединститутының математика факультетінің орыс бөлімін бітірген. Байбазар Ербақиев - Гурьев пединститутының тіл, әдебиет факультетінің түлегі. Жаңагүл - спортшы, актер болғанда Байбазар - музыкант. Жаңагүл сөзге келген жоқ. Өзенге баруға келісті. Байбазарға іргедегі Шахта орта мектебі «құда түсіп» қойыпты. Түбі бозащылық, Долгийден еді. Әкесі Ербақыны да біледі. Байырғы балықшы. Сартасқа амалсыздың күнінен зорға көшіп келген оның енді туған жерден ұзағысы жоқ. Жаңагүл інісі үгіттеп көрген екен «иттің өлген жері» Өзенге кешуден ат-тонын ала қашыпты. Енді іргедегі Таушыққа жантая кетпек. «Байбазаржан аман болса сүйегімді Долгийдегі ата қауымым Жұмаға жеткізеді ғой» деген сенім, тілегін алға сала бастаған.

Сол Байбазарды шақырып алды. Оның әкесіне қарсы келмейтін көңілшектігін жақсы біледі, оған жастарға жорта қатты қабақ танытқан дауыс көтеріп сөйлейтін әдетіне басып, онысы ширап піссін деген есебі, бірден төте шабуылға көшті.

 Сен, інім, менің ауданымның кадрысың. Таушығың не, оны қайдан шығарып алдың? Келісім бермес бұрын үлкеннің алдынан өтпес болар ма? Сендерді де оқыған, иба, инабатты білетін жігіт деп жүрміз-ау біз. Сөзді қой. Мұнай өндірісі жаңадан ашылып жатыр. Оның ертеңін білімді кадрлар қамтамасыз етеді. Ал олар өзімізден шығуы керек. Ол үшін жергілікті жердегі мектептің білім сапасы жоғары болуы шарт. Өзенде орта мектеп ашып жатырмыз. Соған мұғалім жетіспейді. Сөзді қой, сонда барасың. Мектеп әзірге аралас бола тұрады. Сен орыс тілін жақсы білесің. Ілкіде орыс сыныптарына да сабақ беруге тура келер. Байбазар болмайды дей алмай қалды.

 Іргесіндегі Сенектен де екі бірдей мұғалімді алуыма тура келді. Өстіп отырмын, олардың сауып отырған түйелері жерсінбей күнде Сенекке қашып, ал кадрларымның үйлеріндегі орамалдастарым менің шаңымды қағып жатқанын да сезіп отырмын деп, - күлді Ибаш енді. Онысы жаңағы қатал қабақ танытқанын жуып-шайғандағысы. Сол бойда автовазаға телефон соғып, көшетін көлік мәселесін де шешіп тастады. Байбазар мұғалім қолына бұйрығын алып, сол күні бөлген машинамен Ойраның қия жолынан Сартасқа қиялап құлап келе жатты.

Облыстық оқу бөлімінің бастығы Қатира Дүтпаева сыйлас құрбысы еді. Гурьевке келген бір сапарында арнап соған соқты. Бұйымы - мұғалім.

 Институтты жақсы бітірген мамандарды маған жіберсең. Мүмкіндігінше олар қыздар болса.

 Неге жігіттер емес? - деп қуақылана сұрады Қатира.

 Қыздар болса, сонда күйеуге тиіп, біржола тұрақтап қалады дегенім ғой.

 Ой, сен менен кадр сұрап емес, қалындық айттырып отырған қу болдың ғой,-деп мәз болды Қатира,- Анау күні трест бастығы Халел Өзбекқалиев те келген. Оның да бұйымы тап сен айтқандай. Болады ол дегендерің.

Солай бұл мәселе де оңынан шешіле кетті.

Жанашырлардың, ұлт жандылардың ол қамқорлығы текке кеткен жоқ. 1971 жылы Маңғыстауға қазақ политехникалық институтын бітірген жиырма бес жастағы инженер келді. Көбі Өзен, Жетібай, Қарақия мектептерінің 1966 жылғы түлектері. Солар кейіннен Қазақ мұнай өнеркәсібінің тізгінін ұстады. Араларынан белгілі мемлекет қайраткерлері де көп шықты. Солардың бәрі дерлік Өзен, Жетібай, Ералиев орта мектептерінің 1966 - 67 жылғы түлектері еді.

Өзен, Жетібайда учаскелік ауруханалардың ашылу бейнеті де аз болған жоқ.

Сол жылдар еді Ибаш Жанболатованың самайына бастап ақ түсірген. Бір іссапарынан оралып келе жатқан бетте, Емірдің ойынан шыға берісте сол жақ көкірегінің қатты шаншып кеткені де есінде. Әлдеқалай шығар деп мән бермеген. Артынан білді жүрек жарықтықтың бастап сыр бергені екен ол.

Алақаудан ала шабыспен жүріп ескермепті. Тіпті, олай болады деп күтпеген де. Құдай сәтін салып, іздегені жерден табыла кеткенін қара. Маңғыстаудан мұнай табылған хабары шыққан бойда баяғыда 1930 жылдары көрші республикаларға босып кеткен, енді ата мекенге қарап көздері боталап отырған ағайындар ағылсын келіп. Көштерінде толас жоқ. Іштерінде мұнда керек кадрлардың бәрі бар. Қысқа қол ұзарып жүре берді. Қинағаны -соларға жағдай туғызу. Өзен, Жетібай іргелі елді мекенге айналған соң, әрқайсысынан өз алдына жергілікті кеңес атқару комитеті құрылды.

Ибаштың әуелден берік ұстанымы жергілікті кадрларды көтеру еді. Бұл жолы да сонысынан жазған жоқ. Бұрынғы тесік өкпе шофер, ел жағдайын біледі деп Өзеннің кеңес төрағасына Бейсенбек Сырлыбаевты бекітті. Жетібайда да солай болды. Сонда оларға берілген бірінші тапсырма - халық шөлдеп қалмасын!

Су жаңа мекендер үшін ең бір өткір мәселе болып тұрды. Оңтүстік Маңғыстау шел өңір. Тұщы түгілі, ащы сулы құдықтарының өзі санаулы. Жақындағы жалғыз суы мол құдық -Жарма. Үштаған құмының құбыла бет шетінде. Ленин атындағы колхоздың ферма орталығы. Басқарма баяғы Төлесінов Ерғали аға. Су иесі де, жер иесі де сол. Ол сөзге келген жоқ. Қайта іргеден ашылып жатқан өндіріске қол ұшын бергеніне қуанышты. Екі өндіріс ауызсуды Жармадан машинамен тасып алатын болды. Бүгінде айтса ертегі, сонда күніне Жармадан жүз машина су алатын. Сонда құдық суы тіпті де сарқылмайды. Соншама машина жүрген дөңнің үстінің шаңы ертеден қара кешке дейін аспанды тұмшалап мұнартып тұрады. Әр үй дербес бассейн жасап алған. Асхана жанында үлкен темір қазан. Бір қызықта сол уақытта санитарлық ереже сақтау дегенді ешкім білмейді. Ол үрдіске енбеген. Жоқшысы, сақшысы жоқ. Бір ғажабы, сол жылдары аталған елді мекендерде суға қатысты бірде бір жаппай ауыру жағдайы болған жоқ соған қарамастан. Бір жағынан бұған таң қалып та болмас.

Біздің бала күнімізде ауылдағы өмірінде екі рет, бірінде шала піскен кәрі түйенің етін көп жеп күпті болып, екіншісінде иістенген айранды ішіп қойып іші ауырып ауру азабын тартқан бір әкеміз - осы ауру атаулының атын тауып, қорқытып, бәрін шығарып жүрген дәрігерлердің өздері, - деп кейістік айтатын. Алпысыншы жылдарда әртүрлі індет, ауру-сырқаудың болмағанын мен адамдардың ағзасының мықтылығынан, қоршаған ортаның экологиялық тазалығынан деп білемін. Оның үстіне Маңғыстаудың жерасты суларының өзі нағыз кәусардың өзі емес пе?!

Бір күні кеңсеге Халел келді. Оның әр келуі бір оқиға. Және көптен кездесіп емен-жарқын әңгімелесе де алмай жүрген. Қуанып қалды.

 Апай, шынымды айтсам, сізді ренжітіп аламын ба деп қобалжып, қаймығып, қынжылып та отырғаным.

 Халел-ау, о не дегенің? Айта бер. Құлағым сенде.

 Айтсам, трест орталығын көшіруге тура келіп тұр. Өзен мен Жетібайға жақындамаса болар емес.

Төбеден жай түскендей болды. Ибаш мұнай ашылуына байланысты, Форт-Шевченко ұлғайып, үлкен өндірістік орталыққа айналады деп армандап жүрген. Енді жоғарыға өтініш жасап, Одақтағы белгілі жобалау институттарының біріне болашақ қаланың жобасын жасатпақ ойы бар-ды. Теміржол желісін Ақтау мен Шетпенің қайсысынан тартқан тиімді болар екен деп жүрген іштей. Баутин порты тарлық етеді ғой, Саурадан тағы бір порт ашқан дұрыс болар дегенді түйіп қойған ішкі жобасының бір қалтарысына. Енді Халелдің шырық бұзып отырғаны мынау.

Қапелімде не дерін білмей абдырап қалды. Дегенмен, сарабдал сабыр иесі басшы емес пе, трест бастығының өзі қадір тұтатын өндіріс басшысының, шаруагердің айтарын ақырына дейін тыңдады. Онысы өте жөн болған екен. Ақыл байырқалатып қараса, оның ұсыныстары тиімді, тіпті екі қолды бірге көтеріп қостайтын, осы неге менің ойыма бірінші болып келмеген деп қызығарлықтай ұсыныс. Тың, батыл шешім.

 Өзен мен Жетібай төңірегінде біздер үшін жұмыс әлі жетіп артылады. Онымен шырматылып, барды қанағат қып жайқалып жүре беруге тағы болмайды. Жаңа алаңдарға шығуымыз керек. Ол үшін тағы бір экспедиция ұйымдастыру қажеттілігі туып тұр. Ол Қарақия ойпатын, бергі дөңді, арғы Ақсуға қараған бетті барлайды. Бірнеше жылға жететін жұмыс көлемі бар. Жаңа экспедиция базасы да Құрықта болады деп күтіп отырмыз.

 Бұған министрлік қалай қарайды?

 Олар үшін барлаушылардың көшіп-қонып жүруі үйреншікті жайт. Тіпті заңды. Қарсылық болмайды деп білемін. Апай, көз - қорқақ, қол - батыр депті ғой аталарымыз. Түбектің тағы бір түкпіріне ел барады. Қобалжымаңыз. Батаңызды беріңіз,-деп жымиып қойды Халел сөзінің соңында.

Ортақ мүдде солай ұйғарса, шалғайдан алуға бола ма? Бірінші хатшы келісті. Тек бар айтқаны:

 Япыр-ай, Форт иесіз қалатын болды-ау.

Үйіне келген соң біраз ойланды. Ертең теңізші мамандарды шақырды. Құрықты бір білсе Ибаш білсін. Бірақ оның бәрі бала күнгі балаң әсер ғой. Мамандар не дейді?! Олардың айтқандары көңілге жақты. Теңіз карталарын өзі де бұрын талай көріп жүр. Сонда әр жағаға таяу зәкір суреті тұратын. Ол тегіннен тегін емес болып шықты. Жаға астының тастақты зәкір ұстамайтын тұстары да көп. Ол тұсқа кеме тоқтамайды. Демек, порт салып болмайды. Керісінше, кей тұстар асты құмдауыт. Зәкірді орнынан тапжылтпайды. Құрық дәл сондай түс. Және порт болуға өте қолайлы. Анау Жыланды тұмсығы жел өтінен қалқалайтын табиғи қорған. Қарсысынан толқын жарғыш сала қойса бітті. Бүтін бір флоттың өзіне тарлық етпейді. Ең бастысы, бұл тұстың теңізі жыл он екі ай қатпайды. Әрі терең. Жалы биік, көп тоннажды кемелер таяп келе алады.

 Маманның берген анықтамасы осындай. Ибаш көңілі бірлеп қалды. Араға аз күн салып, арнап сол бетке барып, аралап көріп те қайтты. Қайран жалаң аяғының ізі қалған туған жер елсіз құлазып, сартап болып жатыр демесең, бәрі баяғыша, еш өзгермепті.

Көп кешікпей жоғарыдан барлаушылардың базалық кентін Құрықтан салу туралы шешім келді. Кент есімін Ералиев деп атапты. 1928 жылы Маңғыстауға келіп, теңіз үстінде суға құлап өлетін КазЦИК мүшесі - Ералиев. Кейіннен оның атын тап күресінің құрбаны деп дәріптеп әкеткен. Тағы әкеліп қыстырып отыр. Мейлі, атында тұрған не бар? Заты оңынан оралса болды-дағы. Қайырлы қоныс қылсын құдайым.

Ауданның бірінші хатшысының ендігі бір негізгі жұмысы жаңа мекеннің тезірек қаз тұрып, қалыптасып кетуінің қамы болды. Облыстық партия комитетінің басшыларына шығып, карьерден кескен ұлутас қорын бөлгізді.

 Барлаушы деген бүгін мұндағы, ертең андағы жұрт. Сол жердің қотыр тасынан-ақ салмай ма? Ертең иелері басқа жаққа кеткенде, босқа далада қалады, - деп сәуегейсіді бір басшы.

 Карьердің өніміне өзіміз де ділгерміз. Облыстағы жалғыз қабырғалық материал шығаратын өндірісіміз - сол. Ана Фортта салған үйлерін бұзып тасып алсын барлаушылар. Аздан да, көптен де үнемдеу керек деген ұранымыз бар емес пе? -деп тілі мен жағын жани жөнелді енді бір ділмар.

Ибаштың шарт сынған жері осы.

 Біріншіден, барлаушыға жадағай тұрмыс лайық деген баяғы ескі ұғым. Нағыз қарабайырлық. Қарабайшылдық. Жылдап тентіреп, толарсағынан сор кешіп жүріп, Өзен мен Жетібайды ашқан ерлер енді еңбектерінің жемісін аз да болса көруі керек емес пе? Олардың да кең, жарық үйде тұруға құқығы бар шығар. Біз барлаушы түгіл өріс кезген малшының баспанасын да жаңа жағдайға бейім дейміз деп жатқан жоқпыз ба? Екіншіден, барлаушылардың бұрынғы бірде бір үйі бұзылмайды! Салынғанда бұзу деген қайдан шыққан қағида? Фортта көп жұрт әлі жер үйде отыр. Көбі көпбалалы жанұялар. Солар кіреді босаған үйлерге! Мен сол жерде хатшы болып отырғанда, ол үйлердің сынық бұрауын да бермеймін.

Орынды сөзге ешкім қарсы уәж айта алмай қалды.

Фортта тұрғын үй молшылығы орнады. Жетпісінші жылдардың орта шенінде ол Одақтағы баспана мәселесі шешілген бірден бір қала деген атаққа ие болса, оның осындай да бір сыры бар еді.

Іргеңнен сөгіліп, бүтін бір ұжым, ұлтанды ел келіп бара жатқаны оңайға түспейді екен. Баяғыда ділмар шалдар «Орманбет хан өлгенде, он сан ноғай бүлгенде» деп алып, бауырлас ноғайымен қазақтың айырылысқанын ел басындағы ең бір қайғылы оқиға болыпты-мыс деп гәп шертетін. Жоғарғы партия мектебінде Ибаштың қолы қалт еткенде баратыны қастарындағы орталық кітапхана. Сонда ел тарихы, әдебиеті туралы еңбектерді көп парақтады. Қайран шалдар білген соң айтады екен. Қазақ – ноғайдың айырылысуы шынында қабырғаны қайыстырардай болыпты. Және бір қызығы, ол Маңғыстауда, Үстіртте өтіпті. Міне, дәл сондағыдай болды Ибаш үшін барлаушылардың үдере көшуі.

Мамандары да өңшең сайдың тасындай жайсаң жігіттер еді. Халел, сірә, Халел ғой. Бас геолог Валентин Петрович Токарев бір болмаған адам. Келген бетте ол үй болмай, армян ғибадатханасының қарсысындағы бір үйде пәтерде тұрды. Әйелі Нина Ивановна да геолог. Құдай бірін біріне тауып қосты дейтіндей, домбыраның қос ішегі деп теңеуге лайық жандар. Валентин қашан көрсең де күліп, жымиып жүреді. Жұмыс жүрмей, өзгелер апысы кіріп, күпісі шығып қапылып жатса да ол асықпайды, апшымайды. Жүзінен күлкісін жоғалтпайды. Түбіжікте соңғы мұнара ғана қалып, Өзен мен Жетібайда қазу әлі басталмай, жан-жақты тоқырауға ұшырап, еңсенің түсіңкіреп тұрған шағы еді. Ибаштың жоғары партия мектебін бітіріп, бірінші хатшы болып бекігені алдында ғана. Кешқұрым Қызылөзеннен келе жатып, тресте көп бөлменің шамы сөнбегенін көріп бұрылды. Басшылардан бары бас геолог екен. Кабинетінде жалғыз өзі. Стол үстінде карта. Бұрыштағы столда да қобыраған карта. Бәрі қолмен сызылған геологиялық карталар. Жайдағыдай күле амандасты.

 Валентин Петрович, маған осы күлкіңіз ұнайды. Табылған мұнай жоқ әлі. Бірақ күлкіңіз үміт шақырады, - деген Ибаш қалжыңдап. Бас геолог лекітіп бір күліп алды.

 Ибаш Жанболатовна, бұл сөзіңізбен мені де сергітіп тастадыңыз. Үзілмеген үміт -сенімнің табалдырығы. Сеніңіз, әлі бәрі сәтімен болады.

 Сол сәт тым ұзарып кеткен жоқ па?

 Біздер, геологтар, геология ғылымы уақытты ғасырлармен емес, дәуірлермен өлшейміз. Мыңжылдықтар геология үшін қас қағым сәт. Трест құрылғалы үш-ақ жылдан енді асып барады. Маңғыстаудың босағасынан әлі дұрыс аттап көрген жоқпыз дерліктей.

Токарев солай деп алып, ақтарылды дейсің. Жайшылықта сөзі қопырап, әңгімесі келіспей тұратын еді. Өлең тақырыбы геологияға келгенде шешеннің шешені екен.

 Әзірге Түбіжікте маңдайымыз тасқа тиді. Иә, шынында да солай. Пермотриас-Орталық Қаратаудың тас жынысы мұнда тұтасып жатыр шамалы тереңдікте. Қою мұнай соның үстінде. Тасбаста да солай. Бозашының пермотриасы үстінде де мұнай бар. Енді ақылға салалық. Жер қабаты түзілгенде тереңнен жоғары лықсыған тау қатпары, үстіңгі бетте кілкіген мұнайды ығыстырған ғой. Қазандағы көжені түбінен бастап тайпақ ожаумен көтергенде қоюы ілініп, сұйығы лықсып қалмайды емес пе? Бұл да сол сияқты. Көп мұнай алыста емес. Жылойда бізден айырмашылығы әуелі сұйық мұнайлы арна табылды. Смолалы мұнай Қарарна артынан ашылды. Менің кәсіби түйсігім айтады, сол Қарарнадан алыс емес тұста тағы бір кен орны болу керек. Оның мұнайы сұйық болуға тиіс.

 Валентин Петрович, енді осындай бірнеше рет дәріс оқысаңыз мені геолог шығарарсыз.

Артынан геологтың сол болжамы дәл келіп, Х.Өзбекқалиевпен бірге В.Токарев те Маңғыстаудың үлкен мұнайы үшін Лениндік сыйлық алғанда Ибаштың қуанғанын айт-тағы. Токаревтің тағы бір сәуегейлігі де тура болды. Көп ұзамай Қарарнаның шығысынан Сарықамыс кен орны ашылды. Трест бастап көшіп жатқанда, Ибаштың кабинетіне алқын-жұлқын болып Жазмағанбет Қызылбаев ағасы келді. Ол - ескі кадр. Қарт коммунист. Осы жерлік - Шоңай. Төңкерістен бұрын Форттағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебін бітірген. Біраз қызметтерде болды. Адал, өз ісіне мығым, тыңғылықты. Ептеген бала мінездеу, аңқаулығы да жетіп артылады.

 Ибаш-ау, ана Нұрлыхан баланы жібермей алып қалу керек. Ол да көшіп кеткелі жатыр. Ол кетсе жерге қарап қаламыз ғой.

Нұрлыхан Бекбосынов інісін біледі. Жыңғылдылық. Әкесі соғыста қаза болған. Гурьевте балалар үйінде тәрбиеленіп, сондағы техникумды бітіріп, Қызандағы барлау бригадасына келген. Сонда жүріп бірнеше жыл бұрын көз жазып қалған мамасы Мұңсызбен табысты. Владимир Ильич «Коммунизм дегеніміз - бүкіл елді электрлендіру» деп қақсағанмен, бұл Фортэлектрге жарымай қойды. Ескі дизельді әлектр станциясы күнара бұзылады. Сосын Халелге бұйымшылап, мамандығы электрик Нұрлыханды алдырып, станция басына қойған. Сөйтіп, көзі ашылған. Қаланың коммуналдық жағдайына жауапты Жазекеңнің де жағасы жайлау болып жүрген. Аға біліп айтып тұр. Нұрлыхан кетсе қолдары кесіледі.

Жазеке, аталарымыз ілгері басқан жасты кері кеткен кәрі етегінен тартады депті-ау. Нұрлыхан болғалы тұрған бала. Талапты жас. Үйірінен айырмағанымыз дұрыс болар. Ренжімеңіз, мен інімнің жағындамын. Жазекеңнің басы салбырап кетті.

Сұңғыла апасының сондағы «болғалы тұрған бала» дегені айнымай келді. Нұрлыхан Бекбосынов кейіннен Иваново - Вознесенскінің энергетика, Мәскеудің мұнай институттарын, КПСС Орталық Комитеті жанындағы жоғары академияны бітіріп, Жаңаөзен қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, Маңғыстау мұнай-газ бірлестігінің бастығы, Қазақстан егемендік алғанда, Отын энергетика министрінің бірінші орынбасары болды. Бірнеше орденмен марапатталды. Бір сөзбен айтқанда, мен деген қазақтың бірі болды.

Трест бастап құрылғанда, жергілікті жерден де біраз басшы кадрлар тартылған. Соның бірі кадр бөлімінің бастығы Махмұт Батыршин. Ибаш көрген жоқ. Әкесі Көбеген Аманкелдин осы өңірге белгілі әнші болған. Форттағы мектепті бітірген соң Орынборда оқыған. Бірсыпыра басшы қызметтерде болған. Қазақ музыкасын зерттеуші А.Затаевичпен достық қарым-қатынас жасап, бірнеше ән жаздырған Махмұт саусақ біткеннің домбырашысы. Бұл өңірде онымен тек Алым Жаңбыршин ғана шендесе алады. Әртүрлі мерекелік басқосуда екеуі жарысып өнер көрсетіп, жұртын бір серпілтіп тастайтын. Амал не, ғұмыры қысқа болды.

Комсомолдық жолдамамен 1958 жылы бұрғылау мұнарасына кеткен ағаларының ізінен кейіннен тағы да бірнеше лек ерген. Бұлардың біразы қаладағы училищеде оқып, көмекші бұрғышы, моторист мамандығын алған. Треспен бірге олар да кетті. Аудан басшылары бұрын мектепті жақсы бітірген түлектерін Астраханның жоғары теңіз училищесіне түсуге үгіттейтін. Балық өнеркәсібінің маманы болғанын қалайтын. Ибаш өзі бас болып сол үрдісті бұзғандай болғаны. Бірінші хатшы болып келген бетінде мектепті енді бітіргелі отырғандармен болған кездесуге алғаш рет кейінгі толқынға барлаушы, мұнайшы инженер, геолог болуды үндеді. Жасыратын несі бар, өндірдей жастарға енді балықшы болып Пірсағатқа барып, кемеде айлап жатып, сұқ қолдай май шабақ аула дегісі жоқ. Олай деуге ұлтжандылығы жібермеді. Атасының асы ғой орыстар керек шабағын өзі аулап алсын. Қазақтар бүкіл одақтың әр жерінен тентіреп келген үйсіз-күйсіз, белгілі мекені жоқ қағылған-соғылған, қалаңғыр-қасаңғылардың арасында жүріп, несібесіне ортақ болмай-ақ қойсын деді. «Пәледен машайық қашады» деп пірәдар, тақуа қарияларымыз тегіннен тегін айтпаған болар.

Ибаштың өзінің ата кәсібі балықшылыққа көңілінің суығаны себепсіз де емес-ті. Бүкіл Каспий айдынының алпауыт қожасы Астрахан. Өз республикасында балық өнеркәсібі бола тұрып, Гурьевтегі комбинаттың өзі соған бағынады. Тіркелген порты Баутин бола тұрса да, мұндағы флоттың өзі соған қарайды. Теңіз ішінде ауланған балықты сол жерде Астраханның жүзбелі кеме заводтары өңдеп алып кетеді. Бұларға бұйырғаны өндеуге келмейтін бүлінген балықтан үн жасау. Сол цехтың күлімсіген исі Баутин мен Ақтау тұрғындарын әбден мезі етіп болды. Сосынғы бір тәбәрік Астрахан пайдаланудан қалған кемелерін осында әкеліп тастайды. Сөйтіп, Баутин кемелер моласына айналды. Құдды фантаст жазушы Александр Беляевтің фантастикалық шығармасындағы жағдай. Ендеше кетеуі кеткен, келешегі кесілген кәсіпке жастарды жіберудің қажеті қанша. Одан да олар сайын даланың төсінде самалын еркін кеудесін кере жұтып жер қазсын, мұнай өндірсін, құрылыс салсын. Сөйтіп, өркениет көшіне шапшаң ілессін.

Қазақстанның көп жерінде партия басшылары жастарды топ-тобымен малға қуып жатқанда, біздің Ибаш апа керісінше кейінгі толқынды өндіріске үндеп еді. Және қатардағы көптің бірі болып емес, оқыған білімді маман болып бар деп еді. Хатшы апаның түбекке ырыс алып келген кен барлаушыларымен етенелігі оның өзіне де алғы күндерге өзгеше өлшеммен қаратып еді. Одан елі ұтылған жоқ.

Өзен, Жетібайдың астына бүккен қазынасының жалпы аумағы алғашқы барлау ұңғыларының нәтижесімен-ақ белгі болып қалды. Бұлар Одақтағы ең ірі кен орындары болып шықты. Жоғары енді соны тездетіп игерудің жоба-жоспарын тездетіп жасауға кірісті. Бұл 1963 жылдың басы еді. Кенет Ибашқа бір ой түсе кеткені. Көрші Маңғыстау ауданы жыл сайын жайлау төсі Уәліде малшылар тойын жасайды.

Кәсіби мейрамдары сол. Малшы қауымы бір жасап қалады. Ал қыруар байлық көзін ашып отырған барлаушы қауым неге тойламасқа?! Бұл ойын Халелге айтып еді. Қуана құптай кетті. Іле-шала соның дайындығын бастап келіп жіберді. Тойды алғашқы фонтан атқан құт мекен Жетібайда өткізетін болып шешті.

Жетібай онда бес мыңнан астам тұрғыны бар үлкен елді мекен. Тұрғынның бірі - ақын Сәттіғұл Жанғабылов аталары. Өндірісті сағалаған балаларымен ілесіп қария да Таушықтан осында қоныс аударған.

Ибаш көктемде барып көрісіп кеткен. Қарт әлі қилы, тың. Жаңа ортаға, дулы, шулы ортаға келіп, туған жерінің қиял ғажайып өзгерісін көрген соң шабыты шалқи түсіпті. Тіпті жалына қол апартар емес шалың. Болашақ той хабарымен ақынды да құлағдар етіп еді. Қарт көкжал тіпті қуанып кетті.

Тойдың бір жағын қазақша, бір жағын орыс ғұрпымен өткізу ұйғарылды. Барлаушылар киіз үй тігіп, сән түземеген жұрт. Оған жағдайлары да болған жоқ қой. Дегенмен, қажет үйлер солардың өздерінен-ақ табылды. Ауыл шетінен киіз үй қалашығы сап түзеді. Іргесінде шатырлар. Оған столдар жасалды. Арғы тегістікте бәйгі алаңы. Енді бір бүйірде спорт жарысы үшін алаңқай. Ол уақытта қазіргідей дауыс күшейткіш техника жоқ. Сөйлеушілер дауысы анық естілуі үшін мінбер биіктеу жасалды. Сөйтіп, көптен күткен боладысы қызық, дүбірі тым алысқа кеткен той, түбектің ең алғашқы мұнай тойы басталып кетті. Оның қызығы, тамаша әсері біразға дейін айтылып жүрді. Әттең, кино бейнетаспа қырға жете алмай жатқан қол қысқалау уақыт. Тіпті, фотоға түсіріп қалдыру жағы да кемшін. Сол себепті болғанның бар болмысы жадта. Бірақ соның көзі тірі куәгерлері де қадау-қадау бүгінде. Өткен уақыты түскірдің көбіне көп солай «әлімжеттік жасап» жіберетіні өкініш.

Солай Маңғыстауға әуелі хабары жалғыз жолаушымен жетіп, соқпағы сыңар машина ізімен түскен ғасырлық өркениет кешінің әуелгі иек артпа бекеті солай 1963 жылдың жазында Жетібайдағы тоймен қалып еді тарихта. Қалдырған бірінші хатшы, осы дала төсінде туып, осы елден алғашқы бірінші хатшы болған қыз Ибаш Жанболатқызы!

СӘБИТ МҰҚАНОВПЕН ДОСТЫҚ

1947 жыл. «Жоғарғы Кеңестің алдағы сайлауында Шевченко ауданынан атақты жазушы Сәбит Мұқанов депутат болады» деген хабар бүкіл аудан халқын дүр сілкіндірді. Жазушы есімі елге кеңінен танымал. Шығармаларын жата-жастана оқиды. Ол елдің нағыз «кәдімгі Сәбит Мұқановы». Халықтың жазушысы. Атағына сырттай қанық болғанмен Адай жұртынан Сәбеңді көргендер сирек. Бірінші хатшы Мазан Халеловтың өзі оны алқалы жиындарда кездестіретіні болмаса білмейді. Ибаш та солай. Жазушымен жақсы таныс Мұрын жырау ақсақал. Соғыс жылдарында Алматыға барып «Қырымның қырық батырын» алты ай жатып жаздырғанда, Сәбең үйіне бірнеше рет шақырып, дастарқандас, мәжілістес болыпты. Мұрекең айтып отырса Сәбит қара әңгіменің қабы. Майын тамызып, қалжыңымен тұздықтап, күлдіріп, өзі де мол денесімен мәз болып отырып айтады. Береген қолым, алаған деп ел жайын да сұрағыш. Білуге әуес.

Мазекең соны ести салысымен, - Ибаш, мен бұл ел жайына жетік емеспін ғой. Табаным тасырқап қалар. Онсыз да шешендігім шамалы кісі екендігімді өзің білесің. Жазушы ағаңмен әңгіме-дүкен жағын өзің қамда, - деген жағдайын айтты.

Фортта қонақ үйдің де оңып тұрғаны жоқ. Дегенмен барым әзір, жоқ жай деп, соның үлкен бір бөлмесін хал-қадерінше жасақтады. Ел жайынан хабардар етер мәселеге келгенде алдымен есепке алынғаны Жаманқұл аға. Елдің ендігі сөз ұстар биі де, таңдайы жарылған шешені де сол. Мұрын жырау сірә «алтын қорда».

 Жазеке, осы сіздің де бір шабарыңыз бар сияқты еді. Қарап қалмассыз, - деп Жазмағанбет Қызылбаевқа қолқа салған. Ол азар да безер болды:

 Ойбай, менікі мына Қатықтың сорын бір айналғанда болдырып қалатын текірек қой. Босқа қинаман. Бәріне әзірмін. Тек асабалығыңнан аулақ, - деп ат тонын ала қашты шалың. Дегенмен қара жаяулар ауылынан емес қой бұл Жазекең.

 Баяғыда Орынборға курсқа адам апарғанда көргенмін Сәбитті. Онда ол КирЦИК мүшесі. Қонақүйде жатады екен. Ақын, жазушы кісі емес пе, менен гөрі әнші Кебеген Аманкелдинді көбірек төңіректеген. Сосын көп жанасып, жақын таныса алмай қалғанмын. Өкінішке қарай Кебеген бүгінде жоқ - Баласы Батырша бар. Домбырашы.

Жазекеңнің бұл дерегі сеп болып, Батыршаға хабар берілді. Домбыраңды күйле делінді.

Мұрын жырау қала ортасында салып алған шағын үйінде тұрады. Ауызғы үйі - ұстахана. Кемпірі қайтыс болған. Қыз, күйеуінің қолында тұрады. Бұл атақты жырау болғанмен мал-мүлік, дүние қумаған кісі. Қоңторғай тұрмыс иесі. Жырау ағаның сол жайын білетін Ибаш қонақ атқару міндетін өз мойнына алды.

Жазушының әрине Тарас Шевченко музейіне ат басын тірері анық. Музей болғанда ол Тарастың бір кездегі жертөлесі. Соның қасындағы комендант Усковтың екі бөлмелі жазғы үйі. Ескі шығыр орны. Тарас отырғызған дарақ. Маңына ағаш отырғызылған. Бәріне басшылық ететін Сатанғұл қарт - Жаманқұлдың ағасы. Әкесі Тәжі ақсақал Тарас айдауда жүргенде, ол кезде бұл бозбала жігіт, қасында бірге жүріпті. Оны-мұны шаруасына қолғабыстық етіпті. Сатекең - сауаты шамалы адам. Бірақ көкейкөзі мықты, көкірегі ояу. Тарас кеткен соң, оның артында қалған жәдігерліктерге қамқор болып, ешкім міндеттемесе де бақты күткен. Осы өңірдің тірі шежіресі.

Орыс тұрғындарынан Тарас жайынан хабардар Перпелюковтар отбасы. Кобзарь айдаудан босаған соң, қазіргі шал Перпелюковтың, әкесінің желкенді қайығымен барыпты Астраханға. Бұл да жазушыға қажет дерек.

Жазушы АН-2 ұшағымен келді. Әуежай, ол қыр басындағы екі бөлмелі үй, басынан қала басшыларының бәрі барып қарсы алды.

Алғашқы күннің қонақасысы асханада берілді. Оған жұртшылық өкілдері де шақырылды. Ол кездің қонақтығында ұзақ-ұзақ тост айту дәстүрі жоқ. Ішімдік те көп ішілмейді. Жұрт құрметті мейманды көбірек тыңдауға құлықты. Ара-тұра домбыраға да кезек беріліп қояды.

Сәбең тағы бір әңгімені бастап кетті. Бұл жолғы сөз Қажымұқан палуан туралы.

Асқан тамақсау адам болатын. Алматыда тұрамыз. Елдің қоңторғайлау кезі әлі. Қажекең келді. Мен оны әуелден білемін ғой. Үйге шақырдық. Әрине жалғыз өзін емес. Бірсыпыра адаммен қосып. Қажекең өзі бір жарым тонналық жүк машинасының қорабы үстіне мініп келді. Кабинаға сыймаған соң қорапқа мінбегенде ше. Оның үстіне жасы ұлғайды, шау тартып, жүріс-тұрысының ауырлаған шағы. Қажекеңнің тәбетін білген соң, әрі ораздының отыз қонағы бір келсіннің орайымен бір семіз қысырдың тайын сойып, етін түгел асқанбыз. Шай ұзақ ішілді. Артынан ет келді. Мол ет бізде астауға салып беріледі. Соны екі мықты жігіт екі жағынан зембілше зорға көтеріп, әкеп қойды алға. Қажекең соғып отыр. Өзгелеріміз әлдеқашан тояттауға шығып қалғанбыз. Әлден уақытта табақтың түбі көрінді. Ең соңғы қалғанын алақанымен көсіп алып: Әй, Шомбал қара (мені солай атайтын) бері кел, асатайын, - деп менің аузыма тосты. Палуанның алақанының өзі күректей. Асатуының өзін толғап-толғап әзер жұттым. Ет жегені ет жеген, сорпаға тіпті түп жоқ па дедім. Тоқбасарға қымыз тағы ішілді. Палуан одан да тартынған жоқ. Аз отырған сұхбаттан соң қонақтар жинала бастады. Қажекең біздің үйге қонбақ болатын. Қонақ кәде ретімен сыртқа бет алдық. Шофер балаға қарады да, сен машинаң мен шомбал қара екеумізді қала сыртына шығарып әкел. Ал, сен келін, әлгі еттен сорпа қалған шығар. Соған недәуір қайнаған су құйып, үстіне үйлеріңде дән астық болар, содан молдау салып, қоюлап пісіріп, бөкпен көже жасай сал. Үлкен кісінің денсаулығына, жатарда соны ішіп жатқан пайдалы. Әрі таң алдында жүрегің сыздамайды, -деп жатыр тағы Қажекең. Несін айтасың, Мэриям екеуміз сөйтіп палуанды тойдыра алмай ұятты болдық, - деп Сәбең қырылдай бір күліп алды.

Ендігі әңгіме арадігінде Жәкеңе - Жамбылға тоқталды.

 Жарықтық, Жәкем, ұзақ ауырды өлерінде. Өзі де шаршады, бізді де шаршатты. Жазушылар тізім жасап, кезекпен күтіп отыратын болдық. Бірнеше күн солай. Сол күні менің кезегім ертеңгісін сағат алтыда басталатын. Ұйқышылдау адаммын мен тегінде. Ұйықтап қалып, опық жеп асыға жетсем, алдымнан Ғабит шығып келеді. Ол менің алдымдағы кезекте, оны мен алмастыруға тиіс едім. Көңілді қарсы алды дәлізде. Қасыма таяй бергенде ақырын ғана: - Уһ, құтылдық-ау ақыры. Жаңа бір әзірде жөнеп кетті, - деп күңк етті. Түсіне қойдым. Жәкең үзіліпті. Мен де жеңілдеп қалғандай болдым. Жалпы адам жасы жеткен соң ауыртпалығын салмай кеткені де ғанибет екен-ау деп ойладым сол жерде. Мұным пендешілік пе, дұрыс па, білмеймін. Ғабиттің сондағы сәттік көңіл күйіне қарағанда бір есептен сонымды дұрыс көріп те қалам,-деп қойды Сәбең жымиып.

Келесі күні Мазан Халелов үйінде отырыс. Сәбең оның келесі күні болды Ибаш отбасында. Бұл күні Мұрын жырау көбірек тыңдалды.

Жоспар бойынша депутаттыққа кандидат теңізде балықшылар арасында болмақ еді енді. Бірақ синоптиктер ауа райы бұзылғалы тұр деп хабарлаған соң, оны кейінге қалдыра тұруға тура келді. Сәбең тоғайлы, көлді өңірдің тумасы болғанмен, балық мәселесіне тым шорқақ болып шықты. Бері шығарда бұл тақырыпқа жазылған біраз әдебиеттерді ақтарыпты. Зейін қойып оқығаны төңкерістен бұрын шыққан Д. Ливкин деген автордың «Каспийдің солтүстік-шығыс жағалауындағы балық және итбалық кәсіпшілігі» деген орыс тіліндегі кітап екен. Содан түйгендерін айтты бір сәт. (Жазушы аталған еңбек туралы «Аққан жұлдыз» романында айта кетіпті).

Форттықтардың риза болғаны жазушы уақытты қатты бағалайды екен. Тіпті тыным алмайды. Көп нәрсені сұрағыш. Онысы жай әуесқойлық, қызығушылық емес, кәсіби құштарлық. Оның қайтарымы болатынын, яғни бұл өлке туралы жазылатынын білген жұрт та әңгіме айтуға құлықты.

Осы жерде бір күтпеген жайдың бола кеткені. Таңертең Ибаш кабинетіне Жаманқұл ағасы келіп отыр. Қабағы салыңқы. Ол қаланың коммуналдық бөлімін басқаратын. Жұмыста бірдеңе болып қалған шығар десе, олай емес.

Ибашжан-ау, - деп бастады айтарын Жәкең төменшіктеп, - мен жазған басым тыңдаушылар құлағына жақсын деп әңгімемді жөргемдеп айтамын деп жүріп, соған ылығып тым кетіңкіреп қалатын болсам керек. Сәбиттей жазушыға абайламай асығып бірдеңе айтып, ыңғайсыз болар деп қорқып отырмын. Әңгіме түскір елдікі болған соң маңызы да, нағызы да бірыңғай үндес шыққаны жөн-ау өзі. Абырой ортақ. Тілімді алсаңдар осы міндетті Синақұлға артсақ қайтеді. Маған мәлімірек қой ол нағыз сұңғыланың өзі. Тек тұзын жеңілдетіп алып жүр. Онысын жария жасайды.

Ибаш ойланып қалды. Синақұлды біледі. Оңғалбаевтардан қалған жалғыз тұяқ.

Атасы Ораз осы өңірден алғаш орысша оқып, ояздың тілмашы болған. Оның бір баласы Нұрсұлтан Ашхабад гимназиясында оқыған. Орыс, неміс, француз тілдерінде еркін сөйлеп, жаза алған. Қонарбай, Хажы, Лeпec 1929 жылы халық жауы атанып, сотталып, алдыңғы екеуі - әкелі балалы атылған. Лепес он жылға сотталған. Түрікменстанда республикалық дәрежедегі басшы қызметтер атқарған өзге екі Оңғалбаев 1937 жылдың ылаңында ағылып кетті. Синақұл да кезінде орысша, ескіше оқыған. Осында бір кішігірім мекемеде есепші. Халық жауының ұрпағы делініп, есепте тұрады. Көз түрткі көретіні де рас. Содан да аздап ащы суға әуес. Бірақ тілді, өте ширақ, зерделі адам.

Жәкең ұсынысымен келісуге тура келді. Синақұлды келістіруді ұсыныс иесі өз мойнына алды.

Сәске түсте Сәбеңді Ибаш ерігіп жүріп қала маңын аралатты. Сәбең «Патша құдықты» көріп, қатты таң қалды. Көк тасты тіп-тік етіп қашап, әлденеше метр тереңдіктен су шығару қопалы, қоғасы нулы, сулы өңірде туған жазушы үшін шынында таңсық қой.

Тау басындағы қамалдың қирандысы да қызық. Жаңа үкімет орнаған соң ондағы құрылыстардың материалдары бұзылып алынып, тек қабырға сұлбасы тұрған еді ол кезде.

Әй, артын ойламайтын аңғалдығымыз-ай, - деп қойды соны көрген жазушы, - соны бүтін сақтап өз әскеріміздің тұрағы қылып, тарихи ескерткіш ретінде пайдаланғанда ғой. Кешке Сәбең Синақұлмен әңгіме-дүкен құрды.

Ауа райы ертесіне де бұлыңғыр тартып, жол түспеді. Түстік қонақасы ұйымдастырып бола бере Сәбеңнің нөміріне барса, ешкім жоқ. Кезекшінің айтуынша мана ертеңгісін шайланып алған соң шығып кеткен. Қайда болуы мүмкін. Анда-мында хабарласып, еш дерек біле алмаған соң милицияға телефон шалды. Олар да бейхабар. Көңілге алаң кірді. Әрі-беріден соң ол тіпті дүрлігуге ұласты. Ибаш та қобалжыған. Осындайда көңілге қайдағы-жайдағының оралатыны - ай! 1928 жылы Фортқа КирЦИК мүшесі Шәбден Ералиевтің келіп, қайтар сапарында теңіз үстінде суға батып өлгені бар. Соны осы елдің азаматтарынан көріп, біраз адам сотталған. Беті аулақ, жаман айтпай жақсы жоқ, осыдан С.Мұқанов қолайсыз бір жағдайға ұшыраса, сол жағдай қайталанады дей бер. Бәрі аяқтарынан тік тұрды. Енді тіпті көшедегі өткен-кеткен жұрттан сұрау салуға кешті. Сонда сау болғыр бір әйелдің:

 Ол іздегендерің толық сары кісі емес пе?- дегені.

 Иә!

 Мана қасында инедей қатқан арық бір кісі бар, Аташқа қарай кетіп бара жатқан.

 Немен? Қандай көлікпен?

 Жаяу. Жайбарақат.

Осы хабардың ұшығынан ұстап індеткен іздеушілер Аташқа тартты. Діттегендері Синақұл үйі. Әйел айтқандай ол өте арық, сидиған кісі. Әр оның таныстығы бар кешеден бері Сәбеңмен. Бірақ Синақұл түн ортасына таман Аташқа кетіп қалған еді ғой?!

Көңілдері алай-дүлей із кешушілер Синақұлдың бәкене үйіне кірсе, іздеген Сәбеңдері осында. Дастархан басында. Алдындағы тостақтан қалайы қасықпен майлы қуырдақты қарбыта асап, үй иесі екеуі әңгімені соғып отыр. Қырлаубайды орталай құйылған арақ мөлдіреп тұр. Көңілді отырыс.

Бақса, жағдай былай болған. Бірінші хатшы үйінде түнде біразға дейін мәслихаттас болып, Сәбеңді қонақ үйіне шығарып салған Синақұл жаяу Аташқа тартады. Ара - біраз жер. Келсе үй іші әлі жатпапты. Әйелі шайын қайнатып, әдетінше күтіп отыр. Соны алға ала бергенде есіктен Жаманқұл аттайды. Онда да дегбір жоқ екен. Синақұлды күтулі. Бұл үйдің шамы жанған соң бері салған ғой. Қайтсін, хабарға шелдеулі. Әрі сенімді ақтап, құрметті мейманды тушымды әңгімесімен риза ете алды ма деген күмәні, жанашырлығы тағы бар. Бастасының «тиегін ағыту» үшін қолтығына тыға келген екі шөлмегі сірә, іздегенге сұраған.

Хабарын айтып болған Синақұл таң атысымен кері салған. Сәбеңе барып үйіне шақырған. Жаманқұл коммуналдық шаруашылықтың ескі полуторкасын берген екен, бірақ Сәбең таза ауамен жаяу жүруді қалапты. Содан үй иесі егіздің сыңары лағын сойып, тыңдауға жалықпайтын қонағына осы түбектің арғы-бергісінен келер бір гәпті шертіп отырған беті. Тіпті жуық арада таусылар сарқылар, тіпті аял жасап «аттың басын тартар» түрі жоқ. Сәбеңнің қойын дәптері алдында ашық жатыр.

 Сәке, сіз дегенмен түртіп қойыңыз бұл тұсын. Жад жақсы болғанмен қағазға түскеннің жөні бөлек, -деп қояды айтарманыңыз жазушысына жөн-жоба нұсқап. Сәбеңде қалт жоқ. Дәптер бегінде қаламы жорғалап барады.

Сөйтіп, Синақұл үйіндегі қонақасы тіпті мәнді де сәнді болды.

Тап осы жерде Сәбеңше «сәл ілгері озып» айта кетелік. Жазушы сол сапарынан Taмаша жолжазба очерк жазды. Танымдық сипаты өте жақсы шығарма. Маңғыстаудың жер бедері, халқы тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы бірсыпыра сөз болады. Сөз арасында қалада Россияда Шевченкоға орнатылған алғашқы ескерткіш болғаны да айтылып, оның іргетасын тау тасынан қашаған бір қазақ шебері делінеді. Ол шебер басқа емес, дәл осы Синақұлдың атасы еді. Бірақ аты айтылмайды. Синақұл есімі де бірде бір жерде аталмайды. Себеп біреу: - Оңғалбай тұқымына жазықсыз жағылған қара күйе. Өзі де талай құқайды көрген «кәдімгі Сәбит Мұқанов» кәдуілгі сақтығынан бұл жерде де жазбапты.

Сәбеңе қатысты сол жайдан соң, Синағұлға қатысты Ибаш көңілі күрт өзгерді. Мейман кеткен соң Жәкең ағасы екеуін үйге шақырып алып, жазушыны елмен, жермен таныстырған қызметі үшін алғыс айтты.

 Ай, Ибашжан-ай, бізді қойшы. Ит жоқ жерде түлкі үредінің кері-дағы. Әңгіменің асылы сенің Алшын ағаңның көкірегінде еді ғой. Есіл ерім, - деп Сәкең босап сала берсін. Алшын Меңдалиев ол уақытта түрмеде отыр. «Халық жауы». Сондықтан жұрт тіпті атын атауға да қорқады. Бұл Жәкең қазір қанығыңқы болып отырғанмен, болмысынан ер кісі. Топ ішінде осындай талқыда Алшын бастасының ағын алға салып жіберетін аздың бірі өзі.

 Синеке, «ерді кебенек ішінде таны» деген бар еді. Сізді енді түстеп білгендей болдық.

Сәбең тіпті қатты риза болып аттанды сізге. Рахмет.

 Ибашжан, жаңа Жәкең айтты ғой сыралғысын бастап. Біздің жай «отарды кері айдағанда ақсақ қой алға шығадының» кебі. Не айтамыз, несін айтамыз... - босау кезегі енді Синақұлға келді...

Сәбеңшілеп тағы «ілгері озып» айталық. Синақұлдың ұлы Қали Оңғалбаев ағаларының шеберлік жолын ұстанып, инженер - архитектор болды. Ақтау қаласының орталық «Ынтымақ» алаңының бас жобасының авторы осы азамат. Қазақстан егемендік алған соң жазықсыз жазаланған Оңғалбаевтар әулеті түгел ақталды.

С. Мұқанов сол Маңғыстауға келген сапарынан соң, бұл өңір туралы көлемді шығарма жазбақ болған. Бұл ойын соңғы 1963 жылы келгенінде де айтты. Амал не, ол ойына жете алмады. Сірә үлгермеген болуы. Ал енді депутат ретінде Шевченко ауданы үшін көп игілік тындырды. Соның ең азы, облыс орталығы Гурьев пен Форт-Шевченко қаласы арасына жақсы жабдықталған жолаушы кемесі қатынайтын болды. Әуе жолы қатынасы жақсарды.

Жазушының Ибаш қарындасымен қатынасы Сәбең өмірден озғанша үзілген жоқ. Әсіресе, Ибаш Алматыдағы жоғары партия мектебінде оқыған жылдары тығыз қарым-қатынаста болды. С. Мұқановтың шын мәнінде халықтың жазушысы екендігін айтумен өткен және оның ең ынталы жанкүйер оқырманы болумен өткен жанның да бірі Ибаш апамыз еді.

АПА АТЫ ӘЛІ АЙДЫНДА

Осы жұрттың көбі бастық болған - жанның рахаты. Жұмсақ орындықта шалқайып, салқын, саяда кекірейіп, кертіп жеп отыру деп біледі. Әрине, бәрі емес, Құдай ой-өрісін шідерлеп қойған томар бастар ғана. Сонда да олар қайда жоқ болған соң, кей-кейде былайғы көпті де ықпалына ылықтырып кетерін қайтерсің. «Түйесі жоғалмағанның бәрі ақылды» деп налыған екен Бозашының шел даласында айлап жүріп, ерні кезеріп жоқ қараған Жары атаңның бір баласы. Сол айтпақшы, бастарына түспеген соң былайғы көп пенде қайдан білсін ел басқарған басшының көбіне көп көр азабын тірісінде көретінін. Соны көрудей-ақ көруді Жанболатқызының маңдайына жазыпты.

1951 жылдың күзге салымы. Аудан балықшылары тегіс теңізде. Бұл ала жаздай жайылып семірген балықтың енді үйір құрап, мың сан тобымен жөңкіліп, қыстап шығар орнын қамдап, байыз таппас уағы. «Балықтың тілін бақа түсінеді» демекші, бұл жарықтықтардың қай құпиясына ой бойлатып жатырмыз. Бәлкім, басқа да бір себебі бар шығар. Әйтеуір, су суыды-ақ, балық атаулыдан тыным кетеді. Іздерінен індетіп қуған балықшы жазғанда да дамыл жоқ. Айдың бетін шарлап маңып жүргені.

 Жел Жайықбастан өкшесін аударған жоқ. Көксерке әлі сол бетте аңыс аңдып жатыр, -деп сәуегейлік айтады өмірі борбайын айдынның тұзды суы сорумен өткен бір балықшы.

 Ендеше неге айналшықтап жүрміз Құлалының аралының желкесін жаңа көргендей болып. Алдан тоспаймыз ба? - дейді мұны естіген серігі желпініп.

 Ауға бекіре әлі көп ілінеді. Пірсағат бетке - тереңге асығар емес.

Биыл қыс кеш түсетін болар, - деген болжамының шетін қылтитады қара көлеңке лөк ішінде тақта шайын асықпай сораптап отырған енді бір мосқал балықшы.

 Паһ, шіркін, ана жылғыдай шәуіштеніп үлгірмей балық ұйығына тап бола кетсек қой. Несін айтасың, қарық болар едік, -деп қиялданып тұр алыс көкжиекке телміре қараған бір кеменің көршігі.

 Құрсын, барға қанағат. Жоспар орындадық. Енді бізде кімнің әкесінің алмағы бар. Одан да ауылға қайтуды ауызға алса қайтеді екен. Дуалап қойған ба дерсің, ертеден қара кешке дейін қақсайтыны - балық. Осы ағамыз, сірә, түсінде де балық деп ұйқысырайтын шығар,-деп іштей кейістік танытып тұр қос ағасына өткен қыста үйленген жас жігіт.

Ризық, несібесін теңізден айырған елдің жылдағы ортақ, үйреншікті жағдайы осы. Моторлы кеме аз. Барларының өзі үп етіп жел тұрса әр толқынның жолында безек қаққан тырқылдақтар. Көбі артында сүйреткен бөлдеркесі бар желкенді кеме қайықтар. «Реюшка» делінеді олар орысша. Қазақтар осы сөзден шығарып, желге қарсы желкенді қайта-қайта аударып ирек салып жүзуді ірейлеп жүзу дейді. Малды іреп сойып қалған қазақ оны өз сөзім деп қабылдап алғаны қашан. Сол сияқты қатты дауыл - штормды да өзінің төл сөзі қылып алған.

Атырау Атырау болғалы етене кәрі бейнетқор желкенді кеме қайық – қазақ балықшысының ескі, ежелгі серігі. Көбінің кілтипаны көп, сырын білдіртпейтін аттай моторлы кемеден сырттап, осы үйреншікті «рейішкасын» етене көре беретіні құпия емес. О, мұның да ешкімнен сорлы емес. Жел оңынан туғанда желкенді шірей керіп, тұмсықтағы ұзын діңгекке үш бұрышты желкенді қосымша тартып тастап салып бір бергеніңде айдын апшысы қуырылып сала бергендей болады-ау. Жалы биік кеме шамалы дауылыңа да сыр бермейді. Сықырлай ырғалып жүйтки береді. Сондайда кеудеңді самалға керіп, лөктегі қайнап жатқан қазаннан тұшырқана иіс тартып, ұзын ақ жолақ болып көпіршіп қалып жатқан жолыңа қарап қойып отыру - жанның рахаты ғой. Бұл кәсіптің арапша бір сиқыры осы! Орыс жігіттері оны романтика десіп, олар да Әз Әулие қылады оны.

Аудан балықшылары солай ауа райының аз күнгі алдамшы тынысын малданып, жоспар артығымен орындалса да жағаға қызыл іңірден қайтып баруға ыңғайсызданып, аялдаңқырып қалған. Және дәл сол тұста салған аулары да үнемі толып шығып, мықшаңдата тартқызып, құнықтыра бергенін қайтерсің?!

Ауа райының күрт өзгерісін күнілгері алдын ала хабарлап сақтандыратын жағдай ол уақытта кемшін. Балық қабылдап алатын орталық үлкен завод кемеге радио арқылы ондай хабар жетуін жетер. Радио байланысы бар ғой жағамен. Бірақ кең айдын төсінде шілдің тезегіндей тырағайлап жүрген әлденеше кеме құлақтанып біткенше не заман. Құрлықтың ұзын құлағы мұнда жүрмейді.

Сөйтіп, маңғыстаулық көп балықшы ұзын саны жүз елудей адам бұл жолы да келе жатқан дауылдан хабарсыз қапы соқты да қалды. Кешке салым оңтүстік-шығыстан Қап тауынан алып, ақтарыла соққан өкпек жел қас қағым сәтте теңіздің ту-талақайын шығарды. Өз жағаларына жақын жүрген екі-үш қайық қана өліп-талып Құлалы аралының ығына жетіп, леңгір тастапты. Өзге бар кемелер жел айдаған қаңбақтай ығып кете барды.

Дауыл содан ішін тартып, дамылдамастан үш күн, үш түн соқты. Бүкіл жаға бойының елінде зәре жоқ. Соның алдында ғана емес пе еді, тап осындай дауылда Красноводск жағалауынан тоғыз қайықтың бүкіл кісілерімен ғарық болғаны. Балықшыларының дені -қазақтар. Баяғы атың өшкір отызыншы жылдардың зауалында солай барып қалған қандастар. Онда да жел осы беттен тұрған. Ол қаралы оқиға хабары бұл жаққа ақын Есенғали Бөкенбаевтың «Тоғыз қайық» дастаны арқылы зар болып жеткен бұл жаққа.

Құбыладай соққан бір боран,

Жеті күн тұрды аңырап,

Теңіздің бетін сапырып.

Солай айтып келмеген апат әлденеше ондаған адамның түбіне жетіпті. Сұрапыл соғыстан енді ғана есін жия бастаған дүйім елдің солай қасқасы қайнап қала барған.

«Тоғыз қайық» айтылғанда іштей мың рет тәубе айтып, тілсіз жаудан қаралай қорқып, әйел жағы жаулықтарының ұшымен көздерін сүрткіштеп отыратын үргелек елдің зәресі ұшып, сеңдей соғылысып кетті. Форт, Аташ, Баутинді айтпағанда, Кендірліден бастап Жандауырға дейінгі бүкіл жаға солай. Айдынға телміре-телміре әлденеше көздің майы таусылды.

Дауыл бастала-ақ дегбірі кеткен Ибаштың да ішкені - ірің, жегені - желім. Фортта баяғы төңкерістен бұрын Ресейде алғаш орнаған радиостанция әлі жұмыс жасап тұрған. Қолдан келген бары - сағат сайын соған хабарласады. Оның да ауыз ләмі оңып тұрған жоқ. Бар сенгендері теңіздегі екі жүзбелі зауыт еді. Оның бірі өзі ығып кетіп, арғы жағада қайырлап тұр. Екіншісінің бүйірі тесіліп су кетіп, үйелеп жүзіп Оля портына әзер жетіп жан сақтапты. Теңіз ауданының, Гурьевтің өзінің айдындағы балықшыларынан да хабар жоқ. Іздестіруге Бакудегі әскери флотилиядан кемелер бөлініпті. Арғы жағаның біраз жерін су басқан. Мал, жанымен сел арасындағы шоқал-шоқал, қыраң дөңеске жетіп жаны мұрын ұшында тұрған соларды құтқарудың өзі оңайға түспей жатқандай. Байыз таппаған Ибаш портта тұрған шағын мотормен теңізге шығып кетті. Ондағысы аман қалып, елге беттеп келе жатқан кемелер болса алдарынан шығу. Құлалыда ауа райын бақылайтын станция, маяк бар еді. Олар да мардымды ештеңе айта алмады. Аралдың арғы басын айналғанда барып үш кеменің сұлбасы көрінді. Екеуі жағаға қайырлап қалған үшінші сыңарын тартып шығару қамымен жүр. Адамдарының үрпі-түрпісі шығып, кетеулері кетіп қалыпты. Мотордың аты — мотор. Сонымен тартып кемені қорыс арасынан айдынға шығарды.

 Мынау - ес білгеннен бергі көріп тұрған сұрапылым. Айдында кеме қалып жарымаған болар. Бәрін арғы жағаға асықша атып шығарып тастаған болар. Бір тәуірі жел арттан. Жігіттер талайды көрген тарландар ғой. Артын желге тұралаған кеменің рөлінен айырылмай тура бағыттап отырсаң, толқынға көміліп батып шығып, тарта беретін еді ғой. Ана жылы Иран жағалауынан солай шықпап па едік. Сабырға жеңдірелік. Бір хабар болса, сол арғы жағадан болар,-деді бір кеменің сар тіс көршігі. Осы сөз дем берген Ибаш жағаға беттеді. Үш кемені тауып ертіп келеді. Бұл да болса дәтке қуат. Радист те жақсы хабарымен бір серпілтіп тастады. Екі кеме Ганюшкинге жақын жерден шығыпты. Адамдары аман. Ибаш ертеңгі ұшақпен Гурьевке ұшты. Обкомға атүсті соға салып, онан Астраханға, одан Ганюшкинге ұшты. Шығарда жедел хат жіберген. Теңіз ауданындағы басшы қызметкерлердің бірі Форттан кеткен орыс қызы еді. «Қарындастың даусы қараңғыда танылады» деген-ау, әуежайдан қарсы алды. Ығып келген жерлестерін үйіне апарып орналастырып, жағдайларын жасап, сол бойда Фортқа хабар салған сол екен. Келіп жеткен екі әскери катер Гурьевке дейінгі жағаны күндіз дүрбімен, түнде прожектор жарығымен асықпай сүзіп жүр. Жағадағы ел де жаппай құлақтанған. Олар да атты, жаяулы жаппай іздесіп жатыр.

Ибаш сол түннің көрелі таңын көзбен атырды. Есіл-дерті телефонда. Аудандағы жалғыз рация байланыста. Әскери катерлерде рация бар. Гурьевпен арадағы үлкен балық қабылдайтын жағалық стандармен де тұрақты байланыс бар. Солардан сағат сайын дерлік жаңа хабар. Әр жер әр жерден шашырап, шашылып шыққан балықшылар біртіндеп ел қарасына ілініп жатыр. Төрт-бес кеме жағаға жақын сұғым аралда қамыс арасында қайырлап тұрған жерінен катерге от жағып, белгі беріп құтқарылыпты. Ертесіне, арғы күні малшы ауылдарынан жетті хабар. Бірсыпыра ыққандар соларды тауыпты. Ақыры апта өткенде барып бәрінің бас-аяғы жиналды-ау, әйтеуір. Қуаныштысы - бәрі аман. Тайыз болып келетін бұл беттің жағасының басты қаупі - үлкен толқын жалына көтерілген кеме теңіз түбіне екпінімен қайта соғылып, қақ айырылып, ғарық бола береді. Содан қорыққан үлкен моторлы кемелердің, пароходтардың өзі Гурьев пен Астрахан арасына доға жасап, айналып жүзеді. Қатты дауыл теңіздің біраз суын бері сапырып, деңгейін көтеріп жетіп, көрер жарығы таусылмаған балықшы кемелерді жағаның ну қамысы арасына әкеліп сүңгітіп жіберген. Оның қаупі аз. Қақпақты тарс жауып алып, дауылдың ақырын күтіскен. Азық-түліктен тарықпайды. Балық мол. Шөл азабы туралы ойламаса да болады. Теңіз суына асқан балықтың бал татыған сорпасы шөлдетпейді. Соны ішсең - сусын, ұн шалып бір қайнатып көже жасап ішсең, тамақтың көкесі. Жаны аман қалғаны басты олжа балықшылар құрлыққа аяқтары тиісімен қалған жағынан қам жемеген. Ганюшкинде бәрінің басы түгел қосылғаны - енді айтып жеткісіз той, көл-көсір қуаныш.

Жақсы хабар алған жағадағы жұрттың да жағасы жайлау. Облыстан бұларды Фортқа жеткізуге екі ұшақ бөлінген. Сол кездің үйреншікті қос қанат «Ан-2» емес, екі моторлы «Ли-2» мен теңіз жағалап ұзақ ұшпасын, тікелей тез жетсін деген қамқорлық. Сол жерде бола кетті қызық. Балықшылардың кемелерін тастап кеткісі жоқ. Кейін көктемде келіп алармыз дегенге көнбейді.

 Екі қолды мұрынға тығып қайтқанымыз ырымға жаман,- деседі.

 Марқұм әкем жарықтықтың көзі еді. Иесіз жағалауға қалай тастап кете барамын, -деп сартабай салды енді біреуі.

 Көктемге дейін не заман?! Жағадағы тоңған ел бұтарлап отқа жақса, жауапкері кім болмақ?-деген қауіп те алға тартылды. Енді бір көрші:

 Мен дауыл алдында кеме заводқа екі рет келіп пәлен центнер балық өткізгенмін. Қағазы міне. Олар пәлен-пәштуан деп қиқаңдап жүрмесін. Мен тапсырған балығымды білем, - деп өжектейді. Оның мұнысына бір серіктері күлсе, енді біреулері кейістік танытып жатыр.

Ақыры көптің ұйғарымы - не де болса кемелерін алып қайтады. Мұндағылардан сұрар көмегі - қайырлап қалғандарын айдынға шығаруға қол ұшын берсін. Ақылдаса келе, солай еткен жөн болар деп шешті. Ибаш Фортқа көңілін бірлеп оралды.

Арада екі жұмадай уақыт өткен. Балықшылардан әлі хабар жоқ. Күн суыта бастады. Енді теңізінің суы тұщы әрі солтүстіктегі арғы жаға мұз құрсанады. Ол жаққа қыс ерте түседі. Ганюшкинге хабарласса олар бәрі тегіс теңізге шығып кеткен дейді. Айдыннан хабар алуға ондағы рациялы кеме заводтар анау күнгі дауылдан соң сең соққан балықтай болып, жағадан бері аяқ басуды қойған. Көңілге алаң кірді. Енді қайтем деп отырғанда, Астраханнан жүк әкеле жатқан бір моторлы кеме жолшыбай балық аулап тұрған біраз кеменің қарасын көргенін айтты.

Арада тағы бірер күн еткен. Күн тымық. Үйреншікті жағдай ғой. Қыс алдындағы аз күндік алдамшы жылымық. Көкжиектен бірнеше желкен көрінді. Балықшылар. Бәрінің қарасы түгел. Олардың желкен ұшы ағараңдағаннан-ақ жағаға ағылған халық Аташтың шағын причалын қаумалап толтырып алып күтіп тұр. Сөйтсе, Ганюшкиннен сап түзеп бері шыққан бұлар Құлалыға жақындай беріп, кәсіби құмарлықтарын тежей алмай әрі ауа райының қолайлылығын малданып, ауларын төгіп келіп тастаса керек. «Қайтіп құр барамыз. Қазандық ала барайық» деген желеу. «Бірер күннің әрісі не, берісі не?» деген кәдімгі қазақи жайбасарлықтағы бар. Ертеңгі тартымда аулары көтертпейді. Құдайдың бергенін қара, соқпа балық үйіріне тап болыпты. Саяқ үйір емес, жөңкілген нөпір дерлік, тіпті. Қызығына беріліп кеткені соншалық, елге бұрын барып хабар беруді де ұмытқан. Еске алған күнде де жарылып шығып, тілек білдіруші кеменің шығуы екіталай. Өлгенде көрген бір той, аңшының қан сонары іспетті олжадан кім қағылады. Тартып шығарған ауларын әзер тартып, шаққа жазып алып, балдырынан тазартып қайта төге берген, төге берген. Солай балықты кемелері әбден толғанша, тиейтін жері қалмағанша аулаған.

Баутиндегі комбинат өнімі құтыға салған шабақ қана. Өзге балық түрі өңделмейді. Олар Астраханға, Гурьевке жөнелтіледі. Қазір олай етудің мүмкіндігі жоқ. Ол үшін арнайы кеме шақыру керек. Сосын келген балық тоңазытқышқа тоғытылды. Ол лық толды. Артығын балықшылардың өздеріне қалдыруға тура келді.

Бейне сенбіліктегідей бәрі жаппай балық түсіруге кірісіп кеткен жиналғандар көңілді тарасып барады. Қолдары да құр емес. Еңбектеріне қазандық балық алған.

 Бізге жолдан кезіккен көп балық дәу де болса Қаратереңнің Арқа жақ ернеуіне барып, ұйық жасап қыстайды. Анау күнгі дауыл тереңнің астын үстіне шығарып қопсытып, балыққа қолайлы жатақ жасап берді емес пе?! Балық екеш балық та өлең өрісін іздейді. Оны немене түрікменнің қылмық аруанасынан ақылсыз дейсің бе? Ендігі барып, үйір құрап жүр. Ай қорғалай дамылдайды. Осы айтқаным келмесе бар-ау, сәлемімді алман! Қамдану керек. Шіркін, баяғы Захар Кузьмич болғанда ғой. Әй, сары шал, қадірің өтті-ау. Бұлай деп дабырлап бара жатқан анадағы «әкемнің көзі» деп қайығын қалдырмай, қиғылық салатын қартаң балықшы. Қызды қыздымен сүйегі әлдеқашан қурап қалған Дубскийді жоқтағаны анау.

 Жағы қарысқыр, жапшы аузыңды! Бір ажалдан әзер «алдамен» аман қалып келе жатып, тағы да балық деп қақсайды. Қаратерең дегенше, қара құрдым десейші оныңды. Желкемнің шұқыры көрсін ол пәлеңді, - деп кейістік білдіреді оған қасындағы әріптесі. Бірақ айтарын айтқанмен, дауысы зілсіз.

Арада бір жұма өтер өтпесте бригадир Мұқан Мұңалов келіп отыр Ибашқа. Бұл - осы жағаның қадірлі адамы. Екі Даңқ орденінің кавалері. Курск шайқасында алған бұл ордендерін. Ғабдолдың майдандас серігі деп Ибаш оны іш тартса, ол қаруласымның жесірі деп Ибашты қатты қадірлейді. Денелі, қайратты кісі. Сол қайратын соғыста ауыр артиллерияда көрсетіпті. Әншейінде екі адам мықшаңдап әзер көтеретін снарядты Мұқан қолында оқтаудай ойнатса керек. Соғыстан бір жеріне де сызат түспей, аман оралған Мұқаң ата кәсібімен қайта табысып, енді үш-төрт кемесі бар топтың жетекшісі.

 Ана заржақ Қаратерең деп қақсап миымды ашытып бітті әбден. «Бізден бұрын Қанішкеннің қу аяқтары жетіп, оңай олжаға қарық болады да қалады,-дейді. Ол қудың білмейтіні жоқ. Тегі құлақ қойған дұрыс болар. Тәуекел етіп көрсек қайтеді?

Теңіздің Форт балықшыларына етене Қаратереңі екеу. Бірі іргеде. Гурьевке қарай жүрген жолда. Сартас шығанағынан күндіз теңізге, түнде жағаға қарай тасып жататын ағыс, иірім. Екіншісі - айдынның Астраханға қараған ортасына таман су астының шүңейті. Ертеде балықшылар қыста барып, мұз үстінде қостанып жатып аулаған балығын. Терістіктен жел тұрса қауіпті. Мұзбен ығып кеткен талай кемелер адамымен ғарық болып, содан Қарақұрдым атанған жайы бар. Бұл жаға мұз үстінен итбалық болмаса, арғы айдыннан былай балық аулауды тия бастаған. Ибаштың тәуекелі тұрмады. Тұрмағаннан бұрын тозақ аранынан кеше ғана шыққан балықшыларын аяды. Алаңсыз бір аунап-қунап тынықсын деді.

Алдағы көктемде болатын Жоғарғы Кеңестің сайлауына Шевченко ауданынан жазушы Сәбит Мұқанов депутаттыққа ұсынылғаны, атақты қаламгердің соған байланысты Фортқа келіп, елмен кездескені, артынша балықшылар туралы тамаша очерк жазғаны сол жылдың қысы.

Итбалық - түленнің қазақтар қойған аты. Ресми ақпаратта ол теңіз аңы делінеді.Терісі мен майы үшін ауланады. Аулау уақыты шектеулі. Февральдің алғашқы онкүндігінде итбалық мұз үстіне шығып күшіктейді. Күшігінің терісі туғанда ақ түсті. Біртіндеп сарғая береді, бара-бара теңбіл көгіс тартады. Күшіктер, міне, осы кезде ауланады. Ересектері де сол кезде аулануға тиіс. Сөйтіп, қыстың бұл айы - балықшылар қырманының қызған уағы. Каспийдің Фортқа қараған көп аралдарының маңы итбалықтың қыстағы жатағы. Әсіресе, Құлалы аралы солай. Мұнда төңкерістен бұрын да итбалық аулаушылар станы болған. Және онымен орыстың ірі ақсүйектері айналысыпты. Солардың әуелі басыбайлылары, артынан жалдамалы кәсіпқойлары топ-тобымен аралда айлап жатып, тай қазандарға итбалық майын шыжғырып алып, күбіге құйып, орталыққа жіберіп тұрған. Отындары – аяқ астындағы ну қамыс. Сөйтіп, тегін пайдаға шаш етектен кенелген.

Қазір ауланған аң өнімі орталықтан өңделеді. Бұл жақ тек аулауды біледі. Соңғы жылдары бұл салада көп ілгері басқандық бар. Ат жеккен шаналар жоқ. Көмекке авиация келген. Ұшқыштар әуеден итбалық шоғырланған тұсты барлап, рациямен хабарлайды. Сосын аулаушылар мұзжарғышпен барып жетеді. Ауа райының өзгерісі де үнемі бақылауда. Құлалыда арнайы метеостанция бар. Ол тәуліктің өне бойы жұмыс жасап тұр.

«Су – тілсіз жау» деп халық тегіннен тегін айтпаған ғой. Дегенмен, бұл кәсіп әлі қауіпті. Каспий – долы теңіз. Сұрапыл дауылда етектен бастап сетінеген мұз ығып, бір-бірінің үстіне мінгесіп, әсіресе, аралдарға жақын тұста алып мұз тауларын құрайды. Ол тау үстерінде аңыздағыдай Нұхтың кемесі құсап, кеме қайықтардың қатып тұруы мұнда үйреншікті көрініс. Кей-кейде, тіпті, кәсіп соңындағы балықшының қайықтары да сең үстінде қалып, қатып тұра береді. Балықшылар оған да әбден үйреніп, еттері өліп кеткен. Сол қайықтарын баспана етіп алып, кәсіптерін жалғастыра береді. Ибаш бірде іссапарында сондай кеме қосқа аялдаған. Төңірек қан сасиды. Ана жылы етке айдалған малдың жайымен Орскінің ет комбинатына барғаны бар еді. Сонда қанды қасапты көзімен көріп, кеткенше асыққан. Мынау дәл сондағы жағдай. Тіпті, одан да жаман. Түленші мұз үстіндегі итбалықтың басынан келдең таяғымен бір періп сұлата салады. Жануардың ең осал жері осы болады екен. Тіл тартпай кетеді. Жан беру оңай ма, жаналғыш таяғымен таяп келгенде, балық күшіктерінің балаша жылағанын көру тіпті аянышты-ақ. Тері мен етті бөлек шығарып жатқан қасапшы қимылына да көз байырқалату да жағымды шаруа емес. Қазақтар майын шыжғырып, емге пайдаланды десетін итбалық тұтасқан май болады екен. Қабырғасын бүркеген еті болар болмас. Ол да тасталмайды. Өнім түрі ретінде өлшеніп тапсырылады.

«Ел елдің салты басқа», ал енді осы итбалық майын солтүстік халқы атасының асы қылып кесек-кесегімен асайды дегенге тіпті сенгің келмейді. Жастар жағына айтқызып көрсең: итбалық күшігінің шала қуырған бауыры нағыз жеңсік тағам. Қарын аштырмайды, тоңдырмайды.

 Баяғыда мұзбен ыққанда осы итбалық жарықтықтың арқасында аман қалғанбыз. Етін де, майын да, өкпе-бауырын да, бәр-бәрін жедік. Майын жағып жылындық. Ауылға келген соң жеңгелерің иісімізден жиіркеніп, бір айға дейін маңына жолатпаған, - деп күледі қарт балықшылар.

Февральдің аяғында сөйтіп, итбалық кәсібі де тиылады. Каспий мұзы бұл жағалауда ерте сөгіледі. Сәуір тумай – ақ балықшылар көктемгі маусымға даяр. Бұл да ең жауапты науқан. Балық атаулы әсіресе, қызыл балық уылдырық шашу үшін өзен сағаларына қарай ағылады. Балықшы қауым тағы айдында. Бірнеше жүзбелі кеме заводтар ауланған балықты сол жерде өңдеп құтыға түреді. Бұлардың өңеші құрдым. Тіпті болдым, тойдымы жоқ. Сосын балықшыларды қысады. Бұлар амалсыз ау төгіп, тартумен болады ертелі-кеш. Аташтағы балық құтысын шығаратын завод тек майшабаққа қана негізделген. Оның балықшылары бөлек. Арнаулы кемелермен шабақ қана аулайды. Оның жолшыбай бүлінгендері де әжетке жарайды. Аташтағы арнаулы цехта өңделіп ұнға айналдырылады. Ол өте бағалы шикізат деседі. Болса болар. Бірақ маңайын сасытқан осы бір цехы түскір Аташ пен Баутин жұртын әбден мезі қылып біткен.

 Бағалы балық түрлерін біз неге өңдемейміз? Заводты неге ұлғайтпасқа? Бұл - осы аудан басшыларының баяғыдан бергі жоғарының алдына қойып келе жатқан мәселесі. Бірақ олар қыңқ етер емес. «Осы ағымыздан жарылып, ақкөйлек болып босына жүр емес пе екенбіз біз байғұс? Орталық бізге өгей баласындай қарайды емес пе?!» Коммунист Ибаш Жанболатованың көңіліне осындай күдік ұялай бастаған сол жылдары. Елуінші жылдардың басы. Бірақ онысын ешкімге естіртіп айтқан емес. Бір-екі рет ауыз ләмінен байқап қалды, облыстың бірінші басшысы Нұртас Оңдасыновта да сол күдік бардай. Бірақ ашылып әңгімелесе кетуді қаламады. Жалпы Маңғыстау мен оның елінің соңғы ширек ғасырдан бергі бастан кешірген халі Ибашты да әсіре сақтыққа үйреткен еді.

Қазақ«Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген ғой. Біліп айтқан. Соның ақиқатына осы ел баяғы аштық пен кешегі соғыс жылдары мықтап көз жеткізді ғой. Жарықтық Каспий халқының қазан буын жоғары ұшырмаса да аш қылған жоқ, әйтеуір. Ала алғаннан несібе ризығын аямады. Соны бек білген Ибаштың көкейкесті бір арманы - балықшылықты елдің малдан кейінгі екінші ата кәсібіне айналдыру болды. Әлгі жоғарыға Фортта бұл саланың базасын нығайту ұсынысымен қайта-қайта шығартып жүрген де осы ойы. Салаға техникалық өркениет келе бастаған соң ықтияттаған бір шаруасы Астрахандағы салалық жоғары оқу орнына жергілікті жастарды көбірек оқыту. Онда оқу орыс тілінде. Түсу емтихандары да орыс тілінде алынады. Ал маңғыстаулық балалар орысшаға шорқақ. Бүкіл аудандағы жалғыз орыс мектебі Баутинде. Онда да негізінен орыс балалары оқиды. Қазақ балаларының саны аз. Сол Баутинде тұратын қазақтардың өзі балаларын орыс мектебіне беруге құлықсыз кезі. Және тағы бір қырсық - Форттың жергілікті орыстары бәрі дерлік қазақпен қазақша сөйлеседі. Шалдар жағының ділмарлары бас қосқанда қазақ бастастарымен шариғат айтысып, білік таластырып қызыл кеңірдек болып жатқандары. Сондай ортада орыс тілді болу - сірә, қиынның қиыны. Оның зардабы орысша оқу орындарына түсуде алдыңнан шыға келеді.

Ибаш та, ауданның өзге басшылары да Астрахан облысы басшыларының алдына осы мәселені талай рет мәселе етіп қойды. Соның арқасы ол жаққа барып оқушылар біртіндеп көбейіп келеді. Кеңес үкіметі орнаған соң «Менің адресім Кеңес Одағы» деген ұранмен орыс көшпелі болып алды емес пе?! Сонда бұлардың көбі күнкөріс қамымен, не жұмыс бабымен емес, ел, жер көру қызығы үшін мекен ауыстыруға әуес болатындай. Ибаш білген тарихта бұл орыс байтақ жерді ата күлдігінде шұрқан шығарып сыймай шығандап қашқан қазақтар, ескі дінді ұстанам деп қудалау көрген пірәдарлар, каторгадан қашқан, қағылған, соғылғандар есебінен жерін іргеден кеулеп ұлғайтумен болған еді. Солай барар жеріне барған орысын мемлекет артынан тіпті, әртүрлі жеңілдіктер жасап байырқалататын. Сондай жолмен шет аймаққа көшіретін. Орыс көшпелілігінің бары сол. Енді мына заманда орыс еркімен босуды шығарған. Комсомолдық жолдама, т.б. шаралар мемлекеттің көші-қонды қолдау саясатының бір көрінісі. Форттағы балық кәсіпшілігінің үнемі айдында жүретін бөлігінің сондай әр жерден жиналған үйсіз-күйсіз сойтал байларға қарай бастаған кезі. Бұл - әрине, күндікшінің қарекеті. Ибаш көбіне осы бір жайтты іштей қинала ойлап қоятын. Бірақ түбегейлі өзгеріс жасауға қол қысқа. Кітаби тілмен айтқанда, «Күресерге дәрмен жоқ». Сонда да қол қусырып қарап қалмай, пікірін бұл кәсіптің білікті маманы болғалы жүрген Шынжырхан Шырақбаев сияқты інілерімен бөліседі.

Отызыншы жылдары осы өңірдің тумасы, қазақтан шыққан тұңғыш ихтиолог ғалым Зұлқаш Баймырзаев Каспийге кефаль балығын әкеп жіберген. Бірақ игілігін өзі көре алмады. Асыра сілтеу құрбаны болып, атылып кетті. Бірақ халқы көрді. Кефаль жаңа қоныста мықтап өсіп, кәсіптік аулау қолға алынды. Ол су жыли тайызға шығады. Әуесқой балықшылар түнде алау жарығында шанышқымен түйреп, аулап қарық болатынды шығарды. Ал балықшылар құрмаумен қайырып аулайды.

Үркек, сақ балыққа атам заманғы әдістің қажеттірек жері осы. Тайызда моторлы қайық, реюшка, таяумен жылжитын бөлдерке пайдаланылады. Үлкен кеме стан тереңде тұрады. Кәсіптің осы ерекшелігіне байланысты, кефаль аулауды Форт балықшылары өздерінде қалдырды. Жоғарының бұйрығы — ауланған кефаль тоңазытқышта сақталып, орталыққа жіберілуі тиіс. Соны бұзған аудан басшылары болды бастап. Бұлардың қатаң талабы – балықтың белгілі бір бөлігі жағадағы елдің несібесі болуы керек. Ақыры айтысып-тартысып жүріп, оған да қол жетті. Форттықтар сөйтіп, кефальға бесбармақша жайма нан салып асып жейтін болды. Бидай ұнның қалың иленген қамырын салған кефаль еті мен сорпасы да бекіренің бел кеспесіндей болмағанмен, оны жоқтатпайды екен.

Ол уақытта халық ынсапты. Браконьерлік деген ұғым бұл елге таңсық. Кәнігі балықшылардың өздері қазандығын айырғанды ғана қанағат тұтады. Қара уылдырық дастархан мәзірінде тұрақты орын алғанмен, оған деген ашкөздік жоқ. Дегенмен, жоғарының пейілі біртіндеп тарыла бастады. Орысша «Каспийская охрана рыб» деген мекеме ашылып, оның қазақша «Көр» атымен белгілі бола бастағаны да сол кез. Жергілікті жерде соның агент қызметкерлері көбейіп, олар тәртіпке бағынып, әуесқой балықшыларды қудалауға көшті. Ауларын тәркілейді, айыппұл салады, тағысын тағы. Жұрт әрине, оған наразы. Сол кезде ел арасына тарап кеткен бір күлкілі әңгіме. Алқа топ алдында балық қору. Әлгі агенттің бірі «қайда істейсің?» деген сауалға «Көрде қызметтемін» деп жауап берсе керек. Сонда алдында құқайы өткен бұл қызмет өкілдеріне қыжылы қатты бір шал:

 Шырағым, көрде істесең, менің баяғыда өлген әкемді кездестіресің ғой. Көрген жерінде сәлем айтшы. Жарықтық, көптен түсіме кірмей жүр еді, жайы қалай екен? Біле кел дағы, - деп жата қап жабысса керек. Әлгі нар жігіт ертесіне «бүйткен қызметінің атасының аузын...» - деп бастығының алдына арызын атып ұрса керек.

Нансаңыздар сол жылдарда «көр» қызметіне жергілікті жерден кісілікті білетін жігіттердің ешқайсысы бармай қызық болды. Қазақтар сөйткенде, мұндайда біздің ауылдың алуан түрлі сылтау айтып, сырғақтап шыға келуге тіпті, шебер ғой, орыстар «Ну, и на...» деп шапшып шыға келеді. «Көрге» қатысты әлгі әңгімені естіп, өзгелер күлісіп жатқанда, тек езуі де бүлк етпей қалған жалғыз Ибаш.

О заманда бұ заман, жағадағы елдің қазандық несібесіне жабысқан қараулық жоқ еді ғой. Тағы да асыра сілтеп жүрген әлдебір әумесердің әсіреңкі әрекет қимылы-дағы, - деп қатты ренжігені бар.

Жағалық кәсіп саябырсыған соң бұрынғы желкенді моторлы кеме қайықтардың дәурені бітті. Енді олар мемлекеттік аулау қызметіне қажетсіз. Құрлықтағы техника атаулы әуелі басы артық бөлшекке пайдаланудан бастап, металл сынықтары ретінде тапсырылып барып, есептен шығарылатын. Ол - бұлжымас заң. Қажеттілік. Ал мына қайықтарды не істеу керек? Оның белгілі бір жоба, жоспары болмай шықты. Қағаз жүзімен қарағанда, көп қайықтың пайдалану мерзімі тіпті баяғыда өтіп кеткен. Бірақ жылда жағаға шығарылып, жамалып, сырты смоламен майланып, күтіліп ұсталған соң міні құрамаған күйде дерлік. Заманында мұндай қайық кеме бір ауылды асырағанын ел әлі ұмытқан жоқ. Жекеменшігінде қайығы бар балықшы кулак ретінде тәркіленіп, қудаланғаны да есте. Айдында жүгіртер кемелі болу әр балықшының арманы болды да емес пе?!

Ибаш балаларымен келісе отырып, бір батыл шешімге келді. Кеме қайықтар тілек білдірген балықшылардың жекеменшігіне өтті. Ескілеулері тегін берілді, жаңалары арзан бағасына сатылды.

Осылайша ел тегін олжаға қарық болды да қалды. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» жұрт ескі моторларды әжетте оңдап, жаңалап алды. Желкенге, сірә, тапшылық жоқ. Және дәл сол уақытта Ұлы Отан соғысының ауыртпалығын бастан өткерген кәрі бейнеткер «ЗИС-5» машиналары да «зейнетке» шығып, моторлары әжетке жарай кетті. Жаңа машиналардай емес, олардың моторлары дюралюминийден құйылған, теңіздің тұзды суына оңайлықпен сыр бермейді. Маңғыстауда «жекешелендіру» солай ең алдымен балықшылардан басталып еді. Және ол әуелі бастықтың қоражайында қотарылып, сосын соның ау жайындағыны жарылқап емес, әділ жағдайда өтті.

Бір қызықта Ибаш апаларың еліне қол көмегі шапағатының бір белгісі іспетті сол кеме, қайықтардың ізі Фортта әлі бар. Қазір оларды айдынға алып шығатын лек аталардың көзін көрген немерелер. Содан кейін уақыттың жасампаздығына тәнті болмай көр. Ол жасампаздық етер жақсылықпен өрілсе, тіпті, ғұмырлы болады екен.

Ибаш aпa аты солай әлі айдынынан кеткен жоқ. Көне жәдігер кеме қайықтар Каспий төрінде «Ибаш Жанболатова» атты ақшаңқан алып әріптестерін қарсы алар күнін асыға күтетін сияқты.

ПОЛИГОН. ПОГОНДЫЛАРДЫҢ КЕЛУІ

Адамзаттың адами болмысына, табиғатына жат бір нәрсе болса, ол - соғыс. Соған қарамастан адам пақыр жаугершіліктен тіпті қол үзе алмай-ақ қойды. Абыл мен Қабылдан басталған қантөгіс әлі тыйылмай келеді. Таң тыныш атып, күннің бейбіт батуы сирек. Қазақтың ескі ауылында даңғойлықтың, дарақы жүгенсіздіктің ең асқынған түрін «көшке қорағаш ала шабады» деп, «тентек шоқпар жинайды» деп әліптеп әшкерелеп, оқшаулап қояр еді. Ондай-ондайлар әр ауылда болмағанмен арадік ұшырасатын. Жақсы, ол ардалықтың, сайын далада тарпаң өскендіктің белгісі, салдары бола қойсын. Ал ұлтанды ұлтқа, іргелі мемлекетке не жорық? Соғыстың тек қана кері кетірер қадам, бақталайсыздыққа бастар бірден бір жол екенін түсінбейтін ақылды бастарға не жорық?!

Бір ғұлама соғысқан елдердің ешқайсысында жеңімпаз болмайды депті шорт кесіп. Соның сол сөзі сөз-ақ. Мысалға екінші жаһангер соғысын алыңыз. Жауыз Германияны жеңдік деп бөркімізді аспанға атқанбыз. Сол бөрік жерге түсіп үлгермей одақтас АҚШ пен КСРО ит пен мысықтай бола кетті. Енді «шоқпар жинайтын тентек» осы екі ел болды да шықты. Нәтижесінде шоқпары бірлікте, тірлікте, ең азы елінің қазанының қатығы да бола алмай алып, держава КСРО өз ішінен қирап ыдырап тынды. АҚШ-тың ертеңгі күнінің не болары белгісіз. Қайта соғыста күл болып, қирандыға айналған Германия есе алып, еңсе тіктеп кетті.

Соғыстың бей опалығын бүкіл жан дүниесімен біліп түсініп ержетіп, он екіде бір гүлі енді ашылғанда соған жарын жалматқан Ибаш жаугершілік атаулыға жаны қас болумен кетті өмір бойы. Басқа көп мемлекеттерде Соғыс министрі деп аталатын лауазымның өз елі КСРО-да Қорғаныс министрі дегеніне қарап ұстанған бағыт-бағдарымызға риза-тын іштей. Біз өздігімізден ешкімге тиіспейміз. Қару қамымыз тек қорғаныс мақсатында ғана. «Бәсе», лениншіл коммунистердің әділ саясаты солай болуы керек қой. Солай ойлайтын коммунист Ибаш Жанболатова қорғаныс қабілетіміздің артып, күшейе беруімізге қатты тілеулес, жанкүйер жанның бірі болып қалыптасты. Одан халықтық, елдік мүддеге ешқандай қайшылық болады деп күтпеген. Сол, сонысы опық жегізіп, бармақ тістетеді деп кім ойлаған?! Бір күні жоғарыдан әмір келді. Бозашы жағалауындағы ел түгел көшуі керек. Енді ол жер әскерилердің иелігіне беріледі. Солар қожа болады. Бәсе, соның алдында ғана жағадан балық аулау кәсіпшілігін тыйғаны бар еді-ау. Артында бүгіп қалған осындай зілзаласы жатыр екен ғой.

Ибаштың жаны дызғып кетті. Ауданның бірінші хатшысы Қапизолла Қуанышбаев соғыстан бір аяғынан ауыр жараланып оралған өте бір көшелі кісі еді. Әуелі соған барды. Оның білері мардымсыз. Бар айтқаны тек Маңғыстау емес, Қазақстанның біраз жері солай полигонға беріледі. Теңіз ауданының біраз жері де кетіпті. Қайран Азғырдың ен жазығына енді қайтып қазақтың аяқ басуы екіталай. Ондағы елді адам күші жетпей жатқан оңтүстіктегі мақта өсіретін аудандарға көшіру жайлы қаулы дайындалып жатыр-мыс. Маңғыстау шүкір одан аман. Мұндағы ел іргелес шаруашылықтарға таратылады. Малшы -мал баққандарға, балық аулаушылар - балықшылар тобына. Кешікпей елді тездетіп көшіру туралы бұйрық келді. Жаманат хабарды естіртуге ешкімнің дәті бармады. Көп басшылардың табаны тайсақтай берді. Олардың іштей қолайлағаны өзі болған соң, қара орманының бұл ауыр халінен қалыс қалуды қаламаған Ибаш жолға шықты. Ол бетке тіке көлік су жолымен қайық. Желкенді кеме қайыққа алыс емес. Бірақ Сартас шығанағымен айналып құрлық арқылы машинамен жүрді. Онысы бір жағынан ертең жаңа колхоз орталығы болатын жерді көру. Сартас ол кезде үлкен пристань. Маңғыстау ауданына қарайды. Келетін жүк осында түсіріледі. Үлкен қойма, баяғы көмір өндірісінен қалған причал тар табанды темір жолымен, тырқылдақ шағын локомотивімен бар. Ұзын саны елудей отбасы осы пристаньнан күнкөрістігін айырып отыр. Бастауыш мектеп, дүкен бар. Бірақ колхоз орталығы дербес болады делініп, орынға пристаннан көрінім жер Шиліқұдық таңдалған. Теңіз жағасы. Ақ тақыр дөң. Тұщы суы етегіндегі бұлақ. Ол да біраз жер. Бір жақсысы Сұлтанепенің алғаулы бұлағының аяғы осы тұсқа дейін жетеді. Өкпе тұстағы Ойраның кеш құлап шығатын жолы бар. Машина жүруі үшін аздап жөндеу қажет ететін сияқты. Бір-екі шаппа тұсы болмаса, Қапанның құлауын айналып жүргеннен орталыққа төте кеп жақындығы бар. Ибаштың шаруа көзі осылардың бәрін есепке алды да, сапарын әрі жалғастырды. Сартастан Бозашыға барар жол, тау мен теңіз арасындағы қылтаны бойлап барып шығанақ басынан айналады. Кәріге баратын қара жолдың теңізге қараған жағы осыған дейін Шевченко ауданының жері болып келген. Жағадағы ең бергі елді мекен Долгий - ежелден балықшылар мекені. Өткен ғасыр аяғында келіп қоныстанған орыс балықшыларының көше қылып, бөренеден қиып салған үйлері әлі тұр. Қазіргі аты Красный Долгинец. Колхоз орталығы. Онан әрі Орта Еспе. Ол да колхоз орталығы. Негізгі кәсіп балықшылық. Жазда айдынға шығатын балықшылар қыста мұз үстінен балық, итбалық аулайды. Жарықтық бұл маң - балықтың ұйығы. Қызыл балықтан болатыны бекіре, қара балықтан сазан, көксерке, ақ балық. Су жылына кефаль келеді. Ақ балығы да баршылық. Ерте көктемде Каспий айдынынан Жайыққа уылдырық төгуге ағылған балықты жолдан тосқан балықшылар ауы қашан да майлы. Жоспарды үнемі артығымен орындайды. Ең азы бұл жағаның сазанына дейін Жайықтағыдай емес қаралтым, күздегі көбен, тоқтыдай ірі келеді және семіз. Бұл ел қазанына сорпасы дәмді болады деп, қызыл балық пен сазан етін қоса асар еді. Ал кефаль етіне нан салып асады. Қайық келгенде жағадағы ел, алдынан шұбырады. Қазандық балық алады. Теңізден оралған балықшы қазандығым деп бірер бекірені сүйрей келеді. Олары тегін. Ешкімнің көз сұғы жоқ. Қашаннан қалыптасқан әдет солай.

Ауылдың шал-шауқандары да қарап отырмайды. Теңіздегі ауы олардың құрған қақпаны дерлік. Қақпаннан айырмасы бұлар құр жатпайды. Ау тартқан балықшы бос қайтпайды. Жағадағы елдің салты - ауланған балық көрші-қолаңның ортақ ырысы. Семіз сазанды ортасынан жарып, бекірені кеспелеп бөліп тұздап, қақтап алған үй соғым іздемейді. Ең азы нан пісіретін майына дейін балықтан алады.

Сол ырыс көзден бір-бір ұшқалы тұр енді. Дегенмен үмітсіз шайтан деген ғой, ел жаманат хабарды естісе де жақсылықтан күдер үзген жоқ-ты. Қамқоршымыз – партия мен үкімет осыншама жұрттың көз жасын көрер деген. Ибаштың салыңқы қабағын көргеннен-ақ құдайдың ұрғанын, болары болып, бояуы сіңгенін ұқты. Ac сұрай келген соң ыдыс жасырып не керек, жиналыста жағдайды жасырмай айтуға тура келді. «Бозашының бұл жағалауын елі енді түсінде көреді».

 Мына Жұма, Қырғын, ана Қаламқас ата қауымымыз еді. Ибашжан, сөз сыңайыңа қарағанда, енді жыл аралатып болса да бастарына келіп, өліге құран оқи да алмайтын сияқтымыз. Ұлықсат болса аз ғана күн еру болып, ата-баба бастарына ақсарбас шалсақ, ешкімнің қақ-сұғы болмас.

 Алаңыңыз болмасын, аға. Барыңыздар, тап күні ертең қош деп күштеп жатқан жоқпыз.

Ибаш солай деуі мұң екен, манадан бері қыстығып әзер шыдап отырған бір әйел дауыс салып қоя берді. Бектеміс Барахаттың үйіндегі жеңгей. Жеті атасынан бері қоныс аудармаған жатақ. Ата жұртының да, ене жұртының да бақи болғандары Қырғында жатыр. Ең соңы осыдан үш жыл бұрын, кенет ауырып өлген ұлын да сонда қойған. Қайран ана көкірек жарылды да кетті. Оған өзге әйелдер қосылды. Қой дер ешкім жоқ. Тоқтам айтар деп күткен ерлердің өздерінің бастары салбырап кетіпті. Осындағы мектептің мұғалімі Былшықкөзов Бекмұхан – ұзын, қайың кісі. Висладан өтерде өліммен соңғы рет бетпе бет келіп, жау оғы өкпесімен қосып комсомол билетін тесіп кеткенде де дұшпанын көрінім жерге дейін қуып барып, жығылған есіл ер – соның да сыр берген жері осы болды. Көз жасын көрсетпегісі келіп, алдыңғы қатарда отырған жерінен далаға тұра қашты. Бекмұхан сөйткен соң не жорық, оның артынан тағы бір майдангер Матаев Тегісбай беттеді сыртқа. Жүзі көк талақ болып бедірейіп қатып қалған бір адам, ол баяғы теңіз қарақшысы атанған Қанжан Есжановтың баласы. Әкесі Қанжан жағадағы тұщы су көздерін иемденіп алып, балық аулатпаған орыстармен жауласып, Астрахан мен екі арадағы сауда кемелерін тонап, адамдарын суға атып, талай сойқанды салған. Соңына қанша түссе де ұстатпай қойған. Бүкіл Атырау айдынындағы орыстар «Морской пират, кровопиц Қанжан Есжанов» атын естіген жерде зәрелері ұшып, шоқына бастайтын. Төңкеріске дейін құралын тастамаған Қанжан қанды кәсібінен жаңа үкімет тұсында ғана тыйылып, бейбіт қаракетке көшіп, 1936 жылы өз ажалынан өлген.

Бойында ата қаны бар неме, бір сойқан шығармаса игі еді, - деп Ибаш іштей тіксініп қалды әлгінің түрін көріп.

Ертеңіне жағаға келіп орнап жатқан әскерилерге тартты. Орта Еспенің солтүстігіндегі биік төбе басына әлдебір құрылысты орнатып тастапты. Төбесінде айбақ-сайбақтор шеңбері бар. Адамдары әзірге шатырға орналасыпты.

Онан әрі Жандауыр. Орыстар Заворот дейді. Қазақшылығында қақпа сырты. Осы босағадан Өлі Қолтықтың қақпасы ашылады. Тегі атау содан шығуы. Бұл жердің байырғы тұрғындары түрікмендерден қалған Бұрыншық дейтін де атауы бар. Орыстың алпауыт кәсіпқойлары төңкерістен бұрын балық стандарын салыпты. Пайда көзін білетін олар ауланған балықты шанда тұздап, бастапқы өңдеуден өткізіп, Астраханға кемемен жөнелтіп сатып, олжаға қарық болумен келген. Отыз жылдан бері сол өндірістік база ортақ меншікке көшкен. Колхоз орнаған. Енді сол жерлер де қаптаған әскер. Шетінде әуежай. Жүк таситын ұшақтар бірінен соң бірі келіп, кетіп жатыр.

Басшылары егде келген полковник екен. Соғыс құрбанының жесірі Ибашқа онымен тіл табыса кету қиынға түскен жоқ. Қайта бірден дос жар әңгіме басталып жүре берді.

Мұнда келетін әскери бөлім Сіз ойлағандай емес, жаңа, Ибаш Жанболатовна, - деді ол. Танк, зеңбірек дегендер болмайды. Тіпті болашақ соғыс үшін бұлардың пәлендей қажеті болмауы да. Ендігі майданда бәрі алыстан көзделеді, алыстан атылады. Тіпті қарсыластарды көрмей-ақ қоюға болады. Ренжи көрмеңіз, Сізге осыдан басқа ештеңе айта алмаймын.

Бұл жағалаудың шөбі бітік. Қалың болып мырза сораң, бұйрығын аралас күйреуік өседі. Малға өте жұғымды. Әсіресе түйеге. Масасыз, сонасыз қоңыр күзде мырза сораңға жайылып, суын теңізден ішкен түйе бір айда майдан шайлап қалады. Сосын қанша қысыңнан да қысылмай шығады. Маңайдағы ел қыстық мал азығын да іргелерінен дайындап алатын.

 Түпкілікті қоныстануға болмағанмен жаз келіп жайлауға, шөп шабуға ұлықсат етілер, - деп сұрап көріп еді, полковник:

 Айта көрмеңіз, Ибаш Жанболатовна, бұл жерге енді тіпті аттап аяқ басуға болмайды. Сіздер біржола көшіп болған соң, шекараға автомашиналарымен жылжымалы күзет қойылады. Теңізде де солай. Бұл жақтан балық аулауға да ұлықсат етілмейді. Ренжімеңіз, әскери құпияны сақтау талабы осындай болып келеді, - деген соң көңіл біржола суыды. Жандауырдағы балықшылармен әңгімелесіп, Долгийге қайта оралса мұндағы жұрт сабасына түсіпті. Бәрі жиынып-терініп көшуге дайын. Өткендегідей салыңқы қабақ та байқалып жарымайды. Ибаш көңілі жібіп қоя берді.

 Ай, қайран елім, осы сабырыңнан айналдым. Сені талай қиын-қыстау өткелектен өткізген де осы төзімің, шүкіршілігің, алғы күнге сенімің ғой. Құдай тек осыныңнан жазғыза көрме.

Ербақы бастаған бір топ құрылысшылар кеше қайықпен жаңа қонысқа тартып та кетіпті. Мұндағы елдің алдынан бірнеше жер кепе дайындап қоймақ.

 Ac жабдығы қалай?

 Теңіздің балығы тұрғанда бұл Бектемістер қоңырсытып қой сорпасын татып алушы ма еді. Дегенмен он шақты уақ жандық салып жібердік. Сауын түйе мен сиыр, кешкі салқынмен аяқтай айдалады. Арғы күндері барып жетеді, - дегенді айтты басқарма төрағасы.

Бұл жердегі ел табаны негізінен Жарының Бектемісі мен Қосайдың Тінейі. Қаратоқай Беріштер де бар. Бір-бірімен нағашылы-жиенді болып араласып кеткен. Тұздықсыз сөйлемейді.

 «Бектеміс, нар мая сауған теп-тегіс» делінген ел едік. Шиліқұдықта жарбайдың бауырына жабысатын болдық-ау деп боздап жүр әлден ана көк көз Дүйсен, - деп оспақтады енді біреу. Дүйсен осы жерлік балықшы. Нағыз шаруа. Негізгі кәсібі айдында болғанмен, бірер ірі қарасы мен он шақты уақ жандығын да үзген емес іргесінен. Ана жағада күйбеңдеп қайығын майлап, қақсыған жеріне кендір тығып жатқан сол. Көптен каток үстінде қақсып күн жеп жататын ескі қайық еді. Әкесінен қалған мұра. Жұртқа тастап жаман ырым бастап, еріккен орыстың солдатына отқа жаққызғанша, өзіңмен бірге теңізде ауыма оралып өлгенім артық деп қырсық шал біраз күннен бері тыным жоқ.

 Дүйсекеңдікі жөн. Жұртқа ештеңе қалдырман. Жаңа жерде бәрі әжетке жарайды. Ең азы сынық бұрау болса да алың - отқа тамызық болады, - деді Ибаш.

Сөйтіп, айналасы екі жұма ішінде көші-қон аяқталды. Қайран ата күлдік Бозашы бозарып, талайдың көзін боталатып қалды да барды солай. Ел аузында Беріш Есболай бастап, ішінде Ақпан деген таз жиендерінің үйі де бар осында келген сегізінші жұртта, солай кете барды, бұл қонысты тұл қалдырып. Жағадағы кәсіптің берекесі қашқан соң, Баутиннің баяғыда қара шекпен атанған бабалары келіп, жерсініп бауыр басып қалған Баутиндегі орыс тұрғындардың да іргесін қопсытты. Қазаққа келгенде «қайда қаңғырса да еркі» деген Астрахан қандастарының жайын қамдауда қасағайым бола қалды. Қала түбінен Еділ бойынан екі елді мекенге ордасын бұзбай көшіп барулары үшін жағдай жасады. Көптеген жеңілдіктері, қаржылай ынталандыру жағы және бар. Жастар жағы қолқ ете түсті бұған.

 Спасибо, матушка Россия, своих отроков не забыла, в беде не оставила, - десіп қауқылдап жатыр кәдуілгі желөкпелігіне «қырлаубайлатып» тартып алған ахаңның буы қосылған олар.

 Жатырынан қағынып туған ит кілең. Ауыздарының ләмін қарашы. Матушкаң кесіп берер онда барғанда шекелеу жағын қиялап. Ержеткен еркек кіндігі қалаға босып, адыра қалған жерге апарып тоғытады да қояды. Жүр сосын Еділдің масасына жем болып өңшең... деп аяқ жағын «шиыра қайырған» әкелері, аталары жағы шәт-шәлекей. Және мұнысын таза қазақша айтады. Солай Баутин жұрты да екіге жарылды. Елдің бір тіні теңіздің ар жағына бұрды көш бетін. Қара жұртын, төрткіл аржағындағы ата қауымын, садақа, тойын бірге атқарып, жұбы тек көмерде ғана екі молаға ажыраған қазағын қимаған азшылық, оның да біразы үлкендер жағы, көкжиекте қарасы бұлдырап жүзіп кетіп бара жатқан көш ізінен кемсеңдеп қарап қала барды.

Сөйтіп, іргені кеулей кіріп, төр менікіге салған полигон Баутиннің байырғы жұртының да көбесін сөккен.

Бірде Фортқа Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшысы келді. Қала халқының біразы Ресейге, енді біраз бөлігі Өзен мен Жетібайдағы өндіріске ауып кетудің аз-ақ алдында кетудің кетіп тұрған кезі-тін. Хатшы әдеттегідей жиналыс ашты. Ибаш сөйлеген сөзінде ұтыры келіп қалып, төңкерістен соң бай алпауыт Захар Кузьмич Дубскийді жер аудармақ болғанда, жергілікті қазақтардың араша түсіп алып қалғанын айтқан. Сонда хатшы бір езуімен осқырына: - Бұл жерден аударғанда қайда жібермек. Бұдан жаман жерді қайдан табады?-деп мырс ете түсті. Сонда күйіп кеткен Ибаш: - Мені Қырымға жіберсе ренжіген болар едім. Әркімнің өз жері өзіне қымбат. Осы қаланың әр тасы жыр. Тұнған тарих. Қадірін жер түбіндегі I Петр патшаға білдірген өңір бұл. Қазіргі күйкі халі уақытша. Оның да кінәлісі сіз сияқты келіп, көзінің қиығын салар-салмаста атүсті қорытындыға келіп кететін жалың қия басшылар, - деп салды. Хатшы қайдан айттым күйге түсіп, апалақтап қалады. Ибаш солай дегенде есіне ана жылы Бозашыдан, осы Форттан босқан тұрғындардың кетердегі гөй-гөй халін есіне алып, көз алдына елестетіп еді...

Сол полигоны түскірмен тағы да ұшырасуға тура келді Ибашқа.

1955 жылы Теңіз ауданына аудандық Кеңес атқару комитетінің басшылығына ауысты. Бұл Маңғыстаудай емес сулы, нулы жер. Балық теңіз тамағынан да, өзен, өзектерден де ауланады. Балықтың молшылығы соншалық, өзен жағасындағы ауыл ауға түскен балықты желбезегінен жіп өткізіп қояды. Ол бейне күтпеген қонақ келсе деген сақтықпен көгенде ұстаған кебең марқасы іспетті. Қыры толы мал. Жылқы мен түйе, қой. Сиыр өлең шөбі мол жаға жақты жайлап, қыстайды. Бірақ өріс тарлығы мұнда да бар екен. Себебі, арғы шетті әскерилер алып қойған. Тұрғындарын жан-жаққа көшірген. Қазір ол бетке ешкім аттап аяқ баспайды. Ұзынқұлақтан естілетін хабар ара-тұра атом бомбасын жарып байқайды. Аспанына нысана ұшақ қаптатып, алыстан атып жаттығады. Бәрі құпия. Халық көзінен қағыс.

Ибаш барған жылдың қысы қатты болды. Ұзын ақты жылқы өрістен тарықты. Үйреншікті өріс тұяқ кесті болып қалған. Мал ауызы жарымайды. Іргедегі түгі туырылып тұрған жер полигон иелігінде. Апарып жаюға ұлықсат жоқ. Басшылары өңшең дөкір, аяқтарына отырғызбайды. Отыру былай тұрсын, сөйлеспейді. Бірер колхоз басқармалары барған екен - айдап шықты. Ибаш жағдайды айтып, облыс басшыларына шығып еді, ондайлар «пәледен машайық қашадының» кебін келтірді. Сосын «Құдайдың құлағын ұстап тұрсаң да көрейік әуселеңді» деген Ибаш тартты солай қарай.

Әскери бөлім бастығы генерал екен. Бұйым бастап айтылғанда-ақ азар да безер болып шыға келді. Ат тонын ала қашты. Ол әлгі «Маленков берген байталды, Хрушев келіп қайта алып» жатқан кез ғой. Тегін дерлік арзан жылқы еті түріліп, миллиондаған ауыз әскер аузына тоғытылып жатқан.

 Қазақтың осы далада бағылған жылқы еті таңдайларыңа татығанда жақсы. Ал оның бағылу жайына келгенде бастарың ауырғысы келмейді - а?!

Генералға бұл сөз өтіп кетті.

 Ұлықсат беру менің құзырымда емес.

 Енді кімде?

 Қорғаныс министрінде.

Шынында солай ма, жоқ, Ибаштың пысын басып, бетін қайтарғысы келді ме, генерал солай деді.

 Жақсы. Сөйлесіп көріңіз ендеше министріңізбен.

 Қорқамын. Наныңыз, шын айтып отырмын.

 Ал мен қорықпаймын. Министр Малиновский қарауында кешегі соғыста қан төккен күйеуімнен қара қағаз келгенде жарылмаған жүрек, онымен сөйлескенде ұшып кете қоймас. Қане, қосыңыз.

Генерал сасып қалды. Қызарып, тіпті толқып кетті. Сол бойда адъютантын шақырып алып, қонақтарды жоғарғы қолбасшылары келіп түсетін қонақүйлерге апарып, мейлінше меймандостық көрсетуді тапсырды. Өзі Ибаш шаруасын бірыңғайламақ болып кідіріп қалды.

Бұлар орналасып бола генерал келді. Ұлықсат алыпты. Қоңыржай достық әңгіме бастады енді. Ибаштың күйеуінің Курск түбіндегі ұрыста қаза болғанын естігенде, генерал тіпті толқып кетті. Соған өзі зенит полкінің командирі болып қатысқан екен. Ол уақытта подполковник.

 Нағыз тозақ болды емес пе ол ұрыс. Біздер - зенитшілер екінші лекте тұрғанның өзінде көресіні көрдік. Зенит зеңбірегі негізінен көктегі нысананы атуға тиіс қой. Ұрыстың екінші күні шепті бұзып өткен жау танкілерімен атысуға тура келді. Шығын өте көп болды. Ұрыстан сон полктен дивизионға жетер жетпестейіміз-ақ қалыппыз. Соның да көбі жаралы. Менің өзімді бомба түскен командалық пункт астынан қазып алды. Артынан бірнеше күн басым айналып қатты қиналып жүрдім,-деп генерал майдан естелігін шертті.

Полигон жерінен өріс беріп қойғанымен тұрмай, әскер бөлімдеріне жылқышыларға қарасып, қамқорлай жүруді де табыстады. Басты қамқорлығы сол күніне бір мезгіл қосқа термоспен ыстық ас жеткізіп тұруды бұйырды. Сосын айтқаны: Ғафу етіңіз, Ибаш Жанболатовна, жылқышыларыңыз дала жағдайында болады. Отбасымен келуге ұлықсат жоқ. Қар түсісімен малдарын айдап кететін болсын. Сол уақыттан бізде оқу жаттығуы басталады. Ол кезде қиын. Тіпті қауіпті, - дегенді айтты қоштасарда.

Нағыз азамат жігіт екен сол генерал. Айтқанында тұрды. Үйір-үйір жылқы қыстан аман шықты.

Артынан бірнеше жылдан кейін барып, Форттағы әскери бөлім бастығы полковник (әкесі соғыста Б. Момышұлы қарамағында болған) Дубовиктен білді: Нарындағы, Бозашыдағы әскерлердің түбі бір. Ортақ штабтары Капустин Ярда. Солтүстік мұзды мұхиттан атылған зымыранның бір нысанасы Нарында, бірі Бозашыда. Мұндай «нысаналы» жерлер Қазақстанда әлденешеу. Ибаш соны естігенде тітіркеніп қалған.

Полигон атаулыны тіпті жек көріп кетті. Атом бомбасының тап іргеде, Үстіртте, Бекет атасы жатқан тұстан бір көштік жердің бір қабат астынан бірнеше рет жарылып, сыналғанын білген сәтінде жүрегі шаншып, ұйқысы қашып, біразға дейін азап шекті. Табаны астында заманақыр болмайынша сыр бермеуге кепіл болып жатқан жарықтық көнтері Жер-анасын аяды. Онымен өзінің тек өзі емес, жер басып жүрген барлық әйел аналардың арасында жандық, тәндік ұқсастық бардай көрінген. Теңіз ауданындағы негізгі сала мал шаруашылығы мен балық. Еділ өзені Атырауға құяр сағасында бірнеше салаға бөлінеді: Қиғаш, Боқсақ т.б. Жергілікті ел оларды дербес өзен деп бағалайды. Солардың сағасы бірнеше өзек, бөлек-бөлек көл. Жағасы ну құрақ қамыс. Ен шабындық. Өзек көлі толы балық. Бір сөзбен айтқанда нағыз құдай қарасқан жер. Елінің табаны Кіші жүз, оның ішінде он екі ата Байұлы. Адайлар да жетіп артылады. Көбі Қосай атаның балалары. Бұл реттен келгенде Ибаш бұл елге келін іспетті. Көнекөздер жағы ресмилікті жиып қойып «қарағым келін, келін шырақ» деп жатады кейде. Ибаш оларына іші жылып қалады.

Теңіз-арнасын кейін әкеткен соң жағадағы көп жер, бұрынғы арал, сұғымдар құрлыққа айналып қала барған екен. Нағыз шырайлы өpic, Жиделібайсын. Сол өңірге ел апару, бүгінгі тілмен айтқанда игеру елуінші жылдар басында басталыпты. Әлі аяқталмаған. Негізгі құрылыс материалдары - қамыс. Тоқылған қамыстан салынады қора-қопсы, үй. Сұлуынан жылуы дегеннің алға озып тұрған уақыты. Жоғары әйтеуір елді баспаналы, қыстаулы қылғанына мәз. Сөйтіп, теңіз жағасының біраз жеріне ел барған. Мал саны өскен. Қысы қытымырлау солтүстік шетте де мал көбейді. Мұнда негізінен қазақтың Еділбай қойын өсіреді.

Шіркін, енді Астрахан - Гурьев теміржолы салынса, өңір гүлденіп кетер еді, - дейтін елдің бас көтерер азаматтары. Асфальт жолды ауызға алмайды. Себебі, ол әлі мәңгінің қиялы іспетті. Ибашқа бірақ бұл ауданда көп жұмыстануға тура келмеді. Оның бір арманы жоғары білім алу еді. Соғыс салдарынан кезінде орта білім де ала алмады. Артынан орта мектепті сырттан оқуға тура келді. Мұның жағдайына енді келетіні Алматының жоғары партия мектебі. Соған өтініш берген. Бір қиындық шыға келді алдан қылтиып. Ол 35 жасқа дейінгілерді алады екен. Ал Ибаш 36-да. Облыстық партия комитетіне барып еді, ондағылар түсіністік білдіргенмен шарасыздық танытты. Тіпті бірінші хатшы Нұртас Оңдасыновтың өзі айтып, сөйлесіп көрмек болуға ғана мүмкіндігі барлығын айтты. Амалсыздың күнінен Қазақстан КП ОК-не хат жазуға тура келді. Жоғары партия мектебіне солай түсіп, жоғары білім алған.

1963 жылы Маңғыстауға атқару комитетінің басшылығына келгенде Ибаш Жанболатова тәжірибелі, білімді, партия, кеңес жұмысының әбден ысылған білгір маманы еді.

Бұрынғы екі үлкен аудан, енді бір аудан. Жер көлемі үлкен. Фортта аудан аумағын Қарабөкежеден Ақсексеуілге дейін деп далитып айтар болса, мынау енді сол Қарабөкежеден Аралға дейін. Үстірттің арғы жағына енді ғана аяқ жетіп жатыр. Ол бетпен алты ай қыста байланыс рация арқылы, сирек-сирек ұшақ қатынайды. Бүкіл Үстіртте жалғыз ғана мектеп, ол да сегіз жылдық, соның алдында ғана салынған. Ал орта мектеп қылуға қол қысқа. Қаржы жоқ, жоғары білімді мұғалім жетіспейді. Шопандарға мәдени, сауда қызмет көрсету жайы тіпті сын көтермейді.

Наурыз туа, жер аяғы кеңи, іссапармен Үстіртке шықты. Ойы - мұнда ұзақ болып, қырдағы ел тұрмысымен танысу. Манатадан көтеріле бере көрді - өркениеттің өзі түгіл тұрғыны да жоқ әлі мұнда. Айта қойғандай бір ғана өзгеріс алдыңғы жылы асудың жолы жөнделіпті. Онда да сазды жүрекше ортасы жарылып, құдық түбінен қиялап шығар тұс табаны биіктетіліпті. Соның өзін ауданының жол бөлімінің бастығы Мұқыр Ниязов бас болып, алты ай жаз жатып зорға бітірсе керек.

Уәлі - әлі бекет. Қырқым пункті мен бір үй иесіз тұр. Бейнеу - ортасында тұщы сулы құдығы бар сай мен аттас қорым. Екі-үш үй бар. Бұлар мал мамандары, шағын дүкен. Осы қалпында бұл Гурьевпен екі арадағы айдау жол ортасындағы аялдама. Болашақта салынбақ теміржол бекеті жоғарырақта болады деп жоспарланыпты. Ол жол табаны енді төселіп бола бергенде келген жол құрылысшылары вагон үйлерде тұрып жатыр.

Сам-1, Сам-2 деп аталатын малшылар орталығы Үстірттің төр басында. Әуелде бірер колхоз Алтықұлаш, Бөкен делінетін Қарақұмның бергі шетіне қыстау салып орныққан екен. Бірақ онда судан тарыққан соң, енді ғана құм ортасына қарай ойысып жатыр. Ауылдарға сауда қызметін көрсететін екі автодүкен. Олар тауарын Гурьевтен әкеледі. Облыстың тұтыну қоғамы бұл жақтың жағдайын іш көріп, қосымша бір автомашина мен бір жауапты маманын бөлген екен. Ол маман Ибаштың інісі Тасболатов Күріш болып шықты. Алдында ғана сауда техникумын бітірген жас жігіт. Обалы не керек Күріш ел көңілінен шығып жүр екен. Қыста бірнеше рет келіп, әр ауылға ерінбей сауда жасап кетулі. Жазда екі-үш машинамен керуен көшіп келмек. Бірақ, сұранысқа ие тауар түрлері жетімсіз. Мәдени қызмет атаулыдан бары қызыл отау. Ол да тек учаске орталығында. Меңгерушісі Бақтығұл Итемгенов - бұрынғы майдангер офицер. Медицина қызметкерлерінен бары фельдшер Ғаділбек деген жас Жігіт. Ибашты көрген жерде жылап көріскендей болды. Өйтпегенде ше, алдында ғана босана алмай жатқан бір әйелдің баласын ота жасап жарып алыпты. Фельдшерге олай етуге ұлықсат жоқ. Егер әйел сонда өлігі кетсе сотталады. Сотталудан қорқып тәуекелге бармаса, әйел өледі. Санитарлық авиация жоқ.

 Гурьевтегі басшыларға осы елдің адамы емес, малы керек болар, -деп тастады жаны күйген фельдшер. Айтып тұрса дұрыс. Орталықтан ең болмаса шағын емхана, он төсектік аурухана ашу ешкімнің есіне келмейді, Оны айтасыз, жедел жәрдем машинасы да жоқ. Әріптесі бұрынғы әскери фельдшер Бақыт Өмірбаевтың да көргені осы. Ол ауылдарды өзінің үш аяқты мотоциклімен жүріп аралап, қызмет көрсетеді. (Артынан Бәкең марқұм сол мотоциклімен жол апатына ұшырап, әйелі Іңкәр қайтыс болды).

Ибаш жергілікті жерден медицина институтында оқып жатқан кім бар деген сұрағына алған жауабы, бір-ақ адам. Қарағұлов Көптілеу. Ол келесі жылы бітіреді. Көңілге бұл да болса медеу. Келісімен К.Қарағұловты жолдамамен Маңғыстауға жіберуді сұраған. Сөйтсе, ол әскер қатарына біржола алынады делініп қойыпты. Армияға хирург дәрігер жетіспейді-міс. Болып жатқан соғыс жоқ. Бейбіт уақыт. Сонда да солай. Ибаш шынымен апшыды сол жолы. Халықтың өз армиясынан аяр ештеңесі жоқ. Бірақ ыңғыршағы айналып тұрған ауыл жағдайы да ескерілуі тиіс қой. Біле білсе армия үшін берік тыл қашан да керек қой. Бұл пікір құр босқа қыжыл болып қалған жоқ. Қағазға түсіп жоғарыға.

 Министрлікке кетті. (Сол себеп болып К.Қарағұлов жолдамамен Үстіртке жіберілді. Көптілеу марқұм солай өз ауылына келген алғашқы жоғары білімді дәрігер еді. Екінші болып Самдағы жылқышының баласы Бердібек Тұрарбекөв келді).

Ибаш сол сапарында Арал жағасына үңіліп, Ақтөбе облысының Байғанин ауданының жеріне де аяқ басып қайтты. Сонда түйген ойы - мына тусырап жатқан кең-байтақ өріс малға толса ғой. Шіркін, сол күнді қашан көрер екен?!

Сол 64-тің жазы да ала қонысты болды. Маңғыстау үшін үйреншікті жағдай. Мал бар, өріс кең шиыр хал кешіп, малшы жазғанның көзі көкке телмірумен өтеді. Tap өріс, кең шиыр болатыны әсіресе су көзі тапшы Бозашыда солай, бір құдық басын сағалаған бірнеше ауыл отарды ұзатып түнетіп жайып жан бағыстайды. Мұндай жылда қатты қинайтыны шабындық жайы. Алысқа шығандап кетіп, шөп шабуға тасымалы қиын. Көлік жоқ. Сосын барлық колхоз іргесін тырнайды. Ең ұзағаны Үстірттің бергі қарнауынан аспайды. Бозашы бет бұрынғы теңіз арнасының ізіндегі Теміртапқан, Байтақ сияқты аралдары мен сұғымдарын сүзеді. Түбектің батыс жағалауы он жылдан бері әскерилер иелігінде. Қашаннан мал тұяғы баспаған ту өрістің шөбі туырылып тұр. Бірақ шабуға ұлықсат жоқ. Аттап басқызбайды. Тек құрлық емес. Теңіз де солай. Сартас шығанағынан бастап жағаға жақын аймақтан балық аулауға болмайды. Ибаш Жанболатованың Шевченко ауданында бірінші хатшы кезінде, балықшыларша айтқанда теңізде де жұт болып, жоспар орындалмай қатты қысылғандары бар. Бозашыдағы полигонның бір басшылығы Фортта орналасқан. Штабы Аташ пен Баутин ортасында. Ұшақтары ортақ әуежайға келіп, кетіп жатады. Басшы құрамы казармалық дерлік жағдайда тұрады. Құрылыс салмайды. Ауданға салмағы да, алмағы да жоқ. Тіпті партиялық есепте де тұрмайды. Әйтеуір алыстан сыйласар көңіл түзу көрші жағдайында тұрып жатыр.

Балықшыларының қиын жағдайынан жаны дызғыған Ибаш сол әскер басшысына келді. Себепсіз емес. Бозашы жағалауы балықтың үйығы, қызыл балықтан көп болатыны бекіре, шоқыр. Ал енді қара балықтың тіпті есебі жоқ дерлік. Әсіресе сазандарын айттағы. Бір-біреуі тап бауырынан жараған тоқтыдай. Теңіздің сазаны делінеді ол. Жазда ұрығын Жайық өрлеп бармай, бергі тамақтың тұщы жайылма суына шашып тастап, үйреншікті өрісіне жайылатын болған соң солай аталып кеткен. Енді соларды аулауға ұлықсат сұрап отыр. Баяғыда колхозшы жекеменшігіндегі малын сойғаны үшін жазықты болған кездің кері. Әй, несін айтасың, Ибаш қатты ширығулы. Шыдай алмай өзімен әңгімелесіп отырған аға офицерге осындай жағдайды да, бастан кешіргендерін де айтып салды. Адам сөйлескенше деген ғой. Әскери басшы жібіді.

 Былай келісейік, Ибаш Жанболатовна. Балықшыларыңа бір аптаға ғана ұлықсат етелік. Ағып-тамып жүріп алмай бір таңда келіп, бір таңда кетіп болатын болсын. Соның өзінде аумақтары шектеулі Подгорный аралдарынан Солтүстік шығысқа қарай он миллден артық ұзай көрмесін. Біздің жағаға жақын көп кемелер тұр арқандаулы. Оларды қара тұтып жақындап жүрмесін. Кеме емес олардың бәрі -нысана. Синоптиктер алдағы ай ашық-жарық болады деп отыр. Ауыздарына май. Дегенмен сақтықта қорлық жоқ. Балықшылар дауылға ұрынып, жағаға шығып қалса бірден әскерилер қосына тартсын. Оны-мұныға әуестік танытып қарағыштаудың, сұрағыштаудың мүлдем қажеті жоқ.

 Көп-көп рахмет, Сізге. Бізде балықшыларда жағаға қазандық тастау деген ырым болады. Оған қарсылық жоқ шығар.

 Айта көрмеңіз, Ибаш Жанболатовна! Өз балығымыз өзімізден артылып жатыр. Бізге қазандық қатығымыздың отыз пайыз мөлшерін теңізден алуға ұлықсат етілген. Жағаға жақын тұстан ауымыз үзілмейді.

Сөйтіп, сонда аудан балықшылары бас-аяғы бір апта ішінде мырғамға батып, жоспардан құтылғаны бар. Қысылғанда сол еске түсті. Ибаш Бозашыға - Долгийге, Жандауырға тартты. Шығар алдында әрине Форттағы әскери штабқа телефон соғып, ескертіп қоюды ұмытқан жоқ. Бұл жағалауды баяғы елін көшіріп әкеткелі көргені осы еді. Қатты таң қалды. Әр жер, әр жерде айбақ-сайбақ темірлері айналып тұрған биік мұнара тұғыр. «Е, әлгі радар дегені осы болды-ау», - деп ойлады іштей. Машиналары да өзгеше. Жағаға жақын айдында самсаған кеме. Білсе олар бір жақтан әкеліп батырылып қойылған қаңқа екен. Сірә, әлдебір жақтан соларды көздеп, зымыран атылатын болса керек.

Ауада бір жаман күлімсі иіс бар. Біраздан соң Ибаштың басы айналған.

 Жақында жаттығу болған. Оқасы жоқ, әуелі осылай болады. Артынан үйреніп кетесіз, - деп жатыр командирлер. Бәрі жасамыс, шені үлкен офицерлер. Осы маңайда тұрғын мекені бар шығар, отбасылары сонда болар деп ойлаған. Жоқ, олай емес. Бәрі салт. Үйлері Мәскеу түбінде, тағы да бір қалашықтарда.

Ибаш бұл сапардан олжалы. Жағаға жақын маңайдың шөбін шабуға ұлықсат алғаны. Бірақ белгілі бір уақыттарда ғана. Шөпшілер тек қостанып келеді. Бұлар кет дегенде құрал-саймандарын қалдырып, сол бойда бірнеше күнге қараларын батыра тұрады. Көргендері, білгендері туралы ешкімге тіс жармауы тиіс.

Бұрын осы жағалауға үнемі ұшақтар келгіштеп, көгінен ұшақтың ақ жолақ ізі арылмай, күнде кешкісін аспанға от шар ұшырылып, әлденелер дүңкілдеп жататын. Маңайдағы ел бірде сол жақтан босып келген бір отар киік ауылымызға келіп, көздері басыр болып қалып, қолмен ұстап, таңдап сойып, қызыл қуырдаққа қарық болдық деп мәз болып отыр еді. Себебі, енді белгілі болды. Бәрі іргедегі полигон әсері екен.

Ибаш сол жылы дертті болды. Аудан, облыс дәрігерлері әрі-бері қарап, өңдеулі ештеңе айта алмаған соң, Астраханға тартқан. Ондағылар қойған диагноз - өкпеге түскен әлгі атың өшкір жаман ауру. Айтып келіп, босағадан сығалаған ажал.

«Иә, Құдай, енді жетпегенің осы еді. Арманы, Қабдол марқұмнан қалған жалғыз Сараның ел қатарлы адам болып, құтты жеріне қондырып, перзентін ерні жібіп сүю еді. Оны көпсінген екенсің ғой». Обалы не керек, дәрігерлер жік-жапар болысып, жазыласыз деген сөздерін өбектеп айтудан жалығар емес... Әртүрлі ем-домын жасағансып жатыр. Оларына дән риза сырқат сыр берген жоқ. Бірақ іші алай-дүлей. Бұл жалпы жаратылысында дәті берік жан еді. Қазақ әдетте әйелдік деп бағасын беретін осалдық та атымен жат болмысына. Сырын білмейтін көп жұрт онысын діні қатты дейді. Тек мұның жанына терең бойлайтындар, ал олар болса тым азшылық қана, ішкі сарайы түскірінің тым нәзік, жұмсақ екенін бағамдайтын. Тек солар ғана осы бір шағын денелі әйелдің өне бойы толып тұрған, тұнып тұрған мейірім екендігін шамалайтын. Соншама қайрат, жігер иесі деп те танитын. Тарыққан жерде сол қайраты көмекке келеді, қолтығынан сүйеді. Астрахан ауруханасында аз күн жатқан соң, шұғыл ауылға оралды. Дәрігерлер айтқан дәрі-дәрмектерді іздеуге де қайырылған жоқ. Мұндағыларға пәлен деп сыр ашпастан жұмысын жалғастыра берді. Денсаулығына байланысты жасаған жалғыз қаракеті семіз жылқының сұйық майы мен шұбат ішу. Шайнамасы қазы, қарта. Басында тәбеті тартпай зорланып жеп, ішіп жүр еді. Біртіндеп үйренді. Тіпті қарны ашып, іше бергісі келетінді шығарды.

Ибаш задында таза киініп, ұқыпты жүретін кісі болғанмен, боянып, соп түзеуге құлықсыз. Айна алдында көлбеңдеп көп тұруға құштар емес. Ауырғалы тіпті сирек барады айна алдына. Бір күні кездейсоқ шаранадан жүзіне назар байырқалатқан. Көз жанары түзеліп қалыпты. Тіпті толысып кеткендей ме қалай?! Көңілі біртүрлі өсіп, көңілденіп қалды. Мұның сырқат екенінен әлі ешкім хабарсыз. Tic жарған жоқ-ты. «Сүйінші сұрағандай болып қайтем. Жатып қалғанша жұрт қарамды көріп жүрсін. Алла аманат қылып берген жанын қай күні аларын өзі білер» деген дәт қой. Шамасы келсе ауруы жайлы тіпті өзі де еске алғысы келмейді-ақ. Бірақ ол құрғыр сәт сайын өзін білдірмеске қоймайтынын қайтерсің.

Ибаш сол айнаға көзі түскен күні оң аяғымен тұрды ма екен?! Жоқ, әлде желеп-жебеп, қолдап жүрген ата-баба, өлі әруақ жарықтықтар сол түні бәрі жабылып бір қайратқа мінген болар ма?! Әйтеуір, сол күннен бастап жағдайы жақсара берген.

Бірде, бірер күндік іссапарға шықты. Қырда сырлас жақын аға үйіне қонған. Келген бойда жеңгесіне өзімсініп базынасын айтты.

 Жеңеше, ағаға айтшы, мал соймасын. Сұр ет бар сияқты ғой, содан мол қылып асшы. Көптен сүр жемей, тісім қышып жүр еді.

Жеңгесі мол қып сұр асты. Қара етінен майы көбірек.

Мақтап жүресің ғой, ақ қыз. Саған бұйырды, - деп, кебеже түбінде жатқан шынтақтай қазы мен үлпершекті де қосып асыпты. Сен же, мен же бір табақ сүр. Әншейінде қол басындай майдың өзі жүрегіне шық етіп тие қалатын Ибаш сол табақтағы тәбетіне артынан көпке дейін таң қалумен жүрді.

Таңертең шөліркеп оянды. Бірақ қунақ. Жаңа ғана сауған айыр інгеннің балшықтай сүтінің зереңнен өпіршігін үріп, сіміріп алып айтқаны:

 Қанша жерден қастерің тігіп келсең де, құдай деп айтайын, бетім ары қараған шығар.

Сезімтал жеңгенің әйел түсігі қайын сіңлісінің басынан бір беймағлұм жағдайдың өткенін аңғарғандай болды. Самайдағы бірер тал ұры аққа сонда ғана көзі түсіп, жүзін бұрып әкетті.

Соның артынан күзге салым Астраханға барған. Ондағы өткенде диагноз қойған дәрігерлер аң-таң. Өкпе таза. Ауру түгілі ұрғыны да жоқ!

Ибаш Жанболатқызы емі жоқ деген қатал үкімі шығарылып қойған сол бейдауа сырқаттан жазылғанына шүкірлігінен бұрын желеп-жебеген ата рухына алғысын айтумен өтті өмірден. Ол пәле қайдан мені тапты екен деген ойдың оралғаны анық. Жамандықтың қайдан келері бар ма? Дәрігер емеспіз, көріпкел сәуегейлігіміз жоқ. Дегенмен кезеңі келгенде ашылған ақиқатқа сүйеніп, болжамымызды айтып көрелік.

Өткен ғасырдың дәл соңғы 1999 жылы дүниеге келген «Химиотрасса» деген ұғым бар. Жай ұғым емес, кесел. Оны американдықтар ашты. Өзіміз күнде дерлік көріп жүрген аспандағы реактивті ұшақ ізінде қалатын ақ жолақ бар ғой. Ол жайдан жай емес екен. Нағыз пәле басы болып шықты. Ол барий элементінің тұзы. Оның тозаңы әскери мақсатта радар жүйесін тексеруге, болуы мүмкін биологиялық шабуыл қаупін анықтауға қолданылады. Әрине, халықтан жасырын құпия түрде.

Реактивті ұшақ двигательдерінде қосымша, олар тіпті қазір біз ұшып жүрген жолаушы ұшақтарында да болуы, қосалқы бір аспаптар қойылады екен. Ол өте жасырын, тек әскери мамандар қолымен жасалады. Ал ол аспап ішінде не бар, нені зерттейді. Ол сірә жұмбақ. (Қараңыз. Тайны XX века № 52, 2009 г.)

Барий тұзының тозаңы әуелі тұмау түрінде басталып, өкпе - тыныс жолдарына әсер етеді. Онымен, алдымен әйел ағзасы ауыруға бейім. Ер адамдар жағы жүрек талмасына ұшырайды. Сол себепті қазір әлемдік қоршаған ортаны қорғау комитеті дабыл қағып отыр. Қаруын тастамай, тентек шоқпар жинайдының кебін келтіріп отырған державалармен текетіреске кірісіп кеткен. Бүгінде алпысын артқа салған біздің лек ес білгелі, осы Маңғыстау аспанынан ақ жолақ із қалдыратын ұшақтарды көрумен келеді. Алпысыншы жылдарда ол тіпті тобымен ерсілі-қарсылы ұшып жүретін. Әскери сынақ өтетін маңдағы жағдай айтпаса да түсінікті.

Ендеше бұл бізге полигонмен, погондылармен бірге келген, солар әкелген ғасыр дертінің бірі болып шықты. Сол Ибаш апамызға да шалығын салғандай.

АҒАЛАР СӨЗ БАСТАЙДЫ ОСЫЛАЙ ДЕП

Тағдыр Ибашты ылғи жақсы адамдармен жолықтырумен болды. Соның бірегейі Әмір Бақыраев. Ол 1901 жылы Гурьев облысының Махамбет ауданында туған. Беріш атаның баласы. Сөз арадігінде, ретті жерінде «аталарым Исатай мен Махамбет. Сын кезде бабам солардың қасынан табылған» деп мақтанып қойғанды артық көрмейтін. Еңбекке ерте араласып, он төрт жасында жүкші болыпты. Ауыл мектебінде, артынан әртүрлі курстарда оқып, 1925 жылдан Кеңес, шаруашылық қызметіне араласқан. Қазіргі Орал халық шаруашылығы институты, ол уақытта жоғары ауыл шаруашылық мектебі деп аталады. (Әуелі техникум, артынан институт болғаны бертінде). Патша тұсындағы реальды училище негізінде ашылған оның аты жоғары делінгенмен, бүгінгі өлшемде арнаулы орта білім береді. Солай бола тұрса да заманында бүкіл Қазақстандағы алдыңғы қатарлы білім ордасы. 1937 жылы соны бітірген соң ол партиялық жұмысқа жіберіліп, Теңіз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болады. Кедей таптан шыққандығы, бұрынғы жүкші екендігі 1937-38 жылдардағы зобалаңнан аман сақтап қалады. 1939 жылдан Новобогат ауданында бірінші хатшы. Ғ.Жұмағалиевтің орнына Шевченко ауданына бірінші хатшы болып келгеннен соң алдымен танысқаны өзінен бұрынғы әріптесінің отбасы. Fабдолды әуелден біледі екен. Екеуі дос-жар қарым қатынаста болыпты. Бір жағынан сонысы сеп болып, екінші жағынан Ибаштың іскерлігіне тәнті болған ол Жанболатқызын өмір бойы құрметтеумен өтті. Туған ағасындай қамқорлаумен жүретін. Кейіннен Ибаш бір кездері өзі қызмет жасаған Теңіз ауданына төрағаның орынбасары болып барғанда алдымен қуанып құттықтаған осы Әмір ағa. Құттықтап алып, артынша партия мектебіне барып жоғары білім алуға кеңес берді.

 Ай, сор соғыс болмағанда, жасынан жесірлік тауқыметін тартып, өрісі тарылмағанда Ибашжан республика тұрсын Одақтық ауқымда белгілі қызымыз болар еді, - деген сөзін аузынан тастамастан өтті. Ол 1951 жылға дейін Шевченко аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Шәкірті Ибаш Жанболатовадан бұрын ауданда ең ұзақ басшы болған сол ағаңыз.

1938 - 1947, 1951- 1954 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған Ә. Бақыраев 1971 Жылы жетінші июльде бақилыққа озды. Маңғыстаулықтардың алғысына бөленген аға жапырағы осы түбекте жайылды. Қыздары қазір Ақтауда тұрады. Атақты геолог Әділ Нұрманов оның қарындасын алған күйеу баласы.

Саламат Мұқашев марқұмды жұрты Атырау мен Маңғыстаудың төл перзенті десетін. Ол дәл берілген баға. Сәкеңнің еңбек жолын айтпағанда Маңғыстау жұртына ет жақындығы да бар. Баяғы отызыншы жылдар зобалаңында әкесі Мұқаш бай ретінде (шынында орта шаруаға жетер-жетпес күйі бар) қудаланып, Адай арасына жер аударылады. Оның кісілікті адам екендігін білген соң, ел жақсылары қамқорлап, алдында қосағы өліп, салт басты жүр екен, үйлендірді. Бұл қосағы Жетімек Жарының қызы. Солай Сәкең Сүйінғара батырға жиен де. Сәкең Жылой ауданында бірінші хатшы болғанда И.Жанболатова Шевченко ауданының басшысы. Кейіннен Сәкең облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы ретінде И.Жанболатованың басшысы болды.

Сәкеңнің «Өткенді оймен шолғанда» атты естелік кітабында (Алматы, «Өлке», 2001ж.) мынадай жолдар бар: «...Төлеген Қағазовпен, «әзілің жарасса атаңмен ойна» дегендей, қатар жұмыстастығымызды пайдаланып, әзілдесе беретінбіз.

Бір кездескенде:

 Төке, бұрында Маңғыстауда үш жүз алпыс екі әулие бар деуші еді, осы күнде үш жүз алпыс төрт болыпты, біреуі Сіз көрінесіз, екіншісі кім екен? - дедім.

 Қой, Алла сақтасын, ондай әңгімені ойнасаң да айта көрме, құрдастардың қалжыңы болар. Ал, «қыз әулие» дегенді естуім бар.

 Ол кім? Жанболатова емес пе?

 Дәл өзі. Ибаш жеңгең жай адам емес.

 Ол кісіні «адайдың әруақты ақ қызы» деп айтады екен. Бірақ, «қыз әулие» дегенді бірінші рет естуім.

Сәкең Ибаш жеңгесінің бұл қосалқы есімін кейін Маңғыстауға келген соң естіді. Ал атақты халық қалаулы қызына әлдеқашан-ақ теліп қойған. Жұрты өзіне естіртпей, сыртынан «қыз әулие» дейтін. Ал Сәкең аталған кітапта жеңгесін «Маңғыстау аруы» депті.

С.Мұқашев Маңғыстау облысына бірінші хатшы болып келген соң, алдымен амандығын сұрағаны, ескі танысы Төкең - Төлеген Қағазов пен Ибаш жеңгесі. Ибаш Жанболатова 1983 жылы зейнеткерлікке шыққанда, ұжымдағы осы жайға арналған жиналысқа өзі қатысып, сөз сөйледі. Ол уақыттың заңында зейнет жасына келген кадр басшы жұмыста болмайтын.

Бұл заң тек Кремльде Саяси Бюро мүшелеріне ғана жүрмейтін. Олар қашан өмірем қапқанша ілініп-салынып, сүйегін сүйретіп отыра беретін. Ибекеңе зейнетке шық деп дігірлеген ешкім жоқ. Бірақ мәрт кісі абыройлы күнінде, өз биігінде кетуді қалады. Бірақ, онымен өзі айтқандай «пайдасыз деп лақтырып тасталған машинаның істен шыққан бөлшегіндей» болған жоқ. Белсенді қоғамдық қызметке тартылды.

Қазір Алматыда тұратын, қатардағы комсомол қызметкерінен Қазақстан КП хатшылығына дейінгі қызмет жолынан өткен Зинаш Камалиденов ағамыз, Ибаш апаға туған інідей болып кеткен адам. Екеуінің таныстығы 1962 жылдан. Зәкең онда облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. Сол жылдың көктемінде Бүкілодақтық ВЛКСМ-ның XIV съезі өтетін болды. Оған Гурьев облысынан төрт делегат, бір хатшы З.Камалиденов, Шевченко аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Ұлан Елубаев, Маңғыстау ауданы «Екпінді» колхозынан Үзімхан Шүкірова, Гурьевтен құрылысшы Клара Бекешова.

Кенет Зәкеңді облыстық партия комитетінің өндіріс жөніндегі хатшысы Константин Иванович Дьяченко шақыртты шұғыл.

 Мен жаңа ғана Таушықтан келдім. Сондағы әуежайда бір топ адам, бір қызды ұшаққа зорлықпен көтеріп салғалы жатыр екен. Мен «қойың, бұларың не қылған басбұзарлық» деп ара түскенмін. Топ ішінен біреу, «бұл ВЛКСМ съезінің делегаты. Съезге бармаймын деп қиғылық салып жатыр»деген соң тоқтағанмын. Әлгі қыз содан ұшақ Форт-Шевченкоға қонған жерде түсіп, жаяу қашып кетті. Бір шарасын ал, - деп тапсырды. Қатты абыржыған Зәкең Фортқа бірінші хатшы Ибаш апайға телефон соғады. Күн кешкіріп қалған кез болса да, апай комсомол қызметкерлерін, милицияны аяғынан тік тұрғызып, қашқын қызды әлдебір ағайынының үйінде тығылып жатқан жерінен тауып, ертеңгі ұшақпен Ұланға қосып, Гурьевке ұшырып жібереді.

«Бақса бақа екен» демекші, бұрын қойдан басқа ештеңе көрмеген, өз ауылынан алысқа ұзамаған қызды «данышпан»жеңгелері түскірлер ойбай, орысша білмейсің. Көшеде көп мас шоферлардың бірі қағып кетіп, майып қылар. Мәскеуде жұрт метро дегенмен жүреді. Онысы жердің асты, тастай қараңғы көрдің өзі деседі» деп, Ақтауды айырып, Қаратауды қайырып, әбден қорқытып қойса керек.

Гурьевтен келген соң Үзімханды Клараға тапсырып, үшеуіне бір купеге билет алып берген Зәкең Мәскеуге Астрахан арқылы ұшақпен жетеді. Бұрын жетіп, «Юность» қонақ үйінен орын алып, орналасқан соңғы бірінші шаруасы, Үзімханға Клараны ертіп Орталық универмагқа жіберу. Одан алған киімдерін киіп, жұтынып шыға келгенде қыздарын танымай қалып, таң қалулы. Метроның жылжымалы эскалаторына отырып, төмен қарай зырлай жөнелгенде, Үзімханымыз: «Иә, Бекет ата сақтай гөр» деп шөкелеп отыра кетіп, тағы да «картопты жарғаны» бар. Съезд бес-алты күнге созылды. Уақыт өте көңілді, мазмұнды өтті. Гурьев делегациясының күтпеген жерден жолы бола кетіп, бірінші косманавт Юрий Гагаринмен бірге суретке түседі. Қайтар кез келгенде Үзімхан: «Ағай, Мәскеу қатты ұнады. Тағы бір жұмаға қала тұрсақ қайтеді? - деп жалынсын келіп.

Артынан Зәкең іссапармен Маңғыстауға келгенде Ондыға соғып, Үзімхан үйінде қонақ болады. Әкесі қой сойып қарсы алады. Зәкаш аға бізге жіберген естелігінде былай деп жазыпты.

«Қымбатты Үзімхан! Сен қазір қайдасың? Қырық жеті жыл уақыт өтті. Жанұя, отбасы қалай? Комсомолдың съезінен кейінгі жылдарда өміріңде қандай жаңалықтар болды? Ибаш апай туралы, осы кітапты оқып шығып, маған хат жазсаң дұрыс болар еді. (Адрес: 050000, Алматы қаласы, Жамбыл көшесі, 47 үй, 6 пәтер, Камалиденов Закашқа). (Бұл естелікті оқыған соң, осы жолдар авторы да Үзімхан апасымен кездесіп, сөйлесуге асық).

1963 жылдың 7 қаңтарында Ақтау қалалық партия конференциясы өтіп, сонда З.Камалиденов екінші хатшы болып сайланды. И.Жанболатова 1965 жылдың наурыз айынан қалалық атқару комитетінің төрағасы.

Алғашқы атқарылған жұмыс Ақтау бұрынғы жабық күйден арылды. Мұнда жан-жақтан келетін жолаушыларды тексеру, билетті арнаулы ұлықсатпен сату доғарылды. Ақтау қала делінгенмен, бірте-бірте Ералиев, Жаңаөзен, Жетібай жұмысшы кенттері де қарайтын үлкен әкімшілік орталыққа айналды. Бұл негізінен мұнай-газ барлау тресі әкімшілігінің Ақтауға көшіп келуі арқылы мүмкін болды. Ибаш апаның питомниктен кейінгі бір тындырған ісі, қалалық аурухана. Бірде Ақтауға министр Е.П.Славскиймен бірге атақты хирург (кейін министр болған) Борис Петровский келе қалады. Құланның қасуына -мылтықтың басуы Зәкең Ибекең апасы екеуі келісіп жіберіп, ол кезде «Генеральская» деп аталатын, қазіргі көк қонақ үйде, мейманханада қазақ ғұрпымен қой сойып, бас тартып қонақасы береді. Оған обкомның бірінші хатшысы Мұхамбет Айтуұлы Есенов, қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Виктор Кузьмич Захаров, комбинат директоры Рубен Арамаисович Григорян, т.б. басшылар қатысады. Өте бір көңілді отырыс болады. Ефим Павлович тіпті шалқып кетіп, Украинның гопак биіне басады. Қонақтар солай көрер танды көз ілмей, дырдумен қарсы алады. Сол көңіл күйді шеберлікпен, асқан мәмлегерлікпен пайдаланған қалалық ағалы-інілі екі басшы, Ибекең мен Зәкең аурухана мәселесін шешіп ала қояды. Қазан төңкерісінің елу жылдығы қарсаңында Қазақстан ОПК- нен келген комиссия, қалалық партия комитеті мен атқару комитетінің жұмысын ерекше бағалап, озат іс тәжірибесін насихаттау туралы қаулы қабылдайды. Осы жағдай бойынша Мәскеуде жиналыс болып, оған З.Камалиденов қатысады. Оған бүкіл Одақтан бір-бірден бір одақтас республика, бір облыс, бір қала мен аудан, бір колхоз бен совхоз, бір өндірістік мекеменің партия басшысы ғана шақырылыпты. Онда да Ақтау іс-тәжірибесі ең үздік саналып, Одақ көлеміне таратуға қаулы алынады.

1967 жылдың 7 ноябрі күні сәскеде Ақтаудың үлкен алаңында салтанатты митингі болып, «Маңғыстауды игерушілердің2017 жылға лекке хаты» арнаулы қорапшаға салынып, мәрмәр тұғыр астына қойылды. Ол қорапты әкелген екі жас бүлдіршін Артур Камалиденов пен Марина Остапенко. Митингіде И.Жанболатова жалынды сөз сөйледі.

Зәкаш аға «Әлі-ақ 2017 жыл да келеді. Сонда сол хатты ашып оқу салтанатына Ибаш апаның қызы Сара, жиендері де қатысса» деген тілегін білдіреді.

Ибаш апаның қызы Сара осы Ақтаудан ұзатылған. Той теңіз жағасындағы «Каспий» мейрамханасында өтеді. Оған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы В.К.Захаров, комбинат директоры Р.А.Григорян, Маңғыстау мұнай бірлестігінің директоры С.Өтебаев, Маңғыстау мұнай-газ барлау тресінің бастығы Х.Ж.Өзбекқалиев т.б. қаланың жақсылары мен жайсаңдары қатысып, жас жұбайларға жақсы тілектерін арнап, бата береді. Тойдың бас асабасы, әрі қызылордалық құда-құдағиларды қарсылап алып, шығарып салушы екінші хатшы Закаш Камалиденов.

Бұрынғы Ақтау қалалық партия комитетініңекінші хатшысы (1963 - 1968 ж), Қазақстан Орталық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Орталық партия комитетінің хатшысы, Республикалық Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Закаш Камалиденов қазір Алматыда тұрады. Құдай көз сұғынан аман қылсын, тың, денсаулығы жақсы, қоғамдық өмірден қол үзген жоқ. Жиі-жиі Ақтауының да қонағы болып тұрады.

Ибаш апасымен қызмет жолы тоғысқан, бір ыңғайда бірге еңбек еткен, оны жетік білетін ағамыз Өтежан Алшынбайұлы. Айта кету керек, мерзімді баспасөз бетінде «Ибаш Жанболатова жөнінде не білеміз?» деген тақырыппен апаның еңбек, өмір жолы туралы алғаш тұшымды әңгіме жебеген Өтекең болатын. Ол әңгіме былай әдіптеледі:

 Ибаш Жанболатованы көріп, тани бастаған кезім - 1945 жыл, Таушық кентінде, сол кездегі Маңғыстау ауданының орталығы. 1939 жылдың күз айларында Маңғыстау ауданы екі аудан болып: бірі - Шевченко (орталығы Форт-Шевченко), екіншісі -Маңғыстау (орталығы Таушық кенті) болып бөлінгені бәрімізге белгілі.

Менің еңбекке араласуым 1938 жылдың мамыр айынан басталды. Сол жылдың желтоқсан айында менің қызметім Маңғыстау ауданы Таушық кентіндегі жетіжылдық мектепке ауысты. Осы мектеп 1940 - 1941 оқу жылында Шахта орта мектебі атанып, оқу жылын бастады. Мен осы мектептегі қызметімнен 1942 жылғы март айында Қызыл Армия қатарына шақырылып, № 2246 Жұмысшы батальоны құрамында Орта азиялық теміржол құрылыстарында болып, Ұлы Отан соғысы (1941 - 1945) аяқталуымен елге оралдым.

Алғашқы кезінде көмір тресінде құрылыс мастері, кейін сол жылғы қыркүйекте Маңғыстау аудандық Кеңес атқару комитетінің Жоспарлау Комиссиясы төрағасы қызметіне ауыстым.

Ибаш Жанболатова сол кезде КК(б)П Маңғыстау аудандық комитетінің әйелдер бөлімінің меңгерушісі екен. 1954жылғы қараша айында аудандық партия конференциясы өтті. Конференцияға делегат ретінде мен де қатынастым. Конференцияға Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Сәлімжан Фазылович Ғалиев келді. Делегаттар бұл кісінің келуін ауданның билік тұғырында бір өзгерістер жасалуы мүмкін деген ойға келгендей, күдіктену сезімінде болғаны айқын.

Еліміздің тарихы ғой, айта кеткеніміз артық болмас. Сол жылы КПСС Орталық комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің 19 сентябрінде «Ауыл шаруашылығы артелінің Уставын өрескел бұзу фактілері туралы» дейтін әйгілі аты шулы қаулысы шыққан-ды.

Қанқұйлы жаумен арпалысқан қиян-кескі соғыс кезінде жоғарғы басшылықтың колхоз, совхоз шаруашылықтарындағы істің мән-жайымен тіктеп айналысуға мүмкіндігі болмағаны анық. Соғыс жылдарындағы ұран: «Барлығы майдан үшін» делініп жүріп жатты.

Соғыс төрт жылға созылды. Ауыл, колхозды, ауданды басқарған көбісі шала сауатты ел азаматтарының шамадан тыс «еркінсіп» кеткені, қоғамдық құрылымның қалыптасқан ережелері бұрмаланғаны, заңға қайшы келеңсіздіктердің орын алғаны да шындық еді. «19 сентябрь» қаулысы орын алған осы қателікті түзеуге мемлекеттік шара болатын.

Қоғамдық мүлікке сұғанақтық жасалуы өз алдына, моральдік азғындау жолына түскендер де аз болмады. Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде біздің ауданымыздың өзінде орын алған отбасының мызғымас бірлігін бұзу фактілерін әшкерелеген «Алпыс апа, жетпіс жезде» деген көлемді мақала жарияланды.

Жасыратыны жоқ, осы қаулының қаһарына ілігіп, колхоз басқарған аға буын өкілдері ішінен бірсыпырасы сотталып, ал бір тобы партиялық қатал жазаға ұшырағандары да болды.

Біздің аудандық конференциямыз да осы жоғарыда айтылған «19 сентябрь» қаулысының қатал талабы негізінде өтті. Ауыл басшыларына, аудан басшылары атына нақты дәлелдермен сын ескертпелердің айтылғаны есімде. Оларды осы жазбаларға кірістірудің қажеті болмас. Бір мезгіл Облыс басшысының(С.Ғалиев) өзі: «Немене, райкомның хатшысының шайына сүт құйғанын да сөз етесіз бе?» дегені есімде. (Колхоздан түйе алып сауғанына қатысты).

Осы конференцияда ауыл шаруашылығына басшылық еткен аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Аязбаев Нұрша қызметінен босатылды. Оның орнына аудандық партия комитетінің хатшысы (үшінші) Сұлтанов Қуанышкерей сайланды. Оның орнына аудандық партия комитетінің хатшысы (кадр жөніндегі) болып Ибаш Жанболатова сайланды.

Сөз арасында айта кетейік, аудандық, қалалық партия қомитеттерінің үшінші хатшысы (кадр жөніндегі делініп) Партияның XVIII съезі (1939 ж.) қаулысымен штатқа енгізілген болатын. Бұған дейін аудандарда хатшы екеу ғана (I және II) болған еді.

Ибаш Жанболатованың аудан басқаратын лауазымды қызметтерге келуі осылай басталды. Осыдан кейін, оны Шевченко ауданына (1949 жылдың аяғында) дәл осы Маңғыстаудағыдай партия комитетінің кадр жөніндегі хатшысы қызметіне аударды. 1950 жылдың тамыз айында оны Қазақстан орталық партия комитеті жанындағы тоғыз айлық курсқа жіберді. Тоғыз айлық курстан кейін, ол осы Шевченко аудандық партия комитетіндегі қызметіне қайтып орналасқан еді. Осы қызметінен Теңіз ауданында Кеңес атқару комитетінде (1952- 1956), 1956 - 1960 жылдар аралығында Алматыдағы жоғары партия мектебін бітіреді.

Партия мектебін бітірген жылы (1960 жыл) Шевченко аудандық Партия комитетінің Бірінші хатшысы сайланып, Шевченко ауданының таратылуымен байланысты, Маңғыстау аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы, ал 1963 жылдан бастап Шевченко (Ақтау) қалалық Кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметтерінде болды.

1960 - 1987 жылдар аралығында аудан және Шевченко қаласының бірінші басшысы лауазымды қызметтерін атқарып, өзіне тапсырылған қызметіне қандай жауапкершілікпен қараса, сол өзі басшылық ететін органның қамтуындағы жұмыс салаларын басқаратын азаматтарға да, өзіне қойылатын талаппен жауапкершілік деңгейінде қарайтын басшы екенін төңірегіне таныта білді.

Шевченко ауданында да, Маңғыстауда да өндіріс, шаруашылық жетекшілерінің барлығы да, оның аса қатаң талапкерлік мінезін, іскерлік қабілетін мойындайтынын өзім де осы өңірде кеңес, партия қызметінде жүргендігімнен көзім көрді.

Аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде, немесе аудандық кеңесте өздері басқаратын жұмыстар жүйесінде, есеп беруге келген басшы қызметкерлер, мәжіліс барысында оның өткір сын ескертпелеріне қалай жауап беруін алдын ала ойластырып келетініне қаншама рет талай куә болғанымызды айта берсек, әңгіме созылып кетеді.

Форт-Шевченко қаласында өзімнің қызмет еткен кезімде (мен ол кезде аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасарымын) райторг, кооператив, сауда базаларында басшылықта жүретін жігіттердің одан «қорқатынын», сондықтан да оны ерекше қадір тұтып, сыйлайтынын байқаған кездерім аз емес.

Маңғыстау ауданы Кеңес атқару комитетінде, ол уақыт оздырып көп отыра алған жоқ. Бір рет Үстірт аймағындағы колхоз шаруашылықтарын аралап, малшылардың сауда, мәдениет, денсаулық саласында олқылықтарды көріп, келісімен айтылған жұмыстар саласы басшыларын жинап өткізген мәжілісінде болдым. Тиісті жұмысшылардың барлығын аяғынан тік тұрғызып қойғаны, өзінің бұйрығымен жасақталған шаралардың әрбір пунктін, атқарылатын мерзімін кесіп, сол басшылардың өздерін жұмсап, барып келгеннен кейін, өзіне тікелей келіп есеп беруін талап етіп, Қарақұм, Үстірт, Уәлі, «Дауысты» - «Дүкенді», Оңтүстік Үстірт, «Шұбартай» - Теріскенді жерлеріне автодүкен, автоклуб, мәдени бригадаларды жөнелткені есімде.

Сол жылдарда аудан басқарған әйел адамдар (біздің Гурьев облысында) көп болған жоқ. Олар: Жанболатова Ибаш және Сабирова Миллят. Миллят екі ауданда (Теңіз, Жылой аудандарында) аудандық Кеңес атқару комитет төрағасы болды.

Облыстық мекемелерде басшылық қызмет атқарғандар (Дүтбаева Қатира, Мұсағалиева Сара, Аленова Уәзила Ғабдысалимова) болды. Бірақ олардың қызметі мен көрген тірлік сапарын Ибаш Жанболатовамен салыстыруға келмейді. Ибаш апаның жетім-жесір, жоқ-жіті жандарды асырап баққан отбасы тірлігін, олардың басшылық қызметіндегі төрт құбыласы түгел лауазым салтанатында, дархан көңіл кеңістігінде ғұмыр кешкені мәлім.

Шевченко (Ақтау) қаласының Кеңес атқару комитетінде төрағасы болып, тұрғындары да үлкен мемлекеттің әр қиырынан бас құраған, көпұлтты қауымға ауыр индустриялық мемлекеттік құпия өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорындары Одақтық орталыққа (Мәскеуге) ғана бағындырылған қаланы басқарып, оның күнделікті тіршілігінде кездесіп отыратын проблемаларын шешу жеңіл шаруа емес. Бастапқы жылдары «Гурьев - 20» делініп, қала статусын алғанға дейін аталып келіп, Т.Г.Шевченконың туғанына 160 жыл толуы құрметіне және кейінірек қаланың теңіз жағалауына таяу жерінде Шевченкоға көлемді де, көрнекті ескерткіш мүсіні орнатылуына КСРО Орта машина жасау министрі Е.П.Славский шақырылып, сөз сөйлеген салтанатты митингіге біз де қатынасқанбыз. Сол сөзінде ол, қаланың Ақтау атын өзгертіп, Т.Г.Шевченконың есімін беруге Қазақстанның басшысы Д.А.Қонаевтың келісімін алып келгенін жиналған халыққа жария етті. Бұл айқын шындық еді. Мұны айтпауға болмайды. Қала халқы Ефим Павлович Славскийді Ақтау қаласының кіндік әкесі деп, оның есімін ардақ тұтты. Бастапқы жылдары Каспий ауыр өндіріс комбинаты басшылары, жергілікті партия, Кеңес орындары ұсыныс тілектерін жүре тыңдап, жете көңіл аудара қоймады, сырт орай ниет танытты. Кейін қаланың партия, Кеңес орындары басшылығына іс білетін, білікті азаматтардың келуі, олардың да болып келген қыңыр көзқарастарына өзгеріс енгізді.

Ақтауда қалалық партия комитеті хатшылары В.К.Захаров, З.Камалиденовтермен қоян-қолтық бірлікте қимылдай отырып, Ибаш Жанболатова қаланың әлеуметтік саласына қатысы бар мәселелерді шешуде қаладағы жетекші кәсіпорын - комбинаттың директоры Рубен Арамаисович Григорьянмен тіл табыса білді. Соның арқасында қаладағы әлеуметтік мәдени, тұрмыстық салаға қаржы бөлінуін және бөлінген қаржыны игеруге өндірістік орындардың белсене қатысуына қол жеткізіп отырды.

Онымен қызметтес болғандардың бір еске түсіру жазбаларында, қаладағы питомникті ерекше өзінің қамқорлығында ұстағаны айтылады. Қаланы жасыл желекке бөлеудің негізі, осы питомниктен басталады деп, оған егілетін ағаштардың шыбығын самолетпен алдырып, мал қыстақтарынан жер өңдейтін көңді тасуға, транспортты да бөлгізуге мекеме, өнеркәсіп орындары басшыларына өзі хабарласып, ұйымдастырып отырғаны айтылады.

Сауда объектілеріне, азық-түлік, өндіріс товарлары сатылатын дүкендерді аралап барып қайтқаннан кейін, олардың басшыларын шақырып алып, көрген кемшіліктерін тез түзету шаралары алынып, оның орындалысын қатаң бақылауға алатынын, ел арасында үнемі айтылып жүргені есімізде.

Облыстық халықты әлеуметтік қамту басқармасының, қазіргі Ақтау қаласындағы төрт қабат көрнекті ғимаратын Комбинаттың құрылысшыларының, жұмыс құрамына енгіздіріп, Е.П.Славскийдің көмегімен тұрғызылғанын Ибаш апа зор қанағаттану сезімімен есіне алып отыратын.

Ибаш апа да 1987 жылы дүние салды. Бүкіл өмірі өзі туып өскен өлкесін көркейтуге, халқының бақытты болашағына жетуін арман етіп, қашан көз жұмып «О дүниеге» озғанша, тынбай еңбек етті. Ол төрт ауданда және Маңғыстау облысының орталық қаласы - Ақтауда, елінің елеулісі, халқының сүйікті қызы болып қызмет етіп, адал еңбегінің елдің жадында ұзақ мерзімге сақталатындай ізін қалдырды.

Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы Өтежан Алшынбайұлы бір жағы ақын да. Жас кезінде мерзімді баспасөзде көптеген өлеңдері жарияланған ол өкінішке қарай ақындық жолды қумаған. Анда-санда шабыты келгенде ғана қолына қалам алумен шектелген. Сондай өлеңдері бастас, жеделдес қандасы Ибашқа, оның мерейтойларына арналыпты. Соның бірі мына жолдар:

ҚҰРМЕТТІ ИБАШ ЖАНБОЛАТОВАҒА

(50 жасқа толуына)

Қадірлі ел перзенті - Ибаш апа,

Күреске түскен шақта сан мен сапа.

Туыпсың, мың тоғыз жүз жиырмасыншы,

Елінде еркіндіктің таңы ата.

Әртүрлі әр ЕЛУДІҢ тұрғысы бар,

Қыз түгіл күндер өтті ҰЛды сынар.

Сіз өткен бірақ мына ЕЛУ жылдың

Қайсыбір ұлдан артық үлгісі бар.

Өмірің бірде шуақ, бірде дауыл,
Болса да арқалаған жүгің ауыр,
Атқардың. Соған қоса айналаңа

Паналап жетім-жесір, бір топ бауыр.

Жүрекке жеңіл емес түскен жара
Майданнан оралмады Ғабдол аға,
Ақындар теңейтұғын асқар тауға

Әкені бір көре алмай өсті Сара.

Осыны айтқанымда бастан түгел,

Бір жай бар дұшпан шошып, достар білер.

Бұл жүкті көтеруге керек дер ем,

Адамға ақыл, қуат, асқан жігер!

Сол жігер Сізден толық табылады да

Таза ұстап жаныңды да, арылады да.

Мінеки, мерекелеп біз отырмыз

Толысқан ЕЛУ жасқа шағынды да.

Бақытты болу қиын бұдан артық,

Өзгерді ел өмірі, байлық шалқып.

Мэрі боп, сұлу сәнді Шевченконың

Келесің туған өлке көшін тартып.

Осылай той мереке бола берсін!

Ордаңыз қуанышқа тола берсін!

Жасыңыз ЖҮЗге жетіп басыңызға,

Бақ-дәулет, құрмет, сыйлық қона берсін!

пос. Доссор (Мақат ауданы), 1970 жыл

ИБАШ ЖАНБОЛАТҚЫЗЫНА

(60 жасқа толуына)

Ата-анаға қадірлі қыз да, ұл да,

Бірақ, көшін бастатқан қазақ ұлға.

Ұлдан артық туатын қыздың барын

- Білдік біз жиналған топ бүгін мұнда.

Соның айқын мысалы - иесі

Бүгінгі мынау Ибаш Жанболатовна!

Білмеймін жан жоқ десем, артық емес,

Есімін осы өлкеде: ойда, қырда.

Сүрінбей өткендігі елге аян

- Салса да тағдыр оны қандай сынға.

Республика құрдасын құттықтаймыз -

Толтырған бүгін жасын 60 жылға!

Ибеке, білем өмір өткеліңді

Майданға Ғабдол-аға кеткен күнді.

Тағдыр артып иығыңа ауыр жүкті

Ертерек көмкергенін «көктеміңді».

Сұрапыл соғыс жұтты жастық шақты

Бесікте сәби - Сара жылап жатты.

Сізге жеңіл болған жоқ – сол бір кезең

Нарды жығып, тұлпарды тұралатты.

Қайран қап кейде соны ойыма алам

Қандай жан деп бұл сынға мойымайтын.

Білмеймін соның бәрін көргеннен бе

Мың есе мәртебелі тойың маған.

Жастанып Отан қамын, аттың жалын...

Сақталды ел есінде... оның барын,

Қосында малшылардың кеңес құрып –

Жол тартқан кең Үстіртте сапарларың.

Пендеге бола бермес мұндай зор бақ
Партия сенді Сізге, халқың қолдап
Сондықтан бүгін Сіздің тойыңызға –

Бәрі де жатыр әне, Сәлем жолдап!

Маңғыстау Ұлы өзгеріс тартып жүгін

Өндіріс.. қала орнап жатыр бүгін.

Айтуға бәрін қамтып тіл жетпейді -

Менің де жетпей жатыр «ақындығым».

Бақыт қой жарты жолға тоқтамаған

Өзің жеңіп, қамал барма аттамаған.

Айттай ма армансыз деп бізде әрқашан

- Арқалап ел үмітін өткен адам.

Ал, тағы құттықтаймыз мерекеңді

Жалғасын деп ұрпаққа өмірің - үлгі.

Ибеке, есендікпен өзіңізбен

Тойлайық талай әлі келер күнді!

Жаңаөзен қаласы, 1980 ж.

Ендігі көзі тіpi абызымыз Өтекең қазір Жаңаөзен қаласында тұрады. Апаның тоқсан жылдығы қарсаңында, елімізге белгілі бір топ ардагерлер Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевқа төмендегідей хат жазыпты:

Маңғыстау облысының әкімі Қ. Е. Көшербаев мырзаға

XAT

Еліміз егемендік алғалы халқымызға қызметімен қадір арттырған ұл-қыздарымызды ұлықтап, есімдерін есте қалдырудың жақсы үрдісі қалыптасты. Бұл игілікті де ұлағатты істі Маңғыстау облысының жалы биік болса ол бір жағынан, қадірлі Қырымбек Елеуұлы, Сіздің еңбегіңіз, марапат, шапағатыңыз екендігі даусыз. Ұлықтауға тұрарлық тұлғалардың баршылығы - елдің мерейі. Сондай есімі еске түскенде жұмыла жұртты иығын қомдап, қош уақтанып кететін аяулы да асыл қызымыз - биыл топырақ жасымен 90-ға толғалы отырған Ибаш Жанболатова.

Ол 1920 жылы Құрық жерімде кедей балықшы отбасында туған. Ауыл мектебінде, Форттағы орта мектепте білім алған 1939 жылы Маңғыстау аудандық партия комитеті аппаратында еңбек жолын бастаған. 1943 - 1946 аралығында әйелдермен жұмыс істеу бөлімінің меңгерушісі ретінде тылдағы негізгі ауыртпалық жүгін көтерген, әсіресе Таушық көмір шахтасындағы әйелдерді жеңіс үшін белсенді еңбекке жұмылдыруда шын мәнісінде саяси қызметкер, комиссар бола алды. 1946.11. - 1950.02. Маңғыстау аудандық партия комитетінің хатшысы. 1950 - 1954 - Шевченко аудандық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы. 1954 - 1956 ж.ж. Теңіз аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1956- 1960 ж.ж. Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы. 1960- 1963 ж.ж. Шевченко аудандық партия комитетінің хатшысы. 1963 -1965ж.ж. Маңғыстау аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы, 1965 - 1973 ж.ж. Шевченко қалалық Кеңес атқару комитетінің төрағасы, 1973 – 1983 ж.ж. Маңғышлақ облыстық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі. 1983 жылдан Республикалық дәрежедегі зейнеткер.

И. Жанболатова Ұлы Отан соғысы құрбанының жесірі. Күйеуі Жұмағалиев Ғабдолла партия қызметкері. 1937 жылы Маңғыстау ауданы құрылғанда аудандық партия комитетінің II хатшысы, 1938 жылдан Шевченко аудандық партия комитетінің I хатшысы. 1941 жылы жазда майданға сұранып кетіп, ротаның саяси жетекшісі, батальон комиссары, 1943 жылы Курск шайқасында қаза болған. Соғыс басталар алдында ғана үйленген есіл ер, іште қалған перзенті - қызы Сараны көре алмай кетті.

И. Жанболатова соғыста қаза болған ерінің атын өшірмей, Сараны әрі ана, әрі әке орнында тәрбиелей жүріп, айғыр жал ер азамат қайратын танытып еңбек етті. Өңірде балық шаруашылығының өндірістік негізде қалыптасып, жаңадан құрылған Маңғыстау мұнайы аз барлау тресінің жемісті жұмыс жасауына үлес қосты. 1961 жылы Жетібайдан алғашқы мұнай фонтаны атқанда ол соның басында еді. Өзен, Жетібай, Ералиев (Құрық) барлаушы кенттерінің алғашқы қадасын қақты. Сонымен қатар мал шаруашылығының дамуына да араласты.

И. Жанболатова ауданға I басшы болып келгендегі бір ғана шаруашылық ізінен кейін, екі ауданнан (Ералиев, Түпқараған) жүздеген мың малы мен оның шаруашылық базасы өсіп жетілді. Ол Шевченко - Ақтау қаласының алғашқы мэрі ретінде жаңа мекеннің мәдени, әлеуметтік тынысының басында жүрді. Жаңа қала - заманалар талабына сай болып қалыптасуы керек. Оның берік ұстанымы осы болды. Сол жолдағы жасаған көп қызметінің азғантай бір мысалы - ҚазКСР ҒА ғалымдарымен келісіп, ботаникалық тәжірибе алаңын ашып, онда 600-ден астам ағаш, бұта түрін өсірді. Ол алаңмен қатар жас шыбықтарды қала көшелеріне де еккізіп, бүкіл қаланың өзін тәжірибелік тұраққа айналдырды. Ибекеңнің сол еңбегінің арқасында заманында Ақтау жасыл желекті қалалар легінің алдыңғы қатарынан орын алып еді. Әлі сол тұғырында келеді.

Ибаш апа КСРО Орта машина жасау министрлігінің дербес меншігі іспетті қалада жоғарғы биліктің дегеніне ерлікпен, өрлікпен, бір жағынан мәмлегер шеберлігін де сарқа жұмсап, қазақ тұрғындарын көбейтіп, ұран өндірісіне қазақ жұмысшыларын да көптеп тарту үшін күресті. Онысы нәтижесіз болған жоқ. Ақтаудағы алғашқы қазақ орта мектебінің ашылуы тікелей сол кісінің еңбегі. 1971 жылы ашылған қалалық теледидар хабарының жартысын қазақ тілінде беретін болды. Және ол Өзен ауданының мұнайшыларын да қамтуды міндетіне алды. И. Жанболатова мэр болып тұрғанда Ақтау (Шевченко) қаласы сәулеттігі жөнінен Халықаралық сыйлыққа ие болды.

И. Жанболатова қайраткер, қызметкер бола жүріп, аналық парызын да абыройлы өтеді. Қызы Сара Ақтөбе мединститутын, одан соң Мәскеуде аспирантура бітіріп ғалым болды. ФРГ-да, Түркияда еңбек етті. Қазір Алматыда тұрады. Бір ұл, бір қыз өсірген ана.

Кеңестік Отанымыздың әлденеше орден, медальдарымен марапатталған Ибаш Жанболатова биылғы жылы 90-ға толады.

Өсетін елдің өміршең өнегесі - елі үшін еңбек еткендердің есімін әспеттеп, келешекке әдемі жалғастығын қамдау ғой.

Қадірлі Қырымбек Елеуұлы, осыған орай облысымызда бірсыпыра шара алынса деген тілегіміз бар. Атап айтқанда, И. Жанболатова алғаш мэр болған Ақтау қаласында оның атына мектеп беріліп, алдына кеуде мүсіні қойылса. Ибекең балықшы, балық шаруашылығының басында тұрған басшы ғой, теңіздегі бір кемеге аты беріліп жатса да артық болмас еді.

Осы ойларымызды құп алып, бұл бағыттағы игі шараларға өзіңіз ұйытқы болады деген бек сеніммен ардагер ағаларыңыз атынан:-деп көп абзал қарияларымыз қол қойыпты.

Одақ кезінде бірсыпыра жауапты, басшы қызметтерде болған, Қазақстан егемендік алған сон да, көптеген мемлекеттік ірі лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған, КСРО-да Қазақстан Республикасының өкілетті елшісі болып, мәмлегерлік қызметімен де әлемге танылған Қырымбек Елеуұлын ардагерлер хаты бей-жай қалдырған жоқ. Жалпы елге қадір арттырған есімдерді ұлықтау оған ата қанымен жұғысты деуге болады. Әкесі Елеу Қызылорда облысында ауданның бірінші хатшысы болып тұрғанда Қорқыт атаның ғасырлар бойы жел жеп, күн кеміріп, жермен жексен болуға айналған басын жөндетіп, ескерткіш көтерген. Сөйтіп, Қорқыт ата атын алғаш әспеттеп, насихаттаушы болған. Кеңестік саясат қылышының қылпып тұрған кезі. Оған көре алмаған күншілердің айқайға аттан қосатыны сірә белгілі. Сөйтіп, Елекеңнің сау басын саудаға түсірген. Тобасы қабыл боларына сенімді, елінің «Е, бәрекелді» ризашылығына арқа сүйеген Елекең қысастық атаулының бәріне шыдап, бәріне төзіп бақса керек. Ақыры әділдік салтанат құрғанын білеміз. Сондай әкенің перзенті, елдің ұлы Қырекең Ибаш апаға қатысты игі іс-шаралардың бастаушысы, жоқшысы бола кетті. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген осы.

Ибаш Жанболатова еліне қызмет етіп өтіп еді, енді елінің оған қызметі басталады.

СОНДАЙ ДА БІР ЖАЙ БОЛҒАН

Ибаш апаның 1961 жылдың 5 июлі күні Жетібайға келуі, сол келісінде 6 июльге қараған түн ортасында алғашқы мұнай фонтанының куәсі болуы белгілі. Мұны қазақтың кәдуілгі «құтты қонақ келсе қозы егіз табадысына» сайып өте шықсақ, онымыз сүйкей салды жауапсыздық болар еді.

Аудан басшысының ол сапары жай ғана келіс емес, үлкен міндет атқарылған жүріс еді. Партиялық басқару жүйесі жоғарыдан төменге қаратылған тапсырма, бұйрықтан тұрады. Құзыр иелері бұйрық береді, бағыныштылары орындайды. Партиялық тәртіп бүгінгі тілмен айтқанда диктатура дегеніңіз осы. Сол уақытта Жетібай мен Өзенде жағдай өте нашар еді. № 1 барлау ұңғысы дұрыс қазылған жоқ. Әлденеше рет авария болды. Сосын төрт-бес рет ұсталған бұрғыны жеткен жерінде тастай салып, жан дата қазып та ештеңе шығара алмай ақыры; бұл «қайырсыз» ұңғыны тастап тынды. Онымен салыстырғанда № 2 ұңғыда жол болыңқырады. Бұрғышылар мұнда аз да болса тәжірибе жинап «тісқақты» болып қалып еді. Соның септігі тиді.

Жобалы тереңдік үш жарым мың метр. Екі мың метрге жеткенше алынған тау жыныстары бойынша бес мұнайлы қабат ашылды. Қабат бүгінгі біздің қалыптасқан тілдегі айтылу. Ол уақытта олай делінбейді. Керн алғышпен алынған жыныстың күлімсі исі бар, майлы топырақ шықты. Соны геологтар алып зерттеп, бір жағын жоғарыға жіберіп жатады. Ал, бұрғышылар қолмен ұстап, отқа жағып қарап қызықтап жатқандары. Онан арғыға өрелері жетпейді. Бұрын тереңнен ешқайсысы мұнай шығарып көрмеген ғой. Көпшілігі тіпті сұйық мұнайды ды көріп білмеген. Тез арада № 6 ұңғының мұнарасы құралданып біткен. Ол да оңайлықпен қазылып бітпей жатыр. Әупіріммен екі мың үш жүз метрден зорға асты. Ал жоғары болса мұнай сұрап жатыр. Мәскеу Алматыны, ол Гурьевтегі обкомды, мұндағылар аудандық партия комитетін қысады. «Адамдарыңда жауапкершілік жоқ, Сіздер тарапынан партиялық талап, бақылау аз» деген үйреншікті әңгіме. Бейне мұндағылар жұмыс жасамай жатқандай. Жер астындағы мұнай күні жеткенде төлдейтін мал дей ме екен?! Ол тіпті ауданнан Жанболатова. облыстан Оңдасынов хатшылар түгілі Мәскеуден таз басы жылтырап Хрущевтің өзі келіп Жетібайдың басында айлап, жылдап жатса да бола кетпейтін, құйыла салмайтын ризық. Ибаш солай деп іштей зығырданы қайнайды. Бірақ естіртіп айта алмайды. Партиялық тәртіптің құлы. Жігіттерге де обал. Оларды да түсінеді. Барын салып-ақ жүр. Бірақ мына табан астында бедірейіп жатқан cap дала құлпын оңай ашар емес. Адамнан алдымен жағдай сұралса ләзім ғой. Ибаштың бір түсінбейтіні - бәрі керісінше. Мұнда жұмыс сұралады. Ал жұмысшылар жағдайы өте ауыр. Жер үйлерде тұрады. Отын жоқ. Келген аз көмір жетіспейді, бір - сонау жер түбі Форттан барын тасып жеткізудің қиындығы, екі қолы қалт еткенде бала-шағасымен жабылып қырдан шөп шабады. Бұл дөңі түскірде бұта екеш бұта да аз екен. Сояуы жоқ бұйрығын мен жусан. Мал аз болса, тезек қайдан болсын. Ол да қат. Жетібайдағы құдық суы алғаулы. Ауызсу қырық шақырым жердегі Жармадан тасылады. Осы шілдеден бастап оны да тасып жеткізу қиындап, әр отбасы мүшесіне талонмен бір шелек, жұмысшыға екі шелектен ауыз су бөлінетін болған. Құдды баяғы Ленинград қоршауындағы жағдай. Азық-түлік жағын айтпаса да болады. Қазақ айналайын көнбіс, шыдамды халық қой. Жалпы Мәскеудегі ұлықтар көп ретте осындай халықтық қасиеттерге есеп жасайды-ау деп ойлайды іштей Ибаш.

Хатшының бұл келісі цехтың партия жиналысында қазу жұмысының жүрмей жатқанын талқылау еді. Талқылағысы келмесе де талап солай. Бастауыш партия ұйымының хатшысы Базарбай Есмұрзин баяндама жасады. Не айтсын ол баяндамасында. Анда кемшілік, мұнда олқылық. Әйтеуір қаран су алып жатқан ит тірлік.

Бәріне сайып келгенде коммунистер кінәлі болып шыға келді. Қаулы алынып, бәріне партиялық шара қолданылды. Ұйым хатшысы, барлау бастығы орындарынан алынды. Жаза осылай тым ауыр болып кететін ол кезде. Соның алдында мастер Николай Петров бригадасы қазып жатқан мұнарада авария болып, инженер-мастер екінші разрядты көмекші бұрғышыға төмендетілді.

 Жеңіл құтылдың. Сталин заманы болғанда Маңғыстау-Магадан маршрутымен тартып кете барар едің, шүу отарба деп, -деп жігіттер оның көңілін аулап жатыр. Николай оған не десін. Ыржиып күлген болады.

№6 ұңғы алдында екі мың үш жүз тоқсан метрге жеткен жерінен бұрғы тұтылып, енді ары қарай қазбай, сол жеткен жерінен тоқтатылып, қабатты жарып көруге шешім алынған. Бұрғылау тілінде ол перфорация делінеді. Перфорация жасалғаннан кейін, құбыр сол тереңдікке қайта түсіріледі. Бұл жұмысты бастау 5 шілде күнгі, күндізгі ауысымның үлесіне тиді. Ол бұрғышы Жолдас Тоқжанов тобы. Бұлар кешке дейін жеті жүз метрге дейінгі құбырды жіберіп, екінші Бисенғали Бәжіков ауысымына тапсырды. Жолдас шайын асығыс ішіп, партия жиналысына келді.

Бірінші мәселе ұзаққа созылып қаралып бітіп, екінші барлаушы ауылдың тұрмыстық жағдайын жақсарту сөз болып жатқан. Кенет есіктен Найзабек Толтырбаев дейтін жұмысшы жетті алқынып. Көп ішінен Жолдасты көзімен тауып алып келіп, фонтан атып кеткенін хабарлады. Жолдас асығып, аптыға қоймайтын салмақты жігіт еді. Көп дабыра қылмай хабарды Үсенов Дүйсенге жеткізді. Дүйсекең де сабырдың кісісі болатын. Бірінші мәселе бойынша тоқпақты көбірек жеп, көңілі пәс отыр еді. Бірақ бетіне лып етіп қан жүгіріп, сыр беріп ала жаздады да, төрағадан ұлықсатты көзімен сұрап алып, сыртқа шықты. Барып өз көзімен көрмек. Серіктеріне тапсырғаны әзірге ештеңені дабыра қылмай тура тұру.

Онан арғы жағдай бұрын әлденеше рет айтылып, жазылып жүргендегідей.

Ибекеңнің мұнара басына келген соң алғашқы лебізі:

 Жігіттер, жарайсыңдар! Еңбектерің жанды! Ал, байлық, барлық баянымен болсын!

Көп кешікпей Батыс Қазақстан геология басқармасының бас геологы Васильев, ол сонда Фортта жүр екен, трестің бас инженері Асабай Хисметов келді. Басшылардың талқылаған бірінші мәселесі фонтанды қалай жабу.

 Бұл өзіміздің қолдан келмейтін шаруа. Бакуден арнаулы бригада алдыру керек,-деді Васильев. Осы жердің бас геологы Вадим Тевяшов тікелей бастығы солай деп тұрған соң ба, әлде батылы бармады ма, шешімді ештеңе айтқан жоқ.

 Әзірбайжандарға қол жайғанша... ау, сонда өзіміз не бітіреміз. Намыс қайда?! -деп кәрі көкжал Үсенов Дүйсен қызынып кетті. Оған Хисметов Асабай қосылды. Ақыры соңғылардың дегені болды.

 Жігіттер, мықтап ойландыңдар ма? Бұл өзі адам өміріне қауіпті емес пе? Құрысын, сол Бакуіңнен арнаулы бригадасын алдырып, бәледен машайық қашқандай бола кетсе қайтеді. Тағы бір ақыл таразысына салып көріңдер, - деді Ибаш екі маманына оңашалап.

 Апай, «шама шамадан артық емес, Жайықтың суы қырық бөшке» деген екен біреу. Сол айтпақшы, олар келгенде не істейтінін біз де білеміз. Тәуекелге тұрсақ жасаймыз да қоямыз! - деп бұлар аспай-саспай не шара қолданатынын ұғынықты етіп, түсіндіріп берді.

 Ал жақсы онда. Іске сәт. Беті аулақ дейік, мен бірдеңе болса әйтеуір сіздер жағында деп біліңіздер.

Апайлары осылай деп батасын берді. Сол сөзінде тұрды да. Ол былай болып еді. Облыста тау-кен экспедициясы деген құзыр иесі бар. Оның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Соған орай жаналғыш деген жаманаты атының алдында жүреді. Сол инспекция бастығы Тутельникөв келіп тұр фонтан хабарын естіп. Ол неме келе-сала тергеп, тексере жөнелді. Ішінде Жолдас Тоқжанов та бар, көп адамдарға зіркілдеп түсініктеме жаздырды. Айтары белгілі: Өндірістік авария неге болды? Кімнің кінәсінен болды?

Осы мұнайды табу үшін ақ басты академиктен бастап, мына мұнара басында шаршап-шалдыққандарды шайлап жүрген көмекші моторист талдырмаш әйел Нұрсәненге дейін қаншама адам, қанша жыл көр азабын көргенінде шаруасы жоқ. Жер жарықтық жаралғалы тұншығып жатқан мұнайдың жай фонтан емес, вулкан, қысымы бұрын-соңды мұндаймен істес болмаған тәжірибесіз бұрғышыларды қалайда қапы соқтыруы заңды екенін де бағамдар емес.

Сонымен бұл мықтыңыз бір буда түсініктеме, жасалған актісін алып табанын жалтыратты. Жай кетсе бір жөн, өзімен бірге инженер Хасан Тәжиевті де ала кетті. Хасекең жуас, кішік жан еді. Сірә, сонысына қарап, тіске жеңіл жұмсаққа жорыса керек. Жетібайға іле-шала «Ойбай, Хасекеңді Форттың түрмесіне жауып, нәр татырмай, қорқытып үркітіп жауаптап жатыр-мыс» деген хабар жетті. Абыржып қалған жігіттер хатшы Ибаш Жанболатоваға жеделхат жолдады содан. Енді қайтсін, «түйенің танығаны жапырақ» деп бұлардың бар білері де, бар жақын жанашыры да сол ақжолтай апайлары ғой. Ол қорған болмағанда кім болады? Жағымсыз хабарды естіген Ибаш апа қатты ашуға мінулі. Сол бойда облыс хатшысы Н.Оңдасыновқа шыққан. Ол кісі тіпті қаһарға мінулі.

 Өліп-талып мұнай тапқан ерлерді лайығымен марапаттау орнына қара бұл жойдасыздардың жасап жүргендерін, - деп телефонға жабысқан... «Үш әріптердің» де, олардың шылауынан табыла кететін итқуарлары - инспекцияның да сазайын тартқызған. Ертесіне жолға жиналып, ұшақпен ұшып келіп, дала ерлерінің қолын қысқан.

Күні кеше ғана бақилық болған Хасан Тәжиев ағамыз сөзге сараң, сырға берік, нағыз түс нар дерлік азамат еді ғой. Мұнай тапқан сәттің көл-көсір қуанышынан соң, іле-шала жоқ жерден жалалы болып кете жаздағаны жайлы тіс жармастан кетті. (Бізге бұл туралы айтқан көзі тірі куәгер Жолдас Тоғжанов). Ал енді Ибаш апасы жайлы сөз болған ретте Хасекең аға тіпті шешен болып сала беретін. Үнемі «біздің апай» деп ұлықтап отыратын.

Жетібайдан мұнай атып, жұрт бөркін аспанға лақтырып қуанып жатқан кезде сондай да бір жай болған екен.

МАҢҒЫСТАУДЫҢ ЖАННА Д АРКІ

Ибаш Фортқа келіп қызметке орналасқанда басшы азаматтардың көбі жасы үлкен ағалар еді. Берірек келген соң білді, сонда бұған алды шал, арты егде көрінетін сол ағалар қырық пен елу жастың аралығында екен ғой. Шіркін, ол заманның үлкендеріне сөз бар ма? Мұны бірден «қалқам, айналайын, қарындасым, қызым» деп өзімсініп, орталарына үйіріп ала кетті. «Іс тетігін кадр шешеді» деген қағиданың ілгері озып тұрған шағы. Кадр қадірінің әдетте негізгі екі өлшемі болады ғой. Біріншісі - білімі. Бұлардың ол жағы мардымды емес. Алды осы Форттағы төңкерістен бұрынғы екі сыныпты орыс-қазақ мектебін бітірген. Кейбірі оқыса да бітірмеген. Содан соңғы білім деңгейі әртүрлі курстар, жұмысшы факультеті, салалық арнаулы мектеп. Мысалы, аудандық жер бөлімінің бастығы, кейіннен колхоздың басқарма төрағасы Шоланов Сыран орыс-қазақ мектебінен соң Ашхабадтың фельдшерлік училищесінде бір жыл оқып, денсаулығына байланысты тастап кетіп, бертінде Сарайшықтағы ауылшаруашылық мектебін бітірген. Ал, Қиту Бекжанов жұмысшы факультетінен соң, заң мектебін тәмамдапты. Фортқа Теңіз ауданының прокурорлығынан келді. Жазмағанбет Қызылбаев пен Өтесбай Жүнісовтер екі сыныптық орыс-қазақ мектебінің түлектері. Ең білімді маман Орынбай Бәлдеков, ол аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесін, мұнай базасын басқарды, аудандық партия комитетінде нұсқаушы болды.Соғыс кезінде қысқартылған жедел программамен әскери саяси училище бітіріпті.

Ал, енді Жаманқұл Тәжиев, Бәйнеке, Жұмаш Сағындықов ағалар тіпті ештеңе бітірмеген. Бірақ сауаты бар.

Ал, енді іскерлік мәселесіне келгенде, бұлардан өтер ешкім жоқ. Шетінен сен тұр, мен атайын. Бұл топты бір ауыз сөзбен «қарт гвардия» дейтін.

Жұмаш аға осы аташтық. 1920 жылы Гурьевтен шегініп, қыр жолымен азып-тозып Фортқа келген генерал Толстов армиясымен «тіл табыспай» қалыпты. Сірә, оған Жұмекеңнің көрмек түгілі атын да дұрыс естімеген большевиктердің идеясына құлай беріле кеткендігі емес, ақтардың тұрғын елге жасаған зорлығы себеп болса керек. Сосын ақ әскердің жауы қызыл әскерге іш тартқан. Фортқа келген С.М.Кировты құм жағалауда қарсы алғандардың ішінде тұрған. Киров қырмен Иранға қашқан генерал В.Толстов тобының артынан қуғын ұйымдастырғанда, Қонарбай Оңғалбаевпен бірге атқа қонған. Содан Жұмекең жаңа үкіметтің белсенді жанашыры. 1930 жылдар басында ұйымдастырған серіктестіктерді басқарып, теңізден балық аулады. Тап сол кезде жоғарыдан майшабақ (килька) аулау туралы пәрмен келеді. Каспий - Каспий болғалы ол балық ауланып көрмеген. Басқа теңіздерде де солай болуы керек. Сірә, алдындағы онсыз да су сорған борбайын әзер сүйретіп, тірсегіне ілініп жүрген Арал балықшыларынан, Лениннің өзі бас болып алақан жайып көмек сұратқан аштықтың зардабы өтіңкіреп кеткендікі болар, Кеңес қазақтары балықтың бір түрі деп есептемей, көксеркенің күйектен кеш туып, өсіп келе жатқан көрпеш сынды баласы деп білетін майшабақты өндірістік негізде аулауды бұйырады. Қапылды да қалды аудан. Мұндайда Астраханға қарайтын. Сөйтсе, мұндағы күн оларға да туыпты. Қазақтай емес, жетпіс жеті атасынан бері теңіз үстінде ау сүйретіп келе жатқан орыстардың өздері де бұл жағынан хабарсыз. Майшабақ олар үшін қармаққа ілінетін жем ғана. Орыс солай болғанда, қазақ қайтпек?! Жоғарыдан тағы бұйрық: Охот теңізінің жағалауында бұл кәсіп жақсы жолға қойылып жатыр екен. Солардан үйреніп келуі үшін тез адам жіберілсін!

Таңдау Жұмекеңе түседі. Оның екі себебі бар. Бұл баяғыда кәсіпкер Захар Дубскийдің үйінде қол бала болып жүргенде орысша жақсы үйренген. Захардың баласын Форттағы мектепке жеңіл арбамен апарып-әкелетін көшір болғанның пайдасы тиіп, Рюмков мұғалімнен (бастауыш дәрежесінде білім алған. Сосын бұл қазақ, жергілікті ұлт өкілі. Соңыра білгенін бұл кезде балықшылар контингентінің басым көпшілігі болып саналатын қазақтарға үйрете алады.

Аудан басшыларының бұл шешімі оң болған екен. Жіберген кадрлары шаруаны оңқай асықтай үйіріп, бітіріп келеді. Және екі орыс салықшысын өзімен бірге ала келіпті. Бұлар кешегі азамат соғысында мобилизациямен әскерге алынып, ақтар жағында соғысып, содан жазықты болып, көз түрткі көріп жүрген жазғандар екен. Сондай күйде үйлене де алмапты. Ылдым-жылдымы көп Жұмекең ол жақтағы басшылармен тіл тауып, мұнда басына ұжмақ орнатпақ, қарқалләзи қылмақ болып, уәдені үйіп-төгіп, әлгі екеуді соңына ертіпті. (Жұмекең көп ұзатпай уәдеден шығып, екеуін Баутинде байсыз құтырып, құйрығын теуіп жүрген екі жесірге үйлендіріп, өкіл күйеу қылып ала қояды). Ау, құрал сірә мемлекеттен. Солай жолы бола кеткен Ж.Сағындықов басқарған Ортаеспедегі Голощекин атындағы колхоз балық аулау жоспарын бес жүз пайызға орындап, айды аспанға бір шығарады. Сөйтіп, республика басшысы Л.Мирзоянның қабылдауында болып, сыйлыққа бес жүз сом ақша, бұзаулы сиыр, костюмдік қымбат мата алды.

Ибаштың есінде, әкесі бір топ балықшыларды бастап қайықпен Ортаеспеге барып, екі жұма жатып, майшабақтың аулауын үйреніп келген. Сөйтіп, Құрықтағы, Кендірлідегі колхоздар да жоспарды артығымен орындап, Стахановшылар атанып шыға келген. Сонда сірә, Маңғыстау балықшыларын ұшпаққа шығарған кәсіби шеберліктерінен бұрын, теңізде майшабақтың көжедей қайнап жүрген көптігі болуы керек. 1939 жылы Ж.Сағындықов «Рыбколхозсоюздың» төрағасы болып сайланды, келесі жылы жоспарды асыра орындағаны үшін Жазмағанбет Қызылбаев екеуі Мәскеудегі осы сала қызметкерлерінің одақтық үлкен басқосуына барып келді. Одан алған сыйлығы жазу машинкасы. Осы жазу машинкасы түскір Жұмекеңе сор болып жабысты. Әскери комиссариаттың бір өкілі алып қоймақ болып әкіреңдеп, оған көнбеген соң наган кезепті. Мінезі шәлкес Жұмекең оның наганын тартып алып, көкжелкеден бір қойып, айдап шығады. Соның кесірінен броны бар, әрі жасы асқан Жұмекең тыл жұмысына алынды. Челябинскіден бір-ақ шықты. Ондағылар мұның балықшы, колхоз төрағасы болғанын құжаттарынан көріп, Байкал көліне, сондағы бір балықшы колхозға партком хатшысы қылып жібереді. Іскер маман осыған дейін тұралап, артта қалып келе жатқан колхозды тез арада озаттар қатарына қосып, 1945 жылдың басында бір ай демалысын алып, ауылға келді. Мұндағылар Жұмекеңмен жылап көріскендей болды. Әсіресе Ибаш. Ақпан айы туа жақ. Соның он жаңасынан бастап теңізге шығып итбалық соғу басталады. Жұмыс қолы әсіресе ер адамдар тапшы. Сосын ауданның әйелдер бөлімінің басшысы Ибаш Жанболатова осы қалай деген қайратты әйелдерді жинап, итбалыққа шығарған. Өзі де көрді, бұл жұмыс жауыңа да тілемейтін тауқымет. Келдегін ұстап, соғайын деп таяп келгенде, итбалық шіркін балаша жылайды. Желкесінен нұқып сұлата салу орнына, әйелі түспегірлер итбалықпен қосылып жылап, майданда күйеулері өлген, не хабары кешіккен күйіктілеу жағы тіпті келдекті лақтырып тастап дауыс етіп, оған қалғандары қосылып, әй, несін айтасың жүйке талай жұқарды ғой!

Жұмекеңмен көрісіп, аман-саулық біліскен бойда Ибаш бірінші хатшыға жетті.

 Байкалда да балық аулау. Олардың бізден несі артық! Мұнда да тыл, жұрт жеңіс үшін жанталасып еңбек етіп жатқан жоқ па? Қайта қол күші барырақ байқалдықтардың жағдайы жақсырақ сияқты. Маман өзімізге де керек емес пе? -деді. Хатшыға да керегі сол. Гурьевке обкомға шықты радио хатпен. Ондағылар Челябинск облыстық партия комитетіне хат жолдайды. Соның арқасында Ж.Сағындықов Байкалдағы жазғы аулау маусымы аяқталған соң еліне қайтарылды. Әйтпесе «соғыстан бүлінген» шаруашылықты қалпына келтіру үшін, сонда әлі де біраз жүре тұруы, не коммунистік жолдамамен соғыстан соң Жапониядан кері қайтарылып алынған Сахалин аралының пұшпағына, не Куриль аралдарына жіберілуі әбден мүмкін еді. Жұмекең сөйтіп оралған бетінде Қызықтағы Ленин атындағы колхозға басқарма төрағасы болып кетті. Бұл Ибаштың ауылы. Іскер, әділ басшы келген соң, колхозшылар тұрмысы оңалып жүре берді. Қоғам мүлкі десе жан беруге бар Жұмекең, игілік иесі еңбек адамының мұқтажына қарасқыш, жаны ашығыш, қолы ашық болғанмен, былайша сынық бұраудың өзінің жоқшысы. Бірде колхозға бір топ өкілдер келіп, қайтарында қоймадан қаптап ақ қойдың жүнін, құрт-ірімшік алып, ПС-тарындағы нашар аттарын колхоздың жақсы аттарына айырбастап алып кеткелі жатқан жерінен, бас есепші Сатыбалды Жүкенов басқармаға хабарлаған. Жұмекең тез жетіп, әлгілерді «сендер колхозға көмектесу үшін келген өкіл емес,тонаушы қарақшысыңдар» деп ұрсып, сөгіп, қуып жібереді. Олар басқарма үстінен аудан басшыларына құрыққа сырық жалғап, өздерін сүттен ақ, судан таза қылып көрсетіп, шағымданса керек! Бірінші хатшы әрине, алдымен өз қызметкерлеріне өкілдерге сеніп қалады. Өкілдердің пайдакүнем қылығынан бейхабар ол, оларды жұмыс істетпей боқтап, ұрып жіберуге шақ қалып, қуып жіберген басбұзарды тезге салмақ боп, бюро үстінде ашумен «партбилетті қой столға» деп тастайды. Сонда ашуы хатшыдан да бетер қайнап тұрған, «маған партбилетті Ленин өлген соң орнына келген Сталин «көсемнің көзіндей көріп жүр. Өсиетіңе адал бол» деп берген. Мен сол сара жолдан шыққаным жоқ. Адалмын. Оны алса Сталин өзі алады. Онда да ісімнің ақ-қарасын айырып алған соң деп есікті тарс жауып шығып кеткен. Жұмекеңнің бұл айтуының жаны бар жері де жоқ емес. Ол партияға 1924 жылы лениндік шақырумен кірген.

Бірінші хатшы онда Әмір Бақыраев. Тыз етпе шапшаңшылдау адам болғанмен, қайтуы тез, әділ, принципті, бір басына жететін қаталдығы да бар кісі еді. Жұмекең әлгіндей деп кеткен соң артынан Ибаш кірді хатшыға. Ниеті жоқ жерден жазықты болып қалған ағасына араша түспек. Біледі, Бақыраев ондайды жақтыртпайды. Бірақ Ибаштың сенгені әділдік. Жұмаш Сағындықов екі туып бір қалған туысы, не ағайыны емес. Ол Бәйімбеттің Матайы болғанда, бұл сірә Тобыштың Шоңайы. Құда-жекжат дегендей ілік-шатыстықтан да ада.

 Мына Сағындықов өзі қандай неме?- хатшы ашуы әлі басылмаған екен. Ибаш аузын ашып үлгермей жатып солай деді. Іштей иә, сәт деген бұл хатшы лебізі жауап күтпейтіндей болса да, айтарын жеделдетіп бастап жіберді.

 Мен білетін коммунист Жұмаш Сағындықов мынадай адам еді, - деп оған қатысты болған бір жайтты баяндады. Бірде соның колхозында Дәбік деген малшы боранға ыққан малын көлігі жүрмей қалып, жаяу қайырып жүріп, екі жүзден астам ешкісін сорға батырып қырып алады.

Сол кездің тәртіп төрінде малшы енді он шақты жылды арқалап, сотталып кете бармақ. Жаны ашыған басқарма көрші әскери бөлімге шауып барып, сондағы суретке түсіретін маманды фотоаппаратымен әкеліп, сорда батып өліп жатқан малдың өлімтіктерін түсіріп алады. Сосын жақындағы маяк түбіндегі ауа райын бақылайтын орталыққа соғып, қатты боран болғанына анықтаманы тағы алады. Солай жан жағын бекемдеп, өлген малға акт жасап, табиғи апат зардабы деген бапқа жатқызып, колхозшысын аман алып қалады. Онымен де тұрмай сақтандыру қызметі арқылы мал шығынының ақшасын алады. Малшыға сондай апатта басын бәйгеге тігіп, жанын жалдап жүріп отардың қалғанын аман алып қалғаны үшін, басқарма шешімімен бес туша ешкі сыйлық береді.

Осыны естіген Әмір Бақыраев күрт өзгеріп, өңіне күлкі жүгірді. Әлгі жанжал басы өкілдердің әрекеттерін де айтып салды Ибаш.

 Қара, оңбағандардың жасап жүргендерін. Сонысымен тұрмай адал адамды нақақ ғайбаттап қаралайды. Ибашжан, саған тапсырма, жазасын бер немелердің. Және өзгелерге сабақ боларлықтай жақсы етіп бер!

Жұмекең 1951 жылы аудандағы ең ірі «Красный Долгинец» колхозы на тораға болып ауысты. Бұл қызметінің өскені еді.

Ж.Сағындықовтың енді бір жасаған кесек ісі «Қызыл өзен» асыл тұқымды мал өсіретін болды. Қойы - қарақұл, оны үкімет өзі асылдандырған. Ал, түйе мен жылқы тұқымын асылдандыруды бұл ел ешбір академигіңнен кем білмейді. Мәселе сиырға келгенде қиындады. Адай, Адай болғалы сиырды малдануға қырсыз. Тау бойының, теңіз жағасының жатақтары болмаса оны өсірмеген. Сүті шайға шықпайды, еті асқанда тарам-тарам болып кетеді, былжыр деп қыр қазағының мұрын шүйіретінін қайтерсің. Бұл жақ күздікке сойған баспағын үйітеді десең ол жақ өлсе де нанбайды. Сиыр айраны ірмек деп тағы кепиет аттап күпір болатынын қайтерсің. Жоғары енді сондайы молырақ, оның үстіне балықшылықты ата кәсіп қылып, төрт түліктен тіпті саяқ қалған ауылға сиыр өсір және ол баққаның сапалы тұқым болсын деп отыр. Колхоз ауыртпалығын көтеріп жүрген азын-шоғын азаматтар түгілі аудан басшыларының өзі қапелімде қайтеміз күйге түсіп қалғаны. Баяғыда бала күнінде Құмды мүйісте отырғанда, үйінің бірер сиыр ұстағаны болмаса, Ибаш та бұл түлік жайын біле бермейді. Білмейтіні тек бұл үй емес, бүкіл ауыл сиырларын жазда ғана сауады да, күзде бұзауын ертіп қоя беретін. Сосын көктемде барып іздейді. Ол уақыттың қысы жайлы болды ма, әлде бұл Зеңгі баба тұқымы солай бағыла ма, ол жағын бағамдамапты, әйтеуір жылдың жартыға жуық мезгілінде сиырдың алдына шөп салып, не шелек алып бауырына барғанды көріп жарымапты. Бір білсе осы ағам білер деп Жаманқұлды шақыртып сұрап көріп еді, ол кәрі нағашы жұртының өгізге ер салып мінген әлдебір жоқ-жітік шалын айтып оспақтап, мұқатып, соны бүкіл елдің бетіне салық қылатынын күліп айтып, бір төбенің шаңын бір төбеге қосып кетті. Сосын Жұмашты шақыртқан. Сөйтсе, мұның да сиыр туралы білері Жаманқұл бастасының о жақ, бұ жағы.

 Бұл жануарда шағылыстың, күйтке келудің белгілі бір кезеңі, айы деген болмайды екен, - деп бастырмалата жөнелді әңгіме айту мәнерінің өзі жайдақтау Жұмекең тыңдаушым әйел адам ғой дегенді қаперге алмастан, - туа салады да, өгізден, тойст бұқадан, сиырдың айғырын бұқа дейді, шығады. Сол уақытта бұқасы таптырмады ма, қас пәлеге қалдым дей бер, өкіріп, бақырып, ауыл айнала шауып, берекені алып бітеді-міс.

 Осының бәрін қайдан, қалай біліп жүрсіз, аға? - Ибаш іштей күлкісі кеп отырса да, жорта қабағын түйіп алды. Ағасы қарындасы алдында асыңқырап кеткенін сонда біліп, ыңғайсызданып:

 Саурада көптен сиырды мал етіп отырған бір жекжатым тұратын. Содан естігендерім. Кей тұсын ұмытып қалмайын деп, қойын дәптеріме түртіп те алдым. Мені риза қылғаны, сиыр ұстаған үйдің жыл он екі ай ағарғаны үзілмейді екен. Нағыз шаруаға қолай, лайық жануар.

 Жоғары да соны білген соң, біздің қамымызды ойлап, қамқорлап, сиыр өсір деп отырған жоқ па?! Енді бар-ау, Жұмеке, Сізден өтініш, осы істің басын жақсы бастапсыз, аяқтап шығыңыз. Жамбыл облысы он бес асыл тұқымды сиыр бөліп қойып отыр бізге. Соны барып алып келіңіз.

Жұмекеңнің басы салбырап кетті. Бірақ болмайдысы жоқ адам ғой, келісімін берді.

 Бұқасын да қосып ала келіңіз. Әйтпесе, ол жақтың кірпияз, мәтөк немелері біздің жақтікін менсінбей бүлініп жүрер. Жаңағы мінездемеңізге қарағанда, бұл жануарлар тым шікәмшіл сияқты,-деп күлді Ибаш.

Жұмекең іле сапарлап кетіп, ел асырып, жер асырып, поезға, кемеге мінгесіп, ұшқасып ит әлегін көріп жүріп он бес сиырды бұқасымен жеткізді-ау әйтеуір.

 Рахмет, Жұмеке. Жұмыс мұнымен біткен жоқ. Бізде еркек мал құрбандық деп пышаққа жүгіретін әдет бар ғой. Соны, мына сиырлардың еркек бұзауына жүргізбеңіз. Олар аман болатын болсын.

 Өгізшік болғасын тұқымдық үшін жұртқа сатуды, не қашарға уақ мал үстеме қосуын айырбастауды ұйымдастырыңыз. Сонда қоғам малымен бірге, жекеменшіктегі мал да асылданады өз-өзінен. Сізге мен тарапынан негізгі өтініш осы.

 Болады, Ибашжан, мен бар-ау нансаң, жол бойы бұл жануарларға тіпті бауыр басып қалдым. Жамбылдың Қоңыраттары мен ,Дулаттарының дастарханының майы мен қаймағы да таңдайыма татыды. Келе сала бір қашар сатып алдым. Енді сиыр өсіріп көрем бе деген ойым бар. Жаңағы айтқаныңды өзімнен бастаймын.

Не нәрсенің де қыбын келтіргіш Жұмекең бұл шаруаны дөңгелетіп әкетті. Ауданда әуелі оң жаға, іле теріс жаға солай асыл тұқымды сиыр өсіріп бастап, артынан бұл қадам бүкіл Маңғыстауға жұғысты болып кетіп еді.

Сондай Жұмекең 1961 жылы қырық сегіз соммен зейнетке шықты. Сосын балалардың қызмет ыңғайымен Жетібай тұрғыны болды. 1978 жылдың қаңтар айында сексен бір жасында бақиға бет түзеді.

Ибаш қарындасымен сыйластығына қылау түспестен кетті.

Жазмағанбет Қызылбаев аға Шоңайдың бір тақтасынан. Оның бүкіл еңбек жолы аудан орталығында өтті. Табиғатында көпшіл, салдырлаған ақкөңіл, ақкөйлек жан. Оқыған бар мектебі Форттағы «көк школ». Сосын үзіп, жұлып әртүрлі курстарда оқығаны бар. Солай бола тұрса да қара сауаты барырақтау. Кеңсенің ісқағаздарына жетік. Табанды, тындырымды, елгезек. Сондығынан болар, баяғыда 1928 жылы ҚазЦИК мүшесі Ш.Ералиев осында өкіл болып келгенде Жазекеңді бірден іш тартып, көмекші қылып алыпты.

 Шәбден өте бір қыз мінезді, момын, білімді жігіт еді,-деп естелік айтатын Жазекең. - Ташкенттен гимназия бітіріпті. Сосын Кеңес жұмысына араласқан. Орысшаға тіпті жүйрік. Қазақша да мықты сауаты бар.

Ш.Ералиев Ойылға конференцияға бара жатқан жолда, теңіз үстінде түнде дауылда суға құлап кетіп, мерт болды. Сол қазаны қасындағылардан көрген қаскөйлер мотордағы бүкіл делегаттарды қылмысты жауапкершілікке тартып, соттады. Құдай сақтағанда Жазекең ол зұлматтан аман. Тәртіп бойынша округтік атқару комитетінің төрағасы лауазымындағы Ш.Ералиевтің қасында көмекшісі бірге жүріп, бір болуы тиіс қой.

 Несін айтасың, қарағым. Мені Қудай, қала берді әулие-әнбиелер сақтап, желеп жебеді ғой, - дейтін Жазекең марқұм, оңашада жақсы көретін біз сияқты інілеріне құпиялап. Солай демес бұрын, қалыптасқан машығына басып жан-жағына сақтана қарап алады әуелі.

 Сапарға жүрер алдындағы кеште, бір топ жігіттер бас қосып, жолаяқ жасап, ырду-дырду дегендей, өзің білесің, айналайын,жастықтың буы, желігі бізде де болыңқырады ғой, мен артығырақ кетсем керек. Ертесіне тұра алмай қалдым. Тіпті басым көтертпейді. Үйде жатып қалдым. Кеме жолаушыларымен түс ауа жүзіп кетті. Өрт ішінде жанбай қалған бір түп қамыстай, менің пәле-жаладан аман қалуымның себебі осы, шырағым.

Солай деп, демін көкірегін шуылдата бір алған Жазекең, алдындағы толы рюмкасын тартып келіп жіберетін де. - Е, бұл ғаріп бастан талай нәрсе өтті ғой, - деп күрсініп қоятын. Олай деуі тегіннен тегін емес. 1938 жылы ол «халық жауы» деген жаламен тұтқынға алынып, Гурьев түрмесінде айлап жатып, ит қорлығын көреді. Әйтеуір арғы қайыр. Ақталып, ісі қылмыс құрамы болмағандықтан қысқарып шығады. Партиялылығы қалпына келтіріледі.

Жазекең көңілі түскенде айтып бір кетсе Гурьев түрмесінде өзінің ерлігімен, өрлігімен тергеушілердің мысын басып, бет қаратпай, дес бермегендігімен шыққан. Тыңдаушылары ауылдың аңқаулау адамдары болып қалғанда Жазекең басқаша еседі. Түрмеде жатып жауапталдым демейді. - Облыс басшылары «ағасы өлгелі біраз жылдың жүзі ауды. Жарымағыр Жазмағанбет әлі төбесін көрсеткен жоқ» деп, «Крупская жеңгең назырқап жатыр» деген соң, Мәскеуге тартып кетіп, содан біраз жүріп қалдым, - деп еседі.

«Ақкөңілдің аты арық болады» демекші иі жұмсақ, болмайды деп айтуға жоқ Жазекенді аудан басшылығы қайда бір қиюы қашқан қиын жерге басшылыққа жұмсайды. Ол соның бәрінде қамшы салдырған жоқ. Абыроймен атқарды. Бертін келе, аудандағы басқаруы қиын жер қаланың езі болып қалды. Форт-Шевченко үш бөлек елді мекеннен тұрады. Қала, Баутин кенті, Аташ ауылы. Электр станциясы жоқ. Қалада жарық түнде ғана жүргенінен тоқтағаны көп, дизельмен беріледі. Баутинде де солай. Консерв комбинаты мен маңайдағы үйлерге жылу жағаға әкеліп қайырлатып қойған «Марат» деген пайдалану мерзімі өткен кеменің қазандығы арқылы беріледі. Үш мекен аралығы мен қала көшелеріндегі жол баяғыдағы бірінші дүниежүзілік соғыс тұтқындары бастап төсеген тас соқпақ. Ауызсу теңіздің арғы жағынан танкермен тасымалданады. Сосынғы еу көзі терең құдықтар. Бұл соңғылары да көп емес. Отын жетіспейді. Сауда жағынан жабдықтаушы екі мекеме, бірі балық кәсіпшілігіне қарасты. Оның кілті Астраханда. Екіншісі -республикалық тұтынушылар қоғамының аудандық бөлімшесі. Барлаушылардың жабдықтау бөлімі ашылғаны 1958 жылдан соң. Баутин ол уақытта Каспийдің атақты порты санатында. Жан-жақтан кемелер келіп, кетіп жатады. Содан да болар, портта қоғамдық тәртіп жағы өте нашар. Келген кемелердің теңізшілері мен жергілікті жердің «құлжаларының» жақ-жақ болып төбелесуі үйреншікті жайт. Баутинде милиция бөлімшесі бар. Оны көп жылдар Қошақбаев Тәбіш деген бұрынғы майдангер офицер басқарды. Қызметкерлерінің көбі де өзі сияқты майданнан оралғандар. Ішкі істердің нағыз маман кадрлары жоққа тән. Содан ашылмай қалып жатқан қылмыстар баршылық.

Мұндай жағдайдағы қаланы басқару, бейнелі тілмен айтқанда Қорқыттың көрінің ернегінен еңкеюден көз ашпау. Солай бола тұрса да Жазекең жарады. Біраз жыл бойына осы қаланың абыройлы төрағасы болды. Басшыға дербес тұрғын үй салып беру ол уақыттың үрдісінде жоқ. Соған қарамастан, қызметіне риза аудандық партия комитеті, өзі мұрындық болып, Жазекеңе жеке үй салғызды. Меншігі емес, қоғамдық үй ғой. Жазекең ақыры сол үйінен аттанды бақилыққа.

Ж.Қызылбаев қала басшысы болған жылдары Ибаш бұл жағынан арқасы жарға тіреулідей көрініп жүретін. Ағасына деген сенім күші сондай болды.

 Ибашжан-ау, сені ана редакциядағы Мұстахи мен Жәңгір бала біздің Жанна Д'Аркіміз дейтін көрінеді. Оған Есбол да қосылады-мыс. Бұл да бір қарап жүре алмайтының өзі. Екі елі аузына тыным жоқ. Енді келіп бәрінің Жанна Д Арк деп шатуларын. Айналайын-ау, ол не дегендері деп бірде апысы кіріп, күпісі шығып, ашудан жарылардай болып келіп тұр.

 Оқасы жоқ, Жәке, сүйген құлдың аты көп деген ғой. Жаман көргендіктен телінген ат емес. Француз халқының сондай туып бір кеткен батыр қызы өткен. Дегенмен жігіттер мені тым мақтап қойыпты. Ескертіп қоярмын, — деп ағасын сабасына түсірді. Әйтпегенде Жәкесі осыдан шыққан бетінде әлгілердің «шаңын қаққалы» тұр екен.

Жәкең зейнетке шыққан соң да, қаланың қоғамдық өмірінен қол үзбей белсенді тірлік кешіп өтті өмірден.

Өтесбай Жүнісов те жақсы ағаның бірі. Жаңай ауылының перзенті. Ол да «двухкласник», екі жылдық орыс - қазақ мектебін бітірген. Жасынан орыс арасында көп жүргендігі бар, кемеде радист болғаны да бар, ол өзге әріптестеріне қарағанда, орысшаға тіпті жетігірек. Бірде бір жолдасы сынау үшін, Өтеке, осы «алда төмпекті» орысша не дейді деп сұраған екен. Өтекесі ойланбастан «божий бугорок» деп сарт еткізеді. Тағы бірде, бір топ адам «әй, осы жолы сүрінерсің-ақ» деген оймен, «Өтеке, орысшаңның шамасын біз де көрелік. Ал, қанеки, мына жолдарды орысшалашы» - дейді. Сондағы өлең:

Маңғыстауда Пір Бекеш,
Үш жүз алпыс әулие,
Бәрің шайтан болмасаң

Қолтығымнан бір суйе.

Өтекең табан ауызында соны былай деп орысшаға аудара қояды.

На Мангышлаке святой Бекет,
Триста шестьдесят святых,
Если не превратились в черт

Поддержите под мышку.

Заманында банда жаласы жабылған Тоқабай Құрмашпен ағайынгершілік байланыста болып, қолдау көрсетілді делініп, аз жылға сотталған Өтекең соның салдарынан үлкен лауазымды қызметке қойылмады. Бірақ жауапкершілігі мол жұмыстардан шеттетілген де жоқ. Қайта қиындау тапсырмалар болып жатса, басшылар жағы «Жүнісов қайда?» - деп шыға келетін. Ауданға басшы болып келген әуелгі жылдардың бірінде Өтекең ағасына Ибаштың да бұйымы түсті.

Ауданнан-Орскінің ет комбинатына мал тапсырылатын болды. Қой-ешкі, жылқы-түйесі аралас көп мал. Бәрі сонау екі мың шақырымдай Орскіге аяқтай айдалып баруы керек. Соған басшы, ол ресми түрде «гуртоправ» делінеді, қазақтар оны «көртопырақ» деп аударып алған, таңдау мәселесіне келгенде, Өтекең аты аталды. Ұсыныс иесі Ибаш. Солай августың он бесінде мыңғырған мал айдалып кетті. Әр мың уақ малға үш малшыдан, жүз елу - екі жүзден отарланған ірі қараның әр отарына сондай адамнан, бір мал дәрігері, бір «көртопырақ» көмекшісі, бір шабарман, т.б. қысқасы топ қарасы мол. Қол қысқа уақыт. Жағдай нашар. Азық-түлік тапшы. Аудандағы мал есепте. Сойып жей беруге болмайды. Сосын жаяу құлығы бар Өтекең бір амал ойлап табады. Жолшыбай кілең қазақ ауылы. Түскен үйіне сөзуар серігі, мұны «Өтесбай деген атақты көріпкел, құмалақшы, айтқаны айнымай келетін, Адайдың Өтесбай әулиесі осы кісі» деп таныстырады. Өтекең өзін, дүние сөзінен аулақ ұстап, оны айтқанда әрине, қисайып «ұйықтап» жатыр. Үй иелері елең етіседі. Созуар қонақ әр қыраңның басын шалып мошқап, ойқастап ананы бір, мынаны бір қағып сауал тастап, бұл үйдің мән-жайына қаныққан соң, Өтекесін оятады.

 Мына түскен үйіміз бөтен болмай шықты, өзіміздің Байұлының бір атасы. Әруақты жерден. Байдың да, бәйбішенің де кемі жоқ, қабағы жазық кісілер екен. Өтекесі, жол соқты болып, шаршап келе жатқаныңызбен де... Піссіміллә деп, құмалағыңызды жайып көресіз бе, қайтесіз!

«Әулие» бірден қолқ ете түспейді әрине. Кідіріп барып қосшысына иек қағады. Онысы пір алдындағы мүридше, аяғының ұшынан басып, қоржынынан ақ мата алып жаяды. Сосын баппен қалтадағы құмалақты шығарады. Құмалақ Шүйлі бұлақ басындағы өріктің дәні. «Әулие» әлденені күбірлеп оқып, бетін нәшімен сипап тастап, тартуға кірісті. Енді жорып отыр. Үй иелерінің екі көзі құмалақшы ауызында.

 Бәйбіше, алыста жүрген жолаушы бар екен ғой. Көрмегелі екі жылға тақап қалыпты. Қатты сағынады екенсіз.

Жаңа сөзуар мейманға бәйбіше армияда баласы бар екендігін айтқан. Алдыңғы жылы алынған. Өтірік ұйықтап жатқан Өтекең оны естіп, ішіне түйіп қойған. Енді жалғыз жолаушың мынау, арадағы екі жылың мынау дегенді аңғартып, екі алақанына бір дара, бір жұп құмалақты салып қойып, қарап отыр. Соны естіген бәйбіше құмалаққа қарай бөксесімен жылжып келіп, емініп отырды. Ана байғұс-ай, қайтсін. Көз шарасы боталай қалыпты. Ішінде «әулиесі» бар отырғандар аяп кетті. Бірақ амал қанша, қу жұтқын не істетпейді. Жаңағы үй иелері онша мейман достық пейіл білдіре қоймай, берген талқы шайдан басқа кешелі - бүгін нәр сызбаған құрсақтар шұрылдап жатыр. Іштей «иә, сәт, қанды басың бері тарт» деген, «көріпкел» әрі қарай сөйлеп кетті.

 Абыржымаңыз, бәйбіше, көп ұзамай хат келіп қалар. Ол жолда.

Мұндағылар оны қандай сағынса, ата-анасын сондай сағынатын жазған баланың ауылға хатты жиі жазатынына, кезекті хаттың жолда екендігіне тіпті шәгі жоқ бұлай дегенде. -Балаңыз кіндіктен екеу ғой? - деді, енді сұраулы жүзбен. Бұл үйдің қызының колхоз орталығында оқып жатқанынан да жаңа «ұйықтап» жатып хабардар болып қойған.

 Оқасы жоқ, бәйбіше. Көптен, не жалғыздан жарылқай ма, бәрін Құдекең өзі біледі, - деп ойқастады енді «әулие».

Ұлының жалғыздығы тағы есіне түсіп кеткен ана жазған, манадан бері әзер іркіп отырған жасын төгіп жіберді. Сол көңіл, пейілге орай «әулие» жарықтықтың да тесіліп сала бергені.

Е, бәсе, иә әруақ перілерім, сендер де сілкініп жатыр екенсіңдер ғой, мына құтты босағада ашылған құмалақты көріп. Жолаушыңыз келер жылдың жаңа жылында есіктен аттайды. Наурызда басым екеу болады деп тур. Сүйінші, болашақ құдағайыңыздың құрсағы құтты, келін өскен-өнген жерден, тәрбиелі бала екен. Иә, Құдай, келген жерін кең қылып, береріңді есепсіз қыла гөр, -деп «әулие» қолын жайып, құмалағын жинады.

Сол-ақ екен, бәйбіше өзгеріп сала берді. Күйеуіне назар тіктеді. Ол қарастан «неғып отырсың омалып» деген жекіруді оқу қиын емес-ті. Өтекең жаңа келгеннен-ақ отбасы билігі мына жұлқынған қатында-ау деп жобалап еді, - қателеспеген екен. Еркегі далаға қарай ошарылды. Жай шыққан жоқ, шыпта артындағы селебе пышақты іле кетті... Осы ретпен Өтекең «әулие» жарықтық, қырық бір құмалақтың арқасында бұйырған нәпақаны жалап-жұқтап келеді серіктерімен. Елде алып қашты хабар қандай жылдам. Бұлар малымен ырғалып-жырғалып жүргенде, «қолмен қойғандай қылып, айтып жоритын көріпкел» аты өздерінен озып, алдағы ауылдарды құлақтандырып, қайтар жолында тіпті алдын орап, бұйым салып, әй, несін айтасың, жол болудай-ақ бола берді. Тек бір жерде ғана шынымен жол соқты болып шаршаған «әулие»шіркіннің ақпарат жинайтын сын кезде шынымен қатып ұйықтап қалып, сыр бергені... Сөзуар серігінен мықтап сөгіс алған соң, ол кемшіліктен қорытынды шығарды. Өзінің де көзі жіті, байқампаз Өтекең сөзуар серігі шырғалап әперген мәліметпен ғана шектеліп қала бармайды әрине. Бір үйдің жазда түскен келінінің бетіне ноқта белгі түскен екен, енесін «келін аяғы ауыр немерелі болып, ерніңіз жібігелі тұр» деп мәз етті. Тағы бір үйдің кеппелеу көрінген отағасысын, - арғы бабаңа біткен ен дәулет, енді сені тапқалы келеді екен. Алдағы тол басы егіз болар. Соның еркегін тұсындағы әулие қорым басына шалып, дұға бағыштап қойған жон, - деп бұтқа толтырып, қыстауға қонған соң шақырып құдасына соям деп семіртіп отырған еркек қойын сойғызып, етін түгел астырды.

Сол сапардан малын шеккілі өткізіп олжалы, адамы арып-ашпаған, ат көлігі аман оралған етшілерден Өтекеңнің ойда жоқта шығарған жаңа «өнерін» естіп Ибаштың мәз болғаны.

Содан, соның келесі жылы да, арғы жылы да Өтекесіне қолқа салып, «көртопырақ» қылуға тура келген. Осы соңғы сапардан оралған бетте ағасы бірден кабинетке кірді.

 Ал, Ибашжан, айналайын, енді қолқа сала көрме. Осы абырой - атағым орнында тұрғанда таяйын.

Соны айтып күледі. Артынша себебін өзі айтты. Жолаушылар қайтар жолда, Құлсарыға жақындағанда боранға ұрынған. Айдаладағы бір ескі қыстауға қамалып отырғанда, тасырлатып біреу жетеді. Бұлар жөнін айтса, әлгі жұлып алғандай, «іштерінде Өтесбай әулие бар ма?» дейді, жұлып алғандай. Өтесбай: - Е, бармыз, - деп орнынан созалаңдап тұра берген екен, келуші атынан қопарыла түсіп, мұны құшақтай алғаны.

 Жарықтығым-ай, аман-сау жүрмісің. Мен байғұс, екі көзім төрт болып күтіп жүрсем. Кеше қонған ауылдарыңнан хабарларыңды естіп, арттарыңнан салған бетім. Мына бір бораны түскір болмағанда, кеше кеште-ақ табады екенмін. Ойбай, адасып, үсіп қалды-ау деп, қатын да дегбірімді алып біткен соң, шыққан бетім еді. Жобам, жоба-ақ екен. Осы тұстан бір белгісі білінер дегенмін,- деп қуанып, дәудірлеп жатыр. Сонда барып таныды, ана жылғы армиядан баласын күткен үйдің отағасысы. Ауылы жолдан бір бүйірлеу болғанмен қашық емес екен. Бастап жүрді. Бәйбіше де бұларды көріп мәз болып жатыр. Сөйтсе Өтекеңнің ақ сөйлегенін Алласы құп ала қойғандай-ақ, бала армиясынан дәл жаңа жылдың алдыңғы күні келіпті. Дәл Наурыз күні келін түсіріпті. Қазір ол келін қарнын теңдеп отыр. Әулиенің қызды қыздымен сондағы айтқаны тағы келе кетіп, құдағи он екі құрсақ көтерген кісі екен. Мына қызы егіздің сыңары. Құрсағы тым үлкен екен, ішіндегісі де егіз болар.

Енді соның бәрін екі жыл бұрын қолмен қойғандай айтып берген көріпкел, қазақтың сардаласындағы көзі тірі соңғы әулие, Қыдырдың батасы дарыған ізбасары Өтекең келе жатқанда жарылмағанда, қайда жарылады. Қорада байлаулы тұрған қысырдың тайын жайратты да тастады шалың. Екі күн еру қылды. Тайдың қалған етін қуырып, қарынға бүріп, жол азық қылып беріп, қимай аттандырып салды.

 Еру болып жатқанда да алдым құмалақ аштырушылардан сейілген жоқ. Жолшыбай тағы. Пендешілігі көп пақырмыз ғой, көбірек бөсіп кетсем керек. Әйтеуір жарылқамаған адамым қалмапты. Енді солай қарай беттеуге бет жоқ. Ибашжан, ағаңды ендігі сапарлардан құтқар, - деп тұр Өтекең хатшыға енді.

Шаруа ыңғайын білетін Өтекең есепке де жүйрік. Ешкімге есесін жібермейді. Орскідегі комбинаттың қу аяқтарына шалдыртпай, апарған малын пұлдап өткізіп те пайдаға қарық қылды. Амал жоқ, ол міндетті енді басқаға аударуға тура келді. Өтекеңді де түсінуге болады. Жасы келген кісіге айлап айдалада сапарлап жүру қиын ғой. Ал мына «әулие болып айтқан өтірігім шығып қалар» дегені, сыпайылап қана айтқан сылтауы, қашыртқыға салуы, ер батқанын білдірген емеуріні.

Өтесбай ағасы Ибашты тағы бір қиындықтан қорғады. Сенек беттен қолы кесілгір біреу жоғарыға домалақ арызды «тәшлап» келіп жіберіпті.

 Ол беттің биылғы қысқа дайындығы жоқ. Шапқан шөптерін артық қосып жазып көрсетіп отыр. Маялар өсіп тұрған шоқ жыңғылдардың үстіне үйілген. Сыртынан қарағанда пәлен центнер пішен де, ішінде түк жоқ. Қауқиып тұрған қуыс, - депті арыз түйіні. Соны тексеруге облыстан өкіл келіп отыр. Онысы бір сар тіс болып қалған орыс кісі екен. Ибаш пошымын көргеннен «осындай арызды тексеріп, талай қақпанның қанды ауызын майлаған тақыстың өзісің-ау», - деп түйді іштей. Біліп отыр, арыздағы айтылғандар бәрі болмаса да, жараға жуысатын жерлері жетіп артылады. Соның бірер фактісі анықталса бітті, бірнеше адам істі болғалы тұр. Қиналған Ибаш Өтекеңді шақыртты. Жағдайды түсіндіргенде ол да қатты абыржып қалды.

 Енді бар-ау, аға, Сізден өтініш. Өкілді қасыңызға ертіп жүріп, қырға шығып осы жайды реттеңіз. Шөбі құрсын, бізге азаматтардың амандығы керек.

Өтекең ертесіне өкілді ертіп, аттанып кетті. Ол кездің көлігі ат. Сенекке дейін жол алыс. Тарымшылықтау, жоқтық еңседен басқан уақыт.

Өтекең қонған жерде - менің де, мейманның да жеңсік асы ірімшік. Ой, оған жетер не бар! Онымен салыстырғанда, Құдай асылыққа жазбасын, ет деген не? - деп тіл безеп, ірімшік қайнаттырды.

Қой, ешкі сауылып жатқан уақыт. Ірімшік мол. Ірімшіктің қазан түбінде қалған сары суын түнде салқындаттырып қойып, таңертең «мың да бір ауруға ем, әсіресе ыстық өткенге. Сіз біздің жердің ауасына үйренбеген кісісіз. Беті аулақ, күн өтсе тырапай асасыз. Мынаны ішіп қойыңыз,-деп, жік-жапар болып мейманның аузына тосады. Тек өзін ғана емес, ала шыққан спирттен де аздап су қосып, аз толма кружкасымен.

Әр ауылдан осылай ішкен сары су аралас жылымшы спирт қонақтың ішін алады да кетеді. Көрінім жер жүріп, атынан еңсеріле түсіп. ышқырын түсіріп жатқаны. Серігінің оған қояр диагнозы «күн өткен». Солай дейді де, енді жолға алып шыққан шалапқа, онысы өпіршіп ашып, ақырып кеткен, жылымшы спиртін қосып ұсынады. «Ішпесең өліп қалуың кәдік» деген сон ішуге тура келеді. Ал, өзі болса «организмі даланың ауасына шыныққан кісі» ғой, спирт жағынан болмаса өзге сусындарға үйірлігі жоқ. Ақыры діңкелеген мейманы Көшбай бұлақ басындағы түйе ауылға қонған жерден Сенекке дейін атқа отыра алмаған соң, түйеге артып жеткізуге тура келді. Ол енді шабындық аралап жүріп, әр маяны өлшеуге жағдайы келмеген соң, ол шаруаны Өтекеңнің өзіне тындыруға тура келді.

Бұл қанша шұқшиып тексерсе де, арызда көрсетілген фактілер «анықталмапты».

Дайындалған мал азығының қоры жергілікті кеңес депутаттары. басқарма мүшелері. партия, комсомол ұйымдары өкілдері енген арнайы комиссия аяқтай жүріп өлшегенде, тіпті жоспардағыдан артық болып шықты. Оған жасалған акті міне. Іші өтіп, меңдеп жатқан өкіл дайын актіге қолын қойып, бір данасын осында қалдырды. Сосын өздерін осынша азапқа салған белгісіз домалақ арыз иесін сілейте бір боқтады.

Түнде жатарда түскен үйінен бір қозы сойдырып. қонағын қалжалап алған Өтекен, жатарда құдыққа салып мұздатып қойған бір қырлаубай араққа тұз езіп. ішкізіп еді. Таңертең қараса көзі жылтырап, бетіне қан жүгіріп. Сау алып қалыпты қонақ...

Біздің елде іс қимылы шапшаң, өте-мөте тындырымды адамды аспажалап деп кейіптейді ғой. Өтекең аға қызметінде сол нағыз аспажалаптың өзі болатын.

Сүйеуов Қойқараның да туысы осы жерлік. Көп жыл Фортта аудандық партия комитет! аппаратында қызмет істеді. Ағаларының көбімен салыстырғанда сауатты. Оқығаны көп. Орысшаға жетік. Ортаны үйіріп алып кететін көңілді, ширақ жігіт.

Трест орталығы Құрыққа көшкенде алдымен қуанғанның бірі Қойқара болды. Ол уақыттың адамдарының түсінігінде Оңтүстік Маңғыстау өңірінің асты бөгіп жатқан мұнай. Тіпті оның шегі де, шеті де жоқ. Сонау қиырдағы Түрікменстан мұнайымен жалғасып жатыр.

Ендеше Құрықтан да, Қарақиядан да мұнай мен газ кеніші ашылады. Сонда Құрық қала бола кетеді. Жай қала емес, портты қала. Түбектің бар мұнайы танкерлермен Ақтау емес Құрықтан тасылады. Қиялы шартарапқа шалқып кеткен Қойекең, тіпті болашақ қаланы ойша жобалап та тастапты. Құрықтың шығысында Жыланды деген теңізге сұғына еніп жатқан тұмсық бар. Сырт кейпі Ақтау мүйісіне келіңкірейді. - Міне, сол жерде Ақтаудағы сияқты көп қатарлы үйлер самсап тұрады. Теңізге қараған беті Одессадағы, Севастопольдегі сияқты мәрмәр баспалдақ. Бұл Қазақстандағы ең сұлу қалалардың біріне айналады - дейді. Кіндік қаны тамған жердің мұндай ғажап болашағы туралы әңгіме Ибаш көңіліне де майдай жағып сала береді. «Аузыңа май, айтқаның келсін» дейді іштей.

Құрық - Ералы Қарақия мұнай барлау экспедициясының орталығы болып, поселкелік кеңес ашылғанда Қойқара Сүйеуов көп жылдар соның алғашқы төрағасы болды.

Қойекең сондағы сәуегейлігінің көбі келді. Ол елді мекен 1973 жылы облыс ашылғанда, аудан орталығына айналды. Кенттің қақ ортасынан шипалы су көзі ашылып, санаторий салынды. Шығыс беттегі Оймашадан мұнай табылды. Бакулік барлаушылар тұсындағы теңіз астынан мұнай іздеуді бастады. Теміржол жанай өтіп жатыр. Жетібай мен Ақтауға тіке асфальт жол салынды.

Құрыққа барлаушылар келместен бұрын-ақ жанындағы Құмды мүйісте барлаушылардың шағын мекен тұрағы болған. Олар негізінен жердің үстіңгі қабаттарына тайыз ұңғылар қазушылар екен. Құмды мүйістен тұщы су кенін тапты. Терең барлауға болатын үмітті аландарды анықтаған да солар. Бір жазда Маңғыстау мұнай-газ барлау тресінен геолог Әділ Нүрманов, Ленинградтан Всеволод Грибков екеуі шағын топпен Қарақия ойында түсірім жұмыстарын жүргізді. Ибаш қасына Қойқараны ертіп, іссапармен арнап келіп қайтты. Әділді 1957 жылдан алғаш трестке геолог болып келген кезінен біледі. Ал, Грибков сірә көптен таныс. Базасы баяғы жерінде, Баутиндегі шіркеу ауласы ішінде.

Қарақия ойпатында, оған жалғас Еспелісай, Жоласқан, Доңға аландарында да мұнай болуы тиіс. Трестің дербес бір барлау тобын Доңғаға әкеліп, орналастырудың жоба-жоспары жасалып та жатыр.

Ақтау атом өнер кәсібіндегілердің ғана емес, мұнайшылардың да қаласы болар әлі деп, геологтар бұлардың көңілін бірлеп тастады.

 Ибеке, Сіз менің айтқандарымды қиял ғажайыпқа жорып сенбеген шырай танытқан едіңіз. Енді не айтасыз! - деп тастады Қойекең қайтар жолда көңілді шыраймен.

Қойқара Сүйеуов сәл нәрсенің өзіне ертеңнің көзімен қарауға қабілетті, көкейкөзі жүйрік кісі еді.

Небір жауапты, қиын кездерде бірге болып сыр бермеген, осындай үзеңгі серіктерін Ибаш үнемі «менің қарт гвардиям» деп мақтаныш ететін. Наполеон өзінің гвардиялық әскери бөліміндегі әр жауынгерді түстеп танып, аты-жөндерінен жаңылмайтындығының үстіне, олардың отбасылық өмірінен де бек хабардар екен. Ибаш та сол сияқты, өзінің «гвардияшыларының» жай-күйін бес саусағындай біліп, қадірлеп, қамқорлап жүрумен өтті. Ибаш Жанболатоваға «Маңғыстаудың Жанна Д' Арк қызы» деген атауды берген де сол алдыңғы лек өкілдері еді.

АҚТАУДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЖЫЛДАР

Күтпеген өзгеріс, тіпті күтілмеген жаңалық. Осыған дейін «Меловой», «Гурьев - 20», пәленінші санды почта жәшігі аталып келген Ақтауға қала статусы берілді. Осылайша түбектегі Форт-Шевченкодан кейінгі екінші қала келді өмірге. Осыған дейін жабық, жасырын делініп, айтуға, жазуға рұқсат етілмей келген жау көзден, қырғиқабақ соғыс ұшынып тұрған алмағайып кезде дұшпан жақ та қалғып жатқан жоқ қой, сырт көздің көбі жау, көлкештеніп келгенмен Ақтау сырына Ибаш біршама қанық. Ол - теңіздің шығысқа қараған қолтығы. Орналасу ретіне қарай жер атауы да солай. Соның құбылаға қараған теңіз жағасы жақпар құз. Теңіздегі балықшыларға алдымен сол мүйіс тау болып кезге ұрады. Сондайда айдында апталап, айлап, борбайларын су сорған, қара жерді аршындап басудың өзін аңсаған мұңлықтар: «Әне, Ақтау да көрінді. Ауылға келіп қалдық», - деп қауқылдасып, бір серпіліп, қунап сала беретін болса керек. Мүйіс солай Ақтау атанып кетсе керек. Әкесі марқұм:

 Терістіктен соққан ұштырма дауылға тап болып ығып, Қолтыққа кіріп, Ақтау ығына зәкір тастап жан сақтадық, - деп отырар еді. Соны Ибаш ес білген соң өзі де талай көрді. Ертеректе шағын балықшылар станы болыпты. Кәсіптерінің бірі - тұз өндіру. Қолтықтан солтүстік-шығысқа қарай қыраң асқанда көл. Табаны тұтасқан тақтай тұз. Соны опырып, көл суының өзіне шайып, тазалап жағаға түйеге артып, арбаға тиеп жеткізіп үйіп қояды.

Теңіздің арты бетінде тұз жоқ. Сосын айдындағы балықшылар тұз қардерін бергі Маңғыстау жағалауынан өтейді. Тұщы су теңіз жаңасынан қазылған ыза құдықтар. Солай Қолтық балықшылардың тұз, тұщы су алып, бірер күн еру болып аялдайтын бекеті де. Төңкеріске дейін мұнда аз жатақ ауыл күнкөрістігін солай айыр тап. Төңкерістен соң Құрықтағы базаның бір бөлімшесі. Ақтаудың солтүстік бетінде теңізге қараған беткейде үлкен қойымдық бар еді. Ондағы тым көне молалар мұның әлмисақтан ел қонысы болғандығын айғақтайтын. Сол төңіректі елуінші жылдар басында-ақ әлдебір экспедициялар шарлай бастады. Ибаш Жанболатова онда Шевченко аудандық партия комитетінің, екінші хатшысы. Тәртіп бойынша аудан жеріне келген әрбір экспедиция, іздеу, зерттеу тобы партия комитетіне келіп хабарласуы тиіс. Ақтауға келгендер де сөйтті. Өкіл әскери адам екен.

Бірінші хатшысы кабинетіне Ибаш, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, «үш әріп» өкілі ғана жиналды. Мейман сөзі қысқа да нұсқа. Ақтауға айрықша тапсырмамен бір топ адам келеді. Жұмыстары өте құпия. Мүмкіндігінше оларға ешкім үйір болмауы тиіс. Малшы ауылдары алысырақ қондырылсын. Солай деп алдындағы картадан Қарақия ойын, экспедиция «осы тұстарға жұмыс жасайтын болады» ден көрсетті. - Балықшы қайықтарының Қолтыққа келуіне де енді ұлықсат жоқ, - дегенді үстеп қойды.

 Ұзақ боласыздар ма?

Бұл сауалға мейман жұмбақ жымиып қана қойды.

 Бізді енді тұрақты маңғыстаулықтар деп есептей беруіңізге болады. He болса бірге көреміз.

 Экспедиция мақсаты не? Қандай кен іздейсіздер?

 Ибаш Жанболатовна, келешек те маған осы сауалды қоймағаныңызды қалар едім. Айтуға болмайды. Мемлекеттік құпия.

Сөз осымен тәмам.

Олар әуелі жанар-жағар май, тағы басқа қажеттерін Форттан алатын болды. Жүктері де осында келін түседі. Гурьевтен Ақтаудағылардың жұмысына қол ұшын беру, мүмкіндігінше ештеңеден тарықтырмау тұралы құпия нұсқау түсті.

Шевченко аудандық партия комитетінің I хатшысы Өмірзақ Нұрбаев. Жігерлі, іскер адам. Алдында Алматының жоғары партия мектебін бітіріп келген. Сол бір ретінде Ақтауға арнап барып та келді.

 Ибаш, дымың ішіңде болсын, біздің ол жердің бағы жанғалы тұр. Қарақия тегіннен тегін Қарақия болмапты. Асты толы уран екен. Ал уран атом бомбасының бірден бір шикізаты екен. Ну тоғайлы жерде өртті қарсы өрт салу арқылы сөндіреді. Біз де солай етпек екенбіз. Америкада атом қаруы бар. Бізде де болуы керек ол. Күшті өзіндей күштіні ғана мойындайды. Құпия делінгенмен өздері бір аржайы жігіттер екен. Маған өзімсініп қысқаша айтқандары осы.

Ибаш таң қалғаннан аузын ашып қалыпты. Таң қалғаны — атом бомбасының қажетінің тап Маңғыстаудан табыла қалуы.

 Мен көрген, істес болған әскерилер өңшең бір дөкір, айт - адамдары болатын сияқты еді. Ал мыналар шетінен сыпайы, сырбаз, білімді жандар. Тіпті біреулерінің ғылыми атағы бар, - дегенді үстеп қойды және Өмірзақ.

Ақтаудың ендігі хабарын жеткізуші маяк қараушы. Ол жай келмепті. Ондағылардың үстінен арыз айтып келіп тұр. Теңіз жағасында жағалай бірнеше маяк бар. Оның қызметі Каспий пароходствосына - Астраханға бағынады. Бір бөлімшесі Фортта. Қызметкерлері айына әр маякқа соғып бақылап, тексеріп отырады. Жартылай әскери жұмыс. Ақтау ернегінде де бір маяк бар еді. Бұл әдеттегіше жақындап барса алдымен мылтық асынған әскерилер шығады. Бұдан былай қарай аяқ басушы болма депті. «Маяк жұмысын өзіміз-ақ қараймыз» депті. Бұл жоғарыдағы басшыларына шағымданатынын ескертсе, олар «ол жақ хабардар» деп шорт кесіпті.

 Тәртіптің құлы - адамдар ғой. Өз білгендері бар шығар. Араласпалық. Астраханға хабарлап қоя тұралық, — деп Ибаш маяк қараушыны сабасына түсірді.

Ұтылап сұрап көрсе келгендердің қимылдары кесек. Қолтық шатырға толы. Бірнеше вагон үйшіктер де орнап қалыпты. Айлақта екі әскери катер мен шағын баржа тұр. Техника қарасы да көп.

Ибаш келесі жылы Теңіз ауданына қызметке ауысты. Онан әрі оқу. Туған жерден саяқтау жүрсе де құлағы түрік. Қолтықтан шағын кент орнапты. Теміржол станциясы бір көштік жерде. Онан ары кентке дейін жол тартылмақ. Бірақ құпия. Қарақия ойына да жол барады. Оның тірелген жерлерінде аумағы ат шаптырым терең карьер. Қарақияның түбіндегі тағы бір Қарақия! Сөйтсе, әлгі уран дегені жердің терең қатпарынан шыққан рудадан алынады екен. Ибаштың ұзын құлақтан естігендері осылар.

Қалғанының бәрі жұмбақ.

Форт-Шевченкоға хатшы болып қызметке келген соң арнап Қолтық қабарып келмек болды. Сөйтсе, ол оңай емес екен. Ұлықсат керек.

 Ау, ол өзімнің жерім емес пе?! Өз жерімізге өзімізді ұлықсатпен жіберетін олар кімнің шікірәсі?

 Тәртіп солай,-деп күледі қалалық КГБ бөлімшесінің бастығы. Құзырлы орган ғой, оның ұлықсат алуы қиын болған жоқ.

 Ұлықсат болса, Ибеке, мен де бірге барсам қайтеді. Өзім де көргім келіп жүр еді.

Ол солай деген соң қарсы болған жоқ.

Таяп келгенде, баяғы Қолтықты танымай қалды. Көше тәртібін қатаң сақтап салынған барак үйлер. Тіпті бірер екі қабатты үйдің де қабырғасы көтеріліп қалыпты. Әрірекке әлдебір құрылыстардың нобайы қараяды. Олар тіпті көп. Шығыс беттегі қабақта әуежай. Онысы әзірге бірер вагон үйшік. Ан-2, Ли-2 ұшақтары бірінен соң бірі кетіп, келіп жатыр. Іргедегі Ақшұқыр ауылының айтуынша ара-тұра Бұл ел көрмеген тұрқы бөлек, жылдам ұшақтар да қонатын көрінеді.

Жаңа мекенде мекемеден кеп ештеңе жоқ болып шықты. Бұлардың құлағына сіңістісі құрылысқа қатыстысы - солардың ұзын санының езі оннан асып жығылады. Қысқарған үш-төрт әріптен тұратын мекеме ұйымдарға сан жеткісіз. Ол аз болса бірнеше әскери бөлім мен түрме колониясы да бар. Теңіз бет тегістікте жер үйлер. Оның тұрғындары ішінде қазақтар да бар дегенді аңғартып анадай жерде түйелер жайылып жатыр. Көшедегілердің дені әскерилер. Кіреберіс постыда Ибаштың аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, серігінің КГБ-ның аға офицері екендігін куәліктері арқылы тексеріп білген кезекші офицер үлкен басшысына бастап жүрді. Онысы подполковник екен. Сірә, бұлардың міндеті мекеннің құпиялылығын сақтау ғана болса керек, мардымды әңгіме айта алмайтынын білдіріп, оған ғафу өтініп, тағы бір кеңсеге бастады. Онда, құрқылтайдың ұясындай бөлмеде бір полковник отыр екен. Сыпайы, жылы қарсы алды. Сөз арасында Ибаш өзінің майдангер жесірі екендігін, рота политругі күйеуінің Курск шайқасында қаза болғанын айтып қалып еді, полковник тіпті елпілдеп кетті. Өзінің де соғысқа қатысқанын, инженерлік бөлімде Мәскеуден Берлинге дейін барғанын айтты.

 Жеңістен соң Германияда тағы екі жыл қызметте болып, енді соғыста одақтастарымызбен бірігіп қиратқан құрылысты неміске қайта салысып әлегіміз шыққан, -деп күлді.

Мұнда бірнеше мың адамдық қала болатындығын, Мақатқа дейін теміржол тартылатынын, үлкен бір өндіріс ашылатынын сол полковник айтты бұларды асхананың бүйіріндегі шағын бөлмеде шайлап отырып.

Келесі жылдың қысқа салымында Ақтаудан жеткен хабар, онда да әскери комиссардың айтуымен (ол жылдары көрші екі ауданға ортақ бір әскери комиссариат, комиссар Кислицын деген капитан) осы жердей шақырылғандардың дені биыл Ақтаудағы әскери бөлімдерге жіберіліпті. Солдат жетіспегендіктен емес, басқа жақтан келгендер бұл жердің жағдайына төзе алмай жатыр-мыс. Ол хабар артынан расқа айналды. Темір жол құрылысында жүрген жергілікті жігіттер арагідік ретін тауып ауылдарына келгіштеп жүрді. Шоферларының астында су жаңа «Зил» самосвалдар. Колхоздың ескі көксау «Газигіне» қолдары жетпей жүрген борбас бозбалалардың сөйтіп құдайы беріпті.

Ақтау тез өсті. 1963-тің аяғында бір шағын аудан салынып біткен. Екі аудан құрылысы жүріп жатыр. Бір қызығы көше жоқ. Үйлер алқа-қотан орналасқан. Араларына гүлзар, ағаш, сәндік бұталар егілген. Асфальт, аяқ жолдар төселген. Тұрғындарының бәрі дерлік жастар. Шіркін жастық-ай! Тіпті сыртынан қарап мәз боласың. Жаның жадырайды.

Жасынан орыс арасында болғаны бар, Алматыда төрт жыл партия мектебінде, әртүрлі курстарда оқығаны бар, көргені де, тоқығаны да бір басына жетерлік Ибаш орыс тілін өте жақсы білетін. Өзі қызметте, аралас-құралас жүрген Атыраудың дені жергілікті казак орыстарының сөйлеу мәнері тым қарабайырлау, әдеби тілден алшақтау, Еділ бойының орыстарының айтуында о әрпін басыңқы келетінінен де бек хабардар. Ал мына ақтаулық орыстар таза, Мәскеу нақышымен сөйлейді. Сөйтсе, зиялыларының көбі Мәскеудің жоғары оқу орындарына білім алғандар болып шықты. Үлкен астаудан су ішкендер ғой, ырыс алды жұғыс, жанындағы қазақтарымыз, балаларымен бірге өскен балаларымызға Бұл да болса бір жақсы лепес деп бұған біраз іші жылып қалды. Тек көңілге алған бір кірбіңі теңізге қараған беткейдегі мола жоқ. Орнына парк егіліпті. Күнілгері маңайға ескертіліп, марқұмдардың сүйегін алып кетуге болады делінген екен ешкім шықпапты. Оны да түсінуге болар. Бұл жердің негізгі тұрғындарының бәрі дерлік кешегі отызыншы жылдардың ойранында балапан басына, тұрымтай тұсынанның көбін кешіп босып кетті емес пе?! Бұл зиратта жатқандардың ұрпақтарының қазір қай қиырда жүргендері бір Құдайға ғана аян. Бір сөзбен айтқанда, бұл — иесіз мола. Ибаш сонда мола екеш моланың да тағдыр талайына жазылған жазмышы болатынын, тірінің басына нәубет, тауқымет, зілзала келгенде оның да жетім қала баратынына көзі жетіп, көңілі босаған. «Ақбала – Боздақтағы», «Айдалада қалыпты жалғыз мола» деп сай-сүйегіңді сырқыратқан сөз, саз тегіннен тегін емес екен.

Ішінен дұғасын күбірлеп оқыған соң паркті аралап біраз жүрді. Онысы да тегін емес.

Ағашты қалай отырғызыпты, қалай күтіп баптайды екен бұлар соны көрмек. Форт-Шевченконың да паркі бар. Алғашқы шыбығын Т.Шевченко шанышқан делінеді. Рас та шығар. Әйтеуір қамал коменданты Усковтың жазғы үйінің жанына бастап отырғызылған ағаштар біртіндеп көбейе берген ғой. Ибаш білген соңғы бағбаны - Сатанғұл Тәжиев қарт. Сауатсыз адам болған. Ол туралы ел аузында мынадай әңгіме де бар: Бірде шалдан фамилиям, кім деп сұраса, «есіме түспей тұр, шырағым, пәленшежан бірдеңе ов деп жүреді, соған жолығыңдаршы» деп інісіне сілтепті. Бағбандықты көкей көзімен, табиғи түйсігімен меңгерген. Және қалай десеңші?! Жалпы түз адамының жұмбағына ой бойлату қиын.

Бұлар ағаш аралатып атыз қазбайды екен. Су құбырмен келеді. Шөл әрі топырағы құмдауыт, жерасты суы тереңдегі жер үшін тиімді әдіс. Ағаштар, көбі қарағаш, бой салып жақсы өсіп келеді. Тыңайтқыш төккен болар деп бірнешеуінің түбін қопсытып қарап еді -жоқ. Сол жерде келген қорытындысы - Маңғыстау топырағына ағаш егуге болады екен. Тек суы қанық болсын. Сол жерде тағы Қаңға бұтақтың басындағы, Сұлтанене шатқалындағы тұт, жігілдік, жиде, тағысын тағы ағаштарды есіне алды. Халықтық сол тәжірибе неге аяқсыз қала бармақ?! Мұны Алматыдағы ботаника бағының ғылыми қызметкерлерінің құлағына салу керек екен. Алдымен соны мүмкіндігі мол Ақтаудан бастап, питомник ашқан дұрыс қой деп ойлап қойды. (Бұл құбыла ниетті сол жерде Апаның ойына Құдайдың өзі салғандай. Кейіннен Тұщыбекте Алматының ботаник ғалымдары тәжірибе учаскесін ашты. Ақтаудағы питомниктің басы-қасында өзінің жүруіне тура келді. Бір сөзбен айтқанда, Ибаш Жанболатова Ақтау питомнигінің №1 бағбаны болып та атын тарихта қалдырды).

Ақтаудың алғашқы поселкелік Кеңесінің төрағасы - Қойшыбай Нұралиев. Ибаштың қатты сыйласып араласқан адамының бірі. Арғы Үстіртте Сарықасқа, Тайлан деген жерлер бар деп еститін. Сол Сарықасқа Қойшекеңдердің арғы аталары болып шықты. Қазақтар көшін Маңғыстау ойына бастап келген батырлардың бірі екен. Батыр бабаларына тартқан бұл ағаңыз да ер көңіл, кесек турайтын азаматтың сойынан. Ендігі арманы - Ақтауға қала атын әперу. Маңғыстау облыстық архивінде мына бір құжат сақталыпты.

№11

Из протокола комбината №1 и исполкома Актаускөго

поселкөвого Совета депутатов трудящихся

пос. Актау от 6 июня 1961 года

Присутствовали: Мальков, Тимакова, Волкова.

Дряпак, Нуралиев, Надточий, Кашаков, Григорян, Вятелкин, Кривошеева, Рылова.

Приглашенные: Ахмедов, Федотов, Мергимбаев, Казмергенов. О ходатайстве отнесение поселка Актау к категории города областного подчинения (докл. Т.Т. Мальков, Григорян, Нуралиев).

Партком и исполком поссовета постановили:

1. Учитывая быстрый рост числа жителей поселка, большое промышленное и культурно-политическое значение его перспективы дальнейшего экономического развития, просить бюро областного комитета партии и исполком областного совета депутатов трудящихся, в соответствии со статьей 2 пункт «6» указа Президиума Верховного Совета Казахской ССР от 6 марта 1961 года, отнести поселок АКТАУ к категории городов областного подчинения. Впредь именоват его городом АКТАУ.

Секретарь парткома

А.Мальков

Председатель исполкома

К.Нуралиев.

Осы ұсынысты қаперге алған Қазақстан КП Гурьев облыстық комитеті мен еңбекшілер депутаттары облыстық Кеңес атқару комитеті Ақтау поселкесін облысқа тікелей бағыныстағы қала қылу туралы Н.Оңдасынов пен С.Құбашев қол қойған мәлімдемені түсірді жоғарыға. Бұл 1962 жыл еді. Осының негізінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің президиумы 1963 жылы 10 декабрьде Ақтау поселкесін Ақтау қаласы қылған указ шығарды. Ералиев поселкесі Форт-Шевченко қарамағынан алынып, Ақтау қаласына берілді.

Бұл уақытта КПСС OK бірінші хатшысы Н.С.Хрущевтің жаңаша басқару жүйесі бойынша Қазақстан өлкелерге бөлініп, Орал, Гурьев, Ақтөбе, Батыс Қазақстан өлкесі деп аталған. Орталығы Ақтөбе қаласы. Ақтау күткендегідей Гурьевке емес тіке өлкеге қарады.

Тап осы кезде Маңғыстаудың екі ауданында да күрделі құрылымдық өзгерістер болған еді. Баяғы Адай приставтығы содан соңғы Адай уезінің қара жұртында қара шаңырағын ұстап қалған Шевченко ауданы таратылды. Ол іргесіндегі Баутин кентімен бірге қала болып қалды. Бұрынғы ауданның Бозашының теңіз жағасы, Түпқараған түбегінің біраз жері, Өзен, Жетібай, Ералиевтің өндіріс аумағынан тыс аймағы Маңғыстау ауданына берілді. Солай жылдар бойы үнемі өрлеу үстінде болып, ел тарихынан орнын ойып алған ауданның бір күнде жаназасы шығарылды да тынды. Есіл Кетік - Форт Шевченко құлдыраудың құрдым апанының аузынан бір-ақ шықты. Ұр тоқпақ саясаттың есе алып тұрған уағы. Жергілікті елмен, оның Ибаш сияқты сарабдал, саналы жанашырларының пікірімен санасқан ешкім болған жоқ. Ибаш Жанболатованы Маңғыстауға атқару комитетінің төрағасы қылып жіберді.

Ақтау сөз жүзінде өлкеге бағынышты делінгенмен, іс жүзінде КСРО Орта машина жасау министрлігіне - Мәскеуге бағынатын. Есебін соған береді. Негізгі басшы кадрларын Москва бекітеді. Аталған министрлік үкімет ішіндегі үкімет, мемлекет ішіндегі мемлекет. Аты машинаға қатысты болғанмен, кәсібі - атом өнеркәсібі. Онда да атом қуатын соғыс мақсатына игеру. Солай болған соң Қазақстан ОК-іне, үкіметке пысқырмайды да.

Обалы не керек, Қазақстан жағы оның бірінші басшысы Д.Қонаев оңай қолжаулық болғысы келмеді. Мейманасы тасқандарға жер иесі кім екендігін білдірудің шарасын алып бақты. Ақтаулық партия, кеңес басшылығына жергілікті кадрларды тартты. Жас инженер Закаш Камалиденовтің қалалық партия комитетінің екінші хатшысы болуы сол саясаттың жемісі. Қаладағы жергілікті үкімет басшысы кім болады дегенде, таңдау Ибаш Жанболатоваға түсті. Сондағы апамыздың есе алып кеткен жері батылдығы, қазақы жалпақ тілмен айтқанда еркек жандылығы, білімділігі. интеллектуалдық ой-өрісінің кеңділігі, мәдениеттілігі, ең бастысы ұлтжандылығы еді. Ол сол кездің өзінде-ақ Қазақстандағы қазақтың мен деген әйелдерінің алғы легінің сапынан саналатын. Солай Ибаш Жанболатова 1965 жылдың 22 қаңтары күні Шевченко қалалық Кеңес атқару комитетінің төрағасы болып сайланды.

Неге Ақтау емес? Неге Шевченко? Соз кезегінде соған тоқтала кетейік. КСРО Орта машина жасау министрлігінің Министрі Ефим Павлович Славский Одақтың белгілі адамы. Тұлға. Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері. Нағыз ел жанды азамат ретінде танылған. Ұлтжанды емес ел жанды! Ел дегенде ол уақыттың нағыз адамгершілікті, озық ойлы адамы Кеңес Одағын ғана білетін. Орыстың ұлы халық екенін мойындайды, бағалайды, бірақ ұлы орыстық өпіремдіктен (шовинизм) ада. Славский сондай жайсаң жан болды деп батыл айтамыз. Жайдан жай айтпаймыз. Д.А.Қонаев ақсақалды куәға тартып, «Өтті күндер осылай» кітабында жазылған бұл екі тұлға арасындағы берік, әсем достықты ту етіп отырып айтамыз. Сол кітаптан білгеніміз Мақат - Маңғыстау теміржолын салу тек осы Славский арқылы мүмкін болыпты. Ақтау да соз жоқ Ефим Павловичтің еңбегі, әділін айтсақ оның перзенті. Біліп қойғанның артығы жоқ, Қарақияның артынша іле-шала басқа жерден мұндағыдан әлдеқайда көп уран кеніші табылды. Біреу емес бірнешеу. Үйреншікті дағды бойынша құрылысы басталған қаланы, өндірісті тастай салып, барлық қаражатты соған төлеуге әбден болатын еді. Бірақ Славский өйткен жоқ. Басталған істі тоқтатпады. Бүкіл әлемде уран өндірісі ол уақытта шығын көп, тиімсіз, өнімі тек соғыс мақсатына пайдаланылатын болғандықтан халық, мемлекет мойнына түскен басы артық жүк. Славский Маңғыстауда оны халық шаруашылығына тиімді етудің базасын құрды. Атомды бейбіт мақсатқа пайдаланудың әлемде бірінші болып баспалдағын жасады. БН су тұшытқышы, АӘС соның айғағы. Бұл өнеркәсіпте қалдықсыз технологиямен жұмыс жасауға болатынын негіздеді. Сол Е.Славский 1964 жылы Қазақстан ОК-не, Министрлер Кеңесіне, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі хат жазып, жаңа қаланы сол жылдың 9 марты күні 150 жылдығы тойланатын Т.Г Шевченко атымен атау туралы хат жазды. Қазақ жағы қарсы болған жоқ. 1964 жылы 1 июльде Ақтау атын Шевченко атымен алмастыру туралы Жарлық шығарды. Солайша форт-шевченколық апамыз енді тек Шевченколық бола кетті.

Жаңа жерде, жаңа қызметінде көп жұрт өзімсініп апай деп ұлықтап кетті бірден. Ибаш Жанболатовна деу ресми басқосуларда ғана. Апайдың бірінші қолға алғаны - көп мекемелерді қазақтандыру, қазақтарды қалаға көбірек қоныстандыру. Оны әп деп өз маңайынан бастап жіберді. Атқару комитетінің хатшылығына Форттан Жабағы Құрмашевты алдыртты. Ол осы түбектен шыққан алғашқы жоғары білімді заңгер. Іскер азамат. 1964 жылы Мұнай-газ өндіру бірлестігі құрылған. Оның орталығы Шевченкода. Бірлестік бастығы - Сафи Өтебаев. Ол да ұлтжанды азаматтың бірі. Апаның жүрегіне өте-мөте жақын Маңғыстау мұнай-газ барлау тресінің кеңсесін осында көшірді. Оған арнайы шешім қабылдады. Ол бойынша жұмысшыларды жабдықтау бөлімі базасының солтүстік-шығыс жағынан кеңсе салу үшін жер бөлінді. ҚазКСР Министрлер Кеңесінен трест аппараты қызметкерлері үшін республикалық қордан 1500 шаршы метр тұрғын үй алаңын болу сұралды (ол бөлінді). Трест басшылығына 1965 жылдың үшінші тоқсанының аяғына дейін қалаға орналасып болу міндеттелді. Осы орайда айта кеткен дұрыс. Баяғыда түбекке кен барлаушылардың алды болып келетін Ленинградтық ВНИГРИ бар еді ғой. Олар әлі осында болатын. Ибаш апа өзі әкеліп орналастырған Баутиндегі шіркеу ауласында біржола орнығып қалған. Негізгі жұмыстары бұрынғыша науқандық сипатта. Көбіне адамдары жазға салым келеді. База Фортта болғанмен объектілері түбектің әр қиырында. Өңірде дербес барлау тресі ашылған соң тәжірибелік жұмыстарды қойған. Яғни бұрғылап жер қазбайды. Біржола ғылыми зерттеу ізденіс бағытына көшкен. Ғалымдары, жетекші мамандар үнемі келіп тұрады. Бұлардың қызметі, іссапар мақсаты осы қаладан бітеді. Көбіне апталап, айлап жатады. Ленинградтықтардың осы жағдайын ескерген Ибаш апалары қаладан олар үшін арнайы пәтер болды. Жатақхана, қонақ үй ретінде ұстауға ұлықсат етті. Бұл кезде Дьяков, Черепановтарды А.Димаков, В.Грибков сияқты жас ғалымдар алмастырған. Бұлар Ибаштың інісіндей болып кетті.

Дала тұрғындары болғандықтан, маңғыстаулықтар жалпы ағашты, жасыл желекті қатты құрметтейді. «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген қанатты сөзді қатты қастер тұтады. Ибаш сол қазақтың бірегейі. Басшы кезінде Шевченко бағының күтіміне баса мән берген. Ол түгілі Тамшалы, Сұлтанепе, Қаңға, Түбіжік, Маңсуалмаста өскен топ, жалғыз ағаштардың өзін түгендеп жүретін ол мына жаңа қызметінде бұл мәселені бел шеше қолға алды. Арнаулы шешім алып, қаланың паркіне, учаскелері мен алаңдарына ағаш егіп, күтуді жекелеген ұжымдарға бекітіп, оған кететін шығынды сол ұжымның міндетіне артты. Орындалысын өзі аяқтай жүріп тексеретін бұл жұмысқа Қазақ КСР Ғылым академиясының Ботаника институтының экспедициясы тартылды. Оларға тәжірибе жасап көру үшін арнайы жер телімі бөлінді. Солай питомник негізі қаланды. Әуелі оған қырық төрт түрлі әртүрлі ағаш, сәндік бұта отырғызылды. Енді ол Ибаштың айына бір баратын орнына айналды. Жұмыс барысымен танысу, сірә ғой. Бұл бір жағынан демалыс, бөтен бір жұмбақ әлемге саяхат сияқты болып кетті. Сондай келісінің бірінде көзіне оттай басылды-жыңғыл. Иә, иә, кәдімгі өзінің шоңайларының ата күлдігі Жыңғылдыдағы сай аяғының жыңғылы. Әуелден өсіп тұрған ғой, сосын питомник қызметкерлері шауып тастамаған ғой десе жоқ, қолдан отырғызылыпты. Сөйтсе, ол есепте бар, ғылымда акация тұқымдас бұта деп әспеттеледі екен. Бастаушы тағы бір жыңғылға әкелсін. Бұл діңінің ортан белінен шорт қиылыпты. Сол қиылған жерден тіп-тік болып бой салып сырты күрең қызыл шыбықтар өсіпті. Былай қарағанда әп-әдемі.

 Енді мұны қала көшелеріне шығарамыз, - дейді қызметкер.

 Маңғыстауда тұт өсетінін білетін боларсыңдар?

 Білгенде қандай? Бізде ол кішігірім плантация дерліктей. Көп бап тілемейтін ағаш екен. Бірден өсіп кетті. Бірнеше саяжай иелерінен сұраныс түсіп үлгерді. Келесі жылдан бастап оларға көшет дайындап беруді жоспарлап отырмыз.

Осы питомниктен Ибашқа бір әдет жұғысты болды да кетті. Барған жерінен өзіне таңсық ағаш, гүл, бұта тұқымын ала келеді. Басты базарлығы сол. Артынан ботаниктерден оның одан кейінгі тағдырын білгенше асық. Астраханға бір барғанында арнап қысқы бақты көрген. Қатты қызықты. Арманы өз қаласында да осындай қысқы бақ орнату. Қаланың бас жоспарын жасау кезінде қадағалап отырып ботаникалық бақты да енгізді.

Бас жоспар демекші,оны Ленинградтағы Бүкілодақтық мемлекеттік кешенді жоспарлау институтына тапсырған. Қазіргідей көкпар дода тендер жоқ. Дегенмен сараптау өте жауапкершілікпен өтеді. Аталған институттың шөл даладан қала салу тәжірибесі барырақ екен. Осыдан бұрын Өзбекстандағы Навой тағы басқа аты жоқ құпия қалашықтардың жобасын жасапты. Маңғыстау да шел дала болып саналғанмен қасында теңізі бар. Желі де жылына көбіне бір жақтан - оңтүстік-шығыстан, яғни теңіз беттен соғады. Жобалаушыларға осы жағын көбірек ескеруді қуантады. Ибаш төраға болып келгенде төрт ықшам ауданы нобайлап салынып болған. Ой солармен толып Ақтау түйісіне қараған төрт бөлек аудан құрылысы бас алып қойылған. Жобалаушылар қала тұрғындарының көп болатынын ескеріп жаңа ауданда тоғыз қатарлы үйлерді көбейтіпті. Оларды негізінен жел өтіне қалқан болу үшін шет жаққа алқа-қотан шоғырландырыпты. Кей үйлер аяқты тұғыр үстінде.

 Бұл аяқтардың арасы неге ашық тұруы тиіс. Оған дүкен, дәмхана, кулинария орналастыруға болады емес пе? Сонда тұрғындарға қолайлы болады ғой. Жұмыстан оралған бетінде жолшыбай жартылай фабрикат азық-түлігін алып, үйге келіп пісірсе немесе сондағы дәмхана, буфеттен тамақтана салса, - деген ұсыныстарын айтты жобалаушыларға.

Олар:

 Шынында бірыңғай сән, әдемілік қуып кетіп, ол жағын ескермеппіз, - деп ақталып жатыр.

Қаланың әуелгі бас жоспары солай көп талқылаулардан соң 1967 жылдың 31 авгусында төраға И.Жанболатованың қолымен бекітіліп еді.

Оған Левин, Губенко, Ефремов, Дургарян, Григорян, Таңқыбаев, Камалиденов, Ыдырысов, Захаровтар қатысып отырды.

Левин - бас архитектор. Одақтағы қала салу ісінің көшбасшы мамандарының бірі. Жоба бекір алдында Ибаш біраз ащы терін алып тезге салған. Бәрі бітіп, көңіл бірленгеннен кейін төрағаның қолын алып жатыр:

 Сізді түсінемін, Ибаш Жанболатовна. Бізге де түсінікпен қарай көріңіз. Біздің архитекторлардың бәрі де творчествосы кемел, тамаша мамандар. Бір-бір Росси, Растрелли, Кваренги. Бірақ аяғымыз тұсаулы. Мемлекеттік жоспарлау комитеті деген құдірет иелері бар. Солармен әрбір тұрғын алаң үшін айтысамыз. Олар үнемдейді, біз тұрғынға қолайлы жағдай керек дейміз. Сіздің қалаға келгенде, біздің тынысымызды кеңейтіп отырған іргеден шығып жатқан ұлутас. Темір-бетонның да көп компененті өз жерлеріңізден. Бұл нағыз байлық көзі ғой. Шіркін, маған салса Маңғыстауда бүкіл әлемдік құрылыс базасы жасар едім. Кезеңі келгенде оған да жетеміз әлі.

Сол Левин бастаған архитекторлар қаланың құбыла жақ шетіндегі көп үйлердің аяғын теңізге «малып» салып, өздерінше екінші Венеция жасамақ еді. Сол жоспардың әлі қағаз жүзінде қалып жатқаны қандай өкініш.

Левин Михаил Ильич қаланың бас жобасын жасағаны үшін 1973 жылы «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген архитекторы» атағын алды.

Қаладағы ең бірінші пайдалануға тапсырылған мәдени құрылыс - «Достық» кинотеатры. Көгілдір, қызыл жалқын екі залы бар мұндай құрылыс сол уақытта бүкіл Қазақстанда жоқ еді.

Әлемдік қала құрылысында ежелден бар үрдіс салынған әсем құрылыс қабырғасына соны салушы архитекторының атақ-жөні жазылған мәрмәр тақта қойылады. Санкт-Петербургта академик Росси салған қысқа орамда солай. «Қысқы сарайды» салған Кваренги атағы да дәріптелген. Басқа басқа Кремьлдің әр мұнарасында салған архитектор аты жазулы тақтайша бар. (Бір қызықта бәрі шетелдік шеберлер). Сол дәстүр кеңес кезінде жалғасын таппай қала барды. Біз міне, бүгін аталған «Достық» кинотеатрын, «Абай» мәдениет үйін, қалалық әкімшілік тұрған әдемі ғимаратты, тағы да басқа құрылыстарды жобалаған авторлардың кім екенін білмейміз. Солайша адамзат игілігі үшін ақыл-ойын сарп еткен бейнетқор үлкен бір қауымның еңбегін еш қылғандай болдық. Елеусіз қалдырдық.

 Ол солай болып еді, - деп еске алатын тірі тарих Ибаш апалар арамызда тағы жоқ. Келешекте осы бір ойланатын мәселе. Өмір бойы білімге шөлдеп өткен, партия -кеңес қызметкерлерін дайындайтын курста оқып, артынан республикадағы ең таңдаулы білім ордасы Алматы жоғары партия мектебін үздік бітірген, сонда да ғылымға, білімге шөліркеумен өткен Ибаш апаның бұрынғысынша жаңа қызметінде де күш салғаны оқу базасы мен сапасын жақсарту.

Ақтаудағы барак үйге орналасқан алғашқы қазақ мектебінің директоры Р.Қабылов болды. 1963 жылы 22 августа Батыс Қазақстан өлкелік халық ағарту бөлімінің меңгерушісі Г.Ибатовтың бұйрығымен Гурьев-20 - Ақтауда бесінші - он бірінші сыныптарды және бірінші - сегізінші сыныптарды оқытатын бір аралас, бір сегіз жылдық мектеп ашылған еді. Орта мектеп директоры болып Ғазиз Ыдырысов, сегіз жылдық мектеп директорлығына А.М.Бородина бекітілген. Ғ.Ыдырысов гурьевтік. Ал А.М.Бородина Днепропетровск облысы Желтые воды қаласынан шақырылған. Сонау жер түбінен Бородинаны көтерме қаражат төлеп шақырардай мұқтаждық жоқ. Орыс тілді жақсы үлгілі тәжірибелі ұстаз жергілікті жердің өзінде де, облысқа да жетіп артылады. Бірақ солай болды.

Ибаш бірден тәжірибелі қазақ ұстаздарын қалаға тартты. Алғашқы типті мектеп екі мөлтек ауданда салынды. Кешкі мектеп те сонда. Қалада жоғары білімі жоқ жас жігіттер мен қыздар өте көп еді. Бәрінің дерлік оқуға ынталары, талпыныстары бар. Мектепке келушілер өте көп болды. Қала іргесінде әскери бөлімдер көп. Дені әскери құрылысшылар. Тек солардың өзі әуелгі ретте екі мыңды алқымдады. Солдаттардың бәрінің дерлік орта білімі жоқ. Соларды да оқуға тартпақ болған. Бірақ бұл тым күрмеуі қиын іс болды. Әскери бөлім басшылары солдаттарын орта мектептен гөрі шофер, тракторшы, құрылысшы мамандығына оқытқанды қолай көрді. - Оқасы жоқ, жастар армиядан ауылдарына маман болып оралады. Бұл да болса жетістік,-деп ойлады Ибаш. Құрылыс бөлімінде қазақтар да жетіп артылатын.

Қазіргі қаланың, ауылдардың көбіндегі типті мектеп жобасы кейінірек келді. Соның алдында бұрынғы жобамен салынған №2 мектеп (ол қазіргі педагогикалық колледж ғимараты). Ол салынып болған соң Ибаш өзі педагог мамандарды бастап барып аралап көрді. Қатты ұнатты.

 Жаңа жоба да жақсы. Бірақ салынатын мектептерді бір-бірінен айнытпай сала бергенше бұрынғы үлгіні жетілдіріп аралас, қатар сала берсе болмай ма? - деген ұсынысын айтқан. Бірақ жоғары оған пәлендей ыңғай танытқан жоқ. Әрине № 2 мектеп үйінің патшалық Россия кезіндегі гимназия үлгісінде салынғанын, сол үлгідегі Верный гимназиясының кейін көп жыл қазақ педагогикалық институтының бас оқу корпусы болғандығын ешкім білген жоқ ол уақытта.

Бір күні кабинетке жымия күліп Мұстахи Бимағанбетов еніп келеді. Мамандығы әдебиетші мұғалім, бұрынғы майдангер Мұстекең форттық. Біраз жыл аудандық газет редакторы болған. Жақсы журналист те. Осының алдында Өзенде ашылған аудандық газетке редактор болып кеткен Мұқтасын Сұханбердиевтің орнына облыстық газеттің меншікті тілшісі болып келіп тұр.

 Тілшілігің дұрыс. Бірақ мен сені қалалық оқу бөліміне шақыртпақ едім,- деп жатыр Ибаш. Тапсырылып жатқан үйден тілшіге кең пәтер берді. Мұстекең бірақ ұзақ тілші бола алған жоқ. Ибаш қоярда қоймай жүріп қалалық оқу бөлімінің бастығы қылды. Мұстекеңбұл жұмысты тастай қағыстырды.

Қалаға жан-жақтан жоғары білімді мамандарды топ-тобымен жіберіп жатыр Одақ. Оларға мұнда барлық жағдай жасалуда. Соған қарамастан міндетті мерзімін өтеген соң кетушілер де көп. Бірінде комбинат директоры Рубен Арамасович Григорянмен төраға арасында кадр мәселесі туралы әңгіме бола кетті.

 Жоғары оқу орындарының осында филиалын неге ашпасқа? - деді төраға. -Қазақстанның көп жоғары оқу орындары алыс облыстарға барып емтихан қабылдап, оқуға жастарды қабылдайды. Сол тәжірибені Ақтауда неге қолданбасқа?! Біз Мәскеуден шақыртайық. Тек сіз қолдап қол ұшын берсеңіз болды.

Рубен Арамасович те осыны ойлап жүреді екен. Қуанып кетті.

 Филиал ашылса оқытушы мәселесін өзіміз-ақ шешеміз. Ибаш Жанболатовна, менде ғалымнан көп неме жоқ. Бірнеше докторым бар. Кандидат тіпті жетіп артылады. Тіпті бір кандидат ащы суға үйір болып, отбасынан ажырап берекені алған сон бетон езуші ғып жіберуге тура келді. Менің ғалымдарым кешкісін студенттерге дәріс береді.

Содан екеулеп жүріп филиалды ашты. Алдымен Бүкілодақтық политехникалық институттың қабылдау комиссиясы емтиханын алды. Соның емтиханы қарсаңында кабинетке ежелгі таныс Бекқали Көшкінов келіп тұр. Жанындағы жас жігітті Диас Жұмашев деп таныстырды. Екеуі алдыңғы жылы Қызылсайдағы кешкі мектепті бітіріпті. Енді институтқа сырттай түспек ойлары бар. Бекқали осы маңғыстаулық. Руы - жаңай. Солай ағайын болып Ибаш үйімен аралас-құраластығы бар. Көп жыл Сартағандағы кен барлау экспедициясында шофер болған. Ақтауға келіп, алғаш жер үйге қоныстанушылардың бірі. Соңынан Өзенге ауысты деп естіген. Енді ашылып жатқан институтқа түспек. Оның мына ниетін құптаған Ибаш апасы сәттілік тіледі. Жай тілеп қойған жоқ, қазақтың талапты қыз-жігіттерін де үгітте деп тапсырды.

Арада аз күн өткен соң Бекқали келіп тұр. Түсіпті. Өзі де бір көңілді, арнайы жігіт еді түскен хабарын айтып алып, мәз болып күледі келіп.

 Ой, апа, түсуімнің өзі бір жатқан хикая.

Апасы тыңдауға құлық білдірген соң баяндай жөнелді.

 Алғашқы емтихан математикадан жазбаша. Мен жазық маңдайына қарап «Бұл тегін біткен маңдай болмас. Білетін баланың сойысың-ау» деп бір сүліктей орыс қызының жанына отырдым. Көмегі тиер ме екен дегендік қой. Шығаратын есеп тақтаға жазылғанда төбе шашым тік тұрды. Құдайекең сақтасын, мен көрмеген шым-шытырық бірдеңе. Дегенмен солбырайып шығып жүре беруге батпай, қасымдағы қыздың шығарғанын көшірдім де алдым. Вариант-сариантыңды ұрғаным бар ма? Ертеңіне қорытынды шықты. Құлағандар өте көп. Олардың арасында мен жоқпын. Үш, төрт, бес алғандардың қатарында да Көшкіновтің фамилиясы жоқ. Екі-ақ адам бес алыпты. Бірі - көрші қызым. Солай дал болып тұрғанымда комиссияның хатшы қызы:

 Абитуриент Көшкіновті қабылдау комиссиясының төрағасы шақыртады,-деп дауыстады. Құдайдың ұрғалы тұрғанын білдім. Бірақ пәлендей абыржығаным жоқ. Бұл не көрмеген бас. Соның бірі болар деймін ғой баяғы. Сөйтіп, еңгезердей еңсемді тік ұстап, ұзын мұртымды таулап, кеудемді керіп кіріп барайын.

Комиссия төрағасы өзім шамалас мосқал кісі екен. Мені сірә абитуриенттердің бірінің әкесі деп есептесе керек, орнынан тұрып ізетпен амандасты. Мен Көшкінов екендігімді айтқанда аздап таңырқап та қалды. Сыпайылап отбасы жағдайымды сұрап біліп жатыр. Көзімнің қиығымен көріп отырмын, алдында менің бақылау жұмысым. Баға қойылмаған күйі ашық жатыр.

Мына есепті өзіңіз шығардыңыз ба? - деді жаңа танысым жаймен ғана.

Сақалды басыммен қалай өтірік айтайын. Шынымды айтсам - жағдайым белгілі. Содан қайдан шықсаң одан шық деп Адай атамның ақкөз тәуекелдігіне басуды ұйғардым.

Ғафу етіңіз, біліп қойған айып болмас, нешінші жылғысыз?-деп қарсы сұрақ қойдым. Іштей менен үлкен емес шығарсың деп шамалап отыр едім. Қателеспеппін. Екі жас кіші болып шықты.

Бұған да шүкір деп тамағымды баппен кенеп, кеудемді шалқайта ұстап керіліп отырдым енді.

 Сіз шығыс дәстүрінен бейхабар адамсыз ғой, інім. Сондықтан айып шама жоқ, ренжімеймін. Егер мен сіздің орныңызда болсам, әкесін соғысқа беріп жетім қалып, әр босағада тентіреп жүріп жетінші бітіріп, сосын әлденеше жыл машина руліне отырып, бірнеше баланың әкесі болған соң мектеп партасына қайта оралып аттестат алып келіп, қасымдағы көршімнен мына есепті қатесіз көшіріп алғаны үшін маған алғыс айтар едім. Жасы үлкен ағаны ыңғайсыз жағдайда қалдырмас едім.

Солай дегенімде комиссия төрағасы күліп жіберіп, орнынан тұрып қолымды алып, «Сіз түстіңіз. Қалған емтихан алушыларға ескертіп қоямын» деді. Солай студент болдым. Жаңа сол желеп-жебеушіме барып, алғысымды жаудырып келе жатқан бетім. Өте бір тамаша адам екен.

 Техникалық оқу орнында оқу сізге қиын. Мәскеуге барысымен гуманитарлық жоғары оқу орындарының біріне ауысуға көмектесермін. Сірә, сізге жоғары кәсіподақ мектебі қолайлы болар, онда бір досым бар еді. Профессор, - деп тағы жарылқап тастады ол інім.

Інісінің жолы болғанына Ибаш та мәз болып жатыр.

Бекқали Көшкінов содан Мәскеудің жоғары кәсіподақ мектебін бітіріп, көп жылдар Өзендегі транспорт мекемесінің кәсіподақ төрағасы болды. Марқұм ерте кетті ортамыздан. Бекең Мәскеуге өзі ғана білім алып қойған жоқ, көп інілерін ертіп, баулып аталған оқу орнын бітіруге қол ұшын берді. Онымен алғашқы қабылдау емтиханын бірге тапсырған інісі Диас Жұмашев кейіннен Шымкент технологиялық институтын сырттай оқып бітіріп, Жаңаөзен қалалық Кеңес атқару комитетінің төрағасы болды. Бүгінде ол да арамызда жоқ.

Ибаш бір қызық хат алды. Колонияда отырған бір тұтқын зэк жазыпты. Қорғаныстық маңызы бар үлкен бір объектіде жұмыс жасап жатыр екен. Өзі жоғары білімді маман. Мына объект жобасында қате бар. Егер осы бетімен салынып бітсе артынан зардабы мол болады деп ескертеді. Ол қатені Григорянның өзіне ғана айтып көрсетпек. Соған Ибаштан бітуажа, ара ағайын болып, Григорянмен кездестіруді өтінеді. Әңгіме үстінде Ибаштың да болғанын қалайды.

Ибаш Жанболатова есімі ондағыларға да жақсы таныс еді. Бірнеше рет колониялардың жағдайын білуге арнаулы комиссия бөліп, өзі де оларда бірнеше рет болған. Жауапты объектілерде жұмыс жасап жатқан бригадаларды қосымша тамақтандыруды ұйымдастырған. Бұл академик Қаныш Сәтбаевтың үлгі өнегесі. Ол туралы партия мектебінде оқып жүргенде естіген. Мектеп үйінің, Ғылым академиясының ғимараттарын жапон соғыс тұтқындары салған ғой соғыстан кейін. Қанекең жағдайдың қиындығына қарамастан солардың тамақ жағдайын жақсартыпты.

Сірә, хат авторы тұтқын бұған жазуына қарағанда қала басшысының беделіне үміт артып, сенгені, айтарының да маңызды болғаны. Сол бойда Григорянға хабарласты. Онан арғысы тым тез. Ибаш екеуі Григорянның кабинетінде тұтқынды қабылдады. Не үшін, қанша жылға сотталғаны сұралған жоқ. Григорян білетін шығар, күнілгері танысқан болар ісімен. Ал Ибашқа білу қажетсіз. Тұтқынның жара аузын тырнап қажеті не деп ойлады.

Ол ашаң келген отызды енді артқа салған жігіт екен. Еріксіздік тауқыметі келісті келбетіне ізін салғанмен, пәлендей мұқағаны онша білініп тұрған жоқ.

Жобадағы өзіне байқалған қателікті көп бажайламай айтып шықты. Ибаш әрине, ештеңе түсінген жоқ. Бірақ Григорянның басын шайқай бергеніне қарап жағдайдың тым күрделі екенін аңғарды.

 Жобаны түзетуге қанша уақыт керек. Бір ай? Жақсы бір жарым ай мерзім береміз. Барлық жағдай жасалады. Бітірген соң жоғарғы сарапшы комиссиясының қарауына береміз. Егер сіздікі дұрыс болса конвой айдауынан босайсыз. Объектіні салудың басшылық жұмысына тартыласыз. Объект тапсырылған күні бостандыққа шықтым деп есептей беріңіз. Бұл айтқаныма мына Ибаш Жанболатова куә. Сеніңіз бәрі де жақсы болатынына.

Тұтқынды алып кетті.- Әй, жастық-ай! Қандай ғажап қабілет! Жоқ, жігіт өз орнын табуға тиіс! Шапалақпен ұра білген алақан сипай да біледі. Оның айтқаны дұрысқа шықса кешірім беру керек. Өзім жұмыстанамын. Тіпті болмаса Ефим Павловичті саламын араға, — деп салды Григорян.

Арада бір жарым жыл уақыт өткен. Демалыс күнгі сәске еді. Телефон шылдыр етті. Соғып тұрған бейтаныс біреу.

 Ибаш Жанболатова, мазалағаныма ғафу өтінемін. Мен ана жылғы өзіңізбен бірге Григорянда болатын зэк инженер едім. Мерзімімнен бұрын босап кетіп барамын. Қасымда әйелім, балам бар. Түс қайта ұшамын. Ұлықсат болса сізге сәлемдесіп шығар едім. Әйелім қатты өтініп тұр.

 Болады, көгершіндерім. Келіңіздер, күтемін.

Меймандар көп күткізген жоқ. Қолында десте гүлі бар жетіп келді. Орталарында естияр болып қалған ұлдары бар. Әйелдің құрсағы шығыңқы. Жігіт алдында көргенінен көп өзгеріпті. Енді анықтап көрді. Өңді жігіт екен. Әйелі де әп-әсем. Танысқан соң барып білді, жігіт сотталмас бұрын қосылған. Әйелі мұнда күйеуінің артынан еріп келіпті. Мамандығымен дәрігер болып орналасыпты. Үйлі-барандылардың жатақханасында тұрыпты. Григорян уәдесін бұзбапты. Жігіт айтқандары түгел дұрысқа шыққан соң кешірім әперіп бостандыққа шығарыпты мүлдем. Енді Мәскеу түбіндегі Орта машина институтының бір жобалау институты жауапты жұмысқа шақырып жатыр. Соған асығулы. Шай үстінде білгені жігіт институттан соң аспирантураны үздік бітіріп, жұмысын енді қорғағалы жүргенде істі болған. Көп жылға сотталған. Құрсын, енді бәрі артта. Бәрі сәтті аяқталды ғой, әйтеуір. Тарыққанда сүйеу-демеу болған Ибаш апасына дән риза. Сенімі ойлағанындай шығыпты. Григорян мәрт кісі. Әйел адамның көзінше берген уәдесінен өлсе де айнымақ емес деп білген екен. Солай болды да шықты. Риза болған Ибаш жаңа таныстарын әуежайдан шығарып салды. Артынан олардан біраз жылға дейін мейрамдарда құттықтаған открытка келіп тұрды. Бірде жігіттің өзі іссапарымен келгенде соғып сәлемдесіп те кетті. Кандидаттығын қорғапты. Барған соң көпбалалы болыпты.

Міне, сондай да бір жағдай болған. Қала тұрғындары негізінен жастар. Солай болған соң әртүрлі жастыққа тән шалықты оқиғалар да бола беруі заңды. Оған түсіністікпен, кешірімділікпен қарамаса тағы болмайды. Жасы үлкендігін ұрсып алмаса тағы болмайды. Бірде қабылдауына бейтаныс жас келіншек келіп күйеуінің үстінен арыз айтты. Үйіне түнемейді. Айлығын түгел әкелмейді. Естуінше әлдебір әйелмен әуейі болып жүргенге ұқсайды. Соны айтып алып мырқылдап жылайды. Ибаш өзі әйел бола тұрса да, аталары орамалдының мұңы бір десе де әйелдің осалдық танытып жылағанын жек көретін.

Жақсы, қарағым, күйеуіңді шақырып алып тәртіпке салармын, - деп келіншекті шығарып салды. Дерін десе де бұл жайды тіпті ұмытып кетіпті. Ұмытпағанда да қаншама коммунистік мораль деп қақсағанмен біреудің отбасылық жағдайына араласатын не жөні бар. Жергілікті үкімет дегенмен оның қызметін соншама төменшіктетуге, кішірейтуге болмайды емес пе?

Арада ай жарымдай өте анадағы келіншек тағы келіп тұр. Тағы да сол гөй-гөй. Тағы да мырқылдап жылау. Тағы да үйтіп-бүйтіп шығарып салуға тура келді. Ертеңіне күйеуін шақыртып алды жұмысынан дедектетіп.

 Сен көгершінім, жігіт емес екенсің өзің. Әйелің үстіңнен арызданып миымызды шашып бітті әбден. Білдіріп аларың бар, көлденең жүріс неңді алған. Жә, жап аузыңды! Қарыстыр жағынды. Шешеңдей кісіге өтірік айтып ақталмақсың ғой! Қара мұны! Бұдан былай әйелің маған келмейтін болсын. Келтірмейтін бол. Ол қолыңнан келмесе көлденең жүрісіңді қой. Ол да қолыңнан келмесе құры! Бар соныңа біржола. Бірақ бала-шағаңды жылатып тастап олай еттің бар ғой, айтпады, ескертпеді деме бүкіл қала жұрты алдында әшкерелеп аймандай қыламын. Біздің қазақта биені құдай атарда құлын тастар, жігітті құдай атарда жүріс бастар деген сөз бар. Тым жақсы әйелің бола тұрып жүріс бастап өзің шынымен сор түртіп жүрген кем парық біреу болмасаң етті. Жоғал, көзіме көрінбей!

Солай қатты кейістік танытып ұрысқанмен жүрегі жұмсақ, қайтуы шапшаң кісі ғой сабасына тез түсті. Еркек деген де біртүрлі қызық халық-ау деп ойлады. «Егер менің Ғабдолым тірі болса ше» деп ойлады. Ол бүйтер ме еді деп ойлады да оз ойынан өзі шошып кетті. Жоқ, Қабдол бұлай етпек емес. Ол айрықша жаралған жан еді ғой. Әттең...

Ибаштың жанарына мөлдіреп жас тұнды. Әлгі жылауық келіншек есіне түсті. Қызғанатын күйеуі қасындағы ол бұдан бақыттылау сияқты көрініп кеткені.

Әйел жаны деген осы. Ол тегі мәңгілікке шешілмейтін жұмбақ болуы керек.

Медициналық қызмет көрсету Ақтаудың іргесі алғаш қаланған күннен бастап мықтап қолға алынған еді. 1959 жылдың 15 июнінде №102 медициналық санитарлық бөлім құрылды. Қала құрылысымен қатар нөмірі бірінші мөлтек ауданнан аурухана, емхана орталығының құрылысы да жүріп жатты. Одақтың әр түкпірінен білімді мамандар келе бастады. Бәрібір олардың жетімсіздігі білініп жатты. Жергілікті жерден шыққандарды да тартуға тура келді. Әуелі келгендердің бірі — Жұмагүл Сарина. Оның мамандығы бала дәрігері болатын. Қазақстандағы медициналық екі жоғары оқу орны Алматы, Ақтөбе институттары - бұлар алдымен түлектерін ауылға жіберуге мүдделілік танытты. Денсаулық министрлігінің ұғымында республиканың халық шаруашылығына қатысы жоқ, тыныс-тірлігінен оқшау комбинат пен оның қаласының бар ауыртпалығы, обал-сауабы Мәскеудің мойнында. Сол жақ жұмыстануға тиіс. Ибаш осы көзқарасты өзгертуге аз жұмыстанған жоқ. Ақтау ашылған соң бұл жерден алғашқылардың бірі болып Форттағы басшы дәрігерлік қызметтегі Отари Гиголашвили келген. Өгейлік көргеннен емес, орыс тілді ортада болғысы келгеннен. Оның үстіне Ақтаудан Кавказға күніге әлденеше рейс ұшып тұрады. Грузиясына қатынас жақын. Сол Гиголашвили де өзі білетін көп әріптестерінің қалаға келуіне ықпал етті. Қаланың саяси мәдени өміріндегі елеулі оқиға 1976 жылы маусымнан бастап қалалық партия комитеті мен қалалық Кеңес атқару комитетінің органы «Огни Мангышлака» газетінің шығуы болды. Бірінші редакторы осыған дейін облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің меншікті тілшісі Юрий Татаринов болды. КазГУ-дің журналистика факультетінің сол жылғы түлектері П.Долматов пен Г.Петренко келді. Газеттің базалық жағдайын шешу көп қиындық әкелген жоқ. Комбинаттың баспаханасында басылатын болды. Ал ол өте жақсы жабдықталған өндіріс болды. Газет ротатормен көбейтіліп басылатын. Бұл бүкіл республикадағы қалалық, аудандық газет ішінде ротаторға қолы жеткен бірінші газет болды сөйтіп. Сурет кескіні ӘГМ аппаратымен құйылатын қорғасынға. Заманында бұл да үлкен жетістік.

Ибаш Жанболатова қаладағы үкімет басшысы ретінде газет бетінде әртүрлі тақырыпта жиі сөйлеуіне тура келеді. Газет тәжірибесінде көбіне ондайда бір тәжірибелі журналист жіберіледі де сол әңгімелесіп, мақаланы автор атынан жазып шығарады. Не болмаса тақырыпта сөз болмақ мәселеге қатысты бөлім дайындайды да автор қол қоя салады. Жоқ, Ибаш Жанболатова бұған қарсы еді. Ол үнемі өзі жазады.

 Маған қазақша ойлап, ойымды қорытып артынан орысша қағазға түсіру біраз уақыт алады. Сондықтан күнілгері ертерек ескертіп қоярсыздар, - деп өтініш жасайтын газет басшыларына. Төраға тек мақала емес жиналыстағы баяндамалары мен сөйлеген сөздерін де өзі жазатын. Көбіне қағазсыз сөйлеуге бейім. Ондайда журналистерге қиын-ақ. Қазіргідей дыбыс жазу құралдары жоқ. Стенографияны ешқайсысы білмейді. Сосын қойын дәптерге жүгінеді. Ілесіп негізгі мәліметтерді түртіп алып, артынша сөйлеген соз нобайын қағазға түсіреді. Сосын авторына әкеліп көрсетеді. Апалары оған үйренген. Уақыт бөліп, асықпай қарап, өңдеп, ұстартып барып қолын қояды. Журналистердің осы жағдайына сыралғы апаның баспасөз күні мерекесінде редакцияға шағын магнитофон сыйлап қарық қылғаны бар.

Юрий Татаринов жақсы жолдас, жақсы журналист еді. 1968 жылдың қысқа салымында Жаңаөзен қаласының кіреберісінде ертеңгісін ауданның жиналысына бара жатқан бетінде жол апатынан қайтыс болды. Орнына Алматыдан «Автомобильный транспорт Казахстана» журналының редакторлығынан В.Запорожский келді. «Огни Мангышлака» облыс ұйымдасқан 1973 жылға дейін қала мен өзен ауданының ортақ орыс тілді басылымы болды. Ол гвардиядан қалған «көненің кезі» Петр Алексеевич Долматов қазір Маңғыстау облыстық «Огни Мангышлака» газетінің редакторы.

1970 жылдың жазында қалада телевизия орталығы ашылды. Бұл үлкен жетістік болатын. Себебі, ондай орталық ол уақытта облыс орталығы Гурьевтің өзінде жоқ еді. Басшылығына Алматыдан Мезгілбаев келді. Сөйтіп, әр үйде «көгілдір экран» жарқырады. Телевизордың көзі қат тауар болғаны сонша Ибаштың өзі сауда орындарына арнайы сұраныс берді.

Ол уақытта қазіргідей бейне жазу құралдары жоқ. Сөйлеушілер эфирге камера алдында отырып тіке шығады. Ибаш та теледидарда тәжірибесіз. Бірде хабарға қатысып сөйлеп отырған. Жүргізіп отырған режиссер саусағының ұшымен шеңбер жасап ымдайды. Ибаш «Е, енді қала, өндірістік аймақ ішілік айналма теміржол туралы айтыңыз» деп тұр екен ғой, - деп ұғып, тамағын кенеп алып жаңа әңгіме желісін бастай берген. Режиссердің жаны шырқырап қара бақайының ұшына кетіп, енді сағатын саусағымен нұқып ымдап, безек қағып жатыр. Сонда барып түсінді уақыт біткен екен. Артынан бұл жайды біразға дейін күліп еске алып жүрісті.

Теміржол демекші, 1964 жылдың жазына байқау пайдалануына артынан тұрақты пайдалануға қосылған теміржол экономиканың күре тамырына айналған. Жолаушы поезы да жүре бастады. КСРО Орта машина жасау министрінің 1960 жылы 28 майдағы №0195 бұйрығымен Мақат - Комбинат атымен бастап салынған жол артынан Мақат - Маңғыстау деп аталды. Маңғыстау бекетінен қалаға қарай тартылған өндірістік аймақ ішілік теміржолдың ұзындығының өзі Мақатқа дейінгі жолдай. Бұл екінші жол тарамы ведомстволық. Өз алдына дербес басқармасы бар. Өзен мен Жетібайдан мұнай табылуына байланысты Маңғыстау бекетінен бастап Өзенге жаңа жол тарапының құрылысы басталды. Алғашқы бекет - Ералиев. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Себебі, өндірілген мұнай өңдеу заводына осы жолмен тасымалдануы керек. Бекеттердің бәрі кішігірім кент. Теміржолға бағынады. Мектептеріне дейін дербес. Сөйтіп, бұл да далаға келген өркениеттің үлкен бір тіні. Әйтеуір осы елге, керек бола берсе деген тілек үстіндегі Ибашқа ол да қуаныш. Туған топырағы қашанда адамға ыстық қой. Ибаш туып өскен Құрығына жиі ат басын тұралайтын. Соңғы сапарында теміржол құрылысын көріп, болашақ бекет орнымен танысқан. Кенттен көрінім жер екен. Сөйтіп, бұл да ел іргесінің кеңейгенін айғақтағалы тұр. Мезгіл қыс іші болатын. Қала басшылығын дүр сілкінткен, қобалжытқан бір оқиға бола кетті аяқ астынан. Түнде қалалық партия комитетінің кезекшісі телефон соғады. Құрыққа жаңа түс қайта теміржолшылар десанты келіп түсіпті. Болашақ станцияның құрылысшылары. Басшылары да берекесіздердің нақ өзі екен. Күн ілгері хабарлап ескертуді ұмытып кетіпті. Сонымен ұзын саны төрт жүздей адам айдалада ашық аспан астында дірдектеп тұр. Қалада басшылардан өзі еді. Өзгелер жиналысқа кеткен Гурьевке. Ертең болмаса арғы күні келеді. Дегбірі қашып кетті. Жалма-жан машинасын шақырып жолға шықты. Қара жолда жүріс өне ме? Дызғып, жаны мұрнының ұшында келеді. Келіп жетсе жағдай айтқандағыдай. Балаларды бірер вагон үйшікке қамап, ерлер жағы далада алау жағып отыр. Ол кездің адамдарының болмысы бөлек қой. Пәлендей ашу шақырып, даурыққан жоқ. Тез шешімге келген Ибаш машинасын қалаға қайтарды. Басшыларға жолдаған сәлемі шұғыл ыстық ас, кенеп шатыр жеткізсін. Теміржол бекетінің бастығы адам баспанасы бола аларлық, қамсауы бар вагондар жеткізсін салынып жатқан жол табанымен. Мерзім ертеңгі сағат он бірге дейін! Өзі қолға түскен бір машинамен іргедегі кентке тартты. Ондағы кеңес төрағасын, экспедиция басшыларын төсектерінен тұрғызып алып жағдайды түсіндірді. Барлаушылар даламен істес болып, көпті көрген әккілер ғой, бірнеше темір пештері бар екен. Екі-үш шатыр да табыла кетті. Тіпті тамақ салатын термостар да болып шықты. Соған асханадан ыстық тамақ құйып, бір қора адам бұл жақтан жеткенде Ақтаудан келе жатқандардың да қарасы көрінді. Түс қайта шатыр қалашығы орнады. Жерде ат тұяғын жабар қар бар еді. Соны күреп тастап, шатыр тігіп, ішіне темір пеш қойып жаққанда, әжептәуір-ақ баспана болды да шықты. Түс қайта вагондар да келіп жетті. Сәті түскенде алдында теміржолдың қосалқы бір тармағы тартылып бастаған екен. Составты соған апарды. Бәрінен ерлеген әскери бөлім болды. Олардың бір ротасы ас пісіретін жорық қазандарымен келіп жетіп, іске қауырт кірісіп кетті. Ертесіне қалалық партия комитетінің екінші хатшысы Закаш Камалиденов бастаған басшылар маң далада вагоны, шатыры аралас орнай қалған жаңа мекенді, арасында қар сыбап ойнап жүрген балаларды көріп таң қалысты. Құрық теміржол бекетінің құрылысы солай басталып еді.

Ac - адамның арқауы. Жағдайдың көбі соған тәуелді. Аш адам ұрысқақ келеді деп қазақ бекерден-бекер айтпаған. Ал ұрыс шыққан жерге ырыс та, береке-бірлік те жоламайтыны белгілі. Обалы не керек, Мәскеу бұған басында-ақ жете мән беріпті. Баяғы Сталиннің заманы, өлмесе өрем қапсын деп айдап қоя беретін ГУЛАГ тұтқындарына деген көзқарастың келмеске кеткенін көрсетіпті. 1959 жылдың 14 сентябрінде Орта машина жасау министрі А.Чуриннің бұйрығымен Ақтауға жүз тонналық тоңазытқыш тәулігіне бес тонна өнім шығаратын наубайхана жабдықтары бөлініп, жүз елу адамдық асхана, жеті орны бар азық-түлік, алты орны бар өндіріс тауарларын сататын дүкен, төрт жүз шаршы метрлік қойма, төрт жүз тонналық көкөніс, екі жүз елу тонналық картоп қоймаларының құрылысын тез арада салып, қысқа дейін пайдалануға тапсыру міндеттелген екен. Артынша комбинаттың жұмысшыларды жабдықтау бөлімі құрылған. Азық-түлік әуелі теңіздің арғы бетінен, порт ашылған соң баржамен тасылыпты. 1964 жылдың жазында теміржол пайдалануға берілген соң біржола молшылық орнаған.

Жабдықтау ең жоғары Мәскеу деңгейіне көтерілген. Ибаш төраға болып келген бетінде әдеттегіше елеусіз жүріп дүкендерді аралаған. Сөрелердегі тауарлардан көз тұнады. Әсіресе азық-түлік тауарлары. Тек шұжықтың өзінің жеті-сегіз сорты тұр. Ертең таусылып қалар деген сақтықпен килолап алып жатқан ешкім көрінбейді. Өнеркәсіп тауарларының дүкендері де солай. Бір дүкеннен логарифм сызғышын көріп қалды. Текшелеп жинаулы тұр. Маңғыстау мектептерінде ең қат нәрсе осы еді сол уақытта. Өткен оқу жылында облыстық оқу бөліміне сұраныс жасап бірнеше данасын алдырып, әр мектепке пышақ үстінен бөліп берген.

 Қанша сызғыш бар? - деп сұрады сатушыдан.

 Жетеді. Қанша керек еді?

 Әзірге жүзі жетіп қалар. Базад атағы бар ма, біліңізші, болса алып дүкеніңізге салып қоярсыз. Менің қағазыммен келген адамға көтере сатарсыз.

 Ғафу етіңіз, сіз кім боласыз?

Ибаш күліп, өзін таныстырды. Сатушы қала қожасының үлкен басымен қолына шаруашылық қалтасын ұстап, жай көп әйелдің бірнеше дүкен аралап жүргеніне әрі риза болып, әрі таңғалып аузын ашып қалды.

 Көрші Маңғыстау ауданының мектептерінде осы сызғыш жоқ, - деп түсінік берді Ибаш сатушыға.

Ертесіне Маңғыстауға хабар жіберді. База басшыларына көршілік хақымен көмек ретінде бірінші кезекте Жыңғылдыдағы малшы балалары үшін ашылған интернатқа бала киімдерін бөлуді сұрады.

Облыс басшылары алдына қойған мәселесі қаладан ет комбинатын салу. Сол арқылы ет мәселесін жергілікті жер есебінен шешу. Сонда екі жақты ұтыс болар еді. Маңғыстау малшылары мың шақырым жердегі Гурьевтегі комбинатқа мал айдап бару машақатынан құтылады. Мал алысқа айдалып қоңын жоймайды. Облыс басшылығы оған келісті. Бірақ ол Гурьевтегі комбинат бөлімшесі іспетті болады. «Мейлі, облысы былай қалып, басқа мемлекеттің неге бөлімшесі болып тіркелмейді. Әйтеуір халқым іргесінен сойылған жас етке қарық болса ғой» деп ойлады Ибаш іштей көңілі тоғайып.

Сол алғашқы ретте кеппен бірге асханадан тамақтанып байқады. Ұнады. Тамақ өте дәмді екен. Тіпті облыс орталығы Гурьевтің ресторандары мұның жолында қалады. Бір ретінде карьердегі жұмысшылар асханасына да барды. Ондағы жағдай тіпті айрықша. Содан төраға бұл мәселеге көп алаңдамайтын болды. Арқасы жарға тіреулі жүрді. Кейде жоғарыдан айғыр топ қонақтар келеді. Меймандостық салтымен оларға дастархан жасалады. Ибаш үй иесі ретінде дастархан мәзірін айтып, тапсырма беріп жатпады. Оны артық шаруа санайды. Асхана жайына қанық. Ұятқа қалдырмайтынына сенеді. Бұл төраға болып келгенде қала әлі жабық жағдайда еді. Мемлекеттік құпия сақталады. Бейсеубет келіп-кетушілерге жол жоқ. Әр жер, әр жерде әскери күзет постылары тұр. Қырғиқабақ соғыс жағдайының ушығып тұрған кезі. Жағдай жаман. Содан бірер жыл бұрын осында бір оқыс оқиға болды.

Теңізге шомылып жүргендер айдыннан сықсия қарап тұрған перископты көреді. Бір рет емес әлденеше рет. Перископ теңізде, тек сүңгуір қайықта ғана болады. Шомылушылардың бірі халықаралық келісім бойынша Каспийдің жабық теңіз саналып, жағадағы мемлекеттердің онда әскери флот ұстамауға уағдаласқанын біледі. Білген соң көңіліне күдік қашып онысын басшыларға айтады. Олар жоғарыға хабарлайды. Дабыл қағылады. Бұлар әрине Мәскеуде болған дүрбелеңнен бейхабар ол шақта. Артынан мәлім болды бәрі. Бірінші хатшы Н.С.Хрушевтің соның алдында Біріккен Ұлттар Ұйымының мәртебелі мінберін бәтеңкесімен ұрып, ежелгі дұшпанның ел болмасын қитұрқы іс-әрекетімен қайта-қайта дәлелдеп жүрген АҚШ-қа тісін басып, өтімен қабынып жүрген кезі. Тез шара алуға әмір береді. Сүңгуір қайық құртылады. Тексеру кезінде оның АҚШ-тікі екені белгілі болады. Сөйтсе, АҚШ Иран үкіметі басшыларының бірімен шахтан жасырып астыртын келісім жасап, сүңгуір қайығын әкеліп өте құпия жағдайда құрастырып, құралдан теңізге жіберген болып шықты. Қайыққа берілген тапсырма -Каспий жағасында ашылып жатқан жаңа өнеркәсіп жайын барлау. Перископ солардікі екен. Арты сірә белгілі. Осыған дейін КСРО-мен сыпайы сыйластықтағы «сәлемі түзу» Иранның сау басы саудаға түседі. Шах қаһарына әбден мінеді. АҚШ-пен астыртын келісім жасап әлгіндей қадамға бару Соғыс министрлігіндегі бес адамның қолынан ғана келеді. Әрине, олардың бәрінің бірдей араласы жоқ болуы мүмкін. Кінәлі опасыз біреуі, немесе екеуі шығар. Қаһарлы шах оларды тексеріп, тергеп әуреге түсіп жатпайды. Бесеуін бірдей табанда атқызады да тастайды. Болашақта өзгелерге сабақ болсын дегені ғой. Кеңес жағын сөйтіп сабасына түсіреді (менің күнәһар басым кейде ойлап қояды біздің Қазақстанға да сондай шара қажет-ау деп). Сол оқиғаның артынша қалада республикалық комитетке бағыныстағы КГБ бөлімшесі ашылған. Комбинаттың ешкім білмейтін құпия қауіпсіздік комитеті сірә бар. Тәртіптің күшейіп, сақтық шараларының көп алынуы содан.

Ибаш өзінің әйелдік дипломатиясына салып маңайдағы ауылдардың тұрғындары қалаға келіп, еркін жүріп-тұрып сауда жасауына ұлықсат әперді. - Олар біріншіден өз жерлеріндегі өркениетпен таныссын. Балаларына әңгімелеп, көрсетсін. Солай жасынан көріп әсерленген бала ертең ержетіп қала тұрғыны болады, комбинат кадрларының қатарын толықтырады. Түсінем, сақтық, сақ болған өте жақсы. Бірақ тым әсірелікке ұрынбаған дұрыс. Тап сол ауыл адамдары қалада көргендерін қыраң аса беріп өзін күтіп тұрған сыбайласы АҚШ-тың барлау қызметінің шпионына айтпайтыны белгілі ғой. Оны бек білесіздер.

Сөйтіп, қалаға ауыл адамдарының жолы ашылды.

Ақтауда төраға кезінде Ибаш Жанболатова көптеген тамаша адамдармен танысып, достасып істес болды. Соның бірі әрі бірегейі Рубен Арамаисович Григорян. Ол 1917 жылы 24 ноябрьде Түркияда туған. Себебі, армяндардың үлкен бір тобы сонда тұратын. 1920 жылдан кейін Арменияға оралады. Кейіннен Мәскеу тау-кен институтын бітіреді. 1961 жылдан Маңғыстауда. Каспий аймақтық тау-кен комбинатының директоры. Оны қаланың бірінші құрылысшысы деп әбден айтуға болады.

Рубен Арамаисович тамаша инженерлігінің үстіне нағыз тесік өкпе шаруа, көкейкөзі көреген де адам болған. Соның шағын бір мысалы мынадай. Қазіргі екінші шағын аудандағы алаң аты ол уақытта «пятачок». Григорянның өзі бас болып халық сенбілікке шығады. Бірінші кезекте би алаңын салмақ. Дөңгелек алаң салынып бітеді. Енді соған жан-жағынан аяқ жол төсеу керек. Сонда Григорян:

 Асықпай тұра тұрыңдар. Келіңіздер бірер апта тосалық. Жұрт ыңғайына қарай өздері-ақ соқпақ түсіреді. Соның сорабымен жол төсей қою керек. Әйтпесе бүгін төсегеніміз ешкімге қажет болмай қалады, - десе керек.

Қаладағы ХГМЗ, СКЗ, АГЗ, РМЗ, Энергия заводы Григорян директор болған он жыл ішінде салынып, іске қосылды. Қалаға Ибаш басшы болып келген соң Григорянның тынысы недәуір кеңігендей болғаны анық. Енді ол мәдени, әлеуметтік мәселелерден өзін саяқ ұстауға көшті. Ибашқа сенді. Жаңадан салынбақ ғимарат жобасын алдымен Ибашқа көрсетеді.

 Рубен Арамаисович, мен инженер емеспін. Не айта аламын,-дейді бұл. Жоқ, Ибаш Жанболатовна, сіз алдымен әйелсіз. Ал әйел көзі жіті, аңғарымпаз. Көп нәрсеге атүсті доғалдау қарайтын ерлердей емес, сіздер кәдімгі күнделікті тұрмыстық тұрғыдан келесіздер, - дейтін ол.

Ел алдындағы ерен еңбегі үшін Р.А.Григорян Социалистік Еңбек Ері атанды. Лениндік, Мемлекеттік сыйлықтарды алды. Бірнеше орден, медальдармен наградталды. 1969 жылы 15 майда оған «Қаланың құрметті азаматы» атағы берілді. Кейіннен бұрынғы Тау-кен металлургия комбинаты кеңсесінің алдына кеуде мүсіні қойылды.

Ефим Павлович Славский 1898 жылы туған. Сол алпысыншы жылдардың өзінде қарт кісі болып көрінетін. Бірақ қағылез, ширақ, тың. Азамат соғысында Буденныйдың атты армиясында болған ол Ұлы Отан соғысы жылдарында Оралда алюминий заводының директоры болған. Мыңдаған самолет осы завод шығарған түсті металдан жасалған.

Ефим Павлович қанша биік мансап иесі бола жүрсе де бойындағы кәдімгі орыс шаруасының шаруақорлығын, ықтияттығын жоғалтпаған адам. Жетпісінші жылдардың бас кезінде ол Маңғыстауға келіп, аралайды. Өзен, Жетібай кәсіпшіліктеріндегі мұнаймен қоса шыққан ілеспе газ ол уақытта топтық қондырғыларда жағылып жіберіледі. Солай әр қондырғы күндіз-түні жанып тұратын алау. Солай миллиардтаған қаржы босқа жағылып жатыр.

 Бұл не ысырап, - дейді министр, - бұл газ неге қажетке жаратылмайды? Жинап алып, құбырмен қажет жерге тасымалданбай ма? Не өңделмей ме? Тіпті жер астына қайта айдалмай ма? Алтынды отқа жағу деген не сұмдық?

Құдіретті министрдің осы дабылы сеп болып, артынша Өзенде газ өңдеу заводы салынды. 1980 жылы сол заводта үлкен апат болғанда да қол көмегін созған Ефим Павлович. Жалпы ол кісі әр нәрсеге жан-жақты қарайтын. Атом қуатымен тұшытылған су сол күйінде тұтынуға келмейді. Емір ойының кермек суын қосу керек оған. Дүниеде шексіз, шектелусіз ештеңе жоқ. Емірдегі су қоры елу жылға ғана жетеді екен. Соны естіген бойда ол жаңа кен орындарын іздестіруге тапсырма берді. Славскийдің Ақтауға келуі мейрам. Әдетте жергілікті жер жоғарыдан бір дөкей келсе асып-сасып абдырап, ішкендері ірің, жегендері желім болып жатады ғой. Мұнда олай емес. Қайта жергілікті басшылар базардан әкелері көп базарлықпен келетіндей қуанып шат-шадыман болады да қалады. Солай министр Славскийдің алдын ала ызғары жетпейді, мейірім шапағатының жанға жайлы самалы жететін.

Қала қожасы кезінде Ибаш қарындасы бұл ағасының көп қайырымын көрді. Көп мәселелерді соның көмегімен шешіп алды.

Соңғы бір келгенінде И.Жанболатоваға, онда ол облыстық қамсыздандыру мекемесінің бастығы, министр Славский бұрылып келіп амандасып:

 Сізді де көрдім-ау, көптен кездеспеппіз. Жағдай қалай? Маған тірелер шаруаңыз бар ма? - деді.

 Сіздің қолтаңбаңызды алуға келдім. Ефим Павлович, шаруам сол, -дейді Ибаш апа жымиып.

 Ұмытпасам, сізге талай қолтаңба берген сияқты едім.

 Ол қолтаңбаларыңыздың бәрі көшеде тұр сап түзеп. Енді жетпей тұрғаны біреуі, -деп Ибаш сол жерде басталып бітпей тұрған, себебі құрылысшылар қызу тап пен бастауын ұлықсатсыз бастап жіберіп енді қаржыға қарап қаңтарылып қалған бір ғимаратты аяқтауға қаржы сұраған қағазды тоса қояды.

Ибаш Жанболатовна, бұл маңғыстаулықтар сіз болып, сізге ұқсап қолтаңба ала берсе біздің министрліктің бүкіл резерві осында жұмсалатын түрі бар, - деп күліп Славский қолды қойып жібереді. Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Е.П.Славскийге 1969 жылдың 15 майында «Қаланың құрметті азаматы» атағы берілді.

1966 жылы Маңғыстауға Кеңес Одағының Маршалы, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қорғаныс Министрінің бірінші орынбасары, Сталинград қорғаған даңқты 62-армияның қолбасшысы Василий Иванович Чуйков келді. Мәртебелі мейман жалғыз емес. Қасында министр Славский, Мұнай өнеркәсібі министрі Шашин, химия өнеркәсібі министрі Костандов, Мұнай-газ өнеркәсібі құрылысы министрі Кортунов бар. Қазақстаннан Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Мәсімхан Бейсебаев, республиканың он екі министрімен, азаматтық қорғаныс бастығы генерал Сағадат Нұрмағамбетов келді. Қонақтарға үлкен қонақасы берілді. Оны ашқан Ибаш апай: «Мен өте қуанышты сәтті бастан кешіп отырмын. Соғыста Сталинград түбінде ерлік көрсеткен даңқты 62-армияның даңқты қолбасшысымен жүздесіп отырмын. Соғыс кезінде біз тыл еңбеккерлері оның есімін Совинформбюро хабарларынан естігенде бір көтеріліп қалатынбыз. Менің күйеуім КСРО Қорғаныс министрі маршал Тимошенконың жеделхатымен шақырылып алынып, Сталинград түбінде қымбатты қолбасшы Василий Ивановичтің қарауында саяси қызметкер болып соғысып, Курск иінінде ерлікпен қаза тапты» дегенде Маршалдың «Встать» деп команда берген дауысы саңқ етеді. «Мынандай ержүрек қазақ қызы үшін, оның күйеуі ерлікпен шейіт болған менің бұрынғы қарулас серігім үшін» деп апайдың бетінен сүйіп, рюмкесін соғыстырып, жиналғандардың бәріне тауысып ішіп қоюды бұйырады. Ақтаудан соң мәртебелі меймандар жолы Өзенге түсті. Өзен дәл сол күні әдеттегісіндей шаңдатып тұрған. Бұл да бір сәтімен бола кеткен ауа райы дерліктей. Келгендер өзендіктердің қандай жағдайда еңбек етіп жатқандарын кезімен көрді.

 Айналып кетейін ол күнгі шаң емес, Маңғыстаудың үстеме коэффиценті ғой, -деп қауқылдасып жатты жұрт.

Маңғыстаудан соғысқа алынғандардың бәрі дерлік жаумен қалмақ даласында бетпе бет келіп, Сталинградты қорғады. Біразы сол жерде мәңгі қалды. Шейіттердің бірі -заманымыздың заңгер жазушысы, белгілі қоғам қайраткері Қазақстан Республикасының Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың әкесі Қоқымов Кекілбай.

Маршал Чуйков бақилық болған соң Сталинградқа Мамаев қорғанына жерленді. Солай даңқты қолбасшы ішінде мыңдаған маңғыстаулықтар да бар марқұм қаруластарымен бірге мәңгілікке тыныстап жатыр.

Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев исі қазақтың атасы дерлік тұлға. Ибаш апаның қабылдауында Шевченко аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып бекігенде кездескен. Соңынан іссапарымен Жетібайға келгенде бірге болды. 1968 жылы Өзенге келгенде де солай. 1973 жылы келгенінде Ақтауда берілген қонақасының басы-қасында өзі жүрді дерлік. Маңғыстаудың дербес облыс болатынын, жанына жақын Форт-Шевченконың да қайтадан дербес аудан қатарына қосылатынын Димаш Ахметұлының өз аузынан естіп қуанды сонда.

Ертелі-кеш тарихи әділеттіліктің салтанат құратыны заңдылық болып шықты. Соның бір дәлелі Маңғыстау. Билігі өзгеде болып, күні басқаға қараған бұл өлкенің басына не келіп, не кетпеді. Форт - қазақ даласында ең алғашқы Орск, Орынбордан соң салынған қамал қала. Түрікменстанның Красноводскісімен құрдас. Қазалыдан он жас үлкен. Төңкеріске дейін ол да уезд орталығы болған Ашхабад пен бұл да Адай уезінің орталығы болып тең дәрежеде күн кешті. Ашхабад бүтін бір республиканың астанасы болды да, бұл аз уақыт тұғырын бір қиырдағы Ойылға беріп, ұмыт қалды. Артынан бір ғана ауданның орталығы атанып тағы төменшіктеді. 1939 жылы құрамынан Маңғыстау ауданын бөліп шығарып аясы оның үстіне тарылды. 1963 жылы аудан орталығы мәртебесімен де қоштасты. Солай соңғы қырық жыл бойы көргені Қорқыттың көрі болумен келген Форт тұғырына қайта мінгенде оның төл перзенті, қаласына бір кісідей-ақ еңбегі сіңген Ибаш Жанболатова қуанбағанда кім қуанбақ! Бұл қуанышын беріден айтсақ бөркін аспанға атты, жүрегі жарылардай болды деуге саяды.

1870 жылдан Кавказға, Тифлиске қараған, артынан Красноводск уезімен бірге Каспий сырты облысы атанып (орталығы Красноводск) Түркістан губерниясына - Ташкентке қараған, қазағымен 1920 ғана Тобанияз Әлниязов, Бақытжан Қаратаев, Ғұбайдолла Әлібекөв, Сейітқали Меңдешев сынды туып бір кеткен ұлтжанды азаматтарының арқасында қайта табысқан Маңғыстаудың дербес облыс болуы сірә айтып жеткісіз көл-көсір қуаныш.

Ибаш Жанболатова жаңадан құрылған Маңғышлақ облысы Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы болып тағайындалды.

ТӘБӘРІК

Ибаштың бала күнгі бір құмар ойыны карта - кәдімгі географиялық карта болатын. Балалар бастары қосылғанда содан бір атауды біреуі айтады да, қалғандары соны іздеп табады. Ол атаулар әуелі үлкен белгілілі қала, өзен, көл болып басталып, бірте-бірте күрделене түседі. Өте кішкене әріптермен жазылғандар аталатын болды. Сөйтіп, бұл лек шетінен география пәнін жақсы оқып, біліп кеткені.

Соғыс басталысымен қайта қарауды шығарды картаға. Бұл картаға қараудың беті аулақ. Радиодан берілген хабарлар бойынша жау қолында қалған жерлер белгіленетін болды енді мұнда. Әр белгі түскен сайын жүрегің сыздайды. Мәскеуден неміс армиясы төрт жүз шақырымдай қуылып тасталғанда барып жүздерге қан жүгірді, картаға да «өң кіріп» бастады содан соң. Ибаш сол картасын 1945 жылдың 9 мамыры Жеңіс күнінің кешіне дейін ұстады. Содан көзге күйік болмасын деп әріге ысырып тастаған.

Сарасы ес біліп, сауат ашқан соң ғана, бір күні кеште картадан әкесінің соғысқан жерлерін көрсеткен. Сталинград түбі, Дон... солай кете беріп, Курск түбінде аяқталады. Қыршын ғұмырдың үзілген жері сол...

Сол жерге келгенде Ибаш көзінен қос моншақ төгіліп кетті.

Сараның көзі де боталап қоя берді. Сол түні Ибаштың көзі көпке дейін ілінген жоқ. Сонда бір келген ой: тегі көп адамдардың елдің батыс бөлігі мен Шығыс Еуропаның географиялық картасы бойынша сауатын майдан картасы аштырған болар. Сондағы әр қала, әр елді мекен аттары жесірлер жүрегіне шырқыратып тиген оққа айналды-ау сол қаралы жылдарда. Сол картаға қарағанда, талай майдангердің ескі жарасы сыздайтын шығар.

Ғабдолы елін, желегімен қалған мұны, жөргектегі Сарасын соңғы рет есіне алған майдан алаңы Курск шайқасы туралы Ибаш кейін, онда да жүрек жарасы сыздап-сыздап беріш боп біткен бертінде көп әдебиеттерден оқыды. Бұл нағыз жан алып, жан берген сұрапыл қантөгіс болыпты. Жауласқан жақтың техника күшінің бетпе бет келген жері. Әскери стратегтер оны «техникалар соғысы» депті. Олардың кәсіби сөйлеу тілі ғой ол. Әйтпесе бәрін шешкен адам күші болады емес пе? Неміс сол Курск шайқасынан соң оңалмапты. Табаны тайғанай беріпті.

Бұрыннан жақсы танитын Теңізбаев Сүйеу оралды жеңістен соң. Бұл ауыр зеңбірекшілердің командирі болыпты. Соғысты неміс жерінде аяқтапты. Ерлікпен шайқасқан. Бірнеше жауынгерлік марапаты бар. Кадрға сусап отырған аудан оны бірден жауапты қызметке тартты.

- Біздің армия сол Курск түбіндегі жеңістен кейін ғана екпінін күшейте алды. Львов бағытындағы шабуылды өрістеттік. Сонда барып көзіміз жетті, жау техника және танк жөнінен басымдылығынан біржола айырылған екен. Сасқаны болар, батыс майданда соғысып жатқан танкілерін бері тасығанын білдік, - деп отырар еді Сүйекең. Сол Курск шайқасының нағыз ері Мұқан Мұңалов та зеңбірекші болыпты. Екі бірдей Даңқ орденінің кавалері. Соғыстан кейін балықшы кеменің капитаны. Айтып отырса нағыз тозақ ішінде болыпты.

 Жау шабуылын күтіп көрер танды көзбен атырдық. Біздің ауыр зеңбіректер екінші лекте тұрғанбыз. Таң алдына таман атыс басталды. Әуелі біз бастадық. Күні бұрын белгілеп қойған атыс секторларымыз бар. Әуелі соларды төмпештедік. Онымыз дөп соғыпты. Жау сол жерлерге күшін топтап, шабуылға дайындап жатырған болып шықты. Іле күткеніміз болды. Шабуылды бастап жіберді. Біздердікі өте ауыр зеңбіректер. Бір оғын қарулы бір жігіт әзер көтереді. Біз күн ілгері қапы соқтырдық дегенімізбен неміс итіңнің тегеуріні қатты екен. Түс қайта бұрынғы өзіміздің алдыңғы окоптарымызды көздеп атуға команда берілді. Түсінікті, оны жау басып алған болды. Бір жақсысы снаряд мол, атып жатырмыз. Ұшқыштарға рахмет. Төбемізден көп бомбалатпады. Дегенмен шығын бар. Үшінші күні барып ес жинағандай болдық. Жеңіс біздікі. Бірақ айта қалғандай әлсіреппіз. Іле қарсы шабуылға шығып, дұшпан шебін іреп ендей кетуге, не қоршап алып жойып жіберуге шамамыз келіңкіремеді. Оны білгенім, біздің зеңбіректер тягач, трактормен сүйретіледі. Ат жексең бірнешеуін парлауға тура келеді. Сол күшіміз аздық етті. Сосын бүкіл полкымыз ұрыста істен шыққан танктерді тылға жөнелтуге жұмылдырылды. Өзіміздікі, жаудікі деп жатқан жоқпыз. Бәрін жинадық. Әбден бүлінген кеп танкі тылдағы заводқа іштегі өліктерімен бірге жіберілді. Себебі, әбден қирап бүлінгені соншалық, өліктен арылтуға мүмкіндік болмады.

Мұқанның майдан естелігі осындай.

Елдің соғыстан есін жинағаны Жеңістің 20 жылдығы алдында дерлік. Сонда ғана Маңғыстаудан ұрысқан жерлеріне барып қайтқан, қарулас серігімен кездесіп оралғандар қадау-қадау шыға бастады. Бұрынғы долгийлік, ендігі құрықтық мұғалім Бекмұхан Былшықкөзов Семейге Висладан өткен атақты шабуыл үшін Кеңес Одағының Батыры атанған бұрынғы командирі Данил Синциннің тірі екенін біліп барып келді. Бекеңнің бір бітірген үлкен шаруасы майдан естеліктерін курортқа барып, бірнеше пластинка етіп жазғызыпты. Мұстахи Бимағанбетов бір сөзінде, соғыстағы көргендерін естелік кітап қылып, жазып жүргенін айтқан.

Ибаштың әртүрлі жазбаларды түртінектеп, майдангерлердің естелігіне құлақ түргіштеп жүргені тегіннен тегін емес. Ғабдол жөнінен бір дерек ұшқыны шығар ма екен дейді. Сол жылдары барып білді, жесірге, әкесін соғыс жалмаған перзентке күйеуімен, әкесімен бірге соғысқан кісінің естелігін тыңдау да бір ғанибет екен. Өкінішке қарай ондай адам табылмады. Ибаштың да, қызы Сараның да ғұмыр бойы іздеп өткен бір жоғы сол. Ғабдол туралы қолда бары аты өшкір «қара қағаз». Сосын КСРО Қорғаныс министрлігі Бас кадрлар басқармасының «60-атқыштар дивизиясы 128-атқыштар полкі, Рота командирінің саяси бөлім бойынша орынбасары, аға лейтенант Ғабдолла Жұмағалиевтің 1943 жылы 27 февральда қаза тауып, Курск облысы, Дмитриев ауданы, Калининск деревнясында жерленгені» туралы анықтама ғана. Бұдан белгілі болғаны, марқұм қызмет еткен әскери бөлім 1943 жыл басында-ақ майданның ең бір жауапты жерінде соғысқан. Курскінің ең бір ұрымтал тұс екенін соғысушы екі жақтың сол уақыттың өзінде біліп қойғаны анық. Екі жақ та ұрымтал шабуылды осы арадан бастау дайындығына кіріскендей. Ғабдол қайтыс болатын ұрыс, соның алдындағы қимыл болған да қойғандай.

Анықтама келген 1983 жылы іле-шала Ибаш Курск облысы Дмитриевск аудандық әскери комиссариатына хат жазды. Одан аудандық әскери комиссар подполковник В.Г. Недосеков қол қойған хат келді. Онда 1952 жылы ішінде Ғ.Жұмағалиев те бар марқұмдардың сүйектері Расстригино деревнясына қайтара жерленгені комиссариат тарапынан Снижанск селолық Кеңесіне мемориалдық тақта тізіміне аға лейтенант Ғ.Жұмағалиевтің де есімін жазу туралы нұсқау берілгені хабарланыпты.

Ұлы Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында аталған селолық Кеңес төрағасына хат жазылып, Ғ.Жұмағалиев жатқан жерге ескерткіш қоюға ұлықсат сұралды. Олар ұлықсат бере отырып, оны орнататын қаражаттары жоқтығын хабарлапты. Сең қозғалды. Қаражат деген сөз болып па? Ибаш жан жарының, бұл елдің сөйлеу тілінде айтылғандай «басын қарайтудан» не аяп қалсын! Жетібайдың ұлутасы мен цементке, оны апарып жеткізетін автокөлікті жалдау қаражатын төледі, оны алып жүру қағазын рәсімдеді. Соларды алып келгенінде қала басшылығындағы азамат інілерінің өкпе айтқаны ғой.

 Апа-ау, сонша әуреге түсіп неңіз бар еді?! Біз бұл мәселені былай да шешеміз ғой. Курскіге бір машина тас пен цемент апару деген сөз болып па?! Үкімет есебінен емес. Оған Сіздің келіспейтіндігіңізді білеміз ғой. Былай інілеріңіз, інілік парыз ретінде де шайдың батасындай қыла қоятын едік қой. Ибаш күліп алғысын айтып жатыр.

Солай, Ұлы Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында Ресейдің Курск облысына жол түсті. Курск аты баршаға тамылжыта сайраған бұлбұлының атымен мәлім еді. Артынан тарихи аты Курск шайқасы арқылы шықты ғой. Қазақ «елу жылда ел жаңа, қырық жылда қазан» дейді. Жеңістен бергі 40 жыл ішінде талай өзгерістер болды. Бірақ соғыс жарасының жазылып, жаңаруы қиын, тым ұзаққа созылады екен. Шөп басқанмен орман ішіндегі окоптар, қазынды орлар, жертөле орындары әлі білініп жатыр. Қарт тұрғындарды тыңдап көрсе, бұл өңірді жаудан азат ету соғысы тым сұрапыл болған. Бүтін бір елді мекендер жермен-жексен етіліпті. Көп өртенген деревня үйлерінің орнында сорайып күлді көмеш пеші ғана тұрды. Мұндағы бірінші бейбіт тірлік, сол пештер түбінен жертөле қазып баспана салу.

Орыстар да ырымшыл халық. - Сұлбасы қалған пешті отымыздың сөнбеу, сөндірмеу ишарасы, белгісі деп қабылдадық. Сосынғы тірлік - жер жырту. Өңшең әйел, соғыс мүгедегі. Соған қарамастан өнім мол алынды. Ол да болса Құдайдың қарасқаны ғой, - деп әңгімесін айтып жатыр қадау-қадау үлкендер. Елдің бұл легі ол жақта тым селдіреп қалған екен. Ғабдол марқұмның отын сөндірмей, ерлерше еңбек етіп, қызмет жолында біраз биліктерге жеткен адал жар Ибашқа, ғалым қыз Сараға, күйеу баласы Сейіт абызға таң қалып, риза болысты. Сол жердің көп жұрты қазақ халқын, бұл халықтың қыздарының қандай болатынын, сол жолы көзбен көріп білді. Жай білген жоқ, таң қалды.

Ғ.Жұмағалиев қатарында болған әскери бөлім аудандық әскери комиссариаттың анықтағанындай, 1943 жылдың февралінің аяғы мен марттың басында осы ауданның біраз жерін азат етіпті. Дивизия шабуылы тұтқиыл болғандықтан немістер тұтас шеп құрап ұрыса алмай әуелі шегінген. Артынша шабуылға шыққан. Кей жерде беті қайтса, кей тұста ілгерілеген. Аталған елді мекен тұсындағы, төңірегі батпақ шоқ тоғайға біздің бір топ бекініп алып, ұзақ ұрыс салған. Қоршауда қалып, көп шығынға ұшыраса да ұрысты жалғастыра берген. Көмек келіп жеткенде бөлімде адам өте аз қалған екен. Тірілері өлгендерді сол жерге жерлеген соң, шабуылшы топқа қосылып, ілгерілеп кете барған. Енді бір соғыстан соң дивизия екінші лекке шығарылып, қайта толықтырылып, жаңа шепке бекінген. Қысқасы, кәдімгі майдан даласында бола беретін кәдуілгі көп қарбалас, абыр-сабыр. Мұндай жағдайда қаза болған ротаның қатардағы саяси жетекшісінің артын құнттайтын мүмкіндік жоқ. Бар қолдан келері марқұмның туған-тумаластарына қаралы хабарды жеткізу. Соғыс кезінде тіпті оның да мүмкіндігі болмаған ғой. Тылда сан мыңдаған «хабарсыз кетті» хабарын алған, арыстарын жылдар бойы күткендер қаншама?!

К.Симоновтың «Өлілер мен тірілеріндегі» генерал Серпилин «мен өлімнен емес, хабарсыз кетуден қорқамын» дейтін еді ғой. Бұл ең жаман нәрсе. Ондайлардың отбасына жәрдем берілмейді. Сара әкесі хабарсыз кеткендер қатарында болса, пенсия алмас еді. Бәрінен қиыны ең болмаса шәйіт өлімнің, ақ өлімнің еш дерегі болмай белгісіз қалуы. Ғабдол марқұм, шүкір, одан аулақ. Қабірінің басына жары мен қызы келіп, белгі орнатып түнеген күні оның ана дүниеде бір аунап тұрғаны анық. Батырдың бақилық мекенінен ата күлдігіне жеткен тәбәрік - бір уыс топырақ. Ол кейіннен жарының қабіріне салынды.

Ең бастысы сол, Ибаш апа «қаралы қағаз» алған күннен бастап Ғабдолының рухын тәбәрік етіп өткен жан.

ТЕКТІДЕН ТУҒАН ДЕГДАР

Күйеуі майданға аттанғанда Ибаш аяғы ауыр қалған. Байырғы қазақ әйелі қашан толғағы келгенше күйбің шаруасынан қалмай жүре береді емес пе. Ибаш та солай жұмысынан қалмаған. Ай-күні жақындағанда барып қол үзді. Онда да қызметтегі орыс келіншектерінің босанар алдында, босанған соң да екі айдан төрт ай демалыста болу қажет екендігін естіген соң барып. Тұмса ана ғой, ауыр, жеңіл босанды ма, ол жағын пәлендей бағамдай да алмағандай. Өмірге өзінен аумайтын қыз келді. Қуанышында шек жоқ. Әкесінің қыз бала болса, атын Сара қоярсың дегеніне байланысты, перзент есімі Сара болды. Жайдан жай емес, алдында Мұқан Төлебаевтың «Біржан - Сара» операсы Алматы театрында үздіксіз қойылып, баспасөздер жабыла жазып, Сара атының аспандап тұрған кезі. От ауызды ақын Сара Тастанбекқызы туралы бүкіл қазақ халқының тұңғыш операсы арқылы білді. Біздің елдің де бір тамаша дәстүрі жақсының атын перзентіне қою арқылы өміршең етіп жібереді. Сараның Сара болуы солай.

Туған әкесін көрмей қалған Сара әрі әке, әрі шешенің тәрбиесінде ес білді. Шүкір, Ибаш жалқы емес. Ағайын-тума бауырлары баршылық. Ең бастысы алтын бесік елінің ішінде. Өзі қанша жұмыс басты болып жүрсе де, қызының тәрбиесіне уақыт тапты. Қанша жақсы көрсе де еркелеткен жоқ. Форттағы төңкерістен бұрынғы «көк школ» атын соңынан С.М.Киров атына берген орта мектептің табалдырығынан аттады. Мамасы қолынан жетелеп апарған. Артынан ата-аналар жиналысына аудан басшыларының бірі болып емес, қатардағы көп ата-аналар санатында қатысумен болды. Күнделігін қарау, сабақтарын пысықтау өз алдына, төртінші сыныптан соң өз бетімен білімін шындауға баулыды. Кітапханаға үйір етті. Облыс орталығына, Алматыға барған сапарынан қызына негізгі базарлығы кітап болатын. Қаланың сол уақыттағы біраз тұрғындары орыстар. Орыс қыздарымен достасып, бірге жүрген соң Сара орысша тез үйренді. Жастайынан екі тілді болып қалыптасты. Мұндай балалардың екі тілді араластырып «текіректетіп, шоқырақтатып» әкететін әдеті болады ғой. Жоқ, Сара одан аман. «Сөз арасын бөтен сөзбен былғамайды». Бұған қалыптастырған мамасы. Баланың ана тілін қалыптастыруда әже орны ерекше. Мысалға Абайды алыңыз. Оның ес білетін балалық шағы өз шешесі Ұлжаннан гөрі әжесі Зеренің бауырында көбірек өткен емес пе?! Сараның сондай әжесі Шуақ еді. Ол Жанболаттың шешесі. Түрікмен адай руының қызы. Осы түбекте туып, басқа жаққа аттап аяқ баспаған. Балықшының қызы. Оның да берген тәлім-тәрбиесі көп болды.

Ибаш Алматыдағы жоғары партия тыңдаушысы. Қатарынан, тұстастарынан кешігіп келген «егде» тыңдаушы. Мектеп ол уақытта Абай мен Ленин даңғылының қиылысқан жеріндегі шағын екі ғимарат. Бірі оқу корпусы, бірі жатақхана. Ибаш жағдайына түсіністікпен қараған мектеп басшылары оған дербес бір бөлме беріп, қызын қасына алып тұруына рұқсат етті. Осылай Сараға астанада тұрып оқып, үлкен қала тәрбиесін алудың сәті түсті. Алматыдағы № 12 орта мектепте сазгер Әсет Бейсеуовпен, белгілі мемлекет қайраткері Асқар Құлыбаевпен қатар оқыды. Сол мектепті жақсы бітіріп, кәмелеттік аттестат алды. Алда өмірдің сан тарау жолдары жатты. Арманы жетелеген, тілегі алдындағы жасқа қай-қайсысы да жылы ұшырайды. Сара көңілі дәрігер болуды қалайтын. Ол ойын мамасы да құп ала кетті. Өйтпегенде ше, Қазақстанның барлық жерінде, оның ішінде қиян түкпір Маңғыстауда дәрігер қат. Жолдамамен келгендер тұрақтамайды. Елдің өзінен оқып жатқандар сирек. Обалы не керек, орталық бұл жайды білмейді емес. Жіберуін жіберіп жатыр. Бірақ бәрі дерлік орыс тілді болған соң, ауылда жұмыс жасауы қиын. Қаладан ұзай алмайды. Содан учаскелік аурухана, емхана болуы тиіс іргелі елді мекендер қаңырап бос тұр. Біразына арнаулы орта білімді фельдшердің өзін зорға тауып жіберіп жатқан жай. Сондай кезде туған қызы медицина қызметкері болам деп отырса, елінің осы жайы батып жүрген «көзін дәрігер тескен» ана шіркін қуанбағанда қайтеді. Бірден қолдап, Ақтөбенің медицина институтына түсуге кеңес берді. Ондағысы жалғыз қызым жақында болсын дегендік. Ол уақытта облыс орталығынан Ақтөбе арқылы Орынборға поезд жүреді. Гурьевке әуе жолы бар. Қатынасқа жақын. Оның үстіне жаңадан ашылған бұл жоғары оқу орнының беделі де жақсы еді ел арасында. (Айта кету керек, ол кездегі оқу орындарының бәрі солай болатын. Білім сапасының артып тұрған шағы еді ғой ол жылдар). Содан Сара аталған институттың студенті. Өте бір сәтімен болған іс Сарамен бірге осы институтқа бауырлары Сисенбай, Ұлаш және Айсұлу түсті. Сондағы мамасының қуанғаны-ай! Өйтпегенде ше, бір Сараның түсуі күмән болып басында жүрегін кілкіткенде, онымен қоса үш бірдей үкілі үміткер жақыны түсті емес пе? Аманшылық болса бұлар күні ертең бір ауылдан төрт дәрігер болып шыға келеді. Тек Құдай тіл-көзден сақтасын дағы. Жасынан жесірлік тақсіретін тартқан Ибаш іштей тәубешіл. Жатса, тұрса тілейтіні - Жаратқан иенің атар таңды тыныш атырып, батар күнді бейбіт батыруы. Мына жаһанда елеңдетіп отырған «қырғиқабақ» соғыс деген пәленің бетінің аулақ болуы. Тілегі, алдындағы жастар дипломдарын алып, соғыс салған жарақатты таңбай, бейбіт адамдарды емдесе, ананы қиналтпай босандырса деп тілейді. Маңғыстаулық топқа Ақтөбеде тағы бір қыз қосылды.

Мұнда олар бүгінде заманымыздың заңғар жазушысы, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері Әбіш ағамыздың үйіндегі жеңгеміз Кларамен бірге оқыды. Ол Сарамен етенелеу болды. Клара Маңғыстаудағы Үштаған мектебінен барды. Жерлес. Әрі оның ата-мекені Гурьев облысының Теңіз ауданы. Папасының туған жері ол. Екінші жағынан мінез-құлықтары да жараса кетті. Екеуі жұбы жазылмаған дос болды. 1964 жылы институтты үздік бітірді. Клара бітірген бойда Әбішке еріп Алматыға тартты. Сараны жолдамамен Мәскеуге аспирантураға жіберді. Әне-міне дегенше аспирантураның екі жылы да өте шықты. Кандидаттық диссертациясын өте жақсы қорғаған соң, жолдама республиканың таңдаулы емдеу орнына берілді. Сөйтіп, Сарамыз астана тұрғыны болып осында еңбек жолын бастап кетті. Тұрмысқа шықты. Өмірлік жолдасы Сейітабыз Нұрымов жасынан алғыр, ортасынан орынын ойып алған азамат еді. Қазақстанда ғылым және техника саласының - алғашқы комсомол сыйлығының лауреаты болған. Амал не, арамыздан ерте кетті. Өмірге сәби келді. Отау іші нұрланды. Бекет туғанда Ибаш әженің қуанышын айтып жеткізу тіпті қиын. Атын ырым қылып қойған еді. Ол өмірге келер алдында арнап Оғыландыға - әруақты ата басына барып, нияз байлап, дұға бағыштап келгені де бар.

Кішкентай Бекет тым жақсы таралып өсіп келеді. Бірақ сырқат. Әжені де, ата-анасын да қатты абыржытқан сол. Алматының дәрігерлері ештеңе айта алмады. Бірақ медицинаның ғалымы ғой, Сара сезеді. Бұл емханада рентген аппаратымен көп жұмыс жасаған. Ал ол дегенің радиациялық сәуле. Солай жұмысы түскір аяғы ауыр кезінде тіпті көбейіп кетіп, аппарат алдында сағаттап отырған. Өзінің қанша зардап жапсырғаны белгісіз. Ал құрсақтағы шаранаға мықтап салқынын салған сол пәле. Жаны дызғыған ана баласын апармаған жері жоқ. Мәскеу, Ленинград, Киев, Новосибирск – бәрін адақтады. Ешбір шипа болмады. Енді әртүрлі елдердің медициналық басылымдарын сүзгіден өткізді. Бір жақсысы ағылшын тілін біледі. Ерте заманда латын тілі - Халықаралық ғылым тілі болып саналған ғой. Былайынша өлі тіл саналғанмен ол медицинада қолданылды. Институтта, аспирантурада соны қызығып оқығанның пайдасы тиді. Латын тілінің және ағылшын тіліне ұқсастығы да бар. Бір басылымнан оқыды, мұндай сырқатты Германияда, Швецияда, Норвегияда емдей бастапты. Сара бұл кезде Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне қарайтын төртінші басқармада бас онколог. Мансабы сондай ірі болғанмен министр ағалармен пәлендей таныстығы жоқ. Тек Сыртқы істер министрі Михаил Есеналиевті іш тартатын. Мәкеңнің өзі де кісіге үйірсек, оралымды жан еді ғой. Соған жағдайын айтып еді, ықылас білдіре кетті. КСРО Сыртқы істер министрлігі арқылы шетелдермен байланысты. Олар емдейді. Бірақ ақысы ұшып тұр. Пәлен мың доллар. Мемлекет ондай қаржы шығарып сірә емдетпейді. Ата-ананың қаражаты сірә жоқ. Кеңестің кәдімгі кедей интеллигенті ғой бұл жазғандар. Дегенмен сұрай-сұрай Меккеге де барған жанкешті аталардың қызы емес пе, ақыры жолын тапты. Атақты көз дәрігері академик Федоровтың аты аспандап тұрған уағы. Сол Лившиц деген еврейді тегін емдейтін, ол еруліге қарулы деп, Бекетті тегін емдететін болып келісті. Емдеу орны Англияда екен. М.Есеналиев арқылы соған шықты. Англияға барып бір ай ем-дом алуға виза берілген. Бірақ қырсыққанда елшілікте паспорт жоғалды. (Әрине кездейсоқтан емес болуы керек). Шешінген судан тайынбас деп, тәуекелге мінген Сара Германияда тұратын дос қызымен хабарласып шақырту алдырды. Сол арқылы, Бекетін алып Майндағы Франкфуртқа ұшсын. Онда әуежайда Ганноверден келіп, Лившицтің адамы күтіп тұр екен. Ол Маргеску деген, ұлты румын, емдеуші дәрігерге апарды. Мың болғыр Маргеску он бес мың марканы өзі төлеп, емдеуге кірісті. Айтып қояды, бізге Қазақстаннан келіп, менімен кездесіп тұрған бірінші дәрігер Сіз болдыңыз деп. Оның емі қонды. Бұрын орнынан тұрудың өзі күш Бекет, енді жүруге жетісті. Маргеску өзі мюнхендік профессор, бірнеше ғылымның докторы Браун Фалько деген ғұламаның шәкірті екен. Бар білетін емін жасап болған соң, енді соған баруға кеңес берді. Браун бір ай емдеді. Баланың жағдайы едәуір жақсарды. Бірақ мүлдем айығып кету үшін, ұзақ емделу және үнемі бақылауда болып, қаралып тұру керек дегенді айтты. Ол үшін Мюнхенде тұру керек болды. Баласы үшін отқа түсуге әзір ғазиз ана, оған да көнді.

Мюнхенде де қазақтар тұрады екен. Кешегі балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен кер заманда заман талқысымен шартарапқа шашырап кеткен қайран қара көздер, бір жағы.

Қытай, бір тобы Ауғанстан, Иран, Түркия айналып, екінші біреулер соғыстан соң, осы жақтан дәм бұйырып қалып қойып, бастары осында тоқайласыпты. Ел құлағы елу деген ол жақта да бар екен. Германиядағы қазақтардың ақсақалы Хасен Оралтай. Әлдекімнен Сараның хабарын естіп тауып алды. Өзі баяғы Қытайдағы қызыл нәубеттен бас сауғалап, Тибет асып, Индияға өтіп, одан Түркияға келіп, біржола тұрақтапты. Әйелі түрік. Мюнхендегі «Азаттық» радиосының қазақ редакциясында жұмыс жасайтын болып шықты. Яғни, Кеңес Одағының - коммунистердің басты идеологиялық қарсыласы. Жау лагерьдің белсенді адамы. «Қанына тартпағанның қары сынсын» дейтін қазекең жат жерде кездескенде, саясат-паясатыңды ұрсын ба? Оның үстіне Сара партия, кеңес қызметкерінің қызы болғанмен, саясаттан өзін аулақ ұстаған жан. Мамандығын, ғылымын ғана біледі. Сондықтан Хасен ағасының үйіне шақыруын ықыласпен қабыл алды.

Осы жерде Хасекең аға Оралтай туралы аз сөз. Оның руы Абақ Керей. Баяғыда Қытай мен Ресей шекарасын межелегенде, арғы бетте қалып қойған керейлердің ұрпағы. Коммунизм идеясымен уланған Қытайда да қалыпты тұрмыс бұзылып, ел іші бейберекет болды да кетті ғой. Содан көп зардап шеккен аз ғана қазақ болды. Зорлыққа көнбе деген бір тобы боса қашты. Солай атажұрттан қол көтерген мұңлықтар Түркияға келіп ес жинайды. Шынжырлы тұқымның еті тірі ұрпағы Хасекең көптің бірі болып қала бермей, ілгері ұмтылып білім алады. Алман жеріне келіп, «Азаттық» радиосына келіп орналасады. Ұлтжанды ер, онда тек қызмет аясымен шектеліп қалмай, қазағының еркіндік алуы үшін күреседі. 1989 жылы Жаңаөзен оқиғасын АҚШ-тың орталық барлау басқармасының ақпараты арқылы алдымен біліп, әлемге «Қазақтың елінде, Жаңаөзен деген жерінде, жергілікті халық отаршылдық езгіге жаппай қарсы шықты» деп қазақ тілінде алғаш хабарлаған осы ағамыз. Қазақстан егемендік алды дегенде, Мюнхенде ақсарбас шалып, қуанғаннан көзіне жас алған бұл Хасекең! «Азаттық» радиосы қазақ редакциясының көл-көсір архивін, Мұстафа Шоқайдың көзі «Миллет Түркістан» журналының барлық санын жинап, шашау шығармай кейінге жеткізген азаматымыз да осы.

Егемендік алған соң Қазақстанға бірнеше рет келіп қайтты. Бір келісінде Мұстафа Шоқайға арналған Халықаралық конференцияға қатысты. Осы жолдар авторы сол конференцияда қосымша баяндама жасап, Хасекеңмен жақсы танысып, кең отырып әңгімелескен еді.

Хасен ағасы Сара қарындасының келу құрметіне Мюнхенде тұратын біраз қазақтарды шақырған екен. Дастархан үстінде танысқанда Сараның «Адай қызымын» дегенін естіп, бір ашаң келген биязы жігіт «Мен де Адай едім» деп, орнынан тұрып келіп, қайта қол беріп амандасты. Бұл Ираннан сонда өтіп тұрақтап қалған Сүлеймен Шадхам екен. Ондағы қызметі банкідегі күзет бастығы. Аталары баяғы 1931 жылғы тарихта Адай көтерілісі деген атпен қалған зобалаңда Иранға өтіп кеткен. Ел егемендік алғаннан кейін Сүлейменнің анасы - белгілі Тіней Жұбан байдың шөбересі бастап туғандары атамекеніне оралды. Сүлеймен өзі де бірнеше рет келіп қайтты. Соңғы рет 2009 жылы Германияның ірі бір кәсіпкерінің аудармашысы болып келді.

Хасен ағадан соң Сара апасын енді Сүлеймен інісі шақырды үйіне. Сара баласының жағдайымен Мюнхенде тұрып қалып, «Азаттық» радиосына қызметке орналасады. Қаперге бере кетеміз - бұл Кеңес Одағының кезі. Шетелдермен, әсіресе капиталистік елдермен арақатынастың ширығып тұрған шағы. Сондай уақытта Кеңес мектебінде, жоғары оқу орындарында, аспирантурада оқыған ғалым жау жақтың рупорында. Бұрын шетелдерде өсіп тәрбиеленіп, оқып, ана тілінен қол үзе жаздап қалған қазақтармен қиналып жұмыс жасап жатқан редакцияға қазақша әдеби тілді таза білетін, даусы да сыңғырлаған әсем Сара нағыз дұрыс келген ырыс болды да қойды. Оған қосымша ол орыс тілінде де еркін сөйлеп, жаза алады. Әрі диктор, әрі редактор. Басында мұны редакция КГБ ішімізге арнайы жіберген жансыз емес пе деп күдіктенген болды. Біраз уақыт тексеріп жүрді. Олар мұнысын қанша білдірмедік дегенмен, сұңғыла Сара сезеді. Жұмыстағы қалыпты тәртіп, ереже бойынша күнде бұл жұмысқа келгенде, алдында стол үстінде сол күні қорытылып, аударылып, эфирге кетуге тиісті хабарлар күтіп жатады. Оны дайындау Сара үшін шайдың батасындай. Бірнеше рет солардың ішінен дәйегі жоқ, тыңдаған жұрт нанғысыз, не көке жасық, сапасыздары да ұшырасты. Сара оларды сол бойда редакция басшыларына апарып, жарамайды деген қорытындысын айтты. Олар келіскенін үндемей білдіріп алып қалады. Бұл іштей сезеді - тексергендері. Артынан оны доғарады. Сараға сеніммен, тіпті құрметпен қарайтынды шығарды. Бірде Семей полигоны туралы үлкен хабар болды. Радиация десе аза бойы қаза болатын, соның салдарынан баласы ауру болған ана аянып қалған жоқ. Интервью беріп, кеңестік басшылықты тұрғын халық тағдырына немқұрайды қараған, бұларды зертханадағы тышқан сияқты тәжірибе субъектісіне айналдырған саясаты үшін іремей сойып салды. КСРО-да орыстан басқа халық құнсыз, әсіресе Орта Азия халықтары, соның ішінде қазақ геноцидтің екінші кезеңін бастап кешіріп отыр деп те ашына айтты.

Ол уақытта Өзбекәлі Жәнібеков аға Қазақстан ОК-нің екінші хатшысы, көмекшісі Сансызбай Сейітабыздың досы, Закаш Камалиденов аға Республика КГБ-сінің бастығы. Сол Сансызбай Сейітабызға оңаша құпиялап: - Ойбай, Сара не бүлдіріп жүр. Біздің елдің, партияның ит терісін басына қаптап, әлемді шулатып жатыр ғой. Сақ бола көрсін,- депті. Оны естіген Сара тіксініп қалды. Бұл жақ қарап қалған жоқ әрине. Сараның артынан тыңшы қойылды. Оны бұл үшінші күні-ақ білді. Белгісіз біреу метроға бірге мінді. Жұмысқа барғанша, үйге келгенше арттан қара беріп ереді де отырады. Көзі қарақты, көп оқыған бұл олардың қандай нәрсеге де баратынын бек біледі. Соның алдында КГБ жансызының құрбандығының денесіне ұшында улы ампула бар жіңішке инені сұғып алып, жаһаннамға жібере қойғанын газеттен оқыған. Өзге амалдардың да жетіп артылатыны сөзсіз. Жат жерде, елде баласы үшін шырылдап отқа түскен көбелектей болып жүрген, қарғадай қорғансыз әйелдің көзін құрта салу «үш әріптің» әккі қанды балақтарына бұйым болып па? Көңілге солай алаң кірген соң таксиге отыратын болды. Бір тәуірі қаржыдан тарығып жүрген жоқ. Жалақысы жақсы. Оған қосымша эфирге шыққан әр минуты үшін он неміс маркасы төленеді. Батыс Германияда тұрмыс деңгейі көтеріңкі. Дүкендерде ең азы шұжықтың оннан астам түрі тұрады. Кешегі соғыста күйреп жеңілген ел дейтіндей емес. Капиталистік қоғамның артықшылығына Сараның көзі солай неміс елінде жетіп еді.

Өмір өз ырғағымен өтіп жатты. Бекет неміс мектебіне барып жүр. Сырқатынан біртіндеп айығып келеді. Емдеуші дәрігерлер жазылады деп сендіреді. Соны естіген сайын ана көңілі бірленіп қалады. Ол жақтағы қазақтармен туған-туыстай араласып кеткен. Шіркін, ауылда алты бақан алауыз болып жүретін қазақтың бауырмалдығы шетте білінеді екен ғой. Қазақты бейберекет деп жүрсек, онысы туған жеріндегі еркелігі болып шықты. Мұндағылар бәрі ізетті, сызылып тұрады. Және шеттерінен діндар, пірәдар. Үлкендер жағы намаздарын қалт жібермейді. Жұма сайын мешітке барады. Неміс халқының ғұрпын қатты құрметтейді. Заңын сыйлайды. Немістің сөздік қорында балағат, бейпіл сөз атымен жоқ. Шамырқандағы айтары тек «Доннер ваттер» — «Құдай атқыр» деген бір ғана соз. Халқы мәдениетті, кішіпейіл. Өзге ұлтқа бөтен көзқараспен қарау дегенді білмейді. «Базарная бабалар» Еуропа халықтары ішінде орыста екен. Ащы суға тақ тойып алып ләйлу, көшеде тырайып жату Кеңес Одағындағы орыстарға, олардан жұққан кейбір халықтарға ғана тән болып шықты. Батыс Германияда түріктер көп. Сол уақыттың өзінде екі миллионнан асады екен. Соғыстан соң мұнда жұмысшы қолы жетіспегенде кәсіп іздеген түріктер ағылып келіп, көбі біржола тұрақтап қалған. Тіпті жастар жағы неміс қызына үйленіп, осы елдің азаматтығын алыпты. Ұлы халық немістің осы кеңқолтықтығы ғой, заманында бүкіл Еуропаның еврейлері осында ағылып, байып, елдің саясатына, экономикасына ықпал жасай бастағаны. Еврей Маркстің алаңсыз жоғары білім алып, өзінің қиямпұрыс коммунизм идеясын негіздегені. Бұрау басын сындырмай, күнкөріс қамын біреудің (Энгельстің) мойнына артып қойып, алаңсыз жүрген кісінің басына сандырақ ойлар мен идея келмегенде, не келуші еді. Коммунизм идеясы өмірге қажетті, пайдалы нәрсе болса, алдымен сол ақылды, еңбекқор, ұлы неміс халқының өзі қағып алып, жүзеге асырмас па еді. Жоқ, өйтпеді. Қайта шырық бұзар Маркстің өзін артынан бір теуіп қуып жіберді. Ол Англияда қайыршы күйде өлді. Ресейдің әуелі тентіреп жүрген сойталдай шырық бұзарлары, артынан елдегі үкімет билігін қорқаулықпен басып алған коммунистер ғана моласының басына зиярат еткені болмаса, өзге көзі қарақты, көкірегі ояу жұрт ат ізін салған жоқ.

Сара Мюнхенде тұрған екі жылы ішінде, КСРО деп аталатын үлкен елдің, сол елдің ішінде өзі де бар миллиондаған азаматтарының құр елестің артында екі өкпесін қолына алып, арам тер болып жүргендер екенін анық біліп, жаны жабырқады. Бір сәт осы идеяның аудандық, қалалық ауқымдағы ту көтерушісі болып жүрген анасын да іштей аяп кетті. «Социализм жеңісін баянды ету жолындағы» соғысқа килігіп, шәйіт болып кеткен әкесін ойлап көзіне жас алды.

Германиядағы қазақ қауымдастығы жиі-жиі бастары қосылып, сонда бәрі бірге «Елім-айды» айтып, егіліп отырғанда Сара да жылайтын. Сондай отырыстарда халық әндерімен қатар Шәмші әндері де көп шырқалатын. Германиялық қазақтар сазгердің «Менің Қазақстаным» әнін әлдеқашан гимні қылып қабылдап қойған!

Бекеттің Германиядағы емі бітті. Дәрігерлер енді оны Түркияда жалғастыруға кеңес берді. Сонда Измир қаласына жақын жерде ыстық сулы шипалы бұлақ бар екен. Соған түсу керек.

Алдымен Алматыға соғып, Түркия жайын сосын қамдауды ұйғарған Сара жолға жиналды. Сол жерде мықтап ойлануға, тіпті қиналуға тура келді. Сара ресми түрде «Азаттық» радиосының қызметкері болып саналады. Оны КСРО-ның «үш әрпі» бек біліп отыр. Олардың көзқарас өлшемінде бұл перзенті үшін өбектеп басын тауға, тасқа ұрып жүрген ана емес елін сатқандар санатында. Мәскеуге түскен жерде әуежайда тұтқындап, соттап, он жыл арқалатып, келместің кемесіне мінгізіп жіберуге жүздері жанбайды. Хасен аға көпті керген, талай өткелектен өткен жырынды, сұңғыла кісі ғой. Жолды сол тапты. Билетті көп дабырасыз құпиялап Түркияға алғызды. Алматыға жетіп үн-түнсіз, елеусіз қала қою керек. Әскери теңізшілер тілінде «перископтық тереңдік» деген бар. Мәнісі сүңгуір қайығы шамалы тереңдікке түсіп, перископын шығарып, маңайды барлап, аңыс аңдап қана жатады. Сара да сөйтуі керек. Солай істеді. 1991 жылы Бекетін алып Түркияға, Стамбулға тартты. Барысымен, Стамбұлдың Ақ сарайында «Түркия» газетасының «Ихлас» поликлиникасында дәрігер болып орналасты. Кейіннен, яғни екі жылдан кейін Измир университетінің онкология кафедрасына өз мамандығы - онколог-радиолог болып жұмыс істеді. Бұл елде медицина өте жақсы дамыған. Дәрігер мамандығы бойынша он екі жыл оқиды. Көптеген шетелдерде болып, тәжірибеден өтеді. Бірнеше тілді біледі. Өз мамандығын үнемі жетілдірумен болады. Түркияда, Москвада оқыған дәрігер мамандар мәртебесі жоғары екен. Сараны жақсы қабылдады. Әріптестерімен түсінісіп, тіл табысу қиын болған жоқ. Бәрі немісше, ағылшынша сөйлейді. Түбі бір тіл ғой, бірер айдан соң Сара түрікшені де көп қиналмай жақсы меңгеріп алды.

Бекет сондағы немісше мектепте оқуын жалғастырды. Бір жағынан емделіп жүр. Мұндағы шипалы су жақты. Солай меймандос түрік елі бұларға өріс болды.

Түркияда алты жыл тұрған аналы-балалы екеу елге 1995 жылы оралған. Алматыны танымай қалды деуге де болады. Бәрі өзгерген. Ең азы көшелер аты да басқа. Адамдардың қарым-қатынасында жаңалық бар. Егемендік деген шіркін құлаққа жағымды естіледі екен. Тынысың кең. Өзіңді бостан сезінесің. Бірақ тосын үрдіске бірден үйренісе кету оңайлыққа түспейтіндей ме қалай? Германия, Түркия сияқты демократиялық құндылықты білетін, бағалайтын өркениетті елдерде біраз жыл тұрып, қалып алып қалған Сара мен Бекетке әуелгі әзірде мына қазақы алматылық демократия мүлдем тосын көрінгені де рас.

Бекет келген бойда Алматының мединститутына түсті. Серуен де сергелдең демекші сырқатына байланысты талай жерде болып, дәмін татқан Бекет қазақ, орыс, түрік, ағылшын, неміс тілдерін өте жетік біледі. Өркени үрдіс компьютер тілін де мықты меңгерген. Оқу қиынға түскен жоқ. Бірақ үшінші курста қайта ауырды. Амалсыздан оқуын Австрияның Вена университетінде жалғастыруына тура келді. Соқталдай жігіт қой, бұл жолы жалғыз өзі кеткен. Ата-ана жазғандар мұнда май ішкендей болып отыр. Бірде Венадан телефон соғады. Сырқаты меңдеп көшеде жүре алмай отыр. Жатақхана жабық. Әкесі жалма-жан сондағы Қазақстан елшілігіне телефонмен хабарлады. Ондағылар тез барып алып кетіпті мың болғырлар. Вена университетінің тері аурулары кафедрасының меңгерушісі профессор Стингльез қамқорлығына алып, он күн емдеді. Әр күннің емдеу ақысы бір мың еуро, ал бір айлық студенттік сақтандыру полисі - 40 еуро. Осылайша, студенттік сақтандыру полисі 40 Еуроға, Бекет ауруханада емделіп, денсаулығын біраз түзеп алды. Бұлар мұнда неге олай арзан деп жүрсе, мәнісі былай екен. Австрияда әр еңбеккер айлығынан медициналық сақтандыру қорына өте аз, біздегіше айтқанда тиын-тебен дерлік қаржы аударады. Солай жиналған қор есебінен әрбір сырқат адам тегін емделеді. Қазақстандағыдай бастығының ол қор ақшасын алып, қашып кетіп, таптырмай қоюы ол елде ақылға сыймайтын жағдай. Фантастикалық шығарманың шытырман оқиғасы.

Бекет осыдан соң жазылғандай болды. Вена университетінде үш жыл оқып, оқуын жалғастырды. Осы жерде тағы бір тығырық: «Болашақ» программасы бойынша шетелдерде жастарымыздың оқитынын білеміз. Оқу ақысы тегін, мемлекет есебінен. Соған Бекет те тіркелген. Бірақ оған қабылданбады. Себебі түсініксіз, дұрысы оның кілтін ұстап отырғандар түсіндіруді қажет деп таппады. Әке жазған шырылдап анда-мында жазып байқаған. Нәтиже жоқ.

«Көрмейін десем көзім бар» деген екен шерменде бір атамыз. Сол айтқандай сол «Болашақ» программасы дегеннің өзі Қазақстанда бай манаптардың, тарих тілімен айтқанда ел байлығын барымталап, ұрты майланып ұрын келген ұлттың, буржуазияның еркетотайлары үшін жасалған артықшылық болып қалып отыр. Қатардағы қойшы, қоймашы баласының қолы жетпес биік. Тәйірі шөлдемеген су қадірін, тастақ тақырда өскен ну қадірін білуші ме еді. Елінің жай-күйін түсінуден жырақ өскен сол еркетотайлар оқып алған соң енді елге оралғысы келмейтіндігінен да хабардармыз.

Ал бір аяғы көрде, бір аяғы жерде жүрсе де білім жолынан қалмаған Бекет сынды талапты жастар өз елінің өгейі болып танылды.

Бірақ құдайы ақыл-ойдан, қайрат жігерден кенде қылмаған жігітіміз көштен қалған жоқ. Алматының шет тілдер институтын бас-аяғы екі жылда үздік бітіріп шықты. Оған қоса Бельгиядан компьютер бойынша тағы бір мамандық алды. Қазір Бекет азаматымыз Алматыдағы бұл сала бойынша жұлдызы аспандап тұрған маман. Сұраныс иелері босағасын құрғатпайды. Қасқа айғырдан төбел туады деген осы. Қазақ атаң «Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» деп те қойған ғой. Туысынан генетик қазекеңнің сол айтқанының дұрыстығын қазіргі дамыған ғылым да дәлелдеп отыр. Адам бойындағы қасиеттің басым көпшілігі ана ағзасы арқылы даритын болып шықты. Демек Ибаш сынды асыл әженің, Сара сынды дегдардың бойларындағы бекзаттық тектілік, кеңдік, кемелдік енді кезегінде Бекет бойында тұнған.

Сараның қызы Дина. Ақтау қаласында туған. Балажан Ибаш әже ол туғанда қалай қуанды десеңізші?! Әуелі перзентханадан кезекші дәрігер телефон соғып сүйінші сұрады. Қалай құлақтанып үлгіргені белгісіз, іле телефонға тыным жоқ. Көбі орыстар, орыс тілділер. Ибекеңнің оларға рахметтен соңғы сөзінің ләмі - «теперь я бабушка, әже!» Қазақ әйелі үшін ана болу бақыт, ал әже болу мәртебе биігі, статус. Жан дегенде жалғызынан, көзінің ағы мен қарасынан, Қабдолынан қалған көзден перзент сүйіп ерні жібіп әже болып отырғаны өшкеннің жанғаны, өлгеннің тірілгені емей немене?! «Иә, Құдай, бергеніңе шүкір, Бекет атам, жар бол» - деді іштей.

Сәбидің аты Дина деп қойылды. Жайдан жай емес, күйші, сазгер әженің есімі берілді.

Өткен күнде белгі жоқ. Дина қыз да сырықтай бойжеткен болды. Архитектура, құрылыс институтын бітіріп инженер болды. Өзімен бірге оқыған Марат есімді инженер жігітпен тұрмыс құрды. Артынша Ибаш aғa қызы Сараға жетті әже болу кезегі. Дүниеге Ажар Маратқызы келді. Оның артынан Айсұлу атты сіңлісі ерді. Ажар қазір Каспий университетінің үшінші курсында, Айсұлу он бірінші сыныпта оқиды. Екеуі де оқу озаты.

Биылғы 2010 жылдың басы. Алматы. Сейітабыз Нұрымов марқұмның шаңырағы астында отырмыз. Сара апайымыз Ибаш апаның көшірмесі дерлік ешкінің асығындай шымыр, ширақ кісі екен. Әңгімеге де көшелі. Шебер, майын тамызып айтады. Таңқаларлығы елден бүлдіршін бойжеткен кезінде кетсе де, көп жыл жырақта жүріп, басқа тілдік ортада болса да маңғыстаулық, адайлық сөйлеу мәнерін, нақышын жоғалтпапты. Онысы Бекетке де жұғысты болыпты. Бұл да еркін, мәнерлі сөйлейді. Соған қарап мен ойлап қалдым, көп тіл меңгерген адам өзінің ана тілінің қадір-қасиетін, құдіретін осы тілдің кәсіби маманынан да артық біледі-ау деп.

Әңгімеміздің біраз орайы Бекет көбірек бауыр басқан, оқып білім алған, мәдениетін бойына сіңірген неміс жеріне Германияға ойысыңқырап кеткені өзінен өзі түсінікті. Мен соның алдында ғана бір неміспен «істес» бола кеткенім. Ол немісім 1873 жылдың көктемінде Хиуаға жорық жасаған орыс әскерімен бірге Кендірліден бастап Сенек, Қарашық, Қараған, Босаға, Үстірт үстімен өтіп, осы сапарынан жолжазба қалдырыпты. Оны бірнеше фотосуреттерімен қосып, Берлиннен кітап етігі бастырып шығарыпты. Артынан бүкіл Орта Азия, Түркістан туралы жазған көлемді еңбегін де кітап етіп бастырыпты. Есімі Гуго Штумм. Неміс армиясының лейтенанты. Герман патшасының нөкерінде тұрған ақсүйек. Мен оның сол екі кітабын Германиядан елшілік арқылы мың болғыр облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың көмегімен алдыртып, біріншісін қазақшаға аударып бастыру қамында жүргенмін. Гуго Штумм кім болды екен деген сауалға қанша талпынсам да , жауап ала алмағанмын. Интернет арқылы білгенім, немісте Штуммдар атақты әулет. Олар тіпті өте көп болып шықты. Бірақ бірде бірі менің Штуммыма соқпайды. Бір білсе осы білер деп Герағам - Герольд Бельгерге хабарласып едім, ол сенің лейтенантыңның ата жолын қуған ұрпағы болуы мүмкін деп, екі генерал Штуммды атады. Олардың екеуі де бірі Мәскеу түбінде, екіншісі Сталинград түбінде әскери құрамаларды басқарып, соғысып тұтқынға түсіпті. Одан арғы тағдырлары белгісіз.

Менен бұл жайларды естіген Бекет «Қазір, аға, қарап көрейін» деп компьютеріне кеткен. Көп кідірген жоқ. Менің іздегеніме қатысты бағалы ақпаратты алып келді. Гуго Штумм тек қызыққұмар саяхатшы, әскери барлаушы емес, өз кезеңінің белгілі шығыстанушысы да екен. Екі емес бірнеше кітап жазып бастырып шығарыпты. Олары осы уақытқа дейін біздің тарихшыларымыз үшін белгісіз болып келіп, ғылыми айналымға қосылмаған. Бекет бұл тақырыпты онан әрі індетіп, Азияны оның ішінде Қазақстанды зерттеген неміс, басқа да елдердің өкілдері жазып қалдырған мұраларды іздестіруге уәде етті. Сөйтіп, бұл нағашысы Бекет жиенінен көрген бойда көз ақысын алып, жұмыс тауып берді.

Бекеттің бір өкініші Ибаштайын әжесінен тым жасырақ қалғаны. Оның аялы алақанының жылуын сезініп, тәрбиесінде бола тұрғанда ғой, шіркін дейді. Солай жоқтайтын ұрпақтың болғаны қандай ғанибет!

Ибаш ападан тумаса да туған қызындай болып кеткен қызы Меруерт. Ол Ашхабад университетінің мұнай факультетін бітірген. Маңғыстаулық Айсәуле Дүйішова екеуі бірге бітіреді. Еңбек жолын Өзенде бастады. Әуелі аудан орталығы болған Жаңаөзен облыс ұйымдасқан соң облысқа тікелей бағыныстағы қала болды. Меруерт жергілікті қазақ қыздарының ішінен шыққан мұнайшы инженер, алымды, шалымды, сауатты маман ретінде танылып, қалалық партия комитетіне қызметке тартылды. Күйеуі Мақсұт Боранбаев та мұнайшы инженер. Еңбек жолын қатардағы мұнайшылықтан бастаған ол қызмет бабында сатылап өсіп, Өзен мұнай-газ өндіру басқармасының көп жыл бастығы болды. Махаңның басшы болған жылдары өте бір қиын кезге тап келді. Одақ тараған. Бұрыннан қалыптасқан экономикалық байланыстар үзілген. Енді жеке-жеке мемлекет болып кеткен барлық республикаларды дағдарыс әбден тұқыртып, бейберекетсіздік жайлаған. Айдалған мұнайдың ақшасы уақтылы төленбейді. Төленер еді, алушының төлем қауқары жоқ. Соған қарамастан Өзен мұнай өндіріп, құбырмен айдай беруге мүдделі. Өйтпеске шара қане. Жергілікті жерде мұнайды өңдеу мүмкіндігі жоқ. Кеңестік кер саясат Одақтас республикаларды шикізат базасы ретінде ұстап, орталыққа кіріптар етіп қойған. Қаржы қайтарымы болмай жатыр деп өндірісті тағы тоқтатуға болмайды. Бүгінде айтып отырса нағыз ертегі, талай тозақ дерлік жағдай өтті ғой бастан. Мұнайшылар айлап жалақы ала алмады. Жалақы есебінен тауар беруге тура келген кездер де болды. Тіпті бірде кәдімгі темекі екеш темекі де қат болып, сауда нүктелерінен таптырмайтын жағдайға жетті.

Махаң сондай ауыр жағдайда халқының көңілінен шыға алған ер. Кейіннен республикалық ауқымдағы басшылық жұмыстарға ауысты. Алматы тұрғыны болды. Ең соңғы қызмет орны Оңтүстіктегі Аманкелді газ кен орны. Қазір зейнеткер. Табиғатынан шымыр, ширақ, қағылез, оған Ибаш апасының тәрбиесі қосылған Меруерт қазақ әйелдерінің нағыз көсем бәйбішелік үрдісін ұстанып қала алған екен. Бұл әулеттің ата жігінен хабардар етіп, бақилыққа озған үлкендерді түгендеп, түстеп берген осы Меруерт жеңгеміз. Бір қызығы Махаң Ибаш апаның күйеуі Ғабдолға аталас болып келеді. Солай Шоңай атаңның бұл ауылы Қосайдың Түрікмен адай ауылына екі қызын беріп отырған дүмді құда.

 Бекетжанның сырқатынан аман-есен айығып, көп қатарының алды азамат болғаны, әуелі жар болған Құдайы мен өзі атын алып жүрген Пір атасының желеп-жебеуі, сосын мамасы Сараның қайраты, -дейді Меруерт апасы.

 Енді Бекетімді үйлендіріп, ерінім жібіп немере сүйсем, - деген тілегін айтып отыр Сара апай. Әуелі оны іштей айтатын, енді дос-жаранға естіртіп қоятын болған.Үлкен қуанышын көруге асыққан аналардың бәрінің басынан өткен жай ғой. Біз білгенде ол тілектердің бәрі де орындалған. Сіздің босағада да ақ түйенің қарны жарылады. Солай Ибаш әже орнында бір аунап түсетін болады әлі, Сара апа. Тектіден өрбіген дегдар ұрпақтың ұранды күні туа бермек.

«ЖАН ШЫДАМАС БАУЫРҒА»

Жоғарыда қазақ бауырмал халық, түс қазақ Жолдасбайұлы Жанболат тіпті бауырмалырақ болды деп кеткен едік қой. Бүгінде Жәкеңді жақсы білетіндер түгілі көзі көргендердің өзі азайып барады. Қалған қадау-қадаудың бірі Өтежан Алшынбаев ақсақал.

 Елуінші жылдардың басы, - деп есіне алады Өтекең. Мен Шевченко ауданында қызметтемін. Бұрынғы мамандығым құрылысшы болған соң осы саланы көбірек құнттаймын, қадағалаймын. Ауылдық жерлерде тұрғындарды жерүй баспанадан енді-енді шығарып, бәкене үйлерге көшіріп жатқан кезіміз. Кезекті іссапарымның бірі Құрыққа түсті. Ол уақытта бұл Ералиев атымен аталатын шаруашылық. Басшы Ибаштың әкесі екенін сырттай білетінмін. Бәріміз Шоңаймыз, ағайынбыз. Одан да бұрын Жәкең мені үлкен адамгершілігімен баурады. Бірден көзге ұрған қасиеті ел жанды екен. Заманның қаттылығы, қиындығы, темір талқысы көп басшыны қазымыр, қытымыр етіп те жібергені шындық. Жәкең олай емес екен. Маған сонысымен ұнады. Содан жақсы араласып, аға-інілі болып кеттік.

Жәкең өмірбаянының жарқын беттері өзінің Құрығын бес-он үй балықшылар станының үлкен бір ұжымның орталығы, белгілі елді мекенге дейін жеткізгендігі. Мұндағы ұжым таратылған соң ғана Кетікке қоныс аударды. 1957 жыл бұл әулет үшін ең бір қаралы жыл болды. Жанболат, інісі Озғанбай, әйелі Мақпал осы жылы өмірден озды. Озғанбай мен Мақпал екеуі екі ұл, үш қыз - бес перзент көрген кісілер еді. Сисенбай, Қызылбай, Миуаш, Аймаш, Нәзипа. Миуаш жастай қайтыс болып кеткен. Екі қыз - Аймаш пен Нәзипа, тоғыз бен төрт жаста. Екі аға да жас. Ибаш апалары балаларды өз тәрбиесіне алды. Аудан басшысы дегенмен ол кезде тұрмыс қоңыр төбелеу ғана еді. Партия, кеңес қызметкерлерінің жалақысы онша көп емес.Өндірістік мекеме тас карьері бас инженерінің айлығынан аз алады. Күнкөрісіне себі тиеді дейтін мал қара сірә жоқ. Әйел хатшы Ибаш түгілі ер азамат басшы мал ұстамайды. (Ұстаймын дегенде де Фортта оған жағдай жоқ). Содан келіп бұл нағыз кеңестік жадау отбасы. Соған қарамастан үй шаруасында да ықтият, ұқыпты ана балаларды аш-жалаңаш қылған жоқ. Тәрбие жағы да кемшін емес. Алға қойған басты мақсаты бауырларын қатарынан кем қылмай жетілдіру болды. Мамандық таңдау мәселесінде әр баланың табиғи қабілетіне, бейіміне, мінез-құлқына қатты мән беретін. Бұл ретте басшы ретінде елге қажет мамандықты қолайлайтыны және бар. Солайша Сисенбай дәрігер-хирург болды. Ақтаудағы жергілікті жастардан шыққан алғашқы хирургтың бірі еді. Амал не, ғұмыры қысқа бітті. Қызылбай он саусағы майысқан шебер еді. Ол да өмірден ерте озды. Нәзипа апасының ақылымен фармацепт дәрігер болды. Ибекең жайлы естелігін жебеген Нәзипа былай ақтарылды:

 Көп жанұя бірге тұрсақ та бір-бірімізге дауыс көтеру, қабақ шыту деген болмайтын. Бірыңғай ырғақты қалыптастыратын апам. Бейнелеп айтқанда ол үлкен бір оркестрдің дирижері сияқты еді. Ескертпесін көзқарасымен ұқтыратын. Бізге көйлекті өзі тігіп береді. Есейе келе бізді де киім пішуге, машинамен тігуге үйретті. Киноға сондай жаңа көйлегімізді кигізіп жібереді. Келген соң көрген киноларымыздың мазмұнын сұрайды. Сосын сол киноға, не кейіпкеріне қатысты өз әңгімесін айтады. Солайша біз тек бір кинофильм арқасында көп нәрсеге қанығатынбыз. Қазақта «абысын тату болса ас көп» деген әдемі сөз бар. Құдай бұл әулетке бейне орамалдыларды оңымен тоғыстырғандай. Аймаш пен Нәзипа Ибаш апаларынан соң Ақбибі мамаларының, Моншақ апаларының есімдерін үлкен ілтипатпен атап еске алады.

Ал енді Ырысты, Зермекен, Жібек жеңгелеріне тіпті сөз жоқ дейді. Тұрғанбай, Қыдыр тәтелері де туыстарына қарасып тұрған. Осындай бауырмалдықтың бір көрінісі, бәрінің басы мереке-тойларда Ибаш жайған дастархан басында жиі тоғысатын болған.

Аймаш мұғалім болды. Институт бітірген соң елге оралды. КазПТИ-ды бітірген бұрғышы инженер маңғыстаулық Қырымқұл дейтін жігітпен тұрмыс құрды. 70-жылдар басында Маңғыстау мұнай өндірісінің инженер кадрларымен көп толыққан кезі болды. 1966 жылы оныншы, он бірінші сыныптарды қатар бітіргендердің көбі Алматыдағы политехникалық институтқа барып түскен. Қалағандары туған жерлерінде жаңа ашылып жатқан кен орындарын игеру. Солай бұл топ мұнайшылықты ата кәсіп етушілердің басында тұрды. Қырымқұлға жолдама Маңғыстау мұнай-газ барлау тресіне берілген. Маңғыстаудың үлкен мұнайын тауып, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, аты дүркіреп тұрған ұжым. Мұнда жұмыс жасау мәртебе саналатын ол кезде. Және ұжымның жас кадр тәрбиесінде озық іс-өнегесі бар. Трест бастығы Х.Өзбекқалиев, бас геолог Валентин Токарев, бас инженер Салтанат Балғынбаев, инженерлер Хасан Тәжиев, Тұрсынғали Көшенов – бәрі еңбек жолдарын қатардағы қызметтен бастап, сатылап өскен. Бұрғышы шеберлердің көбі әртүрлі курс, техникум бітірген мамандар. Өндірістің осы бір тұсы тап сол кезде инженер кадрларға қатты ділгер еді. Келген жастар бәрі дерлік көмекші бұрғышы бола кетті. Тәртіп солай, жастар жұмыстың әліппесінен бастап үйренуі керек. Еңбек жолын солай бастаған Қырымқұл Оңтүстік Маңғыстау, Бозашы, Үстірт - барлық аландарды адақтап өтті. Уақыт озды, заман өзгерді, кезеңнің талабы ауысты. Трест орнында қазір «Маңғыстау геология» атты ұжым. Қырымқұл осында бас инженер. Өзі бозбала кезінде келген ұжымның туын құлатпай ұстап отыр.

Қосағы Аймаш екеуі бүгінде ата-әже. Ерғали мен Ғалымжан отау иелері, Гүлсара тұрмыста.

2009 жыл. Аймашқа бір ой түсті. Сол жылы әкесі мен шешесінің бақилық болғанына елу жыл толады. Өзі болса елу тоғыз жаста. Келер жылы алпысқа шықпақ. Қатарларынша алпыс жасты атап өтуге де болар еді. Бірақ «өлі жебемей тірі байымайды» деген бар, алдымен өлі әруақтарды риза еткен дұрыс болар деп шешті. Ал бұл әулетте олар біршама еді, Жанболат көке, Ақбибі мама, Қабдол жезде, Ибаш апа, Тұрғанбай мен Зермекен т.б. ең соңынан қаза болған (2006 ж.) Сара апаның күйеуі. Әулеттің орны толмас қазасы Жанболатұлы Оңғарбай. Ол алғашқылардың бірі болып майданға аттанып, Берлинді алу ұрысында қаза тауыпты. Бүкіл ел Ұлы Жеңісті тойлап бола бергенде, бұл шаңыраққа соғыстың соңғы «қара қағазы» келулі. Ибаш апа айтып отыратын: - Озғанбай ағаның қазасы көкеме қатты батты, - деп. Іштей бір шешімге келген Аймаш жазда Алматыға тартты. Қыздан үлкендері Сара, ол сонда тұрады, тетелес апасы сонымен ақылдаспақ. Сарадан кейінгі апа – Меруерт. Оның да хабардар болғаны жөн. Меруерт апаның ұлы Әбу, бәрі Сара үйінде бас қосты. Ұйғарым - әулет ұрпақтары бас қосып өлі әруақтарға ас беру. Ac Ақтауда өтетін болып шешілді. Бас ұйымдастырушылыққа Аймаш тағайындалды. Ас беру қазақтың баяғыдан бергі үрдісі. Бірақ Кеңес үкіметі орнаған соң, ол мүлдем дерлік тыйылған. «Ас беруге болмайды» деген заңның арнаулы бабы болмаса да оған ұлықсат етілмеді. Саясат тіпті оны еске түсіруді де қаламады. Соның мысалы «Құлагер» көркем фильмнің көрсетілмей қалуы. Ақан серінің Құлагер тұлпарының қайғылы өлімімен аяқталатын бәйгі Сағынай байдың Үш жүзге сауын айтылған атақты асында болатын еді ғой. Солай болған соң киношылар әрине, астың думанды көрінісін түсіреді. Кеңесшіл көздің сұғына сол жай ұнамай қалыпты. «Бұл не қылған ас та төк молшылық» дейтін жері ғой. Бұлай етіп шашылып ас берген қазақты социализм, коммунизмге үгіттеп қажеті не?! Бұлар ол қоғамыңның аузын ұрмайды емес пе деп ойламады демейсіз бе?! Кеңес Одағы тап сол «Құлагер» түсіріліп жатқан кезде ет тағамдарының жетпестік тауқыметін тартыңқырап, талон жүйесін енгізген. Солай «Қазақ фильмнің» үлкен творчестволықпен, көп еңбекпен түсірген туындысы қойма сөресіне атып ұрылды. Дегенмен елді жадынан жаңылту қолдан келмеді. Кеңес Одағы атты өкірем держава бір күнде тырапай асып, бостандық таңы атқан соң жалғасып бара жатқан ұлттық сана қайта жаңғырды. Сонда алдымен оралғаны ас болды. Маңғыстаудың кейінгі легі жаппай куә болған атақты асы «Бекет атаның 250 жылдығына» арналып берілген ас. Бұл үлкен елдік, халықтық шара болып есте қалды.

Бір әулеттің бақилық адамдарының рухына арналып берілген ас делінгенмен, бұл да өте мазмұнды, ұлағатты түрде өтті. Әуелі ұрпақтар түгел жиналды. Екі молда өлілерге құран шығарды. Жанашыр ағайындар Құрықтағы ата қауымда, Сағындық әулие-атада жатқан Жанболат пен Ақбибі, Тұрғанбай мен Зермекен бастаған үлкендерге, Сисенбай, Қызылбай ағаларға, Форттағы Тасболат пен Шуаққа, Озғанбай мен Мақпалға, Аташтағы Қыдыр мен Мағуға, нағашы әке-шешелерге, Қошқар атадағы Ибаш апаға барып, бастарына тағзым етті. Ac қонақасысы үстінде көнекөздер естеліктерін ортаға салды. Жекжат, жұрағат, құда-құдағайлар сөз сөйледі. Жеті рудың үлкендеріне шапан жабылды. Иіс таратылды. Аймаштың ақындық өнері жоқ. Бірақ жеме-жемге келгенде «ақын» да бола кетіп, бес-алты өлең шумақтарын төгіп тастады. Сол ас қонақасында Аймаштың Ибаш апасына арнаған бір шумақ өлеңінен үзінді:

Ибаш апама

Ғабдол жездем жарасқан Ибаш апа
Ибаш апа жан едіңіз жеке-дара,
Бұл күндерде бізде егдердік 60-ты

Болсақ тағы кеше бала.

«Папа» деуші ек біздер Сізді
Кісі едіңіз ісі игі
Көшбасшы ең, ел басқарған

Бар істі мінсіз атқарған.

Аялы алақаныңның
Маңдайымда табы ба
Қарап еді сенің көңілің

Белгісі әр кез табылар.

Ағайын-туыстың араласпаса, жат болып кетуі оңай. Оның үстіне коммунизмнің түп атасы Маркстің өзі айтқандай, қала тұрмысы адам мен адамды бір-бірінен оқшауландырады. Оны азсынсаңыз не істесе де олақ, бүйректен сирақ шығаратын орыстың тілін үйреніп, көп салт-дәстүрін жұқтырғанымыз тағы бар, бір сөзбен айтқанда, ағайын-тумалардан жырақтаудың көп мүмкіндіктері соңғы жарты ғасыр бойына жасалып бағыпты ғой.

Мына ас соның алдын алудың әдемі бір шарасы болды да шықты. Қарынбай ағаның баяғы үлкендер туралы ұлағатты естелігі, Жабағы Құрмашұлы ағаның Ибаш апай, Сисенбай ағай туралы айтқандары мен «Үш қиян» газетінде жарияланған мақаласы көп көмбенің бетін ашты. Ең есте қаларлығы көптен бері бастары қосылған соңғы лек, балалар, нағашы-жиен, бөлелер бір-бірімен етене танысты. Олардың естияр жақтары ендігі жерде Жанболат әкелері, Ибаш апалары туралы айта жүретін, өздерінің сол бәйтеректерден тараған бір бұтақ екендіктеріне мақтана жүретін болады.

Алматыдағы Сара сол ас әсерін былай ортаға салады:

 Мектеп бітірісімен институт, аспирантура. Одан Алматы, Германия, Түркия. Шынымды айтсам, нағыз саяқ жүрген мен екенмін. Туыстарымның үлкен жақтары болмаса, кейінгі балаларды түстеп тани алмай қалыппын. Аттарын да шатастырып аламын. Аста көптен көрмеген бауырларымды көріп бір жасадым. Дина мен Бекетте солай. Шіркін, өзіңнің туған жеріңе, еліңе, өлең ортаңа тең келер ештеңе жоқ екен ғой өзі.

Сара апасының сөзін біраз жылдардан бері күйеуінің қызмет бабымен Алматы тұрғыны болып, енді көзі ауылға қарап бағалап, Ақтауға көшудің қамымен жүрген Меруерт құптай кетті.

Меруерттердің көшіп келетін хабарын естіген Аймаш мәз Ақтауда...

«Қобыланды» жырында Қарлыға қыз айтатын «Адам шыдамас бауырға» деген бір сөз бар еді-ау. Қарлыға сонда сол сөзді қазақтан, қазақ болмысынан алып айтқанына алдыңғы ғасырдың астасуында дүниеден өтіп кеткен Жолдасбай қарттың өрен-жараны, ұрпағының қазіргі қарым-қатынасы, байланысы дәлел жабдықтауын төртінші категориядан екінші категорияға көшіруді сұрады. Оның мүмкіндігі болмаған жағдайда, мұнда бірінші категориялы өндірістік аудан ұйымдастыру мәселесін қарауды ұсынды.

Қандай көрегендік, батылдық! Сол Форт арада дәл жарты ғасыр өткен соң ғана өндірістік аудан болудың босағасынан ғана сығалап отырған жоқ па?! И.Жанболатова сонда қысы-жазы қатпайтын Баутин фортын Каспийдегі қазақ балық аулау флотының орталық базасы жасап, Астраханға, Махашқалаға қараған кіріптарлықтан құтылуды ойлап еді. Сол ойын кейіннен ізбасары Киікбай Рзаханов аздап қана жүзеге асырды. Форттағы кеме жөндеу заводы, комбинат мезгілінде басқарма құруға қол жеткізді. Бірақ одақ кезінде тәуелсіздіктен арылуға мүмкіндік жоқ-ты. Каспийдің бір айлағындағы майшабақ пен аздап кефаль аулаған Маңғыстау балықшылары түгілі, бүкіл Қазақстанның балық кәсіпшілігі кіріптар күйде болды. Қайран бал татыған қаязынан қол көтерген есіл Аралдың көлемі шай табақтай, жайған нандай жұқа камбалаға күні қарап бастағаны сол жылдар.

1964 жылы бір бүйірде қалған Таушықты қойып, енді Маңғыстау ауданының орталығын теміржол бойына, Шетпеге көшіру мәселесі сөз болды. Шевченко ауданын таратып, Маңғыстау ауданына қосудың жоспар-жобасы дайындалып қойылған еді. И.Жанболатова тап сол кезде Гурьев облыстық партия комитетінің алдына біріккен аудан орталығын Шетпе емес, Форт-Шевченко қаласы қылуды ұсынды. Сонда ол арзаншылыққа түседі, әрі тиімді болатынын дәлелдеді. Бұрынғы Маңғыстау ауданын Фортта отырып басқаруды жеңілдету үшін, Форт - Шевченко - Таушық - Шетпе тас жол құрылысын салу қажеттігін айтты. Амал не, бұл ұсыныс аяқсыз қалды. И.Жанболатова пікірінің дұрыстығы артынан дәлелденіп, Түпқараған ауданы құрылып, аталған жол салынды емес пе? Форт - Шевченко.

 Таушық қатқыл табанды жолы 1966 жылы пайдалануға берілді. Кетіктің Шевченко атының алуы, мұнда Кобзарьдың айдауда болғаны себепті екендігі белгілі. Соны айғақтайтын белгі қаладағы ақынның мемориалдық музейі. Оның өзі комендант Усковтың әуелгі жаздық екі бөлмелі саяжайына орналасқан. Қасында ақын көлеңкелеген шағын жер үймен, заманында Шевченко отырғызған шыбық бүгінде діңін құрт жеп әбден қартайған ағаш. Бүкіл одақ болып 150 жылдығын дүркіретіп тойлап өтуге дайындалып жатқан 1963 жылы И.Жанболатова жоғарыға былай деп хат жазыпты:

Т.Г.Шевченконың мемориалдық музейі 1932 жылы ашылған. Содан бергі жылдар ішінде, музей дұрыс экспонат қорымен толыққан емес... Қорды сақтайтын жері жоқ... Тарас Шевченко мерейтойының (150 жыл) әлемдік сипатын ескере отырып, төмендегі шараларға қаржы бөлуіңізді сұраймыз:

 Музей қоры үшін жиырма бес шаршы метр сақтау үйін тұрғызу;.

 Көрме залын қазақ және украиндық әшекей стилінде майлы бояумен сырлау;.

 Новопетровск кезеңінің картиналарын сатып алу;

 Орталық архивтерді, музейлерді ғылыми тұрғыдан зерттеу ...

Қазіргі Т.Г.Шевченко мемориалдық музейінің жанындағы үй осы хаттан соң салынған еді. Бұрынғы аты музей, енді шын мәніндегі музейге айналды іле-шала.

Музей директоры марқұм Есбол Өмірбаевтың тұңғыш рет құлашын жайып, іссапарына шыққаны осы хаттың шапағаты.

Есағаңның Украинаға барып оралғаны бір жыр.

 Киевтің орталық көшесінде тірі балық сататын «Живая рыба» деген арнаулы дүкен бар. Онда балықтың түр-түрі тірілей сатылып жатыр екен,-дейді Есағаң. Тыңдаушы жұрты оған нанбайды, әрине. Біздің елдің әуелден сіңісті бір әдеті әңгімесіне сенбеген адамдардың сөзін оспаққа айналдырып, артынан әжуа қылатыны ғой.

 Кит те тірі сатылып жатыр ма?

 Қой әрі, кит жануар текті. Әрі оның еті желінбейді. Аулаған жерде майы шыжғырылып алынады.

 Біздің қортпа, бекірелер ше?

 Олар бар. Қалай апарып жүргенін қайдам, әйтеуір бар. Көрдім, - деп жібереді, барған жерінің, оның дүкенінің мәртебесін көтере түскісі келіп Есағаң.

 Ал майшабақ ше?

 Қортпа болғанда, майшабақ неге болмасын. Олар бөлек бір астауда құжынап жатыр. Украиндар оны уыттап пісіріп ит, мысығымен қосылып, таласып жейді. Қорытпаның басымен қосып асып, құда табаққа салады, - деп көсіле жөнеледі Есағаң енді.

Сол әңгімесін арнайы келіп Ибашқа да айтады. Ел, жерді көп аралаған бұл қарындасы әрине Киевте, Мәскеу, Ленинградта арнаулы дүкенде тірі балық сатылатынын біледі. Сосын құлақ қойып тыңдайды. Есағаңның тірі қортпа, оның басын нан орнына майшабақ қосып құда табаққа салатын әңгіме «тұздығын» хатшыға айтпайтыны сірә белгілі.

 Асықпаңыз, Есаға, ондай дүкендер бізде де болады. Сарыала таңнан Иір жеңгеміз екеуіңіз соның алдында кезекте тұрғандарыңызды көреміз әлі-ақ, - деп шығарып салды Ибаш Есағасын.

Балық балығымен, дүкен дүкенімен. Е.Өмірбаевтың украин достарымен ол жүз көріскені достыққа ұласып, артынан Т.Г.Шевченконың Маңғыстаудағы өмірі мен творчествосы жайлы тамаша кітап жазды. Ол кітап қазақ, орыс, украин тілдерінде көп таралыммен жарияланды. Сол еңбегі үшін оған «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағы берілді.

Ал И.Жанболатова көтерген мұражай мәселесінен кейін бірінші хатшы К.Рзаханов пен төраға Ш.Иманалиев тиянақтап шешті. Қазір ол Қазақстандағы белгілі мәдениет ордаларының бірі.

Кейде маған Ибаш апаның қызметтік жолы тарихтың өз қалауымен түзілген де отырғандай көрінеді. Жақсы ісі, ізі үнемі жалғасын табумен болыпты.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙