Мазмұнға өту
Home

Мейірім

Бейбіт Сарыбай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Мейірім

Қай тақырыпта жазса да, адамның қоғамдағы орнын, қоғаммен қатынасын ашып, оны көркем тілмен, ұтымды да шебер жеткізе білетін жазушы Бейбіт Сарыбайдың бұл шығармасы да оқырман көңілінен шығары анық. Ол бұл туындысында өмір шындығын барынша жан-жақты суреттеген.

Анау күнгі бастап қойған портретті аяқтай салайық деп Ұлан мені үйіне шақырған. Ісіміз алға баспай біраз қиналдық. Кей тұстардағы көркемдік шешімдерге келгенде таласып қалып та жаттық. Екеуміз де өз идеямыздың дұрыстығын дәлелдеп бақтық. Көп жерлерде менің айтқаным онды болды. Амалсыздан келісіп, қиналса да менің айтқаныммен жұмыс істеді. Кім-кімге болса да өз ойынан дұрысы жоқ. Бұл әсіресе жеке пікірі бар, ойы мен қиялының құлына айналған өнер адамдарына тән қасиет. Ұлан намыс отына жанып, бұрқ-сарқ қайнап жүр. Мен әр түсті бояқтарды езіп отырғам. Осы кезде әр нәрсені бір сұрап мазамызды алып жүрген інісі үстелді қағып кетіп, дайындап қойған бояқтарды төгіп алды. Онсыз да күйгелектеніп жүрген Ұлан оны шапалақпен екі-үш қайтара ұрып жіберді. Інісі жылаған күйі шеберханадан шығып кетті. Әлден кейін шешесі келіп, айқайдың астына алды. Мынадай жағдайда қалғым келмей, оның үстіне Ұлан екеуміздің арамызда туындаған кикілжің өршімей тұрғанда кетейін деп шештім. Інісінің жылауы да шешесінің ашулануы да содан туындағандай сезілді. Бәріне сол себепші сияқты. Бірақ, менің кінәм жоқ. Айтқандарымның бәрі дұрыс. Егер ол дұрыс идея айтса, көнер едім. Бұндай тірлікпен әркімнің жеке айналысқаны жақсы. Өз ой-арманымен, таным-тереңімен, парасат-пайымымен жеке қалғаны дұрыс. Бұл жұмыста бірігудің қаншалықты қиын екенін білгенмін. Қарсы да болғам. Күртемді киіп жатып:

– Мен қайтайын, – дедім. Үн-түнсіз меңірейіп отыр. – Мына жұмысты өз ойыңдағыдай етіп аяқта. Мен енді қатыспай-ақ қояйын. Мен үйден шығып бара жатқанда шешесі оған:

– Сен бе, сен – қатыгезсің. Адамға түк жылуың жоқ. Сенің маған характерің ұнамайды, – деп ұрысып жатқан. Үйге келе жатып Ұлан жайлы ойладым. Шындығында ол қатыгез бе? Мүлде қате пікір. Қай ортада жүрсе де ашық-жарқын қалпынан айныған емес. Бірақ, балажандығын байқамаппын. Қалтасындағы тәттісін де өзі бермей, маған бергізетін. Түк түсінбей басымды шайқайтынмын. – Өзің берсең қолың сынып қала ма? – деймін. Ал, ол болса: – Сен-ақ жақсы кісі болшы, – дейтін сондай кезде. Бала десе жыным бар дейтін тағы да. Неге екені сәбилерге суық қарайтын.

Бағанағы азаптан құтылу үшін өз ләззатыма бас қойдым. Аяқтауға аз қалған “Айна” атты портретіме кірістім.

“Айнада” үлкен көл бейнеленген. Тұтастай емес. Айдынның азғантай бөлігі ғана. Айнадай жарқырап жатыр. Оның арғы жағында батып бара жатқан күн. Осы екеуінің бергі жағында әдемі қыз тұр. Негізгі план осы болғандықтан, бар күшімді салдым. Қыздың бет-бейнесіндегі сүйкім, дидарындағы жылылық, жанарындағы тереңдік пен сұлулық, пәктік, қабағындағы мүңның көлеңкесі – барлығы да шеберлікпен суреттелді. Қыздың ойлы жүзінде жұмбақ сыр бар. Әлдене деуге оқталып тұрғандай. Мүсіні мәрмәр сияқты. Жарқыраған денесін әдейі жалаңаш қалдырдым… Тек, бөксесі сүлгімен оралды.

Ертеңгі күні бұл сурет көрмеге қойылады. Сол кезде әр суретке ат үсті қарап келе жатқан жұрт осы шығарманың алдында аңтарылады. Бәрі де қарайды. Қызығады. Әркімде әрқандай ой пайда болады. Біреулер тек қызыға қарайды. Жаратылысқа таңданады. Сұлулыққа сүйсінеді. Лэззаттанады, рахаттанады. Табынады. Сұлулықтың алдындағы әлсіздіктерін мойындайды. Сосын осындай сұлулықтардың баянсыз екенін, түптің түбінде жоғалатынын еске алады. Айуандыққа салынған қолдың бүлдіретінін, олар бүлдірмеген күннің өзінде бұл сұлулықтың қартайып өз-өзінен бүлінетінін ойлайды. Қартаймауы, бүлінбеуі үшін адам боп туылмай, сурет боп қана қалатындығына қуанады. Өйткені, адамзат қоғамы қандай да бір тұнықты ластамай, пәктікті былғамай, ғажайыпты қор қылмай тынбайды. Бұл бұлжымайтын заң. Қоғамды тұтастай кінәлауға болмас. Бәрінің қолы кір емес шығар. Сол адалдардың арасында бірен-саран айуандардың да бар екені рас. Міне, солар бәрін бүлдіретіндер. Шөлмек мың күнде сынбайды, бір күнде сынады деген де сөз бар. Сол шөлмекті мың тас емес, бір тас сындыратынын да ойлаған жөн. Сондықтан, қанша ақылды десең де адамзат қоғамына сенбеу керек.

Осы суретке қараған екінші бір топтың өкілдері оны әлдекімнен қызғанады. Белгісіз бір зобыр күштен қорғағысы келеді. Аяушылықпен қарайды. Киіндіргісі келеді. Ал, топастарды “Шіркін-ай, мына сұлуды бір құшса ғой… Фигурасын-ай, ә” – деген сасық арман ғана мазалайды. Осы сияқты әркім әртүрлі ойда қалады. Сондықтан, бұл шығарманың атын “Айна” деп қойдым. Өз ойы арқылы әркім өзін көруіне, тануына болады.

Менің ойымды үздіксіз шырылдаған қоңырау үні бұзды. Телефон тұтқасын көтердім. Ұлан екен. Кездесейік дейді. Амалсыздан келістім. Шаршаса керек. Екеуміз бильярдқа бардық. Ол қайта-қайта жеңіле берді. Байқамаған екем, демалыс іздеп келген досымды ашуландырып алыппын. Келесі ойында әдейі жеңілдім. Ол менің мұнымды жақтырмады.

– Қорлама, – деді.

Екеуміз ойынды доғарып, үстелге келіп отырдық. Торғын сыраны сыздықтата сіміріп отырмыз. Шағын алаңқайда екі-үш жұп вальс билеп жүр. Анау бұрышта темекісінің түтінін будақтатып бір қыз маған ойсыз жанарын қадап отыр. Мен оған назар аудармауға тырыстым. Үнсіздікті Ұлан бұзды.

– Шаршадым.

– Кім жетісіп жүр екен?

– Бағанағы сөзді естідің ғой. Мен шынымен мейірімсізбін бе? Шешем мені ұнатпай жүр. Аш адамның ашуланшақ келетінін түсінбейді. Бұндай жағдайда жайдары болу үшін санасыздық керек. Төрт дүнием түгел болса, мен де жүрер едім ғой жақсы адам болып. Өзіме өзімнің көңілім толмайды. Жақын адамдарыңның пендешілігі ашуландырмай қоймайды. Оларды басқалай көргім келеді. Солай көре алмаған соң ашуланамын да. Оларды керемет адамдар деп ұғамын. Бірақ олай емес екендігін көргенде қиналып қаламын. Тағы бір айтарым, екеуміз де таланттымыз. Мақтанғаным емес, жақсы суретшіміз. Бірақ бұдан не пайда көрдік? Жан жүрегімізді, жүйкемізді, қала берді уақытымызды өнерге бердік. Не қызығын көрдік? Басқа тірлікпен айналысу керек еді. Анау базарда, құрылыста жүрген достарды қарашы. Бәрінің жағдайы жақсы. Алды көлік мініп те үлгерді. Ал енді екеумізге қара. Қыл аяғы үстіміздегі киімдеріміздің де жібі түзу емес. Жарайды, мұның бәрін қойшы. Осылай-ақ өтерміз. Менің жынымның келетіні, өзімізше өнер үшін жүрміз дейміз. Ей, достым! Сен тыңдашы, бұл өнерің кімге керек? Ешкімге пайдасы жоқ, ешкім қызықпайтын іске не үшін бас қатырып жүрміз. Қоғамың сенің өнеріңді керек етпейді. Өнерді сүймейді. Сұлулыққа сүйсіндіре алмайсың.

– Бәрін кінәлауға болмас. Бағалайтындар да бар. Жүздің, тіпті болмаса мыңның бірі болар. Әйтеуір, бар. Солар үшін-ақ еңбектенуге болады. Сен суретшілікті әншілік сияқты жеңіл өнермен шатастырма. Суретшілік қай заманда да жалпы халықтық сипат алған емес. Алмайды да. Атаққұмар екеніңді білемін. Досым, саған бір ақыл айтайын. Әжептәуір даусың бар ғой, әнші болсаң қайтеді?

Ол кәдімгідей қызыңқырапты. Ызаланып қалды. Бетіме тесірейіп біраз қарап отырды да, коньяк толы стақанды қолына алды. Ішеді деп ойладым. Мен үстел үстіндегі қораптан шылым ала бергенімде көз алдым жарқ ете қалды. Бетімнен коньяк тамшыларымен араласып қан тама бастады. Даяшы қыз стақан сынықтарын жинап болысымен қол сүрту үшін қойылған жұмсақ қағазбен бетімді сүртіп жатты. Мен Ұланды түсінем. Кейінгі кезде қиналып жүр. Осындай кезде өшін менен алады. Басқа кімі бар дейсің. Түк болмағандай отыра бердім.

– Неге ашуланды? – деп сұрады даяшы қыз.

– Әнші болғысы келіп жүр, – деп әзілдедім.

– Менің композитор ағам бар. Бір әнін алып берейін.

– Қорламаңдар. Әйтпесе, мынау тиеді, – деп, қолына бөтелкені алды. Сосын аз-кем үнсіздікке берілді. Күбірлеп бірдеңелерді есептеп кетті. Бір уақытта ішкен-жегенімізді тізбелеп айтып берді де:

– Барлығы мың жарым болыпты. Ешкімнің ақшасын пайдаланғым келмейді, – деп, даяшыға бес жүз теңге ұстатты.

– Мың жарымды екіге бөлсең, жеті жүз елу болады, – дедім әдейі.

– Сен маған қарағанда көбірек іштің.

Біз күлдік. Ол одан ары ызаланды. Менде ақша жоқ екенін біледі. Әдейі істеп отыр. “Бүгін сені мен отырғызамын”, – деген. Енді кеп… Даяшыға:

– Қарыз болайын. Ертең төлермін, – дедім. Ол өзінше сөйлеп отырған адам құсап:

– Ешкімге қарызданғым келмейді. Ақшам жоқ болса да, – деді. Мен де ашуландым. Бірақ, мені бұл жағдайдан даяшы қыз құтқарып қалды.

– Ылғи келіп жүретін клиенттерге біз скидка жасаймыз. Қалған ақшаларыңды төлемей-ақ қойыңдар, – деп ары қарай кетіп қалды. Күнде келіп жүргендіктен ол біздің сырымызға қанық. Ұлан да сүріне-қабына сыртқа шығып бара жатты.

Екеуміз жерасты жолымен өтіп бара жатып домбыра шертіп тұрған жігіттің жанына аялдадық. “Көңіл толқыны” мен “Ақ жауынды” қайталап шерткіздік. Ұлан қалтасынан бағана төлемей қойған мың теңгесін алып, жігіттің алдына тастады да, шашылып жатқан тиындардың ішінен жиырма теңгеліктердің екеуін теріп алды.

– Сдачаң ба? – деп күлдім. Ол үндемеді. Жігітке аяушылықпен қарап тұрды да:

– Ерік, қарашы. Осы да әділеттілік пе? Осынша талантымен он теңгеге күні қарап жердің астында тұрған мынаны қара. Бұның төбесімен қолынан түк келмейтін, әке-көкесінің арқасында шіреніп “Мерседес-пен” өтіп бара жатқан байдың балаларын қара, – деді.

– Несі әділетсіз. Бәрі де әділетті. Жаратушы ием бұған талант берді. Бұл сол талантымен елді сүйсіндіріп тұр. Бай баласына машина берді. Ол сол мерседесімен айналасын қызықтырып жүр. Бір басыңа бәрін тілеуге болмас.

– Мен тек қана біздің елде өнерден байлықтың жоғары тұратынын айтқым келген…

– Түсінем. Бағана сен шешеңе ренжідің. Өнерді түсінбейді деп. Ол кісілерді кінәлауға болмайды. Менің де әкем қарсы болған. Жөні түзу оқу оқы деп. “Мен сені өсіргенде әдемі әйелдерді әспеттесін деп өсіргем жоқ. Жалаңаш қатындардың суретін салғаннан басқа не тындырдың?” – деп те ренжіген. Олардың арманы басқада ғой, Ұлан.

Бағанағы сдачаға алған қырық теңгемен жатақханаға жетіп алдық. Менің бөлмеме келіп кірдік. Ол төсекке құлай кетті. Мен ас қамдауға кірістім.

– Бітуге аз ғана қалыпты, – деді. “Айнаға” қарап тұр екен.

– Алла жазса осы аптада тәмам болады.

– Сен бұны көрмеге қойма.

– Неге?

– Бұны сен махаббатыңмен, мейіріміңмен жараттың. Бұл әлі күнге кездеспей жүрген, тек қиялыңда ғана өмір сүріп келген ғашығың ғой. Осы күнге дейін аңсарыңды алған асылыңды қызғана білсеңші.

– Мен бұны Арбатқа қойсам ба деген едім.

– Есің дұрыс па? Өйтіп қорлама, Айнаңды. Қанша қымбат болса да мен-ақ алайын. Маған сат.

– Осынша сұлулықты қапасқа қамап қоюға болмас. Тамашаласын ел-жұрт.

– Өзің біл. Ләззаттандырамын дейтін шығарсың. Құмарлықтарын, нәпсісін қоздырарсың бар болғаны.

– Қыздардың да ма?..

– Олардың қызғанышын. Айнаны көргенде қызғаныштан өліп кетер. Өздерінде жоқ сұлулықты өзгеден көргенде қызғаныштан басқа не істейді дейсің олар.

– Сенің көңілің қалған екен. Ашынып кеткенсің. Бәрін кінәлайсың. Шешең дұрыс айтады.

– Сен де дұрыс айтасың. Бәрінен көңілім қалды. Адамдардың бәрін жек көремін. Бәрі бұзылған, азған. Кейде қайдағы бір қиырға қашып кетіп жалғыз өмір сүргім келеді. Бала күнімде өмірді ғажап қой деп ойлаушы ем. Ертегідей елестететінмін. Қателесіппін. Құдды бір күресінде жүргендей күнде жиренесің, жиіркенесің. Сәби кезімде бәріне сүйсіне қарайтынмын. Өмірге деген сол махаббатым сөнбей тұрғанда өліп қалсам ғой. Бағалыңның құнсызданғанынан артық жаман не бар. Кейде мен адамдардың бәрі қырылып қалса ғой деп те тілеймін. Бәрі қайта басталса.

– Өзің Адам Ата болсам дейтін шығарсың. Бір айтарым Хауаға алма жегізбей, жақсылап қадағала. Сонда бәрі де дұрыс болады.

– Мен Адам Аталықтан бас тартар едім. Себебі мен де таза емеспін. Ласпын. Былғандық қой. Былғанады екен, бір-бірін былғайды екен адамдар. Бір-біріне сүйкенбесе жүре алмайтын адамдар кірлерін тазаларына жұқтырады екен.

Балконға шығып темекі шектік. Басымның ауырлап бара жатқанын сездім. Ештеңеге қызыға алмадым. Ұлан менің жағдайымды түсінді.

– Жарайды, басқа нәрсе айтайын. Бағана шешеңді құптаймын дедің бе?

– Тағы бастадың ба?

– Жо-жоқ, қорықпа. Мен басқа нәрсе айтамын. Бірақ сен мені қатыгез дедің ғой. Ал тыңда,.. – деді де, жанарын тым алысқа тікті.

Оқиға желісі мен шешім

– Ол кезде ауылда тұратын едік. Тоғыз-ондарға келіп қалған кезім. Өзімді ересек сезінетінмін. Бала екенбіз ғой. Үйдің тұңғышы болған соң еркелеу өстім. Таңның атысы күннің батысы үй көрмеймін. Көршінің өзіммен қатарлас баласы болған. Сол екеуміз елдің есегін ұрлап мініп, алақандай ауылдың шаңын аспанға көтеруші едік. Ол екеуміз жасамаған бұзықтық қалды ма? Күніге неше соғысып, неше татуласатынбыз.

Күнде таңертеңгісін ояна салып, жуынбастан көшеге шығатынбыз. “Осы сенің не қызметің бар? Көзіңді тырнап ашып көшеге тұра жүгіресің. Сабақ болса қалай тұрмас едің?” – деп, таң қалатын шешем. Басқадан құры қалсақ та, осы бір таңғы қызықты жіберіп алмауға тырысушы едік. Өйткені мұнда біздің балаң арманымыз бен аппақ аңсарымыз жатыр. Екеуміз де келіп аз ғана күткесін осы жолдың бойымен Қырмызы апай өтетін. Қолыңа ине сұғып, тісіңді жұлып, тірідей шырқыратып жататын дәрігер апайды кім жақсы көрсін. Ол кісіні көруге қайбір емешегіміз үзіле қалды дейсің. Мәселе сонда – ол кісі жалғыз өтпейтін. Екінші класта оқитын Меруерт деген қызын жетектеп өтетін. Таңғысын жұмысқа кеткенде періштедей қызын үйіне жалғыз қалдырмай, апасының үйіне апарып салатын. Апасының үйіне апаратын жолда күндегі әдетімізден жаңылмай біз тұратынбыз. Шешесіне еріп бара жатқан Меруертке кірпік қақпай қарайтынбыз. Ол да бізге қарап өтетін. Біздің осы қарасымызда сүйіспеншілігіміз де, сағынышымыз да, қимастығымыз да, аспандағы айға қол созған аңсарымыз да – бәрі-бәрі бар еді. Осы бір байланыстың нәзік жібі ешқашан үзілместей еді. Кешкісін дәрігер апай мен біздің ғашығымыз үйлеріне қайтып бара жатқанда, тағы да осы көрініс. Қалыптасып қалған.

Бір күні Ерлік екеуміз төбелесіп қалдық. Ол айтады: “Меруерт маған қарайды”, – деп. Мен шығамын: “Саған емес, маған қарайды”, – деп. Ал кеп таластық. Ол: “Сенің қай жеріңе қарайды? Менікіндей ақ крассовкаң мен адидасың жоқ”, – дейді. Мен болсам: “Мен саған қарағанда әдемімін. Сенің шашың бұйра, мұрның дәу”, – дедім. Бір-бірімізді мойындата алмадық. Ақырында жалғыз-жалғыздан тұратын болып келістік. Екіншіміз сырттай бақылап тұрамыз дедік. Жалғыз тұрғанда кімге қарамаса, сол жеңілді деп шештік. Бірінші кезек менікі болды. Күндегі орнымда шарбаққа сүйеніп тұрдым. Ерлік сырттай бақылап тұр. Меруерт шешесіне еріп келе жатты. Жақындаған сайын жүрегім өрекпіді. Қазір қарайды деп үміттендім. Бірақ, Меруерт маған қараған жоқ. Жалт етіп бір қарады да Ерліктің жоқ екенін көріп, қайырылмай кете барды. Менің денем дірілдеп, ішіме у толып бара жатты. Даусым жарықшақтанып кетті. Ерлікпен сөйлесуге шамам жетпей, үйге қарай тұра жүгірдім. Оның мақтаншақ күлкісі ғана менің соңымнан қуды. Үйге келе салып әр жері жасыл шүберекпен жамалған қара сымымды (елестетіп көр) шешіп тастап жыладым. Намысымды қорлаған кедейлігіме налып жыладым. Ерліктің папасы құсап кеңседе бастық боп істемей, тірәктір айдап жүрген әкеме өкпелеп жыладым. “Ақ кроссовка мен адидас алып беріңдер!”, – деп жер тепкілеп жыладым. Әйтеуір, ұзақ жыладым.

Содан кейін көшеге шықпай, қоршаудың тесігінен сығалап қарап жүрдім. Бір күні Ерлік үйге келіп: “Жалғыз тұрып едім, маған да қарамай қойды. Екеуміз бірге тұрайықшы”, – деп жалынды. Менің көнгім келмеді. Ақыры келістім. Ол үшін әлеуметтік теңсіздікті жоюға көндірдім. Адидасын да, ақ крассовкасын да кимейтін болды.

Ертесі күні екеуміз де шортиктен басқа ештеңе кимей, жалаң аяқ, жалаң бас шықтық. Біздің бұл сықпытымызды көріп, олар кекей күлді. Біз де күлдік.

– Үстілеріңе киім кимейсіңдер ме, ауырасыңдар ғой. Айтпады демеңдер, ауырсаңдар, аямаймын, – деп Қырмызы тәте қорқытып кетті. Оның ертесі күнгі тұрпатымыз мүлде күлкілі еді. Ерлік екеуміз папасының костюмін киіп алдық. Етегі тіземізден асады. Аяғымызда сүйретпе, мойнымызда галстук. Бұл күнгі ісіміз де сәтсіз аяқталды. Өйткені Қырмызы тәтеміз жұмысына барған жоқ. Демалыс екен.

Осылай күндер өтіп жатқан. Бұлжымастай заңымызды быт-шыт қып бір күні төбемізден жай түсті. Меруерттің әке-шешесі ажырасатын болыпты. Түннің бір уағында үйге Ерлік келді. Аптығын баспастан:

– Құрыдық! – деді.

– Не болды?

– Ажырасатын болыпты..

– Кім?

– Қырмызы тәтелер.

– Неге? – дедім қапелімде аузыма жөнді сөз түспей.

– Мен қайдан білейін неге екенін.

– Кімнен естідің?

– Жаңа тәтемдер шай ішіп отырып айтты. Ести сала саған жүгірдім.

– Өтірік шығар, – дедім оны да, өзімді де жұбатып. Екеуміз солардың үйлері жаққа бардық. Анығын білгіміз келді. Екеуміз де жақсы хабар күттік. Қырмызы тәте мен Қанат ағаның құшақтасып тұрғанын, не болмаса күліп отырып шай ішкендерін көргіміз келетін сияқты. Құдайдан ажыраспаса екен деп тіледік.

Үйлерінің жарығы жанып тұр екен. Есіктерінің алдында ешкім жоқ. Қорықсақ та терезелерінің алдына барып тың тыңдадық. Бойымыздың қысқалығынан түк те көре алған жоқпыз. Бізді иттері байқап қойып, шабалана жөнелді. Байлаулы екенін көріп, қорықпай тұра бердік. Иттің үргенінен сезіктенді ме, Қанат аға далаға шығып: “Кім-ей бұл?” – деді. Біз қоршаудан секіріп түсіп қашып едік, ол бізді тұра қуды. Жүрегіміз атша тулап жүгіріп келеміз. Бірімізден біріміз озып кетпес үшін қол ұстасып алғанбыз. Біз қашқан күйі қораға келіп тығылдық. Қорыққанымыз сонша – қазір кіріп келсе екеуміздің де жүрегіміз жарылып кетердей. Бірақ, бізді іздеп таба алмады. Есесіне Ерліктің шешесіне: “Ертең балаңызды ертіп мектепке келіңіз”, – деп кетті. Ол кісі мектептің деректірі еді. Өлер жеріміз осы екен дедік. Кетіп қалғанын білсек те, сыртқа шығуға жүрегіміз дауаламай үнсіз отыра бердік. Қасымызда байлаулы тұрған есек бір-екі рет ақырып қойды. Сол кезде Ерлік: “Есекке рахат, иә”, – деді. Мен не үшін рахат екенін білгім келіп: – Неге? – деп сұрадым.

– Ертең мектепке бармайды… – деді. Ол әлі соны ойлап отыр екен. Мен бізді тәртіпке шақырғанша неге Қырмызы тәтемен татуласып алмайды деп ойладым. Өмірдегі мың сан кереғарлық дегеннің бірі осы-ау.

…Ерліктің шешесі бізге көп ұрысты. Біз мән бермей құлықсыз отыра бердік. Әлден кейін ғана Ерлік:

– Егер Қырмызы тәтелер ажырасса, Меруерт папасымен бірге қала ма, мамасымен бірге кете ме? – деп сұрады.

– Қырмызы оны өлсе де қалдырмас.

Біздің не үшін қаңғып жүргенімізді түсінді-ау деймін.

– “Мен алам, мен алам” деп таласып жүруші едіңдер. Енді екеуіңе де жоқ, – деді.

Таңғысын көшеге ерте шықтық. Түнде ұйықтап қалмайық деп келіскенбіз. Біз келіп тұрғаннан соң сүт пісірім уақыт өтер-өтпестен олар біздің көшемен кетіп бара жатты. Бірақ, Меруерт бізге қараған жоқ. Ұялған шығар. Автобус аялдамасына барды. Біз де арттарынан еріп бардық. Аз-кем аялдағасын, автобусқа отырды да, кетіп қалды. Біздің бар қызығымыз, қуанышымыз – бәрі-бәрі сол автобуспен бірге кетті. Кеудеміз де, ауылымыз да босап, қаңырап қалғандай. Сұлу ауылымыз демнің арасында жұтап қалды. Автобусты қимай ұзатып салған көзіміздегі жасты бір-бірімізге көрсетуден ұялып теріс бұрылып кеттік. Кейін үлкен аға боп үйленгенде әйеліммен ажыраспаймын деп ойладым. Меруерт те жылап бара жатқан шығар. Шешесі де. Мен оларды аяп кеттім. Мен сол сәтте тұңғыш рет бір адамды қатты жек көрдім. Меруерттің папасының түрі жаман боп елестеді. Одан гөрі мас болып алып қуалайтын Бақытқали аға жақсырақ сияқтанды. Әшейінде таласып жүретін Ерлік маған жаны ашып:

– Ұлан, жыламашы. Кейін мен бастық болғанда, сен менің шопырым боласың ғой (Біз ылғи осылай армандап, осылай ойнайтынбыз). Сол кезде машинамен іздеп жүріп тауып аламыз, – деді. Біз сол арманға сендік. Бірақ қайсымыздың алатынымызды шешкен жоқпыз. Тауып алсақ, қалғанын көре жатармыз. Сол күні екеуміздің де ойнағымыз келген жоқ. Мен үйге келіп шешеме:

– Маған енді адидас та, ақ крассовка да алмай-ақ қойыңдар, – дедім.

Соған бола қара сиырды сатқызғым келген жоқ. Ақыры енді ауылда Меруерт жоқ қой…

Көңілім құлазып, жаным жабығып жүрген сол күндерде шешем босанып, тұңғыш қарындасым дүниеге келді. Әкеме:

– Атын мен қояйыншы, – дедім.

– Басқалары аз боп, енді сен қалып едің, – деді туысқан апайым таласып. Бірақ әкем:

– Осының бір тілегін орындайықшы. Қарындас осынікі ғой. Қойса қойсын, – деді.

– Не деп қоясың?

– Меруерт де қоям.

– Неге?

– Білмеймін. Осы ат ұнайды өзіме, – деп алдадым.

Менің бар ермегім сол болды. Қасынан бір елі алыстамаймын. Ұйқтап жатса да бесігінің жанына төсек салып, құшақтап жататынмын. Мен тым-тым балажан едім. Оған деген мейірімім шексіз-тін. Бір Меруерттен айырылғандағы жұбанышым болған Меруертім еді ғой… Еді ғой дегеніме таңданып отырсың ба? Ол да менің тар маңдайыма сыймады. Алты-ақ айлығында қатты ауырып шетінеп кетті. Содан кейін сәбилерді жақсы көрген емеспін. Салқын қарауға, жек көруге тырысам. Жақсы көрсем өліп қалатын сияқты болады да тұрады. Сол кішкентай Меруертімді мейіріміммен өлтіріп алған сияқтымын. Олар кішкентай ғой, көтере алмайды ондайды. Сен де сөйт. Сәбилерді шектен тыс жақсы көрме. Енді түсінген шығарсың менің неге балажан емес екенімді. Бала десе, жыным бар дегеніме де сеніп жүрдің ғой, сен. Ал адамдарға деген жеккөрушілігім – Қанат ағаны жек көруден басталды. Өстіп бұзылды ғой біздің характер, – деп, Ұлан әңгімесін аяқтады.

– Бұрыннан бері неге айтпай жүргенсің?

– Әркімге түсінікті болғым келмейді.

Ұлан, шынында, жұмбақ адам. Бүгін де ашылып әңгімелеспес еді, мастықпен айтып қойды. Маған ешкімге айтпа деп ескертті.

– Содан кейін Меруертті көрдің бе? – деп сұрадым.

– Көрдік қой,.. – деді де қойды.

Екеуміз төсек салып ұйқыға жатқанда, телефоным шырылдап қоя берді. Ауылдан шешем хабарласып тұр.

— Дәрі-дәрмек алып тезірек жет, – деді. Інім ауырып жүр еді, сол төсек тартып жатып қалыпты. Менде ақша жоқ болатын. Ұлан бәрін де түсінді. Екеуміз такси ұстап соның үйіне бардық. Ол үйінен қомақты қаржы алып шығып, қолыма ұстатты.

– Мынау көп қой. Маған жартысы да жетер.

– Алсаңшы. Операция жасау керек боп қалар.

– Шешеңнен алдың ба?

– Жоқ. Сол кісіні туған күнінде бір қуантайыншы деп жасырын жинап жүргем.

– Өзіңе де керек екен ғой.

– Ол кісінің қуанышы ініңнің жанынан артық емес шығар. Аман болсақ әлі талай қуантармыз. Қазірше жаман баласы боп жүре тұрамын. Шешеңе менен алдым деме. Қуанып қалсын, өз ақшам де. Қарыз емес, – деді.

Мен рахмет айтып, машинаға отырып жүріп кеттім. Ол бізді ұзатып сап қарап тұр.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙