Ағайын, дос, әлеует
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Сәкен Иманасов — «Ағайын, дос, әлеует». АҒА
/uploads/28c7c5ac-513a-5320-9909-aa8f25276e38/cover.png
АҒА
Өлең жазумен әуестенуім тым ерте басталды ғой деп ойлаймын. "Түйе мінген қазақтың төрт ауыз өлең айтпайтыны жоқ" – дегендей, өз әкем Құсайын ел ісінің әлдебір шаруасымен жолаушылап ұзағырақ жүріп қалған кезекті сапарынан інім екеумізге арнап: "Атыңнан айналайын Сәкен, Секен, сендерді көретін де күн бар ма екен?!" – деп өлеңмен хат жазғаны бар. Сол хаттағы осы екі жол менің есімде өмір бойына қалып қойып еді.
Менен тұп-тура он жас үлкен Нүсіп ағам өлең шығаратын. Бозбала кезінде ауылдағы құрбылас қыздарының біріне өлеңмен хат жазып, онысын төрткөз дәптердің ортасынан "сыдырып" алған темірімен "түймелеп", "оқыма!" – деп маған шегелеп тапсыратын да, апарып бер!", – деп жиі-жиі жұмсайтын. "Ит қорыған жерге әуес" дегендей, тыйым салынған нәрсенің бәрі жұмбақ, бөрі дәмді болып көрінетін әдеті емес пе, егер ағам: "Пәлен қызға апарып бере сал!" – десе, кім біледі, "бұл не?" деп сұрамастан жалаңаяқ қалпымда желдей есіп барып жеткізіп берер ме едім. Бірақ әлгіндегі: "Оқыма!" – деп қатаң ескерткен соң құмарта қызықпай қалай тұрмақпын, оқымай, қалай шыдамақпын...
Өлеңге деген құштарлығым да сол ағама шабарман болып жүрген кезден басталса керек-ті.
Біздің ауылды айналдыра қоршай қалың ши, құрақ өсуші еді онда. Сол қалың құрақ арасындағы алақандай көгалда жасырынып жатып, әлгі хатты "тіккен" темірін сындырып алмауға тырысып еппен ашамын да, ойда келіп бас сала қызыға оқымаймын ба. Сонда күн сайын өзім көріп жүрген ауыл қыздары бірте-бірте ертегіден еститін періштеге айналып, күнде естіп жүрген қарапайым сөздерімнің өзі ұйқасып барып сыңғырлаған өлеңге айналғанын көргенде сыйқыршының таңғажайып ойынына арбалғандай таңырқап, сол оқығанымды іштей қайталап, арбалап ұзақ отырып қала беруші едім.
Сол ағаммен жарыса жүріп әзім де ептеп өлең жазатын болдым. Алғашында оны көрсетуге ұяла тұрсам да, келе-келе: "не дер екен?" – деген құмарлықпен жазғандарымды көрнекті жерге әдейі ашық қалдырып кететін әдет те шығара бастадым. Бір күні естір құлаққа ерсілеу тиетін бір бәдік өлең жазып, стол үстіне әдеттегідей "ұмытып" тастап кете бергенмін. Қайта келіп қарасам, ағам әлгі өлең жазылған қағазымды күлдей етіп жыртыпты да, бір бетке ірі әріптермен: "Мұндайды қой, бауырым! Қайдағыны айтып, қаңғыбас сөзге үйір болма!" – деп жазып кетіпті.
Үйде ешкім жоқ еді. Егер жердің тесігі болса кіріп-ақ кетер едім, ұялған тек тұрмас дегендей, өлең жазып жүрген дөптерімді отқа атып ұрдым да, көпке дейін ағамның көзіне көріне алмай жүргенім есімде...
Нүсекең бар болғаны бастауыш мектептің төрт класын бітірген адам. Ауылда мектеп жоқ, басқа жерге барып әне оқимын, міне оқимын деп жүргенде Отан соғысы басталып кетіп, үй-ішіміз болып анда көштік, мында көштікте, сабақтан біржола қол үзіп қала берген. Бірақ қайда жүріп қай уақытта оқып алғанын қайдам, мен үшін оның білмейтіні де, оқымаған кітабы да жоқтай көрінетін. Әйгілі Дюманың "Үш сайыпқыран" романының ("Три мушкетера") желісімен де алғаш рет сол кісінің ауыз әңгімесі арқылы танысқан болатынмын. Ол қасына өзі сықылды 14-15 жастардағы бозбала жігіттерді жинап алып, әртүрлі хикая шертетін, қиссаларды жатқа соғатын. Атос, Портостармен де (ол кісі Артос, Портос деп айтушы еді) сол әңгімелер үстінде қаныққан едім. Жазуы да маржандай, өрбір әрпі тасқа басылғандай дөңгелене барып, қағаз бетіне қиғаштай түсіп жататын. Ауылдағылардың бәрі ең қажетті хат-құжат, арыз-мұңының бәрін екі тілге де сауатты Нүсіп ағама жаздырып алатыны есімде.
Сол ағам мен әлі мектепке бармай тұрған 5-6 жас кезімде колхоздың (ұжымдық шаруашылық) бір аға шопанына көмекші болып, қой бағуға шықты. (Отыз жеті мүшел жасында өмірден өтуіне де сол тесік өкпе балалықтың сызат зардабы себеп болды ма, кім білсін!)
"Талапкер" деген жерде тұрамыз. Қыс ортасы болып қалған мезгіл-ді. Соғыстың соңғы жылы болатын Ел ішінің берекесі кетіп, күйзеліп-ақ қалғанын бала да болсақ сезетінбіз. Ұзақты күнге салп-салп етіп колхоз жұмысында жүретін шешеміз кешкілік етегіне түйіп бірер кесе шикі бидай алып келер еді. Қара қазанға соны қуырып" келіге түйіп, "ақ талқан", "қара талқан" жасайды. Қатықсыз қара суға қосып жеген талқан қайбір қарын тойғызсын, сол баяғы жарты құрсақ қалпымда әлденені уайымдап ұйықтап кетсем керек, кенет үй ішіне тараған бір жұғымды иіс танау жарып қоя бергені. Бірер түшкіріп барып, қыбырлап, ұйқыдан оянсам керек, Нүсіптің: "О, міне, Сәкен де оянды!" – деп келіп құшақтап сүйгенінен ұйқым шайдай ашылып, орнымнан қозғала тұра бердім. Үйдің ішін біз көптен бері ұмытып кеткен сүрдің иісі алып барады екен...
"Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді"– деген сөз бар, ал аш жатып ұйықтап, тұра сала біздің көзден бұлбұл ұшқан сүрге тап болып, туған ағаңа еркелей отырып жеген ет, ішкен сорпаның иісі мен дәмі әлі күнге сол оқиға есіме түссе ұдайы лықсып келіп қолқамды қабады, танауымды жыбырлатып, тілімді үйіргендей болады да тұрады.
Кейін естіп-білдім, шалғайдағы Сарыбөктер деп аталатын қысы жұмсақ тау іші қыстауында мал жайып жүрген Нүсіп әлденеше күншілік жерден ауылға өгізге мініп келіпті. Келгенде де жай келмей, бір қойдың етін бөктіріп ала келген. Оған қоса қоржынында сарымай, құрт, ірімшігі тағы бар. Кейіннен білдім, қой жайып жүріп қысыр қалған бірлі-жарым саулықты қалайы қалбырға сауып алады екен де, соның сүтін жинастырып, әйелдердің біреулеріне жалына, біреулеріне жағына жүріп қыстың көзі қырау демей май, ірімшік, құрт жасатып, онысын сұқ көзден қору тағы бар, әйтеуір ауылдағы біз ашығып қалмасын деп өз аузынан жырып, сақтап келген. Мен оны қалай ғана ұмытайын!
Сол кезде, бүгін санап отырсам, Нүсекең бар болғаны 15-16-га қараған жаста ғана екен-ау...
Екінші, не үшінші сыныптың бірінде оқып жүрген кезімде Нүсіп ағам екі шана қамыс отын шауып әкеліп: "Осыларды Үшаралға, орыстарға (аудан орталығы, екі ара 10 шақырымдай жер) апарып сат та, сол ақшаға "Сельматта" (селолық магазин) "Мың бір түннің" екі томдығы түр, соны алып кел!" – деп қалашы, базаршыларға қосып жолға салып жіберді. Қасыма өзім қатарлы ауыл балаларының бірін қосып берді-ау деймін, о жағы есімде қалмапты. Қан базарда күні бойы табанымнан сыз өте тапжылмай тұрып, әлгі екі шана қамыс отынды ағам айтқан бағасына (өр шана отын 25 сом) бұлдап саттым да, "Мың бір түннің" әр томы 25 сомнан екен, қалтамдағы 50 сомға екі томын сатып алып, айдап отырып келген ізіммен кері қайтқанмын. Үйге келгенде: "Әзірге бір кітап та жетер еді ғой, екіншісінің орнына бір шәй алмай!" – деп шешеміздің жатып кеп кейігені де есімде қалыпты.
"Тәте, келесі базар күні тағы екі шана отын әкеліп, Сәкенді жіберіп сатқызам да, соған түгел шәй алдырам", – деп ақталып жатты Нүсекең. Онда менің шаруам болған жоқ. Ойым да, зейінім де өзім алып келген, әдемі түптеліп, көркем әдіптелген екі кітапта е д і.
Отыз-қырық үйлі шағын ғана ауылмыз. Тұрғындардың бәрі бір-бірімен туыс, жекжат, жұрағат адамдар. Кешкілік мал жайлап болған соң, қап түбіндегі жылы-жұмсағын қазанға салып қойып, кезекті бір үйге жиналады да (көбіне Сәрсебай атам үйі) "Мың бір түнін" алып келсін – деп маған қолқалап бала жұмсайды. Алғашында едәуір бәлсініп арып, кітабымды қолтығыма қысқан күйі мен де жетем сол үйге.
Кейде жетілік, кейде ондық кәресін шамның күңгірттеу жарығында: "Ей, ұлы бақытты патшам", – деп сұңқылдай жөнелемін де, көзіме әбден ұйқы тығылып, жанарым бұлдырап барып өліп-талдым дегенде бір-ақ тұрамын орнымнан.
Осы ауылда "кітапты суылдатып, мүдірмей оқитын Сәкен ғана" деп үлкендер талай мақтап отырғанына да құлағым үйреніп қалған. Оның үстіне өзім сатып әкелген кітабымды да басқа біреудің қолына ұстатқым келмейді. Есім кіріңкіреп қалған, кей кезде: "Патшасын құшақтап Шаһаризада да төсегіне жатты" деген сияқты ауыл баласы айтуға ұялатындай жері болса оқымай тастап кетуге тырысатыным бар. Бірақ бір сөзін қалт жібермей, қалт мүлгімей тыныш тыңдап отырған үлкендер жағы ол "қулығымды" айтқызбай сезіп қояды да: "Түгін қалдырмай, тегіс оқы!" – деп ескерту жасайды. Ұяла тұрсам да, бір сөзін қалдырмай түгел оқып беруге тырысамын.
Қойшы, сонымен не керек, ақпан айында басталған "Мың бір түннің" екі томдығы көктемді шығарып барып тәмамдалды ғой деймін. Ел де разы, мен де разы. Үлкен-кіші, әрине, алғыстарын кітапты табан ақы, маңдай терімен тапқан адал пұлына сатып алған Нүсіпке емес, көз майын тауыса күн сайын жалықпай оқып беріл жүрген маған айтады. Нүсекең соны білетін, білетін де қолтығына кітап қысып үйден шығып бара жатқан мені көріп, құптай күліп қала беретін.
Менің анам Жұпар да сөзге сараңдау, әңгімесіне әмісе мақал-мәтел араластыра сөйлейтін ұстамды адам еді. Ауылдағы жалғыз тракторға жанармай таситын Нүсіптің ауыр-ауыр темір бөшкені арқалай көтеріп жүргенін көріп: "Аса қайрат жанға қас" деуші еді, қарағым, байқасаңшы!'–деп ескертіп отыратын. Абысын-ажынымен әртүрлі ауыл-үй әңгіме. үстінде де мен түсінбес бірер мәтелді қыстырып жіберіп отырушы еді жарықтық. Бұл күнде өзім ұдайы қолданып жүретін азын-аулақ нақыл сөз, мақал мен мәтел сол кісінің аузынан қағып алып, бала кезде жадымда жатталып қалғандар. Кейін естіген, көзбен оқыған сөзімнің кебісі бір кулактан кіріп, екіншісінен шығып жатты, қайтейін.
Әке-шешем де, тіпті Нүсекеңнің өзі де мені ақын болады-ау деп ойлаған жоқ. Ойламаған соң сөз өнеріне әдейі бұрып баулымады да. Тек менің кітапқа деген құмарлығыма бөгет жасамай, қолдап, қуаттап жүрді. Әйтеуір, біздің шағын ауылдағы ең кітабы көп отбасы – біздің үй еді, соны жақсы білемін. Өйткені, бәрін де өзім оқып тауысқаным.
Мен төртінші сыныпта оқып жүргенде алғаш рет ауылда кітапхана ашылды. Оны "ақсақ Шодыр" аталатын орыс азаматы ұстайтын. Ол өзі бір жағынан "Маслопромға" сүт тасиды: Нүсекеңнің көп қимас досының бірі, сондықтан да болар, күн сайын кешкілік әйелі екеуі екі аяқты өгіз арбамен колхоздың сүтін тартқызуға алып кетеді де, әлі мектепке бара қоймаған Шөрке дейтін баласын маған тапсырып, үйіне қалдырады. Кітапхана сол үйде. Сөйтіп, олар оралғанша үш-төрт сағат бойы осындағы иен-байлық – сыйқырлы әлем иесі өзім боламын да қаламын.
III
Сол күз бен қыста "Барон Мюнхаузеннің басынан кешкендері", "Том Сойердің басынан кешкендері" мен "Геклбери Финнің таңғажайып оқиғалары" деген кітаптармен қатар М.Шолоховтың "Көтерілген тыңын" оқып шықтым. Нүсіп "Абай жолы" романын оқып жүрген, ара-тұра ол кітапты үзіп-жұлып мен де оқып қоятын едім. Әкем де құлақ қоя көп тыңдайтын...
Әкем демекші, ол кісі соғыстың алдында бір жылдық арнаулы ветеринария мектебін бітіріп шыққан орта дәрежелі мал маманы болатын. Ғұмыр бойы сол мамандығына орай қызмет істеді. Өз кәсібін жете меңгерген, ауыл-аймағына, үлкен-кішінің бәріне сыйлы кісі еді.
Біздің ауылда жалғызілікті Қойтұяқ дейтін шешеміз болды. Үйі де ауылдың шетінде, елден оңаша, оқшау тұратын еді. Сол жарықтық таңертең үйінен шыта сала себеп-салдарсыз әлдекімдерді шетінен сықпырта сыбап келе жататын. Құлағы әбден үйреніп кеткен жұрт онысын елең де қылмайды, ауырламайды да. Біздің үйдің тұсынан өте бере: "Әкеңнің аузына пәлен етейіндер, өкіметім аман болсын, Құсайын қайным (менің әкем) аман болсын, мені құдай өлтірмейді"– деп бара жататын еді дауысын бұрынғысынан да қаттырақ шығарып. Бәрін естіп, бәрін көріп отырған әкем ләм-мим деп үн қатпаған қалпы жымиып қана күліп қала беретін.
Қойтұяқтың "Құсайын аман болсын" дерінде де үлкен мән жатар еді. Нүсіп екеуіміз шөпке баратынбыз. Ырдуан арбаға келістіре тиелген көк шалғын шөпті қора төбесіне қыздың жиған жүгіндей етіп үйеміз. Арба түбінде бірер айыр шөп қалғанда, әкем: "Болды, ендігісін Қойтұяқ апаларыңа апарып түсіріп беріңдер", – деп әмір етеді. Мен күйіп-пісіп ызалана бастаймын, күні бойы ақ тер, көк тер болып жинап-терген еңбегімізді біреуге тегін беру деген оңай болып па, бірақ Нүсекең үндемейді, өгізді солай бұрып, қалған шөпті Қойтұяқ қорасына түсіріп беріп қайтатын едік.
Отыз-қырық сотық (бізде солай деп атайды) жерге бау-бақша саламыз да, көбіне картоп егеміз. Оны да жаз бойы бағып-қағатын біз, өйткені әкеміз көбіне-көп ат үстінде жүреді де, үй шаруасына бұрылып қарауға мұршасы бола бермейтін. Күзде арба-арба етіп картоп, жүгері, асқабақ жинап аламыз. Ең соңғы арба аулаға кіре бере әкем тағы: "Мұны Қойтұяқ апаңа апарып беріңдер!" – деп тұрады. Жаз бойғы табан ақы, маңдай теріміз, бірақ амал жоқ, әке сөзі – бізге заң. Арбаны бұрып, Қойтекең үйіне қарай тартамыз. "Өкіметім мен Құсайын қайным аман болса – мені құдай өлтірмейдісін" айтып, әлдекімнің жеті атасынан бері түгін қалдырмай тағы сыбап Қойтұяқ кемпір қала береді.
Сол әкем мені де өзінің ізін қуып мал маманы – зоотехник не ветврач болады деп көп үміт етіп еді. Бірақ бір рет Жамбылдағы техникумға, бір рет Семейдегі институтқа жіберіп, түк өндіре алмады. Мен де не түрлі сылтау-себеп тауып, орта жолдан үйге қарай қайта оралып отырдым.
Әкем болса менің әйтеуір аштан өліп, көштен қалмауымды ғана емес, сол кезгі үрдіске сай ауылға қажет мамандықтың бірін меңгеріп, ел қатарлы атқа мінсе деп ойлайды екен-ау. Атқа мінгенде де анау-мынау емес, не колхоз, совхоз, не аудан басқарса дейтінін аңғаратынмын.
Нүсекең інісін түсіне бастады. "Өзі білсін де, аға, – деді әкеме бірде, – зорлағанмен бола ма, көңіліне жақпаса, әдебиетші болам деп жүр ғой, еркіне жіберсеңізші".
Содан да мен біраз кешеуілдеп барып әупіріммен Қазақ университетіне сырттай оқуға түскен болатынмын.
1959 жылдың күзінде аудандық газет редакциясына енді ғана орналасқан маған "Лениншіл жас" газетінің сол кезгі редакторы Ә.Бөлдекбаевтан жеделхат келді. "Сізді газет редакциясына қызметке шақырамыз, келіссөз, хабарласыңыз!" – деген іспетте. Соның алдында ғана ол газетте "Отардан жазылған хаттар" аталатын топтама очерктерім жарияланған болатын. Сол жазғандарым ұнап, қалғанын кейін редакция жігіттерінен естіп білдім. "Согласен!" – деп телеграмма жібере салдым да, салып ұрып ауылдағы әкеме тартайын. Ауыл арасы 9-10 шақырым болғанымен, жаяу адамға едәуір жер. Жүрегім алып ұшып ентіге жетсем, әкем тұмауратып төсекте жатыр екен. Қасында әңгіме айтып Нүсекең отыр.
Көкірегім көк тіреп жерге сыймай жеткен мен әкеме әлгі жеделхатты ұстата бердім. О кісі сабырмен бірер рет көз жүгіртіп оқып шықты да, бас жағындағы қобдишаға қоя салды. Бір қырын жатып маған мойын бұрған күйі: "Жақсы екен, балам. Бірақ жұмыстан жұмыстың жорғасы жоқ. Газет қызметіне орналастым деп едің ғой, сонда істей бер!" – дегені.
Жаңағы алып ұшқан көңілім су сепкендей басылып, не дерімді білмей әлденені міңгірлей берсем керек, Нүсекең тұрып:
– Аға, осы жалпақ жатқан Алакөлде кімнің баласын елеп Алматыға "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас Алаш") газетіне шақырып жатыр. Етектен тартпасаңызшы, барсын, – деді.
Сөйтті де маған қарап:
– Ақшаң бар ма жолға? – деп сұрады да, мен басымды изеген соң. – Ендеше еамолетіңе билет ал да, жүріп кет. Жолың болсын! – деді.
Әкем үндеген жоқ. Үндемегені келіскені деп ұқтым да, жолға дайындалдым.
Сөйтсем әке жарықтық мені әйтеуір өз маңынан ұзамай көз алдында жүрсін дейді екен ғой, оны да балалы болғанда барып түсіндік...
Ең алғашқы "Туған ауыл" деп аталатын кітабымда ("Жазушы" баспасы, 1966 ж.) "Алғыс" деп аталатын Нүсіпке арналған өлеңім бар. Сонда:
... Сүйдің бе қатал сезіммен,
алда деп ұғып сынар күн,
әйтеуір менің өзімнен
өзімді жасап шығардың.
Борышты болам сол үшін,
Сөнгенше жанар ең кемі –
Күндерім үшін – толы сын,
Жақсылық үшін мендегі, –
деген жолдар жүр. Бұл менің өмір бойына естен шығармай берік ұстанған тұжырымым еді.
Өмір сүру бар да, со өмірді ата-ананың ақыл-кеңесі, өнеге-үлгісі бойынша заманға лайықты етіп құра білу бар. Әкем жарықтық менің өмірімнің тоқ қарын жағына, жақсы болуы жағына қарай икемдеп, соған біржола бейімдей әрекет етсе, Нүсіп ағам ез түйсігімен өмір сүрсін, өз тағдырына өзі ие болсын деген бе деп те ойлаймын қазір.
Ол бірде-бір рет "мынауың дұрыс, мынауың бұрыс" деп менің тірлігіме орынсыз қол сұғып араласқан емес. Құптаған, құптамағанын да білдірмейтін. Тек қана бір рет Алматыда берекесіздеу тірлік кешіп жүрген Свет Оразаевты ауылға ертіп келіп, жұмысқа орналастырып, бірер жыл қасыма ала жүре туған бауырымдай бас-көз болғанымды аса бір жақтыра қоймаған сыңай танытып, онысына мен құлақ аспағасын: "Өзің біл, бірақ дос таңдай алмайды екенсің, айтпады деме!"– дегені ғана бар.
Сол "Лениншіл жас" газетінің редакциясында қызмет істей жүріп, басшыларының өзіме деген айрықша ықылас-пейілін пайдаланып, тапсырмамен жазылған әртүрлі очерк, мақаладан басқа бір жылда екі-үш рет топтама өлеңдерімді жариялап жібердім білем, бір күні ауылдан ағам телефон соғып: "...Өлеңдеріңді де оқып жүремін" –деді де қойды. "Қалай екен?" – деп мен сұрамадым. Пәлең деп о кісі баға бере қойған жоқ. Тек қана "менің өлеңімді ағам да оқып жүреді екен-ау" деген ой көкейден кетпей, не жазып, не жарияласам да енді "со кісі қалай қарар екен?" – деген бір үміт, бір күдікке аралас сезім жетегінде отыратын болып алдым.
Әлем әдебиетінің көп үлгілерімен танысқан шығармын, Нүсіптің нұсқауынсыз-ақ рухы бір ұлыларынан үйреніп, үлгі-өнеге алған да шығармын. Бірақ әдебиетке деген құмарлықты бала жастан бойыма сіңірген алғашқы ұстазым– сол өзімнің туған ағам Нүсіп еді. Ол – даусыз.
Өзі де өлең шығаратынын әңгіме басында аттым ғой. "Сол өлеңдерің қайда?" деп сұраған Исанай досына: "Сәкеннің өлеңдері жариялана бастаған соң пешке жағып жібергем, бір үйден бір ақын шықса да жетпей ме", – дейді екен күліп.
Шын ба онысы, құрдасына айтқан әзілі ме, тірі кезінде өзінен сұрап анықтау ойыма келмепті. Бірақ өлең жазған дәптерін іздеп таба алмағаным анық.
Нүсіпті әке-шешем ертерек үйлендірді. Өзіміздің ауылдағы Әбдірәсіл етікшінің қызы Қазизаға құда түсті де, айналасы бірер ай ішінде опыр-топырын шығара той жасап, жиырмаға толар-толмастағы жастарды шаңырақ иесі етті де шығарды.
Тұңғыш балалары дүниеге келгеннен кейін әскерге алынған Нүсіп, 1951 жылы Қиыр Шығыстан кеудесіне айықпас дерт жамап қайтты. Бұрынғыдай ауыр жұмысқа жарамай, көбіне-көп үй маңы тіршілігімен ғана айналысып кетті.
Киімді өте таза, сәнді киетін еді. Бір күні "Промкомбинатқа" тіккіздім деп, кәдуілгі парашют материалынан ақ түсті костюм киіп шыққаны бар. Аяғында ақ брезент штеблет бәтіңке. Соның алдында әйелінің Семей жақтағы туыстарынан қызыл жібек көйлек киіп қайтқан болатын, енді соның бәрі қосылып, құйып қойғандай-ақ өз бойына айрықша жарасып шыға келмесін бе.
Біздің жақта ақ костюм киіп жүрудің өзі ерсілеу сияқтанатын. Қара жолдың шаңы шыға бұрқырап, сәл-пәл жаңбыр жауып өтсе болды, айнала ми батпақ, лайсаңға айналып шыға келетін. Сонда үстінде кір шалдырмай жүретін Нүсіпке құрдастары Исанай, Ахметтер (шешен жігіті) қалжыңдап: "Осы сен басыңмен жүресің бе, Нүсіп? Біз керзі етікпен батпаққа малшынып жүргенде ақ бәтіңкеге кір жұқтырмайсың", – деп қағытатын.
Нүсекең күлетін де қоятын еді. Маған да кербездік сол кісіден жұқса керек.
Өзінің қолынан келмейтіні жоқ. Ағаштан түйін түйетін еді. Не істесе де жүрдім-бардым орта жолда қалдырмай, ақырына жеткізе, діттеген жерінен шығатын. Сол баяғы Сарыбөктерден келген жолы бірнеше ағаш ысқыруық жасап келіп бергені бар. Біздің үйдегі ең ұзақ сақталған бұйым – өрнектелген ағаш кереуетті бір қыс бойы, шешемнің: "Үй ішін ақ жоңқа етіп ыбырсытып біттің-ау!" – деп күңкілдей кейігеніне қарамай, ешкімнің көмегінсіз бір өзі жасап шыққаны да есімде.
Бірінші сыныпта Биша дейтін мұғаліміміз болды. Өзі бізге ағайын адамның қызы, адуын, еркелеу еді. Сол мұғалімім бір күні маған әдемі бір ойыншық наган сыйлады. Қорғасын мен қалайыдан қосып істелген соншалық бір көз тартар мүлік еді. Амал не, менің балаларға "пұх, пық" деп көздей беруімнен қауіп қылды ма, жоқ басқа себебі болды ма, әйтеуір бірер күннен кейін Биша апайым мені жылатып отырып әлгі сыйын өзі тартып алды.
Жылап-еңіреп өкпелеп үйге қайттым. Не болғанын сұрап біліп алған Нүсіп, шұрқ етпе дегендей мені жұбатты да, бір ағаштан жақсылап жонып сол наганның сұлбасын жасады. Әр жерін ыңғуырмен ойып, өрнектеді де, бір кесек қорғасынды қол бақырға ерітіп алып, ыстық күйінде әлгі өрнектеріне құйды. Соның бәрін маған көрсетіл отырып, көз алдымда жасады. Әне-міне дегенше Биша тартып алған наганнан аумайтын, тіпті одан гөрі жеңіл де ыңғайлы ойыншық қаруды қолыма ұстатты...
... Қазір тірі болғанда Нүсіп ағам 74 жастан асып бара жатады екен. Амал қанша, иманы көміл болғыр, осыдан 37 жыл бұрын балаң кезде бойға жабысқан өкпе дертінен 37-мүшел жасында қайтыс болып кетті. Менің ең үлкен ақылшым да, өнеге-үлгім, ұмытпас ұстазым да өзі еді. Әлі күнге рухымен сырласып жүремін.
Ұлы-қызы, немере-шөберелері өсіп жатыр. Соған да шүкір дейміз біз...
2004 жыл
ӘДІЛ ДЕ ӘЛУЕТТІ КҮШ КЕРЕК
Бізде, тегі, біткен іске ғана емес, бітер іске де сыншы көп. Елімізде бағзы бір жақсы іске қарай бет алар құтты қадам жасалып, жаңа бір бастаманың төбесі көріне бастаса-ақ болғаны: "Баяғы жартас – бір жартас", көріп жүрген көп құқай, естіп жүрген көп айқайдың бірі болып жүрмесе"– деп танау шүйіре теріс қарайтынымыз өтірік пе? Бұл әдет бойымызға әбден сіңіп алып, дерттей жабысып айырылмай-ақ келеді. Әйгілі орыс жазушысы Анатолий Ивановтың романы бойынша түсірілген көп сериялы фильмдердің біріне Андрон деген қарт кейіпкер болушы еді. Сол Андрон қолымен ұстап, көзімен көре тұрса да айналаның бәріне күдікпен қарап, екі сөзінің бірінде: "Я, однако, сомневаюсь!" – дей беретін. Бірде шалғайдағы деревняға радио желісі тартылып, бағанаға қара қаңылтыр қабылдағыш орнатып жатқан маман-монтердің: "Қазір сөйлейтін болады", – деген сөзіне гуілдесе күтіп тұрған жұрт ішінен сол Андрон ғана: "Однако, я сомневаюсь!" – деп кино көріп отырған бізді де күлдіргені бар еді.
Сол Андрон сияқты біз де бұл күнде төңіректегі тіршіліктің бәріне болмағанымен, көбіне үміттен гөрі күдікпен қарайтын болып алғанбыз. Әйтпесе, дәл осы жолғы Президент Жолдауының көңілге күмән ұялатар қай жері бар? Бағдардың қолмен қойғандай дәлме-дәл, соқырға таяқ ұстатқандай нақпа-нақ емес пе бәрі?
Рас, мен ауылшаруашылығының маманы да емеспін, ел экономикасын қалай еткенде биік белеске көтеруге болатынын да дәлдеп айтып, дәлелдеп бере алмаспын. Тек соңғы оншақты жылдан бері ауылымыздың біржолата тұралап күйреп, кезінде халық қаржысына салынған ғимараттар да, ауыл маңындағы кешенді мал қоралары да қасқыр жеген қойдың қаңқасындай болып, арса-арсасы шыға қаңырап қалып жатқанын көріп, елмен бірге мен де күйзелетін едім. Тек күйзеліп қана қоймай, шамам жеткенше айтып та, жазып та көріп едім. Бірақ сол бір жанайқайымды құлағына іліп, құйрығына қыстырып жатқан ешкімді көре алмай дағдарған кездерім де көп болған.
Өйткені, қазақ ақынының, қазақ қаламгерінің ауылды аңсай жырламағаны, ауыл жайында әйтеуір бір шығарма жазбағаны кемде-кем. Ақындар жағы, тіпті, әлденеге өкпелеп, әлдекімнен көңілі қалғанда, қаладағы күйбең де күйкі тірліктен жалыға түңіліп кеткен бір шақта: "Ауылға кетіп-ақ қалсам ба екен?!"– деген сарындағы өлеңдер топтамасын да тоғытып жататын. Біздің өзіміз де бір кезде:
Жалықтырып бұйығы бақ, бұла түн,
Алматыға сыймағанда бұл ақын.
Арғымақпен аққысы кеп жұлдыздай,
Ауыл жаққа тартқысы кеп тұратын,–
деп жазып алып, сол ана құшағындай аңсап барып бір сәт мауық басар ауылымыздың да көз алдымызда кетеуі кете күйреп, құлазып қала бергенін көргенде:
Ауылдың да өз қайғысы, мұңы бар,
Бұрынғыдай шуағы жоқ жылынар.
Қазанат та көрінбейді белдеуде,
азамат та азайыпты тіл ұғар!–
деп, күңірене күйзелгенбіз.
Оның да себебі жоқ емес.
Қой үстіне бозторғай жұмыртқалай қоймаса да, өрісі малға, қонысы жанға толы ауылымызды көріп қуанып, дәулеті шалқып кетпесе де, өз қолы өзіне жеткен, күн көрісті ғана күйттемей ілгеріге ұмтыла түскен ауылдастарымызды көріп жұбанар едік бір кезде.
Егемен болдық деп кепкімізді аспанға ата қуанып, ырду да дырду күйбелең басталып кетті де, көпке дейін қайда барып, қайда қонарымызды білмей, дарияның жарға соққан толқынындай теңселдірген әуре-сарсаң кезеңде ел болып елу-алпыс жыл жинап-терген барша байлық, бар дәулет ұстағанның қолында, тістегеннің аузында жырымдалып кете берді. Кешегі мыңғырып өскен малдан да тігерге тұяқ қалмады. Әр ауылдағы жүздеген автомашина, комбайн, тракторлар лезде тып-типыл болып, колхоздар мен совхоздардың дүрілдеп еңбек қызып жататын МТМ-лары кемелері қираған айлақтай болып, аз жылда азып-тозып шыға келген.
Үйсе – көп, үлессе – аз дүние, бөрідей шулап тұс-тұстан ауызды салып берген ағайын-жұрттың жұғымына жұқ та болған жоқ. Оның үстіне әй дер әже, қой дер қожа болмай, сеңге соққан балықтай есеңгіреп ел қалды, иесіз тозып жер қалды.
Басқасын қайдам, жердің құнарлана түсуіне ең алдымен мал басының өсуі себепкер болатынын жақсы білетін едім.
Өйткені, бала кезімізде біздің ауылдың бес-алты қора қойы да, екі-үш табын сиыры да Тентек өзеніне сұғына барып тірелетін Кең түбекке еркін сыйып жатушы еді. Ортақтың малы да, меншіктің малы да сол маңға жайылып, сол түбекті жайлайтын. Қоғалы-құрақты, шилі-қияқты жайылым шөбі жаз бойына тапталып та, таусылып та бітпейтін. Тек қоңыр күзде, қыстауға түсер алдында әлгі мал егіні жиналып алынған аңызға жіберілетін. Сөйтсем, осының бәрінде жылдар бойы қалыптасқан тәжірибе, қатесіз заңдылық бар екен. Сиыр малы да, қой малы да отты-сулы жерде қомданып қана қоймайды, жаз бойы жайылымды, қара күзде егісті тыңайтып отырады екен ғой. Кейін мал саны ауданда ондаған, жүздеген есе азайып кеткенде байқадық, әлгі мал жайылымы, шабындық жерлерге бұл өңір бұрын көрмеген қайдағы бір сояу-сояу арамшөп өсіп, азып-тозып, ақтақырға айнала бастады. Түгін тартсаң майы шығатын жайылым бастапқы реңінен де, құт-берекесінен де жұрдай болып шыға келді.
Осындай жағдайды біздің жақтағы Жабық, Тоқжайлау жайлауларынан да байқадым. Сонда ғана "жайлау сәні – мал" деген сөздің байыбына барғандай болғамын. "Қыз кеткен соң ауылдан қызық кетті" – дегендей, мыңғырған мал тұяғы арқылы тыңайып та, тоңайып та шығатын жайлау белуардан келер кек майса көркінен айырылып-ақ қалыпты.
Осыған орай орыстың және бір үздік жазушысы Федор Абрамовтан оқыған бір дерек түседі есіме. Патша сарайы маңындағылардан түртпек көріп, ырың-жырыңға шыдамай өзінің Колчанское аталатын имениесінде күн өткізуге мәжбүр болған ұлы қолбасы Александр Васильевич Суворов өз иелігіндегі шабындық пен жайылымға ат үсті қарамай, барынша тиімді пайдалану жағында болғаны, соған ыждағатпен жан сала кіріскен көрінеді. Оның осыдан екі жүз жылдан астам бұрын өз меншігіндегі шаруажайына байланысты жазылған бұйрық-нұсқауынан мынадай сөздер оқимыз: "Көптеген жерге көң де төгілмеген, содан барып ол жерлер өнім беруден қалып, құнарсыздыққа айналған. Сондықтан егіс көлемін мал басына қарай тепе-тендікте ұстау жағы ойластырылсын, сол шамада жыртылып, қалған, яғни, көң төгілмеген жерді жайылымға айналдыру қажет. Бұл – бұйрық, әрі бастапқы ғана шаралар, бұдан әрі ірі қара малын көбірек өсіру жағына салғырт қарағанның жазаға ұшырайтынын да ескертемін. Төлдейтін малды сатуға, союға мүлдем тиым саламын, мал басы әбден өсіп, егістік біткен түгел көңмен көмкерілгенде ғана барып артылған көңді бос жатқан жерге тасып төгуге болады". Бұл да әлгінде біз мысалға келтірген жағдаймен сайма-сай келіп тұрған жоқ па. Яғни, мал тұяғы тиген жердің табиғи түрде құнарланып отыратыны ақиқат екен ғой. Осыдан он шақты жыл бұрын "аса білгіш көсемдердің" бірі: "Қазақстанда мал өсірудің қажеті шамалы, мал өнімдерін шеттен сатып алу әлдеқайда арзанға түседі", – деп елді бір дүрліктірген болатын.
Содан ба, басқа себебі болды ма, о жағын мен білмеймін, әйтеуір жеке меншіктендірудің алғашқы жылдарында орталықтың малы жаппай бөліске түсті. Өз қорасына келіп кірген малды ұқсатқандар ұқсатты, ұқсата алмағандар апыр-топырын шығарып аз күнде тып-типыл ете тігерге тұяқ қалдырмай құртып бітті. "Оу, бұл қалай, ертең де күн бар емес пе?" дерлік ешкім болмады. Соның бәріне білгірлікпен басшылық жасап, жөн-жосық көрсетіп, бағыт-бағдар беретін аудан, ауыл әкімдері дәрменсіз күйдегі бақылаушы ғана болып қала берді.
Бір ғана мысал. Біздің ауылда Омардың Рахымы дейтін кісі болып еді. Кезінде ел басқару жағында жүрген, үлкен-кішіге жұғымды, білімді, іскер, адал да ақылды адам еді жарықтық. Мұхтар, Ілияс сынды қазақтың маңдайалды қаламгерлерімен дос-жар болған, бірге жүріп, бірге тұрып, тірліктерінде хат алысып, хат берісіп келген. Мен сол хаттарды өз көзіммен көрген адаммын. Со кісі зейнет жасына жеткенде ауылдық кеңес төрағасы (бүгінгі әкім) болды. Аяғының сылып басар кемдігі бар еді, содан ба, көбіне-көп есік пен төрдей әрі жуас құлақ асқа атына мініп бара жатқанын көретін едік. Біз жетінші сыныпта жүргенде сол Рахаң аудан орталығындағы мектептердің ересек шәкірттері мен жас мұғалімдерін жинап алып, аумағы ат шаптырым жерге ағаш отырғыздыра бастады. "Бұл – түптің түбінде парк болады,– деді бізге,– маған керегі жоқ, ертең бозбала жігіт, бойжеткен қыз болғанда, қол ұстасып өздерің қыдырасыңдар...".
Сол ағаштар жайқалып өсіп, 30-40 жылда шын мәніндегі үлкен паркке айналған. Рахаң көзі тірісінде оған өз ұстазы Ілияс Жансүгіровтің атын бергізген болатын.
Не керек, соңғы төрт-бес жыл бедерінде сол парк те ел аман, жұрт тынышта жау тигендей тып-типыл болып, орнында жыпыр-жыпыр ағаш түбіртегі ғана қалды. Біреуі көп жылғы теректі отынға жаққан, біреуі қора-қопсысын салуға пайдаланған.
Оны көріп отырған басшылар да, басқалар да тиым сала алмаған.
Осы жуырда ғана Алматы облыстық "Жетісу" газетінен бір хабар оқыдым. Облыс әкімі Шалбай Құлмаханов жаңа бір құрылыс ыңғайына қарай көше бойындағы ағаштарды кеспек болғандарға үзілді-кесілді қарсы шығып, айналасына сән де беріп, әр де беріп тұрған жасыл желекті отауға қатаң тиым салыпты.
Сонда ойлап едім: "әлгі мен айтқан парк құрып бара жатқанда немесе Мұқыры мен Талдықорған арасындағы жолдың екі жағына әдейілеп отырғызылған сыңсыған ормандай қалың ағаш балта мен араға "жем" болып жатқанда қолындағы әмір-бұйрығымен: "тәйт!"– дерлік біреудің табылмағаны-ау!" – деп.
Бекерге білгішсіп кетпей-ақ, тағы да өзіме етене таныс туған ауылым жағына ойыссам, бір кезде балығы тайдай тулаған, қойы маңырап, қозысы жамырап жататын, үйірлі жылқы, келелі түйесі бар берекелі ел сияқты еді. Әр жүз саулықтан 150-180 қозы алатын "рекордсмендер" бізде де баршылық болатын. Соның тіпті жартысы жалған ақпар болмай шыққанда да "құдайға шүкір'" дерлік еді. Ауданымызда 300 мыңнан астам қой болған. Үйсе – көп, үлессе аз, жоғарыда айтқан "бөліп ал да, бөрідей тиіп бер!"– дейтін әдістен кейін не қалып, не қойғаны да белгісіз. Тек бір кезде аудан жерін ұзына бойына жүріп өткенде қара жолдың екі жағы жер қайысқан мал болатын еді. Бұл күнде тұяқты мал түгілі, жүгірген аңның өзі сиреп кеткен. Жоғарыдағыны алдап, төмендегіні арбап үйренген аз күнгі әмірбилік иелерінің "пысықтығы" арқасында аз жылда тып-типыл жоқ болды.
Содан да барып ел ішіне билеуші атаулыға, өкімет, үкіметке деген сенім азайып, үміт үзіле бастады. Біздің жақта мал бағып, қызылша өсіріп, балық аулап күнелткен жұрттың біразы қолдағының бәрінен айырыла бастаған соң он-он бес гектар жерді жалға алып, бала-шаға, қатын-қалашымен селбесіп, серіктесіп шаруа қожалығын құрып та көрген. Бірақ сол жерді өңдейтін техникасы жоқ, техника табылса тұқым болмай, бірер жыл ит әуреге түсті де, қолды бір-ақ сілтегендер болды. Оның үстіне жығылған үстіне жұдырық, "төле де төле!" деп салық жинаушылар жетеді дікеңдеп. Аяғына тартса басына, басына тартса аяғына жеткізе алмай отырған шаруалардың одан әрмен зықысын шығаратын да солар еді. Түйірлеп жинағанын тиын ете алмай отырғанда зіл батпан алым-салықты олар қайдан төлесін.
Бұл енді, өзі тыр жалаңаш адамға: "шешін!" деп бұйырғанмен бірдей еді. Сөйтіп басында әжептәуір үмітпен қолға алынған жеке шаруа қожалықтары да бірте-бірте сұйылып, су аяғы құрдымға кетіп жатты.
1992 жылы мен туған Алакөл ауданы 43 мың тонна астық, 87 мың тонна қант қызылшасын жинапты. Бұл аз ба, көп пе білмеймін, бірақ бүгінгі таңда сол көрсеткіштің қарасын да көрмей қала бергенімізге бәс тіге аламын.
Мемлекетке ет, сүт, балық өнімдерін де артығымен өткізіпті.
Осы жері де маған түсініксіз. Бұрын сол мемлекетке өткізу дегенді үлкен-кішіміз болып түгел қолдап, қуаттап жатпаушы ма едік. "Мемлекет деген – мен" – дейтін француз королі ХҮІ Людовик емес, халықтық мемлекеттің өзіне өткізіп жатырмыз, ендеше сол өнім берген елге еселеп қайтатын шығар дейтінбіз. Баяғыда әжелеріміз қыңқылдап тамақ сұрай берген бізге: "Тарта жесең тай қалады, қоя жесең қой қалады, қоймай жесең нең қалады"– дей келіп, – мен осының бәрін төркініме апарып берер деп пе едіңдер, ертең өздерің жейсің ғой! – дейтін тоқтам айтып, жұбатып жатушы еді. "Госхоз", "совхоздардың" мемлекетке қарыз екенін сезінгенде: өзіне-өзі қалай қарыз болады? – деп, мемлекетті сол баяғы әжеміздей көретін едік. Тіпті сол кезде (кеңестік дәуір) "ауылды қалата теңейміз" дейтін ұран да көтерілген. Ауылда тұратындар үшін де мұздатқыш, телевизор, басқа да толып жатқан осы заманғы тұрмыстық техника қажет, әрине. Бірақ ауылдағылардың қалаша тұрғысы келе ме, қала тұрмысына икемделіп кете ала ма дегенді ескерген ешкім болмады-ау деймін. Содан барып қос қабат, үш қабат бірінің үстіне бірі мінгескен үйлері бар, біріне бірі егіздің сыңарындай ұқсас "ауылдар" да пайда бола бастаған. Қойы маңырап, қозысы жамырап жатпаса, қаңқылдаған қаз-үйрегі, ала таңнан шақырған тауығы, ауылға ғана тән ойыны мен сауығы болмаса, ол қандай ауыл?
Рас, ол баяғы әміршіл әкірең кездің ұраны шығар, бірақ сол кезде де сынға ұшырап жататын. Қала-қала, ауыл-ауыл күйінде қалсын, бірі мал мен жанға жайлы, бірі өсіп-өркендеуге ыңғайлы, бірін бірі жоққа шығармай, толықтырып, алмасып, жалғасып жатуы керек дейтінбіз. Кейін содан да айырылып қала бергенбіз. Қатын-бала қап арқалап қалаға шұбырды, ауыл қаңырап бос қалды. Әсіресе ажарымен алыстан көз тартатын Мәдениет үйлері мен клуб, кітапханалар арса-арсасы шыға иесіз қалып, қабырғасына қозы-лақ секіріп ойнап жүргенін көргенде, "апыр-ай, енді не болар екен, осылай құлдырағаннан құлдырап кері кете бере ме, болмаса қайран ауыл қайта бір бой көтеріп, қазақ қауымының берекелі бесігіне айналар ма екен, дәулеті мен сәулеті бірдей өрлеп, еңсесі биіктеген ауылды бүгінгі біз көре алар ма екенбіз" деп те ойлай беретін едік.
Осы мақаланы жазу барысында көзіме мынадай бір дерек шалынды. Дүниежүзілік сауда Палатасының жыл сайын жарияланып отыратын ОКСФАМ орталығының хабарлауынша мемлекет қамқорлығына алынған, қарауына көшіп, бақылауына мойынұсынған Америка фермерлерінің тұрмыс деңгейі (бұған экономикалық, мәдени саланың бәрі кіреді) өткен жылы 23 пайызға, Еуроодаққа кіретін елдерде 40 пайызға, ал Жапонияда 63 пайызға көтерілген. "Қаздың жұмыртқасын көріп тауықтың таңы айырылған екен" дегендей, оған жетем демей-ақ, Абайша айтқанда "ұқсап бақсақ" теріс болар ма еді?
Бұл жолғы Президент Жолдауында сол гүлдену, гүлдендіру жағының алғашқы нышаны жобаланыпты...
Кейде ауыл тұрмысының құрт төмендеп кетуіне зиялы қауым өкілдері – ақын-жазушы, өнер мен мәдениет қайраткерлерін, ғылым адамдарын да айыптап, солардың үндемей бұғып, енжар күліп жүргенінен де көретіндер бар.
Сөз жоқ жалшыдай жасқаншақ, құлдай қорғаншақ болып бара жатқанымыз рас, біраз үнсіз бұғып отырдық па? Айттық та, айғайға да бастық. Бірақ, сол басында айтқан "баяғы жартас – бір жартас".
Өз басымыз Президенттің алдына бармақ түгілі, алты қадам жақындап көрмеген адамбыз. Алдына бара қалғанда да ішімдегіні бүкпесіз ақтара "былай істесек" деп тұжырымдайтын, нақты ұсыныс білдіре қоюым екіталай.
Бірақ оқта-текте Елбасының алдын көріп, жолыға, тілдесіп жүрген игі жақсы замандастарыммен ұшырасып жүрмін ғой. Солардан: "Президентке не дедіңіз?" – деп сұрасақ, біреуі ананы, біреуі мынаны айтып бұлтарып, бұлыңғырлата бастайды. Ел мүддесі, халық қамына орай айтқан ұсыныс-пікірін айнала үлгі етіп ұсынған бірін көрген емеспіз.
Рас, "ханда қырық кісінің ақылы бар" деп жатады, ендеше Президент өз елінің ішкі-сыртқы жағдайын, ел ішінің хал-ахуалын, мұңы мен мұқтажын бізден артық білетін шығар. Оған дау бар ма, бірақ "қаншама болдым-толдым дейтін ханның да бір салым тұзы жетіспей жатады"– дегендей, "анаусы анадай, мынауы мынадай" деп, шындықты шырылдатып отырып, шымбайына батыра айтқанға Президент шамданбас еді, шамырқана түсер еді деп ойлайсың. Бүгінгі Жолдау, бүгінгі Бағдарлама ертерек қолға алынып, жүзеге асырыла бастаса ел іші мұнша күйзелмес еді деп ойлайсың.
Зиялы қауым, оның ішінде ақын-жазушыны жұрт осы жағынан айыптайтын шығар. Өйткені, "жер бетіне бір сызат түссе – ол ақын жүрегі арқылы өтеді" деген Генрих Гейне сөзін малданып, "өмірдегі жақсылыққа да, жамандыққа да жауаптымын" деп өзіміз де кеп жаздық. Әлі де жазып келеміз.
Бірақ біз, біз демей-ақ қояйын, сол аздаған зерделі топтың біреуі ретінде, ақыл-парасаттан мақұрым қалмаған азамат ретінде, ақын ретінде менің қолымнан не келе қойыпты?
Орыстың ойлылары бір кезде "терістік ауып теріс ағызамыз" деген солақайларға білек біріктіре қарсы тұрып, айтқандарын істетіп, Байкалды қорғап қалған болатын. Бізде ол да жоқ. Уақыт өткізіп барып, "сол кезде мен сой деп едім" дегендей қоқиланып қоятынымыз болмаса, бір нәрсенің соңына түсе, ел-жұртқа бас көтере отырып, ақырына дейін алып барған кіміміз бар?
Бүгінгі Президент Жолдауы, міне, осының төңірегінде ойлауға мәжбүр етеді. Көңілге үміт ұялатады. Үміт қана емес, сенім ұялатады. Сендіреді. Иландырады.
Өйткені біз көптен бері "однако, я сомневаюсьқа" көндігіп алғанбыз. Күдігіміз көп те, күресуге жоқпыз.
Күні ертең тағы да ауылдағы пысықайлар, жұмырлар, жең ұшынан жалғасып алған жемқорлар момын елдің аузындағысын жырып әкетпесіне кім кепілдік бере алады? Ол үшін осы бағдарлама жүзеге аса бастағанша ауыл, аудан, облыс әкімдерінен де құдіреттірек бір күш, қара қылды қақ жарып, бір құдай мен Президенттен басқаға мойын бұрмайтын әділ де әлуетті күш керек сияқты. Менің айтпағым осы ғана.
"Егемен Қазақстан"
12 мамыр, 2002 жыл
Қазақстан Республикасы халық депутаттығына кандидат,
"Алаш" сыйлығының лауреаты ақын
Сәкен ИМАНАСОВТЫҢ Алакөл жұртына
АШЫҚ ХАТЫ
Қадірлі ағайын, қандас бауырларым!
"Су тасыса – жиегіне, ер тасыса – еліне", – деуші еді деп, тілек-мұрат дейтін, арман-үміт дейтін әурегер сезім, дәме ғой сенім мені де жетелеп, алдарыңа әкеліп отыр. Жайдақ аттың жалында, жалаң қылыш жүзінде тұтқиыл туа қалған ниет емес, он ойланып, жүз толғанып барып, "базарға түсіп бақ сынауға" бекініп келіп отырмын. Қабырғалы қалың елім бар еді деп, Алакөл аталатын аруақты жерім бар еді деп сеніп келіп отырмын. Өйткені алыс-жақынның бірі алдымен өзімді сыйласа, ақиқатқа сомдалған сөзімді сыйласа, жақынға да, жатқа да қадірлі болсам, оның бәрі Алакөлдің айбыны, үлкен-кіші ағайынның арқасы деп жүрген адаммын. Сол ауылдас ағайынның – қадірі үлкен қарттарымның, қатарлас құрбыластарымның, кейінгі толқын інілердің – алыстан сыйлап, әрдайым өзімді әз тұтып жүрген алаңсыз аппақ көңілі, қадірмен тілектестігі бар еді ғой деп келдім. Қайда жүрсем қолдайтыным да, құдайдан кейінгі қорғайтыным да өздерің деп келдік. Ық жағымның қаласы, жел жағымның панасы, – деп келдім.
"Саусақты жұмсақ жұдырық, ашсаң қылдырық" – дейді, басы бүтін арқалы елім бар еді, өз ұлын өзекке теппес, кеудесінде намысы бары менімен бірге тасыр да, жеңіліп жатсам – менімен бірге жасыр деп келген жайым бар.
Бұл өзі жеңілсең де бетке салық, сүйекке таңба болар дау емес, теңдес ер-азаматтар талабы, ақыл-ой ерегесі деп білем. Арысына ара түсер намыс та, елмін деп жүрген елдігің де, қаны бір қажырың да осындайда керек. Алакөл менің ата жұртым, өз елім, алдымда у тұрса бірге ішер, жылан тұрса бірге жұтар, сөйткенде ғана мені, мен арқылы өзін жерге қаратпас деп ойлаймын. Қалың қарындас, қаны бірге туыстарыма айтарым алдымен осы.
Мен өзім ел билеп, жұрт шүйлеп жүрген адам емеспін. Жаралғалы жұлқынып лауазым, биік дәреже де іздеген жерім жоқ. Атақ дәреже, бақ қуғандардың абыройсыз қылығына қынжылып өскен адаммын. Бар сенерім бойымдағы дарын мен қолымдағы қаламым ғана, бірақ қалам күші деген де осал қару емес. Жақынға ес болуға, жатқа сес болуға жарайтын, жүзі ешқашан мұқалмайтын, жігері жұқармайтын қару, Сондықтан да айтарым – бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды, "кезекті дүние, кезбе бақ" дегендей, құдай бетін аулақ қылсын, әйтсе де ер-азамат басына алмағайып күндер түспей тұрмайды. Сондайда, "жан қысылса жақының табады" дегендей, жараңа жамау болуға, жолыңа жалау болуға жарап қалармын, ағайын, Қалам күші де сол үшін керек болар, қажетке жарар! "Елі мықтының белі мықты" деген сөз және бар.
Ақсақалды ағаларым бар, ақ жаулықты әжелерім бар. Сөзімді соларға арнаймын. Өнеге де, үлгі де от басынан басталады. Бәріміз де жас болдық. Ойланбай от басқан кездеріміз де аз емес шытар. Келешек жасқа кемелі кім, кемеңгері қайсы деп айтып, құлағына құйып отырмаса, "әйт" деген айтаққа еріп, сойылын алып, сойқанын тауып шыға келмесіне кім кепілдік береді. Күміс сақинадай дөңгелек тірліктеріңізге сызат түсіріп алудан қорқам. Сырлаймын деп отырып сындырып алатындар болады. Бүтіндік-бірлікке шақырар, бүгінгі елдігің ертеңгі ұрпағыңа үлгі болар, аңғарлы өнегеге айналар жағын іздейік, "Ақыл ағадан" деп бекер айтпаған қазақ, басы сайранмен басталған бұл істің аяғы ойранға айналып кетпеуі жолында ықпал етер, ықылас-пейіл білдірер деп сенемін. Ұлы көңіл, үлкен жүректеріңе сенемін.
Жүзін құбылаға, ниетін құдайға берген мүһмін-мұсылман баласының басын қосып отырған дін маңының назаратына да жүгініп, ел ішіндегі қадір-қасиетімді елеп, дұға намазынан қалдырмас, мен деп бүйірі қызған ағайынға олардың да бүйрегі бұрар деп сенемін. Бақастығы балалап, күншілдігі күшіктеп жататындар болса, тәңірі атынан "тәйт" деп тыйым салар деп сенемін. Менің құбылам да, қағбам да осындағы халқым, арқа сүйер елім екенін әрдайым айта жүрсін демекпін.
"Болар істі бүлгір бүлдіреді, білгір түзетеді", – дейді екен. Алакөлдің емшегін таласа еміп, қатар өскен құрбы-құрдас, тұрғылас туыс, үзеңгі серік інілеріме де осы тұрғыда сөз айтам. Аптыққан қыран аң ілмейді, асығып-аптығып, ағайын арасының берекесін кетіріп алмайық, ел-жұртымыздың абыройын ойлайық, Сырғымалы дүниеде сұғанақ пен сұмға да мол сыбаға тиіп жатады. Солай болды екен деп, адыраң абыройсыздыққа баспайық дер едім. "Ел басына дау келсе – елдігі кетер, би басына дау келсе – билік бітер" – дейді. Дау-дамай болмасын. Құрама жиып ел етіп, құрақ жиып, шөп ете алмай, жүргенде жақыннан жат, ағайыннан аламан тауып алмайық. Сүттей ұйыған жұрттың ынтымағын ойлайық. Жатырлас жұртты ыдыратпай, бірлікке бастайық.
Тек мен деген жұртқа: "Ерді құдай ұрарда жауға мінер жампозын (жақсы атын) жабы орнына мінеді, елді құдай ұрарда жауға қимас жақсысын жалпының біріндей көреді" деген аталы сөзді анығырақ жеткізіп, жалғыз-жарым жақсысын ардақтай білер ағайынның қалғымалы көңілін түртіп оятып жүрсеңдер болды демекпін. Бұғып, бүгіп сөйлеме, артын ойлап, ұғып сөйле демекпін.
Ала таппай, осы жолға дауа тап, ағайын. Бөле шешпей, бүтін кес. Күпсініп біреуге күш көрсетер бүкпе есебім де жоқ, тепсініп теріс азулыққа салар есерлігім де жоқ. Жоқтарым елдің мұңы, жұрттың қамы еді, деп, тоқтарым елдің сөзі еді деп, алдарыңнан өттім. Әумин!
Айдын көлім, айбынды елім – ұраным,
Асқақ өнім, тас қамалым – тұрағым,
Сен шығарсың сарқылмайтын сағыныш,
Тартылмайтын таза тұнық бұлағым.
Тамшы болып тамды саған кіндік қан,
Кіндік қаным тамған жерде тілді ұққам.
Мұқалмауым, жұқармауым үшін де
Шымыр етіп жаратыпсың шындықтан.
Қасиетті қағбам менің, қыбылам,
Сен деп өттім саналы өмір сынынан.
Торыққанда демеу тауып өзіңнен.
Қорыққанда қолтығыңа тығылам
Өзің деумен өзеуреген ежелден
Балаң едім, бала күннен сөз емген.
Ұл бол деп ең – ұл болуға жарадым,
Күл бол десең – құлдыққа да төзем мен.
Туған жердің тұғырдағы түлегін
Жұрт көрсін деп жоғары ұшқан ұл едім,
Жатсам-тұрсам жаратқаннан: –
Осы елге Қадірімді кетірме!" –
деп тіледім.
Өздеріндей ел бұйырды бағыма,
Қайта жұмса қайратымды жаны да,
Алдарыңа келіп тұрмын, ағайын,
Бір көтеріп тастар ма деп тағы да!
Қабырғалы халқым барын ел көрсін!
Саналы жұрт, салтым барын ел көрсін!
Қайда жүрсем бағым, арым, ағайын.
Бағынарым, табынарым сендерсің!
Наурыз, 1993 жыл
АБЫРОЙ ЖАҚСЫҒА ТҰРАҚТАЙДЫ
Алакөл өңіріндегі үлкен-кішінің ешқайсысы көзге де, сырттай да Исағұл Жолжанов ақсақалдың атын тура атамайды. Бәрі де бірімен-бірі уәделесіп қойғандай, айырықша бір ықылас-құрметпен Исаға, Исеке десіп тұрады. Бұл есім аталғанда елең етпейтін, жалт қарамайтын адам кезіге қоймайды. "Ауылыңның ағасы кім? Игі жақсыдан кімдер бар?" – деген көлденең сұраққа да ең алдымен "Исағаң" деп жамыраса жауап беретіндеріне біз бәс тіге аламыз. "Алакөлдің ағасы, алтынды тонның жағасы" дегенге бұл күнде бәріміз де әбден ден қойып алғанбыз.
Исекең мұндай құрметті біреуден қолқалай қалап та, сұрап та алған жоқ. Осы елге, өскен жерге сіңірген ұшан-теңіз еңбек, сол еңбегі арқылы жылдар бойы жинаған берекелі ісі мен беделіне орай өзі іздеп келген абырой бәрі. Айналасына тигізген пайдасы, көрсеткен үлгісі мен өнегесінің алтын тамыр жемісі.
Бұл әзі шын мәнісінде жер басып жүрген жұмыр басты пенденің бәріне бұйыра берер бақ емес еді. Жақсылығы мен жамандығы, әділеті мен әбілеті алма-кезек ауысып, әмісе жеңісе алмай, зәу бір тұста итжығыс түсіп те жататын мынау бір жалған да есепті дүниеде сүтпен бірге сүйекке біткен кісілік келбетінен айнымай, тектілік тұғырынан таймай, әрдайым таразы басын тең ұстап, теңселмей өту, жүзін сыртқа, арқасын ыққа бермей, ақ адал ғұмыр кешу де екінің бірінің қолынан келе бермес, даналарға ғана даритын сирек қасиет болса керек.
Біздің Исекең шепті жарып, шеңбер бұзбаса да, ақырын жүріп анық баса отырып, қоғам өмірінің көп жүгін арқалап келе жатыр екен. Біз сияқты егделер үшін күні бүгінгідей болып көрінетін сонау бір қанды соғыс кезінде ол аудандық комсомол ұйымын басқарды. Жас еді, жалынды еді, әрине. Бірақ оның өзі жаспын демеді. Кемелі де бар, кембағалы да жоқ емес талай бір келелі жиын, кеденді кеңе1 іс жұрт арасынан суырылып шығып, өз тұстастарына бас бола білді. Мүгедекпін деп мүдірмей, қиындықты көріп кідірмей, бойдағы қуат-күшін түгел жұмсап, ақыл-сананы сарқа пайдаланып отырды. Содан барып ол басшылардың да, былайғы жақсылардың да көзіне түсті, солардың бәріне кісілігімен де, кішілігімен де ұнады. Әлдекімдерше әлекедей қаланып, битін сала іздемесе де бұйырған лауазымның, қолдан келер қызметтің ешқайсысынан ат-тонын ала қашқан жоқ. Сатылай өсіп, еңбекшілер депутаттары аудандық кеңесінің атқару комитетіне төрағаның орынбасарлығына жоғарылады. Жиырманың үстіндегі жас жігіт үшін ол, әрине, үлкен мәнсап болатын. Бірақ оған Исекеңнің басы айнала қойған жоқ. Қандай іс болса да ақыл-сабырмен шешті, ешкімге ой-көпір атанбады. Қошемет, қолпашқа бола елігіп, қолына билік тигенге желігіп те кететіндер аз емес қой, Исекең ондайға бармады, обал-сауап дегендердің болатынын да ешқашан естен шығарған жоқ. Әркімнің басында бола беретін артық-кем істер мен ағат-ауыт сөздердің өзінен де аяғын тарта білді. Ойламай айтып, көздемей атқан кезі жоқ.
Ол өзінен кейінгі жастардың пікіріне де ұдайы құлақ асып, сөзін жерге тастамауға тырысатын еді. Жассың деп ешкімді жасқамады, жарлысың деп жарты жолға тастамады. Қашанда болса қасындағыларды көзбен демеп, көңілмен жебей жүрді.
Исағұл Жолжанов табаны күректей 25 жыл бойына сауда қызметінде – Алакөл аудандық тұтынушылар одағының торағасы қызметінде болған адам. Қарауында толып жатқан сауда базалары, құрылыс мекемелері, біршама селолық тұтыну кооперациялары бар сауда мекемесін басқару, әсіресе азды-кем қажет дүниенің бәрі шетінен қат болып тұратын, кісіні ділгерліктен барып діл-зарлыққа ұрындыратын кешегі кеңес кезінде мұндай сан-салалы үлкен шаруашылықты игеріп әкету, жолдан таймай, ақ сөйлеп адал жүру екінің бірінің қолынан келе бермес еді. Өзінің алдындағы, соғыс кезінің таршылығы мен тапшылығы кезінде осы мекемені басқарған адамдардың біразы өзіне ұнағанды ішіп, өзгеге ұнағанды киіп, асып-желігіп, тасып-төгілем деп жүріп, біреуі сотталып, біреуі жоқ болып жатқан әрекеттері де сабақ болған шығар, жоғарыда айтқандай, әр нәрсені ақылмен пайымдап, сабырмен таразылай білген Исекең осы қызметінен зейнеткерлікке шыққанға дейін басшыдан сөгіс, басқадан сөз естіген емес. Кайта керісінше, осы 25 жыл ішінде ел құрметіне бөленіп, жұрт аузына ілігіп, әртүрлі ордендер мен медальдардың иегері болды. "Қазақстан сауда жүйесінің озық қызметкері" деген атақпен марапатталды.
Шыр айналар шіркін тауық,
Жемің болса қолында.
Қайдағысы сені тауып,
Қыт-қыттайды жолында,–
деп Сәкен Сейфуллин жазғандай, қазан басында, онда да сауда мекемесі сықылды майлы қазан басында жүрген адамның жолын тосып қыт-қыттайтындар да, ләббайлап құттықтайтындар да көп болады. Бірақ Исекең құлағы ондай желсөзге келгенде түк естімес тас керең болып шыға келетін. Оны өзіміз де көрдік, өзгеден де талай естідік.
Қоғамдық жұмыстағы, қызметтегі жауапкершілікті дүнияуи тірліктегі сауапкершілікпен парлап жегіп, қатар игерген адам ешқашан абыройсыз болмақ емес. Көп пенде осының бірін ұстаса, екіншісіне ие бола алмай сорлап қалып жатады. Исекеңнің айналасына сыйлы, ағайынына сыйымды болуының өзі осы жауапкершілік пен сауапкершіліктің ара жігін тең ұстай білуінде шығар дейміз.
Екі адамға билігі жүрсе болды айналасына шекесінен қарайтын, алдына жүгіне келген адамдар түңіле шығатын басшылар да болады. Исекең өз бойын ондай пендешіліктен таза ұстай білді.
Аштықты да, тоқтықты да бір кісідей көрген, желге де, шөлге де шыдас берген азамат әйтеуір, қалай еткенде де хақ жолынан аттамауға барын салып-ақ бақты. Әлі күнге дейін сол.
Қуат күші бойында, қайраты қайтып, қажыры сарқылмаған Исекең көп жылдар ақсақалдар алқасын басқарды. Ол тұста да, қазір де ешкімнен өзінің уағыз-тәлімін аяп көрген адам емес. Алыс-жақын ағайын, тұрғылас, құрбыластары ұлын үйлендірсе де, келіп түсірсе де, баласын жетелеп жоғарғы оқу орына апара жатса да, тіпті от басы, ошақ қасының дағдарысқа ұшыраған ділгерлік тұсында да Исекеңе ақыл салып, алдынан өтіп пікір сұрауды дағдыға айналдырып алған. Өзіміздің ибаз-базда басымызға түскен тірліктің тар жол, тайғақ кешуі кезінде Исекеңе ақылдаса барғанымызды, орнықты ой түйіп, ұлағатты ұйғарымына разы болғанымызды да ұмыта қояр емеспіз. Жадырағанның қасында, жамырағанның басында жүретін қасиетіне қанық болғаннан да еді ол.
Он шақты жылдың қарасы болды-ау дейміз, Исекеңнің құдай қосқан қосағы Жанбытай дүние салды да, бала-шаға, келін-кепшік, немерелерінің енді бар салмағы өзіне түскен ауыр күндерді басынан өткізіп еді. Бірақ қайғыны да қара нардай көтеретін Исекең ешқайсысына аяулы аналарын жоқтатпай, үлкен-кіші ұрпағының бәрін қанатының астына алып, пана да болды, ата мен ана да болды. Сол пейіліне орай құдай тағала оған келісті ұл, келбетті келін, қылықты қыздар берді. Қазір ұлдары Мұхтар мен Бақтұр ел басқарып жүрген азаматтар қатарында абыройлы келе жатса, қыздары да ешкімнен жүзін төмендетпей төрт-бес шаңыраққа не болып, түлей түсіп, түтін түтетіп келеді. Исекең оған да үнемі шүкіршілік айтады.
Дәулеттен гөрі қадір мен құрметті қастер тұтып өскен, мақтауға жығыла қоймайтын, мақтануға мүлдем жоқ Исекең біздің бұл мадағымызға да миығынан күлер де қояр. Өйткені ести сала сенетін, тыңдай сала көнетін кісіңіз ол емесін де жақсы білеміз. Бірақ жақсының жақсылығын айту қатарластары үшін қашанда парыз ғой. Біріміз қатар жүрген жан досы ретінде, екіншіміз үзеңгілес інісі ретінде де, жарым ырыс – жақсы лебіз білдірудің ешбір сөкеттігі де, артықшылығы да жоқ деп түйген едік. Ел ішінде жүрген асылдарымызды айту да елдіктің белгісі емес пе!
"Егемен Қазақстан",
Тамыз, 2001 жыл
( Бұл мақала туыстас ағам, Алакөл түлегі, профессор, марқұм Жұмахан Балапановпен бірігіп жазылған )
АЗАМАТ. АҒА. АСЫЛ ДОС
( Үшарал қаласының Құрметті азаматы Исагұл Жолжанов жайында замандастары профессор Жұмахан Балапанов пен ақын Сәкен ИМАНАСОВТЫҢ сұхбаты )
Сәкен Иманасов, ақын: – Жұмахан аға, "Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын" деген сөз барын білесіз. Сіздің заманы бірге досыңыз, қатар өскен сыйлас та сырлас жолдасыңыз, біз үшін әрдайым аға Исекең, Исағұл Жолжанов осы күндері сексеннің сеңгіріне көтеріліп, сол бір жоталы күнін ауылдастары арасында атап өткелі жатыр екен. Ауыл-аймақ, ағайын-жұрттың біле жүргені артық болмайды, мен өз басым сіздердің осынау арадан қыл етпес дерліктей ұлы достықтарыңызға қызығып та, қызғанып та қарайтын адаммын.
Сонау бір жылдары (онда Алматы – Алакөл арасына күніне неше дүркін самолет ұшып тұратын) кездейсоқ қана бірер рет ұшақ ішінде жолымыз түйісіп, Алакөлге сізбен бірге ұшып барған ем. Самолет қонар-қонбастан сіздің алдыңыздан Исағұл досыңыз, күні кеше арамыздан кеткен аяулы Мұқаметбай Мыңбаев, марқұм Бабақұмар Ыдырышовтар құрақ ұша қарсы алды. Бірі өзінікі, бірі өзгенікі болуы да мүмкін, бәрі де сіздің алдыңыздан автокөлік алып шығыпты. Әрқайсысы өзіне тартып әбігер болды да қалды.
Мен де тұра ұмтылып, ағаларыма сәлем беріп едім. Олар сіздің аяғыңызды тіпті де жерге тигізер емес. Үш-төрт жолдасыңыз алдыңызға тартқан әртүрлі маркалы машиналардың қайсысына мінуді ойлап, аз-кем дағдарып та қалдыңыз-ау деймін, оқшау сырылып қалған маған қарап:
Сәкен, саған көлік келетін бе еді? – деп сұрағаныңыз да есімде.
Келеді, аға, келеді, алаңдамай жүре беріңіз, – дедім мен де.
Менің де "қиыспаспыз" деп жүрген бірер атқамінер жора-жолдасым бар еді. "Қарсы алармыз" дегендері де болған. Ырғалып-жырғалып, қайда қашар дейсің, барармыз деп асықпай шыққандарынша сол болып жатқан шығар дедім де, сіздерден сырылып қала бергенмін.
Сонда да, кейін де сіздердің осынау береке-бірліктеріңізге, татулықтарыңызға, бір-біріңізді жаттай сыйлайтын адал достықтарыңызға бір жыл, екі жыл емес, жарты ғасыр, тіпті одан да көп уақыт бойына біріңізді-біріңіз көтермелеп, сағына іздеп, айтқан сөз, айтулы уәдеге берік күйде келе жатуларыңыздың қандай ғана сыры бар? Исағұл ағаны ортаға ала отырып, осы жайлы азды-кем пікіріңізді тыңдап, ойыңызды бөліссем деп едім.
Жұмахан Балапанов , экономика ғылымының докторы, профессор, Еуроазия Халықаралық академиясы мен Қазақстан ауылшаруашылық академияларының академигі:
Екеуара жазған Исағұл жайлы әнеукүнгі бір мақаламызда шет жағасын білдіре кеткен едім, шынында да Алакөл топырағында жұп жазбай қатар жүрген біраз азамат болдық. Жаңа өзің тізген тізімді әрі қарай жалғастырар болсақ бізден сәл ғана жасы үлкен Ыдырыс Туғанбаев, Көкімсейіт Қасымжанов, осы Исағұл Жолжанов, топырағың торқа болғырлар Сәмет Жұманқұлов, Тоқтабай Қарайғанов, тағы басқа біраз азаматтармен елу жылдай сырлас-мұңдас болып, дәм-тұзымыз жараса қатар жүрген екенбіз. Біздің балаларымыз да, құдай қосқан қосақтарымыз да ағайын-туған, абысын-ажын болып бірге жүріп, біте қайнасып кеткен адамдар. Біздің бәріміз де дүние асты-үстіне шыға төңкерілген сонау жаңа дәуір – Кеңес кезеңінің алғашқы жылдарында дүниеге келдік те, жоқ-жітік, аштық пен жалаңаштықтың дәмін тым ерте татып едік. Алған білімдерміз де ыңғайлас, ұшқан ұямыз бір, мұрат тұтқан арман-үміт ортақ болып еді. Қадірлеп, қастерлеген идеяларымыз да бірыңғай. Қоғам мүддесін өз мүддемізден әрдайым жоғары қойып өстік, солай ержетіп, бір кез, бір мезгілде ат жалын тартып мініп, ел-жұртқа адал қызмет ете бастадық.
Ол бір ар-ожданның әлі де лайлана қоймаған тұнық кезі еді. Тасқа жазып қойғандай айнуға болмайтын адами кодекс бар, содан бұрылмауға, бұра тартпауға тырыстық. Ағайын-жұртқа адалдық, жолдас-жораның көңіліне қарау, отансүйгіштік, парыз, қарыз дегендерді жалау ете көтеріп, бір адамның ала жібін аттамауды мұрат тұтып өскен буыннанбыз. Қазір біз екеуіміз сөз етіп отырған Исағұл Жолжанов Алакөлде 25 жылдан астам уақыт аудандық тұтынушылар одағы сияқты сол кезгі ірі сауда мекемесін басқарды. От-жалынның ортасында, періштені де жолдан тайдырар алтын, күміс ішінде жүрген Исағаң жайлы жұрт аузынан жаман сөз естіп көрген жерің бар ма өзіңнің?
Сәкен Иманасов: Жоқ. Естіген емеспін.
Жұмахан Балапанов : Өйткені ол ең алдымен еліне, халқына, үкіметі мен партиясына қызмет етіп жүргенін естен бір сәт шығармады. Абырой тапса алтынмен, ақшамен емес, адалдықпен, адамдық, кісілікпен ғана табатынына сенді. Өзінің сол берік ұстанған жолынан айнып, ауытқып көрген кісің емес. Айналасына да соны үйретті, өз бала-шағасын да соған тәрбиеледі.
Ақыры айтып қалдық қой, несін жасырайық, ел болған соң не түрлі мінезді, алуан қылықты адамдар кезігуі де заңды құбылыс. Бірақ біз, сол Мұқаметбай, сол Исағұл, сол Жұмахан болып 50-60 жыл бойына:
Көкірегінде қаяу жоқ, қиянат жоқ,
Қажымас, қайта айнымас қайран тату! –
деп Абай айтқандай, достығымызға дақ түсіріп көрмедік. Бүгін тату, ертең қату, әсіреқызыл айнығыштардан аяғымызды тартып ұстап, аулағырақ жүруге тырыстық. Сол Абай тағы да:
Жаман тату қазады өзіңе ор,
Оған сенсең бір күні боларсың қор.
Ары бар, ұяты бар үлкенге сен,
Өзі зордың болады ығы да зор, –
деген емес пе еді. Сол айтқандай, бірдеңемізді қолма-қол бөліп бермесек те кәрі-жастан жәрдемімізді аямай, қолғабыс, қамқорлығымызды саудасыз қиып, рухани болса да қолдап, қолпаштап, болатын балаға болат тұғыр болуға тырыстық. Исағұл тарапынан ағалық ықылас көрген азаматтар ішінде өзіңде бар шығарсың-ау, солай ма?
Сәкен Иманасов: "Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді" дейді ғой. Осыдан-қырық жыл бұрынғы бір оқиға түсіп отыр есіме.
Әкем екеуіміз саманнан қалап үй сала бастадық та, ол да бір ауы мен бауы біте қоймайтын ұшы-қиырсыз шаруа екен, күн сайын бір нәрсе қат болады да тұрады. Әсіресе, автокөлік жағы қинап бітті. Ондайда Жора-Орынғажы дейтін, сол Исағаңның қарауында істейтін шопыр досым бар, соған күш салатынмын Бір күні сол айтты. "Біздің бастыққа кіріп, мені уақытша болса да сұрап алсаңшы, ол өзі кісі көңілін қалдырмайтын жаны жұмсақ, мейірман адам", деп еді.
Салып ұрып Исекеңе барайын. Бұйымтайым жайлы сабырмен тыңдап алды да, сол "Райпотребсоюздың" автокөлік жағын басқаратын адамды шақырып "Мына Сәкенді білесің ғой" деп бір құптатып алды да, – үй салып жатыр екен. Алыс бір жол-сапарға шығып кетпесе, сұраған кезінде бір күнге ме, бір аптаға ма, тарылмай-ақ ана өз жолдасы Орынғажыны босатып тұрайық", – деп шегелей тапсырды.
Төбем көкке жеткендей болып, танауым делдие әкеме мақтанып келгенім әлі есімде.
Жұмахан Балапанов : Біздің жасымыздағы адам үшін әулетінің күйлі де сыйлы болуынан асқан абырой жоқ. Құдай Исекеңе де ақылды ұл мен қыз берген. Бұл күнде ордалы да қордалы, балалы-базарлы, кейінгі ұрпағы да, құдай көпсінбесін, өсіп-өнген өнегелі әулет. Отағасы үшін одан артық қандай бақыт керек. Үш ұл мен төрт қыздан тараған немерелерінің өзі бұл күнде осы әулеттің өрісін ұзартып, алыс-жақын елмен құда болып, құйрық-бауыр жесіп жатыр, Исекеңе шөберелер сүйгізіп отыр. Бала берекесіз, келін кердең болып бітсе қайтер еді. Құдайға шүкір, бұл жағынан да Исекеңнің тағдырға өкпесі жоқ.
Сәкен Иманасов : Алакөлде Исекеңнің алдына барып ақыл сұрамайтын, кеңесіне құлақ асқысы келмейтін адам, аз. Сонау бір жылдары Қазақстанның халық депутаты болып додаға түскенде ең алдымен ауылға барып Исекеңнің ақылын тыңдап, ақ батасын алғандардың бірі өзіміз едік.
Есіме түсіп отыр, Исекеңнің жақсы көрген адамының өзін ұрмай-соқпай сабасына түсіріп, асығып-аптығу, артық кетіп, асқақ сөйлеуден сақтандыра білетін, ағалық беделімен-ақ тәубесіне түсіретін қасиеті барына тәнті болған адаммын. Өз көңіліңе көбірек орнығып алды ма, таңдайыма тати қалды ма, білмеймін, әйтеуір Досбол жырау айтыпты дейтін:
Хан алдына барғанда,
Хан таппады мінімді.
Би алдына барғанда,
Би қақпады тілімді,
Өз еліме келгенде,
Итке берсін күнімді, –
дейтін өлең жолдарын Алакөлдегі үлкенді-кішілі әрбір басқосуларда жөн-жосықсыз қайталай берсем керек. Соны байқап жүрген Исекең "Сәкен-ау, – деп еді бірде, – үлкеніміз бар, кішіміз бар сені құрақ ұша қарсы алып, жатып жастық, иіліп төсек болып жатамыз. Осы бізге неғылмадың деп өкпелейсің. Келген сайын айтатының жаңағы бір "итке берсін күнімді" деген сөз. Соны қойсаң қайтеді" дегені бар.
Аталы сөзге ақымақ қана дау айтады. Біз оншалық ақылсыздар санатынан емес едік.
Тағы бірде телевизияда қызмет істейтін құрдасым, досым, қазақтың үлкен ақындарының бірі Өтежан Нұрғалиев мен туралы телеочерк түсірткен. Сонда ол: "Кейін монтаждау кезінде көзіңше қиып тастаймыз", – дей отырып, әрі-сәрі әртүрлі сұрақтар қойып мені сөйлете беріп еді. Сөз арасында арамызда жоқ үлкен бір ақынның мәнсапты бір кісінің алдына барып, бес бөлмелі пәтер алғаны жайында да әңгіме болған.
Өтежан сөзінде тұрмай, әлгі очеркті түсірілген қалпында монтаждамай эфирге жібере салыпты. Соны көрген Исағаң өз үйімнің төрінде отырып: "Сәкен, біз ғой сендерді, яғни жазушыларды зиялы қауым өкілдері деп жүрміз. Сөйте тұра әлгіндей келеңсіз әңгімеге жол беріп алатындарың қалай осы? Кімнің қайтіп, қалай, кім арқылы пәтер алғанында жұрттың шаруасы қанша? Соны тәптіштеп айту көрермен үшін қажет деп пе едің?" деп мені тағы да жерге қаратқаны бар.
"Дос жылатып айтады" мен ағаның сол ескертпелерін де әлі ұмытқан жоқпын. Іштей өзім риза бола қабылдағам.
Жұмахан Балапанов : Сәкен, әңгімеміз ұзаққа созылып кеткен жоқ па осы? Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Исекеңе "аман жүре беріңіз, абыройлы азамат" деу емес пе еді? Осымен тұжырымдай тұрсақ қайтеді?
Сәкен Иманасов: Сөйтейік ендеше .
"Жетісу" газеті, тамыз, 2001 жыл
КҮЛЕСІЗ ДЕ, КҮЙІНЕСІЗ ДЕ...
Мен телевизия маманы емеспін, көрерменмін. Сол көрермен ретіндегі көрген-білгенімді, көңілге түйгенімді, түйткілдер мен түйіндеулерімді ғана айтқым келеді. Үй-ішіміз болып қазақша хабар тыңдайтынымыз бар. Сондағы дикторлардың, әртүрлі тақырыптық хабарларды жүргізушілердің, шолушылардың пікіріндегі келеңсіз ойларға, тіліндегі мүкіске шыдамай кетіп: "Қап, мынау бүлдірді-ау. Өзінен басқаның бәрін ақылсызға балаганы ма, дікектеп, дігерлеп бітті-ау"– деп қопаңдап қалатыным бар. Енді қайтейін, қазақтың ойлау сипатындағы логиканы бұзып жатса, тілімізді бүлдіріп жатса – күйінбей, қалай тыныш отырайын.
Ақпарат құралдарының баршасы секілді қазіргі телевизия да бізге ең алдымен жаңалықтарды жеткізуші. Ол жедел ақпараттың, қала берді сол тасқынды хабар-ошар мен ойын-сауықтың жөне бизнестің ортасынан жаралған жаңа бір синтез бе деп қаламын. Әлемдік өнегеге назар аударар болсақ, рынок қандай тауар қажет деп тапса, теле кәсіпкерлер де соған қарай бейімделіп шыға келетінін байқар едік. Алысқа бармай-ақ, ежелгі көршіміз Ресей телеарналарының ақпараттарына ден қойсаңыз да соны байқар едіңіз.
Мен көбіне-көп "Хабар", "Хабар-2", "Қазақстан-1" телеарналарының ақпаратына құлақ түретінім бар. Әрине, мемлекеттік телеарна болғандықтан да шығар, бұларда көбіне егіз қозыдай бір-біріне ұқсас хабарлар беріледі, біз де соны талғажу етіп үйреніп кеткенбіз.
Біздің ұлттық телеарналар әлі күнге дейін үйрену үстінде сияқты. Сондықтан да болар, не жүректі жылытпайтын, не сезімді селт еткізіп, ойға түрткі болмайтын құрғақ сөз, қысыр әңгімеге құмарлық басым. Экраннан көрінген адамның не айтып, не қоятынын да комментатордың хабарламасынан-ақ аңғара қоясың да, әрі қарай тыңдауға құқың бола бермейді.
Аттарын атап жатпайын, қазір қазақ сөзінің қадірін кетіріп, аяқ асты етіп жатқанына арлана қояр тележурналист кемде-кем. Бұл әсіресе онсыз да ана тілінің уызына әлі жари алмай жүрген кейінгі жастарымызға кері әсерін тигізіп-ақ жүр. Әлі күнге "ң" дыбысын айта алмайтын, қала берді әңгімесінің әр сөйлемі сайын "күтілуде", "орын алуда", "көрінеді", "сыңайлы" сияқты сөздерді қолданып, кейде сан есімнен кейінгі сөзге көптік жалғауын жалғап та жіберетін журналистеріміз бар. Олар үзіп-жұлқып сөйлегенде тынысың тарылып, демің жетпей қалады. Олар онысын сөкет деп те санамаса керек, әйтпесе бүгінгі қатесін ертең тағы қайталап, өші бардай-ақ үсті-үстіне төпеп айта бермес еді ғой. Бұл орыстың "ожидается", "имеет место", "похоже" сөздерінің сөзбе-сөз аудармасы екенін ескеріп жатқан ешкім жоқ. Кейде мен тележурналистер сөзін тыңдап отырып "ой, бүгін бір тіл білетін басшысынан қатырып сөгіс еститін болды, сірә, тыйым да салынар"– деп ойлап қалам. Бірақ "баяғы жартас, бір жартас", басшылары да мемлекеттік тілді әлгі жүргізуші, шолушылары дәрежесінде меңгерген адамдар, не өз хабарларын өздері де көріп жарытпайтын кісілер ме дегенге табан тірей беремін.
Орыс тілді телеарналар хабарына жұрт неге құмар деген пікірталас мені де жайбарақат қалдыра алмайды. Қазақ тіліндегі телехабарлар көбеюіне тілектестердің бірі бола тұра, біз неге Владимир Познер, Татьяна Митькова, Светлана Сорокина, Евгений Киселев, Владимир Молчанов, Андрей Карауловтардың атын жатқа білеміз де, өзіміздің жігіттер мен қыздарға келгенде кібіртіктей береміз.
Өйткені, олар жұрттың көкейіндегі ойды дөп басып, түйінді пікір айта алады, азулы, көтерген проблемалары төңірегінде өз ойларын да именбей, жалтарып-жалтақтамай ашық білдіре алады. Қазіргі қазақ тележурналистикасында солардың қатарына тұра алар біреу бар ма, – дегенде кәдімгідей қиналып-ақ қаламыз.
Бұрындары "телегеничность" деген ұғым болатын. Қазір ол да аса маңызды емес. Қазіргі тележурналистер имиджінің жөні басқарақ. Сыртқы сымбатынан гөрі ойлылығы, жедел де нақтылығы, көкейкесті тақырыпты қозғауы, отырыс-тұрысының табиғилығы, әр сөз, әр сөйлемді сауатты түрде орнымен қолдануы қажеттірек. Кезге де сол арқылы түсіп, көңілде де сонысымен қалады. Әйтпесе, біз жоғарыда айтқан Познер, Осокиндер де анау айтқандай әкетіп бара жатқан келбет те, көз тартар көрік те шамалы ғой. Әзіміздің о жақ, бұ жағымыздағы ғана адамдар. Бірақ, тиянақты ой тұжырымды пікір, ең бастысы, өр дыбыс, әр сөзі арқылы бір көргеннен іші-бауырыңа кіріп, баурап ала жөнеледі. Осыған қарай, бүгінгі өрбір тележурналистің өз тағдыры, болашағы өз қолында дегенге ойысасың. Шеберлікті шындай беру ешқашан көптік етпесін сезінесің.
Таты бір тілек, біздің телехабар жүргізуші жігіттеріміз бен қыздарымыз тым ақылгөйси бермесе екен. Көзін ежірейтіп, саусақ безеп, жұртқа ақыл айтып кетуден сақтана жүрсе болар еді. Жеке адаммен сұхбат жүргізген кезде әлдебір сұрақты қойып алып, әлгі кісі ойы мен бойын жиып алғанша: "Сіз былай дегелі отырсыз той" деп, "Иә, солай дегелі отырмын" деп құптатумен сөзін аяқтайтын да журналистер бар. Бұл да абырой әпермес қылық. Тек күлкіңді келтіреді.
Өткен аптада бірнеше телеарналар бойынша Америка Құрама Штаттарына барып қайтқан, Конгресс мәжілісіне қатысқан адамдардың пікірін тыңдадық. Сонда өлі күнге дейін ол жақта Қазақстан деген елді ешкімнің білмейтінін кердік. Белгілі тілші талым Өмірзақ Айтбаевтың күйіне сөйлеген келбеті де көз алдымызда түр. Ендеше, бізге шет ел хабарларын төпеп көрсете бергенше, өзімізді шет елдерге насихаттау жағына баса көңіл бөлген жөн сияқты. Бұл "Хабар" сияқты қаржылық мүмкіндігі мол, шығармашылық жатынан қуатты телеарна үшін аса қиын да шаруа болмас деп ойлаймыз.
Ресейлік тележүргізушілердің тәжірибесіне сүйенсек, олар "шайнап берген ас болмасын" жақсы білетінге ұқсайды. Апта бойы тілшілерден түскен материалды олар өздері іріктеп, сұрыптап, елеп-екшеуден өткізіп барып, ең қат, ең қажет, яғни бүгінгі күнге ең керегін алады екен де, талғамнан тықпай қалғанын қайтарып беретін көрінеді. Бағдарламаның бүкіл композициясын өздері құрастырып, бағыт-бағдарын өздері қалыптастырады. Біздің тележүргізушілеріміз бұрандалы қуыршақтай, кезін мәтіннен айырмаған күйі қатады да қалады. Жазып берген материал мәтінінен асып та кетпейді, кем де түспейді. Қысқасы, біздің қай арнамызда да жүргізушілеріміз бәз-баяғы диктор күйінде қалып келеді.
Бұл жерде тырнақ астынан кір іздеп отырған жайымның жоқтығын баса айта кеткім бар. Телевизия біздің өміріміздің бөлінбес бөлшегіне айналды. Ол тек ақпарат қана емес, ұтқыр да ұтымды күлкісі, әжуасы, әзілі аралас әр түрлі мазмұндағы телеқойылымы арқылы да өзіне тарта білуі керек. "Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел" дегенді керісінше алсақ, сол мазмұны терең, танымдық, тақырыптық хабарларды көруге'зиялы оқырман да, қоғам да дайын, тек...
Қайталап айтсам, ауызды қу шөппен сүртіп, "бізде түк жоқ" деуден аулақпын. Тек болған үстіне бола, толған үстіне тола түссек деген үміт-тілектен туған ойлар еді бұл.
" Егемен Қазақстан ",
тамыз, 2001 жыл
ҚҰДАЙДАН МҰНАЙ ОЗҒАН КҮН
"Айтпаса – сөздің атасы өледі" деген бар, сондықтан да шығар,бәлки, әйтеуір осы жолғы екі дәулескер ақынның өнерін "бағалаған" халықтың оңбай қателескенін көре тұрып, тағы да үндемей қала алмадық. Республика деңгейінде ширек ғасырға жуық Жүрсін жүргізіп келе жатқан айтыстардың біразына араласып, жанкүйерінен жанашырына айналған тұста, дәл осынау Айбек пен Мэлс айтысындай сайыс, әй, білмеймін, көптен бері бола қоймаған шығар-ау. Мен де, менімен қатар отырып сол күнгі (9 мамыр) сайысты тамашалаған ер-азаматтардың бәрі де, әсіресе, бұл жолғы Айбектің алғашқы сәттен-ақ аяқты кеңге сала суырыла алға шығуына, сөз көркемдігіне қылау түсірмей отырып, қиыннан қиыстырар қас шеберлігіне, ойының ұшқыр, сөзінің ұтқырлығына біржола тәнті бола сүйсініп, қол соғып отырған едік. Біз ғана емес, зал толы жұрттың бәрі де, әсіресе, Айбектің ірі әлеуметтік мәселеге тайсалмай барып, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап отырып көсіле сілтеген тапқырлығына, сөз саптау мәдениетіне, ойды орнымен жұмсаудағы ұстамдылығына айызы қана разы болып, әлсін-әлсін к,ол соғып, қошемет білдіріп отырды.
Өткен ғасырлардағы Майкөт, Жанақ, Түбек, Шөже, Құлапаян Құлмамбет, Жамбылдар да ел мұңы, замана тынысын осылай егіле, төгіле жырлаған болса керек. Оның Президент атына айтқан даты да барынша сыпайы, барынша жарасымды болып шықты.
Мэлс Қосымбаев та айтыс өнеріне әбден машықтанған, талай рет топ жарып, қас бәйгеден қасқайып келген тарлан. Бірақ әділін айтуымыз керек, бұл жолы ол залдағы жұрттың көңілінен шыға алмады. Айбекке ілесе отырып өнер жарыстырудың, сөзбен сілкілесудің орнына кей тұста, тіпті әрненің басын бір шалып, басы қатты асаудай айдалаға лағып кетіп те отырды. Тіпті, кейде ол қарсыластың сөзін тыңдамай, Әйтеуір айтысқа берілген уақыт үдесінен шығып, оқта-текте айқайлап қоюды ғана мұрат санаған сыңайы байқалды. Қарсыласының ұтымды ойын жерге түсірмей қағып алып әрі қарай іліп әкетудің орнына өзі де, өзгелер де шиырлаған сүрлеумен текіректеді де отырды. Бұл Мэлс сияқты жүйрікке жараспайтын-ақ қылық еді. Оны Айбек те сезіп, бірер рет: "Мэлс-ау, тым құрыса анда-санда "Айбек" деп айқайлап қойшы" деп те наз айтқан, бірақ оған бола айыл жия қояр Мэлс болмады, бір алған бағытынан бұрылмай төпелеп тарта берді.
Қуырдақтың көкесі айтыс аяқталып, жеңімпазды айқындау кезінде болды. Екі жарым сағат бойына Қазақстандағы өнер сүйер қауымды аузына қаратқан, ақпа-төк алғыр ақын, айтқыш ақын екенін танытып отырған Айбегіміз "тырапай асып, жеңілді" де қалды. Ол айтыс үстіндегі бір сөзінде Мэлске: "Сен мұнайыңа сенерсің, мен көктегі жалғыз құдайыма сенемін" деп еді, қайтесің, бұл жолы мұнай Құдайдың да аузын аңқитып кете берді.
Әрине, көпке топырақ шаша алмайсың, бірақ бұл жолы "халық айтса қалт айтпайды" дейтін қағидаңыз айдалада қалып, сол бәріміз сенген халық дауыс беруге келгенде Құлагерге балта сілтеген Батыраш болды да шықты.
Әрине, бір рет ұтылдым деп Айбек сынды айтулы жүйрік желкесін қасыса қасыр, бірақ жаси қоймас. Болашағының бәрі алда ғой. Рас, кейде бақ шабады, кейде бап шабады. Бірақ шынайы өнерді бағалауда әділ болғанға не жетсін!
Осы айтысты бізбен бірге отырып тамашалаған Республика сарайының директоры Хасен мырза: "Айбек дәл осы айтыста маған баяғы патша алдына қасқайып барып, шімірікпестен ұлтының мүшкіл халін мәлім еткен Шоқан сияқты болып елестеді, мұншалық алмас қылыштай жарқылдап, бас айналар шырқау биікке бірден көтерілген ақын бізде көп бола қоймас!" – деген еді.
Алып-қосары жоқ әділ баға!
Ел жақсыларының әр түрлі тобынан әдейі іріктеліп алынатын әділқазылар алқасына да сенімсіздік білдіріп, дау айтып, дамай тудыратындар аз болмайтын. Бұл жолы айтысты ұйымдастырушылар сол қазылар жүгін халықтың өзіне артып, осы бір әдісті де қолданып көрсек деген болуы керек. Бірақ жақсы ниет әділ нәтиже бермеді. Сол баяғы "ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын" деген жалған намыс әділеттің де аузын аңқайтып кете берді. Суырылып шығар жеке тұлғалары болмаса, "халық дегенің жәй ғана тобыр ғой" деуші еді бұрынғы-соңғы ғұламалардың бәрі. Айтыс өнеріне көп жылдан бері араласып келе жатқан менің мол тәжірибем де еріксіз соны құптатып отыр. Айтыс – айтқыштар сайысы, таланттар тартысы, ендеше оның төрелігін дарынды адамдарға ғана сеніп тапсырмай болмайтыны белгілі болып қалды.
Абайдың інісі Оспан болыстыққа таласып, қаймана қазақ қарсыласынан жеңіліп қалғанда ояздың әйелі соншалық таңырқап: "Как так!" – деп қалып, оны естіп тұрған қалың ел: "Ояздың қатынына шейін "көтек!" деді-ау!" десіп, бұрмалап ала жөнелді деп жазып еді Мұхтар Әуезов.
Біз де сол "Как так – көтекпен" әңгімемізді аяқтай тұрайық.
"Қазақ әдебиеті",
28 мамыр 2004 жыл
МЕН ТІЛШІ БОЛЫП ЖҮРГЕНДЕ
"Лениншіл жас" ("Жас алаш") газеті редакциясында істеп жүрген жерімнен аяқ асты әлдене себеппен елге кетіп қалып, орталау бір мектепке мұғалім болып орналасқаным сол еді, жас журналистерге қашан да қамқоршы болып жүретін Кәкімжан Қазыбаевтың телефоны іздеп тауып алды. Ол кісі "Жетісу" газетінде редактордың орынбасары болатын. "Сәке! – деді Кәкең, – бізде, партотделде бір орын бар еді, соған келуге қалайсың?" "Ой, рахмет, аға, – деп жатырмын, – Алматыдан келе салып, жұмысқа кіріскенім осы, шошаңдап қайта қайтам ба? Биылша осында болып, көрейін". "Өзің біл, – деді Кәкең, – сені "Лениншіл жасқа" ренжіп кетті ме деп, бізде орын болып қалған соң...
Сол "Жетісудың" дәмі бірер жылдан соң меншікті тілші болу арқылы бұйырды. Алакөл, Андреев, Сарқан аудандары бойынша тілші болып жүрген Қастек Баянбаев Алматыға, редакция аппаратына шақырылды да, орнына мен қалатын болдым. Алдын ала редакция басшыларымен болған келісім бар. Бірақ...
Мен аудандық газетте едім. Сол тұста ауыл шаруашылығының үлкен бір тобы орден, медальдармен марапатталып жатты да, мен "Ірбітжан орден алған жоқ" деген очерк жаздым. Өзімше журналистік тапқырлығым деп, Ірбітжан деген к.ойшы орден алған жоқ, бірақ наградталғандардың көбінен ілгері дегенді айтпақпын ғой. Оның үстіне "Құланның қасынуына мылтықтың басылуы" дөп келіп, аудандық газет редакторының міндетін атқарушы болып аз күнге қалдым да, кадрларды орналастырудағы келеңсіздіктер төңірегінде ой толғап, "Партия тұрмысы" айдарымен "Қызым, саған айтамын" деген мақала жазып, өзім шығарушы болып қол қойып отырған газетке бастырдым да жібердім. Осының бәрі аудан басшыларының шамына тиіп, талағы тарс айырылғандар болды. Біршама ырду-дырдуға айналды. Аупарткомның бірінші хатшысы Қүрдеубай Мәтенбайұлы Мұжықов аса ақылды кісі еді. Алдымен жер-жебіріме жете ұрсып алды да: "Сені "Жетісуға" жібере алмаймыз. Редакторлыққа да қалдырмаймыз. Өз обалың өзіңе. Біраз күнде бюрода қарайтын боламыз", – деп кабинетінен қуып шықты. Мен "Жетісудың" Бас редакторы Әбдуәли Қарақұлов ағама телефон соғайын, "Ойбай, ара түсіңіз, осылай да осылай" деп.
Ол кісі "Әлгі газеттердің бір-бір данасын маған жіберші, өзім оқып көрейін, содан кейін Мұжықовпен сөйлесейін"– деді.
Енді бірер күннен кейін бірінші хатшының кабинетіне кайта шақырылдым. Кабинетте бірінші хатшыдан басқа ақ шаштылау тағы бір кісі отыр екен. Алдында қызыл қарындашпен айқыш-ұйқыш сызылған мен жазған мақалалар жатыр.
–Ә, осы жігіт пе? – деп о кісі менімен жылы да биязы амандасты. – Жас екенсің ғой, – деп қойды да, Құрдекеңе қарап: – Бюроға жеткізбей-ақ қойыңыздар. Жас жігіт өз қателігін түсінді білем. Солай ма? – деді. Бас изеп, құптағаннан басқа амалым қалған жоқ.
Бұл – Алматы обкомның идеология жөніндегі хатшысы Әнуар Кәкімжанов болып шықты.
Мен енді Алматыға Әбекеңе (Қарағұлов) тартайын. О кісі де мақалаларымды сызып оқыпты. Әжептәуір күліп алды да.
– Сәкен, мен қаншама жыл баспасөз басшылығында келем, мынадай мақаланы баспаған болар едім. Оның үстіне аудандық партия комитетін өз газетінде сынау деген әй, білмеймін бұрын-сонды болмаған шығар. Жә, қайта бер, ертең пленум еді, Құрдекеңмен кезігіп, сен туралы өзім сөйлесіп көрейін, – деп мені шығарып салды.
Осы кезде біздің ауылға қаңғалақтап жазушы Баймұқанбет Тоқтаров келе қалды. Құрдекеңмен жақын дос-жарлығы бар екен. Мені ертіп кіріп, аупартком хатшысына біраз ауыр сөз айтты. "Сен бір рет бөгет болғанда жас қыран ұшпай, ұяда қала береді деп пе едің!" дегенге дейін барған соң, мен шығып кеткем.
Араға күн салмай, Құрдекең шақырып алды да: "Ал, жақсы, "Жетісуға" меншікті тілші болдың. Бірақ, өзім білемге салынбай, бізбен санасып жұмыс істе'" – деп тапсырды.
"Жетісу" газетінің меншікті тілшілігіне осындай біраз шырғалаңнан өтіп барып келген соң ба, кім білсін аппаратты жігіттердің тапсырмасын екі етпей, елпілдеп қызмет жасауға тырыстым. Бірақ маған редакциядағылардың бәрі бастық, күніге бірнеше рет телефон соғып, біреуі "ананы жаз", біреуі "мынаны жаз" деп дігірлейді де жатады. Үш ауданның жерін аралауым керек. Аралары 100-150 шақырым. Күн сайын материал жіберіп тұрсам да, газет те бір комбайн сияқты неме екен, "болды, бітті" демейді, тапсырманы береді дейсің-ай кеп.
Бір күні редактордың орынбасары Кәкімжан Қазыбаевқа телефон соғуға мәжбүр болдым. "Аға, мен қайсысына үлгерем, бірінің тапсырмасын орындай бастасам, екіншісі: «Ойбай, оны таста, мынаны жазып жібер» дейді келіп. Қалай болады өзі?" деп шағым айттым.
Көкең күліп: "Жігіттердің ондайы бар. Сен бәрін тыңдай бермей, өзің бір айға жоспар жаса да, Тасемен ағаңа жіберіп, редакция алқасында бекіттіріп ал. Сонда жұмысың өнімді де, өзіңе тиімді де болады", – деп уәж айтты.
Сөйттім.
Оның да оғаш жағы бар екен. Тапсырма бергенде бұрынғыдай "жәрәкімалла" дей қоймадың деп өзім құралпы жігіттер бұртыңдайды, бұрынғыдай ала шапқын болып жүгірмегенсін өзім де арқаны кеңге салып, жалқаулана түстім.
Редакциядағы жігіттер қызық. Ұдайы ғана сын мақалалар сұрайды. Мал қыстату науқанынан, көктем егісіне дайындықтан, орақ кезінен тездеп өткір сын керек деп дегбіріңді алып бітеді. Күнде көріп жүрген, дәм-тұздас ауыл азаматтарының көздерін бақырайтып қойып қалай сынарсың. Оның үстіне аупартком хатшысы Күрдеубай Мәтенбайұлы Мұжықов менің жұмысымды қалт жібермей қадағалап отыратын болып алған. Әлгіндей сынның бір ұшы сол кісіге де тиіп кетпес жағын ойламай жеңе болмайды. Партия комитетінің бюро мәжілісіне ұдайы қатыстырып, бюродан шығысымен мені жалғыз машинасына отырғызып алып кейде қызылша плантациясын, кейде шөпшілерді аралап кетеді. Ол кісі кейіген тұстарда мен де іс байыбына үңіле түсіп, өз пайымдауларымды қағазға түсіріп қоямын. Істің ығытын тапқандарға риза болған кездерін де қадағалай жүрем. Кейін сол ыңғайда сын не мадақтау тұрғысынан жазылған мақаламды оқып, маған қарап күліп қана қоятын болды. Келе-келе ағалы-інілі адамдардай тіл табысып, достасып кеттік.
Өзім тілші болып жүрген кезде редакция басшылары тарапынан кілең бір ішке тарту, қамқорлық, жылылық қана көріппін. Редактор Әбдуәли Қарағұлов та, оның орынбасары Кәкімжан Қазыбаев, Сарбас Ақтаевтар бізді ауылда туратын тілші екен деп қомсынбай, оқта-текте редакцияға келгенде тең тұта сөйлесіп, жөн-жоралғы көрсетіп, бағыт беріп, бағдар сілтеп отыратын еді.
Мен үйленген кезде де Сарбас бастаған екі-үш адам Алматыдан арнайы келіп, той өткізіп қайтқан болатын.
Бірде тілшілердің жиналысына шақырылдым. Аппаратта бір аптадай қызмет істеп, басшылармен қоштасып шығайын деп, алдымен Әбекеңе (бас редактор) кірдім.
– Қабағың салыңқы ғой, жай ма?– деп сұрады сұңғылалығы басым Әбекең.
Соның алдында "Жазушы" баспасының жоспарында тұрған кезекті бір кішкентай кітабымның жайын білейін деп поэзия редакциясының меңгерушісі, аты дүрілдеп тұрған ақын ағам Ғафу Қайырбековке жолыққан едім.
–Сәкенжан, сен ренжіме, кітабың жоспардан сызылып қалып түр. Келесі жылы болмаса, – деп Ғафаң шарасыздық танытқан.
Жыл бойы күтіп жүрген дүниеңнің аяқ асты болғанына, әрине, ұнжырғам түседі ғой енді. Қабақ қатты болмай қайтсін Әбекеңе соны айттым.
"Отыра тұр", – деп маған диванды нұсқады да, өзі телефонды алып, аржағындағы адамға:
– Бізде тілші болып Сәкен Иманасов деген ақын жігіт істейді. Соның "Жазушыдағы" кітабы тақырыптық жоспардан түсіп қалыпты. Көмегің керек боп тұр. Күтем! – деді.
– Бұл Орталық Комитеттегі Өтебай Қанахин дейтін жігіт. Менің сөзімді жерге тастамайды. Қазір хабарласады, – дегенді айтты.
Сөйткенше телефон шыр етіп қоя берді. Сәл тыңдап алып Әбекең маған қарады да:
"Жазушы" баспасының директоры Ілияс Есенберлин де бар. Қалғанын өзі айтар. Кітабың шығатын сияқты, – деді де, қолымды алып қоштасып, шығарып салды.
Жазған құлда жазық жоқ. Салып ұрып баспаға жеттім Есенберлинді алғаш көруім еді. Аты-жөнімді айтқан соң, баспаның бас редакторы Аманжол Шамкеновті, Ғафу Қайырбековты шақырып алды да, кітабымды қайтадан жоспарға енгізіп, сол жылы шығарып та берді.
Өз қарамағында істейтін жас адамға осыншама қамқорлық жасай білетін ағалар-ай десеңші. Сол қамқорлықтың қарымын қайтара алмай біз де қартайып барамыз, не керек!
Талдықорған өз алдына облыс болып тұрғанда "Советтік Жетісу" дейтін газет шығатын еді. Оның басында да Ғалым Мұхаметжанов, Нияз Сыздықов, Әукен Жайлаубеков, Әділбек Абайділданов сияқты жас қаламгерлерге ыждағатпен аялай қарайтын адамдар болды. Осы газет, кейін "Жетісу" біз үшін біртұтас бір өмірлік өнер ұштау мектебі болып еді.
Сайын Мұратбеков, Қастек Баянбаев, Тұрсынзада Есімжанов, Ұзақбай Доспанбетов, Қанипа Бұғыбаева, Бексұлтан Нұржекеев секілді қаламгерлердің бәрі тырнақ-алды дүниелерін алдымен осы газеттер бетінен оқыды, ілгерілеп, биіктей ұшуымызға да бірден бір демеуші болған осы газеттер еді.
"Жетісу" газетінің ұжымына әкелерің, ағаларың салған сол дәстүрді жалғастыра беріңдер дегім келеді.
Өзім осында тілші болған жылдарымды мақтанышпен еске алып, айналама айта жүретін адаммын.
СӨЗ ШЫРАЙЫ ШЫНДЫҚТА
Қазақ десең өзіңе тиеді, солай екен деп ойдағыңды айтпай тағы тұра алмайсың. Түйедейіңді түймедей етуге, ал кейде пілдей дүниеңді тілдей етуге келгенде де, күдеріңді күлімсіге айналдырып күлкіңнің өзінен күдік іздеп ит әуреге түсуге келгенде де алдына жан салмайтын-ақ халықпыз, қайтерсің! Әйтпесе күні кешегі Алматы облысының орталығын Талдықорған қаласына көшіру жайындағы Президент Жарлығына орай "Жетісу" газетінің арнайы тапсырмасымен жазылып, сол күнгі санында жарияланған менің бес-алты ауыз өлеңімнің өңін айналдыра, сөз арасынан астар іздеп: "Ойбай, ақын Сәкен қыстығып әрең шыдап жүр екен-ау! Қалпағын аспанға ата қуаныпты ғой!" – деп сан-саққа жүгірте, алып қашып – ала жөнелер ме еді жұрт?! Сол бір әлдеқандай дуасыз ауыздан шыққан сөздің қайта жаңғыра өзіме жететінін де қайдан білсін олар. "Шіркінде ес болсайшы сезеді деген" – дейсің сен де еріксіз. Абай сөзін еске алып.
Әрине, ол сөз айнала ысылдай ысқырған, айбат шеге анталаған әб-жыландар тілінен емес, ағайын-жұрттың өз аузынан шығып еді. Естімеген, елемеген сынай танытып жүре беруге де болар еді, бірақ Елбасының ұйғарымын елмен бірге құптамауға, жұртпен жарыса қуанбауға менің қандай қақым бар? Ол мемлекет қызметінде жүрген маған тіпті де жараса қоймасын екінің бірі пайымдамас па.
Бірақ сол сөздегі қаңқудың арғы жағында да, астар жағында да улы тілін – адал тәніңе дарыта сұғып алғысы келген арандату сияқты әдет сол баяғы қарын ашырар қазақы қылық қылаң беріп қалады. Соны білгендіктен де парасат тәртесі қысқалау, әлдене үйкүшік пенделердің делебесін қоздырмау үшін, саналы көптің жүйкесін бекерге тоздырмау үшін алдын ала сақтандыру ыңғайында бірер сөз айтқым келіп еді менің.
Бұл жолғы көші-қон жайы да, әлдекімдер айтып жүргендей, біреудің тойып секірген шолжаңынан емес, көп көңілінің қалауын тапқан, арғы-бергіні кеңінен тұтас ойластыра қараған Президент болжамынан туып отыр деп ойлаймын.
Бала кезден құлағымызға сіңісті бір сөз бар, егде тартқан адамдар жатса-тұрса: "А, құдай, өзің сақта! Елге тыныштық бере гөр!" – десіп жатушы еді. Сол сияқты, ұдайы ғана ел бірлігін, жұрттың айрандай ұйыған тірлігін ойлаған Елбасы да Талдықорғанда сөйлеген сөзінде бөрімізді баяғы береке мен бірауыздылыққа, тәлім мен тәртіпке шақырды емес пе. Қашан болсын елдің ырысы мен ынтымағын сақтауды мүдде тұтып, әрдайым соған ықпал ете отырып, өзі сол биікте қала беретінін қайыра қадап айтты ғой. Ойдан-қырдан басымызды қосқан құдайға мың да бір шүкір, адам үйді-үйге сыймағанымен, ел елге сияды, сығылысып, сыйысып, сыйлас тірлік кешейік деген жоқ па еді.
Ендеше аждаһаның аузына, арыстанның жолына бара жатқан ешкім жоқ. Күні кеше ел ордасын ауыстырып, Алматыдан Астанаға көшкеніміз сияқты, жаңа жұртқа ауысып, қоныс қана жаңғыртып жатырмыз. Бұл жайлы облыс әкімі Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділов те көші-қон төңірегінде игі болған бірнеше дүркіңгі мәжілісте әсіресе шегелеп ескеріпті. Дүрлікпей, дүрлігіспей күнделікті, қалыпты істерді бір сәтке де кідіртіп тежемей ілгерілей беру керектігін түп қазық етіп ұсынды: Әлдеқашанғы әлдебір жөні де, жосығы да бөлек бөгде адамдар тарапынан кеткен келеңсіз қылық, қылт еткен кемістік-кемшілік үшін облыстың бүгінгі басшысын кінәлау, сыртынан кесек атып қалғысы келіп, жең ішінен жұдырық түюдің де ретсіз екенін ескертті. Теледидар экрандарынан да, әртүрлі газеттер бетінен де артық-кем кеткен бұрынғы ағаттыққа өзінің ешқандай қатысы жоғын қадап айтып жатты.
Адамға ортағы бақ емес, адамға ортағы – ақыл мен ес. Біреуден біреу озса, бір елден бір ел озса – малымен де, бағымен де емес, ақылымен, арымен озады. Өзді-өзінің тағына мастанып, бағына семірген елде ешқандай береке де, бедел де болмақ емес, болмайды да. Ері елімен ақылдасса, елі еріне риясыз, қапысыз сенсе ғана ұлтына бөлмей, руына ыдыратпай, ұялы тамыр, ұраны бір ағайын едік деп қай қашан бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғанда мақсат мүдде үдесінен табылып, биік мұраттарға иек артатын боламыз. Менің күн сайын естіп, ұдайы аңғарып жүргенім бойынша облыс әкімі дәл осы бағытты үнемі бағдаршамдай бетке ұстап келеді. Ұлтшылдық өртіне ұрынбай, рушылдық дертіне бұрылмай, қара қылды қақ жармаса да, қапыда болар қиянатқа жол бермей келген басшы ғана өз ұлтының баласы ғана емес, бірегей панасы, біртуар данасы болып қала бермек Ел тізгінін өз қолына ұстаған адамды бұрынғылар аспандағы күнге балаған күн біреуге сәулесін біреуге әуресін түсірмейді, шашатын нұры да, торлайтын көлеңкесінде бәріне ортақ болады. Ел басқарған ондай адамның айналасына дегенде аузынан ақыл, көзінен мейір төгіліп тұрмаса өзгені қойып ет жақын ағайынының өзі жат бауыр болып суысып, әп-сәтте одан сырт айнала салуы да оп-оңай, өйткені бүгінгі уақыт, қазіргідей заманда сол мейір мен мейірім, кісіге деген қайырым теңіз суындай темен тартылып бара жатқаны да жасырын сыр емес. Соны тоқтатудың, алдын алудың жалғыз жолы тағы да бірлік, тағы да татулық. Ырыс алды – бірлік бірліктен мәнді-маңызды, берекелі тірлік туады. Ынтымақ бар жерде – ырыс та бары ақиқат. Жоқ жерден ілік іздеп алакөңіл, алакөз болғанды тоқтатып, қолындағы барына ғана емес, кеудеңдегі ұятың мен арыңа сүйенгенде ғана барқадар табарың, болашаққа ел болып аман барарың белгілі.
Әрине, ел іші болған соң ұрысы мен қарысы, ұр да жығы, ұраншылы, қулары мен сұмдары да кезікпей тұрмайды. Жұртпен бірге сығылыса кимелеп келіп, қолайлы сәтіне орай сыналай кіріп алып, сылқия тойып болған соң сыртын беріп аңыс аңдитын, қапы кетсең қауып қалуға әзір айласы көп, аярлығы басым мысық тілеулілер де жоқ емес. Тіпті басқасын былай қойғанда түлкі құйрық, қасқыр көмей жылмақайлар, пайдакүнем жәдігөйлер, өсек құмар өресіздер аз ба екен. Оларға келіп екіжүзділік пен күншілдік, мәнсапқорлық пен іштарлық қосылса, солар сыбайлас қылмысқа жетекші болып, жең ұшынан жалғасып, жол көрсету арқылы ел ішіне іріткі салып бітпей ме?! Ел басқарып отырған адамның арына дақ түсіріп, кеудесін жыртатын қыр тікенек те сондайлардан шығады. Ел іші бүлініп, алауыздық етек ала бастаған сайын олардың да есебі түгелдене түседі. Олардың әмісе күні шуақты, қонысы суатты келетіні де содан. Саяқ жүргенді санға қоспауға тырысып, ала қойды бөле қырқуға құмартатындар да солар. Содан барып ақылгөйлер, ат үстінен билік айтқыштар, берерге келгенде безерлер, борышы жоқ кепілдер, жоғы түгел куәлер көбейіп, білдірмей келіп, бүйі боп шағып жатады. Басшының беделін былғау арқылы өз ұпайларын түгендеп алатындар да сол қатардан табылады.
Міне, солардың бұлан құйрық қарекеті, құйтырқы тілі, түбі қылмыс тірлігінің аяғы таусылып бітпес қуыс-кеуек дауға апарып соғады да, біразға болса да берекеңді кетіріп бітеді. Қарап жүрмей есіңнен айырып, есеңнен қағып, елдігіңнің ажыратып кететін де солар. Қазақ оны "қыздырманың қызыл тілі" деп бекер айтпаған. "Жарасыз ер, шарасыз ел болмайды" дегенді де айтқан сол қазақ.
Айтпай кеткеніміз арға жүк, дәл осы сыбайлас қылмыскерліктің бір ұшы барып рушылдыққа да тірелетіні ақиқат.
Сондай ұсақ пиғылдағы пенделер алдыға түсіп алады да, ел басқарып отырған азамат атына кір келтіріп алармыз-ау дегенді ескеріп жатпайды. Өресі тар, өрісі кем әңгілер қайырдың бәрі ағайыннан, қайырымның бәрі туысқаннан ғана болады деп ойлайды. Туыспасаңда қимасың, туғаннан бетер қиыспасың болатынын, опалы дүниенің өзі де ең алдымен солардың өзара татулығында.жататынын қаперіне де алғысы келмейтін қанпезерлер қаншама. Соларды көргенде: "Қу басынды күйттей берме, құба түзде төрің бір, құба белде елің бір ағайының бар, жабықтан күнің жарқырап, жайылған суың сарқырап тұру үшін де сол бір ел іргесінің дәйім ғана беріктігі, татулығы керек!" – деп жар салғым келіп тұрады менің. Өйткені "Жауласқанды жау алады, бөлінгенді бөрі алады", – деп ескерткен де сол баяғы атам қазақ еді ғой.
Сонымен, етек-жеңінің бүтінделуі біразға дейін созылар салқар бір көш басталып кетті. Қоныс аударып, жұрт жаңартпақпыз. Жаңа жұрттың отты-сулы болуы бәрімізге де тікелей байланысты. "Сен келдің, мен бердім" деген келеңсіз мінез-құлық бой көрсетпеуі үшін де, қайталап айтам, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, ала қойды бөле қырықпайтындығын әрдайым өз ісімен де, сөзімен де дәлелдеп келе жатқан көш басшысының қабағына қарауымыз ләзім.
Жалпақ жатқан Жетісудың аралайын қай ауылын,
Бәрі менің бауырларым, бәрі менің аяулым, –
деген едім бір өлеңімде. Сол аяулы ағайын ретінде әртүрлі іске кесірі тиер әңгімені біржола күресінге ысырып тастап, көсем салып көш бастатқан азаматқа бұл тірлігінің де баянды болуын тілейік. "Ағайын жұртың мол болса – ұлы шеру қолмен тең, алдыңғы басшың оң болса – сайрап жатқан жолмен тең", – деген сөз бар, ендеше, көштің баянды болуын тілеп қана қоймай, көш басшысының қасынан табылып, бірлесе қызмет етуге тырысайық бәріміз.
Тату тірлік, тыныштық керек, ағайын!
ҚАРНЫМЫЗДЫҢ АШПАҒАНЫНА ЕМЕС, ҚАДЫРЫМЫЗДЫҢ ҚАШПАҒАНЫНА РАЗЫМЫЗ
Өткен апта басында Жазушылар одағының қызметкерлердің бірі телефон шалып, Алматы облысының жаңадан тағайындалған әкімі Серік Үмбетов мырзаның Жетісу өңірінде туып-өскен бір топ қарымды қаламгерлерді арнайы қабылдауға шақырып отырғанын, солардың ішінде менің де барымды айтып, сейсенбі күні ертелетіп жүріп кетуге тиіс екенімізді ескерткен.
Серік Үмбетовтің атына да, затына да бұрыннан қанықпын. Азды-кем таныс-білістігіміз де бар, оның үстіне, ел құлағы елу, Жамбыл облысын басқарып отырған жылдары сол өңірдің ақындары мен жазушыларына жасаған қамқорлығы, шынайы талант иелерінің жекелеген шығармаларының басылып шығуына қол үшін бергені, қаламы қауқарлы бірқатар одақ мүшелеріне арнайы сыйлық тағайындағанынан да хабардар болатынбыз. Сондай-ақ оның мәдениеттің әртүрлі салаларына, ауыл спортын көтеруге айрықша көңіл бөлетіні жайында да естіп-біліп жүргенбіз. Ел басқарып отырған азаматтың сол игілікті іс-әрекетіне сыртта жүріп біз де сүйсінетінбіз.
Енді, міне, сол Серік Үмбетов арнайы ат жіберіп алдырып отырса, біздің тақымымыз қышымай қайтсін. Көне бір батырлар жырларында:
Қабанбай сауын айтты дегеннен соң
Тоқпақтан келген екен ер Қасабай, -
дейтін жолдар болушы еді, сол айтқандай, оның үстіне өзіміз аудан әкімі атаулының алдына еміне барып көрмеген басымыз, кейбір облыс деңгейінде ел билеп, жұрт шүйлеп жүрген азаматтардың әлдебір жеңіл-желпі бұйымтаймен алдына бара қалған ақын-жазушыларды ауыз үйінде сағаттар бойы сарғайтып отырғызып қояды екен дегенді де естіп, "апыр-ай, ә!" десіп, бас шайқайтынымыз болатын.
Сонымен айтылған күні құлан иек таңнан тұрып, айтылған сағатыңда уағдалы жерге жеттік. Бізді бастап шыққалы тұрған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, Талдықорғаннан бізді әдейілеп алып жүруге келген облыстық тіл басқармасының бастығы, ақын ініміз Ахмет Кендірбекұлына қосылып жедел жүріп кеткенбіз. Өз көлігімен шыққандар бар, әкім жіберген арнайы көлікке мінгескендеріміз бар, әртүрлі әңгімемен отырып, облыс әкімшілігі ғимаратының алдына табан тірегенімізді байқамай да қалғанбыз.
Құрамында алыс-жақын ағайынға аты мәлім, атақ-абыройдан да құралақан болып көрмеген Тұманбай Молдағалиев, Саин Мұратбеков, Марфуға Айтхожа, Қастек Балабай, осыны жазып отырған пақырыңыз, Бек Тоғысбаев, Бексұлтан Нүржеке, Баққожа Мұқай, ұйғырдың әйдік жазушылары Шайым Шанаев пен Ахметжан Әшіров, тағы басқа біраз саңылақтар бар топты облыс әкімі көп күттірмей қабылдады.
Әкімнің өзі сияқты біздің бәріміз де бұл жақтың ұңғыл-шұңғылын, экономикасы мен мәдениетін бір кісідей білетіндіктерімізден де болар, ол аса бір көсіле қазбалап жатпай, Жетісу жерінің бүгіні мен ертеңі жайлы қысқаша айтып келді де, әдейі басымызды қосып отырған кездесудің мәнің түсіндіріп, негізінен бізді тыңдағысы келетінін аңғартты.
Әңгімені Жазушылар одағының басшысы Нұрлан Оразалин бастап, қазақ жазушыларының қазіргі хал-ахуалынан хабардар етті де, алда келе жатқан Президент сайлауы алдында бұрынғыдан да берік бірауыздылық керегіне, сол бағытта жазушылар ұйымы да ұжымдаса отырып, ортақ мүддеге орай бірқатар істің басын қайырып отырғанын айтты. Бүгінгі кездесу де соның бір көрінісі дегенді білдірді.
Жоғарыда аттары аталғандардан да басқа бұл сапарға арнайы шақырылған Смағүл Елубай, Оразақын Асқар, Несіп Жүнісбайұлы, Жұмабай Шаштайұлы, Ырым Кененбаев, Қайрат Әлімбек, Шаймерген Әлдибеков, қысқасы кездесуге қатысқандардың барлығы дерлік сөйлеп, бүкпесіз ойларын ортаға салды. Бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды. Айтсақ деген, айтылуға тиісті сөзімізді ірікпей, іркілмей түгел ақтардық-ау деймін. Осынау риясыз ашық әңгіменің өзі соған бәрімізді де жетелей түскендей болды.
Ішіміздегі жасы үлкеніміз – ардагер Сейдәлім Тәнекеев еді, ол кісі де әдеттегі кісілікті кішіпейілділікке бағып, біраз қомақты ойдың басын қайырды. Осынау басқосу сияқты игі дәстүрдің бастала бере тұйықталып қалмай, алдағы уақытта облыс, аудан орталықтарыңда нәтижелі жалғасын тауып отырса деген тұрғыдағы тілегін білдірді.
Сондай-ақ осы кездесуге арнайы шақырылған Талдықорғандық қаламгерлер – ақын Әбен Дәуренбеков, Әли Ысқабай, Тұрсын Әбдуәлиевтер де өз лебіздерін білдіріп жатты.
Екі үш сағатқа созылған әсерлі әңгімені тұжырымдай келіп, Серік Үмбетов облыс орталығында Жазушылар одағының бөлімшесі ашыла қалса, үй-жай, дүние-мүлік жағынан қарайласатынын, сондай-ақ өз қолындағы билік деңгейінде талант-дарынын ел әбден танып болған, қазір қоғамдық қызметтен еріксіз қол үзіп қалған бір топ қаламгерге азды-көпті арнайы стипендия тағайындайтынын, жыл сайын үш жазушының үздік шығармаларын басып шығаруға қаржылай көмек көрсететін айтты. Мұндай шынайы пейіл, шын ықыласқа өз тарапымыздан біз де алғыс айтып тарастық.
Қайтар жолдағы әңгімеміздің негізгі арқауы осы кездесу жайында болды. Серік Үмбетов бізден мадақ күтіп, мақтау естиін деп шақырмаған болар, осы өңірдің сөз ұстар азаматтары болғандықтан орынды пікір, оқшау ой күткен болар дегенге тоқайластық. Көргенді азаматқа тән көшелі істердің бір көрінісі де осы-ау деп түйдік бәріміз.
Мына бір топ шағын мақалалар "Парасат " журналының тапсырмасымен жазылып, жарияланып еді. Осы кітапқа қосуды жөн көрген жайым бар.
Автор.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру