Асау мен қала
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Смағұл Елубай шығармаларының басты идеясы халықтың әлеуметтік пікіріне әсер етіп, тарихи санасын оятуда жатыр. Қазақтың кеңестік дәуірде бастан кешкен нәубетті кезеңдерін асқан шеберлікпен суреттейді. Жазушының қаламгерлік мақсаты ұлттық болмысты сақтап қалу десек, артық айтқандық емес.
Әңгіме
Қолында жалғыз чемоданы бар жалғыз жігіт қала табалдырығын аттағалы тұрды. Жігіттің көз алдында бір шеті сонау түксиген тауға тіреліп, бір шеті жалпақ далаға шегініп мыңғырған үлкен қала жатты. Иін тіресе жалғасқан үйлер, өрмекшінің торындай айқыштанған көшелер, әредік-әредікте аспандап шошайған түтін мұнаралары, қаланың басы да, аяғы да жоқ мың-жыбыр тірлігі өз тынысы, өз ырғағымен жүріп жатты. Қала үстін не түтін, не тұман екені белгісіз салбыраған мұнар басқан.
Автобус әлі келмепті. Көпшіліктің қасында қолында жалғыз чемоданы бар жалғыз жігіт емес, күні кеше ғана тұяғы астында жалпақ дала дөңгеленген Асау тұрды. Жылқы баласы қала тірлігіне аспаннан түскендей тосырқана қарайды. Қоршаған қала тірлігі жылқы көзінде қалай жұмбақ көрінсе, бұның осы ортаға қалай түсуі одан да зор жұмбақ. Жалпы ол ештеңе ұға алмай тұр, мынау төрт тұяқ тас көшеде жұқару үшін емес, жалпақ жазираны құшаққа алып көсілу үшін, керек емес пе еді! Жылқы, жылқы болғалы қанша заман. Қанша заман табиғат құшағының еркесі болып келген тол бүгін қалаға өз аяғымен келіп кірді. Бұл тосын сапарды әңгімені жазып отырған мен де, әңгіменің, кейіпкері болып отырған сол Асау да білмейді. Оның неге бұлай болғанын, яғни кең жайлау өрісін тастап Асаудың Алматыға келу себебін сіз ешкімнен сұрап шаршап жүрмеңіз. Оған ешкім де кінәлі емес. Осы әңгімені оқып шыққаннан кейін: «кінәліні тауып, Асау сияқты әсем атты қалаға әкелгені үшін сазайын тарттыру керек» деп қызынушылар да табылуы мүмкін. Дереу «ондай түліктің жақсы төлін жусанды даласына қайтару керек» деп шара қолдануды да сұрауы мүмкін оқушы. Өйтуге де болар еді.
Автордың сол Асауды Алматының көшесінен тауып алып даласына қайтаруға да шамасы келер еді. Бірақ мәселе онда емес. Мәселе — бұл Асауды өріске жібергенмен ертең оның баласы немесе баласының баласы Асаудың осы бүгінгі жолымен қалаға кіріп аялдамада жұртпен бірге құлақ қайшылап автобус күтіп тұратынында еді. Оны көрген сол заманның бір жазушысы көшедегі жылқы туралы сөзсіз әңгіме жазар еді. Ендеше шындыққа зәредей ақауы жоқ хикаямызды одан әрі жалғастыра берелік!
Автобусты күтіп отырғанда сағат алты болды. Қаладағы бүкіл төрт дөңгелекті машина біткенді байлауынан сайтан ағызып жібергендей көшеге толып кеткен. Шынжырынан босаған іш қыста иттей ерсілі-қарсылы шапқыласады олар.
Асау дөнен таң қалады. Айғыр қуған тұмса байталдай әне бір машина безінеді. Өкшелеген өктем жау жетіп желкесін қиярдай тұс-тұсынан сып-сып көмекей жырта шыңғырады. Қып-қызыл машиналар жәй кеткен жоқ, танауға жағымсыз көк түтінін лоқсып-лоқсып құсып кетті.
Асау нәркес көзін аударып-төңкеріп алмас тұяғын асфальтқа қайрады.
Осыншама иін тірескен машинаны көтере алмай үлкен көпірдің белі майысатын тәрізді.
Лық толып келген автобусқа аялдамадағы ел лап қойды. Жұртпен таласа-тармаса автобусқа Саттар да ілікті.
Түс кезі. Жұмыс арасындағы үзілісті пайдаланып көшеге шыққан. Телефонның құлағын бағып тар бөлмеде бастырылып отырғаннан гөрі осылай бимақсат та болса сыртқа жүргенді артық көреді.
Панфилов паркінің тау қанатын жанап өтетін көшенің жүріс-тұрысы аздау, үнемі бір бұйығы тыныштығы мен жұмсақ шуағы болатын.
Саттар қазір сол арада. Күнгей тротуарды бойлап ақырын қозғалып шуақтап жүр. Жүріп тынығу жылқыға тән қасиет. Асфальт жолаққа ерініп басқан ат тұяғының жалқау тықылы аспалы сағаттың маң-маң жүрісіндей. Көзін бір ашып бір жұмған Асау қаланың дамылсыз соққан қан тамырын тыңдап келеді. Тротуарда ел жоқ. Жуас кейіпке еніп, бос болбыр келе жатуына да сол себеп. Көп көзінен тыс жерде осылай — қатардағы қоңырдың бірі. Бәйге тілеп едіреңдемей-ақ, жер тарпып қоразданбай-ақ өзімен-өзі, күйкі тірліктің бір мұндар жаңқасындай тасқын қалай ақса бұл да солай.
Дабырлаған дауыстан селт етті.
Тротуармен қарсы алдында қолтықтасқан қыз бен жігіт келеді. Жігіттің ақсиған тісі көрінеді. Асау дүр сілкініп еңсесін көтеріп алды.
Саттар ойын жинап байқаса университетті бірге бітірген жолдастарының бірі — Жалмырза екен. Қасындағы келіншегі.
Жалмырза даңғырлап сөйлеп келеді.
— Алаулаған романтика алты айға әрең жетіпті-ау!
Саттар езу тартып күтіп тұр.
— Студенттік бас дымқылы ауыл аптабына шыдамай бу боп ұшты дейсің ғой!
Саттар езу тартып күтіп тұр, Бұрын шешендігі шамалы жігіт тілі шамадан тыс шешіліп келе жатқанына таңырқап та тұр. Университеттегі бес жылда қоғамдық жұмыстарда белсенділігімен көзге түскен Жалмырза, анау-мынау оқытушылармен иық тірестіре алған Жалмырза бірге оқыған жігіттердің ішінен Саттардан ғана сәл-пәл именетін. Онысы — сыйлағаны.
Бірге оқыған жігіттердің ішінен Жалмырза Монтиды ғана шын жүректен ұнатушы еді. «Молодец жігіт, момындығында шек жоқ, жұрттың бәрі осы Монтидай неге болмайды» деп артқы скамейкада үнсіз, елеусіз отырған Монтидың басынан сыйпап, арқасынан қағып жүргені. Нәті жуас Монти әдеттегіше ыржиып күліп отыра беретін. Бір күні Жалмырза староста ретінде лекцияға қатысушыларды белгілеп жатып бар Монтиді «жоқ» деп қойды. Әрине, байқамай қалған-ды. Жігіттер «Ой Монти әне отыр ғой» десе, Жалмырза әзілдеген боп «Ой, Монтекеңнің бары жоғы бәрі бір емес пе, журналды бүлдірмей-ақ қояйық» деп күлген. Осы арада ешкім күтпеген жәй болды. Үнсіз отырған Монти орнынан қарғып тұрып, Жалмырзаны көзімен атып жіберердей «әй!» деп шаңқ етті. «Әй, өшір анауыңды, әйтпесе, қазір осы тұрған жеріңде пашақ-пашағыңды!»
Ә, дегенде үркіп қалған жұрт Монтидың «пашақ-пашағын» естісімен ду ете түсті. Монтидың кәрінен боп-боз боп кеткен Жалмырза өтірік күліп журналды түзеткен.
Саттар жас жұбайлармен қолдасқаннан кейін де әңгімеге араласа алмай тұрды. Сөз тізгінін анадайдан өз қолына алған Жалмырза Саттарға әлі дес берер емес.
— Соның дұрыс болған Саттар, ақылыңа енді еніпсің, өткен жылы есіңде ме, мен «ауылда не бар, реті келіп тұрғанда осында қызметке орналас» дегенімде қыңырайып тыңдамай кеткенсің, осыным өтірік деші! — деп Жалмырза Саттарға қарады. Ол қостай қоймаған соң, әйеліне бұрылды. Гүлайым, бетіне қызылы теуіп бас изеді де, күйеуінің иығына басын сүйеп қойып Саттарға сұғын қадады. Мына алдында тұрған тірлік иесі — екі аяқты пенде емес, төрт аяқты жылқы екенін әйелдің, жіті көзі ажыратып тұрды.
— Вообще біздің жігіттер дұрыс істемеді деп күйзелді Жалмырза, — ең болмағанда төрт-бесеуіміз Алматыда қалуымыз керек еді. Алматының төрт-бес мекемесінде отырғанымызда біздің мұртымызды кім шабар еді...
Нәзік әйел танауы жусанды даладан келген жылқы исін тартып тұр.
— Уақытында Алматыға оралғаның жөн болған. А то мен сені біржола ауылда қалды ғой, өшті ғой деп қорқа бастап едім...
Келіншек Асаудың қайдан келгенін елестетуге тырысты.
Мидай жазық кешкі дала. Батар күнді бауырына алып көкжиекте зымыраған жас айғырдың алдында құйрық шанша безінген тұмса байтал соңында шұбалаңдап күміс шаң қалып барады. Батар күннің қырмызы нұры, дала төсінде жұлдызша зырқыраған жас айғыр бойында шулаған тентек қан.
— Құттықтап қоюыңа болады, Саттар, орталықтан үй алдық!.
Келіншек іштей «Аспирантураға түскенін неғып бұрынырақ айтпады екен» деп таң қалды.
Мынау Асаудың бойында жылқы баласына тән көркем бітімнің бәрі бар. Қайшыланған қамыс құлақтан, тостағандай төрт тұяққа дейін көз іркеді. Жас айғырдың көзінде маздаған шәлкес шоқты да әйел назары қалт жібермеді. «Бұл шоқ оны бұл өмірде тегін күйсетіп қоймас, бұл шоқ оны бір қараға ұрындырар. Не қансоқта қиқулы бәйгеге бас тіктірер, Гүлайым бір нәрсе таныса мынау — оллаһи, жай ат емес, бәйге аты!»
Жалмырзаның сөзіне бас шұлғып тұрған Асау бір сәт басын биік көтеріп алысқа құлақ тікті. Бел астынан үйір шұрқырасын естігендей, құлағы тікшиіп енді-енді кісінеп жіберердей бір әдемі ереуіл кейіп алып еді...
Әйел жүрегін тентек тілек шабақтап өтті. Осы қалыпта тұрған жас айғырдың мойнына асыла кеткісі келді оның. Асыла кетіп жусан исі бұрқыраған қайратты мойынға танауын төсеп жіберіп қор-қор иіскегісі келген еді оның.
— Ал енді бір қолың тигенде үйге кел, студент он шақты, Қазақстанға шашылып кеткен есіл ерлерді еске түсірелік! — деп Жалмырза үйінің адресін беріп жатты.
Саттар есі бір жақта, өзі бір жақта ойланып қалыпты. Оны Жалмырза «менің әңгімемнің әсерінен» деп түсінді: «Да, Жәкеңнің биылғы қол жеткен табысы талайды ойлантпай қоймас».
Дегенмен Жалмырза қателескен-ді. Саттар жоғары қарағанда, қала үстінде масадай сыңсып ұшқан қалың жебеге көзі түскен-ді және соның мәнісін ұға алмай дал күйде қалған-ды.
Қызметте Саттар отыратын стол үстіне күніне бір құшақ жада қағаз келіп түседі. Саттар соның бәрімен танысып, біреулерін шкафқа, біреулерін бастыққа жолдайды.
Қағаздар да адам тәрізді. Олардың да аласы, құласы бар. Кейбір қағаздар өз бағасымен, өз орнымен бұның алдына келсе, кейбірі өз салмағын ақиқаттан артық пайымдап алла пешенесіне сызған ырзықтан артықты сұрап столының үстінде көлбеп жатып алады. Көк түтінді кеңірдектей сорып, алдында алакөзденіп тарбиып жатқан қағазбен жүйкеңді егеп айтысқа түсуге тура келеді. Қағаздар да адам тәрізді, сенімен ерінбей тәжікелесіп, қайтсе өз дегенін өткізбекке тырысып әлек. Кейбір жағдайда Саттар есікті ішінен іліп алып жалғыз өзіне жабылған дүйім қағаздармен жекпе-жек айқасатын, сізге өтірік бізге шын, әлгі алакөз қағаздар аспани құдіреттің арқасында өңшең құйрық шаншып ұмтылып жүрген сүзеген бұқаларға айналып, аша мүйіздерін асадай білеп, мына ортадағы екі аяқты пенденің көк түтіннен онсыз да бұзылып жүрген бір қасық арам қанын судай шашқалы тап береді. Екі аяқты пенде итжемі шықса да жаман кеудесін жолға тастауға жоқ, шамадан шыққанша жер басып жүргісі келеді. Саттардың басы біреу, аяғы екеу болғандықтан тарпа бас салған қызылкөз бұқалардың алдында шыр айналып испандық мысықайла пикадорларша денесіне соққы дарытпай қаламынан сүңгі, қалпағынан қалқан жасап, оңды-солды секіріп ыршып, қаншылқым майдандасатын. Қапыңды тауып тап басар ақикөз, адуын бұқалар кейде бұның аяқ-қолын тарбаңдата мүйізіне қондырып алып, бірер бұлғап бастан асыра лақтырып та жібереді. Адамнан айла құтылған ба, қағаздар бұқа болып жабылғанмен түбінде Саттардың айтқанына көніп, айдағанына жүріп есіктен қош айтысып шығып кететін. Бірақ онысы алдамшы. Көп ұзамай екі аяқты бір басты иесін жетектеп қайтып келеді. Өмірде әділеттің өзі кей жағдайда әділетсіздіктің тууына бір себепші емес пе!
Қала үстінде қалың масадай сыңсып ұшқан жебелер мәнін де сонда түсінді.
Телефон трубкасын орнына іле бергені еді, есіктен шашы сары, көзі көк қазақ сарт етіп кіріп келді. «Мынау Мыңжасар болмаса игі» деп шошып кетті. Саттар.
Кісі іркілместен тура бұның алдына жетіп келді де, қолындағы қағазды Саттардың алдына тосып:
— Мынау сенің қолың ба? — деді.
Саттар бас изеді. Кісі сол жедел жүрісінен танбай есік алдына қайта барып тоқтады да плащының қойнынан әлдене іздей бастады. «Темекі тартқысы келді-ау» деп ойлады Саттар. Кісі қойнынан сарт еткізіп оқтаулы садақ суырып алды. Суырып алды да Саттарды отырған жерінде атып салып шығып жүре берді.
Жез тұмсықты сұр жебе кірістен шығып жеткенше бұл дүр сілкініп төрт аяқ үстінде тұрған. Он иықтан тиген оқ жылқы денесіне терең бойлай алмай теріден етіп тоқтады. Айғырдың нәркес көзі қанталап ұясында ойнақшыды. Оң иығында сылбыраған садақ оғын артқы тұяғымен қағып жіберіп еді, Жебенің сабы сынып жез тұмсығы ет пен тері арасында қалып қойды.
пенде болғанда қойнына садағын бұл да тығып жүрер еді. Ешкімге есесін жібермес еді. «Адамдар арасында жүріп жылқы болу да оңай емес-ау!»
Асау еңсесін биік көтеріп құлақ қайшылап сергек келеді. Жан-жағынан ағылып өтіп жатқан Алматы тұрғындарының мынау жалғыз атта шаруасы жоқ. Байқамай ма, әлде байқаса да таңғалмай ма белгісіз. Таң қалу әдеттен көшкен заман ғой.
Саттар қазір Асяның пәтерін бетке алып барады. Ася — баяғы ауылда кездесіп Алматыға кетіп қалатын ақ шалбарлы қыз. Саттар Алматыға келе салысымен оны оқитын жерінен іздеп тауып алған. Қыз сәл тосырқап қарсы алса да «таныстың ескісі жақсы» болғандықтан пәтеріне алып барған.
Үй иелері соңғы үш-төрт күннен бері жоқ, елге кетіпті. Олар кетісімен Саттар Асяның қасында түнеп қалып жүрді.
Есікті ашып ішке енгенде сырттан құмығып тұрған музыка әуені бұған дүрсе қоя бергендей. Ақ шалбарлы қыз бөлме ортасында толқын ұрған талдай теңселіп билеп тұрды. Маңдайы жіпсіп, екі иығынан дем алады.
— Жаңа би үйреніп жатырмын, Саттар раздевайся и проходи! — деді.
Саттар қыз шабытына тан қала бас шайқап, диванға келіп отырды.
Есірік әуен мейлінше желігіп алған, бірде етпеттей қалып жер бауырлай еңіресе, бірде шашын жәйіп шалқалап күліп бақылдайды. Көкірегінде дір еткен сәулесі бар пендені баурап, табан астында бақсыдай арқаландырып жіберердей сиқыр ырғақ буынға түсіп алқын-жұлқын тепсінеді. Ырғақпен әуен әлеміне бір жола қолын төбесіне қойып берілген қыз денесі, бөксе, балтыр, бел ырғағы толқынданып көз тұтқындар өнер көрсетеді. Ақ шалбарлы қыз содыр баладай бөлме ішінде асыр салып біраз «секіріп» алды.
Жас айғыр Асяның алдына кеп бас шұлғып тұр. Ат аяғындағы қанды көріп қыз шыр ете түсті.
— Ой, бедный мой конь, кто это тебя так ранил? Какой злодей? Ой, ой! — деп, бәйек боп Асаудың жаралы аяғын нәп-нәзік саусағымен сипай берді. Жас айғыр оқыранды.
Жұмыс аяғы, кешкі алтының кезі. Алматы көшесінде ақсаңдай басып кетіп барады. Тоқтаудан қорқады. Тоқтаса ой-су қасиеттес. Төменге, тереңге қарай шөгеді. Тереңдемес үшін аға береді. Аға берсе бу боп ұшқанша тамшы байғұс көппен көлеңдеп аға бермек. Ең бақыттысы ағып бара жатқаныңды ұқпай аға беру ғой.
Бұның пешенесіне ағыс үстінде екенін үнемі сезіну жазылыпты. Бұның жұрттан ерегі сол-тын. Ақыл атаулы адамды саналы ғұмырға итереді. Саналы ғұмыр әр минут сайын өзіңнің ағыс үстінде екеніңді сезінуден басқа не! Әр тамшының құяр шегіне ұмтылуын сезінуден басқа не!
Ақсап басып ақырын келе жатқан Асаудың «тақ-тұқ», «тақ-тұқ» тұяқ тақылы естіледі. Ақсаса да, әдетінше қамыс құлағын қайшылап құлаш мойнын төмендетпей тік көтеріп келеді. Тегіне сайып келеді.
Үнсіз, тұйық келе жатқан Асау құлақ түбінен әлдене «зу» ете түскенде үркіп қалды. Құлақ тігіп басын кекшең еткізді. Сөйткенше қапталдағы темір бетон үйдің қабырғасына тиген садақ оғы сыңғыр етіп асфальтқа құлап түсіп еді.
Айғыр еңкейіп жерде жатқан түсі суық оқты тұяғымен аударып-төңкеріп көрді. Дәл әнеукүнгі Мыңжасар сияқты кісінің жебесінен аумайды. Ұшы жез, сабы ағаш, түбіне үшкілдендіріп қауырсын қыстырған жез жебені иіскеп көріп еді, жып-жылы адам қолының табын сезді.
Ат көзі ұясында шатынап төңірегіне қарап баяу оқыранды. Асаудың бұл болмашы әрекеті көшеде ерсілі-қарсылы етіп жатқан әсем сөмкелі ақ білекті келіншектердің, қалпақтары шекелерінде осқырысқан еркектердің, сауырларына жарты шоқы май бөксерген жеңгелердің назарынан тыс қалды.
Ормандай сыңсыған осынша елдің ортасында тұрып жүрек еті сазып қатты жалғызсырады Асау.
Ат басын биік көтеріп аспанға қарады. Ал, адамдар адам болғалы жалғыз-ақ рет аспанға қараған. Онда да жер бетіндегі шытырман тірлікке иығындағы аңғал басының қуаты жетпеген соң, аспанға қараған-ды.
Оқиға желісі мен шешім
Асау ат та болса аспанға қарап аз-кем ойланды. Қараса кез таңырқап бас айналар зәулім үйлер, адам қолынан өрілген аспани қабырғалар үстіне әне-міне құлап кетердей, әрбір минут сайын қауіп ойлатады, бәсекелесе бой көтерген сол зәулім үйлер арасында ерсілі-қарсылы сыңсыған қалың жебеге көзі түсті.
Асау аялдамаға келді. Кеше онды-солды жарысқан транспорттан ызың-шу, қым-қуат. Желке тұсында арандай аузын ашқан эксковатор тарылдап қайта-қайта еңкейіп жер тәнін жұлқып ойып жеп тұр. Асау құлақ қайшылап алды-артынан қоршаған металл тісінен жалаң тәнін сақтағысы келетіндей тыпыршиды. Әлгінде жұмыстан шаршап шыққан басындағы бір уыс миын енді сәл тұрса мынау қаршылдасқан көк темірлер ұнтап езіп анау қабырғасын көтеріп жатқан үй балшығына қосып өріп жіберердей.
Асау елмен таласа-тармыса автобусқа мінді. — «Икарустың» іші лық толы. Тұс-тұстан итерген шынтақ бұны бүйірден, қабырғадан, бөкседен езгілеп итеріп автобустың соңына қарай ысырып барады. Иегінің астынан, өткір-өткір сөйлеген адам дауысына мән бермеп еді, кенет бүйірі шым ете түскесін кейін бұрылды. Бүйірінде салпылдаған садақ оғы! Жаны ауырса да ештеңе болмағандай үнсіз тұра берді. Неге екені белгісіз иегі астындағы дауыстар өршіге түсті де денесінің бес-алты жеріне жебе қадалды. Асаудың әлі бұзылып үлгірмеген зор денсаулығы бұған да төтеп берді, сыр білдірмеді.
Туғаннан жүйкесін түтін мен дыбыс қажап күйгелектенген мына пенделер бұдан нені талап етіп жатқанын түсінер емес.
«Қазақтың бір жігітіндей-ақ қауқарым бар шығар» деп іштей күпсінетін Жалмырзаның қазір бағасы бес тиыннан артпай босағада байлаулы тұр. Аяқ қолы байланса да көкірек, көзі байланбаған ғой! Гүлайым — қойнындағы қосағы, күні кеше ғана бұның мойны, құшағында жыланша оратылып, жыланша бұратылып жататын жар дегенде жалғызы, әнеки бұның көзін бақырайтып қойып, Саттардың етегінен ұстап кетіп барады. Ойыны ма, шыны ма Гүлайымның?! Бұндай мінез қайдан біткен оған?! О, тоба-ау мына дүние не боп барады?! Гүлайым тіпті бұны ұмытқандай әлгінде, осы ошақтың қонағы болған Саттардың шылауында барады. Соры қайнаған әйел, жалт етпе сезімге жиі бауыздалатын жынысына тән қасиетіне сайды ма, онша иіле қоймай жүрген Саттардың етегіне жабысып, аяғына оратылып жығылып тұра береді. Саттар, әйелге көңіл бөлер емес. Жайбарақат кетіп барады.
Бұл неге тырп ете алмай қалған. «Ех» деп ұмтылып еді, аяқ қолы байланған арқан үзіліп кетті.
Жалмырза жүгіріп есік терезені шалқасынан ашып тастап айқайды басты. Не деп айқайлап тұрғанын өзі де шала ұғады. Әйтеуір: «Уа, халайық! Қайдасың! Келіңдер! Көріңдер мына бетбақты! (Саттарды) Ойбай әкеңнің! Мында жатыр иттер! «Саттар», «Саттар» деуші едіңдер, енді кезбен көріңдер жұртым!» — деп бақырып тұрғанын байқады. Бұның айқайына Алматының ширек жұрты жиналыпты. Көбі бұларды танитын таныс жұрт. Жалмырзаның қуанышында шек жоқ. «Кім ит, кім адам, керіңдер енді...» деп Саттар жатқан бөлмені сұқ саусағымен көрсетеді. Ел топырласып сонда ұмтылады. «Көп асқанға бір тосқан, біткен жерің осы шығар, ә, Саттар!»
Бөлме ішінде құстай сайрап безіп жүрген жалаңаш шешеннің бұл шамада іркелер ойы жоқ-ты. Әлдеқайдан жетіп келген Гүлайым «жап аузыңды» деп бүйірден түйіп жіберді.
Жалмырза ұйқысынан алаң-жұлаң шошып оянды. Қасында шашы үрпиіп Гүлайым отыр.
— Не болды саған, не деп сөйлеп жатсың!
Жалмырза ішінен: «Мына оңбаған қатын әлгінің бәрін естіп алған екен ғой» деп желкесін қасыды.
— Егер сенбейді екенсің, соншама неге естен таңғанша мас боласың! — деп ұрысты Гүлайым.
Осыдан үш күн бұрын осы үйде Саттар болып еді. Жалмырза ішіңкіреп жіберіп төсекке ес-түссіз құлап қалған-ды. Келіншек Саттарға еріп үйден шыққан.
Қараңғы көшеде қатар аяндап келе жатып:
— Әнеугүні сізді мен жылқы бейнесінде көріп пе едім?.. — деп күмілжіді. Қасындағы жігіт не күлгені не осқырынғаны емес бір жат дыбыс шығарды. Келіншек жалт қарағанда қатар аяңдап келе жатқан айғырды көрді.
— Сен Саттарсың ғой, а? — деді келіншек.
Жас айғыр бас шұлғыды.
Келіншектің жіңішке сүйір саусақтары Асаудың жалын тарады. Іле омырауына басын сүйеп құшырлана иіскеді.
Сонан кейін:
— Мен мас болып қалыппын! — деп сыбырлады.
Асау үн қатпай аялдамаға қарай бұрылып жүре берді.
Қалада өкпесі тарылып, тірлігіне, тынысына соңғы кезде бір нәрсенің жетпей жүргенін сезе бастады Асау. Ол нәрсенің «Ауыл», «Дала» екенін тапқанда қуанышы қойнына сыймай, табан астынан шешімге келді. «Ауылға кету керек».
Содан ауылдан бір-ақ шықты.
Қазір туған ауылының шаңдақ көшесінде балалық сәби күндерді еске түсіріп бас шұлғып аяқты сілтеп басып келеді.
«Қайран ауыл-ай» деп таза түз самалынан мейлінше жұтып, шуақ күнге арқасын тосып еркін келеді. Бітімі бөлек сұлу мүсінді жас айғырға ауылдастары терезеден үңіліп сұқтана қарайды.
Арба сүйреп келе жатқан Жирен қасқа бетбе-бет келіп қалып шұрқырасып көрісті.
— Өзің арықтап кетіпсің ғой! — деп аяныш білдірді Жирен. Асау бас шұлғыды..
— Мінеки, осылай жүріп жатырмыз! — деп семіз Жирен сөзін жалғады, — Құдайға шүкір жағдайымыз жаман емес. Күніне бір-екі арба шөп тасимыз. Жан қиналып жатқаны шамалы. Қазір бір басымның өзінде бір қанба сұлы бар. Әлі бір жеміміз үзіліп көрген емес. Шүкір жақсымыз. Ал өзің тым жүдеп кетіпсің ғой, сол қаладан не таптың, келсеңші осында, жұмыс деген көп, әйтеуір жемнен тарлық, көрмейтініңе сенемін...
Асау танысының сөзінің соңына құлақ аспай көше бойлап жүріп кетті. Жирен де бұртыңдап ашуланып өз жолына бұрылды.
Дүкен маңында тұрған бір топ ауылдастары бұны әңгімелеп тұрғанын байқады Асау.
— Кезінде тәп-тәуір есін келе жатыр еді, бұның да құты қашайын депті-ау? «Сырғауылдана бой сылап, желкілдетіп жал өсіргеннен басқа сол қаладан тапқан пайдасы қайсы?! Қор болды деген осы да...»
Шаңдақ көшемен басты шұлғып тастап аяңдап келе жатқан Асау күтпеген жерден денесіне шыпшып қадалған садақ оғының уытын сезді. Жаны ауырғаннан сыртына жіпсіп тері шықса да сыр шығарған жоқ. Тістеніп алып, сәйгүлікке тән сымбатын бұзбай көшемен жайбарақат жүріп өтті. Садақты кімнің тартып тұрғанында шаруасы қанша, әйтеуір өз ауылының оғы екені ақиқат-ты.
... Саттар ауылда екі түн түнеп әке-шешенің шыр-пыр бәйегіне қарамастан Алматыға қайтты. Бұндағы әмірге, су бетіне шыға беретін қалтқыдай енді айналып біріге алмасын біліп қайтты.
Түске таман жұмыстан беймезгіл күзде көшеге шықты. Әлденеге қатты ренжіп, көңіл-күйі болмағанда осылай бет-алды көше кезіп кететін әдеті.
Басын шайқап-шайқап қояды. Әлгінде телефон трубкасынан зу ете түскен жебені ойлап таңданып келеді. Егер де алдын-ала сақтық жасамағанда қазір мүмкін, басқа тиген жебеден екі көзі ақшаңдап барып, бірер секіре шаншылып барып жер сүзе құлап жатар еді...
Жебе, трубканы көтере бергенде зу атылып бұның бетін жанап өтті де терезені күл-парша ғып сыртқа кетті. Осы құбылысты күткен Саттар, безектеп тұрған телефон трубкасын еппен құлағына жақындатпай көтерген-ді. Өйткені осыдан аз ғана бұрын, бұл ауылда жүргенде болған қала жаңалығын бір досы хабарлап, ыстық буы басылмаған жада өсектің басты кейіпкері болуымен «құттықтаған».
Оғы шығып кеткен телефон трубкасына шошына қарап орнына ілді. Сонан кейін мең-зең біраз отырып, бөлмеге сыймай, көшеге шыққан.
Асау Комсомол кешесімен ілбіп басып келеді. Егер кімде-кім Асаудың осы сәткі тұрқына дұрыстап назар тоқтатса мүмкін байқаған-ды. Асау ғұмырында тұңғыш рет жұрт көзінше еңсесі түсіп келе жатты. Бұл кейпін өзі де байқамағандай. Өйткені жанын өзге нәрсе қинаулы-тын.
Денесінде қырыққа жуық жебенің алынбаған ұшы жатыр. Алынбаған оқ шеменденіп етімен ет болып кеткен. Одан сескенбеген еді. Бүгінгі телефон трубкасынан атылып, құлағының түбінен зу ете қалған жебеден әлі жүрегі қалтырайды. Жөніне кеткен оқтан сонша сескенгені несі! «Ажырасыпты» дейді, ажырасса қайта қосылады. Ақымақтар емес пе! «Ажырасыпты» дейді, ажырасса ажыраса берсін. Олардың жаққан отына бұны неге күйдіреді жұрт! Не жазығы бар, Асаудың? Оу, осы жайына жүрген жанды неге жұрт тынышына қоймайды?! Осылай қыбыр-жыбырдан қорғанумен, осылай қыбыр-жыбырмен алысумен қысқа өмірін өткізбек пе! Қашан таусылады осы қыбыр-жыбыр, оу, жұртым!? — деп іштей айқайлап сырттай қабарды. Бұның ішкі даусын көшенің абыр-сабыры, мәшинелердің ың-жыңы басып кетті.
Саттар үнсіз жүріп келе жатыр. Бұның осылай үнсіз қанша жол, қанша мезгілді жүріп өтетінін кім біліпті. Алда аяқ үшін жаратылған көше бар да, бұнда жүру үшін жаратылған аяқ бар да, сырттай Қарағанда қу кеудеге қимылдай беру парыз тәрізді. Және, бұл қимылдай да берер еді...
Көшенің дәл ортасына келе бергенде өңіріне құйылып кеткен танау қанын байқады. Қалт тоқтап тұмсығына алақанын тосты. Бүгін киіп шыққан боз костюм ақ көйлегінің өңірі қызыл ала қан. Саусақ арасынан жылымшылап көк асфальтқа да тамып тұр. Алды-артынан мәшинелер, жаяулар ағылып өтіп жатыр. Уысына үңілген жігіт сұрақ белгісіндей солпиып көше ортасында тұр. Уысындағы қанда бейнеленген өз суретіне қарап тұруы да ықтимал-ды.
Құрметті оқушы! Әңгімеміз осы жерге келгенде сәл үзіліс жасауға мәжбүр болдық. Әңгімеміз дәл осы жерге жеткенде біздің үйде жатқан Айман, Шолпан деген екі қыз, кеше ғана ауылдан мектеп бітіріп, бүгін Алматыға оқуға түсуге келген абитуриенттер автор жазу жазып отырған ас үйге баса-көктеп кіріп келді.
— Что пишите, жезде?!
— Прочти что ты написал?! — деп екеуі екі жақтан ала кетті.
— Ертегі жазып жатырмын, ойбай ертегі!
— Что?
— Что, а-ну-ка повтори!
— Бәрібір түсінбейсіздер, далаға шығып ойнап келіңдер! Барыңдар!
— А-ха, «барыңдар»! А, мы никуда не пойдем, разве ты не сочиняешь для нас — для читателей?
— Разумеется, для вас пишу рассказ.
— Для нас, ура!
— А ну-ка хоть одно предложение прочти, а! Послушаем!
— Ну, ладно. Начну с последнего.
«... Алды-артынан мәшинелер, жаяулар ағылып өтіп жатты. Уысына үңілген жігіт, сұрақ белгісіндей солпиып көше ортасында тұр. Уысындағы қанда бейнеленген өз суретіне қарап тұруы да ықтимал-ды.»
— Я уже кое-что поняла, например «сурет» это фотокарточка.
— А интересно узнать чья это карточка? Не. Зойкина ли, а?
— Жезде еще одну, а то мы ничего не поняли! «...Сонан кейін екі көшенің қиылысқан жерінде көз көріп құлақ естімеген құбылыс болды. Алматылықтар әлгінде ғана жігіт болған орнында, көзді ашып жұмғанша қияли ертегідей бір ғажайып айғырдың аспанға шыңғыра шапшып тұрғанын көрді...»
— Ни черта не понимаю!
— Переведи на русский!
— Қой қыздар, басты ауыртпаңдар! Идите! Қыздар шуылдасып сыртқа шығып кетті. Мен әңгіменің арқауын жоғалтып алып біраз мең-зең отырдым. «...Разве ты не сочиняешь для нас — для читателей?» «Для вас пишу рассказ». «Ни черта не понимаю». «Переведи на русский». «А, а я для вас пишу рассказ! Для вас!! Для вас!!'!»
... Шыңғыра шапшыған айғырдың қос танауынан бұрқыраған қан өнбойын өрттей жуды. Бұл — Асау болатын. Асау бір орнында шыр айналып аспанға қарап қатарынан үш рет дабылдата кісінеді де, көкірегінде көптен қордаланған көксеңгір бұлты күрт сынғандай, садақ оғынша тіп-тік тауға тартатын көшеге бет түзеп, омырыла оқыс шапшыды. Алдына көлденең келе берген трамвай вагонынан қарғып өтіп көз алдында көлбеп жатқан көгілдір тауға қарай дауылдата зымырады. Өрттей дөңгеленген Қызыл айғырдың тостағандай төрт тұяғы тиген тас, балшықтай иленіп, тостағандай төрт тұяқ басқан жерде шүйке-шүйке көк түтін қалып жатты. Арын үстіндегі қаһарлы айғыр әрбір назаланып кісінеген сайын кеңсірігінен шатырлата найзағай бүркіп барады. Қызыл айғырдың сүренді шабысына көз жетер жерде көңіл бөлмеген жан қалмады. Әншейінде көзге ілмейтін тәкаппар үйлер теңселіп, терезе, балконнан қол шапаттап айқайлаған ел шуылынан құлақ тұнғандай. Көше жиегінде қатар тізіле қалған қалың жұрт әлдене десіп қарлыға қышқырысып бұның жолына қызыл-жасыл гүл лақтырады. Асаудың жолына бөгет, шабысына нұқсан келтірген тағы да мәшинелер еді. Талайын тұяғымен қағып қалпақтай ұшырып өтсе де өлермен жансебіл біреулері қызыл көзін жымың-жымың қысып ысқыра шауып бұның алдын кес-кестей береді. Асаудың апшы үзер ақиық айбаты осы арада әйгіленді. Танауынан үш-төрт найзағайды кең дүниеге бір-ақ ыршытып, жолына шыққан көк мәшинені құйрықтан қыршып, ал кеп қуды. Кішкентай көк мәшине шыбын жанын шүберекке түйіп қышқырынып қанша борбай созғанмен Асаудың арандай ашылған аузына желке бермей қалмады. Желке бергеннен кейін күйі тайған көк мәшине бір-екі аяқ сермеді де тротуарға тұмсық шанша құлады.
Төрт тұяғынан шақпақ оты жарқылдап албастыдай алып-ұшып келе жатқан Асау, табан астында таусылмай зымыраған тас көшемен, қос бүйірде қалыспай жөңкіген зәулім қаламен, төңірегінде жүйіткіген қисапсыз мәшинелермен бәрімен, бәрімен ұрансал бәйгеге түсіп, алыс даласының намысын биік көтеріп қансорпа жарысады. Осынау арсы-гүрсі сүреңді шабысты талайдан күткен бұлшық еттер борбайынан жыртылып, бойындағы тегіне тән тентек қан шапшып шулайды. Бойындағы шапшып шулаған тентек қан әдеттен тыс қызынып, реті келсе жанар майдай лап беруге жақындаған. Жер танабын суырған пәрменді аяқ арманды кеудені зырқырата алға лақтырып, көзсіз сермеген екпінді құлаш астында шатырлап ағаш сынып, сатырлап тастар ұшты.
Талтүсте көшеден шауып өткен жұмбақ айғыр қала тұрғындарын осылайша бір дүрліктіріп көзден ғайып болған.
Со күні тау жақтан серуендеп қайтқан жұрт жол бойындағы құз жартастың етегінде арша ағашқа боршасы шығып арандаған жалғыз атты көріпті. Аттың өлімтігі аршаның ұшар басында әлдеқайда ұмтылған қалпы қанатын жайып сіресіп қалған дейді.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру