Мазмұнға өту
Home

Масқара болған қала

Мұстай Кәрім

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Масқара болған қала

Мұстай Кәрім — «Масқара болған қала» (Көркем әңгіме). МАСҚАРА БОЛҒАН ҚАЛА

әңгіме

Үй сыртында маңқа Уәлетдин отын кесіп жатыр. Бір шабады да көкке қарап жалбарынады:

- Уа, тәңірі! Я мені ал, я осы әжемді ал! Ылғи айтатыны: отын жар, отын жар...

Ол дөңбектеп қақсал қайыңды қойып қалады. Ағаш ырқына көнбей, секіріп түседі.

- Ағашы да қатты, балтасы да өтпейді, - деп азарланады ол,- осы маған келгенде бәрі қырсығып қалатыны несі?

Уәлетдин тозығы жеткен тақиясын жерге атып ұрды. Тақия түскен жердің шаңы бұрқ етті. Ол тағы да көгілдір аспанға қарады. Әлдеқайда алысқа қадалған көздерінен кенет мөлтілдеп жас аға бастады.

- Уа, көк, бір жетіміңді, менің өзімді ғана ал сен. Әжем осында қалсын Қуарған қу басы рақаттансын бүкіл дүние-малға ие болып! Есіттің бе, көк?

Уәлетдин үйде кәрі әжесі Ғиділниса кемпір екеуі ғана қалған. Әкесі Герман соғысынан оралмады, шешесі көрші Күсім ауылына күйеуге шығып кетті. "Мал - дүние" дегені сыңар мүйіз сары жағал ешкі. Ешкісі ешкі емес, нағыз елік. Бүкіл ауылдың қойын бастайды. Уәлетдин соған мақтанып: "Біздің сары ешкі бүкіл малдың патшасы, салпы қарын, маубас сиырларыңды, кеще қойларыңды қалаған жеріне ертіп кетеді... Сүті аз болғанымен атағы жер жарады, оның қылықтарын жұрт аузынан тастамайды" дейді.

"Қылықтарын жұрт аузынан тастамайды" дейді-ау. Шынында да солай ма? Әнеугүні Кіші шешем әйелдер жиналысынан кешірек қайтқанда әкем қалжыңдап: "Ғиділнисаның ешкісіндей шошаңдап, жиналысқа жиі жүгіргенше, шаруаңа қарасаңшы, шабазым..." деген. Кіші шешем күлкісі келмесе де, бір мырс етті...

Мен Ғиділниса әжейдің үйінің бір бұрышында сүйеніп тұрмын. Уәлетдин мені әлі көрген жоқ. Ол балтасын тастады да, дөңбекке отыра кетті. Екі бетінен жас сорғалап тұр. Біраз үнсіз отырды да, тағы да көкке қарады:

- Уа, көк, - деді ол, - әлгі сөздерімді қайтып аламын. Екеумізді де осында қалдырғайсың. Әйтпесе қарт әжеме менсіз өте қиын болады ғой. Екі жетім бірімізге - біріміз сүйеу болып күн көрерміз, әйтеуір...

Мен шыдай алмадым, Ғиділниса әжей мен Уәлетдинді аяп, жылап жібердім. Сол сәт Уәлетдин селк етіп, мен жаққа қарады. Әуелі қорқып кетті ме, әлде ашуға булықты ма -орнынан атып тұрды. Бөтен кісі дегені "мен ғана" екенімді көрді де, басыла қойды.

- Кім тиді? - деді ол ақырын.

- Ешкім тиген жоқ.

- Онда неге жылайсың?

- Сен жылағанға... сөзіңді қайтып алғаның жақсы болды. Мұздай әуеде не бітіресің?

Біреудің қасіретіне қапаланып, кісінің қайғысын көріп өмірімде түңғыш рет осы жолы жыласам керек, сірә. Ал алғаш рет жұртқа қосылып қашан ән салғаным есімде жоқ. Шамасы, ән салған болсам, әлдеқайда бертінде салған шығармын.

- Мен де жыламадым, сен де жыламадың. Түсіндің бе? - деді Уәлетдин,- жылаған ер кісіге жараспайды.

- Түсіндім,- деп бас изеген болдым, түсінбесем де... Сонда да, бұдан соң да түсінбедім мен мұны. Еменнің иір бұтағындай қайысуды білмейтін небір ерлердің еңіреп жылағанын көргенде де таңырқамайтын, оларды айыптамайтын болдым. Тастан жас ыршып шықса, солай болуға тиіс, басқаша мүмкін емес дер едім...

- Осы ағашты үш шапқанда қырқып тастамасам, атым Уәлетдин болмасын! - деп ол алақанына үш рет түкірді. Балтасын алды да, қатты сілтеп қалды. Қырқылған ағаш дөңбектен ұшып түсті. Бұдан соң Уәлетдин шаба берді, шапқан сайын бір ағаш шетке ұшып түсе берді. Қандай құдірет бұл? Қапелімде ағаш жұмсарып кетті ме, әлде балта өткірлене түсті ме?

Ғиділниса әжей есік алдына шықты. Немересіне сүйсіне қарап, тебіреніп кетті:

- Міне, менің қалқашым, қолқанатым! Бітірген ісі мұнтаздай! Таянышым, алтын арысым менің... Тіпті тақиясын да шешіп тастапты - ау. Кескен отыныңды енді үйге кіргізіп берсең...

- Мен кіргізем! - деп мен дереу кескен отынды құшақтай бердім.

- Өмір жасың ұзақ болсын, балам, елгезек жан екенсің, - деп әжей мені де мақтап қойды. -Кісіге жақсылық жасасаң, өзіңе сауап! - деді де үйге қайтты.

О дегенше екі құшақ отынды үйге тасыдым. Уәлетдиннің қушиған құйттай үйі бәріміздің бас қосатын мекеніміз. Көшенің ор жағында тұратын балалар жазы - қысы осында. Емін-еркін сайран саламыз. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Сондықтан Ғиділниса әжейдің азын - аулақ шаруасын да тындыруға тырысамыз. Расын айтқанда, оның ап -арық "алтын арысы" жұмыс істеуге келгенде мақтарлықтай емес. Зауқы соқса, айтқанды тыңдайды, зауқы соқпаса, басын кесіп алсаң да селт етпейді. Өлердей өжет, айтқанынан қайтпайтын тоң мойын.

Біз бір жерге жинала бастасақ, мал сойған жерге үймелеген шымшықтардай шүпірлесіп кетеміз. Менің ізімнен Хамитжан, оның соңынан Шәйхаттар, Ибраһим мен Асхат, Хұсайынның Мұхаррамы, Ақ Жұмағұлдың Әнуары және басқалар жиналды. Ең соңынан бастықтың өзі көрінді.

Түске дейін әрқайсымыз әр жерде білгенімізді істейміз, ұсақ - түйек ойынмен айналысамыз. Ал кешке таман бәріміз бір жерге жиналып, екі топқа бөлініп, "Герман соғысы" деген ең үлкен, ең тамаша ойынды ойнаймыз. Мен мықты "Рукавказ" болатын кезіме жете алмаймын. Бір жаман жері: мені топтан - топқа көшіре береді, біресе "Ресей" тарапына, біресе "Германия" қол астына өтіп кетемін. Қайда ауыссам да барымды салып, жанталаса соғысамын: мұрыным қанамай, бет - аузым көгермей қалған кезі тым сирек. Жағамның түймелерін айтудың да қажеті жоқ, жұлынып жатады. Үлкен шешем қадап үлгіре алмайды.

"Герман соғысы" басталар алдында ғана Құтты қол атанған Нәсіп келді. Нәсіп қызық бала біртүрлі. Бір іс бастаған сайын: "Балалар, ойынды мен бастайыншы, менің қолым құтты" деп қыстырыла кетеді. Балыққа барсақ, алдымен қармақ салуға асығады: "Менің қолым құтты, балық бәрімізге де қатты қабатын болсын" дейді ол. Қалтқысы жылп етіп дереу көлге түседі. Түседі де мүлгіп тұрғаны. Басқа қалтқылар да қыбыр етпейді. "Қазір... қазір... - деп сыбырлайды Нәсіп, - біздің төзімімізді сынап тұр балықтар. Сабырлы жетер мұратқа..." Сабыр етеміз - ау, бірақ мұратқа жете қоймаймыз. Орманға балқурайға барсақ, әлгі Нәсіп алдымызға шығады: "Алғашқы балқурайды мен үзейін, балалар, менің қолым құтты ғой, сендерге де сәті түсер" - дейді. Бірақ бірде сәті түссе, бірде түспейді. Былтыр сұлы орағы басталғанда ол тағы да: "Атай, алғашқы бауды мен орайын, менің қолым құтты ғой, ісіміз сәтті болар ма екен" деп... орақты тартып қалғанда, шынашағының терісін сүйегіне жеткенше ырсита кесіп алды. Нәсіптің құтты қолы не көрмеген! Балға ұстаса, балға тиеді, таудағы тастың жарығынан құстың жұмыртқасын іздегенде қолын тас жаншып кетеді, тіпті есікті ашып-жапқанда қысылып қалады. Әйтсе де өзі қолының құтты екеніне сенеді. Нәсіптің осылай кез келген жерге қыстырыла кететіні талай рет титығыма тиді. "Көзге түсуге тырысады..." деп күйінемін. Нәсіптің езі емес, өзгелердің сәтті болуын тілейтінін көп жылдардан кейін ұқтым. Қолының шынында да құтты екенін ол бір күні мәңгі естен кетпестей етіп дәлелдеді...

"Герман соғысы" басталғалы тұрғанда ғана Құтты қол асығып - аптығып бір хабар жеткізді:

- Балалар! Жаңа ғана Талпақ Тәліппен әкем сөйлесіп түр екен. Талпақ Тәліп айтады, қалада орыстардың қалаш мейрамы екен, дейді, сол мейрамда жұрттың бәріне қалашты тегін үлестіріп жатқан көрінеді. Қалыңдығы тап мынадай аппақ қалаш. - Ол қолымен қалаштың қалыңдығының шамасын көрсетті. - Кем дегенде диірмен тасының қалыңдығындай болар.

Шынында да таң қаларлық хабар еді. Балалардың көздері бақырайып қалды. Бәріміздің тіліміз бірден байланды.

- Әй, қайдам, алдағаны шығар!- Мұны бірдеңе десең кілең пайдасын ойлайтын Шәйхаттар айтты. Шәйхаттардың темір конькиі бар. Қыста соны байлап, Ақ Жұмағұлдың кешесімен екі мәрте сырғанап өтсең - үш тиын. Одан әрі қалтаң қағылады. Қыс түскен сайын қолымдағы тиын - тебенді осыған беремін.

- Алдаса әкем сенер ме еді? Алдағанға түк сенбейді ол.

- Талпақ Тәліптің асыра сілтейтін әдеті бар, - деді Шәһидүлла сөзге араласып, - әйтсе де қалада қалаш мейрамы болып жатуы әбден ықтимал.

- Конешно, ықтимал, - деп мақұлдады бастықтың сөзін нөкері Уәлетдин.

- Қайдан шыққан мұндай молшылық?... — Бастық бізге осындай сұрақ қойды.

Біз бәріміз оның жұқа ерінді аузына үңілдік. Ұясынан шыққан қараторғай сияқты қазір оның аузынан жауап ұшып шығады, жауап шықпады, жаңа сұрақ туды:

- Қалаш қайдан шыққан?

- Қайдан шықсын, пештен шыққандағы, - деп Ыбырай тапқырлығымен таңырқатпақ болды бізді.

- Пештен шыққан сен өзің, тек ертерек шығарған сені, шала піскен күйде... - Біздің бастықтың сөзі кейде кекіреден де көрмек.

- Оны ақ ұннан пісіреді, - деді Ақ Жұмағұлдың Әнуары. Шәһидүлла оның сөзіне құлақ та салмады. Өз айтқанын нығарлай берді:

"Қалаш" деген сөз, жігіттер, "қала" деген сөзден шыққан, Яғни "қала наны", "қалаша тамақ" деген ұғымды білдіреді.

- Пай-пай, менің бауырым Шәһидүлла ағайдың білмейтіні жоқ - ау, сірә!

- Қандай сөзден шыққанда бізге не пайда? - деп сезге қосылды әлгі Шәйхаттар. - Келіңдер, одан да "Тақия жасырмақ" ойнайық.

- Әлгі қалаш мейрамы қашан өтеді екен?

- Қайдам... Талпақ Тәліп әкеме өз аузымен қалаш жегенін айтты ғой.

- Қашан жепті ол, кеше ме, былтыр ма, бүгін бе? - Шәһидүлла қазбалап сұрай бастады. Нәсіп қатты састы.

- Бүгін айтуына қарағанда бүгін жеген болар, шамасы, - деп міңгірледі Нәсіп. - Ол біздің үйге қаладан қайтқан бойы соқты ғой.

- Талпақ Тәліп келер жылы ататын қоянын биыл аттым деп айтса айтар, тек былтыр атқанын биыл аттым демейді. - Арамыздағы ең сабырлы Мұхаррам да сезге араласты. Оның жасы Шәһидүлла мен Уәлетдин шамасында. Бойы да олардан кем емес. Бастықтың әмір - бұйрықтарын орындауға да асықпайды. Дау - дамайға да, ойынға да сирек араласады.

- Шылғи өтірік болып шықса қайтеміз? - деп шүбәланды Шәйхаттар.

- Жоқты бар демейді ол. Оның сөзінде әрқашан бір шындық жүреді...

- Бір шындықты айтайын ба? - деді Уәлетдин.

- Айт!

- Мен орыстардың сырына қанықпын. Олар бір мереке бастаса, бір аптасыз басылмайды. Жексенбіден жексенбіге дейін сайран салады.

Уәлетдиннің мұны жақсы білетіні рас. Шешесі күйеуге шыққанда, әлі кішкентай кезінде, ол үш - төрт ай орыс деревнясында болған. Шошқа болып қорсылдағанды содан үйреніп қайтқан. Қорсылдағанда дауысы шошқадан айнымайды, әжесінің зәресін алады. Тек орысша үйренбепті.

- Бүгін қайсы күн? - деген сұрақ қойды бастық.

- Жұма. Әкем бесін намазын мешітте оқыды, - деді Асхат.

- Олай болса, қалаш мейрамы әлі аяқталмаған, - деген қорытынды шығарды Шәһидүлла. Оның жүзінде әлдеқандай бір салтанатты сәуле жарқ етті. - Тойғанша қалаш жегісі келетіндер менің оң жағыма шықсын!

Шәйхаттар мен Мұхаррамнан басқамыз өзенге түсіп бара жатқан үйректің балапаны сияқты байпаңдап барып, бастықтың оң жағына тізілдік.

- Ау, сендер ше, алқымдарыңа қалаш тығылып, тойып қалдыңдар ма? - деді Шәһидүлла әлгілерге.

- Барғым келмейді. Бір қалаш жегеннен не пайда? - деп Шәйхаттар иығын қушитты.

- Бүгін кешке таман әкеммен Өршек диірменіне сұлы тартуға кетеміз, - деді екіншісі, -Сұлы нанынан айырмасын құдай.

... Бір рет қалаш жеу үшін біз жиырма бес шақырым жерге жаяу баруға дайынбыз. Тамақсаулық па, қомағайлық па, есерлік пе бүл? Әлде басқа бірдеңе ме? Meн қазір өткен өмірдің асқар шыңынан кейінге айналып қараймын да: сонда бар мәселе қалашта емес, өзіміздің рухымызда екен-ау деген ойға келемін. Он бейнеттің арқасында бір рақаттың қадірін, жүз ащының ішінде бір тәттінің дәмін біліп ескенбіз біз. Сондықтан да кейін басқа сана, жүрекке сезім енгенде, біз аналарымыздың бір батасы үшін мың сынақтан өтуге әзір болдық: сүйгендеріміздің көзіне тек бір рет сүйсіне қарау үшін кеудедегі ашық жараны алақанымызбен басып, мыңдаған шақырым жолды жолға санамай, шайқас алаңынан бір ғана күнге, бір ғана сағатқа туған елімізге жеттік. Туған елдің бір уыс топырағы, бір тамшы суы, бір жұтым ауасы үшін Отанға қажет болған шақта бүкіл өмірімізді бердік...

- Шәһидүлла! Осы Ғиділниса босағасына тұзды су сепкен бе? Қашан қарасаң сонда жүреді түге. Әкең қалжырап қайтты, анау атты доғар! Біреуі маскүнем, екіншісі есерсоқ, үшіншісі кезенді, қайтсем екен бұларды? Шәһидүлла деймін!... - Бастықтың шешесі Меңлікей жеңгей кешенің ар жағынан айқайлап келеді. Дауысы бүкіл ауылға естіліп тұр. Осы әдетіне қарай оның үйінде сыр сақталмайды.

- "Герман соғысы" болмайды, - деп жариялады бастық, ертең мал өріске шығарда бәріміз қалаға баратын жолдың бойындағы құмның қасына жиналамыз, қалаш пештен шыққанша жетіп барайық... Ауыздарыңа ие болыңдар, біреу сезіп қалмасын. — Ол әлденеге Шәйхаттар мен Мұхаррамға көзін сүзе бір қарап қойды.

Біздің де ойынға зауқымыз соқпады. Біртіндеп үйлсрімізге тарадық.

Міне, ұзақ күткен түн де келді. Мен ұйықтап кетем ба деп қорқып жатырмын. Ояу жатқанымды Үлкен шешем сезбесін деп тыныс алмаймын. Ол еріні күбірлеп дұға оқып жатыр. Сыбырлағаны маған әлдеқандай үрей туғызды. Үлкен шешем түнгі аруақтармен сөйлесіп жатқам сияқты. Тек терезеден түскен айдың сәулесі ғана біраз күдігімді таратты. Інім мен қарындасымның ұйықтағанына да біраз болды.

- Неге тыпырши бересің, синнай? Неге ұйықтамайсың? - деді Үлкен шешем (Кішкентай кезімде оның "синнай" деген сөзін түсінбейтінмін. Кейін байқасам, ол орыстың "ценный" -"қымбаттым" дегені болып шықты).

Мен үндемедім. Үндесем, бәрін айтып қоярмын деп қорқам. Өзгелерді алдап, қулық жасап, жалған айтқан кездерім болған шығар. Бірақ Үлкен шешеме оның біреуін де жасай алмаймын.

- Ертең бірдеңені бүлдіргелі жатырсың ба?

Жүрегім су ете түсті:

- Сен оны қайдан білесің?

- Білем ғой.

...Үлкен шешемнің зеректігіне міне қазір таңырқап, қазір қайран қаламын. "Кеше бір жарамас іспен айналысыпсың ғой, осынша ұйқың қашатындай не болды?" деп сұрамады ол Өйткені жас бала өткенді еске түсіре бермейді, тек алдағысын, өткенін емес, күткенін ойлайды...

- Айтқаның рас, aпa. Біз ертең барлық бала ішінде Шәһидүлла ағам да бар қалаға, орыстардың қалаш мейрамына барамыз. Тегін қалаш жеуге.

- Олардың қалаш мейрамы көктемде, су тасыған кезде болады, балам.

- Жоқ, қазір, ертең болады. Талпақ Тәліп айтқан...

- Ә - ә, Талпақ Тәліп айтса... рас шығар. - Кермесем де сезіп жатырмын, ол мырс етті. -Барыңдар. Жүгіргеннен тазының табаны тозбас... Ендеше ұйықтап ал

- Ұйықтап қалсам қайтем? Біз таң ата кетпекші едік.

- Абыржыма, өзім оятамын.

Үлкен шешем мені сары таңнан оятты. Қызыл шүберекке түйіп әп - әйдік нан ұстатты қолыма.

- Қажеті жоқ, апа, біз ол жаққа қарнымыз тойғанша қалаш жеуге барамыз ғой, - деп қарсыластым.

- Мә, ала ғой, тіптен ауыр болса, бір жусанның түбіне қойып кетерсің, қояндар жер. Тек жарты жолға дейін тастама, шыда. Шүберегін алып қайт.

Үлкен шешемнің көңілін жықпау үшін алдым сол нанды.

- Шүберекті бос қайтармаспын, апа, қалаш орап қайтармын! - деп қуанттым оны.

Мен келгенде құмға балалар түгел жиналып қалған екен. Менен соң кілең түсіп кете беретін дамбалын қайта - қайта көтеріп, Ақ Жұмағұлдың Әнуары ғана келіп үлгерді. Жұмағұлдың бүкіл үй - іші салақ. Әнуарын айттым ғой. Оның ағасы Мұзафар әлі мұрнын сүрте алмайды, апасы Жәмлігүлдің шабата бауы шешіледі де жүреді. Әнеугүні Асхат Әнуардың шешесінің дауысына еліктен, мынадай өлең шығарды:

Әнуарбек, Мұзафар! –
Отын жаруым керек,
Суға баруым керек,
Қамыр басуым керек,

Қазан асуым керек,
Үй сыртына жігіт келген

Соған қарауым керек...

Бәріне жарауым керек!

Ортасында қоқырдың,

Сағыз шайнап отырмын...

- Мынау не? - деп Шәһидүлла ағай менің түйіншегімді түртіп көрсетті.

- Нан - деп міңгірледім мен. Уәлетдин сықылықтап күліп жіберді.

- Сұлы наны ма? Мейлі. Біз, балалар, қарнымызды сақтауымыз керек. Мен тіпті кешеден бері нәр татпағанмын.

Мана мен де соны айтқанмын, тек Үлкен шешем түсінбеді мұны.

Нан туралы одан әрі үндемедік.

- Ыбырай қайда?- деді бастық.

- Ағамның ішінің соқпасы ұстап қалды, - деп жауап берді Асхат.

Бастық бәрімізді түгендеп алды. Бәріміз жеті жан екенбіз. Әуелі бастықтың өзі, одан соң басқалары: Уәлетдин, Нәсіп, Хамитжан, Әнуар, Асхат. Ең соңғысы мен.

- Байқа, Кіндік, шаршап шырылдамайтын болсаң ғана ер! - деп ескертті Шәһидүлла. Мен кеудемді көтеріп қойдым. Үндемедім. Бастыққа көңілім қалса да сездірмедім. Өздері әлсін - әлсін біздің үйге бірдеңе сүрап келеді де, мені тегін беретін сыйлықтан да бос қалдырмақшы.

Жауапты мен үшін Хамитжан қайтарды:

- Қиналмас. Нанын мен көтеріп жүрермін. Бер, Рукавказ! - деп дереу түйіншегімді алды. Анау жылғы оқиғадан соң Хамитжан маған бір ауыз сөз айтпайтын болды. Алдымда құрақ ұшады.

- Ay, сен қалада да дамбалыңды осылай ұстап жүресің бе, Әнуарбек?

- Ұстамасаң түсіп кетеді ғой.

- Жоқ, Әнуардың мына дамбалымен жолға шығуға болмайды, - деп мұңайып қалды бастық,- ұятқа қаларсың.

Уәлетдин мен Нәсіп жерден бір сүйемдей ағаш тауып Әнуардың дамбалының ышқыр бауына екі жерден бұрау салды. Әнуар қуанғанынан лақтай секірді. Бұрау сенімді еді.

Әлі күн шықпаған. Арт жақтан, ауылда сиыр мөңіреп, қораз шақырғаны естіледі. Төменде бұлақ бойында селдір тұман қалқып барады. Біз қалаға баратын шаңдақ жолдың бойында жеті із қалдырып, шұбырып кете бердік. Жолға шығар алдында Асхат бұрылып қарады да:

Біз ауылдан кеткен шақта,

Көтерілді тұмандар.

Қайтамыз ба, қайтпаймыз ба,

Сау болыңдар, туғандар! –

деп ән бастады. Кеттік. Арман ба, шаттық па - бірдеңелер көңілді қытықтап, рақаттандырады. Аяқтарымыз өзінен - өзі жүгіріп бара жатқандай.

Еменді қырға шыққанша тіл қатпай, жүгіре бердік. Күн енді едәуір көтерілді. Деңнен ашық күні ақ тау басындағы ақ қала жалтырап көрініп тұрады, біздің ауыл егін алқабының шеті осы жерде. Орақ кезінде осында түнегенде түнде қарасаң, қала оттары жымың-жымың етіп, өзіңе қарай жылжып келе жатқандай көрінеді. Қаланың қайда екенін білеміз, оған баратын жол да таныс, бірақ жетеуіміздің біреуіміз де онда болмағанбыз. Күміс жартастар үстінде алтын шатырлар арай шашып түр, әнекей! Қала өте қайырымды, жомарт, қонақшыл сияқты көрінді. Жомарт болмаса осылай шақырып тұрар ма еді? Тіпті біз қалаға бара жатқанымыз жоқ, қала өзі бізге қарай қыруар қазынасын көтеріп келе жатқандай.

- Қалада біздің туысымыз бар, - деді Асхат, - ең биік өрт мұнарасында тұрады, ол тұрған жерден жүз шақырымдай жер көрінеді, - дейді. Патша сияқты басына алтын кепеш киіп отырады, дейді.

- Күшімдегі біздің жақын құдамыздың құдасы қос мұнаралы тас мешітте пеш жағады, -деп мақтанады Уәлетдин. - Бара қойсам құшақ жайып қарсы алады. Көрерсіңдер әлі.

Бұлардың туыстарын танымаймын. Бар ма, жоқ па, қайдам. Ал мына Асхаттың үлкен ағасы шынында да Үфіде қызмет істейді. Асхат неге үндемейді екен? Жақында бір бөрененің үстіне көлденең тақтай қойып, екеуміз екі жағынан кезек-кезек басып ойнағанда ол тақпақ шығарған болатын:

Сен де шықтың тақтаға, Мен де шықтым тақтаға. Біздің брат қызмет етет, Универсальный лавкада.

Мен Асхаттың орнында болсам, әлгілердің аузын аштырмас едім.

- Неге ағайынды айтпайсың? - деп сыбырладым мен досымның қасына келіп.

- Қойшы, - деп қолын сілтеді. - Қайда жүргенін қайдан білейін: бірде қалада, бірде далада. Ташкент жаққа тентіреп кеткен ол қазір.

Еменді қырдан асқан соң қала тағы да көрінбей кетті. Құмарымыз да сәл басылғандай. Қызыл шүберекке оралған нан бара - бара Хамитжаннан Нәсіпке, Нәсіптен Уәлетдинге көшті. Ақырында бастықтың қолтығына ауысты.

- Жарты жолға жеттік пе, Шәһидүлла ағай? - деп сұрадым мен.

- Немене, болдырып қалдың ба? Айттым ғой мен саған...

- Шаршаған жоқпын.

- Онда несіне сұрай бересің?

- Ауыр болса нанды жарты жолға жеткенде жусан түбіне жасырып кетерсің деп еді Үлкен шешем.

- Босқа сандалма, Үлкен шешең олай демеген шығар.

- Айтқаны рас. Айтты!

- Есер неме - ау, ол саған "ауыр болса" деген ғой. Қарашы, міне, құстай ұшып тұрған жоқ па?- Ол нанды көкке атып, қайта қақшып алды.

- Қой, Шәһидүлла, нанды лақтырма, ұсағы түсер де, обал болар, - деді Асхат.

Біз бәріміз де "обалдан" өлердей қорқамыз. Тіпті бастықтың өзінің де зәресі қалмайды. Сондықтан ол кешірім сұрағандай нанды кеудесіне басты.

Жақсы аттар жегілген әлденеше тарантас шаңды бұрқылдатып, бізді басып озды. Алдымыздан ылау аттар да кездесті. Даңғыл жолда жаяу келе жатқан біз ғана.

- Қала әлі алыс па? - деп сұрады Уәлетдин арық атты бір қариядан.

Он бес шақырымнан кем, он шақырымнан көбірек. Тезірек жүріңдер. Ол жақта сендерді күтіп тұр.

Күткен жерге асығу керек. Бұдан соң біз біраз жүгіріп алдық. Жүгірсек те, баяғыдай қарқынымыз жоқ қазір. Менен үлкендер де озып кете алмады. Әнуардың дамбалы тағы босады. Нәсіп әлгі бұрауды тағы бір рет бұрап қойды. Басқаларды қайдам, менің қарным енді қалашты қиялдап келе жатқан жоқ. Қара нанға да қатты риза болатын жайы бар. Дегенмен қалайша сыр берем, мыналарға масыл болып келе жатырмын ғой?

Үш - төрт үйлі орыс деревнясынан өткен соң егін алқабының ортасындағы сирек қайыңдыққа тоқтадық. Көлеңкеге келгенде біраз тыңайып қалдық.

- Отырыңдар, - деп бұйырды бастық. Өзі тізерлеп отырды да алдына қызыл түйіншекті қойды. - Құрбан молда не деуші еді, соны кім біледі?

- Сен білесің, - деді Уәлетдин, сірә, бірдеңе сезсе керек маңқа.

- Құрбан молда айтады: "Ас - асқа, әр астың орны басқа" дейді.

- Молда дұрыс айтады, - бүл жолы сөзге Асхат араласты.

- Мынау нанды жеп алсақ, ішімізде қалашқа орын қалар ма екен? - деп сұрады Шәһидүлла бізден.

- Қалады! Қалады! - дедік біз.

- Мә, Уәлетдин, - деп бастық қалтасынан шаппасын алып берді, - Жетеуімізге бірдей етіп бел мына нанды.

Уәлетдин дереу іске кірісті. Ол лезде қызыл шүберек үстіне шамамен бөлінген жеті кесек нанды тізіп қойды. Әрине, шамамен бөлінген соң бәрі бірдей бола ма. Неге екенін қайдам, бастық ішіндегі үлкен кесекке - өз үлесіне қолын созған жоқ. Одан асып, біз де бата алмаймыз.

- Жол үстінде тамақты теңдей бөлу керек, - деді ол, - "мынау кімге?" ойнаймыз.

- Балалар! Мен айтып тұрайыншы. Менің тілім құтты - әркімге оз үлесі тиер, - деп Нәсіп орнынан секіріп тұрды. Бұған ешкім қарсы болған жоқ.

Нәсіп артына қарады. Уәлетдин бір кесекті алды да сұрады:

- Мынау кімге?

- Хамитжанға!

- Мынау кімге?

- Шәһидүллаға!

- Мынау кімге?

- Кіндікке!

Оқиға желісі мен шешім

Жеті балаға жеті кесек нан. Бірақ тең бөлінбепті. Ең үлкені маған, ең кішкентайы бастыққа тиді. Сонда да ол сыр бермеді. Тек менің ішім бірдеңе сезіп тұрғандай. Нан тамағымнан өтер емес. Әділ бөлінбеді. Шәһидүлла менен бес жас үлкен. Үлкенге үлкен сыбаға тиюі керек. Айырбастаған жөн... Осыны ойлап тұрғанымда әлгі өз кесегін омырып, асай бастады. Басқалар да қарап қалмады. Мына әділетсіздікті қалай жөндеуге болады?

Мен өз сыбағамды әдейі асықпай жедім. Үш-төрт асам нан қалғанда Шәһидүллаға ұсындым:

- Мә, ағай, же.

- Өзің же.

- Мен тойдым енді, оллаһи...

- Ант ішпе. Берсең, былайша бере сал Әйтпесе антың өз басыңа кесір болар.

Қарынға тамақ түскен соң аяққа қуат енді. Мен ылғи осыған қайран қалам: жұдырықтай нанда қаншама сиқыр бар, ашыққанда соны жесең дүние жайнап кетеді. Қазір де солай... Дәл іргеден бір құс сайрап жіберді, жаңа бастанған бидай үстінен көгілдір ерке самал желпіп өтті, қайың жапырақтары да көңілдірек, ықыластырақ желбірегендей. Күн де баяғыдай күйдірмейтін сияқты. Бәрі әлгі бір кесек нанның әсері.

Біз тұра бергенде:

- Келіңдер, балалар, Әминнің биесіндей жорғалайық, - деді Нәсіп. Өзі алға түсіп жорғалай бастады. Бірақ бастық пен Уәлетдин одан бірден озып кетті. Мен ең кейінде бүлк-бүлк жортып келем.

Төменгі көшеде жұмыстың ең қауырт шағында орманға жеміс - жидек теруге кететін Әмин деген кісі бар. Майланбаған сықырлауық арбасына үпір - шүпір бала - шағасын тиеп, таңертең көшенің ар жағына көтеріледі. Атамзаманнан бері қарамай көрмеген доңғалақтар бүкіл ауылды басына көтере сықырлап, айқай салып барады. Бір күні Асхат менен: "Әминнің арбасы не дейді?" деп сұрады. "Не десін, сықырлайды - дағы". "Жоқ, -деді Асхат, - Әминге: "бар – май - ық та... бар – май - ық та... бар – май - ық та... дейді". Тыңдап тұрсаң, Асхаттың айтқаны рас. Арба тап солай айқайлайды. Ал кешке таман қайтқанда ала бие тау баурайында жорғаға басса, арбаның төрт доңғалағы кезек-кезек мақтанады. Олардың не деп мақтанатынын да біледі. Асхат: "Сыпырып салдық! Сыпырып салдық!!!" дейді олар. Асхат түсіндіріп берген соң Әминнің арбасының тілін бүкіл ауыл біледі.

- Қаладан қайтқанда біз де Әминнің арбасы сияқты әндетіп қайтамыз әлі:

Ақ қалада, ақ қалашты

Сыпырып салдық, сыпырып салдық.

Алқымына дейін толды

Қызыл сандық, қызыл сандық.

Асхат бастап айтудан Уәлетдин мен Нәсіп іліп әкетті:

Ақ қалада, ақ қалашты

Сыпырып салдық, сыпырып салдық....

Қазір балалар жорғалауды қойды, бәріміз де сырғымамен сырғанақ тепкендей, тіземізді көтеріп, шоқаңдап барамыз. Көңілімізге ұнаған әлгі сөздерді қосыла қайталаймыз:

Ақ қалада ақ қалашты

Сыпырып салдық, сыпырып салдық...

"Қызыл сандық" дегеніміз әдемі шықпады, ақырында оны ұмытып та кеттік. Ал қалғандары айтқан сайын әнге келіп тұр.

"Ақ қалашты сыпырып сала-сала" біз биіктегі тас жолға шықтық. Жолдың екі қапталына жуан - жуан теректер өскен. Жолға төселген тас моншаның тасындай теп - тегіс. Тек жалпақ емес, жұмыр.

- Бұл жолдан бағзы заманда патша өзі жүрген. Қазір Кеңес өкіметі орнағалы қалаған адам жүре алады деп түсіндірді бастық, - Слабуда қазір. Бостандық.

Бір бұрылыстан өткен соң алдымыздан тағы да ақ тау басындағы қала көрінді. Әнеки, тиіп түр! Қала енді біздікі, ешқайда кетпейді.

- Ассалаумағәлейкүм, қала! - деді Уәлетдин, - Міне, біз саған келіп жеттік!

- Қарсы алады бізді қала, қарнымызға қалаш салса, алғыс айтар жеті бала, - деп ұйқастырып кетті Асхат.

Біз бәріміз қосылып:

- Алғыс айтар жеті бала! - дедік.

Қайда қарасаң да зауыт тұрбалары сорайып түр. Мешіт мұнаралары, шіркеу күмбездері жарқырайды. Біз мешітті шіркеуден айыра аламыз. Боголюбтердің шіркеуін күнде көріп тұрамыз. Осы шіркеулерді әлі жер жұтпағанына таңым бар. Күллі әлемге әйгілі: шіркеу біткеннің бәрі арам, олар күйремек, бүкіл кәпірлер күнәкар, өлгенде олар тамұқта жанады. Шіркеуі құрысын, тек кәпірлерді аяймын. Аяу себебім мынадай.

...Былтыр көктемде Лекаревкадан біздің танысымыз Тимофей менімен қатар баласы Егоркамен бізге қонаққа келді. Әкелеріміз тамаққа отырды, біз Егоркамен екеуміз бір-бір көмештен алып, аулаға шықтық. Ол сап-сары шашты, көкпеңбек көзді, салғам түсті, аққұба бала. Сөйлесе алмаймыз. Мен қайда барсам, ол сонда барады, мен не істесем, соны істейді. Бауға кірдік, қора басына шықтық, одан кілет қасына үйілген бөренелердің үстіне шығып отырдық. Мен аяғымды бұлғаңдатсам, Егорка да қосылады. Мен күрсінсем, ол да күрсінеді.

Әкелеріміз көп ұзамай қызып алды. Менің әкем Тимофейдің алдында кілең орысша ән салғысы келеді. Ал анау біздің әндерді шырқауға тырысады.

Жүрші, жеңгей, орманға,

Бүлдірген тер сол маңда...

Қойбүлдірген балдай,

Қайран жеңгем, қандай!..

Біліп отырмын. Бұл әнді дастарқан басында жүрген Үлкен шешеме жағыну үшін шырқады. Қара да тұр, енді әкемнің жуан дауысы дарылдайды. Оның орысша бір - ақ әні бар:

Базар большой,
Народ много,
Русский барышня идет,

Дай ему дорога.

Егорка екеуіміз бір - бірімізге қарадық. Оның мөлдір көк, ерке көздері мені біраз ойға қалдырды. Тамағыма бірдеңе тұрып қалғандай. Мынадай мөлдір, мынадай сүйкімді, мынадай күнәсіз көздердің иесі мәңгілік тамұқта жана ма? Лапылдап жанатын көрінеді. Осы қасіреттен оны қалайша құтқаруға болады? Қалайша?

- Егорка! - деп оны еріксіз қапсыра құшақтап алдым. Ол әуелі қорқып кетті, одан соң өзі де мені бауырына басты. Осы сот мен оны ауыр қасіреттен қорғап қалатын сияқты көріндім. Бәлкім, осы қылығым үшін өзім де жаза алатын шығармын. Оны ойлау кеш -кәпірдің баласы менің құшағымда. Не көрсек те бірге көрерміз. Әкелеріміз енді бір -біріне қосылып ән шырқай бастады. Бізбен шаруасы жоқ түге. Бәлкім, нақ осы сәт біреуі сары шашты, біреуі қара шашты екі балаға мәңгілік тамұқта жануға үкім кесілген шығар. Әй, әкелер - ай! Жүрегім жарылардай дүрс - дүрс соғады. Өзімді де, Егорканы да аяймын.

Мен осы Егорканы қалайша еске түсіріп едім? Ә - ә... шіркеуді көрген соң.

Кетіп барамыз. Жүрегім дүрс - дүрс соғады. Келе жатырмыз, келе жатырмыз, қала ылғи тұрған жерінен тапжылмайды. Тіпті әрі қарай кетіп бара жатқандай. Тасқа тиіп кетсе, табаның күйіп қалады. Жол шетінде тізіліп келеміз. Ілгері басқан аяғымыз кейін кететін сияқты. Шөлден таңдайымыз кепті. Баяғы тақпақтар мүлдем ұмытылғандай. Алда Нәсіп келеді, одан соң Хамитжан, Хамитжанның артында - Уәлетдин... Шәһидүлла жолдың екінші қапталында бір өзі кетіп барады. Менің алдымда жалпақ табанын маймаңдай басқан Әнуар сүйретіліп келеді. Оның екі өкшесінің шетінде де қамыстың жуандығындай жарықтары бар. Бүл аяқтар қыста пима, көктем мен күзде етік көрмеген. Некен - саяқ шабата тисе, тиген шығар. Алтын тақиялы туысы туралы ол расын айтты ма екен, әлде бөсті ме? Бөссе керек. Біз бәріміз де көпірме сөзге, лепірмеге әуеспіз.

- Шіркін, мейірім қанғанша су ішсем! - деді Нәсіп.

- Мен бір ұрттауға да риза болар едім, оллаһи! - деп жұтына берді Уәлетдин,- аузым толғанша ұрттасам.

- Әй, қорқау, балалардың басын қатырып, қыңқылдама, - деп зекіп тастады Шәһидүлла.

Одан әрі біреуі де тіл қатпады.

Жалғыз қабат ағаш үйлер тізілген көшені бойлап біраз жүрген соң Ақеділдің көпіріне жеттік. Біреуміз тақия, біреуіміз киіз қалпақпен көсіп алып, қанғанша су іштік. Су жылымшы, дәмсіз еді. Әйтсе де бізге жан енді. Қалаш мейрамы, әрине, көпірдің ар жағында, тау үстінде болуға тиіс. Мейрам деген кілең биікте өтеді ғой. Бүл маңайда оның ешқандай белгісі көрінбейді. Көпірдің ар жағында да пәлендей тамашаға кездесе алмадық. Үйлері кілең еңселі, қақпалары ылғи орыс қақпа, көшелері біздің ауылдың көшелерінен тарырақ. Көше толы атты - жаяу адамдар ерсілі - қарсылы шұбырып жатыр. Біріне - бірі сәлем бермейді.

- О - һо, балалар, әнеки, "Қалаштар" деп жазылған қалаш дүкені! - деп хабарлады, арамыздағы ең тез оқитынымыз Уәлетдин. Мен әлі тез оқи алмаймын, тек әріптің кескінін ғана шамалаймын.

Көшенің ар жағындағы сары үйдің есік алдына аялдадық.

- Жігіттер, есіктің тұтқасын алдымен мен ұстайын, менің қолым... - осылай деп айтудан есік іш жағынан ашылып кетті де, мойнын сұға берген Құтты қолдың басына сарт етті. Дереу әлгінің маңдайы көгеріп, ісіп шыға келді.

- Ассалаумағалейкүм! - деді ол есіктен шыққан кісіге.

- Күм - күм, - деп мазақтады да, әлгі кісі кете берді.

Есік жабылмас бұрын біз ішке кірдік. Кірдік те, сәлем беруді ұмытып, қатып қалдық. Сөрелерде тырсиған қалаштар тізіліп түр, шегелерге бау - бау етіп тізіп байланған неше түрлі крендельдер ілінген, жәшіктерде бірәндіктер толып жатыр. Алуан түрлі алуа - шекер ауызға түскелі тұр. Көл - көсір тәтті тағам!

Сатушы бізге бақырая қарады. Біз де үндемейміз. Ол да тіл қатпады. Әуелі бізден сәл сескенсе керек. Таразының табағында жатқан жұдырықтай кірдің тасын қағып алды. Біз әдеп сақтап, есік алдында тұрмыз. Неге екенін қайдам, ол қозғалмайды, қабағы қатыңқы. Бір жерімізді ұнатпаған - ау. Кісіге ұнамайтындай қылығымыз жоқ сияқты еді...

Осылай арбасып біраз тұрған соң қалың жылтыр еріндерін жыбыр еткізіп, әлгі кісі бізге сұрақ қойды:

- Сендерге не керек, босқындар?

- Біз босқын емеспіз, жолдас, біз ауылдан келдік! - деді Шәһидүлла байсалды үнмен.

- Патша сарайынан келмегендеріңді көріп тұрмын, босқын жолдастар, - деді ол қарқылдап күліп жібергенде жалпақ қалың беті қант қызылшасындай қызарды. - Сөйтіп, біздің жаққа қандай шаруамен келіп едіңіздер? - Қолындағы кірді бір секіртіп, қақшып алды.

- Біз қалаш мейрамы қайда болатынын сұрамақшы едік тек... - Уәлетдиннің айтып бітіруін күтпей, бастық оның жеңінен тартты.

- Қалаш мейрамы? Ә-ә... қалаш мейрамы ма? - Қызылша бет тағы бүлкілдеп кетті. - Қалаш мейрамы қалтада болады, міне мұнда. - Ол қолын қалтасына салып, күміс теңгелерін сылдырлатты.

Біз де уәделесіп қойғандай, бәріміз бірден қалталарымызға қол салдық. Онда мейрамның ырымы да жоқ... Сөрелерде тізіліп тұрған қалаштар да, шегелердегі ширатпа тоқаштар да, жәшіктердегі бірәндіктр мен алуа-шекерлер де қолға түспейтін кереметтей көрінді маған. Бүл үйге сәлемдеспей кіріп, қоштаспай шығып кеттік. Бірақ біз бұған қарап үмітімізді үзбедік. Әрі кеттік.

- Әй, біз де есуаспыз - ау! - деді Нәсіп, - Қалаш мейрамы орыстікі ғой, біз мұсылманға келіп, әуре болдық.

- Өз мұсылманымыз, әжуалауын қарашы, есіктен кірмей жатып босқын деп қорлауын - ай! - деп күйінді Уәлетдин.

- Мұсылманның сараңы кәпірден де жаман болады. Сондықтан да сараң туралы өлең шығарған, - деп түсіндірді Асхат.

Сараң мәлғұн бар еді, Ақыры, оны жер жұтты...

Мұны да әлі жер жұтар бір кезде.

Біз жоғарыға, қалаға қарай өрлей бердік. Қалаш дүкендерінің қасына келіп, ұзақ қарап тұрдық, орыс қақпалы биік - биік үйлердің тұсына тоқтап, терезелерге телмірдік, жаңа піскен нан иісі шыққан үйлердің маңайына үйірілдік, бірақ бізді ешкім елемеді, ешкім шақырмады. Қалаш үлестіретін орыс қайда екен? Болуға тиіс. Болмауы мүмкін емес. Қанша жерден жаяу келіп, сілекейің ағып жүріп-жүріп, босқа қайтып кету ақылға сыймайтын нәрсе емес пе?

Менің не ойлап тұрғанымды сезгендей Хамитжан былай деді:

- Шамасы, біз іздей білмеген шығармыз... Жұрттан сұрастыру керек.

- Мейрам саған адасқан бұзау ма, немене, іздеп табатын? Мейрам өзі "мен мұндалап" нұр шашып, алыстан қол бұлғап, шақырып тұруға тиіс. Біз той өткен соң даңғыра қағып тұрмыз, мейрам аяқталған. Тәмәм! - деп кесіп айтты.

Соны айтқанда менің сай - сүйегім сырқырады. Аштық пен шөл қол - аяғымды матап тастағандай. Бүл аз дегендей, көйлегімді місе тұтпаған күн тері түгіл, сүйегімнен өтіп барады. Басқалардың да хәлі мүшкіл.

Терезелерінің қақпағы жабық бір үйдің қақпасының алдына тізіліп отырдық.

- Давай, менің туысымды табайық, - деді Әнуар, - өрт мұнарасын іздейік... Бір самаурын шайын аямас.

Сұрастырып жүріп, өрт мұнарасын тез таптық. Тек оның басында алтын тәж киген кісі көзге шалынбады. Мойнымызды созып, біраз қарап тұрдық. Әнуардың туысы көріне қоймады.

- Жығылып түсіп, жазым болды ма екен? - деп тебіренді Әнуар. – Әй - әй, Жаңбыршы ағай, қайдасың?

- Жаңбыршы ағай үн берер, бізге тамақ кім берер? - деп Асхат әзілдемекші болды. Бірақ біздің сөз тыңдауға шамамыз жоқ. Ешкім күлмеді.

- Жаңбыршы ағай! Келіп тұрған мен ғой, Әнуармын! Ауылдан келдім!- деп айқайлады бала.

- Неге соншама шырылдайсың? Кет! Қараларыңды құртыңдар, өңшең қаңғы немел ер!

Үлкен қызыл қақпадан шыққан мұртты бір ағай бізді осылай деп қуып салды. Беліне жез тоғалы жуан қайыс белдік байлағанына мақтанатын шығар.

Туыс іздеу осымен аяқталғалы тұрғанда Уәлетдин мыңқылдады:

- Бұл рет жолымыз болмаса, келесі де сәті түсер, балалар, жүріңдер, қос мұнаралы тас мешітте пеш жағатын менің құдама барамыз. Күшімдегі құдамыздың жақын құдасы ол

- Шілде шыжып тұрғанда кім пеш жағушы еді? Ол құдаң баяғыда ауылына қайтып кеткен шығар, - деп көңілге күдік салды Нәсіп.

- Қаладағы мешітті қысы-жазы жылытады! - деп көзкөреке өтірікті соқты Уәлетдин.

- Алдайсың, мешкей!

- Білләһи! Пеш жақпасаң, онда шіркеу перілері жиналады, - деп жеңді бізді Уәлетдин. -Әнеки, қайда қарасаң да шіркеуді көресің.

Қаланы біраз аралап жүрген соң қос мұнаралы тас мешітті де таптық. Тек мешіттің қақпасы жабық екен. Ауланың түпкірінде шарбақпен қоршалған құйттай аласа үйге кезіміз түсті. Көше жақтағы үлкен үйге баруға жүрегіміз дауаламады.

Үйге алдымен Уәлетдин екеуміз кірдік. Кіруден кезге шалынғаны мыналар: күнге қараған тар ғана екі терезенің бетін айғыз - айғыз шаң басқан (япыр-ау, әйнектен қалай өткен?) еденнің дәл ортасында бір бала еңбектеп жүр, екінші бала етбетінен тырбаңдап, талпынады, сәкіде қартаң апай киім жамап отыр, есік жақтағы қараңғы қуыста ер кісі ұйықтап жатыр.

- Есенсіз бе? - дедік біз бірімізден соң біріміз. Әлгі апай басын да көтерместен:

- Шүкір, - деді. Содан соң ақырын бізге бұрылып қарады.

- Тағы да қырдың қайыршылары! Ертелі - кеш, қысы - жазы, шұбырады да жатады, шұбырады келіп! - деп даурығып кетті ол - Титығымызға тиді түге! Салулы төсек, салқын үйді тапқан екенсіңдер!

- Біз қайыршы емеспіз, апай, біз... - деп мен тұтығып қалдым.

- Қайыршы болмасаңдар да бәрібір... қайыршысыңдар. Бізге бай кісі пәтер сұрап келе ме? - деп қолын бір сілтеді ол

- Біздің Күшімдегі құданың жақын құдасы осы мешітте жыл бойы пеш жағады... - деді Уәлетдин міңгірлеп. Апай азырақ елең етті.

- Күшімнен келдіңдер ме, сендер? Есен-аман ба күшімдіктер?

- Жоқ, біз Кіләштікпіз. Біз осында пеш жағатын шырақшы құданың Күшімдегі құдасының жақын құдасы боламыз. Ғиділниса қарияның немересімін.

- Қайдам, деп ойланып қалды апай. - Ондай құдағиды естіген емеспін. Әй, Есберді, құдаларың келіп тұр! - "Есберді" дегені әлгі қуыста жатқан кісі болып шықты.

- А? Құдалар? Қош, келдіңіздер, құдалар! - деп әлгі орнынан ұшып тұрды. Ұйқыдан ашылмаған көздерін уқалай - уқалай, бір айтқанын қайталай берді. - Қош келдіңіздер, төрге шығыңыздар, құдалар! Қадамдарыңызға гүл бітсін, ат-көлік аман келдіңіздер ме?

Ұйқысын ашып, көзімен үйді шарлап шықты.

- Құдалар қайда? Түу, тағы да түс көріппін - ау. Күймелі арбаға сәйгүлік ат жеккен құдалар, дүниені дүр сілкіндіріп, ауылды басына көтеріп, қоңыраулары күмбірлеп келе жатыр екен деп қалсам, тәйірі. Көрші-қолаң аузын ашып, шарбаққа сүйеніп қарай қалған екен десем. Уа, құдалар, қайда кеттіңдер?

- Әне, құдаларың, - деп апай бізді көрсетті.

- Ау, сендер ме құдалар? - деп сасқалақтады Есберді.

- Біз... Мен... Мен өзім сенің Күшімдегі жақын құдаңның құдасымын, - деді- Уәлетдин маңқалығын білдірмеуге тырысып.

- Менің әжем, Ғиділниса құдағиың, бүкіл үйішіңе көптен - көп дұғай сәлем жолдады...

- О, менің Ғиділниса құдағиым керемет кісі! Басқан жерінен ұшқын шығады, ән салып, би билеуге келгенде қайран қаларлық, шолпысының сыңғыры талай жүректі толқытады, -деп Есберді әлдекімді мақтай жөнелді. - Рақмет құдағиға, саламат болсын

"Қайсы Ғиділнисаны айтып отыр мынау?" деп сасып тұрғанда ол маған қарап:

- Сен де құдамысың? - деді.

- Мен де құдамын, - деп қойып қалдым, бірақ сыр бермедім.

- Сыртта бес адам бар, кіруге тартынып тұр...

Ат жақты, ұзын бойлы, тақыр бас, жіңішке мұртты әлгі ағай есікті айқара ашып жіберді.

- Пай - пай, құдалар! Үйге кіріңдер! Тартынбаңдар! - деді ол

Балалар үйге жасқана енді. Апай едендегі сәбилерді сәкіге көтеріп отырғызды.

- Қош! Еске алып, бізді елеп, келулеріңіз өте тамаша, қуанышты жағдай, құдалар, - деді Есберді, - апа, самауырын қойып, шай қайнат.

Соны айтқанда ішім жылып, өне бойымнан бір рақат сезім шымырлап өткендей болды.

- Самаурын қояр едім, балам, шайы да, шекері де жоқ. Нанды да келін кешке алып қайтады. Қонақтар алдында сәл ұяттымыз.

- Ұның болса, күлше пісір, жармаң болса, ботқа қайнат.

Бұл жолы апай тіптен жауап бермеді.

- Апа - ау, не бар үйде?

- Піскен бұршақ бар...

- Бұршақ? - деп қуанды Есберді, - бұршақ деген нағыз құдалардың асы ғой. Тамаша тамақ! Мұндай тамақты ұнатасыңдар ғой, ә?

- Ұнатамыз! Ұнатамыз! - дедік біз. Шіреніп, тамақ талғайтын кез емес.

Еденнің ортасына апай сатпақ - сатпақ дастарқан жайды да, оның үстіне үлкен бір тегеш піскен бұршақ қойды. Аппақ ірі бұршақ. Шынында да бұршақтың мұндай ірісін іздесең таппайсың.

- Ал, отырыңыздар, дәм татыңыздар! Бәріңе бірдей қасық жете қоймас, қолмен жеңдер! -деп өтінді үй иесі. Біз тегешті қоршай тізерлеп отырдық та, асықпай уыстап, бұршақты жей бастадық. Асықпасақ та шаруа тынып жатыр. Өмір бойы мұндай тәтті бұршақ жемеген сияқтымыз. "Құдалардың тамағы" тәтті болады екен-ау, тіліңді қоса жұтып қоя жаздайсың!

Тегештің түбі көрінгенде алдымызға бір шелек суық су да жетті. Шетіне үлкен шөміш ілінген.

- "Сыйлап берсе, су да тәтті" деген бұрынғылар, - деді Есберді, - олар білмей айта ма.

Суды да тауысып іштік.

- Ал енді бата жасайық, - деп өзі дастарқан басына отырмаса да бетін бір сыйпап қойды үй иесі. Біз де көргенімізді істедік.

- Қала көруге келдіңдер ме, құдалар? - деп сыр тарта бастады Есберді дастарқан соңында жөн сұрайтын әдет бойынша.

- Иә, ағай, құда... - деп енжар ғана жауап берді Шәһидүлла.

- Ұнады ма?

- Не десем екен... Үйлері әсем, шарбақтары биік, - деді бастық, - тек адамдары өте шапшаң жүреді екен.

- Дұрыс, келгендерің жақсы болған, жер көріп, ел танып ескенге не жетсін. Қалада жұрттың бәрі кілең қалаш жемейді. Нан таппайтын кездері де болады, айыптамаңыздар қаланы...

Уәлетдин сөзге көп қосылмаса да, бұл үйде өзін еркінірек ұстады. Орнынан да ол бірінші болып тұрды. Қанша айтсаң да бас құда ғой.

- Сый - құрметіңізге, жылы шырайыңызға рақмет, құда, рақмет, құдағи, - деді ол үлкендерге ұқсап, - айып етпеңіз. Біз ауылға қайтуымыз керек енді. Бәріміз де ду етіп орнымыздан тұрдық.

- Жақсы, ендеше, құдағиға бізден сәлем айт, өзі қонаққа келсін, - деді Есбердінің шешесі, -әттең, осы жоқшылық - ай! Беріп жіберетін сәлемдемем де жоқ тым болмаса...

- Жақсы сөз сәлемдемеден де артық, aпa, - деп басу айтты баласы.

Біз есік алдына жиналдық.

Қайтар жолдарыңды ұмытпадыңдар ма? - деп сұрады Есберді құда.

- Ұмытпадық, - деді Асхат. Ол ит сияқты. Қандай қалың орманда келе жатқанда бір өткен жерінен жаңылмай жөн табады. Өз ізінің иісін сезеді. Мен жусанның арасында да адасамын. Сондай аңқаумын.

Қайта - қайта алғыс айтып, біз осы таңғажайып, қонақжай үйден шығып кеттік. Кімнің құдасы болып шықты әлгі Есберді? Шынында да құда ма өзі?

- Құдаң қу кедей болса да жомарт екен, бала, - деді сыртқа шыққан соң Шәһидүлла Уәлетдинге, - жанын жарып беруге бар.

- Шайы болғанда шай да ішкізер еді, оллаһи... Құшақ жая қарсы алады дедім ғой мен сендерге... - Маңғаздана сөйлегенде оның маңқылдаған дауысы сәл жуан тартқандай көрінді тіпті. Маңғаздануға қақысы да бар ғой: әйтеуір, бізді сыйлаған соның құдасы.

Осы қайырымсыз қалаға біз өкпелеп кеттік. Қайтар жолымыз бұрынғыдан бетер ұзақ, ауыр болды. Бірақ ешкім қыңқылдамады, біреуді біреу кінәлаған жоқ. Қаладан алып қайтқан басты олжамыз - Нәсіптің маңдайындағы ісік. Оған қоса Хамитжанның қолтығындағы манағы нан ораған шүберек бар.

Қас қарайғанда біз еменді қырдың басына жеттік. Еркін тыныс алып, артымызға қарадық. Сонау алакеуім іңір қаптаған алыс көкжиектің шетінде қала оттары самаладай самсап тұр. Олардың бірімен-бірі таласқандай жыпылық қағып, жымыңдасқаны қайран қаларлық.

- Білесіңдер ме, балалар, анау оттар не дейді? - Бұл сұрақты, әрине, Асхат берді, жауабын да өзі қайтарды. - "Алдадық па? Алдадық па?" деп бізді мазақтап тұр олар.

- Масқара қылдың бізді, қаласы түскір! - деп Нәсіп жұдырығын көрсетті. Оның ізінше біз де "мә, саған", "мә, саған" деп бас бармағымызды саусақ арасына сұғып, қолымызды шығарып көрсеттік қаланың тәкәппар оттарына. Бірақ мұнымен де ашуымыз басылмады, өшіміз қайтпады. Тағы бірдеңе жасау керек тәрізді.

- Келіңдер, балалар, қаланы мықтап масқаралайық, - деді осы сәтсіз саяхаттың күллі ұятын көтеріп келген бастығымыз.

- Қайтіп?

- Міне, былай етіп... - деп ол дамбалын тізесіне дейін түсірді де, қалаға артын бұрды. Біз де сөйттік.

- Қала, мә, саған масқара керек болса! Масқара! Масқара! - деді ол Біз оның сөздерін бар дауыспен айқайладық:

- Масқара! Масқара! Масқара!

Өшімізді осылай алдық. Енді қаланың оттары жайнап жанбай, бірте-бірте сөніп барады. Себебі, сол сәт қала бастан аяқ масқараға батты. Оған сол керек!

Кегімізді алып, ашуымызды басқан соң біз қалған жолды шапшаңырақ, жеңілірек, көңілдірек өттік...

... Не бәрі жеті жылдан кейін осы қалаға барамын да, мәңгілік қалып қоямын деп ойласамшы сонда? Иә, бардым да, сонда қалдым. Өмір бойы. О баста тәнім қалада болса да, жаным ауылда жүретін. Бара - бара ол да тас қабырғалар ішінен орын тапты. Кісінің көңілі орныққан жері оның рухани Отаны. Үфі менің жанымның үясы, рухымның Отаны болды.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙