Мазмұнға өту
Home

Айтылмаған әңгіме

Камал Әлпейісова

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Айтылмаған әңгіме

Камал Әлпейісова — «Айтылмаған әңгіме». АЙТЫЛМАҒАН ӘҢГІМЕ

/uploads/390ebdeb-c3fa-5208-92b7-4e807016c0f4/cover.png

(ӘҢГІМЕЛЕР ЖИНАҒЫ)

«ӘЙЕЛ БАҚЫТЫ» НЕМЕСЕ АЙЛЫ ТҮН СҮТТЕЙ АППАҚ ЕДІ...

Тау етегінде, қыста қатпайтын, ал жазғытұрым жайылып, жағадағы үйлердің қора-қопсысын шайып кететін ағыны қатты өзеннің қос қапталында орналасқан тал-теректі, бау-бақшалы үлкен ауылда, тұрғындардың өз сөзімен айтқанда «қырық құрау» халық тұратын. Әуел баста бұл қырық-елу түтінді ауыл еді, соғыс жылдары сол кездегі саясат «сенімсіз» деп таныған біраз халықтың өкілдері лек-легімен айдап әкелініп, үйді-үйге бөліп орналастырылды. Соғыс аяқталып, заман тынышталған кезде қазақ ағайындардың кең қолтық ықылас-ниетінің арқасында бір-бір үй болып кеткен олар айдалып келе жатқанда адасып, көз жазып қалған туыс-туғандарын жан-жақтан іздестіріп, тиісті рұқсатын алып, көшіріп әкеле бастады. Одан кейінгі тың игеру науқанында да жер-жерден келіп, табиғаты сұлу, халқы мейірбан ауылды мекендеп қалғандар аз болған жоқ.

Қиналған кездерінде құшақтарын жайып қарсы алған халық ішіне сіңісіп, келе-келе құдандалы-жекжат болып араласып кеткен бұл ауыл тұрғындарының қайсысы қай ұлт өкілі екенін сырт адам түсініп болмайтын, тек кейбір салт-дәстүр ерекшеліктеріне не еңбекке деген ынтасына немесе бала санына қарап іштей ой түюге болар еді. Қызын көрші ауылға ұзатып, күйеуін одан да алысқа – бақиға аттандырып салғаннан кейін ендігі тірегім осы болар деп жүрген ұлымен тіл табыса алмай, неше жылдан бері жалғыз тұратын Фазила ана – солардың бірі. Етек-жеңі молынан пішіліп, кеудесінің үстінен бүрілген кең көйлек киетіні, басына салған орамалын алқымынан байламай, бос жібере салатыны, ауыл кемпірлеріндей кебіс-мәсі кимей, қыста көн етік, жазда аяғының басына шәркей іліп жүретіні оны өз қатарластарынан өзгешелеп тұратын. Жасы жетпістен асқан, имектеу мұрны мен қалың қасы бір қараған адамға өңін суықтау етіп көрсеткенімен, қасындағыларға қайырымы мол, өзімен-өзі томаға-тұйық күн кешіп жатқан, сөзіне сақ, сырға берік қарияны ауылдың үлкен-кішісі түгел «Әни» дейтін.

Әнидің үйі қаланың шетінде, үлкен жолдың бойындағы қалааралық автобустар тоқтайтын аялдаманың түбінде еді. Жасырақ кезінде өзі бұған қатты қуанатын. Базаршылап қалаға барып, артынып-тартынып қайтқан кездерінде де, жауын-шашынды күндерде жолға шыға қалғанда да аялдаманың жақын болғандығының ыңғайлылығын талай байқаған. Қазір үйінің аялдама түбінде болуы әу бастан-ақ, қартайған шағында зарығып, жол қарап өмір сүру маңдайына жазылғанынан екен ғой деген ой келетіні бар.

Күнұзаққа қам кесектен құйылған дуалдың көлеңкесінде қала жақтан келетін автобустарды тықырши күтіп отыратын тұнжыр көзінде мұң тұнған ананың кешке қарай салы суға кетіп, кішкентай орындығын қолтықтап, үйіне жалғыз өзі кіріп бара жататынын сол маңның тұрғындары талай көрді. Қысы-жазы айнымай қайталанатын бұл көрініске олардың көздері үйреніп кеткені қашан... Жалғызілікті ананың қанша жылдан бері зарығып кімді күтетінін де біліп, жабырқаулы күйіне жандары ашығанмен, қолдарынан келер қайраны жоқ болғандықтан, сыралғы көршілері ештеңе байқамағансып, іштей тынатын.

Биыл көктемде, Әнидің ауласындағы шағын үйге енді ғана ер жете бастаған ұлы бар жас келіншек Сара көшіп кіргелі бері жұрт үшін үйреншікті болып қалған сол көрініске өзгеріс енді. Бірде, алыс қалалардан келетін автобустардан ешкім түспеген соң үйіне кіруге ыңғайланған Әни ауыл ішінде жүретін автобустан Сараның түсіп келе жатқанын көріп, кідірген болатын. Сара болса Әни өзін күтіп тұр деп түсінді. Бала күнінде оқудан қайтқан кезінде анасының осылай жол қарап, мұны тықырши тосып тұратыны есіне түсіп, іші-бауыры елжіреп, қарт ананы құшақтай алды.

- Әни-ау, мені күтіп тұрсыз ба? – деп, жүрегіндегі мейірімі жүзін нұрландырып тұрған келіншек жанарынан шуақ төге қараған.

- Ә-ә-ә... әлгі... иә-иә, шырағым, – деді ана асып-сасып.

Анасын сағынып, жалғыздықтан жаны жүдеп, қамығып жүрген Сара өзінің сұрағынан Әнидің абыржып, сасқалақтап қалғанын байқаған да жоқ. Ол мына жалған дүниеде өзін ойлайтын, жолына қарап күтіп отыратын бір адамның табылғанына мәз болып, Әниді тағы да қаусыра құшақтап, бетінен сүйіп алды.

- Жүріңіз, Әни, жақсылап тұрып шәй ішейік. Мен жұп-жұмсақ тоқаш сатып алдым, - деді сосын еркелей сөйлеп.

- Үй-бүй, алжыған басым-ай, манадан бері текке отырғанша шәй қайнатып қойсамшы... сен жұмыстан шаршап келгенде... қап-әй... – деп, енді қарт ана қысылып, қалбалақтады да қалды.

Күнделікті тірлікте соншалық мән де берілмейтін осынау бір-екі ауыз сөз көңіл пернелерін басып өткендей жадырап сала берген екеуі дабырласа сөйлесіп үйге кіріп, Сараның қайнатқан шәйін ішіп отырып, ұзақ әңгімелесті. Көрші болғалы бері жылы шыраймен амандасып, өзара ілтипат танытып жүрсе де, екеуі былайша бас қосып, әңгіме-дүкен құрмап еді, соның реті, сірә, бүгін келгендей. Әңгімелерінің жарасқаны сонша, сырт адамға айта бермейтін арман-мұңдарын да жайып салысты. Сара сүйіп қосылған жарынан жастай жесір қалып, тағдыр тауқыметін тартып келе жатқанына шағынса, Әни бетін қақпай өсірген жалғыз ұлы Ролланның бұның тәрбиесіне көнбей үйден кетіп қалғанын айтып жылап алды.

- Балаңыздың атын неге «Роллан» деп қойғансыз? – деп сұрады Сара Әнидің көңілін басқа жаққа аударайын деп.

- Күйеуім ғой. Өзі сондай аттарға құмар болатын, жатқан жері жайлы болсын... Сондай бір мықты жазушы болған деп айтып отырушы еді. Ұлын да сондай болсын деп армандаған шығар... Қызымыздың атын «Анжела» деп қойған, әлгі америкалық күрескер әйел болып еді ғой, соның құрметіне...

Өткен өмірі есіне түсіп, Әни езу тартып күлді.

Сол күннен бастап Әни жұмыстан қайтқан Сараны кеш сайын күтіп алатын болды. Тамағын пісіріп, шәйін қайнатып қоятын қарияны Сара да ерекше құрметтеп, қас-қабағына қарап, анасындай сыйлайтын. Бір демалыста үйін әктеп беріп, тағы бірде көрпе-төсектерін далаға шығарып, желдетіп, қамқорлық жасағанына қарт ана іштей қатты қуанып, қоңырқай тірлігіне шуақ боп кірген осы бір жайдары жанның қоңсы қонғанына Аллаға шүкіршілік ететін. Сараның не істесе де өз ойынан шығатынына риза болып, үйіп-төгіп батасын берер еді. Кей-кейде үй шаруасын шыр айналдырып жүрген келіншектің ылдым-жылдым қимылына сүйсіне қарап, «Роллан келсе, сені алып берер едім» дейтін. «Қойыңызшы апа, топырлаған қыздар жүргенде балалы әйелді қайтеді ол? - дейді ондайда Сара. - Әрі мен одан бақандай жеті жас үлкен емеспін бе?» «Үлкен болсаң қайтеді? Осы тұрғанда кейбір күйеуге тимеген қыздардан бәсің артық, - дейді Әни де өз айтқанынан қайтпай. – Тек ол жөнсіз кеткен шіркіннің келу-келмеуі неғайбыл боп тұр ғой... Түзелмесең, көзіме көрінбе деген өзім ем...»

«Апа, үйден кететіндей Роллан не бүлдірді?» – деп сұрады Сара сондай әңгіме тағы бір қозғалғанда. Әни терең күрсінді. Қабырғаға қарап, мелшиіп отырып қалған ананың көзінен жас саулап, үнсіз жылап отырғанын көргенде Сара қарияның жан жарасын тырнап алғанын ұғып, аңдамай сөйлегеніне қатты өкінді. Бірақ, өкінгенмен не шара? Айтылған сөз – атылған оқпен тең. Ендігәрі орынсыз сұрақ қоймай, тілін тістеп жүруі керектігін ойға түйген ол өксіп отырған Әниін құшақтап, бетінен сүйіп, әзер жұбатып еді сонда.

Арада бір жыл өткенде Әни сырын ашпаған күйінде кенеттен қайтыс болды. Кімнен, қалай естігені белгісіз, қырқын өткізетін кезде Роллан келді. Дене тұрқы сымбатты, өңі де көрікті, аса көп сөйлемейтін жігіт екен. Үйден кетіп қалатындай мінез көрсететін адамға мүлде ұқсамайды. «Япырм-ай, ел-жұрттан безіп кететіндей бұл нені бүлдірді екен? Біреудің қызына қиянат жасады ма екен? Әлде ұрлыққа түсті ме екен? Бәлкім, жастарды қоғадай жапырып жатқан есірткі деген пәлеге үйір болған шығар?» деген ойлардан сол күндері Сара арыла алмай-ақ қойды. Шаруа бабымен кейбір мәселелер бойынша сөйлесуге тура келгенде де «Анасы көрместей боп өкпелейтіндей мұның қандай айыбы бар екен?» деген сұрақ көкейінде тұратын. Бірақ сыртынан қанша зер салып қарағанымен, жігіт айтқан әр сөздің тереңіне үңілгенімен, сұрағына жауап болардай еш ілік таппады.

Жұрт тараған соң Роллан есікке қара құлып салып, «сізде болсын» деп бір кілтті Сараның қолына ұстатқан. «Сыртта біраз жүрдің ғой, енді ауылға қайт. Басыңды құрап, мына үйіңе, анаңнан қалған дүниеге ие бол» дескен ағайындарына мардымды жауап бермей, тіпті өзінің нақты тұрақ-мекенін де айтпастан, жұртты аң-таң қалдырып, кешкі апақ-сапақ уақытта кетті де қалды.

Содан бері көрші үй тарс бекітулі. Күн бата жан-жақтағы үйлердің шамдары самаладай жайнап, айнала жарыққа толған кезде көшенің аяқталар тұсындағы, терезелері соқыр адамның көзіндей қап-қара боп үңірейіп тұрған үй адамның бойына әлдебір қорқыныш ұялататындай. Сара бұл үйдің бос тұрғанына жастар жағы соншалықты мән бермегенімен, ауыл үлкендерінің ол жерден әлденені күбірлесіп, терең күрсінісіп өтетінін байқап жүр. Есігінің алдынан өтіп бара жатып «қайран Әниім-ай, үйің қаңырап әлі бос тұр» деп өзі де талай өксіген.

Осылайша ай артынан ай өтіп, қоңыр күздің демі сезіле бастаған бір күні жұмыстан қайтқан Сара талайдан бері бекітулі үйдің терезелерінен жарық төгіліп тұрғанын көрді. Көрді де, иығынан әлдебір ауыр жүк түскендей «уһ!» деді. Енді ше? Терезедегі жарық – ол үйде тіршілік бар екенін білдіреді емес пе? Толқып кеткен бұған терезеден төгілген жарық басқа үйлердегілерге қарағанда әлдеқайда күштірек жанып, көзді қарықтырып тұрғандай көрінді. Содан да болар үй де биіктей, еңселене түскендей. Күтпеген көріністен сәл кібіртіктеп қалған келіншек «Роллан оралған екен» деп қуанып, жүрісін жылдамдатты. Тық-тық басқан өкшесімен қосарласа жүрегі де лүп-лүп етіп, ауланың қақпасын қобалжып әзер ашты.

Әдетінше Әнидің үйінің іргесін жағалай жүріп, өз үйіне қарай беттегенде байқады – көрші жігіт кілемдерді, көрпе-жастықтарды сыртқа шығарып қойыпты. «Е-е, желдетіп, қағып-сілкіп алайын деген ғой, онысы дұрыс-ақ, - деп ойлады Сара, - жолдан шаршап келген шығар, анасын жоқтатпай ыстық тамаққа шақыра қояйын».

Сараның шақыруын қуана құп алған Роллан көп күттірмеді. Қолына ұстай келген бір қалта апельсиндерін ұсынып жатып: «Балаңызға әкеп едім», - деді жымиып. Сосын: «Әуелі үйді жинап алайын деп, тамақ істемеп едім, жақсы болды ғой» деп шынайы қуанып тұрғанын білдіріп қойды.

Дастархан жасалғанша үй ішін барлай қараған көрші жігіттің назарын Сараның гүлдері бірден аударды. Терезе алдында, бөлменің бұрыш-бұрышында, арнаулы аспада, үстел үстінде тұрған нешетүрлі гүлдерге сүйсіне қарап, әрқайсысын зерттегендей үңіле қарап, біраз жүрді. Әсіресе, құлпырған жап-жасыл жапырағының арасынан күнге қарай бой созғандай боп әппақ гүлі шығып тұрған спацифилиумның қасында ұзағырақ кідірді. Сосын Сараға жымия қарап:

- Бұл гүлдің халықтық атауын білесіз бе? - деп сұрады.

- Білемін, - деді Сара да жадырай сөйлеп, - бұл гүл – «Әйел бақыты» деп аталатын көрінеді. Әйел адамның басына бақ қонарда гүлдейді деседі.

Солай деді де, өз-өзінен қысылып, беті ду ете қалды.

Роллан оның жас баладай қызараңдап, қысылып сөйлегенін қызықтап тағы да жымиып қойды. Сара қонағының әр сөзін, тіпті әр қимылын іштей таразылап, електен өткізгендей қадағалап отырғанын түсініп, «өзі байқап қалмады ма екен?» деп қымсынып қалды. Роллан ештеңе байқамаған сияқты. Кеш бойы орнықты, жайдары қалпынан бір айныған жоқ.

Пісірген тамағын мақтап, өзінің «үстеме порция» жеуден кетәрі еместігін «әскерде болғандар мұндай тәтті тамақ пісірілгенде «ДП» сұрайтын көрінеді» деп, әдемі жеткізгені Сараға ұнап-ақ қалды. Ойыннан келген Русланмен байырғы танысындай сөйлесіп, тіпті «Осы уақытқа дейін қайда жүрдің? Сен жоқта мамаңды мен сияқты біреу алып қашып кетсе қайтесің?» деп қалжыңдағанын да сөкет көрмеді.

Ролланды Руслан да жатсынбады. Бұған Әнидің «Роллан ағаң сияқты өскеніңде...», «Роллан ағаң келгенде...» деп ұлын аузынан тастамай, екі сөзінің бірінде айтып отыратыны да әсер еткен болуы керек. Әскерге кеткен ағасы келгендей қуанған Руслан қалтарыссыз бала көңілмен бірден қолқа салды:

- Білесіз бе, Әни маған Роллан ағаң келгенде атқа шабуды үйретеді деген, үйретесіз бе?

- Әрине, үйретемін. Қажет десе, мамаңа да үйретемін. Тек саған тегін, ал мамаңа – ақысына, - деп Сараға қулана қарап қойды.

Бұған үшеуі де мәз болып күлісті.

Кетерінде Роллан жарық қосқыштан шошайып шығып тұрған сымды көріп «ертең, күн жарық кезде келіп жөндеп берейін» деп Сарадан рұқсат сұрады. Шындығында да, ертесіне құрал-саймандарын көтеріп әкеліп, жарық қосқышты лезде-ақ жөндей салды. Бұрандалары босап, ырғаңдап тұрған ескі үстел мен орындықтарды да бекітіп, есіктің тістесіп, ашылмай қала беретін құлпын жаңалап берді. Одан кейін, Сараның шәйін ішіп отырып, сөз арасында анасының соңғы кезде қалай өмір сүргенінен суыртпақтап сыр тартты. «Әни өле-өлгенше сізді күтіп, жол қараумен болды. Сонша неге зарықтырдыңыз анаңызды?» деді Сара өкпелі үнмен. Роллан үндемеді. Тұнжырап біраз отырды да, шәй толы кесесін үстелге қойып, ләм-мим деместен шығып кетті.

Келесі күні Роллан тағы келді. Түсініксіз мінездері болса, кешірім етуін өтінді. Сара ұлымен кешкі астарын ішкелі дастархан басында отырған, Руслан орнынан ұшып тұрып, оны төрге қарай сүйреледі. Үшеуі кешегідей шүйіркелесіп шәй ішіп, түннің бір уағына дейін отырды. Кетерінде Роллан төргі бөлмеде тұрған Сараның гүлдеріне көз тігіп: «Әйел бақыты...» деді өзіне өзі айтып тұрғандай болып. Сосын Сараға оқыс сұрақ қойды:

- Қалай ойлайсыз, «Еркек бақыты» деген гүл бар ма екен?

Сара оған таңдана қарады.

- Жоқ шығар, - деді Роллан тағы да өзіне өзі айтқандай болып.

Сосын бүгін ішінде ерекше бір от тұтанғандай жарқылдап тұрған көзін Сараға қадап:

- Ал сіз әйел бақытының қандай болатынын білесіз бе? - деп сұрады.

Сара үндемеді. Не десін? Сүйіп қосылған жарымен осыдан он бес жыл бұрын бірге өткізген бал-шырын дәуренін айтпақ па? Ол дәуреннің алыста қалғаны сондай – кейде сол бақытты шақ менің басымнан өтпеген болар, түсімде көрген шығармын деп ойлайтын. Одан кейінгі жылдарда күйеуімнің отын өшірмеймін деп жанталасты. Ұлын өсірді. Ата-енесіне, қайын жұртына сыйлы болып, қатарластарынан «шіркін, әйел болса, Сарадай болсын» деген сөздерді естіді. Үлкендер мұндайда «шүкір, әйел бақыты деген – осы» дейтін шығар-ақ.

Ал Сара үшін әйел бақыты – сонау жас кезіндегі жан-дүниесі ерітіп-елжіретер сезімнен, жарына қуаныш сыйласам деген тілектен тасып-толған, бүкіл өмірін ертегідей елестеткен күйі еді. Әрине, бұл үлкендер айтатын өлшемнен өзгеше болған соң, әйел бақыты туралы сөз бола қалса, Сара өз ойын іште іркіп, үнсіз қалатын. Қалай болғанда да, әйел бақыты дегеннің қариялар арасында қалыптасқан ұғымнан тереңірек, ауқымдырақ екенін сезетін. Бірақ оны өзі де нақты білмейтін болса, өзгеге қалай түсіндірсін?

Сара ештеңе демеді, Роллан да үндеген жоқ. Кетерінде арадағы қолайсыздықты жуып-шайғысы келді ме, «гүлдеріңіз әдемі екен, бір-екеуінің өскінін алып, отырғызсам қайтеді?» деді бұған ойлана қарап тұрып.

Ол кете салысымен Сара бір-екі гүлдің жапырақтарын үзіп алып, суға салды. Тамыры шыққан соң әдемі құмыраға отырғызып, көрші жігітке апарып беретінін ойлап, жымиып қойды. Бірақ... олар тамырлағанша қашан! Өзіне салса, тура қазір артынан ілесе барып, айналдырған бір-екі күнде жұмсақ мінезімен, жұмбақ жымиысымен өзін баурап, ынтық ете бастаған жігітпен армансыз әңгіме-дүкен құрар еді. Бәлкім, ол елден кеткенде өзін түсінер, жанын ұғар бір адамды іздеп, сабылумен күн кешкен шығар? Сонша жыл үйінен безініп, әшейін ел кезіп жүруі ақылға сыймайды ғой. Ал қазір... жырақтан іздегені тап жанынан шыққанына сенер-сенбесін білмей, дал болып, сезімін білдіруге батылы жетпей жүрсе ше?

Ролландың «гүлдеріңіз әдемі екен» деген сөздері Сараның құлағында жаңғырығып, тынышын алды. Төсекте әрі аунады, бері аунады. Ақыры тұрып, терезеден көрші үйге көз салды: жатын бөлменің шамы әлі сөнбепті. Терезеден төгілген жарық қараңғы түндегі шамшырақтай көз арбап, лып-лып етіп, бұған «кел, кел» деп тұрғандай көрінді. Сара халатын киіп, сыртқа шықты.

Айлы түн сүттей аппақ еді...

Аулада қарауытқан екі адамның сұлбасы бірден ес жиғызды. Біреуінің Руслан екенін даусынан таныды, екіншісін де шырамытқандай болды – көшенің арғы бетінде тұратын, шашын иығына түскенше өсіріп, үстіне елде жоқ әлеміш киімдерді киіп жүретін музыкант жігіт Азиз сияқты. Сыртқа шыққан мұны байқап, ұлы бері қарай жүрді, Азиз әрі кетті.

- Неғып жүрсіңдер? Анау кеткен Азиз бе? – деп сұрады баласынан.

- Иә, сол ғой. Ролланға сәлем берейін деп келген екен... Екеуі бұрыннан бірдеңеге келіспеген бе, ептеп шекісіп қалды...

- Сен үлкендердің ісіне араласпа, ұлым. Жүр, ұйықтайық, - деп баласын ертіп үйіне кірді.

Бірақ ұйықтай алмады. Түні бойы дөңбекшіп, таң алдында талықсып әзер көз ілді.

Келесі күні Роллан бұларға келмеді. Екінші күні де көрінбеді. Сара өзінің елегізіп, оны күтіп жүргенін байқады. Үшінші күні есік жаққа елеңдеп, кешті әзер батырды. Жатарда көрші үйдің терезесіне көз салып еді, шамы жанып тұр екен. Сара халатын иығына іле салып, тағы да есік алдына шықты. Көрші үйдің есігі қиялай ашық тұр екен...

Ол үйге барудың еш қисынын таппай қиналды. Әрі ойлап, бері ойлап, түк таппай, беймәлім бір күштің жетегіне еріп солай қарай жүре берген Сара, әлден уақытта көрші үйдің есігінің алдында тұрған кезінде барып ес жиып, өз ісіне қымсынып қалды. «Ұят-ай! Мен неғып тұрмын бұл жерде? Біреулер көріп қалған жоқ па екен?» деп, алақтап жан-жағына қарады. Түнжарымда бейсауат кім жүруші еді? Өзінің оғаш жүрісінен қысылып, тұла бойы бір ысып, бір суып, аяғы дір-дір етіп, дереу кері қайтты.

Алға басқан аяғы кері тартып, ілбіп келе жатып, қайта оралуға, көрші үйге баруға сылтау іздеді. Үйіне кіре беріп, тосын бір ойдан қуанып кетті. Айтқандай Роллан мұның гүлдерін ұнатып еді ғой! Өскінін сұраған. Ал гүл өсем дегенше қашан! Одан да өсіп тұрған бір гүлді апарып сыйламай ма? Анау... өзі ұнатып жүрген гүлді. Иә-иә! Қалайша ойына келмеген?

Сара жедел басып үйіне кірді де аппақ гүлін ашып, құлпырып тұрған «Әйел бақытын» құшақтап, қайта шықты.

Айлы түн сүттей аппақ еді...

Тып-тынық түнде құлағының жарғағын жарардай болып үздіксіз дүрс-дүрс еткен дыбыстан басы солқылдап кетті. Тоқтай қалып, тыңдап қараса, өз жүрегінің дүрсілі екен. Әшейінде қарыс қадам көрінетін екі үйдің арасы жеткізбей, Әнидің үйімен арадағы жиырма шақты қадам жерді жиырма минут жүрген шығар. «Көршінің өтінішін орындағанда тұрған не бар екен, - деп ойлады іштей өзін-өзі алдарқатып, - гүлімді аяғандай болмаймын ба?..»

Ешқандай ішкі есебі жоқ екендігіне өзін-өзі сендіруге тырысқан Сара сонда да болса әлденеге қуыстанып, жан-жағына алақ-жұлақ етіп қарап қояды. Ақыры жетті-ау... Міне, кезінде өзі емін-еркін кіріп-шығып жүрген үй. Сәл ғана ашық қалған есік бұған «кір... кір...» деп тұрғандай көрінді.

Гүл өскен құмырасын құшақтап, қараңғы дәліздің табалдырығын аттай беріп, қалт тоқтады: іштен күбірлеген дауыстар естілді. Алғашында телевизор ма деген, жоқ, екі адамның сөйлескені сияқты. Сара бір орнында қатты да қалды. Ролланның қасында біреу бар екен ғой! Бәсе, келмей қалып еді-ау! Себебі енді түсінікті болды. Кенеттен шаншып кеткен жүрегінің тұсына қолын қойып, кеткелі бұрыла бергені сол еді, Ролланның қаттылау шыққан даусынан селк ете қалды:

- Қойшы, Азиз, сен де қайдағы жоқты ойлап таба береді екенсің! Осындай күдігіңмен шаршаттың әбден!

Азиз? Е-е, көрші жігіт Азиз келіп отыр екен ғой! Түу! Адамның басына бірден жаман ой келетіні несі екен?

Ролланды іштей қызғанып қалған Сара оның қызбен отырмағанына шынымен қатты қуанып, есікті тықылдатпақ болып ұмтыла берген. Кенет бұл күтпеген алас-күлес оқиға басталды да кетті.

- Шаршаттым? Шаршаған екенсің ғой? Онда демал! Мен кеттім!

Солай деп сілкіне сөйлеп, жұлқынып шыға берген Азизды Роллан көз ілеспес жылдамдықпен құшақтай алды... Құшақтап қана қойған жоқ... Сараны аң-таң қалдырып, жо-жоқ... төбесінен жай түскендей шошытып... шашы дудырап, бөлмеден шыға берген жігітті... аймалап сүйе бастады! Оны кеудесінен итермелеп, біраз жұлқынған Азиз сәлден кейін қарсыласуын қойып, Ролланның бетінен, көзінен... өбе бастағанда... өңі түгіл түсінде көрмеген мынадай көріністен есеңгіреп, тілден айрылған Сараның аяқ-қолынан әл кетіп, қолындағы гүл отырғызылған құмыра жерге гүрс етті...

Жүгіре шыққан Роллан анадайда көйлегі ағараңдап безіп қашып бара жатқан Сараны көрді. Аяғының астында жайнаған жапырақтар арасынан арудың білегіндей боп созылып шыққан сабағында үлбіреген аппақ гүлі бар «әйел бақыты» жайрап жатты...

ПЕРІШТЕНІҢ КӨЗ ЖАСЫ

Жарық дүниеге шығар күн жақындаған сайын ана жатырындағы Ұрық-баланың бойын әлдебір тынышсыздық билеп, мазасы кете бастады. Өмір деген не екен? Онда бұл қалай тіршілік етпек? Алдынан не күтіп тұр? Жып-жылы, қалай аунап жатса да жап-жайлы орнын тастап, беймәлім ортаға барғысы жоқ-ақ. Бірақ періште келіп, енді бірер күннен кейін жаңа дүниеге жол шегетінін білдіріп кетті.

Шықпай-ақ қойса болмас па екен? Жайлы орнында ұзақ қалмайтынын білгелі бері өзін мазалаған осы сұрақты соңғы келгенінде періштеге де қойған. Болмайды екен.

Алғашында Ұрық-бала жарық дүниеге шығуға ынталы еді. Өйткені өзі жаратылған соң періште келіп, мұның «адам» екенін, кезі келгенде жарық дүниеге шығып, өмір сүретінін санасына жеткізген. Алғашқы танысулары болғандықтан екеуара түсінісуі, «сұхбаты» ұзағырақ болған. «Мен сонда қалай өмір сүремін?». «Кәдімгі өзің тектес адамдар сияқты. Олар көп, әртүрлі, сен тек жақсыларынан үлгі алуға тырысуың керек». «Қорқамын, маған қиын болатын шығар...». «Оңай болмайды. Бірақ сенің қорғаушың бар». «Қорғаушы? Сондай күш-қайраты мол ма?». Періште мейірлене жымиды: «Сені қорғау қажет болса, бойында ғаламат күш пайда болады». «Мен оны қалай танимын?» «Оп-оңай, өйткені ол үнемі сенің қасыңда болады». «Сонда кім ол?» «Сенің анаң...»

«Анам...» деп қайталады Ұрық-бала. Ол қандай екен?

Ұрық-баланың бойында қызығушылық оянып, періште келесі бір келгенінде анасы туралы тағы «сұрастыра» бастады. Бірақ періште анасын қалай сипаттаса да, мұның көңіліндегі қызығушылық басылмай қойды. Сосын Ұрық-баланың анасына деген ынта-ықыласына мейірленген періште ғажайып қабілетінің күшімен оған анасын «көрсетті».

Ұрық-баланың мұндай ғажайып суретті бірінші рет көруі еді: ай дидарлы ару қыз иығына төгілген қолаң қара шашын біресе қолымен жиып алып, төбесіне түйіп, біресе жайып жібере салып, айна алдында сылаңдап тұр екен. Өз көркіне риза сияқты – айнадағы бейнесіне қарап жымиып күліп қояды. Енді Ұрық-бала анасының әдемі жымиысын қайта-қайта көре бергісі келді.

Сол-сол-ақ екен, жарық дүниеге шығар күн қашан туар екен, әдемі, мейірімді анасымен, оның қасында жиі болатын жан – періштенің «айтуы» бойынша – әкесімен қашан жолығысам екен деп асыққан. Бойына мұның біткенін әлі білмейтін кездерінде әкесі мен шешесі соншалық бақытты күн кешіп, күннің түнге, түннің күнге ауысқанын білмей де қалатын. Бұл құштарлана құшақтасып, емірене сүйісіп жатқан екеуінің ортасына барып жата қалсам, сосын екеуі мені де тап солай құшақтап сүйсе деп «армандайтын» болды.

Бір күні анасы көшеде келе жатып, киім сататын дүкеннің алдына тоқтады. Әйнектің арғы жағында тұрған манекеннің үстіндегі әдемі көйлекке қызығып, сол жерде айналсоқтап біраз жүрді. Оның тап осындай көйлек кигісі келіп жүргенін білетін Ұрық-бала да қуанып, анасын сол әдемі көйлекті киіп, қалықтап ұшып келе жатқандай елестетті. Иә, айтқандай, адамдар жүреді екен ғой. Анасы әдемі көйлегін киіп, етегі желбіреп келе жатады... Кенет, алдарынан ақсия күліп әкесі шыға келеді... анасының мұндай күтпеген кездесулерге ерекше мәз болатынын білетін бұл, қиялдап жатып, титімдей жүрегі «лүп-лүп» етіп қуанып кетті.

Бірақ Ұрық-баланың қуанышты, жарық дүниеге шығуға асығулы күндері кенет аяқталып, өзін пайда еткен екеудің арасында бұл түсінбейтін жайлар өте бастады. Бәрі де анасының өз бойында күтпеген тіршілік иесінің пайда болғанын білген күні басталды. Ұрық-бала анасының сол кездегі жай-күйіне түсінбеді – әшейінде қуанған кезіндегідей алақанын шапалақтап, секіріп-секіріп алар деп еді, ол болса... шошып кетті. Әлдебір қорқынышты мақұлықты көргендей көзі шарасынан шығып, жүрек тұсын басып біраз отырды. Сосын жылады-ай келіп... Төсегіне келіп құлап, өз басын өзі ұрғыштап, ішегін тарта жылағанда Ұрық-баланың қорыққаны-ай!.. Бұрынғыдай емін-еркін жүзуін қойып, бір қуыстау жерге барып, бұл да бүк түсіп жата кетті.

Кешке әкесі келген кезде әлдебір жақсылықтан үміттеніп, Ұрық-бала ана жатырындағы тығылған қуысынан бері шықты. Әкесі мен шешесінің арасында болар әңгіменің тек өзіне қатысты болатынын білетіндіктен, оның басталуын тағатсыздана күтіп, ерсілі-қарсылы жүзе бастады. Үміті ақталмады. Әкесі де қуанбады. Ол-ол ма, «сен әдейі істедің» деп шешесіне жекіп сөйлеп, ебіл-дебілі шығып, еңкілдеп жылап отырған жанды екі иығынан ұстап, жұлқылай бастады. Зәресі ұшқан бұл тағы да қараңғы қуысына барып тығылмаққа ұмтылды.

Сол жерде әлдекіммен соқтығысып қалды. «Сен кімсің?» «Сенің сыңарыңмын» «Мұнда неғып жатырсың? Ана жақта кең, еркін жүзуге болады» «Мен сенен кішімін, сондықтан әзір еркін жүзуге әлім келмейді» «Ә-ә-ә...»

Ұрық-бала сыңары бар екендігіне, мына қорқынышты жағдайда жалғыз болмайтынына қуанып кетті. Бауырына соны айтпақшы болып бұрыла берген, «дүңк» ете қалған соққының екпінінен шайқатылып, оның ар жағына шолп ете қалды. «Не болды?»

Күтпеген жерден сыңарын кездестіру жарық дүниеде болып жатқан жайлардан назарын бір сәт ауытқытып жіберген. Сөйтсе... әкесі... анасын жұдырығымен бір қойып... ұшырып түсірген екен. Ауыр соққыдан есеңгіреп қалған анасын жағынан салып-салып жіберіп, ол көзін ашқанда, тағы да жұдырығын кіжіне көтере берген... Ұрық-бала түкке түсінбеген сыңар-бауырын қалқалап, итермелей бағанағы қуысқа қарай жанұшыра зыта жөнелді...

Осыдан кейін-ақ бұлардың өмірінде көңілсіз күндер басталды. Анасы күні-түні жылаудан көз ашпайды. Әкесі күнара келіп, «құтыл, көзін құрт» деп айқайлап, жер тепкілеп кетеді. Ондайда бұлар үйреншікті қуысқа барып тығылады. Бірақ күн өткен сайын ол жер екеуіне тарлық жасап, біреуі сыртта қалуға мәжбүр болатын. Ана дүниедегі айқай-шу басылған соң сыртта қалғаны қуыстағыға келіп, болған жайды «баяндайды».

«Құрт деуге қайтып аузың барады? Өз баламызға қалай қол жұмсаймыз?» деді бірде анасы еңіреп жылап. «Қайдағы бала? – деді әкесі. - Әрі-беріден соң ол әлі адам емес, бар болғаны ұйыған қан ғана. Менімен болғың келсе – құтыласың.»

«Қалайша бала емеспіз? Біз – адамбыз!» деп шырқырады іштегі екеу. Бірақ оларды ешкім естіген жоқ.

Ақыры анасы көнді. Бір үлкен үйге барып, ақ киімді әйелге жылап мұңын шақты. Әйел жұрттың жылағанына үйреніп кеткен болуы керек, анасын селқос тыңдап, әлдебір қағаздарды жазып, өзімен өзі әбігер болып отыра берді. Жұбатқан да жоқ, ұрысқан да жоқ, анасын әлдебір суық төсекке жатқызып, түрткілеп көрді де, иректете жазу жазылған бір қағазды қолына ұстата салды. Анасы ілби басып, басқа бір үлкен үйдегі аппақ сырмен сырланған, сап-салқын бөлмеге кірді. Бұл жердегілер де көп сөйлеген жоқ. Шешінген анасын биік төсекке жатқызып, жылтыраған суық темірлерін ішіне, бұлар жатқан жаққа қарай сүңгітіп, айналдыра бастады.

«Қаштық!»

Ұрық-бала түк түсінбеген сыңарын қуысқа қарай сүйрелей қашты. Оның әуесқойлығы ұстап кетті ме, дәл қастарынан лып-лып етіп өтіп жатқан жылтылдаған аспаптарға аңтарыла қарап, асығар емес. Қуысқа кірген бойда артына бұрылып, сыңарын жанұшыра шақырды. «Тез! Тез бол!». Бірақ сыңары үлгірмеді. Жылтылдаған пышақ жүзі оның үлбіреген сыртқы орауын жарып жіберіп, бауырын бұлқынып та үлгірмеген күйінде, ысырып алып кетті... «А-а-а...» Сыңарының шыңғырған даусынан мұның құлағы тұнып кетті. Содан соң дүние жым-жырт тыныштыққа айналды.

Анасы үйіне келіп, күні бойы сұлқ түсіп ұзақ жатты. Бұдан кейінгі күндері де бұрынғыдай әдемі киімін киіп, таранып-сыланып көшеге шықпады. Тіпті жарытып тамақ та ішпеді.

Бұл да қуысынан ешқайда шыққысы келмеді. Әдетінше анда-мұнда жүзген де жоқ. Дене мүшелері дамып, сана-сезімі артқан сайын бұған дейін жұмбақ боп келген көптеген жайлардың сырын түсіне бастаған-тын. Бірақ сыңарынан айрылғалы бері сыртқы дүниеге деген қызығушылығы да сап тыйылып, әлденеден алданғандай, әлдекім зәбірлегендей тоң-торыс күн кешіп жата берді.

Арада үш-төрт ай өткенде анасы тағы да ақ киімді әйелге келіп, жылап-жылап қайтты. Ұрық-баланың бойында өзінің аман қалғанына анасы қуанады ма деген мардымсыз ғана үміт болған. Адамдарды түсініп болмайды екен – анасы бұл күткендей қуанған жоқ. Бірақ бұл жолы өткендегідей қатты қайғырған жоқ, сондағыдай – дүниеден түңіліп кетердей жылаған жоқ. Ақ киімді әйелдің «Көрер жарығы бар екен, енді күпірлік қылма» дегені өзіне қатысты айтылғанын түсініп, анасы не дер екен деп, тына қалған. Ол үндеген жоқ. Терең күрсінді. Онысына Ұрық-бала мұңайып қалды.

Бұдан кейінгі өмірінің бәрі анасының сүрген күндерінен айнымайтын: ол айналасындағы қызылды-жасылды, шулы-думанды өмірге немқұрайлы қарап, сылбыр күн кешсе, бұл да алдынан күтіп тұрған беймәлім тіршілікке барғысы келмей, бұрынғыдай ештеңе қызықтырмай, ештеңеге ұмтылмай селқос күй кешті. Анда-санда бір аунап түсіп, бүк түсіп жата беретін...

Солай жата берер ме еді, мұның жарық дүниеге шығар уақыты өтіп бара жатқанын білген періште келіп, «Бар жарық дүниеңе!» деп құйрығынан сарт еткізіп салып қалмағанында. Оқыс тиген шапалақ тәніне батып, бұл шар ете қалған...

- О-о, ұл! Ұл болғанда да қандай! Нағыз батыр! – деді Әсемді босандырып алған акушерка әйел дабырлай сөйлеп. – Қане, өлшейікші... айттым ғой, төрт келі бес жүз грамм!

Ағыл-тегіл жылап жатқан Әсемнің кеудесіне тырбаңдаған нәрестені жатқызып, үстінен жөргекпен жаба салған акушерка әйел: «Жылама, қызым, бәрі де жақсы болады. Айбарың, қорғаушың осы болады әлі, маған салса мұндай балпанақтай баланың атын Айбар қояр едім, қалай қарайсың?», - деді мейірлене сөйлеп. Әсем жылап жатып, басын изеді.

Сәбиін құшақтап перзентханадан жалғыз шықты. Жаманат жерде жата ма? Қызы туралы естіген қаңқу сөзге сенбей, алыс ауылда тұратын шешесі іздеп келген. «Желден басқа тимеген, күннен басқа сүймеген» деп жүрген қызының бала емізіп отырғанын көргенде өз көзіне өзі сенбей, сілейді де қалды. Әуелі ойбайлап, жерді тоқпақтап ұрып, қарғап-сіледі. Одан кейін «қырам да жоям, әкесі кім?» деп сұрақтың астына алды. Сосын барып, ештеңеге селт етпей, не қуанбай, не ренжімей, тек көлеңке сияқты боп жүрген қызына ана көзімен қарап, ағыл-тегіл жылады. Алданған, жаны қан-жоса боп жараланған, намысы жер болып тапталған балапанын аяп, іші-бауыры езілді. «Ішіме сыйған балам сыртыма да сияды!» деп, босаған көңілін күрт бекіткен ана құндақтаулы баланы көтеріп, қызын ауылына алды да кетті.

Арада бірнеше жыл өтіп, Айбар мектепке баратын жылы бұларды ауылға бір кісі іздеп келді. Аулада ойнап жүрген бала ол кісіні көргенде аң-таң қалып тұрып қалды. «Қайдан көріп едім?» деп ойлады ол. Бірақ қанша ойласа да есіне түсіре алмай қойды. Апасының ол кісіге неге айқайлап ұрысқанын, анасының түпкі бөлмеге кіріп кетіп, неге шықпай қойғанын түсіне алмады. Ауладан шығып кетіп бара жатқан адамның өзіне тесіле қарағанынан денесі дір ете қалды. «Осылайша кім қараушы еді?»

Содан кейін де сырғып көп жыл өтті.

Апасы қайтыс болған соң бұлар қалаға көшіп келді. Мұнда келгенде бұларды баяғы ауылға іздеп келетін кісі тауып алып, өз қамқорлығына алған. Айбар оны мойындамай, анасы екеуінің жып-жылы ұясына бөтен «ағайдың» кіріп, билік жүргізгеніне көнгісі келмеген, бірақ анасы «әкең осы кісі» деп амалын туысты. Анасының көңілін жыққысы келмегендіктен ғана қанша тырысса да бауыр баса алмаған осы бір бөтен жанға жылы шырай танытқан болады.

Бірақ, шынымен әкесі екеніне әлі де сенгісі жоқ...

Кішкентайынан мінезі ашық, бауырмал боп өскен, кемтар, қауқарсыз кісілерді аяғыш, ауылдан бұл жоқта үйге келген қонақтарды өзі күтіп ала беретін қонақжай баласының әкесі келсе күрт өзгеріп, тұнжырап, қабағы ашылмайтынына Әсем іштей таң қалады. Алғашында «балалық қызғанышы ғой» деп ойлайтын. Келе-келе көңіліне баласының өзін бұлай ұстауының басқа бір себебі бар-ау деген күдік ұялады. Ұлымен сөйлесіп көрген. Баласы оқыс сұрақ қойып, шешесін таң қалдырды. «Осы кісі бұрын, кішкентай кезімде, мені қатты зәбірлеп, ұрған жоқ па?» «Қайдағы ұрған, балам-ау? Сендер тіпті кездескен емессіңдер! Екеуің сен мектеп бітіретін жылы танысқан жоқсыңдар ма? «Оны неге сұрадың?» Айбар «білмедім» дегендей күрсініп, иығын қомдады.

Әсем сол әңгімеден кейін баласының мінез-құлқына зер салып қарай бастады: оның өзін ұстауы екі түрлі болатын. Әшейінде жайдары, мейірімді де, әкесі барда ойлы, тұнжыр, онымен бұл білмейтін басқа бір жерде шекісіп қалған, бірақ айналасындағыларға ол жайды білдірмеуге тырысатын адамның мінезін елестететін. Шыдамай баласынан тағы да сыр тартып көріп еді, ол «ештеңе емес», «білмедім», «саған солай көрінген шығар» дегеннен аспай, әңгімеден басын ала қашты. Ал баланың әкесі өзіне бәле жапты: «Басқа біреумен байланысың бар да! Соны қалап, мені қаламайды да! Сосын ғой жаратпайтыны!»

Әсем шошып кетті. Қайдағы басқа біреу? Қайдағы байланыс? Қаны басына шапшып, бойын ашу кернеген ол еркек атаулыға деген сезімін де, сенімін де сонау жиырмаға толар-толмас жасында өзі жойғанын айтып салған.

Көңіліне түскен күдік құрты жанын жегідей жеп, бұлан-талан боп отырған еркек өзіне қарап тепсіне сөйлеген әйелді бар күшімен ызалана итеріп жіберді. Үстел үстіндегі кесе-шәйнектерді қағып, құлап түскен Әсем орнынан тұра бергенде, бөлмеге салдыр-гүлдір дыбысты естіген Айбар жүгіріп кірді. Анасына қарай жұдырығын көтеріп төніп келе жатқан әкесін көргенде көз алды жарқ ете қалғандай болды: санасының түкпірінен зымырай жеткен, сонау алыста қалған көрініс сол қалпына қайталанды: бойына біткен баласын алдыртпаймын деп жылаған анасына ашуланған осы адам тап осылай жұдырығын кіжіне көтерген...

А-а, қайдан көрдім, осы адам бір зорлық көрсетті деген ой маза бермеуші еді, сонда, сонда көрген екен ғой!

Сол-сол-ақ екен, Айбардың көз алдынан кино таспасындағыдай көріністер: таныс-бейтаныс екі адамның арасындағы ұрыс-жанжалдар, лыпылдаған темір аспаптар зуылдай өтіп, әлдекімнің шыңғырған дауысынан құлағы тұнып кеткендей болды. Қаны басына шапшыған ашулы жігіт бір-ақ ырғып анасын жәбірлеушінің қасына жетіп, бар ашу-ызасы құйылып, қорғасындай ауыр тартқан жұдырығын құлаштай сермеді... Анасының шырылдап ара түскеніне бой бермей, мұның бір ұрғанынан-ақ сұлап түскен еркекті басы-көзі демей төмпештей берді, төмпештей берді...

Сот болатын күні жаймашуақ жаз күні күрт суытып, аспанды сұп-сұр қорғасын бұлттар басты. Кеше ғана тамылжып тұрған ауа-райының бұлайша құбылғанына аң-таң қалған жұртшылық, жылы киімдерін іздеп, әбігерленді де қалды. Сот процесіне куә ретінде шақырылғандар мезгілсіз келген суықтан денелері тітіркеніп, етек-жеңдерін қымтанып, үрпиісіп тұр. Көбісі талай жылғы таныстар, туыстар мен көршілер. Күбірлесе сөйлесіп, бір-біріне Айбардың жұмсақ мінезін, қайырымдылығын айтып тауыса алар емес. Өздері кішкентайынан білетін, төбелеспек түгіл, ешқашан біреуге дауыс көтеріп көрмеген биязы жігіттің оқыс ісіне сенбей, жағаларын ұстаған көпшілік сот залының табалдырығын әрі-сәрі күйде аттады.

Сөздерінің шындығына айыптаушы жақты да, судьяны да сендіруге тырысып, шыр-пыр болғандарға темір тордың ар жағынан мұңая қараған Айбар ішіндегі лық-лық еткен сезімін кімге, қалай айтарын білмей, үнсіз отыра берді. Өйткені... адам баласына қатысты осыншалық қатыгездік жасағаны оның өзі үшін де түсініксіз болатын... Мына тор бөлмеде отырған да өзі емес, басқа адам сияқты. Өткендегі... анасына қол көтеріп, жәбірлеген, ал қазір өмірдегі ең қорғансыз, әлжуаз жандай, қорғаушының қасында бүрісіп қана отырған адамды ұрып жыққан басқа біреу сияқты.

- Ау, ағайындар-ау, сіздер кімді қорғаштап отырсыздар? Біз қарап отырған қылмыс – сіздер айтқандай қайырымды, мейірімді адамның қолынан келетін іс пе? Өзіне соншалық жақсылық жасап, анасы екеуіне қиналғанда қолұшын беріп жүрген адамды аяусыз соққыға жығу – ақылға сыймайтын қылмыс, - деді жәбірленушінің қорғаушысы. – Екеуі де бұрыннан бас араздықтары жоқ екендігін растап отыр. Бұрын-соңды өзіне жәбір көрсетпеген адамды соншалық қатыгездікпен ұрып-соғудың себебін мен түсіне алмадым.

Шынында оның себебін қорғаушы ғана емес, басқалар да, тіпті ең жақын жан – анасы да түсінбеген болатын.

Тек сол жерде шарқ ұрып ұшып жүрген періште ғана түсінді.

Себебі адам баласы тарыдай ғана түйін боп жаратылған кезден бастап көрген жақсылығы – жарық дүниеге келгенінде жақсылық болып, ал зорлығы – зорлық болып қайта айналып соғатынын нақты білетін сол ғана еді. Бірақ амалы қанша, адамдар өмірінің өз заңы бар екенін, қанша құдіреті күшті болса да оған араласа алмайтынын біліп күйінген періште сот залында шыркөбелек айналып-айналып, лажсыздан өз ғаламына ұшып кетті.

Сот мәжілісі аяқталып, жұрт сыртқа шыққанда нөсер жаңбыр құйып тұр екен.

Бұл – ағыл-тегіл жылап бара жатқан періштенің көз жасы екенін ешкім білген жоқ.

ПЕРЗЕНТХАНА ЖЫРЫ

Қызым Меруертке

Босанатын уақыты таяп қалса да Қамар тіптен алаңсыз: жүріп-тұруы да жеп-жеңіл, еш жері ауырмайды да, көңілі шапқан тағамды жеп, қалаған жеріне бұрынғыдай барып-келіп жүр. Айналасындағылардың да оның дөңгеленген ішіне көздері үйреніп кеткендей, құрбы-құрдастары көрген сайын «саған мүсініңнің осындай болғаны жарасады» деседі әзіл-шыны аралас. Қамар олардың сөздеріне мәз болып күліп, күйеуіне наздана қарайды. Мұндайда сөз таппай қалатын Асылхан ба, «жарайды, сендердің көздерің ондай әдеміліктен үнемі сусындап жүруі үшін Қамар екеуміз ойланып көреміз» дейді келіншегіне көзін қулана қысып қойып.

Жастықпен ештеңе байқамады ма, әлде өзі мән бермеді ме, Қамар жұрт айтатындай ештеңеге жерік те болған жоқ. Бұрынырақ сәбилі болған құрбыларынан сұрағанда «ой, токсикоз басталғанда көресің көресіңді» деп шошытып еді, ондай «сынақ» мұны айналып өтті. «Жерік асыңды беріп, сауабыңды алайын, не нәрсеге аңсарың ауып жүр?» деп жеңгесі хабарласқан, бір келгенінде енесі де айналшықтап, сыр суыртпақтаған. Келінінің бала сияқты екі иығын қомдап, жайдары жымиғанын жақсылыққа балаған ана «е-е, Аллаға тәубе, бұл – нәрестенің дені сау, дамуы қалыпты екенін білдіреді, шырағым» деп шүкіршілік еткен.

Күн өткен сайын ішіндегі тіршілік иесі өзінің бар екенін жиірек еске салып, «өнер» көрсететінді шығарды. Әсіресе, бұл тамақ ішетін уақытты өткізіңкіреп алса, ойпаң-тойпаң қимылдай бастайтыны қызық-ақ. Қамардың тамағы құрғап, шөлдесе де ол мықтының тыпырлауы өршіп кетеді. Сірә, оның да қарны ашатын немесе шөлдейтін шығар деп ойлайды болашақ ана.

Кейде бала қатты тыпырлап, өкшесі ме, шынтағы ма ішін тесіп жіберердей болып, бүйірінің бір жері шошайып шыға келетіні бар. Қамар алғашында ауырсынатын еді, келе-келе еті үйреніп, тіпті шошайып шыққан жерді саусағымен баса қойып, ойнайтын болды. «Қызық, өкшесін тіреп, керіліп жатыр ма екен?» деп ойлап қояды ондайда. Көзіне тыраң-тыраң етіп керіліп жатқан қызылшақа нәрестені елестетіп, бұрын-соңды бастан кешпеген бір сезім ет-жүрегін елжіретеді.

Кеше күйеуі түс көріпті. Түсінде алтын сататын дүкенге кіріп, бұған бір жүзік сатып алғысы келген екен. Сөре толған алтын жүзіктердің ішінен бұған лайықты ештеңе табылмапты. Енді кете берейін дегенде сөренің елеусіздеу бұрышынан айналдыра тізілген сегіз тасы шам жарығына шағылысып, мың құбылып, көз жауын алған ерекше жүзікті көзі шалады. Міне, іздегені осындай жүзік болатын! Жалма-жан қалтасынан ақшасын шығарып, санап жіберсе – әттеген-ай, жетпейді екен... Сол жерде сатушыға «бағасын түсір» деп жата кеп жабысатын көрінеді. Бірақ ондай жүзікті кім арзанға берсін? Сатушы көнбейді. Жүзіктің құнының жоғары екендігін, бүгін болмаса ертең өтіп кететініне сенімді екенін айтып, бұл қанша жалынса да міз бақпайды. Амалы таусылған, бірақ қайткен күнде де сол жүзікті алып кетуге бел буған бұл... сол жерде аңдып тұрып... сатушы бір айнала бергенде жүзікті ұрлап алып, қаша жөнеледі.

Кешкі шәй үстінде күліп отырып түсін айтып берген күйеуіне Қамар: «Жүзікті алып қашқан өзіңсің, енді маған қыз тудың деп бәле салма» деді қуақылана. «Бір қыз ештеңе емес қой, бөлімдегі әйелдер маған «Қамар сегіз қыз туады екен» деп жорып жатыр» деп күйеуі де күле жауап берді. «Несі бар, тусам – туам! Әжем ылғи «қыз дегенің – ырыс қой» деп отыратын, қызымыз көп, ырысымыз мол болады» деді Қамар салмақтана қалып. «Ой, батырым-ай! Әуелі осы біріншіңді туып алшы, сосын көрейін батырлығыңның қаншалыққа жеткенін!» деді күйеуі мұны бала сияқты арқасынан қағып. Сол күні екеуінің әңгімесі осы арнада тағы бірнеше рет тоғысып, ұйқыға жатқанға дейін бір-бірін қажап, қалжыңдасумен болды.

... Толғақ аяқ астынан қысты – Қамар шырт ұйқысынан іші ауырып оянды. Босануына әлі бір айдай уақыт бар болатын, сондықтан бірден «кешегі тамақ ішіме жақпай қалды ма?» деген ой келді. Далаға жалғыз шығуға қорқып, күйеуін оятайын десе, оның ұйқысын бұзғысы келмей, «мүмкін қояр» деген үмітпен ішін сипалап біраз отырды. Сәлден кейін алғашқыдай емес, ішінің бұрап ауырғаны бәсеңсігендей болды. Көзіне ұйқы тығылған Қамар төсекті сықырлатпауға тырысып, жастығына қисая кетті.

Көзі ілінгені сол ғана сияқты еді, іші қайта бұрай ауырды. Бұл жолы бұрынғыдан қаттырақ ауырды, жанына батқаны сондай – қиналған даусы шығып кетті. Селт етіп оянған күйеуі бұған шошына қарап: «Басталды ма? Басталды ма?» деп қайталай береді. Қамар басын шайқады. Күйеуі түкке түсінбеген қалпы әлі қарап тұр. «Әлі бір ай бар...» деді бұл бір кезде әзер сөйлеп.

- Енді не болды?

- Білмеймін... кешкі тамақ... жақпай қалған шығар...

- А-а-а... үйде ондайға дәрі бар ма еді? Ішесің бе?

Даусында бағанағы шошудың ізі де қалмапты, тіпті толғақ емес екендігіне қуанып кеткен тәрізді. Көрпесін ашып, жатуға ыңғайланды. Бірақ әйелі ыңқылдап отырғанда бірден жата кетуге ыңғайсызданып, төсегінде шоқиып біраз отырды. Ауруы жанына батып қиналып отырса да, Қамар оның қасында отырғанына риза болып, жүрегін қуаныш кернеді.

- Жұмысқа барасың ғой, ұйықтай бер, - деді сосын Қамар оны иығынан сипап, - қоятын шығар...

Айтқанына сендіргісі келіп, жайбарақат сөйлеуге тырысқанымен, ішінің ауырғаны таяу арада басыла қоймады. Іштегі бала да өзін жайсыз сезініп жатыр ма екен, ол да тыпыршып, мазасыздана бастаған сияқты. Қамар білетін дұғаларын күбірлеп, біресе ішін, біресе кеудесін сипалап қаншалықты отырғанын білмейді, әйтеуір бір мезгілде жаны саябыр тауып, арқасын жастыққа сүйеген қалпы көзі ілініп кетіпті.

Үшінші қайтара оянғанында бөлме іші әжептәуір жарық болып қалған екен, көзі қарсы қабырғада ілулі тұрған сағатқа түскен – алтыдан он бес минут кетіпті. Ішінің ауырғаны сондай, көзі қарауытып, кеудесіне дем жетпей, алқынды да қалды. Тұлабойын тер жуып, бір ысып, бір суынған Қамар келесі бір сәтте жүрегі айнып, лоқси бастағанында «ойпырмай, уланып қалмадым ба екен?» деп зәре-құты қалмады. Іштегі бала да тыпырлап, жоғары өрлеп, мұның жүрегіне қарай тырмысып жатқандай сезінді.

Әшейінде сергек ұйықтайтын күйеуі тіпті ештеңені сезер емес. Мұның тістене, ыңырси дем алғаны түгіл, құлағының түбінен мылтық атсаң да дәл қазір естімейтін сияқты. Таңғы ұйқы – ең тәтті ұйқы деген осы шығар... Қамар орнынан ілби көтеріліп, басқа бөлмеге бет алды, ондағысы – күйеуінің ұйқысын бұзбау.

Қабырғаға сүйеніп біраз тұрды: кең бөлменің ауасы сәл де болса бойын сергітіп, жеңілденген сияқты болды. Бірақ онысы көпке барған жоқ, енді белі сыздай бастады. Сонда ғана Қамардың әйелдік санасы ұйқыдан оянып, «ойпырмай, осы толғақ болмаса нетті?» деген ой жарқ ете қалды. «Бәсе, қалай есімнен шығып кеткен? «Белің ауырады... ішіңнің ауруы белгілі бір уақыт салып, қайталанады, барған сайын жиілей түседі» демеп пе еді апам? Толғақ екен ғой! Ой, Алла-ай, өзің жар бола гөр... Алла-ай!»

Соңғы сөзі қатты шығып кетті. Іле-шала жатын бөлмеден тарс-тұрс дыбыс естіліп, күйеуі атып шықты.

- Не болды?!

- Дәрігер шақыр...

- Сен ерте деп ең ғой?

- Ша-а-қы-ыр...

... Көшедегі бірлі-жарым жаяу жүргіншілердің зәресін алып, бажылдап, машиналарды орағытып өтіп, жолды-жолсызбен зулаған «Жедел жәрдем» Қамарды қаланың шығысындағы перзентханаға лезде-ақ алып келді. Бірақ келіншектің босану бөлмесіне жетуі мұң болды: қабылдау бөлмесінде отырған дәрігер келіншек асып-саспай қай жылы туғанын, қашан күйеуге шыққанын, қай әйелдер консультациясында тіркелгенін және дәрігердің қабылдауында соңғы рет қашан болғанын... тәптіштей сұрап, журналына жазып жатыр, жазып жатыр. Сұрақтары таусылар емес тіпті. Жанына батқан аурудан оның сөзінің бірін ұғып, бірін ұқпай, әрі сол жерде босанып қаламын ба деп қорыққан Қамар дір-дір етіп жылап тұрды.

- Ерлі-зайыпты өмірмен қашаннан бастап тұра бастадыңыз? – деп сұрады дәрігер ештеңе болмағандай жайбарақат үнмен әрі Қамардың неге жылап тұрғанын түсінбегендей таңдана қарап. Бұған дейін қанша сабыр сақтап тұрса да тап осы кезде Асылханның төзімі таусылды.

- Қашаннан бастап тұрғанын қайтейін деп едің? Соның бәрін қазір сұрамасаңдар болмай ма? Қандай тасжүрексің өзің! Мына байғұс әзер тұр қиналып, апармайсың ба босандыратын жерге!

- Айғайламаңыз! Мен ерігіп отырғаным жоқ, өз жұмысымды істеп жатырмын.

- Өй, бүйткен жұмыстарыңның әкесін...

- Қане, жігіт, шығып тұрыңыз мына жерден!

У-шуға бірнеше адам жүгіріп келді. «Бөріктінің намысы бір» дегендей, әріптестерінің намысын жыртып, ақ халаттылар Асылханды түтіп жейтін түрлері бар. Әшейінде салмақты, бірақ бір көтерілсе оңайлықпен басылмайтын Асылхан да олардан ыға қойған жоқ – қарқыны бәрін қырып-жойып жіберетіндей. Тар дәлізде әркім өзінікін жөн санап, онысын бір-біріне дәлелдеп, у да шу болып жатқанда, бебеулеткен аурудан жанын қоярға жер таппаған Қамар басы айналып, құлағы шыңылдап, қабырғаға сүйеніп тұрған қалпы сырғып құлап бара жатты...

«А-а-с-ы-ы...» Осынша у-шудың ішінен сыбырлай, жарым-жартылай айтылған өз атын қалай естігені белгісіз, Асылхан ақ халаттыларды кие-жара әйеліне қарай тұра ұмтылып, соңғы сәтте сүйеп қалды.

- Міне, сендердің әңгімелеріңнің нәтижесі!

Дәрігерлер жаңағы кикілжіңнің бәрін дереу ұмытып, өңі боп-боз боп сұлық жатқан әйелді кенет төнген қатерден құтқаруға жанұшыра кірісті.

- Тез! Тез! Каталка әкеліңдер!

- Қоршамаңдар! Ауа өткізіңдер!

- Нашатыр! Нашатыр қайда?

Қамарды санитарлар ұзын дәлізді салдырлатып алып келген каталкаға көтеріп салып жатқанда, бір медбике жүгіріп келіп, оттегі толтырылған жастыққа жалғастырылған маска кигізіп үлгірді. Бір дәрігер жылжып бара жатқан каталкамен қатарласа жүгіріп, тамырын ұстап, екіншісі дереу көзін ашып көріп, қаумалаған ақ халаттылардың бірі сүйреп, бірі тартқан каталка ұзай берді.

Дәліздің тап ортасында селтиіп жалғыз қалған Асылханның бойын әлдебір үрей биледі. Анау ақ халаттылар қаумалап әкетіп бара жатқан Қамар өзінің өмірдегі ең жақын адамы екенін жан-жүрегімен түсінді. Жары енді қайтып келмейтіндей, ақтық жүздесулері осы болғандай күй кешіп, іші удай ашып, жүрек тұсында әлдене үзіліп кеткендей бүгілді де қалды.

- Уайымдама, бәрі жақсы болады...

Дәл қасынан естілген жұмсақ дауысқа басын көтеріп қараған Асылхан қолында шелегі мен шүберегі бар, айналасын әжім торлаған қоңырқай көздерінен мейірім төгілген әйелдің өзіне жымия қарап тұрғанын көрді. Өмірдің талай өткелінен өткен ана бүк түсіп отырған жас жігіттің келіншегі үшін соншалық уайымдап отырғанына іші жылып, оның жүрелеп отыра кеткені әлсіздігін емес, ерлі-зайыптылар арасында бір-бірін аялаған, қадірлеген нәзік сезімнің бар екендігін білдіретінін бірден түсінді. Мұның көз алдында болып жатқан аласапыран тірліктен ештеңе ұқпай, дүрлігіп жүрген дәрігерлермен қалай тілдесуді де білмей дал болған түрін көріп, аяп кетті-ау деймін, таяп келіп арқасынан қақты. «Уайымдама, балам, сәл шыдасаң, мына сапырылыстың бәрі де артта қалады. Осы жерден үшеу боп шығасыңдар әлі. Тек Жаратқан иемнің көзі оң болғай де. Тұра ғой, мына жерді сүртіп алайын.»

Орнынан ілби көтеріліп, есікке қарай беттеген Асылхан еден жуып жүрген ананың: «Адамнан адамның шығуы оңай болып па? Міне, осылай қиналады әйел байғұс. Соны біле бермейді, әйелдің қадіріне жете бермейді ғой кейбір пақырлар...» деп күңкілдеп бара жатқанын естіді. Көз алдына дәрігерлер қаумалаған каталкада боп-боз боп жатқан Қамар елестеп, жүрегі шым ете қалды. «Халі не күйде екен?»

Палатада алты әйел жатыр екен. Медбикенің сүйеуімен, тізесі дір-дір етіп, есіктен кіре берген Қамардың алдынан шыққан мығым денелі, аяқ-қолы балғадай келіншек мұны көріп жарқылдай сөйледі:

- О-о, міне, енді түгенделдік. Бізде үш ұл, үш қыз боп тұрған, сенікі кім?

- Қыз бала.

- Е, дұрыс бопты. Сен не, ұл күтіп жүр ме едің – көңілсізсің ғой?

Қамар басын шайқады. Тап қазір сөйлесуге еш құлқы жоқ еді. Аяғынан әл кетіп, буын-буыны дірілдеп әзер тұрған ол медбике нұсқаған есік жақтағы бос керуетке отыра кетті.

Көңілсіз болар реті бар-ды – бөпесі сегіз айлық болып шала туды. Босандырып алған акушер, тәжірибесіздігінен болар, жүкті әйелдерге консультацияда ашылатын кітапшаға қарап: «Ой, мамаша, сегіз айлық баланың тірі қалу-қалмауы неғайбыл. Сондықтан әрі қарай не болатыны белгісіз. Бірақ басың жас қой, әлі талай бала туасың» деп қойып қалғаны. Төбесінен жай түскендей болды...

Төсегіне бетін қабырға жаққа беріп, теріс қарап жатты да ішкі дүниесін билеген алай-дүлей сезімге ие бола алмай, көз жасына ерік берді. Бүкіл жан-дүниесі астан-кестен болып, көкірегі удай ашып, әлдебір қара күш аяусыз сығымдап жатқандай тынысы тарылды. Дем жетпей, жүрегі қысылып бара жатса да басына бүркеп алған көрпесін ашпай, ащы даусы шығып кетпес үшін аузын жастықпен тұмшалап, әбден сілесі қатқанша жылады. Арада біраз уақыт өткен соң ғана буын-буыны ұйып, әлі құрып, көзі ілініп бара жатты.

Жаңа келген келіншектің көрпе астында солқ-солқ етіп жылап жатқанын палатадағылар әркім өзінше жорып, бір-біріне үнсіз қарасып отырып қалды.

«Баласы аман ба екен байғұстың?» деп ойлады үшінші сәбиін дүниеге әкеліп жатқан Гүлжан.

Өзінің екінші ұлды дүниеге әкелгеніне марқайып, басқаларға шекесінен қарап жүрген Нағима: «Ұл тумадым деп жылап жатқан шығар» деп түйді.

«Бұл да мен сияқты күйеусіз туған ғой...» Қарсы керуетте жатқан Күләштің ойына өзінің мүшкіл жайы түсіп, іші бордай үгітіліп бара жатты.

Өзінің көрікті екенін білетін Диляра әдетімен айнаға қарап, кекілін біресе көзіне түсіре тарап, біресе кері қайырып отырған, солқ-солқ етіп жатқан келіншек жаққа қарап, басын шайқады: «Тууын туып ап, жылағаны несі? Өйтіп не шешпекші?»

Люба әдетінше ұйықтап жатқан, палатаға жаңа тұрғынның келгенін білген де жоқ.

Төр жақ төсектегі Сәуле «Босанған кездегі стресс қой, жылап алғаны да дұрыс» деп ой түйіп, Қамарға қарай беттей берген Гүлжанды ымдап тоқтатты.

Түні бойы ұйықтамаған, оның үстіне акушердің түйеден түскендей сөздерінен жаны шошынып, әбден жылаған Қамар шаршап қалыпты. Оны ұйқысынан бұрын-соңды естіп көрмеген бір әуен оятты. Сонау алыстан басталып, бірте-бірте үдей түскен, едені кедір-бұдырлы дәлізбен дүрсілдей айналған дөңгелектер дыбысымен қоса қабаттаса естілген жұмбақ әуенге құлақ түріп, сол сәтте әбігерлене қалған қасындағыларға сұраулы жүзбен қарады. Әйелдердің жүздеріне шуақ тұнып, еріндеріне мейірлі жымиыс үйіріліп, төсектеріне жайғаса отыра бастағанынан бұл – олардың асыға күтіп отырған әуені екенін ұқты.

Сиқырлы әуен бойын еліттіріп, орнынан қалай атып тұрғанын, төсегіне жайғасып отырғанын байқамай да қалды. Жақындаған сайын Қамардың тұлабойын шымырлатып, жүрегін атқақтата соқтырған ғажайып әуен – емізуге әкеле жатқан нәрестелердің жамырай айтқан іңгәсі еді. Сырғыма төсекке қатарластыра жатқызылған бөбектер өздерінің бар талап-тілектерін: қарны ашқанын, шөлдегенін, жайсыз жатқанын, орауы денесіне батқанын, жөргегі ылғалданып қалғанын... білдіру үшін аналарына шағынып, шулап жылап келе жатты: іңгә-ә... іңгә-ә... іңгә-ә...

Палатаның есігі сарт етіп ашылып, дік-дік басқан медбике балаларды аналарына тарата бастады. Оның екі баланы екі қарына салып алып ұстайтынына Қамар таңдана қарады. «Абайламаса, баланың басын есіктің жақтауына соғып алуы да мүмкін-ау» деген ой зәресін ұшырып, тіпті «балаларды бір-бірден әкелсеңізші» дегісі келіп те оқталды. Медбике палатаға кіріп-шыққан сайын оған еміне қарап отырған жас ана оның төртінші кіргенде тіп-титтей түйіншекті алақанына салып әкеле жатқанын көріп, жүрегі лүпілдей жөнелді. Медбике бұған еңкейіп жадырай сөйледі: «Міне, сіздің сұлуыңыз!»

Тұла бойы қалтырай сәбиіне қарай қос қолын созған Қамардың алдына титтей түйіншекті еппен жатқызған медбике тағы да күлімдей тіл қатты: «Кіп-кішкентай өзі, алақанға сыйып кетеді. Жылауды да білмейді... шала туған ғой... Сіз бірақ уайымдамаңыз, жақсылап емсе, күтімі болса, тез-ақ қатарластарын қуып жетеді... емізе беріңіз...»

Бірақ бөпесі ол жолы мәмесін ембеді.

Келесі жолы да сөйтті. Тіпті көзін де ашқан жоқ. Медбике оның мұрнын қысып, біраз жұлмалап еді, бөпесі бет-аузын бүрістіріп, кемсең-кемсең етті – бала мысық сияқтынап, әлсіз пырс-пырс еткені болмаса, тіпті даусы да шыққан жоқ. Оның аянышты түрін көргенде Қамардың жаны шығып кете жаздап: «Жарайды, жарайды, оянар өзі, жылатпаңызшы» деп безектеп медбикеге жалынды.

Бұл кезде сәнқой Диляра қасында жатқан баласының іңгәлағанын естімегендей бір нүктеге безірейе қарап отыр еді. Медбикенің «балаңызды емізбейсіз бе?» дегенін жақтырмағандай кекірейе көз тастап, кекілін сілкіп, басын шайқады. Түкке түсінбей аңтарылып қалған әйелдерді де, көзін жыпылықтатып тұрған медбикені де таңқалдырып: «Екінші рет әкелмеңіз. Емізбеймін!» деді нығыздай сөйлеп.

- Сонда не? Балаңыздан бас тартасыз ба? – деді медбике сыбырлай сөйлеп.

- Неге бас тартам? Просто емізбеймін... Искусственник болады...

Палатадан атыла сыртқа шыққан медбике іле дәрігерді ертіп әкелді. Диляра оған да жаңағы сөздерін қайталады.

- Шырағым-ау, балаңның қарны ашып жатыр ғой, қазір емізші...

- Қалай түсінбейсіздер? Емізбеймін дедім ғой. Қарны ашса, сүт берерсіздер.

- Тап қазір дайын сүт жоқ. Әйелдерден жинап алғанша, оны қайнатып, суытқанша қанша уақыт өтеді? Соған дейін шырылдатып қоясың ба балаңды?

Диляра естімегендей сыңай танытты. Бет-жүзінен аяушылық білінген жоқ.

- Мұндай да сұмдық болады екен... Енді қайттік?..

Палатадағылар оқыс жайдан естерін жия алмай қалған болулары керек, ешкім ләм-мим демеді. Дәрігердің таусыла сөйлегені әсер етті ме, әлде нәрестенің шырылдаған үнін тыңдап отыра беруге төзімі жетпеді ме, кенет Күләш батылсыздау тіл қатты:

- Баланы бүгін мен емізіп берейін...

Дәрігер оған бір, Диляраға бір қарап, сәл бөгелді. «Бәлкім, аналық қызғанышы оянар, сәбиін бермес» деген үміті де жоқ емес еді. Бірақ Диляраның иығын қиқаң еткізгенінен ол үмітінің ақталмасын түсініп, күрсінді де, сәбиді Күләштің қолына ұстатты.

«Құдай-ай, сақтай гөр! Не деген қатыгездік! – деп ойлады Қамар қасында пысылдап жатқан бөпесіне елжірей қарап. – Өз баласын емізбеймін дегені несі? Балапаным аман болса, қанша қаласа да емізе берер едім...»

Оқыс оқиға перзентханаға лезде тарап кетті. Келесі күні бөлім меңгерушісі, бас дәрігер кезек-кезек келіп ақылдарын айтты, бірақ бәрі де зая кетті – көркем келіншек айтқанынан қайтпай қойды. Оқиғаның төтеншелігін ескеріп, келесі емізу кезінде дәрігер палатаға Диляраның күйеуін де кіргізді. Әскери киім киген жас жігіт келіншегінің алдына тізерлеп отырып, баланы емізші деп, өлердегі сөзін айтып жалынса да, оның сұлу өңі жылымай қойды. «Сен ұл туып берсең болды, өзім бағам, өзім күтем» дегенсің», - деді сосын күйеуінің сөзін есіне салып. «Бағамын. Екеуіңді де бағамын. Тек емізіп отырсаң болды» деді күйеуі. «Жоқ, – деді келіншек көзі суық жарқылдап, - бала емізсем мүсінім бұзылады. Жүр дейсің ғой маған буылтық-буылтық боп! Емізбеймін! Сөз бітті!»

Шырылдаған баласын қолына алып, алақ-жұлақ етіп тұрған жас әкені әйелдер аяп кетті: біреуі көзін сығып алса, екіншісі тап өзі кінәлідей көзімен жер шұқыды. Бір кезде Күләштің: «Әкеліңіз, мен емізіп берейін...» деген бәсең үні шыққанда иықтарынан жүк түскендей «уһ» десті.

Жас әке баласын Күләштің қолына ұстатып, өзі төсектің қасына тізерлеп отыра кетті. Енді бір сәтте ұлының тынышталып, алаңсыз ұйықтап кеткенін көріп, әйеліне бұрылып қарамастан палатадан нық басып шығып кетті де содан қайтып оралған жоқ... Келесі күндері де анасы бұрылмай қойған баланы аяп, Күләш әдетінше емізіп жүрді.

Ал Қамардың бөпесі сол қалпы – не ембейді, не жыламайды, бір уыс болып жатады да қояды. Кеше жас ана бөпесін қолына алып «жаным-ау, тым болмаса даусыңды шығаршы» деп әбден жылады. Палатадағы әйелдер де бұлардың жағдайынан хабардар болып қалған, сондықтан баласын баурына басып, ебіл-дебілі шығып жылап отырған келіншекке аяй қарап, үнсіз күрсіністі. Күн өткен сайын Қамардың бойын билеген «япырай, жағдайымыз қалай болар екен?» деген қорқыныш үдей түсіп, түнемелікке көз ілмей, жаратушыға жалбарынып жылап жүрді.

Неше күн бойы бөпесінің жай-күйінен жаңалық күтумен шаршаған Қамар таңертеңгі емізу алдында селқос отырған. Кедір-бұдыр еденді дүрсілтеткен дөңгелектер дыбысы естілгенде де әдеттегідей дайындала бастаған жоқ. Тек «іңгәлаған» сиқырлы әуеннің арасынан бір жұмбақ дыбыс естілгенде... селт ете қалған... емізуге әкеле жатқан бөбектердің жамырай айтқан «іңгәсі» әлсіз ғана шыққан «и-у», «и-у» деген түсініксіз дыбысты көміп кетіп жатты. Қамар ұшып кете жаздап, бар ынтасымен дәлізге құлақ түрді. Дөңгелектер дүрсілі жақындаған сайын «и-у», «и-у» деген жұмбақ дыбыс та анық естіле бастады. «Менің қызым!» деді бір кезде ол жүзі жайнап.

Сөйткенше болған жоқ, есік тарс ашылып, медбике кіріп келді – қолындағы «и-у», «и-у» деп шиқ-шиқ еткен түйіншекті Қамарға ұсына беріп, «ту-у, бұл сұлу бір жыламайды екен, ал жыласа тоқтамайды екен» деп жадырай күлді.

Қамар қызыл иегі көріне «и-у», «и-у» деп бой бермей шиқылдап жатқан кішкентайын қолына алып, «Құп-құйттай қара тышқаным-ау сол, шиқ-шиқ еткен даусыңнан айналдым сенің... – деп жылап жіберді. – Сен аман қалады екенсің!»

- Әрине, аман қалады!

- Ең сұлу, ең ақылды қыз болады әлі...

- Шала туғандар бір жерді тесіп шығады... – деп, неше күннен бері Қамарды аяп жүрген палатадағы әйелдер жамырай қостай жөнелді...

Ал бұларға күлімсірей қарап тұрған медбике қыз аузын бұртитып, Қамарға өкпелей тіл қатты:

- Түу, тәте, сұп-сұлу қызды «қара тышқан» дегеніңіз не? Әдемі бір атпен атамайсыз ба?

- Қазақ сүйгенін «шұнағым» деген ғой, сіңлім, - деді осы палатадағы жасы үлкенірек әйел Гүлжан. Сосын Қамарға бұрылып: Ат ойластырып па едіңдер? – деп сұрады.

- Әрине. Асыл тастай жарқырап, жан-жағына сәулесін шашып жүрсін деп, қыз болса атын «Меруерт» қоямыз деп келіскенбіз...

- Меруерт! Әдемі есім!

- Теңіздің ең тереңінен алынатын асыл тас қой!

- Ортасының сәні болсын! Көрген көзді қуантсын!

Палатадағылар шын тілектестігін білдіріп, жүрекжарды тілектерін айтып жатқанда кішкентай Меруерт алғаш рет мәмесін емді.

Екі-үш күннен кейін әйелдер бір-бірлеп үйлеріне шыға бастады. Әуелі үйдегі екі баласына алаңдаумен жүрген Гүлжан кетті. Екінші ұлын көтеріп шыққан Нағиманың құшағын гүлге толтырған күйеуі баласын ала салып, машинаға барып отырып алғанына әйелдер терезеден қарап, мәз болысты. Сосын Сәуленің туыс-туғандары келіп улап-шулап, шампан атып, шығарып алып кетті. Терезеден қарағыштап жүрген Диляра күйеуінің машинасын көріп, дәлізге жүгіріп шығып еді... ол бұл жаққа мойнын да бұрмай, бас дәрігер отыратын кабинетке кіріп кетті. Люба да тықыршып жүрген, тәлтіректеп әзер тұрған күйеуін көріп, ашуланып, біраз шықпай отырып алды.

Сәлден кейін кезекші дәрігер келіп Күләшті ертіп әкетті. Сол жерде сөмкесінен қос-қостан алған бала орайтын көрпені, жаялықтар мен жөргектерді шығарып жатып, әскери жігіт күтпеген ұсыныс жасады: «Мен сіздің жағдайыңызға қанықпын, өтінемін, бізбен бірге тұра тұрыңызшы, барлық жағдайыңызды жасаймын, тек баламды емізсеңіз болды». Мұндайды күтпеген Күләш не дерін білмей, бар болғаны солқылдап жылай берді. Бас дәрігердің «Тым болмаса, балаға күтуші тапқанша емізе тұр. Өзіңнің де әзірге барар жерің жоқ қой» деген уәжінен кейін көз жасын сүртіп, басын изеді.

Палатадағылардың ең соңында қалған Қамар үйіне шыққанша асығып, күйеуі келгенше терезеге жүз барған шығар. «Неменеге кешігіп жатыр?» деп іштей ренжіп те қойды жол қарап тұрып. Бір қолында үлкен қоңыр сөмкесі, бір қолында қызғалдақ гүлі бар Асылханды және оның ізін ала қорабы қызғылт жіппен байланған тортты көтеріп, баяу басып келе жатқан анасын көргенде жүрегі шым ете қалды: «Апам келген екен ғой!»

Киім ауыстыратын бөлмеге сөмкені кіргізген Асылхан Любаның баласы мен өзінің қызы қатар жатқан үстелге мойнын созып қарап үлгірді. Сыртқа шыққан соң анда-санда енесіне еркелеп, қалжыңдап сөйлейтін әдетімен: «Апа, екі баланы киіндіріп жатыр, біреуі қап-қара. Масқара болғанда бізге соны беріп жіберетін шығар...» деп күле сөйлегенін іштегі Қамар естіп, жымиып қойды. «Өзі бір әппақ адамдай сөйлеуін қарашы...»

Бұлар бөпелерін көтеріп, перзентхана ауласынан шыға бергенде мұнда балаларды емізуге әкелетін уақыт таяп қалған-ды: ашық тұрған терезелерден жамырай шыққан «ің-гә, ің-гәні» естігенде жас ананың көкірегі иіп қоя берді. Сиқырлы әуенге елти құлақ түріп, өмірдің таусылмас жыры айтылып жатқан қасиетті мекен – перзентханаға қимастықпен қараған Қамар жүрісін баяулатып, сәл-пәл бөгелді. Осынау ауладан ешқандай ұлы музыкамен салыстыруға келмейтін сиқырлы әуенді – перзентхана жырын жүрегіне мәңгі ұялатып әкетіп бара жатқанын, сол әуенді сағынып, бұл мекенге әлі де талай ораларын ұқты.

Жүрегін шаттық кернеп, жалма-жан қызының бетіндегі бүркеуін ашып еді, ол ернін бүлкілдете сорып, сәл жымиған қалпы алаңсыз ұйықтап жатыр екен...

ТҮС

...Тәтті ұйқыда жатыр еді, біреу түрткендей болып, оянып кетті... Таңның әлі ата қоймағанын сезініп, «көзімді ашсам, ұйқым ашылып кетер» деген оймен көрпесін қымтана түсіп, әрі қарай ұйықтай бермекші еді, құлағының түбінен әлдекімнің терең тыныстап дем алғанын естіп, ұйқысы шайдай ашылды. Астапыралла! Бұл кім? Кімнің тыныстағаны соншама ап-айқын естіліп тұрған? Неше жылдан бері жалғыз өзі ұйықтайтын жатын бөлмеде бөтен біреу қайдан пайда болған? ...Алакөлеңке бөлме, тым-тырыс тыныштық, ғайыптан пайда болған белгісіз адамның бір қалыпты дем алысы әлдеқандай құпияны бүркемелеп тұрғандай... аң-таң қалып, үрку ме, таңырқау ма, әлде алаңдау ма, әйтеуір аласапыран бір сезімнен жүрегі өрекпіп... көңілі алабұртып қоя берді.

Орнынан тұрайын деп еді, буын-буыны дірілдеп, белгісіз бір күш төсекке байлап тастағандай, жатқан жерінен қозғала алсашы. Адамның тыныстағаны енді ап-айқын – дәл қасынан естілді. Құдай-ау, бұл кім өзі? Біреу бассалатындай қозғалуға қорқып, көзінің қиығын салып еді, шындығында да бұған арқасын бере қаннен қаперсіз ұйықтап жатқан біреуді көрді. Кеудесінен шығып кетердей боп тарсылдаған жүрегін күшпен басып сәл отырды. Құдай-ау, бұл кім өзі?!

Келесі сәтте, қалың ұйқыда жатқан одан өзіне төнер еш қатер жоғын түсініп, енді анықтап қарады да... күйеуіне ұқсатты – сол сияқты денелі, жауырынды екен. Ең бірінші ойына келгені «екеуміз ажырасып кетіп едік ғой, қашан татуласып едік?» деген ой болды. Әрі ойлап, бері ойлап, татуласқандарын есіне түсіре алмады. Татуласпақ түгілі ажырасқалы бері кездескен де жоқ екен. Ендеше мына жатқанына жол болсын? Қайдан, қашан келген? Үйге қалай кірген өзі? Ойлап-ойлап, оның үйге қашан келгенін де есіне түсіре алмады. Бірақ есіне түссін, түспесін, одан енді келіп-кетер ештеңе жоқ, көрместей болып кетістік деген күйеуі, міне, төсегінде жатыр...

Сол-сол-ақ екен «ойпырмай, енді ел-жұртқа не бетімді айтамын? Дос-жаран, туған-туыс ажыраспаңдар дегенде көнбеп едім, енді келіп... ұрланып төсекке жатқанымыз не? Масқара-ай!» деген ой санасын инемен шаншып өткендей болып, тұлабойы бір ысып, бір суынды.

Ұйқыдағы қонағының қаперіне ештеңе кірер түрі жоқ, шөлдеп жатыр ма, әлде түсінде тамақ ішіп жатыр ма екен – ара-тұра тамсанып-тамсанып, жұтынып қояды. Үстіне жамылған ақжайманың бір шеті иығын жауып, екінші шеті астында қалыпты.

Бұл ақырындап қана аударылып түсті. Сақ қимылдап, демін ішіне тартып, қасында жатқан күйеуінің жауырынына бажайлап қарады. «Өзі бұрынғысынан толысыпты ғой» деп ойлады. Іле ішінен екінші бір ойы: «Күйлі шығар. Сенен ажырасып, жүдеп-жадап жүр деп пе едің?» деп өзіне қарсы дау айтты. Жүдеп-жадамай, жауырынының домаланып, қоңданып алғанына іштей сәл ренжіп қалған сияқты. «Тамақсау еді байғұс, сонысын дәл таныған біреу қолына кіргізіп ала қойған ғой... Бақытты кезімізді, балаларды қиып кетіп, ішкен тамағы бойына қалай сіңіп жүрді екен?..» Іштегі екінші даусы сықылықтап күлді: «Жұрттың бәрін сен дейсің бе? Жан азабын тартып, уайым жұтып, санаңды сан сауал сансыратқанда не таптың? Жүрсің ғой инеліктей қатып-семіп... Ал ол қашанда өз жанының рахатын күйттей білген. Солай... Өмір сүре білу керек».

Иә, өмір сүре білу керек екен. Ілуде бір жұптың басына қонатын бақыт құсын қолдан шығарып алғандары сол өмір сүре білмегендіктерінен болар. Әйтпесе екеуі бір-бірін қалай сүйіп қосылып еді. Жазда екі ай каникулға кеткенде ол: «Көкетайым, халың қалай?» деп, күн аралатып хат жазатын. Көктем шығар-шықпаста алқызыл қызғалдақ әкеп сыйлайтыны ше? Оның отбасының қоңырқай тұрмысы туралы жақсы білетін бұл: «Маған гүл алмай-ақ қойшы, - деп қиылатын, - мен сені онсыз да жақсы көрем ғой...» Кейде оның арқасына арқасын сүйеп, көк аспанға көз тігіп қиялдауды ұнататын. Сондай сәттерде өзін қандай қатерден де, дауылдан да, жауыннан да оның кең жауырыны қалқалап, аман алып қалатындай көретін.

Бейқам ұйықтап жатқан күйеуінің жауырыны алғашында әлде бір сезімдерге жетелеп бара жатқандай еді. Тұтқиылдан киліккен ішкі даусы ол сезімін су сепкендей басты. «Неменеге үгітіліп бара жатырсың? Әлде от басының берекесін кетіргені соншалық, тыныш отырып, ас-суларыңды іше алмай қалғандарыңды ұмытып кеттің бе? Өздері тіленіп телефон шалатын арсыз әйелдердің жетегінде кеткенін, ақ некеңді, балалардың болашағын солар үшін құрбандыққа шалғанын қалай ұмыттың?»

Бойын жиып ала қойды. Қалай ұмытсын? Өмір бойы ұмытар ма сол қорлықты? Досқа күлкі, дұшпанға таба етіп кеткені ойына түсіп, қаны басына шапшыды. «Қарашы, адалдықты аттап, дүниені бүлдіріп, мұның жарасымды жұптық өмірге деген сенімін тас-талқан етіп, енді түк болмағандай ұйықтап жатқанын! Қайдан келген, қалай келген беті бүлк етпей? Келген ізімен кері қайтарайын», - деп оны жұлқып оятпақшы болып, қолын соза ұмтыла беріп, сол қалпы қатты да қалды.

Жатқан адам күйеуіне мүлде ұқсамайды! «Құдай-ау, бұл кім сонда?» Мұндай жақындықта болатын ешқандай танысы жоқ. Бір жатса, қасында (мейлі бұрынғы болса да) күйеуі ғана жатуы керек. Әрине, сол. Арада бақандай бес жыл өтті. Өзгерген ғой. Уақыт кімді де болса өзгертеді. Бес жыл бойы көрмеген соң, әрине, ұқсамайтын болып көрінеді. Бөтен біреумен төсекке жатпақ түгіл үйге кіргізуші ме еді? Ал күйеуін балалары кіргізген ғой, қанша дегенмен әкелері емес пе, қимаған шығар...

Көңіл түбінде күдігі өсіп бара жатса да, өзін-өзі «қасымда жатқан күйеуім ғой» деп сендіргісі келді. «Сол ғой, сол...сол...» деген ой «дүк... дүк... дүк...» деп соғып тұрған жүрек ырғағымен қоса қабаттаса қайталанып, санасына шегеленіп жатқандай. Айтпақшы, бұл ойының шындығына көз жеткізудің бір амалы бар екен-ау, қалайша ұмытып кеткен! Оның сол жақ жауырынының астында көздің қарашығындай меңі болатын. Екеуара тәтті шақтарда күйеуін қаусыра құшақтап, сұқ саусағының ұшымен сол меңді басып: «дзың-дзың, сіздің үйге кіруге бола ма екен?» дейтін ойнақыланып... Сосын... оның епті қолдары мұның мойнын, арқасын сипалай, өне-бойын шым-шым еткізіп аралап келіп, белінен тарта құшақтайтын... Ыстық демі кеудесін, тамағын шарпи, небір тәтті сөздерді күбірлей айтқан жары, дүниедегі ең сұлу, ең тәтті, ең асыл жан өзі екендігіне, ешкіммен, ешқашан тап мұндай күй кешпегеніне сендіріп, көңілін көктемгі дариядай тасытатын. Мұны көзінен, ернінен елжірей сүйіп, хас шебердің қолына түскен саз балшықтай иленуге бейіл денесін құшырлана бауырына басқанда... лау ете қалған ләззат отынан талықсып, өртеніп кете жаздаушы еді...

Сосын... бір қызығы, мұның рахат кешкен тәні балбырап, жаңағы ләззатты шақтың таусылмауын, тағы да ертегідегідей күй кешіп, күйіп-жануды құмарлана тілеп тұрғанына қарамастан, тап осылай оң жағына аунап түсіп, ұйқыға кететін. Тек жауырынындағы көздің қарашығындай меңі ғана көз арбап, «кел, кел!» деп тұрғандай болатын.

Тағы да еске түскен елестер жетегінде кетіп бара жатыр екен ғой. «Иә, айтқандай, сол меңін ашып көрмеймін бе? Қанша толыссын немесе жүдесін, күнге күйсін - бәрібір меңі өзгермейді емес пе?»

Сол оймен бұл оның иығын жапқан ақ жайманы ақырын ғана ысырып тарта бергені сол еді... ұйқыда жатқан адам оқыс бұрылып, мұны құшақтай алды. Қарулы қолдарымен қапсыра құшақтап, көзінен, бетінен, тамағынан құшырлана сүйіп... еркін билеп әкетіп бара жатыр. Сүйе бастағанда-ақ күйеуі емес екенін бірден ұққан. Ол бұлай сүймейтін. Сонда бұл кім?

Жанталасып, бар салмағымен жанши басқан адамның құрсауынан босанып шықпақшы болып тырбанып еді... қарулы қолдар тырп еткізбеді. Қимылы батыл, шалт болса да, дөрекі емес. Тынышталсын дей ме, иығынан жеңіл қағып, шашынан сипап қояды. Сонысына қарағанда, ойында зорлық көрсету, қорлау жоқ сияқты. Япырау, кім бұл сонда?

«Жібер,- деді бұл қыстыға тіл қатып, - қазір айқайлаймын.» Деуін дегенмен, көңіл түкпірінде: «Балалар шошып кетер ме екен?» деген уайым мен «Мына түрімді көрсе... масқара-ай!» деген ұялыс қатар бой көтерді. «Құдай-ай, енді қайттім?» «Босатшы,- деді жылы сөйлесем босатар деген соңғы үмітіне жармасып, - босатшы, сөйлесейік». Ол бірақ босатар сыңай танытпады, тіл де қатқан жоқ. Керісінше, мұны бауырына баса, шашынан емірене иіскеп, маңдайынан, бетінен өпті. Содан болуы керек, мұның бойындағы қорқыныш мүлде ғайып болып, бір сәт тыншу тапты.

Көңіл түпкірінде бұл адамның жаман ниетпен келмегеніне деген сенімі бірте-бірте нығая бастаса да, «бұл кім?» деген сұраққа жауап таппай бәрібір тыншымасы анық-ты. Сондықтан бұл енді күтпеген қонақтың тым болмаса бетін көргісі келіп, оның басын өзінен кері итерді. Мұның ойын сезіп қойғандай, ол бетін біресе мұның мойнына, біресе төсіне көміп, жүзін көруге мүмкіндік бермеді. Жай ғана жүзін жасырып қоймай, ерні тиген жерін өбіп қояды. Келесі сәтте бір қолымен мұны қаусыра құшақтап, екінші қолы өн бойын аралап кетіп еді... ұмыт болған сезімдер лап етіп оянып, мұның буын-буынын босатып, мүлде әлі құрып бара жатты. Шашынан, арқасынан сипалап, әрі қарай жылжып бара жатқан қолы бейне бір артында от тастап бара жатқандай, бүкіл денесі ду-ду етіп қоя берді.

Бұдан әрі арпалысуға әлі келмесін түсініп, шарасы таусылған соң «бетіңді көрсетші» деді сыбырлап. Ол естімеген адамша мұны төсінен, тамағынан сүйіп келіп, ерніне жабысты. Қалайда бетін көрсетпеуді серт еткендей, ақжайманы бастарынан асыра бүркеніп алыпты. Сосын осы кезге дейін оны итермелеумен болған мұның қолын ұстап, алақанын бетіне басты, әр саусағын талдап сүйіп, еріні қолының сыртынан, білегінен өбіп, өрлей бастады. Ойнағандай тістелеңкіреп, кей-кейде тілінің ұшымен қытықтап қоятынын қайтерсің... Бүкіл денесі ән салғандай масайрап, бойы еріп бара жатса да, сонау көңілінің түкпірінде тұрған «бұл кім?» деген сұрақ мына рахат әлемге алаңсыз сүңгіп кетуіне кедергі жасап, әлдебір қолайсыз сезім көңілін қобалжытып, мазасын ала берді. Бірақ бірте-бірте ол сезім де өлеусіреп барып өшіп, бұрын-соңды бастан кешпеген алапат құмарлық сезім бойын билеп, ешнәрсені ойлауға шамасын келтірмей үйіріп әкетіп бара жатқанын мойындамасқа шарасы жоқ-ты.

Шындығына келсе, қазір «оның» ғажаптан пайда болуы, төсегінде жатуы бағанағыдай ашуын келтірмей, керісінше керемет қуанышқа бөлеген. Қабырғасын қаусатып жіберердей қуатты қолдардың өн бойын емін-еркін аралаған қозғалысы, сәт өткен сайын аймалап-өпкені бәрі-бәрі жанына жағып, осынау ғажап сәттің таусылмауын тілеген. Тек мазасын алып, ызыңдап тұрып алған сол бір ғана сұрақ болмаса...

«Мейлі, мейлі... болар іс болсын. Бірақ кім екенін айтпағаны, тым құрыса беті-жүзін көрсетпегені дұрыс емес қой.» Бойын билеген құмарлық отына күйіп-жанып бара жатса да, білмейтін, танымайтын адамның ырқынан шыға алмай қалғаны, жастықтай жаншылып, көрпедей төселгені ұят екендігі туралы ой санасын тағы бір түйреп өткендей болды. Денесі дір-р етіп, әлеуетті қолдардың емін-еркін қозғалысына қарсылық жасағандай болды. Бірақ бұл алғашқыдағыдай емес, тым әлсіз қарсылық еді.

Дүниені шыр айналдырып, ақыл-есін алған сезім тасқынынан, өне-бойын ұйытқан тәтті ләззаттан айырылып қалғысы келмей, талықсып бара жатып «бетіңді көрсетші» деді бар болғаны. «Ол» тағы да естімеген сыңай танытты. Мұның қолын ұстап тартыңқырап, өзін еркелеткенін, сылап-сипағанын қалайтынын білдіргендей, беліне қарай икемдеді. Бұл енді ашуланайын деді. Үстінен жаншыған салмақ жанына майдай жағып бара жатса да, бетін көріп қалудың оңтайлы сәті түскенін сезіп, оның басынан, құлақ тұсынан қатты ұстап, жұлқи кері итерді де... оянып кетті...

Атып тұрып, дел-сал боп, өңі мен түсін ажырата алмай біраз отырды. Алқынып, ентігін біразға дейін баса алмады. Денесі де оттай жанып, тура түсіндегідей, құмарлық билеп, дуылдап тұр екен... Оның ып-ыстық алақанының табы әлі де басылмаған сияқты. Он екі мүшесін иіткен сиқыр сезімнің иірімінен жұлқынып босай алмай жанталасты. Ақыры, осыншалық тәтті сәттің бар болғаны түсі екендігін түсініп, өзін-өзі ұстай алмай, күйініштен булыға жылап жіберді. Жастығын құшақтап, өксіп жатып «Ол құрғырдың бетін қайтетін едім...» деп ойлады.

ЖИГУЛИ – ТАУДЫҢ АТЫ...

Бір купеде төрт жолаушы. Екеуі өндірдей жас бойжеткен, екеуі орта жастардағы әйел. Алматы мен Астана арасына қатынайтын жүрдек поезд орнынан баяу жылжи бастағанда, бағанадан бері терезеден тысқа телміріп қарап отырған Алма өксіп-өксіп жылап жіберді. Терезенің арғы жағында тұрған жігіт жүрісі жылдамдай бастаған поезға шарасыздықпен қарап, селтиіп тұра берді. Бұл көрініске куә болған купедегі қалған үш жолаушы әрқайсысы өздерінің кездесу мен қоштасу сәттерін естеріне алды ма, поезд жүрісі үдеп, көп қабатты үйлер көрінбей кеткенге дейін үн-түнсіз отырысып қалды. Сәлден кейін ғана төменгі орында отырған орта жастардағы жылы жүзді әйел бұған қарап тіл қатты:

- Қой, қызым, жылама. Бүгін қоштассаңдар, ертең қауышасыңдар...

Қыз одан бетер өксіді.

- Жігітіңнің аты кім?

Бұл сұрақты жігіттің атын білгісі келіп емес, қыздың көңілін басқаға аудару үшін қойды.

- Саян...

Жоғарғы сөреде жатқан қыз оқыс тіл қатты:

- Саян? Ха-ха! Темекінің аты ғой бұл!

Ешкім қосыла күлмеген соң, жым бола қойды. Алма оған жас толған жанарын төңкере, жақтырмай қарады.

- Махаббат деген бір ғажайып сезім ғой, шіркін...

Жылы жүзді әйел бұл сөздерді дауыстап айтам демеген сияқты, ішкі ойы, жүректегі толғаныс сезімі абайсызда сыртқа шығып кеткенін байқамай қалғандай. Сонысына ыңғайсызданып, ду ете қалған жүзін алақанымен көлегейлеп, күліп алды. Сосын жоғарғы төсекте жатқан қызға қарап:

- Мына қызым кәрі адамдар да махаббат туралы айтады екен ғой деп тағы да күлетін шығар, - деді.

- Кәрі адам жас болмап па екен? – бағаналы бері үнсіз отырған екінші әйел сөзге араласты. - Бірақ ол шіркін біреуге бақ боп жолығады, біреуге сор боп жабысады ғой...

- Ну, апашки ударились в воспоминания... – жоғарыдағы қыз күле сөйледі. – Может, шынымен айтып берерсіздер, махаббаттың қандай болатынын?

- Саған пайдасы болса, несі бар, айтар едік, - жоғарыда жатқан қызға қарап сөйлеген бірінші әйел қарсы алдында отырған әйелдің қолдауын күткендей оған күлімсірей көз тастады. – Солай емес пе, құрбым? Айтпақшы, «мыңның түсін білгенше бірдің атын біл» деген ғой, бір-бірімізге жөнімізді айта отыралық. Менің атым Ділдә, Астанада тұратын балаларыма бара жатырмын.

- Дұрыс болған екен, менің атым – Шәкизат, бір-екі жылдан бері сол жаққа барып аздап сауда-саттық жасап жүрмін. Бәрі де сол балалардың қамы ғой...

- Менің атым Лейла, - деді жоғары жақтан төмен қарап жатқан қыз. – Вообще-то, апашкам Ләйла дейді. Бірақ маған Лейла деген ұнайды.

- Алма, - деді әлі де көзін сүрткіштеп отырған қыз.

- Міне, «Адам тілдескенше, жылқы кісініскенше» деген осы, – деді Ділдә жарқылдай сөйлеп. – Қане, қыздарым, сендер мына апаларыңа қызмет көрсетіп жіберіңдер. Ләйла, сен барып шәйнекпен қайнаған су алып келе ғой, Алма екеуміз дастархан жасап жіберейік.

Ләйла барып су алып келгенше Ділдә сөмкесінен небір тәтті-дәмді тамақтарды шығарып қойып, шағын үстелдің үстін жайнатып жіберді. Бергамот қосылған үнді шайын рахаттана ішкен төртеуі, небір қызықты оқиғаларды тілге тиек етіп, лездің арасында емен-жарқын сөйлесіп кетті.

- Апа, сіздер махаббат туралы айтып береміз деп едіңіздер ғой, - деді Алма бір кезде Шәкизатқа қарап.

Шәкизат ат-тонын ала қашты:

- Қой, қайдағы жоқты қозғамай...

- Неге «жоқты» дейсіз? Не, сонда махаббат жоқ па? – деп сөзге араласты Ләйла. – Онда мына Алма неменеге ана жігіттің қалғанына жылап отыр? Түсінбедім?

- Ол енді сөздің ретімен айтылған нәрсе ғой. Әйтпесе «бар», «жоқ» дейтіндей мен кіммін? – деп ақтала сөйледі Шәкизат. Мен емес мына Ділдә ғой «махаббат, махаббат» деп аһ ұрып отырған. Айтатын шығар хикаясын...

Осылай деп күле сөйлеп, Ділдәға көз тастаған Шәкизат оның терезенің сыртында дөңгеленіп қалып жатқан далаға жанары жасаурап, елжірей қарап отырғанын көріп, салмақты күйге түсе қойды.

- Ау, құрдас, мына балалар махаббат бар ма деп отыр ғой...

- Бар...

Оның күрсіне айтқан бір-ақ ауыз сөзінен кейін ешкім ештеңе демей купе іші үнсіздікке бөленді. Осылайша біраз отырып қалған соң, Ділдә қасындағы серіктеріне жағалай қарап:

- Қараңдаршы, даламыз неткен кең. Қып-қызыл гүлдері қандай тамаша! Аспанға қараңдаршы, бір шөкім бұлт жоқ, көкпеңбек болып, көз тартады. Мына зеңгір көкке көтеріліп, құстарша ұшыңдар деп тұрған жоқ па? Ал ұшу үшін адам өзін бақытты сезінуі керек. Ғашық болуы керек... – деді.

Купедегілер кенеттен шабыттана сөйлеген Ділдәға аңтарыла қарады. Ләйла Алманы бүйірінен түртіп қалып, иығын қомдап қойды. «Түсінбедім» дегені...

- Махаббат бар ма деп отыр ғой мына қызым. Бар, қалқам. Дүниені ұстап тұрған – махаббат. Адамдардың бір-біріне деген іңкәр, мына күндей шуақты, мына аспандай тап-таза сезімі...

...Біз екеуміз алғаш жақын тілдесіп, бір-бірімізге жанымыз жақын адам екенімізді ұғысқан күн тап осындай сәулелі, шуақты еді. – Терезеге қарап, көз ұшында қалып жатқан қызғалдақты даладан көз айырмай отырып әңгімесін бастаған Ділдә қиялымен бұдан жиырма шақты жыл бұрынғы кезді есіне алып жымиып қойды. – Мен ол кезде бір үлкен мекемеде қызмет істейтінмін. Тоқсан сайын облыстардан есеп беруге адамдар келеді. Жай келмейді, «ауылдың дәмі еді» деп, сәлем-сауқат ала келеді. Есептерін уақтылы, жақсы өткізсе, бөлімімізбен түгел қонаққа шақырып, «жуатындары» бар. Ондайда улап-шулап, мейрамханаларға барып, көңіл көтеріп, бір сергіп қалатынбыз.

Көбіміз жаспыз, отыздың о жақ, бұ жағындағы кезіміз ғой. Балалы-шағалымыз. Сондықтан аздап шарап ішіп, ән айтып, би билегеннен арыға ешкім бара қойған жоқ-ау деймін. Әйтеуір, басқаны қайдам, өзім сондай едім. «Әркім өзіне қарап тон пішеді» деген ғой, өзім түзу жүрген соң, басқалар туралы да ағат ойдан аулақпын.

Келе-келе тобымыз бөлшектеніп, есеп беруге келетін кісілер өзінің жұмысына көмектескен адамдарды қонаққа жекелеп шақыратын болды. Бұл да түсінікті. Қанша дегенмен олар да бір жалақыға қараған, әрі шиеттей бала-шаға асырап отырған адамдар ғой. Сондықтан мұндай «бөлінушіліктерді» ешкім сөкет көрген жоқ.

Мен ол кезде тұрмыста болатынмын, үйелмелі-сүйелмелі ұл-қызым бар. Жасыратыны жоқ, ол менің өмірімдегі ең бір жүдеп жүрген кезім болатын. Кезінде сүйіп қосылған жарымнан көңілім қалып, өзіме мәлім болған жайларды жұрт біліп қояды ма деп, «сыртым – бүтін, ішім – түтін» күн кешіп жүрген ем...

Қанша қиналсам да ешкімге ештеңе білдірмеймін, түк болмағандай жарқ-жұрқ етіп күліп жүремін. Жұмысыма тастаймын. Әуелде Алматының физика-математика мектебінде оқыған кезімде қаланған негіздің мықтылығынан болса керек, есеп-қисапқа бөлімдегі басқаларға қарағанда жүйрікпін. Содан да болар, елдеріне тез қайтқысы келген кісілер көбіне мені төңіректейді. Кейбіреулері алдын-ала телефон шалып, «бәлен күні барамын, тез қайтуым керек еді, сіз көп жұмыс алып қоймаңызшы» деп өтінетін.

Ол алғашында мен үшін сондай көп кісінің бірі ғана болатын. Жасымыз шамалас, менен екі-үш жас қана үлкен болғанымен, өмірден көргені, түйгені әлдеқайда мол ақылды жігіт екенін байқау қиын емес-ті. Оның үстіне өте әдепті, мәдениетті жан болып шықты. Бір рет қателесіп, бүкіл есебін бүлдіріп алғаным бар. Сабазың қабақ шытқан жоқ. Одан да кейіп, сөйлеп, қалай да бір ренішін білдірсе әлдеқайда жеңіл болар еді. «Жарайды, жұмыс болған соң кім-кім де қателеседі ғой, әлі екі күн уақытымыз бар, үлгіреміз» деді.

Бір күн, бір түн отырып, жұмысты басынан аяғына дейін қайта жасап шықтым. Ол есебін уақтылы тапсырып, риза көңілмен еліне аттанып кетті. Кетерінде «мен сіздің біліміңізге, қабілетіңізге тәнтімін» деді бар болғаны. Ақсары жүзді, тұнжыр қара көзді кісі еді, осылай деп мөлдірей қарағанда, алғаш рет жүрегім шым ете қалды...

Үйге келсем, күйеуім жоқ екен. Алакөлеңке бөлмеде отырып, екеуміздің жас кезімізде қол ұстасып қыдырған кездерімізді, жаңбыр жауса мені қорғалап, костюмімен қаусырып алатынын, қызғалдақ алғаш шыққанда арсалаңдай күліп, шоқ-шоқ гүл әкелетінін есіме алдым... Қай оқиғаны есіме алсам да, аяғында ақсары жүзді кісінің мөлдірей қарағанын көз алдыма елестетіп отырғанымды байқап... таң-тамаша қалдым. Бейне бір жастық шақтағы қызықты-қуанышты жайлар басымнан өтпегендей... Әлде олар сонау он бес... жиырма жыл бұрын болғандықтан ұмытыла бастады ма екен?

Күйеуіме көңілім қалған сәттерде, ол үйге бірде түнеп, бірде түнемей жүрген күндерде ақсары жүзді кісінің елжірей қарап, жылы сөз айтқан кездерін еске алсам, бойым жеңілдеп қалатынын байқадым. Бірақ... бойымды билеген сезім бір жаққа тартса, ақыл басқаны айтатын. Ойдың ұшығына жете алмай талай таңды ұйқысыз қарсы алдым.

Бір күні анам қыдырып келді. Жылда осылай арқаланып бір келіп кететін. Күйеу баласының оғаш қылықтарын айтқан жоқпын – анам өзі-ақ білді. Өйткені анам келген күндерде де ол қашанғы әдеті бойынша үйде түнемей жүрген. Жұбайлық өмірге бақыттан жүзі бал-бұл жайнап аттанған қызының бүгінгі жүдеу кейпін көріп, анам байғұс жасып қалды. Үһілеп, көз жасын сығып алып жүргенін көріп, өзімді ұмытып, анамды аядым. Бір күні кішкене көңілін аулайын деп бала күнімдегі әдетіммен тізесіне басымды қойып жатыр едім, апам шашымнан сипап отырып: «Ет пен терінің арасындағы желі ғой... Қай еркекте болмасын осындай бір желік болады. Басылады ғой, шыдап бақ. Балаларыңды ойла», - деді. Мен алдында дыбыс шығармай жылап жата бердім.

Ақыры... сезімнен ақылды басым етіп, қиюы қашқан тұрмысымды қалай жөндеймін деп жанталастым. Өкінішке орай жолдасым мен сияқты тырысқан жоқ. Керісінше, үй ішіндегілер қайда кетеді деп ойлады ма, әйтеуір даланың қызығы тартты да тұрды. Әйел байғұс қашанда әуелі бала жайын ойлайды ғой, мен де ұлым мен қызымды жәутеңдетпейін деп, күйеуім өнер үстіне өнер шығарып, үдеп бара жатса да, бәріне көндігіп жүре бердім.

Бірақ... адам шаршайды екен... Отау құрып, от жаққанда ол маздап жанып тұру үшін ерлі-зайыпты адамның екеуі де әлсін-әлсін тамызық тастап отыруы керек екен. Оны мен қазір, осы жасқа жеткен кезде түсініп жүрмін ғой. Ол кезде ақыл айтып, жөн сілтейтін де адамдар болмады... Ешкімге тіс жарып ештеңе айтпаған, ақыл сұрамаған өзім де кінәлі шығармын...

Бала-шаға, отбасының қамытын мойныма киіп, жалғыз өзім өрге сүйреуден болдырғаным рас. Тіпті өліп қалғым келген күндер де болған – балаларымды қимадым.

Өстіп жүдеп жүрген кезімде ойда жоқта ол кісі келді. Әлдебір делегацияның құрамында басқа жаққа кетіп бара жатыр екен, бірер сағат уақыты болған соң бізге әшейін соғыпты. Қуанып кеттім. Бірақ іште лап ете қалған қуанышымды басып, салқын ғана амандастым. Ол кісі де алғашында күлімдеп тұрған, мен елпілдей қоймаған соң жүзі солғын тартты. Бөлімдегі кісілермен анау-мынау жайлар туралы сөйлесіп, жарты сағаттай отырды да, жөніне кетті. Қоштасарда қолымды қысып: «Бәрі дұрыс па? Түріңіз жүдеу ғой? Өзіңді күтсейші?..» деп, біресе «сен» деп, біресе «сіз» деп сөйлеп, тағы да мөлдірей қарады.

Өзімнің күйеуім жүдеп-жадағанымды күнде көре жүріп, бір ауыз жылы сөзін қимағанда, мынадай жанашыр сөз есту – ауыр-ақ еді. Ішім ұлып қоя берді. Лық етіп жас толған жанарымды көтере алмай, көзіммен жер шұқып, басымды шайқадым. Ол мені қысылмасын деген болар, басқалармен тез-тез қоштасып шығып кетті.

Сөйтіп, күндер сырғып өтіп жатты, көктем келді. Елімізде сол жылы Жеңістің қырық бес жылдығы аталып өтетін. Жиырма жасында соғысқа кеткен менің әкем тірі болса сол жылы алпыс беске толар еді. Бөлімде бірге қызмет істейтін Ғалияның әкесі жетпіс бес жасқа толады екен. Осыларды айтып дабырласып отырғанымызда кенеттен есік ашылып, жарқ етіп Ол кіріп келді. Бөлмедегілер шу ете қалды. Бір-бірімізден ауыл-елдің, бала-шағаның амандығын сұрасып, мәре-сәре болдық.

- Келмей кеттіңіз ғой, - деді бөлім бастығымыз София апай қуана сөйлеп, - біз сізді әбден күттік.

- Шын күттіңіздер ме? – деп Ол да жарқылдай сөйледі. Сосын менің үстеліме тақалып: -Сіз де күттіңіз бе?- деп сұрады.

- Күтті! Күтті! - деп шуласты бөлмедегілер.

- Онда мұны жуу керек екен, - деді Ол бәрімізге айналдыра қарап.

Сосын лезде байсалды қалыпқа түсіп келген шаруасын айтты. Биыл көктемде жауынгерлік жолын фин соғысынан бастап жапон жерінде аяқтаған әкесі жетпіс жасқа толады екен. Өкінішке орай бұл күнге жете алмапты. Сондықтан әкесіне, оның майдандас достарының рухына арнап ас бермекші екен, соған бізді шақыра келіпті.

Бөлмедегілер тағы гуілдей жөнелді. Менің әкемнің, Ғалияның әкесінің майдангер екендіктерін, олардың да соғыс салған жарақаттың зардабынан ерте көз жұмғандарын айтып жатты.

- Міне, біздің ауылға барып, сол әкелерімізге ас беріп, құран бағыштайық, - деді Ол тағы да бәрімізге жағалай қарап. – Мен мейрам күні автобус алып келемін, ауыл алыс емес, төрт-ақ сағаттық жерде. Қалай, келісесіздер ме?

- Келісеміз, келісеміз, - дедік бәріміз.

Айтқандай-ақ, демалыс күні Ол автобус алып келді. Бәріміз улап-шулап мініп, оңтүстікке қарай жол тарттық. Дала тап осы бүгінгідей болып құлпырып жатқан. Тура кілем төсеп тастағандай көздің жауын алады. Бір-екі сағат жүрген соң тоқтап, далада дастархан жайып, отырыс жасадық. Автобусқа қайта мінгенімізде артқы жақта отырған Ол:

- Ділдә, мында келіңіз, мен сізге орын алып қойдым,- деді.

- Орыным бар ғой... – дей беріп едім, қасымда отырған София апай:

- Бар-бар, мен кеңдеу отырғым келіп, саған айтуға ұялып келе жатыр едім. Жақсы болды ғой. И-и, шырағым, біз жеңіл машинада шайқатылып жүріп үйренген жан емеспіз бе, мынау бір дұрыс ақыл болды ғой, - деп орындықтың ортасына қарай сырғып отырды.

Ол кезде түсінбеппін, София апай мені шақырған жаққа барсын деп әдейі солай істеген екен-ау.

Қасына барып отырдым. Жол бойы Ол туған жерінің тарихын, оның әр ауылының, өзені мен көлінің, тауы мен төбесінің тарихын әңгімеледі. Сөз арасында өзінің есімінің де тауға байланысты қойылғанын айтып кетті. Әкесінің майдандас досы сол таудың етегінде туған екен. Бір алапат шабуылда оққа ұшыпты. Әкесі мұны еркелеткенде «Досыма қойған ескерткішім» дейді екен.

Бір кезде қолымды қолына алып, аялай сипап қойды: «Қолың қандай кіп-кішкентай... саусақтарың нәп-нәзік... Соншама ауыр заттарды қалай көтересің?» деді кенет. «Қандай заттарды?» деп таңырқай сұрадым мен. Ол қып-қызыл болып кетті. Сосын шынын айтты. «Бір келгенімде күн демалыс болатын. Сыртыңнан да болса көріп кеткім келді. Адрес бюросынан қайда тұратыныңды біліп алып, машинамен үйіңнің қасына барып тұрғанмын. Бір кезде көше бойлап көтеріліп келе жатқан балаң екеуіңді байқадым, базардан келе жаттыңдар-ау деймін. Қолдарыңда қос-қостан дорба бар екен...» «Тамақ жеуіміз керек қой.» «Иә, керек.»

Астан кейін сол автобуспен қайтадан қалаға әкеліп салды. «Ділдәжан, - деді қоштасарда, -саған айтатын бір әңгіме бар еді...»

Шынымды айтсам, осы «әңгіменің» түбі бір қозғалатынын іштей сезіп жүргенмін. Сезіп, біресе қашан болады деп күтіп, біресе ештеңе де айтпаса екен деп тілеп, өзіммен өзім іштей арпалысуда едім. Бүгін ауылына барып, кейуана анасын, күйеуінің қасы мен қабағына қарап, қонақтарының алдында зыр жүгіріп қызмет еткен әйелін, алтын асықтай ұлы мен қызын көріп, алып-ұшқан көңілімді күшпен бастым. «Сол әңгіме айтылмай-ақ қойсыншы, - дедім қиыла өтініп. – Айтпасаңыз да бәрін сеземін. Бірақ... Біз аса алмайтын асулар бар. Өзімізді ғана емес, өзгелерді де ойлайық...»

Ол біраз үнсіз тұрып қалды. Сосын иығымнан орай құшақтап, бауырына басты. Дүрс-дүрс еткен жүрегінің лүпілін анық естіп, бойын кернеп тұрған ер адамның әйелге деген құмарлығын айқын сезіндім. Бірақ, өз сезіміме ерік бермей, салқынқандылығымды сақтадым. Ол соны сезді-ау деймін, көзіме үңіле қарап: «Неге сонша ақылды боп жаратылдың?» деді күрсіне сөйлеп.

Біз осылайша қоштастық...

Үйіме келіп, өзіме қарай қанаттарын жая жүгірген ұлым мен қызымды көріп, қабылдаған шешімімнің дұрыстығына деген сенімім беки түсті. Екеуін кезек сүйіп, неге екенін білмеймін, ағыл-тегіл жыладым-ай келіп...

... Арада бірнеше күн өткенде кезекті бір жорығынан қайтып келе жатқан күйеуімді машина қағып кетіп, ес-түссіз күйінде ауруханаға түскенін білдік. Өз-өзіне келген соң ғана мекен-жайын айтыпты. Бас сүйегіне зақым келіп, қабырғалары сынған. Ол да ештеңе емес-ау, соққы дәл бел омыртқасына тиіп, жұлыны үзіліп кетіпті. Жарты жылдан астам уақыт ауруханада жатты, екі аяғы жансызданып, семе бастаған соң үйге алып шықтық. Дауа бола ма деп көрсетпеген емшіміз жоқ. Әрқайсысы әртүрлі ем жасап бақты, бірақ жағдайы жақсарды деп айта алмаймын.

Бір кезде сал-серілік құрып, дүниені жалпағынан басқан адам осылай кәріп болды да қалды. Ертелі-кеш төсекке таңылып жатқан адамның жүйкесі де тозады-ау деймін, ашуланшақ, шыдамсыз болып кетті. Ауылдан шешесі келген, тіпті онымен де жоқтан өзгеге ұрсысатын болды. Бір күні таныстарымыз телефон соғып, бір сынықшы тапқандарын, ертең алып келетіндерін айтып қуантты.

Ол бір елге танымал емші кісі еді. Сынған сүйекті сүр қазымен жеті күн сылайды екен. Ел соғымдарын енді сойып жатқан кез, сүр қазыны қайдан табамыз деп дал болдық. Бір табылса осы кісіден табылар деп мен бастығым София апайға телефон соқтым. Ол кісіде де жоқ боп шықты. Бірақ «Бәріміз іздестіреміз. Бір амалын табармыз, уайымдама» деп көңілімді жұбатып, дәмелендіріп қойды. Арада төрт-бес күн өткенде үйге София апайдың өзі келді. Қолындағы түйіншекті жазғанда сап-сары боп сүрленген қазыны көріп, енем жылап жіберді.

Жасалған ем жағдайын сәл-пәл жеңілдеткенмен, түбегейлі өзгеріс бола қойған жоқ. «Үмітсіз шайтан» деген ғой, бір күні күйеуім анасына Қорған қаласындағы атақты Илизаровтың институтына барғандар жазылып кетеді екен дегенді айтыпты. Ана байғұста бала дегенде жан қала ма? Күні-түні баласын сонда апаруды армандайтын болды. Баяғы кеңестік кездегідей ауруханалар тегін емдейді деп ойлайды екен, ал кешегі біртұтас мемлекет ыдырап, әрқайсысы өз алдына бөлек-бөлек ел болып кеткені тіпті ақылына қонбай қойды. Көп ақша керек екендігін естігенде «ауылдағы сауып отырған сиырымды сатсам да емдетем» деді. Қайран ана, сиырының ақшасы жарты жолын өтеуге де жетпейтінін қайдан білсін!

Содан жанталасып ақша іздей бастадым. Ұжымыма рахмет, қомақты қаржы жинап берді, ағайын-туған ауыздарынан жырып өз үлестерін қосты. Қорғандағы институтқа телефон соғып сұрастырып едім, жинаған ақшам қажетті соманың жартысына да жетпейтін болып шықты. «Соқыр көргенінен жазбайды» деп тағы да София апайға мұңымды шағып, көмек сұрадым. «Таныстарыңыздан қарызға тауып бересіз бе?» деймін. «Іздестірейік» деді апай бұл жолы да.

Арада бес-алты күн өткенде София апай хабарласып, ақша тауып қойғанын айтты. Апыл-ғұпыл киініп, жұмысқа құстай ұшып жеттім. Апай қолыма қалыңдау конверт ұстатты, ашып қарасам – бір уыс доллар. Бөтен елдің ақшасын бірінші рет қолыма ұстағаным сол еді. Жап-жаңа. Сытыр-сытыр етеді. Біртүрлі бояудың исі шығады. Қуанғанымнан бастығымды бас салып құшақтай алып: «Апатай, жақсылығыңызды өмір бойы ұмытпаймын!» деп жылап қоя бердім. Содан конвертті біресе қалтама, біресе сөмкеме тығып, үйге қайттым.

Есікті өз кілтіммен ашып, үйге: «Апа, ақша табылды! Енді жолға дайындалуға болады!» деп дабырлай кіргенмін. Ешкім дыбыс бермеген соң түпкі бөлмеге өттім.

Енем баласының қолын сипап үнсіз жылап отыр екен. Жүрегім су ете қалды. Шалқып-тасып өмір сүрген, той-думанның төрінде жүрген, осыдан екі сағат қана бұрын ақша табылғанын, соны алып келуге кетіп бара жатқанымды хабарлағанымда: «осыдан аяғыма тұрып кетсем, сені төбеме көтеріп жүремін» деген күйеуімнің жанары біртіндеп сөніп бара жатты... Жанұшырып жедел жәрдем шақырдым. Одан жүгіріп барып, есікпе-есік көрші тұратын атайды шақырып келдім. Жедел жәрдем келіп болмады...

- Келін шырағым, жақындашы, бірдеңе сұрап жатыр ғой деймін, - деді көрші атай.

Шындығында да мен қалай қимылдасам, солай қарап, көзімен шақырып жатыр екен. Қасына келіп:

- Сәл шыда, жедел жәрдем келе жатыр... – дедім.

Ол көзін жұмып, басын шайқады. Көзінің қиығынан бір түйір жас үзіліп, құлағына қарай сырғып бара жатты. Ерні болар-болмас қимылдаған соң, еңкейіп құлағымды тостым.

- К-е-ш-і-р...

Қандай ауыртпалықты болсын үнсіз көтеріп, қанша уақыттан бері тастүйін боп жүрген, ашуланғанда, ұрсысқанда көзімнен жас шықпаған мен бордай үгітіліп, іші-бауырым езіліп бара жатты...

Жедел жәрдем дәрігерлері жарты сағаттай арпалысқандарымен бәрібір ештеңе істей алмады.

Сүр қазыны да, Қорғанға бару үшін жетпей тұрған ақшаны да мен жоқ кездерде бөлімге үнемі хабарласып тұрған Оның тауып бергенін арада біраз уақыт өткен соң кездейсоқ білдім. Онда да мына Ләйла қызым сияқты бір балалардың «махаббат бар, махаббат жоқ» деген таластарына төрелік айту үшін София апай мысалға келтірген. Жасының үлкендігін пайдаланып бірде Одан «Ділдәнің басы байлаулы адам, сен де балалы-шағалысың, несіне әуре боласың?» деп сұраған екен София апай. Ақсары жүзі ду етіп қызарып «Жақсы көремін» депті. Сосын «Жақсы көргендердің бірге болуы шарт емес. Сол аман болса екен, қиналмаса екен деп тілеп жүремін. Қолымнан келсе, көмектесуге тырысамын» депті. Және өзінің көмек көрсеткенін білдірмеуді өтініпті.

Міне, содан бері де он бес жыл өтіп кетті. Ол – елінде, мен – мұндамын. Кейде қандай болды екен деп ойлап қоям. Бірнеше рет пәтер ауыстырып, телефоным өзгерді. Бірақ соның барлығында да тауып алып, телефон соғып тұрады. Өткенде бір рет сөйлескенімізді жазып алдым, міне, тыңдаңдаршы. Ділдә ұялы телефонын шығарып, бір түймешесін басып қалды.

- Халың қалай, жаным?

- Жақсы, өзің қалайсың?

- Жақсымын, биыл келін түсірдік.

- Құтты болсын, мен де келінді болдым!

- Тамаша ғой, қалай, көңілің тола ма?

- Әрине, сондай нәп-нәзік, сүп-сүйкімді.

- Өзің сияқты екен ғой...

Телефондағы диалог үзілген соң Ділдә купедегілерге жағалай көз салып: «Жастар мұны махаббат дей ме, демей ме, білмеймін. Бірақ менен өмірдегі ең шынайы, мөлдір махаббат қандай болады деп сұраса, Оның маған деген махаббатын айтар едім», - деді.

- Сонда он бес жылдан бері бір де бір рет кездескен жоқсыңдар ма? Сүйген адамдар бір-бірін көрмесе тұра алмайды демеуші ме еді? – деп Шәкизат сенбестік білдірді.

- Тұра алады екен...

- Сонда ол не, сіздің күйеуіңіз қайтқаннан кейін кездесуге тырыспады ма? – бұлай деп Алма таңдана сұрады.

- Кездесуге мен қарсы болдым. Күйеуім қыз-қырқынның ауылын жағалап жүргенде өзім қалай қиналдым... Қалай қорландым десеңші! Басқа ешбір әйел заты менің басымнан кешкенді кешпей-ақ қойсыншы дедім. Отбасының шырқы бұзылмасын, балалары жаутаңдамасын, досы күліп, дұшпаны табаламасын дедім... Оның да соңынан сөз еріп, абырой-беделінен айырылмауын ойладым. Бұл да менің Оны шын сүйгендігімнің белгісі шығар...

- Жоқ, мен түсінбедім, апа, - деді Ләйла сөзге араласып. – Сіз манадан бері «Ол», «Оны» деп отырсыз. Аты кім сонда оның? Қандай әдемі, ертегі сияқты әңгіме айтып бердіңіз. Страна должна знать своих героев! Атын айтыңызшы?..

Ділдә терезеден көз алмай, жүзі нұрлана жымиды. Сосын Ләйләға қарап:

- Баламысың деген! Атын қайтейін деп ең? Жарайды, ақыры айтқан екенмін, түгел айтайын. Оның өзі қандай тамаша жан болса, аты да сондай ғажап... Жи-гу-ли! - деп даусын әндете созды.

- Кім? О, господи, ол – пивоның аты емес пе?

Ділдәнің жаңа ғана гүл-гүл жайнап отырған жүзі кенет түнеріп кетті. Көзіндегі шуақ суық жарқылға айналып:

- Ей, не деп отырсың сен? Не тіліңді, не діліңді сақтай алмаған бейшара бала! Темекі мен сырадан басқаны білмейсің бе? Саян десе – темекі деп, Жигули десе – пиво деп саныңды шапаттайсың? Мектепте жарытып оқымағансың да ғой! Біле-білсең ол – таудың аты! – деді қатқыл үнмен.

Жолға шыққалы бері шуақты мінезінен бір айнымаған жаннан мынадай қатты сөздер күтпеген Ләйла жым болып, қалған екеуі үрпиісіп қалды. Қолайсыз үнсіздікті Ділдәнің өзі бұзды.

- Басқа пәле – тілден деген, шырағым. Сен сөзге жылдам бала екенсің, соныңнан да сөз естіп қалып жатырсың. Жарайды... Артық айтсам, кешір...

- Жигули деген тау бар екенін мен де білмеуші едім, апа, - деп жасқаншақтай тіл қатты Алма, – ол қай жерде?

- Е-е, шырақтарым, сендер мектеп мұғалімінің қадірі кеткен заманда оқыдыңдар ғой. Қайдан білесіңдер. Бағана мына Ләйла Саян дегенді темекінің атауы деуінің бір ұшығы сонда жатыр. Дұрысында ол – еліміздің шығысындағы әсем таудың аты, шырақтарым. Біздің халық ұл-қызына ат қойғанда таудай биік болсын, айдай сұлу болсын, гүлдей нәзік болсын деп ырымдап қояды. Соны біле жүріңдер.

Ал Жигули – Еділ өзенінің бойындағы ежелгі, қазыналы тау. Табиғаты ғажайып көркем, жыл сайын саяхатшылар топ-тобымен барып жататын жер. Бұл таудың сұлулығы қаншама ақынға шабыт беріп, орыс жерінің інжу-маржаны деп те, сол аттас қаланы қоңыраулары симфония ойнайтын қала деп те жырға қосылған. Таудың ежелгі, көне атауы Қыз тауы екен. Зерттеушілердің бірі таудың сұлулығына қарай солай атаған десе, екіншілері ол жерді батыр қыздар мекен еткендіктен қойылған деген жорамал айтады. Бәлкім рас та шығар... Он бесінші ғасырда өмір сүрген Фра-Мауро деген итальян саяхатшысы өз еңбектерінде бұл тауды “Амазония” деп атағаны да белгілі.

Біраз еңбектерде «жигули» деген сөз түркінің «жегулі» деген сөзінен шыққан деп түсіндіріледі. Түрлі көтеріліске қатысушылар, бурлактар, Степан Разиннің жауынгерлері аттарын қаңтарып қойып, таудың қойнау-қойнауында бой тасалап, күш жинаған деген аңыз бар... Соның рухынан да болар, бұл таудың қойнауында туған ұл балалар ержүрек, намысқой, батыр болып өседі дейді халық аңызы.

Осылай деп әңгімесін аяқтаған Ділдә купедегілерге күлімсірей қарады:

- Жаман адам сырын айтам деп шынын айтады деген, апаларыңның сонша ақтарылғанын айып етпеңдер, шырақтарым. Өткен өміріміз сендерге өнеге болсын деген тілектен туған жай ғой.

- Дұрыс-дұрыс, еш сөкеті жоқ, - деп Шәкизат бірінші тіл қатты, - өзің әңгімеші екенсің ғой, құрдас.

- Да, классно! Мен тура апашкамның ертегісіндей тыңдадым,– деп Ләйлә да қоштап қойды.

- Әңгіме жол қысқартады деген рас екен. Шуға келіп қалғанымызды білмей де қалдық, -деді Алма терезеге үңіліп.

- А-а, енді білдім, адамдары «ал, ал» деп шулап жүгіріп жүрген соң станцияның атын солай қойған ғой, - деді Ләйлә жерден жеті қоян тапқандай қуанып. – Ділдә апа, солай ма?

Ділдә басын шайқап күліп:

- Саған дауа жоқ екен! Олай емес! Ертеде осы өңірде елінің қорғаны болған Шу атты батыр өмір сүріпті... - дей беріп еді, Алма апасына қиыла қарады:

- Ділдә апа, тағы бір тамаша әңгіме басталғалы тұрған сияқты. Оны поезымыз жүрген соң айтыңызшы. Қазір жерге түсіп, ауа жұтып келейік...

- Ол да жөн екен, балам. Жүріңдер, қасиетті жердің саф ауасымен тыныстап қайтайық...

Осылай десіп, арада өткен үш-төрт сағат, сол кезде айтылған жүрек тебірентер әңгіме жақындастырып, туыстастырып жібергендей болған купедегі төртеу қаздай тізіліп сыртқа беттеді.

АПАСЫНЫҢ БАЛАСЫ

Ұзақ жылдар бойы араласып, біте қайнасып, туыстай болып кеткен құрбысы Айымкүлдің ауылдағы тетелес сіңлісінің атына Сәлима сырттай қанық-тын. Әуелі оның ерекше есімі елең еткізген – Арайлы екен. Айымкүлдің әңгімелерін тыңдай жүріп, Арайлының аты аталғанда көз алдына жан дүниесі тап-таза, жүрегі шуаққа толы көрікті қызды елестететін болды. Таяуда құрбысының ұлы үйленгенде сыртынан атына қанық болған сол Арайлы сонау Қызылордадан келіп, көп қолғабыс жасады.

Арайлы десе дегендей екен – неше күн қарбаласта оның қабақ шытып, ренжігенін, әлдекімге дауыс көтергенін немесе қызметін міндетсініп, бұлданғанын көрмеді. Келген кісілерді биязы күлімсіреп күтіп алып, қошеметтеп шығарып салып жүргені. Әр ісіне мұқият, тындырымды, қай шаруаны болмасын ұршықтай үйіретін Арайлыға сүйсінбеген адам кемде-кем. «Мынадай жанашыр сіңлісі бар Айымкүл не деген бақытты» деп бұл да құрбысына қызыққан.

Той жабдығын жасап жүріп Арайлы екеуі етене жақын танысып, бір-біріне іштартып, туысқандай болып кетті. Содан да болар, оның әлсін-әлсін терең ойға батып, әлденеге қобалжып жүргенін қабағынан аңдаған Сәлима, жасы үлкендігін пайдаланып, бірде суыртпақтап сыр тартты. Арайлының да күткені осы екен: «Әпке, не істерімді білмей басым қатып жүр, ой түбіне жете алар емеспін, ақыл қосыңызшы» - деп, жанына батып жүрген жағдайын жайып салды.

«Менің күйеуім Баймұрат – әке-шешесінің тұңғышы болған соң әжесінің бауырында өсіпті, – деп бастаған әңгімесін Арайлы. – Өз анасын атымен атайды, күні бүгінге дейін анам деп мойындамайды. Алғашында, келін боп түскен кезімде, үйдегі бір шаруаға байланысты ой айтқан анасын: «Сенен кім ақыл сұрапты?» деп біздің көзімізше тойтарып тастағанда, күйеуім үшін қатты ұялдым. Әрі енемді аяп кеттім. Атама жалтақтап, «ұлын тыйып, жөнге салатын шығар, ал күйеуім анасынан кешірім сұрар» деп ойлағанмын. Қайдан?! Тіпті үйдегілердің ешқайсысы ол жайға мән бермеген сияқты. Келе-келе барып, баласының туған анасына осылай өктем сөйлеуі бұл үйде қалыпты жағдай екендігіне көзім жетті.

Бәрімізді билеп-төстеп, қаласа «қарағым-шырағым» деп, кеуіліне жақпаса зекіп тастап отыратын адуын әжеміз ешкімді Баймұраттың бетіне қарап сөйлетпейтін еді жарықтық. Тұңғыш немересі үшін от пен суға түсуге бейіл болатын. Қандай еркелігі болса да көтеріп, қандай қателігі болса да кешіріп, қандай талабы болса да орындайтын не басқаларға орындататын. Өзі белі бүгіліп жұмыс істеуге бар, бірақ Баймұратқа ештеңе істетпейтін. Бір інісіне біз тұратын отау үйді жөндеттірді. Бір інісі қажет кезінде мал сойып әкеп беріп тұратын. Баймұрат болса, әппақ көйлек пен ақ шалбар киіп, қалтасына әжесі салып берген ақшаны сытырлата жұмсап, бейғам өмір сүріп жатты.

Жалпы, мен келін боп түскен үй – өсіп-өнген, еңбекқор әулет екен. Әрқайсысының жылдар бойы қалыптасқан өз міндеті бар. Үлкен қайным малдың жайын күйттеп, бәріміздің көже-суымыздың болуын мойнына алса, ортаншы қайным егіс егіп, баршамызды көкөніспен қамтамасыз ететін. Атамыз бен кіші қайным қора-қопсыны жөндеп, отын-суды қамдап жүреді. Қыздардың да, тіпті әр үйден өрген ересек балалардың да ешкім айтпай-ақ, өздері біліп атқаратын шаруалары бар.

Ешқандай талап қойылмайтын жан – жалғыз Баймұрат қана. Себебі ол – атам мен енемнің тұңғышы, әжесінің ерке немересі. Өзінің осындай мықты қорғаны бар екенін біліп өскен Баймұрат барлығына дегенін істетіп, үлкенге де, кішіге де өктем сөйлейді. Оның қалауын орындамағандар әжесінен сыбағасын алады. Сыралғы туыстары ол кісінің қаһарына ұшырағанша, «Бәкеңнің» көңілін табу жеңілірек екенін біліп алған. Ауылдағы үлкен-кіші әжеміздің көңіліне қарап Баймұратты осылай «Бәке» дейтін. Тіпті туған анасы да тұңғышының атын атамай, оған «Апамның баласы» деп сөйлейтін.

Әжеміз қайтыс болған соң Баймұрат айдалада қалғандай күй кешті. Не бірге туған бауырларына қосыла алмады, не әкесінің «інісі» бола алмады. Жылады-сықтады, айлап арақ ішті. Мінезін білгендіктен туыстарының ешқайсысы «қой» демеді, ал менің сөзімді құлағына ілмеді де. Әжеміздің көзі кеткендігі туысқандарының Бәкеңе деген қарым-қатынасынан да көріне бастады: не іштегі, не тыстағы шаруаға пайдасы жоқ адамды асырағылары келмейтінін бауырлары әлденеше рет байқатты. Бірақ оны түсінетін Баймұрат па?!

Баяғыдай емес, қазір заман қиындап кетті ғой. Бұрынғыдан бейқам жүрген ешкім жоқ. Қарап отырған адамның күні қараң екеніне ауыл адамдарының да көзі жетті. Қазір әркім өзінше күн көруге талпынып, түрліше тірлік істеп жатыр. Өзгермеген біздің Бәкең ғана. Сол баяғыша әке-шешесін мойындамайды, «адам бол, жұмыс істе» деген ағайынды тыңдамайды. Үш баланың өсіп келе жатқаны қаперіне де кірмейтін сияқты. «Арағыңды қой, жұмыс істе» деп қаншама жалындым. «Жоқ жұмысты қайдан табамын?» деп өзіме дүрсе қоя береді. Қара су, қатқан нанмен отырған күндеріміз де болды. Сенесіз бе?

Содан өзім жұмыс іздей бастадым. Әрине, қазіргі дағдарыс кезеңінде жұмыс табу да оңай емес. Бірақ, іздесең, шын ниетің болса, табуға болады екен. Әуелі аула сыпырдым. Күйеуім онымды қолдаған жоқ, керісінше, «жұрттың қиын сыпырып нан таппай-ақ қойдым» деп мені кекеп-мұқап отыратын. Сосын автобуста билет сатушы болдым. «Қайыр сұрап жүргендей сол да жұмыс болып па?» деп тағы жаратпады. Содан соң автопарктің асханасына жұмысқа кірдім. Азғантай айлығы бар, қалғанын азық-түлікпен береді. Балаларымның тозып кеткен киімдерін жаңалап, күнделікті ыстық тамақ ішетін болдық. Бір күні біздің асханаға ет шабушы керек болып, бастығымыз әрі менің жұмысыма риза болғандықтан, әрі шиеттей бала-шағам бар екенін білетіндіктен, сол жұмысқа күйеуімді алмақ болды. Жүгіріп келіп, күйеуіме жағдайды түсіндіріп едім: «Қан-қан алжапқыш байлап жүрмекпін бе сонда?» деп бармай қойды.

Менің төзімімнің жеткен жері осы болды. «Олай болса, аштан өле қал. Мен енді сені бақпаймын» дедім. «Арамтамақсың. Бір шеге қағу білмейсің. Не туыстарыңа қадірің жоқ, не балаларыңа өнегең жоқ» дедім. «Сендей байым болғаннан, болмағаны артық, ажырасамын» дедім. Қазір есіме алсам өзім де сенбеймін, тағы талай нәрсе айтылды... Отасқалы бері ашу шақырып, дауыс көтеріп көрмеп едім, сол күні өзімді ұстай алмадым – жылдар бойы жинақталып, кеудемде қордаланып қалған сөздің бәрі кенерінен асқан су құсап сыртқа шықты...

Байқаймын, бағанағыдай емес, күйеуімнің арыны басылайын деді. Шынымды айтайын, еңсесі түсіп, жер шұқылап отырып қалғанын көргенде аяп кеттім өзін. Бекер айқайладым ба, жанына ауыр тиіп кеттім бе деп өкініп қалдым. Екінші жағынан қатты сөз намысына тиіп, түзелетін шығар деп үміттендім де. Біз, әйел сорлы, кешірімшіл халықпыз ғой. Сол жолғы айқай-шудан бір қорытынды шығарып, жөнге келсе, бала-шағасының жайын ойлап, қолынан келер шаруамен айналыса бастаса – маған сол жеткілікті еді, осы уақытқа дейінгі арамтамақтығын да, маскүнем болғанын да, бәрін-бәрін кешірер едім. Бірақ сүйекке сіңген әдеттен арылу мүмкін емес екен – ол жөнделген жоқ. Жөнделу ойында да жоқ, әлі сол масыл қалпы.

Менің ең қорқатыным – балаларым осыған тартып, көргенін істеп, жатыпішер, жалқау болып кетуі мүмкін ғой. Оның үстіне біздің де тұңғышымызды атам мен енем бауырына басқан, оған да мені атыммен атауды үйретті. Кішкентай кезінде «Арайлы» дегенге тілі келмей «Ай-ай» дейтін. Ол кезде тілін қызықтап күлетінбіз, қазір «Ай-ай» дегенін естігенде, «әй! әй!» деп тұрғандай, басыма келген нешетүрлі ойдан қолайсыз күй кешіп, денем тітіркенеді.

Ол да – ерке, шолжың. Атасы мен әжесі бар зейнетақысын жұмсап, коньки әпер десе – коньки, велосипед әпер десе – велосипед сатып әперіп отыр. Былтыр бойымдағы бар батылдығымды жинап, ата-енеме баланы өзіміз алсақ деген ойымды білдіріп едім – басым пәлеге қалды. Үлкендердің ұрысқаны бір бөлек, қайны-қайынсілілерім үдере көтеріліп, бір ауыз сөзім үшін біразға дейін «отырсам – опақ, тұрсам – сопақ» күй кештім. «Жаман айтпай – жақсы жоқ» демей ме, ертең ата-енемнің көзі кеткенде ол да Баймұраттың кебін кие ме, қай үйірге қосыларын білмей дал боп қала ма деп уайымдап жүргенімді олар қайдан білсін?!

Ең жаманы да осы – менің балама айтқан ескертпелеріме енем емес, қайын сіңлілерімнің қарсы шығатыны. Таяуда балама: «Атаңның қасына еріп жүріп, бірдеңелерді істеп үйрен. Ештеңе істеу білмейтін, қолынан түк келмейтін адамның өмір сүруі қиын болады. Еш шаруаға қыры жоқ адамға өзгелер мүсіркеп қарайды, оның жұмысында да, үйінде де қадірлі, сыйлы болуы екіталай» деп ақыл айтып отыр едім, қыздар: «Жұмысың болмасын, ол – сендердің балаларың емес», «Ойпырмай, сенің ғана жаның ашиды екен ғой» деп өзімді біраз жерге апарып тастады. У-шудан қашқан момын енем: «Қойшы, шырағым, ақылы кіргенде өзі де үйренеді» деп қыздарына жалтақтады. Сонда ақылы қашан кіреді? Қырыққа келген Баймұраттың ақылы әлі кірген жоқ, одан өнеге алса бұл бала қандай болмақ?

Шынымды айтсам, қазір күйеуімнен әбден көңілім қалды. Жұмыс істемесе де, үй ішін жөндеп, балалардың сабағын қарап отырса да шүкір дер едім. Оныкі тек ұйықтау мен телевизор қарау. Арақ ішуін де қояр емес. Тіпті сол арақты қайдан табатынына таңым бар? Балалардың керек-жарағын алуға табылмаған ақша оның арағына табыла кетеді. Өзі мұны: «Мені сыйлайтындар көп, сондықтан көңілімді қалдырмайды» деп мақтан етеді. Бүйтіп сыйлағандары құрсын! Көріп жүрмін ғой, айналасына жиналатындар да өзі сияқты – өмірдің жақсы жақтарын көрмей, кем-кетігін санамалап, сынап-мінеуді ғана білетіндер. Ал өмірді жақсарту өз қолдарында екендігі ойларына кіріп те шықпайды.

Ойлап, ойлап, ой түбіне жете алмай шаршадым. Айымкүлдер жақында жаңа үйге көшкелі жатыр екен. Менің жайыма әбден қанық. Тұрмысқа шыққан алғашқы жылдары-ақ маған: «Сенің күйеуің ешқашан адам болмайды, еркек емес мойныңа ілінген қамыт бұл. Он екі мүшесі сап-сау мүгедек, өмір бойы асырайсың» деп еді. Мойындамасқа шарам жоқ – айтқаны келді. Енді «Күйеуіңмен ажырас. Мына пәтерді саған берейік, балаларыңмен көшіп кел» деп отыр. Өз күнімді өзім көре алатынымды білемін, сөйтсем бе екен, әлде?

Бірақ...

Жасырып қайтейін, кезінде жақсы көріп қосылғандықтан шығар, ажырасып кетейін десем – оны аяймын да. Мына қалпымен қалай күн көреді? Кімге сияды? Бетінен қақпай өсірген әжесі шексіз еркелетудің аяғы осындай боларын қалай ойламады екен? Ол кісі, әрине, бұған жамандық тілеген жоқ қой. Бірақ неге туған әке-шешесіне қарсы қойып тәрбиелегенін түсінбеймін. Енді, міне, өзімнің ұлым да сол жолмен жүріп келе жатыр. Біздер жақта мұндай мысалды аттап бассаң кезіктіресің. Кішкентай кезінде айтқанымен, үлкейген соң шешесінің атын атауға ыңғайсызданып, не дерін білмей жүргендер көп. Аналарын «мамашка», «мамка» дейтіндер – солар.

Осыдан кейін баланы біреудің бауырына салу деген түп-тамырымен дұрыс емес деген ойға келдім. Мысал керек болса, міне, көз алдарыңызда – ерке қылам деп өмірден мақұрым қалған менің күйеуім. Мен үшін қазір ол басы артық жүк. Орыстар айтады ғой тұтқасы жоқ шабадан сияқты деп, дәл солай: тастауға қимайсың, алып жүру – қиын. Енді не істеуім керек?»

Әңгімесін аяқтаған Арайлы Сәлимаға осындай сауал қойып еді.

Содан бері Сәлимада маза жоқ. Себебі Арайлының әңгімесі өзінің де жүрек жарасын тырнап кетті. Бұдан бірталай жыл бұрын, жас кезінде, мұның жанын ауыртып, жүрегін сыздатқан оқиғаға өте ұқсас еді, тіпті соның көшіріндісі сияқты. «Тағдыр мені неге бұлай қинады?» деген сұраққа жауап іздеп, талай таңды ұйқысыз атырғаны есінде. Енді ойлап отырса, талай айды, жылды тауысқанымен, ол сұраққа жауап іздейтіндер таусылған жоқ екен, тіпті бұл – жауабы жоқ, мәңгілік сұрақ сияқты екен.

Осы дұрыс па сонда? Жауабы жоқ сұрақ бола ма екен?

Өткен өмірінің өкінішті, мұңлы тұстарын есіне түсірген Арайлының әңгімесі Сәлиманы осыған дейінгі тып-тынық, мамыражай күйінен кілт шығарып, ұйқысынан айырды. Енді ол қызметінде жүрсе де, оңаша отырса да жас келіншектің көз жасын сыға отырып айтқан әңгімесі құлағында жаңғырығып, оған қалай көмектесемін деп санасы шарқ ұрды. «Өзім біржақты ойлайтын шығармын» деп әркімнен сыр тартып, сыралғы достарынан ақыл-кеңес сұрады.

Міне, қазір де – ойында сол әңгіме. Автобус терезесінен сыртқа қарап, ойға шомған әйелді сырт адамдар Астананың көрікті көшелерін қызықтап келе жатыр деп ойлауы мүмкін. Ал Сәлиманың көз алдында – сәулетті ғимараттардың салтанаты емес, жанары жасқа толған Арайлының бейнесі. Бүгін де оның сұрағына жауап іздеп, жас кездерінде бастарынан осыған ұқсас жай өткенін білетін екі құрбысы – Айжан мен Нәзираға барып жолығып қайтқан беті осы.

- Қазіргінің келіндерінде ұят жоқ, - деді Нәзира мұның әңгімесі аяқтала салысымен. – Кемпір байғұс өз балаларынан жырып, соның баласының аузына тосып отырса да жақпайды. Қызғанса қызғанған шығар, онда тұрған не бар? Ертең өзі кемпір болғанда көрер ме еді қалай жырлағанын?

- Сен өз ыңғайыңа қарай бұрып отырсың ғой, Нәзира, - деді Айжан ойлана сөйлеп. – Сіздің үйдегі шешеміздің немерелерін бауырына басып отырғанын білеміз ғой. Сен ол тұрғыдан ойлама, мәселені жалпы алып қарасайшы...

- Ау, қалай жалпы алуым керек сонда? Шешем байғұс аузы көпіріп балаларын бағып жүргенде олардың келіп дікіңдеп бірдеңе дегенін есту қалған екен маған! Неменеге бәлденеді? Баласын бауырға салса ше? Ұйқым тыныш болды деп қуанбай ма қайта? Атын атағанда тұрған не бар? Бесікте жатқан кезінен бағып-қағып отырған шешемді «мама» демегенде кімді айтады? «Тапқан ана ма, баққан ана ма?» дегенді шығарған мен емеспін ғой!

- Сені жөні дұрыс ой айтады деп отырған мен де ақымақ екенмін!

Табиғатынан биязы мінезді, ешқашан ешкімге дауыс көтеріп көрмеген Айжанның зілді үнінен Сәлима селк ете қалды. Жаңа ғана өрекпіп отырған Нәзира да басылып, құрбысына таңдана қарады. Арада бір сәт үнсіздік орнады.

- Мен әке-шешемнің бес-алты жыл күтіп барып көрген тұңғышы едім, - деді біраз үнсіздіктен кейін Айжан, – сонда да болса ата салтымыз бойынша атам мен әжемнің бауырында өскенімді білесіңдер ғой. Зарығып көрген немересі болғандықтан, олардың мен десе шығарда жандары бөлек еді. Әжем мені кілемнің үстіне ақ жайма жайып отырғызатын, жарықтық. Өзіме арнап бөлек тамақ пісіріп, тәтті-дәмдінің бәрін менің аузыма тосатын. Атам станция басына арнайы барып, саудагерлерге тапсырып жүріп, елде жоқ киімдер мен ойыншықтар алдыратын...

Менен кейін едел-жедел дүниеге келген іні-сіңлілеріме әжем мен атамның тарапынан тап маған арналғандай көңіл бөлінген жоқ. Үпір-шүпір етіп, менен артылғанды жеп, менен қалғанды киіп жүретін. Бірақ, бір қызығы, мен олардың күні бойы біздің үйде ойнап, кешкілік бірін-бірі арқалап, сүйрелеп кетіп бара жатқанына қызыға қарайтынмын. Кейде олардың үйінде ойнап, анамның (туған анам сол екенін іштей білетінмін) пісірген тамағын бауырларыммен таласа-тармаса жейтін күндерім – мен үшін балалық шағымның ең бақытты, шуақты күндері десем, сенесіңдер ме?

Ондай күндері әжем марқұм мені: «Немене, сол үйдің тамағын көксеп тұрасың ба осы? Менің көзімді ала беріп, «мама» деп жүрген шығарсың Зағипаны? Ол да екі желеу, бір сылтаумен бетіңді сілекейлеп сүйген шығар?» - деп, күңкілдеп сөйлеп қарсы алатын. «Жоқ, әже, «мама» деген жоқпын, бетімнен де сүйген жоқ», - деймін мен безектеп.

Шындығында, Зәпәм (анамды айтам) жалап-жұқтап сүюге жоқ адам болатын. Мені оңашада құшақтап, шашымнан иіскеп «Ботақаным сол!» дейтін елжірей сөйлеп – маған сол жеткілікті еді. Бойым шымырлап, жүрегім дүрсілдеп, кеудемнен шығып кете жаздайтын... Институтқа түскенімді айтуға үйлеріне барғанымызда, көзінде шүп-шүп етіп толып тұрған сезімін айтуға батпай, әжеме жалтақтап қарай бергені есімде... Сонда анамды аяп, жүрегімнің ауырғаны әлі есімнен кетпейді. Бір сәт мойнына барып асыла кеткім келген – бірақ әжемнің көңіліне қарадым. Қазір соған өкінемін...

Зәпәм мен отызға толған жылы кенеттен қайтыс болды. Сүйегін шығарарда әкемнің туыстары бірінен кейін бірі келіп: «Даусыңды шығарып, «мама» деп жыла» деп ақыл айтты. Неге олай дегендерін қайдан білейін? Бәлкім, солай десем анама жеңіл болатын шығар? Әлде әдеттегідей менің жағдайымды ойлап, маған жеңіл болсын деді ме екен? Соны әлі күнге дейін білмедім. Бірақ өмір бойы «мама» дегізбей келіп, енді айт дегендеріне жыным келді. Мені бір автомат машина дей ме екен – түймешесін басып қалсаң қалаған сөздерін айта салатын?

Ішім өртеніп, күйіп бара жатса да, тығылып, ештеңе дей алмадым. Зарлап жылап, жоқтау айтып отырған сіңлілеріме де қосыла алмадым. Бейнебір марқұм әжем жаратпай қарап тұрғандай сезіндім өзімді. Ал сіңлілерім менің өздеріндей жер бауырлап жыламағанымды басқаша ұқты – анамыздың қазасына қайғырмады деп санады. Содан да болар, ара-қатынасымыз суық тартты.

Бауырларымның әлдеқандай себепті желеу етіп, бастары қосыла қалатынын естіп жүремін. Мені шақыруды ұмытып кетеді. Әдейі емес, әрине. Бір ата-ананың төлі болсақ та, бөлек өскеніміздің салдары екенін түсінемін. Өкпелемеймін. Кімге өкпелеймін? Үкідей үлпілдетіп, үстіме қонған түйір шаңды үрлеп өсірген атам мен әжеме ме? Ата салттан аттай алмай, өз баласын бауырына басудан жасқанған әкем мен анама ма?

Кей кездері «Қайран мейірімді қарттарым, менімен неге санаспады екен? Аллатағаланың жаратқан әр пендесінің өз ортасында, жасандылықсыз өмір сүру тілегі болатынын қалайша білмеді екен?» деп ойлайтыным да бар.

Осы ойларымның әсерімен болса керек, кейін өзім ешбір немеремді меншіктеп, қойныма салмадым. Үйдегі балаларыма да, түздегі балаларыма да «сенің ұлың, сенің қызың – қызығын да, қуанышын да өздерің көруге жазсын» деп отырамын. Келіндерім перзентханадан шыққан күннен бастап, белдерін байлап кеткенге дейін қастарында болып, баланы шомылдырып, күтіп-бағуды мойныма аламын. Қызылшақа күндерінен алақаныма салып өсіргендіктен болар, іші-бауырым елжіреп, жақсы көрем шіркіндерді. «Баладан немере ыстық» дегеннің мәнін де түсінген жайым бар. Бір жақтан кешіксе, әке-шешелерінен бетер берекем кетіп, зәре-құтым қашады. Кейбір істерін ақтап, немерелеріме «адвокат» болуға тура келеді. Олар да үйіріліп қасымнан шықпайды, бұл да бір қызық...

Өмір осылайша өтіп жатыр. Әжем «е-е-е, көрешегіңді көрмей, көрге кірмейсің» деп отыратын, соның бәрі рас екен – қуаныш келіп қайғымды жуып-шайған, жетістікке жетіп, жеңілісімді ұмыттырған кездерді бастан кештім. Бірақ, ұл өсіріп, қыз өсіріп, немере сүйген мен үшін ұмытылмас, өмірде орны толмас өкініш – анамды көзі тірісінде «анам» деп еркелей алмағаным...

Қазір, шүкір, «кім не дейді?» деп жалтақтайтын жастан өттік ғой. Бірақ, біз сияқты екі жақты тәрбие алған адамда бала кезде қалыптасқан, сүйекке сіңген қасиет қалмайды екен. Міне, қазір де Арайлының Сәлимаға қойған сұрағына тура жауап берейін десем – іштей бір сезім тілімді байлап, әлдеқалай ести қалса, марқұм әжемнің туыстарының көңілдеріне келе ме деп мүдіре берем...

Дегенмен, бір нәрсенің басы ашық – меніңше, Арайлының әңгімесіне төрелікті оның күйеуі сияқты «апасының баласы» болып өсіп, өмірде өз жолын таба алмағандар немесе үлкендердің бауырында өсу туралы жалпылама мағлұматы бар адамдар не мына біздің Нәзира сияқты жалған намысты жыртушылар емес, «апасының баласы» болу сияқты ерекше «мәртебенің» артықшылықтары мен кемшіліктерін басынан кешкен жан айтуы керек. Мен сол соңғылардың қатарындамын. Баланы өз ата-анасынан, бауырларынан бөлектеп өсірудің болашақта ол үшін қатпар-қатпар қиындығы болатынын біздерден артық ешкім айта алмайды. Әзірше мұны ескеретіндер некен-саяқ екені өкінішті...

Бағанадан бері тебірене, толқи сыр ағытқан Айжанның соңғы сөздері Сәлиманың ұзақ жылғы ішкі арпалыстан кейін түйген ойымен ұштасып жатса да, мұның жанын жеген мәселеге бола бір-біріне қатқылдау сөйлеп, қабақ шытысып қалған құрбыларының қасынан үнсіз шыққан. Міне, енді Арайлыға айтар ойын қалай сабақтаймын деп екіұдай күй кешіп келеді. Айжан әжесінің туыстарының көңіліне келе ме деп жалтақтаса, өзі басқалар – бұл білмейтін былайғы жұртшылық қалай қабылдар екен деп алаңдаулы. Себебі бір таяқтың екі ұшы бар екенін түсінетін жаста болғандықтан, жан сырын айтқан келіншекке «сенікі жөн» дейін десе, баланы бауырға басуды қазақтың бұзылмайтын салты деп, оған қатысты жайлардың барлығын талқылауға, өзгеруге жатпайтын мәселе деп санаушылардың ашуын тудыратынын бұл да біледі. Ал сенікі жөнсіз деп айтуға ары бармас еді...

АЛТЫН КӨРГЕН ПЕРІШТЕ

Адамның ойына бір нәрсе келсе немесе әлденеге іштей бел буса, сол сәттен бастап ол күні-түні естен шықпай алаңдата береді екен-ау. Әлима осыған аң-таң. Ешкімге айтпаған бір ойы, ешкіммен бөліспеген бір жоспары... ызыңдаған шыбындай мазасын алып, ойынан шықпай қойғанына бірталай уақыт болды. Шынын айтқанда, ол біреумен бөлісе қоятындай жақсы жоспар да емес еді... Алғашында, есіне түсіп кеткен кезде денесі дір-р ете қалып, аза бойы қаза болып, шошынатын. Жылмаңдаған арам ойдан тезірек құтылғысы келіп, көңілін басқа нәрселерге аударып, көшенің шуылына, адамдардың абыр-дабырына құлақ түріп, далбасалайтын. Бірақ, не сиқыры барын кім білген, қанша құтылмақшы болып әуре-сарсаңға түссе де ұры ой жылмаңдап, соңынан бір қалмай-ақ қойғаны...

Ақыры жеңіп тынды. Берілмеймін, ақыл-есімді билетпеймін деп қанша тірескенімен, о, ғажап, орынсыз ойына Әлиманың бірте-бірте бойы үйрене бастаған сияқты. Тіпті, осы бір ойының, пиғылының жаман екенін біле тұра, бұрынғысынша одан құтылудың амалын ойлап, қажып, шаршамайтын күйге де жетті. Рас, әлі де болса санасының сона-ау түкпірінде жылт ете түсетін ұры ойынан қуыстанып, көп ішінде тұрса, «ешкім сезіп қоймады ма екен?» дегендей, жан-жағына қарағыштап, бұған мән беріп жатқан еш пенденің жоқтығына көзі жеткенде барып «уһ!» деп дем алады.

Осылайша, бұрын-соңды біреудің ала жібін аттамаған, тіршіліктің қат-қабат қатпарының тек жақсы жақтарын ғана көріп, өзі де өмірге тұп-тұнық жанармен қарайтын жасөспірім қыз Әлима санасына әйтеуір бір саңылау тауып кіріп, әлсіз, қорғансыз болмысын жайлап алған жымысқы ойдың тегеурінді екпініне төтеп бере алмай, тұтқындалды да қалды. Құтылмақшы болып қаншама тырысқанымен, бәрібір санасынан сыпырып алып тастай алмайтынына көзі жетті. Алып тастау қайда, тіпті... сол ойының жетегіне еріп... біраз жерге «барып қайтатынды» шығарды. Оңаша қалса болды, сол бір жосықсыз жоспары деміл-деміл есіне түсіп, кейде оны ойша өрбітіп отырғанын өзі де байқамай қалатын. Жоспарын жүзеге асырса өмірі өзгеріп шыға келетіндей қиялдайтынын қайтерсің...

Бірақ, бірақ... ол жоспарын іске асырсын... жолы болса бір сәрі... Ал болмаса ше? Сонда оның ақыры не болмақ? Әкесінің басындағы күн бұған да тумай ма? Сұмдықтың көкесі сол емес пе? Ойын арбап, бойын билеп алған жоспарын орындауға бел буып, бірден кірісіп кетуден Әлиманы әзірше тоқтатып тұрған да – осы ой.

... Маскүнемдікке салынған әкесі бұл дүниенің бар қызығын бір ұрттам араққа сатып жіберетіндей бейшара халге жеткеніне балауса қыз Әлима намыстанып, қарадай жерге кіре жаздайтын. Бірнеше рет әкесін қолынан тартып, қолтығынан сүйеп жүріп, үйіне дейін сүйрелеп жеткізген. Бірақ соның бәрінде де көкейін бір-ақ нәрсе тескен әкесі іздегені үйден табылмайтынын біліп далаға қашатын. Содан соң жолдастарымен бірге келе жатқанда көшеде бұлғаңдап жүрген әкесін көре қалса, көрмегендей түр танытып өте шығудан басқа Әлиманың амалы қалмаған. Анасының жалынғанын да, туыстарының бірде ақылмен, бірде ашумен айтқан сөздерін де мәңгіріп отырып тыңдайтын әкесінен көңілі әбден қалып, іштей күдер үзген бала көңіл әлдебір жамандықты сезгендей алаңдап жүрген. Сезімі алдамапты. Бір күні ауыл шу ете түсті – арақ сатып алатын ақша іздеп, әкесі іргелес көршісінің үйіне ұрлыққа түсіпті.

Әкесінің айдың, күннің аманында, тамақтан тарығып емес, араққа салынып құдайы көршісінің үйіне ұрлыққа түскені туыс-туған, бала-шағасы үшін ауыр соққы болды. Әлима намыстанып, бірнеше күн сабағына бармай қойған сонда. Тіпті мектепті, үйін, бәрін-бәрін тастап, беті ауған жаққа кетіп қалғысы келген. Бірақ қайда барады? Інісі де балалардан «әкең – ұры» деген сөз естіп, бірнеше рет көшеден жылап келді. Бірақ, бәрінен де анасына қиын болғанын, оның бүкіл арманы күйреп, барлық үміті өшкенін Әлима көп кейін түсінді.

Анасы сот залында көзімен жер шұқып, басын көтере алмай отырған. Содан соң аула сыртына шыға қалса, ту сыртынан айтылатын сыбыр-сыбыр әңгімеден қорғалақтап, көшеге аттап баспай қойды. Дүкеннен ұсақ-түйек зат алу керек болса, «менің қолым тимей жатыр» деп, қолына тиын-тебенін ұстатып, Әлиманы жібереді. Сонда қолы тимейтіндей ештеңе істеп те жатқан жоқ. Шындығында істемейді емес, бірдеңені бастайды да, әлдебір ойдың жетегіне еріп, бастаған шаруасын ұмытып кетеді. Әлима қасына келіп: «Апа, не істеп отырсыз?» дегенде, «а-аһ?» деп селт ете түседі.

Осылайша күн өткен сайын бұйығылана түсіп, түсініксіз күй кешкен анасы көп ұзамай белгісіз бір дертке ұшырап, төсек тартып жатып қалды. Көңілін сұрап келген көрші-қолаңның алдында төменшіктеп, бәрінің алдында айыпты сияқты ауылдастарының беттеріне қарауға дәті шыдамаған арлы әйелдің жан күйзелісінен көз жұмғанын ауылдастары сезсе де бір-біріне ләм-мим дескен жоқ. Бәлкім, көбінің осы қаза арқылы «арым – жанымның садағасы» деген сөздің мағынасын түсінгендіктерінен болар...

Ағайынның қолкөмегі мен сөзкөмегі ұзаққа созылған жоқ – марқұмның қырқы өте салысымен келушілер бірте-бірте азайып, ақыры сап тыйылған соң өз күндерін өздері көруі керектігін ұққан балалардың үлкені Әлима жұмыс іздеуге шықты. Міне, содан бері жаутаңдап қалған іні-сіңлілерін асырап-бағу – өзінің де қабырғасы қатпаған Әлиманың мойнында. Өзі қатарлы қыздар қылтиып бой түзеп, бозбалалар туралы сыбырласып сыр айта бастаған шақта тағдыр қамытын мойнына салған балауса қыз көше сыпырды, ветеринарлық емхананы күзетті, жұмысшылар асханасында ыдыс-аяқ жуды, пошташыға хат тасуға көмектесті... Суыққа тоңып, ыстыққа күйіп жүріп істеген жұмыстарында тұрақтай алмауында елгезек, тиянақты Әлиманың еш кінәсі жоқ-ты, ол – қоғамды құрсауына алған дағдарыс жұмыссыз қалдырған көптің бірі ғана еді.

Қазіргі жұмысына кездейсоқ келді. Пошташыға хат тасуға көмектесіп жүргенінде бір үйге келген шұғыл жеделхатты апаратын адам табылмай қалып, бастық Әлиманы жұмсады. Тілдей қағаздың бір үйге жайсыз хабар әкелгенін біліп, алға басқан аяғы кері кетіп, амалсыз келген Әлима есік қоңырауын жүрексіне басты. Ар жақтан «қазір, қазір» деген жарқын дауыс шығып, іле біреудің асыға басып келе жатқаны естілгенде, өзінің қандай тапсырмамен келіп тұрғанын, енді не болатынын ойлап, жүрегі дүрсілдеп кетті. Сол кезде іш жақтан сырт-сырт еткен дыбыстар естіліп, іле есік ашылды да кішкентай баласын көтерген әдемі келіншек Әлимаға таңырқай қарап: «Саған не керек, сіңлім?» деп сұрады. Жеделхатты үнсіз ұсына беріп, әлі қайғысынан арылмаған, жүрегіндегі жарасы әлі жазылмаған Әлима өксіп жылап жіберді. Шошынып, түрі бұзылып кеткен келіншек қағаздағы жазуға көзі түскенде ышқына дауыстап, еңіреп жылап қоя берді. Көтеріп тұрған баласы да шешесіне қарап, шыр ете түсті.

Әлима не істерін білмей, баласын бауырына басып ағыл-тегіл жылаған келіншектің қасында состиып тұра берді.

Келіншек солығын басып, орнынан көтерілгенде жеделхат әкелген қыздың да көзін сүрткіштеп, әлі қасында тұрғанын көріп, жап-жас болса да жөн біліп, жылаған кезінде жалғыз қалдырып кетпегеніне іші жылып қалды. «Енді қайттым? Билет алуым керек қой... Баланы кімге қалдырамын?» деп ойы сан-саққа жүгіріп, жаны қысылғанда тап қазір өзіне аяй қарап, мұрнын пыш-пыш тартып тұрған қыздан артық көмектесер адамды таппасын түсінді.

- Қалқам, сіңлім, мен үйде жалғыз едім. Күйеуім іссапардан бүгін кешке оралады... Мен билетке барып келгенше үйде баламның қасында отыра тұрасың ба?

Әлима басын изеді.

Сол оқиғадан кейін ол Перизат пен Жалғастың үйінде қалып қойды. Алғашында әкесінің мезгілсіз қазасынан кейін өз-өзіне келе алмай қойған келіншегіне үй шаруасына көмектессін деп үлкен қызмет істейтін Жалғас пошта бастығымен келісіп, Әлиманы бірнеше күнге сұрап алған. Келісімді уақыт өткен кезде үй шаруасына зыр жүгіріп көмектесіп, кішкентай Жандосты ойнату, далаға шығарып қыдыртуды өз міндетіне алған Әлимадан Перизаттың айрылғысы келмей қалды. Қаршадайынан тағдыр тауқыметі басына түскен жас қыздың өз үйінде жүрген күндерде өңіне қан жүгіріп, көзіндегі мұң тарай бастағанын байқаған Жалғас та оны қара суықта дірдектетіп пошта тасуға жіберуге аяп жүрген. Келіншегімен ақылдасып, «бір амалын табармыз, әзірше үйде жүре берсін» деп шешті де, жұмысынан мүлде шығартып алды.

Әлима үй қызметшісі деген аты болғанымен, осы үйдің өз адамындай болып кетті. Күніұзаққа Перизатқа үй шаруасына көмектесіп, кешкісін нан мен сүт, сары май мен шұжық, кейде сыр мен жұмыртқа немесе кәмпит-печенье салынған дорбасын мықшия көтеріп, үйіне қайтады. Ал екі-үш аптада бір рет ет, картоп, макарон сияқты азық-түліктерді Әлиманың үйіне жеткізіп тұруды Жалғас ағасы жүргізушісіне тапсырып қойған. Содан бері Әлиманың іні-сіңлілері де мәз, үй ішінің ұсақ-түйек жұмысынан қолы босаған Перизат та риза. Құрбыларымен бір сәт бой жазуға жарап қалған ол анда-санда театрға, концертке, тіпті, саунаға баратын болды. Кейде құрбыларын үйге шақырып, қонақасы беретін.

Сондай қонақасылардың бірінде Перизат Жалғастың өзіне таяуда алып берген әшекей бұйымдарын құрбыларына мақтана көрсеткен. Келіншектер аһ ұрып, таңдайларын қағып, біресе алқасын, біресе білезігін, біресе сырғасы мен жүзіктерін тағып көріп, біраз шуылдасты. Және де, әшекейді қай әйел тақса да, әлдебір сиқыр әсер еткендей бірден өзгеріп, сұлуланып, асқақтап шыға келеді екен.

Қыз емес пе, әдемі әшекейлерге дастарханды жинастырып жүрген Әлиманың да көзі түсті. Бірақ оның назарын аударған жұрттың бәрі тамашалап жатқан бұйымдар емес, көгілдір тастары жарыққа шағылысып, мың құбылып жатқан жүзік еді. Жанарын арбаған жүзікті қолына бір ұстап көргісі келіп отырғандарға тақап келгенін байқамай да қалды. Аузы ашылып, көзі көгілдір тасты жүзікті тесіп бара жатқан Әлимаға Перизат еркелете тіл қатты:

- Қалай, Әлимаш, ұнай ма саған?

Әлима басын изеді.

- Саған қайсысы ұнайды? Қане, қолыңа тағып көрші...

Әлима көз жауын алған жүзікке қолын созды: «Міне, мынау...»

Әйелдер шу ете қалды: «У-у-у, қарашы өзін!», «Губа - не дура!», «Қазіргі жастар біз сияқты емес, олардың талғамы басқа...»

Саусағына салған жүзік орнатылған тастардың салмағы басып, төмен қарай айналып кетті. Әйелдер ду күлді. Перизат мұны өзіне тарта құшақтап: «Ештеңе етпейді, кейін өскеніңде сенің де саусағыңа жүзіктер дәл келетін болады, - деді күлімдеп. – Ерте-е-ең сені ұзатқанда саусағыңа шап-шақ жүзік сатып әперемін. Мынадан он есе әдемісін өзің таңдап тағатын боласың әлі. Ал бүгін үйіңе ертерек қайта бер, біз әлі біраз отыратын шығармыз. Ыдыс-аяқты қалдыра сал, өзім жинаймын.»

Жол бойы Әлиманың көз алдынан күн сәулесіне шағылысып, мың құбылған жүзік кетпей қойды.

Сол күні түсінде көгілдір тасты жүзікті саусағына салып жүр екен... Үстіне киген көйлегі де жүзік түстес көгілдір сияқты... жеп-жеңіл етегі көлбең қағып сыныптас балалардың алдында билеп жүр екен дейді... Балалардың барлығы бір ғажайып көргендей аңтарылып, ауыздарын ашып қалғанын байқап, бұл одан сайын үйіріліп, шыркөбелек айналып жүр... айналып жүр...

Оянғанда соның бәрі түс болғанына іші удай ашыды.

Келесі күні Перизат бір шаруаларымен сыртқа шығып кеткенде алтын бұйымдар салынған қобдишаны ашып, көгілдір тасты жүзікті қолына тағы да тағып көрді. Бұл жолы ол соншалықты үлкен де емес сияқты көрінді, саусағы сәл толысса, дұп-дұрыс болайын деп тұр екен. Әп-әдемі болып, саусағына жараса кеткені сонша, Әлима жүзікті әзер шешті. Қобдишаны орнына қойған соң да, бірдеңесін жоғалтып алғандай сол бөлмеге қайта-қайта кіргісі келіп, күнұзаққа өзімен өзі арпалысумен болды.

Содан бері көз арбаған көгілдір жүзік күндіз Әлиманың есінен, түнде түсінен кетпей қойды. Бұл бойжеткенше, тұрмысқа шыққанша қашан? Ал жүзікті дәл қазір тағар ма еді, шіркін! Кеше өз көзімен көргендей, жүзік таққан кезде бұл да Перизат тәтесінің құрбыларындай сұлуланып кететін шығар-ақ! Сонда мұның онсыз да жүдеу түріне жараспайтын қонымсыз киіміне менсінбей қарайтын құрбыларына бұл да немқұрайлы көз тастап, бойын асқақ ұстап жүрер еді-ау!

Әлиманың қиялын бір дауыс бұзды. Алғашында анасы екен деп қалған, сөйтсе өзінің ішкі даусы екен.

«Бірақ оны қалай аласың? Ұрлап па? Сосын Перизат тәтесінің бетіне қалай қарайды? Жо-жоқ, болмайды. Болмайды ұрлауға!»

Ішкі даусы зілді еді. Қарсы сөзді қабылдамайтынын білдіріп үзілді-кесілді айтып, Әлиманы тоқтатып тастады. Бірақ сәлден кейін, бағанағы тәтті елестердің әсерінен әлі арылмаған алып-ұшпа көңілі қорғаншақ үнмен, толып жатқан дәлелдер келтіріп, жаңағы зілді дауысқа бәсең қарсылық танытты:

«Неге ұрлап аласың? Жай ғана аласың ғой. Уақытша. Ол тіпті сенің алғаныңды білмей де қалуы мүмкін. Алып, бірнеше күн тағасың да, қайтадан орнына қоясың. Бұл ұрлық емес қой. Бар болғаны бір-екі күнге ала тұрасың. Сосын білдірмей ғана орнына қоясың.»

«Рұқсатсыз алғаның – ұрлағаның. Ұрлық жасауға болмайды!»

«Мүлде алатын болса ғана ұрлық дейді. Ал сен қайтадан орнына қоясың ғой. Оның несі ұрлық? Есесіне барлық мақтаншақ қыздардың іштері жарылып кететін шығар. Өздерінше сені менсінбеуші еді, енді келіп саған жалынып «ой, Әлима, жүзігіңді бере тұршы, тағып көрейінші» деп сұрайтын шығар...»

«Шындығында, сені көздеріне ілмейтіндердің іштері бір күйер еді. Шіркін, жалынып, мәймөңкелеп сөйлегендерін ұлдар да көрсе ғой...»

«Көрмей ше? Көреді. Тіпті, «Саусағыңа қалай жарасып тұр! Қолың қандай әдемі!» деп сұқтанатын шығар...»

«Марат та көрсе, «жүзігің қандай әдемі, бүгін өзің де ерекше құлпырып кетіпсің ғой, жүр, үйге бірге қайтайық» десе...»

Маратты ойлағанда Әлиманың балапан жүрегі шым ете қалды. Марат – сыныптағы ең әдемі бала болатын. Тіпті мектептегі... әлемдегі... ең әдемі бала сол сияқты көрінетін Әлимаға. Толқынданған шашын қайыра тарап жүретін, мұғалімдердің мақтанышы, өзі құралпы қыздардың жүрегін лүп-лүп соқтырған сүйкімді Марат өзіне жәудіреп көп қарайтын бұған көз қиығын да салмастан, қасынан маңғаздана өте шығатын еді. Енді, міне, жүзіктің адамды сұлуландырып жіберетін ғажайып күші оған да әсер етіп, әшейінде көзіне ілмейтін қызға өзі иіліп тұрғанын қарашы...

Әлима тағы да қиялының жетегіне еріп, түсетін аялдамасынан өтіп кетіпті. Дорбасының ауырлығын енді ғана сезінді. Зілдей дорбасын әзер көтеріп келе жатып, о, ғажап, «не сала берген сонша?» деп Перизатқа жыны келді. Әшейінде ол дорбасына тәтті-дәмдіні сала бастағанда іші елжіреп, құшақтап сүйгісі кеп кететін. Қазір жүрегі ол сезімнен жұрдай. «Неменеге тықпалай береді біз аштан өлейін деп жатқандай?» деп ойлады қақпадан кіре беріп. Есік алдында ойнап жүрген інісі мен сіңлісі дорбасына бас салғанда да ашулы ойынан қайтқан жоқ. Сол ашуымен тәуекелге бел буды. Ұйқыға да «Қалайда алу керек жүзікті» деген оймен жатты...

...Міне, ойын жүзеге асырудың сәті де түскен сияқты... Әлима сол үйде қонатын сыңайлы. Жалғас ағасы жоқ, сірә, іссапарға кеткен-ау... Өзіне салынған жұп-жұмсақ төсектің неліктен соншалықты жайсыз екендігіне түсінбей-ақ қойды. Ұйқысы келер емес. Төсегінде әрі-бері аунақшып, ақыры көптен құрған жоспарын жүзеге асыру үшін аяғының ұшымен басып, дәлізге шықты. Перизат залда, телевизордың алдында ұйықтап қалыпты. Мұнысы жақсы болды, өйткені қобдиша олардың жатын бөлмесінде ғой. Сәл тұрды да, демін ішіне тартып, дәлізге шықты.

Мына қызықты қараңыз: Әлиманың күн сайын жүз рет жүгіріп өтетін дәліздің шетіне жете алмай-ақ қойғаны. Әлі келеді, әлі келеді... дәліздің жатын бөлмеге бұрылар жері бұл аттаған сайын қашықтап бара жатқан сияқты. Әлдене дүрс-дүрс етеді, жоғарыда тұратындардың біреуі еденді соққылап жатқандай ма? Әлде көшеде біреу су толтырылған бөшкені ұрғылап жатыр ма? Оны неге ұрғылап жатыр екен? Гүмп-гүмп етіп тыйылатын түрі жоқ қой. Әлима тоқтап тыңдап көріп еді, гүмпілдеп, дағарадай дәлізді жаңғырықтырып тұрған өз жүрегінің дүрсілі екен...

Перизатты оятып алмау үшін демін шығармай, дыбысын білдірмей жүріп келеді. Бұл үйдің қалтарыс, бұрылыстарының бәрін жатқа білетіні мұндай жақсы болар ма? Міне, сол қол жақта есік қалып барады, бұл – жуынатын бөлме, яғни, оң жақта жатын бөлменің есігі бар деген сөз.

Әлима табалдырықтан аттай бергенде төсегінде жатқан Жандос қыңқылдады. Әшейінде болса ұшып қасына барар еді, дәл қазір оған көңіл бөлетін шамасы жоқ. Жүзікті қобдишадан тез алып, бөлмеден шығуы керек. Әйтпесе баланың жылағанынан шешесі оянып кетуі мүмкін. Онда бәрі де құриды... Тез қимылдауы керек. Әлимаға жүрегі «тез, тез, тез» деп соғып тұрғандай көрінді. Тұла бойы күрт ысып, денесін тер жуып кеткендей болды. Сонда да аяғын санап басып, шкаф тұрған жерге қарай жақындап келеді.

Киім шкафының есігін ашып, жоғары сөреде тұратын қобдишаға қол созды. Өткенде осылайша қолын созып, тез-ақ ала қойған. Қараңғыда есікті шатастырды ма, қобдишаны сөредегі орнынан таба алмады. Өкшесін көтеріп, қолын соза түсті – қолына ештеңе ілікпеді. Тұла-бойы бір ысып, бір суып, денесі қалтырап кетті – қобдиша жоқ! Дүрс-дүрс еткен жүрегі аузынан шығып кетердей, екі құлағы бітіп қалған сияқты, самай тұсы шаншып, жүрегі айнып кетті...

Бір сәтте аяқ-қолынан әл кетіп, құлап бара жатқандай болған соң, жан деген тәтті ғой, әлденеден шап беріп ұстай алды. Сөйтсе, бағанадан әуре болып іздеп жүрген қобдишаның құлақшасы екен! Сірә, Перизат әшекейлерін киіп көрген соң үйреншікті орнына емес, төменгі сөреге қоя салған сияқты. Басы айналып құлап бара жатқан Әлима қобдишаны өзіне қарай тарта құлады. Қақпағы бекітулі емес екен, айқарыла ашылған қобдиша гүрс етіп жерге соғылып, ішіндегі бұйымдар салдыр-гүлдір етіп шашылып қалды...

- Мұның не, жүгірмек? – деді төргі үйден жүгіріп келген Перизат сіңлісінің даусындай шіңкілдек үнмен. – Жина жаныңның барында!

Cосын қаһарлы даусын күрт жұмсартып, жыламсырай сөйлеп, мұны жұлқылай бастады – «Тұр, тұршы, ояншы Әлима!»

Басын көтерген Әлима түкке түсінбей, жыламсырап тұрған сіңлісіне аңтарыла қарады. Інісі бөлменің ортасында шөкелеп отырып, кеселер мен тәрелкелердің қираған сынықтарын жанталаса жинастырып жатыр екен. Жоғарыда тұратын кәмпит-печенье салынған вазаны аламын деп, орындықтан аяғы тайып кетіп, ыдыс-аяқ жиналған сөрені ала құлаған тәрізді. Ыдыстарды шағып тастағанына қорқып, әрі ұрлығы әшкереленіп қалғанына ұялып, қыстыға жылап тұрған інісін көргенде барып, Әлима есін жиғандай болды. Әшейінде бұлардың бәріне еркелеп, айтқанын істетіп, айдағанына жүргізетін інісі кәмпит ұрлаймын деп пұшайман күйге түсіпті де қалыпты.

Кенет, тап сол сәтте, Әлиманың есіне әкесі сотталған күні анасының бір сөзді күбірлеп қайталап айта бергені түсті. «Ұрлық түбі – қорлық» деп еді-ау сонда. Соны қалайша ұмытып кеткен? Ұмытқаны сондай, бауырына тартып, қамқорлық жасап жүрген жанның затын ұрламақшы болды-ау! Сұмдық-ай! Арам пиғылына арбалғаны сонша, ұрлық істемек жоспары күндіз ойына он оралып, түнде түсіне кіретін болды... Сұмдық-ай!

Сонда бұл неге ұрлағысы келеді? Әлде бұл тұқым қуалайтын ауру ма? Әйтпесе, ұрлық түбі – қорлық екенін санасына сіңіріп-ақ кетіп еді ғой анасы.

Қайран анасы! Қараңғы қабірде жатса да баласының қамын жеген анасы! Қорлықтан бір-ақ қадам жерде тоқтатқан түсті көрсеткен де анасының рухы болғаны ғой...

Әлима інісін аяп тұрса да сыр бермей, түсін суыта қарады да, тез киініп үйден шығып кетті. Жүріп бара жатқан автобусқа жармасып мініп, қаланың орталық бөлігінде тұратын Жалғас ағасының үйіне жеткенде түннің бір уағы болып қалған еді. Есікті таңдана ашқан Перизат тәтесін құшақтай алып, оның жүзігін сондай ұнатқанын, таққысы келген соң алмақ болғанын, бірақ орнына қойғанмен де рұқсатсыз алудың ұрлық екенін түсінгенін айтып, ал кеп жыласын. Түкке түсінбеген Перизат бастапқыда таңырқап қалса да, сәлден кейін бір ой келгендей Әлиманы қолынан жетектей жөнелді. Әлі де өксігін баса алмай тұрған қызды өз бөлмесіне ертіп апарып, қобдишаны ашып, алдына қойды.

- Қай жүзікті айтып отырсың?

Әлима көгілдір тасы мың құбылып тұрған жүзікке қарай саусағын шошайтты.

Перизат жүзікті алып, Әлиманың қолына ұстатты.

- Ала ғой. Бұл – бижутерия, «Сваровски» деген атақты фирма бар, солар шығарған. Аса шебер жасалғандықтан кейбіреулер оларды табиғи тастармен шатастырып та жатады. Көз жауын алып жылтырағанымен бағасы мынау асыл тасты алтын-күміс бұйымдардан әлденеше есе арзан.

Солай деді де, сонау өзіне жеделхат әкелген күндегідей состиып тұрған Әлиманы бауырына тартып: «Жылтырағанның бәрі бірдей асыл болмайды, соны ұмытпа» деді жай ғана.

Әлиманың беті ду ете түсті.

АҚЕРКЕ МЕН БАЛА МЫСЫҚ ОҚИҒАСЫ

(қазіргі заманғы ертегі)

Сабағы аяқтала салысымен аудиториядан асыға шыққан Ақерке автобус аялдамасына жүгіре басып келіп, орнынан қозғалып бара жатқан көлікке мініп үлгірді. «Түу, жақсы болды ғой, - деп ойлады кез келген жайдың оң жақтарын тауып, тұжырым жасауды әдетке айналдырған ол, - ертерек барып, мамамдар жұмыстан келгенше тамақ істеп қояйын».

Мектепте оқып жүргенде сабақтары таңертең басталып, түс ауа бітетін. Ақерке үйіне келіп, тамақтанып, ертеңгі сабағын қарап болған соң асүйге кіріп, кешкі астың қамына кірісетін. Жалпы Ақерке қай тамақты болмасын ерекше ықыласпен әзірлейтін, дегенмен, аспаздық журналдарда түрлі-түсті суреттерімен берілетін жеңсік астарды пісіріп, туыстарын қуантқанды ұнатыңқырайтыны рас. Мамасы мен бауырлары кештетіп келгенде асүйден бұрқырап шыққан тәбет тарттырар иістен Ақеркенің бұлар бұрын-соңды жеп көрмеген бір жаңа ас пісіріп жатқанын біле қойып, «қане, бас аспаз бізді бүгін тағы қандай мәзірмен таңдандырады екен?» деп даурығыса сөйлеп, ас ішетін бөлмеге беттейтін.

Биыл ұлттық тестілеуде жоғары балл жинаған Ақерке студент атанып, тиянақты білім алу үшін әжесі айтып отыратын «инемен құдық қазғандай» еңбектеніп жүр. Бірнеше сағат дәріс тыңдап, одан семинар сабақтарына дайындалу үшін кітапханаға кетеді. Мектептегідей емес, өзгеше тәртіппен өтетін сабақтар қиынға соғып, шаршайтыны сонша, үй тірлігіне көмектесуге де шамасы келмей, кешке мұрттай ұшады. Мұны үй ішіндегілер де байқап, студенттік өмірдің ұшқыр қарқынына ілігіп кетсін деген тілекпен кейбір міндеттерінен босатты да. Енді тамақты мамасы, тәтесі және Ақерке үшеуінің ерте келгені жасайтын болды. Басқа біреу болса мойнындағы міндетінің азайғанына қуанар еді, ал Ақерке жұмыстан шаршап шығатын мамасы мен одан да кеш келетін тәтесін аяйтын. Сабағы ертерек аяқталған күндері үйіне тезірек жетуге асығатыны да содан. Міне, бүгін де ол автобустан түсіп, аула-ауланың арасымен төтелей тартып келе жатыр еді, үйіне тақай бергенде жүрісін кілт баяулатты.

Әуелі құлағына бұрын-соңды естіп көрмеген бір ғажайып әуен келгендей болды. Тұла бойыңды дірілдетіп, жүйке-жүрегіңді баурап алатын ғажайып әуен көшеде жүріп жатқан машиналардың шуылының арасынан үзіліп-үзіліп естіледі. Ақерке әуеннің қай үйден шығып жатқанын білгісі келгендей, басын көтеріп, айналасындағы көп қабатты үйлердің терезелерін көзбен шолып шықты – бәрі тып-тыныш сияқты. Осы кезде нәзік әуен де сап тыйылып, енді есік алдында жайқалып өсіп тұрған үлкен жиде ағашының түбінен әлдебір әлсіз дыбыс естілгендей болды. Жүресінен отыра қалып, бұталарды ысырып қараса, кіп-кішкентай бала мысық тыпырлап, ағаш түбіндегі шұңқырдан шыға алмай жатыр екен.

Осы ағашты отырғызарда көрші ағай түбіндегі шұңқырды бірнеше шелек су кететіндей етіп тереңірек қазып еді, бала мысық соған түсіп кетіпті. Ақерке жалма-жан тізерлеп отырып, бұтақтарды көтеріп, ағаш түбіне қарай жақындады да, бала мысыққа қолын созды.

- Кел, келе ғой...

Бала мысық, әрине, мұның не дегенін түсінген жоқ. Бірақ, өзін бір құтқарса осы қалың жапырақтардың арасынан кенет пайда болған әдемі қыздың құтқаратынын түсінгендей жанұшыра мияулады. «Ми-яу! Ми-яу!»

- Мияу-мияу! Әрине, мияу-мияу, - деді Ақерке енді оның тіліне көшіп. – Абайлап жүрмейсің бе? Мынау шұңқырдан қалай шығар едің? Қап-қалың жапырақтан сені кім көреді? Даусың да естілмейді...

Қолына іліккен бала мысықты алдына алып, үстін шөп-шаламнан тазарта бастаған Ақерке бүрісіп, дір-дір етіп тұрған бала мысықтың өзінің алақанына сыйып кеткенін көріп тіпті аяп кетті.

- Ой-бүу... сен мүлде кіп-кішкентай екенсің ғой... Мамаң қайда? Үйің қайсы? Адасып қалдың ба?

Кішкентай мысық оның сұрақтарын түсінген жоқ, әрине. Бірақ көкшіл жанарын Ақеркенің көзіне қадап, үздіксіз мияулап, өз тілінде жөнін айтып па, әлде шағынып па, әйтеуір бірдеңелерді «айтып» жатты.

- Түсінікті, - деді Ақерке, - қарның аш, үйіңнен адасып қалғансың...

«Адасып қалды ма екен, әлде біреулер лақтырып тастап кетті ме екен?» деген ой келді бір сәт. Есіне құрбылары айтатын нешетүрлі әңгімелер түсті. Кейбір қалалықтардың еркетотай балаларына ойыншық ретінде әперген мысықтар мен күшіктерді алғашқы қызығы басылған соң бағуды қиынсынып, ақыры далаға қаңғыртып жіберетіндерін талай естіп, денесі түршіккен. Мына мысық та адамдардың сондай қатыгездігінің құрбаны ма екен, әлде? Соны ойлап, өзінің алдына ыңғайланып отырып алып, мүлги бастаған мысықты жонынан сипады. «Ми-яу...» деді алақанның жылы табын сезінген бала мысық бұған қарап. «Қызық, мысықтардың көзі жасыл болатын сияқты еді, мынаның көзі неге көкшіл? Түгі де күлгін түстеніп, құбылады екен... қандай әдемі өзі...»

- Енді не істейміз, Ми-яу?

Кез келген бала сияқты Ақерке де үй хайуанаттарын жақсы көретін. Әке-шешесі де бетінен қақпай, мысық десе мысық, күшік десе күшік әперіп, еркелетіп өсірді. Өзіне ғана түсінікті «фыр-фыр» деген дыбыс шығарып, түні бойы жортып жүретін кірпісі де, таңертеңгілік «Сәл-лем! Хал қал-лай?» деп оятатын тотықұсы да болған. Соларды өз қамқорлығына алып, уақтысымен тамағы мен суын беріп, ұяларын тазалап жүргендіктен болар, Ақерке ерекше мейірімді, үлкен-кішіге, кембағал жандарға, адасып далада қалатын үй хайуанаттарына жаны ашығыш, қайырымды бала болып өсті.

Әсіресе мысықты жақсы көрді, кішкентай кезінен бастап, есейіп бойжеткенге дейін нешетүрлі мысық асырады. Адасып қалған мысық та, үсті-басы күйелеш-күйелеш болған күтусіз немесе жарақаттанып қалған мысық та әйтеуір осыған тап болғыш-ақ еді. Ақерке «байғұс-ай!» деп жүріп, оларды шомылдырып, тазартатын. Сосын қолына ақ қағаз алып, тасқа басқандай әдемі әріптермен «Өте сұлу, ақылды мысық тауып алдым. Жоғалтқан адам мына адрестен келіп алуына болады...» деп жазып, сыртқы есікке іліп қоятын. Бірақ іздеп келушілер болған емес.

Бұған ренжіп жатқан Ақерке жоқ. Мысықпен кәдімгідей сөйлесіп, үй ішінде жарысып жүгіріп, күн сайын жаңа ойын түрін шығарып, кезекті мысығының ерекше қабілеттері туралы бауырларына жыр ғып айтар еді. Мұнда тап болатын мысықтар да үй ішінің басқа адамдарына қарағанда Ақеркені көп айналсоқтайтын: соның алдына барып отыратын, түнде аяқ жағына ұйықтайтын. Күні кешеге дейін үйде мысық болған, тек мамасының оқыс науқасынан соң үй хайуанаттарынан амалсыз бас тартуға тура келді.

Қайта-қайта булығып жөтеліп жүрген мамасы «тамағыма суық тигізіп алдым» деп ұзақ емделді. Сұраған жандарға «дәрігерлердің біреуі бронхит дейді, біреуі фарингит дейді, қай «ит» екені әлі шешілетін түрі жоқ» деп жүрген. Сөйтсе, ешқандай да «ит» емес, үйдегі мысық түлеген кезде аллергия туындатқан екен. Мамасының аллергиясы барған сайын асқына түсіп, күні-түні ауыз жаппай жөтеле берген соң, Ақерке мысығын жер үйде тұратын туыстарына апарып беруге мәжбүр болды.

Енді міне, мұның алдына ыңғайланып жайғасып алып, пырылдай бастаған бала мысықты жонынан сипап, үйге алып кірейін десе анасының денсаулығын ойлап, өз бетіне жіберейін десе әлжуаз, кішкентай мысықты аяп, не істерін білмей дал болып отыр. «Мамама телефон соғып, бүгінше үйге алайық деп айтайын. Ертең Аягөз тәтеге апарып берейін» деген ой келді кенет. Ақерке қуанып кетіп, жалма-жан қалта телефонын алып, мамасының нөмірін терді.

Мамасының телефоны жұмыс үстелінің үстінде безектеп жатты. Өзін жаңа ғана бөлім бастығы шақыртқан. Ал ол кісінің қызметкерлер шақырған кезде тез келе қоймағанын ұнатпайтынын білетін Ғазиза блокнотын қолына ала салып, бірден жүгіріп кеткен еді.

Келсе, бастығының қабағында кірбің бар екен, мұның берген сәлеміне салқын ғана бас изеді де қойды. Сезімтал Ғазиза ол кісінің әлденеге ренжулі екенін түсіне қойды. Және ол реніштің өзіне тура қатысы бар екенін де сезді. Әйтпесе талай жылдан бері бірге қызмет істеп, туысқандай болып кеткен ағасы бұл есіктен кірген бойда әдеттегідей: «Ғазизажан, халдерің қалай? Балалар аман ба?» деп сұрар еді.

Сәл үнсіздіктен кейін ағасы алыстан орағытып әңгімесін бастады. Даусы дір-дір етіп, ішкі ашуын әзер іркіп отырғаны байқалады. «Достық ниеттегі бірер адамның санатында деп жүрсем, сен мен туралы сыртымнан әңгіме айтады екенсің. Алжыған шал дейтін көрінесің...»

Күтпеген әңгімені естіп, Ғазиза не дерін білмей сасып қалды.

Әуелі түк түсінбей бастығына бақырайып қарады. Содан соң, естіген сөздерінің сұмдық мәні санасына жеткенде жаны ышқынып кетті. Нахақтан жағылған жаладан өзін арашалауға ұмсынып еді, ағасы «сөзімді бөлме» дегендей, бастырмалата сөйлеп, тыңдайтын ыңғай бермеді. Амал жоқ, ол кісінің өкпесін әбден сарқып айтып, өзі тоқтауын күтіп, ақылды адамның ашу шақыруына себепші болған ақылға сыйымсыз «ақпаратты» тыңдап отыра беруге тура келді.

Бірақ тыңдап отыра беру оңай емес еді...

Негізсіз, себепсіз айыптаулардан Ғазизаның жаны қиналды. Тұла бойы қалтырап, әлдебір тереңнен бір толқын аунақшып, көтеріліп келе жатқандай, енді болмаса бүкіл тамырларын, жүрегін, бауырын жарып, лақ етіп сыртқа ақтарылардай сезінген Ғазизаның... кенет жүрегі айнып, миы шаншып кеткендей болды. Шеке тамырлары солқ-солқ етіп, келесі бір сәтте көз алды қарауытып, дүние төңкеріліп бара жатты...

- Өй-өй, саған не болды, Ғазиза?!

Орнынан ұшып тұрған ағасы орындықтан ауып бара жатқан Ғазизаны ұстап үлгірді. Қаншама ашуға булығып, қатты сөйлегенімен негізі жұмсақ, жүрегі жылы адам ғой, «тым қатты айтып жіберген жоқпын ба?» деген дүдәмал ой бағаналы бері өзін де алаңдатып отырған. Мына жайдан кейін қай жұмысты тапсырса да тиянақты орындайтын, әрі өзін сыйлап, алдын кесіп өтпейтін қызметкерін орынсыз айыптадым ба деп өкініп те үлгірді.

- Оның не? Рас, келіп сүйдегендер болды. Мен... бірақ..., сен ондайды айтты дегенге сенбеймін де ғой. Қой, есіңді жи...

Жаңа ғана тістеніп отырған Ғазиза ол кісінің әдеттегідей жұмсақ даусын естігенде ішкі дүниесі алай-дүлей болып, еңіреп жылағысы келді. Тіпті көзінен тамшы жас ыршып шығып та кетті. Бірақ, бойын жинап алып, ағасына тура қарады да: «Олай болса... арадағы сенімнен айрылсақ... қиын болар... мен жұмыстан кетейін...» деді салқын ғана.

- Мәселе ол туралы емес, Ғазизажан. Бұл жерде бір-бірін аңдып, қашан кімді шалып жіберуді ойлап жүретіндер көп. Олардың адамды айналдырар айласы көп, мен саған соны айтайын, абай бол деп ескертейін дегем... Бар, жұмысыңды істе, ештеңені ойлама...

Ғазиза кабинетіне келіп, дел-сал болып біраз отырды. «Кабинеттің оңаша болғаны қандай жақсы, сұғанақ көз әлдекімдер көрмейтін, – деп ойлады. – Тіпті, жылап алсаң да ешкімнің шаруасы жоқ». Бірақ өзі жылай алмады. Іші-бауыры өртеніп бара жатса да, көзінен бір түйір жас шықпады. Ақ пен қараны, шын сөз бен жаланы ажырата алмаған ағасына өкпеледі. Ол жаланы кім жауып отырғанын да біледі – бөлімдегі Нәубеттен басқа кім болушы еді! Бірақ, оны қалай тыймақ? Бұл түгіл, бұдан әлдеқайда азулылар да жөнге сала алмаған.

Иә, қай ұжымда болмасын іріткі салар бір адам болатыны рас екен. Өзгенің аты озғанын, бағы ашылғанын, мерейі өскенін көре алмайтын бір күншілдің бұлардың ұжымына келгеніне де біраз болды. Ол ұжымға күліп келіп, түрлі желеумен дастархан жайып, жұрттың ықыласын өзіне аударған соң... кілт өзгеріп, ейбіреулерді бауырына тартып, майда сөйлеп, топ құра бастады. Осылай-осылай, күні кеше ғана сүттей ұйыған ұжым қақ жарылып, сырттай ештеңе білдірмесе де, іштей бөлінісіп, бір-бірін көре алмау, күндеу етек жайып бара жатты.

Талайды көрген әккі әйел Ғазизаның өз ортасына беделді жан екенін бірден байқаған. Байқаған да жиырыла қойған. Жұрт оның қабілетін, адами қасиеттерін айтып мақтаған сайын іші күйіп, ызаланатын болды. Бірте-бірте бұл кәдімгідей ауруға айналып, Ғазизаның білімділігі, ісіне тиянақтылығы туралы айтылған сөздер Нәубетке шаншудай қадалып, жұрттан жасырып бағатын қара ниетін өршіте түсті – ол қалайда Ғазизаны мұқатқысы келді. Бастапқыда достасып барып, іштен шалғысы келген, Ғазиза «сіз», «бізден» аспай дымын құртты. Жұмысынан кемшілік тауып, жұрт алдында айтып, айызын қандырмақшы болған: өзім деген бірді-екілі адамға шет жағалатып айтып еді, олар да біреуінің аузына біреуі түкіріп қойғандай, «Ғазиза өз ісін біледі ғой» деп амалын тауысты. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан амал тапты.

Бөлім бастығының адамға сенгіш, аңқаулығын әрі жүрегі ғайбат іске де, сөзге де шыдамайтын сезімтал жан екенін, оның үстіне Ғазизаны ерекше бағалайтынын білетін Нәубет, бастықтың осы жақсы қасиеттерін оларға қарсы қару ретінде пайдаланбақ болып бел буды. Және пайдаланды да.

Нәтижесі көп күттірген жоқ – міне, қитұрқы амалдың құрбаны болған Ғазиза солқ-солқ еткен шекесін ұстап, кабинетінде отыр. Сөмкесінен тастамайтын тонометрін білегіне кигізіп, қан қысымын өлшеп еді, тілі 160-тың маңында дірілдей бастап, 90-ның маңында тынышталды. Күнделікті қан қысымының 110/70 екендігін, одан көтерілсе қайыру бермейтінін білетін Ғазиза қайда барса да дәрі-дәрмегін өзімен бірге ала жүретін. Жалма-жан капотеннің біреуін алып, тілінің астына қоя қойды.

Осы кезде Нәубетпен бір кабинетте отыратын Бәтес апай есіктен бас сұққан. Ғазизаның көңілсіз отырғанын көріп, ішке кірді. Жалтақтап бетіне қарап қояды, сірә, бірдеңе айтқысы бар. «Мен саған бір жайды ескертейін деп едім, - деді сәл қипақтап. - Анау Нәубет кешелі бері тағы да жынына мініп жүр. Бәрімізбен шығысып бітті, байқауымша саған тиіскісі келіп жүр-ау деймін, абай бол... Кеше жұмыс аяғына қарай басекеңе кіріп, ұзақ отырған, тағы бірнәрселерді бықсытып жүрген шығар...»

Ғазиза басын изеді.

- Басекеңе кіріпті ме?

Ғазиза тағы да басын изеді. Сосын саусағымен тонометрді, одан кейін «дәрім бар» дегенді білдіріп, аузын көрсетті.

Бәтес апай бәрін бірден түсінді. Бұдан әрі бірдеңе деуге Ғазизаны аяп, бар болғаны: «Қан қысымымен ойнауға болмайды. Үйге барып, сәл демал. Жүр, мен сені таксиге отырғызып жіберейін» деді нық сөйлеп...

Жылжи берген таксидің артқы орындығында боп-боз боп отырған Ғазизаға қарап тұрып: «Бәріміздің берекемізді алған бұған қашан тыйым болар екен? – деп ойлады Бәтес апай. – Бұл адам емес, бөлімге келген бір нәубет болды ғой. Сірә, ібіліспен байланысы бар шығар осының...»

Бәтес апай таусылып тұрып ойлаған бұл ойының негізсіз емес екендігін өзі де білмейтін еді.

Шындығында да, жер бетіндегі адам атаулының кейбіреуінің жүрегі шуаққа толы, ізгі ниетті, мейірбан болып, ал басқа біреулерінің жақсылыққа жаны қас, қара ниетті, қатыгез болып қалыптасуы періштелер мен ібілістердің сол адамға ықпал ету үшін күресінің нәтижесі екенін ешкім біле бермейді де. Алланың құдірет күшімен жаратылып, жарық дүниеге келген нәрестенің бәрі бірдей сүттен ақ, судан таза болатыны белгілі. Ал осы дүние есігін ашқан әр сәбидің өмір жолы әрі қарай қай қалыпта өтетіні үшін болатын тайталаста оның қандай ортаға түсуінің үлкен мәні бар.

Кішкентайынан тарығып, кемсітушілік көріп өскен баланың жүрегінде өмірге деген өкпе, өзінен жағдайы жақсыларға деген күншілдік тезірек орнығуы мүмкін екенін сан ғасырлық тәжірибелерінен білетін періштелер мен ібілістер сәбилі болған отбасына жарыса, жанұшыра ұмтылатын көрінеді. Бұл ретте ібіліс әбжілдік жасап, періштенің алдын орап кетсе, бала күншіл, кекшіл, өсекшіл болып қалыптасып, ол жасына жас қосылған сайын жаман әдеттерін үдете түседі дейді. Кей кездерде ібіліс пен ол адамның біте қайнасып кететіндігі сонша, бірте-бірте ібіліс оның тәніне кіріп, орнығып алады екен... Солардың бірі – бүгін басшысын Ғазизаға айдап салып, айызы қанып отырған Нәубет болатын.

Таксиден түскен Ғазиза есік алдындағы сәкіде отырған Ақеркені көріп, таңырқап қалды.

- Кілтіңді ұмытып кетіп пе едің? – деп, қызына жақындай берген Ғазиза оның алдында бір уыс қана болып, домаланып ұйықтап жатқан мысықтың баласын көріп, Ақеркенің бұл жерде неге отырғанын түсіне қойды. – Мұны қайдан алып келдің?

- Алып келген жоқпын, мама...

- Алдыңнан мияулап өзі шықты ма? – Қызының сырын білетін Ғазиза «не дер екен?» дегендей сынай қарады.

- Жоқ, мама... Жиде ағашының түбіндегі шұңқырдан шыға алмай мияулап жатыр екен... мен шығарып алдым...

- Енді не істейсің?

- Білмеймін, мама...

Ақеркенің даусы дірілдеп кетті.

Оның алақанында жатқан түгі жетіле қоймаған, аяқ-қолдары шидей марғаудың әлі енесінің бауырынан да шықпаған, әрі кетсе екі-үш-ақ күндік төл екенін түсінген Ғазиза қызының меселін қайтармады:

- Бұл аш шығар, әуелі үйге апарып сүт берейік. Сосын... көрерміз... Қазір басым ауырып, ештеңе ойлауға шамам болмай тұр...

Ақерке мысықты үйге кірген бойда қоя берген. Ол кіреберістегі кең бөлменің ортасына дейін барып, бұрылып бұларға қарады. Жан-жағындағы төрт есіктің қайсысына кірерін білмей тұрған сияқты. «Жуынатын бөлмеге бар, - деді Ақерке ол бірдеңе түсінетіндей, -үсті-басың кір-кір ғой, әуелі тазаланып алайық».

Ғазиза қызының сөздеріне басын шайқады да, бөлмесіне кіріп кетті.

... Көзі ілініп кеткен екен, ұйқысынан жақсы демалып, басының ауырғаны да басылып оянды. Төбесі жып-жылы болып жатқанға Ақерке әкеп, осындайда тартатын түбіт орамалын басына жауып қойған ба деп ойлаған, бұйығып қана жатқан мысық екен.

- Кіп-кішкентай болып алып, төрді жақсы көресің-ау деймін, ә?.. Аяқ жаққа жатсаң қайтеді? – деді Ғазиза ұйқысынан оянып, бұған көкшіл көздерін қадап қарап жатқан бала мысыққа.

Мысық та бірдеңе деген болуы керек, «ми-яу» деді әлсіз ғана.

Анасының даусын естіп, есіктен Ақерке басын сұқты.

- Басыңыздың ауырғаны қойды ма, мама?

- Қойыпты... Бұлай тез басылмаушы еді, өзім де таң қалып отырмын...

- Мынау Мия әсер еткен болар...

- Мия?.. Ұрғашы мысық па екен?

- А-ха... Қанша рет әкетсем де, қайта-қайта сіздің бас жағыңызға келіп отыра берді. Сосын мысық жаман энергетиканы тартады деген сөз есіме түсіп, қоя бердім...

- Е-е-е... тәуір болғанымыз үшін осыған қарыздар екенбіз ғой...

Осыдан кейін анасы мен қызының арасында бала мысықтың кейінгі тағдыры туралы сөз қайта қозғалған жоқ. Жұмыстан кештетіп оралған үлкен қызы ғана үйде жүгіріп жүрген мысықты көріп сіңлісіне: «Мамамның аллергиясы барын ұмытып кеттің бе?» деп ренжи тіл қатып еді, Ғазизаның: «Бұл түлей бастағанға дейін бір амалын табармыз» деген бір ауыз сөзі тоқтау болып, ол да сөзді ұзартқан жоқ.

Бала мысық бір-екі күнде-ақ әл жиып, ширап шыға келді. Жұмыстан, оқудан келгенде алдарынан жүгіріп шыққан оған балалар кәдімгі адаммен сөйлескендей «Мия, қал қалай?» деп жатады. Біреу кетіп бара жатқанда да жатқан жерінен жүгіріп келіп, «ми-яу» дейді, сірә, «сау бол!» дегені болса керек. Үй ішіндегілер тіпті осыған үйреніп алды.

Бәріне бірдей еркелеп, ойнап жүрсе де бала мысық үшін Ақеркенің орны бөлек, оның келе жатқанын алдын-ала сезіп, есіктің алдына барып күтіп отырады. Есіктің қоңырауы басылғанда, өзі барып ашатындай елден бұрын тұра жүгіретінін қайтерсің! Ең қызығы, телефон шылдырласа да, аппарат тұрған жерге шауып барады екен. Онысын қыдырып келген жиен балалар көріп, ұялы телефоннан қоңырау шалып, мысықты қайта-қайта жүгіртіп, шек-сілелері қатып күліп отыр еді, Ақерке тәтелерінен сыбағаларын алды.

Сабағынан бүгін де ертерек шыққан Ақерке үйінің есігін ашып жатып іштен әлдебір дыбысты естігендей болды. Әлдекім тапырлап жүгіргендей болған сияқты. Іште біреу бар болар деп ойлаған, ешкім жоқ екен. Есігі қиялай ашық тұрған тәтесінің бөлмесінен Мия ғана шығып келе жатты. Еңкейіп, жотасынан сипап еді, денесі дір-дір етіп тұрғанын байқады. «О не, Мия? Әлденеден қорқып кеттің бе?» деп сұрады мысығынан. Ол әлдебір айыбы бардай, жалтақтай қарап, иесінің аяғына оратыла берді. «Не? Сүтіңді төгіп тастадың ба? Әлде басқа бірдеңені бүлдірдің бе?»

Осылай деп сөйлей жүріп, Ақерке үйдің ішін аралап шықты – бүлінген ештеңе жоқ сияқты. Қайта мұның сабақ оқитын үстелінің үсті ретке келтіріліп, үйіліп жатқан кітаптар сөреге қатарласа тізіле қалыпты. Ұйықтап қалып, жұмысына асыға-аптыға аттанған ағасының төсегі де тап-тұйнақтай жиналып тұр. «Мамам түсте үйге келіп кеткен екен ғой» деп ойлап, ақылды қыз ертеңгілік үйді жинамай кеткеніне ұялып қалды.

Кешкі шәй үстінде Ақерке тәтесіне қарап:

- Менің тәпішкемді кимеші, аяғың менікінен үлкен ғой, кеңітіп жібересің, - деді.

- Өзімдікі тұрғанда сенің тәпішкеңді қайтемін? – деді тәтесі таңырқап.

- Қайдан білейін, мана сабақтан келгенде таба алмай жүрсем, сенің бөлмеңде жатыр екен...

- Мысық ойнап апарып тастаған шығар, – деп қарындастарының сөздерінің жігін жатқызуға тырысқан ағасы әңгімені күлкіге айналдырайын деп мысыққа бұрылды. – Тәпішкені сен кидің бе, Мия?

Әдеттегідей Ақеркенің алдында отырған мысық өзінің аты аталғанда басын тұқшитып, бұларға көзінің астымен қарады да, орнынан секіріп түсіп бөлмеден шығып кете барды.

- А-а-а, осы екен ғой! Ұялғанынан қашып бара жатыр, – деп үстел басындағылар ду күлді.

Балалар күліп отырғанымен, шындығында да солай болған еді...

... Жалпы бұл оқиға Жер шарынан тыс ғаламда басталған. Шексіз ғаламда ұшып жүрген сансыз көп аспан денелерінің бірі – шағын ғана планетаны Ұлы Жаратушы адамдарға ұқсатып жаратқан аса ақылды, мейірімді және ғажайып қабілеттерге ие тұрғындар мекен ететін. Ғылымы озық дамыған ол планета тұрғындары өздеріне ұқсас тіршілік иелері тұратын Жер шарына құмарлана көз тігуші еді. Зерттеп көріп, ғажайып әдемі планетада тұратын саналас бауырларымен қарым-қатынас жасағылары, олардың қарыштап дамуына қол ұштарын бергілері де келетін. Бірақ...

Бүкіл ғаламдағы сияқты, шағын планетадағы тұрғындардың тағдыр жолы үшін де періштелер мен ібілістердің арасында тайталас болып тұратын. Жердегі тіршілік иелеріне қызығушылықпен қарап жүрген ақыл иелерін ақ жолдан тайдыру үшін ібіліс азғырып, мұндағы өмірді тек қатыгездікке құралған қорқынышты тірлік етіп суреттейтін. Бірақ аса биік сана иелері болғандықтан, оларды алдау оңай емес-ті, сондықтан ібілістің азғыруына сенетіндер тым аз болатын. Ол-ол ма, әуеде құстай ұшып, суда балықтай жүзе алатын биік сана иелері, қалаған кейпіне кіріп, ғаламның кез келген бұрышын барлап келіп жүретін. Сонда Жер шарынан байқаған бір-біріне кереғар суреттерді түсіне алмай дал болатындары рас еді.

Бір жерде адамдар қала салып, егін егіп жатса, бір жерде тап сондай адамдар әсем қалаларды атқылап, қиратып, тұрғындарына оқ жаудырып, қан-жоса етіп қырып тастағандарын көріп, Жер тұрғындарының ақылға сыймайтын істерінен шошитын. Осыны пайдаланып, ібіліс те нешетүрлі жайлардың бояуын қалыңдатып жеткізіп, зәрелерін ұшыра түсетін, сөйтіп кейбіреулерін қармағына түсіретін. Бірақ, алдауына түскен бірлі-жарым аңқауларды ақылды ағайындары келіп құтқарып ала берген соң ібілістің зығырданы әбден қайнады. Саналыларды санасыз етіп, өзінің құлына айналдырудың небір айласын ойластырып, жанталасты. Ақыры, тапты да.

Жердегі өмірдің қаншалықты қайырымсыз, қатыгез екеніне көздерін жеткізу үшін биік сана иелеріне бір қитұрқы амалды ұсынды: біреуі бала мысық кейпіне кіріп, оны ібіліс Жердегі кез келген үйдің алдына тастайды. Егер адамдар оған аяушылық танытып, асырап алса, ол жеті ай жеті күн дегенде өз қалпына келіп, қайта оралады және ібіліс енді қайтып бұларға жоламайтын болады. Ал егер, Жерде өмір сүрген кезде адамдардың қайырымсыз екендігіне көзі жетіп оралса, мұндағы туыстары үрім-бұтағымен ібілістің қарамағына өтеді және бәрі де Жерге көз тігіп, елеңдеуді қояды.

Әрқайсысы әртүрлі жорып, дал болғанша, осылай істеп ақиқатқа көз жеткізу үшін биік саналылар бұған келісті. Кішкентай планетаны мекендейтін халықтың көсемі бұл ұлы миссияны кімге жүктесем екен деп ойланып тұрғанда, кенже қызы бас иіп, өзін жіберуін өтініп, қиыла қолқа салды. Ақылды, ерекше қабілетті қызының қандай қиын сыннан да өте алатынына кәміл сенетін көсем іштей қиналса да, рұқсатын береді. Сол бойда қауымдағы ең сұлу, тұнық аспандай көгілдір көзі мөлдіреп, күлгін түсті шашы иығына төгілген ару бала мысық кейпіне кіріп еді, бұл шаруасын қалай ұйымдастыруды ойластырып қойған ібіліс оны іліп алып, бір жаз, бір қыс мысық жүнінен аллергия болған Ғазизаның үйінің алдындағы жиде ағашының түбіне топ еткізген...

Бала мысық бір-екі айда Ғазизаның отбасына әбден үйренді, өзіне қойылған «Мия» деген атты да ұнатты. Үйдегі әр адамның өз міндеті бар екенін ұқты, үлкендердің кішілерге деген қамқорлығы, кішілердің үлкендерге деген құрметі өз ортасын есіне түсірді. Адамдарды тереңірек түсіну үшін, кәдімгі мысықтар сияқты бұйығып жатып, әңгімелерін тыңдайтын. Ағалы-қарындасты үшеудің мұны да әңгімеге тартып, «солай емес пе, Мия?» деп қоятындарына қуанып, үйдегі балалардың да, келген-кеткен кісілердің де өзінің өзгеше мысық екенін байқағандарына Мия кәдімгідей марқайып қалады. «Өзі бір басқа мысықтарға ұқсамайтын сұлу мысық екен. Алқымына ақ орамал байлағандай, төрт аяғының басы да аппақ, бейнебір ақ туфли кигендей», - деді өткенде Алматыдан қыдырып келген Рыскүл апай.

- Қашан көрсең де жуынады да жатады. Тазалықты жақсы көреді өзі, - деп Ғазиза да мақтап қойды.

- Лақтырып жіберген тамаққа да жүгірмейді, сонысына қарағанда, текті болар... - деген ой айтты Ақеркенің тәтесі.

- Кім біледі, бұл мысықтардың патшасының қызы шығар... - деді Ақерке ойлана сөйлеп.

Қасында отырған мысығы «ми-яу» деді оған қарап.

- Міне, көрдіңдер ме «иә» деп жатыр, - деп Ақерке отырғандарды ду күлдірді.

Шағын планета тұрғындары мен ібілістің арасындағы шарт бойынша кері қайтатын уақыты таяған сайын Мияны ерекше бір сезімдер толқытатын болды. Ол біресе өз ортасын, туыстарын сағынса, екінші жағынан бауыр басып қалған мына үйді, өзін жақсы көріп, еркелететін жандарды, әсіресе иесі – әппақ жүзді, әдемі қоңырқай көзді Ақеркені қимайды. Тіпті өзінің де сондай сүйкімді бойжеткен болғысы келеді.

Ақерке сабағынан қатты шаршап келген күндері мұнымен ойнауға шамасы келмей, төсегіне құлай кетіп, кейде сол бойы ұйықтап та қалады. Сондықтан иесінің өзімен ойнайтын уақыты болсын деп олар жоқта Мия мысық терісін сыпырып тастап, қыз кейпіне кіреді де, үйдің ішін жинап қояды. Ақеркенің үстелінің үстін ретке келтіріп, шаңды сүртеді. Ыдыс-аяқты да жуып, қаз-қатар тізіп қояды. Үй-ішінің тап-тұйнақтай болып жиналып тұрғанын көріп, Ғазизаның қыздарын айналып-толғанып жүргенін, ал қыздардың «мамам түсте келіп үй жинап жүр-ау» деп ұялып қалатынын көріп, Мия іштей мәз болып күледі.

Өзіне таныс емес жұмысты істеп үйрену бұған еш қиынға соққан жоқ, себебі, Жер тұрғындарының тіршілігін қызықтап, зерттеп жүргенде әбден зер салып, көкейіне тоқып алған. Бірде жұмысқа қызығып, беріліп кеткені сонша, Ақеркенің келгенін байқамай қалып, тапырақтап жүгіріп, мысық терісіне әзер жетіп үлгірген. Тап сол жолы ғой, қызықтап аяғына киген тәпішке басқа бөлмеде қалып қойғанда апалы-сіңлілердің бір-біріне өкпелеп, ал Мияның қатты сасатыны! Оны да кейде есіне алып, Мияның іштей күліп қоятыны бар. Қалай дегенмен де, өзіне осы өмірі ұнайтын...

Осылайша күн артынан күн, ай артынан ай өтіп, Мия бала мысықтан ересек мысыққа айналды. Бірақ үй ішіндегілердің оған деген ықыласы ортайған жоқ – алғашқы күндердегідей «Мия!» деп мейірлене тіл қатады. Бір қызығы, мысық асырап алғалы бері іштей қобалжып, алаңдап жүрген Ғазизаның аллергиясы да қайталанбады. Мияның жердегі мысықтардан ерекше мысық екенінен, оның түлемейтінінен бейхабар болғандықтан ол аң-таң қалып, «сірә, дәрігерлер қателескен болар» деп шешті. Сондықтан, мысықты басқа біреулерге беру мәселесі де жабық күйінде қалып, бұл, әсіресе Ақеркені қатты қуантты.

Үй ішіндегілер Мияның Жер шарында болу мерзімінің шектеулі екендігін білмейтін. Сондықтан соңғы күндері оның мазасызданып, жиі мияулап жүргеніне алаңдап, «ауырып қалған жоқ па екен?» деп ағасы ветеринарға апарып көрсетіп те келді. «Ештеңе етпейді, бірер күнде жазылып кетеді» деді ветеринар оған бір укол салып жатып. Бірақ Мия тағы бірнеше күн бойы ештеңеге селт етпей, сұлқ күйінде төсекшесінде жата берді. Кешелі бері оны айналшақтап жүрген Ақерке ертеңгілік сабағына кетерде «Не болды саған?» деп төніп еді, өзіне қадалып қарап жатқан мысығының көзіндегі жасты көріп, таң қалды.

Күні бойы мысығының осы күйін ойлаумен болған Ақерке сабағы аяқталысымен асығып үйіне қайтты. Автобустан түсе салысымен үй-үйдің арасындағы үйреншікті соқпақпен келе жатқанда құлағына әлдебір әуен естілгендей болып, тоқтай қалды. Япырм-ау... Осы әуенді естіп еді ғой? Қашан еді? Қай жерде естіп еді? Өн-бойыңды шымырлатып, жүрегіңді елжіретер мына сиқырлы әуеннің бұрын да осылай қалықтап тұрғаны анық... Бірақ қашан еді?

Жүрегі әлденеге алып-ұшып үйіне жеткенше асықты...

Табалдырықтан аттай беріп, әдетінше «Мия!» деп шақырды. Мысығы алдынан жүгіріп шыққан жоқ.

Бөлмесіне кіргенде манадан бері қалықтап тұрған ғажайып әуен бірте-бірте алыстап барып, ғайып болды. Әшейінде міндетті түрде бекітулі болатын терезе қиялай ашық тұр екен, өздігінен сырт етіп жабылды. «Мия ашық қалған терезеден секіріп кеткен ғой, - деп ойлады Ақерке. - Өткенде мамам «табиғаттың заңы сол, мысықтар да ұрпақ жаятын жасқа келеді, бір мезгіл еркіндікке жібер» дегенде, көнбеп едім... Бәрібір, кетіпті...» Әлдебір қуатты қолдар кеудесін сығып жібергендей тынысы тарылып, төсегіне құлай кетті. Жүрегінің атқақтаған дүрсілі басылар ма екен деген үмітпен көз шырымын алмақ болған, бірақ онысынан түк шықпады – мысығының ғайып болуының сырын іздеп ойы сан саққа жүгірді.

Үйреншікті әдетімен асүйге кіріп, тамақ қамына кіріскен кезде де Ақерке қаумалаған ойдан арыла алмады. Қолға үйренген, адамдардың барлығын бірдей деп қабылдауы мүмкін Мияның әлде бір жағдайларға тап болуы мүмкіндігін ойлап, алаңдаса, енді бір сәтте оның еркіндікте шапқылап ойнап жүргенін елестетіп жымиып қояды. Бірақ барлық ойы айналып оралып, табиғаттың заңынан ешкімнің аса алмайтынына келіп тіреле берген. Ұлы табиғаттың аясындағы кез келген адам, кез келген мақұлық өз жолын таңдауға ықтиярлы деген тоқтамға келгенде барып, ақылды қыз иығынан ауыр жүк түскендей еркін дем алды.

Ертеңіне сабағына барған Ақеркені қуанышты хабар күтіп тұр еді – шетелге оқуға бару үшін сынақ тапсырған студенттердің ішінен мұның еңбегі жоғары бағаланып, алғашқы он студенттің қатарында конкурстан тыс өтіпті. Анасы мен бауырлары туыс-туғаннан сүйінші сұрап, дабырласып, үй ішіндегі абыр-сабыр, көтеріңкі көңіл-күй біразға дейін басылмады. Ақерке де еңбегінің сондай үлкен байқауда озық деп танылғанына жүрегі алып-ұшып, түннің бір уағы болғанда барып ұйқыға жатты.

Түсінде мысығын көріпті. Мия екеуі бірін-бірі қуалап ойнап, өткенде өзі естіген ғажайып әуеннің ырғағымен қалықтап, бүкіл ғаламды кезіп ұшып жүр екен... «Мия, сен қайда жоғалып кеттің?» деген бұған мысығы: «Алыстамын – тек қана адалдық пен ізгілік салтанат құрған мекенімдемін», - дейді адамша тіл қатып. Сосын Ақеркенің өзіне алаңдаулы жан-дүниесін түсінгендей: «Уайымдама, мен бақыттымын... Сен де бақытты боласың... - дейді көгілдір көздері жайнап, - тек осы жақсылықты пір тұтқан, адал, мейірімді қалпыңнан өзгерме...»

Ақерке ұйқысынан қуанып оянды.

АҚША БҰЛТТАР ӘЛЕМІ

Қаланың оңтүстігіне қарай, көп қабатты ғимараттар сиреп, қора-қопсылы жатаған үйлер басталатын тұста оқшау тұрған, ауласы қашан көрсең де балалардан арылмайтын қос қабатты үй әрі-бері өтіп жатқан жолаушылар назарын бірден аударатын. Аударғанда ерекше сәнді сәулетімен немесе гүл-бақшалы ауласымен емес, көптен жөндеу көрмей тозығы жеткен сыртқы көрінісімен көзге түсетін. Қазіргі заманғы баршылыққа үйренген адамдардың көзіне үйдің сылағы түскен қабырғалары мен әйнектері қырық құрау терезелері оғаш көрініп, азып-тозған үйдің тұрғындарына аяушылық тудыруы мүмкін. Бірақ нағыз аяушылық тудырар, жан жүдетер жай – осы үйдің пайда болуы екендігі ешкімнің ойына кіріп-шықпайтын сияқты. Бұл – ата-анасынан айрылған соң туыс-туғанына сыймаған, мемлекеттен басқа қамқоршысы жоқ балалардың баспанасы, көпке түсінікті тілмен айтқанда – жетім балалар үйі еді.

Былайғы жұрт бұл үй туралы сырттай хабардар болғанымен, оның ішкі өмірін, тыныс-тіршілігін, кішкентай тұрғындардың мұң-мұқтажын терең білетіндер некен-саяқ. Қорғаншы және қамқоршы деп аталатын мекеменнің қызметкерлері өздеріне келіп түсетін мәліметтерге қарап ой түйсе, тәрбиешілік қызметтің там-тұмдаған ақшасын алатындардың арасында арзымайтын ақыға бола жүрек-жүйкесін тоздырғысы келмей, жұмысқа қара көрсетіп, келіп-кететіндер басым.

Табиғатынан мейірімі тапшы адамдарға балаларға жылылық танытпадың деп өкпе айтудың өзі артық. Бұл үйдің тұрғындары соны түсініп, өздерін кіммен қалай ұстау керектігін біліп өсіп келеді. Тағдыр соққысынан тым ерте есейіп, ақыл тоқтатқан олар қарындарының ашпағанына, үстерінде бір сыдырғы киімі бар екендігіне шүкіршілік етіп, өмір сүруге мойын ұсынған бала бейнелі қариялар сияқты: ойлануы көп, асыр сап ойнақтап, күлуі аз.

Сол маңның тұрғындары болса керек, бір-екі кейуана балалар аулаға шыққан кезде оларды ымдап шақырып, қолдарына кейде тәтті тоқаш, кейде иісі бұрқыраған бәліш ұстатып жібереді. Ара-тұра депутаттыққа өтпекші болғандар келіп, кішкентай балаларға түрлі ойыншықтар, ересектеу оқушыларға футбол добы, боксшылардың қолғабы сияқты сыйлықтар жасап, таудай тірлік тындырғандай жан-жағына қоқилана қарап кететіні бар. Спорт түрлеріне баулитын секциялар мен жаттықтырушылар не балалар өздері барып дайындалатын жабдықталған алаңшасы болмағандықтан, әр жерде бір домалап, ақыры тентек балалардың біреуі тілгілеп, ішінен паралоны шығып жататын қолғаптарды еден жуушы апай «босқа шашылған дүние-ай...» деп күңкілдеп жүріп, қоқыс салатын жәшікке апарып тастайды.

Қайнаған өмірлі қаладан шеткеріде, ауқаттылардың саяжайлары сап түзеген жаққа шығар жолда оқшауланып тұрған бұл үй бес жыл бойы тұрақты тұрғыны болған Бекзатқа байлық пен кедейліктің, барлық мен жоқтықтың, бақыт пен қайғының шекаралық бекетіндей көрінеді. Ата-анасының мейірім шуағына шомылған балалық шағы кенет үзілген ол қазыналық үйдің қабырғасындағы қуанышы аз, бір сарынды күндерден әбден қажыды. Әсіресе қай жерде жүрсе де – асханада да, мектеп жиынында да, ұйықтайтын бөлмесіне қарай кетіп бара жатып та өзіне жаутаң-жаутаң қарайтын кішкентай Жәнияны көрген сайын қиналады. Қарындасының жанарынан жер бетіндегі жалғыз жақыны – ағасынан көз жазып қаламын ба деген қорқынышты оқып, жаны күйзеледі. Сосын екеуі уақытын бірге өткізетін мерекелерді, каникул кезін асыға күтеді. Мұндағы жүрек жылуы тапшы, қатаң тәртіпке бағынған тірліктен мерекемен басталатын маусым айы, жазғы каникул құтқаратындай.

Өмірлік мерекеге зәру бұл мекеменің тұрғындары үшін – 1 маусым ерекше мейрам еді. Себебі бұл күні тамақ та ерекше мәзірмен әзірленіп, балалар көптен ауызға тимеген тәттілерге армансыз тоятын. Соның бәрі ересектер тілінде «демеушілер» деп аталатын кісілердің арқасында екені де бұларға белгілі. Жыл бойы қара көрсетпейтін олар маусымның бірі күні шырт ұйқысынан өзгеріп оянғандай, машиналарына түрлі сыйлықты толтыра салып, балалар үйіне бірі келіп, бірі кетіп сапырылысып жататын...

Осында тұрған жылдары Бекзат талай байқады: бұл күні толассыз келіп жатқан үлкенді-кішілі қораптардың бірі ашылса, бірі ашылмай, бірінші қабаттағы қойма бөлмеге тоғытылатын. Уақыт өте олар өз жөнімен таратылып, анау ағайдың, мынау апайдың үйіне көшетінін де біледі. Тіпті талай рет көтерісіп, үйлеріне дейін апарып та берген. Балаларға қалған сыйлықтар да жетіп, артылады. Бекзатқа бұл жай еш әсер етпейді, оның есіл-дерті – мейрам алдындағы абыр-сабыр тезірек өтіп, маусым айының алғашқы күнінің келуі.

Ата-анасы бар кезінде бұл күні олар төртеуі өзен жағасына баратын. Жәния селтеңдеп, көбелек қуып жүргенде, әкесі екеуі балық аулап, анасы одан сорпа пісіретін. Әкесі екеуі қанша ұмтылса да, анасы бұларды ағыны қатты өзенге түсірмей шыр-пыры шығып, тіпті жыларман болушы еді. Әлі есінде, «Ау, сонда, кешке дейін бақа қуып, балық аулаймыз ба?» деп күйіп-піскен әкесіне «Неге ашуланасың? Бақа қуып шаршасаң, көк шалғынға жатып, мен сияқты ақша бұлттарды тамашала. Жалықпасың анық...», - деп анасы күле жауап берген. Сосын сабырлы қалпына түсіп: «Су – тілсіз жау деген рас, судан қорқам осы, Сапаш...» дегені әлі есінде.

Сапарбек қолын бір сілтеп, көбелек қуып жүрген қызына беттегенде, Бекзат мамықтай көк шалғынға жатып ап, аспанға армандай көз тіккен анасы Айзаданың қасына келіп жайғасқан.

Аспанда ақша бұлттар көшіп бара жатты...

Көрші әженің түткен түбітіндей үлпілдеген ақша бұлттар баяу қалқып, неше түрлі кейіпке еніп, біресе тостағанға толтырылған балмұздаққа, біресе мойнын созған ботаға, біресе көк айдында қанатын жайған аққуға айналады. Шет-шеттері самауыр мұржасынан созыла ұшқан түтінге ұқсап селдіреген ақша бұлт көз алмай қарап жата берсең, бір демде мың құбылып, кейде адамға, кейде түсініксіз бір хайуандарға ұқсап кетеді екен.

Сонда Бекзат анасынан ақша бұлттар қайдан пайда болғанын, қайдан шығып, қайда бара жатқанын сұраған.

Аспандағы ақша бұлттар көшіне қиялдана көз тіккен Айзада жер бетіндегі судың айналысы туралы ғылыми тұжырымды түсіндіруді мектеп сыбағасына қалдырып, баласына басқа бір әңгіме айтып беріп еді.

«Сен сияқты кішкентай кезімде осылай көк шалғында, көшіп бара жатқан ақша бұлттарды тамашалап жатып: «Олар қайда барады?» деп әжемнен сұрағаным есімде. Әжем: «Бұрынғылар ақша бұлттарды – өмірден озған адамдардың рухы деседі. Артында қалған жақындарын көргісі келгенде ақша бұлтқа айналып, өзі дүниеден өткен жерге бір соғып кетеді екен. Олардың әжептәуір тірлік етіп жүргендерін көрсе, шүкіршілік етіп төбесінен қалқи ұшып өтеді.

Ал ет-жақындарының жүдеп жүргенін көрсе, жаны қиналып, лезде қорғасындай ауыр бұлтқа айналып, нөсерлете көз жасын төгеді екен. Ертең өмірден озғанымда мен де ақша бұлт болып келіп, сені көріп кетіп жүремін» деп еді маған.

Кейін, сендер үлкен азамат болғанда менің де әжем сияқты бақи сапарға аттанар кезім келеді. Ара-тұра, төбеңнен қалқи ұшқан ақша бұлттарды көрсең, сендерді сағынып, көріп кетуге келген мен деп біл», - деп Айзада баласының кекілінен сипап, құшырлана иіскеді.

Анасының әңгімесін тыңдап жатып, Бекзат бір ақша бұлтты жаулығы желбіреген анаға ұқсатқан сонда. Сезімтал бала орнынан атып тұрып, «ей, ей, ақша бұлт, әже, әже, бізді көрдің бе? Бізде бәрі тамаша-а-а!» деп айқайлаған. Анадайда жүрген әкесі ұлының бұл қылығының сырын түсіне қойған болуы керек, басын шайқады да, «та-ма-ша-а-а!» деп бұған дауыс қосты. Содан төртеуі қол ұстасып алып шыркөбелек айналып, әндетіп, не керек, өзен жағасындағы бақалардың зәресін ұшырып, біраз шулап, әзер басылып еді.

Келесі жылы ата-анасы қалыптасқан дәстүрді бұзып, бұларды өзен жағасына ертіп апармады. Сөйтсе, үш-төрт отбасы жаздың басталуын балалардан бөлек атап өтуге келіскен екен. Ұл-қыздарына алаңдамай, еркін демалу үшін балалардың басын қосып, қалалық саябақта өтетін мерекеге аттандырып салған ересектер, алдарынан не күтіп тұрғанынан бейхабар күйде, күліп-ойнап, өзен жағасына асыға аттанған. Сол көңілді топ мерекеден оралған Бекзат пен Жәнияны жылап қарсы алды.

Бекзат оқиғаның қалай болғанын кейіннен естіп-білді. Бір топ қыз-келіншек қайықпен серуендеуге шығып, «жүзу білмеймін, судан қорқамын» деп тартыншақтағанына қарамай, Айзаданы да отырғызып алады. Өзен ортасына барғанда, әлдебір оқыс қимылдан қайық аударылып, шошына шыңғырған әйелдер суға тобымен бір-ақ құлайды. Айзаданың «Сапарбек!» деп күйеуінің атын бір-ақ рет айтуға шамасы келді десті қайықтағылар.

Жағада тұрған Сапарбек суға қойып кетіп, жанталаса өзен ортасына ұмтылады. Аударылған қайық маңында екі рет сүңгіп, әйелін таба алмаған ол өзеннің қатты иіріміне тап келді ме, әлде маусым басындағы тастай суық судан аяқ-қолы тартылып қалды ма екен, үшінші рет сүңгігеннен кейін өзі де су бетіне қайта көтеріле алмай қалады.

Содан бері, міне бесінші жыл, Бекзат ылғи бірінші маусым күні өзен жағасына келіп ақша бұлттармен сырласады. Оның мұнысын ешкім ешбір дін немесе салт рәсімінің шеңберіне сыйғыза алмас еді. Бұл – оның жүрегінің айтуы, жанының қажеттілігі. Өзінің білуінше, сәби жүрегінің қалауымен, жан-дүниесінің айтуымен ата-анасының рухына тәуеп етуі де болар, бәлкім. Оқуын жақсы оқып жүргенін, Жәнияның да әдемі қыз болып өсіп келе жатқанын, оны қорғаштап, басқа балалардың жылатып қоймауын қадағалап жүретінін айтады. Алғашқы жылы өзен жағасында тұрып: «Екеуің бірдей неге кетіп қалдыңдар?» деп айқайлап, жер бауырлап жылап, көпке дейін өксігін баса алмаған. Келе-келе, есейгені болар, дауыстап жылағанын қойып, көз жасын жұта отырып, іштей сөйлесетін болды.

Биыл көктем шыға өзен жағасын ұзақ аралап, оның жұрт көзінен тасалау, негізгі арнасынан бұрылып, ішке қарай ендей кіріп жатқан бір қолтығынан өзіне орын сайлап алды. Өзеннің бұл жердегі ағысы да баяу, ал екі қапталынан итмұрын бұталары ұйысып өсіп, ортасында көк майса шөп қаулап шығып келе жатқан шағын ғана алаңқай шалғынында жатып, аспандағы ақша бұлттар көшін тамашалауға ыңғайлы-ақ екен. Бекзатқа керегі де сол болатын – өзінің барша адамнан оқшауланып, оңаша отырар мекені үшін іздегені тап осындай жер еді. Содан кейін де бірнеше рет келіп, мекеніне барар жолды тазартып, тым батпақты жерлеріне шымтезек тастап, кәдімгідей-ақ еңбектенді.

Бара-бара өз қолымен жайластырған мекені Бекзатты тартып тұратын болды. Балалар үйінде түстен кейінгі «тынығу сағаты» болғанда, ал күн ұзарғалы бері, тәрбиешілер үйді-үйіне тарағанда бірінші қабаттағы дәліздің терезесінен түсіп, осы жерге келіп отырып, ойлануды әдетке айналдырған. Ал бүгін, міне, сәті өздігінен түсті. Көптен күткен бірінші маусым күні, тәрбиешілердің мейрамға орай қаладан келе бастаған жарылқаушыларды тосып алу қамымен әбігерленіп жүргенін пайдаланып, интернаттан шығып кеткен Бекзат әдетімен өзеннің жағасына келді.

Бұл бір үп еткен желі жоқ тып-тынық күн еді. Жел болмаған соң өзеннің беті де айнадай жарқырап, еркелей аунақшыған майда толқындар сыбырласып, жағаға келіп, шып-шып етіп домалай құлап жатты. Анадайда жалғыз қайық қараяды. Әдетте өзеннен балық аулайтындар келесі келгенге дейін қайығын осылайша қаңтарып кетеді дегенді Бекзат талай естіген, бірақ көріп тұрғаны бүгін ғана. Бір сәт бос қайыққа мініп серуенге шыққысы келді, бірақ... аударылған қайық, әке-шешесінің қазасы көз алдына елестеп, ол ойынан іле айныды. Көңілі нілдей бұзылып, үйреншікті жеріне жетті де, көк шалғынға құлай кетті. Өз-өзіне тоқтау салып біраз жатқан соң шалқасына аударылып түсіп, көгілдір аспанға көз тікті.

Көкпеңбек, тұп-тұнық аспанда шөкімдей ғана ақша бұлт қалықтап тұр екен... Анасындай нәп-нәзік, үлбірек. Бекзатқа ол бұған анықтап қарап алайын дегендей бір орыннан қозғалмай тұрғандай көрінді. Шырқау биікте көз қарықтыра жарқыраған күн көгілдір аспанға шапағын шашып, сәулелі нұрға толған айналаның сұлулығынан тіл байланғандай. Бұл бір тып-тынық, анасының мінезіндей жаймашуақ күн еді. Бекзат орнынан тұрып, майда толқындары жағаға келіп жығылып жатқан өзенге тұнжырай қарап біраз отырды.

«Мама, папа... міне, мен келіп отырмын... - деді іштей. - Жәнияны ертпедім, есіне салып, көңіл-күйін бұзбайын дедім. Әрі бүгін – балалар мейрамы ғой. Түрлі сыйлықтар береді. Әлі кішкентай ғой – сыйлық алсам деп қатты күтіп жүр. Мен өткенде оған қонжық аю сатып алып қойғанмын. Кешке бөлмесіне апарып беремін...

Папа, мама... бізге алаңдамаңдар... Жақсы оқып жүрміз. Апайлар «қызыл» аттестат аласың дейді... Жәния би үйірмесіне қатысып жүр. Әдемі билейді. Мен... оқушылар спартакиадасында жүзуден бірінші орын алдым. Қаладағы спорт мектебінен бір ағай келіп өздеріне ауыстырып алғысы келген. Бірақ... Жәнияны қалай тастап кетемін? Бармадым...»

Бекзат күрсініп қойды. Жарыста басқа балалардан оқ бойы озып келгенін әке-шешесінің көрмегені ойына оралып, тамағына өксік тығылды. Босамайын десе де шамасы келмей, булығып, көзінен жас тарам-тарам боп ағып, жер бауырлап жата кетті. Қанша жылағанымен ешкім кеп жұбатпасын білетін бала біраз өксіп, көз жасын қолының сыртымен сүртті де шалқасына аунап түсті. Жылап-жылап, отығатын жетім қозыдай бұл да солығын басып, терең күрсінді. Сосын есіне әлдене түскендей аспанға тесіле қарап, әдетінше ақша бұлттарды іздей бастады.

Аспанда ақша бұлттар көшіп бара жатты...

Әлгіндегідей емес, қоюлана түскен бұлттардың бұрынғысынша баяу қалқымай, аязды күні мұржадан шыққан түтіндей будақ-будақ болып, жөңкіле көшіп бара жатқанына қарап, «мамам мен папам менің жылағаныма шыдамай тезірек кеткілері келді ме екен?» деп ойлады. Сол-сол-ақ екен, жүрегі сыздап, енді ата-анасы өздерін уайымдайтын болды-ау деп, әлсіздік танытып жылағанына өкініп қалды.

«Маматай, папашым... кешіріңдер... бізде бәрі жақсы... Қарнымыз тоқ. Көңілді өмір сүріп жатырмыз...» деп асыға сыбырлады Бекзат. Ақша бұлттар туралы аңыз санасында бекем орнығып қалған бала жігіт ерте келген жаздың ерке желі бағытын қайта-қайта өзгертіп, құбылып тұрғанын байқаған да жоқ. Қалықтаған бұлттар әуелі сәл тыным тауып, келесі бір сәтте бастапқы бағытынан ауытқып, ақырындап кері қарай көше бастағанда, әлгінде ғана айтқан сөздері ата-анасына жеткендей әрі қуанып, әрі бұлттар туралы аңызға бұрынғыдан бетер иланып, сенімі ұйи түсті. Сол сезімімен ақша бұлттардан көз алмай, назары будақ-будақ ақ торғынға байланды да қалды.

Аспанда әрлі-берлі қалқыған ақша бұлттардан өз анасының бейнесін іздеп, селдір талшықтарын самал жел желпіген шашына, иіріле дөңгеленген тұсын көйлегінің етегіне ұқсатып қиялданып жатқан Бекзат мұның отырған жерінен отыз-қырық қадамдай жерге бір әйелдің келіп жайғасқанын аңдаған да жоқ. Интернатқа қайтпақшы боп, орнынан тұра берген кезде ғана көзі шалып, тас үстінде отырған әйелді тәрбиешілердің бірі екен деп, бұға қойды. Жоқ, мүлде бөтен, бейтаныс жан сияқты.

Бекзат демін ішіне тартып, бейтаныс әйелді зерттеп қарай бастады. Дене бітімі анасын есіне түсірді, бірақ желкесінен буып қойған шашының ағы молырақ па, қалай? Үстіне киген көйлегі де, тіпті аяғының басына іле салған жеңіл шәркейі де көзіне ыстық көрінді – анасының осыған ұқсас киімдері болатын. Басына оқыс келген ойдан Бекзаттың денесі дір ете қалды – мұның сағынғанын сезініп, анасы елес болып келіп отырған шығар? Бұл сияқты таса жерге тығылмай, сол маңдағы ең үлкен қойтасқа шығып отырғанына қарағанда әдейі көзге түскісі келген болар?..

Жаңа ғана тұңғиық аспанда қалқып ұшқан түбіттей ұлпа бұлттар ұйлығысып, мұның төбесінде біраз кідірістегеннен кейін мына әйелдің пайда болуын өзара байланыстырғысы келген Бекзаттың бойы шымырлап кетті. Жүрегінің үдей түскен дүрсілін басуға тырысып, өзінің таса жердегі мекеніне кездейсоқ келген қонақты анықтап көру үшін одан сайын қадала түсті...

Майда толқындары шып-шып етіп жағаға келіп жығылып жатқан өзенге телміре қарап отырған әйел ту сыртынан қадалған көзді сезетін емес. Өзіне ғана белгілі бір сәтті есіне түсіргендей теңсетіліп, ара-тұра басын шайқап қояды. Айналасына қарамайды да, қалың бұтаны қалқалап, өзінің әр қимылын қалт жібермей бағып отырған бір бала түгілі, сансыз көп көз қадалса да сезетіндей күйде емес еді.

Әйел жылап отырды.

Бар бақытынан айырған өзенге өкпе айтып, мұңын шағып, бірде ашулана ышқынып, бірде шарасыз күйде сыбырлап жылап отырды.

- Ал, енді тойдың ба? Жолыңдағыны жайпап, қанша жанды жалмағанда не ұттың? Көк теңізге айналдың ба? Көкорай шалғынға малындың ба? Жоқ! Сол баяғыша жағаңды жапырып, арнаңды опырып, жүріп өткен жеріңді жайратып жатқан долы өзенсің! Жыл сайын қанша жанның өмірін қиясың! Енді міне, менің жарымды, қос құлынымды жұтып алып, түк болмағандай момақансып ағып жатырсың...

Бұл – өзі түнгі ауысымда жұмыс істеп жүргенінде күйеуі мен екі баласынан қапыда көз жазып қалған Гүлзада еді. Ерте көктемде, қар еріп, онсыз да арынды тау өзені кенересінен асып, айналаның бәрі бір түнде көл-дарияға айналған кезде үйлер құлап, ұйқыда жатқан адамдарды басып қалған оқиғаны жұртшылық әлі ұмыта қойған жоқ-ты. Солардың ішінде Гүлзаданың отбасы да бар-тын. Құтқарушылар қираған үйдің астынан күйеуі мен балаларының жансыз денелерін алып шыққанда құлақ тұндыра шыңғырған әйел ес-түссіз құлап түскен.

Айналдырған бір-екі күнде шашы ағарып кеткен Гүлзаданың ұзақ уақыт ауруханада жатып, үйіне шыққаны таяуда ғана. Беті бері қарағалы бері өзенге баруға сан ұмтылды, бірақ туыстары қалт жібермей қадағалап, ойын жүзеге асыра алмай жүргенде бүгін сәті түсе қалғаны. Бәріне себеп болған – балалар күніне арналған мейрам. Интернатта істейтін сіңлісін меңгеруші шақырып жатыр деген хабар жетті. Бармауға амал жоқ, қазіргі жұмыссыздық жайлаған заманда босаған бір орынды анталап он адам күтіп отырғанда қалай бұлдана алады? Апасы жатқан бөлмеге бас сұққан ол «Гүлзада... Гүлзада...» деп ақырын ғана сыбырлап еді, жауап болмады. Гүлзаданың көзін жұмып баяу тыныстап жатқанын көріп, сіңлісі аяғының ұшымен басып үйден шықты. Ондағы ойы – апасы ұйықтап жатқанда тез жүгіріп барып жұмыстарын тындырып, қайтып келе қою.

Телефон соққан адамға сіңлісінің «біреуді жіберіңдерші» деп жалынғанынан ештеңе шықпағанын, сосын «жарайды, бір амалын табармын» деген амалсыз жауабын қабырғалас бөлмедегі Гүлзада естіп жатқан-ды. Ойындағысын іске асыру туралы шешім де тап сол сәтте келді. Сіңлісінің тапырлай жүгіріп өткен аяқ дыбысы ұзағанын аңдып тұрып бұл дереу үйден шығып, өзенге беттеді. Жағаны әбден шарлап, өзеннің ешкім жоқ бір қолтығындағы теңкиіп жатқан қойтасқа отырып өзенге ұзақ телмірді. Майда толқындардың арасынан біреулерді іздегендей, өзі сарғая сағынған әлдекімдер сүңгіп шыға келетіндей көзін талдыра қараған ол көкірегінде сартап боп жиналып қалған мұңы мен зарын өзенге төгіп, жылап отырды.

- Қанша жан сенің тойымсыз құлқыныңның құрбаны болды! Сенің дүлей мінезің қаншама адамды жұтып, қанша үйдің шаңырағын ортасына түсірді! Сонда да басылмайсың...

...Менің ендігі өмірімде не мән қалды? Жан жарым мен балаларымның артында қалғанда не бітірем? Қандай мұратқа жетем? Ақыры бала-шағамды алдың, енді мені де ал...

Солай деді де, оқыс шешімге келген Гүлзада осында келе жатқанда көзі шалып қалған қайыққа қарай жедел адымдады.

Бағанадан бері бұтаның артында бұғып отырған Бекзат әуелгіде ештеңеге түсінбей әліптің артын бағып сол орнында қала берген. Тек қайық жағадан ұзай бергенде әйелдің бөтен ойын сезгендей айқайлап суға қарай тұра жүгірді. Оқыс шыққан дауыстан селк ете қалған әйел әлденеге үлгіре алмай қалатындай суды жанталаса қолымен есе бастады. Сосын бұлайша ұзап кете алмасын түсінді ме, көзін тарс жұмып, суға қойды да кетті... Бастапқыда екпінмен төмен құлдилағанымен ұзақ науқастан кейін арып-ашып, салмақ қалмаған жеп-жеңіл денені ағын қайта серпіген. Гүлзада жүзіп шығуға еш әрекет жасамай, өзен тереңдеген сайын күшейе түскен ағынмен қалт-құлт етіп, бір батып, бір шығып өзен ортасына қарай ағып бара жатты.

Бұл кезде Бекзат та мұздай суды шашырата жүгіріп, өзеннің ортасында басы қармақтың қалтқысындай қылт-қылт етіп кетіп бара жатқан әйелге қарай ұмтылған. Құлаштай жүзіп, тез-ақ жетсе де, иірім үйіріп, біресе тереңге тартып, біресе өзен бетіне тепкен әйелді ұстау оңайға соқпады. Тастай суық су денесін қарып, өзеннің ағыны күшейе түссе де қанша жыл бойы жүзумен айналысқанының кәдеге жараған жері осы болды. Келесі бір ұмтылғанда қолы әйелдің шашына ілікті-ау.

Әрі шошынып, әрі иірім соғып әлі құрыған әйелді өзіне қарай жұлқа тартып, оң қолымен қаусыра құшақтады да, сол қолымен малтыған Бекзат анадайда қарайған қайықты көріп, соған қарай жүзді. Жағада бірнеше адам жиналып қалғанын, бір-екеуінің бұларға қарай жүзіп келе жатқанын көзі шалғанда бойына күш құйылғандай болды. Қайықтың ернеуіне қолы тигенде «уһ» деп бір дем алып, сосын бар күшін жинап, қатты шошынып, қалш-қалш еткен әйелді қайыққа жатқызбақшы болып көтере берген...

Бір жағына түскен екеуінің салмағынан аударылып кеткен қайықтың ернеуі басына дөп тиіп, Бекзаттың көз алды қарауытып кетті. Тереңге шым-шым батып бара жатып жанына жеткендердің біреуі мұның қарысып қалған қолынан әйелді жұлқа тартып босатып алғанын ұқты. Іле-шала әйелдің «құтқарыңдар!» деп шыңғырған даусы еміс-еміс естілді... Содан соң буын-буыны босап, еш жері ауырмастан, еш қиналмастан қалқи жөнелген сияқты күй кешті...

...Денесі жеп-жеңіл... Сөйтсе, суда емес, будақ-будақ ақша бұлттардың ішінде қалқып ұшып келе жатыр екен. Мамық бұлттар жұп-жұмсақ құшағына орап алып, әлдилеп, келесі бір шоғыр бұлтқа қарай ұшырып жіберетін сияқты. Түбіттей үлпілдеген ақша бұлттар шұғылаға малынып мың құбылып, ал бұл өткеннен кейін лездің арасында алуан түрлі ағаштарға, көз жауын алатын гүлдерге айналып кетіп жатыр. Мұндай ғаламатты кім көрген?! Шырқау биіктен төгілген шуақ бойын бір рахат сезімге бөлеген Бекзат өзінің осынау ғажап күйінің таусылмауын тілеп, көзін жұма берді.

«Бек-за-а-ат!» «Бек-за-а-ат!»

О, ғажап! Мынау қосарлана шыққан дауыс – әкесі мен анасының дауыстары ғой! Бекзат көзін ашса балғын құрақты жап-жасыл дәлізбен... әкесі мен анасы өзіне қарай жүріп келе жатыр! Екеуі де сол жап-жас, осыдан бірнеше жыл бұрынғы қалыптарында, жүздері гүл-гүл жайнап, өзіне қарай қуана қол созып келеді! Қас қағым сәтте қастарына ұшып жеткен мұны екеуі екі жағынан құшақтап, сүйіп, мауықтарын баса алар емес. Бала ата-ананың ыстық құшағына жететін ештеңе жоқ екенін алғаш рет түсінгендей, енді осы сәттің таусылмауын тілеп, жалбарынып тұрғанда: «Жәния қайда, балам?» деді анасы. «Сен жоқта оны біреулер ренжітіп жүрмей ме?» деді әкесі.

Иә-иә! Бұл қалай Жәнияны ұмытып кеткен? Осындай бақытты шақты жалғыз өзі қалай бастан кешуде? Жәнияны көзінен таса қылмауға тырысушы еді, қалайша ұмытып кеткен? Қой, Жәнияға тезірек жетуі керек! Сыйлаймын деп алып қойған қонжық ойыншықты да әлі берген жоқ қой.

Қарындасын ойлап дегбірсізденген бұған ата-анасы мейірлене қарады. «Бара ғой, - десті олар қосарлана сөйлеп, - Жәнияны жалғызсыратпа!» Сол-ақ екен, жасыл дәлізге көз қарықтырар жап-жарық нұр төгіліп, сол нұр мұны шырқау биікке алып ұша жөнелгендей болды. Айналасы қайтадан аппақ түске енді: аунақшыған ақша бұлттар ма, қопсыған аппақ мақта ма деп ажырата алмай жатқанда құлағының түбінен «көзін ашты» деген қуанышты дауыс естілді.

Қанша ауырсынса да мойнын бұрып, дауыс шыққан жаққа қараса, қасында бейтаныс әйел отыр екен: жаңағы қуанышты дауыстың иесі де осы әйел болуы керек – оның өзіне күлімсірей қарағанынан Бекзат солай деп топшылады. Өзін бір жерден көрген сияқты: анасына ұқсатты, бірақ шашының ағы молырақ көрінді. Бейтаныс әйел бұған ет жақын туысындай мейірлене қарайды, жаңа ғана... осыдан қас қағым сәт бұрын өзіне тап осылайша қараған анасының көзқарасын сезініп, денесіне шуақ құйылғандай болды.

«Жәния...» деді Бекзат ернін икемге келтіріп.

- Жәнияш па? Ол бүгін биден өтетін байқауға қатысатын болып, менің сіңлім алып кеткен, - деді бейтаныс әйел күлімдей сөйлеп. - Өзім-ақ апаратын едім, сенің қасыңда болайын дедім...

Осылай деп Бекзаттың маңдайын жұп-жұмсақ алақанымен сипап өткен әйел бір маңызды мәселені қалай айтарын білмегендей сәл кібіртіктеп барып:

- Кешке осында әкел дегенмін, сосын... сен тәуір болған соң... үшеуміз үйге барамыз, -деп қосып қойды.

- Үйге?

- Иә, үйге! Енді үшеуміз үйде бірге тұрғанымыз дұрыс деп ойлаймын. Жәнияш қуанып жүр. Сен қалай қарайсың, балам?

Әйелдің тұп-тура анасы сияқты «балам» дегенін естігенде денесінен бағанағыдай ыстық толқын жүгіріп өткендей болып, Бекзаттың тұла бойы тағы да дір ете қалды. Жүрегі аласұрып, ойы шатасып, сансыз көп суреттер – ата-анасы, интернаттағы жадау өмір, өзенге бір батып, бір шыққан әйел, жаутаңдаған Жәния... дем арасында көз алдынан тізіліп өте шықты. Әйелдің мейірімге толы жанарында үміт пен күдік шүпілдеп, өзінің жауабын тағатсыздана күтіп отырғанын түсінсе де қалай жауап берерін білмеді. Тек «Жәнияш... балам...» деген сөздер құлағында жаңғырығып, қарындасы екеуінің ол сөздерді талайдан бері естімегенін ойлады.

Жанының сонау тереңінен басталған ып-ыстық толқын лықсып келіп, алқымына тығылғанда көзі жасаурап, бетін қабырғаға қарай бұрды.

Оның жастыққа тырс-тырс тамған жасын алақанымен сүртіп, Гүлзаданың өзі де жылап отырды.

Арада бірер күн өткенде Гүлзада Бекзатты ауруханадан ертіп шықты. Есіктің алдында селтиіп тұрған Жәнияны көргенде жүрегі шым ете қалған Бекзат қарындасының алдына жүрелей отырып, бауырына басты.

- Гүлзада тәтенің үйіне барайық па? – деді сосын сыбырлап қана.

- Барайық! – деді өңі бірден жайнап қоя берген Жәния.

Қарындасын қаусыра құшақтаған Бекзат көңілі босағанын ешкімге білдіргісі келмей жанарын аспанға аударды. Аспанда біресе күмістей жарқырап, біресе түбіттей үлпілдеп, ақша бұлттар қалқи ұшып бара жатты...

АРМАНЫМ, АРМАНЫМ, АРМАНЫМ-АЙ…

«Қарындас, жұмақтан түстіңіз бе? Хор қызы қандай болады десем, ол біздің университетте оқиды екен ғой!»

Университет жанындағы ұзынша орындықта емтиханға дайындалып отырған Құралай таныс дауыстан селк ете қалды. Сол! Соның даусы ғой мынау! Осыдан бір жыл бұрын ойда жоқта кез болып, өзіне «махаббат» деген сұлу сезімнің бар екенін білдірген, сөйтіп, іле ізім-қайым жоқ болып кеткен жігіттің мұның құлағынан кетпей қойған қоңыр үні! Құралай сенер-сенбесін білмей, «Қанат, Қанат…» деп күбірлеп, дауыс шыққан жаққа жалт қарады.

Қанат, қасында тағы бір жігіт бар, осылай қарай келе жатқан көк көйлекті әдеміше қыздың соңынан ере түсіп, күле сөйлеп тұр екен. Құралайдың жүрегі тоқтап қалғандай болды. Қанат! Бір жыл бойы күндіз ойынан, түнде түсінен кетпеген Қанаты қол созым жерде тұр!

Олар – оқуға түскен Құралай мен соңғы курстың студенті Қанат бірінші курстықтарды студент қатарына қабылдауға арналған дәстүрлі кеште танысқан. Алдына келіп, биге шақырған жігіт: «Қарындас, жұмақтан келдіңіз бе? Хор қызы қандай болады десем, ол біздің университетке оқуға түскен екен ғой!» – деген-ді. Басын сәл ие, сыпайы күлімсіреп тұрған жігітке көз салғанда денесін ток ұрғандай дір ете қалды: үнді киносының кейіпкеріндей ақ көйлек, ақ шалбар киген жігіттің өзінің құпия бала қиялындағы «өмірлік серігім болады» деген адамының ойдан құрастырылған бейнесіне соншалық ұқсастығы таңқалдырған. Жігіттің жүзінен көзін айыра алмай қалған қыз оның ұсынған қолына жүрегі лүпілдей қол созғанын өзі де байқамай қалды…

Бірнеше биді қатар билеп шаршаған соң Қанат пен Құралай біраз тыныстау үшін университет қасындағы саябаққа шықты. Алматының тып-тынық түні екі жастың арасында кенеттен бүр жарған сезімге куә болып, қаракөк торғын шымылдығымен оларды жұрт көзінен көлегейлеп тұрды. Жаңа ғана көпшіліктің арасында жайраңдап күліп, жарқ-жұрқ етіп билеп жүрген Құралай оңаша шыққан кезде әлденеден үріккендей жан-жағына қарағыштап, үнсіз тұрып қалды. Тіпті Қанаттың бетіне тура қарауға да қысылғандай, көзін төмен сала берді.

- Қандай сұлусың өзің!

Қанат төмен қарап үндемей тұрған Құралайдың иегінен көтеріп, ақырын ғана ернінен өпті. Қыз қарсылық көрсеткен жоқ. Онысын «кет әрі» еместігіне жорып, иығынан орай құшақтап, өзіне қарай тартқан жігіт енді батылдау сүйді. Ал Құралай болса, бұрын бастан кешпеген беймәлім сезімнің жетегімен сыртқа еріп шыққанына әрі ұялып, әрі өзіне де бір көргеннен ұнап қалған жігітті кеудесінен итерсе, ренжітіп алам ба деп қорқып, іштей өз-өзімен арпалысып тұрған. Қанат бұдан бейхабар, құшағындағы жас арудың неден екендігі белгісіз, дір-дір етіп тұрғаны ерекше әсер етті – ол Құралайдың бұрын мұндайды бастан кешпегенін бүкіл болмысымен сезінді. Содан соң ду етіп бойын билеген қуаныш пен құмарлық араласқан сезімге ие бола алмай, қызды қапсыра құшақтап, тағы да ерніне жабысты. Құралай тұншығып, дем ала алмай, жанталаса бұлқынып, жігіттің құшағынан әзер босанды.

«Сүйісу де білмейді екен ғой!» Жігіттің жүрегін шаттық кернеді. Жас қызды үркітіп алмайын деп:

- Ішке кірейік,- деді.

Құралай үнсіз басын изеді.

Би әбден қызған екен. Бағанағыдай емес, жастар да еліріп алған сияқты, әр тұстан қиқулаған, шыңғырған дауыстар естіледі. Сондай бір қиқулаған топ есіктен кіре берген бұларға қарай лап қойып, екі қыз Қанатқа екі жағынан асыла кетті.

- А-а, қолға түстің бе?

- Қанатик, сен қайда кетіп қалдың?

- Сен бізді кімге айырбастап кеттің?

Бір-біріне сөз бермей, қадала тергеуге алғандарына қарағанда Қанатпен бұрыннан таныс болулары керек. Жаңа ғана бұған сап-салмақты сөйлеп, бұған елжірей үн қатқан Қанат аяқасты құбылып, олармен бірге даурығып, «Сендерді ешкімге де айырбастамаймын» деп екі қызды кезек сүйген қалпы, иірімге түскен жаңқадай қалбалақтап, улы-шулы топ ортасында кете барды. Ұзай бере есіне бірдеңе түскендей артына қайрылып, состиып тұрып қалған Құралайға қол бұлғады, «қош» дегені, «бері кел» дегені белгісіз…

Құралайға кештің тамашасы таусылып қалғандай көрінді. Қызық, жаңа ғана жан-жағындағы адамдардың бәрі сұлу, би кеші сондай көңілді сияқты еді. Енді бәрінің де бояуы солғын тартып, бар қызық Қанатпен бірге кетіп қалғандай болды. Сосын құрбыларына «басым ауырып тұр» дегенді сылтауратып, асығыс жиналып үйіне кетіп қалды.

Келесі күні университетке ертерек келді. Көңілінің түпкірінде «Қанатты кездестіріп қаламын ба?» деген үміт бар. Сабақ басталғанша сыртта жүрді. Қанат көрінбеді. Қоңырау соғылғанда амалсыз аудиторияға беттеді. Үзіліс кезінде әрнәрсені сылтауратып сыртқа шығып біраз жүрді, деканат жаққа да бір-екі рет барып келді. Қанат ұшты-күйлі жоқ.

«Кеше биден кейін кеш қайтқан шығар. Сосын ұйықтап қалуы мүмкін ғой... әлде бірінші пар сабағы жоқ па екен?» деп, бір себептен кейін бір себепті ойлап тауып, оқу корпусының маңында біраз айналшықтап жүрді. Келесі күні де сол ойдың жетелеуімен есіктің алдын біраз торуылдады, бірақ Қанатты кездестіре алмады. Өзінің есіл-дертін баурап алған жігіт жайлы оның атынан басқа ештеңе білмейтінін ойлап, мекен-жайын, телефонын сұрап алмағанына қатты өкінді. Ол-ол ма, тіпті толық аты-жөнін, қай факультетте оқитынын да білмейді екен. Енді қалай іздеп табады?

Бір білетіні - оның да осында оқитыны, мұны да ол алғаш биге шақырған кезде «біздің университетке түсіпті» дегеніне қарап ұққан. Ендеше іздей беру керек. Осындай ойға бекіген Құралай сабақ басталардың алдында басқа оқу корпустарына барып та жүрді, жатақханалардың да біршамасын шарлап шықты, бірақ бәрі де нәтижесіз бос жүріс болды.

Осылайша сарсылып іздеумен күндер, айлар өтіп жатты. Алматының сарыала жапырақты күзі ақұлпа қарлы қысқа ұласты – ол Қанатты ұмыта алмады. Ұмыту қайда, уақыт өткен сайын ынтығып, сағынуы өрши түсті. Бұлай да болады екен-ау! Бар болғаны бірер сағат бірге болды, би биледі, қоңыр күздің айлы түнінде алғаш рет жігітпен сүйісті. Есіне алса, қазір де денесі шымырлап кетеді. Сол кештегі сезімді енді ешқашан бастан кешпейтіндей. Тек Қанат қана сондай күй сыйлары анық, тек сонымен ғана бақытты болатынына сенеді. Бірақ оны қайдан таппақ? Мекен-тұрағы белгісіз. Қалай іздемек? Жыл бойы университетті шыр айналып, табанынан тозды – бірақ бәрі бос әуре...

Енді таба алмайтын шығармын деп, кездесуден күдерін үзуге шақ қалған кезде, о, құдірет, бүгін алдынан шығуын қарасайшы!

- Қанат!

Құралайдың даусы өзі ойлағаннан да оқыс шықты. Оқып отырған кітабын тастай салып, таңырқай қарап тұрған жігітке қарай құстай ұшқан қыз ол есін жиям дегенше мойнына асыла кетті:

- Қанат! Сен қайда жоғалып кеттің?

- Қашан?!

- Би кешінен кейін. Мен сені қаншама іздедім! Телефоныңды, тұратын жеріңді сұрап алмаппын ғой. Қайдан іздерімді білмедім... Енді ешқашан жоғалтпаймын…

Құралай бар сөзін қазір айтып қалмаса, Қанат тағы да жоғалып кететіндей, апыл-ғұпыл сөйлеп жатты, сөйлеп жатты. Басын сәл қисайта күлімсіреп қарап тұрған Қанат Құралайды енді есіне түсірген сияқты. Көзінде әлдебір от ұшқындап, жас қызды қаусыра құшақтап, ұзақ сүйді. Тағы да дем ала алмай тұншығып қалғанымен, Құралай бұл жолы бұлқынбады. Жігіттің кеудесіне басын қойып: «Мен сені қаншама іздедім…» деп күбірледі.

- Кешке кездесейік,- деді Қанат қыздың көзіне көзін қадай сөйлеп.

Құралай үнсіз басын изеді.

- Кешкі жетіде осы жерде күтемін.

Қыз тағы да үнсіз басын изеді. Сосын жолдасымен күле сөйлесіп кетіп бара жатқан жігіттің соңынан ұмсына беріп: «Сенің телефоның бар ма?» деп батылсыздау үн қатып еді, Қанат: «Кешке айтамын. Кел» - деп қолын бұлғады.

Құралай енді кешті батыра алсашы. Тіпті үйдегі сағаттар тоқтап қалған шығар деп, көршілерінен барып уақытты сұрап келді. Әр көйлегін бір киіп, шала бүлінді. Жылға жуық жоғалтып алып, әзер тапқанда енді тағы да көз жазып қаламын ба деп дегбірсізденген ол, уақыт өткен сайын нешетүрлі күдікті ойға бой алдырып, өз-өзінен шошынды. Бәрінен де ауыры – «Ол неге мені іздемеді?» деген ой еді. Онымен қоса қабаттасып «Басқа бір қызы болуы мүмкін-ау...» деген күдік қылаң бергенде жүрек тұсы шаншып кетті.

Бірақ мұның бәрі бір ғана сәттік толқулар болатын. Қанатты кездестіру қуанышынан көңілі тасып-төгілген, барлық ақыл-ойын тек онымен бір болу тілегі билеген Құралай қазір ешқандай ақылды құлаққа ілер, ешқандай кедергіге тоқтар күйде емес еді. «Жоқ, бүгін қалайда дұрыстап сөйлесуіміз керек. Менің өзін қаншалықты жақсы көріп қалғанымды білмеген ғой. Әйтпесе ол да мені іздер еді. Мейлі, өткенді қазбалаудан не шығады, әйтеуір арманым орындалып, кезіктік қой, енді айрылмауым керек. Осы кеш -өмірімдегі шешуші кеш болмақ» деп ой түйді ол үйінен асығыс шығып бара жатып…

Қанат бұл ойлағандай жоғалып кеткен жоқ болатын. Университетті сол жылы бітірген ол, шетелге барып магистратурада оқитындардың тізіміне іліккен. Әрине, үздік оқығанының арқасында емес, оның бәрін ұйымдастырып жүрген Гүлназ екені белгілі ғой. Гүлназ – Гүлназик – Гуля. Қанаттың суға кетіп бара жатқанда қармайтын талы. Мұны өлердей жақсы көреді, сондықтан әкесі шетелге жіберем дегенде «Қанат екеумізді бірге жібермесең бармаймын» деп табандап отырып алған. Айтқанын істетіп үйренген ерке қыз әке-шешесін бұл жолы да көндірген.

Құралайға кездесетін күні Гүлназ екеуі курстастарына «жолаяқ» жасап, содан кейін төрт жыл оқыған ордаларына келіп, аудиторияларды аралап, студенттік өмірмен қоштасып шықпақ беттері еді. Студенттер залында бірінші курстықтарды студенттер қатарына қабылдау кеші өтіп жатыр екен. Әуестік билеп, Қанат өз тобынан жырылып қалып қойып, есіктен қараған. Қараған да ай мен күндей аруға көзі түскен. Бұл – Құралай болатын...

Енді, міне, арада жыл өткенде қайта кездесті. Қандай сұлу, қандай нәзік еді өзі! Қалайша есінде сақталмаған! Аққұба жүзі бал-бұл жанып, сағынғанын, іздегенін, күткенін... айтып тауыса алар емес. Қазіргі қыздарға мүлде ұқсамайды – ішіндегісін ақтарып, бар сырын жайып салғаны-ақ әккі есептен, айла-шарғыдан хабарсыз жан екендігін байқатқандай. Өзімен қатар адымдап келе жатып: «Түу, кездескеніміз қандай жақсы болды!» деп қояды қайта-қайта.

Құралайдың шаттыққа толы дауысын тыңдап, өзінің ішкі ойымен әлек болып келе жатқан Қанаттың бойын кенет әлдебір сезім билеп, көңілі әлем-тапырық болды – осындай әдемі, нәзік, таң шығындай мөлдір қыздың өзіне емес басқа біреуге бұйыратыны, ал өзінің қызмет сатысымен өсуі үшін дөй бастықтың шолжың қызына үйленіп, өмір бойы соның айтқанына жүріп, айдағанына көнуі керектігі ішін алай-дүлей етті... Әттең, әттең...

Құралайды жолдасының үйіне ертіп әкелген ол есіктен кіре салысымен бойжеткенге бас салды. Қыз шошып кетті. Ыршынып төр алдына бір-ақ шықты да «Не болды?» деді шошына сыбырлап.

- Не болушы еді? Мені сағындым, күттім деген жоқсың ба? Сол рас па, жоқ па, тексерейін дегенім ғой.

- Нені тексересің? Мен өтірік айтқаным жоқ... – Құралай қырындап балконға қарай жылжыды.

- Жә, қорықпа. Сені өтірік айтты деп тұрғаным жоқ. – Қызды шошытып алмайын деп Қанат енді алдаусыратуға көшті. – Менің де сағынғаным ғой сені, шыдамай кеткенім. Кел, қасыма отыршы.

Құралайды қолынан жетектеп әкеліп, қасына отырғызды. Сосын бауырына тартып, маңдайынан өпті. Иығына төгілген шашына бетін көміп, мойнынан, тамағынан сүйді. Мұның жаңағы оқыс қимылынан тіксініп қалған қыз алғашында ырыққа көне қоймаса да, бірте-бірте буын-буыны босап, майдай еріп бара жатты...

Мұндайды бұрын бастан кешпеген... Жігіттің үздіге айтқан сөздері жүрегін алып ұштырып, әрбір қимылы бойын шым-шым еткізіп, бұрын-соңды сезініп көрмеген рахат күйге бірте-бірте көміліп бара жатты. «Енді ешқашан айрылыспаймыз ба?» деді бұл бір ретте күбірлей сөйлеп. Алқына демалған жігіт басын шайқап қойды.

Әккі саусақтар денесінің бөгде адам қолы тимеген жерлерін аралап, ақ төсін умаждағаны сезімге мас қызды шошытпады, керісінше, жігіт құшағында оттай балқыған тәні бұған дейін өзіне беймәлім бір жақындықты тіледі. Тап осы сәтте ол үшін өмірдің ең басты мәні де, ең ұлы ләззаты да, ең биік мұраты да – сүйген адамымен бір болу болатын, сондықтан оның қолын қақпады...

- Сен мені шын сүйесің бе? – деп сұрады Қанат көзін қадай...

Бұрын айтпаған сөзін бірден айта салу да қиын екен. «Сүйемін» деген сөз алқымына тығылып тұрса да қыз дауыстап айта алмады, бар болғаны көзін жұмып, басын изеді.

- Оны дәлелдей аласың ба?

«Оны қалай дәлелдеу керек? Іздегенім, күткенім, шақырғанда келгенім – дәлел емес пе?» Бұлай деп іштей ойлады. Дауыстап сұраса, мазақтап күлер, одан да жаманы – ашуланып қалар деп жүрексінді. Осы уақытқа дейін шын сүйетініңді дәлелдеу керек деп ойламапты. Бірақ бұл да – әзірше өзіне беймәлім ересектер өмірінің бір шарты шығар деп топшылады. Сондықтан тағы да басын изеді.

Жігіттің күткені де осы еді. Аймалап-сүйгенін үдете түскен ол, қыздың әппақ төсіне бетін көміп, беймәлім сезімнен тітіркеніп, шүртиіп шығып тұрған қоңырқай ұшын тілімен қытықтап қойды. Сол-сол-ақ екен, Құралай бойынан лап етіп жүгіріп өткен жалынның екпінімен аспанға ұшып кеткендей болды... Ғажайып бір толқын лықсып келіп-қайтып, әлдебір тілек бүкіл бойын ұйытып бара жатты... Тап осы сәтте ол жігіт не істесе қарсыласа алардай жағдайы жоқ еді, қарсыласқысы келген де жоқ... Өзі сүйген, аңсап күткен Қанаты... сонау бала кезінен жан серігі тап осындай болатынын білген-ді... енді кездесіп, құшақтары енді айқасқанда несіне қарсыласпақ?

Бөлмеге алғаш кіргендегі үркектеген әлсіз ғана сақтығы бойын билеген соншама бейтаныс, бірақ соншама ғажайып тілектің астында көміліп қалды. Енді бірер минуттан кейін оның денесі құмарлық оты шарпыған жігіт қалай икемдесе солай майысып, өн бойында тынымсыз жорғалаған әккі саусақтардың билігіне рахаттана берілгенін байқаған да жоқ.

Кенет... өн бойын өткір қанжар осып өткендей болды... Жанына батқаны сонша, жігіттің жалаңаш иығын қыршып тістеп алған. Содан бар салмағымен жаншыған жігітті не аударып тастай алмай, не оның аласұрған қимылын тоқтата алмай амалы құрыған... Бір кезде өзі-ақ тына қалып, ышқына дауыстап, гүрс етіп төсектен ауып кеткенде, Құралайдың зәре-құты қалмады. «Өліп қалған жоқ па?» Сұлық жатқан жігітке қарап, бірінші ойлағаны осы болды. Оның ауыр тыныстап жатқанын көріп, көңілі орнықты.

Өлмепті. Орнынан баяу көтеріліп, терезенің алдына барып үнсіз сыртқа қарап біраз тұрды.

Құралай пәктігінің белгісі жайрап жатқан ақжайманы асығыс жинастырып алса да, одан кейін не істерін білмей состиып тұрып қалды. Апыл-ғұпыл бүктеп, қолтығына қысты, сосын төсектің шетіне қойды. Еденде жатқан төсекжапқышты үстіне тастады. Бойы дел-сал болып, әлі құрып бара жатқан соң төсектің шетіне тізесін бүкті. Жаңа қазірде ғана басынан кешкен рахат сезімнің барлығы бір сәтте жоқ болып, бұлдыр елесі ғана қалғандай... Бүкіл денесін біреу соққылап тастағандай ауырсынып отырса да, ішін жегідей жеп, жанын сыздатып бара жатқан мәселенің басын ашып алмақ оймен, екі қолын желкесіне қойып, басын шалқайта, терезеден сыртқа қарап тұрған жігітке:

- Енді ше, енді менің өзіңді шексіз сүйетініме сенесің бе? – деп жасқана үн қатты.

Қанат бұған таңдана қарады. Құралайдың шынымен жауап күтіп отырғанын түсініп, жүзінде жылт ете қалған күлкіні жасыруға тырысты. Бірақ онысынан түк шықпаған соң, бұған көзін сығырайта қарап үнсіз қалды. Түрінде тоқмейілсу бар.

- Неге үндемейсің? – Құралайдың даусы қаттырақ шықты.

- Сен өзі шынымен аңқау екенсің ғой. Мен олай деп, әшейін, сені сынау үшін айта салғанмын. Әйтпесе сүйгендігін кім бұлай дәлелдейді?

- Қалайша? Менің саған жан-тәніммен берілгеніме көзің жеткен жоқ па? Бұдан артық қандай дәлел керек?

- Түу, сен де жоқ нәрседен трагедия жасайды екенсің. Жер бетінде қанша мың қыз жігітпен жатып-тұрады… Сеніңше не, соған бола оған үйлену керек пе екен?

- Не?! Сонда не, біз үйленбейміз бе?

Жігіт басын шайқады.

- Неге?

- Біз Гуля екеуміз шетелде оқып жүргенімізде үйленіп қойғанбыз, тойымыз енді болады. Қыздың әкесі үлкен қызметкер, менің өсуім үшін керек адам. Ал сен рас, әдемісің. Әрі жап-жассың. Ертең-ақ біреуді кездестіресің... Біреуі несі? Сен сияқты сұлу қыз шақырса, бірнешеуі...

Оның бұдан кейінгі сөздерін естуге Құралайдың төзімі жетпеді, құлағы шың-шың етіп, кеудесі қысылып, ауа жетпей бара жатқан соң жанұшыра сыртқа ұмтылды.

«Алдады! Алдандым! Масқара болдым! М-а-с-қ-а-р-а-а-а!»

Көңіл түкпірінде «Қанат артымнан қуып жетер, қалжыңдап айттым деп, кешірім сұрар» деген әлсіз үміті те бар еді. Олай болған күнде қатыгез қалжыңын да кешірмек-тін. Бірақ артынан қуып жеткен ешкім болған жоқ. Сатымен төмен жүгіріп түсіп келе жатып, бір-екі жерде шалынысып құлап қала жаздады. Бұл не деген бітпейтін баспалдақ еді! Қабырғалары шалт қадамына куә болған мына үйден құтылғанша асығып, аяғы сатының әр жеріне бір тиіп, төмен қарай безектеп ұшып келеді.

Ештеңе ойлай алмады. Бар болғаны санасында: «Ұят-ай! Өлім-ай! Масқара болдым ғой!» – деген ой тоқтап қалған пластинкаша қайталана берді, қайталана берді…

Енді қалай өмір сүрмек? Анасына не бетін айтпақ? Не істеу керек? Не істеу керек?

Аяғы сатының әр тепкішегіне бір тиіп, төмен қарай құлдилап жүгіріп келе жатып, жанталаса ойластырғанымен мына масқарадан, арына жағылған қара күйеден арылудың амалын таба алмады. Бір сәт қысылғандағы, әлдебір зәбір көргендегі әдетімен анасының бауырына барып тығылғысы келген. Бетін анасының көкірегіне басып, балаша ағыл-тегіл жылайтыны, анасы мұны жас сәбидей тербетіп, көз жасын алақанымен сүртіп отырып, «құлыншағым, ботақаным!» деп жұбатыны есіне түсті. Бұл әбден жылап, мауқы басылғасын «не болды?» деп сұрайтын.

«Не болды?» десе не демек сонда? Әлпештеп өсіргенде көрем дегені осы ма еді? «Жерге қараттым-ау! Жерге қараттым-ау!»

Жоқ, анасына көрінуге де жол жоқ енді. Көзге шыққан сүйелдей болмай, мүлде құруы керек.

Миы солқ-солқ етіп, «құру керек! құру керек!» деп тұрғандай…

Қарсы кездескен адамдарды қаға-маға далаға атып шыққанында шақырайған күн көзін қарықтырып, алғашында түк көрмей қалды. Көзін қалқалап, әлгіндегі екпінін игере алмай теңселіп, сәл іркілді. Содан соң төтелеп, машиналар ағылып жатқан көшеге қарай тұра жүгірді. Ең соңғы есінде қалған жай: асфальт жол мен оқыс тежелген машина доңғалағының үйкелісінен шар етіп шыққан дыбыс, әлдекімнің шошына шыңғырып жібергені. Одан әрі дүние шыркөбелек айналып, қаратүнекке батып бара жатты…

Есін ауруханада жиды. Дәл сол кезде көрші палатадағылар телевизор көріп отырды ма екен, әлде радиодан концерті беріліп жатты ма, аурухананы Гүлмира Ақүрпекованың гитарамен қосылған әдемі үні тербеп тұр еді:

«Мынау байтақ әлемде тек екеуміз,
Тек екеуміз
Жүргендейміз айналып ғарышты мың…»

Мүмкін Құралайдың санасына әсер етіп, ес жиғызған да өзі сүйіп тыңдайтын осы ән болар. Сөздерін ажырата алмаса да әуенін анық естіді. Кірпігіне мың батпан жүк ілініп тұрғандай, көзін әзер ашып, жан-жағына көз қиығын тастады. Қасында анасы отыр екен. «Ма-ма…» Қызының даусы естілмесе де, ернінің қимылына қарап өзін шақырып жатқанын түсінген Рахима ана шалт қимылдап үстіне төнді:

- Құлыным, есіңді жидың ба? Тәубе, мың тәубе. Енді бәрі де жақсы болады, құлыншағым. Ертең-ақ жазылып кетесің… Тәубе, мың тәубе. Туыстарың, достарың бәрі-бәрі осында, сенің сауығып кетуіңді тілеп жатыр. Курстастарың келіп қан тапсырды…

Құлағы күңгірлеп, анасының бір сөзін естісе, бір сөзін естімеді. Не жақсы болады сонда? Бұл ауырып қалып па еді? Мұнда неге жатыр?

Көрші палатада айтылып жатқан ән енді анық естілді:

«Тәттілігін сезіндім бұл өмірдің,
бұл өмірдің,
Әр күніне тоймадым құнығып та…»

А-а, енді есіне түсті. Қанат! Алдамшы! Алдамшы! Мұның ақ сезімін қорлаған... адалдыққа деген сенімін таптаған алаяқ! Алдап қолға түсірген айлакер!

Енді қалай өмір сүрмек? Алақанына салып өсірген анасының бетіне қалай қарамақ? Берген тәрбиесін аттап кетті ғой… Кеудесін өксік қысты. Жұмулы көзінің қиығынан мөлдір тамшы сырғып, тырс-тырс етіп жастығына тамды.

- Жыламашы, құлыншағым, - деді анасы алақанымен бетін сүртіп жатып, – шаршап қаласың. Көр де тұр – бәрі де жақсы болады… Дәрігерлер операция сәтті өтті деді. Кінәлі адам жазасын тартады. Машинаның рөлі қолдарына тисе құдайын ұмытып кетеді ғой кейбіреулер. Кешірім сұрап қанша келді, кешпедім… Сені мынадай күйге түсірген оңбағанды қалай кешпекпін? Сазайын тартсын…

Анасының сөздерін де енді ап-анық естіді. Қалайша кешпейді? Оның ешқандай жазығы жоқ қой! Бұл өзі өлгісі келіп, жолдың ортасына жүгіріп шыққан жоқ па? Әттең, сол жерде неге өліп қалмады екен!

Көз алдына тағы да Қанаттың мысқылдай күліп тұрған бейнесі елестеп, денесі түршігіп кетті. Тәңірісіндей табынған адамы алдаған соң енді мына өмірде жақсылық қалды дегенге қалай сенер? Енді бұл…

- Ма-ма, - деді әлсіз үнмен.

- Әу, құлыным, айта ғой.

- Ол кі-сіні ша-қыртыңыз-шы?

- Қай кісіні?

- Ме-ні… (басқан дей алмады), ава-рия жаса-ған...

- Оны қайтесің? Жүрегіңді бекер ауыртып? Ол өзі де осында жүр: қан берейін бе, дәрі әкелейін бе деп әбден ығыр қылды… Бетін көргім келмейді оңбағанның…

- Кел-сінші, ма-ма…

«Авария жасаған» Тоқтар есіктен жасқана кірді. Қанша жалынса да, бір илікпеген, неше күн бойы бір ауыз сөзге келмеген Рахима оны жаратпағанын бұл жолы да жасырмай, ала көзімен ата қарады. Өзін кінәлі сезінгендіктен де Тоқтар көз тайталастырып қарауға дәті шыдамай, жүзін төсекте жатқан Құралайға бұрып әкетті. Қандай әдемі еді өзі! Қасы-көзі қиылып, мөлдіреп қарап жатыр… Анасына қарағанда мұның ашуы жоқ сияқты, әйтеуір көзінде ашу байқалмайды… Жақындауға бата алмай тұрған бұған ұзақ қарап, саусағының ұшын қимылдатты. «Жақында» деп жатқанын ұғып, тағы бір-екі адым алға жылжыды. Бағаналы бері бұдан көзін алмай қадалып жатқан қыздың жанары бірте-бірте жасаурап бара жатты.

- Рах-мет, сіз-ге…

Тоқтар қате естідім бе деп, жан-жағына алақтай қарады. Сосын басынан аяғына дейін ақ дәкемен таңылған қызға аяушылықпен қарап, батылсыздау тіл қатты:

- Қалқам, кешір…

Палатаға қабаттаса кірген дәрігер мен медбикені таңқалдырып, Құралай тағы да сол сөздерін қайталады.

- Рах-мет, сіз-ге…

Тоқтар енді шынымен састы. Біресе қыздың анасына, біресе дәрігер мен медбикеге жалтақтап қарап, ақталғандай болып:

- Машинамды бұрып үлгіре алмадым,- деп күмілжіді.

- Сіз кінә-лі емес-сіз…

Бұдан кейін дем жетпей, тынысы тарыла бастады.

Оның қасында көз жасын төгіп отырған анасына қарай ұмсынып, бірдеңе айтпақшы болғанын байқаған Тоқтар шынымен-ақ жаны ашып:

- Сөйлемей жата тұршы, қалқам... Шаршап қалдың ғой,- деді даусы дірілдеп.

Тап осы кезде Құралайға өлердей сүйген жігіті емес, соның масқарасынан құтқарған мына бейтаныс адам әлдеқайда жақын көрініп кетті.

- Ма-ма, - деп анасын қайта шақырды ол. – Ма-ма, бұл кісі... кінәлі емес. Мен... өзім... өлгім келіп, маши-наның астына түстім. Бұл кісіні сот-татпаңыз, мама. Өті-нем…

Палатадағы дәрігер, медбике бәрі тым-тырыс тына қалды. Бәрі аңтарылып Рахимаға қарады. Тоқтар жылап жіберді.

- Қалқам, рахмет, тек сауығып кетші…

Құралай оның сөздерін естіген де жоқ. Терең бір күрсіне дем алды да үзіліп жүре берді. Аңырай жылап қызының үстіне құлаған Рахиманың даусының арасынан гитарамен қосылып айтқан ән еміс-еміс естіліп жатты:

«Арманым-ай,
арманым-ай,
ардағым боп неге қалмадың-ай?»
ҰЯБҰЗАР

Ашық тұрған терезеден аулада ойнап жүрген балалардың көңілді күлкілері, көрші баланың су жаңа мопедіне мінгесіп, көшені бір айналып келу үшін кезекке таласқан достарының шуылы қанша алаңдатса да, Нұрзат қалыптасқан әдетін бұзбады. Ойын қанша қызық болғанымен, білімге, жаңалыққа құмар ақылды бала рухани қажеттілікті, білім, таным деңгейін толықтырып отырудың орны бөлектігін жақсы түсінетін еді. «Нұрзат-энциклопедия» деген атақты да бірге оқитын достары бекерге бермеген ғой. Ересектердің сынау үшін қойған күрделі сұрақтарына қиналмай-ақ жауап беріп, өзінің жасындағылар біле бермейтін небір тарихи оқиғалар, ғылыми жаңалықтар, жұрт назарын аударған құбылыстар туралы қызықтыра айтқанында, Нұрзаттың білімдарлығына өз қатарластары түгіл, үлкендер де еріксіз таңданып, сүйсініп қалатын.

Бір қиыны – теледидардың көптеген қызық хабарлары тап бұлар ойнайтын уақытта көрсетілетіні. Осындайда Нұрзаттың ойнағысы да келіп, қызық хабарды да қиып кете алмай, берекесі кететіні рас. Міне, бүгін де балалардың сырттан естілген дауыстарына елеңдеп, тықыршып отыр. Жаңа мопедтің дүрілі де құлаққа соншалықты жағымды естіліп, темір тайға тақымы тиер сәтті асыға күткен бала: «Жарты-ақ сағат қой. Есесіне мен қанша қызық нәрсені білетін боламын. Оған дейін мопедке мінетін балалардың кезегі де азаятын шығар...» деп ойлады өз есебіне өзі риза көңілмен.

Ол демалыс күндері теледидардан көрсетілетін танымдық хабарларды жақсы көреді. Әсіресе хайуанаттар әлемінен сыр шертетін хабарларды қалт жібермей, қызыға тамашалайды. Жер бетінде бұл білмейтін қаншама хайуанат бар десейші! Әрқайсысының өмір сүру ортасына бейімделуі, қоректенуі, өзіне төнген қауіп-қатерден қорғану амалдары, көбеюі – бәрі-бәрі мына көгілдір ғаламшарды мекендеген тіршілік иелерінің барлығының бір-біріне қаншалықты байланысты, тәуелді екендігін көрсетеді. Күштілер әлсіздерді, саналы тіршілік иелері тілсіз хайуандарды қорғамаса табиғаттың тепе-теңдігі бұзылып, орны толмас апаттар болатынын ұқты. Мысалы, алып кесірткелердің, зілдердің, самұрық құстардың құрып кеткені сияқты...

Бүгінгі хабар құстар тіршілігіне арналған екен. Хабарды жүргізіп отырған орнитолог ғалым құстар өмірі мен адамдар тіршілігін қатар суреттей отырып, әшейінде ойға да келмес мысалдарымен қызықтыра түсті.

Бала санасы қабылдай қоймайтын «қатыгездік», «опасыздық», «біреудің есебінен күн көру» деген сөздерді тілге тиек еткен жүргізуші: «Ал осындай жайлар тек адамдар өмірінде ғана болмайтынын дәлелдеу үшін мен сіздерді мына бір көріністерді қарауға шақырамын» деді. Нұрзат экранға қадала қарады.

Әне бір алабажақ қауырсындары әр жерден жұлынып қалғандай, көрер көзге қораш бір құстың сырт көзден көлегейлеп, шоқ бұтаның ішіне салынған ұяны айналшақтап жүргеніне біраз болды. Батыл басып келмегеніне қарағанда өзінің ұясы емес сияқты. Өз ұясы болса бүйтіп, бір таяп, бір алыстап орағытпас еді ғой. Әлде бір дыбыс естіле қалса, пыр етіп ұшып, бірақ алыстап кете алмай, қайта қонып, бірте-бірте жақындап келеді. Иә, оның ұясы емес екен – кадр сыртындағы дауыс бұл құстың табиғатта сирек кездесетін «ұябұзар» деген топқа жататынын, атына сәйкес, басқа құстардың ұясын бұзып, әлімжеттік жасап, тартып алып, ол жерге өз жұмыртқасын салатынын айтты.

Бұқпантайлап ұяға жақындаған алабажақ құс, әлгінде ғана ұяның жиегіне қонып, дамылсыз шиқ-шиқ еткен балапандарының арандай ашқан ауыздарына тапқан-таянғанын тез-тез салып, қоректендіріп отырған аналық құстың тағы да азық іздеп ұшып кеткенін аңдып тұрып, түбіт жүндері кеуіп те үлгірмеген балапандарды қанаттарымен сабалап, тұмсығымен шоқып, ұядан итеріп түсіре бастады.

- Ой, оңбаған! Ой, қарақшы! - теледидар алдында отырған Нұрзаттың оқыс шыққан даусын естіп, Қарлығаш оған таңдана қарады, – сүйкімді, мейірімді, әдепті баласының аузынан мұндай сөздердің шыққанын бірінші рет естуі.

Көгілдір экранда болып жатқан оқиғаның жан-дүниесіне қатты әсер еткені соншалық, Нұрзат анасының өзіне таңырқай қарап тұрғанын байқамай, креслода газет қарап отырған әжесіне жүгіріп барып, сілкілей бастады:

- Қараңызшы, әже, әнебір жаман құс балапандарды жерге лақтырып жіберді... Ал өзі сол ұяға жатып алды... ой, қарақшы!

Немересінің жүзі алабұртып, көпе-көрнеу әділетсіздіктен жаны күйіп, алқынып тұрғанын көрген әжесі, оны бауырына басып, кекілінен иіскеді.

- Құлыншағым... нәп-нәзік жан-дүниеңнен айналайын... Мейірімді жүрегіңнен айналайын... Ол ұябұзар ғой... Жаратқан Алланың қарғысына ұшыраған сорлы құс.

- Қарғыс? Қандай қарғыс ол?

- Аңыз бойынша ұябұзарлар әуелде адам болыпты. Адал пенделеріне зиянын тигізіп, ерлі-зайыптылардың шырқын бұзып, кінәсіз жандарды зар еңіреткен соң Аллатағала құсқа айналдырып жіберген көрінеді. Кім де кім тіршілікте біреудің сүттей ұйыған шаңырағын шайқап, балаларды тірі жетім етсе, жаны кеудеден шыққанда тәні ұябұзар құсқа айналып, өмір бойы қарғыс арқалап жүреді дейді аңыз.

- Дегенмен бұл құсқа Жаратушының жазасы әсер етпеген сияқты ғой. Адам кезіндегі ісі үшін жазаланса құс болған кезінде басқа құстардың ұяларын бұзбауы керек емес пе? -Әже мен немере әңгімесін бағанадан бері үнсіз тыңдап отырған Қарлығаш сөзге араласты. - Әлде бұл жерде басқа бір мән бар ма?

- Мән болғанда қандай! Бұл құстың басқалардың обалына қалып шайқаған жұмыртқалары көбіне-көп аман қалмайды дейді. Аман қалған күнде де, одан табиғатқа да, ортасына да еш жақсылық келмейді деседі. Керісінше, өзі өскен сайын қара ниеті де ұлғая түседі, ересек құс болып қанаты қатайғанда дауылдан, жауыннан қорғану үшін ұяда жатқан өз анасын ұясынан лақтырып тастайды екен.

- Қатыгездік – қатыгездікті тудырады деңіз...

- Ол да бар. Екінші жағынан бұл жер бетіндегі адамдарға жасалған ескерту тәрізді ғой. Өйткені «ұябұзар» деген атауы ортақ болғанмен, табиғатта бұл құстардың ұрғашысы ғана өзгенің ұясын бұзады. Яғни, қарғысты да сол арқалайды, қарғысты жолмен дүниеге келген балапандарының соққысын да сол көреді.

Мына өмірде әйелдің ұябұзарлығынан өткен қылмыс жоқ. Ең сұмдығы сол, ұябұзардан туған баланың бойында ана сүтімен сіңген қасиеттің басым болатын жайлар көп кездеседі екен. Олар сырт көзге әп-әдемі, кескін-келбеті келіскен бола тұра, ішкі дүниесі тар, ниеті жаман болады. Қиын кезде ең ауыр соққыны да сондай адамдар береді, өз басын арашалау үшін кім-кімді де сатып жіберетіндер солардан шығады. Құдайым сендердің жолдарыңда ондайларды кезіктірмесін...

- Бұл – ғылымда да белгілі жай ғой, апа. Медицинада белгілі бір ауруға бейімдік, сол аурудың алдындағы қорғаныш қабілетінің аздығы деген ұғым бар...

- Болса болар, ал атам қазақ ондайларды «жатырына тартқан» деп бір-ақ ауыз сөзбен сипаттаған. Бала кезімізде үлкендердің «жатқан жері жаман ғой» деп налып отырғанын талай естігенбіз. Ондайда анасының мінезсіздігін, кісілігі жоқтығын, адами қасиеттерінің аздығын айтатын шығар деп ойлайтынмын. Сөйтсек, ар жағында мынадай да мағына тұрады екен ғой. Адардар өмірі мен жануарлар тіршілігінің қатар өрілуін қарасайшы, адамның «ұябұзары» мен құстың «ұябұзары» бір-бірінен айнымай қалыпты...

Әжесінің сөзін ұйып тыңдап отырған Нұрзат әлденеден шошынғандай болып, көзі үлкейіп бара жатты.

- Әже, - деді сосын ол сыбырлай сөйлеп, - есік алдында отыратын апалар мен әжелер анау кітапханада істейтін Сақып апайды ылғи осындай атпен атап отырады. Сонда ол кісі де күйеуге басқа бір балалардың папасын тартып алып шыққан ба?

- Қой, балам! Ол кісілер айтты екен деп сен де бір жерде солай айтып қалып, ұятқа қалып жүрерсің. Үлкен кісілер де кейде бала сияқты, біреуге өкпелесе, артық-ауыс айтып қоюы мүмкін. Әлденеге ренжіп, шаршап отырғанда ауыздарынан шығып кеткен шығар. Сен оған мән бермей-ақ қой... Ол бір кездейсоқ айтыла салған сөз болуы керек. Айтқандай, хабарың бітті ғой, сыртқа шығып, балалармен ойнамайсың ба?

Баламысың деген, «ойын» деген сөз естілгенде Нұрзат теледидардан көрген жаңағы жағымсыз көріністерді де, көңілсіз әңгімені де ұмытып, алас-күлес киіне бастады. Баласын шығарып салып, есікті іліп қайтып келген Қарлығаш:

- Апа, әлгі сөзді есік алдында отырған үлкен кісілер ғана емес, басқалардың да айтқанын менің де құлағым шалды. Өткенде ауладағы дүкенде сауда жасап тұрғанында, көрші әйелмен сөзге келіп қалған бір апайдың оны «ұя бұзған қарабет!» деп сөккенін сол жерде тұрғандардың бәрі де естіді. Жалпы, менің бір байқағаным, осы үйдің тұрғындары оны да, күйеуін де ұната қоймайтын сияқты. Әшейінде жұртпен жақсы араласатын сіз де оларды көрсеңіз көрмеген сыңай танытатынызды байқап қалдым... – деп енесіне сұраулы жүзбен қарады.

- Сенің осы сұрақты бір қоятыныңды сезіп едім, - деді енесі Қарлығашқа мұңая қарап. – Қайтесің, шырағым, ол бір жайсыз әңгіме.

- Тіпті, кейде маған сіз соларды танитын сияқты көрінесіз... – деді Қарлығаш. - Солай ғой, апа? Айналамызда кімдер жүргенін, кіммен араласып, кімнен іргемізді аулақ салуымыз керек екендігін біліп жүргеніміз жөн емес пе?

- Е-е, шырағым, өмір деген сенің дегеніңмен болмайды екен. Әйтпесе, нәпсінің құлы боп, дүниенің қызығын оңды-солды жүріс жасаумен, өмірдің қызығы дегенді еркегі неше әйелдің етегін көтергенімен, әйелі неше еркектің қойнына жатқанымен өлшеген осы екеуімен бір үйде көрші тұрамын деп ойлаппын ба? Енді міне, «апама жездем сай», екеуі жақсы қосылыпты. Көрсем де көрмеген, білсем де білмеген болатыным – олар көз жасына қалған жанның тілегін орындағаным. «Кінәлі жанды Құдай тапсын, сен ештеңені қозғап, әңгіме шығармашы» деп қиылып өтініп еді.

- Кім ол, апа?

- Мен оны айтпай-ақ қояйын, құлыным. Кезі келгенде біле жатарсың. Тек мынаны жадыңда тұт: Біреуге жасалған қиянат ешқашан жай кетпейді. Мұны мен бұрыннан да естуші едім, бірақ тереңіне үңіліп, мән бермеппін. Тағдырдың жазуымен осы үйге көшіп келіп, мыналармен аулалас болғалы бері, халық айтса қалт айтпайтынына тағы да көзім жетті. Алланың пендесіне рақымы да мол, арам ниеттілерді құрықтайтын амалы да мол екен ғой, шіркін...

Солай деп терең күрсінген ана қалың ойға шомып отырып қалды. Баяғыда өткен жайлар қайта есіне түсіп, біресе қуантып, біресе мұңайтып отырғанын бет-жүзінің құбылысынан айқын аңғарған Қарлығаш сұрақ қойып, енесін қайта мазалаған жоқ.

Енесінен ештеңе сұрамаса да, аулалас отбасының бұларға белгісіз сыры ара-тұра есіне түсіп, «жұрттың бәрімен кетісетіндей не болды екен?» деген ой қылаң беретін. Әсіресе, жұмысқа бара жатып не үй шаруасының қамымен аулаға шыға қалғанда кітапханашы Сақыпты немесе оның күйеуін көзі шалса, әлгі сұрақ ойына сап ете қалатын. Сондайда, адамдардың бойындағы неғұрлым жасырын жай болса, соғұрлым білгісі келіп тұратын пенделік сезімнің жетегіне еріп, көрші-көлемнің, тіпті екеуара сырласып отырғанда да біреуді жамандамайтын енесінің өзі бұларды неліктен жақтырмайтынын білгісі келетін.

Міне, содан да, кейде олардың түр-тұлғасына ұрлана көз салып, зерттейтіні де бар. «Екеуінің де әкетіп бара жатқан ештеңесі жоқ, кәдімгі адамдар. Әлде жас кездерінде әдемі болды ма екен? Әй, қайдам... Апам «асылдың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деп отырады ғой. Мыналарда сұлулықтан ештеңе қалмаған сияқты. Күйеуінің көзі алайғандау, қарны салбырап шығып кеткен. Көшеде қақырынып-түкірініп жүреді екен. Фу!

Әйелдің түрінде еш жылу жоқ – кесіп алса, қан шықпайды деп осындай адамдарды айтатын болуы керек. Мінезі шәлкестеу сияқты, әйтеуір ауладағы әйелдердің ішінде дүкеншімен де, көше сыпырушымен де шаң-шұңдасып жататын сол ғана. Бәрін білетін әжейлер «күйеуін тырп еткізбейді, туыстарымен, жора-жолдастарымен араластырмайды» деп отырады.

«Араластырмайды емес, олардың мына отбасымен араласқысы келмеуі де мүмкін. Жора-жолдасты адам жас кезінде жинайды ғой. Жас дәуренінің қуанышына куә болған адал жолдастар отбасының бұзылуын құптай қоймасы анық. Сондықтан ара қатынастарын үзген болар, - деп ой түйді біраз зерттеуінен кейін Қарлығаш. – Олай болса, не досқа, не туысқа қадірі жоқ бұларды танып-білем деп несіне қызығамын?»

Осындай тұжырым жасаған Қарлығаш өзін текке шаршатқан барлық қажетсіз ойларды басынан сыпырып тастап, алаңсыз өміріне сүңгіп кетті. Бірақ оның «білсем, түсінсем» деген ниеті қабыл болған шығар, арада бірер күн өтпей-ақ жұмбақ көршілерінің бет-бейнесін ашып көрсететін көрініске тап болды. Тап болды да, адам аласы ішінде болатынына көз жеткізді.

Қарлығаш үй-ішілік керісті сыртқа шығаруды ар санайтын қазақы тәрбиені бойына сіңіріп өскендіктен, бейнебір аласталғандай тірлік етіп, ешкіммен етене араласпайтын аулалас отбасының дау-жанжалдары қалайша жұртқа мәлім болып жататына ылғи қайран қалатын еді. Біресе күйеуінің басшылармен ілінісіп, жұмыстан босап қалғаны, біресе әйелінің әлдекіммен суық жүрісі білініп қалып, әшкере болғаны әңгіме арқауына айналып, ауладағылар гу-гу етіп отыратын.

Сөйтсе оның бәрі – бастауы ғана екен. Әңгіменің көкесі көктемде шықты. Кәрі сүйектерін күн шуағына қыздырып, ертеден қара кешке дейін есік алдында отыратын әжейлер мен атайлар әлденеден күдіктеніп, біраздан бері өзара сыбырласа бір-бірінен сыр суыртпақтап жүретін. Еш нәрсе көздерінен таса болмайтын, ештеңе құлақтарынан тыс қалмайтын қариялар өздері түсінбеген жай жандарына тыншу бермеген болуы керек, әлгі үйдің үлкен ұлы көптен көрінбейтінін бір-біріне күңкілдеп айта бастады. Шыдамсыздау біреулері орайын тауып, шешесінен сұраса «іссапарға кетт» депті. Өздерін мазалаған сұраққа мардымсыз да болса жауап алған ұзынша орындықта отыратын шешейлер «е-е» десіп, сәл тыншығандарымен, бірер айдан кейін қайта күмәндана бастайды. «Автобус жүргізушісі айлап жүретін ол неғылған іссапар?» деп бір-бірінен таңдана сұрап жүрді.

Мәселенің анық-қанығы аудандық полиция бөлімшесінің қызметкері келіп, үй жағалап сұрау салып, тергеу жүргізгенде анықталды: үлкен ұл өткен жылы ғана «үйленбесем -өлемін» деп, ел-жұртты дүрліктіріп, алып қашып келген үріп ауызға салғандай келіншегін тастап, күйеуден қайтып келіп отырған бір әйелмен қашып кетіпті. Масқара болғанда, әке-шешесі «еркекті алдап-сулап ұстай алмаған өзіңсің» деп келінін жазғыратынын естігенде жұрт жағасын ұстады.

Мұндай өрескел жай жария болмай тұра ма, бірер күннен кейін ата-анасы келіп, аз ғана уақытта бір жағы намыстан, екінші жағы ата-енесінің түртпектеуінен ақ қағаздай боп жүдеп, құр сүлдері қалған қыздарын алып кетті. Бойын билеген ашуға ырық бермей, сабырлы қалпынан таймаған қыз анасы тап кетерінде әлденені дәлелдемек болып, алдынан кес-кестеген құдағиын жолынан ысырып жіберіп, құдасына қарап бар ашуын ақтарып салды:

- «Сұңқардан сұңқар туар саңқылдаған, қарғадан қарға туар қарқылдаған» деген, тегін білетіндіктен, қызымның сенің ұлыңа шыққанына әуелден қарсы болып ем, тыңдады ма сорлы бала! Бойға біткен кезде ата-ана қандай болса, балаға сол қасиет сіңеді. Айтпады деме, үлкен ұлың өзің сияқты қатыннан қатынға көшіп, атыңды шығарып жатыр ғой, екіншің одан асып түседі – оныңа қатыныңның бұзықтықпен елді қан жылатқан сотқар інісінің атын қойыпсың ғой... Түбі сондай болады, қара да тұр...

Ашудан қап-қара болып түтігіп, көзі шатынап кеткен құдасы бұл сөздерді одан әрі тыңдап тұра алмай, аузына келген небір боқтық сөзді айтып, әйелге тұра ұмтылған. Бірақ жиналған жұрт бір адым алға бастырмады, қанша жұлқынса да, құрсауларынан босатпай, қолын ербеңдетіп, әрі қарай алып кетті.

Сонда ғана сезіміне ерік беріп, солқылдап жылап жіберген құдағи иіріліп тұрған адамдарға қарап, «айып етпеңіздер, айып етпеңіздер» деп екі-үш рет қайталады. Жиналғандар да «оқасы жоқ», «тағдыр солай боп тұр ғой», «сіздің орныңызда кім-кім де осылай істер еді» деп жамыраса сөйлеп, ілтипатпен қоштасты. Құдағи машина есігін аша беріп, әлдене айтқысы келгендей кібіртіктеп тұрды да, сәл үнсіздіктен кейін: «Әу бастан үйінің қабырғасын біреудің көз жасына шылап өргендер түбі бақытсыз болады деген осы. Мыналардың қалай қосылғанын білуші ем. Бұлар – нағыз ұябұзарлар ғой... Ұлдары да өздерінің ісін қайталай бастады, міне. Әлі қанша адамның көз жасына қалар екен?» – деді.

Жиналған жұрт төбелерінен жай түскендей ошарылып тұрды да қалды. Сол күні түскі үзіліске келе жатқан Қарлығаш та әшейінде мамыражай тіршілік кешіп жатқан ауладан шыққан оқыс айқай-шуға таңырқап, «не болып қалды екен?» деп, топ шетіне аялдаған-тын. Құдағидың аһ ұра айтқан сөздерін естігенде бірнеше еркектің сүйрелеуімен, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып кетіп бара жатқан күйеуінің соңынан емпелеңдей ұмтылған Сақыпқа көз қиығын салып еді, оның еңкектеген жүрісі, қушиған жауырыны, үстіне киіп алған алабажақ көйлегі теледидардан көрген ұсқынсыз құсты елестетіп, денесі түршігіп кетті.

ШЕКАРА АСҚАН САҒЫНЫШ

Танакөз бүгін де ұйқысынан ерте оянды. Жуынып-шайынып алғаннан кейін ас үйге барып, күндегісінше балаларының таңертеңгі шәйін қамдауға кірісті. Өтіп бара жатып, үйреншікті әдетімен қабырғаға ілулі тұрған кішкентай радиоқабылдағыштың түймешесін баса салып еді, бөлме ішін күмбірлеген домбыра үні кернеп кетті. Танакөзге Түркештің «Көңілашары» шалқып-тасып, ашық терезеден далаға лап қойып, қала үстінде қалықтап, таулардан асып, бүкіл даланы жайлап бара жатқандай көрінді. Бұл не деген сиқыр десейші! Домбырадан дүркіреп төгілген жеңімпаз әуен қуанышты, шат-шадыман екпінімен елітіп, баурап бара жатыр. Байқап жүр – бұл күй тыңдаған адамның жан-дүниесін дүр сілкінтіп, қанаттандырады екен. Тіпті көңілі жарым кездің өзінде еңсесін еріксіз тіктеп, адамды әлемнің барша бояуы мен жарқын жақтарын көруге ұмтылдыратындай қасиеті бар сияқты. Домбыра шанағынан төгілген әуенде орасан-зор күш-қуат шиыршық атып, өмірді рахаттана, құмарлана сүюге, жақсылыққа сенуге жетелейді.

Қос ішектен құйылған «Көңілашар» бұған да: жан-жағыңа қарашы, дүние неткен ғажап деп үн қатқандай. Төбеңнен қара дауылдар ұйытқып өтіп, шатырлап найзағай ойнап жатса да, сенің жан-дүниең тылсым табиғатпен, бүкіл жаратылыспен бірге өріліп, рахат күй кешер, бақытқа бөленер сәт туары сөзсіз дейтіндей...

Қаншама тыңдап жүрсе де бір жалықпай, қайталап естіген сайын осынау күйдің сиқырына арбалып қалатын Танакөз бұл жолы да ерекше сезімге бөленіп, жүзі нұрлана, елти тыңдады. Біресе самғау биікке шарықтап, біресе ұйытқи төгілген күй ырғағымен үндесіп, дастархан қамдаған қимылы тіпті ширай түсті. Енді ше? Сәлден кейін балалары бірінен соң бірі ұйқысынан оянып, мұның қолынан дәм татып, бірі оқуына, бірі жұмысына іркес-тіркес кете бастайды ғой...

Жыл сайын алатын еңбек демалысында балаларына келіп аунап-қунап, құда-жекжаттарын аралап, жастық шағын бірге өткізген достарымен жүздесіп кететін әдетімен Танакөз биыл да шілде түспей тұрып Алматыға асыға жеткен. Қаланың жасыл желекке молынан оранып, көше жағалай отырғызылған гүлдерінің бояуы қаныға түсетін осы шағын ол ерекше жақсы көреді. Демалысын үнемі осы кезде алатыны да сондықтан. Бір қызығы, жылдың қай мезгілі болса да Алматыны көз алдына келтіргенде тап осылай елестетеді.

Өмір заңдылығы қандай қызық. Қызмет бабымен Арқа төсіне көшкен алғашқы жылдары табиғаты қаталдау, ал келбеті жер жаннаты атанған Жетісудің төріндегі гүл қаламен салыстырғанда көзге қораштау көрінген қалаға үйрене алмай, әрі Алматыны сағынып, ай аралатып осында шапқылайтын да тұратын. Келе-келе ол жақтың етек-жеңіңді жұлмалаған желіне де, дыз еткізіп шымшып алар аязына да, жаздыгүні төбеңнен тесіп жіберердей болып күйдірген күніне де бойы үйренді. Тіпті «желдің болғаны жақсы, ауасы таза, кеудеңді кере дем алған қандай ғажап!», «сақылдаған сары аязға вирус біткеннің бәрі төзбейді екен, сондықтан тұмау-сымау дегендер мүлде аз» деп жаңа қоныс тепкен жерінің табиғат ерекшеліктерін артықшылықтары ретінде айтып отыратын болды. Алғашқы жылдардағыдай емес, демалысы аяқталысымен еліне қуана аттанып, ол аз болғандай, «келіңдер, жаңа Астананы көріңдер, ол – екі ғасырдың түйілісінде дүниеге келген ғажайып өнер туындысы!» деп туыс-туғандарын шақыра кетуді әдетке айналдырды.

Биыл да ел жаққа қайтатын күні жақындағанда қашанғы әдетімен көңілі жақын адамдарына қонақасы беріп, дастархан үстінде күн сайын көркейіп келе жатқан Астананың ғажайып келбеті туралы біраз әңгімеледі.

- Ой, апамыз қаласын әбден сағынған екен, майын тамыза мақтады ғой, - деп қалжыңдады көрші келіншек.

- Демалысы бітпей жатып асығып кетіп бара жатқанында бір гәп бар-ау, сірә... - Бұл – құдасының қалжыңы.

- Не десеңдер о деңдер. Расында да Астана бір көрген адамды өзіне ғашық етпей қоймайды. Бүгіні – тамаша, ал болашағы тіпті ғажап болады. – Танакөз жанына жағатын тақырыпты дамыта жөнелді. – Шынымды айтсам, соңғы кезде бір жаққа кетсем, қайта оралуға асығып тұратын болдым. Мен ғана емес, басқалар да сөйтетін көрінеді. Астана – қарқынды өміріміздің бейне-баяны сияқты, келген сайын бір өзгеріске куә боламыз деседі олар.

Әдемі әңгіме-дүкен құрып, Танакөздің берекелі қолынан дәм татқан қонақтар қош айтысып, үйді-үйіне тарасымен бұл бойын билеген бір сезімнің жетегімен темір жол кассасына барып, билетін ертеңгі күнге ауыстырып алды. Кешкі астың үстінде балаларын таңқалдырып, таңертең Астанаға кететінін хабарлады. Мұндай жаңалықты күтпеген келіні көзі дөңгеленіп, күйеуіне қарады. Баласы біраз үнсіз отырып қалды. Іштей «Келгенінде дұрыс көңіл бөлмедім бе? Әлденеге ренжіді ме? Бұрын демалысының соңына дейін жататын еді ғой?» деп өз ойымен арпалысып отырған ол қаумалаған сұрақтарға жауап таппай, анасына ойлана қарап, тіл қатты:

- Неге асықтыңыз? Әлі бір апта уақытыңыз бар еді ғой?

Баласының жан-дүниесін айтқызбай түсінген Танакөз оны құшақтап, маңдайынан иіскеді.

- Неге екенін білмеймін... Әйтеуір ертерек қайтқым келіп отыр. Әлденеге алаңдап, жаным тыншымай жүр...

Шынын айтты. Бірнеше күннен бері әлденеге елегізіп, көңіл түкпірінде бір қобалжу пайда болған. Күндіз-түні алабұртып, жайбарақат отыра алмайтын күйге жетті. Кеше барып билет алғаннан кейін ғана көңілі сәл-пәл жайланғандай. Соған қарап, «елге қайтпақ болғаным дұрыс-ау, сірә» деп ойлады. Баласына соның бәрін жасырмай айтып, қас-қабағына қарап, жаутаңдап тұрған келінін мейірлене бауырына басып: «Құлындарым, сендерге ризамын. Ештеңеге алаңдамаңдар. Ертерек барып, жұмыс басталғанға дейін біраз ұсақ-түйек шаруаларымды бітіріп алайын. Реті келсе, қысқа дейін тағы бір келіп кетуге тырысам ғой...» деді ана жүрегі елжіреп.

...Баласының үйі Алматының екі вокзалына теңдей қашықтықта болса да, поезға бірінші Алматыдан келіп мінді. Ондағы ойы – вокзалдың жаңадан салынған ғимаратына кіріп көру. Өткенде келе жатқанда вагондағы бүкіл жолаушылар терезе алдына топырлап жиналып, көкшіл әйнектен салынып, ерекше сәулетімен көз арбаған ғимаратты сүйсіне тамашалаған. Бүгін, міне, әдейі ертерек келіп, іші мен сырты бірдей жаңаланған вокзалды аралап шықты. Кең, жарық күту залынан өтіп, ыңғайлы орындықтарға жайғасқан жолаушылар үшін іштей қуанып, «шүкір, шүкір, ел жағдайы күн сайын жақсарып келе жатыр ғой» деген сәулелі оймен өз вагонына беттеді.

Купеге кірген мұны іште отырған екі әйел жылышыраймен қарсы алды. Жоғарғы сөреде 17-18-дердегі жігіт орналасыпты. Жастары өзімен шамалас әйелдер, сағаттарына әлсін-әлі қарағыштағандарына қарағанда, поездың жүруін асыға күтіп отырған сияқты...

- Ал, кеттік, - деді әйелдердің біреуі поезд жылжи бастағанда.

«Кәріс пе десем, қазақ екен ғой» деп ойлап қойды Танакөз іштей.

- Жолыңыз болсын, - деді екінші әйел бұған күлімсірей қарап. – Астанаға бара жатырсыз ба?

Танакөз тіл қатқан әйелге таңырқай, әрі сүйсіне қарады. Славян текті әйел бұған қарап тап-таза қазақ тілінде сөйлеп отырды.

- Иә-иә. Астанаға бара жатырмын, сонда тұрамын... – деді асыға сөйлеп. – Сіздер ше?

- Ой, біз алыстан келе жатырмыз. Мен – Германиядан, Соня – Кореядан. Анау жатқан менің ұлым Саша, өзімнің атым – Эмма.

- Өте жақсы. Менің есімім – Танакөз. Жолдарыңыз болсын. Қазақша сөйлегендеріңізге қарағанда осы жақпен байланыстарыңыз бар сияқты ғой?

- Болғанда қандай... Бәріміз осында туып-өскенбіз...

Біртүрлі мұңайып айтты. Терезеге бұрылып, алыстаған сайын асқақтай түскен Алатауға телміре қарады. Жанарын толтырған жасты бұларға байқатпауға тырысып, қол орамалымен бетін сүрткен болып, сорғытып ала қойғанын Танакөз байқап қалды.

- Предъявите, пожалуйста, билеты. Подготовьте деньги за постель!

- А-а... қазір, қазір. Міне, қызым. Төсекке қаншадан төлейміз?

Бойға сіңген әдетпен көпшілікке түсінікті деп орысша тіл қатқан жолсерік қыздың беті ду ете қалды. Шүлдірлеп тұрған өзіне өңі-түсі қазаққа келмейтін әйелдің қазақ тілінде жауап бергені ұялтып-ақ тастады.

- Кешіріңіз... Жүз алпыс теңгеден бересіздер.

- Міне, енді дұрыс болды. Тілің қандай жақсы, қызым. Бақытты бол!

- Сіздің де тіліңіз жақсы екен, - деп сөзге араласты Танакөз. – Германияда жүрсеңіз де қазақ тілін ұмытпапсыз...

- Неге ұмытайын? Тілім қазақша шықса, қазақ балаларымен бірге ойнап өссем, ата-анам қазақтардың арқасында небір қиындықтан аман қалса – мен ол тілді неге ұмытайын?

Эмманың даусы дірілдеп, кілт тоқтап қалды. Көзіне келіп қалған жасты бұл жолы жасыруға тырысқан жоқ. Оған қарама-қарсы отырған Соня да көзін сүрткіштей берді. Сосын Танакөзге қарап:

- Сіз бізді кешіріңіз... Елден кеткенімізге он жылдан асты. Туған жерді... сағынып, аңсап келеміз... – деді үзіп-үзіп.

Танакөздің тұлабойы шымырлап кетті.

О, туған жер! Топырағыңды басып, суыңды ішіп жүріп, қасиетіңді білмейміз-ау, қадіріңе жетпейміз-ау! Орманыңды отап, өзен-көліңді лайлап жүргендер мына отырған екі әйелдің туған жерге, елге деген іңкәр сезімін бір сәт бастан кешсе ғой шіркін! Таяуда ғана теледидардан байлық қуып, сән-салтанатқа ұмтылғандардың тау жақта зәулім үйлер салып, лас суларды кәріз тұрбаларымен Үлкен Алматы өзеніне шығарғанын айтып, жұртшылық шулап жатты емес пе? Солар туған жердің, табиғат ананың қадірін біле ме екен? Қайдам-ау... Ондайлар мына екі әйелдің сезімінен садаға кетсін!

Лықсып келген ойлардан көңілі алабұртып, жаны толқыған Танакөз әбжіл қимылдап, дастархан жасай бастады.

- Ал, бауырларым, онда туған жерге хош келдіңіздер! Мен сіздерге арнап дастархан жаяйын... Кең отырып, әңгіме айтып, жол қысқартайық...

Құдағиы жол азығыңыз деп, бір дорба ұстатқан: орауын аша бастағанда сүр қазының исі бұрқ ете қалды. Соня мен Эмма бір-біріне қарап, күліп жіберісті. Бағана поезға мінгенде екеуі ойынды-шынды: «Шіркін, купеге келетін төртінші адам қазақ болса, жолға қазы пісіріп алса...» – деп тілеген. Естеріне сол түсіп кетті. Енді күле отырып, оны Танакөзге айтып жатыр.

Осы кезде бағаналы бері жоғары сөреде етпетінен түсіп, даладан көз алмай жатқан бала жігіт бері қарай бұрылып, төмендегі үстел үстін қарай бастады. Танауына өзгеше бір иіс барғаны белгілі, енді жас жігіт ол иістің қайдан шығып жатқанын түсінгісі келетін сияқты.

- Мама, мынау иіс маған таныс, - деді ол шешесіне қарап, - бірақ ненің иісі екенін түсінбей тұрмын.

- Бері түс, ненің иісі екенін қазір көресің, - деді Эмманың орнына Танакөз тіл қатып. – Көріп қана қоймайсың, асап-асап жейсің де!

Солай деді де, дәкеге оралған білектей қазыны орауын ашып, үстел үстіне қойды.

- Уау! – деді Саша сарыала қазыдан көз айырмай.

- О-о! – десті Эмма мен Соня қазының иісін құмарлана жұтып.

- Менің бір танысым «Жер бетіндегі жеңсік астың бәрінен де қазыны артық көремін» дейтін. Айтқандай, ол кісі де тоқсаныншы жылдардың басында Германияға кеткен. Кейде, «аптасына бір рет қазы жемесем, айлап тамақ ішпегендей болам деуші еді, енді қайтіп жүр екен?» деп ойлап қоямын, – деді Танакөз Эммаға қарап күле сөйлеп.

- Қызық, менің бастығымның да солай дегенін бір-екі рет естідім. Екеуі бір кісі емес пе екен? Бірақ, Қазақстаннан келгендердің қай-қайсысы да қазы десе ішкен астарын жерге қояды ғой.

- Әрине. – Бағаналы бері сөзге көп араласа қоймаған Соня ойлана тіл қатты. - Бізде де жинала қалсақ, ет асамыз, айтатынымыз осы жақтың әңгімесі. Далада өскеніміз – даланы, тауда өскеніміз – тауды сағынамыз. Біреуміз етті мақтаймыз, біреуміз палауды мақтаймыз. Тура «Қаз-үйрек көлін мақтайды, дуадақ шөлін мақтайды» деген сияқты...

Танакөзге бүгінгі күн өзі үшін таңырқау күні сияқты көрінді. Эмманың қазақша сөйлегеніне таңданып отырғанда Соняның мақалдап-мәтелдеп сөйлегені мүлде айран-асыр етті. Соны байқаған Соня бұған күле қарап: «Мен Сыр елі – жыр елінде туып, өскем. Онжылдықты қазақша бітірдім. Тіпті, шайырларға еліктеп, ептеп өлең де жазатынмын. Біздің ауылда екінің бірі жыршы-жыраулардың ұрпағы болса, қайда кетесің?» деп бір жағынан мақтана, бір жағынан өзінің қазақ тілін білетінін жай ғана құбылыстай етіп түсініктеме беріп жатыр.

- Ал осында жүргенде өз ана тіліңізді білетін бе едіңіз?

- Әрине. Онсыз бола ма? Әке-шешем үй-ішінде тек ана тілімізде сөйлеуімізді қадағалайтын. Соның арқасында Кореяға қоныс аударған кезде тіл үйренуім, бейімделуім жеңіл болды. Бірақ бұл жақтан барған бірнеше адам кездескен кезде бәрібір қазақша сөйлесеміз, осы жақта басқосуларда шырқайтын әндерімізді айтамыз. Тіпті қыздарым да қазақ тілін ұмытқан жоқ.

- Ол жаққа қашан кетіп едіңіз?

- Он бір жыл бұрын. Әуелі үш жыл еңбек вахтасымен барып жүрдім. Бұл жақта тұрмыс жыл өткен сайын ауырлай берді. – Соня ақталғандай болып, күмілжіп сөйледі. – Оның үстіне болашақ туралы небір сөздер гулеп, сенімсіздік пайда болды. Бәрібір біржолата кету оңай болған жоқ. Қиналып барып, тәуекелге бел байладым... Әттең, дүниенің осылай өзгерерін, Қазақстанның бүгінгідей қуатты ел боларын сол кезде білсек қой...

- Жағдайларыңыз қалай енді? – Танакөз әңгімеге қызыққанымен дастархан иесі өзі екендігін естен шығармай, дөңгелете туралған қазыны әйелдерге қарай ысырыңқырап қойды. Бұған ризашылықпен көз тастаған Соня, шанышқысын тәрелкеге қуана созып жатып:

- Жаман емес. Ол жақта еңбектен қашпаған адамның тұрмысы жаман болмайды. Біздің адамдарымыздың тұрмыстарын тез түзеп алуына жылдар бойы қалыптасқан социалистік менталитеті кедергі келтіргені болмаса, - деді.

- Бізде де солай, - деп сөзге араласты манадан бері бір тілім қазыны таңдайына басып, «м-м» деп тамсанып отырған Эмма. – Қанша дегенмен, ондаған жыл бойы өмір сүрген ортаның ықпалын жоққа шығаруға болмайды, сондықтан адамның қалыптасқан дағдысынан бас тартуы оңай емес...

Танакөз ойланып қалды. Бұлар «социалистік менталитет» дегенде нені айтып отыр екен? «Адам аласы ішінде.» Бұл жақта көсіп жеп, шайқап ішкендердің де, бел асқан соң «күніміз қараң болды» деп байбаламдағандары бар. Сол сияқты тоз-тоздары шығып, арып-ашып келгендердің ішінен де тойынған соң басқа әнге салғандардың шыққанынан хабардар. Атажұртыма барам деп, шекара асып, тұра алмай қайтып келгендерді де көрген. «Сендерді қай топқа жатқызуға болады? Терезенің ар жағында дөңгеленіп қалып жатқан далаға құмарлана көз тіккендеріңе қарағанда кеуделерінде телегей-теңіз сағыныш бар сияқты. Бірақ, кім білген?..»

- Танакөз апай, қазыңыз не деген дәмді, - деп ойын бөлді Саша. – Мен кішкентай кезімде қазыны қалай жасағанын көргенмін, әлі ұмытқан жоқпын.

Эмма ұлына сүйсіне қарап, Танакөзге мақтанышпен көз тастады.

- Сізге бір қызық айтайын: өткен жылы «Caspionet» телевизиялық арнасынан «Франкфурттан шыққан жылқышы» деген тележурналды көрдік. Бойындағы айықпас дертінен әбден қажыған неміс азаматы біздің Қазақстанға келіп, қымыз ішіп, ауруынан құлан-таза жазылып кеткен. Содан еліне қайта оралған соң бие ұстап, қымыз ашытып, оны қазіргі заманға сай жасау желісін жолға қойыпты. Бүгінде бизнесі өркендеп, келіп қымыз алушылар саны күннен күнге артып отырған көрінеді. Ол кәсіпкер қымыздың емдік қасиеттері туралы үнемі насихаттап, сол арқылы Қазақстанды да көпшілікке танытуға үлес қосып жүргенін естідік. Менің Сашам қазақтың ұлттық тағамдарын, соның ішінде қазы жасайтын желі ашсам деп армандап жүр...

Эмманың «біздің Қазақстанға» дегені Танакөздің құлағына майдай жақты. Бір сәт осынау аңқылдаған әйелдерге күдіктене қарағанына ұялып та қалғандай. Енді бұған дейін өзі көңіл бөлмеген жас жігітке бажайлай қарады. Кішкентай кезінде көргенін ұмытқан жоқпын деп отыр. Ғалымдар жас баланың бес жасқа дейін көргені, ұққаны, бойына сіңіргені бүкіл өмірлік біліміне негіз болып қаланады дейді. Сірә, рас болар. Мынау жас жігіттің жаңағы сөздері сол тұжырымның орындылығына тағы бір дәлел емес пе?

Ал Саша болса мұның құпия арманын анасының жария етіп қойғанына ыңғайсызданып қалды. Шынында ондай арманы бар екені рас, бірақ ол дәл қазір жүзеге асырыла қоятын шаруа емес қой. Ең әуелі колледжін аяқтауы керек. Сосын сол саланы тереңдете оқып, үйренгені жөн. Осы жолы қазы жасаудың технологиясы жазылған кітаптар болса ала кетпек. Бері қарай жол жүрерде осы ойларын анасына айтып еді, ол қуана құптай тұрып: «Ал негізінде, халықтық технологиядан артық ештеңе жоқ. Сен шынымен нағыз ұлттық тағам жасамақ болсаң, ғасырдан ғасырға келіп жеткен халықтық технологияны игер, білетін адамдардың кеңесін тыңда» деп ақыл қосқан.

Саша өздеріне дастархан жайып бәйек болып отырған Танакөзге қарап, балалық кезден бұлдыр-бұлдыр елесі қалған ауылдағы аналарды есіне түсіруге тырысты. Қашан барсаң да айран ішкізіп, екі қалтаңа толтыра құрт салып беруші еді. Шіркін, сол құрттардың дәмі қандай еді! Оны қалай жасау керектігін мына сапарлас болған апай біле ме екен?

- Танакөз апай, сіз құртты қалай жасайтынын білесіз бе?

Танакөз жас жігітке сүйсіне қарады.

- Бізде құртты қайнатады дейді, балам. Ал қазыны айналдырады. Осы салаға қызыққан екенсің, дұрыс аталуын біліп алсын дегенім ғой. Бала кезімде анам құрт қайнатқанда қасынан шықпай, көбігін жалаймыз деп таласушы едік. Үлкейген соң өзім қалада тұрдым да дұрыстап үйренуге мән бермеппін. Қап, әттеген-ай! Сен сияқты талапты бала кезігерін білгенде бәрін рет-ретімен қағазға жазып алар едім ғой!

- Сонда да болса, апай, өзіңіз көрдіңіз ғой, есіңізде сақталған шығар...

- Енді тек жалпылама ғана есімде қалғандарды қанағат тұтсаң, айтып берейін, қалқам.

... Менің анам құрттың бірнеше түрін қайнататын. Оның біреуі - қыстыгүні езіп, күріш салып қайнатып, май қатып тамақ ретінде ішетін құрт көже жасауға арналған құрт. Кептірген кезде түсі қошқыл-қоңыр болады. Ал жаз кезінде күрішті болар-болмас қана қосып, шөл басар сусын ретінде ішеді.

Сүтті анам ағаш кеспекке жинайтын. Кеспектің төменгі жағынан кішкене тесік жасап, күн аралатып сарысуын ағызып жіберіп отырады. Бірнеше күн өткеннен кейін үлкен қара қазанға құйып, қайната бастайды. Оты күшті болмауы керек, әйтпесе бірден түбі күйіп кетеді дейтіні есімде. Әлсін-әлсін сабы ұзын ағаш қалақпен араластырып тұрып, біраз қайнатады. Әбден қойылып, суыған соң екі алақанға салып, біркелкі етіп домалатып, ши үстіне қатарластыра жайып, кептіреді.

Ал шәй ішуге арналған тәтті құрт – ежігей басқаша қайнатылады. Ол үшін апам сап-сары етіп пісірілген ірімшікті кептіріп, келіге түйіп, ұнтақтап қосатын.

Саша тыңдай отырып жұтынып-жұтынып қойды.

- М-м... Қызық екен. Өте қызық. Мен мұндайды ешқашан естіген емеспін. Ал қымызды ше? Оның да бірнеше түрі болатын шығар?

- Иә, дәміне, сақталған күніне, күшіне қарай түр-түрі болады... Бірақ мен ол жағын терең біле бермейді екенмін, балам...

Танакөз кәдімгідей қысылып қалды. Өздері қымызды қажет болғанда базардан барып сатып алатын. Онда да қонақ шақырғанда ғана. Соңғы жылдары қан қысымының көтеріліп кететіні бала кезінде құмарта сіміретін сусынды тартыныңқырап ішуге мәжбүр еткен. Кейде базарға барғанында жарықтық қымыздың бұрқыраған иісі тәбетін ашып, аңсары ауғанымен, өзін-өзі тежеп, қымыз сатылатын қатарды айналып өтетін болып жүр.

Қымыз демекші, бала кезінде бұл бір рет көрші Бейістің баласы Райым екеуі қайсымыз көп ішеміз деп жарысып ішіп, қымыздың уытына мас болып, үйдің іргесінде ұйықтап қалыпты. «Содан бір күн, бір түн ұйықтадың, – деп айтып отыратын анасы. – Райым етженді ғой, ол азырақ ұйықтады.» Егіздің сыңарындай болып бірге өскен Райымның шын аты Раймонд екенін, ауылдағылардың барлығы «Бейіс» деген фамилияның дұрысында «Вейс» екенін бұл есейе келе бір-ақ білген. «Жер бетіндегі жеңсік астың бәрінен де қазыны артық көремін» дейтін де, «жер бетіндегі барлық сусын қымызға жетпейді» дейтін де сол бала күнгі досы Раймонд Вейс болатын.

Раймонд жасының үлкендігін білдіріп, мұны үнемі қорғаштап, қамқор болып жүретін. Екеуінің ағалы-қарындастай татулықтарына біреу қызықса, біреу қызғанатын, біреу таңғалса, біреу күндейтін. Алайда, бұл екеуінің достығына көлеңке түсіре алған жоқ. Басқа жақтарға кете қалса Раймонд бұған жер түбінен: «Та-на-ша! Как дела? Та-ма-ша?» деп телефон соғушы еді. Сондай сапарының бірінен Раймондтың жалғыз оралмай, көзі жазғы аспандай көкпеңбек, селеу шашты талдырмаш қыз Лизаны ертіп әкелгені есінде. Әуелі бұлардың үйінің алдына тоқтап: «Та-на-ша! Саған жеңеше әкелдім! Жүгір, біздің мамкадан сүйінші сұра!» – деп айқайлаған-ды.

Ақкөңіл, ақ жүрек дос Раймонд! Қазір қайда жүр екен?

Тоқсаныншы жылдары атажұртына бет алған көшке ілесіп, ол да Германияға кетпекші болды. Сол кезде оның толқып, қиналып жүргені, тіпті кәдімгідей жүдеп, сылынып қалғаны есінде. «Білесің бе, Танаш, - деді ол бірде бұдан сыр жасырмайтын әдетімен, -шынымды айтсам, менің сол жаққа баруға құлқым жоқ. Бірақ әке-шешем елін аңсайды. Және бір қызығы, балаларым барғысы келіп, құлшынып отыр. Не істеймін? Басым қатты...»

Қымызға қатысты қойған сұрағының көңіл түкпіріндегі қанша жайды қозғап кеткенінен бейхабар Сашаның ойында түк жоқ. Бұдан жауап күтіп, тұп-тұнық жанарын қадап, қарап отыр. Жап-жас жігіттің жер арқасы қиянда жүрсе де, кіндік қаны тамған топырақтың тұрмыс-тіршілігіне деген қызығушылығын жоғалтпауы Танакөздің жанын толқытты. Өзін біледі, көңілі бір құласа қатты құлайды, бұл жолы да мына жігіттен бар көмегін аямасы анық. Бірақ «қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген рас, ұлттық тағамның барлығына тек тұтынушы ретінде қарауы оларды өндірудің қыр-сырына онша бойлатпағанына қазір іші удай ашып отыр. Бар болғаны жас жігітке біраздан бері Астанада жыл сайын қымыз мейрамы – Қымызмұрындық өткізілетінін, соны ұйымдастыратын адамдардың бұған көп мағлұмат бере алатынын айтып, солармен кездестіруге уәде берді.

Баласына бар білгенін айтып, одан қалды тағы да көмектесуге уәде беріп жатқан Танакөзге қарап, Эмма:

- Сізді бізге Құдайдың өзі жолықтырған шығар, - деді. – Басқа біреу болса, мұншалықты ақтарыла ала алар ма едік. Сағынған қазақ тілімізде осылайша армансыз сөйлесе алар ма едік? Енді қатынасымызды үзбейік – бізге қонаққа келіңіз. Ол жақта да көптеген жерлестеріңіз бар. Жаңа Соня айтқандай, біз де басымыз қосыла қалса, бауырсақ пісіріп, сүт қатып шәй ішеміз. Қазақстан туралы бір-бірімізден сұрастырып, табыстарына қуанып жүреміз... Қанша дегенмен, туған жерге жер жетпейді ғой!

- Әрине. Біз Сеул олимпиадасы болғанда қазақстандықтарға жанкүйер болып, аяғымыздан сабылдық емес пе. Қай жерде Қазақстан командасы бақ сынаса, сол жерге барып, «Қазақстан!», «Қазақстан!» деп қиқулаумен болдық. Тура ел көшіп келгендей болдық сонда... Әсіресе қазақстандық спортшыларды қолдауға келген өнерпаздардың концертін көре алғандардың қуанышын айтсаңызшы. Қыздардың үлпілдеген үкілеріне көзіміз арбалып, домбыраның күмбірлеген даусын естіп бір жасап қалдық. Бұрын, осы жақта жүргенде домбыраның үнін сағынамыз деп ойлаппыз ба?

Елді сағынып келе жатқан екі әйелдің жүрекжарды сырлары Танакөздің есіне тағы бір осы мазмұндас әңгімені түсірді. Оны Израильге қоныс аударып, бірақ ол жақты жерсінбей, бірер жылдан кейін қайта оралған көршісі айтқан. «Шындығында да, қазақ топырағына кіндік қаны тамып, осында туып-өскен адам шет жерге барып, ойлауы бөлек, өмір сүру салты өзгеше, мұндағыдан мүлде басқа құндылықтарды мұрат ететін ортаға тап болғанда, мейлі ол кәрі не жас болсын, қай ұлттың не ұрпақтың өкілі болсын, бәрібір... ол дала әуендерін сағынады екен, - деген-ді ол ағынан жарылып. - Дархан жүректі халықтың телегей теңіз ықыласына шомылып өскен адамның, ол жақтағы есепшілдікке, өзімшілдікке құрылған тұрмысқа үйренуі қиын. Мен де әркім өзінше тіршілік етіп, томаға-тұйық күн кешетін қандастарымды баладай аңқау, батырдай аңғал, құшағы ашық, жаны жомарт халықпен салыстырып, ішім удай ашыды. Көз алдыма – дала, құлағыма күмбірлеген домбыра үні келді де тұрды. Жатсам, тұрсам сол елестен арыла алмадым...» деген ол.

«Осы жақта жүргенде домбыраның үнін сағынамыз деп ойлаппыз ба?»

Жарыса сөйлеген екеуінің әңгімесі таусылар емес. Атажұрт дегенмен алғаш көшіп барған кезде қатты қиналғандарын, бұл жақта алған мамандықтарына сәйкес қызмет табылмағанын, тіл үйренбейінше ешбір ресми кеңселердің есігін ашу мүмкін емес екендігін көздеріне жас ала отырып, күні кеше бастарынан өткізгендей қылып айтқанда Танакөз оларды аяп кетті. Жандарына батқан соң ұмыта алмай жүрген болуы керек, жергілікті халықтың құшақ жая қарсы ала қоймағанын да сыздықтата отырып жеткізді. «Ой, мама, ол кезді несіне айта бересіз? Қиындықсыз ештеңе келмейді дейтін өзіңіз емес пе? Одан да қазіргі жағдайыңызды айтпайсыз ба?» – деп Саша сөздерін бөлмегенде әлі де біраз жайлар ақтарылар еді.

- Иә, қазір тұрмысымыз жақсы. Үй-жайымыз, қызметіміз бар. Демалыс сайын дүние жүзін аралап, жер көреміз, – Эмма енді желпіне сөйледі. – Биыл, міне, елге келудің сәті түсті. Достарымыз институт бітіргеніміздің отыз жылдығына шақырған, Соня екеуміз кеше сонда кездестік. Оның үстіне өзім істейтін фирманың басшысы Қазақстанмен іскерлік байланыс жасауға арнайы келе жатыр. Бірге барайық дегенінде қуанып кеттім. Ол да кезінде осы жақтан барған. Ертең Бәйтеректің түбінде кездесеміз деп келістік. Сіз де келіңіз, таныстырайын – ол бір қазақ халқын аса құрметтейтін кісі.

... Таңертең вокзалда қоштасып, уәде бойынша екі сағаттан кейін Бәйтеректің түбіне таксимен жеткен мұны бейнекамерасымен айналаны түсіріп жүрген Эмма бірінші байқады.

- Танакөз!

Эмманың даусына оның ар жағында тұрған үш азаматтың етженді, тұлғалысы жалт қарады. Сәл-пәл абдырап тұрып қалған ол іле-шала бері қарай жедел адымдады.

- Та-на-ша?!

- Раймонд?!

Эмма құшақтаса кеткен бастығы мен Танакөзге аузы ашылып, қарап қалыпты. Сосын барып Танакөздің «жер бетіндегі жеңсік астың бәрінен де қазыны артық көремін» дейтін танысы туралы айтқаны ойына оралып, бәрін де түсіне қойды. Міне, ғаламат кездесу!

- Қайдан жүрсің?

Танакөздің аузына түскен бірінші сөз осы болды.

- Кеше келдім. Іссапармен.

- Жалғыз келдің бе? Лиза, балалар қалай?

Раймондтың түрі өзгеріп сала берді.

- Лизадан айрылып қалдым, Танаш. – Раймонд күрсініп қойды. – Дәрігерлер әртүрлі айтады. Меніңше, қоныс аударуымыз психологиялық жағынан ауыр тиген сияқты. Алғашында жап-жақсы еді, екі-үш жылдан кейін азып, жүдей бастады. Қалай емдетсем де, оңалмады. Сосын өзінің өтінішімен осында ертіп әкелдім. Жағдайы күрт жақсарып, тез-ақ бұрынғы қалпына келді. Тіпті еш ауырмағандай... Екі ай бойы таныстарымызды, достарымызды армансыз араладық. Ертең жүреміз деп отырғанбыз. Төсегінен тұра қоймаған соң барсам, ұйықтап жатып жүріп кетіпті... Жымиып қана жатыр... Алдында ғана «сағынышым басылған жоқ, әзір қайтқым келмейді. Сен өзің кете берші, мен қала тұрайын» деп қиылып еді... Ақыры мәңгілікке қалды...

Танакөз не дерін білмеді. Туған жерге деген сағынышы жанына байыз таптырмаған сезімтал, нәзік Лизаны көз алдына елестетіп, көзіне жас алды. «Шекара асырып әкеп, туған топырағын бұйыртқан, о, сағыныш, сен неткен құдіретті, неткен тылсым күш едің!» деп тебіренді іштей.

Үнсіздікті бұзғысы келді ме, Раймонд қалтасынан алып, тілдей қағаз ұсынды:

- Мынау менің визиткам. – Танакөз көз жүгіртіп оқып шықты: «Раймонд Вейс «Ынтымақ» Ресей-Германия бірлескен компаниясының Қазақстан бойынша өңірлік директоры»

- Бұл компания немен айналысады сонда?

- Ауылды жерлерде денсаулық сақтау объектілерін салады. Жобалау-сметалық құжаттамасынан бастап, ішін толық жабдықтап бітіргенге дейінгі жұмыстың бәрін өзі атқарады.

- Жақсы нәрсе екен. Оң болсын! Жұмыстарың басталды ма?

- Өткенде келіп бастапқы келіссөзді жүргізгенбіз. Осы жолы шартқа қол қоямыз ба деген ойдамыз. Сосын жұмысты бастауға болады...

Раймонд тура бала кезіндегідей Танакөзді құшақтап: «Білесің бе, Танаш, мен бұл жұмысқа басқа жерден әдейі ауысып келдім, - деді. - Өзімді оқытқан, мамандық берген, адам еткен елге осылай қызмет етейін дедім. Әрі... елге де жиірек келіп тұруыма болады. Мұным дұрыс па?»

Танакөз тағы толқып кетті. Қоштағанын білдіріп, басын изей берді.

Анадайда Эмма мен Соня кезектесіп, біресе Бәйтерек көрінетіндей, біресе көгілдір күмбезі анадайдан көз арбаған Ақорда түсетіндей етіп, фотоаппараттарын сыртылдатып суретке түсіп жүр. Саша мәз-мәйрам боп күліп, балаша жарысып суретке түсіп жүрген оларға таңырқай қарайды. Біраздан кейін дабырласа сөйлеген екі әйел Танакөз бен Раймондқа тақады.

- Қандай өзгерістер! Қала қалай өскен! Тура ертегідегідей! Әттең...

- Айтары жоқ! Қандай ғажап! Шіркін, он жыл бұрын білгенде ғой!..

Жүздері жайнап, лепіріп тұрса да, жеме-жемге келгенде сөздерін аһ ұра аяқтаған Эмма мен Соняның айтылмай қалған арманын Танакөз іштей ұқты.

Отандастарының сөзіне не дер екен деп Раймондқа қарап еді, ол көзін сәл жұмыңқырап, Арқаның ерке самалына бетін тосып тұр екен...

ТҰҢҒЫШ БАЛА

Жұмыс уақыты аяқталысымен Қайыржан әдетінше үйіне асықты. Тек аялдамадағы біресе сағаттарына қарап, біресе жол бойына мойындарын созып, тықыршып тұрған топтың шетіне тақай бергенде ғана келіншегінің бүгін кішкентай Қуанышты алып, ауылына кеткені есіне түсіп, жүрісін баяулатты. Жаңа ғана алып-ұшқан көңілі бір-ақ сәтте су сепкендей басылып, көңілі құлазып сала берді. «Үйде ешкім жоқ екен ғой... Бос тұрған үйге несіне асығамын? Әлде жұмысқа қайтып барып, жобамды сыза берсем бе екен?» деген ой келді.

Кенеттен пайда болған ой жалғыздықтан құтқарар жақсы амал сияқтанып, жүрісін баяулатты. «Көптен бері күнделікті шаруадан қолым тимей кетіп еді, енді осы күндерді пайдаланып, біраз өндіртіп тастамаймын ба?» деп жобаны сызам деген ойының табылған ақыл екендігін өзіне өзі дәлелдеп әлекке түсті. Бірақ мұнысы қоңырқай тартқан көңілін алдарқату еді. Шындығында, жұмыс істеуге тап қазір құлқы жоқ екені, үйінде мұны күтіп отырған ешкімнің жоқтығынан туындаған сезімді басу үшін далбасалап тұрғаны өзіне аян-тын. Келіп тоқтаған автобусқа қарай лап берген адамдардың соңын ала мінген ол, жолаушыға лықа толы көлік ішінде тұрса да айдалада қалғандай жабырқау көңіл-күйден арыла алмаған күйі өз аялдамасына да жетті…

Үй іші мұны шыбын ызыңы естілер тыныштығымен қарсы алды. Ас үйге кіріп, тоңазытқыштың есігін ашты: Дина тамақ пісіріп, үлкенді-кішілі екі ыдысқа салып қойып кетіпті. Қақпағын ашып қарады: біреуіндегісі мұның жақсы көретін асы – кесектеліп туралып, көкөніс қосып бұқтырылған ет екен. «Мынаусы борщ шығар» деп ойлады іштей екінші ыдыстың қақпағын аша беріп. Бабымен пісірілген борщтың тәбет тартқызар исі бұрқ ете қалды. Қайыржан кішкентай Қуаныштың «капуста көже ішем» деп шешесіне күнара борщ пісіртетінін еске алып, еріксіз езу тартты.

Күнде бұл кезде баласы екеуі-ақ үйді базарға айналдырып жататын. Есіктен кіре берген әкесіне қарсы құшағын жая ұмтылатын Қуаныш біразға дейін одан айырылмай қалатын. Кішкене қолдарымен мойнынан тас қып құшақтап, бетін Қайыржанның мойнына, кеудесіне басып, аймалайтынын қайтерсің. Баласының сол қылығы есіне түсіп, Қайыржанның ет-жүрегі елжіреді. «Кіп-кішкентай болып, осы үйді толтырып жүрген бір өзі екен ғой... көкетайым».

Құрдастары Қайыржанды «нәзік жанды жігіт» деп, тілі ащылаулары «әйелдей сезімтал жігіт» деп қағытатын. Олай деулеріне мұның кім-кімнің де жағдайын түсінуге, қол ұшын беруге, кейде тіпті өзіне зияны келеді деп ойламай, көмектесуге даяр тұрар мейірімділігі себепші болған сияқты. Екінші жағынан туғанынан шексіз махаббатқа бөленіп өскен баланың қатыгездік, қайырымсыздық, әлімжеттік сияқты қасиетсіздіктерден жаны шошып, іргесін аулақ салар жөні де бар.

Атасы мен апасының тұңғыш немересі болғандықтан, бір жағынан қарттардың, екінші жағынан өз ата-анасының сүйіспеншілігіне шомылып, еркелеп өскен Қайыржан үлкендер тарапынан ешбір қағажу көрмей, баршаға сүйкімді, жұғымды бала болып ержетті. Бүкіл әулетті билеп-төстеп отыратын апасының үйретуімен өз әкесін көке деп, ал шешесі Зейнепті үлкендер сияқты «Зейнеш» деп атайтын. Сол әдетімен мектепке барғанда да, тіпті өзінің Зейнептен туғанын білетін студент кезінде де Зейнеш деді. Тек есейіп, өзі үйлі-баранды болған кезде, әріптестерінің алдында, қайын жұртының арасында ыңғайсыздану сияқты бір сезім пайда болды. Тіпті кейде өзін Зейнептің алдында кінәлі жандай сезініп, қипақтап қалатыны бар. Дина есті қыз ғой, Зейнепті бірден «мама» деп кетті.

Қуаныш – бұлардың тұңғыш баласы. Биыл жасы үшке толған. Былтырдан бері Дина жұмысқа шыққысы келетінін айтып, екі-үш рет құлаққағыс жасады. Бірақ баланы бақшаға орналастырудың шешілуі қиын мәселе екенін кім білген? Жекеменшіктегі бақшаларды жағалап көріп еді, төлемақысы тым қымбат болып шықты. Сосын Қайыржан: «Таңертеңнен кешке дейін жүргенде табатын болымсыз ақша үшін баланы таң азанымен жылатып оятып, бақшаға берудің қажеті не?» деп, келіншегінің тілегіне оң шырай таныта қоймаған соң, Дина амалсыз үйде отырған.

Қуаныш үш жасқа толғанда ауылдан артынып-тартынып қайын енесі келді. Дина жұмысқа шыққысы келетінін шешесіне де айтқан болуы керек, ертең жол жүрем деген күні енесі алыстан орағытып әңгіме бастады.

- Қайыржан қалқам, атаң екеуміз өмір бойы өкіметтің жұмысында жүріп, дүние-мүлік жинаған жан емеспіз. Біздің бар байлығымыз – бес баламыз. Соларды оқытып, ел қатарына қостық, бәріне де жоғары білім әпердік. Құдайға шүкір, қазір бесеуі бес саланың білдей маманы. Мынау Дина да жақсы дәрігерлер санатында аталып келгенін білесің, - деп бір тыныстады.

Қайыржан енесінің әңгімені қалай қарай ойыстырып келе жатқанын бірден түсінсе де, ізет сақтап, үнсіз тыңдап отыра берді.

- Қазір қай-қай сала да тез өркендеп, тез дамып жатқан заман ғой. Бұл үйде отырғалы да науқасты емдеудің түрлі тәсілдері шығып жатыр, ендігі қарайып та қалған шығар… Қуантайды бала бақшаға беріп, келіншегіңді жұмысына шығарсаң жөн болар еді, балам.

- Апа, дұрыс қой бәрі де. Бірақ бала бақша дегендерің аты болмаса, баяғыдай емес. Төлейтін ақысы удай, ал беріп жатқан тәрбиесі жоқтың қасы. Жақсы мамандар кетіп қалған. Арзымайтын ақыға бола кім ертеден қара кешке дейін істейді? – Сөзім сенімді шықты ма, жоқ па дегендей Қайыржан енесінің жүзіне бағдарлай қарады. Ол кісі үндемеген соң әлі де салмақ бере түсу үшін сөзін әрі қарай сабақтады. - Бақшаға барған балалар жиі ауыратын кµрінеді... Біздің жұмыста балаларын бақшаға беретін келіншектер бір апта жұмыс істесе, екі апта баласы ауырып, үйде отырады...

- Түсінікті. Бала бақшаға бергің келмесе, не беруге шамаларың жетпесе, Қуантайды мен-ақ бағып берейін, маған беріңдер. Мектепке барғанша біздің бауырымызда болсын. Менің тәрбиелей алатыныма күмәнданбайсың ба?!

Қайыржан аңтарылып отырып қалды. Отыз жыл бойы ұстаздық еткен, үш келін түсіріп, екі қызын ұзатқан, қысқы-жазғы каникулдарында ауылға асыға жетіп, «әжелеп» үйірілген немерелерін айналып-толғанып отырған енесінің мейірлі жан шуағына өзі де талай бөленген. Қалайша күмәнданбақ? Содан да болар әзиз ананың шын ықыласпен айтып отырған тілегін қайтара алмады, «жоқ» деп жанына тиер сөз айтуға аузы бармады.

Бірақ баласын қалай беріп жібермек? Жұмыста отырып та сағынып, үйіне бірнеше мәрте телефон соғатынын, баласының былдырлаған даусын тыңдап мәз болатынын енесі білмейді-ау, сірә. Оны күніге өзі шомылдырып, кешке бауырына басып ұйықтататынын ше? Соның бәрін енесіне айтса қайтеді? Ондайда үлкендердің «балажандарын бұлардың» деп сөйлейтіні тағы бар. Енді қайтпек?

Мұның жан-дүниесіндегі арпалысты тап басып таныған ана да, осы сәтті пайдаланып, бастырмалата сөйледі:

- Өзің білесің, Динажан бірер жыл емес, бақандай жеті жыл оқыды. Оқыған оқуының жемісін жесін де. Өзіңе де әйеліңнің қазан-аяқ басынан ұзамайтын, ауладағы әңгімеден басқаны білмейтін адам емес, жұрт қатарлы білімді, ел қадірлейтін маман, жолдастарыңның қызмет істейтін әйелдерімен терезесі тең болғаны жақсы емес пе?

Онысы рас енді. Өзінің де кейбір беті-аузын әдемілеу мен дүкендегі киім-кешектің бағасынан басқаны білмейтін келіншектерді «рухани кембағал» жандар деп, Динаның солармен араласқанын жақтырмайтыны есіне түсіп, енесінің пікірімен іштей келісті.

- Жарайды, апа. Біз ойланып көрейік...

Енесі бұдан әрі қыстамады. Мінезі орнықты, қандай шаруаны болсын ойланып, толғанып барып қолға алатын Қайыржанның енесі қадір тұтатын тағы бір қасиеті бар-ды – ол күйеу баласының үлкеннің сөзін жерге тастамайтындығы. Ұзақ жылдар бойы педагогтық қызмет атқарып, бала психологиясын жете меңгерген жан емес пе, оның бұл жолы да ана тілегінен аса алмайтынын дәп басты.

Динаның медицина институтын үздік бітіргенін, еңбек жолы басталысымен-ақ терең, тиянақты білімімен көзге түскен жас маманды болашағынан үміт күттіретін дәрігер ретінде еліміздегі үлкен ғылыми-зерттеу институтына тәлімдемеден өтуге жіберілгенін Қайыржан мақтан ететін. Кей-кейде оның сол кезде қолға алған ғылыми жұмысы тоқтап қалғанын ойлап, іштей ыңғайсызданатын да. Бірақ есесіне кішкентай Қуаныштың ауырмай-сырқамай өсіп келе жатқанын ойлап, «енді бірер жылда бақшаға берсек, жұмысын игеріп кетеді, алғыр ғой...» деп өзін-өзі алдандырып қоятын.

Қуаныш екіге толғанда Дина бұл күтпеген әңгіменің шетін шығарды. «Біздің бәріміз өсіп, жан-жаққа кеттік. Апам мен көкемнің дағарадай үйде шошайып, екеуден екеу отырғанын ойласам, жаным күйзеледі. Саған өтінішім бар... Екеуіне алданыш болсын, Қуантайды берейік?» деген бұған қиыла қарап.

Қайыржан ыршып түсті. «Кіп-кішкентай емес пе? Жүрегің ауырмай ма сонда? Қалай беріп жібере салмақшысың? – деген әйеліне ашулана қарап. Қуанышты дәп қазір беріп жіберетіндей, ұлын жалма-жан құшағына алып, бауырына басқан. – Мұның жүрегі қалай ауыратынын ойламағаның ғой мүлде?»

«Қойшы, – деген Дина шала бүлінген бұған таңдана қарап, – сен де қайдағыны айтады екенсің! Жүрегі ауырып не болыпты? Апам мен көкем келсе бізді сатып кетпей ме осы? Өзің де талай көрдің емес пе? Олардың да бұл десе шығарда жаны бөлек...»

«Олар жақсы көрмейді деп отырған жоқпын мен. Бала ешқашан ата-анасынан ажырамауы керек. Менің айтпағым сол. Басқа ешқандай ойым жоқ. Бірақ мұндай әңгімені маған ендігәрі айтпа».

Содан кейін бұл әңгіме қайталанған жоқ-ты. Арада бір жылдан астам уақыт өткенде енесі келіп, қайталанбайды-ау деген тақырыпты тағы көтерді. Көтерді де... ақыры міне... арғы күні артынып-тартынып жеткен атасы мен енесі Қуанышты алды да кетті. «Үйренгенше қасында бола тұрайын» деп Дина да ере кеткен.

Үйленгелі бері бұлайша жалғыз қалып көрмеген Қайыржан өзін қоярға жер таппады. Әдетте мұндай кезде Қуаныш екеуі ойынға кірісіп кететін. Әуелі бұл ат болып, Қуанышты арқасына отырғызып алады да, бөлме-бөлмені аралап шапқылайтын. Кейде асау аттың мінезін көрсетіп, мөңкіп-мөңкіп алады. Ондайда Қуаныш қорқудың орнына мәз болып, сықылықтап кеп күледі дерсің!..

Қайыржан баласының сықылықтаған күлкісін естігендей елең ете қалды. Сөйтсе, көршілердің Қуанышпен жасты кішкентай қызы екен. Әкесі әткеншекте тербетіп, әуелете итерген сайын бөбек сықылықтай күледі келіп. Сәбиге қарап, жүрегі елжіреп кеткен бұл терезе алдынан кетіп, үй ішінде біраз сенделіп жүрді де, қарны ашқан соң Дина пісіріп кеткен тамақты жылытпай-ақ іше салды. Оқиын ба деп, бір кітапты қолына алып еді, бір-екі бетін аударғаннан кейін көзімен оқып, көңілімен басқа жақта отырғанын байқап, орнына қойды.

Баласының жақсы көретін ойыншығы салпаң құлақ ақ қоян өзіне қарап тұрғандай көрінген соң барып қолына алды. Қуаныш сөз басында тұрған «қ» дыбысын «т», «г» дыбысын «д» деп айтатын. «Тояным!» дейтін ойыншығын бауырына қысып. «Папаңның аты кім?» дегендерге «Тайижан!» дейтін қоқия қарап. «Әжеңнің аты кім?» деп сұрады кеше келгенінде атасы немересінің тілін қызықтап. Қуаныш «Дуляй!» дегенінде атасы кемпіріне қарап: «Болды, бүгіннен бастап Гүләй емес, Дуляйсің!» деп рахаттана күлгенін есіне алып, Қайыржан тағы күрсініп қойды.

«Маған не болған? - деді сосын іштей өзін сөгіп, - мүлдем алып кеткен жоқ қой, мектепке барарда қайтып аламыз. Таза ауада, қолдың қаймағын жеп, сүт ішіп, дені сау боп өседі...»

«Дені сау боп? - деп қарсыласты екінші ойы, - ал жанын қайда қоясың? Өмір бойы өзіңді толғандырып келе жатқан осы мәселе емес пе?»

Қайыржан бұған қарсы айтар уәж таба алмады. Басқаның бауырында өскен баланың жаны... оны тек сондай тәрбиеде болғандар ғана түсінеді. Қалғандарына айт не, айтпа не... Әркім өзінікін жөн көріп, өзеурейді бәрібір...

Қайыржан апасы қайтыс болған соң өзінің үйірінен адасқан тайдай болып қалғанын жүрегі сыздай есіне алды. Ағаларының өз бала-шағалары бар, бұдан гөрі бүйректері соларға бұратынын зерек бала талай байқады. Ол үшін кінәламайды да, бірақ... жаны ауыратын. Ал бір әке, бір шешеден туған іні-қарындастарына Қайыржанның өзі жуыса алмады. Қасында жоқ болса да, апасы қызғана қарап тұрғандай, өзі бар кезіндегідей «әй, түбің шикі ғой» дейтін сияқты көрінетін.

Бір қызығы, бауырлары да мұның кемшіліктерін көргіш-ақ. Және олар үшін бәріне де кінәлі – басқа үйде өскендігі, ал ойын бүкпей жайып салып отыратын кіші қарындасының сөзімен айтқанда «бұлардан бөлектеп өсіріп, мұның емес, өзінің болашағын ойлағандығы». Кезінде Қайыржан бұл тұжырыммен мүлде келіспейтін, келе-келе «осы сөздің жаны бар-ау» деп ойлайтын болды. Шынында да, немерені бауырына салғанда үлкендер оны бала үшін жасап отырмыз деп ойлайды. Ал көп жағдайда бала қамы мен үлкендердің өз жайын жасау қатар жүретіні өтірік емес қой. Баланы әдетте кім алады? Ұл-қыздары өсіп, бет-бетіне тарап кеткен соң, бұрын базар боп жатқан үлкен үй қаңырап бос қалғандар деген ой келеді. Тағы бір себеп, ұл-қыздары өздері бала сүйген соң, ұрпағының қамын көбірек ойлап, әке-шешесіне бала күнгідей еркелеп, бұрынғыдай балалық махаббатын төкпейтіні. Қайран ата-ана, сол босап, қоңылтақсып қалған көңілді немере қызығымен толтыратындай көрінеді бұған.

Ең өкініштісі, өмір бар жерде өлім бар екенін баланы бергендер де, баланы бауырына салғандар да ескермейді. Үлкендер дүниеден озғанда асыранды баланың әрі-сәрі күй кешіп қалатыны ешкімді ойлантпайтын сияқты...

Қайыржан көңілсіз ойлардан арылам ба деп, теледидарды қосты, экранда бейнесі көрінбей тұрып, Сәкен Майғазиевтің жағымды даусы естілді:

Әннің:

«Самайдағы ақ шашыңның әр талы үшін қарызбын,

Таусылмайды алдыңдағы парызым... -

деген алғашқы жолдарды естігеннен-ақ Қайыржан демін ішіне тартып, экранға қадалды да қалды. Ән аяқталғанша сол қалпынан өзгермеді. Осы әнді алғаш естігеннен ерекше ұнатқан-тын, содан бері қай жерде тұрса да, не істеп жатса да, осы ән естіле қалса, бәрін тастап, отыра қалып тыңдайтын. Жан дүниесін бір ерекше сезім билеп, іші-бауыры елжірейтін. Кейде тіпті осы әнді Сәкен Майғазиев емес, өзі орындап тұрғандай сезініп, жанарына жас оралатын. Міне, бұл жолы да көз алды бұлдырап кетті...

«Бүгін маған не болды? - деп тағы да таңырқай ойланды, - тіпті күйреуік екенмін ғой өзім. Қой, мұным жарамас...»

Осылай деп, бойын жиған Қайыржан теледидардың қарсы алдындағы диванға қисайып, әр арнаны бір басып қарап жатыр еді, көзі ілініп кетіпті.

Шыр-шыр еткен қоңырау даусынан оянды. Әуелі телефон ба деп ойлап, соған қарай жүгірген, сөйтсе есік қоңырауы екен. Кім деп сұрамастан ілгекті аша салды. Ар жағында тұрған орта жастардағы әйел бұған қарап кібіртіктей сөйлеп, тілдей қағазды ұсына берді:

- Кешір, балам... Жұмыс реті солай...

Телеграмма екен. Асығыс оқи бастады: «Зейнеп әл үстінде. Тез жет. Қалдыбек.»

Ұйқысы шайдай ашылды. Бірақ не істеп, не қоярын білмей жалтақтап пошташы әйелге қарай берді. Қателесіп келген шығар деп, телеграмманы аударыстырып, мекен-жай жазылған жерін қайта-қайта оқыды. Бәрі дұрыс. Осыларға келіпті. Аты-жөндері, мекен-жайлары ап-анық жазылған. Бірақ... Зейнеп қалай әл үстінде болады? Жасы алпысқа да жеткен жоқ. Анда-санда қан қысымы көтерілетіні болмаса... сап-сау болатын...

Мең-зең боп тұрған бұған пошташы көмекке келді:

- Түнгі 2-де Мәскеу поезы жүреді. Әлі үш сағат бар – үлгіресіз... Билет ала алмасаңыз бригадирге барыңыз, мұндайда ала кетуге тиіс...

- Ә-ә, иә-иә, сөйтем... рахмет...

Сағатқа қараса он екі болып қалыпты. «Диналар әлі жолда кетіп бара жатыр... Оларға қалай хабарлаймын? Не деймін? Жарайды, не де болса, барған соң ойластырармын». Осылай деп ойлады да, тез-тез киініп, үйден шықты.

Билет жоқ екен, телеграмманы көрген бригадир сөзге келмей, өзі отырған 9-шы вагонға кіргізіп, бірінші купені нұсқады. Заты жұмсақ адам болуы керек, қипақтап не айтарын білмей сәл тұрды. Сосын қарсы алдына келіп жайғасып, «кімің еді?» деп сұрады. «Мамам...»

Қайыржан бұл сөздің аузынан қалай шыққанын өзі білген де жоқ. Ол туған анасын «мама» демейтін... Бала кезінде бір рет айтып қалып, апасынан сөз естігелі бері тіліне аса сақ болу керектігін ұққан, бүгінгі төтенше жағдай сақтығын ұмыттырып жіберген сияқты. Бірақ осы сәтте ішінде қалыптасып қалған шектеуіші бас көтеріп, алдында отырған кісіге қарап: «Жалпы, апамның бауырында өскенмін» деп қосып қойды.

Бригадир басын шайқады. Қазақтарда осындай, баласының өз анасын «мама» дегеніне қуыстанатын жайдың болатынына қанық кісі сияқты. Ол қателескен жоқ-ты – Қайыржан ес білгелі Зейнепті «мама» деп көрмепті.

Зейнеп те «айт» деп қыстаған емес. «Апа-сы-ның баласы!», «Қай-рош!» – деп шақыратын мұны даусын еркелей созып. – Мен саған не әкелгенімді тапшы?»

«Автомат па?» дейді бұл. «Таппадың, таппадың...» «А-а, білдім, дүрбі ғой?». «Тағы таппадың...»

- Баланың төзімін тауыспай берсеңші енді, - деп апасы сөзге араласады мұндайда.

Демалысқа келген Зейнеп қампиып тұрған жол сөмкесін ашып, ішінен теңбіл доп шығарады. Кәдімгі футбол ойнайтын доп! Ауылдағы барлық баланың арманы!

- «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген... Соны да әлдеқандай қылып тұрсың ба? – Апасы сыйлықты ұната қоймаған сияқты.

- Жо-ға, апа, ер бала жүгіріп, шынығып өсуі үшін футбол ойынының берері көп. Өкпесі жақсы жетіледі, бұлшық еттері өседі, ойындағы түрлі амал-тәсілдер, қарсыласын алдап өту үшін жасалатын айла-шарғылар ойлау қабілетін арттырады, - дейді Зейнеп енесіне тәтпіштеп түсіндіріп.

Оны тыңдап жатқан апасы жоқ, допты екі аяғымен кезек қақпақылдап жатқан Қайыржанының өнеріне мәз болып, қарап отырар еді. Жаңа әзірде айтқан сөздерін де ұмытып кеткен сыңайлы.

Қалада тұратын көкесі мен Зейнептің келетін кездері мұның бала көңілінде нағыз той, мереке сияқты жатталып, балалық шағын еске алса, тек сол күндер көз алдына елестейтін. Зейнеп бұлардың бас-басына базарлық ала келуші еді. Есіктен жарқылдай сөйлеп кіретін ол дәу қара сөмкесін ашып, біреуіне көйлек, біреуіне шалбар, кішкентайларға ойыншық, үлкендерге шәй мен кәмпит тарататын.

Абысындары өздерін ешқашан құр қол қалдырмайтын келіннің келуін ерекше күтетін: көп оқыған, не нәрсенің болсын жөнін біліп, жолын таба қоятын Зейнепке айтар әңгімелері де, қояр сұрақтары да жандарына тыншу бермей, өздері абысын-ажын болып оңаша қалар сәтті тықырши тосып тұрар еді. Дабырласып, қалжыңдасып, у-ду болып отырған сәтте үлкен абысыны елеусіздеу ғана: «Қалай, Қайыржанды сағындың ба?» деп сұрар еді.

Бәрі бір сәтке тына қалып, Зейнепке қарайтын. «Әрине, - дейтін Зейнеп абысынына тура қарап. - Түсімде құшақтап, сүйіп жүремін. Бір қызығы, ондай түс көрген кезімде ұйқымнан оянып кетпесем екен деп тілеп жатам. Сендерде сондай бола ма?»

Абысындары бір-бірлеріне қарап, бас шайқасады. Өздеріне сонша қызық болып көрінген бұл жайдың сырын білгілері келіп, үлкенді-кіші адамдардан сұрайтын болулары керек, көп ұзамай «ойпырмай, осы біздің оқыған келіннің түстері де жұрттан басқаша» десіп, былайғы жұрт та біразға дейін әңгіме етіп жүреді. Бірақ, обалы нешік, бәрі де «оқыған келіннің» түсін де, ісін де сөкет көріп жамандаудан аулақ, тек кейбір істерін таңсық көріп, таң-тамаша қалатындары рас еді.

- Қайрошты апамнан қызғанбайсың ба? – деп сұрайды кіші келіні.

- Жо-ға, - дейді Зейнеп ойлана сөйлеп, - апамның Қайрошты жақсы көретінін білем ғой. Ұрысса да, жаман істерден аулақ болсын деп ұрсады. Тек, өткенде, күбі бетіндегі майды жалаймын деп, айранды ақтарып алғанда Қайрошты желкесінен ұстап, басын төгілген айранға тығып-тығып жібергенде... жүрегім ауырып кетті...

Абысындары жанарын кенерелеген жасты алақанымен сүртіп ала қойған Зейнептің алдында өздері кінәлі адамдай көздерімен жер шұқиды. Әңгімені естіп тұрған Қайыржан өзін емес, Зейнепті аяп кеткен-ді сонда.

Зейнеп келін болып түскен алғашқы жылдары көкесі екеуі ауылға үнемі жазда келетін. Қысқы каникул уақыты басталғанда, көрші-қолаңның «студенттер қайда?» деген сұрағына апасы «Арқаға кетті» деп қысқа қайыратын. Қазбалап сұрай бастаған адамға «келініміз қысты, қарды сағынады екен» деп әрі таңдана, әрі Арқаға кеткендерін соншалықты жақтырып отырмағанын білдіре сөйлейтін. Оны естігендер «қарды сағынғаны несі?» деп біраз уақыт тағы өзара күбірлесетін.

Апасының осындай көңіл күйін байқаған болар, көкесі мен Зейнеп келесі жылы Арқада көп бөгелмей, ауылға келді. Табиғаттың ғажабын айтсаңшы, сол жылы ауылда он шақты жылдан бері болмаған оқиға болып, қалың қар жауды. Жазы аптап ыстық, қысының өзі көктем күніндей жаймашуақ жылы ауылдан ұзап көрмеген балалар әуелде аспаннан төгілген аппақ ұлпаны алақандарына қондырып, олардың таңғажайып пішіндерін тамашалаудан аспаған. Тынбай жауған қардың қалыңдығы тобықтан асқанда үлкендер жағы алаңдаушылық таныта бастады.

Ал балалардың қуанышында шек жоқ еді. Ылғал қарды жұмбаздап, бір-біріне лақтырып, осы уақытқа дейін тек кинолардан көретін сырғанақтың қызығына батқан-ды. Тақтайшаларды, картон жәшіктерді шана ғып мініп, кейбіреулері портфельдеріне отыра қалып, төбеден төмен сырғанаған балалардың арасынан немерелерін іздеп келген енесі көп баланың ішінде асыр салып, ойнап жүрген келінін көргенде өз көзіне өзі сенбеді.

- Зейнеп, әй, Зейнеп, - деді дауысын тым қатты шығармай. Ондағысы келінінің ойнап жүргенін басқа біреулер көріп қалса, ұят болар деп сақтанғаны еді. Бірақ ойын қызығына әбден беріліп кеткен Зейнеп енесінің бәсең даусын ести қоймады. Абырой болғанда, ауыл үлкендері қалың жауған қардан туындаған шаруалармен әбігер болып, сырғанақ тепкен балаларға назар аударған жоқ еді. Әрі-бері қарайлаған енесі ақыры амалы таусылып, үйіне жалғыз қайтып бара жатып, балалардың у-шуының арасынан келінінің мәз болған күлкісін естіп, басын шайқап қойды.

Есесіне сыбағасын кешкісін алды.

Тарс бекітулі есіктің ар жағында апасы Зейнептің шаңын қағып жатты. Бер жағында Қайыржан тұрды. Өзінің тың тыңдап тұрғанын, жо-жоқ, Зейнепке жаны ашып, қалай болысарын білмей тұрғанын ешкім көріп қоймасын деп, дәліздің шамын өшіріп тастаған.

Жүрегі дүрс-дүрс етіп, өкшесін көтеріп, кілттің саңылауына құлақ тосады. «Япырм-ай, апасының мұнысы несі? Зейнешке бұлайша қатты сөйлемеуші еді ғой? Мақтап, жер-көкке сыйғыза алмай отыратыны қайда? Сырғанақ тепті екен деп, сонша ұрысқаны қалай? Зейнеш неге үндемейді? Әлде жылап отыр ма?»

Зейнептің бетін басып жылап отырғанын көз алдына елестеткенде жүрек тұсы шым ете қалды. Бөлмеге баса-көктеп кіріп барып, апасына «ұрыспа Зейнешке» деп айқайлағысы келді... Бірақ кішкентайынан апасының қаһарынан ығып өскен баланың есікті ашуға жүрегі дауаламай не кетіп қала алмай, сол жерде тұра берді.

Енесінің алдынан басы салбырап шыққан Зейнеп қараңғы дәлізде тұрған мұнымен соқтығысып қалды. «Ой, Қайрош, сенбісің? Бұл жерде неғып тұрсың?» Сұрауын сұрағанымен Қайыржанның бұл жерде неге тұрғанын ана жүрек түсіне қойды. Өзімен бірге аққала соғып, сырғанақ тепкен қайын, қайынсіңлілері емес, Қайрошты есік сыртына байлап қойған құдіретті күшті ана мен бала сол сәтте бар жан-тәндерімен сезінгендей, бір сәт үнсіз қалысты. Зейнеп мұрнын пыш-пыш етіп тартқылап тұрған Қайроштың алдына тізерлеп отырып, оны бауырына басты. «Жүрегіңнен айналайын...» деді сыбырлап...

Сол сәтті еске алғанда Қайыржанның жүрегі шаншып кетті. Мұның боп-боз боп отырған түріне аяй қараған поезд бригадирі ойын бөлейін деген болуы керек, «анаң тәуір болып кетеді әлі, уайымдама» деп қойды.

- Әл үстінде жатыр депті, - деді Қайыржан солғын үнмен.

- Мен не деп отырмын? Қайтыс болса жазар еді ғой «пәленінші күні жерлейміз» деп? Ондай сөз жоқ қой? Яғни, қатты ауырып жатыр. Көр де тұр, сен барған бойда, даусыңды ести салысымен тәуір болып кетеді... Ең бастысы, сен келгеніңді білдіріп, дауыстап сөйлесетін бол... Жылағың келсе, жыла! Әйтпесе, бізде бір жалған намыс бар ғой «еркек жыламауы керек» деген. Бос сөз! Ананың алдында жылау да, күлу де ерсі емес...

Солай деді де, сөзінің соңын жұтып, бетін терезеге бұрып әкетті.

Қайыржан оның жылап отырғанын көріп аң-таң қалды.

- Мен анамды ренжіткен сорлымын, - деді біраз үнсіздіктен кейін бригадир. – Екеуміз де ұйықтай алмаспыз, мен бір әңгіме айтып берейін, тыңда, мүмкін саған ой салар...

«... Шал-кемпірдің бауырында өскен соң олар мені ата-анамнан қатты қызғанатын. Қара жер хабар бермесін, әсіресе апам баласы мен келінінің ісінен әйтеуір бір мін тауып, менің алдымда беделдерін түсіруге тырысып бағатын. Қайран апам, осынысымен менің әке-шешеме деген көзқарасымды қалыптастырып, оларды мойындамауға, тыңдамауға үйретіп отырғанын қайда білсін? Сөйтіп, бала кезімнен әке-шешеме қарсы сөйлеп өстім. Үлкейгенде де сол әдетімді қоймадым. Ақыры содан опық жедім.

...Үйлі-баранды болдым, тәп-тәуір қызметке тұрдым. Уайым-қайғы жоқ. Өткенге көз жүгіртсем, қатарластарым көрген қиындықтың бір де біреуін көрмеппін. Оқуға да оңай түстім, жұмысқа да тез орналастым. Үйленгенімде қызметпен басқа қалаға ауысқан анам Алматыдағы үйін атыма көшіріп жазып берді. Ол кезде әкем қайтыс болған, балаларды тістелеп өзі жеткізді. Бірнеше жұмыста істейтінін білемін, бірақ, жастығымнан ба, әлде үлкен апам оны менің алдымда міндетті сияқты етіп тәрбиелегендіктен бе екен, «шаршап жүр-ау» деп ойламаппын. Қара жерді басып жүргендігім үшін-ақ оған өзімнің өлшеусіз қарыздар екенім ойыма кіріп-шықпайтын... Қазір ойлап отырсам, бала кезді былай қойғанда, жігіт боп жетілгеннен кейін де анамның көңілін аулап, қуантып көрмеппін. Бір жағынан ондай тәрбие берілмегендігінен шығар, екінші жағынан, сенесің бе, апама сатқындық жасағандай болам ба деп ойлайтынмын...

Пәтерден пәтерге көшіп-қонған, ойлаған қызметіне қол жеткізе алмай жүрген жора-жолдастарымның менің бар жағдайымды жасап жүретін анамды тік тұрып сыйлайтыны да маған ой сала қойған жоқ. «Балам, ішімдік ішудің де өз мәдениеті болады», «Азынаған айғырды үйірінде көр, арқыраған еркекті үйінде көр» деген, үйдегі беделің түздегіден төмен болмасын» деп, сыпайылап, сырласқандай болып айтатын сөздеріне де бойламаған екенмін.

Бірде милицияға түсіп қалдым. Анама хабарласуға намыстандым. Өзімнің түрлі әрекетімнен түк шықпады, ақыры айналып келгенде, анамның сол салада істейтін кластас жолдасына хабарласып, сол кісі алып шықты. Мені ұдайы мақтан етіп жүретін анамның сол ісім үшін жолдастарының алдында төменшіктеп қалатынын ойламаппын сол кезде.

Талай жыл тағдыр жүгін жалғыз тартудан шаршаған да шығар, келе-келе анам ашуланатын болды. Ақыры бір күні екеуміз тәжікелесіп қалдық. Үйден шығып кетуге амал таба алмай тұрған маған жақсы болды – сәл нәрсені сылтау етіп, айқайға бастым. Жалым күдірейіп «жолымнан былай тұр» деп, тұрған жерінен итеріп тастап, кете бардым...

Анамның жүрегіне жазылмас жара салғаным ойыма кіріп те шыққан жоқ. Жалпы есіңде болсын, біреу туып, біреу баққан бала өзін ғана жақсы көріп өседі. Ол екі жақты да жан-тәнімен жақсы көре алмайды. Өзін баққан ананың «жұрт тумағандығын көрсетті дей ме» деп жалтақтайтынын, ал тапқан анасының кішкентайынан басқа біреуге бергеніне өмір бойы жаны ауыратынын, сөйтіп, екеуі де өзінің алдында ақталғандай күн кешетінін түсініп, соған бейімделіп, қарым-қатынас жасайды бар болғаны.

Сол оқиғадан кейін екеуміздің арамызда аттап өтуіміз қиын құз пайда болғанын ұқтым... Бірақ... кешірім сұрауға дәтім бармады. Екінші жағынан жалған намыс бар ғой жаңа саған айтқан, сол сұрқия жібермеді. Күнде ертең деп жүргенімде анам шұғыл шешім қабылдап, жұмысын ауыстырып, басқа жаққа көшіп кетті. Анам аузына берік кісі болатын, арамызда болған жайды ешкімге сездірмеді. Ал туыстар болса, анамның оқыс шешімі туралы түрлі жорамал айтып, бас қатырады кеп. Бір күні балаларым менен сұрай қалса, не айтамын деп, ондай басқосулардан қашқақтап жүрдім. Тіпті үйде отырмау үшін жұмысымды тастап, поезға жолсерік болып ауысып кеттім.

Жұмысқа адалмын, жанымды салып істеймін. Табысым жеткілікті, үйіме әкеп беремін де, бірер күн аялдап, қайтадан жолға шығамын. «Уақыт жоқ, рейсте жүрмін» деп сылтауратып, ешкіммен араласпаймын. Қанша оқталсам да, анама бара алмадым. Бәлкім, жалған намыс уысынан шыға алмадым, әлде, қандай жай болмасын, уақыт өте жаныңды сол сәттегідей ауыртпай ма, білмедім...

Саған тағы бір жайтты айтайын, сен екеуміз сияқты өскен адамдарда туыстық қасиет те бұрмаланған сипатта болады екен. «Кемпір-шалдың баласына ақыл айтатындай сен кімсің?» деп бір жатырдан шыққан бауырларыңды тыңдамайсың. Шындығында шын жанашыр – солар ғой. Ал «зорлап қосқан ат бәйге алмайды» деген, жаратылған қаны бөлек, жатқан жері бөлек туыстарың бәрібір бірге туғаныңдай жаны ашымайды. Солай...

Жасы сексеннен асқанда анам қайтыс болды. Рейсте едім, жолдағы бір үлкен қаладан түсіп, самолетпен ұшып жеттім. Жерлеген кезде жұрттың бәрінен көп жылаған мен шығармын. Бұл жерде де, «Ибай-ау, сен кемпірдің баласы емессің бе, жеңгеңе сонша жылап...» деген надандар табылды. Ішімді у жайлағандай күй кештім – кешіктім. Алдына жығылып, кешірім сұрай алмадым. Жастықпен, білместікпен, ашумен істеген істерімнің барлығы үшін кешірім сұрасам деп, бірақ өзімді өзім жеңе алмай, жарты өмірімді өткіздім. Қазір ойлап отырсам, көк тиындық құны жоқ намыс екен оным.

Аяулы анам бұл жолы да даналығын көрсетті. Үстелінің тартпасында, құжаттарының арасында бір жапырақ қағаз жатыр екен, «кешірдім» деген бір ауыз сөз жазылыпты. Жұрт ештеңені түсінбей аң-таң. Ал оның кімге арналғаны маған ғана аян.

Бірақ, бәрібір жаным байыз табар емес...»

Қайыржан поездан түсе салысымен ауруханаға беттеді. Өзін күтіп алған немере інісі мұның жүрісіне ілесе алмай, қасында жүгіре жортып келеді. Зейнептің кешелі бері жан сақтау бөлімінде жатқанын, ішке кіргізбегесін көкесі аурухананың есігін күзетіп жүргенін де содан естіді.

Аурухананың жан сақтау бөлімінің меңгерушісі өзі құралпы жігіт екен. Екі дүниенің ортасында жатқан адамдардың өміріне кез келген оқыс жайдың зиян тигізуі мүмкін екендігін, сондықтан, ол бөлімге келушілердің кіргізілмейтінін ежіктеп түсіндіріп тұрып, мұның жас тұнған жанарына көзі түсіп кеткенде, кілт тоқтады. Сосын ләм деместен ілулі тұрған халатты әкеліп Қайыржанның иығына жапты да «жүріңіз» деді.

Ауруханаға жеткенше асыққан жылдам жүрістен әрі «жан сақтау бөлімі» деген атаудың өзінен қобалжып, денесі бір ысып, бір суынған Қайыржан палатадағы қоңырсалқын лептен денесі тітіркеніп, бойын жиып ала қойды. Қатар-қатар қойылған екі төсектің біреуінде Зейнеп жатыр екен. Көзі жұмулы. Басына, оң қолының қарына, сол қолының саусағына әлдебір аппараттар кигізіліпті. Ол аппараттардан тартылған түрлі-түсті сымдар науқастың организмінде болып жатқан өзгерістерді жеткізіп тұрған болуы керек, төсектің бас жағына орнатылған мониторлар ара-тұра сырт-сырт етіп, бір қалыпты ырғақпен жұмыс істеп тұр. Бөлім меңгерушісі олардың көрсеткіштеріне қарап, басын шайқап қойды.

Аяғынан әл кетіп бара жатқандай болғасын, Қайыржан төсектің қасында тұрған орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Ақ төсектің үстінде кіп-кішкентай болып жатқан анасына қарап, ет жүрегі елжіреген сезімге толды. Батылсыздау қимылдап, Зейнептің қолының сыртынан сипады. «Зейнеш, мен келдім, - деді күбірлеп. – Көзіңді ашшы, Зейнеш...»

Кеудесін сығымдаған әлдебір сезім өн-бойын қалтыратып, жалын ата күрсіндірді. Басын иіп, ернін Зейнептің қолының сыртына тигізген Қайыржан оның кіп-кішкентай саусақтарын ақырын ғана уқалап отырып, тағы да сыбырлай сөйледі: «Зейнеш, Құдай үшін, көзіңді ашшы... Мен ғой – Қайрош... Енді ылғи бірге боламыз... Сәл бас көтерсең болды... Астанаға алып кетіп, емдетемін... Ол жақта Қуаныш... немерең күтіп жүр... әжем қашан келеді деп...»

Тамағына тығылған өксіктен сөзін әрі қарай жалғай алмай, қыстыға жылады. Көз жасы Зейнептің қолына тырс-тырс тамып жатты. Аһ ұра күрсінген Қайыржан бір сәт өзін-өзі тоқтатып, тамағын кенеп алды да, түбі бір шығарам деп сан жылдар бойы жүрегінің түпкірінде сақтап келген ең басты сөздерін айтты: «Зейнеш... сен маған ренжіп жүрсің бе? «Мама» демеді деп? Ренжіме... Алланың алдында жалғыз анам өзіңсің, мама...»

Бетін жас жуған Қайыржан Зейнептің қолын сүйгелі ұмсына беріп, кенет кідіріп қалды. Алғашында көзіме солай көрінген шығар деп ойлаған. Анықтап қарап еді – Зейнептің өзі уыстап ұстап, сипалап отырған оң қолының сұқ саусағы дір-дір етіп қимылдап, бір белгі бергендей болды. «Мама!» Даусы қатты шығып кеткен Қайыржан жүрегі аузына тығылғандай болып, орнынан атып тұрды...

Жүгіре басып палатаға кірген дәрігер, мониторда лып-лып етіп жанып-сөнген үзік-үзік сызықтарға көзі түсіп, жүзіне күлкі үйіріліп, Қайыржанды иығынан құшақтады. Сосын апыр-топыр жүгіріп келген медбикелерге нұсқаулар беріп, өзі үздіксіз сыртылдап тұрған аппараттың әлдебір түймешелерін басып, әбігерленді де қалды.

Зейнеп ертеңіне түпкілікті оянды. Көзін ашқан кезде өзіне төніп отырған Қайыржанды көріп, мейірлене күлімсіреді:

- Қай-рош?

- Әу, мама?

- Ма-ма?

- Иә, мама... қатты қорқыттың ғой бізді... Енді бәр жақсы болады. Әбден сауығып кеткеніңше қасыңда боламын, асыл анашым менің...

Зейнеп баласының қолын әлсіз ғана қысып қойды.

Ауруханадан шыққан Қайыржан аудандық байланыс бөлімшесіне барып, отбасылық жағдайына байланысты кезекті еңбек демалысын беруді сұрап, жұмысына жеделхат жөнелтті. Есіктен шыға беріп, қайта оралды да, тағы бір бланкіні алып: «Дина! Қуанышты ешкімге бермейміз. Қандай жағдайда да бала өз ата-анасының бауырында өсуі керек. Мен ауылдамын, баланы алып осында кел» деп жазып, төркініне кеткен келіншегіне екінші жеделхатты жіберді де, иығынан ауыр жүк түскендей, еңсесін тік көтеріп, нық басып, көкесінің үйіне қарай адымдай жөнелді.

ТЕЛЕФОНМЕН ТӘРБИЕЛЕУ

Күндегі әдеті осы. Сағат 10-нан аса бере Кәмила үйіне телефон соғып, кішкентай қызын оятады. Нөмірді терген соң телефон тұтқасын құлағына тосып, біраз ұстап тұрады. Сірә, ар жақтан жуық арада ешкім көтермейді-ау деймін, тың тыңдағандай болып, бар зейінін телефон тұтқасына аударып, ұзақ күтеді. Бір кезде жүзі жылып:

- Тұрдың ба? Қошақаным сол, - дейді, - беті-қолыңды жуып, шәйіңді іше ғой. Мен саған майсөк жасап кеттім. - Соңғы сөздерін ерекше мән бере айтады. - Жарайды, бара ғой, күнім, сосын тағы хабарласамын.

Содан кейін жайғасып алып, жұмысына кіріседі. Анда-санда алдында жатқан қағазға бір қарап қойып, саусағы компьютердің клавиатурасында жорғалап жүре береді. Сырт қараған адам оны бір материалды компьютерге басып отыр деп ойлауы мүмкін. Алғашында мен де солай ойлағам. Сөйтсем, Кәмила аудармашы екен. Оқып отырып ойша аударып, бірден компьютерге тереді. Ара-тұра алдында жатқан екі томдық қазақша-орысша сөздікке қарап қойып, бөлмедегі басқа адамдардың өзара әңгімелеріне, кіріп-шыққандарға елең етпестен, бейнебір компьютердің ішіне сүңгіп кеткендей, бір қалыпты сытырлатып басып отырады. Осы жұмыс ырғағын алдындағы телефонның шырылы бұзады.

Телефонның тұтқасын көтеріп, құлағына тосқан кезде жүзі жылып сала береді.

- Әу, жаным...

Сөйлескен кезде ар жақтан айтылып жатқан сөздерді мақұлдағандай, басын изеп отыратыны қызық-ақ. Алдында телефон аппараты емес, адам отырғандай, бет-жүзі құбылып, біресе күлімсіреп, біресе қабағын кере таңданады.

- Солай ма? Дұрыс істегенсің, ақылдым сол. Тағы бір рет тексерсең тіпті жақсы болар еді. Кеше үйреткенімдей буынға бөліп оқы. Жазғанда қате жіберсең, сонда бірден көрінеді. Енді тағы қандай сабағың қалды? А-а... Жарайды, онда ойнай ғой. Мысығыңа сүт беруді ұмытқан жоқсың ба?. Жақсы, қошақаным. Тағы хабарласамын ғой.

Кәмиланың кішкентай қызымен сөйлескендегі даусы іші-бауырыңды елжіретеді. Және айналып-толғанғаны қандай! Елден ерекше бір сөздерді тауып алады. «Жапырағым сол!» деді бірде қызына. «Көбелегім кішкентай!» деді тағы бірде еміреніп. Өзі телефон соққанда қызын «Әшөнтай!», «Ақпатшам!» деп атайды. Ұрсу, зеку деген жоқ, тұла бойына мейірім тұнып тұрғандай дерсің. Ол қызымен сөйлескен кезде сыртынан бақылап отырған адамның өзі рахаттанып қалады.

Бірде кішкентайы ауырып, Кәмила бір апта жұмысқа шықпай қалды. Адам не нәрсеге болсын үйреніп қалады екен-ау, бөлмемізде сол күндері оның қызына телефон соғып, айналып-толғанып отыратын даусы жетіспей тұрды. Содан да болар, ол жұмысқа шыққанда бөлмедегі бәріміз шұрқырасып табыстық. Бұл күні Кәмила қызына әдеттегі уақытынан кешірек телефон соқты. Айналып-толғанғанын естігім келіп, тықыршып отырған мен де құлағымды түре қойдым.

- Қошақан, тұрдың ба? Жарық дүнием менің!

Ол қызына емірене сөйлей беріп, кілт тоқтай қалды. Көзі таңырқай үлкейіп, телефон тұтқасын құлағына қыса түсті. Ар жақтан қызы әлденелерді қуана айтып жатқан болуы керек, Кәмила күлімсіреп, басын изеп қояды.

- Міне, көрдің бе, тотықұсың да сенің тәуір болғаныңа қуанып жатыр. Неше күннен бері үндемей отыр еді, енді сөйлей бастапты. Сен бүгін оған суды өзің құй, жарай ма, Әшөнтай? Шәйіңді ішіп алған соң екеуің сөйлесіңдер. Үйреткен сөздеріңді ұмытып қалмады ма екен өзі? Солай ма? Бұл бір ақылды тотықұс болды ғой. Жарайды, онда, құсыңа бара ғой. Мен кейінірек хабарласамын.

Телефон тұтқасын қойған соң Кәмила маған қарап:

- «Тотықұсым оятты» деп қуанып жатыр. Мама, тура сіз құсап «Әшөнтай, тұра ғой. Тұр-ра ғой» деді. Мен сіздің даусыңыз қарлығып қалған ба десем дейді»,- деп күлімсіреді.

- Мысықтарың тиіспей ме?

Кәмила жадырай күліп, басын шайқады:

- Тиіспейді. «Мал иесіне тартады» деген ғой, біздің малымыз - тотықұс пен мысығымыз. Екеуі де балаларыма тартқан сезімтал, мейірімді, ерке. Көңіл-күйіңді, ренжіп-қуанғаныңды біліп тұрады. Балалармен бір ішкі байланыстары бар сияқты. Мына тотықұсты балапан кезінен алғанбыз, сөйлеуді де балалардың өздері үйретті. Бұрын он шақты сөз айтатын еді, кішкентай қызым ауырғалы бері үндемей қойды. Мен оны да ауырып қалды ма екен деп алаңдап жүр едім... Жақсы болды…

Кішкентай кезінде үй хайуандарын – мысық, күшік немесе түрлі тіршілік иелерін – тотықұс, кірпі, тасбақа асыраған балалардың есейген кезде жүрегі жылы, мейірімді азамат болып шығатыны туралы пікірлерді бәріміз де естігенбіз. Меніңше, мұндай балалар әу бастан өздері мейірімге шомылып өскендіктен, айналасындағы өзінен әлсіз, әлжуаз тіршілік иелерін мейірімге бөлегісі келетін болар деп ойладым Кәмиланың балаларының түрлі хайуандарға үйірсектігін естіген соң. Қатыгез адам қайдан шыады деп таңырқап жатамыз, ата-ана мейіріміне қанбаған балалардан да шығуы мүмкін-ау.

Айтуға оңай-ау, бірақ мына қарбалас заманда ата-ана мен баланың қатынасы да асығыстыққа құрылып бара ма, қайдам...

Анасының бірнеше күн қасында болғанына үйреніп қалған-ау деймін, кішкентай қыз сол күні телефонға маза бермеді. Бөлме тыныштығын телефон шырылы төртінші ме, бесінші ме рет бұзғанда: «Менің қызым телефон терроршысы болып кеткен бе өзі?» деп Кәмила бізден ыңғайсызданып қалды. «Терроршысы емес, телефонның еркесі ғой» -, деді ішіміздегі ақсақал ағамыз Мырзекең оның ыңғайсызданғанын жуып-шәйіп. Кәмила Мырзекеңе ризашылықпен қарап, басын иіп қойды.

Іле-шала телефон тағы шыр ете қалғанда бәріміз ду күлдік. Кәмила қосыла күлді.

- Әу, жаным... Ы-ы... - Кәмила күлгенін қойып, кібіртіктеп қалды. - Үйге барған соң айтып берейін де, қошақан... А-а... Басың ауырып тұр ма? Ыстық дейсің бе? Жарайды, онда. Мен мұндағы аға-апалардан сұрап көрейін. Қазір.

Кәмила телефон тұтқасын құлағынан алып, бізге қарады.

- Ертегі айтып бер деп қыңқылдап тұр. Басым ауырып тұр дейді... Еркелігі ғой. Тәуір болған соң қояды. Бес-он минут үзіліс жасап, сіздер де ертегі тыңдасаңыздар қайтеді?

- Тыңдайық,- деді Мырзекең бәріміз үшін жауап беріп. - Біз ертегі тыңдамағалы не заман!

- Рахмет! - Сәл ойланып барып, Кәмила телефон тұтқасын қысып ұстап, көзін алыс бір нүктеге қадап, ертегісін бастап кетті:

- «Сонау-сонау солтүстікте, қат-қабат мұздың астында зілдің баласы сан жылдар бойы ұйықтап жатыпты. Бір күні аспаннан ағыл-тегіл шуақ төгіліп, Күн сәулесі тоң боп қатқан мұзды ерітіп, ыстық лебімен аймалап, ұйқыда жатқан зіл баласын оятыпты. «Мама!» деп шақырыпты ол ояна салып. Бірақ оған ешкім жауап бермепті. «Ма-ма!» депті зіл баласы жыламсырап... Тағы да тіл қатқан ешкім болмапты.

Сонда ғана жаһан дүниеде жалғыз қалғанын түсінген зіл баласы қорыққанынан жылап қоя беріпті. Әрі-бері жүгіріп, даусы қарлығып шықпай қалғанша анасын қайта-қайта шақырып, әбден шаршайды. Бір жағы қорыққанынан, бір жағы тоңғанынан қалтырап, дірілдеп, мұз үстінде жалғыз өзі зар илеп жылап ұзақ жүреді. Өзегі талып, қарны ашады, аяқтарынан әл кетеді.

Жан-жағына қараса – шалқыған су, су үстінде қалқыған мұзтаулар. Ақыл айтар, жөн сілтер ешкім көзіне ілінбейді. Әбден қиналған кезде Аллатағала ой салып, анасыз күн көре алмайтынын түсінген зіл баласы, көзінен моншақ-моншақ жасы төгіліп, анасын іздеуге аттаныпты...»

«Біз ертегі тыңдамағалы не заман!» деп Мырзекең айтқандай, ертегідегі оқиғаның өрілуіне қарай Кәмиланың мың құбылған дауысын тыңдап отырып, мынадай айтылған ертегіні ешқашан тыңдамағанымды ойладым. Өзім де балаларыма ертегі айтып көрмеппін. Бұл жағынан келгенде бұлайша ертегі айтатын анасы бар мына «телефон еркесінің» аузының салымы бар екен.

- Балаларыңызға ылғи ертегі айтасыз ба? - деп сұрады Кәмила ертегісін айтып болып, жұмысына кірісе бергенде Шалқар ағамыз. Тура менің ойымды біліп қойғандай.

- Ылғи айтамын.

- Оныңыз жақсы екен. Ертегі айтқан дұрыс қой.

- Көп ертегі білесің бе? - деп Мырзекең қулана сұрақ қойды.

- Біраз білемін.

- Онда бізге де айтып беріп отырсаңшы...

Бәріміз ду күлдік.

Кәмиланың ән айтатын тәп-тәуір даусы бар екенін де ерке қыздың арқасында білдім.

Әдеттегідей түскі астан кейін сәл сейілдеп, ішке кірсек, телефоны безілдеп жатыр екен. Ол: «Әу, Әшөнтай!» деп қызын әдетінше айналып-толғанып сөйлесе бастады. Бір кезде жаңа ғана жарқын-жарқын шығып тұрған дауысын бәсеңдетіп, қызын алдарқата сөйлеп, үгіттей бастады. Әлденеге келіссөз жүргізіп жатқан сияқты, бірақ көндіре алмады-ау деймін, маған қарап ыңғайсыздана жымиып:

- Өткен сабақта әнұранды үйреткен екен. Соның әнін ұмытып қалдым, мектепке барған соң апай сұрайды, бірге айтайық деп отырғаны мына тентектің,- деді.

- Ал сен білесің бе?

- Білемін. Екеуміз бірге жаттадық қой.

- Білсең, айтып бер. Баланың меселін қайтармау керек. Оның үстіне, жасыратыны жоқ, қазіргі әнұранды бала түгіл үлкендердің жаттауы оңай емес екен. Әлде қартайдым ба, білмеймін...

- Онда, тәте, сіз есікті қарай тұрыңызшы, біреу-міреу келіп қалса ұят болар. Мен қызымның есіне сала қояйын...

Есіктің сыртында тұрғанымда басқа қызметкерлер де келді. «Ерке-қыздың» талабымен Кәмиланың әнұран айтып жатқанын естіген соң бәрі де есік алдында іркіле тұрды. Еліміздің құдіретті әнұранын:

Жаралған намыстан қаһарман халықпыз,

Азаттық жолында жалындап жаныппыз!-

деп, телефонға емес, үлкен жиналыстағыдай салтанатты дауыспен айтып жатқан Кәмиланы бәріміз үнсіз тыңдап тұрдық. «Үш шумағын да айтып шықты»,- деді Мырзекең.

Біз бір-бірімізге қойғымыз келген сұрақты қоймаған қалпы топырлап ішке кірдік.

Бір қызығы, Кәмиланың үлкен балалары телефон соғып, анасын тым көп мазаламайтын. «Біздің лимитімізді Әшөнтай жеп қойған» дейтін көрінеді олар әзілдеп. «Үлкен екеуі мына кішкентайды қатты еркелетеді. Ауыздарындағы жырып, осыған беріп отырады. Сондай мейірімді құлындарым» дейді Кәмила еміреніп.

Балалары өзі айтқандай мейірімді ғана емес, тәрбиелі, өнерлі деп отыратын бөлімдегілер. Оған көп ұзамай өзімнің де көзім жетті. Наурыз мейрамы мекемемізде кеңінен атап өтіліп, бөлімдер арасында өнер сайысы болатыны жарияланған-тын... Біздің қиналған жеріміз осы болды. Жұмыста, отбасында атқаратын тірліктің қай-қайсысын да дөңгелетіп әкететін болғанымызбен, ешқайсымыздың да сахнаға шыға қоятындай өнеріміз жоқ екен. Бір-бірімізді біраз үгіттеп, қажағаннан кейін, бәріміз Кәмилаға қолқа салдық. «Намысты қолдан бермеу керек. Басқа бөлімдерден қалып қойсақ ұят-ты. Жассың ғой, бір амалын тап.»

- Мен балаларыммен сөйлесіп көрейін, мамасы істейтін бөлімнің намысын қорғауға келісетін шығар, - деді ол.

Айтқанындай-ақ, Наурыз мейрамы кезінде Кәмиланың балалары қаздай тізіліп келіп, біздің бөлімнің атынан өнер көрсетті. Тоғызқұмалақтан өткізілген жарыста ұлы алдына жан салмай, бас жүлдені жеңіп алса, қыздары өнер сайысында ерекшеленді. Үлкені домбыра тартып, ән айтады екен. Мамасы телефонмен тәрбиелеп жүрген кішкентай қызбен танысудың сәті де сол сайыс кезінде түсті.

Үстіне парчадан тігілген би костюмін киіп, дәл осы кезде сахнада үзілдіріп:

«Әсем әнім дала кезіп барады,

әгу-гай, әгу-гай, әгу-гай-ай» - деп, домбырамен ән салып тұрған тәтесін күтіп тұрған балақайдың қасына келіп: «Сен Әшөнтайсың ба?» деп сұрадым.

Ол маған таңдана қарап, басын изеді. Сосын салмақты үнмен: «Менің атым – Ақерке, «Әшөнтай» деп мамам атайды» деді.

- А-а, солай ма? Ал бүгін сен бізге қандай өнер көрсетесің?

- Мен Шығыс биін билеймін.

- Жақсы екен. Ал билеуді саған кім үйретті?

- Әуелі мамам үйреткен, сосын, мектепке барған соң оқушылар сарайындағы үйірмеге қатысатын болдым.

Қойылған сұраққа үлкен кісілерше нақпа-нақ жауап береді екен. Кішкентай баланың тілін қызықтап тағы бірдеңелер сұрағым келген, бірақ оның өнер көрсететін кезегі келіп, «телефонның еркесі» құйқылжыған шығыс әуеніне мың бұрала билеп кете барды...

- Балаларың қандай сүйкімді! - деймін сол жерде тұрған Кәмилаға. - Өнерлерін көріп, айдаладағы мен мәзбін, сенің жүрегің қалай жарылып кетпей тұр? Еш арманың жоқ шығар!..

- Арманым көп, тәте, - деді Кәмила жанары жарқырап. - Осыларды аман-есен өсірсем! Көптің бірі емес, қатарының алды болса! Ой таластырса ойы озық, өнер таластырса өнері үстем болса! Мен оларға: «Халқымызда «Жас болсаң жанған от бол, от болмасаң жоқ бол!» деген сөз бар», - деп үнемі намыстарын қайрап отырамын. Арқа сүйер адамың, қалта толы қаражатың болуы керек деген ұғым қалыптасқан мына заманда терең біліміңе, адал еңбегіңе сүйеніп, талай биікті бағындыруға болатынына көздерін жеткізгім келеді...

Ал, шынымды айтсам, тәте, мен үйде отырып, осыларды оқуларына өзім шығарып салып, айналып-толғанып өзім күтіп алуды армандаймын. Сонда мен сіздердің уақыттарыңызды алып, қазіргідей телефонмен ертегі айтып отырмас едім,- деп жымиды. - Бірақ, амал не?..

Соңғы сөздерді артық айтқанымды сонда ғана білдім...

ТАСТАНДЫ

- Нағима Әмірқызы! Нағима Әмірқызы!

Дәліз түбіндегі палатадан шыққан медбике әйелдерді босандыратын бөлімге қарай кетіп бара жатқан акушер гинекологтың соңынан тұра жүгірді.

- Нағима Әмірқызы, екі күн бұрын өзіңіз босандырып алған Айна деген келіншек баласын емізбей жүр!

Дәрігердің төбесінен жай түскендей болды.

- Емізбегені қалай? Мүмкін емес! Емізуді білмейтін шығар, көрсетіп, үйрету керек еді ғой.

Дәрігердің қашанғы әдетінше, кісіні кінәлаудан бұрын өз істерінен кемшілік іздеп жатқанына сыралғы медбике мырс ете қалды.

- Мүмкін болғанда қандай, Нағима Әмірқызы. Ол тіпті емізуге әкелген баласына қарамастан, теріс қарап, тарс бүркеніп жатып алды. Ешкіммен сөйлеспейді де...

- Енді не істеп жатырсыңдар? Балаға не беріп жүрсіңдер?

- Алғашқы күні сол палатада жатқан әйелдер қарны аш балаға жандары ашып, нәрестені кезектесіп емізген... Сосын жаңа туған сәбиге беретін арнайы қоспаға тапсырыс жасадық.

Түнгі ауысымнан кейін күн аралатып жұмысқа келгенде естіген осындай жаңалықтан жас дәрігер Нағима Әмірқызы есінен танып қала жаздады... «Ой, Алла-ай, нешетүрлі сұмдық бола береді екен-ау! – деді ол күбірлеп. – Баласын емізбегені несі? Ешкіммен сөйлеспегені несі? Қой, бүйтіп, отыра беруге болмас. Ауысымның аяғына дейін анық-қанығына жетіп, мәселені шешу керек».

Перзентханаға жаңадан келіп түсіп жатқан әйелдерді қабылдап жатып та, палаталарды аралап жүріп те, өзін айран-асыр еткен осы жайға ойша орала берді. «Ойпырм-ай-ә, өз баласынан безінген деген не сұмдық! Бұған не істесем екен?»

Оқиғаның оқыстығы сонша, не ашуланарын, не таңданарын білмеді. Әріптестерінен босанған әйелдердің ішінде өз баласынан безінетіндер болатыны туралы талай естігенімен, өз тәжірибесінде әлі ондай жай кездеспеп еді. Содан да болар алғашында абдырап, не істерін білмей, тығырыққа тіреліп-ақ қалды. Басында бойын бұрқ еткен ашу кернеді. Палатаға жетіп барып, баласынан безген келіншекке дүрсе қоя бергісі келген. Іле ол ойынан қайтып, алқымына тығылған ашуды сабырға жеңдіруге тырысты. Шынын айту керек, бұрын қаншама рет естігендіктен, өмірде ондай жайдың кездесетінін білсе де, өзі ешқашан бетпе-бет келмегендіктен, көңіл түкпірінде оқиғаның шындығына деген сенімсіздік те бар еді. Сондықтан, не де болса, барлығын өз көзімен көріп, өз құлағымен есту үшін Айна жатқан палатаға беттеді.

...Палата ішінде жатқан әйелдердің ішінен оны тап басып таныды - жылай-жылай көзі бұлаудай болып ісіп кеткен келіншектің түрі аянышты-ақ еді. Есіктен кірген дәрігерді көргенде, сірә, бұл сәтті өзі де үрке күтіп жатқан болуы керек, басын көтере алмай бүгежектеді де қалды. Жаңа ғана ширығып келген дәрігер бойындағы ашудың қайда кеткенін өзі де білмей қалды.

- Айна, сен маған сюрприз дайындап қойыпсың ғой.

Келіншек үндемеді.

Дәрігер оның қасына келіп отырып, қан қысымын өлшеді. Ақ шүберекпен тас қылып байлап тастаған кеудесін ашқызып көріп еді – сүт кернеген қос анары тырсылдап тұр екен.

- Балаңды емізіп, қалғанын сауып таста, сүт қатып қалса қиын болады, - деді жас келіншектерге кеңес беретін қашанғы әдетімен. – Қазірдің өзінде аздаған қызу бары байқалады, балаң жақсы емсе, қалыпқа түседі.

- Мен оны емізбеймін...

Келіншектің даусы солғын шықты.

- Сен асықпа. Өмірде түрлі қиындықтар болады. Адам сол қиындықтармен күресіп, жеңе білсе ғана - адам. Ал алғашқы қиындықта-ақ өз басыңды қорғаштап, титімдей сәбиіңді тастап кетсең - кім болғаның? Бұдан кейін қалай өмір сүресің сонда?

Келіншек басын тұқыртып, ләм-мим демеді.

- Күйеуің бар ма? Туыстарың бар ма? Босанғаныңды естіді ме?

Көзінен тарам-тарам жас парлаған Айна жастығын құшақтап, булыға жылады.

- Жарайды, Айна. Сабыр ет. Жағдайың қиын екені белгілі боп тұр. Жылағаннан пайда жоқ. Одан да екеулеп бір амалын ойластырайық.

Дәрігер барынша сабырлы болуға тырысып, жас босанған анамен тағы біраз сөйлесті. Мұндайда нақты көмек көрсетер жағдайы болмаған соң адамның айтар сөздері де салмақсыз болатындай көрінді өзіне. Сонда да шалт шешім қабылдап отырған Айнаны өмірлік өкінішке ұрындырар қадамнан сақтандырып, ақылға келуге шақырды. Қолынан келгенінше көмектесуге уәде берді.

Айна тіл қатқан жоқ. Әйелдің тас боп қатқан жүрегін жібітемін бе деген соңғы үмітпен: «Қызың өзіңнен аумайды, оң қабағының үстінде қарауытқан белгі бар, сірә, сенікіндей мең болатын шығар, көрдің бе?» деген. Айна аузынан әлдене шығып кете ме деп қорыққандай ернін жымқырып, басын шайқады. Дәрігер «Әлі де ойлануға уақыт берейін, асығыс шешім қабылдама» деп палатадан шығып бара жатқанда, келіншек тағы да бір жылы сөздер күткендей бұған жаутаңдай қараған. Әлдене дегісі кеп, оқтала беріп, тоқтап қалып еді. Жүзіндегі бағанағы қатулықтың сірі сөгілгендей әсер еткен бұған. Алдамшы әсер екен. Айна сол түні баласын тастап, қашып кетті.

Жарық дүние есігін аттамай жатып тірі жетім атанған сәбидің шешесін іздеп таппақшы болып дәрігерлер әрі жүгірді, бері жүгірді. Милицияға хабарлады, қаладағы әйелдер консультацияларында есепте тұрған әйелдер арасынан іздестірді. Ақыры барлық әрекеттері нәтиже бермеген соң дәрігерлер оны анасының атымен атап - Асанова Айна деп куәлік толтырып, нәрестелер үйіне өткізді.

Арада он сегіз жыл өткенде әйелдер босанатын үйде тағдыр Нағима Әмірқызын кіндігін өзі кескен осы Айнамен екінші рет кездестірді. Ең өкініштісі, оқиғаның тұп-тура Айнаның өзі дүниеге келгенде шешесі істеген іс сияқты айна-қатесіз қайталанғанын айтсаңшы!

...Түнде босанған әйелдердің медициналық кітапшаларын бөлім меңгерушісінің қолына ұстата беріп, кезекші дәрігер «Мына әйел баласын тастап кетемін деп жатыр» деп, бір кітапшаны бөлек ұсынды. Нағима Әмірқызының көзіне «Асанова Айна» деген жазу оттай басылды. Бұл атты қалай ұмытсын! Ұмытпақ түгілі, дәрігерлік тәжірибесінде алғаш кездескен «көкек ананың» аты-жөнін, бет-бейнесін ұзақ жылдар бойы санасынан өшіре алмаған. Ол-ол ма, баланы Айна емес, өзі тастап кеткендей қиналғанын айтсаңшы. Тіпті «баласын тастап кету туралы ойынан қайтара алмадым, ісінің қателігіне көзін жеткізе алмадым» деп өзін-өзі кінәлаған кездері де болған.

Кейде автобус терезесінен қарап отырып, көшеде кетіп бара жатқан жас әйелдерден сол қашқын әйелге ұқсастық іздеп, кездесіп қалам ба деп қарап жүретінін өзі де байқамай қалатын. Бірде, екпіндей басып, өзінен озып бара жатқан жас қызды соған ұқсатып, қолынан шап беріп ұстай алғаны бар. Бірақ, ол Айна болмай шықты...

Келе-келе мұндай оқиғалардың қаншасы бастан өтті. Енді міне, тағдырдың өзі алдынан шығарып отыр. Жәй ғана шығарып қоймай, жүрек пен жүйкеге салмақ түсірер тағы бір оқиғаны кесе көлденең тартып отырғанын қарасаңшы. Әлде, сонау дәрігерлік қызметке алғаш кіріскен жылдары тәжіріибесінің жоқтығынан, өмірден көріп-білгені аздығынан, қолында билік жоқтығынан жіберілген кемшіліктің орнын толтырсын деп алдынан шығарып отыр ма екен? Кітапшаларды жинай салып, дәрігер Айна жатқан палатаға беттеді.

Өрімдей жас әйел «не айтатыныңды білемін» дегендей, дәрігерге немқұрайлы көз тастап, сұлық амандасты. Оң қабағының үстіндегі ноқаттай қара мең мөлдіреген көзін одан әрі мұңға толтырғандай. Толғағы ауыр болып, қиналып босанды ма екен, әлде жанын жегідей жеген ой қажытты ма екен, әйтеуір, түрі шаршаңқы. Кешелі бері өзіне келіп, ақыл айтушылардан мезі болғанын көрсеткісі келгендей, «сен де қалай келсең, солай кетесің» дегенді білдіріп, Нағима Әмірқызына мысқылдай қарады.

Нағима Әмірқызы жағдайын сұрап, «бөпеңді көрдің бе?» дей беріп еді, мәселені бірден шешіп тастағысы келетінін танытып, «я от него отказываюсь» деп қойып қалды. Әңгімені одан әрі созбау үшін, айтар сөзін алдын ала даярлап қойған сияқты. Дәрігерге ол арадағы әңгіме басқа арнаға бұрылса немесе ұзаққа созылса өзін-өзі ұстай алмай, сыр беріп қаламын ба деп қорқатындай көрінді. Ұзақ жылғы тәжірибесінде «көкек» аналардың талайын кездестірген Нағима Әмірқызы мұны бірден байқады. Байқады да, қатты сөйлеп, болмаса ақыл айтып, онсыз да басы қатып отырған жас әйелдің санасына салмақ салуға асықпады.

Сол күні түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмады. Ойпырмай, бұл оқиғаны қандай заңдылықтың аясына сыйдыруға болады? Анасын көрмеген, білмеген, ықпалында болмаған қызының бір кездері шешесі жасаған істі айна-қатесіз қайталауына қандай түсініктеме беруге болады? Әдетте «сүтпен сіңген» деп жатады, ал бұл болса ана сүтін ембеген де ғой. Орыстың «жеміс ағашынан алысқа түспейді» деген мақалы осындайдан шықты ма екен?

Келесі күні Айнаны өзінің кабинетіне шақырып алып, ұзақ сөйлесті. Айнаның балалар үйінде өскенін, сегізжылдық қана білімі бар екендігін, құрылысшылар жатақханасында, бір бөлмеде үш қыз тұратындықтарын өз аузынан естіп білді. Үйленеміз деп уәделескен жігіті мұның аяғы ауырлағанын естігенде сөзінен тайқып шығыпты. «Баланы алдырып таста» деп біраз үгіттеген екен, бірақ «ойы өзгерер, үйленерміз» деп үміттеніп, уақытты өткізіп алыпты.

- Мені бір тасжүрек деп ойламаңыз, дәрігер. Шынымды айтсам, алдыртып тастамаған өзім, аядым, бірдеңе ғып өсірермін деп ойлағам. Бірақ...

Қулық-сұмдықтан ойы таза, тек басына түскен мына жайдан, жапан дүниеде баласын құшақтап жалғыз қалатынынан үрейленетіндей. Оның үстіне, басында үйі, қасында сүйеу болар адамы жоқ, қалай күн көрмек?

Өзінің өмірі туралы біраз мағлұмат берген әңгімесін аяқтай бере:

- Вообще, я сама – тоже отказной ребенок, так что, это у меня, наверно, в крови, - деді сосын мысқылмен жымиып.

Бұл сөзінің жаны бар еді. Перзентханада қалдырылған балаларға сондай қағаздың рәсімделетіні рас. Содан бұл қағаз баланың кітапшасына тігіліп, ол кәмелетке жеткенше «тастанды» екенін айғақтайды да тұрады. Осы отырған Айнаға қарғыс атқыр сол құжаттың толтырылғанына Нағима Әмірқызының өзі куә. Есіне сол түсіп, дәрігердің үнсіз қалғанын пайдаланған Айна енді бастырмалата сөйлеп, шабуылға шықты.

- Міне, сіз оқыған, ақылды адамсыз, дәрігер, айтыңызшы, анам мені неге тастап кетті? Өзі аман-сау, ештеңені уайымдамай өмір сүріп жатқан шығар, тіпті бақытты да болуы мүмкін. Ал мен болсам бір ауыз жылы сөзге зар боп өстім. Мен қайдан мейірімді болмақпын? Мен оның тіпті қандай сезім екенін де білмеймін! Отбасы дегеннің не екенін, аналық махаббат дегеннің не екенін маған сол үйретуі керек еді ғой! Ал ол мен бойында пайда болған күннен бастап қалай құтылуды ойластырған болар. Яғни, менің мұндай қадамға баруым заңды нәрсе! Егер сол кезде ол мені тастап кетпегенде, мен де бұл баланы қалдырмас едім!

Нағима Әмірқызы үшін бұл күтпеген жай емес еді. Өзінің ойы да кешелі бері осыған сая берген. Ойына америкалық психолог Вирджиния Сатирдің бала тәрбиесіне қатысты айтқан сөздері оралды: «Жер бетінде тыныштық орнату ынтымақты отбасын құруға өте ұқсас. Біз отбасыларына көмектесуге тырысамыз және осы білімімізді дүниені қайғы-қасіреттерден арылту үшін пайдалана аламыз. Күшпен, қорқытып-үркітумен өз дегеніне қолжеткізіп үйренген бала есейген кезде де мәселелерін шешу үшін сол амал-тәсілдерін қолданады. Айналамыздағы адамдардың көпшілігі осылай тәрбиеленгендіктен, көптеген мемлекеттер басшыларының диктаторлық тәсілдерге жүгінетіні таңқаларлық нәрсе емес...»

- Енді осындай сұмдық қателік, қатыгез әдет ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беру керек пе? Сен балаңды тастап кеткенде анаңда кеткен кегің қайта ма, ойланшы... Өзің айтып отырсың ғой, бір ауыз жылы сөзге зар болдым деп. Сол жылы сөзден, ыстық алақаныңнан сен айырма сәбиіңді. Қатыгездіктің тізбесін сен үз сөйтіп! Ертең бұл азамат болғанда көрген қиындығыңның бәрі бір күнгідей болмайды.

- Ол өседі дегенше... Сіздерге айту оңай. Мен баламен қайда барамын? Қалай күн көремін? Ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ. Сіз де маған жаныңыз ашығандықтан емес, тастап кеткен баламен басыңызды қатырмау үшін айтып отырсыз. Әйтеуір мені осы үйден баламен шығаруыңыз керек. Солай емес пе? Түптің түбінде баланы, басқа барлық проблемаларды құшақтап мен жалғыз қаламын!

- Жалғыз қалмайсың, мен саған уәде беремін. Кел, екеуміз былай келісейік. Сен балаңды алып шығып, қазіргі бөлмеңде тұра тұр. Қасыңдағы қыздар бірер айға шыдайды ғой? Ал оған дейін мен осындағы бөбектер үйінің бірімен келісіп қояйын – ол менің қолымнан келеді, күмәнің болмасын. Соның ішінен сәл күш жинаған соң сен істейтін бір жұмыс қарастырамыз. Балаң қасыңда болады. Бұған қалай қарайсың?

Айна «қайдан білейін» дегендей иығын көтерді, қобалжулы сияқты. Адамның алғашындағы тас бекем ойынан тез қайтуы да оңай емес қой, соны түсінген дәрігер Айнаны «уәдеңді бер» деп асықтырмады. Бар болғаны «Бар, қазір бөпеңді әкеп бер деп айтамын, мәмесін бер. Ол сен екеуміз күткендей үлкен азамат болуы үшін қазір көп емуі керек» деді. Кешелі бері тістеніп, көзінен бір тамшы жас тамбаған Айнаның жанары жасаурап, үнсіз басын изеді.

Бөлмедегі қыздармен, одан кейін жатақхана комендантымен келіссөз ойлағаннан ұзаққа созылып кетті де, Айна басқа әйелдерге қарағанда перзентханада ұзағырақ жатып қалды. Арада жарты айдай уақыт өткенде барып, дәрігерлер орталарынан ақша шығарып сатып алған жаялық-жөргекке оралған сәбиін перзентханадан көтеріп шыққан. Есіктен шыға берген оны бірнеше әріптесі, бөлмелес қыздары улап-шулап қарсы қарсы алды. Бірінен кейін бірі құшақтап, қолдау көрсетіп, қайраттандырып жатқан қыздардың арасынан алға шыққан комендант: «Қане, біздің полкымыздың баласы?» – деп, құндақтаулы нәрестені қолына алды. – О-о, нағыз сарбаз болатын жігіт қой мынау! У-шуды құлағына да ілер емес! Жарайсың, қызым, бізді қорғайтын батыр туыпсың!»

Бағанадан бері жанарына жас толып үнсіз тұрған Айна өкси демалып, езу тартты.

ЖОҚТАУ

Қайғылы хабарды тосыннан естіген бұл қаралы үйге асыға жеткенімен, Асылжанның зарлы даусын естіп, буын-буыны дірілдеп, аузынан шығардай болып атқақтай жөнелген жүрегін тоқтата алмай есік алдында тұрып қалды. Өзінше Асылжанның – кішкентайынан бірге өсіп, жұптары жазылып көрмеген жан досының қасында болам, жұбатамын, тоқтау саламын деп келген. Бірақ есік алдында кібіртіктеп тұрып қалған бірер минуттың ішінде досының қасында болары болғанымен, айдың-күннің аманында басына түскен қайғыдан есеңгіреп, ебіл-дебілі шығып жылап отырған Асылжанды жұбата аларына, сабырға шақырып, тоқтау салар сөздерді тауып айта аларына күмәндана бастады. Ол-ол ма, Асылжан жаққа қараған сайын жүрек-бауыры кеудесінен суырылып бара жатқандай ауырып, алқымына тығылған ащы өксіктен ықылық атқан өзін тоқтата алмай әлек болды.

Жылай-жылай көздері қызарып, беті ісіп кеткен Асылжанды алғаш көргенде мұнда оның қайтыс болған күйеуіне көңіл айта келгені бір сәт есінен шығып, егіздің сыңарындай болып өскен жан досының аянышты түрі іші-бауырын езілтіп, аяп кетті. Орталарында ойнап-күліп жүрген нәп-нәзік, ақжарқын, күлімкөз келіншек бір күннің ішінде бірнеше жасқа қартайып кеткендей. Басында ақ орамал, белін бөкебаймен орап алған. Төр жағалай отырған бес-алты адамның да, қайғыға ортақтастығын білдіріп, көңіл айта келген көрші-қолаңның да, тіпті анда-санда әрлі-берлі жүгіріп өтіп жүрген шаруа басындағы әйелдердің де көздері екі қолымен бүйірін таянып, теңселіп жылап отырған Асылжанда.

Ол жоқтау айтып отырды. Қамажай алғашында жоқтаудың сөздеріне мән бермей, Асылжанның зарлы даусынан-ақ тұла бойы шымырлап, көзінен еріксіз жас парлаған. Сөздерін ұғып, шерлі жырдың тереңіне бойлаған сайын денесі тітіркеніп, іші-бауыры үгітіле түсті.

- Ырғайтының бойынан

Ырғала өскен терегім!

Саялы баққа айналып,

Саяңда жүрем деп едім!

Ертегі елін шарлаймыз
Екеуміз бірге деп едің
Көшіне қалай ілестің

Келмеске кетер кеменің? А-аһ!.. – Бағанадан бері тоқтаусыз жоқтау айтып отырған Асылжан азалы жырының тағы бір шумағын аяқтай бергенде қасында отырған әйелдер ұлардай шулап, бірі сыңсып, бірі аһ ұрып, бірі боздай жылап, үй іші күңіреніп кетті. «Қайда кеттің, бауырым-ау...», «Анаңды кімге тастап кеттің, құлыным-ау», «Ағатайым-ау...» деп жарыса шуласқан әйелдер бірінің сөзін бірі іліп әкетіп, әркім өз арманын айтып жылап жатты.

Қамажайдың көзі Асылжанда еді. Айтарын айтып болып сұлқ түскен ол, ешкімге мойын бұрмастан, ешкімге назар аудармастан, әлдебір нүктеге қадалып қатты да қалды. Көзі ашық болғанымен, айналасындағыларды көрмейтін сияқты – ойымен басқа бір кезге, басқа бір әлемге кетіп қалғандай. Анасының белінен орай құшақтап, бауырына тығылған кенже ұлы Дәурен көз жасы мөлт-мөлт етіп, анасына бір, айналасында сапырылысқан адамдарға бір қарап жаутаңдап, бірақ қанша ұғайын десе де, не болып жатқанын түсінбей отырған сияқты. Ақыры бала шыдамады білем, анасының бетіне қарап, оны иығынан қозғап әлденені сұрады. Сонда ғана ұйқысынан оянғандай болып селт еткен Асылжан, мазасын алған адамға қабағын шыта қарап еді, құшағында отырған баласын көріп, ерні дірілдеп, кемсең-кемсең етті. Баласының мөлтеңдеген жанары, аянышты түрі оны шым батып бара жатқан ой тұңғиығынан суырып алып, азалы, жылаулы бүгінгі күнге қайта оралтты...

- Ботақаным-ау, сен бұл жерде неғып отырсың? Шошып қалдың-ау, күнім... Қорықпа... қорықпа, жаным, бәрі жақсы болады... әлі-ақ бәрі жақсы болады...

Баласын арқасынан орай құшақтап, бауырына басқан ол әрі-бері жүгіріп жүрген әйелдер жаққа мойнын созып, әлдекімді іздегендей. Сірә, іні-сіңлілерінің біреуін көрсе, баланы мына жерден алып кет дегісі келетін сияқты. Соны сезгендей Дәурен оны мойнынан тас қылып құшақтап алып, асыға сыбырлады: «Мама, сен жыламашы... Мен ешқашан... ешқашан тентек болмаймын... сабағымды да жақсы оқимын... Тек жыламашы, иә ма?»

Бала өзінше жұбатам деп еді. Әдетте, «тентек болмаймын, жақсы оқимын» десе анасы айналып-толғанып, бауырына басатын. Кекілінен, құлағының сыртынан иіскеп, «түу, иісің қандай жақсы еді, француз әтірі жолда қалады!» деп күлімсірейтін. Бүгін анасы тұншыға жылап, мұның құп-құйттай кеудесіне бетін басып өксісін келіп. Көзінен тарам-тарам боп аққан көз жасы Дәуреннің жейдесіне барып сіңіп кетіп жатты. Жұбатам деген анасын одан әрі жылатқанына абдыраған бала алақ-жұлақ етіп, жан-жағына қарағанда, егіле жылап өзіне қарай құшақ жайып келе жатқан Қамажайды көріп, тұра ұмтылды.

- Тә-ә-те...

Дәуренге жетер-жетпесте буын-буыны босап, тізерлей отыра кеткен Қамажай баланың шошынған түрін көріп, бір-ақ сәтте бойын жиып ала қойды.

- Дәурен, құлыншағым... қорықпа... қазір... қазір Нұрлан ағаң келіп алып кетеді... Жүре ғой... жүр, алдынан шығайық...

Өмірінде көрмеген улы-шулы ортаға, бірінен соң бірі келіп жатқан бейтаныс адамдарға үрпие қарап, денесі дір-дір етіп тұрған баланы көтеріп алып, есікке қарай беттеген Қамажай, көңіл айтпағаны есіне түсіп, артына қайырыла қарады. Бұлардан көз айырмай отырған Асылжан, досының қашанғы әдетімен ең алдымен жас баланың жүрегіне, жүйкесіне түсер салмақты ойлап, Дәуренді мына ортадан әкетуге ұмтылғанын құптаған сыңаймен болар-болмас қана басын изеді. Қамажайдың ылғи да: «Сендер өзара керіссеңдер, балалар жоқта керісіңдер. Екеуің бүгін араздассаңдар, ертең татуласасыңдар, ал баланың жүрегі шайлығып қалады», - деп балаларды алып кететіні есіне түскен болуы керек, жанарын жас кенерелеп, ауыр күрсінді. Сосын қасында жылап отырған бойжеткен қызын бауырына тарта құлағына әлденені сыбырлап, аялай басынан, бұрымынан сипап, орнынан тұрғызып жіберді.

Осы кезде сырттан әлденеше адамның қоса қабаттаса «бауырымдаған» дауыстары естілді. Үй ішіндегі бір сәтке тыншыған жылаулы топтың ішінен мәйітханада жатқан Күмісбекті тану үшін барып, демсіз жатқан денені бірінші көрген тетелес апасы Зайда, келе жатқандардың дауыстарын таныған болуы керек, бұл да «о-о-оу» деп ышқына жылап, басқалардан бұрынырақ термелеп кетті.

- О-о-у!.. Бісмілла деп бастайын,

Асылық сөзді қоспайын,

Жайнап бір жүрген бауырым

Жоқтаусыз қалай тастайын?

О-о-у!.. Мінгенде атым кер ме екен

О дүние жетпес жер ме екен?

Ащы бір даусым шыққанда

Апамның даусы дер ме екен,

бауырым-а-ай!

Зайданың Қамажай бұрын-соңды естімеген өзгеше бір мақаммен айтқан жоқтауына сырттан келген топ ішінен бір әйел қосылып, екеуі сол жерде жиналғандарды ағыл-тегіл жылатты. Екі әйелдің құшақтарын жазып, екі жаққа отырғызып жатқанда, тағы да Асылжанның даусы естілді, бұл жолы ол да екі әйелдің мақамымен жоқтады:

- О-о-у!.. Сүт бетінде қаймағым,

Бетке ұстайтын айбарым,

Арманда кетті, апатай,

Артыңнан ерген тайлағың...

О-о-у!.. Өртенді нулы орманым,
Құлады берік қорғаным,
Жан жарымнан айрылып,

Қырыққа жетпей сорладым, – а - а-аһ!

Отырғандар Асылжанның сөзін қоштағандай ауыр күрсінісіп, бас шұлғысып, кейбіреулері күбірлесе, сыбырласа жөнелді. «Қайтсін-ай! Аңырап-ақ отыр ғой!», «Оңай ма, үш баламен қалып отыр ғой...», «Құдай өзі қуат берсін де...»

Дәуренді шаруа қамымен шапқылап жүрген өз баласының машинасына отырғызып, қасынан тастамауын қадап тапсырып, үйге қайта оралған Қамажай Асылжанның қасына өте алсашы. Жылаулы топ отырған бөлмеге апаратын тар дәліз адамға лықа толып, ары-бері жүру мүмкін болмай қалыпты. Өтем бе деп сығылысып көріп еді, онысынан түк шықпады. Адамдар әлдебір тапшы заттың кезегінде тұрғандай, анталап алға ұмтылуда. Қамажай адамдардың соншама иін тіресіп тұрғандарын түсінбесе де «Бәрі де көңіл айтып, Асылжанды жұбатуға, бір ауыз жылы сөз айтуға келгендер ғой» деп, қапталдағы бөлмеге кіріп, терезенің алдына барып тұрды.

Хабар енді жеткен адамдар ұбап-шұбап келіп жатыр. Күмісбектің мектептес достары, Асылжанның ұжымынан келген кісілер топ-топ болып аулада тұр екен. Кіріп шықты ма, әлде мына топырдан өте алмай, тар дәліздің сәл босауын күтіп тұр ма белгісіз. Екі-үш жігіт анадайда қой сойып, бас үйтіп жатыр, одан беріректе алжапқыш байлап алған келіншектер үлкен қазанды айналшықтап, бірі от жағып, бірі су құйып, әбігерленіп жүр екен. «Өмір деген осы... – деп ойлады Қамажай, - кеше барсың – бүгін жоқ. Бұлардың жиған-терген ақшалары да жоқ сияқты еді. Не қылды екен? Аттап бассаң ақша керек болады ғой енді... Ірі қара мал алу керек, дастарханға қажетті заттар алу керек. Жетісі, қырқы бар. Одан кейін басын қарайту керек... Байғұс Асылжан мұнша қаражатты қайдан табады?»

- Қамажай, сіз мұнда тұр екенсіз ғой... Біз іздеп таба алмай жатсақ...

Ауыр ой үстінде тұрған мұны Күмісбектің қарындасы Зеренің даусы селк еткізді. Өлімді жердің таусылмас тіршілігі де, біреуге түсінікті, біреуге түсініксіз ғұрыптары да көп боларын, жанашыр жан араласып, кімнің кім екенін, ненің қайда жатқанын айтып, жөн сілтеп отырмаса, кем-кетігі де көрініп қалатынын білетін өжет, ақылды қыз белді бекем буып, ағасының шаруасына басшылық жасауды өз қолына алған сияқты.

Қамажай Зерені үнсіз құшақтап, бетінен сүйді. Не айтарын білмеді. Есіктен кіргенде даусы жігерлі естілген Зере әп-сәтте босап, әдемі қоңырқай көздері жасқа толып шыға келді. Оның көзінен домалап түскен жасты алақанымен сүрткен Қамажай: «Сен мықты бол. Бір бас ие керек мұндайда, анау Асылжан мүлде есеңгіреп қалыпты... Үйдің жайын сенен артық ешкім білмейді», - деді.

- Біз де солай ойладық... Зайда тәтем екеуі сол жерде отырсын, біз Зайра екеуміз шаруаға бас-көз болайық дедік... Сосын, сіздің де Асылдың қасында болғаныңыз дұрыс шығар. Операциядан шыққаныңыз кеше ғана, бәрібір шаруаға жарамайсыз. Әрі Асыл сізді тыңдайды ғой – басу айтып отырасыз...

Бәрін жан-жақты ойластырып алып, кесіп-пішіп сөйлеп тұрған Зереге іштей сүйсінген Қамажай оны тағы да құшақтап, бауырына басты. Шіркін, осы үйдің қыздарын-ай! Бірінен бірі өтеді – әрі ақылды, әрі өжет, әрі іскер. Үшеуінің ортасындағы жалғыз ұл болғандықтан ба Күмісбек марқұмды еркелетіп, жел жағынан ықтасын, күн жағынан сая боп, тентектігін жуып-шайып, шыр-пырлары шығушы еді үнемі. Күмісбектің жасы қырыққа жеткенше еркелеп, үй тірлігін Асылжанға, түз тірлігін апа-жезделеріне артып қойып жүргені де содан шығар, кім білсін...

- Қалай болды өзі? – Қамажай құшағынан босай берген Зереге баяу ғана тіл қатты. – Таңертең Асылжанмен сөйлескенімде бүгіннен бастап демалысын алып үйде жатыр деп еді...

- Өзіміз де төбемізден жай түскендей болдық... Бір жолдастарына демалысын жумақшы болған ба – әйтеуір бәрі көл жағасына барып, біраз ішіпті. Бұларды білесіз ғой – бір бастаған соң тоқтамайды емес пе?! Қасындағылардың айтуынша қатты мас болып, оларды тыңдамай кетіп қалған... Үйдегілерге милиция хабарлапты. Аялдамада жатқан жерінен тауып алып, мәйітханаға тапсырыпты... Сол... Ақыры түбіне арақ жетті...

Қамажайдың денесі тітіркеніп кетті. Астапыралла! Асылжанның көршісі, алды-артына қарамай адың-гүдің сөйлей беретін Балқия таяуда ғана, Күмісбек ішіп келіп, үй-ішін бықпырт тигендей шулатып жатқанын айтып, бұған телефон соққан. Такси ұстап келгенінде балалар мен Асылжан үрпиіп көршінің үйінде отыр екен. Кішкентай ұлдың шалбары су-су, қорыққанынан бұтына жіберіп қойған тәрізді. Асылжанды құшақтап, бауырына қысқан, ол ауырсынып «оһ!» деді. Түймелері түбінен үзіліп түскен халатын ашып қараса – қабырға тұсы сиякөктеніп тұр. «Жүр, дәрігерге барайық! - деді бұл, - әлде осында шақыртайын ба?» «Мұндайда милиция бірге келеді. Ананы алып кетсе бәле болады ғой тағы...» «Енді қайт дейсің? Өлесің ғой бір күні... Ол сені аяп жатқан жоқ, сен неменеге аяйсың осы?»

Асылжан үндеген жоқ. Халатын қаусырып, теріс қарап кетті. Иығы дір-дір етеді.

- Мұның түбіне арақ жетеді! - деді бәрін естіп тұрған Балқия тепсіне сөйлеп. – Айтпады демеңдер, бұл бір пәлеге ұрынбай қоймайды...

- Қойыңызшы, - деген сонда Қамажай. – Бұл ес білгелі арақ ішіп келе жатыр. Мас болған сайын ағайын-туғанының айтатыны сол. Қане, түбіне жеткені? Қайта организмі әбден бейімделіп алғаны сондай, арақ ішпесе түнеріп, арақ ішсе құнжыңдап шыға келеді. Бұл арақты жеңбесе, арақ мұны жеңе алмайды!

- Ағайын-туғаны бір басқа, мен бір басқамын! Балқия не айтса да біліп айтады! Мұның арты жақсылық болмайды! Соңғы кездері түрі де өзгеріп, топырақбеттеніп кетті... Бұл көпке бармайды!.. Жетеді қу арақ түбіне!...

Екілене сөйлеген келіншекті сөзбен тоқтату мүмкін еместігін түсінген Қамажай, телефон соққаны үшін оған рахметін айтып, балалар мен Асылжанды күтіп тұрған таксиге отырғызып, өз үйіне алып кеткен. Екі-үш күннен кейін, әдетінше, монтаны қалпына түсіп, мүләйімси сөйлеген Күмісбек, «әке, көке» деп жалынып, «енді аузыма алсам, мүрдем кетейін» деп қарғанып, әйелі мен бала-шағасын үйіне алып кеткен-тін.

Содан бері екі-ақ апта уақыт өтіпті. «Астапыралла! Мына Балқияның шынымен бір көріпкелдігі бар шығар?..»

Осындай ой келген Қамажай енді қайтыс болған Күмісбекті емес, соны аттандыруға қажетті дүниені түгендеймін деп шыжыған күнде базарға әрлі-берлі шапқылап жүрген Зерені, қайғыға жүрегі шыдамай қайта-қайта талықсыған Зайда апайды, ешбір жәбір-жапа көрмегендей аһ ұрып, жоқтау айтып, жиналған жұртты егілдіріп отырған Асылжанды аяп кетті. Бойына әлде бір күш құйылғандай сезініп, бағанағыдай емес, буын-буынының дірілі азайғанын байқады. Ол аса жауапты кездердегідей, тап қазір өзінің бойын жиып алғанын түсінді. Сосын Зерені арқасынан қағып, «жарайды, мен Асылжанның қасына барайын» деп, төргі үйге қарай беттеді.

Қасына келіп тізе бүккен оның иығына басын қойып, Асылжан ұзақ жылады. Жоқтау айтқан жоқ. Тіпті қатты дауыс та шығарған жоқ. Тек иығы дір-дір етіп, күрсіне шыққан ыстық демі Қамажайдың мойнын, иығын шарпып, тұла-бойын шымырлатты.

- Қоя ғой, - деді Қамажай оған кішкентай баланы жұбатқандай болып, - қоя ғой енді...

Асылжанды құшақтап, жан-дүниесінің сонау бір тереңінен лықсып-лықсып шығып жатқан әлдебір беймәлім әуеннің, беймәлім күштің ырғағымен, екеуі ұзақ уақыт теңсетіліп отырғанын байқамады да.

Қас қарая жұрт аяғы саябырлады. Түс ауғалы бері жоқтау айтушылармен бірге тапжылмай отырған Қамажай осы сәтті пайдаланып, Асылжанды түпкі бөлмеге ертіп апарды. Ойы – оны сәл де болса ұйықтатып, дем алдыру. Асылжан әлде бір шаруаларды жөндеу керектігін айтып, қарсыласпақшы болып еді, Зайда апай келініне қарап: «Шаруаны реттеушілер табылады, сен өз шаруаңды біл. Адамның көбі ертең шығарарда келеді, анталаған көз саған қадалады, бойыңды жиып ал» деді нық сөйлеп. Қамажай оның «шаруа» деп тұрғаны жоқтау айту екендігін бірден түсінді.

Сол сәтте есіне университетте қазақ драматургиясының пайда болу, қалыптасу курсынан сабақ берген Ырым Ғалиев ағайларының айтқан бір әңгімесі түскен. «Қазақ жерінде драматургия қазақпен бірге пайда болған. Әрине ол қазіргі заманғы нысанда емес, басқаша түр-сипатта өмір сүріп, үздіксіз жетілудің, дамудың арқасында бүгінгі күнгі біз білетін қалпына жеткен, - деген ол студенттерге жағалай қарап қойып әдемі қоңырқай даусымен. - Мен сөзімнің бір мысалы ретінде қазақтың өлімді атқару ғұрпын талдауды ұсынамын. Онымен таныссыздар ғой? Қане, көз алдымызға елестетіп көрейік. Көңіл айтушылар қазалы үйге ат қойып, «ой-бауырымдап» дауыстап жылап келеді, әркіммен құшақтасып, жылап, көріседі. Шет жақта әйелдер жоқтау айтып отырады. Қайтқан адамның жақсы қасиеттерін айтып, термелегенде қазіргі мадақтау одалары далада қалады. Біле білсеңіздер, жоқтау дегеніміз де, айтыс, күйшілік сияқты – қазақтың ғажайып өнері.

Қош делік. Белгілі бір сәтте үлкендер басу айтып, жылау тоқталады. Жұрттың қолына су құйылып, дастархан жайылады. «Алдыға келген дәмді тауысып ішкен – сауап» деп, бәрі де тамаққа бас қояды. Марқұм туралы басталған әңгіме бірте-бірте басқа арнаға түсіп, бүгінгі қаралы жайға қатыссыз нәрселер сөз болады. Біреу-міреу қағытпа сөз, әзіл де айтуы мүмкін. Жаңа ғана жер бауырлап жылағандардың біреулері қаужаңдай ет шайнап, енді біреулері күле сөйлеп отыруы да ғажап емес. Күлкі – арсыз, тамақ – арсыз.

Сырт қарағанда орынсыз көрінгенімен, бұл – кез келген өлімді жөнелту барысында кездесетін көріністер. Оларды сөгудің қажеті жоқ, олар ғұрып талабын орындады. Ал біздің сабақ тұрғысынан келгенде мұны драма, спектакль емес деп кім айта алады?»

Асылжанның көзі ілінгені сол еді, есік баяу ашылып, оның сіңлісі Шара бас сұқты. Келіп жатқандардың ішінен тете өскен сіңлісі көріне қоймаған соң Асылжан мазасыздана бастағанын Қамажай бағана-ақ сезген. Оның себебін де білетін. Үйдің кенжесін еркелетіп өсіретін салтпен бетіне ешкім қарсы келмей өскен Шара – ойындағысын бүркелемей, бұлтақтамай ашық та тура айтатын, ер мінезді қыз. Жездесінің кезекті бір «концертіне» кездейсоқ тап келіп, осы уақытқа дейін Құдайдай сыйлап келген адамының сиқын көріп көңілі қалған қыздың тік сөйлейтін әдетімен «көрмегенім – сен бол, өлсең – өлігіңе келмеймін!» деп есікті тарс жауып кеткенінен хабардар Қамажай, сіңлісін шынымен келмей қала ма деп Асылжанның алаңдауын іштей түсініп отырған-ды. Енді оның келгеніне риза болса да, Асылжан аз да болса көз шырымын алсын деп, Қамажай «дыбысыңды шығарма» дегендей сұқ саусағымен ернін басып, басын шайқады.

Шара түсініп, аяғының ұшымен басып, бұлардың қасына келіп отырды. Біраз үнсіздіктен кейін «Ақыры сол арағынан кетіпті ғой, – деді күбірлей сөйлеп. Өкпесі қайтпағаны көрініп тұр. – Бұл еркек дегендерге адам түсініп болмайды.» Қамажай оның иығынан сипады. «Қой, басыл» дегені. Шара иығын қиқаң еткізді. Жаратпаған сыңайлы. Танауының желбезегі дір-дір етіп, ентіккен демін тежей, түйіле қарайды.

«Қой енді, бір адамға өкпелеймін деп, барша азаматқа топырақ шашпа, - деді Қамажай сыбырлай сөйлеп, - талайына жазылғаны осындай адам болса, қайтеді?»

Шара тағы қабағын түйді. «Қойыңызшы, тәте... Қайдағы бір адам? Жан-жағыңызға қараңызшы – жібі түзу біреуі бар ма? Қане, қайсысын атайсыз? Өз күйеуіңізді ме? Шиеттей үш баласын күнара шулатып, өзіңізге қол жұмсап, ақыры, байдан байға тиіп жүрген бір қатынның соңынан кеткен? Зеренің күйеуін бе – сомадай болып шынашақтай әйелінің табысына аузын ашып қарап отыруға ұялмайтын? Әлде Зайда апайдың үйіндегі құданы ма – қартайғанда кәрі боз жорға шыққан? Жүріңіздер сөйтіп – мойындарыңызға бір-бір қамытты киіп алып, «талайыма жазылғаны осы» деп...»

Шараның екпіндете сыбырлағанынан Асылжан селт етіп оянып кетті. Сіңлісін көргенде, ерні дірілдеп, көзі жасаурап ұмтыла берген. Шара қабағын түйген қалпы қатқылдау тіл қатты: «Жылама, сенің жылағаныңды аз көрген жоқпын ғой. Енді жылама.» Сосын артықтау кеткенін түсінген болуы керек, апасын құшақтап үн-түнсіз бауырына басты. Сәлден соң: «Демалып ал, кісінің басым көпшілігі ертең келеді ғой», - деді. Мұның да Зайда апайдың ойын білдіріп тұрғанын ұққан Асылжан терең күрсініп, жастыққа жантайды.

«Сіз де демалып алыңыз, - деді Шара Қамажайға қарап, - мен есікті сырттарыңыздан жауып тастайын.» Сосын даусын бәсеңдетіп мұның құлағына сыбырлады: «Қатындар тамсанып, Асылжанның жоқтауын талқылап жатыр. Күмісбекті де ауыздарын ашып, көздерін жұмып еске алуда. Келеңсіз мінездерін айтқан бір жан жоқ. Тіпті көрші Балқия апай да «Әулие еді ғой» деп отыр. Сенесіз бе?

Бұған да шүкір. Кезінде талай адамның жағасынан алып, үлкеннің де, кішінің де көңілдерін қалдырып еді, Асылжанның жоқтауы жаман мінезінің бәрін-жуып-шайып, көз алдарына мүлде басқа бір адамды алып келген сияқты. Ғажап!..»

Шындығында да Шараның сөзінің жаны бар еді. Марқұм Күмісбекті балаң жігіт кезінен танитын Қамажай оның бойындағы жақсы қасиеттері мен кешірілуі қиын кемшіліктері туралы да бір адамдай білетін. Ішімдікке тым үйірсектігін былай қойғанда, жоқтан өзгеге ілгек іздеп, ши шығарғыштығын, орынсыз қызғаншақтығын, ұнатпаған адамына қарата айтатын тұрпайы теңеулерін жаратпайтыны өзіне аян. Бірақ досының көңіліне қарап, онысын сыртқа шығармай-ақ жүрген. Соңғы жылдары Асылжанның көз алды жиі көгеретін болғалы күйеуінің оған қол жұмсайтынын түсініп, Күмісбекті ашықтан-ашық жек көріп кеткені және рас.

«Басыңды ажыратып ал, бір күні мерт қылады» деп талай үгіттеген де, бірақ Асылжан біресе «ішкенін қояр» деген үмітке малданып, біресе «ажырасқан» деген сөзден арланып, ыңғай бермейтін. Айтар сөзі таусылғанда «балаларды әкесінен айырмайын» дегенді көлденең тартатын, бұл – мұны тоқтататын ең мықты уәжі. Тіпті «байғұсты бұзған арақ қой, әйтпесе жас кезін өзің көрген жоқсың ба, мүлде басқа еді ғой...» деп өткен күндерінің тәтті елесіне елітіп, арашалайтынын қайтерсің!?

Бағана, жора-жолдастары келген кезде айтқан жоқтауында да солай сипаттап, солай мадақтады:

- Дос-жаранға қадірлім,

Ағайынға ардақтым.

Саф алтындай бағалым,

Қорғасындай салмақтым.

Жұртқа жайлы мінезің

Жібектейін есілген.

Артық айтсам кеш, жаным,

Мен де сені кешіргем...

Сөз құдіреті деген осы екен-ау...

Ертесіне-ақ марқұмның бейнесі небір асыл сөздермен сомдалған жоқтауды тыңдап отырған Қамажайдың санасында Күмісбектің жағымсыз қылықтарының бәрі көмескіленіп бара жатты. Оның үлкенге – ізетті, кішіге – қамқор, айналасына шуағын шашқан аяулы жан екендігіне айында-жылында бір ұшырасып қалатын шала таныс көрші-көлем, Асылжанның әріптестері ғана емес, о, ғажап, мұның өзі де сене бастағандай. Ол-ол ма, Зайда апай мен Асылжанның сай сүйекті сырқыратқан жоқтауын тыңдай отырып, аза жырмен әспеттелген осындай «атпал азаматтың», «адал жардың», «аяулы әкенің» (шындықты біле тұра!) мезгілсіз қазасына қабырғасы қайысып, жұртпен бірге егіле жылады. Жұрттан көбірек жылады. Есіне... өз күйеуі түскен...

Сұмдық-ай, бір сәт Асылжанның зар еңіреп күйеуін жоқтағанына қарап... мен неге осылай жылап, күйеуімді жер-көкке сыйғызбай мадақтап отырмадым деп ойлап отырғанын түсініп... шошып кетті. Екінші жағынан, ебіл-дебілдері шығып, «папалап» жер бауырлап жылаған екі қыз да, кішкентай Дәурен де бұдан былайғы өмірде бүгін Асылжанның әдемі жоқтауы арқау болар аңыз бойынша өмір сүретінін ойлап... қызықты. Иә-иә, солай. «Папаң ғажап жан еді... Сендерді керемет жақсы көретін... Айлығын алғанда сендерді қыдыртатын еді ғой?.. Қалай ұмытып қалғансыңдар?.. Иә, сендер тым кішкентай едіңдер ғой, естеріңде қайдан сақталсын?.. Айтқандай, бәріңді шетелде оқытам деуші еді...» деп ойдан құрастыра беруге болады.

Балалардың сенері сөзсіз. Өйткені баланың пәк болмысы айналасындағылардың да жақсы жақтарын қабылдауға, шуақты, қуанышты жайттарды жадында сақтауға бейім. Шынайы өмірде естіген дөрекі сөздерді, көрген ұрыс-жанжалды естеріне ала қалса, «Жаман түс көргенсің ғой... Жатарда атыс-шабыс кино қарамасаңдар, ұйқыларың да тыныш болады,» - деп алдарқата салуға болады. Сөйте берсе, біршама уақыт өткен соң балалар әкелерінің жат қылықтарын ұмытары анық. Ұмытып қана қоймай, қалған ғұмырларында ана жоқтауымен сомдалған ақжарқын, мейірбан, қамқор әкенің бейнесін ардақтап, оны пір тұтып өтері сөзсіз.

Бірақ бұған ұл-қызының жадында әкелерінің әдемі бейнесін сақтап қалу бұйырмапты. Байғұс күйеуі балалары есейгенде де жөнсіз жүріс-тұрысын, қит етсе жұдырығын ала жүгіретін әлімжеттігін қоймай қойды. Ақыры, балалар арашаға түсіп, олармен арасы ащы болды. Алысып-жұлысып өсетін ұл бала ештеңе емес-ау, қызына қолы тигенін есіне алғанда іші әлі күнге қан жылайды. Араларын байланыстырып тұрған жіптің үзілген жері де сол болды. Бәлкім қазақы тәрбиемен өскен бұл «бас жарылса, бөрік ішінде» дегенге мойынсұнар ма еді, бірақ титтейінен, тіпті мектепке бармай тұрып-ақ әділетсіздікке төзбеушілігімен ерекшеленетін ақылды, өжет, қайсар қызы басқа мінез көрсетті. Жо-жоқ, ол әкесін ешкімге жамандаған жоқ, ешкімге шағымданып, мұңын да шақпады – ол әкесін өз өмірінен сызып тастады.

Арада бірталай уақыт өтіп, жан жарасы түпкілікті жазылмаса да, бірте-бірте ес жия бастаған кезде бұл айналып-толғанып отырып, алыстан орағытып әкесі туралы сөз бастағысы келген – қызы ештеңе демеді, бар болғаны орнынан үн-түнсіз тұрып кетті. Екінші рет те тап солай болды, одан кейін де... Байқайды, қызының әкесіне деген өкпесі жүрегіне тоң-шемен боп қатып қалғандай. Қанша тырысса да Қамажайдың оны жібіте алар түрі жоқ. Сонда балаларының жадына жазылып қалған қорқынышты күндердің елестерін қалай өшірмек? Міне, осы ретте, Асылжанның міндеті бұған қарағанда әлдеқайда жеңілірек болмақ. Оған басқа ештеңе емес, біреулер ескішілдік, қажетсіз, басы артық ғұрып деп қарайтын ЖОҚТАУ берік негіз қалағанын біреу білер, біреу білмес, бірақ Қамажай анық ұқты.

...Күмісбектің қалы кілемге оралған мәйітін есіктен шығарып апара жатқанда Асылжан тағы ұзақ жоқтады. Жұрт та қызық, оның жылай-жылай ісініп кеткен бетінен бірдеңе көргілері келе ме, иіріліп, сол маңнан шықпай, қаз-қатар тұра қалыпты. Кешелі бергі жоқтаудан даусы қарлығып қалғанын ести тұра, «қой, енді, шаршадың ғой» деп жатқан бір адам жоқ. Керісінше, жоқтаудың әрбір шумағын айыздары қана, ризашылықпен тыңдап, «тағы айтса екен» дегендей, құлақтарын түре түседі.

Асылжан да жұрттың ыңғайын ұққан сияқты. Жесір, жалғызбасты әйелдің тірлігіне, оның әр қадамына, бар ісіне сынап қараудың бұл – басы ғана екенін іштей түйсінгендей. Жаназада жапырласып жатқан жұрттың жайшылықта жанашырлық таныту-танытпауы да неғайбыл екенін біледі, өйткені көп болып жұмылу – өлімді жөнелтудің заңдылығы. Қазір қаумалап тұрған қауым сәлден кейін тарап, өзінің үйелмелі-сүйелмелі үш баласымен, онсыз да бақыттан шылқып отырмаған басына кездейсоқ тап болған қайғысымен оңаша қаларын ойлап, терең күрсінді.

Үш күн бойы қасынан бір қадам ұзап шықпаған Қамажай бір-бірін тілсіз ұғатын қалпымен досының ішкі дүниесінде болып жатқан қат-қабат сезімдерді: алғашқыдағы шошынуы мен абдырауын, содан кейінгі жан күйзелісі мен өкініш-наласын, енді міне, тәубесі мен шүкіршілігін ұғып отыр. Бір бұл ғана емес, Асылжанның жоқтауын тыңдаған жанның біразы өзгеше ойға шомып, бұған дейін бастарынан кешпеген бір күйде отырғандай.

Үйден шығарып, кілем төселген ашық машинаға жатқызылған марқұмның артынан ұмтылып, улап-шулаған туыстар да, үлкен жолға қарай баяу жылжыған көліктің соңынан ілескен көпшілік қауым да Асылжанның жоқтауының соңын естіген жоқ. Асылжанға керегі де сол еді. Әйтеуір, күйеуіне қарата айтар соңғы сөздерін көптің естімегенін іштей қалағаны рас. Кілемге ораулы жатқан адамның бір кездері жанына балаған жақыны болғанын ойлағанда өзегі өртеніп бара жатқандай, іші удай ашып кетті. Өкініштен көкірегі қарс айырылған жесір келіншек соңғы жылдары өмірдің арзан қызықтарына елігіп, қатарына қадірі, ортасына сүйкімі кетіп қалса да, өндірдей жас кездерінде сүйіп қосылған күйеуімен сыбырлай жылап, бақұлдасты...

Бәрін де кешті...

Ерлі-зайыптылық өмірлерінде күйеуінің жарытып қызық та көрсете алмағаны аз болғандай, енді жесірлік қамытын мойнына іліп кетіп бара жатқаны үшін де налып, көз жасын артпады. Сын сағаты туғанда ауыр болар деп аяды... Сол-сол-ақ екен, азалы келіншек неше күн бойы жанұшырып, демеу іздеген жылаулы жанының саябыр тапқанын сезінді. Сезінгені сол... бақиға сапар шеккен күйеуінің жолы жарық, маңдайы ашық болуын қайта-қайта тілеп, тіліне өз-өзінен ұйқасып оралған сөздерді күбірлеп отырғанын аңдады...

...Жарқырап тұрған жан-жағым –

Білдім бе дүние жалғанын?

Көтеріп алдым, ау, Аллам,

Тағдырымның салғанын...

Бұл – мақамы кешелі бері айтылған жоқтау сияқты болғанымен, мағынасы өзгеше сөздер еді. Оның негізінде жас әйелдің өмірге айтқан өкпесі емес, жиналған жұртқа шағынуы да емес, басына түскен зіл батпан қасіретті жеңуге, тағдыр сынына төтеп беруге бел буған берік шешімі жатты...

ҒАЖАЙЫП ТАНГО

Бұл келгенде тойдың бірінші бөлімі аяқталып, жұрт тыныс алуға шыққан екен. Үлкендер жағы дөңгелете қойылған орындықтарға жайғасып, кәдімгі концерт көргендей-ақ ортадағы би қызығын тамашалап мәз-мәйрам. Құйқылжыған «Лезгинканың» әуені құлаққа естілісімен-ақ Ханшайым бірден түсіне қойды: қашанғыдай ұлттар биінен жарыс ұйымдастырылып жатқан сияқты. Асаба өңеші жыртылғанша айқайлап, билеушілердің делебесін қоздырып қояды. Ал билеушілер мұндай «қыздыртуды» керек етіп те жатқан жоқ. Әйелдер бар өнерлерін салып, су бетінде жылжыған аққудай сырғып, аяқтарының ұшымен жорғаласа, еркектер өздерінше тау ұлдарының образына кіріп, иықтарын қомдап, оларды шыр-көбелек айналып жүр.

Ханшайым күлімсіреп, билеп жүргендерді көзбен шолып, өте берген... Кенет түкпір жақта өзін дөңгелене жорғалаған серігінен көз алмай, кеудесін асқақ ұстап, кербез қимылдаған бишіге көзі түсті... Япырау, мына бір кісінің жүзі соншалық таныс сияқты ғой. Бұл кім болды екен? Қай жерде, қашан көріп еді?

Қанша ойланса да оны қай жерде көргенін есіне түсіре алмаған Ханшайым бишілерді қолпаштап тұрған топқа қосылды. Ұлын үйлендіріп жатқан апа-жездесі құда-құдағиымен бірге тұр екен, мұны көріп қолдарын бұлғап, өздерінің қастарына шақырды.

- Қалай, бәрін реттеп келдің бе? – деп сыбырлай сұрады Патшайым тойдан кейін құда күту рәсіміне арналған дастарханды жайғастырамын деп кешігіп келген сіңлісінен.

- Бәрі жақсы, алаңдама...

Ханшайымның сөзін аяқтатпай құдалардың бірі келіп сөзге араласты:

- Ау, құдаша, сіз қайда жүрсіз? Өткенде құда түсіп келгенде бидің түбін түсіріп едіңіз... Біз әдейі сіз үшін партнер де алып келдік... қайда өзі? А-а, билеп жүр екен... қазір сайыс ұйымдастырамыз...

Солай деді де Ханшайым аузын ашып үлгіргенше асабаға барып әлденені түсіндіре бастады. Сірә, бұл алдын-ала келісілген шаруа болуы керек, басын қайта-қайта шұлғып тұрған асаба микрофонды қолға алып, маңғаздана сөз бастады:

- Ал, халайық, сайыс қызығы енді басталады. Қазір ортаға қалыңдық жақтан төрт жігіт, күйеу жігіт жақтан төрт қыз шығарамыз да, бірнеше би түрінен сайыс өткіземіз. Жеңімпазға мына құда бәйге тігіп отыр – су жаңа ұялы телефон!

Сол-сол-ақ екен екі жақ дабырласып, у – да шу болып, ортаға шығатын сайыскерлерін сайлай бастады. Құдалар жағынан төртеудің бірі болып бағанағы кербез биші шықты. Бұлар жағынан да үш келіншек ортаға шығып, енді төртінші адам іздестіріліп жатқан. Сол кезде Патшайым келіп, Ханшайымды ортаға итермеледі: «Шық, шық, жиен – сенікі ғой!»

Әуелі «Қамажай» қалықтады. Білектерін созып, буындарын бұралта шеңбер жасай қозғалған әйелдерге ілесіп, ерлер де сондай қимылдар жасай бастады. Ер адамдардың қолдарын ербең-ербең еткізіп билегенін қызықтап көрермен күлкіге бір қарық болды.

Кілт үзілген музыкадан соң асаба төрешілік жасап, нашар биледі деген бір жұпты сайыстан шығарды. Іле жетпісінші жылдардың ең сәнді биі – твист жарияланды. Құйқылжыған музыкаға ілесіп, сайыскерлер бұл жолы да бар өнерлерін салып, ирелеңдеп-ақ бақты. Ең қызған шақта кілт үзілген музыка мен іле естілген асаба даусы тағы бір жұпты би алаңынан шығарды.

- Вальс! Би тәңірісі – вальс! – деп жариялады асаба салтанатты түрде. – Және естеріңізде болсын, құшақтасып, ырғалып жүре беру есептелмейді. Вальс айналу керек!

Ханшайымның жұптасы, мұның алдындағы биде ақ тер-көк тер боп билеп, әлі де екі иінінен дем алып тұрған жігіт ағасы асабаның сөзінен кейін екі қолын бірдей көтеріп: «Мен – паспын!» деді.

- Жоқ, болмайды. Жұптасыңызды серіксіз қалдырасыз ба? – деп асаба жолын кес-кестеп еді, жігітағасы қолды бір сілтеп, сыртқа қарай беттеді. Сол кезде кербез жігітпен билеп жүрген Ханшайымның сіңлісі:

- Мен вальс билей алмаймын, мен де шығайын. Сонда бір жұп қалады. Жүлде алғандар мұнымды ескеретін шығар...- деп жұртты ду күлдірді.

Ортада Ханшайым мен бағанағы қимыл-қозғалысы назар аудартқан жігіт қана қалды. Ансамбль «Қазақ вальсін» ойнай жөнелгенде алдына келіп сәл-пәл басын иіп, қолын созған жігітке қарай бұл қобалжи қадам басты. «Япырм-ау, мынау Батырбек қой...»

Әкесі әскери қызметте болғандықтан, бұлардың отбасы бір қаладан бір қалаға көшіп жүретін. Содан да болар есейе келе Ханшайым қанша мектепте оқығанын да, аз уақыт бірге оқыған сыныптастарын да ұмытып қалды. Тек қыз боп қылтиып өсіп келе жатқанында хореография училищесінде өткізген үш жылы жасөспірім кезінің ең сәулелі сәттері болып есінде сақталған-ды.

Тоқсаныншы жылдардың басында бұлар туған елге түпкілікті оралды. Ханшайым хореграфия училищесіне ауысып келген кезде мұндағы халық билері ансамблінің атағы жер жарып тұр екен. Әсіресе оның жеке орындаушылары, сол жылы училищені бітіргелі тұрған Батырбек пен Раушан – барлық студенттердің кумирі болатын. Олармен бірге билеуді, оларға жұптас болуды кез келген оқушы армандайтын. Сондықтан кезекті конкурстың алдында Раушан тобығын қайырып алып, Батырбекке шұғыл түрде жұптас іздестірген оқытушылар Ханшайымды таңдағанда бұл төбесі көкке жеткендей қуанған. Екеуі аргентина тангосын билеуді үйреніп еді-ау сонда!

Кәсіби бишінің әсем қимылымен алдына келіп басын иіп тұрған – сол Батырбек екенін енді таныған мұның жүрегі дүрс-дүрс етіп кеудесінен шығып кетердей тулады.

Жұптасының иығына қолын салған Ханшайым әрі қарай музыканың ырғағына ілесіп, қалықтай жөнелді. Толықси үйірілген әуеннің, көзіне көзін қадап, әдемі, сауатты демеген жігітпен билеген бидің әсеріне берілгені соншалық, бір мезгіл жер басып, шыркөбелек айналып емес, ғайыптан пайда болған қанатты жұптасының жетелеуімен шексіз ғаламға көтеріліп, қалықтап ұшып жүргендей күй кешті. Солай көрінді ме, әлде шынымен солай болды ма – жаңа ғана гу-гу еткен зал іші тына қалып, әсем биді бәрі де демдерін ішке тарта тамашалап тұрғандай көрінді.

Музыканттар да мұншалық сұлу биді үзуге қимаған сияқты, әйтеуір алдындағы билердей әуен кілт үзілмей, баршаға танымал аккордтармен аяқталды. Жаңа ғана тым-тырыс тұрған жұрт концерттегідей ду қол шапалақтап: «Тағы! Тағы! Жұп болсын!» деп гулей жөнелді. Қошеметке үйренген адам сияқты емес, Батырбек жүзі ду етіп қызарып, басын иіп қойды. Сосын Ханшайымға әрі сүйсіне, әрі таңырқай қарап: «Тамаша билейді екенсіз! Қайдан үйреніп жүрсіз?» деп сұрады.

«Танымады...» Ханшайымның жүрегі сыздап кетті. «Қайдан танысын, одан бері қанша жыл өтті... Жасөспірім бала кезімізде жұптасып билегенбіз, жасымыз отызды орталағанда жолығысып отырмыз, қайдан танысын...»

Ханшайым жауап берген жоқ, жымиып күлді де қойды.

Тойдан қайтып келе жатып, екеуінің жұптасып билеген кездерін есіне алды. Ұстаздары Фаина Адамовна: «Осы конкурста бас жүлдені жеңіп алуларың керек. Ол үшін күн-түн демей дайындық жасаймыз. Басқаның бәрін ұмытасыңдар!» деп талап қойған. Жеңіске бұлар да мүдделі, сондықтан ұстаздың барлық талаптарына мойынсұнған екеуі репитиция залында түнеуге бейіл. Тек еңбектері зая кетпесе болғаны. Талапшыл ұстаз бірде:

- Арқаңды тік ұста! Бүкшиме! - деп қолындағы таяқшасымен мұның жауырынынан шып еткізіп салып жібергенде көзінен жас бұрқ ете түскен.

Оны елеп жатқан Фаина Адамовна жоқ, енді қаһары Батырбекке түсті:

- Қалай-қалай алып жүресің? Сен жұптасыңмен билеп емес, оны сүйрелеп жүрсің ғой!

Шыдамай, оның орнына өзі тұра қалып, «бір-екі-үш, бір-екі-үш» деп аяғын санап басып, қызды би әуенімен қалай алып жүруді көрсетті.

Бірақ, обалы не керек, Фаина Адамовна ашуы қалай тез болса, қайтымы да жылдам кісі еді. Үзіліс жариялап, екеуін қасына алып отырып, би өнері, оның тарихы туралы небір ғажайып әңгімелер айтатын.

- Сен – тангеросың! – деді бірде ол Батырбекке қарап. - Есіңде болсын, танго билейтін ер адамды «тангеро» деп атайды. Міне, сол тангеро туралы өзара сыр бөліскенде әйелдер оны бойына, сөйлеген сөзіне, киген киіміне қарап емес, билеген кезде қызды қалай алып жүретініне қарап бағалайды. Жұптасыңды би алаңында әдемі, сауатты алып жүру – үлкен өнер, біліп қой!

«Есіңде болсын» деген Фаина Адамовнаның аузынан түспейтін сөз тіркесі еді. Ол балаларға үйретем, бойларына сіңірем деген нәрсенің барлығын осы тіркеспен бастайтын. Бәлкім бұл тіркестің ғажайып бір күші бар да болар, өйткені Ханшайым ұстазының сол кезде айтқан сөздерін, берген кеңестерін ешқашан ұмытқан емес.

- Естеріңде болсын, - деді тағы бірде Фаина Адамовна, - би – әшейін аяқ-қолды ербеңдетіп, қарғып-секіру, немесе ретті-ретсіз ырғаңдау емес. Ол – сонау ежелгі заманнан бері адамның көңіл күйін, айтар ойын білдіру үшін қолданылып келген амал. Ол арқылы қуанышты да, қайғыны да, жеңісті де, жеңілісті де бейнелеуге болады. Ал біз үйреніп жүрген латынамерикалық билер ауызға алынса елдің есіне ең алдымен танго түседі. Танго десек – алғашқы махаббат, көгілдір көктем, көңіл құштары болған жанды алғаш құшағыңа алып, билеуге батылың барған ғажайып сәт ойға оралады.

- Ал мен танго емес, румбаны махаббат биі деп естігенмін, - деді кенет Батырбек.

- Енді түсіндім. – Фаина Адамовна Батырбекке қулана қарады. - Румбаны Раушанмен ғана билеймін дегенің содан екен ғой?

Ол қызарып кеткен Батырбектің шашын ұйпалап, басынан құшақтады.

- Оның да дұрыс. Бірақ, есіңде болсын, әдетте румбаны – махаббат биі емес, құштарлық биі деседі. Ондағы қимыл-қозғалыстарға зер салып қарап көріңдерші: биші қыз біресе серігінің қолынан жұлқына шығып кетіп, біресе қайта келіп құшағына құлайды, біресе арбап, шақырып, өзіне тартып, біресе маңына жуытқысы келмегендей, қашқақтап, бойын аулаққа салады. Сөйте тұра, бар қимыл-қозғалысымен серігінен жолындағы бар кедергіден өтер батылдықты, от-жалындай шарпыған құштарлықты күтетінін білдіреді. Көзқарасымен, қолының, басының, иығының, он екі мүшесінің сиқырлы қозғалысымен білдіреді. Жігіттің қимыл-қозғалысынан да осындай көңіл-күйді байқауға болады: ол өзінің құшағынан сытылып шыққысы келіп сырғақтаған қызды біресе жерігендей итеріп, еркіне жіберіп, іле өз ойынан өзі шошығандай, жанұшыра соңынан ұмтылады. Еш ажырағысы келмейді, жаны да, тәні де сонымен бірге өріліп, құштарлық отында өртенуге бейіл…

Ал танго басқаша… Оған адам көңілінің сыршыл шектерін шерткендей нәзік иірімдер тән. Онда румбадағыдай буырқанған құштарлық емес, тұп-тұнық сезім, тап-таза тілектер басым... Осыны түсінсеңдер, биді жақсы игересіңдер... Ал ол дегенің – қалайда жеңесіңдер деген сөз...

Бірақ, бұлар конкурсқа қатыса алмады. Сайысқа бір апта қалғанда ойламаған жерден Ханшайымның соқыр ішегі жарылып кетіп, ауруханаға түсті. Ауыр операциядан тез айығып кете алмаған ол академиялық демалыс алды. Бір жылдан кейін бұл оқуға келген кезде Батырбектер оқуды бітіріп кеткен болатын. Содан кездесіп отырғандары бүгін ғана.

Тойдан кейін үйге келген құдалардың ішінде Батырбек болған жоқ. «Мұндай жерде ұзақ отыра алмайды. Келіншегі сырқат қой», – деді құдағи бұл сыр суыртпақтағанда. Ұзақ жылдар бойы бір көруді армандаған бала махаббатынан тағы да көз жазып қалғанын ойлап, Ханшайымның іші удай ашып кетті.

Бірақ арада бірнеше күн өткенде Батырбек ойламаған жерден өзі хабарласты. Танымағаны үшін кешірім өтінді. «Бір жерге барып, кешкі ас ішуге қалай қарайсың?» деді сосын. Тезірек жауап бермесе тағы да айырылып қалам ба деп қорыққан бұл: «Жарайды, жақсы» деді асыға сөйлеп.

Қаланың қайнаған ортасынан қашықтау ауданда орналасқандықтан да шығар, бұлар келген мейрамханада адам аз екен. «Ырғақ» деген атауын оқып, Батырбектен «Өзіндік музыкалық бағдарламасы бар жер ме?» деп сұрап еді, ол жұмбақ түрде жымиып қойды. Жайғасқан соң бұған ойлана қарап: «Саған «Ырғақ» деген атауы ұнай ма? Маған салса басқаша қояр едім» деді. «Не деп қояр едің?» «Мысалы, «Көптен күткен кездесу» немесе «Ғашықтар вальсі» дер едім…»

Бетінің ду ете қалғанын білдірмейін деп Ханшайым музыканттар отырған жаққа бұрылды. Олар аспай-саспай, әрқайсысы өз аспабын күйіне келтіріп жатыр екен. Ақырын ғана айналасына көз тастап еді, кейбір үстел басындағы адамдар алдарындағы шырынды, оймақтай ғана шыныаяқтағы кофені ара-тұра ұрттап қойып, музыканттарға қарағыштап отырғандай көрінді. Сірә, мейрамханаға аспапты музыканы тыңдауға әдейі келетін сыралғы қонақтар сияқты. Сәлден кейін ғана, даңғаза музыкадан шаршап, таза, табиғи, әуезді әуенді тықырши күткен тыңдарманның қалауын тап басқандай болып, скрипканың үзіле сызылтқан үні естілді. «Вивальди... Иә, соның «Жыл мезгілдері» ғой мынау! Бірақ мына музыканттар өзгеше өңдеп алған сияқты.»

- Училищеде өткізілетін концерттерде осы музыка дәстүрлі түрде ойналатын еді ғой, есіңде ме? Сол кезді еске алайық деп музыканттарға әдейі өтініш жасадым, – деді Батырбек бұған күлімдей қарап. Сөзінен оның бұл жерге қатысы бар екенін байқауға болатын еді. – Рас, бұлар музыканы сол күйінде ойнамайды, көбіне сол тақырыпқа композиция жасайды. Танымал әндерге біраз ремикстері де бар, тәп-тәуір...

- Жаңа жылға арналған бал-маскарад басталғанша училище радио торабы осы музыканы қойып қоятын...- деді Ханшайым сонау жасөспірім шақтарын көз алдына елестете ойлана сөйлеп.

- Басталғанша ғана емес, бал-маскарадтың өзінде де ойналып еді ғой, ұмытып қалдың ба? – Батырбек бұның ұмытқаны немесе ұмытпағанының ерекше бір мәні бар сияқтанып, Ханшайымға сынай көз тастады.

Ханшайым күлімсіреп, басын шайқады. «Ұмытқан жоқпын» дегені.

Қалай ұмытсын! Бал-маскарадтың қызған кезінде балалықтары ұстап кетті ме, әлде әрбір өнер жолына түскен адамның бойындағы сайысқа түсу, өнерін көпшілік таразысына салуға құштарлық қасиеті бой көтерді ме, оқушылар ортаға шығып, үлкен концерттерде, байқауларда орындайтын нөмірлерін көрсете бастады. Қиқу естілсе, тыпыршып тұра алмайтын бәйге аттары сияқты, бойларын сайыс желігі буған өнерпаз оқушылар кезекке тұрып, бірінен соң бірі ортаға шығып жатты.

Бір жағынан қарасаң, кәдімгі концерт сияқты болғанымен, екінші жағынан бұл – жас балалар бойындағы сыртқа шығарып, жария етілмейтін бәсекелестіктің көрінісі еді. Өнер адамы үшін халыққа танымал болудан, сол саладағы өзінің басымдығын білуден артық баға жоқ. Сол бағаға ие болу үшін ол өлшеусіз тер төгіп, бәйге атаулының бәріне қатысуға, өнерімен үстем болып, топ жаруға дайын. Міне, бүгін де сондай сәт туған сияқты – кішкентайларынан өнер жолына түскен балалардың бойында «өнеріммен табындырсам» деген табиғи тілек буырқана бой көтергендей.

Барған сайын қыза түскен сайысты Фаина Адамовнаның қасында қызыға тамашалап тұрған Ханшайымды жүгіріп келген Батырбек әй-шәйға қаратпай жетелей жөнелді. Сол бойы, алаңқайға анталап, иін тірескен топты жарып өтіп, ортаға шыққанда бір-ақ тоқтады. «Танго билейміз» деді түк түсінбей қарап тұрған бұған. Ханшайым мойнын созып, ұстазы тұрған жаққа қарап еді, Фаина Адамовна ризашылығын білдіргендей күлімдей қолын бұлғады. Сол-сол-ақ екен, Ханшайым бойын тез жиып, ортада билеп жүргендердің нөмірі аяқталған кезде сайысқа сақадай сай тұрды.

Бұлар конкурсқа дайындап жүрген аргентина тангосының алғашқы аккордтары естілісімен Батырбек бұны белінен орай құшақтап, үйіріп алып кетті. Айналасында таңдана, қызғана, сүйсіне қарап тұрған топты да, оттары бір жанып, бір сөнген шырша ағашын да көрмей, Ханшайымның бар-ынта ықыласы көзіне көзін қадап, әр қимылымен, әр адымымен өзіне ынтызар жүректің шексіз сүйіспеншілігін «айтқан» Батырбекке ауды. Тілсіз төгілген махаббат жырын көзбен көріп, жүрегімен ұқты. Ұғып қана қойған жоқ, өзінің де ынтық сезімін биімен білдірді.

Музыканың соңғы аккордтарымен бірге көпшілікке бас иіп, реверанс жасаған бұларды «браво!», «браво!», «бис!» деп қолпаштаған оқушылар, алаңқайдан шығармай қойды. Сосын кешті жүргізуші ортаға шығып, тамаша өнерлері үшін екеуіне «бал-маскарадтың ең таңдаулы жұбы» деген атақ және тек екеуіне ғана вальс билеу мүмкіндігі берілгенін хабарлады. Сонда екеуі Вивальдидің музыкасымен үйіріліп, қанат пайда болғандай қалықтап еді...

- Билейміз бе? – деді Батырбек бұған қолын созып.

Орнынан лып етіп көтерілген Ханшайым, Батырбектің ұсынған қолына сүйеніп, екеуі ортаға бет алды.

Белінен орай құшақтап, жеңіл демеген жігіттің әдемі, әсем жетелеуімен вальс иіріміне түсіп, шыркөбелек айналған Ханшайым, қаншама жылдар бойы жүректің ең терең түкпірінде көміліп, жарыққа шығар сәтін күтуден күдер үзбеген іңкәр сезімнің сол баяғы бал-маскарадтағы сияқты бұрқ етіп бас көтергенін сезінді.

Биге шыққан тағы бір-екі жұп билеу білмейтін адамдардың әдетімен әшейін ғана ырғатылып, аяқтарын еріне қозғап, жай жүрген. Содан да болар, бұлардың көптен ерекшеленетін әсем биі бірден жұрттың назарын аударды. Тіпті музыка аяқталып, екеуі орындарына беттеген кезде, біреулердің қошеметтеп, қол шапалақтағандарын айтсайшы! Бұл көптен бері сахнадан қол үзіп кеткен Батырбектің есіне өнер ордаларында жарқ-жұрқ етіп жүрген кездерін түсіріп, мұңайып қалды.

- Не болды? – деп сұрады оның қабағындағы мұңды аңдаған Ханшайым.

- Жай... Мен қазір билеуді қойып кеткенмін...

- Өзім де солай ойлап едім...

- Неге? – деп таңдана сұрады жігіт. - Әлде дұрыс алып жүрмедім бе?

- Жо-ға, – деді Ханшайым жадырай күліп, Батырбек биді қойып кетсе де, кәсіби бишінің бірден өзінің бойындағы мінін іздей бастайтын әдеті қалмағанын байқап. – Билеп жүрсең осы кезге дейін атақты бишілердің бірі болатының сөзсіз еді ғой. Сенің талантыңмен... Айтпақшы Раушан қайда?

- Осында... Оқу бітірген соң бір жылдан кейін үйленгенбіз. Сен ше? Тұрмысқа шықты деп естіп едім... Күйеуің қай салада істейді?

- Күйеу жағынан енді ұяттымыз... Дәм-тұзымыз жараспады. Қызым бар, мектепте оқиды. Сен... Сендер сондай жақсы билейтін едіңдер ғой. Биді неге тастап кеттің?

- Ол ұзақ әңгіме... Кейін бір реті келгенде айтармын. Бүгін мұңды нәрселерді еске алмай, көңілді, қуанышты жайттарды айтайықшы... – Батырбек мұның қолын өз қолына алып, бетіне ойлана қарады. – Білесің бе, өткендегі тойдан кейін... мен сенімен аргентина тангосын билегім келіп жүр... Ұмытып қалған жоқсың ба?

Ханшайым не дерін білмеді. «Ұмытқан жоқпын» дейін десе, одан бері ол биді ешкіммен билеген жоқ. Соңғы билегені сол – бал-маскарадта еді. Ал «ұмыттым» дейін десе, Батырбек екеуінің сол күнгі биін көз алдына мың-миллион рет елестетумен қанша жыл өмір сүрді. Батырбектің сол күнгі әр қимылы, әр қозғалысы, тілсіз сөйлеп тұрған мағыналы көзқарасы, алабұртқан бет-әлпеті жүрегінде өшпестей болып жатталып қалғандай.

Мұның үндемегенін келіскені деп ұққан болуы керек, Батырбек төс қалтасынан шағын дискет алып музыканттарға қарай беттеді...

- Құрметті қонақтар! – деді музыканттардың біреуі микрофонға. – Бүгін сіздердің орталарыңызда студенттік шақтарын бірге өткізген екі өнерпаз отыр. Көп жылдардан бері көріспеген бұл кісілер, бүгінгі кездесу қуанышына арнап, сіздерге студент кездерінде билеген билерін орындап береді. Қарсы алыңыздар! Танго! Ға-жа-йып тан-го!!!

Бір қызығы, музыканттың даусы алғаш естілгенде жүрегі атқақтай жөнелген Ханшайым, ол сөйлеп болғанша баяғы бал-маскарадтағыдай бойын жиып ала қойды. Фаина Адамовнаның: «Өнер адамы қай кезде, қандай жағдайда болмасын өзін-өзі игере білуі керек» деп құлақтарына құятыны зая кетпепті.

Батырбек мұның алдына келіп, басын сәл-пәл иіп, қолын созғанда бір-екі адам қол шапалақтап жіберді. Орнынан лып етіп тұрған Ханшайым кербез басып қасына келген Батырбекке қарай ұмсына түсіп, бір тізесін болар-болмас бүкті. Бидің осылайша салтанатты түрде басталуынан-ақ әлдебір қызықты күткен зал ішіндегілер демдерін тартып, ортаға беттеген екі жұпты көздерімен ішіп-жеп барады. Үйреншікті қимылмен оң алақанын мұның жауырынынан сәл төмен қойып, саусақтарын сол қолының алақанына аялай қондырған Батырбек музыкантарға қарап сәл-пәл иек қаққаны сол еді, таныс аккордтар естіліп, мұнда отырғандардың бірі көріп, бірі өмірлерінде көрмеген ғажайып би басталып кетті...

Егер сол жерде би өнерінен хабары бар, не көкірегіндегі сезім көзі ашық адам отырған болса, оның билеушілерге қарап осы бір бидің астарында – қуаныш та, құштарлық та, жан күйзелісі де жатқанын байқамауы мүмкін емес еді. Біреулердің бүкіл өміріне арқау болатын, ал біреулер өмір бойы аңсап күтетін ғажайып сезім – махаббат, ғашығыңды сағыну, кездесу қуанышы, бәрі-бәрі тіл жетпес шеберлікпен өріліп, ортада шыркөбелек айналған екеудің биінде кенересінен асып, төгіліп жатты.

Кәсіби бишінің қалыптасқан қимылымен жұптасын үйіріп ала жөнелген Жігіттің бұл биі – айтылмаған арманы, үркек үміті, көңілдегі күдігі, жүрегіндегі жалбарынышы екенін бәз-біреулер сезінген де сияқты. Бидің құдіреті деген осы да! Бәлкім, жер бетіндегі ең алғашқы еркек сонау ертеде – әлі тіл пайда болмаған, ойы мен сезімін жеткізудің басқа да амалдары қалыптаспаған көне дәуірде, қиқулап аң қуған тобырдың ішіндегі өзгелерден ерекше әйел затының өзін соншалықты тартатынын түсіндіру үшін осылай билеген де болар...

Әсершіл болса керек, бір келіншек мұрнын пыш-пыш тартып, көзін сүрткіштей берді. Зал ішінде ешқандай қимыл-қозғалыс жоқ. Даяшылар да әрқайсысы өздері қызмет істейтін столдың қасында, қаққан қазықтай қалшиып тұр.

Би басталған кезде жігіттің ырқына көніп, оның әр қимылына сай қозғалған қыз айналасындағыларға алғашқыда нәп-нәзік, бағынышты, әлсіз сияқты көрінген. Би ортасына қарай Арудың басымдығы сезілгендей, басын асқақ ұстап, иығын тіктеп, жұптасын өз дегеніне бағындыра бастағандай болды. Әлдебір қиял-ғажайып әлемге жол шегіп, шаттық сезімдерді бір кешу үшін өз соңынан еруді талап еткендей жанары оттай жанып, қиыла да қызықтыра шақырады.

Би басталысымен-ақ Батырбектің бойындағы өзін үйіріп әкетіп бара жатқан құштарлықты жан-тәнімен сезінген Ханшайым «қарсыласқанда не табам, өмір-өзеннің ағысымен кете берейін» деп бір ойлаған. Бірақ бара-бара оның қимыл-қозғалысындағы батыл шешімнен гөрі шарасыздықты, жан-дүниесіндегі тайталасты, аласұрған арпалысты байқап, жұптасының өмірінде бұл білмейтін әлдеқандай терең сыр, айықпас мұң бар екенін түсінген. Түсінген де оны сілкілеп, жарқын болашаққа, өмірдің қызық-қуаныштарына назарын аудартып, «жан-жағыңа қара, айналаң – жап-жарық, еңсеңді көтер, мына дүниені жалған дегенімізбен онда адам тоймас қызықтар бар... мен бармын...» дегенді ұқтыруға тырысқан...

Көз алдарында өтіп жатқан ғажайып көрініс – тілсіз, сөзсіз драма-би аяқталған кезде мейрамхана ішіндегілер дуылдата қол соқты. Біреулер өздерін концертте отырмын деп ойлап қалса керек, «браво! бис!» деп өңештері жыртылғанша айғайлады.

Олардың қиқуына мән берместен, орындарына келіп жайғасқан екеу айтар сөздерінің барлығын бимен айтып тауысқандай біршама уақыт үнсіз отырды. Би тілімен – он екі мүшенің шырқ үйірілген қозғалысымен, демнің дірілімен, бойыңды ұстау, мойныңды бұру ерекшелігімен, кірпік қағысы, көздің қарасы арқылы басталған әңгімені қарапайым адам тілімен айтуға екеуі де жүрексінетіндей...

Батырбек Ханшайымға тақай отырып, оның қолын өз алақанына алып, аялай сипады. Сосын алақанына ернін болар-болмас тигізіп, сүюдің мезіретін жасады да, үнсіз ғана жүрегіне басты. Өз алақаны арқылы бүкіл бойына тараған «дүк-дүк-дүк» деген дыбысты, біресе денесі түршіге, біресе бойы шымырлай тыңдаған Ханшайым, алғашында тыпырши жөнелген өз жүрегінің де сәлден соң саябырсып, сол ырғақпен үйлесе соға бастағанын байқады...

- Ау, ағайындар, шапалақ ұра-ұра алақанымнан алақан қалмады ғой. Сіздерді қайта-қайта шақырып жатырмыз, шақырып жатырмыз...

Екеуінің көзбен, ыммен тілдесуін стол басына келіп, шайқалақтап тұрған масаң кісінің ренішті даусы бұзды.

- Ау, халық сіздерді күтіп отыр ғой... – Шайқалақтаған кісі даяшылардың әрі қарай әкетпек болып, өзін сүйемелдей жетелегеніне көнбей, бұларға қайта бұрылды: -Слушай, сендерге, не, ақша төлеу керек пе? Пож-жалыста... Бұлар сондай ғой... Ақша төлемесең билемейді...

Екі даяшы сүйрегендей қылып алып кетсе де бұл екеуіне қарап бұрқылдауын қоймаған ол бәрібір тынышталған жоқ. Өз орнында отырып, есіне бір нәрсе түсіп кеткендей ара-тұра «Би! Тағы билесін!» деп айқайлап, жұртты селк еткізеді. Әп-әдемі басталған отырыстарының шырқы ойда жоқта бұзылып, бастапқы көңіл-күйлерінен айырылған, әрі өздеріне қайта-қайта қарағыштап, сыбырласып жатқан көпшіліктің назарынан таса болғылары келген Батырбек пен Ханшайым бұдан әрі көп отырмай, тез есеп айырысып шығып кетті.

Бағанағы кеш басындағы көңіл-күйінен із де қалмаған Батырбек тұнжыраған қалпы машина есігін ашып, әуелі Ханшайымды отырғызды, өзі айналып келіп рульге отырғанша жақ ашқан жоқ. «Үйге қайтамыз ба?» деді сосын бұған сұраулы жүзбен қарап. Ханшайым иығын көтерді. «Қайдам?» дегені, «мейлі» дегені белгісіз. Батырбек сырттай сабырлы күйін сақтағанмен, іштей әлденеге кіжінулі сияқты көрінген. Газын қатты басып жіберген болуы керек, орнынан ытқи қозғалған машина, қапталдас келе жатқан машиналарды орап өтіп, қала орталығына қарай заулай жөнелді.

Орталыққа жақындаған сайын машина нөпірі көбейе түсті. Жаңағыдай заулату қайда, іркес-тіркес болып, бағдаршам сайын кептеліп, қарға адыммен қозғалған машиналар легіне ілескен бұлар да ілби жылжып келеді. Әшейінде, жолаушы көлігінің ішінде келе жатып, кептелістерге түсіп қалғанда Ханшайым тықыршып, берекесі кететін. Бүгін мүлде жайбарақат отыр. Тіпті осы жолдың таусылмауын, машина нөпірі азаймауын тілейтіндей.

- Сені үйге ертіп апарсам ба деп едім... – деді бір кезде Батырбек алдына тесіле қарап отырған күйі.

Ханшайым үндемеді.

- Өткенде тойда сені көргенімді... екеуміздің билегенімізді Раушанға айтып келгенмін, -деді Батырбек сөзін жалғастырып. – Шынымды айтсам, мен бұлай билемегелі қашан! Қатты әсерлендім...

Көз алдына әлдебір шуақты сәтті елестеткендей Батырбек көзін қиялдана жұмыңқырап, болар-болмас жымиды. Тойда ғана емес, қазір де сол әсерге сүңгіп бара жатқандай – жүзі алабұртып, әлденеге басын шайқап қойды. Тіпті қасында адам отырғанын ұмытып кеткен сияқты.

- Ешқайда асықпасаң, біздікіне барсақ қайтеді? Не дейсің?

Өз сезімімен өзі іштей арпалысып отырған Ханшайым не дерін білмей сасқалақтап қалды. Шындығында, Батырбектің ештеңені ашып айтпай, әңгімеден қашқақтағаны тіксіндірсе де, баяғы бала сезім лапылдап, ештеңеге қарайлатар емес. «Тәуекел де, қанша жыл бойы осы кездесуді аңсап күтпеп пе едің? Әйелін бұрынғыдай сүйсе, сені іздемес еді ғой. Сенің де бақытты болуға құқың бар!» дейді алды-артына қаратпай алып-ұшқан сезім.

- Раушан да сені көргісі келетінін айтқан. Ол науқастанғалы бері ешкіммен араласа қоймаймыз... төрт қабырғаға қарап отырғанымыз... сол...

- Көптен бері науқас па?

- Он жылдай боп қалды... Кейде маған он жыл емес, бір ғасыр болғандай көрінеді... – Даусынан торығу байқалды.

- Мейлі, барсақ барайық.

Мұның келіскеніне Батырбек қуанып кеткен сияқты. Бет-ажары өзгеріп, машинасын тауға қарай жүретін көшеге бұрды. Қалта телефонын алып, әлдекімге телефон соқты. «Ажар, бұл мен ғой. Халдерің қалай? Ә-ә... Жарайды, мен келе жатырмын, сен үйіңе қайта бер».

Ханшайым ештеңеге түсінбеді. «Ажары кім? Қызы ма? Онда неге «үйіңе қайта бер» дейді? Әлде үй қызметшісі ме екен?»

Есікті өз кілтімен ашып, алдымен Ханшайымды ішке өткізді. Сосын өзі кіріп, есікті кілттеп жауып жатып: «Раушан, үйге қонақ келді» деп дауыстады.

Сол дауысты күтіп тұрғандай-ақ, кіре беріске қарсы жақтағы есік іле дыбыссыз ашылып, ар жақтан... мүгедек арбасына отырған жас әйел бұларға қарай сырғи жылжып келе жатты... Бұл – Раушан еді.

- Қош келдіңіз, - деді ол Ханшайымға күлімсірей қол созып, - төрлетіңіз.

Батырбек сілейіп тұрып қалған Ханшайымды айналып өтіп, арбадағы келіншектің бетінен сүйді: «Хал қалай?» деді көзіне үңіліп.

«Жақсы» деді келіншек иегін әнтек көтере наздана қарап, «өзің ше?»

Батырбек көзін сәл жұмып, «жақсы» дегендей басын изеді. Екеуінің амандық-саулық сұрасуында өзгеше бір жылылық бар екендігін байқамау мүмкін емес еді. Ханшайымның іші ұлып қоя берді.

- Сен қонақты төргі бөлмеге апар, мен шай қояйын. – Раушан арбасын оп-оңай кілт бұрып, ұзын дәліздің түбіне қарай сырғи жөнелді.

«Бекер келген екенмін, - деп ойлады Ханшайым, - бекер… бекер…».

Қаққан қазықтай болып тұрған мұның жан арпалысын Батырбек түсінген сияқты, тұнжырай қарап, күрсініп қойды. Жақ ашып, ләм-мим деместен, шынтағынан демей ұстап, қонағын төр бөлмеге қарай алып жүрді.

Шәй ішіліп болған соң Батырбек: «Қыздар, сендер әңгімелесе тұрыңдар, мен ыдыс-аяқты жинап тастайын» деп, бұларды оңаша тастап шығып кетті. Есіктен кірген сәттен бері Ханшайымның жанына тыныштық бермеген, бірақ тілін тістеп, қоя алмаған сұрағына жауап беретін әңгіме осы кезде айтылды.

«Біз Батырбек екеуміз училищені бітірген жылы, үлкендердің «қоя тұрыңдар» деген тілін алмай, гастрольге барамыз деп үйден қашып кетіп... үйленіп едік... - Раушан сол кездерін көз алдына елестетіп, жымиып қойды. - Менің әкем үлкен қызметкер кісі. Ұлы жоқ, екі қызы бармыз. Сіңілім Ажар жаңа сіздердің алдарыңызда ғана үйге кетті. Ал Батырбек ауылдан келген, көп балалы отбасынан шыққан. Бірақ әке-шешесінен жастай айырылыпты. Сондықтан да болар, менің әке-шешеме деген құрметі ерекше. Менің бағыма қарай ата-анам да оның балалық махаббатын қабыл алып, бауырларына басып, өз ұлындай көріп кетті.

Біз сондай бақытты жұп болдық.

Сенесің бе, екеуміз күнде таңертең сүйісіп қоштасып, кешке сағынысып көрісетінбіз. Арада өткен жылдар сезімімізге қылау да түсірмей, қайта күн өткен сайын нығайта, бекіте түсті. Биде де, өмірде де жұбымыз жазылған жоқ. Батырбек жеке партияларды да тамаша орындайтын. Уақыт өткен сайын өнері өрлеп, елге танымал бола бастады. Қабілет-дарынының арқасында өз қатарына қарағанда ертерек көзге түсіп, марапат, сыйлықтарға ие болды. Кейбіреулеріне әкемнің ықпалы да болған шығар деп ойлаймын. Бірақ қазір заман сондай ғой, қолдаушың, сүйенерің болмаса, қанша жерден дарынды болсаң да еңбегіңнің дер кезінде лайықты бағасын алуы қиын. Ал Батырбектің жалғыз сенгені – өнері, жалғыз сүйенері – отбасы еді. Ал біз оны барынша қолдап бақтық.

Сол бір өшпес қасірет әкелген күнге дейін бәрі де тамаша еді...

Әкемнің 50-ге толғанын ағайын-туған, дос-жарандары жиналып, тойлап жатқанбыз. Өмірдің қай саласында болмасын бақталастық деген бар ғой. Бізге де соның кесірі тиді. Батырбектің өнерінің өзіне қарағанда көбірек еленгенін, марапат, атақтарға ертерек ие болғанын көре алмай жүрген бір әріптесі араққа сылқия тойып алып, шырқымызды бұзбасы бар ма?!

«Немене, қайын атаңа жаның қалмай жағымпазданып жүрсің бе? Жүгір-жүгір, құйрық-жалсыз күшік күйеу...» деп ыржалақтап тұрғанын естіп қалдым. Сол сәтте әшейінде ұстамды жанның қап-қара боп түтігіп, жұдырық ала жүгіргеніне таңырқап та үлгерген жоқпын – күйеуім жәбірлеушісін бір ұрып, қалпақтай ұшырды. Атып тұрған ол да бұның жағасына жармасып, енді екеуі ұмар-жұмар боп жерге бірге құлады. Бір-бірін аяйтын емес… Абырой болғанда жігіттер екеуін ажыратып, екі жаққа алып кетті...

Батырбектің үсті-басын қағып жатыр едім, ол кенет: «Жүр, үйге кетеміз» деді. «Қалай? Папамның тойын тастап па?» дей бергенімде жүгіріп жеткен анам: «Құлыным, ешкімнің сөзіне мән берме, сенің өнеріңе баға берілетін жер бұл емес. Осында кейбіреулердің мақсаты әкелеріңнің тойының шырқын бұзу» деп өксіп жылап жіберді. Ашуын баса алмай, ішінен тығылып тұрған күйеуім «киімімді ауыстырып келейін» деп сыртқа беттей берді. Жүрегім әлдебір сұмдықты сезгендей соңынан мен де тұра жүгірдім. Аңтарыла қараған анама: «Мына күйімен бірдеңеге ұрынып қалар, қасында болайын» дедім жүгіріп бара жатып.

Орнынан қозғалып бара жатқан машинаға мініп үлгірдім-ау, әйтеуір. Батырбектің түрі адам шошырлық еді. Көшеге түсіп алып бар жылдамдыққа салып айдады-ай келіп. «Тоқтат! Тоқтат машинаны! Есіңді жи! Аударыламыз қазір...» деп жалынып келем. Ол түк естімегендей безеріп, газды баса түседі. Бір бұрылыста көшеден өтіп бара жатып, асып-сасып қалған жаяу жүргіншінің ербең еткен қолын ғана байқап үлгердім. Сосын шиқ еткен тежегіш үні есімде қалыпты, қатты соққыдан көз алдым жарқ ете қалды да, тұңғиыққа батып жүре бердім...

Есімді ауруханада жидым. Қасымда анам отыр екен. Көзі шүңірейіп жүдеп кетіпті. Денем қозғалмайды, қол-аяғым зілдей, тілімді әрең икемге келтіріп, Батырбекті сұрағанымда анам жылап отырып, оның да осында екенін, бірақ әлі есін жимағанын айтты.

Жол-көлік апаты бойынша іс қозғалыпты. Бірақ тергеушілерді әкем қасыма жолаттырмады. Абырой болғанда көшеден өтіп бара жатқан адамды періште қаққан болар, аман қалды. Әкем оны да біз жатқан ауруханаға жатқызып, бүкіл ем-домын жасатып, шығындарын өзі төледі.

«Әйел адам мен ер адам бірдей қан жоғалтса, ер адам өліп кетуі мүмкін, ал әйелдің тірі қалуы ғажап емес, - деді маған емдеуші дәрігер. – Сондықтан күйеуіңнің жағдайы қалай болатыны әлі белгісіз». Ең жаман хабарды анам ол кезде дәрігерге айтқызбапты: сол апатта мен бойыма біткен тұңғыш нәрестемнен де айырылдым.

Батырбек бесінші күн дегенде есін жиды. Оны сотталудан құтқарып қалу үшін әкеме машинаны мен жүргіздім дегенмін. Біз қағып кеткен адамға жалынып-жалбарынып, сый-сияпатын жасап, бұдан кейін де көмектесіп тұрамын деп әкем қолхат берген соң, екі жақтың ризашылығымен іс жабылды. Батырбек әбден сауығып кеткенше мұның бірін де білген жоқ.

Мен сол жатқаннан тұрмадым, жасатпаған ем қалмады, бірақ... бір күні енді маған аяқ басып жүру жоқ екенін түсіндім. Сондағы жай-күйімді айтпай-ақ қояйын... өмір сүргім келмеген кездерім де болды. Ақыры көндім».

Раушанның әңгімесін жылап-сықтамай, сабырлы-байыпты қалпын сақтай отырып айтқанына Ханшайым әрі таңқалды, әрі сүйсінді.

- Кім-кімге де үйде отырып қалу оңай емес қой, бірақ, үнемі ел алдына жарқ-жұрқ етіп шығып, өнерімен ел ықыласына бөленіп жүрген адамға бәрінен қиын шығар, - деп сөзін жалғастырды Раушан. – Біз сол жол апатынан кейін үй тұтқынына айналдық. Мен арбаға таңулымын, Батырбек болса менің қас-қабағыма қарап, ешқайда бармайды. Алғашында бұл жайды осылай болу керек деп қабылдайтынмын. Соңғы жылдары өзгеше уайым жанымды жеп, бір әлжуаз ой байыз таптырмай жүр. ...Сенімен сөйлескім келгені де сондықтан.

Раушан өзіне таңдана қараған Ханшайымға қолын созып, өзіне жақынырақ отыруын өтінді. Қазір бір ерекше қуанышты жайды айтатындай жүзі жайдарылана жымиып, бұған мейірлене көз тастады.

- Батырбектің өзімді сүйетініне еш күмәнім жоқ. Бірақ мені қинайтыны ол осы жағдайдың болғанына өзін кінәлап, арының тұтқынына айналды. Он жылдан бері бар уақытын мені бағып-қағуға арнап, жас өмірі қызық-қуанышсыз өтіп барады. Міне, қырыққа да тақап қалдық, біздің қатарымыздың балалары мектеп бітіргелі жатыр...

Осы кезде ғана оның бағанадан бергі бір қалыпты дауыс ырғағы бұзылып, әдемі, аялы жанарын жас кенереледі. Дем жетпегендей қинала жұтынған Раушан көзінен мөлт етіп сырғып түскен жасты алақанымен сүртіп, сәл үнсіз қалды. Сосын бұған кінәлі жандай жалтақтай қарап, сөзін жалғастырды.

- Сенімен тойда билеген күні Батырым үйге жадырап, қуанышты оралды. Той қызықтарын лепіре айтып, әсіресе би сайысын қайта-қайта есіне алды. «Раушан, мен бір керемет биші келіншекпен биледім. Тіпті ол биші емес, жанды сурет сияқты, ал әр қозғалысын төгілген әуен дерсің. Қызық, осы уақытқа дейін ондай бишінің атын естімеп едім, әлде біздің қалаға енді келіп жатқан өнерпаз ба екен?!» деп біразға дейін өрекпіген көңілін баса алмады.

Мен оның басқа бір әйелдің сұлулығын, биін тамсана әңгімелегеніне еш тарылған жоқпын, ол-ол ма, мен оның осылай жарқылдап күліп, лепіріп сөйлейтін кезін аңсап күтіп жүр едім десем сенесің бе? Осынша жыл бойғы жұбайлық өміріміз, бастан кешкен қиындықтарымыз бізді ерлі-зайыптылардан да гөрі жақындатып жібергендей-тін. Жан жарымды жақсы көргенім сонша, оның мүгедек әйелге байланып, нағыз ер адам бастан кешер қызықтардан құр қалғанын, бала сүймегенін, әке болу бақытынан айрылғанын ойлап, жүрегім қан жылайтын.

Ажыраспақ та болғанмын, ол маған бұл туралы айтуға, тіпті ойлауға да тыйым салды. Өбектеп, қас-қабағыма қарап бағып, менің ыңғайыммен өмір сүруге дағдыланып алды. Жұмысына барады, төтесінен үйге қайтады. Ойын-той, қонақтықтарға да өте сирек барады. Қалған уақытының барлығын маған арнайды: далаға серуендетуге алып шығады, бірге отырып бейнефильмдер көреміз, кітап оқимыз. Осы әдеттерінен оның көңілін бір-ақ адам бөле алады, ол – сіңлім Ажардың кішкентай баласы. Ол келгенде екеуі осы үйді бастарына көтеріп ойнайды. Алысады ма-ау, бір-бірін қытықтайды ма-ау, әйтеуір, ойлап таппайтындары жоқ. Сол кезде оның жанарында шуақты сәуле, өткенде сенімен билейтін тойдан қайтқан кездегідей нұрлы жарқыл пайда болады. Бұл – оның шексіз бақыттылығының белгісі екенін сонау екеуміз билеп жүрген кезден түсініп, көңілге түйгенмін.

Мұның бәрін неге айтып отыр деме, қазір бәрін де түсінесің. Училищеде жүргенде сенің де оны ұнататыныңды сезгенмін. Байқауда Батырбекке жұптас етіп сенің белгіленгеніңді естігенде қызғаныштан көзім жасы сорғалап, күні-түні байқаудың өтпей қалуын, не болса о болсын, әйтеуір сендердің жұптасып билемеулеріңді тілегенмін…

Бірақ... ол жолы билемегенмен сендер бәрібір осы жолы биледіңдер, бұл – әу бастан солай болуы тиіс еді. Екеуміз де бидің маманымыз, тілмен айтпағанды бимен айтуға боларын білеміз ғой. Біраз «тілдесіп», ұғысқан шығарсыңдар?

Ханшайым Раушанның төтесінен қойылған сауалынан сасқалақтап, не айтарын білмей қалды. Оның көзі жыпылықтап, беті ду ете қалғанынан өзінің қателеспегенін түсінген Раушан жымиып қойды. Өзі әңгімесін бастағалы бері ләм деп тіс жармай, сөзін де бөлмей, сұрақ та қоймай тыңдап отырған монтаны келіншекке іштарта бастағандай.

- Енді саған айтар басты шаруама көшейін, - деді содан соң. – Сенен өтінерім, мені түсінуге тырыс... Саған айттым ғой, Батырымды жанымдай жақсы көргендіктен оның бала сүймегеніне, әкелік сезімді бастан кешпегеніне қатты қиналамын деп... Өзіне салса, өмірден осылай мені бағып-қағумен өтуге бар сияқты... Бірақ, бұл маған жақсы болғанымен, оған қатысты алғанда әділетті емес екенін түсінемін. Сондықтан да осындай шешімге келіп отырмын. Оны сүйгендіктен...

Ол терең күрсінді.

- Батырым сені ұнататын сияқты... Бірақ маған деген сезімін де сөніп қалды дей алмаймын… Парасатты ғой. Менің осындай күйге түскеніме өзін кінәлі санағандықтан арынан аса алмай, бар сезімін құрсаулаумен күн кешіп жүрген болар деген де ой келеді... Бірақ, қалай болған күнде де оның отбасынан ешқайда кетпейтініне көзім жетті.

Менің орнымда басқа біреу болса күйеуінің мұндай ісіне риза болып, тып-тиыш отырар ма еді, бәлкім... Бірақ... мен оны жақсы көремін, жан-тәніммен сүйемін ғой... Ал сүю дегеннің өзіңнің ғана рахатқа кенелуің емес, сүйгеніңнің де бақытты болуы екенін шын сүйген жан ғана түсінеді. Мен де Батырымның өмірден ер-азамат сияқты қызық көруін қалаймын... Ойлай-ойлай, мен мынадай шешімге келдім: сен екеуің қосылсаңдар қайтеді?

Ханшайым орнынан атып тұрды.

Өзін тежемек болып бас салған Раушаннның қолынан жұлқына босанып, алды-артына қарамай үйден шыға жөнелген Ханшайым қараңғы көшеде келе жатып ағыл-тегіл жылады. Біресе жан-жүрегімен қалаған адамын еш алаңсыз, бөліп-жармай, емін-еркін құшып-сүюді тағдыры бұйыртпаған өзін аяды. Біресе бүкіл қызығын қиып, арбаға таңулы адамға байланып отырған Батырбекке жаны ашыды. Біресе тәні мүгедек болса да, адамгершілігі он екі мүшесі сау адамдардың қай-қайсысынан да биік, біреуді сүюдің жауапкершілігі туралы терең ұғымы бар, «мен бақытты болсам» деп емес, «сүйгенім бақытты болса» деп тілейтін Раушанның сөздеріне жүрегі езіле егілді. «Ол емес, өзімізден басқаны ойламайтын біз мүгедекпіз...» деп өкси күбірледі.

Үйіне қай кезде жеткені есінде жоқ. Есікті ашқан қызының көзіндегі үрейді көргенде ғана өзінің көшеде ұзағырақ жүріп қалғанын түсінді. «Мама, телефоныңызды неге алмадыңыз? Әбден қорқыттыңыз ғой...» деді анасының құшағына құлай берген қызы сыбырлай сөйлеп. Сонда ғана Ханшайым есін жиды. «Ойланып кетіп, естімей қалғам ғой, ботам. Кешір...кешір, күнім...» деді қызын шашынан сыйпап.

Бөлмесіне кіріп қараса, қабылданбаған қоңыраулар тізімінде қызының телефон нөмірімен кезектесіп бір бейтаныс нөмірден әлденеше рет қоңырау келіп түскен екен. «Кім болды екен?» деп ойлады да қойды. Сөйткенше болған жоқ, хат келіп түскенін хабарлап қалта телефоны шиқ-шиқ етіп белгі берді. Бұл да жаңағы бейтаныс нөмірден екен. «Жалынамын. Тілегімді қабыл алшы. Ниетімнің ақтығына Алла атымен ант етемін. Раушан» деген сөздерді оқығанда тағы да жүрегі езіліп, көзінен жас парлай жөнелді.

Раушан одан кейін де әлденеше рет телефон шалды. Сырт адамға сыр бермегенімен, Ханшайым безектеп жатқан қалта телефонындағы «Раушан» деген жазуға қарап, тұтқаны көтерер-көтермесін білмей іштей егіліп, мең-зең болып отыратын еді. Бір ойы Раушанның сөзін құп көрсе, бір ойы бәрін теріске шығарып, басы қатып жүргенде мәселе күтпеген жерден өрбіді.

Тойдан кейін бірер ай өткенде жас жұбайлар жаңа пәтерлі болып, екі жақтағы туыстарын қоныстойға шақырған-тын. Апа-жездесімен бірге келген Ханшайым үйді тамашалап жүргенде, есік қоңырауы шылдырлап, арбада отырған Раушанды алға салған бір топ қонақ табалдырықтан аттады. Күтпеген кездесуден сәл абдырап қалған Ханшайым өзіне көзі түскенде Раушанның қуанып кеткенін қалай жорырын білмей, ерлі-зайыптылармен бас изеп қана амандасты.

Дастархан басындағы жастардың жаңа үйлеріне қатысты жайма-шуақ әңгіме қонақтардың қызуы артуына қарай әр бағытта өрби бастады. Біреулер күлдіргі әңгіме айтса, екінші біреулер әйелдер мен ерлердің теңдігі жоқ екенін айтып өжектеді. Қызулау қонақтың бірі тақырыптың арнасын бұрып, екінші әйел алу туралы мәселені қозғағанда Батырбек әйеліне тақап кеп: «Шаршаған жоқсың ба? Үйге қайтайық па?» деп еді, Раушан басын шайқап: «Жоқ, шаршаған жоқпын. Әрі әңгіме де ұнап отыр» деп күйеуіне күлімсірей жауап берді.

Еркектерге керегі де осындай сөз еді. «Міне, міне. Ақылды адамдар осылай деуі керек», -деп кеу-кеулеген оларды қыз-келіншектер жағы жаратпай қарағанымен, сол жердегі мосқал тартқан әйелдер құптай жөнелді. Әсіресе, құдағидың жеңгесі, кезінде белді қызметтер атқарып, билеп-төстеп сөйлеуге үйренген Әмина апай жас келіншектерге қарата біраз ақыл айтып тастады:

- Сендер бір-бір күйеуді меншіктеп, сүлікше жабысып айрылғыларың жоқ! Ал қаншама қыз оң жақта қартайып отыр. Олардың да күйеуге тиюіне, бала сүюіне қақысы бар емес пе? Солардың көбі екінші әйел болуға да бейіл. Тек еркектер мына сендер сияқты өзімшілдерден аса алмай жүр...

- Иә, дәл солай, - деп құптап қойды қызу қонақ.

- Жөн айтасыз, құдағи, - деді осы ортаға оқымыстылығымен танымал апай. – Бізде ата дәстүрді насихаттау жоқ қой. Өткеннің бәрін мансұқтай бермей, салтымыздың жақсы жақтарын алу туралы қазір аз айтылып жүрген жоқ. Солардың қатарында сіз айтып отырған мәселе де көтерілуі керек. Ол арқылы демографиялық ахуалды жақсартуға болатынын айтып, жетелеріне жеткізу керек. Мына сіз сияқты үлкен кісілер телевизордан сөйлеп, соны түсіндіруі керек деп ойлаймын...

- Кешіріңіз, - деді осы кезде бағанадан бергі әңгімені үнсіз тыңдап отырған Раушан оның мінберде студенттерге дәріс оқып тұрғандай екпіндете сөйлеген сөзін бөліп. – Кешіріңіз, апай, мен сізді сыйлаймын. Бірақ сіз, әйтпесе Әмина апай немесе басқа бір қадірменді қария апай осы әңгімені телевизордан айтатын болса, мен барып оны өшіріп тастаймын...

Жұрттың бәрі демін ішіне тартып тына қалды. Мұндай басқосуларға өте сирек келетін, келсе де әдетте көп сөйлемейтін Раушанның бұлайша оқыс тіл қатуы отырғандар үшін күтпеген жай еді. Сәл тыныстап алған Раушан сөзін әрі қарай жалғастырды:

- Қатты айтсам, айып етпеңіз, апай, сіздердің жасыңызда күйеуіңді басқа әйелге нақсүйер етіп бер деп үгіт жүргізу оңай деп ойлаймын. Өйткені, жасыратын несі бар, сіздер ыстық-суығы басылған жастасыздар ғой. Әрі өзіңіз айтқандай, мақсат демографиялық ахуалды жақсарту болса, бұл мәселені шешудегі салмақ алпысты алқымдаған кісілерге жүктелмейтіні белгілі. Сондықтан сіздердің жүргізген үгітіңіз отбасыларыңыздың береке-бірлігіне әсер ете қоюы неғайбыл... Дегенмен мен телевизордан сөйлеп, насихаттау керек дегенді қолдаймын. Бірақ сіз сияқты қариялар емес, біздің жасымыздағы әйелдер насихаттауы керек.

Дастархан басындағылар ештеңеге түсінбей, бір-біріне қарасып, ақыры бұл жұмбақ ұсынысты Раушанның өзі түсіндіруін күткендей, мойындарын соған қарай бұрды. Раушанның әр сөзін салмақтап, таразылап алғандай нық сөйлеуі оның осы тақырып бойынша бүгін ғана ойына келген әңгімені емес, өзін талайдан толғантқан мәселені көтеріп отырғанын байқатқандай. Ол бір сәт толқыныстан дір-дір еткен демін басып, отырғандарға айнала көз тастады да сөзін әрі қарай сабақтады.

- Иә, мен телевизордан сөйлеп, насихаттау керек дегенді қолдаймын. Мысалы, мен шығып сөйлер едім...

Әр дастарханда дерлік айтылатын, біреу ұнатып, біреу жақтырмайтын тақырыптағы әңгіменің күтпеген бағытта өрби бастағаны жаңа ғана өрекпіп отырғандардың өзін тосылтып тастады. Аңқаулары аңырып отырғанда, сұңғылалаулары бүгінгі әңгіменің мүлде тосын оймен, көпшілік ойламаған тұжырыммен түйінделетінін сезгендей. Сол сезімдері алдаған жоқ. Кеудесін кере терең тыныстап дем алған Раушан:

- Мен Батырымды жанымдай жақсы көретіндіктен, оның бұл өмірден бала сүймей, әке болу бақытын сезінбей өткенін қаламас едім... - деп, солқылдап жылап жіберді.

Мұндайды күтпеген Батырбек әуелде отырған орнынан тұра алмай қалды. Әңгіменің мазмұны санасына сосын барып жеткен болуы керек, өңі әлемтапырық болып кеткен ол қалтыраған қолымен әйелін арқасынан қаусыра құшақтап, арбасын есікке қарай қозғады. Осы кезде өз-өзіне келген Раушан күйеуіне «тұра тұршы» дегендей ишара жасап, арбасының қол тежегішін басты. Сосын отырғандарға жағалай көз тастап, сәл әріректе тұрған Ханшайымға қарай арбасын бұрды. Болған жағдайдың бәрін жүрегімен қабылдап, өңі құп-қу боп тұрған оған қиыла қараған Раушан:

- Ханшайым, сүю дегеннің сүйгеніңе бақыт сыйлау екенін екеуміз де білеміз ғой... Осы отырған қауымды куә етіп, жанымдай сүйген жарымның алдында, Алланың атымен жалынамын – Батырбекке қосылып, оған әке болу бақытын сыйлашы... – деді даусы дір-дір етіп.

Осы оқиғаға куә болған қауым арада жылға жуық уақыт өткенде қайта жүздесті. Мәз-мәйрам боп қуанысып, жүздесті.

Той иелерінің өтінішімен кешкұрым мейрамхана алдына жиналған көпшілік, көше басынан баяу жылжып келе жатқан есік пен төрдей ақ лимузинді көрінгенде ду қол шапалақтады. Дәл алдарына келіп тоқтаған машинадан алдымен түскен Батырбек оның артқы есігін ашып еді, жүзі бал-бұл жанып, құндақтаулы сәбиді құшақтаған Раушан арбасымен сырғып түсе қалды.

Екінші есіктен шыға берген Ханшайымның қасына жымия жақындаған Батырбек оған жоғары жақты нұсқап: «Саған айтқан сюрпризім – осы» деді өз ісіне риза кейіппен.

«Сюрприз» деген сөз кеше Раушанның да аузынан шыққан. Осында келердің алдында қызы да «Мама, сізді сондай сюрприз күтіп тұр» деп еді жымыңдап. Енді, міне, Батырбек үлкен бір істі тындырғандай және мұның көңіл қалауын дөп басқанына сенімді қалыппен маңғаздана жоғары жақты нұсқайды...

Жиналған жұрттың өзіне ауған назарынан сәл қымсынған Ханшайым анықтап жан-жағына қарап еді – жүрегі шым ете қалды: Батырбек екеуі би билеген мейрамхананы жазбай таныды. Толқыныстан көзіне келіп қалған жасты ешкімге көрсетпейін деп басын сәл шалқайта жоғары көтере берген...

Алқаракөк аспанға қызылды-жасылды сәулесімен нұр шашып, әрбір әрпі би билеп тұрғандай болып жазылған екі сөзге жанары арбалды да қалды: «ҒАЖАЙЫП ТАНГО». Ханшайым қанша уақыт өтсе де ұмыта алмаған алғашқы махаббатымен кездесіп, ұғынысқан сәтті есіне салып, телегей теңіз мағына сыйғызып тұрған екі сөзге қайта-қайта қарай берді, қарай берді.

БЕЗІНУ

Кенже өзінің жолын қуып журналист болған қызының университет газетіне шыққан тырнақалды мақалаларын «Мөлдір Кенжеқызы» деген бүркеншік атпен жариялап жүргеніне оншалықты мән берген жоқ. Жас журналистің қай-қайсысы да мақаласына оқыс сын естимін бе деп қаймығатынын біледі ғой. Өзінің де басынан өткен, бұл да талай рет осы тәсілді қолданған. Мән бермегені содан болар… Оны айтасыз, кішкентайынан: «Өскенде мамамдай журналист боламын» деп жүретін қызының алғашқы мақалаларына басқаның емес, мұның атын қойғаны Кенженің көңілінде мақтаныш, масаттану сезімдерін оятқан.

Журналистің өмірінде бүркеншік ат пайдалануға мәжбүр болатын жайлар аз ба? Кейде өз басыңнан өткен, жаныңа батқан бір жай күні-түні есіңнен кетпей, ойыңа тыншу бермей, еріксіз қаламыңды қолға аласың. Сырыңды, мұңыңды ақ қағазға аманаттап барып, жаның жай табады. Мұндайда әлдебіреулердің әсіре қызығушылығынан қорғану үшін аты-жөніңді өзгертіп жазуға тура келеді.

Көркем әңгімелеріне, біздің қоғамға сіңісе қоймаған, басқа елдерде қалыпты жағдай болғанмен, қазақы ортада ерсі көретін тақырыптарға жазған мақалаларына да бүркеншік атын қойған кездері болған. Әсіресе соңғы он жыл бойы отбасы туралы айдарды жүргізіп жүріп, адам қатынастарының қат-қабат иірімдері, әсіресе ер адам мен әйел арасындағы нәзік де құпия сырлар туралы жазған кездерінде, бұл тәсілдің тіпті артықшылық жақтары бар екеніне көз жеткізген. Ертеңінде ешкімнен ебедейсіз қалжың естімейтінін білген ол тақырыпқа барынша еркін бойлайтын…

Қызының студенттер өмірінің келеңсіз жақтарын жазған кейбір мақалаларының соңына фамилиясын жазбауын сөз болып отырған кейіпкерлерден қорғанғаны деп ұқты. Оның үстіне оқу орнындағы жағымсыз жайлардың көпке жария болғанын басшылардың ұнатпайтыны белгілі. Ұнатпақ түгілі түсіне қоюы да екіталай. Ондайда, әдетте, оқу орнының атына кір келтіріп отырған жайдың шығу, тарау себебін біліп, шара қолданудың орнына мәселені көтеріп отырған журналисті жазықты етіп көрсету, айыптау науқаны басталып кететіні бар. Фамилиясын көрсетпеуі – солардың тарапынан қудалау бола ма деп сескенгені болар балапанының…

Өзі оқыған төрт жыл ішінде студенттердің бәрін ығыр еткен, бірақ батылы барып ешкім ашып айта алмаған мәселе туралы қызының сөз қозғап, мәселе көтергені Кенжеге ұнады. Мақаланың тақырыбы-ақ бірден назарыңды аударады - «Сессия кезіндегі баға сату және сатып алу». Қашанда күштінің әлсізге көрсететін әлімжеттігіне қарсы шығып, қолынан келгенше араша түсіп жүретін Мөлдірдің сессия кездерінде студенттерге кейбір оқытушылар тарапынан көрсетілетін қысымға, сол сияқты кейбір «көкелерінің» арқасында оқып жүрген білімсіз жастардың жақсы баға алу үшін жасайтын жағымсыз істеріне төзбеушілік танытып, оларды ашық айыптап жазуы анау-мынау азаматыңның қолынан келе бермейтінін ойлағанда, кеудесін мақтаныш кернеді…

«Құйттай ғана батырым сол! Әділ төрем сол, - деп күбірледі мақаланы оқып болғанда. -Әттең, сенің осы жанайқайыңды естір құлақ табылар ма екен? Бүкіл қоғамды жайлап алған дерт қой ол. Барлық кеселдің басы – осы баға сату мен сатып алуда екенін сен де көресің бе деп қорқамын. Бүгін баға сатып алғандар ертең ақшалы қызмет орнын, тиімді адамдармен достықты сатып алады. Осылайша жалғаса береді. Қашан, қашан тыйылар екен осы бір қаулап өскен арамшөптей кеселді әдет? Сенің «Ақшаға дәрі сатып алғанмен денсаулық сатып алуға болмайтыны сияқты, бағаны сатуға болар, бірақ білімді сатып алуға болмайтынын осындай ұстаздар мен студенттер ойланса екен...» деген сөздерің межелі нысанасына жеткей-ді, жаным...»

Қызының жазғандарын үзбей қадағалап отыратын Кенже бірде Мөлдірден оның кейінгі кездерде жарияланған танымдық мақалаларына, студенттердің Ыстықкөлге жаяу саяхатынан жазылған жолжазба материалдарына неге фамилиясын жазбағанын сұраған. Әңгімеден қашқақтағаны болар, әйтеуір Мөлдір сонда «Ой, бәрібір емес пе, мама?» деп, әр нәрсені сылтауратып, әңгімені басқаға бұрып әкетті. Қойған сұрағы сол күйі жауапсыз қалды. Одан кейін екеуі бұл тақырыпты қозғамаған, содан да болар, алғашында көңіл түпкірінде қолайсыз бір түйткіл сезім тудырса да, бірте-бірте бұл жай ұмытылып кеткен-ді.

Арада бірер ай өткенде, жасы қырық беске толуына байланысты куәлігі мен төлқұжатын ауыстыру керек болып, Кенже аудандық ішкі істер бөліміне барып, тиісті құжаттарын реттей бастады. Сурет керек деген соң, қызын ертіп барып төлқұжатқа арналған суретке түсті. «Әшейінде құнттай бермейміз ғой осы. Кел, екеуміз бірге суретке түсейік» деп Мөлдір екеуі иық түйістіре отырып та бір рет түсті. Кенет қызы: «Мама, мен де куәлігімді өзгертсем қайтеді?» деді бұған ойлана қарап.

- Сенің ауыстыратын мерзімің әлі болған жоқ қой. Куәлікті әдетте 25 жасқа толғанда немесе фамилиясын, аты-жөнін өзгерткенде ғана ауыстырады.

- Мен сол фамилиямды, аты-жөнімді ауыстырсам ба деп ойлап жүрмін.

Қапелімде аузына сөз түспей, аңтарылып тұрып қалған Кенже біраз мүдіріп барып тіл қатты:

- Сонда қалай деп ауыстырғың келіп жүр?

- «Мөлдір Кенжеқызы» деп…

Бұл тіпті күтпеген сөзі еді. Не дерін білмей тұтықты да қалды. Баласының мінезі өзіне мәлім: қандай кезде болмасын он ойланып, жүз толғанып барып бір шешімге келеді. Және бір қасиеті - өз ойын іштей әбден пісіріп алғанша ол туралы ләм деп ешкімге тіс жармайды. Оның бұл қасиетін жақсы білетін жолдастары араларында әлдеқандай дау туындап жатса, қашанда төрелікті Мөлдірге айтқызады. Ал марқұм әжесі «Ақылдың кені ғой бұл» деп айналып-толғанатын… Барлық әжелер сияқты өз немересін асыра бағалағанымен де қарт ана сөзінің жаны бар екенін бұлар үй ішімен түгел мойындайтын. Тіпті кейде бұрқан-талқан болып ашуланған кезде бұған да тоқтау айтатынын қайтерсің!

Қызының қашанда әділдікті іздеп жүретін турашыл, жалтақтап-бұлталақтамайтын өжет, айтқанынан қайтпайтын бірбет екенін де біледі. Сондықтан іштей наразы болып тұрса да, осы жерде оқыс сөйлеп, мәселені ушықтырып алмауға тырысып:

- Бұл аяқасты шешілетін мәселе емес қой. Ойланайық,- деді.

Қайтар жолда қызы автобус терезесінен сыртқа қараған қалпы тас боп қатып қалғандай отырды да қойды. Бірер рет сөзге тартпақ болған бұған мұңлы жанарын қадап басын шайқағанынан кейін-ақ Кенженің жүрегі сыздап қоя берді. Бала кезден солай – Мөлдір әлденеден көңілі қатты қалса, тығылып, үндемей қалатын…

Үйге келген соң да қызы сөйлескісі келмейтінін қас-қабағынан танытып, басы ауырғанын сылтауратып, төсегіне барып жатып қалды. Сол түні екеуі екі бөлмеде дөңбекшіп шықты.

Ертеңіне жұмысынан келсе, қызы кітапқа үңіліп, әлденені шұқшия оқып отыр екен. Бұл әдетін де біледі – ешкіммен сөйлескісі келмесе, осылай тұқшиып, кітаптан бас көтермей қояды.

- Не оқып отырсың, Мәкөнтай?

- Ертеңгі семинарға дайындалып отырмын.

- Қызым, мені алдай алмайсың. Менімен кешегі тақырыпқа сөйлеспеу үшін сабағыңды алға тартып отырсың ғой. Бірақ екеуміз ашық сөйлесіп, мәселенің басын ашып алуымыз керек.

- Мама, мен бұл шешімге бір күнде келген жоқпын, бәрін ойлап барып сізге айттым.

- Біздің елдің салтында баланың аты-жөні әкесі бойынша жазылады. Сенің әкеңе өкпелеп, осылай істемек болғаныңды да түсінемін… Бірақ мен оныңды құптамаймын.

- Неге?

- Өйткені сенің әкең бар. Рас, біз ажырасып кеттік. Тағдырдың жазуы солай болды… Адасқан шығар... Бірақ, біз бір-бірімізді шын жақсы көріп қосылғанбыз, сендер – ақ-адал некеден туған перзентсіңдер, жаным. Кезінде қалай тату-тәтті тұрғанымызды, оның сендерді қалай жақсы көргенін айтып жүрмін ғой…

- Оның бәрін біз оған кектеніп өспесін деп ойдан шығарған сияқтысыз. Себебі мен ес білгеннен көргенім үйдегі ұрыс-жанжал болатын. Содан қорқып үйден қашып шығып, екеуміз талай көшеде жүрдік емес пе?

- Одан бері қанша жыл өтті, ұмытатын кезің болған жоқ па, балам?

- Жоқ, мама, ешқашан да ұмытпаймын! Мені айтасыз, Бөкен де, Ақжол да ұмытпайды. Білесіз бе, бірде ол осындай қырғын салып, содан кейін әдетінше жоқ болып кеткенінде мен екеуінен: «Мамам неге папама тұрмысқа шықты екен?» деп сұрағанмын. Олар қайдан білсін, иықтарын көтеріп, «шынымен неге шықты екен?» дегендей бір-біріне қарады. Бірақ мен содан кейін: «Күйеуге тиген осындай болатын болса, тұрмысқа шығудың не керегі бар?» деп ойлайтын болдым...

Кенже қызын құшақтай алып бауырына басты. «Жарығым, жарығым… Олай деме, құлыным. Ерлі-зайыптылықтың бәрі сондай болады деп ойлама.» Анасының құшағы, елжіреген дауысы буын-буынын босатып, бағанадан бері ширығып сөйлеп тұрған Мөлдір солқылдап жылап жіберді. Жылап отырып сөйлей берді, сөйлей берді…

- «Адасты» дейсіз. Адасатын ол он бес жасар бала ма еді? Әлде сезімін игере алмайтын солқылдаған жас па еді? Қырыққа келгенде… Әкем дүниенің қызығын отбасындағы тату тірліктен емес, әйелдермен қыдырудан іздеді деген ойдың өзі ұят. Намыстанамын ондай адамның атын алып жүруге!

Ал, жарайды... Басқа әйелмен шатысты екен, бәріміздің басымызға әңгір-таяқ ойнатпай, тып-тыныш қана кете бермеді ме? Біз тым құрмағанда жақсы мінезін, еркелеткенін сағынып жүретін едік қой…

Кенже қызының сөзін бөлмеді. Ішіндегі шерін тарқатсын деп ойлады. Оның үстіне, сөйлейін десе әлдене тамағына тұрып қалғандай, бір сәт даусы шықпай қалды. Ал екі ұлдың ортасында туып, қайсар болып өскен, әшейінде көзіне жас ала бермейтін Мөлдір осы уақытқа дейін тістеніп, тығылып жүрген болуы керек, бұл жолы солқылдап жылап, жуық арада басыла алмады. Көзінен тарам-тарам боп аққан жасын алақанымен сүртіп қойып, көкірегінде жиналып қалған бар шер-мұңын, өкпе-наласын армансыз төкті.

- Жұрттың әкелерін көріп жүрміз ғой… Әке сияқты... Біздікіндей тек куәліктегі жазу емес! Әп-әдемі болып жүр. Ұл-қызын тәрбиелеп, өсіріп жатыр. Тіпті ақылсыз балаларының өзін ақша төлеп оқытып жатыр. Әкелік парызын өтеп… Ал біздің үшеуміздің алдымызда оның әкелік парызы жоқ па? Мен ауруханада жаттым – іздеп келді ме? Бөкен үйленді… қол ұшын берді ме? 18-ге, 20-ға толдым… Ойына кіріп шықты ма? Балалары үшін бір игі іс істемесе, бір ауыз жылы сөзі жоқ болса... сонда... әке деген не үшін керек? Оның атынан безінбейтіндей не қалды?

Солқ-солқ етіп жылап жатқан қызының шашын сипап отырған Кенже іштей оның айтқанымен келіспесіне амалы жоғын ойлады. Бәсе, соңғы кездері әдетінше әкелері туралы, бәрі бірге өмір сүрген кездері туралы шуақты бір әңгімелерді айта бастаса, Мөлдір үнсіз орнынан тұрып кететін еді. Көңілі әбден қалған екен ғой…

Қызы әбден жылып-жылап, ақыры мұның тізесінде жатқан күйі ұйықтап кетті. Ара-тұра өксіп-өксіп демалады. Ұйықтап жатқан қызының әкесіне тартқан қою қара қасы мен кірпігіне, қараторы жүзіне қарап отырып, оның кішкентай кезінде: «Мен папам «аһ» дегенде аузынан түсіп қалғанмын» дейтіні есіне түсіп, еріксіз күрсінді.

«Қатты өкпелеген екен. Ашуы біразға дейін қайтпайтын сияқты. Сабасына түссін. Араға уақыт салып барып сөйлескенім дұрыс болар» деп ойлады іштей.

… Түні бойы дұрыс ұйықтамағандықтан болар, таңертең қызының тұрып, оқуына кеткенін байқамай да қалды. Мөлдір әдеттегідей шәй қойып ішіп, дастарханды бұған әзірлеп, үстінен ақ орамал жауып кетіпті. Стол шетінде бір жапырақ қағаз жатыр екен. Алып оқыды.

«Мама, жаныңызды ауырттым-ау. Бірақ сіз маған «екеуміз нені де болса бөлісіп көтеруіміз керек» деуші едіңіз ғой. Бұл – менің жанымды езген мұң, жүрегімдегі жүк. Кеше айтпасам, бұдан кейін көтере алмас едім.

Ақындар әкені жырға қосып жатады, мен ол өлеңдерді қабылдай алмаймын. Себебі мен өлеңдерде айтылатын әке қамқорлығын көріп, ақылын тыңдаған жоқпын. Жиын-тойларда «Әке туралы жыр» айтылғанда ешқашан қосылмайтыным сондықтан. Бізді жақсы көріп, болашағымыз үшін қабырғасы қайысқан әке болған жоқ. Ұлдарды білмеймін, ал мен ондай әкенің атын арқалап жүргім келмейді. Сондықтан, ерте ме, кеш пе, бәрібір құжатымды өзгертемін, мені үгіттеп көндіремін деп әуре болмай-ақ қойыңыз, бұл – менің әбден ойланып қабылдаған шешімім.»

Кенже қолындағы қағазға тесіле қарап отырып қалды.

ҚҰШТАРЛЫҚ

Қарлығаштың ауруханада жатқанына біраз болды. Мұнда қара күзде түскен, қазір қыс қаһары қайтып, кейбір күндері ертелі-кеш ашық тұратын желдеткіштен палатаға жердің бусанған иісі келіп жететін болды.

Ертеден қара кешке дейін төбеге қарап жатудан асқан азап жоқ екенін кім білген. Бұрын, жаттығулардан шаршап, ұйқысы қанбай жүргенде «шіркін-ай, есік-терезені жауып алып, он күн, тіпті, жиырма күн жатып ұйықтар ма едім» деп армандайтын. Адам ұйықтаудан шаршайтынын біліпті ме сонда? Міне, алты ай болды – бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ бір сарынды, таң атса күн батпай қажытатын, кеш түссе таң атпай зарықтыратын күндер үздік-создық өтуде.

Қазір ол өз өмірін ауруханаға дейін және ауруханадағы деп бөліп ойлауды әдетке айналдырған.

Бұл үшін өмірдің бар қызығы, қуанышы, сан алуан үні, қызылды-жасылды бояуы аурухана табалдырығының ар жағында қалғандай. Ал мұнда бір-ақ түс үстемдік құрған: әппақ қабырғалар, ақ төсек, кей жерінің сылағы қабыршықтанған әппақ төбе, ақ халатты дәрігерлер... Ақ түстен шаршады, жеріді. Тіпті өзін төсекке байлаған ауру да бұған ақ түстідей болып көрінеді.

«Еркіндіктің түсі, сірә, көк түсті болар, - деп ойлады Қарлығаш. – Биіктікті де әдетте көк түспен теңейді. Мен көк түсті сондықтан жақсы көретін шығармын».

Өзі сүйетін биіктіктің – зеңгір көк аспанның түсін сағынды.

Қарлығаш цирк артисі еді.

Бала кезінен бір орында тұрмайтын, қашан көрсең де ер балалармен бірге үй-үйдің шатырында тығылмақ ойнап, биік ағаштардың ұшар басында өрмелеп жүретін немере қызы цирк училищесіне оқуға түскенде қарсылық білдірмек болған ұлы мен келінін әжесі: «ішінде жай тасы қайнап бара жатқан бұл қыздың қолы – осы» деп басып тастаған. Сосын әлденені іштей қиялдай, көзін алысқа тігіп, «тұра тұрыңдар, әлі бар балаңнан осы қыздарың озады» деген-ді.

Көпті көрген ана қателеспепті. Оқуға түскен бойда әрі нәзік, әрі ширақ қыз әуе акробаттарын дайындайтын жаттықтырушының көзіне түсіп, көп ұзамай-ақ оқу орнының концерттік бағдарламаларында өнер көрсете бастаған. «Манежге бір шыққан адамды цирк сиқырлап, өмір бойы өзіне байлап қояды» деген-ді ұстазы Қарлығашқа. Сол рас екен. Қарлығаш өзінің өмірлік жолын қателеспей тапқанын, цирксіз өмір сүре алмайтынын тез-ақ ұқты. Күмбездің астында қалықтап жүріп, нешетүрлі күрделі акробатикалық жаттығулар жасау өзін шексіз рахатқа бөлейтін.

Кейбір кезде орынсыз батылдықтар жасап, ұстазынан сөгіс естіп қалады. Ондайда бірер күн монтаны мінез көрсетіп жүреді де, жаттығу барысында балалығы ұстап кетеді ме, қайтадан шалдуарлыққа салынады.

Бірде күмбездің ұшар биігіне шығып алып, төмен қарай сорғалай аққан кезде көрермендер «аһ!» деп, тына қалды. Жүйкесі әлсіздеулері көздерін тарс жұмып, құлақтарын басты – әлдебір жағымсыз дыбысты естуден қорыққан болулары керек. Манеж табанына бір жарым-екі метрдей қалған кезде акробат қыз шыркөбелек айналып, екі аяғымен жерге дік ете түскенде цирк іші ду қолшапалақ пен «жарайсың!», «браво!» деген қошемет дауыстардан жаңғырығып кетті.

Содан кейін циркке Қарлығаштың өнерін көруге әдейі келетіндер оның бұл өнерін талай рет тамашалады. Бас айналдырар биіктіктен төмен қарай сорғалай ағып келе жатып, нешетүрлі трюктер жасайтын қыздың болашағы туралы цирк мамандары тарапынан батыл болжамдар жасала бастады. Ол болжамдардың өмір шындығана айналарына Қарлығаштың өзі де сенімді еді. Әттең...

Әттең, кезекті бір ойын көрсету сәтінде цирк толы көрерменнің көз алдында сақтандырғыш жіп үзіліп кетпегенде...

Есін ауруханада жиды, басы таңулы, аяқ-қолы гипстеулі, орнынан тұрмақ түгілі қозғалудың өзі мұң. Десе де Қарлығаш бұған аса көп қайғыра қойған жоқ. Училищедегі ұстаздары цирк әртісінің мамандығы қауіп-қатерге толы екендігін талай айтқан. Жазатайым зақым алған жағдайда рухы мықтылар ғана жеңіске жететінін шәкірттердің құлақтарына құюдай-ақ құйғанның арқасы болар, Қарлығаш қабырғасының, аяқ-қолының сынып, миының шайқалғанына жаси қойған жоқ. Көңілге қорқыныш ұялатқаны – өзін айналшықтап жүрген дәрігерлердің күбір-сыбыр әңгімесінің көбейіп кеткені. Айтуларынша – жұлынына зақым келген, ем қонбаса, аяғын баса алмай қалу қаупі бар.

Жеті тәулік бойы жан сақтау бөлімінде жатып, сегізінші күні үздіксіз ем жасалатын бөлімге ауыстырылған. Төрт-бес ай бойы жасалмаған ем қалмаған шығар, бірақ аурудың батпандап кіріп, мысқалдап шығатынын жас қыз қайдан ұқсын, нәтижесіз сияқты көрінген процедуралардан жазылуға құштар Қарлығаштың өзі де қажи бастағандай. Сондықтан кеше дәрігерлер келіп, өзіне қатысты емдеудің бағытын өзгертуге шешім қабылданғанын, енді эксперменттік режимдегі палатаға ауыстырылатыны туралы айтқанда жақсылықтан тағы да дәмеленіп қалды.

... Мұнда да өзі сияқты айлап төсекке таңылғандар жатады екен. Дәстүрлі ем жүргізетін басқа бөлімдерден бір ерекшелігі бұл жерде әлемнің басқа елдерінде қолданылғанымен, өзіміздің елде әлі орныға қоймаған жаңа әдістер басшылыққа алынатын көрінеді. Біреуге жағады, біреуге жақпайды, бірақ төбеге тесіліп жатудан шаршағандар бұл бөлімге келуге құштар екені анық. Себебі, күні кеше ашылса да, басқа жаққа қарағанда тап осы жерден өз аяғымен кететіндер көбірек. Міне, осы палатаға каталкамен әкелінген бір науқас кеше балдаққа сүйеніп, өз отбасына оралған соң оның орны Қарлығашқа бұйырды.

Бұл да палатаға каталкамен кірді. Өз жайлары да мәз еместігіне қарамастан, өздігінен жүрмек түгілі, аяғын қозғалта алмайтын жап-жас қыздың жағдайы палатадағыларға қатты әсер еткен сыңайлы. Ішкі сезімдерін жасыра алмаған палата тұрғындары кіп-кішкентай, нәп-нәзік қызға біреуі аяй, біреуі мүсіркей қарайды. Қарлығаш сол көзқарастарды көрмеу үшін ұйықтағансып, біраз уақыт жұмған көзін ашпай қойған. Бірақ қашанғы жатсын? Оның үстіне терезеден қиялай түскен күн сәулесі де қытықтап, «көзіңді аш, мына әсем әлемге қарашы» дегендей. Көзін ашқанда қыс бойы сонша сағындырған зеңгір көк аспанды көрді. Бір үмітпен, бір күдікпен басқа бөлімге келгенінде күннің шайдай ашылып тұрғаны қандай жақсы!..

Медбике келіп, белгіленген ем-домды алу тәртібін түсіндіріп жатқанда да, санитар апай зілсіз күңкілдей сөйлеп, төсек жаймасын жөндеп бергенде де әлденеге елеңдеп, өзін тап бүгін бір қуаныш күтіп тұрғандай сезімнен арыла алмады. «Ол қандай қуаныш екен?» деп ойлады Қарлығаш.

Жүрегін алып ұштырған қуанышты көзбен көре қоятындай мойнын созып, жан-жағына қарап қояды. Дәлізбен әрі-бері өтіп жатқан адамдардың қараңдаған сұлбаларынан басқа ештеңе көзіне іліне қоймаған соң жаңа ғана қиялдана күлімсіреп отырған Қарлығаш терең күрсініп, бұрынғы бұйығы қалпына түсті.

Әлден соң дәретханаға барғысы келіп, өзі сияқты науқастарға көмектесетін санитар әйелді шақыртып еді, ол жуық арада келе қоймады. «Апай!» деді Қарлығаш шыдамсыздана, дәлізбен кетіп бара жатқан бір адамның қарасын байқап қалып.

- Кім шақырды? – деді есіктен қараған көк халатты жас жігіт.

Палатадағылар Қарлығашты нұсқады.

- Жо-жоқ, шақырған жоқпын, - деді Қарлығаш безектеп.

Жас жігіт бұған жақындап келді де: «Сіз қысылмаңыз, бәрін маған айта беріңіз, көмектесемін» деді күлімсірей сөйлеп.

- Жоқ, ештеңенің қажеті жоқ, - деді Қарлығаш тағы да.

Жігіт палатадан шығып кеткен соң шамалы уақыт тосты да, Қарлығаш тағы да «Апай!» деп дауыстады. Іле есік ашылып, бағанағы жігіт басын сұқты:

- Сізге көмек керек пе?

- Маған апай керек еді, - деді Қарлығаш бұдан әрі шыдай алмайтынын сезініп.

- Апай бір жағдай болып сұранып кеткен, орнында мен қалдым. Айта беріңіз, көмектесемін.

- Жоқ, маған апай керек, - деді Қарлығаш жыламсырап.

Жігіт бір сәт үндемей қарап тұрды да, жедел басып шығып кетті. Бірер минуттан кейін палатаға кезекші медбике кіріп, Қарлығашқа таяды да:

- Сізге көмек керек пе? – деп сұрады.

- Дәретханаға... – деді көзінен тарам-тарам жас парлаған Қарлығаш сыбырлай сөйлеп.

Медбике бір қолын оның жамбас тұсынан салып, денесін сәл көтерді де, екінші қолымен төсек астында тұрған жайпақ медициналық шылапшынды бөксесінің астына қоя қойды. Әбден қыстыққан Қарлығашты асықтырмай жанында күтіп отырып, болған соң шылапшынды еппен шығарып алып, палата бұрышындағы дәретханаға алып кетті.

«Сұмдық-ай, тағы да далаға шығу үшін шақырғанымда, тағы да ана жігіт келсе қайтем? Медбике екінші рет келмейтін шығар. Иә, келмейді, науқастарға шылапшын тосу медбикенің міндетіне кірмейді ғой» - деп ойлады Қарлығаш медбикені көзімен ұзатып жатып.

Ол жігіт шақыртпай-ақ келді. Сымбатты келбетіне көкшіл түсті халаты жарасып-ақ тұр. Ақ халатты ұнатпайтын Қарлығашқа оның халатының түсінің өзгеше болуының өзі қыс кезінде көктем туғандай әсер етті. Көк халатты жігіт науқастардың сырғып кеткен төсектерін жөндеп, жүре алатындарын сүйемелдеп, дәретханаға апарып келіп, бір кезде мұның қасына таяды.

- Мен сені танимын, - деді бұған күлімдей қарап, - циркке талай рет барып, өнеріңді көргенмін.

Қарлығаш елең ете қалды. Бірақ бағана неге шақыртқанымды біледі ғой деп оған қараудан ұялып, көзін терезе жаққа аударды.

- Менің атым Абзал, - деді жас жігіт ештеңе болмағандай, - медицина институтында оқимын. Ортопедия, хирургия мамандықтарынан тәжірибе жинақтау үшін осында жұмыс істеп жүрмін.

- Мен көп жатамын ба?

Қарлығаштың оқыс қойылған сұрағы оны таңдандырған жоқ. Бұл – ауруханаға түскендердің бәрі дерлік қоятын сұрақ, бірақ олардың бәріне бірдей жауап берілмейтіні және белгілі. Ол «айтсам ба, айтпасам ба?» дегендей көзін сәл қысыңқырай қарап тұрды да:

- Ол өзіңе байланысты, - деді ойлана сөйлеп. – «Науқас дәрігерге көмектессе – дәрігер жеңеді, ауруға көмектессе – ауру жеңеді». Ондайды естіп пе едің?

Қарлығаш басын шайқады.

Абзалдың: «Қазір мен ауысымымды тапсырып кетемін, саған ешқандай көмек керек жоқ па?» дегеніне де басын шайқады. Басынан оның жаңа ғана айтқан сөздері шықпай, «мен дәрігерге қалай көмектесуім керек? не істеуім керек сонда?» деп ойлап жатыр еді.

Келесі күні санитар апайдың жұмысқа шыққанын естіп, Қарлығаш «уһ» деді. «Жарылып кетсем де ол жігітке шылапшын қойдырмас едім» деп ойлады кешегі жай есіне түсіп кеткенде. Бірақ дәлізбен өтіп бара жатқан көк халатты адамдарға елеңдеп, «палатаға кіріп келер ме екен?» деп, еркінен тыс мойнын созып, қайта-қайта қарап жатты. Ақыры шаршап, ұйықтап кетіпті.

Оның келіп кеткенін оянғанда бір-ақ білді. Палатадағылар өзара жымыңдасып, «біздің үміткер» деп сөйлеп, тумбочканың үстіне Абзалдың бір бөтелке шырын мен кішкентай кітапша қойып кеткенін айтқанда, Қарлығаш екі кештің арасында ұйықтай қойғанына өкініп қалды. Кітапшаны алып, айналдыра қарады: интернеттен шығарылған материалдарды тігіп, қолдан жасалған кітапша екен. Бірінші бетіне үлкен әріптермен «Дикульдің әдісімен жаттығу» деп жазылыпты. Жалма-жан ашып, оқи бастады. Кітапқа беріліп кеткені сонша, палатаға Абзалдың кіргенін байқамай да қалды.

- Қал қалай?

- Ой! Сіз бе? Шырыныңызға рахмет!

- Кітабыма ше?

- Кітабыңызға да... Мен оқи бастадым, бірақ мұнда жазылғанды орындау қиын сияқты...

- Оңай болмайды. Бірақ сен бұрыннан жаттығулар жасап, денең әбден шыныққан ғой. Сондықтан дене шынықтырулар кешенін орындау түк те қиынға түспейтіні анық. Саған ең бастысы миды шынықтыру керек...

- Миды?

- Иә! Сен аяғыңа тұруың үшін ең алдымен башпайларыңның қалай қозғалғанын есіңе түсір. Миыңмен олардың қимылдағанын ойлап, көз алдыңа елестет. Елестетіп көрші... Қалай, елестеттің бе? О-ой, кіп-кішкентай башпайлар, қандай әдемі өздері! Қалай-қалай қимылдайды десеңші! Міне, енді башпайларыңа «қимылдаңдар» деп бұйрық беруің керек. Дикульдің өзі солай істепті кезінде. Біз де сөйтетін боламыз...

Палатадағылар да жас жігіттің әңгімесіне құлақ түріп, әрқайсысы әрқалай баға беріп отырды. «Қызға қырындаудың жақсы амалын тауып алғанын қарашы» деп іштей күліп отырды біреуі. «Өздерінің қолынан түк келмеген соң нешетүрлі ертегі айтып, жұрттың басын қатыруға құмар бұлар» деп налып отырды екіншісі. «Көмектесетін болса, тек жатпай мен де жаттығу жасап көрсем бе екен?» деп елеңдеді үшіншісі.

Жігіттің ешкімде шаруасы жоқ, Қарлығаштың аяғындағы носкиін шешіп, башпайларын кезек-кезек шымши ұстады да «міне, былай-былай қимылдағанын есіңе түсір» деп әрі-бері қозғап-қозғап қойды. Сосын есіктен кіре салып, емен-жарқын сөйлеуімен, ешкімнен, ештеңеден қысылмай өзін еркін ұстауымен палатадағылардың бәрін баурап алған ол жас қыздың екі балтырын кезек-кезек уқалап жатып Қарлығашқа қарап: «Бұлшық еттердің де жады болады, соны оятуымыз керек. Жансызданған аяқты қозғалысқа келтірудің сондай да бір амалы бар екен. Ол мынадан басқа кітапта жазылған, – деді. – Алдымен сен башпайларыңның жыбырлағанын көз алдыңа елестетіп, осы жаттығуларды істей бер. Бірте-бірте ол жаттығуларға да жетеміз».

Неге екенін білмейді, Қарлығаш Абзалдың сөздеріне құлай сенді. Циркте жүргенде ешқашан жаттығу жасаудан қашпайтын еді, тіпті үнемі белгіленген уақыттан көбірек жаттығатын. Сол еңбекқорлығының көмегі тиді. Дәрі-дәрмегін ішіп, емдік уқалау, физио-емдеу ем-домдарын алып болғаннан кейін Абзал үйретіп кеткен «психологиялық жаттығуларына» кірісетін болды. «Башпайларым, айналайындар, қанеки, қозғалыңдаршы, - дейді іштей. – Сендер қозғалсаңдар, жер басып жүрмейсіңдер. Бұрынғыдай, цирк күмбезінің астында ұшып жүресіңдер. Әжем сендердің аттарыңды үйретіп еді ғой маған, қалай еді? А-а-а, Басқы бақай, Опай-сопай, Атсыз апай, Еркетотай, Құйттай шоқай... Басқы бақай, саған қашанда салмақ көбірек түсетін. Бірақ, сенің күштілігіңнің арқасында мен кез келген биіктікке ырғып көтерілетінмін. Басқы бақайдың қасында оған тіреу болып Опай-сопай тұрады, ал оған Атсыз апай арқа сүйейді. Менің өнер көрсетуімде, Еркетотай мен Құйттай шоқай, сендердің де орындарың өзгеше. Бәріміз қайтадан көкте ұшып жүруіміз үшін, қимылдаңдаршы тезірек?...»

Арада бірнеше күн өткенде Абзал палатаға жіп алып келді. Кәдімгі кір жаятын жіп. «Не, бізге асылып өлсін деп кәсіподақ бері жіберді ме?» деп мысқылдай сұрады есік жақтағы төсекте жатқан ештеңеге көңілі толмайтын апай. Палатадағылар оған жақтырмай қарады. Абзал да апайдың сөзіне мән берген жоқ, керісінше бір жақсы сөз естігендей күлімсірей қарап: «осындай адам ойына келмейтін сөздерді тауып ала қоятыныңызға таң қаламын. Бұл да үлкен өнер ғой» деп еді, енді ол кісінің өзі ыңғайсызданып қалды.

- Мына жіпті аяғыңның басына орап, қолыңмен тартатын боласың, - деді ол Қарлығашқа тақап келіп. – Мен саған ыңғайлы болуы үшін бір жақ ұшын құрық сияқтандырып байлап әкелдім. Міне, былай лақтырып кигізіп, мына ұшынан былай тартасың. Әуелі оң аяғыңды бүгуге тырысасың, сосын сол аяғыңмен тап сондай жаттығулар жасайсың. Аз-аздан бастап, бірте-бірте көбейте береміз...

Жігіттің жіпті қайта-қайта лақтырып, жансыз аяқты тартып көтеруді бар ықылас-пейілімен көрсеткеніне палатадағылар бұрынғыдай емес, сүйсіне қарап отырды. «Осы еңбегің жанып, қызымыз жүгіріп кетсе ғой, шіркін» деді төр жақта жатқан әйел.

- Жүгіргеніңіз не, апай? Қарлығаш бұрынғыдай цирк күмбезінің астында қалықтап ұшатын болады әлі. Мен сіздердің бәріңізді премьерасына ертіп апарамын сонда, - деді Абзал жайраңдай сөйлеп.

Қарлығаш оған көзі мөлдіреп қарады.

Періште әумин деген шығар, тынымсыз жаттығулармен бірер ай өткенде Қарлығаштың башпайларына жан бітіп, тағы біршама уақыттан кейін тізесін сәл-пәл бүгетін халге жетті. Бөлімде тәжірибеден өтіп жүрген бес минутсыз дәрігер Абзалдың, жұлынына зақым келген қызды емдеуде ғажайып нәтижеге қол жеткізгені туралы аңыз-әңгіме бүкіл ауруханаға тарап, оны көргісі, онымен танысып, сөйлескісі келгендер көбейді. Әрнәрсені сылтау етіп келуші қыздар да көп-ақ еді. Әсіресе, өзімен бірге оқитын Гүлсім есімді қыз айналып-үйіріліп, Абзалдың қасынан шықпайды. Қарлығашқа бұл жай ұнап жүрген жоқ, бірақ қолынан не келеді? Дәлізде сыңғырлай күліп, әрлі-берлі өтіп жатқан қай-қай қыздың да өзіне қарағанда мүмкіндіктері мол екенін мойындамасқа шарасы жоқ.

Бұл жай жас қыздың жанына маза бермей, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылды. Міне, бүгін де «Мен сияқты мүгедекті қайтсін?» деп, түні бойы дөңбекшіп шықты. Бұрын көз алдына палатаға күлімдей кіріп келе жатқан Абзалды елестетіп, түнемелікке нешетүрлі қиялға берілуші еді. Қиялы ғажайып түстерге ұласатын. Көбінесе Абзал екеуі қанаттарын жайып, күмбез астында ұшып жүретін... Қарлығаш ол түстерінің өңіне айналарына титтей де күмін келтірмейтін еді. Аяқ астынан Абзалға қызығушы соншама көп қыздың пайда боларын кім білген?

Әне, қазір де ол топ қыздың ортасында тұр. Қарлығаш арбасымен сырғып, емдік уқалау жасайтын кабинеттен келе жатқан. Ұзын дәліздің алғашқы бұрылысында топ қыздың ортасында әлденені айтып, күле сөйлеп тұрған Абзал көзіне оттай басылды. Қызғаныштан дем жетпей қалған қыз арбасын кілт тоқтатып, кері бұрылуға әрекет жасады. Бірақ, бағытты өзгертетін тетікті тым қатты бұрап жіберген болуы керек, арба тепе-теңдігінен ауытқып, шайқалақтап кетті де, салдыр-гүлдір етіп бір жағына қарай құлап түсті. Топ қыз шу ете қалды.

Құстай ұшып жеткен Абзал жерде жылап жатқан Қарлығашты көтеріп алып, арбасына қайта отырғызбақ болған. «Кет! Кет! Тиіспе маған!» деп айқайлады Қарлығаш оның құшағынан жұлқынып шығуға әрекеттеніп.

- Тиыш, тиыш, тиыш... Тыныштал енді, - деді Абзал дір-дір еткен қызды бауырына басып.

- Жібер! Бара бер ана қыздарыңа! Қайтесің мүгедекпен әуре болып!

Абзал ештеңе деместен арбаны тұрғызып, қызды көтеріп отырғызды. Ол жерден біршама ұзаған кезде ғана:

- Қайдағыны айтпа. Ем қабылдау кезінде сен эмоциялық шектеулерді де сақтауың керек, -деді арбасын палатаға қарай итеріп келе жатып.

- Эмоцияңмен қоса құры! Қайдан тап болдың менің өмірімде?!

Сезіміне ие бола алмай еңіреп жылаған жас қыз қарсы кездескендердің өзіне таңдана қарап өтіп жатқандарын көзіне де ілмей, алқымына тығылған ашулы сөздерін ақтара салды. «Неменеге маған жаны аши қалды десем! Бәсе! Мен саған тәжірибе жасау үшін керек болған екенмін ғой! Ал мен болсам... Ақымақ басым!..»

Долдана жылаған қыздың соңғы сөздері жанына тиіп кетсе де Абзал ештеңе деген жоқ. Арбаны палатаға кіргізіп, Қарлығашты төсегіне көтеріп жатқызды да, үндеместен шығып кетті. Іле-шала есіктен санитар апай кірді.

- Сен ол баладан бекер күмәнданасың, қызым,- деді ол жылап жатқан Қарлығаштың қасына таяп келіп. – Абзал сенің қасыңда жиірек болу үшін біздің кезекшілігімізді сұрап алады. Ол үшін сенің әр қимыл-қозғалысың үлкен қуаныш екенін білесің бе? Медициналық тәжірибе тұрғысынан емес, сені жақсы көргендігінен...

- Өтірік! Өтірік! – деді жылап жатқан Қарлығаш. – Жақсы көретінін маған ешқашан айтқан емес. Тіпті сездірген де емес...

- Шын асыл сезім даңғазасыз, ұяң болады, балам... Батылы жетпеуі де мүмкін. Оның үстіне сен «кет» десең не болады?

Ал қыздар... қыздар неге қызықпасын мұндай жігітке? Қашанда «жігітті ел мақтаған қыз жақтаған». Мұндай білімді, әдепті жігіттің жары болуға қай қыз да ынтық болары сөзсіз. Анау Гүлсім өзінің жігіті бола тұра Абзалдың қыр соңынан қалмай жүр. Тіпті өткенде маған қарамаса өзіме қол жұмсаймын деп зәремізді ұшырды... Ал Абзалдың есіл дерті сен жақта. Соны да байқамағансың ба? Әй, баламысың деген...

Өксігі басылып, бір сәт тына қалған қызды шашынан сипап:

- Тұр, жылап-жылап, басың ауырған шығар. Арбаңа отырғызып, далаға шығарайын. Бүгін күн сондай тамаша, - деді.

Күн шындығында да тамаша екен. Зеңгір көкте көз қарықтыра жарқыраған күннің сәулелері әлі қоюланып үлгірмеген жап-жасыл жапырақтардың арасынан сыналап өтіп, Қарлығаштың жүзін өпті. Көктен аймалай төгілген шуақтан тұла бойы балқығандай күй кешіп, Қарлығаш көзін жұмды. Қандай рахат! Осылай маужырап отыра берер ме еді... Анадайда үйіріліп тұрған бір топ қыз-жігіттердің арасынан кенет шыққан шу селк еткізбесе... Анықтап қарап еді – арасында осында жұмыс істейтіндер бар сияқты, көкшіл, ақ халат киген жігіттер әлденеге таласқандай, әлдене ашу-ызасын келтіргендей бір-біріне тепсіне сөйлеп жатты. Не болды екен?

- Не болып қалды ана жерде? – деді мұның ойын оқығандай санитар апай да. - Өй, анау ұзынтұра... әлгі Гүлсімнің жігіті ғой... Кімге қоқаңдап тұр өзі?

Қолымен көзін көлегейлеп, тәжікелескендерге тесіле қарап тұрған апай «ұзынтұра» басу айтқандарды сыпыра боқтап, өзіне әлденені түсіндірмекші болған көк халатты бойшаң жігітті құлаштай ұрғанда ышқына дауыстады:

- Өй, қайтеді мынау?!

Топ ішінде тұрған бір қыздың жыламсыраған даусы қоса естілді:

- Абза-ал!

Қарлығаш селк ете түсті. «Абзал?» деді күбірлеп түкке түсінбей.

Бұл кезде апай топқа қарай жүгіріп бара жатқан.

- Қойыңдар қане! Милиция шақырам! Милиция! Милиция!

Сол кезде ғана «ұзынтұраның» жұдырығы тиген жігітті танып, Қарлығаштың жаны ышқынып, шыңғырып жіберді:

- Абзал!!!

Екі қолын алға созып, жүгіріп бара жатқан апайдың артынан ұмтылды. Тәлтіректеп екі-үш басқан кезде ғана өзінің жүре алмайтыны есіне түсіп, тізелері дір-дір етіп тұрып қалды. Енді қайтті? Отырайын десе, арбасы қол созым жерде қалып қойды, алға жүрейін десе буын-буыны босап кеткендей, аяғын қозғалта алар емес. Әлі құрып, енді болмаса құлайтын сияқты көрініп, көз алдындағының бәрі дөңгеленіп бара жатты. Осы сәтте өзін сүйеп қалар, буынын бекітіп, аяғын нық бастырар адамның кім екенін анық ұққандай. Оған тиген таяқ өз тәнін осып еткендей тұла бойы аши ауырып, ауырсына ыңырсыды. Бірақ тәнінің ауырғанына емес, ол құлап жатқанда жанына жете алмағанына, жерден тұрғызып алмағанына күйінген қыз «Аб-за-а-ал... сүйіктім... бақытым...» деді сыбырлай жылап.

Бейқам тұрған Абзал «ұзынтұраның» соққысынан жерге жалп етіп құлап түскен. Әлдекімдер сүйемелдеп тұрғызып, үсті-басын қағып жатқанда Қарлығаштың шыңғырған даусы естіліп, аң-таң қалған Абзал жан-жағына алақтап қарады. «Терезесінен қарап тұр ма екен?» деген ой келіп, әуелі жоғарыға көз салды. Көзіне ешкім ілікпеген соң, аула ішін көзбен сүзіп, анадайда бұған қарай қолын созып, үп еткен желдің лебінен де құлап кетердей болып, шайқатылып тұрған Қарлығашты көрді. Көрді де, өз көзіне өзі сенбей, құшағын жайып тұра жүгірді...

БАҚЫТ ПЕН ЕЛЕС

- Сүйінші! Әйеліңіз қыз туды!

Маржандай тізілген аппақ тістерін көрсете, ақсия күлген ақ халатты медбике өзінен хабар күтіп, тықыршып тұрған Ерденнің түрі бұзылып кеткенін көріп, езуін жия қойды. «Салмағы 3 келі 300 грамм, бойы 55 сантиметр» деді сосын бәсең дауыспен.

- О-о, бойы саған тартқан биік болады екен! – деді Ерденнің қасында тұрған жолдасы Сәбит мәз болып.

- Қойшы-ей, - деді Ерден оған жақтырмай қарап.

- Қаны өте сирек топқа жатады, төртінші, резусы минус, - деді медбике бар ақпаратты тезірек жеткізгісі келгендей тез-тез сөйлеп.

- Өйт деген, қанының тобы да сенікі ғой! – деген ойында ештеңе жоқ Сәбит Ерденді иығынан қағып қалып.

Сол сәтте булығып әзер тұрған Ерден Сәбитті итеріп жіберді де, кілт бұрылып перзентхананың қақпасына қарай адымдай жөнелді.

- Ей, Айсұлуға бармаймыз ба? Ерден!

Бала күннен бірге өскен сыралғы досының әуелі батылсыздау, содан соң ышқына шыққан даусы Ерденді тоқтата алған жоқ. Артына қайырылып қарамастан, қолын бір сілтеді де, әрі қарай кете берді. Сол қалпы беті ауған жаққа жүре берген ол бойын билеген өкініш пе, ыза ма, әлде өзін-өзі аяу ма, әйтеуір, бұрын-соңды бастан кешпеген бір сезіммен арпалысып, перзентханадан ұзап кеткенін байқаған жоқ. Адамдар мен машиналар ерсілі-қарсылы ағылған үлкен көшеге келіп тірелгенде барып есін жиды. «Япыр-ау, менікі не?»

Айсұлудың айы-күні толып отырғанда аяқ астынан іссапарға кететін болды. Қиыла қараған келіншегіне «бармасам болмайды, бастық көнбей отыр» деді ант-су ішіп. Шындығында іссапарға өзі сұранған. Айсұлу босанатын кезде қалада болудан... жо-жоқ, Айсұлу босанғанда өзі күтіп жүрген «ұл!» деген сүйіншіні емес... басқа хабарды естимін бе, сол кезде өзімді ұстай алмай қаламын ба деп жүрегі алабұртқан.

Ұл болса, әрине, еш уайым жоқ. Онда бұл өзін қалай ұстаса да, қалай тойласа да, әжесі айтатындай, «сот жоқ». Тек анасының құрсағында жатып-ақ мұның жүрегін өрекпітіп қойған перзентінің кім екенін білмей Ерденнің амалы құрыды. Жұрттың бәріне баласының ұл не қыз екенін оп-оңай айтып беретін УЗИ деген озық техника да бұларға келгенде дәрменсіз болып шықты: екі рет түскенде де бала бері қарамай қойыпты. «Кім де болса балаңыз әдепті, ибалы болады екен» деген дәрігер өзіне телміре қарап тұрған Ерденге күлімсірей сөйлеп.

Ерден сонда ұялып қалған. «Япырм-ай, мені қыздан безер болған біреу деп ойлап қалды ма екен?» деп ойлаған былай шыға бере. Қайдан білсін, қыздарын жүрегі езіле жақсы көретінін... Жолдастарының арсың-гүрсің сөйлеп, алысып-жұлысып жататын ұлдарымен салыстырып, талшыбықтай майысқан қыздарының түр-сипаты үшін де, мінез-құлқы үшін де іштей марқайған кездері аз емес-ті. Тіпті екінші қызы туғанда, «бракоделсің» деп қажаған жолдастарына: «Ей, жігіттер, ұл жасау деген қиын боп па? Шотпен шапқандай, қобалақ-собалақ етіп шығара саласыңдар, бір жері шүртиіп тұрса болғаны әйтеуір. Ал қызды хас зергердің қолынан шыққан бұйымдай, қай қырынан қарасаң да көз жауын алатын өнер туындысындай етіп шығару керек!» деп қалжыңдаған.

Бірақ, уақыт өте, осындай әңгімелерден кейін, сол «шүртиіп тұрған бір жері бар» баласының жоқтығы туралы ұры ой жылт ете қалатын болды. Алғашында сонша мән бермейтін, жылт еткен ой сол бойда ұмыт болатын. Қартая бастаған әкесінің «Ерденде екі қыз, Ермекте үш қыз, тегіміз осымен тұйықталатын шығар» деп күрсінгенін естіп, шешесінің «Аманбаевтардың атын шығаратын бір ұл болса...» деп көз жасын сығып алғанын көргелі бері «ұлым болса» деген ой ойламаған жерден сап ете қалып, кәдімгідей мазалайтынды шығарды. Бірақ, әлденеден қуыстанып, «Ата-анамның тілегі орындалар еді» деп өзін өзі ақтауға ұмтылатын.

Обалы нешік, жарының көңілін алабұртып жүрген арманын Айсұлу айтқызбай ұққан. Себебі, ұл туу – өзінің де арманы еді. Бірақ Аллатағала бұларға, анасы айтатындай, «бір түстес» бала берсе, мұның қолынан не келеді? Ерден екеуінің отызға таяп барып қосылғаны да бұлардың табиғат берген бала сүю мерзімінің өз қатарларына қарағанда қиынырақ әрі қысқарақ болуына әсер еткендей. Айсұлу сонда да болса үмітін үзген емес. Емделіп жүріп, жасы қырықтан асқанда үшіншісін көтерді. Ерден, міне, осы сәбиінің дүниеге келуін қобалжи күтті. Көңілі қаламаған хабарды естіген кезде өзін лайықты ұстай алмай қалам ба деген қорқыныш та содан туындаған. Сосын Айсұлуға «кім туғанын өз құлағыммен естиін, дәрігерлер перзентханаға әкетерде хабарлас, самолетпен ұшып жетем» деген де, іссапарға жүріп кеткен.

Іссапар деген аты ғана. Мандытып еш тірлік бітірген жоқ, көңілі алаң болып, қайта-қайта қалта телефонын қарап жүргенде Айсұлу перзентханаға кетіп бара жатқанын хабарлаған. Ерденнің дегбірі қашты, өзі білетін барша әулие-әнбиелерге сыйынып, «бір ұл берші» деп жалбарынды. Бірақ, көңілінің бір түкпірінде «осынымның бәрі бекер ғой» деген ұры ой қылаң берген.

Жаратушының өзі сездіргені ғой...

Айтқандай, әуежайда күтіп алған Сәбит Айсұлудың перзентханаға түскенін естіп, жолай бір құшақ гүл сатып алған. Ол гүлін беріп жіберсе, Айсұлу мұның келгенін біліп, күтіп отырған шығар. «Менің жүрісім мынау...»

Ерден қол көтеріп, бір машинаны тоқтатты да үйінің мекенжайын айтты. Ондағы ойы – қыздарын перзентханаға ертіп апару болатын. Есіктен кіре берген мұның мойнына асылған Айжан мен Әсел әкесінің құшағына таласып, «менің папам, менің папам» деп, жүрегін шаттыққа бөледі. «Қане, дауласуды қойыңдар, екеуіңнің де папаңмын. Дұрысы үшеуіңнің де, - деді Ерден қыздарын бауырына басып. – Тез киініңдер, перзентханаға барып, бөпемізді көрейік!»

Ерденнің келіншегі босанып, үшінші қызды дүниеге әкелгені туралы хабар ағайын мен жора-жолдастың құлағына сол күні-ақ жетті.

- Тағы қыз ба? - десті Ерденнің ұлдан үмітті екенін білетін кейбіреулер. Бірақ Ерденді көрген кезде қауқылдасып, арқасынан қағып құттықтап жатты.

- О-о, Ерден әка байитын болды, - деді ауладағы шатырда көкөніс сататын өзбек жігіт. Өз елінде ұзатылатын қызы көп әкенің мәртебелі болатынын білетін ол Ерденді көрген кезде қалбалақтап, қолын ала жүгірді.

- Үш қыз тәрбиелеп өсірген әкенің орны жұмақта, - деді көрші тұратын Қажы апа.

Айсұлу перзентханадан шыққан күні енесі көрші-көлемді шақырып, шілдехана жасаған. Қажы апа Ерденнің көңіліндегі алабұртуды сезді ме, әлде өмірден көрген-түйгеніне сүйенді ме, «ұлды – шаңырақ иесі дейміз ғой, бірақ қыз бала қашанда ата-анаға жақынырақ» деп қойып, біраз әңгіме айтты. Жас келіншектерді біресе күлдіре, біресе күрсінте отырып, «не ексең – соны орарсың» деген ғой, қыз туды деп әйелді кінәлау жөнсіз» деген мәселені де қозғап кетті. Әңгімесінің шілдеханадағыдан гөрі телевизордан берілетін ақыл-кеңестердей тым салмақты болып бара жатқанын байқап, «Қыз бала әкеге жақын болады дегенді мына Айжан мен Әселден-ақ көріп жүрмін. Әкесі дегенде Айсұлуды сатып жібереді ғой шіркіндер» деп, онысын Ерденге қоштатып қойды.

Ерден кішкентайын Аружан деп атады.

Ару десе дегендей – көзі қарақаттай мөлдіреген, балапан шашы бұйраланып, аппақ жүзіне ерекше әр берген сәби күн сайын түрлі қылық шығарып, өсіп келе жатты. Әкесін көргенде жылағанын қоя қоятын болды. Есіктен кірген бойда қолына алмаса, дүние күйіп кеткендей жылайтынды шығарды. Әкесінің қасында жатса ғана ұйықтайтын әдет тапты.

Ерденнің өзі де Аружанды ерекше жақсы көрді. Үлкен екі қызын да жақсы көреді ғой, бірақ кішкентайы десе ішкен асын жерге қоятын. Қайда барса да қасынан қалдырмай ертіп жүретін.

Міне, бүгін де мекемелерінде өтетін мерекелік іс-шараны көрсін деп қызын өзімен ерте келді. Қарсы кездескен бір танысы: «Ау, мына жігіттің аты кім?» деді Ерденге қулана қарап. «Қызым ғой, аты Аружан» деді Ерден байыппен сөйлеп. «Қой, қайдағы қыз? Өйтіп жасырмай-ақ қой. Сенің қыздарың өсіп кеткен жоқ па? Ал мынау жігіт... тура сенің ксерокөшірмең ғой. Ма-ла-дес!» деді танысы көзін қысып қойып.

Шындығында бір көрген жан тізеден жоғары қысқа шалбар, жұқа футболка, жеңіл кроссовка киген Аружанның ұл не қыз екенін ажырата алмас еді.

- О, Ерден Мұратханович, ұлыңыз аузыңыздан түсіп қалғандай екен! – деді сол жерге келе қалған Гүлмира есімді тележурналист. Бұл келіншектің осындай іс-шаралар туралы репортаж түсіріп жүретінін Ерден білетін.

- Мен ұл емеспін, Аружанмын, - деді сәби бұртиып.

- Солай ма? Өкінішті. Ұл болғаныңда, вообще күшті болатын еді, - деді журналист келіншек Ерденге көзінің астымен қарап.

- Қызымның қай жері ұнамай қалды? – деді Ерден қылымсып тұрған келіншекке ашулана көз тастап.

Ол әлде адам жанына бататын жайлар болатынын білмейтін, әлде біле тұра, «өзімдікі дұрыс» деп табандап отырып алатындардың қатарынан ба екен, айтқан сөзіне титтей де қысылмай, «ұл еместігі» деді мырс-мырс күліп.

Сөзі жүрегіне біз сұғып алғандай әсер етті.

Содан бастап Ерден адамдардың сөздерінен астар іздейтінді шығарды. «Балалар аман ба?» деді ауылдан келген туысқаны кездесіп қалып. «Қыздар» деуге мені аяп тұр ғой» деп ойлады Ерден іштей. «Балаларыңызды жаңажылдық шыршаға әкелесіз бе? Мен тізім жасап жатырмын» деп сұрады хатшы қыз. «Әдейі «қыздарыңызды» демей тұр ғой» деген ой жүрегін шаншып өтті. «Ақыр аяғы хатшы қыз да ұлы жоқ деп мені мүсіркейтін болды» деп ойлады мұңайып.

Бара-бара ұлының жоқтығы күндіз ойынан, түнде түсінен кетпейтін болды. Ішіне бір түсіп алып, кеулеп жеп жатқан жегі құрттай барлық арман-мақсаттарын көмескілендіріп, өмірде ұлды болудан басқа мұраты жоқ адам қалпына түсірді. Небір қуанышты кездерінде «неге менің ұлым жоқ?» деген ой жылт ете қалып, асып-тасқан көңілін сап тыятын. Тележурналист келіншектің мысқылды даусы құлағында жаңғырығып, талай рет ұйқысынан шошып оянды. «Қап, сені ме!» деді жастығын мыжғылап отырып. Бірақ кіжінгенмен не істейді? Еркек болса бар ашу-ызасын қорытқан қорғасындай етіп жұдырығына құйып, өлімші етіп сабар ма еді. Кім біледі? Қарамағында істейтін біреу болса, жұмысына мін тағып, қудалап, күн көрсетпес пе еді? Бәлкім сонда көкірегіндегі қыжылы қайтар ма еді. Енді не істей алады?

Ішкі арпалысын баса алмай, аласұрып жүргенінде Гүлмира телефон шалды. Түк болмағандай сөйлеп, компанияның ірі тұлғалары туралы хабарлар циклын жасап жүргенін, жоспарында бұл туралы да фильм түсірмек ойы бар екенін айтып, кездесуді ұсынды. Ерденнің қаны басына шапшыды. Дәл қазір кезінде өзін «ұлың жоқ» деп мүсіркеп кеткен әйелді атарға оғы жоқтай еді. Кездесуден үзілді-кесілді бас тартты.

Келесі күні Гүлмира Ерденнің кеңсесіне келді. Кейіпкерлерімен тілдесуде жинақтаған талай жылғы тәжірибесі бар емес пе, Ерденнің түйілген қабағын жазу үшін бар өнерін салып, әйелдік арбау-баурау амалдарын жұмсап бақты. Көзін төңкере қарап, даусын құбылтып, «компанияның ерен табысында мұның үлесі аса қомақты екендігін былайғы жұрт жақсы білетіндігін» айтқанда, адам деген пенде ғой, осыған дейін міз бақпай отырған Ерден елең ете қалды. Бірақ... тап сол сәтте осы әйелдің күні кеше ғана баласының «ұл еместігі» ұнамағанын мысқылдай айтқаны құлағында жаңғырығып, есіне бірдеңе түскендей бетіне тесіле қарады. Өткендегі сөзінен бері осы әйелді жасытып, жігерін құм етсем деген ойдан біразға дейін арыла алмай жүрген Ерден сол сәттің келгенін түсінді. Сол оймен түсін сәл жібітіп: «ойланайық» деді.

Гүлмира қуанып кетті – оның өз есебі бар-ды.

Тұрмыста жолы болмай, алғаш бас қосқан адамынан ажырасып кеткен соң енді қайтара күйеуге шықпасқа ант еткен. «Оң-солын танып, карьера жасап барып отбасын құратын шетелдік қыздар ақымақ емес шығар» дейтін ол құрбыларына. Шетелдік өмір салтына еліктеп, бірер адаммен «азаматтық некеде» тұрып та көрді. Сонда бір байқағаны мұндай қатынастар ер азаматтар жағына қолайлы екен. Тең құқылы, бірақ өзара жауапкершілігі жоқ қарым-қатынастан тез жеріді. Уақыт болса алақаннан сусылдап төгілген құмдай өтіп жатты. Жасы ұлғая бастағанын бала сүйгісі келгенде түсінді.

Блокнотын ақтарып отырып, осыдан бірер жыл бұрын өз хабарына түсірген генетик келіншектің телефонын тауып алып, «бала туғым келеді» деді амандық-саулық сұрасқаннан кейін. «Туыңыз» деді ғалым келіншек күле сөйлеп. «Бір мәселе бар, соны ақылдасуға келейін деп едім» деді жұмбақтап. Ғалымның «Келіңіз» дегенін ести сала құстай ұшты.

- Менің ұл туғым келеді, - деді бұл мәселені төтесінен қойып. - Өткенде сіз баланың жынысын жоспарлауға болады деп едіңіз ғой. Маған қолайлы кезеңдерді есептеп шығарып беріңізші?

- Онда... жалпы бұл сіздің жеке шаруаңыз екенін білемін, менікі тек өмірден түйген жайды айтып өту ғана... Жалғыз бастысыз, өзіңізге серік болатын, әрі кейін қарайласып тұратын қыз туғаныңыз жөн емес пе?...

- Рахмет. Ұл тусам жалғыз болмайтынымды білемін...

Ол өзіне таңдана қараған дәрігерге жұмбақ түрмен күлімдей көз тастады – Гүлмираның ішкі есебі мықты еді.

Қай заманда да қазақта ұлы жоқ болуын атын жоғалтумен бара-бар санайтындардың болатынын ол жақсы білетін. Тарихта мұрагер керек деп қырық қатын алған хандардың болғаны, қыздарын жан қатарына қоспай, «балам жоқ» дейтін бектердің жер басып жүргені жұрттың бәріне белгілі емес пе? Солардың ізбасарлары бүгінгі заманда да бар екенін, тіпті кейбіреулердің мұның хабарларына да қатысып, «ұл» десе ішкен асын жерге қойып отырғанын көзбен көрген. Ішінде небір қасқасы мен жайсаңы бар. Солардың біреуінің етегінен неге ұстамасқа? Ол үшін бар болғаны... ұл туып беру керек. Сосын рахат өмір басталады... шіркін...

Тірі пендеге білдірмеген жоспарын дәрігерге айтсын ба? Жұмбақтай күлімсірегені сондықтан.

Өзі білетін ұлға ынтызар болып жүргендердің ішінен Гүлмираның таңдауы Ерденге түсті. Ақылды, көрікті, бай... басқа кандидатураларға қарағанда жасырақ. Қоғамға әжептәуір танымал, өз саласында аты бар адам. Әрі естуі бойынша соңғы бірер жылда ұлы жоқтығын уайымдап жүр деседі. «Ендеше, тура маған лайық «контингент» екен» деп, алақанын ысқылап, фильмге түсуге келісімін алудың түрлі жолдарын ойластырып келген. Болашақ кейіпкері көп жалынтпағанын жақсылыққа жорып, жымиып қойды.

Фильмнің алғашқы бөлігі бейресми жағдайда, Ерденнің таудағы саяжайында түсірілді. Бірінші күні «Былай жүріңіз, мұнда қараңыз, өйтпеңіз, бүйтпеңіз» деп ығырын шығарған тележурналистен құтылғанша асыққан Ерден «Қайдан келісе қойып едім?» деп өзін іштей мың рет сөккен шығар. Бірақ ашуын сыртына шығаруға қашанғы әдептілігі жібермеді. Кешке таман құлаш-құлаш таспасын шығарған шығармашылық топты бостан бос қайтаруды ұят санап, дастарханға шақырды.

Коньяк ішіп, көңілденген топ ұзағырақ отырып, қас қарайғанда жолға шықты. «Коньяктан басым айналып тұр, сәл жата тұрайыншы» деп диванға қисайған Гүлмираны оята алмаған әріптестері бір-біріне жымың-жымың етіп қарап, қалаға өздері кетті...

Ерден үйіне ертеңіне ғана, түн ортасы ауғанда оралды.

Фильм теледидардан көрсетілгенде Ерденнен бұрын Айсұлу мен қыздары қатты қуанды. Күйеуінің «қажеті қанша» дегеніне қарамай, аста-төк дастархан жайып, шығармашылық топты үйлеріне шақырды. Тележурналист келіншектің тым еркіндігін кәсіптік ерекшелігіне балады. Ерденнің өзін сәл қолайсыздау ұстағанына, қонақтардың әлденеге жымыңдасып, бірін-бірі түрткілеп отырғанына тіпті мән берген жоқ.

Қыстың алғашқы айында Гүлмира Ерденге телефон соғып өзінің жүкті екенін хабарлады.

«Ол өз шаруаң, - деді Ерден, - мен семьямды тастап, саған үйленем деп уәде берген емеспін».

«Үйленбей-ақ қой, ұлың әкесіз өседі».

Ерденнің бүйрегі бүлк ете қалды.

«Көріпкелдігің де бар ма еді? Ұл екенін қайдан біле қойдың?»

«Есесіне сен ғалым емессің бе? Жиырма бірінші ғасырда өмір сүріп, бүгінде баланың жынысын алғашқы апталарда-ақ білуге болатынын естімеп пе едің?»

Ерденнің тілі күрмеліп ештеңе дей алмады.

Жаманат жерде жатпайтынын тағы да дәлелдеп, жарының опасыздығы туралы өсек Айсұлуға да жетті. Әңгімені бастауға дәті бармай жүрген Ерден Айсұлудың ашулы сөздерін үнсіз тыңдап отыра берді. «Кінәлімін. Бірақ... оны сенен артық көргенімнен барған жоқпын...» деді бар болғаны.

- Өзің не айтып тұрғаныңды түсінесің бе? Ау, ондайға ынтық болып бармағанда қайтіп барады? Жек көріп тұрып, бір төсекке жаттым дегеніңді барып ақымақтарға айт!

- Сенсең сен, сенбесең қой. Шыным сол. Әуелгіде «ұлың жоқ» дегені үшін оны төмендеткім келді... Ал қорлықтың ең үлкені – еркектің өз ойын орындаған соң әйелді тастап кетуі. Мен де оны соңымнан жүгіртейін, кіріптар етіп, жалындырайын дегенмін. Бірақ ол менен асып түсті. Ұл туды...

Соңғы сөзін терең күрсініп айтты.

Айсұлу бәрін де түсінді. Иә, бұл ұл туып бере алған жоқ. Сол үшін Ерденнің қорланып, өзін бақытсыз сезініп жүргенін де сезеді. Бірақ бақыт баланың ұл не қыз болуында ма екен? Осынша құрбандыққа апарған ұлдың ұшпаққа жеткізеріне кім кепіл?

«Қыздарын айналтып-үйірілтіп, ет-жүрегін елжіреткен әкелік сезімін бір-ақ сәтте ұмыттырған ұл... жарық дүниеге келер жолыңа тап өзіңдей үш перзенттің көз жасы төгілгенін сезесің бе? Дүниеге келісімен бір отбасының шырқын бұзған ұл, өмірде қандай болар екенсің?..»

Шым-шытырық ойға шырмалған Айсұлу Ерденге біреулерді жылату арқылы бақытты болу мүмкін еместігін айтқысы келген, бірақ дәл қазір оның ұлды болғанынан басқа ештеңені ойлай алмайтын күйде екенін түсініп, әңгімені созудың қажеті жоқ деп шешті.

- Ұлды армандағаныңды білемін. Бірақ сенің арманыңның – арман емес, өмірдің бар мәнін перзентіңнің жынысымен есептейтін ауруға айналғаны өкінішті... Сондықтан... жолыңа кесе көлденең тұрып қайтем?.. Бәрібір саған ұлдан басқаның бәрінің мәні жоқ боп тұр емес пе? Бар... жолың ашық... Бірақ, «ойнастан туған ұл оңбас» деген сөздің бекер айтылмағанын ұмытпа ...

Қашанда өз пікірін білдіру үшін оны ішкі безбеніне салып, таразылап алып барып сөйлейтін Айсұлудың соңғы сөздері денесін тітіреткен Ерден есікке беттей беріп, қалт тоқтай қалды. Қарсы уәж айтқысы келген – аузына дәлелді сөз түспеді. Содан соң «өй, қазақ не демейді...» деген оймен өзін алдандырып, кетуге бет алды.

Жанары жасқа толған Айсұлу иығын сәл қушитыңқырап бөлмелерінен шыға берген Ерденді көзбен ұзатып, екеуара небір тәтті сәттері өткен төсектерінде тапжылмай отыра берді.

Сыртқа беттеген Ерденнің аяғына Аружан келіп оратылды.

- Папа, қайда бара жатырсың? Мен де барам!

Ерденнің жүрегі шым ете қалды. Есіктің жақтауына сүйеніп тұрған Әселді бетінен сүймекші болған. Ол өкси теріс айналып кеткенде, Айжан әкесінің қасынан сырғи өтіп, анасының бөлмесіне кірді:

- Мама, неғып отырсыз? Папаны жібермеңізші! Сіз оны сүйемін деуші едіңіз ғой!

- Сүйемін. Сүю деген – сүйген адамыңның бақытты болуын тілеу, қызым. Ал әкеңнің бақытты болуы үшін ұл керек болды.

- Ал біз ше? Бізді тастап кете бере ме? Ештеңе істеуге болмай ма?

- Ештеңе істеудің қажеті жоқ, қызым. Менімен ғана болсын деп түрлі амал қолдану – сүйген жанның емес, есебі мықты аярлардың тірлігі.

Айжанның амалы құрыды.

«Көрерміз, - деді өксіп отырып, - көрерміз әлі...».

Арада бірталай жылдар өтті. Алмакезек ауысқан жыл мезгілдерімен бірге Айсұлудың отбасында көктемдей шуақты, қыстай қатты, жаз бен күздей мәуелі оқиғалар болып, кезінде ұяларының шырқын бұзған жай да бірте-бірте ұмытылған сияқты. Жыл сайын жаңа қызығымен, кездейсоқ сынымен келген өмір ағыны шын-ақ ұмыттырды ма, әлде ұмытқан сыңай танытты ма, әйтеуір Айсұлу мен қыздары ол оқиғаны еске алмайтын. Тек...

Анасы «Адам қолдан келгенше жақсылық жасауға ұмтылу керек» деген кезде Әселдің: «Қалай ойлайсыз, істеген жамандығының өзіне қайтып оралғанын біреулер біледі ме екен?» деп сұраулы жүзбен қарағаны болмаса.

Айсұлудың «Асып-таспасақ та, көштен қалып жатқан жоқпыз, шүкір», - дегеніне Аружанның әнебір күні: «Асып-тасқандар туралы да естіп жүрміз» деп қалғаны болмаса...

Айсұлу қыздарының нені мегзеп айтқандарын, әрине, түсінбейді емес. Бірақ әңгімені өрбітпеуші еді. Тіпті «Қой, балам, әкең байғұс жетісіп жүр дейсің бе?» тоқтау салатын кездері көп. Себебі ұл тапқан әйелімен көңіл жарастыра алмаған Ерденнің ішкілікке салынып, үйінің берекесін кетіргенін, тіпті оған қол жұмсап, істі бола жаздағанын, Гүлмираның қайын атасына барып, «балаңыздан құтқарыңыз» деп жалынғанын... бұлар да естіген-ді. Ал таяуда, ұлы кәмелетке толғанда Ерденнің су жаңа шетелдік машина сыйлағанын, баласының оны апта өтпей жатып қиратып, өзі әупірімдеп тірі қалғанынан да хабардар болатын. Сондықтан да бір кездері сүйіп қосылған жарының адасып, жора-жолдастарының арасында жарқ-жұрқ етіп жүретін есіл азаматтың сонша құлдырап кеткенін ойлап... аяйтын Айсұлу. Анасының қас-қабағын баққан қыздары да сосын бұл тақырыпты қаузай бермей, оның сезімін құрметтеп, аялап тірлік етіп жатты.

Осылайша, бір-бірінің жанын түсініп, өзара елбесе, жайма-шуақ күн кешкен отбасы жаңа жыл қарсаңындағы тымық кеште аяқ астынан дүрлікті. Беймезгіл уақытта телефон шалған Айжан Ерденнің ұлы мас болып, «топтасып қыз зорлады» деген айыппен қамауға түскенін хабарлады. Бұларды шошытқан хабардың екінші бөлігі еді: ұлын құтқаруға жанұшырып келе жатқан Ерденнің өзі машинасымен аударылып, ауыр халде Айжан жұмыс істейтін ауруханаға жеткізіліпті.

- «Жедел жәрдем» келгенше далада жатып қалып, көп қан жоғалтыпты, - деді даусы дірілдеп. – Қан табылмай жатыр, сирек топқа жатады ғой – төртінші, минус резус-фактор... Анализдері дайын болған соң нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Хамитбек Баймаханұлы екеуміз операция жасайтын болдық...

Айсұлудың құлағы шыңылдап кетті.

Ерден таң ата наркоздан оянғанда қасында Сәбит отыр еді. Қиналғанда да, қуанғанда да жанынан табылатын адал дос Ерден ауруханаға түскелі бері көкте Аллаға жалбарынып, жерде дәрігерлерге жалынып күні-түні осында жүрген. Төсегінің қасында ақ халат киіп мүлгіп отырған Сәбитті көргенде Ерденнің есі кіріп, көз алдынан бүкіл оқиға зырылдап өте бастады... жол... сапырылысқан адамдар мен машиналар... қарсы келген машинамен гүрс етіп соғысқаны... Қайда асығып еді? А-а-а... ұлы ұсталды... деп хабарлап еді ғой... Ерден ыңыранды.

Сәбит селт етіп, мұның бетіне үңілді. Ерденнің көзін ашқанын көріп жүрегі жарылардай қуанған ол досының ерні жыбырлап жатқанын байқап, құлағын тосты.

- Ұл... – деді тілі икемге әзер келген Ерден сыбырлай сөйлеп.

Әлгінде ғана, досы тіршілік белгісін бергенде бойын билеген қуанышы су сепкендей басылып Сәбит: «Ұлың бар болсын, - деді кейіген үнмен, - өзің өліп қала жаздадың ғой...»

Іле артықтау кеткенін сезіп: «Тергеу изоляторында отыр. Адвокат іздеп жатырмыз» деді қысқа-қысқа сөйлеп.

Ерден тағы ыңыранды.

Сәбит оның ұлын ойлап, қиналып жатқанын түсінді. Бірақ, өз жүрегінде оның ұлына деген титтей де аяушылық сезімі жоқ еді, керісінше, досының басын жыл сайын бір шырғалаңға салатын ұлды қолына түссе түтіп жердей зығырданы қайнап, бірақ онысын Ерденге айта алмай, булығып, тістеніп, іштен тынды. «Тексіз неме, - деді іштей, -«жатырына тартқан» деп осындайда айтады екен ғой...»

Өткен жолы көлік апатына қатысты іс қозғалып, Ерден екеуі ішкі істер басқармасының табалдырығын тоздырып жүргендерінде бүгінде әжептәуір қызмет атқаратын Ермек бұлқан-талқан болып: «Аманбаевтардың аты шықпай қалады деп едіңдер, шықты, әне. Ертең-ақ бүкіл газет шулайды «Бизнесмен Аманбаевтың ұлы істі болды» деп. Жеттіңдер армандарыңа!», - деп әке-шешесіне дүрсе қоя бергеніне куә болған Сәбит. Бүгін өзі де сондағы Ермектің күйін кешіп отырғандай.

Көзінің астымен Ерденге қарап қойды. Наркоздың күші қайтып, сынған сүйектер сырқырап, жарақаттары жанына батып жатса керек, ол ыңқылдай дем алып, үнсіз жатыр. «Байғұс досым, - деді Сәбит іштей, - «ұл, ұл» деп әп-әдемі отбасыңды тастап кетіп ең... Не көрсетті сол ұл?.. Қасықтап жиған абыройыңды шелектеп төкті. Қасыңда дос қалмады. Туыс та теріс айналып кетті. Енді, міне, жатырсың... өлі мен тірінің арасында да бетімен кеткен ұлды уайымдап...»

Біршама уақыттан кейін Ерден ыңқылдауын азайтып, дем алысы қалпына келе бастады. Кірпігінің дір-дір етіп, ара-тұра ернін жымқырғаны, демі дірілдей күрсінгені оның көзі жұмулы болса да, ояу жатқанынан, болған жайды ойша сараптап, тығырықтан шығар жолды іздестіріп жатқанынан хабар бергендей.

- Сәбит, - деді бір кезде ап-анық сөйлеп, - сен мұнда отырмасайшы. Ана баланы... шығару керек... Ермек қайда?

- Әуелі өзің қалпыңа кел. Сосын ойласамыз ғой, - деді Сәбит онша ыңғай бермей.

Ерден досына таңырқай қарады. «Ойласатын несі бар?» дейтіндей.

Сәбит қитығып үндемеді.

Жоғары жақта істейтін інісі Ермектің «мені бұл іске қатыстырмаңдар» дегенін Ерден қайдан білсін? Шынына келсе, Сәбиттің де абыройсыз іске араласқысы жоқ, тек досының басы аман қалғанын тілеп жүгіріп жүрген жайы бар-ды. Оның үстіне, соңғы күндердің оқиғасы көптің көзін ашып, кімнің кім екенін, өмірдегі шынайы құндылықтың не екенін танытқандай. Соның бәрін Ерденге айтайын десе өлім аузынан қалған досын аяйды. Үндемегені сондықтан.

- Сәбит, - деді тағы да Ерден. – Сен ана жаққа бар. Не істесе де, ол – менің балам. Құтқаруымыз керек...

Сәбитті ашу қысты. Ерденнің жағдайын ойлап, өзін қанша ұстайын десе де булыққан сезімі ырық бермей, бар ойын лақ еткізіп ақтара салды:

- Бала емес ол, бәле! Не бетімізбен құтқарамыз? «Ұл, ұл» деп төбеңе көтергенде не жақсылығын көрсетті, айтшы?

Ерден жаңа ғана жайбарақат отырған адамның бұрқ ете қалғанын түсінбей аң-таң. Сәбит болса орындығын жылжытып тақап келіп, демі дірілдей ауыр тыныстап отырды да досының бетіне төніп: «Саған операцияны кім жасағанын білесің бе?» деп сұрады. Ерден «кім?» дегендей сұраулы кейіппен қасын керді.

- Айжан! Алты сағат бойы!

Соны айтқанда жан-дүниесін астан-кестен еткен алапат сезімін ірке алмай, Сәбиттің көзінен жас ыршып кетті. Сосын қазір айтпаса мүлде айта алмай қалатындай асығып-аптығып, сөйлей бастады:

- Қан көп кетіп қалыпты. Қаладағы қан орталығынан алынған қан жетпейді дегесін теледидардан хабарландыру бердік, жан адам шықпады, сенің қаның сирек топқа жатады ғой... Үмітіміз үзілердей болғанда бір студент қыз өзі іздеп келді деп естідік, бірден операция жасау бөлмесіне апарып, тікелей қан құйыпты. Жаның соның арқасында қалды. Кейіннен рахмет айтайық деп іздестірсек, білесің бе кім боп шыққанын? Аружан! - деді еңкілдей жылап.

Ерденнің өңі құп-қу боп кетті. Мұндай хабарды күтпегені соншалық, не айтудың ретін таппай, бірдеңе дейін десе, кезінде осы қыздарын жылатып тастап кеткені көз алдына елестеп, тынысы тарылып, қатты да қалды.

- Саған айтарым мынау, - деді сәлден соң лықсыған сезіміне тоқтау салып, сабырлы қалпына түскен Сәбит сөзін жалғастырып, - жаның олжа. Жол ортасына келгенде қайдағы бір елеске елтіп, бақытыңды басқа тептің...

Сөзін қалта телефонының шырылдағаны бұзды – Айсұлу екен. «Оянды ма?» – деді ол үрей аралас үнмен.

- Оянды...

- Уһ!

Айсұлу үнсіз қалды. Сәбит оның жылап тұрғанын сезді, өзінің де көңілі босап, ештеңе дей алмады.

Сол кезде бағанадан бері төбеге қарап мелшиіп жатқан Ерден тіл қатты:

- Айсұлу ма?

- Иә, Айсұлу...

- Телефоныңды... маған берші...

Сәбит досына таңырқай қарап, әуелі телефонның арғы жағындағы Айсұлуға тіл қатты: «Ерден сұрап жатыр... Сөйлесесің бе?»

Айсұлу үндемеді. Не ойлап, қандай күй кешкені оның өзіне ғана аян. Ал жауап күтіп тосқан уақыт Сәбитке таусылмастай ұзақ болып көрінді.

Біраз үнсіздіктен кейін Айсұлу күмілжи тіл қатты:

- Жо-ға... Сәлем айтасың ғой... Қайда жүрсе де... аман болсын...

ЖОҚ ІЗДЕГЕН ЖҰПАР

Япыр-ай, еңсесін басқан мына күйден арылар күн бар ма екен? Өн-бойын жайлап, жанын бебеулеткен дертіне дауаны қайдан таппақ? Ешкімге айтпаған, содан да қалай емделетіні бір Аллаға ғана аян жан жарасы сыздап, мазасын алғалы қашан. Уақыт өте жазылар деп үміттеніп еді, ол үміті ақталмады. Қат қабат оқиғалардың арасында қалып, ұмытылып кетер деп еді, ұмытылмады, қайта жасы ұлғайған сайын осыдан отыз жыл бұрын болған оқиғаның небір еленбейтін ұсақ-түйегіне дейін көз алдынан тізіліп өткенде жүрегіне біреу ине сұғып алғандай түршігетін боп жүр. Өмірінің небір шуақты шақтарында әлдебір сәбидің шар етіп жылағаны, қол ұстасқан жарасымды жұп, көшеде тізіліп кетіп бара жатқан балалардың күлкісі, әлдеқайдан құлаққа жететін мұңлы әуен айналып-үйіріліп келіп, сол жайды – мәңгілік мұңын есіне түсіретін.

Жүрегін құрсаулаған ауыр мұңнан арылмасын түсінді. Арылу қайда, азабы күн өткен сайын артып, меңдеп, бүкіл жан-дүниесін улап жатқандай. Тән азабынан жан азабы ауырырақ деуші еді – рас екен. Мұның қасіреті қызыл алманың өзегіне орналасып алып, ішінен кеулей беретін жегі құрттай жан-дүниесін жалмап жеп, құр сүлдерін қалдырды. Еңсесін басқан зіл батпаннан кеудесін кере дем ала алмай, қарға адым жер жүргеннің өзіне ентігіп қалатынын байқап жүр. Бір күні ауа жетпей үзіліп кететін сияқты көрінеді өзіне. Ондайда біресе бойын үрей билеп уайымдаса, біресе «бүйтіп өмір сүргеннен өлген артық» деп ойлайтыны бар.

Жатса, тұрса есінен бір шықпай, отыз жыл бойы жанын сыздатумен келе жатқан сол бір жай... міне, бүгін де ойына оралып, түнемелікке көз ілген жоқ. Бұрындары іште бұғып жатып, оңаша бір отырған сәттерде қылаң ете түсетін. Біраздан бері бүкіл сана сезімі тек сол ойға бағынышты сияқты – күндіз де, түнде де өткеннің елесі көлбеңдеп, маза берер емес.

Оған да отыз жыл болыпты...

Отыз жыл бұрын, желтоқсан айының соңында, жұрттың бәрі дүкен аралап, жаңа жылды қарсы алу қарбаласымен жүргенде бұл босанып, ұл туып еді. Жас дейтін жас та емес, екі мүшелін толтырып, отызға иек артып қалған Жұпар бірнеше айдан бері кездесіп, ойын-тойға бір барып жүрген жігітін осылайша өзіне байламақшы болған. Жеме-жемге келгенде ол жігіттің тайқып кетерін қайдан білсін? Үйленуден ат-тонын ала қашқан жігітті «баланы тастап кетемін» деп бопсалаған, ол темекісінің тұқылын өкшесімен мыжғылап тұрып, иығын бір қиқаң еткізді.

Шарасыздықтан ба, ашудан ба, белгісіз, Жұпардың көзінің алды аппақ болып кеткендей болды... «Енді қайттім? Ақыл тоқтатпаған қыз емес, жасым отызға келгенде... ұят-ай!» Қанша ойланса да көңіліне қонымды бір амал басына келсеші. «Қап! Бұлай боларын білгенде...» Жұпарды іштегі бала, оның болашағы емес, мынау жүктілігі келешекке жасаған бүкіл жоспарын бұзатындығы көбірек қинады. Сосын... баланы туып, тастап кетемін деп шешті. Сол үшін өмір бойы өкінемін деген ойдың жұрнағы да болған жоқ.

Оқуға бірер жыл медбике болып жұмыс істеп, барып түскен және өзімен бірге оқитындардың көбінен жасы үлкен, өмірден көргені көбірек болғандықтан, ол бірінші баланы алдырып тастаудың қауіптілігін жақсы білетін. Әрі бойға біте салысымен қуаныш емес, бастапқыда өкініш әкелген, содан соң ішкі есептің құралына айналған балаға деген аналық сезімі оянбаған. Бұған тап сол сәтте оның әкесін өлердей жек көргендігі де себепші болған шығар, кім білсін?.. Сондықтан баланы туып барып, перзентханада тастап кетіп еді. Жай ғана тастап кеткен жоқ, оқиғадан су жұқтырмай таза шықты. Нәрестенің бойында қалыпты жағдайдан ауытқушылық бар екені анықталды: әр қолында, шынашағынан кейін алтыншы саусақ шошайып тұр еді. Көктен сұрағанын жерден бергеніне іштей қуанып кеткен Жұпар сырт көзге қиналған түр көрсетіп: «Баланың физиологиялық кеміс болып тууына, оны емдетуге жағдайымның жоқтығына байланысты бас тартуға мәжбүрмін» деп қолхат жазып берді.

Дәрігерлердің үгіті де, артық саусақтарды еш қиындықсыз алып тастауға болатындығы туралы мамандардың кеңесі де еш нәтиже берген жоқ – Жұпар перзентханадан жалғыз шықты.

Сонда істейтін таныс медбике мұның ұлын көп ұзамай-ақ бір баласыз отбасының асырап алғанын жеткізген. «Өңі ақсары, қой көзді ер бала болса» деп көптен күтіп жүр екен, қуана-қуана алып кетіпті. Баланың атын Сұлтан деп қойыпты» деді сөз арасында елеусіздеу ғып. Әлдебір сауық кешіне баруға асығыс жиналып жатқан Жұпарға бұл хабар онша әсер ете қойған жоқ. «Сұлтан болатынына сенімді ме екен?» деген бар болғаны.

Арада біраз жылдар өткенде көшеде ақсары өңді, қой көзді бала көрсе «менің балам емес пе екен?» деп ойлап тұратын күн туарын, «Сұлтан» деген есімді естісе жалт қарап, сол аттас жігіттердің жүзіне бір үміт, бір күдікпен телміретінін қайдан білсін. Және уақыт өткен сайын мұнысы әдетке айналып, баласы бүгін болмаса ертең, түске болмаса кешке алдынан шыға келетіндей сарыламын деп пе еді? Былтырдан бері әлдебір отыз жасар ғалымның немесе маманның жетістіктері туралы сөз бола қалса, «шіркін, менің балам да осылай ел аузында жүрер ме еді?» деген өкініш аралас арманның көкірегіне ұя салғанын байқап жүр. «Әттең, - дейді іштей, - әттең....»

Бойға біткен баладан құтылса, бар ісі өздігінен оңғарыла кететіндей, қалаған жұмысына оңай орналасып, ештеңеден қысылмай өмір сүретіндей көрінген. Бекер екен. Бұл қалаған жұмысқа тұрудың сергелдеңі әбден шаршатты. Жақсы орынға өз адамдарын тұрғызудың небір қитұрқы амалдарын бастан кешкен Жұпар «көп асқанға – бір тосқанның» кебін кигенін түсінді. Тұрмыста да жолы болмады. Әркіммен бір кездесіп жүріп, баяғы жігітіне кездейсоқ ұшырасқан. Ол да салт атты, сабау қамшылы екен. Өткенге өкінетінін айтып, «қателігімізді жөндейік» деген соң, отыра бергенімен де ештеңе ұтпасын біліп, тұрмысқа шықты. Бірақ неше жыл бірге тұрғандарымен балалы болмады. «Берген баланы тастап кеткен соң Құдай сені жазалап отыр» деп күйеуі күнара төмпештейтін. Өзінің де кінәсі бар екендігін мойындаған емес. Ақыры ажырасып тынды. Содан бері жалғыз.

Жалғыздыққа жеткеніне, төсекте бастары қосылғанымен, жан-дүниелерімен бір-біріне жақындаса алмаған күйеуінің жуан жұдырығынан, балағат сөзінен құтылғанына қуанған. Есін жиған соң ғой жалғыздықтың қасіретін тарта бастағаны. Сонда ғой «балам болғанда...» деген ойдың алғаш қылаң бергені...

Қызметтес әйелдердің балаларын көргенде іші удай ашиды. Той-томалақтан тарқағанда көлігімен келіп шешелерін алып кетіп жататын ұл-қыздарына сүйсіне қарап тұрғанда «менің балам да осылардай болып жүрер ме еді...» деген ой қоса қабаттаса келіп, жүрегін сығымдайтын. Тойдан қайтқан күндері таң атқанша жылап шығатын әдет тапты. Әріптестерінің балалары «апай, апарып салайық» деп жік-жаппар болған сайын қасарысып, жаяу кететін де... жол бойы ағыл-тегіл жылайтын.

Өмір осылай – біреудің бақытына қызығумен, өзінің өткен ісіне өкінумен, алдан әлдебір ғажайып кездесуді күтіп үміттенумен өтіп жатты.

Ал кеше теледидардан бір сұмдық хабарды көріп, тұла бойы түршікті. Бірнеше елдің аумағы арқылы есірткі тасымалдайтын қылмыскер жолында кездескен адамдардың бәрін айуандықпен өлтіріп отырыпты. Камераға тура қарай алмай отырған қылмыскердің аты да – Сұлтан екен. Жұпардың жүрегі зырқ ете қалды.

Астапыралла, бұл жағын мүлде ойламапты-ау! Туа салып, бір күн де емізбестен тастап кеткен баланы өздігінен өсіп жетілетін өсімдіктей көргенін қарасайшы. Және оны тек қана табысты, өнерлі азамат болып өсті деп ойлап жүріпті-ау. Өмірге келісімен қатыгездікке тап болған, тым құрымаса бір рет те ана көкірегін ембеген, дүниеге әкелген анасының мейірімін сезінбеген сәбидің жүрегінде қатыгездік орын тебуі әбден ықтимал екені қалайша ойына келмеген?

Теледидардың түймешелерін сыртылдатып, жаңалықтарды беріп жатқан арналарды қайта-қайта қарап шықты. Бір қарағанда қылмыскерді кісі өлтірген адам деп айтуға ауыз бармайды-ақ – әдеміше келген аққұба өңді, үлкен аялы көздері мұңғы толы сияқты көрінді. «Әрине, жөргегінде жатқанда-ақ қатыгездіктің құрбаны болса, мұңды болмай қайтсін?» Өзін-өзі іштей жеп, Жұпардың жүрегі сыздады. Таңертең тұра салып, кешегі жаңалықтар қайталанып жатқан теледидарға тағы телмірді. Камерадан көзін ала қашқан жігіт бір сәтте өзіне тура қарағандай болды. Сол сәтте көзінен аш қасқырдың қомағай тойымсыздығын емес, бүкіл дүниені тәрк еткен, «не болса сол болсын» деген немқұрайлылықты көріп денесі дір етті. «Сорлы бала, жер бетінде бір жанашыры болмаған соң дүниеден түңілмей қайтеді?» деп күбірледі көз жасын жұта отырып.

Жан дүниесінің астан-кестеңін шығарған жаңалықтар аяқталғанша басы айналып, желке тұсы тартып, мең-зең болды да қалды. Қарманып, орындықтың үстінде тұрған қол сөмкесіне әзер қол жеткізген Жұпар бір түйір дәріні тілінің астына салды да отырған жерінде қисая кетті.

Көзі ілініп кеткен екен, біреу түртіп қалғандай селт етіп оянып, сағатқа қараса 10-ға тақап қалыпты. Жұмыстан кешіккенін білсе де асыққан жоқ. Бұрындары апыл-ғұпыл киініп, тапырақтай жүгіретін, ал бүгін бойын бір немқұрайлылық билегендей. «Не үшін асығамын? Сонша жанығып, кімді асырай алмай жатырмын? - деп ойлады іштей. - Одан да қалалық ішкі істер бөліміне барып, ана сорлы баланың жайын білейін».

Неге екені белгісіз, кенет келген «қамауға алынған жігіт – менің балам» деген ой көкейіне қона кетті. Міне, сол ойдың жетегімен күрт шешімге келіп және өзі сол шешіміне риза болып, баланы іздеп баратын мекемесінің мекенжайын анықтап алуға кірісті. Телефон соққан жерлері біресе жауап бермей, жауап бергендері бір-біріне сілтеп, кейбіреулері «бұл – жабық ақпарат» деп қашқалақтап, әбден мезі етті. Бәз біреудің тауын шағып, меселін қайтарар бұл жайдың бәрі Жұпарды алған ойынан қайтара алмады. Қайтарғаны былай тұрсын, ол «осының бәрін министрлеріңе барып айтамын, қай күні қабылдайды өзі?» деп шүйілді телефон желісінің ар жағындағы адамға. Айтуын жай айта салған. Іле осы ойына қуанып кетті. Шынында да телефон соққан жерлерін мысалға келтіре отырып, бүкіл жүйеде болып жатқан келеңсіздіктерді Ішкі істер министрлігіне барып, айтса ше? Әрі, өз мәселесін де шешіп алады ғой.

Табылған ақылға қуанған ол үйден апыл-ғұпыл киініп, асыға шықты. Көшеде адамдардың қарасы әдеттегіден көп көрінді. Жұмыс уақытында саябырсып қалатын көшедегі қозғалыс бүгін ерекше қарқын алғандай: әрлі-берлі ағылған адамдардың нөпірі де, бірін-бірі басып озып, жүйіткіген көліктің гуілдеген, бепілдеткен ызың-қызың шуылы да жаңа жыл алдындағы қарбалас тірліктен хабар беретіндей. Жұпардың ойына осыдан отыз жылдай бұрынғы тап осындай күннің оқиғасы оралып, жүрегі сыздады. Иә, перзентханаға әкетіп бара жатқан «жедел жәрдем» машинасының терезесінен көрген көрініс тап осындай болатын. Сол түнде ол босанып, ұл туып еді.

Ағылған адамдар арасында келе жатқан Жұпарға бұл ұқсастық бекер еместей көрінді. «Кездейсоқ ештеңе болмайды, - деп күбірледі ол өзіне-өзі.- Теледидардан сол хабарды көруімде және тап босанған уақытымда көруімде бір заңдылық бар. Аллатағала бәрін сәйкестендіріп әкеп тұр ғой». Көшедегі Ішкі істер министрлігінің ғимараты жаққа жүретін автобустардың аялдамасына қарай беттеген ол неғұрлым жылдам жүрсе, соғұрлым баласымен тез қауышатындай дегбірсізденіп, дедектеп келеді. Қолдарында гүлі бар, торты бар адамдар бағдаршамның қалай жанып-сөнгеніне қарамай, әрлі-берлі жүгіріп өтіп жатқан жолдан бұл да жүгіріп өтпекші болған... өз аяғына өзі шалынысып, бір жамбастай құлады.

Басы асфальтқа тарс етіп соғылғанда, көзінің оты жарқ ете қалғандай болған, іле әлдебір салмақсыздық кеңістігіне тап болғандай қол-аяғынан әл кетіп, дүние дөңгеленіп жүре берді... Есін жиса, айналасы шулаған адам. Әлдекімдер қолтықтап тұрғызғысы келіп еді, әр қозғалғаны жанына батқаны сонша, жас баладай ойбайлап жылап қоя берді. Қимылдаған сайын жаны шығып кетердей көрініп, өзін ыңғайлырақ етіп жайғастырғысы келген бейтаныс жігітке: «шырағым, мені қозғама» деп жалынды.

- Апа, үйіңізге хабарлайын ба? Телефоныңызды айтасыз ба? – деді жас жігіт қалта телефонын алып.

Жұпар басын шайқады.

Онысын үй-ішін үрейлендірмейін деп отырғаны ғой деп ұққан жас жігіт өз анасын есіне алды. Жазатайым жарақат алған анасы бірі оқып, бірі қызмет етіп, әр қалада жүрген балаларын алаңдатпаймын деп ешкімге хабар бергізбепті. Жарақатын да көп елемей, «әне жазылам, міне, жазылам» деп, сылти басып, жүре берген. Ақыры сол елеусіз жарақат бет бермес сырқатқа ұласып, айналдырған алты айдың ішінде ажал анасын алып тынды. Кейін, аналарын бақи сапарға жөнелткелі келген балалары аурудың ушығу себебін білгенде бармақтарын тістеген. Бірақ амал не?

- Апа, сізді бұлай қалдыруға болмайды, дәрігер шақыртайын, үйіңізге де хабарлайын. Бәрі жақсы болады. Уайымдамаңыз, - деп бәйек болған жас жігітке Жұпар жалбарына қарады.

- Балам, сен мені қалдырып кетпе...

Ақсары өңді, сәл қысыңқы келген көзінде мейірім тұнған жас жігіт әйелге таңдана қарады:

- О не дегеніңіз, апа? «Жедел жәрдем» шақырттым, ол келгенше қасыңызда боламын.

- Атың кім сенің?

- Сұлтанбек.

Жұпар өзін арқасынан сүйемелдеп отырған жігітке жалт бұрылды. Оқыс қимылдан мойны зырқ ете түскенде көз алды тағы да қарауытып, ыңырана дем алды.

- Әке-шешең бар ма? - деді ауруы жанына батса да көңілдегі күдігі жанына жай таптырмаған әйел ыңқылдай сөйлеп.

- Әкем бар, анам былтыр қайтыс болған.

- Иманды болсын... сендей қайырымды бала тәрбиелеген анаң... Бауырларың бар ма? – Көңіл түпкіріндегі дүдәмал ойына жауап алғысы келген Жұпар демін ішіне тартып, жігіттің не дейтінін тыпырши күтті.

- Бар. Өзімнен үлкен екі ағам және кішкентай қарындасым бар.

- И-и... бақытты болыңдар...

Сұлтанбектің жауабын естігенде Жұпардың көңіл-күйі алай-дүлей боп кетті. Осындай қайырымды, елгезек жігіттің өз баласы болмағанына өкінді. «Япырм-ай, жастықта жасаған бір қатенің сазайын өмір бойы тартатын болғаным ба? Енді өле-өлгенше осылай әркімнің бетіне жалтақтап күн кешпекпін бе? Онсыз да аз қасірет тартқан жоқ едім ғой, тым болмаса бір рет жолымды неге ашпайсың, Құдай-ау...» деп қыстыға жылады.

Қасында тұрған жігіт онысын ауруы жанына батқан соң жылап отыр деп түсініп, жұбатып әлек. Осылайша бірі жылап, бірі жұбатып отырғанда «Жедел жәрдем» машинасы келді де Жұпарды ауруханаға ала жөнелді.

Жұпар жамбасына зақым келіп, қолының сүйегі морт сынғанын, бас сүйегі аман болғанымен, миы шайқалғаны анықталғанын, сондықтан кемінде екі апта осында жататынын естігенде... жарақатының ауырлығына емес, ниет еткен жұмысын орындай алмағанын, отыз жыл тартқан қасіретінің өтеуіндей болып, алдынан шыға келген Сұлтанын енді таба алмай қалатынын ойлап, еңкілдей жылады. Дәрігерлердің жарақатының соншалықты ауыр емес деп басу айтқанына тоқтамай, каталкамен палатаға әкелген кезде де аузын қолымен жауып, бүкіл денесі селкілдей жылап жатқан. Палата ішіндегі өзі құралпы екі әйел үрпиісе қарап, қарсы алды. Олар да мұны сырқаты жанына батқан соң жылап жатыр деп ұқты.

Әлден соң солығын басқан Жұпар қасындағы әйелдермен жөн сұрасып, оң жағындағы төсекте жатқан Шәнудің машина апатына ұшырап, омыртқасына зақым келгендіктен сал болып қалғанын, ал сол жағында жатқан Қайыргүл дәрігерлердің шешімі бойынша бір аяғын тізеден жоғары кестіруге мәжбүр болғанын естіп, білді. «Сенікі бізге қарағанда жеңіл-желпі жарақат, сондықтан таусылып, жылай берме, сіңлім» деді аяғын кестіріп жатса да езіліп, мүгедек болғанына мойымаған Қайыргүл. Жұпар күрсінді. Жан-дүниесін алай-дүлей еткен жайды бөгде адамдарға қайтіп айтсын?!

Қасында жатқан екі әйелмен лезде тіл табысып, сөйлесіп кетті. Екеуі де балалары өсіп, немере сүйіп отырған аналар екен. Ертеден кешке дейін әңгімелері сол балалары жайында. «Артығым бір ай үйде, екі ай түзде, вахталық әдіспен жұмыс істейді, ол келгенше тұрып кетпесем, құлыным қиналып қалады-ау» дейді Қайыргүл баласын уайымдап. «Протез жасатып, ол келгенше жүріп кетсем, Артықжан аяғымның бар-жоғын да білмей қалмай ма?» дейді бұларға қарап. «Жағдайым жақсы, жарығым, жалғызым, сол үйреншікті қан қысымы ғой, дәрігер белгілеген емді түгел алып жатырмын» дейді телефон соққан баласына. Аяғы туралы әңгіме қозғамайды. Келген сайын келініне де «анау әкең айтып қойып жүрмесін» деп қайта-қайта тапсырып жатады.

Шәнудің қыздары күнара кезектесіп келіп, анасының жамбасын сылап, жансыз аяқтарын уқалап, шашын тарап, біраз отырып кетеді. Тамақты да молынан әкеліп, үшеуіне шәй қойып беріп, көңілдерін аулайды. Палаталас әйелдердің шеттерінен кішіпейіл балаларын, олардың аналарына деген қамқорлығын көргенде Жұпардың іші ұлиды. Бірақ амал қанша? «Осыдан ауруханадан шығайын, сосын мен де Сұлтанымды тауып аламын...» деп қиялдайды ол іштей.

Бір күні үшеуі жайбарақат сөйлесіп жатқанда есік сарт етіп ашылып, ішке ақ халатты желбегей жамылған жігіт кіріп келді де, «мама!» деп Қайыргүлді бас салды. Мұндайды күтпеген әйел аңырап жылап қоя берді. Ана мен бала құшақтары айқасып ұзақ отырды. Әлден уақытта барып, мауықтарын басып, бір-бірінің бетіне үңілген олар, тағы біршама уақыт үнсіз отырысты. «Уайымдама, мама, бәрі ойдағыдай болады. Емдеуші дәрігермен сөйлестім, медициналық көрсеткіштердің барлығы жақсы екен, - деді анасының сырғып кеткен жаулығын түзетіп жатып. – Бір-екі күннен кейін үйге шығарып алатын болып келістім».

Сол күні Қайыргүлден бақытты адам болмаған шығар. Біресе баласының әрбір ісін мақтан етіп, біресе оның сәби кезіндегі қылықтарын айтып, біресе өзінің абдырап қалғанына күліп, көпке дейін өрекпіген көңілі басылмады. «Ей, Аллам, бергеніңе шүкір» деп қояды ара-тұра.

Ертеңіне бас дәрігер келіп, емдеу курсы аяқталуына әлі біраз уақыт бар екендігін, бірақ баласының үйге шығартып алғысы келіп отырғанын айта бастап еді, ұлы келгелі үйіне қарай ұшарға қанаты болмай отырған Қайыргүл де: «Рұқсат берсеңіз, үйге барайын» деп қиылды. Оған ойлана қараған дәрігер: «Негізгі емді алдыңыз, қалғандары – үйде де алуға болатын ем, бірақ балаңыз сізді өзі шығарып әкетіп бара жатқандығы туралы қолхат беруі керек, тәртіп солай» деген-ді. Ана дегбірсізденіп: «Береді, береді» деп, қалта телефонын алып, шиқылдатып, баласының нөмірін тере бастады. Дәрігер «мен сөйлесейін» дегенді ыммен білдіріп, телефонды алды да: «Балаңыздың есімі кім?» деді ар жақтағы гуілді тыңдай тұрып. «Сұлтан».

Жұпар селк ете қалды. Сосын қасындағы әйелге аңтарыла қарады. Ол жымиып күліп қойды.

Бұл кезде телефонмен сөйлесіп, пациентті шығарып алудың тәртібін тәтпіштей түсіндіріп болған дәрігер, телефонды иесіне қайтарды да «ал, жинала беріңіз, балаңыз қазір келіп алып кететін болды» деді жымия күліп.

Жұпар дәрігерді көзімен ұзатып салып, сұраулы жүзбен көршісіне қарады. «Балаңызды Артық деуші едіңіз ғой, дәрігерге неге басқа атты айттыңыз?» деді әлдебір сезім дегбірсіздендіріп.

- Оның сыры тереңде жатыр, сіңлім, - деді Қайыргүл ойлана сөйлеп.

Айтайын ба, айтпайын ба деп ойланғандай аз-кем кідірді де, көршісінің мына жалғанда жалғыз екендігін естіп, аяп жүрген ана сырын ашуға бекіді.

- Артықты біз туа салысымен асырап алғанбыз, - деді көзіне кеп қалған жасты алақанымен сүртіп. - Тапқан шешесі перзентханаға тастап кетіпті. Әр қолында шошайып алтыншы саусақ шығып тұр екен, сондықтан бас тартыпты. Ол оп-оңай операция жасалып, алынатын нәрсе екен, бір-екі жұмада жазылып кетті. Әкесі «Сұлтан» деп атын қойып, ауылға қырқынан шыққан соң бір-ақ бардық. Шомылдырып жатқанда енем баланың қолының қырындағы кішкентай тыртықты көріп, «бұл ненің ізі?» деп сұраған соң, айтқанмын. Сол күннен бастап енемнің ақылымен үй ішінде баланы Артық деп атайтын болдық. Сондай ырым бар екен ғой, естіп пе едіңіз? Құжатын әне өзгертеміз, міне өзгертеміз деп жүріп, біраз уақыт өткізіп алдық. Сосын, «Алғаш қойылған аты ғой, қағазда солай жүре берсін» деп қалдырдық.

Баласының сәби кезін есіне алып, мейірлене жымиған Қайыргүл Жұпардың көзі жасаурап бір нүктеге мелшие қарап отырғанына мән берген жоқ. Туа салысымен тағдыр сынына тап болған сәбиді аяп отырғаны ғой деп ұқты.

- Мама! Дайынсыз ба?

Палатаға жарқылдай сөйлеп кірген Артық төсекте отырған анасын көтеріп алып, доңғалақты креслоға отырғызды да, есікке қарай беттеді.

- Ұлым... Сұлтаным... – деді Жұпар сыбырлай сөйлеп.

Бірақ оны ешкім де естіген жоқ.

Бөлме тыныштығын телефон шырылы бұзды.

Үстел үстінде жатқан сән журналдардың біреуін парақтап, өрімдей арулардың мінсіз мүсіндеріне қона кеткен әсем киімдер мен олардың балғын жүздерінің сұлулығын әспеттеген әр суретке қызығып та әрі көңіл түкпіріндегі «әттеген-ай» сияқты сезіммен алабұрта қарап отырған Алма еш ойланбастан қасында тұрған телефонның тұтқасын көтере салды.

- Алмажан... – деді телефон шалған адам. – Аман-есенсің бе?

Алманың тұла бойы дір ете түсті.

Бұл қоңыр үнді ешкімнің даусымен шатастырмас еді!

- Ой, Алла-ай! Сен... қайтіп... қайдан телефон шалып тұрсың?

- Мен осы қалада тұрамын ғой. Қызмет бабымен қоныс аударғанбыз. Өзің қайдасың?

- Мен... балаларыммен Алматыға көшіп барғанмын... Мұнда бір жиынға келдім.

- Білемін. Кеше кешкісін «Жаңалықтарды» қосып қалсам, сенің бір тілшіге берген сұхбатыңды көрсетпесі бар ма! Тұрған жерімде сілейдім де қалдым...

Ол өзінің сол күйін есіне түсіргендей күліп алды. Сосын даусы салмақтана қалып, сәл тұншыққан үнмен «Сені де көретін күн бар екен ғой» деді.

Алма үндемеді.

Осы уақытқа дейін оны ойлаған кездерінде «Бір көрсем, шіркін! Бір кездесіп армансыз ақтарылсам» деп қиялдайтын. Ара қатынастары кенет үзіліп және олай болуына бір есептен өзі кінәлі екендігін білгендіктен, жүрегінде оған артар қылаудай кінәсі жоқ-ты. Керісінше жылдар өткен сайын Жекенге деген сезімі ұлғая түскені өзіне аян.

Жастық шақтың елесіне елітіп, тұла бойын жалын шарпып өткендей бір ысып, бір суыған Алма телефон тұтқасын қыса ұстап, алып-ұшқан жүрегінің дүрсілін баса алмай тұрғанда Жекен:

- Кездессек қайтеді? – деді.

Алманың жүрегі одан әрмен тыпырлай жөнелді. Әрине, қуанғанынан. Аузын ашса, лық-лық етіп тамағына тығылған сезім ағынына ие бола алмай қалатындай сезініп, ернін қымқыра тістеді.

- Неге үндемейсің?

- Жүрексініп тұрғаным...

Жекен күліп жіберді.

Алма оның мұндайда басын сәл шалқайта, аққұба жүзі ду етіп қызарып, ынты-шынтысымен күлетінін көз алдына елестетіп, жымиып қойды.

Оның даусын естіген сәтте-ақ көз алдына сонау жиырманың о жақ бұ жағындағы алаңсыз шақтары, армансыз сезім кешкен кездері елестеп, тұла бойы шымырлап тұрса да, кездесу туралы оқыс ұсынысына «иә» деп айтуға әлдене жібермейтіндей. Соны сезген болуы керек, Жекен күлкісін тез-ақ тыйып, бұл күтпеген сөзді айтты:

- Менің қалай жүрексініп тұрғанымды білсең ғой...

Бір қызығы, Алманың бір шешімге келуіне тап осы сөздер әсер етті. Телефон тұтқасын қыса ұстап тұрған саусақтары да Жекеннің әлгі сөздерінен кейін сәл босағандай болып, қолының дірілі басылды. Жаңа ғана атқақтап, кеудесінен шығып кетердей болып тұрған жүрегінің соғуы да бірте-бірте саябырлай бастаған сияқты. Алма өзінің өмір бойы ішінде сақтап келе жатқан «бір кездессем» деген арманының орындалғалы тұрғанын ұқты.

«О, Жасаған! Ризамын саған», - деді күбірлеп.

- Не? – деді түсінбей қалған Жекен.

- А-а, жай, әшейін...

- Менің ұсынысыма жауап бермедің ғой... Кездесуге шақырсам, келесің бе?

Жекеннің даусынан «жоқ» деп айта ма деген қорқынышты анық сезді. Және бұл сезім өзін шексіз қуанышқа бөледі. Телефонның тұтқасын ерінімен өбіп тұрып, «мақұл» деген сөздің қалай аузынан шыққанын байқамай да қалды...

Телефон тұтқасын әлдебір қасиетті заттай кеудесіне басып, маңдайына тигізіп, орнына сосын барып қойды. Енді байқады – жайбарақат журнал қарап отырған орнынан тұрып кетіпті. Көзі қабырғадағы сағатқа түсті – белгіленген түскі уақытқа үш-ақ сағат қалыпты.

Жүгіріп барып, киім шкафын ашып, ілулі тұрған көйлектерін көзбен шолып біраз тұрды. Күнделікті қызметіне киетін қара түсі басым костюмдері мұның алып-ұшқан көңіл күйін лезде басты. Үйден шығарда қызы сәнді көйлегіңнің біреуін ал дегенде «оны қайтем артық жүк қылып» деп алмап еді, енді сонысына өкінді.

Есіне қонақүйдің төменгі қабатында түрлі шағын дүкендер бар екені түсті. Әмиянін ала сала солай қарай жүгірді...

Көңілі қалаған көйлекті қымбаттығына қарамай сатып алып, бөлмесіне келгенде қалта телефоны безектеп жатыр екен – асығып алмай кетіпті. Қоңырау үзіліп кетер деп асығып, түймешесін басып қалғанда сіңлісі Саяның даусын естіді.

- Тәте, амансыз ба? Телефонды неге алмайсыз? Бүгін жиналыстан бос күнім деп едіңіз ғой?

- Сыртқа шығып келіп едім, ұмытып кетіппін, ботам. Өздерің амансыңдар ма? Балалар қалай?

- Жақсы, тәте. Бәріміз аманбыз. Тәте, мен сізге жақсы хабар айтайын дегем... Нотариус болу үшін сынақ тапсыруға құжаттар жинап, бірақ күйеу балаңыз жаратпаған соң тапсыруға бара алмайтын болдым деп едім ғой. Құдай аяған шығар, соған бір мүмкіндік болып тұр...

- Солай ма? Мынауың шынымен жақсы хабар болды ғой... Өткенде тағдырыңа налып, қамыққан үніңді естігелі бері жаным байыз таппай жүр едім... Келетін болдың ба, сонымен?

- Жоқ, келе алмаймын. Бірақ, баяғы бір бөлмеде жататын курстасым Күләш сол министрлікте қызмет істейді екен, бастапқы өтініштердің ішінен менің аты-жөнімді көргенде қуанып кетіпті. Кеше телефон соққан, бүгін таңертең тағы сөйлестік. Жағдайды түсіндіріп, құжатты сол тапсыруға келісіпті, мен тек сынақ тапсыруға баратын болдым.

- Түу, қандай жақсы болған! Айналайын Күләш студент кезінде де елпілдеп, жұртқа көмектесіп жүретін еді. Бақытты болсын!

- Бірақ, тәте... бүгін құжат қабылдайтын соңғы күн дейді. Мен жанталасып, құжаттарымды самолетпен беріп жібердім, Астанаға түскі сағат 1 кезінде жетеді. Соны сіз күтіп алып, министрлікке апарып өткізіңізші, тәте. Күләш әуежайдан күтіп ала алмаймын, осында жеткізсе, ар жағын келісіп қойдым деп отыр...

Алма не дерін білмеді. Жекен де мұны түстің тап сол мезгіліне шақырып еді. «Сен қаланы біле қоймайтын шығарсың, түскі 1-де Бәйтеректің түбінде кездесейік» деп еді. Енді қайтпек?

- Қап, енді қайттім?

Даусы оқыс шығып кетті. Бір ауыз сөздегі аһ ұрған жан қиналысын мыңдаған шақырым жерде тұрған сіңлісі де байқады.

- Не дедіңіз, тәте? Қиын шаруа айттым ба? Уақытыңыз жоқ па еді?

Жаңа ғана өз жайын айтып даңғырлап сөйлеп тұрған сіңлісінің дауыс ырғағы лезде өзгеріп, әлденеден қысылып-қымтырылғандай, жалтақтай тіл қатты. «О-о, байғұс бала...» Алманың жүрегі езіліп қоя берді.

Сая – оның жан дегенде жалғыз сіңлісі еді. Бұл баланың тұңғышы болса, одан кейінгі бірнеше бала бірінен кейін бірі шетінеп, әке-шешесінің көзінің жасын құрғатқан сүт кенжелері еді. Әттең, ол екеуі де Саяның бой жетіп, тұрмыс құрғанын көре алмады. Әкесін арқаланып, анасының мейіріміне шомылып өскен балалардай емес, Сая жастайынан жұрттың көңіліне қарап, қабағын бағып тұратын. Міне, қазір де сөйтіп тұр.

Сіңлісінің мұндайда бүгіжіктеп сөйлеп, жаутаңдап қарайтынын көз алдына елестетіп, Алманың жүрегі қарс айрылардай болды. Жаңа ғана алып-ұшқан көңілі су сепкендей басылып, өмір бойы аңсап келген сәті туды ма дегенде, мына бір жайдың оралғы болғанын ойлап, өзегі өртеніп тұрса да, «бара алмаймын, уақытым жоқ» дей алмады.

- Жо-жоқ, жаным... О не дегенің?.. Күтіп алам ғой, алаңдама...

- Тәте...

Сая қипақтай үн қатты.

- Тәте, әлдеқандай шаруаңыз болса, бармай-ақ қойыңыз... Келесі жылы-ақ тапсырармын...

- Қой, сәті түсіп тұрғанда тапсырып ал. Келесі жылы заман қандай, заң қандай болады... Ал, мен жиналып, шығайын, бұл жақтың әуежайы алыс екен, жету де оңай болмас...

Солай деді де, телефон түймешесін басып, сылқ етіп отыра кетті. Көзінен ыршып кеткен жас жүзін жуып, иегінің тұсында дірілдеп тұрып-тұрып, үзіліп түсті. Әттең-ай! Бағана Жекен телефон соққанда асып-сасқаны сонша, ұялы телефонының нөмірін де сұрамапты. Оның да есінде болмаса керек. Енді қайтеді? Оқыс шаруа шығып қалғанын қалай білдіреді? Тағы да алдағандай болды-ау...

Қабырғадағы сағатқа көзі түсіп еді, самолеттің келетін уақыты да тақап қалыпты. Тез-тез киініп, сыртқа шыққан бойда алдына көлбеңдеп келіп бір машина тоқтай қалды. Қонақүй маңын торуылдап жүретін көп таксидің бірі екен. Алма такси жүргізушіге әуежайға баратынын айтып, «Бәйтерек» арқылы жүріңізші деп өтінді.

Бәйтеректің жанында жүрген бірен-саран адамды көзбен шолып, «бәлкім, ертерек келген шығар» деген үмітпен Жекенді іздеп келеді. Көрмегеніне жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, оны жазбай танитын сияқты өзіне. «Мүмкін сәл толған шығар, - деп ойлап қояды. - Әлде азып кетті ме екен?» «Бәлкім, мұрт қойған шығар, - дейді тағы бір ойы. – Немесе шашы сиреуі мүмкін ғой... әдетте, бұйра шашты адамдардың шашы ерте түсіп қалады емес пе...». Бірақ ол қалай өзгерсе де, танитынына шүбәсі жоқ еді... Тек... кездессе екен! Ертерек келсе екен!

Көзін талдыра қанша қарағанымен Жекен көріне қоймады.

Әуежайдан құжаттарды әкелген адамды қарсы алып, жолай баратын жеріне жеткізіп салды да өзі министрлікке барып, құжаттарды Күләштің қолына ұстатты. Соның бәрін әлдебір екпіннің ықпалына түскендей дедектеп жүріп, тындырды да, қонақ үйдің алдына келгенде ғана иығынан бір ауыр жүк түскендей «уһ!» деп дем алды.

Шаршап, өн-бойы салдырап, дел-сал болып, баспалдақпен әзер көтеріліп келе жатқанда, төменгі қабатта, келген қонақтарды тіркеп отыратын қыз артынан қуып жетті.

- Тәте, бағана бір кісі келіп, сізге мына хатты тастап кетті...

- Рахмет, айналайын.

Қыз ұсынған қағазды қолы дірілдей алып, бүктеуін бірден жазуға батылы бармай, бөлмесіне келгенде ғана ашып қарады. Ұялы телефонның нөмірі екен. Басқа ештеңе жазылмапты.

Алма сағатқа қарады, жұмыс күні аяқталатын уақыт болып қалыпты. «Қазір хабарласқаным жөнсіз шығар, - деп ойлады Алма, - жұрттың бәрі өзіміз сияқты – жеке тірліктерін істеу үшін жұмыстың аяқталуын тықырши күтіп отырады емес пе? Оның да бір жоспарлары болса, кедергі болармын...»

«Әдейі келіп телефон нөмірін қалдырғаны хабарласуымды күтетінін білдіреді емес пе? -деді екінші бір ойы. – Мана телефоны жоғын-ай деп өкініп едім ғой. Міне, телефон нөмірі қолда. Енді не керек?»

Өз ойымен арпалысып, тағы біраз отырды. Ақыры, жүрегінің дүрсілін басып, қағаздағы нөмірді тере бастады. Телефонды құлағына тосып біраз тұрды – қоңырау барып тұрса да дереу жауап болмады. Қоңырау үш-төрт рет қайталанған кезде ар жақтағы адам жауап та берместен үзе салды.

Түсінсе бұйырмасын. Бұл білетін Жекен өзгеріп кеткен бе? Мұнысы несі? Бейтаныс қалада іздеп тапқан өзі. Қонақүйге келіп, телефон нөмірін де қалдырған өзі. Енді неге жауап бермейді?

Сөйткенше болған жоқ, шиқ-шиқ етіп дыбыс білдіріп, телефонына хат келіп түсті. «Жиналыста отырмын. Шыққан соң хабарласамын» депті.

Бәсе, солай екен ғой. Ойпырмай, адамның басына неге әуелі жаман ой келеді осы? Оның өзгеруі мүмкін емес, әсіресе бұған деген көңілі. Әйтпесе іздеп табар ма еді? Кездесуге келмеген кезде қолын бір сілтеп кете салмай, қонақүйге келіп, телефон нөмірін қалдырар ма еді? Алманың көңілі көтеріліп сала берді.

Телефонға құлақ түре жүріп, бағанағы сатып алған көйлегін, әдемі туфлиін киді. Шашын сәндеп тарап, бетін опалады. Айнаның алдына барып, көлбеңдеп біраз тұрды. Айнадағы талдырмаш денелі әдемі келіншектің келбетіне риза болғандай жымиып қойды. Сосын асықпай басып келіп, диванға жайғасты да, бағанағы журналдарды парақтай бастады.

Бұл жолғысы әшейін парақтау еді. Жылтыр мұқабадағы әдемі қыздарға да, көз жауын алар әсем киімдерге де көзі түскенімен, ештеңені көріп отырған жоқ. Бар ойы – алдында жатқан телефонда.

Ол таяу арада шырылдай қоймады. Жарты, бір сағат отырды. «Не қылған бітпейтін жиналыс екен?» деп ойлады дегбірсізденіп. Іштей «енді хабарласпайтын шығар» деп ойласа да, телефонға телміріп тағы біраз отырды. Сол қалпы көзі ілініп кеткен екен, шыр-шыр еткен телефон үнінен шошып оянды. Көтеріп еді, Жекеннің солғындау үні естілді.

- Алмажан... оятып жібердім бе? Кешір...

- Оқасы жоқ...

- Объектімізде бір жазатайым оқиға болып... адам биіктен құлап, ауруханаға түсіп қалды. Жиналып, қан тапсыруға барғанбыз. Көп тапсырып қойдым ба, білмедім... Сол жерде басым айналып, біршама уақыт жатып қалыппын. Жолдастар үрейленіп, отбасыма хабар берген... Содан балалар үйге алып келді жаңа... Кешір...

- О не дегенің? Ештеңе етпейді. Қазір қалайсың?

- Шүкір. Сен мұнда қанша боласың?

- Бір жұмыстарым бар еді, соны тындырсам, ертең кетем.

- Ертең? Бірер күн кідіре алмайсың ба?

- Екі күннен кейін өзімізде жиын өтеді, мен осында бітірген жұмыс туралы есеп беруім керек.

- Мен таңертең хабарласайыншы онда... Міндетті түрде кездесуіміз керек.

- Жақсы. Менің де саған айтатын әңгімем бар... Түнің жайлы болсын.

- Сенің де.

Ертеңге жоспарлаған жұмысы Алма үшін аса маңызды еді. Егіз қозыдай бірге өскен досы Айшаны біраздан бері науқас деп еститін. Екеуінің арақатынасын білетіндер құлаққағыс етті. Телефон соғып, өзінен сұраса, сырғақсып, басын ашып ештеңе айтпай қойған соң, осы жиналысқа бір жағынан соны көру үшін де келген. Күбір сөз бекер шықпаған екен. Айша қатты азып, көзі шүңірейіп кетіпті. Мұның мамандарға көріну туралы ұсынысына елп ете қоймаса да, үзілді-кесілді қарсы да болған жоқ.

Алма адам өміріне қауіп төндіретін ауруларды емдеудің озық әдістерін ортаға салуға арналған ғылыми-практикалық конференцияға келген-тін. Мұны Жаратқанның қолдағаны демей не дерсің, ел ішінде дауасыз дерт аталып жүрген Айшаның сырқатын зерттеп, бірталай адамды емдеп жазған ғалым-дәрігермен танысудың сәті ойламаған жерден түсті. Елге аты танымал профессордың өзі үзілісте жанына келіп, мұның баяндамасында айтылған жайларға қызығушылық танытқан.

Мәселені талқылап тұрғанда да ойынан бір сәт Айша шықпады. «Сіз әлденеге алаңдаулы сияқтысыз ғой?» деді адамдар психологиясын жетік меңгерген маман. Алма қысыла тұрып: «Кешіріңіз, солай екені рас... Сіздің ықыласты сөзіңізді есту зор ғанибет. Бірақ, жан досым қатты науқастанып, соны уайымдап жүргенім... Сізге соны қалай айтып жеткізсем екен деп тұрмын» деді ағынан жарылып.

Жаңа ғана емдеу жүргізуде қолданып жүрген тиімді әдістерін сенімді, орнықты даусымен баяндап, жиналғандарды елең еткізген адамның досы туралы айтқанда даусы дірілдеп, қиналып тұрғаны профессорды тағы сүйсіндірді. «Сіз сияқты талантты әріптестің өтінішін қалай жерге тастаймын? Ертең 12 шамасында ертіп әкеліңіз, нақты уақытын ассистентім қосымша хабарлайды» деп телефонын жазып алды.

Енді қала сыртындағы жеке секторда тұратын Айшаның үйіне барып, профессордың қабылдауына алып келмекші. Өткен жолы барғанында оның жүріп-тұруының өзі қиындап кеткенін көзбен көрген. Сондықтан өз бетімен келе қоюы неғайбыл. Оның үстіне аурудан қажып, өмірден әбден күдерін үзген сияқты. «Алмаш, әбден шаршадым, қоя қойшы» деп еді бұған да әуелі, бірақ көңілін қимады ма, кетерінде емдету туралы ойын қайталап айтқанда «өзің біл» деген селқос қана.

Ал Алманың іші әлдебір жақсылықты сезетіндей. Елге танымал майталман маманның бірден келіскенін де жақсылыққа жорыды. Сөйлесе салысымен Айшаға телефон шалып, өзі келіп алып кететінін хабарлаған. Таңертең Жекенмен жүздессе, әрі қарай Айшаның үйіне тартып кетеді. Иә, ертеңгі күн жақсы күн болайын деп тұр... Солай деп көңілін демдесе де біразға дейін ұйықтай алсашы...

Ертең кездескенде Жекенге айтсам деген, көңілінде көптен жүрген сөздерін жұптады.

Әрине, екеуінің бір болмауына ел ішіндегі ескілік салт – қыз алып қашудың кесірі тигенін айтпаса да болады. Каникулға келген мұны ауылдағы бір озбыр жігіттің солайша қақпанына түсіргенін, артынан қуып келген туыстары «есік аттадың» деп қалдырып кеткенін кезінде хатпен жазып жіберген. Бірақ Жекен жауап қайтармаған. Онысына өкпелеген еді. Бірақ, біреудің отын жағып жүріп, сүйген жігітінен елеңдеп хат күткенін ойлап, осы кезде езу тартып күлетіні бар.

Ол кезде қайдан түсінсін? Жүрек түкпіріндегі «бір көрсем-ау», «бар сырымды жайып, ақтарылсам-ау» деген арманы алға жетелеумен талай жылды оздырды. Басқа босағада қалған алғашқы күні-ақ өткен күнге қайта оралу жоқ екенін ұқса да, көңілі күйеуіне илікпей-ақ қойды. Алып қашқаны аздай, мұнымен жақындасу үшін де қара күшін пайдаланса, қалай иліксін?

Қайтып барып, әке-шешеме сөз келтірмейін деп қалғанымен, күйеуімен бірге тұра алмасын сол түні-ақ ұққан Алма күйеуі ұйықтады-ау дегенде қашып шыққан. Сөйтсе ол ұйықтамаған екен. Екі өкпесін қолына ала жүгіріп, ауыл шетін басып өтетін тас жолға жеткені сол еді, аузынан небір былапыт сөз ақтарылған күйеуі артынан қуып жетіп тепкінің астына алды. Әлдекімдер келіп арашалап алмағанда не болатыны белгісіз еді...

Содан бір ай бойы төсек тартып жатты. Ілбіп көтерілген кезінде де әйелінің өзін жанына жолатқысы келмейтіні күйеуінің зығырданын қайнатып, ол тағы да зорлық көрсеткен. Қарулы құрсаудан босана алмай тыпырлап жатып, «Ж-е-кен...» деген бұл қыстыға жылап. Ашу қысқан еркек «же-тер» деп естіген болуы керек, «көрсетейін мен саған «жетерді» деп, сілесі қатқанша мыжғылаған.

Келесі күндердің бірінде жалғыз өзі жатып, көзі ілініп кеткен еді, бір тамаша түс көрді: Жекен екеуі бұрынғыдай бір-біріне еркелесіп, аймаласып отыр екен дейді... Күйеуінің есік ашқан дыбысынан оянып кетті. Іші удай ашып, есіктен кірген адамның Жекен болмағанына өкінген келіншек күйеуі келіп, қасына жатқанда бойын жиып алған-ды. Сезімсіз, жалынсыз тәніне тиген жат қолдан денесі тітіркеніп, іргеге қарай ысырылып жатты. Оны елең-құлаң қылған күйеуі жоқ – мұның ықылассыздығына қарамай, өз ойын орындауға кірісті. Өңмеңдеген еркектен жиіркеніп, кеудесінен қанша итермелесе де күші жетпей, тауы шағылды...

Қорланып, қыстыға жылап, тағдырына мың мәрте налып жатқанда... «Құдай-ай, осының орныңда Жекенім болса ғой» деген өкініш қоса қабаттаса өзегін өртеді. Сол сәт сүйгенінің ыстық демін сезінгендей, денесі дір ете түсті. Оның өзіне мейірлене қарайтын шуақты жанарын, бұйраланып тұратын шашын көз алдына елестетіп еді сәл де болса бойы жеңілдегендей болды. Сосын қиялына ерік беріп, сүйгенінің қасында болуын, аймалап сүюін армандап жатып, көзі ілініп кетті.

Содан кейін бұнысы бұлжымас әдетке айналды... Жастығына басы тисе болды, қиялымен Жекенінің құшағына барып құлайтын...

Қаламаған адамымен күн кешіп, бір ұл, бір қызды дүниеге әкелді. Сырлас абысыны сорпа-суын көтеріп, перзентханаға келгенде өтініш айтып, ұлының атын Мұхит қойғызды. «Кейін қартайғанда екеуміздің бір-бірімізге деген сезіміміздің қаншалықты терең болғанын айтып отыруымыз үшін ұлымыздың атын Мұхит, ал қызымыздың атын Мөлдір қояйық» деген-ді Жекен бұған бірде...

Мұхиты үшке толатын жылы қызы дүниеге келді. Қайын сіңлісіне айтқызып, атын Мөлдір қойғызды. Ішінен «Жекенді кездестірсем, оған деген махаббатымның қаншалықты терең де тұнық екендігін білдіру үшін балаларымның аттарын осылай қойғанымды айтамын» деп армандайтын. Ал жаратушы бұл тілегін асыра орындағандай. Ұлы мен қызын көргенде... Жекені көз алдына келетін. Мына ғажапты қараңыз, екі баласының да бет келбеті не өзіне, не күйеуіне тартпай туды. Күйеуі шашы кірпінің инесіндей тікірейген, қалың қасты, шегір көзді қара жігіт те, өзінің де өңі қараторы еді. Ал балалары... Жекен сияқты аққұба, бұйра шашты болып өсіп келе жатты...

Кешелі бері тілдескен сайын соны айтсам ба деп сан оқталды. Бірақ ретін таппады. Өзі айтар әңгіме Жекеннің көңілін алаңдатар, отбасының тыныштығын бұзар деген ой алып-ұшқан сезіміне тоқтау салды. Бір кездері шын сүйіскен жандар сезім жетегінде кетсе, еш кінәсі жоқ жандар – оның жары, балалары зардап шекпей ме?

Өзінің жөні бір бөлек – бұл басы бос адам, ал оның әйелінің қандай жазығы бар? Қатар оқыған құрбыларынан сыр тартқанда оны бір жақсы адам деген еді. Ендеше, мұның сыр ашуы – ешкімге жақсылық әкеле қоймас. Өмір бойы айтсам деп армандап, жеме-жемге келгенде сезімнен ақылды биік қойған Алма өзіне бейтаныс та болса, сүйгеніне жақын жандарға салқыны тиюі мүмкін сырды ашуға тәуекелдей алмайтынын түсінген.

«Ештеңе айтпай-ақ қояйын» деп шешті ақыры.

«Аллаға шүкір, - деп ойлады өзін жұбатып, - осы өміріме тәубе. Соққыларынан аман қалып, сүйкімсіз күйеуден басымды босатуым еріксіз босаға аттауды салтқа балап жүргендерге сабақ болды. Қайын сіңліме арашашы болуым қыз алып қашқыш жігіттерге ой салды. Бәрінің ақыры қайырлы болды емес пе? Мен бітпей қалған оқуымды жалғастырдым. Жалғастырып қана қоймай, ғылым жолына түстім. Сіңлім мен қайын сіңлімді жеткіздім...»

Әр нәрсеге бір себеп болады. Күйеуінің ұрдажық мінезіне шыдамай, ажыраспақшы болғанында, «бас жарылса бөрік ішінде» деген қағиданы ұстанып келе жатқан абысын-ажын басу айтып, тоқтатқан. Мәселенің күтпеген жерден қайта көтерілуіне қайын сіңлісі себепші болды.

Оқуын бітіріп, ауылына келе жатқан оны вокзалдан ауылының жігіттері күтіп алады. «Алып барып, ата-анаңнан дипломыңа байғазы аламыз» деген сөздеріне сеніп, көлікке мінген қызды бөтен үйге әкеліп, шырылдатып, шымылдық ішіне кіргізеді.

«Қызымыз оқу бітіріп келе жатыр» деп жайылған дастархан кешірім сұрап келгендерге бұйырады. Осы жақтың салтымен қыздың артынан «қуғыншылыққа» жіберілгендердің бірі Алма еді.

Қуғынға келетіндердің қыздың түскен ортасын көріп, тиісті сый-құрметке бөленіп қайтулары да – қалыптасқан қағида. Сол қағиданы Алма бұзды.

«Жеңеше, басқаларға бәрібір. Сізге ғана сенем. Өзіңіз сияқты өмір бойы бақытсыз болсын демесеңіз, мені қалдырмаңыз» деді қайын сіңлісі бұған жылап тұрып. Алманың тұла бойы түршігіп кетті.

Есік аттаған қыздарын ертіп әкелген Алманы алдымен ата-енесі жер жебіріне жетіп сөкті. Тосын хабарды естіп жұмысынан ерте қайтқан күйеуі әйелі мен қарындасын соққының астына алғанда да әшейін болысатын олар бұл жолы «қой» демеді.

Екі-үш күннен кейін есін жиған Алма ауылдағы учаскелік полиция бөлімшесіне барып, зорлық-зомбылықтан өзін қорғау туралы арыз берді де, медициналық анықтама алуым керек деп, жақын станцияға жеткізіп салуды сұрады. Полиция машинасынан түскен бойда тез жиналып, екі баласын жетектеп шығып бара жатқанда, қайын сіңлісі қасына келді. «Жеңеше, - деді ол көзі мөлтеңдеп, - сіз кетсеңіз мені аямайды, мені өзіңізбен бірге ала кетіңіз».

Осылайша, олар миллион тұрғыны бар қаладан бір-ақ шығып еді...

Араға бірер жыл салып, қайын сіңлісін сүйгеніне ұзатты. Ата-анасы бақилық болғанда Саясын қолына алған, ол да бүгін өзінше түтін түтетіп отыр.

Осының бәрі ойға қайта оралып, ұйқысын қашырып жіберді. Өзі қиналып жүрген кезде де әлсізге демеу, жылағанға сүйеу бола алды. Бірақ өзінің жылаған жүрегіне жұбаныш болар жанды – Жекенді қайта кездестіре алмады. Қай жерде жүрсе де айналасын көзбен шалып, «кездесіп қалар» деп үміттенетін. Оның ендігі отбасылы, балалы-шағалы болғанын түсінсе де, оны еске алса болды, жүрек шіркін лүпілдеуін қояр емес. Сөйтіп іздеген, күткен бақыты таңертең телефон соқпақшы...

Алма түні бойы дөңбекшіп, таңертең ұйқысы қанбай оянды. Төсегінде жатып, телефонына қайта-қайта қарап қояды, онда үн жоқ. Бір кезде шиқ-щиқ етіп хат келіп түсті: «Профессор сізді сағат 11-де күтеді».

Алма төсегінен атып тұрып, киіне бастады. Айшаның үйі де біраз жерде, үлгірмей қалмаса нетті.

Әрі-бері жүгіріп, бір таксиді ұстап еді, барып-қайту үшін әкесінің құнын сұрады. «Қазір анализ тапсыруға, аппараттарға түсіруге де ақша төлеуім керек қой. Неше жыл аурумен арпалысып келе жатқан Айшадан қалай сұраймын? Қалтамдағы бар ақшаны үнемдеуім керек» деп ойлаған ол тағы бірнеше машинаны тоқтатты. «Астанадағылардың ақшасы көп болар, сірә, - деп ойлады Алма, - Алматыдағы бағамен аттап баса алмайсың». Әзер дегенде иманжүзді біреуі кездесіп, айтқан бағасына келісті-ау.

Алғашқы келгенінде мұның ұсынысына елп ете қоймаған Айша бұл жолы тартыншақтаған жоқ. Қанша рет талпынса да, қабылдауына кіре алмаған профессордың аты әсер етті ме, әлде кішкентайынан бірге өскен жан досының шыр-пыр болған қамқорлығы жанын жадыратты ма, әйтеуір Алманың соңынан ықыластана ерді.

Жекеннің боп-боз түрін, әлі құрып, былқ-сылқ еткен қалпын көріп, үрейі ұшып кеткен әйелі дереу жұмысына телефон шалып, өз есебінен демалыс алған-ды. Түні бойы ерінің тынысын тыңдап, шала ұйқы болса да, ертесімен тұрып жас сорпа әзірлеп, қоярда қоймай ішкізді. Одан соң қарақат қосқан шәй беріп баптады. Қан қысымын өлшеп көрген соң, қорқыныштан мүлде арылып, күйеуіне әр нәрсені айтып көңілін көтеруге тырысып бақты.

Қанша жыл отасып, сыралғы болып қалған әйеліне бір сәт Жекеннің жанына ауруы емес, басқа нәрсе батып отырған сияқтанды. Әлденеге алаңдаулы ма, қалай? «Жұмысындағы оқиғаны уайымдап жатқан шығар, сұрап мазасын алмайын» деп шешті әйелі оның жүзіне барлай қарап отырып.

Бір кезде Жекен орнынан тұрып киіне бастады. Жұмысына бармақшы. Мұның жік-жаппар болғанын тыңдамай, енді шығуға беттегенде қоңырау соғылып, Жекеннің бастығы кіріп келмесі бар ма?

- Ау, Жеке, жол болсын?

- Жұмысқа бара жатырмын...

Осы сәтте шарасыз кейіпте тұрған әйелі тіл қатты:

- Мен жата тұр десем тыңдайтын емес. Сіз айтыңызшы...

- Әйелді тыңдау керек, - деп күле сөйледі бастығы. - Сен бір-екі күн жата тұр, жұмысқа алаңдама, - деді сосын салмақты үнмен.

Амалы құрыған Жекен бастығына қиыла қарады:

- Өкпем қысылып кетті, сәл ауа жұтып қайтайыншы онда.

- Онда сөз басқа. Жүр, сәл серуендеп қайтайық.

Жекен қайырылып әйеліне қарады да:

- Жұмысыңнан қалмай-ақ қойсаңшы, көріп тұрсың ғой, жағдайым жақсы. Сәл серуендеген соң, үйге келіп тынығамын, - деді жұмсақ үнмен.

Бастығы екеуі жарты сағаттай жүрген соң бұл: «Сізге рахмет. Енді мен барып сәл тынығайын» деді де, үйіне қарай апаратын соқпаққа түсті. Сәл ұзай бере қалта телефонын алып, Алманың нөмірін терді. Ұзақ-ұзақ гуілді тыңдап әлі тұр, төрт, бес, алты... Жекен тықырши бастады. Неге алмайды? Таңертеңнен бері күтіп-күтіп, өкпелі ме екен? Әлде... кетіп қалды ма? Сондай ой келгенде тұла бойы қалтырап кеткендей болды. Бір кезде көтерді-ау.

- Алло! Кешір... мына жерде абыр-сабыр... қоңырауды естімей қалдым. Жағдайың қалай?

- Жаман емес... Үй ішіндегілердің жіті бақылауында болып, хабарласа алмадым... Сен қайдасың? Қазір кездессек қайтеді?..

- Мен... бір маңызды жұмыспен жүр едім. Қазір мүмкіндігім жоқ...

- Онда қашан?

- Бәлкім шаруамыз бір-екі сағатта ыңғайланып қалатын шығар...

- Жарайды. Онда мен сол кезге қарай қоңырау шалайын.

Есіктен асыға кірген Алма мен Айшаны профессордың ассистенті қарсы алып, қолдарына он шақты кабинеттің нөмірі жазылған қағазды ұстатты. Жаңа ғана Жекенге жағдайды түсіндірген Алма әлгі қағаздарға көз жүгіртіп, жұмыстары бір-екі сағатта біте қоймасын ұқты. Электрокардиограмма, ультра-дыбыстық зерттеу сияқты зерттеулерге қосымша медициналық зерттеу-тексеру амалдарын жүзеге асыратын бірнеше маманның алдынан өткен соң ғана қорытынды жасау үшін профессорға барады екен.

Айша екеуі әр қабаттағы ұзыннан созылған дәліздерден керек кабинеттерді іздеп тауып, тиісті зерттеулерден өтіп жүрген кезінде телефоны бірнеше рет қоңыраулатты. Дер кезінде жауап бере алмаған соң кейін ұмытып та кетті. Шынын айтса, мүмкіндігі де болмады, түрлі тексерулерден өтіп жүргенде уақыт зымырап өтіп, поезы кететін мезгіл таяп қалып еді. Түрлі аппараттарда жасалған зерттеулер мен салалық дәрігерлердің қорытындыларын салыстыра отырып, профессор бұларға күлімсірей қарады:

- Мен сізді қуантқалы отырмын, әріптес. Сырқаттың қазіргі кезеңінде оны жеңуге медицинаның әлі толығымен жетеді. Мен ауруханамызға жолдама жазып берейін, Айшаны дереу сонда апарып жатқызыңыз.

Алма орнынан ұшып тұрып, Айшаны құшақтай алды. Сосын оның «ертең келіп жатамын» дегенін тыңдамай, ауруханаға апарып жатқызды да, таксимен қонақүйге келді. Заттарын жинап, қонақүймен есеп айырысып, вокзалға беттеді. Поездың кетуіне бір-ақ сағат уақыт қалып еді...

Қала көшелеріндегі кептелістен әзер өткен такси вокзалға шығатын Жеңіс даңғылына түскенде барып, поезға үлгеретініне көзі жетіп, уһ деген Алма телефонын алып қарап еді, Жекеннің бірнеше рет хабарласқанын көрді. Екі рет хат келіпті. «Телефоныңды неге көтермейсің?» «Поезың нешеде? Қай вагон?»

Алма түймешені басып еді, Жекен бірден көтерді. Бейне бір телефонды қолынан тастамай ұстап жүргендей...

- Не болды? Телефонды неге алмадың?

- Жұмысымды тындырам деп, еш мұршам болмады...

- Жұмысың бітті ме? Поезың нешеде еді? Қалай жолығамыз?

Жекеннің жаудырған сұрақтарын тыңдап отырып, Алманың кеудесін өксік қысты. Бірақ салмақты сөйлеуге тырысты.

- Поезым қазір он бес минуттан кейін жүруі керек, мен вокзалға келіп қалдым.

- Он бес минут? Оның не, жаным-ау? Осынша жылдан кейін маған екі-үш сағатыңды қимағаның ба?

Жекеннің ышқына шыққан даусы оның жан дүниесін астан-кестен етті. Көзінен парлап аққан жасты тия алмай, жауап қатса оқыс үні шығып кететінін біліп, аузын алақанымен басып отыра берді.

- Сен бір әңгіме айтамын деп едің ғой? – деді Жекен соңғы үмітін жалдап, - қал, әңгімелесейік. Түнгі самолетке отырғызып жіберейін...

- Айтпай-ақ қояйын деп шештім. Жалпы, екеуміздің кездесуіміздің де қажеті жоқ деп ойлаймын. Өмірде бір-біріміздің бар екендігімізді біліп, амандығымызға, бала-шағамыздың арасында уайым-қайғысыз өмір сүріп жатқанымызға шүкіршілік етіп күн кешудің өзі бақыт қой...

Одан әрі сөйлей алмады. Булығып, тамағына тығылған өксікті Жекенге естіртпейін деп, телефонның қызыл түймешесін баса салды.

Телефоны қанша қоңыраулатса да көтермеді. Бір кездегі жылап қалған өз махаббатындай болып, ол үздіксіз шыр-шыр етіп жатты...

ЖАҚСЫ КӨРУ

Сонау тоқсаныншы жылдардың соңына қарай, ел астанасы Сарыарқа төсіне ауыстырылғанда қопарыла көшкен мемлекеттік қызметшілердің «Алматы» десе елеңдемейтіндері жоқ шығар. Кәмшат та – солардың бірі. Бастапқыда әйтеуір бір себеп тауып, ай сайын ару қалаға алып-ұшып барып тұратын. Келе-келе сирексітсе де, еңбек демалысында бір соғып кету міндет: дос-жаран, туыс-жекжаттың біразы сонда тұрады. Болған қуаныштарына құтты болсын айтып, қазалы жерге бата оқып шығу парыз.

Өткен жылы сондай демалысы кезінде ел жақтан жеткен бір үлкен кісі (құрбысының анасы) екеуінің жолдары түйісіп қалды. Шешей былтыр балиғатқа толған немересі Фаридаға берген уәдесін орындау үшін оны Алматыға ерте келіпті.

Тіршілік қамымен жұмысына ерте кетіп, кеш келетін құрбысы Гүләйім Кәмшатты көріп, қуанып кетті:

- Жақсы келдің ғой... Апам осы от ала келгендей болады да жүреді, келгені кеше, ертең ауылға қайтамыз деп отыр... Ал жоспарларын жүзеге асыру үшін кемінде бір апта керек.

- Қандай жоспар? – деп сұрады Кәмшат.

- Мына қыздың жыл бойы құрған жоспары ғой: Шымбұлаққа шығу, Көктөбеге көтерілу, Мұзарттың концертін көру, - деп тақпақтай сөйледі шешей.

- Әже, Мұзарт емес, «МузАРТ» деп едім ғой сізге? Ылғи қате айтасыз, – деп бұртаңдады немересі.

- Дұрыс айтам мен. Сендердің әдеттерің ғой, қазақтың сөзін орысқа бейімдеп алатын, -деп әжесі келіспеді. – Сенбесең, мына әпкеңнен сұра, қанша дегенмен диссертация қорғаған ғалым ғой.

Шешей өз сөзінің дұрыстығын Кәмшаттың растайтынына сенімді жандай, иегін әнтек көтеріп, орындығына нығыздалыңқырап отырды.

Үлкен адамға қарсы сөйлеуді жөн көрмейтін тәрбиесінен аса алмай, Кәмшат қипақтап қалды. Себебі бұл атаудың сырын білгісі келіп, кезінде әдейі зерделеген ол үшін таразы басын немере қыздың уәжі басып тұрғаны түсінікті еді. Бірақ, қанша келіспесе де, ішкі әдебі шешейдің сөзін бірден жоққа шығаруға жібермеді.

Оның үстіне, ол кісі айтып отырған «мұзарт» деген сөздің мағынасы да жақсы – білуінше, екінің бірі бара алмайтын биік таудың басын, онда да аппақ болып күнге шағылысып, ондаған, жүздеген жылдар бойы ерімей, бұзылмай жататын мұздақты шыңды солай дейді. Шешей де соны білген соң айтып отырған болар-ақ.

«Кемеге қандай ат қойсаң – жүзуі сондай болмақшы». Халқымыздың сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген топтың биік те таза өнерін аппақ қарлы шың басына – мұзартқа баласа несі бар? Шынын айтса, ең алғаш топтың атын естігенде, Кәмшаттың өзі де осы шешейдей – «Мұзарт» деп ойлаған. Кейін жарнамаларындағы дұрыс атауын көргенде барып, басқаша екенін білді.

- Сіздің сөзіңіздің жаны бар, апа, - деді ол шешейге. – Жалпы бұл жігіттер топтың атын қоярда асықпай ойланып барып, шешім қабылдаған болуы керек. Топқа ат қою да сәбиіңе ат қоюмен бірдей ғой. Мағынасы жақсы болуын, естіген құлаққа жағымды болуын, айтылуы қиын болмауын ойластырған сияқты. Тіпті, әлдекімдер қателесіп айтса да, мағынасы жақсы болуын ескергендей... Бірақ, апа, шындығында да атауы сіз айтқандай емес, немереңіздің «МузАРТ» деп отырғаны дұрыс.

Қыз: «Айттым ғой менікі дұрыс екенін» дегенді сөзсіз білдіріп, танауы делдиіп әжесіне қарады.

Апасы жаңа ғана «ғалым ғой» деп сенім артқан адамының өзінікінен өзгеше пікірін қабылдайтын сыңай танытпады. Қасын керіп, таң қалғандай түр көрсетті де, бірден шабуылға көшті:

- Ал сонда мәні, мағынасы жоқ ол не атау? Музыканы артып алдым дегені ме? Осы күнгінің балалары әйтеуір басқалардан ерекшеленсем дейді. Қалай ерекшеленеді – онымен шаруасы жоқ. «Музарт» дегенде не айтпақ десейші!?

Гүләйім күлімсіреп Кәмшатқа қарады. Құрбысының кезінде өзінің де осындай сұрағына жауап бергені есіне түсті-ау деймін.

- Меніңше бастапқы буыны «музыка» немесе «муза» деген сөздерден алынған, - деді Кәмшат сондағы сөзін қайталап. – музыка дегенді түсіндірудің қажеті жоқ. Ал Муза (Musa) деп – ежелгі грек мифологиясындағы ғылым мен өнерді желеп-жебеуші әйел құдайды атайды. Олардың жалпы саны – тоғыз, әрқайсысының жеке-жеке жебейтін салалары, өздерінің аттары бар. Айталық, трагедияның музасы – Мельпомена, бидің музасы – Терпсихора...

Әрі қарай тыңдауға құлқы жоқ екенін білдіріп, шешей оның сөзін бөліп жіберді:

- Аттары түсініксіз екен... сонда не, осыларға артып қоя ма?

Шешейдің сөзіне Гүләйім мен Фарида күліп жіберді.

- Апа, менікі болжам ғой... АРТ дегенді латынның «өнер» дегенді білдіретін «Art» сөзінен алған болар деп ойлаймын. Осы екі буынды қосып жаңа атау қалыптастырып, топты солай атаған болуы керек. Біздің тілімізде екі-үш сөздің буындарын қосып, жасалған сөздер бар. Мысалы «Алтел» - «Алтын телефон», «Қазнет» - «Қазақстандық интернет» дегеннің қысқарған түрлері. Сіздердің кездеріңізде «комсомол» деген болды ғой – «коммунистический союз молодежи» дегенді білдіретін...

Байқайды, шешейге соңғы мысалы әсер еткен сияқты, қарсы дау айтқан жоқ. Сәл үнсіз отырды да, құрбысы екеуіне қарап тапсырма берді:

- Онда бізді солардың концертіне апарыңдар.

- Қазір олардың жеке концерті жоқ шығар... Бір іс-шараларға қатысып, ән айтпаса... – деп күмілжіді Гүләйім.

- Неге жоқ? Ауылда телевизордың құлағын қалай қарай бұрасаң да солардың концертін беріп жатады ғой!

Кәмшат пен құрбысы екі жақтап айтып, ол концерттердің бұрыннан жазылып алынғанын, телеарналар қайталап беретінін үлкен кісіге түсіндірді. «Енді қайттік?» деді ол кісі әп-сәтте көңіл-күйі түсіп кеткен немересіне жалтақтап. Қыз көз жасы мөлтеңдеп, теріс айналып кетті. «Бәрібір барам. Концертін көрмей ауылға қайтпаймын» деді жыламсырап.

Әжесі жұбатып әлек. «Қой, құлыным. Садағаң кетейін, қоя ғой... Күн сайын неше концерт өтіп жатыр емес пе? Мына әпкелерің қалағаныңа апарады...»

- Олардың керегі жоқ... Мен «МузАРТ»-ты жақсы кө-ө-ре-ем-м...

- «МузАРТ»-тың фанаты ғой», - деп сыбырлады құрбысы Кәмшатты түртіп қалып, - сенің ізбасарың...

Кәмшат кішкентай «фанат қыз» Фаридаға сүйсіне қарады. Өзінің осындай кезі есіне түсті.

«Әр заманның өзінің кумирлері болады». Кәмшат қолына қалам алып, журналистік жолға түскенде жазған алғашқы мақаласының біреуін осылай бастағын-ды.

«...Кезінде, біздің ағаларымыз бен әпкелеріміздің жастық шағында «Дос-Мұқасан» дәуірлеп тұрды. «Той жырынсыз» бірде бір той өтпейтін заман екен. Біздің студент кезімізде де «Дос-Мұқасанның» әуендеріне би билеп, сол ансамбльдің әншілеріне қосылып, «Бар ма маған ғашық адам бір жерде?» деп ойланатынбыз.

Ол кезде жұмсақ пластинкаға әндер жаздыру сәнді болатын. Қазіргідей есеп жүргізілсе, біздің қыздар әскердегі жігіттеріне жіберетін Құрманай Омарованың орындауындағы «Сағындым сені» әні бірінші орын алар еді...»

Иә, әр заманның өз кумирлері болатыны рас. Ал уақыт өте, сол бетке ұстар өнерпаздардың танымалдығына лайық басқа да, бүгінгінің сөзімен айтсақ, «жұлдыздар» пайда болса – өнер сүйер қауым үшін одан асқан қуаныш бар ма? Кәмшат солай деп ойлайды. Және солай ойлайтындарды іш тартып тұрады. Өз бағалауы бойынша қазіргі кездің жас та, жасамыс та сүйсіне тыңдайтын топтарының ішінде бірегейі – «МузАРТ». Оның концертін көремін деп келген, «жақсы көрем» деп жылап тұрған Фаридаға сүйсіне қарағаны да сондықтан болар.

Өзі де жақсы көреді оларды.

Әр топтың құрылу тарихы бар, стилі бар, өрлеу, құлдилау жолдары бар. Біреулері тарап, кейбіреулері қайта құрылып жатады. Өмір болған соң алдағының бәрін бірдей болжау мүмкін емес. Сонда да болса, осы топтан әуел бастан бір байсалдылық байқалып, бір жылылық лебі есетіндей көрінді оған. Түрлері де сүйкімді, бойлары да сымбатты, өздерін ұстау, сөйлеу мәнерлері де сыпайы үш балаң жігіт тыңдарман жүрегіне бірден жол тауып, мыңдаған қыздың құпия арманына айналды...

- Сіз Мейрамбекті жақсы көресіз бе? – деп сұрады кенет Фарида.

Кәмшат түсіне қойды – өз араларында қойылатын пароль сияқты сұрақ қой. Жаһанданған заманның жедел өскен қызы «Ал, енді қайтер екенсің?» дегендей бұған көзін сығырайта, қулана қарап тұр.

Кәмшат Фаридадай кездерінде балаң сырларын ашудан жүрексінетін құрбыларының бұл тақырыптан ат-тондарын ала қашып, осындай сұрақтарға жауап бермей безек-безек ететіндері есіне түсіп, жымиып қойды. Фариданың да есебі сондай сияқты, бұдан көзін алмай әлі қарап тұр.

- Әрине, - деді оны кекілінен сипап. – Сонау «Бозторғайды» айтатын бала кезінде Мейрамбектің өкси шыққан даусын естігенде қосыла жылайтынмын. Ал қазір термелерін тыңдағанда сондай күй кешемін. Бір аяусыз қолдар жүрегімді суырып алып, бұрап, сығып жатқандай боламын...

Фарида қыздың күткені мұндай жауап емес сияқты. Есесіне шешей ентелей түсіп, ықыластана құлақ түрді. Кәмшаттың топ туралы әңгімелерін талай тыңдаса да, құрбысы тым-тырыс тына қалыпты. Жасыратыны жоқ, бұл әңгіме Кәмшаттың өзіне де ұнап бара жатқан сияқты.

- Мейрамбекті «МузАРТ»-тың жүрегі деуге болатын шығар, - деді ол шешейге қарап. -Оның өнері туралы сөз болса, пікір айтушылардың бірі Мейрамбектің салмақты қалпын, екіншісі мұңды жанарын, үшіншісі әсем келбетін тілге тиек етуі мүмкін. Бірақ солардың барлығының: үлкеннің де, кішінің де, музыка зерттеушісінің де, қарапайым тыңдарманның да алдын ала келіскендей болып, пікірлері тоғысатын жерлері – оның әнді жүрегімен айтатынын байқаулары.

Оның сәл тұншыға шыққан даусын естіген кезде әннің табиғатын, жалпы өнерді түсінетін қауымның ішінде демдерін іштеріне тарта қалатын жандар көп шығар-ақ деген ой келеді, - деді Кәмшат Фаридаға «жауабыма қанағаттанасың ба?» дегендей қарап.

Фанат қыз үнсіз келіп, Кәмшаттың қасына отырды.

«Әңгімеңді айта бер, фанаттықтың басқа да түрі болатынын білсін» - деп сыбырлады құрбысы Кәмшатқа. Мұның өзі де жеткіншек қызды өнерлі, келбетті жігіттердің есік-терезелерін торып, телефонына маза бермейтін бейәдеп фанаттар тобырынан бөліп, сезіммен, ақылмен сүйетіндер қатарына қосуға ынталы еді.

- Баяғы «Бозторғайды» айтатын қаршадай кезінде даусы ашықтау сияқты көрінетін. Боркемік көңілді кемпір-шал да, анау-мынауға жаси қоймайтын жандар да Бозторғай-Мейрамбекпен бірге өкситін. Журналистік сапарымда жолыққан бір келіншек жылап отырып сырын айтқаны есімде. Уәде байласқан жігіті мұның аяғы ауыр екенін білгенде тайқып кетіп, оң жақта отырып жүкті боп қалған қызын әке-шешесі үйінен қуып жіберіпті. Сонда баланы жетім балалар үйінің табалдырығына тастап кетпеуіне осы ән әсер еткен көрінеді...

- Түу, тәте, көңілім бұзылып кетті ғой. Ондай әңгіме айтпаңызшы, - деді Фарида кенет. – Сосын қандай әңгіме айту керектігін көрсеткендей өзі жарқылдай тіл қатты: - Ал біздің көп қыздарға Кенжебек ұнайды. Бір кездері бәріміз де соған ұқсау үшін шашымызды бұйралап алғанбыз!

Гүләйім мен Кәмшат өңкей бұйрабастарды көз алдарына елестетіп, балалардың ісіне күле отырып, сондай жалаң еліктеудің басқа да мысалдарын естеріне түсіре бастады. Бірақ немересі әңгіме бағытын бұрғанымен, шешей әлі сол желіні жағалап келе жатқандай. «Ал қыздар жақсы көретін Кенжебек туралы не айтасың?» деп күлімсірей қарады Кәмшатқа.

- Кенжебекті «МузАРТ»-тың жастық жігері деуге болар, бәлкім, - деді Кәмшат та күлімдей сөйлеп. - Мақсат Базарбаевқа көздері үйренген көпшілік алғашында бұйра шаш ұяң жігітті тосырқай қабылдағаны рас.

Бірақ, өмір заңдылығы сол – жылдар өтеді, ұрпақтар ауысады, адамдар қарым-қатынасына қойылар талап өзгереді. Топтан Мақсаттың кетуін жұртшылықтың біраз талқылағаны есімде. Тіпті, бертінге дейін бұл тақырып аракідік көтеріліп қалып жүрді. Бірте-бірте әңгіме де саябырсыды, Кенжебек те топқа сіңісіп кетті. Әзірше ол Мейрамбек пен Сәкеннің көлеңкесінде жүр. Бүкіл болмысынан тәрбиелі отбасында өскен ұлан екені көрінеді – бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында қысылып, қымтырылып, әдеп сақтап сөйлейді. Сонысымен сүйкімді. Ағалары арқасынан қағып, желпіндіріп отырса да, желікпейді. Кенжебектің даусы құлаққа жағымды, оны сүйіп тыңдайтындар көп екенін мына Фарида айтып отыр ғой. Дегенмен даусы ашылып, жұртшылыққа «әу» дегенінен танылар кезі алда деп ойлаймын.

- Сәкен ше? Сәкен туралы айтпадың ғой... – деп осы сәтте әңгімеге құрбысы қосылды. Гүләйімнің тықыршыған дауысынан, Кәмшатқа қараған көзқарасынан әлдебір сыр аулаған анасы қызына аңтарыла қарады..

Кәмшат оның мұндай қағытпаларына үйреніп кеткен. Жымиды да қойды. Сосын бағаналы бері өзін бар ынта-ықыласымен тыңдап отырған шешейге қарап сөзін жалғастырды.

- Гүләйім Сәкенсіз әңгімеміздің сәні келмейтінін дұрыс еске салып отыр, апа. Ықтиятты тыңдарман байқаған болар, топта әнді орындаудың қалыптасқан тәртібі бар: Мейрамбек бастайды, Кенжебек жалғастырады, Сәкен аяқтайды. Ілуде бір кездерде болмаса, бұл тәртіп бұзыла қоймайды. Әсіресе соңғы жылдары, ұядан ұшырар балапанын құстар қанатымен қолдап, жебеп ұшатыны сияқты, тәжірибелі, ән айту мәнерлері, дауыстары қалыптасып, ысылған екі ағасы әнді Кенжебекке бастатып, баулып жүргендей көрінеді маған.

Ән тыңдаған қауымның орындалатын шығармаға тереңдей бойлап, әнді орындаушының образға кіру кульминациясы ән соңына қарай жүзеге асады. Нағыз дауыс: әсем, сырлы, қуатты дауыс керек жер де – осы. Сәкенді – «МузАРТ»-тың даусы дер едім мен...

- Оның рас, - деп құптады шешей.

Кәмшат өзін қостаған дауысты естімеген сыңайлы. Көзін Фаридаға қадап, даусына әлдебір жұмбақ діріл араласып, сөзін жалғастырды: «Қанша тыңдасаң да жалықтырмайтын, қайта тыңдаған сайын еліттіріп, баурай түсетін дауыстар болады.

Сәкеннің даусы – солардың қатарында.

Өлеңде шиыршық атқан сезімді, жүрегіңді кернеген сағынышты не болмаса асқақ рухыңды білдіретін ерекше шумақтар болады. Әнде де солай. Сондайда жаныңның бебеулеген азабын, көңіліңнің наласын, жүрегіңнің алып-ұшқан сағынышын жеткізетіндей шырқау биікке көтерілер дауыс керек. «МузАРТ» тобында бұл миссия – өте үлкен миссия Сәкенге жүктелген».

- Білдім, тәте, сіз Сәкенді жақсы көреді екенсіз, - деп жымыңдады жасөспірім қыз.

- Әрине, - деді ол. - Бірақ сен екеуміздің жақсы көруіміз екі түрлі.

- Қалайша екі түрлі? - деп көзін жыпылықтатты Фарида.

- Өзің айтшы, сен олармен кездескің келеді дедің. Ал кездесе қалсаң не істейсің?

- М-м-м... суретке түссем. Әрқайсымен. Үйлерін көрсем. Концерттеріне бірге барсақ... басқа да жерлерге... Маған ғана қарап тұрып ән айтса... гүл берсе – тіпті қатып кетер еді... сосын...

Фарида тағы басқа арман-қиялдарын тізбелеп, өрекпіп тоқтар емес.

- Ал елде сен сияқты неше қыз бар? Солардың бәрі де сен сияқты өзіне ғана назар аударуын қалайды... Сендер ғана емес, реті келсе, үлкендер де сөйткісі келеді. Сонда елге әнімен танылған «МузАРТ» концертіне қашан дайындалады? Әнсіз «МузАРТ» – «МузАРТ» па?

Фанат қыз үндемей қалды. Бұл жағын ойламаған сияқты.

- Ал сіз қалай жақсы көресіз?

- Бағаналы бері соны айттым емес пе? Дауыстарын, әнді құдірет деп қарайтын ұстанымдарын, арзан сөзді әндер айтпайтындықтарын, табиғаттың берген ұлы сыйы -әсем дауыстары арқылы жұртшылықты қуантатындарын... Осының барлығының ар жағында өз тыңдармандарына деген құрмет жатыр деп мен де құрметтеймін оларды.

Кәмшат монтиып отырған қызды иығынан қаусыра құшақтап, өзіне қарай тартты.

- Сен білесің бе, Фарида, маған олардың тағы бір қасиеттері өте ұнайды. Және олардың елге сүйкімді болуында бұл жайдың үлкен әсері бар екеніне сенімдімін.

Кәмшаттың бұл сөзіне бөлмеде отырған үшеу де елеңдей құлақ түрді.

- Менің байқауымша, Мейрамбек, Сәкен мен Кенжебек – өзара құрметтері зор, шынайы жанашыр, бір-бірінің табысына іштері тарылмайтын жігіттер. Сұхбаттарынан, пікірлерінен сол байқалады. Жүрген жерлерінде бірін бірі көтермелеп, өнерін насихаттап жүреді.

«Алматыға келіп түскенімде «Осы қалада Мейрамбек тұрады ғой» деп ойладым дейді Сәкен «Жұлдыздар отбасы» журналына берген сұхбатында.

«Сәкенді бүкіл Қазақстан халқы жақсы көреді ғой» деді «Жайдарман» телехабарында Мейрамбек.

«Өмірде де, өнерде де осы ағаларымды үлгі етемін» деді Кенжебек бұдан бір-екі жыл бұрын Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде студенттермен болған кездесуде.

Мұндайда біздің халық «Өсер елдің баласы бірін бірі «батыр» дер» дейді, білдің бе?

Фарида басын изеді.

- Кәмшат, сен диссертацияңды осылардан қорғап па едің? – деп сұрады кенет шешей.

Гүләйім анасы қалжыңдап отыр деп ойлаған. Жоқ, өңінде күлкінің ұшқыны да жоқ, шын сұрап отырғаны байқалады.

- Жоқ, апа, аудармадан қорғағанмын. Ілеспе аудармадан.

- Ол несі тағы? Кімге ілесіп жүресің?

Шешейдің әу бастағы «кімге артып қояды?» деген сұрағын есіне түсіріп, құрбысына қарап еді, ол ернін жымқырып, күлкісін әзер тежеп отыр екен. Бұл қарағанда күліп жіберді, сосын анасына түсіндіре бастады:

- Апа, ол – аударманың бір түрі. Адамдар сөйлеп тұрғанда бірден басқа тілге аударуды солай атайды. Ол туралы сөйлетсеңіз, Кәмшатты мүлде тоқтата алмайсыз. Сосын ауылыңызға ертең түгіл арғы күні де кете алмайсыз, – деп қалжыңдады Гүләйім.

- Кете алмасақ, далада отырған жоқпыз ғой, - деді шешей. Сосын немересіне қарап мейірлене тіл қатты. – Ал «Мұзарттан» диссертацияны түбі менің қызым қорғайды.

Әңгіме желісінің бұлай бұрыларын күтпеген Фарида көзі атыздай болып біресе Кәмшатқа, біресе Гүләйімге жалтақтады.

- Жоқ, әже, ол қиын ғой, менің қолымнан келмейді. Ол үшін не істеу керек екендігін де білмеймін тіпті...

- Оқасы жоқ, білмесең сұрап аласың Кәмшат әпкеңнен. Қазір-ақ айтып береді. Сол да сөз боп па?

Бастырмалата сөйлеген шешейді тыңдай отырып, Кәмшат Фаридаға көз салып еді, оның өзіне қадалған жанарынан қорқынышты да, қызығушылықты да, бел шешіп кірісіп кететіндей «не істеу керек?» деген сұрақты да оқыды. Болам деп тұрған балаға ғылыми жұмыстың инемен құдық қазғандай ауырлығын айтып, үркітіп алмайын деп ойлады. Сондықтан жауабы да қысқа болды:

- Жақсы көру керек. Зерттейтін объектіңді жақсы көрсең – қиындықтың бәрін жеңесің.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙