Мазмұнға өту
Home

Ұядан қияға ұшқандар

Софы Сматаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ұядан қияға ұшқандар

Софы Сматаев — «Ұядан қияға ұшқандар». ҰЯДАН ҚИЯҒА ҰШҚАНДАР

/uploads/35e13afe-aea2-5c2d-b9b6-aa295b687c68/cover.png

Дастан

Болмыстың өзі болса - Хақтағала,

Ежелден нұрын төккен аққа қана.

Жанымның сыр пернесін түрткілейді,

Қоймасын жүрегімнің ақтара ма?!

"Өзіңнің орал - дей ме - ошағыңа,

Шоғыңды шаша бермей жатқа, бала".

Жырымның арқау болған жүйесіне –
Халқымның қасиетті киесі де,
Жүректі қолыма ұстап оралайын

Алаштың Арғын атты иесіне.

Қанымды тамшылатып, Тазартайын

Былғатпай бақталастың күйесіне.

Арымен, адалымен Арғын асқақ!

Сан ғасыр бұл айғақты алды растап.

Тау-тасы, өзен-көлі Арғын десе,

Дүрілдер досты жақтап, жауды жасқап.

Ұлы Арғын ұран болып келеді әлі

Қазақтық қолды бастап, жанды бастап.

Айбаты Күн тұтылтып, Ай батырған,

Кеудесі жырға толған, ойға тұнған.

Ұлтының қыраны боп, құралы боп,

Алаштың намысына қайратылған.

Елдіктің, еркіндіктің туын ұстап,

Алашты аршып алған ғайбатыңнан.

Арғынның белбаласы - Қаракесек.

Туған ол Қарқабаттан дара, кесек.

Кесек деп кемітетін кереметін

Аңыз боп ел аузында тарады өсек.

Азуын Айға білеп, қайраты үдеп,

Көрсеткен төреге сес, Қараға сеп.

Дарақы күлкілерден мұң ойды да,

Ойлантты ол олайды да, бұлайды да.

Қазақы пірсіздікті быт-шыт етті,

Қоятын құнсыздықты құдай қыла.

Сан рет қуғын көрді ол, сүргін көрді,

Әділет қуған адам ұнайды ма.

Арғынның әруағымен арқаланды.

Ақылмен алды алынбас өр, қамалды.

Киелі қаз дауысты Қазыбек туып,

Төбесі көк тіреген жар қаланды.

Қазақтың қасиетті осы руы

Бағзыдан бағы жанып, барқаланды.

Құдайдың қолы тиіп жөргегіне,

Тұлғалар көтерілді ел көгіне.

Болаттай Болатқожа ұрпақтары

Тұтқа боп тарихқа енбеді ме.

Тірлікте ірілікті пірі қылып,

Төре ғып төрге оздырды пендені де.

Ұлтының ұйып соған салихасы,

Жұртының жүрегінде бар ұйқасы.

Қазақтың аристократы Арғын болса,

Арғынның - Қаракесек элитасы.

Ұлы боп туғаныма мақтанамын.

Руым - бар дұғамның кәлимасы.

Тармағы Қаракесек - Кәрсөн, Керней,

Болып ед нағыз асыл ел сенгендей.

Қыздары - ару. Ұлдары – арыстандай

Туатын анасынан қан шеңгелдей.

Жасындай жарқ-жұрқ ойнап атылатын

Іс жетсе намыс кеміп, ар сөнгендей.

Жақсыға жалын атып жаны исінген,

Жанына уызынан ән-күй сіңген.

Құт мекен Көкше теңіз - Балқаш көлін

Жайлаған босатып ап Сарыүйсіннен.

Сол көлдің дарқандығы, шалқарлығы

Шабыт боп сезіледі әлі исімнен.

Екі ру жыр мен сырдың бұлағы еді,

Ән-күйдің кеудесі мен құлағы еді.

Ән болып шырқағанда Дала билеп,

Күйіне көлі толқып, жылап еді.

Төбесі сондай кезде қалушы еді-ау

Тиюге көк Тәңірге бір-ақ елі.

Салғандай көкірекке ұя қазы,

Күй шерткен сылқылдатып құя назын –

Қыздарбек, Әбди, Сембек, Әбікен - Кәрсөн.

Кернейден жыр саулатқан Дия қажы.

Қазақтың асқақтығын дәлелдеген

Өнермен өршіп шығып қияға азы.

Бұрайын әңгімемді негізіме,

Өзектес өзімдегі егізіме.

Ойыммен оралайын Жарылғапқа

Ілескен әлі күнге ел ізіне.

Жатайын ақша бұлтта аңызға еріп,

Батайын шежіренің теңізіне.

Кеудеме мөп-мөлдір боп тұнғанда сыр,
Көмейден ақтарылып туғанда жыр,
Жарылғап - дастанымның кейіпкері –

Кернейдің Түйтесінен туған батыр.

Ерітіп, елітейін ел-жұртымды

Жыртақшыл қызықтырмай думанға құр.

Алашқа жоңғар болып төнгенде өлім,
Ертіп ап ығай-сығай әндемді ерін,
Атойлап Абылайдың бас батыры

Жауынан азат еткен ел мен жерін.

Халқына қайта оралтып бейбіт күнді,

Көңілдің жойған мұңын, көмген шерін.

"Ұлым!" деп ұлты-жұрты танып еді,

Жұлдызы мәңгі өшпестей жанып еді.

Әкенің ізін басып, жолын жалғап

Әкеткен тұңғыш ұлы - Жәнібегі.

Қазақы қанға сіңген лүпілімен

Жетіп тұр батырлардың әлі демі.

Дегендей "Өсіп-өніп, жетісейік!"

Туыпты Жәнібектен жеті Сейіт.

Жақсыға ырыс келсе,
Қыдыр қонар,
Бақ қарап, дейді үшеуі: "Бекісейік!"
Бұларға бет қарауға шыдамаған

Деп келген жаулары да: "Шекісейік!"
Болмаған есеп-қисап байлығында,

Бырдай боп қой-қозысы сай-құмында.

Жылқысы бас қойғанда, тартылып қап,

Көл түбі ойнақ болған тай-құлынға.

Ақылдың жүзіп жүрген айдынында,

Алашы аруақтанған айбынында.

Жаралған Ай мен Күннің қиығынан,
Кетпеген уыз дәмі миығынан,
Жетеудің ең үлкені – Хансейіттің

Өзге жұрт келмес еді иығынан.

Жарқ етіп нұр шашырар, сыр шашырар

Жалт еткен қара көздің қиырынан.

Қазақтың десең асқақ әні неге,

Халқының ен жаны мен мәніне де.

Әні мен жанындай боп Хансейіттің

Туыпты Ботпайы мен Әдігене.

Соларды көз алдында көлбеңдетпей,

Адамның азаяды жады неге?

Атаның ізін басқан ұл, ұрпағы,

Заманды жаңғыртады, құлпыртады.

Арыстай Тапа менен Мұхамбетше –

Жалғасқан Әдігенің мың бір таңы!

Жақсыдан жақсы туар әдеті ғой

Мысымен басып тұрар жүн-жұрқаны.

Ботпайдың немересі Серік еді,

Бұл тұқым жалғыздардан өніп еді.

Серікке баба құты дарыған соң

Алдынан он мың жылқы өріп еді.

Бай, бағлан аймағына сыйлы болса,

Қылқұйрық - даласының көрігі еді.

Мал мен бас мол боп біткен осы әулеттің

Талайлар шапағатын көріп еді.

Тападан төредей боп туған төртеу –

Ермегия, Исақ, Суат, Құрман - төртеу.

Арқардың құлжасындай құзда тұрып,

Ел-жұртын өз аузына бұрған төртеу.

Сағымын Сарыарқаның жырта айырып,

Қазақы қанып ішкен жырдан төртеу.

Жаннат қой Арқа өңірі жайлағанға,

Дала - кең,

Мыңғыртып мал айдағанға.

Түз өңі тез құлпырып кетуші еді,

Желіге құлындарды байлағанда.

Қыр төсін дүбірлетіп өтуші едік,

Ат мініп, қызу қаның қайнағанда!

Ақ орда ауыл қонған бастау сайын,

Қылқұйрық қанып ішер астау дайын.

Төрт ұлы толтырған соң төрт тарабын

Тапаның құдіреті асты-ау дәйім.

...Шындықтан асқам да жоқ,

Тасқам да жоқ,

Болғанды неге өсіріп, шашпаулайын.

Таңғы шық, күндізгі бу, мұнары да,

Айналтқан Сарыарқамды құмарыма.

Беліме түйіп алғам топырағын,

Жусанын тігіп алғам тұмарыма.

Табынсам туған жерге тәңірімдей,

Кінәлап, кір жаға алар кім арыма?

Сарыарқам әнмен ұйып,

Бөккен жырға.

Күйімен бар күйігін төккен құмға.

Көлінің көбігімен бетін шайып,

Қайыспай қарсы тұрған шеккен мұңға.

Тауының тағысындай тайталасып,

Тағынан таймай талай өткен тұлға.

Таймаған тұлғалардың бірі - Тапа.

Жанымен, ар, әрімен ірі Тапа.

Төрт ұлы ат беліне қонған кезде,

Кернейдің болды біраз дүрі Тапа.

Көңілдің түрілген соң бақ пердесі

Болмайды күні - тұман,

Түні - қапа.

Ардақтап Шортанбайды бүр жарды ері,

Қарсы алды Ақан сері, Біржанды елі.

Кәрсөні үлгі тұтты Боранқұлын

Кернейге тұтқа болды Құлжанбегі.

Адамды алғыс алған - Азамат дер,

Тимесе, кісі демес, бір жанға емі.

Бөленер той-думанға жазда дала.

Тау-тасы күй сімірер, Сазға қана.

Ашады-ау салқар көштің салтанатын

Билейтін ақ қайыңдар наздана да.

Ақ шаңқан алтын үзік, ақ ордалар

Шүпірлер жаз жайлауы - сазға қона.

Түндігін мақпал түннің ән көтеріп,

Беретін ойға қиял, Жанға - серік.

Тербеліп ай астында алтыбақан

Құятын көңілге күй, Әнге көрік.

Арудың сылқым, сыңғыр күлкісімен

Уақыт өкінтетін танды әкеліп.

Жайлаудың күні - мейрам,

Түні - майдан.

Жылқыны қыз күзетіп,

Ұлы жайған.

Алты ай жаз айт пен тойдан қолы тимес

Қазақтың туады екен мұңы қайдан.

Аштықтың не екенін білмеуші еді,

Алаштың айрылмаған тілі майдан.

Сахара сылаң қағар сағымы ойнап,

Нөсерлеп құяр жауын шаңын айдап.

Даласы - қазағымның жұмағы ғой,
Көкпарын тартатұғын "А, құдайлап!"
Болған ғой ары - еркіндік, Жылқы - жаны

Әперген Жасаған хақ бағына айдап.

Тұңғышы Тапакеңнің - Ермегия.

Әкені ұғып өсіп, көрген ұя.

Жалтарып, бұлтармайтын ер мінезді

Тік салсаң - арындайтын өрге қия.

Ақырып тар ашуға басқан кезде,

Жуықта қоймайтұғын төрге сия.

Алдынан жаугерлік жол бұраңдаған,

"Машайлап", "Жарылғаптап" ұрандаған.

Барымта "баурымдатып!" қайран ұлды.

Қайысқан қасіретінен қыран далам.

Қуандық, Қаракесек шарт та шұрт боп,

Сұраған әділетін бір Алладан.

Көп зарды көкірекке шоқтай басқан,
Ерекең көңлі қалып көп шайқастан
Екі жақ бетпе-бет кеп қалған кезде,

Жай ғана атын бұрып шықты айқастан.

Шоқытып сол бойында шапшып, өршіп,

Саңқ етіп белгі берді "Айқайтастан":

 Қуандық, Қаракесек! Түбіміз бір.

Жауласпай өткен емес күніміз құр.

Кездессек, сойылдасып, шоқпарласып,

Бопсашыл бос намыспен іріміз құр.

Ол жақта сендер зарлап,

Бұл жақта біз

"Аттандап!" өзеурейді үніміз құр.

Тәңірден қаймықпаймыз, ұялмаймыз,

Дала - кең.

Неге соған сия алмаймыз?

Жақыннан жау іздетер қаскөйлікпе

Қасапшыл қу тірлікті қиялдаймыз.

Өзекті өкінішпен өртеп тынар

Неге біз зұлымдықты тия алмаймыз? –

Сөз-сауал түйреп түсті көп жүректі.

"Аһ!" деген жалғыз деммен жер дір етті.

Қазақы дария ғой қайран көңіл

Қатулы қабақтарды елжіретті.

Ақ туы татулықтың көзге түспес

Үстінде екі қолдың желбірепті.

Айқасты екі рудың құшақтары.

Ірі боп кетті лезде ұсақтары.

Жүзге - қан, ішке пейіл жүгіргенде,

Қынына қайта оралды пышақтары.

Тамағын қырнап қалып Ермегия

Адымдап етігімен үш аттады.

"Басымыз қойғаннан соң қосылмай-ақ,

Аларың, өлсең жерден осындай-ақ.

Сынаман "шын қасынды қастерле" деп,

Жүр деймін жақының мен досыңды аяп.

Бәріміз бір Мейрамның баласымыз

Жая бер жайлауыма қосың таяп.

Күні ертең ұл-қызымыз араласып,

Кетерміз қойындасып... шошынбай-ақ".

Ұйымас кім тілектің тәубасына,

Ер екен әлгіндегі "жау" басы да.

Шапшытып арғымағын шыққан бойда,

Сойылын қадай салды тау басына.

Қаруын мәрт мінезбен сездіріп ед

Шалғанын бейбіт күннің сауғасына.

Жұлған соң алауыздың ала тілін,

Тапты тез шабуылсыз дала тыным.

Ана боп Қаракесек Қуандыққа,

Қуандық әлдиледі Болат ұлын.

Аспанға асқақ әуен самғап еді,

Үстінде тыныштықтың қанатының!

Далаға мамыражай өмір енді.

Дүние татулыққа тебіренді.

Қосылып көкпар тартқан қос руға

Жан түгіл қара тас та еміренді.

...Екі ұлға әке болып Ермегия

Той жасап қарық қылды небір елді.

Өтеді-ау күндер зулап,

Жылдар ақсап.

Жетеді-ау талай ойлар мұңға батсақ.

Ақ қашып,
Қызыл басып сахараны
Күн туды ұлға қатал,

Құлға жақсы-ақ.

Несіне төңкерісті дәріптейміз,

Аямай байлап қойып тұлғаны атсақ.

Кешегі кең өлкеден ерік кетті.

Қызыл ту қан ағызып өріп кетті.

Бас-көз жоқ төрдегіні төмен сүйреп,

Екіге бір қазақты бөліп кетті.

Жастарды "комсомол!" деп дардай қылып,

Әкеге айдап салып, еліктетті.

Жел есті жындана да, мұңдана да.

Ел көшті олай-бұлай тұл далада.

Атадан, бабасынан жерінтердей

Зобалаң туып еді ұл балаға.

"Зұлым!" деп байды, барды көзге шұқыр

Саясат сыналап кеп кірді араға.

Сол сол-ақ әр ауылдан сан белсенді

Білемдеп көк қамшысын мінді алаға.

Ел ішін ірітумен майдан қылған,

Ұраншыл үн үдеді ойдан, қырдан.

Қазақы мейрімділік адыра қап,

Қаталдық талайларды ойландырған.

Жылында жиырмасыншы өткен ғасыр

Даламда алғаш аштық сайран құрған.

Мал деген - айырған соң күшті Алаштан,

Жөңкіліп қазақ ішке, тысқа қашқан.

Шөп жалмап, тышқан аулап, қайың сауып,

Бір емес, қу жан үшін үш таласқан.

Қар емес қара бұлттан қан жауғызып,

Жұтымен және буды дұшпан аспан.

Еркін ап, бұғау салса елдігіне,

Сенетін кім қалушы ед әр күніне.

...Түсінген елден бұрын Серік мырза

Оқудың қажеттігін ендігіге.

Алдыртқан арнайы іздеп ұстаз, молда

Шұбырып ауылына келді міне.

Тентегін қорғаштап ед аналары,

"Кітапта бар, - деп - ғылым даналары".

Ұстазға берді Серік Мүсілімін,

Оқыды Диа қажы балалары.

Ұлдары Құлжанбектің Баттал, Қаттал

Ежелеп әліпбиді жағалады.

Бұрхандін - ерке ұланы Ерекеңнің,

Бастауы әулеттегі берекенің.

Алдына мұғалімнің ол да барды

Деген соң "білімде тек қорегі ердің".

"Осылар - деді Серік, - оқып шықса,
Ертең-ақ табылады керегі елдің!"
* * *
НЭП 1 жетті қазақгың да даласына,

Босады жармасқан қол жағасына.

Қотанда қой-қозысы маңырады.

Бөктерге толды құла, аласы да.

Аш күнін тез ұмытқан қайран Алаш

Ұйыды тәубасы мол тобасына.

Бар байлық - татулық пен берекеде.

Береке қонған құт боп Ерекеңе.

Жан жары - Роли ару - болыс қызы,

Өсірген Адайбектей зерек әке.

Сырнайын сылқылдатып тартқан кезде

Қарқ боп қалатын жұрт мерекеге.

Жайлауға айт пен тойы қайта жетті.

Сауығын аспан, жерге айта жетті.

Саусақтан бір кездегі сусып кеткен

Қос қолдап қайта ұстады бай көнекті.

ЬІрысын еселеген Керней жұрты

Айналды бірлік атты бәйтеректі.

Көрмесең ата-анаңның тәрбиесін,

Ағарту қиын болар ар күйесін.

Сыйласаң баба әруағын,

Ел дәстүрін

Аласың Алашыңның бар киесін.

...Ал енді әңгіме етіп баяндайын

Серіктің аңыз болған тәрбиесін.

Тәрбие - көп жылқыдан бөлек еді.

Жыр болған ел аузында ерек еді.

Қазақтың қылқұйрығы - қанаты ғой

Ал қанат дала ұлына керек еді.

Ұшқанда атқа қонып, сағым қуып,

Тиетін көк Тәңірге төбелері!

Биені кетпесін деп бөтен айдап,

Ұстайтын оңаша үйде жеке байлап.

Сақтауы, баптауы мен ат күтімі
Күн емес, апта да емес, кетеді айлап,
Түндіктен күн бергенде жалғыз мезгіл,

Түгінде тұлпар белгі кетеді ойнап.

Кез жарым басы ұзын,

Қырым етсіз.

Қақпан бел,

Үңгір сағақ тұр ретсіз.

Мойымай ұзақ шабар күші алдында,

Озам деп әуре болар құдіретсіз.

Шапқанда кең желбезек тасып желдеп,

Салады сом тұяғы тасында өрнек.

Төс төмен,

Арқа құдыс,

Омырау алшақ.

Тәует бас.

Жамбасының басы делдек.

Қабырға шеңбер ие дөңгеленген.

Ойынды ет бөлек-бөлек он бөленген.

Жұп-жұмыр бұлан мойны шапқан кезде

Созылар қарсы келмей көлденеңнен.

Көріктей талыс танау тартып тыныс,

Өкпесін бір өшірмес қолтық қуыс.

Қораш боп көрер көзге көрінгенмен,

Жылқыда жануар ед артық туыс!

Құндызын құлан жалы сақтап өткен.

Шүйдесі ерек біткен шақпақ еттен.

Оқтай боп быртық бақай қадалғанда,

Тасты да саз балшықтай таптап өткен.

Тым биік жер соғарлы, сіңірлі еді.

Босамас астау арқа,

Жұмыр белі.

Жер қазған жерошақтай төрт тұяқтың

Естілер күндік жерден дүбірлері.

Қос шынтақ қабырғадан сырт айналып,

Делдиер, баладай боп жүгіргелі.

Қоян жон.

Астыңғы ерні салбыраған.

Кекілі мап-майда боп жалбыраған.

Өзгеге қадалатын қасқыр қарас

Елжіреп иесіне жаудыраған.

Төрт аяқ бір қосылып, бір ашылса,

Болардай екпінінен тау құлаған.

Қарсақ төс,

Жалпақ маңдай,

Қамыс құлақ.

Желісі "Пау!" дегізер танысқа ұнап.

Үкілеп аламанға қосқан сайын

Титімдей тигізбеген намысқа дақ.

Айыбы ұрғашы мал демесеңіз,

Шабатын күлік еді-ау алысқа нақ.

Серке сан,

Тазы тізе,

Бота тірсек.

Зырылдар аласа ұршық ата білсек.

Мәреге оқ бойы озып жетер еді,

Желпінтіп жануарға батаны ілсек.

Бәйгесін қыл үстінен бөліп берер

Болушы ед иесіне атағы сеп.

Тілесе тоқтамауын көркем көші,

Бітпейді тірі жанның ертең-кеші.

Жылында жиырма жеті Қояндының

Өтіпті ең соңғы рет жәрмеңкесі.

Жалыны сахараны шарпып тұрған

Дегендей: "Ақырғы рет жанды өртеші!"

Жәрмеңке - сайраны еді Қояндының.

Аңсаумен жәрмеңкені оянды Күн.

Иса мен Қаллекиге тәнті болып,

Сімірген Әміренің аяулы үнін.

Бас қосар ақ тілекпен, пәк жүрекпен

Меккесі аяулы мен баяндының.

Өнердің нұры ашылып алуан-алуан,

Қара жер дірілдеген палуандардан.

Көтерген қырық адамды Мұқан ерге

Көп еді ел батасы жауған қардан.

Соларды қайталап бір көрсете алмай,

Дүние-ай, өтіп кетті-ау қайран жалған!

(Қайтейін, қарс айрылды-ау көкірегім

Қазақы қайта оралмас армандардан).

Қазақтың қан базары - жайлауында,

Сайраған бұлбұлы боп Майра мұнда.

Әлихан, Сәкен, Мұхтар, Жүсіпбектей
Ұлтымның жиюшы еді қаймағын да,
Жұртымның жанашыры – ұлылардың

Тілегі түлеуші еді ой бағында.

Қоянды болмайды енді.

Қоянды жоқ

Біз түгіл өзге елдің аймағында!

Не керек өтті дәурен дүрілдеген.

Жүрегім өксіп, шаншып, дірілдеген.

Қаншама халқым аңсап, іздегенмен,

Қоянды содан қайтып тірілмеген.

Жаны ғой - жәрмеңкесі бар

Алаштың Жанына кім бар екен үңілмеген?

Сол тойға Ермегия, Серік барған.

От төртте ұлан Диін еріп барған.

Дуылдап Қояндының жәрмеңкесі

Жасанып жайып салған көрікті алдан.

Нәсілдің ақ-қарасы сарысы бар

Тұтасып әр түрлі ұлты, ерікті алған.

Тең-тең жүк,

Қат-қат тауар сіресе үйген.

Мың сан қой,

Қошқар, бұқа жүр есейген.

Қытайдан, араб, парсы, Үндістаннан,

Келген жұрт Қап тауынан,

Ресейден.

Бақылап жеке ордада жатыр орыс

Атылып көмейінен ірі сөйлем.

Құйылып ақтарылды Арал, Балқаш.

Жөңкілді жер түбінен Орал, Шалтас.

Алаштың арыстарын алқалады,

Еліктің өзіндей боп Марал қалқаш.

(Көрейін сал-серінің соңы болып,
Түсімде жәрмеңкеме орал, қалқаш!)
Жайылған жайма базар матасының,

Түсінен қарашы көз шатасуын.

Бір жерде қызу айтыс өтіп жатыр,

Өртімен аталардың батасының.

Бәз біреу мадақтаса өз палуанын,

Бәз біреу аспандатты ат асылын.

Қатарлап қала болып тігілген үй.

Ән-жырға көз-құлақ боп үңілген үй.

Қымызды, қымыранды місе тұтпай

Сыраға бас қойыпты бүгінде би.

Төренің тірлігінен түңілсең де,

Қараның шарасынан түңілме, күй.

Кешегі "Бес төрең" мен мес төреңді

Сүйретпе зіркілдетіп бүгінге, күй!

Ағылды Арқа алабы сабасымен.

Сияды. Қазағымның даласы кең.

Су ішсе қос-қос жылқы Қарасордан

Өзеннің Жарлы, Талды жағасы - жем.

Көлдерін сор дегенмен, жанға сая.

Бұл жердің самалы ескен ауасы да ем!

Түйтенің Ермегия, Серігіне,

Құрмет қып жапырылды елі, міне.

Көтеріп ат үстінен алып жатыр

Біреулер қолын созды көлігіне.

Қымызды тостағанмен ұсынды ару

Ұқсаған Алтай таудың елігіне.

Қарсы алды ретімен Дін баланы.

Салтымен қонақжайлық мұндалады.

...Бір кезде шырқау көкке самғап ұшып,

Көтеріп алып кетті үн даланы.

Сазына Қаракесек әнші Әсеттің

Ден қойып Қояндының тынды алабы.

"Кіші Ардақ", "үлкен Ардақ" әуеледі.

Жанды үгіп, Қан қыздырар әуен еді.

Даусымен Әміренің шымырлатып,

Қос өлең көп кеудеде мәуеледі.

Уысқа өнерімен қысқан кезде,

Ұйыған досы түгіл Жау әлемі!

Ән - тылсым Дін ұланды баурап алды.

Жүректе үміт-күдік аунап алды.

Еріксіз ертіп, шертіп ерекше күш

Бір күйіп,

Бір шошынтып, жаурап алды.

Бір сәтте ғұмыр бойғы еркін, ырқын

Бұлқынтпай саз - құдірет жаулап алды.

Қазағы - перзенті ғой даласының.

Ұғынды әке-сыншы бала сырын.

Құбылтып он саусақтан күй төгетін

Жұққан-ау қасиеті анасының.

Көрмеді-ау, өттең ғана, Рәли ару

Өнерге бас ұрғанын баласының.

Жас ұлан әнге ұйыды, елжіреді.

Әні ғой даласының - жан жүрегі.

Жүректі жүрек ұққан кездер қандай!

Қос тамшы кірпігінде мөлдіреді.

Сезінді өзін алғаш Азамат деп,

Табылып әуенінен жер тірегі.

"Маусымның бәйге шабар он бесіне!"

Бұл хабар тез келтірді елді есіне.

Лап қойды Қарасордың жазығына,

Кеңшоқы - бәйге төбе, көмбесіне.

Дүдәмал онның бірі ат қосқанмен

Сене алмай жеңеріне, жеңбесіне.

Будақ шаң көкжиекті бүркеп алды.

Тұтасып Аспан, Жерді тіркеп алды.

Төгіліп ақ үйлерден адам біткен,

Қараусыз жапыр-жұпыр күрке қалды.

Құйылды көмбе жаққа нөпір толқын,

Көкте Күн перде тұтып, үрке қалды.

Аттардың аласы бар,

Жирені бар.

Шошайтып жал-құйрығын түйгені бар.

Кейбірі шоқ басқандай шоқырақтар,

Аққудай керік мойнын игені бар.

Сақа ат бар,

Дөнен де бар,

Бесті де бар.

Саркідір қызылшұбар сирегі бар.

Күліктер кернеп кетті қаптап келіп.

Қызынып, омыраулап, таптап беріп.

Аттарды тізіп жатқан көмбешіге

Сары орыс дікілдеді аттап келіп:

"Байгага скакунды қосам!" деді

Қазақша екі-үш сөзді жаттап келіп.

Желгенде жирен, торы, боз, қарасы,

Қазақтың тіріледі боз даласы.

Танауын қорс-қорс тартса жетідегі ұл,

Шіренер он үштегі бозбаласы.

Шыт байлап атта отырған балаларға,

Құтырып бітер емес сөз тал асы.

Мінгізіп тәрбиеге ұлан Дінді,

Көзіне тосты еткізіп құранды үлгі.

Ерекең айыр тілді көріп қалып,

Таптады етігімен жыланды, інді.

Қазақтың сес қимылын байқап тұрған

Көз қысып, сари киген сыланды үнді.

Пысқырмай Үндістанның бикесіне,
Ерекең жүк түсірмей жүйкесіне,
Баласын тағы да бір пысықтады,

Тапсырып Жарылғапқа, Түйтесіне.

Биенің көз шарасын сүрту үшін

Қамшының шыт орады шүйкесіне.

Сол сол-ақ дауыс шықты безек еткен.

Аттарды айдайтұғын кезек өткен.

Әкесі "Аттың басын босат!" деді
"Қайтарда анау ұзын көкөзектен!"
Сан тұяқ қыр өлкесін дүбірлетті,

Құм түгіл тасыңды да тезек еткен.

Бүлінді қалтақ басын шайқай даушы.

Түздіктің көмді әлгіні айқай, даусы.

Алдына мың жүйрікті салып алып,

Жөнелді үш-төрт пысық ат айдаушы.

...Ат кетті.

Қызық кетті деді ме екен,

Тазысын ертіп алып қайқайды аушы.

"Қайт!" деген айдаушының сөзі атылды.

Кер кетті.

Жирен ұшты.

Боз атылды.

("Қайт!" деген жалғыз сөзді тосуменен

Ұмытып қалушы едім өз атымды).

Төрт тұяқ ала қашты шаң суырып,

Босаған тосуынан азат ұлды.

Мың күлік тау суындай ақтарылды.

Шағардай жас кеудеден Хаққа мұңды

Ұрандап ал балалар аспанға атсын,

Шырылдап көмей жарып жатқан үнді!

(Ақындар жүйрікті тек мадақтаған.

Көрмедім жыр жазғанын мақтап ұлды).

Ақ шаңнан көк аспанға ту ілінді.

Пысқырған танауларға бу ілінді.

Сом тұяқ мың-мың теуіп соққан кезде

Шыдамай жер танабы қуырылды.

Бұрхандін бұрды торды жел жағына,

Соғардай алдындағы буырылды.

Топ-топ боп лықси жүйткіп түйдек-түйдек,

Төбені томпылдатты бүйрек-бүйрек.

Даланы долы дүбір алып кетті,

Бөлінді төрт-бес күлік сиреп, сүйреп.

Дөңгелеп шоқ қараған қалып жатыр

Аттардың арынымен күйлеп, билеп.

Жөңкіді төрт мың тұяқ ойып жолды.

Көк қияқ жауған терге тойып болды.

Даланың қырғауылдай - бір қауымы

Доптай боп домаланып майып болды.

Ала шаң өрт тұтатып көк жүзінде,

Ақ Күннің жез табағы ғайып болды.

У да шу алып кетті төңіректі.

Көмейді азан-қазан мөңіретті.

Көшіріп ойды қырға,

Қырды құмға,

Желігі ат үстінің әмір етті.

Тәрбие талыстай кең қос танаудан

Ышқынып іштен демін еңіретті.

Биенің көз шарасын сипап өтіп,

Дін ұлан Хаққа сеніп, күбір етті:

"Бәйгеге тәрбиемен талай шапқам.

Үмітпен алды-артыма қарай шапқам.

Жануар келеді әлі алдын бермей,

Түссек те ат шабысқа талай шақтан.

Тәңір хақ, дәл бүгін де кез қылмашы,

Қаскүнем Батырашқа жанай шапқан!"

Үзілді қалың топтан төрт-бес қара.

Әзірше бәсеке жоқ.

Серіктес қана.

Қиқулап бір-біріне,

Сақ-сақ күліп,

Желімен ат жалының зерікпес бала.

Былғатып бүлдіреді тазалықты

Оңаша бәле баққан серттес қана.

Бұлдырап көз ұшында кейінгілер,

Биеден жел жақтағы сейілді тер.

Торыны омыраулай қуа жетіп,

Ілгері созып берді мойынды кер.

Шөкімдей үстіндегі тазша бала

Дегендей сақ-сақ күлді: "ойынды көр!"

Жымитып қос құлақты кер созылды.

Сол сол-ақ жауып кетті тер боз ұлды.

Бәрібір Дін тізгінді босатпады,

Бойдағы жинап барлық ер төзімді.

Кер кетті төрт аяқты төбеге атып,

Төртеуден түйдектелген ерте үзілді.

Сол төртеу бөлінбеуді мақұлдады.

Жабысты түкті белге тақымдары.

Екпінмен жел шайқаған, бел шайқаған

Тістері аузын ашса, сақылдады.

Бір кезде Ерекеңнің нысана етіп

Тапсырған көкөзегі жақындады.

Ұйтқыды жел құйынды шайқап өтіп.

Өзектен шықты кер ат қайқаң етіп.

Төменге төрт ат бірдей сорғалады,

Қасқырдай жатқан ойда қой дәметіп.

Босатты Дін тізгінді өткен бойда,

Биенің дем-тынысын байқап өтіп.

Созылып торы атылды аласарып,

Жүйткіткен жылдамдықпен жараса нық.

Тең тастап төрт аяқты зымғағанда,

Бергендей дүбірледі дала салық.

Көмбеге құстай ұшты қайран бие

Алдына көрмеген соң қара салып.

Таянды арқан бойы кер ат, міне.

Тер аққан.

Шүмектетсе - пері атты де!

Қиқулап: "Қарқабаттап!" Бұрқан біздің

Састырып тазша ұлды қаратты іле.

Тәрбие жетті ұмтылып, құйрық тістеп,

Салғандай қос бүйірге қанатты іле.

Көмбеде тұр қарақшы құрық байлап.

Жол ашты керешілер жұртты жайқап.

Ағылды Арғын, Үйсін, Алшын ұран
Әлдекім шырылдады: "Қырықбайлап!"
Лепірді "Боже мойлап!" сап-сары орыс

Сипалап саусағымен мұртты майлап.

Шаң ұшты көк майса мен көміп талды.

Құтыртты адам түгіл желік малды.

"Көк қайда?"
"Құла қайда?"
"Қайдалаған"

Дауыстар баж-бұж етіп өліп-талды.

Жібермей бірін-бірі, құйысқандас

Екпіндеп екі күлік келіп қалды.

"Ой, пәле!"
"Торы оза ма?"
"Кер оза ма ат?!"

Шуылдап ал бүлінсін ер, азамат.

Кер еді - текежәуміт сидаң аяқ,

Тәрбие - қазақ төлі өр қазанат.

Бір кезде шатқаяқтап қалды кер ат

Шұбалған құйрығымен жер тазалап.

Бұрхандін жанұшыра "Машайлады!"

Ұшында кірпігінің жас ойнады.

Қасқайып қарақшыға тартты тура,

Қамшылап кер шіркінді қасы айдады.

Тістескен қос жүйріктің бәсекесін

Аңыз ғып айтады әлі осы аймағы.

Бойында қайнап тасып намыс қаны,

Бұрханның тақым қысқан қарысты әлі.

Жануар ұғымтал ғой сезе қойып,

Барын сап, мойнын соза қарыштады.

Кер аттан жарты қадам...

Жалғыз қадам

Аз-аздап бірте-бірте алыстады.

Ұланның даусы көкте шырылдады.

Бие емес,

Құйын жалын зырылдады.

Көмбеден, қарақшыдан өтті заулап,

Біраз жер тоқтамады, бұрылмады.

Тұяқтан ұшып түскен малта тасты

Ерекең іліп алды. Ырымдады.

Ілесе кер ат өтті текіректеп.

Жалғаса тағы үшеуі өтті реттеп.

Жеткенше кейінгілер түйдектеліп,

Шай ішіп үлгересің... жеті рет кеп.

... Кер аттың иесі екен сап-сары орыс

Дау соғып шыға келді көкіректеп.

Биені бұрын өткен көзге ілмеді.

"Бүгін күн - кер ат озар мезгіл!" деді.

Кісі деп санамасын қыр қазағын

Мықтымсып анық болды сездіргені.

Арнайы тапсырмамен Кремльден

Келгенін бай-жуанды бездіргелі.

Тартса да көнбістіктің азабын мың,

Ондайда үні өшеді қазағымның.

Алдында сары орыстың монтаң қақты,

Батса да ұйығына мазағыңның.

"Бас бәйге сіздікі!" деп бас шұлғыды,

Жасырып іштерінде назалы үнін.

Шегір көз ойнақшыды, аярланды.

Алуға бас бәйгені даярланды.

Тіксінді Ермегия басын шайқап,

Көрмеген бұрын мұндай аяр жанды.

"Қайтесің - деді Серік. - Онсызда біз.

Жүрміз ғой сиғыза алмай жаяр малды".

Саңқ еткен дауыс жұртты шарпып өтті.

Иесі сол дауыстың жарқ-жұрқ етті.

Арындап келген бойда сары орыстың

Қамшымен шекесінен тартып өтті.

Танытты сол қимылмен қазағына

Намысқа қызатұғын бар құдіретті.

Сол сол-ақ қара аспанға оралды Күн.

Жүздерден томсырайған жоғалды мұң.

Бір сәтте қазақ біткен қажырланды,

Кәрсөннің танып қалып Боранқұлын.

Долданып сары орысты қоршап алды,

Дегендей қасытпаймын жарамды мың.

Бүрісті.

Сары немең қайқаңдады.

Қамшының шықты бетке сойқан дағы.

Белгілі болып қалды қорқақ жанның

Құнысып, жан сауғалап шайқалғаны.

Жүзінен қатуланған Боранқұлдың

Әлгіге кешіргені байқалмады.

"Ежелгі басып зілді зіркіліңе,

Қадамақ болдың бізді кірпігіңе.

Көрсетпей жарық күнді Алашыма,

Қашанғы қамамақсың ін түбіне?

Азамат екі өлмейді, бір өледі.

Сен итті зар қылайын бұл күніңе!"

Борекең апыл-ғұпыл жеңді түрді.

Жағадан жағалтайдай жанды бүрді.

Дәл сол сәт ішін тартып, тына қалды

Сахара көріп келген сан дүбірді.

Боранқұл - сахараның бүркіті ғой

Қызартып екі көзге қан жүгірді.

Аларып шөлмек көздер ылайланды.

Манағы тәкаппарлық былай қалды.

Жалп етіп, етік жалап, етек сүйіп,

Тізерлеп жан ұшыра, құлай қалды.

"Дорогой простилал!" безек қағып,

Жер жыртып тізесімен, шыр айналды.

Қоянмен шарпысар ма бүркіт босқа,
Құйғандай жыланды айдап, іркіт басқа,
Борекең шөлмек көзді босатты да,

Саусақпен нұқып қалды түртіп басқа:

"Бір шайнам миың болса қауашақта

Халықты келеке етпе, түртіп босқа!"

Жөнелді соны айтты да қайран асыл.

Іс болды жұрт қызығар айран-асыр.

Текті ұлы көнбіс көпке сабақ берді,
Дегендей: "Осы ақылды пайдаға асыр!"
Кісілік кішілікпен келер болса,

Ұлылық - ірілікте. (Жай ғана сыр).

Дүние - көз құрты емес қолы ұзынға.

Бәйгенің нар бастатқан тоғызын да,

Таратты Серік мырза ырза болып,

Өнерден озып шыққан тоғыз ұлға.

Жомарттық төмендегі пысқырған жоқ

Өкпелеп күңкілдескен көп ызыңға.

Қоянды жәрмеңкесі аяқталды.

Сатылмай бірен-саран саяқ қалды.

Күл қалды көшкен жұрттың белгісі боп,

Сынығы ақ құрықтың - таяқ қалды.

Талайды талдыратын, жандыратын

Айрылысар өксік мезгіл таяп қалды.

...Жалғыз із көп шиырлап көл жағасын

Қыз жасын сіміре алмай аяп қалды.

Жәрмеңке енді оралмас Қояндыға.

Өмірдің күнгейі аз ғой баяндыға.

Артына Бұрхан ұлан кетті қарай

Әлдебір сағынышы оянды да.

Күдікті жас жүрегі сезді ме екен,

Шынымен жылау күндер таянды ма?..

Көкесі ұқты ұлының жан жүйесін –

Ғаламның іздейді Дін мәңгі иесін.

Тоғысқан тоқсан ұлттың тобырынан

Көрді ме көңіл қозғар әмбиесін?

Таппасаң әулиесін дүниенің,

Кесек қып ойсыз, қамсыз төнді үйесің.

Шынығып ыстығы мен суығында,

Өмірдің татты алғаш ұл тәрбиесін.

Біткенмен Қояндының жәрмеңкесі,

Басталды баянды ұлдың жәрмеңкесі.

Қызығы шыжығымен араласқан

Тағдырдың ойыншығы ғой әр пендесі.

Азабын арқалайтын ауырсынбай,

Ғұмырдың Адам ғана - шермендесі.

Ғұмырдың адам - нағыз шермендесі.

Сүйініш, күйінішке ерген көші.

Көмейден қуанғанда ән төгілсе,

Күрсінген күйінгенде шермен төсі.

Жеңгенде аспанға атқып айбат сесі.

Жеңілсе, жорғалаған жермен десі.

Шер-шемен бір жазылса таланыңа,
Алтынды тастасаң да табаныңа,
Кешегі қазы-қарта, жал мен жая

Жататын тас түспейді табағыңа.

Қайырсыз қара түнек күндер орнап,
Кейіс пен қиясты үйер қабағыңа
Зарыңды Жасағанға жеткізе алмай,

Үйірген тауқыметін заманыңа.

Заманның жанды жеген жетті зілі.

Жүректі бұзып, жарып өтті зілі.

Өртімен орап алды Тау, Даланы

Уақыттың "тәркі" дейтін кек-қыжылы.

"Қазақтың бай, жуанын қойдай қу!" деп,

Мәскеудің мияулаған жетті ызыңы.

Алаштың төбесінен жасын түсті,

Бұйрықтың басылмастан ет қызуы.

Қазақтың ал құтырсын белсендісі,

Бір мысқал көтертпейді еңсеңді ісі.

Біреуді біреу қауып иттен жаман

Жоламас маңайыңа өлсең кісі.

Жау тұтып маңғаздарды, матап ұстап,

Қамады. Келмесе де ел сенгісі.

Оралды қасірет боп жылау күндер.

Бояйтын қанды жаспен бұлау күндер.

Адал мен арамдықтың шегін ашып,

Кімнің кім екендігін сынау күндер.

Танымай өз ағасын өз інісі

Секемшіл туды мезгіл "Мынау кім?" дер.

Бұрхандін көп ойлайтын Қояндыны.

Халқының жәрмеңкесі - аяулыны.

Ән-күйге, өлең-жырға ынтықтырып,

Көңілдің түкпірінде оянды үні.

Жас жүрек мұң іздемей, сыр іздейді,

Мұң, зардың сезбей қалып таяулығын.

Жастық шақ - алмас қылыш, сезіне алсақ.

Тұратын жарқ-жұрқ етер кезін аңсап.

Бұрханның түн ұйқысы төрт бөлінді,

Балкеннің қарақаттай көзін аңсап.

Құйындай тұла бойды үйіргенде,

Әрине төзім алшақ,

Сезім алшақ.

Әкеден алған үлгі, тәрбиемен,

Тазарған ар-арамнан, жан-күйеден.

Су беріп, сұлы беріп, баптап, күтіп,

Бір мезгіл құйғытатын тәрбиемен.

Бәрібір тұлабойға шым-шым тарап,

Іңкәр күй жүгіретін жан-жүйемен.

Сәтімен қос кеудеге сезік кірді.

Қас-қабақ іздегенін кезіктірді.

Жалт еткен жанарымен сипап қалып,

Көп сырды көңілдегі көз ұқтырды.

Сылаңдап жас бойжеткен судан қайтса,

Бозбала кетуші еді кезіп қырды.

Кетсе де оқудан тек еселері,

Қазақтың сезімтал ғой шешелері.

Ұл, қыздың шырын сырын ұққан бойда-ақ

Екі ана шешіп қойды мәселені.

Қуантып көз шарасы жасқа толса,

Ырыстан босамады кеселері.

Қақ бөліп қосүреймен бір денені,

Басталды кәнпескенің дүрбелеңі.

Зорлықтың зобалаңы ел ішіне

Дүрілдеп, дірілдетіп кірген еді.

Қаптады балтыр қабар азулылар,

Қалмады құр шәуілдеп үрмегені.

Жақсының бұлт торлады ашық күнін.

Көзге жас, кеудеге зар, қосып мұңын.

Қазақтың сүт бетінде қаймақ болар

Қасірет бет қаратпай тосыпты ұлын.

Тәркілеп мал-мүлігін, асыл затын

Сындырды шаңырағын, шашып күлін.

Суымен тұншықтырды аяқтағы.

Тұқыртты бай тұқымын, таяқтады.

Бақ қонған, билік құрған бекзаттарды

Жерінен айдап шығып, саяқтады.

Тәңірдің әлде әдейі таңдауы ма,

Қазақтың кек-қыжылын оятқалы.

Адақтап асылдарды жер аударды.

Бүрісті кешегі мол ел аумағы.

Осылай "Кіші Октябрь" дауылдатты,

Болған соң Кремльдің қалаулары.

Қысым мен қысастықтың қызыл өрті

Жерде емес, жүректерде алаулады.

Қып-қызыл қанға толды "Қарабұлақ".

Аңырап қоя берді дала жылап.

Ауылды кернеп кетті қызыл жаға

Қасқырдай көрді ақтарған қарақұлақ.

Көнбіс боп тән көнгенмен азабына

Сіресіп қарсы тұрды сана бірақ.

Айықпас бұлт оралса қара басқа,

Зарыңды шаға алмассың бар Алашқа.

Серік пен Ерекеңді шырмап, матап,

Тұтқын ғып қамап қойды қара қосқа.

Қамшысы сары орыстың қолындағы

Түсірді ішке күйік, жара басқа.

Шөлмек көз дәл өзі еді ол сары немеңнің.

Асайтын ажалындай бар дәмеңнің.

Апандай аранымен дәлелдеді,

Мінезін құныққан мен дәндегеннің.

Қасында қызыл жаға көбейген соң

Қазақты қарсы тұрар жан деген кім.

Сабылып Боранқұлды ол көп іздеген.

"Тап, таптан!" басқа сөзді емізбеген.

Қамады тағы алтауды елді ұстаған

Біреуді айырбастап сегізбенен.

"Босатам, Боранқұлды әкелсеңдер!"

Дегенге бар өкімін негіздеген.

Кегі бар сол қазақтан алынбаған.

Өштігі өзек өртеп жалындаған.

Пәрменді Голощекин бергеннен соң

Құламай тұра алар ма жолында адам.

Бурадай Боранқұлдың жынын қақса,

Қазақта жан қалмайды жалынбаған.

Осы арман сары Иванды безектетті.

Өкіртіп, өтін шашып, өзек тепті.

Бір ыза, бір өкініш ішін жайлап,

Қабынтып екі өкпесін кезек тепті.

Сұқ саусақ өңмендерге көп қадалды.

Төңкеріп тастардай боп кезеп көкті.

Түксиіп тіл қатпастан сазарды түз.

Қасқайып қарсы ұстады назарды түз.

Ойықтай мұзы қатқан шегір көзді

Қазақы тосып алды ажарлы жүз:

"Аса бер! Айдата бер итжеккенге,

Түбінде бір өлетін ажалдымыз!

Даланың бере алмаймыз намысты ұлын.

Боранқұл - ел қамқоры, арыс бүгін.

Жұл - дейтін - өзегіңді өз қолыңмен
Білінді-ау жыртқыштықпен таныстығың!"
Деп Серік сары Иванға тік шаншылды,

Мұртының найза қылып әр істігін.

Ысқырып сойқан дойыр суылдады.

Серіктің жон арқасы дуылдады.

Ерекең атып барып түсті ортаға

Аға үшін өзі қанға жуынғалы.

Қу жанды аяған жоқ. Тәтті етіне

Тимеген ащы таяқ туылғалы.

Қос дене қан-жоса боп құлап түсті.

Мойытпас екеуді ішкі сынақ күшті.

Туыстық аянышы бір-біріне

Сездірмей сыртқа өңін.

Жылатты ішті.

Шапшыған қара көзден от ұшқыны

Ұшырды сары Иваннан бір-ақ сұсты.

Даланың сөзі жүйрік.

Желі - жүрдек.

Әп-сәтте хабар тарап,

Жетер дүрмек.

Шошытса сумаңдағыш суық өсек,

Сүйінші жүрегіңді кетер бірлеп.

Жалғыз сөз "Аттан!" деген естілгенде,

Дауыл боп қалың қазақ көтерілмек.

Жетті де Боранқұлдың ауылына,

Ұласты "Аттан!" қырдың дауылына.

Сайлатып ат-сойылын бір-ақ сәтте,

Өрттей боп тиді түздің қауымына.

Көмейден өттей кекті лақылдатты,

Жендет боп жедел жеткен жауын ұға.

"Ұйпалап кете берер - жатсаң тегі".

Деуменен атқа қонды шапшаң легі.

Жаланған әлекедей жігіттердің

Басшысы - Байғұманның Атжалбегі!

Дегендей қарсы атылмақ карательге:

"Өз еркің атсаң мені, шапсаң мені!"
Бет бұрып намыс қуар әрекеге,
"Аттанмен" еселенер берекеге,
Атжалбек ат ойнатып келді жетіп,

Рұхсат алу үшін Борекеңе.

Бір сәтте сыналатын кез туады:

Тірлігің қор ете ме, зор ете ме?

Боранқұл көрді, сезді інілерін.

Намыспен кек қайраған ірілерін.

Дәл қазір иек қағып, мақұл десе,

Таппас ед ертең бір де тірілерін.

Дүбірлеп кеуде соққан жүректердің

Біледі оқпен семіп, бүрілерін.

"Ентікпе, бауырларым, текке желдеп.

Іздеткен ойдан, қырдан мені жендет.

Барайын керек етсе. Бір мен үшін

Ақпасын қазағымның қаны селдеп.

Кімі ақ, кімі қара, кімі сатқын.

Алады әлі-ақ ертең елі жөндеп".

Бұғаулап шемен шермен жер әлемін,

Алаштың бүрді тағдыр ең өренін.

Ерніне анасының тосты бетін,

Бір сүйді маңдайынан немеренің.

Бәсіре ат - Маңмангері – жорғасына

Мінді де жалғыз тартып жөнеді ерің.

Ерітпеді інілерді, қарақтарды.

Тойтарды жауға оқталар жарақтарды.

Ауылы, ел-қауымы, туыстары

Соңынан Борекеңнің қарап қалды.

Елі үшін еңіреген қайран сабаз

Осылай оқытып ед сабақтарды.

Жаңбыр боп еңірейді жаралы аспан.

Ауылға жылау күндер араласқан.

Қаншама құлақ біткен тосқанымен

Бір ыңқыл естілмейді қара қостан.

Бүрхандін жерошақтан көз алмайды,

Шешесі Рәлиден тамақ асқан.

Кездесіп көкесімен түсінде мың,

Күрсінтпей бұғып жатыр ішінде мұң.

Сезеді әкесі мен жәкесіне

Босатпас қиямет күн түсіргенін.

Үйінің дәмін татып аттансын деп,

Шешенің жамбасты арнап пісіргенін.

Суылдап жел қатайды құм ұшырып.

Бұлт басып бұлдырады Күні шіріп.

Бүрісті қос күзеткен қос күзетші

Жағының боздап жирен түгі шығып.

Босаған жынды судан сықырлайды,

Астында аяғының шыны сынып.

Шатырлап ызалы көк күркіреді.

Артынша-ақ суық жаңбыр сіркіреді.

Төбеде опыр-топыр тоқайласты,

Шошытып тәмам жұртты бұлт реңі.

Қоржынға тамақ салған Рәлидің

Көз жасы кірпігінде іркіледі.

Қара мұң торлап алып ақ арманын,

Қайғыдан шық оралтты жанарға мың.

Күрсінген анасының байқады Дін

Шашының біраз қылы ағарғанын.

Есіктен сыртты барлап көз салды да,

Күзеттің анық көрді жоғалғанын.

Тоқтау сап қорқыныштың құйынына,

Қоржынды асып алды иығына.

Бас изеп, сәл-сәл ғана күлімдеді,

Шешенің сол сәттегі күйін ұға.

Жылт етіп көгілдір шоқ орнай қалды

Томпақтау қысық көздің қиығына.

Кірердей ұрып, тесіп жер төсіне,

Құйылды суық тамшы желкесіне.

Осылай зұлмат заман зілін артты

Кешегі байдың ұлы - еркесіне.

...Елеусіз қосқа жетті Бұрхан біздің

Оралсам әңгімемнің келтесіне.

Жалмажан қимылдады, кешікпеді.

Кендірді бырт-бырт кесті есіктегі.

Жіп емес, тап жендетті турағандай

Өршіді кеудесінде өшіккені.

...Жып-жылы маңдайына тиді еріні

Көкенің мейірімді есіп демі.

Жіпті үзді аяқ-қолды бұғаулаған.

Көкенің сақал-мұрты қылаулаған.

Жәкесі - Серік аға құшты Дінді

Түр-түсі Ермегиядан түк аумаған.

Түндіктен томпылдады суық тамшы.

Естілді жылқышы үні "құраулаған".

Жамбас пен жанторсықты шығарды да,

Екеудің үйіп қойды ұл алдына.

Қос ішін жайлап кетті қымыз исі,

Ежелден қыр қазағын құмар қыла.

Қымыздың бір кесесін жұтты

Серік Жамбастан ауыз тиді бір алды да.

"Ереке, әлгіндей ғып байла мені.

Адамның бола берер қай дегені.

Сен құтыл!

Мүсілімді баурыңа бас.

Мен ғана - көздегені,

Бай дегені.

Құрбан боп, сақтап қалсам бір әулетті

Шуағын әлі-ақ Күн мен Ай төгеді".

Аға-іні айқыш-ұйқыш құшақтасты.

Қара қос түйістірді үш-ақ басты.

Қазақы бауырмалдық іріліктен

Тыстағы дала желі күш ап, тасты.

Қамауда қалды Серік.

Кетті Ерекең,

Қойған соң ойды қамап,

Тұсап басты.

Қаңтарып қойған бұрын қыр астына,

Көрсетті атты Бұрхан қыр асты да.

Жел - тынып, жаңбыр тоқтап, бұлт сейіліп,

Иілді кемпірқосақ Күн астына.

Құлпырды дарқан дала кең көсіліп,

Ежелгі еркіндікпен ұласты да.

Ерекең көзбен шолып әр шағылды,

Орғытты астындағы Алшағырды.

Тақымға ат түскенде, қанат бітіп,

Қай қазақ ұмытпаушы еді барша мұңды.

Еңкейіп Дінді иіскеді маңдайынан

Жүрерін сезінгенде аңсап ұлды.

Көкесі тізгін қақты бұрылды да,

Қалдырып жаны ауырған ұлын мұнда.

Кеудесі сағынышпен шырқырады

Бір қылы жүрегінің жұлынды да.

Ал дала, қайран дала жұпар шашты

Жаңбырмен нөсерлеткен жуынды да.

Көк сағым көкжиекте өріп кетті.

Сусыды, тау мен тасты көміп кетті.

Бұлдырап көз ұшында ноқаттай боп,

Көкесі сол сағымға еніп кетті.

...Апырай, бір жақсылық болар ма екен,

Сұлуы табиғаттың - елік кепті!..

Боп кетті аяқ асты азан-қазан.

Дүрлігіп қызыл жаға азандаған.

Топырлап әрбір үйді түртіп, тінтіп,

Сарт та сүрт қамшы үйіріп, қожаңдаған.

Осылай тағы үркітті тыныштықты

Қорқытып үрейімен мазаң заман.

"Айт, айт!" деп - "Байды қайда жасырдыңдар?

Қай тұсқа, қай мекенге қашырдыңдар?"

Дікілдеп кез келгенді ұрып, соқты.

Шөлмек көз сары немең - басыр мұндар.

Қазақты көз жасына шомылдырған

Арызын қорғансыздың тасыр кім бар?

Қамшымен тартты кетті Бұрхандінді.

У-шудан кеш үрпиіп, мұң жаңғырды.

...Әлдекім шыға келді жасырардай

Жамылып қызыл арай тұрған Күнді.

Әлгінің қарасыны тым сұсты еді,

Батырдай жалғыз өзі қырған мыңды.

Ерлер аз жоқты бірден бар қылатын.

Соқпағын қас жауының тар қылатын.

Елі үшін ертеңді-кеш аттан түспей

Жататын жастық етіп жар құлағын.

Даланың сол абзалы – Боранқұлы

Жеткен-ді ойнақтатып арғымағын.

Таныды қарсыласын сары Иваны,

Жоғалды күшенгені, далиғаны.

Көргендей көк бөрісін сахараның

Тығылды табанына жан-иманы.

Жалт беріп сасқалақтап тасаланды,

Қалқалап қойшы әйелі - Дариғаны.

Шошынған карательдер үркіп қалды.

Көмейде көп айқайды іркіп қалды.

Барлығын бір қазақтың мысы басып,

Ішілмей айран, қымыз, іркіт қалды.

"Сен ұмтыл!" "Сен қимылда!" деген ымдар

Білдірмей бірін-бірін түртіп қалды.

"Әй, Иван!

Сүміреймей тыңда мені!

Өлмей-ақ көрем десең түнді әдемі.

Жасағым жар астында тізіліп тұр,
Жіберіп елшілікке мұнда мені,
Соғыссаң - біз дайынбыз осы қазір

Қанынды ұрттауға әбден күн дәмелі.

Соғыспай кетем десең - жолың ашық.

Оңда мен жолатпаймын тобыңа шық.

Неше күн іздегенің - мен екенмін,

Еремін!

Уәдем сол - кетпен қашып.

Қамаудан босатасың бар тұтқынды,

Кісеннен аяғы мен қолын ашып".

Сол сол-ақ сары немең қалбақтады.

Оп-оңай жел боп ұшып салмақтары.

"Кетеміз! Соғыспаймыз!" деп шуылдап,

Тізіліп тұра қалды солдаттары.

Көзінше бар тұтқынды босатқызды,

Боранқұл ешкімге өзін алдатпады.

"Серікті, Ермегияны ұста!" деген

Бөгеді Борекеңді мандаттары.

Қоштасты ел екі арыспен улап-шулап.

Шаң туды түн қойнынан шумақ-шумақ.

Сыңсыған әйел даусы көкке жетіп,

Бұлқынды жүректерде зулап, тулап.

"Өрлігі-ай, Боранқұлдың! Ерлігі-ай!" деп

Көп аңыз күні бүгін дудан тумақ.

Бұғаулы қол-аяғы Серік кетті.

Даланың ерке ұлынан ерік кетті.

Адамнан артық екен адалдығы

Тазысы - Алғұйыны еріп кетті.

Бай ұлын байғұстай ғып айдағанда,

Сыланған сахарадан көрік кетті.

Алаштың Боранқұлдай ары кетті,

Қоздырып көкіректерде кәрі кекті.

Жоқтайды Ел арысын әлі Дала

Нарлығын күй дәлелдеп,

Ән үдетті.

Кезіп жүр Борекемнің жаны Көкті!

Қазақтың өзінен көп белсендісі,

Жаралған қан ішуге өңшең түсі.

Тулақ боп қарсы келсең, таяқ жейсің.

Боласың, айтқанына көнсең, кісі.

Солардың илеуі мен билеуінде

Бір елдің олай-бұлай теңселді іші.

"Қашқын!" деп көп шүйілді Ерекеңе.

Аямай тырнақ салды берекеге.

Малдарын алдына сап, қуып кетіп,

Жандарын айналдырды келекеге.

Бұқаша көзін сүзіп жас келінге,

Тергізді тезек, қиды кәрі әкеге.

Қойған жоқ заңсыздыққа бәрі илана,
Қасарған жанды арға жани ғана,
Ер мінез Ермегияны мұқатқалы

Көбісі көз жүгіртті Бәлилаға.

Пәктікті жоймақ болып, көп аңдыды,

Тіл-аузын келтірместен кәлимаға.

Кіргендей қара бұлтқа Күн қамалып,

Даланы қойды заман мұңға малып.

Жарылғап, Жәнібектен қалған белгі –

Кейітті тәрбиені ұрлап алып.

Күрсінген Бұрханжанның кеудесіне

Күн сайын қайғы-шері тұр жамалып.

Қазақтың қазығы бар әр тегінің

Тағдырдың тексеретін шәлкем үнін.

Ерекең Діннен сезді сондай күйді

Ешкімнің ермек болмас тәлкегінің.

Жанына ыстық темір боп бататын,

Мұңайғаны Бәлила - Балкенінің.

Қалайды жанарынан нұр ұшқанын.

Қолынан татсам дейді ырыс-дәмін.

Аспаннан айды жұлып берер еді,

Көрмеуге қабағының құрысқанын.

Тағдыры екеуінің қабысса ғой,

Қолынан шыққандай боп бір ұстаның.

Сезді ана тұңғышының толғанысын.

Бір күдік, бір үмітпен жанған ішін.

Күлшатпен - анасымен Балкен қыздың

Кеңесті - қос тілекті жалғау үшін.

Бекітіп туыстықты одан әрі.

Ғарсыға қол ұстасып самғау үшін.

Ерекең екі ананы мақұлдады.

Сойғызды жалғыз атты тақымдағы.

Құм құйып белсендінің көздеріне

Сол тойды мадақ етті ақындары.

Босанып қысқан заман уысынан

Қуанды туысы мен жақындары.

Жаман ғой "Ақтабан" боп ел көшкені.

Ол күндер енді айналып келмес тегі.

Қазаққа қырау күзде той жасатса,

Иншалла шер жамылтып төнбес көгі.

...Бір-бірін жүрегімен іздеп тапқан

Ұл, қыздың екеуі де өнбесте еді.

Тоқтамай тағы да бір жыл айналды.

Алаштың көкірегі ылайланды.

Белсеніп белсенділер құтырғанда,

Ауызға ілінбестен құдай қалды.

Малынан айырған соң тып-типыл ғып,

Даланың бар тірегі құлай қалды.

Ақырып Голощекин билік құрды.

Қала ғып қар үстіне үй тіктірді.

Қазақты отырықшы етемін деп,

Бір жерге үйіп-төгіп, ұйлықтырды.

Көшкенді - жау деп санап аямастан

Қамауға абақтыға бұйрық қылды.

Малы ғой - бар Алаштың кіл қорегі.

Қалайша етсіз, ақсыз күн көреді.

Орнаған қар үстіне киіз қала

Ішінде сүйретілген сүлдер еді.

Ашынтып,
Ашықтырып,
Асып, қырып,

Қазаққа келген зұлмат күндер еді!..

Жақсы еді жаз жайлауға ел көшкені

Перзент боп табиғатпен шендескені.

Алты ай жаз айт пен тойда көкпар тартып,

Гуілдеп палуандардың белдескені.

Жұмағы қазағымның - салқар көші

Айналып енді ешқашан келмес тегі.

Көбейді ет салығы, май салығы.

Қосылды үстемесі, жай салығы.

Қазыны кертіп жеген сахараның

Таяғын ұстап қалды жайсаң ұлы.

...Қырғызса пенделерін мұрт көсемге,

Көрмеп пе Мұхамед пен Ғайса мұны?..

Көктемде гүл өскенде Көктөбеде,
Төнгенде шуақты Күн көк төбеге,
Көмгенде сөредегі мәйіттерді

Жан ұшты бырдай болып көкке де ене.

Айрылған арыстардан, боздақтардан

Оқ болып атылмады өкпе неге?..

Алаштың аштан қатты елі міне,

Уыз жоқ.

Ақ тамбады ерініне.

Кремль күш қылды әрі,

Пысқырмады

Қырдағы бір ұлтының өліміне.

Қатайтты одан әрман қыл тұзақты

Айналып қып-қызыл қан жерігіне.

Оралды ақырзаман қазағыма,

Зар қосып әуезі мен азанына.

Даланың тышқаны да таусылған соң

Тулақты турап салды қазанына.

Салған-ды бұ дүниенің жалғыз жұртын

Тіріде о дүниенің тозағына.

Үй қалды.

Алтын орда, үзік қалды.

Келместей арман болып қызық қалды.

Сор заман,
Сұмдық заман,
Сойқан заман

Қаптатты қан ішетін бұзықтарды.

Ілінген сіңіріне тірі өлікті

Сөмулент, сабөтеж 2 деп тізіп те алды.

Күндерді үйіп-төгіп уайым жауған,

Сыртыңнан шешіп қойса,

Дайын саудаң.

"Қазағым, қалың елім, қайран жұртым",

Қалдың-ау алды-артыңды пайымдаудан.

Алашым, Алласы да ұмытқан соң
Шөп жалмап,
Тамыр сорып,

Қайың сауған.

Ырзықтың түгесіліп жүлгелері,

Бөлінді тұтас елдің іргелері.

Өлгені өліп,

Қалған ел өріп кетті

Советтің талаған соң бүргелері.

Даланың төл баласы тоз-тоз болып,

Тойынды қан көмейлеп кірмелері.

Ерекең қатты бұрап оң құлағын,

Күйіне мұңын қосты домбыраның.

Уілдеп іштен зары сауламай ма,

Емген соң сүт орнына сор бұлағын.

Бір кезде домбырасын тастай салып,

Бақыртып бауыздады соңғы лағын.

Теріге етін қақтап орап алды.

Рәли түйді белге орамалды.

Бет сипап, қош айтысты туған жермен.

Тігулі үй,

Ата-баба...

Мола қалды.

Он қадам аттап шығып Бұрхан жігіт

Артына бір айналып қарап алды.

Жұртына қарап алды бір айналып.

Жабығып,

Жаны ауырып,

Тұр ойланып.

Құлынын кіндікжұрты қимады ма,

Дүние қоя берді шыр айналып.

Аз-аздап ес жиғанда,

Қыңсылаумен

Өксітті ере алмастан құмай қалып.

Бетке алды Балқаш кентін шұбырғандар.

Жете алса - болар еді-ау ғұмыр жалғар.

Күбірлеп бір-біріне дем береді.

"Тоқтама!"
"Кідірмеңдер!"
"Қыбырлаңдар!"
Құлаған қиралаңдап боздақтардан

Шыңғырып ұшып жатты шыбын жандар.

Ажалдың сумаңдады ала тілі.

Кебін боп орап алар қара түні.

Мәйіті аштан өлген міскіндердің

Көмусіз рас екен қалатыны.

Қадалған көк аспанға қара көзді,

Сусыған топырақ, құм жабатыны...

Келеді Ерекеңдер ілбіп басып,

Сүйрелеп бірін-бірі, жылжып, тасып.

Суылдап дауыл соғып,

Жел тұрғанда,

Азуда сықыр-сықыр құмды ұрттасып.

Ажал жүр қастарынан бір елі аумай,

Ана жер, мына жерді шымшып басып...

Өлімнен құтылмады қашып, пысып.

Ажал жүр құшағына басып, қысып.

Алашқа "Ақтабаны" қайта оралды,

Он есе бұрынғыдан асып түсіп.

...Қыбырлар кеудесінде тұяқ таппай

Дала да малсыз, жансыз ашықты ісіп.

"Жалғанның ерегісіп жазуынан,

Кетпесін ана қажып,

Азып ұлан".

Дей ме екен өзі жемей, бір-бір тіліп

Ерекең беретін-ді азығынан.

Гүлшара, Жамал, Рәли, Балкен, Бұрхан

Қазақтың нәр алатын таза ұлынан.

Құмы көп бұрқыраған, дауылы көп.

Жауады сүмбіленің жауыны үдеп.

Сүрініп, жығылып көп бір қойнауға

Түнейді босқындардың "ауылы" кеп.

Құдай да қырын қарап кеткендерге

Көрмес ед дәл мұндайды жауы тілеп.

От шашып қасы, көзі, жар қабағы,
Қуысқа төсеп жүгін арқадағы,
Жатқызып Гүлшара мен Жамалдінді,

Ерекең денесімен қалқалады.

Суытып сүмбіленің суық түнін.

Төбеден торс-торс ұрып қар тамады.

Түнімен тұрды солай ызғар ұрып.

Әкенің кеудесіне мұз, қар үйіп.

Жылуын ұрпағына сарқып беріп,

Жүрегі ұлы адамның мұздады ұйып.

Тән қалды қара жерде қатып, семіп,

Жан кетті қанат сермеп құзға биік...

Балқашқа жетті бұлар жарты ай жүріп.

Әке жоқ.

Бұрынғыдан ортайды үміт.

Жұмыс жоқ.

Баспананы табу азап.

Тағы да Күнді торлап шалқайды бұлт.

"Бай ұлы!"

"Жуан тұқым!" - өршіп, өрбіп,

Білінді көзге шұқыр жантай қылық.

Қиын ғой өсек-аяң жұғысқаны,

Бұрынғы адыра қап ұғысқаны.

Ағасы Бәлиланың – Мұхамеджан

Бет қойды басқа жаққа жылысқалы.

Жігіттің өле-өлгенше ұмытылмас

Қол созып,

Көмек беріл тырысқаны.

Сол Мұхаң Рәлидің құлағына

Естіртпей басқаларға дыбыстады:

 Тәтетай, көбейді ғой сезік бүгін.

"Бай ұлы!" деген атпен сезіктімін.

Кетеміз қырғыз жаққа осы түнде,

Құдайдың басқа салған кезіп жүгін.

Рәли бас изеп қап, сыбырлады:

 Қарағым Мұхамеджан, сөзімді ұғын.

Бай болу, бақты болу - болған ба ұят,

Жақсыға жамалды ғой жалған мият.

Бұрханды Бәлкенімен бірге ала кет,

Құтылсын Ерекеңнің қалған тұяқ.

Дүние аударылып-төңкерілді-ау

Дүрілдеп су ішінде жанған қияқ.

Осылай айрылысты туыс тәтті.

Рәли бас сұғатын қуыс тапты.

Кешегі мыңды айдаған бәйбішеге,

Күйелеш сынық көсеу уыстатты.

...Он жасқа толар-толмас Жамал бала

Томпаңдап зыр жүгіріп, жұмыс тапты.

Жамалдін қаршадайдан зерек еді.

Оқуға ынтасы тым ерен еді.

Жасы аз, бойы қысқа болғанымен

Сол кезде-ақ ой-сойымен терең еді.

Білімі, білігі зор жап-жас бала

Өзгеден озық еді, өнегелі.

Тап-таза адал, ашық мінезімен

Алатын жұртты тартып бір өзіне.

Хат-шотпен көмектесіп жұмыскерге,

Айналды ақыл-ойдың Крезіне.

Таппайтын қазақ ондай елгезекті,

Мақтайтын орыс біткен ділі езіле.

Зауыттың тәнті қылып тірі жанын,
Көзінен шашыратып жылы жалын
Жүретін Жамалдінге жәрдемдесіп,
Ұстатар біреу нанын,

Бірі дәмін.

Жамалдың мейіріне, пейіліне

Анасы, қарындасы жылынатын.

Жас өрен жігерленді, жасымады.

Бір жылдай екі асылын асырады.

Білмейді ертеңгі күн не боларын

Күдігін кеудесінен қашырады.

Көзінен Гүлшарасын таса қылмай,

Алдында анасының бас ұрады.

Аштықтың жетті араны қалаға да.

Аш адам ауыз салды балаға да.

Әр тұстан ыңырсып қап,

Тұяқ серпіп,

Боп кетті дала - мола.

Қала - мола!

Қазаққа қырғын келді қанын ұрттап,

Оралды өлім болып далаға оба.

Бір ұлтты құрбан шалса, сатып Әлем,

Адалдық құриды екен затыменен.

...Бір кезде қыбыр енді Кремльге,

Бесеудің оянды ма хатыменен?..

Шетелдің дүмпуінен қорықты әлде

Қазақты империяның жаты деген?..

Өмірдің дөңгелегін айналдырған

Қозғалыс тірілді енді ойдан, қырдан.

Тұрардың, Смағұлдың 3 қарсылығы

Үркітіп Сталинді ойландырған.

Сол сол-ақ аш-арыққа созылған қол,

Әйтпесе

Көбейер ед қайран құрбан.

Алғанмен әлсіретіп панасына,

Мұрт көсем жұт боп тиген

Алашыма.

Кеудесі - от,

Намысы - шоқ ұлтты жойып,

Аштықтың жаба салмақ жаласына.

Мәңгүрт қып

Қайтадан бас көтертпестей

У сепкен баласының баласына.

Қаптатпақ болды сонсоң өгейлерді

Бос қалған қазағымның Даласына.

Жартысын қырған елдің күштің құлы!

Шет жаққа ауып кеткен үштің бірі.

Алашы ақ сүйек боп қырылғанда,

Шырқырап зиялымның ышқынды үні.

(Сор күндер,

Сойқан күндер, енді оралса,

Тоқтатпас!

Зиялы жоқ!

Ешкім мұны).

Қайтейін, ызаланам қаным ысып.

Жатты ғой жаным өліп,

Арым ұшып.

Мүрдесін атам, бабам аттап, таптап,

Жүрді ғой келімсектер қанын ішіп!

Ішімде қатқан кегім жібімейді,

Кеткем жоқ татулықтан жаңылысып.

Өшпес мін егеп түсті сүйегіме.

Жүректің жара орнады жиегіне.

Құрсауын көкіректің быт-шыт етіп,

Құл қылып,

Қамыт салды киеліме.

Айықпас мұң оралды домбырамның

Ызындап

Екі ішек пен тиегіне.

Бұл қазақ, айтыңдаршы, өлді неге?

Ұлы емес,

Құмы сусып көмді неге?

Басыңды басшы бастап шауып жатса,

Дұрысын жын біле ме,

Жөн біле ме?

Бір жүрген орыс өлмей, орман өлмей,

Бұл нәубет тек қазаққа төнді неге?

Көзімнен қанды жасты төге-төге,
Сұрақ көп миды шаққан "Неге? Неге?"
Далама симады ма қайран басым,

Туғанда жұқ болмаған тегенеге?

"Біріңді бірің жақтап,

Бірің сақта!"

Болды осы аяқ асты неге өнеге?

Шұбырып "Ақтабан" боп бұрындары,

Халқымның аз болып пед қырылғаны?

Ажалдың ақсиып кеп қанды азуы

Тек қана неге бізге ырылдады?

Осылай әлі күнге жауап таппай,

Жүрегім кеудем тесіп,

Шырылдады.

* * *
Өкіммен өкпе тескен аса мықты,
Бір күні жинап алып аш-арықты,
"Паромға тиеңдер де,

Жөнелтіңдер!"

Деп бұйрық жоғарыдан жасалыпты.

Алладан адам күшті болған кезде

Кім оған қарсы тұрып, қасарыпты.

Өкіртіп өкінішпен өтеді арман:

"Қандай күн қандай күймен жетеді алдан?"

Ұл-қызын қасына алып Рәли ана

Паромда көптен бірге кете барған.

Арқасы, Ақшатауы оралды еске,

Моласы Ерекеңнің жеке қалған...

Көздегі қан аралас бұлап шықты,

Оңаша кей түндері жылап шықты.

Шұбырып бірде жаяу,

Бірде арбамен

Кегеннен алыстағы бір-ақ шықты.

Кеселеп запыранын қасіреттің

Іштегі уыменен тым-ақ жұтты.

Естіп ап әлдекімнен Албан елі,

Шошынып қауесеттен қалған еді.

"Шығыпты Арғын дейтін - бір құбыжық.

Бас-көз бол қатын-бала, малға!" деді.

Өршітіп өсек өртін белсенділер,

Жалғанға өтірікті жалғап еді.

"Кем емес жеті басты тажалыңнан!

Арғынның жан құтылмас азабынан.

Көзіне көзің түссе, Жүрек тоқтап,
Өлесің күні бұрын ажалыңнан!"
Осылай отқа майды құйған өштік
Өзге емес,

Жау іздеткен қазағыңнан!

Осындай үрей-азу қауып көпті,

Қытайға біраз Албан ауып кетті.

Көлсайдан - періштеге мекен болған

Жұртымен бірге қызық, сауық кетті.

Бос қалған әсем, көркем тау, далаға

Шынымен Арғын қаптап, жауып кетті.

Құбыжық емес.

Одан аман екен!

Қарсы алды құшақ жайып жаңа мекен.

От жақты.

Сиыр сауды.

Жылап, күлді.

Өзгеше іс қылған жоқ алабөтен.

Екі қол, екі аяқты,

Жүзі жарқын

Арғын да өздеріндей Адам екен!..

Табысты.

Бауырласты Арғын, Албан.

Салтымен қалған ізгі арғылардан.

Адамды адам еткен еңбегі ғой.

Еңсесін өзгелерден зор ғып арман.

Әуезі Жетісудың Арғынға ұнап,

Шығарды күй Албанды шер құмардан.

Қыз беріп,
Қыз алысып,
Араласып,

Арылды Албан Арғын бар күмәннан.

Бастайын әңгімемді өзге тұстан,

Жақсыны илеп, жаншып, кезге қысқан!

Өсекпен өзегіңді көп өртейді,

Бақталас –

Көрінбейтін көзге дұшпан.

Қырғызға паналаған Бұрхандіннің

Арқасы –

Туған жері көзден ұшқан.

Кент еді барған жері - Қант деген.

Күн көрер өлмеген соң арық денең.

Арқадан Кәрсөн, Керней ауған бұнда

Тілекпен: "Тірі қалсам, жарық көрем".

Дана ғой - бар асылын ойға жиса,

Бала ғой - ойдан тозса халық деген.

Ажырап бір азырақ ойдан елім,

Ой-сойын өзегінен сойған өлім.

Босқын ғып бөтен жұртқа кіріптарлық

Жанарын сығалатып қойған елім.

(Ойлаймын әлі күнге қайтқан жоқ деп

Сол кезде кеткен есем тойға менің).

Болған күт - Қант мекені

Сенсең үнге.

Арғынның Кернейі мен Кәрсөніне.

Әрине шұбап барған қазағымның

Бір қырғыз дәм салмаған керсеніне.

Қырғыздың бұлдап сатқан тарысының

Көз жасын шылап жеген әр сөгіне.

Сезгенде төбеден бұлт арылмасын,
Сезгенде астан қарын жарылмасын,
"Қоқи!" деп қоқиланған белсендіге
Еріксіз берген қазақ қарындасын

Естілер жер түбінен жүрек шертіп,

Шындықтың шырылымен сарындас үн.

Өтірік жоқты бар деп, айта алмаймын,

"Туыспыз!" "Татумыз!" деп найқалмаймын.

Қазақтың қырғыз төккен жасын жисаң,

Болар ед Балқаш емес Байқалдай мың.

...Апырай! Не деп кеттім?

Достық қайда?..

(Көз сатқан екі еркекке сайқалдаймын).

Дегенмен біраз қазақ тірі қалды.

Екеудің онда барған бірі қалды.

Аузына талғау етер кебек тиіп,

Қу тірлік қыбырлатты тірі жанды.

Өзгеріп өзге ұлт боп... өзектесім

Жоғалтты анасының тілін мәңгі.

Өлмеді.

Сүйретті алға Бұрханды үміт.

Әкенің өсиеті тұр жаңғырып.

Біріне бірі ақырын иек артып,

Орнықты жүре бермей, құр қаңғырып.

Ағайын осындайда танылады,

Кеудеңе шоқ түскендей нұр жандырып.

...Өмірдің қапы тұсы әлі де көп

Күрсінтіп дал қылатын құр санды ұрып.

Көрші еді Қаспақ деген - түбі Найман.

Тымағын баса киіп тымырайған.

Кекшіл ед. Қасарысып қаны қатқан

Қайтпаған қаттылықпен күні райдан.

Кезінде теріс бата беріп әке

Іргесін бөлген еді сұмырайдан.

Айналып ел мен жердің мақалына,

Көкенің ақ кіргізген сақалына.

Нәпсісін тия алмайтын сарыауыз боп,

Әкенің аяқ салған тоқалына.

Баласын әке біраз қимап еді,

Қалың ел қарғыс айтқан "нахал" ұлға.

Әр жерде бар осындай кері кеткендер,

Кеудеде жәһілдікті тербеткендер.

Ананың уыз сүтін емгенімен,

Шайтанның уын ішіп ержеткендер.

Талайдың пәк жанына дақ түсіріп,

Талайды жазықсыздан терлеткендер.

Әкесі адам еді,

Адал еді.

Аулына, аймағына бағалы еді.

Алдынан дау шешіліп,

Жанжал бітіп,

Жататын нағыз құндыз жағалы еді.

Бас изеп, қол қусырып, құрмет тұтқан

Балталы, Бағаналы тәмам елі.

Туғаннан қаймақ емес, қаспақ болған.

Осы аты тағдырына бастап қонған.

Кісілік, кішіліктен аулақ кетіп,

Кеудеге кісәпірлік асқақ қонған.

Не керек...

Інісінің қанын жүктеп,

Арғынның арасына қашпақ болған.

Кернейге кеуде сұғып, сіңген еді,

Табылып бір керектен бір керегі.

Жалғызды бөтенсініп қуған емес

Алаштың әр тұстағы іргелі елі.

Аулында Ерекеңнің осы Қаспақ.

Еңселі жігіті боп жүрген еді.

Талай із барымтамен шұбарланды.

Мал жиды.

Кәдімгідей құнарланды.

Әперіп көрші ауылдан бір шүйкебас

Ерекең отау етіп шығарған-ды.

"Қазақтың көбейер деп бұқарасы,

Өсірсем бір шыбықтан бір орманды".

Ұрса да талай мәрте тасқа басын,

Зорлауын сезер Қаспақ тастамасын.

...Айырды абыройдан қан-жоса ғып,

Қойшының тоғыздағы жас баласын.

Күңіреніп ел түңілді, жер түңілді,

Көргенде жыртқыш жанның масқарасын.

Жауызды ұрып-соқты ел күптей қылып.

Еш адам зорлықшыдан күтпейді үміт.

Әйелін, от-ошағын алып қалып,

Жіберген жалғыз өзін иттей қуып.

...Адамды айуан қылып жібереді-ау

Құтырса тыным таппай титтей қуық...

* * *
Маңызы,
Оқиғамның ең керегі

Сол Қаспақ белсенді боп келген еді!

Қамшысын олай сілтеп, бұлай сілтеп,

Тұқыртып әділетті көмген еді.

Қазағын қасқырдай боп қапқан сайын

Ішінде жанашырлық сөнген еді.

Өмірде өзектесер кеміп досы,
Қастыққа құмар көңіл өріп қошы,
"Шұбар төс, шынжыр балақ жуандар!" деп

Көрсеткен Ермегия мен Серікті осы.

Кісен мен бұғау салса – марқаятын

Кеткендей азатта - кек,

Ерікте - өші.

Қысасын, зобалаңын асқындырып,

Кеудесін кернеп алған тасқын қылық.

Ит қосып, мырзалардың мысын басып,

Жүретін көз шығарып,

Бас сындырып.

Қуалап, ауылына сиғызбастан

Жіберген біраз жұртты қашқын қылып.

Ұрының тігіп қойып қатарына,

Жармасқан баталының сақалына.

Шырылдап шығанға өрлеп шыққан дауыс

Оғы жоқ қанішерді атарына.

...Соны естіп Байғұманның Атжалбегі

Жөнелді мықтап мініп қаһарына.

Қырандай қанатымен бұрып көкті,

Қаспақты бір-ақ сілкіп,

Іліп кетті.

Көлденең салып алып ат беліне,

Қыр асып, елеусіздеу жүріп кетті.

Жесірді, желектіні тақымдаған

Зорлығын қорлық берген біліп кетті.

Қаспақты қаңсылатып, ырылдатып,

Сүйретті қозыдай ғып, дырылдатып.

Шоқ талға байлап, матап тастап кетті,

Екі-үш күн ішек-қарынын шұрылдатып.

Шыдатпай шыбын-шіркей қанын сорса,

Түспеді таңдайына ырымға түк.

Атжалбек бір қожаны ертіп келді.

Ал, қожа...

Белгілі ғой... шертіп көрді.

Көрді де,
Тыртаңдағыш, бұлтаңдағыш
Шұқып қап,

Сылқ еткізді "кертік керді".

Жан даусы шыққан кезде Қаспақ сұмның,

Шақшасы қан-жоса боп бөртіп берді.

Орындап ел үкімін ер мен қожа.

Мініп ап аттарына жортып берді.

Ат болды Қаспақ енді азынамас.

Піштірген өгізбенен базыналас.

Айт-үйт жоқ қадалатын шұңқыр көрсе,

Айрылды иесінен қазық-ағаш.

Ол енді кісінемес.

Кісі де емес.

Әтектің ұрғашыға назы ұнамас.

Жоғалды содан Қаспақ ізім-қайым.

Жасырып жарасының қызыл майын.

...Бір күні Қанттан бір-ақ шыға келді.

Дегендей бір азырақ қызылдайын.

Апырай, Жасаған хақ опасыздың

Несіне ұзартады тұзын дәйім?

Айрылып туған жерден кіндік кескен,

Бұрхандін барлы-жоқты тірлік кешкен.

Сағынар Қарабұлақ, Ақшатауын,

Жайлауын - жұмағындай сырғып көшкен.

Даңқына бабасының жаны исініп,

Ел-жұртын шығармайды бір күн де естен.

Ойлайды ана, інісін, қарындасын.

Түсті ғой ажыратып, бауырға сын.

Біле алмай бір хабарын үшеуінің

Қасірет қайыстырды қабырғасын.

Сыбырлап Балкеніне шағар мұңын,

Шыдатпай жаны күйіп, ауырғасын.

Іс түссе қалмас ердің қайда басы.

Қазақтың зарламап ед қай баласы.

Бұрханға қамқор болып,

Дем беретін

Ер жігіт - Мұхамеджан қайынағасы.

Жақсының жаны ортақ көпке дәйім

Әйтпесе кімді қайтсін қайманасы.

Қырғыздың жаны үйреніп жандарына,

Біртіндеп жатқан ісі оңғарыла.

Екеудің ауып келген Арғын, Үйсін

Үйіріле бастап еді маңдарына.

Бір кезде ойда жоқта шарпып өтті,

Жаулықтың қызыл өрті аңғарыла.

Кешкі алау жалаулатқан ойнап көкті.

Көлеңке сай қуалап бойлап кетті.

Сол сәтте дікілдеп үш қызыл жаға

Бұрхан мен Мұхамедті айдап кетті.

Шарасыз шырылдады Күлшат ана

Бойында қан қызынып, қайнап кетті.

Он күндей босатпады қамап ұстап.

Бұл тықыр ол тықырға барады ұқсап.

"Жауыздық жасамақшы жау тұқымы!"

Жамалды екеуіне жала, қыспақ.

Түк таппай олай қарап, бұлай тінтіп,

Босатты ақырында жалақы ұстап.

Өштігі өңі түгіл түсінде өсіп,

Тербетіп еселейтін күшін бесік.

Дін, Мұхаң көзге шыққан сүйелдей боп,

Қаспақтың жатқан кегі ішін тесіп.

Көрсеткен көбік сыра ұрттатқызып,

Қызылкөз белсендіге күбірлесіп.

Өтпеді атқанымен ағаш оғы.

Бықсыды алауламай шала шоғы.

Бұрханға қатқан кегі тарқар еді,

Шыңғыртып қызыл жаға тал аса оны.

Байлықтың, батырлықтың өзегіндей –

Бұл ұлмен таусылар ед Дала соңы!

Бай ұлын қамамады,

Соттамады.

Бар екен әлі біраз оққағары.

Жетпеді құлағына кәрі орыстың

Бұрханға күйе жағып, даттағаны.

Кек қайтпай,

Өш алынбай, мысы құрып,

Қаспақтың күйіп-пісті отқа жаны.

Өштікке қастықты енді жалғап алды.

Жазасын ең ақырғы таңдап алды.

"Біржола жауым көзін жойғызам!" деп

Сойқанын сотқарлардың жалдап алды.

Осы ойын орындауға ант еткендей

Ерінін кірш еткізіп қанға малды.

Күн батты арайымен жанап қырды.

Біргәдір темір рельс - "сағатты" ұрды.

Үйді-үйге жұмыскерлер тарап жатты,

Күзетші шыққандарды санап тұрды.

Бұрханды үш жендетке көрсетті де,

Бақылап Қаспақ өзі қарап тұрды.

Оңаша Бұрхан шығып кеткен еді,

Алдымен Яшка пахан жеткен еді.

Танып қап,

Бір сұмдықты сезген Бұрхан

Қайқайтып әлгіні іштен тепкен еді.

Жалт етіп безе қашты.

Ал, үшеуі

Қуды-ай кеп, өліп-өшіп өкпелері.

Жан беріп, жан алысу оңай емес.

Жеп-жеңіл шешілмеген талай егес.

Шапағын қызыл нұрдың сай жасырып,

Ақ, көк боп қашқын-қутын молайды елес.

Шұбалтып қыжым арқан шаң суырып,

Көз байлап, бүркеп жапты маңайды кеш.

Бұрханның жақын қалды баспанасы.

Соңында жалақтаған қасқа алашы.

Апырай, жан құтқарар амал қайда,

Шынымен домалар ма тасқа басы?

Артында ізін, өзін жалғастырар.

Қалмады-ау тым болмаса жас баласы...

Шырылдап жан мұрында,

Безілдеді.

Үрейге үрей қосып көзіндегі.

Мына үшеу тегін емес... тегін емес

Мәңгілік боп кетер ме көз ілмегі.

Іздетті құтылудың шараларын

Құтыртып қанын ішкі сезімдері.

Көрінді көзін қарып лашығы

От жаққан Бәлиласы – лашыны

"Жо-жо-жоқ!

Лашынға жолатпайды.

Балкені - жүрегінің шын асылы!"

Жалт берді басқа тұсқа.

Ет-бауыры

Қоштасып жан жарымен бүре ашыды.

Бәлила сезіктенді байқай сала,

Шырылдап жан ұшырды айқай сала.

Шыңғырған өзек өртер әйел даусын

Жаңғыртып талап жатты сай-сай ғана.

"Қап, әттең! Көрмесе ғой Бәлилашым"..

(Бар кезде мықтысың-ау айхай, сана!)

Сол кезде үйден біреу шықты атылып.

Мән жайды ұғып бірден жұтты аһ ұрып.

Құрықты жерде жатқан іліп алып,

Жіберді кейінгісін мықтап ұрып.

Құйын боп қуып жетіп екіншісін

Бір періп әлгіні де жықты ақырып.

Көңілі көншімейтін ішпесе қан,

Әр қолы тіркейтіндей төске бақан.

Жалт қарап,

Қарсы ұмтылды қарт бурадай

Азуын қарш-қарш егеп Яшка пахан.

Күн кетті ұясына жайлап батып.

Сай суы ашуланды қаймақ қатып.

Ақырды Яшка пахан арыстандай

Көзін де, қанжарын да ойнақтатып.

Түнеріп түтіп жердей төніп келді,

Қабандай қанды азуын сойдақтатып.

Ал анау паханыңды елемеді.

Бұның да түр-тұлғасы ерен еді.

Құрығы сарт-сұрт тиді созған қолға,

Ұрғандай емен ағаш бөренені.

Жарқ етіп оқша атылған сұр қанжарды

Төс емес,

Қағып алған терек еді!

Сылқ етіп оң қол сынып, түсті төмен.

Сол-сол-ақ бүрсеңдеді күшті немең.

Өзінен зорлар шықса, қожырайтын

Заңына қарсы шықпас сұсты деген.

Ежелгі етек сүйер әдетімен

Бір жанын өлтірмеуді үш тілеген.

Атан боп, пахан бол май монтаң қақты.

Аяққа жығып қазақ, тоңқаңдатты.

Ырсиып терісінен шығып сүйек

Қол шіркін сауға сұрап, шолтаңдапты.

Тізесі кезек-кезек тақырды ұрып,

Жалынып-жалбарынып жер шаңдатты.

"Ішінде сақырлаған бастап кегі,

Жұмсаған жалдап мені Қаспақ!" деді.

Жуасып, жүнжіп, қажып, бишара боп,

Күл болып өшіп кетті бастапқы өңі.

"Кет!" деді. "Жаның олжа!"

Иек қақты.

Даланың шын иесі - асқақ шері.

Артына пахан зытты қарай-қарай.

Күн батты, көкжиектен арай тарай.

Аң болмай, адам болу қандай қиын

Қысастан ағарады-ау талай самай.

...Қапсырды ту сыртынан кенет біреу

Тұрғанда ойға батып, абайламай.

Оң қолды сол иыққа артып алды.

Әлгіні жұлқа өзіне тартып алды.

"Апырай, Атжал көке, өзіңбісің?!"

Жоқ қылды Дін інісі бар күмәнды.

Бауырын бауырына басты ағасы

Айтылмай жан сөзінің арты қалды.

Тек қана оттай жанып: "Ағалады".

Босанып үрейінен бағанағы.

Бір тамшы кірпігінен Атжалбектің

Бетіне інісінің домалады.

Екеудің бір-біріне сағынышы

Тұс-тұстан анталап кеп қамалады.

Аңсатып жер мен көкке жаның ұшқан

Жалғанда не бар ыстық сағыныштан?

Көргенде туысыңды шетте жүріп,

Жүрегің әзер шыдар жарылыстан.

Көзге - нұр, қолтығыңа қанат бітер

Сезімнен кеудеңдегі алып ұшқан.

Екеуді сондай нәзік күй биледі.

Егілтті, елжіретті, әлдиледі.

Туған жер көз алдына көшіп келіп,

Жеткізбес құмарымен жанды иледі.

Жел ме екен ызындаған,

Кеуделер ме?

Құлаққа кірді елінің ән-күйлері.

Оралды өзек өртеп Тау, Даласы.

Алашы - сахараның Дәу, Данасы.

Сатпаған арын, жанын ешқашанда

Кетсе де дауда есесі.

Жауға басы.

Жері ғой - қан мен терін төгіп жүріп

Сақтаған аманат қып жан дауасы!

Түскен соң күліп, жылап сабасына,

Бұрхандін енді ашылды ағасына:

"Апырай! Аға өзіңіз болмағанда,

Қаспақтың ұшырар ем табасына.

Бір мені місе тұтпай,

Ол дегенің

Мұхаңның жармасып жүр жағасына.

Сұм заман жаныштады неге бізді?

Кеудеден мейір-шафхат сөне ме ізгі?

Күдерді жақсылықтан үз дей ме екен,

Жасаған қайырлатып кемемізді?

Қасқыр ғып айдап салып бір-біріне

Айырса жанымыздан денемізді.

Айтшы, аға, дүние неге ылайланды?

Ақиқат, ар, аманат былай қалды?

Құдай боп кішігірім өр бәлшебек,

Көгінде құдай болмай Құдай қалды.

Ұмтылған күншуаққа қайран көңіл

Тірліктің ызғарында мұңайланды.

Айтшы, аға, шегі бар ма азабының?

Маңдайға мұндай сорды жазады кім?

Тәңір ме тәлкек еткен, Кәрін төккен

Көз жасын көлдей қылып қазағының?

Тыңдай ма ән-күйіндей қыбы қанып,

Ұлтымның күңіренген азалы үнін?

Айтшы, аға, болар ма екен ашылар күн,

Шуағы төбемізден шашырар Күн?

Жете ме тып-типыл боп Алаш біткен

Табаңда топырақ боп басылар күн?

Айтардай ел арызын жер мен көкке

Жоғалсақ жер бетінен, Ашынар кім?

Айтшы, аға, өзгеге емес, Бізге ғана

Түсірді жанға күйік, жүзге нала.

Ән-жырды жоқтауымыз көміп кетті.

Жарыспай тай-құлынмен түзде бала.

Мәйіттің ақ сүйегі төсін бүркеп,

Құлпырмас мал-жанымен күзде дала.

Айтшы, аға, бейнеті көп неткен елміз?

Қарғыстың ең шыңына жеткен елміз.

Қан қылып, бір қазақты екі бөліп,

Неге біз бай, кедей боп шектелеміз?

Неге біз ұсақтаймыз ірімізді,

Біріміз бірімізді жек көреміз?

Айтшы, аға, неге қормыз өзгелерден?

Әлде біз тап болдық па көзге кердең?

"Тату боп, ынтымаққа ынтығып өт!"

Жетпей ме бабам айтқан сөзге зердем?

Қырылып өз елінде, өз жерінде

Неге біз кем боламыз өзгелерден?

Мал болып кеттік пе әлде құр жайылып,

Түйсікпен Дүниені сезбегеннен?

Айтшы, аға, неге берді мұншама мұң?

Жанымды неге зармен тұмшаладым?

Келемін кеңірдектеп жұтып әлі

Қайғының запырандай мың шалабын.

Анам мен Жамал баурым тірі ме екен?

Шырылы құлағымда Гүлшараның!

Айтшы, аға, неге бізді ажыратты?

Зарлатты.

Еңіретіп азынатты.

Сарғайған сағынышпен қызыл қаным

Жүректі тілім-тілім қазып ақты.

Көмейден қуып шығып ән-әуезді

Жоқтаудың ұлытатын сазы қапты.

Айтшы, аға, неге ұрлады адалымды,

Бұғаулап, шынжырлады амалымды?

Көзіме бір көрсетіп анам жүзін,

Құшам ба Гүлшарамды, Жамалымды?

Жасаған теріс қирап кеткен кезде,

Пендеден жазғырамын, аға, кімді?"

Атжалбек бауырын тосты бауырына.

Жотасын төсеп сынның ауырына.

Бүрісті қарсы айтатын жауап таппай,

Бораған көп сұрақтың дауылына.

Сезеді іштей ғана

Ел қалмасын

Ілесіп кете берсе жау ығына.

Сезеді.

Сезігі мол көкіректің.

"Бауырым, елсіз мен де жетімекпін.

Қасқырдай өз күшігін өзі жеген

Түстік қой талауына өкіметтің.

Қол қысқа.

Бір ұранға басам әлі.

Келеді кек-қыжылды көпір еткім.

Көбейді кеудем кернеп ашынуым,

Қанымның әр түйірі шашып уын.

Қиқумен ниет қылдым қыр асуға.

Тыймақ боп келімсектің басынуын.

Аттанам - мылтығымның басуына,

Құланның кезіктір деп қасынуын.

Ертеңін еркек болып уайымдаған,

Бішкектен біраз адам дайындағам.

Біріксек, бір жағадан бас шығарып,

Туарын өкінбес күн пайымдағам.

Бір жүзді Тоқпақ, Қанттан ертіп алсақ,

Дүбірлеп оянар ед сайын далам!

Сол оймен осы бүгін келген едім.

Күдік көп.

Шарқ ұрамын. Сенделемін.

Ерітпеймін. Жассың, інім.

Маңдайыңнан

Үйіңе бір сүймек боп енген едім.

Қиянда қияли боп жүрмін әлі

Көбейіп бүлдіргенім. Жөндегенім.

Арқаға кегім қуып аттанамын.

Кетсе де, ар өзімде, жатқа малым.

Байландым ту түбіне намысыммен,

Қадалды садақа боп оққа жаным.

Елім деп су кешермін, қан кешермін,

Болмайды бұл сапардан тоқтамағым".

Ақтарып бір-біріне жүгін ішкі,

Аға, іні түсіністі, ұғынысты.

Сезініп сырын, шерін дәл өзіндей

Жүрекке жүрегімен үңілісті.

...Сыртынан тұрды қарап бұл екеуге,

Бір адам ерттеп мініп Ібілісті.

Бұл адам із аңдыған Қаспақ еді.

Пахандар қашқанда, ол қашпап еді.

Көз салып Атжалбекті танығанда,

Дуылдап өршіп шықты басқа кегі.

Ышқынып ыстық қаны тасығанда,

Кірш етті шегедей боп тасқа демі.

Ерінін жалап тілі жалаңдады.

Тірілді кекшіл ойдың сан алуаны.

Ғұмырдың итжығысы бір бітпейді,

Жалған бұны, Жалғанды ол алдады.

Паханның серігінен ұрлап алған.

Кезенді жалғыз оқты сұр наганды.

Ақситты аузын ашып күрек тісін.

Түсірді сұқ саусаққа шіреп күшін.

Сығалап нысананың қарауылын

Іздеді Атжалбектің жүрек тұсын.

Жайратса, жаны тыныш табар еді,

Жауының ең мықтысын, Білектісін.

Тырс еткен сай жағалап дыбыс кетті.

"Аһ!" деген тіліп өтті тыныс көкті.

Күйдіріп тесіп өткен тайжақыны,

Жалғыз оқ тар қолтықтан бұрыс кетті.

Сол кезде бұлттан босап, жарқырап

Ай Төбеден шашыратып күміс төкті.

Сезді Атжал қолтығының тыз еткенін.

Сырғанап сызып қана біз өткенін.

Ертеңгі айқас-шайқас күндерде емес

Ажалдың осы қазір күзеткенін.

Пенденің кесіп-пішіп қойғандарын

Өмірдің өзі бұзып,

Түзеткенін.

Ай төнді дәл төбеден жарық жағып.

Тірілді Діннің десі талып барып.

"Сол!" деді. "Қаспақ - анау тұра қашқан!"

Ұсқынын сойқан жанның танып қалып.

Жаңғырды сай қуалап табан даусы,

Жоғалды тасқа соғып барып-барып.

"Қайт, Бұрхан!

Сәлемімді айт келінге сен.

Бұл итті маған таста!

Көрінбе сен.

Қанына қарайыпты.

Жазым етер

Жолына жуа болып егілмесем.

Қаспаққа тез жетейін. Бөгелмейін.

Cay боп тұр келе алмасам.

Көрінбесем".

Жөнелді атқып шапшып құзға қарай.

Шандатқан алдындағы із тарамай.

Сыңсыды түн сақшысы - сергек байғыз

Айрылған төркінінен қыз баладай.

Атжалбек көзін жазып қалған кезде,

Бұғағын сарт еткізді қыз қарағай.

Сол дыбыс - адастырмас анық белгі.

Сол тұсқа бар екпінмен салып берді.

Ілмиіп, жоғары өрлеп жан ұшырған

Сұлбасын сұмырайдың анық көрді.

Мұртының әрбір қылы тікірейіп,

Көзінде от Атжалбектің жанып берді.

Атылды жолбарыстай жоталанып.

Қазақтың қастығына қапаланып.

Ал анау құтылмасын сезді білем,

Таяғын көлбеңдетті жата қалып.

Денесі дірілдеді, қалшылдады,

Көзінен жас төгілді боталанып.

Не қылсын Атжал оның жылағанын
Ойына жасаған ол ұнағанын
Пәктіктің сақинасын сан сындырып,

Жинаған тек арамын сыбағаның.

Бейкүнә талай жастың қайтар кегі

Жалғанның жазаласа бір арамын.

Ұмтылып құзға шапшып, өрмеледі.

Бұндайда ептілік қой ең керегі.

...Бұрқырап төмен зулап тас құйылды,

Бар екен әлі біраз көрмегені.

Оба еді кенет темен құлдилаған

Әлгіні Қаспақ қозғап, тербеп еді...

Тас ұшты өрмелеген басты көздеп.

Ал Қаспақ тұра сала қашты тездеп.

Атжалбек тасқа басын неге тоссын

Жалтарып, атып тұрып, басты лездеп.

Құдайым осы жолы қолға ұстатса,

Шеңгелі Қаспақ түгіл тасты да езбек.

Ышқынды. Құзға атылып, көтерілді.

Қаспақты көкжелкеден жете бүрді.

Бір жұлқып, тура өзіне қаратты да,

Жауызды жұдырықпен шекеге ұрды.

Сол қолы босап еді көкжелкеден

Асығыс қаскөй сұмды бекер ұрды.

Қаспақ сұм ұшып төмен кетті құлап.

Жазасы солай теп-тез жетті тым-ақ.

Көк пен жер тулаған жоқ тітіркеніп,

Тып-тыныш қала берді түн тұнжырап.

Өзегін бір өкініш билеп алып,

Састы ма,

Тұрды Атжалбек мұртын сылап.

Не өнер өкінгенмен бармақ тістеп.

Тағдырдың салғаны сол қарғап, күштеп.

Қайыспай қара нардай қарсы ұмтылсаң,

Зіл батпан иініңе салмақ түспек.

Көресің маңдайыңа не жазғанын

Мың жерден шақырсаң да әруақты үстеп.

Не керек Қаспақ өлді.

Жауыз өлді.

Өсекке қарық қылды ауыз елді.

"Өлтірген тірі адамды қылмыстыны"

Шарқ ұрып дала іздеді, тау іздеді.

Қырылып аштан қазақ жатқан кезде,

Тағы да сол қазақтан жау іздеді.

Кеудеден таусылмастай тозар мұңы,

Атжалбек келіп еді базар күні.

Ерлерін ерітпек болған ер жігітті

Ұстатып қоя берді өз Арғыны.

Тып-тыныш өз жағдайын күйттеп еді ол

Қимастан бауыр басқан ажарлыны.

Арқаны құтқарам деп қияндағы

Өзінен неге тапсын ажалдыны.

Қашаннан бөрі жейді бөлінгенді.

Емдейді кім жаралы көңілді енді.

Қамалап Атжалбекті ұстағанда,

Көз жасы көк Аспанның төгілген-ді.

Ағасын қамаудағы талай барып,

Көре алмай Бұрхан іштей егілген-ді.

Ішінен опасызға қарғыс айтып.

Қайысып қабырғасы сөгілген-ді.

Ал енді оралайын Жалаңашқа,

Жалаңаш - аты ғана ала қашпа.

Тауы бар.

Құзы да бар сұмдық терең

Төңірек тұнып тұрған тал, ағашқа.

Түсірген: "Жұмағыңды көре бер!" деп

Көк Тәңір берген дем сап жан Алашқа.

Кегенге ұбап-шұбап келген Арғын,

Заманның тауқыметін көрген Арғын.

Қыбырлап жер бетінде жүргеннен соң

ЬІрзығын өз әлінше терген әркім.

Ажалдың уысынан босап шығып,

Тағдырдың тауқыметті жеңген парқын.

Әр жерде бір тұтатты ошақ отын

Өзінің өлмесіне сенген халқым.

Құртса да талай-талай жат ұйымды,

Сақтаған большевиктер апиынды.

Кім білсін есірткіге айырбастап

Алмақ па фәни түгіл Бақиыңды.

"Тезірек апиынды жөнелт!" деген

Кегенге жоғарыдан хат үйілді.

Ұмытсаң сәнді салқар көштің мәнін

Нашарсың.

Жете алмайды ешкімге әлің.

...Тірсектеп апиынға қуды жауып

Арғынның ауып келген босқындарын.

Сезеді.

Дәрің де емес, нәрің де емес

Елітер апиынның қышқыл дәмін.

Елтітер бас айналтып егіс іші.

Баршаның өнім жинау - тегіс ісі.

Шыдайды өксіп, лоқсып, құсып жүріп,

Төзуге жаралған ғой тегі кісі.

Қосылып өн шырқайды қалмаған соң

Барар жер, басар тауы,

Шегінісі.

"Сарыарқада саз дала,
Сұлуына наздана,
Жүрегінен суырып,

Ән салады бозбала.

Сарыарқада боз дала,

Бойлап өскен боз ғана.

Ит жүгіртіп, құс салған

Байбатшадай бозбала.

Сарыарқада саз дала,

Жайлауына мәз дала.

Шалқарынан мамырлап

Аққу ұшқан, қаз қона.

Сарыарқада саз дала,
Тірлігінде аз ғана,
Базарлап өт, ойнап-күл

Қайғы, шерді қозғама.

Сарыарқада сардала,

Сағынады сарбала.

Күңірентіп кеудемді,

Күйінішпен арбама.

Сарыарқада cap дала,

Ah ұрады сарбала.

Жүрегімді өксітіп,

Сарнама, жел, сарнама!

Сарыарқада сардала,

Күрсінеді сарбала.

Келер едім көшіріп,

Симайсың-ау арбама!

Сарыарқада сардала,

Ізде, жаным сарна да".

Жинайды апиынды Рәли ана.

Жамалы, Гүлшарасы әлі бала.

Кешегі байдың ерке аяулысы

Басқадай ие болды мағынаға.

Шаршайды.

Әнін бірақ тоқтатпайды

Қажымас қайсар, өжет жаны ғана.

Өкімет қайтсін сенің қайсарыңды

Оларға жоспар қажет ай сайынғы.

Бір емес, апиынды үш егеді.

Соқамен тіліп, жыртып сай-сайыңды.

Оларға үнсіз, тілсіз малай керек

Өлтірген

Жүздеп, мыңдап қайсар ұлды.

Салды олар апиынға ұл мен қызды.

Айырды ұлды - гүлден.

Гүлден - қызды.

Қажытып, қалжыратып қайсар рухты

Шұлғытып, бар ерікті бір демде үзді.

Арқаның қызды - ару деп аялаған

Дәстүрін таптап, даттап бірден бұзды.

Болған соң түз - абақты,

Үй абақты.

Көрді олар өктемдікті, қиянатты.

Арқаны ауыр жүкпен жауыр етіп,

Кеудеге шер-шеменді ұялатты.

Еркінді ырқыңменен қосып ұстап,

Шетімен шыңыраудың қиялатты.

Бір өңкей киім берген қап-қара ғып

Жіберген сонсоң өсек көп таратып.

"Шетінен мынау Арғын кісі жейді,
Тұрмайды қарсы келсең, бет қаратып!"
Албанды аулақтатты босқындардан

Өз күнін өздеріне жатты оратып.

Кім өлді?

Кім шұбырды?

Кім ашықты?

Осыны оқушы ұқты. Класс ұқты!

Мектептің алғаш аттап есігінен

Гүлшара әліппеден тіл ашыпты.

Жамалдін жалғастырды енді оқуын

Қалқайтып тұрғызған соң лашықты.

Мектебі тар болғанмен, ғажап еді.

Ұстаздар бар болғанмен аз-ақ еді.

Дәл солар шын мәнінде ұстаз болған

Кеудесі күн нұрындай таза-ақ еді.

Жүзге де, сіз-бізге де бөлінбеген

Алаштың азаматы - қазақ еді!

Жамалдін асығатын мектебіне,

Ұстазы білім дәнін екті еміне.

Бір жылда екі класс тәмамдады,

Жеткенде келесі жыл көктеміне.

Баланың жүрегіне жылу еніп,

Қарайтын болды тау мен көкке күле.

Ел тауып бала көңіл еміренді.

Дос тауып құрдастардан тебіренді.

Шым-шымдап қыс ызғарын айдап шығып,

Кеудеге жаз боп жылытып, өмір енді.

Үйінен мұғалімнің алғаш рет

Естіді патефоннан Әмірені.

Балалар кетеді тез туыстасып,

Шаттығын бөліседі уыстасып.

Шығады бірге бәрі шың басына,

Тұрады бірігіп кеп, ту ұстасып.

Баланың пәк жүрегі адалдық қой

Жоламас өсек-аяң, сыбыс қашып.

Жамалдін тапты ортасын, іздегенін.

Ашылды жайнап, ойнап жүз дегенің.

Өмірдің өзегіңді өңі шалса,

Бу болып еріп кетер мұз дегенің.

Жаныңның әні шалқып көк аспанға,

Жалындап жылу шашар түзге демің.

Түлеуін көрді Рәли баласының.

Айтылды шын көңілмен тобасы мың.

Бір кезде сөніп кеткен жылт жүгірді.

Ішіңде қара көздің шарасының:

"Жасаған! Бұрханымды көрсет аман

Жалынған үш қарғамның анасымын.

Берсеңші Бұрханымның бір хабарын,

Жол тосқан жапақтайды құр жанарым.

Қайықтай ескегі жоқ дарияда

Бағдарсыз бос сенделіп, тырбанамын.

Жаппар хақ, жарылқашы, жадыратшы,

Ескеріп бір тілегін мұңды ананың".

Жыл өтті қуалаумен әр күнді әр күн.

Білетін болды жақсы әркімді әркім.

Құрылды ақ тілекпен, ақ батамен

Колхозы "Облатком" Арғындардың.

Құдайым, бір тілекті шын тілек қып,

Пейілін кеңейте гөр тар қылғанның.

Сол колхоз қанат жайды, өркендеді,

Сілкінтіп адам етті әр пендені.

Бірігіп,

Іріленіп қуат қоссақ,

Азаяр ауырлығың желкендегі.

Тұрады сондай кезде адал жанның

Қуантып әркімді де "еркем!" деп.

Жер жыртып, соқа салды Арғын енді.

Ілгері тарта берді әр күн елді.

Көресің бүлдіршіннің шат күлкісін

Танисың ақ жұбайды, жарқын ерді.

Ес жиып, етек жауып, жан тыншығып,

Іздеді жақындарын әркім енді.

Айрылған біреу ұлдан, біреу байдан,

Кездерде түн оралып,

Мұң айдаған.

Ышқынтып аштық жайлап,
Жанды үзгенде,
Ұмытқан туыс түгіл

Құдайды адам.

Мәйітті жүк үйгендей қалап тастап,

Үстінде өліктердің жын ойнаған.

Іздеді Рәли де ұл, келінін.

Білмек боп екеуінің тірі-өлігін.

Жан-жаққа жұртпен бірге сұрау салды.

Аналық аңыратып тілек үнін.

Табылса Бұрхандіні, Бәлиласы

Қайтадан орнар еді тірегі мың.

Қайтадан табар еді қуанышы,

Оралып күйік жанның жұбанышы.

Өтірік күлмес еді сыртыменен

Тұрғанда күйіп-жанып жылап іші.

Төрт жағы түгелденіп үйге толса,

Білінбес туған жердің тым алысы.

Қалды ғой сағыныш боп қайран мекен.

"Жаннаты жастығымның - сайран мекен!

Жатырсың жер түбінде арман болып,

Қанат жоқ.

Енді саған қайдан жетем.

Қыр төсін дүбірлетіп жат тұяғы,

Құшағын кең далама жайған бөтен.

Аңсадым самалыңды, Адамымды!

Шықпайсың күндіз-түні ойдан мекен.

Кіндікжұрт - қайран мекен!

Ойран мекен!

Салады сағынышым ішке бүлік.

Жүрегім қан жылайды үш бөлініп.

Кешегі мырза күнім, ырза күнім

Өршітер өкінішті түске кіріп.

Қос қалқам көз жасымды көрмесін деп,

Өксимін үнсіз ғана іштен ұлып.

Жасаған, жарқыратшы жалғаныңды,

Еселеп есімді алып, салма мұңды.

Жоқтайын жүрегіме мәңгі бөлеп,

Ерімді, қадірлімді,

Алғанымды!

Қасыма жинап берші түгендетіп,

Өлтірмей өзің сақтап қалғаныңды!

Әніммен, өлеңіммен, үнімменен,
Жаныммен,
Әлі өмірден түңілмеген
Айтайын, алғысымды Жаппар ием,

Иіліп еш пендеге бүгілмегем.

Бір ғана берші, Тәңірім, жасымды иіп,

Естісең зар тілекті бүгін менен.

Бауырым езіледі балам десем,

Келтірші Бұрханымды аман-есен!

Жанымның жарасын жаз,

Жарылқай сал

Әлемді аялайтын Ана десең.

Ұлым мен келінімді құшқан күні
Түгел боп төрт құбылам,
Толады есем!"
* * *

Жыл жылжып, өтіп жатты күн айналып.

Сол күндер бар мен жоқты сынайды анық.

Білмеймін,

Сәуегейлік жоқ басымда

Жеткенін ана дауысы Құдайға нық.

Әйтеуір жүрегімді тебірентті

Зар тілек пәктігімен ұнай қалып.

Бұрайын Қант жаққа қаламымды.

Тезірек бастырайын қадамымды.

Сәлемін қабылдайын жас келіннің,
Қысайын бауырыма адал ұлды
Іздейін елмен бірге жоқшы болып,

Жортумен тоздырайын табанымды.

Қаспақ жоқ асқындырар қастандығын.

Ашықтау күндегіден аспан бүгін.

Майысты мамыражай маусым айы

Сай-сайға жасыл жағып, ашқан гүлін.

Шаңы жоқ.

Самал леп баяу ескен

Уылжып сәтіменен басталды күн.

Бұрхандін үй сыртында қырға шығып,

Обаға иек сүйеп, тұрды асылып.

Ыстық күн арқан бойы көтерілді

Үрпінен жылу менен нұр шашылып.

Қадайды Дін маңайға іңкәр көзді

Тілдесер табиғаттың кілті ашылып.

Жанармен аймалады Аспан, Жерді.

Сағымды сапырды оймен басқан белді.

Қиялмен қырды кезді,

Тауды сүзді.

Қиялдың ғаламаты басталды енді.

Оралды Сарыарқасы - сары даласы,

Балқашы - бала қылған қашқан көлді.

Жусаны, қарағаны, бетегесі,
Томпиған қырғауылдың бөтегесі
Күлегеш ағасының балдыздары,

Сабырлы жеңгесінің "тетелесі".

Тұрғандай соның бәрі тізіліп кеп:

"Қолымнан ұстап ал да, жетелеші!"

Тірілді жәрмеңке боп "Қояндысы".

Уілдеп күйге бөгіп оянды іші.

Көп түспен жайнап, сайрап, мың құлпырды

Болады қиялдың да бояулысы!

Жер де айқай,

Аспан да айқай - бәйге жарыс

Жүрегін шым еткізді аяулы ісі.

Тұр есте тәрбиемен шапқан кезі.

Көмейлеп шанды өкпемен қапқан кезі.

Көміліп тозаңында тәрбиенің

Талайдың жаспен бірге аққан көзі.

Өрлігі өрттей шалқыр Боранқұлдың

Жалбақтап орысқа елпек қаққанда өзі.

Көкесі - бір мінезден айнымаған.

Төсінде Күн қонақтап, Ай құлаған.

Оты бар өзегінде лапылдаған,

Қасына жоламайтын қайғылы адам.

Адамның адамдығы адалдықта.

Кінәлар бос жамандап байды надан.

Жаратса Тәңір оны көлікті ғып,

Жеген жоқ кейбіреудей көміп тығып.

Түйтенің көкаласын тақымына

Қайыссы баспап еді желіп жүріп.

Бай болған Ермегия, Серік аға

Аямай сүт пен майын беріп жүріп.

Сол күндер,

Дәурен күндер,

Қайран күндер!

Есіне түсе қалды қайдан күндер...

Ағадан Атжалбектей айрылған соң,

Бұл емес "Өжеттікпен қайралдым!" дер.

Жат жердің қалыстығы шараңды ұрлап,

Ойында оянатын айланды жер.

Түн ұзақ.

Ұйықтатпайды ойлар қамап.

Күдік көп бар үмітін қойған талап.

Кей-кейде "Қарқабаттап!" дүр сілкініп,

Қуады көп күдікті бойдан сабап.

Жоюға әрі-сәрі бұл тірлігін

Аларын білмей қойды қайдан сабақ.

Тырмысты күн ұмтылып сәскелікке.

Бұрхандін сүңгіп кеткен естелікке.

Қасынан қырғыз өтті қарай-қарай

Тиеп ап жоңышқасын бес көлікке.

Көрсе де, көрмейді оны біздің Бұрхан

Тұрған жоқ ештеңені ескеріп те.

Қиялмен туған жері – Сарыарқада

Бар еркі есін алған естелікте.

Төменнен шықты дауыс дуылдаған.

Жылаған.

Әлде үреймен шуылдаған.

Үй-үйдің арасында із шұбыртқан

Көбейді көлеңкелер қыбырлаған.

"Апырай! Қайынағаның үй жағына

Несіне екі-үшеу боп жүгірді адам?

Әй, осы не де болса тегін емес.

Жайдан жай айқайламас керіп өңеш.

Тағы да "жау таптым!" деп жандайшаптар

Мұхаңа жетті ме екен теліп егес?

Адамдар неге тыныш жүрмейді екен,

Болмай-ақ тірі жанның бәріне де өш?"

Ой-бойды күдігі мол сыр қамады.

Бұрхандін төмен қарай сырғанады.

Апырай, жырбың-жырбың тарта берді.

Жоқ жерден қуанатын бір қабағы.

Алдайтын бір күлдіріп, бір шошынтып,

Тағдырдың ол да өзімшіл ырбалаңы.

Далиып ашық қапты лашығы.

Үйде жоқ Бәлиласы - лашыны.

Лашық болса дағы – құтханасы

Ішінде жаңғыратын ұнаса үні.

Есігі жабылмастан, иесіз боп

Қалғанын жақтырады кім, әсілі.

Есігін лашықтың тіреп жапты.

Алдында көлденеңдеп күрек жатты.

Әлгіні қолына іліп алса дағы

Ішінде жау іздетпес тілек жатты.

Бәрібір анау у-шу тегін емес...

Дүрсілдеп соғып кетті жүрек қатты.

Есіктен сығалады ішке кірмей,

Көңілге алаңдатар ештеңе ілмей.

Опырай, мұндай да сәт болады екен,

Жүретін еске түспей, түске кірмей.

Алдында Серік әкей сайрап отыр

Баяғы кездерінен түк ескірмей.

Қуанды есі шыға, тұрып қалып.

Жүрегі ал шоршысын, тынып барып!

"Жәкелеп!" құшағына сүңгіп кетті,

Бөлмеге екі-ақ аттап кіріп барып.

Тасыды денеде қан ойнақ салып,
Тербетіп,
Қалшылдатып,

Суып, жанып!

Көздер-ай жас боп ағып боталаған!

Кездер-ай қуат алған от-анадан!

Бұрхандін тапты-ау биік асқар тауын

Айрылып қалған сәтте ата-анадан.

Жүйкесі жібектей боп ширатылды,

Кеудесі шөлін басты қаталаған.

Қашанда жөні бөлек жақыныңның.

Мәнінен адасасың ақылыңның.

Көресің көмейлеген көз жасымен

Бала боп кеткенін де батырыңның.

Жүзіңнен қуанышың төгілгенмен,

Ішіңді шымшып кетер ақырын мұң.

Дәл сондай әке, бала кешті күйді.

Жаңғыртты жаңа леппен ескі күйді.

Иіскеп маңдайынан Бұрхандіннің

Жәкесі жылдамырақ есті жиды.

Қауышу, кездесудің сәттерінде

Босаған жүйкелер мен сес жиылды.

Ежелден қонақ сыйлау - байтақ үлгі.

Секең де қыр мен сырды айта білді.

Мұхаңның шыққаны да сол-ақ еді,

Жып-жылдам соятұғын қой табылды.

Ішіңнен таңдай қағып, таң қаласың,

Тапты деп қай отарды, қай табынды?

Түнімен дуылдады Қаракесек.

Әрқайыссы әрі дара,

Әрі кесек!

Қуаныш қызғанышты туғызады,

Қантта түні бойы тарады өсек.

Жатпады,

Тыншымады қырғыз, қазақ

Жалаңаш қолдарымен шала көсеп.

Арғындар әнді өрлетті.

Күй қайырды.

Ұмытты уайымды,

Үй-жайыңды.

Ән-күйден ашылатын қазақ жаны

Тамылжып атқан таңнан түнді айырды.

Балкеннің ән созуы керім екен,

Қалайша бүркеп келген мұндай үнді?!.

Ішінен Дін марқайып,

Мағұрланды.

Ән шіркін толқытады-ау небір жанды.

Балкеннің көмейіне бұлбұл қонып,

Көзінде қызыл-жасыл лағыл жанды.

Дір еткен сағыныш па,

Уаныш па?

Бір түйнек көкіректе шоғырланды.

Көтерді көңілдерді ән аспанға,

Мұң мен сыр,

Жас пен жалын таласқанда.

Кетеді-ау қайғы-шерің қанында еріп,

Мезгілің мейіріммен жарасқанда.

Осындай мәре-сәре қуаныш хал

Кеудеде лүпілдеді

Тарасқанда.

Қуғанда күдігіңді былайғы үміт,

Жіберер пендеңді де құдай қылып.

Кеткен-ді Серік көке қашып шығып,

Жеткен-ді Ақшатауға бір ай жүріп.

Тау-тасын,
Өзен-көлін,
Сай-бұлағын

Қондырды кеудесіне жылай жүріп.

Таппады туыстарын, қарындасын.

Дүние тулақ болар тарылғасын.

Көмейге удай ащы шер құйылды,

Жүрегі тілім-тілім жарылғасын.

Аттанды одан сұрап, мұнан сұрап

Қырғызға

Бір дерегі табылғасын.

Келгені осы кеше арып-ашып.

Дәмге емес,
Ел мен жерге қарыны ашып,
Ойлап па ед туған жерден тұлдырсыз қап,

Кетер деп Алаш ұлы бәрі қашып.

Белдеуде аша тұяқ қалдырмастан

"Кеңестің" быт-шыт еткен кәрі басып.

Көргенде тәубасына сүйенді ерің,

Бұрханды, қарындасын, жиендерін.

Қутыңдап кәдімгідей бой көтерді,

Ішінің сылып тастап сүйелдерін.

Суарып алма ағашын,

Картоп түптеп,

Өзінше бастап кетті үй ермегін.

Күлшаттың қан жүгірді іреңіне,

Адамға қуат берер тілегі де.

Ағасы келгендей боп ел көшіріп,

Көңілді құрсаулады,

Тіреді де.

Әй, бірақ...Жиі-жиі суылдатты

Бір үрей маза бермей жүрегіне.

Ал Бұрхан ырза аға мен Балкеніне,

Жолығып ойда жоқта ән кеніне.

Тыңдады құлақ болып келіншегін

Сімірді бұлақ болған әнді еміне.

Көңілі көпке дейін қалықтады,

Бірге ұшып ақша бұлтпен ән көгіне.

Қу тірлік - шырқ айналар құйын екен.

Әп-сәтте дайындайтын "сыйы" бөтен.

Кеудеңде алып ұшқан қуаныштан

Айрылу аяқ асты қиын екен.

Қолыңмен қармай берген асылынды.

Ұстатпай жұлып алу - күйік екен.

Көк аспан қарауытты бұлты басып.

Кешкі арай тез жоғалды сұрқы қашып.

Қос солдат кіріп келді түсі суық

Есікті сындырардай жұлқып ашып.

Үлкендер үрпиісіп қалған кезде,

Сәбилер шар етісті шырқырасып.

Күн емес қашқын жанның күні деген,

Болады бір-ақ уыс ірі денең.

Серікті бас сап бұрап, жығып салып,

Мылтықтың төмпештеді дүміменен.

Не керек, азаматты айдап кетіп,

Зарлатты Мұхаң үйін түніменен.

Қайғымен қуанышты ауыстырып,

Күніне шуақ шашқан жабысты бұлт.

Кешегі қолға қонған бір үмітті.

Жіберді зұлмат заман алыс қылып.

Ағаның тақсіретін ұққан Күлшат

Боздатты қанды жасын дауыс қылып:

"Сардаланды сағынып,

Келіп едің, ағам-ай!

Өңшең ездер қағынып,

Түсті ізіңе жағалай.

Сарыарқаңды аңсаумен

Жетіп едің, ағам-ай!

Бұлтқа оранып таң сәулең,

Меңіреулік қамады-ай.

Іздеп едің аулыңды,

Өліп-өшіп өзегің.

Езгіледі баурыңды

Ұстап беріп өз елің!

Аңсап едің еліңді

Бірге тартып азабын.

Сындырды да беліңді,

Байлап берді қазағың!

Қажымауды үйретті,

Айдаудағы әр күнің.

Қабырғаңды күйретті,

Өз бауырың, Арғының!

Сатқындығын біл, аға!

Пенде сондай лайсаң.

Мен жылайын, жылама
Бәлилам, әу, Раушан!"
* * *
Болғанмен адамға адам қырын қабақ,

Өтеді күндер тіпті зуылдап-ақ.

Серікті айдап кеткен жұмадан соң

Милитса Дінге төнді сұғын қадап.

"Інісі мыңды айдаған жуанның!" деп,

Бұрханмен бір тесігін тығындамақ.

Көз жетті бұлар енді қоймайтынын.

Қан ішкен сайын мүлде тоймайтынын.

Атжалбек пен Серікті атқандай ғып,

Мұқатып, мұрнын тесіп ойнайтынын.

Мұхамед Бұрханды алып кетті жүріп,

Бір түнде іске асырып ойлайтынын.

Сол бойда жеткен екеу Алматыға.

Алматыда іздеудің жанды отына.

Кеңсеге талай-талай кіргізбеді,

Майор емес, ілбиген солдаты да.

Басқаға емес

Ендігі сұранысты

Сәкенге, Сейфуллиннің салды атына.

Ақынның адресін алды біліп,

Таң атты арайымен тауды тіліп.

Сәскеде қақты есігін ұлы ақынның

Бүрсе де дірілдетіп жанды күдік.

Бір үміт Бұрхандінді шырмап алды,

Бойында оттай ыстық қан жүгіріп.

Кең екен ақын алды даласындай.

Қарсы алды тап бір туған ағасындай.

Әлемді аялайтын ақын жаны

Қалайша бұғып қалсын жаны ашымай.

Алады аясына бұл інісін

Қалдырмай жат ниеттің табасына-ай.

Ұнатты сұлу мұртын,

Әсем үнін.

Тартады әсемдіктің әсері мың.

Ойымен, мінезімен, көркіменен

Мықтысы бар қазақтың көсемінің!

Тәнті боп отырғанда,

Кіріп келді.

Туысы - Әбікені Хасенінің.

Өтті де кең бөлмені үш-ақ басып,

Жабысты екі ініге құшақты ашып.

Жайылып тар дүние қоя берді.

Тұрғанда ірі ақынның мысы-ақ басып.

Кетті ғой Аға,

Дана қарсы алғанда,

Даласы қаласымен құшақтасып.

Қысқарта айтар болсам ендігімді,

Қанық боп Әбекеңнен жөнді білді.

Кім қайда орналасқан.

Бәрі есінде.

Сақтаған азамат қой елдігімді.

Анасы балалармен Кегенде екен –

Бұрханға керектісі ең бүгінгі.

Сол күні-ақ бұл екеуі Қантқа жеткен.

Тындырып бір істерін артқа кеткен.

Бұрхандін енесінің өтті алдынан

Қазақы сыйластықты салтты әдетпен.

Балкенмен қол ұстасып,

Жеңіл желпі

Сол түні-ақ Алматыға тартты желкен.

Қалмаса жау мен даудың табасына,

Түседі ер жігіттің бағы ашыла.

Бұт артып бірде есекке,

Бірде жаяу

Жеткен-ді Жалаңашқа, Анасына!

Паш еткен көз жасымен қуанышын

Тауына - жаңа мекен,

Даласына!

Көз жасы Рәлидің мөлтілдеді.

Иығы қуаныштан селкілдеді.

Жағасы жайлау болып жайылғанда,

Желкені көңілінің желпілдеді.

Тапқызған жан дауасын бір-ақ сәтте

Дауысы Тәңіріне еркіндеді:

"Ырзамын қазір алсаң, Хақтағалам!

Жерің жоқ міскіндерді жақтамаған.

Сүйгіздің маңдайынан тұңғышымның

Жүргенде туыс іздеп жаттан адам.

Әкеңнің адалдығын жүрегінде

Жоғалтпай ғұмыр бойы сақта, балам!

Еліне, туған жерге бас иетін

Көкеңнің ардақтап өт қасиетін.

Бұл жақта от жаққанмен,

Қалды артында Отаның - ошағыңа тас үйетін.

Ішіне Албандардың мың сіңсең де,

Ұмытпа Арғын бабаң өсиетін!

Ойласам Кәрсөн,
Керней киелісін,
Сағынтып,

Санамды улап күйеді ішім.

Атақты ұрпағысың Жарылғаптың,

Әлтеке Жидебайдың жиенісің.

Жүргенде басқа жерден ырзық теріп,

Солардың ат-әруағы - сүйенішің.

Бір күліп,

Бір жыладым қуанғаннан.

Марқайып мендей болсын уанған жан.

Сақтасын Жасаған хақ өз үмбетін

Тұқымсыз жалғыз қалып қуарғаннан.

Қайтейін
Төрт құбыла түгелденіп,
Тауып ед бар тілегін кім арманнан?"
* * *

Шапқандай зымырады өмір атпен.

Табылды жаңа жерден тамыр,

Ат-тон.

Бұрханды өз ұлындай қабылдады

Колхозы Арғындардың "Облатком".

Көзі ашық, оқуы бар

Қой фермаға

Бастық боп, аралады қоңыр атпен.

Оралса ойдағыдай көңіл хошы,

Әкетер ілестіріп өмірді осы.

Аз жылда-ақ кәдімгідей үй боп қалды

Қисайған босқындардың небір қосы.

Көбейді Діннің жақтас, тілеулесі,

Бар еді бірлі-жарым жебір "досы".

Ашылып кеудесінің бұлақтары,

Қоздады көп тілегі, лақтады.

Көз жасын иген Тәңір дұрыс қарап,

Алашты бір-екі-үш жыл жылатпады.

Әркімнің тұрған жері - Меккесі ғой

Ұясы - жанға жылы жұмақтары!

Мың ұйыр Рәли ана тәубасына.

Шыққандай арманының тау басына.

Кешегі жылау күндер ұмыт болды,

Салғызған жанды үрейдің саудасына.

Несіне ой-ұйыққа бата берсін.

Тілеп ап сақинаны сау басына.

Дін әне, дөңгелеткен бір фермені,

Күні ашық.

Көгін торлап бұлт ермеді.

Жамалы бір жылда екі курс тәмамдап,

Оқуын аяқтады

Түргендегі.

Кенже ұлы мұғалім боп

"Құрметтіге"

Тіл-көзден сақта, Тәңір!

Күрт өрледі.

Бұл ана дән риза Жасағанға.

Тәңірі оң қарады осы адамға.

Қызарған күншіл көзді ұлдарына

Кез қылма.

Шыға келер тасадан да.

Сала жүр көз қырынды, Жаппар ие,

Жамалдай жалындаған жас адамға.

Көрінен НКВД сақта, Құдай!

Жарылқа жазықсызды, жақпай лай.

Онсыз да көп күңіреніп келмеп пе еді,

Әр кезде жақ болмап пед аққа Құдай.

Шұбыртып немере бер. Ақ әже боп,

Отырсын ортасында мақтанып-ай.

Қандырып ізгілікке жан жүйені,

Берер ед немереге тәрбиені.

Бұрханы бір күлікті үкілеп жүр

Кешегі баптағандай тәрбиені.

Әйтеуір аман болсын барша азамат

Болады тыныштықпен ел киелі.

Ойымен өткен күнді бері әкелді.

Келтірді көз алдына Ерекеңді.

Қарады ұл, қызына мейірленіп,
Дегендей "Қарақтарым, көр әкеңді!"
Шүкіршіл тәубасы ғой қазағымның

Келтірер мерекең мен берекеңді.

Көзінің нұр өзгертті мұң шарасын,

Құлпыртып,

Күнге ұмтылтып Гүлшарасын.

Жүрегі жылу шашқан ана емес пе,

Түсінер жер мен көктің ишарасын.

Жанына шипа болған қарақтары,

Әйтпесе жазар еді кім жарасын.

Ананың ақша қардай ақ тілегі

Елге - өмір.

Балаларға бақ тіледі.

Балкені - бал келіні "апалап!" көп

Еркелеп өз қызындай шат күледі.

Аспаннан іздегенін мұңлық ана

Ырза боп қара жерден тапты тегі.

* * *
Шетінеп кеткен екі шаранасын,
Іздейтін өксік іштен тарағасын,
Баурына басты Бұрхан жетім ұлды,

Бастар деп Құрманақын бала басын.

Сол тілек дұрыс шығып,
Совет туып,
Қуантты әже, әкесін,

Жан анасын.

Құрманы туған ұлдай,

Тумаса да.

Ақ орда, алтын бесік - бұл босаға.

Жарасты ол жас отаудың тұңғышы боп,

Советке болды ыстық қимас аға.

Жанымен ұялайтын жүректерге,

Көңілмен алып ұшқан симаса да.

Қаладан, өсек сөзден аулақ кетіп,

Күн сайын өсті өркені, қаулап жетіп.

Тұзағы НКБД жалақтаған

Бұларға жоламады аунап кетіп.

Ақтығы, іскерлігі, әділдігі,

Жіберді Бұрхандінді салмақты етіп.

Ал, Жамал алғыр да еді,

Білгір еді

От еді.

Жолатпайтын мұңды реңі.

Айтатын бет-жүз демей айтатынын

Ұнатса, емен-жарқын күлдіреді.

Қазақтық намыс десе, қайнап түсер,

Ұзаққа шабар нағыз дүлдүл еді.

Ұстаз боп туған еді табиғаты

Білімін өнегемен сіңдіреді.

Жас еді алаулаған,

Жалындаған.

Өзгеден оза шығып арындаған

Ешкімге ұқсамастай ерекше боп,

Жаралар тумысынан дарынды адам.

Бусанып,

Іштей түлеп келе жатты

Зор талант қабығынан жарылмаған.

Алаштың Жарылғаптай әулиесі

Жаралған әділдіктен жан жүйесі.

Бабаның ұрпақтарын таңдап жүріп,

Жамалға ауған еді бар киесі.

Елгезек ес-құлақты ұлға және

Сіңген-ді әке-шеше тәрбиесі.

Алашты жеткізбек боп арманына,

Қосылған тал-дарақ боп орманына.

От құйып өзегінен,

Жылу беріп,

Айналған аймағының ардағына.

Үміттің арғымағын ойнақтатып,

Жастарын бастап кеткен алдағыға.

Жастарын бастап кеткен ауданының.

Дауысы жер жаңғыртар таудағының
Қазақтың қасиеті сезімінде,
Алатын мыңнан тауып,

Тандап ұлын.

Жамалдін жай оғындай жарқылдады,

Ілгергі жақсылыққа жалғап үнін:

" Ал, аға, мен кетейін Кегеніме.

Жетеді әр азамат дегеніне.

Тұтқасы бұл заманның - оқ, тоқу

Білімді жинай берем көгеніме.

Әлі де олқы тұсым молдау жатыр,

Келгенше болып-толып кемеліме.

Көрдік қой белсендінің ызылдауын.

Аштықтың,

Жоқшылықтың ұзын дауын.

Бәріміз партияның солдатымыз

Жетеді жеңістерге қызыл қауым.

Оң қарап шуақ шашқан төбемізден

Тілейік бейбіт күннің бұзылмауын.

Шығарар адал еңбек, жұмыс төрге.

Озат боп ұмтылайық ұлы істерде.

Шығады осы біздің ұлы әулеттен
Ел ұлы,
Ұлт мақтаны,

Министр де.

Ұрпағың отырады кең кеңседе,

Немерең қонжияды күмісті ерге.

Осылай боларына сенем, аға.

Алдағы арманыммен жеңем, аға.

Ұлдарың, ұрпақтарың әлі-ақ ертең
Барады Париж, Лондон, Женеваға
Тұтатпай соғыс өртін көгімізде,

Тыныштық берсін Тәңір ел-анаға".

... Қолға алып тербеткендей көрі Жерді.

Сабаздың айтқанының бәрі келді.

Әулеттен министр де, Қайраткер де

Туғанын әке көрді, Елі көрді.

...Болмасын деген соғыс өрттей лаулап,

Салған-ды Отаныма әбігерді.

Қоймаса бір жаныңды екі бөлмей,

Өзектен үн шығады өкірердей.

Боп қалды бір-ақ уыс Рәли ана

Aһ ұрып көкірегі өкінердей.

Ажалдың аранына соғыс атты

Аттанды азаматы екі бірдей.

Орады күдігімен күйік жанды.

Шерлі ана өксік жұтып,

Күйіп-жанды.

Жолына екі ұлының өзін шалып,

Берер ед, алар болса, қиып жанды.

...Бір күні солқ еткізді ет жүрегін

Соғыстың оғы жетіл

Түйіп жанды!

" Бақұл бол!

Жампозым-ай!

Боздағым-ай!

Ғұмырдың бір ұлымнан озғанын-ай!

Айрылып құлынымнан,

Жұлынымнан,

Ботасыз безінгендей боздадым-ай!

Қашанғы қаһарыңды төгесің сен

Тұқымын шашыратпай азға, Құдай!

Бозым-ай!

Боздағым-ай!

Боздадым-ай!

Шерімді, шеменімді қозғадым-ай!

Қалдырып қос ботамның мені артында,

Зарлатып зар күнімді созба, Құдай!"

Ананың ойы әлемді кезген еді.

Қу тірлік елестетті көзге нені?

Жұлдызы бір ұлының ағып түсіп,
Батқанын тұңғиыққа сезген еді
Сұм заман жылатады,

Жұбатады.

Пенденің бола бермес өз дегені.

Айрылды ана сол күн Жамалынан.

Үзіліп түсті бір дән сабағынан.

Аспанда саңқылдаған үні қалып,

Қайрылды қанатынан бала - қыран.

Ананың азалады Азаматын

Төгілген күйік зары тамағынан.

Ер ұлан есте қалды ерлігімен,

Өзінің өжет үнді өрлігімен.

Мүсін боп орнай қалды Ел мен Жерге

Сағынып ұшып келіп жер түбінен.

Жамалдың мектебінен жас түлектер

Бақытты болашаққа өрді кілең.

Оралды мерген Бұрхан,

Аман келді,

Соғыстың мойнын үзген адам келді.

Қуантып бар Алашты, Жалаңашты

Егілтті Рәлидей ананы енді.

Мұратбек, Совет, Әмет, Қабыл, Серік,

Жалғасты әке ізіне Амангелді.

Жалғасты өміріне ұл, қыздары.

Маңдайда жарқыраған жұлдыздары.

Солардың тілегінен, жүрегінен

Табылды түнде түсі,

Күндіз бабы.

Аштықта жеген құйқа ұмытылмас.

Келетін Қанттан іздеп қырғыздары.

Тағдырдың тауқыметін Адам жеңді.

Тәуелсіз егеменді заман келді.

Қолдаса баба әруағы текті ұлдарын

Киенің ораларын адам көрді.

Сөйлейді бүгін биік мінбелерден
Дінұлы,
Алаш ұлы –

Амангелді.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙