Мазмұнға өту
Home

Әбу Атшыбаев

Жоламан Айдарбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Әбу Атшыбаев

Жоламан Айдарбаев — «Әбу Атшыбаев». ӘБУ АТШЫБАЕВ (автор: Жоламан АЙДАРБАЕВ) * * *

/uploads/2cbdd572-c5d1-5b1c-a17f-d0ae3260e423/cover.png

ӘБУ АТШЫБАЕВ
(автор: Жоламан АЙДАРБАЕВ)
* * *

Әбу бүгін мектептен тайраңдап шықты. Өйткені, оның қуанышында шек жоқ болатын. Бүгін ол бірінші класты өте жақсы деген бағамен бітірді. Мектеп директоры өз қолымен Әбуге грамота тапсырды. Әбуді балалардың алдына шығарып, мақтап, өзге балаларға үлгі етіп көрсетті. Қазір Әбу сол грамота қағазын бірде қолына алып сыртын сипап, енді бірде ескі матадан құрап тігілген қалта-портфеліне салып, оқтын-оқтын түсіп қалған жоқ па деп жанындағы балаларға байқатпай қолын портфеліне сұғып жылтырақ қағаздың сыртын сипап, бар екендігіне көзі жеткен соң, оқу дәптерлері салынған қалтасын қолтығына қыса түседі.

Аз ғана үйдің басын құрап отырған Бейбіт ауылында қолдан қаланған жартылай жеркепе жатаған үйлердің қақ ортасында кескін-кейпі өзге үйлерден айырып алғысыз ұзынша тоқал үй ауыл мектебі. Мұнда бастауыш кластың балалары оқиды. Олар арасы үш-төрт шақырымдай әр жер - әр жерде он шақты үй тарыдай шашылған ауылдардың балалары осы Айранкөл ауылына қатынап оқиды. Түсте әрқайсысы әр жақтан келіп осында тоғысады да, кешке қарай мектептен шығып, әрқайсысы екеу-екеу, үшеу-үшеуден төңірекке шашырап, мидай сары далаға сіңіп кетіп жатады. Әбу оқтын-оқтын қалтасына қолын салып әлгіндегі грамотаны іздейді. Жылтыр қағаз қолына тиген сайын көңілі орнына түсіп, ауылға асығады. Тезірек әкесі мен анасына жеткісі келеді. Баласының бірінші класты бітіріп, екінші класқа өтіп келгеніне олар қуанатын шығар. Ал, мына мақтау грамотасын көрсеткендегі әкесі мен анасының қуанышын ол қазір көз алдына елестете алмады.

Балалар Қамыскөлдегі Бейбіт ауылына тез-ақ келгендей. Әбудің көңіліне солай көрінді. Әдетте бұл уақыт қора жақта мал жайлап жүретін әкесі Атшыбай да, шелегін салдырлатып үйдің отын-суын қамдап жүретін анасы Балжан да бүгін бар шаруаны ерте тындырып тастағандай Әбуді есік алдында қарсы алды. Қуанышында шек жоқ Әбу анасының құшағына еніп кетті. - Бірінші класты бітірдім, - деді ол аптыға сөйлеп. Мұнан кейін Епбергенов ағайының балалардың алдыда өзін мақтағанын, директор ағайының үздік оқығаны үшін грамота бергенін айтып жатты.

Анасының ұзын етегіне оралған Әбуді Атшыбай өзіне тартып маңдайынан иіскеді де, ұлын ішке алып кірді.

Әбу мата қалтасынан грамотасын алып көрсетті. Оның бетіндегі жазуды оқи алмаса да, Атшыбай жылтыр қағаздың бетін томардай құс саусағымен сипалады.

- Қолыңның кірі жұқпасын, - деп, Балжан Атшыбайдың қолындағы әлгі бір жапырақ қағазды жұлып алды да оның әр жеріне жұққан дақты алақанымен сүрте бастады.

Атшыбай мына қағаздың қадір-қасиетін түсінбесе де, іштей оны дұғадан кем санамады. Мұндай қадір-қасиетке ие болған баласының құр болмағаны деп ұқты.

Атшыбайдың ата-баба әулеті атағы алысқа жайылған адамдар емес, дөңгеленген орта ғана шаруасы бар қарабайыр бұқара жандар болған. Ал, өз әкесі Оразбай бай есігінде жүріп, мал соңында ғұмыр кешкен. Атшыбайдың өз өмірі басқаша қалыптасты. Бала кезінде әке соңында бай есігінде жүргені есінде. Ес білген шағы кешегі аласапыран заманға тап келді. Байларды атып-асып, итжеккенге айдап, кедейлерге теңдік алды. Атшыбайдың мұнан былайғы өмірі басқаша қалыптасты. Кедейлер үкіметі орнағаннан кейін Қосшағыл, Құлсары жерлерінде қара май кәсіпшіліктерінде жұмыс жасады. Кәсіпшіліктерде өндірілген қара мұнайды ат арбамен тасиды. Әйтеуір, елден озып кетпегенімен ел қатарлы өмір сүріп жатыр.

Атшыбай біреуден ілгері, біреуден кейін осы өміріне шүкір етеді. Балаларының үлкені Әбу, міне, оқып әке мақтанышына ие болды. Ендігі жерде осы балаларының аман болып, қызығын көріп жүре бергенінің өзі неге тұрады. Ендеше, жан амандығы, бас саулығынан артық ештеме жоқ.

- Енді екінші класқа барамын, - дейді ұлы.

Сонда бұл тағы қандай зат болғаны. Оны қазір Атшыбай көз алдына елестете алмайды. Ол мынаусынан тәуір болғаны ма, төмен болғаны ма? Жайдан-жай келе салатын ондай жақсылықтарға Атшыбай көңілі сенбейді. Мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылып қалады дегендей,тағы да жақсыдан дәметіп жүріп, бұрынғысынан айырылып қалатындай көреді. Сондықтан да оған қазір осы күнінен артық ештеменің керегі жоқ.

- Әй, балам-ай, - дейді ол, екінші класқа барамын деп екі езуі екі құлағында қуанып отырған Әбуге:

- Сол екінші класыңды не қыласың, осы біріншіңде-ақ жүре берсеңші.

- Ойбай-ау, не дейді мына шал. Баланың бағын байлап, ол несі-ей, қайта оқи бер демейсің бе. Екінші класына барса ертең бұданда үлкен қағаз әкеледі, - деп Балжан қолындағы әлгі жылтыр қағазды айырылып қалатындай қысымдай түсіп.

Кейін оқудың мәніне түсінген Атшыбай Әбуінің зеректігіне іштей көңілі толатын. Әбу сол Бейбіт ауылынан көрші Айранкөл ауылына қатынап оқиды. Қыста қарлы суықтарда Атшыбай Қарашүңгілден Қосшағыл, Құлсары арасына арбамен май тасып жүріп Әбуді ала кетіп мектебіне жеткізіп салады, қайтар жолда бұрылып ауылға ала қайтады.

Берігірекке дейін колхозда жұмыс жасаған Атшыбай осы мұнай кәсіпшіліктері арасында мұнай тасып, біраз жеңілдеп қалғандай. Колхоздың жұмысы тынымсыз. Таңның атысы, күннің батысы қыста тұла бойын суық сорып, жазда күнге қақталып, жел өтінде жүреді. Және жұмысы ауыр. Шеті жоқ мазасыз тірлік қажытып біткен. Енді мына кәсіпшілік жұмысына араласқалы біраз тыныстап қалғандай. Күнұзағына далада жүргенмен мұнда қолдап ауыр зат көтермейді.

Бүгін де ол Қарашүңгілден арбадағы қос күбіге қара мұнай толтырып алды да, жолшыбай ат басын Айранкөлге бұра жүрді. Ондағы ойы, әдеттегіше тентек сарысын ала қайту. Ол қазір мамырлай қозғалып сықырлап келе жатқан арба үстінде әнтек жымиды. Ойына өзінің де бала кезіндегі бір оқиға түсіп кетіп еді.

Атшыбайдың зайыбы Балжанмен қосылғанына сегіз жылдан асып барады екен. Жары Балжан Адай тайпасынан шыққан, руы шоңай Қазыбай деген кісінің қызы. Ол мыңғыртып мал айдаған ауқатты адам болған. Жаз жайлауы Ақтөбе, Жем, Сағыз өзендерінің бойы да, қыс қыстауы Маңғыстаудың қара ойы. Бай ауылдың жайлауға көшкен бір сапарында шеркеш Оразбай ауылымен қоныстас болған. Сол жолы Атшыбайдың Балжанмен кездесуінің сәті түскен. Кейін дәм-тұздары жарасқан олар қазақтың бар салт-дәстүрімен отау құрды.

Бала кезінде тентек сары атанған Атшыбайдың есі кіріп, байсалдылыққа көшкені беріде, осы Балжанмен бас қосқалы ғана. Оған дейін жастықтың әсері ме, әлде балалығы ма, әйтеуір, «Сары әлек» атанғаны. Оның осы атының ұмыт бола бастағаны Балжанмен отасқалы ғана.

Оразбайдың жеті баласы болған. Кенжесі Атшыбай. Ауыл Жем өзенінің бір сағасы Қарасудың бойында отыратын. Оның Сары әлек атануы осы ауылда. Ауыл Қарасудан су алып ішеді. Өзен жағасынан күбімен су тасыған қыз, келіншектер шұбырып жатады. Атшыбай «өнерін» осы арада көрсетеді. Жалғыз аяқ жолмен көштей тізіліп келе жатқан қыз-келіншектердің алдынан жүгіріп келіп, сүрініп кеткен боп әдейі соқтығысады. Алдыңғыларының қолдарындағы күбілері төңкеріліп, өздері құлап, тізіліп келе жатқан кейінгілері біріне-бірі соқтығысып, үсті-үстіне кимелеп опыр-топыр болады да қалады. Шулаған қыз-келіншектер қайсыбірі балағат сөздер айтып, енді біреулері жылап, үшінші біреулері не болғанына түсінбей аң-таң. Әйтеуір, төңірек қас пен көздің арасында айқай-сүреңге толады да кетеді. Бұл кезде Атшыбай әлгі опыр-топыр арасынан зып беріп, көзден ғайып болады. Мұндай оқиға мұнымен бітсе бір сәрі ғой. Ол келесі, арғы күндерде де қайталанады. Мұның кімнің қылығы екенін бүкіл ауыл біледі.

- Ойбай, әлгі Оразбайдың баласы Атшыбай көрінеді.

- Бар пәле содан шығады.

- Оны осылай басымызға шығарып қоямыз ба? Неге сазайын тарттырмасқа?

- «Сары әлек» әлек-шәлегімізді шығарып кетті ғой. Ол енді қолыма түссе бар ғой...

Осыдан бастап кішкентай тәпелтек саржалақ баланы бүкіл ауыл «Сары әлек» деп атап кетті. Атшыбайдың қарасы көрінгеннен су тасыған қыз-келіншектер «Сары әлек» келеді деп шулап қоя берер еді.

Қазір балалық шақтың сол бір кезі есіне түсіп кеткен Атшыбай айдалада, арба үстінде келе жатып баласының да өзі сияқты «тентек сары» атанғанына күлген.

Бүгін де Әбу сабақтан шыққасын әкесінің мұнай тасыған арбасын қарап анау таудай қос шағыл құмның арасынан жыландай ирелеңдеп бері қарай шұбатыла созылып жатқан жолға көз тікті. Күнде бұл уақытта арбасымен мектеп алдында күтіп тұратын Атшыбай бүгін тиеген майын тапсыра алмай кешіккен. Ол қос шағыл құм таулары арасынан арбасын шиқылдатып, атын қамшылап, асығыс шыққанда күн көзі анау көкжиекке еңкейіп бара жатқан. Ол далада күтіп ұзақ тұрып қалған баласына тезірек жетуге асығып, атқа қамшыны үйіре түседі. Бірақ, күнұзағына мұнай құйылған ауыр күбілерді тасып, әбден титықтаған жабағы асыға қоймайды. Жүрісіне жүріс қоспай да, алмай да, сол бір қалыппен митыңдайды да отырады. Атшыбай жапанда келе жатып жолдағы жалғыз серігі ат жанын түсінсе де, Әбуінің жолына қарап ұзақ күтіп тұрғанын ойлап, тезірек жетуге асығады.

Жолда жалғыз қалып, күн ұясына батып бара жатқан шақта, үрейлене бастаған Әбу қос шағыл арасында кенет пайда бола кеткен қараны көрді. Оның әкесі екендігіне шүбә келтірмеді. Ауылға кірер жолда жалғыз тұрған ұлын алыстан таныған Атшыбай маң-маң басқан жабағы торысының сауырына қамшыны үйіре түсті.

Әкесінің күнде арбамен алдынан шығып алып кететініне Әбу үйренген. Күбідегі майын кұйып алғаннан кейін жеңілдеп қалған арба ойқы-шойқы жолда шиқылдап мазаңды кетіреді. Бірақ қалың шөп төселген арба үсті Әбуге жайлы, тербетіп келе жатады. Ол арба үстінде шалқалап жатып түнгі мөлдір аспанға, әр жерден жылтылдап жаңа туып келе жатқан жұлдыздарға көз салады. Мұндайда қиялға да беріліп кетеді. Оған әкесімен бірге күнде осылай серуендеп қайтатыны ұнайды.

Баласының көңіл-күйін таныған Атшыбай да оның ыңғайына қарай көше береді. Екеуі түнде жолда келе жатып, әңгіме соғады.

Атшыбай алдымен баласының көңіл-күйіне қарап, оның бүгін сабақтарынан жақсы баға алғанын байқайды. Баласына риза болған әке енді бірде оның болашағын ойлап қиялға кетеді. Баласының өзі сияқты арба айдамай, ана пәленшекең, түгеншекеңдер сияқты абыройлы мұнайшы болғанын қалайды.Өзінің туған інісі Балағұл да осы маңға танымал мұнайшы. Қосшағыл мен Құлсарыдағы мұнай басшылары онымен ақылдасады. Атшыбай мына баласының да сол Балағұлға ұқсағанын қалайды. Ол ойын інісі Балағұлға талай айтқан.

- Әбуді жаныңа алып өзіңдей абыройлы мұнайшы етіп шығарсаң, - деп тапсырған.

Оқу дәптерлеріндегі бағасына қарап Балағұлдың да Әбуге көңілі толады.

- Жақсы оқысаң болашақта сенен жақсы мұнайшы шығады, - деп Әбудің маңдайынан сипады.

Балағұлдың бұл сөзіне Әбу іштей марқайып қалды. Өзі де осы Балағұлдай болсам дейді. Ол үшін әкесі сияқты мұнайда жұмыс жасау керек шығар.

Қазір де жол үстінде келе жатып Атшыбай:

- Осы Балағұлдай бол, - деп баласының құлағына құюмен болды. Әбу әке сөзін үнсіз тыңдайды. Оның айтқандарына түгел түсіне бермесе де, әйтеуір мұнайшылықтың жақсы кәсіп екенін ұққандай.

Қазір де Әбу арба үстінде шалқалап жатып осыны ойлады. Арба доңғалақтарының шиқылы түнгі даланы бөрліктіріп келеді. Жолда бұта түбін қонақтап қалған құстар қарадан үркіп ізді-ізіне пырылдап ұшумен болады. Осылайша әлгі әңгімелер құлағында қалған Әбу енді бірде түнгі дыбыстарға еліте құлақ түріп жатып, ауылға жетіп қалғанын да байқамайды. Бұл кезде Әбудің жолына қарап мазасызданып отырған Балжан әуелі Атшыбайға бұрқылдап алғанымен артынан тез қайтып:

- Әкеңнің жұмысы солай, ештеме етпес, - деп бүгінгі жүрістің баласына ұнап келгенін байқамаған ана оның басынан сипап, өзіне қарай өбе түседі.

Айтса айтқандай да болатын. Әбу Атшыбайдың тұңғышы, отбасында екі ұл, үш қыз, бес баланың үлкені. Үлкені деген атағы ғана. Жеделдес өскен балалардың арасында ізеттілік бола бермейтіні белгілі. Бұл шаңырақта да қатар өскен балалар осындай. Үлкені Әбудің іні, қарындастарына әлім-жеттік жасайтыны. Бірақ оны өзі кейін барып ұғады да енді түзетуге кеш болып шығады. Қанша рет Әбу солақай қылық жасамайын десе де болмайды. Бастапқыда теріс қылық жасадым-ау деп ойламайды. Өзінікі жөн, бәрі солай болуға тиіс сияқты. Соңынан қате жасап алғанын бір-ақ ұғады.

Атшыбай да, Балжан да үлкені Әбудің тезірек есейіп, өздеріне қолғабысшы болғанын қалайды. Ең болмағанда қозы соңынан еріп, кешке қарай ауылға әудем жерге шығарылған қозыларды қораға айдап әкелсе, бұл да үлкен жәрдем. Бала Әбудің оған құлқы аздау. Қозы соңында мәңгіріп жүргісі келмейді. Ауылда балалардың ойынына асығып, қозы бағудан құтылар амал іздейді. Бірақ ондай амал табыла қоймай, әбден ашуланған Әбу қозылардың құлақтарын шетінен тістеп шығады.

Кешке қораға кірген қозылардың қан шұбырған құлақтарына шыбын үймелеп жүргенін көрген Атшыбай, ілкіде бұларға не болған деп таңғалған. Мұның Әбудің қылығы екенін кейін ұқты. Және ол тістеп қанатқанын жасырмай айтты. Осыдан кейін Атшыбай Әбуге қозы бақтырмайтын болды. Әбу қозы бағудан осылай құтылып еді.

Атшыбай да, Балжан да баласының үлкенін кішкентайларына ес болады деп күтеді. Өздері жұмысқа шығып кетер болса, үйде өзгелерін соған тапсырып жатады. Ал, мұндай жағдай жиі болып тұрады. Өйткені, Атшыбай мұнай кәсіпшілігі жұмысында. Ертеден қара кешке дейін ат арбамен май тасып, түзде жүреді де үйге кеште ғана келеді. Балжан колхозда сауыншы. Азанда ерте тұрып балаларын қамдап, ас-суын әзірлеп қояды. Ол кезде балалар ұйықтап жатады. Алдымен шалын жұмысқа шығарып салған Балжан балаларының ұйқысын қимай, көрпелерін қымтайды. Күн ұзақ ойыннан әбден шаршап, есі кетіп пысылдап жатқан Әбуінің маңдайынан иіскейді. Сонсоң Асқарының тәлпіш мұрнынан бір сүйеді. Қыздары Құтым, Аққыз, Тілектестің әрқайсысының жүзіне бір үңіліп, аналық мейіріммен қарап ұзақ отырады. Мұнан кейін қара үйдің есігін ілдіріп, қорадағы бірер жандығын жайлап, сосын колхоздың сауын алаңына қарай беттейді. Бұл кезде әлгіндегі бозала таң ағарып қалатын. Колхоз малын жайлаған Балжан осыдан үйге тал түсте бір айналып соғар еді де, азғана аялдап, балаларын түгендеп, ұлы бесін шамасында қайта кететін. Бұл кезде күн көзі ауып бара жатады. Содан үйге қас қарая оралады. Бұған үйренген балалар күндізгі өмірін өздері ұйымдастырады. Әбу ерте тұрып кеткен кішкентайларының шуылынан оянып кетеді де, тыныш ұйықтатпағанына ренжіп, оларды бір зекіп алады. Бірақ өзара әлденеге келісе алмай жатқан балалар оған тыйыла қоймайды. Олардың талас-тартысы, үлкендерінің зорлығына зәбірленген кішкентайларының жылағаны, сонымен не керек, у-шу өршімесе басылмайды. Содан Әбудің де ұйқысы ашылып кетеді де, енді балалардың әдеттегі айқай-сүрең тірлігі басталады.

Балалар азанда анасы дайындап кеткен ас-суын таласып-тармасып ішеді. Бірақ, Әбудің көңілі әлденеге орта. Бірдеме жетіспейтіндей. Қазір ол соны іздейді. Анасы дайындаған қаймақ, құртқа тәбеті шабады. Анасының тәтті тағамдарды тығып қоятын кебеже аузында құлып тұр.

- Қаймақ жегім кеп отыр, - деді Әбу үлкен қарындасы Құтымға қарап.

- Білмейім апаның қайда тығып қойғанын, - деп ол иығы қиқаң етті.

- Неге білмейсің?

Құтым жауап бермеді.

Аққыз бен Тілектес те қаймақ, құрт дегенде елең ете қалған. Ол Әбудің қолында тұрғандай, не Әбу оның қайда тұрғанын білетіндей. Ендеше, алып жейік дегендей бәрі Әбудің жүзіне қарады.

- Ә, қаймақ, құрт жегілерің келеді, ә, сендердің?

- Иә, жегіміз келеді, - деді Аққыз бен Тілектес жарыса.

Асқар мен де жегім келеді дегендей жақындай түсті.

- Ендеше, сендер осы арада қозғалмай отырыңдар. Мен қазір іздеп, тауып әкелейін.

Әбу іздеуге кірісті. Бірақ ол іздеп әуре-сарсаңға түспей, бірден-ақ кебеже алдына жетіп барған. Кебеже аузында әдеттегі кішкене құлып. Анасының оны шегемен ашып жатқанын көретін. Және ол шегенің қайда тұрғанын да біледі. Анасы оң жақ босағадағы тұлақ астына лақтыра салатын шегені тауып алды.

Әдеттегі тентек Әбуден ыққан қарындастары орындарынан қозғалған жоқ. Тек Әбудің қимылын көзбен қадағалаумен болды. Мән-жайдың мәнісіне түсінбеген баланың кішісі Асқар ғана Әбудің тәртібіне бағынбай, оның жанына келіп, мойнына асылды.

- Қазір, - деп Әбу оны жанына отырғызды да, өзі іске кірісті. Қолындағы темір шегемен құлыпты біраз шұқып, тырналап, сылдырлатып отырды. Бір заманда құлып ашылды. Әбу кебеже есігін айқара ашып ағаш зереңге құйылған қаймақты, құрт салынған қалтаны алып шықты. Қалта түбіндегі үш-төрт түйір құртты іні-қарындастарына бөліп берді де, зереңді өзі қолына алды.

- Ал, енді мына қаймақты менің өзім жеймін-деді.

- Же, же, - деп шу ете қалды қарындастары.

- Ендеше, қараңдар, - деді де, Әбу қолындағы зерең қаймақты басына бір-ақ төңкерді. Қоймалжың қаймақ бірден лық еткізіп жұта салуға келмей, езуінен төмен қарай сағыздай шұбатыла ағып омырауын жуып кетті. Сүтке тиген күшіктей тұмсығы түгел аққа малынған Әбу өңіріне ағып-тамған қаймақты жең ұшымен бір сүйкеп жіберді де:

- Қазір апа келеді. Қаймақты ішіп қойдық деп айтпайсыңдар.

- Иә, айтпаймыз.

Бұл жолы қарындастарының үні үздік-создық шықты. Бірақ осылар айтып қояды-ау деп оған күдіктенген де, ыққан да Әбу болған жоқ.

- Ал, мен кеттім, енді апа келіп қалады, - деп орнынан тұрды да есіктен атып шықты.

Шаңқай түсте үйге оралған Балжан ішке кіргеннен-ақ кебеже есігінің аңырайып ашық қалғанын, қонаққа деп тығып кеткен қаймақ зереңнің босап, жерде төңкеріліп жатқанын, босаған құрт қалтаның жерде қалғанын көрді. Кебеже іші жұрдай, үңірейіп тұр. Үйде Әбу жоқ, өзгелері ойнап отыр.

Айтпай түсінген Балжан ашу шақырған жоқ, әдеттегі шапшаңдау мінезіне салмай, мамырлай басып келіп аңырайып ашық-тесік қалған кебеже есігін қаусыра салды. Оның алқасын іздеп те әуре болмады. Сосын барып толық денесін әрең қозғап бар салмағымен әлгінде шеге жасырылған босағадағы тұлақ үстіне келіп еңсеріле отыра кетті.

Айранкөлдегі үш кластық мектепті Әбу ортадан жоғары бағамен бітірді. Мұнда үштен жоғары класс болмағандықтан одан ары оқитын балалар Қосшағылға қатынайды. Қосшағыл мұнай кәсіпшілігі қырық-елудей үйі бар елді мекен. Мұнда төрт жылдық мектеп бар. Бейбіт ауылынан шалғайлау, жиырма шақырымдай. Қатынауы қиын болса да, Атшыбай баласын қалай да оқудан қалдырмауға тырысты. Інісі Балағұлдың үйі осында. Әбу төртінші кластан бастап Балағұлдың қолында оқыды. Балағұл көзін ашқаннан мұнай төңірегінде келеді. Отбасына табыс әкелетін бір өзі болған соң жағдай мәз емес. Бірақ оқуға ықыласын танып-білген соң Әбуді оқытуға ынталылық танытты.

Бұл ел ішінің дүрлігіп жатқан кезі. Халық жауы деп ауылда күнде бір адамды алып кетіпті деген хабар дүңк-дүңк етеді. Айдап кеткендер ішінен қайта оралыпты, аман келіпті деген естілмейді. Сол кеткеннен мол кетті, оралмады деп отырған біреу. Жаманат хабар күнде келеді. Ел іші гу-гу. Үрей ішті кеулеп барады. Ес білген балаға дейін көңілінде қаяу, көзінде мұң. Әзірге өз төңірегі аман болғанымен Әбудің де бала жүрегі қорқыныштан құр емес. Қызыл жағалылар келіп, өзін де алдына салып айдап кететіндей. Бала көңіл бәрінен қорқады. Көшеде кездейсоқ қызыл жағалы көрсе аулақ жүріп, анадайдан айналып өтеді. Тіптен артымнан қуып келе жатқан жоқ па деп те төңірегіне үрке қарайды. Ауылдағы көзсіз тентектік қалды. Оған себеп, алдымен күнде маңдайынан сипап отыратын әке-шешесінің жанында емес, алыста екендігі болса, екіншіден - ел ішінің үрейленуі. Адамдар бірінен бірі үркетіндей. Бірін-бірі сыртынан көрсетіп беру де бар. Мұны үлкендердің сөзінен естіген Әбу өзін де біреу-міреу сыртынан ұстап беретіндей. Ел іші елеуреп тұр. Сондай күндері төртінші класты бітіріп, Қосшағылмен де қоштасуға тура келді. Ал, оқу деген таусылмайтын түпсіз терең дүние. Енді жоғары кластар тек Құлсарыда ғана. Мұнда да сәті түсіп, жатар орын табылды. Біраз жыл оқып, қабілетімен көрінді. Бірақ, тұрмыс-тіршілік ойдағыдай болмады. Жетпеушілік жағдайы көп. Атшыбай баласының соңынан жиі келіп тұра алмады. Тұрмыс қиындады. Ел іші жиырылып бара жатыр. Бұны бала да болса Әбу сезінді. Киім жұқа, тойып тамақ ішу жоқ. Көңіл-күй орта, тыныс салқын. Мұның бәрі Әбудің бұрынғы орнында оқуды одан әрі жалғастыруына мүмкіндік бермеді. Жұмыс жасап, табыс табуға мәжбүрледі. Бірақ, оқудан қалайда қол үзбеу керек. Бұл көңілге қона кетті. Ақыры 1941 жылдың бас жағында Әбу кешкі мектепке өтті де, күндіз Қосшағыл мұнай кәсіпшілігіне мұнай өлшеуші лаборант болып жұмысқа орналасты. Ағасы Балағұл өз қамқорлығына алып, скважиналарға ертіп апарып жүрді. Қиындығы көп кәсіп Әбуді қорқыта алмады. Ол қиындығынан қашпай, жұмысты қалай да меңгеруге талпынды.

Көктемнің жазға ұласқан шағы болатын. Төңіректе жерге төгіліп құмға сіңген, топыраққа иленген мұнай иісі аңқиды. Көктемнің кешегі жабағы жаңбырлы бұлттары әлдеқайда сонау көкжиекке маңып кеткен. Маусым айының мұнайлы даланы ыстық демімен балқытқан осынау шағында Әбу скважиналарды аралап, әрқайсысынан зерттеу үшін мұнай құйып толтырып алған құтыларын әрең көтеріп, орталық топтық қондырғыға келген беті еді. Әдетте бұл уақыт мұнайшылар келіп кетіп сапырылысып жататын. Ал, қазір оқыс тыныштық орнай қалған. Бірен-саран әр жерде қараң-құраң көрінген жұмысшылар өзді-өзі күйбің тіршіліктерімен әуре. Күнде орнынан табылатын шебер Исламқазы қазір орнында жоқ болып шықты. Мұндағылардың айтуы бойынша, ол кеңсеге жедел шақырылып кеткен. Әбу қолындағы мұнай толтырылған ыдыстарын әкеліп күндегіше тапсырып, тысқа шыққан. Кәсіпшілік кеңсесі беттен полуторка автомашинасы топтық қондырғы алдына кеп тоқтай қалды. Машина дөңгелегі астынан көтерілген май топырақ шаң қолқасын қапты. Кабинадан асығыс шыққан шебер Исламқазы:

- Тез жиналыңдар, - деді ішке асығыс кіріп бара жатып.

Сәлден кейін жан-жақтан жұмысшылар жинала қалды. Көппен бірге ішке Әбу де кірген.

- Соғыс, - деді Исламқазы тұтыға сөйлеп.

- Не дейді?

- Не соғыс?

- Қай жақтың соғысы айтып тұрғаның?

Жан-жақтан осы тақылеттес сұрақтар жауды да кетті.

Өңі қашып кеткен Исламқазы тұтыға сөйлеп барынша түсіндіріп жатты. Бұл әңгімені әлгінде кәсіпшілік бастығы айтқан.

- Ау, айтсаңшы, бұл не соғыс? - дейді үндерінде қорқыныш бар жұмысшылар әңгіменің ақиқатын айқындай түспек болып.

- Өткен түнде Германия Кеңестер Одағына шабуыл жасаған. Тосын баса-көктеп кірген жау қазір бейбіт халықты қырып, қалаларды ойрандап жатыр. Менің әзірге бар білгенім осы ғана. Хабар ауданнан бүгін жеткен.

Топтық қондырғының тар бөлмесіне сығылыса жиналған жұмысшылардың ыстық тынысын ауыр күрсініс басып кетті.

Бұл күні жөнді жұмыс болмады. Әдеттегі жарқылдаған көңіл-күй, ойын-күлкі жоқ. Адамдар түнеріңкі. Гу-гу әңгіме соғыс туралы. Әскерге шақырылуға жасы жеткендерден бастап ер адамдарды түгел соғысқа алады дейді. Әскерге шақырылу басталып та кеткен сияқты. Араға апта салмай ауыл адамдарының алды соғысқа аттанып жатты. Жылау-сықтау. Төңірек көңілсіз, күңіреніп тұр. Кәсіпшілік басы иесіз тұл қалғандай.

Ауыл ішінде әскерге шақырылу жүріп жатыр. Теміржол вокзалынан күнде вагондар лық толып жөнеледі.

Әбу он алты жасқа осы жақында ғана толған. Қолдағы куәлігінде туылған уақыты 1925 жылдың жиырма бесінші мамыры делінген. Әкесі Атшыбай да, анасы Балжан да балаларының туылған күнін де, жылын да білмейді.

- Осы Бейбіт ауылына көшіп келетін жылы емес пе еді. Әбу со жылы ерте көктемде қой қоздап жатқан шақта туылған, - дейді анасы Балжан.

- Иә, солай. Мен атымды ерттеп, Қамыскөлге жүріп кеткелі жатқанымда сен қатты толғатып, мен жолға жүре алмай қалып, босандыруға ана пәленшекеңнің қара кемпірін іздеп әуре болғанмын. Содан ауыл аралап жүріп, зорға тауып алып келсем, сен босанып қалыпсың, - деп Атшыбай да кемпірінің сөзін қуаттай түседі.

Сонда Атшыбайдың да, Балжанның да түпкі айтпақ ойы Әбуінің әлі он сегізге толмағандығы. Оларға салсаң қолдарын бүгіп, саусақтарын қайта-қайта санап отырып Әбудің жасын он алтыға енді ғана толтырады.

Шындығында, Әбудің толық жасы көрсетілген куәлігі әлі алынбаған. Оның туылған жері Қияқ ауылы. Аудандық әскери комиссариат соғыс хабары шыққан күннен бастап ер балаларды түгел тіркеуге алған. Әбудің туылған жылы, айы белгісіз, куәлігі жоқ. Әскери комиссариат Қияқ ауылсоветінен Әбу жөнінде құжат талап етеді. Кезінде есеп жүргізілмеген сауатсыз қазақ ауылдар ондайын қайдан білсін. Ауылсовет «балаң қашан туылып еді, жылы, айы, күні керек деп» Атшыбай мен Балжанға келеді. Бұлар жаңағы айтқан көрші ауылға кеткелі атын ерттеп жатқанда толғатып, қой қоздап жатқанда туылып еді дейді. Ал, ауылсоветке нақты дерек керек. Ауылсоветтің өтінішімен бүкіл ауыл қариялары болып Әбудің туған жылы мен айы, күнін анықтауға кірісті. Ақыры олар Әбу 1925 жылы туылған деген тоқтам жасады. Қой қоздап жатқан шақ дегені рас болса мамыр айы шығар.

- Ендеше, сол мамырдың 25 жұлдызында туылды деп келісейік, - деді ауылсовет.

- Е, болса болсын, шырағым. Қалғаны өз қолыңда ғой, келістіре берсейші, - деді Атшыбай да, Балжан да.

Қинаған мәселенің бұлайша оп-оңай шешілгеніне жерден жеті қоян тапқандай қуанған ауылсовет әскери комиссариатқа Әбудің туған жылын осылай деп көрсетті. Ендеше, Әбуді әскер қатарына шақыруға әлі жасы жетпейді. Сонда да Атшыбай мен Балжанның көңілдері алаңдаулы. Өйткені, ауылдастары майданға күнде аттанып жатыр. Ел үркіп қалған. Көңіл күпті. Бүгінгі көріп, білгені ертең басқаша.

Осындай шақта мұнайшылар соғысқа алынбайды деген хабар шықты. Оған да біреу сеніп, біреу сенбейді. Айтуларына қарағанда самолет, танк, автомашиналар, соғыс техникаларына мұнай керек көрінеді. Олар жанармайсыз жүрмейді. Ал, жанармай мұнайдан шығады. Май болмаса самолеттеріміз жауды бомбалай алмайды. Танктер жүре алмайды, ата алмайды.

Ақыры әңгіме ақиқатқа айналды. Мұнайшыларды арнайы бронмен соғысқа жібермей алып қалды. Өйткені, қазір техникасыз соғысу мүмкін емес. Жойқын жауға қарсы тек қуатты техникалар ғана керек. Ал, мұнай - сол техниканың кеудесіндегі жаны. Мұнайсыз соғыс техникаларына жан бітпейді. Ендеше, жаналғыш жауды жеңу үшін алдымен мұнай керек. Қазір Отанға қанша көп мұнай берсең, ол соғысқа, жеңіске сонша көп үлес қосқаның.

Мұнайшыларға осылай деп түсіндірді. Әбу мұнайдың маңызын енді түсінгендей. Бұрын оның қасиетіне терең бойламаған екен. «Бәрі Отан үшін, жеңіс үшін» деген ұран көтеріліп, ол кәсіпшілік кеңсесінің маңдайшасына, топтық қондырғыларға қызыл маталарға үлкен әріптермен айғыртып жазып ілінді.

Жұмыста жауапкершілік күшейді. Жұмыс ауырлай түсті. Уақытпен санасу қалды. Бұрынғыдай жұмыс уақыты аяқталды деген жоқ. «Скважиналардың тоқталысына жол бермейміз» деген ұран бар. Мұнай үздіксіз өндіріліп тұруы үшін жұмыс тоқтамауы керек. Скважина кездейсоқ тұрып қалса, мұнай жоспардан кем өндіріледі. Бұл соғыста қанша самолет жанармай жетпей жауға қарсы көтеріле алмай немесе, қаншама танк тапап келе жатқан жауға қарсы оқ ата алмай қалды деген сөз. Бұл кезде мұнайшылардың жұмысы осылай бағаланды. Сондықтан да олар мұнай скважиналарын кідіртпеу үшін күресті. Тоқтап қалғандарын жедел жөндеп іске қосуға тиіс. Бірақ, құралдары ескірген скважиналар жиі тұрып қалады. Мұндай сәтте оны қайта іске қосу ақырет. Өйткені, сынған, желінген бөлшектерін ауыстыру қажет. Ал, бөлшектері жоқ, таптырмайды да сальник, ременьдерін қолдан жонып, кесіп салуға тура келеді. Бірақ, қолдан жонылған дүние сәйкес келе бермейді, сапасы ойдағыдай болып шықпайды. Скважина ұзақ істемей қайта бұзылады.

Жұмыс қиындады, жауапкершілік күшейді. Әсіресе, түнгі жұмыс қиын. Тас қараңғыда әрқайсысының арақашықтығы шақырымға жуық және жолы да ой-шұқанақ, сай-сала, тау-төбе скважиналарды аралап, тыным таппай түнімен аяқ үстінде жүреді.

Әбу мұнай өлшеуші лаборант жұмысына дағдыланып қалған. Және жұмысты күндіз ғана жасайтын, түнгі ауысымға шықпайтын. Бұл Әбу үшін тыныш жұмыс еді. Бірақ, соғыс басталып, кәсіпшілік іші қым-қуыт болып кетті. Жұмыс тәртіптері қайта ұйымдастырылды, жұмыс ережелері өзгерді. Жұмысшы, қызметкерлер ықшамдалды. Жеңіл деген жұмыстарға әйелдер жіберілді де, қиын, ауыр жұмыстар ер адамдарға тапсырылды. Әбу операторлыққа өткісі келген. Бірақ, шебер оны кідірте тұрды.

Сол жылғы жаз да улап-шулап өте шықты. Ауыл ортайып қалды. Азаматтарды майданға жіберу толастамады. Соғыстан бронмен қалған мұнайшылар жатпай-тұрмай мұнайға жұмылдырылды. Кәсіпшілікте адам азайып қалды. Бұрынғы екі жұмысты енді бір адам қосып атқаратын болды. Мұнай өлшеу бұрын күндіз ғана жүргізілетін болса, енді түнде де жұмыс жасайды.

Биыл күз ерте түсіп қара суығын ала келді. Қорғасын қара ауыр бұлттар аспан әлемін тұмшалап, бірнеше күн қатарынан көз жасын төгіп тұрып алды. Ағыл-тегіл қара жаңбыр толассыз сыбап, терістіктен соққан жел ұшырып кетердей екілене ызылдайды. Төңірек телегей-теңіз. Шеті-шегі жоқ қорғасын қара бұлтты тас бүркеніп, онсыз да қара жамылған ауыл түпсіз тұңғиыққа сіңіп барады.

Бүгін Әбу түнгі ауысымға шықты. Аяғындағы шолақ етігімен телегей-теңізді кешіп жұмысқа зорға жеткен. Миы шығып жатақан жер беті аяғына іліп жүрген ескі етігін суырып алып қалардай. Етігінің қысқа қонышы құйылған судан толып кетіп, аяғы шылқ-шылқ жүргізбей келеді. Терістікке шығып алып құтырынған ызғырық жел кешке қарай қатқылдана түскен. Зәрлі суық өңменінен өтіп барады. Бүгін үшінші күнге созылған жаңбыр толастар емес. Скважиналар тұрып қалып, оны іске қосу қиынға соғып, кәсіпшілік басшыларының да, жұмысшылардың да әлек-шәлегі шыққан. Кәсіпшілік бойынша өндірілген мұнай көлемі күрт азайып кетіп, Құлсарыдағы басқарма басшылығы дабыл көтерген. Күндізгі ауысымнан шыққан жұмысшыларды демалуға жібермей түнгі жұмысқа алып қалған. Тұрып қалған скважиналар саны барған сайын көбейе түсуде. Тағы да бірнеше скважинаның мұнай беру деңгейі төмендеп кеткен. Бүгінгі Әбудің міндеті -қарауындағы сегіз скважинаны тоқтатпай, мұнай деңгейінің төмендеп кетуіне жол бермеу. Түнімен мігір таппай, әр екі сағат сайын скважиналардың өнімділік деңгейін тексеріп тұруға тиіс.

Әбудің үстіндегі киімдері жұқа. Кеудеше сыртынан желең плащы бар. Су сіңді киімдері түннің ызғарымен денесін қалтыратып барады. Осы қалпы № 15 скаважинаға келді. Үкібас скважина шиқылдап әрең қозғалады. Скважинаның ысырмасын бұрап, қолындағы бос құтысына толтырып мұнай құйып алды. Кеше кешке қоймалжың мұнай сыздықтап аққан. Енді ысырмадан мұнайдың аққан дыбысына қарап, скважинаның суланып бара жатқанын байқады. Келесі № 9 скважина бүл арадан жарты шақырымдай жер. Кеше ғана ол маңда биік бағана басында шырақ-лампы жарқырап тұрған. Өшіп қалыпты. Қараңғы түнде бүрсеңдеп сол скважинаны бетке алды. Әр жерге жиналып қалған көлшік суды кешіп келеді. Осы түнде қарауындағы скважиналарды екінші рет айналып келе жатқан беті. Әбден тоңғандікі ме, тісі-тісіне тиіп сақылдай бастады.

Төңірек жым-жырт. Айдалада бейуақ азынаған ызғарлы жел скважиналардың зорлана ышқынған дыбысын естіртпей әлдеқайда алысқа алып кетіп жатыр. Мұндай түндері қасқыр, қарсақ сияқты жыртқыш аңдар ғана қожалық етеді деуші еді. Төңіректе мал ауылдарына түнде қасқыр шапты дегенді талай естігені бар. Тіптен малшы, бақташыларын да жарақаттап кетіпті дейтін. Және бөрілер осындай суықта жортатын көрінеді. Қазір де аш қасқырлар осы маңда жортып жүрмесін қайдан біледі. Түнде қасқырдың көзі от боп жанады дейді. Қасқыр оттан қашады дегенді еститін. Оның жанында от жағатын шырпысы да жоқ. Қолындағы майшамын жақпақ еді. Қас қылғанда ол да жанбай қойды. Сірә, ішіне су кетсе керек. Сорғалаған жаңбырда қалтасына салуды білмей қолына ұстап жүре берген. Енді болса мынау.

Әрі тоңып, әрі қорыққаннан денесі қалтырай бастады. Тас түнек ішінен әр жерде от ұшқыны әлсіз ғана жылт етіп, қайта ғайып болады. Әбу оны маң далада жортып жүрген аш қасқырлар емес пе деп қалады. Кілт тұра қалып төңірегін бағдарлап тың тыңдайды. Қазір кенет қасқыр шапса, қорғанар қаруы да жоқ.

Ол төңірегіне үрке қарайды. Кері қашар жол жоқ. Қайткен күнде де скважиналардан әр екі сағат сайын талдауға ыдысқа құйып, мұнай әкеліп тұруға тиіс. Бұл скважиналардың мұнай өнімділігінің кеміп кетпеуін, не тұрып қалмауын тексеруге қажет.

Әлгінде бүйірден соққан жел енді ауытқып, қақ маңдайдан ызылдай бастады. Жаңбыр сабалап көз аштырмайды. Оқтын-оқтын ыққа қарап сәл тыныстап келе жатқан бағытын бағдарлайды. Әрегіректе өлеусіреген жарық көрінеді. Биік бағана басына байланған шамшырақ болса керек. Желмен бірге бұлғаңдап бір көрініп, бір ғайып болады. Келе жатқан скважинасы одан беріде болуға тиіс. Бұл жарықтың қай маң екенін айыра алмады. Ол қараңғыда көрмей көлшік суларға түсіп кетіп, бірде сарқырап аққан арықтарға тап болып қатты сүрініп кетті. Оңбай құлады. Көз оты жарқ ете қалды. Қолында ұстаған ыдыстары ұшып кетті. Өзі екі-үш домалап түсті. Іркілген шалшық суға құлағанын білді. Іле тұрып кетпек болып еді, тұра алмады. Екі аяғы жаздырмады. Осы қалпы қанша отырғаны есінде жоқ. Біраздан кейін екі қолымен жер тіреп, күшпен тізерлеп отырды. Он аяғы сыздап ауыра бастады. Сынғаннан сау ма? Бар күшін салып бойын тіктеп, қолынан ұшып кеткен ыдыстарын іздеді. Құтылар әрқайсысы әр жерде шашылып қалыпты. №15 скважинадан мұнай құйып алған шыны ыдысты іздеп еді. Сірә сынған болуы керек. Шыны сынығы қолына тиді. Жеті қараңғы түнде ол скважинаға қайта қалай бармақ. Ал, мұнай апармаса бетінен кім сүйеді. Осылай болды дегеніне сене ме? Бармай өтірік айтып келіп тұрсың демей ме? Алдағы скважиналарды түгел аралап, содан кейін №15 скважинаға қайта айналып барып мұнай алуға үш сағаттай уақыт керек. Ол болса әр екі сағат сайын қайтып айналып келуге тиіс.

Қас қағым сәтте сан түрлі ой шырмап алды. Ол тағы да қарманды. Қолына түскен құтыларын ұстап ілгері жылжыды. Жаңбыр тамшылары жиілей түсті. Әлден кейін әлгіндегі сығырайған жалғыз шырақ та ғайып болды. Енді түпсіз тұңғиықта жалғыз қалғандай. Бағдардан айырылған ол тағы да ілгері ілбіді. Оң аяғы көтертпей сүйрете басып келеді. № 15 скважинадан шыққанына біраз болды. Бұл екі аралық жарты шақырымдай жер, ендігі жететін уақыт болған сияқты, бірақ жеткізбей келеді. Ендеше адасты. Төңірегіне тағы бір зер сала қараған сәтінде сол жақ қанатта қалып бара жатқан қос шағыл құм төбешік қарауытты. Ол кілт тоқтай қалды. Мына төбешіктерді, ұмытпаса өткенде №22 скважина жолында көрген. Ол топтық қондырғының теріскей бетінде. Мұнда Әбу жұмысқа алғаш келген әзірінде өзіне бекітілген скважиналарын іздеп жүріп адасып тап болған. Бұл скважина оның қарауына жатпайды. Ендеше, адасқан болды.

Үсті малмандай су Әбу әбден тоңған еді. Су кешкен етігі шылқ-шылқ етіп,оң аяғы бастырмай, жаны көзіне көрініп келеді.

Топтық қондырғы бұл араның оңтүстік жағында болатын. Қазір солай қарай бағыт ұстады.

Бір заманда төңірекке жарық сәуле жүгіргендей болды. Жел бағытын өзгертіп, жаңбыр саябырлай түсті. Әр жерде сиректеу бағаналар қарауыта бастады. Қорқыныш үрей басылды. Су сіңді киімдері денесіне жабысып жүргізбей келеді. Кенет сол жақтан әлдекімнің аяқ дыбысы естілгенді. Әбу жалт қарады. Адамның сұлбасы көрінгендей болды.

- Әй, кімсің? - деді ол дауыстап.

Әбудің бойында қуаныш пайда бола кетті.

- Менмін ғой.

- Ау, менің кім, бері жүр. Әбу емессің бе?

- Иә, Әбумін.

- Ойбай-ау, сені іздеп жүрміз ғой, қайда жүрсің? - деп ол Әбудің алдынан шықты.

Аяғын сүйрете басқан Әбу алдындағы адамның өзінен зор денесіне бар салмағымен асыла кетті.

Бұл күні топтық қондырғыдағылар Әбуді іздеп шарқ ұрған. Тұс-тұстан дауыстап шақырса да, терістіктен азынай соққан жел естіртпей, ыққа қарай ұшырып әкете берген. Абырой болғанда жақсы аяқталды. Әбу табылды дегенде қондырғы жұмысшыларының қуанышында шек болмады.

Осы оқиғадан кейін Әбу біраз уақыт ауырып қалды. Аяғы күп болып ісіп кетті. Балағұл ауыл ішінен сынықшы, емші іздеп әуреленді. Ақыры бір қарт кісіні тауып әкелген. Ол тобығы тайып кеткен деп орнына салып, таңып берді. Қызуы көтерілген Әбу түнімен сақылдап, шошынып, ұйықтай алмай сандырақтап шығады. Балағұлдың әйелі Мүгілсін емші шақыртты. Өзі де қолдан ем жасады. Сүт пісіріп, сары май қатып ішкізді. Әбудің сырқаттанып қалғанын айтып, Бейбіт ауылына да хабар жіберген. Жаяу-жалпылап Атшыбай мен Балжан жетті. Олар баласын үйге алып кетпек болып еді.

- Көз жанары жаман емес қой. Әліптің артын бағып, тағы да бір-жар күн күтейік, - деп Балағұл да, Мүгілсін де басу айтты.

Айтқандай-ақ, үш-төрт күннен кейін Әбудің беті бері қарады. Бірақ аяғының ісігі қайтпай ұзаққа созылды. Ал, жұмыс жағдайды күтпейтін. Өйткені, соғыстың сын кезеңінде ешкімге жеңілдік жоқ. Әбу аяғының жазылуын күтпей сылтып басып жұмысына шықты. Бірақ аяқ жарақатынан көп азапты көрді. Қыс бойы таяқ сүйеніп жүрді.

Әрі ауырып, әрі жұмыстан шаршап оралған Әбудің мазасы болмады. Және кісі үйінде күтім-жағдайы да бола бермеді. Бірақ, одан құтылар жол жоқ. Жұмыс жасап, табыс табу үшін жалғыз жол осы. Киім де, тамақ та жоқтың қасы. Тойып жүрген күні болған емес. Ал, қыста үстіндегі киімі түйе жүн ішік, сыртында жұқа желең плащ. Аяғында табаны тесік қысқа қоныш етік. Әйтеуір, ішінде шұлғауы ұзын, аяғын он орап алады. Бірақ, жылуы аз. Өткен жолы әкесінің түйе жүн кеудешігін алып қалған. Енді рахат, кеудесі қыж-қыж қайнап жүреді. Бірақ, аяғы тоңады. Әкесінің етігін де алып қалмақ болып еді. Өзінің жаман етігінен артық болмағасын қайтарып берді.

Тойып ішер тамақ та жоқ. Үнемі құрсағы орта жүреді. Мүгілсін жеңгесі бары болса аянып жатқан жоқ. Балағұлдың табысы бала-шағасы мен өздеріне де жетпейді. Әбу бір-жар рет табысын жеңгесінің қолына салып еді:

- Жеңешеме апарып бер, тұңғышының қызығын өздері көрсін, - деп алмады.

Бұрын үйдің бір-жар сауын түйесі мен бір-екі қойының жүні бұлардың киім тоқып киюіне жетуші еді. Соғыс басталғалы малы бар үйлерге майданға қолғап, шүлке, кеудеше, тағы басқа киімдер тоқып тапсыруға салық салып қойған. Әр үй алдымен сол салығын өтеуге міндетті. Балжан жүні түсіп қалған қотыр тайлағының мойын, өркеш, құйрық жүндерін қырқып алса да, салығын өтей алмай, Әбуіне шұлық, қолғап тоқып бере алмай қиналды. Жағдайды түсінген Әбу жанына батып жүрсе де анасына киім, тамақ жайлы жұмған аузын ашпайтын.

Тамақ-ас жетпеушілігі бүкіл елдегі жағдай. Дән, үн, ет, құрт, ірімшік сияқты ас түрлері алдымен майданға жөнелтіледі. Ауысса ғана тамақтарына жұмсайды.

Жұмыс жасайтындарға айына бір рет адам басына жүз грамнан конфет береді. Бұл аз да болса қарныңа қарнау болады. Бірақ, оны аудан орталығы Құлсарыға барып әкелу керек. Қосшағылдан Құлсары он сегіз шақырымдай. Қатынас көлік те жоқ.

Қыс өтіп, көктем шыға Балағұл үйінің дастарқан дәмі таусыла бастаған бір күні Мүгілсін Әбуге өткен айлардың конфет-паегін әкелуге жұмсады. Соңғы екі-үш айдың алусыз паегы жиналып қалғанды. Демалыс күні Әбу жаяулап жолға шықты. Азанда шыққан ол Құлсарыға тал түсте жеткен. Бұл кезде түскі үзіліске шығып кеткен дүкенші түс қайта келгенше екі сағаттай күтті. Дүкеннен тиесілі паегін алып шыққанда түс қайтып кеткен. Енді жарық барда ауылға жету керек.

Шаршады да, шөлдеді де. Жол жеткізбейді. Қарны ашып, асқазаны шұрылдап, паек конфетке аңсары ауа берді. Түйіншекті жазып, бір түйір конфетті алып аузына салды. Аш қарынға езілген балды кәмпит тез-ақ еріп кетті. Талмауға да келмей қалды. Арба жолмен ілбіп келеді. Алдында да, артында да жол бойында өзінен өзге қара көрінбейді. Ауылға тезірек жетпек болып аяқ алысын ширата түспек болды. Бәрібір жүрісі өнбейтіндей. Қыр астынан қыр, бел артынан бел шыға береді. Әлгіндегі талмауға келмеген жалғыз түйір конфет қарнау болмады. Тағы да жегісі келді. Санап берген өлшеулі аз дүние бір түйірін алсаң ортайып, ойылып қалады. Шыдам жетер емес. Аузынан су аққан кезде ол түйіншектегі конфеттің тағы біреуін аузына тастап жіберді.

Жіңішке жолдың ұшығы жеткізбейді. Алдан Қосшағылдың қарасы қылт етіп көрінгелі де біраз. Әйтседе, арақашықтық қысқармайтындай. Ашыққан Әбу конфеттің тағы біреуін аузына салады. Ұртына қысып, асықпай сорып отырмақ еді. Ол да өңештен ары өтіп кетті. Жол қысқарсын деп аузына тағы біреуін салады. Бастапқыда конфетін санап жесе, келе-келе санауды да ұмытып кетті. Әр жер - әр жерде сиректеу ауызға салып, талғажау қылмақ болған. Тағы бір қырдан асып, ауылдың қарасы жақындай түскенде әлгі қолындағы қомақты түйіншектің сырт қорамы недәуір кішірейіп, қалтаның қарны бүктетіліп қалғанын көрді. Қарны тоғайған сияқты. Асқазаны шұрылдағанын қойды. Бірақ, енді жүрегі айнып, өкпесі көтеріліп, біртүрлі тұла бойы дел-сал, аңғал-саңғал болды. Ауылға жақындаған сайын аяғынан әл кетіп, буындары дірілдеп, кеудесі жаздырмай лоқсып алды. Басы айналып үйге зорға жетті.

- Жеңеше, ауырып келдім, - дегенді зорға айтты.

- Ойбай, әкелгенің осы ма? - деп жеңгесі Мүгілсін қалтаның түбін көтеріп қалып еді, түбінде қалған үш-төрт түйір конфет домалап кетті.

- Айналайын-ау, бар әкелгенің осы ма? Бір айлық жалақыны жоқ қылып келгеніңді білесің бе? - деп Әбуге қарады.

Бұл кезде жүзі қызара бөртіп, қызуы көтеріліп, бал-бұл жанған Әбу оның айтқандарының бірін естісе де, бірін естімеді. Мүгілсін оның жағдайын айтпай-ақ түсінді. Қайнысының маңдайын ұстап, денесінің қызуы барын байқады.

- Конфеттен уланғансың ғой. Құссаң жеңілдейсің, - деп оның басын сүйеді.

Осы құлағаннан Әбу келесі күні ғана басын көтерді.

Соғыс өрті шарпып, апат ышқыны алыстағы Қосшағыл ауылында ықтырып барады. Ауыл іші ортайып қалғандай. «Қызыл ту» ауылын жұрт әзілдеп шеркеш ауылы деп атайтын. Айтса айтқандай да, мұнда тұратындардың дені шеркештер, оның ішінде қаракемпірі. Соғыс салқыны бұл ауылды да қаусатып кетті. Қаракемпірдің Оразбай әулетінен сегіз арыс азамат соғысқа аттанды. Ағалы-інілі Атшыбай, Балағұл да осы Оразбайдан тарайды. Оразбайдың сегіз баласы болған. Сол сегіздің кенжесі Атшыбай мен Балағұл. Балағұл әскер жасында болса да, соғысқа алынбай мұнайшы ретінде бронмен қалды. Ал, әскер жасынан асып кеткендер де елде жүріп соғысқа қолғабыс жасайды. Бұл кезде елуден асқан Атшыбай осындай қызметке тартылды.

Майданда соғысып жатқан әскерге елдегілер қолдан келген жәрдемнің бәрін жасауға тиіс. Киім тоқып, тігіп, азық-түлік, тамақ әзірлеп майданға жіберілетін. Колхозда Балжан сауыншы да, Атшыбай бақташы. Бір қора сиырды Атшыбай бір өзі бағады. Ал, кешке сиырларды сауатын жалғыз Балжан. Үйде де оған жәрдемдесер жан жоқ. Балаларының қолға ілінері Әбу. О да Қосшағыл кәсіпшілігінде жұмыс жасайды. Үйге айына бір-жар рет келіп, кір-қоңын жудырып кетеді. Өзгелері әлі кішкентай.

Сол жылы қыс қатты болып, қар қалың түсті. Колхозда жөні түзу үйде жоқ, көпшілігі итарқа етіп, не жермен жексен салынған жер үйлер. Алдында екі күн қатарынан ызғырық жел есіп, қар борап, сиырлар қорадан шықпай қолға қарап тұрған. Үшінші күні аспан әлемін түсі суық қара бұлттар қаптап, кешке қарай қар жауа бастады. Атшыбай ауа райы құбылысын іштей тәуір көрмеген. Жел терістікке шығып, сонау темірқазық бетте етекте қорғасындай ауыр зәрлі қара бұлттар үйме-жүйме шөгіп жатып алған. Күн батар-батпастан желдің сол бетке аунап түскенінен іштей секем алып Атшыбай ішке кірді. Күнұзағына мал соңында мұздап әрі қалжырап келген ол ыстық шайдан кейін бойы балбырап отырған жерінде қисая кеткен. Содан таң саз бере әдет алған уақытында бір-ақ тұрмай ма. Тысқа шығайын десе жеркепенің есігі ашылмайды.

- Ойбай-ау, тыстан бекітіп тастаған емес пе? - Балжан, ай Балжан, тұршы. Мына есікке не болған? Ашылмайды. Сырттан біреу-міреу ілдіріп қойғаннан сау ма?

- Не болған саған есікті аша алмай. - деп Балжан қинала басын көтеріп есікке беттеді.

Енді есікті Балжан жұлмалауға кірісті. Бірақ есік ашылар болмады. Осылайша, әуре-сарсаң үстінде арадан сүт пісірімдей уақыт өткенде тыстан әлдекімдердің даусы естілді. Атшыбай дауыстап жәрдем шақыра бастады.

- Ау, қайсың барсың, жәрдемге келе көріңдер. Шыға алмай жатырмыз.

Бірақ бұларды есітіп жатқан жан жоқ сияқты. Тыстағы дыбыстар әрегіректен естіледі.

Осылайша тағы біраз уақыт өтті. Бір замандарда барып тыстағы ажың-күжің жақындай түскендей. Естімей өтіп кете ме деп қорыққан Атшыбай енді бар даусымен айқайлады.

- Ау, жәрдемге келсеңдерші.

Арыдағы дауыстар жақындай түсті.

- Әй, Атшыбай, сәл шыда. Есіктеріңді қар басып ашылмай қалыпты.

Көрші Нартайдың дауысы. Күрегімен есік алдын басып қалған қарды аршып, зорға дегенде ашты. Түнімен жауған қар жартылай жертөле шатырларын басып қалыпты. Көршілердің бәрі шыға алмай жатыр. Алдымен шыққан Нартай ғана. Ол шатыр төбесіндегі жыланның көзіндей сығырайған терезе көзінен шығып, көршілердің есігін кезекпен ашып жүргені екен.

Қар басып қалған қырық тесік азынаған қорада аш сиырлар мөңіреп тұр. Иесін көрген жануарлар жарыса шулап азан-қазан болды да кетті. Бұл күнді Атшыбай жайылымға шыға алмай қолға қарап қалған малға шөп тасып, езіліп алған тезегін алып, тазалап, күні бойы қорада күйбеңмен өткізді. Арасында Балжан сиыр сауып, қалың қарды омбылай жүріп орталыққа барып сүт өткізіп келді. Асқары ұйқысынан тұрған екен, тамақтандырып, киіндіріп, үйде ойнап отыруды тапсырды да, қайта мал жайғастыруға шықты.

Осы жылы кар үсті-үстіне жауып, қыс бойы бұлт қабағын бір ашпады. Қолға қараған мал жайы Атшыбай мен Балжанның діңкесін құртты. Бір табын сиыр бір өзінің мойнында. Колхоз жәрдемші де бермеді. Қыс бойы мал соңында сылпып жалғыз жүрген Атшыбай көктемге зорға іліккен. Енді жер аяғы кеңіді ғой деп арқаны кеңге сала бастағаны сол еді, ойламаған тағы бір жұмыс алдынан шықты. Кеше кешке оған колхоз бастығы шақырып жатыр деп хабарлаған. Мал жайлағанша қараңғы түсіп бара алмаған Атшыбай келесі күні азанда колхоз кеңсесіне жетті.

- Сені үлкен бір жауапты жұмысқа жібергелі отырмыз, - деді бастық.

Атшыбай қапелімде не айтарын білмей аңтарылып қалды. Жауапты жұмыс дейді. Сонда мына жүргені жауапсыз жұмыс па екен. Бір табын сиырды бір өзі бағып, майданға ет, сүт жіберіп, соғыста жауды жеңуге үлес қосып жатса ол жауапсыз болғаны ма.

- Әй, бәрі де жауапты ғой, айта берсеңші. Соғыс кезінде ауылда күнде бір үйге қара қағаз келіп жатқанда біздер неге мұнда тыныш жатуға тиіс екенбіз, - деген Атшыбай.

- Ол айтқаның рас, Атшыбай-ау. Осының бәрі соғысқа, жеңіске үлес қой. Қазір біздің әскер жауды түре қуып барады. Жау Киевке бекініп алып берілмей жатыр. Барлық күш Украина мен Белоруссияны азат ету үшін жұмылдырылған. Жауды тез жеңу үшін әскерді киіммен, тамақпен қамтамасыз ету керек. Аш, жалаңаш жауынгерлеріміз жаумен жағаласып, жан алысып, жан берісіп жатырғанда оларға тамақ жеткізіп, рухтандыру біздердің міндетіміз. Ауданнан бір отар қой айдап, Украинаға апарып тапсыру керек. Соған үш адам жолға дайындалыңдар, басшысы өзің боласың, - деді бастық.

Атшыбай ойланып қалды. Жеңіс үшін не істеуге де әзір. Бірақ, мына айтып отырғаны оның қолынан келер шаруа емес сияқты. Украин дейді, ол қай жақ. Ғұмырында атын естімеген, жердің арғы бетіндегі елге сапар шегу ақыретке аттанасың дегеннен кем болған жоқ. Бірақ, айтып отырғаны қолынан келер ме екен. Ертең атқара алмай ұятты болып жүрсе қайтпек.

Атшыбай колхоз бастығының кеңсесінен күйзеліс үстінде шықты. Бірден келісім бере алмады, іштей қарсы да емес-ті.

Бұлар үш адам болып Жылой ауданынан бір отар мал айдап шыққан. Гурьевте олардың қатары толықты. Әр ауданнан бір-бір отар мал айдалатын болған. Гурьев облысынан бірнеше адам бірге шықты. Осының алдында Шымкент, Жамбыл, Ақтөбе, Орал облыстарынан да мал айдалған. Жолда бірігеміз деп ойлаған. Жол азығын мол алып, жол кауіпсіздігі де ойластырылған. Соғыстан қашқан-пысқан, не қарақшылар кездесіп қалуы мүмкін деп қорғаныс қаруларын да сайлаған. Жүретін жолын сызып, әр қалада жолығатын адамдарын жазып беріп қойған.

Малшылардың міндеті - нысаналы жерге малының қоңын түсірмей жеткізу. Шұбырта айдаған отар-отар мың сан қой, үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр Жайықтан өтіп, Еуропа жерін шаңға бөктіріп келеді. Бастапқыда малды асықпай жайып айдап отырған еді. Еуропа жеріне кіргеннен-ақ бұларды алдынан күтіп алып, белгілі нысанаға дейін шығарып салып, арнайы адамдар қауіпсіздіктерін қамтамасыз етіп отырды. Олар күнілгері картада белгіленген орындарға кесте бойынша белгіленген уақытта жетуді тапсырады. Алыс жолдан арып-ашып келе жатқан мал жайы ол кестеге бағына бермейді. Асығыс айдағаннан малдың күйі түсіп барады. Оған бұлардың жаны ашығанымен, амал жоқ. Айдың үстінде жүріп Мәскеу облысының жерінен өткенде күні-түні тоқтаусыз жүрген малшылардың өздері де шаршап, мал да болдыруға айналған. Жолай малдың шығыны да аз емес. Ит-құс тартуы да болмай қалмады. Гурьевтегідей емес, Еуропа жерінің ауасы салқын. Жолды ауылдағыдай көріп жеңіл шыққан оларға күні салқын, жері жаңбырлы Еуропа қолайлы болмады. Әрі тоңып-шашырап, әрі жолсоқты болып бірінен соң бірі ауыра бастады. Кешегі жаңбырдың астында қалып, үсті-басы малмандай су болған Атшыбайдың ат үстінде келе жатып, денесі тітіркенді. Самайы солқылдап шаншып-шаншып кетті. Бұрын мал соңынан ауырып келсе, Балжан жайын қас-қабағынан айттырмай таныр еді. Құрақ ұшып, шәйін қойып, қымтап орап, ыстық сорпаға терлетіп жатқызар еді. Салқынын тер алып шыққан Атшыбай келер таңда атқа қонғандай боп айығып шыға келер еді. Қазір ондай жағдай жоқ. Сары кемпірдің қадірі өтті.

Ол ат үстінде отыра алмауға айналды. Малшылар қосы күнұзағына суыт жүрістен танбай кешке ғана тоқтайды. Ал, күн батуға әлі біраз уақыт бар сияқты. Асыққанда уақыт өтіп бола ма? Күн көзі анау қыр үстінде, не шоқ тоғай басында ілініп тұрып қалғандай.

- Шыда, Атшыбай, - дейді оның жайын таныған жолдастары, - енді бір аз уақыттан соң тоқтаймыз. Күн де батуға таяп қалды ғой.

Иесінің жайын түсінгендей астындағы құлагер де жайлы қимылдап ілби түседі. Бір замандарда күн де ұясына батты-ау. Қоналқаға зорға жеткен Атшыбайды аттан көтеріп зорға түсірді де, көк шалғынның үстіне әкеп жатқызғанда Атшыбай қалшылдап сандырақтай бастады. Оның мына күйінен қауіптенген жігіттер шешім таппай абдырап қалды. Жалғыз-ақ жол бірер күн аялдау.

Жігіттердің көңіл-күйі болмады. Келесі отарды айдап келе жатқан жігіттер арасында да осындай сырқаттанғандар бар болып шықты. Олардың жай-күйі Атшыбайға қарағанда жеңілдеу екен. Түнімен бебеу қағып, жүрдім-бардым жағдайдағы Атшыбайдың таң алдында ғана көзі ілінген. Әкесі Оразбай әлдеқайдан жанына келіпті.

Атшыбай:

- Әке, - дейді.

- Немене, кешенің арасында әкеңді сағына қалдың ба? - дейді Оразбай қатқыл үнмен, -әңгімені қой да, шаруаң біткесін тез елге қайт. Балаларға керексің. Әбу сені сағынып жүр ғой.

Осыны айтты да Оразбай теріс қарап жүре береді. Мына әкеме не болған маған қарайламай деп ойлап әлдене айтпақшы болған Атшыбай Оразбайға қолын көтеріп, ұмсына бергенде оянып кетті. Көзін ашып алса, күнде қоналқаға жатарда тігетін кішкене күрке шатыр ішінде жатыр екен. Таң сібірлеп қалғанға ұқсайды. Жанындағы жігіттер тегіс ұйқыда. Біреулері қорылдайды, енді бірі ұйқысырап түсініксіз бірдемелер айтады. Атшыбай қатты әлсіреп қалғанын байқады. Таңға дейін әлі бір ұйықтап алатын уақыт бар сияқты. Бірақ, көзін іліндіре алмады. Көрген түсі не болар деп ойлады. Әкесінің суық жүзі, қатқыл үні, сірә қатты ауырып қалғанына көрінген болар. Ал, шаруаңды бітіріп елге қайт дегенін - елге аман қауышуына жорыды.

Бұл күні қос осы арада аялдады. Атшыбайдың беті бері қарады. Таңертең жігіттер шай қойып, түннен қалған сорпаны жылытып беріп, аздап денесі бусанды. Түс қайта орнынан тұрған Атшыбайды көріп жігіттер қуанысып жатыр. Бұл күні аялдағаны қостағы жігіттер үшін де, малға да жақсы болды. Малдың бүйірлері томпайып, астындағы көліктері де тыңайып қалған олар келер таңда қайта жолға түсті. Бұл кезде арттағы отарлар алға кеткен.

Ауасы ылғалды, жері көк шалғын, қыратты аймақты Мәскеу маңынан өте бере-ақ әр жерде соқайып-соқайып тарбиып қалған арба, темір машиналар алдан шыға бастады. Тұтас темірден құйған тарбық арбаларды Атшыбайдың бірінші көруі.

- Бұл не арбалар қирап қалған? - дейді ол жанындағыларға.

- Әлгі танк деп жүргені осы шығар, - деп жауап береді араларында бір жастау жігіт.

Аузы көрдей үңірейген, қол созым мойынды, қос доңғалақты арбалар, тәшкілер қисайып-қисайып жатыр. Кісі бойы ор, жыралар отардың жүрісін бөгей берді. Ойдым-ойдым қазан-шұңқырлардың соғысқа неге керек болғанынан Атшыбай бейхабар. - Бұл жерлерге бомба түскен ғой. Сірә мыналар соның орны болар, - дейді әлгі жас жігіт өзінің әлденеден түсінігі бар екенін байқатып.

Бұлар бомба дегеннің не екенін түсіне коймай:

- Ол не пәлесі тағы да, - дейді.

- Ойбай-ау, соны да білмейсің бе. Анау аспаннан ұшақтар келеді де, жарылғыш қазандай бірдемелерін тастап жібереді. Жерге түсіп жарылғанда ол маңындағылардың бәрін қырып-жойып, талқандайды.

Атшыбайдың көз алдына қырғын соғыс елестеді. Ауылдан соғысқа аттанған боздақтар есіне оралды. Тек Оразбай әулетінен сегіз азамат соғысқа кеткен. Мына қырғыннан олардың елге аман оралуы екіталай деп ойлағанда төбе құйқасы шымырлады.

Көңілсіз көріністің ұшы-қиыры таусылар болмады. Украинаға дейін тағы да бірнеше күн жүрді. Жолда қираған қала, өртенген ауыл, тіршілік нысаны байқалмайтын қаңырап қалған елді мекендердің орнын көп кездестірді. Өртенген үйлердің әлі күйік иісі шығады. Өлі дала сұлқ жатыр. Украина жеріне кіргелі елді мекендер маңынан бірде-бір тұрғынды кездестірмеді. Оқта-текте алдан әскери адамдарды ғана көреді. Бірен-саран жөн сұраса қалғандарының жүздері суық. Мұздай қару асынып топ-тобымен батысқа қарай өтіп бара жатады. Қираған соғыс құралдары алдан шыға берді.

Жаз ортасынан ауа Украинаға жетті. Жергілікті адамдардың айтуына қарағанда соғыс осы арадан көп қашық емес. Алда Киев. Бұлардың нысанды жері осы ара. Айдап келген малды түгендеп алғаннан кейін оларды кері қайырды. Құжаттарына белгі соғып, жолда ешкімнің тиіспейтінін айтты. Қайтар жол онша қиын болған жоқ. Күзге салым елге жетті.

Әбу жұмыспен қатар кешкі мектебін тастамады. Бос уақытында кітапқа үңіледі. Үй тапсырмаларын орындайды. Жұмыстан келе шәйін ішіп үлгермей дәптерін қолтығына қысып оқуына кетеді. Содан қараңғы түсе сабақтан шығады. Әбудің өмірі осылай жалғаса берді.

Ол он сегіз жасқа да толды. Жасы жеткен ауыл балалары жыл сайын бірінен соң бірі майданға кетіп жатты. Тек мұнайшылар ғана бронмен қалдырылады. Әбу осы бронға ілікті. Жұмыс талабы барған сайын қатая берді. Әбу бұл кезде бастапқыдай емес, біраз дағдыланып қалған. Жұмысын әбден меңгерген соң операторлыққа ауыстырды. Мұнай өндіруші операторлықтың көп қиындығы бар. Қара зіл темір кілттерді арқалап, арасы ат шаптырымдай скважиналарды аралап, қатып қалған бұрандаларын ашып, жауып, жөндеп, іске қосу әйелдердің қолынан келе бермейтін жұмыс. Бірақ, оператор боп жүрген әйелдер де бар. Олардың сом білегі ер адамдардан бір де кем емес. Дене бітімдері де сомдалып қалған. Әбу оларға таңғалады. Не деген қайрат. Бала тәрбиесі, үй шаруасы, мал-жаны, жұмыста нардың жүгін көтеріп жүргендері.

Операторлыққа өткелі олармен қанаттас жұмыс жасайды.

Ол заманның Әбудің есінде қалғандары - аштық, жалаңаштық емес, соғыстың алғашқы жарты жылдығынан кейін-ақ ауылға қара қағаздың күнде үйіліп-төгіліп келетіні, күн құрғамай азғана ауылда күнде бір үйдің қара жамылып, улап-шулап жататыны. Мұндайдан кейін Әбу біразға дейін тұла бойын зіл басып езіліп қалатын. Ауылда қара қағаз алмаған үй кемде кем. Мұның бәрі жас жігіт Әбудің жүрегінде мәңгі мұз боп қатып, шемен боп қалды. Қара қағаз келгендердің ішінде Әбудің бала кезінен бірге ойнап өскен, бірге оқыған қимас дос, жолдас, қатарлары көп еді. Әбу үшін олардың есімі ешқашан ұмытылмақ емес.

Әбу үшін соғыстан кейінгі жылдар тез өткенге ұқсады. Бұл кез кешкі мектепті бітіріп, орта білім алып шыққан. Балағұл оқуды жалғастыруды бұрыннан құлағына құйып жүрген. Атшыбай мен Балжан да баласының оқимын деген ынта-құлшынысын танып-білген. іштей ұлының жандарында болғанын қалағанымен, оқып, адам болғанын жек көрмейді. Бірақ, қайда оқиды, кім боп шығады? Оны қашан бітіріп қолдарына келеді? Мұның бәрін ойлағанда әкенің де, ананың да көңілі қайырлап қала береді. Әйтсе де, оқу дегенге кемпір-шалдың құлақтары қаныққан. Ақыры мойынсынды. Бірақ Әбу қандай оқу керек екенін әлі таңдап үлгерген жоқ. Қайда, қандай оқу бар, барлығына құлақ тосып жүрді. Ара-тұра балалар бас қоса қалса кімнің қайда барғысы, кім болғысы келетінін әңгіме қылады. Ақтөбеде мединститут, Гурьевте пединститут бар деп айтады. Алматыда қандай оқулар бар деп сұрастырады. Мұнай мамандарын дайындайтын политехникалық институтқа көңілі көбірек ауады. Сондай күндердің бірінде 1947 жылы жазғытұрым балаларды елең еткізген бір жаңалық бола қалды. Қазақстан Республикасының Министрлер Советі қазақ балаларын оқуға көптеп тарту жөнінде қаулы қабылдаған. Сол қаулыда мұнай мамандарын дайындау жөнінде айтылған. Мәскеуде Губкин атындағы мұнай институты қазақ балаларынан мұнай мамандарын дайындайтын болған. Айтуларына қарағанда соғыстың алдында қазақ балаларынан мұнай мамандықтарын дайындаудың алғашқы кезегі өткізілген. Бұл жолғысы екінші рет. Қазір бұл оқуға қазақ балаларын іріктеп алу жөнінде Гурьев облыстық партия комитеті Қазақстандағы жалғыз-ақ мұнай шаруашылығы Жылой аудандық партия комитетіне, сондай-ақ облыстық мұнай басқармасы мен Құлсарыдағы мұнай кәсіпшіліктеріне оқуға бала дайындау туралы тапсырма берілген дейді. Соңғы бірнеше күннен бері мектеп бітірген балаларды кәсіпшілік бастығы біртіндеп шақырып жатыр. Кезек Әбуге де келді. Кәсіпшілік бастығы орта бойлы, мығым денелі, орта жастардағы адам қабылдау бөлімінде отырған қыз хабарлағаннан-ақ:

- Кірсін, - деген.

Алдымен аты-жөнін, кімнің баласы екендігін, қай ауылда тұратынын анықтап:

- Неге шақырғанымды білесің бе? - деді.

- Оқу жөнінде шығар, - деді Әбу.

- Дұрыс, - деді ол, - оқығың келе ме? Аттестаттағы бағаларың жақсы екен.

- Иә, - деді Әбу иегін шұлғып.

- Орыс тіліне қалайсың? Ресейге Мәскеуге барып оқу оңай емес. Ертең оқи алмай қайтып келер болсаң Қазақстанның атына сын келеді. Сондықтан ұятқа қалдырмайтын сенімді балалар керек. Оқуға дайындала бер,- деді ол. Сынақ тапсырасыңдар, өтсеңдер конкурстан тыс қабылданасыңдар.

Әбу бастықтың кеңсесінен екі езуі құлағында, қуанып шықты. Сол күннен бастап ол жатпай-тұрмай оқуға дайындалды.

Жаз ортасында он шақты бала болып Мәскеуге оқуға жүріп кетті. Поезд тоқтамай сартылдап отырып екі күнде алып келді. Үлкен қаланы бірінші рет көруі.

Сол жолы тізіммен келген он бала сынақ тапсырып, оқуға түгел конкурстан тыс қабылданды. Көп ұзамай оқу басталып кетті. Азғана стипендия береді.Ол тойып тамақ ішуге жетпейді. Артынан келіп тұратын ақша жоқ. Атшыбайдың мардымсыз табысы отбасының өзінен ауыспайды. Студенттердің жағдайын ескеріп жетімсіздеу паек - күніге төрт жүз грамдай нан беріледі екен. Оны алудың өзі бір тозақ. Жатақханадан көш жердей қашық, қала ішіндегі бір асханадан барып алу керек. Тек мұнай институты ғана емес, қаладағы көптеген институттар, техникумдардың студенттері осы жерден алады. Асхана алдында кезекте тұрғандардың о шеті көшенің арғы бетіне шығып жатады. Студенттер сары ала таңнан кеп кезекке тұрады. Әбу түске дейін сабақта болады да, оқудан шыққаннан соң жатақханаға барып, дәптерлерін бөлмеге тастай сала осыған келеді. Автобусқа отыруға тиындары жоқ студенттер жаяу шұбырып, бір сағаттай уақыты жолға кетеді. Ұлы сүреңмен күн еңкейіп биік үйлердің арғы жағына тасаланып, тіптен қайсыбір кездерде күн батып, қас қарайып кеткен шақтарда паекты зорға алып шығатын кездері болады. Өліп-талып тесікке қолым жетті-ау дегенде нан таусылып қалатыны тағы бар.

Студенттер стипендия алған күні бір байып қалады. Қырық сом аз емес, он шақты күн тойып жүреді. Бірақ, жұқа қалтаның түбі тез-ақ көрінеді. Әбу осы жолы ақшасын тез тауысып алды. Жеңіл-желпі киім, көйлек алды. Көрші институттарда оқитын қазақ қыздарымен танысып, киноға шақырып, балмұздақ ұсынып жүріп, тауысып алғанын бір-ақ білді.

Бүгін Нариманмен екеуі сабақтан бірге шықты. Оның да ақшасының түбі көрініп қалған. Басқа балаларға артынан ауылдан сәлемдеме келіп тұрады. Әбуге ондай келмейді. Атшыбай жалақысын қолындағы балаларына жеткізе алмай отыр. Балжан қанша рет талаптанса да, ауыстыра алмай күйзелді. Артынын жағдайын білетін Әбу хатқа амандығын, жақсы оқып жатқанын ғана жазады да, өзге жөнінде ауыз ашпайды.

Балалардың Нариман екеуінен өзгелері сирек те болса ауылдан сәлемдеме алып тұрады. Өткенде Қобыланға үйінен тары, басқа да тамақтар жіберген. Тарысының қалғанын балалардан тығып қойып жүр.

- Әй, осыны бір жақсылап отырғызсақ қайтеді, - деді Нариман.

- Қалайша, - деді Әбу.

- Үндеме, дымың ішіңде болсын. Былай істейміз, - деп қулана көзін қысты.

- Сонда...

Келісім бойынша сабақтан шыққаннан кейін екеуі бөлініп кетті.

- Қайда барасыңдар? - деп еді Табын.

- Бір жерге барып келуіміз керек. Келгесін айтамыз, қайда болғанымызды, - деді.

Алдында Қобылан институт кітапханасына барып кітап алатынын айтқан. Ендеше, мұнда қанша аялдайтын жобасы белгілі. Оған дейін үлгеруі керек. Екеуі тура жатақханаға тартты. Бөлмеге келіп Қобыланның жігіттерден тығып жеп жүрген тарысын іздеуге кірісті. Киім ілетін, тамақ қоятын шкафтарды ақтарды. Төсек-орнын аударыстырды, чемоданын да ақтарып көрді. Таппай дал болып тұрғанда Әбу жууға жинап қойған кір киімдерді көріп, оны бұрышқа қарай аяғымен ысыра салған. Кенет аяғы қатты бірдемеге тиді. Ол іштей күдіктеніп, аяғымен тағы түртті. Кір киімдер арасында әлдебір түйіншекті көрді. Еңкейіп түйіншекті бері алып шықты.

- Көрдің бе, қулығын, - дейді Нариман, тары түйілген қалтаны шешіп жатып, - оны жер соқтырайық. Екеуі тарыны уыстарын толтырып асайды.

- Түйіліп қалдым ғой, - дейді Әбу.

- Ендеше, су ұрттап жібер.

Екеуі тарыға әбден тойып алды. Сосын қалта түбін қағып, қалғанын қағазға орап, қалталарына салып, бөлмені құлыптап шықты.

Кешке кітапханадан келген Қобылан ештеме байқамаған. Әбу мен Нариман дым сезбеген адамдай Қобыланды сырттай бақылауда.

Жатар кезде Қобылан шкафтың ішін ақтара бастады. Әбу кітап оқыған болып төмен қарап отыр. Ара-тұра ұрлана көз тастап қояды. Нариман төсек-орнын жинастырған болып күйбең-сүйбең етіп жүр. Қобылан шкафтың іші-сыртын актарып, содан кейін төсек-орнын төңкерді.

- Саған не болды-ай, Қобылан. Неге шашып жүрсің? - дейді Әбу түк байқамаған адамдай.

- Әй, денің дұрыс па? - дейді Нариман ашуына тимек болып, - бөлменің астан-кестеңін шығардың ғой. Қане, бәрін кайта жиыстыр.

Әбу жарылып кетердей күйде.

- Ау, не жоғалттың, айтсаңшы? - деп үстемелейді Әбу.

Қобыланда үн жоқ.

- Әй, осы сен екеуіңнен келді-ау пәле,- дейді ол Әбу мен Нариманға кезек қарап.

- Ол не, түсіндіріп айтсаңшы.

Бөлмеге Табын, Қамысбай, Сәлімжан, Хамит, Халелдер де жинала қалды. Әбу мен Нариман Қобыланның мына оқыс қылығына шағым айтқан болды. Енді бәрі Қобыланды ортаға алды.

- Не жоғалтқаныңды айтсаңшы, бірге іздесейік, - дейді олар.

- Алып қойған тары орнында жоқ,- дейді ол.

- Қойған жеріңді ұмытып қалған шығарсың.

- Жоқ, - дейді Қобылан қызарақтап, - осында қойғанмын, деп кір киімдер тұрған жерді нұсқайды.

- Әй, сен жейтін тамақты кір киімдердің ішіне қойып жындымысың. Кірдің иісі шыққан тамақты қалай жемексің?

Қобыланда үн жоқ. Жасырып жеу үшін тығып қойдым деп айта алмайды. Ал, жігіттер болса оған шындығын айттыру үшін қалжыңмен қажай түседі.

- Ендеше, қойған жеріңде қалайша жоқ болып шығады? - дейді, өзің кімнен күдіктенесің? Кімдер жеп қоюы мүмкін?

Бағанадан күлкіден жарылып кетердей өзін зорға тежеп отырған Әбу кенет мырс етіп күліп жібергені. Сол-ақ екен, Нариман қарқылдап қоя бермей ме? Әбу бағана қағазға орап алған тарыны қалтасынан суырып алды.

- Мә, иесісің ғой, қалғанын өзің же, - деп қағазға оралған тарыны Қобыланның алдына тастай салды.

Бағанадан сенерін де, сенбесін де білмей тұрған Қобылан шындығында да пәленің Әбу мен Нариманнан келгеніне енді күдігі қалмағанды.

Әбу ішек-сілесі қатып, көзінен жас аққанша күлген. Жігіттер де мәз болысып, ұзақ күлісті.

Жатақхананың ұзын дәлізінің екі жағын ала жазылған түрлі жарнама қағаздар ілулі тұратын. Әр факультеттің қабырға газеттері де осында ілінетін. Тіптен, қай жерде қандай кино, концерт, жиналыс, мәжілістер өткізілетіні, студенттер үшін қай жерде, қандай көркемөнерпаздар үйірмесі жұмыс жасайды, оған жазылу үшін қашан, кімге жолығу керек екені жазылады. Студенттер өздерінің жоғалтқан заттарын, тауып алса қайда, кімге, қай бөлмеге әкелетінін білдіріп жалбыратып іліп қояды. Дәліз бойы мұндай хабарландырулардан көз тұнады. Арлы-берлі өткен студенттер оқта-текте болмаса, бәрін сүзіп оқып жатпайды.

Әбу сабақтан кейін әдеттегіше дәліз бойымен өтіп бара жатқан. Қабырғада қызыл үлкен әріптермен айғыртып жазылған хабарландыруға көзі түсті. «Би үйренем деушілер бүгін кіші мәжіліс залында жиналсын. Үйірме жұмысы ақылы» деп жазылыпты.

Әбу би білмейтін. Мектепте мерекелік кештерде қыздар, балалар билеп жатады. Әбу өзі оның аяқ алысын білмейді. Студенттік өмірде мереке кештері бисіз өтпейді. Қатар құрбылары биді тез үйреніп кетті. Әбу үйрене алмады. Қыздар жігіттер биге шақырады деп күтеді, не көңілі кеткен жігіттерді өздері шақырады. Осындайда би білмеген қиын-ақ. Әбу би білмегеннен кейін кейініректе, сырттан тамашалап қана тұрады. Қыздардың өздері биге шақыратыны бар. Әбудің қиналатын жері осы.

Ол тәуекелге бел байлап, би үйірмесіне қатысуды ұйғарды. Үйірме аптасына екі рет, оқудан кейін жиналады. Ақысы айына үш-ақ сом. Жетекші орыс әйелі жайлы адам, барынша-ақ үйретіп бақты. Билеу ережелерін қайталап айтудан жалықпайды. Аяқ, қолдарын қалай ұстау керектігін көрсетіп, би үстінде әр қимылына мән беруге үйретеді. Қыздар жігіттерді, жігіттер қыздарды биге қалай шақыру керек екеніне, қимыл мәдениетіне мән береді.

Үйірмеге қатысушылар көп. Үлкен зал іші лық толып, аузы-мұрнынан шығып тұрады. Жаттығу биі жүріп жатыр. Жетекші әйел қателігіңді түзетіп, қимылын қайталап көрсетеді. Міне, ол өтіп бара жатып Әбудің қимылына назар салды. Сірә, аяқ алыстары ұнамаған болуы керек.

- Менің қимылыма мұқият назар салып және қайтала, - деді де оң аяғын ілгері созды. Әбу оны қайталады. Мұнан кейін сол аяғының тұмсығын оң аяғының өкше сірісіне тигізер-тигізбес етіп, сол аяғын ілгері созды. Әбу оны өзгеріссіз қайталады.

Әбудің қимылы жетекшіге ұнаған болса керек, жаттығуды тез қимылдап қайталауды талап етті. Алғашқыда баяу қимылдағанда жаттығуды өте жақсы орындаған Әбу қимылды тездеткенде шатысып қала берді.

- Ештеме етпейді, - деп жетекші әйел қателігін жуып-шайып жатты. - Әлі-ақ үйреніп кетесің. Тек көбірек жаттығу керек.

Әбу бастапқыда үйірме жұмысына қалмай катысып жүрді. Жетекші айтқан талапты орындауға талпынды. Бірақ, түбегейлі ден қоя алмады.

- Мен ақша төлеп те би үйрене алмадым, дейтін Әбу достарына кейін.

Әбу оқуға бар ынтасын салды. Орыс тілінде жүрген оқу алғашқыда қиындау соқты. Оқуға жіберерде Құлсары кәсіпшілік бастығының айтқаны есіне түсті.

- Оқи алмасаңдар, ертең оқудан шығарып қайтарып жібереді. Сонда бүкіл Қазақстанның атына сын келеді, - деген.

Ойлап қараса ол ақиқат екен. Қазақ балалары оқи алмайды - деп бәрі іштерінен күлетін болады ғой.

Әбу оқыған топта әр ұлттан балалар көп. Олардың ішінде қазақ балалар үшеу-төртеу ғана. Бұлардың қиналатыны - орыс тілі.

- Қазақ балалары оқи алмайды дегенді естімеуіміз керек, дейді Әбу жігіттердің намысын жанып. Өзі де соған ұмтылды.

Әбу бос уақытын үнемі кітапханада оқу залында өткізеді. Тапсырылған кітаптарды тауып, оқып, конспектілеп жазып алады. Семинар сабақтарында үнемі қол көтеріп отырады. Оқытушы да оның талабын түсініп, сабақ айтқызып, тілінің ұшталуына жәрдемдеседі. Оқудың алғашқы жарты жылдығында-ақ ол тез бейімделіп, орыс тілін біршама меңгеріп алды. Екінші курста оқытушылармен сабақ үстінде сөз таластырып отыратын. Кен орындары геологиясы сабағынан беретін ағайы Әбуді өзге студенттерден ерекше көретін. Өйткені, студенттердің көпшілігі Әбудей емес, сөз таластыра алмайды. Олар тек кітапта жазылған, не оқытушының айтқандарымен ғана шектеліп қалатын. Ал, Әбу өмірден көріп, біліп, үйренген тәжірибелерін ұштастырып, өз ойын дәлелдеуге ұмтылады.

Институтта Әбу қабат құрылымдары геологиясы, мұнай, газ кенорындарын игеру сабағын қызыға оқитын. Бұл сабақта мұнай, газ кен орындарының геологиясы және әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің тәжірибесі сөз болады. КСРО аймағында мұнайлы аудандардың геологиясы, оны игеру туралы айтылады. Мұнда Әбу алдымен Қазақстан туралы ойлайды. Қазақстанда жалғыз ғана мұнайлы аудан бар. Ол - Ембі, Әбудің туып-өскен жері. Бұл өлкеде Доссор, Макат, Сағыз, Құлсары, Мұнайлы аудандары бұрыннан белгілі. Сонымен бірге, әзірге белгісіз, Әбудің ойынша үміт күтетін аймақтар да бар. Соның ішінде Маңғыстау түбегі - Әбудің бар сенімін жаулап алған. Ол сабақтан бос кездерінде кітапханаларды ақтарып, ескі тарихи кітаптарды іздестіріп, қазақ топырағының мұнайы, газы туралы жазылған ой-пікірлерді түртіп жүретін. Оның ішінде өзіне жақсы таныс Батыс Қазақстан, Гурьев, Маңғыстау туралы жазылғандарды жібермей оқитын.

Әбудің білетіні қазақ жерінде алғашқы мұнай белгілері Батыс Қазақстан аймағында байқалған. Бірінші Петр патша орыс жерінен шалғайда жатқан қазақ даласында мұнай бар екендігі туралы мәліметтерге қызыға қарап, оған көз тіккен. Ол беймәлім жердің табиғи байлықтарын зерттеу үшін алғаш 1714 жылдан бастап бірнеше рет экспедиция жібереді. Солардың бірі - Каспий жағалауы мен Маңғыстаудың байлықтарын зерттеумен айналысқан Г.С. Карелин болды. 1823 жылы прапорщик Г.С. Карелин Ф.Ф. Бергтің экспедициясына қатысып, Каспийдің теріскей жағалауын зерттейді. 1826 жылы Э.А.Эверсманмен бірге орыс саяхатшысы қазақ даласына кең көлемде экспедицияға шығады. Осы жолы екі жылдай ішкі Бөкей ордасы аймағын зерттеп, Кіші жүз ханы Жәңгірмен танысады. Ал, 1832-1836 жылдары Каспий теңізінің солтүстік шығыс жағын, яғни Маңғыстауды зерттейді. Осы сапарында ол Новоалександровск маңына жақын жерде таудан қара смола, ақ мұнай және басқа да қазба байлықтары белгілерін байқаған.

Бірақ, осыдан кейін Маңғыстау ұзақ уақыт назардан тыс қалды. Ембі өңірінде де барлау жұмыстары жүргізілмеді. Геологиялық комитет 1913-1917 жылдар аралығында ғана Н.Н. Тихоновичтің, С.И. Мироновтың, А.Н. Замятиннің басшылықтарымен бірнеше рет геологиялық экспедициялар жіберіп, Ембі өңірін зерттеуге аз да болса, көңіл бөле бастады. Ал, Маңғыстау әлі назардан тыс. Сірә, баяғы Карелиннің байқаған белгілері үміт отын жақпаса керек. Бұған Әбу іштей таңданады.

Әбудің Маңғыстауға деген үмітін лаулатқан тағы бір жайт - жақында Мәскеу мемлекеттік кітапханаларын ақтарып отырып, ескі бір тарихи жазбалардан Николай Павлович Лупповтың Маңғыстауға Михаил Викентьевич Баярустың экспедициясының құрамында болып жүргізген жазбаларын кездестірді. Мұнда Маңғыстау тұрғыны Оразмағамбет Тұрмағамбетұлымен кездескенін, оның Маңғыстау жерінің жерасты қазба байлықтары жөнінде әңгімелегенін айтады. Осы айтылғандар негізінде Маңғыстау жерінде барлау-іздестіру жұмыстарын күшейту қажет деп ойлайды. Бұл - Әбудің жеке пікірі. Ол оқытушымен сабақ үстінде пікір таластырғанда өзінің оқып, біліп, ойында түйген дәлелдерін алға тартады. Оқытушы да оның әңгімесін теріске шығармайды. Әбу айтқан дәлелдермен үнсіз келіседі. Бұл жерде оқытушы орасан күрделі мұқияттылық қажет екенін ескертеді. Кез келген белгіге қарап аса қомақты шығынға жол беруге болмайды. Қазіргі мардымсыз белгіден үлкен мұнай, газ, не өзге де жерасты байлықтары шықпауы да мүмкін. Сондықтан, жерасты байлықтарын іздестіруде орынсыз шығындарға жол бермей, нақты дәйектер мен деректер негізінде жүргізіледі деген де қойған. Әбу ол пікірмен келісті. Байқаған алғашқы мұнай белгілерінің кейін ақтамай, зор шығындардың далаға шашылған кездері талай болған. Әйтсе де Әбу Ембі өңірін одан әрі тоқтатпай зерттеудің қажеттігіне, Доссор, Макат, Құлсары, Сағыз мұнай кен орындары ашылған бұл өңірде әлі талай алып кеніштер табылатындығына сенімді. Оған дәлелдің керегі жоқ сияқты.

Осы арада академик И.М.Губкиннің айтқан бір сөзі ойына орала кетті. «Барлау жұмыстарын барынша батыл да жігерлі жүргізу Орал-Ембі ауданын бірнеше ондаған миллион тонна мұнай өндіретін алып бассейнге айналдырар еді» деген пікірін Әбу алға тартты.

- Бұл - анау 1931 жылы айтылған пікір. Одан бері қанша уақыт өтсе де әлі соған жігеріміз жетпей келеді, - деп үстемеледі тағы. - Ал,

Маңғыстау бар байлығын астына бүгіп жатқан алып қазан. Ендеше, неге оны жеделдетіп қолға алуға болмайды?

Әрине, аудитория ішінде студент пен оқытушы арасында болған әңгімелердің өмірде жүзеге аса бермейтіні түсінікті. Бүл - олардың ойын ұштап, білімін толықтыра түйетін жаттығу ғана. Осылайша, Әбу оқытушымен пікір таластыру арқылы өзінің теория жүзінде де, тәжірибе жүзінде де білімдерін ұштай түседі. Және бұл пікірталастан Әбудің ұтқаны -тыңдап отырған студенттерге де, оқытушыға да Қазақстан туралы, оның жерасты байлықтарын ашуға ұмтылып жүрген заманынан озық туған қарапайым адамдары туралы ой салды.

Мұнай институтында оқыған бес жыл ішінде мұндай талай пікірталас, ой сайысы болды. Мұндай пікірталастар сабақ сайын жүріп жататын. Мұның бәрі Әбудің білімін молайтып, шыңдай түсті. Мұнай, газ туралы қате түсініктерін түзетіп, оның қасиеттері, мұнай өндірісін жолға қоюды үйреніп, меңгеріп шықты. Мұны бұдан былайғы өмірдің өзі толық көрсеткен еді.

- Ойбай, Әбу, - дейді.

- Е, не болды, - дейді Әбу.

- Сен әне бір қызды көріп тұрсың ба?

- Қайдағы қызды айтып тұрсың? - деп Әбу автобус үстіндегі адамдарға көз жүгіртеді. Мәскеу көшелерінде де, автобус үстінде де, метрода да ылғи еуропалықтар. Азиялық пішіндес адамдар көзге сирек ұшырасады. Әбу автобус үстінде ілгеріректе тұрған бір қызды көзі шалды.

- Әнебір көк көйлекті қыз емес пе? - деді Жұмақанға сол бетті нұсқап.

- Кім де болса нағыз қор қызының өзі ғой, - дейді Жұмақан оның сұлулығына тәнті болғанын жасыра алмай, - періштенің өзі, ертегіде айтылар су перісі, - деп аяқ астынан ғашық боп қалғанын білдірді.

Шындығында да қыз әжептәуір сұлу еді.

- Жүр кеттік, - деді Жұмақан Әбуге.

- Қайда?

- Қыздың жанына. Танысамыз.

Жұмақан қояр да қоймай Әбуді ертіп қыздың жанына жетіп барғаны. Жұмақан қыздармен танысқанда өзін батыл ұстайтын.

Қазақ қызы Алматыда тұрады екен. Сұраса келе Сақтаған Бәйішевтің қарындасы болып шықты. Ғалым болуы керек. Бірде газет бетінен сүгіретін көргені Әбудің сол есіне түсті.

Қызды бір көргеннен есі кетіп, талып түскен Жұмақан сол күннен бастап өзгерді. Бөлмеде жатса-тұрса қызының атын айтып, аузының суы құрып әңгімелейтін. Түнде түсінде де сол қызды көріп шығатынын айтатын. Қызға күн құрғатпай барып тұратын. Ғашығын жатақханаға ертіп әкелетін. Сол қос ғашықтың үйлену тойын Мәскеуде өткізді.

Мәскеу оларға үлкен өмірге жолдама берді. Әбу достарының елге екеу боп қайтқан бақытына қуанды және қолынан келгенше жәрдемдесті. Өзі елге жалғыз қайтты. 1952 жылдың жазында қолына мұнайшы инженер дипломын алып елге оралғанда бақытын алдағы күннен күтті.

Сол кезде Қазақстанда мұнай өндірісі бар жалғыз Гурьев облысы болатын. Мұнай кәсіпшіліктері Доссор, Макат, Қошқар, Сағыз, Байшонас, Құлсары, Қосшағыл, барлығында да мамандар жетпейді. Бас басқарма Гурьев қаласында. Қайда, қандай кадрлар керектігі бас басқармада реттеледі. Басқарма басшылығы мұнай институтын бітіріп келген он жас инженерді жұмысқа орналастырумен шұғылдануда.

Ембі мұнай бірлестігінің басшысы Саян Өтебаев өзге жігіттерді жан-жаққа орналастыра келе, қолына кадрлар бөлімі берген келесі парақта аты-жөні жазылған Атшыбаев Әбуді қайда жіберуді ойлады. Соңғы кезде ескі кәсіпшіліктердің бірі Сағыз артта қалып келеді. Мұнай шығындары көп. Кәсіпшілік бастығы жақсы ұйымдастырушы болғанымен, бас инженері өзіне сай емес. Ол жөнінде оған талай ескертілді. Лайықты адам тауып, жедел ауыстыру тапсырылды. Бірақ, лайықты маман таппай жүр. Мына жігітті сонда жіберсе ше?

Кадрлар есебі парағының келесі бетінде бұған дейін қайда, кім боп жұмыс жасағаны, өндірістік тәжірибесі көрсетілген. Қосшағылда мұнай өлшеуші лаборант кызметін төрт-бес жыл атқарған, сосын екі жылдай оператор болған. Бас инженер скважиналардың, топтық қондырғылардың жағдайын жақсы білуі шарт. Институт теория жүзінде ғана шыңдайды, өндірісте тәжірибе керек.

Түрлі ой үстінде біраз отырған директор ақыры бір тұжырымға келді. Жас кадрды алдымен өндірістің төменгі буынында біраз шыңдау үшін Құлсары кәсіпшілігінде мұнай өндіруші оператор етіп, содан кейін Сағыз кәсіпшілігіне бас инженерлікке жіберуді ойлады.

Әбудің тағдыры осылай шешілді. Құлсары кәсіпшілік бастығы ойланбастан операторлыққа бұйрық берді. Өзі қолдап жасаған таныс жұмыс. Одан бері бес жыл өткен. Ұмыт болғандары есіне түсе бастады. Бұрын скважиналардың сырт келбетін ғана танитын болса, енді ішкі сырын түгел біледі. Алғаш жұмысқа келгенінде жанындағылардан көргенін ғана жасап, айтқандарымен шектеліп, одан аспай жүрсе, енді өз бетімен еркін жұмыс жасайды. Тыңғылықты етіп, тиянақты атқарады.

Әбудің оқу бітіріп келуімен Атшыбайды құттықтап жатқандар көп. Балжанның қуанышында шек жоқ. Өлгені тіріліп, өшкені жанғандай. Ағайын-тумалар да қуанып жатыр. Әсіресе, ағасы Балағұл мен өз қолында тәрбиелеген жеңгесі Мүгілсін Атшыбайдың үйіне шашу шашып келді. Баяғы паек конфетті жеп қойдың деп ұрысқан, бірақ, сол күні ауырып қалғанда жаны ашып бәйек боп жүгірген жеңгесі Әбу үшін анасынан бір кем емес жан. Қазір ол анадайдан құшағын ашып келіп, маңдайынан сүйгенде іштей Әбу ерекше бір толғаныста болды. Еңгезердей жігіт балаға ұқсап арсалаңдағанды ұят көріп, бойын байсалды ұстады.

Бұл күні Бейбіт ауылында Атшыбай үйінде шағындау қуаныш дастарқаны жайылды. Баласының оқу бітіріп келіп, жұмыс алып жатқанына жүрек жарды қуаныштарын жеткізген тілеулестердің шеті болмады.

Әйтседе ел ішінде Атшыбайдың өлгенде көрген мына қуанышын көре алмағандар да табылды.

- Жер түбінде жатып, бес жыл оқып келгендегі алған қызметі сол ма? Ол жұмысты төрт класс бітірген ана Хисамеденнің Талғаты да істеп жүр емес пе, - деп ернін сылп еткізіп, танауын шүйіргендер болды.

- Жұрт не десе о десін, өз балалары ондай оқу түгілі ауыл мектебін бітіре алмай жүргесін күндейді де. Олардың балалары менің Әбуімнің басқан ізіне де татымайды, - деп Балжан дұшпандарын қайырып тастаған. Мұндай жел сөздерге Атшыбай да қыңбады.

- Кімнің аузына қақпақ боласың, айта берсін, - деп Балағұл кешегі бала Әбу емес, бұл күнде жауырыны қақпақтай, сорайған бойы бар, өзінен де биік Әбудің өңкиген денесін қысқалау кұшағымен өзіне қарап қаусыра тартты. - Оқуда өзіңді көрсеттің. Енді еңбекте көрсет. Адал қызмет ет. Болашағың алда.

Әлгіндегі сырт көздің салқын әңгімесіне сырттай байқатпаса да, іштей көңілі құлазып қалған Әбу Балағұлдың сөзінен кейін кайта жігерленгендей болды.

Әлдебіреулердің қажау сөзі Әбуді ширата түсті. Жұрттың бәрінің бірдей өзіне әкесі мен анасындай аялы алақанмен сипамайтынын, төңірегіндегілердің өзіне сынай қарайтынын енді білді. Бұл оны тез есейтіп жібергендей. Өмірдің өзі сынақ, тартыстан тұратынын ол енді білді.

Балағұлдың ақылы Әбуге ой салды. Ол өмірге бала ретінде емес, есейген азамат тұрғысынан қарады. Өмірінде орын алған, төңірегінде болып жатқан әрбір оқиғаға көз салып, сырына үңілді. Маңызына мән берді. Жұмысын атқаруды тіршілік көзі деп санамады, өмірді жақсарту әдісі деп білді. Сол әдісті әркімнің әрқалай түсінетініне қайран қалды.

Әдеттегіше, ауыл сыртындағы топтық қондырғы басына Әбу ерте келді. Жем бойының күзі төңіректі биыл ерте сарғайтты. Қазан айында-ақ терістіктің салқын лебі азынап қоя берді. Әр жерде изеңдеген үкі бас скважиналардың Әбуге сыры мәлім. Барлығы бірдей тербеліп тұрғанымен, әрқайсысының күйі әртүрлі. Біреуінің жерасты жабдықтары тозған, екіншісінің жер бетіндегі құралдары қажет орындарында тұрған жоқ. Үшінші біреуінің өндірістік қасиеті өзгере бастаған, мұнай құрамында су басым. Басшылар болса топтық қондырғыда қанша скважина бар, қаншасы мұнай беруде, нешеуі тұр деп сұрайды. Мұнайшылардың еңбегі сонымен өлшенеді. Кен қабатының қасиеті ескеріле бермейді. Және скважиналар жер астында бірдей тереңдікте тұрған жоқ. Әр тереңдіктің физикалық, химиялық, геологиялық қасиеттері әртүрлі. Түрлі тереңдікте мұнайдың қандай күйде болатыны белгісіз. Түрлі табиғи қысымдарда әртүрлі кеспірде болуы мүмкін. Осының бәрі іс жүзінде ескерілмейді. Біздер үшін жер бетіне шыққан мұнай қабатта да сол күйінде жатқан көл не теңіз секілді. Шетінен сорып алып жатырмыз. Беймәлім жер асты заңдылықтары жер беті талаптарына бағына бермейтіні ескеріліп жатқан жоқ.

Осы ойын Әбу төңірегіндегілерге айтып көріп еді, шебері де, геологтар да оны ұға қоймады.

- Бізбен ақылдасып, санасып жатқан кім бар? - дейді олар, - ендеше, біздің қолымыздан келері де, қойып отырған талаптары да осы. Орындамасаң жауап бересің, жұмысыңнан кетесің. Сондықтан, айтқандарын істеп, көне бересің.

Ақиқаты да солай екен.

Әбу енді көзі жетті, қатып қалған жайды өзгерту мүмкін емес. Жарайды, оған да көнелік. Әбудің келесі бір ойы осы жағдайдың өзінде де мұнайды барынша көп өндіру скважинаның басы-қасында жүрген мұнайшыларға байланысты. Қазіргі мұнайдың өндіріліп тұрған деңгейі мүмкіндіктің жеткен жері, шыңы емес. Мұнай өнімін әлі де көтеруге және оны барынша жоғары деңгейде ұстауға болады. Ол үшін жұмысшыларға жағдай туғызып, жұмысқа деген қызығушылығы мен жауапкершілігін арттыра түсу керек. Ал, басшылар қара басы қамымен әуре. Қайткенде жоғарыдан жақсы атақ алып, қызмет бабында көтеріліп кетуді ойлайды.

Әбу бұл ойының дұрыстығына көзі жеткенмен, оны іске асыруда әлсіздігін, қолынан келмейтіндігін түсінді. Бұл бір-екі адамның, тіптен бірен-саран басшылардың да қолынан келмес дүние.

Кейде Әбу осындай қолынан келмейтін, тым алысқа алып кетер жайды ойлайтынына іштей ренжіп, қолын бір сілтейді.

Құлсарыда Әбу мұнайшы оператор болып алты айдай жұмыс жасады. Бұрын ештемеге мән бермей келген екен. Өндіріс өмірінің сыр-сипатын, мән-мазмұнын, жөн-жосығын енді ұққандай. Және соның бәрін өзінің басына түскенде барып білді. Төңірегіндегілердің бәрі де өзі сияқты қолдарында билігі жоқ, жеке қара басын күйттеп, күнделікті тірліктерінің ретімен ғана жүргендер. Олармен ешкім де санаспайды. Өндіріс тағдыры тікелей қолдарында тұрған адамдардың мұндай көзқарасына іштей ренжіп, ой-арманымен санасар жанның жоқтығын ойлады.

«Ембімұнайгазөндіру» бірлестігін қазір Сағыз кәсіпшілігі артқа тартып отыр. Кәсіпшілік бастығы бас инженерлікке лайықты маман табылмай отырғанын, сенім артқан адамдарының жұмысын алып бара алмағанын айтқан. Техникалық жабдықтардың күтімсіздігінен тұрған скважиналар көп. Қайткен күнде де іскер маман керек.

Сафи Өтебаевтың ойына Әбу Атшыбаев түсті. Одан беріде жарты жылдай өтіпті. Телефон құлағын көтеріп, жедел Құлсары кәсіпшілігімен байланысты. Кәсіпшілік бастығынан өндіріс жағдайын білген соң Әбу туралы сұрады.

Кәсіпшілік бастығы Әбуді мақтай жөнелді.

- Өте сауатты жігіт. Жұмыстастары жақсы пікірде. Және тапсырылған іске ұқыпты, жауапты қарайды.

- Ендеше, ол жігітті ертең маған жібер.

Әңгіме осымен бітті.

Келесі күні Әбу «Ембімұнайгаз» бірлестігінің директоры Сафи Әтебаевтың қабылдауында отырды. Жеке өз басы жөнінде сараң әңгімелеген Әбу кен орнының игерілуі, мұнай қабатының жайы, мұнайды көп өндіруде адам факторының атқарар қызметі жайлы айтқанда шешіліп кетті.

Ескі кәсіпшіліктерде мұнайлы қабаттың жайы жете ескеріліп отырылмағанына дәлел келтірді. Жер астында мұнай жатқан түрлі тереңдіктердің қысымдары әртүрлі екенін, жер бетіне шыққан мұнайдың сол қысымдарға байланыстылығын айта келіп, қолдан физикалық, химиялық ықпал ету жайына тоқталды.

Бұл ғылымда ашылмаған жайт. Мұнайдың анау жеті қат жер астындағы жай-күйі, сыр-сипаты әлі беймәлім. Физикалық, химиялық ықпал ету арқылы мұнайды көп өндіру көңіл қоярлық болғанымен, ғылымда ашылмаған дүниені іс жүзіне қалай асырмақ.

Жас жігіттің екінші ұсынысы мұнай жоспарының орындалып, халық шаруашылығының дамуындағы адам факторы. Сафи Өтебаев оған да іштей келісті. Бірақ... Ол тағы да ойын осы «бірақтан» бастады. Әртүрлі өмір деңгейіндегі адамдардың ой-қабілеті, арман-мүддесінің бірдей еместігі, қимыл-әрекетінің де әртүрлі екені сөзсіз. Сол әртүрліліктің басын қосып, бір арнаға жұмылдыра алмау - қоғамға үлкен ауыртпалық.

Алдында отырған жас жігіттің әңгімесінен түпкі арман-мүддесін түсінді. Алғы күнге асыққан Әбуге жол болсын айтып, жаңа қызметке тағайындап шығарып салды.

Ой үстінде шыққан Әбу жолда келе жатып, үлкен басшының алдында тым ақылгөйсіп кетпедім бе деп ойлады. Жаңалық ашқан ештемесі жоқ, келмей жатып ақыл айтқаны не. Айтқандары ақиқат болғанымен, жаңалық емес. Оны өздері де білмей отырған жоқ қой.

Әбу үлкен басшымен білім таластырып, жөнсіздік жасап алғанына іштей қысылды.

- Жә, - деді ол жолда келе жатып, - ақиқатын айттым емес пе. Сол үшін сөкеттей қояр дейсің бе деп, енді оны ұмытуға тырысты. Енді бірде алдағы өмірі жайлы ойлады. Жаңа орын қалай қарсы алмақ. Басшылардың өзіне артқан сенімін ақтай алар ма. Әйтеуір, алға бастаған көңіл жетегінде батыл қадамдап келеді.

Сағыз кәсіпшілігі Гурьев пен Құлсарының аралық тұсында, жан-жағын құм мен сор көмкерген сары далада. Әбудің бұл маңға тұңғыш аяқ басуы. Қандай адамның келетінінен күнілгері хабардар кәсіпшілік бастығы күтіп алды. Кеше басқарма бастығы бас инженердің міндеттерін түсіндіріп, айқындап берген. Қазір Әбудің көріп тұрғаны тіптен басқаша секілді. Сірә, оған шошытып алмай, жұмсартып жеткізген болса керек. Шет жағын борасын құм басқан шағын ауыл сырттан қараған кісіге өндірістік мекенге ұқсамайды. Тозығы жеткен ескі жер үйлер көбірек. Кен аймағы ауылдан әудем жерде орналасыпты. Келген күні-ақ алдымен жатар орнын қамдаған Әбу кәсіпшілік маңын айналып көрді. Скважиналар әр жерде темір-терсегі шашылған, қайсыбірі қаусап қалған. Жазығынан соры көп меңіреу өлі далаға әзір жан бітпейтіндей.

Кәсіпшілік өмірімен таныса келе Қосшағылдағы, Құлсарыдағы жағдай мұнда да алдан шықты. Мұнай өндіру әдістері барлық жерде бірдей. Айырмашылық техникалық жағдайында ғана. Кінә маманнан ба, әлде басшылықтан ба, кәсіпшілік құлауға қолы тимей тұрғандай. Құрал-жабдықтардың қатаң есебі жоқ. Ауыстыру мерзімдері сақталмаған. Скважиналарды техникалық сауықтыру шаралары қатаң бақылауға алынбаған. Салдарынан техникалық, технологиялық жұмыстары босап кеткен.

Мұның бәрі бір күндік жұмыс емес. Кетеуі кетіп, айлап-жылдап бұл жағдайға еті үйреніп қалған жұмысшылардың көзқарасын түзетіп, ішкі жаттанды психологиясын өзгерту қиынның қиыны. Бастапқыда бәрін өзі түзете қоймақ болып еді. Қатып қалған ахуал алдырар болмады. Бас инженердің талаптары орындала бермейді, қайсыбірі көз бояп кетеді. Алдарқатып арқаны кеңге салатындар да аз емес.

Мұның бәрін Әбу аяқтан шалу деп білді. Ондайлардың қызмет бабын төмендету, разрядын түсіру, жұмысынан шығару, лауазымынан айыру бас инженердің өкілеттігіне жатпайды, кәсіпшілік директорының бұйрығымен атқарылатын іс.

Бас механик көзін ашқалы мұнай төңірегінде келе жатқан, бас механиктік қызметінде жеті-сегіз жылдай отырып қалған. Бас инженерліктен дәмесі болғанға ұқсайды. Өзі кәсіпшілік бастығына туыс болса да, бас инженер етіп қоя алмаған. Ол бас инженерге бағына бермейтіндей ыңғай байқатты. Әбудің талап еткені техникалардың түгел істеуі еді.

Оның мүмкін еместігін айтып қасарысты. Техникалардың сынбай, бұзылмай, түгел істеп тұруының мүмкін еместігіне келісуге болатын да шығар. Бұл жерде қолдан келгеннің, мүмкін болғанның бәрін жасап, сосын барып, кездейсоқ кідірістерін, төтен жағдайларын айтса түсінікті болар еді. Олай істемей бірден қарсы шыққаны Әбуге ұнамады. Азандағы мамандар мәжілісінен кейін оңаша қалдырып, ескерту жасап еді, көнер емес.

- Оқуды кеше бітіріп келген бозөкпе біздерге ақыл айтқың келеді, - деді.

Тұрған техникалардың тізімін жасап себебін көрсетуді сұраған, оған да жауап бермеді. Ол қай скважинаның, техникалардың не себепті қанша тұрғанын да білмейді екен, мәлімдеу райын да танытпады. Әбу ойланып қалды. Көп алдында дауыс көтерудің де пайдасы жоқ. Мұнан әрі ол орнында ұстау мүмкін емес, қызметінен босатуды директорға баяндаған, бірақ директор:

- Маман кадрлар жетпейді. Қазір орнынан алып тастағанда кімді қоямыз. Адамдармен жұмыс жасай да білу керек. Тілін, әдісін тауып сөйлесе білсең, жылы-жылы сөйлесең, жылан да іннен шығады демей ме, - деді.

Әңгіме түсінікті. Бұл қаласаң да, қаламасаң да жұмыстан шығарылмайды деген сөз.

Әбу кейін білді, директордың әлгі бас механик жігітке рулас, ағайындық қатысы бар екен. Ақиқатында бас инженерлікке директор соны қоймақ болған да, бірақ басқарма бастығы Сафиға билігі жүрмеген.

Сонымен бас механикпен әңгіме сол күйінде қалды. Қызметінен алу жөнінде Әбудің кәсіпшілік бастығына барғаны құлағына жеткен бас механик бұрынғыдан бетер шалқайды. Жұмыс істесу қиынға соқты. Бастықтан күш алған ол, Әбу шақырса да келмейтінді шығарды. Оған тиесілі жұмыстарды Әбу өзі жасап жүрді.

Бұл жағдай жұмысшыларға да әсер етпей қоймады. Рушылдық, ағайыншылықтан өрбіген алауыздық, күңкіл-сүңкілдер аз болмай шықты. Мұның бәрі сайып келгенде, жұмысқа кері әсерін тигізері даусыз. Адамдар арасындағы психологиялық қайшылық осындайдан туындайды. Мұндайлар жойылмаған жерде бірыңғай еңбек ұжымының қалыптасуы екіталай.

Жаңа жердегі жұмыс осылай басталды. Құптап қарсы алғандар да болды. Наразылар да табылды. Адамдар бәрі бірдей болмайды. Қайткен күнде де олармен жұмыс жасауға тура келді.

Әбу мұны да өмірдің бір түйіні деп білді. Одан тәжірибе алды, үйренді. Директордың өткен жолғы адамдармен жұмыс жасай білу керек деген сөзі оған ақыл да, қамшы да болды. Ол Сағыз кәсіпшілігінде екі жылдай жұмыс жасады. Алғашқы оқиғадан кейін Әбу мұндай мәселемен енді қайтып директордың алдына барған емес. Талай қуаныш та, реніш те, жақсы да, жаман да оқиғалар болып жатты. Бәріне де жүрген ортасындағы тыныс-тіршілікке, қалыптасқан ахуалға қарай бейімделе әрекет жасады.

Әбу бұл ортаға да үйренді. Кәсіпшілік директорымен де ара-қатынастары жаман болмады. Гурьевтегі мұнай бірлестігінің бастығы Сафи Өтебаев жас маманның қызметі жайлы директордан көрген сайын сұрап тұрады. Директор өткендегі оқиғаны аздап өңін айналдырып айтқан. Қарауындағылармен тіл табысып жұмыс істей алмай жүр деп жеткізген. Әйтседе, екі жылдың ішінде артта қалған кәсіпшілік алдыңғы қатардағылардың бірі болды. Атақ директордікі болары даусыз. Еңбек менікі деп Әбу де жар салмады.

Әбу Сағызда жалғыз тұрды. Кемпір-шалды өзімен ала жүргісі келсе де, Атшыбай да, Балжан да бұрынғы үйреніп, орналасып қалған жұртынан қозғалғысы, ағайын-тума арасынан алшақтап кеткісі келмеген. Әбудің үйленбей салт жүргені тағы бар. Әйтеуір, әзірге Әбуге ерген жоқ. Бірақ барған сайын екеу болуды тапсырып қалады. Арада қатынаған жолаушылардан да кемпір-шалдың айтып жіберер сәлемі сол. Жалғыз жүре бермей екеу болсын дейді.

Әбу ол ақылға түсінгенімен, әзірге реті солай. Жүрген жерінде қыз көп болғанымен, жүректен шығар жан тап болып жатқан жоқ. Салт Әбудің бар ниеті жұмыста. Тұрып қалған скважиналар, өзге де техникаларды іске қосып, жоспарға шығу. Кәсіпшілік Әбу келген соң үш-төрт айдан кейін-ақ жоспарды орындаған. Жыл аяғында бұрыннан қалып келе жатқан мұнай өндіру борышы өтеліп, жоспар артығымен орындалды. Мамандардың, жұмысшылардың жауапкершілігі арта түсті. Қордағы скважиналардың шашылған жабдықтары кәдеге жаратылып, кәсіпшіліктің етек-жеңі жиналып қалды. Бірақ мұнайшылардың күй-тұрмысы әлі сол бірқалыпта еді.

Әбу келгеннен кейін мұнай кәсіпшілігінің артта қалу жайы бастауыш партия ұйымының жиналысында қаралды. Ұжымдағы нақты психологиялық жағдай, өндірістегі кемшіліктер сөз болды. Ащы шындықтар айтылмай қалды. Аз да болса жұмысқа оң ықпал етуі мүмкін алайда жиналыс ахуалды түбегейлі жақсарта алмады. Сөз болған кемшіліктер түгел түзетілмеді.

Ол кезде өмірдің өзі солай болды. Адал да әділ болуға үндеді. Сөзі барлық жерде бірдей жүріп, іс жүзеге асып жатпаса да шындық, ақиқат жеңуге тиіс. Ақ сөзді адамдарды коммунист дейтін. Олар жалған сөйлемейтін, кісіге қиянат жасамайтын, мемлекеттік, қоғамдық мүлікті жан сала қорғайтын, ел үшін, Отан үшін қызмет ететін, бейнелеп айтқанда, періште, нағыз әулие саналды. Әбу ақ сөзді адалдықты ұнататын. Өзі де сондай болуға тырысатын. Институтта оқып жүргенде коммунистікке кандидаттыққа өткен. Келер жылы коммунист болды. Енді олардың ақ жолын қалай ұстануды ойлады. Коммунистер ішінде де ала-құласы көп. Бәрі тәрбиеге байланысты.

Әбу ойлаған тәрбие ішінде күнделікті өмірден көріп-білгені, кітаптан, газеттен оқығаны, радиодан естігені, қысқасы, үгіт-насихат түгел бар. Осы араға келгенде ол өзі жүрген, бас болып отырған ұжымда тәрбие бұйдасын тағы да қолдан шығарып алғандай болады, қиял түбі жеткізбейді.

Жас коммунист жүрдек көңілмен жақсы істің бәріне өзім бас болам деп алып-ұшып жүрген шақтардың бірінде Әбуді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Демеу Жанәлиев шақырды. Әдетте, өндірісте бас инженер партия комитеттерімен көп аралас-құралас бола бермейді. Оларды мұнай басқармасы шақырып, өндіріс жайы ғана әңгіме болатын. Аудандық партия комитетінің салалық хатшылары не бөлімдері шақыратын да, алдағы саяси науқанға байланысты тапсырмалар беретін. Ойда жоқта бірінші хатшының шақырғанына таңғалды.

Әбу сол күні аупарткомға келді. Бірінші хатшы Жанәлиев өзінде екен. Бірақ біршама күтуіне тура келді.

Жанәлиев отыздар шамасындағы жігіт. Бұрын оны Құлсарыдан білетін, бала кезінен бірге өсті, бірге оқыды. Келіншегі Нағима Әбумен рулас жамағайын. Екеуі де Шеркештің қаракемпір руынан және ауылдас, бірге ойнап, өскен.

Әр сөзі қаққан шегедей орнықты, ойланбай сөйлемейтін байсалды хатшы кәсіпшілік жағдайын сұрады. Әбу өндіріс жағдайының жақсарып келе жатқанын айтты. Тағы біраз жайларды сұрастырған ол, Әбудің жүзіне тура қарап:

- Институтты бітіріп келгеніңе де біраз жыл. Қызметіңнің қиындығы мен қызығы неде болды?

Әбуге хатшы сынақ алып отырғандай боп көрінді. Әбу болса мұндай сұрақ қояды деп ойламаған. Ошарылып қалды. Айта берсе қиындық аз болмады. Бірқатарын Әбу өзінің тәжірибесіздігінен көрді. Қарауындағыларына сөзін жүргізе алмағаны, бар ауыртпалықты өзі көтергені, тағысын тағылар. Басынан кешкендері аудан басшысына қызық па? Ал, қызығы ше? Жұрт не десе о десін, артта қалған Сағыз кәсіпшілігі Әбу келгесін ғана ілгері шықты. Бұл даусыз ақиқат. Әрине, ол табыстың бәрін мен жасадым деп айтпайды. Бүкіл ұжымның еңбегі. Әйтсе де, ол табысқа Әбусіз жететін болса қайда қалды. Ендеше, Әбу үшін еңбегінің нәтижесін көру қызық еді. - Иә, қиындық болады ғой, - деді Әбу күмілжи. -Ал, қуанышым - кәсіпшіліктің алға шыққаны. Ол жалғыз менің ғана еңбегім болмас. Сонда да...

Ол орынсыз мақтанып, жөн-жосықтан асып кетуден сақтанды. Хатшы иегін шұлғыды. Бұл Әбуді мақұлдағаны ма, әлде, доғара ғой дегені ме, онысын ажырата алмады.

- Байқауымша, - деді әлден хатшы, - сенен партия қызметкері шығады. Партия комитетіне ауыссаң қайтеді?

Әбу аңтарылып қалды. Болады деп те, болмайды деп те айтқан жоқ. Оның жауабын күтпей хатшы сөзін жалғастырды.

- Партияда кадрлар жетпейді. Өзіңнен дұрыс кадр шығады деп күтеміз. Қарсы болмасаң, партия қызметіне ауысуға келісім берсең, Қошқар кәсіпшілігіне партия хатшылығына жібергелі отырмыз.

Әбу үнсіз басын шұлғыды. Бұл келісім бергені, хатшы да түсінді. Кәсіпшілік коммунистерінің рөлі, тәрбие, алдағы міндеттер жайлы әңгімеледі. Сөз соңында:

- Мұнда да өзіңді көрсете біл. Сәттілік тілеймін. Ертең облыстық партия комитетінің партиялық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі әңгімелесуге шақырады. Жұма күні Қошқар кәсіпшілігі партия ұйымының есеп беру конференциясы. Соған үлгересің, - деді.

Келесі күні Әбу облыстық партия комитетінде болып, жұма күні Қошқар кәсіпшілігіне жетті. Кәсіпшілік коммунистерінің конференциясы хатшылыққа сайлады.

Қошқар кәсіпшілігі аудан орталығы Доссордан отыз бес шақырымдай жер. Доссорда Әбудің Мәскеуде бірге оқыған, жолдас жігіті Хамит Ғабдуллин тұрады. Оны Қошқарға қызметке орналасқаннан кейін арнайы іздеп келді. Есікті ақсары әйел ашты. Хамитты үйленген деп естіген. Келіншегі болар деп ойлады.

- Кім керек еді? - деді жартылай ашылған есіктің іш жағынан жарқ ете қалған көркем келіншек.

- Хамиттің үйі осы ма?

- Иә, - деді іздеп келген қонақ екенін білген келіншек есігін ашып.

Осы сәт түпкі бөлме жақтан Хамит көрінді. Сағынысып көріскен достар құшақтаса кетті. Хамит теміржол беттегі ауылда барақ үйлерде екі бөлмелі пәтерде тұрады екен. Үйленгеніне жылдың үстінде болған. Келіншегінің аяғы ауыр көрінді. Достар студент кездерінің қызығын айтып, мәз-майрам болысқан қуанышты дастарқан басына арғы бөлмеден шығып, бойжеткен қыз кеп отырды. Жұқалтаң өңді сұлу қыз ә дегеннен жарқ етіп Әбудің көзін жаулап алған.

- Ойбай, мен әңгімелесіп отырып таныстыруды ұмытып кетіппін ғой, - деп Хамит шәй үстінде дастарқан басындағыларды таныстыра отырды.

- Шәй құйып отырған зайыбым.

- Есік ашқаннан-ақ осы үйдің әйелі екенін байқап отырмын. Есімін айтпайсың ба? - деді Әбу.

- Иә, есімі Зинәт.

Енді Хамит әлгіндегі қызды таныстырды.

- Балдызым, Зинәттың сіңлісі Рая. Ал, мына жігіт Мәскеуде бес жыл бірге оқыған, бір бөлмеде жатқан, жақсы-жаманды да, аштық-тоқтықты да, барлық-жоқтықты да бірге көрген, күйген нанның қатқан қабығын бірге кемірген жолдас та дос жігітім Әбу.

Қыз шоқтай жанған отты көздерін оқтаудай кірпіктері арасынан жарқ еткізіп Әбудің жүзін бір шолып өтті де аударып әкетті. Әбу де қыздың нұрлы жүзінен көз алмай отырған. Аңдысқан жанарлар бір сәтке кездесіп қалып, тез ажырасты. Бірақ сезім қылын тап басып отырған жүректер бұл сәтті қалт жібермеген.

Шәйін ішіп болған қызға достардың әңгімесі қызықсыз көрінді ме, әлде отыра беруді ыңғайсыз санады ма, жаңа таныс жігіт жаққа қарақат көздерін бір төңкеріп, дастарқан басынан тұрып кетті.

Бұл күні достардың әңгімесі ұзаққа созылды. Дастарқан жиылмады. Арасында тысқа шығып серуендеп, қайтып келгенде қыз бөлмесінің жарығы өшпепті.

Қыздың әлі үстел басында жазып, оқып отырғанын көрді.

- Қайырлы кеш, - деді есікті ашып кіріп келген Әбу.

Қыз бір жалт етті де, алдындағы қағазына қайта үңілді.

Тәкаппарлық деп ойлап, назар аудармағанына намыстанған Әбу барды да қыздың алдындағы дәптерді жауып тастады. Қыз жігіт жүзіне жалт қарады да, жабулы дәптерге үңілген күйі жағын таянып, үнсіз отыра берді.

- Алдағы сенбі күні кешкі сағат жетіде мектеп алдынан күтемін, - деді Әбу жұлқына сөйлеп.

Қыз тағы да үн қатпады. Арыдан сыртқы есіктің сықыры, аяқ дыбыстары естілді. Ішке сөйлеп кірген Хамит:

- Әй, сен, біздің балдызға көз қысып жүрген жоқсың ба? - деп қалжыңдады.

Бастапқыда Әбу Раяға сақа жігіт боп көрінген. Жездесі Хамитпен бірге оқыса, жастары қатар болар, әлі күнге неге үйленбей жүр деп ойлады. Өзіне тең санамады.

Бір қарағанда Рая жігітті ұнатып та қалған. Бірақ, жастай жетім қалып, шеттетіліп, сырын сыртқа шығармай, ішке бүгіп, біртоға тұйық өскен қыздың ішкі наласы аз емес-ті. Өткен күннің қайғысы қыздың бойын буып тастаған. Қаршадайынан қайғыға булығып, сарғайып өскен, Раяның әкесі Ибраш Букин Жымпитыда белді қызметкер, мұғалім болған. Отбасында үш қыз бұлғақтап өсіп келе жатқан. Үлкен апайы Роза он бірде, Зинәт сегізде болса керек. 1937 жылы әкесі Ибрашты халық жауы деп бір түнде алып кетеді. Ол кезде Рая бес жаста екен. Әкесінің қалай кеткенін білмейді. Түнде ұйықтарда бар, таңертең жоқ. Сәби көңіл ештеме ойламаған, қауіп-қайғыдан ада болатын. Әкесінің ұсталып кеткенін де айтпаған. Берігіректе есін білген шақта әкең өліп қалды дейтін. Он жасында анасы Раушан дүние салды. Раушанның екі інісі Әмірхан, Ғалымжан, яғни, нағашы ағалары жетім үш қызды бағу үшін көрші ауылдан көшіп келген. Көп ұзамай ол екеуі де дүниеден озды. Шын жетімдікті енді сезінді. Қамқоршы жоқ. Киімсіз, жалаң аяқ таң атпай ебіл-себіл күйі көршілерден бір үзім нан тілеп телміріп тұратыны әлі есінде. Біреулері жаны ашып қатқан нанның түйірін берсе, енді біреулері халық жауының қызы деп есіктен шығарып жібереді. Қыстың күні тізеден күртік қар үстінде жалаң аяқ, жалаң бас, ескі жұқа көйлегі ғана бар, басы салбырап үйге келеді.

Мектеп директоры Қаби Рамазанов қана балалардың жағдайына түсіністікпен қарап, маңдайынан сипап жүреді. Жылы сөзін аямайды. Іштеріндегі еті тірі, пысықтауы Рая. Мектепте жақсы оқыған, қоғам жұмысында белсенді, комсомол мүшесі. Делегатқа сайланып, Оралдағы комсомол конференциясына қатысып жүрді.

Рая 1949 жылы Алматы медициналық институтына оқуға түскен. Қаржы жоқтықтан бірінші курсын бітірген соң оқуды жалғастыра алмады. Келер жылы Ақтөбе педагогикалық институтына емтихансыз қабылданды. Жақсы оқып, оқытушылар мақтауына ілігіп, студенттер арасында беделі өсті. Төрт жылда институтты абыройлы бітірді. Зинәт апасы Хамитқа тұрмысқа шыққан соң Раяны өз қолына алды. Жездесі жақсы адам, үнемі қамқорлап жүреді. Қазір Абай мектебінде орыс тілінен сабақ береді. Талай жігіттер сөз салған. Бірақ олардың сыр-мінездері ұнай бермеді. Енді болса, міне, ойда жоқта мына жігітпен танысып қалды. Келбетіне көркі сай. Парасатты жанға ұқсайды. Аздап үлкендеу көретін сияқты.

Раяның іштей қаупі халық жауының қызы екендігі. Халық жауының қызын алды деген сөз оған абырой әкеле ме? Апасы Зинәт Хамитпен кездескенде бар шындығын жайып салған. Хамит оған түсінген. Ал, Әбу ше?

Сенімнен күдігі көп Рая осындай ойлар үстінде жігіт сөзін қабыл алған. Жездесі жігіттің мақтауын жеткізді.

- Қор қылмайды, өзін сыйлаған адамды төбесіне хан қып көтеруге бар, - деп ынтықтыра түсті. Рая сыр бермейді. Әйтсе де, ішкі сарайы алай-дүлей. Бір үміт, бір күдік алма-кезек атой салады. Күдік сақ бол дейді, үміт тәуекел дейді.

Асыға күткен сенбі де келді. Күн көзі сонау көкжиекке құлап барады. Ол өзі жұмыс жасайтын Абай мектебі жанына тез-ақ жетті. Жалғыз түп теректің арғы жағынан Әбу шыға келгенде жүрегі лүпілдеп қоя берді.

Әбу қыз ыңғайына қарап сәл іркілді де, сосын қолынан ұстады. Қыз әлдекім көріп қалмады ма дегендей төңірегіне қымсына қарады. Қадалып тұрған бейсауат көздер көрінбейді. Қыз қолын тартқан жоқ. Екеуі оңаша бақшалық ішінде серуендеп ұзақ жүрді. Олар ыстық сезім құшағында, өзге дүниені ұмытқандай.

Олар таң алдында ғана ажырады. Әбу Раяны үйге шығарып салды да, көлігіне келіп, Қошқарға тартты.

Рая үйге келгенде теміржолдың арғы бетіндегі ауылда тауық шақыра бастаған. Есікті апасы ашты. Жұмысқа дейін әлі бір-жар сағат көз іліндіріп алуға болады. Төсегіне кеп қисайды. Бірақ ұйқысы ашылып кетті. Әлгіндегі кездесудің әсері ме, сан түрлі ойлар көз алдына кеп тұрып алды. Әлдеқандай бір қуаныш бойын билейді. Бұл не қуаныш, өзі де білмейді. Жігіт көңілінен шыққандай, қателеспеген сияқты. Бірақ, бәрібір жүрегінің түбінде төмен боп жатқан бір құпиясын айта алмады. Қанша рет оқталса да батылы жетпеді. Ол халық жауының қызы екендігі. Жігітті үркітіп алармын деп қорықты. Жүрегіне жылы көрінген жаннан айырылып қалатындай көрінді.

Әбу жұмысбасты болып кеткенімен арасында Раяны ұмытқан жоқ. Сәл қолы босап қалт еткенде келіп тұрды. Аудан орталығына жиналыстарға келген сайын Раяға соқпай кетпейді. Бұл кезде таныстық тереңдей түскен. Жазда да, қыста да талай айлы түнді қол ұстасып бірге өткізген екеуі арасында тұрақты махаббат қалыптасқан. Рая қанша бүккенімен күні бүгінге дейін жүрегін жаралап келген бір сырын ақыры іште сақтай алмады. Ол тәуекелге бел буып, Әбу алдында жайып салды. Халық жауының қызы екенін айтты.

- Бола берсін, - деді Әбу, - сен үшін бәрін де көтеремін. Енді екеуіміз біргеміз. Не көрсек те бірге көреміз.

Әбудің жүрекжарды ақ сөзі оның құлағына жетті. Әп-сәтте ол әлгіндегі қорқыныштан арылып, жүрегі жарылып кетердей:

- Шын айтып тұрсың ба, Әбу? Әбуім менің. Онда мен енді сендікпін.

Үні дірілдеп шыққан ол Әбуге қарай құшағын аша берді. Бұл 1956 жылдың күзі болатын. Алдағы жаңа жылдың алғашқы күні үйлену тойын өткізді. Атшыбай мен Балжанның қуанышында шек жоқ еді.

Өлгені тіріліп, өшкені жанған екеуі отырса-тұрса да қол жайып, Алладан амандық тілей берді. Доссор, Сағыз, Қошқардағы дос-жаран, қызметтес ұжымдары ақ тілектерін жаудырды.

Атшыбайдың үлкен шаңырағында отырып, ақсақалдар берген ақ бата, ел айтқан ақ тілеу құр кетпеді. Әбудің жолы ашылып, мерейі үстем бола берді.

Партиялық қызмет алғашқыда Әбуге тосындау көрінді. Сырттай коммунистер олай болуы керек, былай болуы керек деп айтыла беретіні бар. Сағыздағы жұмыс тәжірибесінде коммунистермен жұмыс жасау, басшылық ету жеңіл сияқты. Коммунистер не айтсаң да екі етпей орындап жататындай көрінетін. Үгіт, насихат олардың психологиясына тез әсер ететіндей. Кәсіпшілік артта қалып, мұнай жоспары орындалмай жатқанда бастауыш партия ұйымының хатшысын сынап жататын. Коммунистерге бас болып үлгі көрсете алмай отырсың деп ұрсатын. Сол үшін оған партиялық жаза да берген. Сол жиналыста Әбу өзі де қатысып, хатшыны сынға алғандардың бірі еді. Тіптен сол жиында ақыл үйрете сөйлеген. Енді болса, міне, соның бәрі өз басына түсті. Кәсіпшілік партбюросы құрамында қырық екі коммунист бар. Соларды барлық істе үлгі етіп алға шығарғысы келеді. Бірақ, қалай? Оларды қалай бастау керек, қайткенде соңына ерте алады? Жалпы үгіт, насихат партия ұйымдарына тән жұмыс. Алайда, ұйымдардың барлығы бірдей алға шығып жатқан жоқ. Алға шығудың сыры басқада, соны таба білу керек.

Партия ұйымдарының тағы бір міндеті партия жүргізіп отырған саясатты қолдап, қаулы, қарарлары мен шешімдеріне құлақ асып, үн қосып отыру. Ал, мұндай шешімдердің шеті жоқ. Бәрін жүзеге асырып, өмірге енгізіп үлгеріп жатқан жоқсың. Бірі жүзеге асты десең, арада апта өтпей сол мәселе өзге мәнде алдыңнан қайта шығады.

Бәрі Әбуді ойландырды. Партбюро хатшысының қолынан келетіні мұндай мәселелерді аудандық, облыстық партия жиындарында көп алдына шығып айту. Әбу талай рет шығып сөйледі де. Коммунистердің рөлін көтеру үшін алдымен қатардағы мұнайшылардың тұрмысын шұғыл жақсарту қажет.

Әбу өз тәжірибесінде Қошқар кәсіпшілігінде коммунистердің рөлін осы тұрғыдан көтергісі келді. Қолынан келгенді жасады да. Бұрынғы жерде мұнда коммунистердің айтқаны іске аса бермейтін, талап-тілектері де орындалмайтын. Бұл коммунистердің рухын түсіріп, бастамашылдығын жоғалтты. Халық алдындағы абырой-беделіне сызат түсті. Бұл дабыл көтерерлік жағдай. Әбу партия қызметіндегі алғашқы қадамын осыдан бастады. Жұмыс жоспарына көптеген жаңалықты шаралар енгізді. Тұрғын халықтың тұрмыс жағдайын көтеру үшін үймен, азық-түлікпен қамтамасыз ету шаралары іске асты. Аудан орталығымен тұрақты телефон, пошта, автокөлік байланыстары орнатылды. Түнгі вахталар реттелді. Коммунистерінің ұсынысына алдымен құлақ түрді. Тұрғын халықтың мұң-мүддесін айтып, аудан басшыларына өзі барып жүрді. Мұның бәрі бір-екі күннің, не бір-екі айдың жұмысы емес-тұғын. Қанша айтыс-тартыспен, жүз шайысумен жүзеге асты. Қанша рет аудандық партия комитетінің бюросында қызаруға тура келді. Тіптен аудан, облыстық бірлестік басшыларынан сөз естіген кездері де аз емес. Соның бәрінде көздеген түпкі мақсаты қайткен күнде де алға қойған мәселесін шешу болатын. Әбу ол дегеніне жетті де.

Кәсіпшілікке талай хатшылар келген, осы жайларды айтқан. Ешқайсысы да бұл мәселелерді түбегейлі шеше алмаған. Бүгін қалай десе де, соның бәрі Әбудің үлесіне тиді.

Қошқарда екі жылдай жұмыс жасады. Біраз міндетті жүзеге асырды. Халықпен істес болуды үйренді. Партия қызметінің сырын түсініп, мәнін ұқты. Басшы адал болуы керек дегенді басшылыққа алды. Басшының халықпен жаны да, қаны да бір болуы керек деген пікірге келді. Сонда ғана еңбек ұжымы тұтас бір организмге айнала алады.

Партбюро хатшысы кәсіпшілікте бедел-билігі жөнінен екінші тұлға еді. Шешуші сәттерде алдымен оның сөзі жүрді. Кәсіпшілік халқы, жүмысшылары директорға әкімшілік жағынан бағынды да, партия ұйымының соңынан ерді. Ұжым өмірі, мұнайшылар тұрмысы үшін айтысып-тартысқан сәттерде партия ұйымын алға салды. Бедел билігіне сүйенді.

Әбудің кезінде ескі кәсіпшілік, мұнайшылар жұрты жаңғырып қалды. Ол әрдайым ойын алдымен кәсіпшілік директоры Айдын Әлиевке айтар еді. Директор мұқият тыңдайтын да, сонсоң:

- Әй, мына ұсынысың дұрыс екен. Ендеше, неге осылай жасамасқа. - Менен қандай жәрдем керек, айт, - дейтін.

Қайсыбір кездерде өзі де қолдап кірісіп кетуші еді. Ол шаруашылықты ұйымдастыруда партия ұйымына сенді де, сүйенді. Жоғарыдағылар алдына кәсіпшілік өмірінен мәселе қоярда партия ұйымын алдына ұстайтын Нәтижеде Қошқар аудандағы абыройлы кәсіпорындардың бірі болды. Басшының абырой-атағы шаруашылығының шалқығанымен, халқының ұйымшылдығымен, адамдарының көңіл-күйімен есептелді. Әбудің қызметі оң бағаланды.

Әбудің мұнай институтын бітіріп келгеніне үш-төрт жылдай болған. Осы жылдары Ембі өңірінде Құлсары, Сағыз, Қошқар мұнай кәсіпшіліктерінде еңбек етті. Енді ол оқуда алған білімдерін тәжірибе жүзінде тереңдетіп қолдануды ойлады. Өзінше теория мен тәжірибені, мұнай кәсіпшіліктерінде терең кен қабаттарының геологиялық құрылымдарын салыстыра қарайды. Институтта геология пәнінде терең жер қабаттарының геологиялық, физикалық қасиеттері оқытылып, онда қабаттардың әрқайсысына жеке-жеке баға беріліп, терең зерттеледі. Қазіргі ғылымда сыры әлі беймәлім қабаттар бар. Бірақ, әзірге белгілісі -юра, пермотриас қабаттары мұнайлы, газды болып келеді. Ал, Ембі өңірі тәжірибесінде әзірге юра қабаттары ғана мұнайлы. Әбудің өзі еңбек еткен Құлсары, Сағыз, Қошқар кәсіпшіліктерінде мұнай осы юра қабатында жатыр. Ал, Доссорда тіптен басқаша, мұнда мұнай жер бетіне өте жақын орналасқан. Жердің терең пермотриас қабатында да сирек болса да мұнай кездесіп жүр. Пермотриас қабатынан мұнай шығып тұрған кен орындары әлемде бар. 1950 жылы Құлсарыда пермотриас қабатынан мұнай горизонты ашылды. Бұл шындығында, тек Ембі өңірі ғана емес, Батыс Қазақстанда, оның ішінде Маңғыстауда да төменгі триас қабаттарының өзге қабаттарға қарағанда әлдеқайда мол мұнай және газ қорына бай екендігін көрсеткен-ді. Әбу енді бұдан былай Ембі өңірінің болашағы осы триас қабаттарында жатқанын көрді. Әйтсе де әлі де пысықтап алмақ болып геолог мамандармен кеңесіп, ойын ортаға салды. Мұндайда оған көбірек жәрдемге келетін Сағидолла Нұржанов, Қожанияз Исентаев, Есен Тасқынбаев, Қамысбай Мырзағалиев, Табын Оржанов болды. Ой-тұжырымының геологтармен, өзге де мамандармен бір жерден шыққанына қуанды. Және ол өз тұжырымын тиісті ұйымдар алдында айтып та жүрді. «Ембімұнай» басшылығына хат жазды. Ол хатына алған жауабында «ұсынысыңызды мамандар мақұлдап отыр. Бұл алдағы уақытта үнемі назарда болады» делінген.

Әбудің бұл ұсынысы «Ембімұнай» бірлестігі мамандары арасында кеңінен қолдау тапқанын кейін ол талай маман жігіттердің өз аузынан естіді де. Олардың қайсыбірі арнайы іздеп келіп, Әбумен ақылдасып та жүрді.

Ақиқатында да, енді бұдан былай Ембі өңіріндегі геологиялық барлау жұмыстары жаңа бағытқа ие болып, пайдаланылып тұрған кәсіпшіліктерде негізгі қаржы төменгі горизонттарды барлап, зерттеуге бағытталды. Нәтижеде Қарсақ, Таңатар, Солтүстік Ескене жаңа мұнай алаңдары ашылды. Соның ішінде, Таңатар, Солтүстік Ескене алаңдарын ашуға Әбудің өзі де араласып, атсалысты.

бесін ортаға салып, бастауыш партия ұйымдарының рөлін арттырып, қайткенде беделін көтеруге болады деген өз пікірін ортаға салған. Арасында облыстық партия комитеті атына сын да айтылған. Жергілікті коммунистерге облыстық ұйым жеткілікті көңіл бөлмейді. Олардан жұмыс сұрайды да, жағдай туғызбайды деген. Солардың бірқатарының Әбудің сынағанын тәуір көрмей қалғаны байқалған. Шақыруы осыған байланысты емес пе екен деп ойлады. Облыс басшысының сол жағынан шығып қалдым ба деп күдіктенді. Бірақ, айтылған сөз - атылған оқ. Қайтып ала алмайсың. Әбу айтқан сөзін қайтып алмас та еді. Айтса шындықты бетке айтты. Ендеше, ол үшін шегінер жайы жоқ.

Әбу бірінші хатшының бөлмесіне осындай ой үстінде кірді. Басшының қабағынан қатулық іздеп еді. Ештеңе байқалмады.

- Кешегі пленумда өте жақсы сөйледің, - деді бірінші хатшы Мұханбет Айтуұлы Есенов ә дегеннен Әбу ойлаған жерден шықпай. - Маған жұмыс тәжірибең ұнады. Біздердің қатардағы коммунистердің ішкі психологиясын жете танып білмей тұрып, оларға өздеріміздің пиғылымызды зорлап таңатынымыз рас. Осыдан келіп шешімдеріміз көңілінен шықпаған коммунистер біздерді іштей қолдамайды. Партия шешімдерінің орындалмай жататыны осыдан. Коммунистер мен халық қолдамаса біздер кімбіз.

Ойламаған жерден облыс басшысының өзін мақтай жөнелгеніне Әбу әрі таңданды, әрі қысылды. Ойы он жаққа жүгіргенімен әліптің артын бағудан өзге амал қалмаған.

- Жә, - деді хатшы кенет әңгіме төркінін кілт бұрып. - Партия қызметі үшін екі жыл ұзақ уақыт емес. Және бүл жеңіл кызмет емес. Өзін де көріп-біліп жүрсің, бүл қызмет көрінгеннің қолынан келе бермейді. Ал сенің оны алып кететін мүмкіндігің бар. Болашақта өзіңнен лайықты партия қызметкері шығады деп есептеп отырмыз. Жоғары партия мектебіне оқуға жіберсек. Отбасы жағдайың келе ме? Жаңадан үйленген екенсің, келіншегің қарсы болмай ма?

Хатшы көз алмай тура қарады.

Әбу ә дегеннен барам деп айта алмай қалды. Сәл үнсіздіктен кейін ғана:

- Сенім артып жатсаңыз, барайын, - деді.

- Өте дұрыс шешім, - деді хатшы. - Ендеше дайындал.

1957 жылдың жазында Әбу СОКП Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебіне оқуға баратын болды. Институтты бітіріп кеткелі астанаға қайтып оралғаны осы. Одан бері бес жыл өте шығыпты. Әбу бұл жолы екеу болып келді. Әбу мен Рая тыңдаушылар жатақханасының бір бөлмесін алып тұрды.

Оқу кыркүйектің бірінші жұлдызынан басталады. Әбу оқудан екі-үш күн бұрын келген, Раяға қаланы еркін аралатты. Алдымен өзінің студент жылдарын еске түсіріп, сол маңды аралады. Таныс жерлердің тез өзгеріп кеткеніне таңданды.

Мәскеу өткен бес жыл ішінде құлпырып, адам танымастай өзгеріп кеткен. Әйтсе де, соғыстан кейінгі сонау бір жылдардағы қалталарында көк тиыны жоқ жаяу көше кезген, торт жүз грамм паек нанның кезегінде ертеден қара кешке дейін екі көзі торт болып тұрған орындар, бес жыл күйген нанның қабығын кеміріп жатқан жатақхана, оқу ғимараттары әлі сол күйінде.

- Институтты қайта оқығым келіп кетті ғой, - деп күлді Әбу. Балалық, жігіттік шағың өткен жерлерді есейіп кеп көру қандай ғанибет.

Әбудің жоғары партия мектебінде тыңдаушылық өмірі басталды. Күніне сегіз сағат оқиды. Оқу күрделі. Талап қатал. Сабақтан төмен баға алсаң стипендия төлемейді. Стипендиясы әжептәуір. Екеуінің тамағына мол. Ара-тұра ауыстырып киім де ала қояды. Таңертең сағат сегізде басталған сабақтан түс қайта екі-үштерде шығады. Бір-жар сағат түскі асын ішеді де, оқу залына кетеді. Семинарда мектептегідей өткен жолы сөйледім, енді кезегім келмейді деп бұғып отыра беруге болмайды. Күнде сөйлеп, баға алуға тиіссің. Сабақтан кешігу, калып қою атымен жоқ. Сабақтан екі рет қалсаң Қазақстанға обкомға, жұмыс орныңа хабарлап жатады.

Әбу өзін жауапты ұстады. Түскі тамағынан кейін оқу залында кешке сағат жеті-сегіз, кейде тоғызға дейін отырады. Соның өзінде тапсырмаларын орындап үлгермей, кешке үйге келіп, түннің бір уағына дейін тағы отырады.

Алғашқы жылы қыдыруға уақыты тапшы болды. Олар қалаға айына бір-жар рет қана сиректеу қыдыратын. Келген әзірде Рая алдымен Лениннің мавзолейіне апар деп өтінген. Қараша айының аяғында зорға сәті түсті.

- Өзіңнің аяғың ауыр, босағасын да барып үлгеретін едің ғой. Ертең кетіп қалатындай неге асығасың, - деп еді Әбу. Бірақ тыңдар Рая болмады. Барынша қалың киініп, оранған Раямен бірге жексенбі күні таксимен таң қараңғысында шыққан. Мавзолейге кезекте тұрғандардың соңы қара көрінім жерде. Айтуларына қарағанда келушілер күні-түні арылмайды. Сонау Қоңыр Шығыстан, қияндағы Чукоткадан, Молдавия, Украина, Белоруссия, әйтеуір торт құбыладан түгел келіп жатады. Мавзолейге кіріп, ұлы көсем саналған Ленинді қору үшін түнгі сағат он, он бірден бастап осы арадан кезек алып кетпей тұратын көрінеді.

Әбу мұнда сонау бір студенттік жылдары келген. Одан беріде жеті-сегіз жыл өткен екен. Өзінің тағы бір көргісі келді.

Күткенде уақыт өтпейді емес пе?

Күн тұсау бойы көтерілгенде бұлар әлі иін тіресіп жылжып келеді. Қатты тоңған Раяның жүзі көк тамырланып кеткен. Еріндері жуыспай барады.

- Үйге қайтсақ қайтеді, - деп еді Әбу, - әлі Мәскеуде екі жыл тұрамыз ғой. Күн жылынғасын жаз шыға келерміз.

- Жақындап қалдық қой. Не де болса көріп кетелік, - деп Рая алған бетінен қайтпады.

Күн түс қайтып кетті. Азандағы аязды ауа сынайын дегендей. Табандай жылжыған кезек талтүсте Қызыл алаңға кірген. Ақыры жетті-ау.

Мавзолейдің есігінен ішке аттады. Анадай жерде ұлы көсем жатыр. Кәдімгі тірі адамдай, өңі кітаптардағы суреттердегідей не кинодағыдай.

- Сталин де осында жатқан ба? - деп, Рая сұраулы пішінмен Әбуге бұрылды.

- Тыныш, - деді әмірлі үн арыдан.

Рая бұған дейін ертегідей көретін, ұлы көсем деп білетін адамға көз алмай қарап, тізбекпен жылжып өте берді.

Екі жыл өте шықты.Оқудың негізгі мақсаты партия қызметкерлерін теориямен саяси тағалап жіберу. Тарихта өткен әлемдегі саясаткерлердің аузынан шыққан әр сөзіне дейін жаттады. Соның бәрін бүгінгі күннің талабына иіп әкелді. Адам Ата мен Хауа Ана, яғни адамзат жаратылғалы тау үңгірінде өмір сүрген алғашқы қауымдық құрылыстан бастап күні кешеге дейінгі қоғамдық құрылымдардың қанаудан құтылу, бостандыққа жету жолында адамдардың өздері құлатқаны, алда да солай бола беретіні жайлы құлаққа құяды. Енді кезекте коммунизм дейді. Ол қоғамды құруға басшылық жасайтын Коммунистік партия. Ал, партия басшылығын жүзеге асырушылар осы тыңдаушылар Олардың ішінде Әбу де бар.

Бұл идеяның иесі өткендегі мавзолейде жатқан Ленин дейді.

Жоғары партиялық мектеп тыңдаушыларын осылай деп оқытты. Әбу өткен екі жылда саясат көрігінде қайнап пісті. Қазақстаннан он шақты адам бітіріп шыққан. Әбу өз облысына қайтты.

Оқуды бітірген осы жылы Рая босанып, ұл балалы болды. Атшыбай мен Балжан сәбиге есім табу үшін екі күн ұйықтамады. Ауыл-аймағын шақырып ақылдасты. Тапқаны Нұрлан болды. Сол Нұрлан қазір екіге аяқ басқан. Партия мектебін бітіріп келе жатқан мамандардың елдегі қызметі күнілгері белгіленеді. Обкомның бірінші хатшысының ойы Әбуден болашақ аудан басшысын дайындау еді. Саяси білімі жеткілікті болғанымен, ел басқарудағы тәжірибесі кем. Ойластыра келе Әбуді әлі де дайындай түсуді қажет деген тұжырымға келді де, Мақат аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы етіп жіберуді ұйғарды.

Аудан шаруашылығы - мұнай кәсіпшіліктерінің жағдайы белгілі. Аудан орталығы Доссор атшаптырым аймақты алып күнге шағылысып жарқырап жатқан сор көлінің екі жағалауынан орын тепкен. Кәсіпшілік елді мекенге тиіп тұр. 1911 жылы ағылшындар негізін қалаған кәсіпшіліктің проблемалары көп-ақ. Еуропаның жер түбінен келіп, бұл араның мұнайын еліне тасыған ағылшындар кен қабатының геологиясын сақтамаған. Мұнайын алған да, орнын толтыруды ойламаған. Мұнайы алынып жерасты орыны үңгір боп қалса, бұл кен қабаты апатына соқтыруы ықтимал. Мұндай тәжірибенің әлемде кездесіп жүргенін Әбу институттан біледі. Жер астындағы алынған мұнайдың орнын сумен толтыру тәжірибесі Доссорда қолданылмаған. Ертеңін ойлап жатқан ешқайсысы жоқ. Әбу жаңа қызметке келгелі осы мәселеге жедел көңіл аударды. Қырық алты жылдан бері мұнайын сорып алып жатқан жер астының ендігі апандай боп үңірейіп қалғанына шек келтірмеді. Бұған дейін мемлекетіміздің мұның шарасын алуына мүмкіндігі болмады. Бұл мәселенің күн тәртібіне қойылғаны партияның соңғы съезінде ғана. Ал, партия алға қойған шешімді жүзеге асыру жергілікті жерде аудандық партия комитеттерінің міндеті. Жақында Мақат аудандық партия комитетінің кезекті пленумында ауданның бірінші хатшысы Демеу Жанәлиев баяндама жасады да, Әбу шығып сөйлеп кен қабатына су айдау мәселесін енді кешеуілде-ту апат әкелуі ықтимал, - деп келіп, және кен қабатының қысымын көтеру мұнайды көп өндіру кепілі екенін айтты.

Орынды мәселе оң шешімін тапты. Мұнан кейін көп ұзамай Гурьев облыстық партия комитетінің кезекті пленумында сөз болып, оның нәтижесі көрінді. Доссор, Мақат, Қаратон, Қосшағыл, Құлсары ескі кәсіпшіліктерінде мұнай өндірудің бес жылдық жоспары асыра орындалды.

Республикамызда мұнай өндірісін дамытуда Әбудің сіңірген еңбегі көп назарына ілікпей қоймады. Гурьев облысының бірінші хатшысы кадр таңдауда Әбу жөнінде өзінің қателеспегеніне көз жеткізді. Партияның XXI съезінің шешімдеріне орай жергілікті жерде көкейтесті мәселенің дер кезінде шешілуіне түрткі болды. Егер партиялық кадрларымыздың бәрі осы Әбудей болса деп ойлады. Бұл оның іштегі жарасы. Көптеген кадрлардың сенімді ақтай алмай жүргені құпия емес. Партия жұмысында іс тетігін кадр шешеді. Жергілікті жерлерде партия ұйымдарының беделін көтеріп, нығайтатын да осы кадр. Осындай озық кадрларды өзгелерге неге үлгі етіп көрсетпеске. Әбу үлгі тұтуға тұрарлық.

Ауданда ескі кәсіпшіліктерді дамыта отырып, жаңа кен орындарын іздестіру қатар жүргізілді. Келесі пленумда мұнай өнімін отыз пайызға арттыру міндеті қойылмақ. Оны қайдан таппақ. Әбу көп ойланды. Мамандармен кеңесті. Аудан аумағынан жаңа кен орындарын табу қажет. Геологиялық зерттеу кезінде кен қабаттарында тұз күмбездері көп. Оның маңы мұнайлы боп келетіні байқалып отыр. Доссор, Мақат, Құлсары, Қосшағыл, Сағыз, Қошқар кен орнының бәрінде де мұнай сол түз күмбездерінің іргесінде орналасқан. Және ондай қыртыстар жер бетіне жақын. Мысалы, Доссорда үш жүз-төрт жүз метр тереңдік шамасында.

Екіншіден, аймақтың терістік бетіне күні бүгінге дейін бұрғы түспеген. Бұл да резерв. Үшіншіден, бұл аймаққа терең бұрғылау жүргізу керек. Әбудің мамандығы мұнай инженері. Жерасты зерттеуі - геологтардың ісі. Түрлі мамандармен көбірек кеңескен Әбу бәрін аудан өндірісін дамытудың резервіне кіргізіп, бұрғылау, барлау, терең бұрғылау жүргізу шараларын белгіледі.

Сонымен мәселе пленумның күн тәртібіне енгізілді. Бірақ, мәселенің қойылуы мен орындалуы екі басқа. Аудандық партия ұйымы өз мүддесін мәселе қып қойғанымен орындалуы Гурьевтегі Ембі мұнай бірлестігіне тәуелді. Пленумға бірлестік бастығы Сафи Әтебаев қатысып отырған.

Пленумда негізгі мәселе аудан аймағында барлау, терең бұрғылау жұмыстарын жүргізу қаулыға енгізілгенде:

- Мынау сәл асығыстық, - деді Сафи. - Барлау, терең бұрғылау жүргізу үшін күрделі қаржы керек. Ол әр бесжылдықтың басында бір-ақ қаралады. Бұл бесжылдықта мұндай жұмыс жүргізу белгіленбеген, сондықтан оған күрделі қаржы қаралмаған.

Пленумға қатысып отырған обкомның екінші хатшысы аңтарылып, ал аупарткомның бірінші хатшысы Демеу Жанәлиев тосылып қалды. Пленумда қойған мәселе өтпей қалса бұл - беделдің түскені. Мұны қатысып отырған активтер де сезді.

Пленум жұмысы аяқталар кезде текетірестің пайда болғаны тұйыққа тіреді. Көпшілік бірлестік жағын қолдап отырғандай. Осындай шақта ұзаққа созылған үнсіздікті Әбу бұзды.

- Бірлестікпен бір жағдайға ғана келісуге болады, - деді ол, - бесжылдық жоспарда қаржы қаралмаса да, қолдағы мүмкіндікті, орайлы сәтті жіберіп алсақ не болмақ. Аса маңызды мәселені қаржы қаралған жоқ деген желеумен кейінге қалдыру партия, үкімет шешімін қолдан тежеу деп білемін. Бұл өз ырысымызға өзіміз тепкендік. Қаржының көзі қолымызда отырған жоқ па. Ел игілігіне пайдаланып жатсақ, кім қолымыздан қағады. Бесжылдықтың өткен жылдары жоспардан тыс өндірілген өнімдерден түскен пайданы осы мақсатқа жұмсауға болады. Ал, бесжылдықтың аяғына дейін ол қаржының қайтарымы он еседен кем болмайды. Мемлекеттің өз қаржысын мол қайтарымымен өзіне жұмсасақ, оған алғыс айтпай ма.

Зал іші қол соғып жіберді. Бұл оны қолдау еді. Әлгіндегі тұйықтан жол таппай отырған бірінші хатшы енді атқа мінгендей еңсесін тіктеді. Теріс деп ешқайсысы айтпады.

Пленум аяқталды. Жұрт Әбудің қолын қысып жатты. Кейін бұл оқиғаны жұртшылық ауыздан қалдырмай айтып жүрді. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұқанбет Есенов Әбуге ризашылығын білдірген.

Көп ұзамай облыстық партия комитеті Мақат аупарткомы пленумының қаулысын мақұлдаған шешім қабылдады. Келер жылы қолдағы қаржы есебінен барлау бұрғылауы жұмыстары басталып кетті. Көктемге салым Таңатарда мұнай белгілері байқалып, бар күшті осыған жұмылдырды. Мамандардың айтуынша, мұнда әр скважина тәулігіне үш тоннаға дейін өнім бере алады. Кен орнының аумағы шағын, о шеті мен бұ шеті үш-төрт шақырымдай. Кен орнының ерекшелігі - мұнай құрамында су басым. Жылдың екінші жартысында кен орны пайдалануға беріліп, Доссор мұнай кәсіпшілігіне қарайтын кішкене участок болды. Сол жылы он скважина қазылып, іске қосылды. Әбудің алыстан айтқан болжамы ақиқатқа айналды. Участок пайдалануға берілген алғашқы жарты жыл ішінде-ақ бұрғылауға кеткен шығынды қайтарып, келер жылы мемлекет пайдасына жұмыс істеді.

Жанәлиев Әбуді өзіне жақын ұстайтын. Сол бір жолғы пленумда ойламаған жерден бедел алып берген Әбудің мұнысын іскерлік, тапқырлық деп бағалаған. Бірақ, ол өзін ешқашан өзгеден ерекше көрмейтін. Тосыннан шешім, қапыда жол табар қасиетін өзі байқай бермейтін. Тосын сауалға табан астында суырып салып жауап беретін.

Әке-шешеден ерте айырылып, жетім қалған Раяның жастық шағы қызғылықты өтпеген. Бірақ, өмір-кезек, енді өз теңін, лайықты қосағын тапты. Құдайға мың да бір шүкір. Өмірлік жолдасы Әбумен біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Әйтсе де, Раяның жастық шағы өміріне із қалдырмай өтпеді. Әкесі Ибраштың бет-бейнесі есінде жоқ. Әкесінің халық жауы деп ұсталып кеткенін беріде білген. Бұлар шын жетімдікті анасы Раушан өлгеннен соң көрді. Сонда ғана сезініп, түйсінді. Халық жауының балалары деген сөз сүйекке салған таңба, жүрекке мәңгі өшпес дақ болды. Сонда әкем халыққа жау боп оған қарсы не істеген? Бұл Раяның миына кіріп шықпайды. Анда-санда есіне түскен шақтарда апаларынан сұрайды. Бірақ, ол екеуі де ештеме айта алмайды. Бертін келе Рая әке тағдыры, өмірі туралы әңгімеге көбірек құлақ түретін. Ауыл үлкендерінің әңгімесіне қарағанда әкесі Ибраш та, анасы Раушан да өз қатарына беделді, ауыл-аймаққа қадірлі, жүрген ортасына белгілі адамдар болған. Әкесі елге танымал мұғалім - ағартушы.

Бір жолы Рая Әбумен демалысын Көкшетауда Бурабайда «Жеке батыр» санаториясында өткізген. Кешкісін таза ауада серуендеп жүріп, Батыс Қазақстандық бір азаматпен танысып, әңгімелесе кетті.

- Оралданмын, - деді ол.

Рая елең ете қалды.

- Оралдың өзіненсіз бе?

- Жоқ, Жымпиты ауданынанмын.

- Менің ауылдасым боп шықтыңыз ғой, ағай, - деп Рая жақын тарта түсті.

- Сен онда кімнің баласысың? - деп сұрады жымпитылық Вилен Есетұлы Тоқсан тегі.

- Ибраштың - деді Рая.Ол сәл ойланып:

- Тоқтай тұр. Ибраш дейсің бе? Қай Ибраш. Мен білетін екі Ибраш болған. Бірі мұғалім еді ...

- Иә, мұғалім Ибраш Букин, - деді Рая жұлып алғандай.

- Иә, иә... Ибраш Букин де. Ол Ибрашты мен жақсы білемін - Ой, бо-о-о-ой! Жігіттің төресі еді.

Ол басын шайқады. Иегі кемсеңдеп кеткендей болды.

- Ендеше ол кісіні жақсы білетін болдыңыз ғой?

- Білгенде қандай. Мен оның қолында оқыған адаммын.

Ол мұнан кейін сәл тыныс алғандай болды да, сөзін сабақтай жөнелді.

- Ендеше, тыңда қарындасым. Мен анау аласапыран мың тоғыз жүз отызыншы жылдары Жымпиты орта мектебінде оқушы едім. Сабақты үздік оқыдым. Әрі белсенді болдым.

Әр оқушының өзі сыйлайтын сүйікті мұғалімі болады. Менің қадірлейтін мұғалімім Ибраш Букинді Санк-Петербургте оқыған дейтін. Орыс тіліне жетік, математика пәнінен сабақ берді. Ұстазымыздың киім киісі, жүріс-тұрысы, мәнерлеп сөйлеген сөзіне қатты қызығушы едік. Еліктеп, ұқсатуға тырысатынбыз. Алгебра, геометриядағы шытырман есептерді шешу жолдарын қарапайым мысалдармен көзімізді жеткізе түсіндіретін. Ибраш ағайымыздың қолынан шыққан оқушылардың бәрі дерлік кейін жақсы маман болды. Соның бірі - өзім.

- Ол кісіні не үшін, қандай қылмысы үшін ұсталғанын білмейсіз бе?

- Ой-бо-о-ой, балам-ау. Ол бір сондай заман болды ғой. Не үшін дейтіні жоқ, күнде бір адамды ұстап кетіпті деген суық хабар дүңк-дүңк ететін. Мұны естіген біздер қаралай қорқатынбыз. «Халық жауы» боп аталып ұсталып жатқан адамдардың қандай жаулық жасағанын ешкім білмейтін.

Осыдан кейін ол тағы да көңілі бұзылғандай үні шықпай тұншығып барып әңгімесін қайта жалғады.

- Қандай қылмысы болғанын айта алмаймын. Ол жөнінде бірде бір жанның салқын сөзін, теріс әңгімесін естіген емеспін. Тек бертін келе мына себеп болуы мүмкін деп топшыладым.

- Иә, ұмытпасам 1936 жылдың күзі болуы керек. Мектептерде оқудың жаңа басталған кезі. Бір күні Жымпиты ауданына сол кездегі Қазақ Орталық атқару комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетов келе қалды. Қарсы алуға мектеп бірнеше күн дайындалды. Мектепте жақсы оқып, белсенді болдым деп әлгінде айттым-ау. Ұмытпасам, Ибраш ағай мектеп оқу ісі меңгерушісі. Құлымбетовтың жанында облыс партия комитетінің бірінші хатшысы Ізмұқан Құрамысов және басқа да азаматтар болды. Басшыларды мектепте қарсы алу жұмысын Ибраш ағайымыз ұйымдастырды. Халықты жинап, қонақтарды таныстырып, сөйлеушілердің аузына сөз салып, ел өмірін әңгімеледі. Ұмытпасам, осы кездегі жергілікті халықтың мұң-мүддесі де қақас қалмады. Әңгімеге мемлекеттік саясат та арқау болды. Содан арада ұзақ уақыт өтпей-ақ сол қыста, дәл қай айы екені есімде қалмаған, сүйікті мұғаліміміз Букин Ибраш бір түнде жоқ болып шықты. Мектепте ағайларымыз да, ауылда үлкендер де Ибраш ағайымыз жөнінде ештеме айтпауды, тіптен ауызға алмауды тапсырды. Айтар болсақ, жаман болатынын түсіндірді.

Ол мұнан кейін де ұзақ әңгімелей келіп:

- Е-е-е, сол Ибраштың қызы екенсің ғой. Марқұм анаң Раушан жақсы адам еді. Ол ұмытпасам, соғыстың алғашқы жылдарында ма екен, қайтыс болды. Сонда ол мектепке қарай кішкене екі қызын жетелеп алып келетінін көруші едім. Үлкен апайыңның есімі ұмытпасам Роза болуы керек. Оны Орал жақта тұрмыста деп есітуші едім. Ол кезде сен тым кішкентай болдың-ау, шамасы, есімде қалмапсың, - деп сөзін аяқтады.

Осы оқиғаны Рая қазір де есіне алды. Арманда кеткен әке, балаларын өсіре алмай дүниеден ерте өткен ана, олардан жастай айырылып, өмір тауқыметін тартып өскен жетім балалар, қамқоршысыз өткен өмір есіне түскенде Рая қабырғасы сөгіліп кетердей болып, екі көзіне әлі келіп, оңашада ағыл-тегіл егіліп алатын. Бүгін де ол сондай бір көңіл-күйде болатын. Жазықсыз жазаланып, балаларының қызығын көре алмай кеткен әкенің, дүниеден ерте озған ананың арманы ма, не әкенің де, ананың да жылы алақанын көрмей, сезбей өскен баланың жүрек түбінде шер боп қатқан өксігі ме? Ол арасын айыра алмады, безбендеп те жатпады. Әйтеуір, ескі бір тарқамаған шер тұла бойын билеп, көкірегін кернеп барады. Ол әлі құрып орындыққа отыра кеткені сол еді, есік қоңырауы шар ете қалды. Қабырғадағы сағатқа қарап еді, он бір. Әбудің түскі үзіліске келетін уақыты болмаған. Кім болды екен деп ойлады.

Ол келіп есік ашқанда алдында жасы отыздар шамасында қолтығында қара папкісі бар жігіт тұрды. Адасып үй сұрап жүрген біреуге сайған Рая:

- Кімді іздеп жүрсіз? - деді.

Кешіріңіз, мен Букина Рая деген кісіні іздеп едім, - деді әлгі жігіт.

Рая қапелімде тани алмай тұрмын ба деп, оның жүзіне көз тоқтата қайта бір қарады. Есіне түсіре алмады. Танымайтын сияқты. Ендеше, неге іздеп жүр.

- Иә, сол Рая мен боламын.

- Мен мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен едім, - деді жігіт босағаға жақын тұрған орындыққа отырып жатып. Сосын тізесіне қойған әлгіндегі қара папкісін ашты.

- Сіз Букин Ибраш деген кісіні танисыз ба?

Рая денесі дірілдеп, екі аяғы ұстамай бара жатқандай сезінді. Біртүрлі тынысы да тарыла түскендей. Жүрегі дүрсілдеп кетті.

- Ол менің әкем болады. Оның үні дірілдеп шықты.

- Ендеше, - деді жігіт байсалды үнмен, - әкеңіз 1938 жылы «халық жауы» деген жаламен түрмеге жабылып, атылған екен. Енді үкіметіміз сол заманның оқиғаларын, тарихи шындығын қайта қарап, ол кісінің ісінде қылмыс құрамы жоқ деп тауып ақтап шығарды. Енді әкеңіздің кезінде тәркіленген дүние-мүлігі, құжаттарын қажет деп тапсаңыз қайтып алуыңызға болады. Ал, мынау сол әкеңіздің ақталғандығын растайтын құжат, - деп бір жапырақ қағазды Раяға ұсына берді.

Рая қағазды қолына ұстаған күйі қалшиып қатты да қалды. Аузына сөз де түспеді. Әлдене айтқысы келген, бірақ үні шықпады. Көз алды тұманданып кетті. Енді бірде әлгі жігіттің есіктен шығып бара жатқанын көрді.

Осы жылдары партия мен үкіметіміз халық шаруашылығын дамытып, халықтың тұрмыс-әлеуетін шұғыл жақсартуға ерекше көңіл бөлді. Дамудың кез келген түріне қанағаттана қарамады, өркендеудің шыңы лда деп білді. Оған тезірек жету жолы істі ұйымдастырып, халыққа басшылық жасай білуде болатын. Сондықтан да партия мен үкіметіміз басшылықты жетілдіруге үнемі назар аударып отырды. 1960 жылдардағы халық шаруашылығын басқаруды одан әрі жетілдіру саясаты соның кепілі болатын. Бұл жылы Одақ көлемінде бұрынғы ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, ірілендіру саясаты жүргізілді. Қазақстанда бірнеше облыс өлкелерге бірікті. Бұрын облыстық партия комитеттері тікелей Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне бағынатын болса, енді өлкелік партия комитеттері арқылы шығатын болды. Батыс облыстар өлкелік басқару жүйесіне бірігіп, өлке орталығы Ақтөбе қаласы болып белгіленді. Партия қызметкерлері іріктеліп, Әбу өлкелік партия комитеті өндіріс бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалған. Бөлім меңгерушісі Рахмет Өтесінов бұрыннан таныс, Ембінің жігіті.

Жаңа қызметтің негізгі міндеті өлке шаруашылығын қарқынды дамыту, партиялық басшылықта жаңа құрылымның артықшылығын дәлелдеу.

Батыс өлкеге өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған, болашағы зор Орал, Гурьев, Ақтөбе облыстары қарайды.

Әбу өлкеде мұнай, газ өнеркәсібін дамыту саласымен айналысады. Әзірге Қазақстанда мұнай, газы бар аймақ Гурьев облысының Ембі, Мақат аудандары ғана. Өлкені шұғыл өркендетудің алғышарттарының бірі - мұнай, газ шаруашылығын дамыту.

Анау XIX ғасырдың екінші жартысынан бастау алған мұнайға деген қажеттілік барған сайын арта түсуде. Бастапқыда май шамға қолданылған мұнайдан кейін бензин, керосин, лигройн, дизель отыны, өзге де өнімдер алынса, келе-келе мұнай экономиканың жанына, қанына айналды да, әлемдік бәсекеге ұласқан заман келді. Бұл қазақ топырағын да қамтып алды. Қазақ мұнайы тарих қойнауында беріден басталады. 1832 жылы орыс саяхатшысы әрі ғалымы Григорий Силыч Карелин тұңғыш Маңғыстауда қазіргі Форт-Шевченко (бұрынғы Ново-Александровск) қаласы маңынан су бетінде қара май көпіршіктерін байқаса, 1860 жылы орыс саяхатшысы Н.А. Севернее Мұнайлы бұлағы (қазіргі Доссор) басында су бетінде жүзіп жүрген мұнайды көрген.

Ал, 1892 жылы сол Мұнайлы мен Қарашүңгіл бұлақтары басына тұңғыш бұрғы салынды. Көп ұзамай Доссор, Ескене, Қарашүңгіл, Қаратон жерлерін барлау-бұрғылау жүргізілді. Ескенеде № 5 скважинада 22 метр тереңдіктен тәулігіне он тонна, 1899 жылы Қарашүңгілден 40 метр тереңдіктен № 7 скважинадан тәулігіне 22-25 тонна, 1908-1909 жылдары Доссордан тәулігіне 17 тонна мұнай алынды. 1911 жылы Доссорда № 3 скважинадан, 225-226 метр тереңдіктен атқылаған фонтанный биіктігі 20-25 метрге жетіп, тәулігіне 16700 тонна мұнай берген. Және Доссор мұнайы сапасы жөнінен әлемдік стандартта бірінші орынға шыққан. Сол күннен бастап әлем Қазақстанға көз тікті. Мұхиттың арғы бетінен ағылшындар шұбырды. Содан бергі заманда қазақ мұнайы өзінің әлемдегі орнын айқындап, аясын кеңейте берді. Революция жылдары, Кеңес Үкіметінің алғашқы және Ұлы Отан соғысы кезеңдерінде Қазақстанның даму жылдарындағы мұнай атқарған қызметті санап шығу мүмкін емес. Соғыста бүлінген халық шаруашылығын барынша қысқа мерзімде қалпына келтіру де алдымен осы мұнайдың арқасында жүзеге асты. 1950 жылы Қазақстанның жалғыз ғана мұнайлы Ембі өңірінде мұнай өндіру көлемі жылына миллион тоннаға жетті. Алайда, бұл мүмкіндіктің шегі емес-ті. Қазіргі мұнайы бар аудандар мұнайдың алғашқы белгілері ғана болатын. 1950 жылы Құлсары кәсіпшілігінен «Казбурнефть» тресі құрылып, бұл өлкеде кең көлемде геологиялық барлау жүргізу қолға алынды. Тәжіғали, Төлес ірі кен орындары табылды.

Батыс Қазақстанның үміт күтерлік көп аймағы әлі зерттеусіз жатыр. Ембі өңірінің өзі зерттеліп біткен жоқ. Бұл өңірде мұнай жер бетіне жақын орналасқан. Доссорда 22 метрден 226 метр аралығынан мұнай шығып тұр. Өзге кен орындарында да осы аралықта. Геологиялық мәліметтерге қарағанда бұл аймақты терең бұрғылау қажеттігі байқалуда. Еділ-Жайық аралығы, Маңғыстау тұтас зерттелген жоқ. Әбу мұнай, газ шаруашылығын дамыту үшін осы аймақтарға шығу керек деп ойлайды. Ол жөнінде өз тұжырымын ортаға салған, қолдау тапты. Партия шешімдерін жүзеге асыру мүмкіндіктері өлкелік комитетте кеңінен талқыланды. Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған кәсіпшіліктердің ішкі мүмкіндіктерін толық пайдаланумен бірге, жаңа кен орындарын ашу үшін геологиялық барлау-бұрғылау жұмыстарына кең өріс беру керек. Өлкелік комитет бұл мәселені КПСС Орталық Комитетінің, КСРО Мұнай, газ өнеркәсібі министрлігінің, Қазақстан КП Орталық Комитеті мен Геология министрлігінің алдына қойған, онымен айналысу Қазақстан Ғылым Академиясының Орал-Ембі ғылыми зерттеу базасына тапсырылды.

Бесжылдықтың үшінші жылы аяқталып келеді. Мұнай, газ саласын дамыту жөніндегі партия шешімдерінің орындалмай қалу қаупі туды. Ғылыми-зерттеу базасы қиын жағдайда қалды. Зерттеу базасының міндеті қайткенде мұнай, газ өндіру жоспарын орындап шығуға болатынын ғылыми тұжырымдап беру. Бірақ, бұл бір күннің жұмысы емес. Жаңа кен орындары ашылмаса, съезд шешімдерінің орындалмай қалатынына күмән жоқ. 1961 жылдың басында Гурьевте Қазақ геологиялық-барлау ғылыми-зерттеу институты құрылып, жедел Қаратон, Мұнайлы, Төлес алаңдарына терең бұрғылау жүргізілді.

Ембі өңірінде мұнай, газ жер бетіне жақын жерлерден алынып тұрғанда бұрынғы ескі, қолданыстағы техникалар жарайтын. Терең бұрғылауға олар жарамсыз боп қалды. Бастапқыда бұл ескерілмей, жаңа алаңдарда бұрғылауды бастап кеткен.

Әбу Гурьевке келіп, жаңа алаңдардағы бұрғылау барысымен танысып, біраз күн аялдады. Наурыз өтіп, көктем басы көрінгеннен-ақ Ембі өңірі ағыл-тегіл ақ жаңбыр астында қалды. Аспан әлемін торлап алған ақ шулан бұлттар бірде оратылып, енді бірде тарқатылып, шудаланып көз жасын тыймай егіліп тұрып алды. Ауданаралық байланыс желілері істен шығып, жол қатынастары үзілді. Терең барлау-бұрғылау жүріп жатқан алаңдармен байланыс үзілді. Жаңа алаңдардағы жұмыстарға басшылық беруге жіберілген мұнай бірлестігі өкілдерінен хабар-ошар болмады. Ақтөбеден Рахмет Өтесінов Әбумен тікелей байланыста. Алдымен сұрайтыны жаңа алаңдардағы бұрғылау жайы. Ал, Әбу одан өзі хабарсыз отыр. Алғашқы күндері байсалдылық танытып, ертең хабарын бер деп телефон құлағын орнына жайлап қоятын Рахмет бүгін:

- Ау, не болып жатыр анда. Түбінде отырып хабарын білмегендерің қалай? - деп тағатсыздана сөйледі.

Әбу оны түсінді. Жаңа алаңдарда бұрғылау барысы туралы өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Мұқамбет Есенов күнде мәлімет беріп тұруды тапсырған. Мұқаң болмысында әділ де тұйық, бір сөйлеп кесіп-пішіп тастай беретін, айтқанынан қайтпайтын бірбеткей адам. Бүгін үшінші күн Рахметтің оған мәлімет бере алмағанына. Хабарласа алмай жатыр деп сылтау айтуға тағы болмайды. Сылтаудың да шегі болады. Ендігі сылтауға ол кісінің көне бермейтінін біледі. Бүгін хатшыға қайталап кіруге бетінен басып Рахмет тағы да Гурьевпен байланысқа шыққан. Ал, Әбудің жауабында әлі өзгеріс жоқ. Бұл жолы ол қатқылдана сөйледі.

- Енді осылай қарауыл болып отыра бересің бе?

Әбу мұндағы ахуалды баяндап-ақ жатыр.

- Бұлттар шөгіп жатып алған. Төңірек тұмшалаулы. Дүние телегей-теңіз, көл-көсір. Аудандармен байланыс үзілген. Жол жоқ, кеткен өкілдер жете алмай орта жолда қалып қойып жатыр. Құлсарыға теміржолдан өзге байланыс жоқ, - деді Әбу.

Әбу тікұшақпен ұшпақ еді. Қас қылғанда бұлттар төмен түсіп, тікұшақ көтеріле алмаған.

Төртінші күні ғана бұлттар ыдырай бастады. Осы сәтті асыға тосып отырған Әбуге енді аялдауға болмайтын. Қалайда жаңа алаңдардағы жағдайды өз көзімен көріп қайтпақ болды. Шудаланып, шұбатылып көшкен бұлттар арасынан тікұшақ арылдап-гүрілдеп асығыс көтерілді. Тағы да аспанды бұлттар жауып ала ма деп қорыққан Әбу кішкене терезелерден тысқа көз тастайды. Кешегі үш күн толассыз жауған жаңбырдан кейін жер беті телегей-теңіз, күнге шағылысып айнадай жарқырайды. Алдымен қала үстінен қиялай айналып, сонсоң шығысқа беттеген тікұшақ бірқалыптан жаңылмай қалықтады да отырды. Бір сағаттай ұшқан соң төменде қаққан қазықтай мұнаралар өрінді. Тікұшақ мұнаралардың тас төбесінен төніп келді де, бір қырын аунап құлдилай бастады. Бірақ бірден қона кетпей, мұнараларды айналып жүріп алды. Көл-көсір теңізден қонуға қолайлы жер таппай жүрген болса керек. Біраздан соң мұнаралар маңынан оқшау шығып барып, қыраң басына кеп қонды. Бұл Алтыкөл алаңы еді. Мұнда Құрманов Сәдуақас деген жігіт алдынан шықты. Ол осы жақында ғана Мақат бұрғылау конторының бас геологы болып келген. Алматыдан Қазақ Мемлекеттік университетінің геология факультетін өткен жазда ғана бітіріпті. Бастапқыда Қаратон алаңында саз ерітінділерін өлшеуші болып орналасқан. Жаңа алаңға бұрғы түскелі айдан асып кеткен, өзі басшылық жасап жүрген көрінеді. Геологиялық, геофизикалық мәліметтерге қарағанда екі мыңнан үш мың метрге дейінгі аралық бұрғыланады деп белгіленген. Қазір екі жүз метрден асып барады.

- Техникаларымыз ескі, - дейді Сәдуақас.

Кейін сұрап білгендей, мұндағы бұрғылау станоктары бұрын Мұнайлы, Бекбикені бұрғылаған екен. Ол жерлерде бұрғылау жеңіл, мұнай жер бетіне жақын, ең тереңі екі жүз-үш жүз метрден шығады. Енді, міне, бұрын талай пайдаланылып, сыны кеткен сол ескі техникалар терең бұрғылауға салғанда зорығып тез бұзылады. Жөндеп қайта іске қосуға көп уақыт кетеді. Жөндеу құрал-жабдықтары да ескі. Сондықтан да бұрғылау жұмысы өнбейді.

Түс қайта ауа райы жақсарды. Әбу сол күні Қаратон, Мұнайлы, Төлесті түгел аралады. Терең бұрғылау жүріп жатқан бұл алаңдарда да жағдай осындай болып шықты. Қайда барса да, ескі бұрғылау техникаларымен өндіре қазып жатқан жоқ, зордың күшімен қажап қана жатқанын көрді. Бұрғылау техникаларын шұғыл жақсартпаса болмайтынына көзі жетті. Көріп, білгендерін өлкелік комитетке де, Қазақстан мұнай бірлестігіне де жеткізді.

Өлкелік партия комитеті аяқ астынан қайта дабыл көтерді. «Ембі» мұнай бірлестігі мамандары аяғынан тік тұрды. Алматыдан Орталық Комитеттен де, үкімет тарапынан да телефон қоңырауы жауып кетті. Арадан ай өтпей Оралдың ауыр машина жасау зауыттарынан, сәл кейінірек Бакудің машина құрылысы зауыттарынан су жаңа бұрғылау қондырғылары, станоктар, өзге де жабдықтар жеткізілді. Жылдың аяғында өнімді елу бес «УЗТМ» және «БУ-40» бұрғылау қондырғылары, екі және төрт жылдамдықтағы он бір бұрғылау станоктары алдырылды. Бұл - Қазақстанда мұнай, газ іздестіру жұмыстарын бұрын соңды болмаған қарқынмен жүргізуге көмектесті.

Өлкелік партия комитетінің өнеркәсіп бөлімінде мұнай, газ саласы мәселелерімен Әбу айналысты. Қазақстанда мұнай өндірісі әзірге Гурьев облысында ғана. Сондықтан да Әбу Гурьевке жиі қатынап, уақытының көбін осында өткізіп жүрді. Мұнай, газ өндірісі мәселелерін табан астында шешіп отырмаса өндіріске кері ықпал етеді. Кезкелген олқылық жоспардың орындалмай қалуына әкеп соқтыруы мүмкін. Жұмыс барысын өлкелік партия комитеті қатаң бақылауға алған. Ал, бақылау Әбу арқылы жүрді.

Әбу бұл жылдары үнемі жұмыс басты болды. Партия қызметкері ғана емес, керек жерінде мұнайшы инженер, геолог болып та кете беруге тура келді. Партия қызметі кабинеттен шықпай шалқайып отыратын жер емес. Әбу партия қызметкері ретінде сеніп тапсырылған міндетті абыроймен адал атқарып шығуға тиіс. Бүкіл ой-санасында мұнай, газды іздеп табу, бұрғылау, өндіру тұрды. Әзірге Гурьев облысында Ембі аймағында ғана мұнай кен орындары табылып отыр. Қаратон, Мұнайлы, Төлес құрылымдары терең барлау-бұрғылауға алынып, мұнай, газ іздестірілуде. Тереңөзектен мұнай табылды. Мартыши, Қамысты, Жаңаталап аймақтарының да құр еместігі айқындала түсті. Алда Таңатар, Қаратон, Қаратайқыз, Оңтүстік Қамыскөл, Қызылдала алаңдары кезек күтіп тұр.

Осыдан жыл жарымдай бұрын 1959 жылдың мамыр айында Гурьевте өткен мұнай, газ мәселесі талқыланған ғылыми-техникалық конференциясына Мақат аудандық партия комитетінің хатшысы Әбу қатысқан. Конференция мұнайлы аудандардың жер қойнауына ғылыми тұрғыдан үңілді. Ембінің жер астындағы түрлі тереңдіктерде тұз күмбездері бар екені мәлім. Мұнай осы күмбездердің төңірегін ала орналасқан. Доссор, Мақат, Сағыз, Қошқар, Жаңакөл мұнай және Қарашығанақ газ конденсаты кен орындары осы тұз күмбездерінің астында. Ендеше, мұнайды тұзды телімдердің астынан да, үстінен де іздестірген жөн деген тұжырым жасады.

Барлаушы геолог Т.Н. Жұмағалиев Еділ - Жайық өзендерінің аралығында мұнай, газдың болу мүмкіндігін теория жүзінде негіздегенде барлық аймаққа ортақ жерасты құрылымдарының схемасын салыстыра қарай келіп, ұқсастықтарына мән берген.

Бұл дәлелдеу теориясы бұрын-соңды кездеспеген тәжірибе болатын. Ол Әбуге ұнады. Кейін өлкелік партия комитетіне жазған бір ақпаратында осы теорияны келтіріп, мақұлдау қажеттігін айтқан ұсыныстары қабылданды. Сөйтіп, Қамысты, Жаңаталап, Гран, Мартыши алаңдары келесі бесжылдықта геологиялық іздестіру жұмыстарын жүргізу тізіміне енгізілді. Бұған сенбестікпен, күдікпен қарағандар болды. Бұрын-соңды тарихта ондай тәжірибесі болмаған жерден ойдан теория жасады деп кінәлады. Мамандар мен ғалымдардың кергілесіп қалған кездері аз болмады. Сондай шақта өлкелік комитеттің назарын аударуға ықпал жасаған Әбу еді.

Ақтөбе өлкелік партия комитетінің қызметкерлері Орал, Гурьев, Ақтөбе облыстарынан іріктеліп алынған. Жан-жақтан келген қызметкерлер бастапқыда мейманханада, жатақханаларда орналасқан. Пәтер кезекпен беріледі. Әбу мейманханада жарты жылдай тұрып, пәтер алды. Қарттары сол бұрынғы жұмыс орыны Қошқар кәсіпшілігінде қала тұрды. Көшіріп алу ойында болғанымен әзір реті келе қоймады. Екі бөлмеге екі үйлі жанның бастары қайдан сыйсын. Және қарттар өздері де орналасып қалған жерін тастап шыға алмады. Сонымен Әбу келіншегі Раямен екеуі ғана тұрып жатты. Екі бөлмелі пәтер өздеріне кең көрінеді. Үй шағын аудандардың қақ ортасында, жақсы жерде. Бұрын Қошқарда, кейін Доссорда екеуі әнебір дүние-мүлік жинамаған. Мұнда үйге қызметтес қатар-құрбылары келеді. Сондайда бөлмелердің жалаңаш тұрғаны Раяға ұят көрінді. Жақында еңбек демалысына шығып, екеуі елге барып қайтты. Қайтарда балаларының жаңа мекен-жайын көрмек болып Атшыбай бірге келген. Қанша талаптанса да Балжан отбасы тірлігінен шыға алмай қалды. Өзі келе алмаса да, Атшыбайға айтып, екі түйесін саттырып, шалының қалтасына салып жіберген.

- Балалардың үйіне өздері қалаған мүліктерін алып бер. Қатар-құрбы, тең-тұстары келгенде үй іші үңірейіп тұрмасын. Балалардың да еңсесі биік жүрсін, - деп тапсырған.

Мұнда келгесін Рая дүкеннен дүкен қоймай жүріп, бір жақсы жиһазға қаны қатты да қалды. Германиядан шыққан жиһаз, бағасы қымбат, бір мың бір жүз сом. Екі түйенің құны да жетіңкіремей, ішпей-жемей жинағанын қосып, жетпеген жерін толтырып, әйтеуір жиһазды үйге кіргізіп тынды.

Әбудің жұмыстан келетін уақытын тосып Рая кешкі шәй қамында ас бөлме жағында жүрген. Кенет есік қоңырауы шар ете қалды. Іле ішке кірген қонақ самбырлап сөйлеп келеді.

- Ойбай-ау, Атшыбай ақсақал кеп қалыпты ғой. Айтсаң қайтеді, Әбу, - дейді.

Атшыбай қолын алып жатқан толық сары жігіттің кім екенін жыға тани алмаған. Тек ағытылған әңгімесіне қарап қана әйтеуір танитын біреу болды-ау деп ойлаған. Және соңғы кезде көзі де бұрынғыдай емес, жақыннан үңіліп қарамаса ажырата алмай қалып жүр. Қазір де мына қомақты сары жігітті жете айыра алмай үңіліңкіреп қарап қалған.

- Бұл Сағидолла балаң ғой, танымай қалдың ба? - деді Әбу.

- Қай Сағидолла?

- Нұржанның Сағидолласы.

- Иә, иә... Е, Ақтөбеде кездесіп қалдық қой, - деп Атшыбай қонағымен енді шүйіркелесе кетті.

Сағидолла Нұржанов Құлсарының жігіті. Жас шамасы да Әбумен қарайлас. Бір ауылда бірге ойнаған. Мәскеудің Губкин атындағы мұнай институтын бітірген. Қосшағыл, Құлсары, Қошқар кәсіпшіліктерінде шыңдалып шықты. Әбу Қошқар кәсіпшілігінде партия ұйымының хатшысы боп тұрғанда Сағидолла осы кәсіпшіліктің бас инженері еді. Ақтөбеге кеше жұмыс бабында келген. Бүгін өлкелік комитетте екеуі кездесіп қалып, Әбу үйге шәйға шақырып келіп тұрған беті. Әзілі мен ақиқаты қатар жүретін тумысынан көңілді, ақжарқын Сағидолла әдеттегіше Атшыбаймен де әзілдері жарасып кете берді. Дастарқан жайылып, шәй келгенше талай әңгіменің басын қайырған Сағидолла:

- Әтеке, Әбу мен Рая сенің өліп-тіріліп баққан түйеңді мына ағашқа айырбастағаны несі? Мал оңай қолға түседі деп ойлайма. Бұлар сені келемеж қылып жүр ғой. Оны алдырып отырған мына Рая. Әбу оған, мынауың дұрыс емес деп айта алмай отыр. Ал бұлардың ығына жығылып сіздікі не? Жақсылап тұрып тыйым салмайсың ба, бұларға. Әйтпесе, олар осылай қайырусыз кете береді, - деп бір қағытып өтті.

Атшыбай Сағидолланың әзіліне енді түсінді де үнсіз қалды.

Қазақстан мұнай өнеркәсібінің негізін Батыс Қазақстанның кен байлықтары құрайды. Бірақ, газ байлығын барлау, іздестіру жүрмей бір орында тұрып қалыпты. Газ белгісі бар аудандарда да зерттелмеген. Әбу бұған іштей таң қалды. Бұл аймақта газсыз мұнайды дамыту мүмкін емес, мұнай мен газ - егіз дүние. Біреуіңсіз екіншісі жоқ. Және халық шаруашылығы үшін газ мұнайдан бір де кем емес. Өткен.

1960 жылы Гурьевте Қазақстан Ғылым Академиясының геология және геофизика институты құрылған. Институттың негізгі міндеті - перспективалы алаңдардан түскен мәліметтерді өңдеп, нәтижесіне орай барлау-бұрғылау, скважиналарды сынақтан өткізу арқылы кен орнының болашағын анықтап, қорытынды жасау. Бұл кезде Маңғыстауда Түбіжікте, Жетібайда, Өзенде, барлау бұрғылауы жүріп жатқан. Әбу бұл өңірді басты назарға алды.

Қазақстан жерінің 1714 жылдан бері зерттеу тарихында байқалған белгілер ақыры ақиқатқа айналып, Ембі өңірінде бірнеше мұнай кен орындары табылды. Бұл Әбуге ойын одан әрі дамытуға негіз болды. Маңғыстауда да анау замандағы алғашқы зерттеулер мен белгілер алдамауға тиіс. Ендеше, мұны қазіргі жауапты кезеңде мұнай, газ іздейтін және үмітті аймақтардың бірі, тіптен тікелей көзі деп таныған дұрыс. Бұл жөнінде Маңғыстауда да барлау, іздестіру жүргізуді белгілеп, партия мен үкімет дұрыс таңдау жасады. Партия мен үкіметтің осы бесжылдықта алға қойған міндеттерін сөзсіз орындау үшін Еділ, Жайық, Ембімен бірге Маңғыстауда да мұнай, газ барлауды жеделдете түсу керек. Әбудің бұл ойы өткен жылы өлкелік комитеттің конференциясында айтылған. Гурьевте ғылыми зерттеу институтының ашылуы да осы мақсатқа тікелей байланысты. Институт директоры болып келген С.Е. Шақабаевты Әбу өзі іздеп келген. Бұрын сырттай ғана білетін онымен бұл жолы етене танысып, әңгімелесіп, ойы бір жерден шықты. Шақабаевтан білгені Мартыши, Қамысты, Жаңаталап құрылымдарында, Маңғыстауда, Жетібайда мұнай, газ, кен орындарының табылғаны.

Үміт ақталып, құдай берді, - деп ойлады Әбу іштей, - ендеше, бұл аймақтарда барлау-бұрғылауды күшейте түсіп, бақылау тізгінін бір минут та босатпау керек.

Әбу ойын өлкелік комитеттің өнеркәсіп бөлімінде жариялаған.

Рахмет Әтесінов бастаған мамандар мақұлдады.

Мұнан кейін де Әбудің мұнайлы аудандарға іссапарға талай рет шығып, ауырды өз қолымен көтерген-ді.

Өмір мың сан тарау. Қанша ұрандасаң да, өздігінен шешілген мәселе, жүріп жатқан жұмыс жоқ. Бәрінің де басы-қасында, қақ ортасында жанталасып жүру керек. Өмір - күрес дегеннің өзі осы. Қанша талаптансаң да барлық жағы бірдей болмайды. Бірі ілгері басса, екіншісі кейін калып жатады. Өлкелік комитет талапты бірдей қойғанымен барлық алаңдарда, кәсіпшіліктерде жұмыс бір деңгейде емес. Мұнай, газ іздестіру-барлау жұмыстары біркелкі қарқын алып кеткенімен кәсіпшіліктердегі мұнай өндіру артта қалып қойды. Мұнай өндіру көлемі ұлғаймады, тіптен қайсыбір кәсіпшіліктерде бұрынғыдан азайып кеткен.

Әлі табыла қоймаған жаңа алаңдарға үміт артқанымен, негізгі тірек ескі кәсіпшіліктер болса да, оларды жаңарту, жаңаша жабдықтап жасандыру кешеуілдеді.

Өлкелік партия комитетінде кезектен тыс бюро мәжілісі өткізіліп, бұл мәселені талқылауға облыстық партия комитеттер мен мұнайлы аудандық комитеттердің бірінші хатшылары, сондай-ақ, мұнай, газ өндіру кеніштерінің, жаңа алаңдардағы барлау-бұрғылау жұмыстарының басшылары шақырылды. Қызу, жан-жақты талқылаудан кейін нақтылы қаулы қабылданды. Мұнай, газ өндіру жоспарын орындаудың, өндірістің ақсаған тұстарын қалпына келтірудің қатаң шараларын белгіледі. Мұнай өндіру техникаларын түбегейлі жетілдіру, мұнайды механикалық жолмен өндіру жабдықтарының жаңа түрлерін электроцентробежді, гидропоршенді сораптар, мұнай қабатының қысымын көтеру жүйесі жабдықтарын жаңарту, мұнай, газ шығындарына жол бермеу, өндірісті автоматтандыру күн тәртібіне қойылды.

Партия шешімдерін жүзеге асыру жолында ұйқысыз түндер, мазасыз күндер, айтыс-тартыс, дау-дамай, текетірес, бәрі де болады. Бұл жылдар Әбу үшін қия шабыспен өтті. Кәсіпшіліктер, бұрғылау алаңдары басына қонған күндер жемісін берді. Бұрғылау да, мұнай өндіру процестері де түгел жаңадан жарақтандырылды. Қайсыбір өндірістік буындар, әсіресе, мұнайды су мен газдан айыру автоматтандырылып, мұнай шығыны ең төменгі шекке жеткізілді. Скважиналарды күрделі жөндеу жұмыстарын механикаландыруда түрлі жабдықтар жасалды. Нәтижеде 1962 жылы барлау, бұрғылау айтарлықтай алға басты. Маңғыстаудағы Жетібай, Өзен кен орындарының ашылуы тек Одақты ғана емес, әлемді дүр сілкіндірді. Бесжылдықтың мұнай, газ өндіру жоспары орындалды.

Әбу қашан, қайда жұмсаса да жағдай айтпауға дағдыланды. Және нендей жұмыс тапсырылса да тыңғылықты орындайтын. Қолынан келмейтін жұмыс болса, оны басшыларына айтып, алқаға салып, ақылдасатын. Сөйтіп, өлкелік партия комитеті Әбуді шыңдап шығарды.

1963 жылдың аяғына қарай өлкелік комитетте тағы бір дабыл көтерілді. Құлсары мұнай, газ өндіру басқармасында ілеспе газ өндіру күрт азайды. Аяз жаңа сықырлай бастаған желтоқсан айында тұрғындарға газ отыны берілмей, жылу қазандары қаңтарылып тұрып қалды. Мектептер, балабақшалар жабылды. Жылу бермеген тұрғын үйлерде тоңған халық қолдан пеш жасап, от жағып, терезенің көзінен, қабырғаларды тесіп мұржа шығарып, будақтаған түтін көз көрсетпей жіберді. Отын таба алмай мұнай сіңген топырақ, кесектерді жақты. Сасық иісінен адамдар, балалар уланып, ауырып қалып жатты. Оларды емдейтін аурухана, емханалар істен шықты. Өлкелік комитет шұғыл дабыл қақты. Гурьев облыстық, Жылой аудандық партия комитеттері аяғынан тік тұрды. Өлкелік комитет құрған төтенше штаб өкілі Әбу Гурьевте қос құрып, Құлсарыға келді. Жылой ауданының орталығы Әбуге өз ауылы. Мұнда біраз жыл еңбек етті. Адамдары таныс. Биыл алғашқы қар ерте түскен екен. Сарышұнақ аяз бет қаратпайды. Ауыл іші тосын боран құрсауында. Теректер қалың қарды көтере алмай, бұтақтары майысып тұр. Қырау жапқан терезелер күңгірт. Көшелерде көк түтін. Ауаны қара мұнайдың күлімсі иісі сасытқан. Төңірек көңілсіз, жүдеу. Осындай жағдайда Әбуді «Құлсарынефть» мұнай, газ өндіру басқармасының бастығы Хамит Ғабдуллин қарсылап алды.

Әбу мен Хамит Мәскеуде мұнай институтында бес жыл бірге оқыған. Институтты бітіргеннен кейін біраз уақыт қатардағы жұмысшы болған Хамит 1957 жылы Тереңөзек алаңын бұрғылап, пайдалануға тапсырды. Кен орны бұрын-соңды тәжірибеде кездеспеген, геологиялық құрылымы ерекше күрделі болатын. Мұнай жер бетіне жақын орналасқанмен мұнай қабаты құмға аралас, скважинаны пайдалану қиын. Тұрбалардың төменгі мұнай жүгіретін көзін құм бітейді. Хамит осыған қарсы жаңа әдіс ойлап, скважинаны қара смоламен цементтеуді ұсынған. Тереңөзек кәсіпшілігіне алты жыл басшылық жасап, биыл осы Құлсары мұнай, газ өндіру басқарма бастығына тағайындалған.

Ембі өңіріндегі 1939 жылдан бері көп мұнай, газ беріп тұрған ірі кен орындарының бірі Құлсары. Бұрын-соңды мұндай төтенше оқиға болмаған-ды. Әбу келгенінде аудандық партия комитетінде күрделі жағдайдан шығаратын арнаулы штаб құрылып, басшылықты райкомның бірінші хатшысы өз қолына алған. Күнде жиын. Мәжіліс жұмыстан соң кешкі сағат жетілерде басталып, түннің бір уақытына дейін созылады.

Әбу мұнда алғашқы күнін тұрғылықты халықтың жағдайымен танысудан бастаған. Елді мекендегі жағдай өлкелік комитетке түскен алғашқы дабылдан өзгешерек болып шықты. Алғашқы айтылған жайттар жеңіл-желпі, көп үркітпей жұмсартып жеткізілген. Биыл қыс ерте түскен аймақта, ақ боран, сықырлаған аяз астында қалып қойған ауыл жағдайы айтып жеткізгісіз. Жылусыз қалған үйлерде салқын тиіп, ауырған балалардың шырқыраған үні құлақ тұндырады. Көкірегі сырылдаған қарттардың шұрқ тесік ескі тонның астында көздері жылтырайды. Мұндай көрініс қай үйге барсаң да алдыңнан шығады. Аурухана, мектеп, балалар бақшасының жұмысы тоқтаған. Мұның бәрінде Әбу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысын, обкомның өкілін, жергілікті жауапты басшыларды жанына ертіп жүрді. Ондағы ойы - алдымен халықты тыныштандыру, түрлі алып-қашпа әңгімелердің алдын алу. Үкіметтің орын алған жағдайды қалпына келтіру үшін жұмыстанып жатқанына сенімін арттыру. Екіншіден, жергілікті басшылардың қол астындағы халқы алдында абырой-беделін айқындау.

Халық та, аудан басшылары да мұнай, газ өндіру басқармасын кінәлайды. Ал, мұнай басқармасының жаңадан келген басшысы Хамит Ғабдуллин әңгімені басқаша түсіндіреді. Айтуынша, кәсіпшілікте мұнай, газ өндіру көлемі азая түскен. Ең жоғары өнімді скважиналардың өзі бұрынғы деңгейіне көтеріле алмай, аз беріп тұрған скважиналар өнімі бұрынғыдан да төмендеп кеткен.

Хамит өз ойын Ембі мұнай бірлестігіне мәлім еткен. Әбу соны білмек еді.

Штабтың кешкі мәжілісіне мамандар мен жауапты қызметкерлер түгел шақырылған. Кәсіпшіліктегі жағдайды айқындау мақсатында құрылған қосымша комиссия кәсіпшілік бастығы Хамиттың қорытындысын растады. Кен қабатының газ қоры азая түскен. Салдарынан мұнай жоспары орындалмаған.

Кен қабатының жағдайы күнілгері зерттелмеген. Бұл геологтардың, басқарма мамандарының кінәсі. Ендігі мәселе біреу. Қайткен күнде де жағдайдан шығу. Кен қабатының қысымын көтеру үшін қабатқа су айдауды күрт ұлғайту қажет. Екіншіден, жаңа бірнеше скважина қазу. Үшінші, қорда бар скважиналардың бос тұрысына жол бермеу. Мұнай, газ өндіру технологияларын қатаң сақтау. Хамит мұның бәрін тізбелеп, дәлелдеп тұрып айтты. Бірақ мұның бәрі аяқ астынан біте қалар шаруалар емес, көп уақыт пен күрделі қаржы талап етеді. Ал, қазір оларға кәсіпшілік пен аудан халқын мына төтенше жағдайдан шұғыл алып шығу керек. «Қазақстанмұнай» бірлестігі кен қабатына ілеспе газ айдауды уақытша тоқтатып, тұрғылықты жерге жылу, газ беруді ұсынады. Бірақ, мұнда өндіріс зардап шегеді, мұнай жоспары орындалмай қалады.

Мамандар жол таппай тұйыққа тіреліп тұрғанда Әбуге бір ой сап етті. Құлсарының үстімен ауыл іргесінде Орта Азия - Орталық газ құбыры өтіп жатыр. Түркіменстан мен Өзбекстанның газы осы құбыр арқылы Ресейге жол тартады. Осы құбырдан елді мекенге уақытша газ алуға болмас па? Бұл мәселені шешу үшін бір уақытта үш республикамен Түрікменстан, Өзбекстан, Ресеймен келісу қажет. О бастағы келісім бойынша Қазақстан олардан өз аймағынан өткені үшін ғана төлем алып, ал өзге талап бұзушылыққа бармауға тиіс. Ондай жағдаяттар орын алса, екіжақты келісімшартты бұзғандық болып табылады. Ол үшін ірі көлемде айып төлеу белгіленген. Сондықтан да бұл мәселе мемлекеттер аралық келісімдер арқылы ғана шешілмек.

Аяқ астынан шеше қоюға келмейтін аса қиын мәселе болса да, Әбу осы жайды жоғарыдағылардың алдына қоюды ұйғарды. Бірақ, бұл ойын қазір мына көпке жария қылмады. Өйткені, оның өзі ойлағандай боп шешіле қоюына күдігі көп еді.

Өткен аяздарда қысқа дайындалмаған су желілері қатып қалып, жарылып, ауыл ауызсусыз қалған. Бүгін ол желілерді ауыстыруға мүмкіндік жоқ. Орта Азия - Орталық газ кұбыры жанынан су желісі де жарыса салынған. Осы желіден өлшеп берсе де ауылға ауызсу алуға болады. Бірақ, су жинақтап құйып алатын арнаулы ыдыстар жоқ. Ал, ауызсусыз өмір жоқ. Бұл жылудан да бұрын шешілуге тиіс, кезек күттірмейтін мәселе. Енді ойлануға да, ақылдасуға да уақыт жоқ. Неше күннен бері ауызсусыз қалған халықтың талабы - жиырма мыңдай тұрғыны бар елді мекенге он мың текшеметрдей су сақтау қоймасы қажет. Құрылысқа қаржы бөлуге облыстағы мұнай бірлестігі келісім берсе, әрқайсысының сыйымдылығы бес мың текшеметр су сақтайтын екі қойма салуға мүмкіндігіміз бар, - деді Хамит.

Олай болса, осы қазірден бастап кірісу керек. Екі күн ішінде қалайда бітіріңіз, - деді Әбу кесіп-пішіп.

Аудан басшысы да, өзгелер де мақұлдады.

Түннің бір уағына дейін созылған штаб мәжілісі осы бәтуамен аяқталған еді. Бірақ Әбудің жұмысы әлі аяқталған жоқ. Адамдар тарқап шыққанда Әбу жедел өлкелік комитетке телефон шалып, мұндағы жағдаятты баян етпек болды. Бөлім меңгерушісі Рахметтің телефоны жауап бермеді. Екінші хатшы Мұқамбет Айтуұлына баяндады.

Әбудің ұсынысы арада апта өтпей қабылданды. Құлсары елді мекеніне Орта Азия -Орталық газ құбырынан газ берілді. Аурухана, емхана, наубайхана, балалар бақшасы мен мектептер қайта ашылды. Тұрғын үйлерге жан біткендей. Электр шамдары жанып, көшелер самаладай жарқырап қалды. Бу қазанына жақын маңнан әрқайсысының сыйымдылығы бес мың текшеметрден он мың текшеметрлік ақ шаңқан екі алып қазан бой көтеріп, тұрғындар келесі көктемге дейін ауызсумен қамтамасыз етілді. Әбу тағы да бірнеше күн аялдап, осы сапарынан өндіріс те, тұрмыстық та қалыпты өмірге түскеннен кейін ғана Ақтөбеге оралды.

1964 жылдан бастап Ақтөбе өлкелік партия комитетінің алдында Батыс Қазақстан өндірісін дамыту мәселесі тұрды. Оның ішінде Маңғыстау мұнай, газ байлығын игеру бірінші кезекке қойылды. Алайда партия алға қойған міндеттер барлық жерде бірдей тиісінше шешіліп жатпады. Барлау, бұрғылау, коммуникациялық құрылыстардың жалпы жоспары орындалып жатқанымен, қарқын күткендегіден төмен еді. Арқаны кеңге салып, тоқмейілсу басым болды. Мұның салдарынан ойсыраған кемшіліктер орын алды. Жаңа техника, механикаландыру жеткіліксіз жүргізілді. Бұл сайып келгенде мұнай, газ қорын сақтау ісіне қауіп туғызды.

Маңғыстауда Өзен кен орнын игеріп, мұнда мұнай өндіру ісін жеделдету мақсатында мамандандырылған «Маңғыстаумұнай» бірлестігі құрылды. Бірақ одан бері де жеткілікті уақыт өте тұрса да сенім ақталмады. Бұрғылау ілгері баспады. Бұрғылау жылдамдығы төмен деңгейде қала берді. 1963 жылдың алғашқы жартысында мұнда бес мың текшеметр тереңдік кем бұрғыланды. Өзен геологиялық барлау-бұрғылау экспедициясында бұрғылау техникалары тиімсіз пайдаланылды. Тек өндірісті ұйымдастыра алмағандықтан он екі мың сағат бос тұрысқа жол берілді. Бұл - бүкіл календарлық жұмыс уақытының 44 процентін құрайтын. Бұрғылауда авария жиі болып тұрды. Жетібай мұнай барлау экспедициясының өзінде 1964 жылдың алғашқы жартысында тоғыз авария орын алды. Ал, мұның бәрі бірлестік басшыларының көз алдында болып жатты.

Жобалау ұйымдары нашар жұмыс істеді. Көптеген нысандардың техникалық құжаттары жоқ. Бұл болса Өзендегі, Ақтау қаласындағы құрылыстардың басталып кетуіне кедергі келтірді.

Сондай-ақ, Маңғыстау байлығын игеруді жеделдетудің аса маңызды шарттарының бірі -кәсіпшілік ішінде мұнай жинақтау, көп парафинді мұнайды дайындап және тасымалдау. Ол үшін жедел тәжірибелік қондырғы құрылысын салу, ауданаралық тұрақты байланыс орнату, тұрмыстық қамту, үздіксіз сумен жабдықтау мәселелерін жедел шешу керек болды. Ол үшін Жайықтан, Гурьев, Шевченко су құбырын тартып, мұнайшыларды сумен қамтамасыз ету арқылы колхоз, совхоздар ашып, жеміс-жидек, ет-сүтпен қамтамасыз ету қажеттігі көрінді.

Әбу бұл жайды өлкелік партия комитеті өнеркәсіп және транспорт бөлімінің меңгерушісі Рахмет Өтесіновпен ақылдасады. Ойлары тоқайласқан екеуі бірінші хатшыға кезек-кезек кіреді. Дәлелдері жеткілікті. Өлке өндірісінің жағдайына қанық Журин енді бірде ұсыныстарын сұрайды.

Батыс Қазақстанда мұнай, газ өндіруді арттыру үшін мұнайлы-газды горизонттарды зерттеудің зор маңызы бар. Сондай-ақ, бұл өлкенің табиғи ресурстарын пайдалану, геологиялық барлау жұмыстарын мамандандыру және оған басшылықты одан әрі жақсарта түсу үшін Ақтөбе геологиялық барлау тресі базасында Батыс Қазақстан бас басқармасын құрып, өлкедегі барлық геологиялық барлау ұйымдарын оның қарауына біріктіруді ұсынды.

Онымен танысқан бірінші хатшы мамандарды жинап қайта кеңеседі. Өйткені, бұл ұсыныстарды жоғарыдағылардың да қолдауы қажет. Ол үшін Әбуге республикалық және өлкелік басылым органдарына мақала жазуды тапсырады. Араға уақыт салып «Народное хозяйство Казахстана» журналына, іле «Батыс Қазақстан» өлкелік газетіне, «Быстрее осваивать богатства Мангышлака», «Осваивать богатства Мангышлака - задача всех» атты мақалалар ізді-ізіне жарық көрді. (Март, 1964 г.) және (9.07.1964 г.)

Мұнда партия съезі шешімдерін жедел жүзеге асыруда жергілікті партия, совет, шаруашылық органдары басшыларына тікелей жол көрсетіп, нұсқау берілген.

Жоғарыдағы басшылар назарына жеткен мәселе қолдау тауып, шешімін табуға бағыт алды.

Нәтиже ойдағыдай. 1964 жылдың жазында белгіленген мерзімде Өзеннің алғашқы эшелон мұнайы Гурьев мұнай өңдеу зауытына жөнелтілді. Келер жылы жоспар бойынша Жетібай кен орны пайдалануға берілді.

Әбу Ақтөбеде өлкелік партия комитетінде екі жылдай қызмет істеді. Ол қызығы мен қиындығы бірдей күндер Әбуге үлкен тәрбие мектебі болған еді.

Өлкелік комитеттің өнеркәсіп бөлімі қызметкерлерінің әрқайсысы әр саланың мамандары. Бөлімде мұнай өндірісі саласының маманы Рахмет Өтесінов пен Әбу Атшыбаев қана. Мұнай, газ жөніндегі мәселелер барлығы Әбудің араласуымен жүзеге асады.

Бұл Маңғыстау өндірісінің ашыла бастаған кезі. Маңғыстау десе Әбудің құлағы түрік. Маңғыстау Кіші жүз қазақтарының ішінде жауынгерлігімен әйгілі болып, аңызға айналған Адай тайпасының мекендеген жері. Адай Әбудің нағашы жұрты. Анасы Балжан Адайдың шоңай руынан. Маңғыстау десе елеңдей қалатын себебі де осы. Маңғыстау сан ғасыр қойнына бүккен құпиясын ашпай байлығын жасырып жатқан, ерте заманнан-ақ орыс патшасының да, әлемді билеуге ұмтылған ағылшын алпауыттарының да назарын аударған аймақ. Олар «Қаражанбаспас» жерінде мұнайдың бар екенін білді. Өлкенің қатал табиғаты одан әрі зерттеуге мүмкіндік бермеді. Кеңес Үкіметі бұған назар аударса да, елдегі төңкеріс, азамат және Ұлы Отан соғыстары қол байлады. Соғыстан кейін ғана жан-жақты зерттеу қолға алынған.

Әбу Кеңес үкіметі кезіндегі Қазақстан жерінің геологиялық зерттелу жағдайын біршама біледі. 1950 жылдардың басында Маңғыстау өңірінде геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуге белгілі мамандар Жаңай Бегалиев, Валентин Петрович Токарев, Ильяс Абдуллаевич Алмазов бастаған үш сейсмикалық партия жіберілген. Зерттеу қорытындысы Маңғыстау жеріне терең бұрғылау жүргізу керектігін көрсеткен. Сол кездегі Гурьев облысы партия комитетінің бірінші хатшысы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов осы өңірдегі мұнай мамандарын жинап, олардың Маңғыстаудың болашағы туралы пікірін тыңдады. Оңдасыновтың ұсынысымен өткізілген Қазақстан Ғылым Академиясының көшпелі сессиясы өзекті мәселені түбегейлі талқылады. Ғалымдар мен мамандар түбекте мұнай, газ байлықтарының бар екенін, оны ашу керектігін ұсынды. Конференцияда айтылған ғылыми тұжырымдарды қорыта келіп, Оңдасынов Каспий ойпаты мен Маңғыстауда мұнай қорын жедел іздестірудің қажеттігін дәлелдеп Одақтық Мұнай министрлігі алдына мәселе қойды.

Сол жылдың аяғында Гурьевте, Каспий ойпатының және Маңғыстау өңірінде мұнай, газ іздестіруді шұғыл бастап кету мақсатында Одақ көлемінде білікті мамандар шақырылған Бүкілодақтық жиын өткізді. Маңғыстаудың болашақ тағдыры осы жиында шешілді. 1958 жылдың басында Форт-Шевченко қаласынан «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресі құрылды да, терең бұрғылау басталды. 1960 жылдың басында Өзеннен тұңғыш газ фонтаны атқылады деген хабарды Әбу Мәскеуде, жоғары партия мектебінде оқып жүріп естіді.

1963 жылы өлкелік комитетке келгеннен кейін Әбу мұнай, газ барлаушыларының хабарына үнемі құлақ түріп отыратын. ішкі сезімі әлдебір қуанышты күндерді күтетіндей. Бұл Каспий ойпатында да, алыстағы Маңғыстауда да іздестіру жұмыстары қызу жүріп жатқан кез. Өлкелік комитет бұл кезде бүкіл қызметін негізінен осыған арнады. Өнеркәсіп және жол қатынастары бөлімінде бұл мәселемен айналысатын Маңғыстаудан үмітті Әбу еді. Сондықтан да бар назары осында болатын. 1961 жылы шілде айында Жетібайда күшті мұнай бұрқағып атқылады деген хабарды хатшыларға Әбудің өзі барып айтты. Тіптен сүйінші сұраған.

Маңғыстау жөніндегі бар мәлімет Әбудің суырмасында тұрды. Комитетте керекті мәлімет, қатысты мәселелер қолынан өтіп, Әбу арқылы жүрді.

Бұл оқиғадан кейін Өзен мен Жетібайда мұнай бұрқағы ізді-ізімен атқылап жатты. Бастапқыда фонтанды скважиналарды саусағын бүгіп санап жүретін Әбу, кейін санынан жаңылды.

Маңғыстауда мұнай мен газдың мол қорының ашылғандығы Одаққа әйгілі болған. Үкімет Маңғыстау байлығын игеруді жедел күн тәртібіне қойды да, өлкелік комитет өз қызметінің басты бағытын осыған бұрды.

- Өлкелік комитеттің кезекті Пленумын өткізу қажет, - деді Рахмет пен Әбуді өзіне шақырып алған бірінші хатшы Журин.

Пленум өздігінен өте қоятын оңай шаруа емес. Атқаратын қызметі зор, міндеті де ауыр. Бұл пленум Маңғыстау байлығын жедел игерудің шұғыл мәселелерін шешуге тиіс. Қажетті күрделі қаржы мәселесін Одақтық үкімет шешкен. Ендігі проблема кадр мәселесі. Мұнай, газ қоры аса мол Өзен, Жетібай кен орындарын игеру үшін бұрғышы, мұнайшы, автотранспортшы, геофизик, құрылысшы, талай ондаған маман керек. Әлеуметтік, тұрмыстық, мәдени мұқтаждары, үй, дүкен, мектеп, аурухана, емхана, балалар бақшасы, мәдени мекемелер, су, жылу, қатынас жолдары үлкен проблема.

Қазіргі жағдайда алдымен барлаушы-бұрғышы, мұнайшы, автотранспортшы мамандарға мұқтаж-ақ. Мұнай мамандары кез-келген жерден таптыра бермейді. Оларды тек қана мұнайлы аудандар: Әзірбайжан, Шешенстан, Ингушетия, Татария, Башкирия, Түркіменстаннан шақыруға болады.

Сондай күндердің бірінде Әбуді өлкелік комитеттің бірінші хатшысы шақырды. Алдында жаюлы жатқан күні кеше өз бөлімдерінде әзірленген мәліметтер - Маңғыстауды игеру бағдарламасы. Хатшы бірден Маңғыстау туралы әңгіме қозғады.

- Мына кешенді бағдарламада көптеген мәселелер қойылған екен, - деді ол, - солардың ішінде ең алдымен неден бастау керек деп ойлайсың?

- Менің ойымша, шұғыл түрде маман-кадрлар керек.

- Дұрыс айтасың, - деді бірінші хатшы. - Өзен, Жетібай кен орындарын жедел іске қосу үшін мамандар керек. Маман болғанда да нағыз барлаушы-бұрғышы, мұнайшы, құрылысшы мамандары.

Әбу жауап қатпады. Бірінші басшының алдына түсіп кетуді жөн көрмеді. Хатшы жауап күтпей өзі сөйледі.

- Және, бізге керегі бір адам, екі адам емес, талай мыңдаған адам. Олардың өздері келмейді, іздеу керек.

Мұнан кейін кадрларды қайдан іздеу керектігі жөнінде әңгімеледі. Әне әңгімесін кесіп-пішкен нұсқау емес, ой бөлісу ретінде айтты.

- Мұнайлы аудандардан шақырсақ қайтеді?

- Қазақстанда мұнайлы аудан жалғыз Жылой. Бірақ, ол сонша көп кадр бере алар ма екен, - деді Әбу хатшының сөзіне түзету де айтпай, сұрау да салмай, алыстан байқатып.

- Маңғыстауды игеруге орасан көп кадрды бүкіл Одақ көлемінен жинау керек.

Хатшы салмақты сөйледі. Және аржағында әлі де айтпақ ойы бар екенін байқатты.

Әбу сөз таластырғысы келмеді. Басшы алдында әдеп сақтап, тартына сөйледі.

- Олар біздерге кадрларын бере қояр ма екен? Ол үшін жоғары деңгейде келісу қажет болып жүрмей ме?

- Дұрыс айтасың. Бұл мәселе жоғары деңгейде келісілген. СОКП Орталық Комитетіне Дінмұхамед Ахметұлының өзі шыққан. Маңғыстауды игеруді жеделдетуге қазір СОКП Орталық Комитетінің өзі мүдделі болып отыр.

Әбу түсінді. Маңғыстау мәселесіне үкіметіміз барынша назар аударып отырған болды. Бұл - қуанышты, ойдағы арманның бәрі орындалады деген сөз. Ендеше, Қазақстанның дамуына жол ашылғаны. Маңғыстаудың арқасында мұнайлы Ембіні де дамытып қалуға болады. Өзімен өзі ойға шомып кеткен Әбуді хатшы сөзі бөліп жіберді.

- Әлгідегі өзің айтқан барлық республикаларға, мұнайлы аудандарға өкілдер жібергелі отырмыз. Саған тапсырма - жолға жинал. Әзірбайжан, Шешенстан, Татария, Башкирия республикаларын аралап, маман кадрлар жинақтайсың.

Мұнан кейін хатшы ол жерлерде кімге жолығу керектігін, қалай жүзеге асырылатынын түсіндірді.

- Жүрген жеріңде халық назарын Маңғыстауға қалай аудару керектігін ойластыр. Газет, радио арқылы үгіт-насихат жүргізу де өз міндетің, - деді.

Ойда-жоқта осылайша Әбу үшін Маңғыстау майданы ашылып кетті. Хатшының бөлмесінен ол үлкен ой үстінде шықты. Тек Қазақстанда ғана емес, Одақ көлемінде халық назарын Маңғыстауға аудару үшін не істеу керектігін ойлады.

Ол жолға шығар алдында жергілікті газеттер мен радио редакцияларында болды. Түнімен көз ілмей отырып жазған дүниелеріне редакцияларға кірер алдында тағы бір көз жүгіртіп еді, мақала тым жадағайлау, сұйықтау көрінді. Бұл партиялық шақыру екені, мұнда келем деп тілек білдірушілерге түгел жолдама берілетіні айтылмаған.

Тағы да біраз уақыт бөліп толықтырып, бірнеше дана қып бастырды. Ондағы ойы - әр редакцияға бір данасын тапсыру. Алдымен Ақтөбеден шығып тұрған «Батыс Қазақстан», «Западный Казахстан» газеттері редакциялары аса маңызды партиялық саясатты газетке кезек күттірмей басатындарын айтып, құлшыныс білдірді.

Әбу алғашқы қадамдарының сәтті басталғанына қуанды. Мұнай кейін Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек», «Прикаспийская коммуна» газеттері редакцияларына телефон шалып, мақаланы пошта арқылы жіберетінін айтты. Жолға шыққанға дейін мақаласын бірнеше дүркін қайталап қарап, кемшіліктерін түзетіп, толықтырумен болды. Маңғыстау байлығымен жете таныстырып, жедел игеруді насихаттады.

Әбу сапарын Әзірбайжан республикасынан бастады. Апшерон түбегі жүзжылдық тарихы бар, озық тәжірибелері жеткілікті, маман-кадрлары да көп аймақ. Бакуде, республика Орталық Комитетінде Әбуді жақсы қарсы алды.

- Республиканың негізгі өндірісі мұнай болғаннан кейін мамандар жетеді. Маңғыстауға барам деп тілек білдіргеннің бәріне де рұқсат беріледі, - десті.

Әбу мұнай кен орындарын, зауыт, фабрикаларды, мұнайға байланысты өндіріс орындарын аралады. Жұмысшылармен кездесіп, әңгімелесті. Маңғыстаудың жағдайын, кен қорының көптігін, бұл бастама ғана екенін, барлау-бұрғылау, іздестіру жұмыстарының жүріп жатқанын, әлі де талай жаңа кен орындары ашыларын, оған негіз бар екенін айтты. Бастапқыда адам күшінің, техниканың жетпей жатқанын әңгімеледі. Барғандардың әзірге вагон баспаналарда тұратынын, бірақ кезектен тыс жатақханалар салудың қолға алынып жатқанынан хабар берді. Ең бастысы алғашқыда қиындық болатынын сездірді. Оған төзу керек екенін, болашақта барлық жағдайдың жасалатынына уәде берді. Бірақ, Әбу бір нәрсені ашып айта алмай ішке бүкті.

Кешегі кездескен адамдары Маңғыстаудың ауасы туралы көбірек сұрады. Әбу Маңғыстауда өзі де тұрып көрген жоқ, бір-жар рет қызмет бабымен барып қайтқаны болмаса. Сондағы байқағаны бет күйдірер аптап, қапырық ыстық өртеп, тынысыңды тарылтады. Күнге қақталып, ұшқанда көзге қара ілікпейтін шеті-шегі жоқ маң далада ыстыққа шыжғырылып, таңдайға тамызар нәр жоқ жерде барлаушы-бұрғышылар таңның атысы, күннің батысы күнұзағына еріндері кезеріп, таңдайлары кеуіп, тұтқасы шоқтай күйген бұрғы құлағында тұрады. Аспан да от, жер де от, өртенген көк темірлер күнмен бірге жалын шашады.

Бұл Әбудің азғана күнге барғандағы көргені, куә болғаны. Қатал қысын маңғыстаулықтар айтып жеткізе алмайды.

- Үстірттен соққан долы боран қыс бойы толассыз ысқырып тұрып алғанда, жаның мұрныңның ұшына кеп тіреледі, - дейді олар.

Айта берсе Маңғыстау туралы жыр көп. Қазір мына көгілдір теңіздің жағалауында, көк ала таудың баурайында, хош иісті самалды құмарлана жұтып тұрғанда Маңғыстауды ойға алғың келмейтіні де рас. Оны айтса, мұндай жағдайдың мыңнан бірін де көрмеген, өмір бойы мына жұмақ жерде ғұмыр кешіп, мемлекеттің қамқорлығына бөленіп өскен халық ол жаққа қия басар ма. Оларды үркітіп алармын деп, әлгіндегі қиындықтардың шет жақ жұқанасын үзіп-жұлып айтуға да батылы бармады. Әрине, ол қанша жасырғанымен барған халық бәрібір көріп, білетіні, қиындықтармен бетпе-бет келері түсінікті. Сол кезде талайы Әбуге реніш айтары да белгілі. Қанша рет шындықты жайып салғысы келсе де, айта алмады. Қазбалап сұрағандарға да «қыстың аты қыс, барлық жерде бірдей емес пе» дей салды.

Ескерілуге тиіс тағы бір жәйт, бұрынғы жылы орнын суытып, жұмысын, үй-күйін, отбасын қалдырып, ед асып-жер асып басқа бір өлкеге жер ауып кету оңайға соқпайтын дүние. Бұған бел буған адам қалай еткен күнде де бір жағынан ұтыс көздеуге тиіс. Ондай ұтыс болмаса, оған ешкім де бармайды. Елсіз, сусыз қу мекенге мына отырған жұмақ жерін тастап кім бармақ. Мұны үкімет күнілгері ойластырған. Сонда ол адамдар не ұтуға тиіс? Әрине, алдымен табыстан ұтуы керек. Ендеше, мемлекет Маңғыстауға келушілерге қосымша табыс ақша төлейтін болды. Көлемі негізгі жалақысына қосымша 60-70 пайыздай коэффициент. Әбу халық алдында осыған көбірек сүйеніп, қосымша табысқа мән бере сөйлейді. Қала салынатын боп шешілгенін, жан-жақтан осындай арнайы шақырумен барғандарға кезектен тыс пәтер, балабақша берілетінін айтады. Мұның бәрі болашақтың ісі екенін түсіндірді.

Тілек білдірушілер табылды. Олар ұзын-сонар кезекпен келіп жазылып жатты.

Әбу Бакуде он шақты күндей аялдап қалды. Жолы болғанына қуанды. Қазірдің өзінде дәптеріне үш жүздей адамның тізімі түсті. Олар негізінен бұрғылау, мұнай мамандары. Келушілер толастар емес. Қиыр шеттегі мұнайлы аудандарға әлі де хабар жетпей жатса керек. Әбу келгелі бірнеше дүркін газет, журналдарға мақалалар жазып, теледидардан, радиодан сөйлеп, Маңғыстауға шақырды. Сонда да хабарланбағандар бар екен. Бірінен-бірі есітіп келгендер көп.

Әбу асыға бастады. Алдында әлі ұзақ жол жатқан. Кавказдың Грозный, Краснодар, Ингушетия, Осетия, Дағыстан сияқты мұнайлы аудандарын да аралауға тиіс. Одан әрі Россияда Пермь, Саратов, Волгоград, Татария, Башкирия жерлері күтіп отыр.

Кетерінде ол Бакуде жергілікті адамдардан қоғамдық ұйым құрды. Олар Маңғыстауға барам деп тілек білдірушілерді тіркеп, Әбу айтқан мекемеге жіберіп отыратын болды.

Мұнан кейін Әбуге Шешения, Ингушетия, Осетия, Дағыстан елдерінің әрқайсысында он шақты күндей аялдауға тура келді. Содан соң Пермь, Саратов, Волгоград, Самара, одан ары Татария, Башкириямен айналып елге оралғанда жаз өтіп, күз түсіп кеткен еді. Өлкелік комитетке келіп, бұл сапарында атқарған жұмыстарынан есеп бергенде, қойын дәптерінде үш мыңға жуық адамның тізімі бар болатын. Алды Маңғыстауға әлдеқашан келіп, жұмысқа кірісіп кеткен. Келушілердің арты жылдар бойына толастамады. Және Маңғыстауда барлығына да жұмыс табылды.

Бұл кезде Түркіменстанның мұнайлы аудандарына кеткен өкіл де қайтып оралған. Маңғыстауға арман қуып келгендердің саны барған сайын көбейе берді, негізі жастар болатын.

Кейін Әбу Маңғыстауға өзі шақырып әкелген мамандардың талайымен кездесті. Қай-қайсысы да Маңғыстауға келгеніне өкінбейтіндерін жеткізген. Қиындықтан қашпай, табиғаттың қаталдығына төзді.

Қыстың қақаған боранында, жаздың ақшаңдақ аптабында шатырларда, жертөлелерде тұрды. Әбу олармен талай кездесті.

- Сіздер ер көңілді, әрі төзімді азаматтар болмай шықса қайтем деп қорқып едім, - деп күлді жігіттерге. - Сендердің мен ойлағаннан әлдеқайда асып түскендеріңді көріп, ұялып та, қуанып та отырмын.

- Еңбектеріңе табыс тілеймін, - деді Әбу жігіттермен қоштасарда, - бұл кездесуіміздің алды-арты болмағай. Қиындық, қиянат көріп жатсаңыздар, кез келген уақытта маған хабар беріңдер. Қолдан келгенше жәрдемдесемін. Бірақ, ондай қиындық болмайтынына сенімдімін.

Бұрғылау басында да, жол үстінде де, автомашина рөлінде де, құрылыс төңірегінде де Әбудің кездескен жігіттері шұрқырасып амандасып, күліп қоштасты.

Әбудің бұл еңбегі өлкелік комитет тарапынан оң бағасын алды. Комитеттің екінші хатшысы Мұқамбет Айтуұлы Есенов ризашылығын білдірді.

Әбу Маңғыстаудың болашағына маман ретінде терең үңіле қарады. Ақтөбеде шалғайда жүрсе де, ой ниеті Маңғыстауда болды. Байлығын бағамдап, болашағын болжауға талпынды. Соның бәрін халық игілігіне, Отан қызметіне тиімді де ұтымды пайдалануды ойлады. Бар білік-білімін, түйіп-ұққанын, іс-тәжірибесін, бойындағы күш-қуатын, ерік-жігерін түгел осыған сарп етті. Өткен жолы Маңғыстауға келген бір сапарында Жетібай, Өзен мұнайын қолына ұстап, уысын толтырып алақанына жағып көрді. Қоп-қою балшықтай қара мұнай қолына иленіп қалды. Бұл мұнайдың құрамында өзге де қоспалардың көптігі деп білді. Ол қоспалардың әрқайсысынан түрлі зат, бұйымдардың шығатыны Әбу үшін құпия емес-ті.

Маңғыстау байлығын игеруді тездетудің келесі бір маңызды мәселесі су. Сан ғасыр кенезесі кепкен дала бір тамшы кәусарға зар болып жатыр. Бұл жерді мекендеген халық су қадірін жастайынан түйсініп өскен. Мал соңында қойшы-командар сексен құлаш шыңыраудан су тартып, тірлік кешкен халық, тау етегіндегі халық жылап аққан жылға бұлақтардың бойын ғана сағалап отырды. Әлі де су қат. Маңғыстауды игеру үшін алдымен қалайда су мәселесін шешпей болмайды. Бұл өлкелік комитеттің алдында күн тәртібінде тұрған күрделі мәселелердің бірі. Маңғыстауда су мәселесін шешу үшін талай жиын шақырылды. Мәскеуден, Алматыдан білікті мамандар, белгілі ғалымдар қатысты. Ақылдасып, кеңесіп, талқыға салды. Жасаған ғылыми тұжырым үш түрлі.

- Жайықтан құбырмен су тартсақ қайтеді? - дейді Гурьев облысының басшылары. - Оған өндірісіміздің күші жетеді, мүмкіндіктеріміз де толық. Орал тауларының қарлы шыңынан бастау алған көп өзендердің бірі Жайық ортайып қалмайды.

- Әмудария мен Сырдариядан неге мұнда су құбырын тартпасқа,- деді Әбу.

Кейбір ғалымдар теңіз түбі арқылы Еділден су құбырын тартуды ұсынды.

- Жайыққа қарағанда Еділдің суы мол. Егер есептеп қарасаңыздар, Жайықтың суы шаруашылықтан ауыспайды. Еділ - асып-төгіліп, қос бетін шайып жатқан айдын-шалқар көл. Ресей сөз жоқ келісім береді, - дейді олар.

Маңғыстауды ауызсумен қамтамасыз етудің тағы да бірнеше ұсыныс-жобалары сөз болды. Бірі - теңіз суын тұщытатын тұңғыш атом реакторын салу. Бірақ, мұның қиындығы көп. Біріншіден, бұл жобаның бұрын-соңды іске асқан тәжірибесі жоқ. Ол ойлағандай болып шыға ма, жоқ па. Екіншіден, оны салуға орасан мол күрделі қаржы керек. Қиындығы осы, ұтымды жағы - атом қуатымен жұмыс жасайтын реактордың болашақтылығы. Отыны Маңғыстаудың өз жерінен шығады.

Жиында сөйлеген өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Мұқамбет Есенов жоғарыдағылар қолдау көрсетіп жатса, теңіз суын тұщытудан көбірек үміттенетінін байқатты.

- Осында айтылған ұсыныстардың барлығын да есепке алу керек, - деді Шахмардан Есенов. - Біздер, әлі де Маңғыстаудың бүгінгі мұқтажы төңірегінде ғана шектеліп қалып отырғанға ұқсаймыз.

Маңғыстаудың ертеңінің мұнан да зор екенін, сол кезде бүгінгі айтып отырғандарымыздың ертеңге өлшем болмай қалатынын неге естен шығарамыз? Әрине, мұның бәрі бір күннің ісі емес. Мәселелер осы қазір шешіле қалған күнде де, іске асуына алда талай жылдар керек болары сөзсіз. Ал, Маңғыстаудың бүгінгі күйі, уақыт ұттырмай мұнай, газын жедел игере бастау, қазірдің өзінде төрт құбыладан түгел ағылып келіп жатқан халықты сумен қамтамасыз ету - кезек күттірмейтін ең маңызды міндет.

- Сонда өзің не бітірдің, соны айтсаңшы? - деді бірі зал ішінен сөзін аяқтатпай.

- Жер астынан су іздеудеміз. Геологиялық мәліметтер бойынша Маңғыстау жерасты суларына кенде емес. Оны қазіргідей сын сағатта неге пайдаланбасқа.

Ш. Есенов бұл іске министрліктің шұғыл кірісіп кеткенін айтты.

Министрліктің Маңғыстауда жүргізіп жатқан жұмыстарын Әбу жақсы білетін. 1960 жылдардың басынан-ақ тұщы су көздерін іздестіруде. Қаратау бойындағы бұлақ көздерін тексеріп, барлады. Үстірт құдықтарының көздері ашылды. 1963 жылы министрлік ұйымдастырған экспедиция Сауысқан құмынан тұщы су көзін тапты. Оның мол өндірістік қоры Өзен өңірінде су тапшылығын жояды.

Жиында айтылған пікір-ұсыныстар кең көлемде қолдау тапты. Кейін Каспий теңізінің суын тұщыту, Еділ мен Жайықтан құбыр тарту ісі қолға алынды. Өлкелік комитетті толғандырған келесі күрделі мәселе - қала құрылысы.

Осы жиын алдында Әбу Маңғыстауды әдейі аралап, өлкелік комитеттің тапсырмасымен болашақ мұнайшылар мекеніне қолайлы орын іздеген. Кен орнының төңірегін айналып, Өзен ойпатында, Теңге жерінде болды.

Кендірлі жағалауына барды. Биік жар басында тұрып, төмендегі толқыны жағалауды үздіксіз сабалаған көк теңізге көз жүгіртті. Қоңыр салқын, жанға жайлы теңіз лебі еседі. Ембі өңірінде де мұндай сафауаны көрген емес.

Кендірлі аймағы Әбуге жақсы әсер етті. Жетібайдың орналасқан жері дөң басы, Үстіртке ұқсас жазы-қысы үріп тұратын, жел өті. Теңіз батыс бетінде алпыс шақырымдай. Жетібай мен Өзенде жертөлелер толып кеткен. Елді мекендер кен орнына жақын іргелес. Жетібай да, Өзен де дөң үстінде, жаз - аптап, қыс - боран өтінде. Аспанынан нәр тамбайтын сары далада, төбесінен от боп жанған шақырайған ашық күн астында, қыста боран, жазда жалын ортасында орын тепкен бұл жер тұрақты қонысқа қолайсыз. Әбудің ойынша жұмыстан тыс уақытта халық еркін демалып, тыныстап, серуендеп күш жиып, келесі күні көтеріңкі көңіл-күймен еңбек ететіндей жер - Маңғыстауда теңіз жағасы ғана бола алмақ.

- Қалай да Өзен мұнайшылары үшін қаланы Кендірлі жерінде теңіз жағасынан салу керек, - дейді Әбу. - Жұмысқа, кәсіпшілікке автобустармен қатынап, жұмысшылардың жақсы демалып, өнімді еңбек етуіне қолайлы болмақ.

- Жоқ, жөн болмайды, - дейді бірқатары - оның ұсынысын қолдамай, - алыстан қатынау мемлекет үшін қымбатқа түседі. Күнбе-күн қанша техника керек, қанша жанармай шығын болады. Және арлы-берлі қатынап, қанша уақыт жолға кетеді. Мұндай жағдайда жұмыстан ерте кету, кеш келу орын алады.

- Кен орнын игеруді тездетейік дегеніңізді мақұлдайық, - дейді Әбу оларға ойын дәлелдей түсіп. - Бірақ, партия мен үкіметіміз халыққа жағдай туғызба деп отырған жоқ қой. Олардың мәдени демалысын ұйымдастыру арқылы өнімді еңбегін қамтамасыз ету міндеті алға қойылып отырған жоқ па?

Осылайша ойлар тоғысы тартысқа түсті. Әбу қаланы теңіз жағасынан адамға қолайлы жерден салу керек десе, ел қамы емес пе? Күні ертең-ақ өндірістің түбінен салынған қала өндіріс қалдықтарының ортасына қалады да, тынысы тарылады. Бұл адамдардың денсаулығына зиян.

Әбу қанша күйіп-піссе де, ұсынысы өтпей қалды.

Сонымен, Өзен мұнайшыларының болашақ мекені кен орнының түстік бет іргесінен бір-жар шақырымдай жерден орын тебетін болды. Алғашқы қада сонда қағылмақ.

Кезекті іссапарынан кейін Әбу азғана күн Жем бойындағы елге соғып, қарттарының жай-күйін біліп, Ақтөбеге оралған. Жұмысқа шыққан күні-ақ бірінші хатшы Журин шақырып алды. Әшейінде асығыс жүретін Николай Иванович бұл жолы Әбумен асықпай әңгімелесті. Маңғыстау әсерлерін көбірек сұрастырды. Бұрын да талай айтылып жүрген әңгімелерді қайталап пысықтады. Өндірісі ұлғайған сайын орталығы бір шет Гурьевте болып, жер түбіндегі Маңғыстауды бас қару қиындап отырғаны сөз болды.

Николай Иванович Әбумен әдеттегіше әңгімелесіп отырғанымен жағдайды түгел біледі екен. Басқару орталығын шалғайдағы Гурьевте ұстамай, Маңғыстаудың ортасынан ашу керектігін айтты.

- Мен саған тапсырма бергелі отырмын, - деді ол. - Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мен Қазақстан үкіметінен Маңғыстаудан, Қазақстанға бағынышты қала салуды сұрап өлкелік комитет атынан хат дайында және осы бүгіннен қалдырма.

Бұл төтенше тапсырма еді. Хатты Әбу аса жауапкершілікпен дайындады.

Николай Ивановичтің хаттың жазылу шеберлігіне көңілі толды.

- Өте жақсы, - деді ол, - егер ұсынысымыз үкімет тарапынан қолдау табатын болса, бұл екеуіміздің еңбегіміз.

Мақтау сөзге Әбу әнебір елітіп кетпегенімен көтеріліп қалған.

Міне, қызық. Әдетте Орталық Комитетке де, үкіметке де қойған мәселең бірден шешіле салмайтын, ұзақ күттіретін. Бұл жолы ай өтпей-ақ, Маңғыстаудың қақ төрінен Ақтау қаласын құру туралы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Указы шықты. Әбудің сондағы қуанышын айтсаңшы. Ол Указ шыққан «Социалистік Қазақстан» газетінің санын қолына ұстап, алдымен Николай Ивановичке кірді.

- Жеңісіңізбен, Николай Иванович, - деді қуаныштан жарылардай.

- Жеңіс екеуімізге ортақ, - деп Николай Иванович те Әбудің қолын қысты. - Енді Ақтау қалалық партия комитеті мен қалалық Совет атқару комитетін құру керек.

Сол күннен бастап өлкелік комитет ұйымдастыру жұмыстарына кірісіп кетті. 1963 жылдың аяғында құрамында Әбу де бар ұйымдастыру алқасы құрылды. Жергілікті белсенділердің қатысуымен қалалық партия және атқару комитеттері құрылып, басшылары сайланды.

Маңғыстаудың қақ төрінде отырып Қазақстанға бағынбай, тікелей Мәскеуге қарап келген орынды Қазақстанның өз билігіне алудың өзі жеңіс болды.

Содан кейін Маңғыстаудың өндірістік басқару орталығы «Маңғыстау мұнай газ» бірлестігі құрылды. Бірлестіктің басқарма бастығы Степан Федорович Чеплаков, бас инженері Николай Васильевич Смольников, бас геолог А.Г. Дурмишьян жоғарыдан тағайындалды.

Енді кезекте болашақ мұнайшылар орталығы болар қала орнына қада қағу тұрды. Бұл жұмысқа қатысу үшін Әбу тағы да Маңғыстауға жол тартты. Астанадан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің өндіріс бөлімі меңгерушісінің орынбасары Бөлекбай Сағынғалиев, Қазақстан Геология министрі Шахмардан Есенов келді. Өлкелік партия комитеті өнеркәсіп бөлімінің бұрынғы меңгерушісі Рахмет жаңадан ашылған Өзен мұнай, газ өндіру басқармасы бастығына тағайындалған. Ол осы аумақтың қожасы ретінде қонақтарды күтіп алған. Басқарма орынбасары Воронов, Өзен бұрғылау экспедициясының бас геологы Халила Махамбетов, бас геологының орынбасары Жарылғасын Даутов бірге жүрді.

Өзеннің мұнай басқармасы орналасқан жерін жергілікті халық «Газгородок» деп атайды. Бұл маңға алғаш аяқ басқан барлаушылардың тұрақтаған мекені, барлаушы-геологтардың шатырын тіккен жері Қызылсай терістік-шығыс жағында 18 шақырымдай жер. Кен орны Өзен үстірті мен ойпатын түгел алып жатыр. Соңғы рет өткен күзде келіп аралап көрген, бұл маңнан қала салуды жөн көрмеген. Себебі, біріншіден, кен орнының түбі. Жел өтіндегі қалаға үнемі иіс-қоңыс, лас ауаны айдап тұрады. Екіншіден, желі үнемі шығыстан тұратын Үстірт үстінде орналасқан қала шаңның астында. Үшіншіден, шөл далада тақыр үстіндегі қала тұрғындары жайсыз жағдайда қалады. Жұмысшыларына қолайлы жағдай туғызбай, мұнай өндіруді арттырып, күрделі құрылыс жүргізу мүмкін емес. Және қазіргі таңда алға қойылып отырған міндеттің өзі алдымен адамға көңіл бөлу.

- Сонда, қайтпек керек, - дейді оған қарсыластар.

Әбудің жауабы әзір. Мұнайшыларға қолайлы мекен - осы арадан 60 шақырым жердегі Кендірлі мүйісі, теңіз жағасы. Ауасы таза, шыққан күні-ақ бірінші хатшы Журин шақырып алды. Әшейінде асығыс жүретін Николай Иванович бұл жолы Әбумен асықпай әңгімелесті. Маңғыстау әсерлерін көбірек сұрастырды. Бұрын да талай айтылып жүрген әңгімелерді қайталап пысықтады. Өндірісі ұлғайған сайын орталығы бір шет Гурьевте болып, жер түбіндегі Маңғыстауды басқару қиындап отырғаны сөз болды.

Содан кейін Маңғыстаудың өндірістік басқару орталығы «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігі құрылды. Бірлестіктің басқарма бастығы Степан Федорович Чеплаков, бас инженері Николай Васильевич Смольников, бас геолог А.Г. Дурмишьян жоғарыдан тағайындалды.

Әбудің ұсынысын қолдағандар аз болды. Ленинградтың зерттеу институтының мамандары Маңғыстаудың жағдайын білмейтіндіктен қолдамады. Жағдайды біледі деген жергілікті басшылардың өздері әлдекімдердің ықпалында болып, мұны біле тұрса да солай жасады.

- Бұл араға теңізді қалай әкелмексің? Экологияны, ауаны қалай тазартпақсың? - дейді Әбу қарсы сауал тастап.

- Қала сырты қалың орман ағашымен көмкеріледі. Қалада микроклимат құруға мүмкіндік туғызылады, - дейді олар.

- Ондай орман орнатуға орасан көп мөлшерде тұщы су керек. Оны қайдан алмақсың? Әмудариядан, Еділ, Жайықтан тартылған су құбыры өндіріс қажетін де толық өтей алмайды. Жерасты су көздері ауызсудан ауыспайды, - дегеніне олар:

- Маңғыстау байлығын игеру кезек күттірмес міндет. Адам жағдайы содан кейін, - деп жауап береді.

Қалай болғанда да олардың ұсыныстары өтті. Сонымен, мұнайшылардың болашақ орталығы Өзен қаласы кен орнына жақын делініп, бүгінгі «Газгородок» аталатын елді мекеннің орнынан салынатын болды.

- Қала құрылысын осы арадан бастаған мақұл, - деді топтан ілгері озған Рахмет Өтесінов, -одан әрі батыс пен шығысқа, оңтүстікке қарай созылып кете береді. Бұл маң жазықтық, қала салуға қолайлы да ыңғайлы.

- Кен орыны тым тақау екен, - деп қалды Шахмардан Есенов.

- Иә, - деді Әбу, - қазір тап осы тұрған жеріміздің терістігі Өзен мұнай кен орыны, түстігі Теңге газ кен орны, бес-алты шақырымдай жер. Үлкен екі кен орнының қақ ортасында тұрмыз.

Мұнан кейін бұл жөнінде әңгіме қозғалмады. Асай-мүсейін арқалаған қайың қара жігіт пен Өзен мұнай басқармасы бастығының орынбасары Воронов күнілгері арнайы дайындалған қадаларды Рахметке ұсынды.

- Болашақ мұнайшылар қаласының алғашқы қадасын қағуға арналған салтанатты ашу маған бұйырыпты. Құрметті кәдені орындауды Қазақстан Республикасының Геология министрі Шахмардан Есеновке, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің өндіріс бөлімі меңгерушісінің орынбасары Бөлекбай Сағынғалиевқа, Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетінің өнеркәсіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары Әбу Атшыбаевқа ұсынамыз, - деді Рахмет.

Сөйтіп, Өзен қаласының орнын белгілеген қада 1964 жылдың сәуір айында қағылды.

Маңғыстау байлығын игеруге байланысты күрделі мәселенің бәрі жәй-жәй шешіліп жатты. 1964 жылдың жаз айында Маңғыстау мұнайы тиелген алғашқы эшелон Өзеннен Гурьевке жол тартты. Бұл осы өңірді игерудің басы ғана. Әлі атқарылмаған істер шаш-етектен, шешілмеген мәселелер бастан асады. Соның бәрін де жеделдетіп шешу - өлкелік комитетке кеп тіреледі. Бірақ, партия айналысып отырған мәселе бір Маңғыстау емес, мың-сан. Оның бірі - Гурьев мұнайлы аудандарының проблемасы.

Маңғыстаудан оралған бетінде Әбу Ембі, Мақат аудандарына баруды ойлаған. Бұл аудандардағы түйінді мәселелер азаю орнына көбейе түсуде. Доссор, Мақат, Қаратон, тағы басқа да ескі кәсіпшіліктерде өндірістік, мәдени, тұрмыстық, әлеуметтік мәселелер бірінен соң бірі туындап жатады. Кенет оны өлкенің екінші хатшысы Есенов байланысқа шақырды. Хатшының жайдан-жай шақырмайтыны түсінікті. Кеше Әбу үйімен хабарласқан. Екі жастағы қызы Ләззат ауырып қалыпты. Зайыбы Рая ерінің тезірек келгенін жақсы көреді.

- Дәрігерге көрсетіп, дәрілерін алып беріп, күт, - деп өзінің ертең поезбен шығатынын айтқан.

Бүгін жол қағаздарын дайындап отырған. Енді қайтпек керек.

Осындай ойлар үстінде іштей арпалысып отырған Әбу шұғыл тапсырма боларын сезген. Өлкелік партия комитетіне Прорва кәсіпшілігінің жұмысшыларынан арыз түскен. Мұнай жоспарының соңғы кезде орындалмайтынын, өнімнің азайғанын, жұмысшылар жалақысының, тұрмыс ахуалының төмендігін, өңір экологиясының бұзылып, ауру-сырқаудың көптігін айта келіп, табысты көтеруді, экологияның бұзылуына байланысты үстеме ақы - коэффициент төлеуін талап етеді. Арызға мұнайшылар, елді мекен тұрғындары түгелге жақын қол қойған. Хатшы Әбуге мән-жайды баяндап, кәсіпшілікке барып тексеріп қайтуды тапсырды.

Әбу отбасы жағдайын хатшыға айта алмады. Амал жоқ, келесі күні Прорваға тартты. Прорва Маңғыстаумен қатар ашылған жаңа алаң. Құлсары гоеофизикалық экспедициясы жүргізіп жатқан сейсмикалық барлау жұмысына жас геолог Қожанияз Байтенұлы Есентаев жетекшілік етеді екен. Екеуі Мәскеуде танысқан.

Прорва шағын елді мекеніне екі-үш жылдай бұрын, алаңға алғаш бұрғы салынғанда келіп кеткен. Барлаушылар вахталық әдіспен жұмыс жасайтын. Одан бері елді мекен орнаған, бірақ проблема көп. От қолдан жағылып, ауызсу айдамалдап тасылады. Орталықпен байланыс, жол қатынасы қиын. Мәдени қамту, сауда қызметі нашар. Табыстары төмен, тұрмысы тиісті деңгейде емес. Бұл жағдайларға Әбу елді мекенді аралап, халқымен кездескенде, барлаушы-бұрғышылармен сөйлескенде көзі жетті. Қожанияз да бар ақиқатты қалдырмай айтып, шындықты жайып салған.

Тексеру қорытындысында Әбудің ұққаны жайсыз мекенде орналасып, қолайсыз жағдайда өмір сүріп жатқан жұмысшыларға қосымша төлем (коэффициент) жүргізу қажеттігі. Ақтөбеге оралып, тексеру қорытындысын қағаз бетіне түсіріп берді. Жұмысшыларды рухани-материалдық қолдау туралы ұсыныс жасады.

Арада екі-үш ай уақыт өтіп кетті. Әбу Маңғыстауды тағы бір аралап қайтты. Маңғыстау барлаушы-бұрғышыларының мәдени тұрмыстық халі Прорва тұрғындарынан да қиын. Әсіресе, ауа райы мен экологиясы ауыр. Қоңыр даладан сәл леп көтерілсе, ала шаңыт аспанға ойнап шыға келеді. Мұндай шақта таңдайға тамызар нәр-тамшыға зар боласың. Қыстың да айтары жоқ. Апталап соғар ақ боран әлемді ақ түтекке айналдырып, аспан мен жердің арасын тұмшалап тұрып алғанда оған төтеп берер күш жоқ. Сонда да жазы-қысы қайнаған еңбек толастамайды. Мұндағы көріністі ауызбен айту ғана жеңіл. Ғұмырында Маңғыстауды бір көрмеген адамға айтып жеткізу де, түсіндіру де мүмкін емес. Ел асып, жер асып келіп, жат жерде жанқиярлықпен жүргендердің алатын жалақысы да мәз емес. Одақтың түкпір-түкпірінен шақырылған мамандардың бірқатарының қиындық жағдайға көндікпей, қайтып кетіп жатқаны да бар. Жаңа жерді игеруге маман күші жетпей жатқанда, бұл да қолбайлау, аяққа тұсау.

Осы жолы Маңғыстаудың қолайсыз жазына тап болған Әбу қатты шаршап оралған. Үйге келгенде күнге қатты күйіп тотыққан Әбуді зайыбы Раяның танымай қала жаздап, таңғалғаны бар.

- Жеті өзеннің ортасында, қоңыр салқын жұмақта отырып, Маңғыстауды қандай деп ойлайсың, - деп Әбу әңгімені әзілге бұрып, күлген де қойған.

Партия қызметкерлерінің жұмыс уақыты өлшеусіз. іссапардан Маңғыстаудан шаршап-шалдығып кеше келген күні-ақ өлкелік комитеттен қоңырау соғылды. Бөліміндегі қызметтес жігіт:

- Ертең азанда, сағат тоғызға Журин шақырады, - деді.

Келесі күні ол жұмысты өлкелік комитетінің бірінші хатшысының бөлмесінен бастады. Әдетте шақырған адамын дәл уақытында қабылдайтын Николай Иванович бұл жолы да сағатына қарап, Әбуді тосып отыр екен. Жалпы ол қай уақытта да кезкелген істің, уәденің дәл уақытында орындалуын қалайтын. Шақырған уақытынан кешіксең қабылдамайды. Талабын қайталатпай орындауды қызметкерлерінен қатаң талап етеді. Мыжыңдап отыруды сүймейтін, кесіп-пішіп айтатын бір сөзді адам.

- Сен жақсылап тыңдап ал, - деді бірден, - мен күні кеше Орталық Комитетпен байланысып, қазір Қазақ ССР Министрлер Советінің төрағасы Мәсімхан Бейсебаевпен сөйлестім. Маңғыстау мұнайшыларына бір бүтін оннан жеті пайыз көлемінде жалақыға қосымша төлем беретін болды. Үкімет қаулысының жобасын өзіміз жазып жіберуге келіскенбіз. Жедел дайындап алып кел, - деді.

Маңғыстау мұнайшылары үшін 1,7 пайыз коэффициент - қосымша төлем бергені жақсы. Бұл өлкені тездетіп игеру проблемасын шешудің түйінді бір мәселесі. Бірақ...

Әбу ойланып қалды. Өткен жолы Прорваға барғанында да тап осы жағдай алдынан шыққан. Қазір Маңғыстаудың да, Прорваның да жағдайы бірдей. Бірақ Маңғыстауға коэффициент беріледі де, Прорва мұнайшыларының талабы ескерілмейді. Неге?

Әбу қазір үстел үстінде жатқан қағаздағы жазуына қайта үңілді. Алдымен Маңғыстауды игеру проблемаларын алға тартты. Содан соң Прорва мұнайшыларының проблемасына тоқталды да, «Маңғыстау мен Прорва мұнай, газ кен орындарын игерушілердің әр айлық жалақысына қосымша 1,7 пайыз коэффициент тағайындалсын» деп аяқтады.

Жазғанын қайталап оқып шықты. Прорваны қосқаным жөн болды ма, жоқ па деп ойлады. Ақыры бір тоқтамға келіп, сол күйінде Журинге алып келді. Николай Иванович жобаны оқығаннан кейін;.

- Мен тек Маңғыстау туралы сөйлестім ғой, - деді.

- Николай Иванович, қазір Маңғыстау мен Прорваның жағдайы бірдей. Министрлер Советі біздердің бұл ұсыныстарымызды қолдамай жатса өздері сызып тастар. Бұл жоба ғой. Осылай жіберелік, - деді ойын тұжырымдап.

- Жарайды, - деді де Әбудің әлгі сөзінен кейін оқыс шешімге тоқтаған Журин хатқа қол қойды.

Қазақ ССР Министрлер Советінің қаулы жобасы сол күні арнаулы поштамен жіберілді. Арадан апта өтпей-ақ жоба бекіп, қаулы жарық көрді. Маңғыстау мен Прорва мұнайшылары жалақыларына қосымша төлем алатын болды. Бұл ынталандыру шарасы Маңғыстау мен Прорва кен орындарын игеріп, кадр-мамандар тартуда зор рөл атқарды, мамандардың тұрақтап қалуына себі тиді.

Есенов Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне жіберілді. Әбу Атшыбаев Гурьев облыстық партиялық-мемлекеттік бақылау комитетінің төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Жаңа орында қолына билік алған Мұқамбет Айтуұлы облыс көлемінде геологиялық-геофизикалық, мұнай, газ, халық шаруашылығының өзге де өндірістік салаларын дамытуды алдыңғы орынға қойды. Оған облыстың басшылық ұйымдарын түгел жұмылдырды. Алдымен, облыс мұнай, газ өндірісін күрт дамыту үшін облыста ғана емес, тіптен Қазақстанда мүмкіндік шектеулі еді. Бұл арада әңгіме қаржы жөнінде. Мұндай жағдайда не істеу керек? Бұдан шығар жол іздеген Мұқаң облыс өндірісіне Мәскеудің назарын аударуды ойлады.

Мұқамбет Айтуұлы әрдайым төңірегіндегілермен ақылдаса бермейтін. Бұл жолы облыс басшыларымен ақылдасып, кеңесті. Одақтық билік басында отырғандарды шақырып кеңес өткізуді, сосын оларды ірі өндірістік перспективалы кен орындарына апарып көрсетуді ұйғарды. Осы мақсатта Одақтық жоспарлау комитетінің төрағасы Н. Байбақов бастаған бір топ министрлерді Маңғыстауға шақырды. Ақтауда мәжіліс өткеннен кейін келесі күні оларды Өзенге алып келді. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дәл келіп, тап сол күні қонақтар Қарақия биігіне көтерілгеннен-ақ осы өлкенің үйреншікті ақ дауылы алдан ұрды. Қақ маңдайдан соққан құм бораны көз аштырмай, машиналарды ілгері бастырмады.

Бұл өлкенің шаңсыз күні болмайды, - дейді Әбу жанындағы Одақтық министрлерге. – Әр үш күннің екеуінде шаңыт құм борайды десем артық айтқандық емес.

- Ол рас, - деп жанындағы жергілікті жігіттер де оны қолдай кетеді.

- Бұл денсаулыққа күллі зиян, - деп тағы бірі әңгімені қоюландыра түседі. - Дәрігерлер мәліметіне сүйенсек, мұнда келген дені сау адамдардың бір жылға жетпей денсаулықтары бұзылады екен. Сіз осыған сенесіз бе? - деп қояды.

Құдай сақтағанда бұл жолғы қонақтар құрамында Денсаулық сақтау министрінің жоқтығы қандай абырой болған десеңізші. Әйтпесе, бұлардың өтірігін шығарып қойып, ұятқа қалмасына кім кепіл?

Қонақтар Өзенге келгенше құм дауылы басылмай алты сағатта зорға жеткен. Келе қала құрылысымен танысты. № 1 және № 2 шағын құрылыс басқармалары жыл жарымда бірнеше барақ пен екі қатарлы үш үй ғана тұрғызған. Құрғақ сылақтан салған он екі пәтерлік екі қатарлы үш-төрт тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл жан-жақтан келгендердің оннан бірін де қамти алмайтын. Құрылыс басқармасының одан артыққа қуаты жетпейтін. Өзен кен орнында өндірістік құрылыстар салу тіпті баяу-тын. Әлі фонтанмен мұнай беріп тұрған скважиналарға тербелмелі станоктар үшін негіздер қондыру қолға алынбаған.

Мұның бәрін Мұқамбет Айтуұлы өзі бас бола жүріп Мәскеуден келген Одақтық басшыларға көрсетті, кемшіліктерге Н. Байбақовтың көзін жеткізді.

- Өзіңіз білесіз, партиямыздың XXIII съезінде Маңғыстауды игеру алдыңғы кезекке қойылды. Және осы бесжылдықта Одақта мұнай өндіру көлемін бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеру талап етілді. Міндетті орындау Маңғыстаусыз мүмкін емес. Ал, Маңғыстау дегеніміз алдымен осы Өзен екені аян, - деп, түпкі ойын қысқа сөзбен жеткізді.

Қонақтарды кен орындарын аралатып, негізгі проблемалар, теміржол қажеттігі, тұщы су зәрулігі атап айтылды.

Мұқаң түпкі ойын алақан жайып, жалынып айтқан жоқ. Сұрай сөйлеген жоқ. Бәрін мәдениетті түрде жеткізді. Әңгімелесіп отырып айтты. Мұнан кейін Мұқамбет Айтуұлы кезекті өзге мамандарға берді. Олардың әрқайсысы өз саласы бойынша сөйледі. Әбу жақында құралған «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігінің әзір әлсіздігін, екі-ақ мұнай басқармасын біріктіріп отырғанын, бірақ болашағының үлкен екенін дәлелдеп жеткізді. Асар, Түркменой, Тасболат, Доңға кен орындарының белгілі болып, Қауынды, Көкімбай, Ақсу, Қансу, Қорғанбай, Қарасазтаспас, Торлы, Қарабарақты, Саргүл, Қарамандыбас, мыс Песчаный, Жаға, Қарақия алаңдарында, Үстірт жерлерінде барлау бұрғылауының кең көлемде жүргізіліп отырғандығын, «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігінің де, «Маңғыстаумұнайгаз құрылысы» тресінің де қазіргі шағын қуаттарының болашақта жаңа талаптарға жауап бермейтіндігін айтты. Сондай-ақ, Гурьев мұнай өңдеу зауытының Маңғыстау мұнайын толық қабылдауға дайын еместігін, ал жарты жылдан кейін қабылдайтын орын болмағандықтан Өзен мұнайын тоқтатуға тура келетінін жеткізді.

- Қазірдің өзінде бұрғылаудан шыққан бірнеше скважинаны пайдаланбай жауып қойып отырмыз - дегенін кеніш басшысы Рахмет растады.

Байбақов дабыл қаққан Әбудің сөзінен кейін оқыс оянып кеткендей болды. Маңғыстауды тап осы есітіп отырғандай жағдайда деп ойламаған. Маңғыстау байлығын ашып алып, енді оны жауып қоюды жоспарлау қожайыны түсіне алмады. Шаруашылықта кезкелген жоспар жедел қайтарымымен құнды. Қайтарым бермейтін жоспар, яғни өзін ақтамайтын іс мемлекет байлығының далаға шашылғаны. Оған алдымен жауапты адам Одақтық жоспарлау комитеті, яғни осы Байбақовтың өзі. Ол қазір осыны ойлады. Жағдай Маңғыстаусыз Одақта мұнай жоспары орындалмайтынын ескертіп, дабыл қағады. Осы жолы Маңғыстауға келмесе мұны білмес еді.

Мұқамбет Айтуұлы көздеген нысанасына қолы жеткендей болды. Көп ұзамай-ақ «Маңғыстаумұнайгаз құрылысы» тресі ірілендірілді. Жаңадан «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігі құрылды. «УС-99» басқармасы ашылып, ұзындығы 1500 шақырымға созылған Өзен-Гурьев-Құйбышев ыстық мұнай құбыры, Жайық-Маңғыстау, Әмудария-Бейнеу-Құлсары су құбырлары салына бастады. Түбектің түкпір түкпіріне жоғары кернеулі электр желісі тартылып, орталықпен жалғастырылды. Ақтау, Жаңаөзен қалаларының, Жетібай, Ералиев, Сарқамыс жұмысшылар кенттерінің құрылысы қанат жайды. Бәрі Орталықтың қолдауымен, Қазақстан Үкіметінің тікелей басшылығымен жүргізілді. Осыншама қыруар, кең көлемді жұмыстың іске асуына түрткі болған Мұқамбет Есенов бастаған, Әбу Атшыбаев, тағы басқа мамандар қолдаған жігерлі жандар еді. Гурьев облыстық партия комитетінің шақыруымен КСРО Жоспарлау комитетінің төрағасы Н. Байбақов мұнан кейін де Маңғыстауға келіп, кен орынын тездетіп игеруге тиісінше ықпал етті.

СОКП XXIII съезінің халық шаруашылығын өркендетудің кезекті бесжылдық жоспары жөніндегі шешімдері еліміздегі экономикалық құрылыстың үлкен программасын алға қойды. Ал съезд шешімдерін жүзеге асыруда Гурьев облыстық халықтық бақылау комитетінің алдында зор міндеттер тұрды.

СОКП Орталық Комитетінің 1965 жылғы сентябрь Пленумы партия шешімдерін ойдағыдай жүзеге асыру үшін өнеркәсіпті басқаруды жақсарту, жоспарлауды жетілдіру және өнеркәсіп өндірісін экономикалық жағынан көтермелеуді күшейту туралы жаңа тәртіп белгілеп берген еді. Облыс еңбекшілері бұл тәртіпті ойдағыдай жүзеге асырып жатты. Облыста мұнай өндіруді күрт арттырып, жаңа мұнай, газ, өзге де қазба байлықтары кен орындарын игеруді тездету үшін ішкі резервтер мен мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, энергетика саласын дамыту көзделген. Өткен бесжылдықта облыста (Маңғыстауды қоспағанда) электр станцияларының қуаттылығы 52 пайыз артып, жалпы өнім көлемі 45 пайыз өсті.

Облыс көлемінде электр жүйелері құрылыстары барынша қарқынды жүріп жатты. Қаратон-Тереңөзек, Қамыскөл, Қарсақ, Құлсары-Мұнайлы, Қаратон-Сарқамыс-Прорва электр жүйелері іске қосылып, мұнай кәсіпшіліктері бір орталықтан, әрі арзан электр қуатымен қамтамасыз етіліп тұрды. Мұның бәріне ішкі резервтер мен мүмкіндіктерді тиімді пайдалану нәтижесінде қол жеткені даусыз еді. Оған облыстық халықтық бақылау комитетінің елеулі ықпалы болды.

Сонымен бірге бірқатар кәсіпорындар мен ұйымдар әлі де болса үнемшілдік жолындағы күресті тиісінше ұйымдастыра алмай жатты. Мысалы, Қаратон мұнай кәсіпшілігі басқармасында электр қуаты тиімді пайдаланылмады. Пісіру агрегаттары мен станоктарының бос жұмыс істеуіне жол берілді. Көптеген скважиналарға артық қуат жұмсайтын электр моторлары орнатылған. Бұл болса 1965 жылы Қаратон кәсіпшілігінде 954 мың квт/сағат электр қуаты, 13 тонна бензин артық жұмсалуына соқтырды. Мұндай жағдай облыс көлемінде барлық жерде де бар болатын. Бұл ахуал колхоздар мен совхоздарда да орын алды. Облыс колхоз, совхоздары 11375 тонна дизельдік отынды ысырап қылған. Осындай ысырапшылдықпен күресті облыстық халықтық бақылау комитетінде Әбудің өзі бас болып қолға алды. Халық бақылаушылары көптеген фактілердің бетін ашты. Әбу орын алған олқылықтардың себебіне үңілді. Сонда байқағаны - жоспарлауды жетілдіру, өндіріс құралдарын тиімді пайдалану, шаруашылықты есеппен жүргізу - жоғары білімді қажет ететін салалар. Ал, бұл салаларда арнаулы білімі, тәжірибесі жоқ адамдар жұмыс істеп келген. Яғни, шаруашылықтың аса маңызды буындарында кадр таңдауға көңіл бөлінбеген.

Сондай-ақ, халық бақылаушылары облыс өндірісінде өз күштерімен-ақ шешуге болатын көптеген резервтер мен мүмкіндіктердің пайдаланылмай келгенін анықтап, ұсыныстар берді. Гурьев қаласында Ембі, Мақат аудандарында мұнайды отын ретінде пайдалануды тоқтатып, оның орнына газ пайдалану, Прорвадан Сарқамыс, Қаратон жұмысшы поселкелеріне газ тарту, Орта Азия - Орталық газ құбырынан Құлсары-Қосшағыл, Мақат, Доссор кәсіпшіліктеріне газ желілерін жүргізу, электр энергиясын үнемдеу үшін конденсаторлар мен аз қуатты электр моторларын пайдалану, озат бригадалар мен кәсіпорындардың, жұмысшылардың тәжірибесін - көпшіліктің ортақ игілігіне айналдыруды ұсынды. Бұл облыс көлемінде үнемшілдік пен ұқыптылық үшін күреске жаңа серпін берді. Оның нәтижесі жыл аяғында облыстың экономикалық көрсеткіштерінен анық көрінді.

Әбудің соңғы қызметінің қыры-сыры көп еді. Төңірек түгел қайнаған еңбек ілгері басқан шаруашылықтың, дамыған өндірістің кем-кетігі, кемшілігі, оқыс тұстары да аз болып жатқан жоқ. Халық көзі қалт жібермейді. Бәрі қатаң бақылауда. Шалыс басқан қадамды, қалтарыста қалып қойған кемшіліктерді назарда ұстап, жедел жолға салып жіберу -партиялық та, мемлекеттік те міндет. Партиялық бақылау комитетінің облыстық төрайымы Қабира Салықова білімдар да көреген адам. Адал да білікті қызметімен көрінген Әбуге әбден сенім артып қойған. Әбу де сенімге адал қызмет етті. Партиялық бақылаудың артар салмағы ауыр. Ағайыншылық, туыстық деген жоқ. Баршаға бірдей халыққа ортақ қызмет. Халықтың да, мемлекеттің де, партияның да мүддесін бірдей көздейді. Әбу ақ жолдан тайған жоқ. Қайда жүрсе де ауыс баспай, мемлекет пен халық мүддесін бірінші кезекке қойып отырды. Жолдан тайғандарға шама-шарқынша қатаң тыйым салды. Бұл ұстанымы әсіресе, Маңғыстау өндірісін дамытуда ерекше айқын көрінді. Ел үшін қызмет етті. Қай мәселені шешерде де қалың бұқара жағында болды. Ақ шешім, әділ төрелік айтты. Нендей мәселеге де мемлекет тұрғысынан қарады. Жеке бас қамын көп ісіне, халық қызметіне араластырмады. Нақты өмірдің өзінен шешім шығарды. Әбуді дұрыс түсінгендер де аз болмады, түсіне алмағандар да табылды. Қуанышы да, реніші де Әбу жүрегінде із қалдырмай өтпеді. Өмір талқысына көнбеске амал жоқ, көнуге тура келді. Бұл өмірді сонда ғана жеңесің.

Әбудің Гурьевке келгеніне де жылдан асып кетіпті. Жақсыны да, жаманды да көріп жүріп, уақыттың қалай өткенін байқамай қалды. Мың-сан проблеманы шешем деп уақытпен жағаласып, өмірмен арпалысып жүргенде заман желқайықтай ұстатпай өтіп барады. Өткенге көз жүгіртуге мұрша болмай жүрген осындай күндердің бірінде, Әбуге қызметті тағы да өзгертуге тура келді.

Партия қызметінің ерекшелігі, өз басыңның билігі өз қолыңда болмайтыны. Сен оның жауынгерісің. Жауынгер өзінен лауазым-шені жоғарының құлы. Партиялық қызмет те сол. Не айтса, соны жасауың керек. Бағынбай қарсы шығатын болсаң, күнің қараң.

Әбуді өзіне шақырған обкомның бірінші хатшысы Мұқамбет Есенов:

- Сені аса бір қиын ауданға жұмсағалы отырмын, - деді.

Әбу Маңғыстау жаққа бір жерге жібермек деп түсінген. Олай болмады.

- Соңғы кезде Мақат ауданы артта қалып келеді, - деді ол Әбуге, - оның объективті де, субъективті де жақтары бар. Ескі кәсіпшіліктерге кешірімді де болар. Өндіріс шаруашылығын ұйымдастыруда олқылықтар көп. Ауданды түзеу сенің қолыңнан келеді. Кадрлары да, өндірісі де өзіңе таныс аудан, - деді.

Әбу ап дегеннен ығына жығылып жабыса кетпеді, қарсылық та білдірмеді. Үнсіздігін келісім деп білген Мұқамбет Айтуұлы:

- Ендеше, ертең Алматыға жүресің. Бүгін жолға жинал, - деді.

Арадан үш күн өткенде Әбу Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қабылдауында отырды. Қызметі бастан асып жатқан басшының артық уақыты жоқ. Бәрі өлшеулі, кесіп-пішулі.

Әңгіме ұзаққа созылмады.

- Аудан өзіңе бұрыннан таныс көрінеді, - деді ол. - Мұнай ел экономикасының қан тамыры. Халық шаруашылығының барлық саласы да осыған байланысты. Күтер үміт зор. Өмір ғой. Қуаныш та, реніш те болып жатады. Партия қызметкері кезкелген мәселені әрдайым ақылмен шешуі керек.

Партиямыздың съездері шешімдерінде қойылған міндеттерді жүзеге асыруда талап жоғары. Саған сенеміз, жаңа қызметіңе сәттілік тілейміз.

Димекеңнің аузынан шыққан әр сөзі нақты да салмақты. Асқан парасатты да білімдар, ірі қайраткер екені байқалды. Әбу мемлекет басшысынан асқан ризашылық сезіммен шықты. Әр сөзі құлағында біразға дейін жаңғырығып тұрды. Жаңа ауданға бірінші басшы боп келгеннен кейін де айтқандары Әбуге жол сілтеп, бағыт, нұсқау беріп тұрғандай. Қысылып, қиналып, дағдарып қалған шақтарда әрдайым Қонаевтың сол бір қоңыр даусын еске түсіріп, әрбір оқиғаға парасатты қарауға тырысар еді. Қайсыбірде бойындағы шапшаң мінезін де ұмытып, артынша тез қайтуға дағдыланды. Қатты ренжіген кездерінде де қайтымы тез болатын.

Дінмұхамед Ахметұлының ұлағатты ақылын еске алып, сабасына түсер еді.

Гурьев облысының құрамында бұрын Жылой ауданына қарап келген Мақат соңғы кезде өз алдына отау тігіп, аудан боп бөлініп шыққан. Аудан орталығы Доссор елді мекені, мұнай кәсіпшілігі бар. Қазақстанда тұңғыш мұнай берген жер. Тарихы 1911 жылдан басталады. Мұнай көзін ағылшындар ашқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында мұнайының әр тамшысы жауға оқ боп атылды, бомба болып жарылды. Күні бүгін де маңызын жоғалтқан жоқ. Өзге мұнай кен орындарынан гөрі оған айрықша назар аударылуда.

Аудан экономикасы Әбуге таныс болғандықтан басшылық жасау қиынға соқпады. Бұрыннан көзі қанық жағдайларды одан әрі ұштастыра дамытып әкетті. Дегенмен, шешімін күтіп тұрған проблемалар аз емес-ті. Кәсіпшілік ескі, құрал-жабдықтар тозған, мұнай қоры да азая түскен. Скважиналардың фонтан беруі тоқтап, технологиялық әдістермен сорып алынады. Ол да біркелкі емес. Жер астына су айдап қабат қысымын көтеру, өзге де проблемалары жеткілікті. Бәрі қаржының күшімен жүзеге асырылатын дүниелер. Мемлекет бар қаржысын жаңа кен орындарын ашуға, Маңғыстау байлығын игеруге жұмсауда. Ауданға қарайтын Доссор, Байшонас, Қошқар, Сағыз, Бекбике, Комсомольск кәсіпшіліктері көптен жаңартылмай тозып тұр. Тұрғын үйлер ескірген. Аудан орталығы Доссорда тұрғын үйлер жетіспейді. Мұнайшылар үшін жаңа үйлер салынып жатқан жоқ. Совет үкіметінің алғашқы жылдары салынған барақ үйлердің сыны қашқан, түртіп қалсаң қисая кеткелі тұр. Сор көлінің екі бетіне шашырай орналасқан кенттің көркі көзге оғаш. Ауданның сыртқы да, ішкі де көрінісі осы кейіпте.

Әбу жаңа орында, алдымен, аудан кәсіпшіліктерінің мұнай өндіруде жоспарға шығу міндетін алға қойды.

Жағдайды анық білу үшін кәсіпшіліктерден түсетін ай сайынғы мәліметін алдырды. Қағаз бетіндегі ақпарлар аудан бейнесін айнадай көрсетіп тұр. Аудан бойынша 1966 жылдың аяғында 125 тонна сұйық отын жоспардан кем өндірілген.

Әбу мәліметтер жазылған бір парақ қағазды ары ысырып тастады.

- Жоқ, бұлай болмайды, - деді іштей наразы кейіппен, - мәселені жедел бюрода қарау керек.

Ол аупарткомның партиялық ұйымдастыру мен өндіріс бөлімі меңгерушілерін шақырды.

- Доссор мұнай, газ өндіру басқармасы жоспардан артта қалыпты. Оның себебін зерттеп көрдіңдер ме?

Өндіріс бөлімі меңгерушісінің жүзіне қадала қарады. Онда үн жоқ. Мәселеге көңіл бөлінбегені көрініп тұр.

- Ауданда комиссия құрылсын. Кеніштің өндірістік ахуалын жан-жақты зерттеп, бюроға мәселе дайындаңдар, - деді.

Әбу жігіттерге қатаң тапсырды, үні де қатқыл шықты.

Қызметкерлер Әбуді тым талапшыл дейтін. Жұмысқа қаталдығы рас. Қызметіне жауапсыз адамдарға кешірімсіз.

Әбу жаңа қызметіне кіріскелі аудан орталығынан шалғайдағы Байшонас, Сағыз, Қошқар кәсіпшіліктерінде болды да, іргесіндегі Доссор кәсіпшілігін әлі аралай алмаған. Бүгін Әбу кәсіпшілікті аралап келуді ойлады. Ешкімге жария етпей, түс қайта кеңседен шықты. Сорды жағалап біраз жерді айналды. Басын жерге салып тұрған скважиналар маңы мұнайға иленген топырақтан аяқ алып жүргісіз. Әр жерде шұқанақ мұнай көлдері тұнып қалған. Қайсыбір жерлерде жылғалап аққан мұнай сорға құйып жатыр. Сынған, қираған құрал-жабдықтар, тұрбалар жол бермейді. Құмға көміліп, шеті шығып жатқан құралдардың шеті жоқ.

Кәсіпшілік алаңын аралап жүрген жан көзге ұшыраспады. Тек дауыс жетер әудем жердегі топтық қондырғылар төңірегінде бірен-саран қараң-құраң көрінеді де, олар да ғайып болады.

Әбу көзге көрініп, айқай-сүрең туғызғысы келмеді. Аудан басшысының аралап жүргенін көрсе, бірінен-бірі хабарласып жиналып, қапылып қалары сөзсіз.

Күн көзі ұлы бесін шамасынан ауып барады. Скважиналар жиі орналасқан бірнеше тұстарын аралады. Үкі бастары әрең қозғалады. Жұмыс алаңдары лас, едендері ойылған. Әнімді еңбек ету мүмкіндігі жоқ.

Таңатар 20-30 шақырымдай жердегі шағын мұнай кен орыны. Жаңадан пайдалануға берілген. Бұрынырақта келгенінде бұрғылау жұмысы жүріп жатқан. Одан кейін келмеген. Қазір сол кен орынын жарық барда көріп қайтуды ойлады. Машинадан түскені сол еді, аяғы құмға кіріп кетті де, қара мұнайға былғанып шықты. Машина доңғалақтары астынан сұйық мұнай жылтырай бастады. Шофер қапылды.

- Аға, астымыз түгел мұнай, батып қаламыз, тез шығайық.

Машина да ыңырана кері қозғалды. Ізі лезде қара мұнайға толды.

Шамасы скважинадан өндірілген мұнай құбырдан далаға ағып құмға сіңген. Төңірегі түгел мұнай көлі.

Бұл кезде күн ұясына батып кеткен. Келесі бір қыр астында адамдар даусы естілді.

Бұл қайсысың, - деді машинаның алдынан жарыққа түскен ер адам, - бұл маңда неғып жүрсіңдер? Кімді іздеп келдіңдер?

Әбу жауап қатпады. Әлгі адам түнгі ауысымға қалған кезекші оператор болуы керек. Тақау келіп Әбудің бетіне үңілді.

- Ау, жөндеріңізді айтсаңдаршы. Шаруаларың болмаса тез қайтыңдар. Қараңғыда мұнайға батып қаласыңдар.

- Қай жақтың мұнайы айтып тұрғаның?

- Ойбай-ау, бұл жерді білмейтін бе едіңдер? Мына құм асты түгел мұнай. Батып қалсаңдар, сүйреп шығарар машина да жоқ.

- Ақсақал, біздерді бір-екі скважинаға бастап апарып көрсетші.

- Ойбай-ау, бағанадан бері не айтып тұрмын. Жеті қараңғы түнде сау скважинаны қайдан табайын. Әй, сендер дендерің дұрыс па? Адам осындай кезде скважина аралай ма екен. Дұрысы келген іздеріңмен қайту, - деп бебеу қағып тұр.

Аудандық партия комитетінің кезекті бюро мәжілісі әр айдың соңында өткізілетін. Әбу бір аптадай бұрын Доссор кәсіпшілігі өндірісін аралап, көңілсіз оралған. Жоғары сапалы мұнайы бар үлкен кен орнының қатардан шығып қалғанында, үңіліп қараса, мән бар екен. Мәжіліс алдында құжаттармен танысуды ұйғарған. Он бес парақ анықтамада бастан-аяқ басқарманы, басшыларын, мамандарын мақтау. Ал, мұнай басқармасының артта қалу себебі кен орыны ескірген, мұнай қоры азайған, өндіріс жабдықтары тозып істен шығуда. Әбудің өзі көзімен көрген жәйттердің бірі жоқ. Қирап, тозып далада қалған құрал-жабдықтар, айлап, апталап мұнай бермей қаңтарылып тұрған свкажиналар, топтық қондырғылар, copғa кетіп, құмға сіңген мұнай, иесіз қалған учаске бірі аталмайды. Әдетте комиссиядағы адамдардың қорытынды материалы ұнамай, көңілден шықпай қалатыны болады. Ондай кезде аупартком қызметкерлері бюроның қаулы жобасын объективті, нақты түрде дайындады, мәселе дұрыс шешімін табады. Ал, мына ұсынылған қаулы екі параққа жазылған. Кемшіліктің беті ашылмай мұнайшылардың әлеуметтік тұрмысы, тыныс-тіршілігі көлеңкеде қалған. Жоспардың орындалмау себебі - мұнда да мұнай қорының азаюы, қабатқа судың аз айдалуы, құрал-жабдықтардың ескілігі, жоғарыдан жәрдемнің жоқтығы.

Әбу бюро материалдарын дайындап ұсынған ұйымдастыру бөлімі мен өнеркәсіп бөлімі меңгерушілерін шақыртты.

- Сендер кәсіпшілікке барып көрдіңдер ме? Онда не болып жатқанын білесіңдер ме? Мұнай құмға сіңіп, кәсіпшілік қирап жатқанда оны көрмей, жол берген басшыларды қорғап мынадай қаулы жазуға қалай ар-ұяттарың барды.

Алдындағы екі жігітте үн жоқ, төмен қарап, бастары салбырап қалған. Әбу тұқырта түседі.

- Ұсынған мәселелерің түгел шикі. Ел алдында масқара болу ғана қалды. Алдында отырған екеуінде үн жоқ.

- Ау, айтсаңдаршы, мәжіліс залында ел күтіп отыр ғой. Өз қолдарыңмен жазған дүниелеріңе жауап бере аласыңдар ма? Қане, қайсысың жауап бересіңдер?

Шикі мәселені талқылаудан пәтуа шықпайтын еді. Әбу жиналған халық алдына өзі келіп, бүгін мәжілістің болмайтынын, басқа күнге ауыстырылғанын айтып, кешірім сұрады.

Мұнан кейін бюро араға он күн салып өтті. Мәселе қатаң талқыланды. Доссор мұнай, газ өндіру басқармасының басшылығы өзгертілді. Жарты жыл өткенде Доссор кәсіпшілігінің мұнай өнімі жоспарлы деңгейге көтерілді.

Аудандық партия комитетіне тұрғылықты халықтан түрлі мазмұнда арыз-шағымдар түсіп жатады. Бәріне назар аударып, қойылған мәселені шешіп, еңбекші-бұқараның талап-тілектерін орындап отыру аупарткомның міндеті ғана емес, қасиетті борышы. Ел-халықтың дабылына мән бермей аяқсыз қалдыру, құлақ аспау партия саясатын бұрмалағандық, мемлекеттік іске қарсы болғандық. Оған жол беру мемлекетті әлсірету. Партия сапындағы әрбір қызметкерін осыған тәрбиелейді. Әбу көзін ашқалы осы тәрбиемен өскен адам. Бүгін оған ел тағдыры, бүтін бір аудан тағдыры тапсырылып отыр. Сенімді абыроймен ақтау - Әбудің алдына қойған абыройлы міндеті, парызы. Бұқарадан түскен әрбір арыз басшы үшін партиялық тапсырма.

Осындай күндердің бірінде Мақат аудандық партия комитетіне Прорва елді мекен тұрғындарынан ұжымдық арыз түсті. Поселке тұрғындары түгелге жақын қол қойған бұл арызда елді мекен халқының жан дауысы естіледі. 1962-63 жылдарда мұнда барлаушы-бұрғышылар келгенде алғашқы шатырларын бұрғылау басына жақын сормен көмкерілген шағындау алаңқайға тіккен. Кейін бұл алаңнан мұнай бұрқағы атқылағанда қоныс жаңартуға мұршасы болмаған халық сол ескі орында сордың ортасында қалған. Алақандай орын енді бүгін тар. Ауыл түбіндегі скважиналардан төгіліп-шашылған мұнай иісі қоршаған ортаны, ауаны ластап, денсаулықтарына зиян келтіруде. Тұрғындары арасында ауру-сырқау көп. Жазда аптап пен тұзды сор қыздырған бұл аймақ оттың ортасында, малға да, жанға да қолайсыз. Өткен жылы өлкелік комитетте жүргенде қызмет бабымен Прорваға келгенінде қолайсыз мекен-жайын тұрғындар айтқан. Прорва халқының бұл талабын Әбу жергілікті басшылар құлағына жеткізген. Бірақ, одан қорытынды шықпаған.

Енді міне, сол мәселе тағы да Әбудің алдынан шықты. Қолайсыз қоныста зардап шеккен мұнайшылардың шырқыраған жан дауысы Әбудің құлағына келгендей болды. Бұл күрмеуі қиын мәселе еді.

Талай жыл айтқан арыздары басшылардың құлағына жетпей ашынған тұрғылықты халық қалай қарсы алар екен деп ойлады. Сен де тас керең екенсің ғой дер ме екен. Сонда оған не деп жауап бермек. Басшыларға айтып едім деп құтыла ала ма? Халық оған сене қояр ма?

Мұндағы жағдай Әбудің іштей қауіп еткеніндей болып шықты. Поселке халқы Әбудің әнебір жылы көріп кеткенінен де көбейген. Ауыл скважиналар ортасында қалған. Улы газ, мұнай иістері қолқаны қабады. Ауыл ортасындағы мұнай шалшықтарын бала-шаға, мал кешіп жүр.

- Әбужан-ау, саған бұрын да айтып едік қой. Сен де естімедің-ау бізді, - дейді ауыл қариялары.

Сұраса келгенде олар Әбудің әкесі Атшыбайды да, анасы Балжанды да танитын болып шықты. Ауылдас, аралас-құралас отырғандарын, дәмдес, ағайыннан артық сырлас болғандарын айтады. Өзін талай алақанға салып, арқалап өсірген мына жандардың «Сен де сондай ма едің» дегені Әбуге өңменінен өтіп, жетесіне жеткендей.

Әбу халық талабын орындау үшін бар күшін салды. Прорва елді мекенінің қонысын қалайда аудару керек. Осы жолы аймақты аралап, елді мекенге жайлы қоныс іздеді. Ақыры мұнда жақын елді мекен Сарықамысқа көңілі тоқтады. Прорва халқын көшіріп осында қоныстандыру керек. Арасы жақын, қатынап жұмыс жасауға әбден болады. Бірақ, көшірілген елге жаңа қоныста үй керек. Үй салдыруға күрделі қаржыны «Ембімұнай» бірлестігі ғана таба алады. Ең қиыны орнап қалған поселкені көшіру қажеттігіне көз жеткізу.

Мұнан кейін Әбу «Ембімұнай» бірлестігі басшыларын көндіруге күш салды. Облыстық партия комитеті алдында дәлелдеді. Жеке қарым-қатынас, беделін де пайдаланды. Ақыры мақсатына жетті. Сарықамыс поселкесінен бірнеше үй салдырып, Прорва тұрғындары осында көшірілді.

1973 жылы жазғытұрым Маңғыстаудың өз алдына отау тігіп облыс болып шығатыны жөніндегі дақпырт тарап кетті. Әдетте жоғарыда әлі шешіліп болмаған мәселелер елге күнілгері тарап кетуге тиіс емес. Бұл қызмет этикасы. Әйтседе, өздеріне қатысты қайсыбір мәселелерді қалай болса да халық күнілгері біліп отырады. Бұл, сірә, халықтың өз тағдырына деген жоғары жауапкершілігінен болса керек. Маңғыстаудың өз алдына дербес облыс болып шығатыны жөнінде де осылай болды. Кейде халық өзінің солай болса екен деген арман-қиялын да дақпыртқа айналдырып, болмайтынды болдырып жататыны бар. Сонымен бірге кейбірінің шындыққа айналып жүзеге асары да ақиқат. Маңғыстау жөніндегі қауесет те күнілгері төңірекке тарап кетті.

Маңғыстау мұнай, газ байлығын игеруді тездету үшін бұл өлкені дербес аймаққа айналдыру қажеттігі әлдеқашан көрінген. Сонда ғана ол дамудың даңғыл жолына түсе алмақ. Әбу оған сенімді де еді. Және ол күнді асыға күткен.

Әбудің жүрегі әлдебір күтпеген жаңалықтың болатынынан хабар бергендей, қуанышты күн келе жатқандай көңілі сергек. Әдеттегіше азанда тұрып, радионың құлағын бұрады да сосын шәйға отырды. Кенет радио бүгінгі хабарын Маңғыстау жаңалықтарымен бастайтынын хабарлады. Әбу елең ете қалды. «Бүгін Маңғыстауда ерекше жаңалық» деп бастап, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Жарлығы шыққанын хабарлады.

Мұны естігенде Әбу орнынан атып тұрды.

- Рая, тұр. Маңғыстау өз алдына дербес облыс болды ғой.

- Облыс болса маған не дейсің.

- Ойбай-ау, ол жақсылық емес пе. Неге қуанбайсың.

Рая оның жүзінен шындығында да ерекше бір қуаныш табын байқағанда балаша қуанып келгеніне іштей күлген.

Көп кешікпей партия Әбуді жаңа облысқа қызметке жұмсады. Маңғыстау облыстық халық бақылау комитетінің төрағасы қызметіне бекіді. Жаңа орындағы қызметінің қиындығы көп, бәрін жаңадан бастау керек. Төменгі сатыдағы қызметкерлер жетпей жатыр. Іскерлігіне қарап, іріктеп алғысы келеді. Бір-жарын Гурьевтен шақырды. Таяудағы міндет - аудандық, қалалық бақылау комитеттерімен байланысу басшылықты таптаурын, жаттанды әдіспен емес, жаңа бағытта жүргізу. Сонда неден бастау керек. Ойлап қараса, бәрі маңызды. Олардың бірі екіншісінен артық та емес, кем де емес. Жаңа өндіріс орындары техникалар тиімді пайдаланылып тұр ма? Еңбек ресурстары, мемлекет қаржысын үнемді жұмсау, өндірістегі қырсыздық пен ысырапқорлыққа қарсы күрес, мемлекеттік тәртіп, социалистік меншік, еңбекті ғылыми ұйымдастыру, жоғары жауапкершілік, арыз-шағымдар, тағысын тағылар, әйтеуір мың-сан мәселе - бәрі маңызды. Облыста 7 қалалық және аудандық халықтық бақылау комитеттері бар. Сондай-ақ, өнеркәсіп орындарында 2 халықтық бақылау комитеті, совхоздарда, ұйымдар мен мекемелерде, халық депутаттары ауылдық селолық Советтері жанынан 908 топ, 65 посты ұйымдастырды. Онда он мыңнан астам халықтық бақылаушылар жұмыс істейді. Әрбір үшінші халық бақылаушы партия мүшесі, 2 мыңнан астам бақылаушы комсомол мүшесі еді. Әбу халықтық бақылаушылар арасында әйелдердің көбірек болуын қалады. Сондықтан да, бақылаушылар арасында әйелдердің басым болуын талап етіп, қадағалады. Бұл әйелдерді қоғамдық жұмыстарға тарту саясатына сай келетін және қоғамда ғана емес, отбасында да әйелдердің рөлін көтеру болатын. Облыс халықтық бақылаушыларының 30 пайызын әйелдер, 60 пайызын жұмысшылар құрады. 127 халықтық бақылаушы жергілікті Советтердің депутаттары Облыстағы халықтық бақылау комитеттерінің штаттан тыс бөлімдері құрамында беделді де абыройлы жұмысшы, қызметкер, мамандар болды. Олардың санын көбейту арқылы бұқара халықтың бақылау-басшылық ісіне барынша көптеп тартылуы қамтамасыз етілді. Облыс болғанға дейін түбекте бар болғаны онға жетпейтін штаттан тыс бөлім жұмыс істесе, енді саны жетпіс бірге жетіп, құрамына қоғамдық 776 инспектор тартылды.

Халықтық бақылау топтары мен постыларына өз ұжымдарында орталарында сыйлы да қадірлі, белсенді де беделді жұмысшылар мен қызметшілердің болуын талап етті. Кәсіпорын, ұжым басшыларының өздеріне ағайыншылық, туыстық жағынан қатысы бар адамдарды құрамға енгізбей, бекітпей кері қайтарды. Бақылау топтары мен постыларына таңдаулы деген жергілікті жұмысшылар мен қызметшілердің сайлануына ықпал етті. Олардың арасында «Маңғыстау» совхозының шопаны, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Мерей Өтегенов, Қазақстан Компартиясы XV съезінің делегаты Хадиша болды.

Халықтық бақылау комитеті қызу жұмыстың қайнап жатқан орталығына айналды. Өмірде не болмайды. Кемшілік жұмыс бар жерде болады, жұмыс істемейтін адам ғана қателеспейді деген де қанатты сөз бар. Жұмыс жүріп жатқан жерде кемшіліктің де болатыны ақиқат.

Адамдардың жұмыс барысында, шаруашылықты ұйымдастыруда орын алған кемшіліктерге төзбейтіні де шындық. Қайсыбір басшылардың шаруашылыққа қырсыздығы, жауапсыз қарайтыны да, мемлекеттік, жалпыхалықтық мүддеден гөрі жеке қара басын көбірек ойлайтындар да жоқ емес. Кәсіпорындарында, мекемелерінде орын алып отырған мұндай жағдайларға араларында жүріп көріп, біліп отырғандардың төзбейтіні де, өзіме тимесе болар деп теріс қарап дым білмегендей отыра беретіндер де болады. Төзбей, жоғарыға арызданып, жәрдем сұрап, дабыл қағып, кемшілікті болдырмауға, орын алған олқылықтарды түзетуді батыл талап ететіндер, олқылықтарға жол беріп отырғандарға қарсы шығып, дабыл қағып, майдан ашатын нағыз майталман жанашыр жандар да аз емес. Олар қалалық, аудандық, облыстық партия, совет, халықтық бақылау, заң органдарына арызданып, дабыл қағып жатады. Қорытынды жасалмаса жоғарыға одақтық, республикалық партия, совет, заң органдарына, министрліктерге арызданады. Мұндай фактілер жиі болып тұрады. Әсіресе, шаруашылыққа, мемлекеттік меншікке шын мәніндегі жанашыр арыз-дабылдардың Маңғыстау өңірінен көп түсіп жататынын Әбу Гурьевте бақылау комитетінде жүрген кезінен білетін. Ол арыздарда халықтың жан-айқайы жатады. Жан ашуы жерге тигеннен шықпайды, жетеге тигеннен шығады. Бұрын жер түбіндегі Гурьевке қардай жауып жатқан арыздар енді бақылау түбіне келгенде дауылдатпай ма. Әбу түскен дабылдардың бірде-бірін назардан тыс қалдырмады. Тек бір жылдың өзінде халықтық бақылаушылар шаруашылықтың түрлі салаларында арыз бойынша 587 тексеру жүргізген. Осындай қарбалас күндердің бірінде Әбуді бірінші хатшы шақырды.

- Әбу, - деп бастады ол сөзін жайғасып отырғаннан кейін, - біздің облысымызда арыздың көпшілігі жоғарыға жазылады. Неге? Осының себебіне үңіліп көрдіңдер ме?

Әбу бірден жауап таба алмаған. Жоғарыға арыздың көп жазылатынын білгенмен талдау жүргізе алмаған. Солай еді деп айта алмады.

Арыздың көбейгені тегін болмасқа керек. Не басшылықты, не бақылауды әлсіретіп алдық. Мүмкін соның екеуі де бар болар. Осыған назар аударып көріңдерші, - деді де алдындағы жатқан бір буда қағазды Әбуге қарай ысырды.

Әбу қалың буданы оқып біраз отырды. Әңгіменің ұзын-ырғасы мұнай, газ өндіру кәсіпорындары төңірегіндегі былық-шылықтар. Мемлекет мүлкінің ойран-ботқасын шығарып обып жатыр. Жеп жатыр, асап жатыр. Түйені түгімен, биені бүгімен, тағысын тағылар.

- Хаттың жеке бас араздығымен жазылуы да мүмкін, - деп ескерткен хатшы. - Бәріне сақтықпен қарап, мұқият тексеріп, тиісті мерзімінде жауабын бер.

Әбуге хат ой салды. Іштей күдігі де жоқ емес-тұғын. Бұрын көпшілік арыздарды жергілікті қалалық, аудандық бақылау комитеттеріне жібере салатын. Жауаптары «тексерілді, кемшіліктер ескеріліп, түзетілді. Енді қайталамау тапсырылды», не «кемшіліктер анықталмады» болып келетін. Мұндай жүрдім-бардым, алып-ұшпа жауаптарға Әбудің көңілі бітпейтін. Аржағында тағы бірдеңелердің басы қылтиып, томпайып тұрғанға ұқсайтын. Бұл жолы арнайы тексеру комиссиясын құрып, құрамына есеп-қисап қызметкерлерін, бақылаушыларын, депутаттарды, прокуратура, баспасөз қызметкерлерін тартты. Ұзын саны он шақты адамнан асып кетті. Тексеру әдістерін белгілеп берді. Комиссия тергеу жұмысын «Өзен мұнай, газ өндіру» басқармасынан бастап, оған қатысты, байланысты кәсіпорындарды қамти отырып, «Жетібаймұнайгаз» өндіру басқармасымен аяқтады. Айдан астам уақыт жүргізілді. Нәтижесінде бір миллион екі жүз мың сом қаржы жетпесшілігі анықталды. Бұл бұрын-соңды болмаған, не некен-саяқ кездесетін жәйт.

Әбу комиссия дайындаған 20 парақтан тұратын анықтаманы аударып-төңкеріп ұзақ қарады. Оның пайымдауынша, бұл мемлекеттік мүлікті тонау, ендеше ешқандай кеңшілік болмауға тиіс, жолын кесу керек.

Арызға жауап жазуға отырды. Әшімбаев деректерді анықтап қана қоймай, себебін білуді сұраған. Әбудің пайымдауынша, қылмыс бар. Жауапсыздық, шашпашылық шаш етектен. Мұны жергілікті жауапты ұйымдар, органдар қарамаған. Енді дым білмеген бола қалып отыр.

- Айтқандай-ақ бар екен,- деді Әшімбаев хатқа жауапты оқып шыққаннан кейін, - бұған қандай шаралар қолданбақсың? Алда қайталанбауы үшін не істеу керек деп ойлайсың?

- Қайткен күнде де қатаң шараларын алмасақ болмайды. Өзгелерге де, өздеріне де сабақ болсын.

- Сабақ болып қана қоймай, ащы сабақ болсын, - деп үстемеледі хатшы.

- Келесі аптада тексеру қорытындысын комитеттің кезекті мәжілісінде қарамақпыз. Соған өзіңіз де қатыссаңыз.

- Алматыға жүргелі отырмын іссапармен. Өзге хатшылардың бірі міндетті түрде қатысар.

Келер аптада комитет мәжілісі белгіленген уақытқа шақырылып, ұзаққа созылды. Қалалар мен аудандардан, өндірістік кәсіпорындардан, қоғамдық ұйымдардан шақырылған жауапты адамдар толды.

- Мұнай төңірегінде тегін жатқан ақша бар ма? Бір миллион екі жүз мың сом қаржы қайда кетті?

Көп ішінен бірі күңк етті.

- Орындалмаса себептері бар.

- Сол себептеріңнің бірі сіздердің шаруашылыққа қырсыздықтарың емес пе? Мемлекеттік меншікті талан-таражға салғандарың емес пе?

Әбудің үні қатқыл шығады. Жүзі суық. Оған қарсы ешқайсысының қыңқ дейтін шамасы жоқ. Қай-қайсысы да қарсы келе алмай тайқып шыға береді.

- Шаруашылықта кемшілік болғаны рас. Бірақ, мемлекеттік мүлікке тікелей қол салудан аулақпыз. Қаржы жетпеушілігі қордаланып құралған кемшіліктердің салдары болар, -дейді олар.

Мұнан кейін ішке келесі лек кірді. Бұлар автотранспорт шаруашылығының басшылары, жауапты мамандары.

- Шырақтарым-ау, бір айда отыз не отыз бір-ақ күн бар емес пе? - деп сұрайды Әбу.

- Солай, - деседі олар.

- Сонда сіздердің кәсіпорындарыңда бір шофердің не жүргізушінің бір айда отыз екі, отыз үш жолдама тапсыратыны қалай?

Тағы да жауап жоқ. Енді Әбу оларды одан әрі тұқырта түседі.

- Сіздер оларға аптасына бір не екі күн тиісті демалысын да бермегенсіздер. Бұл қылмыс. Және бұл жылдар бойына солай жасалып келген.

Қазақ ССР-нің еңбек туралы Заңында әр жүргізуші күніге және аптасына неше сағат жұмыс жасауы керек?

- Сегіз сағат он бес минуттан аптасына қырық бір сағат.

- Ал мұнда әр шофер жүргізуші күніге он екі сағаттан жұмыс жасаған. Мүмкін артық жазған сағаттарыңыздың ақшасын жүргізушілермен бөлісіп алған шығарсыздар.

Әбу ұзақ сөйледі. Деректер, орынды дәлелдерге ешкім қарсылық айта алмады.

Мұнай, газ өндірісі қарқынды дамыған Маңғыстауда сала кәсіпорындары көп. Бәрін бір күнде қарап үлгеру мүмкін болмады. Өрескел кемшіліктер мұнай, газ өндірісі, оларды өңдеу, скважиналарды күрделі жөндеу, жерасты жөндеуі, барлау, бұрғылау, жабдықтау, автокөлік, құрылыс, әлеуметтік дамыту, тұрмыстық қамту, сауда, тамақтандыру, энергетика жүйесі, құбыр тарту, мұнай айдау, қабат қысымын көтеру, қосалқы шаруашылықтар, теміржол, ауыл шаруашылығы салаларында да орын алған. Бәрін қарап, тыңдау жыл аяғына дейін созылды. Қорытындысы ащы сабақ аларлықтай болды. Жұмысқа қажетінен артық қабылданған 98 қызметкер қысқартылды. Қосып жазу, көзбояушылыққа жол бергені үшін 408 лауазымды қызмет адамдары жазаланды. Ісінде қылмыс құрамы бар деп табылған күдіктілер жергілікті заң орындарына қылмыс құрамын анықтауға берілді. 25 адам жұмыстан босатылды. 85 адамға ақшалай айып салынды.

Осы жылы халық бақылаушылары тарапынан 170 мекеме мен өнеркәсіп орындары тексеріліп, 2500-ден астам адам қатысқан. 1900-ден астамы халық бақылаушылары, 150-ден астамы «Комсомол прожекторларының» белсенді мүшелері.

Облыс бақылаушыларының осындай істерін халық та, басшылық та оң бағалап, көпке дейін айтып жүрді. Нәтижесінде шаруашылықтар бір ізге түсіп, ұзақ уақыт мемлекеттік талаптар тұрғысынан жұмыс істеді.

Сонымен, қазыналы түбекте мұнай өндірудің алғашқы он жылы ішінде, яғни 1965-1975 жылдар аралығында жүз миллион тонна «қара алтын» өндіріп, Отан қоймасына тапсырылған болса, мұнда Әбудің де лайықты үлесі, қолтаңбасы бар еді.

1975 жылдың жазы. Асқар кеше жұмыс ретімен Құлсарыға келген. Құлсары бұрынғы Жылой, қазіргі Ембі ауданының орталығы. Асқардың туылған жері осы ауданның Бейбіт ауылы. Асқар Әбудің туған інісі. Атшыбайдан үш қыз - Құтым, Аққыз, Тілектес, екі ұл -Әбу мен Асқар. Бертін келе Асқарды Атшыбайдың інісі Балағұл бауырына басқан. Әбу інісін өзіне сүйеніш көретін. Оның оқуына әрдайым көңіл бөліп, қамқор болып жүреді. Қолынан жетектеп Гурьевке мұнай техникумына апарған да өзі. Кейін Мәскеуде Губкин атындағы мұнай институтына түсуіне де жәрдемдесті. Өндірістік қызметінде де ағалық ақыл-кеңесін аямай жол көрсетіп, қанатының көлеңкесін сала жүреді. Аға қамқорлығы бар, өзінің де талабы зор Асқар тез қанаттанып кетті. Әйтсе де ағаның ақыл-кеңесі шалғайда жүрсе де оған сүйеніш, демеу. Қиналып, қысылғанның бәрінде алдымен Әбуге келеді. Асқар соңғы 15-20 жылдан бері Прорва мұнай, газ өндіру басқармасы бастығының орынбасары болып, биыл басқарма бастығына жоғарылатылды. Бұрын Гурьев облысына қарап келген басқарма 1973 жылы Маңғыстау облысы өз алдына дербес облыс болып отау тіккенде жаңа облыс құрамына еніп, әкімшілік-аймақтық жағынан Бейнеу ауданына қаратылды да, ал Прорва мұнай кәсіпшілігі өндірілген мұнайын бұрынғыша Гурьевке тапсыратын. Екі облысқа бірдей бағыныштылық кәсіпшілік жұмысшыларына, басқарма орналасқан Сарықамыс елді мекенінің халқына оңай тимеді. Кәсіпшілік халқы екіжақты бұлғаққа түсті. Бұрын Сарықамыс пен Гурьев арасына жолаушылар ұшағы, аудан орталығы Құлсарыға жолаушылар автобусы қатынайтын. Бұл шалғайдағы мұнайшылар мекені мен аудан, облысаралық қатынас-байланысты жақсартып еді. Енді арада кереғар жағдай орнады. Гурьевпен ұшақ қатынасы, Құлсарымен автобус қатынасы тоқтады. О бастан өндірістік-шаруашылық байланыста болып келген елді мекен Сарықамыс халқы айдалада қалды. Бұрын тікелей байланыста болған халық енді балаларын жетектеп, асай-мүсейлерін арқалап, ұзын жолдың бойында әр машинаға қол көтеріп, әр көліктің соңынан жүгіріп, айдалада күнге қақталып, қыста боранға ұшырап, тоңып шашырап жүретін күйге ұшырады. Бұл ақыры халық наразылығын туғызды.

Кеше азанда Құлсарыға шығарда Асқардың кішкене «УАЗ» көлігіне жол тосып тұрған халық лап берді. Бірақ бес орындық кішкентай «УАЗ-469» көлігіне қанша адам сыймақ. Асқардың қолынан келгені артқы орындықтарға үш адам отырыңдар деген. Бірақ таласып-тармасқан жұрт оған қараған жоқ. Үш адамның орнына бес-алтыдан мініп алғаны. Оларға Асқар түс деп айта алмады. Бірақ, алып жүруге тағы болмайды. Біріншіден қауіпсіздік ережесіне жатпайды. Ойқы-шойқы қара жол, артық жолаушылар алған машина өрге көтерілерде зорлана гүжілдейді.

Жол бойы Асқар ой үстінде. Оның шалғайдағы кәсіпшілікке басшы болып тағайындалғаны жаңадан. Кәсіпшілік халқының айтар мұңы көп. Қатынас мынау. Кәсіпшілікте тұрғын үй мұқтаждығы сұмдық. Бір замандары салынған барақ үйлер әбден тозығы жетіп, тиіп кетсең жаманатын аударғалы тұр. Халыққа ол да жетпейді. Баспанасыз жер үйде отырған отбасылар бар. Мұнда тұрғын үй құрылысын жандандыру - кезек күттірмейтін мәселе. Мектеп, байланыс, жылу жүйелері де оңып тұрған жоқ. Сарықамыс поселкесінің тұрғындары теледидар дегеннің не екенінен бейхабар. Ел жаңалығы мұнда айлап, жылдап жетпейді. Радио, газет-журналдар дегенің апталап, айлап кешігіп келеді. Елді мекен халқы тап осы бүгін өркениеттен елу жыл артта келеді. Қазір Асқар машина үстінде селкілдеп келе жатып осыларды ойлады. Сауал көп, жауап жоқ. Қайсыбірде осында келуге келісім бергеніне өкінеді. Әлі де басшылықтан бас тартсам ба деп те ойлайды.

Тағы бірде қиындықтарды қалай да жеңіп шығуға бел байлайды.

Осы ой келесі күні оны жолға алып шықты. Маңғыстау облысының орталығы Шевченко қаласына келіп, алдымен Әбуден ақыл-кеңес алмақ. Содан кейін Тұтқабай Әшімбаевтың қабылдауына кіру.

Бұл күні ол кештетіп Әбудің үйіне келіп түскен. Көптен аға-жеңгесін көре алмаған. Уақытында келіп сәлем беріп тұра алмаған ұяты бар, әрі бірінші басшыға кірместен бұрын Әбумен ақылдаспақ. Оның өзінің Сарықамыс мұқтаждарын шешуге жәрдемі тиіп кетпес пе екен деп те ойлайды.

Аржағы тума - Әбу інісіне жаны ашымайды емес. Бірақ, орынсыз ағайындық таныта бермейді. Ол - жамандық ойлағаннан емес, өзі үйренсін, өмірді түсінсін, әбден шынығып, қайнап піссін дегендік. Ол інісін де, өзге тумаларын да әркез осыған үйретіп келеді. Асқарға да солай істеді. Мүмкін бар беделін салып жатса, тиісті орындар Әбудің бір сөзін жерде қалдырмас. Бірақ, мақсатына оңай қолы жеткен інісі үнемі ағасына сүйеніп кетпей ме. Қол астындағы халықты басқару оңай емес. Тұрғын халықтың қайда да шешілмеген мың-сан проблемасы, зәру мәселесі күн сайын туындап жатады. Оның бәрін шешу бір өзіңнің қолыңнан келмей, даң болып отыратын сәттер аз болмайды. Басшы қиындықтың бәрін көтеріп, мәселе шешуді үйренсін. Ол інісінің осындай болғанын қалайды. Қазір де солай жасады. Мәселені шешудің жолдарын, әдістерін ғана үйретті.

- Мына мәселелер - бір өзіңнің қолыңнан келер дүние емес. Оған менің де жәрдемім тимеуі мүмкін. Бұл жерде ағайын, таныс, жора-жолдас іздеме. Мемлекеттік деңгейде шешілетін үлкен мәселелер екен. Ендеше, тиісті жоғарғы орындар алдына қоя білуің керек. Алдымен, облыстың бірінші басшысының алдын көрем дегенің дұрыс, - деді.

Сонымен, Асқар облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Тұтқабай Әшімбаевқа кірді. Алдында Әбу оның мінез-құлқы, адаммен қалай сөйлесетіні жөнінде біраз мәліметтер беріп, қалай әңгімелесу керектігі жөнінде айтқан. Асқар аға ақылымен бірінші хатшы алдында өзін еркін ұстады. Ол мәселені қысқа да нұсқа айтқанды ұнатады екен. Кәсіпшілік халқы, мемлекеттік жоспар, өндіріс жайын аз сөзбен түсінікті жеткізді.

Хатшы оның сөзін мұқият тыңдады. Сосын сәл бөгеліп:

- Алғашқы мәселе менің қолымнан келер дүние емес екен. Сарықамыс - Опорный теміржол станциясы арасына автобус қатынасы ашылады. Ал, қалғандары - менің қолымнан келмейді, - деді. - Бірақ, облысқа қарағаннан кейін Сарықамыс халқының тағдырын бөліп тастай алмаймыз. Сен бұл мәселелермен Қонаевтың алдын көруің керек.

- Ол кісі мені қабылдар ма екен.

- Оның жолын мен табайын. Қолыңа облыстық партия комитеті атынан көтеріп отырған мәселелеріңді қолдаған хат беремін. Ал, Сарықамыс - Опорный автобус қатынасы таяу күндерде шешіледі.

Әшімбаев уәдесінде тұрды. Арадан апта өтпей Сарықамыс - Опорный автобус қатынасы ашылды. Он күннен кейін Асқар Алматыда СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қабылдауында болды. Үлкен де айнадай жылтыраған қоңыр есіктен ішке енгенде сонау арғы шетте ұзын үлкен зал бөлменің қақ төрінде отырған Қонаевты көрді. Оның шашын кері қайырған жігерлі келбеті сол газеттерде көріп жүрген суреттерінен аумайды. Асқар төрдегі үстелден есікке дейін төселген кілем үстімен жеткенше ұлы тұлға орнынан тұрып алдынан шығып қол алысты. Сосын Асқарға орын нұсқады.

- Маңғыстаудан келгеніңнен хабарым бар, - деді ол бірден әңгімеге көшіп.

Асқар оның үнінен асқан бір жылылықты сезінгендей болды. Келбетінен адамға деген сүйіспеншілік лебі есіп тұрды. Қысылмай еркін отырып айта бер дегендей иегін сәл қозғады. Асқарды оның жылылық нұрын төгіп тұрған келбеті жолға салып жібергендей әңгімесін жүйелеп айта бастады. Ол мұқият тыңдады.

Асқар әңгімесін жалғай түседі.

- Мұнай беріп тұрған кәсіпшіліктің де, оны игеріп жатқан тұрғын халқымыздың да бүгінгі жағдайы осы үш мәселеге тіреліп тұр, - деді сөзін аяқтай келе. - Ендеше, алғашқы екі мәселе орындалады. Ал, ауылға теледидар қондырудың біздерге байланысты емес жері бар. Бірақ, ол да шешіліп қалар.

Оның айтқандарынан Асқардың түсінгені - орталықтан шалғай алыстағы ауылға ғарыштық жүйедегі теледидар қондырғысы қажет. Ол Қазақстанда жоқ. Ресейде Красноярскіден алдыру керек. Ол үшін аяқтай жүру, сонда бару керектігін, обкомның бірінші хатшысымен өзінің сөйлесетінін айтты.

Асқар Қазақстан басшылығының кабинетінен қуанышты шықты. Біріншіден, ол жер түбінен келгенде үлкен адамның айтып ауыз жеткізгісіз қабылдап, шаруасының бітіп шыққанына қуанса, екіншіден, КСРО Саяси бюросының мүшесі, Бүкіл Одақты басқарып, аузынан шыққан әр сөзі Одаққа жүріп тұрған, Қазақстан сияқты аумақты үлкен елдің басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтай ұлы адамды көру, онымен жүздесіп, дидарласу, оның қамқорлыққа толы жылы лебізін есіту бақытына ие болды. Ол Алатаудың қар басқан биік шыңдарымен таласа, аспанға қол созған заңғар биік Үкімет үйінен шыққанда жүрегі алып-ұшып, әлдебір мақтаныш сезімдері кернеп бара жатты. Және ол қуаныш ұзақ уақыт есінен кетпеді. Елге келген соң да ұзақ жылдар ұмытылмады. Ол осы сапарын, Қонаевпен кездескен сәтін жыр қып айтып жүрді.

Елге келген соң айға жетпей-ақ Шевченко-Бейнеу-Сарықамыс, Гурьев - Сарықамыс елді мекенімен жолаушылар ұшағы жолы ашылды. Алдағы жарты жылдықтан бастап Сарықамыс елді мекені басынан бірнеше тұрғын үй құрылысына қаржы бөлінді. Араға ай салмай Асқарға Красноярск қаласына жол Түсті. Красноярск обкомының бірінші хатшысына Қонаев телефон шалды. Мұнда келген Асқар бірінші хатшының өзіне кірді. Елулерге жете қоймаған жігіт ағасы жасындағы қызыл шырайлы кісі оны кезексіз қабылдап, мәселемен хабардар екенін айтты. Бірақ, мәселені шешіп қоюға мүмкіндігі болмағанын, осы кеше Мәскеуден оралғанын айтып, төңірекке телефон шала бастады. Сосын Асқарға біраз күн аялдауға тура келетінін айтып, оны «Красноярск» мейманханасына барып орналасуды тапсырды. Мейманханада Асқардың аты-жөні кезекші әкімшілігі алдында бірінші болып жазулы тұрды. Бұл күні мейманханада демалған Асқарға келесі күні азанда бір орыс жігіті келіп бірге жүретінін айтты. Осындағы әскери округте ғарыштық жүйедегі теледидар қондырғысы бар екен, бірақ оны қолға түсіру қиынның қиыны, ақыреттің өзі болып шықты. Новосибирск облысының Красноярск әскери жабық қаласында құпия әскери заводы бар. Әскери округтің маңайына азаматтық мемлекеттік мекемелер жуй алмайды. Олардың кезкелген есігіне де, тесігіне де қырық рет тексеруден өтіп, арнайы рұқсатпен сағаты, минуты көрсетіліп зорға өткізеді екен. Қырық тесіктен өтіп, қыл көпірден өткендей болып барғанында әскери округ бас қолбасшысының бірінші орынбасары, генерал, құпия әскери зауыт директоры шеніндегі елулердің еркін үстіндегі кісі оған КСРО Қорғаныс Министрінің рұқсатынсыз бере алмайтынын, бұл қондырғының әскери мақсатта қолданылатынын айтты.

Асқар осы араның өзіне бір аптадай жүріп жеткен. Енді мына генерал жуытар емес. Ал, бас қолбасшының өзі ауылда жоқ. Ол Қиыр Шығыс әскери округіне әскери қорғаныстық мақсаттағы іссапарға кеткен, бір аптасыз оралмайды. Ал, онсыз мәселе шешілмейді. Жолы болмаған екеуі бүгін де күнұзағына бос-жолдыбай сандалып кері қайтты. Жолда Асқарды мейманханасында қалдырған облыс хатшысының өкілі келесі күні кешке қарай хабарын берді. Оның айтуынша, облыс басшысы Қонаевқа, ал Қонаев Қорғаныс Министріне шыққан.

- Мәселе шешілді, - деді ол.

Телефонная үні саңқылдап шықты. - Ертең таңертең дайын отырыңыз.

Келесі күні олардың жолы болды. Өлдім-талдым дегенде әскери базаның жер түбіндегі құпия қоймаларының бірінен ғарыштық жүйедегі теледидар қондырғысын әзер суырып алып шықты.

Красноярск сапарынан жолы болған Асқар қайтар жолда ұшақ үстінде шаруасының Қонаевтың арқасында ғана біткенін ойлады. Және жәй ғана қондырғы емес, ең жоғары сапалы ғарыштық жүйедегі телеқондырғы. Қонаевтың бір Қазақстанды ғана емес, Бүкіл Одаққа танымал болып, сөзі жүріп тұрғанына қуанды. Тусаң осындай ұл ту қазақ деген іштей мақтаныш та болды. Ол телеқондырғыны контейнерге жүктеп, өзі ұшақпен қайтты.

Ауылда теледидар қондырғысын орнату - оны табудан да қиын болды. Ғылымның соңғы жаңалығы жаңа техниканың бұл жақта мамандары жоқ болып шықты. Оны қондыру жобасы Алматының «Гипроводоканал» институтында жасалып, орнату үшін үш бірдей маман Мәскеуден шақырылды. Оның хабарлау құралы Грозныйдан арнайы автокөлікпен алдырылды.

Асқар қол астындағы Сарықамыс халқының осы өңірде Ембі ауданында бірінші болып жоғары сапалы және аса қуатты қондырғысы бар көгілдір экранды тамашалай алуына қол жеткізді. Асқардың бұл ісіне аудан басшыларының өзі таңғалды. Қайдан, қалай тапқанын қызыға сұраушылар көп болды. Облыстық, халықтық бақылау комитетін басқарып отырған ағасы бар, соның жәрдемі ғой деушілер де аз болмады. Қалай болғанда да Сарықамыс тұрғындары басшыларына дән риза еді.

Асқардың өткендегі шаруаларын ойдағыдай бітіргендігі Сарықамыс тұрғындарының қуанышы, аудан басшыларының оған көзқарасы Әбудің құлағына жетіп жатты. Оған іштей қуанды. Інісінің халық алдындағы абырой-беделін мақтан етті.

- Осылай жұмысыңды жалғастыра бер, - деп оны жігерлендіре түсті.

Асқар өзінен 13 жас кіші. Биыл 37 жасын толтырады. Қазір дер шағында. Халыққа қызмет етуден аянбасаң, халық та сені ұмытпайды. Алда әлі талай жеңіс биігіне мүмкіндігі бар. Тек аман болсын.

Өмір ағымы тіршілікте болып жатқан қуаныш, реніштеріңді ұмыттырып, тағы да Әбуді өз ағымымен алып кете берді. Қайнап жатқан Маңғыстау өмірі бір сәтке қол үзер болсаң ырқыңа көнбей бас білмейтін асаудай ала қашады. Мұндайда тізгінді қолдан жіберіп алсаң енді қайтып саған ұстатпайды да. Партия алға қойған міндет - оныншы бесжылдықта 16,7 миллион тонна Маңғыстау мұнайын Отан қоймасына жөнелту. Бұл халықтық міндет, халық ісі. Бүгінгі таңда Маңғыстау еңбекшілері осынау абыройлы міндетке жұмылдырылған. Ол үдеден шығу үшін мұнай өндірісінің күнделікті тыныс-тіршілігін уыстан шығарып алмай жіті қадағалап отыру шарт. Мұнда халық бақылаушылары алдында да зор міндеттер тұр. Маңғыстау мұнайының құрамында парафин көп. Ол отыз екі градус ыстықта құбыр бойында қатып қалып, құбырмен айдауға кедергі келтіріп, қиындық туғызады. Сондықтан, оны алдымен алпыс екі градусқа дейін қыздырып, сұйылтып алады. Осылайша, ұзындығы 1380 километрлік Маңғыстау - Гурьев -Құйбышев мұнай трассасы арқылы сонау батыс Еуропаға, Болгария, Польша, Венгрия, одан да ары кетіп жатқан «Достық» мұнай құбырына жалғасады. Маңғыстаудан бастау алған осы мұнайды өндіру кезінде көлденең шығындар, қосымша жұмыстар көп кездеседі. Мұнай жер бетіне көтерілгеннен топтық қондырғыларға тартылған мұнай жүйелеріне парафиндер қатып қалып, құбыр бойымен мұнай жүрмей құбырлар жарылып, не парафиннен тазарту кезінде мұнай ысыраптары жиі кездеседі. Соның салдарынан скважиналар жиі жөндеуге алынып, мұнай өндіру төмендейді. Екіншіден, Өзенде мұнайлы қабатқа су айдау тәжірибесі қолданылған жоқ. Скважиналар жер астының табиғи қысымымен атқылап, жоспар соның есебінен асыра орындалып тұрды. Ал, бұл кен қабатын өнімді пайдаланудың геологиялық, технологиялық талаптарына жатпайды. Сондықтан қабат қысымы азайып, мұнай өндіру қарқыны да төмендеп кету қаупі туған.

Бүгін азанда Әбудің қала аралық телефоны шар ете қалды.

- Сізді сұрайды, Жаңаөзеннен, - деді хатшы қыз.

- «Өзенмұнайгаз» басқармасының №2 кәсіпшілігінің мұнайшы инженерімін. Цехтық халықтық бақылау ұйымының атынан хабарласып тұрмын, - деді айтқан есімі дұрыс естілмеген біреу.

- Иә, айта бер, - деді Әбу не айтпағын тезірек білгісі кеп.

- Өзен кен орнында мұнайлы қабатқа ыстық су өте аз айдалып тұр. Мөлшері өндірілген мұнайдың көлемінен көп кем. Қабатқа салқын су айдау тәжірибесі әлі қолданылған жоқ. Қабат қысымы тым аз. Соның салдарынан қайсыбір скважиналардың мұнай өнімі төмендеді. Біздер - халықтық бақылаушылар не істей аламыз. Осылай жалғаса берсе жағдай нашарлайды.

Хабаршының сөзі аяқталмай байланыс үзіліп кетті. Әйтеуір, ойын айтып үлгерген сияқты.

Әбу дабылды аяқсыз қалдырмады. Жаңаөзен қалалық бақылау комитетінің төрағасы Бақытжан Қожаниязовқа телефон шалып, халықтық бақылау цехтық ұйымдарының жетекшілерімен кездесу керектігін, ертең сағат онға баратынын айтты.

Келесі күні уәделі уақытында мұнайшы бақылаушылармен әңгімелесті. Қабатқа ыстық судың жоспардан кем айдалып тұрғаны белгілі болды. Қабатта парафинді мұнай қоюланып қатып қалып жоғары көтерілмейтіні, жер астына салқын су айдалмайтыны расталды. Және бұл тек бүгін емес, кен орыны пайдалануға берілген анау 1964 жылдан бері солай. Енді болса одан бері өткен он жылда кен қабатынан алынған мұнай мен оның орнына айдалған судың айырмасы тым ұлғайып кеткен. Бұл кен қабаты апат алдында тұрғанын байқататын. Жағдай түсінікті еді. Бұл о баста мәселені көлденең қоймаған.

«Өзенмұнайгаз» өндіру басқармасының кінәсі ғана емес, жоғарыда Одақтық деңгейдегі Министрлік басшыларының да кінәсі болатын. Енді жылдар бойына кеткен қателікті бір күнде түзету мүмкін емес. Және оған үлкен мөлшерде қосымша қаржы керек. Ондай қаржының осы мақсатқа бөлу, бөлмеу Одақтық Министрліктердің құзырында. Ал, олар Қазақстанға бағынбайды.

Облыстық бақылау комитеті облысқа қарайтын ұйымдарды міндеттей алады. Бірақ, қолдарынан келмес іске оларды қалай міндеттемек. Мәселе облыстық халықтық бақылау комитетінің кезекті мәжілісінде қарап талқыланды. «Өзенмұнайгаз» өндіру басқармасы мен «Маңғыстау мұнай газ» өндірістік бірлестігі басшыларын тиісті министрлікке шығып, мәселе қоюға міндеттеді. Маңғыстау мұнай, газ өндірісінің өзекті мәселелерінің кешенді шешілуіне ықпал етуге облыстық партия комитетінің назарын аударды. Тиісті шаралар алынды. «КазНИПИнефть» институтына Өзен кен орнын тиімді пайдалану жобасын жасауға тапсырма берілді. Ол жоба бойынша құбырмен келген мұнай топтық қондырғыларға құйылып, мұнда әрбір скважинада өндірілген мұнай өлшеніп, тазартылып, арнаулы пештер арқылы ысытылады. Бұл жаңа әдіс мұнайдың сапасын елу пайызға көтереді. Алға қарай өндірілген мұнай бұрынғыша топтық қондырғыларға емес, тікелей «Спутник» қондырғыларына жалғанатын болды. Қабатқа су айдау қолға алынды.

Облыс халықтық бақылаушылары өндірістің ескі технологиясын жетілдіру, орынсыз шығындардың себебін анықтап, жолын кесу, жұмыс уақытын ұтымды пайдалану, ілеспе газды ысыраптамау, скважиналарды газ лифті әдісіне көшіруге мұрындық болды.

Тағы бірде «Жетібай мұнай, газ» өндіру басқармасында қордағы скважиналардың бос тұрып қалатыны жөнінде облыстық бақылау комитетіне дабыл түсті. Тексеру қорытындысында скважиналардың орынсыз кідіріске ұшырауы 494 мың сағатқа жеткені салдарынан 70 мың тонна мұнай өндірілмей қалғаны анықталды.

Айта берсе мұндай деректер көп. Нәтижеде 1985 жылы он екінші бесжылдықтың қорытындысында облыс еңбекшілерінің қол жеткен табыстарында облыстық халықтық бақылау комитетінің де лайықты үлес қосқаны аталып өтті. Бұл екінші жағынан Әбудің жұмысына берілген баға еді.

Халық бақылаушылары бұлардан басқа талай жүздеген қылмыстың бетін ашып, құрықтады. Ақтау пластмасса зауытында қолданылмаған, әлі іске қосылмаған құрал-жабдықтардың құны 1983 жылдың өзінде 10 миллион 285 мың сом, ал Жаңаөзенде Қазақ газ өңдеу зауытында мұнай құрал-жабдықтарының құны 4 миллион 381 мың сомға жеткен.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев: «Он бірінші бесжылдықтың аяғына дейін... мұнайды 23 миллион тоннаға жеткізіп, Бозашы түбегі мен Каспий ойпатындағы мұнай кен орындарын игеруді...қамтамасыз ету керек», - деп атап көрсеткен болатын. Бұл міндетті орындауға Әбу Атшыбаев бастаған Маңғыстау облысының халықтық бақылаушылары лайықты үлес қосты. Облыста 1983 жылдың өзінде 16,5 миллион тонна мұнай және газ конденсаты өндіріліп, 3,2 миллиард текшеметр табиғи және ілеспе газ Отан қоймасына құйылды. Басқа да көптеген өнімдер алынды. Бозашы түбегі игерілді.

Қонаев Д.А. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Қазақстан Коммунистік партиясының XV съезіне есепті баяндамасы, Алматы, 1981, 18-бет.

Өндіріс басшысы болу - ұшы-қиыры жоқ мазасыз тірлігі көп жұмыс. Оған біліммен бірге ғылыми тәжірибе, зеректік, іскерлік те керек. Ол - әлдекімдердің ұғымынша жайлы креслоға отырып, ысылдаған машина міну емес, күрмеуі қиын күрделі жұмыстардың түйінін тауып ұйымдастырушы, прогрессивтік, техникалық, саяси-шаруашылық, мәдени-әлеуметтік шаралардың бас тұтқасын ұстаушы. Бұл - шарықтаған ой мен шығармашылық терең зердеден шыққан шешім арқылы қол жетер дүниелер. Талай шырғалаңды бастан кешіп, мұз төсеніп, қар жастанып, зарығып жүріп ұйымдастыра алсаң - еңбегіңнің жанғаны. Асқар соңғы 20 жылдан бері басшы қызметте келеді. Осы уақыт ішінде ол басшымын деп кабинетте қыста жылы пеш түбінде, жазда кондиционер астында тыныстап отырып көрмеген жан. Қашан көрсең үнемі аяқ үстінде. Осы еңбегінің жемісі болар, 1981 жылы «Қазақстанның еңбегі сіңген мұнайшысы» атағына ие болды. КСРО мұнай, газ өнеркәсібі Министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл құрметті атақты оның әкесі Балағұл да алған. Әке батасы дарыды. Інісінің абыройына Әбу де қуанды. Ол інісінің жетістіктерін әркез қалт жібермей қадағалап, қуат беріп, қолдап отыратын. Бұл жолы да:

- Құттықтаймын. Тек мардамсы кетіп жүрме, - деді салқынқанды.

- Түсінемін ғой. Әйтеуір, барымша атқарып жатырмын, - дейтін ол ағасына.

Осы қазір Прорва мұнай кәсіпшілігі кезекті бір жауапты кезеңде тұр. Мұнда қабаттың мұнай өнімділігін арттыру үшін бұрын-соңды қолданылмаған Жапониядан шыққан «Р-1», Голландиядан шыққан «Серво», «Сеперал» реагенттерін тұңғыш Прорвада тәжірибеден өткізу жауапкершілігі Асқарға жүктелген.

- Өте мұқият та сақ бол, - деді Әбу, - бұл үлкен құрмет. Ойдағыдай атқаруыңа тілектеспін.

Аға тілегі, аға жүрегі оған дем беріп, аса жауапты міндетті шабыттана жүріп атқарды. Бәрі ойдағыдай болды. «Ембімұнайгаз» бірлестігі оның тұңғыш тәжірибе жөніндегі ғылыми қорытындысын оң бағалады. Ендіден былай бұл жаңа технологиялар Гурьев, Маңғыстау мұнай өндірістерінде тәжірибеге енгізілді.

Асқар Теңіз кен орындарын ашуға да үлес қосты. Мұнда №1 ұңғыны қазу жұмысын Волгоград бұрғылау басқармасы жүргізіп жатқан. Олардың базасы алыста. Ал мұнда күш, көлікке зәру боп қалған кездерде олар Сарқамыстағы Прорва кәсіпшілігіне арқа сүйейді. Мұндайда Асқар қолынан келгенше жәрдемін аяған емес. Осы ұңғыны сынақтан өткізер кезінде Асқар солармен бірге болды. Бұрғы басында мазасыз түндерді бірге өткізді. Ұңғы ойдағыдай сынақтан өтіп, нәтиже берді. Сол күні ол «уф» деп бір дем алып отыр еді. Үстіне бір топ жігіттер кіріп келді. Волгоград бұрғылау басқармасының кешегі №1 ұңғыны қазған жігіттері.

- Асқар Балағұлович, Сізді құттықтауға бригада боп келіп тұрмыз.

Асқар аң-таң. Менің туған күнім емес еді ғой. Және отбасында да кешелі-бүгін ешқандай қуаныш-жаңалық бола қоймаған.

- Мынау КСРО Мұнай Министрлігінен Сізге арнайы келген тарту мен құттықтау, - деп үлкен қомақты қорапты ұсынып, Министрліктің алғысын оқып жатты.

1981 тауық жылы Әбудің отбасы, төңірегі үшін қуанышы мол жыл болды. Тұңғыш ұлы Нұрланы отбасы көптен күтіп жүрген хабар айтты.

- Елдің сендей балалары әлдеқашан үйленген. Тіптен, ата-аналары немере сүйіп отыр. Сен қашан үйленесің, - деп үнемі айтып отыратын Рая да ұлына.

Нұрланның жасы биыл жиырма екіде. Қатарлары үйленіп, үйлі-баранды болып жатыр. Ұл да, қыз да кезінде аяқтанып қалмаса, кейін қатарлары кетіп, сосын бір өзі саяқтанып, оқшауланып қалып қояды. Мұндай кезде ұлға үйлену, қызға тұрмысқа шығу қиынға соғады. «Көне етіктіге бармай, көк етікті алмайды» дегендей ғұмыр кешеді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, көзі тірісінде балаларын орналастырып, қызын құтты жеріне қондырып кету ата-ана борышы. Демалыс сайын ағайын-туыс, жегжаттар ұлына отау тігіп, қыз ұзатқан тойларына шақырып жатады. Әбу мен Рая біздер де қашан той жасар екенбіз деп қиялға шомып қоятын. Шүкір, қызметі де жаман емес Нұрланының. Маңғыстау барлау бұрғылау басқармасында бұрғышы шебер. Одан кейінгі ұл-қыздары да ержетті, бой жетті. «Әй, бұйырмысы болар. Кейде асығатын пендешілігіміз бар ғой» деп өздеріне өздері жұбату айтып қояр еді. Енді ата-ананың армандаған күні жеткен сияқты.

- Папа, үйлену ойымда бар, - дейді үлкен ұлы Нұрланы.

- Балам-ау, неше жылдан бері күткеніміздің осы емес пе? Рая, бері кел, - деп дауыстады Әбу.

Үнінде қуаныштың белгісі байқалып тұрды.

- Әй, сонша не болып қалды. Сәл сабыр етсеңші, - деді ас үй жақтан.

- Жет тез. Қызық бар.

- Қойшы, балаға ұқсамай, - деп кешкі ас дайындап жатқан Рая асыға қоймады.

- Ау, болсаңшы. Қуанышты хабар, - деп Әбу аптыға сөйледі.

Қолын шала-шарпы сүртіп Рая жетті.

- Ал, сүйінші, - дейді Әбу, - Нұрланың үйленем деп отыр. Тез тойдың қамына кірісейік.

Әбу қуаныштан келін түсірудің тойға дейінгі қам-қарекетін ұмытып кетіп еді, Рая түзетті. Болашақ келіннің қайдан, кімнің қызы, қандай адам екендігін сұрай бастады.

Шұғыл той жағдайы жасалып, құда жөнелтілді. Әбу мен Рая тұңғышының үйленуіне арнап ұлан-асыр той жасады. Атырау, Орал, Ақтөбе, Маңғыстау, Алматыдан арнайы қонақтар шақырылды. Гүлнар ел-жұртқа үлгілі, халыққа шапағат-нұр шашқан лайықты келін болып шықты.

- Тәубе, - десті Әбу де, Рая да.

Бала да, келін де мұнайшы инженер. Екеуі күнде азанда жұмысқа қол ұстасып шығып, кешке қол ұстасып келеді. Ал тұңғыш немерелі болған күнгі Әбу мен Раяның қуанышында шек болмаған. 1981 жылдың он екінші қыркүйек күні келіні босанып, Әбу мен Раяға ақ түйенің қарны жарылған күн болды.

«Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» дейді қазақ. Өмірдің нақ өзінен алынған мақал. Гүлнар құтты келін болды. Үйін жанға толтырды. Сол күннен бастап шаңырақ қуанышқа тола берді. Тұңғыш немеренің әр қадамы той болып аталып өтіп жатты. Былдырлаған тілі ата мен әжеге күш-жігер, қуат берді. Осыдан соң көп ұзамай ұлдары ұяға, қыздары қияға қона берді. Бұл кезде алпысты алқымдап қалған Әбу, елуді еңсерген Рая бір жасап серпіліп, қайта түлеп қалған. Нұрланынан кейінгі қызы Ләззат дәрігер-нарколог. Өздерінің қолындағы екінші ұлы Нұржаны әзір үйлене қойған жоқ. Кіші ұлы Ержан 1988 жылы үйленді.

Әбу мен Раяның іргесі кеңіп, төңірегі тола берді.

СОКП XXIII съезінің шешімдері алға қойған зор міндеттерді орындау жолында облыстың ауыл шаруашылығы еңбекшілері де қажырлылықпен күресіп жатты. Облыста он бірінші бесжылдықтың алғашқы екі жылында мемлекетке ондаған мың тонна ет, ондаған мың центнер сүт, мыңдаған тонна жүн, қаракөл елтірісі тапсырылды. Төл алудан мемлекеттік жоспар асыра орындалып, әр жүз малдан 1982 жылы 114 қозыдан, 80 құлыннан алынды. Бұл абыройлы іске облыс халық бақылаушылары да зор үлес қосты. Бейнеу, Маңғыстау аудандарының «Қарақұм», «Бозашы» совхоздарында малға қысқа дайындалған жем-шөпті рәсуа қылып, оған жауапсыздықпен қарап, орынсыз шығындарға жол берілген. «Бозашы» совхозының «Ақай» учаскесінде жауапсыз қарағандықтан 65 тонна шөп өртеніп кеткен. Маңғыстау совхозының №1 фермасында 1700 центнер жем-шөп ысырапқа ұшырап, одан совхоз 46 мың сом зиян шеккен. «Қарақұм» совхозының жылқышылары 266 жылқының жетпейтінін жасырып келген. «Сам» совхозында да бір отардан 188 бас қой жетпеушілігі анықталды.

Әбу Бейнеу ауданының алыс совхоздарын аралап көрмеген. Сол совхоздарда болып, жергілікті жағдаймен танысып, ауыл шаруашылығы еңбекшілерінің жауапкершілігін нығайту, халық бақылаушыларын ысырапқорлыққа қарсы күреске жұмылдыра түсу негізгі мақсат. Сонымен бірге қайтар жолда Бекет Ата әулиесіне бару ойында болатын. Маңғыстаудың қара ойын талай аралағанымен Әбудің Үстірт жаққа тұңғыш шығып тұрғаны. Шофер жігіт те жолды білмейтін болып шықты.

Даңғыл жол Бейнеуге тез-ақ алып келді. Одан ары Үстірт үстіндегі «Қарақұм», «Сам», «Маңғыстау» совхоздарына да сілтеу жол адастырмады. «Қарақұм» совхозында көп жылқылар жетпеушілігі шыққан. Жылқышылар Боранбаев, Көшербаев, Бисеновтермен, совхоз басшыларымен әңгімелесіп, «Маңғыстау» совхозының шаруашылығымен танысты. «Сам» совхозында шопан Құдабаевтың отарында болды. Осылай Үстірт үстінде бір аптадай жүріп қалды. Қайтар жолда Бекет Атаға соғып, құран бағыштап өту ойында. Жолға май, суын жеткілікті алып жүріп кетті. Шілде айының аспаны жерге түскендей. Дала аптап жалынына қақталып жатыр. Ұшқан қара жоқ мидай далада бұлар мінген көліктен өзге тірі жан байқалмайды. Тұс-тұсқа ала қашқан он-сан жолдардың қайсысына түсерін білмей машина оқтын-оқтын дағдарып барып қайта қуа жөнеледі. Алдында жол сілтеушілер шығысты бетке алып отыр деген. Азанда жолға түскен машина екпіндей есіп, жол танабын қуырып-ақ келеді. Үстірттен Бекет Ата 200- 250 шақырымдай жер. Түс әлетінде бір қараға ілігеміз деп ойлаған. Күн тас төбеге көтерілген сайын қақ маңдайдан аптап екілене соғып, машинаның суы қайнап, құтыға құйып алған сулары да таусылуға айналды.

- Алты сағат жүрдік, - дейді шофер, - бір қараға ілігер шақ болып еді.

Сағымға оранған дала көз жетер жерді де көрсетпейді. Тарам-тарам жолдар таусылар емес. Шофер жігіт құтыдағы судың түбін радиаторға құйды.

- Енді жетіп қалармыз, - деп үміттенген Әбу.

Бірақ жеткізер болмады. Ұлы бесін шамасында бензин көрсеткішінің ұшы қалшылдап нольге қарай түсіп кетті.

- Бензин таусылуға айналды, - деді шофер.

Сағат тілі бесті көрсетсе де күн қызуы сембей тұр. Әбудің таңдайы кебірси бастады. Олар төрт жүз километрдей жүрген.

- Өтіп кеткен жоқпыз ба, - деп Әбу артқа қарайды, қос бүйірге кезек-кезек көз салады.

Бірақ, сағым теңізі көзді байлап, дым көрсетпейді. Әбу сыр бермегенімен іштей уайымдай бастаған. Енді ол соңғы дәрменінен де айырылып бара жатқандай. Осындай сәтте кенет машина кілт тоқтап қалды.

- Не болды? - деді Әбу.

- Бензин таусылды.

Шофер машина есігін тарс жауып тысқа шықты.

- Апырым-ай, айдалада қалғанымыз ба,- деп ойлады Әбу.

Қапырық кабина ішінде тынысы тарылып бара жатқандай. Бұршақ-бұршақ тер жүзін жуып кеткен. Бар күшін жиып тысқа шықты. Әлгінде ғана шақырайып бет қаратпай өртеп бара жатқан күн кенет буалдыр тарта бастады. Көз ұшында ойнақ салған сағым кенет ғайып болып, төңіректі тұман басып кетті. Аяқ астынан аспанды бұлт торлап алғандай. Тұман барған сайын қоюланып төрдей жерді көрсетпей жіберді. Әбу дауыстап шофер жігітті шақырды.

- Мен мұндамын, - деген дауыс әлсіреп естілді.

- Сен машинаңды тағы бір қыздырып көрші, - деді оған.

Арадан қанша уақыт өткені есінде жоқ. Бірақ көп күттірмеген сияқты.

- Бензині таусылып тұр ғой, - деп шофер көңілсіздеу кілтін бұрап қалды. Машина тарр ете түсті. Әбу селк етті. Кенет әлгі тұман күрт ашылып кеткен, төңірек жарқырай қалды. Бұлар екі таудың арасында тұр екен. Мына қызықты қара. Машинаның он жағында жүз қадамдай жерде күнге шағылысып жарқырап жатқан су көрінді.

- Әй, мұнда су бар ғой, - деді Әбу.

Жүгіріп бұрын жеткен шофер жігіт:

- Бұлақ бар, - деп дауыстады.

Әбу жеткенде шофер жігіт бұлақ суына бас қойған. Қарамұздай су Әбуге өте дәмді көрінді. Аяқ астынан табылған бал бұлақтың суын қанып ішіп, беті-қолын жуып, рахаттанып қалды. Радиаторына су құйып, ыдыстарын толтырып келіп, қайта бұрап еді, машина тағы да от алды. Енді жарық барында бір қараға жетіп қалуды ойлаған олар қозғала бергенде алдағы қыр астынан бір машина қарсы шыға келді. Машина шалғайдағы малшыларға ауызсу тасып жүр екен. Бензин құйып Бекет Атаға жол сілтеп жіберді. Бұлар тұсынан өтіп кеткен болып шықты. Бекет Ата басына құйғытып тез-ақ келді. Бұл күні әулие басында түнеді. Әбу түнде денесі тоңазып, ауылдан ала шыққан тонын жамылып тыстағы ағаш сәкі үстіне қисайған. Кеше аман қалғаны есіне түсті. Ойда-жоқта балбұлаққа тап болуы тіптен ғажап. Сұрастырып көргенінде мұндағылар тек әулиенің өз басында бұлақ барын, ал бұл маңда одан өзге бұлақ жоқ екенін айтты. Әбу өзі де кейін бұлақты қай жерде көргенін айта алмады. Әбу өзі бастан кешкен бұл құпия сырды кемпірі Раядан өзге жан баласына айтқан емес.

Жас алпысқа таяп келеді. Әбу өмірінің соңғы он жылы Маңғыстауда өтті. Таудай толқындары жартасқа соғып, жағаны сабалап кәрі Каспий ыңыранып жатыр. Сонау көкжиекпен астасқан ұшы-қиырсыз көк теңіз көрген сайын Әбуді түпсіз терең тұңғиық ойларға жетелейді. Маңғыстаудың даласы қандай кең болса, құшағын жайған теңізі де сондай дархан. Түпсіз терең теңіз бен дарқан дала ұл-қыздары нағашы ел - Адай жұрты кеңпейіл.

Ол күнде жұмыстан қайтқанда үй алдында биік жартастар басында теңізге қарап толғанып тұруды ұнатар еді. Кеңдікті де, тереңдікті де, дарқандықты да дала мен теңізден үйренгісі келетіндей. Жазира дала мен тұңғиық теңіз төсінде ақ шағалалар шаңқылдап, толқынға шүйлігіп кеп қайта самғап ойнақ салады. Осы көрініс Әбудің көзін тойдырып, құмартқан көңілін қандырып, жанын жадыратар еді. Ол көк теңізді, бетінде ойнақ салған толқындарды тамашалап күннің қалай тез кешкіріп қалғанын байқамас еді. Бүгін де солай. Әлгінде ғана ұлы бесін еді. Енді қараса күн теңіз бен аспанның астасқан жері көкжиекке барып қалыпты.

Әбу әлгінде машинасын осы арадан қайтарып, өзі біраз уақыт теңіздің кешкі қоңыр салқын саумал самалын жұтып демалғысы келген. Күнұзағына қағазбасты болып жұмыстан езіліп шаршап шыққан ол қазір біраз сергіп қалғанын сезді. Жайлап үйге қарай аяңдады. Үй осы арадан қашық емес, екі жүз қадамдай-ақ жер. Жолай бір құрдасы тап бола кетті.

- Әй, Әбу, кештетіп келесің ғой. Солақай жүрістен саумысың? - дегені.

Әй, осы құрдастардың әзілі-ай.

Бұл күнде әзіл көтерер құрдастар да азайып барады. Қазақта құрдастар қауымының өзі бөлек бір әлем. Әзілдесесің де, ренжісесің де, не істесең де бәрі кешірімді. Қамекең де сол құрдастардың бірі. Ол сенің көңіліңе қарамайды, айтарын айтып тастайды да:

- Әбу, екеуіміз түйдей құрдаспыз-ау. Енді екі жылдан кейін құрметті демалысқа шығамын. Сен ше? - дейді ол.

- Екеуіміз түйдей құрдас болсақ, сен шыққанда мен шықпаймын ба? - дейді Әбу.

- Е, алпысқа шығып алып та жұмыс істеп жүргендер аз ба? Сен мендей емес үстел бағып, жайлы жағдайда отырған адамсың. Зейнетке кетсең ондай күй бола ма? Жайлы жерде отыра бермейсің бе? - дейді ол әзілге айналдырғанмен аржағында Әбудің ау-жайын байқамақ ниетпен.

- Жоқ, - дейді Әбу жұлып алғандай ойына тез түсіне қап, - алпысқа толғанда бір күн де отырмаймын, өзім арыз беремін. Қаусаған шалдарды қамап қойған жөн болмайды. Кейінгі жастарға орын беру керек. Бойымыздағы қайратымызды, күш-жігерімізді елге, Отанға бердік. Қазір қанша зорлансақ та ондай күш-жігер бойымыздан табылмайды. Өмірге енді жаңалық әкеле алмаймыз. Сондықтан, орынды босатып, жаңалықты жастардан күтуіміз керек.

- Қайдам, қазір тақылдап тұрсың. Екі жылдан соң алпысқа шыққаныңда көрерміз. Сол кезде жылы орыннан айырылып қалғың келмей, басқаша сампылдап тұрғаныңды көрерміз әлі, - деп қарқ-қарқ күлді.

- Жоқ, - дейді Әбу алған бетінен қайтпай әдеттегі қайсарлығына салып. - Осы айтқаным айтқан.

Әбу екі сөйлемейтін. Не айтса да, кесіп-пішіп бір айтатын. Уәденің құлы екендігін, сөзінің шындығын өмірдің өзі көрсетті. Әне-міне дегенше екі жыл да екі күнгідей болмай жүйткіп жетті. Келін алып, қыз ұзатып, немере сүйіп, құдандалы шатақ-бұтақ болып өмір қызығын кешіп жүріп уақыттың қалай тез өткенін білмей де қалыпты.

Әбу үйде қол қусырып отырудың қиын екенін зейнеткерлікке қалған алғашқы күні-ақ сезінді. Өткен-кеткен өмірі, оның кейбір сәттері ойға оралды. Бұрынырақта жазған, бұл күнде шаң басып, сарғайып жатқан қағаздарын қайта шешіп, ақтарыстырды. Қажет-ау дегендерін бөлек қойды. Сосын арғы-бергі заманда өткен ата-бабаларының тарихи шежіресіне назары ауды. Туған өлкесі қазақ мұнайының тұңғышы Ембі тарихы қызықтырды. Қарашүңгіл, төңірегін қоршап жатқан Қосшағыл, Доссор, Мақат «қара алтынның» бұрқыраған қайнары ел аузында тек Ембі мұнайлы жер деп бір ауыз сөзбен түйіндейді де қояды. Сөзбен емес, қазақ мұнайының қара шаңырағына «Қазақ топырағының қара алтыны» деп ойып тұрып алтын әріптермен жазып қою керек. Сонда ғана Әбудің көңілі толмақ. Бірақ, оны қайткенде жүзеге асыра алмақ. Осы бір ойлар кетпей қойды. Мынау өмірде пенде өзінің ізін, қолтаңбасын қалдырып кетуі керек. Сонда кейінгі ұрпақ бабаларының жолын көріп, мақтан тұтып, үлгі алып жүретін болар еді. Әрі-бері ойлап, Әбу ақыры туған өлкенің тарихын қағаз бетіне түсіруге бекінді. Алдына қойған мақсатын үнемі еске алып отыру үшін «Қазақ топырағының қара алтыны» деп ірі әріптермен қағаз бетіне жазып қойды.

Зейнеткерлікте қолы бос, үйде жатқан адамның да мың түрлі тірлігі болады екен. Сондай шақты Әбуде бастан кешіп жатты. Сарғайған қағаз беттеріне үңіліп, Ембі мұнайы жөніндегі кітаптарды жинап, газет-журналдар ақтарып, мұнай тарихынан жазылған мақалаларды қиып алып сақтап жүреді. Ерінбей түртіне береді. Кейде шаршаған кездерінде үйге сыймай кетеді. Қайсыбірде бала-шағаларының оқуына, үй қызметіне көңіл аударады. Үлкен ұлы Нұрланын ойлайды. 1959 жылы Әбу Мәскеуде СОКП Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебінде оқып жүріп, ауылда өткізген жазғы демалысынан қайтар кезде Қосшағылда Рая босанды. Отбасымызға нұр болсын деп атын атасы Атшыбайдың өзі Нұрлан қойған. Қазақ политехникалық институтын бітірген ол мамандығы бойынша көмекші бұрғышылықтан бастап бұрғылау шебері, өндірістің өзге де төменгі буындарынан өтіп, өмірді көріп келеді. Комсомол, партия қызметтеріне де араласты. Қазір мұнайлы аудандық партия комитетінің партиялық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы. Нұрланынан көрген немересі Аслан көз қуанышы, келер жылы мектепке бармақ.

Енді бірде ойы Алматы мемлекеттік медициналық институтын бітіріп келіп, тұрмысқа шыққан дәрігер қызы Ләззатқа, сосын Қазақ политехникалық институтының соңғы курсында оқып жатқан Нұржанына ауды. Русланы осы институттың үшінші курсында, кенжесі Ержан бірінші курсында оқитын.

- Шүкір, бәрі де ержетті. Енді қалған аз ғұмырымда оларды аяқтандырып кете алсам, - деп ойлады.

Тағы бірде Асқар ойына түсті. Ол да ағасының ізін қуып келеді. Інісінің іскерлігіне көңілі толады. Өзі жүрген ортасында абыройлы. Аға ізімен Маңғыстауға келіп Қаражанбас мұнай кен орнында он жылдай еңбек етті. «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігінің басшылары ұйымдастыру қабілетіне ризашылығын білдірген. Қазір Қаратон мұнай кәсіпшілігін басқарады. Қарауындағы жұмысшылары өзін қатты құрметтейді екен. Оған Әбудің өзі куә болғаны бар.

- Енді шындығымды айтсам, біздерді нағыз өндіріс командирі басқарады, - дегені бар оған бейтаныс біреудің. - Кәсіпшілікте ол білмейтін қуыс-тесік жоқ. Әрбір ұңғының дыбысына дейін танып, біліп отырады. Ал, адамдарға деген қамқорлығы тіптен бөлек, - деп, ол басшысының мақтауын жеткізген.

1981 жылы Ембі мұнайын игеруге қосқан еңбегі үшін «Қазақстаның еңбегі сіңген мұнайшысы» құрметті атағын алып, Одақ мұнай, газ өнеркәсібі министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды. Әбу төңірегін ойлап отырса, Оразбай әулетінен шыққан он төрт мұнайшы бар екен. Өзінің отбасы түгел мұнайшы.

Әбу әр нәрсеге өмір өлшемімен қарайды. Ол өмірін тұтас партиялық, мемлекеттік қызметке арнаған адам. Мемлекетке еңбегі сіңген дербес зейнеткер. Зейнеткерлікке шыққанына оншақты жылдың жүзі боп қалды. Әзір дені сау, бойы сұңғақ, қимыл-қарекеті ширақ, ойы сұңғыла. Әңгімені әріден қозғап, тереңнен қайырады. Қалт еткен шағында үнемі түртініп, жазып-сызып, қимыл-қарекет үстінде жүреді, бос отырған кезін қору қиын. Кенже баласы - Ержанның келіншегі Айгүл тау-кен инженері. Тумысында көргенді, білікті, текті жердің баласы. Атасының шығармашылығы үшін үйде қажет болғанның бәрін күнілгері даярлап қояды. Әбу де, Рая да кіші келініне тегі риза. Ата-ененің бетіне келіп көрген емес. Алдарында сызылып жүреді. «КазНИПИнефть» институтының ғылыми қызметкері. Әлі болашағы алда.

Айгүл атасының күйін қабағынан ұғып, алыстан таниды. Бүгін де ол үстел үстінде қағаз беттеріне беріле үңіліп отыр. Мұндай сәттерде Айгүл атасының көңілін бөлмеуге тырысады. Уақыт сәске түс. Бұл әдетте атасының жазу жұмысынан шаршап, шәй ішіп, тыңайып алатын уақыты. Соны ойлаған Айгүл аяғының ұшынан басып келіп:

- Ата, шәй ішіп алсаңызшы, - деді.

Әбу келін-балаларының әке-шеше, ата-енесінің бетіне келмейтін, сөзін аяғына дейін тыңдап, үнсіз жібектей есілген қыз мінездеріне риза. Тіл-көзден аман болғай деп тілейді.

Ол бүгін жазуын өндіріп тастады. Көптен ыждағаттап бітіруді ойлап жүрген «Қазақ топырағының қара алтыны» («Черное золото Казахской земли») кітабының соңғы нүктесін қойды. Осы жазда Алматыға барып, баспаға тапсырмақ. Келесі «Бай ұлы -Шеркеш», «Кіші жүз шежірелерін» жазуды жалғастырмақ.

«Қазақ топырағының қара алтыны» («Черное золото Казахской земли») кітабын баспаға берді. Жазылып жатқан болашақ «Кіші жүз шежіресі» атты кітабын шығаруға негіз қалап, баспалармен келісті.

Әбудің әзірге Раяға айта қоймаған тағы бір шаруасы бар. Ол бұрынғы тікелей басшысы, қазір дербес зейнеткер, Алматыда тұратын Есенов Мұқамбет Айтуұлы. Ұзақ жылдар басшы қызметтерде болған. Қазақтан шыққан алғашқы мұнайшы инженерлердің бірі. Мәскеудің Губкин атындағы мұнай-химия институтын бітірген. КСРО мұнай өнеркәсібі министрлігінде Орта Азия және Қазақстан бойынша мұнай өнеркәсібі бөлімін басқарған. 1960 жылдары Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетінің екінші, 1965 жылдан Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. Екеуі Ақтөбеде қызметтес болып, Гурьевке бірге келді. Әбуді Мақат аудандық партия комитетіне бірінші хатшылығына ұсынған да осы кісі болатын. Ағайыншылыққа салынбайтын, партияның ақ жолын ғана білетін, қара қылды қақ жарған әділ, адамды дұрыс бағалай білетін іскер басшы, ақ жүректі адал коммунист болатын. Қалай десе де, Әбудің бойындағы іскерлік қасиеттерін тап басып тани білген бірден-бір адам. Қанша жыл жұмыстас, қызметтес болса да, Әбу онымен дастарқандас, дәмдес болып көрмеген.

Ол екі сөйлемейтін. Орынсыз уәде бермейтін. Ойланбай айтпайтын. Айтқанын орындамай қоймайтын. Партия қызметі үшін жаралған адам. Әбуге осы қасиеттері қатты ұнайтын. Қазір Алматыда дербес зейнеткер, құрметті демалыста. Әбу ол кісінің үй іші-отбасымен араласып көрген емес-ті. Жол түсіп Алматыға келіп тұрып ол кісіге соқпай, сәлем бермей кетуді ұят санап, Раямен екеуі үйіне кіріп шығуды ұйғарды. Қаланың орталық көшелерінің бірінде тұрады екен. Жақсы қабылдады. Кемпірі де жайсаң адам. Тапқан-таянғанын дастарқанға әкеліп үйіп-төгіп жатты. Көп жылдар бойы Батыс Қазақстан өлкесін, Гурьевтей үлкен облысын басқарған адамның бүгінгі тұрмысы соған лайық болар деп ойлаған. Шағын үш бөлмелі пәтер, үй қабырғаларында тұсына ілінген бір кілем жоқ. Еденде төселген кілем-алаша ғана. Көзге түсері кітап. Қай бөлмеге кірсең де, жағалай текшелеп жиналған кітаптан көз сүрінеді. Одан өзге байлық жимаған екен. Әңгімелесе келе кемпірі Раяның ауылдасы болып шықты.

Әбу мен Мұқамбет өткен-кеткеннен, елдің бүгінгі жағдайынан сыр шертісіп ұзақ әңгімелесті. Қызметтес болған, көз көрген адамдардың, дос-жарандардың кейінгі тағдырларын көбірек сұрастырып отырды. Сөз арасында:

- Әй, Әбу, мен білмеппін. Сен керек болса Министрлер Советінің төрағасы да бола алатын деңгейдегі адам екенсің. Сені 1970 жылдары обкомның екінші хатшылығына ұсынғанымда Байшонастан, өзің жақсы білетін бір азамат қарсы болып, соның ықпалымен кідіріп қалып едім. Қателескенімді кейін білдім, - дегені.

Әрине, қазір бәрі де кеш. Өтті-кетті ол күндер, бүгін бәлду-бәлду бәрі өтірік. Айтып отырғандарының шындық екеніне шек келтірген жоқ.

- Пәлен болмадым дейтін кісі емеспін. Мен жетпеген биікке балаларым шықса болды, -дей салды.

Әбу қазір еш жанға өкпе артып, реніш білдіруден аулақ еді. Хал-қадірінше азаматтық міндетін өтеді. Өмірде бәрі де болған шығар. Мақталды да, реніш естіген сәттері де жоқ емес. Қателігі, кемшілігі де болды. Жақсыға сүйінді, жаманға күйінді. Қазір мұның бәрі өткен күндердің еншісі.

Әбу бүгінгі кездесуіне риза болып қайтты. Мұқамбет қарт та көңіл сарайы ашылып қалғандай. Қонақтарын тысқа шығарып салып тұрып:

- Әбу, ұмытпай сәлемдескеніңе ризамын. Өмір аманшылықта жүздесуді жазсын, - деді.

«Кіші жүз шежіресін» жазуға кіріскеніне де біраз жылдың жүзі. Бұрынғы түртіп жүргендерін қараса бірінің басы жоқ, бірінің аяғы жоқ, аты бар да заты жоқ, шатпақ. Бірі бірімен қиылыспайды. Атам заманда әркімдер әр жерде түртіп кеткен сарғайған қағаз беттеріне қайта үңіледі. Олар да тиянақты жазылмаған. Біреулерінің сұлбасы ғана бар, қайшылықтары бастан асады. Әр жазбада әртүрлі. Өткен батырлар, билер, мемлекеттік қайраткерлер бірде нақты, енді бірде көмескі тартып кетеді.

Ол Батыс Қазақстан өлкесінің түкпір-түкпірін қайта аралап шықты. Бұл өлкеде ол бармаған әулие, қорым, қауымдар қалмады. Бейіттер мен қойтастардағы таңба, белгі, жазуларды салыстыра қарады. Кіші жүздің Шеркеш руынан шыққан, аты тарих қатпарында қалып қойып, ұмыт бола бастаған Жаңабай батырдың қылышын тапты. Дамаскіде шыңдалған қиғыр қылышты Әбу мұражайға тапсырды. Кең Жылой жерінде жерленген Жаңабай батырдың бейітін қалпына келтіріп, көк күмбез орнатуға ұйытқы болды.

Кіші жүздің даңқты адамдары Мақаш Шолтырұлы, Байбақты Ата, тағы басқа да тарихи тұлғалар туралы бұрын ауызда жоқтан деректер жинақтады. Олардың ішінде бір рулы елге аты берілген «Қаракемпір» (Әбудің руы), әйел басымен ел басқару билігіне араласқан еркек-жалды Бопай ханым, халық арасына кең тараған «Жылой» әнінің кейіпкері Бақытжамал туралы музыка, ән-әуен зерттеушілеріне тың ой, соны пікір қалдырды. Сегіз серінің (Мұхамедқанапия Баһрашұлы) бірқатар әндеріне түсінік берді. («Ғайни-Жамал», «Әйкен-ай», «Гауһар тас», т.б.)

Сексенге аяқ басса да Әбу қажымай оқып, ізденіп, түртініп жаза берді, жаза берді. Қайсыбір күндері таңның атысынан күннің батысына дейін отырды.

- Шал-ау, ұйықтап, дем алсаңшы бір сәтке. Өз жаныңды өзің қинамай, - дейді түннің бір уағында шырт ұйқыдан кенет оянып кеткен кемпірі Рая жаны ашып.

- Жата бер, аяқтауға да жақынмын, - дейді ол мұндайда.

Осы еңбегімен айналысып жүріп Әбуді тағы бір ой меңдеп алды. Республикамыз тәуелсіздік алғаннан кейін мешіттер салуға рұқсат етіліп, дін қайта қалпына келтіріле бастады. Бұл кезде Әбу халықтың ежелден келе жатқан сенімін бір күнде күшпен жоюға болмайтынына көз жеткізген. Адамзаттың дүниеге келу, дүниеден өту процесіне ғылыми да философиялық тұрғыдан көз жіберді. Материалистік те, идеалистік те көзқарастарды салыстыра отырып, метафизикалық та, диалектикалық та көзқарастар тұрғысынан өмірдің даму жолдарына ой жүгіртті. Ислам дініне, негізін қалаушы Мұхаммед пайғамбар іліміне ден қойды. Ұрпақ тәрбиесі үшін оның өлшеусіз зор пайдасына көз жеткізді.

Әбу көзін ашқалы Кеңес үкіметінің, коммунистік қоғамның тәрбиесінде болған адам. Ұзақ жылдар коммунист болып, партиялық қызметтер атқарды. Коммунистік партияның жүргізген идеологиясы - бәрін де өзің қолдан жасауың керек. Құдай саған ештеме әкеп бермейді. Бұл идеология оның қанына сіңген. Ол осы идеологиямен өмір сүріп, саналы ғұмырын өткізді. Енді болса, міне, жасы сексенді алқымдағанда өмір соқпақтарына, тарихқа философиялық тұрғыдан көз жүгіртеді. Аспандағы Ай міне Күн, жыпырлаған жұлдыздар - мынау жаһан, жаратылыс, тіршілік қайдан, қалай пайда болды. Осынша ғажайыптың бәрінің өздігінен жаратыла салуы мүмкін бе? Саламға қарасаң бәрі қолмен қойғандай. Сонда бұл не ғажап. Әбу оқыған философияда өмірдің өзі жаратылған дейді. Кездейсоқ пайда болып, осындай жүйелі түрде орнай қалуы - көңіліне қонбайды. Ендеше, осынау жаратылысты, табиғаттан тыс ғажайып-бір күш жасаған деп дәлелдейтін түрлі дін иелері сөзінің де жаны бар сияқты. Адам қайдан пайда болды. Сол адамға айналған маймылдар бүгінде неге біздің қатарымызға келіп қосылып жатпайды. Соның өзі-ақ ол идеяны теріске шығармай ма? Ендеше, адамның ғажайып бір жаратылыстың қолынан шыққандығына күмән қалмайды.

Осылайша қат-қабат ойларға, шырғалаң идеялардың шыңырауына батқан Әбу діни кітаптарды бірінен соң бірін аударады. Пайғамбарлардың өміріне үңіліп, олардың жазып кеткендеріне құлақ түреді. Нұқ пайғамбар, Иса пайғамбар, Лут, Мұхаммед пайғамбар, «інжіл», «Тәурат», «Зәбүр», «Құранды» кезек-кезек аударыстырады. Бұрын-соңды өткен діндер, түрлі ежелгі сенімдер, ғасырлар қатпарынан сан түрлі өзгерістерге ұшырап біздерге жеткен халықтық діни салт-дәстүрлер көз алдынан шеті жоқ көштей шұбатылып өтіп жатыр.

Осының бәрін ойша қорыта келіп, енді пайымдап көрсе оның жаратылысқа деген көзқарасы өзгеріп бара жатқанға ұқсады. Өткенге көз жүгіртсе өмірінде қателіктер де орын алыпты. Осы қалпында аспаннан түскендей болып жаратылысты жете танымай келгеніне таңғалды. Иә, мына әсем жаратылыстың, таңғажайып тіршіліктің осы күйінде аспаннан салбырап түсе қалмағаны хақ. Ендеше, қалай да бір жаратылыс иесі бар болғаны. Мына жарық дүниені де, оның тіршілігін де сол жаратты. Бірақ сол жаратылыс иесін әр дін әртүрлі таниды. Мұның қайсысы хақ. «Інжіл», «Тәурет», «Зәбүр», «Құран» -әр кітап жалғыз жаратылыс иесін әр қырынан танып, білуге шақырады. Сонда қай жол ақиқат болғаны.

Әбу тағы да ойға кетеді. Өзі күнде көріп, біліп, сезініп жүрген жайларды ақылға салып, салыстыра қарайды. Құранның әр сүресіне жете үңіледі. Қай бетін ақтарып қараса да, жаратушы ием оның қарсы алдында қамқорлығыма алып отырғандай. Ол әлгіндегі сүрлеусіз соқпақтан жол тауып, осы күнге дейін адасып келгенін ойлайды да енді бір сәт ауыр ойдан арылып, өзін жеңілдеп қалғандай сезінді. Сан жылғы қордаланып қалған сансыз сауалдардың жауабын да осы «Құраннан» тапқандай болды. Мұхаммед пайғамбардың өмірін қызыға оқып, Құран, шариғат талаптарын ұстануға бет түзеді. Енді «Құран», Мұхаммед жайлы біліп, түйгендерін көпшілікке жеткізсем деп ойлады. Және мұны өзіне парыз санады. Құран ақиқаты, Мұхаммед пайғамбар жолы туралы исі мұсылмандарға айтары көп. Бірақ, оның бәрін бір-екі ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Ол сан түнін осындай ойлар үстінде өткізді. Тең-түс, замандастарымен ақылдасты. Ақыры Мұхаммед пайғамбар өмірінен кітап жазуды ұйғарды. Пайғамбар туралы оқып, біліп, түйгендері көп. Енді соның бәрін бір ізге түсірсе. Бірақ, бірден қолға алуға әлі де дайындығы кем сияқты. Және өзге де ойға алған жоспары, бастап қойып әлі аяқталмаған істері кезек берер емес. «Кіші жүз шежіресі» кітабы оның көп уақытын алды.

Жасы да ұлғайып келеді. Денесі ауырлап, қол-аяғы өзіне бағынбай бара жатқандай. Әйтсе де үлкендікке берілмей өзін қолға алып, жазып жатқандарын тезірек аяқтап, енді соңғы ойын жүзеге асыруға асықты. Сондықтан да шаршағанына қарамай күні-түні отырды. Демалыс дегенді ұмытып кетті. Денсаулығыңды күтпейсің деген Раяның жанашырлығын түсіне тұрса да бастаған ісін аяқтамай тынбайтын қасиетіне жеңдірді. Осылайша, ол 2003 жылы «Кіші жүз шежіресі» кітабын аяқтап, енді «Мұхаммед пайғамбар ізімен» атты кітабын жазуға отырды. Тағы да тынымсыз күндер, ұйқысыз түндер. Үлкендік барған сайын белен алып барады.

Қалт еткен кездерде теңіз жағасына келіп аз-кем уақыт серуендейді. Жолда тап бола кеткен замандастары мен дос-жарандарына өзінің жазып жатқан жұмысы жайлы әңгімелейді. Олардың ой-пікірін біліп, ұсыныстарын тыңдайды.

Бүгін ойда-жоқта теңіз жағасында бала кезден таныс, біраз жыл қызметтес болған әрі қатарлас бір замандасын кездестірді. Бір қалада тұрғанымен, арнайы шақырыстарда, қонақтықта болмаса сиректеу кездесіп қалатын. Соңғы біраз уақыттан бері кездесе алмаған олар шұрқыраса кетті. Екеуі жағада келе жатып біраз әңгімелер шертті. Ақыры әңгіме төркінін Әбу өзінің шығармашылық жұмыстарына қарай бұрды. «Мұхаммед пайғамбар ізімен» атты кітап жазуға отырғанын айтты.

Құрдасы елең ете қалды.

- Бұрын Бекет Ата әулиесіне барып тәуіп етті деп есітіп ем, енді Мұхаммед пайғамбардың шалғайына жабысқаның қалай? - деп ол біртүрлі көзқараспен сынай қарады.

Құрдасы да Әбудің өзі сияқты өмір бойы коммунист болып өткен, партияда басшы қызметтерде болған адам. Қазір құрметті демалыста. Өткен жылы бір кездескенінде ол Әбуге:

- Сен өзің құдайшыл боп кетіпсің ғой, - деп мысқылдағаны бар. Бірақ, ол жолы Әбу оған тиісті жауап қайыруды міндет санамаған. Алла алдында әркім өз пиғылына өзі жауап береді ғой, - деген де қойған іштей. Енді болса міне, сол замандасы тағы да оның алдынан көлденең шықты.

Әбудің оған енді жағдайды бажайлап түсіндіруіне тура келді.

- Замана ағымы ықтырып кетсе, кінәміз не? Адасып жолын қайта тапқанға тәңірімнің кешірімі мол емес пе! - деді де, содан кейін:

- Сен өзіңді осы қалпыңда аспаннан түстім деп ойлайсың ба? - деп іле замандасына қайыра сауал тастады.

Бірақ жауап күтпеді.

- Жаратушыға құлшылық етіп, оның жердегі елшісі - Мұхаммед пайғамбардың жолын ұстансаң, айып па, - деді.

Замандасы Әбуге сынай да, айыптай қарағандай болды.

Оның әлгіндегі сөзі Әбудің көпке дейін ойынан кетпей қойды. Құдай жолын өзінің танығысы келмегендігімен қоймай, Әбуді де жазғырып кетті. Әбу замандасының соңынан қазір еңсеріле бір қарады да:

- Ә-ә-й,- деп теріс бұрылды.

Әбудің осы тақылеттес әңгімелерді естігені бір бұл емес. Олардың қайсыбіріне тиісті жауабын да беріп жүр. Бірақ, әркім өзі ұқпаса, кімді түзейсің. Әбу оларға бола көзқарасын өзгерткен жоқ. Алған бетінен қайтқан да жоқ. Жасының ұлғайып, қажыр-қайратының кеми түскеніне қарамай қаламын тастамады. Жаза берді, жаза берді.

Қалт еткен шағында құранды, шариғат жолын оқып, өмірмен салыстырып, ой елегінен өткізе берді. Керек жерін қағаз бетіне түсірді. Осылайша «Мұхаммед пайғамбар ізімен» атты еңбегінің негізін қалады.

Түрлі ой тұс-тұстан атойлап, жазып жатқан кітабы, тағы да мазалай берген соны жобалар ию-қию араласып, біріне-бірі кезек бермей жағаласып жатқан-ды. Мұндай шақтарда ол екі еңбекті қатар жарыстыра жазатын.

Өмір бір орнында тұрмай, тез зырлап өтуде. Бір сәтке кешіксең сусып қолыңнан түсіп кетердей. Әбу сексенге таяп келеді. Уақыт өз дегенін жасамай қоймайды. Берілмей тайталасса да, уақыт жеңіп бара жатқандай. Әзір шығармашылық жұмысында өзінше бір қарқыннан танбай өндіріп-ақ келеді. 2002 жылдың бас жағында сансыз көп хикметімен «Кіші жүз шежіресі» тарихи кітабының қолжазбасын аяқтады.

Бірде Әбудің замандасы әрі сырласы Жайсаң Ақбай ақсақал реті келген әңгімеде:

- Әбеке, сіз шежірелеріңізде Адай жұртын ерекше ықыласпен және молырақ көрсетіп, паш етіпсіз. Мұны қалай түсіндірер едіңіз? - деп сауал тастағаны бар.

- Ой-бо-о-ой,- деді Әбу өзінің ерекше сүйіспеншілігі мен ыстық ықыласын жасыра алмай, - бұл ата жұрт қасиетті ғой. Менің елге танылуым, ұрпағымның дүниеге келіп, өсіп-өніп, азамат болып жетілуі осы жұрттың ұлы ұраны, әулие Бекет Атадан басталады емес пе!

Сүйіспеншілігінің шынайылығынан болар, 1982 жылы анасы Балжан қайтыс болғанда елге алып кетемін, шалының жанына қоямын демеді. Әкесі Атшыбай 1965 жылы Құлсарыда қайтыс болып, сонда Басшы әулие қорымына қойылған.

- Маңғыстау өз ата-бабасының жұрты, қасиетті мекен. Осы жердің топырағы тартқан анам да тегін болмады, Қошқар Атадан артық қандай әулие бар, - деп анасын осында қойған.

«Кіші жүз шежіре тарихы» 2002 жылы Алматыдан «Жолдас және компания» баспасынан толықтырылып, қалың кітап болып соңғы рет басылып шықты. Бұл кезде Әбу «Мұхаммед пайғамбар ізімен» кітабын жазумен айналысып жатқан. Бұл еңбек үстінде ол тек дінтанушы ретінде ғана көрініп қоймай, философ, саясаткер, тарихшы ретінде де көрінді.

Әбудің соңғы кездердегі тынымсыз еңбегі Раяны таңғалдырды. Осы жасында неге сонша асығыс, тынымсыз жазып жүр деп ойлады. Өмірлік жолдасының артық жұмыс жасап, қайратын сарқып алып ауырып қалуынан қорқатын. Денсаулығын күтпейтініне ренжитін.

Анда-санда ойын сыртына шығарып естіртіп айтар болса, бұлқан-талқан ашуланатыны бар. Рая елу жылдай отасқан, осы босағадан бақытын тапқан, жарық дүниедегі ең сүйікті де ең қымбат адамын ренжітіп алудан сақтанады. Өмір бойы ерінің қабағына кірбің түсірмей өтіп келеді. Ішкі сезімін, жан дүниесін қабағынан танып, бар болмысын сезініп отырады.

Ол қазір де солай сезініп, іштей жаны ауырса да үнсіз қалды. Төсегінде ары аунап түсіп, көзін қайта жұмса да, қайтып ұйықтай алмады. Кірпігіне шырпы тірелгендей, көзі ілінбей ұзақ жатты. Әбудің таң алдында діңкесі құрып, өзін-өзі зорлап, ілініп зорға отырған кескін-кейпі елестейді. Әбден шаршап құлап қалатындай көрді. Дөңбекшіп жатып көзі ілініп кетіпті. Оянса таң атып, үй ішіне күн сәулесі түсіпті. Әбудің төсегі әлі бос. Отырған жерінде үстел үстінде ұйықтап қалғаннан сау ма деп орнынан тұрып, ақырындап үлкен бөлменің есігін ашып еді, шамы өшпеген, Әбу әлі жазып отыр.

- Не деген жанкешті еді. Айтқанды тыңдамағаны несі, өзіне-өзі қастық жасап, - деп өзге айтар сөзі таусылғандай есікті қайта жапты.

Әбу үстел басында ұзақ отырып шаршағаннан ба, біразға дейін ұйықтай алмайтын болды. Мұндай шақтарда теңіз жағасына шығып, серуендеуді ұнатады. Жағаны үздіксіз сабалаған теңіздің дүлей толқындары жанын жадыратып, көңілін ашар еді. Теңізге шағылысып, төңірекке мың-сан нұр шашқан күннің күміс сәулелері су бетінде жарқыл қағады. Таудай толқындардың жалын құшқан шағалалар жарыса шаңқылдап, келе жатқан әлдебір теңіз дауылы, тосын құбылыстан хабар бергендей сонау көкке самғап барып, су бетіне шаншыла сүңгіп, іліп шыққан азығын көлденең тістеп маңып барады. Асау толқындар жағадағы жартастарды өші қалғандай соққылайды. Көбік шашқан көк теңіз төңкеріліп кетердей тулай түседі.

Әбу табиғатпен бірге тыныстап біраз сергіп қалды. Жағада ұзақ тұрып өзінің шығармалары, жазып жатқан жұмысы жайлы ойлады. Алла қуат берсе «Пайғамбардың ізімен» атты кітабын да аяқтап қалды. Осы бүгін-ертең соңғы нүктесін қоймақ. Бірақ, өзінің біраз шау тартып қалғанын да сезді. Күш-қуатының кеми түскенін байқады. Ол үйге келіп, кешкі шәйдан кейін тағы да үстелге отырды. Дағдылы әдеті Раяға үйреншікті. Шалының тағы да үстелге жазуға отырғанын, тағы да шаршайтынын ойлап іштей мақұл көрмеді. Бірақ үнсіз жатар бөлмесіне өте шыққан. Біразға дейін ұйқысыз түрлі ойлармен арпалысып жатып көзі ілініп кеткенін білмей де қалды.

Әбу бүгін үстел басында қанша отырғаны есінде жоқ. Өзінше көп отырмағандай. Кітабын тез-ақ аяқтап, демалу ойында. Шығармашылық жұмыстың бір ерекшелігі сол жазып отырып орныңнан тұрсаң ойың үзіліп кетеді де, жалғасын таппай, қайта сабақтай алмай қиналасың. Сондықтан да ойын аяқтауды ұйғарып біраз отырып қалды. Өйткені, тың ойлар туындап, есіне жаңа сөздер орала берді. Бәрін де қағаз бетіне түсіріп алу керек.

Ол сағат тіліне қарап еді, он екі. Тұла бойында бір зіл бар сияқты сезінді.

- Тұршы Рая. Мен ауырып отырмын, - деді ақырын.

- Не боп қалды. Қай жерің ауырады? - деп сасқалақтаған Рая телефонға жүгірді.

Рая үлкен ұлы Нұрланға телефон шалып үлгерді. Ол тез жетті. Облыстық денсаулық сақтау департаментінің бастығына телефон шалды. «Жедел жәрдеммен» өзі ілесе келіп, ауруханаға әкесін орналастырды.

Әбу титықтап қалған. Түнде түс көріпті. Мұхаммед пайғамбар екен дейді, жүзі нұрлы кісі жанына келді.

- Дәрі ішпе, саған болмайды, - деді екі теңгешік дәріні ары ысырып. Ояна келсе түсі. Ауруы жанына батқан Әбу бұл не болар деп ойлады. Түсін іші тәуір көрмеді.

Рая таң атысымен ауруханаға жеткен. Шалының кешегі күйінен де нашарлап қалғанын көрді.

- Шаршап жатырмын. Егер олай-бұлай болып кетсем мені қасиетті топырақ осы Маңғыстауға, анам Балжан жатқан әулие Қошқар Атаға қойыңдар. Әкем сірә, Құлсарыда қалды ғой,- деді.

«2004 жылы 19 сәуір күні Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер, 1990 жылдан бері «Ақтау қаласының құрметті азаматы», Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерінің, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», басқа да көптеген медальдарының иегері Әбу Атшыбаев дүниеден озды. «Маңғыстау облысының көрнекті қайраткері Әбу Атшыбайұлының жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады» деп облыс әкімі Б. Палымбетов, облыстық Мәслихаттың хатшысы Б. Шелпеков, әкімнің орынбасарлары М. Бортник, С. Керелбаев, А. Қасабеков, Ақтау қаласының әкімі С. Оспанов, басшы қызметкерлер С. Макежанов, Ғ. Карин, Р. Мұстапаев, замандас дос-жолдастары С. Асылханов, Т. Игіліков, Қ. Қарамұрзиев, Ж. Кенжетаев, Қ. Мырзағалиев, Т. Оржанов қол қойған қазанама облыстық «Маңғыстау» мен «Огни Мангистау» газеттерінде жарияланды.

Жергілікті ақын Лұқпан Қайырбек Түсекенұлының марқұм Әбу Атшыбайұлына арнаған жыр шумақтары қаралы топтың жүрек түкпірінде тұнды.

Атырау мен Маңғыстауды төл емген,

Абыз аға құрметке бөленген.

Тындырар ең ізгіліктер әлі де,

Қалды артыңда игі істерің еленген.

Ел басқардың, қамқор болдың халқыңа,

Аяз бидей әділ едің жалпыға.

Ғұмырыңды адалдықпен атқардың,

Кір шалдырмай ата-баба салтына.

Ардақтадың тарихыңды, тіліңді,

Шежіреңді, имандылық дініңді.

Өзің барда жағам жайлау жүруші ем,

Құлазыдым, орның енді білінді.

Қалды іздерің топырағыңда, еліңде,

Орындалар өзің артқан сенім де.

Қастерлейді кейінгілер, жан аға,

Еске алып туып-өскен жеріңде.

Көрдің талай ағарғанын ақ таңның,

Орындалып армандарың шаттандың.

Ұрпағыңды бір ауыл қып өсіріп,

Қош бол, Әбе, бақилыққа аттандың!

Жайсан АҚБАЙ,

25 сәуір 2006 жыл. Орал қаласы.

Аруағы алдында бас иемін

Ардагер... Бұл аса ардақты лауазым. Оның мәні тереңде жатыр. «Ардагер» шын мәнісінде, қоғамға еңбегі сіңген, көптің көзіне іліккен, ұлағаттылығымен ерекшеленген Адамға халық тарапынан берілген аса құрметті атақ, баға жетпес лауазым.

... Үлгілі, өнегелі, ықыласты, ел тіршілігімен біте қайнасып, адамгершілік қарым-қатынаста ұлылық пен кішілік, ащы мен тұщыны, ыстық пен суықты көппен бөліскен, аталы ой иесі, көпті көрген көзхат, көкірегі шат, туған топырақтың қадір-қасиетін жетік білетін, көрген-білгенін, естігенін, халық дәстүрлері мен салтын ұрпаққа мұра етіп қалдырған, қайырымдылығы мол, бауырмалдылығы зор, меймандостығы шексіз, ұзақ өмір жолын артта қалдырып, қоғам ағысынан қалмай ілесіп келе жатқан адамға берілер ардақты атау. Міне, осы айтылған қадір-қасиеттер Әбекең бойында молынан табылады.

...Мен, Әбекеңмен кешірек таныстым. Бізді жолықтырған көп жылдар бойы Атырау өңірінде еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан соң туған топыраққа оралған ауылдас, мектептес достарым - Хамит, Сәнәт (Зинат). Онымен көрісіп, жүздескен бойда ажырамас тумадай жақындасып үлгердік. Мұның басты себебі: Әбу екеуіміздің де қолымызға қалам ұстап, ел, ата-тегімізді ардақтап баршаға жар салып жүргеніміз еді.

Әбекең менің жазғандарыма барынша қанық болып шықты. Тіпті маған: «Сенің өлке тарихына қосқан үлесің зор, саған тірі кезіңде ескерткіш қою керек» - деп мені біраз биікке көтеріп тастаған. Мақтағанды кім жек көреді, біраз далиып қалдым.

Сонда, Әбекең жөнінде мен жасаған тұжырымдар:

Жетпістің үстіндегі осы жасында да сана-сезімі жоғары, қайрат-қабілеті сарқылмаған, өзгелерге өнегелі, өмірге құштар, шешендік қасиеттен де құр емес, жаңалыққа сергек, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар, көп ішінен даралау көрінер жетекші болуға бейім жан екендігі. Оған қоса, асылы ер майданда туатыны сияқты, әлеуметтік пен руханиятта қайраткерлер ел өміріндегі елеулі кезеңдерде жарқ етіп көрініп, көзге ілігіп құрметке бөленеді. Міне, Әбекең де осы биік тұғырдан көрінген.

Еліміздің тәуелсіздікке қолы жеткенде Әбекең ақыл-ойға ерік беріп, шалқып, шабыттанды. Еңсесін биік ұстап, бойындағы асыл қасиеттерін, өмір бойы жинаған рухани қазынасын болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыру үшін білек сыбанып іске кірісті.

Зейнеткерлердің көбіне ортақ қайғы: «Тордағы жолбарыстай боп жапырып кетердей бейнеде» қартайдым деп қарап жатпай, ақын сөзімен айтқандай: «Пайғамбардың жасындамыз, қалаушымыз теңдіктің тасын нағыз» - деп қайраттанып, алға ұмтылуы.

1985 жылы Әбекең зейнеткерлікке шығып, өзі туып өскен өлкесінің, ата-жұртының, халқының бастан кешкен қиындыққа толы кезеңдеріне шолу жасап, қағазға түсіріп -келесі ұрпаққа мұра етіп қалдыруға кірісті. Сөйтіп, «Қазақ топырағының қара алтыны», «Кіші жүз шежіресі», «Шеркештер шежіресі», «Кіші жүз шежіре тарихы» кітаптарын халқына ұсынды. Аталмыш кітаптардың барлығы оқырмандар тарапынан ықыласқа толы жоғары бағаға ие болды.

«Қазақ топырағының қара алтыны» - 1998 жылы Қазақстан мұнай өндірісінің тарихына арналған энциклопедия шығарумен және ел болып Атырау қойнауындағы 1899 жылғы Қарашүңгіл жерінен атқылаған мұнай - фонтанынан бастау алған өндірістің 100 жылдығына арналған торқалы той өткізумен ұласса, Әбекеңнің шежірелері қазіргі ұрпақтың - өздерінің тегін білуге жол ашты.

Ал «Мұхаммед пайғамбар ізімен» қасиетті кітабын Әбекең өмірмен қоштасу алдында жазып аяқтап, мұсылман жұртына сыйға тартты. Неткен данышпандық! Неткен ұлағаттылық!

Әбекеңнің тарихқа (өзіміздің ата-тарихымыз) қосқан үлесі өлшеусіз. Ол өте көне «Таурат», «Забур» киелі мұсылман кітаптарынан жаратылыстың басталуы туралы мағлұматтарды өзіміз бастан кешкен заманымыздың Апаш қайраткерлері Сырым, Исатай, Махамбет, тағы басқа ұштастырып - шеркеш қызы - соғыс батыры Мәншүктің ерлігіне тірейді. Тұран жұртының, Алшын тайпаларының, Алты Алаштың тарихын баяндаудағы Әбекеңнің тұжырымдары сан-қилы. Ал өз тегі Шеркеш ұрпақтары жөніндегі жиыстырып қалдырған мұрасы баға жетпес құнды.

Әбекеңнің өмірі Атырау, Маңғыстау өңірлерінде өтті. Бұл өлкелер - қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерінің қаймағы бұзылмай сақталған қоймасы. Аталмыш өңірлер қазақтың данышпан ұлдары, ақылды көсемдері мен киелілерінің мекені.

Бірде Әбеке, Сіз шежірелеріңізде Адай жұртын ерекше және молырақ (басқалармен салыстырғанда) көрсетіп - паш етіпсіз - бұны қалай түсінеміз дегенде: Ойбой, бұл ата-жұрт қасиетті ғой, менің елге танылуым, ұрпағымның дүниеге келіп, өсіп-өніп жетілуі сол қасиетті Бекет атадан бата алудан басталады - дегені бар.

Әбекең ақиретке мәңгілік сапары алдында зайыбы - менің қадірлі ауылдасым Рая екеуі бірігіп жазған «Кіші жүз шежіре тарихы» атты кітабын маған сыйлық ретінде жолдапты. Кітапты қолыма алған бойда оның мұқабасының ішкі жағына мынандай жолдарды өз қолыммен түсірдім: «Бұл кітаптың авторлары Әбу Атшыбайұлы, Рая Ибрашқызы 2004 жылы сәуір айының 18-де Оралдан барған менің мектептес құрбым Сәнәт (Зинат) және Ибрагим арқылы - маған осы туындыны жіберіпті. Әбекеңнің бұл сыйлығы өмірінің ақтық сағаттарында жасалынды. Өкініш! Аяулы Азамат еді. Аруағының алдында басымды иемін». Жайсаң Ақбай деп қолымды қойдым!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙