Мазмұнға өту
Home

Мысалдар

Асқар Тоқмағамбетов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Мысалдар

Асқар Тоқмағамбетов — «Мысалдар». КҮНШІЛДІҢ КҮҢКІЛІ Қарға тыңдап бұлбұлды, Қатты қынжылды, Қабағы түйілді,

/uploads/37ccbd1d-b442-5b38-8be0-07f8a5bbf56d/cover.png

КҮНШІЛДІҢ КҮҢКІЛІ
Қарға тыңдап бұлбұлды,
Қатты қынжылды,
Қабағы түйілді,

Бұлбұлға бұлай бұйырды. —
Немене сонша шырылдап,

Көрінгеннен жыр ұрлап.

Жылаудан басқа білмейсің,
Өмірі бір күлмейсің,
Еңірейсің, сарнайсың,
Ылғи ғана зарлайсың,

Неге бір қаттырақ,
Тыңдауға жақсырақ,
"Қақ "— дейтін дауыс таппайсың,
Мұнымен жанға жақпайсың,

Айда жөнел, кет! — деді.

Басқа айтуға ақыл жетпеді.

Күншілдің сол ғой күңкілі,
Бүкпесіз, бірақ, шын сыры,
Бұлбұлды сөйтіп қарғаған

Сақтасын құдай қарғадан.

ОҚПЕН ОЙНАҒАН МЫСЫҚ
Оқтаған патронды тауып алып,
Секіртіп, домалатып ауық-ауық,
Еріккен мысық ойнады,

Қызығына тоймады.

Итеріп отқа түсірді,

Өз еркіне қоймады.

Жарылды патрон,

Гүрс етті,

Жығылды мысық дүрс етті.

Түсінер бұған ойлы адам:

Өледі оқпен ойнаған.

ЕШКІ МЕН БАСТЫҚ
Күнде кешкісін,
Көрген сайын ешкісін,
Аяғыш бастық,

Үстіне жамылғы,
Басына жастық

Болады да қалады.

Ауызбен орақ орып,
Шөбін де салады,
Жемін де төгеді,
Қамқоршы да болады,

Байғұс ешкі бәріне де көнді,

Бәрін де көрді.

Жылы сөз, бірақ, ас бола ма?

Ешкі бір күні аштан өлді,

Жылы сөзден суық ас

Жақсы дейтін сөз рас.

АҚПАРҒА СЕМІРГЕН АТЖАЛМАНДАР
Қыстың суығында,
Үйдің ығында
Қызыл қасқа баспақ тұр еді,

Жүре алмай ақсап тұр еді.

Оған атжалман кез болды,

Жай-жағдай сөз болды.

— Қолбыраған кәнің ғана қалыпты,

Анығын айтқанда өлу ғана қалыпты.

— Оның рас, — деді баспақ,

Аяқ болса ақсақ,

Жатқан жер сыз болды,

Басқан жер мұз болды.

Жем мен шөп те болмады

Күзгі күдеден түк те қалмады.

— Біз, — деп қойды атжалман, —

(Белгілі ғой мақтанған)

Ішіп-жеу жағынан оңды,

"Құдайға шүкір " қонды.

Ініміз толған ақпар,

Анығын айтқанда бір-екі қап бар.

Не бір майлы қағаз бар,

Жатып жеуге жайлы қағаздар.

Онда: қазы мен қартаның,
Құрт пен малтаның
Нелер тәтті шараптың,
Нелер дәмді тамақтың,

Бәрінің де жұғыны бар,

Шампанның да тығыны бар...

Сондағы жазылған ақпар бойынша,

Менің ойымша:

Күде - күде мая,

Жүгері пая,

Сүрленген шөп те болуы керек.

Таусылмас көп те болуы керек.

— Ол өтірік ақпар,

Түгі жоқ мақтар,

Шөбі де сояу...

Ол да көз бояу...

Дей бергенде, мыртық

Бір аяғын сылтып,

Шыға беріп жығылды.

Атжалман қуысқа тығылды.

— Бүгін де мас екен.

— Ферма бастығы осы екен...

Сөз сонымен бітті,
Тышқан ініне зытты,
Баспақ бастығын күтті,

Ол тұрар емес тіпті.

Тұмсығы топыраққа тіреліпті,

Анығын айтқанда: "тірі өліпті".

Осындай ақпармен семіргендер,

Ақпарды атжалманша кеміргендер,

Айтарлықтай көп те емес.

ТЫШҚАН МЕН САУЫСҚАН
Бір суайт тышқан
Төбесінен ұшқан

Сауысқанды шақырды.

Өтірікті судай сапырды:

— Есіткен шығарсың, сауысқан,

Біздің бір туысқан,

Тышқан,

Жақында аспанға ұшқан...

Айға барып қайтты,

Сол маған айтты.

— Онда, ағыл-тегіл екен,

Ішіп-жейтін тегін екен,
Күріш пен бидай,
Қамбаларға сыймай,
Төгіліп-шашылып,

Жатады екен ашылып...

Мұны есіткен сауысқан:

— Айналайын, тышқан,

Құрдасым еді деп,
Сырласым еді деп,
Айтып көр онда туысыңа,
Мені де бір қуысына

Отырғыза кетсін,
Үш десе ұшайын,

Қон десе қонайын...

Сөйт, құрбандығың болайын!

— Ал осы жолы сені де,

Ұшыртайын, — деді де,

Тышқан тұрды тыштиып

Өзінше сөйтіп күш жиып.

Сауысқан оған сеніп қалды,

Бар тапқанын беріп салды...

Тышқан жөніне кетті,

Орала бере ініне зытты.

Өзі істемей басқаның
Атағына семірген,
Аз ба ойлаушы бас қамын,

Тамақ тапқыш тегіннен.

КӨБЕЛЕК ПЕН ТҰЙҒЫН
Тұйғын бір күн көрді де,
Көбелекті шырлаған,
Гүл қуалап, шуақтап

Көктем жырын жырлаған.

Төбесінен төне түсті,
(Көбелекке ол қандай күшті)
Қағып алғысы кеп,
Жығып салғысы кеп,

Түйлікті де,

Шүйлікті де.

Көбелек оған саспады,
Қалыңға қарай қашпады,
Өйткені, көп достары,

Көбелекті қостады.

Түйлігіп келген тұйғынды,

Қуып тастады.

Тұйғын қатты тайлықты,

Жүрегі әбден шайлықты...

Досы көптің қасына,

Жау келмес деген осы да!

ҚАРЛЫҒАШ ПЕН ҚАБАН
Қияқтай сүйір қанатын,
Қиғаштап жайып қанатын,
Қарлығаш жетіп ұясына,

Жем әкелсе баласына,

Байқап қалды қабанды.

Үйді тіреген бағанды

— Қуалай қазып үңгіп,

Жатыр екен ін ғып...

Қарлығаш қатты састы да;

— Құлатқаның жақсы ма ?

Бағанның басында,
Ұя барын қасында
Көптен бері білесің,

Достығың ба, қастығың ба?

Айтқаны - ақ сол қабанға:

— Ұя керек маған да!

Дегеннен басқа оған,

Түк айтпады қабан.

Көлгірси күліп өзі үшін,

Құшағын жайып дос болар.

Қапысын тапса өзге үшін

Ор қазатын сондайлар.

Айналаңда әлі бар.

Дос кім, қас кім ?

Танып ал!

ҚОЛАЙЛЫ БАСТЫҚ

— Түлкі шырақ, жаңа бастық келіпті,

Көртышқан ба, аты қалай өзінің?

— Қайтер екен, қиын болар істесу,

Көрмейтіні бар дейді ғой көзінің...

— Несі қиын, қайта жеңіл өзіме,

Ондай бастық маған қатты ұнайды.

Өйткені түк көрмейтұғын соқырмен

Істесудің өзі қандай қолайлы...

ҚҰРТ ПЕН ҚҰМЫРСҚА

Шақырып бір күн бастық құмырсқаны,

Сондағы мынау болды ұрысқаны:

— Ұятсыз, ығыр қылдың сен антұрған,

Парықсыз жан екенсің барып тұрған.

Білмейсің шіміркеніп тайлығуды,

Білесің жұрт көзінше ішіп-жеуді.

Болмайсың неге сына құрт сияқты,
Қылығы сондай майда, тінті жақсы,
Ішіне кіріп алса, амал тауып,

Білдірмей жей береді ізін жауып.

СӘН ҚҰРБАНЫ
Ойпыр - ау, бұл не сиқың, аққу шырақ,
Дударлап қанатыңды сонша бұрап,
Күлге аунап шыққансың ба, жарықтығым? —

Деп бір күн таңырқанып, қалдым сұрап.

— Білмеп пе ең ? — деп назданып жай ақырын,

Өзінің бүкпелемей айтты сырын:

— Қазіргі соңғы мода, соңғы фасон,

Енді аққу емес, шеттің қарғасымын.

МАЙҒА БӨККЕН МАҢҒАЗ

Жүрекке бүйрек бір күн мақтаныпты,

Қалдырмай ойдағысын ақтарыпты:

— Сен мені жүрсің, достым, жақсы ұғынбай,

Көрдің бе жамылғым май, жастығым май.

Жазы - қыс жаным тыныш, майға оранып,

Жатырмын бар байлықтың бастығыңдай.

Атақты "бітеу " біткен атым бүйрек,
"Жатпаған майға оранып күнім сирек,
Жұмсауға керегіне алса біреу,
Алады шарбы майдан әрең сүйреп! —

Дегенде жүрек тұрды шамырқанып,

Бүйректің бұл сөзіне таңырқанып:

— Құр сыртың жылтыраған, байғұс бүйрек,

Қолы емес, пышағының ұшы түйреп

Ұсынып отыратын балаларға,

Емес пе ең, мақтанасың бүгін бүй деп.

Мен болсам майды оранып, жастанбай-ақ,
Аралап қан - тамырды бастан-аяқ,
Қолқадан кіріп, жұлын, миды шолып,
Біреуін қалтарысқа тастамай-ақ,

Жүретін тіршіліктің тірегімін,
Сондықтан жұрттың сүйер жүрегімін,
Қол үзген бар өмірден майға оранып,
Сыртыңнан аяп сені жүр едім мен! —

Деген сөз айтылса да жайлап қана,
Бүйрекке майға оранған арнап дара,
Жылы орын, жайлы төсек иелері,

Сендер де жүрек сөзін ойлап қара!

БАЛА ШЫМШЫҚ
Балапан, темір қанат, қызыл тұмсық,
Қауырсын қатып болмай қара қылшық,
Сайрағаны бір күндер сәтті шығып,

Көп аузына ілінді бала шымшық.

Қызғыш айтты: "Теңіздің толқындарын,
Көрген едім тасқындап соққан жарын,
Биік тұрып сайрарлық дәл осы үнде,

Байқап тұрмын бір ғажап толқын барын.

Шағала айтты мен де бір шағаламын,

Талай шалқар көлдерді жағаладым.

Талай нәзік, сазды әндер тыңдап едім,

Сондай ырғақ барлығын шамаладым.

Соңғы сөзді бір кәрі тауық айтты:

Десіп жатты шуылдап: "Тауып айтты!"

"Біз атақты әншінің біреуі едік,

Қашаннан келе жатқан аруақты.

Менімше де бұл шымшық нағыз дарын,
Үнінде жоқ баяғы ескі сарын,
Бір шынарға қондырып шіркін өзін,
Тарқататын әнші екен жан құмарын "

Десіп түгел шуласып, гуілдесті,
Дастарханның үстінде бәрін шешті,
Бірі демеп қолтықтан, бірі сүйеп,

Бәйтеректің басына көтерісті.

Бәйтеректің басына қонды шымшық,

Табанында қалғандай болды қырсық.

Көкке тұмсық көтерді сезбесе де,
Ненің исі, — деп қойып, бұл тымырсық?"
"Әншілер - ай, бүлдіріп, ескі кексе,
Қадалып жүр қалмастан тікенек,

Буындары сыртылдақ, қара дүрсін,
Шумақтары шұбалаң жуан бөксе..."
Көрем, әне, төбелер тықыр болған,
Білем, әне, мүйіздер тұқыл болған,

Таңдайында түк тәтті нәр қалмапты,

Елеңдетер құлақты тықыл қалған.

Міне, біздер сайрайтын "жаңаша",
Бүкіл әлем тыңдарлық тамашалап,
Дегенді айтып жіберді бала шымшық,

Көптен шығып алды да оңашалап.

Бірақ, әрі бәрібір ұша алмады,
Қайтып жерге биіктен түсе алмады,
Қондырғандар қолпаштап тарап кеткен

Жылы сөздің бірі жоқ ұшардағы.

Өзі шықпай өнердің биігіне,
Өзі тауып сүңгімей тереңіне,
Демеу, сүйеу, қолпаштау қондырғыға,

Қона қалу орынсыз, керегі не?

ҚОҢЫЗ БЕН ДОҢЫЗ

Қоңызға кез болды да бір күн шошқа:

— Жақсы сөз жарасымды жақын досқа.

Қит етсе "шошқа " дейсің тық еткізіп,

Одағай атымды атап бостан-босқа.

Әрине шошқаны ұят "өгіз " десең,
Өгізді ол да орынсыз "қоңыз " десең,
"Шошқа " деп шорт кетпей-ақ, сыпайылап

Болмай ма жарасымды: "доңыз " десең.

Тыңдап боп шошқа өкпесін "мырза " қоңыз,

— Орынды,— депті, сөзің, достым доңыз.

Жентельмен кішіпейіл Қоңыз досқа,

"Мерси " деп бас иіпті доңыз - шошқа.

Сонымен: "мырза " қоңыз, "сыпа " доңыз,

Көң іздеп кетті екеуі тұрмай босқа.

БҰҒЫ МЕН БҰҚА

Дарияға килікті де бір күн бұқа,

Ар жаққа өтпекші боп түсті суға.

Тіл қатты тұрған бугы, сөзі сына:

— Иірімге түспе өлесің, сөзді тыңда! —

Деп еді, доқ көрсетті бұқа байғұс:

— Шайнап жақ ақылыңды басыңа, — деп.

Сөйткенше иірім тартып, әкетті ағыс,

Тереңге бірте-бірте батыра кеп.

Дүниеде жаман қарғыс: "Өзі білмей,

Білгеннің тілін алмау", — деді бұғы.

Сіздер де ойланыңдар, оқып күлмей,

Менменсудің осындай бар қырсығы.

АЛМА АҒАШ ПЕН ШЫРМАУЫҚ

Шырмауық, Алма ағаштың түбінде өскен,

Кезінде алма ағашпен бір тілдескен.

Бар сырын айтып, мұңын шақты жылап:

— Жатқаным жер бауырлап, ылғи құлап.

Құр сүлде көлеңке жеп, бой жаза алмай,
Күн көзін әлемге ортақ бір көре алмай,
Өмірім өткені ме? Осыған сіз —

Айтыңыз ақыл-кеңес, дос адамсыз.

Тілегім аз ғана күн сізге асылып.

Күн нұрын көрсем...

Деді ол бас ұрып.

Алма ағаш шырмауықтың мұңын тыңдап,

Сезсе де пайдасызын, тез мақұлдап:

— Асылсаң асыл, жатпа көлеңкемде!

— Ұмытпа жақсылықты өле - өлсем де!

Сонымен алма ағаштың бойын өрлеп,

Асылып өркендеді, кетті гүлдеп.

Жетті де ойлаған ой, дегеніне,
"Рахмет " алма ағашқа демеді де,
Өркенін жайып, басып иығынан

Күлетін болды қайта миығынан.

Бере алмай жылдағыдай жемісін де,
Пайдасыз өзі үшін де, көп үшін де,
Бүркеніп шырмауықпен алма семіп,

Көгеріп көркеюі қалды кеміп...

Оралған шырмауықтай әдет-ғұрып,

Болған жоқ әлі бізде түгел құрып.

Кейбіреу сол оралар шырмауықты,
Десең де: "өміріне бұл қауіпті!"
Өсіріп, өркендетіп, асылдырып,

Алады құтыла алмас масыл қылып.

САУЫСҚАН

Бір суайт сауысқан,

Өз айтуынша:

Екі бірдей институтты тауысқан.

Аз өмірінің ішінде

Алпыс екі қызметке ауысқан.

Талаймен ажырасып,

Талаймен танысқан.

Алты рет үйленіп,

Жеті рет ЗАГС - ке барысқан.

Жылпыңдығы да бар,

Жылпостығы да күшті,

Біреуге бөле, біреуге туысқан.

Ісі түскенге сүттей ұйысқан,

Мойнына асылдырып, қойнына қысқан,

Шықылықтап қонып, сықылықтап ұшқан.

Сауысқан болма, сақтан!

Орныңды тауып мақтан.

ҚАЗҒА ЕЛІКТЕГЕН ҚАРҒА
Қарға қаздай байпаңдап,
Болғысы келді байсалды - ақ
Үйренген байғұс секектеп,

Жүре алмады қойқаңдап,

Кете берді шойқаңдап.

Қаңқылдаймын деп қарқылдады.

Орынсыз қиқулады.

Жауыр көрсе жалтақтай берді,

Басы құрғыры қалтақтай берді.

Сонымен сөйтіп,

Өйтіп-бүйтіп

Қаз болғысы келген қарға...

Бола алмады,
Желге де төзе алмады,
"Қақ " деді де ұшты,

Өзінің "таз қалпына " түсті.

Әрине, қарға қаз болмайды,

Қарға болғысы келген

Қаз да оңбайды.

АЛТЫН САҒАТ ПЕН ШОЙЫН САҒАТ

Құлатай алтын сағатын,

Көрсетіп көпке тағатын.

Жұматай шойын сағатын,

Қалтасына тығатын.

Құлатай бұрып мойынын:

(Кім білген шын - ойынын)
"Жүріп тұр ма ? — деп күлді
Қалтаңда шойының?"
Қысылған жоқ Жұматай,

Жауабын тез-ақ қайырды.

— Ақылың болса Құлатай,

Болғаның жөн пайымды.

Әңгіме, емес шойында,

Яки алтын сағатта.

Басқа тұр сенің ойыңда...

Әңгіме еңбек, талапта!

КӨКЕК
Көкек көкек болғалы,
Жерден көтеріліп бұтаққа қонғалы,
Оның бастық болғаны да осы болды,

Ауданда бір досы болды
Сол досының сүйеуі,
Тағы бір қарындасының күйеуі —
Қосыла мақтап, қосыла қостады,

Сөйтіп көкек көтеріле бастады.

Көкек сонымен бастық та болды.

Әрине, аздаған мастық та болды,
Көпірді де, лепірді де,
Біреуге кейіп, біреуге жекірді де,

Ол ылғи сөзін "көкек " деп қақсады.

Өзінен басқаны білмеді,

Өзгені көзге ілмеді.

Бірте-бірте "туысы " көбейді,

Бұрынғыдан да тынысы кеңейді.

Кеңсені топыр басты,

Жан-жақтан ұтырласты:

— Кімсің?

— Нағашыңа нағашы едім.

— Кімсің?

— Нағашыңның ағасы едім.

— Кімсің?

— Жиеніңнің жиенімін.

— Кімсің?

— Апаңның қызының күйеуімін...

Көкектің алды топыр болды,

Бірі сатушы, бірі шофер болды.

Бірі дүкенге, бірі базға...

Ондай жұмыс аз ба ?

Тамырдың тұмыры көбейді,

Тұмырдың сыбыры көбейді.

Сорпаның сорпасы қосылды,

Жегіштің қолқасы қышыды.

Түйе түгімен зырғыды.

Көкектің үйі көпірді,

Қой маңырады, өгіз де өкірді.

Күнде қампан,
Күнде шампан
Ашылып та, шашылып та,
Төгіліп те жатыр,

Қалтаның аузы сөгіліп те жатыр.

Қылмыстың ізі артынша

Көміліп те жатыр.

Майдың сүбе білемі де,
Дүкеннің кілемі де,
Метро мен бастоны да,
Бәрі де солай жылжыды,

Көкек қосыла қылғыды...

Көрінгенді сондай "көкек " дей берме,

Ондай көкек бар, әрине, кей жерде.

МИЯУ МЕН ГЕН
Бір үлкен баз болды,
Онда жоқ нәрсе аз болды,
Ет те, май да,

Қант та, шай да,
Алма да, жүзім де —
Кешіп же, жүзіп же, —
Бәрі бар, бәрі тұр,

Өріктің де дәні тұр.

Міне, осындай базға
Өткен қыс пен жазда,
Күзетші тышқан болды,

Барып тұрған мыстан болды.

Қамбашы мысық болды,
Бұл да қу, пысық болды,
Бірі - біріне сенбеді,
Бір ауыз сөзге келмеді,

Мысықтың аңдығаны тышқан болды,
Тышқан да өлердей дұшпан болды,
Бір күн тышқан қулық жасады,

Әр түн сайын "ұрлық" жасады.

Байлауын шешіп, қабын тесіп,
Тілімен орап, тісімен кесіп,
Қалтарысқа қоятын болды,
Мысық жеп оған тоятын болды,

Тойып алған мысық,
Шалқасынан түсіп —
Жатып алып пырылдайтын болды,

Тышқанға тіпті бұрылмайтын болды.

Ішкізіп, жегізіп,
"Тішеке " дегізіп,
Тышқан әбден басынды,
Кейде мысықтың иығына асылды,

Кейде танауын шертті,
Кейде құлағын түртті,
Кейде үстіне мініп,
Күлсе қосыла күліп,

Мысыққа тышқан еркелейтін болды,
Кейде түйгіштеп,

Кейде желкелейтін болды.

Сөйтіп мысық пен тышқан,
Бұрынғы дұшпан,
Құшақтасып сүйісті,
Қолтықтасып жүрісті,

Қалағанын жеп, қалағанын кемірді,

Екеуі де семірді...

Мысыққа бұғақ бітті,

Тышқанға өрбиген құлақ бітті.

Желке күржиді,
Жауырын құржиды,
Тұмсық қызарды,

Қылшығы да ұзарды.

Бірі мұртынан күлді,
Мысықтың атын "Мияу " дейтін болды,
Он рет "Мияу " дегенде,

Ол бір-ақ рет "әу " дейтін болды.

Тышқанның атын "Ген " деп қойды,

"Нағыз жалқау сен " деп қойды

Сонымен дөкей "мияу " болды.

"Ген " де өзінше дәу болды.

Талай жаз, талай қыс өтті.

Талай сұмдық іс өтті.

Мысық тышқанға сенді,
Тышқан дұшпанға сенді
Сөйтіп өмір сүре берді,

Екі сұмырай жүре берді.

Кейбір біздің қамба мен базда,

Осындайлар аз ба ?!

ТОҚЫЛДАҚ ПЕН ТИІН
Тоқылдақ дейтін құс бар,
Жаз бар, қыс бар,

Бір күн тыным таппайды.

Түнде де жатпайды,

Құр беймаза: тоқ - тоқ,

Ұзын шұбақ: соқ - соқ!

Мүлгіген қалың орманда,

Онан бөтен дыбыс жоқ.

Бір күн оған тиін кездесті,

Екеуі шүйіркелесті:

— Тиін, — деді Тоқылдақ,

(Ол ондайға ақылды - ақ)

— Сен ылғи жортасың да жүресің,

Сонша неден қорқасың да жүресің ?

— Қорқудан емес жортуым,

Орман, тоғай, жер суым...

Жан-жағыңда жау жоқ па деп ?

Өрт қатері аулақ па деп,

Ылғи соны шоламын,

Сол үшін шыр-пыр боламын.

Ал, өзің ше ? — деді Тиін, —
Саған да түсіну қиын
Қорқақтың бірі сен бе деп тұрмын,

Батырдың бірі мен деп тұрмын.

Тілің тықылдаудан басқа,

Тұмсығың тоқылдаудан басқа,

Қолыңнан келері не?

Осыған бір нәрсе де!

— Жүгірмей-ақ, жорытпай-ақ,

Ешнәрседен қорықпай-ақ,

Мен орманды тұрып күзетем,

Ағашты тұмсығыммен ұрып түзетем...

Екеуі солай лепірді,

Тиін бұтағына секірді.

* * *
Шаруаны тілмен істейтін,
Әйтеуір аттан түспейтін,

Аз ба бізде тиін секілді жортатындар ?

Қолмен істер жұмыстан қорқатындар

Орақ орып тілімен, ебін тауып,

Аз ба бізде Тоқылдақ - тақылдауық?!

ӘУПІЛДЕК ПЕН КҮМПІЛДЕК
Жел соқса толқын атқан,
Күн түссе күлім қаққан,
Телегей-теңіз боп жатқан,

Бір көлдің бетінде,
(Күндіз бен кешінде)
Қаз тобын жазбады,
Үйрек жұбын жазбады,

Бірі ұшып, бірі қонып жатты.

Бірі кетсе, бірі келіп жатты.

Осындай ғажап көлде,
Өзгеріс болды демде,
Кейде бозарын таң атарда,
Кейде қызарып күн батарда,

Кейде тіпті ел жатарда,
Күтпеген жерден әупілдеп,

Мазаны алды әупілдек.

Әупілдектің құс екенін,

Я бір алып күш екенін,

Білген біреу болмады.

Біреулер дәуге теңеді,

Біреулер тауға теңеді

Әйтеуір осал демеді.

Ақыры жиылып баруға келісті,

Барып сәлем берісті.

— Уа, құрметті мырзамыз,

Не бұйырсаңыз да ырзамыз...—
Дей беріп еді бір қарт үйрек,
Қорқып кеткен әупілдек,
Екі ұртын желдетіп бүлк еткізді,

Көлдің суын гүмп еткізді.

Оның артынан тағы да әупілдеді,

Тағы да су гүмпілдеді.

Онан басқа өнері болмады,

Қолынан да келері болмады.

Сонда ғана бұлар,

Кім екенін түсінген де болар...

Бір-біріне қарасты,
Жайбарақат жайларына тарасты
Сөзінде береке жоқ гүмпілдектер,

Бар емес пе құр айқай әупілдектер!

ТҮЛКІ МЕН КӨКҚҰТАН
Көкқұтан көрші болып түлкіменен,
Түндерде нөсерлі бұлт күркіреген,
Достасып, балаларын бірге қорғап,

Боп жүрді болашағын бір тілеген.

Ауырлық түссе басқа ақылдасып,

Ойдағы сырын бүкпей отырды ашып,

— Есіттім қасқыр бар деп жақын маңда,

Алысқа кету қиын батыл басып.

Қасқырдың білесің ғой қасқырлығын,

Білетін бір антұрған бас қулығын.

Қалт етсем қағып кетер, достығы жоқ,

Боларсыз есіткенде қас сұмдығын...

Болмайды сақтанбасақ, кезектесіп —
Біріміз - бірімізге көмектесіп,
Әйтеуір асырайық балаларды,

Түлкі тұр: "Бар айтарым сол еді ", — десіп.

Көкқұтан көршісінің бұл ақылын

Тыңдап боп сөйлеп отыр бу да ақырын:

— Түлкіжан, жақсы айтасың, сақтанбасақ,

Істері аз ба бізге бұзақының.

Ұяда пысықтаусың, сен қала ғой,

Көрерсің, алдың ашық, кең дала ғой!

Жем іздеп, жедел ұшып мен келейін,

Жер ала, байқамасақ, бұлт шала ғой.

Дегенде түлкі иіліп, шын пейілін
Байқатып жолдасына тұр көңілін,
Көкқұтан соны айтты да ұшып кетті,

Түлкінің қарсы алды да бұл мейірін.

Құтанның құшағына ап балапанын,
Жайған боп түлкі мұңдар алақанын,
Бүрді де алқымынан жығып салып,

Қорек боп қалдың, — деді, — балақаным".

Тойғанда уыздай жас құс етіне,
Түсті де жемге кеткен "досы " есіне,
Отырды өксіп, жылап, жасын төгіп,

Төбенің шығып аулақ бір шетіне.

Жем алып, жеделдетіп құтан келді,

Айналып алыс жолды ұша келді.

Түлкінің тұнжыраған түрін көріп,

Жер таппай қона кетті ұшарға енді.

— Білмеймін дейтініңді қара басқан,

Аяма қастық қылсам, мені басқа ұр.

Қалғып бір қапелімде кетсем керек,

Біреуін жеп кетіпті қорқау қасқыр...

— Қандайы, қандайын ? — деп құтан қақсап,

Асығыс болғаны - ақ сол сөзді бастап.

— Әлбетте, ұзын мойын балапанды! —

Дегенді айтты түлкі тоқтап - тоқтап.

Көкқұтан қайғырды өлген баласына,

Қорқау боп қасқыр қалды жаласына.

Жем іздеп тірісі құтан кетті,

Қалдырып "түлкі досын " тағы осында.

Арада азын-аулақ күн өткенде,

Жалықты түлкі босқа күзеткенге.

Қалғанын балапанның қағып салды,

Алдынан байқаусызда бір өткенде.

Құтанды келе жатқан көзі шалып,

Еңіреп тұрды түлкі қатты налып:

"Қасқыр жеп кетті тағы..." дегенді айтты,

Егіліп жеткізгендей өліп-талып.

Сұраған: "Кетті екен, — деп, — қандайын жеп
Құтанға көз түрткі боп қалмайын деп,
"Әлбетте, ұзын мойын!" — деді түлкі,

Төмпештеп қайта-қайта маңдайын кеп.

— Ой, жауыз, оңбаған сұм, арам ойың,

Не қылған өле берген "Ұзын мойын?.. "

Деді де құтан тартты өз жөніне,

Түлкіден аулақ салып тұла бойын.

Күле кіріп, шығатын күңіреніп,

Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам...

Алдағанның арбауы тіліне еріп,

Болып жүрме осындай аңқау құтан!

МЫСЫҚ ПЕН ШЫБЫН
Қаладағы асхананың бірінде,
Бір күн іңірде,
Масыққан мысық

Бір көзін қысып,
Бір ойға түсіп
Отырғанда, қасына

Шыбын қонды ұшып.

— Сен, әлгі шіркейсің бе?

— Я, шіркеймін.

— Қалай үлкейгенсің ?

— Қалай үлкейдің дейсің бе?

Былай үлкейдім:

Жалайтын жұғын көп,

Жұтқаннан басқа шығын жоқ.

Ащы керек пе, тәтті керек пе,

Жұмсақ керек пе, қатты керек пе ?

Бәрі бар, бәрі дайын,
Майы мен шайын
Тойғанша жеп,

Тойғанша іштік.

Мыңдап қонып,

Мыңдап ұштық..

Көбейіп кетсе тобырымыз,

Сонда ғана аспазымыз:

"Шәйт, қырылғыр, шәйт" — деді,

Басқалар өйтпейді.

Мысықжан, өзің қалайсың?

— Шыбынжан, несін сұрайсың,

Кәріп тұрсың ғой сыртымды,

Ұртымды, мұртымды...

Ішкенім сорпа, жейтінім ет,

Шала піскен котлет.

Біреу шандыр деп тастайды,

Біреу адыра қалғыр деп тастайды.

Біреу шикі дейді,

Оңдайды аспаздың иті жейді.

Соны айтып мысық күрсінді.

Ренжу бар бір түрлі.

Шыбын оған:

— Масықпа — деді.

Сен оған асықпа! — деді.

Ет - семіз, сорпа тәтті болса,
Тазалығы жақсы болса,
Онда бізге асхана

Бола алмас еді баспана!..

Сонда ғана мысық
Бір көзін қысып,
Жатып қалды бір ойға түсіп,
Жайына кетті шыбын,

Жайбарақат ұшып.

ЖАНТЫҚ ПЕН ЖАНТАҚ

Жайқалған егін түбінде

Жантық шөп өсті жасырын.

Сотқарлық түк жоқ түрінде

Момақан, жымсық пақырың.

Ұмтылмай биік кеудеге

Көлеңке жақты жақтады.

Көрінбей жатып жеуге де,

Жайлы орын болды тапқаны.

Отақшы келсе маңына,
Тікенін улы қадады,
Жоламай ешкім жанына,

Жан сақтап жантақ қалады.

Жиған нәр, алар кең демін,
Сорғызып арамтамаққа,
Селтиіп дәнсіз қалды егін,
Мәз болып сояу сабаққа,

Егіннен жантақ, Елдегі —
Тазармай Жантақ сұм - сұқтан,
Көркеймес көптің еңбегі,

Арамтамақ қырсықтан!

ТЫРНА МЕН КӨГЕРШІН

Тырна көгершінмен көрші қонды,

Ісінің көбісі ерсі болды.

Тырнаның "тырауы " таусылмады,

Мезгілсіз жүріп-тұруы басылмады.

Сәл тамағы аш болса да,
Сәл назары пәс болса да,
Жүрсе де, тұрса да,
Біреуге мойнын бұрса да,

Бәріне де "тыру ",
"Тыру да тыру ",
Тырусыз тұру

Көгершінде жоқ болды.

Кейде ел жата,

Кейде таң ата,

Өз үйіне кеп қонды.

Тырнаға айтқан сөз қонбады,
Ақырын айтса жетпеді,
Тырнамен көрші болғалы

Басынан қиқу кетпеді.

Осындай "тыру"тырналар

Аз да болса әлде бар.

ШЛЯПА МЕН ИЕСІ

Болмаса да жел күшті,

Шляпа бастан желге ұшты.

Шляпаға иесі, —

Сөз айтып тұр тиесі:

— Өйтіп ұшып-қонба, шляпа!

Аяқ асты болма, шляпа.

Леп тисе ұшсаң,
Шөп тисе түссең,
Шляпа емес телпек болғаның,

Басқа тиер келтек болғаның...

Шляпа да иесіне

Жауап айтты тиесілі:

— Құрметті ием,

Мен де мақтауды сүйем.

Сен көтерілсең көтеріліп,

Көкке алдымен мен тием.

Бірақ сен ие боп,

Көтердің бе, жоқ.

Көтерсең қолмен көтересің,

Онда да зормен көтересің.

Лауазым көрсең иілесің,

Лауазым күлсе сүйінесің.

Ол жатса басына жастайсың,
Ол кетсе лақтырып тастайсың,
Енді бүгін ақырып,

Желге ұштың деп қақсайсың.

Шыныңды айтшы, ием,

Мен де шындықты сүйем,

Сонда: шляпа мен бе?

Болмаса сен бе?

БҰЛБҰЛДЫҢ АТЫ — БҰЛБҰЛ
Бір биік талға,
Қонып алып қарға,
Қанатын сілкіді,

Қарқылдай - қарқылдай

Өңеші жыртылды.

Айналаға көз салды,

Бұлбұл құсқа сөз салды:

— Ей, мүсәпір бұлбұл,

Аңдығаның гүл.

Бойыңды жазбайсың,
Биікке қонбайсың,
Аласа гүлді ағашта тұрып,

Былдырлауды қоймайсың.

Мынадай бір тұғыр тауып,
Мен сияқты ауық-ауық
Сайрап қойсаң жетпей ме,
Дыбысың әлемге кетпей ме ? -

Дегенде бұлбұл Қарғаның

Түсінді де арманын:

— Тұғырың түкке керексіз —

Бұлбұл құсқа, бұл — бір.

Екіншіден:

Қайда тұрып сайраса да,

Бұлбұлдың аты — бұлбұл.

Оған қарға түсінген жоқ,
Даусын төмен түсірген жоқ,
Әдеттегі қарқылына басты,

Бұлбұл одан аулақ қашты.

ҚАҒАЗ БЕН ҚАЛАМ

Қағазы бір ақынның

Айтып тұр арыз қаламға:

— Ақ бетімді боямай,

Тыныштық берші маған да,
Тыныштық болсын саған да,
Дегенде қалам қағазға,

Жауап берді ол табанда:

— Мен бетіңді боясам,

Жорыма, достым, жаманға,

Қаларсың мүмкін үлгі боп,

Кейінгі ұрпақ адамға.

Алғыс айтар сол кезде,

Саған да, жазған маған да.

ЖАҢЫЛ МЕН ҚАМЫР
Бір күні Жаңылға қамыр
(Көргендей - ақ забыр)

Мұңын шаға бастады.

Көпіре, тасын,

Тегешінен асып,

Арыз айта бастады:

— Әділдік пе, Жаңыл? —

Деп алды да қамыр,
Мақтасаң нанды мақтайсың,
Нанды жанға балап,
Жер бетінен қарап,

Кейде теңеу де таппайсың.

Қамырсыз нанның жоқтығын,

Қамырмен ғана қарынның тоқтығын,

Неге жұртқа айтпайсың ?

Онымен тегім бір,

Өскен көгім бір,

Неге мені қоспайсың ?

Былжырақ көрсең қамырға теңейсің,

Дегенде Жаңыл күлді де,

Бұл да нан ғой демейсің...

Қамырдың мұңын білді де:

— Бұл айтқаның жөн, — деді, —

Сен мынаған көн, — деді.

Пайдаң аз, әлі жұрт үшін

Айыбың сол, тек, шикісің.

ТАУ МЕН ТӨБЕ
Аспанмен тілдескен,
Жермен бірге өскен,
Биік тауға,

Төбе тіл қатты,

Тау оны тыңдапты:

— Сен биік таусың,

Маған қарағанда дәусің,
Мен болсам төбемін,
Оныңа көнемін,
Бірақ, менің үстіме,

Нашар да, күшті де
Бәрі шығып, бәрі мінеді,

Алыс пен жақынды біледі.

Сен болсаң биіксің,
Тек көзге күйіксің,
Шыға қалса бұлт шығады,
Қашан осы жұрт шығады ? —

Дегенде тау күлімдеді,

— Өтірік сенің мұның, — деді,

Қойнауым қоныс емес пе ?

Ойлауым өріс емес пе ?

Бұлағым көптікі емес пе ?

Қазынам жұрттікі емес пе?

Рас, мен таумын,

Табиғат тұрғызған дәумін.

Сен болсаң кешегі,

Қолдан тұрғызған төбесің,

Неге ісіп кебесің?

ИТ "ДОСТЫҒЫ"
Екі төбет кездесіп,
Жер ошақтың басында,
Отырысты тілдесіп,

Ешбір жан жоқ қасында:

"Нәсіліміз бір еді,
Кел таласты тастайық,
Мәңгі достық, бұл тегі —
Болсын, бүгін бастайық", —

Деді - дағы қос төбет,
Бірін-бірі жаласты,
Сөйткенше бір кесек ет

Ортаға түсті... Таласты.

Айтылған сөз, берген серт
Қалды ошақтың басында,
Жұмарлады көк төбет,

Дос не керек, ашында!

ҚҰЛАҚ ПЕН ТЫМАҚ

— Ау тымақпысың ?

— Тымақпын.

— Сен кімсің?

— Құлақпын.

Тымақ құлаққа қарады,

Құлақ тымаққа қарады.

Ақырында тымақ,

Құлақтан сұрады:

— Көптен бері жырақ кеттің,

Бүгін мені сұрап кепсің, —

Деп еді тымақ,

Сөйлеп кетті құлақ:

— Оның рас, тымақ,

Қатты кеттім тымақ,
Қайта-қайта мінеп,
Қайта-қайта сынап,
Төбеңді жалпақ дедім,

Етегіңді салпақ дедім.

Сыртыңды сырмақ,
Ішіңді түлкі дедім,
Тұрған бойы күлкі дедім,
Бақсам жаңылыппын,

Жылылықтан қағылыппын. —
Деп еді құлақ,

Тыңдап тұрған тымақ:

— Жаз емес, суықтың

Ортасынан туыппын,
Шалғайым иығыңды,
Өзірім миығымды,
Етегім мойныңды орасын,

Сонда тоңбайтын боласың.

Тымақтың өмір сүруі,

Кетпей тұруы,

Әкемнің айтуынша:

"Сұлуынан — жылуы ", —
Деп еді тымақ,
Шап етті де құлақ,
Тымақты киіп алды,

Қалпағын жұмарлап

Сандығына салды.

ТЕРЕК ПЕН АЛМА
Терек тұр тәкаппар боп кекірейген,
Жел қақса жапырағы желпең қағып,
Иілсе алма ағаштар бүкірейген,

Қарайды жемісіне ел таң қалып.

Теректей тентек кеуде көкірекшіл,
Мінезі кейбіреудің кісі кейір,
Әр кезде сөзі жылы, өзі көпшіл,

Білімді адам келеді кішіпейіл.

СЫНЫҚҚА СЫЛТАУ

Жүгіре жұлқынып тауық келді,

Қуанғаннан шауып келді.

Не болды — деді қаз жайлап,

Сұрауға ұялды қазбалап.

— Мен бәйге алатын болыппын,

Жаңа ғана бастыққа жолықтым.

— Ау, шаштаразым, жарайсың!

— Несіне таңырқап,

несіне қарайсың ?

— Қалай, сен көзге іліндің,

Бүкіл облысқа біліндің?

— Құлағыңды тос, достым,

— Ал, тостым.

— Тоссаң... әңгіме мынада,

Бастықтың шашын алдым анада,
Массаж жасадым, уқаладым,
Одеколонның иістісімен духаладым,
Сипадым, сыладым,

Әйтеуір бастыққа ұнадым, —
Деді де тауық тұра жөнелді,

Айтып бара жатыр өлеңді.

Қаз жайлап күліп қойды,

Бар "құпияны " біліп қойды.

Өзінің мықтап сынағаны бар.

Сыныққа сылтау тапқан екен,

Бәйгеден мені қаққан екен.

ТҮЙЕ МЕН МАСА
Мың маса бір түйені ортаға алып,
Жан-жақтан тұмсық қадап, ауыз салып,
Таудай боп ортасында жатыр түйе,

Масаның тұмсығымен бауыздалып.

Құр қалған бәрінен де түйе жазған,

Жаз болса маса талап, көрін қазған.

Болғанмен өзі таудай, маса жаудай

Не күтіп, не сұрайсың бұл сабаздан.

Жау болса ірісі не, майда не

Құр қаупек түйеліктің пайдасы не?

СЕКСЕУІЛ МЕН ТОРАҢҒЫЛ

Сексеуіл тораңғылмен қатар өсті,

Өткізді нелер жазбен, нелер кешті.

Тораңғыл жапырағын жайып тұрып,

Мақтанып сексеуілге былай бөсті:

— Мен, міне көлеңкелі тораңғылмын,

Шілдені жапырағыммен боран қылдым.

Көркім бар көз тартатын сұлулықпен,

Жас келсе махаббатқа орандырдым.

Сен болсаң құр сидиған сөмпекбайсың,
Тентектің кіл шоқпары келтекбайсың
Өмірде көрген сенің қызығың не,

Айтып көр, айтуыңа сөз таппайсың.

— Тораңғыл құр мақтанба даңғойланып,

Байқап көр алды-артыңды әлде ойланып.

Сен кімді от пен шоққа жылытып ең,

Саяңда отырды тек. сәнқой халық.

Мен болсам көмір болып темірді отпен,

Пісіріп бермеп пе едім қызыл шоқпен.

Сен тұрсың кекірейіп, аспан қарап,

Жұмысың болмай сірә бар мен жоқпен.

Халықтың пайдасына жарамаған,

Не жаман, дүниеде сол-ақ жаман.

АЮ МЕН ҚАСҚЫР

Дос болыпты бір аю қасқырменен,

Арасында сөз жүріп: "тақсыр!" деген.

Қонаққа досын қасқыр шақырыпты,

Жылы жүз, меймандостық жақсы үнменен.

Аю досқа барғалы жиналыпты,
"Не сыйлықпен барам?"деп қиналыпты,
Қынабын тастап іштен қылыш байлап,

Білдірмей баруды ақыры ұйғарыпты.

— Бұл қалай, қасқыр сізге дос емес пе,

Есігі досқа достың бос емес пе?

Дегенде, "досқа барсаң, босқа барма,

Сақтансаң сақтармын!" деу осы емес пе?

"Қасқырдың дос болғанмен аты қасқыр,
Кім білген қарпып қалса, ол қара басқыр,
Сонда, мен қылт еткізіп демеймін бе,
"Емеспін құр алақан, мен де тақсыр!.."

ШАҒЫН МЫСАЛДАР

Бас тұрды балағаттап екі аяғын:

— Жоғарымын, бәріңді бастайтын мен.

Сенсіз де өмір, рахат сүре аламын! —
Деді де бас қойған жоқ, босқа айтумен,
Жұмысты солай тындырды,

Екі аяғын сындырды.

Жиырма жылдай "атақты " болып лектор,

Қарбыз жайын айтады бір аңырмай.

Жай гүл көріп даладан таң қалып тұр,

"Көрмедім, — деп, — жүгері сірә мұндай".

* * *
Ет жемеуді тапсырды, доктор - қоян,
Ет жей алмай тұрмады бірақ қасқыр,
Өміріне ақыры болды зиян,

Омырам қапты бір күні қара басқыр,
* * *
Бал араға шыбын келіп айтып отыр,

— Өле-өлгенше бүгін бір шаршап тұрмын.

— Не бітірдің ? — дегенде шыбын айтты:

— Бар аулаға, қораға қи жапсырдым.

Бастық — аю, түк ой жоқ, босқа ақырған,

Хатшы — шымшық, ол үшін бас қатырған...

— Ей, қораз, шақырасың ерте-кеш жоқ, —

Дегенде қораз айтты:

— Сенде де ес жоқ.

"Кукара куу " болмай-ақ мен шақырған,

Таң атырып, онсыз жұрт күн батырған.

Шағымшыл шаян жорғалар:

Іздегені жанжал - дау

Түн сайын өсек сорғалар,

Оған жұрттың бәрі жау...

Жалғыз ғана өзі сау.

Қайта-қайта қол алысып,

— Хат жаз!

— Сен де! — деседі.

Тіл ұшымен шұрқырасып,

Шыға бере ұмытып кетеді.

Ол басқаға жағу үшін,

Жалпаң қағар жан салып.

Оның ойын табу үшін,

Тұрған жан жоқ тамсанып.

— Не жазып жатырсың ?

— Естелік.

— Кімге, кімді ескеріп ?

— Қалатын өлең аз ба, аға,

Таңертең туып, кешке өліп.

МАЙЛЫҚ ПЕН СУЛЫҚ

Майлық пен сулық бірге өсті,

Бірде жаңа, бірде ескі.

Болып жүрген байғұстар,

Бір күндері тілдесті.

— Майлық! — деді сулық,

Сөзінде жоқ қулық, —

— Мен ылғи тазамын,

Қалай тозамын ?

Сен болсаң күнде,
Әсіресе түнде,
Майлы сорпаға батып,
Сауыстанып қатып,

Суыққа тоңбайсың,
Дәл мендей болмайсың! —
Дегенде майлық түйіліп,
Ызаланып, күйініп,

Тілдеп алды сулықты:

— Өмірден қалып қойып,

Білмей қапсың қулықты:

Майлық та, сулық та
Бұл уақта,
Қожайынның жеңі,

Тегі...

Ішіп-жемі,

Білінбесін дейді-ау,

Жұрт көзіне ілінбесін дейді-ау...

Қалай соны сезбейсің,

Айыптыны сырттан іздейсің.

МЫСЫҚ ПЕН ТӨБЕТ

Мысыққа қара төбет бұрынғыдай

Арс етпей жылы жүзбен бұрылды жай:

— Кел, достым, қас болмайық, дос болайық,

Сырласып іс істейік досқа лайық,

Дегенде:

— Не қып бүгін жылы ұшырап

Тұрсың? — деп тарғыл мысық қойды сұрақ.

Күнде айқайдан есіміз кетер болды,

Өкпеліктен бос шөлмек тиді кеше,

— Көк желкемнен менің де тиді кесе!

Ал, бүгін ше ?

— Столдың белі сынды,

Соны айтып болған жоқ, үйден сыртқа

Терезеден атылды бір жұмыртқа.

Соқты келіп мысықты тұмсығынан,
Сасқан мысық айналды ұршығынан,
Төбетке де бір үлкен қара тостақ,

Шонданайдан дәл келіп тиді жақсы-ақ.

Қара төбет қаңсылап ол да зытты,

Жылы сөзі достардың солай бітті...

Үйдегі мас тас-талқан болып жатыр,

Басқа-көзге жұдырық қонып жатыр...

Қара төбет, мысық пен ыңсыз-жыңсыз,

Іншігінен сығалап күліп жатыр.

ШЕГЕ МЕН БАЛҒА
Кім білген оның неге екенін,
Балға шегенің шеге екенін

Біле тұра сұрады:

— Неге ылғи бір орнында тұрады ?

— Шегенің міндеті сол, —

Деп еді ол.

Балға тағы білгірсіп,

Сөйлеп тұр күлгірсіп:

— Мен төбеңнен ұрмасам,

Тас табандап тұрмас ең.

— Мен болмасам неге

Керегің бар ? — деп еді шеге.

Балға сөзден ұсталды,
Әңгіменің желісі қысқарды,
Бірісіз бірі болмайтынын,
Майдасыз ірі болмайтынын,

Балға сонда түсінді,

Екеуара мынаны ұсынды:

— Сен қынжылмай ұра біл,

— Сен қынжылмай тұра біл.

Шегені балға,
Балғаны шеге жасайтынын,
Оны неге жасайтынын
Білмейтіндер жоқ емес,

Әрине, көп емес...

Сонда:

Бұл мысалдан мына қорытынды шықты:

Әр нәрсе өз орнын тапса мықты.

ЕСЕК ПЕН ИТ

Есек итке жолықты,

Әңгіме мынау болыпты:

— Сені, әрине, ит дейді,

(Басқаларға өйтпейді)

Ал, мені есек дейді,

Сырттан өсектейді.

Бізді тек мазақ үшін

Жаралған деп есептейді.

Онсыз да есекпін ғой,

Оңбағанға есеппін ғой,

Сол да маған жетпей ме?

Сені де "ит, ит " дей бермей,

Иттігіңді тауып сөкпей ме.

Жас та, кәрі де,
Мысалшының бәрі де,
Мысалын есектен бастайды,

Сен туралы да қақсайды.

Ашынғаннан кейде,

Тебейін десем күшім жетпейді,

Тістеуге тісім өтпейді.

Солардың сен есебін тауып,
Бір жерін қауып,
Мықтап тұрып тістесең,

Бір айтқанды істесең...

Деп еді ит көнбеді,

Ойын да бөлмеді:

— Жоқ, мен оларды тістемеймін,

Ит болсам да иттік істемеймін!

БИДАЙ МЕН ҚАҢБАҚ
Өзі қаңбақ болсын,
Онда қайдан салмақ болсын,
Тұрақтай алмай тегістікке,

Тірелді бір күн егістікке.

Бидайға қаңбақ тым қатты,

Дауыспен былай тіл қатты:

— Сен осы бидайсың ба?

— Бидаймын.

— Ақыл айтсам тыңдайсың ба?

— Тыңдаймын.

— Ашып айтсақ дұрысын,

Осы қай тұрысың?!

Жүрмейсің, көрмейсің, кезбейсің,

Не бар, не жоқты да сезбейсің.

Көктемде шығып,
Бастарың салбырап,
Күз болса бұғып,

Тұрғандарың маужырап...

Мен болсам міне,
Күні мен түні
Ұшарымды жел біліп,
Қонарымды сай біліп,

Сайран салып жүргенім,

Қызық өмір сүргенім...

— Ей, қаңбақ! — деді бидай,

Қанасына симай:

— Ашып айтсақ дұрысын,

Осы қай жүрісің?

Белгілі тұрағың жоқ,
Бас түгіл құлағың жоқ,
"Уф " десе қонасың,
"Суф " десе қонасың,

"Уф " десе ұшасың,
Қаңғырған қаңбақсың,

Кімге тұлға болмақсың ?

Біз болсақ міне,
Күні мен түні
Жинағанымыз дән,

Айналамыз толған ән...

Абырой да, бақ та,
Атақ та, даңқ та
Ерлік те, жеңіс те —

Барлығы осы егісте...

Бидайдың сөзі осымен бітті,

Қаңбақ жөніне зытты...

Дұрысын айтқан:

Бидай ма, қаңбақ па, —

Оны өздерің салмақта.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙