"Жүз тілек"
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Мырзагелді Кемел — «"Жүз тілек"» (Көркем әңгіме). ЖҮЗ ТІЛЕК
ЖҮЗ ТІЛЕК
(Астана фантазиясы)
2005 жылдың 4 желтоқсанында өтетін Президент сайлауына ондай жүкті мойнына артуға шамасы келе бермейтіндер де ұмтылып, сайлау додасына түсе бастағанына наразы болып, болашақ президенттерге үлгі болар деп, осыларды бес күн ішінде жинақтап жаздым.
1. Президент қазақ халқын тоталитарлық жүйенің енжарлық, масылдық дертінен, бодандық сезімінен арылтуға бастай алатын, қол жеткен нақтылы егемендікті сақтай отырып экономикамызды өрге сүйрейтін қайраткерлік қабілеті жетік көсем болуы тиіс.
2. Елбасы қазақ тілінде шешен сөйлей білуі, елге арнауларында, қабылдауларда, келіссөздерде, сұхбаттарда, шет елдердегі кездесулерде тек қана қазақ тілінде сөйлеуі тиіс. Бұл талап Үкімет басшысы, Парламент палаталары мен Жоғарғы сот, Ұлттық банк төрағалары, Бас прокурор, Ішкі істер, Сыртқы істер, Қорғаныс, ақпарат секілді сыртқы байланысты қатысты министрлер үшін міндетті болғаны жөн.
3. Ел басқару ісінде абырой алам деген кісі ұлттың рухының көтеріңкі болуы, мәдениетінің жоғары болуы, ұлт мінезі өз табиғатына жат ықпалдардан ада болуы үшін күресуі керек. Ол ұлттық дәстүрді бойына жеткілікті сіңірген, қазақтың бар қадір-қасиетін бойына жинаған, тарихын терең білетін болуы тиіс.
4. Ел басшысы мемлекеттілікті нығайтуды, Қазақстанды осы заманғы демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде дамытуды ең басты міндет санауы тиіс. Ол үшін көрегендік, ел мүддесін, келешек қамын жейтін кемел ой, сұңғыла саясаткерлік керек.
5. Елдің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығы, шекараның беріктігі қамтамасыз етіле түсуі керек. Басқа мемлекеттермен шекаралас аудандардағы халық санын молайтуға және олардың жағдайын жақсартуға кешенді шаралар жасалуы тиіс. Өзге елдерге тәуелділікті болдырмау үшін мемлекетіміздің бар аймақтарындағы жол қатынасын өз шекарамыз аясында жасаған жөн.
6. Елбасы үшін бірінші мақсат – халықтың жеткілікті жағдайда болуы, екінші мақсат – демократияның дамуы болуы тиіс, ол үшін Президент жасампаздықты ту етерлік қабілетке ие болуы керек.
Еліміздің халқы мен мемлекетіміздің қауіпсіздігінің мүдделерін ескере отырып, экономикалық, әлеуметтік және демократиялық жаңғыруларды үйлесімді ұштастыру арқылы тәуелсіздігіміз бен дамуымызды одан әрі нығайту үшін саяси тұрақтылықты сақтап қалу – Елбасының ең үлкен міндеті.
7. Ел иесі жұртын сендіре, иландыра алатын дарынды ұйымдастырушы болуы тиіс. Тіршіліктің тірегі – үміт пен сенім. Елдің үмітін күйретпей, сенімін қиратпай сақтау – Елбасының міндеті. Ол үшін іске алымдылық қажет. Мемлекеттік қамқоршылдықтың ескі жүйесіне қайта оралмастай етіп, ел тағдыры мен адамдардың өз тағдыры үшін жауапкершілік пен кәсіпкерліктің жаңа үлгілерін енгізуге көшбасшы бола алатын, сол істерге мүмкін болғанынша көп адамды тартып, олардың жаңа нақтылықтарға қарсы түсініктерін өзгерте түсетін, бұл жолда халыққа онша түсініксіз шешімдерді халық мүддесі үшін екендігіне сеніммен, тәуекелмен атқара алатын басшы қажет. Бірақ, тек жеке меншікті ғана қорғаған елде әділеттілік өзінен-өзі орныға салмайтыны да Елбасы есінен ешуақытта шықпауы тиіс.
8. Президентте таным кемелдігі, кемеңгерлік, зиялылық, әділдік, мінез дархандығы, сабырлылық, сертке беріктік, пейіл кеңдігі болуы тиіс.
9. Президент үшін күрескерлік қабілет ең қажеттілердің бірі. Қазақтың Президенті болатын тұлға қазақтың қанында бар мейірбандық, әділдік, ізгілік, имандылық, қайырымдылық, төзімділік сияқты сипаттарын дамыта жүруі керек.
10. Ел басшысы жалаң патриоттықтан, ұраншылдықтан ада болуы тиіс.
11. Ел басқарған адамға мұқалмайтын жігер, жасымайтын табандылық керек, тектілік қасиеттері сөзі мен ісінен көрініп тұрсын.
12. Ел басшысында ешбір бағыныштылық (құлдық) сезім болмауы, еркіндік болуы тиіс. Бойкүйездікті бойынан қуа білгені жөн. Жікшілдікпен күресерлік, әртүрлі пікірдегілерді ымыраға тартар қабілет болуы керек.
13. Мемлекеттік саясат – материалдық әлемді жетілдіруден, яғни өндірісті дамытудан, рухани ізденістерден және әлеуметтік жағдайларды жақсарту – осы үштағаннан тұрады. Ел басқарған адам осы үшеуін тең ұстап отыруы қажет. Қай істе болсын жүйелілік ұмыт қалмасын.
14. Осы заманғы бәсекелес экономиканың берік іргесіне сүйеніп, еркін адамдардың ашық, демократиялық және өркендеген қоғамын қалыптастыруға, халықаралық қоғамдастықтың жауапкершілігі жоғары мүшесі боларлық құқықтық мемлекет орнатуға, көп ұлтты және көп конфессиялы қоғамымыздың маңызды белгілері мен дәстүрлерін үйлесімді ескеретін мемлекет орнатуға басшылық ету - болашақ Президентке тиесілі.
15. Билікке келген азамат биліктің барлық тармақтарының үйлесімді жұмыс істеуіне, ықпалды заңдардың өмірге келуіне және оларды мүлтіксіз орындауға барлық күш-қуатын жұмылдыруы тиіс.
Ол заңдарға сүйеніп жұмыс істеуі, елдегі барлық істің заң арқылы реттелуіне күш салуы тиіс. Заң дегеніміз – адамдардың тәжірибесін қоғам игілігіне пайдаланатын адамдық даналықтың жоғары көрінісі.
16. Ел басқаратын азамат болашақтың қалай өрбитінін болжауы, оны ел мүддесіне сәйкестендіре шешуге басшылық жасауы керек. Ол елдің бұдан әрі де прогресс жолымен дамуы мен өркендеуіне қол жеткізу, тұрақты экономикалық өсудің бой көрсеткен үрдістерін сақтап, одан әрі дамыту үшін басталған істерді әрі қарай жалғастыра түсуі тиіс. Елбасы бүгін жүріп жатқан шикізат ресурстарының көлемі мен бағасына аса тәуелді бола бермейтін экономика құруды жалғастыра тұрып, елімізде сауатты микроэкономикалық саясат жүргізуге баса көңіл бөлуі тиіс.
17. Ел басшысы құқық қорғау органдарының бүкіл жүйесінің қызметін жетілдіру ісіне баса көңіл бөліп отыруы қажет. Сот жүйесі реформасы аяғына жеткізіліп, заңның үстемдігі орнайтын жағдай тууы тиіс.
18. Ел басшысы билік пен байлықтың кірігіп кетуіне қарсы тұруы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұдайы күрес жүргізетін көп деңгейлі ұлттық жүйе құруы тиіс.
19. Ел басшысы ұмтылған ісіне қолы жетер-жетпесте тастай беріп, тағы бір іске ұмтылып, оны толық аяқтамай, ақырында босқа қалудан сақтансын.
20. «Бектің міндеті – халыққа құт-береке келтіру, кедейді бай ету, әділ заң орнату, халық санын көбейту» деген Жүсіп Баласағұнның сөзі - Президент үшін киелі міндет.
21. Нарық экономикасы өз табиғатында әлеуметтік қолдаудың жақтаушысы емес. Осы жағдайда ғылыми негізделген әлеуметтік саясат жүйелі жүргізілуі тиіс. Президент үшін әлеуметтік салада болашақта мынадай басым бағыттар болғаны жөн:
- халықтың аз қамтамасыз етілген бөлігін қолдауды ұдайы жақсартып отыру, кедейлік шегінен төмен тұратын адамдар санын қысқарту;
- жұмыссыздықты болдырмау, әсіресе ауыл халқын жұмыспен қамтуды жақсарту;
- жалақы мен зейнетақының орташа мөлшерін сатылап көтере түсу арқылы әлемдік орташа деңгейге жеткізу;
- сәбидің тууына, жетілуіне байланысты жәрдемақыларды белгілеу және ұлғайтып отыру;
- алмағайып замандарда туған елден шеттеп кеткен отандастарымыздың атажұртқа оралуына жәрдем көлемін ұлғайту;
- ең төменгі жалақыны жыл сайын ұлғайту нәтижесінде әлемдік орташа деңгейге жеткізу;
- мемлекеттік қызметкерлердің, бюджет саласының қызметкерлерінің, мұғалімдердің, дәрігерлердің, мәдениет, спорт пен әлеуметтік қамсыздандыру қызметкерлерінің жалақысын көтеру, елдегі ең жоғарғы жалақы мен ең төменгі жалақының арақатынасын әлемдік деңгей көрсеткішіне жақындатуға ұмтылу;
- мүгедектердің барлық топтарына және жасына байланысты жәрдемақы алушыларға, мемлекеттік арнаулы жәрдемақы алушыларға берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды ұлғайту;
- денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес денсаулық сақтауға жұмсалатын қаржы көлемінің еліміздегі ішкі жалпы өнімдегі үлесін арттыру;
- білім беруге жұмсалатын қаржыны жыл санап арттырып, оның ішкі жалпы өнімдегі үлесін молайту;
- Қазақстан халқының саны 2015 жылға қарай 20 миллионға, 2030 жылға қарай 30 миллионға жетуіне бағытталған кешенді шаралар ұйымдастыру мемлекеттік қолдауды барынша басым жүргізу арқылы жүзеге асуы тиіс, өйткені ұлы ел болудың ең басты алғышарттарының бірі – елдегі халық санының өзі өндіргенді өзі тұтынуға жетуі.
22. Елбасы адам дамуының индексін ұдайы көтеріп отыруды басты мақсат етіп алуы тиіс. Оның құрамдас бөліктері – ағарту, ішкі жалпы өнім көлемі, денсаулық сақтау деңгейі, адам ғұмырының ұзақтығын айқындайтын өлшемдер.
Ауылдар арасындағы жолдарды жөндеу, ауруханалар салу мен олардың жабдықтарын жақсарту, қазіргі талаптарға сай мектептер салу, ондағы білім беру деңгейін арттыру, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету істері жақсару тиіс.
23. Ел басшысы халықтың орасан зор мәдени мұрасын зерделеп, ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар елеулі мәдени-тарихи және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруді, ұлттық әдебиет пен жазудың сан ғасырлық тәжірибесі қорытылып, кеңейтілген көркем, ғылыми, өмірбаяндық зерттеулер мен талдаулар жасалуын, мемлекеттік тілге әлемдік ғылыми ойдың, мәдениет пен әдебиеттің үздік жетістіктері аударылып, халыққа ұсынылуын қамтамасыз етіп отыруы тиіс.
24. Елбасының тағы бір міндеті ұлттық саясатты дұрыс жүргізу арқылы, елдегі этностық көптүрлілікті нығайту арқылы қазақтардың топтасуын жеделдету, өзге этностық топтарды бірлестіру болып табылады. Ол үшін қазақстандық патриотизмді қалыптастыруды қолға алып, өзге ұлт өкілдерін негізгі этносқа – қазаққа жақындата түсу керек.
Алдымен қазақтардың өзінде Отанға деген сүйіспеншілік сезімі жетілмей, тарихқа, дәстүрге, мәдениет пен тілге деген құрметі қалыптаспай, өзге ұлттарда қазақтың тілі мен тарихын білуге, Қазақстанда тұрғанын мақтаныш етуге қажеттілік болмайтынын түсіндіруден бастау керек.
Қазақ патриотизмі қазақстандық патриотизмнің діңгегі болуы тиіс, солай болғанда ғана ол өз төңірегінде басқаларды Қазақстан үшін мақтаныш пен сүйіспеншілік сезіміне жетелейді. Азаматтық қоғам элементтерінің қалыптасу процесі либералдық құндылықтардың жеңісіне әкеледі, адамдардың заң алдындағы теңдігі келеді деп және сол арқылы ұлттық диаспоралардың табиғи дамуы мен қалыптасуына қазақ мәдениетінің басымдылығы жағдайында жетуге болады деп жүре беруге болмайды.
Қазақтар жаңа жағдайдағы, яғни Қазақстанның бейбітшілігі мен шарықтап дамуына жауапкершілік жолындағы өз миссиясын сезінуі керек. Қазақтар Қазақстанда тұратын барлық халықтардың игілігіне, қоғамдағы келіспеушіліктерді болдырмауға жәрдемдесуі тиіс. Сонда өзге ұлттарда да түсіністік (кері байланыс) болады, яғни олар да өзара қарым-қатынастың осындай табиғи-тарихи жүйесіне сенетін болады. Сондықтан да қазақтар, олардың елінің Президенті, тәуелсіздіктің нығаюы, Қазақстандағы тұрақтылық пен өрлеу үшін ең алдымен жауапты.
25. Мемлекеттік құрылым қаншалықты демократия болса да, оның диктатураға айналып кетуіне кепілдік бере алмайды. Демократиялық құрылым пайда бола қалған күннің өзінде оны диктатурадан арашалап отыруға ел азаматтарының рухы, жігері, белсенді азаматтық позициясы керек. Сондай зиялыларды қалыптастырып, қолдап, жетелеп, істерін үйлестіріп отыру – Елбасының міндеті.
Адамдар арасындағы мемлекет үшін мақтаныш, сүйіспеншілік пен құрмет белгілері мемлекеттің де адамдар үшін сүйіспеншілігі, мейірімі және құрметіне тура пропорционал болуы тиіс. Егер мемлекет өз адамдарын ойламаса, адамдардың да көпшілігі мемлекетке деген патриоттық сезімнен арылады. Нақ осы істердің табысты болуы елге билік ететін азаматтың жігер-күшіне, ұйымдастыруына байланысты.
Қазақстанның мемлекет ретінде дамуы оның әр азаматының әлеуметтік келешегіне байланысты. Президент ұлттық идея мен ұлттық идеологияға баса көңіл бөлуі тиіс.
26. Президент алдағы мерзімдегі сыртқы саясатында процестердің даму барысын алыстан болжап, алдын ала білуі, елге зияны тиетін мәселелердің ушығып кетпей тұрып, елімізге тиімді бағыттарда дамуына ықпал етуі керек.
Елбасы еліміздің ішкі саясатында нақты көппартиялылықтың тууына, бұқаралық ақпарат құралдарына мемлекеттік монополияның жойылуына, сөз бостандығы мен діндердің бейбіт қатар өмір сүруіне, әйелдер, жастар қозғалысының өрістеуіне өзі бастамашылық жасау маңызды.
Елбасы азаматтық қоғамды дәйекті дамыта беруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге міндетті.
27. Президент:
- жергілікті өзін-өзі басқарудың құқықтық және құрылымдық негіздерін әзірлеуді;
- өкілетті органдардың өкілеттіктерін кеңейтуді;
- жергілікті басшылардың сайланбалылығын, оларға қоғамдық бақылау жасау мүмкіндігін және тұрғындар алдында есеп беру институтын жетілдіруді;
- саяси партиялардың ролі мен функцияларын одан әрі нығайтуды;
- Үкіметтік емес ұйымдардың нығайтылуына жағдай туғызуды;
- бұқаралық ақпарат құралдарын нығайту және дамытуды өз қолына алуы тиіс.
28. Елбасы өңірдегі бекем тұрақтылықты қамтамасыз етуге, өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жауапты.
29. Президент жаһандану талаптарына сәйкес экономиканы серпінді дамытуға және шикізаттық емес секторларды ілгерілетуге баса ден қоя отырып, жаңа технологияларды дамытуға ден қоюы тиіс.
30. Ел басшысы лаңкестікке, есірткі саудасына, кез келген түрдегі экстремизмге қарсы жаһандық күреске өз күші мен жігерін бағыттауға міндетті.
31. Елге басшы болар кісі табиғатты қорғау үшін күрескер болуы тиіс.
32. Елбасы тәуелсіздіктің сақталуын қамтамасыз ете отырып, елімізді тұрақты дамуға жеткізуді мақсат етуі керек, ол - даму жолында кездесуі мүмкін қиындықтардың қандай болғанына қарамастан, табиғи байлықтарды, жерімізді, суымызды, ауамызды таза қалпында келер ұрпаққа аманат ететіндей жағдайға қол жеткізу. Яғни, Қазақстан мұнайдың, металдың, астықтың, т.с.с. өнімдердің бағасының өзгеруіне тәуелді болмастан, қоршаған ортаны қорғау талаптарын орындай отырып, ұдайы даму жолына түсуі. Бұл әбден негізделіп, болашаққа нық сеніммен басқан қадамының көрінісі болуы қажет.
33. Президент арындап келе жатқан жаһандану мүлдем жаңа тұрғыда тәрбиеленген және жаңаша ойлай білетін кадрлар шоғырын тәрбиелеп жетілдіруі тиіс. Мемлекеттік аппаратта стандартқа сәйкес келе бермейтін шешімдер қабылдауға, өзгерістерге іштей әзір азаматтар көп болуы тиіс, өйткені реформалар жүргізумен қатар ойлау инерциясын да өзгерту керек.
Бойынан қатып қалған қасаңдық арылмаған, төрешілдіктің иісі аңқып тұрған қызметкерлермен батыл есеп айырысу керек. Ұмтылыс, қабілет пен өмір тәжірибесі қандай да бір шешуші қызметке лайықтылыққа негіз болуы тиіс, ол – психологиялық тест, әңгімелесіп байқау, қисындық талдау арқылы танылғаны жөн.
34. Президенттің өзіне сенімі мықты болуы, сөз бен ісінің алшақтығы болмауы, күтілмеген, шалт шешімдерге бармауы, қарамағындағыларды өзінің қабілеттілігіне сендіруі, үлкен істерді атқара білетініне көздерін жеткізуі, қызметкерлерді жетістікке жету мүмкіндігіне сендіре білу, кез келген кедергіге қарсы тұру қабілетін көрсете білуі, жүйені орнықтырумен және қорғаумен айналысуы, ұзақ мерзімді істерге, нақты ұйым саясатын жүзеге асыруға көңіл бөлуі, халықтың мұқтаждықтарын жіті бақылап, талап-тілектерге құлақ қоя білуі маңызды.
Елбасының басты қасиеті – онда жұмылдырушы күштің болуы.
35. Президентте халыққа деген сүйіспеншілік, мейірімділік сезімі айрықша байқалғаны жөн.
36. Ел басшысы болар кісі кешірімшіл болуы, өштесу мен өшпенділік сезімін ұмытуы, біреулердің сатқындығы мен екіжүзділігіне төзіп, кешіріммен қарай білуі тиіс. Ешқашан кешірім жасағанына өкінбегені, берген жазасына сүйсінбегені жөн. Мінездегі зәрлілік пен қызбалық Елбасы болар кісіге лайықсыз.
37. Ел басқарар адамның әрбір әрекеті ұғынықты, нақты болуы керек. Оның бірінші міндеті – шындықты ұғыну, соңғы қызметі – алғыс айту.
38. Президент шенеуніктерді халықтан өзін тыс ұстап жүрмейтін етіп тәрбилей білуі тиіс, өйткені шенеунік халықтан үш себептен қашады: бірінші себеп - өренің төмендігі, сонысын білдіріп алмайын деп қорқады; екіншіден, халықпен араласып, кеңесіп отырып іс қылуды үрдіс етпеген; үшіншіден, билікке жете салысымен өздерін ақылды болып кеткендей сезінеді, халықтан өзін биік санайды. Осынау теріс мінездер мемлекеттік шенеуніктерде болмауын қадағалау керек.
Бізде бір жағынан заманға сай жұмыс істеуге тырысатын, екінші жағынан бұрынғы білім, төрешілдік пен сана шектеулілігі жібермейтіндер тобы бар. Мұндайларды шеттетпей жетілдіру де Елбасы міндеттерінің бірі. Осы сананы бұру, жаңа сана қалыптастыруға басшылық ету биік рухты, іскер, парасатты, ізгі, өз мемлекеті мен халқын шын сүйетін адамның ғана қолынан келеді.
Адамдарды тануда алдану ел басқарған кісінің ісіне қиындық туғызады. Ол адамды кітапты оқығандай оқи алатын болуы керек.
39. Ең бастысы – мемлекеттілігіміздің іргесінің беріктігі. Президент жеті өлшеп, бір кесерлік абайшыл болуы, орындалмақ мақсат жолындағы жалғастылықты қамтамасыз етерлік тізбекті бұзбай, жан-жақты мұқияттылықпен ғана алға жылжуға жетелеуі тиіс.
40. Демократияның бүкіл тетіктерін іске қосуға мүмкіндік беретін алғышарттар ретінде қазақстандықтарды қалыпты өмірмен, жұмыспен, жақсы жалақымен қамтамасыз ету алынғаны жөн, ол үшін орта тапты қалыптастыру керек. Орта тап - тұрақтылықтың негізі, ондағылар қаншалықты көп болса, тұрақтылыққа кепіл.
41. Әлемдік қауымдастыққа қарай бағыт ұстанып, түрлі әлемдік және халықаралық ұйымдардың толыққанды мүшесі болғымыз келсе, ол үшін Елбасы халықаралық құрылымдармен бірлескен, достық рәуіштегі, тең құқықты, сенімге негізделген жұмысқа құлықты болуы тиіс.
42. Президент ізгілік, парасат, имандылық, мейірім-шапағат тұрғысында игі істер атқаратын және шын пейілмен атқаруға әзір болғаны мақұл.
43. Елбасы еліктеуден ада болуға ұмтылуы тиіс. Еліктеу біреудің соңына ерумен бірдей. Ал біреудің соңына ерген адам ешуақытта оның алдына түсе алмайды. Алдына түсу үшін айналып өтіп озып кететіндей ерік-жігер, білім-білік керек. Ылғи шәкірт бола беруге де адам әдеттенеді.
44. Елбасы ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезініп: «Біз туралы, біздің ұрпақ туралы келер ұрпақ не дейтіні бізге бәрібір емес» деп ойлау, соның жауапкершілігін терең сезіне білуі және осылай ойлайтындарды көбірек тәрбиелеп жетілдіруі тиіс.
45. Ел басшысы қазақтың жаңалыққа ұмтылғыш және еркіндікке құштар екі мінезін де қолдайтын, өзі де жаңашыл және жаңашылдықты қолдайтын, елдің әрбір азаматының ойы мен ісінде еркіндік болуын қалауы тиіс.
46. Қазақ күшті ұлт болу үшін ең алдымен ішкі бірлік, ұйымшылдық, татулық керек. Президент ел ішіндегі, билік ішіндегі өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздікке тосқауыл қоя білуге қабілетті болуы тиіс.
47. Елбасының ұлттық мәдениетті, әдебиет пен өнерді, дәстүр мен әдет-ғұрыпты әлемдік мәдениеттің құндылықтарымен үндестіре дамытатын озық үрдіс қалыптастыруы керек.
48. Ұлт ретінде шыңдалмаған елдер жаһандану кезінде жойылу қаупіне душар болады, олар алпауыт елдердің ықпалымен жүріп, сол елдер халқының құрамына сіңіп кетуі мүмкін. Бұдан тек ұлттың жетерлік саны мен биік рухы ғана қорғап қалады. Бұған жету үшін мүдделестер көп болуы тиіс. Саяси топтар мен партиялардың мүдделілігі; биік мемлекеттік мүдде – ұлттық идея, тіл, дін, ұлттық экономика; ұлтты мемлекеттің өзінің қорғауы; үлкен-үлкен қаржы қорларының ұлтты сақтап қалу үшін, ұлтты шыңдау үшін қаржыны аямау – болашақ Президент жұмылдырушы болар іс.
49. Елбасы баршаға барынша мүмкіндіктер беретін қоғамды орнатуға ұмтылатын, осыған елді жетелей алатын болуы керек. Ол әрбір адамның жеке басы мен бостандығын құрметтейтін, өзіне-өзі қызмет етуге жағдайы жоқ жандарға қамқорлық жасалатын, қандай еңбекті болса да қадірлейтін, ана мен баланы қорғайтын, зейнеткерлерге қамқор болатын, ардагерлер мен Отан қорғаушыларды ардақ тұтатын қоғам құруды мақсат етсін.
50. Елбасы ұлтына және діни нанымына қарамастан, әрбір қазақстандыққа салт-дәстүр, мәдениет пен дінді таңдауға ерік беретін еркін әрі ерікті қоғамның негіздерін нығайту ниетінде болсын.
51. Елбасы әркімнің ар-намысы, абыройы мен беделі қадірленетін, мәртебелі мораль, этикалық негіздер мен рухани құндылықтар ірге тепкен қоғам құруды ізгі мақсаты санасын.
52. Елбасы ұйымдастырушылық және саяси тәжірибесі жетерлік, қайраткерлік қабілеті мол, ысылған саясаткер және қайраткер болуы тиіс. Ол - жаңа заманның талаптарына сай, жаңа жағдайда не істеу керек екенін білетін адам болуы тиіс.
53. Президентке ұлт мінезін шыңдау, оның жасуына жол бермеу, озбырлыққа мойынсұнуға көндірмеу, озық ойлыларды қолдап отыру да міндет.
54. Елбасыға сананы сілкінте алатын, жігерді жани алатын мінез керек.
55. Ел басшысының сөзі мен ісі бір жерден шығып, бетпердесі мен нақты бейнесі барынша жақын болуы керек.
56. Елбасы әрқашан елдің рухын, жігерін, ділін, намысын жандандыра білуі, жетілдіре жүруі тиіс.
57. Президент ішкі қуатының молдығымен, орасан зор қажыр-қайратымен, белсенділігімен, өз ойын ашық айтуымен, өзін-өзі ұстаудың биік мәдениетімен, тәуелсіздік сезімінің күштілігімен, терең адамгершілігімен, сөзінде тұруымен, парызды сезінуімен, кісілік қасиетінің биіктігімен ерекшеленуі керек. Елбасы ел алдына шыққанда көзінен от, сөзінен қуат байқалатындай жігерлі болуы керек.
58. Ел басшысы болар адам халықшылдықтың үлгісі болуы тиіс.
59. «Ел басқарған адамның ойында үш нәрсе болуы тиіс: обал, сауап, борыш» деп Ақсуат бидің айтқаны Елбасы ұдайы ұстанатын қағида.
60. Президент білім мен білікті, ақыл мен айланы тең дарытқан адам болуы тиіс. Ол досын жанында ұстай отырып, дұшпаныңды одан да жақын ұстауды жадынан шығармауы тиіс.
61. Басшы халқын несібені білімнен, біліктен, еңбектен іздеуге ұдайы бағыттап отырғаны жөн.
62. Билік иесі өзін-өзі жетілдіруді, тәрбиелеуді, қайта тәрбиелеуді ар санамауы керек. Олай ету, кейде, өз табиғатыңа жат нәрсені істеуге өзіңді-өзің зорлауға мәжбүр етеді. Үлгілі басшы соған төзуі керек.
63. Билікші: «Ел ұстасаң – кек ұстама» деген мақалды терең ұғынсын. Ешкімді тыңдағысы келмейтін шамшылдық, бағыныштыларды ықтырып ұстау, істерінің жүйесіздігі, әлсіздік пен дәрменсіздік таныту Ел иесі болғысы келетін адамға лайықсыз.
64. Өзімшілдік, менмендік, секемшілдік, артына пікір сақтағыштық – елге ие болам деген адамға жараспайды.
65. Президент қандай жағдай болғанда да күрт өзгеру, тез ашулану, тәкаббарлық, аузына ие болмау, озбырлық, өзімбілермендік, қатігездік, аңду мен сыбырға сену және тоғышар пейілділік, жалпақшешейлік, қайырымсыздық, сараңдық, дүниеқоңыздық секілді лайықсыз әрі кешірімсіз дерттерден аулақ болса жөн. Елбасының көзі де, көңілі де тоқ болсын.
66. Ел басшысы өшпенділік пен күншілдіктен де ада болсын.
67. Құштарлық пен құмарлықты жеңе білу де Елбасына міндет.
68. Төңірегіндегілерде дарақылық, мақтаншақтық, дәріпшілдік, ұрыншақтық, кісі қайғысын танымаушылық, алды-артын ойламаушылық, уайымсыздық, даңғойлық, сезімсіздік, жүректегі байлаусыздық болмауын бақылау – Елбасының ісі.
69. Президент өз ұлтының басынан аса қарайтын, жақсысын пайдаланып, жаманын түзетуге сөз жүзінде ғана атсалысатындардан іргесін аулақ салуы тиіс.
70. Президент ел зиялыларын үнсіз қалуға, келісімпаздыққа үйретпеуі тиіс.
71. Елбасында төңірегі оның идеяларына селқос қараған жағдайда, ондайлардан өкінішсіз арыла алатын күш болғаны ләзім.
72. Президент болып өмір сүру – көп асылдан айрылу, сонымен бірге елдің ең асылын іздеу.
73. Президент өз игілігі көп болмауына өзін зорлай білуі керек. Кімде байлық көп болса, ол бақытты деген бекер, кім игілігін өзіне жеткілікті деп санаса, яғни қанағатшыл болса, сол бақытты. Ел иесі үшін аса үлкен байлыққа ұмтылу ешқашан абырой әперген емес.
74. Билікшінің билері де қанағатшыл болсын. Президент дүниеқоңыздықты мәртебе санайтындарды төңірегінен аластатуы тиіс. Оның төңірегіндегі орындаушылары мен жақын тұтатын шенеуніктері тым еркін болса, адамдардың еркіндігіне нұқсан келеді.
75. Қазақ ұлтына төнгеніне ғасырдан асқан дәстүрсіздік, космополитизм және ассимиляцияға түсіп кету қауіптеріне тежеу сала алатын Президент керек.
76. Қазақ қалаға келмей Қазақстан қазақтанбайды. Ол қазақ тілінің мемлекеттік функциясын қалаға ендіру деген сөз. Қалада қазақ көбейгенде ғана өзге тілді инфрақұрылым қазақ тілді инфрақұрылымға жол береді, сонда қазақ тілі өз теңдігін алады. Бұл іске де алдымен Елбасы мұрындық болуы тиіс.
77. Ел басшысы біреудің ақылы өз ақылынан пәс екенін көріп күлмеуі, білмегенін бетіне басуды абайлап айтуы тиіс. Әркімнің мүмкіндігі әртүрлі.
78. Елбасыда иман болсын, тілмен айтқанды ділмен (жүрекпен) бекітсін, әрі оны өзінің іс-әрекеті арқылы нықтасын.
79. Президентте биік азаматтық, интеллектуалдық потенциалдың молдығы, білім мен білік, еңбекқорлық тең түсіп тұруы керек.
80. Билік иесі ешқашан билікті биіктік деп ұқпауы тиіс.
81. Ел иесі мемлекетке қожайын болу үшін, халыққа құл бола қызмет етуі керек екенін ұғынуы тиіс.
82. Президент болатын адамның құлағы мақтау мен даттауға бірдей керең болуы керек. Қошеметке малданбау, тобырдың бас ұрғанынан ләззат алмау өнері керек. «Ұлыққа қошаметшіл де бір, құл да бір» деген Абай сөзі билікшінің есінде тұрсын.
83. Президент ақ көңіл болып аңқау болмауы, қырағы болып қу болмауы тиіс. Алдауды байқай білу мен оны әшкерелей білу ләзім.
84. Президент ағартушы да болғаны дұрыс.
85. Президентке тәлімгерлік қасиет те керек.
86. Қазаққа осыншама жерді иеленуге мүмкіндік берген қылыш пен шоқпардың заманы өтті, бүгінгі қару – білімділік, жарыс – ойдың жарысы, соғыс – білім мен біліктің соғысы. Күресті осы бағытқа беттете алған Президент елін ұшпаққа шығарады. Халқымызды өзін ешкімнен кем санамай тең санауға, тең болуға ұмтылуға тәрбиелеу маңызды.
87. Мемлекеттегі әрбір адамның қарны тоқ, дені сау, шат-шадыман күн кешуі үшін мемлекет тарапынан барлығын күшпен реттеуге ұмтылу керексіз, мәселе қоғам мәдениетінің сапасында. Сондықтан ел басқарам деген адам қоғамның мәдениетін көтеруге ұмтылуы тиіс. Ол үшін оның өз мәдениеті өте биік болуы керек. Имам Әл-Бухаридің «Мәдениеті биік патша аманатқа (елге, жерге, суға) қиянат етпейді, қызынбайды һәм кіжінбейді, кек сақтамайды, өзімшілдікке ұрынбайды, уақытшалықтан (мәселені тез ретке келтірем деп асығыс-үсігіс шешім қабылдаудан) бойын аулаққа салады» деген сөзі Ел басшысының жадында жүруі тиіс.
88. Ең биікте тұрған билікші кеңпейіл болғаны абзал, өйткені оның қателігін түзетер одан биік тұрған ешкім жоқ. Биіктегі билікші өзіне ең жақын тұрған, өзі олардың айтқандарын көп рет тыңдаған көмекшілерінің адалдығы мен мейірбандығын да зерттеп тұруы керек.
89. Билік саласындағы әрбір адам кез келген уақытта: «Мен қолымнан келгенімді жасадым. Менен де жақсы істейтіндер болса - мархабат» дей алуы керек. Бұл жаңалық емес – қадым заманғы Рим империясының билік формуласы.
90. Адамдардың белгілі бір бөлшегі жетіліп, жаңа сатыға көтерілсе, бүкіл адамзат та жетіле бастайды. Осылай екені хақ. Сол жетілгендердің басында Елбасы жүруі тиіс.
91. Ең жаман деген адамның да мойындатарлық, сонысы үшін жаман жақтарын кешіріп жіберуге болатын бір жақсы қасиеті болады. Бұл да ел басқарған адамның есінде болсын.
92. Жеңістің бақытымен бірге соры да болатыны сияқты, биліктің де өз игілігінен асып жығылар азабы мен соры бар. Ел иесі осыған төзімді болуы керек. Оған мықты жүйке, темірдей төзім керек.
93. Президентте ақыл мен ұят бірдей болуы тиіс, егер оның біреуі жоғалса, екіншісі де табылмайды. Бұлар қиыспас екі дос тәрізді, екеуі бір-бірінен ажырай қалса адасады. Бұл екеуіне мейірім мен қайырым қосыла кездессе – нұр үстіне нұр.
94. Президентке көп адамның шындықты айтуға батылы бара бермейді, тек санаулылар ғана ол іске батыл кірісе алады. Шындықты айта алғандар үшін ел басшысында ашу болмауға тиіс, өйткені ашу - дұшпан, ашуланшақ адам ұрыншақ келеді, қателікке көп ұшырайды.
95. Ел басшысына жуық тұратындардың арасында мансапқа таласу, қызмет дәрежелерін бір-бірінен қызғанып күндеушілік, көре алмаушылық көп болады, әсіресе, араларындағы ең ақылдысын, адал ниеттісін күндейді. Осыларға тосқауыл қоя білу керек.
96. Президент болған адам намысшыл болсын, шамшыл болмасын. Ол үшін ең керегі -ақыл мен сабыр. Ақылына ақыл қосар озық адамдармен, жанашыр серіктеспен, білікті маманмен кеңесіп отырғаны жөн.
97. Достық кеңесті тыңдай білу әміршілер мен мәртебелілер үшін өтке керек.
98. Басшы құлшыныс пен тәубені тең ұстасын, күңкіл мен ұсақтықтан биік болсын. Өзінің істеген ісінің дұрыстығына, ертең ешкім артынан сөз айта алмайтынына сенімді болсын.
99. Парасатты Президент тағынан өз уақытында кете білуді де ұмытпауы тиіс. Сонда еңбегінің ақырын салтанатқа айналдырады.
100. Президент үшін ең бастысы – арлылық пен адалдық!
Осы тілектерге сай болған Президент, сөз жоқ, өз елінің ғана емес, бүкіл әлемнің құрметіне ие болады, яғни әлемдік тұлғаға айналады. Қазақ елінің ниеті мен пиғылы сондай Елбасыға лайық. Ләйім солай болғай! Әумин!
12-16 қыркүйек 2005 ж.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру