Мазмұнға өту
Home

Топограф Алексеев және Маңғыстау

Әбілқайыр Спан

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Топограф Алексеев және Маңғыстау

Әбілқайыр Спан — «Топограф Алексеев және Маңғыстау». Бұл еңбегімді атамекен, бала күлдігімнің қадір-қасиетін мектеп жасынан бастап білуге баулыған қадірлі ұстаздарым жармыштық Мыңтұрған Нұрғазиев (марқұм), Төрәлі Озғанбаев, өзендік Жәңгір Смағұловтарға арнаймын.

/uploads/21da330f-0b39-5b47-af6e-2430b134ee0c/cover.png

Бұл еңбегімді атамекен, бала күлдігімнің қадір-қасиетін мектеп жасынан бастап білуге баулыған қадірлі ұстаздарым жармыштық Мыңтұрған Нұрғазиев (марқұм), Төрәлі Озғанбаев, өзендік Жәңгір Смағұловтарға арнаймын.

Әбілқайыр Спан.

КЕЗДЕСУ

Сөзімнің бісміллә илхамын осылай бастағанымның символикалық мәні бар. Әдейі солай деп отырмын. Әйтпесе 1809 жылы башқұрт топырағында Уфа жерінде дүниеге келген Петр Вагапович Алексеев пен 1949 жылы туған Маңғыстаудың Ақтауының теріс бетінде дүниеге келген Әбілқайыр Бақытұлы Спанның, бұл жалғанның жүзінде жүз көріспесі айдан анық қой. Екеумізді кездестірген, таныстырған басқа емес Маңғыстау, оның өткені... Қалай дейсің ғой!?

1973 жылдың қоңыр күзі. Алматы. Марқұм ағам Қабиболла Сыдиықов өзі қызмет жасайтын Ғылым академиясының орталық кітапханасына әкелді. Қолыма біраз әдебиеттердің тізімін берді.

- Осыларды оқып конспект жаса. Маңғыстаудың тарихы қозғаусыз жатыр. Олай болатыны іздеушісі, жоқшысы жоқ. Жалғыз Есбол ағаң. Оның да мүмкіндігі шектеулі қалды. Әрі денсаулығы дімкәс. Мен әдебиетшімін. Сол өзімнің төл тақырыбымның ауанынан ауыспай қалып жатамын. Және сол денсаулығы түспегір менде де мәнді емес. Ендігі жерде туған жердің өткенінің жанашыр жоқшысы болатын өздеріңсіңдер, - деген ақыл, өсиетін айтқаны жадымда. Енді міне, сол бағыттағы менің ілкі қадамымды ғылым ордасы, оның кітапханасынан бастатпақ. Сонда менің қолыма түскен кітаптардың бірі "Первые русские научные исследования Устюрта" болды. Үстіртке әр жылдары келген орыс ғалым зерттеушілерінің жазғандарын топтаған жинақ. Бас салып оқи жөнелдім. Бәрі құнды, қызық. Солардың ішінен менің назарымды ала бөтен аударғаны Алексеев деген автордың "Топографическое описание северной части Устюрта и прилегающие к нему пространства до реки Эмбы" деген еңбегі болды. Жалпы көлемі 40 беттей. Ішінде қолмен салған бірнеше сурет.

Мен Үстірттің көп жерін айтумен ғана білетінмін. Ондағы Айрақты әкем Спан мен шешем Кінәштің ата күлдігі. 30-жылдардың аласапыранында Маңғыстау ойына құлап осында біржола тұрақтап қалған. Екі қария туған жерлеріне деген сағынышын жиі-жиі әңгімелермен шығаратын. Олардың айтуында сол жерден артық жер жоқ, тіпті болуы мүмкін еместей. 1964 жылдың жазында Қаратүйе үстінде жайлауда болдық. Сол жерде сол жазда екі қария тіпті есіліп кеткен тұғын. Армандары айтылған өңірге бір барып, мені де апарып көрсетіп қайту еді. Амал не, қол қысқалық етті. Ауылымыздың солтүстігінде Алтынтау дейтін бөлек, оқшау төрткіл төбе тұратын. Бірде ағам Ерген екеуміз түбіндегі бұлақ басына қақпан құрып арқардың бір дәу құлжасын да алғанбыз. Мына кітапта сол таудың аты жүр. Жүрегім жылып кетті. Маната асуынан бастап осы беттің барлық бұлақтары мен құдықтарын суреттеп жазыпты. Тіпті біз отырған кіші Қаратүйенің екі құдығына шейін жүр. Іргеде 2 Бөгерістам, Өтестің, Қызылсайы сірә.

Сол жерде мен кітаптағы суреттердің фотокөшірмесін түсіртіп алдым. Сосын ойға берілейін... "Апыр-ау, бұл Алексеев Үстіртке келіп тұрып тап іргедегі Бозашыға неге ат ізін салмаған. Осынша қалам қарымымен ол жақты неге зерттеу аясынан қалыс қалдыра қояды. Сөз саптасына қарағанда бұл әскери барлаушы. Мақсаты жауынгерлік сипатта. Ендеше иек астында сиырдың бүйрегіндей болып жатқан Бозашы орыс армиясының бас штабын, оның өкілі Алексеевтің назарын неге аудармайды?". Содан Алексеев зерттеулеріне, жалпы Маңғыстау жөніндегі жазбаларға мұқият зер салумен болдым. Бір күні профессор Санжар Асфендияровтың "Қазақстан тарихының очерктері" деген кітабы болғандығын біліп, бір болса осында болар деген оймен Ұлттық кітапханаға келейін. Бар екен. Бірақ берілмейді. Арнаулы рұқсат керек дейді. Ал ол рұқсатты қайдан алуға болады. Артынан білсем, кезінде "халық жауы" деген жаламен сотталып атылған Санжар Асфендияровтың кітабы қолға берілмейді екен. Бұл 1974 жыл. Сол уақыттың тәртібі. Соған қарап жағдайды бағамдай беріңіз. Бірақ мен шегінбедім, өлермендікке салдым. Жүзі жылылау келген бір кітапханашы апайға өлердегі сөзімді айтып тұрып алдым. Ақыры мың болғыр апайым илікті. Маған көлденең көзден көлегейлеп сұрағанымды әкеліп берді. Оқып қарасам іздеген Алексеевім соның ішінде жүр. Бәрі емес. Бозашы қазақтарының тұрмыс-салты жөніндегі жазған үзінді. Оны сол бойда көшіріп алдым. (Артынан аударып газетке, "Берекелі Бейнеу" кітабымда жарияладым). Ал еңбектің толық нұсқасы қайда? Тағы жұмбақ. Салып ұрып республикалық архивке барайын. Жоқ. 1980 жылы Олимпиада-80-ге Москваға барғанда орталық архивке кірдім. Көз майымды тауысып тағы іздедім. Жоқ. 1986 жылы Ленинградқа барып мұнда да іздеу салдым. Жоқ. Енді ойыма күдік қашты. С.Асфендияров қолжазбаны 1932 жылы алған. Әлбетте ол сияқты құрметті, мәртебелі адам архивтің шаңын жұтып, сарсылып отырмаған болар. Қажет қағазын үйіне алдырды, үйінде жұмыстанды. Артынан үш әріп тұтқындағанда Алексеевті де қолды қылған. Солай топшылату жобалаған мен енді қайдан шықсаң одан шық деп республикалық ҰҚК-не хат жаздым. Одан жауап келді. Онша жағымды жауап емес. "Өзіңнің саламаттығың дұрыс адамсың ба?" деген мағынада. Сөйтіп, маңдайым тағы тасқа тиді.

1987 жылы Ұлттық кітапхананың картотекаларын ақтарып отырғанымда көзіме оттай басылды - Алексеев. Және менің жоғым. Үстірт жөнінде жазбаларына қысқаша шолу бар. Ал Бозашы туралы жазбасы 1932 жылы жоғалды. Өте-мөте демократиялық сипатта болуы себепті жарияланбады деген жазу ғана тұр. Тағы да оның ішінде бірнеше суреттер барлығы айтылған...

Бозашыны солай іздей жүріп мен қол қусырып қарап отырмағанмын. 1976 жылдың қоңыр күзінде Алексеев ізімен Бейнеу ауданының шетіне дейін жүріп өтуге ұйғардым. Өзенде облыстық газеттің меншікті тілшісімін. Бос уақытым көп. Салып ұрып технологиялық сұйықтар басқармасы автотранспорт басшысы, сыныптас досым (марқұм) Сұлтан Қойшыбаевқа келіп шаруамды айттым. Бұйымым бір аптаға жарамды машина керек. Сұлтан сөзге келген жоқ. Бір көкқасқаны мінгізді. Шофер бір мосқалдау адам екен, "мына жігіттің шаруасын тындыр" деп Сұлтан пысықтап жіберді және. Менің бұл жолғы сапарым Үстірттің Қызылтас, Айрақтыға дейінгі маңын шолу. Әуелгі діттегенім Дөңғара моласы, себебі Алексеев оның суретін салып алған. Ал ол мола жайлы ел аузында сақталған тамаша аңыз бар. (Аңыз жөнінен артынан бөлек әңгіме). Жолға шығып кеттік. Үстірт ернегі бұл уақытта елсіз. Бергі қарнаудағы малшы ауылдар ойға құлап кеткен. Арғыдағы елдің малы жолда айдалып келеді. Сынды асуынан көтерілдік. Азық-түлік, жанар майымыз жеткілікті болған соң елді мекенге соқпауды ұйғардық. Күн жылы. Жамылғы, төсенішіміз бар, машина қорабына жата кетерміз дедік. Қырсыққанда өзім Дөңғараның қай тұста екенін білмейтін едім. Карта сірә жоқ. Бір білем деген кісі орталық Үстіртті нұсқаған. Сол бетті маңдайға алып біраз жүрдік. Діттеген тұстың әр төбесіне шығамыз. Іздегеніміз табылар емес. Осылай екі күн өтті. Үшінші күнге аяқ бастық. Түскі дамылға аялдадық. Қаужаңдап отырмыз.

- Шырағым, осы сенің сарсылып іздеп жүрген түйең қашан жоғалған? Түр-түсі қандай? Інген бе, мая ма? — дейді серігім. Мен оған жоғымның мәнісін айтқан жоқ едім. Енді айтуға тура келді. Өзі бір үндемейтіндеу, біртоға кісі екен. Ондай адам дүңк етпе, томырықтау келеді ғой көбіне. Мынау дәл соның өзі.

- Өй, мен сені түйе қарап жүрген шығар десем, өзің бір мәстәтіне еріккен біреу болдың ғой. Айдың күні аманда мола қарап. Ең болмаса ол атаңның, не бір жақыныңның да моласы болса екен-ау. Қазиттен жазғандарыңды оқып, салиқалы жігіт деп қалсам. Қой, шырағым, менің молам түгел. Ерігіп жүрер шамам жоқ.

Солай деп алып, аттың басын елге туралады. Мен салым суға кетіп отырмын. Отырмағанда қайтем, аңылжыған елсіз Үстіртте қала барам ба? Сонымен ол сапарымыз солай нәтижесіз болды. Келесі көктемде Үстіртке тағы ат ізін салдым. Өтес станциясына келдім. Онда жармыштық Қалмұрат досым мектеп директоры. Жеделдес ағам Ақмұрат мұғалім. Бірі тарихшы, бірі әдебиетші. Құлақтары түрік, көздері қарақты жандар. Амандық сұрасқаннан кейін төтесіне салдым.

- Жігіттер, осы Дөңқараның моласы қайда? Кәдімгі Қаработа, Дөңқараны білесіңдер ме?

- Е, білмей не болыпты. Ана ернектен көрініп тұр. Осы өткен демалыста басында болып, бой жазып қайтқанбыз.

- Ендеше не тұрыс бар. Кеттік. Шайға қайтып келген соң отырармыз.

Зырлатып жетіп келдік. Алексеев моланың суретін 1834 әлде 1852 жылы салған. Содан бері де біраз жыл өтті. Уақыт ізін салғанмен ескерткіш жақсы сақталған екен. Суреттегіден көп өзгермепті. Неге екенін қайдам, зерттеуші үш ағаштың суретін салмапты. Қайтар жолымызда оған да соқтық. Біз ілкіде оның қандай ағаш екенін айыра алмағанбыз. Артынан Ақтаудағы ботаникалық бақтың маманы оны тораңғы деп тапты. Және тораңғының ерекше бір түрі.

Ертеңгі сапарымда да жолым болды. Алексеев қарауыл мұнарасының суретін салады да, оны қазіргі Бейнеу ауданының аумағы Маңсуалмас маңында дейді. Және бірнешеу деп анықтама береді. Қарауыл мұнараның көпшілігі елге таңсық емес. Мысалы, Жақсылық Сәмитұлы "Қытайдағы қазақтар" деген еңбегінде былай деп жазады.

Алтай тауларында жоңғарлар заманындағы тарихтан қалған тағы бір белгі бар. Ол сонау шығысқа Шіңгілден бері әрбір шыңның бастарына тұрғызылған обалар. Бұл обалардың бәрі де ерте заманнан қалған белгілер. Бәрі де сол өңірдегі айналасы толық көрінетін ең биік шоқыларға үйілген. Бір кезде жоңғарлар мұны бір-біріне белгі үшін, бір-біріне хабарласу үшін жасаған дейді. Бір жақтан жау келсе немесе басқалай бір оқиғаны меңзеу қажет болып қалса, олар осы обаның басына от жағып, үшінші обаға белгі беретін көрінеді. Екіншісі үшіншісіне беретін болса керек. Алтай тауындағы бұл обалардың жұрт анық білетіндері жетеу (253-бет).

Демек бұл обалар алғашқы әскери құрылыстар сілемі. Әрі байланыс құралы. Қазіргі телеграфтың "атасы" - гелеограф жарықпен жұмыс жасаған емес пе. Оны айтасыз ағылшындар испандардың "Жеңілмейтін армадасының" жүріс мақсатын жағалаудағы жағылған алаулар арқылы біліп хабарлаумен болған ғой.

Маңсуалмастың Хорезм ойына дейін қарауыл мұнара болғанда одан бері қарай неге болмасқа. Ол сөз жоқ, Маңғыстаудың ең биік жері осы маңайда болуы керек. Осы ой мені әрі жүргізді. Айтқандай, Дөңқарадан қозы өрісіндей жерден биік басынан ол табылды. Жергілікті ел оны Қара оба дейді екен. Тастары құлаған. Бірақ қалған сұлбадан оның дәл Алексеев салғандағыдай, таудың шомбал тастарынан пирамида сияқты етіп қаланғаны, төбесіне шығатын айналма баспалдағы бар екендігі көрінеді. Анадай жерде тастан ойылған тоғызқұмалақ ұясы. Тоғызқұмалақ қазақ халқының ұлттық төл ойыны, демек мұнара қызметін жаугершілікте қазақтар да пайдаланған деген қорытындыға келуге болады.

Келесі аялдаған жеріміз Қыштым моласы. Дәлірек айтқанда оның орны. Кешегі кеңес кезінде шолақ белсенділер моланың тасын бұзып алып, қора салған сорақылық болды ғой. Қыштым сол зауалды кешкен. Мұның тасы Уәлідегі қора құрылысына тасып алыныпты. Бір кездегі дің пішіндес көркем екі тамның ізінде іргетасы ғана жатыр.

Қозыбай төрткілдегі балбал тастар - Алексеев салып алған қарулы еркек пен әйел мүсінінің мүсіні бұған қарағанда бақыттылау. 1960 жылдардың алғы шенінде оның бірін өлке зерттеуші Есбол Өмірбаев Форт-Шевченко қаласындағы өлкетану музейіне апарып қойды. Енді бірі Ақтау музейінде. Бұл ашық аспан астындағы музейден көрген, қызық экспонатымыз - балбал орнынан жақын жердегі тұғыр үстіндегі тегіс ақыртас - құрбандық малының етін жейтін қасиетті орын.

Айта кету керек, адам мүсінінің сынықтарын Қонай үйігінен де кездестірдік. Аттың жалында, атанның қомында сапарлап жүрген журналистерге бұл аз олжа емес еді. Алексеевтің онан арғы жолын аманатқа қалдырып кері оралдық.

Айтпақшы, мен сол сапарымнан "Үстірт балладасы" деген жазбамды жазып облыстық газетке, "Қазақстан әйелдері" журналының 1987 жылғы 4-санында жарияладым, ол Дөңқара мен Қаработаның бақытсыз махаббаттарының сюжетіне құрылған. Мен жазушы не ақын емеспін. Бар болғаны көсемсөзші журналист қанамын. Сондықтан ол жетпесімнің олқысы толсын деген есеппен бұл тақырыпты ақын достарым Темірхан Медетбеков пен Медет Дүйсеновке сыйладым.

Әсершіл Темірхан бірден елп етіп, ескерткіштерді көріп те қайтты. Малсақ Медет жоғалған қара бұқасын іздеу қамымен қолын қалт еткізе алмады. Сөйтіп, естігенін малданып қала берді.

Темірхан кейіннен бұл туралы "Махаббат және қос тораңғы туралы жыр", ал Медет "Үш тораңғы" деген балладаларын жазды. Темірхан оны таңдамалысына енгізді. Медет балладасының "Үш тораңғы" делінгені мәуелеп өскен екі тораңғы арасында жіңішке біткен үшінші біреуі де бар. Сорлы Қаработа қыздың құрсағында жарық көре алмай кеткен шарананың рухы деп дәріптейді ел.

Бұл аңызды мен тағы москвалық суретші Игорьға 1990 жылы іссапармен келгенде айтқанмын. Ол қатты қызығып үлкен картина жазатын болған. Өкінішке орай, бұрынғы одақ тарқап, байланысымыз үзілді.

Әр тасы аңыз Маңғыстауда ізденсе әлі де талай тамаша фольклорлық қазынаның жатқанын дәріптеу үшін осы еңбекте оның әдеби үш нұсқасын өзімнің шатпағыма қосып арқалы екі ақынның балладаларын беріп отырмын.

Міне, менің Алексеевпен алғашқы кездесуім. Оның нәтижесі осылай болып еді.

Қуаныштысы сол - онымен екінші рет тағы кездестім. Анығын айтқанда "Бозашы түбегінің топографиялық сипаттамасы" табылды осы жақында. Россия орталық әскери тарихи архивінен шықты. Орыстар өз тарихына ықтият, мұқият. Бүйірінде олардың бұл саясатының астарында патша кезіндегі отаршылдық саясатының ізін жасыру да жатқанын сезбеу мүмкін емес. 1932 жылы бұл жазбалар жоғалмаған. Москва алып қалған екен. Архивтегі патша генералы А.С.Хрулевтің жеке қорында белгісіз болып жата беріпті. Қолжазба қолмен айқын етіп жазылған. Автордың өзі салып алған төрт моланың суреті, қолы ғана қойылған әлдебір ұлықтың алғы сөзі бар. А.С.Хрулев қоры арқылы Алексеев кім болды деген сұраққа да жауабы табылды.

"Сабақты ине сәтімен" деп Президентіміз "Мәдени мұра" бағдарламасына орай, Маңғыстауды, жалпы қазақ даласын зерттеуде өзіндік орны бар П.В.Алексеевтің екі "сипаттамасын" аударып жариялап отырмын. Жалпақ оқырманға түсінікті болу үшін зерттеушінің жеке басына құжаттар негізінде кеңінен тоқталып, сипаттамалардың әрқайсысына түсінік бердім.

ЖҰМБАҒЫ МОЛ АЛЕКСЕЕВ KIM?

Бұл есімді біз алғаш "Үстірттің тұңғыш орыс ғылыми зерттеулері" атты жинақтағы Солтүстік Үстірт жайлы көлемді очеркі арқылы білдік. Онда подпоручик Алексеев екінші деп көрсетілген авторы. Бітті. Одан басқа ол туралы еш мағлұматымыз жоқ. Маңғыстаудың өткені туралы жазылған еңбектердің барлығында оған осы аты бойынша сілтеме жасап атап келді авторлардың барлығы. Туған өңіріміз жайлы осылайша бағалы мағлұмат берген Алексеев кім? Ол жағы беймағлұм болып қала барды. Оның объективті себебі Қазақстанның осы уақытқа дейін бір ізге түскен дұрыс тарихи географиясы жасалмаған. Тіпті қажет десеңіз, ғылым атасы тарих пен география - жер тану ілімі арасындағы топса іспетті - ғылымның сондай бір саласы барлығын көбіміз білмей де келгенбіз. Сосынғы бір және басты кедергі өткенге байланысты көп құжаттар, әсіресе әскерилер түзген құжаттар Москваның, Петербургтың орталық ведомстволық (әскери) архивтерінде жеті құлып ар жағында жатты. Оған біздің қолымыз жетпеді. Біз түгілі оларға орталықтағы үлкен-үлкен ғылыми мекеме өкілдері - ғалымдарының өздері де зорға үңіле алғандай. Сондықтан да ғой аталған жинақта автордың өзі мен әкесінің аты қате (А.С.Алексеев деп, ал дұрысында ол Петр Вагапович Алексеев екен - Ә.С.) берілуі. Жинақтың алғы сөзі мен ғылыми түсініктерін жазған ғалымдар А.Л.Яншин мен Л.А.Гольденберг өзге әскери саптан тыс ғалымдар туралы толық мағлұмат береді де, әскерилерге келгенде аяқтарына жем түсе қалады. Тағы бір себеп - орыс үкіметі кезінде Хиуаға жорықтың құпиялылығын сақтау мақсатымен Үстірт, Маңғыстау туралы зерттеулердің барлығын тығып ұстаған. Оны тіпті өздерінің мамандарына да көрсетуге құлық танытпаған. Орта Азия түгел бағындырылған соң ол құжаттар архивке өткен. Империя қосылған жаңа өңірлерді игеру мәселесіне келгенде, сірә кезінде тек әскери барлау мақсатында жасалған ол зерттеулерге онша назар аударылып жатпағандай. Содан келіп, енді білгеніміздей, Алексеев жазбалары Орта Азияны соғыспен емес бейбіт жолмен, саудамен баурап, өркениетті отарлау жолын ұстанған генерал Хрулев қорынан шығыпты. Ал оның мұрасының бір бөлігі - Бозашы жөніндегі жазғандары - Қазақстанға профессор С.Асфендияровқа қалай тап болып жүр, ол жағы белгісіз. Маңғыстаудың қазан төңкерісіне дейін Закаспий облысы құрамында, орталығы Ташкент болып Түркістан губерниясына қарағанынан хабардармыз. Сірә, аталған құжат Алматыға сол Ташкент арқылы барғандай. Себебі, Түркістан-Сібір теміржолы құрылысы алдында әуелі оны Үстірт-Қоңырат бағытымен салу жобасы болған екен. Соған орай болашақ жол бойының жағдайы, экономикалық болашағына баса назар аударылыпты. Сонда бұрыннан бар, соңынан жасалған зерттеу жұмыстарының қорытындысы - бұл бағыт тиімсіз деген қорытындыға әкелген. Міне, осы тұста Алексеев жазбаларының Ташкентті табуы.

Төменнен шыққан Алексеев көзі тірісінде еңбектерін орталық басылымдарда жариялап, өзін танытуға да құлшыныс білдіре алмаған. Біз білгенде оның жазғандары алғаш рет 1855 жылы Орыс географиялық қоғамының жаршысында жарияланыпты. Онда да "Жем өзенінің топографтар корпусының подпоручигі Алексеев 1853 жылы түзген топографиялық сипаттамасы" деген атпен шағын үзінді ғана. Неге екені белгісіз мұнда оның әскери атағы подпоручик деп көрсетілген. Шынында ол бұл уақытта штабс-капитан болатын. Және топографтар корпусында қызметте жоқ. Әскер сапында болуы мүмкін, бірақ ол қызметінде болды деген деректі таба алмадық. Үстірт жөніндегі жазбасында автор өзінің арнайы экспедициясымен Үстіртте қатарынан екі жыл 1851,1852 жылдардың жазында болғанын айтады. 1853 жыл оның зерттеу қорытындысын жазып бітірген уақыты. Соған қарағанда әлдебір шұғыл қажеттілікке орай, отставкадағы топограф офицер 1850 жылы қызметке қайта шақырылып, Үстіртке экспедициямен жіберілген деп болжауға болады. Немесе ол бұл жерді жасырақ - подпоручик кезінде зерттеді де, 1851-52 жылдары қайта жүріп пысықтады. Бұл соңғы ойға келуіміздің себебі 1834 жылы қамал салған, әне-міне Хиуаға жорық жасағалы отырған орыс үкіметінің болашақ жорық жолын созбаққа салуы ақылға сыймайтындай. Тіпті "Хабаршыда" автордың инициалы мен әскери атағы қате берілуі де мүмкін ғой. Қалай болғанда да Голденьберг сол "Хабаршының" ізімен кеткен де, кейінгілер сол Гольденбергті қайталаумен болғанбыз.

Алексеевтің кім болғаны енді ғана Москвадағы Мемлекеттік әскери орталық архивтегі оның қызмет жолының бетшесі, еңбектерінің қолжазбасы, оған қатысты құжаттар қолымызға түскен соң ғана анықтала түсті. Айта кетелік, ол осы уақытқа дейін орыстардың өздері үшін де жұмбақ болумен келеді. Соның дәлелі - осы еңбекті жазар алдында Орынбор облыстық мұражайына ол жайлы сұрау сұрағанымызда ештеңе білмей шықты. Кезінде Орынбор губерниясының топографиялық картасын жасаған адамды Орынбор білмейді! Өкінішті-ақ емес пе? Қазақ "Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас" дейтін еді. Құдды соның кебі. Солдаттың баласы, қара тірлігімен қатарға қосылған байғұс топограф Алексеев тарих тозаңының астында қала барыпты. Көптеген экспедицияға қатысты, негізгі ауыртпалық жүгін көтерген, қара жұмыс жасаған осы адам. Бірақ атақ басқалардікі. Алексеев Карелин экспедициясындағы негізгі тұлғалардың бірі болған: Бірақ аты тек Карелиннің жоғарыға берген есебінде көптің ішінде ғана аталып кетеді. Әйтеуір құдайларына қарағаны ғой, ақшалай сыйлық беріпті. Орыс география ғылымы шет жұрттық Бларамберг есімін Кавказды, Орта Азияны зерттеуші ретінде бек біледі. Ал сол Бларамбергтің Бұхара сапарында бірге болып, жолды картаға түсірген, өлімнен қалған, жараланып мүгедек болған Алексеев есімі белгісіз болып қала барған. Бұл әділетсіздік емей немене?

Жұмбағы мол Алексеевті қал-қадарымызша зерттеген біздің де әзірге кейінге қалдыра тұрған оған қатысты жұмбағымыз жетіп артылады. Ол Мұңалжар етегінен Сыр бойына дейінгі жерді де зерттеп, сипаттамасын жазған екен. Архивте ол жазбалар да сақталған. Бірақ оны аударып зерттеп, Алексеев сапарымен жүріп өтуге мүмкіндігіміз шектеулі болды. (Сайып келгенде біз пақыр да бүгінгінің Алексееві емеспіз бе). Сосын оны келесі күннің есебіне қалдырып, өзгелерге аманаттадық.

Сонымен осыған дейін жұмбақ болып келген топограф Алексеев кім?

Әуелі бас штаб, оның квартирмейстрлік бөлімі, топографтар корпусы дегенге аз-маз тоқтала кеткен дұрыс.

Россияның шет жақтағы саясатының негізі - отарлау саясаты мақсатынан тұрғаны аян. Кешегі кеңестік кез тарихшыларды бұрын белгісіз өлкелерді ашу, зерттеу деп дәріптеуге мәжбүр еткен экспедициялардың бәрі дерлік осы бағыттан бастау алумен болған. Әйтпесе жердің ол қиырында не бар екен деген құмарлығына жеңдіріп, айлап, жылдап ел кезіп, қиырдан қиыр, таудан тау асып жүрген өлермен жиһанкез болған жоқ. Бәрі ортақ бір мемлекеттік мүддеге бағындырылып, соған қызмет етті. Ең азы шет мемлекеттерге, әсіресе Азия елдеріне елшілік айдарымен жіберілетін сансыз миссиялардың құрамында жол бойының бағыт-бағдарын қағазға түсіретін, пайдалы қазбаларына зер салатын арнаулы мамандар бүгінгі тілмен айтқанда әскери барлаушылар болған міндетті түрде. Бұлардың жұмысына ұлы мәртебелі Император ағзамның бас штабы деген мәртебелі құзырлы мекеме басшылық жасап отырған. Бас штаб жанындағы квартирмейстрлік бөлім қызметі осындай, оны генерал шеніндегі ұлық басқарған. Жұмыс ауқымының күрделілігіне орай бұл саланың қызметіне білімді, әскери барлауға қабілеті бар әскерилер іріктеліп, сұрыпталып отырған. Россия армиясы өзге де өркениетке аяқ басқан елдердің армиясы сияқты әскери қызметте бірсыпыра демократиялық принциптерге негізделген артықшылықтар бергенін айта кетуге тиістіміз. Онда крепостной шаруадан рекрут бойынша әскерге алынған солдаттың ерлік көрсетіп, не ерлікке барабар қызметімен офицер шенін алуына әбден болатын. Оның мысалына генерал А.И.Деникиннің әкесі Иван Деникиннің сондай солдаттан көтерілген капитан екендігін айтсақ жеткілікті.

Губерниялық әскери қосындардағы квартирмейстрлік бөлімге тікелей бағыныстағы бөлімше топографиялық корпус деп аталды. Мұнда білімді офицер кадрларға кардерлік себепті жоғарыдағы демократиялық принциптер толық сақталды. Әсіресе жазуға, сызуға, сурет салуға бейімі барларға өте-мөте зәру болды бұл әскер түрі. Сондықтан да ғой 1852 жылы Таушық көмірін зерттеген капитан Антипов экспедициясына мемлекеттік қылмыскер Т.Г.Шевченконың сызбашы болып қатысатыны. Оның досы, ол да жер ауып жүрген саяси қылмысты Бронислав Залескийдің Маңғыстауға келіп сурет салумен, зерттеумен айналысатыны.

Орынбор топографиялық корпусында мұндай кадрге деген зәрулік өте-мөте сезілген екен. Біздің кейіпкер П.В.Алексеев сондайдың жебеуімен келіп қалғандардан болып шықты. Бір қызығы, бұл корпустың тарихында Алексеевтер көп болған екен. Соның бірі Павел Алексеев Петр Алексеевпен бір мезгілде бірге қызмет етіп, көбіне Сібір жақты картаға түсірумен айналысыпты. (Оған қатысты құжатқа топографиялық корпус офицерлерінің әлеуметтік жағдайынан оқырмандарымыз молынан хабардар болу үшін кейіннен тоқталамыз Ә.С.). Тағы бір Алексеев - оның инициалы бір жерлерде А.Е., бір жарияланымдарда А.А., әскери шені штабс-капитан, Орал әскери сызба бөлімінің меңгерушісі, кезінде Сарайшық қаласын зерттеуге үлкен қолтаңба қалдырған адам болып шықты.

Орынбордағы А.Б.Карпов, А.И.Левшин, П.И.Рынков сияқты өлкетанушы энтузиасттар 1887 жылы Орынбор ғылыми архив комиссиясы деген атпен өздерінше ғылыми ұйым құрған. Ол 1918 жылға дейін, яғни Кеңес үкіметі орнағанша тұрақты түрде жұмыс жасаған. Батыс Қазақстан өңірін зерттеу ісінде көп игілік тындырған. ("Сарайшық хандары" А., "Арыс", 2004 ж., 299 бет.) Міне, осы комиссияның ең бір белсенді мүшесі болған Алексеев Сарайшық қаласының сыртқы қорғаны мен цитаделінің ұзыны мен енін дәл өлшеп, сызбасын жасаған. Онымен де тынбай бір мүрдехананың ішіне түсіп, оның түрікмен қожаларының бірінікі екенін қабырдағы жазуы арқылы анықтаған. Қабырға қаланған тастың бұл өңірден кездеспейтіндігін қаперге береді. Сарайшық түбіндегі сол аттас өзеннің де, бұл қаланың да жергілікті жұрт "Можары" деп атайтын қирандысы сақталған. Көне қаламен байланыспайтындығын жазады. Соған қарағанда зерттеуші, бас штаб полковнигі Иваниннің қазақ аңызына сүйеніп отырып айтқан Сарайшық әуелде теңіз жағасында болыпты деген дерегі ақиқатқа жуықтайды-ау деп қаласың.

Зерттеушінің моланы түрікмен қожасыныкі деп тайға таңба басқандай етіп көрсетуі тіпті де күдік тудырмайды. Араб саяхатшысы Ибн Батута 1331-1334 жылдары Сарайшықта болған кезінде дінбасы завийе үйінде болып құрмет көргенін жазады. Ноғай ұлысында түрікмендер тұрған. Монғол шапқыншылығынан кейін олар қазақтанып кеткенімен ұлт атын сақтап қалған. Сарайшықтағы дін өкілдері негізінен осы түрікмен қожалары болыпты. Кей деректерде Сарайшықта жерленген бас дінбасы, жерге түскен алғашқы дінбасының есімі Сейіт делінеді. Тарих ғылымының докторы, профессор Сарайшықтағы пірәдар қариялардың осы күнге дейін қала орнында әлдебір қабірге әулие деп түнейтіндігін айтады. Алексеев әрине көзі кездейсоқ мүрдехана ішіне түсе кетіп зерттемейді. Мүмкін ол осы әулие болуы да. Маңғыстауды зерттеген Алексеев 1848 жылы жоғарыға жазған өтінішінде екі ұл, бір қызы бар екенін келтіреді. Сарайшықты зерттеуші Алексеевтің оның әке жолын қуған бір ұрпағы болу мүмкіндігін де жоққа шығармаймыз. Себебі, патша кезінде әскери оқу орындарында оқу тегін. Оған көбіне Алексеев сияқты кедей таптың балалары түсіп оқитын. Орынбордағы Неплюев кадет корпусы дәл сондай оқу орны еді. Кейіннен Орынбор губерниясына қарасты Оралда әскери реалды училищесі ашылды. Оны бітіргендер азаматтық қызметте арнаулы жеңілдіктерге ие болатын. Ал әскери қызметке қатардағы солдаттан көп артықшылықтары бар еріктілік статусымен қабылданып, аз мерзімнен соң офицерлікке өтетін. Училищеден соң арнаулы әскери жоғары оқу орнына қабылдау емтиханынсыз, тек ауызша байқау сынағымен түсе беретін. Халел Досмұхамедов осы училищені 1902 жылы үздік бітіріп, артынан Санкт-Петербургтегі императорлық әскери-медициналық академияға жарты курстық сынақ мерзімімен түсіп, оны да үздік бітірген.

Біздің кейіпкеріміздің маңдайына мұндай арнаулы оқу орындарының білімін алу жазылмаған.

Сипаттамалардың бәрінде автор Алексеев 2-ші деп ресми түрде жазылған. Мұның себебі патшалық Россия армиясында бір әскери бөлімде фамилиялас бірнеше офицер болса, оларды ажырату үшін ресми түрде рет санымен атап көрсету дәстүрі орын алған. Мысалы, Қазан төңкерісі кезінде большевиктер жағына шыққан капитан Иванов 7-ші деп аталған. Яғни, бұл Иванов Балтық флотында фамилияластары арасында 7-ші болып тұр.

Біздің Алексеевтің 2-ші болуына қарағанда Орынбордағы топографтар корпусында 1-ші деген атымен тағы бір Алексеев болған сол кезде. Ол кім? Бұл сауалдың жауабы Россия мемлекеттік әскери тарихи архивінің аталған қорынан табылды. Сонда корпус командашысы генерал-лейтенант Толмачевтың ұлы мәртебелі Император ағзамның бас штабының генерал квартирмейстріне прапорщиктер Акишев пен Алексеевке көмек көрсетуді сұраған 1848 жылғы 18 марттағы рапорты сақталыпты. Біздің сөз еткелі отырған тақырыбымызға топографтар корпусының қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын білу үшін өте-мөте қатыстылығы себепті соны түгел келтірелік.

"Үстіміздегі жылдың 14 ақпанындағы Ұлы мәртебелінің бұйрығы бойынша 4 рота, 1 жарты рота, 2 класының унтер-офицерлері Павел Алексеев пен Артемий Акишев үздік қызметтері үшін армия бойынша да, топографтар корпусы бойынша да прапорщиктікке өткізілді. Бұлардың жағдайы төмен, ойдағыдай киінуіне мүмкіндігі жоқтығы себепті, Ұлы мәртебелім, Сізден 1843-1847 жылдары топографтықтан армиялық және Орынбор корпусы жанындағы офицерлікке өткізілген Челпановқа, Петровка, Белов пен Карповқа берілген ақшалай көмектей ақша көмегін сұрауға болмас па екен дегенді Сіздің Ұлы мәртебеңіздің мейірімді құзырына беру құрметіне иемін".

Рапорт жазылып отырған Ұлы мәртебелінің әскери лауазымы генерал квартирмейстер, яғни ол Бас штабтың тікелей ғылыми мәселесімен айналысатын басшы. Әскери топография қызметі соған бағыныста.

Армиялық прапорщик пен топографтар корпусының прапорщигі дегенде де зор айырмашылық бар екен. Топографиялық корпус қызметі ғылыми маңызы болғанмен армиядан дәрежесі төмен. Мұның офицері армия офицері дәрежесіне теңеспейді. Яғни, екінші сатыда, азаматтық шеннің маңайында.

Россияда армия офицері болу үлкен мәртебе саналған. Офицер болды деген сөз жоғарғы ақсүйектер қауымының өкілі болды деген сөз. Ол дәрежеге кез келген төменгі тап өкілі жете алмаған. Мысалы, рапортта аты аталған П.Алексеев 1837 жылғы 12 декабрьден әскери қызметте болыпты. Аттай 11 жылдан кейін ғана ең кіші офицер-прапорщиктікке қолы әзер жетіп отыр. Осы жылдар ішінде ол жылына 33 сом 60 тиын жалақыны қанағат тұтумен келген екен.

Россия қанша жерден Ұлы империя, держава, алып мемлекет болғанмен қазына қаражатын есепсіз шашпаған. Әсіресе әскери қызметте. Соның бір мысалы, өзіміздің Шоқан ғой. Россияның ғылыми ортасын аузына қаратқан поручик, штабс-ротмистр Шоқан Уәлиханов Санкт-Петербургтегі Азиялық департамент жанындағы әскери қызметінде жалақысы тақ-тұқ күнкөрісіне әзер жетіп, алған қарызын қайтара алмай борышкерлер түрмесіне отырып қалу қаупін алға салып, әкесі Шыңғыстан ақша сұратпаушы ма еді? Россияның қолының сондай таршаңдығының тағы бір мысалы осы Алексеевтерге қатысты жерден де шаң бере кетеді. Генерал-лейтенант Толмачев рапортынан соң да ерсілі-қарсылы бірнеше рет қатынас қағаз жазыла келіп патша қазынасынан аталған прапорщиктердің дұрыс киінуі үшін ақыры әрқайсысына 114 сом күміс ақша жәрдем беріліпті.

Алексеев 2-шінің де әлеуметтік жағдайы алдыңғы әріптесінен төмен болмаса жоғары болмай шықты.

Аталған архив қорынан кейіпкерімізге қатысты мына бір құжатты ұшыраттық. Ол Алексеевтің қалай наградталғанын айғақтайтын рапорт.

"Соғыс министрі мырзаға жеке Орынбор корпусының командирінен

Рапорт

...Бұған қоса айта кетуді қажет деп санаймын. Поручик Алексеев аталған жарақатын 1841 жылы Қазақ даласындағы Керуен көлінің жағасына жақын жерде Бұхарамен Хиуаға бара жатқан миссияны алып жүрген сапарында қазақтардың шабуылы кезінде алды. Сол үшін 3-сатылы лентаға тағылған Әулие Анна орденімен наградталды.

Инфантерия генералы (қолы қойылған) Обручев."

Заманында Россия Хиуа мен Бұхараға елшілік деген желеумен көп керуен аттандырды. Олардың бәрі қазақ даласы арқылы өтетін. Қазақтардың Россия үстемдігіне түгел мойынсұнбаған уақыты. Және қыр елінің көбі орысқа жаулық ниетте. Сол себепті керуеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қасына қарулы әскер қосылады. Аты елшілік болғанмен керуеннің бәрі бір жағынан әскери барлау, зерттеу мақсатын да қамдай жүреді. Демек, онда топографтар атқаратын міндет те жетіп артылады. Әскери қызметкер Алексеев топографтығының үстіне керуенді қорғаушы жауынгер де бола кетеді. Міне, сондай сапарында жараланған болып шықты. Егер қатардағы әскер не унтер офицер болса оған төмен шенділердің наградасы крест қана берілер еді. Әулие Анна орденімен наградталуына қарағанда ол бұл кезде офицер шенінде.

Архивте әскери дәрігердің Алексеев 2-нің жарақаты туралы куәлігі де сақталған екен. Онда жеке Орынбор корпусы топографтар корпусының поручигі П.В.Алексеев-2, 40 жаста, туғанынан денесі мығым, қайратты, 1841 жылы 24 майда Бас штаб подполковнигі Бларамберг бастап, Бұхара мен Хиуаға бара жатқан керуенді қорғау кезінде мылтық оғынан жараланғаны айтылады. Оқ сол аяғының бұлшық етін паршалап, аяқты жансыздандырған да шығып кеткен. 3 ай емделген соң жара жазылып оқтың тиіп шығып кеткен жерінде кішкентай тыртық қана қалған. Алайда сіңірінің де зақымдануына байланысты аяқ дұрыс созылмайды, көп жүргенде ауырады, ауа райы күрт өзгергенде сырқырайды. Сондықтан поручик Алексеев қолына таяқ ұстап жүргенде соған сүйенуге мәжбүр. Бұдан басқа ол оң қолының үлкен саусағынан да жараланған, бірақ ол жарақаты залалсыз.

1848 жылы 21 декабрьде берілген бұл анықтамаға дәрігер Роницкий қолын қояды.

Архивтегі ең бағалы құжат Алексеевтің өз қолымен жоғарыға жазған өмірбаяны. Онда ол әскери топограф мамандығының машығымен өмір, қызмет жолын дәл тәптіштеп түсіріпті. Қолтаңбасы анық, ақ қағазға қара сиямен жазылған. Жазу мәнерінен кезінде жүйелі білім алғаны аңғарылады. Иығына погон ілген кездейсоқ адам емес, өз ортасының білімді, зиялы офицері екені көрініп тұр. Оның бұл ғұмырнамасы еліміздің оның ішінде Қазақстанның батыс бөлігін зерттеу тарихына өте-мөте қатысты болуы себепті өзгеріссіз аударып беруді қажет деп таптық. Солай істеу арқылы бір жағынан Алексеевке "өз жайын өзіне айттырдық" та.

"Сіздің Ұлы мәртебелі императорлық қызметіңізге мен Алексеев солдат отбасынан 1824 жылы 16 августе ішкі Уфа гарнизондық (қазір оныншы Орынбор линиялық батальоны) батальонына қатардағы солдат болып кірдім. 28-жылы 2-класты топограф, 26.10.1830 жылы топографтар корпусында унтер-офицер, 02.12.1833 жылы үздік қызметім үшін, сонда мен 24 жаста едім, жеке Орынбор корпусы жанындағы топографтар корпусына тіркелген және армия қатарындағы прапорщик болдым. 18.04.1837 жылы топографтар корпусына ауыстырылдым. Сол корпуста 19.04.1842 жылы подпоручик, 1848 жылы поручик болдым. 10.05.1832 жылдан Каспий теңізінің солтүстік шығысындағы әскери экспедициясының құрамында Жайықтың төменгі сағасында, Жем бойында Каспий теңізінде Қайдақ шығанағында, Тұманды тауларында және Үстіртте, Бозашы түбегі мен Түркменияның солтүстік батыс жеріндегі Қошақ пен Маңғыстау шығанақтарында, Сарытас, Өңеже пристандарында болып, түсірім жасадым. Осы соңғы қызметім үшін Жоғарғының мейірімді әмірімен армия бойынша прапорщикке өткізілдім. 1834 жылы 10 апрельден 1 декабрьге дейін Жоғарғы мәртебелінің әмірімен Каспий теңізінің шығыс жанынан салынған Ново-Александрова бекінісінің түсірім жұмысында болдым. Сонда Ұлы мәртебелі Император ағзам флоты Бас теңіз бөлімі бастығының адъютанты Васильевпен Бозашы түбегінің батыс бөлігінің Қошақ шығанағы мен Сарытастан төмен қарай теңіз бойлап Қарағия, Жаңа Маңғыстау пристандарын қоса түсірім жасауға қатыстым. Содан кейін осы өңірдің картасын жасауға пайдаланылдым; барлық уақытта экспедиция құрамында есепте болдым; барлық кезде өзіме жүктелген міндетті қызметімді мүлтіксіз орындадым".

Осы жерде Алексеев өмірбаянына дамыл жасатып, хатқа түскен жолдарға түсінік бере кетейік.

Оның өзі мен әкесінің аты Петр Вагапович. Әскери қызметке бірден қатардағы солдат болып алынуына қарағанда ол арнаулы әскери оқу орнын бітірмеген. Егер бітірген болса қызметін бірден подпоручик шенінде бастаған болар еді. Россиядағы ол кезде маман әскери топографтар дайындайтын орта дәрежелі бір ғана оқу орны болған. Онда орыстың бір атақты суретшісі (атын ұмыттым) оқыған. Соған қарағанда ол жақсы білім бере алған. П.В.Алексеев топографтығының үстіне тамаша суретші де болған екен. Оның қолынан шыққан суреттер әуесқой суретшінің қолтаңбасы дейтіндей емес. Бұдан шығатын қорытынды - ол ең алдымен табиғи дарын иесі.

1832 жылы жазда Каспийдің Солтүстік шығыс жағында бір ғана Г.С.Карелин бастаған экспедиция болды. Бірнеше кеме, желкенді қайық, зеңбірек, әскері бар ол шын мәнісіндегі кешенді экспедиция, үлкен әскери күш еді. Сол себепті өзіне жүктелген міндетті артығымен абыройлы аяқтады. Г.С.Карелин ең алдымен зерттеуші ғалым. Біз осыған дейін Каспийдің аталған өңірінің картасын жасап, түбегейлі зерттеген Карелин деп барлық жұмыс нәтижесін соған теліп келдік. Зерттеу нәтижесі шын мәнінде ұжымдық еңбек жемісі болыпты. Сол ұжымның белсенді мүшесі, қара жұмысшы П.А.Алексеев екен. Басқасын айтпағанда, болашақ бекініске қолайлы орынды дәл анықтап, сызба-жобасын жасаудың, негіздеудің өзі неге тұрады! Қазір ізі сақталып қалған Қызылтас-Ново-Петровск қамалының қиранды сұлбасының өзі-ақ оның кезінде фортификациялық ғылымның барлық жетістіктерін пайдаланып салынғанын дәлелдейді. Шағын түбектің сүйір басының құрлыққа қараған үш жағын көмкерген биік қамал қабырғасы. Ол таудың қалақ тастарынан қаланған. Бұрыштарында зеңбіректер тұратын бастиондар. Қабырға іргесінен айнала терең ор қазылған. Ор сыртынан шауып келе жатқан ат омбылап жығылатын үшкір тастары бірнеше қатар етіп қаланған тағы жайдақ қоршау. Қамалдың шың ернегімен астасқан жері жағалай суы тұщы бұлақ. Теңіз жағасында пристань, одан қамалға дейінгі жол бойындағы сайларға көпір салынған.

Мұндай берік қамал сол заманда Россияның Қазақстан шекарасында мүлдем жоқ дерлік еді. Кейіннен Каспий теңізінің тайыздауына байланысты бұл қамалды құлатып, Түпқараған айлағынан жаңа қамал салуға тура келді, сірә.

Алексеевтің айтысына қарағанда ол аталған аймақтың топографиялық картасын жасауға да бір кісідей атсалысыпты. Өңірдің сол заманнан бізге жеткен тамаша топографиялық картасы кейіннен екі ғасыр тоғысында Урал казак әскерінің есаулы Д.А.Ливкиннің "Каспийдің шығыс жағалауының балық, итбалық кәсіпшілігі" атты еңбегінің ішінде берілді. (Ол қазір Маңғыстау облыстық өлкетану мұражайында ілулі тұр). Оған байқап қараған адам Маңғыстау мен Үстірттің кемі 1,5 ғасыр өткеніне саяхат жасағандай әсерде болады. Енді біліп отырмыз, бұл картада да топограф П.В.Алексеевтің үлесі бар болып шықты. Жоғарыдағы өмірбаян жолдарынан білгеніміз - Петр Вагапович Алексеев 1809 туған. Туған жері Уфа қаласының өзі, не маңайындағы деревнялардың бірі.

Хатқа түскен өмірбаян жолдары онан әрі былай жалғасады:

"Ново-Александровск қамалын салу кезіндегі үздік қызметім үшін Жоғары мәртебелі атынан 450 соммен марапатталдым. 1838 жылдың октябрінде үздік те үлгілі қызметім үшін Жоғары мәртебелі атынан 600 соммен марапатталдым. 1838 жылдың 16 ноябрінен ерекше Орынбор корпусының бұрынғы командирі генерал лейтенант Перовскийдің қарамағындағы Хиуаға жорық жасаған экспедиция құрамында Орынбордан Қазақ даласына шықтық. 22 декабрьде Жемге, аты Жақсы өзенінің құяр сағасына келіп жеттік. Онан әрі Чирикакул (дұрысы Шошқакөл болуы керек. Ә.С.) ойына құлап, Ақбұлақ бекінісіне жеттік. Содан 1840 жылы 6 февральда кері қайтып, Сағат темірге келіп, содан сол жылдың көктемінде, 16 мартта Оренбургке жеттік. Қысқы жорық кезіндегі жасаған еңбегім үшін басқа шенділердің қатарына алдым... 1840 жылдың 24 июлінде Әулие Станислав орденінің 3-дәрежесімен марапатталдым. Сол жылдың 16 октябрінде және 1841 жылдың 6 апрелінде Хиуа экспедициясына арналған қаражаттың қалғанын жорыққа қатысқан офицерлерге сыйлық ретінде тарату туралы Ұлы мәртебелінің бұйрығы бойынша 45 сом күміспен марапатталдым".

Бұл әскери есеп тілімен дерлік сараң жолдардан білгеніміз - Алексеев Ново-Александровск бекінісінің құрылыс жұмысына да қатысқан екен. Топографтар корпусының офицерлері қажет кезінде құрылысшы да бола кетеді екен. 1870 жылы Ново-Петровск қамалының коменданты болған майор Зеленин рапортында өзінің топографтар корпусында 20 жылдан астам қызмет атқарғанын айта кетеді. Бұдан шығатын қорытынды аталған корпус кәдуілгі біздің инженерлік әскердің құрамдас бөлігі.

Ново-Александровск бекінісінің салынуы Россияның Орта Азияны отарлаудағы шешуші қадамының бірі болып қалды тарихта. Оның біту құрметіне 1834 жылы Орынбордан генерал-губернатор Перовскийдің өзі келіп, той өткізіліп, оған жергілікті қазақтардың билері, батырлары, ақсақалдары, құрметті қонақ болып қатынасып, ат бәйгесі өтті. Алексеевке берілген сыйақы 450 сом ол кезде көп ақша. Уызына жарымаған жарлының баласын әйтеуір бір байытып тастауға артығымен жетеді. Бекініс үшін Г.С.Карелин де көп мөлшерде сыйлық алып, шені өсті. Оның шені бірақ әскери емес азаматтық шен. Себебі Г.С.Карелин Санкт-Петербургтегі 1-кадет корпусын бітіргеніне қарамастан азаматтық ведомствоның чиновнигі саналатын. Оның әскери қызметке тартылмауына астанада жүргенде Аракчеевтің келемеж сайқымазақ суретін салғаны себеп болды деген дерек те бар.

1839 жылғы Хиуа жорығы қазақ халқы тарихының қаралы беттері. Орыстың Орта Азияны отарлауда мықтап бір опық жеген тұсы да осы. Жорықтың негізгі ауыртпалығын соры қалың қазақ көтерді. Көліктікке мыңдаған түйе тартып алынды. Жүздеген жігіт қара жұмысына зорлықпен жегілді. Сойыстық мал, баспана үшін жолым үйлер, көліктің қом, ауыт, қатеп, ер-тұрман, арқан-жіп әбзелдері шығыны. Жер қайысқан қалың әскер жолынан үркіп, жолдағы баспана, қыстауларынан үдере көшкен ел бір сөзбен айтқанда, бұл баяғы "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның" осы елге келген бір кері болды да шықты. Орынбордан шықпай жатып боранға ұрынған орыс әскері де көресіні көрді. Өлді-жітті, үсіді, ауырды, аштықтан бұрлықты. Сөйтіп, Ақбұлақ қамалына сүлдерін сүйретіп әзер жетті. Қазақтар шығыны да көп. Мыңдаған түйелерінен өлідей айырылды. Қаралай жұтады. Оның шығынын өтеу, сірә патша үкіметінің қаперіне де кірген жоқ.

Жорықтың сәтсіздігінің бірден-бір кінәлісі Перовский ешқандай жауапкершілікке тартылған жоқ. Бір кезде Наполеонмен соғыста жеңіл ғана жараланып, сонымен ол соғыстың батыры атанып, артынан жоғары мансапқа жетіп, әйтеуір жолы болғыш жырынды генерал бұл жолы да аман шықты. Қазақтардың есебінен тегін адам күші мен көлікке, азық-түлікке ие болған оған қарауындағы офицерлердің үнемделген қаражаттың азғантай бөлігімен көңілдерін аулап, жорықтың сәтсіздігі үшін өзіне деген қазандай өкпе-реніштерін сейілту өз құзырында. Оны ескермесе, білмесе Перовский Перовский бола ма?! Содан Алексеевке тигені 45 сом күміс. Ал орден ол жорыққа қаралған ақша емес. Қарамағындағыларға жақсы атты көріну үшін марапат қағазын толтыру не болыпты?!

Перовскийдің қысқы экспедициясы деп аталған бұл жорық шын мәнісінде баяғы Бекович-Черкаскийден соңғы Хиуаға екінші жорық еді. Үшінші жорық 1873 жылы болып, Хиуаның жеңілуімен аяқталды. Бұл үшеуі де Қазақ даласы арқылы өтті. Яғни, біздің төл тарихымыздың тараулары. Кешегі кеңестік кезде орыс отаршылдығын дәріптеуге құлық танытылмады. Оған алдымен орыстардың өздері қарсы болды. Енді егемендік алған кезде жағдай басқаша. Солай бола тұрса да әзірге тарихшыларымыз тарапынан белсенді талпыныс байқалмауы ойлантады. Тегі, сірә, бұл ағайындар да әр ру, әр ауылдың өз батыры мен биін шығару жолындағы "Аламан бәйгесіне" қосылып, барлығып қалды-ау деп ойлап қоямыз күнәһар басымыз.

Қазақ даласының отарлануын біржола тиянақтап, шегендеген бұл үш жорық тарихы түбегейлі зерттеліп жазылуы тиіс. Зорлықшыда, күші асқанда иман деген көп бола бермейді екен. Россия араға жыл салып жіберіп алдында ғана өздері қару білеген Хиуа мен Бұхараға бейбіт миссия аттандырды. Бұл кезде орыстың түпкі ойын әбден біліп алған Хиуа мен Бұхара әрине оған қолқ ете қалған жоқ. Бұл миссия нәтижесі де отаршыл Россияның көп сәтсіз дипломатиялық қадамдарының бірі болып қала барды. Біз үшін маңыздысы оның кейіпкеріміз П.А.Алексеевке қатысы барлығы.

"...1841 жылдың 18 майынан мен Хиуа мен Бұхараға баратын миссияны алып жүретін Бас штаб подполковнигі Бларамбергтің отрядында болдым. 24 майда қасымда 12 Урал казагы бар Керуен көлге трангуляция жасау үшін жіберілдім. Көлге жақындай бергенде жалпы саны 100-ден астам қазақ барымташыларын кездестірдім. Конвойдың саны аздығын көрген олар шұғыл шабуылға көшті, бірақ бірнеше рет беттері қайтты. Сонда мен жараландым, мылтық оғы оң аяғымнан тесіп өтіп, найза саусағымды жаралады. Сондағы ерлігім үшін сол жылдың 28 июлінде Жоғары мәртебелінің мархабатымен лентаға тағылған үшінші дәрежелі Анна орденімен наградталдым".

Міне, бұдан көріп отырғандай елшілік керуені ақжолтай, бейбіт мақсатын бетперде етіп жолшыбай әскери барлаумен де айналысып келе жатыр. Және оған басшылық жасаушы Бас штабтың аға офицері подполковник. Ал Алексеев, сірә бұл кезде картаға түсіру, сипаттама жазудың нағыз аққаптал маманы болып алған. Жарасы онша қауіпті болмай сапқа тез оралған Алексеев онан арғы қызметін былай баяндапты.

"1843 жылдың 1 майынан 19 октябріне дейін Орынбор губерниясындағы инструментальді түсірім жасауда болдым. 1844 жылдың 26 мартында қазақ даласы Орынбор өлкесінің картасын жасағаным үшін Жоғары мәртебелінің мархабатымен күміс ақшамен 122 сом 50 тиын сыйлық алдым. 1844 және 1845 жылдың 1 июлінен 18 октябріне дейін Орынбор губерниясында инструментальді түсірім жасау үшін болдым. 1846 жылы апрельде үздік жұмысым үшін Ұлы мәртебелінің алғысын алдым, сол жылы 1 майдан 8 октябрге дейін. 1847 жылы 9 майдан 14 октябрьге дейін топографтармен бірге Орынбор губерниясында инструментальді түсірім жасау үшін болдым. 1846 жылы апрельде үздік жұмысым үшін Ұлы мәртебелінің алғысын алдым, сол жылы 1 майдан 8 октябрьге дейін 1847 жылы 9 майдан 14 октябрьге дейін топографтармен бірге Орынбор губерниясында инструментальді түсірім жасадым. Сол жылы 5 июньде Орынбор өлкесі мен Қазақ даласының картасын жасағаным үшін (астын сызған біз Ә.С.) алғыс алдым. 1848 жылы 5 майдан 28 октябрьге дейін Орынбор губерниясында инструментальді түсірім жасаумен жүрдім. Сол жылы 16 майда жақсы, үздік жұмысым үшін сыйлық ретінде мерзімінен бұрын кезекті үшінші шенімді алдым".

Бұдан белгілі болғаны П.А.Алексеев Орынбор губерниясының картасын жасаушылардың бірі екен. Оның іссапарымен көп жерлерде болғанын ескерсек, губерния картасының басым бөлігінің картасын өзі аяқтай жүріп, түсірім жасаған. Екінші ретінде губернияға қоса қазақ даласының картасын жасағаным үшін деп арнап көрсетуіне қарағанда ол аталған губерниядан тыс жерлерде де болған. Және картаға түсірген. Сондай бір сапары елшілік құрамында болғаны. Өзге қай жерлерде болғаны әзірге мәлім емес. Бұлардан шығатын қорытынды - Петр Вагапович Алексеев бұрынғы Орынбор губерниясы қазіргі Россияның Орынбор облысын, Қазақстанның Орал, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарының жерін картаға түсірген ең алғашқы картограф геодезист.

Осы қызметі үшін оған кезекті үшінші әскерилік шені берілген. Орыс армиясында - бұл поручик (прапорщик подпоручик, поручик), біздің өлшемде - аға лейтенант.

Өмірбаянның онан арғысы жеке өзі, отбасы жағдайын қамтиды.

"Орыс тілінде оқып, жазатын сауаттымын, құдай заңы, грамматика, геометрия, жазық тригонометрия, 2 сатылы теңдеуді шешетіндей дәрежеде алгебра, география, суретке салу мен жергілікті жерді түсіруді білемін. Үй тұтқынында, айыпкер санатында болғаным жоқ, ескерту сөгістерден адамын; Отбасылы, балалы-шағалымын. Балаларым 5,3,2 жастарда, бәрі православие дінінде, барлық уақытта марапатталуға, кезекті шенімді алуға мүлтіксіз ұсынылдым, қызмет есептерім тиянақты, бұл жөнінен арыз-шағымға ілінгенім жоқ, қызмет барысында ескерту алғаным жоқ, қарамағымдағылар арасында тәртіпсіздік пен әділетсіздікке жол берген емеспін, жеке тәртібімде көзге түсердей, сөз етерліктей бөтен, бөгде жайттар болып көрген емес, православие дініндемін, қазір 40 жастамын".

Қолы қойылған.

Бұдан білгеніміз: жоғарыда айтылғандай ол бастауыштан жоғары білімді өз бетімен алыпты. Қызметінде қандай ұқыпты, тиянақты болып, білімін көтеруге келгенде өзіне тіпті талапкер. Жалпы оның зерттеу, жазу машығынан атақты "Дерсу Узаланың" авторы В.К.Арсеньевке ұқсастықты табамыз. Тіпті көп жері егіз қозыдай деуге болады. Арсеньев Қиыр Шығысты әскери барлау мақсатында қызмет ете жүріп зерттеген. Оның да бүкіл жазы үнемі жол үстінде, қыста сапарларда жиналғандарын тәртіпке келтіріп қағазға түсіреді. Алексеев солдат баласы болғанда Арсеньев кедей почта чиновнигінің баласы. Тек айырмасы білімдерінде. Арсеньев қысқа жіп күрмеуінің жеткен жері кадет корпусын бітірді. Алексеев біздің өлшеммен алғанда кәмелеттік аттестат та ала алмады. Егер бұл ең болмаса әскери қызметін гимназия бітіріп бастаған күнде, бәлкім, қазақтар өмірінен "Дерсу Узаладай" болмағанмен соған жетеқабыл шығарма жазар ма еді? Бұлай деуімізге себеп - Алексеевтің Бозашы, Солтүстік Үстірт сипаттамаларының көркемдік, танымдық дәрежесі бақылау әдісі, тілі, жазу машығы Арсеньевтің Сихотэ-Алинь жазбаларына өте ұқсас.

Алексеевтің жоғарыдағы жазбасының мақсатын анықтайтын аяғында қосымшасы бар.

Онда ол өзінің қызмет жолын солай тізе келіп, Хиуа, Бұхара жолында алған жарақатына тоқталады. Содан аяғы жарымжан болып қалған. Дәлін айтқанда, сіңірі қиылғандығы себепті сылтиды. Онымен тұрмай жарасы ауырады да. Медицина көмегіне ділгер. Ал ол болса ақылы. Жарлы тұратын мұның ақшасы жоқ. Сол себепті Жоғары мәртебелі патша ағзам 1814 жылы 18 августте бекіткен қаулының 6-томындағы 1048-тармақ бойынша өзін жаралыларға жәрдем комитетінің қарамағына алып, тегін дәрігерлік көмек көрсетуді өтінеді. Өтініштің жазылған күні 1848 жылдың 2 декабрі.

Сірә, Алексеевтің ол өтінішін қанағаттандыруға жоғары жақ онша құлық таныта қоймағандай. "Жалғыздың үні шықпас" деп Орынбордағы қайдағы бір солдаттың баласы, кіші офицердің жай-күйі Бас штабта отырған биік мәртебелілерді онша көп ойлантпапты. Алексеевтерінің қадірін астанадағылар білмегенмен де Орынбордағы басшылары біледі. Арада бір жыл өткен соң, 1849 жылы 27 декабрьде әскери министрліктің инспекторлық департаментіне, Штабтың генерал-квартирмейстріне генерал-адьютант Берг аталған комитеттің Алексеевке отставкаға шыққанға дейін дәрігерлік көмек көрсетуді сұрап қатынас жазады. Мұның нәтижесі қалай болғаны туралы архивтен ешқандай құжат кездестіре алмадық. Дегенмен шамалауға болатындай бір құжат қолымызға түсті. Ол 1851 жылы 8 январьда Орынбор корпусы Обер квартирмейстрі полковник әрі кавалер Бларамбергтің атына штабтың топографтар корпусынан қызметтен шығарылған капитан Алексеев екіншінің мына рапорты: "Менің 25.11.1849 жылы Ұлы Мәртебелінің атына мені аурулығыма, жарақатыма байланысты заң бойынша шенімен, мундиріммен және қызметімде алған жалақымның үштен екі мөлшерінде пенсияммен отставкаға шығаруға сұрап өтініш бергенмін... Бірақ қызметтен шығумен де отставкаға шығарып салу указымен де маған бұл жайлы ештеңе хабарланған жоқ. Сол себепті бас ұра отырып мені аталған комитет қарамағына тіркеуді сұраймын. Топографтар корпусы қызметінен шығарылған штабс-капитан Алексеев".

Жоғарыдағы Берг қатынасы мен соңғы рапорт арасында 16 күн бар. Алексеев, ол бұл кезде штабс-капитан екен, топографтар корпусынан шығарылған деп қол қояды. Демек, ол бұл кезде аталған бөлімде емес. Бірақ, полковник Бларамбергтің (оның жараланатын Хиуа, Бұхара сапарындағы тікелей бастығы) қатынас қағазынан белгілі болғаны ол корпустан шығарылғанмен әскер қатарынан әлі босамаған. Бларамбергтің комитет қарамағына отставкаға шыққанға дейін көмек көрсетуді сұрауы мұндағы бастықтарының оны әлі пайдалана тұрар ойлары бар. Ауыр сапарда, жорықта бір болған қарулас серіктің қиын жағдайы полковник Бларамбергті бей-жай қалдырмаса керек. Одан да бұрын Бларамберг бұл кезде Алексеевтің тікелей бастығы болып саналатын. Демек, Алексеевтің отставкасы сәл кейінірек болғандай. Бірақ ол жоғарыдағы қызмет жолын тәптіштеп жазған өтініш рапортынан соң тікелей топографтар корпусында, жалпы әскер сапында қызметтен тыс. Бірақ отставкаға шыққан соң да қол қусырып қарап отырмаған. Іссапарлары кезіндегі күнделіктері, жазбалары негізінде сипаттамалар жазған. Яғни кабинет жұмысымен, ғылыммен айналысқан. Бозашы сипаттамасының кіріспесінде айтылғандай, ол мұнымен бақандай үш жыл - 1851,1852 және 1853 жылдары шұғылданған. Бозашы, Үстірт сипаттамаларының анықтамасында екеуінің жазылған жылдары, ол уақыттағы авторының әскери шені анық дәлме-дәл көрсетілген. Алдыңғысы 1852 жыл, Алексеев онда прапорщик, соңғысы 1853 жыл, Алексеев онда подпоручик. Мұның мәнісі - сипаттама негіздерін Бозашыны автор прапорщик кезінде қағазға түсірген. Ал Үстіртте болған кезде ол подпоручик. 1852-53 жылдар сипаттамалардың соңғы нұсқасы қағазға түскен кезі.

Маңғыстау тарихына қалам тартқан, ішінде мен де бармын, баршамыз осыған дейін өзімізге мәлім болған "Үстірт сипаттамасы" арқылы Алексеев мұнда көрсетілген мерзіміне қарап 1853 жылы келді деп қателікке ұрынумен келіппіз. Ақиқатында ол Маңғыстау Бозашы мен Үстіртте 1832-1834 жылдары да болып кетіпті. Одан кейін ат ізін 1852-1853 жылдары салған. Колумбының Америка құрлығына аяқ басып тұрып Индияны аштым деген үлкен қатесін де кешіріпті ғой бұл тарих. Соған қарап жалпақ оқырман біздің бұл кішкене қателігімізге де түсіністікпен қарар деп ойлаймыз. Сөз түйіні — қарекет үстінде қателесуде емес, сол қателікті түзете білуде.

ҮСТІРТ БАЛЛАДАСЫ

Үстірт жазығындағы конус сияқты төрткүл шыңның ұшар басында тұрған Дөңқара биіктігі - екі сажындай биік тастардан қаланған, төрт бұрышты қиық пирамида тәрізді ескерткіш.

1851-52 жылдары Үстіртті зерттеу ісімен алғаш шұғылданған орыс саяхатшыларының бірі, бас штабтың топографы П.В.Алексеев "Солтүстік Үстірттің топографиялық сипаттамасы" деген еңбегінде осы бір сөздерді жазған екен. Зерттеуші аталмыш еңбегінде Дөңқара зиратының суретін салып қалдырыпты. Ол суретін "Дөңқара моласы" деп атап, рет санын 18 деп белгілепті.

Үстірттің осы өңірінде не көп, көрікті ескерткіштер, айшықты ғимараттар көп. Басқаны айтпағанның өзінде түбектің таспен жазылған шежіресі саналатын Сисем ата қорымы Дөңқара тұрған жерден 20 шақырымдай ғана. Алексеев солардың ішінен Дөңқараға неге ерекше тоқталды? Бәлкім, мұның сыры құйма құлақтан зейінді зердеге өткен, сөйтіп атадан балаға ұласып, бізге жеткен мына бір қызық аңызбен астасып жатпады ма екен?

...Әншейінде жазғы түннің осы бір сәтінде, хас сұлудың назын түбіне бүгіп, әзер ашылатын тұңғиық жанарындай монтаны, мамыражай кейіпте жататын Атырау бүгін тым тынымсыз. Теңіз бетінде бірін-бірі өршелене қуған ақ шулан толқындар екпіндеп келіп Үстірт шыңының саржағал жағалауына соғады.

Мана кешкісін күн бұлтқа батқан. Әдетте мұндайдың арты ұзақ сылбыр жауынға ұласар еді. Бұл жолы олай болатын сыңайы байқалмайды. Өкпек жел түйдек-түйдек қара бұлтты жөңкілте қуып, екпінін бірте-бірте күшейте түсті.

Қапелімде арғы беттен мен мұндалап тұратын Бозашының кең жазығы бүгін мына аласұрған ақжал толқынның арғы тасасында аласарыңқырап қалғандай. Көк теңізге еміне еніп жатқан жіңішке түбек Бозашы мен арадағы қайраң өткелдің бергі шетіне Дөңқара ат басын тіреген-ді. Екі көзі арғы бетте. Иесінің ала құйын көңіл күйінен хабардар екендігін аңғартқысы келгендей ақ арғымақ та ара-тұра осқырынып жер тарпиды. Онсыз да дегбірі кетіп тұрған жігіт үркер көтерілген соң, тіпті алаңдай берді. Әттең қос жанарын қою қараңғылыққа малынған арғы жағаға қанша тіксе де үміт отының жылтырамай-ақ қойғаны.

От демекші, оның бүгінгі сапарының тізгін үшін жағадан жылт ететін сол шыраққа байланысты. Уәде бойынша осы түнде Қаработа өткелдің арғы басынан от жағып белгі бермек еді.

Пышақ қырындай жіңішке өткелдің екі жағы құрдым. Су астындағы соқпақ сорабынан табан аударсаң-ақ көк теңізге кеттім дей бер. Үстірт аңғарының ашығынан қуалай соққан жел әсерінен пайда болған теріс ағыс ескексіз қайықтай қақпақылдап ала жөнеледі. Сондықтан Үстірт пен Бозашы бетке күн құрғатпай қатынап жататын жолаушы өткел аузындағы қарақшы басына бұта байлаған сырықты нысана етіп қана жалдап өтіп жүреді. Сырбаз жігітті ынтықтыра күткізген от алдымен өткел сорабын нұсқап, мұны арғы бетке аман өткізбек. Содан соң аңсаған арман құсын, бақыт құсын қолына қондырмақ.

Қаработа Бозашыдағы түрікмен ауылының атақты сұлуы. Түкірігін аспанға атқан, азуы алты қарыс айбынды бай әкенің, өңшең "сен тұр, мен атайын" алты ағаның алдында бұлаңдап өскен бойжеткеннің қалауы Дөңқараға түскен-ді. Бірақ басы бос емес, айттырулы жері бар. Оның үстіне аңшылықтан өзге кәсібі жоқ, жалғыз арғымақтан басқа малы жоқ қазаққа қыз беруді исі түрікменге түскен таңба деп танитындар тағы көп. Тіршіліктің сәні де, мәні де мал мен байлықта деп түсінетін өр көкіректер үшін Дөңқараның ерлігі, серілігі, мәрттігі әншейін бірдеңе.

Әйтсе де көңілі көрікті Қаработа ару сертіне сенімді еді. Сол серт сүйіскен екі жасты бір байламға әкелген. Қыз бүгін түнде өткел аузынан от жағып белгі беріп күтіп тұрмақ. Арғы жағы белгілі. Екеуі қол ұстасып, Жем, Сағыз бойында отырған Дөңқараның нағашысының аулына барып паналамақ. Бірақ бұл кезде жер астында бұқпантайлаған жау да қарап қалмаған-ды. Қыз бен жігіттің келісімін естіп қалған тыңшы құпияны жеткізер жеріне жеткізіп қойғанынан бұлар бейхабар еді. Ел жата шапанын жамылып, ауылдан жылыса шыққан Қаработа қарға адым ұзамай-ақ қаскөй қолдың қармағына түсті.

... Арғы жағадан от жылт ете түскенде, жігіт жүрегі бір бұлқынды. Онсыз да тықыршып тұрған садақ мойын ақ арғымақты бір тебініп, иек астында күркіреп жатқан көк теңізді кеше жөнелді. Өрлей-өрлей келе тебінгіге жеткен су бірте-бірте аттың алқымын көмкере бастады. Енді бір сәт аунақшыған толқынның бірі ердің артқы қасын шайып өтті. Өткелдің ең терең жерінің үзеңгі мен таралғының астасқан жерінен аспаушы еді. Судың бұлай көтеріліп кеткені, сірә мына дауылы түскірдің әсерінен-ау деп ойлады алаңсыз Дөңқара сол сәт іштей. Бұрынғы шама бойынша жағалау енді қол созымдай ғана жерде болуы керек еді. Әйтсе де от жеткізер емес. Бұл кезде арқа беттен екпіндей соғып, Үстірт шыңынан кері лықситын өкпек желдің екпінімен көтерілген теңіздің теріс ағысы әбден қаһарына мінген-ді.

Әттең, жануар ақ арғымақ қанша қарқынды, ер жігіт қанша қайраттымын дегенмен, дүлей күш алдында дәрменсіз еді. Сүт пісірімдей кезден соң, ақ жал толқын арасынан ат құлағы соңғы рет қылт етті. Ізінше дауыс естім жерден мен мұндалап тұрған әлгінде Қаработа емес, өткел аузынан бір бүйір жерден қаскөйлер жаққан алдамшы отқа ақырғы рет арманға толы жанарымен бір қараған Дөңқара да асау толқын арасына көміліп кете барды. Сол-ақ екен қайран боздақтың көзінен бұлбұл ұшқан опасыз от та сөнді...

Арыстың денесі арада бірнеше күн өткен соң теңіздің құмдауыт жағасынан табылып, тұсындағы тау басына жерленіпті. Тірісінде қадірлінің мәртебесі өлген соң тіпті биік.

- Ардағын ақтық сапарға аттандырып салуға келген елден жер қайысты. Күн құлақтанып, ай тұтылды. Аспанды қара бұлт торлады. Жылқы жусауын доғарды, түйе біткен азынап боздап кетті. Жиналған жұрттың көз жасынан көл тұрып, жағасына құрақ шықты, - дейді аңыз одан әрі.

Содан бүкіл елдің еңбектеген баласы, еңкейген кәрісінен басқасы бас қосып, айналасы алты күнде Дөңқараға еңселі ескерткіш тұрғызған екен. Сүйгенінен айырылып, қапыда қара жамылған Қаработа ару да бұл алдамшы жалғанның жүзінен баз кешуді тілейді. Соңғы арманы Дөңқарамен бір молада қалу болса керек, ақыры осы сертіне жетуге бел буған мәрт сұлу күндіз-түні кірпік қақпай аңдыған қаскөй дұшпаннан айласын асырып, қашып шығыпты да Үстіртке көтеріліпті. Бірақ молаға көз көрінім жер қалғанда артынан қуып жеткен жаулары бауыздап өлтіріпті.

Әбден қаһарына мінген қанішерлер, өлтіргенімен тынбай: "Сен ғашығыңмен ең болмаса бір молада қалуды көксеп едің ғой, ерегескенде сол арманыңды да адыра қалдырайық" -деп денесін теңіздің арғы жағына апарып, еспе шағылға жасыра салған.

Кейіннен Қаработа сұлудың нақақ қаны тамған жерден ғайыптан үш ағаш өсіп шығыпты. Маңайда суы жоқ, тақыр шөлде ешкімнің күтімінсіз жапырақ жайған ағаштардың мәуелеп бой көтеруі де қызық. Діндері жерден тұсау бойы көтерілген соң қолаң шашты арудың бұрымындай өріліп өсіп барып, жапырақ жайған. Аңыз үш ағаштың екі шеткілерін Қаработа мен Дөңқараның, ал ортасындағы жіңішкесін ана құрсағында жарық дүниеге шыға алмай кеткен бейкүнә сәбидің мәңгілік рухтарының белгісі деп дәріптейді.

Талай уәлі ауыздар айызын қандырып айтқан осы аңыздың заттай айғақтамасы, Алексеев сынды зерттеушінің назарына шалынып, қыл қаламына іліккен осы бір ескерткіш Үстірт үстінде әлі бар.

Көсем көңілдің көркі болған киелі мекені, дүниедегі зұлымдық пен адамгершілікті ақыл таразысына салып безбендеген қастерлі жер, талай тасыр бастарды төмен иіп, тәубесіне келтірген қасиетті жәдігер - үш тораңғы ағаш та сақталған.

Т.Медетбек

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

МАХАББАТ ЖӘНЕ ҚОС ТОРАҢҒЫ ТУРАЛЫ ЖЫР

Кететұғын адам жанын жаралап,

аңыз ғой бұл елді жүрген аралап...

Баяғыда ерте кезде екі жас,

бір-біріне ғашық бопты ғаламат.

Жер сияқты сүйетұғын күн нұрын,
орман-сынды сүйетұғын бұлбұлын,
ел сияқты сүйетұғын күй-жырын

сүйген екен сол екі жас бір-бірін.

Жүріпті олар арман жолын қатар сап,
жүріпті олар елден, жерден бата аңсап,
бірақ, бірақ айырыпты екеуін
қатал өкім,

қатал тағдыр,

қатал шақ.

Қаталдықты шығып кеткен шегінен

ойлағанда қабырғаң да сөгілер...

Ақырында таң алдында табысып

қашып шығып кетті олар елінен.

қарамастан оңы менен солына
кетіпті олар –
бағы ма әлде соры ма! –
Көп ұзамай дүрлігіп ел

сол бойда

қуғыншылар шығарыпты соңына...

Екі жасты кеткен талай алдырмай,

қуыпты олар бір сәт атын шалдырмай.

іздепті ғой неше күн мен неше түн

жықпыл қуыс,

тау-жартасты қалдырмай.

Іздер кесіп әрбір қырат, белінен,
иіс тартып аңғарлардың желінен
түсіпті ғой екеуінің үстінен

құшақтасып ұйықтап жатқан жерінен.

Көзден таса бір қуыстың етегі

болған екен екі жастың мекені.

Көк пен жердей құшақтасқан айқасып,

құшақтасып жатыр екен екеуі.

Зіл-заланың у мен зәрін мың ішкен

жатыр екен дем алып бір тыныспен.

...Қаны қатқан қатыгездік екеуін

бір-ақ шауып өлтіріпті қылышпен.

Қап-қара ауыр бұлт буып жан-жақты

қурай екеш қурай сыңсып зарлапты...

Бірақ, бірақ өліп жатқан олардың

құшақтарын ажырата алмапты.

Жан тапсырған қара тасты жастанып

ол екеуін тартқылапты бас салып.

Бәрі бірдей жабылса да

айырылмай

екі құтпақ қатып қапты тас болып.

Бұл жауыздық неткен сонша ерікті!-

жұлмалапты,

тартқылапты өлікті...

Айыра алмай құшақтарын ақыры

апыл-ғұпыл сол бір жерге көміпті...

...Талай өсіп,

талай қурап шалғындар,

басқа жаққа көшіп кетті жал-құмдар.

Қатарынан үш ұрпақты қартайтқан

өтті зырлап содан бері сан жылдар.

Заман өтті қайтып, бірде тасыған...

Жол түсіпті сол бір жердің қасынан...

Қып-қызыл боп қос тораңғы өсіп тұр

екі жастың қабірінің басынан.

Көріп оны сөз таба алмай орамды,
қайта-қайта қайталайсың "тобаңды"
Кәдімгі осы қан сияқты қып-қызыл

өсіп тұрды екі бірдей тораңғы.

Өспейді қос тораңғы бекерге!

Әдейі іздеп келетұғын бөтенде

Бірте-бірте қабір жатқан сол аймақ

Айналды ғой қасиетті мекенге.

Сол маңайда жүріп жатты күн кешіп

топырақсыз, қасиетсіз бір адам.

Сезбейтұғын сұлулық пен таң шығын,
ашпайтұғын бір адамға жан сырын
сол бір адам тораңғыдан қып-қызыл

сабын жасап алмақ болды қамшының.

Бір көрмеген оның мұң тұнып,

неткен сұмдық қорқау еді құлқыны.

Ешкім жоқта тораңғыны кесуге

балтасымен жетті ол енді бір күні.

Бір ұрғанда -
тайып кетті балтасы,
екі ұрғанда -
тайып кетті балтасы

үш ұрғанда...

әлдеқандай үн шығып

күңіренді айналаның тау-тасы.

Қақ бөлініп темір балға екіге

сызат түсті тораңғының етіне.

Сол сызаттан шапшып шығып қызыл қан

Шашырады сол бір жанның бетіне!

Шал-шауқан да белі кеткен бүгіліп,
жас бала жүрген ойнап, жүгіріп
осы жерге тәует етіп кетуге

келіп жатты күндіз-түні шұбырып.

Ана келді –

жасын төгіп жылаған.

Дана келді –

іштен ойын құраған.

Іс жасаған жан түршігіп, безінер

түптің түбі бір сұмдыққа кезігер...

содан бері сол адамның -

жыласа –

жоса-жоса қан ағады көзінен.

Медет Дүйсенов

ҮШ ТОРАҢҒЫ

(Баллада)

Көргенді таң ғып, ғайыптан келіп тұрғандай,

Сүгірет еді, құдірет еді бұл қандай?!

Бір шыбық бітіп көрмеген шөлейт Үстіртте,

Үш тораңғы өскен, бойына бүккен сыр бардай...

Шоқтығын биік көтере түсіп шоң дала,
Уайым жемес, кедеймін-ау деп Дөңқара,
Басқа біреуге қызының басы байлаулы,

Үмітін үзбей үздігетін-ді сонда да.

Аң қағып жүріп, жан бағып жүріп даладан,

Қаработасын сағынып назды салады ән.

Сұлу біткеннің ішінен, сәмбі талдай боп,

Толықсып өскен түрікмен қызын қалаған.

Дөңқараның ескерткіші

Босаса қолы тағат қып әсте тұрмайды,

Шөліркеп жаны шырынды шаққа сырнайлы.

Қарайған адам Қаработа боп көрініп,

Бозашы ауылы алыстан қолын бұлғайды.

Шуағын төккен көктемдей ғажап күлгені,

Сүйіктісінің елестеп өтті нұрлы өңі.

Қиянға кетіп қалмасқа олар серттескен,

Тәуекел етіп тас жұтар бүгін күндері.

Желегін түннің жамылып қыз да келмекші,

Өткел тұсынан от жағып белгі бермекші.

Қапыда, әттең, қатыгез қолға тұтқын боп,

Аяулысына тор құрды, қастық өрмекші.

Қос жүрек қанша талпынғанмен құлшынып,
Қалған-ды бірақ жастардың сырын тыңшы ұғып,
Қақпанын басты аранын ашқан ажалдың,

Кесіліп жолдар, кездесе алмады қырсығып.

Мазасыз теңіз бір ойдан кетті, бір ойға ап,

Құтырған дауыл бақсыдай салды жын ойнақ.

Гүрілдеп келіп соғылып жатқан дәу толқын,

Ауызын ашқан аждаһа сынды үрейлі-ақ.

Қайтпады кейін, жатпады ісін салмақтап,

Қайран тұлпар қасарысады алға аттап.

Жағалаудағы алдамшы оттың жылтылы,

Алып барады тұңғиық суға аулақтап.

Теңіздің суы тереңдей берді, тереңдей,

Еңсесін басты, жігіттің берік емендей.

Көрінбей кетті көміліп асау толқынға,

Соңғы рет қарап, "қайдасың, қалқам?!" - дегендей.

Күндер де өтті көрген бір түстей арада,

Жалғызын жоқтап зарлайды үйде жан ана.

Шаңқылдай ұшып, шарқ ұрып жүрді шағала,

Дөңқарасының денесі шыққан жағада.

Тебіренгендей таулардың қара тасы да,

Атырау төсі аунақшып жатыр ашына.

Бауырына алып боз дала қойны боздағын,

Жиналып халық ескерткіш өрді басына.

Қаработаның жауыз күш күнін ұрлады,

Қуантпас оны, тұрса да қоршап гүл бағы.

Сыңарын іздеп сағымды қырда сабылған,

Жапанда жүрген жаралы елік бұл-дағы.

"Қызығың мәңгі суыған маған енді, өмір,

Жүрегім менің! Жарыма жеткіз, жерге кір...

Жатайық бірге Қозы мен Баян секілді

Махаббат мәңгі екенін айтып елге бір".

Жаңбырлы жасқа жуылып жастық өмірі,

Осынау оқыс шешімге келді көңілі.

Қорымға тартты, қапастан қашып шықты да,

Қасиетті ісін орындар жандай ең ұлы.

Қуғынды көріп, қап-қара көзге мұң тұнды,

Қанішер топқа аянбай қарсы жұлқынды.

Жете алмай қалды ақыры арман-тілекке,

Қимасына ұшқан қарлығаш қанат қырқылды.

Өлтірді жаулар, сүйгендігің бе бар күнәң?!

Бауыздай салды аса алмай дүлей салтынан.

Қып-қызыл қанды құныға жұтқан жерге осы,

Үш ағаш өсіп шығыпты дейді артынан.

Үш ағаш өскен...бірімен-бірі қолдасып,

Бейнесі ме екен жандардың сонау ол ғашық.

Ортада тұрған - құрсақта қалған сәби бұл,

Көбелек сынды жарыққа қанша болды асық?!

Тарих - ана, тәлімің қандай таң қалған,

Жадында елдің ғасырлар бойы жаңғырған.

Үстіртте өскен үш ағаш жайлы аңызын,

Ұрпақтарына бойтұмар етіп қалдырған.

Қарғысын айтып заманға зарлы, күні өткен,

Арманда кеткен мұңды жастықты жыр еткен.

Жерде емес мынау ағаштар –

Махаббат болып -

Жапырақ жайып шыққандай жүректер.

Отыншы Көшбайұлы

ҚАРАБОТА-ДӨҢҚАРА АҢЫЗЫ

Бұл тақырып тарихшы мұғалім, өлкетанушы, осы саладағы бірнеше кітаптардың авторы Отыншы Көшбайұлын да бейжай қалдырмапты. Ол да қалам тартты және өзгеше, өзінше. Сондықтан оны да еңбек ішіне енгізуді орынды санадық.

Бірін-бірі жөңкіле қуған таудай толқындар жағадағы жартасқа келіп гүрс етіп соғады да кейін қайтады. Жолында кездескен қандай кедергі болса да өзімен бірге алып кетердей түнере келгенімен, жартасқа келгенде тауы шағылғандай мың сан тамшыға айналып жан-жағына әлсіз шашырайды. Бірақ қандай дүлей келсе де міз бақпайтын жартас сол күйінде. Етегін жуып әлсіреген толқынның жағадағы уақ тастарды, шөп қиқымдарын өзімен бірге ала қайтқанына күле қарағандай маңғаз қалпынан айнымайды. Көп ұзамайды, қаһарына мінген ақ жал дүлейдің тағы да өршелене ұмтылып, бұрқылдай қайнап жағаға соғып жатқаны.

Жоғарыда биік төбе үстінде төмен қарап отырған Естөре ақ көбіктеніп жатқан толқын ішінен бірдеңе іздегендей тесіле қарайды. Тымық күндері ана көрініп тұрған Бозашы беттен қысылмай-ақ атпен кешіп өтетін шығанақ күз түсе терістіктен құтырына соққан желден кейін үлкен айдынға айналады. Және тек жатпайды. Сонау көкшулан теңіздің ортасында біреу қазан қайнатып жатқандай ернегінен асып осы жаққа қарата тау-тау толқындар үздіксіз жөңкілумен болады. Бұл кезде Бозашыдан Үстірт асатын жол да су астында қалып байланыс тоқтайды. Жанынан күдер үзгендер болмаса екінің бірі осы кезде көп нар тәуекелге бара бермейді.

Үн-түнсіз отырған Естөренің ойына сонау артта қалған балалық шағы түсті. Бұлардың ата-бабалары осы Маңғыстаудың ойына құлағанда он жасар бала болатын. Үстірт үстінен еңкейгенде көз көрім жердің бәрінде шалқып жатқан теңізді көріп таң қалған. Жағасы у-шу. Базарға келгендей құлағың тұнады. Сонда жан-жағына әуестене қараған бала таудан аққан бұлақ бойында, төменде теңіз жағасында жыртылып-айырылып жатқан ақ жабағы құстарды көрген еді. Содан үлкендері сыпырылып түйенің мойнынан түсті. Бейтаныс жерге келіп тілерсегі дірілдеп тартыншақтанған түйелердің бұйдасынан тартып етекке түскен. Бір-біріне жалғаса шұбатылған ұзын көш пен оның артынан айдалып келе жатқан ірілі-уақты малдар түгел құлап болғанша қарайлап, шың басында найзасын кесе көлденең ұстаған батырлардың тұрысы жадында жатталып қалыпты. Көш сол қалпы өздері де, айдап келе жатқан малдары да шашау шықпастан Бозашыға жеткен. Содан бұл жер құт қонысқа айналды ғой. Кім-кімнің де алдындағы малының тұяғы өсті. Мал өскесін оның өрісі кеңейді. Бастапқы әзірде үрегейлеу күн кешкендерімен арттарынан жалғасып келіп жатқан ағайындардың қарасы көбейе түсті. Енді Бозашыны қойып бірі Қаратаудың етегіне, бірі Үстірттің үстіне қоныстанды. Құм сағаттай жылжыған уақыттың қайтіп өтіп кеткенін білмей де қалады екенсің. Алғаш келгенде он жасар бұл да қазір пайғамбар жасына келіпті. Өмір болғасын қуанышы да, онымен қабаттасып қайғысы да қоса жүретіні белгілі. Жүрекжарды қуанышты сәттерде алақайлап шаттанған, жүзін мұң шалған уақыттарда қалғанына береке бере гөр деп тәубеге келген кездері де болды. Тағдырына, бәрін бір өзі үйлестіріп тұрған құдіреті күшті жасағанға өкпесі де жоқ еді. Қазақтың басына іс түссе қолын бірінші созары алдындағы малы емес пе. Сол малдан кенде болмады. Есебін білмеймін деп құдайға күпір болар жайы жоқ. Мұның алдындағы бір тұсақ қозы туса, өрісінен бір түп жусанның артық шыққаны рас. Бірақ Алла тағаланың бұған деген жомарттығы балаға келгенде шолтаң етіп қысқарды да қалды. Бәрін үйіп-төгіп берді де "осыған ғана риза бол" дегендей көз алдына жалғыз Дөңқараны ғана көрсетті. Түпсіз тұңғиық үстінде қалт-құлт еткен аспалы көпірден өтіп бара жатқандай үйде жүрсе де, түзге кетсе де үнемі сол жалғыздың тілеуін тілеумен келе жатыр еді. Енді міне, кез келгенді алыстан өзіне тартар сымбатты теректей боп әркімнің көз сұғына ілінді де, жапырағын жайып үлгермей жатып солды.

Бұл білмепті, өлім шіркінді де адам екшейді екен ғой. Қайғыдан қан жұтып отырсаң да сол өлімнің шүкіршілік ететін жайы да болады екен. Қыршынынан кетсе де артында қалдырған ісі, ел айтып жүрер ерлігі сол қайғыңды жеңілдетуге себеп болады екен ғой.

Ал мұның Дөңқарасына ер адамға лайық қай ерлікте бұйырмай қыз соңына түскен жастық желіктің құрбаны болды. Өзіне-өзі тежеу беріп, айтқанмен жүргенде әкесі әулиенің басындағы жалғыз ағаштай шошайып қалмас па еді, кім білсін. Бірақ тағдырға не шара. Адамның басы Алланың добы. Керек болған екен қақты да салды.

Қаработаның өлген жеріне шыққан қарағаш

Естөре көкірегі айырыла күрсінді. Орнынан тұрып жоғары өрледі. Үлкейді ме, әлде өмірден өткеніне бес-алты айдың жүзі болған баласының қайғысы жеңді ме, әйтеуір соңғы кезде сәл биікке көтерілсе ентігіп қалатынды шығарды. Осы бір жүрісін, шың жиегіне келіп ақ көбік болып арпалысып жатқан толқындарға қарап отыруды әдетке айналдырған. Баласының қара жердің қойнына тапсырылғанын біле тұра сол арсы-күрсі арпалысып жатқан толқын ішінен көңіліне демеу болар бір нәрсені іздейді. Анау түпсіз тұңғиыққа үйіріле шыр айналған су ішінен баласын көргендей болады. Қармап ұстар ештеңе таба алмай жағаға қарай тырбана ұмтылған қолын көргендей болады. Сол ақ көбік толқындарға қарай-қарай көзі қарлығып, кейде судан шыға сала сілкініп иесін іздеген ақ боз атты көргендей, оқыранған даусын естігендей болады. Әйтеуір бір алдамшы дүние. Көзі де, жаны да әбден шаршағанда барып орнынан тұрып жоғары өрлейді. Биік төбе басында аспанмен таласқан төрт қырлы мазар көрінеді. Дөңқараның осында жатқанын, мынау сол жалғызға соғылған ескерткіш екенін тағы да есіне түсіреді. Қарсы алдына тәлтіректеп келіп тізерлей отырады. Жалғызына бағыштап құран оқиды. Кенет өзіне қосыла сөйлеген баласының даусын естігендей болады. Әкесінің тізесіне басын қойып еркелей сөйлеген баласы қартайған шағында жалғыз қалдырғанына кешірім өтінгендей, басынан өткенін айтып жатқандай әсерде болады...

Құдайдың біреу берсе де, бірегей қылғаны шығар, Дөңқара өз қатарларына қарағанда сүйекті, екі иығына екі кісі мінгендей ірі еді. Біреудің жалғызымын, әкемнің байлығы ішсем де, төксем де жетіп жатыр деген таяз ойдан аулақ болды. Елмен бірге түн қатып жылқы күзетті, шашау шыққаны болса түгендеді. Жастықтың қызығынан да шет қалмады. Болып жатқан той мерекелерде "Дөңқараның аты келіпті", "Дөңқара бәленше деген палуанды жер қаптырыпты" деген хабарды естіген әкесі төбесі көкке екі елі тимей тұрса да, сыртына шығармауға тырысатын. Ішінен мың қайтара тәубесін айтып, жалғызының қызығы таусылмағай деп тілейтін. Үйлендіретін кез де келген. Бірақ неге екені белгісіз осы уақытқа дейін ешкімнің қызына барып белгі таққан жоқ еді. Бәлкім, Алла тағаланың бұйрығы солай болған шығар, бәлкім баласының көңіліме жаққан қызды ғана аламын дегені болар, әйтеуір ешкімге құда түсіп, құйрық-бауырды бөле жеген жоқ. Онан басқа осы Бозашының құмында ыңырантып мал өсіргендер де, Қаратаудың бойындағы бұлақты жағалап, соның бойына өскен жүгері, тарысын ырзық қылып отырғандар да Естөре келсе төріне шығармас па. Бір марқаның басын қырқып келген шаруасын естігенше асық болмас па еді. Бірақ Естөре ойында болса да, баласынан асып өз дегенін істемеді. Ақылсыз емес қой, бір ойлағаны бар шығар деп артын күткен. Тірі жүрсе өзінің айтқан уақытында ойдағы Адайы бар, Үстіртті жайлаған Табыны бар, Арқадағы Әлімі бар әйтеуір біреуімен тағдыр байланыстыратын шығар деп ойлаған.

Бірақ соңғы кезде екі үй ара пыш-пыштаған әйелдердің әңгімесіне қарағанда мұның күтіп жүрген жері алыстап бара жатқан сияқты. Баласы қызық қуып Бозашының құмында жүргенде де, нағашылатып Арқаға барғанда да әкесінің ойындағы жоғын жоқтамапты. Көңілінің ауғаны, түн қатып барып қайтатыны анау Қаратүйе Манатының үстінде отырған балықшы түрікмендердің аулы көрінеді.

Түбектің күншығыс беттегі тұмсығы шығанақтың ішіне сұғынып жататын. Жан-жағы бірде тобықтан, бірде тізеден келіп күннің райына, желдің соғысына қарай өзгеріп отыратын көк су. Сол жіңішке түбектің ішіне кіргізіп жіберген жылқыны сыртынан бақылағаны болмаса, бағудың қажеті жоқ. Жылқының нағыз сүйіп жейтін еркегі мен ебелегі аралас, ұйыса өседі. Күзге таман қараоттың кезінде жусаны бөртіп белуардан келеді. Осы жерден Дөңқара арғы жағында көрініп тұрған түрікмендердің аулына ат ізін жиі салатын көрінеді. Қашаннан бері барып жүргенін бір құдайдың өзі білсін. Ел аузындағы әңгімеге кім қақпақ болыпты. Шамасы бірге жүріп, жастықтың буына бірге елітіп жүрген үзеңгілес жолдастарының бірінің аузынан шықса керек, әйтеуір осы әңгіме ауыл арасында тарағалы да біраз уақыт болды. Әкесі бастапқы әзірде баласына тежеу салғысы да келген. Артынан өзім жас болмағандай, қызды ауылдың итін үргізіп, кемпірін ұйқысынан тұрғызбағандай болмайын деп, өзіне өзі тежеу берген. Тек біреудің намысына тиіп, тыныш отырған екі ел бір-біріне бақан алып жүгірмесе болды ғой деп ойлаған. Баласының ақылсыз болмаса да кейде өз дегенінен қайтпайтын мінезіне қанық әкесі осы бір көмейіне келген сөзді айтайын деп бірнеше оқталып, бірнеше кідірген-ді. Артынан сонысына өкінгендей де болған. Бірақ түбі қайыр, басы у-ду болғанмен арты насырға шапқан жоқ. Салмағының кейінде жатқанын, арты орны толмас өкінішке ұласарын бұл қайдан білсін. Сол тойдағы бір тентектің сәл қыжылды намысым тапталды деп кекке балап, бір бармағы ішінде бүгулі кеткенін ешкім де білген жоқ болатын. Білсе осындағы бүкіл қазақтың қызының ішінен біреуі бауырын жылытпайтындай, желісін жалғастырмайтындай көріп, өз дегенімен жүрген баласының жолына кесе көлденең жатса да ол жаққа қарата өткізбес еді ғой.

Ойлап отырса бәрі сол өтіп кеткен тойдан басталыпты. Құдіреті күшті жасаған-ай, біреудің орны толмас қайғысы біреудің ақпа-төкпе тойынан басталыпты дегенді қайтіп ақылыңа сиыстырарсың. Алыстан, жақыннан келгені бар, арнайы алдыртып төрге оздырғаны, ел құлағынан естіп көптің қапталына ілесіп келгені бар, әйтеуір ығы-жығы ел көп жиналған той еді. Тойдың қызығы көп, сол көп қызықтың ішіндегі елдің араға жыл салып болса да айтып жүретіні палуандар сайысы емес пе. Әр ру өзінің бетке ұстарын алып келеді. Қарсыласын шаң қаптырып, аруағыңды аспандатып жатса жаныңа одан артық не керек. Ал адай мен түрікмен о бастан аралас-құралас отырғасын жеме-жемге келгенде бәйгенің алдынан, палуандар белдесер шаршы топтың төрінен өз қандасын көргісі келетіні, соның мерейінің үстем болғанын қалайтыны сірә белгілі. Бұл кезде Келінберді мен Құдайкеден тарайтын сегіз арыс адайда, Есен елінен тарайтын абдал, егдір, шәудір, бұрыншық, бозашы болып бөлінетін түрікмендер де өз руларын ұмытып ұлтының намысын жыртып өзеуреп тұрғандары. Қолына қамшы ұстап, ат жалынан тартып мінер еркек түгілі шашы ұзын, ақылы қысқа саналатын төмен етек әйелдердің де өзінің сонау түп қан тамырына тартатыны болады.

Естөренің ойына бала кезінде көзі көрген Келдібай батыр түсті. Тіпті соның қай рудан екені де жадында қалмапты. Ел әйтеуір "Батыр ата, батыр ата" деп қолын қусырып төрінен орын беріп, алдында құрдай жорғалайтын. Соның бір айтқан әңгімесін әлі ұмытпайды.

- Ел мені батыр деп төбесіне көтереді. Бірақ менің батырлығым жат қолында жүрген бір апамыздың ерлігінің қасында айтуға да тұрмайды. Сол болмаса мен де қазір ел қолпаштап жүрген абырой, атақ та болмас еді. Жас кезімде қалмақтарға тұтқынға түстім. Қолыма қару алып бірде жеңіп, бірде жеңілісте жүрсек те атағымның досыма да, жауыма да белгілі бола бастаған уақыты. Батыр аңғал ма, әлде жастық аңғал ма кім білсін, жолымды торып жүрген аңдушының бар екенін білсем де баратын жеріме өзім кеттім. Айналма жолды алыссынып өзенді тіке кешіп өтейін деп қалың нудың ішіне кіре бергенімде дәл мені аңдып тұрғандай алдымнан қалмақтардың шыға келмесі бар ма. Екеуін аттан аударып түсірдім. Бірақ көптің аты көп. Аяқ-қолымды байлап аулына әкелді. Есік алдында отырған селдір сақал, бітік көз біреуге мені көрсетіп шәлдірлеп бірдеңені айтып жатыр. Ия батыры, ия ақсақалы шығар деймін ішімнен. Ол маған тесіле қарады. Бірте-бірте өңі сұрланып, қабақтары түйілді. Ее, деймін ішімнен, мынау өткендегі қақтығыста қаза болған қалмақтың жас батырының әкесі болды. Менің ендігі тағдырымның билігі осының қолында шығар. Бармағымды шайнап өкініп те тұрмын. Ол шаңқылдай сөйлеп ауыл шетіндегі бір күркені көрсетті.

Содан қамаулы бірнеше күн жаттым. Алдыма ас-су әкеліп тастағаны болмаса әзір ешкімнің залалы тиіп жатқан жоқ. Жабықтың тесігінен сыртқа көз салам. Әлгі шалға жиылып келеді, жиылып кетеді. Шамасы маған тартылар жазаны ақылдасатын болса керек. Сол үйден анда-санда кіріп-шығып жүрген бір әйел мен жатқан үйге қарағыштаумен болады. Не де болса маған бір жанашыр адам екенін ішім сезеді. Тілдесудің ретін таба алмай жүрген адам секілді. Көз көп, еркек біткен атын қаңтарып ауылда жатыр. Шаруасы жай адамша бәрінің ешқайда шықпай жатқанына қарап өзіме қауіп төне бастағанын білдім. Сол күні түн ортасы ауа бере біреудің жайлап басып есік сыртына келгенін байқадым. Өзін аңдушы жоқ па деп жан-жағына қарайлап тұрса керек, бірден үйге кірмеді. Бір мезетте есік ашылды. Өткендегі әйел екен. Сыртына желбегей жамылған бешпетінің төс қалтасынан пышағын алып қолымды байлаған арқанды қиды.

- Әй, қарағым, - деді сыбырлап. Менің уақытым аз. Жаугершілік заманда қолды болған бір апаң едім. Қалмақтың бір батыры аулымызды шауып, арыстай болған екі ағамды өлтіріп, мені өзімен бірге ала кеткен. Көп қатынының бірі болдым. Тірі жүрсем кегімді қайтарармын деп өзіме-өзім уәде бергенмін. Онымды орындадым да. Бір жорықта әлгі батыр байымның зере сауытын тесіп өткен найзадан болған жарасын таңған болып шүберекке білдірмей у жағып жібердім. Найзасының ұшына, садағының жебесіне жағып жүретін уының қай жерде екенін білетінмін. Ажалы содан болды. Солай істегенмін, шырағым. Қойнында жатып, содан ет сүйегімді жарып шыққан балалы болсам да баяғы елімді шауып, бауырларымды көзімше өлтіргенін кешірмедім. Тәнім оныкі болғанмен, жаным елімде еді. Әйел адамның күйеуге шыққаннан кейінгі құдайдан сұрары балалы болу ғой. Ал мен бойыма ештеңе бітпесе екен деп тілегенмін. Бірақ бұл құдайдың құдіретіне шара бар ма. Арыстай үш ұл туып бердім. Алды қазір жігіт болды. У жағылған шүберек көп ұзатпады, аяқ-қолынан жан кетіп, тілінен айырылды. Өлер алдында көзі шарасынан шыға мені көрсетіп бірдеңе дегісі келгенмен оны түсінген ешкім болмады. Байғұстың қатынына, балаларына айтайын деп жатқан аманаты шығар деп ойласа керек. Ал мен болсам оның қойнымдағы қатыным жау болды, ананың көзін құртың деген сөзді айта алмай қиналып жатқанын білдім. Сені ертең өлтірмекші. Өзің көрген шал сол мен өлтіретін қалмақтың ағасы. Өткен жорықта баласының ажалы сендерден болды. Ал жолың болсын, таңға дейін өзен бойындағы нуға жетсең тығылып жан сақтарсың. Арғы тірлігің өзіңе байланысты. Құдайдан қолға түскен осы қандасымды құтқара көр деп жалынумен болып едім. Асылық болмағай, түбі қайырлы болсын, - деп есікті ашып ілгері оздырды. Содан аман қалдым ғой. Қанша заман өтсе де өз қанына тартып, жүрегінің түбіндегі елге деген сағынышы, сүйіспеншілігі қып-қызыл шоқ болып жатқан сол апамыздың ерлігі ойымнан шықпайды, - деп еді батыр.

Туырлығын сыпырып, шаңырағын ортасына түсірген шапқыншылықты кешірмей кектеніп, қанға-қан қайтарған құдайдың бұйрығы ғой. Қарнының тойғанын ғана ойлайтын жетесіз, намыссыз болмасаң қолыңа қару алып кешегі көкірегіне нан пісіп, жігеріңді құм қылған жауыңды тәубесіне келтіру міндетің емес пе. Ал Дөңқараның өлімі ондай ел бүлінетіндей, намысы жыртылатындай даудан болған жоқ. Рас жығылған күреске тоймайдының кебімен екі жақтың да бастапқы әзірде бір-біріне қамшысын білемдеп, жағаларын жыртыса жаздағаны шындық. Ашуды ақылға жеңдіртіп, жасы үлкендерінің тәк-тәгінен кейін бәрі де қойылған. Бірақ жақсының ашуы жібек орамал кепкенше, жаманның ашуы басы жерге жеткенше деген сөздің жаны бар екен. Қазағы бар, түрікмені бар бүкіл елдің көзінше достасқан болып, қол алысып кеткенімен жас жігіттен жығылған әлгі палуанның зәрі артында жатыпты ғой. Шілдеде уы толысып әбден бойын кернегесін шыдай алмай жан-жағына бүркіп жіберер қарақұрттай кішкене реніштің үлкен зұлымдыққа ұласарын кім біліпті...

Ортаға шыққан еңгезердей түрікмен ешкімді шыдатар емес. Бір емес, екі бірдей қазақты әй-пәйға апармай шалқасынан түсірді. Жасы қырықтың үстіне шықса да әлі қайраты қайтпапты. Енді қайсың бар дегендей құйған шойындай болып ортада тұр. Манағыдай емес қазақтар жағының екпіні қайтқандай. Таласа-тармаса шығып ұстаса кететіндей ешкім көрінбейді. Көпшіліктің ортасында тұрған бір ақсақал "япырмай, ешкімнің табылмағаны ма" деп жан-жағына қарады. Намыстанып айтты, таусыла айтты. Көзі жасаурап, белін буған белбеуін сығымдап ұстап қояды. "Әттең, қолдан қуат, белден қайрат кетірген ит кәрілік-ай. Аяққа тұсау болғанын көрмейсің бе. Бәрін бойынан сілкіп тастап мына жігері құм болған көптің еңсесін көтеретін құдіреттің жоқтығы-ай. Бұл түрікмен ең болмаса елу жасымда тап болмады-ау. Көрер едім сонда оның бәлсінгенін", - деп тұрғандай.

Осы кезде қарияның күйінішін сезіп білгендей жолындағыларды итере ортаға Дөңқара шықты. Он сегізге жаңа толған жас жігіттің дене бітімін көрген көпшілік "Е, бәсе" деді гуілдесе шулап. Өзіне жақындап келе жатқан жас жігітке түрікмен еріне көз тастады. Миығына күлкі үйірілді. "Жазған баланы сор айдап келген шығар. Мейлі өз обалы өзіне" дегендей орнынан көтеріліп қасына келді. Бойлары қатар екен. Тек Дөңқара оған қарағанда әлжуаздау сияқты көрінді. Түрікмен қарсыласына сары ауыз балапан ғой, пысын басып алайын дегендей қабағын түйіп, қатулана қарады. Өзіне қолын ұсына берген жас жігіттің алақанына шарт еткізіп қолын берді де жұлқа тартты. Бұрыннан істейтін дағдысы осы болатын. Қолының қажары жоқ, белі бостау немел ер осындайда тізерлеп отыра кететін. Содан кейін-ақ жайы белгілі. Көзі қорқып қалғандар енді мұның уысынан шыға алмайды. Бірақ бұл жолы ол ойлағандай болмады. Шарт еткізе қолын қысқан жігіт оның жұлқа тартқанына мыңқ еткен жоқ. Сіңірлі қолдары бұған желімше жабысып қалғандай өзіне қарата үйіріп алып барады. Құшағына кірсе құрсаудай қысып еш нәрсеге мүмкіндік бермейтінін ойлап үлгерген түрікмен не де болса оның қолын жақындатпауға тырысты. Бірақ жас жігіттің қажарлы қолдары оған мүмкіндік бермеді. Торға түскендей бұлқынған палуанды белінен қапсыра құшақтап өзіне тартты. Жаңағы ешкімді менсінбей құтырынған түрікмен палуаны омыртқасын сарүйек жылан қысқандай күтірлеп, демінің қысылып бара жатқанын сезді. Қанша тырбанғанмен, айла жасағысы келгенмен енді бәрі де кеш еді. Дөңқара қарсыласын гүрс еткізіп шалқасынан түсірді де, басынан аттап өтті. Жан-жақтан у-шу болып бөркін аспанға атқан көптің ішінен жасы сақалын жуып "Аруақ, аруақ" деп айқайлап тұрған ақсақалды көрді.

Орнынан тұра алмай шаң қауып жатқан палуанды сүйемелдеп алып кетті. Дау сол жерде басталды.

- Қазақтар намысымызға тидіңдер. Бір емес, бірнеше палуаның жеңілді. Жеңіс біздікі деп күресті тоқтатуға да болатын еді. Не де болса қапы қалмасын деп артын күттік. Шаршаған палуанды жас жігіттің жеңгені рас. О бастағы дағды бойынша жеңілген адамды да құрметтеп қолынан тартып тұрғызар еді. Арқасынан қағып құшағына алатын. Достықтың, сыйластықтың белгісі осылай болушы еді ғой. Ал сендердің мына көргені аз, білігі жоқ жігіттерің олай істемеді. Басынан аттап өтті. Аяқтың астында қалған бастың аман қалғанын, қадірлі болғанын көргеніміз жоқ. Бұл ненің белгісі. Осындағы қалың түрікменге көрсеткен қырларың ба, әлде айрандай ұйыған бірлікті іріту ме. Ата-бабаларымыз жалаңдап келген қылыш алдында да басын иіп көрмеп еді. Әлде қанымызға сіңіп, жалғасып келе жатқан сол ерліктің бізге келгенде дауасы қашты деп ойлайсыңдар ма. Әй, қарағым оның не, кейін қайт, ана палуаннан кешірім сұра деудің орнына тентектің қолтығына су бүркіп, аруағын шақырып тұрған ақсақалың анау. Тентекке тежеу болмай еркіне жібере берсек ондай қызыл көз біздің жақтан да табылады.

Ат үстінде қамшысын білемдеп сөйлеп тұрғанды қостап түрікмендер гу-гу етеді. Жаңағы өз жағынан шыққан палуаны жеңіске жеткен сайын "әп, бәрекелді" деп қуаныштан масайрап тұрған жүздеріне қатулық ене бастаған. Бәрі де бастарындағы сеңсең бөріктері түсіп қалатын адамша қолдарымен басып-басып қояды. Көздері қызыл тамырланып іштеріндегі қыжылы ашуға ұласып келе жатқандай. Сәл сылтау табыла қойса жолындағысын жайпап өтер тасқын селдей лап ете түсуге дайын.

Осы кезде манағы ақсақал ортаға шықты.

- Уа, халайық, - деді жан-жағына қарап. Біреудің қызығын бүкіл елдің қайғысына ұластырмайық. Жан-жақтан алалап, бөлектемей бәрімізді шақырып төріне оздырғанда тойымның берекесі кетсін, артық жүрген бас болса жарылсын, ұмытып бара жатқан қотырын қайта қасысын демеген шығар. Күрес сол тойдың қызығының біреуі. Ортамыздан шыққан палуанды қоштасақ екі елдің арасына от жағайық деп қоштамаған шығармыз. Қай-қайсымыз да өзіміздің бәйгеге қосқан адамымыздың мерейінің үстем болғанын тілейтініміз шындық емес пе. Осындайда аузыңа аруақ түспегенде енеңнің шонтайы түсуі керек пе. Жастың албырттығы, білместігі дейтін болмайтын ба еді. Кінәсі бар. Оны қазір болып кетейін деп тұрған ұлы дауға сылтау қылмайық. Біздің де ата-бабамызды намыссыз деп, біреудің қоқан-лоқысына көне салады деп айта алмассыңдар. Іргені түріп, малын көздеп, қарнын тыр-тыр қасып жатқанынан, түн қатып жортуылда жүргені көп болғанын, белдеуде аты, керегесіне найзасы сүйеулі тұрмаса көңілі қоңылтақситыны кім-кімге болса да белгілі шығар. Ендеше ана алды-артын көп ойламас жастарды қиқулатып еркіне жібермелік, ешкімге опа бермес жарға итермелік. Итің қабаған болса көршіңмен, балаң тентек болса ауылдасыңмен жаманатты боласың. Әй, Дөңқара, бері кел. Мына ағаңның қолын ал. Қай-қайсыңда кеуделеріңді кернеп тұрған орынсыз ашуды сабырға жеңдіріп, ел бірлігіне бағыттар ақылға жол берің. Қатені мойындай білу де ерлік, алдыңа келгенді кеше білген де ерлік, - деді.

Ақсақалдың сөзі бәрінің көкейіне қонғандай ел гуілдей сөйлеп қошамет білдіріп жатты. Жаңағы түйілген қабақтар жазылып, өңдері жыли бастағандай. Ортаға алдымен шыққан Дөңқара шетте тұрған бес-алты жігіт арасынан аяғын зорлана басып келе жатқан қарсыласын көрді. Қолын селқос ұсынды. Жанарлары тоғысты.. Дөңқара өзіне қараған оның көзінен мына қаумалап тұрған қалың көпшіліктің шешімінен аса алмай амалсыз келгенін, бар зілін артына бүккен үлкен зұлымдықтың жатқанын оқыды. Қай ісіңе де мен дайынмын дегендей тайсалмай тура қарап қолын қысты.

Қаработаның теңіз жағасына келіп отырғанына да біраз уақыт болды. Бүгін аспан шайдай ашық, лүп еткен жел жоқ. Жағаға соғып аласұрып жататын толқындар да саябыр тапқан. Анда-санда су бетіне ойнап шығып, қайтадан шолп ете түскен уақ шабақтардың даусы естіледі. Маңайда ешкім көрінбейді. Тек әріректе кешегі құрып кеткен ауына бағыттап бара жатқан балықшының жалғыз қайығы ғана жағадан ұзап бара жатыр.

Дөңқараның келетін уақыты болды. Екеуінің үнемі кездесетін жері де осы жарқабақтың қасы. Бір-біріне жалғаса жатқан сай-салалы жер. Таудан аққан бұлақ бойындағы кісі бойындай қамыстардан арнайы келіп іздемесе адам сырт көзіне түсе бермейді. Дөңқараны алғаш осы жерде кездестірген. Сол күні ауылдағы бойжеткен бес-алты қыз төмен құлап суға түсуге келіп еді. Кісі көзінен тасалау, қалқалайтын тастары көп жерді арнайы таңдап алды. Келе жатқан бейсауыт адам алыстан көзге шалынатын болса да сақтық жасап, іштеріндегі жастауын тас үстіне отырғызып қарауыл қаратқан. Жағадағы тастар арасына ұйыса өскен балдыр шөптерден өтіп тереңдеу жеріне барды. Мөп-мөлдір, салқын су. Жандары рахаттанған қыздар бір-біріне су шашып ойнап, сүңгіп барып қорқақтарының аяғынан тартып жағаны басына көтерген. Манағы сақтықты ұмытып кеткендей. Тас үстіне отырғызып қойған кішкене қыз шекесін тесіп бара жатқан ыстыққа шыдай алмай отырса керек, у-шу болған қыздарға қарап бірдеңе деп айқайлайды. Шамасы "жаңағы кезектесеміз дегендерің қайда, мен де суға түсейін" деп тұрса керек. Бірақ оны естіп жатқан бойжеткендер көрінбейді. Қытығын келтіргендей әлсіз соққан толқынға денелерін төсеп, салқын су ішінде жүре бергілері келеді.

Кенет тас үстіндегі қыз жылан шағып алғандай айқайлап бұларға қолын бұлғады. Арқа-жарқа жүргендерін біреу аңдып, сығалап тұрғандай бәрі жағада, тас үстінде жайрап жатқан киімдеріне ұмтылды. Сасқалақтап жүріп киініп әлгі қыздың қасына келді. Ол тілі байланып қалғандай қолын шошайтып алдыңғы жақты нұсқады. Сонда барып қыздар "Уһ" деп демін алып тас үстіне қатарласа отыра кетті. Алыстан шығанақтың таяз жерін кешіп өтіп келе жатқан атты көрінді. Астында ақбоз аты бар. Киім киісінен-ақ оның түрікмен еместігі белгілі болды. Осында келіп жүретін, аралас-құралас жүрген адайлардың бірі шығар деп ойлаған қыздар жайбарақат отырып, су болған шаштарын қайта өруге кірісті. Жоқ қарап жүрген адамның қазір қастарына келіп әр нәрсені бір сұрап, малының түсін түстеп, бағытын сілтеп, мазасын алатынын білетін қыздар тезірек келіп кеткенін тілеп отыр. Салқын суға құмарлары қанғанша жүре беруге бөгет болған жолаушыға деген реніштері де жоқ емес.

Жағаға шыққан жолаушы ат басын осыларға қарата бұрды. Астындағы аты ауыздығымен алыса бір қырындап басын шұлғиды. Сәйгүліктің құйрық жалы төгіле билей басқаны өзіне ерекше сән береді екен. Таза қанды тұлпарды мәпелеп өсіріп, баптай білетін әкелерінің малсақтығын кішкентайларынан көріп өскен қыздар мына сәйгүліктің кез келгеннің тақымына тие бермейтінін бірден аңғарды. Ат әбзелдері де ерекше. Сүйектелген ерге күмістен төгілте қазақы өрнек салған.

Қастарына келген жігіт атынан түсіп сыпайы амандасты. Жаңа ғана жоқ қарап жүрген жолаушы мазасын алатындай көріп қабағын шытқан қыздар алдарында тұрған жігітке таңырқай қарады.Ұзын бойлы, кең иықты екен. Бір қырым артық еті жоқ, бірақ қайратты екені көзге ұрып тұр. Ауыздығын шайнап, ойнақшыған тұлпардың жүгенін ұстап қасында тұрғанының өзінде бір жарасымдылық бар. Құдай тағала осы жігітке ғана арнап жаратқандай ақбоз ат құлағын тіктеп шұрқырай кісінеді. Ұзын аяқты малдың өрісі бір болып, аралас-құралас отырса да алдарында тұрған жігітті ешқайсысы да бұрын кездестірмепті. Аспаннан түсті ме, әлде ана ақбоз атымен бірге судың астынан шықты ма белгісіз. Бірақ ауылдағы қариялардың айтып отыратын өтірік-шыны белгісіз сиқырлы адамына ұқсамайды. Ұшқын шашқан жанарында адамды өзіне тартатын ерекше мейірім бар. Қыздардың ортасында отырған Қаработаға көзі түскен жігіттің бетіне ду етіп қан жүгірді. Әрбір қимыл-қозғалысын қалт жібермей өзіне сынай қараған қыздарға білдіргісі келмегенмен жанары қайта-қайта Қаработамен түйісті.

- Жол болсын жігітім, - деді Қаработа өзін де, алдындағы бейтаныс қонақты да мына үнсіздіктен құтқарғысы келгендей. - Бұрын кездестірмеппіз, шамасы алыстан келесіз-ау.

- Ия, алыстан, жо-жоқ мына Бозашыдан ғой. Аңға шығып едім. Соның соңынан қуам деп осында келіппін, - деді абдырап.

Жігіттің сасқалақтап сөйлегенін қызық көрген қу қыздар сыңғырлай күлді. Шет жақта шашын өріп отырған қара торысы қарап отырмай:

- Алдыңыздағы киіктің шығанаққа келгенде балық болып кеткені қызық екен. Онда қанжығаңыз бос қайтатын болды. Ол қазір анау көк теңіздің ортасында жүрген шығар. Әлде оған да істейтін амалыңыз бар ма. Қайдан білесіз, суға келгенде балық болып кеткен киіктер, сіз оны кешіп өткеннен соң қыз болып түрін өзгерткен шығар. Нағыз аңшы болсаңыз осы отырғандардың ортасынан танып алыңызшы, - деді.

- Таныстықтың алды осы емес пе, қыздар. Алдымнан қашқан киік мүмкін сиқыр болар, болмаса жөн сілтеген періште болар, әйтеуір бір түйсік осы жаққа жетеледі де отырды. Кім біледі, өмірімнің бір тіні осы жерден жалғасатын шығар, - деді Дөңқара тағы да Қаработаға қарап.

- Оһо, - деді әлгі қыз. Тым тереңдеп бара жатырсыз-ау, жігітім. Еркіңізге салса осы бойда-ақ біреуіміздің мойнымызға жіп тағудан тайынбайтын ретіңіз бар. Асығыстық болар. Жіпті жалғай ма, үзе ме ол бір тағдырдың иелігіндегі нәрсе ғой. Одан да жөніңізді айтыңыз, танысалық. Жоқ қарап жүрген адамға ұқсамайсыз.

- Атым Дөңқара, - деді жігіт. Ана көрініп тұрған Бозашыда тұрамыз. Әкеміздің алдына біткен дәулеті мал болғасын оның жоғалатыны да, қайта үйіріне қосылып жататыны да болады. Ол шаруадан тыс қалмасақ та дәл бүгін арнайы бағыт алғаным басқа еді. Жақсыны көрмек үшін деген сөз бар емес пе. Ел аузында айтылып, жан-жаққа желдей ескен әңгіменің соңын қуып жүрген жайым бар. Қолдан келсе тілдесейінші, көрейінші деп шыққанмын. Аласұрған көңіліңе тұсау салсаң жастығың қайсы, биікке қол созбайтын болсаң арманың қайсы. Онымның сөкеттігі жоқ шығар арулар. Бірақ дәл алдымнан кездеседі деп ойламаппын. Бұл да бір жақсылықтың белгісі шығар. Мен білсем елдің аузындағы, көп жігіттің көңіліндегі сұлу осы болар, - деп Қаработаға қолын ұсынды.

Қаработа қолын беріп тура қараған жігіттің көзінен өзіне деген шексіз ынтызарлықты, өмірі кездеспесе де өзін ғана ойлап сарғайған сағынышты көрді. Сол сағынышты жеткізгісі келгендей жігіт алақанының қызуы бойына шым-шымдап тарап барады. Бұрын-соңды болып көрмеген ерекше бір сезімге берілген жүрегі алқына соқты. Бойжеткен қыз баяғыдан бері көңілінде көмескі тартқан бейненің осы жігіт екенін білді. Тағдыр адастырмаған екен. Бір кезде көретініне, жылдар бойы іздеген сағынышын сыр қып айтарына сенімді еді. Қуаныштан көзі жасаураған қыз жатсынбай қасына келіп қолын, кеудесін иіскеген ақбоз аттың жұп-жұмсақ ерінінен, маңдайына төгілген кекілін еркелете сипады.

Жігіт қасында әр нәрсені бір айтып, біраз отырған қыздар қош айтысты. Қаработа бір-біріне уәде бермесе де онымен дәл осы жерде тағы да кездесетінін, сағына жететінін білді. Жолда келе жатып артына бұрылған қыздар ақ жал толқынның қасында әлі тұрған жаңағы жігітті көрді.

Содан кейін-ақ Қаработа мен Дөңқара осы жерде талай кездескен. Бірақ шама келсе сырт көзге білдірмей жасырын табысып жүрген екі жастың бұл жүрістері де ұзақ болмады. Қыз баланың, соның ішінде ертең біреудің табалдырығын аттап, түтінін түтететін бойжеткеннің қашанда көздің сұғында, тілдің ұшында жүретіні белгілі емес пе. Сәл ағат кеткен қылығың да, артықтау жүрісің де елге әңгіме. Жөнімен айтылып жатса құдайдың бұйрығы ғой. Аузын шешсе босап қоя беретін мес сықылды отыз екі тістің арасынан шыққан сөз, соншама елге жеткенше талай рет өңін өзгертетіні шындық. Оны естіген адамның ақылға салып, екшеп жататыны тағы жоқ. Екі араға жеткен әңгіменің арасында пенде шіркіннің бірін-бірі көре алмауы, өзгеде болмасыншы деген қызғанышы, сол арқылы жазықсыз жанды қаралау сияқты пасықтық жүрген шығар-ау деп те ойламайды. Ұшынып жеткен өсекке молда алдында отырған шәкірттей ұйып, қағынып түспесе көңілі көншімейді. Үйінің сәні болып мәпелеп отырған қызының шындығын айтып көз жасын көлдеткенінен, жан-жағына жалтақтай қарап, аузын алақанымен қалқалап сыбырлай сөйлеген өсекшінің сөзі артық сияқты.

Қаработаның әкесі қақ-соқпен ісі жоқ, әңгімеге әуестігі шамалы болатын. Күнделікті тірлігіне мұқият, бала-шағасының несібесінің шашылмай өздеріне ғана бұйырғанын тілейтін адам еді. Жасы үлкен деп арнайы шақырмаса той-томалақтың төріне, биліктің шетіне барып көрген емес. Ақыл сұрап алдына келгендерге көңіліне келіп, тілінің ұшында тұрған сөзді айтады. Аузы жыбырлақтау адам тап болса қоштағаны, не даттағаны белгісіз қалғып кеткендей бір нүктеге қарап мелшиеді де қалады. Әңгіме айтушы қашанғы сарнасын, сөзінің сорға кеткендей болғанын білгесін жөніне кетеді. Екі елі ауызға бір елі қақпақ дегенді берік ұстағаны шығар, әйтеуір Аннадүрдіден естідім деп ешкім екінші жерге барып әңгіме айта алмайды. Көп адам оған барып сөз айтқанша, теңіз жағасындағы жартасқа барып айқайлағанды жөн көреді.

Бірақ ретін тауып айта білсең сөз шіркіннің қозғамайтыны болмайды екен. Көзіне көрініп тұрмаса да сынған сүйекті сылап-сипап орнына келтіретін сынықшыдай, айтар сөзіңді діттеген жеріңе жеткізе білсең баяғыда бұғып қалған намысты қайта тірілтуге болады екен. Қайрағың мықты болса осыдан ештеңе шықпас дейтіннің де жүзін шығаруға болады екен. Содан кейін-ақ оның жайы белгілі. Жұмсай білсе жауын жазым етеді, ұстай білмесе өз қолын кеседі. Ал екі ортада от жағып жүрген теріс пиғылдылар үшін бәрібір. Қай жағы жазым болса да ұпайы түгел.

Аннадүрдіге қызының ел көзінен тасаланып сонау Бозашыдан келген қазақпен әмпей-жәмпей болып жүргенін бастапқы әзірде ешкім құлағына жеткізе қоймады. Оған айттың не, айтпадың не, бойында намысы жоқ жүрген бір меңіреу емес пе еді. Алдына барсаң құлағына тас тығып, жорғалаған құмырсқаны санап отыратын шығар, сөзім шығын дегендер де болды. Бірақ осылай қолдарын сілтеп жүре беретін болса, ешкімнің қолы жетпестей болып жүрген сұлудың ана қазақтың қанжығасында кететін реті бар. Өзі тіпті осындағы бүкіл елді қайын жұртына айналдырып алған адам секілді. Түрікменнің жігіттеріне тесік моншақ болса болды деп ойлай ма, әлде олар жүзіктің көзінен өтетін сұлу мен баланы туа-туа жатыры төмен түскен кексе әйелдің арасын ажырата алмайды деп ойлай ма, әйтеуір ешкімді де қыртына қыстырмай күн аралатып осында келеді. Бәрінен бұрын жанға батқаны ешкімді менсінбей ақбоз атын қаңтарып емін-еркін сайран салатыны болып тұр. Онан басқа моншағы алтын болса да сол қызға бола ел ортасы бүлінбес еді. Беті жылтыр ұрғашы кімнің астына түспейді. Жаугершілік заманда талайы бұрымынан сүйреліп кеткен жоқ па. Басы өкініш болғанымен арты тез ұмытылмайтын ба еді. Тұтқынға түскен ұлың болса шаңырағымды ұстап қалар, жел жағымнан қалқан болар тірегім еді деп әр жерден сұрау салып, іздейтінің рас. Ал бірақ ұрғашыны жоқтаған адам кездеспепті. Көп болса соның бірі болар.

Ауылдағы жігіттер бастапқы әзірде көздің құртындай болған сұлудың әмейі бір қазақпен ашына болғанына шыдай алмай батырсынған немені тәубесіне көрістіргісі де келген. Бірақ жеме-жемге келгенде ұрынатын сылтау таба алмады. Арымды аяқ асты қылды, жесіріме қол салды дейтіндей Қаработаның осындағы біреуге атастырылып, басы байланған жоқ. Елдің айтқандары рас болса үндемес Аннадүрді сонау Шағадам жақтағы біреуге баяғыда уәдесін беріпті. Ертеректе осы Маңғыстауда жұт болып өлмелі әке-шешесін осындағы ағайындарының қолына қалдырып, өзі сол жаққа талап іздеп кеткен. Жас жігіттің қайратына қызықты ма, әлде шынымен құдай деген жан ба, бір дәулетті саудагер қарауына алған екен. Бір-екі жылдан кейін тапқан табысына қылдай да қиянат жасамай қалтасына салып, еліне қайтарыпты. Содан бұл ел қатарына ілесті, біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей дәрежеге жеткен. Сол саудагер ана бір жылдары өзінің осы Қаработамен шамалас баласына құда түсіп кетіпті.

Жұрт дұрыс айтса өзі кемдеу көрінеді. Бұған келгенде де баласының жайын ойлап, баяғы өзінің жасаған жақсылығын алдына салған көрінеді. Аннадүрді әрине кезінде қолтығынан сүйеген адамға жоқ дей алмайды. Онда Қаработа кішкентай, түйенің бақалшағынан жасаған ойыншығын ойнап көлеңкеде отырған. Алда оның бой жетерін, бүкіл елді аузына қаратар көркем боларын кім білген. Айтылған сөзі, берілген уәдесі бар. Біреудің аманатын ұстап отырған адамша анда-санда құлағын түріп сол жаққа қарайтыны бар. Соңғы кезде тырс еткен дыбысы да естілмейді. Өзіңнен хабар болмағасын уәдемді бұздым деуге құдайдан қорқады. Тыныштық бермей бірінің соңынан бірі келіп жатқандарға сырын ашпай, басы байлаулы деп кейін қайтаратын себебі де сол.

Бірақ айттырып қойған жері тірі болса қалыңдығы бойжеткесін келетін уақыты болды емес пе. Өзі кемістеу адам болса бейшараның дәм-тұзы таусылған шығар. Онан басқа көрген адамның көзін сүздіртіп қоя ма. Әйелдің көрікті болғаны да қасірет. Үлкен-кішісі жоқ, бәрінің көздері алдымен соған түседі. Содан кейін-ақ іштерінде бұғып жатқан ойлары ербиіп басын көтереді. Шөл далада өскен жалғыз тал гүлді көргендей қаумалаған көп еркек көз қуанышын қандырып кетсе құдайдың бұйрығы ғой. Жоқ, мұндай уақытта олардың бәрі де ызындаған ара сияқты. Қолдарынан келсе нәрін сорып кеткісі келеді. Жұлып алуға, болмаса бүлдіріп кетуге әуес.

Өзінің жайын, бағасын білетін Қаработа құдайдан кез келген тентектің орынсыз қылығынан, тырнағы мықтылардың қаһарынан сақтай гөр тілейтін. Айтқаны құдіреттің құлағына шалынған сияқты да болған. Түсінде көріп, көңілінде жатталған Дөңқараны кездестірді. Бірақ бұл қуаныштың ұзаққа созылмайтын да реті бар. Қыңыр жүрмесе, аузының күйдіргі сөз шықпаса басы ауыратындар әңгімеге ермейтін әкесін де көндірген сияқты. Әсіресе кешегі тойдан кейін жағдай ушығып бара жатыр. Екеуін сылтауратып ел арасындағы тыныштықты бұзатын реттері бар.

Басы дауға айнала жаздаған күреске ақсақалдар араласып атын тебініп, бір-біріне қыр көрсеткендерді сабырға шақырып татуластырған еді. Сол тойға көппен бірге барған Қаработа құрбыларымен бірге ауылға қайтқан. Көбі қыздар, орталарында көрші ауылдың үш-төрт жігіті бар. Тойда көрген қызықтарын, өткен-кеткенді айтып күлісіп келеді. Қасындағы құрбылары да, жігіттер де екеуінің арасындағы қарым-қатынасты білетіндіктен Дөңқара жайында әңгіме қозғамады. Ел ішінде болып жататын үлкен астарда, садақа тойларда үнемі кездесіп жүретіндіктен осы тойдың да бас жарылып, қол сынбай тыныш тарағанына риза болып келе жатқандары белгілі. Күні кеше ғана күле амандасып жүріп, бір тентектің оқыс сілтеген қамшысынан кейін бір-біріне қан шашқандай болып, аяқ астынан ала көздену кімге оңай дейсің. Адам кімнің ішінде не жатқанын қайдан білсін. Бірақ манағы ортаға шығып тілін безегеннің шамасы келсе екі жақты бір-біріне айдап салғысы келгені анық. Қалың елдің намысын жыртқан сияқты көрінгенмен түпкі ойы басқа еді. Көкейіндегі баяғыдан бері сөнбеген ескі кекті ақылынан қолы бұрын жүретін тентектің ойына салғысы келгенін Қаработа сезді. Сәл артық қимылдың үлкен өкінішке апаратыны белгілі. Ондайдың бетін құдай аулақ қылсын, егер бола қойса оның кінәлісі де, бастаушысы да Дөңқара болып есептелетінін ой елегінен өткізген бойжеткен жан ұшыра Дөңқараны іздеді. Қарсы бетте қолын айқастыра ұстаған жігіт бар кінәні өзіне үйіп төккенге қарап сұрланып тұр. Қабағы қатулы. Кенет көзі Қаработаға түсті. Өзіне қараған ғашығының "Екі елдің арасындағы жанжалға себепші бола көрме. Райыңнан қайт" деп тұрғанын ұқты.

Ел ішінде аяғының астынан басқаны көрмейтін есер де бар, алдын болжап, кеңнен ойлайтын көреген де бар ғой. Сақалының ағына, жасының үлкендігіне қарамай көп алдында кішірейген ақсақал көпшілікті жөнге шақырып, жолға салған еді. Сәл жерден ұшқын алып кете жаздаған жалын сөніп, той қызығы әрі қарата жалғасқан-ды.

Содан қайтып келе жатқан беттері еді. Кенет арттарынан шаң көрінді. Жүрістері қатты, бірте-бірте жақындап келеді. Көп ұзамай ұйлығыса шауып қастарына келді. Ортада жаңағы Дөңқарадан жеңілетін Ешмат палуан. Өзінің де, қасындағы он шақты жігіттердің де жүздері қатулы. Қаработаның жүрегіне қорқыныш кірді. Мыналардың тегін жүрмесі белгілі. Әуелден де елге атағы шыққан тентектердің бастары қосылыпты. Осы келе жатқанда тағы бір сойқанды жасамаса олардың көңілі көншімейтіні белгілі. Ешмат бойы қызып ойнақшыған атының басын тартты.

- Біз іздеген батыр бұл жерден көрінбеді. Шамасы жүрегі дауаламаған шығар. Қолынан келгені ел көзінен тасаланып қызға келу ғана болды. Әттең, тағы бір күш сынасып көрейік деп едік. Жолымыз болмады. Ештеңе етпес. Үстірттің үсті кең ғой. Бір жолығысқанда ол кездесуді естен кетпестей қылармыз. Айтпақшы, - деді сәл кідіріп Қаработаға қарап. Сол жігітке біздің осы сәлемімізді жеткізе салшы. Қойын құрттап аулында жата бергені жөн шығар. Ендігі кездесуіміздің оған қиынға соғары анық.

- Кешірерсіз, Ешмат аға, - деді Қаработа оның сөзін бөліп. Сендер кездесіп те, белдесіп те көріп едіңіз ғой. Оның бәрі елдің алдында өтпеп пе еді. Жығылғанды жер көтереді. Көптің көзінше, ақсақалдардың алдында артық кеткен ісін кешіріп қолын алған да сияқты едіңіз. Жаңа ғана бірін-бірі арқасынан қаққан адамдардың ендігі кездесулерінің қиынға соғатыны қызық екен. Айып етпеңіз, мен сіздің сәлеміңізді жеткізе алмаймын. Ер азамат ерлікке тән қылығы болса өзі барып айтпайтын ба еді. Көп көзінен тасаланып ұрлық та жасалады, екі үй ара жүгіріп өсек те айтылады. Мен қай-қайсысына да жоқ адаммын. Лайық дегенін істеңіз. Тек орынсыз ісіңіз бүкіл елге сын болып жүрмегей. Cay болыңыз, - деп атын тебініп ілгері озды.

Артта тұрып қалған Ешмат ұзап бара жатқан Қаработаға өшіге қарады. Жер басып жүрсе сол қазақтың түбіне жетуге уәде беріп, іштей қарғанды.

Ауыл арасы сумаңдаған өсек әңгіме ақыры өз дегеніне жеткен сияқты. Сөзге ермейді деген әкесі де оның жетегінде кетті. Қызын Дөңқарамен кездестірмеудің жолын қарастырып, үй ішіндегілерге қатты тапсырма берді. Қаработа күндіз үйден шыға алмады. Бірақ қанша қамауға алса да олар оның басқа жолын тапты. Араға күн салып ұмыттырып ел ұйқыға кете төменге түскен , Қаработа ғашығын жағадан күтетін. Түн қараңғысында су кешіп келе жатқан Дөңқара бағытынан адаспас үшін қойнына салып ала келген шырағданын жартастың ығына әкеліп жағады. Көзіне бірде көрініп, бірде жоғалған жарықты бетке алған Дөңқараның алдында Қаработа тұрады. Арада өткен аз ғана күн ұзақ жылдай көрініп сағынысып табысатын-ды. Шілденің ыстығы қайтып күн салқындай бастады. Көп ұзамай терістіктен үздіксіз соғатын жел тұрады. Бұл уақытта шығанақтың суы көтеріліп бергі бетке өтудің өзі мұң болады. Кез келген адам түгілі атам заманнан бері балық аулап күнелтіп, көк теңіздің сырына қанық балықшылар да желді күндері үйінде отырғанды жөн көреді. Қаһарланған асау толқын үстінде қалтылдап жан кешкенше, ауын жамап тыныш отырғаны артық. Енді кездесудің қиынға соғатынын білген Дөңқара бір шешімге келген еді. Әкесіне Қаработа екеуінің жайын айтып, құда түсуін өтінді. Бірақ Естөре қыздың басы байлаулы екенін естігенде "Қой, қарағым, мына сақалыммен, Естөре атыммен барып біреуге берген уәдеңді бұз демекпін бе. Уәде құдай аты емес пе, не бетіңмен келіп отырсың. Басқаны былай қойғанда осы сөзің мұсылманшылыққа жата ма десе не бетімді айтамын. Оның үстіне өткендегі тойдан кейін қанша білдірмейін десе де екі ара салқын тарта бастаған сияқты ғой. Біреудің ушықтырып жүргені белгілі. Қоя тұр, шырағым. Менің айтқанымды тыңдасаң тіпті ұмытшы сол қызды. Өзің шетін қайырып, көзіңмен көріп жүрген малдың қай қыздың да маңдайынан шертіп алам десең де жететінін білесің. Қой қарағым, қой", - деп азар да, безер болған. Дөңқара қарсы ештеңе айтпады. Содан бәрін ұмытқандай ауылда болып бұрынғы тірлігіне кіріскен сияқты еді. Баласының айтқанынан шықпай, сөзін жерге тастамағанына Естөре іштей риза болған. Бірақ Дөңқара әкесін көндіре алмайтынын білгесін не де болса Арқа жаққа, нағашы жұртына алып кетпек болды. Ол ойын тағы бір кездескенінде Қаработаға да айтқан. Тағдырдың енді маңдайларына жазғанын бірге көрмек болған ғашықтар уәделесіп, кездесетін күнін белгілеп тарасқан-ды. Бірақ олар бұл кездесудің соңғы екенін, бір-біріне жете алмай өмірден өтерлерін білген жоқ еді.

Қаработаның Дөңқараны күтіп алатынын білген Ешмат сол түні қыздың үйін сыртынан қатты қадағалауды тапсырды. Шырақты ағысы қатты, арнасы кең жерге апарып өз қолымен жақты. Үйіріле айналып, пышақтай өткір тастарға гүрілдей соғып жатқан толқынға қарап тұрып "Қанша мықты болсаң да ана найза тастардың бірі ажалыңа жететін шығар" деді ішінен.

Осы кезде алыстан жылтылдап көрінген шыраққа қарата жетегіне ат ерткен Дөңқара асыға жортып келе жатты...

Естөре орнынан тұрды. Айнала жым-жырт. Жаңағы құлағына еміс-еміс естілген баласының үні де жоқ. Биік төбе басында қарауыл мұнарасындай алыстан көзге шалынар Дөңқараның мазары ғана тұр. Шындығында да қарауыл мұнарасындай екен. Жан-жағың түгел көрінеді. Сағымға араласа Бозашының сілемі көзге шалынады. Етекте көкпеңбек болып шалқыған су. Күншығысқа қарата созылып жатқан шегі жоқ, шеті жоқ Үстірттің жазығы.

Сол мидай жазықтың ортасында Дөңқараның жатқан жерінен төрт-бес шақырымдай жерде қара тасты жарып шыққан үш түп қарағаш тұр. Айтушылардың әңгімесіне қарағанда қасына жақындай бергеніңде-ақ жаныңды жабырқатар мұңды әуен естіледі екен. Көлігіңнен түсіп, тізеңді бүгесің. Анда-санда өксік қысып, кідіре сөйлеген Қаработа өз жайын айтады екен дейді.

"Ей, адамдар-ай, - дейді екен сонда Қаработа. Мына жалғаншы өмірде сендердің қолдарыңмен істелетін қателіктер көп. Дөңқара екеуміздің бір-бірімізге деген адал махаббатымызды, ыстық көңілімізді көре алмай қолдарыңды қандағаннан ұтқандарың қайсы. Көктеменің кезінде анда-санда терістіктен соққан қара суыққа құлап қалмай, күнге бой ұра өсетін гүлден де оның өмірге деген ынтызарлығын көрмеп пе едіңдер. Қанша нәзік болса да, жол ортада талай дауылды көрсе де сол гүлдің ғұмыры әлі жалғасып келе жатқан жоқ па еді.

Бізді сол гүлден де осал көрдіңдер-ау. Дөңқара асау толқынмен арпалыса жүріп, қанжар тастарға шаншылып өлгенде бағзы заманнан бергі кектерің қайтқандай, зұлымдық жайлаған жүздерінде ұятсыз күлкі оралып еді. Мені айлап үйге қамағанда жаныммен беріліп, қалтқысыз сүйген Дөңқараны ұмытады, сендердің айтқандарыңды ғана орындайды деп ойладыңдар-ау, шамасы. Жоқ, дүниедегі ең қимас асылымнан айырылғаннан кейін мен енді сыңар аққудай ғұмыр кеше алмасымды біліп, оған жетуге асықтым. Құшағыма алып мәңгілік сүйіспеншілігіміздің таусылмас жырын айтқым келіп еді. Бірақ сендер тым қатыгез екенсіңдер ғой. Дөңқараның текке төгілген қанынан қорқып, тәубесіне келер десем қателескен екенмін. Ретін тауып қашып шығып, түн жамыла Дөңқарама қарай құстай ұшқан маған да қан аңсаған қанжарларыңды сескенбей сілтедіңдер. Осымен бәрі де бітті деп ойладыңдар. Бірақ сол сәтте менің жаным Дөңқарамен тілдесіп те үлгеріп еді. Жапырағын жая алмағаныма кешірім де өтіндім. Ең болмаса мүрдесіне жете алмай арманда кетіп, жылаған жүрегімнен тамшылап ағып жатқан қан жалғыз менікі емес еді. Онда Дөңқараның, оның өмір жалғасының да қаны бар еді. Үшеуміздің бейкүнә қанымыздың төгілген жерінде ел айтып жүрер бір белгінің қалатынына көзім жетіп кеткен еді. Көп нәрсе көзден де, көңілден де кетер. Бірақ Дөңқара екеуміздің арамыздағы бітпеген жыр, аяқталмаған әңгіме жалғасып таба бермек", - дейтін көрінеді.

Ең болмаса жалғызымның бейіті көз алдымда болсын, қалған аз ғана ғұмырымда ол да болса демеуші ғой деп Естөре Бозашыдан осы жерге, шың жиегіне біржолата көшіп келіпті дейді. Содан жал басындағы мазар мен қандыққа шыққан қарағаш арасына күн сайын бірнеше рет барып қайтады екен. Екі ара үлкен сүрлеуге айналыпты. Ер адамға лайық бір ерлік іс бұйырмай өмірден өтті деген бұрынғы ойынан да арылыпты. "Е, бұлар жастық желіктің құрбандары ғой" дейтіндерге "Оттапсың. Менің Дөңқарам мен Қаработам екінің бірінің қолынан келмейтін үлкен істің жолында қаза тапты. Қандай қиындық болса да жігерлері жасымай қарсы тұра білді. Махаббат деген ұлы ұғымның мәңгілік екенін, оған кедергі жасап, жолына тұрудың мүмкін еместігін тағы да дәлелдеп кетті. Нанбасаңдар, өздерінен сұраңдаршы", - деп биік мазарды аялай сипап, көз ұшындағы қарағашқа елжірей қарайды екен. Сол кезде қарттың жүзінде әлденеге деген мақтаныш сезімі тұратын көрінеді.

БОЗАШЫ

ТОПОГРАФТАР КОРПУСЫНЫҢ ПРАПОРЩИГІ АЛЕКСЕЕВ 1852 ж. ТҮЗГЕН БОЗАШЫ ТҮБЕГІНІҢ ТОПОГРАФИЯЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ.

КІРІСПЕ

Ұсынылып отырған Бозашы түбегінің, Үстірттің, Жем өзені мен Үстірт аралығындағы кеңістіктің және қазақ даласы Орынбор ведомствосының шығыс бөлігінің топографиялық сипаттамасы 1851, 1852 және 1853 жылдары топографтар корпусының подпоручигі Алексеев пен поручик Яковлевтердің аталған жерлерде түсірім жүргізген кезде жасалды. Қырғыз даласында ондаған жылдарға созылған түсірім жұмыстарымен айналысқан бұл тәжірибелі офицерлер сипаттаған жерлерінің бәрінде өздері аяқтап болып осы сипаттаманы жасады, сондықтан оның нақтылығына толықтай сенуге болады. Сипаттама қазақ даласының оңтүстік батыс бөлігі мен Үстірт үстінде подпоручик Алексеев салған көне молалар мен мүсіндер суреттерімен көркемделген.

Аталған сипаттама қазақ даласы Орынбор ведомствосының 1848 жылы ұсынылып, артынан Россия империясы бас штабы департаменті жанындағы әскери стратегиялық шолудың XIV томында жарияланған әскери-топографиялық шолуына қосымша қызметін атқарады. (қолы түсініксіз.)

14 январь 1854 жыл.

Орынбор қаласы .

Бозашы түбегі Каспий теңізінің шығыс жағалауында, Ново-Петровск бекінісінен шығысқа қарай 100 шақырым жерде 44 және 45 ½ солтүстік шығыс және 68 ½ шығыс бойлықтар аралығында, оңтүстігінде Ақтаудың сілемдерімен және Қаракешу немесе Қарасук шығанағымен, солтүстігі мен батысында Каспий теңізімен шектесіп жатыр.

(Бұл шығанақты қазақтар Қайдақ деп те, Қарасу деп те атамай жай ғана теңіз дейді -Автордың анықтамасы).

Бір-біріне қарама-қарсы жатқан Қошақ пен Қаракешу шығанақтары материктің едәуір жеріне дейін сұғына еніп барып 63-шақырымда Бозашы түбегін Маңғыстаумен жалғастыратын мойнақ жасайды. Аралары сәл ғана биік қырпулы жаластармен бөлінген. Табаны тұз топырақты шұңқырлар мен тұзды көлдер жырымдаған бұл мойнаққа қарап Бозашы жанында ғана бөлек аралдан пайда болды деп болжауға болады, себебі теңіз суы сәл көтерілсе-ақ көлдер мен қазан шұңқырларды лық толтырып бұл екі түбекті оп-оңай мүлдем бөліп тастайтындай. Сонда Қошақ ойында Қошақ шығанағынан солтүстік шығысқа қарай 7 шақырым жерде тұрған бір ғана Қошақ тау ғана осы мойында бой салып тұрған жалғыз биік болуы себепті су ортасында арал болып қала берердей.

Қошақ шығанағын басын Қызылқұмның оңтүстік батысында 17 шақырымға созылып, аяғы жұтпа батпақпен бітетін енсіз сордан алады. Содан кейін сол бағытта ені 2 шақырым, ұзыны 5 шақырым шығанақтың өзі басталады. Онан әрі оның оңтүстік жағасы батысқа Ақтау тауының етегін шайып, солтүстігі солтүстік батысқа қарай кілт бұрылып кетіп осы бағытында Қаракөл бастауына дейін 26 шақырымға созылады. Осыдан солтүстікке бағыт ұстап келесі бұрылысқа дейін 44 шақырым барады. Осы бұрылыс қарсысында 2 ½ шақырым жерде Астрахан балық кәсіпшілері иеленген арал бар. Қаракөл көлі бар басталған жерінен 19 шақырымда теңізбен жалғасып бұғаз бен ені 3 шақырым ұзынша арал жасайды. Жалпы теңіз жағасы Қаракөлдің сағасы мен арада, әсіресе көлдің солтүстіктері ұсақ аралдар мен бұғаздарға толы. Бұғаз тайыз болғанмен табаны батпақ, көп жері өткізбейді. Жаға онан әрі шығысқа қарай кілт бұрылып 4 шақырымдық жазық доға жасап барып солтүстікке қарай Ақшағылға дейін 3 шақырым бұрынғы бағытымен ұласады. Сол маңайда теңіз ойының жағасында Құндықыз моласы бар.

Теңіз жағалауының айтылған кілт бұрылысының қарсысында, солтүстік шығысқа қарай 3 шақырым жерден аласа 4 Кирил аралдарының доға сияқты қырпулары басталады (бұл аралдар да Колпин сілемдері деп аталады - А.С.) да, олар Құндықыз моласына қарай ұзарып оған 4 шақырымдай жақындайды. Мұндағы соңғы арал мен түбек арасы теңіз көтерілгенде суға толады, ал теңіз қайтқанда тек тұзды балшық қалады. Шеткі аралдан Құндықызға қарай оңтүстікте 2 шақырымда тағы да шағын арал бар (сонымен аралдар 5). Бұл аралдарда да ел аз ауыл болып көшіп жүреді, малдары аралдағы қамыс пен жусанға жайылады, құдықтардан алынған су алғаулы, мал ішуге де ащылау. Ауыл маңындағы қазақтар оған Бозашы түбегінен теңіз қайтқанда топ-топ болып Құндықыз моласына таяу бір жерден ғана атпен, түйемен өтеді. Бір-біріне жақын 5 аралдар араларында да табаны ұйма батпақта терең көлдер бар. (Бұл мағлұматты мен көшпелілерден алдым П.А.) Кирил әуелгі 4 арал мен теңіз жағасы арасында ұзындығы 43 шақырым, ені 25 шақырым айлақ бар. Оның ішінде топографиялық тұрғыдан шағын 4 арал барлығы анықталды. Олардың көрнектісі өзгелерінен биік жатқан ұзынша келген Жалғызтөбе аралы. Оның оңтүстік шетінің құмдауыт екені түбектен қарағанда едәуір жерден-ақ анық көрінеді. Теңіз Ақшағыл ойында шығысқа қарай бағыт ұстап шағын иректер жасап 140 шақырымға дейін барады да онан әрі Білік мүйісіне дейін 30-шақырымда бірнеше шағын қойнаулар жасайды. Оларда түсірім жасалған жоқ. Түбектен қарап тұрып кей аралдардың көрінген жерлері ғана анықталды. (Қалғандары сұрау арқылы түсірілді.-П.А.).

Білік мүйісінің солтүстік батыс жағында жақын жерде бірнеше шағын аралдар тобы бар. Білік мүйісі теңізге сұғына еніп түбектің солтүстік шығыс шетін құрайды да, ол Қолтық пен Қайдақ немесе Қарасу шығанақтарының арасын межелейді. Оңтүстік жер Бозашы түбегінің шығыс жиегін көмкеріп Білікпен оңтүстік шығысқа қарай шағын-шағын қойнаулар жасағанына қарамастан біршама түзу дерліктей 88 шақырымға, яғни Қаракешу шығанағына дейін созылады. Сонда оның шығыс жағасы Үстірт шыңдарының етегін басып бірнеше мүйістер мен қойнаулар жасайды.

Қаракешу шығанағы Қошаққа қарай тікбұрыш жасап, 45 шақырымға созылады. Қаракешудің Қайдақпен жалғасқан тұсының солтүстігінде 5 шақырым жерде ұзынша келген Адам өтпес Шалбар аралы жатыр, оның шетінде киіз үй сияқты етіліп топографиялық төбешік қойылған. Қаракешудің солтүстік жағалауы түзу дерліктей доға жасап созылғанмен бірнеше кішкене аралдар мен қойнаулардан тұрады. Сол аралдардың ішіндегі көрнектісі Ақшығанақ Адам өтпестің қарсысында 31 шақырым жерден Бозашыға ½ шақырымға дейін сұғынып жатыр. Ені жарты шақырымнан 31/2 шақырымға дейін. Оның Қаракешумен жалғасқан жерінде тайыз, енсіз Тайотней өзені бар. Қаракешудің оңтүстік жағы қисық түзілген. Ақшығанақ мүйісінің қарсысында шығанаққа 10 ½ шақырым еніп кеткен ұзын мүйіс бар. Шығанақтардың ені 61/2-ден 22 ½-ге дейін, Қайдақ немесе Қарасу 12 ½-ден 16 ½-ге дейін, Өлі Қолтықпен жалғасқан жерінің ені 28 шақырымға дейін жетеді.

Таулар . Бозашы түбегінің оңтүстігін көмкеріп жатқан Ақтау таулары Сарытас шығанағының қарсысындағы Өңеже тауынан шығысқа қарай тура бағытта 160 шақырымға созылып, Тұзбайыр тұзды көлінен Үстіртпен жалғасады. Жеке аттары бойынша әрі өзінің сырт көрінісі бойынша ол екіге бөлінеді. Бірінші бөлігі Сарытас шығанағы мен Қаракешуге аяғын салып жатқан Құрқапы аралын қамтиды және Ақтау деп аталады. Онан арғы Тұзбайырға дейінгі бөлігінің аты Ақжол. Бірінші бөлігі, яғни Ақтау бірнеше терең, құз шатқалдармен, аңғарлармен тілімделіп, тау бойынан биіктігі 100 сажынға дейін жетіп, 5 шақырымға дейін көлбеп жатқан әлденеше биік қыраттар құрайды. Ақтаудың солтүстік бөлігі Сарытас, Қошақ шығанақтарына, Қаракешу шығанағының суреттелген мойнағына еніңкіреп барып Сарытас пен Қошақ шығанағына қараған бөлігінен ары 26 шақырымға созылады. Осы жерде таудың құлама жар етегі мен шығанақтардың жағасы арасында енсіз, бірақ Бозашы түбегі мен Ново-Александровск бекінісі аралығына қатынайтын керуендер үшін қолайлы жол бар.

Бұл таулы қыраттардың барлығы жоғарыдан өте шұңғыл тік жартасты, ал төменнен кейде көзге әзер байқалатын табаны сортаң қазаншұңқырлармен және аңғарлармен тілкемделген. Олардың көрнекілері Құмақ апа (дұрысы Құмақ қапы - Ә.С.), Қара-Қуақ (дұрысы Қара Қауақ), Шүлдір, Күрші қапы (дұрысы Құрша қапы - Ә.С.), Жыңғылды, Шілікті, Құрқапы.

Бұлардың біріншісі - Сарытас шығанағына, келесі екеуі - Қошаққа, төртіншісі - Қаракешу тұзды көліне, ал соңғы үшеуі - Қаракешу шығанағына құяды. Ақтаудың теріскейіне қараған барлық аңғарларында дерлік ойдым-ойдым сирек әрі аласа қараған бұтасы өседі. Бұл еңкеуде оқшау-оқшау таулар бар: Ұсақ төрткіл, Бүрген төрткіл Қошақ шығанағына жақын, Қиян тау мен Қошақ тау Құрша қапыға жақын. Ақшат, Жыңғылды сайының аяғынан шығысқа қарай 10 шақырым жердегі Ақшоймақ пен Түлкілі төрткүл және Құрқапыға жақын, яғни оның аяғынан 4 шақырым жердегі Қаратүбек, Ақшат, Ақшоймақ пен Түлкілі төрткіл, ақтығы жаз күндерінде алыстан көз шағылыстыратын ақ саз бен бордан тұрады. Жалпы Ақшат тауы мен Қарағанды құдығына дейінгі барлық сайлар, тастақты жағалаулар, қыраттар, барлық биіктер сондай құрамдағы саз бен бордан тұрады. Кеңістіктегі өзге жерлер әр жерін ұсақ қиыршық тас басқан сортаң топырақты болып келеді. Әр тұсында жусан, баялыш өскен. Аймақтағы құдықтарында тұщы суы бар жайылысы шүйгін Жыңғылды сайының орны ала бөтен. Ол солай аталған құлама жардың 6 шақырым етегінде, төмен қарай 5 ½, шақырымға созылып жатыр. Бұл аралықта 20-ға дейін суы тұщы әрі мол құдықтар қазылған. Бұл сай Ақтау таулы қыратының теріс бетіндегі ең жақсысы әрі бірден-бір жылқы жаюға қолайлысы. Мұнда кейде 100 үйдей жылқыларымен, түйелерімен, қойларымен көшіп жүреді. Ол малға аталған құдықтар мен маңайдың шөбі молынан жетіп жатыр. Бірақ мұнда жиі-жиі адамдар мен малдарды әсіресе жылқыны қынадай қырып жамалдат ойран салып кетеді. (Менің қарауымдағы түсіру отрядының қазыналық жылқысынан өткен жылы 2-еуі ауырып өлді, 3-еуі ауырып, оларды жылқының қанына батырған біз сұғып, мүсәтір сеуіп жазып алдық - П.А.). Аумақтағы ең жақсы құдықтар Қошақ шығанағына жақын Түйесу. Оның қарсысына былтыр түсіру отряды үшін азық пен жем әкелген кеме келіп тоқтаған еді. Қошақ - Қошақ ойында, Тыйгек Қаракешу көлінен батысқа қарай 5 шақырымда, Дәулет жар - Ақшат тауынан батысқа қарай 6 шақырымда бұрын суреттелген Жыңғылды, соңында Шілікті аңғарының аяғындағы Қарағанды. Бұл соңғысы күзге таман кеуіп қалады. Басқа құдықтардың барлығының суы алғаулы немесе ащы, тек түйе ішуге, кейбіреулері қой ішуге жарайды. Бұл беттегі барлық құдықтардың орташа тереңдігі 6 фут: Ақтаудың оң беті тік құлама жартасты болғанмен қысқа 250 сажыннан 10 шақырымға дейін созылып ұзына бойына етегі суреттелген Қаратауға қарай жайылып кетеді, Ақтау мен Қаратау айтылған жазықтың бірнеше жерінде жалғасып жатыр, бірақ ол түс өте аласа, көзге әзер дерлік көрінеді. Тек батыс шеттерінде ғана ол едәуір көрініп жатыр. Ақтаудың оңтүстікке қараған бетінде құдықтар өте аз. Ақтау үстінен өтетін кезеңнен көш жолдары 5. Аттары бары екеу: Құраманы кешу - Дәулет жар құдығынан 3 ½ шақырым жерден батысқа қарай және Құрша қапы жолы аса өтпек атпен. Ақтаудың теріс бетінде жол көп және олар бір құдықтан бір құдыққа дейін біресе жоғалып, біресе қайта пайда болып отырады. Көрнекілері екеу: бірі көш жолы Үстіртке барады, екіншісі Бозашы түбегінен Хиуаға баратын керуен жолы. Бірінші жол суы ащылау Кирил құдығынан бастау алады да шаршысын недәуір кең ұстап тау қапталымен Дәулет жар, Жыңғылды құдықтары арқылы өтеді. Осы жерде ол екіге айырылып біреуі Ақтау үстімен өтіп, Ақтөбе құмы арқылы Хиуаға тартады, ал екіншісі Қарағанды құдығы үстімен Үстіртке тартып, одан Маната, Қаратүйе асуларындағы соқпақтармен өтеді. Қарағанды құдығынан тағы бір жол айырылып, Ақжол қырқасына көтеріледі де соны бойлап тастақ жермен 13 шақырымға созылады; осы жерде жол тағы екі айырылады, бірі қыраң үстімен Үстіртпен жалғасқанша барады да, одан Қызылбас бұлағы түбінен көтеріледі, ал екіншісі таудан Қайдақ шығанағына құлап, Аға немесе Жалғыз еспе құдығының түбінен бұрын айтылған Манатаға баратын жолмен қосылады.

Бозашы түбегінен Хиуаға баратын керуен жолы Ақтаудың солтүстік сілеміне Жыңғылды сайының аяғындағы аңғардан көтеріледі, осы жерде екіге айырылады. Бірі аңғарды кесіп өтіп, Қаракешу мен Қайдаққа оңтүстік жағалаумен Үстіртке барып, Қаратүйе сайынан көтеріледі. Ал екіншісі Жыңғылды сайының сол жағымен 15 шақырым жоғары көтеріліп одан өтеді де, Жыңғылды сайы арқылы Ақтауға көтеріледі. Одан Күсен күмбез моласы түбінен кесіп өтеді. Ақтаудың барлық таулары қызыл құм тастардан, бордан, ұлутастан, әсіресе оңтүстік беткейі ірі көлемдегі құм тастардан тұрады. Бұл тау үстерінде сиректеу баялыш өседі.

Ақжол қыратының осылай аталуы сірә үстіндегі көш жолының Ақтаудан онымен байланысты болса да өзгешелеулігінде болса керек. Жол тегіс, енсіз, аласа, (Ақтау тауларымен салыстырғанда) Үстіртке жақындаған сайын аласара беретін таулы жота, оның Тұзбайырға жақындаған жерінде биік бірнеше бөлек шоқылар бар, ең биіктері екі тау - Қаратөрткіл мен Қаратөбе.

Ақжолдың солтүстік етегі Қайдақ шығанағының оңтүстік шетіне дейін 12-ден 16 шақырымға созылады, бетіне астығы аз шөбі өскен сортаң топырақты: бірнеше аңғар сайлармен тілімделген, аңғардың бірде біреуінде құдық не бөлек тау жоқ. Бұл маңайда бір ғана құдық Аға немесе Жаман еспе, ол Ақжол қыратынан 5, Тұзбайырдан 11, Маната сайымен 14 шақырым, Қайдақтан 9 шақырым жерде. Бұл құдық суы тұщы болғанымен өте аз мөлшерде, 15 минутта 4-5 шелек қана өнеді. Бұл маңай арқылы ауылдарымен көшіп өтетін қазақтар бақыраштап құйып местерін, торсықтарын толтырып алады. Жауынсыз жылдары күзге қарай ол су да болмайды. Ал жауын болса жаз, күз сарқылмайды. Ақжолдың оңтүстік құлауы Ақтөбе құмына дейін 7-ден 14 шақырымға дейін созылады. Әуелі тік ұшпалау болып басталып Тұзбайыр көліне таман түйетайлы болып шолақ, келте бітеді. Бұл жерде құдық жоқ. Қыраң үстінің әкті ұсақ тастарымен тығыз бүркелгені соншалық, атпен, түйемен тек соқпақ бойлап жүруге ғана тура келеді.

Бозашы түбегінің бүкіл кеңістігі құмды сортаң тұл жазық болып келеді. Кей жерлерінде ғана тұзды қазан шұңқырлар, тұзды балшықтар мен түбіне тұз шөккен көлдер ұшырасады. Ең үлкен жалы Қошақ шығанағынан Білікке дейін ирек-ирек көшпелі құмды қыраттар түрінде созылып, түбекті шамамен тең екі бөлікке бөледі. Бұл жалғасқан теңіз жағасы мен Бозашыны Маңғыстауды жалғастыратын мойнаққа дейін көзге әзер көрінетін төбелер сілемі созылады. Айтылған құмды қырат Қызан тұсында сәл биіктеу және ол қазақтардың жазғы, қысқы көш жолы. Мұнда және өзге біраз жерлерде құдықтар мен ақселеу шөбінен тұратын жайылым жиі. Айтпақшы, бұл шөп сиырға жұғымды, жылқы оған аз, құлықсыз жайылады. Сондықтан жылқыны құмнан 8, 10 шақырымдай әрірек бұйрығын мен бидайық, еркек аралас өскен өріске шығарып жаяды. Суға тәулігіне бір рет сәскеде айдап әкеледі. Құмды жалыстың батыс беті Қызылқұм деп аталады. Шығыс жағының ешқандай аты жоқ; бірақ шет жағында Қайдақ жағасына қатар 28 шақырымға созылған Жылымшық атты құмдауыт белес жатыр.

Құдықтар. Құмды жолдың батыс биігінде ғана құдықтар көп, шығыс жағында сирек, жалпы түбектің батыс жағы шығыс жағына қарағанда недәуір сулы. Су тапшылығы түбектің Қарауақ, Қаракешу шығанақтарына қараған оңтүстік батыс жағында өте-мөте сезіледі. Сол себепті түсірім жұмысын атпен емес, түйеге мініп жүргізуге тура келді. Түбекте өте тұщы сулы құдықтар жоқтың қасы, барының суы әртүрлі деңгейде алғаулы, аздап дәмі бар болып келеді. Сапасы мен өнімі жағынан алғанда елеулі құдықтар: Шебір, Қызан, Жиделі, Қызық, Қоған (дұрысы Қоғам - Ә.С.).

Шебір құдықтары құмды жаластың батыс шетіндегі Шебір ойында. Саны 20-ны жуықтайды, суы тұщы, мейір қандырады; тереңдігі 5-тен 10 футқа дейін. Құмда жылқыға жайылым бар. Өсетін шөп ақселеу, боз. Осы құдықтар жанында жартылай құлаған төртбұрышты тастан қаланған мола тұр. Қазақтар оны өздеріне дейін осы жерді мекендеген халықтар салған деп түсінік береді. Моланың сырты 3/1 аршын шаршы тастармен қапталған.

Қызан құдығы Шебірдің шығысында 47 шақырым жерде құмды жаластың оңтүстік жақ бөлігінде. (Құдықтар іші таспен шегенделген, аузына ортасы ойық тас әйкел қойылған. Жалпы бұлар басқаларға қарағанда жақсы қаланған). Барлығы 18, тереңдіктері 3 ½-ден 4 сажынға дейін, суы тұщы, маңайының жайылысы жақсы, әсіресе түйе үшін. Сондай-ақ керт бұтасы өседі.

Құдық жанында Қызан атты мола бар. Қазақтар оны әулие (астын сызған автор - Ә.С.) тұтып қадірлейді. Бозашы түбегінде әулие деп дәріптелетін молалар мен қойымдықтар өзге молалардан шаншылған сырыққа байланған шүберектер мен мола бұрышына үюлі мал бастарынан басқа белгілермен ерекшеленбейді.

Қырғыздардан мен бұл жайлы қанағаттанарлық түсінік ала алмадым. Сірә, моланың тым ежелгілігі ғана оларды марқұмның басына құрақ ұшып табынуға мәжбүр ететін болса керек - автордың ескертуі).

Жиделі құдығы Қызаннан солтүстік шығысқа қарай 29 шақырым құмды жаластың шығыс жағында 15 шақырым жердегі Жиделі дейтін ойда, құдық саны 25. Тереңдіктері 6-дан 14 футқа дейін. Бұл құдықтар суы мол әрі тұщы, көшпелі қазақтар үшін бүкіл түбектегі ең шұрайлы қоныс. Маңайының шөбі шүйгін, бірақ ең бай қазақтардың көп қоныстанатыны себепті маңай тез тұяқ кесті болып қалады.

Құты құдығы түбектің солтүстік шығыс бұрышында, құмды жаластың ең шегінде, Жиделіден 30, теңіз жағасынан 22, Қайдақ шығанағынан 7, Білік мүйісінен 34 шақырым жерде. Құдық саны 13-ке дейін, тереңдігі 7-ден 16 футқа дейін. 4-еуінің суы тұщы, қалғаны алғаулы. Бірақ үйренген жылқы одан жерімей іше береді. Төңірегінің оты малға, оның ішінде жылқыға Бозашы түбегінің өзге жерлерімен салыстырғанда жақсырақ, бірақ жыл сайын болып тұратын топалаң, (жамалдат - Ә.С.) індетінен көшпелі қазақтар қашақтап, көп жайлай бермейді. Құдық жанында Қайып әулиенің моласы бар.

Қызық құдығы ашық тегіс, Құтыдан оңтүстікке қарай 28, Қайдақ шығанағынан 6 шақырым, Жылымшық құмының шетіне қарсы жерде. Құдық саны 17-ге жетеді, тереңдіктері 3-тен 5 сажынға дейін, суының аз ғана кермектеу дәмі бар, бірақ ішке тимейді. Іргедегі Жылымшық құмының шөбі шүйгін. Бұл құдықтар жанында Қызық моласы бар. Қоғам құдықтары Қызықтан 42 шақырым оңтүстік батыста Қаракешу шығанағына жақын. Құдық саны 20-дай болғанымен жартысының ғана суы жарамды, бірақ таңқы, қалғандары не қақсып жатады, не суы ащы. Тереңдіктері 6 фут. Төңірегінің оты нашар. Құдық жанында Қоғам атты мола бар. Түбектегі көп құдықтар суын әуелі жылқы жеріп ішпейді, бірақ артынан үйренеді. Төртқұдық құмды жаластың батыс жағында, Қаламқас пен Ақорпа, Қаракешу шығанағына таяу.

Картада көрсетілген барлық құдықтар тұщы, бірақ әуелі ішкенде жылқыны қауратып тастағанмен артынан олар әбден үйреніп, құныға ішіп кетеді. Ал адамдар болса үнемі іш ауруынан, кеуделері шаншудан зардап шегіп жүреді. Оның себебін мен ойлаймын судың нашарлығынан деп. Өзен, бұлақ пен тұщы сулы көл түбекте жоқ.

Көлдер. Табанына тұз шөккен және ұйма балшықты тұзды көлдер көп. Олардың негізгілері Ақкөл, Қызан, Қаракешу тұз.

Ақкөл көлі Бозашы түбегінің солтүстік батыс бұрышында, оның солтүстік жағасынан 21 шақырым жерде, Ақшағылға жақын тұрған қорыс батпақты енсіз бұғаз арқылы теңізбен жалғасып жатыр. Ұзындығы 8, ені 5/2 шақырымға созылады, бетінің барлығы дерлік жұқа тұз қабатымен бүркелген, көлдердің тек жаға тұстары ғана тұз жамылғысынан ада.

Қызан көлі Қызан ойында, құмды бұйраттың ортасында, ұзыны 10, ені 5/2 шақырымға дейін жетеді. Одан құмды бұйраттың оңтүстік жағымен шығысқа қарай 26 шақырымға дейін түбіне тұз шөккен немесе тұзды балшықты шағын сорлар сілемі жалғасып жатыр. Қызандағы тұз қалыңдығы 1-ден 2 дюмға дейін. Ақкөлдегі сияқты мұның да жағасында тұзы жоқ жиек бар.

Қаракешу тұз Қаракешу шығанағынан 9 ½ шақырым, Ауызорпа ойының батысында, Маңғыстау түбегімен жалғайтын мойнақтың бойында. Ұзыны 16, ені 6 ½ шақырым. Көл мен Қаракешу шығанағының арасында тағы да түбінде тұзы бар екі көл жатыр. Қаракешу көлінің ортасында ғана шөгінді тұз бар, 1 ½ жағасына қарай тұзды, ұйма балшық. Қарсыдағы оған жақын көлдерде тұз қабаты жақсы, қалың және жағасында басталады.

Теңіз жағасындағы тұзды көлдердің тұзы тұтынуға жарамсыз. Тек қана Біліктен 12 ½ шақырым жердегі Қайдақ жағасындағы көл тұзы ғана олай емес. Осы көлден бұрынғы Ново-Александровск бекінісінің гарнизоны үшін тұз алынды делінеді.

Түбектегі көшпелі қазақтар аталған көлдердің, әсіресе соңғыларының тұзын пайдаланады. Олардың кейбірі тұзды қаптап артып алып, Қаратау бойының егіншілеріне апарып тарыға, жүгеріге, басқа да дақылдарға айырбастайды. Түбектегі көп тұзды көлдер, Қаракешу тұздан басқасы, жұтпа емес. Үстерінен жаяу, кей жерлерінде атпен де еркін жүре беруге болады.

Тұзды балшықтар көбіне теңіз бен шығанақтарды көмкеріп жатыр. Олардың бірсыпырасы жағаға қарай бірнеше күн қатарынан соққан өкпек жел әсерінен теңіз суымен лықып толып та қалады. Сонда олар онан сайын батпаққа айналып өткел бермейді. Түбек төрінде тек тамаша үш тұзды балшық бар. Олар Тастөбе сор, Қамысын (?), Жыланды. Біріншісі Қызан көлінен 6 ½ шақырым солтүстікке ? қарай, құмды бұйрат арасында ұзындығы 15 ені 1 ½ шақырымға созылады. Ұзынша келген кепкен сияқты көл. Үшіншісі, Шебір жанында солтүстік батыс жағында, ирек-ирек болып, кепкен көлге ұқсап жатыр. Оңтүстік шетінде түпке тұнған тұзы бар, бірақ таза емес, өте лас. Бұл балшықтың ұзыны 10 ½ шақырым, ені 100-500 сажын. Жыланды Қамысынан оңтүстікке қарай 1 шақырым, ұзыны 2 ½, ені 300 сажын.

Бұталар. Түбекте орман жоқ. Кей жерлерде сирек, аласа итсигек, қоянсүйек пен түйе сүйіп жейтін жантақ өседі. Қамыс Қаракөлдің солтүстік шетінде, онда да аз ғана өседі.

Жолдар. Бозашы түбегінде жолдар тарам-тарам, бір құдықтан бір құдыққа дейін, бірақ негізгісі біреу. Түбектің солтүстік шығыс шетіндегі Таусорпа (дұрысы Тас орпа- Ә.С.) құдығынан Хиуаға баратын жол. Бұл Ақтаудың солтүстік бетін суреттегенде айтылған керуен жолы. Ол Құты, Жетішік (?) құдықтарының үстімен Жылымшық құмының шетін кесіп өтіп ирек-ирек із салып Қоғам құдығына келеді. Оған жетіңкіремей екі тұзды қазан шұңқырды кесіп өтеді де, Қаракешу шығанағын жағалап, Ащыорпа құдығының үстімен, Туманың моласының жанымен, аталған шығанақты айналып өтіп, Жыңғылды қапысының аяғына жетеді: бұдан Ақтау жолына дейінгі бөлігі, сірә бұрын сипатталды.

Бозашы түбегіндегі барлық жолда зеңбірек алып жүруге болады, тек жауыннан соң ми батпаққа айналып кетіп бірсыпыра қиындықтар келтіруі мүмкін. Бірақ оларды айналып өту арқылы бұл қиындықтан құтылуға болады.

Молалар. Түбекте бұдан бұрын айтылғандардан басқа елеулі молалар мен қойымдықтар мыналар: Ауызорпа, Тума, Көкімбет, Қаратөбе, Тастөбе, Балкот, Ақырлан, Өмір, Орман, Үдек, Қызылтөбе, Қараманы (?) және Жаманбай. Ауызорпа Қаракешу көлі мен Ауызорпа ойының ортасында маңайынан недәуір биік үлкен төбе басында тұрған көне мола. Тума тастан жаңа салынған мола, Қаракешу шығанағына жақын, Ауызорпаның 9 шақырым солтүстік шығысында Көкімбет немесе там мола түбектегі ең үлкен, жартылай құлаған мола. Шебірден 9 шақырым шығысқа қарай төбе басында. Үлкен тас плиталардан қаланған қабырғасының биіктігі 7 фут. Бұл мола Бозашы түбегінің барлық биік жерінен дерлік көрінеді. Қаратөбе биік төбе басындағы тастан салынған үш мола. Қызан тұзды көлінен (дұрысы Қоңырорпа - Ә.С.) оңтүстік батысқа қарай 6 шақырым, Балкот - Қайдақ шығанағының жанындағы шымнан салынған жаңа мола, Құтыдан 4 шақырым жерде. Ақырлан Көктас орпадан оңтүстік батысқа қарай 4 шақырым жерде керуен жолы мен Жалғыз там құдыққа жақын ескі үлкен мола. Үмір бұл да балшықтан жаңадан салынған, Ақырланның оңтүстігінде 7 шақырым, керуен жолының жанындағы мола. Орман дейтін жаңа мола. Қызан құдығынан шығысқа қарай 20 шақырым, жазық үстінде Үдек әулие аталатын ескі мола. Жиделіден оңтүстік шығысқа қарай 12 шақырым жерде. Жылымшық құмының қасында. Қазақтар ондағы ең үлкен моланы әулие санайды. Егер қой әлдебір індетпен ауырса қазақтар осында айдап әкеліп түнетіп, әулиеге малдарын жазып жіберуді сұрап дұға оқиды. Үлкен мола Қараны (?) тастан қаланған Ақорпа құдығынан шығыста 12 шақырымдағы биік басында. Қызылтөбе Қарақыздан солтүстік шығысқа қарай 5 шақырым, шымнан қаланған мола. Жаманбай Қызан ойындағы үлкен төбе басындағы мола.

Шөптері. Тасқұдық құмынан теңіз жағасымен қапталдаса Шебір ойына қарай жайылым жақсы. Көбіне жусан, күлтебас, бұйрығын өскен. Бұл аралықтың ені 3-тен 13 шақырым. Қызан ойынан Жиделіге дейін құмның солтүстік жағынан шөбі осындай өріс созылып жатыр. Бұл жайылымдар құдықтардан алыс болуы себепті жаз бойы мал аяғы тимей тусырап жатады. Ал қыста қатты боран соқпаған, түскен қар ұзақ жатқан жағдайда ғана мал әкелінеді.

Бозашы түбегінің флорасы тым жұтаң. Кей қыраң бастарында бұйрығын, жусан, күйреуік өседі, ол жазда қой мен жылқы үшін жақсы азық. Көктемде еріген қар сулары, жазда жауын сулары ұзақ жататын барлық көлдеулерде ащы жусан бой салып өседі. Ол қыста барлық малдардың қорегі. Ақселеу бұйрат құмдарда өседі, көбіне сиыр малы жайылады оған. Сүттіген құм жиектерінде ұйысып-ақ өскен, бірақ барлық мал жемейді. Бұйрығын сорлы жазықтарда өседі. Бұл шөпке жылқы, әсіресе түйе де, қой да жайылады. Көкпек сортаң топырақта. Ең соңынан аздап қыр ажырығы, ебелек. Біріншісі - сайларда, екіншісі -төбе-төбелер мен сортаң жазықта.

Түздіктердің өмір сүру салты . Бозашы түбегінде Адай руының қазақтары тұрады. Өте-мөте қиын, жайдақтау жағдайда болса да бұлардың өмір сүру салтының айырмашылығы Жайықтың арғы жағындағылардан тіпті аз. Алайда солардай, жалпы көшпелі халықтар сияқты еркін, думанды өмірге бейім. Бірақ барлық мүкәммалы болып табылатын малы үшін Сібір шекарасынан бастап Жайық сағасына дейінгі қандастарына қарағанда әлдеқайда көп қам жейді. Оған себеп табиғат болуы да: Мұнда Жайық сыртындағыдай көкорай шалғын өріс, жайылыс, сондай-ақ кешіп ішетін су жоқ. Сондықтан бұл мұқтаждық оларды түліктің әр түріне қолайлы өрісті мұқият таңдауға мәжбүр етеді. Кейде бір қожайынның малын үш-төрт бөлікке дейін бөліп, бір-біріне едәуір қашық өрісте бағуға тура келеді. Өткен жаз бойы бұл уақытта түбекте көшіп жүрген қазақтардың бірнеше отар жылқысы Үстіртте бағылды. Әр отар жанұяның бір не екі өкілінің бақылауында болады. Бұл малшылар Үстіртте болған барлық кезде тек қымызбен қоректенеді. Барлық қой, көшкенде жүк артатын азғантай түйе ауыл маңында бағылады.

Сиыр түбекте атымен жоқ, себебі ол бұл түліктің қыста да, жазда да азығы болып табылатын ши көп өсетін Қаратау тауларында бағылады. Түйені көбіне жарлы-жақыбайлар, жалғызбастылар, кейде жанұялы қазақтар кептірілген нан мен бүкіл жазына 2 не 3 қойға жалданып бағады. Барлық жанұялы бақташылар түйелерді жылқы үшін өрісі, бір де бір тұщы суы жоқ ащы құдықтар маңына, тіпті 30 шақырымдай жыраққа айдап апарып бағып, сонда ала жаздай бір ғана түйе сүтімен қоректенеді. Дегенмен жанұясында балалары барлары мүмкіндігінше қоныс үшін ішуге жарамды суы бар құдықтарды таңдай алады. Өздерінің меншік малы, ішер асы жоқ олар бірнеше ай бойы түйе сүтін қорек етеді, балалары да сөйтеді.

Түйелер, әдетте өріске ерте айдалады, құдық басына күн сайын кешке оралады. Сол кезде оларды сауады, сүтін пісіріп отбасының барлық мүшесі әділ, қылдай бөліп ішеді. Бүгін де ертеңіне де солай. Балалардың бұл уақытқа қалып алғаны соншалық түйелер өрістен оралып келе жатқанда алдарынан едәуір жерге қарнымызға бірдеңе баратын болды деген қуанышпен жүгіріп шығады, түйелер алыстан көрінісімен шаттанып айқайлап, түйенің жақындағанынан хабар береді мамаларына.

Жалпы Бозашы түбегіндегі қазақтардың кедей табы қажетін алуға ештеңесі жоқтықтан өте ауыр жағдайда тұрады. Дәулеттілері Ново-Петровск бекінісінің жанында тұратын Астрахан армяндарымен аз-мұз сауда жасап, қойдың, басқа да малдардың терісіне астық, насыбай, мата, тағы басқа тұрмысқа қажетті нәрселер айырбастап алады. Алайда бұлардан астық айырбастап алушылар өте аз, себебі бұл сауданы Хиуамен жасағанды тиімді санайды. Олар оған жайшылықта июль мен август айларында шағын түйе керуендерімен көп қылып түйе мен қой жүнін артып алып апарып ұнға, бидайға, жармаға, кездемеге тағы да басқаға айырбастайды. Сөйтіп, бүкіл қысқа жететін жаңа қор жинап алады. Керуен ауылдарына сентябрь айында оралады.

Ауа райы. Түбекте жауын өте сирек, бірақ дауылдатып күшті жауады. Өткен жазда үш-ақ рет әуелгі екеуі 9,30-июньде, соңғысы июльде жауын болды. Әр жауыннан соң қазақтар құдықтарын тастай салып, барлық малдарымен су толған шұңқырларға көшті.

БОЗАШЫ СИПАТТАМАСЫ ТУРАЛЫ AЗ ӘҢГІМЕ

Бозашы Маңғыстаудың құрамдас бір бөлігі саналатын түбек. Бағзы замандарда ол дербес арал болды. Каспийдің солтүстік шығысы да құрлық болып керуен жолы өтіп жатты деген болжам бар. Геология, тектоника ғылымдарының құпияға толы екендігін ескеріп, оған иланбасқа лаж жоқ. Аңдаған көзге бұл болжамның дұрыстығын айғақтайтын жердің өз бетіне түсіп қалған бедерлер жетіп артылады. П.В.Алексеев аталған еңбегінде Өліқолтық, Қайдақпен бірге Қаракешуді де шығанақ деп анықтама береді және нақпа-нақтап оған Құрқапының аяғы жетіп, бойынан аққан суы құйып жатыр дейді. Сонда Қаракешу қазіргі 10-теміржол айырығының тура батысындағы Борқайдың аралының сұғымынан басталады. Одан оңтүстік батыста Түлкілі, Бөкенбай атты қос төрткіл. Асты теңіз, табаны сор. Ел аңызы Түлкілі мен Бөкенбай түрікменнің суын айғырынан өрбіген құлынды қолды қылып, екі ел арасында араздық туып, содан өлді делінетін маңай осы. Халық айтса қалт айтпайды, негізге сүйеніп айтады. Яғни бұл төңіректе теңіз болғанын ел жады толық қуаттайды. Және ол беріде қазақтар Маңғыстау ойына бастап орныққан кезде болған. Бозашы мен Маңғыстау арасында Қаракешу атты сор бар. Жергілікті халық Алексеев заманында одан тұз алса, қазір де алады. Сор мен Қайдақ арасын жіңішке қылта құрлық бөліп жатыр да солтүстікке қараған беті біртіндеп еңістене беретін жазық. Сөз жоқ, бұл теңіздің Бозашыға сұғына енген сүйір басы. Алексеев дұрыс аңғарған: Қаракешудің батысы Сарытасқа дейін бөлек-бөлек сор. Ең үлкені әрі шұңғылы Құрымсының соры. Ол да батысқа қарай сұғынып жатыр. Демек, Бозашының о баста apaл болғанының бір дәлелі. Қазіргі Тасорпа түбекті ел Бозашының Өр басы дейді. Түбек пен шығыс беттегі Айрақты тауы арасында ені 28 км бұғаз. Бұл маңай Қайдақтың 10-жол айрығына жақын тұсынан 1 метр биік. Оны жасалған дәл өлшеу дәлелдеп отыр. Қайдақ асты тұтасқан тұз және жай тұз емес бағалы мирабилит. Ол екінші Қарабұғаз. Демек Бозашы Маңғыстаумен құрлық арқылы жалғасып кеткен соң барып тұйық шығанақ Қайдақ, Қаракешу табанына тұз шөккен. Ал одан бұрын Бозашыны қоршап теңіз суы шайып жатқан болып шығады. Әдетте теңіз сұғынып жатқан құрлық көсе делінеді. Құрымсы сорының оңтүстігінде Ұзынкөсе деген жер осы күнге дейін бар.

Бозашымыз Алексеев заманынан бері көп өзгеріске ұшыраған екен. Мысалы, Сарытас шығанағынан түбекке ендеп кеткен сулы сор басын еспе шағыл басқан. 4 Кирилл аралы құрлықта қалған. Біз, Астрахан балық кәсіпқойлары мұнда алдыңғы ғасыр аяғында келді деп жүрсек, 1830 жылдардың өзінде олар әбден орнығып алған екен. Кирилл әуелі келген кәсіпқой аты. Қазақтар Керел дейді. Арал осы атпен картаға түсіп кеткен. Жалғызтөбе қазіргі Бозашыдағы мұнайлы кен орнының бір шеті. Өз атауымен қалған. Ұзындығы 43 шақырым айлақ ізі бүгінде айдын сор. Білік, Құндықыз деген жер атаулары ел жадында аз сақталыпты. Өлі Қолтық ішіндегі аралдар белгілі Темір тапқан Байтақ, Қайдақтағы Адам өтпес Шалбар әлі бар.

Алексеев еңбегінің атын "Бозашы түбегінің сипаттамасы" дей отыра Ақтаудың Үшауыздан Тұзбайырға дейінгі сілемін бақайшақтап суреттеген. Және екіге бөледі. Біріншісі - Өңежеден Құрқапыға дейін, екіншісі - онан әрі, Ақтауды дәл ортасынан бөліп жатқан Үшауыздың екі аузы, Күміра, Күш, Жыңғылды, Құрша, Қамысты бола тұра ескермепті. Маңғыстауда тау аңғарларының аты қапы. Көне түркі сөзі: Алексеев оны "aпa" деп қате жіберген. Біз білген Жыңғылды қапысында тұщы су көздері атымен жоқ еді. Айыбы сол болмаса құйқалы өңір. Біздің бала кезімізде бойында өскен жыңғыл тоғай болып тұратын. Аяғындағы Құмтоғай алқабына Чапаев атындағы колхоз соғыс алдында тары егіп қарық болды десетін көне көздер. Алексеев келгенде Жыңғылдының қазіргі Ақтамнан төменінде 20 тұщы сулы құдық болған екен. Жер өзгерісі дегеніміз осы. Шілікті аяғындағы Қарағанды құдығы әлі бар. Суы таңқы. Құрқапы аяғында Боздақтың құдығы деген атпен суы ащы бір құдық бері келгенше болды. Зерттеушінің атамауына қарағанда ол кезде ол жоқ. Тағы бір жерінде Дәулет жар деген құдық аталады. Біздіңше бұл Дәулетащы болуы керек. Қазір Күйек жол аталып жүрген жол бойындағы құдықтың әу бастағы аты Аға немесе Жалғыз еспе болып шықты.

Маңғыстаудың жолдары туралы жазба дерек иесі бұрын полковник Ломакин делініп келсе, Алексеев одан әлдеқайда бұрын жазып кетіпті. "Бозашы түбегінен Хиуаға баратын керуен жолы Ақтаудың солтүстік сілеміне Жыңғылды сайының аяғындағы аңғардан көтеріледі" дейді ол. Дұрысында ол аңғар емес, Ауыздыбасты ойы. Хиуа бағына баратын тіке жол Шәкей жол мен Қызылсай сайының бойымен өтеді. Тіке солтүстікке тартқан бұрынғы ат жол орнына Ақжол беріде салынған. Салушы ауылдық кеңсе төрағасы болған Сейітмағанбет. Жыңғылды сайы маңындағы Күсен Күмбет моласы белгісіз.

Қызан жазбада Дөңес деп көрсетілген. Ол қазақтардың көш жолы бойында. Түбектегі Құмды жаластың батыс беті Қызыл құм. Шығыс бетінің аты жоқ.

Суының сапасы мен өнімі жөнінен елеулі құдықтар қатарында Шебір, Қызан, Жиделі, Құты, Қызық, Қоғам аталады. Неге екенін қайдам, күдер су Мәстек аты аталмайды. Сол маңайдағы Имағанбет, Жаңайқазған, Ақшымыраудың қағазға түспеу себебі, сірә бұлар кейіннен қазылған болуы. Құдықтардың саны, суының дәмі санап тұрып көрсетілген. Қоғам құдығы 20-дай болғанмен жартысының суы жарамсыз, таңқы. Яғни бұлар орпа құдықтар болған ол кезде. Қазір орындары көзге әзер ілігеді. Ақорпа дейтін құдық ол кезде де бар болып шықты! Қаламқас дейтін де құдық болған екен.

Қазақтардың кедей жағының бір кәсібі Қаракешу тұзын өндіріп Қаратау бойындағы диқандарға апарып дәнді дақылдарға айырбастау екен. Үш тұзды балшық бар, олар Тастөбе, Қамысын, Жыланды дей тұрса да қазақтардың оларға түсіп емделетіні туралы айтылмайды.

Өсімдіктер өте аз көрсетілген. Мұның себебін жолаушылардың шілде түскеннен кейін келуімен түсіндіруге болар. Әйтпесе Бозашы, әсіресе оның құмды өңірі тым тұл емес қой. Және бұта мен өзге шөп екі жерге айырылып берілген.

Автор түбектегі тарихи ескерткішке, олардың кейбіріне елдің әулие тұтып түнейтініне бірсыпыра тоқталады. Бірақ төртеуінің ғана суретін салып алыпты. Соның бірі Қаратөбе, төбесі үшкір, жобасы шикі кірпіштен қаланған екі там. Қаратөбенің іргелі қауымдық болуы кейінірек сияқты. Көкімбет қазіргі сақталған қалпына бірсыпыра жақын.

Алексеев жалпы тумысынан этнограф. Бұл ретте қаламы жүрдек. Оның бұл бағытта жазғандары қазақтар жайлы ғана. Соған қарағанда 1830 жылдары түбекте түрікмендер қалмаған. Қалса да азын-шоғын. Сосын саяхатшы оған тоқтап жатпаған.

Экспедиция ол кез өлшемімен алғанда жақсы жабдықталған. Азық-түлік пен ат жемі су жолымен жеткізілгеніне қарағанда үкімет бұл сапарға зор мән берген. Жасақта 80 казак орыстың қаруымен жүруі қазақтар тарапынан қауіп күтілгенін аңғартса керек. Соған қарамастан зерттеу бірсыпыра қиыншылықтармен өткен екен. Ең бастысы, аттар бұл жерге көндікпеген. Адамдар іш ауруымен ауырған. Автор кей жерлерде (Қоғам) шөлге көнбіс түйемен жүріп түсірім жасаған. Бір қызықта ол сөз арасында Қаратауда болғандығын аңғарта кетеді. Соған қарап ол сонда да зерттеу жасамады ма екен деп ойлап қалдық.

Сөз соңында айтарымыз - Алексеевтің аталған сипаттамасы өлкеміздің өткен тарихын зерттеп білуде өте құнды да өміршең еңбек.

"ҮСТІРТКЕ" АЯҚ БАСАР АЛДЫНДА...

Үстірт. Географиялық картада Арал мен Каспий арасын алып жатқан алып аймақ. Біркелкі тегіс дала. Жер атын қоюға келгенде әлемнің көп халықтарына дес бермейтін қазақ атын дәл, дұрыс қойыпты. Э.А.Эверсманн соны дөп басып, Үстірт сөзі қазақ тілінде үсті жазық қыр, биік жатқан жазық дегенді білдіреді деген анықтама береді өзінің атақты "Орынбор өлкесінің жаратылыс тарихы" атты еңбегінде. Біз оған қосымша Үстірт сөзінің қазақша жайдақ деген баламасы барлығын назарға береміз. Байырғы Маңғыстау елі әлмисақтан бері ауызекі сөйлеу тілінде Үстірт атауын қыр сөзімен алмастырып атай береді. Мұнда егер біреу "Қырға шықты, қырға көшті" деп жатса, тыңдаушысы онысын ешқандай ескерту, түсініксіз-ақ Үстірт үсті деп қабылдайды.

Тарихты шолып көрсек, Еуропа, Азияның астасқан тұсына таяу, жер кіндігі деуге боларлық ендік, бойлықта орналасқан осы бір өңір былай қарағанда география ғылымының өгей перзенті сияқты. Себебі, жер шарында барлық нүкте картаға түсіріліп, зерттеліп, тәптіштеліп жазылып қойылғанда 1800 жылдардың ортасына дейін бұл аймақтың әлі жөні түзу картасы, жазылған сипаттамасы да болмапты. Ғылым әр кезде әр керуен жолының бойымен жүріп өткен саяхатшы, саудагер, елші, бірен-саран әскери барлаушылардың сараң жазбаларын ғана малданып келген. Оған қосылғаны жергілікті халық өкілдерінің ауызша айтқан мәліметтері. Онда да бұл әскери барлау қызметінің ыждағатымен болған іс. Сондықтан болар, бері келгенше, қазір де солай, орысша құжаттарға аймақтың географиялық атауы Устюрт, Усть-урт делініп әрқилы түсумен келеді. Үстіртті түпнұсқасына жақындатып орысша Усть-урт деп алғаш атаған Э.А.Эверсманн. Оның өзі күмәнділеу. Себебі, ол еңбегін өзінің ана тілі неміс тілінде жазған. Орысшаға автордың көзі тірісінде онымен келісе, ақылдаса отырып аударған В.Даль. Біз Эверсманның жоғарыда аталған еңбегін осы Даль аудармасымен оқыдық. Қазақ даласын көп кезген, сөз қадірін білетіндегі соншалық, 4 томдық орыс тілінің сөздігін жасаған, бірнеше тілде еркін сөйлеп жаза білетін, соның ішінде қазақ тілінде сөйлейтін Дальдың өзі бәлкім Усть-урт деп аударған болар.

Эверсманның Гольденберг аударған еңбектерінде Үстірт орысша Устюрт деп жазылған. П.В.Алексеев тағы Усть-Урт деп жазады. Яғни, бұл автор Эверманн, Дальдың атауын дұрыс деп санаған. Айта кетуіміз керек, Алексеев сөз жоқ, Эверсманн мен Дальды жақсы білді. Себебі, бәрі бір мезгілде Орынборда бірге қызмет етті ғой. Және зерттеу аясы да үнемі тоғысып отырған. Мысалы, Алексеевтің тікелей бастығы Г.С.Карелин Бөкей ордасының картасын сызып қалдырған. (Бәлкім, ол жалғыз сызбауы, көмекшісі Алексеев болуы, бірақ ол кезде елеусіз унтер-офицер аты белгісіз қала баруы). Ал Даль болса іссапарымен Бөкей ордасында жиі болып тұрды. Тіпті осында айлап жатты.

Жергілікті ел Үстіртті Солтүстік, Оңтүстік, Орта деп үшке бөледі. Бәрі бір Үстірт болғанымен араларында бірсыпыра айырмашылықтар бар. Мысалы, Оңтүстікте жауын-шашын аз, жазы ыстықтау, қысы жылы дегендей. Мұнда солтүстіктегідей итсигек шөбі ұйысып өспейді, тіпті емге де жоқ. Құдықтары да аз, барларының көбі таңқы әрі ащы. Орталық Үстірт аралық сипатқа ие. Хорезм ойына жақын төрт түлей осы екеуінің оңтүстік шығысына таман. Алексеев үлесіне Солтүстік Үстірт тиіпті. Көріп отырғандай, ол өңірді егжей-тегжейлі зерттеген. Және қарапайым ғана әдіспен өз сөзімен айтсақ, жартылай инструментальді түрде. Бұған түсінік берсек бар құралы хронометр (сағаттың сол уақыттағы аты), термометр тұрған жердің ендік бойлығын дәл анықтайтын секстант мұнда болмаған. Болған күнде де сауаты кемшін, оқуы аз Алексеев оны пайдалана алмас еді. Ал шақырым арба доңғалағының жолдағы айналым жиілігімен өлшенген. Таулы, жақпарлы тұстарда көз мөлшеріне жүгінген сыңайлы.

Алексеев сондай-ақ арнаулы білімі, дайындығы болмауы себепті өңірдің геологиясы, гидрогеологиясы, өсімдіктер, жан-жануарлар дүниесі туралы да мардымды ештеңе айта алмапты. XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың бірінші жартысында жер бетінің минералогиялық құрамы мен тау-кен жыныстарын бөлек алып зерттейтін геогнозия дейтін ғылым саласы болды. Ол әуелі геологияға жанасқысы келмей бөлек отау тікті де артынан сол геологияға кірігіп, атын жоғалтып тынды. Тиянақты білімі бастауыш дәрежесіндегі топограф Алексеев одан сірә атымен бейхабар. Сосын көргенін көргендей, білгенін білгендей қылып хатқа түсірген де қойған. Содан келіп бұл сипаттаманы жанрлық жағынан саяхатшының жазбалары, баяны деп те қабылдай беруге болатындай. Қалай айтсақ та бұл өңіріміздің өткені жайлы өте құнды еңбек. Айта кету керек, Алексеев бұл еңбегінің ақырғы жолдарын қағазға түсіріп жатқан кезде Россияда толық жаратылыс тарихы жасалған жоқ-ты. Бірсыпыра энтузиаст ғалымдар оны енді ғана қолға алып жатқан. Онда да шашыраңқы түрде тарихи географияға әлі кезек келмей тұрған еді.

Өкінішті жері - тап сондай жағдай қазір бізде, Қазақстанда да бар. Осы уақытқа дейін қазақтың алтын бесігі - cap даласының сараланған, негізделген жаратылыс тарихы да, тарихи географиясы да жоқ.

Оларды жүйелеудің алғышарты саналатын әр кезде бұл дала туралы жазылып қалған мұралар түгел жиналып бір ізге түскен жоқ.

Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың "Мәдени мұра" бағдарламасы, оның әлі де жалғасып отырғаны осындай қажеттілікке байланысты. Шынайы ғылымда ұлттық, белгілі бір халықтың мүддесі деген жоқ. Ол адамзаттық ортақ мұратқа ғана қызмет етеді. Сондықтан оның нағыз өкілдері барлық ұлт, ұлыс, халыққа ортақ. Елімізде ғылым өзінің лайықты мәртебесіне ие болып, салтанат құрғанда елімізді, жерімізді зерттеуге атсалысқан ғылымның Алексеев сияқты қой торысы да еленіп, өз бағасын алатыны сөзсіз. Сенімдіміз. Себебі, еліміздің нұрлы ертеңіне сенеміз.

Оқырман қаперіне береміз, біз Алексеев еңбектерін аударып, баспаға дайындау кезінде В.Дальдың Э.Эверсманнды аударған үлгісін, өнегесін әдістеме ретінде алдық. Сосынғы бір есте болатын нәрсе - П.В.Алексеев бұл жазбаларында да Орталық Маңғыстау, Ақтау, Қаратау бойларын білетіндігін сөз арасында аңғарта кетеді. Соған қарағанда ол айтылған маңайды да зерттеп жазды-ау деп қалдық. Бұл әзірге көкейкөздің тігілген нысанасы, болжам ғана. Нақты дерек ұшын әлі де ұстанғанымыз жоқ. Демек, Алексеевке қатысты зерттеу ізденіс әлі де жалғаса берсе құба-құп. Оны кейінгі ізбасарларға, үлкен бір аманат деп қойыңыз, тілектес оқырман.

ҮСТІРТ

1853 Ж. - ТОПОГРАФТАР КОРПУСЫНЫҢ ПОДПОРУЧИГІ АЛЕКСЕЕВ Г. ТҮЗГЕН СОЛТҮСТІК ҮСТІРТ ПЕН ОНЫҢ ЖЕМГЕ ДЕЙІН ЖАЛҒАСЫП ЖАТҚАН АРАЛЫҚ КЕҢІСТІГІНІҢ ТОПОГРАФИЯЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ.

Бұл сипаттамаға енген Қазақ даласының бөлігі Жем өзені, Каспий мен Арал теңіздерінің арасында жатыр. Сусыз шөлдігімен, топырағының құнарсыздығымен айқындалады. Кеңістікті екі бөлікке қырлық және жазықтық деп бөлген жөн; біріншісі, Үстірттің 1851 және 1852 жылдары жартылай инструментальді түсірілген солтүстік бөлігін қамтиды, ал екіншісі, Жем өзенімен, Каспий теңізінің шығыс жағалауымен, Үстірт шыңдарымен және Мұғалжар тауларымен шектеседі.

1. Үстірт бөлігі.

Үстірт Батыс Азиядағы жер шарындағы қырлықтардан өзінің кеңдігімен және сыртқы құрылымымен ерекшеленетін Батыс Азиядағы бірден-бір қырағай тегістік. Үстірт үстінің бәрі әлі дәл зерттелмегенмен де, қолда бар деректер бойынша оның теп-тегіс жазықтығының көлемі шамамен 15 500 сүйір шаршы шақырым болып есептеледі. Кейпі Солтүстікке қараған ұшы Мұңалжар тауының оңтүстік шетінен 30 шақырым жерден бітетін қисық үшбұрыш сияқты. Барлық жағынан дерлік тік, құлама тіпті кей жерінде құз жартастар болып келетін бұл қыр солтүстік тұсынан Жем өзені мен Каспий теңізіне қарай түйетайлы, батысынан Қайдақ шығанағы мен Маңғыстау түбегіне, оңтүстігінен қарақалпақ пен түрікмендердің сусыз, әзірге белгілісі тұлдыр даласымен, ең соңында, шығысы Үлкен Борсық құмы мен Арал теңізіне еңкейген тік жартасты жағалаумен шектеседі. Үстірт шыңдары биік аралдар сияқты. Қазақ даласын мұхит басып жатқан дәуірлерде олардың арал болғаны шүбәсіз. Жан-жағынан 80-120 сажын биік тұр, әрі тік, шығуы қиын. Тек кей тұстарында ғана Хиуадан Россияға және кері қатынаған түйе керуендер арбаларымен жүре аларлық құлама өрлер ұшырасады. Үстірт үсті өзін қоршаған даладан көп ерекшеленбейді. Оған іргелес жатқан кеңістікке қарап Үстіртті тұщы су көздерінен, өсімдіктерден мақұрым жазық деп ойлауға болар еді, бірақ ақиқатында табиғат қазақтардың көшіп-қонуына басқа ыңғайлы жер таппағандай көп тұстарында Үстірттен 100, одан да көп шақырымда бір де бір өзен, құдық, көл, тіпті қолайлы жайылымы да кездеспейтін кеңістікті қалдырғандай. Ал Үстіртте тұщы сулы құдықтары, жылқы үшін оты бар көгалдар ұшырасады. Үстірттің недәуір биіктігіне қарамастан оның топырақ құрамы қоршаған ортасындағыдай: сортаң, құмдауыт, тастақты тақыр, өсімдігі жусаннан, бұйрығыннан, күйреуіктен, бұтадан, сексеуілден, баялыштан, шіліктен, сиректеу тобылғы мен жүзгеннен тұрады. Құдықтары бір жерінде тұщы, енді бір жерінде ащы, көлдері тұзды не түбіне тұз тұнған. 122 (Соңындағы ескертпеге қараңыз. Аудармашы.)

Бұл соңғылар және шашылып жатқан ұлу қабыршақтары біздің планетамыздың ежелгі дәуірінде мұнда теңіз болғандығын дәлелдейді. Осы айтылғандар Үстірт бетінің жалпы сипатын құрайды. Оның жартылай инструментальді түсірілген және бірсыдырғы белгілі болған бөлігі, кей тұстары болмаса, мелшиіп жатқан жазық, тек әр тұстарында аталған шөптер өскен төбешіктер, жаластар ұшырасады. Бір тұстардан жаздың сағымды күндері алыстан фантастикалық зәулім құрылыс сияқтанып қазақ молалары көрінеді; ал шынында бұлар тастан қалаған не балшықтан соққан конус тәрізді шағын пирамидалар. Дегенмен,Үстірттің сипатталып отырған бөлігін даланың тұлдырсыз, адам аяғы баспаған құла дүзіне саюға болмайды. Мұнда тұщы сулы құдықтары көп, жайылымы шүйгін бұйрат шағылдар кездеседі, ол құдықтар маңынан бағып отырған малдарымен осы біркелкі далаға жан беріп отырған бірнеше қазақ үйлерін табасыз. Барлық жерде бірдей өсетін жусан мен кей тұстарда кездесетін бұйрығын, ебелек ұзын аяқты малдың жазғы жайылымына жетеді.

Шекарасы. Үстірттің сипатталып отырған бөлігі: батыс жағында Маңғыстау түбегі мен Қайдақ немесе Қара су шығанағы; Солтүстік жағында Өлі Қолтық немесе Атыраудың бөлігі, Жем мен Үстірт және Шаған өзені аралығындағы жазық, шығысында Үлкен Борсық құмдары 1 мен Арал теңізінің батыс жағы, Оңтүстігінде Үстірт қыраты Шыңнан 2 13-тен 115 шақырым аралықта көмкере созылады.

Қайдақ немесе Қара су шығанағы 3 шығыс жағасымен Үстірт шыңдарының етегін шайып оңтүстік батыстан Солтүстік шығысқа қараған бағытта, бірақ солтүстікке көлбеңкіреп жатыр. Оңтүстік шеті Ақтаудың сілемдеріне тіреледі, ал Солтүстігінде Өлі Қолтықпен 4 шектеседі, ұзындығы 122 шақырымға созылады, ені 12-ден 16 шақырымға дейін; Өлі Қолтықпен жалғасқан тұсында 28 шақырымға дейін барады.

Қайдақтың шығыс жағалауы кей жерінде жарлауыт, шағын бұрылыстар жасайды, бірақ жалпы бағыты тура Үстірттің батыс жиегімен қатар 100 шақырымдай Ақшабас тауына дейін қатарласып отырып, онан әрі Жаман Айрақтыға дейін 36 шақырым шығысқа қарай шалқаяды. Содан Өлі Қолтықтың оңтүстік шетін тауды айнала барып құрсап, шығысқа тартып алады да, біртіндеп солтүстікке қарай 32 шақырымға созылады. Сосын солтүстік батысқа кілт бұрылып, 25 шақырымнан соң азғантай мүйіс жасап, қайта оңтүстікке қарай тағы 25 шақырым ұзарады. Өлі Қолтық жағалауы осы жерден оның шығыс жағын түзіп солтүстік батысқа қарай Жем өзенінің құяр жеріне дейін, яғни 200 шақырымда, көптеген бұрылыстар жасағаннан басты бағытын ұстайды. Бұрылыстар ішінде көзге ұрарлары төменгілер. Өлі Қолтықтың оңтүстік шығыс жақ бұрылуы тұстан екі шағын шығанақтан соң жаға 40 шақырым түзу бағытты ұстап шағын мүйіске дейін барады. Осы жолдарында ол бірнеше жіңішке, ұзын, тайыз шығанақтарды баса өтеді. Мүйіс қарсысында жағалаудан алыс емес тұста бірнеше шағын аралдар бар. Жағалау сол тұста ені 11, ұзыны 17 шақырым 20 кішкене аралы бар шығанақты айналып өтеді. Бұл шығанақтың шығыс жақ мүйісінің қарсысында 5 шақырым жерді ұзыны 15, ені 3, ½ шақырым, көлемі жағынан елеулі Баярды аралы жатыр. Аталған шығанақтың сол шығыс мүйісі шығанақты теңізбен жалғастыратын 5 жырамен тілкемделген. Бұлардың ішінде солтүстігіндегісі ең ендісі, бірақ тайыз, ал қалғандары енсіз әуелгісінен терең, содан да оларды кесіп өту кей тұстарынан ғана мүмкін. Назар аударарлығы: бұлардың солтүстіктегісі мен оңтүстіктегі шеткі екеуінде шығанақтан теңізге қараған ағыс бар және суы теңіздегідей ащы емес, әсіресе оңтүстікке қараған төртіншісі терең, ағысы жылдам, жағасына биік қамыс өскен. Шығанақтардың табаны қорыс батпақты. Жағалау онан әрі солтүстік батысқа беттеп 40 шақырымға, яғни Жем сағасына дейін созылады. Бұл аралықта да ара-арасында сол өзеннің сағасындағы тарамдарын құйып, бірнеше шағын бұрылыстар жасайды. Осы соңғы 40 шақырым бойы жағадан бірнеше аралдар мен қайраңдар көрінеді. Солардың ішіндегі ең елеулісі Жемнің бас сағасына қарсы жатқан Кең арал. Қалғандары аласа, су тасығанда не жел батыстан ұзақ соққанда су астында қалады. Соған қарағанда бұл аралдар уақытша.

Өлі Қолтық шығанағының батыс жағындағы құрлық арасы, Жем сағасының оңтүстігінде 40 шақырымнан сол өзеннің сағаларымен, әртүрлі көлдермен, жағадан шығысқа қарай 60 шақырымға ендеп, теңізбен жалғасып жатқан бірнеше ащы өзектермен, ең соңында шағын бұғаздармен, тұзды сулы қорыстармен жырымдалған. Онан әрі оны оңтүстікке қарай 80 километр бойы Қарақұм құмы мен тұзды сорлар жиектейді. Бірақ бұлар алдыңғыларына қарағанда сирек ұшырасады. Содан соң жаға бойлап тағы бір енсіз тұзды қорыс оңтүстік шығыс мүйіске дейін созылып, содан кенет кеңіп кетеді де, шығысқа қарай 37 шақырымға дейін ұзарады, 30 шақырымға дейін ол шығанақтың жалғасы іспетті. Бұл қорыс аралығында ірілі-уақты 7 арал бар, ішіндегі көлемдісі мүйістегі екі шығанақ жасап жатқан Сексеуіл арал; ұзыны 8, ені 4 шақырым. Одан көрінім жерде Тышқанды деп аталатын арал, бірақ бұлар көлемі шағын, қалған төртеуінің аты жоқ. Қайраңдар сипатталған барлық жағалау бойына тән, бірақ оңтүстік жағы мен Қайдақтың бүкіл шығыс бойы бойынша олар мүлдем көрінбейді. Қорыстар да сондай аз, барлары жағаны жіңішкелеп жиектей жатыр.

Шың. Шың немесе Үстірттің құлауы 670 шақырым бойы түсірілгенде оңтүстік батыс жағында Керітті бұлағымен, ал солтүстік шығысында Ақтөрткіл тауымен шектеседі. Керітті бұлағынан Қайдақ шығанағына дейін іргесі Маңғыстау түбегін жанай өтіп, оңтүстік шығыстан солтүстік батысқа бағыт алады. Осы тұстан солтүстік шығысқа бұрылыс жасап салып, Қайдақ шығанағымен қатарласа 85 шақырым созылады. Сосын шығысқа тағы иіліп, төрт үлкен әрі күрт бұрылыс жасап тастап, 460 шақырым Шаған өзенінің сағасына дейін ұзарады. Шағаннан бұрын әуелі Өлі Қолтық шығанағын көмкеріп алады. Ең соңында шыңның бағыты тағы солтүстік шығысқа шалқаяды. Солайша Шаған өзенімен қатар етегін осы өзенге мала өзінің солтүстік шығыс шеті Ақтөрткілге жетеді. Ақтөрткілден солтүстік батысқа қарай Үстірт жіңішке солтүстік батысқа қараған шағын қыраң, тік жартасты биік, ал оңтүстік батысқа қарай үлкен Борсық құмына жазық дала болып кіріккен. Онан әрі бұл жазық тіке оңтүстік шығысқа бұрылып, жолында шағын жалпақ түрінде Қошқар ата құмымен және Қарамола суымен Арал теңізінің солтүстік батыс бұрышындағы (Қара тамақ асуында) оның биік жартасты жағасымен жалғасады.

Керітті мен Ақтөрткіл аралығындағы шың қызғылт әк пен таза ұлутастан тұратын геогностикалық біркелкі дегенмен кей тұста шашылған қызғылт құм төбешікті, олар ұлу қабыршықтарымен араласқан шыңның негізгі құрамынан көп ажырамайды.

Оның көп жері Үстірт жазығынан тік тас құлау болып басталады. Пәлендей тұрақтылық және жоқ. Кей тұстарда шың алдында аласа, жайпақ ойыстар болғанымен, оларды күн ілгергі түйетайлалық деп қабылдауға болмайды. Қайта кезінде су Үстірт үстіне көтерілгенде осы жайпақ жағалауға ұқсаған шағын кертпештерді жасаған деуге болады. Әйткенмен, Шыңның бұл бөлігі барлық жерде бірдей жарлау тік ұшпа емес: өн бойында сирек те болса, түйетайлы құлаулар ұшырасады. Олардан көтерілу де оңай. Ал Өлі Қолтық шығанағының оңтүстік шығыс бұрышының шетіндегі Манашы сайында шыңның тіпті жадағайланып кететіні сонша - қай жаққа бағыт алғанын білудің өзі қиын.

Керітті мен Қайдақ арасындағы шың жиектері алыстан үш ақ белбеуді елестетіп үш қабат құрайды. Солай ернекті молынан жиектеп тек аңғарларда ғана өзгереді. Бұлар мұнда терең әрі тік жарлы. Онан әрі аталған шығанақ пен Өлі Қолтықтың бір бөлігінде жоғарыдағы тік жартастар доға тәрізді қабырғаларға ұқсас (тегі жағаға ұрған толқын әсері болуы). Бұл соңғылар биік жартастың етегіне түсетін сай құлауларының бұлағы бар аяғында. Әйтсе де бұл ерекшеліктер ауқымы шағын, өз алдағы табиғи жаратылыстың реңкін көп өзгерте алмайды. Өлі Қолтықтан шыңның солтүстік шығыс шетіне дейін шыңның доғалық пішіні олардың геогностикалық құрамы солай қалып отырғанымен жиі өзгереді, үлкен аңғар сайлармен тілкемделген, терең жыралармен жырымдалған, ойдым-ойдым көлдеу ойлар шығанақ жағалаған тас қабырғалардағы көріністерге қарама-қарсы. Шыңның көбіне иініндегі жайпақ етегі Үстірт табанындағы түбіне тұз шөккен көлдерді, қорыстарды айналып өтеді. Жалпы алғанда шың үстінен қарағанда ғана тік, тастақ, жартасты, төмендей бере түйетайлы.

Керітті мен Қайдақ арасындағы 8 шақырымдық шың етегін, әр жерін әктас бүркеген сор, борпылдақ топырақты төбешіктер құрайды. Ал Ақжол қыраты немесе Ақтаумен шектескен тұсы қызғылт қатты әктас. Қайдақ пен Өлі Қолтық шығанақтарына қараған етекте жоғарғы, төменгі екі қабат аралығында алаңқай тегістіктер құралған. Бұларды көп жерде сусыған тастар басқан, терең жыра сайлармен тілімделген, әр тұста төбе, оқшау шоқылар бар. Шың бұл аралықта іргені шайып жатқан шығанақты 3 шақырымдай жер көмкереді. Әрі қарай ұзындығы әрқилы, етекке дейін тік тұста ұзындығы 500 сажыннан көп емес, ал басы биік, аяғы тұста кейде 10 шақырымға дейін созылады. Ал тіпті жайпақ жерде шың 25 шақырымға дейін созылады. Қалған маңайда тік құлама екі-үш биік те тас шоқылар. Дуаналы-Құлама 5 шығанағында құлама қысқа, бір шақырымнан көп емес болғанмен өте-мөте тік.

Бұл тұста шыңның биіктігі 1826 жылғы генерал Бергтың 6 өлшемі бойынша 547,592 футқа жетеді.

Керітті мен Өлі Қолтық аралығындағы барлық иіндерді нақты түрде сипаттамай тұрып (ол бұл жерде жоғарыда айтылғандай шығанақтармен қатарласып отырып, бағытынан көп бұрылмайды.) Өлі Қолтық пен Ақтөрткіл арасындағы 6 иіннің көлемі мен бағытын өлшеуге болмайды. Шың жағалауы сонда мүйістер жасайды, олардың кейбірінің аттары да бар, демек айрықша назар аударуға тура келеді.

Өлі Қолтық шығанағының оңтүстік батыс, шығыс шетінен, дәлірегі Манашы сайының биігінен, шың солтүстікке қарай 112 шақырым бойы бірнеше иін жасап, Түйемойын шаппаға дейін созылады, содан 120 шақырым шығысқа тау етегіндегі тұзды көлге тіреледі. Шыңның бұл тұсы да бірнеше аңғар жасап бір тұзды көлді айналып өтіп, сүйір шыңдар мен Үстіртке көтерілер жайпақ асу құрайды. Аталған қорыстан әрі шың тағы солтүстікке шалқайлап, екі-үш қорысты жиектеп барып әуелгі қорыстан 80 шақырым жердегі Тамды тауларына жетеді. Онан әрі ол қайта шығысқа қарай 110 шақырымдағы Ащыбұлақ жанынан тікбұрыш жасап, солтүстік батысқа қиыстайды. Осы соңғы бағытында ол 35 шақырымдағы Шағырайға дейін барады. Содан солтүстік шығысқа беттеп, одан солтүстікке қиыстап, ақыры Ақтөрткіл тауына жетеді.

Мүйістер. Аты бар мүйістер төртеу: Мыңсуалмас Жаманайрақты тауынан солтүстікте 112 шақырымда, шыңның шеткі мүйісі емес, керісінше оның солтүстік жағында жатыр. Ол биік, тік жарлы, бірақ басы үшкір емес, ол арқылы Хиуадан Гурьев қалашығына баратын жол өтіп жатыр.

Түйемойын шаппа сипатталған тұстан 18 шақырым солтүстікте, одан оңтүстік батыстан солтүстік шығысқа қараған үлкен сай арқылы бөлініп жатыр. Бұл мүйіс шыңның солтүстік қиыр шетінде. Ол тік, ұшпа жарлы, үшкір, бірақ біріншідей биік емес.

Барақ Шошқакөл бекінісінен оңтүстік батысқа қарай 73 шақырым, Хиуадан Орынборға баратын керуен жолының бойында жатыр, пішімі доғал, шыңның жалпы бағытына жақын көрінеді.

Шағырай Шошқакөл бекінісінен оңтүстік батысқа қарай 44 шақырым, ештеңесімен ерекшеленбейді, сипатталған мүйістерден недәуір аласа.

Шыңның бүкіл солтүстік беті жазықтың ұзына бойында әркелкі болғанмен шығанақтарды жағалай жатқан, әсіресе Қайдақтың оңтүстік шеті, үнсіз сұсты емес, мұнда өзге тұспен салыстырғанда әлдеқайда биік, шоқылар оқшау көрінеді. Жалаңаш биіктер арасындағы шұңғыл көлдеу ойлар, сай-жыралар, ең соңында іргесін шарпып жатқан теңіз - осының бәрі шыңға Өлі Қолтықтан Ақтөрткілге дейінгі кеңістіктен кездестірмейтін асқақтық беретіндей. Шыңның Өлі Қолтық, Ақтөрткіл аралық ернегінің шөбі сұйғылт, тепсеңде, жыра бойларында, бұлақ бастарында ажырық, өлең, қоға өскенмен аз, кейде астындағы атыңның өзін жақсылап оттатып, қарнау салдырып алу қиынға түседі. Тастақты жер тіпті тұлдыр деуге болады. Қырда сексеуіл, баялыш, шілік, тобылғы, құсқан бас, түйе сіңір.123. (Соңындағы санды ескертуді қараңыз. Ауд.)

Таулар. Үстірттің сипатталып отырған ернегінде қазақтар арасында тау делінетін мынандай шоқылар бар: Алтынтөбе, Шөлтау, Дөңғара, Ақшабас, Жаманайрықты, Ортатөрткіл, Қызыладыр, Тоқсанбай және Тамды.

Алтынтөбе Үстірт үстіндегі айналадан едәуір биік шиқан сияқты тік тас шоқы. Ол Қайдақ шығанағының оңтүстік шетінен солтүстікке қарай 9 шақырым жерде.

Шөлтау тең қабырғалы үшбұрыш сияқты, Алтынтөбеден солтүстікке қарай 6 ½ шақырым жердегі тастақты қырат үстінде, жоғарғы ернегінен шығанаққа қарай түйетайлы. Оның жанында тағы үш төбешік бар, бірақ аттары жоқ.

Шөлтаудан 19 шақырым солтүстікте жатқан Дөңғара шыңның жоғарғы шетіне жанаса біткен конус кескінді биік шиқандай. Оның басында Дөңғара аталатын ескі мола бар. Ескерткіш төрт бұрышты, қиық пирамида кескінді, үлкен қызғылт тастардан кәдімгідей етіліп қаланған; биіктігі 2 сажындай, әр жағының іргесінен қарағанда 3 сажын 7 тұрады.

Дөңғара моласы

Ақшабас Дөңғарадан солтүстікке қарай 55 шақырымда Қайдақтың шығыс жақ иінінде, өзі аттас жерде: бұл Үстірт үстінен недәуір аласа ұзынша қыраң. Бұдан шығысқа қарай 4 ½ шақырымда бұрынғы Ново-Александровск бекінісінің тамтығы жатыр.

Жаманайрақты аталған бекіністен шығысқа қарай 26 шақырымда, ұзыны 6 ½ шақырымға, ені 225-тен 800 сажынға дейін созылатын ұзынша стол сияқты биік, оңтүстік батыстан солтүстік шығысқа қарап, осы таудың етегін көмкере кең әрі доғал мүйіс жасайтын Өлі Қолтық шығанағының жағасына 200 сажын жетпей жатыр. Таудың биігі алыстан қарағанда жазықтау көрінеді де, екі әлде үш шоқысы ғана оның біркелкі тегіс бетін өзгертіп тұр; шынтуайтқа келгенде ол бірінен бірі недәуір терең жарлауыт сайлармен бөлініп жатқан бірнеше тегістіктен тасты, әкті тау жыныстарымен қоршалып, шың сипатына толық ие болады.

Ортатөрткіл Өлі Қолтық шығанағының оңтүстік шығыс бұрышынан шығысқа қарай 13 шақырымда. Бұл тау биік емес, таудан гөрі мүйіске келеді, соған қарамастан оңтүстік етегі түйетайлы да, Үстірт үстінен көп байқалмайды. Солтүстік жағы биік, кей жер жар. Бұл тау басында бірнеше қазақ моласы бар.

Қызыладыр Ортатөрткілден солтүстік шығысқа қарай 152 шақырым, оң жағасында шыңға тақау үлкен тұзды көл жатыр. Бұл тау тік, жартасты, биік емес, бірақ шыңнан батысқа қарай 16 шақырымға созылған тік мүйіс оған шың келбетін береді.

Тоқсанбай бұл да Үстіртте Қызыладырдан 26 шақырым солтүстік батысқа қарай. Ұзыны 7 шақырымға, ені 4 шақырымға созылатын оның солтүстік, оңтүстік батыс жақтары тік, жартасты, етегі аталған тұзды көлге жақындап жатыр, қарама-қарсы жақтары түйетайлы. Тау үстінің жазығында бірнеше қазақ молалары бар.

Тамды шыңнан 6 шақырым солтүстік батыста, бөлек тау деуден Үстірт бөлшегі деуге келеді, топырақ құрамы шыңнан өзгешеленбейді, Шыңға қапталдасып 13 ½ шақырымға созылып жатыр. Солтүстік батыс етегі биік, қарсы жағы түйетайлы. Тамды атауына сипатталған жердің оңтүстік батыс шетіндегі биік шоқы ие. Ол Тоқсанбайдың солтүстік шығысында 28 шақырым. Биіктігі Үстірттен сәл аласа.

Аңғарлар. Шыңдағы елеулі аңғарлар: Утас, Қызылсай, Ырмақ, Ақшабас, Ақсай, Манашы, Түйемойын шаппа мен Маңсуалмас арасындағы атсыз аңғар, Үшсай сайы 8 , Тасастау, Тұщы айрықтағы аңғар, Шерше аңғары.

Утас Дөңғараның шығысында 14, ал шыңға жақын тұсынан 12 шақырым жердегі Утас моласынан басталады. Батысқа қарай негізгі бағыт ұстаған ол бастау алған тұсынан 14 шақырым сол жағынан Қызылсайды қабылдап, тағы да 7 шақырым шың мен Қайдақ арасындағы тегістікпен барып, аяғы шығанаққа жетпей топырағы борпылдақ сортаңға еніп жоғалады. Аңғар табанымен аз жерге дейін ащы сулы бұлақ ағады. Қызылсай басын Қаратүйе суатының қарсысынан алып, Утасқа жеткенше 19 шақырымға созылады. Солтүстікке бағыт ұстаған ол жолында көбіне оң қапталынан көп аңғар сайлар қосып алады. Аталған екі аңғар да, қосып алғандары да терең, жарлауытты, ендері 100 сажыннан 3 шақырымға дейін. Жарлары, көп жерлері ұлутас, бірақ Қызылсайда қызғылт әктас кездеседі.

Ырмақ Дөңғарадан солтүстікте 6 шақырым жарлауыт, терең қолтық сайдан басталып, шың етегінен шығанаққа 800 сажын жетпей жоғалады.

Ақшабас сипатталған өзі аттас тауды оң жағында қалдырып, Ақшабас суатынан басталып, 6 шақырымға созылып, бұл да шығанаққа бірнеше жүз сажын жетпей сортаң топыраққа сіңіп жоғалады.

Ақсай бас қолтықтан басталып, солтүстік шығысқа қарай 25 шақырым өтіп, Жаманайрақты тауының шығысынан Өлі Қолтыққа құяды, шыңнан сортаң, борпылдақ жазықпен бөлініп жатыр.

Манашы ұзыны 10 ½, ені 4 шақырым сордан басталады, сор онан әрі тұзды аңғарға ұласып, әуелі батысқа 12 шақырым, сосын біразырақ оңға бұрылып, тағы 13 шақырым өтіп, Өлі Қолтық шығанағының оңтүстік шығыс шетінде жатқан будан бұрын сипатталған тұзды балшығына жетеді.

Бұл аңғардың ұзына бойының жағасы тік, биік жартасты, ал терең түбімен суы ащы бұлақ ағып жатыр. Оң жақ бастауының жағасында Манашы дейтін үлкен көне мола бар. Қазақтар аңғарды соның атымен атап кеткен.

Маңсуалмас пен Түйемойын шаппа мүйісі арасындағы аңғар бірнеше терең жарлауыт сайлардан басталып, әуелі солтүстікке 12 шақырым, сосын солтүстік батысқа бұрылып, 28 шақырым шағын сайта айналып, Үстірт етегіндегі жазықтың сортаң топырағына еніп жоғалады. Аңғардың Сарайшыққа баратын керуен жолына жеткен биігінде Үстіртке шығатын асу бар. Бірақ ол қиын, сондықтан керуендер тіпті жай көштердің өзі шыңға Маңсуалмастың өзінен түсіп шығады.

Үшсай сайы сипатталған аңғардан бірнеше сажын жерде шығысқа қарай бірнеше сажын суаттан басталады. Сай үшеу, бәрі шығысқа қараған, бірақ солтүстігіндегісі 15 шақырым өтіп солтүстікке бұрылады, сосын ең басынан алғанда 22 шақырымнан соң шың астындағы сортаңды жазыққа жетіп жоғалады.

Қалған екеуі бағытын өзгертпестен сол аты жоқ тұзды көлден басталып ағып барып, әуелгісі сияқты 23 шақырымнан соң жоғалады. Жарлауыт қабақтары биік күйі сағадағы тайыз сайға дейін барады. Кей биіктерде суы жеткілікті құдықтар бар.

Тасастау аңғары биігіндегі өзі аттас құдықпен аталған, Үш сайдың шығысында 40 шақырымда; оның барысы оңтүстікке қарай 43 шақырым, сонда ол Үстірт етегіндегі тұзды көлге құяды. Мұның да жағасы жарлауыт биік, аяғындағы тайыз сай маңы жазық, одан Үстіртке арбамен-ақ оңай көтерілуге болады. Бұл аңғар арқылы Хиуадан Орынборға баратын жол өтеді.

Аталған аңғардың биіктігіне таман оң жақта төрт бұрышты қиық пирамида сияқты үлкен етіліп кескен тастардан қаланған Үйоба деп аталатын көне ескерткіш тұр. Оның биіктігі 30, ал әр қабырғасы ұшар басына дейін 30 фут. Дәл осындай пирамидалар осыдан 12 шақырым солтүстікте, ол үйін деп аталады, ал басқасы Шағырлы-Шөлқұм құмына таяу Тоқсанбай тауында; бірақ бұлар жартысына дейін бұзылған, тастарын қазақтар өлгендеріне мола салуға тасып әкеткен 9 .

Тас пирамида

Тұщыайрық суатындағы аңғар жыра сайдан басталып солтүстікке қарай шың ернегінен ені 500 сажын қулама жасап еңкейеді, содан соң 20 шақырымнан әрі Үстірт етегіндегі жазыққа жетеді. Оның түбіне дейін Хиуадан Орынборға баратын керуендер жүреді; көтеріліп шығу, сондай-ақ ат пен арбалы керуенге де ыңғайлы. Аталған аңғардан шығысқа қарай 50 шақырымда атауы жоқ осындай кең және жарлауыт аңғар бар, одан да Хиуадан Орынборға баратын керуен жолы өтеді, онымен де арбалы керуен қиналмай жүруге болады.

Онан әрі шығыста 20 шақырымда бұрын аталған шыңның тұмсығы, оған ұзыны 30 шақырымға созылатын Шерше дейтін терең аңғар. Онда суы алғаулы бірнеше құдық пен суы сондай бір көл. Аңғардың әуелгі бағыты солтүстіктен солтүстік батысқа, оңтүстіктен оңтүстік шығысқа, солай 20 шақырымға созылып аталған тұмсыққа жетеді де, күрт батысқа бұрылады. Осы бағытымен етекке дейін ғана жетіп, борпылдақ жазықта Шаған құймаларына 20 шақырым қалғанда жоғалады.

Үстірттің солтүстік құлауында өзге елеулі аңғарлар жоқ. Шығыс бетінде Ақтөрткіл мен Арал арасында түйетайлы биіктен құлайтын аңғарлар тіпті жылғалар болғанмен олардың ернегі жарлауыт тастақты емес. Жалпы алғанда айтылғандарға ұқсамайды. Шыңның сипатталған бөлігінде жоғарыда айтылғандардың бәрі дерлігі де, басқалары да бастарын тегіс Үстірттен алады. Әрі недәуір терең, жарлауыт ернекті, жақындағанда көзге түсе кетерлік сай-салалары жоқ. Содан да Үстіртте жер жағдайын білмей жүргенде күтпеген жерден аңғарлар арқылы пайда болған өткел бермес терең ойпаттарға оп-оңай тап болуың мүмкін.

Бұлақтар, көздер мен құдықтар. Үстірттің солтүстік беті мен батыс ернегіндегі саны мен суының сапасы жөнінен елеулі бұлақтар, көздер мен құдықтар мыналар: Қызылбас, Сақыр, Бөгерістам, Утас пен Өтес, Ақжар немесе Ырмақ, Ақжар, Сейсем, Тайпақ, Қыштым, Қызылтөбе, Ақсай, Қарақұдық, Жиделі, Қарабұлақ, Көкшесу, Есет, Ащы мен Тұщыайрық және Ақсай.

Керттіден батысқа қарай 14 шақырымдағы Қызылбас бұлағы екі жерде: біріншісі, терең сайдың ең жоғары басында, шың ернегі астында, екіншісі, сол сайдың ағысы бойында, бірақ біріншіден 1 ½ шақырым төменде: екеуінің де суы тұщы әрі мол, 200 адам мен 300 жылқыға әбден жетеді; төменгісінде бірақ жоғарысынан су көбірек. Бұларға құлау шаппа өр, жүкпен қауіпті, бірақ теңі жоқ барлық ірі қараның жүруіне болады. Бұлақ маңына жақын Үстірт өрісінде жылқы жайылуға болатын жусан, жиі сексеуіл, шілік, баялыш пен тобылғы араларында ебелек өседі.

Сақыр, Алтынтөбенің оңтүстігінде 5 ½ шақырым, Қаратүйеге қарай үш бұлақтан тұрады, аралары 2 шақырымнан, бұлардың аталған тау жағындағысының тереңдігі 2 ½ аршын, суы тұщы, мол, 100 адам, 200 жылқы мен 100 қойды қондыра алады, сулы шұңқыр сарқылған соң екі сағаттан кейін дәл сондай болып қайта толады 10 . Оңтүстікке қарай тағы екі бұлақтың суы түйе мен қой ішуге болады, алғаулы. Үстірт ернегіне шыққандағы жайылым жусан, бұлақтан алыс емес. Бұл жерде сондай-ақ шілік, сексеуіл өседі. Ал дәл бұлақ жанында сексеуіл, баялыш, көтібос пен түйесіңір өседі.

Бөгерістам 11 Қызылсайдың басында, 2 бұлақтан тұрады, оның бірі төрт бұрышты суат түрінде таспен шегенделген, екіншісі жайдақ ағып жатыр. Екеуінің де суы сәл алғаулы, бірақ адам да, жылқы да іше береді. Олардан 700-ге дейін адамды, 1000 жылқыны, 500 түйені қандыруға болады. Себебі, сулары тез өнеді. Қоршаған жайылым тек жусан; отындыққа шілік пен тырбың сексеуіл көп өскен.

Утас пен Өтес Утас сайының дәл ернегінен қазған бірнеше құдық. Біразының суы ащы, енді біразы тұщы. Құдық саны 9, тереңдіктері 6 сажынға дейін барады 12 . Сулары 500 адамға, 1000 жылқы мен 300 түйеге жетеді. Айналасының жайылымы қалың өскен жусан.

Ақжар немесе Ырмақ аттас терең сай бойындағы бұлақтар. Жалпы саны 15; біразының суы ащы, біразы тұщы, тереңдіктері 4 футқа дейін. Бұлақтардан алыста емес шың ернегінде 15-ке жуық терең құдық бар, көбінің суы кермектеу, жақсы етіп таспен шегенделген. Бұл бұлақтар мен құдықтардан 500-дей адамды, 1500 жылқы, 500 түйені қандыруға болады. Аяқтай жайылысқа жусан жақын жерде қалың өскен. Аздап құсқанбас кездеседі.

Ақжар, аталған бұлақтардан солтүстікте 5 шақырым, суының тұщылығы мен молдығы жөнінен бүкіл батыс шың бойындағы ең жақсы бұлақ. Ол сол жақта көрініп тұрған шыңнан жиегінде көздеп шыққан су 2 шақырым бойлап бұлақ болып ағады да, Қайдақ шығанағына 1 ½ шақырым жетпей сортаң бос топыраққа сіңіп жоғалады. Көздің сәл төменірегінен таспен шегендеп қазылған апан толы су жылқы мен түйені астау көмегінсіз суаруға мүмкіндік береді. Бұлаққа жүк тиелген арбамен түсуге қолайлы жол салынған. Көзге таяу Үстірт үстінде мұнда бір кездері мола болғандығын айғақтайтын үлкен тас үйінді бар.

Сейсем мен Бесбұлақ: Ақжардың солтүстігінде біріншісі 12 ½, ал екіншісі 14 шақырым жерде шыңның бір қабат ернегі астында; бұлар екеуі бір-бірінен теңізге қараған жартасты мүйіспен бөлінген. Сейсемнің суы мөлдір, тұщы, бірақ таңқылау; Бесбұлақта нашар, болмашы. Екеуіне де түсу қиын. Әсіресе Бесбұлаққа. Мұнда жардан ойып, дәліз жасалған, бірақ тарлығы соншалық, арба түгілі теңдеулі түйені өткізу мүмкіндігі де жоқ, ал малды шұбыртып айдап, құлатуға болады. Оларға Қайдақ шығанағынан көтерілуге қолайлы.

Тайпақ Бесбұлақтан 4 ½ шақырым солтүстікте, шың ернегіндегі 9 бұлақ, жыра тұйығындағы біреуінің таза мөлдір суы ондаған сажын жерге ағып жатыр. Бұлақтардың біразы таспен жақсылап шегенделген, суы тұщы, біреулерінің суы ащы. Тұщы су 500 адам, 1000 жылқы мен 300 түйені қандыра алады. Бұлардан оңтүстікке қарай тағы Егінді дейтін тұщы сулы бұлақ бар. Егінді аталуы аяғындағы осы бұлақ суына егілген суармалы егістік орны болған. Айтылған бұлақтарға құлау оңай. Тек соңғысы аздап қинайды. Маңындағы жайылым Үстірт үстінде қалың өсетін жусан.

Қыштым Тайпақтан солтүстікте 6 шақырымда, тұщы сулы бір ғана бұлақ. Шың ернегінен ағып жатыр, 150-дей түйені қандыра алады. Түсіп шығу оңай. Жақын өрістің шөбі жусан.

Қызылтас бұрынғы Александровск қамалы орнының астында екі жерде: солтүстік шығыс бастион қарсысындағысының суы тұщы әрі жақсы (мұнда сипатталғандармен салыстырмалы түрде алғанда) ағысы баяу, жарты шақырым батыстағы бұлақ мол емес, бірақ суы алдағыдан жақсы. Әуелгі бұлақ аяғында бірнеше сажын жерге соның суымен суарылатын тары егіліпті. Төменде жайылым нашар.

Ақсай Ново-Александровск бекінісінен шығысқа қарай 15 шақырым өзі аттас сайдың құлауында. Бұлар 4 бұлақ пен 6 құдық. Бұлақтар сай ішінде де, құдықтар Үстірт үстінде сай басында, бұлақтардан алыс емес. Сулары алдыңғысындай әркелкі. Тұщы, мөлдір суы дегенмен 1000 адам 1500 жылқы мен 500 түйені қандыра алады. Жайылым жақсы.

Қара құдық Ақсайдан шығысқа қарай 4 шақырым, сол аттас сайдың бір ернегінде. Екі бұлақтың суы тұщы, қалғандары бір бұлақ пен екі құдықта кермек. Тұщы су 500 адам мен 600 жылқыға, ал кермек су 700 түйеге жетерліктей. Қарақұдық бұлақтарынан шығысқа қарай 2 шақырымда осы сайдың бір ернегінде Тораңғылы дейтін тұщы сулы, бірақ аз, бұлақ бар. Бұлардың маңының өрісі де алдында айтылғандай.

Жиделі шың бойында екі жерде: біріншісі Қарақұдық бұлағынан солтүстік шығысқа қарай 36 шақырымда, ал екіншісі онан әрі 4 шақырымда. Екеуінің де суы алдыңғылардан жақсы, тұщы. Тереңдігі 1 ½ де 2 аршынға дейін, бірақ бұлақ сағасындағы апан тез толады, екі сағаттан кейін қайта су ала беруге болады. Бұлақтардың әрқайсысы бір сәтінде 100 адам, 150 жылқы мен 60 түйені қандыра алады. Бұлаққа жақын жердің оты жусан, осыншама малдың 15 күн жайылуына әбден жетеді.

Қарабұлақ Манашы сайының аяғынан солтүстік шығысқа қарай 43 шақырым өзі аттас сай бойындағы сортаң топырақ арасынан ағатын 2 шағын бұлақ. Суы біршама мол, бірақ жайылысы жұтаң: су қоры 2000 қойға жетерліктей.

Маңсуалмас өзі аттас сай бойында бұрын сипатталған мүйістен солтүстікке қиыстау тұста. Мыңсуалмас сөзі қазақша, мың жақсы бұлақ дегенді білдіреді 13 . Шынында мұнда бұлақтар көп және бәрінің суы мол, бірақ атау шыңның екінші кертпешінен жылғалап ағып шығып, сай арқылы төрт шақырым бойлайтын біреуіне ғана тән. Тіпті қуаң. Тырбық бидайық қана өседі. Оған жылқы аузы жетпейді, тек көшпелі қазақ ауылдарының уақ малының төлі ғана отығады.

Содан да сай түбі қашан да батпақты болып жатады, қазақ малына жұғымды қамыс өседі. Дегенмен сай бойында су барлық уақытта бірдей бола да бермейді, қазақтар көп көшкен кезде мол тұтынудан бұлақ суы аз жерге жетеді, тіпті ақпай сағадағы үлкен апанды толтырып жатады. Қазақтардың айтуынша, ол апан солай толады да жатады, бұдан шығады - оның суы саны көп әскери жасаққа да жетеді. Жайылым 15 шақырымға дейін Маңсуалмас бұлағынан бір шақырым жерде Үстірт үстінде шағын көне қорғанның орны бар, қазақтар оны салған Россиядан келген қалмақтар 14 дейді. 124. Үстірттің дәл ернегіне тақау салынған бұл бекініс 20 сажын, қиылыстарында жартылай доға бастиондары бар. Қабырғалары мен бастиондары сырт жағынан қиылған ұлутастан, ал іш жағынан күйдірілген кірпіштен қаланған екен. Ол сақталған бірнеше бастион мен бір қабырғадан көрініп тұр. Қорғаған әскер мекендері бекініс қабырғасында - солтүстік, батыс және оңтүстік қабырғалар. Бұлар да 8 кішкене бөлмеден, ал батыстағы 4, бірақ көлемі әуелгі екеудегідей; бекініс қабырғасының қалған жерін қақпалар алып тұрды деп шамалауға болады. Шығыс қабырғада ұзындығы 1 ½, ал ені 1 сажын бір ғана бөлме бар. Бастиондар негізгі осы уақытқа дейін жақсы сақталған, ал қабырғалардың әбден бүлінгені соншалық, қалған сұлбасын әрең табуға тура келді, тастарды қазақтар осыдан 50 сажын жердегі өздерінің руластарының моласын салуға тасып әкетті. Бұл молада бірнеше көне ескерткіштер сақталған бұлар да ұлу тас пен кірпіштен салынған.

Үстірт шыңының Қарабұлақ және Маңсуалмас бұлақтары арасындағы 70 шақырым жерде көптеген тұщы, ащы бұлақтар мен құдықтар кездеседі. Бірақ олардың суының аздығы мен жайылымының нашарлығы қазақтардың ен жайлап, қыстауына мүмкіндік бермейді. Егер айда-жылда мұнда аз ауыл келе қалса, жылқы отарларын Үстірттің алыс түкпіріне айдап тастап, қастарына азғантай қой, ешкілерін алып қалып, ағынды талғажау етеді. Көшіп-қонуы көлік үшін екі-үш жылқы мен бірнеше түйе ұстайды. Бұл төңіректегі барлық бұлақтардың жақсысы Көкшесу және Есет.

Шошқакөл бекінісінен оңтүстік батысқа қарай 90 шақырым жердегі Тұщыайрық ойындағы Ащы және Тұщыайрық шыңнан ағып жатқан бірнеше көз, суы тұщы әрі мол. Үстінен Хиуа мен Орынбор арасындағы керуен жолы өтеді. Ащыайрық бұлақтары сайдың үстіңгі жағында, ал Тұщыайрық сол сай бойында бірақ төменірек. Екеуінің де суы мол да, адам да ішуге жарайды. Маңайындағы жайылымы жусан мен көкпек. Мұндағы бұлақтардың жалпы саны 15-ке дейін жетеді.

Ақсай - терең, құз жартасты сай ішіндегі құдық, Тұщыайрықтан шығысқа қарай 50 шақырым жерде. Суы таңқы, оты да аз, сол себепті Хиуа мен Орынбор арасына жүрген керуен мұнда аялдамайды, тек адамдар үшін ішерлік суын алып әрі асады, ал енді суы өте жақсы.

Үстірттің ендігі тұсының бұлақтары мен құдықтарының сулары бірінде ащы, бірінде тұщы, енді бірінде алғаулы, бірақ бәрі таңқы. Маңайының жайылымы да жайсыз, сұйғылт, сондықтан бұлай қарай қазақтар малдарымен көшіп келе қалуға құлықсыз. Егер кейбір тұщы бұлақтар жанында жайылыс бола қалған күннің өзінде аз, 100 жылқы айналасы екі күн ішінде отап тастайды. Сол себепті Үстірттің бұл шетіндегі құдықтар мен бұлақтар аздығы себепті шағын жасаққа (сипатталғандарынан басқасы) ұйысып өскен қылтанды баялыш пен сексеуіл, терең шатқалдар, Үстірт үстінен тым биік жалдар, әсіресе арбалы қолға көп кедергілер келтіреді. Бұл кедергі бірақ, Үстірттің тек солтүстік бетінде.

Өлі Қолтық, Қайдақ шығанақтарына қараған бөлігі сулы бұлақтарының көптігімен, жақсы жайылысымен Үстірт үстінің мұнда тегіс болатынымен әртүрлі шағын жасақтардың жорығына ыңғайлы, бірақ ат үшін жемін қамдай жүргені дұрыс.

Назарда ұстау керек мұндағы тұщы су бұлақтары төмендегідей: Маната-Ново-Петровскден Гурьевке жол бойында, Үстіртке көтеріле берген иек артпада; Есенғазы-Қызылсайдың тұйығында; Сейіт пен Сейсем моласының қасында; Ақшабас ойындағы бұлақтар, аттас тауға жақын; Қосақыр-Ново-Александровск бекінісінің шығысында 3 шақырым, Қарқырама-құрама 15 - шығысқа қарай және Тораңғылыдан солтүстік шығысқа қарай 4 шақырым. Бұл бұлақ терең сай бойынан су ағып жатыр, сағасына адам бойындай болып құрақ өскен; Үшсайдағы құдықтар мен бұлақтар; Ақбұлақ бұлақтары - Ащыбұлақ ойында; Тасастау құдықтары - сипатталып өткен өзі аттас сайда. Бұл құдықтар суы мол әрі жақсы. Атсыз бұлақ - Тамды тауының Солтүстік шығыс қарсысында; Ақбұлақ -Тұщыайрық сайынан шығысқа қарай 22 шақырымда; Барақ - Ақбұлақтан шығысында 23 шақырымда; ең соңында Ащыбұлақ шыңының ең шетінде жатыр, содан ол Ақтөрткілге қарайды, бірақ мұның бұлақтарының суы алғаулылау.

Сипатталған бұлақтар мен құдықтар суын тұщы дегенде оны дәл тұщы мағынасында түсінуге болмайды (Жиделі, екінші Ақжар мен Маңсуалмастан басқасын), бірақ тұзды емес, алғаулы, кермек емес, адамға да, малға да ішкенде зиян келтірмейтін судың біртүрлі дәмі бар. Құрамында әкті қосылыстар көп. Сарқылған сайын солай ма, жоқ әлде басқа бір себебі бар ма кейбір бұлақтар (әсіресе Қайдақ шығанағы жағалауына жақын) суы алына берген сайын жақсы дәмін жоғалтып, күлімсі иіс шығара бастайды. Керісінше неғұрлым көп тұрған сайын соғұрлым жақсара береді.

Алғаулы бұлақтардың суы молдығы жөнінен жақсысы Қансудан оңтүстік шығыс жақтағы 2 шақырым жердегі терең шатқал сай ішіндегі Бегенелі, жайлап жылға түзеп аққан су бойына қамыс пен қоға өскен, суын тек қой мен түйе ішеді.

Үстірт шыңындағы барлық бұлақтардың бәрінің жаны дымқыл сұр топырақты, көк шөп, қамыс пен қоға өскен болып келеді, бірақ тек 50 жылқыға бір күндей азық бола аларлықтай аз.

Қойнау. Үстірттің түсірілген батыс жағында қойнаулар саны - 5; атап айтқанда: Маната, Қаратүйе, Жығылған, Алтынтөбе мен Ақшабас. Маната Қайдақ шығанағының оңтүстік шетінен оңтүстік шығысқа қарай 9 шақырымнан басталады. Ернегінде үлкен көне моланың қирандысы, әртүрлі жазу, кескіндері бар ескерткіштер. Осы сайды қуалап, моланың шығыс жағынан Ново-Александровскіден, Бозашы түбегінен Жем өзенінің сағасына онан әрі Гурьев қалашығына баратын жол шығады. Шығу зеңбірек, арба керуені үшін онша қиындық келтірмейді. Сайдың шыға берісінде бір (жоғарыда аталған) тұщы сулы бұлақ бар, алайда суы тек 100 түйені, онда да бір рет, қандыра алады. Қоршаған жайылыс жаман емес: сексеуіл, тағы басқа бұталар жиі өскен.

Сақыр бұлағымен бірге сипатталған Қаратүйе сайы осыған жақын жерде. Түйе үшін жайылысының жақсылығымен, Үстіртке көтерілу қиындығымен ерекшеленеді.

Жығылған Қаратүйенің солтүстігіне жақын көптеген тас-шоқы басқан алқап. Бұл алқапты жоғарысынан түзу доға, ұзындығы 3 шақырым, көмкерген, екі қапталынан іркіс-іркіс тас қыраттар жиектеген, бұлар шыңның етегіне дейін созылып жатыр.

Алтын төбе Жығылғаннан солтүстікке қарай 3 шақырым жерде, осы тұста Үстірттің қыратын бірнеше жерден тілкемдейтін терең сайларының аяғы Бозашыдан Жем аяғы мен Гурьевке баратын жол бойынан Қызылсай сайына тоғысады. Бұрын сипатталған Алтын төбе тауы да осында.

Ақшабас Ново-Александровск батысқа қарай 3 шақырым жерде, шың солтүстік бағытын шығысқа аударып әкететін мүйісте. Осы жерден, Үстірт үстіндегі Ақшабас моласы тұрған биіктің қарсысынан терең сай Қайдақ шығанағына дейін жетіп жатыр.

Үстірттің солтүстік құлауында сайлар көп, бірақ елеулілері төмендегілер: Қаратүбек, Қарабұлақ, Маңсуалмас, Түйемойын шаппа, Ащыбұлақ пен Тұщыайрық.

Ново-Александровск бекінісінен 13 шақырым шығыстағы Қаратүбек үшбұрышты алаң іспетті, шыңның бұрылысынан және екі сайдан: Ақсай мен Екінші аты жоқ сай.

Қарабұлақ Манашы шатқалынан солтүстік шығысқа қарай 47 шақырым жерде, сипатталған елеулі бұлақтарымен, Ортатөрткіл бөліп жатқан шыңның жартасты жиегімен белгілі қойнау үшбұрышты кескінге ие.

Маңсуалмас Үстірт үстінде солтүстігі сипатталған Маңсуалмас мүйісімен, оңтүстігінде жіңішке осында суреттелген аты жоқ саймен шектескен. Ол шығыс жағынан Үстірттің батыс еңкеуіне жақындайды. Мойнақпен бөлінген дөңгелек шағын түбек іспетті. Ол әсіресе сулы бұлақтарымен, шүйгін өрісімен, көне қорған орнымен және Хиуадан Гурьевке өтетін керуен жолымен елеулі.

Түйемойын шаппа Маңсуалмастан бір ғана саймен бөлінеді; ол да Солтүстік шыңға түбек кеспірінде жанасады, оңтүстік батысы айтылған саймен, солтүстігі Үстірт құлауымен, шығыста Үшсай сайларының қырымен, ал оңтүстік шығысында қарсы екі сай ернегімен шектеседі. Бұл қойнау үстінің биік жазығы жусан, ебелектен тұратын өрісі шұрайлы. Үшсайдағы құдықтар мен бұлақтар қазақтардың көші-қоны үшін қолайлы.

Ащыбұлақ бір тұзды қорыстың шыңға тақаған жеріндегі Үстірт шеті. Маңсуалмастан шығысқа қарай 100 шақырым. Шыңдағы тұщы бұлақтар мен шүйгін өрісі қазақтар үшін жайлы қоныс.

Тұщыайрық бұл қойнаудан солтүстік шыңға қараған сайдағы тұщы бұлақтарымен, Үстіртке көтерілетін қолайлы жолымен, Хиуа-Орынбор керуен жолымен және Тұщы, Ащыайрықтай сипатталған бұлақтарымен елеулі.

Үстірттің үсті. 1851 және 1852 жылдары жартылай инструментальді түсірілім жасалған Үстірт жазығын көші-қон ыңғайымен және шығыс-солтүстік-шығыс деп Өлі Қолтықтың оған Манашының құйып жатқан шетін меже етіп алуға болады.

Батыс-оңтүстік-батыс беті ашық: Үстірт үстінің көкжиегінен әзер аңғарылатын қоян жон қырандар, сортаң жерден қазылған көптеген тұщы, алғаулы құдықтар, тырбың сексеуіл шілік пен баялыш, бұлар тек шыңның ернегінде ғана өскен. Шығыс-солтүстік-шығыс бөлігі де жазық, тек аты бар бірнеше шоқылар, бұйрат құмдар, тұзды көлдер, сорлы қорыстар, көп жер сексеуіл бұталарымен, баялышпен бүркелген; 125 сортаңды жерде құдықтар өте аз, көбіне құмды жерлерде, бұл соңғысы сондықтан қазақтардың ең шұрайлы қонысы болып саналады.

Үстірт жағының түсірілген тұсының басты қыраңы Қызылсай ернегінен елеусіз біртіндеп басталады. Содан солтүстік шығысқа бағыт ұстап Қайдақ, Өлі Қолтық шығанақтарымен қатар дерліктей 20-30 шақырымға Уәлі құдығына жетеді, оны айналып өтіп Құдайназар қойнауына келеді, содан түсірілген аралық межесінен шығып қалады. Бұл қыраң әуелі әрең еленгенімен бара-бара биіктей береді, бірақ қысқа қайырылады; ол әсіресе Өлі Қолтық шығанағының қарсы тұсында көтеріңкі. Содан да ойлауға болады, шың бұл жерде басқа жерге қарағанда төмен әрі жайпақ екен деп. Екі қапталда көп тұста тұщы сулы құдықтар жеткілікті. Олардың көрнектілері: Елегажы, Боранқұл, Ешкіқырған, Уәлі, Жолбаян, Киікбай, Төлеп, Қосқұлақ, Бесауыз және Арыстанбұға.

Құдықтар (шыңырау, орпа, апан). Елегажы құдығы Утастың күншығыс жағында 27 шақырым жерде. Қатар жазылған 6 шымырау құдықтың суы тұщы, 400 жылқы мен 100 түйені қандыра суаруға мол жетеді.

Боранқұл Елегажының арқа-батысында 3 шақырым жерде, сулы үш шыңырау құдықтан тұрады, бірақ суы таңқылау.

Ешкіқырған Боранқұлдың арқа жағында 12 шақырым жерде, ескі Ново-Александровск қамалының оңтүстік бағытында 48 шақырым, ал Дөңғараның күншығыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан. Бұл аймақта 23 құдық қазылған. Тереңдігі 11 (сажен), суы тұщы. Суды алуға қауға пайдаланып, оны жылқы, түйемен тартады. Өндірілетін судың көлемі мен сапасы жағынан Үстірттегі құдықтардың ішіндегі ең сапалысы, 5000 жылқы мен 3000 түйе суаруға болады.

Уәлі моласы

Уәлі құдығы, Ешкіқырғанның солтүстік-шығысында 28 шақырым, жартылай құлаған ескі аттас қорымның оңтүстік жағында 300 қадамдай жерде орналасқан. Маңайда 15 құдық қазылған, нобайы шегенделген, сулары мол, тұщы, 1000 жылқы мен 300 түйені қандыруға болады. Орташа тереңдігі 8 құлаш. Құдықтардың қасында эллипс формасында сақталған ескі Уәлі қаланың құлаған қалдығы бар. Қала Ұлутас пен күйдірілген кірпіштен салынып, сақталған қабырғалар мен тырнақшалар қалдығының ені 2 метрдей (сажен, Қамалды айландыра ор қазылған, олар көміліп тек орны қалған. Сақталған ойпаттау жерлерінің ұзындығы 80 метрдей. Қамал қорымен қатар салынып, қатар құлаған болу керек.

Жолбаян Уәлінің күншығыс жағында 16 шақырым сор топырақты ойпатта қазылған 11 құдықтан тұрақты, тұщы суы мол, тереңдігі 7 құлаш. Құдықтардың нобайы шегенделген, аузы қалақ таспен қаланып ортасы қауға шелек сыятындай етіп тесілген.

Құдықтардың суы мол, 1000 жылқы мен 600 түйені суаруға жетеді.

Киікбай Жолбаянның оңтүстігінде 18 шақырым жерде қазылған қос құдық, тереңдігі 10 құраш, суы тек 300 жылқы мен 100 түйеге жетерлік.

Төлеп Жолбаянның шығыс жағында 24 шақырым қашықтықта Қожаназар сайында сортаң ойпатта орналасқан 4 құдық. Тереңдігі 8 құлаш, суы мол, 200 адам, 200 жылқы, 50 түйе сусындайды.

Қосқұлақ Төлептің солтүстігінде 21 шақырым, тұмсықтай 5 шақырым жердегі төбешіктердің арасындағы сортаң ойпаттағы 6 құдық. Барлығының суы мол, тұщы, тереңдігі 7 құлаш, 600 жылқы мен 200 түйе қанып ішеді.

Бесауыз Жолбаянның солтүстік батысында тегістеу жерде қазылған 12 құдық. Тереңдігі 8 құлаш, суы тұщы, таспен шегенделген, 1000 жылқы мен 400 түйе суарылады.

Арыстанбұға Уәлінің күнбатысында 16 шақырым қашықтықта, құмай аймақта қазылған онша терең емес 15 құдық. Суы тұщы, 500 жылқы мен 300 түйеге жетерлік.

Үстірттің бұл бөлігінде басқа да құдықтар бар, бірақ олардың суы ащы, кермек, тұщы сулары таңқы, аз мал суаруға ғана жетерлік. Құдықтардың көпшілігі, әсіресе жоғарыда жазылғандардың нобайы түркмендерге дейінгі ежелгі көшпелі жұрттың бірнеше шөгінді қабаттарды қазып өтіп су көзін ашқан.

Сайлар. Экспедиция қамтыған Үстірт аймағында екі сай бар: Құдайназар мен Ақшеку (Ак чеку).

Құдайназар сайы (атау сыры: осы аттас Адайдың белгілі байы әрі әулиесі мекендеген) Ново-Александровск қамалының оңтүстік шығысында 52,2 шақырымнан басталады. Сайда екі жазық дөң бар, олар бір-бірінен сор алқаппен бөлінген. Бірінші дөң сайдың қамал жағынан басталып солтүстік бағытта 26 шақырымға созылып, аяқталар жиегінің батысында Жолбаян құдығы, ол шығыс жиегінде орналасқан. Дөңнің оңтүстік ені 8 шақырымға дейін, ал солтүстік бағытында жіңішкере келе 200 қадам болып, тік құлаумен бітеді. Құламалар негізінде тік, көлбеулігі 25 градус ал солтүстігінде жайпауыттау.

Келесі дөң жоғарыда айтылған ені 5-тен 7 шақырымға дейінгі ойпатпен бөлініп, бұрынғы жазылғанға параллель созылған, әрі қарай зерттеу аймағынан шығып кетеді. Дөңнің ені де зерттелу аймағының сыртында болуына байланысты тек батыс жиегінің құлаулары қамтылған. Дөңдердің барлығы мал жайылымына ыңғайлы, жусан, сирек қызыл изен, бұйырғын сияқты шөптер өскен.

Ақшеку сайы Киікбай құдығының батысында 11 шақырымнан басталып, жыралы жер сілемдерін құрайды. Жері сортаң болғандықтан күннің ыссы мезгілінде тұзды қабыршақ болып, алыстан қарағанда ағарып көрінеді. Кейбір жерлері сор балшықты, жүріп өтуге өте ыңғайсыз. Сайдың оңтүстік шетіндегі Ақшеку - 8 құдықтан тұрады, екеуі тұщы қалғаны кермек. Құдықтағы су көбірек тұрып қалса балшықтың исі шығып кетеді. Маңайы түйе бағып суаруға қолайлы.

Жайылымдар. Жалпы Үстірттегі мал жайылымындағы шөп қоры бай болғанмен әр жерде әр түрлі. Олар негізінен жусан, бұйырғын, бидайық, жалбыз болып келіп, ойпат жерлерде тығыздау өседі, әсіресе Ешкіқырған, Уәлі, Жолбаян, Төлеп, Киікбай және Қосқұлақ құдықтары маңында басқа да майда шөптермен араласа өсіп мал жайылымына өте қолайлы. Жайылымдар негізінен осы өңірде туып-өскен малға, әсіресе жылқыға жағымды. Ал Ресей не басқа жақтан келген мал тоя оттамайды.

Үстірттің екінші бөлігін алып жатқан дөңестер батыстан шығысқа қарай созылып жатқан Сам мен Асмантай-Матай құмдарының еншісіне тиіп, ұзындығы 150, ені 27 шақырымды құрайды. Құмның шеті солтүстігінде тұз шөгіндісі бар көлге, батысында сор батпаққа тіреледі. Бұл құмды жерлердің шөбі ойлы жерде қалыңдау, төбелерде сирек болып, мал жайылымына ыңғайлы болғанымен тұщы су көзінің шектеулі болуына байланысты қысқы кезде паналап, күн жылына көше бастайды. Құмдағы тұщы сулы құдықтар шегендеуге ыңғайсыз болуына байланысты жиі құлап, көміліп қалады, Жиектегі құдықтардың нобайы кермек не ащы.

Құмдар. Сам құмы Үстірт жазықтығының: орталығында, Каспий теңізінің батыс жағалауынан 65 шақырым, жазықтықтың батыс тұмсығынан 13 шақырым қашықтықтан басталады. Құм сілемдерінің ұзындығы 85 шақырым, ені 10-нан 27 шақырымға дейін созылып доғал үшбұрыш пішінінде орналасып, созыңқы сүйір бұрышы шығысқа бағытталған. Құм сілемдерінің ара-арасында тегіс жазықтары бар, оған барынша жақсы шөп өседі, кейде сексеуіл де кездеседі. Тереңірек ойпаттарда қамыс өскен жерлер қыста малға жақсы ық болады.

Асмантай-Матай құмы Самның шығысында 15 шақырымнан басталып, ені 10, ұзындығы 35 шақырымға созылған. Жер бедері ойлы-төбелі, сиректеу шөп өскен, ақ сексеуіл 16 де кездеседі.

Бұл маңда Самдағыдай құдық көп емес, барының суы кермек, сондықтан болар, көшпелі қырғыздар аз қоныстанған. Құмның батыс шетіндегі Хиуадан Орынборға барар жол бойындағы Бұл құдығының суы 500 жылқы қандыруға жетерлік мөлшердегі жалғыз өнімді тұщы су көзі.

Жоғарыда жазылған атақты екі құм бір-біріне құмды тегіс жазықтық арқылы жалғасып, біртұтас құмды аймақты құрайды.

Шөгінді тұзды көлдер мен тұзды балшықтар (сор). Құм жиегіндегі шөгінді тұзды көлдердің аттары да Сам, Асмантай-Матай деп аталады. Құм дөңдердің шығыс жиегінде орналасқан көлдердің арасы 15 шақырым, шығыстан батысқа қарай созылып жатыр. Біріншісінде тұз қалыңдығы 6 қарыс (вершок) болып, ені 4-тен 8 шақырымға дейін барып, ұзындығы 25 шақырымға созылады. Асмантай-Матай сорының ұзындығы 42 шақырым, ені 8-ден 10 шақырымға дейін, шөгінді тұз қалыңдығы бір метр (аршын). Сордың шығыс шетінде шағын атаулар кездесіп, батыс шеті 18 шақырымға созыла келе сор батпаққа айналады. Шығыс жиегінде Ақкөрек, Есен шыңырау деген құдықтар бар. Біріншісінің суы кермек, ал шыңыраудың суы тұщы.

Сам құмының батыс жиегіндегі сор батпақтардың ауданы көлемдісі біреу, оның ұзындығы 32 шақырым, ені 100 адамнан 10 шақырымға дейін. Оның орта тұсының солтүстік-батысында бірнеше шағын сорлар көрінеді.

Құм жиегіндегі кездесетін қалған сорлар шағын-шағын болғандықтан оларды тиянақтап зерттеп жазбадық. Бірақ құм жиегінің солтүстік батыс шетінен 15 шақырым жерден басталатын сор балшықтың ұзындығы 25 шақырым, ені 7 шақырымға дейін барады. Сор ішінде көлемі мен биіктігі әртүрлі атаулар (төбешіктер) кездеседі. Осы сордың үстінен Хиуадан Сарайшық пен Гурьевке баратын керуен жолы өтеді. Жол сорды солтүстігінде кесіп өтер маңында Қырық құдық орналасқан. Қазылған орташа тереңдіктегі 40 құдықтың бірнешеуі таспен шегенделген, суы кермек. Айналада мал жайылымы өте қуаң. Жоғарыда жазылғандардан басқа құм жиегіндегі шөгінді тұзы бар сор көлдер: Қос бұлақ және Төңірек сор.

Қос бұлақ - Арал теңізінен 60 шақырым батыс жағында, қырдың тұмсығынан (Ақсайдың тұсынан) 50 шақырым жерде, Асмантай-Матай сорының солтүстік шығысында 15 шақырым қашықтықта ұзындығы 18, ені 9 шақырым жерде, 3 елі (дюйм) тұз шөгіндісі бар, төңірегі дөңес ойпатты аймақ. Солтүстік жағы тереңдей түсіп, Хиуадан Орынборға баратын керуен жолындағы Боқсу сайына жалғасады. Ойпаттың оңтүстік шығысында суы ащы құдық - Қос бұлақ атанған, әрі қарай керуен жүретін жолы бар осы аттас сай басталады.

Төңірек сор. Қосбұлақтың батыс жағында 17 шақырым жерде ені 6,5 шақырым, ұзындығы 12 шақырымға созылған, тұз шөгіндісі өте жұқа, жаңбыр жауғанда еріп, батпаққа айналады. Айналасындағы шөгінді тұзы бар басқа сор батпақ жоқ.

Сайлар. Бұрын айтылған Боқсу мен Қосбұлақтан басқа келесі сай - Тілеу Матай. Ол керуен жолының бойында Қосбұлақ сорының солтүстігінде 30 шақырым жерде, ешқандай айырықша ерекшелігі кездеспейді.

Құдықтар. Зерттеуге қамтылған Үстірттің бұл аймағында мына құдықтар қолданыста: Матай, Сыңғырлау, Жарқұдық, Қарапат, Сыпырғандық, Мырзабай шапқан, Қос құдық, Өмір шыңырау және Төлеубай. Матай құдығы Сам құмының батыс шетінен 15 шақырым жерде сортаң ойпатта қазылған, жартылай таспен шегенделген, суы мол, 16 құдықтан тұрады. Құдықтан көшпелі 200 шаңырақтың малы суарылып жайылымға шығады.

Сыңғырлау. Матайдың оңтүстік батысында 7 шақырым сор тақырдағы таспен шегенделген, терең, суы мол 3 құдық.

Жарқұдық . Сам құмының солтүстік батыс жиегіндегі керуен жолының бойында қазылған 5 құдық, тұщы суы мол.

Қарапат. Сам құмының солтүстік жиегінде, аттас сордың батыс шетінің тұсында қазылған. Суы тұщы, мол, жайылымдағы мал мен Хиуадан Орынборға баратын керуеншілер мұқтажына толық жетеді.

Сыпырғандық. Құм төбешіктерінің арасында орналасып, тұщы суының молдығымен ерекшеленеді.

Мырзабай шапқан мен Қос құдық. Сам құмының солтүстік жиегінде бір-біріне жақын орналасқан, тұщы суы мол, таспен шегенделген құдықтар.

Өмір шыңырау . Хиуадан Орынборға баратын керуен жолы бойында, Сам сорының батыс шетінің солтүстігінде 37 шақырым жердегі Үстірттің сор тақырында орналасқан, тереңдігі 12 құлаш, таспен шегенделген екі шыңырау құдық.

Төлеубай. Асмантай-Матай сорының батыс шетінен солтүстік бағытта шығатын керуен жолының бойында 28 шақырым жердегі тұщы суы 17 мол құдық. Айналасында мал жайылымы жоқ.

Ескі қауымдар мен молалар. Ескіден Үстіртте жақсы сақталған қауымдар мен молалар қатарына мыналар кіреді: Қыштым, Сейсем, Ақмешіт, бір қауым Мыңсуалмас сайында, Жүзжасар мен Көктам.

Қыштым. Үстірттің батыс жиегіндегі ұшпа тұмсықтың жоғарғы құлауындағы аттас бұлақ маңында жартылай құлаған төртбұрышты екі там. Оның сақталған 3 құлаштай биіктегі бөлегі үлкен тау тастарынан қаланған. Сақталған тырнақшасының ені мен ұзындығы 3,5 адым. Келесі там куб пішініндегі қиылған пирамида түрінде, бірақ көлемі алдыңғы айтылғаннан кішілеу. Соған қарағанда барлығында бұрын күмбез болып құлап қалған сияқты. Бұларды салған шеберлердің сәулет және бейнелеу өнер жөнінде түсініктері бар қазіргі қазақтарға қарағанда бірталай жоғары болған. Бұны жергілікті халық та растап, бұл құрылыстарды түрікмендерге дейінгі ежелгі көшпелі жұрттың адамдары салғанын айтады.

Қыштым моласы

Сейсем. Қыштымнан оңтүстік бағытта 12 шақырым жерде Үстірттің үстінде, тік жиегінен 2 шақырым жердегі әулиелік. Қорымда бірнеше күмбез там мен бейіт үйінділері бар. Олардың қай заманда жерленгені туралы мәлімет жоқ, бірақ жақсы сақталғанына қарағанда алғашқы жер иеленуші қазақтар мен соңынан келген түрікмен бейіттерге ұқсайды.

Ақмешіт. Үстірттің солтүстік шетіндегі Манашы жырасының саға тұсының шығысында 25 шақырым жерде. Ол - жыра бойындағы бор төбені үңгіп жасаған үлкен үңгір. Қазір жергілікті қазақтар Жем бойындағы жайлаудан кері көшерде жаз пайдаланылатын заттарын тастап кететін қойма ретінде пайдаланып жүр. Бұл қауымды қасиетті әулие санайды, басындағы сырық ағашқа маталардың қиындылары, жауырын, кәрі жілік сияқты садақаға сойылған малдардың сүйектері байланған. Айналасында жерленген адамдардың басына қойылған құлпытастар мен белгілердің көптігіне қарағанда үлкен молалық -Ақмешіт атанады.

Маңсуалмас. Үстірттің ұшпа шетінде аттас бұлақтан бір шақырым, ескі қамалдың орнынан 50 қадам жерде орналасқан қорым. Қорымда шоғырланған ерте заманғы ел мен қазіргі көшпелі қазақтар салған ескерткіштер сан алуан. Негізгі маңыздысы екеу: бірі өте ертеде, ал екіншісі 20-30 жыл бұрын салынған. Ескісі ені мен ұзындығы екі адым, биіктігі бір жарым құлаш етіп, ұзындығы бір метрге жуық қотыр тастан төрт бұрыш пішінінде қаланған. Бұл құрылыс ескі қамалмен тұстас салынғанға ұқсайды. Келесі ескерткіш күйдірілген кірпіштен төрт бұрышты етіп ескіге ұқсас салынған. Бұл ескерткіштер киелі саналады, себебі басында мата қиындылары, сүйектер байланған.

Көктам. Жүзжасардың солтүстік батысында 12 шақырым жердегі тегістікте орналасқан молалық. Құрылыс күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған, Жүзжасардағы тамға пішіні мен көлемі ұқсас. Соған қарағанда мезгілдері де тұстас болуы керек.

Бұлардан басқа Үстірттің үстінде Ново-Александровск қамалының оңтүстік шығысында 43 шақырым жердегі Қозыбай төрткүлде тастан тұрпайы 18 қашалып шалқасынан жатқан бірнеше адам мүсіндері бар.

Мүсін жасалған тастар мен осы арадан оңтүстік батыс бағытта 18 шақырым жерде орналасқан Уәлі тамының тастары бір жерден алынғанға меңзейді.

Қашалған әйел мен еркектердің мүсіндері адам денесінен әлдеқайда үлкен. Ер адамдардың мүсіндегі қолдары кеудесіне айқастыра (крест пішінде) ұстаған, арқасында оқ салынған қорамсағы қомақты бедерленген. Әйелдердің омырауына алқа тағылып, бірнеше қатар моншақтар бейнеленген. Басында шаштары түйілген, кейбіреулері орамал не мата қиындысын байлаған. Дене мүшелері дұрыс бейнеленген, бірақ толық сақталған бірде-бір мүсін жоқ, барлығы қираған. Бәлкім о баста мүсіндер бөлек-бөлек жасалған да болуы мүмкін, себебі айналада тұтас мүсін шығар тас кездеспейді. Жергілікті қариялар да мүсіндерді қашан, кім жасағанын білмейді. Тіпті ешкім білмейді. Оларды қазақтардың ата-бабалары көрген кезінде де осылай сынып жатқан. Мүсіндердің ескі екенін мүк басып, таттанғанынан да көруге болады.

1851 жылы Үстірттен табылған тас мүсіндер

Жүзжасар. Сам құмының солтүстік шетінен 5 шақырым, ал аттас сордың батысында 20 шақырымда орналасқан бейіттер. Қорым көлемі жағынан шағын, бірнеше бейіт төмпешіктер мен тамдардан тұрады. Солардың ішіндегі біреуі мешітке ұқсас, күйдірілген қызыл кірпіштен, ені 3, ұзындығы 4 адым, биіктігі үш құлаш, ескерткіштердің ескісі. Күмбезі құлаған, пайдаланылған кірпіштердің пішіні шаршы, 12-14 елі (вершок), қалыңдығы 3 елі.

2. ЖЕМ ӨЗЕНІ МЕН ҮСТІРТ АРАСЫН АЛЫП ЖАТҚАН КЕҢІСТІК

Жем өзені мен Үстірт арасын алып жатқан кеңістік 67957 шаршы шақырымды қамтиды, сусыз, қуаң жазық немесе бір кездегі Каспий теңізінің бір бөлігі не шығанағы сияқты жазық ой. Солтүстігінде Жем өзенімен, батысында Каспий теңізінің жағасымен, солтүстігінде, шығысында Үстіртпен және Мұңалжар тауымен шектесіп жатқан бұл аймақтың шүйгін жайылымы мен тұщы су көздері мол Орал сырты далаларынан жаратылыстың өзі күрт өзгерістерімен оқшаулап тастағандай. Жем өзені Оралға дейінгі оң жағалауы шөбі мол тамаша жайылымды болып келесі сол жағасы (Мұңалжар тауынан бері созылған сілемдерден басқасы) барлық тұста көшпелі қазақ үшін қажет қоныстан, аз-мұз тұщы қазбалар мен суы ащылау сорлардан басқа су көздерінен ада, өлі, тұлдыр. Бұл өңірдегі бірден-бір жерұйық деп тек суы барырақ құдықты, малдың аяқ жайылысы табыла кететін Оймауыт құмын ғана айтуға болады.

Жем өзені салаларымен Орынбор ведомствосына қарасты Қазақ даласының батысындағы ұзындығымен, кез келген жерінде балығының молдығымен ерекшеленетін Жем өзені екі сала түзеп ағады. Жем мен Орды бөлетін Ұрқаш сайынан бастау алатын Жалаңаш және Мұңалжар тауынан бастау алатын Жаңай 19 бұл екі сала қосылған соң өзен Жем (автор осы жерде Эмба орысша атауының қазақша нұсқасын Джим деп бере кеткен - Ә.С.) атын қабылдап, оңтүстік батысқа қарай қыраң, қырат араларын қуалап, түбіне қорыс үйелеген құмды арнасымен басталған жерінен 85 шақырым жердегі Құмжарған құмдарына дейін барады. Осы жерден батысқа, Темір өзенінің арнасына қарай қиыстайды. Темір оңнан құйып алып (бұрылыстан 27 шақырымнан) бұрынғы Оңтүстік батыс бағытымен Қандыарал сайына қарай ағады. Сонда оның оң жағасы шағылды құм, ал сол жағы биік жарлауытты болып отырады. Оның осы соңғы иілісі 220 шақырымға созылады. Жем Қандыарал сайында тіктеу бұрылыс жасайды да, соңғы тұрақты бағыты батысты бетке алып, бастауынан 500 шақырым жерден барып, Каспийге бірнеше сағаға бытырап құяды. Солардың негізгісі - екеу.

Жем негізгі сағаға 72 шақырым жетпей салаға бөлінеді, осы тұстан солтүстікке беттеген бір сала Жеммен қатар 15 шақырымдай көлбейді де, тағы екіге бөлініп барып, негізгі арнаға қосылады. Сонда оның біріншісі 21, ал екіншісі 27 шақырымнан келіп қосылып жатыр. Бұл соңғы сала аяғы Жемге дейін құрғақ сай болып жатыр. Ал алғашқы өзен екі негізгі сала ұстап, бұрынғы жылдам ағысынан жаңылмай аумағы недәуір көл құрап тастап өтіп, Гурьев қалашығынан 106 шақырым жердей Каспийге құяды. Ал екінші сала, яғни оңтүстіктегісі тағы бірнеше салаға бөлініп, араларында аралдар мен әртүрлі көлемдегі тұзды немесе көлдер түзіп, тағы 10-нан астам ұсақ салаларға бөлініп, әуелгі саладан 25 шақырым оңтүстіктен барып теңізге құяды. Құм арасындағы кең жазықты көлбей аққан Жем арнасы біркелкі емес, кей жері шүңейтті және көптеген құмдауыт аралдар құрайды. Оның орташа ені 10-нан 40 сажынға дейін, бірақ ол бұл түрінде тек бірінші бөлінуіне дейін, онан әрі тарыла беріп, кей жерде 4 сажыннан аспай қалады. Енсіз жерде ағыс жылдам, кең және терең тұста баяу. Осындай баяу ағысы Жемді сағасының енсіздігіне қарамастан біраз жайлатады. Өзен түбі тегіс емес. Көп тұсының түбі балдырлы, батпақты, дегенмен бүкіл бойына дерліктей қалың құм шөгіндісі басқан. Осыдан келіп оның тек кей тұстары ғана кешіп, жалдап өтуге қолайсыз. Жемнің орта тереңдігі 2-ден 10 футқа дейін. Жағалау барлық жерде ашық, жайпақ әрі құмдауыт. Өзеннің суы аздап кермектеу, әсіресе шілдеден соң. Бірақ жауын-шашынды кезде тұщы және біраз уақыт ол дәмін жоғалтпайды.

Жем - балыққа бай: сазан, көксерке, жайын, шортан, табан, мөңке, алабұға т.б. тұщы суда өсетін балықтар басынан Есенберді сайына дейін үзілмейді. Осы жерден сағаға қарай көксерке жоқ, оның орнына шабақ ауланады. Жалпы осы сағадағы балық түрлері Жемнің жоғарғы ағысында да бар.

Жем бойлық жазық Жалаңаш пен Жаңай құйған жерден Темірдің сағасына дейін 100 сажыннан 2 шақырымға дейін, ал Темірдің құйылысынан салаға бірінші бөлініске дейін 300 сажыннан 3 ½ шақырымға, кей жерде 6 шақырымға енді. Онан әрі Жем биік жағалы емес, содан оның енін дәл анықтау мүмкіндігі жоқ. Өзеннің бойлық ой жағалауы басынан салаларға бөлінгенше бір жерлерде биік, тік жарлы, енді бір жерлерде жайпауыт, түйетайлы. Көзге көрінерліктей биік өзеннің сол жағалауында, Ақтікен өзегінің сағасынан басталып бірте-бірте биіктей беріп, бұрынғы Ембі бекінісінің қирандыларына дейін созылады. Осы жерден Атыжақсы өзегі оны басқа оңтүстік шығыс батысқа түсіреді. Жаға ойының биігі, әсіресе Темір өзенінің сағасы мен Ембі бекінісі арасында биік. Осы аралықта оның көп жерінде ұсақ қайың бұталары 20 мен жылқы мен тағы басқа да мал үшін жұғымды шөп бітік өскен. Атыжақсы өзегінен төмен сол жағаны көмкере, бірақ біраздан соң бекініс орнынан 18 ½ шақырымнан аяқталатын биік мүйіс табанында ащы сай өзегі. Онан ары қарай сирек те болса тіктеу, бірақ онша биік емес, жаластар созылып, аяғы Ембі бекінісінен 128, ал Жемнен 17 ½ шақырымдағы Шерқала тауына тіреледі. (Демек Маңғыстаудағы Шерқаламен аттас тау Жем бойында да бар екен - Ә.С.) Жемнің оң жағасы сол жағасындай биік, жарлы емес. Жалаңаш өзенінің сағасынан Жемге қатарласа 30 шақырымға дейін аласа, түйетайлы жағалау созылады; сосын жазыққа кей тұсы бұйратты, енді бір тұсты сусыма шағылды құм төбелер ұмсынады. Олардың кейбірі мысалы, Көкжиде мен Люсун (?) недәуір биік те. Taп осы жерде Жемнің қарсы тұсынан 60 шақырымнан да астам қашықтан көрінетін бір төбе бар. Жазықтың көп жерінің топырағы сортаңды, бір жерлерінде құмдауыт болып келеді. Көктал өте сирек. Ұзындығы біразға созылып, енді болғанына қарамастан жазықта жайылыс, әсіресе сағалық тұсында жайылыс тіпті жоқ. Ел малын жусан, кей жерінде ебелек, бұйрығын өсетін қырлыққа айдап тастайды. Жем бойының ең шүйгін жайылысты жері төмендегілер:

Оның Темір сағасынан Атыжақсы өзегіне дейінгі бүкіл аралығының жері от: Ембі бекінісінен төмен қарай 18 шақырым жердегі Хожа сайы, Қандыарал мен Есенберді сайларының бойы. Бұл соңғылар бүкіл Жем жазығындағы жайылымы мол көкмайсалы тұстары көп, өзендегі суының дәмі де өте тамаша жерлер 21 .

Бұл өңірде 100 шаршы шақырым аумақта менің шамалауымша 300 000 пұт көк шөп шауып алуға болады. Ал өзен жағалай, батпақтарды айнала, көл маңында ұйыса өскен қалың қамыс қыста отыннан тарықтырмайтындай. Демек бұл маңай тұрақты қоныс тебуге әбден қолайлы. Оның үстіне Гурьев қаласы да жақын, шамамен 100 шақырымдай, ал теңіз 35 шақырым жерде. Өзен суы тұщы, түбіне тұз шөккен көлдер, ең ақыры теңіз тұрғындардың өмір сүруінің көп жағдайын жасарлық. Ең азы балығы мен тұзына шейін. Гурьевте ауысқан балықты сатуға болады. Осында балықшылықпен айналысатын қазақтар солай жасайды.

Құм Жем жағының тек оң жағасында көбірек. Сол жағалауда тек өзенге таяу тұстарда жіңішкелеп көмкереді. Егістік өзен жиегінде аз, тек Әсірепім-сырап (орысша Асярым-Сряп деп жазылған - Ә.С.) пен Бақашы маңында. Яғни диқан қазақтар мұнда 110 шақырым жер бойлап тек тары егеді, оның да өсімі мардымды емес. Жер жырту дәл Райымдағыдай, яғни соқамен де емес, кетпенмен де емес, күрекпен. Тұқым себілгеннен кейін жер өзеннен алынған сумен тарам-тарам атыздар арқылы суарылады.

Жем ойының өсімдігі төмендегілерді құрайды: бұталар - жыңғыл, қоянсүйек пен түйесіңір, шөптер - қияқ, жусан, ажырық, қамыс, сүттіген, ебелек, ақселеу тағы басқалар Жем мен Үстірт аралығында өсетін шөп түрлері.

Жыңғыл - онша биік емес бұта, Жем бойында Ембі бекінісі мен Есенберді сайы бойында өседі. Жуандары өте сирек, дюмнан асып жығылады, ал биіктігі кейде 2 ½ аршынға дейін барады, қабығы күрең қызыл, жапырағы жоқ, бірақ бұтақтары жантақтікі сияқты жіңішке, көк, жұмсақ инелер басқан, июль айында гүлдейді. Гүлі жалқын қызғылт, көкшіл, көрер көзге сүйкімді.

Түйесіңір сирек кездеседі. Бұл аласа бұта, түсі ашыған көжедей, биіктігі аршыннан аспайды.

Қоянсүйек те аласа бұта, өте сирек, аз кездеседі.

Қияқ. Бұл - әсіресе Ұлқын ащы сай өзегі мен Есенберді сайы арасында аз, яғни 170 шақырым бойыңда өскенмен, өте-мөте назар аударуға тұрарлық. Бұл өсімдік орыстың қара бидайына ұқсастау. Бірақ сабағы мен шашағы недәуір жуан. Әр сабағы 120, одан да көп. Қарабидайдікінің көлеміндей дән салады. Бұл дәнді тек жылқы мен сиыр ғана жемейді, маңайдағы көшпелі қазақтар да үлеске бөліп алып, тамақтыққа пайдаланады. Сонда оны дәні піскенде (шілде айынан соң) орып алып бастырады. Сосын суға қайнатып, тұз салып, тағы да басқалармен уыттап дәмін келтіріп, орыстың ботқасы сияқты етіп жейді. Қияқ тек құмды жерде өседі.

Жусан сортаң жерде, әсіресе Астаусалды мен Қандыарал арасында өседі. Ажырық пен жантақ - көк шалғындарда, көл жағаларында, көбіне Жемнің жайылма суы сіңген тұстарда. Сүттіген - бұл орыстың сүтшайы, тек Жем жазығында ғана емес, қырда да мол. Баршаға белгілі бұл шөпті ешқандай мал жемейді.

Көкпек - биік емес өсімдік, қатты, ащы, отынға көбірек жарайды. Малдан оған тек түйе ғана жайылады, онда да басқа шөп болмағанда.

Ебелек - тырбық, тікенді, сабағы тарам-тарам, жылқы үшін өте жұғымды шөп. Ол сортаңды, құмайтты жерлерде көбірек. Үстірт үстінде қалың, Жем ойында сирек өседі. Шөл далада өсетін бұл шөп тек тағы тарпаңдар мен құландардың азығы болып саналады 22 .

Жем өзені сол жағынан мынандай өзектерді құйып алады: Құндызды, Ақтікен, Жақсы Қарағанды, Жаман Қарағанды, Аты жақсы, Ащы сай немесе Сарқырама, Шатырлы мен Үлкен ащы сай.

Құндызды - Мұңалжар тауынан басталатын шағын өзек. Жаңай мен Жалаңаштың жалғасқан тұсынан екі шақырым төменнен Жемге құяды.

Ақтікен де Мұңалжар тауынан басталады. Айрық тауынан солтүстікке таман. Ол тастақты жыраны бойлап ағып келіп, Құндыздыдан төмен 15 шақырым жерден Жемге құяды. Ақтікеннің суы тұщы, биік жағында өте мұздай.

Жақсы, Жаман Қарағанды — екеуінің де суы болмашы, ағысы жоқ, басын Мұңалжардан алады, біріншісі Ақтікен арнасынан 21, екіншісі 33 шақырым төменнен Жемге құйып жатыр.

Атыжақсы екі үлкен өзеншеден Көкпекті мен Жайындыдан тұрады. Көкпекті басын Мұңалжар тауының оң жақ етегіндегі бірнеше құрғақ сайдан, ал Жайынды Бәкір мен Әли тауларынан алады. Бұл екі өзектің де ағысы жоқ, іркінді тұщы судан тұрады. Соңғысының көзі саз балшықтан шығады да, жауыннан кейін суы сүт сияқты ағарып кетеді. Жайынды мен Көкпекті Жемге 24 шақырым жақындап қосылады да одан кейінгі ортақ арнасы Атыжақсы атанып, іркіліп ағады, бірақ суы тұщы. Көп жері терең. Атыжақсы Жемге Ембі бекінісінің түбінен Темір өзенінің 24 шақырым төменінен түбін тереңге салып келіп құяды.

Ащысай көлемі жөнінен өзек деуден гөрі аңғар сай деуге келеді. Ол жылғалап аққан бірнеше ащы өзектен құралып, Жемге бекіністің 15 шақырым төменінен келіп құйып жатыр.

Шатырлы басынан аяғына дейін 65 шақырымды құрайды, арна бойында бірнеше онша терең емес шүңейттер бар, олар қар, жаңбыр суымен мөймілдеп толғанмен, шілдеде егер жауын болмаса кеуіп қалады. Бар таулар қоршаған жазығының топырағы сортаңды, борпылдақ, отрядтың жауыннан кейінгі былай тұрсын, құрғақ кездің өзінде өтуі қиын.

Үлкен ащы сай басын Хантөрткіл тауынан алып, Шатырлыдан төмен 53 шақырым жерден Жемге құяды. Бұл өзен суы кермек және тек сағаға іркілген. Жоғары қарай арна құрғақ әрі тасты, тақырлы аңғар.

Жем мен Үстірт арасындағы кеңістікте тағы ені кішкене өзен, бірақ Жемге құймайды, Үстірт астынан тарамданып жоғалып кетеді. Бұлар Шаған мен Мәни.

Шаған басын Үстірт шыңының солтүстік шетін құрайтын Ақтөрткіл тауынан алады да, етекті жиектеп 150 шақырым ағады. Доңызтау сайына 25 шақырым жақындап келіп, шың астындағы қорыс, бірақ беті құрғақ сорға сіңіп жоғалады. Шағанның ағысы жоқ болғанмен, суы тұщы, тайыз, көлдеулерде іркіліп көлшімек болып жатады. Шаған тайыз өзен сияқты жазықтан ада, бірақ соған қарамастан көлшімек араларына ұйысып шөп өскен, жарлары тік болғанмен, биік емес.

Мәни басын Бәкір таудан алып, оңтүстікке бағыт ұстап, Доңызтау түбінен Шағанға құяды, сонда ол тұлдыр, топырағы сортаң даламен 95 шақырым ағады. Мәнидің бүкіл арнасы құрғақ, соған қарап оны өзен деуге болмайтындай, бірақ табанындағы шүңейттері жазда жауын, қырда қар суымен толы, кейде олар тым ұзақ жатады.

Бұл өзенде көкмайса болмайды, жылқы үшін аяқтай жайылыс тырбық жусан мен ебелек.

Осы сипаттаманың басында шекарасы көрсетілген аумақтың шығыс жағына таман тұсы аздап таулы, ал қалған жағы бірнеше төбелер ғана біркелкілігін бұзған, олардың кейбірінің басында қазақ молалары бар, сосын аздаған құм шағылдары, шүңейт сорлары, теңізге жақындаған сайын түбіне тұз шөккен ойыстары, санаулы тұщы көлдері, бірақ басым көпшілігі Жем сағасы мен Үстірт құлауына таяу, бар тегіс, тақыр жазық. Аймақтың ұзыны 340 шақырымға дейін, ал ені Жем мен Үстірт арасында 92-ден 217 шақырымға созылады. Бұлай дегенде біз қысқада Жем бойындағы Қандыарал сайы мен Үстірттің Солтүстік шетіндегі Тамды тауының, ұзында Жем сағасы мен Өлі Қолтық шығысындағы 45 шақырымнан Үстіртке көтерілер аралықтарды алып отырмыз.

Мұңалжар тауларының батыс сілемі. Мұңалжар тауларының батыс сілемінің Жем, Атыжақсы өзендерінің арасындағы аумағы қабырғасы түзу үшбұрыш тақылеттес те, оның кішілеу жағы Атыжақсы өзенімен шектеседі. Жайылымы мол, тұщы суы көп болғандықтан бұл бөлік арнайы тоқталып өтуді талап етеді.

Жаулыбай моласы

Мұңалжар тауларының Жем өзеніне қараған етегі бірсыпыра жайпауыт әрі ашық, аталған өзендерден бөлінген. Биік шоқылы тұстары тұлдыр, топырағы сортаң, қиыршық тас аралас, көп жерінің жынысы Мұңалжар тауларындағыдай. Керісінше етектегі жазықтарының шөбі шүйгін, жайылыстығы мол. Бұл маңайда жекелеген шоқылар, бөлек таулар кездеседі. Атап айтқанда: Жақсы, жаман Тас қаралы, Ақтөбе мен Қотыр тас. Әуелгі екеуі Құндызды өзеніне жақын оң жағында; Жақсы арнадан 8, ал жаман арнадан 5 шақырым жерде. Ақтөбе тауы Жақсы Қарағандыға жақын арнаның 8 шақырым оң жағында, ең соңында Қотыр тас Көкпекті өзегінің оң жағында одан 10, ал Жайынды арнасынан шығысқа қарай 16 шақырым жерде.

Көлемі және суы өте тамаша көлдер төмендегілер: Батпақты, Ақкөл және Жаңай мен Құндызды арасындағы аты жоқ екі көл 23 . Батпақты көлі Қотыртастың солтүстігінде, ені 3, ал ұзыны сүйір бас жасап созылған ұзын, қоса есептегенде 9 шақырымға дейін. Суы тұщы, тереңдігі 6 футқа дейін барады; жағасы құмдауыт, түбі құмды, балшықты. Ортасында сәл шетке қиыстаған бірнеше шағын аралдары бар. Солтүстік жағынан көп тұсында шүңейт ойыстары бар, бұлар көктемде суға толып, маңайы шабындыққа айналады, бірнеше сай аяғы келеді. Ақкөл шағын, көлденеңі 3 шақырым шағын көл. Ол Батпақтының солтүстік шығысында 17 шақырым жерде жатыр, төңірегі көкмайса шабындық. Әсіресе оның оңтүстік шығыс жағы қалың, бітік өскен бидайық. Бұл екі көл де жауынсыз жылдардың күзінде құрғап қалады. Соңғы екі көл Жаңай мен Құндызды өзендерінің арасында, Мұңалжар тауларының етегінде, ара қашықтықтары 7 шақырым; солтүстікке қарап ұзыны 3 ½, ені 1 шақырымға дейін созылып жатыр, оңтүстік жақтағысы сыңарынан кішілеу. Екеуі де тайыз, сулары тұщы, жағаларына шағын белдеу жасап шөп өскен.

Көлемі үлкен батпақтар мен қорыс шұңқырлар жоқ. Тұщы сулы бұлақтар мен қазбалар жетіп артылады. Біріншілері Мұңалжар тауларының етегінде жиі, ал соңғылары Батпақты мен Ақкөл көлдерінің маңында әрі қарай оңтүстік шығыста сайлар мен көлдеу ойларда.

Бұл кеңістікте көзге түсер аңғар сай біреу - Тасбұлақ. Ол Қарағанды өзегінің оң жағында, Мұңалжар тауларының қыраңынан 8 шақырым жерде; ұзыны 7, ені 2 шақырымға дейін.

Мұңалжар таулары, айтылғандай Үстіртпен жайпауыт қыраңдар арқылы шектеседі, бірақ олар батысқа қарай біртіндеп биіктей береді. 65-200 шақырым аралығында ені енсіз жаласқа бөлініп, бірі жемнің сол жағын бойлап, екіншісі Үстіртпен қатар созылып кете барады. Бұл жаластардың аралығындағы кеңістік Жем мен Үстірт аралық жазықты құрап, бұйратты болып келеді. Осы сипаттамада айтылғандай топырағы сортаң, тұлдыр, қазан шұңқырлармен, төбелермен, аздаған құм шағылмен, сорлармен айшықталған жазық. Ортасындағы арал сияқты Хантөрткіл тауы алыстан көз тартады.

Таулар. Үстірт пен Мұңалжар тауларын бөліп тұрған бірінші жалас батысында Мәни өзеніне сұғылып оңтүстікке қарай Шошқакөл үстімен Доңызтауға жетеді де, сол тұста бөлек-бөлек биік таулар болып бітеді. Екіншісі Жем өзенінің сол жағасымен бөлек-бөлек шет жақ бар жартасты тау құрап, осы сілемнің батыс шеті болып табылатын Шерқалаға дейін созылады. Бұл екі бөлек жаластарда дербес атауға ие бірнеше таулар бар. Олардың ішінде көрнектілері мыналар: Намазтау, Қарашатау, Бәкір мен Әлитау, Шошқакөл таулары, Доңызтау, Жалпақтау, Замыстан.

Намазтау Көкпекті мен Жайынды өзендерінің арасында, оңтүстік батыс шетімен Жайынды өзеніне еңкейген ұзынша кескінге ие. Ұзыны 8, ені 2 шақырымға созылады. Жайынды өзеніне қараған жағының бөлігінде жағасына қамыс өскен бірнеше тұщы бұлағы бар.

Қарашатау - төбесі жазық, бірақ биік, жиегі тік жарлы, Намазтаудан шығысқа 36 шақырым жерде, ұзыны 3 шақырым, ені 500 сажын, шығысқа қараған сайының бойында тұщы сулы бұлақтары бар.

Бәкіртау - доға пішінді, биік, әр жері тік тау. Ембі бекінісінің шығысында 72 шақырым жерде. Ұзыны 17, ені 3 шақырым. Енсіз тұсында 100 сажындай ғана.

Әлитау Бәкірден 14 шақырым оңтүстікке қарай, пішіні Бәкіртауға келіңкірейді, бірақ доға сияқты емес, солтүстік шығыстан оңтүстік батысқа қарай ұзынынан 7 ½, ені 2 шақырым сұлап жатыр. Оңтүстікке қараған бетінде бірнеше таза мұз тастан тұратын, күл кескіндес, елюда аралас конус пішінді шоқылар бар.

Бәкір мен Әли тау екеуі де жақсы, от жайылымға ие, тіпті көкмайса шабындығы бар, ернектері тұщы сулы бұлақтар мен құдықтарға толы. Олардың молдығы сонша мыңдаған адам, жылқы мен түйені қандыра алады. Әли тауының кей жерінде жылан көп, бірақ зияны аз, адамды көрген жерден не суға, не інге сүңгіп кетеді. Таудағы қазбалар төңірегіне ұйысып, қалың қамыс өскен.

Шошқакөл таулары солтүстік шығыстан оңтүстік батысқа 14 шақырымға созылып, оңтүстік батыс ұшы бұрынғы Шошқакөл бекінісіне жетеді. Әуелі солтүстік батыстан 6 шақырымға дейін үсті жазық қыраң болып біркелкі келеді де, солтүстік батыс беті тік жартасты, ал қарсы жағы түйетайлы болып түзіледі. Тік жағы сортаң тастақты топырақ. Ештеңе өспеген. Түйетайлы беті ұсақ тас басқанымен жақсы жайылыс, шөбі малға жұғымды. Шошқакөл таулары онан әрі оңтүстік батысқа қарай бірнеше шағын бөлікке бөлініп кетеді, олар тасты шоқылар, жыныс құрамы тас, қызғылт кұм, әк, аздап елюда аралас.

Бекет ата мешітінің кіреберісі

Доңызтау, Жалпақтау мен Замыстан Доңызтау қыратында. Олар Шошқакөл бекінісінен біріншісі 42, екіншісі 49, соңғысы 54 шақырым оңтүстік батысқа қарай. Бір-біріне жақын жатқан әуелгі екі тау алыстан Үстіртпен бір деңгейдегі конус тәрізді шоқы болып мұнартып көрінеді. Ал енді жақыннан қарасаң, олар шынында бір-біріне мүлдем жалғаспайтын сортаң топырағына аздап елюда араласқан жыныстан тұратын таулар екенін көресің. Етегінде шашырай орналасқан топырағы сондай бірнеше шоқылар.

Замыстан осылай деп бір кездері осы тау маңында көшіп жүрген қарақалпақтың қару соғатын шеберінің атымен аталған тау. Екі ұзынша бір-біріне жақын жатқан сонысымен алыстан ұзын, бірақ аласа болып көрінетін шағын таудан тұрады. Маңайында шағын шоқы, жапсарлас биік төбе жоқ, бірақ топырағы алдыңғы таулардағыдай.

Үш тауда да өсімдік өспеген, содан ол қызғылт қоңыр түске ие. Жалпақтаудың биіктігі оны маңынан ештеңе көлегейлеп тұрмаған соң Бәкір таудан ашық күндері жақсы көрінеді. Ал бұл екі ара 88 шақырым. Ал енді Жалпақтан оңтүстікте 10 шақырым жердегі ештеңе көлегейлемеген Үстірт Бәкір басынан көрінбейді. Содан Жалпақтау биігі Үстірт деңгейінен жоғары екен деген қорытынды шығады.

Жемнің сол жағындағы таулы сілем бір жерлерінде ойыс, енді бір тұстарында тік құламалы жартас құрап енінде 30-дан 55 шақырым түзеп созылады. Сондай-ақ, тек бордан тұратын бүтін бір таулар да бар. Бұлардың көбісі күшті жауын салдарынан алыстан қарағанда мұнаралы, арқалы, шатырлы, тіреу бағаналары самсаған фантастикалық ғимарат сияқтанады. Әсіресе Астаусалды мен Шерқала таулары сондай.

Астаусалды Ембі бекінісінен 76, Жем өзенінен 14 шақырым жерде. Бұл ұзыны 4 ½, ені 2 ½ шақырым, үсті тегіс, тік құламалы тау. Үсті құмайтты, ал құлама беті бор. Батысы мен солтүстік беті, бұлар басқы жағынан гөрі жауынмен көбірек шайылған, ұшы сүйір конус пішінді шиқандардан тұрады да, алыстан үйдің тіреу бағаналары сияқтанып көрінеді. Оңтүстігі, әсіресе шығысы, сірә алдыңғысынан жауын әсеріне азырақ ұшыраған болуы, тек бордан тұрғанмен де тік емес және үшкір шоқылармен қоршалған. Бірақ бұл тұста оңтүстік жақтан келіп тау етегін табанына жылқы үшін жақсы оты бар сай іргелеп өтеді. Ал таудың өзге жағында мұндай жайылыс жоқ дерлік. Тау маңында, ернегі астында, алаңқайлар мен тау үстінде тұщы сулы бірнеше құдықтар бар. Таудың солтүстік шығыс шетіндегі бір тұсында 40-қа дейін құдықтар мен айналасына қамыс өскен бұлақтар шоғырланған. Ал енді сол құдықтар таудың бетінде дерліктей, содан келіп тек тау ғана емес бүкіл маңай Астаусалды, яғни су ішуге ыңғайлап қойды деген мағынаға ие 24 .

Шерқала таулары Жемге қатарласа жатыр, 32 шақырым бойы Ембі бекінісінен 128, ал Жем өзенінен 17 ½ шақырымда жатқан үш бөлек таудан тұрады. Біріншісі немесе солтүстік шығыстағысы аласа қыраттар болып 8 шақырымға созылады. Екінші ортаншысы 4 шақырымға созылады, бірақ алдыңғысынан енділеу. Оның солтүстік шығысында тік төртбұрыш пішінді биіктеу тау. Мұның маңы тік жарлы екені соншалық, қай жағынан да үстіне шығу мүмкін емес. Шерқала атауы тек осы тауға ғана берілген әуелде, бірақ келе-келе ол атқа өзге көрші таулар да ортақтасқан. Соңғы үшіншісі оңтүстік батыстағысын ұзыны 6, ені 3 ½ шақырымға созылады. Шығыс жағы недәуір жайпақ, ол қалған жағы тік жартасты. Үш тау маңайының топырағы сортаңды. Үстерінде шөбі сирек, бұлақ, құдықтар жоқ. Жынысы сазды, құмайтты, тасты болып келетін таулардың бұл маңайдағы көрнектілері Көпті құдық пен Жаман Хантөрткіл.

Көпті құдық - недәуір биік, төбесі жазық, ұзыны 8, ені 3 шақырымға созылып, сол жағын Шатырлы өзегі көмкеріп, Ембі бекінісінен 60 шақырым, Жем өзенінен 21 шақырымда жатқан тау. Жоғарғы ернегінен биік, тік жартасты болғанмен, етегіне қарай түйетайлы. Тауды айнала қазылған суы тұщы, алғаулы болып келетін көп құдықтар оған осы Көпті құдық атауын берген. Таудың, әсіресе, оңтүстік батысында суы мол әрі тұщы құдықтар көп, жанына бақша, егіс егілген қазақ молдасының үйі тұр 25 .

Бақашы моласы

Ембі бекінісінің оңтүстік батыс жағынан 115, Жем өзенінен 23 шақырым жерде оқшау тұрған тік жартасты Жаман Хантөрткүл тауы, жіңішкере келіп, оның аласа жоталары 2 шақырым жерге дейін созылып жатыр. Оның төбесінде ішуге жарамды өнімі азғантай екі бұлақ бар.

Жем мен Үстірт арасында жатқан қалған кеңістік алабы, ең бастысы көзге елене бермейтін, теңізге дейін сұғынып жатқан қабат-қабат бұйратты дөңдері тегіс болып келеді. Дегенмен, тұщы және ащы көлдермен, өздігінен ашыған кермек көлдермен, тұзды балшықты жерлермен, сусымалы және жал-жал шағыл құм сілемдермен және тұзды апандармен астасып жатқан осынау кеңістік, жалпы сортаң топыраққа тән, атап айтқанда, ебелек, сиректеу болса да жусан мен шашақты шөп өскен жақсы мал жайылымы болуда. Сонымен қатар осы кеңістікте, ойпаттан биік қырат түрінде көрінетін, жекелеген таулар бар. Олардың ішінде көрнектілері: Хантөрткүл, Жұбантөбе, Желтау, Көлеңкелі мен Шөларна. Алғашқы екеуі ойпаттың ортасында, ал соңғысы Үстірт шыңдарының тура етегінде орналасқан, тіпті кейбір тұсы онымен ұштасып жатыр.

Хантөрткүл тауы Ембі бекінісінен 110 және Жем өзенінен 52 шақырым жерде орналасқан, ұзындығы 8, ені 5 шақырым жерді алып жатыр. Оған сұғына кіретін төбелері, онда өзінен бірнеше мүйістер түзілген өзегі болмағанда, ол төрт таған шаршыдай болар еді. Алайда, қазақтардың малына ешқандай пайда бермеген осынау мал жайылымының едәуір бөлігі құландар мен киіктердің игілігіне айналған. Ел бұлақтар мен құдықтар болмаған соң, сусыз жазықтан гөрі, көшпелі өмір сүруге қолайлырақ, жоғарыда сипатталған Жемге жақын өзен аңғарларын не Үстірттен қашықтау жерді мекендейді.

Оның бірнеше құмтасты төбелері Үстірт көкжиегінен сәл аласалау, аталған таудың құрылымы мен құрамдас бөліктері бірдей, жартастың жоғарғы ұшы ұлутаспен, ал төменгі етегі тік қабат кертпеш қабаттарымен өрілген, олардың арасындағы көптеген жерінің алаңдарында суы тұщы құдықтар бар. Ойпатта және тегіс жерде орналасқан Хантөрткүл тауы теңіз айдынындағы биік жартасты арал сияқты. Суы тұщы құдықтардың көптігі мен шығысқа қарай жайылымының жақындығы, мал жайылысы мен шөлдеген малға суат бола отырып, Хиуадан Орынборға және кері қарай жүретін керуенге тура да қолайлы жол сілтеу қызметін атқарады.

Қазақтарда мынадай аңыз бар: ежелгі кезде, хандар ел басқару ісі бойынша маңызды мәселелерді шешу үшін орданың сұлтандары, билері, батырлары мен басқа да қадірлі адамдарының бастары осында жиналатындықтан, тауға Хантөрткүл атауы берілген. Осы тектес жиындарға шұғыл белгі беру жағдайы былайша жасалынатын болған: ханның бұйрығымен таудың ұшар басына түнде тезектен, баялыштан, көкпектен және басқа да отқа жанатын материалдардан алау жағатын болған.

Осы аңыздың өтірік-шыныны білмеймін, әйтеуір қазақтардың бәрі бірдей осылайша деп әңгімелейді әрі оған сенеді, сондықтан да мен оны осы еңбегіме кіргізуді жөн көрдім.

Жұбантөбе - бұл Хантөрткүл тауының оңтүстік жағынан 50 шақырым жердегі Сарықұм сілемінде жатқан құмтасты төбешік. Оған жақын 1 ½ шақырым жерде бірнеше суы жоқ құдық орындары бар, одан Хиуадан Орынборға қарай керуен жолы өтеді.

Жұбантөбеден біріншісі - ұзындығы 76 шақырым, ал екіншісі - оңтүстік батысқа қарай 80 шақырым жерге дейін созылып жатқан - Желтау мен Көлеңкелі екі тау бар. Өзара бірімен-бірі ұштаса келіп, аяғы оңтүстік шығысқа қарай бағытталып, иілген доға тұрпатында астаса келіп екі тау тұтасып жатқан бір тау бейнесін береді. Теңдей екі бөлікке бөлінген тауға ерекшеліктеріне қарай екі түрлі атау берілген. Біріншісі - кең де жазық төбесі бар, солтүстікке қарай сұғына орналасқан шығыс бөлігі, осында солтүстік пен шығыстан аса күшті әрі ұзақ уақыт бойына жиі-жиі соғып тұратын желден қорғалмаған күйінде қалғандықтан, жергілікті халық Желтау деп атаған, бұл - желді тау дегенді білдіреді. Батыс пен оңтүстікке қарай сұғына жатқан, күншығыс жақтан зор көлеңке түсетін, жаздың аптапты күндері, күн сәулесі төңірегіндегі жартас түзілімдері мен сандық тастарды қатты қыздыратын екінші бөлігінде, сандық тастарды көлеңкелеп, салқындап сергуге болатындықтан, Көлеңкелі атаған, бұл - көлеңкелі тау дегенді білдіреді. Оның үстіне, таудың төбесі Желтау тәрізді оншалықты кең емес, бұл да, көшпелі қазақтарды күшті жел мен күн ыстығынан қорғайтын, аласалау болғанымен, тік жартасты бірнеше бөлшектенген төбелерден тұрады.

Желтау — өзінің түр пішінімен, асқақтығымен ғана емес, сонымен қатар табиғаттың ерекше сыйлаған өсімдіктер әлемімен керіліп жатқан, сортаңды, қуаңшылық жерде Жем мен Үстірт арасында орын тепкен тамаша таулардың бірі. Мұнда жартастар мен оның етегінен мал жайылатын соны да балауса, жұмсақ та жұғымды қалың өскен өсімдіктер мен тұщы сулы көптеген бұлақтарды ұшыратуға болады; аласа бұталар, қызыл талдар, долана, итшомырт, сондай-ақ тау бөктерінде өсетін қожақат өсімдіктерінің бәрі, ұдайы төңірегінен жалаңаш қойтастар мен қуаң дала мен өлі табиғатқа бойы үйренген жолаушының жанын жадыратып ғажайып сезімге бөлейді. Үстіртке жақын тұрған, тіптен біршама онымен ұштасып жатқан Желтау, Көлеңкелі тауымен бірге, біртұтас үйінді не жер сілкінісінен бөлініп қалған Үстірттің бір бөлігі іспетті. Тау түзілімі де, оның құрамдас бөлігі де Үстірттегімен бірдейлігін, Желтау мен Көлеңкелі тауларының осынау жазық қыраттың, табиғаттағы күтпеген әлдебір төңкерісінен бөлініп қалған деген ойды растай түседі.

Желтау биік үш төбеден тұрады, оның біріншісі - таудың шығыс жақтағы тұйығын құрап, сонымен бірге қазақтар арасында Бөлек Желтау деген атпен белгілі, барлық жағынан тік жартасты бөлек тау сілемін құрайды; оның ұзындығы 3 ½ шақырым, ал ені 300 сажын; оның маңайында бұлақтар мен құдықтар жоқ. Екінші тау төбесі ұзындығы 8, ал ені 3 шақырым жерге дейін созылып жатыр; шығыс жақ қапталында биікке көтерілуге қолайлы тұсы бар, ал үшінші тау төбесімен ұштасып жатқан батыс жағында, арбамен өтуге ешқандай да қолайлы тұсы жоқ. Басқа барлық қапталы тік жартасты болып келеді. Таудың үшінші төбесі ұзындығы 16, ал ені 8 шақырым жерге дейін созылып жатыр, тау барлық жағынан жартасты аңғарлармен көмкерілген, дегенмен де оңтүстік жағындағы өзекке сұғынған Жақсы Қарасай жырасы, тауға арбамен еш қиындықсыз көтерілуге мүмкіндік береді. Десек те, жалпы алғанда Желтаудың - солтүстік пен батыс жағы едәуір тік жартасты, сол тұсынан бастапқы жартастары, кейін тасты кертпештермен көмкерілген, олардың арасында жазық алаң түзілген, көшпелі қазақтар міне, осы тұстағы тура бұлақтардың маңайына қоныстанған. Таудың етегінен биіктігі 100 сажын.

Көлеңкелі тауы - бүкіл тау сілемін батыс пен оңтүстік батыс жағынан қоршап тұрған, бірімен бірі өзара жартаспен ұштасқан, көлемі бойынша басты және әркелкі тау төбесінен тұрады.Таудың шығыс және оңтүстік шығыс жағынан, Үстірт етегінен ойпатқа барып тірелетін, Жаман Қарасай жырасының төбесі көрінеді, осынау түзілімдердің қолайсыздығы тауға көтерілуге еш мүмкіндік бермейді. Осы тауда суы тұщы бұлақтар мен мал жайылымдары өте көп, алайда Желтауда өсетін бұталардың, екі таудың бүкіл бөктерін көмкеріп жатқан баялыштан басқа, бір де біреуі жоқ. Мұнда сонымен бірге өте аз көлемде әрі сиректеу егістік жерлер ұшырасады. Алайда, қазақтар Желтаудан гөрі, осы Көлеңкелі тау жағына қарай көшеді, себебі Желтауда жайылым мен суы мол бұлақтар көп болғанмен, Көлеңкелі тау төңірегіндегі топырақ қабаты тастақты әрі тік жарлар болғанмен, оның етегінен малдың жайылуы үшін тау үстіне шығуына және бұлақтар басына баруына еш қиындық келтірмейді. Желтаумен ұштасып жатқан Көлеңкелі тауының төбелері Желтаудың төбелерімен бірдей көкжиекте жатыр; дегенмен, одан қашықтаған сайын бірте-бірте аласара келіп, Жаман Қарасай жырасының аяғында ізін жоғалтады.

Желтау мен Көлеңкелі тау аралығында, олармен астасып жатқан, осы таулар сипаттамасымен биіктігі мен түзілімі бірдей Ақкетік тауы жатыр.

Аласа, алайда ұзындығы едәуір шамадағы Шөлнұра тауы, Желтаудан батысқа қарай 8 шақырым жерде, өзінің тұрған жерінен оңтүстік шеті солтүстіктен оңтүстікке қарай 24 шақырым жерге дейін созылып жатыр. Шөл деген құнарсыз, қуаң деген сөзді білдіреді және де оған осы атау өте әділ берілген, себебі таудың өзінде де, оның маңайында да ешбір жайылым да, ешбір бұлақ та ұшыраспайды.

Көлдер. Суы тұщы көлдер Жем сағаларында болады, ал одан қашық жерлерде өте аз. Жемнен қашық жердегі әдемісі - Қабақкөл мен Қамыскөл.

Жоғарыда сипатталған Есенберді шатқалынан 16 және Жем өзенінен 6 шақырым жердегі Қабақкөл - Г әріпі пішіндес. Оның ұзындығы 10 шақырымға дейін, ал ені 750 сажынға дейін созылып жатыр, тереңдігі 8 фут. Оның жағалауында өскен қамыстар мен мал азығындық шөптердің молдығы, балық аулаумен айналысатын қазақтардың төңірегіне көшуге мүмкіндік береді. Көлде өсетін балықтар: қазақ балықшыларының немесе балық аулаушыларының 26 басты тағам ретінде тұтынатын, суда өсетін шортан, мөңке, табан, алабұға, оңғақ және басқа да ұсақ балықтар.

Қамыскөл - Жем өзені мен Қабақкөл аралығының қақ ортасында; оның ұзындығы 2 шақырым, ал ең көлемді ені 250 сажын. Жоғарыда сипатталған көлдегі балықтардың көптігі мен жағалауында қамыс пен мал азығындық шөптердің молдығы, көшпелі қазақтардың кәсіпшілік көзіне айналған.

Екі көлде де балық ұстау, көбінесе ау құру және сиректеу қолданылатын қармағыш пен үлкен ау салу арқылы жүргізіледі.

Қамыскөлден 10 шақырым жерде, Жем өзеніне жақын, Қатқанкөл деп аталатын біріне бірі жақын орналасқан кішігірім 6 көл бар: оның үшеуі - тұзданған ащы, екеуі - тұщы және біреуі - кермек. Біріншісіндегі тұз қабаты жұқа, қазақтар оны сиректеу пайдаланады. Жем өзеніне жақын жатқан барлық тұзданған көлдердің ішінде, Қамыскөлдің шығысына қарай 4 шақырым жердегі, әсіресе тұзының сапасы мен мөлшері бойынша тәуірі біреу; оның ұзындығы 130, ал ені 80 сажын; тұз қабатының қалыңдығы ұзақ уақыт болатын ыстықтан кейін, кей жерлерінде ¼ аршыннан асып түседі. Сипатталып өткен Жем өзенінде балық аулаумен айналысатын қазақтар, балық тұздауға тұзды басқа жерлерден алмай, осы көлден алады. Көлемі едәуір тұзданған көлдің біреуі - Маңайлысор шатқалында, екеуі -Үстірттің етегінде. Біріншісі, Маңайлысор балшықты жерінен басталып, Қабақкөлдің оңтүстік шығысына қарай 34 шақырым жерде орналасып және оңтүстік шығысқа қарай 18.

шақырым жерге дейін созылып жатыр; оның ені 2 ½ шақырым. Оның аяғының оңтүстік шығыс жағының қарсы бетінде бұлақтар мен бұрынғы Үшқан бекінісінің 27 қирандылары жатыр, қазақтар ондағы көлдің өзін де осылайша атайды. Ондағы тұз қабаты кей жерлерінде 10-нан 14 дюмге дейін жетеді. Соңғы екі көлдің біреуі Шөміштікөл деп аталады да, ал екіншісінің атауы жоқ.

Шөміштікөл Желтаудың оңтүстік шығысына қарай 52 шақырым жердегі Үстірттің қас беткейінде орналасқан; оның ұзындығы 34, ал оның ең енді тұсы 80 шақырым жерге дейін жетеді, тұз қабаты өте жұқа, соның салдарынан сіркіреп жауған жаңбыр мен ауа райының ылғалдылығы кезінде балшықпен араласқан тұз сортаңданады. Көлдің оңтүстік жағынан оңтүстік шығысқа қарай тұзданған балшықты жер 22 шақырым жерге дейін созылып жатыр; оның ені 3 шақырымға дейін жетеді. Көлдің қарама-қарсы бетіндегі солтүстік жағынан ұзындығы 15, ал ені 2 шақырымнан астам жерге созылып жатқан осыған ұқсас балшықты жер бар. Екінші бір көл де Үстірт беткейіндегі Тәуба шатқалында Желтаудың оңтүстігіне қарай 30 шақырым жерде жатыр. Оның ұзындығы 13, ал оның ең енді тұсы 3 шақырым жерді алып жатыр. Мұндағы тұз қабаты Шөміштікөлдегіден гөрі қалың, әрі саласы жақсы.

Тұзды балшықты жерлер. Сипатталғаннан басқа, тұзды балшықты жерлердің көлемі бойынша тәуірі мыналар: Шошқакөл шатқалында жатқан Есенжал балшықты жері; Маңайлысор балшықты жері және ең соңғысы, Үстірт беткейінің екі жерінде жатқан балшықты жерлер. Шығыс қапталы Шошқакөл етегімен астасатын Шошқакөл шатқалындағы балшықты жер, ұзындығы 16, ал ені 3 шақырым жерге дейін созылып жатыр. Балшықты жер әрдайым ылғалды және ми батпақ болып келеді, ал жазда жаңбырдан кейін оның бетіндегі су ұзақ уақыт тұрып қалады. Балшықты жердің етегі мен жағалауы аралығының шығыс жағында суы тұщы бірнеше бұлақтар бар, олардың тәуірі Көкбұлақ, Ақбұлақ, олардың жанынан 1834 жылы Шошқакөл уақытша бекінісі салынған, және біреуі, бекіністен солтүстікке қарай 3 ½ шақырым жерде жатыр. Біріншісі мен соңғысындағы су құрамы шын мәнінде тұщы; Ақбұлақ көрер көзге таза да мөлдір болғанымен, өзінде минералдық шөгінділер болғандықтан, адамдар үшін де, сонымен қатар мал үшін де, (1839 жылы қазақтар саудагер тауарларын бекініске жеткізу кезінде әрдайым ортадағы бұлақтан суаратын), әсіресе түйелер үшін де өте жарамсыз. Ақбұлақ кішкентай апандағы қалың қамыс өскен едәуір терең жырадан бастау алады, қазан тәрізді оның қақ ортасынан су бұрқақтай жоғары шығып, шалғын шөп пен қамыс басқан ойпат арқылы баяу ағып, үсті шалшық су кілкіген балшықты жерге дейін ағады да аяғында ізін жоғалтады. Оның қапталынан су ағатын қазаншұңқыр, 1839 жылы полковник Гекенің (қазіргі кезде Орал казак әскерінің генерал-майоры әрі аманаттанған атаманы) бұйрығымен тас тақталармен қапталып жабылған.

Көкбұлақ пен басқа да бұлақтар жоғарыда сипатталған бұлақтардай емес, едәуір көлемдегі қамыспен және шалғын шөппен бүркелген.

Есенжал шатқалында жатқан балшықты жер, Қандыарал шатқалының батыс жағына қарай 36 шақырым және Жем өзенінен 16 шақырым жерде орналасқан, оның ұзындығы 19, ал ені 8 шақырым жерге дейін алып жатыр. Оның төңірегінде жағалауына тақау 3 жерде бұлақтар бар, оның кейбіреуінің суы тұщы, ал екінші біреулерінің суы кермек, тіптен ащы. Суы тұщы бұлақтар, қамыстар өскен жердің ортасымен, оңтүстік тұсының аяқ жағындағы құм топырақ қабатынан өзек тартқан; суы мол 12-ден астам бұлақ бар, оның төңірегінде өскен шөптер жылқылар үшін таптырмайтын азық. Балшықты жердің батыс жағалауында суы ащы үш бұлақ бар, олардағы су көлемі жоғарыда сипатталған бұлақтардан едәуір аз, ал мал азығындық шөп атымен жоқ. Жаман Есенжал шатқалындағы балшықты жердің шығыс жағалауында тұзды сулар бар. Олар да қалың қамыспен көмкеріліп, жылқылар үшін таптырмайтын азық болып табылады.Ұзақ уақыт бойына ыстық болған кезде қамыстар арасында сіңген су, тұздың ұсақ шөгінділерін шығарады, алайда қазақтар оған жақын жерде тұзы одан тәуір тұзды көл болғандықтан, оны тамаққа қолданбайды.

Осынау бұлақтардың оңтүстік шығысына қарай 3 шақырым жерде суы тұщы бұлақтар бар, алайда суы кермек, сонымен бірге қамыстармен және көлемі аз қалың мал азығындық шөптермен көмкерілген.

Маңайлысор балшықты жері Есенжалдан батысқа қарай 25 шақырым және Қабақ көлінен 15 шақырым жерде орналасқан. Осы балшықты жер, бірінен бірі қашықтығы 4 ½ шақырым және балшықты жердің бірнеше жіңішке жырықтарымен ұштасатын екі басты бөліктен тұрады. Оның ұзындығы 14, ал ені 7 шақырымға созылып жатқан шығыс бөлігі эллипс пішіндес және оның қақ ортасында, шығыс жағының аяғындағы аралында, Маңайлыдағыдай тұзды суы бар 3 құдық қазылған. Екінші немесе батыс бөлігі солтүстік батыстан оңтүстік шығысқа қарай бағытта сипатталған бірінші бөліктің тек солтүстік жағындағы аяғымен ұштасып, ұзындығы 34, ал ені 4 ½ шақырым жерге дейін созылып жатыр.

Маңайлысор балшықты жерінің екі бөлігінің арасында жатқан кеңістік, Төлес шатқалы деп аталады, онда осы аттас суы тұзды екі бұлақ бар. Маңайлысор балшықты жері мен Есенжал шатқалының шығыс бөлігінің аралығында, соңғысынан 14 шақырым жерде едәуір биік жер төбешігі бар. Төбешіктің қақ ортасындағы төбесінде шағындау терең шұңқыр немесе қазаншұңқыр түзілген, оның түбінен шайыр тәрізді қап-қара қою сұйықтықты, оның бетінен судың жұқа қабатын көруге болады. Қазаншұңқырдың шет жағы сұйық сіңген, жер бедерінен гөрі көмірге көбірек ұқсап, әбден қарайып күйген топырақ қабатынан тұрады. Апанның түбіндегі қоймалжың сұйық, оның иісі мен жанғыштығына қарағанда мұнай болуға тиіс. Қазақтар оны түйесі мен қойын қотыр таздан емдеу үшін дәрі-дәрмек ретінде қолданады.

Үстірт беткейінде жатқан екі балшықты жердің біреуі, Шөміштікөлдің шығысына қарай 12 шақырым жердегі Ащыбұлақ шатқалында, ал екіншісі осы көлдің оңтүстік жағындағы аяғынан 54 шақырым жердегі Қарабұлақ шатқалының батыс жағында орналасқан. Біріншісінің ұзындығы 18, ал ені 4 шақырым, ал екіншісінің ұзындығы 28, ал ені 5 ½ шақырым жерге дейін созылып жатыр.

Осынау балшықты жердің бәріне де жылдың қай мезгілінде де адам өте алмайды, өзінің түзілімі құрғап қалған тұзды көлге өте ұқсайды; тік жартасты әрі су шайған жағалаулары, оларды бір кездері теңіз суы шайғанын, алайда уақыт өте келе не басқа да әлдебір себептерден өзінің түбінде ашық батпақты тұзды балшық қалдырып, булана ұшқанын не жер астына сіңіп кеткенін куәландырады.

Үстірттің солтүстік беткейінде топырағы құнарлылығы жағынан өте жақсы сортаңдау ойпат бар. Ол - Шаған өзенінің сағасындағы Доңызтау шатқалынан басталып, Қарабұлақ шатқалы шыңдарының етегімен теңізге тірелетін, 280 шақырым жерге дейін созылып жатыр. Арасын тек Желтау ғана үзетін, шыңнан және Жем мен Үстірт арасында жатқан ойпаттан екі жағынан да жазықтық қоршауындағы тегіс жазықтық, бір кездері мұнда су болған деп жорамалдауға мүмкіндік береді. Немесе бір кездерде Шаған өзені қазіргі кезде арнасы аяқталатын жерден де әрі аққан болуы керек, кейін артында құрғақ, қопсыған әрі батпақты топырақ қабатын қалдырған сияқты. Жаңбыр жауған кезде және одан кейін, осының алдында сипатталған балшықты жердегідей, бүкіл ойпат үстінен өту мүмкін болмайды.

Құм сілемдері. Жем өзені мен Үстірт арасындағы сусымалы және төбе-төбе құм сілемдерінің тәуірі мыналар: Ақтам, Оймауыт, Орта Оймауыт пен Бас Оймауыт, Саркұм, Сарықұм, Шағырлышөлқұм мен Қарақұм.

Ақтам, Орта және Бас Оймауыт бір шатқал құрап, шығыстан батысқа қарай 88 шақырым жерге дейін созылатын және Қандыарал шатқалынан жоғары 40 шақырым жердегі Жем өзенінің аяғымен ұштасатын бөлек-бөлек төрт төбе құм сілемі - Оймауыт деген атпен белгілі.

Ақтам Жем өзенінен оңтүстік шығысқа қарай 32 шақырым жерге дейін созылып жатыр, оның ені 6 шақырымнан аспайды. Бастау алған жағы тегіс, шөбі сирек және 12 шақырым жерге дейін ешқандай құдық жоқ, ал одан ары қарай жалаңаш төбелер көрініс береді, олардың аралығында, әсіресе оңтүстік батыстағы аяқ тұсынан суы тұщы құдықтар мен жылқы жайылатын өсімдіктер ұшырасады. Орта Оймауыт Ақтамның шығысына қарай 20 шақырым жерде орналасқан; бұл - кішігірім төбе-төбе құм сілемдері, оның ұзындығы 6, ал ені 4 шақырым. Мұнда суы тұщы құдық жоқ, дегенмен жайылымы жақсы.

Бас Оймауыт Хантөрткүл тауының оңтүстігіне қарай 15 шақырым және Орта Оймауыттың шығысына қарай 7 шақырым жерде жатқан төбе-төбе құмдардың екі сілемінен тұрады. Бірінен бірі 350 сажын кеңістікпен бөлініп тұрған екі құм сілемі, ұзындығы 24, ал ені 6-дан 11 ½ шақырым жерге дейін созылып жатқан, біртұтас құм сілемі болып табылады. Олардың батыс жағында суы тұщы және ащы көптеген құдықтар мен мал үшін қарабидай мен бидайықтан және басқа да жұмсақ та жұғымды әрі құнарлы өсімдіктерден тұратын өте жақсы мал жайылымынан тұрады. Оймауыт құмының осы бөлігі арқылы Хиуадан Орынборға баратын керуен жолы жатыр және осында Үстірттің қиын да ауыр жолынан шаршап-шалдыққан керуен жолаушылары, жүк артқан малы мен жылқы көлігіне суы тұщы әрі мол құдықтарға келіп, күн ұзағына, ал кейде одан да ұзақ мезгілге дамылдайды.

Сарықұм Бас Оймауыттың оңтүстігіне қарай 24 шақырым жерде орналасқан, оның ұзындығы 13, ал ең енді тұсы 5 ½ шақырым. Бұл құм сілемі де жалаңаш әрі төбе-төбе болып келеді, алайда ешқандай суы жоқ; оның қақ ортасында жоғарыда сипатталған Жұбантөбе тауы бар. Осынау құм сілемі арқылы, Бас Оймауыт құм сілемін сипаттаған кезде айтылған, сол керуен жолы өтеді.

Сарықұм - бұл Бөлекжал тауының солтүстік шығысына қарай 13 шақырым жерде жатқан бірнеше төбе-төбе, суы жоқ құмдардың үлкен сілемі; олардың ұзындығы мен ені бірдей, 15-тен 16 шақырымға дейін, алайда пішіні бұрыстау күйінде көрініс береді.

Шағырлышөлқұм - Қарашоқы мен Жаршық таулары мен суы ащы Шөмішті көлінің арасындағы Үстірттің етегінде жатқан, бұйрат-бұйрат әрі құнарсыз, сусыз құмдардың үлкен сілемі; оның ұзындығы 52, ал ені 2-ден 10 шақырым.

Өлі Қолтық шығанағының шығыс жағалауында жатқан Қарақұм - өзінің алып жатқан кеңістігі, аса жақсы жайылымы мен көптеген суы тұщы және кермек суы бар құдықтары жағынан, Жем өзені мен Үстірт аралығында орналасқандардың бәрінің ішіндегі ең тәуірі. Оның үстіне, жерінің астында бірнеше мұнай көздері, көптеген тұзды балшықты жерлері мен кішігірім кермек сулы апандары бар, олар құм сілемінің қадеге жарар қабілетін құрамайтынына қарамастан, өзінің алуан түрлілігімен, жоғарыда сипатталғанның бәрінен айрықша ерекшеленеді. Оның солтүстік аяғы Маңайлысор балшықты жерімен ұштасып, оны екіге жарады, сөйтіп шығанақ жағалауын бойлай оңтүстікке қарай Маңсуалмас шатқалына дейін 135 шақырым жерге дейін созылып, сонда елеусіз ғана ізін жоғалтады; оның ені 12-ден 42 шақырым. Оның солтүстік бөлігі төбе-төбе болып келеді, ол -Жаршеке және Аққұдық деген екі басты шатқалға бөлінеді. Суы мол тұщы құдықтары мен жақсы жайылымы бар осынау шатқалдар, қазақтар үшін бар малымен бірге көшіп қоныстануына қолайлы. Осында құм төбелер аралығында шөбі қалың өскен көптеген апандар бар, төбелердің көптеген жерінде қарабидай өскен, бұл – қазақтардың Қарақұмның басқа тұсынан гөрі, осында көшіп қоныстануына қолайлылық туғызады.

Жаршеке мен Аққұдық шатқалдарының аралығында ұзындығы 8, ал ені 2 ½ шақырым жерге дейін созылған тұзды балшықты жер жатыр. Оның солтүстік шығысындағы екі жерінде 5 мұнайлы бұлақ бар. Қазақтар, осынау бұлақтардың үстін қыста қар басса да, тіпті қатты аяздың өзінде де қатпайтындығы, оның үстінен қардан түтік пайда болатындығы, одан көтерілген будың ұдайы көрінетіндігі жайында айтады. Бұлақтардың маңайында көлемі кішігірім қамыстар өскен.

Аққұдық шатқалынан, одан әрі оңтүстікке қарай Қарақұм сілемі бірте-бірте тегістеліп, құм төбелер мен құдықтар, жақсы жайылым орындары аз ұшырасады, сондықтан да қазақтардың көшіп қоныстануы да аз; және ең соңында жоғарыда айтып өткеніміздей, құм сілемі Маңсуалмас шатқалының қарсы бетінде ізін жоғалтады.

Құдықтар . Қарақұм сілеміндегі құдықтарды, Үстірттен, Маңғыстау мен Бозашы түбегінен, мұндағы жайылымы жұтаң, құдықтары аз кеңістігі мал жайылымына таршылық еткен соң, осында көшуге мәжбүр болған қазақтар осы жерде оның көпшілігін осыдан екі жыл бұрын қазған.

Үстірт пен Жем өзенінің аралығында суы тұщы, көбінесе кермек, тіптен ащы бұлақтар мен құдықтар ұшырасқанымен, алайда олардың көпшілігі сипатталған кеңістіктің шығыс жағындағы тауларда, атап өткен жолақтан кең емес кеңістікті орап, өзен сағасына дейінгі ойпат бойымен және Жемнің сол жағын бойлай жүретін таулы жолақта ауқымды жерді қамтиды, олар Өлі Қолтық шығанағының шығыс жағалауында және ең соңында Қарақұмда (осы соңғылары сипатталды) сирек кездеседі.

Жем өзені мен Үстірт аралығындағы қалған кеңістіктің бәрі сусыз және осы жерлерде мал жайылымы үшін ең жақсы мал азығын құрайтын ебелек, (әсіресе Жем өзені мен Желтаудың аралығында) жусан, шашақты шөптер, кей жерлерде боз бен қылқанды шөптер сиректеу ұшырасқанымен, көшпелі қазақтар үшін пайдасы шамалы. Өкінішке қарай, осынау жайылымдар осында аса көп санда мекендейтін құландар мен киіктердің үлесіне тиюде. Қазақтар көбінесе Асмантай-Матай мен Сам құм сілемдері жатқан, Жем бойын не Үстіртті қоныстанады. Көшпелі қазақтардың өмір сүруіне, сипатталған осынау сусыз жазықтық пен басқа да суы аз жерлерден гөрі, Жем бойындағы өзен аңғарлары мен тау жолақтары, одан әлдеқайда қомақты тіршілік ризығын береді. Қазақтар оның үстіне кейде, өзінің бар малымен осынау сусыз жазықтыққа шығады, бұл - ұзақ уақыт бойына не өткінші болса да нөсерлете жауған жаңбырдан кейін, соның әсерінен түбі қатқыл апандарда жиналған су ұзақ уақыт бойында сақталатын, осылайша жаңа өскен мал азығындық шөптерді өздерінің бірнеше күн пайдалануына мүмкіндік беретін жағдайда болады.

Осы кеңістіктегі ең жақсы құдықтар мен бұлақтар шатқалда тұратын қазақтардың белгілі адамдары мен байларының иелігінде; олардың ішіндегі, сипатталғандарынан басқа, ең тәуірі мыналар: Құмқұдық, Қаракөл, Сарықасқа және Үшқан бұлағы.

Құмқұдық - Ембі бекінісінің батысына қарай 45 шақырым және Жем өзенінен 6 шақырым жердегі Шатырлы өзенінің оң жағында жатыр. Көптеген жерінде суы тұщы құдықтар қазылған тік беткейді бойлай жатқан жазық ойпат осы атауға ие. Оның бойынан тарамдалған құмтасты-сазды құрамдағы жазықтық, аңғарлар мен қазаншұңқырлар жылқы мен басқа да мал үшін айтарлықтай жақсы мал азығындық шөптерден тұрады.

Сарыбұлақ - Құмқұдық шатқалының оңтүстік-шығысына қарай 35 шақырым жерге дейін орналасқан; алайда бұл шатқал емес, Хиуадан Орынборға барар жолдағы едәуір тік жартасты, дегенмен тау жағалауының аласалау етегінде жатқан, кәдімгі бірнеше бұлақтар; осы бұлақтардан қысқа қашықтыққа, ең үлкен керуеннің өзін толықтай сумен қамтуға жететін тұщы су ағады. Бұлақтан аққан суға осы жерден өтетін керуендердің малына өте жақсы жайылым болатын, суланған топырақ қабатына қалың шөп өскен кішігірім кеңістік пайда болған.

Қандыаралдың оңтүстік батысына қарай 10 шақырым жерде тұрған Қаракөл шатқалы, тұзды балшықты жерлер мен төңірегінде қамыс пен ши өскен көптеген суы ащы құдықтардан тұрады. Қазақтардың көбі кейбір кезде осында жылқысыз көшіп келеді, себебі осындағы құдықтардың суы тек түйелер мен қойларға ғана жарамды, ал жылқылар үшін зиянды.

Сарықасқа - бұл солтүстіктен 25 шақырым жерге дейін созылып жатқан және 4 жерінде, тек қана солтүстік бөлігіндегі біреуінің ғана суы тұщы құдықтары бар, едәуір үлкен шатқал. Қалғандарының бәрі де тұзды-ащы, не ластала бітеліп қалған. Батыс бөлігіндегі жайылымы біршама жақсы.

Тегіс құмды топырақ қабатында жатқан Үшқан бұлағы, жоғарыда айтып кеткеніміздей, осымен аттас тұзды көлдің оңтүстік батысындағы аяғына жақын орналасқан. Оның суы тұщы әрі мол, алайда бұлақтан аққан ағын су өте қысқа қашықтыққа жетіп, құмдауыт жерге барып ізін жоғалтады. Үшқан атауы - үш қан 28 деген мағынаны білдіреді. Қазақтар осы атауды, бір кездері Жем мен Үстірт аралығындағы бүкіл кеңістіктегі ең суы мол жерге иелік етіп тұрған кезінде, осыған қызыққан Ресей мен Жоңғариядан осында келген қалмақтардың өздеріне қазақтардың шабуыл жасауынан жақсы қорғану үшін кішігірім бекініс салған кезінде болған. Ең жақсы деген бұлақтарынан айырған бұл жағдай, әсіресе қазақтардың екі руы бірге бас қоса қаруланып, бекініске шабуыл жасап, олардың талқанын шығарады, ал қорғанған бір бөлігінің көзін құртып, қалған бөлігін шығысқа қарай қуып тастайды. Бекіністі алу кезінде көптеген қан төгіледі, содан барып осы жер Үшқан немесе үш қан атауына ие болады. Қазіргі кезде бекіністің пішімін айқындау өте қиын, себебі оның орнында бекініс тұрғызылған тастар мен қирандылары ғана қалған, жарамды тастарын қазақтар жақын маңайдағы зиратқа пайдаланған.

Бейіттер. Қазақтар осында келгенге дейін салынған ежелгі бейіттер мен зираттар, Жем мен Үстірт аралығында ұшыраспайды, дегенмен одан кейінгі кезде салынғандары баршылық, олардың ішінде көлемі мен хикаясы жағынан ең тәуірі мыналар: Жаулыбай, Бекеттің Ақмешіті, Құлжанның Ақмешіті және Бақашы.

Ембі бекінісінің оңтүстік батысына қарай 12 шақырым жерде тұрған Жаулыбай бейіті, Ащысай өзенінің Жемге құяр сағасының оң жағындағы едәуір биік таулы қабақтың нақ мүйісіне салынған. Бұл бейіт көлемі мен әрленімі жағынан әсем, пирамида түрінде сырты кірпішпен өріліп салынған, ал марқұмның денесі қойылатын іші, азиялық талғамдағы көкшіл пішімді ақ түсті қаптамамен құйылған сырлы тақтадан жасалған. Қазақтардың айтуынша, бейітке арналған барлық материалдарын, осы жерде Ресей татарлары мен бұхарлықтар дайындаған. Іргетасынан ескерткіштің көлемі - 4 сажын, ал биіктігі 4 фут (24 сурет).

Бекеттің Ақмешіті мен Құлжанның Ақмешіті: біріншісі - Жем өзенінің сол жақтағы таулы қабағындағы Қандыарал шатқалынан төменде 38 шақырым жерде, ал екіншісі -біріншісінің батысқа қарай 6 ½ және Жемнен 3 ½ шақырым жердегі кішігірім дөңде тұр. Екі бейіттің үстіңгі бетінде ешқандай айшықты ештеңе жоқ, егер әуестенген адамның назарына ілігетін, оның үстінде жатқан азғантай көлемдегі бор үйінділері болмаса, оларды табу өте қиын болар еді.

Біріншісінен, оны өзен жақтағы қапталынан жақынырақ барып қарағанда, оған адамның өзі әрең сыятын, қасқырдың үлкен апанына ұқсас ойындыны көреміз. Осы ойынды жер астына қарай 3 сажындай жерге дейін барып, содан кейін тіке оңтүстік батыс бағытында диаметрі 2 ½ сажын, биіктігі 4 аршындай болатын дөңгелек бөлмеге әкеледі. Оның ішкі төбесіндегі күмбезі тегіс, жер үстіндегі оның ортасынан бөлмеге жарық түсіретін ойықша жасалған. Бөлменің екі жағында, оның кіре берісінде көміліп қалған екі шұңқыр көзге шалынады; қазақтардың айтуынша, бұл суы тұщы құдық. Оң жақ қапталында бірінші есікпен жалғастыратын кішігірім бөлме бар, онда үшкір ұшын жерге тіреп қойған, жұмыр темірден жасалған асатаяқ сүйеулі тұр. Бірінші бөлменің оңтүстік батыс жақ қабырғасынан, бірінші бөлмеден гөрі көлемі үлкендеу дөңгелек пішінді бөлмеге әкелетін тағы бір есік шығады, оның ортасынан төбесін тірейтін төрт қырлы баған тіреуіш қойылған. Осы бөлменің қабырғасы дұрыс шеңбер түрінде емес, 6 симметриялық ойынды қашалған, оның есікке қарсы бетіндегі біреуі, басқаларынан гөрі біршама енді әрі тереңірек қашалған, жалпы алғанда осындағылар татар мешітінде жасалғандарға өте ұқсас. Бөлмелерінде еден жоқ; қабырғалары қолмен өңделген, дегенмен біршама тегіс. Осы мешіт тұрғызылған жердің топырақ қабаты қатты бор түзілімінен тұрады. Мешіт астындағы жер бетінде о дүниелік қазақ мүрдесінің үстіне екі-үш бор үйіндісі жиналған. Үйіндіге бірнеше ағаш сырықтары шаншылып, оған түрлі мата қиындылары, жылқының жал-құйрықтары мен қураған мал сүйектері ілінген, осыларды көріп, оның мән-мағынасын ұғына отырып, жартылай жабайы халықтың қасиетті адам жатқан орынға 29 осындай болмашы белгілерін қалдыратын діншілдігіне таң қаласың.

Құлжанның Ақмешіті - бірінен бірінің арасы 7 сажын жерде тұрған екі бөлімнен тұрады. Осынау екі мешіт те борлы қабат түзілімінен тұратын кішігірім төбешіктің оңтүстік жазығында ойып салынған. Олардың шығысқа қараған жағында жатқан біріншісінің бастау тұсында, ортасындағы 1 ½ сажын болатын төбесі аласа жартылай дөңгелек бөлмеге әкелетін кішкене ойық бар. Төбесінің ортасында ойық жасалып, оған ішке көмескі жарық түсіретін орыс арбасы доңғалағының күпшегі орнатылған, оған кірер тұсының оң жағында, есігінің нақ алдында құрбандық шалуға арналған орын 30 салынған, оны бірнеше жартылай жанған қамыс пен май шыланған жұмарланған мақталы қағаз дәлелдей түседі; екі жағынан да бор тақташаларымен жабылып, басты терезесімен жалғасатын, іші қап-қараңғы кішігірім екі бөлме қашалып жасалған. Олардың біреуінде, атап айтқанда сол жағында салынғанында, басы солтүстік шығысқа қаратылған жартылай ағып кеткен адам мүрдесі, жанында оның сүйегін ораған әлдебір матаның әбден тозығы жеткен қиындылары жатыр; оның қабырғаға таяу қойылған бас жағына, күміспен шегіп жазған түрлі жазба, оның ағаштан жасалған сабына бекітілген, темір қалақша қойылған. Темір қалақшаның қарсы бетіндегі қабырғада жартылай тозған ақбөз матаның қиындысы ілулі тұр. Құлжан Ақмешітінің басқа бөлігі, дәл біріншісіндегідей тұрғыда салынған, дегенмен бұл - ерекше көз тартарлықтай емес, тек бір бөлмеден ғана тұрады. Қазақтар мұсылман шариғаты бойынша олардың екеуіне де, жыл сайын бір рет басына барып тәу етеді, себебі осынау үңгірлерді салған да қазақтар болатын, солардың біреуі жайлы мынадай әңгіме айтылады.

Жемнің таулы қабағындағы бірінші үңгірді, Үстірттен жыл сайын жазда Жемге қоныстануға келетін, Адай руының Мұңал тайпасынан Бекет Байтеле осыдан 50 жыл бұрын ойып қашап салған. Ол осында қолы бос кезінде ер балаларды мұсылманша сауат ашуға оқытумен айналысқан, ал қалған уақытында намазға жығылу үшін өзінің тасты ойып салған үңгірінде оңаша өмір сүрген. Ол кей жылдарда осында, туысқандарының өзіне арнап қалдырған бір қазаққа бір күнге ғана жетерлік азғантай азықпен қыстап қалатын болған, ал оның туысқандары келесі жылы осында келген кезде, оны тек тірі ғана емес, сонымен бірге еш арымаған күйінде көріп таң қалған. Бүкіл орда адамдары, осы қазақтың өмірінен неше түрлі кереметтер мен көптеген аңызға бергісіз әңгімелер айтып, оны қасиетті деп құрмет тұтады. Ол осыдан 40 жыл бұрын дүниеден өтіп, Маңғыстау түбегінің Үстіртпен ұштасқан жеріндегі Оғыланды шатқалындағы Орта мүйісіне жерленген. Сондай-ақ, марқұмның ағайындары жыл сайын оның зиратына келіп, оның басына тәу етеді, содан кейін соңында қалған үш ұлының үлкені бір өзі бейітке кіріп, осында жатқан әкесінің жыл сайын өсіп кететін шашын алып, сақал-мұртын қырып, түзейді 31 . Осындай кереметтен кейін әрине, оның зиратының басында, мешіттегіге қарағанда мата қиындылары, жылқының жал-құйрықтары, сүйектер көбірек ілінген.

Бұдан басқа екі үңгірді Бекеттің шәкірті - Құлжан қазақ салған, оның өз мешітінің ішінде айрықша бөлек қойылған орыннан жартылай ағып кеткен мүрдені көруге болады. Ол да мұсылман шариғатынан сауат ашуға балаларды оқытқан, алайда ол көзі тірісінде ешқандай керемет жасау істерімен әйгіленбеген, сондықтан да қазақтар оны қасиетті адам деп тани қоймаған.

Бақашы бейіті - Бекеттің Ақмешітінен 38 шақырым төмен, Жем өзенінің сол жағалауында орналасқан. Оның пішімі үшкіл күмбезді және ішкі жағы күйдірілмеген сазды кірпіштен қаланған қуыс күмбез болып келеді. Оның іргетасын бойлай ұзындығы 3, ал биіктігі 3 ½ сажын; іргетасындағы қабырғасының қалыңдығы 5 ширек; күмбезі дұрыс әрі берік орнатылған. Бақашы сөзі - денесі осы ескерткіште емес, оның Жемге таяу қатардағы зиратқа жерленген, бір қасиетті қалмақтың есімін білдіреді. Осындағы ескерткішке адай руының екі адамының мүрдесі қойылған, оларды еске сақтау құрметіне осыдан 30 жыл бұрын осы күмбез көтерілген.

Жайылым. Жем өзені мен Үстірт аралығының ойпатындағы жайылым өте нашар, ал егер кей жерлерінде біршама жақсы жайылымдар ұшырасатын болса, онда олардың төңірегіндегі суы жоқ жерде көшпелі қазақтардың малы жайыла алмайды; осындағы мал азығындық шөптерге құландар мен киіктер жайылады; мұнда әрдайым қараңғы түн құшағында бар малын айдап осында алғаш келген адам, Жем өзенінің бойындағы суатты пайдаланады. Сусыз және кең жайылымдардың ішіндегі тәуірлері мыналар:

Шатырлы-Шадырасы шатқалынан Хантөрткүлге дейін, оңтүстікке қарай 70 шақырымдай құмдауытты топырақ қабаты бойымен молынан боз жусан өскен шөбі қалың жайылым созылып жатыр; оның ені 15-тен 30 шақырымға дейін жетеді. Бұл - ойпатта барлық сипатталған жайылымдардың ішінде боз жусан өсетін бірден бір жайылым. Сор топырақ қабатына тән өсетін өсімдіктер шоғырынан тұратын алапты бүкіл осы кеңістіктің басқа жерінен осындай жайылымды сирек ұшыратасың. Осы жерден батысқа қарай 10 шақырым жерде тұрған Хантөрткүл тауының қарсы бетінде өскен боз жусан айрықша қалың да жақсы өскен. Суы жоқ басқа бір жайылым жолағы, Сар мен Сарықұм құм сілемдерінің аралығында, ені 6-дан 20 шақырым жерге дейін созылып жатыр, алайда мұнда боз жусан жоқ, шашағы аласа жусан жақсы өскен. Десек те, кейде қазақтар өзінің бар малын айдап осында келеді. Мұндай жағдай, апандар қар суымен толған көктемде, сондай-ақ жазда күшті нөсерлете жауған жаңбырдан соң, ойпаттар мен апандарға су жиналған кезінде, оларға жоғарыда айтылғандай, тек қана Жем өзені мен Үстірт аралығында болатын барлық жайылымға қарағанда, мал азығындық шөптер жаңадан, ең жақсы өсетін осынау даланың сусыз бөлігіне бірнеше күн болса да тұрақтау үшін Үстірттен Жемге қарай қоныс аудара көшкен кезде болады.

Суы мол көздерден тұратын жайылым (Жем өзеніне құятындарынан басқа) мынадай жерлерде орналасқан:

Бүкіл шатқал бойынша Оймауыттан ені 7-ден 13 шақырымға дейін жететін мал азығындық шөп қалың өскен жолақ созылып жатыр. Осы шатқал, осының алдында айтып кеткеніміздей, мал азығындық шөп пен суы тұщы құдықтарының көптігімен, құнарсыз ойпат арасындағы шұратты құрайды. Қарақұм мен Сарыкеске шатқалдарында жусан, ебелек пен шаша шөптер қалың өскен. Есенжал шатқалынан Жем өзенін бойлай, оның сағасына дейінгі алапта да ені 7-ден 25 шақырым жерге дейін жететін және өзінің батыс жағындағы шеті осы өзен сағасы мен Қарақұм сілеміне дейінгі жерді қамтитын қалың өскен мал азығындық шөптер алабы созылып жатыр. Қарабидай мен ебелек өскен осынау соңғысы, осының алдында сипатталғандай, қалың өскен мал азығындық шөптердің айрықша алабын құрайды.

Сипатталған ойпатта ормандар мен бұталардың ешқайсысы жоқ. Қамыстар - бұлақтар мен кейбір құдықтардың төңірегінде, көбінесе Жем өзенінің құйылыс сағалары мен оның арнасы бойындағы көлдерде өседі.

Өсімдіктер тұқымы Үстірттегі тәрізді сол жер мен Жем өзені аралығында жатқан ойпаттағымен бірдей, алайда сипатталған ойпаттың ешбір тұсынан кездеспейтін, әсіресе ақ сексеуілден басқасы, бірдей.

Флора. Қазақ даласының сипатталған кеңістігінің сусыздығына және жайылым үшін жарамды шөбінің аздығына қарамастан, әйткенмен де оның флорасы өте алуан түрлі. Мұнда осынау сортаңды әрі құнарсыз даладан гөрі, бұдан құнарлырақ топырақ қабатына тән өсетін өсімдіктердің көптеген түрін сирек те болса ұшыратуға болады. Үстіртте және оның Жем өзені аралығымен байланысып жатқан ойпатта бұталар мен шөптердің қандай түрі табылғанын келтіре кетейік:

Бұталар: көк жиде; тентек жиде; жасыл қылқанды қызыл сексеуіл; осындай қылқанды ақ сексеуіл; баялыш, жүзген, бұтақша, қайың, тал, қызылтал, долана, күрүшінгек, ұшқат, құсқанбас, түйесіңір, жыңғыл, қоянсүйек, тобылғы, шілік, итмұрын, итсигек, қубас, торғайбас.

Шөптері: жусан, бидайық, жалбыз, шегіршіннің барлық тұқымы, бідаяқ, сүттіген, жусан, көкпек, бұйрығын, ебелек, ақселеу, парғаяқ, сарыбас жоңышқа, көкшежапырақ, мәжімес, көкжапырақ, ақжоңышқа, жабайы түймедағы, сарыбасжусан; тентек бояу (қазақтар осы өсімдіктің тамырын жүн бояуға қолданады), түйе байдырған, меңдуана, алабұта, аққанат, жылқы қымыздығы, иіссіз, маржанбас, бәйшешек, төртқарынжоңышқа, киікоты, тентек мия, күшала, торғай бүлдірген, шайтан клөк, есекмия, майшағыр, сарыбасшағыр, желкек, зереңдік, жылқақ, ақжапырақ, шүкір, илан (қазақтар осы өсімдіктің тамырын тұншыққанда дәрі-дәрмек ретінде қолданады), тарбақ жусан, әзрек, ақбасжапырақ, ақбасшөп, қияқ, тентек бүлдірген, адыраспан, жапырақ, ақшешек, итжидек (қазақтар осы өсімдікті түйенің қотыртазына қарсы дәрі-дәрмек ретінде қолданады), күйот, найзағара (қазақтар осы өсімдіктің күлінен сабын қайнатады), бүлінгек, есекжоңышқа, ақмамық, жеңотақ, тентек дуана, сарыжапырақ, таспа, бояу шөп, тұмарбояу, күнжін, қызылкүл, сарышөп, көкпас, қоңырбас, дәнібас, шарғабас шағыр, ошаған, жілбасжусан, бауындық, қубас (қазақтар осы шөптің ақ түймеге ұқсас ақ басын жұлып, оны шақпақ орнына от тұтатқыш ретінде қолданады), аққұсық, түйетікенге ұқсас қарабарақ, ақбасшағыр, торғай жоңышқа, қызылкөк-иек, түйе клөк, ақкуырай, қызылшөп, көкбас, сағыз-сопақ, құлмақбас, ақдуана, мия, торғайбас, ақбас жоңышқа, болдырған, дуана шағыр, сасық шөп, сарқа жоңышқа, қарғауыл, андыз, клөк, қарақыз, теріскен, тамырдәрі, құлқайыр және тағы басқалары.

Үстіртте және оның Жем өзені аралығында жатқан ойпатта кездесетін бұталар мен шөптердің барлық түрі қалдырылмастан осында сипатталды, дегенмен бірінші алапта басым өсетін бұталар мыналар: сексеуіл, баялыш, шілік пен тобылғының бір бөлігі; шөптері: Жем өзенінің сол жағын бойлай барлық тұсында өсетін жусан, ебелек, боз бен шашақты шөп, ал құм сілемдерінде қара бидай. Бірінші алабында: жыңғыл, ебелек, қарабидай, көкпек пен аз ғана боз бен бұйрығын. Бұталардың бірқатары тек Желтаудың шатқалдарында ғана табылған болатын: олар басқа ешбір жерден ұшыраспайды; мәселен, боз тал, ұшқат, долана, тал, қызыл тал мен күрүшіңгек. Жиде мен қайың сиректеу болса да саяқ өскен қалпында кездесті.

Керуен жолдары. Сипатталған Үстірт пен оның Жем өзені аралығында жатқан ойпат арқылы өтетін басты керуен жолы - төртеу: оның екеуі - Хиуадан Орынборға, біреуі - сол жерден Сарайшық бекінісіне және біреуі - Ново-Петровск бекінісі мен Бозашы түбегінен Гурьевке барады, ал соңғысы керуен емес, көбінесе мал айдап барады.

Біріншісі немесе оңтүстігі Арал теңізінен, сипатталған Үстірттің, осында айтылған Қосбұлақ көлінің суы ащы құдықтарына қарай жатқан, оның солтүстік шығыс жағынан бастап, одан әрі көлдің солтүстігіне қарай 7 ½ шақырым жерде тұрған Боқсу құдығына дейін созылып жатқан аралық кіреді. Мұнда керуен түйелерін (осы су адамдар мен түйелерге оншалықты жақсы емес) суарып әрі осында түнеп, одан ары қарай солтүстікке Ақсай (шыңындағы) шұңқырына дейін жүріп отырып, мұнда тұщы сулы жалғыз құдыққа кезігеді, онда су өнімі аз болғандықтан, оның басына ешқашан да аялдамайды, тек жүрер жолға қосалқы су алып, Шаған өзенінің арнасына келеді, егер осында мал суаты болса, онда дамылдайды әрі түнейді, себебі осындағы қалың өскен шөп едәуір мал санын жаюға жетеді; егер су табылмаған жағдайда, онда Доңызтау шатқалы арқылы жүріп отырып, Сарыбұлаққа дейін созылып жатқан Мани өзеніне келеді. Бұл жаздың ыстық күндеріндегі Хиуа мен Орынбор арасындағы ең қиын соңғы асу, себебі керуен сусыз Ақсайдан Сарыбұлаққа дейін 140 шақырым жерге артық жол жүруге тиіс. Дегенмен, керуендер мол су мен мал азығындық шөбі бар жайылым тауып, кейде бір-екі күн аялдайды. Сарыбұлақтан керуен әрқилы өтеді: біреулері тікелей Жем өзеніне, ал екінші біреулері оған жетпестен, азғантай болса да су мен жайылым тауып Алтақұдық басына аялдайды да, содан кейін бұрынғы Ембі бекінісінен төмен жатқан Жем жағына өтеді.

Екінші жол - Тұщы-Айырық шатқалына кіретін Үстірттен түсе беріс тұсынан тарайтын екі жол арқылы: біреуі - Асмантай-Матай құм сілемінің батыс жағындағы аяғына, ал екіншісі - Сам құм сілеміне кіреді.

Асмантай-Матай құм сілеміндегі жол Бұта құдығына әкеледі, мұнда керуен тұщы суға шөлін қандырып әрі тынығып, одан ары қарай суы мол болғанмен, ал жылқы жайылатын шөбі атымен жоқ, Арқар құдығына келеді. Осы жерден Арқардың солтүстігіне қарай 15 шақырым жерде тұрған Ұмыр-Шыңырау құдығы арқылы Тұщы-Айырыққа дейін созылады. Екінші бір жол сипатталған Үстірттің түсе беріс тұсындағы 20 шақырым жер алабына шығып, Сам құм сілемінің солтүстік шығысындағы аяғымен қиылысып, Сам көлінің батыс жағын орағытып, Шөміштікөл көлінің оңтүстік аяғындағы қабақ астында жатқан Қарақұдық құдығына шығады. Содан кейін Ақсай арқылы Тасастауға, одан бірінші жолға барып қосылатын Тұщы-Айырық шатқалына өтеді. Мұнда керуендер Үстірттен төмен түсіп, Capқұм құм сілемі арқылы жазық ойпатпен Бас Оймауыт құм сілеміне дейін, 75 шақырым жерге артық жол жүріп, осында аялдайды. Олар суы мен шөбі мол осынау құм сілемдерінде күндіз дамылдайды, кей кезде екі-үш күн болады. Содан кейін Хантөрткүл тауынан өтіп, осында тек түнеуге ғана аялдайды, себебі жылқы жайылатын жайылым осыдан 10 шақырым жерде қашық. Керуендер келесі күні Көпті-құдық шатқалына өтіп, осында қонуға аялдайды, кейбір кезде тікелей Жем өзеніне өтеді.

Хиуадан Сарайшық бекінісіне баратын керуен жолы - Жиде-құдық шатқалындағы Үстірттің түсер тұсындағы жазықтықтан көрініс береді, Жиде-құдық құдығының қатты тұзданған балшықты болып келетін батыс жағынан басталып солтүстік батыс бағытта, Жар-құдық құдығы мен жалғыз үлкен тұзды балшықты жер арқылы Маңсуалмас шатқалына дейін созылады. Мұнда Үстірттен құлай түсіп, жол тегіс ойпат бойымен Үшқан бұлақтарына келеді, ал одан ары Есенжал шатқалына өтеді. Одан ары қарай жолдың ізі көрінбейді, себебі керуендер соңғысынан Жем өзеніне өтуі кезінде осындай далада міндетті түрде жасалатын, бір құдықтан не бұлақтан басқадай біреуіне өтуі кезінде, бір бағытпен не сүрлеу жолмен жүрместен, әрқилы жолмен жүреді.

Ново-Петровскіден Гурьевке мал айдап баратын жол Бозашы түбегін сипаттау кезінде біршама айтылған болатын. Жол - Үстіртке екі - Маната мен Қаратүйе шатқалдарымен көтеріледі. Маната шатқалына көтерілу, осы сипаттаманың бірінші бөлімінде айтылғандай, екіншісіне қарағанда әжептәуір қолайлы және жеңіл, сондықтан да Маңғыстау мен Бозашы түбектерінің қазақтары, сондай-ақ Ново-Петровск бекінісінен шыққан Астрахан армяндары, ауыр жүктерімен және қой отарларымен Қаратүйе арқылы жүргеннен гөрі, Маната арқылы жиі жүреді, мұнда Үстіртке шықса, Қызылсай мен Өтес жыралары Өтес құдығына дейін иіліп келген теп-тегіс жазық созылып жатады. Қаратүйе шатқалына аз ғана теңдеген жүгі барлар ғана көтеріледі, себебі осында көтерілген соң, қалайда оның еңісі мен биігі, Қаратүйе шатқалы тәрізді өте қиын - Қызылсай жырасынан да өтуіне тура келеді. Екі биіктен жол - Өтес құдығына келіп қиылысады, одан Ешкіқырған, Уәлі, Бесөгіз, Танке құдықтары мен Қойсу бұлағы арқылы жалғыз тегіс жол шығып, оған таяу жердегі қабақтан құлай түсіп, Өлі Қолтық шығанағы жағалауын бойлай Қарақұм құм сілеміне дейін келеді де осы жерден өзінің ізін жоғалтады. Жем өзенінің бүкіл сол жағалауын бойлай жүретін жалғыз көшпелі жолдан басқа, Үстіртте де, сонымен бірге жазықта да және Жем өзенінің аралығындағы ойпатта да басқадай жол жоқ.

Мекендеушілері мен олардың өмір сүру салты . Сипатталған бүкіл кеңістікті мекендеушілер - табын, адай, тілеуқабақ пен кете руларының батыс бөлігін құрайтын Кіші Орданың қазақтары болып табылады. Табындардың Арал теңізі мен Сам құм сілемін қоса алғанда, Үстіртте және Атыжақсы өзені сағасы мен Ақмешіт зираты аралығындағы Жем өзенінің бойында көпшелі жаз жайлауы бар.

Адайлар - Маңғыстау мен Бозашы түбектерін қыстайды, сипатталған жерлерге тек жазда ғана көшіп келеді. Дегенмен, олардың арасындағы кедейлері кей кездері Жем өзенінің сағаларында қыстап қалады.

Тілеуқабақ (Көтібардың тақтасы) Жем өзені бойымен, оның төбе тұсынан Атыжақсы өзенінің сағасына дейін көшіп жүреді және осы соңғысы аталған өзендер мен Мұғалжар тауының жоталарын орай бүкіл кеңістікті иемденді.

Кетелер жазда Ойыл мен Сағыз өзендерінің бойында көшіп жүреді, Жемге тек күздің аяғында келіп қыстап қалады.

Тілеуқабақтар мен табындар мал шаруашылығымен айналысып, кәдімгі көшпелі жағдайда өмір сүреді.

Адайлар өмір сүру салты бойынша мынадай екі топқа бөлінеді: біріншісі, саны жағынан ең көбі және ауқаттылары - Үстіртте, Маңғыстау мен Бозашы түбектері мен Бақашы зиратынан төмен түспестен, Жем өзенінің бойында көшіп жүреді. Екіншісі, кедейлері -Бақашы мен Есенберді зираттары аралығында - Жем өзенінің бойында көшіп жүреді, бір бөлігі егін шаруашылығымен, көбі балық шаруашылығымен айналысады. Осы соңғыларында көбінесе сиыр мен қойдан тұратын азғантай мал шаруашылығы бар 32 . Ауыл маңайынан түйені не жылқыны өте сирек ұшыратуға болады. Етек-жеңін әрең-әрең жауып жүрген осынау кедейлер, әдетте бір-бірімен жұбы жазылмастан 30 не 40 үйден шоғыр не төрт қатар түрінде көшіп қоныстанады. Оларды осы әдетпен өмір сүруге итермелейтін себеп мынадай: Бақашы зиратынан төменірек, Жем өзені маңайының көп жерінде, қамыстар мен қарабидай қалың өскен көптеген кішігірім көлдер, қолтабандар мен тұзды ылғалды ойпаттар ұшырасады. Жем өзенінің арнасы бойында да осындай өсімдіктермен көмкерілген. Осынау қамыстар мен қарабидай алқабында, есебі жоқ қаптаған масалар мен соналар, көшіп келген ауыл саны аз болса, қазақтардың ауылдарына ұшып келіп, өздері мен малдарына күндіз де, түнде де тыныштық бермейді. Сондықтан да олар киіз үйлерін біріне бірі өте тақау тігеді де, оның ортасынан шыбын-шіркей жоламау үшін от жағып түтін түтетеді. Күндіз тымық күндерде олардың қылшықты әрі шыбын-шіркейдің шағуынан қорғайтын қалың жүнді қойынан басқа, малдарының бәрі осы жерде ұсталынады; малдары тек сиыр малына ғана қолайлы ойпатта болмай, биік қыраттағы далалық жерлерде жайылады. Өздерінің мал жайымен осылайша көшіп жүрген олар, жоғарыда айтылған насекомдар мазаламас үшін ер адамдарының бірқатары өз отбасынан бөлініп, көбінесе басты арнаны бағытқа ұстап, өзен бойын жағалап, төмен қарай оның сағасына дейін көшіп жүреді. Осында өзінің кәсібімен шұғылданады. Осы жерлерде не өзен мен көлдерге ау құрады, кей кездері арнаның өзінде сиректеу болса да ұзындығы 4 сажын жерге дейін су жайылатын сәттері болып тұрады. Осындайда су жайылмасына шығып қалған орасан көп көлемдегі балық, оларды болмашы еңбегінің зейнетіндей қуанышқа бөлейді. Көлге таяу жатқан жерде түзілген тұзды жер балықты әжептәуір көлемде тұздап дайындауға мүмкіндік береді, қазақтар тұздалған балықты кептіріп, содан кейін осы отбасының басқадай мүшелері 1000 балықты қойдың не тоқтының бір басына айырбастау үшін ауқатты қазақтарға тасып жеткізеді. Жаз бойына осындай жолмен айырбасқа алған малын күзде Гурьевке айдап, осында оны сатып өткізеді, одан түскен ақшаға бір-бір түйе сатып алады, онымен теңіз жағалауындағы қамысты жерге көшіп, осында отбасымен бірге көктемге дейін қалады, мұнда өзеннен емес әрі басқа құралмен, теңіздің өзінен үлкен аумен және қармақпен балық аулаумен айналысады. Олардың түйесі ұстаған балығын қоныстанған жеріне және отындыққа дайындаған қамыстарын тасымалдауға пайдаланылады. Олар көктемде оны қазақтарға ақшаға не қойға сатады. Қазақтардың осы табы өзінің кедейлігі бойынша және кәдімгі көшпелі тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтарының жоқтығы бойынша - тобыр деп аталады...

Жергілікті жерде өте қауіпті - күйдіргі деген ауру бар, бұл ауру адамдар мен жылқылардың бәрін шарпиды. Қазақтар осындай ауру шарпыған тұстарды күміспен не темірмен күйдіреді. Күйдіру жылқыға жамандат жабысқан бастапқы кезінде жасалады; бұлай жасалмаған жағдайда ісіктің тез тараған шарпылған тұсын оның қалың жүні арасынан табуға кедергі келтіреді және жылқының өлім-жітімге ұшырауы сөзсіз. Жақында осы ауруға, сондай-ақ жылан шаққанда, оған қарсы қолданылатын дәрі-дәрмек ойлап табылды: ауру шарпыған не жылан шаққан тұсының үстіне тірі бақаны жапсыра басу керек. Алғашқы басылған бақа дереу сол бойда шалажансар күйде болады, екіншісі мен үшіншісі де соның жолын құшады, дегенмен төртіншісі — әлсіреген күйде болады, бесіншісі әлсіреген қалпында одан гөрі ұзақ мезгіл болады, қалғандары да осындай болады; бақаны жылқы тірі қалғанға дейін басу қажет 33 .

Сонда жылқы осы аурудан жазылады. Осы дәрі-дәрмектің қазақтар арасында жария етілмегені өкінішті-ақ.

Осындағы қазақтар Хиуамен, оның бойындағы және сиректеу болса да Орынбордағы қазақтармен айырбас жасайды. Біріншісінен, яғни хиуалықтардан қой мен түйе жүніне -шапандар, көйлекке қажетті маталар, бөз, қытай шыты мен басқа да заттар айырбастайды; Хиуа бойындағы қазақтардан - бидай мен тары, ал Орынборда - жарма, шұға, орамал және басқа да заттарға айырбастайды.

Түпнұсқасына Топографтар Корпусының подпоручигі Алексеев қолын қойды. 2.

ЦГВИА, ф,ВУА, № 19261,1 б., 1 - 85 б. Көшірмесі.

Маңсуалмас моласы

Қосымшалар

1.Ескертпелер

Бұл ескертулер Алексеевтің аталған еңбек жарияланған "Үстірттің тұңғыш орыс ғылыми зерттеулері" (СССР ҒА баспасы. Москва, 1963 ж.) кітабының соңында берілген. Басылымның жауапты редакторлары академик А.Л.Яншин мен тарих ғылымдарының кандидаты Л.А.Гольденберг. Аталған жинақты шын мәнінде аталған өңір туралы ең алғашқы академиялық жинақ деуге болады. Онда құрастырушы (Л.А.Гольденберг) түсіндірме берген бірнеше әр саланың ғалымдары - А.Л.Яншин, С.В.Викторов, В.Г.Гептнер, Л.А.Гольденберг, геолог Ю.М.Клейнердің - есімдерін тізіпті. Алексеев еңбегіне дәл кім ескертпе бергені белгісіз, дегенмен еңбектің тарихи-географиялық және картографиялық сипатына қарап, бұл міндетті атқарған осы саланың маманы ғалым Л.А.Гольденберг болар деп ойлаймыз. Ескертпелерді аудару үстінде аталған кітаптағы рет санын сақтадық. (Аудармашы)

122. Эверсманндай емес Алексеев Үстірттің топырағының біраз бөлігінің негізгі ерекшелігі - ұсақ тас қиыршықты екенін бөліп көрсетпеген.

123. Кей авторлар (Назаров, 1864) Шың үстінің шөбі бітіктігі сонша, тіпті шауып алуға болады дейді. Алексеев байқауы бұйрығынға қатысты, Эверсманн деректерімен дәл келеді.

124. Маңсуалмасқа Алексеевтен кейін келген зерттеушілердің ешбірі онда өскен ну қамыс көре алмаған. Тек шөптесін бұта ғана өскен ұйысып. Бәлкім Алексеев соны қамыс деп жіберген болуы.

125. Қырда сексеуілдің көп өсетінін Эверсманн да байқаған. Сірә, Алексеев келген кезде де онда сексеуіл мол болған, оны жаппай отау соңынан басталған тәрізді.

126. Сексеуіл түрі туралы мәлімет дұрыс емес, мүмкін Алексеев ақ сексеуіл деп қарағанның да бір түрін білуі. (Алексеев арнаулы ботаникалық білімі, дайындығы жоқтығы себепті өсімдік мәселесінде қателікке жиі ұрынған. Мысалы, қарағанды үнемі шілік деп жіберген. Бұл жерде оған ескертпе беріп отырған маман да, "қарағанның бір түрі болар" деп қателесіп отыр. Қараған бір-ақ түрге ие. Біздіңше бұл жерде сөз жүзген туралы болып отыр. Құмда биік өскен жүзген сексеуілге ұқсас әрі түсі ақшыл болып келеді. (Аудармашы)

127. Жемнің аталған бөлігінде қайың өсуі күдік туғызады.

128. Мұнда әр өсімдіктің белгілі бір топырақ құрамына етенелігі дәл берілген. Мысалы, Қияқтың тек сусыма таза құмда ғана өсетінін көрсетуі назар аударады. Мұны кейінгі көп зерттеушілер де дәлелдеді. (Готшалк, 1963 ж.)

129. Алексеев үнемі таулы беткейлердегі құдықтар туралы (қар: Астаусалды, Жаман Хантөрткіл турасында) және онда ылғал сүйгіш өсімдіктердің өскелеңдігін мәлімдейді. Бұл көріністі кейіннен А.Л.Яншин (1940), Е.А.Востокова (1963) басқалар да жазды.

130. Алексеев Желтау беткейінің бұлақтары сағасындағы ылғал сүйгіш өсімдіктер туралы айтқанмен, Егінді бұлақтағы егістік болғандығы жайлы ештеңе демейді. 1892 жыл Желтауда болған С.Н.Никитин ондағы біршама көлемде өсіп тұрған тары мен бидай туралы мәлімдейді; бұларды еккен сондағы мұсылман "монастырының" иелері екен. (Ескертпе авторының мешітті олай "монастыр" деп әжуаға айналдыруымен келісе алмаймыз. Бұл сірә, мұсылман дінін кемсіту не сол кездегі қызыл көз саясат аужайына қарап айтылған ұшқары пікір болса керек. Аудармашы).

131. Ақтам, Оймауыт, Марқұм мен Шағырлы-Шөлқұмға берілген сипаттама бұл құмдарда кейіннен болған зерттеушілер (Спиридонов, 1949; Ильин мен Рожевиц, 1928; Викторов, 1950) деректерімен сәйкес келмейді. Мысалы, Алексеев сусыз деген Сарқұм мен Шағырлыда қазір бірнеше құдықтар бар. Шағырлы құмы тіпті де жұтаң, тұлдыр емес, керісінше еркегі мен жусаны бітік өскен тамаша шабындық. Қазір оларда мал фермалары орналасқан. Жемге қараған Ақтам құмында бірнеше құдық бар. Алексеев Оймауыт (Орта Оймауыт, Бас Оймауыт) құмдарының ішінде шеттерін құм басқан сорлардың бар екенін тіпті айтпайды. Ал сор жиегіндегі құмда тайыз да тұщы су болады (Востокова, 1952).

132. Келтірілген ескертпелерде өсімдіктердің қазір маңызын әбден жоғалтқан, кейбірі тіпті бірде ана шөптің, бірде мына шөптің атына таңылып адастыратын аттары көп кездеседі. Солардың ішінен дұрысы анықталмағандары "Өсімдіктердің жергілікті атауларының тізіміне" енгізілді. (Ол тізім жинаққа қазақша атауымен, орысша атымен қосымша түрінде енген. Аудармашы).

2. Орыстың ұзындық пен салмақ өлшемдерінің метрлік өлшемге аудару таблицасы.

Шақырым - 500 сажын - 1067,8 м.

Сажын - 3 аршын - 7 фут - 84 дюм - 2,13 м.

Аршын-ширектік - 16 вершок - 28 дюм - 71,12 см.

Фут - 12 дюм - 30,48 см.

Ширек - 4 вершок - 17,77 см.

Вершок - 4,44 см.

Дюм - 2,54 см.

Пұт - 40 фунт - 16,38 кг.

Фунт - 409,512 г.

МОЛАДАН ТАБЫЛҒАН ТӘБӘРІК

Ертегідегі Сандыбад жиһанкездей болмағанмен, мен осы Маңғыстауды көп кезген кісімін. Ол сапарларым мәстәтіне сандалу емес, журналистік қызметіме орай іссапарлар, соған әр уақытта орайластырылған өзімше ізденістерім. Шүкір, солардың бәрі ізсіз емес. Жүрген аяққа жөргем ілінсе, менің жолым туған өңірдің өткеніне қатысты әйтеуір бір жоқтың табылуымен болды. Сонда көзім анық жеткен бір ақиқат - тарихымызға қатыстының бәрінің елеусізі жоқ екен. Иненің жасуындайдың өзінің берері де, берекеті де болады екен. Марқұм Төселбайұлы Емеш деген нағашым бойы шапаты деп жатсақ, ол кісіні дәу дегеніміз, өте құрттай денелі адам еді. Сол үнемі "алтын аздан болады" деп пәлсапалайтын. Емекеңнің қай алтынды қашан, қайда мысқалдап өлшеп жүргенін қайдам, ал енді өткен тарихтың алтындығы сол болмашылығының өзінде, құндылығы да сонда.

Жоғарыда бір ғана Алексеевтің ізімен жүздеген шақырым жер жүргенімді айттым ғой. Сонда топограф аяғы тиген жерде неге қолтаңба қалдырмады деген оймен көп моладағы жазуларды да тінте шолумен болғанмын. "Бір жоқты бір жоқ табады" демекші онымен тапқаным да көп. Маңғыстау, Үстіртті көктей өткен бағзы керуен жолының бойындағы біраз молалардың қабырғалары жазуға толы. Әсіресе 1920 жылы босқан генерал В.С.Толстов армиясының кісілерінің қолтаңбасы-ақ көп. Қарагөз бұлақ басындағы кереге мола қабырғасы 1870 жылдары Қап тауынан келген гребеньдік казак әскерилерінің қолтаңба галереясы іспетті.

Бірақ қанша іздесем де өзімнің Алексеевімнің қолтаңбасын әзірге кездестіргенім жоқ. Бәлкім, ол қолтаңба қалдырмауы да. Өйткені оның жолбасшылары - қазақ. Қазақи ғұрыпты сыйлаған орыс адамы жолындағы молаға сойдақтатып атын жазбауы. Сисем атадағы көп моланың басында осында болғандарын ай, күні, жылына дейін айғақтап жазып қалдырған бір кездегі Маңғыстау ауданының басшылары, сірә басқа өлшемнің, бөгде моралдың пенделері болды ғой.

Дегенмен бұл жолда да табыссыз емеспін. Облыстық мұражайдың ғылыми қызметкері Құралай Ізімбергенова жақсы көретін қарындасымыздың бірі. Сол менің Алексеев тақырыбын қаузап жүргенімді білетін. Бір күні қала іргесіндегі Қошқар ата зиратындағы қойтастан әлдебір топографтың қолтаңбасын ұшыратқанын хабарлады. Артынша сол әңгімені Қарағанды университетінің мұғалімі, Маңғыстаудағы көне эпитафиялық жазба мұралар жайлы кітап жазған Ақмырзаев Мұрат та қайталады. Содан қасымызға қағылез бір ініміз Жайшылық Төребаевты алып, Мұрат үшеуміз Қошқар атаға тарттық. Таптық іздегенімізді. Қошқардың тас мүсіні тұрған көне қойымдық ішінде екен. "Топограф. 1858" деген жазу анық сақталған. Төменгі жағында қойылған қол. Көп жерін мүк басып кетіпті. Қал-қадырымша тазаламақ болған әрекетімізден ештеңе шықпады.

Алексеевтің де Қарағия ойында болғаны анық. Өзі жоғарыға берген есебінде солай деп жазады. Ал дәл қай жылы екендігі айтылмапты. Басы ашық нәрсе 1853 жылдан бұрын. 1858 жылы Алексеев егер тірлікте болса отставкада, яғни қызметтен тыс болуы керек. Осы деректер қолтаңба Алексеевтікі деген қисынға келтірмейді.

Ақшұқыр - ол уақытта үлкен елді мекен. Балықшы түрікмендер мен қазақтардың аралас қонысы. Қазіргі парк орны тұрған жерде шығырмен су шығарып, аздап егін де салынған. Ал Қошқар ата көлі ол уақытта сор, маңайдағы ел қажет ас тұзын осыннан алады. Бұларға қосымша Кетіктен Красноводскіге баратын керуен жолы осы жермен өтеді. Демек бұл өңірге ат ізін салған жолаушы, оның ішінде карта сызған топограф қалайда соғып, аялдап өтетін белгілі бекет бұл жер. Демек қолтаңба Алексеевтікі болмағанмен, соның әйтеуір бір әріптесінікі. Ол кім де болса осы өңірді алғаш зерттеушілердің бірі. Сондықтан моладан табылған бұл қолтаңбаны тәбәрік деп қабылдайды туған тарихымыз.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙