Мазмұнға өту
Home

Ақжұлдыз

Мұстай Кәрім

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ақжұлдыз

Мұстай Кәрім — «Ақжұлдыз». АҚЖҰЛДЬІЗ

/uploads/33849f15-17ac-5145-91ff-32621b5f6ce7/cover.png

АҚЖҰЛДЬІЗ

әңгіме

Ертеңінде сабантой дегенде көршімізге келін түсті. Жапсарлас таяу көршіміз емес, содан соңғы көршімізге. Шаруасы күйлі Ғаллем қарт ортаншы ұлын - ынжық Хамзаны аяқтандырды.

Біздің жақта тойды алдымен қыста қыздың үйінде өткізеді де жаздың ең көрікті күндерінде көсемдеп жеккен аттарға қоңырау тағып, қалыңдықты күйеудің еліне үзатады -келін түсіреді. Қысқы тойдан соң келін түсіруге дейін күйеу әр бейсенбі сайын қыздың үйіне "қалыңдық ойнауға" ұрын барады. Келесі көше ме, отыз - қырық шақырым жер ме, бәрібір күйеу жолға бұрыннан келе жатқан салт бойынша әзірленеді: атының қүйрық -жалын тарап, өреді, желбір тағып сәндейді, жүген мен ердің жез айшықтарын құммен ысқылап жалтыратады. Ол атқа қорада мінбейді, сыртқа.

шыққан соң ерге лып етіп қонады. Сонан соң шыға шаппай, бір жамбастай отырып, кеудесін көтеріп, алдына тура қарап тұрады: көрмегендер көріп қалсын дегені...

Былтыр менің Мұртаза ағам, бұрнағы жылы Құрбанғалидің Хажымолдасы осылай жасады. Ажарсыз жігіттің өзі күйеуге айналғанда құлпырып кетеді.

Ал мына Хамзаның "қалыңдық ойнағанын" жұрт байқамай да қалды. Көктемгі егіс аяқталғанда ағасына еріп, бір рет қыздың үйіне барып қайтты. "Неге атастырған қалыңдығыңның көңілін ауламайсың?" деп сұраған құрбыларына Хамза: "Жері шалғай, жолы ұзақ, жолда ұры - қарақшыға кездесу мүмкін. Ондайға кезіксең, болашақ әйелің тұл қалады, туатын балаң жетім өседі. Таңба басылған адаспас, түбінде келер жерін табар..." деп жауап берген көрінеді.

Кешкісін есік алдында темекі тартып, әңгіме-дүкен құрған ағайлар басқа бір жайларды айтатын. Қасында серіктері болмаса, күйеу келмей-ақ қойсын деп қалыңдық шарт қойыпты-мыс деген сыбыс бар. "Неге олай дегенін білсе бір құдай ғана біледі" деді әнеугүні бақташы Нұретдин.

Хамзаның сөзі дұрысқа шықты. Таңба басылған адаспай, күйеудің үйіне тұп - тура келіп түсті. Алыстан келді дейді келінді өте шалғайдан - Дим өзенінің өр жағынан. Келіні келін ғана емес, көрер көзге тамаша, сезер көңілге бір ғажайып. Біздің ауылда да сұлу қыздарды, әдемі келіншектерді, сымбатты әйелдерді індет қырмаған. Шүкір, есен-аман. Анау бізден жоғарырақта тұратын көршіміз Мансұрдың қызы Гүлбостанның бір өзі не тұрады десеңші! Сымбаты саф алтыннан құйғандай. Жүргенде де аяғы жерге тимейді, қалықтап ұшып келе жатқандай, әлде жүзіп келе жатқандай. Оның бес түрлі жүрісі бар дейді жұрт. Биыл көктемде бақшада картоп еккенде Мансұр қарт бірдеңеге ашуланып, қызына: "Осы "барыня" деген жүрісіңді қойшы, Гүлбостан!" деп айқайлап жіберді Шамасы, қызы жұмыс кезінде жаңылысып "барыня" жүрісіне салған - ау.

Мұртаза ағама қыз айттырғанда Гүлбостанға да құда түспекші болған біздің үй, бірақ тартыныпты. "Әдепті әйел ердің көркі, әдемі әйел елдің көркі, аса ару Гүлбостан маңдайымызға сыймас" деп қауіптеніпті. Ағама Тәменәй көшесінен ажары орташалау Бике жеңешемді алып беріпті. Ағамның бұрыннан да оған аңсары ауып жүреді екен Әкем құда жіберіп әуреленбеді, қыздың әкесіне тұп - тура өзі барды. Барғанымен көңілсіздеу қайтты. Кешкі шай үстінде мына жайды айтты:

- Болашақ келінді бірден ұнаттым. Сүйегі өзімізге тартқан. Тек құдаларға көңілім толмады. Сараң сияқты.

- Малды көп сұрай ма?- деді Үлкен шешем.

- Жоқ, көп сұрамайды. Қорқау емес, сараң, қытымыр көрінеді.

- Мәссаған, бір көргенде қайдан білесің, бұған дейін араласпаған кісілеріміз ғой, - деп қарсы шықты Үлкен шешем.

- Дастарқанға аттау басындай майдың ширегін қойды, қантты да әбден майдалапты, бұршақ сияқты әр түйірі...

Үлкен шешем басқа ештеңе айтпады.

Жеңешем жақсы әйел болып шықты. Қуанышымызды айтып жеткізе алмаймыз. Ал құдалар, шынында да, сараңның сараңы еді...

Гүлбостан сияқтылар бізде мыңдап табылады деп айта алмаймын, алайда саралап санасаң, аз деуге де бола қоймас. Жер-жердің небір серілері бал салған кеспекке үймелеген аралардай біздің ауылға лек-легімен шұбыратыны тегін емес. Жапыр - жұпыр үймелеседі де түк бітіре алмай, қайтып кетеді. Қыздардың сұлулары өзіміздің жігіттерден де ауыспайды. Тіпті жетпей қалады. Әйтпесе әлгі Хамза сонау шалғайдағы Дим өзенінің сағасына барып, келіншек алар ма еді?

Арулары көп ауылға түскен бүл келіншек бұзау арасында адасып келген бұғының баласына ұқсайтын. Кескін-келбеті, жүріс - тұрысы, жаутаң еткен жанары, тіпті даусы бізден өзгеше, таң қаларлықтай еді. Бейне бір басқа топырақта жаралып, басқа аспанның астында, басқа ауада арда өскендей. Су емес, шәрбәт ішкен жан шығар, сірә. Әйтпесе, мынадай сүйкімді үн қайдан біткен оған? Әлгі айтқанымдай, бір қарағанда еркек біткенді есеңгіретіп, естен тандыратын келіншектер көп еді бізде, бірақ мынандайды көрмегенбіз. Аты да құлаққа тосын - Ақжұлдыз. Есімін алғаш есіткенде мен еріксіз көкке қарадым, тас төбемде тал түсте жарқырап жанған ақ жұлдызды көргендей болдым, көрмесем де осы жеңешемнің есімі құлаққа шалынғалы оның сыңарын көрем деп өмір бойы көкке көз тіктім. Бұлай еткен бір мен ғана емес шығар - ау?

- Аспаннан түскен қандай керемет еді, сипаттап берсеңші,- деушілер де болар, бәлкім.

Менің айта аларым тек мынау: күнді, айды қалай сипаттайсың? Әлемде күн жалғыз, ай жалғыз. Ақжұлдыз да жалғыз Ақжұлдыз, сыңары жоқ мүлдем.

Ақжұлдыздың қыз - келіншектермен алғашқы рет суға барғанын бүкіл көше тамашалады. Келіншектің екі шелегі де мөлдір суға меймілдеп толып тұр. Бір тамшы су да төгілмегені -ай! Сылаң қағып, өкшесі жерге тимей, аяғының ұшын әр жерден бір басып, миықтап барады. Сәл езу тартып, күлімсірегендей. Нені көріп күлімсірейді? Шарбақ басында таңырқап отырған он екі жасар мен байғұсты көрді ме екен? Кімге қарап күлімсірейді – өзіне - өзі күле ме? Жұртқа ма, әлде күллі әлемге күле ме? Енді бір қарасаң еріксіз жылап жіберетін сияқты...

...Мұндай күлкіні көру маған өмірімде екі мәрте бұйырды: бір рет өзіме жерлес, замандас сұлу әйел, бүл дүниеге бір жарқ етіп, көрініп кету үшін жаралған. Жер қызы маған қарап, маған арнап күлді де, ет - бауырымды елжіретті, екінші рет, Леонардо да Винчидің қиялынан туған өлмес Джоконда - мәңгілік Мона Лизаның күлкісі рухымды біресе көкке көтеріп, біресе түпсіз тұңғиыққа тартып кетті.

Келін түсірген Ғаллемнің үйіндегі дуылдаған думан түн ортасына дейін созылды. Біз қос бойдақ, Салих ағам екеуміз сарайдың төбесінде жаттық. Көк толы самаладай самсаған жұлдыз. Соларға қарап жатырмын. Ішінде ағы жоқ, кілең көгілдір, көк жасыл. Шамасы, ақ жұлдыз жалғанда жалғыз шығар, мезгілі жеткенде ғана көрінетін болар. Бәлкім, ол қазір көкте емес, қыз бейнесіне еніп, жерге түскен-ді. Асхат не айтар еді бүл туралы? Әттең, үйінде жоқ ол, көрші ауылда мал бағып жүр.

Ғаллемнің ауласындағы ығы-жығы тынды. Иттер де үргенін қойды. Әтештердің алғашқы шақырған үні шалынды құлаққа. Тап осы сәт Төменгі көшеден толқынданып, сырнай сазы сарнап қоя берді. Әуен әлдекімді баяу ғана, сүйкімді үнмен шақырғандай, сәл созып барып, құйқылжыта толғап - толғап кетті де, іштегі шерін армансыз тарқатты, барған сайын жалынып, жалбарынып, өліп - өшіп өтінді де, өкіріп жылап жіберді: кенет кілт тына қалып, ызаға булыға өксіп алды. Жоқ, сырнай сазы көз жасынан үзілмеді. Сәл тыныстап, ышқына, солқылдата сайрап, түн құшағындағы әлемге алдағы қуанышы, үміті, кеудеге сыймас арманы жайлы аңқылдай сыр шертті. Бұл мұңды әуенді есіткенім өз алдына, көзбен көріп жатқан сияқтымын, Әуен арай шашып, Төменгі кешеден Жоғарғы көшеге қарай самғап барады.

- Мәрәһимнің тағы да жыны ұстаған - ау, шамасы,- дейді Салих ағам ұйқыдан көзін аша алмай.

Қайран, ағам! Неге олай дейсің? Жынның оған қандай қатысы бар? Сен солай дедің де қорылдап ұйықтап кеттің. Сол бір ауыз сөзіңмен күллі әлемді баурап, таң қалдырған, шұғыла шашқан ғаламат сәулені сөндірдің.

Үлкен шешем бәлкім, олай етпес еді. "Біреуді іздеп шықты – ау тағы да байғұс Мәрәһим жалғызсырап" дер еді. Ол кезімде мен жеті түн ортасындағы жалғыздықтың не екенін қайдан білейін. Жалғыздықтың ең жаманы түн ортасындағы жалғыздық екенін тек көп жылдар өткен соң аңғардым. Бірақ мен әлі жан-тәніммен Мәрәһим тарапындамын. Оның зары да, қуанышы да түн тұңғиығына батып жоғалмады, менің көкейімде, көңіл сарайымда сайрап қалды. Сол сәт жер-жаһанда екі-ақ адам ояу сияқтымыз. Мәрәһим екеуміз.

Шашым шулан тартқан кезде осы ақиқатқа кәміл көзім жетті: адам бәріне көнеді, сұлудың сұлулығына, ажарсыздың ажарсыздығына, жаманның жамандығына көзі үйренеді. Көз үйренген соң таңырқамайды. Сөйтіп, сұлулар мен жақсылар ұтылады, ажарсыздар мен жамандар ұтады, бірақ мына Ақжұлдызға біз ай өтсе де, жыл өтсе де, өмір бақи көзімізді үйрете алмадық, таңданған сайын таңдана бердік. Неге екенін қайдам, ол жерге түспей, біздің арамызға сіңіп жоғалып кетпей, сәл жоғарырақта, қол жетпес биікте тұрды. Бұл оның тәкаппарлығынан, менмендігінен емес, онда масайрау, пәлдену атымен жоқ. Жұрт оны солай қабылдап, қандай жағдайда да төмен түсірмеді.

Алғаш Ақжұлдыздың арулығына таңырқаған біздің Сарқырама көшесі кейін оның жақсылығына, іскерлігіне, елгезектігіне қайран қалды. Ғаллемнің келіні кірген жіп, тоқыған боз жібекке бергісіз. Кескен кеспесі қылдан жіңішке, киім тіксе құйып қойғандай дейтін жұрт. Бұған дейін торт аяғын шідерлеп қойса ғана саудыратын сиыры қазір өрістен қайтса, келіншектің соңынан өзі еріп жүреді. Айдай ақиқат. Күнде көзімізбен көріп отырмыз. Ғаллемнің асау жирен биесі де жөні түзу малға айналды - бір жолы күйеуімен отынға барғанда Ақжұлдыз делбені қолына алып: Шүу, жануар, жүре ғой, ақылдым, жүйрігім!" депті. Бұл сөздерді есіткен жирен бие қайырыла қарап екі рет басын шұлғыпты. Содан соң түсіндім, бұдан былай айтқаныңның бәрін орындаймын деп белгі беріпті.

Ақжұлдыз пішен шапқан, орақ орган жерден жұрт алаңсыз, самарқау өтіп кете алмайды. Оның қалай жұмыс істегенін тамашалап, келген бұйымтайын ұмытып, шаруасын тастап, қарап тұрады. Тұрып - тұрып: "Ісің оң болсын, шырақ" деген ақ тілегін айтып кетеді. "Сізге де соны тілеймін" деп жауап қайтарады келіншек күйеуінен бұрын. Келіншек алған соң да Хамза сол тұйық, ынжық қалпында қалды.

Алақанына құс қондырып сайрататын, демімен үрлеп гүлдің бүрін ашатын әйелдер болатынын мен әлі білмеуші едім.

Сондайлар да бар екен. Міне, солардың бірі Ақжұлдыз. Ол тұсынан өткен сайын Шәһидұлланың шешесі Меңлікей жеңгей:

- Осы Ақжұлдыздың бір өткенінің өзі көшені сәнге бөлейді - ау. Тіфә, жаман көзім тимесін! - деп таңырқай қарайтын.

Ғаллемнің үйі көрші-қолаңмен көп араласпай, оқшаулау отырады. Сондықтан бұл үйдің сыры шашау шықпайды, елге тарамайды. Меңлікей жеңгейдің бір тауығы картоп бақшасына кіріп кетсе, бүкіл Сарқырама көшесі мұны бірден біледі. Ал мыналардың аты жығылып өлсе де титтей сыбысы шықпайды. Сол үйде Ақжұлдыздың қалай тұратыны елге белгісіз.

Келін түскен соң жадырап жаз өте шықты, сарғайып, мұңайып күз кетті. Ұзаққа созылған қыс та бітті, сайлардан тағы да қар сулары сылдырай жүгірді. Бірақ көптен бері Мәрәһим сырнайының үні шықпады. Тілден айырылып, мүлдем меңіреу болып қалғандай. Алғаш жұрт бұған қатты таңырқады. Кейін көңілдері құлазып, қайран қалды. Бір жұбаныштан айырылғандай сезілді оларға. Бүл қалай? Бәсе, айлар бойы, жылдар бойы, күн сайын болмаса да апта сайын бүкіл ауылдың көңілін аулап, құлақ құрышын қандыратын Мәрәһимнің сырлы саздары кілт үзіліп қалуы неліктен?.. Тегін емес шығар бүл жағдай дейді жұрт. Мен де солай ойлаймын. Бейшара Мәрәһим әуейіленіп іздегенінен үміт үзген шығар, содан сырнайының үні шықпай, сазынан жаңылған болар. Шамасы, солай - ау.

Бәлкім, олай болмауы да ықтимал

... Кішкентай кезімде менің бір жаман әдетім болатын. Күн батысымен көрпе астына кіремін де ұйықтаған болып, үлкендердің сөйлескенін тыңдап жатамын. Жұртты әбден сендіру үшін ара - тұра қорылдап қоямын. Барып тұрған айлакермін, тіфу, әккімін! Сол есіме түссе, әлі күнге құлағыма дейін қызарып кетемін. Бүл менің екінші қулығым. Біріншісін, бұдан да ертерек, төрт-бес жасымда жасағанмын. Екіжүзділік көрсеттім. Бүл былай болды.

Бізден қиғаштау бір көшеде Қайып ағайлар тұрады. Бір кезде мен сол үйге жиі баратын болдым. Күнде келемін. Олардың Зейнеп және Жәмила деген бойжеткен екі қызы бар. Бұлар, біреуі есік алдына, екіншісі кілет алдына отырып алады да екеуара ұрсысады. Бір күні Зейнеп мені қасына шақырып, жылтырақ түйме моншақ берді де Жәмилаға жаман сөздер айтқызды. Ол ақырын құлағыма сыбырлайды. Мен оның айтқанын айқайлап қайталаймын.

- Сені қисық шабаталы Хәбетдин құшақтап жатқан! Аузы қисық Ханса сүйген бетіңнен. Тәтті ме екен Хансаның шұбырған сілекейі? Бүл аз болса, сен Ғаббас ақымаққа ғашық болып, хат жазғансың. Масқара! Ғаббасқа хат жазғанша, ыштан тігіп берсеңші. Жазы -қысы ыштансыз жүр, қасқа. - Жәмилаға тағы да алуан түрлі айып тағып, жылатпай қоймаймыз.

Келесі күні шырпының бос қорабын ұсынып, мені Жәмила қолға түсіріп алады. Мен енді кілет алдына ауысамын. Кешегідей Жәмиланың Зейнепке айтатын сөздерін қайталай беремін:

- Сен ұрысың! Сабын ұрладың! Тарақ ұрладың! Дінін сатқан неме! Ораза тұтқанда жасырып ауыз ашасың. Өтірікші! Сол үшін сен жұртқа жексұрынсың. Қайыршы Ғаббас та саған қарамайды. Қармақтай имек мұрыныңа күйеу ілігер деп дәмеленбей-ақ қой. Бишара! Албасты! Монша перісі!

Сөз имек мұрынға жеткенде Зейнеп жүгіріп келіп, Жәмиланың шашына жармасады. Осы жерде менің борышым өтеліп, шаруам бітеді.

Келесі күндері де тап осылай қолдан қолға өтіп, әлгі есерлігіме басамын. Осы қылығымды мен өмір бойы ұмыта алмадым. Есіме түскен сайын қалшылдап кетемін. Жаман түс көргенде солай қорқып оянасың да: "әйтеуір, түсімде көргеніме де шүкір..." дейсің ғой. Мен де: "Бұл жамандығым өңді түстен айыра алмайтын шағымда болған ғой" деп өзімді жұбатамын. Бірақ ұмыта алмаймын. Демек, өмір бойы сабақ алғанмын. Мойындаған қатеміз, тіпті айыптарымыз өмірде біздің ақылшымызға, көмекшілерімізге, сөйтіп, бара-бара жанашыр достарымызға айналады. Ал мойындамаған, әлде ішке бүгіп келген қатеміз түбінде өзімізге дұшпан болып шығады. Қат - қабат қауіпті кезеңдерде де мен осыны ұмытпауға тырыстым. Бір күні Зейнептің дауысымен, келесі күні Жәмиланың дауысымен айқайласаң, бар дауысыңнан айырылуың даусыз.

... Мен біраздан бері көрпе астында жатырмын. Үйде тек екі шешем. Үлкен шешем бірдеңені жамап отыр, Кіші шешем қазанның қаспағын қырып жатыр.

- Естідің бе, ел ішіндегі гу - гу әңгімені, - дейді Кіші шешем, - Мәрәһим мен Ақжұлдыз жайында.

- Өсектің бәрін тыңдай берсең, есің кетеді. Қой, Уазифа! - деп шорт кесті Үлкен шешем. Кіші шешем есіткенін түгел айтпай қоймайтын.

- Керемет ғашық болыпты, - дейді. Таһир мен Зуһра сияқты...

Үлкен шешем бір күрсініп алды. Біраздан соң жайымен былай деді:

- Махаббат айып емес. Махаббатсыз әуре болған айып... Сен күйеуімізді ұнатып келмегенде екеуіміздің бір үйге қалай сиятынымызды білмеймін... Махаббатқа бәрі сыяды. Махаббат бәрін ақтайды, бәрін кешіреді...

- Обалды да, сауапты да, әркім өзі үшін өзі көтереді. Мен оларды айыптап тұрғаным жоқ қой,- деп ақталды Кіші шешем. Біраз үндемей отырған соң ол тағы да сөзін жалғастырды. - Мәрәһим мен Ақжұлдыз бірін-бірі бұрыннан білетін көрінеді.Ана жылы біздің ауылдағылар Димның жоғарғы саласына барып, ораққа жалданған еді ғой. Сонда көрісіпті дейді. Ақжұлдыз Хамзаға күйеуге шыққанда сол Мәрәһим үшін ризалығын берген көрінеді. "Мәрәһимді өмірімде тағы бір мәрте көрер болсам, Хамзаға күйеуге шыққанша, тұп - тура тамұққа түскенім жақсы" деген бе, әлде солай ойлапты дей ме, қалай, әйтеуір.

- Солар білгенді құдай білсе, заман түзеліп, ел бейбіт жасар еді. Қырсыққанда, жұрт көп біледі, аузына келгенін айтады.

- Мәрәһимнің жасы да отызға жетіп қалды-ау,- деді Кіші шешем әлгі сөзін сабақтап.

- Ау, ғашықтық дегенің малыңды, жасыңды сұрай ма? Мұны сен езің де жақсы білесің, Уазифа.

Кіші шешем әкемнен жиырма жастай кіші. Үлкен шешем осыны тұспалдап айтса керек. Ашуланып айтқан жоқ, жай, сөздің орайы келіп қалған соң...

Қарашы, қандай сырды аштым! Ғашықтықтың не екенін өзім де татып көргенмін. Өткен жылы партада бірге отырған қызбен (атын айтпаймын) жарты қыс күйіп-жанып, хат алыстық. Әр кеш сайын оған құлаш-құлаш хат жазамын. Өлеңдер де қосып жіберемін:

Бір қозғалса машиналар Тоқтамай барады екен. Ғашық оты бір тұтанса, Лапылдап жанады екен.

Үй ішіміз қатты қуанды. "Көптен бері оқымай қалған соң, сабақ оқуға мықтап кірісті - ау, Кіндік. Зерек бала екен ғой. Бас көтермей сабақ оқуын қарашы" дейді. Үлкен шешем басқалардың аузынан жырып, ара - тұра маған тәтті тамақ береді. "Сабақ оқыған кісіге тәтті тамақ керек. Зейінің артады. Миың мықтырақ ойланады" деп бетімнен сүйеді.

Бірақ көп ұзамай басыма қара күн туды.

Бір күні таңертең (біз хатты таңертең сабақ басталғанша алысатынбыз), әлгі қыз маған хат орнына қағазға оралған қара көмірдің ұнтағын берді. Махаббатымыз өртеніп, көмірге айналды деген сөз еді бұл. Сонымен, бәрі бітті! Ол бұдан былай маған қайырылып та қарамайтын болды. Қандай айыбымды тапты, қай жерім жақпады екен? Уһ! Ғашық болу қиын еді, ғашықтан айырылу бәрінен де ащы, бәрінен де азап екен. Басына түспеген жан білмейді мұны.

Кешке үйге қайтқан соң Үлкен шешемнің жылы алақанына басымды сүйеп, жылап жібердім.

- Неге жылайсың, қалқам? - деді ол. Мен жауап қайтармадым. Басымды сүйеп жылауға оның жұмсақ алақаны болғаны қандай жақсы? Бетімнен бір сипады да, күллі қайғымды сылып тастады. Осыдан коп жылдар кейін де сағыныш толы дегбірсіз басым сүйенер қолды талай аңсады - ау, бірақ ол кезде Үлкен шешем әлгі сиқырлы қолымен бұл дүниенің есігін мәңгіге жауып кеткен болатын...

Мәрәһим мен Ақжұлдыздың жағдайын түсінемін мен. Тек әлгі өсек бос сөз сияқты. Шешелерім сөйлескен кештен соң бір апта өтті, ай өтті, бірақ ғашықтар жайында көшеден бір ауыз сөз шықпады. Біздің Жоғарғы көшенің тұрғындары айып таңып, кісінің сыртынан ғайбат айтуға, мысқылдап күлуге құмар. Тек сылтау тауып бер оларға. Пәленшенің әйелі түгеншенің күйеуіне көзін қысыпты, пәлен құда түген құдашасын әурелей жаздапты, пәлен ағай пәлен жесірдің терезесін қағыпты... деген сияқты өсек -аяңды әйелдер сүттен май айыратын жерде, еркектер қарауыл үйіне жиналғанда, қыз -келіншек суға барғанда айызы қана айтады. Асхат сияқты тілі ащы қулар, мысқыл өлең де шығарады. Анау аңқау құда туралы кешкі ойын кезінде бір жігіт биге түсерде мынадай тақпақ айтты:

Құдашаның саусағы,

Саусағында балдағы...

Тал түбіне келем деді,

Келмей кетті, алдады.

Құдашаның шәлі,

Жерге тиер, пәлі!

Жазған болса, іншалла,

Бір сүйермін әлі.

Ақиқат айыпты болып, әлде күмән туғызған қыз-келіншек тұратын үйдің қақпасына түнде қарамай жағып, аттарының құйрық-жалын күзеу әдеті болған ертеректе. Қазір ондай жоқ сияқты. Бірақ бір рет көзге түсіп, ауызға ілінген адам оңай құтыла алмайды: диірменге тартып, електен өткізеді оны жұрт...

Ақжұлдыз бен Мәрәһимге жел де, жаңбыр да тимеді. Шамасы, Кіші шешеме әлдекімдер шылғи өтірік айтқан, айтқанда тына қойған. Жарайды, солай - ақ болсын, ұмытайық енді мұны...

Бірақ олар өздері ұмыттырмады. "Адам сенбес сөзді, дұрыс болса да айтпа" дейтін нақыл бар. Иә, өзің көзіңмен көріп, құлағыңмен есіткенге де сенбейтін кезің болады. Рас па екен деп екіленесің. Мен де алғаш көзім көріп, құлағым есіткендердің растығына күдіктеніп, қатты састым. Осы оқиғаны көруіме себепші болған қаңғыбас өгізшеміз. Кешкісін ол тағы өрістен қайтпады. Соны іздеп, үйдегі еркек кіндік түгел шығып, мал жайылатын тоғайдың тұс - тұсына тарадық. Мен босқа арам тер болдым. Өгізше табылмады. Әлдеқашан іңір түсіп, қараңғы қоюлана бергенде мен Қыздар тауына көтерілдім. Күндіз Мұртаза ағамның қалтасынан қымқырған бір шымшым темекіні орап тартпақшы болып, тау бөктеріндегі жалғыз еменнің түбіне отырдым. Қағаз тауып, темекіні орадым да шырпы таба алмадым. Бір жерде түсіп қалған. Бұйырмады бұл арамнан жиналған дүние!

Түрегеліп енді кете бергенімде көзіме үлкен бір ғаламат нәрсе шалынды. Адам дейтін адам емес, мал деуге мал емес. Құбыжық бірдеңе. Ол тау баурайынан ақырын ғана жоғарыға, маған қарай өрлеп келеді. Менің жаным тырнағымның ұшына тірелді. Енді -енді бас салатындай. Мен әрең дегенде еменнің тасасына тығылдым. Жүрегімнің дүрсілінен емен солқылдағандай. Әлгі құбыжықты енді анығырақ байқадым. Оның аяғы да, басы да екеуден. Қолы төртеу ме, алтау ма, қалай? Санап үлгіре алмадым. Ағаш басына өрмелесем бе екен? Қой, құтыла алмаспын. Не көрсем де түбінде көрермін, қимылдауға болмайды. Өгізшені іздеймін деп ажалымды іздеп жүр екенмін. Өгізше табылмады. Мынау мені өзі іздеп тапты. Ертең тұрысымен біздің бүкіл үй ішіміз мені мүсіркеп, көздерінен қанды жас төгеді. Бәлкім, мені адам қатарына санамаған әлгі қыз да өкінер енді. Жыпылықтатып көзімді жұмдым. Жұмылған көзімнің алдынан біздің ауылдағы тас зираттың қақпасы, мешіттің айшығы, жаңа ғана қазылған қабір ойқастап өтті. Мен оларды тап табытта жатқандай көріп тұрмын...

- Сүйесің бе? - деді құбыжықтың бір басы еркектің дауысымен

- Сүйемін... сүйемін... - деп нәзік үн қатты әйел дауысты бас.

- Шынымен сүйесің бе? - деп ынтықты бірінші бас.

- Шын сүймесем, осы азын - аулақ бақытқа таудай тауқымет тартар ма едім? Бәрібір өкінбеймін, сенің құшағыңдағы мысқалдай бақытымды алтын тауларға айырбастағым жоқ.

Осы кезде бір құс сайрап жібергендей болды. Ұйқысыраған құс болса керек, шамасы.

- Осы қалпыңда өзіңді анау ақ жұлдызға алып кетейін бе? - деді ер кісінің дауысы, - сенің жұлдызыңа...

Осы кезде, көк жүзінде, сонау биікте шынында да, бір ақ жұлдыз жарқырап түр еді. Ол жайнаң қағып, жерге қарай ұмтылғандай. Енді - енді көктен ағып түсіп, Қыздар тауына келіп қонатындай. Мен сәл жүрегімді бастым. Құбыжықтың маған зақым келтіретін түрі жоқ. Өз басының шаруасы да жеткілікті.

- Өзіңмен жер бетінде жүрсем де маған рақат. Аспандағы жұлдызды қайтеміз? Мен өз атымды былайша да ұнатпаймын. Сені ғана ұнатамын, атыңды да, өзіңді де...

Манағы ұйқысыраған құс тағы да шыр етіп, екі рет сайрап алды.

- Көңілім өмір бойы сені аңсады, сені зарығып күтті...

- Іздеген табады, тасқа қазық қағады,- деп тақпақтады әйел - Сабырлық түбі - сары алтын, сақтаған жетер мұратқа...

Әлгі құс тағы да сайрады.

- Сен түк мұңаймайсың, Ақжұлдыз, мен сағыныштан сарғайып кеттім ғой,- деп мұңын шақты ер кісі.

- Айттым ғой, екеуміз бірге жүрсек, бұл дүниеде маған сағыныш та, қасірет те, қауіп те жоқ. Олардың орны басқа жерде.

Мығым денелі Мәрәһим Ақжұлдызды қолына бала сияқты құшақтай көтеріп, менің тап қасымнан өте шықты. Төбеге өрлеп барады. Мені көрмеді. Ғашықтардың көзі жердегі жәндікке емес, аспандағы бүркітке түсетінін мен осы түні алғаш рет аңғардым. Сүйген жарлар не үшін биікке, тау басына ұмтылатынын сол түні мен тұңғыш рет сездім. Бірақ неліктен екенін сөзбен айтып жеткізе алмаймын.

Әрине, оларды алғаш көргенде қайран қалып, қатты тебірендім. Ал аяқтарының тықыры алыстай бергенде ет - бауырым елжіреп, дүниенің сәні кетіп, құлазып қалғандай, елегізіп, жабырқай бердім біртүрлі. Тіпті, тіршілік тынысымды да ала кеткендей солар. Сыңғырлаған әсем дауыстары, сөйлеген сөздері қатты ұнады. Тек, Мәрәһимнің Ақжұлдызды баладай құшақтап, көтеріп әкеткенін жақтырмадым. Мүлдем жақтырмадым. Тапқаныңа болайын! Өзі жүруге аяғы жоқ па, немене?!

...Осыдан қырық үш жылдан соң Чехия тауларында дәл осындай көрініске тап болдым. Мәрәһим сияқты бір жас жігіт сүйген қызын құшақтай көтеріп, жолсыз жермен тауға өрлеп бара жатты. Өзі ақсия күледі. Маған ұнады бұл, қатты ұнады. "Жарайсың, жігітім, жарайсың!" деп қалдым ішімнен. Осы кезде біз Рауза екеуміз, қол ұстасып, бұраңдаған тар соқпақпен әрең дегенде темен түсіп келе жатқанбыз. "Жарайсың, жігіт!" деп қайталадым мен қайырыла қарап. Тау басына солай бір адамды көтеріп шыға алмағаным өкінішті-ақ. Қазір шыққым келеді, күш қайда? Күш болса да, жараспайды, жұрт күледі ғой. Шығатын тауыңа өз уақытыңда шыққан жөн екен... Қырық үш жылдың ар жағындағы оқиғаға қайырылып қараған сайын: "Жарайсың, Мәрәһим, жарайсың!" деп қайталай беремін.

Мәрәһим мен Акжұлдыз өтіп кеткен соң түн қараңғысы сейілгендей болды. Олар жүрген жерде күдік, қорқыныштың болуы мүмкін емес сияқты. Мен есімді жинап, қайтуға ыңғайландым. Біраз жүрген соң, әлденеге шәпкімді шештім. Бірдеңе сылдырап жерге түсті. Шырпының қорабы. Үйренген әдетімше басымдағы шәпкі ішіне жасырғанмын да, ұмытқанмын.

...Егер осы шырпының қорабы іздегенімде табыла кетсе ғой, абайсызда шағылған бір түйір шырпы екі кісінің қандай зор қуанышын үркітіп, қандай ғаламат құпияны ашып, қор етер еді - ау, деп ойлаймын қазір.

Ішіме қалай сыяр бүл құпия, бір күн шыдадым, екі күн шыдадым, үшінші күні төзімім таусылды. Мешіт мұнарасына шығып, азаншыдай айқайлағым келеді.

Оңаша отырған Үлкен шешемді сарайға шақырдым.

- Не, қаймақ жегің келді ме, қалқам? - деді ол

- Жоқ, aпa. Менің саған айтатын сырым бар.

- Ay, қаймақтан да қымбатты, ерекше құпия болды ғой, шамасы.

- Ерекше екені ерекше. Ақжұлдыз бен Мәрәһим жайындағы баяғы сөз дұрыс болып шықты ғой.

- Не сөз, қайдағы сөз?

- Әнеугүні кеште Кіші шешем... - Менің тілім тісіме тиді де, жағым қарысып қалды. Әйтпесе, бәрін бірден айтып салатын едім, - жұрттың сөзі, халықтың сөзі... - деп міңгірледім.

- Қой, бос сөзді сөйлеме!

- Бос сөз емес! Әнеугүні түнде өгізше іздегенде олардың Қыздар тауында бірге жүргенін көрдім.

- Тіфә, тіфә, балам, көзіңе бірдеңе елестеген ғой. Қараңғы түнде адамның көзіне әлденелер көрінетіні бар. Түн тастай қараңғы еді ғой.

- Мен олардың сөздерін де есіттім, апа. Оллаһи, нан ұстайын, күн ұрсын. Мен өтірік айтушы ма едім.

- Өтірікші емессің, көргенің қате, жаңылысқансың. Қателесу өтірік айтқандық емес.

- Көрдім, дауыстарын есіттім.

- Адам кейде осылай көзі көрмейтінді көретін, құлағы естімейтінді есітетін кезі болады. Қой, балам, қайдағыны айтып, басыңды қатырма.

Мен бәрін де баяндап бермекші едім, Үлкен шешем сенбейтін болған соң, айтпадым.

- Адам сенбес сөзді айтпа, - деді ол ақырында. - Өсекші деген жаман атқа қалып, масқара боларсың.

Масқара болудан біз бүкіл үй ішіміз қорқамыз. "Мінген атың жығылып өлсе өлсін, айтқан сөзің бекерге шығып өлмесін" дейді әкем. Шынында да, көзіме елестегені ме соның бәрі? Үлкен шешем солай шығар дейді. Ау, құлағыма ұдайы шыңылдап тұрған: "Сүйесің бе?", "Сүйемін!" деген дауыстар қалай басылар. Менің құлағымда тынғанымен, сол дауыстар Қыздар тауында бәрібір қалықтап қалды ғой.

...Үлкен шешемнің әлгі таңғаларлық қылығын, менің дұрыс айтқанымды бекерге шығаруға тырысқанын мен жаңа ғана түсіндім. Ежелгі гректерде ғашықтардың сәуегейі, оларды қауіп - қатерден қорғаушы Афродита деген махаббаттың пірі болған. Менің Үлкен шешем, әрине, сол тәңірінің атын да есітпеген, өзін де білмеген... Бірақ өзі сезбестен ол Ақжұлдыз бен Мәрәһимнің махаббатын қорғаушы сол тәңірінің міндетін атқарған. О, Сарқырама көшесінің қайырымды Афродитасы!

Әлгі өгізше табылды. Соған қуанған біз сұлы орағына үме салуды ұйғардық. Пештің үстінде екі бөшке бал сырамыз бабында түр. Сойыстыққа әлгі қаңғыбас өгізді дайындадық. Түскі тамаққа үлкен-үлкен үш керсен бал қосқан қатық ұйытып, нан пісірмек болдық.

Орақ үмесі өзгеше қызық думан. Күні бойы жұрт өліп - өшіп жұмыс істейді де, кешке қарай дастарқанды айнала қоршап отырады. Ет жеп, сорпа ішеді. Егделеу еркектердің, батылдау әйелдердің сыбағасы бал сыра. Жігіт-желең, қыз-қырқын бал сыра ішпей-ақ дуылдасып жатады. Шолақ Кәшфұлла сияқты кейбір әншілер мұңлы бір ән шырқап жібереді.

Үме үстінде ішкен ащы балдың
Шипалары тарап тамырға,
Үме үстінде көзім түскен жарды

Мезгіл жетті таңдап алуға.

Бұл әннің бір қастерлі қасиеті бар. Үмеде жақсы мінезімен аты шыққан қыздың абыройы тез көтеріледі. Оның үйіне оң балағын түріп алған құдағи кемпірлер шұбыра бастайды. Үмеге күндіз қолынан іс келетін, кешке дастарқанды сыйлай білетін адамдар таңдап шақырылады. Мұндайлардың санатына іліну үлкен мәртебе саналады. Рас, кейбір ұяты кеткен қулар шақыру күтпей өзі келеді.

Төрт - бес күн бұрын біз кешкі шай кезінде кімдерді шақыратынымызды шамалап, анықтап алдық. Есепті мен жүргіздім.

- Мәрәһимге айтасыңдар ғой, - деді Үлкен шешем.

- Әйелі сырқат екен,- деді Сәлих ағам асығып - үсігіп.

- Өзі келер.

Мен қаламмен сызып отырған қағазға тағы бір таяқша қосылды.

- Көрші - қолаңнан қалып қойғаны жоқ па? - деді әкем.

- Ғаллемді қоспадық, ынжық Хамза бәрібір інінен шықпас дедік,- деп жауап қайтарды үлкен ағам.

- Келмесе өзі білсін, шақырған жөн, көрші деген аты бар. Өкпелеп қалмасын...

Мен тағы да екі таяқша қостым. Сонымен бәрі бітті, уәссәлам.

Күн шығудан біздің есіктің алдында жұрт құж - құж қайнады. Иықтарына орақтарын салып, бәрі келді. Мәрәһим де, Хамза мен Ақжұлдыз да бар, тіпті бір-екі "алаяқ" та бар. Қыс күндері ылғи қонағы бар үйді сағалап, шақырмай келе беретін, етігіне қар қатқан қыдырымпаз қуларды "алаяқ" дейміз.

Жақын-жуық ағайын күні бұрын уәделесіп қойғандықтан арбамен келген, Биыл қарабидай алқабы алыс. Жаяуға едәуір жер. Әрі үме орағына жаяу жүру жараспайтын жай. Сәні кетеді.

Менің көзім әлгі екеуінде болатыны белгілі. Олар бір-бірінен қашпайды да, жақындамайды да. Ақжұлдыз қыз - келіншектер арасында. Олар жарқылдап күліседі. Қолтығына қоңыраулы сырнайын қысқан Мәрәһим Мұртаза ағаммен сөйлескен болып, екі адым жер әрірек түр. Қыздар тауына шықпаған, шөпілдетіп сүйіспеген сияқты. Бүл жолы мүлдем басқа адамдар секілді. Анау түні мен бөтен еркек пен бөтен әйелді көрген тәріздімін. Тіпті, шүбәланып қалдым. Бірақ оларға сынай қарайтын жалғыз мен емес екен, әр жерден екеуіне кезек-кезек қарап тұрғандар бар.

Көк атты арбаға жегіп, қақпадан әкем шықты.

- Иә, үмешілер, сәт сапар! Жүрейік, - деді. - Отырыңыздар арбаларға. Қыздардың ең жақсыларын, ең әдемілерін өзімнің қасыма мінгіземін. Арба менікі, ән сендердікі...

Жұрт ду етіп, көліктерге лап қойды. Қыз - келіншек, әйелдер арба - арбаға бөлініп, таласа мініп жатты. Бірі досының, екіншісі туысының, үшіншісі көршісінің қасына отыруға тырысты. Біреулер арбашыны таңдайды. Ананың шашы бұйра емес, мынаның әйелі қызғаншақ, тағы біреуінің мұрны қисық. Әйтеуір, қалжыңбасқа күлкі табылады. Қыздар шуылдасып, жайғасып отырды. Қайсы арбада, кіммен қатар отыратынын жігіттер үнсіз аңғарды. Сарықарын әйелдер мен егде еркектер қалған арбаларға мінді.

- Менен әдемісі, менен жақсысы жоқ шығар бұлардың, керерсің әлі, аға, - деп ауылға салақтығымен аты шыққан шұбар бет қара қатын Ниса апай әкемнің арбасына мінді. Оның бізге қандай сүйек шатысы бар екенін біле бермеймін. Ауылдың жартысы соның ағайыны.

- Жарайсың, Ниса, жарайсың,- деп көтермеледі оны әкем. - Шұбар қатынның жүрегі өзегіңді өртейді деген рас қой.

- Пәлі! - Ол уақ ақ тістерін әдейі көрсетіп, ақсия күлді. Күлгенде мүлдем өзгеріп кетеді екен. Жүзіне қарап тоймайсың, сірә. Ол әкеме қарай бұрылды. - Бастаған соң тартынба: "Ақ қатынның ішінде мұз жатады, қара қатынның ішінде қоз жатады" дейсің ғой баяғы.

Мен, неге екенін қайдам, сол сәт Ақжұлдызға жалт қарадым. Ақ па, қара ма ол? Ақ та емес, қара да емес.

Алдыңғы аттар жүріп кетті. Тек, үш адам ғана әлденеге абыржып, сасып қалған сияқты, үш бағанадай сорайып түр. Хамза, Ақжұлдыз, Мәрәһим. Міне, Мәрәһим де кілт бұрылып, Мұртаза ағамның арбасына қарғып мінді. Кетті.

- Арулардың күймесіне бізді де мінгізіңізші? - деді Ақжұлдыз әзілдеп. Бірақ мұндай әзіл оған - "азын-аулақ бақытқа таудай тауқымет тартқан" адамға жараспайтын еді. Мен ұнатпадым. Әкем үнсіз ғана көк атты оған қарай бұрды. Ақжұлдызға арналған орындағы пішенді қамшының сабымен қозғап, қопсытып қойды. Хамза мұны көрмеді ме, әлде жорта көрмеген болды ма, секіріп мінді де, сол орынға отыра кетті. Оспадарсыз неме! Ақжұлдыз арбаның екінші қапталына шықты. Ниса апай оған қолын созды.

- Кел, аққуым, езімнің қасыма, - деді, - екі сұлу қатар отырайық. Біз аналардың теңі емеспіз. Солай емес пе? - деп Хамзаның бүйірінен түртіп қалды.

Ақжұлдыз күйеуіне ту сыртын беріп, арбаның ең шетіне орналасты. Көк ат селк етіп, алға ұмтылды. Ақжұлдыздың аппақ үйық пен ақ шабата киген аяқтары кенет артқа серең етті. Құлап қала жаздады. Қораптың ернеуіне жабысып, әрең жығылмай қалды.

Ең соңынан арбаның артынан өзім секіріп міндім. Алдыңғы аттар бүлкілге басты. Біз үнсіз кетіп барамыз. Заржақ Ниса апай да, қалжыңбас әкем де тым-тырыс. Аузын буған өгіздей Хамзадан не сөз шықсын?

Ауыл шетіне шыға бергенде Мәрәһим сырнайын аңыратып жіберді. Мен Ақжұлдыз жаққа жалт қарадым. Сырнай сазы соған ғана арналғанын көңілім кәміл сезіп отыр. Мұны Ақжұлдыз өзі де аңғарған шығар, бәлкім. Оның беті ду етіп, қызарып кетті. Ду етті де басылды. Сырнай ышқына күңіреніп, мұңлы әуенге басты, бірақ оған қосылған әнші жоқ. Неге десеңіз, жұмысқа бара жатқанда айқай салып, ән шырқауды жақтырмайды біздің көшеде. Ауылға қайтарда қалағаныңша шырқа. Үшәтештіктер ғана мезгілсіз - мекенсіз тауықтай қақылдасып, әтештей шақырады. Біз бәрін шамасына қарай, ретімен жасаймыз. Әдеп сақтай білеміз.

Сақтадық!.. Міне, бір қыз шырылдаған ащы дауыспен ән бастады. Оған тағы да екі - үш дауыс қосылды. Тым ертерек сілтеп кетті-ау мыналар! Алғашқы арбада ән көтерілген сайын біздің арбада отырғандар жабырқап, ұнжырғасы түскендей. Ақжұлдыздың бетін әлдеқандай мұңлы көлеңке басып, тұнжырай берді, тұнжырай берді. Оның шынында да аққудың мойынындай мойыны иіліп, басы темен салбырап барады.

... Ол кезде Хамза мен Ақжұлдыздың бір-біріне сыртын беріп, қатып қалған қос қара тастай мелшиіп, үнсіз отырғаны маған пәлендей ауыр ой сала қоймады. Ынжық Хамзаның бар тірлігі сол болған соң не істейсің? Аузындағы сөзін қалай суырып шығарасың? Алдымызда ән шырқалғаны жақсы болды ғой. Біз соларға еріп барамыз. Қара бидай алқабына біз сонда тез барып жеттік. Жолдың жырақтығын аңғармадық. Ал қазір мына екеуінің өмірі туралы ойлағанда, кенет тұла бойым дірілдеп кетті. Бүкіл өмір жолын тап осылай, өзгенің арбасында аяқтарын салбыратып, біріне - бірі сыртын беріп отырған қалпында өтпеді ме екен бүл екеуі деймін. Алда шақырып тұрған әуен болса бір сәрі. Егер ол да болмаса, бастала бергенде кілт үзіліп қалса...

Біздің қара бидай еккен жерлеріміз алқаптың әртүрлі қойнауына бөлек - бөлек орналасқан: мына жерде бір десятина, анау жерде бір танап, мына жерде бір атыз, ана жерде бір мелдек. Сондықтан үмешілер екіге бөлініп, бірі Қоянды мөлдек жаққа, екіншісі Бәрсуан жағасына қарай кетті. Түске дейін бөлек-бөлек орды да, түсте бәрі бас қосып, Бәрсуанның жағасында тамақтанды. Бәрсуан өзені біздің ауыл жерінің шекарасы. Одан әрі өзге ауылдың жері.

Түсте бал қосып ұйытқан қатыққа нан турап жедік. Үмеде тамақ жеудің өзі тамаша. Әр дастарқанға үлкен-үлкен табақтар қойылған, туралған нан үйіліп жатыр. Табақты айнала қоршаған үмешілердің қолындағы қасықтардың қимылына көз ілеспейді. Ұялып, тартынып отырсаң, аш қаласың. Ең абзалы, "тамақ жегенде құлағың сілкінсін, жұмыс істегенде жүрегің жұлқынсын" деген аталы сөздің мағынасын біздің ауыл баяғыда-ақ түсініп алған.

Тамақ ішкендегі баяу қимыл жұмысты жаман істеуден де ұят. Мұны кержалқау да біледі.

Тамаққа тойған соң қалжың мен күлкі басталды. Біреудің біреу қолынан қасығын қағып түсіреді табаққа, бір-бірінің аузына салғалы отырған нанын тартып алады. Әлгі ашық ауыздардың бәрі де қыран - топан күліп жатқаны. Бүл жолы қасығын қатты қысып ұстаған Үшәтеш көшесінің қызы Сажида мен сылбыр Хамза жұрттың мазағына айналды. Қасығынан айырылған Сажида томсырайып түрып кетті. Асағалы аузын ашқан Хамзаның нанын біреу тартып алғанда тісі шықыр етті. Бірақ ол бұған таңданбады. Мұрнын қорс еткізіп бір тартты да қойды. Дереу ұмтылып, дастарқаннан нан алды. Бұған Ақжұлдыздың намысы келіп, манағыдай екі шекесі ду етіп, бетіне қан жүгірді. Мен еркімнен тыс осылай аңдушыға айналдым. Ақжұлдыз бен Мәрәһимнан көзімді айырсам да көңілімді айыра алмаймын. Арбап алды олар мені!

Мен бал қосқан қатықты үлкен тостағанға өзіме бөлек құйып алдым. Мен оны сабан түтіктен сорғанды ұнатамын. Қасықпен ішкен ішкен бе, мұндай тәтті тамақты түтіктен сорғанға не жетсін. Ержетіп, дүниені аралай бастағанда үлкен қалаларда түтіктен түрлі коктейльдерді соруға тура келгенде: осы тәтті тағамды бізден алған жоқ па екен деген ой келеді маған кілең. Мықтап үйренген. Үйренуге де ақыл керек қой...

- Қатыққа бал өте көп қосылған - ау, шамасы, Нисаның еріні жабысып қалыпты, - деді әкем, - мүлдем дыбысы шықпай қалды.

- Оқасы жоқ, кешке майлы ет жегенде жазылып кетер ерінім, ағай, - деп уақ ақ тістерін ақситты Ниса. - Әйтеуір, етің мол болсын.

Жұрттың бәрі орнынан тұрғанда ең шеткі дастарқанда отырып қалған жалғыз Ысқақ қана. Ол ылғи тойға да, жаназаға да, ішімдік ішілетін жерге де, үмеге де шақыру күтпей, өзі келеді. Ауылдың бірінші "алаяғы". Ысқақты ешкім қумайды да, төрге де шақырмайды. Ол оз орынын, оз дәрежесін біледі. Оның орыны ең төменде, ең шетте. Бойы сорайған, мойыны оқтаудай, басы құйттай, сып - сидам жүдеу кісінің қызық қосалқы аты бар. Оны "Патшаның қазынасы" дейді жұрт. "Қазына" атану себебі, өзі барып тұрған мешкей, бойына шыр жұқпайды, ішіп тоймайды, ұялмайды. Бүл атты оған кімнің қашан бергені белгісіз. Бірақ жасы елуді еңсерген бүл байғұс, шеттеп қалған жалғыз жан, патша түскен соң да "Патшаның қазынасы" деген аттан арыла алмай жүр. Ол әйелдер көпшік тыстайтын ірі гүлді шыттан тігілген көйлек киеді. Неге десең - тауардың арзаны. Айта кетер бір жай, қазір Ысқақ ең сәнді киінген ерлерге есептелер еді - ұстап алып, Бродвейге жіберуге тұратын!

Ысқақ табақты көтеріп ішті де, түбін жалап қойды.

- Иә, тойған шығарсың енді, Ысқақ?- деді әкем.

- Тоймадым, ағай, толдым, - деп жауап берді әлгі борша - борша тер аққан ұзын мойнын созып.

- Ей, Ысқақ! Бәс тігемін. Ұтсаң, белімдегі белдігімді шешіп берем,- деді біздің жирен мұртты Хисмәтулла деген құдамыз. Ол осы өңірдегі бас бәсекеші. Бір кезде бәстесіп чуваш ауылында атын ұттырған. "Аттың сүрініп өлуі де мүмкін еді ғой" деп жұбатқан ол әйелін. "Ұттырғаның жақсы болыпты, әйтеуір, аман қалған ғой, жығылып өлсе, жақсы атты қатты қайғырар едік" деп қуаныпты ақ көңіл құдашамыз.

Ысқақ та бәстесуге түңғыш түскелі тұрған жоқ. Анығырағын айтқанда, бәстесуге түсетін өзі емес, қарыны. Әңгіменің мән - жайын түсініп, құнжың етті.

- Қаншаға?- деп сұрады.

- Меймілдеген он тостаған қатық ішесің.

- Бәс тігіп жатыр! Бәс тігіп жатыр! - деп шуласты үмешілер, - Ысқақ балуан шайқасқа шығады. Есітпедім демеңдер!

Жұрт дереу бәстесушілердің төңірегіне топырласты.

- Қане, белдігіңді шешіп көрсет, - деді ЬІсқақ. Анау дереу белдігін шешті. Құданың сары мыс тоғалы жалпақ, былғары белдігі ғажап еді. Ысқақ оны қолына алып, айналдырып -айналдырып көрді де:

- Аш кезімде белдігің он бес тостаған ішуге, тіпті жиырма тостаған ішуге тұрарлық. Қазір бес тостағаннан асыра алмаймын.

- Тоғыз тостаған! Тоғызға келісіңіз! - деп айқайлады біреу.

- Алты, - деп тұрып алды Ысқақ.

Сары құда әлгінің қолынан белдікті жұлып алды, белдік десе, белдік - ақ екен.

- Алты тостағанға анау Кіндікпен де бәстеспеймін! - Ол иегімен мені ымдап көрсетті. Қап, құда - ай! Менен кіші, менен әлсіз адам таппағаның - ау, ә? Оң қолымды дереу басымдағы кепешке создым. Создым, да тартып алдым. Кепешімді ортаға тастап бәстесуге шығар едім, жұрттан ұят - ау. Қанша айтсаң да әлгі жирен мұрт біздің құдамыз ғой.

- Тойып тұрған Ысқақтың жағдайын түсінейікші, бауырлар! Сегіз тостағанды төңкерсе де жетеді,- деп дарылдады Темірбай. Оның дауысы жоғарыдан төмен қарай домалатқан бос кеспектей салдырлап шықты. Темірбайға басқалар да қосылды.

Сегіз тостаған ішсе де жетер. Соны көтере алса да жарайды...

- ЬІсқақтың да ішінде шегі бар шығар - ау!

- Сегіз тостаған да іше алмайды ол! Шамасы жетпейді!

- Баяғы Ысқақ емес, әлі жоқ...

Мұны жорта, оның шамына тию үшін айтқаны көрініп тұр.

Ысқақ қарнын екі рет күмп - күмп еткізіп, соғып қалды:

- Аллаға тапсырдық. Жарылсаң, жарыл, мені қор қылма! - деді ол - Әкеліңдер қатықты. Сегізге дейін түгел санаңдар. Қалғанын көре жатармыз.

Үлкен бір табақ қатық, тегештен сәл-ақ кіші тостаған әкеліп қойылды.

- Құй, Темірбай құрдас! Сен әділ жігітсің, қолың жеңіл шығар, - деді Ысқақ.

- Ал отырайық. Ысқақ сен де отыр,- деді әкем. Жұрт дереу жерге отырды. Тек түрегеп тұрған жалғыз Ысқақ.

- Мен түрегеп тұрып ішер едім, рұқсат болса... - деп ол әкеме өтініш жасады.

- Рұқсат жоқ!- деп шорт кесті белдік иесі. - Асты құрметтеу керек!

Мен сезіп тұрмын: асты аяғаннан айтып тұрған жоқ ол мұны. Түрегеп тұрып ішсең, қарынға көбірек сыяды. Соны біліп түр сары сайтан.

- Жарайды, сенің айтқаның болсын, - деп келісті Ысқақ. Ол табақ алдына келіп тізерлеп отырды. Көлбей отырмады, тізерледі. Оның осы отырысы, қит етсе ұшқалы қанатын қомданған тырна тәрізді.

Темірбай алғашқы тостағанды құйып берді. Ысқақ оны жайымен сіміруге кірісті. Тым баяу ішкені соншалық, қатықтың өңештен өткенде қылқылдағаны да сезілмейді. Екінші тостағанды да осылай асықпай ішті. Үшіншісін сіміріп салғанда жұрт дуылдаса бастады:

- Мына ішуіне қарағанда, шамасы, ұтатын шығар.

- Кешке дейін созбақ ойы бар ғой!

Кетші, осы да бәстескен бе? - деді бір қыз, - жетім бұзаудың шүберек жалмағанындай, білләһи!

- Бізді жалықтырма, Ысқақ!

ЬІсқақ бұлардың сөзіне құлақ асқан жоқ. Алайда төртінші тостағанды тезірек тауысты. Бесіншісі мен алтыншысын бірінен соң бірін төңкере салды. Оның бүлкілдеген жұдырықтай көмекейі иек асты мен өңеші арасында әрі-бері жүгіріп, зыр қақты. Осы кезде үмешілер отырған жерлерінен Ысқаққа таман жақындай түсті. Бара - бара оны қаумалай қоршап алды. Жетіншісіне қолын созғанда ол ауыр күрсініп қойды. Бұған дейін маңдайынан сорғалаған тер айғыз-айғыз болып, шұбырып ақты. Тостағанды аузына тақағанда оған тырс-тырс етіп, ірі тамшы тама бастады. Гүлді көйлек ішіндегі қарны көпшіктей көмпиіп, кеуіп кетті. "Көпшік" жарыла жаздап, тырсиып түр. Қалайша тыныс алады екен бұл? Жетінші тостағанды ол үшке бөліп ішті. Ішті де кекіріп жіберді.

- Леп шықты!- деді біреу,- орын босады. Алайда орын босамады - ау, шамасы. Соңғы тостағанды ЬІсқақ тым ауырсынып, қатты қиналып ішті. Ұрттағаны тамағынан өтпей, ызаға булықты. Әр жұтымы азапқа айналды. Оның аузына қарап тұрған жұрт, мойындарын созып, өздері ішкеннен бетер қиналды. Ысқақты аяғаны. Бір ұрттамы, бір тамшысы ішілген сайын кем-кемнен кеми берді қатық. Там - тұмдап азая берді. Тостағанның түбіне таяғанда Ысқақ сіміргенін қойды да, ұзын тілін созып, мысықтай жалай бастады. Жалап бітірген соң бос тостағанды басынан асыра лақтырып, қақшып алды. Одан бір тамшы да тамбады. Сары құда ләм - мим деместен оның мойнына доғалы жалпақ белдікті әкеліп ілдірді. Белдігі елде ілуде бір кездесетін дүние. Қазына Ысқақтың бетіне ойнап шыққан мекер, аяр күлкіні көруімнің алды-арты сол болатын.

- Әйдә, мұрт, - деді ол - бәстесуді жалғастырамыз әлі.

- Шартыңды айт! - деп өзеуреді біздің құда.

- Жұрт алдында дамбалыңның ышқыр бауын суырып берсең, тағы да екі тостағанды төңкеремін.

Жұрт шу ете түсті.

- Давай, давай, мұрт!

- Ну, маладис, ЬІсқақ, еңіреп туған ер екенсің!

- Сегізі сыйған жерге оны да сыяды, қайтпа!

- Бас, тәуекел!

- Кет әрі, ұятсыздар! - деп шырылдады бір әйел - Тамашаны тапқан екенсіңдер түге, үменің шырқын бұзып.

Meн ризамын! Құй, Темірбай!- деп қоқиланды сары құда. - Ұят болады десе, ұялғандар қарамасын.

Алайда осы тұста жеңімпаз ішін ұстап, шөмеленің сыртына қарай тұра жүгірді. Орақшылар арасында да, кешкі отырыста да ол қайтып көрінбеді. Бірақ сол күннен бастап дүние салғанға дейін Ысқақтың белінен әлгі белдік түспеді: оның бір мүшесіне айналып кеткен тәрізді. Жерлегенде де белдігін буып жерледі оны: ажал жетер алдында марқұмның айтқан өсиеті сол көрінеді. Бәлкім, сорлының өз өмірінде алған ең мықты сыйлығы сол болса керек...

Бірақ бәстесудің бастысы, жарыстың үлкені алда еді.

Түстен кейін шағын танаптарды орақшылар қосылып орды. Адам көп болғандықтан жұрт алқапты ұзынына ормай, көлденең түсті. Күн едәуір еңкейгенде бір - бірінен үш-төрт қадамдай жерде тұрған үмешілер соңғы атыздың бойын жағалай тізіліп тұра қалды. Әппақ алжапқышты қыздар, жаулықтарының ұшын желкесіне түйген келіншектер, омырауы ашық жігіттер, арқасынан соры шыққан ағайлар орақтарын иығына салып бір сот үнсіз тұрды. Толысып піскен қара бидай алқабы алдымызда тымық күнгі қол бетіндей маужырап тұр. Мына тұрған жұрт енді-енді жағадан секіріп, құлашын жазып, жүзіп кететін сияқты.

Ниса апай мен Хамзаның арасында тұрған Ақжұлдыз кенет жұлқынып алға шықты. Шықты да жалт етіп ту сыртына қайырылды. Әуелі ұзын жасыл сәтен көйлегінің етегін екі жаққа қайырып, жеңін шынтағына дейін түрді, шолпысы сыңғырлаған қос бұрымын мойнына орап, екі ұшын жауырынан асыра түйіп тастады. Содан соң қынабынан қылыш суырғандай, сол иығындағы қызыл сапты айдай имек орағын оң қолымен серпе тартты. Оның көзінде бұған дейін біз көрмеген бір қайсар ұшқын жалт етті. Әмән күлкі үйірілген әдемі еріні сәл жиырылып, сіресіп қалды.

Жұрт аң - таң. Ақжұлдыз аяқтарының арасын сәл ашқан қалпында тапжылмай тұр. Көп уақыт өткендей көрінді. Осы өңім бе, түсім бе, айыра алмай, басым дал. Кейін қара бидай алқабындағы осы ару жеңгей биік жартастың төбесінде, әлде құздан құлаған сұрапыл сарқыраманың дәл ернеуінде, әлде лапылдаған оттың ортасында тұрған қалпында талай рет түсіме кірді. Оң қолындағы қызыл сапты жарқылдаған ай бейнелі орағын жоғары көтеріп, ол енді жартастан ұшып түсті - ау, төмендегі қайнап жатқан құрдымға құлады -ау, лапылдаған жалынға қойып кетті - ау дегенде ғана оянып кететінмін. Ояна қойсам, қуанышымның шегі жоқ. Бәлкім, көрген түстерім бекер болмас: мүмкін, Ақжұлдыздың өңінде көргендері менің осы түсімде көргендеріме ұқсас шығар...

Асқан сабырлы, аса әдепті келіншектің мына мінезіне жұрт қайран қалды. Не болар екен? Қыбыр еткен бір жан жоқ. Барлық көз бір Ақжұлдызға қадалған. Бұл тамашаға көзімен емес, аңқия ашылған аузымен қарап тұрған жалғыз Хамза.

- Біздің жақта ерлер тамаққа емес, істе жарысады!- деді Ақжұлдыз. Оның дауысы тағы да бұрынғыдай сыңғырлап шықты. Тал жібектей жұмсақ, аңқылдаған ашық үн. - Жүрек жұтқан ердің ері шықсын менімен жарысқа! Тәуекелге бел буатын кім бар? Шығыңдар.

Үмешілер не дерін білмей, дағдарып қалды. Ақжұлдыз жұрттың әбден ызасын келтірді:

- Немене, еркек жоқ па бүл ауылда?

Мәрәһимді көзіммен қалай іздеп тапқанымды өзім де сезбей қалдым. Ол атыздың арғы басында түр. "Саған айтып түр ғой, саған! Неге сүмірейіп қалдың?" деп айқайлағым келді.

- Давай, Хамза,- деді біздің әлгі сары құда, - зайыбыңмен жарысып, еркек екеніңді көрсет!

- Қане, Хамза, қане!- деді басқалар да.

- Мұртты дұрыс айтады, Хамза жарыссын! Кімнің мықты екенін көрейік!

- Көрмей-ақ қой, - деп бұрқ етті Хамза, - мен өз қатынымды жарысқа түспей-ақ баяғыда жеңгенмін. Мықшыңдап жарысудың қажеті қанша.

Дабыра біраз басылды.

- Ауыл - аймағымызбен масқараға қалдық қой, бауырлар! - деп өршелене түсті біздің шамшыл құдамыз. - Өзім шығар едім, орағым өтпейді, қолым шабан. Тілмен орақ ора алмайсың. Менен басқа бірде-бір еті тірі жігіт табылмағаны ма?

Атыздың бойымен алшаң басқан Мәрәһим Ақжұлдыздың алдына келіп тұрды. Оның шомбал денесінің қасында өзге еркектер аласарып, шөгіп қалғандай көрінетін. Сондықтан мықтылардың өзі оның маңына жоламауға тырысатын. Бұл жолы қылыш балықтай қағілез ғана Ақжұлдыз балуанның алдында қораш тартпады, қайта әлдеқалай өсіп, биіктеп кеткендей болды. Міне, ғажап!

- Мен шығамын, - деді балуан, - үш қадамнан өлше, Мұртаза.

- Өзі тек сонда ғана Ақжұлдыздың бетіне тіктеліп қарады. Келіншектің беті ду етті де, қайта басылды.

- Шарт мынадай: жеңіп шықсаң, бір сүйесің, шаңына ілесе алмасаң, шейіт кетесің... - деді белдігін ұтқызған біздің құда.

- Ер намысы белдік емес, бірін шешіп беріп, екіншісін тағатын, - деп қағытты оны біреу.

"Батырдың ажалы қатыннан" деген нақыл бар, - деп Мәрәһим еңсесін көтерді,- не болса да маңдайдан көрерміз, Ақжұлдыздан жеңіліп, қор болғанымның өзін зор мәртебеге, зор сыйлық алғанға санармын.

- Дәмең зор екен, Мәрәһим... - Ақжұлдыздың әдемі ерінінде болар-болмас күлкі үйірілді.

- Маңдайыма жазылғаны сол болса, қайтем... - деп ол да сәл езу тартты. Көгілдір көздері мұңға толы еді. Иығындағы орағын алды. Көздері кенет жарқылдап кетті. - Нар тәуекел, Ақжұлдыз! Сен жансаң, мен де сөнбеспін...

Қандай сұлу сөздер айтты Мәрәһим! Мен олардың мағынасын жақсы түсіндім. Басқалардың бұған ақылы жетпейді.

Үмешілер таласа дуылдасып, шарт қоя бастады:

- Бауын өздері байлай ма? - деп сұрады Ниса апай.

- Өздері, өздері!

- Орып келе жатып, баулай берсін!

- Жоқ, жоқ! Әуелі орып шықсын, содан соң бауласын!

- Ей, жамағат! Өздеріне қайсысы ыңғайлы, қалауын істесін!

- Иә, қалағаны болсын! Бәрібір соңғы бауды қайсысы байлайтындығында ғой мәселе.

Осы кезде Мұртаза ағам мөлдектің көлденеңінен үш қадам өлшеп, қара бидай сабағын үш жерден түйді, содан келесі атызға шығып, осындай белгі салды. Басқалары шылбырларды, арқандарды бір-біріне жалғап, әрқайсысы атыздың көлденеңіне жететіндей үш арқан жасады. Сол жіптерді әлгі белгілердің тұсына бір атыздан екінші атызға керіп тартты. Тұп-тура екі шек бөлінді - осыдан артық әділдік болмас.

Жарыс қазір басталады. Мен Ақжұлдызды аямаймын. Оның саңлақ орақшы екені әмбеге аян. Мәрәһимді аяймын. Рас, ол да іскер, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Ол талдан шетен тоқыса, қыздар тоқыған шілтер сияқты әсем шығады. Шөмеле жинаса, шіркеудің күмбезіндей көз тартып тұрады. Ол жасап шығарып, сырлаған терезе жақтаулары алыстан кісіге күліп қарайтындай. Тіпті орманнан отын алып қайтқанда да қалай болса солай жинамайды, оны тегістеп кесіп, мұнтаздай етіп тиейді. Сырнайды қалай сайрататынын айтпай-ақ қояйын енді, оны осы өңір түгел тыңдаған, ал мына ораққа қалай екен - төтеп бере алар ма? Ақжұлдыз жеңілсе, жөні басқа, ол әйел кісі. Мәрәһим жеңілсе, бүкіл ауылға масқара. Ой - хой, абырой берсін. Ішімде отырған әзәзіл шайтанның құйттай баласы Ақжұлдыздың жеңуін де тілеп қояды. Немене, әйел кісінің кілең жеңіле беруі керек пе?

- Уа, бастаңыздар! Жеңілген жыламасын. - Осы кезге дейін егеске қатыспай тұрған әкем жарысушыларға осындай бата берді.

Ақжұлдыз бен Мәрәһим екеуі ортадағы арқанның екі жағына келіп тұрды. Бүл екеуі бірін-бірі мына сары теңізге батырар ма екен, әлде, керісінше, құтқарып алып шығар ма екен? Екеуін де аяймын мен, себебі, олардың екеуі де маған аяулы жандар. Мен олардың сырын сақтап жүрмін. Қазір бүл сырды жан баласына жариялағым келмейді. Ол тек өзімдікі, жоқ, Үлкен шешем екеуіміздікі... Бірақ екеуі қатар тұрғаны қалай? Әр орақшы өз шегінің оң жақ бұрышында болуға тиіс қой. Оңнан солға қарай ору керек. Қызық - ау, осы Мәрәһим, оқшау түр, оңы - солын айыра алмайды. Күлкіге қалады ғой енді! Оның қатесін түзеткім келеді, тек батылым жетпейді.

- Алдымен сен баста, Ақжұлдыз деді Мәрәһим.

Ақжұлдыздың қызыл сапты жалтыр орағы бір уыс қара бидайдың сабағын қарш еткізіп, қиып түсті. Екіншісін, үшіншісін де шалып - шалып жіберді. Ой - хой, содан соң бауырын жазып, аршындап кетті - ау! Оң қолындағы орағының жалтылына көз ілеспейді, сол қолына қара бидайдың сабағы өзі үйіріліп келіп, орақпен қосыла шыр көбелек билеп бара жатқандай. Уысы толған кезде орағымен сабақты қайырып әкеліп, сырт айнала бере кейін қалған дестеге салады. Салады да қайтадан орады. Имек бас қара бидайдың сабағы тағы да ойынға басып, секеңдеген сайын толған уысы тағы да биге кіріседі. Жаңа ғана шегінің оң жағында келе жатқан орақшы ә дегенше сол жақтан шығады. Жауырынына қайырған бұрымындағы шолпылары ара - тұра сыңғыр қағады. Беті көрінбейді. Басын көтермейді. Орган сайын еңкейіп жерге жабысып жатыр. Орақшы тек уысын ашып - жұмып тұрса болғаны, қара бидайдың сабақтары оның шеңгеліне өздігінен жапырыла оралатындай. Жалтыр орақ егінді жалмап жұтады - ай келіп. Тіпті тоқтауды білмейтін түрі бар... Орақ ору емес бұл, тұрысымен тамаша, бәйге! Көзіңді айыра алмайсың, бірақ қадала қарай бермеу керек. Өйткені, қасында қас - қабағын аңдып тұрған анау адам бар.

Жаңа ғана түсіндім. Мәрәһим солақай екен. Ол кішкентай қылыштай орағымен егін сабағын мол қамтып, жапыра жайпап, оқшау суырылып шықты. Оның күректей қолы бір қысқанда, ойпыр-ай, жарты бауды жапырып түседі. Баяуырақ қимылдағанымен, бір сілтегенде біраз жерді қайырып, ойып тастайды. Мәссаған, Алпамыстың дәл өзі!

Шекарада олар сирек кездесіп қалады. Кездеседі де лезде екеуі екі жаққа айырылып кетеді. Иә, бірі - біріне басын көтеріп қарай алмай, қауышады да айырылысады. Көздеріне көздері түспегені, бәлкім, жақсы да шығар. Міне, Мәрәһимнің ақ көйлегі арқасына жабысты. Алғаш жапырақ сияқты дақ болып түскен тер жайыла - жайыла беліне жетті. Ақжұлдыздың арқасында әлі тердің табы көрінбейді. Сол жақсы. Көрінбей-ақ қойсын. Мұндай кербез келіншекке қара терге малшыну жараспас та. Бәйгеде ақ көбікке батып келген байталды да аяймын мен.

Шектердің жартысына жеткенше олар тепе-тең келді. Одан әрі жағдай өзгерді: Ақжұлдыз Мәрәһимді бір адым, сәл соңырақ екі адым шамасы артта қалдырды.

Бұған дейін жарысты үн-түнсіз бақылаған жұрт біресе қуанып, біресе қиналды. Біреулер Ақжұлдызды көтермелеп; "Пай-пай, келін десе, келін - ау! Келін емес, тұнған қазына ғой", "Маңдайы ашылған екен мына ынжық Хамзаның...", "Қадірін біл, борсық". Хамзаға "Борсық" деген жаңа ат қойды біреу.

Екінші біреулері Мәрәһимді қыздырды: "Әй, сырнайшы, тезірек бас сырнайыңның тілдерін", "Жеңілсең, жата қал да намыстан өл", "Асықпаңдар, аю шамданса, құралайды бас салар, дейді", "Құралайдың құйрығы қысқа, ұстатпай кетер". Біреулер дөрекі, былапыт сөздер де айтып салды, әлдекімдер қарқылдап күліп жіберді. Ниса апай шыдамады, екі қолын бүйіріне таянып, әлгі аузына келгенді аталағандардың алдына тұра қалды:

- Ұятсыздар, есуастар, топастар! Мынандай тамаша оқиғаны құдайға мінәжат еткендей ықыласпен көру керек қой. - Ол орақшыларға қарай иегін көтерді. - Ал сендер тұмсықтарыңды көтеріп, кісінейсіңдер, өңшең кәрі азбандар. Ойланып қарасаңдаршы, топастар - ау, - оның дауысы кенет жұмсарып, жүзі жадырай қалды. – Сүбханалла -машалла! Тіпәләм, тіпәләм, көз тимесін. Сұлулық пен Күш жарысып жатыр ғой мұнда! Әсемдік пен Қайрат арпалысқа түсті ғой. Мұндай мерекені адам өмірінде бір рет - ақ көруі мүмкін, бұйырса... Таңырқай білу керек. Сендер, имансыздар, күшік таластырғандай өшіктіріп тұрсыңдар.

Ниса апайдың мына сөздерінен соң бүл жарыс мүлдем өзгеше сипат, өзгеше мағына алғандай болды. "Сұлулық пен Күш жарысып жатыр ғой мұнда!.." Қайсысы жеңер екен бұлардың? Тап мінәжат тыңдағандай жұрт демін ішіне тартып, тына қалды.

"Құралай" екі қолымен сан алуан сиқырлы қимыл жасап, өз шегінің шетіне шығып барады. Ол өзінің сиқырлы ойынына берілгені соншалық жер жүзінде осы қара бидай алқабы мен өзінен басқа ештеңе жоқ сияқты. Мәрәһим де шеңгел - шеңгел бидай сабағын қанатын қомдаған қырандай дестеге қайырыла тастап барады. Ақжұлдыз ең соңғы бір уыс бидай сабағын қолына ұстаған қалпында ұршықтай бір үйіріп, ту сыртына қайырыла қарады. Мәрәһимнің тағы бір сажындай оратын жері қалғанымен жарыс аяқталмады, баулауға кірісті. Лезде бау орап, шапшаң дестені жинап, қас қағымда баулап тастайды. Артында домалап қала береді. Баулары бау емес белін қынай буған сары қуыршақ сияқты көзге ыстық көрініп, күліп тұрады.

Алайда Мәрәһим бұл жұмыста одан айласын асырды. Едәуір кешіксе де жарты жолда ол Ақжұлдызды қуып жетті. Рас, оның баулары едәуір жуанырақ. Жуан бауға қара бидай сабағы көбірек кетеді де, жұмыс енімді болады, бірақ бәрібір ол қолым үлкен, күшім коп деп артық кетпейді. Әдеп сақтайды. Шектің шетіне шыққанша олар бірге барды. Ең соңында ғана Мәрәһим бір - екі бауды бұрынырақ салды, бірақ келіншек лезде қуып жетті. Отыз - қырық кісінің көз алдында олар титтей қарау, құйттай қиянат жасамады. (Көп жылдар өткен соң мен қазір мына жайды түсіндім: Ақжұлдыз бұл жарысты, шамасы, Мәрәһимді жеңіп, қорлау үшін емес, әлде өзі жеңіліп мазаққа қалу үшін бастамаған. Осы арқылы ол Мәрәһимнен сәл суынып, күйеуін өзінен бездіруді тілеген сияқты. Бәлкім, қателесетін шығармын... Әйелдердің көңілі түпсіз тұңғиық, түбінде не жатқанын қайдан білесің?)

Міне, Ақжұлдыз соңғы бауын баулады да, оны көтеріп алып Мәрәһим жаққа лақтырды. Ақырғы бауын қолтығына қысып тұрған жігіттің жауырынына келіп тиді ол Бірақ жігіт қайырылып қарамады. Ол шапшаң баулады да, ғаламат жуан баудың жалбыраған ұшынан ұстап келіншектің алдына әкеліп қойды. Басын иіп, үнсіз тұрды. Ақжұлдыздың ерніне әсем күлкі жүгірді. Ол әуелі бұрымын тарқатып, жауырынына тастай салды, беліне қайырыла қыстырылған етектерін түсірді. Содан соң Мәрәһимнің көк көздеріне қадала қарап:

- Еңіреп туған ер екенсің, Мәрәһим... - деді. "Мінәжат тыңдау" тыныштығы бұзылды. Жұрт өздері жеңіп шыққандай, бөрі бірден еркін тыныс алды. Рақаттана тыныс алды.

- Есер екен мыналар! Жынды!- деп таңырқады біздің жирен мұрт құда.

- Біріне - бірі лайық деп, міне, осыларды айт! - деп салды бір әйел.

Екі орақшының ортасына әкем барып тұрды. Бір аса қажетті сөзді ойланып қалды білем. Сақалын тап сағағынан қысып ұстап тұр. Ең ақылды сөзін ол сақалынан сығып шығарды:

Сендер екеуің де жеңдіңдер, - деді ол - әдемі жеңіс. Мұндай жеңімпаздарға қымбатты сыйлық беру керек қой, ондай асыл дүнием жоқ, Сендер жассыңдар, жақсысыңдар, сұлусыңдар. Өздеріңе ездерің сыйлықсыңдар... Менің үмемді бір көтеріп тастадыңдар, көркейттіңдер. Сағына еске алатын тамаша көрсеттіңдер. Рахмет саған, келін! Мәрәһим, саған рақмет!..

Әкем қызық сөз айтты. Бұл не, алғыс па, мақтау ма, таңырқау ма? Маған әкемнің сөзі бата сияқты болып естілді. Жә, жетер! Жұрт көрмегенді - көріп, жұрт естімегенді есітетін қандай әдет осы мендегі? Есім ауысқаннан сау ма?

Бұдан соң үмешілер атыздың бойына тізілісті. Көз ашып жұмғанша бір танап қара бидайды баудай түсірді. Сонымен, уәссәләм, біздің орақ бітті. "Құйттай ғана бүкірді, егінді жалмап бітірді" деген жұмбақтың да шешуі шықты, мінеки...

Ауланы жағалай көрпеше жайған кешкі дастарқан басында Мәрәһим мен Ақжұлдыз қарама-қарсы отырды. Мен шайланың төбесінен бәрін көріп жатырмын. Мәрәһим ішпей -жемей, сырнай тартты. Ой, тартты - ау! Бұрын - соңды мұншалық шалқымаған шығар. Менің көңілімді біресе көзге көрінбес әлдеқандай ыстық сәуле аяласа, біресе лапылдаған сүр жебелер қадалады кеудеме: жүрегім біресе қуана лүпіл қағып, біресе қатты тулап, алқымыма тығылады. Зарлы әуендерден тынысым тарылады. Енді біттім, қылғынып өлдім дегенде, жайдары жарқын әуендер жетіп, ажал аузынан құтқарады. Қайта тірілемін.

Дастарқан басындағы шам бықсып, көмескі жанғандықтан мен сырнайшының жүзін айқын көре алмадым. Ақжұлдыздың арқасын ғана көремін. Әйтсе де мен олардың бір-біріне елжіреп, қиыла, мұңая, жаутаңдай қарайтынын сеземін (Міне, тағы да - япыр-ау, бүл не сұмдық? - көзім көрмегенді өзім көріп отырмын). Осынау асыл саз, әсем әуенге қалай шыдайды, Ақжұлдыз, өртеніп кетпей қалай отыр, ойпыр - ау? Сырнайшыға ара-тұра әншілер қосылғанымен, әсем әуеннің шырқын бұзып, берекесін қашырды. Сандуғашқа әтеш қосылып он салғандай көрінді.

Кенет Мәрәһим біздің елде мүлдем естілмеген әсем, шырқау әнді шарықтата созып, ырғай толғап жіберді, аяғына дейін әуелетіп қайырды да, қайта бастады. Шаршы топты қайран қалдырған Ақжұлдыздың майда қоңыр үні мамырлай көтерілді. Таңырқауымыздың себебі, оның келіншек боп түскеніне бір жылдан астам уақыт өтсе де әнін алғаш есітіп отырмыз. Біздің халық әнге әуес. Соз сөйлеуге шорқақ болса да, ән шырқауға тартынбайды. Даусы жетсін - жетпесін әнге қосылады.

Қандай әсем, еркін шырқайды Ақжұлдыз! Жұрттың у-шуы бірден басылды. Бұған дейін қасындағылардың аузын аштырмай, өздері көпіріп отырған күпілдек масаңдар да демін ішіне тартып, қатып қалды. Ақжұлдыздың аңқылдаған ашық әуені түнгі ауылдың үстінен баяу қалықтап, алты қырдан асып, қиянға самғап, шығанға шырқап кетті. Бәлкім, шет жерде адасып қалған ән өзінің атамекеніне, Дим сағасына қарай самғаған шығар? Самғасын. Күллі әлемде ешқандай үн оған бөгет бола алмайды, оны ештеңе тоқтата алмайды. Жоқ, қара үзіп кетпеді ән, қайта оралды. Жоғарыда жатқан маған бәрі айқын көрініп тұр.

Шайқап - шайқап, шайып кір жуады,

Талмай ма екен ақ білегі шайқағанда?

Көрші тұрып, күнде көре жүріп,
Жанбай ма екен жан-жүрегі
Түнде жатып ойлағанда, -

деп шырқады біздің ару жеңгей. Содан соң басын иіп, біразға дейін жым - жырт отырды. Ақжұлдыздың біз білгелі ән салғанының алды - арты осы болды. Оның мұңлы әуенін қайтып есітпедік. Қуанышын да, қайғысын да әнсіз қарсы алып, әнсіз шығарып салды ол.

Бұдан соң думанның сәні қашты. Өзге ән көкейден шықпады, сырнай сазына қосылмады. Жұрт тарай бастады. Масаңдар әр қайсысы өзінше күлдіргі бірдеңелер айтқан болып, келістіре алмаған соң, біраз отырды да қайтып кетті. Думан тарқады...

Ертеңіне таң ата Мәрәһим басының ауған жағына кетті. Қойнына жарты нан салып, сырнайын қолтықтап жолға шықты. "Мені жуық арада күтпей-ақ қой, алысқа кәсіп іздеп барамын" депті ол әйеліне. Күз сайын, қыс сайын кәсіп іздеп кететін Мәрәһимнің әйелі бұған пәлендей таңданбады. "Жарайды, есен барып, сау қайт, қалған егінді өзім - ақ жинап алармын. Дегенмен тым ұзақ кетпе, аяғым ауыр..." деді. Бұл сөздерді шарбақтың ар жағынан Қара Жұмағұлдың әйелі есітіпті. Мәрәһим көше жақтағы қақпадан емес, қора, бақша жақтан шығыпты. Содан соң Ғаллем қарттың шарбағына келіп, ұзақ қарап тұрған. Тұрып, тұрып, кілт бұрылып, тоғай жаққа жүгірген. Содан соң ауылға қайтып қарамаған. Мұның бәрін кім аңдып тұрғаны бізге беймәлім.

Апта өтті, ай өтті. Торғай мен ала қарғадан басқа құс қалмады ауылда, құстың тәуірі ыстық жаққа ұшып кетті. Қоңыр күзді сәнге бөлеп, әуеде өрмекші ауының алтын сабағы ұшып жүр. Мәрәһимнен хабар-ошар жоқ мүлдем. Жұрт уайымдай бастады. Сөйтіп жүргенде қазды соғымға сояр қарсаңда қүс тіліндей хат келген көрінеді. Онда есен-саулығын білдіріп, жүкті қалған әйеліне өтінішін айтыпты: "Ұл тусаң, атын езің тап, қыз тусаң, Ақжұлдыз қой" деген. Әйелі жұбайының өтінішін орындады. Қаңтардың ақ боранында дүниеге келген қыз балаға әкесінің тілегі бойынша Ақжұлдыз деп ат қойды. Менің білуімде бүл тумай жатып аты қойылған екінші бала. Алғашқысы - Қара Жұмағұлдың егізінің сыңары Хәбиболла еді. Нәресте Ақжұлдыздың кіндігін кескен, әрине, Үлкен шешем. Бірақ мен қазір ондай шаруаға араласпаймын.

Үлкен Ақжұлдыздың суға барғанын да, малды күткенін де, қорада отын кескенін де көріп тұрамыз. Ара - тұра ол сылтау тауып Бике жеңешеме де келіп кетеді. Ол баяғысынша салиқалы, сабырлы, ыждағатты. Тек әлгі ет - бауырыңды елжірететін сиқырлы күлкісі ғана әлдеқайда жоғалған. Ең жақын сырлас әйелге Ақжұлдыз жан сырын шерткен көрінеді: "Бөрімізді азаптан құтқарамын деп кеткен шығар... Бұлай болмады. Одан бетер сай-сүйегім сырқырап, сағыныштан сарғайдым, іші-бауырыма қара қан қатып, өртене - өртене қара көмір боп қалды. Кеудемдегі жүрек емес, жалын атып жатқан шоқ. Енді қанша шыдайтынымды білмеймін. Әйтеуір, шыдау керек. Ішім елі, сыртым сау өмір сүруім керек..." Бәлісім, ол осы сөздерді айтпаған да шығар. Жұрт сыртынан айтуы да ықтимал Қалай айыптап айтпаған.. Тағы да Ақжұлдыз былай депті: "Кейде оны қорқақ деп айыптап, қарғаймын да, дереу ашуымды қайтып аламын. Қарғысымнан жазым болар деп зәрем ұшады. Құдая - тоба, өзің сақтағайсың деп жалбарынам..." Сағынған жеңгейдің айтқан сыры осындай. Сырдың қанаты шапшаң. Бір ұшып шықса, елді тез шарлайды. Қауырсынының біреуі бізге де келіп түсті. Бірақ Ақжұлдыздың атын атап, ешкім сыртынан мақтамады да, даттамады да. Әуелгісінше, тіпті әуелгіден де артық сыйлайтын болды оны жұрт.

Бір күні Ақжұлдыз біздің үйге келіп, Бике жеңешем екеуі шымылдық ішінде ұзақ әңгімелесіп отырды. Бүл жолы ол маған тым көңілсіздеу көрінді. Кетерінде Бике жеңешем шығарып салды. Үйде Үлкен шешем екеуіміз қалдық. Әлгілер кеткен соң Үлкен шешем өзегіне өрт түскендей, ауыр күрсініп, уһілеп қойды.

- Неге күрсінесің, апа? - дедім мен.

Ол терезеден әлдеқайда алысқа көз жіберіп, едәуір уақыт үндемей отырды. Содан соң мойнын бұрып, менің көзіме тура қарады да сөйлеп кетті.

- Қазір енді сен он торт жасқа шықтың. Жігіт қатарына қосылып келесің. Оқуың да жақсы. Менің айтқанымды түсінерсің, шамасы.

Тыңда... Адам баласы іштен жарты боп туады. Аяқ-қолы бүтін, басы - көзі түгел қалпында қабылдап аламын мен сәбиді, бірақ жаным ашиды: "Өй, байғұс - ай, деймін, - жаныңның жартысын таба алар ма екенсің? Тапсаң жақсы болар еді - ау" деймін. Табыспаса, көктегі анау қисапсыз жұлдыздар сияқты жымыңдасып, өмір бойы бірін - бірі іздейді де жүреді, байғұс пенделер. Оларды қосуға құдайдың да құдіреті жетпейді. Құдіреті келсе, жер-жаһанда адасып жүргендер осыншалық көп болмас еді... Анау Ақжұлдыз бен Мәрәһим екі жарты бір бүтін болуға тиіс жандар ғой... Дер кезінде табыспаған соң зар илеп, іңкәр болып адасып жүргені мынау.

"Жігіт қатарына қосылып келе жатсам да" Үлкен шешемнің айтқандарының түпкі мағынасын терең түсіне алмадым. Көңіліме сыйса да, ақылыма сыймады. Ол сөздердің таңғажайып мағынасын түсіну бақыты маған өте көп жылдар өткен соң ғана, жүздеген кісінің тағдыры үшін отқа түсіп, оз тағдырымның қақаған қарлы борандарын, ыстық жазын бастан кешіп, өзім өмір бақи ақылды азамат болуға тырыссам да, ақылдылықтан бар үмітімді үзген кезде ғана бұйырды. Зәрең ұшатын осы ащы шындықты ұғу үшін жаның қырық рет қақ бөлініп, қырық рет қайта қосылуы керек...

Алайда мен Үлкен шешемнің тұспалдап айтқан сөздерінің бәрін түсінбейді емеспін, түсінемін. Оның өзінің жартысы туралы сұрақ қойғалы аузымды аша жаздап, әрең тоқтадым. Сабыр сақтағаным жақсы - ау. Сұрасам ақымақ болар едім. Өзім көріп жүрмін ғой: әкем біреу, шешем екеу. Қайсысы жарты, қайсысы бүтін екенін білуге бола ма бұлардың? Бәрі шатасқан. Балалары да үш түрлі. Мұртаза ағам Үлкен шешемнің кенже ұлы. Оның Сайран ауылында тұратын үлкен қызы Ғайникамал апам - Кіші шешемнің қатар өскен құрбысы. Салих ағам Кіші шешемнің соңынан еріп келген баласы. Ол жартылай жетім есептеледі. Сондықтан оған ешкім қол тигізбейді. Қалғандарымыз үшінші ұяның балапандары. Мен бұларды, әрине, бертінде, кейінгі кезде ғана білдім.

Менің еріндерімнің қыбырлағанын Үлкен шешем бірден сезді:

- Иә, сұра. Ойыңды айт.

Біраздан бері шаш қойып, қызыл тарақ сатып алғанмын, қылқиған мойныма көк жасыл жібек шарқат ораймын, резеңке кебісті пима киемін, кешке клубқа да, үйық басқан жерге де барамын. Мені адам қатарына санамаған баяғы қыздың өзі қазір түрлі ишара жасайды, тек мен сыр бермеймін. Махаббаттан көңілім қалған. Оның орнына мен қоғамдық істерге белсене қатысамын.

Мектептегі жиналыстарда қызып кетемін, шешен сөйлеймін, ал мына Үлкен шешемнің қасына келсем, сәби боламын да қаламын.

- Ештеңе де жоқ,- деп жалтардым, - жай, әншейін...

- Жалтарма. Сен менің жартым туралы сұрағың келіп еді ғой.

Менің төбе құйқам шымырлап кетті. Осы Үлкен шешемнің

адамның ішіндегіні көріп - білетін бір сиқыры бар ма?!

- Сұрағыңа жауап берейін. Біз, пендешілік қой, өзгені тым жеңіл түсінеміз, оларға тым асығыс баға береміз, өзгені сағалаған пәлені өздерінен бұрынырақ көреміз, өзгенің өмірі құла түзде, өз өмірің қараңғы орманда өтеді. Meн өз ойларымның, өз қайғымның ұштығына шыға алмадым. Өз орманымда өзім адастым... Иә, әкең сенің өте жақсы адам, бірақ ол мені өзінің жартысы деп қабылдамады. Бұған ол айыпты емес. Мен езім оған сәйкес келмедім, лайық болмадым. Мен отырып қалған көрі қыз едім. Жарлы болсақ та әкем мені қалаған адамына малға сатпады, ез еркіме қойды. Алғаш көңіліме ұнағанын күтіп, көрінгенге ризалығымды бермедім, кейін құда түсушілер біздің босағадан аттап баспайтын болды. Жиырма төртке шықтым осылай. Бұл өңірде менен кәрі қыз жоқ еді, кәріп - қасар мүгедектерден басқа. Бір күні біздің үйге арық шал мен сүліктей сұлу жігіт кіріп келді. Қарты - сенің атаң, қасындағы бота тірсек боз бала, он жеті жасар сенің әкең еді. Мен тебіреніп, толқып кеттім. Ол менің жан - жүрегімді бірден баурап алды. "Тағдырдың маңдайыма жазғаны осы екен-ау!" деп ойладым. Бірақ мені өзіне тең көрмейтінін мен сонда - ақ түсінгенмін, жүрегім шаншып кетті. Күдігім расқа шықты. Теңгермеді ол мені өзіне. Менен бетер өзі азапқа түсті. Әлі жас кезімде, Еменді қырда қонып, егін орып жатқанда, түн ортасында тұрамын да бәрін тастап кетпек болып, өзіміздің ауыл жаққа қарай жүгіремін. Жүгіріп-жүгіріп, таң атқанда қайтып келемін. Жүрегім басылғандай болады. Үш - төрт рет сөйттім. Бесіктегі бала оянған соң, әкең тұрып, мені айқайлап іздеп жүр екен. Мен қайтып келген соң, ештеңе болмағандай: "Жат, азырақ көз шырымын ал" деді. "Көңіліңе ұнамаған соң мені неге алдың? Heгe үндемей қайтып кетпедің?" деп өксіп жылаймын. Ол үндемейді. Тек коп жылдар өткен соң ғана менің әлгі сұрағыма былай деп жауап берді: "Аядым. Аяп алдым. Сонда пішен шапқанда жазатайым бір бөдененің екі аяғын шалғымен шауып алғанмын. Әлгі бейшара қанаттарын бір-екі рет қақты да ұшып түсті. Басын көтере беріп: "Ей, қатыгез неме!" деп мені қарғап жатқандай жүрегім су етті. Алғаш барғанда сол бөденені еске түсірдің сен. Аядым".

Ренжітпеді де, бетімнен қақпады да әкең, бірақ маған іші жылымады. Біз онымен қосылып, бір бүтін бола алмадық. Мұнда тіптен жас айырмасының да, мінез өзгешелігінің де, ақыл-парасат дәрежесінің де қатысы, бәлкім, аз болған шығар. Біз екі жарты болып шықтық, бар кілтипан сонда... Әр адамның өз ақиқаты болады, бірақ барлық адам үшін ортақ, әркімнің өмірлік таянышы болған, күллі қауіп-қатерден қорғайтын тағы бір ақиқат бар. Ол ақиқаттың аты - махаббат (Үлкен шешем дағдысы бойынша менің бетімнен сүйіп қойды). Сен алғаш рет талпынып, мойныма асылған соң, мен өзіме: "Енді бүл дүниеде өмір сүру маған қорқынышты емес..." дедім.

Біздің сағынғанымызды сезді ме, өз сағынышына шыдай алмады ма - онысы бізге белгісіз, көктемгі тасқын басталғанда Мәрәһим ауылға қайтты. Мен сағыныш жайында бекер айтып отырғаным жоқ. Адамды өз елінен жат жұртқа арман мен қайғы алып кетсе, сағыныш алып қайтады. Кейін мен мұны талай рет бастан кештім.

Бүл жолы Мәрәһим қонышы тізесіне жететін үлкен қара етігімен көшенің ортасынан кең адымдап, Жоғарғы көшеден Төменгі көшеге қарай тал түсте өтті. Жұрт біресе терезеден, біресе қақпа алдына шығып, қарап қалды. Кездескен кісіге жымия езу тартып, ықыластана сәлемдесті, бірақ ешкімге қайырылмай, хәл - жағдай сұраспай, жөніне кете берді. Арқасындағы жүгі айтарлықтай ауыр болмаса да қолтықтаған сырнайы бұрын - соңды біз көріп, біз есітпеген зат еді. Қаланың аты қала ғой. Мешіттері де, шіркеулері де, үйлері де, тіпті сырнайлары да үлкен оның.

Күн қыздырып, сай-саладан су аға бастағанда шарбақтың кеше жағындағы қарды жұрт күрекпен әрірек күреп жатыр. Әркім өз үйінің жанына жаз ертерек келсе деп тілейді. Біз, жігіт-желең, осы іспен айналысып жатқанымызда өтті Мәрәһим. Тұсымыздан автомобиль өтіп бара жатқандай, бәріміз күрегімізді кеудемізге таянып, қаттық та қалдық. Ғаллемдердің тұсынан өткенде ол басын оңға бұра берді. Сол кезде сүрініп кетті ме, сәл теңселгендей көрінді. Қанша телмірсең де Ақжұлдыз онда жоқ еді... Хамза енші алып, бөлек шықты. Осы аптаның басында ғана сайдың арғы жағындағы Тоқылдақ көшесіне көшіп кетті. Олардың үйі осыдан, біздің қақпаның түбінен көрініп тұр.

Мәрәһимнің қайтқанына бүкіл ауыл қуанды. Ол жоқта елдің сәні кетіп, ауыл құлазып қалғандай еді. Ол қайтқанша ауылда пәлендей өзгеріс болмады. Тек ауылдық кеңес төрағасы ғана өзгерген. Бұрынғы ауылдық кеңес төрағасы Ташболат өткен күзде диірменнен қайтарда ұйқтап кетіп, арбадан жығылып мертікті.

Артқы доңғалақ оның белін сындырып кеткен. Mac деуге, аузына арақ алған жан емес. Жұрт қатты абыржыды бұған. "Бәлехана қайда жоқ, бассаң - аяқ астында" деді ел Ташболат қазір бүкірейіп, аяғын әрең сүйреп жүреді. Әйтсе де көктемге салым әдемі шарбақ жасап, Сәмиғұлланың қабіріне қойды. Қолынан бірдеңе келеді екен.

Тап Мәрәһим қайтып келген күндері ауылда азан-қазан дүрбелең көтеріліп жатқан. Біреулер қуанады, біреулер қиналады, үшіншілер күдіктенеді. Қайда барсаң, гу - гу әңгіме, қайда барсаң - текетірес. Клубта күн сайын жиналыс. Кейде жұрт таң ата тарайды. Ұйық басу үмесі, шілдехана, ойын-сауық бірден тоқтады.

Ұжымшарға жазылу басталды.

Біздің үй толған жанжал Ұжымшарға кіруге жан-тәнімен қарсы шыққан Мұртаза ағам еншісіне тиген мал - мүлікті алып, бөлініп шықты. Қиқар немені Бике жеңешемнің көз жасы да жеңе алмады. "Жалқау Досмат пен Қазына ЬІсқақтың теңі болып жүрер жайым жоқ! - деп бөркін жерге атып ұрды ол.

- Менің қолымнан іс келеді. Егер мендейлер жиналып бір ұжымшар болса, қос қолымды көтеремін. Жинаңдар сондай ұжымшарды!" (Мұртаза ағам айтқан ерекше ұжымшар, шынын айту керек, сол жылы да, одан соң да құрылмады. Екі жылдай қаңғырып жүрді де, басқа амалы қалмаған соң, сол бізге ұнаған артельге келіп кірді. Біраздан соң тіпті бригадир болып кетті).

Үйде әлгі егес қызып жатқанда Кәлимолла деген көзі қитар, жуас жекжатымыз жылап келді. "Ата-бабам көрмеген атқа қолым жетіп еді. Жаныма таяған жалғыз малымды жаттың қолына қалай тапсырамын? Әйелдерді де бір жерге жинайтын көрінеді. Әйелдері құрысын! Атым, аяулы атым... Жалының бір тал қылы үшін жан пида етуге бармын!" деп ол жалма-жан жұдырығын жоғары көтеріп, өрлікке ілінген жетілік шамды қапылыста ұшырып түсірді. Кәлимолла бастан-аяқ жермайға малшынды.

- Солай, тоқтай түр, бажа, осы қызғаның да жетер, - деді әкем, — әйтпесе, үстіңдегі май лапылдап жанып кетер...

- Жанса, жансын... - ол қолын бір сілтеп, сәкіге отырды. - Атым жоқ еді қорамда, қайғым жоқ еді боранда. Ат дегенім қайғы болып шықты ғой, мынадай болғасын...

- Ендеше атыңды апарып тапсыр да қайғыңнан құтыл, - деп ақыл берді әкем. Кәлимолла елең етті.

- Шынында да солай істесем бе екен, бажа? Шынында да өмір бойы атсыз тірлік еттім, іншалла, өлмедім, өкінбедім де. Балдызың да малға құмар емес... Оның есесіне, шүкір, балаға жарыдық. Бірінің соңынан бірін топылдатып туып жатты.

- Дүниеңнің жетпей жатқан жері жоқ, қайранмын... Өзің мында келіп, жылап отырсың, -деп қағытты Мұртаза ағам. Аңғал Кәлимолла бұл сөздің астарын аңғармады.

- Солай-ау, Мұртаза, зарланатын жөнім жоқ. Бәріміз сау - саламатпыз, сорлы емеспіз,- деп келісе кетті Кәлимолла. - Енді, бажа, өзіңдей ақылы кәміл кісіден асып, мүйізім шықпас. Тәуекелге бел буғаным. Тек мына шамды құрттым - ау. Аңғыртпын ғой...

Жекжатымыздың әңгүдіктігі, айтқанға сене беретін аңғалдығы туралы неше түрлі аңыз тараған. Біздің апамыз әлі жасырақ кезінде бір күні іңірдегі көшенің тұйығындағы шарбақтың шетірек қуысында бір сумақаймен сөйлесіп, сырласып тұрған екен. Жездеміз, мұны өз көзімен көріп қалған. Үйге келген соң әкіреңдей бастаса, әйелі көрнеу көзге танып, мойындамапты, дейді.

- Шабазым - ау, өз көзіммен көрдім ғой, сөзіме сенсеңші, рас айтып тұрмын, сене бер деп жылардай болып жалынады.

- Көзіңе сенбе, сөзіме сен! - деп жекіріпті әйелі, - сен неге осы өзіңнің қитар көзіңді менің сау көзімнен артық санайсың? Қайдан шыққан көргенсіздігің бұл?

Кәлимолла жым - жырт болған. Әйелінің жазғыруынан қорықпаса да, өзінің қатесін сезіп, ұялғанынан үндемей қалған.

- Ымырт жабылған қараңғы кез еді ғой... - деп ақталған Кәлимолла. - Менің әйелімнің дауысымен сөйлесіп тұрған кім екен деп күдіктенгенмін. Күдіктенгенім рас екен шынында да.

Кәлимолланың ана жолы ат сатып қайтқаны күллі көшеге бір қызық оқиға болды. Тұрқы тапал, жүндес, жирен жабыны иесі алып қайтудан қораға қамамады. Оны көше жақтағы шарбаққа байлап қойды. Жұрт құмары қанғанша қарасын дегені! Кескіні қашырдан аумайтын жылқының азғыны үлкен басын шарбаққа сүйеп, кешке дейін көрермендерді қабылдады. Бірақ көрінгеннің алдында бас шұлғып, жалбақтамады. Абырой сақтады. Аттың қасына жұрт көбірек жиналған кезде қораға бір сумаңдаған бұралқы ит келіп кірді. Апам ұзын шыбықты ала салып, итті баса қуды. Ит мұны тыңдамады. Сарайға қарай ұмтылды. Кәлимолланың шарбаққа шығып отырған кіші баласы Заһидұлла дереу шыр ете қалды:

- Aпa, апа, деймін! Атпен қусашы итті! Атқа мін! Жаяу жүргенің жетер енді!!!

Жездеміз, міне, осы атақты арғымақты өз қолымен ұжымшарға әкеліп тапсыруға бел байлады, тапсырды да.

Менің әкем жұрттың алдына да түспейді, көштен де қалмайды, бел ортада өз ауанымен өмір сүреді. Сондықтан оны "орта шаруа" дейді жұрт. Әлі сол қалпы. Жұртпен аралас -құралас колхозға кірді. Көк айғырды, бір кілетті, темір соқа мен ағаш тырманы, арба мен шананы жаздырып қайтты. Бүл туралы кешкі шай үстінде күн бұрын ақылдасқанбыз. Мәслихатқа екі шешем, Салих ағам мен өзім, яғни үлкендер түгел қатыстық.

Ұжымшарға жазылғандардың тізімін, әр үйдегі барлық жанды тізіп, ауылдық кеңеске іліп қойды. Онда Мәрәһим үй - ішімен жетінші, Ақжұлдыздың үйі жиырма төртінші, біз отызыншы орында тұрмыз (Менің атымды анық, ерекше әдемі жазыпты). Әлгі екеуін мен еріксіз бақылауға алдым да, енді қайтіп құтыларымды білмей жүрмін. Қалай да Ақжұлдыз бен Мәрәһимді қатар қоямын Менің ойымша олар әлдеқашан екеуі бір бүтінге айналған. Апыр - ай, деймін, дүниеде солар менің көңілімдегідей, бөлінбей өмір сүрсе еді! Ал Хамзаны ойша қолынан жетектеп аламын да Мәрәһимнің үйіне кіргізіп жіберемін. Бір кезде жасалған қиянатты өзімше жөндеймін, әркімді өз орнына қоямын. Қызықпын - ау... Тереңірек ойлағанда, отбасы айырушы, әзәзіл болып шығам. Бүл үшін маған ұрыс аз, сотқа тарту керек.

Әлгілердің бір тізімде тұрғанына көңілім өте риза. Тірі кезінде олар бір тізімде қалды да. Тек кейінірек біреуін ажал алып кетті. Алайда оған дейін қаншама су тасып, сабасына түсті, қаншама құстар сайрап тынды...

Ақжұлдыз бен Мәрәһим екеуін бірге мен тағы да бір рет көрдім.

Құстар құйқылжыта сайраған жаздың жайдары күнінде бүкіл ұжымшар дерлік Осман алқабына пішен шабуға шықты. Қара бидай орағы таяп қалғандықтан пішенді жедел жинап тастау қажет болатын. Қыз - келіншек жалдан десте жинайды, жігіттер атқа мініп, сүйреткімен шөмеле тартамыз, әйелдер мен ересек еркектер қосақтасып бізге шөмеле тиеп жібереді, егде ағайлар шөп маялайды. Алқаптың шалғай шетіндегі майда қандыағаштың қасында "менің өз адамдарым" шөмеле тиеп жатыр. Мәрәһим айырмен тиейді, Ақжұлдыз оның артында қалған шөпті тырмамен тазалайды. Хамитжан екеуміздің сыбағамызға осы екеуі түсті, желе жортып, апыл - ғұпыл бұлардың қасына жетеміз. Мен көбірек асығамын. Олардың бірге жүргенін көру рақат маған. Ақжұлдыздың үлбіреген әсем еріндерінен әлгі сиқырлы күлкі күні бойы арылмады. Бір сәт сөніп барып, қайта жанды.

Асырып айтты дей көрмеңіз, Мәрәһим айырымен бір түйрегенде жарты шөмелені бір - ақ көтеріп салады. Көгілдір көзі шұғыла шашып, қарқылдап күледі. Шіркін, қайратты деп осыны айт! Мен ат үстінен сәл бұрылсам, солардан көзімді айыра алмаймын. Мұның әдепсіздік екенін түсіне тұрып, амалсыз қараймын.

Бір сәт шөмеле тиеліп бітер - бітпестен Мәрәһим Ақжұлдызды қапылыста белінен қаусыра құшақтап алды да, пішеннің үстіне лақтырды. Менің үркек атым ышқына тулап, шетке қарай орғып өтті. Мен ұшып түстім, ат тұра қашты. Менің үстіме Ақжұлдыз құлады. Шамасы, шөп үстінен домаланып түскен - ау. Сонда маған көктің көгілдір шымылдығы жыртылып, сонау шыңырау түбіндегі жұлдыздар жымың қақты. Біреуі аппақ екен. Мен соған қарай самғап кеттім. Көкжиектің шеті жымия күлгендей... Адуын аттан жығылып, шығанға шырқап кеттім. Ақжұлдыз ұшып тұрып, тізерлеген қалпында шашымнан сипады.

- Бір жерің ауырмады ма, бұйра бас? - деді. Шектен тыс рақат құшағында маужырап жатқан мен есеңгіреп қалғандықтан үндей алмадым. Ол қапаланып қалды. - Қай жерің ауырады? - деп қайталады сыңғырлаған сүйкімді үнмен. Көзі мұңға батып, мөлтілдеп түр. Біреуді аяғанда оның көзі қасіретке толып кетеді екен. Мен түрегеле алмай, басымды шайқадым.

- Уһ! Зәрем ұшты - ау! - деді.

- Менің еш жерім ауырмады. Ат аласа, жер жұмсақ, - дедім түрегеле беріп. Алайда арқам дуылдап барады.

Осы кезде Мәрәһим желөкпе атты ұстап әкелді. Алысқа қашпаған - ау. Тіпті шөмеле де шашылмапты.

- Ей, антұрған, - деді Ақжұлдыз, Мәрәһимді кінәлаған болып, - адамды майыра жаздадың ғой. Еісі кісіні бірден. - Ол тағы да менің шашымды сипап қойды. Мен қарғып тұрдым. Мәрәһимнің дырдай келіншекті баладай көтеріп, жұмсақ пішенге лақтырғанын бұл жолы айыптамадым. Қайта жарасып тұрғандай болды осының өзі.

Әйтсе де Мәрәһим менің көзімше неге бұлай еткені! Мені елемегені ме, әлде өзімсінгені ме? Әлде қуаныштан толқып кеткені ме? Жә, жақсыға жориық. Ержетіп келе жатқан жігітті елемеуі мүмкін емес оның... Өздерінің сырын мұқият сақтап жүргенімді сезінсе керек. Әділетті адам түгіл, зерегірек ат та сезеді.

Шөмелені қайтадан тиеп біткенше Хамитжан да келіп жетті. Жұмыс тағы да ретімен жүре берді. Кешке дейін бұл дүниеде біз үшеуміз ғана қалған сияқтымыз - Ақжұлдыз, Мәрәһим, мен... Ақжұлдыз бен Мәрәһим екеуі бірге бақыттың жанды бейнесі еді. Ал мен осы бақыттың куәсі болдым. Кейін осының мән-мағынасын түсінген кезімде қайта - қайта қатты қуандым: бақытты көзіңмен көрудің өзі асқан бақыт екен.

Бұдан соң Осман .алқабы менің қиялымда бақыт алқабына айналды. Сол шабындықтан өткен сайын әлгі қандыағаш тоғайы жаққа қайырылып, ұзақ қарап тұрамын. Мәрәһим айырын, Ақжұлдыз тырмасын иығына ;салып алдымнан жайраңдап шыға келетіндей. Олар әрқашан жас, әрқашан бақытты. Әлгі балғын ағаштар бір көргенде білектей еді, келесі көргенде зәулім бәйтерекке айналды. Қаулап өскен кезінде оны қырқып тастады. Сол алқапты жер астынан қандыағаштың жаңа шыбықтары өсіп шықты, жылдан жылға тамыры тереңге бойлап, бойы биікке өрледі. Қайта жаңғырған бұл өңір қазір сыңсыған орман! Ал әлгі екеуін тағы бір рет көруден үміт үзгенім жоқ. Шіркін, арман! Жүзден бірі ғана жүзеге асса екен соның!

Мен ызғары тәнді қаритын бақытсыздықтың да куәсі болдым. 1941 жылғы жиырма төртінші шілдеде олар айырылысты. Соғысқа аттанатындардың алғашқы тобы сол күні клубтың алдына жиналды. Ерттеулі аттар, қос - қос ат жегілген арбалар, бричкалар алаңға толып кетті....

Айтылар сөз, тапсырылатын аманат, игі тілек айтылып бітті. Аттанатын мезгіл жетті. Қоштасу ғана қалып түр. Шығарып салушылардың көбісі әйелдер мен қыздар, кілең бота тірсек бозбала. Ежелгі салт бойынша жауға аттанғандарға ата-аналар үйде батасын беріп қалады. Шығарып салмайды. Атқа мінген жауынгердің әйелі ғана үзеңгісінен ұстап, біраз жерге дейін еріп барады. Жауға шығарып саларда жылау-сықтау айыпқа саналады, әдепсіздік деп есептеледі. Ұстамдылық пен сабырлылық бата бергенмен бірдей. Жолға тамған көз жастарынан жауынгердің көңілі босап, жаны жабығады.

Әскерге шақырылғандардың қасында әйелі немесе қалыңдығы тұр. Біразы құйттай ұлын немесе қызын көтеріп алған, басқалары оларды әр жерде қаумалай қоршапты. Халықтың соншалық коп жиналуына қарамастан дабырласқан, азан-қазан дыбыс жоқ. Тіпті емшектегі балалар да жыламайды.

Мен, неге екенін қайдам, Ақжұлдыздың қасында тұр екенмін. Оның күйеуі әскерге шақырылмаған әлі. Сонда да осында жүр. Мен Сәлих ағамды шығарып салғалы тұрмын. Ағам сәл қызулау. "Шоландағы қобдида біздің трактордың кілті жатыр, - деп сыбырлайды ол жеңешемнің құлағына, — соны ертең Сейфуллаға апарып тапсыр... Дүниедегі аса қажетті нәрсе кілт қой. Неге десең, алтын кілт туралы халық ертегі шығарған..." Жеңешем үндемейді. Кілттің несін қайғырсын.

Сүңгіттей сұңғақ бойлы Мәрәһим топтан тұлғалана көрінеді. Оның бір қапталында баулаған тарыдай жинақты толықша, сырттай қарағанда монтиған момақан әйелі, бір қаптапында сүмбіл қара шашты, көзі әкесінің. көзіндей көкпеңбек қызы Ақжұлдыз тұр. Он жасар шамасындағы бұл баланың, бет әлпеті үлкен Ақжұлдызға тартқан сияқты. Мен Ақжұлдыздардың алдымен үлкеніне, одан соң кішкентайына жалтақ - жалтақ сынай қараймын. Ұқсайды! Міне, ғажап! Әлде өзім жоқтан бар жасап тұрмын ба?!

Қасындағы қызын Мәрәһим қос қолымен кеудесінен аялай қысып, басынан асыра көтеріп алды.

- Қоштасайық, уақыт таяп қалды, — деді. Оның жуан дауысы бүкіл алаңға күркіреп естілді. Ол шығарып салушыларға көз жүгіртіп шықты. Дауысын сәл бәсеңдетіп, сезін жалғастырды. - Ауылдастар! Ақжұлдызыммен ант етемін, екі мәрте ант етемін: елді ұятқа қалдырмаймын. Сертім осы болсын.

"Баулаған тары" сәл теңселіп кеткендей қозғалақтап, күйеуінің қолтығына кірді. Кірді де шайқалып барып, өз орнына қайтты. Қасымдағы Ақжұлдыз ақырын менің жеңімнен ұстады да, дереу қолын тарта қойды. Мәрәһим қызын жерге түсірді. Маңқа Уәлетдин құйттай баласын әйелінің қолынан алып, ауаға қақпақылдап секіртті:

- Ұлым Жиһандармен ант етемін!

- Туған топырағымызбен... - деп қосты бұған Асхат. Оның баласы түгіл әйелі де жоқ әлі. Бірақ туған топырақтың, осы топыраққа сән берген барлық тіршіліктің бағасын да, қадірін де біледі ол.

Қоштасу басталды. Әйелдері жұбайларына, қалыңдықтары көп ұзамай қосылатын жарларына ұмтылды. Әрине, көп ұзамай қосылады... Жауды жермен жексен етіп жеңген соң, соғысты аяқтап қайтады да, ұлан-асыр той жасайды. Әрине, жасайды. Біреулер қол ұстасып, екіншілер құшақтасып, ең батылдары сүйісіп қоштасты. Мәрәһим мелшиіп қатқан қалпында біз жаққа қарап сөмпиіп тұр. Ол қызын қолтықтап, саусақтарымен шашын сипай береді. Оң жағында тұрған әйелі біреуге орын бергендей, шегініп, күйеуінің артына шықты. Сол сәт Ақжұлдыз менің білегімді қатты қысты. Әлдеқайда ұмтылғанымен, маған жабысып қалғандай.

Қоштасып болған соң дауыстар үдей түсті. Біреулер арбаларға, бричкаларға отырды, екіншілері атқа мінді. Мәрәһимге ұжымшардың ең атақты қара айғыры Құзғын тиіпті. Арбалылар жолға шұбалып шыға бергенде Мәрәһим айғырының шылбырын бағанадан шешіп, ауыздығын салды. Содан соң шомбал сом денесін лып ете жеңіл көтеріп, ерге қонды. Жүріп кетті. Жолаушылар, оларды ауданға дейін шығарып салушылар құлазып қалған алаңнан ақырын алыстап, ұзай берді. Ақжұлдыздың саусақтары менің білегіме одан сайын бата түсті. Әудем жер кеткен соң Мәрәһим атының басын тартып, қайырыла қарады. Сол сәт Ақжұлдыз кенет құралай сияқты ышқына ыршып, жолаушылардың соңынан тұра жүгірді. Мәрәһим атының басын қайырып, кері бұрды да келіншектің қасына желіп жетті. Ақжұлдыз үзеңгіден ұстап, қапталдаса бергенде, жігіт қайратты қолымен іліп әкетіп, алдына отырғызды. Мінгізе сала бір тепсініп, арбалардан, салт аттылардан басып озып, шауып кетті. Мүкіш шоқысына жеткенше артынан қарап қалдық. Содан соң біраз көрінбей кетті. Мақтаушы да, даттаушы да болмады. Тіпті Мәрәһимнің әйелі де шыдады, бойы өзіне жетеқабыл қызының қолынан ұстап, басқалармен бірге қадала қарап тұрды. Сол сәт мен осы әйел алдында өзімді әлденеге айыпты кісідей сезіндім. Бұл да менің "өз адамым", мен оның көңіліне қаяу салған сырды сақтап жүрмін ғой... Мен мүлде шатассам керек, шамасы. Жұрттың бәрін аяймын...

Әлгілер тағы бір қырдан асып, көкжиектің шетіне сүңгіп, көрінбей кетті. Қайтып көрінер ме екен?

Біреуі көрінді, екіншісі қара үзіп кетті.

Көріп отырсыздар, тағдыр мені талай жерде қауіпті, қайғылы оқиғалардың, ерекше жағдайлардың куәсі етті.

Соғыс аяқталғалы бір жылдан астам уақыт өтті. Ауылға қайтқан соң бір шаруамен ауылдық кеңеске кірдім.

- Жеңістен соң біраз уақыт өтті, адамдар әлі өліп жатыр. Өздері үшін әлдеқашан өлген, енді біз үшін екінші рет көрге түсуін айтсаңшы, - деп қынжылды төраға, - бірінен соң бірі "Ерлікпен қаза тапты" деген қаралы қағаз келіп тұрады.

Ол маған тозығы жеткен бір жапырақ қағазды ұсынды. Қаралы хабар. Алақанымды өртеп кетті. Мұндай жаман жазуды алғаш рет қолыма ұстауым. Кісі өлімін майданда көп көрдім. Ал өлім туралы қаралы хабарды түңғыш рет көріп тұрғаным. Былайша айтқанда, сиыр сатуға берілетін рұқсат қағазынан түк айырмасы жоқ. Бірақ ішінде бір кісінің өлімі жатыр. Бүл жазуды түзетіп, өзгертіп, отқа жағып болмайды. Ол адамның мәңгілік куәлігі. "Ерлікпен қаза тапты..." Кім? Гвардия старшинасы Мәрәһим Зәбиров.

Төраға қолымдағы қағазды қайтып алып, қайта - қайта айналдырып қарады. Одан қате іздеп, жаңсақтық табатын сияқты.

- Мұндай хабарды иесіне тапсыру қазір өте қиын, қайғы жаңғыртып... Тұрдым - тұрдым да, қайтесің енді, Ақжұлдызға адам жібердім. Соғыстың соңғы жылдарында Хамза да Венгриядағы госпитальдардың бірінде дүние салды. Пендеге ажал келсе, амал қанша... Мәрәһимнің әйелі бұрнағы жылы көктемде қар астында қалған улы бидайды жеп өлді. Бір ай ішінде халық өте көп қырылды сонда. Аштықтың кесірінен. Мәрәһимнің жетім қалған қызын Ақжұлдыз алып асырады. Біріне-бірі сүйеу болып тұрып жатқан жайы бар. Қызы бой жетіп келеді енді.

Бір әңгіме үстінде біраз жайды баяндап берді оң қолынан Сталинград түбінде айырылған әлгі кісі. Қолы туралы кездескен кезде-ақ: "Енді сол қолмен күресуге тура келеді. Оң қолымды Мамай қорғанына көмгенмін. Әйгілі қорғанға" деді.

Сырттан айқай сала даурығып, әлде қарғап - сілеп келе ме, таяқ таянған бір кемпір кірді.

- Сүбханалла - машалла! Құдай тас төбеңнен соққыр!- деді ол босағаға сүрініп. Ширақ адымдап, торағаның алдына келді. Бұл Үшәтеш көшесін дүр сілкіндіретін Майтан әжей еді.

- Отырып сөйлесейік, жеңгей, төрлет, - деп тораға орын ұсынды.

- Отырмаймын! - деп бұрқылдады кемпір, - абақтыда шіріт анау Әлмисақты, берсілдәтіл болсаң. Менің қарғысым өтпеді ол баскесерге. Кеше тағы ешкімді сауыпты. Тамағына у болып тарағыр! Бақташы емес, ұры болып шықты ғой. Тал түсте адамды талайды. Қорқау!

Майтан әжей төрдегі орындыққа барып отырды, қолындағы таяғының басын иегінің астына тіреді. Бірақ таяғын дереу кері тартты:

- Шығар үкіміңді! Әйтпесе, бүгін сүтін сауса, ертең сойып жер ешкімді. Иманы жоқ оның!

- Жарайды, шара көрерміз.

- Шараның қажеті жоқ маған, жаза қолдану керек. Әлмисаққа қатты жаза қолдан! Өзгелерге сабақ болсын...

- Жарайды, жаза да қолданайын, қылмысы дәлелденсе.

- Дәлелдейтін несі бар? Бәрі ешкінің желінінде! Бұрнағы күні үш шөлмек шыққан еді, кеше екеуден аспады. Ибираһим пайғамбар ұстап алып ембеген шығар енді оны! -Кемпірдің дауысы кенет жұмсарып, тіпті қалтырап кетті. - Маған керек дейсің бе бұл сүт? Менің төрімнен көрім жуық. Анау екі жетім немерем қолдарына шөлмек ұстап, мал өрістен қайтқанда күн сайын телміре күтіп отырады. Сол жетім сәбилердің ризығын жырып жейді ғой әлгі обыр...

Майтан әжейдің бір-екі минут ішінде айтқан шағымы мені сан саққа жүгіртті. Әуелі ашуымды келтірді, содан соң күлкімді келтірді, ақырында қатты тебірентті.

- Сөзің расқа шықса Әлмисақты қатты жазалаймын, - деп уәде берді тораға, - өте ауыр жазаға тартамын...

- Тарт жазаға. Бірақ абақтыға қамама. Шиеттей балалары бар. Қайбір жетіскеннен істеді дейсің мұны, байғұс. Сен оны тіліңмен жазала, мықтап...

Біздің ауылда аумалы-төкпелі кісілер көп, әлде тұрмыстың өзі солай ма, бір қарасаң олаймыз, бір қарасаң былаймыз. Өзіміз от саламыз да, өзіміз су себеміз. Бірақ бұл біздің аумақайлығымыздан емес. Біздің көңіліміз ойлаған ойымызға, сөйлеген сөзімізге бағынады, бар кілтипан осында.

Майтан әжей таяғының басына тағы да иегін сүйеді. Тағы да есік ашылды. Шама -шарқынша ықшам, мұнтаздай таза киінген Ақжұлдыз көрінді. Оның аяғында аппақ үйық, терең резеңкі кебіс. Сырт пішіні айтарлықтай өзгермеген. Жаулығының бір ұшын баяғыдай желкесіне түйіп тартқан. Самайында бірлі-жарым ақ шаштар көрінеді. Бұрымының ұшында әлгі шолпылары сылдырлайды. Ол езу тартқандай болды, бірақ менің көзім үйренген, таңырқап тоймайтын жайраңдаған күлкінің ізі де жоқ. Ол әуелі Майтан апаймен көрісті, одан соң төрағамен, менімен қол алысты. Менің қолымды тез босата қоймады:

- Қонақ бар екен ғой... Міне, есен-сау қайтып келіпсің. Бақытты екенсің. Өзгелерді де бақытты еткенсің... Өмір жасың ұзақ болсын. - Кенет оның әдемі еріндерінде баяғы күлкі жылт еткендей болды... - Осман алқабында пішен шапқанымызда сен бала едің. Өмір бойы көкейімде қалды сол шабындық... Түсімде кереметтей көрінеді... Үміт үзбеймін әлі...

Иә, мен елге қайттым. Бірақ қанша мерзімге қайтқаным белгісіз. Екі өкпемді де туберкулез жеп жатыр. Әйтсе де елге қайтып жұртпен дидарластым.

- Шақыртқан екенсің, - ол төрағаға жаутаңдай қарады. - Әлде Мәрәһимнен бір хабар бар ма?

- Отыршы, Ақжұлдыз.

Ол дереу пештің қуысындағы темір сандықтың үстіне барып отырды. Екі қолын қаусырып, тізесіне қойды. Бөлмені зілдей тыныштық басты. Мен темір сандықты таныдым. Ол көптен бері тұрады осында. Сәмиғұлланың елден жинаған ақшасы бір кезде осы сандықтан ұрланған. Оны көрген сайын қатты қынжылып, ақша ұрланғанына ызам келетін. Міне, қазір де... Оған бекер отырды Ақжұлдыз. Өкінетіні жоқ, болары болды.

Төраға сау қолымен маңдайын сүртті:

- Неден бастасам екен?.. Үміт үздіру кісі өлтірумен бірдей. Соңғы үмітіңнен күдер үздіргелі отырмын. Сабыр ет, қалқам. Мә, өзің оқи ғой... - Төрағаның қалтыраған қолы әлгі қаралы қағазды Ақжұлдызға ұсынды.

Ақжұлдыз алсам ба, алмасам ба екен дегендей, сәл толқып тұрды. Содан соң екі қолын созып, жұмыртқаны жаңа жарып шыққан балапанды ұстағалы тұрғандай қаралы қағазға қос алақанын жайды. Әсем ақ жүзі менің көз алдымда күрең тартып, қарайып бара жатты. Бірақ оның аққудың мойнындай жіңішке мойыны, ауыр қасірет толы басы иілмеді. Ол тас мүсіндей мелшиіп, қатып қалды. Құр сүлдері қалған жансыз бейне. Біраздан кейін барып есін жинады. Ұшып кеткен жаны тәніне қайта оралды:

- О, тәңірі! - деді өзек өртер ащы үнмен, - Осындай махаббат та адамды ажалдан қорғай алмады - ау! Енді неге сеніп, неге таянарсың? Мен махаббатқа сенген едім... Махаббат ажалдан мықты дейтін кітаптар. Соның бәрі шынайы шындық деп сеніп, әрбір сөзін жаттап алатынмын. Бәрі жалған, бәрі баянсыз болғаны ма? - Ол қаралы қағаз жатқан қос алақанын тағы да алға созды.. - Осындай балуаннан қалған тек мынау ма... Әділет қайда?!

Ақжұлдыз сәл тына қалды. Майтан әжей таяққа сүйеген иегін көтерді.

- Махаббат жолында мерт болған ғой, келін - ау, — деген қатал үкім шығарды кемпір. -Асыл ер ғашық болса, естен танады, көзіне ақ-қара көрінбейді, қорқуды білмейді. Мәрәһим нағыз азамат қой, сен үшін ерлік жасауға тырысып, алды-артына қарамай, ғарасат майданына кіріп, бұзып-жарып, жалаңдаған жаудың ортасына түскен шығар. Сөйтіп, мерт болған ғой. - Ол қатты күрсініп қойып сөзін жалғады. - Қайдағыны соғып кеттім - ау деймін?

Кемпірдің айтқандары Ақжұлдызға түк эсер етпеді. Ол тіпті бұған құлақ асқан жоқ. Ал менің гимнастеркамның екі қалтасында жүрген екі хат тас көмірдің шоғындай кеудемді күйдіріп кетті.

Оның біреуі былай басталады...

Жоқ, асықпайықшы. Хатқа дейін Ақжұлдыз туралы әңгімені аяқтайық. Ол басқа ештеңе айтпады да, бір тамшы жас та шығармады көзінен. Майтан кемпір шығып кетті. Үшеуміздің қанша отырғанымызды білмеймін, алдымен Ақжұлдыз тұрды орнынан. Оны есіктің алдына дейін шығарып салдық. Ол үйіне қарай жүрмей, ана жылы Мәрәһим өзін алдына мінгізіп алған Мүкіш шоқысына қарай тартты.

Сыны бұзылмаған сұлу жеңгейімді көп жылдар өткен соң тағы көрдім. Көшеде кездесіп қалдық. Жүзі жайдары, сабырлы. Ажары, пішіні бәз баяғы қалпында. Қандай мықты, мойымайтын берік жан десекші! Қасында төрт-бес жасар баласы бар. Баланы сәл алға жіберіп, қуанышын жасырмай айтты:

- Ақжұлдыздың баласы. Аты Мәрәһим.

Бала атасынан айнымайды, құйып қойған дәл өзі. Осман алқабындағы қандыағаштың жас шыбықтары да тұқымына тартқан. Мен білгелі орман үш рет қырқылып, үш рет қайта жаңғырды.

Бәсе, солай ғой. Талай тасқындарды, талай дауылдарды, сан алуан сұрапылды бастан кешкен Ақжұлдыз өмір жағалауына жетті. Әрине, межелі мақсаты, жастайынан жаны аңсаған жағалауы бүл болмаса керек. Бәлкім, жас шағында қай жерге, қайсы жағаға соғатынын ойлай бермеген де шығар ол Одан әрісі оған бұлдыр тұман еді.

- Ендігі жұбанышым да, таянышым да осы, - деп ол баланы өзіне қарай тартты. Бала басын көтеріп, екі түйір лағыл тас секілді кездерімен Ақжұлдызға қарады. Оның: "Мәрәһимнен қалған көз - жанымның жарығы" деген сөздерінің мән-мағынасын бала түсіне бермейтін де шығар - ау. Бұдан басқаша сөздер айтуы да мүмкін, әйтсе де бәрінің мағынасы осы сөздерге саяды.

Біз қоштасып, жөн - жөнімізге кеттік. ...Тос қалтамдағы хаттардың бірі: "Менің әйелімнің өліміне сіз себепші болдыңыз" деп басталатын.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙