Мазмұнға өту
Home

Тағы да Еңлік-Кебек

Софы Сматаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Тағы да Еңлік-Кебек

Софы Сматаев — «Тағы да Еңлік-Кебек». ТАҒЫ ДА ЕҢЛІК - КЕБЕК

/uploads/37b58df0-834c-5d53-bf14-d2d7535a37f7/cover.png

ТАҒЫ ДА ЕҢЛІК - КЕБЕК

Повесть

Сырт. Аэропорт. Күндіз

Лондон. Хитроу аэропорты. Англия парламентіне он күндік тәжірибе алмасуға барған Қазақстан Республикасы Мәжілісінің бір топ депутаты оқшау тұр. Солардың ішінен әсіресе Маржанның десі басым. Біріне сынай, сығалай қарап, екіншісіне ескерту жасап, үшінші адамға қамқорси сөйлеп, билеп-төстеп барады. Әріректе топ жетекшісі мен шығарып салушыларға ағылшын тілінің білгірі, әсем бойжеткен Еңлік аударма жасауда.

Депутаттардың зейіні сәлден соң шығарып салушы ағылшындардың ортасындағы Еңлікке ауған.

– Біздің Еңлікжан тілге әбден жүйрік!

– Сен, Сембай, кекірт ағылшындардың қалай таң қалғанын көрдің ғой! Тіл-көзден сақтасын бұ қызымызды.

– Қазақшасы қандай таза! Және өте жатық аударады-ау!

– Оу, Еңліктің қазақтың ұлттық салт-дәстүр туралы өткен телеконкурсында бірінші орын алып, "Алматы аруы"атанғанын білесің бе?

– Неге білмейін! Талай ауыздың сілекейін ағызып жүр ғой бұл қарындас!

– Әй, тәйт! Көргенсіздік жасама! - деп Маржан килікті.

– Әу, Мәке! Маржан тәте, көз сұлулықты көру үшін берілмеп пе еді. Әсемдік жанға ләззат сыйлайтынын айтқаныма да кінәлімін бе?

– Рас! Рас! Өзін үріп ауызға салғандай-ау! Тәрбиесі де жақсы. Алдыңнан кесіп өтпейді-ау бір!

– Анау менің Кебек інім телевидениенің "Жігіттің сұлтаны" аталған конкурсына түспек. Екеуі бір-біріне лайық-ақ. Таныстырар ма еді өздерін!

Маржан әлгінің білегінен жұлқа тартып өзіне қаратты.

– Кешігіп қалдың, Көбен! Кешігіп жүресің ылғи. Мен сендерге дәл осы арада бұл еліктей Еңлік қыздың кімнің қақпанына түскенін көрсетем қазір... О-о! Әне! - дауыстайды. - Үсенжан!

Әсем киінген, әсем иісі бұрқыраған, жасы отызға жеткен жігіт келген бойда Маржанды құшақтай алады.

– Мама-а!

– Жә! Енді мына ағаларыңмен амандас. бұл - менің ұлым.

– Ә-ә, дұрыс екен. Ұлыңыз, Мәке, "Алашойлда" істейтін болар.

– Иә, Сембай! Көмейіңдегіні бүксең де, бүкпесең де, біздің Үсенжан әрине " Алашойлда" істеуге тиіс.

Сонымен Үсенім Парижде командировкада болатын. Бүгін осында арнайы жетіп, енді біздің самолетпен бірге қайтады.

– Жөн, жөн...

– Дұрыс-ақ...

Маржан танауын делдите тықсыра түсті.

– Ал анау Еңлікжан - біз сияқты шетел тіліне мақаулардың сайраған кеудесі, бүлкілдеген көмекейі. Мынау Үсенімнің болашақ қалыңдығы!

Еңлік топтан бері шығып, Үсенді көріп қаттырақ адымдайды.

– Үсен!?.

– Еңлік!

Екеуі бірін-бірі құшақтай алған. Кенет Еңлік сәл қымсына босанып, қазақ депутаттарға бұрылады.

– Кешіріңіздер... Самолет техникалық себептермен бір сағаттай бөгеледі екен. Офис-бөлмеде дем ала тұрыңыздар дейді.

– Не дейді!? Мақтаулы Еуропада да кібіртіктеулер болады екен-ау, ә!

– Жә! Өзгені кінәраттағанша, өздеріңді жетістіріп алсаңдаршы.

– Әй, Мәке-ай! Ауыз аштырмайсың-ау!

– Жә! Жүріңдер. Шәй-суын ішіп, дем алайық. Үсен, сендер...

– Ма! Біз қазір... бара беріңіздер.

Іш. Кафе. Сол мезгіл.

Үсен мен Еңлік аэропорт кафесінде.

– Энглика! Мен сені сондай сағындым!.Сондай!.. Сен не?!

Көңілсізсің ғой.

– Папам... Папамның денсаулығы күрт төмендеп кетті... Күн сайын нашарлауда... Мамам екеуміз әбден уайымдап біттік.

– Ой, Энглика, уайымдама. Бәрі дұрыс болады Алматыға барысымен менің мамам ең мықты врачты ертіп апарады. Сен менің мамамды білесің.

– Иә... Білем Маржан апайды... Еще қалай білем, - деп күрсінді - Тауда, Шымбұлақтан жоғарырақта бір керемет емші бар дейді... Жазбайтын ауруы жоқ көрінеді. Аты Абыл.

– Емші?!. Шарлатан шығар тағы бір.

– Жо-жоқ, Үсен! Ол нағыз білгір...шөппен, тамырмен емдейтін ғажайып адам!... Бұрынғы медик. Профессор. Академик. Парламентте спикер болған. Соны тапса ғой.

– Ой, Энглика!..

– Мені Еңлік десеңші, Үсен.

– Иә! Иә! Еңлік, Еңлігім, анау Абыл ата ғой. О-о, оны мен өзім тауып алып, папамызға ертіп әкелем! Бәрін жасаймын. Тек қана сен, Энг... Еңлікжан, мынау әдемі көзіңе көлеңке жолатпашы!...

Іш. Республика сарайы. Кеш.

Республика сарайында өтіп жатқан " Жігіттің сұлтаны" атты конкурс. Сахнада сегіз жігіт тұр. Арасында Кебек пен Үсен. Зал толы адам. Алдыңғы қатарға жюри мүшелері жайғасқан. Төрағасы – бұрынғы парламент спикері, бүгінгі құрметті зейнеткер - Абыл ақсақал.

Жүргізуші - былқылдаған әсем келіншек мықынын ойнатып ортаға шығады.

– Жарыс-конкурсымыздың беташар сайысы - өнер сайысы. Оның шарты бойынша жарысқа қатысушы әр жігіт не әсем ән салып, құлақ құрышын қандыруы тиіс. Не тәтті күй шалып, жүрек тебірентуі қажет.

Сонымен жеребе бойынша алғашқы кезек Кебектікі!

Кебек үкілі домбырасын алдына өңгеріп, орындыққа отырады.

Іш. Фойэ. Сол мезгіл

Үзіліске шыққан жұрт абыр-сабыр боп сапырылысып кеткен Көбен Абылды қолтықтап алған. Дабырласқан кісілер Әбекеңе бірі бас иіп ізет білдіріп, кейбіреулері қос қолдап амандасып, қошемет танытып, жүргізер емес.

Ыңғайсызданған Абыл Көбенді жетелейді.

– Көбен, былай оңашарақ шығайықшы.

– Ә-ә, иә, Әбеке! Сіз... сіз әлгінде біздің Кебек баланың салмағын арттырдыңыз да жібердіңіз. Енді ол бірінші орынды шаппай алады.

– Әй, Көбен! Жайдақтатпа! Жігіт - шын өнерпаз екен! Жарысқа түспей - бақ қайда. Шапсын - жеңсін. Желпілдетпе, жеңілдетпе. Әліптің артын бақ. Сен маған мынаны айтшы. Англияда болдың... Шет елінде не бар? Өз еліңде не бар?

– Дәл бүгін соны айтайын дейтін даурық жоқ қой, Әбеке.

– Неге болмасын. Эс-Эн-Гэ басшылары бас қосар мезетте Ельциннің үнемі аяқ астынан ауыра қалатыны қалай? Шалақұрсақ жұртың газ жоқтықтан не ыстық іше алмай, не иінін жылыта алмай, бүрсеңдеп отыр. Оған қандай уәж айтарсың?

Көбен бүгежектейді.

– Мәжілісте дауымыз да көп. Көздеп алған жауымыз да жоқ емес. Анау "Трактабель" бәле басы тәрізді. Бүкіл жылу мен жарық көзін арзанға сатып алып, енді өзімізге қымбаттатып сатпақшы.

– Мәжіліс не дейді? Үкімет не дейді?

– Не десін. Үкімет басшыларынан электр стансалары мен газ құбыры жолдары "Пауер консолидитедке" қай бағамен сатылды, қай мезгілге, қандай шартпен сатылды?" деп сұрау берумен мәжіліс әлек. Нағыз бұлтарма, ойнап Үкімет әлек. Әбеке, әркімнің ішіндегі бүкпесін сыртқа шығару үшін трактор түгіл танк те ештеңе істей алмас-ау.

– Мәселені неге төтесінен қоймайсыңдар?

Көбен шар ете қалды.

– Оу, Әбеке! Алдыңнан жарды, артыңнан орды өзің қазасың ғой онда. Бір-екі бұлқынсақ, үшіншіде не Үкіметті, не парламентті Елбасы таратып жіберсе қайтеміз...

– Сөйтіп, Көбен, басын таудай, аяғын қылдай етуге әбден үйрендім деңдер.

Кішкене столды бір адамға, ас-су ыдыстарын екінші адамға, қазы-қарталы тарелканы үшінші келіншекке көтертіп, Маржан келеді.

– Әбеке, таңдайыңызды жібітіп отырыңыз.

– Ә-ә, Маржан!?. Керегі қанша еді...

– Оу, Әбеке! бұл сізге керек болмаса да, сіз елге керек адамсыз. Ел ағасысыз. Сіздің алдыңыздан ас, аузыңыздан уәж кетпеуі тиіс. Әй, Көбен!

Көбен жылжи жөнелді:

– Өзің...Өзің, Маржан!.. Мен қазір...

– Осы ініңіздің, Әбеке, табанының мөрі жоқ. Тайғанайды да жүреді. Аздап коньяктан алсақ...

– Құй онда, Маржан, көзге тамызатындай етіп!

Маржан сақылдай күледі.

– Сыныңызды алғызбаған, Әбекем-ай! Онда қағыстырып та қоярмыз.

Екеуі рюмкаларын соғыстырып, ұрттасады.

– Ал, Маржан, құлағым сенде.

– Сезіп отырсыз. Сезесіз сіз, Әбеке. Әлгінде Кебек баланың жұлдызын аспанға шығардыңыз. Рас, оның өнеріне дауым жоқ. Сол ұлмен сайысқа түсетін менің ұлыма да оң қабақ күтем.

– Өнері асып жатса, оң қабақ емес, он қабағымды да беремін. Шын жүйрікке көтермешінің қажеті болмайды, Маржан.

– Әбеке, кейде бап шаппай, бақ шабатынын ескерген абзал.

– Жөн, жөн, Маржан. Кім еді ұлыңның есімі?

– Үсен. Осы жолы бағы жанса, өмірлік өкіл әкесі өзіңіз боласыз онда.

Абыл енді үнсіз қалған. Соны сезген Маржан қасынан өтіп бара жатқан Сембайды шақырады.

– Сембай! Кел бері! Әбекеңнің қасында бол. Қызмет қыл. Әбеке, мені анда тосып қалды.

– Ә, иә, бара ғой, Маржан... Сембай, жағдайың қалай? Әлі министрмісің?

Сембай коньякты ұстай беріп, қоя салады.

– Астананы Ақмолаға көшіреміз деп сабылып жүрміз. Кеше сол жақтан келдім. Министрліктің үйінің фундаментінің алғашқы күрегін өзім көтердім.

– Бопты. Шешулерің тез еді, көшулерің созылып кетпесе. Жә! Көшуге үйренген халықпыз. Оның бір реті болар. Сен, Сембай, маған мұнайды айтшы. Басы-қасында жүрсің ғой. Каспийді қалай бөлетін болдыңдар? Үлес әділ бола ма? Ұпайды Ресейге жібереміз бе?

– Оу, Әбеке! Үкіметті талай жыл өзіңіз де басқардыңыз ғой. Жер бөліс емес, көл бөлістің қитұрқысы мол екенін менен артық білесіз.

– Есе бермей, еңсеріп ұтам деушілерден ығысып жүрген жоқсыңдар ма? Бөлінер дүние бірдікі емес, елдікі екенін мықтап ескерген жөн. Ельциннің, менің байқауымша, аларда алақаны ашық, берерде жұдырығы түюлі-ау..

– Сылтың айтып қайтем. Өзіңіз біліп тұрсыз, Әбеке. Олар одырайса, біз ылдиламай қоймаспыз...

Ұзақ қоңырау.

Екеуі де үн-түнсіз орындарынан көтеріледі.

Іш. Зал. Сол мезгіл

Сахнада жарысқа қатынасушы жігіттер тізіліп тұр.

Жүргізуші келіншек бөксесін әсем бұлтыңдата қозғап, ортаға күлімдеп шығады.

– Қымбатты ағайын. Халқымыз "жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болсын" деп ұлына талабын күшейтіп, талантын ұштап отырған ғой. Сол дәстүрдің жалғасын бүгінгі конкурстан байқасақ, онда тағы да бақ сынаудың бір парасы - палуандық аренасы -қазақша күреске кезек береміз. Алғашқы жұп - Кебек пен Үсен! Үсен мен Кебек! Қабыл алыңыздар!

Екі жігіт төселген күрес кілеміне шығып, әдіс-айла жасап біраз шарпысады. Бір кезде Кебек омыраулап барып, Үсеннің бауырына кіреді де, тік көтеріп алып шыр айналдырып тұрып, жерге алып ұрады. Үсеннің жауырыны жер сипайды.

Үсен ызалана ысылдайды.

– Саспа, бала! Желкеңе әлі талай мінермін!

– Ал, мен, Үсен аға, міне дәл қазір үстіңіздемін. Бірақ еш өкпе-қыжылым жоқ әлі. "Күш атасын танымас" деген, тізем батып кетсе, кешіріңіз.

Жұрт тағы да: "Кебек! Жаса, Кебек!" "Бағың ассын!" "Нұрың тасысын!" деп шуылдаса дуылдап кетеді.

Іш. Ресторан. Түн

"Сезім мұхиты" атты түнгі клуб - ресторан. Алакөлеңке зал.

Төрде оркестр. Беріде екеу-екеу билеп жүргендер. Еңлік пен Үсен екеуі де әсем, әдемі, келісті жұп. Билері де жарасымды. Еңлік жүзінде бірақ мұң табы бар.

– Неге көңілсізсің, Энглика?

– Папам бүгін тіпті нашарлады. Мамам безсодержания алып қасында отыр.

– Ауруханаға неге жатқызбадыңдар?

– Көп жатты ғой... Өзі де шаршады. Оның үстіне ауруханаға тамағын да, дәрісін де, төсек жабдығын да үйден тасимыз... Үсен, басым айналып кетті... отырайықшы.

Екеуі жеке үстелдегі орындарына барады.

– Энглика! Сен мына КВВК-дан аздап, а? Басың ауырғаны қояр.

Еңлік басын шайқайды.

– Үсен, менің есімім Еңлік қой.

– Ә-ә... А мне Энглика-Анжелика больше нравится.

– Мамамды жұмыстан қысқартуы мүмкін. Биылдың өзінде тура үш ай безсодержаниемен жүр. Әлі июль ғана...

– Энг... ә, Еңлік! Ох, ұмытып барам... Мынау инсулин. Ал мынау басқа дәрілердің қаражаты.

Еңлік шошына қолын сермейді.

– Керек жоқ!..

– Сен не , Еңлік? Я разве тебе, вам чужой? Папаң маған да пахан ведь. Ала бер. Көп емес. Всего-навсего тысяча баксов.

Еңлік жай ғана күрсініп, басын изейді.

– Еңсем бір көтерілмей қойды.

– Көтеріледі әлі-ақ, Энгли... ә-ә, Еңлікжан! Біз медовый месяц жасаймыз. Сначала в Америке. Оған дейін Көктөбедегі трехэтажный, Ақмоладағы двух-этажный особняктарымыз бітеді.

– Бәрібір мамаң уысынан шығармас бізді.

– Да, она такая... Но ол бізді... екеумізді жақсы көреді. Ох, чуть не забыл! Энжелика... Еңлік, қане жұм көзді! Ну, прошу!

Үсен дипломаткасынан кішкене қара футляр шығарып, ішінен бриллиант кулонды алып, Еңліктің мойнына тағады.

– Ой! Бұл не? Алқа ма?! Үсен! Мынау өте қымбат қой!...

– Сен қымбатсың маған. Сен ғана!

Екі құшақ айқасып барады.

Сырт. Тау қойнауы. Күндіз

Жеңіл ақ пиджак киген, басында қамыс шляпасы бар Абыл транзисторын тыңдап тұр. Радиодан Абыз күңірене сөйлейді.

- Құйрығы жоқ ,жалы жоқ

Құлан қайтіп күн көрер.

Аяғы жоқ , қолы жоқ

Жылан қайтіп күн көрер.

Бәріңнің де нәрің жоқ

Елім қайтіп күн керер?

Абыл күрсініп қап, сөйлей жөнеледі:

– Қайран Мұхтар-ай! Айтыпсың-ау! Дәл бүгінгі күңді айтыпсың. Ерімнен нәр қашты. Елімнен хал қашты. Қашты ғой... Шұбырған жұрт... шұбырынды тобыр. Даламнан безіп, қалаға топырлауда... Неге солай?.. Даладан аң да, мал да, жан да безуде. Даламның тұл, ұлымның құл болғаны ма сонда... Ал мен... Мен қаладан далаға ұмтылдым... Таудағы Робинзонмын... Кешегі академик-профессор... бүгінгі диуана. Диуана Робинзон... Жо-оқ! Мен керекпін әлі. Анау әрі ауруханасыз, әрі панасыз қалған, дәрігерсіз әбігер қарапайым қазағыма шөптен дәрі, тамырдан дәру іздеймін. Ерінбей епсектеймін. Менің ендігі көкейкестім осы. Осы ғана...

Ақсаңдай басып Кебек келе жатыр.

– Армысыз, ата!

– Бар бол, балам! Сәлем берісің жақсы екен!

– Мұхтар Әуезов атамыз осылай сәлемдесуді жөн көрген дейді. Өнегесін алғымыз-ақ бар.

Абыл Кебектің иығына қолын салып, бетіне риза пішінмен қарап тұр.

– Қабағың ашық, жүзің жарқын екен бүгін. Кеудең де таза бол,ай... Төрлет, Кебек... Оу! Аяғың...

– Аңда жүргенде тасқа құлап... Жарасы сарысуланып жазылар емес. Өзіңізді, ата, әдейі іздеп келдім.

Іш. Бөлме. Сол мезгіл

Абыл Кебекті сүйемелдеп отырғызады.

– Ашшы... О-о, мұныңды жазып берем. Уайымдай берме.

– Айтқаныңыз болсын.

– Кебек балам, қазір өзім дайындаған тамырмаймен майлап, таңып берейін. Екі-үш рет майлағаннан қалмайды.

Сырт. Тау арасы. Сол мезгіл

Жайлап қана бұрылыс жасай берген джиптің баллоны парс етіп жарылады. Машина қиралаңдап барып, тоқтайды. Кабинадан Үсен секіріп түсіп сол жақ артқы дөңгелекті теуіп жібереді. Дауыстап сөйлейді.

– Ой, Энглика! Баллон жарылыпты.

Джиптен Еңлік түсіп, қасына жақындайды.

– Ой! Үсен! Авариядан қалай аман қалғанбыз. - Жолдың шетіндегі қияға үңіле қарайды. - Енді болмаса ауып кетердей болыппыз-ау!

– Қорықпа, Еңлік! Мен барда ештеңеден үрейленбе. Бәрі ол райт болады.

– Көп тосамыз ба?

– Мен дөңгелекті тез ауыстырам. Он бес, жиырма минуттай күтесің.

Еңлік алдына үңіліп Абылдың саяжайын көріп қалады.

– Ой, Үсен! Анау Абыл атаның саяжайы ғой. Мен мынау соқпақпен бара берейін. Сен сонда кел.

– Жарайды.

Еңлік төмен құлдилайды.

Іш. Бөлме. Сол мезгіл

Сырттан аяқ тықыры естіледі де, есік қаққан Еңлік ішке кіреді.

– Сәламатпысыз. - Кебекті көріп, ыңғайсызданып қалған.

– Сәламатсыздар ма?

– Шүкір, шүкір, қызым. Кел, төрлет.

– Ата... Мен... мен сізді... Анау асуда машинамыздың дөңгелегі жарылып... .

– Апырай, өздерің аманбысыңдар, қызым?! Асудың жолы тым қиын еді...

– Жо-жоқ! Дін аманбыз, ата. Үсен джиптің дөңгелегін ауыстырып жатыр. Мен шыдамай жаяу тарттым. Папам... Көкем қатты ауру... - Дауысына діріл араласады.

Кебек манадан Еңлікке қадала қарап қалған. Жүзінде сан түрлі құбылыс ойнап тұр. Абыл Еңлікке орындық ұсынады.

– Отыр, қызым. Көкеңді жақсы көтеретініңді білдім. Уайымдай берме босқа. Сендей сезімтал ұрпағы бар әкені ауру жеңбейді. Ал, айта бер. Көкең қалай, Қай жері ауырады?

Енді сөйлескен екеудің әңгімесі алыстап,ойда жоқта аласапыран күй кешкен Кебек ілулі тұрған домбыраны алып "Көкейкестіні" күмбірлете жөнеледі. Қызулы жастың тыпырлай аласұрған жүрегінің жебеуімен дүбірлеген сергек күй үйге сияр емес. Есік-тесіктен тысқа атылып, ой-бойды тегіс баурап әкетіп барады. Енді Абыл да, жүзі алаураған Еңлік те Кебекке, Кебектің күйіне ұйи берілген. Әсіресе Еңлік мынау әсем жігіттің саусақ ұшынан төгілген сезіміне, жүрек лүпіліне елжірей елтіп, ынтыға еріп барады.

Сырт. Тау арасы. Сол мезгіл

Машинаның дөңгелегін ауыстырып салған Үсен қолын сүртіп, сағатына қарайды.

– Мәссаған! Жарты сағаттай бөгеліппін-ау. Еңлік кешікті ғой. Осы қыздың қылтың-сылтыңы әлі де бітер емес. Қолыма бір қондырып алсам...

Рульге отырады. Моторды ыңыранта қыздырып, артқы тұрбадан көгала түтінді шудадай шұбатып, джипты атқыта жөнеледі.

Іш. Бөлме. Сол мезгіл

Абыл атаның ерні еріксіз күбірлей жөнелген:

– Күй "Көкейкесті!" Қайран "Көкейкесті!" Бүгін тынбаған көңіл.... тыңдалмаған тілекті айтпадың. Сабылған ел, сандалған ерді де діттемедің.

Жалындаған жастың он саусағынан алып ұшқан көңілдің мұхит тулатып, толқын сапырған әсерлі шағын көрдім-ау! Тебіренген жүрек осылай дүбірлетер болар! Сезім сырын нөсерлетер болар! Күй - құдірет еді. Сол құдіретке бүгін өзгеше тіл бітірген өнерпаз жастың өзегіне түскен от өртеп тынар ма, өрлетіп әкетер ме?... Асықтырып аспандатып әкетер ме?..

Ә-ә... Өстіп есіп кететінім бар. Мен қазір дәріңді дайындайын, қызым, - деп Абыл екінші бөлмеге шығып кетеді.

Тықырсыз ұрлана басып кірген Үсен ерекше әсерленген Еңліктің Кебекке жіпсіз байланып әлде күйге, әлде әсем күйшіге ұмсына ұмтылып бара жатқанын сезіп, шапшаң ашумен дүрсе қоя береді:

– Жараса қалыпсыңдар ғой... Күй күңіренткен жігіт!.. Күйге балқыған қыз. Мәре-сәре тірлік...

Еңлік Үсенге жақтырмай жалт қарайды.

– Үсен!..

– Күй тыңдауға келіп пең?

Кебек домбыраны орнына қойып, басын шайқайды.

– Үсен аға, амандық-саулық қайда?

– Кебек! Тағы да сен! Шыға бердің алдымнан!

Кебек орнынан тұрып келіп, қолын созады.

– Онда мен сұрайын. Есен-саумысың, Үсен аға!

Үсен қолды қағып жібереді.

– Осы сен маңыма жоламасаң!

Еңлік Үсеннің қолынан тартады.

– Тарылма, Үсен. Қолды қағуың бекер болды. Бекер!

Үсен қызды көзімен тесіп барады.

– Еңлік, бұ не сыр?

Кебек енді қызға жалт бұрылады, жалындай сөйлейді.

– Еңлік деді ме?! Сен... сіз Еңлікпісіз?! Бәсе... бәсе!...

Үсен қыжырланады.

– Еңлік болса, қайтпек едің?

– Қайтушы ем, Үсен аға. Қызыққанымды... марқайғанымды ғана айтар едім. Пәлі, Үсен аға! Жұрттың аузынан түспейтін бас жүлдені жеңіп алған қазағымның мақтанышы -"Алматы аруын" алғаш дәл қасымнан көріп тұрып, қалай әсерленбейін!

– "Алматы аруына" сілекейің шұбырғаны содан екен ғой.

– Әсемдік пен сұлулық - көз қуанышы, көңіл мерейі!

Үсен Кебекке ызбарлана қарайды. Еңліктің білегінен тартып, бері қаратады.

– Аш көзіңді! Қара мына ақ тамақты аймалаған кулонға! Оны Энжелика... Еңліктің мойнына мен таққам! Мен!

Кебек екеуіне кезек қарайды. Еңлік білегін жұлқа босатып алады. Кебек әлі де Еңлікке, ақ тамақты айқарған кулонға көзбен байланып тұр.

– Бриллиант алқа - қарғыбау емес жетектеп сүйреп кететін. Тағылған нәрсенің сыпырылуы да оңай, Үсен аға!

Үсен қалш-қалш дірілдеді.

– Килікпе, Кебек! Жөніңді біл!

– Жөнімді де, жолымды да өзім ғана іздесем ше?

Үсен бір аттап, Кебектің иығынан бүре уыстайды.

– Жоқ! Саған жол мен жөнді мен нұсқаймын. Мен!

Еңлік Үсенге бас шайқайды.

– Үсен!...

Кебекті де ерегіс билейді.

– Еңлікжан, бөгеме! Айтсын маған неліктен, не себептен жол нұсқайтынын.

– Айтам, қарасирақ! Ендігі билік те, тізгін де біздерде екенін көзіңе шұқып айтам, тас кедей! Билік бүгін акщада, долларда! Доллар мұнайда! Мұнай бізде! Менде!

– Жоқ, Үсен аға! Мұнай - елдікі! Халықтікі! Бүгін сендер уыстағанмен, бәрібір мұнай ел атты иесін табады. Байлық та, билік те халыққа тиеді.

Үсен Кебекті жұлқып-жұлқып қалады.

– Қайқаясың ба осы арадан, жоқ па?

– Жоқ десем ше...

Үсен итеріп жіберіп, иығындағы мылтығын сыпырып алады.

– Онда не сен! Не мен!

Кебек те сүйеулі мылтығына қол созады.

– Мылтық менде де бар... Келсең кел , Үсен аға!.

Еңлік ортаға атқып шығады.

– Оу! Жігіттер! Тоқтаңдар! Қызылға, қызға таласатын кешегі кезең өткен. Жөн-жобамды мен өзім білем! Өзім!

Кебек мылтығын сүйеп, күлімсіреп басын изейді:

– Бәсе, Еңлікжан! Алтыннан қарғыбау тақтым деп өктемсінген Үсен аға ғой.

Үсен әлі де ашулы.

– Шалма аяқтан! Тұрма жолымда, Кебек!

Еңлік енді Үсенге қадалады.

– Үсен, қызғанам деп қорлама мені! Табалдырығыңнан аттағам жоқ әлі.

Есіктен бері шығып, Абыл бір шөлмекті әкеліп Еңлікке ұстатады.

– Еңлікжан... Ақылдым. Мынаны көкең аш қарында ішсін. Жарты стақаннан ғана. А-а, жігітім, ау... Үсенбісің?

– Иә, ата, сәлем бердік.

– Алдық, алдық сәлеміңді. Рахмет.

Үсен сыртқа беттейді.

– Жүр, Еңлік! Менің кешікпеуім керек. Совещаниеден қалсам, мамам...

Еңлік кете беріп Кебекке жалт бұрылады.

– Сау болыңыз, Кебек аға! Мен де жұрттың аузындағы "Жігіттің сұлтаны" конкурсының бас жүлдегерін жақсы білем. Білдім, аға!

– Сау бол, Еңлік... Еңлікжан!

Сырт. Тау қойнауы. Сол мезгіл

Сыртта Абыл бен Үсен оңаша. Анандай жерде Еңлік шөлмегін джиптің диванына қойып, көкке шаншыла өскен шыршаға қадалып қалыпты.

– Балам! Сен де "Алашойлда" істеймісің?

– Иә! Жай сұра дыңыз ба, Әбеке!

– Осы күні әкелі-балалылар бір жерде істейтін әдет шықты ғой. Жөн-жөн. Әкең екеуің "Алашойлды" дүрілдете алсаңдар, ел белін көтерер ме еді...

Үсен маңғаз.

– Оны реттейміз. Америкада бір жыл стажировкада болғанымда капитализмнің бергенін де, жасырғанын да түгел қамтығам.

– Оқығаның дұрыс болған. Тоқығаның одан да абзал. Ұлым, түп мақсатың қандай?

– Әбеке, бәсеке деген асу тұр алдымда. Содан өту - бас мақсат. Сонсоң жар құшу дейтін талап бар. Осы екеуіне де өзіңізден бата ал деп еді мамам.

Абыл күрсінеді. Үсен жүзіне ұзақ көз тоқтатады.

– Ә-ә, Маржан сөйдей ме... Ал онда - айтып көрші мән-жайды. Үсен ілгері ентелейді.

– Әлгінде көрдіңіз... алдымды үнемі кескестеп жүретін Кебек бар!

– Ер білігі ел тілегімен қабысарын ойладыңдар ма... Кебек деймісің?!

– Иә! "Жігіттің сұлтаны" конкурсында алдымды ораған Кебек! Енді ол маған лайықтаған "Алаш-ойлдың" шетелдік сауда өкілдігінің бастықтығына таласып отыр. Елім дейтініңіз шын болса, Кебек баланы жолымнан ысырып тастаңыз, ата.

Үсен сәл бөгеліп жауап тосады. Абыл бас изейді.

– Жә, шырақ! Тілек - есепшіл, жүрек - кекшіл болмасын! Ілгергім болар ма десем, кешегілердің күншіл шоқпарына жармасқаның қалай? Ел игілігі десең - Кебекпен неге бірлеспеске! Соңыңнан неге ертпеске! Еліңнің жоғын екеулеп іздесеңдер, артық па! Шетелде тобыңды көбейтсең, мұндағы көбіңнің ырзығы молаймас па?

Үсен қалтасынан шақыру қағазын алып, ұсынады.

– Бұл - папамның беріп жіберген тойға шақыртуы. Айтқаныңызды түсіндім, Әбеке! Өмір - күрес! Жеңермін, жеңілермін. Өзім... Өзім ғана!..

Асыға басып джипқа отырады. Зырқ еткен машина қою түтінге Абылды бөлеп, ұзап барады.

Іш. Бөлме. Сол мезгіл

Кебек орнынан тұрады.

– Ата, әлгінде Үсен екеуміз... шыдамсыздық... шәлкестік танытқанымызды естісеңіз.. Кешіріңіз.

Абыл енді Кебекке сүйсіне ризалықпен қарап қалған.

– Күйің керім екен, ұлым... Толғақ буғандай, ойды адастырып, бойды құрсаулағандай... Ашшы сырыңды! Ақтаршы бүкпеңді.

Кебек жарқылдай бас изейді.

– Рас, ата! Бәрі рас. Ойымның адасқаны да, бойымның құрсауланғаны да рас... Мен... мен бүгін оқыс күйге бөктім, ата. Оқыс хал кештім... Армандаушы ем әлдекімді аңсардай! Алқынушы ем перизатты табардай!..

Аңсағаным да, талпынғаным да елес емес, өзі боп, әсем көркі, асыл мінезімен көз алдымда, қол ұшында жарқ етпеді ме, ата! Еңлік! Еңлік екен жүрегімнің лүпілін күшейткен! Сол аруы!... асыл аруы екен қазағымның, ата!

Абыл сәл күрсінеді.

– Айттың-ау, Кебек балам. Жалының өрттей... Өртер ме өзекті? Өзгені де өртер ме?! Қиянатын көрер ме? Қиянатын себер ме?.. - бөгеліп қалады. Кебек Абылдың қолынан ұстай алады.

– Ата!?. Не дедіңіз?! Сүюдің несі қиянат? Сүйіспеншіліктің сұмдығы бар меді?

– Талас бар ғой, балам... Үсен көнер ме.. Өгейсіретер өмір кездесер ме алдыңнан... Күдігім кеудемді түйрейді.... Қызықпа.... қызынба десем ше...

– Ата! Ау, ата! Онда мынау жалындаған жүректі жұлып алып, итке тастайын ба?

Абыл Кебектің иығынан құшақтайды.

– Сабыр.... Ерді сабыр сақтайды. Алып-ұшпа, ұлым.

Екеу біріне-бірі түсіністікпен ұзақ қарап қалған.

Іш. Веранда. Кеш

Үш қабат коттедж. Верандада Үсеннің әкесі - Бағлан мен нағашысы Өскенбек шахмат ойнап отыр.

– Ұтылдың, Өскенбек!

– Жоқ, жезде! Бұл ойын жолғым. Кел, тағы бір. Ендігі жеңіс менікі.

– Көрерміз. Құй! Оңашада тартып жіберейік.

– Әпкемнен қорқасыз, ә, жезде!..

Өскембек КВВК-дан екі рюмкаға құйып, біреуін Бағланға ұстатады.

– Маржаннан сескенбейтін адамды өзің атай аласың ба, Өскенбек?

– Рас, рас? Маржан тәтемнен бар болса, Тәңірінің өзі айналып қашар...

Екеуі қарқ-қарқ күліп, күлкіні рюмкалардағы коньякпен көміп-көміп жібереді. Верандаға Маржан шығады.

– Әй! Сендердің күлкілерің-ақ таусылмайды екен.

– Тәте-ау, енді жылау керек пе?

– Жыла, Өскенбек! Жыла! Бірің - "Алашойлдың" президентімін деп қоқиланып, біреуің Мәжіліс комитетінің төрағасымын деп дүрдиіп, не бітірдіңдер? Шөп толтырған қапсыңдар!

– Болды, мамасы! Бас жаққа барыспайық!

– Әй, Бағлан! Қышытпа тілімді! Сенің маубастығың Көбенді кеңірдегімнен сығымдатқан.

Өскенбек ыршып түседі.

– Маржан! Осы бүгінде Көбенсіз отыра алмағанымыз ба. Аты өшсін оның!

– Пішту! Сол сен бе? Сен екеуің бе оның атын өшіріп, көмейіне құм құятын?! Оу, Үсен неге кешікті... ә.

Сырт. Сквер. Кеш

Сквердегі фонтанный жанындағы орындықта Еңлік пен Үсен отыр. Иығына салған Үсеннің қолын Еңлік алып тастайды.

– Мазам болмай отыр, Үсен.

– Неге, Анжелика - Элика, Еңлік?

– Білмеймін. Әлденеге елегзи берем.

– Тойымызды тездетейік онда, а?

– Жоқ! Күнін белгіледік емес пе...

– Онда, на уик-энд менің джипімнен охотаға барып кел.

– Ал сен ше?

– Біз бір мероприятие жасаймыз. Обще клановое совещание в узком кругу. Бір преграданы алып тастау қажет.

– Ол не тосқауыл?

– Кебек! Выскочка Кебек! Именно мына мен үшін ғана ашылған Америкадағы "Алашойлдың" торговое представительствосына таласады.

Еңлік Үсенге бадырая қарап үнсіз қалады. Үсен көзін жыпылықтатып, абдырай бастайды.

– Мамам сенің свадебный нарядыңды тіктіру үшін бүгін Москвадан Зайцевты алдырған. Қазір бізге барамыз. Сонсоң мамаммен Зайцевке кіресіңдер.

Еңлік басын шайқайды.

– Бүгін бара алмаймын.

– Неге, Энжелика?

– Барғым келмейді.

Орнынан тұрып, кете береді.

Іш. Веранда. Сол мезгіл

Төменнен алдына кішірек алжапқыш салып, басына ақ шаршы тартқан аспазшы келіншек көтеріледі.

– Тәте, ас дайын...

Маржан саңқылдап ала жөнеледі.

– Мен саған, Рахия, қашанғы айтам! Менен белгі берілмей мазамды неге аласың! Үсенжан жоқ әлі.

– Кешіріңіз, апай! - деп келіншек шығып кетеді.

– Тұтақ! Апай деуін қыршаңқының! Ауызын апандай ашқызбасам ба... Үсен неге бөгелді екен?..

Бағлан көзін жыпылықтатады.

– Келер... Жас бала емес ес білмеген.

– Сен! Сен кінәлісің, Бағлан, бәріне! Не қырың, не нәрің, не сырың жоқ. Елдің бәрін басымызға сен шығартып жібердің. Сен! Балаңды да басқалар әлден-ақ басына бастады. Сеңгірбайдың Кебек дегені - кедергінің басы!

Бағлан жөткірініп, қылғына жұтынады.

– Кебек - білгір жігіт. Алғыр-ақ!

– Алғыр-ақ! Онда Үсеннің орнына Кебекті "Алашойлдың" Америкаға представителі етіп жібер де, Сеңгірбайға қойының мен қолтығыңды аш. Күні ертең-ақ "Алашойлды" Сеңгірбайдың ру-ұрығы билеп-төстеп, уысыңнан суырып әкетсін!

Өскенбек атып тұрады.

– Атама ондай сұмдықты, Маржан! "Алашойл" тек біздің кланның...

Бағлан балдызының иығынан тартады :

– Кланың не ей, сенің?!

– Кланым - клан! Мына сенің, менің және тек қана біздің туыстардың... біздің төңіректің ғана меншігі емес пе әзірше "Алашойл"! Оны мен неге өзгеге қиям!

Маржан Бағланға белін мықындана таянады.

– Есуас неме-ау, сенің мынау қуыс кеудең мен бос қауашағыңды көркейтіп тұрған бақ пен атақ сол "Алашойлдың" арқасы! "Алашойл" мұнайының қып-қызыл ақшасы! Жап-жасыл доллары! Қазіргі бір бәрел.

– Баррелль де, Маржан! Баррель!

– Өскенбек, жағаласпа! Сол бір бәрелі қырық алты долларға сатылатын мұнайдың әр бәрелінен түсетін доллар сенің қалтаңды тесіп бара ма?

Бағлан ыршып түседі.

– Маржан, басқалармен... бастағылармен бөлісетінімізді де ұмытпа!

– Ұмытқам жоқ! Құбырдың шүмегін бұрайтын сен! Сенің қанша ағызғаныңды, қаншасын жасырғаныңды басқалар да, төбе басындағылар да біле ме?

– Жо-оқ!.. Неге білгізейін.

– Ал сол сен жасырған... біз жасырған сан мың бәрель мұнайды, төбедегі үкімет те, төрдегі парламент те білгісі-ақ бар. Әсіресе Сеңгірбай әулеті итше тіміскілеп, тілін салақтатып жанын салып жүр.

Өскенбек азуын егейді.

– Олар ма... Олар аянбайды... аямайды. Мәжіліс отырысында мұнайдан түсетін таза пайданың мөлшерін, оның қайда кететінін үкіметтен қатал сұрау керек деп қайта-қайта ұсыныс жасауы бекер деймісің. Көре алмайды олар өзгенің озғанын да, кекірігі азғанын да.

– Жә! Суырылмаңдар! Сеңгірбайдың Кебек баланы тықпалауында осындай гәп бар. Сол бөлтірігі арқылы, Бағлан, сенің жасырғаныңды анықтап, жамбасыңа басқаныңның тең жарымына жармасқалы үздігіп жүр. О не, Сеңгірбайдың екі иығын жұлып жеп, ел мүддесін ойлағандағысы. Оныкі тек өз қамы, өз кланы!

Бағланның көзі бақырайып барады.

– Апырай, ә!? Сәкең... кешегі басшы Сеңгірбай аға да сөйте ме?

– Сәкешілін!.. Ол нағыздың өзі... Ал сен тым сенгішсің.

Сырттан Үсен кіреді.

Маржан ұлына шатынай қарайды.

– Неге кешіктің? Еңлік қайда? Свадебный нарядының бүгін примеркасы.

– Үйінде қалды, - деп Үсен күңк етті.

– Әй! Мен саған ертіп әкел демедім бе? Анау Мәскеудегі Зайцевты неге алғыздым. Айтқанды осы қашан орындайсыңдар?!

– Ма! - деп баласы шатынай қарады.

Бұл ұлының шешесіне алғаш рет қадалуы еді.

– Ма! Неге зіркілдей бересің!

– Ойбай! Мынаның тілі шыға бастапты. Маңырауын! Бүгін тілдесе, ертең сабар әлі бәрімізді, - деп Маржан безектеп ала жөнелді.

Өскенбек Үсенге саусақ безеді.

– Әй, сен! Бүкіл Қазақстан сыйлайтын Маржан Төлебаевнаға нос көрсетпекпісің. Мен сені! Мен саған...

Бағлан шыр-пыр.

– Әй, Өскенбек! Сен қойсаңшы дүрілдемей... Үсен... Үсенжан, байқасаңшы балам, мамаңның жүрегі ауру...

Осы сөзді естіді ме, әлде жүрегі шын шаншыды ма, Маржан диванға сылқ түсті.

Қолымен кеудесін сипалады:

– Дәрігер!... Скорый... шақырыңдар!...

Іш. Бөлме. Күндіз

Екі бөлмелі жұпыны пәтердің кішірегінде Еңліктің әкесі кереуетте жатыр.

– Бәлкен! - деп әлсіз дыбыс берді.

– Әу, Сапар! Шай әкелейін бе?

– Шайды қоя тұр. Анау дәрің... Еңлікжан әкелген дәрі маған жақты-ау дейім... Сарайым ашылғандай. Шіркін!... Сол емшінің өзін көрсем!..

Еңлік әкесінің қасына жақындап, маңдайына мандайын тигізеді.

– Папа! Рас көргіңіз келе ме? Онда Абыл атаны өзім шақырып әкелем.

– Еңлікжан-ай, әбден мазаңды алып біттім-ау! Жұмысыңа бөгет боп...

– Жо-жоқ, папа!.. Өйдемеңіз..

– Бүгінде жұмыс табу қиын. Шығарып тастаса... - күрсінеді. Көзінің қиығына жас үйіріледі. - Келе қоймас ол емшің. Кешегі дүрілдеген дөкей ғой. Менікі жай далбаса қиял ғана. Жердің түбіне іздеп барам деп әуре болма, Еңлікжан.

– Папа! Мына тұрған Шымбұлақ емес пе. Үсеннің джипімен...

– Үсен?! Сол Үсен немең... Қарағым-ай, айтпайын десем де... еркіңе бұрын жағаласпаушы ем...

Балкен қосарланады.

– Сапар, сен не дегелі тұрсың? Жастар өзі шешсе...

– Мама! Папа, айта беріңіз. Мен... мен сізді түсінем, папа. Түсіндім бәрін.

Сапар Еңліктің қолын уыстап қысып, сәл-сәл басын изейді.

– Түсінсең болды... Еңлікжан!

Есік қоңырауы шар ете қалады. Еңлік тұрып барып, есік ашады.

Кебекті көріп, әрі қуана, әрі таңдана қарап қалған.

– Ке-ебек?!

– Иә, мен ғой, Еңлік! Абыл атаны ертіп әкелдім.

Енді Еңлік есік сыртына үңіледі.

– Абыл атамды деймісің?! Қайда ол кісі?

Абыл бері аттайды.

– Сәламатпысың, қызым. Келіп қалдық.

– Ата! Сізді...Өзіңізді! Апырай! Қандай керім болды! Папа! Мама! Көке! Абыл атам келді! - Төргі үйге ұмтыла түсіп, кері бұрылады. - Ата! Кіріңіз! Бері өтіңіз!

Балкен асыға шығып, Абыл мен Кебекке ернін жыбырлата амандасады.

– Қайда? Еңлікжан, көкең қайда жатыр? - деп Абыл кідіріп қалды.

– Ә-ә. Бері... мұнда кіріңіз, - деп Балкен Абылды ішкі бөлмеге кіргізіп әкетеді.

Іш. Екінші бөлме. Сол мезгіл

Кеудесін сәл көтерген Сапар Абылға қолын ұсынады. Енді сөйлескен үшеуді оңаша қалдырып, ауыз үйге көңіл аударайық!

Іш. Ауыз бөлме. Сол мезгіл

Үлкен бөлмеде Кебек пен Еңлік. Екеуі біріне-бірі ұзақ, сүйсіне қарап қалған.

– Әдірісті қалай білдіңіз?

– Ә-ә... Не? Еңлік... Еңлікжан! - деп Кебек көз айырар, емес. - Сізді... Сені бір көрсем деп... Өзіңді кездестіргеннен бері... Уақыт өтпейтіндей... - Көзі де, көңілі де ажырамастай, Еңліктен басқа жаққа бұрылмайды.

– Екі-ақ күн... Иә...тым ұзақ екі күн... Ал мен Абыл атаны іздеп барайын деп... - деп Еңлік те толқып тұр.

– Сол екі күн бүкіл ғұмырымды мүлде өзгертіп жіберді-ау, Еңлікжан. - Қолы ілгері созылды. Дір ете қалған Еңлік ес жиғандай орындыққа жармасты.

– Отырыңыз, Кебек аға...

– Ә-ә... Рахмет... - Отырып жатып көзін әлі де қыздан айырмайды. - Бүгін кеште... Уақытыңыз... уақытың болса... Дискотекаға...

Іштен Абыл мен Балкен бері шығады.

– Ештеңе етпейді. Жазылады. Жүйке жұқарған. Жүйкеге жүк түспесе... әлі-ақ тұрып кетеді. Әлгі мен айтқан ретпен дәріні ұқыптап ішкізе беріңіз.

– Жасаймын... Айтқаныңызды түгел істеймін. Оу, Еңлікжан! Дастарқан жаймапсың ғой.

Абыл күлімсірей бас шайқайды.

– Алла разы болсын, келінжан! Тағы баратын екі кісім бар. Мынау Кебек балам ғой, алдымен осы үйге барайық деп, болмай ертіп келген...

Балкен енді Кебекке жақындап бетіне ұзақ қарайды.

– Рахмет, балам! Сапар... Еңліктің көкесі емші ағасын бүгін керемет іздеп еді... Сен, ұлым, бізді қайдан біліп жүрсің? Құдай өзі білдірді ме екен?

– Ой, мама! Кебек алдыңғы күні мені Абыл атама барғанда көрген... Папамның ауырып жатқанын сонда естіген.

– Кебек?! Сен анау телевизордағы жігіттің сұлтаны болған Кебекпісің? Ой, айналайын! Азаматым! Келші, маңдайыңнан сүйейін.

Еңліктің Кебекке сүйсіне мерейлене қарағанын сезген Абыл үнсіз бас изейді. Соны байқап қалған Еңлік емшіге жалт қарайды.

– Рахмет, ата!

– Не үшін, қызым?

– Бәріне. Ниетіңізге. Мені... бізді түсінгеніңізге...

Іш. Дискотека. Кеш

Дискотека. Екеу-екеу билеп жүргендердің ортасында Еңлік пен Кебек. Екеуі де шын бақытты. Бір-біріне деген ынтықтық жүздерінен төгіледі.

– Әлгінде неге кешіктің, Еңлікжан?

– Үсен ғой... Келіп... Отырып алғаны.

– Үсен... Алдымнан шыға берді-ау. Неге келе береді? Папама дәрі алу үшін деп ақша әкелген.

– Ақша?! Неге аласыңдар?

– Бүгін бәрін ақша билейді. Папамды сол ақшаның ғана күшімен ұстап отырмыз. Дәрі-дәрмек удай қымбат.

Кебек биді баяулатып, Еңліктің бетіне бетін тигізердей жақындайды.

– Оның ақшасы енді қажет болмайды, Еңлік. Абыл ата көкеңді ақшасыз-ақ жазып береді. Ол, ол медицина ғылымының докторы, академигі!

– Білем, Кебек! Папам бүгін ғана атамның дәрісінің пайдасы көп деп қатты үміттеніп еді. Жазылады! Жазылады ә, Кебек!

Кебек қуанады.

– Е, өстіп, осылай құлпырып күлші, Еңлікжан! Сен сондай сұмдық сұлу боласың!

– Күлмесем... ұнамаймын ба, - деп сыңғырлап күледі.

– Сен ылғида әсемсің! Көріктімсің!

– Көріктімсің деймісің? Иемденемісің, Кебек...

– Иә! Саған енді өзгенің таласы жоқ. Ешкімнің! Мен - Кебек! Сен - Еңліксің! Еңлік -Кебекпіз! Екеумізді атымызбен, затымызбен тағдыр қосақтаған.

Еңлік күрсінеді. Биді тоқтатады.

– Неге күрсіндің? Неге бөгелдің?

– Еңлік - Кебек?! Сонау алыс ертедегі күндердің, Мұхтар Әуезовтың Еңлік пен Кебегіне ұқсап кетпейміз бе? Солардың тағдырындай тағдыр кешпейміз бе?

– Жо-оқ! Ол күндер енді оралмайды. Біз бүгінгі демократия алған азат елдің ұл-қызымыз! Біздің тағдырымыз, келешегіміз мүлде басқаша!

– Солай болса ғой, Кебек?!

– Болады, Еңлікжан. Еремісің соңымнан?

– Апам!... Мамам! Папам! - жыламсырайды. - Маржан тәте, Үсендер аямайды бізді! Бәрімізді!

– Қорқатын болсаң - қиналма. Үсенмен бірге тойыңа дайындал, онда.

– Жоқ! Мен... Мен, Кебек!.. Сенсіз маған өмір жоқ!

Екеуі біріне бірі жабысып барады.

Іш. Бөлме. Күндіз

Таудағы Абылдың саяжайында Кебек "Көкейкестіні" тартып болып, атаға қараған.

– Жарадың, ұлым. Күй - қазақтың ділі ғой. Жүрегінің лүпілі ғой. Толқыған сезімі ғой! - деп Абыл Кебектің иығына қолын салып, бетіне риза пішінмен қарап тұр. - Қабағың ашылып, жүзің жарқырап тұр екен. Кеудең де таза болсын да. Ұлым, көмейімде тұрғанды да бүкпейін.

– Айтыңыз, ата!

– Абызшылады деме, жауың бар ма, соны айтшы алдымен?

Кебек күле беріп, тыйылады.

– Жау деймісіз?!. Жоқ қой ол, Әбеке. Жау қайдан болсын менде.

Абыл ризалықпен қайта-қайта бас изейді.

– Дұрыс екен! Досың бар ма?

– О, досым көп, ата! Қазағы мен орысы, ұйғыры мен немісі де бар. Шетке шықсам, французы мен шведі де бар сол достардың ішінде. Көп қой досым.

– Ал, жүрек қалауың?..

– Әбеке-ау, жүрек қалауын анық таппасам, дәл осылай жалындап тұрар ма ем алдыңызда! Қазақтың бір қаракөз сұлуына кездескенімді өзіңіз де құптап едіңіз ғой.

Абыл сүйсіне қарап құшағына қысып, төсіне басады.

– Көктем-ау, көктемің-ау кеудеңе нұр құйған, балам! Жалындаған жастың бәрі өзіңдей болсын дермін де!.. Табыс құштарыңмен! Көп болсын досың! Бірақ жау іздеме ешқашан!

– Айтқаныңызды құп алдым, ата!

– Солай, Кебегім! Күні еңкейген шағында адам секемшіл де күдікшіл бола түседі екен... Сонда да... Еңлігіңді ренжітпе. Жүрегіңді алдама. Ал Еңлікжанның көкесін, құдай сәтін салса, жүйкесіне әлдебір кездейсоқ зіл түспесе, аяғынан тік тұрғызып берем.

– Рахмет, Әбеке! Еңлігімді танып-біліпсіз...

Іш. Бөлме. Кеш

Шешесі мен Еңлік оңаша отыр. Екеуі сөйлескен, екеуі бірін-бірі түсініскен.

Балкен орнынан тұрып барып, қызының маңдайынан сүйеді.

– Бақытың жансын, қызым!... Әйтеуір, жылама... Сені жылатып қойып... қайтіп отырам. Көңілің қоспағанды қайтіп қосақта дермін.

– Папа-а-м! Үн-түнсіз кетіп барам. Ренжиді-ау...

Еңлік шешесін құшақтап, бетін төсіне басады.

– Өзім кейін айтам. Папаң түсінеді, күнім. Ол оны жақтырмайтын. Бізді уайымдама.

– Үсен аянбайды... Аямайды ол.

– Үсен өзіне ғана Үсен! Жауабын оған мен берем! Мен!

– Көйлек, туфлилерді... анау Зайцевқа тіккізгендерді қайтарып бере салыңыз.

Кете берген қызының қолынан ұстайды.

– Папаңа кірсең, а... Үндемей-ақ... Көңілінде қалар.

Еңлік басын изеп, жатын бөлмеге кіріп, әкесіне жақындайды.

Шешесі есік көзінен дауыстап жатыр.

– Әу, папасы! Еңлікжан тағы да командировкаға бармақ. Әкесі құшағын жаяды.

– Аман-есен жүр, балам... балапаным...

– Cay болыңыз, папа-а-а!..

Еңліктің жасы бетіне тамады.

– Әу, Еңлікжан! Жылағаны нес! - Маңдайынан сүйеді. - Сен мықтысың, күнім. Абыл атаңның дәрісі шипасын салды ғой. Ертең-ақ тұрып кетем. Бара ғой, ботам. Ештеңені ойлама! Ешнәрсені уайымдама!

Еңлік бетін басып, шығып кетеді.

Есік алдында Кебек тұр. Қарсы жүріп, Еңлікті қуана құшақтайды. Екеуі "Ямаха" мотоцикліне мініп, қараңғыға сүңгіп, сіңіп кетеді.

Сырт. Көл жағасы. Күндіз

Тау ішіндегі көл жағасы - тұп-тура тұнып тұрған сұлу табиғаттың нақ өзі. Сол сұлу табиғаттың ортасында біріне бірі еркелеген, бірін бірі еркелеткен екі жас - Еңлік пен Кебек. Жүгіріп, алысып ойнап, бірін бірі қуалап, суға түсіп, құлаштап жүзіп, қайыққа мініп серуендеп, жас жұбайлық ғұмырдың алғашқы бал шырынын құмарлана сіміруде.

Сырт. Тау арасы. Таңертең

Тау ішінің жылбысқы тұманы сай-сайды қуалап төмен сырғып, түтетілген түбіттей сұйылып барады.

Тұман арасынан қаққан қазықтай қалшиып тұрған Абыл атаның сұлбасын ертеңгі шапақ кәдімгідей суырып алған. Қыбыр-қимылы жоқ әжімді жүз сонау төменге, қала жаққа қадалып қалыпты. Кәрі жүрек әлде бір үрейді, әлде бір суық хабарды сезердей алқына соғатын тәрізді.

Кенет жымқырылған еріндердің көбесі сөгілді. Күрсінген кеудеден тәңіріне жалбарынған ата тілегі ақтарылды.

– Уай, жаппар ием! Бар болсаң, сол бір екі жасқа рақымыңды жасай гөр! Жақсылығыңнан айырма! Біріне бірі жүрек лүпілімен қол созған екеуді тия алған өлімнен басқа құдірет жоқ еді ғой. Жасаған! "Өлім!" дедім бе? Қалай айттым? Неге айттым?! Аулақ! Аулақ ол аты өшкір сөздің! Жасаған, игілігің қайда? Мейірімің қайда? Екі жасқа игілік қыл, мейіріміңді төк! Қаскөйліктен, қастандықтан сақта!

Қолы көкке созылған. Иек аспанға шошайған. Серек таулар серейген шалдың әлсіз тілегін жаңғыртардай сұйық тұманнан зорайып өсіп, шың-найзаларымен қазбауыр бұлттың төсін тіліп, тескілеп жатыр.

Іш. Ресторан. Кеш

Атақты "Алматы" мейрамханасы. Бүкіл бір қабатқа түгел той дастарқаны жайылған. Қонақтар - ығай мен сығайлар - жиналып жатыр. Кеудесіне белгі таққан депутаттар. Шіренген министрлер, қодиланған корпорация президенттері.

Белгілі халық артисі - той асабасы Көбенге екі қолын ұсына тұра ұмтылады.

– Ассалаумағалейкум, Көбен аға!

Көбен әлгіге :

– Әй, сенбісің? Қайдан жүрсің?

– Ой, Көбен аға! Мен - бүгін асабамын!

– Халық артисі асаба болды де. Әй, заман-ай!

– Енді қайтеміз. Айлық шайлыққа да жетпейді. Ал мына дөкейлер - министрлер, корпорация президенттері - оң қабағына іліксем, ішек-қарнымды майлап-ақ тастайды.

– Сеңгірбай ағаны көрдің бе?

– Әне, ол аға анау жекеленген бесеудің ортасында тұр. Менің көптен бері байқағаным. Той - сылтау ғана. Осы арада топ-топ боп оқшауланып, әрқайсысы әртүрлі келісім-шарттар жасайды. Ой, кешіріңіз!

Асаба төрдегі оркестрге белгі беріп кеп қалады.

Оркестр туш ойнап, залды жаңғырықтырып жібереді. Төмендегі сатыдан көтеріліп келе жатқан Абыл ақсақал көрінеді.

Асаба микрофонмен сөйлеп тұр.

– Халқымыздың аса мәртебелі асқақ ұлы, еліміздің асқар белі, ұлтымыздың ағасы, қамқа тонның жағасы Абыл ақсақал - Әбекең келе жатыр! Әбекеңе мың сәлем!

Оркестр тағы туш ойнайды.

Абыл қолын көтереді.

– Әй, жігітім! Оу, Ұлтанбай! Сахнагерім! Сенбісің! Соншама дабырайтқаның не? Шуы көп жердің шындығы болмайды.

Енді өзіне қарай ентелей басқан еркектерге тоқтай қалып, қолын жоғары көтеріп, есендескен белгі танытады.

– Армысыңдар! Бәріңе жаппай сәлем. О-о! Ханумдар мен бикештер әулетіне бас ием!

Абылды екі адам қолтықтап алып кетеді.

Асаба Маржанға жақындайды.

– Қалай, Маржан тәте, дұрыс па бәрі?

– Сен маған қарама, қолыңдағы тізімге қара! Белгі қойылғандарға ерекше құрмет. Анау пенсионер шалды соншама неге дүбірлеттің?! - деп көзін шүңірейте қадалды.

– Ой, тәте-ау, Әбекең бұрынғы парламент басшысы ғой.

– Бұрын болған, бұрын. Бүгін шөп жинап тәлтіректеген шал ғана!

Маржан тұсынан өтіп бара жатқан әйелді құшақтай алады. Екеуі әрі кетеді.

Көбен Өскембекті оңашалайды.

– Өскембек, комиссияларың не деп шешті? Атом қалдықтарын жолатпайтын болдыңдар ма?

– Бәрін де орнына келтіреміз.

– Сонда да не тындырғандарыңды білгіміз бар. Өзіңе сенбесек, тапсырмас едік қой, -деп тақымдап жатыр.

– Әй, Көбен! Қажағанды қашан қоясың! - деп анау осқырынды.

– Ой, сығыр! Не дедім сонша?

– Той үстінде тонымды бер дегендей бүйірден қадалып тұрсың ғой.

– Елдің қамын ойлағаным ба айыбым. Радиация қазаққа опат боп тұрса, соны тоқтатар комиссияның не тындырғанын білейік дегенімді шам көремісің?

– Орынды - орынсыз қамшылай берме, Көбен!

Өскембек енді кідірмей өтіп кетеді.

Көбен не істерін білмей жалғыз тұрып қалған.

Сырттан екпіндеп Үсен келеді. Ашулы екені қатулы қабағынан білінеді. Маржан қарсы жүреді.

– Неге кешіктіңдер? Еңлік қайда?

Үсен қолын ызалана сілкеді.

– Еңлік жоқ!

Маржан баласының қолынан шап береді

– Не дедің? Неге жоқ ол? Сен... сен!..

– Ма? Перестань!

– Өзің онымен сөйлесіп пең бүгін?

– Кеше үйіне телефон соққам! Бүгін күндіз загске барамыз деп.

– Иә! Ол ше?

– Шығам деген... Тостым!

– Неге тосасың сен! Алып шықпадың ба өзің?

Маржан бұлқан-талқан. Енді ол жиналғандардан да қымсынар емес. Дауысы қаттырақ шыға бастайды.

– Ол шұнақ қарды қазір бар да, дәл осында шашынан сүйреп әкел! Ожар! Ожар!

Еңгезердей жігіт қастарына жүгіріп жетеді.

– Ожар! Бірге бар Үсенмен. Мына сүмелек қызға батылы жетпей ыбылжып тұрса, сен Еңлікті шашынан сүйреп осында жеткіз!

Мән-жайға түсінбеген, бірақ әлдененің болғанын сезіп қалған жұрт абыр-сабыр. Манағы жайбарақаттық, жарқындық жоқ. Екеу-үшеуден топталып, сырттан тон пішіп жатыр.

Іш. Бөлме. Сол мезгіл

Еңлік үйі. Сапардың таңдайына дәрісін тамызып, Балкен күйбеңдеп жүр.

Есікті сарт еткізіп ашып Үсендер кіріп келеді. Үсенді таныған еркек қолын созады. -Үсе-е-н!.. Сенбісің? Кел, жоғары шық. Үсеннен бұрын озған Ожар қолды қағып жібереді.

– Қыз қайда? Еңлік қайда деймін? Балкен Ожарды итермелеп :

– Неге қағасың қолын ауру адамның? Өкіреңдеме өйтіп... Әу, Үсенжан! - деп қалбалақтайды.

– Еңлік қайда, ма? - деп Үсен көзімен атып барады.

Балкен орамалымен көзін басады.

– Еңлік пе?.. Айрылдық қой Еңлікжаннан... Үсен қуара жақындайды. Әлденені енді ұққандай.

– Кебек пе? Сол ма? Балкеннің даусы қылғына шығады.

– Иә - ә...

– Ну падла! Сен, қатын! Көрсетем мен сендерге! Ол қаншыққа! - деп Үсен енді қайнар ашумен зіркілге басты.

Сапар басын көтереді. Ештеңеге түсінбеген күйде далбасалап сөйлейді.

– Әй, Үсен! Не дедің? Еңлік қайда?

– Ә -ә! Сен өлмеп пең әлі. Өл! Сен шал! - деп Үсен оны кеудесінен итеріп жібереді.

Қарсы ұмтылған Балкенді де Ожар екеуі бір-бір түйіп қап, құлата жығып, екеуі апыр-топыр шығып кетеді.

– Итерме! Тиме, Балкенге!... Жауы-ы-ыз!.. Еркек сұлқ қалады. Көзі аларып кеткен. Дем-тынысы білінер емес.

Балкен жаны ышқына айқай салады.

– Көкесі! Әу! Кімің барсың? Скорыйға... скорыйға телефон соғыңдаршы!.. Көкесі! Папасы, ашшы! Көзіңді...

Іш. Мейрамхана. Кеш

Дирижеры безек қаққан оркестр тамылжыта күй ойнап жатыр. Бірақ жиналғандарда жинақылық жоқ. Екі-үшеу ғана билеп жүр.

Екінші қабатқа Ожар екпіндеп жүгіріп шығады. Дабдырлап сөйлейді.

– Жоқ Еңлік! Ол қаншық қашып кетіпті!

Жұрт ұйлығыса қоршап алған.Үсен де көтеріледі.

– Қашып деймісің?

– Қашқаны қалай? Тойы емес пе?

– Кіммен қашыпты?

– Осындай бақ-дәулеттен неге безеді, ей?

– Ой, салдақы қар!

– Кімді тәлкек етеді ол қыз!

Жып-жып сөз. Гу-гу өсек. Ду-ду ашу. Бұрқ-сарқ долылық бірін бірі тоспайды.

Ожар сасқалақтап қалған, қасындағы Үсенге жапақ-жапақ қарай береді.

Өскембек жетіп келіп Ожардың қолынан жұлқып-жұлқып жібереді.

– Әй, ақмақ! Кіммен қашыпты ол... шошақай қыз? Кім алып қашқан?

– Ке-ке-бе-ек!..

– Кебек?!

Жалт бұрылған Өскембек сәл кейіндеу тұрған Көбеннің жағасына жармасады.

– Әй, Тобықтының тоқтышағы! Сен!.. Сен! Бүлдіріп келіп, бұғынып отыр ма едің! Ініңмен қашыртып жіберіп, тойымды топалаңға айналдырмақ па едің!

– Тарт қолыңды, Өскембек!

Маржан жайлап басып ортаға шығады.

– Жә! Даурықпандар!

Жағаласқан екеу момақанси қалады.

Маржан даусының қатқылдығы онша білінбейді.

– Былай болсын. Етегі түрілген қыз енді маған келін болмайды. Оған бола қапаланбаңдар.

Дауыстар жамырайды

– Дұрыс айтасың, Маржан тәте!

– Пәлесі өзімен кетсін!

– Үсенжанға қыз табылады.

Маржан қолын көтеріп, шуды тияды.

– Жә! Ол қыздың төріме шықпай, төсегімді былғамай кеткеніне қуанам. Ал кесірлі ісіне орай кесапат жасау парыз. Әскен! - деп иегін көтере саңқ ете қалады.

– Мен мұндамын, тәтей!

– Әскен! Сен бүкіл ГАИ-ды... МАИ-ды аяғынан тік тұрғыз! Садық! Бармысың? - деп екінші тұсқа бұрылады.

– Иә! Менмін! - деп мосқал еркек ентелеп жетеді.

– Омонынды, "Альфанды" тегіс жап! Қаладан да, даладан да іздемеген қуыс қалмасын. Жәркен! Радио мен телевидениеден екеуінің суретін беріп, бүкіл республикаға іздеу салғыз! Жерге кіріп, көкке ұшып кетпесе, дәл бүгін екеуін табатын болыңдар! Жаза! Жазалау қажет!

Дабырласқан дұрыс. Ду-ду өршіп ала жөнелген.

– Дұрыс! Өте дұрыс!

– Несі дұрыс? Махаббатқа бұғалық салу ма?

– Неге алып қашады біреудің қалыңдығын?

– Маржан тәтенікі жөн.

– Жөн емес!

Осы дауыстардан ес алған Көбен Маржанның қарсы алдына шығады. Белін көтеріп, мықынын таянады.

– Жаза деймісің, Маржан! Көзіңді ашып қара! Қыз теңін тапса, ұл жарын тапса - несі қылмыс! Екі жастың соңына бүкіл жұртты салғызғаның - мақтаулы демократия ба?

– Тиіспе демократияма! Маған билікті де, байлықты да сол берген, - деп Маржан қарсы атылды.

– Жо-оқ! Асқынба, Маржан, баймын, бармын деп! Мынау мылқау күйеуің "Алашойлдың" президенті болғанымен, байлық оныкі емес, бүкіл алаштікі! Ал, Алаш алдымен - Арғын! Арғыным арындап, алаш ұрандап көтерілсе, бірің түгіл, осындағы оның, жүзің ығып, сынып қаларсың. Анау Чаушескуден артық емессің. Ашынған халқы оны да бір-ақ сыққан!

Маржан да белін мықынданып, ақсия қарайды.

– Әй, Көбен! Шашпа жыныңды! Құспа қоқсығыңды! Сол ашынған халықты менің саған қарай аудара салуым оңай. Учти осыны, недоумок!

Манадан оңаша отырған Абыл ақсақал орнынан тұрып, ортаға шығып, қолындағы әдемі таяғын шошаң еткізеді.

– Оу, зиялы қауым! Сендерге қарап отырып, қатты қайран қалдым. Аттарың дардай да, заттарың қылдай екен. Арсылдап ит, арылдап қасқыр болуға бейімсіңдер. Жоқты тоқ қылып, тоқты оқ қылып атуға әбден үйренгенсіңдер. Тірліктеріңнен де, тәртіптеріңнен де түңілдім.

Жұрт ыңғайсыздана төмен қарағанда, Маржан қолын сермеп тастап, әлгі қасына келген үшеуге бұйыра сөйлей жөнеледі.

– Қауқарсыз кәрінің сөзі кім, өзі кім. Тыңдамаңдар! Қане, тез жөнеліңдер!

Абыл зірк етеді. Даусы құдай әміріндей естіледі.

– Тоқтат! Шолақ байталдың құйрығындай шолтаңдама, Маржан! Әрекемен азған ел, аярлық билеген мына бикеге ерсең, қай ісіңде қасиет бар? Ел шырқын бұзар қаттылыққа пейіл берсең, қай сөзінде мақұлдық бар, ағайын? Қадір тұтар нең қалды?

Үсен! Ер жігіт өз намысын өзі қуар болар! Өз жігерін өзі жаныр болар. Рулы ел өре түрегеліп, шұбырып жүріп еркекке қатын әпермейтін!

Үсен көгеріп алыпты. Құптағандай басын шұлғып-шұлғып қалады.

– Иә-ә! Айттыңыз. Намысымды қуам. Өзім ғана. Бірақ қайтпаған кек ше? Мына қаңтарылған жұрт ше?

Жоқ! Кек қайтады! Кебек - әрине менікі! Ассам - мойнында тұзағым кетер! Атсам -кеудесінде қорғасыным кетер!

Осыдан әрі топырлаған жұрт ешкімді тыңдамай, ығы-жығы ыдырай бастайды.

Іш. Бөлме. Түн

Таудағы Абыздың үйі. Осы үй - Еңлік пен Кебектің уақытша мекені.

Еңлік дастарқан жасап жатыр. Кәдімгідей әсем келіншек күйіне енген.

– Кебек, ас дайын, - деп сыртқа мойын бұра наздана дауыс созады.

Иығында мылтығы, қолында қармағы мен шелегі бар Кебек ішке кіреді. Жігіттің де жүзі нұр ойнатып, шаттыққа толған.

– Еңлік, білесің бе менің қанша форель ұстағанымды?

– Біреу! - деп Еңлік сықылықтай күледі. Күлкісі күй үніндей бой балқытады.

– Жоқ! Таппадың, Еңлігім, таппадың, - деп Кебек мәз.

– Онда ма, онда, - деп Еңлік дауыс, көтереді: - Кө-өп!

– Иә! Көп! Біздің бақытымыздай көп! Қуанышымыз да көп! Алдағы... - Біріне-бірі ұмтылған екеудің көздерінен шуақ шашырап барады.

Еңлік Кебекті құшақтап, кеудесіне басын төсейді.

– Ой! Сенің, Кебек, жүрегің қалай соғады! Дүрс- дүрс! Дүрс-дүрс!

– Ең-лік! Ең-лік! - дейтін болар. Дұрыстап тыңдашы.

Еңлік күледі. Сыңғырлап шаттана күледі.

– Ой, рас! Ең-лік, Ең-лік дейді. Анық айтады!..

Кебек Еңліктің иегінен сәл көтеріп, көзіне көзін қадайды.

– Өзім ше? Көзім ше, Еңлігім! Олар не деп тұр?

– Олар ма? Олар үздігіп тұр ғой!.. Үздіктірмейін онда, - деп жабыса сүйеді. Ұзақ сүйіседі.

Сырт. Тау іші. Түн

Бұралаңдаған тау жолымен жоғары өрлеген джиптің ышқынған мотор даусы ыңыранған аңдай тас жаңғырта ұзап жатыр. Рульге екі қолымен жабыса құнжиған Үсеннің қанталаған көздері алдына, секектеген прожектор жарығында дірілдеген жолға қадалып қалыпты. Қатты түйілген қабақ терең ашуды әрең жасыратын тәрізді. Дәл қазір анау қабақтар шатынаса, жымқырулы еріндер ашылса, шүңірейген көздерін ежірейтсе, аспаннан жасын атылып, жай ойнап кететін сияқты. Джип жаралы аңдай ыңырана безектеп тік өрлеп, екпіндеп барады.

Іш. Бөлме. Сол мезгіл

Алыстан жоғары ышқынған машина моторының даусы талып жүреді. Сүйісіп тұрған екеуі де секемдене қалған. Кебек жалма-жан бинокльді алып, терезеден тау жолына тесіледі.

Жоғары өршеленген джиптің сұлбасы, қарсы әйнектен Үсеннің беті көрінеді.

– Тағы да Үсен!.. - деп еріксіз дауыстап жібереді.

– Үсен бе? Қалмап педі ол? - деп Еңлік шошына сөйлейді.

– Қалмаса, бүгін біржолата қалады ол, - деп Кебек ілулі мылтығына жармасады. Еңлік жанұшыра безектейді.

– Кебек! Қан жүктемейік! Кетейікші. Көрінбейікші соған.

Бізді таппаса, өзі де кетер, - деп қолына жармасып жатыр.

Екеуі үйден шығып тау арасына сіңіп кетеді.

Сырт. Тау қойнауы. Түн

Джиптен Үсен түседі. Жан-жағына ұрлана қарайды. Қыбырсыз басып кеп терезеден ішке үңіледі.

– Ешкім жоқ. Мүмкін емес. Олар осында.

Үсен үйге кіреді. Жаюлы дастарқанды, буы бұрқыраған дайын асты көреді.

– Ну, падла! Қашасыңдар ма?! Құтылмассыңдар! Құтқармаспын.

Сыртқа атып шығады. Жан-жағына дүрбі сап қарап тұрып, жоғары өрмелеген Еңлік пен Кебекті көреді. Тау жаңғыртып қарқылдап күледі.

– Түстіңдер ме уысыма! Ха-ха-ха!

Пистолетін оқтанып соңдарынан тұра кеп қосылады. Үсенді Кебектер де көрген. Екеуі жанталаса жоғары өрмелеп, ұзап кетпек болады. Пистолет оқыс шіңк ете қалған. Жартасқа тиген оқ тау ішінде жаңғырық тірілтіп, шақылдап ала жөнеледі. Еңліктің сүрінуі көбейген. Кебек оны қолтықтап сүйреп, ілгері ұмтылуда.

– Тоқта, Кебек! Қашпа! Қатын болмасаң, қашпа! - деген Үсеннің дауысы қуып жетеді.

Дір ете кідірген Кебекті енді Еңлік ілгері сүйрейді.

– Сенбе оған! Ол ешкімді аямайды, Кебек! Мен оны білем!

Екеу тоқтамайды. Қашқын - қуғын тірлік жан беріп, жан алғандай тыйылар емес. Пистолет шәңкілі ауық-ауық тау ішін жаңғыртып, дүрсілдеген жүрек, алқынған өкпені одан сайын өршітеді.

Үсенді ашулы ыза буған:

– Бәрібір құтылмайсың, Кебек! Сенің ажалың тап менен бүгін! Менен!

Қашқындар асудан асып түссе, жете алмасын сезген Үсен енді төтелей тартып, қашқан екеудің алдынан орамақшы болады. Бірақ Үсен ұмтылған төте жол - тік жарлы, қия шатқалды қатерлі жол еді. Есірік ашу билеген Үсенді ол қауіп тоқтатар емес. Ештеңені елетер де емес.

– Әу, Кебек! Еңлік! Бәрібір құтылмайсыңдар! Құтқармаспын!

– Азуды егеген сайын бетіне ызғар шапшиды..

Арасы екі-үш метрдей тік шыңыраудың арғы бетіне ашулы Үсен тоқтамастан екпіндей секіреді. Кеудесімен ернеудің шетіне тіреле құлайды. Қолымен жабысар, тірек етер ештеңе таппай, аяқтарын әлдебір тасқа тіреп, жан далбаса әрекет етіп жатыр. Кенет... аяғы тіреліп тұрған тас босап кетіп... Үсен төменге... шыңырауға құлдилай жөнеледі. Ащы дауыс тау мен тасты жаңғыртып Кебек пен Еңлікті жалт-жалт қаратады.

Шыңғырған Еңлік Кебекті құшақтай алып, бетін жігіттің төсіне көміп жібереді.

Сырт. Кеңсай. Күндіз

Кеңсайдағы зират басы қарақұрым халықтан көрінбейді.

Бұл - Үсенді жерлеуге қатысқан қаралы һәм салтанатты жиын. Тақтайдан жасап, кілемдер төсеп тастаған кішігірім сахнадай биік сәкідегі министрлер, депутаттар, акционерлік қоғамдардың президенттері "орны толмас қазаның", "қайта оралмас абзал асыл азаматтың" бүге-шігесін қазбалап, марапаттап жатыр.

Басына қара салып, үстіне қара жапсырған Маржан бір кез анандай жерде тұрған Ожарды қолын бұлғап қасына шақырып алады.

– Жай ма, Маржан тәте?

– Бері! Құлағыңды тос! - деп Маржан әлгіге иек қағады.

Елеңдеген "мықтыларға" әйел ежірейе қарайды. Әлгілер бірден жым боп, әрірек шегініп тұрады.

– Кебек сұмның басын кесіп әкеп, қолыма ұстат! Қолыма! - деп сыбырлап жатыр. -Төбеңнен алтын құям! Естідің бе?

Милициядан сен бұрын тап. Олар тапса, ол тірі қалады! Тірі!

– Иә, Маржан тәте! - деп Ожар бас изеді.

– Естісең, болды. Тез орында. Басқа жан білмесін!

Ожар үнсіз бас изеп, жылыстап кетеді.

Сырт. Зираттың екінші тұсы. Сол мезгіл

Дәл осы зираттың төмендегі елеусіздеу тұсында жұпыны киінген селдір топтың ортасында қара жамылған Балкен - Еңліктің шешесі селкілдеп жылап тұр. Бұлар - Сапар ағаны ақырғы сапарына аттандырғалы келген көрші, қоландары.

– Топырақ салыңдар! Топырақ!

Осы дауыс естілгенде Балкен селк етіп, дауыс салады.

– Оу, жұртым-ау! Жоқтаусыз кетті ғой қайран арысым! Тым болмаса жалғызынан, қызынан топырақ та бұйырмады-ау, байғұсқа!

– Оу, Балкен олай деме! Қой, қарағым! - деп біреуі басу айтады.

– Мәйітке обал жасама. Көз жасы ауыр тиеді. Мықты бол! Берік бол, Балкен! - деп екінші адам нығызданды.

– Сұңқадам, көкесіне топырақ та сала алмады-ау, айи! Оу, жұртым-ау, қызымды тауып берсеңдерші!.. Еңлігім қайда ойбай, Еңлігім!

Сырт. Зират басы. Сол мезгіл

Осы екі қаралы топтың екі ортасында оқшау тұрған Абыл ақсақалдың еріндері үнсіз қыбырлап кеткен. Дұға оқып тұр ма, дүниенің опасыздығына кінә артып тұр ма, әлде қаралы жиынның да бәсекелес реңкінен жеріді ме, күбірлеген үні естілмейді. Күңгірт көздердің жылты өлусіреп екі топқа кезек қадалады.

Сырт. Көше. Кеш

Қала шеті. Аласа, екі қабат үйлердің түбіндегі телефон-автоматта Кебек әлдекіммен сөйлесіп тұр. Будканың ішінде Еңлік бүрісіп отыр. Кебек даусы өзгеріп:

– Қашан?! Үш күн бұрын ба?.. Біз... біз. Осында... Қасымда... Иә! Барамыз. -Трубканы іледі. Еңлік иегін көтеріп, Кебектің бетіне қарайды. - Папам ба?! Рас па?! Кебек күрсініп, бас изейді. Еңлік еңіреп жылайды... Егіліп жылайды.

Сырт. Қала. Түн

Түнгі көшені жалғыз жарығымен селкілдей тескілеп "Ямаха" құйындай ұшып келеді. Сәлден соң мотоцикл Еңлік үйінің алдына келіп тоқтайды.

Үй сыртында, қараңғы көшенің қалтарысында тұрған джипте Ожар мен тағы біреу отыр.

– Келді! - дейді қасындағысы.

– Көрдім - деді Ожар.

Еңлік пен Кебек бірін-бірі құшақтап, қоштасып жатыр.

Ожардың қасындағы адам оптикалық нысанасы бар винчестерін кезене береді.

– Тоқтай тұр, Ерғали! - деп Ожар шынтағымен серігін түйіп жібереді. - Шу шығарып қайтеміз. Анау күшік неме қаншығымен қоштасады да, қазір лашығына қайтады. Біз оны соңынан қалмай қаладан шыға бергенде-ақ тарс еткізіп, доптай ұшырамыз.

Ерғали мәз. Шапалағын шарт еткізеді:

– Басын... басын маған кескіз! Иә, Ожар!

– Екіленбе! Тыныш отыр!

Еңлік артына тағы бір бұрылып қарап, қолын бұлғап қап есікке кіріп кетеді.

Сырт. Тас жол. Түн

"Ямаха" қала сыртындағы трассамен қараңғы түннің кеудесін прожекторымен үңги тесіп, тағы да зымырап келеді. Соңында өршелене гүрілдеген джип. Түнгі тынық ауаны оқыс сілкіп қап, мылтық даусы сақылдай саңқ еткен. Кебек оң жақ иығының отқа қарығандай тыз етіп қатты ауырғанын сезген еді. Қолындағы рульді босатып ала жаздап, шақ түзеледі. Аууын шықырлата қайрайды.

– Атасың ғой аң құсатып! Көрейік онда!

Трассадан бұрыла шығып, рульге еңкейе түсіп, дала жолымен жүйткіте жөнеледі. Джип те қара жолдың шаңын бұрқыратып, барынша ағындап келеді. Саңқ-саңқ етіп оқ бүріккен винчестер даусы түнгі далада тынар емес. Кейде өрге тік шапшып, бес-алты метрге бір-ақ секірген "Ямаха" құтылып кеткендей көрінгенімен, джип соңынан қалар емес. Бірде төмен құлдилап, бірде өрге өршелене ұмтылып, бірде кілт бұрылыстар жасап мотоцикл мен машина бір жақындап, бір алыстап, бір қалыңқырап, бір тақымдап, қашқын-қуғынның небір түрлерін жасап келеді. Әне, алдан теміржол айырығы, жабық шлагбаум көрінеді. Жақындап қалған жүйрік жолаушы поезы енді Мотоциклдың алдын қиып өтуге таяу. Кебек газды барынша дарылдата беріп, "Ямахасын" шапшыта секіртіп, шлагбаумнан да, теміржолдан да тепловоздың дәл тұмсығын жанамалай қарғытып өтеді. Көзі бақырайып кеткен жол қараушы әйел қолындағы сары жалаушасымен маңдайын, кеудесін ұрғыштап, асығыс шоқынып жатыр. Тормозын ойбайлата, дөңгелектерінен от шашырата әупірімдеп тоқтаған джип поездың арғы жағында қала береді.

Іш. Мәжіліс залы. Күндіз

Мәжілістің кезекті отырысы өтіп жатыр.

Төраға сөйлеп отыр:

– Шыңғыстау, Орда, Хан, Дегелең, Ащысу, Маңғыстау тағы басқа жерлерді радиоактивті қалдықтарды көму үшін беру жөніндегі комиссия бастығының қорытындысын тыңдадық. Бәрі түсінікті болды. Дауды көп соза бермей осымен доғаруға да болатын шығар.

Орта тұстан бір депутат мақұлдайды.

– Тоқтатқан жөн. Әйтпесе анау Маржан тобы мен Көбен тобының қызу таласы, бір-біріне деген қыжылы халықтық мүддені көкпарға тартқан лақтай етті.

Көбен алдындағы микрофонды ызалана қосады.

– Төраға мырза! Сіз комиссия бастығының тұжырымына бас шұлғи бермей, істің байыбына жетіп, мәселенің төркінін ажыратыңыз. Саудаға түсіп тұрған қазақ халқының тағдыры, сағат санап радиацияның зардабынан өшіп, құрып бара жатқан бейкүнә жұртыңның мүшкіл халі. Бір өзі Хиросимаға тастаған атом бомбасының он мыңына татитын Семей полигоны мен Байқоңыр космодромының зілзаласының зардабы ұрпақтан ұрпаққа кетті.

Дауыстар тұс-тұстан жамырады:

– Нағыз шындық!

– Қазаққа, халыққа ешкімнің жаны ашымайды!

– Халық құрып кетеді!

– Жетеді үндемей келгеніміз.

Көбен қолын көтеріп, шуды тоқтатады.

– Төраға мырза, елдің тоқсан процентін қан ауруы, рак ауруы меңдегенін неге көрмеген боламыз? Ұлтымыздың он бес проценті биологиялық ауытқумен кемтар, құбыжық боп туатынын неге жасырамыз? Әлгі аталған жерлерге атом қалдығын көмдірсек, бүгінгі тәжірибе жасау үшін құрбандыққа шалынған қазағың күні ертең тарихтан көшеді! Өшеді! Төраға мырза, сонсоң анау ата-бабаң қанын суылдатып төгіп қорғаған, терін сарылдатып құйып құлпыртқан Алып Далаңа жуа ек! Жо-оқ! Жуа да еге алмайсың? Өйткені мен де, сен де тірі қалмаймыз. Казақ атаулыдан иіс қалмаған қасиетті Атамекенге орыс пен шүршіт лап қояды. Бірі қырыңа құйылады, бірі Сырыңа шұбырады. Әне, комиссия тұжырымының келешектегі түйіні! Әне, Өскембек мырзаның халқына нұсқаған жолы! Қайдағы жолы? Көрі!

Дауыстар ілесе естілді.

– Өте дұрыс!

– Байқоңыр да, полигондар да, атом қалдықтары да, халыққа төнген зауал!

– Тоқтату керек жер беруді! Маржан трубкаға аузын төсейді. Ерсілеу күледі.

Депутаттар сап тыйылады.

– Демагогия! Де-ма-го-гия! Көбен мырза, сен қашаннан халық қамын жегіш едің. Халық қамын ойласаң, өзің туған облыстағы нан зауытын, май зауытын, үй құрылысы комбинатын, құс фабрикасын су арзанға ініңе алып бермес едің.

Екінші топтың дауыстары күшейеді.

– Су арзаныңыз не, Маржан тәте! Су тегін!

– Босқа әперген!

– Депутаттық лауазымын саудалаған.

– Облыстағы әкім - бірге оқыған досы! Маржан даусын қырнайды.

– Оу, қойсаңдаршы шуылдамай! Мен бәрін де білемін. Ал, Көбен, әділетшіл болсаң туған ініңнің қолындағы жұмысы құлдыраған нан зауытын, үй комбинатын халықтың өз меншігіне неге қайтармайсың демейін, "Қазақмысты" ғана қаншаға сатқаныңды... сатуға көмектескеніңді... Анау Ақжал, Ақшатаудағы кен орнын... жерді кәрістерге неге сатқызғандарыңды қазір бізге түсіндіріп берші!..

Маржан тобының көмейінен мазақ күлкі төгіледі. Маржан тағы да тиып тастайды.

– Жә! Бұл күлетін жер емес. Талқылап отырғанымыз күлетін мәселе емес.

Төраға мырза! Сіз Өскембекке тұжырымдамасына түсініктеме бергізбедіңіз. Мен мына оппоненттерінің пікіріне уәж айтуын талап етем.

Тағы да дүңк-дүңк шу өршіді:

– Сөйлесін Өскембек!

– Айтсын уәжін!

– Көбен босқа ісінбесін!

– Білеміз ғой керіауыз Өскембегіңді! Сағыз шайнағандай жағын қиқаңдатып, ол қиырдан бұл қиырға ойқастар!

– Белгілі бекбике ол. Не деп уәж айтар. Халқы ертең емес, тап бүгін қырылса да, ол мыңқ етпейді. Ұпайы мол оның!

Маржан тағы ыңыранды.

– Ау, жігіттер! Мырзалар! Бөрік кигендер! Әлде бастарыңа орамал тартқыларың келе ме? Базардағы пісте сатқан әйелдер де сендердей шулықпас. Сөзге төре берсендерші. Сөйле, Өскембек!

Дауыстар әлсіз жамырады.

– Бұ не? Мәжіліс төрағасы Маржан ба? Неге билеп-төстейді?

– Төрағаң әлден ығып қалыпты. Ыңғайына жығыла береді.

– Жығылады ол. Әнеугүні Кебекті түрмеде шірітем деп кіжінгенін өз құлағыммен естігем.

– Бүгінгі айқай-шуы тегін емес - есе қайтару, кек қуудың әрекеті.

Маржан дауыс көтерді.

– Төраға мырза! Біз қайда отырмыз? Мәжіліс залында ма? Жоқ әлде базарда ма? Ауыздан шыққан сөздің өңін айналдыруды қашан қоямыз? Кез келген пікірден пәле іздесек, депутаттығымыздың қасиеті қанша? Неге тыймайсыз бассыздықты?

Төраға басын изейді.

– Ескертемін, депутат мырзалар... и бикелер! Тұс-тұстан жамырасаңдар - сөйлеу хұқығынан айырам. Учтите осыны. Өсеке... ә-ә... Әбділданов Өскембек, түсініктемеңізді жасаңыз.

Өскембек орынан да тұрмайды.

– Мінберге шығайын ба, осында-ақ айта берейін бе?

– Орныңыздан айта беріңіз.

– Мырзалар! Сонсоң сен, Көбен! Менің сенде ұзында өшім, қысқада кегім жоғын білесің.

– Қалай құбылады! Өшің де, кегің де жеткілікті сенің! Бүркеме!

– Ел тағдыры Көбен, - ойыншық емес. Ол рас. Бірақ он мың, жүз мың адам - тұтас ел де емес. Аз ауыл Тобықтыңның жай-жапсарымен өлшеме! Өз туырлығың астындағы есеп-қисабыңды мынау киелі шаңыраққа әкеліп салма, Көбен!

Сен халқым рак пен анемиядан қырылып барады дедің. Ал мен сол халқым рак пен анемиядан қырылмасын деймін. Ол үшін ем-дом жасау қажет. Қаржы-қаражат керек. Мынадай қиын кезеңде басы артық тиын-тебенді қайдан таппақсың, Көбен? Таба алсаң, көрсетші соны маған. Көрсете алмайсың. Ендеше қаражатты іздеу керек. Табу керек!

Сембай атып тұрады.

– Сондағы сенің тапқан қаржың жерімізге атом қалдықтарын көмдіру ме? Халқыңды сол бұрынғысынан да жаман сынақ обьектісі етіп қалдыру ма?

– Ау, енді сен киліктің бе, Сембай? Екеулеп-үшеулеп қуып, бүйірлеп қосылып, мені оп-оңай умаждайық дейсіңдер-ау!..Сен министрсің ғой, Сембай, білсең айтшы. Совет заманында Қазақстанда қаншама ядролық қару сынақтан өтті? Қанша тонна уран рудалары алынды? һәм қалай, қайтып алынды? Ашылып-шашылып, тесіліп-тасылып алынды. Радио-изот қолданылатын қаншама энергетикалық өндіріс орны болды?

– Оныңмен не айтпақсың, Өскенбек?

– Айтарым - олар адам денсаулығына ғана емес, дүйім жан-жануарға, мынау бізді қоршаған аялы табиғатқа тегіс зиянды. Ал, атомдық реакторларды, жабдықтарды тексерген біреу бар ма? Байқоңырдың, полигондардың адамзатқа келтірген зиянын сараптап, соны ел-жұртқа айтқан біреу бар ма?

Маржан өзінің байсалды һәм зілді даусымен нығарлата бекітті.

– Жоқ! Ешкім айтпаған. Әдейі айтқызбаған.

Көбен Маржанға шұқшияды.

– Иә, Маржан, айтқызбаған. Ал бүгін тәуелсіздік тізгінін ұстаған біз неге айтпаймыз! Радиация қаупін, зардабын шектейтін, реттеп отыратын "Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы" заңды қабылдап, нормативтік құжаттарды неге дайындамаймыз? Осыған жауап берші, Маржан?

Маржан тісін ақсита күлген болады.

– Көбен, сол мәселені талқылап отырған жоқпыз ба... Мен емес, мәжіліс шешетін заңды маған неге тірейсің? Комиссия бастығының түсініктемесіне үзіп-жұлқыламай зер сал, Көбен!

Өскембек Маржанға бас изейді.

– Елу жылға жуық жер асты, жер үсті һәм аспанда жарылған атом, сутек бомбаларының зардабы бір күнде тыйыла қалмайды. Ол ондаған жылдарға созылады. Шыңғыстауды, Дегеленді, Маңғыстауды атом қалдығын көмуге берме, бәрібір топырақ йен суға сіңген, ауаға жайылған радиация бүлігі өз әрекетін тоқтатпайды. Сонда не істеу керек? Ауру халқыңды емдеу керек! Дерт меңдеген ұлтыңа шипа жасау керек! Әлгі жерлерді беруден отыз жылда алатын қырық миллиард долларды дәрі-дәрмекке жұмсасақ, ем-домға жаратсақ, ауру қазағың сауығып кетеді деп қорқамысың, Көбен! Қаны ағарған Арғын-найманың етейіп кетеді деп үрейленемісің, Сембай!

Сембай шошаң еткен.

– Тосқауылдың тар кезеңінен ұстадым деймісің, Өскенбек! Сонда бір қолыңмен аузы-мұрнынан сірнелеп у құйып, бір қолыңмен таңдайына дәрі тамызып, қазағымды құтқарып қалам деуің қай сандырағың? Бір қолыңмен тозақ отына жалаңаш қақтаған Әлімұлың мен Жетіруыңа екінші қолыңмен су тамшылатып жәдігөйленгенің қалай?

Өскембек ызалана мырс етті.

– Ой, сен, Сембай, даудың қарасын көбейтсем ұтам дейсің- ау. Арғын, Найман десем, жек көргеннен айтам ба. Мынау Маржан тәтемнің шешесі – Арғын емес пе. Менің әкем бір, шешем бөлек болса да, мен Маржан тәтемді қашан жек көрдім. Атом қалдықтарын көмуге рұқсат берейік десем, күрмеуге келмес қысқа жіпті ұзартам ба деген далбасам. Қышытпа тілімді! Арысымды өлтірген шарпуыңды ерден асырып, елге тигізбекпісің әлде. Кемтар, дімкәс, дертті, кеселді халқыңа шипа бергізбей, ем-дом енгізбей, кесір жасамақ ниетің - жаулық емей немене!

Көбен кнопканы басады.

– Оу, Өскенбек, ақыры түпкі ойынды айтып тындың. Сенің ел қамы деген есебің -Үсен екенін мен білмей ме екем? Көзім жасты, көкірегім зарлы десең де көмейіңе өксік тығылмай, асатулы қомақты май жүгіргенін қалай сезбейін. Әрине, дауың орайсыз емес, бірақ даудың орны бұл ара емес.

Маржан орынан тұрады. Баппен Көбенге бұрылады.

– Көбен мырза! Бері қарашы! Көрдің бе? Көресің бе?

Көбен күлген болады.

– Әу, Маржан, сені отыз жыл бұрын көру керек еді. Ендігі түрің жүрек шошытады. Жүрек!

– Жоқ! Сен өйтіп жайдақтатпа. Өктемдігің асқан соң, сен, Көбен, сен, Сембай, анау Сеңгірбай ағаларың менің жүрегімде қазылған көрді көрмейсіңдер! Дауымды жасытпаңдар! Үсен десем, есем кеткенін айтқаным-ақ болсын. Ал, айттым бүкпесіз! Бастым ашуға! Даудың орны бұл емес дедің. Сеніңше жүректегі жарам бұл арада бітеліп, басқа жерде сыздауы қажет пе?

Жоқ! Мен - анамын! Іздерім де, жоқтарым да - ұлым! Қарап ал, маған Көбен! Танып ал мені, Сембай! Алдында тұрған жаралы жолбарыс - менмін! Азуым өңешіңде, тырнағым өңменіңде кетер!

Іш. Холл. Сол мезгіл

Парламент үйінің холы. Бір топ радио, телевидение, газет корреспонденттері Көбеннен интервью алып тұр.

1 корр. - Сіз өткен жолы "Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы заң" сөзсіз қабылданады деп едіңіз. Бүгін неге қабылданбады ол?

2 корр. - Нормативтік құжаттарды да ұсынамыз дегенсіз.

Көбен бас изейді.

– Иә! Айтқаным рас. Бірақ бүгінгі мынау шуылдақ демократия кезінде қай ұсыныстың бірден мақұлданғанын көріп едіңдер?

– Иә! Көрген емеспіз!

– Рас! Дау - дамайсыз қабылданбайды бір де бірі.

– Сөйту - жазылмаған заңға айналды ғой.

Көбен енді асыға сөйлеп кетеді.

– Соның көбінде ел мүддесі емес, есеп мүддесі алға шығып тұр. Көптің тілі, халықтың үні - депутаттар десек, сол ел өкілдерінің көмейінен төгілер сөздің төркіні мүлде бөлек. Көмейінен өтетін сый-сияпаттың жөн-жосығы мүлде басқа. Айтары - ел қамы дейтін жадағай популизм. Астары - көмескі емексітпе, тақыс тәсіл. Өскембектікі де сол. Ауру елді емдейік, кеселді елді сауықтырайық дегенде, "Азаматым-ай!" деп бас шұлғығың бар. Бірақ... Сонау Маңғыстау, анау Шыңғыстауды қалдық көмуге беруден түсер миллиардтаған доллардың ең болмаса мыңнан бірі ауру елдің ем-домына жұмсалмайтынын мен де, сендер де жақсы білесіңдер. Ал сонда Өскембектікі қай құбылу? Қай безілдеу?

– Иә! Соны айтыңызшы!

– Ашып беріңізші бет пердесін!

– Сіз де бұлтартып кетесіз қазір, Көбеке!

Көбен бас шайқайды.

– Несіне бұлтартайын. Әлгінде көмекейден төгілер сөз бен көмейге тығылар сыбағаның ұқсамайтынын айттым. Мәселенің ең қитұрқысы да осында. Елінің ұлы емес, құлқынын доллар тескен өңештің құлы көбейген. Жаңағы сауалдарыңа жауабымның төркіні осылай деп ұғыңдар. Швейцарияның құлпы мен құпиясы берік сақталатын банкіне арнайы аударылған миллиондаған доллар әрі сайратады, әрі жайратады.

– Сонда Өскенбек мырза мұртын майлаған ба?

– Дәлеліңіз бар ма, Көбен аға?

– Бұнысы өңешке тыққан пара емес, халыққа дайындаған мола ғой. Мола!

Көбен енді үн-түнсіз басын сәл бір жағына бұрып, жылжып кетіп барады.

Іш. Зал бөлмесі. Кеш

Маржанның үш қабатты коттеджі. Залда Маржан жалғыз отыр. Телефон шылдырлайды. Маржан трубканы көтереді.

– Алло! Сенбісің, Көбен?

Енді Көбен көрінеді.

– Иә! Менмін. Қалай, Маржан? Мөңки бересің бе әлі де?

– Жоқ! Мөңкіген сен, Көбен! Сен ғана. Әйелше салғыластың. Бақырып батыр болмайтынын ескер.

– Ал мен батырып жібергенімді білем. Ерегіссең, Маржан, одан зорғыға да барам. Ерегістірме босқа.

– Пәле! Сонда сен бе, Көбен, менен асып түсетін!

– Иә! Мен! Асып та түсем! Алып та түсем, Маржан.

– Аса алмайсың. Асырмас асуың - Кебек! Кебек інің! Менің құныкерім!

Енді телефонға басқа бір дауыс ыңырана қосылады.

Маржан: Бұл кім...Сеңгірба-ай! Сеңгірбай аға, сіз бе?

– Құныкерім дедің бе Кебекті... Маржан?

– Иә...Ұлымның...Үсенімнің қаны бар мойнында. Жасырмаймын қанға қан деуімді!

– Қан жұтам деймісің? Өкінбеймісің, Маржан?

– Жоқ, Сеңгірбай аға! Өкінбеймін. Сіз де ұғынатын жеріңізді, ұтатын тұсыңызды біліңіз!

– Бауырымды отқа қақтамақсың, ә!..

– Бауырдан да тәуір бар, Сеңгірбай аға! Соны ескеріңіз! Сіздерге "Алашойлдың" шетелдегі орны керек пе? Керек! Неге үндемей қалдыңыз?

– Ал керек дейін... Маржа-ан...

– Онда сіз маған Кебектің қайда тығылғанын айтасыз. Мен сізге әлгі орынды ұстатам!

– Сонда да... Алқымға қанжар қададың-ау!...

– Болды! Басқа сөзім жоқ! - трубканы тастап жібереді.

Мына жақтан, үнсіз кіріп бәрін тыңдап тұрған Өскенбек жұлқына аттайды.

– Оу, Маржан! Есіңнен адасқаннан саумысың?! Ойбай-ау! Жіліктің майлы басын берем дегенің қалай? Ата жауға!

Маржан інісіне ернін шүйіреді.

– Жап аузыңды! Жалғыз ұлдан айрылсаң, кегі қайтпаса, сенің қалай сайрағаныңды көрер ем!

– Ой, тәтесі-ау, біз Кебекті Сеңгірбайсыз-ақ ұстаймыз.

– Сен бе сөйтетін? Айтшы онда қайда жүргенін? Көрсетші маған тығылған жерін!

– Мен... мен киллер жалдағам...

– Жарайды. Оның да қажет. Бірақ менікі де бекершілік емес. Қайда жасырынғанын білсек ол қанішердің, милиция силициясыз-ақ, бітіре саламыз. Ал анау заң орны араласты дегенше, газеттер шуылдап, радио-телевизорлар дүрілдетіп ала жөнеледі. Әу, Өскенбек, сен мені әлі де білмейді екенсің. Біз Сеңгірбайға "Алашойлдағы" орынды оп-оңай бере салады деп пең. Жоқ! Бос уәде беру бар да, соны орындаудың түкке қажеті жоқтығы және бар.

Күтуші келіншек жылжымалы столмен арақ-шарап, тағам әкеледі. Маржан иегін көтереді.

– Бара бер! Ваннаны дайындат! Құйсаңшы, Өскенбек!

– Ә -ә,.. қайыссын? Коньяк қана ішетініңді ұмытып...

– Шай! Шайды құй!

Іш. Бөлме. Кеш

Тау арасындағы Абыл ақсақалдың үйі. Әлгінде ғана келген Еңлік Абылға мұң шағуда.

– Таппадым. Сіз білер ме деп? Түс көрдім. Кебек менен теріс айналады.

– Кебектің неге қашып жүргенін түсінбедім, қызым. Адам өлтірген жоқ. Қылмыс жасаған жоқ .

Еңліктің көзі кең ашылып барады:

– Сіз, ата- ау, шынымен Маржан мен Өскенбектің кім екенін білмейсіз бе? Олар... олар Кебекті сотсыз-ақ, өз беттерінше өлтіре салмақ. Ал Кебек... тосқауылға кез болған шарасыз аңдай тығылар қуыс таппай, безіп жүр.

Еңлік бетін басып, еңіреп жылап жібереді.

Сырт. Көше. Күндіз

Парламент үйінің алдындағы шыршаның көлеңкесінде Абыл ақсақал тұр. Өткен-кеткендер тегіс бас изеп, иіле сәлемдесіп өтіп жатыр.

Абыл қатты абыржулы. Қалта сағатын шығарып, уақыт мөлшерлейді.

Әне, есіктен Көбен көрінді. Қара түсті "Вольво" зыр етіп қарсы ұмтылып, биік тепкішектің алдына тоқтай қалған.

Абыл қарсы жүреді. Көбен де ақсақалды танып қап, амалсыз машина есігінің тұтқасын ұстаған күйі тосып тұр.

– Ассалаумағалейкум, Әбеке!

– Бар бол, бар болғыр, Көбен. Көп күттірдің.

– Е-е, жай ма? - Көбен асыққанын сездіре тықыршиды.

Оны сезбес Әбекең бе:

– Асықпа, Көбен! - Іште отырған Сембайды көреді.

– Әй, Сембай! Амандық-саулығың сатулы ма еді, сенің.

– Ә-ә, Әбеке! Байқамай.

– Жә! Сендер бүгін байқаудан кетіп біттіңдер ғой. Әйтпесе анау Кебек інілеріңнің жазықсыздан жазықсыз тау тағысындай дала кезіп кеткенін көрер едіңдер-ау.

Көбен тыжырынады.

– Әбеке, сондай сөздің не керегі бар. Іздегеніңіз мен болсам, айтсаңызшы айтарыңызды.

– Сызданасың, ә, шырақ! Сені іздегенмен, шаруам сенде емес. Сен оны шешпессің, шиелерсің. Маған Сеңгірбай ағаларың керек!

– Өзімен неге хабарласпайсыз онда?

– Әй, Көбен! Ұстатып тұр ма, тапқызып тұр ма ол ағаң. Телефоны да, үйі де жауап бермей, діңкемді құртты ғой.

– Оған, ағаға не демексіз?

– Не деуші ем.., Кебекке араша түс. Арандатпа жалынды жасты. Арзытпа адал ғұмырын. Бекер қиналтпа! Өксітпе өмірін. Өкпеге қисаң да, өлімге қима бауырыңды демекпін.

– Білмеймін.Уәде бере алмаймын. Ағаны мазалау... Бәріміздің жағамызды қинау... О-о! Жо-оқ!

– Әй, Көбен! Ініңді індетіп, соңына жендетін салып қойған Маржандардан да сен қияс болдың ғой... Онда мен... мен сол Маржандарға барам.

– Әй, Әбеке-ай! Қинадың-ау! Онда Кебек бала мына телефонмен... өзі хабарлассын... Өзі ғана!

Төрт бүктеген қағазды алып жатып, Абыл:

– Бұның қай телефон? - дейді.

– Ағаныкі! Сеңгірбай ағамыздікі... Ал, сау болыңыз.

Машинаға отырып, шалдың дәл мұрнының ұшына тигізер-тигізбестен есікті сарт жабады.

– Трогай! - дейді шоферға.

Көбен Сембайға қарайды.

– Сен неге бұртиып отырсың, ей Сембай?! Сен де бүлінгенбісің бауырым деп. Кебекке қимаң қыши ма?

– Қышыса ше, Көбен? Туған інім ғой ол! - Сембай тесіле қарайды.

– Сонда "Алашойлдан" күдер үзгеніміз бе? Әй, Сембай! Нағыз кембайсың-ау сен осы!.. Әріден ойлау жоқ қой сенде. Түптен қопару қайда саған! Қағыл онда ауыздағы нәріңнен!

Сембай әрі-сәрі күйде жапақ-жапақ қарай қалған.

Сырт. Дала. Бесін

Қырдағы жылқышы ауылы. Желіде бес-алты құлын байлаулы. Аулақтау жерде ағаштан қоршаған атқора-шарбақ.

Жалғыз атты жолаушы осы ауылға бет түзеп келеді. Күрең жорғаның үстіндегі адам -әйел. Келесі төбенің қайқаңында қолындағы дүрбісімен әйелдің соңынан қарап тұрған Ожар көрінеді. Еңлікті таниды.

– Молодец, Еңлік! Кебек бүгін тұтылады! Үстінен түсірдің, Еңлікжан!

Іш. Киіз үй. Кеш

Киіз үйде Еңлік пен Кебек. Екеуі сағынышын бөлісе алмай отыр.

– Таптым-ау! Қанша іздегенімді білсең, Кебек!

– Бекер келдің-ау, Еңлігім!..

– Неге, бекер?..

– Білмеймін... Сезіктенем. Аңдығыш, іздегіш көз көп... Көрді ғой сені де...

Еңлік Кебекті құшақтайды.

– Күдікшіл боп кеткенсің. Енді бәрі түзеледі. Мен саған... сені іздегенде ағаңның... Сеңгірбай ағаның...

– Сәкемнің... Сеңгірбайдың ба?

– Иә, Сол ағаның сәлемін әкелдім! Өзі іздетіп жатыр.

– Рас па?!

– Рас! Кебек, сол ағаң саған телефон соғып, өзімен сөйлессін депті.

– Кімге айтыпты!

– Абыл атама! Сөйлессін. Менімен кездессін. Құтқарам депті.

– Абыл атам...Әбекем!.. Әбекем ғой Сен ағамды иліктірген... Әйтпесе...

– Немене, әйтпесе, Кебек?

– Әй, бәрібір, Үсеннің өліміне тікелей болмасам да кінәлімін ғой. Сені де қиналттым.

– Олай деме, Кебек! Екеуміздің тағдырымыз бір жіппен шырмалды. Енді жанымыз шығарда да бір болады.

– Еңлігім! Ақылдым! Жан серігім!

Іш. Үй іші. Түн

Түн ортасы. Әлдебір дыбыстан секемденген Кебек басын көтереді. Тың тыңдайды. Ұйықтап жатқан Еңлікке сүйсіне қарап отырады да, орнынан қыбырсыз тұрып, сыртқа шығып кетеді.

Сырт. Дала. Сол мезгіл

Осқырынған аттардың дыбысынан секемденіп атқораға қарай беттейді. Сақтана қаранып атқора- шарбақтың есігін ашады. Кіреді. Кенет әлдекім ту сыртынан шап береді. Қаратэде үйренген әдісімен әлгіні еңкейе беріп, шалт қимылдап ұшырып жібереді. Атып тұрып қарсы ұмтылған Ожарды таниды.

– Ожар!

– Иә! Менмін! Басыңды алуға келдім, басыңды! - Қарқ-қарқ күліп тап береді.

Жан беріп жан алысқан қызу айқас басталады. Сарт-сұрт соғылған жұдырықта есеп жоқ. Кезек жығылып тұрып, екеуі өліспей беріспек емес.

Бірде Ожар әндемділеу болса, енді бірде Кебек үстем түседі.

Атқора-шарбақтағы аттар бас жібін үзіп, үркіп осқыра-пысқыра әбігер боп қалған. Үйден шошып оянған Еңлік жүгіріп шығып, Ожар мен Кебектің жанталасқан айқасын көріп, шыңғыра айғайлайды.

– Кім бар-ау! Қайдасыңдар! Көмектесіңдер! Келіңдер!

Екеудің арпалысы бітер емес. Үріккен, шапшыған аттар шарбақтан секіріп өтердей әлек. Әне, Кебек Ожарды шиыра лақтырып жібереді. Жалп етіп құлаған адамнан үріккен төбел қасқа айғыр қосаяқтап қара құстан теуіп жібереді. Ожар сеспей қатады.

Тәлтіректеген Кебек шарбақтан шығып қолтығынан ұстаған Еңлікке сүйенеді. Ысылдап демалады.

– Тағы да өлім! Мен өлтірмесем де, қанын маған жүктейді. - Ауыр күрсінеді. -Келмесе ғой. Ожар өлмес еді.

– Сен... сен өлтірген жоқсың... Теуіп өлтірген жылқы!.. Айғыр! Сен қорғандың, - деп Еңлік еңіреп тұр.

– Кеттік!..

– Қайда?...

– Поштаға. Сәкеммен сөйлесуім керек.

"Ямаха" қарңғыға сүңгіп, прожектормен меңіреу түнді үңгіп барады. Меңіреу түн аласұра жанұшырған екеуді жауып, қымтап барады.

Іш. Почта үйі. Түн

Будкада Кебек трубкамен сөйлесіп тұр.

– Аға! Сенаға! Иә! Өзіммін...Рас...Қателік болды. Бекер қаштым ба? Баласының өлгенін менен көрді ғой... Енді міне тағы біреу қаза болды... Киллер... Ожар деген... Иә! Ол да өлді... Мен емес, аға! Ат теуіп!..Имандай шыным... Солай болды ғой. Амал жоқ... Әбден шаршадым.-.Кездесейік деймісіз?.. Оңаша ма?.. Жарайды, аға. Қай жерде?. Иә! Естідім!.. Келем, аға! Кешікпеймін. - Трубканы қояды.

Еңлік қарсы ұмтылады.

– Не?! Көмектесем деді ме?

– Кездесетін болдық. Оңаша. Көмектеседі, Еңлік. Сеңгірбай ағам бүкіл елдің ағасындай ғой.

Іш. Бөлме. Түн

Таудағы Абыл үйі.

Қара домбыраны баяу шерткен ақсақал ерні күбірлеп, сөйлеп кетеді.

– "Көкейкесті" күмілжіп, көңілім қобалжып... жүрегім суылдап отырысым мынау... Қалжыраған көңіл... Шошынтқан өмір. Шошындырған тірлік. Адам адамға жау...?! Жауыздық үнемі жағаласа бере ме? Жанды алқымнан сығымдай ма?

Үрей!? Кеудем неге үрейге толып барады? Тұс-тұстан қорқыныш дауылы есетіні қалай? Көкейкесті күй қайда? Неге ұстатпайды? Неге тұшынтпайды?

Домбыраны қоя салып, кішірек дорбаны ашып құмалақты шашып кеп жібереді.

– Ырымшыл, секемшіл-кәрілік!.. Далбаса іздейсің, ә! Ал ізде онда! Тап Кебек баршынға тіректі! Тәңір хақтың жебеуіндей анық жәрдемді.

Басын шайқайды.

– Күпті көңілдің көлеңкесінің түсе қалғанын қарашы ұйыған айрандай боп қоюланып құмалаққа! Сұмдық көре ме?

Құмалақты жайқап-жайқап жібереді.

Іш. Бөлме. Күндіз

Маржан үйі.

Маржан Сеңгірбайға телефон соғады.

– Алө-о! Иә! Мен... Менің кім деймісің?! Ойбай, тұтақ! Бұл Қазақстанда Маржанды даусынан танымайтын біреу бар ма еді? Маржанмын! Маған Сеңгірбайды бер! Күйеуіңді! Күйеу қылмаймын. Өзімнің байым бар.

Іш. Сеңгірбай үйі. Сол мезгіл

Енді біз Сеңгірбай үйін, Сеңгірбайдың өзін көреміз. Сеңгірбай деген бір-ақ уыс адам екен. Мұрты едірейген, бет-аузы шалбарланған бәкелтек қана шал. Бірақ сесі күшті, сызы басым, десі мықты.

– Кім ол? - дейді әйеліне.

– Мар-жан!... Аласыз ба?

– Әкел!

Әйел трубканы беріп, өзі дыбыс шығарғышты қосады.

– Иә, Маржан! Жайшылық па? Маржанның даусы өктем, қыжыл мен зіл көп.

– Әй, Сеңгірбай! Жайшылық па деп кергіме! Кердеңдей берсең, кеудеңнен асып түскенімді білмей қаласың.

Енді Сеңгірбай қопаң еткен.

– Ой, Маржан келін! Сен мені... мені бүгін Сеңгірбайлап маңдайымнан салып қалдың ғой. Бұ Қазақстанда мені Сеңгірбай деп Елбасы да тікелей айтпаушы еді.

Дауыс бөліп жібереді.

– Жә, Сеңгірбай! Бұрын ағалап келгем. Енді әке-жәке деп жатуға уақыт жоқ. Ақырғы рет ескертем. Сенің өңешің - апандай! Менің жаным жаралы. Апандай өңешіңе "Алашойлдың" шетелдегі өкілдігін тығам! Сөйтіп толтырам. Сен менің жарамды Кебектің қанымен емдейсің!

– Әй-әй! Тоқташы!.. Сәл- сәл!..

– Жоқ! Енді мен тоқтаудан кеткем. Айтқаныма көнсең, аларың мол. Онда көп созбай қазір Кебектің қайда екенін айт! Басқа қолқам жоқ!

Әйелі шар ете қалған.

– Не деп тұр?!. Сіз... сіз сонда... Кебекжанды!..

Сеңгірбай қолын қылышша сермейді. Әйел үн-түнсіз жым болып, өкси түсіп, бөлмеден шығып кетеді.

– Неге үндемейсің, Сеңгірбай!? Қолқам қолқаңды суырды ма? Менің үңірейген жүрегім одан да қорқынышты.

– Жарайды, Маржан. Айтайын...

... Дәлізде әйел әлі өксіп тұр. Кабинетінен Сеңгірбай шығады. Әйелге алара қарайды.

– Не ғып сораңды ағызып тұрсың. Аяқ киімімді тазартып па ең!

Әйел жапақтайды.

– Қайсысын киюші едіңіз?

– Қоңырын. Аузыңа сақ бол! Әйтпесе...

Әйел басын шұлғи түсіп, еңкейіп жылтыраған қоңыр туфлиді алып, жеңімен сүртіп-сүртіп қалады.

– Мінекейіңіз...

Іш. Бөлме. Сол мезгіл

Таудағы үй. Абыл аса қобалжулы.

– Әй, мына жүрек сезеді-ау!.. Сезеді-ау бірдеңені! Тыпырлауын! Тулауын! Аласұруын! Кеудемді тесіп өтердей-ау!.. Күй қайда!.. "Көкейкестім" қайда? Құлақ неге ызыңдайды? Азалы күйдің ызыңы емес пе?

Әлде?..Сол күдігім шырмай бастады ма?! Неге босатпайды?.. Кебек балам-ай! Қатерге әлде басыңды өзім байлап бердім бе?.. Сеңгірбайға сендім ғой!.. Ел ақсақалы айнымас десем... мына жүрек дүрсілінде күдік бары қалай?..

Орнынан атып тұрып, жалма-жан киініп, сыртқа шығады.

Сырт. Дала. Таңертең

Еңлік пен Кебек Сеңгірбай ағамен кездесуге жиналып жатыр.

– Көресің, Еңлік! Сәкем бәрін реттейді.

– Сөйтер... Жүрегім қобалжи береді бірақ...

– Ештеңені уайымдама, Еңлігім! Аға араласты дегенше, жағдайымыз дұрыстала береді. О-о, мен Сәкемді білем ғой. Менің туысым болса да, бірақ ол нағыз ел ағасы!

"Ямахаға" мінгескен екеу ағыза жөнеледі.

Сырт. Тау жолы. Сол мезгіл

Абыз төмен жаяу ентелеп келеді.

Әне "Мазда" жеңіл машинасы көрінді.

Абыл қол көтереді.

Машина тоқтайды. Ішінен Сембай атып шығады.

– Апырай, Әбеке! Жолым болады екен! Сізді іздеп...

– Оу, жай ма?

– Анау Кебек бала Сеңгірбай ағамен кездеспек...

– Иә! - деп Абыл тесіле қалған.

– Отырыңызшы, Әбеке! - деп машинаны бұрып кері жүйткітеді. - Бір шикілік бар... Сәкем мен Кебектің кездесетін жерін Маржандар біліп қапты.

– Не дейсің. Сонда Сеңгірбайың?!. - Абыл басын шайқап-шайқап қалады.

– Әбеке-ай! Мен не дейін... Кебек туған інім болған соң... Қазір дүниені ақша билеп кетті ғой. Ақшасы мол дәрежені де, лауазымды да, құдіретті де сатып алады. Сонан соң ата ма, аса ма - үкімін қолма-қол жасай береді. Ал "Алашойлдың" Америкадағы сауда өкілі - доллар кранының тұтқасын ұстаушы. Маржандар Сеңгірбай ағаға соны берем деп уәде ғып... Кебекті! - жылайды.

– Сұмдық екен өйтер болса! Тездет, Сембай! Айтпақшы қайда кездесуші еді?

– Қапшағай ГЭС-інің ұзын көпірінде! "Алашойлдың" өкілдігіне талас ақыры осылай шешілмек... - деп күрсінеді.

– Онда сол өкілді Маржандардан да, сендерден де шығармай, көпке ортақ елден неге таппайсыңдар?

– Ондай өкілді кім бекітеді? Парламент тұп-тура екіге жарылып, үкімет қақ бөлініп, әрқайсысын әлгі екі топтан... өз тобынан ұсынып отыр ғой. Оны тоқтатар құдірет қайда?

– Елбасы ше?

– Ойбай-ау екі топ оған өз кандидатураларын тықпалап, басын қатырып тұр ғой... Оның үстіне ертеңгі сайлау жақындап қалды. Ешкімнің көңілін қалдыруға болмайды. Елбасыға нағыз шебер саясаткер болудан басқа амал жоқ .

– Әй, Сембай! Көрерің - тобың. Көздегендерің - қамың, есе, есеп! Жә! Тездет! Көкейкесті күй қайда? Байыздар көңіл күйі қайда? Биік отырғандарым одан да биікке құмар. Іштегі күйікке ем қайда? Біз өнерге - өpic, еңбекте - табыс тілеуші ек. Жарыста -жеңіс, халыққа - ырыс іздеуші ек. Ал, мыналар долларды өз қордасына сауылдатып құймақ. Доллардан қан сауылдарын ескермейді де...

– Әй, Сембай! Асықсаңшы! Тездетсеңші!

Сырт. Көпір. Талтүс

Қапшағай ГЭС-інің ұзын көпірі. Бергі жағада шоғырланған топта милиция, прокуратура, омон адамдары бар. Бәрін шұлғытып жүрген - Маржан.

Милиция генералы Маржанға жақындайды.

– Екеуі мотоциклмен бері қарай келе жатыр. Бақылаушыларым хабарлады. Біз...

Маржан қолын сермеп, бөгейді.

– Жә! Арғы беттегілер тасада ма? Көрініп қалмасын!

– Көрінбейді. Мықтап тапсырғам. Маржан әлдекімге қол бұлғайды.

Қарасұр киімді ентелей жақындайды. Екеуі оңашаланады.

– Кебек мынау заң өкілдерінің қолына тірі түспесін. Түсірме!

– Қатырам, Маржан тәте!

– Қызға тиме. Ал Кебек сұмды жер жастант! Жер жастантсаң дәл қазір, айтқанымнан да артық берем!

Киллер қуана ақсия күліп, қайта-қайта бас изейді.

– Ешкімге көрініп қалма. Бар!

Сырт. Көпірдің арғы беті. Сол мезгіл

"Ямаха" көпірдің арғы шетінен көрініп, ілгері өтісімен, тасада тұрған он шақты машина соңдарынан қосылады. Алдынан да тосқауыл топ ереуілдейді.

"Ямаха" жүрісін баяулатып тоқтайды.

Кебектің жүзінен қан қашқан, сұп-сұр. Баяу ғана оң иығынан артындағы Еңлікке қиыстайды.

– Көремісің, Еңлікжан! Тұп-тура жауға қарсы шыққандай...

Сатқан екен Сеңгірбай ағам... Аға ма ол. Сеңгірбай ол. Баяғы бауырын саудалаған Кеңгірбай биден де асып түсті.

Иығындағы мылтығына қол созады. - Қайсысы Сеңгірбай екен, ә! Атар едім жауызды!

Еңлік Кебектің қолынан ұстай алады.

– Керек жоқ, Кебек! Қарғыс алмайық. Өлсек те, жазықсыз өлейік...

– Шының ба, Еңлігім?

– Иә! Құшағымыз ажырамасын дегем... Ажыратпайық.

Еңлік жайлап түсіп кеп, Кебекті құшақтайды. Сүйеді.

– Кеш мені!..

Кебек құшырлана қысады. Көзінен, ернінен, тамағынан тез-тез өбеді.

– Сен де кеш, қимасым! Құштарым!

Еңлік орнына отырады.

Кебек газды үсті-үстіне беріп, "Ямаханы" ілгері шапшытады.

Киллер оңаша жерде мылтығымен көздеп жатыр.

Сырт. Жол үсті. Сол мезгіл

Жүйткіп келе жатқан "Мазда".

Абыл ақсақал шыдамсыз, шарасыз халде қолын алдына нұсқап-нұсқап қояды.

– Болсаңшы, Сембай! О, Жасаған! Бірінші рет, ақтық рет жалбарынам өзіңе! Тоқтат зауалды! Бұр кесапатты! Жазықсыздарға жанашыр бол! Тынбаған көнлімнің бір тілегін, зар тілегін бүгін ғана тыңдашы, Жасаған! Әу, Сембай! Машинаң тұсалып қалған ба...бассаңшы газды!.

" Мазда" ұшпаса да, ұшардай-ақ жүйткіп барады.

Сырт. Көпір үсті. Сол мезгіл

Зымыраған "Ямаха" мотоциклі қатты ағындаған күйі парапетті бұза-мұза, сонау төмендегі толқындап, қайнап жатқан ағынды суға күмп етеді.

Аңырған жұрт сәлден соң у-шу дүрлігеді.

– Апырай, ә! Қалай ғана дәті жетті!

– Әбден түңілген-ау байғұс балалар!

– Түбіне жеттік қой ақыры.

Машинасынан түскен, түсі қуқыл тартқан Сеңгірбайға Маржан мысқылдай қарап, ақсия күледі. Одан әрі асықпай аттап винтовкасын жинап жатқан киллерге жақындайды.

– Кешір, бауырым! Сенсіз-ақ құдай оған зауалын берді. Ал сен уайымдама! Мен саған шақырғаным үшін төлеймін. Ақыңды жемеймін.

"Маздадан" Абыл мен Сембай түседі. Маржанның ширақ жүрісінен, көңілді түрінен Абыл ата бәрін айтқызбай-ақ түсінеді. Сеңгірбайды іздеп келеді.

Кездескендер үн-түнсіз бас изеп амандасып, кінәлі жандардай көздерін төмен салып, қалып жатыр.

Әне таяғына сүйеніп Сеңгірбай тұр.

– Жыртқыш! Жыртқыш боп бара жатқан дүние? Әу, Сеңгірбай! Өз күшігіңді өзің жұғып сап тұрмысың! - деп Абыл күңіренеді.

Жақындап келіп Сеңгірбайдың бетіне түкіріп жібереді.

Сырт. Тау. Кеш

Тау арасы. Шыңға тіреліп быт-шыт жыртылған бұлттар аударыла-қопарыла көшіп жатыр. Сол бұлттардай кеудесінде мұң мен шер сапырылысқан Абыл аласапыран аспанға шаншыла қарап қалыпты. Сақал ұшында жас тамшысы мөлдірейді.

– Қайран ел! Сен нені өгейсисің? Мен нені көксеймін. Тынбаған көңіл менде ғана... Тыңдалмайтын тілек сенікі ме? Шарпысқан сөз... тартысқан тобыр тоқтар ма бір. Ел шер төксе, ер құм жұтты. Зар бітер ме? Бұрын бұғалық мойында, ауыздық азуда еді. Тізгін қолға тиген тәуелсіздіктегі халіміз неге бұлай? Елге ерік, ерге ырық берсе қайтер еді?

"Көкейкесті". Сені Кебек тартқанда құдірет егуші еді. Енді мен Кебек жоқта, күй тоқтағанда, күмілжи берем. Сөзім дауасыз... Сезім жаралы. Тыңдар құлақ жоқ, ыңыранған жүрек қана бар.

Сақал ұшындағы кесек жас домалап түседі. Жер солқ ете қалады.

Соңы.

2001 жыл.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙