Мазмұнға өту
Home

Ертегі

Бейбіт Сарыбай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ертегі

Қай тақырыпта жазса да, адамның қоғамдағы орнын, қоғаммен қатынасын ашып, оны көркем тілмен, ұтымды да шебер жеткізе білетін жазушы Бейбіт Сарыбайдың бұл шығармасы да оқырман көңілінен шығары анық. Ол бұл туындысында өмір шындығын барынша жан-жақты суреттеген.

Ерте, ерте, ертеде,

ешкі жүні бөрте еді.

Қырғауылы қызыл екен,

құйрық жүні ұзын екен.

(Халық ертегісінен)

Ерте, ерте, ертеде емес онша тым. Ары кетсе отыз жылдың ар жағы. Ерлі-зайыпты кісілердің жалғыз ұлы болған. Әке мен шеше бірін-бірі сүйіп қосылып, тату-тәтті ғұмыр кешкендіктен шығар, олардан туған перзент те сондай мейірбан болып өсіп келе жатты. Аңғалдау ұлдың кейбір алаңғасар істері күлкі шақыратын еді. Ит тірліктің қамытын кие қоймаған, балшыққа батып үлгірмеген сол жаны тазы, жүрегі ақ баланың көңілінде қылау жоқ-тын. Өмірді ертегідей етіп елестететін. Тағдырдың барлық қиындықтары жеңіспен аяқталады деп түсінетіндігі де сол ертегіні көп оқығандығынан болар. Адамдардың барлығын да адал деп қабылдады. Ал өзінің тазалығына имандай сенетін. Ала жіптен аттамай өсіп келе жатқан өзіне жамандық жолатқысы келмейтін. Кейде балалық қызығушылықпен біреудің затына көз алартқанымен, сұғанақтық жасамайтын. Егер өйтсе атасының қойған Адалбек деген атына сай болмай қалатынын білетін.

Сөйткен Адалбек бүгін тұңғыш рет өтірік айтуға бел байлады. Нағашы атасын алдамақ. Атасының бүкіл ауылдың ер азаматтарының аңсарын алған ақбоз аты бар. Соны алдап мініп кетпек. Жол бойы не деп өтірік айтатынын да ойластырып қойған.

Оның осынша әуреге түсіп, өтірік айтып, атасының атын алдап мініп кетпек болуына таңғы эфирден көрсетілген “Қозы көрпеш – Баян сұлу“ фильмі себеп болды. Ғашықтық пен ерлік жайындағы аңызға бергісіз кино біздің Адалбекке ерекше әсер еткені соншалық: ол да Қозы сынды батырлық танытып, ақбоз атқа мініп өзінің Баянының ауылына барғысы келді. Қиял қанатында қалықтаған ұл небір жоспар құрды. Қыздың Баяндай сұлу, тіпті одан өткен көрікті екендігінде дау жоқ. Өзі де Қозыға бергісіз көркем жігіт екенін біледі. Ендігі жетпей тұрғаны ақбоз ат қана. Ары ойлап, бері ойлап ақбоз атты да тапты. Тек нағашы атасынан сұрай алса болғаны. Өзім мініп қыдырып келейін дегеніне нағашысының бере қоймасы анық. Қаптаған тай, құнандардың бірін мінгізіп жіберетіні екі бастан белгілі. Өзі Қозы болса, және басқаға емес тура Баянның ауылына жол тартып бара жатса, бұл серіңіз қалай ғана жабағы тайға міне салмақ. Сол үшін де өтірік айтуы керек болды.

Бір күдік пен бір үміттің жетегінде келе жатқан Адалбек нағашысының үйіне де жақындап қалды. Үйден шыққанда батылдау сияқты еді, жақындаған сайын жүрексіне бастады. Айтқан өтірігіме сенсе жақсы, сенбесе қайтемін деп сары уайымға салынды. Оның үстіне анау күні атасын ренжітіп алғаны бар еді.

Дәл осы атын сұрауға келе жатқан нағашы атасы бір топ ағайынның басын қосып қонақ қылғанда бұл да әкесі мен шешесіне еріп келген болатын. Асығыстау тамақтанғандықтан шығар дастарқан басында бұған ықылық тиіп қалды. Басқа жақтарда да солай шығар, бұлардың ауылында да ықылықты басу үшін “не ұрладың?” деп ырым жасайтын. Сол әдіске салмақ болып, атасы бұның ықылығын баспақ болып, аса әртістікпен:

– Менің сегіз өрме әдемі қамшым бар еді. Соны үш күннен бері таппай қалдым. Ол қамшыны бір алса осы Адалбек алды-ау деймін, – деді.

Өмірінде ұрлық деген пәлені жасап көрмеген Адалбек мынадай көпе-көрінеу жалаға шыдай алмай намыс отына жанып:

– Мен бе, сіздің қамшыңызды ұрлаған? Кімді ұры санап тұрсыз? Өзіңіз ұрысыз. Соғым сойғанда біздің шарықтың қайрағын ұрлап кеткенсіз… – деп қойып қалды. Елдің бәрі демдерін шығармай тынып қалды. Әкесі байғұс та кірерге тесік таппай тыпыршып кетті. Онсыз да қиналып отырған әкесін:

– Сол қайрақ жоғалғанда папам: “Бір алса сіз алды, сол кісіден-ақ келді” деген, – деп одан ары қысылтып тастаған. Сұрап алған ауруға дауа жоқ дегендей орынсыз айтылған әзілден сонда отырған адамдар ыңғайсыз жағдайда қалған еді. Өзімсініп қайрақ алған нағашы ата да, жоғалған қайрақты іздеген әке де – бәрі де екі оттың ортасында түскендей күй кешкен. “Балалы үйдің ұрлығы жатпас” деген сол.

Міне, сөйтіп ұры санаған атасының атын сұрап мінбек. Қорқа-қорқа үйге де кірді. Атасы кемпірінің шайын сораптап отыр екен. Қал-жағдай сұрасқаннан кейін атасы бұның не бұйымтаймен жүргенін сұрады. Адалбек жол бойы неше мәрте қайталаған қиыспайтын өтірігін айтты.

– Сиыр екі күн болды үйге келген жоқ. Папам соны іздеу үшін сізге атыңызды бере тұрсын деп жіберді.

– Қай сиырларың жоқ?

– Ана мүйізі сынық сары сиыр ғой. Өзіңіз Әйкөштің тілашар тойында атаған сиырыңыз ше.

– Ол сиырларың кеше кешкісін үйлеріңнің алдында тұр еді ғой.

Оқиға желісі мен шешім

– Иә, көршілер де көріпті. Бірақ қайтадан кетіп қалыпты. Өзі туайын деп жүр екен ғой. Папам соны туып қалды ма деп уайымдап отыр.

– Өй, қой, ол сиыр қазір тумайды. Жақында ғана туды емес пе. Әлі екі ай өткен де жоқ ол туғалы.

– Білмеймін, папам солай деді ғой.

Атасы бұның айтқан әңгімелерінің әшейін ат сұраудың сылтауы екенін біліп, жиенінің қиыспас өтірігіне сеніп, атты ерттеп мінгізіп жіберді.

Адалбек ақбоз аттың басын үйіне қарай бұрмай, бірден ауыл шетіндегі көшеге қарай тартты. Өйткені сол көшенің аяққы жағында автобекеттің директорының үйі бар. Ал ол үйде Шекер бар. Шекер дегеніңіз біздің Қозының іздеп бара жатқан Баяны емес пе. Ойлағанындай болып шықты. Шекер көше бойындағы арықтың жағасында сіңілісі екеуі балшықтан торт жасап ойнап жүр екен. Адалдың көзіне балшықпен ойнап жүрген Шекер қыз көл жағасында жүрген Баяндай болып көрінді. Не істесем екен деп біраз ойланып тұрды. Жетіп барған тағы ыңғайсыз. Бұрыннан тіл қатысып жүрген қыз болса бір сәрі. Бір-біріне ләм деп ауыз ашпаған адамдар ғой. Тіпті сыныптасы болса да бір сылтау табылар ма еді, кім білсін. Біраз тұрғаннан кейін Адалбек қызды таң қалдырғысы келді. Атпен қасынан шауып өтпек болды. Атпен шауып кетіп бара жатқан батыр ұлға қыздың қызыға қарап тұрған бейнесі елестеді. Сол сол-ақ екен Адалбек атты тебініп қалып еді, ақбоз ат бар пәрменімен шаба жөнелді. Желдей жүйткіген тұлпардың үстінде Адалбек кетіп бара жатыр. Тура қыздардың жанынан өте бергенде сол үйден бір ит жүгіріп шығып, арс ете қалғанда үріккен ат шалт бұрылып тоқтай қалып, үстіндегі Көрпеш ұл жерге құлап түсті. Ат қайтадан шаба жөнелді. Аспан айналып жерге түсті. Адалбек көзін ашқанда аспанды көрді. Шайдай ашық екен. Тұп-тұнық, мөп-мөлдір. Шалқамнан құлаған екенмін ғой деген ой келді. Оның артынша намыс оты жалт берді. “Ұят-ай, тура қыздың алдына келіп аттан құлаған деген не сұмдық?!”. Шешесінің құлаған жеріңде көп жатпа деген сөзі есіне түсіп, тұрмақ болып еді, қозғала алмады. Денесі қатты жарақаттаныпты. Артынша жерде жатқан Қозының қасына Баян мен оның сіңілісі келіп жетті. Екеуінің де көзі баданадай болып кетіпті. Сасқалақтаған қыз айтарға сөз таппай:

– Қатты құладың ба? – деді.

– Жоқ.

– Қай жерің ауырады?

– Ешқандай жерім ауырып тұрған жоқ.

– Онда орныңнан тұрмайсың ба?

– Тұрғым келмейді. Кішкене жата тұрамын.

Осылай бірауыз тілдесуге халі жетті де, артынша қайтадан есін жоғалтып алды. Көзінің алды бұлдырап бара жатқанын ғана біледі. Бұл есін жиғанда аудандық емханада жатыр екен. Қолы сыныпты. Онысы аздай басынан соққы алыпты.

Әпкесінің айтуына қарағанда бұл оқиға Адалбектің туыстарының ортасында біршама талқыланыпты. Атты өтірік сұрап алғаны да белгілі болыпты. Бір қуанарлығы атты не үшін, кім үшін мінгені жұмбақ күйінде қалыпты. Әйтсе де, бұл атасын алдағаны үшін қатты қиналды. Бұның хал жағдайын білуге келгенде олардың бетін көруге шыдай алмады. Олар: әкесі, шешесі және нағашы атасы барлығы бұл жатқан палатаға кіріп келе жатқанда ұяттан кірерге жер таппай есінен танып қалды… Есінен танған жоқ шындығында. Әдейі есін жоғалтқан кісіше көзін жұмып, сандырақтап жатып алды. Жанашыр туыстар бұны көріп барлығы қатты қорықты. Дәрігерлер оларды “жағдайы ауыр, мазалауға болмайды“ деп шығарып салды. Ойыннан шыққан өрт болды бұл. Ақылсыз баланың намыс отынан туындаған осы бір кішкентай ақылсыз қылығы онсыз да көңілдері күпті болып жүрген ата-ананы сары уайымға түсірді. Ауылдағылар “Әлі толық өзіне-өзі келмепті, қайта-қайта есінен танып қалады” екен деп әңгіме қылып жатыр екен.

Ұяттан өлім күшті деген осы да, әке-шеше аталары келген сайын бұл олардың бетіне қарай алмай, құтылудың ең оңай жолы осы болғандықтан қайта-қайта есінен танып қалып жүрді. Медицина барлық тексерістен өткізіп түк таппады. Ақыр аяғында Алматыға апару керек деп шешті. Сол жақта компьютер арқылы тексеруден өткізу керек деп шешіп, бұл бір-ақ күнде алып қалаға жол тартып кетті. Сол жолға шыққанда ғана еті үйренгендей болып, әке-шешесімен тілге келді. Бұның адам сынды сұрақтарға жауап бергеніне қарап әкесі мен шешесі қатты қуанды. Алматыдағы компьютерлік тексеріс те баланың жағдайы жақсы деген қорытынды шығарып берді. Ақыр келдік қой деп сол жолы Адалбекті әкесі мен шешесі бұны қаладағы хайуанаттар саябағына алып барып қыдыртты. Театрға барды. Айтпақшы, біздің Қозы Көрпешіміз сол театрдан Төлегенді өлтірген “Бекежан сұмпайыны” өз көзімен көрді. Көрді де шошып кетті. Бұл әлі тірі екен ғой деп ойлады.

Біраз күн қыдырыстап ауылға келгеннен кейін бұл көрші балардың ауыздарының суын ағызып Алматы жайында әңгімелеп берді. Мақтаныш кернеген Адалбек:

– Ол ол ма, егер мен есімді тағы да біраз күн жимай жатып алсам Қытайға да барар едім, – деді айды аспанға шығарып. Адалбектің әңгімесін тыңдаған балалардың барлығы да аттан құлап, естерінен адассақ екен деп армандады.

Байқамаса қауіпті, ессіз балалардан бәрі шығады. Олардың әдейі аттан құлап, естерінен адасулары да мүмкін. Оларға таң қалуға болмайды. Бұның алдында осыған ұқсас оқиға орын алған. Ермек дейтін баланың саусағын ағасы абайсызда балтамен шауып алғанда аудан орталығына барып тіктірген. Аудан орталығынан келгенде ол да осылай әңгімелеп берген. Екі этаж үйлер мен ондағы базар туралы айтқанда қызыққан баларға ол:

– Райцентрге барғыларың келе ме? – деген. Райцентр дегені аудан орталығы дегені ғой. Барлық бала барамыз деп шу ете қалған. Сонда Ермек оларға:

– Егер барғыларың келсе, мен сендердің саусақтарыңды шауып берейін. Сосын сендердің де саусақтарыңды тіктіру үшін райцентрге апарады. Қорықпаңдар, саусақ шабылғаннан адам өлмейді. Мен де өлген жоқпын ғой. Қайта ауданды көріп келесіңдер, – деп төрт баланың саусағын шауып тастаған. Сол бір көңілсіз оқиғаның қайталанбасына кім кепіл.

Сөйтіп “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” фильмінен басталған шым-шытырық оқиға Адалбектің өміріне кішігірім өзгеріс алып келді. Ол енді өтірік айтпауға бел буды. Өйткені аттан құлағанын өтірік айтқаным үшін Алланың жазалағаны деп түсінді. Әйтпесе атқа күн сайын мініп жүрген жеті жасар бала неге басқа кезде емес, дәл сол өтірік айтқан күні қыздың алдында құлауы керек?!. Өмірді ертегідей елестетіп жүрген Адалбек сол өмірден алғаш рет таяқ жеп, соққы алғаннан кейін біраз уақыт кино көрмей жүрді.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙