Мазмұнға өту
Home

Фаризаға арнау

Фариза Оңғарсынова

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Фаризаға арнау

Фариза Оңғарсынова — «Фаризаға арнау». ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВАҒА АРНАЛҒАН ӨЛЕҢ-ЖЫРЛАР, ЕСТЕЛІКТЕР.

/uploads/264b20c5-1766-5fdc-bc8f-74f79fa372eb/cover.png

ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВАҒА АРНАЛҒАН ӨЛЕҢ-ЖЫРЛАР, ЕСТЕЛІКТЕР.

І БӨЛІМ

ФАРИЗАҒА

ФАРИЗА, ФАРИЗАЖАН…

Мұқағали МАҚАТАЕВ

Фариза!

Фаризажан, Фариза қыз!

Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.

Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,

Бірімізден-біріміз арылармыз.

Біздерді де іздейтін жан болса егер,

Шаң басқан архивтерден табылармыз.

Сен мені білесің бе, білесің бе?

Жаралмаған жан екем күресуге.

Жылай жүріп, өтірік күлесің де.

Жүресің де қоясың, жүресің де.

Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып

Тастағысы келеді күресінге,

Фаризажан, сен соны білесің бе?..

Жанарымды тұманмен тұмшаладым,

Серіппесі үзіліп, тұр садағым.

Жігітінен қазақтың дос таба алмай,

Қыз да болсаң, мен саған мұң шағамын.

Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім...

Ақын болып несіне жаратылдым,

Арасында қап қоймай қара түннің.

Қасиетін сезем деп Ана тілдің,

Қауырсыны қалмады қанатымның.

Қу тірлікке құл болып, аяқ басып,

Құлашымды жая алмай баратырмын.

...Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,

Аттап өттім олардың қия белін.

Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды,

Жия бергім келеді, жия бергім.

Маңдайымнан сипаған бір жан болса,

Енді қалған өмірімді қияр едім.

Білмеймін, бұзықпын ба, жындымын ба?

Кеп тұрады телігім мұңды-мұңға.

Енді қалған өмірдің құрдымында,

Өлтірсе де көнбеймін жырды құмға!

Нөл болады деп айтам, жалтармаймын,

Көбейтсең де қаншама мыңды-мыңға.

Айналаға қарайық анық барлап,

(Түн кеткесін, күн шығып, жарық болмақ).

Не туралы жазсақ та, Фариза ақын,

Бағыштайық бәрін де халыққа арнап...

Фариза!

Фариза ақын, Фариза қыз!

Бірімізден-біріміз арылармыз.

Том-том болып дүкенде тұрмасақ та,

Подвалдағы архивтен табылармыз...

Емхана. Түн. Алматы

15.ХІІ. 1974

ФАРИЗА!

"Еркелете алмай жүрмін мен..." атты өлеңіңді оқыдым, түсіндім. Жігіт боп жауап жазғым келсе де, жасыма дөп келмеді, ең болмаса жеңге де емес, анамын. Менің де құзырлы жүрегімді қозғап жіберді ме, әйтеуір мына өлеңімді жолдап отырмын.

Сәлеммен Данабике Байқадамова апаң.

Алтыным, қызым, ақыным!

Жүрек қылым жақыным.

Тебіренген өлең-жырыңмен

Көңілдің күйін шақырдың.

Тербедің күміс жырыңмен,

Сеземін, шабыт тірілген!

Махаббат түрткі болмаса,

Жыр тумайды біріңнен.

Бар екен тірі арнарың,

Сүйдірер, құшар, қарғарың.

Мың оқып мына жырыңды

Сезінер күйіп талғанын.

Шөлдеме! Өрле жұғыспай,

Беріспе сынға тұрыспай.

Сүйе алмау - арман. Қауышпау –

Тағдырдан деймін, ұрыспай.

Көз-құлақ бар артыңда:

Тек өлеңнен тартынба!

Егіз жүрек - қос тірек

Жалғыздық бар ма ақынға?

Төрле, төрле, қыз балам!

Серме, серме, болма алаң!

Ұшқыр жүрек, тіл-қалам –

Көрінсін шаңнан бір қараң...

Жігіт болсам, ақыным –

Өзіңе ғашық болар ем.

Білдірмей ғана ақырын,

Қолыңа ғана қонар ем!

1975 жыл, ақпан.

«ШІЛДЕНІ» ОҚЫҒАНДА…

Уәйіс ҚАЙРАЛАПОВ

Тұрпаты шымыр киік асығындай,

бар сыры жайнап-ақ тұр жасырынбай.

Талдырмаш тал бойында артық тұрған

бір қылаң жоқ иненің жасуындай.

Қазақтың қарапайым қара қызы
тербетіп жапырағын дала жүзі,
Өлең-жыр өлкесінің ой-жырында

басқан сайын жосылып барады ізі.

Жанының кілтін тауып бұрағасын,
қалай ғана толғанбай тұра аласың,
сомдап соғып Адам мен Махаббаттың

жырменен күмбездепті-ау мұнарасын.

Шабыт желі қиялын қолдағаны
озбырлыққа бой бермей долданады,
намысына шаң-тозаң түспесін деп,

кейде ол Ақбөбек боп толғанады.

Талантын тотықтырмай баптап қатты,

жүйріктердің аяғын аттатпапты.

«Сеңдей қалқып селтиген сарыларға»

аяулы ақ намысын таптатпапты.

Ерімес жүрегінің қары бардай
махаббат азабынан арыла алмай,
жанынан жалын шаша толғанады

Қыз Жібек боп құсадан арыла алмай.

Лебізі әсем қоңыр майда болып,
қиялымен көк шарлап, Айға қонып,
керілсе, Керекуден бір-ақ шығып,

кейде ол ән шырқайды Майра болып.

Көрмеген елеусіз боп жырақ қалып,
шықты да топ ішінен бір-ақ барып,
Жантолының жар жыққан жан толқынын

тастапты көмейінен бір ақтарып.

Кейде ол сөз қаруын алмас қылып,
қыз бейнесін ерлермен алмастырып,
дауылдатып кеткенде жерлері бар

Махамбеттің аруағын жалғастырып.

Аттанса айшылыққа ара қонып,
бір уақыт баламен де бала болып,
өмірдің өресіне өрлеуменен

кетеді кейде ақ шаш ана болып.

Өмір солай өрнегін өсірген бе,
алысқа шырқап кетер көсілгенде,
өксігі өзегінен арылмаған

тіл тауып сөйлесіпті жесірмен де.

Үлесі солай өлшеп берілген бе,
шошайып ол өзгеден жерінген бе,
Үндістанды аралап өз үйіндей

сырласар тіл тауыпты негрмен де.

Әлемде жойылсын! - деп талау - бүлік,
лебізін мәңгі сөнбес алау қылып,
достық пен махаббатқа толып тұрған

жүрегін көтереді жалау қылып.

Күші оның жүрегі мен тілегінде,

сенімін балайды көк тірегіне.

Тар қапас зынданға да түсіп барып,

зерттепті қарақшының жүрегін де.

Ақындық тұғырына дара қонып,

берер қолы көрмепті ала болып.

Қазақтың қайта туған бір қызы бұл

біздер үшін Шолпан боп, Сара болып.

Жырын жұтып шөлдесем, қанатынмын,

сезуші ем шырақ болып жанатынын.

Тілеймін жыр шыңына самғап ұшқан

топшысы талмасын деп қанатының!!!

Бейнеу ауданы, Маңғыстау.

Наурыз, 1978.

ҚАЙТА ЖАНҒАН МАХАМБЕТ ОТЫ МА ЕДІҢ

Шырын МАМАСЕРІКОВА
Қайта жанған Махамбет оты ма едің,
қыран жүрек қаһарман тоты ма едің,
қылыштан да өткірлеу өрлігіңмен,

қалтыраған қаламның соты ма едің?

Әлде асау толқынды теңіз бе едің,
әлде нөсер, дауылмен егіз бе едің,
Әкелердің алдында азамат боп,

әлсіз екен ұрпағым дегізбедің.

Жыр жазуды жасыңнан машық еттің,

тұман басқан көңілді ашық еттің.

Жігіт болсаң қайтер ем, ай, білмеймін...

қыз болсаң да өзіңе ғашық еттің!

Жамбыл облысы

1974 жыл, қаңтар.

ФАРИЗА БҰЛАҒЫ

Мұхтар ҚҰРМАНАЛИН
Сырымды көрінгенге ақтармайын
дегендей,
баяу жылжып аққан дәйім

балбұлақ қайдан білсін
Алматыдан

Ақындар тірейтінін ат маңдайын.

Жүгіріп жалғыз өзі жазықта алғы,

тербеткен бөбектейін нәзік талды.

Сыбырлап құлағына құпиясын,

бұл жайды самал ғана сезіп қалды.

Шыдай ма, шарықтамай, ұнатқасын,

қалайша шабыт құсы тұрақтасын.

Жайсаң жыр жалт қаратып құба жонды,

жаңғыртты келісімен бұлақ басын.

Тамаша толып жатыр, сұрамаңыз,

бұл өзі, айтар болсақ, біраз аңыз.

Торғайдың топырағын тебірентіп,

бір кезде сөйлеп кетті Сыр-ағамыз:

- Аз емес жол әсері бұл аптаның,

мүмкін бе көру бәрін, шырақтарым.

Төскейде келер-ау деп бізді күткен,

білсеңдер болды осындай бұлақ барын.

Мейірімді,
жүректері ылғи жалын,
уа, жұртым,
десең егер ризамын,

ақын қыз есімімен аталатын

болсын да бұлағы бұл Фаризаның!

Ұмтылған альпинистей өрге күнде,

өлеңнің өз перзентін көрмедің бе?!

Өзгеше сый-құрметке лайықты,

жайнаған бір жұлдызың жыр көгінде...

Соңына құлын да ерген, бота да ерген,

асқанда ақын аға атағы елден.

Табиғат аясында тілек тілеп,

Талантқа осылайша бата берген.

Ерлікті,

Елдікті де Торғайдағы,

талайлар тебірене толғайды әлі.

Бұлақтан бастау алған жыр жолына,

байқалды баршасының қол қойғаны.

Сағыныш болып айтар бір-ақ әні,

сандуғаш саясына оралады...

Қыр асып бара жатты қимас көңіл,

желбіреп қол ұшында орамалы.

Ақтөбе. 1978 ж.

ШЕТПЕДЕН СӘЛЕМ

Өлеңге емес, өлеңді табындырған,

Муза қызды өзіне жалындырған

Фаризамыз! Сәлем ал Маңғыстаудан!

Бір көрмесек айына сағындырған.

Маңғыстауың, жазираң, жатқан аңыз,

Қашаған мен жырлаған Ақтан-абыз.

Сіз солардан ізбасар, өр сәтті жол

Солар берген мұра деп мақтанамыз.

Бұл өмірдің ағы мен қарасы мол.

Дос қуантса, жаманның жаласы мол.

Біздер Сізді көрелік биіктерден.

Бүкіл елдің, адамның баласы бол!

Ақмоншақ БАУЖАНОВА, Киев МЫРЗАБАЕВ, Құлыбек СҮЛЕЙМЕНОВ, Сайком ЕДІЛХАНОВ, Асан ӘБДІРОВ, Әбубәкір ҚҮДАЙБЕРГЕНОВ, Нұржігіт АРЫҚБАЕВ.

25 желтоқсан, 1979 жыл.

ҚҰРМЕТТІ ФАРИЗА!

Айтамыз «Құтты болсын» жасыңызға

Қарт Каспий,

Қиыршық құм, тасымыз да.

Біздерден жүрсеңіз де қанша шалғай

тұрамыз сезіп Сізді қасымызда.

Кеудеміз тілектерге толып ізгі

аламыз ілтипатпен қолыңызды.

Өлеңнің өрнегімен барасыз Сіз

әсемдеп жүріп өткен жолыңызды.

Күмәні,

күдігі бар шақтар бұғып,

қараймыз сол жолға біз мақтан қылып.

«Атырау ақиығы ұшар!» — деген

ақталды ел сенімі,

ақталды үміт.

Бүгін де ізбасар көп еліңізде

жүр енді солар Сізден сенім іздеп.

Жолдаймыз Маңғыстаудан құттықтауды

«Қияға құлаш ұра беріңіз!» - деп.

«Коммунистік жол» газетінің журналистері.

Шевченко қаласы. 1979 ж.

ФАРИЗА АПАЙҒА

Бексұлтан CОЛТАНБЕКОВ
Аппақ мөлдір сезімдеріңіз үшін,
сезімге беріліп, езілгеніңіз үшін,
көз ілмейтұғын төзімдеріңіз үшін,

дара тұлға боп көрінгеніңіз үшін –

біз Сізге бас иеміз!

Ақындық шабыт шаттықтарыңыз үшін,
толғана отырып, аптыққаныңыз үшін,
ақын жүректі пәктіктеріңіз үшін –
парасат тұтар ақтық арыңыз үшін –

біз Сізге бас иеміз!

Даналық әрбір жырларыңыз үшін,
ақылға толы сырларыңыз үшін,
халқыңыздың мақтаулы қызы -
Фариза болып тұрғаныңыз үшін

біз Сізге бас иеміз!

Шабыт отына жана беріңіз,

өмірден бақыт таба беріңіз.

Қазақ халқының ән-жыр бағына

жыршы бұлбұл боп дара қоныңыз!

Алматы. 7 сәуір 1981 ж.

АРДАҚТЫ ФАРИЗА!

Евней БУКЕТОВ

Сізді газет бетінен, теледидардан көрген сайын бір хат жолдасам деп ойлап жүр едім. Соның сәті бүгін түскен тәрізді. «Маңғыстау монологтарын» оқып таныстым. Әртүрлі сырлар бар екен. Әсіресе «Қашағанның монологы». Терең ойшыл адам екеніңізді аңғартады. Арасында күйініштері де бар:

«Бас сүйер болмаса да бір туғаным,

Сенемін аялайтын жұртым барын.

Қаншама құлшынғанмен, күңкілдердің

шылбырын жетпей әсте қырқуға әлім,

шаршады шырылдаумен бұл қу жаным».

Тамаша!

Талай дарын басынан өткізген қасірет қой…

Сөз маржанын төгілткен жалғыз қызын

ант атқандар күңкілмен жасқап жүзін…

Қарағым, қарындасым, жасқанбағын!

Тайсалмай шарықтасын аспанға әнің!

Үрген ит керуенге құр шәуілдер,

Күйбеңге құл болмайды асқан дарын.

Ант атқандар күңкілін айта берсін,

солардан жоғары бол, асқақ жаным!..

Қарағанды. 28 шілде, 1982 ж.

ДҮЛЕЙ АҚЫНҒА

Гүлзәкира ӘБДІЛДАЕВА

Жұрт аузында сіз жайлы аңыз-дастан,

қатал жан жоқ оларша Сізден асқан.

Кәдімгідей қаймығып, сондықтан ба...

кабинеттің есігін сескене ашқам.

Күлімсіреп, қарсы алып, қолды қысып

қуанышқа кеудем де толып, ысып...

Бір-бірінен әлі әзір сыр үзбеген,

жыр іздеген жанарлар жолығысып...

Тіл қатқансыз Сіз маған жайлап қана:

«Тірлік істе, жайыңды ойлап, бала!

Коллектив жас, бәрі де жақсы жандар,
ортамызда жүрерсің, жайнап дара!»
Содан бері бірер ай, апта өтті,

күндер, түндер алмасып қаптап өтті.

Қызметтес жандармен қалжыңдасып,

тіл табысар, сырласар шақ та жетті.

Тұмауратып жүрсем де, жұмысыма,

кіріскенмін көңілсіз сұрым сына.

Байыппенен бас шайқап, маған кенет,

зер салғансыз «пысылдап» тұрысыма.

Әркез сол күн есімде болар ерек:

«Ана жақта немене бар ма, дерек?

Неге ауыра бересең, қалқам, бізге

ауырмайтын, өлмейтін адам керек!

Жұмыс уақыты біткен жоқ, әлі бар уақыт.

"Қыңсыламай үйге қайт, дәрігер шақырт!"

- Деп салдыңыз кенеттен қатуланып,

қазір ішер «волакардин» беріп жатып.

Құдіретіңізге сол кезде-ақ бас игенмін,

бірер сағат өткен жоқ ас үйдемін.

Ыстық-ыстық қайнатып сүт ішпекпін,

жапырағымен жайқалған жас изеннің.

Таңдайымнан кетпейтін дәмі, демі,

сол бір сәттер жанымның әні ме еді?!

«Пионердің» берген сол тәрбиесі

тік құлатпай келеді әлі мені!

Алматы. Желтоқсан, 1983 ж .

АРДАҚТЫ ФАРИЗА!

Рахат НАУРЫЗБАЕВА

Өзің жақтан естілер асқақтаған биік үн,

көріп жүрсің өмірдің қызығы мен қиынын.

Ар-намыстың жорғасын ерттеп мініп

бәйгеге,

тарқатасың тағдырдың тоқсан түрлі түйінін.

Жауыздықтар жатсынып жаққа ұрса да,
қайтпассың,
жан алқымға келсең де, жаңылдым деп
айтпассың,

қайғы-мұңның сеңдерін жарып өтіп кемедей

жалғандықтың бәрімен жалғыз жүріп айқастың.

Сендей жанға өмір де – мұхиттағы мұз-ағын,

еңбектемей Өлеңнің өрлеріне ұзадың.

Жігер, өрлік сатпайтын қос серігің жаныңда,

талантыңмен шырқадың Махаббаттың жүз әнін!

Қызылорда.

7 желтоқсан 1984 ж.

СЕЗІМ ШЫРПУЫ

Фариза Оңғарсыноваға
Мария МЕРЕШЕВА
Сағыныштың сазындай сағымданып,

жырларыңнан шарпиды жалын қарып.

Жүрегімді жандырып жіберердей,

Мұңын сілкіп көңілдің, шаңын қағып.

Алмас қылыш секілді жарқыл-отты,

алаулаған сезімің шарпып өтті.

Кесапатты қаймықпай талқандайсың,

көзіңе де ілмейсің парқы жоқты.

Кім біледі... Өмірдің соқпағында,

пәк көңілмен алаңдап тоқтадың ба?

Кеудеңдегі көгершін аласұрар,

қайғы-мұңды серпіген шақтарыңда.

Неткен асқақ шалқыған отты жыр ең!

Арманың да асқақтап кетті, білем.

Өлең сені танытты бар әлемге,

өйткені өзің космос-көктің үні ең.

Талай түндер, білемін, көз ілмедің,

тағат таппай таусылды-ау төзімдерің...

Жырларыңда жатыр ғой өзіңдей боп,

Шартарапқа шарқ ұрған кезім менің!

Жас жүрегің түнекте оттай жарық

өлмес өлең жолына кетті айналып.

Күлкісі мен көз жасы тіршіліктің

жырларыңда өрілді шоқтай қарып.

Қыз біткенге өзіңсің айна тұлға

Өр мінезің, өзгеше айбатың да!

Жаси қалсам тылсымды тіршілікте,

қуат құйды жырларың қайратыма!

Маусым, 1984 ж .

Жалаңтөс ЖАЙПАРҰЛЫ

Ардақты Фариза!

«Дауа» атты кітабыңызды оқып шықтым. Ақындық талантыңызға бас иемін. Осынау ғажайып туындыңызды таңданбай, тебіренбей оқып шығу мүмкін болмады. Мен ақын емеспін. Өзімді ақынмын деуге хақым да жоқ сияқты. Себебі, мен қырықтың қырын асып, елудің еңісін еңсерген шағымда ақын болуым қиын екендігі басқадан бұрын дәл Сізге аян.

Сіздің жүрекпен жазылған жырларыңызды оқи отырып көңілімнің шарықтап, шабыттанғаны соншалықты, өзімнің Сізге деген сезімім мен құрметімді поэзия тілімен жеткізуді жөн көрдім.

«ДАУАНЫ» ОҚЫҒАНДА

Ғажайып таңның рауаны, -

оқыған кезде, - «Дауаны».

Жадырар жаның жыр кернеп

жұтқандай жұпар ауаны.

Сыр-сандығы,

қыз жаны — қазынасы,

Кемеңгердің «Дауада» назы, жасы.

Жерін, елін,

халқының тілін сүйген

ғажап жанның бұл бізге базынасы.

Сөзін ұрмас папкалы қарындының,

танытасың дүбірін дарындының.

Айқара ашып қақпасын мәңгіліктің

орын алар нақ төрден жалын-жырың.

Қарыштай бер, қазақтың Фаризасы,

бәрі риза халқыңның кәрі-жасы.

Поэзия атанған бір әлемнің

өзің дер ем данышпан падишасы.

Ақтөбе. 1985 ж.

ЧЫГЫШТЫН ЧОЛПОН ЖЫЛДЫЗЫ

Жеңилдик АРАЛБАЕВА

Абай, Жамбул, Мүхтар өскен торларда,

Аска жоктур басшы булут челбеген?!

Алматыда — аймагы кең казакта,

Адам жоктур доско кулач кербеген?!

Сан жұлдызға сапар тартып ордогон,

Сары-Арканын гүлдарұнон тербеген.

Саамал жуттуу, сапырылган булактуң

Жылгаларын жыл айлантып корбогон.

«Тологандай» топ жарашкан күйоого,

«Қыз Жибектей» қыз узарып бербеген.

Курмангазы, Бибигүлдей булбулду

тыңдаш учүн таңда аттанып келбеген.

арманымды, арылдып.

Ал, биздердей окурманын Жерде-кең,

Арзысын деп, ыр көгүнда термеген.

Фаризадай акын кыздуу боорлам

тагзим этем талантка бай элге мен!

Фрунзе қаласы.

19 шілде 1985ж.

ТҰЛҒАҢЫЗ ЕЛЕСТЕТТІ КҮН ЖАРЫҒЫН

Бақытгүл НҰРМАХАНОВА

Тұлғаңыз елестетті Күн жарығын.

Болған жоқ сіздей ақын жырда бұрын.

Ақыл, ой, сезім, дарын – бәрі Сізде,

табиғат аямапты мырзалығын.

Шындықтың перзентісіз – ұғынды жұрт.

Қала алмас ешкім Сізден сырын бұғып.

Жырыңмен, жанарыңмен тазартасың,

кір шалған жүректерді жуындырып.

Жүзіңді, ақын Апа, келед көргім,

Өзіңе көңілімді құлай бөлдім.

Сымбатты өр бейнеңе басымды иіп,

Келеді, қабыл алсаң, сәлем бергім!

Мені де сілкіндіріп отты лебің,

Сіз бар деп бұл дүниеде көк тіредім.

Көлденең көк аттының оқтарынан,

тіл-көзден аман болғай деп тіледім.

Ақпан, 1986 ж.

АҚЫН НАЗЫ

Ф. Оңғарсыноваға
Жәркен БӨДЕШОВ
Демеңіз: «Толмай жатып тасыдың сен»,

ақынсыз жолы да үлкен, жасы да үлкен.

Баласы ем жақсы ауылдың қыз сыйлаған,

атымның сізге арнайы басын іркем.

Айтарым басқа бірақ, кешір, ақын,

сіз бе екен кеш сезініп, кеш ұғатын.

Келмесе бір-біріне мұңын шаға,

ақынның ақындарға несі жақын.

Біреулер мені мүлде түсінбеген,

оларды көп көремін түсімде мен.

Баспаның маңайына бара қалсам,

қарайды ала көзбен ішіп-жеген.

Бірінен қарамайтын бөле бірін,

пір тұтқан жан едіңіз өлең ұлын.

Ақынға жақсы жазу айып па екен,

өзіңіз айтыңызшы төрелігін?

Күн жақсы,

көріскенше қайта айналып,

Жақсы жыр жанды әлдилер, айқай қалып.

Әпкетай, айтшы, қалай сөз саптауым,

ақынды ақын ғана байқайды анық.

Алматы.

Тамыз, 1986 ж.

ФАРИЗА АҚЫН

Майгүл САЛЫҚБАЕВА,
оқушы
Өмірге ендің дауыл боп кенет қиырдан,

сілтідей тынды даусыңды естіп дүйім жан.

Қалғандай болам асып бір биік асудан

оқыған кезде жырыңды сенің құйылған.

Жырларың сенің аққулар жүзген нұрлы айдын,

жағада тұрып орамалымды бұлғаймын.

Сусыным қанып сусылдап ұшар қаздаймын,

сіздің жырларсыз шөліркеп қалатындаймын...

Алматы облысы.

17 қазан, 1988 ж.

ОҚЫҒАНДА ӨЛЕҢІН АҚЫН ЖАННЫҢ

Несіпкүл ТҰРЛЫҚОЖАЕВА,
оқушы
Оқығанда өлеңін ақын жанның,

шындыққа мен ентелеп жақын бардым.

Қуаныш пен қайғысын паш ететін,

сүйем жырын ақиық ақындардың.

Адамдық «дәнін» сепкен көкірекке,

жолатпайтын әрқашан өтірікке.

Көзге - сәуле, жүрекке - нұр құятын,

Өлең - сарай, күн - күмбез сыр жиятын.

Ондай жүрек мен таптым адамзаттан,

жанымызға жылылық отын жаққан.

Ондай жүрек жұбатып жылағанды,

жақсыларды жаныңа жақындатқан.

Таныс бүгін бір адам бәрімізге,

жас балаға, ержеткен кәрімізге.

От жалындай өлеңі Фариза ақын

сән қосады салтанат – сәнімізге.

Қуат құйып жырымен ғашық жанға,

аққу-ақын сырларын жасырған ба?!

- Фариза, Фариза - деп ұл менен қыз,

ұрандайды алдағы ғасырларға.

Алматы облысы.

1988 ж.

ФАРИЗАҒА

Жұмаш СОМЖҮРЕКОВ

Болатын уәзипасыз заман бар ма,

Көнген елміз зауалға, тажалдарға.

Пысықтар жүр қалпағын аспанға атып,

Не көрінген бұл күнде адамдарға?

Неге арнадым жырымды саған ғана,

Желік бітіп кетті ме маған жаңа?

Мен тұрғанда, Фариза, тіршілікте,

Жігіттікке ешқашан алаңдама?!

Мен, мен деген еркек ем, ереуілді,

Салмақ салып отырсың маған дара.

Ой кешем адам жайлы, заман жайлы,

Өмір қайсы, қайда жүр адам жаңа?

Жолдас болдым жомартқа, сараңға да,

Ақ пейілге, бықсыған жаманға да.

Дәмдес етті өмірім, тіршілігім,

Некесіз боп туылған адамға да.

Өзім жүрмін қалтарыс арпалыста,

Дүбірлер дүрілдейді санамда да.

Барлығын ойда бардың айта алмаспын,

Неге өмірмен келіспей, тайталастым?

Буырқанған теңіздей тіршіліктің,
Келмеп еді көбігін қайта шашқым,
Жырын өріп, дүниенің сырын бағып,

Алып біттім мазасын қайран бастың.

Ризамын ба, білмеймін, бұл өмірге,

Қабыл болып жүр кейде тілегім де.

Айқара ашып есігін кірдім қанша,

Мен адаммын дегеннің мына өмірде?

«Азаматтық қалмады жігіттерде»-

Деген сөзің өртенді жүрегімде.

Таусылмас тасқыны едім адамдықтың,

Жай түсірер үстіне жамандықтың.

Сайқалдықты шашынан сүйреп тұрып

Талақ етер алдыңда адалдықтың.

Өзіңменен сырласып отырғаным,

Арқасы деп білемін амандықтың.

Дегенім бе жорытып, шабар мықтым,

Неге көзді, Фариза, саған тіктім?

Бір сөзімді жоғалттым жыр бастаған,

Жігіт пе қыздарменен сырласпаған.

Жыр тілеп тұр, Фариза, білесің бе?

Құлағы елеңдеген түнгі астанам.

Жігіттер де баршылық тіршілікте,

Қырқын ертсең жабылып қыр аспаған.

Бір орыннан шіркіндер жылжымаған,

Мың салсаң да алға аттап бір баспаған.

Қыздар жайлы ойлаймын тіптен басқа,

Өмір жүгі қаншама түскен басқа.

Айтып қайтем әйтеуір тірі болсын,

Мәз болған киген киім, ішкен асқа.

Ізеттілік іздеуші ем әйелдерден,

Ізгілікті бас игем қарындасқа.

Көгенделген көп оймен көкірегім,

Бәрі керек өмірде тарынбасқа.

Қыздар көрем жауласқан жігітпенен,

Мода болды дүние-мүлік деген.

Бәйшешектей жайнаған жас өмірлер,

Білмейді деп өз тілін күдіктенем.

Қыздар жайы жүректі мұңайтады,

Не қайыр нем кетеді жігіттерден.

Дел-салмын көше бойлап жүріп келем,

Не пайда үзілмеген үміттерден?

Бұл күнде топқа түсер жасымдамын,

Желігімнен әлі де басылмадым.

Бір мінез бар қайтейін тіке тартқан,

Ешқашан, ешкімге де бас ұрмадым.

Алатаудай аппақ боп ашыламын,
Шұғыладай алаулап шашыламын,
Жайды білер жан көрсем тірлігімде,

Айтпай неге сырымды жасырамын?

Енші бере тұрайын өлеңімнен,
Отау тігіп басыңа басыламын,
Болып тұр жұмбақ әлем жасыл бағым,

Емес бұл алас ұрып, тасынғаным!..

Өтсе екен шырайымен жазым аман,

Шоқ тастады, Фариза, назың маған.

Еленбей жұрт катары жүрсем деп ем,

Ойыма қолқа салдың жазылмаған.

Болсаң да алты қарыс азулаған,
Кеніңді қопарайын қазылмаған,
Сен жырдың бурылысың сылаңдаған,

Белгісіз мен ақ түтек азынаған.

Сырым бар кем де емес қазынадан,

Болмаған екпініне, сазына алаң?!

Төпеп, төгіп жіберер әдетім бар,

Ғафу ет, асып кетсем базынадан?

Үйректен қадірі жоқ қазы жаман,
Деген бар: (өмір - түлкі, тазы - адам.)
Жүрсем де жүрегімді отқа қарып,

Жан емеспін арманнан ажыраған.

Маймыл өмір мәз болған жеміс тауып,

Кейбіреуше жатпаспын керіс салып.

Кетпесе егер әділет елден ауып,

Тіршілікті жүрген жоқ теріс танып

Мендегі басқа күдік, басқа хауіп.

Пысықтар құр қу сөзді сапырады,

Фонтан дерсің - тіркестер атылады.

Құны жоқ кітаптарды тізсек бүгін,

Толады қазақ жері, атырабы.

Халық па сонда өмірдің ақымағы,

Тәртіпке бізді кімдер шақырады?

Қалтырап поэзия калды, жаным,

Нашар кітап қалайша сатылады?

Алдында келер ұрпақ не айтамын,

Ақшаға айналыпты ақын ары?

Жан емен бостан босқа түңілетін,
Азамат ем ақиқатқа жүгінетін,
Татымсыз жырын жазып пысық-ақын,

Тынымсыз танысына жүгіретін.

Малданып асқақ муза құдіретін,

Күні үшін қырт алдында бүгілетін.

Жырында жоқ ешқандай тұғыр-екпін,

Күн бола ма күңіренбей үңілетін?

Өмір-ай, қырттың әні түзелді де,

Қайран жыр жал-құйрығы күзелді де.

Шарлайтын қазақ жерін асқақ өлең,

Аяғын сала алмай жүр үзеңгіге.

Жарымаған қойшыдай күзем жүнге,

Не шара жырдан күдер үзем мүлде.

Халқымның мінезіндей жырларымды

Қарбаласып қағазға тізем күнде.

Кондырардай әкеліп айдан нұрды,

Біреулер жаңартпақшы қайран жырды.

Қалғандай қалың өрттің ортасында,

Ажырата алмадым Айдан Күнді!

Өлеңге өлігімді артқаныммен,

Асырар одан артық пайдам кімді?

Белгісіз қашан, қалай аяқтарым,

Өмір деген тұрлаусыз майданыңды?

Құм басар құлазытып қайнарымды,

Барында пайдаланбай айбарымды.

Өз жанымның отына жылынбасам,

Кім берер алаулаған бай жалынды.

Шоламын дүниені, аймағымды,

Көмекке шақырамын қайдан кімді?

«Жұт шіркін жеті ағайын» - дейді қазақ,

Момын бабам, қайранмын, қайдан білді?

Сарыны дүбірлеткен жайлауымды,

Мұқалып Мұқағали қайда жүрді?

Кешіргін, Фаризажан, кетсем артық,

Сыйпадым тұлымыңды, маңдайыңды?!

Кім шешер түйінделген байлауымды?

Арқалық, 1988 ж.

ФАРИЗА!

Экраннан көріп түріңді,

Үніңе құлақ тосамын.

Есітіп кейбір жырыңды,

Елжіреп сол кез босадым.

Саумысың, сәулем Фариза!

Талантыңа сенің тәнтімін.

Өзіңе елдің бәрі риза,

Тіліңе тапқыр шалқыдым.

Емеспін жігіт, бозбала,

ғашық боп саған калатын.

Сонда да жүрек қозғала

Жанымсың еске алатын.

Тіліңнен тапқыр нәр алып,

Көк дөнен көңіл желеді.

Бойыма жылу таралып,

Қосыла кеткім келеді.

Кітабың түспей қолыма,

Шөліркеп жүрмін жырыңа.

Қапамын көптен соныма,

Түсінсең, қызым, сырыма?

Таңдамалы қос том шықты деп,

Оқыдым кеше газеттен.

Фариза жыры мықты деп

сол хабар мені мәз еткен.

Жалғыз да жарым адаммын,

Кәрілік, қайғы құрсаған.

Қарыштай берсін қадамың,

Фариза, алғыс бұл саған.

Мамыр, 1988 ж.

Сәлеммен, қарт апаң Нұрәсила БӘРМЕНБАЕВА

МЕРЕЙТОЙЫ АҚЫННЫҢ

Бейсебай КІРІСБАЕВ

Мұқағали мұңын шаққан тегін бе?!

«Фаризажан, Фариза қыз...» Елуде!

Сыр бойынан,
Атыраудан,
Алтайдан

Ақ шағала — ақ тілектер келуде!

Қыз намысын жанын салып қорғаштап,

Қысылғанда жүріп кетер жол бастап.

Жыр-пырағын қамшыласа әр ақын

Ел жүрегі өршіл жырға толды асқақ…

Шалағайлар тиіп кетсе шамына,

Екінші рет жолай алмас маңына…

Тамырында Махамбеттің қаны ойнап,

Тастаған ол сан жүйрікті шаңына.

Жырын оқып жадырап бір жасап қап,

Ағалары мақтан еткен шашы аппақ.

«Ұрсады,- деп неге жазбай жүрсің?» - деп,

інілері кейде жүрер қашқақтап.

Үлкендерге жыр сыйлады том-томдап,

Дейміз, отты өлеңдері тартымды-ақ…

Балалардың баспасөзін басқарып,

Балаларға жазады апай там-тұмдап…

Алматы.

Желтоқсан, 1989 ж.

ЖАСАДЫҢ ЖАСАУЫҢДЫ ЖАҚҰТ ЖЫРДАН

Аманқос ЕРШУОВ

Апа емес, аға деуім жарасады,

Орныңа қай азамат таласады?!

Ұлым деп, ұрты толып, сүйер сені,

Қазақтың қасиетті қара шалы.

Қыз емес, қызы десем жарасады,

Халқыңа жырдан соқтың тамашаны.

Киелі кимешекті әжелерің -

Кідірсең,

Сапарыңа бал ашады.

Ал, енді ашыл десең ашылайын,

Жаныма батушы еді — осы уайым.

Інің болып,

тынысың бола алмаған

кездерімді несіне жасырайын!

Күн сайын асқақтаған алып тұлғаң,

Қазақтың қызы едің ғой жанып туған.

Азамат боп

атыңды ерттемеген...

Ақымақ мен екенмін барып тұрған.

Алдынан тектілердің кеспеп едім,

Содан ба, тексіз болып өспегенім:

Ұстарадай жүзіңе тік қарауға,

Сенесің бе,

Әлі де сескенемін.

Мөп-мөлдір жанарыңнан мұңды көрем,

Мөлдіреп мұншалықты тұнды неден?

Сұмдық-ай!..

Сұсыңыз баспаса ғой,

Мұқағали арнар ма сұмдық өлең!

Мұқаң жырын мұқият таратқанда,

Тарайтын шұғыла бар таң атқанда.

«Алдына пендесі көп мұңын шаққан»

Апатай, айналдың ба жаратқанға?

Еліңнен тапқандықтан жанашырды,

Елуде еншіледің дара шыңды.

Анасы ақын қызын туғандықтан —

Қазақтың өлеңінің бағы ашылды.

Батагөй баласы едік біз атаның,

қызғыштай қорғап өскен қыз атағын.

Жасадың жасауыңды —

Жақұт жырдан

Жасқанбай болашаққа ұзатамын...

Болашақтың есігі жабылмайды,

Төре жырың төріне адымдайды...

Жүзге кел!

Жамбылдың жапырақтай —

жалғыз қызы...

Өзің деп қабылдайды.

Атырау. 1989 ж.

АҚЫН БЕЙНЕСІ

Тоқтарбек ЕСЕНҚҰЛОВ

Қазақта сендей болса барлық ақын:

Дүниені дүрліктіріп таң қылатын,

ту етіп туған елдің ар-мұратын,

арнаған сұлулығын, бар қуатын.

Дауылдай екпінімен нар жығатын,

жаныңа жай түсіріп, жандыратын.

Жырымен бар дүниеге ғашық етіп,

сүйгізіп және есіңнен тандыратын.

Тек қана адалдықты тақ қылатын,

жанынан жылағанның таптыратын.

Айналған отты шардай маңайына

жолатпай бықсықтарды лақтыратын.

Дертіне байлық, билік алдырмаған,

жақпаса көңіліне, ханды «ұрмаған».

Жек көріп, жақсы көріп, кездескенін

әйтеуір жайбарақат қалдырмаған.

Шалдықпай, шалынса да шаңға басы,
(ғұмыры — болашақта, алда — жасы)
бар қызы қазағының Құртқа болып,

Қобыланды болса дейді бар баласы.

Рахатты айырбастап мұңға, азапқа

келесің, ендеше, апа, жырла, жатпа!

Жазықсыз күйгендерге сенен басқа

араша болар жан жоқ бұл қазақта.

Фариза, Фариза апа, алау ақын,

Өзіңде құпия бір күш бар-ау, ақын?!

Шарқ ұрып Намыс-шыңға қол бастайсың

жалы-жел мініп жырдың жарау атын.

Сау болса туған елің — ақ босағаң,

сол ғана — махаббат та, бақ та саған.

Қазақтың Айы оңынан туар еді-ау,

даламның бар жігіті тартса саған!

Жамбыл қаласы, 1989 ж.

АҚЫННЫҢ ТУҒАН КҮНІНЕ

Мағзұмбек МАШАЙЫҚОВ

Елудің ерттеп міндің арғымағын,

жастыққа тимей жүріп жар құлағың.

Табысты еңбек етіп елің үшін,

демейсің қажыдым бір, қалжырадым.

Өнердің алдың асқар биіктерін,

халқыңа сөз маржанын жиып бердің.

Фариза, құтты болсын туған күнің,

әрқашан құрметтейді сүйікті елің.

Ұмытпай сені сүйер ауыл барын,

ел, жер деп жыр арнадың, дауылдадың.

Есен-сау жүрсе екен деп биіктерде

тілейді ұлытаулық бауырларың.

Жезқазған.

25 желтоқсан, 1989 ж.

СЕМСЕР ЖЫРДЫҢ ИЕСІ

Серік ТОМАНОВ

Семсер — жырдың иесі Сіз бе едіңіз,

Хош келдіңіз! Үмітті үзбедіңіз!..

Жүрегімді, санамды шиырлаған,

Жатыр Сіздің жосылып іздеріңіз.

Жүрегімді, санамды шиырлаған,

Сіз бе едіңіз сан жылдар сиынған ән.

Ақиқаттың ауылын шыр айналып,

Шыр-шыр етіп шарқ ұрып құйындаған.

Сіз бе едіңіз сол ақын шырылдаған,

Шарттылық, қасаңдыққа ұрынбаған.

Сіз жасаған қарап ап жыр-айнаға,

Бойы-басын түзейді бүгінде адам.

Жыр-айнадан көреді ел кемшілігін,

Кемшілігін, көзге ұрған ерсілігін.

Сіз жасаған айнаның алдында жүр,

егінші де, малшы да, кенші бүгін.

Сіз бе едіңіз сол ақын ел іздеген,

буырқанған мен Сізді теңіз дегем.

Өр іздеген жырыма бағыт берген,

өзіңізге арналар ең ізгі өлең.

Сертке соққан семсер - жыр

Сіз бе едіңіз,

Хош келдіңіз! (Көңілді бірледіңіз).

Жыр елінде, елімнің жүрегінде,

Жатыр Сіздің жосылып іздеріңіз...

Жамбыл қаласы.

1989 ж.

АҒАҒА НАЗ

немесе
Фариза Оңғарсынова жайлы жыр
Әнес НАРЫМБЕТОВ
Адалдығы жырында,

болмысында.

Қазақ жырын жалғаған өрлі шыңға,

дұшпандары әдейі сүрінсін деп,

Қастандықпен қамалап көрді сында.

Төзді бірақ бәріне,

не көрмеді…

Төзбесе ақын жыр-селін төгер ме еді?!

Тоса алмады алдынан еш құдірет,

Құдіретсіз арам ой көгермеді.

Кім қашады, қол жетсе, ұлылықтан,

Отаны бар,

Елі бар жырын ұққан.

Жел-қайықтай дүние теңселеді,

қуаты оның құйылған жылылықтан.

Жыры да өңшең тұлпардың мүсіні еді,
алдында жұрт, сонан ба, кішіреді,
түсінбесе түсінбес бақталастар,

Былайғы жұрт, шүкірлік, түсінеді.

Шүкіршілік,

ақыннан кенде емеспіз,

Жүре ала ма дүниеде пенде емеспіз.

Ақ жарыла ол жайлы айтқан кезде

кете бердің, мендей-ақ елдегі ессіз!

Сыйлаушы едім

Сыйлатқан ақындығын,

Сыйламайды мәрт болса ақынды кім?!

Өзіңіз айт, Сіз солай болған кезде,

Енді бізге береді ақылды кім?!

Ақын аға,
алдымда ірі едіңіз,
адал еді Сіз жайлы жүрегіміз,

секілді едің асқар тау-тірегіміз!

сонша неге бүлініп жүдедіңіз?!

Іштарлыққа соншалық үйір ме адам,

ұғымымды сұйылттың сұйылмаған.

Халқымыздың қайда да сый құрметі,

Тектен-тегін ешкімге бұйырмаған.

Сыр да қалды айтылмай ойымда сан,

адалдығым «қор» екен пайымдасам.

Еш жалғансыз именбей,

жұрт алдында

ұлылықты ұлылық мойындаса.

Айыбы ма ақынның тектілігі,
Сізге жақпас ақынның жоқ қылығы,
Басын кескен біз түгіл
Махамбеттің

сыймағасын ұғымға отты жыры.

Қайда барам көгінде ұшқанда әрі

Абайды да сабаған дұшпандары.

Әркімде де бар шығар бір ҚҰДІРЕТ,

Жарқ ететін кеудесін қысқанда Ары!

Дарындыны кез емес отқа ататын,

әділдікті қиянат жоқтататын.

Сенем бірақ ешқандай күш жоғына,

Хас тұлпарын Отанның тоқтататын!

Қазалы.

Қаңтар, 1990 ж.

ФАРИЗАҒА

Рысты ШОТБАЕВА

Алмас қылыш жарқылдаған жүзі бар,

Тасқа түскен тұлпарлардай ізі бар.

Қазағымның 20-шы ғасырда

Фариза атты әйгілі ақын қызы бар.

Өзге емес өзіндік бір үні бар,

Өз сипаты, өз бояуы түрі бар.

Кең даланы кернеп кеткен жыры бар,

Фариза атты жырдың жалқы пірі бар.

Тура мінез, теріс ойға бармаған,

Егестерде қатарынан қалмаған.

Ақындықтың дауылынан сескенбей,

Шартарапта шағала боп шарлаған

Фариза атты қызы бар.

Әдеп пенен әділеттен нәр алған,

Санасында сарғайса да сан арман.

Тағдырына тарту етіп сыйлаған

бұл өмірге өлең үшін жаралған

Фариза атты қызы бар.

Толысқан шақ ақыл менен санамыз,

Тағдыры да, талғамы да дара қыз.

Фаризашым, құлыным деп, жаным деп,

Осы тойға келген шығар анаңыз.

Арман таудай шыңы болса өлеңнің,

Оның атын Фариза - шың қояйық.

Қош иісті гүлі болса өлеңнің,

Оның атын Фариза-гүл қояйық.

Жарық құяр нұры болса өлеңнің,

Оның атын Фариза-нұр қояйық.

Жан жүректі жарып шыққан жыр болса,

Оның атын Фариза-жыр қояйық.

Тау бұлақтай құйған жырың еселер,

Алуан-алуан жүйріктер бар нешелер.

Жан біткенді жақсы жырмен суарып,

Фаризажан, ортамызда өсе бер!

Ақмола. Қыркүйек 1990 ж.

МАҚТАНЫШЫ ҰЛТЫМНЫҢ – ФАРИЗАСЫҢ

Тоғабай БЕГАЛИЕВ

Мақтанышы ұлтымның - Фаризасың,

Жайма шуақ мінезің жазирасың.

Өлең сөзден еш жерде жаңылмайсың,

дүлдүлдей-ақ, Фариза, арындайсың.

Асқақтық пен мұң есіп өлеңіңнен,

даңқың кетті жайылып өнеріңмен.

Өлеңіңнен сусындап жалпы халық,

талантыңды киелі көре білген.

Кейде мұңды өлеңің мұңайтады,

мұңайма деп халқыңыз сыр айтады.

Фаризажан, тасқының арта берсін,

бұл тілекті біз айтпай, кім айтады?!

Қаңтар, 1990 ж.

АҚЫНҒА АРНАУ

Бүркіт БАЗАРБАЕВ

Қанаттымын, халқыммен іргелімін,

қай кезде де қуаныш, бірге мұңым.

Жаттап өстім «Мазасыз шағыңызды»,

жаттап өстім «Бозбала күнделігін».

Ана тілдің қаймағын қалқып ішкен,

Апа, сенің дәл бүгін даңқың үстем.

Тілегім де тартады

саған қарай,

Жүрегім де әлемдік тартылыспен.

Әр адамның өзіндік бар әлемі,

әсем жырың-еліңнің дара кені.

Қалай айтам демейсің,

тірі болса,

Абай атаң арқаңнан қағар еді.

Өмір - күрес, деп жүрміз, өмір - егес,

өр күшпенен алынар тегі белес.

Мұқағали марқұмның жігіт таппай,

мұңын Сізге шағуы тегін емес.

Өтті Сара ақтарып нелер зарды,

Өнердегі тауыпсың кемел заңды.

Меңдекеш те асылдың сынығы ғой,

мейірімін біліпті төгер жанды.

Жүректердің серпесің шымылдығын,

жырың-мәңгі, ендеше ғұмырлы үнің.

Сағынышын кеудеге жиып келген,

сол бәйгеге қосылмақ інің бүгін.

Көп жайларды жиюшы ем миығыма,

келіп тұрған көңілдің күйі мына.

Шаттығымды шалқыған Ұлыс күні

шапан қылып жабамын иығыңа.

Сан байлықтың қойнауы - нулы жерім,

сөзбен салам даламның нұрлы зерін.

Үміт - өлең сәукеле, ендеше, апа,

Үкі тағып басыңа кигіземін.

Алып келер көңілге әр таң үміт,
апамызға танытып марқа қылық,
мөлдіреген бұлақтай шумақтарды,

мойыныңа тағамын алқа қылып.

Дұрыс болса несіне қысыламын,

дарынымның өзіме күші мәлім.

Гүл кестелі, бұлқыныс бір кештегі,

Жыр-дестені байрақ қып ұсынамын.

Тура сөздің түбі бар, қосыламын,

түзу жолға түскен жоқ көшім әлі.

Риза бол жырыма, Фариза апа,

риза бол - ініңнің осы бары.

Атырау облысы, 1988

ЗАМАНЫНЫҢ КУӘ БОЛЫП ҒҰРПЫНА

Айсырға КИІКБАЕВА
***
Заманының куә болып ғұрпына,

өзін асқақ ұстап жүрген бір тұлға.

Азаматтық жүрегі бар ақаусыз

пенделіктің көне бермес ырқына.

Қар жатады шыңның шырқау басында,

ұқсастық бар Фаризаның шашында.

Келе жатқан дүниеге тік қарап,

тартыс-талқы алқымдаған ғасырда.

Табиғатын қайсарлыққа жүр егеп,

жыр-шыбықпен бықсығанды дүрелеп.

Тазалықтан, заңғарлықтан жаралған

жырларыңыз әлем ғой ол бір ерек!

Жағымпазды маңайына жуытпай,

үркектерді тізгіндейтін құрықтай.

Асау жаның ырық бермес жүгенге,

әттең кейбір меңіреулер жүр ұқпай.

Түтінімен төңірегін ыстайтын,
зұлымдыққа бойы бұғып қыстайтын,
пенделерге қарсы тұлға - Фариза,

адамдықтың туын биік ұстайтын.

Биік ұшар еркін жайып қанатын,

кемел ойы дана және дара тым.

Дүлей жырдың маза бермес дүбірі

сан жүректің қоңырауын қағатын.

Нәзік денең мықтылығын сақтасын!

Жырың ашар ғасырлардың қақпасын!

Толастамас өзіңе ұқсас мінезді

туған далаң жырға сусап жатпасын!

Елу деген ерлік жасы еңселі,

адамдықтың безбенделер өлшемі.

Ақтілеулі сіңілілердің атынан

құттықтаймын, Ақын апа, мен сені!

Маңғыстау, 1989 ж.

ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНҚЫЗЫНА

Асанбай АСҚАРОВ

Үшбу хат арқалаған қыран жүгін...

Зынданға даусың жетті, шынар гүлім!

Тас керең сарайлар да өр үніңнен,

асылы, бір селк еткен шығар бүгін.

Қыш бөлме, темір төсек мұңайтады,
Боларын білмеді ағаң бұлай хәлі,
Барында терең ойлы қарындасым,

Жоқтаушың жоқ деп маған кім айтады?!

Арынды Заман атты селге түстім,

Қапыда қанат сынып, жерге түстім.

Сезбеп ем, ойламап ем - бүгін білдім

адалдық, мықтылығын Жерде Күштің.

Қолдадым жас-кәріні сағы сынған,

Еліме ақ көңілмен ағытылғам.

Халқымның шомылдым да сеніміне,

Таймадым өжеттікпен бағытымнан.

Өзгенің қаңқу сөзін сөз демедім,

Мақсатын жеке бастың көздемедім.

Айналдым ақылыңнан, Фаризажан,

Жүйткіткен жолсыздармен сөз дөненін.

Отырмын шідерлеулі, жылым-қайғым,

Қыл шылбыр жанға батып, шырылдаймын.

Жалғыз-ақ сүйенішім ел аруағы,

өткен бе өмір-аттан жығылмай кім...

Жетті ғой жүрек сөзің мына маған,

Қалайша тебіренбесін бұған ағаң.

Айтыпсың бөрік киген жекеңдерді,

сүйемес құлағанды құламаған.

Қазақта қарындастың орны бөлек,

Ағаңа Өлең-хатың болды қорек.

Лайық аялауға әз қыздардың,

кей бөрік кес-кестейді жолды бөгеп.

Сарғайдым, сауалым көп жанымда шын,
Ел-жұртты мекеніңді сағынғасын,
Үзгендей болдың маған темір торды,

аман бол, жігер-жүрек қарындасым!

Бішкек. 1991 ж.

ФАРИЗА

Марат ЫСҚАҚОВ

Жандардың ақын болып жаратылған,

Ішінде ерен сенің дара тұлғаң.

Нәр алып жырларыңнан күннен-күнге

көз тарта көріктеніп баратыр маң.

Сен десе жаңғырыға жар басынан,

Жатады жан тербетер жалғасып ән.

Тасиды, сенен жарқын жыр тыңдаса

Атырау асып кетіп арнасынан.

Көріндің өрімнен де, төрімнен де,

Шұбаған сайрап даңғыл жол іргеңде.

Жырларың туған жерді аймалайды,

Жайықтың толқынымен өрілгенде.

Көріндің шаршы топта оң қанаттан,

Жүректер жыр оқы деп қолқалатқан.

Жыр-өнер келді сенде кемеліне

теңіздің мұнайындай фонтан атқан.

Сенде бар сүтпен біткен нар қасиет,

Жүрердей халқың әркез арқа сүйеп:

Су болса — ең мөлдірі, зәмзәмі деп,

Тау болса — еңселі зор жартасы деп.

Құйылған сендік сезім жылы арнадан,

Енген жан иіріміңнен шыға алмаған.

Жігіттен биік қойып қыз басыңды

Мұң шағып Мұқағали жыр арнаған.

Тамсантып, таңдантуға жаһан бетін,

Сенсіз жыр, сенсіз салған мақам жетім.

Сен тағы қуантуға қандастарды

қыз болып қайта туған Махамбетім!

Таппаған таңдағанын тапшы өрістен,

Жұртының бақ пен сорын қақ бөліскен.

Мінезі - ер, жаны - шуақ, ары - таза,

Жаралған қоңырқай боп ақ періштем.

Ерекше өзгелерден жазар үлгің,

Екпіні сенде өміршең ғажап үннің.

Әрқашан төбесіне көтеретін

өзіңсің жыр-жалауы қазағымның!

Алматы.

Қараша, 1992

ФАРИЗА ӘПКЕ!

Айжарық АБЫЛҚАСЫМОВ

Аяқ басуға зар болған күйде жатқанымда Сіздің үйіме іздеп келгеніңіз мені аурудан тұрғызардай әсер етті….

Сіз келіпсіз...

Ал мен үйде толғанам.

Кімнен көрем бір бақытты қонбаған.

Ылғи екеу боп тұрады жол маған,

Көршім болды тағдыр деген оңбаған.

Сіз келіпсіз...

О, тәңірім өңім бе?

Өңім болсаң құшағымнан бөлінбе.

Тебіреніңіз Қабанбайдың елінде,

Тербеліңіз Алакөлдің төрінде.

Сіз келіпсіз...

Көңілде үміт қауласын.

Көкірек бір, көншісін — жыр жауғасын,

Тірісінде көрмеген бұл өлкеде

Әруағы Мұқағали аунасын.

Сіз келіпсіз...

Шаттанады шартарап.

Аспанға атсын, қалған көңіл орталап.

Ал, мен келем адрессіз аймақта

Жауыр болған жан азабын арқалап...

Семей облысы, Мақаншы.

1992ж.

НАРЫННАН ШЫҚҚАН НАРТАЙЛАҚ

Нұрмұқан ҚАДІРҰЛЫ

Аруана-жырың Алатау жақтан ағылған,

Ақшулан шашың жаратылғандай сағымнан.

Асау жырыңмен алысып көптен келесің,

Атбегідейін жаңылмас ешбір бабынан.

Кеншідейсің сен қайламен көмір қопарған,

Ақпа жырларың тоқтамай саулар жотамнан.

Жұмыстан шаршап, тұрмыстан қажып кеткенде,

Сенің ыстық жыр-жалыныңнан от алғам.

Балалығыңды қайыра алмайсың айқайлап,

Жастығың қалды артыңда сонау жайсаң шақ.

Құмда туып, шыңда өскен, қымбат шынарым,

Аман жүр әркез, Нарыннан шыққан Нартайлақ!

Балықшы ауданы.

1992 ж.

ӨНЕРІҢМЕН ЖҮРСІҢ, АПА, ЖАР САЛЫП

Еренғайып ӘБДІХАЛЫҚҚОЖА
***
Өнеріңмен жүрсің, апа, жар салып,

Қиындықтар кездессе де қаншалық.

Жолыққанда әр күніміз той болып,

Жүрейікші өзіңізді қарсы алып.

Бала болып ойнамаған шығарсыз,

Бал күлкіңді соғыс бұзды сұм арсыз.

Бар бейнетті бір басынан өткерген,

Бүгінде Сіз шыңға біткен шынарсыз.

Ұсынайын жауқазын бұл жырымды,

ерек жансың сөзі – найза, нұры – үлгі.

Сенше сүйсін, сүйген болса барлық қыз

Қасиетті тілім менен дінімді.

Тіршіліктің қажытқанда бұрқағы,

сенің жырың жүректерді жылтады.

Саған тартсын тазалығы, түрімен

мұсылманның, Мұхаммедтің ұрпағы.

Асау жырың теңіз сынды бұрқаған,

сені көріп көңілімде шырқады ән.

Біз тілейміз көрек болсын халқыңа

жүрегіңмен сен демдеген жыр-тағам!

Бетпаққара ауылы, Торғай облысы.

13 наурыз 1992 ж.

ФАРИЗА, СЕН ЖҰЛДЫЗСЫҢ

Манаш ҚОЗЫБАЕВ
Фариза, сен жұлдызсың
аспандағы,

Пенде боп қара жерді бассаң-дағы.

Шампан боп тығындарды
атсаң-дағы,
Сел болып Алатаудан
ассаң-дағы,

Жұлдыз боп қаласың Сен

аспандағы!

Қостанай.

14 қазан 1994 ж.

ҚҰМДАҒЫ ҚЫЗҒАЛДАҚ

(Фаризаға)
Марфуға АЙТХОЖИНА
Жаралмаған қайғы мен мұң ішуге,
Қызғалдақсың,

Ашылған құм ішінде.

Тербетіліп қысы-жазы тұрасың сен,

Тағдырдан қалап алған жыр үшін де!

Қызғалдақсың, сен де бір құмда көшкен,

Сусып жатқан құм сырын тыңдап өскен.

Құм-толқында тербелген қызғалдағын

Шығармайды ешқашан жандар естен.

Мен өсіп ем,

Тәңірдің шыңдарында.

Ақ бұлттай шөгіп қалған мұң жанымда...

Жүрсе дағы ел-жұртың еркелетіп,

Көлеңке жатыр нәзік жырларыңда.

Түсінем, жаның неден үркек бүгін,

Жыл озды,

Жастығыңның бүркеп түнін...

Жыл озғанмен, жаныңның бүркеп түнін,

Тұрған жоқ па жарасып,

Жыр шоқтығың!?.

Тарқатылып дауылға бұрымдарың,
Өмірдің соқпағымен ұрынбалы —
Кетіп бара жатасың теңді теңдеп,
Нар секілді,

Нарынның құмындағы.

Алматы.

18 желтоқсан 1994 ж.

АТТАНЫС

Шәмшия ЖҰБАТОВА

Бала ақын тұла бойын діріл басып,

Қолында жыр дәптерін үңілді ашып.

Асыққан қызын жолдан бөгей берді

Әжелер әлденені ырымдасып.

Аққуы Алматының ұшқалы тұр,

Етті де жігіттердің мыңын ғашық.

«Жетпейді ә, ақын қызға қолдарың» деп

Аспанда жұлдыз қалды жымыңдасып.

Мұңымен жүрегіңді еңіреткен,

Көз жасы көңіліңе өмір еккен.

Сол ақ құс арманшыл ел жадындағы,

Жақын кеп барады ұшып төңіректен.

Көргендей Мексиканың сериалын,

Қарайды аузы ашылып қарияның.

Жып-жылы сөз айтылды ақын жайлы

Жып-жылы ошағында әр ұяның.

Ападан мақтау алған балақайым,

Қуанып, сауырға ұрды ала тайын.

Бетпе-бет Ұлылықты көргені осы,

Қазақтың дәл өзіндей қарапайым.

Тірліктің ұмыт болып азаптары,

Өмірдің еске түсіп ғажаптары.

Ауылдан Фаризасын аттандырды,

Ауылдың ең таңдаулы қазақтары.

Қазақтың осы қызы алабөтен,

Апама, құрбыма тең, анама тең.

Жасымнан жырын жаттап өскесін бе,

Көргенде көңілің сергіп қалады екен.

Қазақтың осы қызы алабөтен,

Данышпан от жүрегі балаға тең.

Көз алмай көрген сайын қарап өтем,

Қызға да қыздар ғашық болады екен!

Көңілдің желбірейді желең төсі,

Аман-сау келеді екен өлең көші.

Санаңның күнтізбегін қызылдап қой,

Ауылда болды бір кеш ел еркесі.

Бағасы көйлегінің - жүз қара нар,

Қырандай қуаты мол құзға қонар.

Қолпаштап қолтығынан сұлу жігіт,

Жанында қызыл киген қыз бала бар.

Аумайтын тұрымтайдай түрі құстан,

Бойына мың өзгерген құбылыс тән.

Бұл апаң Маңғыстаудан Атырауға

Бір ұшақ жалғыз өзі мініп ұшқан.

Еңсеңді мысы басып құптары анық,

Өзінен ішкі сәуле тұр таралып.

Сөмкесі крокодилдің терісінен,

Бет сүртер орамалы - бір таналық.

Басылған өз-өзінен бұрқап алып,

Қобалжып, бір сілкініп, бір таранып.

Дастархан жайылады қайда барса,

Татпайды - қазақы емге жүр қаралып.

Қолында домбырасы - жыршы қалып,

Тартады тыңқыл-тыңқыл үн шығарып.

Шетелге бір барғанда әкеліпті,

Көрейік топылыйын жүрші барып!

Жақсы пұл, шынайы асыл ұстағаны,

Соғым мол жайлы қыстау қыстағаны.

Барамын деген жерден айнып қалып,

Бармаймын деген жерге үш барады.

Қоғасын қалың ойдың жапырып кіл,

Қос жанар тұңғиыққа батырып тұр.

Көз жаққа барыспайық, кірпігінің

әр талы жолбарыс боп атылып тұр.

Құба өңін қызартыпты ұрған аптап,

Шаң көрсе қаша берген сырғанақтап.

«Волгасыз» қарыс жерге баспайды аяқ,

Кібіртік шабан аттай тұрған аттап.

Жанында сіңілісі отыр қошеметтеп,

Апасын қоштағандар өседі ептеп.

Ақынға дүркін-дүркін қол соғады,

Мол жиын, бүгін клуб, кеше мектеп.

Бұралып сұлу өзен ну жағалы,

Жалтылдап алақанды су жалады.

Жайықтың жағасына қонды келіп,

Өлеңнің ақ қанатты музалары.

Жанары кәрі еменді тұр сындырып,

Арасын жер мен көктің күрсіндіріп.

Қайда асау? Фариза қыз бас үйретсін,

Басқасы кім екенін жүрсін біліп.

Ашылған ағылшынның сарайлары,

Қыдыртқан француздың арай бағы.

Ресейдің қақ жарылған тоғайлары,

Қазақтың аяулысы елге келді,

Көңілін жарқыратып көп айналы.

Домбыра шертіп айтқан сөз баптары,

Тәлімі, ас жегені - бекзат бәрі.

Фариза кеткенімен, ұмытылмай,

Көңілде қалып қойды көп заттары.

Аймақтың көзін ашып бар бұлағы,

Құлдырап шөлдің төсін орғылады.

Қызғаншақ қызыл итті байлаңыздар,

Кетпесін ағытылып қарғылары.

Гүл бұлғап жиде талдар сыңсып қалың,

Дейтіндей бозторғайым, шымшықтарым.

«Туралап көзіне өмір бір қарасаң,

Көрер ем ішінде не тұншыққанын».

Гүл бұлғап жиде талдар сыңсып қалың,

Төмендеп бозторғайым, шымшықтарым.

Домалап, нән жемісін төгер ме еді,

Менің де зырылдаған ұршық халім.

Таусылды өрлеп-өрлеп өрнегіміз,

Ал, апа, біз қаламыз, қол беріңіз.

Көңілге азық болып көргеніңіз,

Әр жерде аман өрсін төлдеріңіз.

Ал, апа, Сіз кетесіз, біз қаламыз,

Бұрылып артыңызға жүз қараңыз.

Жігітте Мұқағали аңыз еді,

Бір болса Сіз боларсыз қыздағы аңыз.

Мұқаңдай біз де Сізге мұң шағалық,

Жағдайым болған емес мұнша ғаріп.

Қосылып хан басыммен қараларға,

Ауылда қалып қойдым тұмшаланып.

Көлбеңдеп тәуір көйлек кигеніммен,

Жанымды ауыртады мұң садағы.

Жылына бір жинақтан берер едім,

Жол ұзақ, билет қымбат, күн шамалы.

Мен-дағы сынығы едім бір асылдың,

ізімін сенен соңғы Күләшіңнің.

Ханшадай өз тағыма отыруға,

Өңірі жетпей қойды плащымның.

Жасырып жолаушылар күлкі іздерін,

Көліктің рұқсат сұрап тұр тізбегі.

Ауылға апай келіп кеткен сайын,

Той тойлап, қызартамыз күнтізбегін.

Кітаптың басылмаған көк парағы,

Ақынды ортамыздан ап барады.

Ұмтылып «тоқта!» дедік, тоқтамады,

Арасын айыртпаған өң мен түстің,

Формасы жай оғына кеп калады.

Біреулер көзбен ұстап ертегісін,

Біреудің ішкен шарап өртеп ішін.

Жайсаң мен жақсылары қимай қарап,

Келмей тұр жібергісі ерке құсын.

Тойшыл көп кірмей қойды бір естері,

Бәрі ертең - көкпар, бәйгі, күрескері.

Фариза тойға қалмай кетіп қалды,

Жанында сөз қата алмай ілескені.

Сағынып туған жердің қара шаңын,

Еске алып толқыды ма бала шағын?!

Бүгінге жарты жолда қош бол десіп,

Кетті ұшып астанаға БОЛАШАҒЫМ.

Ел-жұрты ырза болып бір басына,

Асылдан шапан жапқан тұлғасына.

Даланың саңқ етті де бір қыраны,

Кетті ұшып Алатауға, шың басына.

Мақат.

10 маусым 199

ФАРИЗАҒА

Гүлнәр ШӘМШИЕВА

Фариза, Фариза апа, Фариза апа.

Өлеңнің отын жақтың әр үйге, апа.

Мұқағали, Төлеген сыймай кеткен,

Қалай сыйып жүрсіз бұл фәниге, апа?

Соны ойласам көңілім қырық жамау,

Бір суық ой жанымды қариды, апа.

Мен сіңлің арманым бір, әнім бір-ау,

Сыймаған, сия алмаған қалыбына-ау.

Көміп жүр ғой мені де осы күні

Өзің туған қаланың шаңы мынау.

Табаным шеңгел жұлып жүз қанады,

Теңіз жүрек осылай тұзданады.

Қарғалар таудың бетін жауып-ашып,

Қыраннан кеңістігін қызғанады.

Қорғадың мені талай, бұлбұл ана,

Қорғансыз балапан деп, тұр,

жылама!

Жанымды азаптарым тұншықтырып,

Тамшыға мөлдіреген кірпік тұнып.

Кей кезде жүдей қалсам, жабырқап бір

Кетесің қайрап өзің ұрсып тұрып.

Фариза, Фариза апа, асыл апа,
Жаныңнан бұрқырай от шашырата,
Ботадай көз жасынан жыр жасаған,

Мені де ертіп алшы қасыңа, апа!

Алматы.1994 ж.

ФАРИЗАҒА

Жанкелді ЗАМАНБЕКОВ
Түн жалғыз, мен де жалғыз,
шам да жалғыз,
Өткенге, кеткенге де

таңданармыз.

Фариза, Фаризажан, Фариза қыз,

Өзің ең Мұқаң аға жырлаған қыз.

Дос таппай дала ұлы дал
болыпты,
Пәниден бізде солай

алданармыз.

Іні ем, Мұқаңа да, өзіңе де,

Шықпаған тауым жоқ ед,

бармаған құз.

Ағаның сол өлеңі, ойымды өртеп,

Кетуге біз де ертең

қамданармыз.

Ақынның жаны бөлек, мұңы
бірге,
Жүрекке жүйке болып

жалғанармыз.

Ақын боп кетпесек те
өздеріңдей,
Ұзын арқау, әйтеуір, сонда

бармыз.

Бір үйден бір шам көрсең,
мен деп ойла,
Отырған інім ғой деп,

таңда жалғыз.

Сыр айтар қыз да таппай
отырмын мен,
Бәлкім, біз көз жұмғанша

сандалармыз.

Архивке сіздер барсаң
амал қанша,
Тізімге ілсе ақын деп,

сонда бармыз.

Түбінде Фариза апа, Фариза
қыз,
Ағаң мен інің құсап қалма

жалғыз...

Фариза, Фаризажан,
білесің бе,
Жаралған жан екенмін

күресуге.

Мұқаңның аруағы үшін
арпалысам
Мені ешкім, лақтыра алмас

күресінге.

Фариза, Фаризажан,
білесің бе,
Пенде боп жаралған соң,

күлесің де.

Шын ақынды өксіткен
өр көкірек,
Мен тұрмын мықтылармен

тіресуге.

Құлазымай кеудемді,
жайласа мұң,
Ақымақты өмірге сай
жасадым,

Шерлі кеткен, шерменде шын
ақынның,
Аруағы үшін қашанда
шайқасамын,

Фариза, Фаризажан,

білесің бе!?

Талдықорған. 1995 ж.

ФАРИЗАНЫҢ МІНЕЗІ

Сәулеш ШӘТЕНОВА

Бір пайғамбар бір өзі,

Таусылмайтын жыр өзі.

Ел аузында - бір аңыз,

Фаризаның мінезі,

Фаризаның мінезі.

Аңыз болған бұл дастан,
Айтылады тынбастан,
«Ашуы оның жарқ етіп

суырылған алдаспан».

Мінезі оның қатал-ақ,

Мінезі оның шатақ-ақ.

Сондықтан да иіліп,

Тұрар бәрі «апалап».

Көз жеткізбей нарқына,

Сыр сақтамай артына.

Аңыз айтқан осылай

Аң-таң болам халқыма.

Бірде боран азынап,

Бірде тұрған аңызақ.

Бұл өмірде ақынның

Жаны жіптей нәзік-ақ.

Іркітіндей айранның,

Заман мына толған мұң.

Сол бір жіптің үзілмей,

Жүргеніне қайранмын.

Алданышы - жыр ғана,

Алданышы - сыр ғана.

Періштедей жүрегі,

Ақын деген - бір бала.

Фариза қыз осындай,

Мінезі бар жасындай.

Кім екенін пасыққа

Фариза айтар жасырмай.

Бас ұрар тек байлыққа-ай,
Жүретұғын қайғы ұқпай,
Кім екенін өзгеге

Фариза айтар қаймықпай.

Жабағы мұң сіресіп,

Тар жол-тайғақ, тіресіп.

Жамандықпен осылай

Фариза жүр күресіп.

Шындықты айтып шыдамай,
Онысы елге ұнамай
Фариза жүр. Ал... заман

алағай да, былағай.

Құлсары. 1996 ж.

СІЗГЕ

Назгүл ШАПИХОВА

Қыздарға жыр жазатын анасың сен,

Өлшенбес сыры терең данасың сен.

«Қазақтың Фаризасы» деген атпен

төсінде тарих-таудың қаласың сен.

Қазақтың ар-намысы біз емес пе,

Қашаннан халық көркі қыз емес пе?

Ендеше сол қыздарға үлгі берер

шыңдағы шынар тұлға сіз емес пе?

Халықтың киесі ғой ақын деген,
Өр мінез, нәзік сезім, батыл дер ем,
Кейде мұң, кейде шаттық - жырларыңыз

Қыздардың жүрегіне жақын неден?

Кейде мұң, кейде найза - жанарыңыз,

Жүзіңіз - жапқан сынды даланы күз.

Басқаға ұқсамайды күлкіңіз де,

Әрине, бере алмаймыз бағаны біз...

Тазарып Сізден ұшқан нұрдан жаным,

тал бойым бір суынып, бір жанғаным...

жасқанып, жақсы көріп өзіңізді

Апатай, Сізге осы жырды арнадым.

Қаныш Сәтпаев атындағы орта мектептің

11-в сынып оқушысы. Атырау қаласы.

1995 ж.

ФАРИЗА АПАҒА!!!

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

Армысыз, апа, бармысыз апа, байсалдым,

Отты жырыңмен оясыздарға ой салдың.

Албырт жандардың жалын арманын маздатты

Сіздің қаламнан қастерлі сезім, қайсар мұң.

Сәттерде кейбір сәбише өксіп көз ілген,

Жырыңнан жанға жұбаныш, апа, іздеймін.

Тосқауыл болмай телегей-теңіз сезімге,

Тентек жүрекке терең сүңгіді сіздей кім?!

Тілдестім сізбен жанарда жауһар шық-мұңым,

Көлгірсу - емес шыбын жанымдай шын сырым.

Асқақ сезіммен сіздей кім, апа, ұқтырды

Қыз-ғұмырлардың тұңғиығы мен тылсымын.

Бір тілің - Шындық, енді бір тілің - Уақыт,

Алайда сыршыл нәзіктігіңді сағындым.

Жүрген жайым бар өзімді өзім жұбатып,

Жырыңмен, апа, жыртығын жамап жанымның.

Атырау қаласы. 1996 ж.

ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВАҒА АРНАУ

Төлеген ЖЫЛКЕЛДИЕВ

Өмір-өзен тұрады ағыстардан,

Өмір-бәйге тұрады жарыстардан.

Өмір-көкпар, додада арқалы ақын

Фариза жүр, кезі жоқ қалыс қалған.

Өмір қызық жеңіліс-жеңісімен,

Өмір қызық мәуелі жемісімен.

Басқа ақынды білмеймін,

ал Фариза

Табылып жүр әрдайым ел ішінен.

Санаулы-ақ жыл даламда таң атқалы,
(Көптің бірі емес пе ек санаттағы?!)
Жоғын жоқтап Фариза әз халқының

Шырылдап жүр тәңірім жаратқалы.

Бас бұрғызбас тіршілік сан-салалы,

Тағат таппас жаныңның сән-самалы.

Шойын жолдың ұлағат ұл-қыздары –

Нан-тұзымен Фариін қарсы алады.

Орындалып қазақтың аңсағаны,

Өтіп жатыр бағымда ән сабағы.

Болат жолдың танымал тарландары

Ақжайықтың аққуын қарсы алады –

Қарсы алады, әлемге жар салады!

Қызылорда. 27 тамыз, 1996 ж.

ФАРИЗА АПА ӨЛЕҢІМЕН СЫРЛАСУ

Айнагүл КЕМАЛИЕВА

Аңсағандай бір көңілім көкті,

Бір нәзік сәуле жүзімді өпті.

Сәулелі сезім жанымды тербеп,

Жүрегіме әкеп жақұт жыр төкті...

Жырыңды сенің оқығанда, апа!

Көктегі күндей шуағын төккен,

Көңілім менің - мәңгілік көктем!

Жүрегімді арбап, сыбырлағандай,

Сиқырлы сазды бір дауыс өктем...

Сырыңды сенің ұққанда, апа!

Көзіме мөлдір тамшы ілінеді,

Сенімім күйреп, бақ сүрінеді.

Көкіректі кернеп қайғының бұлты,

Қақ айрыла кеуде күрсінеді...

Мұңыңды сенің ұққанда, апа!

Жастықтың жалын жайқалып бағы,

Атқандай күліп бақыттың таңы.

Аяулы аппақ арманым болып,

Жанымды менің тербейді тағы...

Жырыңды сенің оқығанда, апа!

Жырыңды сенің оқығанда, апа!

Атырау қаласы. 1996 ж.

АҚЫНДЫҚТЫҢ АТЫРАУЫ ФАРИЗА АПАМА

Қазыбек ИСАҰЛЫ

Қосылғаным осы еді көшке менің,

Ессіз сүйген Өлеңді ес көремін.

Нұрыңызды жүргенмен сырттай сезіп,

Жырыңызды жастанып өскен едім...

Шаттық мынау қойса егер шақырмай түк,

Арызданбас Аллаға ақын қайтіп...

Дүбірімді жер жұтып кетпесін деп,

Алдыңызға кеп тұрмын датымды айтып...

Поэзия - жүрегім, пірім еді,

Бағы бар жан бағаға ілінеді.

Жырларыңыз баптаған бір сәйгүлік

Жыр - бәйгеде қалайша сүрінеді?..

Дүбір таяп мәреге келді бүгін,

Қалар ма екен шаң басып мөлдір үнім...

Мұқағали мұң шақса кеше Сізге,

Шағымданып мен тұрмын енді бүгін...

Толқынында тірліктің толғанамын,

Шынайы жыр өмірлік болған әнім.

Оңда, құдай, келіп ем Оңтүстіктен,

Көрсем бе деп әпкемнің оң қабағын...

Шымкент. 22 қараша, 1996 ж.

ФАРИЗА ШЫҢҒЫСТАУДЫ АРАЛАҒАНДА

Әсемгүл БОСҚЫНБАЕВА

Фариза апа!

Сағынышын сар даланың түйдіңіз бе?

Аруақтарға басыңызды идіңіз бе?

Сізге арнау жазу да қиын, жүдә,

Жыр тұсауым әлде бүгін қиылды ма?

Ұлылыққа тағзым-жыр орнатып

Бүгінгі күн бақытым боп бұйырды ма?

Біз болашақ ғасырдың жанындамыз.

Халқыңызға көрінесіз жалынды абыз.

Тарбағатай тауының бір тал гүлі

Жыр арнады, апатай, қабылдаңыз!?

Тіршіліктің жаралып құралына,
көңіл-көнбей сан қатпар сынағына,
Шыңғыстауға шарықтап кеп қалдыңыз,

Мініп жырдың Ай мандай пырағына.

Алдыңызға жиналды халық тәмам,

Тыңдауға Сізді ешбірі жалықпаған.

Қасиетті жырыңызды төгіңізші

Алатаудың ақ бұлтындай қалықтаған!

Сияға тоғытқанда қаламұшты,

Көз жіберіп Бөріліге қараңызшы.

Мұхтар ағам тойына үлпілдетіп,

Жырыңызды - үкі етіп қадаңызшы!

Фариза-жыр

Керемет болып арман,

Хан тәңірі өлеңнің өрін алған.

Сөреде емес киелі томдарыңыз

Жүректердің төрінен орын алған.

Тағдыры оған әркез қарсыласып,
Салдырса да қаталдықтың қаһарлы әнін,
Ақ үміт пен қарсы алған атар таңын,
Әзиз қызын аялап елі бүгін,

атайды «Халқым сүйген қаһарманым!»
Намысы оның атойлап бой кернеген,

Пенделік қоқысына ойы ермеген.

Таңғажайып тылсымы махаббат пен

ләззаттың алауына жол бермеген.

Деген ол, жырдай мөлдір баққа барам!

Жағымпаз, жасандыны жақтамаған.

Махаббатын жасырып отауына

Қыздың пәк символынан аттамаған.

Қалт жібермей жырыңызды іздеп едім,

Жаныңыздың нұрына жүзген едім.

Осы өмірде бар болса екі жақсы,

біріншісі екеудің Сіз дер едім!

Құрықтап жалғандықтың барымтасын,

Шыншылдықпен қайтарған қарымтасын.

Мыңмен жалғыз алысқан ұлы Абайдың

қастерлейік Фариза атты,

миллионмен алысқан қарындасын!

Қарттықтың ауылына асықпаңыз,

Қара өлеңнің өзенін тасытсаңыз.

Па шіркіңді-ай, десін жұрт,
Фариза апа,
Қауым қыздар өзіңізге иек артқан,

қыз-қауымның жігерін жасытпаңыз!

Мұқағали аға айтқан Фаризажан,

Семейдің топырағына басты қадам.

Жыры теңіз, қағаз - қайық, қаламы - ескек

елім деп жырыменен жас бұлаған.

Өлеңімді
Бәз біреулер білмесін, білсін мейлі,
түсінбесін, түсінсін, күлсін мейлі,
поэзия - шаңырағында уық болып,

Фариза апам есен-сау жүрсін деймін.

М. Төлебаев атындағы саз колледжі

ақындар мектебінің шәкірті.

Семей қаласы. Шілде 1997 ж.

МІНЕЗ

Болат ҮСЕНБАЕВ

Қонаққа төр ұсыну - ғұрыбы елдің,

Көлденең көк аттыға жүгінер кім?

Қос қонақ Фаризаның төрінде отыр,

Шалғайдан: бірі - Мәскеу, бірі - Берлин.

Жік жаппар сый қонаққа аңқылдасып,

Шай ішті көр-жерді айтып, қауқылдасып.

Отырды аударманың жайын сөз ғып,

Алатау етегінде мауқын басып.

Ет келді...

Қойдың басын ымдай беріп,

Қос әйел жын түрткендей күлді-ай келіп.

Ақынның аңқылдаған ақ пейілі

қалғандай құмға сіңген судай болып.

Бұлт шалды ақ көңілін тұнық таңдай,
Келемеж бе,
Мазақ па,

Кім ұққан жай?

Қонақтардың күлкісі бітер емес,

астан үлкен емесін ұмытқандай.

Күлгендей бәз біреудің жыртығына,

Төзбеді күлегештер жырқылына.

Мың жерден еуропалық болса-дағы,

ұнамай тұрды өрескел сұрқы мына.

«Кетті, деп, қой елестеп көгалдағы»,

Жуып-шайып күнәсін амалдады.

Шақ тұрды Фаризаны ашу қысып,
Көзі айтты: «Төрді босат, жоғал, кәні!»
Жын шығар,
Сайтан шығар қысқан, сірә,

Жөн бе екен арсыз күлкі ұстамдыға.

- Қазақтың әдет-ғұрпын қорламаңдар,

шығыңдар! - деді апай сұстанды да.

«Дені сау күле ме асқа атауындай»,-

дейді Әбіш: Әй, Фариза, шатағыңды-ай!

Ұлтының намысын ол таптатпады,

Қалды өлеңі неміске қотарылмай.

Ол солай қонағының қақты жынын,

құрбан ғып бір кітаптың сәтті күнін.

«Қонағыма салтымды таба қылып,

таппай-ақ қойдым, - деді - бақ тұғырын».

Қазаққа тіл мен дәстүр - ең құндысы,

Танытты екендігін төр кімдікі.

Қанында Махамбеттің мінезі бар,

көкжалдық - Фаризаның сол күнгі ісі.

Тік мінез, мәймөңкесіз дауыл ақын,

ұлтының намысы үшін ауыратын.

Әділдіктің жолында бәрін қиған,

көкжалдыққа дауа жоқ, не қыласың.

Бұл да бір нағыз ердің ісі емес пе,

буырқанған намыстың күші емес пе?

Жақтырмаса бетке айтқан жалтақтамай,

Баукеңнің "Шагом маршы" түседі еске...

Алматы.

12 наурыз, 1998 ж.

ШАҒЫНУ

Маржан ЕРШУОВА

Фариза апа,

Сезермісіз, жаман халім!

Сергісем бе дәл қазір саған барып?

Күрсіністер көнерткен көңілімнен

ештеңе де сұрамай жанардан ұқ.

Ұқсаңызшы жайымды сұрамастан,

Жүрегімнің жасындай жылады аспан.

Қырық пышақ қырқиды қанатымды,

жақсылықтың аулы жырақ асқан.

Жан апа-ау!

Жай-күйімді түсін менің,

Пәк ойымды суыққа үсірмегін!

Мына жұртқа көріндім қайғысыз боп,

толып барад бұл күнде ішімде мұң.

Қайтсем енді өртемес алапат от,

жылдар салған жаныма жарақат көп.

Қайырымды көрінген пенделер де

ту сыртыңнан қарайды қара тас боп.

Қара тастай селт етпес сұрқай көңіл,

бір бақытын басыма бұлдай ма өмір?

Атыраудай айлапат қаласынан

баспанасы бұйырмай мұздап жүрмін.

Мұңлықтың әнін шертем ерте таңнан

алыстарға аттанбай келте арман.

Кім біліпті еленбей жоғалармын,

Жармасқанмен үмітке өрде жанған.

Жан апа, жүрегіммен жылап жүрмін,

Қызуы да өртемей құмар - күннің.

Кәрі дауыл құлатқан тал-шыбықтай,

Тірлік-күннің төсіне құлармын мың.

Тоты құстай түстім бе торға мына?

Дегендей-ақ қу тірлік «сорға құла».

Мазасыздау жүрегім алқынады

Жете алмай қорғаныштың қорғанына.

Жан апа, ала көргін оң жағыңа...

Атырау қаласы. 1998 ж.

ҚҰЗДАҒЫ ШЫНАР

Әкім ЫСҚАҚ
Ақынсың, Апа,
Махаббат мұңын қозғаған,
Кеудеңде сезім

алау боп мәңгі маздаған!

Жан-жүрегіңнің өзі деп соққан дүрсілін

Ұғады сенің сағыныш толы боз далаң.

Көңілің құштар,

өлеңнен өрнек іздеген

шаттықтан, мұңнан жаралған жансыз Сіз деген.

Сіз бірге ғұмыр кешесіз мәңгі, жан-апа,

Жап-жасыл Көктем және де қоңыр Күзбенен!

Алай да дүлей
Іштегі дауыл сезілмей,
Кездерің аз ба
Сарыла таңда көз ілмей,

Ақ қайың билеп,
Көк нөсер көктен селдеткен -

Жан бар ма, апа, өмірді білер өзіңдей!

Әр жырың мына -

тағдырдан берген хабаршың,

Өткеннен жеткен күндерден бақыт табарсың.

Қолыма алып оқиын отты жырыңды,

менің де дауыл көңілім бір сәт тазарсын.

Адамдар бар ма тағдырдан азап шекпейтін,

Бұлт басып бейне түнерген - сынды төкпей күн.

Шынарсың, Апа, өрмелеп өскен құздағы,

Көктемде, қыста

жапырағы мәңгі көктейтін.

Астана.

30 маусым, 1998 ж.

ҒАРЫШТАҒЫ ЖЕБЕ

Қазақтың ұлы ақыны Фариза ОҢҒАРСЫНОВАҒА
Мәди ҚАЙЫҢБАЙ, ақын,
Қазақстан Жастар одағы
сыйлығының лауреаты

Алланың, бәлкім, дерегі
Жолдаған тылсым алыстан –
Бір жебе заулап келеді

Тұңғиық түпсіз ғарыштан!

Себездеп жеткен нұр-сынды
Алланың ұлы дерегі –
Түйреп-ақ өтіп тылсымды

Бір жебе заулап келеді!

Кеңестік, мейлі қай ғасыр…

Бәрі бір оған заулаған!

Әділдік – оның жолдасы

Туралық одан таймаған!

Алладан алған сәлемді

Сол жебе – Сіздің нұрыңыз!

Әлдилеп тұрған әлемді

Сол жебе – Сіздің жырыңыз.

Жаныңа сөзбен от салар
Жалғаның жайлы зар еткен,
Ақындар менен патшалар

Бұлбұлдай сайрап… бәрі өткен.

Кеңестік … Уақыт…

Жоқ бәрі!

Біз сүрген Өмір ғана бар!

Әлемнің асыл мақтаны –

Бар сосын… Сіздей даналар!

Қай ғасыр қай бір заманда
Тарихта жаны жаралы, -
Сабақ боп сансыз адамға

Сол жебе ғана қалады!

Сол жебе – Сіздің нұрыңыз,

Сол жебе – Сіздің жырыңыз!

Астана. 30 маусым, 1998 ж.

ӨЛЕҢ

(Ақын Фариза Оңғарсыноваға)
Айжан АБДУЛЛАЕВА
Жауһар жыры паш еткен елге есімін,

Бір ару бар басында жыр көшінің:

Сұлулыққа жаны іңкәр, жүрегі ізгі,

Ақын-ғұмыр тербеткен жыр бесігін.

Өлең-жігіт тілегін өрнектеген,

дари ма екен ақындық жөргекпенен?

Жыр кітабын жастанып жатушы едім,

Бір ғажабы әлі де шөлдеп келем.

Шырақ жағып толғаған жыр бұлағын,

Өр өлеңнен мұң көрсем тұнжырадым.

Қуат алдым, бәрінен биік қойдым,

Отты жырдан төгілген тіл құнарын.

Елі сүйген ақынды асау үнді,

Танытқан-ды Төлеген жас ауылды.

Аққу-арман менде де болмас еді,

Том-том жырдан берсе әкем жасауымды.

Өлең-айдын, Күні-алау, Айы нұрлы,

Мен де келіп түсірдім қайығымды.

Оң ба алған бағытым, теріс пе әлде -

Жол сілтеші, жыр-апа қайырымды!

ӨЛЕҢ ӨЛКЕСІНДЕ

ФАРИЗА АПАМА
(Кездесу кешінен кейінгі ой)
Гүлназ ҮНДІБАЕВА
Жезқазған кеші, мезгіл болатын екінді,

Сахна төрі көгілдір аспан секілді.

Жастықтың жыры төгіліп сырлы сезіммен,

шуағын шашты не түрлі.

Найзағай сынды жарқылдап семсер – жырларың,

тұманы айықпас дүниені, апа, нұрладың.

Биліктілерге тік қарап тұрып тура айттың

Заманымыздың мұң-зарын.

Сенің жырларың жаны жүдеген әркімге ем,

Сол жырларменен айырдым өмір парқын мен.

Бұза алмасаң да әділетсіздіктің шынжырын,

мәртебең, апа, биік болып тұр халқыңмен.

Ешбір жан Сізді ойлай алмайды жасық деп,

Жете алмай жүрген сіз жеткен шыңға асық көп.

Не бір мықтылар алдыңа тура келгенде,

сөз таппай қалар сасып тек.

Байлықтар емес ұрпаққа өлмес ой-мұра,

Жарқылдай берші жүрген жеріңді той қыла!

Қазмойын аттай тұлғаңды көріп сүйсініп,

Қуанышымды сыйғыза алмадым қойныма!

Өрлей бер, апа, мойыма, ешбір мойыма,

Жиылған жұртты көрдің ғой мынау тойыңа!

Ақ жүрегінен адал ниетін білдірген,

жамиғатыңды алғайсың әркез ойыңа!

Жезқазған.

Шілде, 2002 жыл.

ФАРИЗА АҚЫНҒА

Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА

Аманбысыз, ақын апа, қыз апа!

Әр сөзімнің ақ қарасын, сүз апа!

Мақтап қайтем, мақтанамыз сіз бар деп,

Тілімдегі күрмеуімді үз, апа!

Шымқалада басталды деп бір кешің,

Күмбез жырдың күмбірлеттім іргесін.

Шын жүйрікке елеңдемеу мүмкін бе,

Бір қоғамда өмір сүріп жүргесін.

Ібіліске ілескендей із-құтсыз.

Жар басына тірелдік пе жылжып біз.

Байлауы жоқ бейпіл сөзден дәм кетті,

Фаризасыз Парламент те тұздықсыз.

Аласұрып адамзаттың қамы үшін,

Өлі еттен тазартпадық намысын.

Кепілге алған кекілді ұлдай кемсеңдеп

Қол созымда Түркістаным, Бағысым.

Шаба-шаба қос бүйірі соғылған,

Қыршаңқы аттай түк келмей тұр қолымнан.

Махамбеттің суырсаңыз қылышын,

Шоқпар алып ерер ме едім соңыңнан.

Азаматтан ат оздырған, қыз апа,

Жетер жерге жете алдық па біз, апа?

Шындық іздеп жүргендердің шырқырап

Шілдеде де көкірегі мұз, апа!

Егеменбіз, жоқ сияқты егеміз.

Еркін өмір сүре алмаймыз неге біз?

Еркімізбен пара беріп, күн үшін

Зорлық пенен зомбылыққа көнеміз.

Кешіріңіз, сөзім емес сын таққан,
Мезі болып аярлардан, бұлтақтан
Сізге біткен нұрлы ақылға жүгініп,

Біз түгілі Мұқағали мұң шаққан.

Беу, апатай, не дегізбес заман бұл?!

Саусағыңнан сырғымасын қалам-гүл.

Жөні бөлек, жыры бөлек қазақтың

Қызыл қанат қасқалдағы, аман жүр!

Шымкент.

17 наурыз, 2002 ж.

ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВАҒА

Оңайгүл ТҰРЖАН
Сары құмында Нарынның шашылады із,
Талай қыс кеп,

жаз да өтті, асыға күз.

Алтын құмнан алтын жыр ойған ақын,

Бұл күнде шашы да аңыз,

аты да аңыз.

Бұла қызға қонғанда жыр құсы кеп,

Заман жоқ-ты тамақ тоқ,

тұрмысы көк.

Ойқы-шойқы тірліктің құрамынан,

Бұра тартар сөздердей бұрылысы көп.

Бұл өңірде жалқау бұлт,

жалқау аспан,

шілде шөлден өледі, ақпан аштан.

Сары құмға ұрынып қалам ба деп,

Бұлақтар да аяғын қорқа басқан.

Құйындары даланың қашқындары,

Ұстамақ боп талайлар тостың-дағы.

Қулығы жоқ дала бұл,

сұмдығы жоқ,

Жусандарын суарар тастың нәрі.

Көк майсада өскендер тосыла да,

Бұл даладан қашады шошына да.

Тас шайнатып шыңдайтын, құммен желпіп,

Фариза ақын ұстазы –

Осы дала.

Қаталдықты бұл дала қағида еткен,

Ол жайлы Асан-қайғы жори кеткен.

Жанкешті адыраспан мұнда өседі,

Құм ішінде гүлдеуді сол үйреткен.

Өр жыры кімді де жалт қарататын,

Жаныңның жазып берер жарақатын.

Өйткені толқынға өсіп өлең-жүрек,

Жұтып өскен аптаптың алапатын.

Тыңдасаңыз бір өзі –

бір ғалам-дүр,

Сала алмайтын суреттеп қыл қалам бір.

Фариза-ақын егіз ғой табиғатпен,

Бірде дауыл мінезі,

бірде жаңбыр.

Ақындыққа қарайды ойланып шың,

Бәрі бірдей ақынды қайдан ұқсын.

Жер бетінде сан түрлі халықтар бар,

Ал, ақындық,

сен осы қай халықсың?

Тілің басқа сөйлейтін,

ділің басқа,

Сағынып, табынатын пірің басқа.

Байқаған жан біледі-түрің басқа,

Сырың басқа айтатын ғұмырласқа.

Басқа түстің, ақындық, затыңды ұқтым,

мәрт мінезі – қылығы батылдықтың.

Осы мінез өлеңді жарататын,

Бұл – мінезі ғаламат ақындықтың.

Ғашық сыры көзіңе жас алдырып,

Өр дауыспен жырларын жасандырып.

Тұлпарлықта жоқ, сірә, өтірік күлкі,

Сондықтан да жоқ онда жасандылық.

Беккет ата қолдаған перизатын,

Ақындығы асырып ғазиз атын.

Қым-қиғаш күн ішінде бәйтеректей,

жыр-мір,

өзі жұмбақ Фариза ақын.

Ақындық-ай, өлшеммен саналмаған,

Арал сынды ол көпшілік бара алмаған.

Ұлы ақындық деген де ұлы жұмбақ,

Ешкім әлі шешуін таба алмаған.

ҚАРАШЫҚ

Фариза Оңғарсыноваға
Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА
Елес дүние ессіздікпен
Етегімен үйіріп,

Түбірі жоқ, тексіз біткен
Төбемізге жиылып
Қалған кезде көзсіздіктен
Иман, шыным иіліп,

Сен жаралдың шексіздіктен

Қарашық боп құйылып.

Атаң болып анау Аспан,

Анаң болды жұмыр Жер.

Ар мен мұңы араласқан

А, Құдайым, ғұмыр бер!

Қарашық мұң, дара жүзі.

Бәлкім, дүние-ғайыбы.

Ей, қазақтың қара қызы,

Қыз боп тудың – айыбы.

Махамбетше атқа міндің –

Мыңға тиер қайыры.

Жұртты жеген боқ қарын кім?

Жимай көрсін айылын!

Ей, қазақтың қара қызы,

Сен жұртыңа мәңгі ұлсың!

Бір тамшы мұң – ар азығын

Берші маған –

Жандырсын!

2000 жыл.

ӨЛЕКСЕЛЕР ПАТШАЛЫҒЫ

Фариза Оңғарсыноваға
Светқали НҰРЖАН
Көзіңнің күн тамады шарасынан,

Сөзіңнің қан тамады жарасынан.

Сау шыққан аздың бірі сенсің, апа,

Қаптаған өлекселер арасынан!

Үй тігіп – қарлы тауға өлең ексең,
Қитығып – көзге ұрғасын сен ерекше –
Тұрады көз қайрасып,
Сөз байласып,

Қоспақ боп қатарына көп өлексе.

Сіңірген тұл бойына жат шалығын,

Олардың кесіп қойған ақша құнын.

Хақ сүйген адам ғана аман өтпек,

Қақ жарып Өлекселер Патшалығын!..

Сүреді өлекселер - абат өмір,

Тірегі – бауға оранған жанат - өңір.

Халықты теуіп тыққан тар төлеге,

Жарықты тартып алған – Қара Тобыр.

Содан соң шіренеді үкіметше,

Тағынан таяды олар: шүкір етсе!

Болжалсыз шошымай көр болашақтан,

Табыттар – халықтарға үкім етсе!

Білмеймін, артым – аран,

Алдым көрдей,

Билікті тұр Абызға малғұн бермей.

Ғаршыға қол ұсынам,

Жан ұшырам

Ішінде өліктердің қалғым келмей!

Жалғанда ақын өлсе – арман сөнер,

Салтанат құрар сосын алдамшы өнер.

Ертіп кет, апа, бақи сапарыңа –

Кеудемде шығар – шықпас жан болса егер!..

Маңғыстау. 2003 ж.

ФАРИЗАҒА ХАТ

Ботакөз БАЙМҰҚАНҚЫЗЫ

Ақ Жайықтың бұйырды да тұз-дәмі,

Өр көңілім тұңғыш сертін бұзбады.

Мені көрсе сызылғанмен жігіті,

Көйлегімді ауырлайды қыздары.

Апа, саған жеткізем деп сырымды,

Қоңсы қонсам, ауырлама мұнымды.

Қуанар ем, жұбанар ем жадырап,

Бір теріге алар болсаң жырымды.

Тұғырыма тұғыр қосқан күндердің,

Қадірін де ұғып бүгін үлгердім.

Тозбас тон бар, топшым-темір қанатты,

Қалай ғана сабырымнан сыр бердім.

Сары даламның сағымына тербеліп,

Жырмен, нұрмен жүрсек – тағы емделіп…

Соғып кетіп тұрады екен адамға,

Тірлігінде ұмыттырмай пенделік.

Сендей, мендей жылады ма бар ғашық,

Кірпігіңде қылаулайды арда шық…

Сырлы сәттер жүректерде алмасып,

Кетсе болды рухымыз жалғасып.

Кеш, апа.

Орал. 2003 ж.

ЕРТЕГІ

Фариза Оңғарсыноваға
Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ
Қара Аспанның Өң мен Түсі түйіскен
Шұғыласында

Періштелер сүйіскен.

Тіршілікті жарататын (тыныстан!)

Сана - сондай!…

Жапырағы – алтын, күміс Тал

Со жерде екен баяғыдан!…

Бүгін де

Түндей терең Тұма-Көз бар түбінде.

Әлгі Талдың
Еркек әрі ұрғашы
Тұма-Көзде
Дірілдеген сұлбасы

Ақыл аңқып, көңіл аңқып тұр гүлдеп!…

Оған жетсе, қияңқылдау, күлгіндеу

Қиял ғана жете алады.

Өзгесі

Опат болар, Обалменен кездесіп.

…Күндер де күн санадан тыс көштім де,

Қияңқылдау күлгін қиял кескінде

Мен де жеттім Тұма-Көзге!

Үңілдім,

Жұмбақ түрін көрмек болып ғұмырдың…

Тұма беті бір сурет жаратты:

Тарпаң едім… Адам екем қанатты!…

Қасақана сенбейтіндер сөзіме

Хас Ақынның үңілсе еді Көзіне…

Семей.

14 сәуір, 2004 ж.

ІІ БӨЛІМ

"ІШКІ ӘЛЕМДЕР ГАЛЕРЕЯСЫ"

Зәки АХМЕТОВ

ЕРКІН ӨЛЕҢ. ОЛ ҚАНДАЙ?

Өлең ырғағын өзінше өрнектеп келтіру жағынан Фариза Оңғарсынованың бірталай шығармалары айрықша көз тартады. Сөз қолдану ерекшеліктерінен де, сөйлемдердің синтаксистік құрылысы мен өлеңнің ырғақ-интонациясынан да ақынның өзіне тән публицистикалық үнділікті, еркін сөйлеп айтылатын сөзде ғана болатын оралымдықты мол сезінеміз.

Мен - жастықпын,
алау жүзімді ақ түтек боран мен даланың аптап күні өбкен,
қиындықтарда қылыштай құрыш білекпен
болашақтардың бақыт жолына тік тартып,

жапан түздерді түлеткен.

О, дауылды ғасырым!

Арынды сенің екпініңе бүгін табынып жатыр бар ғалам.

Өзіңде туып,

ерлігіңнен өгей қалуға

мен өлердей арланам!

Сынайын десең - қиындықтарыңды қатталған

арқамды тостым - сал маған!

Мен әкелердің дүбірлі істерін жалғауға жастай ант етіп,

өзімді соған арнағам.

Мен - ұлылардың ұрпағы
қайсарлықтарын қажыта алмаған мылқау дүние қамауға ап,
атойлап олар оятқан бей-жай қалғыған әлемді манаурап,
ұлылардың ұлы мұрасын бүгін ұрпақтарға алып келемін,

жанарымда нұрлы таң аунап.

Талғампаз тарих,

көкірегіңде сенің тұрам мен

алқызыл тулардай алаулап!

Бұл ырғақ-өлеңін ақын «Сенім», «Тарихпен тілдесу», «Ұстазға» секілді бірнеше шығармаларында қолданған. Соларды салыстыра отырып қарастырғанда, мұндағы өлең ырғағының өзгешеліктерін анық байқауға болады. Алдымен көзге түсетін нәрсе — мөлшерлі көлемі, өрнегі бар бірнеше тармақтар өлеңге тірек етіп алынады да, еркін араласып келіп отырады. Олар: он үш буынды тармақ, он буынды және сегіз буынды екі тармақтан біріктіріліп қосылған он сегіз буынды тармақ, сегіз буынды тармақ, кейде жеті буынды тармақ. Соңғысының бунақтау қалпы 4 буын+3 буын. Басқаларын үш буын және бес буыннан бунақтаған. Әдетте, бес буынды тармақтың бөлшегі (не тармақ) 3 буын + 2 буын болып келе береді. Кейде ол екі сөзден құралып (айталық, 1 буын + 4 буын), кейде тіпті бүтін бір сөзден де жасалады. Мысалы: қиындықтарда, болашақтарға . Немесе, басқа өлең нұсқаларынан кездесетіндері: қартаймастаймын, жарақаттанған, жарамсақтықпен, құлдыратқанда, қуаттанасың, жазғытұрымның, қаршадайымнан, қаһармандардың, коммунистерге сенетінімдей , т.б.

Он үш, он сегіз буынды ұзын тармақтардың жиі қолданылуы, сондай-ақ, бунақ кейде бес буыннан құралып, әр жерде бес буынды сөздер кездесіп отыратыны өлеңнің ауызша айтылатын сөздің интонациясына тән сипат алуына себепші болады. Өлеңнің өзі сөйлеу интонациясына көбірек сәйкес болғандықтан және солай оқытылатындықтан, арагідік бес буынды бунақ орнына алты буын түсіп ұзарып, не бір буыны қысқарып, тармақтың көлемі сәл өзгерсе де, одан өлеңнің ырғағы солғын тартқаны байқала қоймайды, өлең ырғағының осылай құрылуы поэзияда кездеспейтін қомақтырақ келген үйірлі сөз тіркестерін ірілендіріп, көлемділеу сөздерді қосарлап топтастыра айту оңайырақ болады. Өлең сөздің нақ-нақ айтылатын ықшамдылығы біраз бәсең тартып, оның есесіне кең орамға да келетін, еркін құбылып отыратын ырғақ өзгешелігі айқын сезіліп отырады.

1972

ФАРИЗАНЫҢ «ШІЛДЕСІ» ХАҚЫНДА

Хамит ЕРҒАЛИЕВ

Ойлап отырсам, отыз жылға жуық уақыт бойында Алматыда, көптеген облыс орталықтарында жас ақын-жазушылар кеңестері кезінде семинар жұмысын бірсыпыра жүргізген екем. Солардың бәрінде қыз ақындардан айыра-бөле күтетін үлкен бір үмітім көңілдегідей көл-көсір боп алдымнан шықпай-ақ жүруші еді. Сол іздегендерімді белгілі бір комплекс дәрежесінде Фаризаның "Шілдесінен" тапқан секілдімін.

Әйел жұртының жынысына, ұлтына, мәдени-білім дәрежесіне, өскен ортасынан алған тәрбиесіне т.б. осылар сияқты факторларға байланысты ерекшеліктер, содан шығатын сансыз сиқырлы сырлар болатынын бәріміз де білетін тәріздіміз. Бірақ, меніңше, сонымыз бар болғаны — жалпы білу. Біріншіден, біздер (еркек ақындар) тек қана әйел табиғатына тән құпия құбылыстарды, қанша талантты болсақ та, өзіміздей-ақ таланты бар әйел ақындай дәл байқап, суыртпақтың оңайлықпен қолға ілінбейтін жерде жатқан ең нәзік те, ең қажетті тінін суырып ала алмай қаламыз. Өйткені... өйткені, біздің көңіл көзімізде ол тінді басқа тіндерден ажыратарлық қабілет жоқ болуы мүмкін. Басқаша айтқанда, табиғаттың өзі оны бізге білгізбей қойған болуы ғажап емес. Қанша сұңғыла болсақ та, әйелге сұлу болғаны үшін, немесе жас болғаны үшін немесе қылықты болғаны үшін (себебін түсінбей-ақ) құлай кететін шырағым жыныстанбыз ғой. Екіншіден, біз қыздардың жатақханасына кез-келген уақытта есік қақпай-ақ кіріп бара алмайтынымыз секілді... этиканың құлымыз. Тіпті Шекспир сонеттеріндегі категориялардан коллекция жасай қалсақ, соның өзін бүгінгі заман рухы құптамас еді деп те жалтақтаймыз. Әсіресе, шау тартқан біздің құрбылардың сөйтетін себебі бар. Өлеңнен шумақты, контекстен сөйлемді, сөзді үзіп алар, сыңар жақ сынға қызмет істеткен кездеріміз де болған буынбыз.

Қасиетті алла атымен ант етем,
Періштелер жаннатымен ант етем;
жалындаған біздің ыстық түндердің

Тұншықтырған ләззатымен ант етем!

Ұлы ақын Анна Ахматованың осы бір шумақ өлеңін шұғыл қажет болған кезде менің қазақшаға аударуыма тура келіп еді. Бұл үзіндінің сол тұста өз авторына қандай «қызмет көрсеткені» елдің есінде шығар.

Фариза Оңғарсынованың кең толғайтын келелі жанрын дағдылы термин бойынша махаббат лирикасы дейік. Сол махаббат лирикасының көзін де нақты тақырыпқа жіктеуге болады десек, онда Фаризаның берік ұстанған объектісі - әйел жанының жаршысы (рупоры) демек жөн. Жалынды дейтін себебімізді осы арада аша кету шарт.

Әсем бикештерді мақтау, оны опасы жоқ, опық жегізері көп тұрлаусыз еркектерден қызғану, «махаббаттың күйігі ерлер емес, әйел ғана шыдайтын азап-төзім» екенін ескерту сияқты жайлар Фаризадағыдай бәрімізде де бар шығар. Оған біз онша зәру емеспіз. Бұл жаршыны жалынды дегенде басқамыз батып бара бермейтін жерге қойып-ақ кететін өжеттігін, көбіміз кездесе алмай әлекке түсетін қалтарыстағы бір құйтырқыға қарашығын қадай қалатын қырағылығын, жіті көздігін айтамыз. Және бұл қай-қайдағы сондайлардан коллекция жинайды. Тірідей ажыраудың, өліп ажыраудың, ажырамай жүріп-ақ ажырасудың, ерте не кеш аңсаудың себеп, салдарынан әйел басына түсетін сынақтың түрі де көп болады екен, оны өсіретін де, өшіретін де адамның неше түрі осы кітаптан ұшырасып отырады. Бұлар кез-келген өлеңде мен мұндалап тұрған соң мысал келтіріп жатпадым. Бұл кітапта әйел жанының галереясын аралап жүріп, мынадай қызықтың да үстінен түсе аласыз. Бір әйел күйеуіне былай дейді: «Сені шынымен-ақ құлай құрметтеп, мадақтай отырып, маған қырындайтын достарыңнан мен сені қызғанамын». Енді бір жерде ешкімге қиянаты жоқ адал да албырт қыз басқадан басы бос анық сүйген жігітін қалай да өзіне қаратып алудың жолын тапса, оны ұятсыз, тарқақ деуге бола ма? Жас адам өз бақытын жаулап алмағанда қол жайып көктен күте ме?.. Осылардың неше түрін мұңая, шаттана оқи отырып, бәрінің де өмірде орны барына шек келтірмейсіз.

Қыз ақын өнеріндегі айтылған жайларды қыз табиғатына бейімдеп бағалар болсақ, бұл тақырыпта ол шілтер тоқу үшін барлық бояу түгел қажеттігін түсінген. Ақ, көк, қызыл, жасылдарымен бірге сары, қоңыр, қараларын да өрнекке батыл қосады. Біреулер соның сарысын көргенде: «Бұл қайдан шыққан қасірет?», қоңырын көргенде: «Апырай, тым тұнжырап барады-ау!» — деп, ал қараға көзі түскенде, бірден состиып, оны тіпті порнографияға тақап қоюы да ғажап емес. Жоқ, жолдастар, ақынды ақиқаттан бөліп, тегеурінді шабытына тежеу салатын болсақ, жиған-терген қымбатын тонаймыз да, өзіндік өжеттігін өлтіріп аламыз.

Екінші арнадағы саяси, публицистикалық лириканың өрістеу беті маған қатты ұнады. Әсіресе, тақырыптың жағрафиялық шеңбері бірте-бірте кеңейіп, жаһанға жайылуы ақын эрудициясын аша түседі. Еліміздегі өткен соғыс салдары - майданда өлген әке азасы мен тылдағы жесір, жетім қайғысы еш уақытта ұмтылмайтынын жеріне жеткізе жырлаған ақын әрі-беріден соң адамзаттың ендігі тағдырына ауысады. Қара Африка мен Америка негрлерінің, ақын өзі аяқтай барып көзімен көрген Азия жұрттарының жеңістерімен қатар әлі де әлжуаз жай-жүйелері кітаптың өне бойына келісті, айғай аз, тапқырлығы көп. Әділетсіздік туралы сөйлегенде бойына жай ғана жиып отырмай, күйіп отырады.

Өзің маған ой бердің, білім бердің,

нар жігіттің арқалар жүгін бердің.

Сана бердің сергектеу сезінуге

қайғысы мен күлкісін жұмыр жердің.

Тамаша! Бұндағы өлеңдердің осы сияқты ойы да орамды, тілі де оңды.

Ақын дүниелерімен түгел танысқаннан кейін, сұрыптау жағынан бір кемшілік байқадым: өлкеміздің экономикалық, әлеуметтік, мәдени өсу жолдарынан таным-білім беретін тәп-тәуір өлеңдерді мынау тентек неме түп-түгел дерлік тастап кеткен. (Маңғыстау ғана аздап бар). Әлгі автормен келісіп кітаптан шығаратын өлеңдердің орнын осылармен толтыру керек. Кітаптағы целеустремленность дейтініміз одан зала шекпес.

Ақынға түсінде аян беретін Махамбет туралы үш жырдың соңында бөлек тұрған бір түйіншек өлең бар. Ол автордың айтайын деген ойын емес, керісінше, түбірімен теріс ұғым беріп тұр.

Ақынның кейде ақындық «мен-ді» орнымен пайдаланбай, қызып кеткенде тым қатты тиетін шайбаны өзіне қабылдап қалатыны бар екен: «Қашанғы қайғылы жыр жазғызасың?».. - дегеннен кейін, жұрт «анау соры қайнап жылап отырған қыз осы ақынның өзі екен» деп ұқпай ма?.. Меніңше, қазақтың әйелі еркегін — «Жар» демейді, «ер» дейді. Бұл да жездесі әйелінің інісін «балдыз» демей «қайыніні» дейтіні сияқты. (Біз соңғысын да шатастырып жүрміз) «Заманның қалай шығам түрмесінен», деген сөйлем орнын тауып тұрған жоқ.

Қорытып айтарымыз, Ф. Оңғарсынованың «Шілде» кітабы - бүгінгі талғамға татитын, тәрбиелік мәні мол, ақынның өсу жолын да анық көрсететін әдемі шығарма!

1975

УАҚЫТТАЙ ТЫНЫМСЫЗ, МАЗАСЫЗ...

Нұрлан ОРАЗАЛИН

Жәй жүріп, жәй тұрғанда ақынның жүрегін жарып, өзегін өртеген әр шумақ, әр жолынан өзіне таныс-бейтаныс өмірдің ағыны мен сарынын аңғарып, түйгендей толқып тебіренгендей, қабаржып мұңайғандай, қуанып, жұбанғандай едің? Көзге көрініп, қолға ұстата бермес кез-келген дүниелік ахуалдардың сыры мен сымбаты өлең болып өріліп, өзіңді де, өзгені де әлдилер еді, әуелетер еді, түптеп келгенде, бей-жай, тыныш қалдыра алмас еді. Қолыңа калам алып, сол түйдек-түйдек әсер мен жырға деген алғысыңды қағазға түсірер сәтте неден бастап, немен аяқтау керегін білмей дал боласың. Ауа қармап, қиналасың... Кім біліпті?.. Бұл бәлкім алпыс екі тамырдан асқақтап шыққан, өзгеше сөзі мен өзгеше әуен ырғағы бар шынайы өлең туралы жаңа сөз тауып, ой айтсам ба деген бұлқыныс, қиналыстан туған сәттік дағдарыс та болар?

Өз оқырманына - «Жырақта болсаң да, менің жай-күйімді жанымдағылардан артық түсініп, сезініп жүретін сенің бұл дүниеде бар екеніңді медеу тұтар - авторың» деп 1978 жылы жарық көрген таңдамалысында талантқа тән кішілік мінез танытқан Фариза Оңғарсынова поэзиясы жалпақ оқырманның қуаныш-кенішіне бөленіп, өз бағасын алған. Ақынның әр жаңа жинағы жұртшылық көңілін өзіне елең еткізе бұрып, тағлымдық, талғампаздық сипатын «тайға таңба басқандай» анық аңғартып келеді... аңғартып жүр!

Күлкімді, жайлы күнімді,
қуаныш, қайғы, мұңымды
өзіммен бөліскенің үшін,
қатем мен жеңістерім үшін

менің мынау қиындау тағдырым болып,
о баста көріскенің үшін

мен сені аялаймын!

Кең тынысты, кесек мінезді поэзияны кейде жалғыз-ақ шумақ өлеңнен танып, таратып айтуға болады. Өлеңді кәсіп пен мансап көрмей, өмірдің өзіндей етіп өріп, күллі бұлқыныс-сілкінісімен, қуаныш-қайғысымен, жеңіліс-жеңісімен, қыраты-еңісімен сезіну, сезінту бар тұста, өлең өрісі кеңейіп, арнасынан асып, телегейге айналмақ. Ал телегей - ерте көктемде жарықтық Жер-Ананың буын-буыны босап жатқанда, күллі тіршілік атаулы жаңарып-жасарып, жонданып-түлеп жатқанда дүние әлемді жалғыз-ақ рет масаң халге бөлейтін табиғат мінезі. Шын өлеңде де осы мінез болуы керек, тіпті керек емес-ау, хақ!.. Ақынның ішкі бұлқынысы - реалды өмір шындығы мен уақыт, дәуір рухының жемісі. Оның өлең болып, өмірін тауып, атойлап сыртқа шығуы талантының байлығы мен келеңдігін, параметрін байқатады... Біз оқып отырған жолдарда әркім-ақ қолданып жүрген кәдуілгі қазақ сөздері ерекше шиыршық атып, әлгі бір «телегейлік» қасиетке ие болғандай елес береді. Мәселе сыртқы дыбыстық диссонанста да немесе жаңа сөз іздеп, жанұшырған «ізденімпаздықта да» емес, мәселе өлеңнің бойында булығып, бұлқынып жатқан өмірге деген керімсал құштарлық пен сенімнің, мінездің барлығында...

Ақын мына аспан асты, жер үстінің үлкен бір тіршілігін әуелі өз бойынан іздейді, жерге тән адамдарға ортақ қасиеттер мен наным-сенімдердің қай-қайсысы да оған жат емес, жалған емес. Олар қайсы? Қуаныш, Қайғы, Мұң, Азап, Жеңіс... Ащысы мен тұщысы егіз өріліп, қатар жүретін тағдырдың болмыс-бітімі... табысу, көрісу!.. Өмірдің өзіндей көріп, өртеніп жанып, аялау!.. Нені?.. Кімді?.. Азаппен, күреспен, жеңіліс-жеңіспен келетін жақсылық, жасампаздық атаулының бәрін, бәрін аялау...

Міне, ақын философиясы мен стихиясының құлаш қарымы, көркемдік кредосы мен концепциясы қолтық сөгер осындай әлемдік, адами ұғымдарды мұрат көріп, мақсат етуімен қадірлі де өтімді.

Бұйығы өмір тілемен ғасырдан мен,

мейлі жұртым ақын дер, асыл жан дер.

Бұл тірлікте жарқ еткен жақсылықтың

барлығын да құшамын ғашық жанмен, - дейді ақын.

Бейшаралық пен бойкүйездік, ымырашылдық пен мансапқорлық, аярлық пен сатқындық, тоғышарлық пен жалтақтық тәрізді адамзат ойы мен рухани мәдениетінің дамып-кемелденуіне кері әсерлі сипаттардың қай-қайсысы да поэзия ауылына қоңсы қонбақ емес. Бұл бас қатырып, тәптіштеп, ежіктеуді көп қажет ете бермейтін бағзы күндерден белгілі аксиома — ұғым... Бірақ, қай заман, қай дәуірде де көркем ойдың күн тәртібінен түспей, уақыт пен өмір ыңғайына орай, жаңа түрмен, жаңа мазмұнда айтылып келе жатқан қасиетті қағидасы. Өнердің бірінші шарты — адам бойына сұлулық пен әділет атаулының мысқалдап болса да түйір дәнін себу, мына ұлан-ғайыр өмірдің сұлулығы мен құдіретін түсінуге, түйсінуге үйрету дейтін болсақ, әлгі айтылған кері сипаттарға қас жауындай қарсы тұра білмеген жерде хас өлеңді күту мүмкін емес. Ақынның «Бұйығы өмір тілемен ғасырдан мен» деп шатынап, сілкінуі де «жақсылықтың барлығын да құшамын ғашық жанмен» деп ақтарылып, ағынан жарылуы да заңды. Бұл үлкен поэзияға жүк артар, сенім артар тұста ғана болатын, ілуде біреуге қонатын ащы айқай — жан айқайы. Оқырманды өз өнеріңе сендіру, бағыштау, ерту осындай тұста — сөз тіл ұшы мен өңештен ғана емес, бүкіл жүйке жұлыныңнан, қаныңнан, тереңіңнен суырылып, сыздықтап шығып, осылай бұлқан-талқан ақтарылғанда ғана болатын күрделі процесс: өнердің мәртебесі мен мерейін үстем етер, таланттың қарымы мен қуатын танытар жалғыз жол. Басқа жол жоқ, болуы да мүмкін емес.

Ақындық ойдың, дүниетанымның мазмұны «өзек жарған осы екен-ау» деп жөн-жосықсыз айқайлаудан емес, әлемнің қызығы мен қуанышын қызғыштай қорыған азаматтық үннен, әуезден, дауыстан аңғарылады.

Мұндай өлшем бар жерде тақырыптың ірісі мен ұсағы болмайды, «жүректен шығып, жүрекке жетер» жыр ғана болады. Жалын атып, аһ ұрған жастық жайлы, сезіміне еліткен сұлу жайлы, махаббатын күзеткен жігіт жайлы, күнге асылған таулар мен шежіре тарихын бауырына басып, там-тұмдап шығарып жатқан Дала жайлы, жол жайлы, әлем жайлы, уақыт жайлы жазылмасын, қай-қайсысында да:

Дара күндерімнің,
нала түндерімнің
серігі болғаның үшін,
сенімі болғаның үшін

мен сені аялаймын,

— деген Фариза Оңғарсыноваға ғана жарасар атой сезім буырқанып жатады. Ақынның:

Ей, жастығым, маужырап қалғымағын,

бала қаздай қияға түлет мені.

Көктеменің мүлгіген таңғы бағын

менің жаным жүрген жоқ тілеп тегі, — деуі де сондықтан.

Ақын жырларындағы мінез бен сергектіктен құралатын концепциялық тұтастық өлеңнің өрлігі мен азаматтық ой деңгейін, сезім деңгейін, жалпы поэзиялық-көркемдік деңгейін, мәдениетін анық аңғартады. Бұл жәйт әр жылдар бедерінде жарық көрген, «Сандуғаш», «Маңғыстау маржандары», «Мазасыз шақ», «Мен сенің жүрегіңдемін», «Шілде» жинақтарынан үрдіс үлгіде көрініс тауып отырғаны белгілі.

Ақынның лирикалық кейіпкері — мазасыз, мына ауыздық, жүгенімен алысқан уақыттай асау да тынымсыз. Соған орай, сол ырғақ, сол күйге орай поэзиялық бояуының әрі мен нәрі де, сәуле нұры да екпінді, өршіл, өзгеше асқақ...

Мен сондаймын.

Сүйсем егер ғұмырлық сүйіп кетем.

Басқаларға жүрегім — тұйық мекен.

Аласарсам, ешкімге ұқсамайтын

сезіміммен көңілді биіктетем.

Ақын жарық дүниенің жарқылдары мен сәулесін өз призмасы арқылы өткізіп, сындырып таратады, жүрегінің жылуы мен сезімінің шуағын қоса таратады.

Фаризаның қай жинақ, қай жырын елекке салмаңыз, бүгінгі өмір мен уақыттай -тынымсыз, мазасыз сирек суреткер жүрегінің лүпілі мен соғысын аңғарасыз. Жеке өз басының жалқы сипаттарын жалпылықтың биігіне көтеру, сол арқылы поэзиядағы интимдік лирика мен азаматтық лирика дейтін ұғымдардың шарты мен шекарасын ұластырып, тұтас алаңға айналдырып жіберу - Оңғарсынова жырларының өзіне тән үлкен ерекшелігі.

«Өлең, мен сені аялап өтем!» деген ақын жүректің ыстығы мен жалынына малынып шыққан, шырқырап дүниеге келген сұлулығы мен сымбатына, әуезі мен үніне қалай сенбессің?! Сенесің. Өйткені ол уақыттай тынымсыз, уақыттай мазасыз...

1979

АЗАМАТТЫҚ ӘУЕНДЕР АЙШЫҒЫ

Мәриям ХАКІМЖАНОВА

Ақындық туралы бұрын да талай айтылып жүрген бір ақиқат ұғым бар: өмірдің өз баласы боп, дүниеге адалдық пен азаматтықтың асыл жырын айта келгенмен, ақырына дейін ақын боп қалу кез-келген адамның арқалар жүгі емес. Неге десеңіз, ақын аптабы мен ақпаны, көктемі мен қарашасы аралас өмірді селкеусіз сезінетін жүрек иесі болса керек. Көктем оны шаттық бесігіне бөлейді, шілде аптабымен қызуын күшейтіп, адамдық махаббат ұлылығын сезіндіреді, қоңыр күз мөлдір мұң-сағыныш шекпеніне орайды, қытымыр қыс өмірлік күрес мәнін ұғындырады. Және осы төрт мезгіл ақын табиғатында жүйкені шымырлата, кеудені күмбірлете жиі алмасып отырады. Осы турасында Олжас Сүлейменовтің «Кто видел бога? Тот, кто видел Пушкина...» деуі де ақын деген сөздің мағынасын терең ұққаннан айтылған сөз болуы керек. Осы биік те ардақты есімді ар туындай таза ұстай білгендер мен таза ұстап жүргендер біздің қазақ поэзиясында да бар.

Оқушыларын, қаламдастары мен ұстаздарын қуантып жүрген ақын Фариза Оңғарсынова екенін мен еш күмәнсіз, батыл айтамын. Ә дегенде-ақ әдебиетке өзіндік үнімен келген Фариза жырлары бұл пікірді толық ақтап келеді. Фариза - поэзиядағы өз орнын белгілеп үлгерген ақын. Мұны біз оның "Шілде" атты жыр кітабынан айқын аңғардық. Ақынның сол жыр жинағы туралы туған әдебиетіміздің белді өкілі, ақын Әбділда Тәжібаев қуана жазған болатын. Содан бері жырсүйер жұртшылық Фаризадан жаңа бір серпінді, шұғыл шарықтауды күтіп, алаңдағандай еді.

Өткен жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Сенің махаббатың» атты жыр жинағы - ақынның жаңа бір өсу белесінің дәлелі. Бұл жинақ әйелдер әлемі туралы, теңіздей терең сырлы, асқардай алып бейнелі әйел - Адамның махаббаты туралы жырлардан тұрады. Әйел дегенді біз тіршіліктің бастауына, мәңгіліктің мәніне әділ теңеп жүрміз.

Бұл - жинақта Фаризаға тән өрнекті, ұтымды жырмен айшықталған күн мүсін. Махаббат - жұмыр жердегі ұлы күш - әйел-ананың, әйел-жардың, әйел-азаматтың, әйел-қаһарманның, әйел-достың, әйел-ақынның, тұтас алғанда әйел - Адамның мөлдір, өр құдіреттерге бас игізетін ұлы махаббаты жырланады. Ол махаббат - ананың бөбегінен бастап, бүкіл жердегі өмірге, әйел-жардың сүйгеніне, әйел-азаматтың Отанға, қоғамға, туған жерге, әйел-қаһарманның адамзат пен оның болашағына, әйел-достың адамға деген, әйел-адамның бүкіл тіршілікке деген биік сезімі.

Фариза - өз жырын жүрегімен сезгенін, адам табиғатынан байқағанын сыршылдықпен сидырып, адамның алуан сезімдері мен сәттерін, өмір құбылыстарын өз жүрегінің дүрсілімен бере білетін ақын. Құр айқаймен көлгірси алмайтын, тіршілікке деген өмірдің өзіндей махаббаты бар, өмірдің өлмес шындықтарын, сезімнің тұнық тұстарын әсірелемей айтатын, ыстық пен суықты, күн мен көлеңкені бірдей қабылдап, өмірді өртене сүйе білетін, әр өлеңінен өмірдің екі жағы, қуанышы мен сағынышы көрініп тұратын ақын. Оның біреулер мұңды деген жырларының өзінде бір өжет күш жатады. Ол мұң боркемік қайғы емес, жасампаздыққа, жеңіске, ерлік пен құштарлыққа бастайтын, өмірдің өзіне тән қайсар мұң, қайрат шақыратын мұң дер едім. Оның жырлары — көлеңкеге күйініп тұрып өмірді қысы-жазы, күз-көктемімен қоса, тұтас сүйе білетін, соны шынайы түсініп, шындық күйінде жырлай білетін ақын жүрегінің жырға құндақтаулы асқақ сезімі. Осы жинағында өзі:

...Бәрін де татып келемін –

осы екен бақыт дегенің!

- дегендей ақынның бақыты да осы арқылы ғана еншілеулі. Сол бір асқақ сезім бұл жинақта да бәсеңдемепті, қайта өркендей түскен. Жинаққа енген тұтас топтамалар бірігіп әйел образын анық айшықтаған, қазақ әйелінің сом тұлғасын жырдан мүсіндеген үлкен бір поэма – дастан құрайды екен. Кітапты түгел оқып шыққанда көз алдыңа жаны сергек, жүрегі сырға толы, сезімі мөлдір, асқақ бейнелі, азамат мінезді әйел образы елестейді. Сол әйел арқылы өмірдің қайнаған ортасында күресіп, жеңіп, құлшынып жүрген жасампаз адам бейнесін, замандас бейнесін көресің. Кітапқа тән ерекшелік - оның тұтастығы, шебер берілу формасы, өткір, көркем нақышты, ұшқыр тілі, ішкі үндестігі және шынайылығы. Қазіргі азамат-әйелдің образын ашу үшін Фариза қазақтың маңдайына басқан жұлдыздарындай ақын Сара, әнші Майра, күйші Дина, күміс көмей Бибігүл, композитор Ғазиза, өмірлері ерлік үлгісіндей Әлия мен Мәншүк сияқты өр, өнерлі қыздардың образын жасауды мақсат еткен. Сезімді селт еткізер сурет-сәттерді, жас ананың ұяңдықты сезіну мен аналық махаббатпен тебіренуін бейнелейтін циклда ішкі монолог-толғанысты өте шебер пайдаланыпты. Және бұл тәсіл автордың өзі көтерген идея мен тақырыпты игеруіне қызмет еткен. Ал осы жырлардың «Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диалогы» деп аталатын үш бөлімді циклға асыл арқау болуы да. Сонымен бірге кітаптың өзегіндей, осы сырласудан ана мен ақынның жүрекжарды әңгімесін, ақын жүрегінің ыстық-суықтан туындаған шын сырын ұғынасың. Бір қызығы, бұл сырласуда ақын зорлық пікір, жасанды ойды анаға да, ақынға да таңып әуреленбейді. Лирикалық кейіпкердің бұл тебіреністері - жұрт жүрегі болып соғуды биік мақсат еткен ақынның ішкі толғанысын терең драматизммен ашып көрсететін сырласу. Ақын әйел - ақбауыр бұлттар арасында жүрген адам емес, кәдімгі өмір ортасында күйіп-жанып, қуанып-мұңайып жүрген өмір иесі. Осының дәлеліндей ол жасандылық танытпай, ағынан жарыла сөйлейді.

Ішкі сезім тартысынан басталған бұл цикл кітаптың соңында биік азаматтық, әлеуметтік тұғырға көтеріледі.

...Жер-үйімнің қалыпсыз демалысы

қағілездеу жанымды жүдетеді,

- дейді өмірге, адам болашағына, елге, жерге жанымен алаң азамат ақын.

Кітаптың лирикалық кейіпкері, дәлірек айтқанда қаһарманның сан сырлы жақтарымен көрінуі арқылы бүгінгі замандас әйелдің сом бейнесі, жасампаз тұлғасы жасалған. Тағы бір қырынан қарағанда қуантқан нәрсе - бұл тұтас шығармадан, осы бір өлеңмен жазылған әйелдер әлемі туралы эпикалық туындыдан қазақ әйелінің санасының өсуі, қалыптасуы, оның бақыты сатылап баяндалғаны. Жинақтың басында заманы ашынтқан Сара мен Майра жырларынан келмеске кеткен қоғамда өмір сүрген әйелдің шектеулі бақыты сезілсе, Бибігүлге, Ғазизаға арналған жырлардан бүгінгі белсенді қайраткер, бақытты әйелдің, заман қуанышын кеудесіне ұялатқан әйелдің шексіз бақытын, кесек бейнесін көреміз.

«Сенің махаббатың» - тек ақынның сезімтал жүрегінен шымырлап шыққан шындық сөзі ғана емес, бұл кітап қазіргі өмірдің өшпес шындығын ашып көрсете білген кесек шығарма. Әйел жанының жеке сезімінен бастап, оның әлеуметтік өмірі мен азаматтық сезіміне дейін үлкен аралықты асқақ әуен, сезгіш жүрекпен жырлаған бұл кітапта бүгінгі өміріміздің шындығы айшықтала ашылады.

Замандас әйел бақытын ғана емес, заман жарқындығын жүрекпен сезінген ақын тебіренісін де сезінеміз. Егер бақытты Бибігүл:

Шырқайын ән-жырың боп
өмірдің бұла таңын,
өзіңсіз тағдырым жоқ

о, менің ұлы Отаным!

— десе, ол біздің бәрімізге ортақ сезіміміз, тебіреніп тұрып айтар ақиқатымыз сияқты естілетіні де сондықтан. Ал Ғазиза Жұбановаға арналған, терең тебіренуден туған «Дыбыстар әлемі» атты циклда заманы өсірген биік тұлғалы азамат әйелдің сезінуі сияқты жырлардағы сырлы дыбыстар адамзат, туған Отан, жұмыр Жер-Ана тағдырына жанымен алаң адамның рухани шындығы дер едім.

«Сенің махаббатың» - автор сөзімен айтқанда:

...Биік тұрған бір күш бар,

дидарына Жер де құштар, Күн құштар:

ол нәзіктік,
мәңгі шуақ, нұры - құт,
сарқылмайтын жылылық,
ол - тірліктің қуаты -

ӘЙЕЛ атты ҰЛЫЛЫҚ! –

деу арқылы әйел ұлылығын ғана емес, жарқын заман биікке самғатқан біздің отандасымыздың үлкен бейнесін жан-жақты ашқан поэзиямыздағы жаңа бір жаңалық көрінісі.

Бұл туралы қуанып, мақтанып айтуға әбден болады... Фариза бәріміз білетін шебер қабілетімен өз әуенін сәтті жалғастырып қана қоймай, жаңа бір қырынан – азамат -ақын қырынан тұлғалана түсіпті. Бұл туралы зерттеңкіреп, тереңірек, толығырақ айтуды сыншыларымыздың еншісіне қалдырған жөн.

Сөз соңында ақын қызымыздың жаңа биігіне қуана қол соққым келеді.

Сәуір, 1980 жыл.

«ЖҮРЕК КҮНДЕЛІГІ»

Төлеген ҚАЖЫБАЕВ

Қазақ жырын құрметтер қауымға Фариза Оңғарсынова есімі кең танымал. Поэзия аталатын өміршең өлкеге алғаш беттеген сапарынан-ақ өзгеге ұқсай бермейтін өз әуені, болмыс бітімі бөлекше жыр құйылысымен дараланған Фариза ақынның жүрек сырын жібектей есіп жеткізер есті, еңселі лирикаларынан адуынды асаулық пен текті тарпаңдықты мөлдір мұң мен асқақ пафосты сарынды сезініп түйсінген сайын ақын көңілінің айтпағын бүкпесіз, ашық айтуға машықтығы тәнті етіп, тебіренте түседі. Ақын қасиетіндегі осы бір турашылдық пен бүкпесіз ақиқат өрімдері өрісті жырларға құлаш ұрып, өз творчествосының кемелденіп, толысқан бүгінгі шағында жаңа қырларымен түрленіп, ажарлана түсуі Фаризаның өз стилінің қалыптасқандығын, өз әуенінен айнымағандығын танытқан. Сол бір пікір ақынның таяуда жарық көрген «Жүрек күнделігі» жыр жинағымен жүздескенде тағы да ой шарпып, көңіл төрінен қоныс тепкендей болып еді.

«Жүрек күнделігінде» ақынның жиырма жылғы творчестволық еңбегінен елес берер лирикалық өлеңдері іріктеліп алынған. Негізінен өлеңдер сарынында махаббат әуені басым болып отырады десек те, ақынның адамгершілік, өмір, достық сезім, адалдық, туған ел, ана, өнер тақырыптарын барынша мол қамтып, солар бойынша ой толғауға ұмтылыстары айқын із тастайды.

Маңғыстау!

Мұнарларың шаншылса аспанды ұрып,

тайталаса алмай қалады асқар бұғып.

Жанартаулардай лапылдап отты алауларың

жанары жасық жандарды жасқандырып.

Ақын жырында жаңарған, жасарған мұнайлы Маңғыстаудың жұмыскер, күрескер портреті сипатталады. Әр жолдағы екпінді, салмақты сөз тіркестері Маңғыстаудың бүгінгі еңбеккер бейнесін аша түсуге қызмет етумен бірге өркенді, өрісті Қазақстан өндірісіне лайық, үндес келер әуендік сипатпен сабақтастық байқатады.

Осы жырдағы:

Осынау асқақ жандарға замандас болып,

мен асылы тектен тек тумаған екем!

- деуі де соншалықты үйлесімді өзін-өзі ақтай аларлық қуаттылықпен түйінделеді.

Бір жасайын мен бүгін

кетпей қойған бәйге ғой көкейімнен,

жете алмаған жігітті төпейін мен.

Жорғаңды қой.

Қайда әлгі Бәйге торы –

не де болса бір зулап өтейін мен!

Міне, екінші бір жырдағы ерлік пен екпінділік әуені тағы да ой тұсап, көңіліңді көгендейді.

Ақынның қай өлеңіне үңілсек те, оның пәрменді қуаты, қарымы мол арқауы бос селкеулігі жиі ұшырасар бозөкпе әуеннен ада-күде арылған, адуынды әуенге толы өз үнін естисің. Ақын бүгінгі ракеталы дәуірде езіліп егілген салпыетек жырлардан бойын аулаққа салар тегеурінді қалпымен жай тасындай қырланған алапат сезім топанында күн кешіп, сыр шертуді аңсайтындай әсерге бөлейді.

Тілеп тұрдым тек қана қуаныштан

бұзылғай деп ұйқы мен тыныштығым, -

деген жыр жолдарынан ақын философиясының мәнін аңғарып, шынында да қуаныш, қызықтан бұзылған тыныштық ғұмырға кім де болса іңкәр-ау деген ойға бөленесің. Ақын тапқырлығына іштей ризалық білдіресің.

Болғанмен жырым-жаһұт, әнім асқақ,
алмастай өнерімнің әрі қашпақ -
шырқайтын сандуғаш үн сайрай алмай
жыр көшін бара жатса жабы бастап,

— деген түйіндеуден атақты Майраның характері ашылып, ажарлана түссе,

Өлең деген өлкеге ғашық еткен

сен жүргенде мен қалай сайрамайын?

Алтындарын ардақтар Отаны бар,

Апа, сенің өзіңнен айналайын!

- деген тебіреністі түйіндеуден Фаризаның ақын апасы Мәриям Хакімжановаға деген сіңілілік адал алғыс, шексіз құрметі танылып тұрғандай. Фариза ақын шеберлігі, тапқырлығы оның өмір шындығының өзінен бастау алып, сол бойынша үлкен өмірлік арнаға бет түзер ой сораптарымен тамырластығынан болар.

Сен келгелі шуақсыз таңым бар ма -

оранды әлем ақ сәуле - сағымдарға.

Сенің титтей тірлігің қымбат енді

өмірімнен, өзімнен, жарымнан да!

Бұл - жас ана монологынан алынған жалғыз шумақ. Қаншалықты қуатты, отты түйіндеу! Сәбиді сүйген, өз өмірінің бүтін адамзат ұрпағының жалғасы — баланы қастерлеген аналар ғана осылай айтар-ақ дейсің.

Ойландырады, сендіреді! Жер бетіндегі осындай аналар үшін өмір сүріп, күрескің, еңбек еткің келеді. Поэзия күші де осында.

Фариза жырлары, әсіресе махаббатты көксеген соның отына өртеніп аязына тоңғандай, жүрек сезімін бере алған жырлары бейтарап қалдыра алмайды. Бірге толғанып, бірге күйзелесің, бірге егіліп, бірге шаттанасың.

Несіне тіктің көзіңді

сүйілмей қалған ерінге...

Сарғая күтіп өзінді,

сағына түссін дедің бе? —

дегенде әдемі наз, жарасымды еркелік:

Мені осынша батырып құса-мұңға,

сен де қатал жандарға ұсадың ба...

Кіріп келсең әйтеуір оңдырмаймын,

қалмасам тек тұншығып құшағыңда, — деген сағыныштың отты әуеніне ұласып барып:

Кезім жоқ сені ойламай көзімді ілген,

Сені аңсап елжіредім, егілдім мен!

Ризамын тағдырыма сен арқылы

махаббат деген күшті сезіндірген,

- деген мәртебелі биікке самғап шығатын ақын жырлары, сөз жоқ, ұлы махаббат сезімінің биіктігін, асқақтығын алға тартады. «Жүрек күнделігіндегі» жырлар тақырыбы жағынан лирикалық әуенге құрылған десек те, жырлануы жағынан алуан әуенді, сан сырлы болып келеді. Сайып келгенде, солардың бәрінен де Фариза ақынның сыршыл жүрек лүпілінің тым тереңнен қайнап, буырқанып шыққан мөлдір көңіл-күйін, өмірге, ортаға деген өзіндік позициясын терең танып, түйсінеміз. Жырынан ақынның ой елегінен екшеліп шыққан өз түйсік-талғамы тереңнен тербеткен жүрек толғаныстары бой тастап отырады. Поэзия аталатын ұлы көште өзіндік теңдеп алған көші-қоны бар Фариза ақынның «Жүрек күнделігі» оның шабытты шағының шаңқай тұсын дәлелдейтін келісті де кесек дүние болып шыққандығымен қуантты.

Көкшетау. 1981 ж.

ӨРІСТІ ЖЫРЛАР

1. ҚЫРАН ЖАНДАРҒА АРНАЛҒАН ЖЫРЛАР

Айжарық СӘДІБЕКОВ

Әдебиет айдынында өзінің жеке желкенін құрып, өрге жүзген күнінен жырқұмар қауымды жалықтырмай келе жатқан кең тынысты ақынымыз Фариза Оңғарсынованың «атаның ұлы» болып туып, рухани байлығы Мүсірепов талғамымен айтқанда «жер-ананың отты жүрегіне дейінгі тереңдікке» жетіп, «ғарыштық деңгейдегі биіктікке» көтерілген Адамның ұлына айналғанына еңбектеген бала есейгендей уақыт өтті.

Біз сөз бостандығы мен баспасөз бостандығына өзге жұрттан бірінші болып қолы жеткендердің ұрпағымыз ғой. Солай деп ұдайы мақтанамыз. Оның үстіне ақын творчествосының асылы мен жасығын айырып, талант қуаты мен қабілет қарымына қарай әділ бағасын айтар турабиі — осы өзіміз екені рас болса, көкейде жүрген ойымызды орайы келіп тұрғанда бүкпей ашығын айталықшы. Көптен көзге ұрумен келе жатқан басы ашық бір шындыққа жүгінер болсақ, көбіне жалпылама мақталып жүргенімен, Фариза шын лайықты бағасын әлі ала қоймаған ақын.

Оның ізгілік нұрына суарылған жалынды жырлары сіз бен біздің бір сәтке қалғып кеткен сезімімізді талай рет дүр сілкіндіріп алған жоқ па еді?! «Оян, ар мен адалдық! Сағатқа оян!» - деп Ақын бар дауысымен тіл қатқанда, айналамызға парасат көзімен қарауға талпындырғаны жадымызда ғой. Ал, сондай шақтарда көкейінде жамала-жамала әбден беріш боп қатып қалған (сыртқа шығарайын десең, өрең жетпейді, өрең жетпеген соң сөзің келіспейді) ойларыңның өзегіне шоқ қарығандай - жаныңды ышқындыра шындықты айтып берген жыр құдыретіне тәнті бола алмадық дей алмасақ керек.

Фариза - желе жортып өте шығатын өлеңші емес. Оның жырларын қадағалап оқып келген жанкүйер қауым осынау тұғырынан таймас қайсар ақынның әрбір жыр шумағына жүрегінің қан-сөлін сығып бергендей асқан жауапкершілікпен қарайтынын аңғарар еді.

Халқымыздың рухани қазынасы - төл поэзиямыздың мерейі мен абыройына адалдық осы ақынның айнымас жан серігіне айналған дерсің. «Өлеңші» дегеннен шығады, оның жазған «әжесінің оюындай әрбір жыр-өрнегін» өлең деуге қимайсың, ағыл-тегіл жыр дегің кеп тұрады. Неге? Дәлелдей алсақ, дәлелдеп көрелікші осы ойымызды.

Біздің тануымызда Фариза - поэзияның қасиетті құзырына өз жаңалығын ала келген, оқушы қауымды сол жаңалығына иландыра алған, сеніміне де ие болған ақын. Ал, оның жаңашылдығын жырларының туу түрлерінен іздемеу керек. Онда шатысамыз. Оның жаңашылдығы - шындықтың балын тамызып та, қанын сорғалатып та айта алатындығында, абыздың жасын жасаған философтай ойшылдығында. Жылайман жырға бұл ақынның жаны қас, айтарын не де болса жүрегіңе от тастап, қыбыңды қандырып айтады. Төгіп айтады. Жырларын жерге тастамай сүйіп оқитын ақынымыздың бірі Темірхан Медетбеков «Баба дәстүрдің лайықты мұрагерін» іздегенде Фариза талантын бекерге танып, теріс мойындап отырған жоқ. Әйел затынан бола тұра Фаризаның жыр керуені кейде сонау орта ғасыр төрінен Сыпыра жыраудың уыз батасын алып, бабаларымыз салған ұлы сүрлеуде Махамбеттің жыр семсерін қолға ұстатып тұрғандай әсерге бөленеміз. Бұл не? Бұл да жыр құдіретінің бір сиқыры болса керек.

Осы орайда әдебиет теориясын бір сәтке ұмытып, «жыр жазудың да заңдылығы бар ма екен?» — дегің келеді. Бар болса, Сыпыра жырау мен Махамбет сол заңдылықты білді ме екен?!

Берісі Батыс Европадағы «ең мәдениетті» жұрттан саналатын француздардың бүгінгі ана тілі XV ғасырдың аяқ кезінде қалыптасты. Ал сол кезде туған қазақ жырына сын көзімен ой жіберіп көріңізші. Төгіліп тұрған жоқ па, төгіліп! Фариза жырларын індетіп отырсаңыз, бізді сол үлгіге - Сыпыра жыраудан басталатын ұлы сарынға алып барады. Міне, бір мысал:

Елім деген ұлдарым
жалаң төсін карсы қойып сынға мың,
қайсарлығы қыштан соққан қамалдай,
заманынан лайықты баға алмай,

жанар кезде жанартаудай жана алмай,
туған жердің бостандығы - бар несіп,
осы жолда рахаттан баз кешіп,
боран құшып, саз кешіп,

қыршын қаны «Қайғыларға» құйылған.

Кетер ме олар көкірегімнен, миымнан...

Бұл - ата мекеніміз Жердің (Үлкен және Кіші Қайғының)

үні. Бүгінгі заман Ақынына мұңын шаққаны. Арада қанша уақыт кеңістігі жатыр! Бірақ, Фаризаның күні кеше жазған жырлары мен бабалар мұрасы бірін бірі жатырқап тұрған жоқ, қайта үндесіп кеткен. Ал, бізге керегі - сол үндескені, баба дәстүрін дамыта беру!

Әдетте біз ілгеріде өткен арынды ақындарды ен далада емін-еркін ғұмыр кешкендей, жырларын олар сондықтан да көсілтіп еркін жазғандай, ал бүгінгі ақындарымызды әлде бір заңдылыққа қарайлап кібіртіктей беретіндей көреміз. Сөйтсек, өлеңдерінің «бірі жамау, бірі құрау» ақындар қай кезде де аз болмапты. Бүгіндері де баршылық. Ал, солардың арасынан жай оғындай жарқылдап, киіп-жарып шыға келетін Фариза жырларын заңдылыққа бағынбайды деп кім айтты? Идея, талап, талғам — ақындарымыздың бәріне бірдей емес пе? Бірдей. Бірақ, бір ғажабы, бұл ақынның оң жамбасына алған тақырыбы жыр қалыбына құйылғанда толған Айдың сүт ағын сәулесіндей сорғалай жөнеледі. Мысалы:

Жаңғыруы үшін жанымда
миым ба, ой ма, қаным ба —
тоғытып топанды ағынға
от берер жанға, жанарға,

революция керек маған да!

Немесе:

Бір сергіп қайтсам ба екен елге барып,
жаныма жарқылдаған жеңгені алып,
жүзімді жоннан ескен желге жанып,
тұңғиық сезімдерге бір сүңгісем,

сол ғана жүрегімді емдері анық.

Қалай-қалай төгіледі, ә! Бейне ақын жыр төккенде түк қиналмайтындай, селдетіп өте шығатындай. Кейде тіпті «осы Фариза өлеңді қаламмен жазып әуре болмайтын шығар, сірә, өзі суырып салма емес пе екен» деп те қаласың. Бірақ, олай емес қой.

Жүректен шыққан жолдардан -

жанымның жасы тұр тамып... - дейді ол. Көрдіңіз бе, жыр жазу азабы мен жер бетінде Ақын атанып қалу машақатын айтудай-ақ айтқан ғой... Асылы, ақпа ақынша (мысалы Иса) төгіле салғандай (оңай деген), өзгенің қабылдауында жырды оп-оңай жаза салғандай көріну - Фариза талантының табиғи ерекшелігі десек болар. Иә, иә, ол шынында шешен тілді ақынымыз.

Біз Фариза жырларын тағы да қандай қасиеті үшін қастерлейміз?

Әлемдік көркем ойдың бір алыбы - Эрнест Хэменгуэй:

«Шындықтан аттап өте алмадым» депті американ студенттеріне арнап жазған хатында. Бұған халқымыздың «Сөз анасы - шындық» деген даналық нұсқасын да қосып қойыңыз. Ал, Фаризаның бүгінгі үзеңгілесі, орыс жазушысы Владимир Крупин уақыт және өзі туралы әңгімесінде: «Только правда делает произведение живым, только она движет прогресс. Другой дороги нет», - деп жазды. Десе де, шындықты жалтақсыз айту қаламгерге оңай ма? Жеңілдік әпере ме? Қайдан әперсін! Шындықты айта алған қаламгердің маңдайынан екінің бірі сипай бермес... Оның тағы бір қиындығы: халықтың ойынан шығатын ащы шындықты суреткер жайдақ сөзбен айта алмайды ғой. Ондай «әдіске» оның хақысы жоқ. Уақыт шындығы суреткер санасымен — образды тіл, көркем оймен айтылуы керек. Мұқағали: «Айтып өткен ақында арман бар ма» дегенде, сол сөз анасын аңсады-ау дейміз... Алайда, бізді шындық қайнарына жетелей беретін Фаризаны «армансыз ақын» дей алмаймыз, сірә. «Адам жанындағы, адам рухындағы тереңдікке» (Ғ. Мүсірепов) бойлай енген ақынның арманы да көл-көсір шығар...

Біз ақынның үш топтамасы туралы сөз қозғамақпыз. Үш топтама бірін-бірі толықтырып тұрған тұтас дастандай әсерге бөлейді. Біріншісінен ұғарыңыз: Фариза үшін «оты басқа - Отаны басқа» дейтін нақыш ескірген. Кейіпкерінің Отаны от басынан басталады да, Дала тағдырымен табысады.

Ақын өз отының басын «Ошағым - оқшау құрлығым» деп неге айтты? Бақсақ, алыс жандар ақынның жүрегіне жырымен еніп жатса, өз үйінде ешкім де жанын ұғар емес. Ағынан жарылу осындай-ақ болар! Сол оқшау ошағы туралы:

Бір құрлық бар түспеген картаға әлі,

сиғызардай төсіне сан қаланы.

Ғалымдар да білмейді оны әзірше,

тек арнайы іздеген жан табады, - дейді автор.

Ақын жанын түсінсек керек. Оның оқшау құрлығын әзірге ешкімнің білмейтіні рас. Иә, әзірше. Ал, бірақ, ақын сол оқшау құрлық тағдырын Дала тағдырынан бөліп қарамайды. Ол үшін үй мен дала - қос ана, екеуінен де нәр алып шабыттанады. Сосын ол былай көсіледі:

Қара жан баспас бұл маңда
қара көк дария бұрқанып,
қатыгез қасаң қырларға
қырмызы дидар гүл тағып,

Уақыт пен Адам жарысқан.

Осы жырдың әлеуметтік астары тым тереңге тартқан. Поэтикалық бояуы да қанық: қара көк дария - мұнай; қырмызы дидар - далаға орнаған қала, жастық базары; Уақыт -даланы түлеткен заманы; Адам - бүгінгі жасампаз ұрпақ.

Осы жырдың өзегінде біз айта беретін интернациональдық сипат та бар: «Көкірегін тосып сұрша құм, жүздесіп жатыр жүз елмен, сұрамай қайдан, кімсің деп». Айтуы қалай?! Аз сөзден — ағыл-тегіл ой. Ым, ишара, емеурін-астарын өзің түсіне бер. Достық шапағатын Фариза «Дала тағдыры» фрагменттерінде былай-ақ суреттей салады:

Арман қуып жалаң бас келген жасты

бұл Дала батыр қылған.

Ақын көзіне даланың жасыл жыңғылының өзі жұмақтай көрініп, адамдары адалдыққа нық сенетін қыран көңілді жандар болып елестейді. Даланың кең пейіл адалдығын, бауырмалдығы мен сенгіштігін көкке көтере жырлау - ақынның берік позициясы. Тіпті, бұл далада туып-өскен қыздарды Фариза қандай қырға шығарған десейші!

Абыройы Күнмен жарысқан,

көкірегінен әсем ән ұшқан...

Көрдіңіз ғой, Дала қыздарының абыройы көктегі Күнмен жарысады екен. Бұдан асырып тағы қалай айтуға болар?!

Жалпы, тіршілік тірегі әйелдердің тағдырына араласу - Фариза творчествосының ең бір өзекті арнасы. Бізге ол жырлап берген бүгінгі қыздар дала тағдырына күні ертең Күләш, Әлия, Мәншүк, Кәмшат болып араласатындай. Ақын бізді жыр қуатымен осындай үмітке жетелейді, иландырады. Жан дүниеңді жарқын ойымен рухтандырады.

Дала жырға ғашық! «Қызыл судың көбігіндей» жасығына емес, жүрегіңді еріксіз жаулап алатындарына ғашық. Бұған бір мысал айтайын. Ел ішін аралай жүргенде аңғарғанымыз: бүгінгі сыр бойының Фариза есімді қыздары көп. Гүл-гүл жайнап өсіп келеді. Бұл бекер болмауға керек. Бұл - Дала жүрегінен орын алудың нақты айғағы болар.

Қашан да тақырыпқа кенде болып көрмеген Фариза жырларында көңілге қонатын және бір ерекшелік бар. Жалғандыққа жай түсірердей асқақ сарындар мен сезімді шайқап, жанды баурар мұңды саздар әрбір жырында басынан аяғына дейін есіліп сорғалайды да отырады. Ненің мұңы ол? Жеке бастың ба? Олай десек - қателестік.

Көңілімнің көгін бұлт алып,

жанымнан жылжып мұң тамып...

Неге мұң тамады, неге? Бұған жауапты да өзі айтқан.

Өзге мұң — өз жырымның ортасында

өмірім өртенумен өтер менің.

Өз жыры - өзгенің мұңы. Шынында қоғамдық өмірге қатысты ақынның тіршілік тынысына бей-жай қарауы мүмкін емес қой. «Мұң» міне осыдан туады. Ал, дұрысына жүгінсек, халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтамаған ақын ақын ба? Жоқ, ондай жазғышты біз әлпештей алмасақ керек. Халықтың көкейіндегісін қашан да Ақыны айтып келген, әлі де айта алуы тиіс. Ал, бұл миссияны орындау үшін музаға бәрі керек: күйініш пен сүйініш те, өкініш пен мұң, наз-нала да... бәрі, бәрі. Онсыз муза мүгедек.

Асылы, Ф. Оңғарсынова - отқа оранған мазасыз ойдың ақыны. Оның жырларын оқығаныңда жүзіңді күрескер рухтың жалыны шарпып отырады. Санаңда сәулет жаңғырық пайда болады. Жан дүниең толқымай, жан жүрегің сыздамай оқу мүмкін емес. Ақынның әрі мұңды, әрі өткір, әрі жаужүрек батыл «Менімен» бірге мазасыз ойлар кешесің. «Өлең ұқпайтын жандарға жыр құдіретін сездіруге» құштар Ақынның сезімі де сеңдей соқтығысып, көңілі бәйге алаңына айналғанда, рухы күшті жырлардан сенің де жаның рахат табады...

Аялап сұлулықты сезуге де көз керек, сосын жота жүрек керек, - деп толғаған Ақынның әрбір жырынан кездесіп отыратын теңеулері қандай! - «Жота жүрек» дейді. Сосын:

Базарынан баз кешкен жансыз дала —

сәбисіз үй секілді қаңыраған...

Немесе:

Қос етек көйлек киген келіншектер

көз байлар кең даланың аққуындай - деп сөз суретін салады. Ал, осындай-осындай сөз суреттері бұл ақында айтарлықтай-ақ мол. Оның теңеуінде: ажал - мүлт кетпес мерген; Уақыт - Батыр; Қазақстан - Октябрьдің жұлдызы, Советтер Одағының гүл шоғы; большевиктер - әділет символы; шындық - сәуле шашқан нұр; тіпті дауылдың өзі - даланың ән салдыратын дирижері екен... Мұндай теңеулерді санап тауысу мүмкін емес.

Сарыарқа, сал көрікті сайын далам

...кеңдікті көзден ұшқан қайыр маған!

Бұ не деген арын, бұл не деген батылдық? Асылы, сіз бен біз бұл ақынның осындай ерлігіне тәнтіміз-ау! Осы арынымен оқшау ошағын Дала тағдырына, ал Даласының бар бітім-болмысын Революция мұраттарына әкеп бір-ақ табыстырады. Тапқырлықтың да шегі болатын шығар? Ал, Фариза Революцияның туған күнін - Ақынның туған күні деп санайды. Әбден орынды. Революция - біздің өмірімізде. Кеше аспандағы Айдың сауырына «соқа» салсақ, бүгін космос қиырында нағашымыздың елін аралап жүргендей айлап-жылдап мекендейтін болдық. Бұны біле тұра Ақын қиялы қалай шарықтамас. Сондықтан ол:

Тіршіліктің мәңгі жас арда шағы
туған күндер ақиқат алмасары -
Жер айналып тұрғанда, жер үстінде

революция осылай жалғасады! - деп астары терең асқақ оймен түйеді, сізді де сендіреді.

Қызылорда. 1984 ж.

2. "МЕНІҢ ЖАНЫМ — ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ КІРШІКСІЗ"

Халқымыздың сүйікті ақыны - Фариза Оңғарсынованың 1987 жылы «Жазушы» баспасынан екі томдығы жарық көрген еді. Бұған дейін бірнеше жыр жинақтарын берген ақын бірінші томдығын:

Менің мынау қиындау тағдырым болып

о баста көріскенің үшін

Өлең, мен сені аялап өтем, - деп бастаған екен. Шынында, ойланып қаласыз. Қай заман - бұл қыздың қолына Ақын қаламын ұстап, жыр кестесін өрнектеп келе жатқанына. Содан бері тек қана жыр-тағдырын аялаумен келеді екен. Жылдар көші - замана желі ағымдай лықсып өте беріпті. Ал, жазу азабына жан-тәнімен беріліп, қаламгерліктің қиын тағдырын қалап алған жаратылысы қағылез жанның қайсарлығына, гүлдей нәзік, тастай берік шыдамдылығына іштей риза болумен келеміз. Ақын болу, оның ішінде көпшіліктің көзіне түскен - жәмиғаттың назарын өзіне бұрған, үнемі жұртшылықтың тынысы - тіршілігімен бірге тыныстай алатын Ақын болу қандай қиын. Ф. Оңғарсынованың былайғы пенделерді өмірдің қиян-қилы бұрылыстарында ренжіткен сәттері болған шығар, ал ақындық соқпағында жырқұмар қауымның көңілін суытқан кезі болған жоқ, - деп сеніммен айта аламыз. Ол - өз оқырмандарын жыл өткен сайын, жинақтан-жинаққа өрлеген сайын қуантумен келе жатқан иісі қазақ поэзиясындағы тағдыры дара тұлға. Бұған дәлел - оның бүкіл ақындық әлемі, әр жылдары туған түйдек-түйдек жырлары.

Бұған дәлел - ақынға 1984 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілгеннен кейін 1989 жылы 26 қаңтарда Қазақстан Жазушылар одағы үйінің үлкен залында Фариза Оңғарсынованың творчествосына арналған поэзия кеші болып өтті. Кешті белгілі әдебиетші, Мұрат Мұқтарұлы Әуезов екі тілде - қазақ және орыс тілдеріңде жүргізіп отырды. Сол кеште ақынға мақтау-мадақ біраз айтылды. Студент қыздар, театр артистері Фариза жырларын жатқа оқығанда - ақын поэтикасының жалынды құдіретін бұрынғыдан да анық, бұрынғыдан да күштірек сезініп, іштей түлеп отырған бір сәтіміз сол болды.

Ал енді ақын өлеңдерін орыс тіліне аударып жүрген ақындар сөз алғанда - Фариза жырларының қадір-қасиетін ерте танып, табыстарына тілектес болған жанкүйер сезіміміздің алданбағанына, біздің де көкірек көзіміздің ояу екендігіне қуандық. Аудармашы ақындар бірауыздан: «Біз Фариза жырларының қанжардай қайсарлығын, семсердей өткірлігін, тіл құнарын - бүкіл поэтикалық асқақтығы мен ішкі сыр-сипатын, басқаларға ұқсамайтын өзіндік дара табиғатын толық палитрасында жеткізе алмай келеміз», - дегенде, залды қызу қолшапалақтау көміп кетті.

Бұл не? Бұл - аудармашы ақындар ойын былайғы оқырман жұрағаттың құп алғандығы ғой. Ондай салиқалы кеште ақын ақын туралы жалған айта алмаса керек.

Өйткені, сол кешке қасиетті қазақ әдебиеті мен мәдениетінің Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ғазиза Жұбанова, Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Әбіш Кекілбаев сынды көптеген ірі өкілдері қатысып отырды. Сондай айбынды тұлғалардың алдында кімнің ақылы жетіп, жүрегі дауалап жалған айта алар еді.

Бұл бір. Артынша көп ұзамай біздің қолымызға Фаризаның «Художественная литература» баспасы шығарған бір томдығы («Қасиетті қылыш») тиді. Сол кітапқа қазақстандық әдебиетшілерден бұрын москвалық сыншы «Литературная газетаға» рецензия жазды. Біз лебізіміздің басында Фариза туралы «ақындық тағдыры дара тұлға» деп бекерге айтып отырғанымыз жоқ. Мақалада айтылған ойлар мен тұжырымдар біздің ақын шығармаларын қабылдау түйсігімізді түлете түсті. Сенімімізді арттыра түсті. Енді, міне, соның бәрі - ақиқат шындыққа айналып отыр. Биыл «Правда» газеті, «Дружба народов» журналы Ф. Оңғарсынова туралы біздің ұлттық интеллектуал-тұлғаларымыз қашанғы бейқамдылығымен сілкініп айта алмай келген бағасын айтты. "Сөз жоқ, ол уақыт биігінен сөйлей алуға толық праволы Ақын", - деп бағалады. Тіпті, «Правда» газетінің оқырмандары қызымызды «жиырмасыншы ғасырдың ұлы ақындары» қатарына апарып та қойды. Лайым солай болғай!

Нені жырлап, нені айтса да, барлық ыстық-суық темпераментімен күйіп-жанып, күйдіріп-жандырып ағынан жарыла айтатын Ақын болмысын жырларының өзі-ақ ұғындырып тұратыны бір ғажап.

Менің ең жек көрерім - жасандылық,
Сүйерім - ащы шындық, тұрса-дағы ол
көзіме бейуақытта жас алдырып
немесе,

Сені қалай сүюдің керектігін,

мен ешқандай кітаптан оқымадым, - дейді туған жер туралы толғанғанда. Шынында, кім болмасын, туған жерін қалай қастерлеп, қалай шынымен жақсы көретіндігіне былайғы жұртты қалай сендіре алар? «Сүйемін де күйемін» деп көлгірсудің әсіресе ақын үшін қаншалықты қажеті бар?! Өлеңі сендіруі керек қой сізді.

Ақын достық пен екіжүзділік туралы:

менің екі дүниеде екі дұшпаным бар, олар - шындыққа жүгінбейтін өресіз жандар мен достарымды өзіме жамандап келетін күйкі пенделер. Басқалармен мәмілеге келсем де, әлгіндей бейшаралармен тіл табысуым мүмкін емес, -деп толғанады.

Халықтар достығын әркім әрқалай жырлады. Ал ақындық суреткерлікпен жырлау - бір басқа. Міне, қазақ пен қырғыз туралы айтқаны:

Екеумізге Алатау сая болған,

екеумізді бір қанжар жаралаған,

екеумізде бір өріс - дана далам, - бары-жоғы еркін көсілген үш жолға, зерделеп көрсеңіз, қанша тарих және қандай тарих сиып кеткен!

Ия, бұл ақынның суреткерлік биікте кемелденгенін кез-келген өлеңінен байқауға болады. Айталық, Қазақстанда тың көтеру туралы қаншама қампиған роман, құлаш-құлаш дастандар жазылды. Ал, циклді жырлардың ұшы-қиыры жоқ. Әрине, тың туралы жазған жақсы. Бірақ, қалай жазу керек? Әңгіме сонда. Көптеген ақындарымыздың тыңға байланысты халықтар достығы туралы алдымен өз халқының қайырымдылық қасиетін баса көрсету орнына қызыл сөзбен ұрандатып, жалаулатып айтқанына келісеміз бе?

Жоқ, мұндайда Фариза былай депті:

Жалаң аяқ, жалаң бас келген ұлды,

бұл Дала Батыр қылған.

Міне, образдап-астарлап айту деген осы. Ып-ықшам жолдарға бүкіл Даланың кеңқолтық дархандығы мен мейірімділігі сыйып кеткен. Тыңды игеруге кімдер келді, шынында да олар кімдер еді? Бәрі бірдей пайымды, парасатты жандар болды ма? Бола ала ма? Ал, осыған Фариза қалай жауап берген? Ол басқалар сияқты: «Сен күні кеше құлазып жатқан меңіреу дала едің, бүгін кемеліңе келдің, тың игерушілер сені түлен түлетіп, бізді ел қылды», - деп жатпайды. Елін де, жерін де ешкімнің табанына салып бермейді. Ал, тың игеру барысында қазақтың 40 миллион гектар жерінің түте-түтесі шыққаны баз бір ақындардың қаперінде жоқ...

Ақынның екінші бір ерекшелігі: кешегі тоқырау кезеңінде оның қайсар қаламының қалтырамағандығына да, уақыт тынысын байқағыш, көреген алғырлығына да сүйсінесіз. Бұған дейінгі жазғандары құдды қоғамды жаңарту процестері жүріп жатқан қазіргі революциялық қозғалыс барысында туған дүниелер сияқты әсер аласыз.

Оның ешқандай дау туғызбайтын айқын ақындық жаңашылдығын да мойындау керек. Пайымдап отырсаңыз, поэмалары шап-шағын, шып-шымыр толғау-монолог түрінде туған циклді жырлар - бір деммен туа салғандай болып келеді. Бұл үрдіс қазіргі жас ақындар творчествосында қызу дами бастады. Төлеген мен Мұқағали, Жұмекен мен Фариза бастаған толғау-монологтар бүгінгі дәуірге өткен заман кейіпкерлері көзімен ой жіберудің ұтымды нұсқасына айналды. Фаризада ел қорғаған батыр апаларымыз - Әлия мен Мәншүк кейінгі тірілермен толғау-монолог тебіренісімен тілдеседі. Махамбет те, Құрманғазы да, қазақтың бұрынғы өткен шешендері мен ақындары да солай шешіліп толғанады. Жырдың мұндай нұсқасына романдарға желі болып тартылатын ордалы ойларды да сыйғызуға болады екен. Жаңашылдық па бұл? Сөз жоқ, солай! Сірә, Фаризаның түйдек-түйдек циклді жырларын оқып шыққанымызда кең тынысты эпикалық шығармаларды оқығандай мол әсер алатынымыз да сондай бір құпиясына байланысты болса керек.

«Алмас қылыш немесе Махамбетпен қалай кездестім» деген поэмасында Фаризаның: «Қай заманға да дауылпаз екпін үн керек, найзағай сынды жыр керек...» - деп өзі айтқандай, оның ақындық табиғатына тән өршіл де өрісті жырларға молынан қауыша берейік, - дегіміз келеді.

Қызылорда. 1989

Берікгүл КӨЛЕГЕНОВА

Қазақ қызының сезімін жырлаудағы ақындығыңызға қоса, батырлығыңыз үшін, жанын жалынды, ашу-қасіретін арынды етіп суреттей алғандығыңыз, шынайы шыншылдығыңыз үшін сан алғыс Сізге, Фариза!

Арманымыздың өрлігін, жан-жүрегіміздің кеңдігі мен ерлігін өлеңіңізбен де, өміріңізбен де таныта білгендігіңіз үшін рахмет Сізге, Фариза! Өзіңізді мен ұнатқан «тылсым тыныш түндерді» сүйгендігіңіз үшін, «пасықтарға пысқырмас» тәккаббарлығыңыз үшін жақсы көрем.

10 қазан, 1982 жыл.

ЕКІ АУЫЗ СӨЗ

Ғабит МҮСІРЕПОВ

Көркем сөз майданында ақынға, жазушыға, еркекке, әйелге, кәріге, жасқа деп шектеліп қойылған саржайлау да жоқ, кұлазыған қу дала да жоқ. Ащы көл де ортақ, тұщы көл де ортақ. Ғарышқа дейінгі биіктік те ортақ. Жер-ананың отты жүрегіне дейінгі тереңдік те ортақ. Ерлік, батылдық, адалдық, ұяттылық, арлылық, намысқойлық сияқты адамгершілік-азаматтық қасиеттердің бәрі де ортақ. Мен қазақтың ақын қызы Фаризаны осындай асқарлардың биігінде көремін.

Сол биіктерге көтеріле беру, сол тереңдікке бойлай беру, сол адамгершілік қасиеттерді толықтыра беру - ақын-жазушының бәріне ортақ арман. Мұның екінші аты, ең дұрыс аты — адам жанындағы, адам рухындағы тереңдік.

Тегінде биік көтерілу мен тереңге бойлау деген бірі жоғары, бірі төмен тартқандай көрінгенімен ақын-жазушылар үшін оның мағынасы екеу емес, біреу: екеуі де ой мен көркемдіктің өресі әрі биік, әрі терең болуын талап етеді. Идеялық және көркемдік тұтастығы дейтініміз сол биікте, сол тереңдікте ғана тоғысады. Мен Фариза қызымызды осыны іздену жолында көремін.

Қай халықтың әдебиетін, қай кездегі әдебиетін алып қарасаңыз да, өз ішінде байқалатын қарайластары болады. Өмір ортақ, тақырыптар ортақ, күнделікті таласы да, таразысы да ортақ, арманына қарай ұмтылысы да ортақ болған соң әр дәрежедегі қарайластықтар да табиғи жайға жатады. Мен ақын Фаризаны бүгінгі поэзиямыздың ең жоғары сатысында тұрған замандастарымен қарайлас биікте көремін.

Бұдан недәуір ертерек жылдарда, жас та болса қалам ұстасының беріктігіне өзі әбден сенген кезінде Фариза атақты "Өлеңін" жариялаған еді. Ақынымыздың бұл шығармасын мен өмірлік программасы екен деп түсініп едім. Ол өлеңінде тайсалмай берілген батыл сенім оқушылардың ойында қалған болу керек. Әлденеден мұңайған кезінде, біреудің пасықтығынан жүрегі мұздаған кезде, кешегі досының бүгін жерінгенін көргенде, шын ақынның жарылып кетердей болған кезінде Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, сырласы, атар оғы, берер дәрі-дауасы - поэзиясы болмақ-ты.

Көңілді, жайлы күнімді,
азапты қайғы-мұңымды
өзіммен бөліскенің үшін,
қатем мен жеңістерім үшін,

менің мынау қиындау тағдырым болып
о баста көріскенің үшін,

Өлең, мен сені аялап өтем! - деген-ді.

Біздің кейбір ақындарымыздың «жаңашылдығы» өлең түрінің айналасынан аса алмай жүр. Әлі күнге баяғы он бір буынды қара өлең жолын турамалап, үшке бөліп «жаңа» түр деп ұсынуға әлі күнге ұялмаймыз. Он үш жол деп гонорар алуға жәрдемі тиер-ау деген есеп - поэзияға ноль.

Қара өлеңнің өзінің заңды үлгісі мынау ғой:

Фағилатұн - фағилатұн - фағилат /4-4-3/.

Мұны цифрлардың орындарын ауыстырып тағы екі түрге айналдыруға болады.

Фағилатұн - фағилат - фағилатұн /4-3-4/

Фағилат - фағилатұн - фағилатұн/3-4-4/.

Ой салмағын, көркемдік салмағын қай сөзіңе аударғың келеді, соңына қарай осы үш түрден қалағаныңды аласың. Небары осы.

Ал біздің кейбір ақындарымыз осы он бір буынды былай да турамыштап жүр:

Қыста келдім,

Мен мұнда жазда келдім.

Көпте келдім,

Адамдар азда келдім.

Сыртынан қарағанда төрт жол. Дұрысына келгенде:

Қыста келдім мен мұнда, жазда келдім.

Көпте келдім, адамдар азда келдім, -

деген кәдуілгі он бір буынды қара өлеңнің екі жолы.

Мұндай «жаңашылдықтың» бұдан да гөрі өрескелі бар:

«Еседі,

Аңқылдайды-ай,

Аңқылдайды.

Ішіңде айтылмас бір сыр қалсайшы...»

Бұл баяғы қара өлеңді екі жағынан тонап, төмендетіп тапқан «жаңалық». 1. «Еседі, аңқылдайды-ай, аңқылдайды» деген үш сөздің үш жол алып тұруға түк хақысы жоқ. Бұл қара өлеңнің бірінші жолы. 2. Бірінші жол аңқылдайды болса, екінші жол сыр қалсайшы деп бітуге түк логика жоқ. Мұнысы да бұл қара өлең үлгісі емес дегені. Атқа шалыс - өре салсаң (оң жақ алдыңғы аяғынан, сол жақ артқы аяғынан, не болмаса керісінше), ат қозғала бере құлап түсуі мүмкін. Мұндай шалыс - өре 6-7, 7-8 буынды жырда бұрыннан бар.

Фариза поэзияны осындай алмастыру мен «көркейтуге» туа қарсы болған ақын деуге болады. Ең алғашқы өлеңдерінде де қиқаң-шиқаң сирек кездеседі. Есейе келе ақын Фариза поэзиясы өзіндік бағытын да, түрін де тапқан.

Фаризаның поэзияға тілектес жанашырларына, алдыңғы ағаларына былай дегені бар:

Сендерсіз бұл жалғанда

жоғалардай ізгілік, бүкіл мейірім,

онда мен де көз түспес үтірдеймін.

Сендер айтқан жалғыз-ақ жақсы сөзден

жамау-жасқау көңілді бүтіндеймін.

Ал, сендерден сәл салқын қабақ көрсем,

іштей налып, өзімді түтіп жеймін.

Осы қысқа ғана үзіндіде мен үшін нағыз ақындықтың талай таңбалары бар: ізгілік, мейірім жоғалса, мен көзге ілікпес үтірдей ғана болар едім... Сендерден ұнатпай қалған қабақ көрсем, өзімді өзім түтіп жеймін дегендері жәй ғана сөз ретінде алсаң да, үлкен тапқырлық. Ақын біткеннің аузына түсе бермейтін теңеулер. Жанашыр ағаларына қандай өтімді, қандай жан-жүрегіңе тиетін ақындық!

Фариза өзі біліп түскен, қалап алған ауыр жолда, өмірлік ұзақ жолда сенімді екенін барлық еңбегінде көрсетіп келеді. Фариза - поэзиясының тақырыптарын, іші мен тысын тұтас ойлай алатын ақын. Осы жолы баспаға ұсынып отырған «Сұхбат» жинағында.

Келем тартып әлі алға

достар - айдын, ел - кемем.

Екеуінсіз ғаламда

түк емеспін мен деген.

Мұнысы да бұрынғысына жалғас ой. Ақынның жан сөзі.

Фариза қоғамдық тақырыптарға да еркін бара алады:

«Коммунизм» деген өлеңінде былай депті:

Бүгін -

бір сөз әлемнің жүрегінде.

Күш бергендей қажыған жігер, үнге.

Бүгін

Үмітті ұмытқан дүниенің

қадалады жанары Кремльге - Салтанатты сәт бүгін ұлы елімде! - жеткізе айта алмаған дей алмасақ керек.

Мен Фариза ақында кемшілік болмапты, қателеспепті демекші емеспін. Белгілі қағида -ештеңе істемеген адам ғана қателеспесе керек. Бар кәсібің - бір ғана басың мен бір ғана жүрегіңді шегіннен босатпау болған соң, қателеспесіңе болмайтын да шығар. Кейде ұйқың шала, кейде көңілің нала кездерің де болады. Айналаң - ортаң ылғи бір қайғысыз-мұңсыз саржайлау емес қой. Кейде бір жаратқандарына қарап жаратылыстың өзінен де қате табуға болады.

Мен Фаризаның өз қателерін мойындауында да үлкен ақындық барын көремін.

Өкпелеңдер бұлалау қылығыма,

қондырмаңдар талпынған тұғырыма.

Мұның бәрі түк те емес, ал өзімнің

өкінішім жетеді ғұмырыма!

Кінәм жоқ деп ақиқат қарғанбасым,

сыздатып тұр жүректі ар - қорғасын.

Қателесу керек те шығар, мүмкін,

кешіре алар бір жандар бар болғасын.

Қатеге ұрынып қалғанына өкініші өмір бойына жететін адамның аты - шын ақын, үлкен ақын. Мен ақын қызымыз Фариза Оңғарсынованы адалдық, намысқойлық, жаны да таза, ары да таза, ерлерге лайық биіктерде ғана көремін, қашанда сол биігінде көргім келеді.

1982

ПАРАСАТ ЖЫРЛАРЫ

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ

Жаңа кітап — жас перзент секілді ыстық деген сөз бұл күні ешкімге таңсық емес. Бір кітап екіншісінен ыстық, үшіншісі төртіншісінен... Осылай қаламгер перзенттері өзінің дербес өмір жолын бастап кетеді. Бірақ әр кітаптың өз мінезі, өз салмағы бар. Сондықтан да олар ақынмен бірге есейіп, оның жүрек жылуынан нұр алып жатады. Міне, сондай шығарманың бірі - Фариза Оңғарсынованың «Сұхбат» жинағы.

Фариза ақынның бұл жинағы бұрынғы кітаптарынан немен ерекше? Ақынның дүниетанымы, өмірді өнер тілімен өрнектеуі қалай? Авторлық сезім мен өлең өрімдері қалай астасқан? Міне, «Сұхбатты» осындай ойлармен қолға алғанбыз.

«Сұхбат». Атына заты сай дүниенің әр өлеңі тосыннан кірмеген. Бір өлеңнен екінші өлеңге өрбитін желілік бар. Міне, мұның бәрі кітаптың жалпы сюжетін, композициялық тұтастығын айғақтайды. Әр өлеңнің өз салмағы, көтерер жүгі, айтар ойы бар. Бұл -ақынның ағынан жарылып ақтарыла айтқан сазы, уілдеген сәбидей таза бесік жыры. Өйткені «Даланың дарқан шақтары», «Достар айдын, ел-кемем», «Оралу» секілді бөлімдерден тұратын жыр жолдарында ақын махаббатының маздаған оты, сағынышы, ерке назы бар. Бала өз еліне, өз даласына, өз ағасына, өз заманына еркелемей қалай тұра алады? Сондықтан да өлеңдер бірден жүрегіңді шымырлатып, кең сахараға жетектегендей болады, бірде саумал кештердегі табиғат тамашаларын алдыңа жайып салады, бірде намысыңды қайрап, бойыңдағы бұла күшті тасқындатады, «жігітке тән қайсарлық қайда, азаматтық қайда» деп жүрегіңнің түбіндегі кейбір семе бастаған қасиеттерді түрткілейді.

Талай ақын дала десе әуелі көз алдына оның тау-тасын, өзен-көлін, төскейді дүрсілдетіп шауып бара жатқан сәйгүліктерді, мыңғырған мал мен жайқалған егінді көреді. Әрине, бұл да - дала. Ол да жырлануға тиіс. Бұл ретте Фариза өз даласын табиғат тамашаларына емес, сол даланың абзал адамдарының тағдырынан, солардың өскен ортасынан іздеуі оның өзіндік үнін, өзіндік соқпағын айғақтайды.

Торғай елі туралы Фариза сол даланың қара топырағынан шығып, бүгінде қазақ поэзиясының тұлғалы тұтқаларының біріне айналған Сырбай ақынға айтқан назы ретінде жырлап кетуі қандай жарасымды! Ол осы өлкеге деген махаббатын ақын ағасына сыр қылып, шашу ғып шашады. Фариза өскен өнерді қазақтың жалпақ даласының символы ретінде көреді. Сол өлкені өзінің өскен үйіндей ыстық сезінеді. Әйтпесе ақын:

Аңсаумен оралуды гүл шағына

басылар емес жанның сусауы да.

Сонан соң өкінбес ем, кетсем мәңгі

айналып боз даланың жусанына!

— деп айта алмас еді, тебірене алмас еді.

Ақын өлеңдері автордың өз мінезін, дүниетанымын анықтайды. Өзіндік бағыты бар ақын туындысын басқа біреудің дүниесімен шатыстыру мүмкін емес. Сондықтан да мың өлеңнің ішінен Фариза туындыларын танып алу қиын емес. Өйткені оның поэзиясы өршіл поэзия, сырлы да суретті поэзия.

Ол өз өлеңдерінде өзін әсте кішіге санайды. Әйтпесе мұрты жаңа ғана тебіндеп шыққан жас ақындар, (он кітап шығарса да, мардымсыз ақындар санатында жүргендер де) «Мен ақынмын, ғасырды дөңгелетем» деп ұрандап жүргенін көріп жүрміз ғой. Ал Фаризаның ақындық мұратты ізгілік, кішіпейілділік жолынан іздеуі ұтымды-ақ. Торғай толғауларын ақын жырлай отырып, сол елдің азаматтарының тұлғасына қызығады, ерлік істеріне сүйсінеді.

Асқардай алып ел жүгін,

арқаға салып көтерген.

Намысы бірге мекенмен…

...Лақтырып жырдың жылымын,

қолынан ұстап бірінің,

кетіп-ақ қалсам ба екен мен!

Ақынның жаңа жыр кітабының құндылығы да есейгендік белгісінде. Фариза екшеп сөйлеуді меңгеріпті, құшағына халқын қыса отырып жырлауды мұрат етіпті. Ол жыр кітабының өн бойында тұр. Өткен зар-заман зардаптарын жеңген жаңа дәуір келбетін жырлағанда ақын ерекше құйындап кетеді. Шашасына шаң жұқпаған жүйріктей көсіле шабады. Сөйтіп, бар тірліктің арқауы Уақыт екенін түйіндейді. Расы солай. Өткен де, бүгін де, ертең де Уақытпен өлшенеді. Сол Уақыт сынынан өткендер ғана Жер-Ана жылнамасына жазылмақ. Поэзия да сол. Уақыт сынынан өткен өлең өлмек емес.

Ақ маржанға толтырып жер жанарын

самғайды батыр Уақыт.

Тракторлар шарлайды кең даланың

кеудесін қақыратып...

Рас қой. Бірақ... Ия, мәселе осы түйінде жатыр. Ақын табиғат ананың алдында бас ию керектігіне келіп тіреледі. Өмірді диалектикалық түсіну дегеніміз осы. Адам қанша күшті болғанмен табиғатпен есептеспей тұра алмайды.

Күрсінді дала арманда
(шырағдан үміті жана алмай)
жаутаңдап қарап жылдарға

жылылық күткен адамдай.

Міне, табиғат пен адам арасындағы үндестік заңдылықтарын ақын осылай түйіндейді.

Фаризаның ақындық әлемі кең. Оны осы кітаптағы «Дала тағдыры» фрагменттерінен анық көруге болады. Даланың кәусар суреттерінен басталған көңіл күйі, сезім пернелері адуын музыканың прелюдиясы секілді. Ол барын ішке сақтап, бұғып жатқан даланың бала көңіл мінезінен бастау алады да, бірте-бірте ел мен жер тағдыры туралы асқақ та адуын үн басталады. Бұл дала – «советтік бір халықтың» мекені. Бабалар мұрасы бір халықтың ғана мұрасы емес, ол жүректері, ниеттері бір Қазақстан тұрғындарының асыл көмбесі. Міне, осылай ақын халық өткен ұлы жол көшінің керуенін «Шофер сөзімен», «Суреттер елесімен», «Оқжетпестің монологымен», «Бұқар жыраудың Абылайға айтқанымен», «Абылайдың Бұқарға айтқан жауабымен», «Бұқараның үнімен», «Бұқардың екінші сөзі», «Абылайдың жауабы», «Ақан серінің мұңы», «Бүгінгі көрініспен» береді. Бұл не? Бұл — қазақ даласы. Әр сөз жылнаманың әр беті, әр суреті, әр дәуірі, зар-заманы. Ал осы фрагменттердің апофезі «Гимн» деп аталады. Кешегі дала зары - бүгінгі Қазақстан.

Ақынның отаншылдық сезімі қуатты. Өзінің Қазақстанын жырлаудың өзіндік белгісін тапқан. Мәселен, автор фрагменттер деп ұяңдық жасаған болар. Өзінің жазылу формасы мен көтеріп тұрған салмағы, тарих сабақтастығы тұрғысынан алғанда мұны поэма деп атаған орынды.

Дуалы ақын Әбділдә Тәжібаевқа арналған өлеңдер циклында да Фариза таптаурын болған сүрлеу жолмен кетпейді. Ол ақын парасатын ашу үшін, поэзиялық суреттерді кейіпкерінің мінез-кұлқынан, поэзиясынан іздейді. Бұл ізденістері мейлінше сәтті шыққан. Ақын ағамыздың жүрегін жанартауға, жанын бесікке балап жырлауы жарасымды-ақ. Жырын Махамбеттің семсеріне, өлеңін бейбітшілік кептеріне балауы -Әбділдә ақынның поэзия биігіндегі орнына деген құрмет.

Ф. Оңғарсынованың патриоттық екпінге толы өлеңдері жинаққа ерекше салмақтылық беріп тұр. Ақын дүниеде болып жатқан оқиғалардан тыс қала алмайды. Олай болуы мүмкін де емес. Ақын өзі өмір сүріп отырған қоғамның, ғасырдың лүпіліне құлақ түрмесе, оның поэзиясы нәрсіз, рухани жағынан әлсіз, уығы шайқалған үйдей құлазып тұрады. Ал Ф. Оңғарсынова өлеңдерінің интонациялық лебінің өзі жер кіндігін тартқылап жатқан оқиғалардың тынысын сездіреді.

«Сұхбаттың» тағы бір қыры бар. Ол ақынның бүгінгі күн мен өткеннің арасын жалғау, сол қиын да арпалыс жылын жаңғырту жөніндегі жырлары. Бұған «Мүшәйра» куә. Ақын ақындар атынан жер, ел, адам тағдыры туралы толғанады. Мұнда автор поэзиясын айқындайтын үлкен ой бар. Аңыз желісіне құрылған ақындар айтысына бағзы замандардың қоғамдық өмірінің қайшылықтары айтылса да, оның бүгінгі күнге тікелей қатысы бар. Өйткені ақындар қоғамдық өмірдің қаталдықтарын ғана емес, адам бойындағы асыл қасиеттер мен пасықтықтарды саралайды. Әр ақын мейлінше шыншыл, батыл айыптауға тырысады. Мұндағы үлкен ерекшеліктердің бірі — қоғамдық болмыстың қоғамдық сананы билейтіндігі айқын көрінеді. Фариза сомдаған ақын кейіпкерінің әлеуметтік ортасына сай мінез-құлқы, өмірді тануы бар. Олар өмірді өз табының, қауымының психологиясымен түйсінеді. Мәселен, олардың бірі «неменеге кемшілікті тізе береміз, одан да қызықты қыз-келіншек ауылынан ізделік» деген ой айтса, екінші біреуі күншілдік туралы толғанады, енді олар «ханға да, қараға да қадірліміз, басқа не керек» десе, үшінші бірі шын талантты бағалай білмейтін зар-заманға нәлет айтады, төртіншісі кейде адамның тағдыры өзі мықты бола тұрса да, шені үлкен біреудің бір ауыз сөзінде тұрғанын әңгімелейді. Ал Айсара қыз өмірдегі және өнердегі әйел жолының жіңішкелігі туралы толғанады. Сайып келгенде халық тағдыры әр қырынан осылай бой көтеріп жатады. Осылардың барлығын Абыз түйіндейді.

Ақыннан асқан шыншыл жоқ,
жақыннан асқан күншіл жоқ,
ойсыздан асқан мұңсыз жоқ,

айтыңдар әділ шындықты:

у шашпай жырмен ғаламға
жемсауы - құдық заманда,
ұсақтық болса адамда –
ұшқын құй жырмен жанына

ұмтылсын алғы таңына...

Халықтың жүгін зіл батпан,

жеңілдет отты жырыңмен.

Күш-қуат ессін үніңнен,

халқына қайрат бере алмас

жылауық жырлар түңілген.

Ертеңгі күннің алауы

ұшқынын алсын бүгіннен!

Осы үзік-үзік үзінділер ақындық өнердің биіктігін, әділ таразы екенін айғақтайды. Бұл сол заман зары делік. Бірақ адам бойындағы қасиеттер түгел өзгерді ме. Әрине, жоқ. Қазір де арамызда күншілдер де, мансапқорлар да, халқынан гөрі өзінің жеке басының жайлылығын ойлайтын жандар кездеспей ме? Әрине, кездеседі. Сондықтан да «Мүшәйра» өміршең. Ол оқушысына ой салады. Ал ой сала білген өлең отты өлең екені белгілі. Адамның көңіл-күйі, сезім шуақтары «Сұхбатта» жақсы берілген. Әр өлең әр жерде шашырамай, жүйелілік құрған. Сондай жүрек лүпілін, көңіл ұшқындарын шашатын цикл «Революция және мен» деп аталады. Бұл қандай революция! Ең алдымен ол адамның рухани тазару жолындағы күресі. Өмірдің кейбір күйкі сөттеріне беріліп кетіп, поэзияның арналы жолында тосырқай бастаған сәтті байқап қалғандағы өзін-өзі қамшылатқан революция. Ақын:

Жаңғыруы үшін жанымда
миым ба, ой ма, қаным ба —
тоғытып топанды ағынға
ой берер жанға, жанарға

революция керек маған да!

— дейді. Сөйтіп, ол бойындағы керенау ойларды алмас қылыш ұшымен қақ бөліп, сурет пен сұлулық, мазмұн мен түр жарасқан тамаша жырларды әлдилейді. Бұл кеудесіне жүрегі сыймаған жанның жалыны, арыны, күйіп-жануы, сөнуі, ләззаты, сағынышы, көз жасы... Өйткені мұның бәрі адамға тән қасиеттер. Күйе алмаған, жана алмаған, сүйе алмаған, өкіне алмаған адамдар Бақыт пен Бақытсыздық дегеннің парқын түсіне алмайды.

Сайып келгенде «Сұхбат» Ф. Оңғарсынованың «Сандуғаш», «Маңғыстау маржандары», «Мазасыз шақ», «Мен сенің жүрегіңдемін» және тағы басқа жинақтарының заңды жалғасы іспетті. Кітаптың парасаты жоғары.

1982

АДАМ ДА ЖҰЛДЫЗ БОЛА МА?

Гүлсайран МЕЙІРХАНҚЫЗЫ,

6 жаста

Фәриза апаны білесің бе? Білмейсің… Ол деген… Ол деген… папамның бастығы… ол, ол… папам сияқты журналист, папам сияқты ақын. Көрсетейін бе, біздің үйде екі суреті бар. Біреуі сурет кәдімгі. Екіншісі кітаптың сыртында. Екеуі де түнде түскен сурет. Былай: қа-а-ап-қара түн, сосын әппақ Фәриза апа. Түннің ішінен қарап тұр. Сонда. Сонда… ол жұлдыз сияқты иә? Қыз-ы-ық! Жұлдыз сияқты… Адам жұлдыз бола ма екен?

Мен өскенде Фәриза апа болам.

1983

"ТІЛ АЛМАЙ ҚОЙСАҚ ҚАЙТЕДІ?.."

Мен ол кісіні өте жақсы көремін, бірақ кейде ұнатпай қалам. Оллаһи, шыным. Әр ұнатпай қалған сайын ішімде төңкерістер түрегелмекші болады. Бірақ сүт қайнатымнан соң ішімде екі сезім төбелеседі де, ақыры "апай ғой, ақын ғой!" деген сезім жеңіп шығады. Сосын, ішімнен кейіп отырсам да басым өзінен өзі шұлғып, аузым "апалап", көзім боталап шыға келеді-әй!.. Қатты өкпелеп, өкпемнің көзі тым шақырайып бара жатқанда да, өзім үшін "сатқын сезім" – ЖАҚСЫ КӨРУ ("Омонимдер" сөздігін қараңыз) жылап-еңіреп, жалынып отырып басып тастайды! А…

Мұның бәрі жақсы-ақ шығар, бірақ, медальдың екінші жағы бар. Ойлаймын-ау:

1. Бас шұлғи беру екі адам арасындағы қарым-қатынаста екі жаққа да жаман. Шұлғыған жаққа – "мырыңдаған мырық" етіп тастайтынымен;.

2. Шұлғу бағытталған жаққа – "менікі дұрыс" атты пікірдің жақын маңайын бұлтша көлегейлеп тастайтыны… т.т…

Е, "ЖАҚСЫ КӨРУ-дің осындай да түрі бола ма?" деген сұрақ туады. Барлық жақсы көру тарихында таяқты ылғи жақсы көретіндер дейді екен неге?

…Айтқанын алла-тағаланың аянындай көремін. Өкпемді ұмытып, тілін аламын ылғи. Соныма таңмын. Не сыр бар мұнда?

Егер жақсы көрмей қойсам қайтеді, тілін алмай қойсам қайтеді? А…

Кө-өме-ек-те-есің-де-ер-р!

(Автор атын қоюға жүрексініпті).

1 983

"ПАЙЗА АТА"

Дидар ЕРЕКЕҰЛЫ

4 жаста

Мен Пайза атамды жақсы көремін… Ол маған кәмпит береді. Мен қуанып оған… Бірақ кәмпитті күнде-күнде берсе ғой, қайдан…

Пайза ата мені бөлмесіне шақырады. Қалай барам, кө-ө-еп кісілер отыр. Сосын: "Әй, Гүлімжан, Дидар деген бала бар ма ана жақта!? Бар болса, сыртқа шығарып жібер?, -деді. Мен оған өкпеледім!

Абіләй аға маған: "Неге кірмейсің, неге кірмейсің?" – дейді. Кірейін десем ұрсысып қаламын ғой тағы да. Бірақ Пайза атамды жақсы көрем мен…

1983

АҚЫНДЫҚ — БІР БИІК ШЫҢ

Рысты ШОТБАЕВА

Өлең қай уақытта да өлең болып халыққа жетпек керек. Ерлікпен батырлықты жырлау өз алдына. Басы жұмыр адам баласы уайым-қайғысыз болған емес қой. Ақын өз көңіл-күйін қозғауымен қатар, өзгенің басына түскен қайғы-қасіретті де көре білгендіктен, жүректен шыққан сөз көңілдің сынығын басып көзден жас, жүректен қан ағызады. Міне, осындай өлең ғана - өлең.

Өлең - қуаныш, шаттықтың, шын махаббаттың да жыршысы. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай атамыз айтқандай, біздің елімізде өлеңге құмарлар аз емес. Әркім өз талантымен, өз бояуымен үн қосып келеді. Мен айтар едім: осы топтың алдыңғы қатарында қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынова тұр деп. Шүкіршілік, біздің ақын қыздарымыз аз емес. Олар халық ақыны, мемлекет сыйлығының жүлдегерлері. Байқап отырсаңыз, олар ешкімге ешуақытта осалдық көрсетіп, намысын аяққа басқызбаған.

Осы топтың арасында Фаризаның тағдыры да, талғамы да дараланған шағында, зерделі ақын топ алдында өнерін былайша жайып салады:

Дара күндерімнің,
нала түндерімнің
серігі болғаның үшін,
сенімі болғаның үшін

мен сені аялаймын.

Біреудің пасықтығынан,
біреудің жасып мұңынан
жүрегім сыздаған кезде
мен Сені саялаймын, -

деп басталатын ақынның екі томдығы алдымызда жатыр. Бұлай бастап жазу бір Фаризаның ғана сөзі емес, барлық ақынның ой-арманы. Ал Фаризаның бір ерекшелігі — өлеңде дәл осындай шындықты жайып салады. Қиындық жолында талмай еңбек ету керек екеніне көзіңді жеткізе толғайды. Өзінен үлкенге де, кішіге де ортақ тіл тапқан ақын өлең жолында бетегеден биік, жусаннан аласа. Фаризаның «Ағалар» деген өлеңін алсақ:

Ағалар барда демеген,

бәрінен биік шоқтығым.

Еркелеп өстім неге мен

әкенің сезбей жоқтығын, - депті.

Ақ ниетті адамдардың ағалық міндетін дұрыс түсінгенде саясындағы адамдардың қор болмайтынын ұққандайсың. Бұл жинақ әу деп оқылғаннан бастап поэзия теңізінің маржанын тергізеді. Көгілдір таулардың басынан жол алған күміс бұлақ толассыз, тоқтамайды. Өмір шежіресінің домбырасын ақырын шерте береді, шерте береді.

Достықтың, туыстықтың адамға айрықша қажеттілігін насихаттаған ақын:

Өмірде мынау менің бір

қоштаспас мәңгі досым бар.

Ол - менің жолым сенімді,

болашақтарға жосылған.

Шарласам түгел аймақты,
терсем де қырдың гүлдерін,
барсам да қашан қай жаққа

сол досымменен біргемін, - деген.

«Сырты алтын, іші күміс сөз сарасын, қазақтың келістірер қай баласы» дегендей, Фаризаның өлеңдері дәл осылай келістіре білгендіктен де әр қырынан жарқырап тұрады.

Фаризаның сүбелі шығармаларының бірі «Қасірет пен ерлік жыры» поэмасы.

Сәби көңіл жандардың жанын улап,

бітіспес кек-ызамен арамдаған.

Дөңбекшіді сонда жер қанға бөгіп:

«Не кінәм бар, адамдар, тағар маған? »

Адамзат жаралғалы Жер-Ананың көрмеген қорлығы бар ма? Жақсылықтан із қалдырып, жамандықты жым-жылас етіп жасырған Жер-Ананы адамдар жәбірлеуден арылмай келеді. Өзінің туған топырағын қорғау үшін талай ер жанын пида етуде. Әйтсе де Жер-Анаға тыныштық керек.

Бұл еңбегінде Фаризаның таланты асқақ көрінеді. Біз осы әсермен екінші томның бетін аштық:

Жаным дала, көгінен бұлт арылмай,
батпан зілдер басса да, жүр тарылмай,
шідерлеулі көңілді зулат, жырым,

баяғының кұс қанат тұлпарындай.

Жүрек жазбай жұптасқан ғұмырласым-
жыр әуенім суарған мұңым, жасым
ойсыздықтан өрекпіп тойғандардың

құлағына қайғы боп ызыңдасын.

Арман ағысының арнасы кеңи, төменге төгіле түседі. Мұнда, ең бірінші, ақын Сара туралы поэмасы көзге оттай басылады. Өмірден жылаумен өткен ақын Сараның тағдырынан қазіргі заман жастарының тағдыры мүлдем басқаша.

Оның таланты өзіне сор болды.

Жаннат жерде көрмеген таңдай қатып,

жыр жаннатын ұрпаққа жалғайды уақыт. Жүрегіме ән құйған, жасыл өлке,.

сенде туып, сенде өскен қандай бақыт!

Қазіргі казақ әйелдері бас бостандығына лайық қалай шалқимын десе де ерікті. Тек сол бақытты көтере білейік! Ислам діні әйел халқын өте қысымда ұстады.

Шариғаттың заңы бойынша ән салған, сурет салған адамдарды шайтан жолын қуғандар деп есептеді. «Майра» поэмасы - соның айғағы.

Жалпы айтқанда Фаризаның бұл жинағы қалай болса солай таңдалып алынбаған. Белгілі бір жүйеде, сондай бір жан тебірентерлік әсемдікпен жинақталған. Мәншүк пен Әлия, Ақансері, Бұқар жырау… өшпес тақырыптарды өлмес өлеңменен жырлай білген Фариза бірде заманымыздың ұлы жазушысы Ғабит Мүсірепов ағасына мұң шағады.

Жүректен шыққан жырлардан

жанымның жасы тұр тамып.

Тайпалып жортқан жорға арман

кеткендей менен бұлтарып.

Арманы бұлтартпайтын адам өмірде туған жоқ. Көркем келісімді бұл түйін де -шындықтың айғағы.

Тегі менің мойнымда мың қарыз бар,

соны ойласам соққандай шыңнан ызғар.

Соларды өтей алам ба, ертең мені

не күтіп тұр?

Алдымда тұр ма құздар?

Айтып қалғым келеді бүгін бәрін –

мың қарыз бар мойнымда, тыңдаңыздар.

Немесе:

Көре алмай іші күйіп, жар сабаған

тыржиып жақтырмасын барша жаман.

Ал менің намысымды сырттай жыртып

жүретін жақсы көріп қаншама адам! –

деп Фаризаның өзі айтқандай, ол бақытты ақын. Ол өзі ұстаған жолынан айнымай келеді. «Фаризаның жырлары мұң-налаға толы»,- дейді кейбіреулер. «Сан кісі мұңайсын»,— деген жоқ па еді Абай атамыз.

Бұл жинақтың ұсақ-түйек кемшілігі болуы да мүмкін. Мен өз басым оны көрмедім. Көрсем де көңіл бөлмедім. Ол бәрі бір жинаққа нұқсан келтірердей елеулі емес.

«Пейіліңді кеңге сал, егініңді өрге сал» дейді қазақ. Жақсылықтың жаршысы бола біліп, болашағына жол ашып қамқоршы бола білейік.

Фаризаның жинағын түгел оқып шықтым. Жолың бола берсін, Фариза. Көздеген мақсатыңа талмай жетуіңе тілектеспін.

Қорғалжын. 1983 ж.

ФӘКЕ, СӘЛЕМЕТСІЗ БЕ!

Алматыда өткізген күндеріміздің ақылы да, ажар-көркі де, ықылас-ырысы да өзіңіз болдыңыз; үлкен басыңызбен бізге көрсеткен мол құрметке көп рахмет!

Адамдығыңыз бен азаматтығыңызға бас иемін! Әрдайым осы қарапайым кең көңіл күйде жер бетінде ұшыраса берейік.

Құрметпен, Роллан Сейсенбаев.

Москва. 1983 ж

АҚЫННЫҢ ЖҮРЕК СЫРЫ

Нарша ҚАШАҒАНОВ

Жақсы ақын оқырманның рухани өміріне елеусіз еніп, жан дүниесін жаулап алады да, сол арқылы жақсылыққа баулиды. Жақсы ақынның жырларын оқыған сайын адам өзін-өзі ашады, өмірді түйсіне түседі. Ол оқырманның сағынғанда, қуанғанда, мұңайғанда, өкінгенде жүгінетін жебеуші - медетіне, сын сағатта сүйенетін, сенетін сыралғы серігіне айналады. Азабы аз емес ақындықтың бақыты да, бар мәні де осында.

Қазақ ақыны Фариза Оңғарсынованың өрелі, өрнекті өзіндік сыр-сипатымен, бітім-болмысымен өзгешеленетін өлеңдерін өміріне рухани тірек еткен оқырмандар әр қалада, әр ауылда бар. Жырқұмар жұртшылықтың сүйіктісі, бүгінгі қазақ поэзиясының дара даусы бар, танымал тұлғасының бірі - Ф. Оңғарсынованың жарық көрген әр кітабы - әдебиетіміздегі әдемі оқиға.

Әр сөзінің салмағы, сабағы бар сарабдал суреткер, академик Ғабит Мүсіреповтің «Сұхбатқа» алғысөз жазуын арлы ақынға, азамат ақынға берілген биік әрі әділ баға деп білуіміз керек.

Ф. Оңғарсынованың бұл кітабы — ақынның тіршілік туралы тебіренісі тереңдей түскеніне, ізденіспен ілгерілеп, ойшыл суреткер деңгейіне көтерілгеніне дәлел. Сөз бен сезімнің, ой мен образдың үйлесімі, сыртқы түр мен ішкі сырдың үндестігі, гуманистік пафос, ана тілінің бар қасиеті мен байлығын бойға сіңіру, жаңашылдық - Фариза творчествосының ешкіммен шатастырмайтын ерекшелігін құрайды. Дүниенің жұмбағын танып-білуге, қандай құбылысқа болмасын поэтикалық ой көзімен қарап, философиялық астар беруге бейім ақын кірлеген көңілді жан жаңбырындай кәусар сезіммен шайып, өзегін өртеген мұңы мен мұратын, сүйгені мен сүйсінгенін, түйгені мен түйсінгенін өлең етіп өре білген.

«Сұхбатқа» енген жырлардың тақырып ауқымы кең. Жақсылығын жалтақтамай таратар жақсы адамдар жайлы жарқын жырлар - аталмыш кітаптың ажары. Қоғамымыздың басты байлығы адамдар, туған жер тынысы, дала дидары - ақынның тұрақты тақырыбы. Бақыттың бесігі, байлықтың бастауы, достық мекені, ерлік алаңы, қырандар тұғыры -Қазақстан туралы тебіренісін Фариза ақын:

Ұл өсірген жанының оты жалын,

Аялаған үкілеп тотыларын.

Елдігіме нәр берген қасиетіңнен

айналайын, киелі топырағым, - деп түйеді.

Асқар Алатау, сал Сарыарқа, торғын кешті Торғай туралы топтамалар -үлкен жүректен шыққан сезім сәулелері.

Қыз мінезі қыр-сырының білгірі, зерделі зерттеушісі, жансүйер жыршысы Фариза - тағдырының «сұлулығын, күн текті ұлылығын» етене жақындықпен түсініп, сезініп жырлайды. «Тыныштыққа жаны алаң, жанары алаң, сәл кіреуке жүрегін жаралаған» нәзік жандарға - әсемдіктің, пәктіктің символы қыздарға арналған бұл өлеңдерде жан-жүрекке тиетін шуақты шумақтар аз емес.

Ес кетіріп сүю, еркелеу арқылы бір-бірінің көңіліне күдік сепкен адамдардың жүрегіне жылу әкеліп, үміт отын құйыңдар, нәзіктік шуағын шашыңдар деген ойларды тарата келіп, ақын былайша тұжырым жасайды:

Ескеріңдер, ертеңгі ел тағдыры,

Жер тағдыры сендердің қолдарыңда.

Адам болмысының асылын да, жасығын да жақсы ажырата алатын ақынның адамды сүюі алабөтен. Ғашықтық ғаламатын сезіну, сүйе білу парасаты тазалықты, талантты талап етеді. Фаризаның лирикалық кейіпкерлері құлай сүйеді, санамен сағынады, өнегелі, өлшеусіз махаббатымен тәнті етеді. Жалын атқан сезіммен, жан-тәнімен беріле:

Жақсы көру не деген керемет ең, - десе,
Жүректен шыққан жолдардан
жанымның жасы тұр тамып, -

деп ағынан жарылса, ақынға оқырман риясыз сенеді. Себебі, «махаббатсыз, сезімсіз көңіл жетім».

Жүрегінің жүгі ауыр, өмір сүруге де, өлең жазуға да өте-мөте жауапты қарайтын, қатты-тәттінің бәрін де жүрегімен қабылдайтын ақын баз біреулерге, бәлкім, өмірге өкпелі, сары уайымға салынғыш, арылмас мұңның адамындай көрінер. Алайда ақынды айыптауға асықпай, түсінуге тырысу керек. Әйтпесе, «ақындықтан не пайда, сөз ұғар елің болмаса». Күрмеуі көп күрделі өмірде адам болып жүру адам болып қалу - ауыр сын. Тағдыр жолы тақтайдай тегіс емес, адам жаны айнадай мөлдір емес. Мұның бәрі ақын көңілінде көрініс береді. Жұдырықтай жүрекке жұмыр жердің салмағы түскен бір сәттерде ақын:

Тағдыр жайлы, ел жайлы, қаза жайлы,
өмір жайлы, дос жайлы жаз арайлы
жақсы, жаман ойлар кеп оңашада
маған тыным бермейді,

мазалайды, - деп толғанады.

Жақсы адам болудың, жақсы ақын болудың екі ауыр теңі бірдей артылған соң «ойын арзан, күлкі қымбат» болып кететіні де кәдік. Ақиқатты тануға, адамдардың астарын ашуға өмірін де, өнерін де арнаған адамның қуанышынан мұңы көп болып жатуы мүмкін.

Өмір - тартыстар мен күрестер драмасының сахнасы. Уақыт жаңғырып, ұрпақтар жаңарып жатқанмен, өмір заңы өзгеріп кеткен жоқ. Ақиқатты тануда ақырғы пікір, аксиома деген болмайды. Әр ұрпақ, әр адам, әр қаламгер өмір заңын өзгеше ашады. Ақынды алаңдататын, ауыртатын қиын түйіндер қай заманда да аз болмаған, әлі де жеткілікті. Жыр жарысы - мүшәйраның дәстүрін жаңғыртып, сол сарынмен жазылған өлеңдерде өмірдің мәні пайымдалады. Әңгіме мүшәйрада немесе қай ақынның қашан, не айтқанында емес, тірлік тартысындағы жақсылық пен жамандықтың мәңгі бітіспес мылтықсыз майданының ақынның (мейлі, ол қай кезеңде өмір сүрсін) бейтарап қалмайтындығында.

«Мүшәйра» жырлары — адамзатқа ашық хат, ақын жанының ащы айқайы. Бұл өлеңдерде ақын от басы, ошақ қасының шек-шеңберінен шығып, адамзатқа ортақ биіктен ой толғайды. Бұл жырлар - азаматтық парыз, адам болып өмір сүрудің мәні, сезімдегі таңғы шықтай тазалық туралы «жүрегінің түбіне кір жасырмай» айтқан ақиық ақынның сөзі, ақиқат үні.

«Ошағым - оқшау құрлығым», «Достар - айдын, ел - кемем» атты тарауларда ақынның мөлдір мұңы мен жан сыры жыр моншағына тізілген. Бұл тарауларда - творчествосы толысып, кемелденген ақынның сөздің сөзі мен сезімнің сөлінен сүзіліп шыққан дүниелері. Әсіресе, «Ошағым - оқшау құрлығым» тарауы қалғып бара жатқан жігерді жаныр, салқындап бара жатқан көңілді қозғар, самарқаулықты сілкіп-сілкіп жіберер, жаныңды сезіммен құнарландырар қуатты жырлардан құралған.

Тұтастай алғанда, кітапта көркемдігі кемел жақсы жырлар көп те, жауапсыз жазыла салған жасық жолдар аз. Тегінде халыққа қадірі артқан сайын қаламгердің қасиетті борышы биіктей, әрі жүгі ауырлай берсе керек. Өзіне қашан да қатал сыншы болатын ақынға оқырман сенімі ортаймақ емес.

«Сұхбат» - сан сауалға сарыла жауап іздеген суреткердің өмір жайлы, адам жайлы, қоғамдық-әлеуметтік құбылыстар жайлы оқырманмен ой бөлісуі, жүрек сыры. «Сұхбат» - уақыттың өлеңдегі көрінісі ғана емес, суреткердің де дүниетанымы, рухани өмірбаяны.

Жамбыл облысы. 1984 жыл.

Сәлеметсіз бе, менің аса зор құрмет тұтушы ақыным?! Аман-сау жүріп жатырсыз ба?

Сіздің жазған хатыңызды алғандағы қуанышымды қалай жеткізсем екен, көп-көп рахмет! Рахметті қанша қайталасам да жеткіліксіз сияқты. Әрине сізге хат жазып тұрушы көптеген жастың болуы әбден заңды. Сол көп хаттың бірі болып еш жауапсыз қалмай өз хатымның жауап әкелгеніне қуаныштымын. Сол хатты қаншама уақыт ойланып-толғанып жүріп жазайын деген шешімім бойынша жазып салып жіберсем де "жалғыз мен бе, талайлар-ақ, (оқырмандар) хат жолдар, соның бәріне бірдей жауап жаза берер деймісің" деген ой мазалап, өзімді-өзім "бекер-ақ жазған екенмін деп" өкініп те жүрдім. Сізден жауап келмегенде Сізге деген сүйіспеншілік көңілдің бір мысқал да болса азайып қалуы мүмкін ғой. Керісінше өзіңіз жазғандағыдай "онша жылы да емес" хатыңызбен мен сізді бұрынғыдан бетер жақсы көріп бара жатқанға ұқсаймын.

Адам баласы қашан да көз жұмып өткенше күйбеңі таусыла ма, оның үстіне газет жұмысының оңай еместігін көріп те жүрмін. Сонда да болса үзбей хат жазысып, таныстықтың ең биік шыңына жетсек деген тілегім бар.

Сізге әр уақытта шексіз бақыт, таусылмас шалқар шабыт, творчестволық зор табыс тілеймін. Қашан да өз әріптестеріңізден жоғары көріне берсеңіз екен.

Сәлеммен Рақыш.

Жезді поселкесі.

30 қыркүйек 1984 ж.

ЖЫР — ЖҮРЕК ДҮРСІЛІ

Ертай АШЫҚБАЕВ

Өмірді, жұмыр жерді мекендеп жүрген төрт миллиард көкіректің әрқайсысының әрқалай түсінетіні бар. Ал ақын болып өмір сүру сол өмір жайлы түсінігін жалпыға ұғымды етіп айтып беру екі есе ауыр. Жиырма төрт сағат тәуліктен күнделікті сегіз сағаттық жұмысқа, күтпеген жерден киліге беретін қисынды-қисынсыз шаруаларға, тұрмыс-тіршілік қамына кететін уақытты қысқартқан кезде өлеңге тиер енші тойда таратылар жыртыстың бір пұшпағындай көлемсіз көрінер еді. Сонда да болса сөз өнерін мәңгілік серік ету - ерлік. Ерлік дейтін себебіміз өлең, ақ қағаздың бетіне тасқа басылып пәленбай тиражбен тарап кететін өлең, ақынның өз жүрегінің ғана емес, өзге жүректердің де дүрсілі болуы керек. Сондықтан да Фариза:

Өзге мұң, өз жырымның ортасында

өмірім өртенумен өтер менің, — десе, сенеміз.

Осы екі жолда көп мағына жатыр. Астарына терең үңіле қарасаңыз, азаматтық белсенділік арқауының түйіндісін осыдан тауып алар едіңіз. Себебі, Фариза өлеңге өзек болар субъектіні шыңырау мұхиттың түбінен, не болмаса биік бұлттың арғы жағынан іздемейді, өзі өмір сүріп отырған қоғамнан, сол қоғам мүшелерінің көкірегінен табуға тырысады. Ал, қоғамның адамгершілік тұрғыда қандай дәрежеде, қай бағытта дамып келе жатқанын айналамыздағы адамдар санасы арқылы ажырататынымыз және рас. Демек, адамға ауа мен су қандай қажет болса, «артында өлмейтұғын сөз қалдырғысы» келетін ақынның өз жырына өзгенің мұңы сондай қажет.

Фаризаның осы пікіріне ұқсас тағы бір ойлары бар:

Жаураймын нәрін жұтпасам

қимасым болған қайғының.

Бұл не, торығу ма, түңілу ме? Олай емес. Ізгілік үшін күрес әлі жүріп жатыр. Сарайдай үй салып, жұмсақ көлікке мінгеніне мәз болып жүргендер, әрине, ойсыз өмір кешеді. Олар, қажет десеңіз, өз ошағының артықшылығын басқа ошақтың есебінен құрап отырғанын да түсіне бермейді. Осындайда Абайдың «ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деген сөзі еске түседі. Фаризаның айтып отырған қайғысының түп негізі сол «ой» болуы керек. Ақын өлеңінің өміршеңдігі әлеуметтік ойлы да орынды пікір айта білуіне байланысты. Ақын қашан да, қандай жағдайда да адам санасын жаңғыртушы, ақ пен қараны таразыға тең тарта білер, күрескер болуы керек. Өмірде кездесетін күмәнді сұрақтарға бас ауыртпай «менсіз де айтыла жатар» деп бұлтаруға немесе «осыны жазсам, осылай жазсам, әлдекімдерге ұнамай қалармын» деп жалтақтауға ешбір ақынның хақысы жоқ. Тіпті әріге барсақ, бұл - әрбір адал азаматтың міндеті. Азаматтық лириканы солақай түсіну поэзия дамуына қаншама зиянын тигізгенін көкей-көзі ашық оқырман қауым жақсы біледі.

Біздің кейде мәселенің байыбына бармай сырттай тон пішетін әдетіміз де жоқ емес. Дегенмен өмір - өзгеріс, өзінің жаңа терминдерінің мазмұнын қалай ашу керектігін үздіксіз үйретіп келеді. Соңғы жиырма шақты жылдың жүзінде ғылыми-техникалық революция деген атауға әбден тіл жаттықтырып алдық. Ал, Фариза өз "революциясында" бұл терминге мүлде басқа тұстан келген. Бұл - адамның жан дүниесіндегі, рухани қалыптасуындағы революция. Және мұны ақын оқушымен ашық сырласа отырып баяндайды. Тың революциялар әкелген XX ғасырдың планетамызға сыйлаған жаңалығы мол. Соның бірі — адамдардың психологиялық өріс-өлшемінің қайтадан кесіліп-пішілуі. Қауырт өркендеген өркениет қазақ халқының тіршілік жайлы таным, түсінігін түбегейлі өзгертті. Қой құрттап, ірімшік ұйытуға ғана жаралған самарқаулық әлдеқашан жойылды. Сондықтан Фаризаның:

Жаңғыруы үшін жанымда
миым ба, ой ма, қаным ба -
тоғытып топанды ағынға
от берер жанға, жанарға

революция керек маған да! - деуі әбден орынды. Себебі, революция ақын үшін жердегі жеке сарынды қалыпқа салған тірлікпен «бітісе алмау» екен. Жалпы ақын творчествосында қоғам өркендеуін бақылайтын қырағылық бәсеңсімеуі керектігі көптеген шумақтарда ақ алмастай жарқ-жұрқ етіп көрініп жатады.

Бастауларды бітейтін жолын бөгеп,
көлбегендер өмірдің төрінде ерек
данышпансып, күнгейдің талмап нұрын,
ұғуы үшін қаңбақтай салмақ құнын

революция дауылы соғу керек.

Иә, өмір таразысындағы өз салмағын, өз құнын білмейтіндер басқаның қадір-қасиетін бағалай алмас та. Сол себептен де әр адам «мен кіммін» деген сұрақтың төңірегінде толғануға мүдделі.

Егер:

Қажетсіз сезсең өзіңді

өмір сүрудің мәні жоқ.

Ақын қаламына қуат берген туған елдің тұтас бейнесі де көркем. Елін емірене сүйген ақын ғана осылай жырлай алмақ.

Елім менің шуақтай бесіндегі.

Ұлы Отанның қысқаша дәйектемесін ақын осындай ұғымға жеңіл бір жолмен айтып берген. Осы арада айта кету қажет, Фаризаның жырларында ұйқасты бұзып - жарып жаңалық ашу, немесе, біреу біліп, біреу естімеген сөздердің жиынтығын құрап эксперимент жасау сияқты әрсіз әдістің қолтаңбасы байқалмайды. Оның тақырыптық та, мазмұндық та, әріге кетсек, түр ізденістері де бүгінгі поэзия талабына сай қарапайым, шебер тігінші пішкен көйлектей қонымды.

Шолпан жақтан базарлық күтетіндей

көгершіндер жол тосып жүр аспанда.

Бұл - Байқоңырдан бейбіт мақсат корабльдерін ұшырып жатқан елдің бейкүнә аспаны.

Енгендейсің ғажайып ән еліне,

жоқ, саясат, топтардың әлегі де.

Мұндағы елдер ешқашан қол сұқпайды

бір-бірінің ішкі істер әлеміне.

Бұлар - қамсыз-мұңсыз күлкіге батып, шат-шадыман өмір сүріп жатқан бір атаның - бір Отанның балалары.

«Тыныштық күйге түссе, қайраңдағы балықтай тұншығатын» ақынның жаңа жыр жинағы - бүгінгі қазақ поэзиясының биікте тұрған дүниелерінің бірі. Тақырып ауқымы да кең: Отан, революция, болашақ, ұрпақ қамы, бүгінгі өмір салты. Осыған қарап, оның:

...Мылтық, бомба қажетсіз! Бірақ, бүгін

тек қарусыз қалмасын асыл жырлар! - деген ақындық кредосына қосыламыз. Фариза Оңғарсынованың «Сұхбат» - жинағы қазақ поэзиясының өмірбаянындағы ұрпақтар көңілін елең еткізетін дүние.

Ақтөбе. 1984 ж

Фото 82

ҚАНАТТЫ ЖЫРДЫҢ ҚАРЛЫҒАШЫ

Мереке ҰЙЫҚБАЕВА

Өмір поэзиясының өрімін саралай таратқанда өнердің ең тамыр ұстар басты қайнар тұнығы сезім мөлдірлігі десек, ол қашанда нәзіктікпен астасып жатады. Халық мұрасының қайнары - фольклорлық нұсқалардың өзіндегі толқымалы тұстарда да әйел жанының пәктігі өмір поэзиясымен ұштасып, жүректі шымырлатады. Жарын сағынған, арманына жете алмаған Төлегеннің өз алдына - ғажайып дүние көрінісі «әуеден ұшқан алты қаз» болып елестейді. Соның барлығы тек поэтикалық образ ретінде ғана бағалы емес, әйел жанының, махаббаттың, оның асыл қасиеттерінің бейнесі. Әйел адамның жан дүниесі жомарт әрі кірпияз. Сан қилы сезім толқыныстары оның жүрегі арқылы өтеді. Сондықтан да қолына қалам алып, жыр толғаған әйел затының рухани байлығы, ой-қиялының болмыс-бітімі, тереңге тамыр жайып, барынша толық шешек атады. Ол -ана, жар, әсемдіктің үлгісі. Асыл махаббатты оятқан, өмір сыйлаған, бақыт отын тұтатқан әйелден асқан қасиетті ұғым жоқ. Ал ақын әйел - болмыстың ерекше сыйы. Қадым заманнан тек поэтикалық шығармалардың кейіпкері болып келсе, қазір олардың өзі көкірегінен жыр құсын ұшырып, қоғамдық іске белсене араласады. Ақыл-ой ағымының арнасына үлес қосады. Өмір кұбылыстарының ішіндегі жұлдыздай жарқыраған жандардың жұлдызы қашан да жоғарыдан өзіне тартып, ынтықтырары белгілі.

Қазіргі ғылыми-техникалық заманда адамның мүмкіндігіне шек қойылмайды. Ал әйел жанының серігі - өнер. Бұл ретте интеллектуальдық өресі биік, жан қуаты жігерлі, жүрек отын үрлейтін ыстық лепті, әр құбылысқа зер сала қарап, байсалды бағалайтын ақын Фариза Оңғарсынованың поэзиясы ерекше дараланады. Ол өмірдің көріністерін ерекше әсермен қабылдай білген ақын. Бүгінгі күннің әр тынысын дөп басып, толғана жырға қосады. Фаризаның поэтикалық әлемінің қуатты күші де осында. Жасандылыққа жаны жат. Нені жырласа да, беріле, жүрек толқынын тербете жырлайды. Әсердің өзін әсірелемейді, нақты әрі бейнелі суретпен өрнек салады. Ақынмен қоса оқырман да тебіренеді. «Әсершіл ойдың лүпілін дөп басатын жандарды сенің көзің мен ақылың қашанғы етжақынындай өзіне тартады» деген ағайынды Гонкурлардың пікірі де тікелей Фариза Оңғарсынованың творчествосына қаратылып айтылған іспетті. Бұл қасиет оның төл туындыларының, Отан туралы толғаныстарының салмағын арттырады. Фаризаның өлеңдеріндегі азаматтық асқақ үн халық ақындарының (мысалы Махамбеттің) творчествосындағы озық үлгімен сабақтаса өріледі. Бұл озық үрдіс тек ұлттық дәстүрмен ғана шектелмей, орыс поэзиясындағы Маяковский сияқты тарлан ақындардың творчествосымен де тығыз байланысты өрбігені анық.

Қазіргі қазақ ақындары фольклорлық үрдісті өз шығармаларында пайдалана отырып, әдемі өрнек жасауға ерекше зейін қояды. Әсіресе, азаматтық сипаттар басым, жыраулардың елді бірлікке шақырған, бейбітшілікке үндеген еркін толғаулары, шешендік үлгілері айшықтана көрінеді. Ондағы суырып айтқан отты жырдың еркін ырғақтары бүгінгі жазба поэзиясындағы тың леп болып табылады. Мұндағы ішкі иірімдер тек ырғақ, түр жағынан ғана емес, сондай-ақ образдық бейнелерде тоғысып, жаңа мазмұнға, соны сипатқа ие болып, рухани өмірдің құбылысын бейнелейді. Бүгінгі қазақ поэзиясындағы қанатты жырдың қарлығаштарының бірі Фариза Оңғарсынованың творчествосының күре тамыры тікелей кең өрісті үрдіспен сабақтасып жатады. Ақынның ізденісі жыл сайын формалық, тақырыптық жағынан ғана емес, философиялық тұрғысынан да, ойды образбен бейнелеу жүйесінен де терең тамыр тартып, әлеуметтік астарды аша отырып, тамаша поэтикалық туындылармен оқырмандарды сусындатып келеді.

Азамат ақын туған жерін сүю арқылы ғана биік тұғырға көтеріле алады. Фариза жыры алғашқы баспалдақтарынан бастап ашықтығымен, еркіндігімен, сыршылдығымен баурайды. Арманшыл жүрек ақ сырын ағынан жарыла ашық үнмен, елінен еш пікір бүкпей тура айтады. Өткірлік - өлеңнің серігі. Құс-көңіл шалқи тебіреніп:

О, туған жер,
кеңпейіл құшағың кең,
саған көңіл бұлқынар күш ағынмен,
сағынышымды қанат қып саған қарай

балапандай талпынып ұшамын мен.

Алақаны анамның - топырағың,
сендік махаббатымның оты жалын,
сені қалай сүюдің керектігін,

мен ешқандай кітаптан оқымадым.

Сенде тас та қастерлі, аспан да алау,

сенде жанды тербетер дастан бар-ау.

Менің мынау өмірге құштарлығым

сені жақсы көруден басталған-ау.

Кешірме сен,

жат қылықпен жаныңды жараласам,

бар сырымды бүкпесіз саған ашам.

Мен ел кезіп кетермін отансыздай, -

үмітіңді ақтауға жарамасам, - деп жырлайды.

Фариза тек ойын ашық айтуға ғана құлшынбайды. Соны бейнелі суретпенен өрнектеп, әдемі кестелейді. Зады поэзияның қасиеті мен қадірі әуезділігімен, әсем теңеулерімен сиқырлы күш дарытады. Сол сиқырлы әлемнің ішіне шақырып, шынайы сезімге бөлейді. Сағыныштың қанатын жайып, балапан болып талпынып, туған жерге қарай қанат қағуы қандай жарасымды! Немесе ананың алақанын туған топырағына балауында қаншама астар, тереңдік жатыр. Ананың мейірімді, ыстық, бәрінен жақын, ең аяулы нәзік махаббатының бейнелі баламасы. Ұлы сүйіспеншілікке ие болған адамға жүктелер аманат та зор, талап та биік. Үмітті ақтамаған азамат қашан да атамекеннің алдында именшек. Ендеше Фариза ақынның бұл өлең жолдары туған жерден түлеп ұшқан көңілмен оны мәңгі аялай білуді, биік асқарларға ұмтылыспен, сол асқарды өзі ант етіп, азаматтық мақсат қояды. Егер дәлірек айтсақ «Мен ел кезіп кетермін отансыздай, үмітіңді ақтауға жарамасам» деуінде атамекенге деген адал перзенттің серті бар. Ол тек көгершін-көңілдің өрлігі емес, ақындық парасаттың парызы. Поэзия табалдырығын осындай өр әрі ойлы өредегі өлеңмен көмкерген Фариза нәзік әйел жүрегінің тазалығын сақтай отырып:

Шынымен болып жүрсе жаның ғашық,

сен маған жалынбашы, табынбашы.

Ер мінезді жігітті ұнатады

осы бір қарындасың, - деп ақтарылып, жан мөлдірлігін жанының туы етеді. Бұл арада еркін ескен желдей еркіндіктің де, жібектей созылған нәзіктіктің де, биязылықтың да лебі еседі. Ашық мінезі ажарына жарасатын адал әйелдің бейнесі елестейді. Ұяла тұрып, бар шындықты жасырып қалмайды. Өйткені сүйгендердің сезімі сыйлықпен, жалған сырбаздықпен өтелмейді.

Онсыз да бір өзіңсің барым асыл,

онсыз да өзің менің қанымдасың, жанымдасың.

Ешқашан саған деген ақ сезімді

қалмайды сағым басып.

Өзіндік өр үнімен өлең өлкесін аттаған Фаризаның лирикалық геройынан алғашында еркекшора мінезді қызды көргендей тіксіне қалып, жанына жат қабылдағандар да кездесті. Алайда ақынның рухани толқынысы буырқанып, бар болмысымен шешек атқанда ғана жыр маржанының ділін танып, жасандылықсыз асылды көргендей сүйінді. Енді Фаризаның өткір, ашық мінезді лирикалық Мені поэзиямыздың болмыстық қасиетіне ұласты. Жырдан жырға, жылдан жылға, жинақтан жинаққа жан толқынының тұнық тұмасын буырқанта төгіп, «асау толқынға» жалғасты.

Ақынның лирикалық геройы тек ашық мінезімен ғана өзіне тартқан жоқ, әлеуметтік астармен әдіптеліп, әйел жанының болмысын бар қуаныш-күйінішімен, бақытымен, тауқыметімен, нәзіктігімен, пәктігімен жырлап, сырлас құрбыға, байсалды досқа, жан серігіне айналды. Мейлі анасымен, мейлі замандастарымен сырлассын, бәрінен де шынайы сезім тұнығы шымырлап шығады.

Ана,

жалғыз арқалап тағдыр жүгін,

кең әлемде өзіңсіз қалдым бүгін.

Сен ұйқыдан оянып қарсы алушы ең

алғашқы таңның нұрын.

Таң келеді бүгін де, жаным анам,

жалғыздықты жолдас қып тағы маған.

Елжіреймін сені ойлап, тек өзіңді

осылай сағына алам.

Жүрегіме түскендей жара-таңба,

жетіспейді мейірім – алақан да…

Қайда жүрсем күн сайын шырт ұйқыдан

оянам таң атарда.

Таң атарда еске алам күнде сені,

көмейіме тығылып мұң кесегі.

Көз алдымнан кетпейтін нұр бейнеңмен

жүрегім тілдеседі.

Көк орманды бұлбұлмен үндес едім,

жесірдеймін тарқатар түнге шерін.

Өмір кешіп, қалғандай жұртта жалғыз,

жырыммен тілдесемін.

Ақынның жан жүрегінің езілуі сендіреді. Сағыныш – қашан да өмір серігі. Соны тұсамай, еркін шешеді. Өз көңілінің көлеңкесін бүкпесіз ашады. Жыр арқауы тек ақынның лирикалық геройының мұң-наласы емес, исі адам атаулыға ортақ көкірек сағынышы. Өз анаңды ойлайсың, оның оңашада басыңнан сипап, еркелеткен аялы алақанының жылуын еске аласың. Фаризаның өлеңдерінің барлығы бір бояудан тұрмайды. Сан алуан әуенге, түрлі-түске қанық. Бірде жалынды сезім отына өртесе, бірде қуантады, бірде сергітеді. Ұсақ-түйек нәрсеге, болмашыға алдандырмайды. Биікті нұсқайды. Қашан да азаматтықты алтын өзегі етеді. Өмірдің өзі сияқты қилы құбылысқа толы әйел мұңына азаматтық сипат береді.

Байеке, жаралғансыз нық тұғырдан,
ел билер ерлер ғана жұртты ұғынған,
ұрланған бір жылқыны мен төлейін,

жігітті босатсаңыз тұтқынынан.

Қуарып көгал қалар бұлақ кепсе,

есейіп ер шыңдалар сынақ шексе.

Байлығы, бағы барға сөз бе, тәйір,

жігіттің тақымында бір ат кетсе!

Толғанмен толқынданып жылға малға,

өмірдің сындары көп тұрған алда.

Біреу бай, біреу жаяу, біреу мықты,

теңдікке дала тапшы бұл заманда.

Ел бастап, ат мінгенмен кем-күн бүгін,

жарытпас, сезе алмаған ел тірлігін.

Бостандық-тұңғыш байлық бұл далада,

жігіттің қайтарыңыз еркіндігін.

Бақ деген, байлық деген - жанға қонақ,

шығады ажал бір күн алдан орап.

Азабын тартқан ел де қуанады

ұшқанда алтын тақтан хан домалап.

Мейірім - басты ұраны ерікті елдің,

бір жолға жас жігітке ерік бергін.

Далада қыз тілегі қабыл ғой деп,

сіздегі мейірімге сеніп келдім.

Жаңа ғана анасының бейнесін сағынып отырған ақын жүрегі намыс жолында аруақтанып сала береді. Ер жігітті бір күлте жалға бола қорлық шектіргісі келген байдан қыз қорғайды, арымен қорғайды. Ақын Сараның аузына салған осынау намысты, қайратты сөздің парасаты, кеңдігі кез-келген пысыққа, жалған намыс қуған жандарға үлгі боларлықтай. Өз басының бостандығын қорғай алмаған Сара азаматтың ары тапталғанда жаны күйіп, араша тілейді. Фариза поэзиясындағы әйелдер стихиясы күреске толы. Бұйығылық, не нәзік мұңға берілу, бір сарындылық кездеспейді. Әр көңілдің қыл ішегін шертеді. Жай әйел емес ел намысын ойлайтын азамат.

Жаны ізгі жақсыларға жырым несіп,

аққудай жүрмін айдың нұрын кешіп, -

деп еркелеген ақын көңілі, әйелдің нәзік жаны өз басының мұңына келгенде сәл жасып, ағасына мұңын:

Басыма тағдыр құрық салды ма шын,
арнайтын аға біткен бар мұрасын,
көтеріп ат үстінен алушы еді,

жылатып қоя ма енді қарлығашын? — деп шағады. Егер осы арада Сара алғашқы ер жігіттің мінезіне кешу сұрағандай өктем үнмен тіл қатса жалаң естілер еді. Бұл арада Фариза ақын Сара ақынның «Келгенде өз басыма шықпайды үнім» дегенін емеурінге алған. Қашан да қазақ қарындасын қарлығашқа теңеген. Ол -халық көкейіндегі, сонау «Елім-ай» әнінен бастап жүрекке ұялаған образдық тұлға. Бұл арада сол халықтық бейнені енді өзгеше астарынан көрсетеді. Ән мен жырдың думаны Сара өз бақыты үшін күресе біледі. Даланың төсін еркін кезген қарлығашты елестете келіп:

Кешсе де қиын жолда ызғар, батпақ,

далада әйел сүйген, қызды ардақтап.

Таңдаймын қалауымды! Еркімді бер,

табамын дала кезіп, құздарды аттап! — деп шарықтап, эпостық шығармалардағы ержүрек аруларға тән ірілік бейнесін емеурін етеді. Фаризаның лирикалық кейіпкерлеріне тиесілі ерлік сезіледі. Ол ешқашанда тағдырдың тезіне күрессіз берілмейді, қанаты талғанша ұшады, демі жеткенше бар дауысымен шағына айқайлайды, мертіксе де күресіп, қарсыласып өтеді.

Ақынның мұқым творчествосындағы басты лирикалық герой - әйел. Тағдырдың талай тауқыметін тартқан, соған қарсы күресе білген Сара туралы «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», ән еркесі Майра жөніндегі «Тартады бозбаланы магнитім», ғашығына қосыла алмаған «Ақбөбек жырлары»-Фаризаның ақындық, азаматтық ой-парасатын танытатын кесек дүниелер. Онда еркіндік те, еркелік те, егілу де бар. Әйел тағдырын арқау еткен «Сенің махаббатың» атты жыр шығаруы бұл саладағы творчестволық ізденістің кездейсоқ еместігін дәлелдейді. Жыр кешегі күнгі мұңлы жандар ғұмыры емес, бүгінгі әйелдің бақыт, қуанышы, өмірдегі, өнердегі шоқтығы жыр болып төгіледі. «Дыбыстар әлемінде» композитордың сұлу сазға ғашықтығы музыкалық аспаптардың үндестігімен беріледі. Қазақ ақындары ертеден өзінің домбырасымен, қобызымен сөйлесіп, сол арқылы айтар ойын елге жеткізген. Сол үрдісті ақын жаңа қырынан пайдаланған. «Бибігүл-ән» де толғаудың, «Шаңырақ туралы жыр немесе жас ананың әндерінде» халық ауыз әдебиетіндегі әдемі өрнек тапқан бесік жырының әуені бар.

Айналайын, бөбегім,

аймалайын, бөбегім.

Анашыңның гүлі боп,

жайна дәйім, бөбегім, - деп еркін есіледі. Ырғақтан да, образдан да халықтық тыныстың исі аңқиды.

Шынайы сезімнің тұнығынан шымырлап шыққан шумақтардың бойынан асау мінезді аңғару Фариза поэзиясының әлемі үшін кәдімгі заңдылыққа жатады. Менменсуден, құр кеуде қағудан немесе бет жырта ашынудан аулақ. Тәкаппарлықтың табы танылғанымен де сырласын сыртқа теппейді. Ыстық қанның қызуы қариды. Шындықты бетке айта отырып, жақсы көреді. Мұндай ерке мінезді лирикалық герой Марина Цветаеваның жырларында тұтастық тапқандай еді. Фаризаның жыр әлеміне жасықтық жат. Бұйығылықтың, егілудің ізі сораб тартпайды. Лирикалық кейіпкерді сілкіндіріп, сезімін сергітеді. Шалқыса шалқарға шарықтайды, еркелесе де ойындағысын айтады. Көңілінде қылаудай жасырын сыр қалмайды. Көне қазақ поэзиясындағы сөзден бұғағы бүлкілдеген жыраулардың поэтикалық екпіні мен бейнелеу образдарының тұтастығы нышан танытады. Махамбеттің рухани жалғасы іспетті жыр құстары Фариза көкірегінен қанат қағады. Бұл ретте ол өз тұғырының томағасын жүрексінсе де жасқанбай ашады.

Мен қорықпаймын

сұсты тұлғаларыңнан, асқарларым,

жанартаулардан лапылдап шашқан жалын.

Көңіл - сұңқар емес пе - келеді ылғи

асқарлардан да әрі асып аспандағым.

Өршіп қайта жаныма от алмасам,
мен әйтеуір құздардан жасқанбадым,
сезем - талай жанардан жас парларын,

тарлау жолда тайғанақ тастар барын.

Шырқау деген - шыңдардан құлау емес,

жасыма тек, жас құсым - жақсы арманым!

Сұңқар көңіл самғайды. Ол қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі бейнелік сипат алатын үлкен ұғымға ұласады. Жалпы құс бейнесі қазақ ақындары үшін, оның ішінде Фариза үшін, ақынның өмір танымындағы өмір танымдық философиясы ретінде тартылады. Әр жолы қолданған сайын қайталанбас соны мағынаны суреттейді. Поэтикалық тәсілдің де, жан күйзелісі мен қуанышының толқынын сездіреді. Көңіл иірімінің ағысына қарай құс бейнелері де өзгеріп отырады. Қазақ халқының фольклорлық дәстүрінде адалдықтың, махаббаттың, қыран - еркіндіктің, бұлбұл - өнердің, сандуғаш - әннің, сағыныш-қанаттың баламасы. Фариза осы дәстүрлі бейнелерді лирикалық кейіпкердің тебіренісімен астастыра, қабыстыра шебер қиыстырады.

Аққу құс ем, қос қанатым қырқылды,

қансырап талпындым да, ұша алмадым.

Міне, осы образдан арманына жете алмаған әйелдің өкінішті өксігін аңғарамыз. Аққу -сүйіспеншілік сезімі, арман құсы. Енді сол жанның арманы кесілді, үміті өшті, жүрегі жараланды. Әрине, ақын осы ұғымдарды астарлап, аққуға теңемей-ақ жеткізуіне болады. Бірақта, қасиетті құстың бейнесінде ол ерекше әсерлік сипатқа ие болатынын Фариза нәзік жанның сезім толқыны арқылы сезінеді.

Қанаты сынған қырандай

әйтеуір жүрмін жер басып...

Жаңағы егілу қос тармақта өзгеше мағына танытады. Еркіндіктің символы - сұңқар. Алдыңғы шумақта тағдырға налыса, өкініш уыты әлі басылмаса, мұнда бәріне көнген шарасыздық бар. Еркіндігінен айырылған қыран тәрізді. Ол - жаралы, ем де іздемейді. Топшысын тағдыр уатқан. Құс бейнесі - Фариза Оңғарсынова үшін тура мағынасында әсерсіз. Ал адам тағдырымен астасқанда ерекше философиялық тереңдікке жетелейді. «XX ғасырда метафоралық образ жаттанды сөзден қашудың тәсілі ретінде ерекше мәнге иеленіп, тура және символикалық мағынасында емеурін арқылы түрленіп, жаңа тыныс әкелді», - деп пікір білдірген Е.Ермилованың сөзі ақын шеберлігінің ғана емес, оның бүгінгі заман поэзиясының бағытын терең түсінген, іздену бағамдарын бағамдатады.

Тіпті ақынның құс бейнелеріндегі емеурінді теңеулерін ұлттық ерекшелік деп бағалауға болады. Өйткені әр халықтың өзіне тән, етене жақын символикалық атаулары бар ғой. Бұл тәсіл ақынның айтар емеурінін кеңітіп, ойын қозғайды. «Сандуғаш» атты өлеңінде Фариза жырды:

Ұшырдым көңілімнің сандуғашын,

елімнің арала деп тау-жылғасын, - деп әдемі айтқан. Өнерді құс ретінде астарлап, оқырманмен арадағы сиқырлы, қасиетті «байланысшы» түрінде ұшырады. Қанат - Фариза өлеңдерінде поэтикалық үлкен ұғымға ие. Оны тақырып пен толғандырған жайларға байланысты мың құбылтып, әр жолы мән береді.

Туған жердің мейірім, сенімінсіз

таланттар да қанатсыз қырандардай,

немесе:

Қанат біткендей шарықтап, шырқап келем мен,

қазақтың мынау гүлденген байтақ даласын, - дегендегі қос тармақтарда қанат қилы нысананы мегзейді. Бұл жерде қанат - шабыттың, бақыттың, қуанышты көңілдің баламасы. «Сағыныш қанатында» шарықтаймын деуі де сондықтан. Биікке өрлеп, космостық өлшеммен, дүниеге көз тігуді көксейді. Алайда Фаризаның поэзиясындағы халықтық образдар бейнесі тек осымен шектеліп қалмайды. Оның өлеңдеріне ерекше екпін беретін - тұлпарлар тұлғасы. Мұнда құс сияқты ғарыштық ұғым бермегенімен де, тұлпар - туған жердің, атамекеннің белгісі ретінде сипатталады. Ғашықтардың құштарлығы, ынтызар сезімнің серпіні, асау өмір баламасында пайдаланылады.

Дүниенің бәрі біз екеуміздің жанымыздай

мөлдір болсын деп,

арманның ақбоз арғымағын Айға байлалық.

Ырғақтың жаңалығы өз алдына, мұндағы арман - құс сияқты шарықтап, алысқа кеткен жоқ, өз қолдарында, алайда, олар үшін ең қасиетті сезім. Ақбоз ат - ақ арманның, орындалған жүрек қалауының, пәк сезімнің бейнесі. Ақынның шеберлігіне тәнті ететін тапқырлық. Біздіңше, сан ғасыр бойы ұлттық ойдың ұшқынын танытқан поэтикалық образдар Фариза Оңғарсынованың творчествосына етене кіріп, бүгінгі күннің тынысын танытып, әдемі өрнек іспетті әдіптелген.

Азаматтық сезімнен қасиетті еш нәрсе жоқ. Қашан да суреткер уақыт, заман алдындағы асыл парызын ұмытпағаны абзал. Отанын, оның көрік келбетін, жаны қуатты адамдарын жырлау-парыз. Өз халқын шексіз сүйген ақыннан кіршіксіз жыр тумақ. Ұрпақтардың белгілі тарих белесінде атқаратын міндеті болады. Ол бір ұрпаққа мол сыбаға дайындаса, екінші топтың соның рахатын көруі мүмкін. Болмыс пен тарих диалектикасы. Шын отаншыл жүрек ешқашан да аға ұрпақтарының жетістігін шеттетпейді, қайта соған шабыттанады. Фариза Жеңістен соң өмір майданына араласқан толқыннан. Олар майданға бармады. Бірақ та социалистік қоғамның іргетасын қалауға барынша өз үлесін қосуда. Заман, Уақыт, ұрпақ үндестігін алға апарушы екенін сезінеді.

Сондықтан да:

Мен

революцияны жасамадым,

мезгіл деген межеден аса алар кім?

Бірақ, бірақ жасқанып, жалтақтамай

болашақтардың есігін аша аламын, - деп мақтанышпен жар салады. Бүгінгі жасампаз дәуірдің ту ұстаушы түлектерінің атынан тіл қатады. «Мен -коммунисттер ұлтынанмын» деп идеялық мақсатынан, интернационалистік қасиетінен сыр тыңдатады. Қиындықсыз болашақтың кірпіші қаланбайды. Өмір заңы солай, демек, өлеңде өрнек салуға тиісті.

Бақыттымын. Өкпем жоқ тағдырыма.

Өмір мені көмген жоқ зар-мұңына.

Ол осылай тебіренсе де, дүниеге реалистік тұрғыдан баға береді. Пендешіліктің сырын жырлау - күйкішілдік емес. Оптимист ертеңге сенеді. Әрқашан күреске дайын. Тіпті қиындықтың өзінен табан тірейтін рухани тұғыр таба біледі. Өмірге құштарлығының өзі - оның шынайы мәнін түсінуінде. Әр құбылысқа таңданбайды, жүрегінен өткізіп талдайды. Ақын натурасының өзі соны қалайды. Өз өзіне есеп беріп, күнделікті құбылысқа зердемен қарап:

Жұмақ емес бұл өмір -

Адамзатты

күтеді әлі көрмеген жаңа сындар, - деп ескертеді.

Ол ақын көңілін алаңдатқан Бейбітшіліктің тағдыры шығар. Кейде Фаризаның жырларынан әйелге тән шарасыздық, налу байқалады. Алайда ағынан жарылған ашық ой көкіректі жегідей жейтін емсіз дертті алдыңа тартпайды, қайта жігерлендіреді, үміттендіреді.

Сыртқы өмір құбылыстарын бағалай отырып, ақын өзін іздейді және таба біледі. Көп әуеннің ішінен өз әнін таңдайды. Содан творчестволық қуат, нәр алады. Жаңа толқынның жаңғыруларынан булыққан шақтарында:

Өз-өзімнен өртеніп барам жанып,

жүректен жас ағады тарамданып, - деп тебіренеді.

«Жазбас бұрын өмір сүру керек» деген Сент Экзюперидің сөзі тікелей жоғарғы шумаққа қатысты. Ақын нені сезінді - ақ қағазға солай түсіреді. Шаршаған кездерінің өзінен творчестволық жігер алады, жаңа белеске көтеріледі. Өзін өзі сынайды. Әйтеуір бұйығылыққа берілмей, мазасыз күй кешеді.

Сендер кеп мақтайсыңдар

мен бір жүрген жай емес, ұлы адамдай,

бақыт үшін біткендей мына маңдай.

Сендерше, мен шынармын шыңда тұрған

жел құлатпай, жаңбыр мен тұман алмай.

Міне, ақын көңілінің шындығы. Ол ішкі жан дүниесінің көзімен сезініп, өз жүрегіне үңіліп, әділ сынайды. Творчествосының ең бір даралығы да қаталдықпен тамырласады. Қатыгездік емес, адалдықты сақтау үшін пендешілікке жол бермейтін, ар таразысының қаталдығы. Жеткен биікті жауыр қылмау, одан әрі асыра көтерілу, адамдықтың асыл қасиетін тереңдете жырлау - ақынның творчестволық қаталдығын соған жетелейді. Өзгеге де осы талапты қояды. Нағыз адамгершілікті мұрат тұтады. Тәкаппар, өткір, адал азамат қана:

Менің екі жауым бар:

мәңгілік достаспайтын,
қимастықпен жыласып қоштаспайтын,
кіріп келсе, жанарым мұң оранған

қуаныштан жарқ етіп от шашпайтын.

Ол - адамдар шындыққа жүгінбейтін,
көлгірсіп күлімдейтін,
өзі істеген жауыздық, зұлымдықтан

қайғы шегіп ішінен түңілмейтін.

Екіншісі - досымды жамандаған,
өсектерін өрбітіп сан арнадан
жүретіндер қас жауым. Соларға мен

қаным талай қайнаған, алаңдағам, - деп айта алады. Бұл Фариза Оңғарсынованың творчестволық және адамгершілік мақсаты, биік мұратының алтын қазынасы іспетті. Қазіргі қазақ поэзиясында екпінді, еркін үнімен қалың қауымның сүйіспеншілігіне бөленген ақынның қарлығаш жырларының қанаты талмайтынына, қалықтап өлең аспанында шарықтай беретініне исі оқырман сенеді. Жыр қанаты талмасын. Көктеммен бірге түлеп, еркін ұшсын.

1983 жыл .

ЖЫР-ТАҒДЫР

Өтепберген АҚЫПБЕКОВ

Социалистік Еңбек Ері, академик жазушы Ғабит Мүсірепов бір сұхбатында: қоғамымыздың техникалық прогресс жолымен жедел дамығандығын айта келіп, мұндай прогрестің адамдардың санасына, адамгершілігіне де жасалу қажеттігі туралы өзекті ой айтқан еді. Бұл аталы сөз - дәлелдеуден гөрі оны жүзеге асыруды талап етеді. Қоғам дамуы мен адамның адамгершілік қасиеттерінің дамуы арасындағы алшақтықты жою үшін адамгершілік прогресін жасау, оны жеделдету, осы ұлы мұрат жолында қызмет ету - абзал да абыройлы борыш.

«Революция» деген сөздің ұғымы терең. Ол ең алдымен ілгері дамуға ықпал ететін сапалы өзгерістермен сипатталады. Яғни ол әлеуметтік өміріміздің жекелеген салаларындағы жетістіктер мен жаңалықтарға сүйене отырып дамиды. Сондықтан да ескі мен жаңаның, жаман мен жақсының арасындағы күрес тоқтамақ емес. Сапалық өзгерістерге жол ашатын да осы күрес болмақ. Ия, өз бойындағы енжарлықтан безініп, «өрмекші-күдіктен» арылу үшін, жүрегін қақ бөліп берер жақсыны жат көрмеуі үшін -әр адамның өміріне де революция керек. Осы қағидаларды мұрат тұтқан ақын Фариза Оңғарсынова «Сұхбат» атты жыр жинағының «Революция және мен» деген цикл өлеңдерінің тізгін қағар тұсында:

Жаңғыруы үшін жанымда
миым ба, ой ма, қаным ба –
тоғытып тоғанды ағынға
от берер жанға, жанарға

революция керек маған да! - деп орынды тебіренеді.

Ақынның «Сұхбат» жинағы - оқырман жұртшылықтың, жыр сүйер қауымның үлкен олжасы, ағынан ақтарылатын сенімді сырласы. Ақын мен оқырманның арасын байланыстырып тұрған - ақындық «мен». «Мен» - арқылы ақын көп сыр аңғартады, әлеуметтік ой түйеді. Ақынның «мені» оқшауланбай, жеке бастың күйкі тірлігімен тартпай, өмірлік құбылыстармен астасып жатыр. Өлеңдердің ой-толғамы, тұжырымдылығы - зерделі адамды бейжай қалдырмай, ар тазалығына ұмтылдырады. Өмір өткелдерін, тіршілік-тынысын таразылатып - енжарлықтан, күйкі тірліктен сілкінуге үндейді. Ой-санасы мен жүрегінде, қаны мен жанында революцияның дауылын туғызады. «Өмір сүріп жүр екем бекерге мен» деп сүреңсіз өткен күндеріне налитын ақын ұнжырғасын түсірмей, қырандай сілкініп шыға келеді. Оның саңқ еткен үні өктем де жігерлі:

Енді үңілсем:

жер басқа, аспан да ерек.

Күштер де өзге жүретін жасқап, жебеп.

Тегі маған азабын, тақсіретін -

бәрін-бәрін қайтадан бастау керек!

Шын дарын иесі, өз творчествосына қатал сын көзімен қарайтын талант иесі ғана осылай сілкінсе керек! Әйтпесе шыққан төбесін қанағат тұтатын, азды-көпті дүниесін дабырайта көрсетуге тырысатын даңғазалар аз ба?

Күйіп-жанып, көрінгенге қуанып, түсі мен өңінен шошынып жүрген ақын жүрегі -нұрлы күнге, жақсылыққа ғашық. Мазасыз ақынның тыныштық күйге түссе, қайраңдағы балықтай тұншығатыны да сондықтан. Әйтсе де ақынның ойлағаны, дегені болып жатқан жоқ. Мұндай сәттерде мазасыз жүрек бар кінәні өзгеге аудармай өз бойынан іздейді.

Көп-ақ менің өзіме тағар мінім,

көңіл олқы, басады жанарды мұң.

Көретінім - көлеңке. Соның бәрі

тегі мына өзімнің жамандығым.

Фариза Оңғарсынова - оқырманның сүйікті ақынына, оның жырлары сенімді сырласына айналғалы қашан! Не айтса да ағынан жарылып айтатын, не жазса да ақтарыла жазатын ақын қол таңбасын - әр оқырман жазбай таниды. Тапқыр ойларына, шұрайлы тіліне тәнті болып, «Тасбұлақтың» суындай жырларын тамсана оқиды, іздеп жүріп оқиды. Ақын үшін мұнан артық қуаныш, мақтаныш, құрмет болар ма?!

Сүйікті ақынның творчестволық лабораториясын шолып, өлеңдерінің ерекшелігін бір сөзбен айтып беру мүмкін емес. Тіпті, осы «Сұхбат» жинағы туралы да кесіп-пішіп «бәлендей» деп ой айтуға болмайды. Жинақта қысқа тұжырымнан туған күрмеуге келмейтін күрделі дүниелер қаншама?! Ақынның адамгершілікті ту етіп көтерген, азаматтық үні асқақ. Өйткені ол өмір құбылыстарынан түйгенін, көргенін «мидың мың градустық домнасынан» өткізіп барып оқырманына ұсынады. Ұсынғанда да жалаңаштап немесе әлемештемей жыр-сәбиді образға орап, құндағын оралымды оймен, көркем тілмен кестелейді. Оның жырларының оқырманға сәбидей сүйкімді, жақын көрінетіндігінің бір сыры да осында. Сәбидей сүйкімді болатындығының тағы бір сыры - шыншылдығы мен ағынан ақтарылатын адалдығында.

Фариза Оңғарсынова - өлеңінің ғұмырлы болуын, жұртшылық жүрегінен орын алуын басты мақсат тұтатын ақын. Ол - ғұмырын «жыр-толғақ қысқан бір түнге» айырбастап, «азапты тағдырдың айдынын» кешуге әзір. Оның «ықылық атқан тоқ тірлікке» тояттамайтындығы да, ләззат алмайтындығы да сондықтан. Ақынның ар мен адалдығына анасының көзімен қарайтындығына да сенесің.

Жинақтағы «Ошағым - оқшау құрлығым», «Қыз-тағдыр» циклдарынан шағын мемлекет болып табылатын семьядағы қарым-қатынастар, достық, туысқандық, махаббат жарқын көрініс тапқан. Автор семьялық тыныс-тіршілік төңірегіндегі жалқы ойдан жалпыға арналған тұжырымдар жасайды. Картаға әлі түспеген, ғалымдар да білмейтін, төсіне сан қаланы сыйғызатын тыныс-тіршілігі де өзгеше.

Енгендейсің ғажайып ән еліне,

жоқ саясат, топтардың әлегі де.

Мұндағы елдер ешқашан қол сұқпайды

бір-бірінің ішкі істер әлеміне.

Шақырғандай ертеңге арман аппақ,

әз-ұяның үрейсіз таңдары атпақ.

Үлкен-кіші бір-бірін аялайды

шұлғымай-ақ бас изеп, жалбалақтап.

Бұл құрлықты арнайы іздеген жан ғана табады. Ол - әркімнің өз ошағы, баспанасы, семьясы. Қандай әсерлі! Семьядағы қарапайым тірлік арқылы философиялық ой түю, соны пайымдар мен пікірлер айту, әлеуметтік қоғамдық қатынастармен сабақтастыру -кемеліне келіп, толысқан талант иесінің ғана қолынан келер іс. Осы бір бас аяғы бес-ақ шумақ өлеңде қаншама астар жатыр!

«Қыз-тағдыр» цикл өлеңдері - жаны нәзік, бауырларын жеткізсем деп жүдейтін, қасіреттің өзінен қуаныш тауып ана болғысы келетін адамдар арасындағы құпия құбылыстың сырын ашып береді. Осы тұста Ф. Достоевскийдің: «Адам - құпия құбылыс, оның сырын ашу керек... » деген сөздері ойымызға оралады. Табиғат тылсымының ішіндегі сыры мен қыры ашылып болмаған құпия құбылыстың бірі де -адамдардың психологиясы, ішкі жан сыры болса керек. Адамдар туралы бір ұшты, ағат пікір айтуға асығыстық жасамау қажеттігі де сондықтан. Танып-білдім деген адамның да қат-қабат ішкі сырларының құпиялары қаншама?! Фариза Оңғарсынова адамдардың, оның ішінде қыз-тағдырдың әр сәттік көңіліндегі жан-сырына үңіледі. Үңіле отырып, көрген, түйгенінен тосын ой айтуға талпынады. Нәзік те бұйығы болып көрінетін қыз арманы асқақ та биік екен.

Қабырғам да қайыссын ұлы жүктен,

жалт етпенің бәрінен түңіліп те ем.

(бәрі өткінші - ұғынғам үңіліп мен).

Өтсем деймін өшпейтін сезіміммен -

дүниені жібітер жылылықпен,

жылылықпен мәңгілік мұзын үккен.

Мұзды еріткісі келген жылылық, жақсылық атаулыға ғашық жүрек - ана болуға асығады, ана болуды армандайды. Мұнан асқан ұлы арман болмаса керек?! «Абыройы Күнмен жарысқан, жұлдыздай жарқын қыздардың» жасампаз өміріміздегі тыныс-тіршілігі, сезім-күйі, ой-толғаулары ақындық шабытпен, кестелі тілмен өріледі.

Тірлікті көктеп, сырмақтап,
болмаса да өмір мұзды арна -
күн кешу жанмен нұрлы, аппақ

оңай деймісің қыздарға!

Ақынның пікірі пролетариаттың ұлы жазушысы М. Горькийдің «адамның бойындағы жақсылық атаулы күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен жаралған» деген ойымен үндес жатыр. Ананың ақ сүтінің ұлылығы - оның аппақ арынан бастау алатындығын, болашақ ана-қыздардың киелі аппақ арын сақтай білуінің өзі ұлылық ұшқыны екендігін ақын жақсы шендестіре білген.

Социалистік Еңбек Ері, академик жазушы Ғ. Мүсірепов «Сұхбатқа» жазған алғы сөзінде»: «Мен ақын қызымыз Фариза Оңғарсынованы адалдық, намысқойлық, жаны да таза, ары да таза, ерлерге лайықты биіктерде ғана көремін, қашанда сол биігінде көргім келеді»,- деп аталы тілек білдіріпті. Біз де осы тілекке қосыламыз.

Талдықорған. 1983 ж.

АҚЫННЫҢ АСҚАҚ ЖЫРЛАРЫ

Мырзағали ІҢІРБАЕВ

Айқын да қанық бояуы мол, терең ой мен рухқа толы тамаша туындылар берген қазіргі қазақ поэзиясының озық өкілдерін біз орынды құрмет тұтамыз. Ал, поэзияның осындай бір шоғыр ақсақалдары мен сардарлары қатарында қазақтың тамаша ақын қыздары да жүрсе, задында қызын ардақтап келген халқымыз үшін мұның өзі үлкен ғанибет. Біздің әдебиет майданымызға белсене атсалысып, халық сүйіспеншілігі сынды аса зор бақытқа ие болған аз ғана топтың катарында ақын Фариза Оңғарсынова да бар. Әдебиетіміздің аспанында оның жұлдызы бүгінде айқын жарқырайды. Ол қарымы мол талант иесі, сөз өнерінің кемеліне жеткен және кемелдене беретін үлкен суреткері. Бүгінде Фаризаның оқушылар аудиториясы кең, оның жырларын кәмелетке жаңа толған жас та, үлкен де құштарлықпен оқиды. Ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізді, ғұрпымызды қадірлейтін көңілі ояу оқырмандарымыздың кітап сөресінен қазірде Фариза ақынның шығармаларын таппау қиын. Осының өзі Фариза шығармаларының өмірлік қажеттігін, тәлімі мол, қоғамымызға тәрбиелік ықпалы мен пәрменділігі күшті екендігін дәлелдейді. Бір ғана мақала көлемінде Фариза творчествосының бүкіл болмысын, ерекшелік қасиеттерін жеткізе ашып көрсету қиын. Дегенмен біз бұл бағытта ең басты мәселелерге тоқталып өтейік. Жалпы поэзия дегеніміздің өзі - әлемдік өмірдің тынысы, оның қаны, оты, оның жарық сәулесі мен күні. Дүниедегі барлық көріністердің өзіндік поэзиялық сипаты бар болса, поэзия олардың мәнін айқын көре және ұғына білуге көмектеседі. Ендеше мәселе ақындардың сол көріністерді қалай жаза білуінде ғой. Міне, Фариза Оңғарсынованың өзгелерден дараланар тұсы да осы. Ақынның басты ерекшелігі — өзін толғандырған мәселелерді жасанды емес, шынайы тебіреніспен жырлайтындығында. Таудан құлаған асау өзен тасқынындай тегеурінді толғаныстан туған, артық боямалардан ада Фариза өлеңдері өзінің шыншылдығымен, табиғилығымен оқушысын бірден баурап алады. Оқушы да онымен бірге толғаныс күйін кешеді. Бұл - ақын творчествосының бір қыры.

Фариза өлеңдері тақырыбының кеңдігімен, адам баласы өміріндегі ең адамгершіл, ең көкейтесті мәселелерді қозғап жататындығымен құнды. Халқымыздың өткені мен бүгінін салыстыра жырға қосу, әлеуметтік проблемаларды терең ашып айта білу - оның творчествосына тән қасиет. Фариза өлеңдері Отанын, халқын сүюге үндейтін асқақ үнге, азаматтық пафосқа толы. Күнделікті өміріміздегі елеусіздеу көрінетін жайттардың өзінен ақын үлкен толғанысты түйіндер жасайды. Фаризаның әрбір туындысына жанартаулардан қайнап шыққандай қуатты да кесек ойлары айқын көзге ұрып тұрады. Бұл жерде кемелді ақынның ой түйіндеудегі және қорытудағы тереңдігін, оларды түрлі формалармен бере білудегі шеберлігін айтып жатудың өзі артық.

Ақын творчествосының тілі бай. Туған жер табиғатын жырға қосса, ол ақынның тілдік бай қоры арқылы бүкіл ажарымен, сан құбылған бояуымен суретші картинасындағыдай жарқырап көз алдыңда тұрады. Көреген қариялар аузында ол байыпты философиялық ойларға жетелейді. Қыз-бозбала аузында кіршіксіз сезім күйін шертеді. Ал, өмірде әлі де болса кездесіп қалатын кейбір келеңсіздіктерді, біздің адамгершілік нормаларымыздан тыс көріністерді сынауы мергеннің қиядағыны қаққан бұлтартпас оғындай дәл де уытты.

Фариза Оңғарсынованың творчествосына тән, оның ақындық келбетін даралай түсетін ерекшеліктер «Сұхбат» жинағында ата-бабалар мирас етіп қалдырған қазақ даласының өткенімен сабақтастырыла отырып, оның бүгінгі өмірі, сұлу табиғаты, замандастарымыздың ерлік еңбегі, олардың туған елге деген кіршіксіз махаббаты жырланады. Тарихи кейіпкерлер мен бүгінгі замандас арасында өзара үндестік бар. «Қойнына шежірелерін жасырып жатқан» өлкемізді, туған өңірді бүгінгі ұрпақ қызғыштай қорып, қастерлейді. Оның ой-арманы барша дәуір ұрпақтарының мүддесімен біртұтас. Ол елінің абыройын ойлаушы, замандастарын ерлікке үндеуші күрескер, сол жерді түлетуге батыл құлаш ұрып жүрген еңбеккер.

Сондықтан да:

Көзіңді жаулар жап-жасыл

бидайдың толқын жас көгі.

Шаңдатқан бабам сан ғасыр

даланың бүгін басқа өңі.

Алып даланың мол ырысын бейнелеген ақын мұндағы «нанның әр дәнін бесікте жатқан балғынға» балайды.

Қазақстан бүгінгі дәуірде талай даму сатыларынан өтті. Оның әрбір күні, әрбір жылы еңбек дүбіріне толы. Қаншама кең аймақта тың жерлер игерілді, қаншама қалалар салынып, зауыт, фабрикалар тұрғызылды. Халықтың әлеуметтік өмірінде қаншалық өзгерістер болды. Осының бәрі еліміздің бейбіт өмірін, революция жетістіктерін қорғай отырып, жүзеге асырылды. Осы ерлік істердің көш басында әрдайым да еліміздің ұл-қыздары жүр. Бұл Фариза Оңғарсынова өлеңдерінің бүкіл бойынан айқын көрініп отырады. Қазақтың кең даласы бар келбетімен, сұлулығымен, арайлап атқан таңдарымен, тамылжыған кештерімен, жұлдызды тыныш түндерімен жанарыңа ұялайды.

Түн.

Аспан - жасыл жайма. Жұлдыз - ақық.

Бұлақ - қыз шолпы таққан сылдыратып.

Көк - заңғар. Дала — шалқар,

бұл сұлулық

тұр менің жүрегімнен жыр құлатып.

Туған даланың әсем түнін, оның әсерін бұдан артық жеткізе жырлау мүмкін еместей.

Қазақ жерінің тамаша табиғатын суреттегенде ақынның жүйрік - қаламы атамекен Маңғыстау өңірін де жарқын бояуларымен өрнектеп өткен. Табиғаты қатыгездеу, аптап ыстық қуырған шөлейтті өңірдің де сұлу табиғаты бар. Оның да бұлақты баурайлары, жаннат жерлері, таулары мен көкорайлы алқаптары бар. Осының бәрін өлкені тек шын сүйген адам ғашық көзбен, табиғат - анаға аса зор сүйіспеншілік көзімен көрер болса керек-ті. Ал, Фариза Оңғарсынова Маңғыстау тақырыбын, оның табиғатын жан-жүрегімен сүйіп, бүкіл творчествосы бойына жанының бар жалынына орай жазып жүр. Аталмыш кітаптың соңғы бөлімінде Маңғыстау табиғаты кеңінен қамтылған. Мұның бәрінде ақынның туған топыраққа деген кіршіксіз адал махаббаты айқын сезіледі. Елдің ғұрпын, тұрмыс мәдениетін, өнерін қастерлеп, құрметтеуге жетелейтін де осы махаббат.

Киіз үй... Көп болыпты-ау кірмегелі...

Сығалап түндігінен Күн кемері.

Жаныма бір рахат әкелетін

жұпары боз жусанның іргедегі.

Осы жолдарды оқып шығып ерекше бір сезім құшағында ойша ауылға сапар шегесің. Киіз үй... Ұлттық қол өнеріміздің жетістіктері...

Түрін-ай текеметтің! Асыл қандай!

Үңілдім үнсіз ғана басымды алмай.

Келе ғой, қошақаным, өзіме! – деп,

әжем кеп сипағандай шашымнан жай.

Күйімді кешсеңдер-ау сол беттегі,

тұрғандай ана көңіл тербеп мені.

Жан бітіп жайраңдады жан-жағымнан

қазақтың қошқар мүйіз өрнектері...

Фариза Оңғарсынова - жалпы қазақ поэзиясында алар орны үлкен ақын. Қазір ол кемел шағында. Бірақ шын бақытым да, асқаралы шыңым мен мұратым да алда дейді ол. Осы жолда күрделі толғаныс сәттерді кешеді.

Жыр жазу деген - азап, от

әйел боп туған болмысқа, - деп оның өзі айтқандай, терең ізденістен туған өлеңдері оқырман қауым көңіліне қалай да жарқын жол тауып жатады.

«Мен ақын қызымыз Фариза Оңғарсынованы адалдық, намысқойлық, жаны да таза, ары да таза ерлерге лайық биіктерде ғана көремін...» - дейді кітапқа жазған алғы сөзінде академик-жазушы Ғабит Мүсірепов. Бұл - халқының ер мінезді ақын қызына берілген орынды баға. Мұны Фариза Оңғарсынова өзінің өмірімен, бүкіл творчествосымен дәлелдеп келеді.

Маңғыстау. 1984

АҚИҚАТ ПЕН АР АЛДЫНДА

Жәлел КАТТЕБАЕВ

Әр ақын - өзінше әлем. Бір қарағанда-ақ таусылып шыға келетін әлем болады. Сан қайтара оқып, тереңіне бойлағанда ғана өзен, тауларымен, жазық дала, жасыл егістерімен жайраң қағып, күллі сұлулығымен, күллі кұдіретімен ашылатын әлем тағы болады. Фариза Оңғарсынованың поэзияда қалам сілтеген ширек ғасыр ішінде өмірге келтірген жырлары осындай әлем. «Сұхбат» - ақынның ақиқат пен ар алдында берген кезекті есебі.

«Сұхбатты» қазақ әдебиеті өресінің өскенін, кемеліне келіп толысқанын айғақтайтын күрделі шығарма десем, шындықтан алыс кетпеспін деп ойлаймын. Ол - поэзиядағы құбылыс. Біздің халқымыз Алпамыстың, Шоқанның, Исатай мен Махамбеттің, Ақан сері мен Абайдың халқы еді. Ақын апайымыз арқылы біз Баян сұлу мен Ақжүністің, Дина мен Ұлпанның, Шолпан мен Әлияның халқын дархан табиғатымен, психология астарымен қайтып аштық. Иә, Фариза өлеңге әйел образын әкелді. Әйтеуір әйел емес, жалын атқан махаббаты, сыршыл арманы, өзіндік шаттығы мен қайғысы бар әйел. Әйтеуір әйел емес, әрбір өлең сайын ақиқат пен ар алдындағы әлеуметтік және азаматтық жүгі ауырлай түсетін, өз ошағында бесік жырын айта отырып, адамзат кеңістігінде Ерлік пен Арлылыққа үндеген әйел. Әйтеуір әйел емес, ұлттың рухани өресінен көрінгісі келген ойшыл да тәкаппар әйел.

Аңғарған оқырман Фариза жырларында көрінбейтін параллель арқылы қатар сөйлеп тұратын екі герой барын аңғарады. Біріншісі - лирикалық «Мен», екіншісі - лирикалық «Ол». Олардың екеуі де шартты ұғымдар емес. Біріншісі іштей толысып әйелге ғана тән азап пен шаттығы арқылы Адам табиғатының биігіне ұмтылады, екіншісі ол жетер мәнді-ақиқатты меңзейді. Лирикалық «мен» тіршілік қамымен шектелмей, асқақтап, адамзаттың тіршілік теңізінен күрес майданын өзі таңдап алады, өзінің басқан қадамын, іс-әрекетін ақиқат арымен өлшейді. Оның кей сахнада трагедиялық сипатта көрінетіні де содан. Бірақ онда тыншу жоқ. Ол үнемі арпалыс пен күрес үстінде. Онымен бір ендікте лирикалық «Ол» да оқырманға тұлғасыз, формасыз абстрактылы ұғыммен елестеп, өлеңнен өлеңге алмасып жатады. Сол арқылы өз табиғатын қозғалыс барысында танытады.

Лирикалық образдың ауқымы туралы ойлағанда Абайдың «Мен бір жұмбақ адаммын» деген сөзі еске түсе кетеді. Образдың күрделілігі оның ішінде, ішкі құрылымында. Ол өрнекті кілемнің арқауы секілді шығарманың алдыңғы қатарына Махаббат, Ана, Ерлік, Азаматтық секілді поэзияға ғасырлар бойы әр мен нәр беріп келген ұлы тақырыптарды шығарады. Фариза өз өлеңдерімен бірге ақын ретінде, азамат ретінде есейіп, кемелденген сайын бұл тақырыптар да қырланып, бұлыңғырлық пен жалаң сезімталдық ықпалынан арылып, жарқырай түсті.

Автор бұдан бұрынғы жинақтарының бірін «Сенің махаббатың» деп атады. Лирикалық «Меннің» жүректі сыздатқан шыншылдығымен, Баян сұлу апасының ыстық қанымен толымды образ суретінде танылғаны да осы шығарма. Ол құлай сүйді, ол ғашық болды. Бірақ соны мойындауға батпай, тәкаппарлығы үшін әйел сотының қатал тезіне де түсті. «Сұхбатта» лирикалық герой басқа қырынан танысты. Онда алып-ұшқан құштарлық басқа сезіммен - әйел табиғаты туралы салиқалы толғаныстармен алмасыпты. Өмірдің көктемі өтіп, күзі келгендей тосын күй, тосын әуен келді өлеңге.

Сезім кешкім келеді түңілмейтін,

өкінбейтін.

Келер ме маған ол күн?

...Келеді ана болғым!

Біз бұл жолдарды «Қыз-тағдыр» өлеңдер циклынан келтіріп отырмыз. Бұл ақынның араға уақыт салып, «Сенің махаббатыңа» қайтарған жауабы секілді. Осыны нықтай түсейін дегендей, келесі бір өлең былай басталады:

- Басқа бақыт?

Сенбеймін, сендірмегін!

Бақыт - осы ошақты сөндірмеуім...

Лирикалық «Меннің» есею кезеңінде Ана сезімі осылайша бір жарқ етіп өтеді. Бірақ ол өз ошағы үшін бәрін де тәрк ететін біздің ұғымымыздағы әйел емес. Онда Анна Каренинаға немесе Блоктың «Ғажайып әйел туралы өлеңдерінің» кейіпкеріне ұқсас құпиялық, құштарлық оты қайта мазалайды. Махаббаттың да махаббаты бар. Біреуі өз қызығымен, өз қызуымен сарқылады. Біреуі адам рухын түгел қамтып, әлемді танудың жаңа көкжиектеріне талпынады. Соңғысы толымды, қайырлы махаббат. Фариза да соны таңдайды. Бірақ оған Тәккаппарлық арқылы өзіндік колорит қосады. Ғабит ағаның мұны Арлылық деп ұғынуы тегін емес. Сірә, ол әйел әлемінің өз монолитін, біртұтастығын, өмір сүру қажеттігін сақтау шарты болса керек. Олай дейтініміз, Тәкаппарлықты жеңетін күш те бар поэзияда. Ол Ерлік күші. Ерлік деген ұғымды қайталай түсу үшін ақын «Ер кісі», «Жігіт» деген сөздерді жиі келтіреді. Ақынның стихиясы Тәкаппарлықта емес, Ерлікті аңсауда, Ерлікке ұмтылуда, Ерлікке үндеуде. Осыдан Фариза өлеңдерінің ішкі арқауы, лейтмотиві туындайды. Егер ерлік тақырыбын ақын соншалық қуатты құштарлықпен жырламаса, онда әйел мінезі де шықпас еді, шын махаббат та маздамас еді, өлең де болмас еді.

Көміліп көк теңіздей мұңға жаным,

бойымда кейде менің тулар ағын:

сыйлымын, сонда-дағы өкінішті-ақ

өзімнің жігіт болып тумағаным.

Қашан да намыссыздың кек не теңі,
пысықай бала да оны шеттетеді,
жер шұқып інім кейде отырғанда,

өзімнің жігіт болғым кеп кетеді.

Жасықтық қояды ердің бағын байлап,

біразын шынықтырса жалынға айдап.

Аузынан сөзі түскен жігіт үшін

отырам намыс қысып, қаным қайнап.

Ел десе өз басының жыры қалып,

жүретін жігіт қайда нұры жарық.

Басыма өзім кигім кеп тұрады,

қалпағын кейбіреудің жұлып алып.

Фариза үшін адам тіршілігінен, адам игілігінен тысқары тұрған Ерлік жоқ. Азаматтықтың басы да сонда. Адам өз іс-әрекетімен, ой-арманымен алып жүретін асыл қасиет пен рухани есеюдің кепілдігі де сонда. Енді мына ғажапқа қараңыз: ақын бұрынғы жырларында лирикалық «Олға» махаббат тілімен, сезім қуатымен тіл қататын болса, «Сұхбатта» тілдің әлеуметтік салмағы ауырлай түскен. Мұны бір жағынан Тәкаппарлықтың жеңілісі деп түсінуге де болады. Ерліктің жеңісі деуге де болады, үшінші жағынан осы екеуінің үйлесімі деуге де болады. Бірақ бұл - тыныштық орнау деген сөз емес. Енді рухтың жаңа арпалысы басталады. Сөйтіп, психологиялық иірімнің бетінде арайлану шапағы туады.

Енді үңілсем:

жер басқа, аспан да ерек,

күштер де өзге жүретін жасқап, жебеп.

Тегі маған азабын, ақыретін -

бәрін-бәрін қайтадан бастау керек.

«Күштер» деген сөзге назар аударыңызшы. Махаббат емес, арман емес, өлең де емес. Күштер - ерліктің бастамасы. Жаңа күрестің шиеленіс сәті. Тағы да: ненің азабы, ненің ақыреті, ненің бәрі? Бұл сауалдарға таза сүйіспеншілік тұрғысынан жауап беру мүмкін бе? Жауапты біз адам табиғатының асқар шыңы мен ой тереңінен табамыз. Бұл үшін лирикалық геройлардың туындау сәтіне қайта оралайықшы. Олар кешеден емес, ертеңнен емес, осы сәттен басталып еді ғой. Осы сәткі сезім, осы сәткі рухани тұтыным. Содан кейінгі психологиялық қозғалыстың бағыты таңқаларлық. Қозғалыс алға емес, кейінгіге Махамбет пен Динаның, «Ақынтаудағы» ақындар заманына шегініс жасайды. Ендеше, Ерлік пен Азаматтық ұғымдардың тамыры тереңде, тарихымызда жатыр деген сөз. Ендеше олар халықтық, тарихи құбылыс деген сөз. Ендеше біздің халқымыздың табиғатынан Ерлік пен Азаматтық бастауымен сусындап өскен халық деген сөз. Баян сұлу мен Ақжүністің, Дина мен Ұлпанның, Шолпан мен Әлияның халқы бұл. Адам туралы, заман туралы философиялық толғаныстың бір түйіні осындай.

Фариза Оңғарсынованың «Сұхбатынан» және бұған дейінгі жырларымен байланысынан туған психологиялық иірімдердің біз байқаған кейбір бедері мен қыры осындай. Оған қарап біз мынаны түсіндік: Ақын барда адам үшін азап та таусылмайды, ақиқат үшін күрес те таусылмайды. Сондықтан бұл жинақта ұлттық рухтың, ұлттық ой-өрістің, ойлау мәдениетінің поэтикалық озық үлгілері жинақталған. Онда тағы да халқымыздың өскелең санасы жарқын көрініс тапқан.

Шардара. 1984 жыл.

ӨМІРДІ ЖЫРМЕН ӨРНЕКТЕП...

Әнес НАРЫМБЕТОВ

Сонау «Сандуғаш» жыр жинағынан бастап барлық жыр сүйер қауымның ықыласына бөленген ақын Фариза Оңғарсынова қазір кемел шағында. Осынау салихалы жыр жолында ақынның қаншалықты мазасыз күндері мен түндері өтті десеңізші! Ақынның жырларының оқушы қауымының нәзік жүрегін баурап алғанына да жиырма жылдан астам уақыт болыпты. Оның өлеңдері дәуірмен тыныстас, тіршілігімен ұғымдас.

Сондықтан болар Қазақ әдебиетінің дарынды классигі Ғабит аға ақын Фариза Оңғарсынованың зергерлік сөз қуатына шексіз ырзалығымен нық тұжырым айтқан еді.

Фариза Оңғарсынованың асқақ та, адуынды жырлары адам жүрегін дүр сілкіндірсе, философиялық иірімдері кімді де терең ой мен тебіреніске түсірмей қалған емес. Фариза Оңғарсынова - заманымыздың көрнекті ақыны. Оның жырлары туған даланың табиғаты секілді, бірде сұрапыл қаһарлы да, бірде жаймашуақ, кейде ұланғайыр шетсіз де шексіз. Оның әр сөзі, әр шумағы тіршілік үстінде, серпінді қимыл үстінде болады. Оның жырлары алған объектісін ашып айтқан тақырыбы төңірегінде белгілі бір рамканың өлшеулі көлемінде шектеліп қалмайды. Оның әрбір өлеңінің тұлпардай аяқ сілтесінің өзі өзгеше бөлек, өзгеше ұғымды да, өзгеше ұтымды да, өзгеше серпінді де, өзгеше иірімді де, өзгеше мұңды да, өзгеше етене де.

Жырлар керек,

жетелейтін қиялдай бал арманға,

от ойнатар мұң тұнған жанарларға.

Қиянаттан күрсінсе батыр-уақыт

Махамбетше турайтын қақыратып,

Айбалта жыр керек-ақ адамдарға.

Жырлар керек

жаурағанда сездірмес жел екпінін,

дірілдетер жаныңның ерек гүлін.

Бір-біріне ұмтылған алыс жүріп,
жүректерді кететін табыстырып
мөлдір жыр да, мұң жыр да керек бүгін, -

дейді ақын. Бұл үлкен жүректі, дарынды ақынның алға қойған биік мұраттары секілді. Бұл тебіреністі оқығаннан кейін кім де болса өз тіршілік харакетін бір шолып өтпей, алдына ірі мақсат қоймай және ойланбай қала алмайды. Ал, осы қасиет Фариза Оңғарсынованың әдеттегідей «Сұхбат» жинағындағы бар өлеңдеріне тән деп айтсақ артық болмаған болар еді.

Күндер зулап, дүниеден жыл көшеді,

жыл көшеді - сәбиден тұлға өседі.

Бір ақиқат сен барда, дарқан дала,

жоғалмайды қазақтың жыр нөсері - деп тебіренеді ақын. Бұл өлеңді мәнерлеп талдағанның өзінде, қандай талдаудан да өлеңнің иірімі әлдеқайда биік те, әлдеқайда серпінді де, әлдеқайда өткір де. Ал, философиялық тұжырымы тереңге тартқан десек қателеспесек керек.

Ақын жырларының көпшілігі даланың осы заманғы болмыс бітімі, оның өткені мен болашағы жайлы. Бәрі де оқушы қауымның нәзік жүрегін тербеп, далаға деген сүйіспеншілігін оятады.

Сарыарқа сал көрікті сайын далам!

Қалмайды сен тұрғанда Айыңда мән.

Кеудеңнен ғасырларға көз жүгіртіп,

биік пен аласаны айырды адам, - дейді ақын.

Осындай дауылды екпін өлеңнің басынан аяғына дейін үсті-үстіне үдемесе бір де бәсеңдемейді. Өлеңде қаншалықты асқақтық, қаншалықты төкпе-шешендік бір-бірімен қабысып, зергерлігіне еріксіз бас игізіп тебірендіреді десеңізші!

Мезгіл - бұршақ жаныңа салып таңба,

қайратыңнан қайысып налып қалма.

Сені іздейтін аға бар тарыққанда,

інілер бар дем берер жабыққанға.

Бір ақиқат - бәрібір жоғалмайсың

жоғалмайтын жоқтаушың халық барда!

Тіршілік тауқыметінен қажығанда, немесе көңіліңнің құлазыған шағында осы өлең ойыңа оралса, торыққан жаның серпіліп, шар болаттай ширығып шыға келерің хақ. Осы сәтте пендешілік күйкіліктен саған жасаған ұсақ тосқауыл да, қиянат та түкке тұрғысыз болып қала береді.

Фариза Оңғарсынова - үлкен суреткерлігімен қоса дауылпаз төкпе ақын. Ол жазғанда найзағайлы аспандай от оранып, бар қаһарымен селдетіп өте шығады.

Тірлігімде -

талай сендім, қайтадан тағы атылдым.

тылсым нәрін тамсадым қара түннің.

Күлге айналар сәттерде ұшқындатты

менің сансыз жанашыр аға-кұрбым.

Сол ниеттен қуат ап таң атырдым.

Осы нөсерлі өлеңнің өзінде адам бойына сіңірер қаншалықты қуат жатыр десеңізші, сезімі ұшқыр, қазіргі адамның жанына қанат бітіріп, жігерін жанып дүр сілкіндіреді.

Тыңда, тыныш дүние,

менің алаңдарымның думанды үнін.

Алау туға малынған қырлар бүгін.

Той-салтанат үстінде өлкем менің -

революцияның - менің де - туған күнім.

Туған күні

әділет пен еркін шат ғұмыр-бақыт,

әнім асқақ әуенді, жырым жақұт!

Бас, оркестр, жеңісті марштарға

тұла бойын дүниенің шымырлатып!

Революцияның туған күні - Ақынның да, халықтың да, әділеттің де, еркіндіктің де, теңдіктің де, бақыттың туған күні деп жырлайды. Одан ары ақын:

Алқызыл алаңдардан

менің асқақ айбынды тарайды үнім,

бостандықтың паш етіп ән-айбынын.

Революциялық жеңістер салтанаты

түн түнекке шашады арай нұрын! - деп, қазіргі дүниеде революцияның бар жерде нұрын шашып жатқанын асқақтата жырлайды.

Фариза Оңғарсынованың «Сұхбат» жинағына кірген бар жыры жүрекке жігер құятын, адам баласына қанат бітіретін жырлардың жиынтығы десек, артық емес.

Қару десе тияды бұлақ та үнін.

Мылтық, бомба қажетсіз! Бірақ бүгін

тек қарусыз қалмасын асыл жырлар.

Қазіргі заманда бүкіл адамзаттың үрейін алып отырған қарулардан да қуатты тап осындай жырлар қажет.

Оқушы қауымның Фариза Оңғарсынованың жыр жинағы ғана емес, әр өлеңін асыға күтетіні сондықтан болар.

Қызылорда. 1984 ж.

ӨРМЕКТІҢ ӨРІМІНДЕЙ ӨРНЕКТІ ӨЛЕҢ

Бірғали БАЙЕКЕЕВ

Табиғаттың жауынды күнін, әсіресе жаз жаңбырын жаныңызбен сезініп, көзбен шолып, көңіліңіздің айнасына түсіргеніңіз бар ма? Әсершіл болсаңыз, нажағайдың күркірінен ойыңыз оянып, жасын сәулесінен шабыт пілтеңіз тұтанатыны имандай шындық. Тіпті талант делінетін әркімнің пешенесіне жазыла бермейтін сирек қасиет бойыңызда жоқ болған күннің өзінде, талант құдіретін түсінер танымыңыздың есігін еріксіз айқара ашып тастары кәміл. Сосын азон жұтқандай кең тыныстап, кемпірқосақтың шұғылалы бояуларына сұқтанғандай сұлулықтан сыр тартарыңыз және хақ.

Міне, теңіздей тентек, теңіздей терең әрі тұңғиық, теңіздей момақан, теңіздей сыршыл, теңіздей суретші Фариза өлеңінің бөлер әсері, тербетер құдіреті.

Фариза поэзиясының бағыты да, түрі де бөлек. Ол өлең айдыны кеңістігінде сапарға шыққалы кездескен дауылдың қаһарына ұрынбай, адуын толқындардың алапат күшіне мойын ұсынбай, қалтырап-дірілдемей, төңірегіне де, алдағы көкжиектеріне де сенімді қарап келеді. Жалтақтау оған жат. Не айтса да, ашық, батыл, бетке айтады. Сырт айнала беріп күңкілдей, әлдекімге іштарлық жасап ғайбаттау жаратылысында жоқ. Осы турашылдығымен де ол өзіне жақсы жол ашып келеді. Сүйек пен еттен жаралған пенде болған соң кейде оңашылық, жалғыздық сәттерін қозғайтыны бар. Бірақ бұл ақын жаратылысына бөтендік етпейді, қайта лирикаға толы сыршыл да құпия жан дүние кітабының парағын аударады.

Фаризаның әр кітабы көңіл-күйлерінің шағын галереясы іспетті. Үңілсеңіз-ақ тіршіліктегі адам баласының мұң-тағдырын, қайғы-қуанышын, бақыт-беделін, шалқу-шаттығын, ой-арманын, бүгінгі күнін, болашағын бірге кешесіз. Кейде құнарлы жолдарда абайсыз, өзіңізге ұшырасып, айна-қатесіз бейнелеуге қайран қалғандықтан шарасыз бас шайқайсыз. Бас шайқайсыз да, осыншалық ауқымды шама-шарқы жетіп, құшағына сыйдырып, өзін халқына сыйлы етіп, сүйдіріп жүрген қазақтың талдырмаш қызына таңқаласыз. Күш-құдірет жетпес кереметтерді өлең сиқырына бағындырған, бағы жанған бақытты ақынымыздың барына жан-тәнімізбен риза боламыз. Одақ көлеміне танылып үлгерген Фариза Оңғарсынова жақында ғана өзінің оқырмандарымен өлеңі арқылы тағы сұхбаттасты. Соңғы жинағы «Сұхбат» бояуы кеппеген күйі поэзия сүйер жұртшылық арасына тарап үлгерді. Полиграфиялық безендіруші ортаң қол кітаптың мұқабасын ұстаған бетте әдеттегіше «ішкі әлеміне» үңілесіз.

«Туған жер толғаулары». Ақын біткеннің бәріне қиял бітіріп, қанат байлайтын қасиетті тақырып Фариза қаламынан шыққанда да олқы соқпапты. Сырлы да нұрлы жолдар кең шалқар кеңістікке жетелеп, жазираның жібек желін естіртеді, жусан иісін танауыңызға кеулетіп, бой-жүйеңізді сергітіп, ой-жүйеңізді жаңғыртып кетеді. Қазақтың ұшы-қиырсыз даласында туып, соның ұланы болғанға бек марқаясыз. Тарихтар көшінде талай құпия сырды ішіне бүгіп, үнсіз көсілген киелі топырақтың қай тұсына табаның тисе де, шежіре шерте жөнелетіндей. Және жатырқамай, жатсынбай, бауырмалдық танытқан талапты жандарын қайтерсің! Олар өздерінің ата дәстүрін, әдет-ғұрпын бұлжытпай сақтап, қастерлеп қорғайды. Өткеннің өнегесін, өнерін өлмейтін мұраға айналдыру – кейінгі саналы ұрпаққа мұрат. Туған жерді табына сүю деген ұлы ұғымның өзі, мүмкін, осы шығар?

Ақбоз үй, желі, жусан аз-ақ бүгін,

шаттық па, мұң ба — әйтеуір ғажап бір үн.

Қызығам қырдағы елдің әлі күнге,

жоғалтпай жүргеніне қазақтығын, - деген Фариза толғауы оған саяды.

Кітаптың алғашқы беттерінде белгілі ақын Сырбай Мәуленовке арналған біраз өлеңдер бар. Оның сыртқы көрінісі жеке адамға арналғандай әсер қалдырғанмен, негізгі желісі жалпы жұртшылық қауымға, солардың бауырмалдық пейіліне, шын туысқандық жылы мейіріне, ең бастысы ұлт тағдырына бағышталған. Туындылардың қай-қайсысы да бей-жай қалдырмайды, көз тоқтатқанды тұшытып, белсенді қимылға бастайды, оралымды ойлар шумағын ширатады.

Өнер көзінің халықта екендігі сияқты талант қайнары — топ ортасынан тұма бұлақтай жарып шығатындығын шабыт иесі дәл болжайды. Қазақ поэзиясының тарлан шабандозы Сырбайдың сымбат-тұлғасын аспанға айдай көтере отырып, жыр үшін жаратылған ғажап жанның алғашқы жолы алыстағы ауылдан басталғандығын ұтымды да тапқыр теңеулермен, ұнасымды салыстыру, мінсіз мысалдармен, жұмсақ әзілдермен бұлтартпай бейнелейді.

Желпінді Торғайлықтар үй бұзардай,

«Сыр-аға біздікі» деп тұр қызармай.

Бір ауыл меншіктейді, жүрсем Сізді

қазақтың аспанына сыйғыза алмай.

Сарыарқа даласының сырлы суреттері өрмектің бояулы өрнектеріндей Фариза өлеңінің палитрасын біраз байытты. Шындықтың шынайылығына бақсақ, ақын Торғай сапарынан орасан зор «олжамен» оралыпты. Шабытына шырақ жағып, сәулесінің шұғыласына төңірегіндегілерді бөлеген ақын бәйгеде қызған сәйгүліктей суырылып сала береді.

Ән қандай, ән болмысты қыздар қандай!

Тоң жібіп, әуенінен мұз жанғандай.

Сырлы саз Сарыарқадан ескен сайын

барады көңілдерде ызғар қалмай, - деп жырлау, «тоңды жібітіп, мұзды жағу» тек қана Фариза сынды тума талант қолынан келсе керек.

Өлеңнің жолында өртеніп, жануы, толғақты күйлер кешіп, таусылмас тауқымет (творчествоның тауқыметін) арқалау, бейнет шегіп, жыр үшін жанын, жүрегінің жалынын сарп ету Фаризаның «Дала тағдыры» фрагменттерінде де айқын назарға шалынады, мүлтіксіз танылады.

«Дала тағдыры» фрагменттерінің «Сарыарқаға арнау», «Шофердің сөзі», «Ұлы жол», «Суреттер сөзі», «Оқжетпестің монологы», «Бұқараның үні», «Абылайдың жауабы», «Ақан серінің мұңы», «Бүгінгі көрініс», «Гимн» деп аталатын тақырыптарының да бір-бірден көтеріп тұрған қомақты жүгі бар. Бір кезде Сәкен, Ілияс өлеңмен кестелеген мән-жайды қайтара әңгімелеу, қайталанбас ерекшелікпен екшелей жырлау да -Фаризаның жеңісі.

Фариза - публицист, жоғары пафостың шебері. Ол өзі өмір сүріп отырған қоғамның мүддесін жақсы түсінеді, тіршілік кешіп отырған жұмыр жердің тынысын тапжылтпай таниды. Төрткүл планетаның түкпір-түкпірінде болып жатқан түрлі оқиғаларға қалт етпей құлақ түреді. Уақытқа үн қосып қалуды борыш санайды. Бұрын оның Чили оқиғасы, Пабло Неруда тағдыры жайлы буырқанған поэзиялық дүниелерін оқып, озық үлгілерге жатқызсақ, енді оны Отанның шартарабын шарлаған патриот ретінде көзге елестетеміз.

Фаризаның шыншыл суреткер, нәзік жанды лирик екендігі кітаптың «Қыз - тағдыр» циклында алабөтен ашылады. Дәл осы циклдың жазылу формасы да қалғандарына еш ұқсамайды. Әрбір шумақтар шоғыры диалог, монолог, жан күйі іспетті жолдармен басталып, одан әрі өріледі.

Маңғыстау түбегінің түлеп өсіп, жасару, жаңаруын, индустрия ошақтарының самсап бой көтеруі мен құдіретті жұмысшы күшінің кереметтерін Фариза алғашқы кітаптарынан-ақ өлеңінің үзілмес арқауы етіп келеді. Сол тін «Сұхбат» кітабында тағы да жалғаса түсіпті.

Жайнайды дала-алыбым,
жанары жарқын, жаны — Күн,
ызғары кетпес әлемге дала
таратып жатыр бойынан

жылуы менен жарығын.

Ақын адам танымастай өзгерген құтты өлкенің көл-көсір қазынасы халық игілігіне жарап, елдің мерейін өсіріп жатыр деген жақсылықты жариялайды, оның болашағына перзенттік тәнтілікпен, ертеңгі күннің еңселі биігінен сүйсіне қарайды.

Талант қанша тарлан болғанмен, дүлдүл шыққанмен жалғыз шауып бәйге алмайды. Ақын - халықты жағалайды, халық ақынды бағалайды. Жақсысын жасырмай, жаманын асыра айта білген жұрт-дәйімде әділ қазы. «Шөп те өлең, шөңге де өлеңге» қазіргі сауатты оқырман көндікпейді. Кемшілігі шықты екен, қайнауы ішіндегі кембағал жырды иесіне қайтарып береді.

Фариза күн талабын, төңірегіндегі замандастар талғамын дұрыс бағалап, сонымен санаса біледі. Елі артқан сенімді ақтап, күткен үміттен көрінуді мақсат тұтынады. Мақсат жолында ол жалғыз жаяулықты жаны қаламайды.

Келем тартып әлі алға,

достар - айдын, ел - кемем.

Екеуінсіз ғаламда

түк емеспін мен деген, - деп төрелікке мойын қояды.

Ақынның адымы алымды, қаламы қарымды. Шашасына шаң жұқтырмас жүйрік осылай қарыштайды.

Маңғыстау. 1984ж.

МЕЙІРІМ ШУАҒЫ

Карл ЕРНАЗАРОВ

Өлең - заман келбеті, уақыт тынысы. Ол заңғар биігі мен тұңғиық тереңіне ешуақытта ешкімді жеткізбейтін көгілдір кеңістік секілді шетсіз де, қат-қабат өмір жолында азабы мен ләззаты, қиындығы мен рахаты астасып, құбылмалы ой-сезімнің тылсым сырлары мен нәзік иірімдері ақын құдіреті арқылы өрнек тауып, уақыт ағымына қарай дамып, жетіліп, үнемі алға жылжып, арнасын кеңейтіп отыратын керемет қасиетті ғажайып көркем дүние.

Осынау өлең өлкесінде әр ақынның қалдырар қолтаңбасы мен алар орны әр басқа. Жарыққа шыққан әрбір жаңа туынды көктем шуағын ала келген жыл құсындай жаныңа жылылық құйып, оқырман жүрегіне жол тауып жатса, ақын бақытының жанғаны. Қазақ поэзиясында өзіндік ерекшеліктерімен дараланатын дарындардың бірі - Фариза Оңғарсынова. Оның «Жазушы» баспасынан шыққан «Сұхбат» атты жаңа жыр жинағы -қазіргі поэзияның барлық таланттарына толық жауап бере алатын және өресі биік талғампаз оқырманның көңілінен шығар құнды дүние. Сан-салалы өмір кұбылыстарының нәзік сырларын сезімталдықпен тап басып, айқын бейнелейді. Өмірмен өзектес қалпында жыр жүрегінің лүпілімен бірге соғып, тіршіліктің қан тамырындай дірілдеп тұратын шынайы шабыттан туған әсерлі өлеңдер оқырманды бірден баурап алады. «Сұхбатта» ақын мінезінің өршілдігімен қатар, өмір дамуының күрделі көріністерін байқататын байсалды пайымдаулар, философиялық толғаныстар, сондай-ақ мөлдір мұң да бар. Ең алдымен ақын бүгінгі тірлікті, қайнаған еңбекті, ұлттар достығын шабыттана жырлайды.

Қазақстан - сан ұлттар мекені, космостық корабльдер тұғыры.

Жанарынан мейірімнің самалы ұшқан,

сәруар жүзі сәбидей ана құшқан.

Самалалы шақтарға қарыштаған

менің елім - кең байтақ Қазақстан, - деген асқақ жырлардан ақын мақтанышы айқын сезіледі. Ол Қазақстан өмірін бүкіл әлем тынысымен ұштастыра толғап, уақыт, кеңістік жағынан шектеліп қалмай, өмірлік қозғалысты жырлайды. Туған елдің кешегісі мен бүгіні, қарапайым еңбек адамдарының өмірі, бүкіл әлем тағдыры - ақын жырының негізгі арқауы. Өзіндік өзекжарды ойларын суреткерлік зергерлікпен тапқыр жеткізе біледі. Қоғамдық тақырыптарға арнаған патриоттық өлеңдерінде негізінен интернационалдық рух басым. Бүгінгі бейбіт заманның күнгейлі жарқын беттерімен қатар көлеңкелі жақтары да ақын назарынан тыс қалмайды. Ең бастысы ядролық апат қаупінің күшейіп бара жатқаны алаңдатады.

Сезесіз бе -

бар осынау күрделі ғасырда ызғар

алай-дүлей дауылдар. Жасыл мұздар...

Қару десе тияды бұлақ та үнін,

мылтық, бомба қажетсіз! Бірақ бүгін

тек қарусыз қалмасын асыл жырлар! - деп толғайды ақын Ә. Тәжібаевқа арнаған бір өлеңінде. Бүкіл дүниені алаңдатып отырған осы ызғарлы қауіпті адамдардың өздері тудырып отырған жоқ па? Олай болса бейбітшілік үшін күресте адам жүрегіне мейірім нұрын құяр мазмұны терең ой мен сезімі астасып жатқан рухани нәрі мол, идеялық көркемдік сапасы жоғары тәрбиелік мәні зор қарулы жыр жазу -ақындардың басты мұраттары болуға тиіс деген ой тастайды. Сана - қоғамдық құбылыс қоғам дамуымен тығыз байланысты. «Сұхбаттағы» көптеген өлеңдерде ақын қоғамдық сана жетіліп, білім өскен сайын адамдар мейірімнен ада боп бара жатқан жоқ па деп күдіктене отырып, адам бойындағы мінез-құлық, психологиялық өзгерістердің сан алуан жұмбақ сырларына жауап іздейді. «Мүшәйра» жырларында ақын халықтың көне аңызын тілге тиек ете отырып, сөз жарысына шыққан шешендерді қоғам жайлы, адам жайлы түрлі толғаныстарға түсіреді.

Бірақ бұл шындығына келгенде, бүгінгі өмір, бүгінгі адам жайлы ақынның өзіндік өзекжарды ойлары мен философиялық толғаныстары. Мәселен:

Адам алаң әр неге, сана да алаң,

алаң тірлік ақылды тағалаған.

Суы тартыла бастаған қара жердей

мейірімге сараң боп бара ма адам?

Сана күңгірт ортада сезімдер де

жылы үйде өскен жемістің шырынындай, - деген өлең жолдарынан айқын аңғарылады. «Қыз-тағдыр» циклы да осындай толғаныстарға толы. Ақын адамдарды ізгілікке, мейірімділікке, адалдыққа, достыққа шақырады.

Ескеріңдер ертеңгі ел тағдыры,

Жер тағдыры сендердің қолдарыңда!

Ақын толғаныстарының бүкіл түйіні, мәні осында жатса керек. Кейбір жеке адамдардың бойындағы жат қылықтар қоғамдық құбылысқа айналып бара жатқан жоқ па деп қынжылады. Ол көптеген өлеңдерінде өмірдің күнгейі мен көлеңкелі жақтарын салыстыра отырып, ағынан ақтарыла сөйлеп, оқырманды ашық сұхбатқа шақырады. Ақындық тұлғасы биіктеп, кемел шаққа аяқ басып келе жатқан үлкен дарынның айналасына ойлы көзбен қарап, өзін қоршаған ортаға тереңірек үңіліп, жақсылық пен жамандық, өтірік пен шындық туралы шынайы сезім сырларын бүкпесіз өткір айта білуі құптарлық әрі қажет. Көркем образдарға толы айшықты жырлардың оқырман жүрегіне от жағары сөзсіз.

Жылтырақ-жасандылыққа ұрынбай, ағынан ақтарыла, образбен сөйлеу — Ф. Оңғарсынова қаламына өте-мөте тән сипат. Ақын өлеңінің ішкі иірімдері мен тереңдігіне және сыртқы сұлулығына, әуезділігіне қатты көңіл бөліп, әр шумаққа тынымсыз тіршілік тынысын беруге тырысып, сан түрлі өмір құбылыстарын суреткерлік зергерлікпен өрнектеп, ой-сезімдерін оқырман жүрегіне қалтқысыз жеткізуді мұрат тұтады. Қарапайым да айшықты өлең шумақтарынан лирикалық кейіпкердің көңіл-күйі, сағыныш-мұңы, айқын сезіліп тұрады.

Баяғы келіншектер жүзі еліктей

жүр ме екен әлі күнге тізе бүкпей?

Көздері сиреді ме олардың да

анамнан қалған күміс білезіктей?

Өлең эмоциясын көтеріп, ажарын ашатын метафора, эпитет, теңеу сияқты көркемдік компоненттер Ф. Оңғарсынова поэзиясында молынан ұшырасады. Табиғаттың әдемі көріністерін бейнелеп әдемі суреттер жасауға және әртүрлі құбылыстарды салыстыра отырып ой түюге де шебер.

Түрін-ай текеметтің! Асыл қандай!

Үңілдім үнсіз ғана басымды алмай.

«Келе ғой, қошақаным, өзіме!» – деп,

әжем кеп сипағандай шашымнан жай.

Күйімді кешсеңдер-ау сол беттегі,

тұрғандай ана-көңіл тербеп мені.

Жан бітіп жайраңдады жан-жағымнан

қазақтың қошқар мүйіз өрнектері.

Осы екі шумақтың өзінен-ақ әсемдік пен саздылық, ақынның сағыныш-мұңы және ғасырлар бойы жасап келе жатқан халық өнеріне деген ықылас, құрметі айқын аңғарылады. Осы оюларға қызыға отырып:

Сүрінбей өте алар ма ғасырлардан

әжемнің оюындай жыр өрнегім, - деп сәтті ой түйеді. Сонымен бірге аялаған арман-өлең уақыт сынынан сүрінбей өте алар ма екен деген күдігі де жоқ емес. Ақынды үнемі сан қилы ойға бастап, тынымсыз мазалайтын да осы күдік. Сондықтан да ол халық алдында үлкен жауапкершілік сезініп, өз творчествосына сыншылдықпен қатал қарауға тырысады. Жеткен биікте тұрып қалмай, шарқ ұрып алға жылжу, өзіне көңілі толмай, мүлт кеткен қателіктеріне қынжылу - нағыз талантқа тән қасиет. «Сұхбат» жыр кітабы -соңғы жылдардағы ақын ізденісінің жаңа бір көрінісі, творчестволық табысы, жалпы қазақ поэзиясына қосылған айтарлықтай дүние.

1984 жыл

АҚЫННЫҢ АЗАМАТТЫҚ ҮНІ

Сабыр ҚАЗЫБАЕВ

Сонау 60 - жылдардың өрінде облысымызда өлең атты құдіретті өнерге калам сілтеген жастар көптеп көріне бастаған еді. Солардың ішінен, әсіресе, бұйра шашты, қара торы жұдырықтай пысықша келген қыздың әдеби кештерде өлең оқуы, сөз саптауы тыңдаушысын тамсантатын. Бұл - Фариза Оңғарсынова еді.

Фариза тіпті мектепте оқып жүргенінің өзінде-ақ «Қазақстан пионері» газетінде, қазір өзі басқарып отырған республикалық «Пионер» журналы бетінде жиі көрініп, оқушыларды сүйсіндіріп жүрді.

Фариза творчествосының қанатын ең бір жая бастаған кезі - институтты бітіріп, «Лениншіл жас» газетінің Батыс Қазақстандағы меншікті тілшісі болып жұмыс істей бастаған шағы. Бұл кез Маңғыстаудың Бүкілодақтық екпінді құрылыс атанып, жаңадан түлеп жатқан шағы еді. Ақын осы екпінді құрылыстың ерлерін, Маңғыстау барлаушылары мен мұнайшыларының құла түзді жаңғыртқан ерен еңбегін жырға қосты. Оның жазған мақалалары мен очерктерінен маңдайын күн қақтаған ерлердің Отан байлығын молайтуға қосып жатқан үлесі өз бояуын тапты. Бала күнінен асқақ арман қуған Фариза жырлары Маңғыстау жаңаруынан тың өрнек, тың бояу тапқандай болды. Сондықтан да ол:

Өмірге құштар жандардың
жалын жүрегі дауылды далаға ғашық,
мұнаралардан жүр мұнда самал адасып,
жастықтың құрыш қолымен кетіпті бүгін

құмдауыт белді қүз кеуде қалалар басып.

Жастық шақ ізін тастаса -

кешегі бозаң, қатыгез құм дала-мекен

қара ормандармен қайысып нуланады екен.

Осынау асқақ жандарға замандас болып,

мен асылы тектен-тек тумаған екем! — деп жырлады.

Маңғыстауды ашқан барлаушылардың бір тобы кейін Лениндік сыйлықтың лауреаттары болды. Отанымыздың орден-медальдарымен наградталды. Барлаушылар еңбегі нәтижесінде теңіз жағалауында жаңа қала бой көтерді. Фариза бұл қаланың келбетін:

Көшелер тұнған желкілдеп тұрған жас шыбық,

ұлы Кобзарьдың көкірегінде кеткен жақсы үміт.

Жас қала тұр теңізге тосып кеудесін,

төбесін көктің көк күмбезімен бастырып.

Барады ол асқақ болашақтарға қарыштап,

жастық пен достық, ұлылығыңды мәңгі паш қылып, - деп суреттеді.

Туған өлке төсінде ұлан-ғайыр өзгерістерді ақындық шабытпен жырлаған оның толғанысы бүкіл елін сүюге, туған республикасын сүюге әдемі ұласады.

Фариза ақынның әрбір жинағын жыр сүйетін қауым аңсай күтіп отырады. Шарқ ұрған ақын шабыты, міне, жиырма бес жылдан астам оқушысының осы өскелең талабына жауап берумен келеді. Ақынның «Сұхбат» атты жаңа жинағында нағыз талант көрігінен қайнап шыққан болаттай шымыр, құрыштай берік өлеңдері бүгінгі таңда ежелден өлең десе елеңдеп отыратын оқырманын қуанышқа бөлеуде. Алдағы уақытта да бұл күнде нағыз творчестволық кемелдік танытып отырған таланттың өзінің ешкімге ұқсамайтын өршіл де өрнекті өлеңдерімен оқушы жүрегіне нұр құя беретініне сөз жоқ.

Гурьев. 23 тамыз, 1984 ж.

Фариза апай!

Сонау соғыстың сұрапыл майданында ерлігімен қазақтың батыр қыздары Әлия мен Мәншүк көзге түссе, қазіргі заманда жыр майданының батыры деп Сізді бағалар едім.

Сіз бақыттысыз! Өйткені өлең арқылы өміріңізді өрнектеп, ой-арманыңызды жырмен жеткізесіз. Сіздің өлеңдеріңізден өзімді мазалаған сұрақтарға жауап тауып, сыр бөлісемін.

Поэзия сүйер, қарапайым оқырман сіңіліңіз Мария.

1985 ж.

АҚЫННЫҢ АЙШЫҚТЫ ӘЛЕМІ

Марал СҚАҚБАЕВ

Адам болса сезім мен сенім іздер,

келіңіздер, бері қарай еніңіздер.

Менің байтақ әлемім — планетамды

көріңіздер аралап, келіңіздер!

Барша әлемге жар сала, қол бұлғай шақырып тұрған Фариза ақын планетасына сырттай дүрбі салып байқасақ, жиырмадан астам кітап болып жарық көрген лирикалық өлеңдерін, повесть, очерктерін, қатар жүрген әріптестерінің шығармашылық өнері туралы толғайтын сыни мақалаларын, әдеби портреттерін көрер едік. Бірақ, мұндай құрғақ статистика ақын әлемінен хабар бере ала ма?!

Терең бойлап түйсініп, сезінбесең,

ішін бермес жұмбақтай жыр әлемім, — деп өзі ескерткендей, Фариза планетасын танып-білу үшін, жанмен сезіп түсіну үшін ішіне еніп, емін-еркін тамашалау керек.

Ақын - қашан да таңғажайып тұтас әлем. Тылсым сыр, жұмбақ планета. Ол планета өмірі - шарана сәби шыр етіп жарық дүниеге келген күннен басталмақ та, кемерін мәңгілік мұхиты жуып, бақи жылдар мұнарынан бой көрсете, көз арбап тұра бермек. Егер ол жоғалса, не соны дүниеге әкелген анасы - халық түгел тарих сахнасынан көшкені, не сан ғасыр бойы тұтас қоғам тіршілігін нұрландырып келген дәстүрлі цивилизация шамы өшкені. Ақын - халық перзенті, ол халықтың рухани ғұмырымен бірге жасамақ.

Фаризаның ақындық ғұмырын мөлшерлеп, сәуегейсіп жату - әбестеу болар. Ал енді оның «байтақ әлемі – планетасы» қазақ ғарышындағы халық назарын еріксіз бұратын өң-түсі бөлек өзгеше әсем дүние екенін ашық айта аламыз. Фариза әлеміне кірген оқырман құр шықпасына, олжасыз оралмасына мен кепіл. Әркім өзін жаңа материк ашқандай сезінеріне сенем. Әркім оны өзінше көріп, өзінше қызықтамақ. Әркім өз керегін, өз кереметін таппақ. Әркім өз ыдысына сыйғанша алмақ. Оған дау жоқ.

Ақындық өнер - көкірекке табиғат-ана ғана дарытар киелі өнер. Шын ақын дүниеге өте сирек келеді. Қатардағы Жазушылар одағының мүшелік билеті де, тасқа басылып жарық көрген жинақтар саны да - ақындық паспорт емес. Өзін ақын санап, айдарынан жел «естіріп» жүретін талайлардың қойын қалтасындағы азаматтық паспорт та -ақындық азаматтықты белгілей алмайды. Ақындық - табиғат сыйы болса, азаматтық -қоғам көрігінде балқып, тіршілік күрзісімен шыңдалар күрескерлік рух. Осы екеуі үндесіп бір кісінің бойынан табылған шақта ол уақыт тудырған қоғамдық тұлғаға айналады. Фариза Оңғарсынова осы талаптар үрдісінен табыларына ешкім күмән келтіре қоймас.

Сөйлейді адам заманының тілімен,

жаңа күннің үнімен.

Заманың да ұлы емес,
уақытың да түк емес —
адамдары өмір сынын жеңбесе,
тіршіліктің екпініне ермесе,

Уақыт тілі - менің тілім ендеше! - деп тайсалмай жар салуға Фаризаның толық хақысы бар. Уақыт сөзін ақынның ақыны, азаматтың азаматы ғана айта алса керек-ті.

Менің пайымдауымша, Ф. Оңғарсынова планетасының негізгі климатын белгілейтін қызыл жел - азаматтық әуен. Жетпісінші жылдардың басында жарық көрген «Мазасыз шақ» жинағынан аңқылдай ескен, айқынырақ естілген Уақыт үні содан бертінгі жылдар ішінде ұлғая, нығая, үдей түсіп, ақыры «Дауаның» қуатты қанатымен бүгінгі биігіне жетіп қонды. Ақынның бұл ыңғайдағы өлеңдері концептуалдық тұрғыдан шұқшия зерделеп, кеңінен сөз етуді тілейді. Нөсер бұлтынша құйындатып жетіп, шатырлай, сарт-сарт сынып жататын, эмоциялық қуаты, жігері жағынан оқырман құлағына Доспамбет, Махамбеттер үнін әкелетін бұл шымыр жырлар уақыт тынысын нысаналайтын өзгеше ойшылдығымен де, толған тереңдігімен де қатар баурайды.

Фариза творчествосына өршіл үн әуелден тән. Оны өзінің ақын құрбыларынан даралап, оздырып әкеткен де, еркек кіндік әріптестерімен «тайталастырып», қалың доданың қақ ортасына әкеп салған да сол жігерлі пафос еді. Сол пафос оны әдебиет мұхитының шалқар айдынына алып шыққан ақ желкен болды десек те жарасады.

Ф. Оңғарсынова соңғы оншақты жыл беделінде ақындық тұрғыда да қатты өсті. Бұрынғы өршіл үнін әлсіретпей сақтай отырып, поэзиясына жаңа реңк дарытты. Жел өтінде қалған сәбидей шырылдаған жалаңаш шындықты аялы алақанына сала, мейірбан жүрекпен тербете уілдеп, көкірегі қарс айырыла күңіреніп, шиыршық атуымен-ақ ол көп әріптестерінен қара үзіп, ілгері кетті. Бүгіндері ол ойшылдау, сыршылдау, мұңшылдау арнаға бет бұрғандай. Сонысымен жаңа сапаға қол жеткізіп, соны белеске көтерілгенін, көтерілгенін ғана емес-ау, үзбей биіктеп бара жатқанын танытады. Егер біз бұны оның ақындық шеберлігі толыса түскенімен түсіндіре салсақ, көп нәрсені жете байыптамағанымызды аңғартар едік. Сөз жоқ, ізденімпаз, мазасыз ақын шеберлік шыңдамай тұрмақ емес. Әйтсе де, нағыз кемел шеберлік ақынның азаматтық жетілуімен, әлеуметтік өмірге көзқарасы айқындалуымен, таным-білімі тереңдеуімен ғана келеді.

Мен білетін Фариза - күрескер тұлға. Ақын жыры - оның жан сыры, мінез көрінісі деп мойындасақ, онда азаматтық лирикасын- ақынның азаматтық болмыс-бітімі, азаматтық автопортреті деп таныған жөн. Творчествосында күрескерлік танытқан қаламгер әділет пен адалдық мұраты үшін, шындық мәртебесі үшін тіршілік майданында да тайынбай белдесері хақ.

Кез-келген творчестволық ірі тұлға секілді Фаризаның да қыры көп. Мен білетін ең бағалы қырларының бірі - оның болмысына жасандылық жат. Өлеңіне қояр басты талабы да сол. Өмірлік принципі мен өлеңдегі мінезі айна-қатесіз ұқсайтын адамдардың бірі - Ф. Оңғарсынова. Өмірдегі талапшылдығы – творчествода тұтынар берік кредосы.

Өрекпімей сылдырға, жалаң жайға,

сөз бен сертті ар дейтін адам қайда?

Әлде бәрі сезім мен сенім таппай,

алаң-жұлаң күн кешіп амалдай ма,

адамдықтың тіндерін тарамдай ма?

Фаризаның азаматтық лирикасы, ең алдымен, сыншылдығымен, талапшылдығымен назар аудартады. Адалдық деп аңқасы кебетін ақын қоғам денесіндегі, пенде мінезіндегі алуан түрлі бітеу жараларды дәл нұсқап, аяусыз нысанаға алғанда, ақын көзінің жітілігіне, аңғарымпаздығына еріксіз тәнті боласың. Бір ауыз шымыр шумақпен-ақ Фариза сомдаған типтер - тұтас бір галерея.

Фариза шығармаларындағы мұңды оның күрескерлік рухынан, азаматтық парасатынан бөліп қарау мүмкін емес. Мұңы жоқ адам күрескер бола ма?! «Мұңсыздықтан адамзат кердеңдейді, көмкерейін жан отын мұң жырыммен» деп өзі айтқандай, ол мұңды жеке бастың қайғысы деп түсінбеу керек: әлеуметтік жүгі бар, қоғамдық астары бар мұң ол. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп күңіренетін ұлы Абай мұңымен үндес. Ол қоғамды - өзінен, өзін - қоғамнан бөлектеп қарастырмайды. Содан да өз ішін өзі үңгіп, өзін-өзі мүжіп, қаузап, бойындағы пенделік мінін де, көңілдегі кірін де, күпір ойларын да, асқақ арман, жақсы тілек, жарқын үмітін де түгел жайып салып, ағынан жарыла ақтарылып, өзінен-өзі таусылып, өзінен-өзі түңіліп кеткен кездерде де ол тебіреністерінің, сезінулерінің шыншылдығына бір мысқал күмән көлеңкесі жуымайтыны соншалық, ақынның лирикалық «мені» мен жеке басының ара жігі қай тұстан өтетінін ажырату оңайға түспейді. Ондайда ақын лиризмі ішкі драматизмге қарай күрт ойысады. Ширыққан терең психологизмнің поэзиядағы осы көрінісі Фариза творчествосын биіктетіп, даралап тұрған ірі табыстарының бірі болса керек.

Осыған жалғастыра, ақын қаламының соңғы соны қырларының бірі ретінде ерекше көзге шалынып, творчестволық әлемін байыта, ажарлай түскен, сонымен қатар ақындық дарынның азаматтық бітімі тағы бір даралаған жәйтті атай өткен жөн сияқты. Ол - бүгінгі таңдағы дүние жүзінің ең қарымды ақын-жазушылары қаламының ұшында жүрген толғақты мәселе - жалғыздық тақырыбына баруы. Егер осы орайдағы өлеңдері жариялылық заманынан көп бұрын жазылғанын ескерсек, оны ерлік деп мойындауға тура келеді. Осынысымен де адам көңіліне замана салар жарықшақ қай тұстан, қалай өтерін дәл аңғарар - көкірек көзі жіті, жүрек, құлағы түрік ақын екенін аңдатады.

Бүгін ақын нағыз толысқан шағында. Ақын поэзиясының кемері жыл асса - жыл кеңейіп, ақын ойы жыл асса, жыл кемелденіп азаматтық тұлғасы да биіктеп барады. Таяуда жарық көрген бір өлеңінде ол:

Айналып жан дүнием қамалға ерек,

селқостау көз саламын жанарды егеп.

Таңданбас, жаны ашымас құдай деуші еді,

қорқамын соған ұқсап барам ба деп! - өзін-өзі мысқылдаған (ирония) екен. Мен айтар едім, қолында ұшан-теңіз билігі жоқ ақынның құдайға ұқсағанынан қорықпау керек деп. Жасампаз ақын неғұрлым қуатты, құдіретті болған сайын оның әлемі де соғұрлым зор, соғұрлым әсем бола түссе керек. Туған халқы одан ұтпаса, ұтылмайды. Ақын мерейі ләйімде биік болғай!

1985 ж.

ЖҮРЕК ЖЫРЛАРЫ

Ақылбек ШАЯХМЕТОВ

Фариза Оңғарсынова қазақ поэзиясына ойнақы да, жалынды, батыл да адуынды жырлармен келген еді. Не жазса да, бар ет-жүрегімен елжіреп, сезімге беріліп, тебіреніп жазатын ақын алға қойған мақсатынан ұзақ жылдар бойы таймай келеді. Ақынның былтырғы жылы ғана «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Мен сенің жүрегіңдемін» деп аталған жаңа жинағы да замана ұлылығын, дәуір келбетін жырлаған шуақты жырларға толы. Кітаптан, ең алдымен, автордың терең патриоттық сезімі, ақындық тебіреністері атойлап көзге түседі.

Бүгінгі дала бейнесі, жасарған ауыл, жаңарған өлке, туған жер топырағында тер төгіп жүрген еңбек өрендері ақын жырларына алтын желі болып тартылған.

Қатыгез дала жасарса —

көлгірсу емес, көнбістік те емес бұл тағы,

далаға туған әділетті күннің нұр-таңы.

Жасампаз қолдар жаңғыртып жатса не дерсің,

алтын дәндерден тау жасап әрбір қырқаны.

Қазақтың қайсар даласын бүгін анам деп

жастық жүректер жылытады.

Тарихтың тылсым таңдарын қайта түлеткен

ғаламат мынау заманның жарқын ұрпағы, - деп толғанады ол. Бір ғажабы, формасы да бөлек, ырғағы да ерекше осы жыр құлаққа тосын естілмейді, тас бұлақтың сарқырап құйылған суындай сыңғырлап, жан-жүрегіңді баурап алады. Ақын қаламының құдіреті жырмен бірге ойлантады, бірге толғантады.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халық қасіреті мен айбынды ерліктері жайлы сөз қозғағанда, ақын үні тіпті айбарлы естіледі. Ел қайғысын өз қайғым деп түсінген ақын бүгінгі ұрпақтың ақ тілегін білдіреді. Әсіресе, соғыс өртін бастан кешпегендер мен соғыс қасіретін тартпағандарға арналған жырлар алапат қырғынға қарғыс айтып, бейбітшілік туын көкке көтереді, қанды соғысқа адамзат атынан әділетті үкім шығарады.

Бірақ, бірақ сенем мен:

түбі шындық қалмайды тасаланып,

әділ күннің сәулесін шашары анық.

Қан жұтқандар жүрмейді басып өктем,
келеді, рас, ол жеңіс қасіретпен,
құрбандықпен... талайдың шашы ағарып,

жауап береді ол сұмдар ар алдында.

Фариза творчествосында өзгелерге ұқсамайтын ерекше өр екпін, асау сезім тасқыны бар екендігі баспасөзде айтылып жүр. Расында да, біз сөз етіп отырған кітаптан да осындай өр мінезді жырлар жиі-жиі ұшырасады. Бірақ, бұл өлеңдер тек адуындығымен, асқақтығымен ғана ерекшелене ме? Жоқ, әрине. Бұған қоса Фаризаның әрбір лирикалық жырында терең ой мен мазмұн астасып жатады, қызға тән паң қылық қылаң береді, шаттығымен елтітіп, мұңымен еріксіз ашындырады. Оқырман әр шумақты оқыған сайын автормен бірге қуанып, бірге күйзеледі. Өйткені ақынның оқушыдан сыр бүгіп қалған жері жоқ. Нені айтса да, жеріне жеткізе, сөзін өткізе айтады. Мәймөңкесіз, бүкпесіз жырларды тебіренбей оқу мүмкін емес.

Жинаққа шығыс сапарынан туған бірқатар өлеңдер енгізілген. Стамбул мен Александрияда да, Иранда да әділетсіз капиталистік қоғам қайшылықтары ақын көзіне бірден түседі. Бұл циклда жазылған өлеңдерінде ол поэзиядағы прозалық тәсілдерді шебер қолданады. Әрбір жырын қара сөзбен бастап, ақындық тебіреніспен аяқтайды. Мына бір суретті көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші: Александрия базары дуылдап тұр. 12-13 жасар бала мес қарын саудагердің алдындағы қуырған құс етіне тарамыс қолдарын соза беріп еді, анау бірден байқап, жиіркенішпен итеріп жіберді.

Құлап жатқан баланың көзінен ақын мынаны оқиды:

Не деген пасық едіңдер,

жанымда үміт, сенімдер түгесілгенде,

лақтырып тастап кеттіңдер күресін жерге.

Сендерден байлық сұраман өліп кетсем де,

алтындарыңды алмаймын төгіп кетсең де -

мейірімге ғана мұқтажбын.

Білесіңдер ме?

Кітаптағы мәңгі өлмейтін тақырыпқа арналған махаббат лирикалары ақынның жан-сезімін алдымызға жайып салады. Бұл жырлар - кіршіксіз көңіл сырлары.

Сен мені аялайсың, білем, құрбым,

туады қол ұстасып жүрер бір күн.

Қиналсам, тек өзіңді еске аламын
(ал менің тірлігім де кілең кірбің),
сен тездеп келу үшін құтқаруға

туса деп қиын сәттер тілеп жүрмін.

Сезім пернесін дәл басып, жүрек сырын қозғаған назды жыр бойыңа шым-шымдап тарайды, таңдай қаққызып бас шайқатады. «Менің де көкейімде тұрған ой еді» деген сөзді еріксіз тіл ұшына оралтады.

Ақын жыры - оның өмірбаяны, жан сыры. Жүректен шыққан жырлардың жүректерге жол табатынына біз де сенімдіміз. Шабыт кұсың шарықтай берсін, Фариза ақын!

Қостанай. 1985 жыл.

БІЗДІҢ ФАРИЗА

1. СЫРНАЙ САЗ, СҰЛУ ҮН

Қырықбай БЕКБАЕВ

Атыраудың талантты ақын қызы, бұл күндері қазақша, орысша бірнеше кітаптың авторы болып, Одақ көлеміне танылған Фариза Оңғарсынова оқырмандарына тағы бір жаңа жинақ ұсынып отыр. Өткен жылдың соңғы күндерінде «Жалын» баспасы ақынның «Сенің махаббатың» атты жыр кітабын шығарды.

Фариза Оңғарсынова - адамдардағы асыл сезімді барлық қуатымен көтере жырлайтын, жағымсыз қылықтарға ерекше қатты сынмен қарайтын ақын. Сондықтан да оның кейіпкерлері кіршіксіз таза, рухани мөлдір, аса жоғары идеалдың адамдары.

Әлия мен Мәншүк жырларындағы қайтпас рух, туған Отанға шексіз берілгендік те осындай ең биік сезім тұрғысынан алынған. «Бибігүл-әндегі» сезім сұлулығы, Ғазиза Жұбановаға арналған дыбыстар әлемінің қалың нуы - осының бәрі Фаризаның жырлауында күнделікті көп шаруалардың соқпағынан суырылып шығып, жоғары көтеріліп, кейінгілерге өз сәулесін түсіріп тұрғандай. Әсіресе Әлия мен Мәншүк жырының оқушы жүйкесін ширықтырып, қатты тартып алатын қуаты бар. Өйткені олар бүгінгі ұрпақтың бақыты жолында құрбан болғандар атынан тіл қатады. «Айналаңа ойлы қара, адам қолымен жасалған игілік адам қолынан бүлінбесін. Отаныңды қорғап, оның тұтастығын сақтай білсең ғана адамсың». Міне, ақын ойының алтын қазығы осындай.

«Сенің махаббатың» атты жинақтағы негізгі тақырыптардың бірі - ақынның халық алдындағы парызы. Осы топқа жататын «Сырласу» жырларында, «Махамбеттің аудармашысымен әңгімесінде» Фариза поэзияның ұйымдастырушылық күшін, алға тартушы рухын, ақынның азаматтық борышын жырға бөлейді. Ол поэзияны халықтың жарық арманы, сезімнің мөлдірлігі, ақылды дәуірдің алыбы деп түсінеді. Халық талантты туады, тәрбиелейді, талант халықтың көкейіндегісін жырлайды, жігерлендіреді. Ой түйінін осыған тіреп отырып, ақын айшықты сөз кестелерін иіріп тастайды.

"Өмір жырлары" адамдардың күнбе-күнгі қарым-қатынастарынан байқалған жақсы сезімдерді паш етуші, жайсыз қылықтарды сынаушы жолдар. Мұндай жан сүйсінер қасиеттер де, жүрек суытар әдеттер де аз емес. Бір өлеңде ақын түнде қағылған есік дыбысынан оянады. Бұл кім болды. Жат біреулер, дарақылар ма? Жоқ. Бұл - достар. Олар — өз қуанышын паш етіп, өз үйіндей еркін келіп, сол қуанышымызды бірге бөліс деп тұр. Енді ақын тілегі де сол: тек осылай, қуанышқа ғана бұзылсын тәтті ұйқы!

«Шілде» атты таңдамалы өлеңдер жинағында «Мен өз жырларымда... әйел жанының сан күйін мүмкіндігім жеткенше жеткізгім келді», - деп жазған еді Фариза. «Сенің махаббатың» атты жаңа жинағына «Әйелдер әлемі» деген қосымша анықтама беріп, өзінің жаны сүйген тақырыбына одан әрі үңіліпті. Жалпы, Фаризаның бұл тақырыптағы жырларын рет-ретімен қойып қарастырса, ақынның адам өміріне, оның психологиясына, ойлау дүниесіне, жан-сезіміне үлкен зерттеуші-социолог тұрғысынан келгенін, тіпті кей тұстарда адамды зерттеуші оқымыстылардың байқамағанын байқай білгенін аңғару қиын емес.

«Сенің махаббатың» жинағының құрылымы да, жалпы тақырыбы әйелдердің рухани дүниесін жырлау болғанмен, жекелей келгенде сыр етіп шертетін мәселелері дара-дара. Мысалы, «Сараның жырларында» ақын әйелдің сезімімен туған жер, ақындық мұра, парыз жайы сөз болса, «Майраның әндерінде» адамдардың қарым-қатынасы, адамгершілік міндет, Мәриям Хакімжанова туралы триптихта ізгілік, мейірім, рухани байлық жырға айналады.

Жаңа жинағында Фариза ақындық шеберлік тұрғысынан едәуір өскенін аңғарамыз. Оның өлеңдері жинақы, басы артық сөз жоқ, ұйқас үйлесімдері күрделі. Табиғат лирикаларының көбі жанды көріністерді елестетсе, өмір жырларында ойлы тұжырымдар бар.

Махамбет ауданы. 1980 ж.

2. "ДАЛАМ — МЕНІҢ ҚАЗЫНАМ…"

Өлең кітаптарының қай-қайсысынан да ой түйіндері тереңдей, поэзиядағы шеберлігінің айқын шыңдала түскендігі байқалатын ақын жерлесіміз Фариза Оңғарсынова кітаптан кітапқа кемелденіп келеді. Мысалы, оның өткен жылы «Сұхбат» атты жинағындағы «Маңғыстау монологтары», «Отаным - оқшау құрлығым», «Революция және мен» деген өлеңдер циклі Қазақ ССР-нің Мемлекеттік сыйлығына ие болған еді. Үстіміздегі жылы ақынның «Дауа» деп аталатын жаңа өлеңдер жинағы жарық көрді.

Туған дала, туған ел!

Бұл ұғымдар - ақын жырындағы ең қасиетті, қай кітабында да ерекше жалынды леппен жырланатын, асқан шабыттарға толы сезімдердің тақырыбы. Бұрынғы жинақтарындағы сияқты ақынның бұл кітабының да негізгі лейтмотиві - туған далаға деген перзенттік махаббаты, азаматтық үнге толы өлеңдерді өзіне көгендеп жатады.

Жүрек, сенсің Отаным, қоғамым да,
мейлің күлдір, күрсіндір, ора мұңға, -
мен бәрібір өзіңнен бөлінбеймін,

сенсіз менің әнім жоқ, жоқ арым да!

Туған жерін сүйген, оған барлық ыстық жүрегімен берілген ақын сол жердің тыныштығын, бейбіт өмірін ойдан шығара ала ма? Фариза өлеңдерінде де бұл леп ерекше!

Жүректе - сүйікті елес,

мәңгілік күн - жанымда, биікте емес.

Бұл әлемде ең биік - Адам ғана,

мұңдануға ешкім де тиісті емес!

Өзі үлкен патриоттық сезімнің ақыны болғандықтан оның елін, жерін сүймегендерден, халықтың жанын ұқпағандардан, «Сүтін емген тілімнің қадір-қасиетін сезіп білмегендерден жаным жылап, түңілгем» деген жолдары да:

Ертеңдерді, жерді ойлап, -
адамды ойлап, елді ойлап,
жер күрсінсе, көз ілмей,
жаны ауырған өзімдей,

Күнмен бірге күлмесем,
мен осылай жүрмес ем,

өнер дертін білмес ем, - деген тебіреністері де үлкен ақиқат, өмірге биіктен қарай білудің өршіл белгісіндей.

Достық, оның ішінде халықтар достығы тақырыбы – ақын шығармаларындағы өзекті тақырыптардың бірі. Осы жинақтағы «Қырғыз, қазақ - өзімнің қос жанарым» атты өлеңінде ақын іргелес екі елдің ортақ тағдырын, ортақ тыныс-тіршілігін ықыласпен жырлайды:

Сен қуансаң, шуақты менде де күн,

сен самғасаң, менің де өрлегенім!

Сіздің үйде қонақсып төрлемедім,

қырғыз, қазақ - өзімнің қос жанарым,

қос жанарым, қашан да сөнбе менің!

Жаңа жинағында Фариза ақындардың қоғамдағы орны, борыш пен парыз, жақсылық пен жамандықтың күресі сияқты келелі мәселелерге өз көзқарасын білдіреді. Оның «Адам деген - уақытының сыңары, заманының ұланы, шырқап салар жыр-әні, көкке өрлетсе - қыраны, аяласа - ну бағы, жерге салса - тулағы. Заманың да ұлы емес, уақытың да түк емес! - Адамдары өмір сынын жеңбесе, тіршіліктің екпініне ермесе» деген жолдарында осындай келелі ой, қоғам алдындағы борышты сезінушілік жатыр. Сондықтан да адамдар, ақын түсінігінше, «өзіне берілген өлшеулі өмір ішінде бір-біріне жақсылық жасай білуі керек және де оны өзінің қажетті жерінде, кезінде көрсете білу керек» - дейді. Өйткені:

Кезінде етпеген жақсылық,

қылмыспен кейде пара-пар.

Ол өмірдің мәнін адамдардың бір-бірімен ізгі қарым-қатынас, достығында деп түсінеді. Сондықтан да:

Достарым, ортам, қоғамым,
оларсыз сөнем, соламын,
салқындық сеуіп, сырт берсе,

көңілімде - кірбің, жоқ әнім.

Солардың қабақтарымен

налимын, тасып-толамын, - дейді.

Фариза Оңғарсынова - өмірге сергек қарайтын, жамандық атаулыны, соның ішінде адамдардың бойындағы салқындықтың, екіжүзділік, жігерсіздік сияқты босаңдықты жан-жүрегімен жек көретін ақын:

Жандар қанша күлкісі де шектеулі,

біледі олар тасадан кесектеуді.

Жанашырлық түгілі, ондайлардың

кіммен сәлемдесуі - есептеулі.

Бұрынғы жинақтарындағы сияқты ақын бұрын-соңды өткен ой иелері мен сөз шеберлерінің немесе әлемнің әр түкпірінде өтіп жатқан уақиғалар мен болмыстардан түйген-білгендеріне де баға беріп, жыр жолдарына айналдырады. Жинақтағы «Сапфомен сырласу», «Айша бибі», «Баба әже», «Омар Хайяммен әңгіме», «Шекспир шындығы» өлеңдеріндегі адамдарға деген ізгілік, мейірім сезімі, достық, махаббат жайлары бүгінгі ұрпақтардың түсінігіне қажет тұрғыдан жырланады.

СССР Жазушылар Одағының органы «Литературная газета» 1983 жылғы 25 майдағы санында Фариза Оңғарсынованың ақындық портретіне штрихтар берді. Оның авторы әдебиетші Алла Тер-Акопян: «Фариза Оңғарсынованың поэтикалық әлемі махаббатқа құрылған. Бұл - жеміс беретін жалғыз ғана топырақ. Жеккөрушілік жеміс бермейді…» деген еді.

Жаңа жинағында да ақын өзінің ең негізгі тақырыбы қуанғанда жанына қанат байлап, өрге сүйрейтін, қамыққанда қараңғы түнін жарық еткізіп, нұр құятын, асыл да алтын тірегі - ыстық махаббат тақырыбын тыс қалдырмаған. Бұл жолы бұл тақырыптағы идеялық тұтастығын сақтау үшін ойларды бір-бірімен сабақтастырып берген. Ақынның бұрынғы жырларындағы сияқты бұл махаббат - лып еткен жеңіл сезімдердің көрінісі емес, өзіндік ойы бар, терең толқыныстың белгісі:

Еш нәрсеге, ешкімге алаңдамай

жүруші едім, кезіктім саған қалай?

Қалай таптың сен мені бұл әлемде,

жол сілтеген кім саған маған қарай? — деген жолдар сондай шынайы, отты сезім, ыстық сезімдерден туса керек.

Асыл сезім ғана адамды:

Анау аспан, анау - Күн күлімдеген,

көңілім - құс, көзде - нұр, діріл - денем.

Ән шырқағым келеді бұл ғаламға

шаттығымды сездірер үнімменен, - деуге мәжбүр етуге тиіс.

1980 жылы «Жазушы» баспасынан Фариза Оңғарсынованың «Шаңқай түс» (Полдневный жар) атты жинағы орыс тілінде жарыққа шықты. Осы кітапқа жазған алғы сөзінде көрнекті орыс ақыны Сергей Баруздин: «Ашық та анық азаматтық сезім мен өткір лирикалық, бір жақты махаббаттың қайғысы мен ақындық кәсіп туралы данышпандық ойларды бір жерге тоғыстыру кез-келген ақынның қолынан келе бермейді. Бұл «Шаңқай түс» авторының қолынан келген» деп жазған еді. Осынау әділ де орынды бағаны ақын жаңа жыр кітабымен тағы да дәлелдеген.

Махамбет ауданы. 1985ж.

МАЗАСЫЗ ӘЛЕМ, МАЗДАҒАН ӨЛЕҢ

Серік САТАНОВ

Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты жаңа жыр жинағын оқып шығып, бір сәт төңірекке көз жібердік. Жұмыр жер мен адамзат, оның тағдыры мен тіршілігі үшін жан ұшырып жүрген Ана бейнесі көз алдымызға келді. «Ақылды адамдар-ау, сендерден жер жүрегіне батқан дертке - дауа, жанға - сауға сұраймын, дауа... дауа...» дегендей болады.

Дүние дүмпулері, жердің сілкінгені, адамның күрсінгені - бәрі ақын жүрегінен өтеді.

Зула, менің жыр-күймем шабыт жегіп,
жер бетіне ғұмырлық жарық беріп,
жүректердің құрсауын ағыт келіп,
зорлықтардың зардабын шеккендерге

әділеттен сыбаға алып беріп!

Бұл - бүкіл тіршілік деп соққан жүректің ақ тілеулі ақиқат сыры. Бұл - өлеңдері Одақ көлеміне танылып, беделді сыншылардың дуалы аузына іліккен Фариза Оңғарсынованың азаматтық пафосы, ақындық кредосы.

Жырымен жылағанды жұбатып, тоғышарды оятқысы келеді. Жеке басының күйі емес, жер бетіндегі адамдардың қайғысына ортақтасып, қуанышына қол соғады. Поэзия -шындықтың шырағы екенін көрсетеді. Мысалы:

Ертеңдерді, жерді ойлап,
адамдарды, елді ойлап,
жер күрсінсе, көз ілмей,
жаны ауырған өзімдей,

Күнмен бірге күлмесем,
мен осылай жүрмес ем,

өнер дертін білмес ем!

Фариза жырларының бір құпиясы - ақын жалт еткен шолақ ойды әр нәрсеге теңеп әуре болмай, қанында қайнап, жанында жазылған, жүйкесінен жүріп өткен құбылысты ақ қағазға түсіреді. Сонда тастан қашалып жасалғандай тұтас жанды бейне, ойлы образ, өмірдің өзіндей болып жыр-тұлғаға айналады.

Ақын өзін қоғаммен, Планетамен бірге сезінеді. Бұлшық еттердей бұлтылдаған шымыр шумақтар, шегенделген шебер ұйқастар шабытты ақынның шалқар ойларын шарықтата түседі:

Жаным қаусап, себепсіз күрсініппін,

не жетпейді - төбеде тұр шығып Күн.

Мен бе барометрі Планетаның,

әлде тынысымын ба тіршіліктің?

Ақын неге мазасыз? Себебі - әлем мазасыз, дүниенің құрып кету қаупі бар. Ақыл атомдарға айналып кете ме деп шарқ ұрып, жаны жар жағалаған қарлығаштай аласұрады. Міне, ақынның азаматтығы деген осы.

Мысалы, «Бұл менің – планетам» деген топтама өлеңнен осындай кесек ойларды аңғарамыз. Планета алдындағы бүгін мен болашақтың міндеттері сөз болып, өлең болып өртенеді.

Кітаптағы лирикалық кейіпкер сезімсіз пенделерден алақанын жайып сауға сұрамайды, ақылға салып, ойландырады, жүректерін жібітіп, саналарына сәуле құйып, ес жиғызады. Өлеңдердегі философиялық тереңдік осындайда байқалады. Поэзия құдіретін танытатын сан қырлы машық-мәнер, сөз сұлулығы сараланады. «Достарым, ортам, қоғамым», «Қаншама жыл», «Тілеу», «Қазақ даласы» сияқты өлеңдер ақынның жыр көгінің бұрынғыдан да биіктеп, ой айту үрдісінің әлеуметтік-философиялық мазмұнының салмақтана түскенін көрсетумен бірге автордың жеке қамын емес, халқының қамын ойланатындығын, оның ертеңіне толғанатындығын байқатады.

Қамшылатып жанымды,

тамшылатып қанымды,

өртеп келе жатыр мені жыр-алау.

Азап - Жердің бар қайғысын қақпайлап,

жүрегіңе сыналау.

Ешбір сәби анасының кеудесін

мұнша қинап сормаған да шығар-ау.

Ата дәстүр жыр мәнері Фариза жырларында өзінше өрнек тауып, заман тынысына айналып, күрделілене түскен.

Ақынның образбен ойлап, оны өлеңге айналдыру үрдісімен шеберлік деңгейінің әбден қалыптасып өскендігін, өмірдің қат-қабат сырларын ашып көрсететін адуын мінезін танытатын «Сапфомен сырласу», «Вийонның ызасы», «Ащылық туралы жыр», «Шекспир шындығы», «Нерудаға наразылық», «Омар Хайяммен әңгіме», «Интервью», «Мақатаев туралы жыр» сияқты өлеңдерінен көреміз.

Бұл өлеңдерінде ақын дүние-тіршіліктің бар болмысына үңіледі. Адамдардың ақыл-санасындағы, мінез-құлқындағы қарама-қайшылықтарға психологиялық сипат бере отырып, ағынан ақтарыла жырлайды. Жалған айтып жалтармайды, ақиқатпен де, жалғандықпен де алдаспанын алдына қойып отырып әңгімелеседі. Айтқанына өзін де, өзгені де сендіре жазады. Өлеңдер өжеттігімен, батылдығымен, керек жерінде нәзіктігімен ұнайды.

«Вийонның ызасы» өлеңінде лирикалық кейіпкер былай дейді:

Көйлегім бүтін, күйлімін,

жатқам жоқ шіріп жағада.

Жаутаңдап алған билігің

еркіндігімнен садаға!

Өмірдің өзегінен шыққан ақиқат сөз! «Нерудағы наразылық» өлеңінде ақын революцияның кемеңгерлігін жырлайды. Уақыт-Ғасыр-Өмір ұғымдарын диалектикалық заңдылықтар тұрғысынан, философиялық терең қуатпен ашып көрсетеді.

Мәселен, Лермонтовқа арналған «Ащылық туралы жыр» атты толғау лирикалық-философиялық қарымымен елең еткізеді.

Мұнарлы бұлттан мұң емген,
заманын тілдеп түнерген,
жайлылық таппай жер-көктен,
өзіңе ұқсас бір мұңлық

Махамбет сынды ер де өткен, -

дей келіп, «дауылды дария ақ желкен» Михаил Юрьевичке:

Қанағат бермей өмірдің,
тәттісі мен кермегі,
барады тартып сендегі

тағдырымдай тылсым ащылық! – деп жан-дүниесімен ақтарылады. Адамзат үшін тебіренген ақынның азаматтық дауысы осындай.

Фариза Оңғарсынова жырларындағы оқырманға ерекше әсер ететіні интернационалдық пафосқа ұласып жататын ұлттық колорит пен ата-бабаның айшықты дәстүрлері, оған деген ойлы көзқарастың бірігіп, ұштасуы. Бұл қасиет дүние жүрегін тыңдаған, ғасыр ғаламатын көз алдынан өткізіп отырған ақынға биіктік баспалдағындай әсер етеді. Бұл авторға үлкен ақындық мінбелерден лирикалық-публицистикалық терең ойлы, тегеурінді жырларын жалпақ әлемге жария етуге мүмкіндік берген.

Поэзияның керемет қасиеті адам сезімін жетілдіріп, жанын толғатып, жүрегін оятатын айрықша әсері жинақтағы өлеңдерден жарқырай көрінеді.

Шешенсіген алқынып,
қанында жоқ қасиетке талпынып,
ақылды сөз айтамын деп шарқ ұрып,
арыстан да, данышпан да өзі боп,

ар жағында өзіндік бір сөзі жоқ
«ақылдыдан»

даналықты күтпе сен!

Нені жазса да, жеріне жеткізіп жазатын ақынның негізгі ойын осы жолдардан аңғаруға болады. Философиялық тереңдік пен суреткерлік ақынның творчестволық мол мүмкіндіктерін жарқырата көрсеткен. Сезімі жалын болып шалқыған, шындығы шоқ болып маздаған, мазасыз әлемнің маздақ жырларының ғұмыры да ұзақ болмақ.

Шілде 1986 жыл.

«ЖІГІТІНЕН ҚАЗАҚТЫҢ ДОС ТАБА АЛМАЙ»…

Әмзе ҚАЛМЫРЗАЕВ
Фариза ақынмен сұхбат
Жанарымды тұманмен тұмшаладым,

...Серіппесі үзіліп тұр садағым.

Жігітінен қазақтың дос таба алмай,

Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.

1974 жылы бұл күндері есімі жалпақ жұртқа әйгілі ақын Мұқағали Мақатаев «Фариза! Фаризажан, Фариза қыз» деген жоғарыдағы тамаша өлеңін жазған екен. Аяулы ағаға «қазақ жігіттерінен дос таба алмай, өзіне достық сыр айттырған» Фариза Оңғарсынова...

Біз бұл есім жазылған үлкенді-кішілі өлең кітаптарды студент бойжеткендердің аппақ құс жастығы астынан, жайлау төсінде мал қайырған шопан жігіттің қойнынан талай-талай көргеніміз бар. Оның өлеңдерін көптеген бозбала арман-аруына арнағанын да білеміз. Бұлар, әрине, жалпы халықтық жағы. Енді нақты дерекке көшсек, Фариза Гурьевтегі педагогикалық институттың филология факультетін бітірген соң еңбек жолын ауыл мұғалімінен бастады. Облыстық газеттің қызметкері, сонан соң «Лениншіл жастың» батыс облыстардағы меншікті тілшісі, кейін «Қазақстан пионерінің» редакторы болды. Бұл күндері «Пионер» журналының бас редакторы. Ақынның «Сандуғаш», «Маңғыстау маржандары», «Асау толқын», «Мен сенің жүрегіңдемін», «Мазасыз шақ», «Шілде» (таңдамалы), «Сұхбат», «Дауа» сияқты оқырмандардың жүрегіне жол таба білген жыр жинақтары жарық көрді.

Сондай-ақ ол Италияда өткен Бүкілдүниежүзілік «Әдебиет және цивилизация», «Югославиядағы «Совет поэзиясының күндері», Грециядағы Бүкілдүниежүзілік «Поэзияның қоғамдық орны» сияқты халықаралық форумдарға қатысты.

Төменде ауданымыздың қонағы, халық сандуғашы Фариза Оңғарсыноваға газетімізде қонақкәде беріп отырмыз.

1. Алғашқы өлең жазуыңызға не түрткі болды?

- «Алғашқы» деген ұғым өлең турасында айтылғанда шартты деп білемін. Өйткені -алғашқы өлең деп сол кезде өзім ойлағанмен, шын мәніндегі поэтикалық шығарма болмауы мүмкін ғой. Дегенмен, сұрақ қойған екенсің - жауап беруге тура келеді. Ауыл мектебінің үшінші ме, төртінші ме - есімде жоқ - класында оқитын кезім. Мектеп біраз қашық. Көрші үйлердің 4-5 баласы мектепке бірге барып, бірге қайтамыз. Қайролла деген ұшып-қонған жалаңқай бір бала бар еді. Қазір қайда екен... Өзі ер балаға лайықсыз жеңіл мінезді болатын және әліне қарамай сотқар еді. Сол бірге келе жатқан бір қызбен қақтығысып қалды да, әлгі қыз итеріп жібергенде оңбай құлап түсті. Бәріміз «өзіңе сол керек» деген ниетпен оған күлдік. Неге екенін қайдам, менің тіліме бір-екі шумақ (ұмытпасам, 7-8 буынды жыр үлгісіндей) өлең оралғаны. Қазір есімде жоқ, әйтеуір әлгі баланы өлеңмен мазақтаған болдым. Жанымыздағы балалардың бәрі «Фариза өлең шығарды, Қайролланы әбден масқаралады» деп үйлеріне айтып барыпты. Мен анама мақтанып келдім. Оған дейін сөзжұмбақ, чайнворд, кроссворд құрастырып, «Қазақстан пионері» мен «Пионер» журналына жіберетін «әдетім» бар еді. Әлгі «әзіл өлеңді» шығарғасын тіпті машықтанып алғаным есімде.

2. Сіз ішкі жан дүниеңіздегі сезім сырларыңызды араластыра отырып, бүгінгі адамзат баласының арман-тілегін, мақсат-мүддесін жырға қосасыз. Сонда да бүгін жүрегіңізге маза бермей жүрген басты тақырыбыңыз туралы әңгімелесеңіз?

- Мен әрбір адам өз дәуірінің, заманының ойлы, сезімді азаматы болуы тиіс, сонда ғана ол туған халқына, қоғамына тамшыдай да болса сәуле шапағатын тигізе алады деп түсінемін. «Сен - маған, мен – саған» деген ұғым «жақсылықтың» принципіне айналып бара жатқан дәуірде, адамдық қасиеттерді бойға сақтап, өзінің ана сүтімен, әке қанымен сіңген болмысымен қалу - бүгінгі адам үшін бірінші мақсат болуы қажет деп ұғамын.

Менің өлеңдерімді оқыған адам өз санасына иненің жасуындай да болса осы ойлардан сәуле түсірсе, өз тілін, өз халқының ар-намысын қастерлеуге ұмтылса, тіршілікте жер бетіндегі өзінің адамдық миссиясын адал атқарып жүрмін бе деген ойға қалса, мен ақын ретінде бақыттымын дер едім.

Қазір «Асанқайғы» деген поэма жазып жүрмін.

3. Біз сізді «жүрекпен жазып, жүрекке жеткізген» ақын ретінде білеміз. Сонда да алғашқы жылдардағы «Шілде» таңдамалы өлеңдер жинағыңыз жадымызда тозбастай әсер қалдырды...

Ал соңғы жылдардағы өлеңдеріңізге философиялық астар беріп, тереңдеп кеткен тәріздісіз. Яғни бүгін сізді ойым оқырмандарымның ұғымына ауырлап кеткен жоқ па деген сауал мазаламай ма?

- Қандай ақын болса да, әуелі романтикалық екпінмен бастайды деп ойлаймын. Ол жастыққа, алып-ұшқан ақша бұлттай сезімге байланысты ғой. Менің жырларым да кейде уақыт, кезеңдерге байланысты түрі мен екпінін өзгертіп отыруы мүмкін. Бірақ сыртқы бір түрі өзгергенмен, ішкі өзегі сапасын жоймағаны абзал. Өмір де бір сарынды емес. Ойланатын адамға күнделік барған сайын күрделіленіп бара жатқанға ұқсайды. Әмзе айналайын, «өлеңдеріңіз саязданып, жайдақ судай түбі көрінетін болып барады» -деп жазғырмасаң болды. Жалпы мен өлеңдерімді о бастан поэзияны бар сиқыр құпиясына бойлай жүзе алмаған адам түсіне алмайды деген пікірде болатынмын. Және ондайларға түсінікті болуды мақсат тұтқан емеспін. Онда поэзия деген ғажайып әлем өзінің бар құдіретінен айрылып қалатын болар. Керісінше, сол керемет әлемнің ішіне енуге адамдар ұмтылғаны жөн ғой.

4.Біз өз газетімізде әдебиетті өте көп насихаттаймыз деген пікірдеміз. «Әдебиет беті», «Көңіл ашар», «Сенбілік бет», «Сыр» әдебиет және өнер бірлестігінің арнаулы беті сияқты тұрақты айдарларымыздан басқа, тіпті, кейде, әр санын құр жібермей, өлең немесе басқа жанрларды жариялап жатамыз. Осы «белсенділіктің» пайда, зияны бар ма?

- Әдебиет пен өнерді (өз халқымыз) түсінбеген, одан жан ләззатын ала алмаған адам, мейлі он жерден өндіріс, шаруашылық озаты болсын, туған қоғамының алтын қазығы, рухани қазынасы болмақ емес. Ертедегі Греция Гомерсіз тарихта қалар ма еді?

Айтайын дегенім - қазір әдебиетті түсіну, оны насихаттау әлде бір әпенділердің шаруасы емес, ол қазіргі қоғамның мүшелері рухани денсаулығы мықты болсын, қазіргі тілмен айтқанда, биік адамгершілікке, жан тазалығына, ұяттылыққа тәрбиелеу деген сөз. Жалпы өмір мен әдебиетті бөліп қарау - ақымақтық.

Мен Сарыағаш ауданының топырағын ғұмырымда бірінші рет аттап отыр екенмін. Елдің, жердің айнасы - аудандық газет деп ұғамын, сондықтан келген бойда «Қызыл тудың» біраз сандарын қарап шықтым. Әдебиетке, әдебиетке өздерін бағыштаған жас талапкерлерге орын беріп отыру - сіздің газет ұжымының саналы азаматтарының көрсеткіші. Ал айдарды күнде құбылта берудің қаншалық қажеттілігі маған түсініксіз, ол сіздердің ішкі жұмыстарыңыз. Қандай айдармен болса да, әдеби дүниелердің берілуі жөнінен белсенділік көрсеткен аудандық газет халық арасында беделін көтеруден басқа «жағымсыздыққа» ұрынбаса керек.

5.Творчествоңызға жыл маусымы әсер ете ме?

- Әсер етпейді. Өз ішкі жан-дүниемнің «ауа райына» қарай жазамын.

6. Сарыағаштық ағайындарыңызға және қалам ұстаған талапкерлерге айтар тілегіңіз?

- Өз тілін, туған топырағын, тарихы мен өнерін, әдебиетін қастерлейтін ұл-қыздардың жанына жамандық келмесін! Сарыағаш - қасиетті жер; шипалы сулар кез-келген жерден атқылап жатқан жоқ. Еліміздің түкпір-түкпірінен сол қасиетті суға келген адамдар сарыағаштықтардың сапасы мен мәдениетіне де ғашық болсын.

Шымкент.1986 ж.

Рымғали НҰРҒАЛИЕВ,
Филология ғылымдарының
докторы, академик

МІНЕЗДІ ЖЫРЛАР

Қалың қарлы, қатты қыстан кейінгі елжіреген кең-қолтық, жаймашуақ көктемнің буымен жан бітіп, жадырап, сай-сала, тау-тастан жөңкіле шапқылаған жазғытұрымғы мың сан бұлақтар іспетті болып, алпысыншы жылдардың басында Қазақстанның ауыл-аулынан небір өндірдей талапты жас Алматыға ағылған. Бәрінің де қойын дәптерінде -өлең. Әдеби кештер дуылдап өтіп жатады. Көк-қауырсын, балауса жырлар талқыға түседі. Университеттегі әдеби бірлестікте Мұхтар Әуезов өзінің кейінгі ұрпақпен сырласқан рухани, азаматтық өсиетін қалдырған әйгілі сөзін сөйлейді.

Дырдуы мол, шулы әдеби ортадан қалыс болған, шет жайлап, қашық жүрген, облыс орталықтарында оқыған жастардың ішінен шығып, кейін белгілі ақын-жазушы деңгейіне көтерілген жастар некен-саяқ. Гурьев пединститутын бітіріп, одан кейін мұғалім, журналист ретінде танылған, Алматыға жетпісінші жылдардың басында келген Фаризаның негізгі әдеби мектебі, ортасы өз бетімен оқу, өз бетімен іздену, талмай талаптану болды.

Фариза творчестволық эволюциясын оның әр жылдары туған поэтикалық шығармаларынан айқын көруге болады. Салған жерден көркем, үздік туындылар берді десек, шындықты аттап, жалған сөйлер едік. Алғашқы балауса жырлар, шәкірттік ізденістер, түрлі еліктеулер ізі сайрап жатыр.

Бес қаруым бойдағы - батыл жырым,
батылдықпен аралас жатыр мұңым,
Биліктіге жұғысар ебім де жоқ,

Немесе алыс-беріс жақындығым,- деп басталатын сыр, наз келе-келе поэзияның әлеуметтік-эстетикалық, қоғамдық-көркемдік мұраттарын ашып көрсететін жырлар шоғырына арқау болады.

Зула, менің жыр-күймем, шабыт жегіп!

жер бетіне ғұмырлы жарық беріп,
жүректердің құрсауын ағыт келіп,
зорлықтардың зардабын шеккендерге

әділеттен сыбаға алып беріп, - деген жігерлі жолдармен ақынның ішкі сыры, арман мақсаты, қаламгерлік мұраты секілді мына тармақтар сарындас, әуездес жатыр:

Мезгіл-бұршақ жаныңа салып танба,

қайратыңнан қайысып, налып қалма:

сені іздейтін аға бар тарыққанда,

інілер бар дем берер жабыққанға.

Бір ақиқат - бәрібір жоғалмайсың,

жоғалмайтын жоқтаушы халық барда.

Азаматтық, қоғамдық, әлеуметтік көркем тұжырым, жалаң публицистикалық шалқу, дидактикалық толғаумен әсте терең ашылмақ емес, қайткен күнде де поэтикалық бейне, тұлғалы образ, сөз суретінің құдіреті бірінші қатарда, дәлірек айтқанда, ақындық сезім, қаламгерлік идея өзара ажырамас диалектикалық тұтастықтағы шабыттан туса керек.

Мен даланың қызы едім,
жазығында жатпайтын көз ілер қара,
жазира менің жанымның өзі де дала,
асқар көрмеген мен шіркін биік дегенді

өлшеуші ем сонау аспанның өзімен ғана, - деген шумақта қаламгердің шыққан, өскен ортасын дәл көрсететін поэтикалық деталь, әдемі образды сурет жатыр.

Сол лирикалық кейіпкер өмір көріп, тірлік талқысына түседі, күреседі, алысады, бірде жеңеді, бірде жеңіледі, тіпті кейде түңіліп:

Жалған достар ертең жоқ, бүгін бірге,
көрмегендей сырт берер - сүріндің бе,
ісі бітсе, ісі жоқ сеніменен –

өлдің бе, тірілдің бе? - деген ащы сыр айтады.

Кейіпкер тағы да ширығады. Оның басында мұң да, қайғы да бар:

Қазық - жұмыс, қазық - үйге байланып,
жүрегім де майланып,
бара жатыр менің жаным күн сайын

қасаңдыққа айналып.

Бұл сөздерде шындық жоқ деп кім айтады?

Ақынның беріліп, шабытпен, аса құмарта, кең көсіліп жырлаған табысты тақырыбы -махаббат, сүйіспеншілік. Қалыптасқан үлгідегі жырлар алғашқы сезімді, құмарту, елту, құлап жығылу сәттерін бейнелейді. Көбінесе қызыл-жасыл бояу, алабұртқан ағыстар басым жататын өлеңдерге ет үйренген. Ал енді бүгінгі адамның басындағы небір қиюы қашқан шақтар, біреу сүйіп, екіншісі сүймеген, біреу адал, екіншісі опасыз, мансапқор, дәулет-абыройға жетсе де, жүрегі жылу таппаған, сарыла тосып күтумен ғұмыр өткізген жандардың тартысты, драмалы көңіл-күйі, трагедиялық ситуациялар бейнеленеді. Сондайда кейде көзіңе жас үйірілтер мұңлы, кейде өзегіңді өртердей ащы, кейде селт еткізер жігерлі, сан алуан қиянатты жырлар алдыңнан шығады. Сезімін бүркемелеп, шымылдықтың ар жағында ұстаған «жіңішке» жолды қыздарымыздың бүгінгі сезім әлеміндегі байлық, рухани терең толғаныс, сұлулық, әсемдік, келісім мұраттары, адамгершілік нысана биіктігі көңіл тоғайтады. Өткінші тіршілікті қызықтап қалу, дырду рақаты емес, мәңгілік адалдық, тазалық рухы, сүйіспеншілік қадыры деген парасат әуендері негізгі сарынға, басты әуезге айналады. Лирикалық әйел кейіпкер әлеуметтік іске көңілі толады, шаңырақ астынан опа табады, сөйтіп бақыт, рақат барлығына иланады:

Туса да қилы-қилы басыма күн,

осында сан қуанып, тасығаным.

Әйтеуір бір рахат күтетіндей

мен ылғи ошағыма асығамын, - деп тоқтайды.

Саяси әлеуметтік тақырыптарды әуелде публицистикалық толғау үлгісі арқылы игерген ақын бірте-бірте философиялық, психологиялық монолог формаларына ауысты. Туған жер, Отан, партияны нақты сурет, бейнелі тіл, көркем тәсілмен суреттейтін болды. Өлең шоғыры тұтас цикл, фрагменттер - осы алуандас поэтикалық формалар мүмкіндігі, жаңа өрістер кәдеге асты. Алғашқыда жыр өзегі Атырау өңірі, Маңғыстау түбегі ғана болса, бірте-бірте Қазақстан атырабы тұтас, түгел сөйлей бастады: Қостанай, Көкшетау, Арал, Жетісу.

Ақын поэзиясының интернационалдық рухын оның өз көзімен көрген шет елдерге арналған татымды шығармалары көтере түсті.

Қазіргі замандас, әсіресе балықшылар, мұнайшылар, егіншілер, бір сөзбен айтқанда еңбек адамдарын оның ішінде жастарды жырлаған «Үйім - менің Отаным», «Революция және мен» циклдері ақынның творчестволық белесі болып табылады. Осы еңбегі үшін оған Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Әлеуметтік пафос, партиялық, таптық мұраттың анықтығы, көркемдік сипаттар көзге түседі.

Жайнайды дала алыбым,

жанары - жарқын, жаны –Күн!

Ызғары кетпес әлемге дала

таратып жатыр бойынан

жылуы менен жарығын! - деген тапқыр жолдар бар.

Қазіргі адамның көңіл-күйі, сезім әлемі, ішкі дүниесі қат-қабат, шытырман да күрделі. Жүрек жылуы азайып, алыс-беріс, жүріс-тұрыс есепшотқа түскен кездерде жатсырау, суыну, тас бауырлық белең алмақ. Сағыныш, мұң молайып, көзге жас іркілетін, кешегі жастық, балалық аусар күндерді аңсайтын сәттерде оқығың келетін жырлар болады. Атаңа, әжеңе еркелеген кездер, жаздың жылы жаңбыры, қыстың алай-түлей бораны -осыларға ұқсас суреттер еске түседі. Жылауық, боркемік өлең мұндайда саған серік емес. Тіпті қайғы-қасіреттің өзін ширақ жеткізетін тірі сөзді аңсайсың. Сондықтан да шығар, талант жүрегінен толқып туған шынайы жырлармен ұшырасқанда таза бұлақтан су ішкендей боласың.

Бүгінгі поэзияның көркемдік құралдары, стильдік өрнектері, сөз байлығы, тіл кестесі адам жанының небір шетін де нәзік, қараңғы да үрейлі, қажырлы да қайсар рухын дәл, шебер суреттеп көрсетіп беруге мүмкіндік береді ғой. Өлең толқынының беткі қабатында жататын дидактикалық публицистикалық, моральдық иірімдер көзге оңай шалынбақ; ал көңілге шоқ боп түсіп, ұзақ маздайтын, әр кезде жан жүйеңді қозғайтын бейнелі суретпен жасалған көркем-эстетикалық ой сиқырлы, киелі сөз сирек.

Балалық шағының жапырағын сұрапыл соғыс өртеп кеткен, біреуі жесір әйел, екіншісі жетім шалдың бауырында өскен буынның өксігі әлі басылған жоқ. Бұл ұрпақтың алдыңғы толқыны өздері немере сүйе бастаса да, ұшқан ұя, туған топыраққа деген махаббат бір мысқал әлсіремейді:

Қырға кеткім келіп тұр бүгін менің,

жүрек - әлсіз, жүйке - қыл, түрімде – мұң.

Бір емдесе емдейді жанымды тек
саумал сүттің исі бар іңірлерім,
сонда ғана дертіме дауа тауып,

ашылардай сарайым - үнім, демім, - деп толқыған монологтың күшейе барып:

Қырға барсам арылып мың күнәдан,
сағыныштың шықтарын іркіп алам –
жермен бірге мәңгілік қалатындай

Қаным таза, тілім мен жұртым аман.

Сарайымды ашшы бір, іңірлерім

тезек исі, жылқы исі бұрқыраған, - деп аяқталуы өте заңды.

Тарихи, белгілі тұлғалардың өмірін арқау етіп шығарма тудырудың қалыптасып қалған, тіпті сары жұртқа айналған бір үйреншікті тәсілі - ғұмырнама ізімен, оқиғаларды қуалай баяндай отырып, жөргемдей суреттеу, шола қамтумен нәрлі дүние жасау мүмкіндігі жойылғанын ескермей, тәуекел қайығына мініп, тартып кету қазіргі өнерпаз үшін соқыр сүрлеу екенін жақсы ұғынған ақын жаңа тәжірибе жасайды, әр түрлі ізденістерге барады, шарттылық құралдары, соны поэтикалық формалар мүмкіндігін пайдаланады. Бір ауыл, бір атырап қана білер-білмес есімдер емес, қазақ тарихындағы биік тұлғалар, дара тағдырлар бейнесін суреттеуде ұзын сонар дастан, сылбыр-созалаң поэма санатындағы көлем қуалаған, етек-жеңі жиылмай калатын ақындық қуаты аз кебеже қарын көкжасық дүниелерге бой ұрып кетпей, шымыр формалы, өткір идеялы, сұсты ойлы, ықшам, лаконизм талаптарынан шыққан туындылар шоғырын ақынның берекелі олжалары деп білеміз. Бұл қатарда «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Ақан сері аңыздары», «Поэзия. Махамбет аудармашысымен әңгіме», «Тартады бозбаланы магнитім» секілді - шығармаларды бөліп, даралап айтуымыз керек. Сара, Ақан сері, Махамбет, Майра бейнелері жаңа қырынан, тың ракурста көрінеді. Тарихи тұлғаның жарқ ете түскен бір сәті, сезім күйі, ой толғауы, шыншыл сипаты бар. Әсіресе бұрын әркім барып көрген қастерлі тақырып - Әлия мен Мәншүктің трагедиялық әрі ғажайып тағдырына арналған «Тыңдаңдар, тірі адамдар» сюжетсіз поэмасында еркін көркемдік форма, шарттылық тәсілімен қос боздақтың рухын сөйлету, қазіргі ұрпақпен тілдестіру арқылы жаңа эстетикалық игілік жасалған. Қазіргі қазақ поэзиясындағы идеялық-көркемдік ізденістердің өрісі ұлттық дәстүрлерді ғана шиырлап отырған жоқ, барлау барысында зерттей оқып, үйреніп сан-алуан интернационалдық мектептерден тәлім алған ақындарымыздың үдете өсірген үлгілері шабыт дүкенінен балқып шыққан мағыналы, құнарлы туындылары туған әдебиетімізді, сөз жоқ, байытып жатыр.

Жеті жұрттың тілін, қыртысын айналдырып біліп алмағанмен, аударма негізінде қазақ қаламгерлері әлемдік поэзияның көне, классикалық нұсқаларымен, барлық дәуірдегі барлық елдердің ұлы ақындарының мұрасымен, бүгінгі әдебиеттердегі арналы ізденістер, озық табыстармен түгел танысты десек, артық айтқандық емес, ұлттық және интернационалдық ағыстар тоғысуы идеялық, эстетикалық, структуралық сан алуан әуездер, бояулар, сөздер шұғыласын таратты.

Бұл ретте біздің өлең аудару мәдениетіміздің аса өрлеп өскенін рухани өміріміздегі маңызды бір құбылыс екенін атап айту дұрыс. Расында негізгі оқиға жүйесін сақтай отырып, көбінесе мазмұнды еркін өрбітетін шығыстың аңыздау - нәзира бағытынан бас тартып, дәлме-дәл, балама, реалистік аударма мектебінің негізін Гете, Байрон, Пушкин, Лермонтов, Крылов, Бунин шығармаларын қазақша сөйлету арқылы салып берген Абай үлгісі терең тамыр жайып отыр. Қатардағы қаражаяу өлеңшілерді айтпай-ақ қояйық, санатта бар жақсы ақындарымыздың бәрі де поэтикалық аударма мектебінен өтті, жасырмау керек, осы тұста еліктеу ағысына түсіп кеткен, әртүрлі көлеңке, әртүрлі сарындарды көшіре қайталап өз үнінен айрылып қалғандар да болды. Ал интернационалдық дәстүрлермен байып, толығып, ақындық нәрлі құнар, көркем игілік тауып, жарыса өсіп, өзін-өзі қамшылап, жаңаша түлеп, биіктей самғаудың үлгісі деп «Омар Һайяммен әңгіме» «Шекспир шындығы», «Вийонның азасы» «Нерудаға наразылық» секілді шығармаларды айтуға болады.

Кемел шақта адамның басқан ізге қайта бір көз тастауы, туған ошаққа оралуы болмақ. Сондай тұста ақын қаламынан «Киіз үй», «Оюлар», «Жаулықтар», «Жер ошақ» секілді жүрек тебірентерлік өлеңдер туған.

Далам - менің қазынам, жыр сандығым,

жыр нәрімен жер балқып, бусанды құм.

Сортаң жердің тұзы бар тамырында

ашқылтымдау сондықтан жусан жырым, - деген жолдарда ағынан жарылған сезім мөлдіреп тұр емес пе?

Туған ауыл, ата-ана, өскен орта, арман-мақсат туралы бірқыдыру өлеңдердегі сарын-әуендер келе-келе Отан, патриотизм, интернационализм, партия хақындағы жырлардың идеясына ұласады. Ұлттық дәстүр - арасындағы көркемдік кестелер, өлшем-өрнектер совет әдебиетіндегі, әлем поэзиясындағы бояу-сәулелермен, нақыш-өнермен, сан алуан жаңа эстетикалық сапамен байып, соны көркемдік игілік жасалғанын көреміз.

Жеке бастың мұң-шері, оңаша сыры ғана емес, күрескер замандастың, әлеумет қайраткерінің, уақыт ауыртпалығын көтере алатын, өзі іс басында отырған азаматтың ойлары, сезімдері - жыр арқауы. Еңбек торылары Маңғыстау мұнайшылары, Тың диқаны, Сыр күрішшісі, азаттық, теңдік, бейбітшілік үшін күресіп жатқан прогресшіл жандар, бір сөзбен айтқанда азаматтық-әлеуметтік мұраты айқын бүгінгі күннің жігерлі адамдары - ақынның сүйіп, беріліп, тебірене толғайтын кейіпкерлері.

Ақын өлеңдері орыс тіліне сәтті аударылды да, Одақ оқырмандарына кеңінен таныла бастады. Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев сынды туған әдебиет ақсақалдары берген баға өз алдына, белгілі орыс жазушысы, ақын Сергей Баруздиннің «Фариза Оңғарсынова поэзиясы қазақ оқырмандарының жүрегін жаулап алды, өз тілінің шеңберінде қалып қоймай, біздің елімізден тыс жерлерге де мәлім болды. Қазір оның өлеңдері көп ұлтты поэтикалық байлығымыздың ажырамас бір бөлігі екеніне мен сенемін» деп жазуы тегін емес деп білеміз. («Дружба народов», 1986, 12).

Бүгінде әлеуметтік мағыналы өмір кешіп отырған қазақтың ақын қыздарының шығармаларынан антология құрастыруға болар еді. Сол арналы дәстүрдің бүгінгі жалғасы сапалы да құнарлы көрініс - халқына екі томдық таңдамалы шығармаларын ұсынып отырған Фариза Оңғарсынованың ер мінезді жырлары.

1987 ж.

ІЗДЕГЕН АҚЫН

Айтуар ӨТЕГЕНОВ

«Ақын боп туып өз бақытымды жасырар болсам дүниеден, тілімді кесіп тастауым керек онда мен» - деп Т. Айтбергенов айтқандай, өзінің бақытын да, мұңын да жасырмай халық таразысына салып жүрген ақын - Фариза Оңғарсынова. «Өзінің» дегенді жеке басқа қатысты деп қана ұғынбаған дұрыс. Ол өзіміздің, Отанымыздың, әлемнің басындағы бақыт пен мұң.

Иә, Бақыт пен Мұң. Бас әріппен жазылуға тиісті осы екі сөзде қаншама мән-мағына жатыр. Бір-біріне қарама-қарсы егіз ұғым. Мұң болмаса Бақыттың қадірін, ал Бақыт болмаса Мұңның қасіретін сезбес едік. Мүмкін жарық дүниенің қасиеті де осында шығар.

...Республикалық жасөспірімдер театрының сахнасында «Бақыт пен Мұң» атты спектакль жүріп жатты. Өне бойы Фаризаның өлеңімен өрілген шығарма көрерменін сілтідей тындырған. Тек бір адам ғана мазасыз. Ол режиссер Райымбек Сейтметов. Бір отырады, бір тұрады. Екі көзі сахнада. Актриса Казақбаева дауылпаз мінезді, жүрегінде ғашық оты алаулаған, тентек қылықты ақын қыз бейнесінде. Нәзік жырлар, тасқын жырлар, семсер жырлар, жырлар, жырлар... Ал режиссер мазасыз. Неге? Бақсақ, залдың алдыңғы жағында автор Фариза апамыздың өзі отыр екен. Бақсақ, поэзияның талай інжу-маржанын сахналандырып жүрген талантты режиссер өз еңбегінің Фаризаға ұнайтынын, ұнамайтынын біле алмай тыпыршулы екен. Бақсақ, өмірдегі Фариза мен өнердегі Фариза бетпе-бет кездесіп қалыпты. Міне, ғажап, өмірдегі Фариза өнердегі Фаризаның бетінен сүйді. Шатырлаған қол соғылды. Екі Фаризаға да гүл шоқтары ұсынылды. Бақсақ, өмірдегі Фаризаның шоқтығы тым биік екен.

Осындай атақ-дәрежеге, сый-құрметке, талғам мен табынуға қарамай, көрнекті ақынымыздың әлде бір дертке дауа іздейтіні несі?

Неге осы мен елпілдеп қуанбаймын?

Ілінген бе мойныма тұмардай мұң?

Қайда барсам сумаңдап шығады алдан

шұбарлана ысылдап жылан-қайғым.

Жоқ соншалық өкінер, жылар ісім,

мені де өмір басқадай сынады шын.

Өзгелердей менің де бір басыма

жеткілікті секілді қуанышым.

Сонда оның жүрегін тыныштандырмайтын, сезім арпалысын тұтататын не нәрсе?

Шаршадым жүрегіме әлім келмей,

кеудемді қусырады дамыл бермей.

Тұсаған тұла бойды осы дертті

қойды бір ақылым да, әнім жеңбей.

Әлім жоқ. Санам қалды кісенделіп,

дауа іздеп, дәрі-дәрмек ішем келіп...

Сонда дейміз-ау тағы да, ақынның тұла бойын меңдеп бара жатқан неғылған дерт? Сол дерттен құтылудың дауасын іздеп аласұрған жүрек шырылы шекеге шығып тұрған жоқ па?

Бақсақ, ол дерт жалғыз Фаризаның жан-дүниесін емес, бүкіл еліміздің күре тамырын жаулап алған, тоздыра бастаған тоқырау кезеңінің дерті екен. Ақын жаны қоғамымызды жайлап бара жатқан осы кеселді ерте сезген.

Шырмаған жүрегімді қайдағы дерт,

Тастаймын дей ме мені сайға күреп?

Көңілім әлденеге тәуелдідей,

әлдекім қадағандай найзаны кеп.

Бұл халықтық дәстүрдің, салт-сананың, тіліміз бен діліміздің сүртіліп бара жатқанына ара түсу ғой!

Жетер жолда шырқау көк-арманыма,
қырандардай қайырылмас жан қамына,
керегіп жүр маған да басқа бір ән,

ұмтылыс пен от берер бар маңыма! — деп, сол дерттен айығудың дауасын іздейді. Түсінде бір жібек желдің желпіп келіп, қоғамымыздың тұрып қалған шаң-тозаңын үрлеп жіберетініне сенеді. Оқып көрелік:

Жүрем кейде жауынсыз жердей жүдеп,

түңілуден ешкімге сенбей жүрек.

Сенетінім - түбінде ақыл-дана

қиындықты терідей шелдейді іреп! - Иә, ақын аңсаған ақыл-дана елімізге жаңа қозғалыстар әкелді. Біздің бұлай деп отырғанымыздың себебі осы өлеңдер жарияланған Фаризаның «Дауа» атты кітабы баспадан 1985 жылы жарық көрген. Демек, өлеңдер - тоқырау кезеңінің нағыз бел ортасында туған толғаныстар.

Дертке дауа табылды. Дерт - қоңырау, дауа - жаңғыру. Еліміз де, әр ұлттан тұратын халқымыз да сауығып келеді.

Тоғышарлыққа, атақ-даңққа бой ұрмай, «құдай, бергеніңе шүкір» деп қағанағы қарқ болмай, жүрекке маза таптырмау кез-келген ақынның қолынан келе бермейтін іс. Өйткені ішіп-жегенін, қонақта тост көтергенін, бір беделді басшымен танысқанын жырға қосқан ақындарды да көргенбіз. Және дәме қылып жүрген азамат ақындар да болды соның ішінде.

Жалпы Фариза апамыз ақын халқын ер ақын, әйел ақын деп бөлуге қарсы. Ақын - бір-ақ атау. Оның ой-өрісін творчествосы ғана бағалайды. Жеңілдік болмауы тиіс. Кім болса да талантымен жеңіп шықсын, - дейді ол. Фариза жырларында кайсарлық пен нәзіктік, ерлік пен еркелік, шаттық пен мұң тіндері аралас өріліп жатады. Осылардың ішінде, біздіңше, бәрібір Фаризаның әйелге тән нәзіктігі, еркелігі, мұңдылығы басымдау. Фаризаның қолтаңбасының даралығы, өз оқырмандарын табынтқаны сондай, егер өзге бір әйел ақын Фаризаша жазбақ болса, оны оқырман қабылдамас па еді, қайтер еді. Ал Фариза... о, оның жөні мүлде бөлек.

Осы сәтте қазақ халқының маңдайына Фариза ақынды берген мырза табиғатқа алғыс қана жаудыруымыз керек. Қазақта Абай біреу, Сәкен біреу, Мағжан біреу, Мұхтар біреу, Әбіш біреу. Сол сияқты Фариза да біреу ғой. Ендеше Фариза - жыр - аспанға шарықтай берсін!

Бейнеу ауданы. 1987 ж.

ФАРИЗАНЫ ОҚЫСАМ, ҚАНАТТАНЫП ҚАЛАМЫН

Әбділда ТӘЖІБАЕВ

Өнердің басқа салалары сияқты поэзияда да талантты ақындар сирек туады. Біздің қазақтың үлкен поэзиясының тарихы да осындай ірі ақындардан жаралған. Сондықтан да біз Абайдан басталатын халқымызға мәлім ақындарды атағанда, олардың еңбектерін әңгімелегенде, соңғы жүз жыл бойындағы қазақ тарихының белестерін, қазақ поэзиясының асарларын көреміз. Мен жасы елуге қадам басқан Фариза Оңғарсынованы осы тарихи тізімдегілердің қатарына қосамын.

Біздің ақындық бойымыздағы кемшіліктерімізге қарамастан, ол кемшіліктерімізді көре-біле тұра, өзімізді олқысынбаймыз ғой. Біз халқымыздың жан сырын, үміт-арманын, қуаныш-күлкісін, ызалығын, махаббатын түгел жеткізетін поэзия жасадық дейміз. Сол поэзияның соңғы жиырма жыл бойындағы ауыр жүгін аса қиын күндерде қорықпай, тартынбай көтеріскен ақындарымыздың бірі – осы Фариза.

Толқын соңынан толқын жалғасып келеді. Қазақ тілін, қазақ поэзиясын кемелдендіре беретін, оның философиялық және эстетикалық ой-сезімдерін әлемдік деңгейге теңестіре түсетін үміт-сеніміміз жастар десек олардың алдында тұрған бастаушы жүйріктеріміздің бірі – осы Фариза.

"Қарашы өз бойында түгел ме екен,

Ыстық жүрек, оң шырай, қуат пен күш" дегенді Абай кілең құлағымызға құяды да тұрады ғой. Осындай ұстаздық сөзді ол тұрғысынан - өз мінбесінен Фариза құлағымызға көп құяды. Мен оның монологтарынан адам өзіне өзі үңілмей, өзіне-өзі төрелік айтатын болмай тұрып, адам емес екен дегенді көбірек жаттаймын.

Ұят-аят дегеніміз - әрқайсымызды іштен тежейтін күш. Абай бізді өзімізді-өзіміз тежей білуге шақырған.

Фариза да бүгінге қазаққа осы сабақты өзінше оқытады.

Біз Фаризаның махаббат жайлы жырларына да құлақ асып үйренгенбіз. Ол көбінесе алыстап кеткен, енді қолға қайта түспейді-ау деген, бір кезде өзін ыстық құндағына бөлеген, қызықтырған, қызықты болған кезеңдерін де жасырмай жырлайды. Соларды сағынған, аңсаған, кейде күйрей жаздаған қасіретті сезімдермен айтады. Ақын мұндай жырларында өз жүрегін оқушы жүрегіне яғни, мына менің жүрегіме жалғайды. Мен ақынмен қосыла өксимін, көңілім нұрланып, жүрегім жылып, қанаттанып қаламын.

"Екеу-ақпыз, отырмыз тіл қатыспай,

Сен күншығыс, мен бейне күнбатыстай" деп бастаған өлеңін Фариза:

"Қойшы, жаным, пайда не бұдан ұтқан,

Жүдеу тартты дүние, құлазып маң",- деп аяқтайды. Бұл ақынның мұңлы бір ойдан басын көтеріп алып, алыстардың жақындасуы, айрылған егіздердің қайта табысуы қажет екенін түсінген шағы.

Мен Фаризаның туған жерімізге деген махаббатын да аса биік бағалайтын оқушысымын. Суы тартылған, жерін тұз басқан, азған-тозған даласы үшін жан дауысы шыққан ақынның ащы үні ғана емес, соған деген махаббаты мен үміті де мені сүйсіндіреді.

Біз бүгін барлық жаман қылықтарымызды, барлық бұзық әдеттерімізді қарғап-сілеп отырып, өлгенімізге, өртенгенімізге жылап отырып, поэзия достарын ілгері бастыруға, биік көтерілуге бастайтын өлеңдер жазуымыз керек. Поэзия хирургиясы жаны кірленгендерді, ауруларды, әлсіздерді сауықтыру үшін керек. Осындай қуат Фариза поэзиясында да бар.

Өлең ұйқастыру, тіпті намысқа тиетін өткір өлең жазу да оңай. Бірақ, ақылы мен сезімі тең келген, өз ұлтын да, өзге халықты да сүйе білетін, сүйей білетін ұлы гуманизм туын көтеріскен ақын болу қиын. Біз Фариза Оңғарсынованы осы қиындықты жеңе білгені үшін сүйеміз.

Фаризада халықтық рух бар, ол елімен бірге, қазағынан бөлінбейтін ақын. Оның тілі жүйрік, өткірлігі мен тапқырлығы, қанағаттығы бәрімізді де қызықтыратын, қуантатын ақын.

Абай бастаған ұлы ақындары бар елде қыздан шыққан Фаризасы болу да қазақ елі үшін керемет жарасым.

Мен осы жарасымды көргеніме бақыттымын.

Желтоқсан 1988 жыл.

БОЛАТТАЙ ҚАЙСАР,

ГҮЛДЕЙ НӘЗІК СЕЗІМДЕР

1. «ӨЛЕҢ ДЕГЕН ӨР МІНЕЗ...»

Нұрлытай ҮРКІМБАЕВА

«Әпке, сәлеметсіз бе? «Адамның бір қызығы бала деген», өмірге тағы бір Фариза келді! Ақын болмаса да, өзіңіздей адал да пәк азамат болсын деп атыңызды қойдым.

Әпке! Ақыннан үлкен құдірет, ақыннан биік шың, ақыннан пәк періште жоқ қой деп ойлаймын. Әрине, нағыз ақындардан. Өз басым саясатты жатқа соғатын, бұл заманда алғыр да алымды атанып жүрген, бірақ өлең оқымайтын, ақынды танымайтын пайғамбарсымақтарды адам қатарына қосқым келмейді. Өмірдің сәні де, әні де өлең болып тұрғанда, бықсық дүниеге мастанып шалқудың өзі күнә емес пе? Өзім осылай түсінем, әпке. Сізге пәлсапа соғудан аулақпын. Арым да, жаным да пір тұтатын Мұқағали ағаның қарындасы, қазақтың аяулы қызы - жақсы ақыны болғаныңыз үшін жүрекжарды сырымды өзіңізге айтып отырмын!

Сәлеммен, ініңіз Естай Мәсімбайұлы - кішкентай Фаризаның әкесі.

Сарыбастау селосы, Нарынқол ауданы».

Дарынды ақынның әрбір жыры - сан тарау тағдыр, әрқайсысы бір-бір әлем. Халқы осылай деп қабылдаса, Естайдай жыр сүйер інілері жүрекжарды сырларын жолдап жатса, ақын үшін бұдан асқан творчестволық бақыт болар ма, сірә!

Жырым еді, жыласам, жанды ұғынар...

Бірақ соның арты құм, алды мұнар.

Өлең деген өр мінез адамға ұқсас-

әрқайсысының өз жолы, тағдыры бар.

Әр жырын ұзатылар қыздай үкілеп, әр өлең жолының алмастай өткір, таңғы шықтай мөлдір, «саудаласпай жарығын шашқан Күндей» шуақты болуы үшін шарқ ұрар, «алтынымның сынығын тот басуын көрмесем деп түндерде тілеп жатар» ақын Фариза Оңғарсынованың поэзия планетасы тұнық та сырлы. Мұны ақынның «Жазушы» баспасынан шыққан екі томдығын оқығанда айқын аңғарасың.

Ал, осынау Поэзия - жібек жолында Көшкеруенге артсаң да, түгесіліп болмас мол дүние, жақұтты жыр сарайының жиһаздары оқырманына несімен қымбат?! Біздіңше, ең әуелі - қайсарлығымен, биік пафосқа толы мінезділігімен. Сонымен бірге көкорай шалғын көмкерген көрікті белестерімен де, бұлақ күліп жүгірген көк жасыл даласымен де, махаббат атты құдіретті сезім бойын билеген нәркес жанар, тәкаппар әрі нәзік аруларымен де, «бозбаланың күнделігін» алдыңа ақтарыла жайып салар жігіттік мәрт мінезімен де оқырманына құнды.

Бір жырынан екіншісіне көшкен сайын бірін-бірі қайталамас, біріне-бірі ұқсамас контрасты сезім күйлерін өзің де бірге бастан кешіре отырып, «алағай-бұлағайлы» замандағы ақынның «секілді аспан көшкен» көңіл-күйі, жан қалтарыстарының азаматтық шамырқанысқа толы тереңдіктеріне қайран қаласың.

Сезім селдерін шашау шығарып, солғындатып алмастан, дауылдатып әкеп оқырманын бөгет-бөгесіндерге көнбес тасқындаған ой, сезім, характер, жалын-жігерге толы жыр жолдарымен төпелей жөнелгенде әлгі өлеңнің әрбір жүрек лүпілі, тынысы, қан-тамырларының соғуы «ә» деп оқығаннан-ақ көкейіңе бір үтірі түспестен ұялай қалады деп айта қою қиын. Өзіндік үн, екпінімен «апыр-ау, мынау жыр жолдары не деп кетті» деп аң-таң қалдырып, одан оқырманының ой, сезім, намысын қамшылап, әлгі жыр-өрнек-нақыштарына қайта-қайта үңілдірер, осылайша оларды Парасат биіктеріне өршелене ұмтылдырар өлең жолдары ақын қаламынан туындағаннан кейін-ақ іркіліп, кібіртіктеп жатпастан халықтық дүниеге айналдырып жүре береді. Біздің пікірімізше, Оңғарсыновалық жігерлі үн, биік пафостың айрықша сомдала көрінер жыры – «Жастық шақ монологы». Себебі дейсіз ғой! Себебі талантты шығармалар сол ақынның шабытты айдынды шақтарының перзентіндей бір деммен, іркіліс-бөгеліссіз, тұп-тұтас күйінде, мөлт еткен көздің жасындай болып дүниеге келеді. Міне, қолына қалам ұстаған ағайындардың бәрі дерлік осындай құдіретті сәттердің құрбаны болуға дайын. Алайда, мұндай бақытты шақтарға қол жеткізе алмастан ақ қағаз бетін шимайлап, бос әуре-сарсаңмен кете баратындары қаншама дерсіз?! Ал, Оңғарсынова творчествосында мұндай бақытты сәттердің жиі болатынына осынау екі томдық таңдамалы шығармалар жинағына енген, маржандай сүзілген жырлары куә. Шабыт құсы алыс қонып, қанатты қиял құрығына алмай жүрген кезеңдегі қаламгердің өзін-өзі қинап, ақ тер, көк тер қалпында өмірге әкелген дүниелері көбіне қарабайыр тартады. Мұндай сәттерде творчество аяқталады да, жазу әлеміндегі қиналысты еңбек, қарадүрсін әуен басталады. Көңілі жетік оқырмандарымыздың осылайша тер төгетін бір сыпыра ақындардың жыр жинақтарын қолына ұзақ ұстай алмастан кейінге ысырап қоя салатыны да сондықтан.

Ал, Мұқағали, Төлеген, Жұмекен, Фариза сынды ақындардың бақыттылығы, әлгі айтқанымыздай, шабытты шақтармен жиі қауышып жүретіндіктерінде болар. Дей тұрғанмен, сол шабыт атты тылсым сыры мол сәттер қол қусырып қарап отырған ақынға жайбарақат мамыражай күйінде келе қалар ма екен?! Әрине, жоқ. «Майлы ас сіңген таңдайға татыр ма өлең - қайтсем ойын оятам, ақыл берем?» деп өзгені парасатты ету үшін - таңды таңға жалғай дөңбекшіп, шындық деп шырқыраған жаны шарқ ұрар азамат ақынды шабыттың өзі-ақ іздеп тауып жататыны заңды да. Тағы да сол – «Жастық шақ монологынан».

Мен Шығыстанмын -
тауларымен сырласып ұғысқан Күн;
көкорайлы белдері көз тұндырып,

сәулесіне оранған күміс таңның.

Не заманнан бұл дала мекені екен

винтовкасыз, атомсыз ұрыстардың.

Мұнда санаңда найзағай ойнатар сыртқы жарқылдармен бірге жырдың ішкі әуені, екпінді музыкасы бар. Дәл осы біз сөз етіп отырған үш жырдан тұратын цикл -формалық жағынан қалыптасқан поэтикалық өлшем-өлшеуіштерге сыйыса бермейтіндей өзгеше. «Жастық шақ монологының» бір шумағы алты, келесісі тоғыз, үшіншісі он бір тармақтан құрала береді. Және ол шумақтар поэзиямыздағы белгілі ұйқас заңдылықтарына да бағына берместен, тіпті, сол заңдылықтардың синтезінен жаңа бір түрге, бас білдірілмеген асаудай соны айшықтарға еніп жүре беретіндей. Мысалы, осы циклдағы Үшінші жырдың бірінші шумағы а-а-б-а-в-а ұйқасымен келсе, сегіз тармақты екінші шумақ а-б-в-б-г-б-д-б он тармақты, үшінші шумақ а-а-б-а-в-а-г-а-д-а формасына келеді. Апыр-ау, сонда бұл жырдың қалыптасқан ұйқас түрі қайда дейсіз ғой. Мәселенің өзі бұл жырлардың поэтикалық реңкінің сырттай ғана қолмен қоя салғандай дайын-ұйқас өлшемінде емес, керісінше, оның ішкі иірімі, музыкалық сазы, мазмұндық, динамикалық ой ағынында жатқандай.

Көктемеде, тіршілік атаулының қайта жандана бастаған сәтінде, күн мен түн теңескен жаңа жыл басында кәнігі диқан шұрайлы алқапқа үлкен ниетпен егін салып, арналы өзендерден шаруаның қара кетпенімен бұрып алып, арық жетелемей ме! «Алқапқа суды шығара алсам, егін бітік өсер» дейді диқан-баба маңдай терін сүртіп тұрып. Кенет мына қызықты қараңыз: әлгі үлкен арнаны кернеп, лықсып келе жатқан жаңа бір толқын диқан бабаның шағын арыққа бұрған жерінен асып түсіп, өзеннің ол ойламаған биік жар қабағы тұсынан көк жалдана көтеріледі де, тосқауыл-бөгесіндерді тас-талқан етіп, бұрын-соңды жауын-шашынның ылғалы болмаса, өзге үлкен өзендер суынан қанып ішіп көрмеген алқапқа лап қояды. «Апыр-ай, - дейді диқан-баба, - не қылған мінезді толқын еді!? Дегенмен, бос жатқан жайылымға сіңіп, текке рәсуа болмаса нетсін?!» Осылай деп беймазаланған қарт диқан аз ғана күн өтпей-ақ, көк орайлы шалғыны белден келіп, көк майсасы сыбдырлап желге сыр айтқан, өңшең бір құйрық-жалдары күлтелене төгіле жайылып жүрген сәйгүліктер мекеніне көзін көлегейлей қайта-қайта қарағыштап: «Әй, өзі де мінезді толқын еді. Менің жетегіме ермегені қандай жақсы болған!» деп іштей күбірлей түсіп, бас шайқар еді. Осы бір мінезді сурет, тың көрініс Ф. Оңғарсынованың:

Жүрмесе болды адамдар
тұлғамды менің шатасып басқаға таңып,
жасықтар жүрсін кездессе жасқана қалып,
несіне жүрем әйтпесе кара жерде мен

жиырмасыншы ғасырдың жас шағы атанып!.. - тектес жыр жолдарын оқыған сайын көз алдымызға жиі-жиі орала береді. Және ақын өзі өскен даласына ғана сыр ақтарып қоймай, планетаның сонау-сонау алыс түкпірлеріндегі замандастарымен тілдесіп, ғарыштарға самғайды, жұлдызды аспан төрінде шарқ ұрады. Бұл үшін Оңғарсыноваға цивилизацияның ең соңғы жетістіктерімен дүниеге келген ешқандай телерадио тораптарының да көмегі шамалы. Ол жыр қанатында алыс әлемдерге ғана емес, өткен тарих қойнауларына сапар шегіп, сонау ғасырлар қатпарынан бізге саф алтындай жетіп үлгерген әлемдік рухани қазына-байлықтарымызды өз қолдарымен тұрғызып кеткен бабалар рухымен поэзия тілінде сырласады. Оның шығармалары жалпы адамзаттық рухани қазынаға өздерінің жауһар үлестерін қосқан ақиық бабаларға өлеңмен орнатылған бір-бір ескерткіш дерсің. Және бұл жырлар кеңістік шекарасы тұрғысынан - интернационалдық, уақыт өлшемі тарапынан - дастандық сипатта.

Болаттай қайсар мінезді, гүлдей нәзік сезімді ақынның жырлары ұдайы осындай асқақ па?! Асылы, қараша үйінен алысқа ұзап шыға қоймағандардың жаны аса қиналыс көрмес. Сонымен бірге, ұзақ та ізгі сапарға күмбірлеген күйме ішінде аттанып, күркірей келіп бұршақ аралас төпей жөнелген жауыны мен шілденің ми қайнатар ыстығында, жаратылыстың қара дауылдарына сол күйме терезесінен сығалап қойып, жол шеккен жанның көңіл-күйі де дін аман, әрі болмысы да әлгі құбылыстардан тыс тұрар. Ал, жаратылыс жарықтықтың аумалы-төкпелі барлық құбылыс атаулысын өз жанымен сезініп, жүрегі арқылы өткізіп, түйсіну үшін жалаңаяқ тау асып, тас басса да, тағдыр шіркіннің тосқауылдарына қаймықпастан қарсы қарап баруға біржола бел буған, өзіне тек аяулы арман, асыл мұраттарын тірек еткен жанкешті жолаушының балағына тікен, ошаған атаулының жапырлай жабысып, шырмауық біткеннің аяғына оралғы болатыны бар емес пе! Өнер өріне, шындық шыңына жүрегінен қаны тамшылап, қарсы ағыстардан топшысы сырқыраса да, тынымсыз қанат қаққан ақын өзімен қатар өмір сүріп жүрген замандастарының ұсақ пендешілік, аярлық қылықтарына ашынады.

Жалпы адамзат тағдыры, ел мен жер жайы, бейбіт аспан болашағы үшін таңдарға көз ілместен тебіренетін ақынның жеке адамдар мұң-мұқтажына қатыстылығы да ерекше. Және жан ұшырып өзіне көмекке шақырған жандардың сол ақын тағдырында қандай күрестер мен тартыстардың, мұң-наласы мол сәттердің өтіп жататындығында аса көп шаруасы да бола бермес, сірә. Сондықтан да болар өзгелерге жақсылық таратып, жарқылдап жүрер ақын:

Өз басымның жай-күйі, қамы, бабы,

түзде жетім лақтай тарығады.

Керегесі көңілдің керілгенмен,

жұпынылау, түндіксіз шаңырағы, - деп бір сәт мұң ашады. Асылы, сөз иесінің өзіне-өзі тамсанбай, өзін-өзі аямай, биік мұраттар жолында осылайша жеке басының қызығушылықтарын да құрбан ете алған жағдайында ғана сертке ұстаған семсердей адал жыр, асыл ой дүниеге келер. Себебі Бауыржан Момышұлының сөзіне жүгінер болсақ, «дүниенің рахатын надан көреді, азабы - ердің сыбағасы».

Шындық шіркін екінің бірін маңайына жолата бермес сұсты, әрі салқын ғой. Оған тек жүректілер ғана жақындар. «Әділетке тапшылау бұл ғаламның әділ сөзден терлейді мұз денесі, жанын тербеп арманның нұрлы елесі». Және сол әділет, шындық атаулының адам жанын тазартар, бойын сергітер қуат-күші қандай десеңізші! Қол жеткізген адамға мұның өзі бір бақыт!

Осындай асқақ-асқақ сезімдер кешіп, асқаралы биіктерге қол созған ақын сонымен бірге қарапайым қазақтың көп қызындай махаббат сезімдерін бастан кешіп және оны өзіндік соны үнмен жырлай алған.

Мен сондаймын.

Сүйсем егер ғұмырлық сүйіп кетем,

жұртқа менің жүрегім - тұйық мекен.

Аласарсам, ешкімге ұқсамайтын

сезіміммен өзімді биіктетем, - дейді ақын. Махаббат мәселесінде ғана емес, жалпы ой-пікір, көзқарасты іркіліссіз батып айта алудың өзі сол адамның үлкен ерік-жігер атты қасиеттің өзі адамның рухани ішкі асыл діңгегіне, тамыры тереңге кетер бәйтерегіне әбден байланысты. Демек, мұның өзі - махаббат жырларынан да Фариза Оңғарсынованың азаматтық келбеті айқындалады деген сөз.

Айналасына, өзінің өмірлік принциптеріне, адамдарға деген ақынның адал көзқарасы оның творчестволық басты кредосына да айналған.

Етсем жырды киініп-ішінерім,

кешірмесін осыным үшін елім.

Асқақ-асқақ жыр күтіп жүрсе менен

сыйлағаны осы деп түсінемін.

Біз өмірдегі қара күшпен сын сайысына түскен ерліктер жайлы жиі айтамыз. Ал, өнердегі дара тұлғалардың бұл ғасырдағы өздеріне тиесілі қызық-қуаныштарды құрбандыққа шала отырып, «қайтсем өзгенің жүрегіне нұр құямын» деп аласұрған ғұмырнамаларындағы көзсіз, бақай есепсіз батырлықтарының құнын қалай өлшесек екен?!

Шулы өмірге мен де еріп кетер едім,

тағдыр, мені өнермен некеледің.

Дауыл, шуақ алмасқан Жер бетінде

өлеңімді сәбидей жетеледім.

Бұлтарыс, бұралаңы көп өмір жолында өлеңін сәбидей жетелеген, өзі де өнер сапарында жаһұт жырларының соңынан сәбидей ере білген Фариза Оңғарсынованың жырлары - халқымыздың рухани мұрасына қосылар асыл арналардың бірі.

1987 ж.

2. ТҮСІМЕ ЕНГЕН АРУАҚТЫМ. . .

Биік тауды бағалағың келсе, алыстан қара деген ұғым бар. Ол рас. Дегенмен сол заңғар өзіне тартып, кейде қасына жақын баруға тырысатынымыз жасырын емес. Жапырағы жайқалған қалың орманын да, жықпыл тастарын да, тарғыл беткейлерін де көресің. Көресің де, көп нәрсені көкейіңе түйесің.

Үлкен адамдармен де қарым-қатынас осыған ұқсас келмек. Алда-жалда халқының біртуар перзенттерімен дәм тартып, дастарқандас болып, жол шақырып сапарлас болған сәттерімді жаратқанның маған берген өлшеусіз сыйы деп түсінемін. Және бұл пікірімді еш уақыт естен шығарып көрген жоқпын. Бұл тұрғысында: "Ой, мен пәлен деген кісімен еркін араласамын, қалай болса солай сөйлесеміз өзіміз” - дегендердің қылығын да суқаным сүймейді, немесе, керісінше, сол адамның құлақкесті құлына айналып, алдында құрдай жорғалайтындарды да жаным жақтырмайды. Үлкен тұлғаның халқына деген кейде ерке мінезі, тосын қылықтары болады. Оның өзі орынымен болып жатса, жылы жымиып қала беру ләзім шығар. «Еркелегеннің жөні осы»,- деп артық кетіп жатса, сыпайы ғана пікіріңді білдіргеннің айыбы жоқ деп ойлаймын.

Халқымыздың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынова - қазақ елінің рухани әлеміне мол үлес қосып, елдің, жердің еңсесін тіктеуі үшін жанын салып қызмет етіп жүрген жан. Ол кісінің поэзиядағы ерекше қолтаңбасы, өзіндік үні - өз алдына бөлек әңгіме. Бұл жолы Фариза апайдың қарапайым өмірде өзім байқаған кейбір қырларына тоқталмақпын.

Апай өзін халықтың, оның ішінде оқырмандарының сүйетінін жақсы біледі. Жақсы білгендіктен де өзіндік мінезімен еркелеп алғанды жөн көреді. Сол өзіндік мінездің сыртқа көріну формалары бірде түсінікті, бірде түсініксіз болғандықтан мұндай кісілер жайлы ел арасында аңызға ұқсас түрлі әңгімелер жүре береді. Журналистік жолсапармен ел ішіне барған бір жолы естіген әңгімеміз: Апай кездесуге барған облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы екі сөздің басын құрап сөйлей алмайтын бір қасқа болса керек. Кездесуді жүргізу барысында сөзден жаңылыса берген әлгі кісіге қарап:

-Мынау не қылған идеолог басшы, сөзін жөндеп сөйлей алмайтын?- депті-мыс.

Кадр мәселесінде өзі де пісуі келіп тұрған жағдай болса керек, көп ұзамай әлгі басшы орнынан түсіп қалады. Бұл мәселеге апайдың қатысы болмаса да:

-Ойпырм-ай, Фариза ақын келіп, идеологымызды ауыстырып кетті, - деп жұрт шу ете түседі. Бір қызығы мұндай алып қашпа сөз үлкен кісілердің маңайында жиі айтыла береді.

Менің айтпағым - апайдың үлкен сапарлар үстінде өзім байқаған ерекше қасиеттері.

Бұл жалғаннан аттанып кеткеннен кейін ғана халқы биік бағалаған біртуар ақын ағаның тойындамыз. Киіз үй ішінде әдебиет пен журналистиканың біраз өкілдері отыр. Арақсыз жасалмайтын шіркін қазақтың дастарқаны. Сала құлаш сөздер... Сөз кезегі әдебиет айналасындағы бір келіншекке келді. Кісінің көзіне жылтырап, не бір метафораларды төкпелегенімен былай шыға бере жаңа ғана өзі мақтаған адамын түп-тұқиянына дейін дымын қалдырмай жамандайтын нағыз қасқаның өзі еді. Бірақ мұндай мінезін үлкендерге көп аңғартпай, біз сияқты кішкентай адамдарға көрсететін. Бұған дейін сөйлегендер бүгінде көзі жоқ арқалы ақынның поэзиясы жайлы көбірек тебіренген еді. Мына келіншек тек төтесінен апай жайлы әңгімеге тартты дерсің.

«Мен Фариза апамды пір тұтамын, творчествосына бас иемін, әдебиетте бұл кісіден артық ешкім жоқ» - деген сияқты шұбырған пікірлері жөңкіле жөнелді. Жалған дейтініміз осыдан аз уақыт бұрын оңашада апайдың басынан бақайшығына дейін «талдап бергені» есімізде. «Апыр-ай, осы сиқыр сөздерді апай түсінер ме екен?»- деген оймен бұрылып ол кісіге қарадым. Ішкі ренішін сездіргендей қос жанарынан бір кейістік білінеді. Сөзін бөлген жоқ. «Ә-ә, жайың белгілі болды ғой»,- дегендей сәлден кейін бір нүктеге көңілсіз қадалған күйі отырып қалды. Сол-сол-ақ екен шаңырақтан түсіріліп қойылған электр шамы сөнсін де қалсын. Шырттай қараңғыда әлгі байғұс сөзін жалғастыра берді. Қою қараңғылық обалы қалың осы бір жалған сөздерді одан сайын айқындай түскендей. Әлгі келіншек: «ал, сол үшін алып қояйық»,- деп сөзін де бітірді, шам да қайта жанды. Апай осы тостың ішілуін ұнатпаған сыңаймен: «Жігіттер, әдемі ән бастаңдаршы!» - деп жиіркенішті бір нәрсені иығынан сілкіп тастағысы келгендей бар болмысымен отырыстың өзге бір әуеніне бұрылып кеткен еді.

Осы көріністен өз басым өзгеше ой түйген едім. Ішкі түйсік тегін адамда болмайтыны белгілі. Шамның сөніп қайта жануы кездейсоқтық емес еді. Біз «арқалы адам, арқалы ақын» дегенді жиі айтамыз. Дегенмен, соның байыбына әлі терең бара алмай жүрміз-ау…

Тағы бір сәт есімде. Шымкент облысының Темірлан селосында 1990 жылдың мамыр айында Майлықожа ақынға арналған той болды. Соңы Ордабасыдағы кішігірім тойға ұласқан. Осы дүбірлі жиынға астанадан біраз қонақтар, барлық облыстардан айтыс ақындары шақырылған. Тойға белгілі жазушы Мархабат Байғұтовтың қызы Ақлима екеуміз келгенбіз. Қонақтардың басым бөлігі селодағы минералды су шығатын санаторийге орналастырылған. Атшаптырым бөлмеге Фариза апай орналасқан екен. Тағы бір бөлмеде - қызылордалық айтыс ақыны Бибігүл Жаппасбаева. Ақлима екеуміз келіп жайғастық. Той дастарқандары арнайы тігілген киіз үйлерге жайылған. Дастарқан басында Фариза апай екі жаққа дәнекер болғысы келген сыңаймен келген қонақтарды үлкен демей, жас демей той иелеріне таныстырып, ауыл адамдарына «өздеріңді таныстыра отырыңыздар»,- деп Оңғарсынованың атынан қаймығып отырған жұртты ортақ әңгімеге шақырып қояды. Таныстыру кезегі Ақлимаға келгенде: «Өзі - лениндік стипендиат. Талантты бала» - деп сәл тоқтап барып: «Қалқатайдың өзі жоқ, жұрты жатыр»- деп Ақлиманың арқасынан қағып қояды. Онысы: «Мархабат інімнің өзі дастарқандас болмаса да, қызы отыр» - дегені. Орынды әзілге отырғандар ду күліседі.

Тойдың екінші күні, байқаймын, Бибігүл сырқаттанып жатқан сияқты. Ақырын басып, бөлмесіне бардым. Ниетім қандай көмек керек екенін сұрау еді. Шын жабырқаған жанына медеу іздеді ме екен, әйтеуір, жас моншақтарын тізе жөнелді. Бибігүлдің ақындық деңгейінде шаруам жоқ. Жеке тағдырына жаным ашып, тым болмаса сөз көмегін бергім келеді. Жасөспірім қызы екеуінің көрген құқайлары біраз адамға жүк боларлықтай. Осы бір таныс та бейтаныс келіншектің өмір бұралаңдарына қанығып Ақлима да мұңды күйде. «Сәл басымды көтеріп, сахнаға бір шықсам, жазылып кетер едім. Айтыс шіркін менің дертіме дауа ғой»,- деп арман кешуде. Әрі-бері жұбату сөзімді айтып, болмаған соң бар жайды Фариза апайға баяндадым. «Күш алып, сахнаға бір шығып кетсе, бәлкім жазылар» - деймін. Сәлден кейін Фариза апай Бибігүлдің жағдайын сұрап жатты: «Бұ не жатыс? Еркелікті қой да тұр! Кімнің төрт құбыласы түгел дейсің! Отыра қап бәріміз еңірей берсек, не боламыз. Қой, бала, сөзді қой, тұр!» -деп апай шығып кетті. Бұл сөздерді дауыс көтеріп емес, күш бергендей, өзімсінгендей, сенім білдіргендей айтты. Келесі күні Бибігүл ақындар айтысына қатысты.

Астанаға келгеннен кейін республикалық «Лениншіл жас» газетіне Бибігүл Жаппасбаева жайлы «Өнерімен өмірін өрнектеген» атты мақала жаздым. Көп өтпей-ақ Бибігүлден (шын аты Бекетай) хат алдым. Арнау өлең деуге болатын шығар. Бұл арнау дүние Фариза апайдың тағы бір құпия қырын маған ашып бергендей еді.

СЫРДАН СӘЛЕМ!

Армысың, сезімтал жан Нұрлытайым?!

Белгілі сіз арқылы елге жайым.

Орманда өмір деген өсіп тұрған

көркімен көз тартатын сіз бір қайың.

Артыма еріп бірге менің тайым,
Домбыра, киім-кешек, қант пен шәйім,
Айтысқа Ақтөбеге барғанымда

Таныстар деді мені құттықтаймын.

Қызыңмен екеуіңді көрдік деді,

Апатай, істегенің ерлік деді.

Сөзіне алғашқыда түсінбедім –

Тиіпті-ау, сізге енді теңдік деді.

Көп емес аздап дедім озғаным бар,

Тауып бер сол газетті қозғалыңдар

«Лениншіл жасты» әкеліп бергенінде!

Не жәйлі деп қолымды созғаным бар.

Оқыдым көздің жасын тия алмадым,
Алдыма қойған асты жей алмадым
Сезімтал жан екен деп елден асқан

Сені ойлап кең бөлмеге сыя алмадым.

Лентадан өткендей боп тізіліпті,

Еш жері дей алмаймын үзіліпті.

Оқыған ер-азамат естілерің
Темірден жаралған деп қызығыпты,
Сан оқып, сан мәртебе жылап алдым,

Өзімнен-өзім сосын сұрақ алдым.

Зухраны ел алдында айтыстырып,

Ел алдында тұңғыш рет сынап алдым.

Тең түсті Ақтөбелік студентпен,

Қуандым мейірленіп мен де көппен.

Тұсау кесер байладым ағасына

Ізетпен ел алдына шығып шеттен.

Дәстүрді солай тағы жалғастырдым,
Құдіретін танытып әйел пірдің
Өзіңнің жазғаныңнан асып түсіп,

Дәлелдеп өзімді-өзім мен де тұрдым, - дей келіп облыстық ақындар айтысында өзінің әділетсіз баға алып, республикалық жарысқа жіберілмейтін болғанына қатты налып, көмек сұраған екен.

Қайдан табам жанымды түсінерді,

Неге төмен соншама түсіреді.

Деп түнімен қайғырып жылап жатсам,
Таң ата Фариза апам түсіме енді,
«Қамықпа, көтер басты, жеңесің деп,
Бәрібір сен айтысқа келесің», - деп

Шашымнан сипап тұрып, бір таба нан

ұстатты, жыр шумағын төгесің деп.

Ақтөбеде де түсіме енген еді,

Зухраны жақындап көрген еді.

Осы жерден бәйгеге қоса бер деп,

Рұқсатын апамыз берген еді.

Ояндым кеудем кернеп қуанышқа
Басқа қонған дедім мен бақыт құс па,
Домбыраны алдым да жырды төктім,

Тоқтаусыз кете бердім тым алысқа.

Өзіме-өзім сосын қайран қалдым,

Жоқ еді ештеңені ойланғаным.

Шыдамай ақырында мен өзіңе

Қаламсап хат жазуға қолға алғаным.

Селдетіп құйылуда жыр шумағы,

Әшейінде қиын ғой жыр тумағы.

Теңіздей тебіреніп қайран көңіл,
Балық боп шоршып ойда жыр тулады,
Жырларым жазып жатқан жемістерім,

Өзіңмен құшақтасып көріскенім.

Намысқа жігерімді жанып тұрып,

Ал енді өлмей дедім беріспеспін.

Өзіңе айтар алғыс менде шексіз,

Жан едім жағынуға өте епсіз...

Құдайдан деп тілеймін күні-түні

Қуаныштың бәрін де саған жеткіз.

Сәлем айт Фаризадай апамызға,

айналған тірісінде аты аңызға.

«Анама балап едім а дегеннен –
Қыздары біз осылай жатамыз ба?»
Астына қанатының алса екен,

Мәдениет бөліміне барса екен.

Қолынан келеді ғой - Алматыға

арнайы шақырттырып алса екен.

Пісірдім жеті күлше арнап бүгін,

Түсіме енгеніне Аруақтымның.

Хош дедім басымды иіп алдарыңда,

қарады өздеріңе менің күнім.

Бекетай, Бибігүлмін - Бекет берген

өмірдің азабына төтеп келген.

Адалдық аруанасы өздеріңнің,

мен деген жетім бота сіздерге ерген.

Құрметпен БЕКЕТАЙ.

3 шілде 1990 жыл .

Шынымды айтсам, осы үшбу хат маған емес Фариза апайға ғана арналғандай сезіндім. Адам санасы бойлай бермес қасиет сырлары қандай тұңғиық еді десеңші? Осындай шынайы толғанысқа сөз қосақтаудың өзі бекер сияқты. Меніңше, Фариза Оңғарсынованы құр мақтау жеткіліксіз сияқты. Ол кісіні біз мақтан тұтуымыз керек. Мақтан тұтып, мақтану үшін ең әуелі ол кісінің жасаған рухани мол дүниесін түйсініп оқып, бойға сіңіріп және өмірінің пендешіліктен ада тұстарын да қадірлей білгеніміз жөн-ау.

Биік тау алыстаған сайын еңселене түседі!

Алматы.

Маусым 1994 жыл.

ҮМІТТІҢ ҮКІЛІ АРҒЫМАҒЫ

Сейітқұл ЕСЕНҚҰЛОВ

Республикалық балалар және жасөспірімдер театры сахнасында таяуда «Бақыт пен мұң» атты поэтикалық спектакльдің премьерасы болып өтті.

Авторы - Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Фариза Оңғарсынова.

Режиссері - Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ ССР халық артисі -Райымбек Сейтметов. Суретшісі - Марал Нұрмақанов.

Поэзияның сиқырлы құдіреті туралы көп айтылып келеді. Француз ақыны Поль Элюар оны: «Бар дүние біртіндеп ақынның жүрегінен орын алады да, ақын арқылы бүкіл әлем ән сала бастайды» деп түсіндіреді. Мұндай жағдайда біз әдетте өз классиктерімізге, тіпті, шетел ақындарының поэзиясына сілтеу жасап жатамыз. Ал өз ақындарымыздың туындыларын тереңірек оқып, қадір-қасиетін парықтап, ақынның жан-дүниесіне шындап үңіле алдық па?..

Белгілі совет жазушысы Сергей Наровчатов айтқандай, «Поэзиясы өміршең күшке, байсалды нәзіктікке және азаматтық жанқиярлыққа толы» ақынымыз Фариза Оңғарсынова әлемінің сыр-сипатына азды-көпті қалың оқырманның қалайша көрерменге айналғанының куәсі болдық.

Поэзия -

әйелдей жұмбақ әлем,

сиқыр сырын түсінер тұлға да кем.

Жаны тұнған тұңғиық тереңдік те,
қимылы - ырғақ, әуен;
поэзия -
арудай, құпиясын

ұқтырар жылдап әрең...

Фаризаның өзі осылай сипаттаған ақынның асқақ адуынды, отты да нәзік, терең сырлы жырларының кейіпкерлері өз құпиясын осы спектакль арқылы ашуға тәуекел етті. Қызыл мақпал шымылдық «Көңілашар» күйімен ашылған тұста сахнадан өзін қоршаған қошаметшіл көптен әрең деп сытылған ақын алға шықты. Ақын ролінде -Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Гүлжамал Қазақбаева.

Ақын:

Ана,

Бүгін қуандым,

Қуандым мен.

Табысқандай өзіңмен,

сылаң жырмен!

Қуанышым ұмытты-ау мені осы деп,

жаным жүдеп жабырқап жылап жүргем...

Иә, адам бойындағы күллі қасиет күннің нұры мен ананың ақ сүтінен десек, ақын жан сырын, қуанышын, қайғысын, бар алғысын ең жақыны - анасына жеткізуге асығуы иланымды.

Ана бейнесінде - театрдың тарлан актерларының бірі Күләй Мұратәлиева.

Ана:

Жаның жүдеп, қалқам-ай, жүр-ау сенің,

біраз жерге сен бұрын шыдаушы едің:

мүмкін өмір-толқын жеп жұқардың ба,

мүмкін сені алдаған шығар сенім?..

Өнер жолында жалғыздықтан жаны жабырқаған ақынға анасының: «Қай заманда ойлылар қайғы-мұңсыз жүрді деп ең, бақытқа батып белден» деп басу айтуы, дем беруі, бір сәт босаңсыған ақынды қайта ширатады...

Ендігі көрініс шегініс жасап ақынның тұлымы желбіреп, қуаныштан албыраған бәйшешектей балғын шағына жетелейді. Ол, әрине, жалғыз емес, қасында егіз аққудай жарасқан ғашық жігіті бар. Асыр салған екеуіне кең дүние тарлық еткендей ме, қалай? Жаңа ғана шаттықтан жарылардай болған қыз жүрегіне кенет қаяу түсті. «Аққұм» әні де жан жадыратуға жарамады...

Қыз ролінде - жас актриса Әсел Мәмбетова.

Қыз: Алғашқы арман-тілекті
шетке ысырғым келмейді,
бірді сүйген жүректі

көпке ұсынғым келмейді.

Жігіт ролінде жас актер Байғали Есенәлиев.

Жігіт: Сен маған бақыттасың, қайғыдасың,

мен үшін таусылмайтын бай мұрасың.

Өлермін от сезімнен, маған десе

аспаннан қара жерге Ай құласын...

Жігіттің ағынан жарылған ынтықтығына, қыз салқын қабақ, сынық жүзбен үн қатты:

Шынымен болып жүрсе жаның ғашық,

сен маған жалынбашы, табынбашы.

Ер мінезді жігітті ұнатады

осы бір қарындасың...

Орынсыз маған, жаным, иілмеші,

ер жігітке лайық мұның несі?..

Осылайша екеуінің арасы алшақтап, күйдіруге шақ тұрған сезім отының сөнуге бет алған сәтінде ғайыптан түскендей символикалық екі бейне пайда болады. Оның бірі қызыл шәй көйлектісі - Жүрек те (Ж. Бектемірова), екіншісі - сабырлылық пен салқындық иесі, боз көйлекті Ақыл (Р. Айтқожанова). Екеуі екі жастың албырттығына, алабұртқан ала құйын мінездеріне екі түрлі мән беріп, қылықтарын қалт жібермей қадағалайды. Жүрек қалауын Ақыл тежейді, Ақылдың самарқаулығын Жүрек кешпейді.

Ақыл: ...Қайғы уынан өртен сен, өл, іш мейлі,

ешкім сонда ол уға қолын созып,

мен ішем деп жартысын бөліспейді...

Осы монологтың астары Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылыңмен екі жақтап» дейтін белгілі нақыл сөзіне саяды.

Жүрек: Ақыл айтып кетеді - дана бәрі,

данышпансып қарайды саған әрі:

«Неғыласың осынша қайғы шегіп,

ұмыт болып, - дейді, - ертең қалады әлі...».

Бірі басу айтса, екіншісі ашу айтқан кереғар екі бейне ақыры өз дегендеріне жетті. Сезімнің құрбаны болуға шақырған Жүректі қыз қалап алды да, «әліптің артын бағайық» деген Ақыл жігітті жетелеп кетті.

«Махаббат адамды тексеруге, сынауға өте қолайлы таразы» депті Бальзак. Таразының екі басының тең түсуі қашаннан қиын. Осы екі жас жүректерімен қоса жандарын да жаралап алғанға ұқсайды. Ал жан жарасының оңайлықпен жазылмасы белгілі.

Жаңа жылдық анкетаға берген жауабында Ф. Оңғарсынова: «Тегі адам баласы мезгілдің тығыз екенін, күш-қуаты мол, ғұмыр да бітпестей көрінетін жас кезінде емес, есейе келе сезінетіндей. Сезінген сайын істейтін іс те, міндет те көбейе түсе ме қалай?» («Қазақ әдебиеті», 1 январь, 1982 жыл) деген болатын. Демек, екінші бөлімде ақынның жан толысуынан туындаған ой қақтығыстарының кемелденген сәтіне, өмірдің мән-мағынасын терең ұғынған шағын көретініміз де кездейсоқ емес. Азаматтық әуенмен көмкерілген ақын поэзиясының әлеуметтік-философиялық сыр-сипатқа ие болатыны да осы тұс. Ел қамы, оның болашағы, о баста өлшеммен ғана жаратылған қоршаған ортамен тіл табысуға үндеу, адамзат баласын ядролық апаттан аман алып қалу сияқты қордалы ойлар мазалайтын ақын жаны. Лирикалық кейіпкерлері арқылы ақынның ішкі жан-дүниесін жайып салар бүкпесіз шыншыл жырлары публицистикалық құштарлықтан да кенде емес. «Самсап келіп қамаған сан тағдырлар» тоғысуы -Махамбет пен Пабло Неруда тағдыры қалай ұқсас еді! Халық атынан сөйлейтін Қарт жыраудың ақындық пен ерліктің символындай болған бұл алыптарға жүгінуі де тегін емес. Әу баста драманың түп-төркіні болған поэзияны көрерменнің мүлдем жатырқамай, керісінше, көптен жоғалтқан жақынымен қауышқандай қабылдауында, міне, осындай терең сыр жатыр.

Сюжеттік желісі сақталған бұл поэтикалық спектакль тартысқа құрылған. Жігіт пен Қыз, Ақыл мен Жүрек, Ана мен Ақын арасындағы «Сүйерім ащы шындық, Тұрса да ол, көзіме бейуақытта жас алдырып» деген қақтығыстар соның кепілі. Жақсылық пен жамандықтың, ізгілік пен зұлымдықтың мәңгі бітіспес күресінің арасында арашашы болып шырылдап ылғи да Ақын жүреді.

Ә. Мәмбетова мен Б. Есенәлиев ақын басынан кешкен алғашқы махаббаттың қуанышы мен азабын ешбір боямасыз, шынайы бейнелей алады.

К. Мұратәлиева жасаған Ана бейнесі - аңыздардан келген сабырлы, қадірменді, ақылгөй аналардың жиынтығы болып шыққандай. Сахнадағы ананың құшағына өз анаңдай ұмтылғың келетін бір ғажап күй кешесің. Тарих қойнауының тар қақпасынан шығып келген қамкөңіл Қарт жырау Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисі, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мәкіл Құланбаевтың орындауында ерекше әсерлі шықса, Махамбет роліндегі Айдос Бектеміровтың үнінен наркескеннің шыңылын, қыранның шаңқылын естігендей боласыз.

«Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы», Ұлы Абайдың осы өлшемімен алғанда, поэтикалық спектакльдің жауапкершілігі ауыр екені аян. Осы орайда республикада поэтикалық театрдың сахнаға келуі Райымбек Сейтметовтің есімімен тығыз байланысты екенін айта кеткен артық болмайды. Әр маусымда астаналық екі театрда қойылған «Сенім патшалығы», «Оқ пен гүл», «Махаббат заңы», тағы басқа спектакльдер осының айғағы. «Бақыт пен Мұң» да - сол талантты ізденістің нәтижесі. Бұл қойылымдар арқылы суреткер режиссер әрі ұстаз жас актерларды тіл ұстартуға, сөз қадірін түсініп, қастерлеуге, ана тіліміздің тұнығын лайламай, таза ұстауға үйретеді, баулиды.

Сонымен, бұл спектакльден біз:

Серігім - жырым-жебеммен,
жүрегім - желкен, жел кернеп;
қарсы ағыстарға, сеңге өрлеп,
қағылез, құйттай денеммен

дауылдарды құшып келем мен!.. - деп, жыр кемесінде өмір ағыстарына қарсы жүзіп бара жатқан азамат ақынның бейнесін көрдік.

1988 ж.

ӘПКЕ!

Несіпкүл БОЛТАЕВА,
Абай атындағы қазақ педагогикалық
институтының қызметкері

Сәлеметсіз бе! Сіздің өлеңдеріңізді айналып соғып, оқи беретін әдетім бар еді.

Мен және мен сияқты оқырмандарыңыз өлеңіңіз бен өмірдегі өзіңіздің толық сәйкестігіңізді сыйлаймыз.

...Келем тартып әлі алға,

достар айдын, ел - кемем.

Екеуінсіз ғаламда

түк емеспін мен деген... - дейсіз.

Тіпті кейде өзіңізді нүктеге теңеп кішірейетін де кездеріңіз болады. Әрине, мұндай қарапайымдылық, тегінен жақсылық көріп өскен, жан дүниесінің парасаты биіктеген ақынға ғана тән.

Ақындар баршылық қой достық, биік адамгершілік туралы тонна-тонна ақыл айтып, том-том жинақтар шығарып жатқан. Бірақ, солардың өмірдегі өздері өлеңіне ұқсай бермейді-ау. Тек творчествосында ғана өзіне тамсандырып, табындырып қояды. Кей достар бар өжеті мен қажетіне жарайтын жағдайың, қызметің болса ғана түйінін шешуге жақындап жүретін.

Бүгін менің айтайын дегенім Сіз және Сіздің төңірегіңіз жайлы еді. Қашан естісем де, көрсем де, сіздің маңайыңызда көбінесе тағдыры ауыр, олардың сізге емес, сіздің оларға көмегіңіз, қайырымдылығыңыз басым қажет адамдар топталып жүреді. Сіз олардың қызметіне немесе тіршілігіңізге қажет жақтарын ойластырып, есептеп отырмай, керісінше, бәрінің жағдайын ойластырып, оларды күнде іздеп, түгендеп көңіліңіздің кемесінен шығармай отырасыз. Осы қасиетіңізге табынамын да, тамсанамын. Мен лауреатпын немесе республикаға атым әйгілі ақынмын деп міндетсініп қалсаңыз, қазіргі өмірде біздің көзімізге ол да жат көрінбес еді.

Сізге айтқалы отырғаным сіздің досыңыз Бекзада әпкем жайлы бірер сөз. Мен ол кезде небәрі 6-7 жаста едім. Ол кісі ауылдың орындығы санаулы клубында ән салатын. Әніне сүйсініп, құмартқан жұрт ол кісіні сахнадан жібермей бірнеше рет ән салғызатын. Бекзаданың сазды, назды әнінің толқынына тербеліп, шіркін, осы кісідей болсақ деген балалық балбыраған арманымызбен бірге шығатынбыз клубтан. Содан үйімізге жеткенше әпкемнің ән салғандағы әр қимылын, жүрісін, дауыс ырғағын әңгіме етіп, таласа пікір айтып тарқасушы едік.

Біз мектеп табалдырығын аттағанда, бұл кісі Жамбылдағы педучилищеге оқуға түсті.

Әдетте үлкен лауазымды адам болмаса, ескере бермейтін жайттарымыз бар ғой. Айтайын дегенім ортамызда биік парасатты, ұлағатты, ауыз толтырып айтатын адамгершілікті, қарапайымдылығымен көзге түспей жүретін, үңілсеңіз ұлы қасиеттері мол адамдардың бар екенін көресің.

Сол адамдардың бірі Бекзада Оразбековаға Сіз арқылы өзімнің алғысымды білдіргім келеді, Әпке!

Әрқашан да аман-сау, халқыңыздың ғана қызы болып, үлкен ғұмыр кеше беріңіз!

1989 ж.

АҚЫНСЫЗ БІР СӘТІ, БІР КҮНІ АҢЫЗ

Күләш АХМЕТОВА

Жылдың төрт мезгілін көшіп-қонумен қарсы алатын халқымыздың бүкіл тіршілігі өлеңмен өрілген екен. Даланың шексіз кеңдігі, таулардың таза шыңдары, өзендер мен бұлақтар, жұмбақтай сұлу жерлер, «белден асқан бұлттармен араласып» көшкен елдің көзіне нұр, көңіліне жыр құя берген-ау. Шілде күзету мен бесік жырынан бастап көңіл айту мен жоқтауға дейінгі аралықтағы сауық-сайран, той-тамаша, жәрмеңке, қонақкәде, қой күзету, қыз ұзату, бата беру... бәрі-бәрі өлең! Махаббат, ерлік жырлары, терме мен толғау, қисса мен шежіре, аңыз бен ақ өлең - шешендік, айтыс түрлері...

Әлемде дәл осындай ел бар ма екен жырды сүйген, жыр дарыған?

Одақтық әдебиет көгіндегі Белла Ахмадулина, Лина Костенко, Зүлфия, Фазу Алиева, Гулрухсор Сафиева сияқты талантты ақын қыздардың шоғыр жұлдызының арасында дара биігі бар Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ақын Фариза Оңғарсынованың поэзиясын сөз ету үшін біз бүгінгі одақтық та, әлемдік те поэзияға емес, өз халқының тарихы мен рухына, ұлттық философиясына ой жібереміз. Ақын өлеңдері жүздеген жылдарды бастан кешірген жыр-ғұмырдың заңды сабағы; дәмі жаңа болғанмен, дәні көне, тамыры терең, мықты өркен.

Халықтық жырлардың алтын арқауы, басты тақырыбы - адам, адамның табиғатпен, даламен байланысы, арманы, күресі, өмір мәні десек, сол сипат біздің қанымызға сіңген қалпында поэзияға деген талғамымыздың биік өлшемі болып келе жатыр.

Фариза Оңғарсынова - осы өлшемдерге жауап берсем деген өз мұратына түбегейлі жетіп, түрлік, мазмұндық жағынан да кемелденіп, енді тек тереңдікке өз найзасын бойлатып, Мұқағали ақын айтқандай «Шындықтың ауылын шыр айналып», толассыз жаңа ізденістерге ойысқан ақын.

Тереңнен тамыр алу деген сөз айнытпай ұқсау емес, еліктеуден де бөлек нәрсе. Фариза ақын осы жағын зердемен меңгерген. Халықтың жанын, жырдың қуатын, сөздің реңкін табудағы сезгірлік таланты айрықша.

Шығарған шындық арды естен,
зұлымдықтарды қан кешкен
Махамбеттен қалған наркескен
айбалта - жырмен шапсам деп,

әділеттің шамын ғаламға,
қарамай құрсау-қамалға,
лаулатып солай жақсам деп,
қайсарларды жасқап шегерген,

тасқыны тылсым тереңмен,
серігім - жырым - жебеммен,
жүрегім - желкен, жел кернеп,
қарсы ағыстарға, сеңге өрлеп,

қағылез құйттай денеммен

дауылдарды құшып келем мен!

Ф.Оңғарсынова - мұнша шеберлікке жетудің заңды сатыларынан біртіндеп өткен ақын. Ең әуелі ақынды да, оның оқырмандарын да ашқан топтама 1968 жылы «Лениншіл жас» газетінің бетінде жарық көрген «Мен саған ғашық емес ем» циклі болды. Баршаны бірден баурайтын ондай сүйкімді сәтті қадам әрбір өнер иесінің маңдайына жазыла бермейді. Бұл циклді сол кездегі студент, біздер, қиып алып, сақтап едік. Алғашқы жыр кітабы дәл ондай әсер ете қоймағаны рас болатын.

«Мен саған ғашық емес емнен» кейін кешікпей «Мазасыз шақ» жинағы шықты. Бұл кітаптың сонылығы сонша - қазақ поэзиясыңда жаңа құбылыс - қыз ақындардың махаббат лирикасының тоғанын бұзып - бұрынғы бүркеме сезімдеріміз шымылдықтарын серпіп тастап, шынайы қалпы жыр болып буырқанды.

Мінезді, тегеурінді, ынтық өлеңдер, құштарлығы бойға сыймайтын іңкәр жырлар жылғаларды толтырған көктем суындай тасынып, тарала жөнелді. Фаризаның сіңлілеріне махаббат пірі жар болғандай, бұрын-соңды айтылмаған тәтті, назды, кейде кейіген, кейде қарғап-сілеп жерлеген, кейде момақан мойындаған жүрек күнделігіндей сүйіспеншілік жырлары қаулап өсіп, олар апасына да, бір-біріне де ұқсап кетіп жатты. Ақын қыздар есімі күннен-күнге қосылып, ақылды ақын Анна Ахматованың:

Я научила женщин говорить…

Но, боже, как их замолчать заставить! - деген жолдарын еске түсіретін. Бірақ, Фариза таланты оны өзін жақсы көріп еліктеген сіңлілерінен бөлек даралай алатын дәрежеде еді. Сондықтан да ақын бір арнада қалмай, жаңа сала, жарқын бағыт іздеді. Махаббат лирикасында басқалардың батылы жете бермейтін ұғымдарға еркін барып, бүтіндей бір кезеңнің көзқарасын қалыптастырып, ойын өзгертті.

Алыстарға кетейік,

қаланың бізді көп жалықтырған күйбеңдерінен жыраққа,

ақ бас тауларға, аймалап жатқан күміс шолпылы бұлақтар.

Сен ғажайып ертегілердің батыры

Астындағы арғымақ атпен айшылық жолды бір аттар.

Өзіңе ғана табынған ессіз мен нәзік ару болайын,

дозақ боп сенсіз көрінсін тіпті жұмақ та!

Өңгеріп мені ап кетші -

көк ормандарға - тылсымын аяқ баспаған,

түнектерімен өр көңілдерді жасқаған.

Толтырсын меңіреу дүниені у-шу дүбірге

сенің екпініңнен қашқан аң!

От махаббатыңнан өртенген маған еркек еместей көрінсің -

жалғыз өзіңнен басқа адам.

Қанша үйреніп, қызыққанмен, бұл - әлі басқа қыздар жаза алмаған бұла тілек, бұрқанған жүрек әмірі. Сүйген жанының алдында шын сырын айтып, жалынып, жылап тұрса да аласармайтын биік, жасымайтын жасын бейне лирикалық кейіпкер -сыпайылық, ибалық шегінен асып кеткен әдепсіз қыз емес, ақынға жарасатын адуын мінез бен халықтың өзінде бар қасиет - пердесіз жас наз көңіл иесі, ел еркесі. Сезімін қанша ашық айтам десе де, ақын қыз табиғатында әлсіздік пен нәзіктік жоқ емес. Жібектен жұқа, пернеден сергек жан болмаса,.

Шыр еткендей қоңырау - сонда есікке

жүрегім жүгіреді, - деген дірілді, жолдарды жазар ма?!

Ерлердің даңқы дүрілдеп тұрған ерте заманда туса Фариза ойын, бәлкім, басқаша өрер ме еді, бүгінгі қасаң да, бей-жай дүниедегі шектеулі сезім, бұйдалы ұғымдардың құлына айналған кейбір жалтақ жандардың қалпақ киіп жүргеніне ызаланғаңда қаттырақ кететіні рас та шығар. Онысын кінәлаудың бір ұшы бүкіл дәуірге тиетін болу керек. Фариза болса, осы заманғы әйел бастан кешетін сезімдерді жасырмай жырлап, жыр сапасын жаңа көркемдік дәрежеге көтере келіп, одан әрі қарай кемелдіктің белгісі - адам, қоғам, ғасыр мәселесіне байсалды бұрылыс жасады. Жыр көшінің әлеуметтік жүгін байытты.

Бостандығың шектеулі ортада ой мен сезім азаттығы аздау болады. Стандартты ұғымдарға бойы үйреніп, барға бауыр басып алған адамдар жан еркіндігінің баға жетпес құнын қайдан білсін?! Нағыз азаттыққа шөлдеу, уақыт пен кеңістік шексіздігін өн бойымен сезінуге құштарлық жан арпалысының күресқұмар күйін ашады.

Өзімді өзім қайраумен, тістенумен,
қуат сорып, ұшқын ап іштегі үннен,
табанымнан тілінген шөңге жұлып,

сәйгүлік - күшке мінгем.

Фариза поэзиясының басты ерекшелігі - ақын ойы мен сезімінің қалыпқа көнбей, қанатынан қан сорғалап тұрса да, биікке, заңғар көкке талпынып, шарқ ұрып, азаттық атты әулие ұғымның қасиетіне табынып, әуелей самғап, жан сырын ақ күміс теңгедей ашық шаша білуінде:

Ұқсаңдар, достар, егер де,

осынау өрттей жырларым -

шаттанғандағы сырлы өнім.

Өкінішім мен ұяттан
өртеніп, өліп тұрғаным -
орындалмайтын арманға

құлашымды ессіз ұрғаным.

Достарым, менің жырларым -

құштарлық қысқан кеудемнен

бұрқырап жатқан бір жалын.

Социалистік реализм әдісін таңдаған, өмірді шыншыл суреттеуге қақылы совет жазушысының да нені жазу, нені жазбау, қалай жазу, қалай жазбау керектігін айырып-ажырата білуі тиіс болғаны бұл күнде құпия емес қой. Атап айтылмаса да, түсінікті нұсқаудан шығып кететін жазушылардың шығармаларының тағдырлары белгілі болғандығы бізге қанша зиян әкелді?! Жазушының қас жауы жалтақтық пен жасқаншақтық емес пе? Сол себептен де ақындар кейбір ойларын әртүрлі астармен, мысалмен, аңызбен жеткізеді. Сондай амал-тәсілдің бірі монологтар жазу болғаны -шындық.

Ақынның:

Айдарыңнан ескенмен ғұмыр желі,
ауаны аңсар жаныңның діріл демі,
тағдырың мен еркіңе билігің де

Ай секілді шыңырау түбіндегі, - деуі ақиқаттан алыс емес-тін.

Дәуірге, ортаға, қоғамдағы астам да үстем жандарға қарсы айыптауларды ілгеріде өмір сүрген ата-бабалардың аузына салып айтатын ащы жырлар рухани азаттықтың тапшылығынан тумап па еді?!

Кешірсін бізді ұлы бабалар мен аналар, егер біз өз мүддеміз үшін олардың бейуақ әруағын қозғасақ!

Өткен заман ақындары айтыпты демесе:

Заман - толқыны үрейлі, ағысты жар,

жақындасаң жалмайды алыс мұнар.

Шыншылмын деп жанына тие берме –

жалған орта жағыңды қарыстырар, - сияқты жолдарды жіті көз редакторлар жібермес еді.

Ақын болған соң, қалай айтсаң, олай айт, тек айта біл! Фариза өлеңдеріндегі тарихи есімдердің бәрі тек өз қыжылы мен қысасын айту мақсатында алынған деуден аулақпыз. Десек те, кесек ойлар мен кермек шындықтардың уытты күшін біз Бұқар мен Абылай, Сара мен Майра, Қаржау мен «қыр қазағының», тіпті зындандағы қарақшының т.б. танымал тұлғалардың сөздерінен көбірек естиміз.

Фаризаның мықтылығы - монологтарының кейіпкер тағдыры мен мінезіне сай шығып, болмысымен үндесіп, үйлесіп кететіндігі, қиналып қиыстырғандай, жамау жамағандай жасандылығы жоқ, табиғилығы, әрі аса қуаттылығы.

Үш жүзге даңқы кеткен Сара басым,
сазымен табындырған дана, жасын,
айтысып, әлек болған талайлардың

тірідей оқытқанмын жаназасын.

Айтыста келе алмады маңыма адам,

елімнен жанға қуат жалын алам.

Топан жыр төгілгенде, талай ақын

тасқында ыққан қойдай маңыраған.

Бұл - біз білетін ақын Сараның өр мінезі.

Жайлы өмір сүрем десең, жұмыр жерде

бәйгеде басқалардан бұрын келме:

қым-қуыт қырдың жолы, қыз басыңмен

қосылма қиқулаған дүбірлерге !

Бұл - әнші Майраның ызалы шағы.

Заты әйелге шың емес, шоқы лайық,

даналық та, жүректің оты да айып.

Аруларға қарайды бөрік киген

ақымақ та адамдай қоқырайып.

Бұл – «Мүшәйрадағы» Айсараның өз ортасынан сезген өкініші, намысы.

Асқақтығым асып, ашуың қысса жарып же,

Жабайы қаздың жүрегін!

Бұл - қайсар сұлу Ақбөбек.

Арманда кеткен мұңдық апаларының жанын - намысқойлығы мен нәзіктігін, шарықтауы мен шарасыздығын, үміті мен өкінішін бүгінгі күн шындықтарымен сабақтап, сезімтал, сергек махаббатпен шыр-пыр болып қорғаған ақын Фариза өз жүрегінің сырын айтуға келгенде де албырт та шыншыл:

Жақсы көру! Не деген керемет ең!

Қарағаны біреудің жебеге тең.

Бейқам бара жатқан боп, ел ішінен

кімдер қалай қарайды - елеп өтем.

Өмір сүру үшін де біреулердің,

сені жақсы көруі керек екен.

Сол бір нұрлы сезімге жақсы көруге бәріміз де зәруміз. Бұл әлемде табиғаттың дархандығы мен жан жүректің жомарттығына жететін шапағат бар ма?! Өмір бойы шөлдеп, қанбай кеткен кәусарымыз - сол адалдық, сол мейірім, сол ықылас! Әсіресе, біздің қазақ көңіл мен құрметке мәңгі ынтызар! Қайтерсің, бірақ, өмірде мынау мөлдір де сұлу, жомарт сезім иелері көп емес-ау!..

Үйретпен мені ұғыңыз сезіңіз деп,

салқындық төзімнің де тезін үзбек.

Мен енді кетем кезіп Сарыарқаны

даланың қызды ардақтар кезін іздеп!

Әйтпесе,

Сол көрініс құйғандай қылаң шабыт,

құштарлығым қоймайды ұран салып.

Қара жерге көз салып көк аспаннан

Бір самғасам деп едім қыранша ағып.

Өршіл пафос, романтикалық екпін, ассоциацияға бай тасқынды лек, өлшемі еркін өрім -ырғақ, бірде түйреп өтетін мысқыл, бірде отырғызып қоятын отты сұрақ, бірде жалқының мұңы, бірде жалпының үні болып шақыратын сыр-сұхбат, тежеусіз теңеу, тентек мінез-ақын өлеңдерінің архитектоникалық ансамблі.

Аталған көркемдік нақыштардың орындалуына келетін болсақ - Ф.Оңғарсынова - қазақ өлеңінің қасиетін тани отырып, оны жаңа бояумен, бүгінгі күннің бедерлі мінез-белгісімен араластыра ажарлап, өлең құрылымына, өз қарымына лайық буындық-әуендік түр тауып, сана, сезім ағысына азат жол аша білген дарын. Бұл - өлеңдегі ең бір қиын шаруа, шын шеберліктің үлгісі.

Қасиетті менің, қасіретті менің мекенім!

Атой салғанда ата жауларың сан жақтан,
Бабаларымның қаһарына сонда елең де болмай
қарлы ақпан,
кеңдігіңді сақтар, елдігіңді сақтар айқаста

төсіңді тұлпар тұяқтарымен шаңдатқан.

Еркіндігің үшін егеулі найза алған ұлдарың

таңдайларына талықсығанда қан қатқан, - деген сияқты төкпе, еркін ырғақтармен прозаизмге де соғып кететін ақынның:

Зулаймын мұзда Күн күлген,
сақтанам - заңды бұл мүлдем,
сүрініп кетсем қапыда,

сүйемейтіндігіңді білдім мен, - деп те мінсіз моншақтай төгілдіре қоятындығына қарап, талантты адамның қандай формамен жазса да талантты өлең жазатынына көзің жетеді. Өз басым алдымда Фариза апа сынды поэзияға биік талаппен қарап, өзі де қияларға жол тартқан қыран таланттың болғаны үшін қуанамын. Фаризаның қыздар поэзиясының абыройы, жалпы қазақ поэзиясының да мақтанышы екенін бәріміз білеміз.

Өлеңді саясатқа айналдырмайтын, әлемдегі ауыспалы ағым, бағытқа адамзаттық тұрғыдан сабырмен қарайтын Фариза апайдың да аттап өте алмайтын қасиетті бір тақырыбы бар. Ол - революция тақырыбы.

«Мәңгілік қақпаларын қақырата» ашатын жырдың азапты жолына айбынданып шыққан өжет ақынның бітімінде революцияшыл қуат, ақ боран мазасыздық бар. Жартастан шыққан жаңғырықтай замандар дабылын, ұлы ақындар үнін жүректен еститін қағылез жан:

Революцияның дауылы керек

сілкілеп алар шаңдарын.

Ұмыт боп асқақ арман үн,

қасаңсып барады баяғы нәзік талғамым, - деп өзіне тыным бермей, ішкі бұрқаныстарды аңсаса, енді бірде:

Бастауларды бітейтін жолын бөгеп
көлбегендер өмірдің төрінде ерек,
данышпансып, күнгейдің талмап нұрын,
ұғуы үшін қаңбақтай салмақ, құнын

революция дауылы соғу керек, - дегенді айтады, мүлгіген сезімдерді оятып, жаңалық атаулыдан үркіп, кежегесі кейін тартып тұратын керенаулыққа қозғау салу, адамзат санасына сәуле іздеу - әлемдегі озық ойлы жандардың үлесі.

Жалпы, әділетсіздікке қарсы ниет қай адамның да бойында бар. Әңгіме - әрекетте, күресте. Ф. Оңғарсынова өзі түйсінген жайларды ақ пен қараға бөлумен қанағаттанбайды. Қауымының қамсыз күйіне, толып жатқан қаулылардың қауызынан шыға алмайтын кейбір билігі барлардың білімсіздігі мен бас изеген бағыныштының жігерсіз, көнбіс әдетіне, ақылды деген жандардың өзінің қара басынан артылмайтын қайрансыздығына өртеніп, күйіп, өрши түсіп, өлеңнен дауа іздейді:

Зула, менің жыр-күймем, шабыт жегіп,
жер бетіне ғұмырлық жарық беріп,
жүректердің құрсауын ағыт келіп,
зорлықтардың зардабын шеккендерге

әділеттен сыбаға алып беріп!

Өлеңнің бағы жолында жүрегін аямайтын іңкәр ақын өзі де жырдан үміт күтеді, қуаныш іздейді. Біз де соны құптаймыз. Біз, қазақ әдебиетінде Мәриям Хакімжанова бастаған ақтоғай-ақын қыздар қауымы, бұтағы қарсы біткен емендей қайсар дарын қаламдасымызға сәулелі қуаныштар тілейміз.

1989 ж.

ҚЫМБАТТЫ ФАРИЗА!

Сағадат ДҮЙСЕБЕКОВ,
Ұылтау аудандық комитетінің бірінші хатшысы
Серік ТІЛЕУБАЕВ,
Ұлытау аудандық Совет атқару комитетінің төрағасы

Ұлытау ауданының еңбеккерлері Сізді қазақтың дарынды да талантты ақын қызы ретінде жақсы таниды. Асқақ та, адуын, албырт та нәзік жырларыңызбен өлең сүйер оқырман қауымға етене жақынсыз. Өз творчествоңызда, жырларыңызда қазақ әйелдерінің шытырман да күрделі жай-күйін, сезім әлемін жеткізе жырлайсыз.

Сіз біздің ауданымыздың ұйымдасқанына жарты ғасыр толу салтанатына қатысып, қуанышымызға ортақтасып тілек білдіріп «ҰЛЫТАУЫМ» атты өлең сыйлауыңызбен өзіңізді бұрынғыдан да жақын, аяулы бауыр еттіңіз.

Келешекте сіздің деніңіз сау, өмір жасыңыз ұзақ болып, халқыңыздың бұрынғыдан да беделді, қадірлі, құрметті де, сыйлы ақыны, еркесі бола беріңіз.

23 желтоқсан 1989 ж.

Бар қазақтың ашу-кегін, назды өмірін бір бойыңа жинап алғандай алып бейнең бірде шүйіліп, бірде түйіліп, қайда барсам алдымнан шығар болдыңыз абзал, асыл.

ФАРИЗА!

Сіз деп сызылмай-ақ өзің сияқты жасанды емес өр мінезіммен өзіме балап сен десем артық емес деп қабылдарсың, өйткені асыл затыңа жараспайтын қарапайымдылық сені көркейтіп тұрғандай. Халқымыздың мақтаныштары әр салада көп қой. Соның ішінде сенің жұлдызың ерекше жарқырайды. Халқымыздың ақын ғана емес, мемлекет қайраткері, халық мұңының жаршысы ретінде біз, болашақтың тәрбиешілері, өзіңнен нәр алып сусындап, қазақ қыздарына үлгі-өнеге рухын егіп жүргенімізге ризамыз. Көптен ойланып, бір хат жазу, сенімен кездейсоқ кездесу, естелік жіберудің сәті бүгін түсіп отыр. Өмірлік серігім Нағима екеуміз теледидардан Сізбен кездесудің бір ләззатын алған кезде, өзіңізбен жүзбе-жүз кездесіп, сөйлесіп отырғандай әсерде боламыз. Өзіңнің «Шашы ағарған қыз» атты кітабыңды шөліркеп күтеміз. Әрқашанда мерейің тасып, көңілің көгеріп аман-есен жүре бер!

Ізгі ниетпен хат жолдаушы: Асқар ИСЛЯМОВ

Шымкент облысы.

Наурыз 1990 жыл

ШЫНДЫҚҚА ҚАРАЙ ЖҮЗДІМ МЕН

Ханбибі ЕСЕНҚАРАЕВА

1986 жыл. Ерте көктем. Қазақстан Жазушылар Одағының кезекті тоғызыншы съезі шақырылды. Бұл кезде кенже қызым Ақмаралды жаңа босанып, біресе өзім, біресе балам ауырып қатты қиналып жүрген шағым.

Оңтүстік Қазақстанның облысаралық Жазушылар бөлімшесінде мәжіліс шақырылып, съезге делегаттар ұсынылыпты. Әріптестерім үлкен сенім артып мені де сайлапты.

Съезге жүрер күн жақындағанда бөлімше бастығы Мархабат Байғұтов телефон соқты.

- Съезге жүрейік деп жатырмыз. Жас балаң бар, сен бара алмайтын шығарсың...

- Сендер мәжілісте делегат етіп сайлағанда мәнің кішкене балалы екендігімді ескерген боларсыңдар. Тыңда, Мархабат, мен қайткен күнде де сол съезге қатысуға тиіспін!

- Қалай барасың? Балаңа кім қарайды?

- Сен қарайсың,- дедім қызуланып. - Күрішші, механизатор немесе шошқашы әйел делегат болса, оның жөнін табар едіңдер, сонда ақынның атқарар ролі әлгілерден кем бе? Менің балалы болуыма байланысты көмекшінің ретін қарастырыңдар! Мархабат сасайын деді.

Сонымен, съезге аттанатын күні баламды көтеріп, медицина институтында оқитын сіңлімді ертіп вокзал басынан табылдым. Балам небәрі төрт айлық. Ол кезде Одақта жұмыс та, жұмыс істейтін адамдар да бар еді. Менің жәйлі орынға орналасуыма да, баламды мезгілімен тамақтандырып тұруыма да жағдай жасалынды.

Съезд жүріп жатты. Айтыс-тартыс, қызылкеңірдек дау-дамай. Сол кездегі Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов өз баяндамасында Президиумда отырған Әбдіжәміл Нүрпейісовтың көзін бақырайтып қойып, оның шығармаларын іреп жатты. Нүрпейісовтың оған қарсы эмоциялық шабуылы...

«Япыр-ай, - дедім ішімнен, - жазушы табалдырығын жаңа аттап келе жатқан біз сияқты жас «перілерге» мына съездің берері бар ма өзі? Келелі тақырыпта әңгіме болады, бүгінгі таңдағы қаламгерлердің творчестволық потенциалды тұрмыс-тіршілігі жайында сөз айтылады деген ойым - айдындағы бос қайықтай, қалқыған күйі қала берді.

Осындай ой құшағында отырғанымда, мінбеге ақын Фариза Оңғарсынова көтеріліп келеді екен. Енді ақындар туралы айтылатын болды деп, ішімнен бір марқайып қалдым.

Ірі де өткір сөйлейтін апай тыңдарманды бірден өзіне баурап алды. Пікірі де, ойы да айқын. Дәлелді. Алыс мекендерде шетқақпай көріп жүрген ақын қыз-келіншектер жөнінде жүрек-жарды лебізін білдірді. Олардың атын атап, түсін түстеп те берді. Бірақ менің есімім аталмады. 2-3 кітабым жарық көріп, баспасөз беттерінде жиі жарияланып жүрген есімім неге атаусыз қалды? Неге? Тіптен мен сияқты адам өмірге келмеген де, болмаған да сияқты.

Үзіліс кезінде қыздар фоэде қызу әңгімелесіп тұрды. Аты аталғандар жабағы жүні көтеріліп, біздей «шыбын-шіркейлерге» маңғаздана қарайтындай. Дәл осыны күткендей-ақ, жаныма жақындаған биязы мінезді, талантты ақын Күләш Ахметова:

- Түу, Ханбибі-ай, сонша жерден емшектегі балаңмен, төсіңнен сүтің сорғалап келгенде, сенің атыңның аталмай қалғаны өкінішті-ақ, - деді.

Теріме сыймай тырсылдап тұрған маған осы сөз қамшы болды ма, сүтімді қайдам, екі көзімнен жас парлап-ақ кетті.

Кешке қонақ Үйде шағын семьямызбен отырғанбыз. Алматының сабылып жүрген қаламгер жастары ауылдан келген әріптестерінің қал-жәйін білмек ниетпен бөлмеден-бөлмеге сүңгіп жүрген. Бір тобы маған да келді.

- Нәрестенің бауы берік болсын, Хан апа! Бұл бала тарихта қалатын болды. Съездің қызы болды. Тұсауын кесіп жіберсек қайтеді, - дейді ақжарқын ниетпен.

- Рахмет, рахмет!

- Түу, Хан апа,- дейді бірі еркелеген сыңай танытып, - ерсіз ғой ерсіз! Өткен күзде, Фариза апай ұлын үйлендіріп той жасағанда, ай-күніңіз жетіп отырса да сонша жерден келіп, ішінде болғаныңыз-ай. Сонда сізді босанып қала ма деп қатты қорқып едім, - дейді жақын жансып.

Қазаққа әңгіме керек. Біреуді біреуге айдап салғанда алдына жан салмайтын халық емеспіз бе?

Шыны керек, сол сапардан ренжіп оралдым. Үйге келген соң да байыз таппай, жақсы көретін кітаптарымды қайта парақтаймын. Фариза апайдың соңғы кітабын қолыма алдым. Оқи түсемін. Не деген ой, не деген сезім! Тапқырлығында, сөздерді орны-орнына қоя білуінде мін жоқ! Ренішім мен өкпем әдемі сөздердің арасына көміліп жоғала берді, жойыла берді... Соңы сағынышқа ұласты.

Арада біраз уақыт өтті. Фариза апай Шымкент жаққа жолаушылап келген екен, үйге телефон соқты. «Уақытым болса соға кетемінді» қысқа қайырды. Қаһарлы қыстың кезі. Есіктен апай кіріп келгенде сұп-суық ауа қосыла кірді. Ол суықтың қай суық екенін аңғара алмадық.

Аздан соң мәре-сәре қалыпқа ендік. Үлкен қыздарым да, жүгіріп жүрген Ақмаралым да апайға жақындап, іштарта бастады. Апай өте балажан екен. Балалардың мен білмейтін ой-танымдарын дөп басып, үлкендерінің кластас құрбыларына, кішкентайымның тәжірибелі тәрбиешісіне айналып кеткендей...

Ара-тұра менімен әңгімелесіп отырды. Осында тұратын үлкені, кішісі бар, қолына қалам ұстап жүргендердің әрқайсысына жеке тоқтап, олардың жағдайларын тәптіштеп сұрайды. Бейне бір ағайын-туғанына төркіндеп, бауырларының сырына қаныққысы келген ұзатылған қыз сияқты.

Өзі сұраған соң, өзін ақынмын деп жүрген бір әйел баласының маған жасаған қиянаты жәйлі айта бастап ем, апай тыңдамай тастады.

- Сен уақ болма! Ондай әңгімені айтпа! Сен кім? Ол кім? Сенің басыңда - үйің, қасыңда - байың, бауырыңда - балаң, сөйте тұра қолыңда - қалам! Ол байғұста осының бірі бар ма? Адам баласы өзгеден несі артық, несі кем екенін бағамдай білгені ләзім! Қолыңнан келсе ондайларға көмектесуге тырыс. Көмектес! Бір кезде өз кемшілігін өзі мойындайтындай болсын!

Тағы да тығылып қалдым. Ештеңе дәлелдей алмасымды сездім де, асүйге қарай кеттім.

Мені ұрсып тастағаны - есі кіріп қалған қыздарыма қалай ұнай қойсын. Олар да орындарынан тұрып, ыдыс-аяқтарды жинап, жуып-шая бастады. Апай жалғыз қалмасын деп, қонақ бөлмеге қайтадан кіріп отырдым. Ашуы әлі басылмапты.

- Отырысын қарай қал! Құрттай балаларға ыдыс-аяғын жуғызып, - деді.

- Қыз балалардың үйренгені өзіне жақсы, - дедім, мен де қарап отырмай.

Апай орнынан тұрып кетті. Отырған жерімде сопайып әлі отырмын. Апай көрінбейді. Қайда кетіп қалды екен деп, бөлмелерді тінтіп шықтым. Асүйге бас сұқсам, ыдыс-аяқтарды өзі жуып жатыр. Бетімнен отым шықты.

- Апа, әкел, өзім-ақ жуам ғой.

- Бар, демал. Жас балаң бар, шаршайтын шығарсың, - деді дауысы жұмсарып. Сөзінде кекесін де, зіл де жоқ.

Менің апаймен бетпе-бет кездесуім бір бұл емес. Талай кездескем. Талай жылағам. Талай жұбанғам.

Әйтпесе:

Сезеді ішім, мені аса ұнатпайсың,

Жебемейсің. Немесе құлатпайсың.

Жеті өзен боп кеудемнен қашасың да,

Жеті көл боп қайтадан тұрақтайсың...

Сыйластықтың қол жеткен мәні бар ма?

Көнбіс көңіл - қуанар, қамығар да...

Үміт жібін үздіріп, түңілдіріп

Және өзіңдей жалғар жан табылар ма? - деп жазбаған да болар ма едім?

Бетпе-бет кездесуім бір бұл емес деуімнің себебі бар. Қолы қалт ете қалса, ешкімге айтпай-ақ «мен келе жатырмын» деп елді шулатпай-ақ, ойда-жоқта бір соғып кететіні болатын. Кейде «алдын-ала айтпайсыз ба, дайындалатын едік...» дегенімде, ештеңеге әуре болма, біреулерді әуре-сарсаңға түсіруді жаным сүймейді, дейтін. Кей көңілденген шағында «осы үйде жақсы түс көремін» дегені де бар-тын. Кейде келгенінен кеткені жылдам болады. Апай поезбен жүргенді онша ұнатпайды. Бірде самолетке шығарып салдық. Үйіндегі (балалары - ұлы болсын, қызы болсын бәрі апайды «папа» деп атайтын) балаларына «папаларының» ұшқан рейсін хабарладық. Арада екі-үш күн өткен соң телефон безілдеп қоя берді. Көтерсем Қызылорда облысының әкімі екен. - Фариза апай сіздерге жүріп кетті,- деп келетін поездың уақытын хабарлады.

- Жәй ма екен,- деп жүрегіміз зырқ етті. Вокзал басында апайдың жүзі жарқын. Е, тоба, тыныштық екен ғой, - деп үйге алып келдік. Есіктен кіре жолдасым Тұрдықылышқа:

- Сені бір әсем ән жазды деп есітіп, соны тыңдауға келдім! Жылдам отыр пианиноға, -асығыспын! - дегені бар.

- Қандай ән? - деді сасқалақтаған Тұрдықылыш.

- «Нурикамал» дей ме әннің аты?

- Ә, ә, солай ма?- деп Тұрдықылыш, күйсандыққа жақындай түсті.

Апай талантты ақын болумен қатар, музыкалық қабілеті де бір музыканттікінен кем емес. Есте ұстау, ырғақ, әуенді қағып алу секілді қасиеттеріне таңқалатынмын.

Бір рет күйсандыққа қосылып орындап берген әуенге қанағат қылмады, тағы, тағы да орында! - деді, әнге сүйсінген апай. Үшінші рет орындағанда апайдың өзі де қосыла кетті, Ән тексті мынадай:

Аспандағы ай ма дедім,

Жастық шағым қайда менің?

Жүрегімді елжіреткен,

Жаным, қандай жайдары едің!

Нурикамал, камалым-ай,

Күндей ашық жанарың-ай.

Қолым жетпей, сөзім де өтпей,

Жаутаңдадым, жанарыңа-ай, қарағым-ай! . . дейтін қайырмасында апай, ерекше бір шабытпен қосылып, әннің ойдағыдай шыққанына баладай шаттанып еді.

- Тұрдықылыш!- деді, - енді басқа ән жазбай-ақ қой! Композиторға көп ән жазу міндетті емес, ол бәрібір бір-ақ әнімен танылады. Ол әнді сен жазыпсың, құтты болсын!

Апайдың біздің жаққа келуіне байланысты мына бір нәрсені айтпай кетсем тағы болмас.

Бір жолы ұлы Айбармен келген, ұмытпасам, Түркістанға бармақ беті еді. Жолай біздің үйге соқты. Балалар жататын бөлмені босатып бергенбіз. Ол жаққа қия баспаймыз. Балалар бөлмесі ол кезде біз үшін құпия, әскери аймаққа айналды.

Айбар, бәріміз қонақ бөлмеде телевизор көріп отырғанбыз. Ақмарал 3-4 жаста болатын. «Ит қорыған жерге өш» дегендей, апай жазу жазып отырған бөлмеге қайта-қайта бара береді. Апайдың ескертуінен кейін біз баланы ол жаққа жібермеуге тырыстық. Айтқаныңды тыңдай қалса, оның бала болғаны қанеки! Бір кезде әлгі бөлме жақтан Ақмаралдың бажылдап жылап шыққанын көрдік. Соңында апай. - Ақмарал, кешірші, байқамай қалдым! - деп, соңында жүр. Бала да көкірегі басылмай, жылаған қалпы бөлмеден-бөлмеге жүгіреді. Оның соңынан ерген апай «кешірін» қанша айтса да жұбата алмай жүр.

Осы көрініс бүгінгідей көз алдымда. Айғай салып жер тепсінген ерке сәби, соңында бурыл шашты, арыстан тұлғалы ақын ана. «Бала көңілі – патша» деген осы екен. Ерке бала да оңайлықпен райынан қайтатын түрі жоқ. «Кешірмеймін!» дейді айғайлап. Бір мезгіл бақырауық баланың орнына өзімді қойып, тәтті қиялданғаным да бар...

Қызықтың алды алда болды. Баланың қай жылағаны есте қалсын, мамыражай әдемі кеште, бас-аяғымыз түгел, кешкі шәй ішіп отырғанбыз. Фариза апай әңгіме айтып, бәріміз ұйып тыңдап отырдық. Әңгіме тақырыбын біздің шаңыраққа ойыстырып, үлкен қыздарымыздың үлгілі, өнегелі, көргенді болып өсіп келе жатқандығына сүйсініс білдіре келіп, тек мына кішкентайларың «шамалы» екен дей бергені сол екен, Ақмарал жұлып алғандай:

- Сен өзің шамалысың! - дегені.

Біз үнсіз бір-бірімізге қарап, не күлерімізді, не ұрсарымызды білмей қалдық. Апай күліп жіберді:

- Мен адам танысам, осы бала бір жерден шығады. Ұрыспаңдар! Баланың жасқаншақ, жасық болып өспегені дұрыс, - деді. Ақмаралды жанына шақырып, басынан сыйпады. Фариза апай әлі күнге Ақмаралды «шамалы» деп атайды.

Мен Алматыға жиі болмаса да, қызмет бабымен соғып тұрам. Астанаға барған сайын, алдымда шартқа айналған үш міндетім бар. Бірінші - Ақбас Алатауға бас иемін. Екінші - өзім тірі пайғамбар санайтын, адамгершілігімен, асыл қасиетімен піріме айналған ақындардың ақыны, ақындардың анасына айналған Мәриям Хакімжанова апама сәлем берем. Сосын... сосын алпыс арманымды, сексен сезімімді, үміт пен күдікке толы тоқсан ойымды ілестіріп, Фариза апайдың есігін қағып тұрамын.

Қазір ақылға зәру адам жоқ. Бірақ Фариза апайдың ешкімге ақыл оқығанын көрмеппін де, естімеппін де. Кейде амандық-саулық сұрасудан әріге бармай, бос қайтам. Ондай кезде әйтеуір, басы аман, бауыры түгелдігін көріп, көңілімді тоқ санаймын.

…Қалтасына мөр салып, уақ басшылардың қатарына қосылуым - сексенінші жылдардың екінші жартысы еді. Жер-жерде мүсәпір қарттарға көмек көрсететін қайырымдылық Қорлары құрыла бастаған кез. Негізгі тірек – Мәскеуде болды да, оның республикалық, облыстық бөлімшелері ашыла бастады. Оңтүстіктегі бөлімшені басқару маған тиді де, астанаға жиі қатынайтын болдым. Жаңа жұмыс өте қызық. Дүниеде біреуге көмек беруден, қамқор болудан, қайырымдылық жасаудан асқан іс бар ма? Біреуге қажет екеніңді сезіну, сенің де қолыңнан бірнәрсе келетінін білу - ақын жанды адамдарды қанаттандырып жібереді екен. Сыршылмын-ақ! Апайға келіп, кімге қалай көмектескенімді, мүсәпір жандардың психологиясын, олардың тұрмыс-тауқыметтерін ұзақ әңгіме етіп айтып беремін. Менің бұл қызметіме ешқандай қатысы болмаса да, апай өте бір қызығушылықпен, ықыластана тыңдайтын. Ара-тұра әрекетімді қостап, «дұрыс жасағансың», «солай етуің орынды болған» деп арқаландырып та қоятын.

Бұл тақырыпты қозғап отырғандығым - апайдың әңгіме тыңдай алатындығы. Ұнасын-ұнамасын, айтқаныңды бастан-аяқ тыңдап болып, пікірін соңынан айтатындығы. Әңгімені айта білумен қатар, оны тыңдай білу де асқан таланттылықты қажет ететіндігіне сондайда көзім жететін. Екіншіден, қайырымдылық тақырыбы - апай үшін, ешқандай қызмет құлағын ұстамай-ақ, ол үшін мекеменің орындығын тоздырмай-ақ істеген ісінің қайырымын күтпей-ақ, жалақысыз істеп келе жатқан кәсібі екендігін кейін түсіндім. Апайдың көзінен ұғынғаным - адамдарға мейірімді, шапағатты болу -адамның жүрегінің түбінен шымырлап шығып жатпаса, ондай жүректі Аллатағаланың өзі әу баста иіп бермесе, онда мейірімді болып көрінгің келгеніңнің құны бес тиын! Фариза апа талай-талай жетім-жесірлерге пана болып, солардың жолында өз шаруасын жиып қойып, арып-аршып, жүйкесіне салмақ түсіріп жүрген кездерінің де талай куәсі болдық. Басына ауыртпалық түсіп, өмір табалдырығын қалт басқан немесе әділетсіздіктің нысанасына айналған жандарға қамқор болып, қанатының астына алып, «жедел жәрдемдей» күй кешетіні - ақын болмысына тән қасиеттің бірі деп ұққанымыз жөн.

Өзімізден көш озық ақын жанның басынан өткерген өкініш пен реніштерінің қайта қайталанып шығатыны бар. Сондай сәттерде Фариза апа маған қарап:

Тосын тыққан, үрікпегін тасадан,

Өз бергенін өзі алар жасаған.

Қайырымым қайтпады деп, налыма,

Жақсылықты қайтады деп, жасама!

Жүзің - жарық, жаның - таза ете гөр,

Алғы күнге ұмтыла бер, жетелер.

Қиындық та адам таңдап қонады,

Адамның да адамы бар, көтерер!.. - деп тұрғандай көрінеді.

Фариза апай өмірде қатал, қайтпас, томырық мінезді болып көрінгенмен, қаталдығы -мейірімділікке, қайтпас бірбеткейлігі лезде жұмсарып, биязылыққа айналып, жан-жағына сәулесін шашып тұратын тартымдылыққа саятынын көп кердік. 1993 жылы Түркістан жақтағы бір сыйластары қазалы болып, қайырлы болсын айтуға келген. Қайтар кезінде біз Шымкенттен бір топ қыздар аэропорт басынан шығарып салуға келгенбіз. Апайдың керемет көңілділігінің сол бір сәт куәсі болдық. Сол сезімімді апай мінген ұшақ ұзап кеткеннен кейін былайша білдіріп едім:

Фариза Оңтүстікке тосын келіп,
(Жүре алмай бір-екі күн қасында еріп,..)
Оралған Түркістаннан, «қош айтуға»,

Шымкентте, аэропорт басында едік.

Үнемі тағдырменен жағаласып,

Жүретін ұлы ақынның - қабағы ашық.

Күлкісі (өзі сезбес) - жарасып тұр,

әдемі лебізімен араласып.

Жыр етіп Түркістанның қасқа тасын,

Сыр етіп - Әнитасын - жас ботасын,

- Ең мықты сыйлық болар, немереме,

Сауранның алдым, - дейді, - тасбақасын...

Ақын-ай! Қуанады, түңіледі…

Көңілі - қабағынан білінеді.

Қош айтып қалушылар, қорапшаға

тасбақа көрмегендей үңіледі.

Мен де ақын. Сөз дегенде жоқ шыдамы,

Майдалап, кейде, қасқаң - оқ шығады:

- Жерлесім тырбаңдаған бағы жанып,

Күні ертең алматылық боп шығады!

Қамқор да табылады астанадан, -

деп, күлді, терең ойлы, аспан адам.

Қазақпыз қарашасын Ханзада етіп,

Болсам деп ұмтылғанын жасқамаған! . .

Күлкінің астарынан жас көрем де,

Байлық жоқ қиялымнан басқа менде.

Тұрғанда ауыр ойдың құшағында,

Кетіпті самғап ұшақ тас төбемде!

Күтпеді, ұшақ мені ойда екен деп,

Жүр ме едім бос кеудені жәй мекендеп.

Ойландым: - Барлық иттің иесі бар,

Тәңірі бөрілердің қайда екен?- деп!..

Өмір қызық. «Әттең-айға» бармақ тістететін кездері көп-ақ, қой! Соның бірі - өмірін өлең деген өнерге бағыштап, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, қайтсем елге пайдам тиедімен тағдыр кешіп жүрген, әз ақынның өз халқының ақыны екендігін білдіретін айғақ қағаздың берілмей жүргені де соның бірі шығар! Көріп жүрміз қатарлас жатқан, қанаттас жатқан өзге елдердің қыздарына деген құрметін! Мен сол елдің «Халық ақыны» атағы бар біраз кісілердің творчествосымен Фариза ақынның жазбаларын салыстырған да кездерім болды. Танысу барысында тағы да қазақтың «қалқам-ау, сен қайдағы, мен қайдағы» екендігінің куәсі болдым десем, оны біраз жан мойындар да, мені түсінер де. Ақынға баладай нәзіктік пен аңғалдық та жат болмаса керек.

1991 жылы қазақтың тарлан ақыны Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейлі тойы оның туған ауылында тойланғаны баршаға мәлім де шығар. Жер-жерден тойға қатысуға жиналған делегация мүшелері Алматыда тоқайластық. Мен Фариза апай отырған машинаға түстім.

Аудан орталығында өткен мұражайдың ашылуына, басқа да мәдени шараларға қатыстық. Апай сөз сөйлеп, өлең оқыды. Той Шәлкөде жайылымында жалғасын тапты. Шалғыны шалғайыңнан алатын, адам ізі түсіп көрмеген жасыл жайлау бабында екен. Сән-салтанатқа толтырып, тігіліп тасталған киіз үйлердің келбеті көңіліңе «қазақ осылай жасаған» деген мақтаныш сезімін үйіреді.

Тойға келген қонақтарға - ауданы, облысы, астанасы бар, бәріне бөлек-бөлек арнайы үйлер тігілген. Біздің облысқа арнап тігілген үй - орталықтан қашық емес, жол бойына жақын маңда екен. Апайға тігілуге тиіс арнаулы үй белгісіз себептермен жабдықталмай қалыпты да, ол кісіні өзіне шақырушылар көбейіп, қашан орналастырғанша жанына еріп жүруге тура келді. Апай қатты ренжіді, «бері жүріңіз, бері жүріңізбен» біраз үйді адақтап шықтық. Бірі де апайға ұнамады. Ұнамағаны үй емес, сол үйдің ішіндегі адамдары болса керек. Ол кісіге ұнау - дүниедегі қиынның қиыны екенін білем. Ақыр соңында апайдың өзі де, біз сияқты соңына еріп жүрген нөкерлері де шаршайын дедік. Бір кезде апай «қайтамынға» басты. Қатты састық.

- Апа, - дедім - жәйлап, - осы шымкенттіктерге арнап тігілген үйге жүріңізші. Онда мүйізі қарағайдай әкім-қара да, кеудесіне нан пісер астананың жазып-сызғыштары да жоқ, өңкей жалаңаяқ қаратобыр өкілдері.

Шамалы ойланыңқырап тұрды да «жүріңдер» деп алға қарай аяқ басты. Біздер көңілденіп қалдық. Келгенімізде киіз үйдің есігі айқара ашық тұр екен. Көлденең жүрген бейсауат ешкім көрінбейді.

- Мына жер ызы-қызы емес, бір тыныш жер екен, - деді апай төрге озып жатып. Айқыш-ұйқыш жасауы, асып-тасқан байлығы болмаса да, біртоға қоңырлығымен-ақ бақытты шаңырақтар болады. Біздің қазіргі күйіміз дәл сондай еді. Апай кіріп келгенде жарқ ете қалғандай болған қара шаңырақ та маңғазданып, әрленіп кеткендей.

Манағы оңаша деп қуанғанымыз ерте екен, «Фариза мына үйде» дегенді естіп, сәлемшілер басты да кетті.

Ән шырқалды. Қазақтың қанына сіңген мадақтау, қолпаштауларға да орын беріліп жатыр. Бұл күні осының бәрі де жарасып тұрды. Бұл той - ақын тойы! Осындай көңілденген сәтінде апайдың домбыраға қол созатыны болушы еді, сол дәстүрінен айнымаған апай қара домбыраның құлағын күй тартуға бейімдеп, бұрай бастады.

Дәл осы кез керемет бір дауыл тұрғандай болды да, дүбірлеген ат тұяғының дүрсілі естілді. Апай отырған жақтағы керегені сықырлатып, мықты толқын соғып өткендей болды. Бәріміз абдырап қалдық. Шәлкөдедей шалғын жерде ат тұяғының дүбірі мұншалықты тасырламаса керек еді. Апай бір дәрменсіз күй кешкендей, маған қарап:

- Бұл не?- деп үрке сұрады.

- Мұқағали ағамыздың әруағы ғой сізді іздеп жүрген, - дедім сабырлы. Бұл сөздің аузыма қалай түскенін күні бүгінге дейін білмеймін.

-Солай ма?- деп апай, ашық ауыз баладай маған төніп қалыпты.

-Ендеше бұл не?- деп өзіне қарсы сұрау қойдым. – Жарайды, дауыл тұрды-ақ делік, ал мына ат тұяғының дүрсілі Шәлкөдедей миы былқылдап тұрған жерде қалайша тақтайға тас атқандай естіледі дейсіз?..

Ақын жүрек сенді де көнді. Бүгінгі отырыста апай маған жылы шыраймен қарап қояды. Сезіміне шаң жуытпай, шынайы ұстаған, ақын жүректің жан сырына үңіле білгенім үшін, мүмкін өзі де ойлап қойған сол бір сырға ортақтаса білгенім үшін бе, кім білсін!

Анда-санда болса да, апаймен сапарлас, сұхбаттас болған сәттерден нешетүрлі хикаялар мен шежірелер шертуге де болар. Бірақ апай туралы айту да, жазу да қаншалықты қиын екендігін оқырман жұрттың өздері де бағамдай жатар. Бірде алақаныңда тұрғандай болған сиқыр сыр шалт бұрылып ұстатпай кетсе, бірде жұмбақ жанның шешілер түйіні болып, алыс елеске шақыра береді, бастай береді…

Ақынның сыры да, шыны да оқырманмен бүкпесіз сырласатын жырында болса керек. Апайды таза табиғатыммен тани білген, көре білген кезім де сонау жетпісінші жылдар еді. Ол кезде табиғат та, адам жаны да экологиялық өзгерістерге ұшырамай, ұрынбай тұрған кез еді.

«Маңғыстау маржандары» деген алақандай кітабы жарық көріп, алыс шалғайда жатқан менің қолыма тигенде, мөлдір тұнбаға бас қойғандай, бір деммен оқып шығып, сол кездегі өзім қызмет ететін, аудандық газетте жарияланған жүрекжарды пікірімді білдіре алғаныма қуанам да. Қуанатыным менің сол кездегі балаң сенімімнің алданбауында еді. Күн сәулесімен құлпырып тұрған сол бір алақандай айнабұлақтың бүгінде тарам-тарам өзендерге айналып, мұхиттармен жалғасып жатуы көңіліме қуаныш сезімін ұялатады.

Ақын тағдыры - ауыр тағдыр. Қуанышы мен шаттығы алма-кезек ауысып отырар, тұрақсыз уақыттың көз арбар құбылысын дер кезінде қағып алып, оқырманға алмастай қырландырып, түрлендіріп ұсына білу - аз тер төгуді қажет етпес.

Қиыры да шиыры мол өлең жолында қисапсыз уақытымызды, ұйқысыз түндерімізді арнадық десек, Фариза Оңғарсынова бұл жолда бүкіл өмірін берді. Соның нәтижесінде бір ауылдың немесе бір аймақтың, ғана емес, тұтас бір ұлттың мақтанышына айналып отыр.

Елі азат, халқы тәуелсіз болып отырған бүгінгі шақта, тұлпар таланттың әппақ армандарын тиеген ақ кеме көз алдымыздан алыстап жүзе береді, жүзе береді. Ақ кеме алған меже - жарқын болашақ!

1995 жыл.

ПАРАСАТ ПОЭЗИЯСЫ

Жұмаш ӨТЕЕВ,

Мұқағали мұражайының директоры

Қазақ әдебиетінің киелі қара шаңырағы құмырсқаның илеуіндей қайнаған өмірге, қызу тірлікке толы. Оның поэзия атты ақбоз үйіндегі ұрпақтар сабақтастығына көз салар болсақ, алдыңғы толқын ағалар легіне қосылған аса беделді, бел қайысар жыр жүгін көтеріп келе жатқан бір шоғыр ақындар тобы назарға шалынады. Сол топтың ішінде сөз өнері – поэзия патшалығының ауыр азабын арқалап, тотанақты тозағын тартып жүрген жанның бірі – Фариза Оңғарсынова.

Фариза – кең тынысты, жілікті жүйрік, сан қырлы талант. Бағдарлай үңілсек, оның жүрдек журналистігіне, ақберен ақындығына, зерделі зерттеушілігіне, жанарлы жазушылығына, білікті қоғам қайраткерлігіне көзіміз жеткендей. Ақберен ақындығын сөз ету барысында біздің жүйелемегіміз Фариза поэзиясының парасат биігіне көтерілуінің мықты мүмкіндіктерін негіздеу, табиғи әрі танымдық әлемін айқындау, шыңдалу мектептері мен шырқау шыңдарды игеруі қалай жүзеге асқандығына назар аудару болмақ.

Фариза замандас қаламдастарынан оқшаулана озып, өзіндік бағыт-бағдарын белгілеп, бет-бейнесін әйгілеп, жұрт назарына мықтап іліккенде, Мұқағали ғұмырының соңы таянып келе жатқан. Ақтық демі үзілер шағында жыр көрігін шабыттана басқаны, марғасқа жырды шалқыта маздатқаны баршамызға мәлім. Сондағы классикалық үлгідегі өлеңнің бірі.

– «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз!.»

Жанарымды тұманмен тұмшаладым,

Серіппесі үзіліп тұр садағым.

Жігітінен қазақтың дос таба алмай,

Қыз да болсаң, мен саған мұң шағамын,

Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім, - деп саф таза сары алтындай асыл жырымен, күллі қазағының назарын да, жанарын да Фаризаға аударған еді. Осыдан кейін-ақ Фаризаның жыр көші бұрынғысынан бетер үдере үдеп, өршелене өрге тартты. Мұқаңның «Шеңберді үзу керек» деген қағидасын берік ұстап, үрдістер үдесінен шыға білді. Жаттанды өлең жазғыштықтан бас тартып, тосындылықты, өзіндік өрнек, тың стиль тапты. Фариза өлеңіне тән басты сипат – кесіп айтар, кескін сілтер тура мінезділік, өткір шешенділік, ой-орамдарының күрделілігі мен философиялық тереңдікке құрылуы. Саралай байыптамаса, санаға салмақ түсіретіндігі яғни зейінді зерделемегендерге дәні оңай оспақ алынып, құр қолдарға шағыла қоятын жаңғақ еместігі. Онда үш арналы ағыс бар. Олар бас құрап, бірігіп барып Фариза қыздың жыр ғұмырын құрайтындай «Үш қара» өлеңінде:

Мен туған үш ауыл бар бұл далада,

Тұрады бір-біреуі мың қалаға.

Қарауыл, Қарауылкелді, Қарасазым, -

мен үшін үшеуі де құндақ-ана.

Қарауыл – Абайымның бесік елі,
Елім деп еңіреген есіл ері;
Қарауылкелдісі бар Махамбеттің,

Қарасаз – Мұқаң арман кешіп еді.

Иә, өзі айтпақшы, осы үш бастаудан басын алып, үш рухани уыздан мейірі қанып, бүйірі шығып нәр алғандықтан, үш киесі жебеп, демегендіктен, үш мекеннің ауасымен тыныстағандықтан Фариза - арқалы да айбарлы ақын, жоталы да жомарт талант, айдынды да асқақ тұлға. Фаризада Абайдың мың иірімді, ақылға кенендігі мен тұңғиық тереңдігі, Махамбеттің өршіл де өжет жыраулық мақамы, Мұқағалидың қыран қиялды, мұзбалақтың мұңы бар. Осы мотивті шығармашылығын парақтаған сайын жиі ұшыратамыз. «Абайды іздеу» өлеңінде Абай жырлаған, жекен суына жетіп жазғырған, жек көрген қандастары бойындағы керенаулық пен кепиетті кеселдерді, даңғой даурықпалықты, жылпос жылмақайлықты, ұры-қарылықты, алты бақан алауыздықты жанын жеп, миын шаққан мимырттар мен мәңгүрттердің жұтаңдықтарынан жүдеп жүргенін жасырмайды.

Қалқиды әнің-рухыңның кептері ме,
ұстаймын деп әуремін текке міне,
дарыныңнан, ойыңнан бермей маған
тек, дертіңді жұқтырып кеткенің не? –

деп қандай күй кешіп, қалай у ішіп жүргендігінен хабардар етеді. Бір сәт бұдан ақын біткеннің арман - мұраты адамдардың жаралы жанын емдеу, қоғамды ластықтан тазарту, көсегесі көгерер істерге елді жетелеу екендігін абайлаймыз.

«Алмас қылыш немесе мен Махамбетпен қалай кездестім» поэмасында Махамбеттің өмірбаяндық деректерін тепшілеп термейді, тіпті танымал ерліктерінің бір эпизодын да еске түсірмейді. Бірақ Махамбет өмірінің мәні мен әділет іздеген алмас қылыш ақындығын асқақ пафоспен, жүрекке от, жанға шоқ тастар, ой-сананы қозғар өрт сезіммен жырлайды. Лирикалық кейіпкердің түсіне енген Махамбет өлең қуған, өнер қуған өреніне ақтарыла, ашына тіл қатады, күңіренген күйзелісін жеткізеді. Монолог түрінде Махамбеттің саналы ғұмырының әділеттілік үшін айқасқанын, елдік үшін құс төсектен безінгенін, тіл өнерін шарыққа ұстаған селебедей өткір қайрағанын желілей кеп, бүгінгі кейбір ақындардың алдаспан жырды көтере алмай, жеңілдетіп жібергенін, күйкі тіршілік, күнімдік күн көрістің жетегімен нан табу қамалқасынан аса алмағандығына шүйіледі.

Ақ найза алмас жырымды менің

қалғандай бүгін тот басып,

тұратын еді-ау от шашып.

Ақынмын дейсің, аруағым атқыр мылжыңдар,

күйбең тірліктің күйкі күндерін

жүрсіңдер жырлап, оттасып, - деп түйеді.

Енді бірде тақырып таяздығын, «сүйдім, күйдім» жырлаудан аса алмағандықтарын, жұмыр жерде әлі де әділетсіздік асқынып, жауыздық жол тауып, ұятымыздың ұлғайып жатқанын аңғартады.

Тарлан ат мінген ақын екінші рет түсіне енгенде лирикалық бейне ортасының шат шадыман шағындағы бос даурықпалы қызыққа тұзақталған, жалған достықтың желігіне желпінген сәтінен сескендіріп, достық пен жолдастыққа, опалыққа Исатайды үлгі етеді. Оның биік тұлғасын көз алдыға келтіріп, жетім-жесір мен аш-арыққа пана, мият болғандығына және ақындығы мен батырлығына бапшы, жебеуші Исатай екендігін ілтипатпен еске түсіреді. Шынайы достықтың қандай болатындығына сендіреді. Аға-інілікпен, бауырластықтан басталған достық аталас руластықты, ұлттар мен ұлыстарды, қара орман халықты топтастыратын, тұтастыққа жеткізетін ұлы күш екенін зерделетеді.

Фариза шығармашылығының шыңдалуында Мұқағалидың да рөлі мен орны өзгеше. Әрі Мұқағалиды тану үшін оның жазғандарына құлақ қойып, зейін аудару мақұл.

Фаризаның «Аққу жырлар», «Тағы да Мақатаев туралы» циклді естелік эсселерінен, «Мәңгілікпен кездесу», «Мақатаев туралы жыр» өлеңдерінен, «Хош, махаббатқа» жазған сөзінен мол мағлұмат жинаймыз, іздеген қыруар інжулерімізді табамыз. Мәселен, «Мәңгілікпен кездесу» өлеңі сүйікті ақынымызға бір қадам жақындатып, жан-дүниесіне үңілтеді, көңіл хошын қондырады.

Дөңгелетіп даланы бір ақ боз ат,

көкжиекті бетке алып құлдырады.

Жер мен Аспан алапат найзағайдың

жарқылынан жасқанып тұрды бәрі.

Аласарып қалғандай тау да налып,

арбайды арман-жұлдыздар заулап ағып.

Ақын тұрды шың-құзын мәңгіліктің

мәңгілікке бір өзі жаулап алып.

Сонда Фариза түсінігіндегі Мұқағали әр сәті, әр қадамы ыстық, әр күні, әр кездесуі аңыз ғып шертер қыруар қызыққа толы, сағынып еске алар, кенезе кеуіп шөлдер алапат сезімді туғызады. Мұқағалидың құлжа мүсінді мұралы дидарын көру, жайсаң жырларымен ұшырасу мәңгілікпен кездесу деп біледі.

«Мақатаев туралы жыр» циклі үш бөлімнен құралған. Бірінші бөлімде жер – дүниедегі ерекше құбылыс, біртуар жаратылған Хантәңірінің баурайынан шыққан, Қарасаздың түйетабанын жеп, жетімдік пен жесірліктің уғарағын ішкен, айранын азық қып, құртын сусын жасаған, жүдеу тірлікті жұпыны үйдің құрамына құндақталған, сауығы мен сайранын соғыс бұзған ортаның жемісі – Мұқағалиды ұшыратамыз. Ол ат жалын тартып мініп ақындық абыройға ұмтылғаннан-ақ жүйрік жарыстырып, киік ойнап, арқар шақырған Абайдың поэзия жайлауына жетуге құлшынған. Жеткенде оның жырдан дауыл тұрғызып, өлеңнен сел ағызғанын.

Бір өзі Мұхит-сынды

жағасы арман,

ағысы жағасына жара салған.

Толқыны тасқындаса тау қопарып,

жабықса жусаннан да аласарған.

Алуан түрлі алмағайып күйін, бапты, бақытты шағын жарқырата жырлайды. Келесі бөлімде шықтан таза мөлдірлікті жолдас еткен, әділетті ақ желкен ғып көтерген, қазақ жырына жасын боп келіп жай тастаған, өмірге өлердей ғашық боздақтың өз отына өртеніп тынғанына өкініш үйіреді.

Ақын қазасы - халық азасы. Халық азасына жүйке тамырды жұлындата, жан дүниені шымырлата, сай-сүйекті сырқырата мұң толғайды.

Қаралы күннің қайғысын «жәудір көздің жанары ағып түсуімен», «ботасы өлген аруананың боздауымен», «ақ бөкеннің қансырап қиналуымен», «қырат-қырдың күрсінуімен», «Хантәңірдің тұншығып бүктісуімен», «бұлақтардың сыңғырлы ағысын тоқтатуымен», «Еділ, Жайықтың толқынын жұтып егілуімен», «Көкше қарағайларының қамыға күрсіну күйзелісімен» ақын қазасын – ауыр қазаны көз алдыға келтіреді.

Шың – Қадыр, бір жағымда шоң Тұманбай
тұрса да, бір тірегі олқы жандай
жаралы жүрегімді жарға соғам,

орныңды еш тұлғамен толтыра алмай.

Айтып болмас, қайтып келмес сапардың соңы, орны толмас опаттың жайы бұл. Ақырында Мұқағали жырының өлместігін, уақыт озса да жерге көмілместігін жариялап, арайлы Айдай, Шолпан жұлдыздай, ғұмырлы Күндей мәңгілік Планеталар қатарына қосылып атақ-даңқ, шен-шекпенді мансұқ етіп, ғасырлардан ғасырларға қанаты талмай самғап жетер самұрық құспен тағдырластығын ұғындырады.

Фаризаның кейінгі жыр кітабы «Қыз-ғұмыр» аталыпты, әрі осы атты өлең Шамшаға арналыпты. Мұнда анау-мынау емес, тіпті менменсінген ер-азаматтың көбінен басым, жаны жайсаң, жүрегі дархан, парасаты биік, пайымы заңғар, ар-ұяты үлкен, қайрымы мол, ақылы дария, ел үшін ерен еңбек сіңірген, жері үшін жанкештілікке барған, халқы үшін қам жеп, қауырсын қанатын талдырған Шамша текті тұмар ғып тағынар қазақы қыпшақ қызының бір парасының жиынтық бейнесі бар. Әрі онда ақын тағдырымен өзектеліп, өріліп жатқандай Фариза поэзиясы – парасат поэзиясы.

Қарасаз ауылы.

ФАРИЗА АПАЙ!

Баян АДЫРБЕКОВА, мұғалім

Сіз қазақ поэзиясына мұнайлы Маңғыстау мен Атыраудың қасаң табиғатын, адамдарының күрделі тағдырын жырлай келдіңіз. Ал, бүгін сәт сайын алмағайып хал кешетін Жер-ана тағдыры, ақылдан азап шеккен, ғылымнан қатер тауып, табиғатқа қарсы жүруден қасірет шеккен Адамзат бағы мен соры хақында толғанасыз.

Араладым әлемнің талай жерін,

табам ба деп шындықтың арайлы елін.

Кезгеніммен жер бетін, кереметті

кездестірмей жүргенім қалай менің? – деп өзіңіз айтқандай,.

сіздің лирикалық қаһарманыңыз – ақ, адал ойлы да, іздегеніңіз-әділдік, адалдық, ойлылық, парасаттылық, ынтымақ, бірлік. Қоғам бұған дейін де сан рет өзгерді, бүгін де өзгеріс үстінде. Бәлкім, ертең де өзгерер. Бірақ, адамзат баласы бақыт таппайтыны қалай? Сізді ойландыратын – осы жай.

Қаптағандай сұр жылан құрлығымды,
сана сорып қуратты қырды, гүлді,
көшімнен де көз жазып қалдым бүгін –

қайдан табам мекенді нұр ғұмырлы?! - деп мұңданасыз.

Халық – ақын, ал оның мұңды кейіпкері – Асанқайғы болса, бұл өлеңде сіз - ақын, лирикалық кейіпкерлеріңіз – Асанқайғының мұрагерлері. Асан ата халқын – қазағын қоныстандыратын жерұйық іздеп сандалса, сіздің лирикалық қаһарманыңыз адам бойынан кісілік іздеп, Жер-ана өз перзенті – адамзатты талақ етпей ме, Адамзат Жер-ананы сақтап қала ала ма деп аласұрады, санасын сансыз сұрақпен қажайды.

Жауап таба алмай жан қиналғанда, әйтпесе кейіпкеріңіз басын тауға, тасқа ұрып жаны жай таппай жабырқағанда:

Жарқылдап қол ұстасып таңдай жырмен

жүрсемші, кіл есімнен танбай мүлдем.

Жердегі қасіреттен адамзатты

бәрібір азат ете алмаймын мен, - деп

өзіңізді сабырға шақыратыныңыз бар. Қазақ қасіреті адамзат қасіретімен бірге. Бүгінгі поэзия абстракцияны көтере бермейді, ол нақты. Осыны ескерген Сіз адамзат қасіретіне қазақ қасіреті арқылы барасыз. Ақыны әкіміне тәуелді болған, ойлы ойсыздың қолына қараған, айлакері адалының жолын тұсаған қазақ індетін шер тарқата айтып-айтып аласыз, әділетсіздік, тоғышарлыққа күйініп-күйініп шаршайсыз. Содан да өлеңімді жазып неге тыныш жүрмеймін деп ойлайсыз.

Кестелеп көкірегімнен шырайлы өлең,

сырласып жүрмеймін бе Күн, Айменен.

Қазақтың бар салмағы маған ғана

түскендей болып неге жылай берем? - деп тоқтайсыз.

Бұл - ұлы Абай айтқан «жүрегім, соқпа, тоқта ендінің» кері. Бірақ, оған бола ма? Жанды әділетсіздік жейді, жүректі ыза кернейді. Содан қайтадан қолға қалам алып, ызалы, кекті өлең жазасыз, домбыраның шерлі шанағына қол апарғандай боласыз. Бұл -Сіздің бүгінгі ақындық табиғатыңыз.

Сөйтіп, Сіз бүгін Маңғыстаудан бастаған алғашқы ақындық қадамыңызды адамзат тағдырын тұтас жырлауға дейін жеткізіп отырған айтулы ақынсыз, Фариза апай!

Енді Сіздің кейіпкеріңіз хақында бірер сөз.

Әйел – киелі ұғым. Ол – ана. Ол – жар. Әйел - анасыз – қоғам болашағы күңгірт. Сондықтан да болар Флобер, Драйзер секілді әлем әдебиетінің тұлғалары өз шығармаларына әйел тағдырын арқау етті. Сол арқылы ағылшын, американ әйелінің жанын әлем оқырмандарына ашты. Ал, Сіз болсаңыз өз творчествоңызбен қазақ қызын қастерледіңіз. Сонау «Мазасыз шақтан» қолымыздағы «Қыз – ғұмырға» дейін, тіпті баспасөзде жарияланып қазақ қызының балаң – сәби қалыптан бойында сезімі бүр жарған шағына дейін, бойжеткен қыздың алабұртқан сезімінен – аласұрған беймаза көңіл күйіне дейін, бір мезгіл сезім иірімдеріне тыншу беріп, айналасына ойлы көзбен байсалды қараған қалпына шейін, анасыз мынау аппақ дүниенің парқы да, нарқы да жоқ екенін ойлап жаны шырқырайтын, содан да адамдарды Ананың ақ махаббатын, Ананың аналық мейір-шапағатын сақтауға шақыратын философ – Ананың ой-сезіміне дейін жырладыңыз. Ол мейлі қай жастағы, қай деңгейдегі әйел болсын, тұтастырып қарағанда, ұлттық колоритке толы, ұлттық мінез, этнографиялық бояуларға қанық қазақ қызының образы болып шықты. Бұл шығармаларды қай тілге аударса да, қазақ деген, тарихи тұрғыдан қарағанда, қуанышынан қайғысы басым болып келген, әлі де болашақты кемел болжауынан гөрі балалығы басым жататын халықтың қызының образын жеткізеді.

Сіз гауһар поэзияңызда, байсалды прозаңызда «Қыз Жібекті» дәріптедіңіз, «Біржан-Сараны» махаббатқа бөлеп насихаттадыңыз, Кәмшат, Шамша, Ғайникен апаларымыз секілді қазақ қыздарының еңбегін елге таныттыңыз.

Әйелдер жасаған әдебиетке әртүрлі көзқарас бар. Ал, Сіз болсаңыз, алдыңыздағы Шолпан Иманбаева, Мәриям Хакімжановалардан тартып, Ақұштап, Күләш, Ханбибі, Тұрсынай секілді қыз-келіншектер поэзиясын ұдайы қадағалап, сындарлы сын-мақала жазып, жинақтап насихаттап келесіз.

Бір деректі ғұмырнамалық дүниеңізді «Мен құштар әлем» деп атаған едіңіз. Онда аяулы анаңыз Халимадан тартып, бірсыпыра ананың елді қиын-қыстау сәттерде рухани құлдыраудан қалай аман алып қалғанын, сөйтіп ер-азаматтың отын өшірмей, «қазақ әйелі» деген ұғымды қалай ұлыландырғанын жаздыңыз. Сөйтіп, сол бір аяулы аналардың Отан соғысының отты жылдарында өздерін де, өзгені де қалай сақтап, ұрпағын жалғаған мықты рухына оқырманды тәнті еттіңіз.

Сіз құштар әлем-қазақ әйелінің жан-дүниесі, рухани әлемі.

Сіз қорғайтын әлем – қазақ әйелінің жан-дүниесі, ар тазалығы, намыс әлемі.

Расында, Сіз бар ғұмырыңызды қоғамның осы басты мәселесіне арнап келесіз. Оныңыз орынды, өйткені өмір анадан басталып, анамен аяқталуы мүмкін. Сол сияқты қоғам өмірі де, жалпы адамзат өмірі де… Ананы сыйламау, анаға қарсы оқ ату – Айтматовша айтқанда, мәңгүрттік. Ал Сіз адам баласын мәңгүрттіктен сақтандырасыз.

Ақын да, депутат та шын азамат болса – үлкен тәрбиеші. Ұстаз – шәкірт тәрбиелесе, ақын – халық рухын оятып, асқарларға шақырады. Сіздің өз уақытыңызды қиып біздің мектепке, Жібектің көш-керуеніндей өз айналаңызбен келуіңіз Сіздің сол үлкен тәрбиеші екеніңізді көрсетеді. Саналы еңбек жолын ұстаздықтан бастаған, ұзақ жылдар «Қазақстан пионері», «Ақ желкенді» басқарған Сіз ұрпақ тәрбиесін де ешқашан есіңізден шығармай, өз ойларыңызды ортаға салып келесіз. Сіздің бұл саладағы ойларыңыз – ұрпақ тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарайтын адамның ойлары. Тыңдап көрейікші:

«Бүгін қолына сумка алып, мектепте жүрген бүлдіршіндер-ертеңгі қазақ халқы».

«Ешбір халықтың, ешбір елдің алдында қаймықпай, төменшіктемей, өзін қазақ деген халықтың өкілі дәрежесінде көрсете алатын адам болуы тиіс біздің жас ұрпақ. Біздің алдымызда тұрған ең басты, ең маңызды міндет-жеткіншектерді сол дәрежеде болатындай етіп тәрбиелеп шығару».

«Біздің қазақ мектептерінде баланың ой-өрісіне, пікіріне қысым жасалмай ма, неде болса мұғалімнің, тәрбиешінің айтқанына бас шұлғып тұрмаған баланы тәртіпсіз деп есептемей ме деген ой туады».

«Табиғаттың ең әлсіз де, ең нәзік, өзіндей пәк жаратылысы – балғын сәбидің бейкүнә тіршілігі дүниедегі дүлейлердің бәрінен биік тұратын ғажайып әлем ғой».

Жақында ғана жарық көрген «Өсиет» деп аталатын кітабыңыз негізінен балаларға арналған. Әсіресе, қазақтың мақал-мәтелінің философиясынан мөлтек сюжет құрып, балалар санасына сіңімді етіп әңгіме формасында жеткізуіңіз – қазақ балалар әдебиетіндегі тың форма секілді жанды көрінеді. Бұл да баланы халқымыздың даналығымен, ата салтымен байланыста баули тәрбиелегісі келген тәлімгер-қаламгердің әрекеті.

Сіз прозалық жазбаңыздың бірінде: «Мамам ертеңгісін жер-ошаққа от тамызғанда, біздің үйдегі жалғыз сіріңкеден тамызылған от ауылға тарайтын» деп жазасыз. Расында, қазақ ауылына ғана тән ынтымақ, өзара бір-біріне абысын-ажын болып табысатын қазақ әйелдеріне ғана тән бауырмалдық. Сол сияқты (анаңыз сияқты), Фариза апай, Сіз де бүгін өзіңіздің ошағыңызда жыр отын маздатып отырсыз. Анаңыздың жер ошағынан от алған (тамызық) ауыл аналары секілді, Сіздің жыр-ошағыңыздан оқырман қауым жүректеріне от алады, көңілдеріне мейірім шуағын құяды. Анаңыз бір ауылды отымен нұрландырса, Сіз өзіңіздің отты жырларыңызбен қазақ қауымын шуаққа бөлеп келесіз. Жасай беріңіз, жақсы апа!

Жүректерді нұрландырып, жақсы жыр жаза беріңіз, ақын апа!

ӘСЕМДІК ӘЛЕМІ

Салтанат АЙБЕРГЕНОВА

Фариза Оңғарсынова шығармашылығы - қазақ поэзиясындағы әйелдер өлеңдерінің өсіп-өркендегендігінің, биік сапалы деңгейге көтерілгендігінің айқын дәлелі болып табылады. Бұл ақын қаламынан туған шығармалардың көлемімен немесе санымен өлшенбейді, қайта оның туындыларының дүниетанымдық кеңістігінің қамтитын ауқымынан, философиялық тереңдігі мен мұсылмандығынан, жаңашылдық сипатынан көрінеді. Қазақ поэзиясы Фариза Оңғарсынованың жырдағы жетістіктері арқылы дәстүрлі әйел тақырыбын ашып, әйел бейнесін жасауды және дамытып қана қоймайды, сонымен қатар болмыстың барлық салаларына белсенді түрде араласып, тіршіліктің қилы толқындарына құлаш ұрады. Оның қызығушылығын туғызбаған, шабытына -бастау, өлеңдеріне арқау болмаған өмір құбылыстары да кем де кем шығар. Мұның бәрі Фариза шығармаларының поэтикасында, бейнелеу жүйесінде өз ізін қалдырған.

Қазақ ауыз әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы, романтизм әдістерін терең игеру, әлем поэзиясы маржандарымен жете танысу Оңғарсынованың суреткерлік танымы мен өзіндік қолтаңбасын қалыптастыруына жол ашты. Оның поэзиясындағы қазақ даласының буырқанған келбеті және оған құштарлығы ұлттық бояуларымен, кең философиялық тыныспен бейнеленеді.

Көптеген ақын әйелдердің өлеңдегі баяу да нәзік, сыршыл да қарапайым иірімдерінен Фариза жыр үрдісінің өзгешелігі - ақынның азаматтық өр дауысы, әділет пен әсемдікті, ақиқат пен адалдықты тоғыстыра білуі, шындық үшін күресе білетін батылдығы -өзіндік лирикалық қаһарманның асқақ тұлғасын қалыптастырады.

Дүниеден іздеумен нұрлы бесін

талпыныстан танбаған жыр-күресім.

…Зула менің, жыр-күймем, шабыт жегіп,
жер бетіне ғұмырлы жарық беріп
жүректердің құрсауын ағыт келіп,
зорлықтардың зардабын шеккендерге

әділеттен сыбаға алып беріп, - деген сияқты

жолдары ақынның өмірлік кредосының айқын дәлелдейтін көрінісін берді. Бұл асқақ азаматттық әуен, жігерлі сарын, қуатты патетикалық пафос Оңғарсынова жырларының алтын арқауындай өрілді. Суреткер ұстанған идеялық эстетикалық концепция қайшылықты даму эволюциясымен жалғастырыла, қатарластырыла ашылады. Оған біз қаламгер шығармаларына жан-жақты талдау жасап, мазмұндық, тақырыптық және жанрлық ерекшеліктерін көрсету арқылы көз жеткіземіз.

Кезінде ақынның «Сұқбат» атты кітабына алғы сөз жазған академик жазушы Ғабит Мүсірепов «Мен ақын қызымыз Фариза Оңғарсынованы адалдық, намысқойлық, жаны таза, ары да таза ерлерге лайық биіктерде ғана көремін» деген еді. Заманауи қазақ поэзиясында Фариза өзіне тән қолтаңбасы бар дегенді жиі айтамыз.

Ең біріншіден, Фариза ұлттық өлеңімізге өзіне ғана тән мінез алып келді. Асау мінез, арда мінез! Егер Фаризаның өлеңдерін радиодан, мінбеден, не теледидардан оқып, автордың аты-жөнін айтпаған күннің өзінде, бұл жырлардың Оңғарсынова қаламынан туғанын біз жазбай танимыз. Оны айқындайтын - қолдан жасалған жасанды мінез емес, шыққан тегі, үрдісі, шежіресі бар текті мінез. Ол мінез біздің есімізге Махамбет ақын жырларын түсіреді.

Фариза творчествосын зерттеген ғалым ақын Сағынғали Сейітов былай деп жазады:

«Махамбет аты Фариза Оңғарсынова өлеңдерінде жиі аталуының басты себебі неде? Алдымен, мұның өзі кездейсоқ нәрсе емес. Жастайынан Махамбет жырларымен ауызданған адамның есейген шақта да оған мойын бұруы, еске алуы, рухынан нәрленуі түсінікті де, табиғи құбылыс.

Әр тұста Махамбет атасын ауызға ала беретін ақын қыздың мұнысында мұрат тұтарлық бір сыр бар екен. «Жырлар керек жетелейтін қиялдай бал арманға, от ойнатар мұң тұнған жанарларға. Қиянаттан күрсінсе Батыр - уақыт, Махамбетше турайтын қақыратып, айбалта-жыр керек-ақ адамдарға». Ашық айтылған емес пе? Ол - Фариза Оңғарсынова поэтикасында Махамбетке бір табан жақындықтың, туыстықтың сезілетіндігі.

Бұл басып айтуға, ашып айтуға тиісті ерекшеліктің бірі болса, Фаризаны көп ақынның ішінен даралай көрсететін, тұлғаландыра түсетін екінші бір ерекшелік - шыншылдық, әділдік үшін күрес. Соншалықты өр, соншалықты адуын, қайсар бірбеткей мінез иесі, бір қызығы соншалықты нәзік, соншалықты сұлулыққа жаны құштар жан. Әдебиетіміздегі ақсақал ақынымыз Әбділдә Тәжібаев былай дейді: «Фариза сөз қалауында халық поэзиясындағы әсемдіктерді, ұғымдылықтарды меңгерген. Ол сөздердің бойындағы қызу, қуат-күштерге қозғау салғыш, жан бергіш сөздердің өзара қиюласуы, өзара шарпысуы арқылы жаңа сурет, жаңа әуен туғызатындығын көрсетті. Ол тілге жетік болғандықтан, жырдың ырғағын күшейткіш, ұйқасын тыңайтқыш сөздерді көп тапқан және оларды барынша шебер қолданған. Ол эпостағы, әсіресе, Махамбет сияқты ақындардың толғауларындағы екпін, энергияларды есінен шығармайды. Сөйте тұра ол үйреншікті ырғақтарға түсіп кетпеу үшін ағыл-тегіл ала жөнелгелі тұрған ырғақтарды әдейі қара сөздік интонацияға араластырып, асау екпіндерді шідерлегендей шенеп ұстайды».

Енді бірде суреткерлік сезім мен алаңдаушылық әсері эстетикалық тәуелсіздікке құрылған философиялық тұжырым түйіндерге ауысып сала береді. Лирикалық кейіпкердің ішкі дүниесін көрсету үшін адамның өзді-өзімен келісімі, өзіндік рухани ұмтылыстарына өмірлік мұраттарының сәйкес келтірілуі сияқты үйлесімділік белгілері ұлғайтылады. Бұл ретте Оңғарсынова шығармашылығында алабөтен, өз алдына бөлектеніп тұрған табиғат лирикасының жоқ екенін де атай кетуіміз керек. Есесіне тұтас табиғат суреттері махаббат сезімімен астасып, ғашықтық-әлем асқақ патетикаға ұласып жатады. Мәселен:

Бұлақтар құздардан асып,
сарқырап сайларға аққанда,
көңілім қырларға ғашық
самғайды жайлау жақтарға, - деген

тармақтардағы құсқа тән еркіндік, аспани асқақтық ақын әлемін оқшауландыра түседі.

Ақынның рухани тұрғыдан жақын адамдарға үн қатуы, арналуы ата-анасымен тілдесуінен туындап жатады. Осы сезімнен шағын жанұясына деген ыстық ықыластан үлкен өмірлік сезім, кең дүниелік ықылас басталады. Бұл жәйт:

...әр құбылыс, әр сәті, бар болмысы менің ұлы анам боп көрінеді... - секілді жыр жолдарындағы лирикалық сезімнен айқын байқалады. «Әке туралы ой» атты баллада жанрына жатқызуға болатын шығармасында лирикалық кейіпкер өз өмірінің қайнар көзіне қайта үңіліп, сәби шаққа ойша қайта оралады. Қоршаған ортаны енді-енді танып, өмірдің тәтті нәрін енді тата бастаған сәбилік кезін еске ала отырып, қайғының ащы дәмін сезінеді. Әкесінен айырылғандағы өз жүрегіне түскен сызатты, орны толмас өкінішті мөлдір балаң сезіммен астастырады. Көңілін жайлаған қаяуды, жанына батқан қайғыны, жетім жүректі басқа жандармен былайша бөліседі:

Қан кешіп біздің әкелер сонау
батыста - жырақ жүргенде,
«жан папа» деген бір ауыз сөзді айта алмай

қалғандар көп қой, бір мен бе...

Лирикалық кейіпкердің үнемі іздейтін мұраты - дүниенің тұтастығы мен оның ақиқат, терең бағалығы. Кейіпкер өмірдің сан рет бөлшектенген жарықшақтарынан ғаламның біртұтас бейнесін құрастыруға талпынады.

Оңғарсынованың ақындық тұлғасына о бастан тән сезім жеделдігі табиғат көрінісін суреттеу арқылы түсетіндей әсер қалдырады. «Даланы аңсау, далаға іңкәрлік» тақырыбы - дәстүрлі тақырып ретінде бірде ашық-жарқын және мұңды, енді бірде асқақ және қайғылы түрде көрініс табады. Кез-келген халықтың ұлттық бояуы оның дүниені түйсінуіне негіз болатындығы бұрыннан белгілі.

Қазақ елінің нақтылы мекенге, яғни ақ селеуі желге билеген кең байтақ даламен тығыз байланыстылығы таңқаларлық түрде «Отанға деген сезімге суарылған поэзияның ерекше, басты тақырыбына айналып сала береді», - деп жазыпты қазақ ақыны, әрі сыншысы Аян Нысаналин.

Сондықтан даланың шексіздігіне тән өмір ұзақтығынан дүниенің шексіздігі сезімінің туындауы - тарих тұңғиығына тамыр тартып жатқан қазақ поэзиясының басты қасиеттерін айқындайды. Оған тән ойлылық, тіл байлығы, суырып салмалық, «нәзік лиризм, шиеленіскен табиғи сезім, философиялық ой түю, бәрі-бәрі ұлттық болмыстан көрініс кеңістікті сезінуі, адамгершілік таза ықылас көрнекті факторлар болып табылады».

Табиғаттың, туған жердің әсемдігін ой елегінен өткізетін жан табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті алуан түрлі жарасымды формаларда береді, мұның өзі ақын жаңашылдығының тың қырларын көрсетеді. Фариза Оңғарсынова туған жерге деген сүйіспеншілікті білдіретін болмыс-бітімін, іс-қылығын дара көрсетер жырлары арқылы дәлелдейді.

Оңғарсынованың туған өлкесі - Маңғыстау, Атырау туралы жазған өлеңдері терең талдауларға толы. Бұл - табиғат суреттері мен туған жер көріністерін үстірт шолу емес, өмірде болған оқиғаларды, ақиқат қайшылықтарды қаз қалпында бейнелейтін объективті талдау, бірақ мұның негізінде жоққа шығару пафосы емес, жаңару рухын үнемі іздестіру жатыр.

Атамекенге деген ақын махаббатын айна қатесіз көрсететін «О, туған жер», «Маңғыстау мақамдары», «Жайлауға келгенде», «Шевченко түні», «Теңіз жағасында», т.б. өлеңдерінің көркемдік кестесі жоғарыдағы пікірлерімізге ой қоса түседі.

Бұл өлеңдерден таза табиғат көріністеріне құрылған бейнелеулер тосын философиялық категориялармен, жинақтаулар, идеялармен толыға түсетін Оңғарсынова ойларының ерекшелігі байқалады. Сондай-ақ ақын жырларының негізгі түпқазығы тұтас табиғат суреттеріне емес, ой-динамикасына, ой қуаттылығына құрылады.

Балалық шақтағы дүниетаным ауқымы кеңейе түсіп, кіші отан шеңберінен асып, шексіз-шетсіз кеңістікте туған халқына арқа сүйейді. Сөйтіп, ақын санасындағы елге деген сезім өсіп, дамып, жаңарып отырады.

Ақынның лирикалық қаһарманының махаббаты қашан да белсенді іс-қимылда бейнеленеді. Мысалы, «Туған елге» атты өлеңнің алғашқы жолдарынан-ақ шығарманың бастан-аяқ бір леппен жазылғандығын аңғаруға болады. Бұл бір-бірімен байланысты біртұтас тармақтардан тұратын өлеңде артық ауыз сөз, алабөтен сөйлем кездеспейтін монолог түрінде жазылған.

Жан толқынысына, сезім тебіренісіне құрылған кейіпкердің көңіл-күйі өлеңнің бүкіл образдылық әрі идеялық жүйесін айқындайды.

Сағынып оралар ма ем
алыс жолдан жеткенше асық болып,
сен бар-ау деп шаттықтан тасып-толып,
дүниеде көзіне басқаны ілмей,

тек анасын ойлайтын жас сәбидей
мен де сенің кеудеңді аңсамасам,
сен де мені күтуден шаршамасаң,
құшағыңа алғанша тынышталмай,

кездескенде жанардан мұң ұшқандай
ес шығып кетер бізде,
қуаныштан мәз болып екеуміз де,
бар сезімді көздерден байқағандай

отырмасақ, айтарға сөз таба алмай
сағынып оралар ма ем,

жиһан кезе бермес пе ем онан әрмен, - деген жолдардағы асқақ лирикалық сезімнің адалдығына шүбә келтіре алмайсыз. Мұндағы ойды белгілі бір мақсатқа бағыттау тәсілі ретінде қолданылатын көркем детальдандыру зор маңызға ие.

Атырау теңізінің, кең даланың, балықшылар мен далалықтардың образдары -Оңғарсынова поэзиясының өзіне ғана тән белгілеріне, ұлттық ерекшеліктеріне айналды. Туған өлкеге бағышталған сүйіспеншілік жалпы азаматтық әуенге ұласатын тұстар да аз емес. Сондай-ақ ақын өз ұлтына әсемдік концепциясы, рухани байлығы арқылы, халықтың ақиқат болмысы негізінде ұлттық психологияны, ұлттық мәдениетті көрсетеді.

Сонымен, Фариза Оңғарсынова поэзиясына тән этнографиялық, табиғи шындық арқылы оның өзіндік бет-бейнесін, өмірбаянын, ата-мекенін айна-қатесіз танисыз. Авар ақыны Расул Ғамзатов туған жерінің символы ретінде Кавказ тауындағы Цада ауылын жырласа, Мұқағали Мақатаев Хантәңірі шыңын, Қарасаз ауылын өлеңге қосады. Оқырмандарға әлемге даңқын жайған бұл мекен-жайлар сол ақындар есімімен бірге аталады, олардың шығармашылығының бөлінбес бөлшегіне айналады. Фариза өлеңдеріндегі Маңғыстау, Каспий теңізі де дәл сондай роль атқарады.

Фариза Оңғарсынова шығармаларының көркемдік құрылымында лирикалық кейіпкерлердің танымы тарихи оқиғаларға қатыстылығы тұрғысынан ашылып, жалпы азаматтық ой-таным негізінде өрши түседі. Әлеуметтік-қоғамдық мазмұнның нақтылығы өлеңнің психологиялық екпіні құрылымымен, сыртқы әлемге бағытталған ақындық толғау, арнау жүйелерімен, терең ішкі жан-дүние тебіренісімен астасып жатады. Мысалы, «Соғыс. Тартыс» - «Камералар. Темір тор» атты толғауларында құбылыстардың жалпылама байланысы мен олардың күшейе түскен трагедиялық-драмалық сипаты контрасты түрде ашылады. Мұнда жеке ішкі тағдыры шындық оқиғаға орайласа келіп, сыртқы әлем мен ішкі иірімдердің психологиялық тұрғыдан тоғысуы автор толғанысы, көңіл күйініші арқылы беріледі:

Ғасырларға үңілші, замандасым,
тыйған күн жоқ жазықсыз жанар жасын,
біреулердің қанқұйлы арманы үшін,
біреулердің үмітін жалғау үшін,

домалатты доп құрлы Адам басын.

...Жұмсап құртып жоюға күш - жалынын,

осы еншіні неге, Адам, арқаладың?!

Осы қысқа үзіндідегі автор ойы ата - бабаларды еске түсіру және келер ұрпақ алдындағы парыз сезімімен тоғысып жатады. Ақын күйінішінің мазмұны - өткеннің өкініштерін, көненің қателіктерін қайталамауды насихаттап, сол істегі өз жауапкершілігін сезіне отырып, адалдық пен адамгершілік сезімдерін қорғауға құрылады. Бұл шығармалардан байқалатын бір ерекшелік - Фариза поэзиясында дәстүрлі лиро-эпикалық шеңберді қамтитын толғау жанрының жиі қолданылатындығы және бұл өлеңдерде авторлық «мен» айқын көрініс табады. «Тарихпен тілдесу», «Мен революцияны жасамадым», «Асау толқын», «Мен жалындап өтемін», «Туған күн», тағы басқа өлең-толғауларында ақынның жеке тұлғасы, өз бейнесі тарих пен қазіргі заманға адамдық, азаматтық көзқарасы айқын көрініс табады. Мәселен, «Мен жалындап өтемін» өлеңіндегі буынның, әрбір ұрпақтың ой-сезімімен астасып жатады:

Мен жалындап өтемін
қариялардың қимайтын жас шағы болып,
балапандардың талпынар асқары болып,
ару қыздардың аңсаған арманы болып,

асқақ жандардың алаулы таңдары болып,
жиырмада жесір қалғанның аңсары болып,

сүйіскендерге көз ілер таңсәрі болып.

Осыншама қиындықтар мен қияметтердің бәрінің нәзік әйел жанына ауыр болатындығына қарамастан, адамдардың өмірін жеңілдету үшін лирикалық кейіпкер барлық жүкті ойланбастан өз иығына алады. Бұл сенім ақынға ерекше күш-жігер, ержүректілік пен батылдық сыйлайды.

Дәл осындай асқақ пафос, қуатты бір кезде ақын Төлеген Айбергенов өлеңдеріне тән еді. Мәселен, оның «Бір тойым бар» өлеңінде:

...Бір тойым болатыны сөзсіз менің,

Дәл қай күні екенін айта алмаймын,

Бірақ, бірақ...

Ешкімді де билетпей қайтармаймын...

Сәбилерге ағаны үлгі етемін,

Жеңгейлердің толтырам гүлге етегін,

...Менің жаным бұл күнге құмар қанша!

Бәйге берем жығылған палуанға да,

Адалдығы сезіліп тұрар болса.

Қыз қуатын жігітке ат беремін,

Жанам деген жүрекке от беремін, -

деген заман жүгін бір көтеріп әкететін қанатты жолдар бар.

Төлеген Айбергенов пен Фариза Оңғарсынова өлеңдерін салыстыра қарағанда байқағанымыз - ол екі ақынның өлеңдерін туыстастырып тұрған - өмірге деген азаматтық, асқақ көзқарас. Қос ақын да адамның қателіктері мен кемшіліктерін, әлсіздіктерін кешіре отырып, олардың адалдық, әділет сүйгіштік қасиеттерін биік қояды. Қазақ халқында жоғары бағаланатын адамгершілік қасиетін қастер тұту бұл екі ақынның шығармашылық мұраттарын жақындастырып қана қоймайды, олардың жырларындағы мейірімділік рухын қалыптастырады.

Фариза өлеңдеріне тың тыныс, үдемелі жылдамдық беретін басты күш - лирикалық кейіпкердің жан-дүниесіне мәңгілікке орныққан жастық шақ сезімі.

Ей, жастығым, маужырап қалғымағын,

бала қаздай қияға түлет мені,

- деп ақын үнемі жалындаған жастығымен тілдесе отырып, өзіне-өзі қажымас қайрат береді. Жастық пен есею шағы, сыршылдық пен ақылдылық Фариза Оңғарсынованың жыр әлемінде бір-бірімен тоғысып, тұтасып жатады.

Өткен тарих пен бүгінгі күнді шендестіре үн қатуы - жас шамасына қарамастан лирикалық кейіпкерге өмірдің қайнаған ортасында болып, қашан да жастық мінберінен сөз алуына мүмкіндік береді:

...Қалдырсам егер артымда өлмейтін мұра,

шындықты шыңға көтерген халқымда күшім.

Автордың шығармашылық туралы, поэзия, муза туралы өлеңдері өз алдына бір төбе. Бұл қазақ ақыны Мұқағали Мақатаев шығармашылығынан да оқшау көзге түседі.

Әрине, Фариза бұл жерде бір кездегі имажизм, футуристер ұран еткен «Өнер - өнер үшін» атты сентиментальдықтан аулақ. Оның өлеңдеріндегі өнер - үлкен философиялық объекті, азаматтық ой айту үшін айтылған құрылым ретінде көрінеді. Мұқағали Мақатаевтың «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» атты өлеңі біз сөз етіп отырған ақынға арналғандығымен ғана емес, өмір, өнер туралы келелі туынды болуымен құнды екенін қалың оқырман жақсы біледі. Рухани туыстық, адамгершілікті ту еткен Мұқағали ақын Фаризаның ер мінезділігін, асқақ рухтылығын, адалдығын бағалап, осы қасиеттері арқылы оның көптеген замандастарынан жоғары тұратындығын жырлады.

Фариза Оңғарсынова шығармашылықтың қыр-сыры, алуан салалары жайлы өз өлеңдерінде өз алдына биік талаптар, үлкен міндеттер қоя біледі.

Автор ақындықтың қиындықпен бірге, қуаныш та, жұбаныш та сыйлай білетінін жақсы түсінеді. Әсіресе «Қараңғы түндердің шапағаты» өлеңінде ол шығармашылықтың ащысы мен тұщысын бірдей татады. Ақын жырындағы ақ пен қараның қарама-қайшы образдары өлеңнің мазмұндық тұтастығына қызмет етеді. Бұл өлең өзінің көркемдік концепциясы тұрғысынан новелла - өсиет іспеттес әсер қалдырады. Мұндағы жалғыз образ да, персонаж да ақынның және оның сырлары мен ойлары. Өлеңнің тілі метафораларға толы, стилистикалық жағынан жинақы. Сөз үндестігі, ішкі көңіл-күйді сол қалпында жеткізе білуі, бейнеленетін құбылыстың айқындығы секілді көркемдік белгілер әдемі өлең туғызған. «Құбылмас қараңғылықты» суреттей отырып, ақын: «...сезімдердің ақ айдынында тербетер дел-сал сәт қой бұл» -деп өзінің шабытты шағының жарық сәулесімен өмірін нұрландыра түседі. Жалғыз өткізген түндерін қасиетті түнге айналдырған ұлы әйел тұлғасы көрініс береді. Осы өлеңде ақынның тұрмысы, жай-күйі, ойлары алғы күндерді сезіне білуі мен ішкі жан-дүниесіндегі арпалыс жан-жақты қамтылады.

Ақ түтек ойлардың ақпаны сақ-сақ күледі

жалғыздығынан жынданып кеткен жесірдей, - деген жолдарда ашу-ыза да, тағдыр тезіне төзе білетін қайсарлық та бар. Ал:

"Мынау жалғанда жалғыз-ақ өзім, құдіреттідей боп отырам,

Қараңғы түндер шапағат шашқан шақтарда, - деген қанатты жолдар арқылы өз шығармашылығында өлең киесімен асқақ тілдеседі. Оңғарсынованың поэзиядағы кейіпкерінің санасында жекебастық, тұлғалық, эпикалық, лирикалық романтикалық таным элементтері бір арнаға тоғысады. Сонымен қатар оның өлеңдерінде фольклорлық таным элементтері, фольклорлық-мифологиялық әуендер де айқын көрініс тауып отырады.

Оған Оңғарсынова шығармаларындағы ұлттық нақышта қазақ халқының тарихындағы оқиғаларды және ұлттық мінез-құлықты жырлайтын ауыз әдебиеті үлгілерінің пайдаланылуы дәлел бола алады.

Қазіргі заманғы әйел кейіпкердің өткенге үңілуіне ата-бабалардың салған жолы, салт-дәстүрі себепкер болады. Сондай-ақ ақын көненің көзінен бастау алған жырларында өткеннің өнегелі сабақтарын бүгінге жеткізуді басты мақсат тұтады. Қазақ ұлтының тұңғиық тарихы мен рухани мәдениетінің бай мұралары туралы жазылған «Мұқан жыраудың екі өлеңі», «Қоштасу» («Қыз Жібектің соңғы сөзі»), «Ақбөбек жырлары», «Жантолының монологы», «Айша бибі», тағы басқа жырлары -соның дәлелі.

Мәселен, халық арасында ауызша тарап келген Мұқан жыраудың мұраларын болашақ ұрпаққа жазба түрде жеткізуді өз міндеті санап, үлкен жауапкершілік сезінеді. Мұқан Барақбайұлы - Нарынқұмда ХҮІІІ ғасырдың ІІ-ші жартысында өмір сүрген, өзі кедей, адал да әділетті ақын болған. Оған сол дәуірдегі бай-шонжарлар «Қисық Мұқан» деп кеміте ат та қойып алған көрінеді. Фариза ақын жазған өлеңдердегі шыншылдық, ақиқат көрініс тапқандығы соншалық, өткен ғасырдағы Мұқан жыраудың үні, тынысы, ақыл-кеңесі, ғақлия сөздері қаз-қалпында оқырман жүрегіне жол табады. Мысалы, сол топтамадағы «Кемпірбайға айтқаны» атты өлеңді оқысақ, ХҮІІІ ғасырдағы қазақ өмірі туралы кең мағлұмат алуға болады. Мұқан жыраудың келісімге келмес ойлары, халықты жақсылыққа, әділетке үндеуі, жалғандыққа қарсылығы дәл көрсетіледі. Өлеңнен әлеуметтік теңдік үшін ұрандаған күрескер - ақынның тұлғасы жалғандыққа қарсы шыққан жанның бейнесі адуын жырмен өріледі. Мұнда ел ішінен шыққан ойшыл ақынның қоғамның әділетсіздігі мен қияметке қарсылық байқалып қана қоймайды, ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген жыраудың шындықты бетке айтатын бейнесі қоса ашылады. Дәл осы тұста Мұқан жыраудың Махамбет Өтемісұлының күрескер рухымен тамырластығы, жақындығы, ұқсастығы өте айқын аңғарылады.

Сонымен қатар ертеде болған жырау мен болашақ арасын жалғап тұрған Фариза Оңғарсынованың батыл дәнекерлік рөлін адал атқарған суреткерлік шеберлігін атай кету ләзім. Бұған өлеңді әрі қарай оқығанда көз жеткіземіз. Келесі жолдардағы көңіл-күй мен екпін неғұрлым лирикалық философиялық арнаға қарай ығысады.

Өлеңнің соңындағы «Қолым жетуі керек-ау таққа менің?!» - деген түйіннің астарында, сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік өмірге наразылық та, «егер адам, халық қамын ойлайтын жан ел басқарса, заман жақсы болар еді» деген сияқты жырау ойлары да көрініс береді.

Фариза Оңғарсынованың шығармашылық интерпретациясы негізінде жазылған Мұқан жыраудың екі әнін монолог жанрына жатқызуға болады. Бұл сөзімізді «Кемпірбайға айтқаны» және «Мойнақ батырға айтқаны» атты қос өлеңінің тақырыптары-ақ дәлелдеп тұрғандай. Мұндағы монологтық бастау Мұқан жыраудың өсиетті сөзінен және кейіпкердің суреткерлік тұлғасынан айқын аңғарылады.

Монолог жанры ақынның фольклорлық әуенде жазылған көптеген шығармаларына тән екендігін бір ерекшелік ретінде атаған абзал. Өйткені монолог жанрын формалық қолданыс ретінде пайдалану – "Қоштасу" (Қыз Жібектің соңғы сөзі), «Ақ бөбек» жырлары өлеңдерінде де көрініс тапқан.

Қазақ лиро-эпостық жырлары дәстүрлерінен терең сусындаған Фариза ақын ойша Қыз Жібек бейнесіне еніп, оның атынан үн қатады. Өлеңдегі Төлегеннен ажыратқан әділетсіз әлеуметтік жағдайларды өз ажалымен жеңе білген Қыз Жібек бейнесі, оны халықтың сүйіспеншілік жырларындағы Қозы-Көрпештің соңынан махаббат жолында өлген Баян сұлу, Сырымға шын ғашықтықтан есінен адасып, өз өмірін қиған Қаракөз тұлғаларымен жақындастырады. Бұл трагедияға толы лиро-эпостық толғауларды Ақбөбек пен Қайыптың махаббаты жайлы ғашықтық жыры да толықтыра түседі.

Әйел тәкаппарлығының, әйел жаны азаттығының бастауларын өз халқының өткен тарихын іздестіру – Фариза поэзиясының басты өзгешеліктерінің бірі. Ақын таңдаған бұл жолды «Жантолының монологы» өлеңінен де байқауға болады. Жыр мазмұнына үңілсек, ақын, домбырашы қыз Жантолы өз замандасы Мұрат ақынмен айтысады. Жантолының монологында өнердегі сайыста әйелдердің де ер азаматтармен тең дәрежеде көріне алатындығы былайша беріледі:

Ей, ақындар, серілер!

Отырсыңдар ма алқалы топқа сөз маржандарын тізбектеп,

бұл дүниенің мықтылары мына біз деп тек.

Мұратқа қаратып айтылған бұл монолог стильдік динамикасымен, қуаттылығымен өзгешеленеді. Ерлерді әйелдерден артық санап, әйелдер теңдігін аяққа таптайтын қоғам заңдарына қарсы қоя отырып, Жантолы былайша сөз таластырады:

Қыз болып тусам, кінәлі ме екем бұған да?

Алтынды, сірә, көлеміне қарап сынар ма!

Тау менен тасты жаңғыртып бара жатады

қиюы кеткен құр арба.

Бұл монолог метафоралық, образдық жүйесінің байлығы қазақтың ұлттық ойлау жүйесіндегі, сөз саптауындағы сарқылмас шешендік өнердің жалғасындай әсер қалдырады.

Жантолы монологында бетін пәренжемен бүркемелеген, жасық Орта Азия әйелдерінен өзгеше, өз пікірін ашық, еркін айта білуден жасқанбайтын, өжет қазақ әйелінің бейнесі шебер ашылады.

«Ебелектеген еркектер сынды арзанқол сөздер жат маған» - деп замандастарын батыл сынайтын Жантолы сөзі ол өмір сүрген дәуірге лайықталып айтылғанымен, қазіргі кезде де өз мәнін жоя қойған жоқ. Көне заманда болған осы оқиға Оңғарсынова назарын аударуы сондықтан болар. Өткен кезеңдердегі әйел-ақынның монологын тілге тиек ете отырып, автор бүгінгі таңдағы әйел-замандастарының ой-сезімін бейнелеуге көшеді. Ер азаматтың көлеңкесінде қалып, екінші қатарлы саналып жүрген әйелдердің қоғамдағы өзінің лайықты, тең құқықты орнын алуы керектігі - өлеңнің негізгі желісіне айналады.

Осы жырдағы негізгі идеяны «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын» атты өлеңдегі Сара бейнесі жалғастырады. Жалпы әлемдік ғылым мен өнер тарихында ұлы атанған әйелдер санаулы екені жалған емес. Фариза Оңғарсынованы осы мәселенің толғандыруы да заңды құбылыс. Сондықтан да ақын өзінің сіңлілерін ел тарихында орын алған апаларынан өнеге алуға шақырады, олардың өшпес бейнелерін болашақ ұрпаққа үлгі тұтады.

«Сенің махаббатың» жыр жинағында ақын өз замандастары - қазақ әйелдерінің жан дүниесіне үңіледі. Фариза өлеңдеріне арқау болған әйелдердің әрқайсысы өз саласында шырқау биікке көтеріліп, жұлдыздар санатына қосылған жандар. Мәселен, «Дыбыстар әлемі» атты толғаныс - кантата - талантты қазақ композиторы Ғазиза Жұбановаға, күй диптих - халық күйшісі Дина Нұрпейісоваға, «Бибігүл-ән» жыры даңқты әнші Бибігүл Төлегеноваға, «Жыр анасы» атты триптих - белгілі қазақ ақыны Мариям Хакімжановаға, «Тыңдаңдар, тірі адамдар» топтама өлеңдері - Ұлы Отан соғысының батырлары, Шығыстың қос жұлдызы Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметоваға арналған. Осы қазақ қыздарының туған еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігі сол кейіпкерлерді әрбір оқырманның жақын адамына айналдырды. Сол арқылы әйел жанының нәзік иірімдері, әсемдік әлемі алуан қырымен ашыла түседі.

1995 жыл.

«ДАУЫЛ КҮНГІ ДАРИЯНЫҢ КҮШІНДЕЙ БІР…»

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ

Ақындар туралы ең беделді пікір: «Күлүбү-ш шуәрә һазәинуллаһ».

Аш-Шарид есімді бір сахаба жазған: «Бір күні мені Хазірет пайғамбар шақырып алып, «Білетін болсаң, маған Умайя бин Әбу-с-салттың бір жақсы жырын оқып берші» деді. Мақұл дедім де оқыдым. «Оһ, не деген ғажап, тағы оқышы!» деді. Мен де оқи бердім, сөйте-сөйте жүз бәйітті айтып шықтым. Расулалләһ (С. Г. А) «Адамдардың арасында мұсылманға ең жақыны ақындар шығар» деді. Кейін ол «Ақындардың жүрегі Алланың қазинесі — дүр» деген байлам жасады». Әрине, «Күріштің арқасында күрмек те су ішеді». Кез келген кісінің қолынан қатты намыстанғанда, қатты қуанып не налығанда немесе қатты қорыққанда екі ауыз жайсаң өлең шығару келе беретін қазақ «кеме келсе, қайықты судан шығаруды» кешеге дейін ұмытып көрмеген. Себебі «күрішті күрмектен айыра білген»...

Қазір жалғыз өлеңде емес, басқа салаларда да әлгі «айыра білуді» сәл-пәл ұмыта бастағандаймыз.

Айтудың жөні осы екен деп, небір қасиетті ұғым, небір салмағы ауыр сөздің барлығын айта-айта, арзандатып, ақжем етіп алдық.

Саудайы мен саппастың аузынан шығып, атқамінері мен «арқа сүйеріне» қарай бағыштала беретін есепсіз қолпашты естіп, жауыр болатын құлақ сорлы миға мынадай сауал қояды: «Соры қалың бола ма пайғамбары көп елдің?!». Ресми, ресми емес тұрғыда қазақы пайғамбарлық дәрежеге өзіміз, мына біз көтеріп қойғандардың аз еместігі белгілі. Ендеше, «пайғамбарлар халқы» болсақ, әлемге үлгі-өнеге үйретпей неғып жүрміз? Ең болмаса, әлем әдебиетіне...

Фариза апамды, оның жаңа кітабын мақтағым келмейді.

Оны бопса мадақ, бос сөз, жортақы жоралғыға қиғың келмейді... Әсіресе, қазір құлқын мен құрсақтың, өрісі тар оймақтай «мені» бар, көзі жоқ қуыс кеуденің қажеті мен азығы адам айтқысыз қымбаттап, адамды аңнан ажыратып тұратын асқақ дүние - рухани дүниенің қадіріне жетіп, қасиеттеуші азайған, сол себепті де жалған пайғамбар мен жасанды пұт көбейіп, «ол кісілер де мықтаса біздей-ақ шығар» дейтін мысықтың жолбарыссынғаны секілді, кім көрінген төлесіп, қазыбексіп, әйтекесіп... абайсып, бұхарсып, махамбетсіп... ахметсіп, гиль-гамешсіп... - болғансып - жатқанда.

Дәл соны Ол қажетсініп те отырған жоқ.

Біз білетінде мұсылманшылықты Алла адамдарға таңбаған, пайғамбарына «Оларға айт!».. - деген: дініне ұйыса - өзінің бақыты мен адами асқақтығы, ұйымаса - сорлы болып өтуге келіскені. Құрандағы «Көздерің бар - көрмейсіңдер, құлақтарың бар -естімейсіңдер!...» деген Аллаһулық налыс, кейіс адамзатқа жаны ашып, соған күйінген, бірақ, «...мүмкін, көшін түзер...» деген үмітті алаңдаушылықтан туса керек. Шынайы поэзияның миссиясы да солай. Фариза сол шынайылар тобына баяғыда енген.

Фаризаның үздіксіз биіктеген Өлең әлеміне әр қайта оралған сайын, өнердің, поэзияның «пайғамбардан сәл төмен, патшалардан көп жоғары» екеніне тағы бір көз жеткізгендей боласын.

Оның поэзиясы - мына қысқа жалғаннан бірдеме дәмететін, қолына бірдеме ырымдап ұстатсаң, рахатқа бөленіп, манаурап, көзін жұматын, сол көз жұму арқылы адамға керек арзан алданыш емес, күрделі бақыт пен асқақтықты көруден, соған ұмтылудан қалатын бөкене, қортық сананың қуанышындай тәттілік, дәмділік, айтқыштық, «айыз қандырғыштық» емес. Фариза поэзиясы -«ит тірлікпен»қосылып, ит боп үруге дейін төмендей алатын қауіпті мүмкіндігі бар пенделіктің есіне адамдық асқақтықты салатын, тәннің емес, жанның туберкулезін емдейтін поэзия. Бағзыда Асанқайғы:

Мұнан соң қилы-қилы
заман болар,
Заман азып, заң тозып,
жаман болар,

…Ол күндер қарағайдан
шайыр кетер,
Ханнан күш,

Қарындастан қайыр кетер…

- деп уайым айтқанға ұқсас мына заманның ақырында нан да, дүние де түбі жетісіп кетер, бірақ бәріміз ішімізден білгенмен, сыртымызға шығаруға тәуекел ете бермейтін ұлы қауіп - туберкулездің симптомдарын сездіре бастаған сана мен жан кеселі.

Мүмкін, маған қалам ұстатып отырған мақсат та сол кеселдің анық емінің бірі - Фариза поэзиясын оны қадірлейтін халықтың есіне және бір салып қойсам деген үмітті алаңдаушылық шығар.

Салтты құрметті Фаризаға үкімет те, халық та көрсетіп жатыр. Дегенмен, Ақтамберді де, Аяз Бетбаев та баспасөз бен басқа сөз арқылы қазаққа бірдей дәрежеде насихатталып жатқандықтан, халықтың басым көпшілігінің шынайы, құдіретті поэзия туралы, ақын туралы түсінігі арзандаңқырап кетті - ол үшін ұйқасқан сөзді бас-көзсіз төпей беретіннің... немесе әртістік қасиеті басым өлеңшінің бәрі - ақын, маңдайына «Қазағым - халқым!» деген ұран желімдеп алғанның бәрі - пайғамбар. Құдайдың өзі берген талантты сауда-саясатқа жалдап, әкесі жоқ қазаққа «әкеңмін!»... деп, содан пенделік игілік көріп жүргендер де, шүкір, табылады...

Соны ойланғанда ғана, бір қарағанға өзіміз секілді адам болғандықтан онша таңданып, табына қоймайтын, бірақ ақын, жалпы жазушы деген түсінікті асқақ ұстап келе жатқан санаулы топтың барына тоба айтып, қадірін сезінесің. Ес тұтасың. Естұтарларыңның да кейбірінің қонған аруақты ұстауға мықтылығы жетпей, саудаға саламын деп наласына қалып, жазасын аларын біле бермейтін кейбір аруақ қонғандар сияқты оңа бастағанын тағы ойлайсың… Мына заман өзгеден бұрын мықты деп пір тұтып жүргендеріміз үшін үлкен сын болды - көбісі «заманға күйлеп», болмысынан танып, бояуын оңдырып алды. Сол оңғақ шіркіннің «әдебиеттің құны кетті» деп елден бұрын зар илейтінін қайтерсің...

Осыған, осы қатал талапқа сайсаң да баяғы құдіретінен танып, биігінен түспейтін аз тұлғаның айқын біреуі - Фариза.

Газет жазып, радио айтып, атын әйгілемесе, пайғамбарды да танымайтын, құлағына ғана, «жұрт айтса...» (Абай) ғана сенетін қазақы оқырман кімді әулие тұтпай жатыр: «әдеби үкіметтің» адамдары қолдаған, қасына бастық ертіп жүргеннің бәрін қошеметтейді.

Ал Фариза өлеңдері халық жүрегіне о бастан-ақ кедергісіз, қосымша көмексіз еніп, елдің ортақ еншісіне айналып кеткен. Мұның сыры да құпия емес - Фариза әдебиет дейтін ұлық әлемге келгелі оның туа дегдар, туа асқақ, жарты түйір жасанды бояуы жоқ, биік рух пен өршіл намысқа толы өлеңдері дүниеден сәуле, ізгілік, рухани биіктік пен жасанды бояусыз сұлулық іздейтін қазақ санасына берік ұялап, халық кеудесінің төрінен орын тапты.

Бұл туралы жазылып та, айтылып та жүр. Бірақ, әлі толық қалыптаспаған, «орыстар осылай дейді, бізде солай айтып көрейіктен» әрі аса қоймаған сын кінәлі ме, кешегі тірі өлеңді өлі рамаға қамап, теория жасаған, өз дегенінен әріні көре алмайтын әдебиеттану кінәлі ме, әйтеуір, қазақы мақтау құр таңдай қағу мен ақынға «отты... жалынды... құлагер... тарлан...тарпаң...» т.т. сияқты анықтамалар тіркеуден ары аспайды да, ауызға ілінген ақынның барлығы бірдей деген қате, тар түсінік қалыптастырды. Бәріміз шулағанымызбен, дарындының әрқайсысы несімен мықты екенін аса бай қазақ поэзиясының контексінде алып қарап, анықтай қойған жоқпыз. Сосын да ақындарды футболшыдай нөмірлеп, кімнің көбірек гол соққанын санаймыз… Бұл, енді, әдебиеттанушылардың жұмысы - ол жақтың да күріші мен күрмегі әлі ажыраған жоқ, сондықтан әйтеуір әдебиетті әңгіме еткеннің бәрі - кандидат, кейде тіпті...

Контекст демекші, Фариза қазақ поэзиясына келген кез - қазақ өлеңінің жаңа сапаға ауысып, бір-бірін еш қайталамайтын, бір-бірін еш төмендете де алмайтын ақындар шоғырының әдебиеттегі өз есімін алаңсыз таныта бастаған кезеңі. Мұқағали, Жұмекен, Төлеген, Қадыр, Тұманбай, Мұхтар (Шаханов), Сағи, Өтежан, Төлеужан, Зейнолла (Шүкіров), Бекен... Бұған Әбділда, Әбу, Ғафу, Сырбай... басқа да ағалар ұрпағын қосыңыз. Фаризаның өзі «асау толқын» атаған қанжығалас іні-сіңлілері Ақұштап, Күләш, Иранбек, Жарасқан, Исраил, Жұматай... Бұған оның бізбен - Ұлықбек, Есенғали, Серік (Ақсұңқарұлы), Байбота, Тыныштықбек, Әбубәкір, Гүлнәр (Салықбаева), Ертай, Шәмшия, Светқалилармен, біздің інілерімізбен замандас екенін қосыңыз. «Өзі болған қыз төркінін танымайды» дегенге сайып кетпесек, «біз қойнынан шыққан ұжымдық шекпеннің» құндыз жағасы осы Фариза. Бірақ, бұл өзге әңгіменің еншісі.

Фаризаның мықтылығы неде?

Бұл сауалға жауаптың ең дұрысы - оның өлеңдерін оқу да, былайғы әлеммен салыстыру. Сонда оның қазақ поэзиясында ғана емес, әлем поэзиясында тұлғалық дәрежеге көтерілгенін, онын творчествосының ұлттық мұраға - ұлт, мемлекет мақтан ететін мұраға айналғанын сезінуге болады. Әрине, тәкаппар әлем бізден дүниетанымы, көзінің қиығы өзге әлем Бахыт Кенжеевті төбесіне көтеріп мәз. Ол енді, біздің шаруа емес...

Ұлы Өнер де Алла табиғаттас - әркім оны әлі, рухани бойы жеткенше көреді. Ақын болам немесе болдым деуші көп те, Ақын аз болатыны сондықтан. Қортық сана-түйсік үшін қолы жетпеген биік - Құдай. Ал Құдай дегеніміз шексіз түсінік, ой-санаңызға, сезім-түйсігіңізге лайық асқақтай береді.

Фариза өлеңге о бастан ешкімге ұқсамайтын күрделі де құдіретті болмыспен, тұлғаға тән тұтастықпен келді. Өмірге тек өзіне ғана тән көзбен - сезім, жүрек көзімен қарау, биіктікті өзіне тән, ерекше болмыспен сезінуден туындайтын поэзияның осындай бірегей құбылысы оның творчествосына үңіле білген кісіге ғана сезілмек.

Жетпісінші жылдардың басында қалың елге үні естіле бастаған Фариза поэзиясы сыртқы пішін, ішкі-сыртқы ырғақ, үйлесім, өлеңді оқи бастағанда жүрекке ғана естілетін ішкі әуез-әуен сияқты басқалар ұзақ игеретін, бірақ поэзияның әліппесі саналатын алғышарттарының ерекшелігін былай қойғанда, өлеңде бейнеленетін объектінің бұрындары ешкім көрмеген қырынан көрініс беруімен, эмоциялық асаулық пен жігерге, ішкі сезім найзағайына толы әсіре қызылсыз, табиғи өмір бояуынан тұратын, семсердің жарқылы мен қиялдағы ғажайып бақтың сұлулығын қосып көрсеткендей тосын сымбат сомдауымен таңдандыратын жаңа бір әлемнің бар екендігін паш етті. Көзіқарақты ғана айыра алатын жаттанды сезім мен үйретінді үйлесім, ең бастысы - «өлең, ақын осындай болуы керек» деген бәкене ұғымнан туындайтын әсіре қиялилықтан, кітабилықтан, жасанды, ғұмыры қысқа айтқыштықтан Фариза өлеңі аулақ, биігірек тұрды.

Тұлғалық болмысқа көтерілер шынайы дарын қашан да осылай - Поэзия дейтін асқары мен асқағы жеткілікті ұлы әлемді жаңа бір қасиетпен байытып, оның бұрын болмаған жаңа болмысын, ұлы мүмкіндігін ашады. Сол құдіретке Фариза да ие екені даусыз.

«Қызша киінген Махамбет» дейтін ол туралы өзін де, сөзін де арзандатып көрмеген әйгілі мэтр Асқар Сүлейменов. Ол туралы, меніңше, таңданбай, сүйсінбей айтқан қаламгер, ең бастысы, оқырман жоқ-ау деймін.

Фариза өлеңіңде қарапайым нәрсенің өзі асқақтап сала береді, ал әсіре қызыл өмірдің өп-өтірік жылағансып, күлгенсуі, түсінгенсуі мен сүйсінгенсуі Ғазіретәлінің қылышын кергендей сүмірейіп қалады. Оның екі себебін ғана байқаймын: біріншісі - терең де асқақ сезіну - түсінуден туатын ақиқат, екіншісі - бейшаралық пен пенделіктен жоғары тұратын рух күштілігі. Әлем поэзиясының ақты-қарасын айқын айырып, адамзатқа ортақ рухани игіліктерді бойына сіңірген Фариза мен қазақтың ең озық рухани асылын бойына сіңірген Томирис тектес қазақ қызы Фариза қосыла келіп, кемшіні жоқ, керемет ақын Фаризаны сомдағанға ұқсайды.

Менде бір толғаныс бар

(кейде өзім де түсінбеймін)

дауыл күнгі дарияның күшіндей бір...

... Өзім сонда тұтас бір ғасырдаймын,
жүргендеймін жарқылдап қасында Айдың,
Марғау, бейжай дүниені сілкіндіріп

бір таң қылмай мен, сірә, басылмаймын... - деп бір кездері әдебиетке еркін кіріп келген жас дарынның, сол от, сол екпін мен текті тәкәббарлықты сәл де бәсеңсітпей бүгінге жетіп, ертеңге беттеген ұлы жолында бір өзі ғана «бір елдің мұрасы» боларлық өзгеше бір әлем - Фаризаның поэтикалық әлемі дүниеге келіп, мәңгілікке беттеді. О баста-ақ, Жантолы, Жібек, Ақбөбек атынан сөйлеген Фариза кейін қазақ әлеміне ортақ Сара, Майра, тағы басқа идеалдық есімдер ғана емес, Махамбет те, Вийон да, негр қызы да, бір топ қазақ ақындары да, Досат та, ессіз ғашық бозбала да, тәкәббар да, нәзік қыз да, ана да, дала да, жүрек те, батыр да, тіпті... пенде де «болып сөйлеп» берді.

Рухы күшті Өлеңнің құдіретімен сезімдер, ішкі әлемдер энциклопедиясын жасады, идеалдар галереясын орнатты.

Мұның өзі әдебиетте бар әдіс болғанымен, осынша сезімдер әлемін бірінші жақтан сөйлейтін ақындық «менге» әркім өз әлінше сыйғызады, ол - әлгі айтқан Құдай мен сана арасындағы қашықтыққа қатысты шаруа. Ақын құдіретінің қажет тұсы да, мейлінше көрінері де осы. Аңғал оқырман Сара немесе Махамбет осылай деген екен деп түсінсе мейлі, Фариза сомдаған идеалдың бәрі бір ғана соның поэтикалық «мені» болып, Фариза ғана болып асқақтайды, адасуы мен өкініші көп адам - пендені биікке, нағыз адамға тән асқақтыққа, тазалыққа, ар мен намысқа шақырады, көзқарас пен сенім түйіндерін батыл да айқын мінезбен шешіп береді. Әйгілі «Әйелдің монологында»:

… Бірақ өзің айныдың,
ұмыттың да жастықтың жұмақ
күнін,
сен мысқылдап, мен – болсам

жылап тұрдым.

Өмір атты бұрқанған дарияға

бұрымымнан ұстап ап

лақтырдың...

Сенің от құшағыңда
ардан аттап, қалдырдым
пәктігімді,

ләззатқа батырған ақ түнімді.

Айырдым мен аяусыз енді кимес

ақ көйлекті тігілген сәтті күнгі...

... Мен кінәлі емеспін ар алдында

Құдайың да кешеді тап мұнымды!

- деп келетін жолдар алмас қанжардай аяусыз айтылып, ыржаңшыл ақымаққа ес кіргізбей ме! Түрмедегі Ақбөбектің:

Селтиген сары!

... тірілей сенің құшағыңа енбен,
жүн ерін,
Аю мойныңа асыла алмайды

Қайыпты ораған білегім!

Асқақтығым асып, ашуың қысса,

жарып же

жабайы қыздың жүрегін! - дейтіні немесе қазақ екені мүмкіндік туғанда ғана есіне түсіп, даурығысып жатқандардың ойына да келмеген ұлттық ашу-ызаны бірде негр қызына, енді бірде тағы біреуге жорта таңа отырып, қылышпен шапқандай етіп айтқаны, кешегі заманның кезінде-ақ әділет пен ақиқатты (жеке өмірден саясаттарға дейінгі) батыл жақтап, ерлік пен өрліктің перзенті боп қалғаны Фариза әлемі әлі заманымыздың ірі тұлғаларының бірі еткеніне ешкім күмән келтіре қоймас.

Фариза әлемі - әлі өзіміз сырына тереңдей қоймаған, бірақ айтулылардың бірі болып қазақпен бірге мәңгі жасайтын әлем. Оны айтып ұқтыруды міндет етпедік. Фариза сомдаған Майраның бір монологында:

... тағдыр ғұмыр кештірмей малша маған,

кемтар етпей, кенде етпей ар-санадан

өмір бітті.

Мен кешкен сәттің бірін

Сезіне алмай өтеді қаншама адам?! - деген жолдар бар. Осы асқақ идеал мен адам қызығарлық тағдыр Фаризаға о бастан өмірлік мұрат болса, енді Фаризаның өзі, өз әлемі, ақындық тағдыры кейінгі саналы ұл-қызға, күні ертеңгі қазақ халқына идеал болып отыр.

Бәңгі бола жаздаған қоғамнан күні кеше шығып, әлі ес жиып, етек жауып үлгермеген сәби мінез халқымызға ұлттық идеология іздеп жатқан мына алмағайып заманда қазіргі жас-кәрінің бәріне қажет мұраның бірі, бірегейі - Фаризаның поэтикалық әлемі, ол сомдаған ұлттық лирикалық кейіпкердің асқақ, қайсар, намысты, текті бейнесі.

Еркек пен әйелдің жолыға салып, жата кететінін махаббат деп, ақшаға Отан да, адам да, жан да, тән де сатылуы мүмкін екенін - прагматизм деп, бауырына жаны ашымас қайырымсыздықты - индивидуализм деп, ой-санаңды билеп алып, семіз құл етуге жанын салып жатқанның алдарқатқанын жақсылық деп... адаса бастаған жастарға, кешегісін ұмытып, керенау тартқан өз халқына деген сенімі мен үмітінен ажырап, рухани алжуға бұрылған кейбір үлкендерге... сол Фариза әлемі - жан мен рух туберкулезін емдейтін поэзия жазбай табысып, жанында болғай.

1997 ж.

ҚАЗАҚТЫҢ ФАРИЗАСЫ

Гүлсім ОРАЗАЛИЕВА

Наурыз. 1990 жыл. Ол кезде Фариза Оңғарсынова республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ақжелкен» журналының бас редакторы болатын. Біздің семьяның Қарағандыдан астанамыз Алматыға жаңадан көшіп келіп, менің жұмыс іздеп жүрген кезім. Фариза апайдың алдынан өтпекші болып жұмысына келдім. Қабылдау бөлмесіне кіргенім сол еді, есіктің арғы жағынан апайдың ашулы дауысы шықты. Сөздері анық естіліп тұр.

- О заманда бұл заман қызды зорлау, оның үстіне топ болып зорлау деген не сұмдық! Ол адам емес, екі аяқты айуан! Түрменің түбінде шірісе де мен ондай адамға араша түспеймін. Не болып барады бұл қазақ. Ішетіндері арақ, жасайтындары қылмыс. Баланы тудыңдар ма - неге жөндеп тәрбие бермейсіңдер! Әуелі сендердің өздеріңді соттау керек. Жоқ, мен сендей адамдармен сөйлескім келмейді, шығыңдар! – деді.

Қабылдау бөлмесінде кезек күтіп отырған екі-үш адам мынандай ызғарлы сөзден кейін үрпиісіп қалдық. Сол сол-ақ екен елулерден асып қалған екі адам – ерлі-зайыпты болар, кабинеттен шыға берді. Қу перзенттің күйігі мен Оңғарсынованың оңдырмай айтқан ащы шындығының өртіне жүздері де, өздері де күйіп барады. Мен оларды іштей аяп кеттім.

- Күнімжан! Қайда әлгі Семейден келген кісі, кірсін! – деді хатшы қызға дауыстап. Үнінен сезіледі, ашуы әлі шарықтап тұр.

- Сіз кіріңіз, - деді хатшы қыз алпысты алқымдап қалған қара торы әйелге қарап. Әйел қасында отырған жігітке (мен баласы болар деп түйдім):

- Сен отыра тұр, мен өзім кіріп шығайын, - деді. Қобалжып қалғаны жүзінен сезіліп-ақ тұр. Әрине, жаңағы іштен шыққан екі адамның кейпін көргеннен кейін ішке кіруге бәріміз де беттеңкіремей қалдық. Мен тұрмын әрі-сәрі күйде. Алай – дүлей «ақ боран» ашу ортасында отырған адамға: «маған жұмыс тауып беріңізші» дегенім қалай болар екен? Одан да ертең келсем қайтеді, оған дейін апайдың да ашуы басылар деген ойдың тууы мұң екен, қабылдау бөлмесінен дәлізге қалай тез шығып кеткенімді өзім де сезбей қалдым.

Ал, енді маған сол «ертеңім» қиын болды. Барайын десем, кешегі «ақ боран» елестейді көзіме. «Немене сенің күйеуіңе жұмыс тауып бер, өзіңе жұмыс тауып бер… Әке-шешелерің, біреуі – Түркістанда, екіншісі – Шуда жатып маған аманат етіп кетіп пе еді?» десе кешегілердің кебін киемін-ау деп жүрегім дауаламайды. Бармайын десем, «мен пәленше едім» деп баратын Алматыда атымыз да жоқ, қол – ұшын бере қоятын туысқан да шамалы.

Ақыры «қуса қуып шығар» деп, бойымдағы бар жігер-қайратымды жинап, редакцияға ертеңіне қайыра келдім. Ішім қалтырап тұрғанмен сырттай байсалды болған болып, есікті ары итердім. Фариза апай біреумен телефон арқылы сөйлесіп отыр екен. Есіктен сығалаған мені көре сала: «Гүлсім, кел, кел. Отыр», - деп, орындықты меңзеді. Үні аса жұмсақ, мейірімді естілді. Кешегі «алай-дүлей ақ боран» басылғандай. Өзі телефонның арғы жағындағы адамға:

- Оқудан шығармасаңыздар болды. Жататын жерді өздері табатын түрлері бар. Балалықпен төбелеске түсіп… Рахмет, рахмет… Соны түсінгендеріңізге рахмет… Мен бір осы қаланың бірінші хатшысы, әлде бас прокуроры секілдімін. Жылап – сықтап «сен» деп сенім арқалап жер түбінен келген соң қол ұшын бергім келеді. Содан амал жоқ сіздерді мазалаймыз…

Мен түсіне кеттім. Кешегі Семейден келген әйелдің мәселесі шешілді.

Бұдан кейін Фариза апайдың көңіл-күйі көтеріліп, мүлдем шарықтап кетті. Менің де сол-ақ екен тартылып тұрған жүйке тамырларым өз-өзінен таралып, еркіндік келді бойыма. «Жолым болатын шығар» деп топшылап қойдым.

- Кеше неге кетіп қалдың? – деді, телефонды қоя салысымен.

- Кеше, мен үйден шыққанда күн күлімдеп тұрған, сіздерге келсем, шамалы борандатып тұр екен, содан ерте-жарықта елге жетіп алайын деп, кетіп қалдым, - дедім. Фариза апай бетіме бажырайып бір қарады да, «мынаны-ай» дегендей мырс ете қалды. Бірақ менің мылжыңдау айтылған қалжыңыма жауап қайырмады. Оның орнына:

- Сен өзі жұмыс істеуші ме едің? Жоқ, күйеуім асырайды деп жата бересің бе үйіңде?

- Егер жұмыс болса… Соны сізден… - деп, күмілжи беріп едім, өзі:

- Онда ертеңнен бастап «Жалын» журналына жұмысқа шығуыңа болады. Ондағы бас редактордың орынбасары Мереке Құлкеновке айттым, алады, - деді.

Жұмыс іздеп әлі қанша ай сандалар екенмін деп жүргенімде, «ертең шық» деген маған аспаннан Ай түскендей болды. Шынымды айтсам, Фариза апайды дәл осы сәтте сөзбен айтып жеткізе алмайтындай аса бір ыстық сезіммен жақсы көріп кеттім. Жақсы көрмегенде! Оқырманның қолынан түспейтін республикадағы маңдай алды журналдардың бірі – «Жалынның» қызметкері болғалы тұрсаң. Орнымнан атып тұрдым да, Фариза апайды отырған жерінде құшақтап бетінен бір сүйдім, ләм деместен шығып кеттім.

Фариза ақын:

Мақтама өзің өзіңді,

жұрт айтсын жақсылығыңды.

Өмірде дана сөз – үлгі,

әлемдей өмір ғұмырлы, - дейді.

Менің дәл сол сәтте «Фариза апай, Сіз өмірдей – данасыз, әлемдей – ғұмырлысыз!» деп, айтқым-ақ келіп тұрды.

Бірақ тағы да Фариза ақын:

Дегендей бір көргеннен сырымды алар,

әдетім тосын жанға қырын қарар.

Басқадан ала алмаған өшімді мен

алатын достарымнан «жыным» да бар, - дейді.

«Иә, сен едің маған баға беретін. Аулақ жүр!» – деп, жатқан «жынды» оятып алармын деп тез кеткенім де сол.

Бұрын Қарағандыда оқуда болған баласы Айбарға келіп-кетіп жүргенде ара-кідік араласып, жүздесіп жүрсек, осыдан былай бір қалада тұрып, қоян-қолтық араласып кеттік. Фариза апай бізді бөтен ру, өзге ауылдың адамдары демей, кеудеден итермей, қайта балаларындай бауырына басты.

Фариза Оңғарсыноваға атқосшы болып елге талай шықтым, сапарлас болдым. Туған жерім Түркістан өңіріндегі мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов атындағы ауданда болғаным, алты жасар баладан алпыстағы шалға дейін жиналып, клубқа сыймай тұрып, жыр оқылған, ән айтылып, күй тартылған сол бір әдемі кешті Фариза апай ара-тұра айтып қояды. Сол жолы: «Өмір сүруіме дем беретіндер өкімет басшылары емес, өлеңімді оқитын осындай қарапайым оқырмандар. «Апай, сіздің өлеңіңізді оқыдық!» – деп барған жерде алдымнан осылай шығып тұрса, мен үшін бар бақыт, шен – шекпен сол» – дегені әлі есімде.

Мен білетін Фариза Оңғарсынова арқалы ақын ғана емес, салмағы санаға да, жон арқаңа да түсіп тұрған мынау заманда он жігіттің жүгін бір өзі арқалап келе жатқан марқасқа азамат. Жалғыз ағасы Махиз қырық жеті жасында дүниеден қайтып, жеңгесі Айбатша сегіз баламен жесір қалды. Бауырының балаларын бауырына басып, оларды ешкімнен кем қылмаймын, әкелерін жоқтатпаймын деген мақсатпен біреулердің алдында орынсыз кішірейген, қиынсыз тәкаббарланған кездері де болды. Өзі кимеді, өзі ішпеді, бірақ оларды «министрдің баласындай» баршылықта өсірді, бәріне жоғары білім әперді. Қазір олардың бәрі бір-бір шаңырақтың иесі. Бұл күнде Фариза апай кішкентайынан бауырына басқан ұлы Айбарға – мама, Асқар, Артур, Алмагул, Гүлнәр, Элеонора, Айбек, Әсем, Алмасқа – папа, ал немересі Анитаға – Шах мама!. Өзі айтқандай, бұл өмірден тапқан бар бақыты алған орден медальдары емес, осы қоңыр көгенкөздері.

– Балалары мен Өлеңі!

Бұл үйдің барлық халқы нық,

шетінен тұлға шіренген.

Қамдарын ойлап шарқ ұрып,

шырылдап жалғыз жүрем мен.

Оларша: самғар қанатын

құстаймын,

ой мен қайғым кем.

Бәріне бәрін табатын

сарқылмас байлықтаймын мен, - өлеңі соған дәлел.

Фариза апай балаларын, маңайында жүрген біздерді, өз ортасын: құлағы салпаңдап, тілі салақтап, көрінген қарайғанға жүгіре беретін аңшының иті болмауға, бас пайдаң үшін біреудің ала жібін аттап көз жасына қалмауға, бәле-жалаға шатылып, алдыңа келгенде «ақшаң бар ма?» – демей, бар абырой – беделіңді салып, арашалап қалуға, ұлды ұятты, қызды қылықты етіп өсіруге, немерелерді төбесіне көтеріп, арқасына ат болып мінгізіп, бірін – хан, бірін – патша көңілде тәрбиелеуге үйретті. Оны ол алдына отырғызып қойып, алты сағат айтқан ақылмен емес, біреуге – қырсық, біреуге – тәкаббар, біреуге – асқақ көрінер мінезбен тәрбиеледі.

- Кейде елде отырған ағайын «депутат болғанын қайтеміз, зейнетақымызды көтермеді, жұмыс тауып бермеді…» - дейді. Бұл бір депутаттың шешетін түйіні ме екен?! Мемлекет шет елдерге белшесінен қарыз. Ол қарыздың алдында небір мықты қаһарманыңыз да қауқарсыз. Жылтылдап телевизорға шыға, шатып-бұтқан бір нәрселерін газетке жариялай берсе, соны халық қамын ойлайтын қамқоршы деп түсінетін таяздық бар бізде. Әрине, ол әсіре қызылға алдану.

Мен білетін Фариза Оңғарсынова - қашаннан-ақ халық қамын ойлайтын қаһарман. Егер ол депутат болмай тұрып-ақ шапағаты тиген, қамқорлығын көрген адамдардың тізімін жасар болсақ, аз болмасы анық. Бұрын қарапайым халық «абырой – атағыңызға сеніп келдім» – деп тілек жасаса, енді мәжіліс депутатысыз – жұмыс жоқ, қыз жезөкше, ұл қарақшы, ауыл тозды, халық босты, айтыңыз президентке! – деп, талап қоя келетін болды. Әкім мен прокурордың, прокурор мен соттың арасында сенделіп шындық іздеп шырылдап, оны олардан таба алмай депутат Фариза Оңғарсыноваға келіп мұңын шағып, көмек сұрап отырған талай шарасыз жандарды көргеніміз бар.

Парықсыздар теңеліп ел билесе, сор болар,

байлыққа олар кенеліп, қайран халқың қор болар.

Таққа мінген тексіздің астамдығы артады,

халқы кешіп шексіз мұң, бар азабын тартады.

Ондай адам бағы емес – қасіреті халқының,

адамзатқа тақ емес, ақыл жолдас, жарқыным! – деген бүгінгі ортаға, құйтырқы қоғамға нала болғаннан туған жолдар.

«Елге барсам, шаршап келем. Кедейшіліктен азып-тозған адамдар, жүздерінде мұң. Ала сөмкесін арқалап базар мен үйдің ортасында әйел жүр безілдеп. Еркек отыр қазан-ошақ, бала-шағаның қасында. Әйел ерге, ері жерге қараған қу заман болды ғой бұл, - деп күйінеді кейде Фариза ақын.

Мен жалғыз мұңды жүргеннен

өзгерте ме өмір күймесін.

Быт-шыт боп жатқан беу дүние

табар ма содан үйлесім.

Құлпырып қайта Жер – кие

ағыта ма әлде түймесін?

Дүниені таптап күн көрген

зұлымдық бірақ күшінде,

адалдық тордың ішінде.

Жазылмас дертіне жалғанның

дауа іздеп бекер қармандым,

жақындар емес арман – күн.

Халқының қамын ойлау – қайқы қылышты қолға алып, атойлап атқа отыру емес. Қоғамдағы болып жатқан өзгеріс-жаңалықтарға жіті көзбен қарап, би-болыс, әкім-қараларға ісінің дұрыс-бұрысын жалтақтамай ашығын айту. Бұл бар ақын атаулының парызы болмақ. Ал Фариза Оңғарсынова халық алдындағы парызын адалынан атқарып келе жатқан перзенті. Оны Фариза ақынның поэзиясын, қара сөзін қалт жібермей оқып келе жатқан оқырман болса біледі. «Түсіне білген, көре білген адамға менің бүкіл творчествам – саяси күрес», - дейтіні де сондықтан Фариза ақынның.

Би мен бектердің құлқындары қылқылдап тұрған бүгінгі заманда сөзі отты, өзі бетті, асқан-тасқандарға «тәк-тәк!» деп, тәубаға келтіріп отыратын Фаризалар болмаса, қара халықтың күні бұдан да әрі сорға батар ма еді деп ойлаймын. Сәл де болса олар сескенеді, айбарынан айыл жияды.

Фариза ақынның өзімді таң қалдырар тұсы тағы бар. Әуелден сүйгенін де, күйгенін де қымсынбай ашығын айтып, оқырманды өзіне бірден баурап алған ол жер ортасынан асып, құдайына жақындаған сайын өзінің кейбір пендешілік пейілін жасырмай, «мен сүттен-ақ, судан таза едім» демей, көптің алдында кешірім сұрағандай күй кешеді. Міне ақын – Фаризаның, адам – Фаризаның ұлылығы да осында! Қоғам құлап, былыққа белшемізден батсақ та, біз патшамыздан пақырымызға дейін қателігімізді мойындай алмай, кеудемсоқтыққа салып, халықтан сауға сұрауға арланып келеміз. Ал Фариза апайдың жақсы көріп, оның алдында үнемі табынып жүретін Мұхамбет пайғамбары – күнәні мойындау, оған өкіну, сұрау, ол – тазару!- дейді.

Билік пен баю болып алар үлгім,

мейрімсіз мансаптыны аға қылдым.

Баяғы арман, ұят, адалдығым

құрбаны болды ашылған аранымның.

Білемін: мұның бәрі жат арыма,

құдайдың қалам бір күн қаһарына.

Өзіме келмейді әлім, түбі асылы

құлармын құлқынымның апанына.

Міне, бұл мен білетін ақын – Фариза, адам – Фариза осындай!

Бұл әңгімені маған қазақтың талантты режиссері Болат Атабаев айтқан еді. Неміс тілін жетік білетін Болат Германиядан келетін қонақтарға аудармашы болып жүріп естіген екен.

Оқиға 1974-ші жылдың көктемінде болса керек. Ол кез – совет үкіметінің тұсында ақын-жазушы үшін шығармасы шет тіліне аударылғаннан артық бақыт - абырой болмайтын. Содан ГДР-дан бір неміс ақыны – Қазақстанға Фариза Оңғарсынованың және бір-екі ақынның шығармасын неміс тіліне аудармақ болып келеді. Қазақи әдетпен Фариза апай оны үйіне шақырып, төріне отырғызады, барын дастарқанына жайып салады. Бір кезде үлкен ас – ет келіп, қонақ алдына қойдың басы тартылады. Сол-ақ екен қасында отырған аудармашы орыс әйелі екеуі күлкіге басады. Әуелгіде не болғанын түсінбей, аңтарылып қалады Фариза апай. Бір кезде екеуі алдарына қойған басқа күлгендерін күлкіге булыға отырып әрең айтады. Сол-ақ екен:

- Менің халқымның дәстүр-салтын түсінбеген, оны сыйламаған адам менің кітабымды аудармай-ақ қойсын, - деп орнынан ыршып тұрып, - кәне, үйімнен шығыңдар! – деп әлгі дәмнен ауыз да тигізбестен айдап шығыпты. Арашаға түсіп, «Фариза, ұят болды ғой, ұят болды ғой, бір ашуыңды маған қишы» – деген, оларды ертіп келген Әбіш ағаның (Әбіш Кекілбаев) сөзі де дәрменсіз болып қалады.

Әлдекім маған «Халқыңды сүю деген не?» – деп, сауал қоятын болса, мен осы мінезді, осы әңгімені көлденең тартар едім.

Ойларым – елім, тілім ар-намысым,

шығады солар үшін жан-дауысым.

Қыран да қара жерден жылу алар

мәңгілік қияндарға самғау үшін! – дейтін өлеңінен өз пайдасынан халық мүддесін биік санайтын, соның жолында бәрін құрбан етуге бар ақын мінезін көруге болады.

Осыдан бір жыл бұрын премьер-министр Нұрлан Балғынбаевтың қыз ұзату тойында әнші Нұрлан Өнербаевқа салған жерден Фариза апай:

- Сен, Нұрлан, ақшасы көп адамдарды жағалайтын болғансың ба? – дейді. Найзағайдың отындай жарқ еткен сөз қаһарынан әнші Нұрланды қорғаштаған Нұрлан Балғынбаев:

- Жоқ, жоқ, Фариза апай, мен Нұрланды премьер-министр емес, «Қазақойлда» жұмыс істеп жүргеннен білемін, - депті.

- А, сенің ол кезде ақшаң болмады деп кім айтты? - депті Фариза апай.

Қос Нұрлан өздерін бір оқпен атып алған Фаризаны сасқандарынан қарқылдай күліп, екеуі екі жақтан құшақтап жатыр дейді.

Парламенттің бір жиынында болса керек Фариза апай Президент Нұрсұлтан Әбішұлы мен Сара Алпысқызына кездесіп, амандасып тұрған сәтте:

- Жапатармағай бәрің президент бола бермей Нұрсұлтанды бақсаңдаршы, - депті Сара Алпысқызына қарап. Бұл сөз құлағына жаққан Нұрсұлтан ағамыз да, қазақи қалжыңды түсіне білетін Сара апамыз да рахаттана бір күліпті.

Менің Сайлау ағам айтады:

Бұл Бауыржан Момышұлына «Кеңестер Одағының Батыры» деген атақ берілген күн болатын. Ақын Аян Нысаналин екеуміз «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясынан шығып келе жатыр едік - дәл лифтінің жанында Фариза Оңғарсыновамен ұшырасып қалдық. Сол жерде Аян:

- Фариза апай, сүйінші! Бауыржан Момышұлына «Халық батыры» атағы берілді, - деді. Дәл осы атақ екеумізге берілгендей елпілдеп-ақ тұрмыз.

- Бауыржанның батыр болғаны – халқымның батыр болғаны! Мынау сүйіншің, - деді де сөмкесінен аз емес ақшаны алып Аянға ұстата салды. Елпілдеп тұрған көңілді немен басарымызды білмей тұрған біз сыраханаға қарай тарттық.

Менің досым, Түркістан қаласының прокуроры Мәрзия Сейітқазықызы бірде Фариза Оңғарсынованы қаланың бір топ жақсы мен жайсаңдары болып күтіп алыпты. Мәрзияны бұрыннан, Маңғыстауда жұмыс істеген жылдардан біледі, сыйлайтын сіңілілерінің бірі. Ал Мәрзия болса Фаризаның өлеңдерін, кітабын басына қойып оқитын – фанат. «Оңтүстікке келіп қалай болды екен?» – деген сыңаймен:

- Ия, Мәрзия, Түркістан қалай екен? Пара көп пе? – депті, салған беттен.

- Апай, алатын адам болса, параның табылатын түрі бар, - депті бірден тұтығып – тұншықпастан ары да, қолы да таза Мәрзия.

Көрінгенге жағу ма құрмет деген,

Қайырлай ма онысыз жүрдек кемем?

Жерді басып жүргеннің барлығына

түсінікті болуға міндетті емен! – дейтіні де Фариза ақынның өз мінезі.

Міне, бұл - өзгелер білетін Фариза!

1999 ж.

ПОЭЗИЯ ПАТШАЙЫМЫ

Сайлаубек ЖҰМАБЕКОВ

Әрбір шоң таланттың әрқашан ұлттық ырыс, ұлттық қазына болып келетіні ежелден мәлім. Біз бұл жерде тауып айттық, жаңалық аштық дей алмаймыз. Біз небәрі тек осынау мәңгілік ақиқаттың теңдесі жоқ формуласын, соның өміршең бір шынар-шырайын көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың әлемі - Поэзиясы өзінше бір шоқтандырып, сәулелендіріп, нұрландырып келеді десек әсте артықтығы жоқ. Қайта керісінше, мың-мыңдаған оқырмандарының бірі ретінде кенеттен ғайыперен пәруана пірге қол бергендей тым құдыреттеніп, тым асқақтап, сол мезет адамдық тағдырымызға риза екендігімізді, сөйтіп жалпақ жаһанға жар салатынымызды, өзіңе аян, бірақ та өзгеге жүмбақ мейлінше бір күй кешетінімізді әсте жасыра алмаймыз.

Қандай азап сезіну, сезу деген!

Сол азаптан әзірмін безуге мен.

Жанның ағыстарымен салыстырсаң,

түк еместей бұрқанған теңіз, кемең.

Сені мен Мен - қайтеміз өзгені біз,
жақындамай, тілдеспей өздеріміз
теріс қарап тұрып-ақ сезінеміз-

жауырынға біткен бе көздеріміз?!

Болмақ емес біздерде ашық, өкпе,
мен - тамыры, сен - қайың - басы көкте,
жазатайым қурасам - сен құлайсың,

қасиет пе, бұл әлде қасірет пе?

Алмайды ешкім сезімді ақы-пұлға,

Әлсіз оған даңқың да, уақытың да.

Менің бақыттылығым сол жалғанда –

Қасіреттен тұрады бақытым да! - дейді ақын Фариза.

Ал өлеңнің өнебойындағы әрі өмірлік, әрі көркемдік шындық қандай ғажап, қандай қуатты! Өнер иесінің бүкіл тіршілігі - драмасы мен трагедиясы, пенде ретіндегі болмысы мен дерті өлең өрімінде қалайша біртұтас шыққан! Сезім мен ойдың, ой мен сезімнің бірде тамырға, бірде жапыраққа алма-кезек ұласып жатуы лирикалық туындының ғажайып көркемдік үйлесімін көрсетіп тұрған жоқ па!

Асылы, әу бастан микеще не мәңгүрт, пасық ішмерез не қаншыққыжыл дуайпат болмасаң, бас имеуің, табынбауың әсте мүмкін емес.

Төрт аяғын тең басқан өлең келісіміне бас имей көр!

Төрт қабырғасы түгел өлең құдыреті мен сиқырына табынбай көр!

Асылы, Бақытын - Қасірет немесе Қасіретін - Бақыт көретін ақын шындығы мен шыншылдығына парапар келетін, шендес келетін не бар екен деп сол замат ойша шарқ ұрасың, шарлайсың. Өлеңді қайта оқисың, сөйтіп қайта сүйсінесің. Бірақ, бәрібір ақын құдыретіне тең түсетін ешнәрсе таппайсың. Мұны тек Фаризадай шынайы талант, Фаризадай шоң ақын ғана айта алады екен.

Ақындық сапарында, яғни күні бүгінге дейін жемісті шығармашылық ғұмырында өзінің поэзиялық болмысын қанжоса жүрегімен, тоғызыншы баллдай буырқанған -шамырқанған сезімдерімен, шарболаттай суарылған ой-пайымдарымен ылғи да толассыз айтумен, жырлаумен келеді екен.

Ендеше Фаризаға неге бас имеске!

Ендеше Фариза ақынға неге табынбасқа!

Фариза Оңғарсынованың ірі ақын екендігіне әуелде күмән болғанмен, кейіннен күмән туған емес. Таланттың танылу процесі ұзақ болмағанмен, қалтқысыз мойындалуы, мэтрлер санатына қосылу барысының едәуір созылатыны және рас. Ақын Фариза осы биікке әлдеқашан көтерілген деп білеміз.

Міне, сондықтан да біз Фаризадай ірі ақынымызды, шынайы ақынымызды, сөз жоқ, ұлттық ырысымыз, ұлттық қазынамыз деп батыл айтуға тиіспіз. Тәуелсіздіктің қазір елімізге, біздерге, ой-санамызға түсірген шипалы-шұғылалы бір нұры - бір сәулесі деп білеміз. Оның үстіне күні кешеге дейінгі қоғамдық дәуірлердің бойымызға сіңіріп кеткен бодандық пен қосүрейлік, кіріптарлық пен жарамсақтық сияқты құлақкесті әлеуметтік-психологиялық эмбриондарға, пасық пиғылдар эпидемиясына қарсы жаппай пәрменді вакцина жүргізу ісі мемлекеттік дербестігіміз нығайған сайын рухани-әлеуметтік тұрғыдан неғұрлым күшейе түседі, неғұрлым арта түседі деп үміттенеміз. Соған сенеміз. Сол үшін де жұмыла күресуге тиіспіз. Соған өз үлесімізді қосуға міндеттіміз.

Ақынның бір бақыты мен бір соры - оның көзі тірісінде аңызға айналып кетуі. Бақыты -мың-мыңдаған қарақұрым оқырмандарының көңіл іңкәрінің төрінен орын ала білуінде. Соры - бәйгеге түскен қаламдастарының, әріптестерінің ат төбеліндей азғантай тобының не тұзы кем, не ашытқысы асып, бықырып кеткен туындылар беруіне тікелей өзі «кінәлі» екендігінде. Бұндай «кемталанттардың» (А. Сүлейменов) еркіне, ырқына салсаң, ірі таланттарды танудың өзі - бейне солардың қапияда, ойда-жоқта жалаңаяқ шоқ басқанындай. Мұны мүрдем кеткен пендешілік бишаралықтың, саналы түрде сасық жеңіске жеткен жетесіз пиғылдың тұлданған дақпырты ғана демеске шараң жоқ... Осы арада бір жәйтті жол-жөнекей айта кеткен жөн тәрізді. Уакытша қиянаттың опа бермейтініне, түптің-түбінде қарымта зауалы қайтатынына дәлел.

Бұдан аттай он жыл бұрын осы жолдардың авторы «Сын пернесі» атты кітабына енген бір мақаласында: «Мәселен, Сент-Бев жоғарыда айтқан Марселина Деборд-Вальмор туралы: «Она уже поэт, она - сама поэзия» десе; ал Павел Антокольский Марина Цветаева жайында: «Марина Цветаева - никогда не поэтесса. Она – поэт» деген қанатты афоризмдерге айналып кеткен батыл да әділ тұжырымдарды Фариза Оңғарсынова творчествосына қарата айтсақ, ақиқат аулынан алшақтамасымыз кәміл» - деп жазған еді. Әрі салыстырмалы, әрі тұспалмен айтылған осы пікірімізді алқалы мәжілісте қазіргі атышулы қаламгер бір ағамыз мысалға келтіріп, мейлінше мәнерлеп оқып, жалғыз оқпен екі қоянды атып алғанына әрі мәз болып, әрі сол пікірді Фаризадан қияметтей қызғанып, ер-тоқымын бауырына алып, олай мөңкіп, бұлай тулағанынан мейлінше хабардармыз. Фариза ақынның шығармашылығын мансұқтау, көркем сынға топырақ шашу, қотыраш-батыраштықпен сәті мен жолын тауып сыншыны бір мұқатып қалу, қасақана түрде мұқатып қалу, қасақана түрде аяқтан шалу ол қаламгерге әрқашан түк те емес. Сыншы сол жолы ала алмаған сыйлығын кейін бәрібір алды. Бірақ та осынысы арқылы сол қаламгердің бір жолға уақытша ғана пендешілік айызын қандырғаны қандай даусыз болса, о заманда-бұ заман келіге су түйген немесе күбіге қара су піскен ысқаяқ шығайбайлық-қуыскөкірек пасық болмысты жарапазан менменшілдікті нақты көрсететіні де сондай даусыз ақиқат.

Мақала авторы осы пікірін бүгін де қайталап айтады. Сол салыстыруды, сол тұспалды тек бар болғаны үстемелеп, нақтылай түседі. Фариза Оңғарсынова, сөз жоқ, ірі ақын. Сөз жоқ, Фариза ақын - тұнып тұрған өміршең поэзияның өзі болып табылады. Өйткені, ол өзінің бүкіл шығармашылық еңбегімен, шынайы талантының ірілігімен -Поэзия Патшайымына айналған бақытты тұлға!

Қазақ қыздарының - қарындастарымыздың, әпкелеріміздің, сіңлілеріміздің бәйшешек сезімдерін, қызғалдақ шақтарын немесе әжелеріміздің, қарындастарымыздың, сіңлілеріміздің, яғни арғы-бергі тарихтағы қазақ әйелдерінің толғауы тоқсан тағдырларын мейлінше зор сүйіспеншілікпен, мейлінше зор тағзыммен, мейлінше зор шындықпен, мейлінше зор шабытпен асқақ та сұлу жырлаған ақын Фариза Оңғарсынова, шын мәнінде Поэзия Патшайымына айналған сирек тұлға - дара тұлға!

Оған ақынның сонау «Сандуғаш» (1966) жинағынан бастау алып, «Маңғыстау маржандары», «Мазасыз шақ», «Асау толқын», «Мен сенің жүрегіңдемін», «Сенің махаббатың», «Шілде» (таңдамалы), «Сұхбат», «Жүрек күнделігі» (таңдамалы), «Дауа», «Өсиет», екі томдық таңдамалылары арқылы жалғасқан, күні бүгінге дейінгі «Шашы ағарған қыз» атты кітаптарында көшелі көрініске, дербес көркемдік әлемге айналған құлын мүсін лирикалары, парасатқа тұнған поэмалары, принципті көзқарастары айқын мақалалары-эсселері толық дәлел болады. Поэзия Патшайымы атану үшін жоғарыда аты аталған өлең жинақтарының, кітаптарының кейде жекелей де, кейде тұтастай да кемел кепіл бола алатынын қалың оқырман қауым өте жақсы біледі. Өйткені, олардың өзі ақынның осынау көркемдік әлеміне шынайы тәнті болғаны сонша, ақын Фаризаны - үнемі Поэзия Патшайымы ғой деп еркелетеді.

Көзі тірісінде аңыздың ақиқатқа, ақиқаттың аңызға айналған нақты бір көрінісі де осында емес пе! Асылы, мынадай:

Білмеймін:

жанарыңнан сыр ұқтым ба,
әлде өзімді сол сәтте ұмыттым ба -
өзің болдың әйтеуір бұл күнгі әнім,
көтеріп ап кетіп ең - бұлқынбадым -

әлде аймалауыңа құнықтым ба.

Білмеймін:

құшағыңда дір еттім бе,

алып-ұшып бара ма-ау жүрек мүлде...

Ойлағым да келмеді ештеңені,

күндіз бе әлде, білмеймін, кеште ме еді -

тек ұққаным - жан бірге, тілек бірге.

Білмеймін:

пәк сезімге мұқтаждау кезім бе еді,

сеніміңді көп болған сезінгелі.

Сезінгелі, сені ойлап, көз ілгелі...

Іңкәрлықтан, аяулым, тына көрме,

бақыт деген сәттерден тұра ма әлде?

Онда өтіп кетпегей тез ілгері.

Сол сәтте

Бұлтты аспаннан жарқ етіп қарады ақ Күн,

Шуағына бойымды аралаттым.

Сезімімнің қақпасын дара қақтың.

Елжіресіп, ұғысып, сеніп бірге

ағыл-тегіл сезіммен еріттің де,

өзің маған өзім боп бара жаттың.

немесе:

Білемін:

сүйем сүйсем әйтеуір құлап-талып,

дүниенің барлығы жырақ қалып.

Сені мен мен түсінер жай туралы

көргенім жоқ ешкімге сыр ақтарып.

Сені аңсаймын көзімнен жас ағыла,

көбейді ғой бұл күнде шаш ағы да.

Сыр ашпаймын еш жанға. Шағынғанда

біреу сенің орныңды басады ма…

Сезім қолдан
ешқашан жасалмайды,
жасағандар ұзаққа аса алмайды. -
не алдасып бір-бірін күн кешеді,

мен ондайға көнбесім қашан да әйгі.

Мен сондаймын.

Сүйсем егер ғұмырлық сүйіп кетем,

басқаларға жүрегім тұйық мекен.

Аласарсам, ешкімге ұқсамайтын

сезіміммен көңілді биіктетем, - деген лирикалық өлеңдерді тудырған ақынның дүрбелеңі де, дүмпуі де жетіп артылатын осынау өмірде аңызға айналмауы, сүйіспеншілікке бөленбеуі, Поэзия Патшайымының тек өзіне бұйырған бәсіре тағына көтерілмеуі мүмкін емес қой!

Адам жан-дүниесінің, әсіресе әйел жан-дүниесінің бүкіл болмысы біз саналы түрде толық келтірген осынау екі өлеңде қаншама шыншылдықпен, қаншама тереңдікпен, қаншама осалдықпен, қаншама нәзіктікпен, қаншама өршілдікпен, қаншама қайсар-жігермен, қаншама ынтызар, қаншама үмітшең, қаншама күрескер шабытпен берілген, жырланған десеңші!

Ақын Фаризаның қазақ поэзиясына әкелген шынайы да тосын жаңалығы, өзіндік дербес поэтикалық қолтаңбасы – осынау лирикалық туындылардың бүкпесіз ақтарыла білу, бүкпесіз сырласа білу, бүкпесіз сенім арта отырып, бүкпесіз сендіре білу құдыретінде - талант сиқырында жатыр деп білеміз. Әрі қатқыл, әрі өткір, әрі асау, әрі мойынсұна отырып - әрі аялап, әрі мәпелеп, әрі жұбатып, әрі жігерлендіріп отырып сенің адамдық болмысыңды, тағдырыңды, іс-әрекет, ой-пиғылыңды, бастан кешкенің мен тіршіліктен күтеріңді, яғни бәрі-бәрін бір қауызға тамаша сыйдырып, бір дәнге ғажап сіңіртіп, дарытып көрсете білуінде жатыр.

Ақындық шеберлік пен құдыреттің тамыры да, нәрі де, құпиясы да, кілті де - Фариза өлеңдерінің өз өнбойында өзгеше бір келісіммен көрініс тауып жатуында.

Осыдан болса керек, ағылшынның үлы ақыны Джон Донның: «Мало назвать человека малым миром. Человек состоит из большего числа частей, чем мир» - деуінің көкейге кона кететінін ақын Фариза өлеңдері мейлінше әдемі дәлелдеп бере алады. Жоғарыдағы үш өлең осыны көрсетеді.

Ақын Фариза өз өлеңдері арқылы қазақ лирикасында күні кешеге дейін сартап болған баяндаушылық, тізбелеушілік монологқа сүйенген авторлық "меннің" - лирикалық кейіпкердің өрісін тарылтып, өресін төмендетіп, эстетиканың қаражаяу критерийлерін тас-талқан етті.

Ақын Фариза өз өлеңдері арқылы қазақ поэзиясына Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиевтың буыны батыл әкелген драматизм мен трагизмге толы лирикалық әуенді, философияны одан сайын байыта түсті. Ол өзінің дербес көркемдік әлемімен солардың қалқасында, тасасында, ығында қалып қойған жоқ. Ой орманы мен сезім селінің шығармашылық ықпалына малтығып қалып, тұншыққан да емес. Әріптес ағаларының өкшесін баса жүріп, өлеңдегі өз өлкесін тауып, өз күмбезін тұрғызып, өз көркемдік әлемін оқырмандарына тамаша көрсетті, тамаша мойындатты, әрі табындырды. Қазақ поэзиясының бір Антейі - Әбділда Тәжібаевтың кезінде Фариза өлеңдері турасында жазған мақаласын оқысаңыз, бұған көзіңіз жете түседі.

Сондықтан шығар, аңызға айналған ақын Фариза Оңғарсынова өзінің Поэзия Патшайымы атты рухани Тағы мен Тәжін лайықты түрде заңды алып отыр дейміз. Өйткені, ұлы Мұқағали Мақатаев:

Фариза, Фариза ақын, Фариза қыз!

Дүниеде ақындардың бәрі жалғыз, - деп бекер айтпаған. Бұл жолдардың өмірлік тиесілі нақты ақиқаты да әсте күдік тудырмайды.

Елін сүймегендерден,
жерін сүймегендерден,
өзін туған халқының
жанын ұқпағандардан,

әндей терең мұңымды,
сүтін емген тілімді
сезіп білмегендерден

жаным жылап, сенделгем , - деген ақын Фаризаның енді бірде:

Ертеңдерді, жерді ойлап,
адамды ойлап, елді ойлап;
Жер күрсінсе көз ілмей,
жаны ауырған өзімдей,

Күнмен бірге күлмесем,
Мен осылай жүрмес ем,
Өнер дертін білмес ем! –

деуінде қаншама шындық, қаншама мақсат, қаншама қуат, қаншама парыз жүгі жатыр! Фариза ақын кемел лирикалық туындыларын, меніңше, өзінің бойына жаратылысынан сіңірген, әрі төл ұрпағы ретінде мұрагерлік етіп, тіршілігінде жалғастырып келе жатқан ана махаббатымен, яғни әйел затының пешенесіне ырыс-несібе ретінде Тәңірі өзі сыйлаған аналық махаббатпен жазғандықтан Поэзия Патшайымына айналып отыр деген пікірімізді мейлінше меншіктеп, мейлінше қадап айтуға, мейлінше мақтаныш тұтып айтуға бір оқырманы ретінде құқымыз бар деп білеміз.

Бұған Поэзия Патшайымының - Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың шырқау көркемдік әлемі нақты дәлел.

2000 ж.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙