Мазмұнға өту
Home

Сарысудың бойында тарихтан қалған таңба бар

Жамбыл Артықбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Сарысудың бойында тарихтан қалған таңба бар

Сарысудың бойында тарихтан қалған таңба бар. Жамбыл Артықбаев

Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі - неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы.

Н.Ә.Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті.

Осы жылдың 2-7 қазан аралығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласында Жезқазған қаласының мәдени күндері өткен болатын. Мәдени күндер бағдарламасы бойынша Сыр өңірінің жұртына тарихи тақырыпта ұйымдастырылған көрмелер, Серке театрының бірнеше қойылымы, Т.Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының концерті ұсынылды. Қала студент-жастарымен кездесу болып, мәдени күндер қорытындысында Кетбұқа баба заманы мен оның тарихи орны жайлы ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бағдарлама Сыр мен Қырды жалғап жатқан Сарысу өзенінің бойында жатқан тарихи ескерткіштерді тануды да назардан тыс қалдырмады. Белгілі тарихшы, этнограф, ғалым Ж.О.Артықбаев бастаған топ (құрамында жезқазғандық тарихшы Бақытжан Көпбаев, қызылордалық археолог Әзілхан Тәжі-кеев бар) «Белең ана», «Ала тағы» аталатын тарихи орындарға барлау жасап қайтты. Төменде осы екі тарихи ескерткіш жайлы ғылыми болжамдарды алға тартатын мақалаларды жариялап отырмыз.

ӘУЛИЕ БЕЛЕҢ АНА:

қалашық тарихы қадым замандарға кетеді

Белең ана - қазақтың ауыз екі әңгімесінде ертеден бар қасиетті нысан. Сарыарқаның Бетпақ даламен шектесетін жерлерінде Жұбан ана, кейде Жуан ана деп те атайды, Болған ана, Белең сияқты көзі қарақты, көңілі ояу қазақ баласы қасиет көретін жерлер баршылық. Осылардың ішінде Белең ананың жұмбағы көбірек. Жақында Қызылорда қаласында Жезқазған күндері өткізіліп, сол күндердің аясында Қорқыт ата университетінде атақты Кетбұқа жырауға арнап конференция болды. Жезқазғандық азаматтардың өтінішімен маған да осынау игілікті іс-шараға қатысу мүмкіндігі бұйырды. Осы жұмыстардың арасында жезқазғандық достарыма өтініш айтып Белең анаға барып келмек болдым. «Қасиетті Қазақстан» орталығына Қызылордадан келген тізімде осы облыстың Арқа жағындағы ескерткіштер ілінбей қалған екен. Белең ананың жағдайын білмек болдық және жергілікті азаматтарға көмек те болсын дедік. Бізде ниет болғанымен, көлік табылғанымен жергілікті жерден ол жерді білетін адам табылмай біраз дағдардық, ақыр соңында Қорқыт ата университетінен Әзілхан Тәжікеев деген азамат жолбасшылыққа келісті. Өзі «Археология және этнография» орталығының жетекшісі, өзі Шиелі ауданының тумасы екен, ертеде әкелері осы Белең жағында жаз жайлап жүретін болса керек.

Нар тәуекел деп шығып кеттік. Жезқазған-Қызылорда трассасымен 100 шақырым жүрген соң, даланың жайдақ жолына шығып тағы да алпыс шақырым шаңды бұрқыраттық. Алла сәтін салғанда Белең анаға жарты сағат қана жолда бөгеліп, қатты адаспай, түнге қалмай, машинамыз сыр бермей аман-есен уақытында жеттік. Белеңнің басынан Ғалымжан деген қой баққан азамат кездесті. Әулие анамыз қолдады-ау деп ішімізден тәубемізге келдік.

Сонымен Белең ана дегеніміз не ? Осы сияқты сұрақты бізден бір ғасыр бұрын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы да қойған екен: «Ойтүндік пен Белең» дегендегі - «Белең» қай жер? Бұрынғы заманда Түркістанда Талмас ата деген әулие болған. Үш қатыны болған. Бәйбішесінің аты - Болған, тоқалының аты - Белең, ал кенже тоқалының аты - Ақбикеш. Болған ана - Сарысудың бас жағында, Белең ана - Сарысудың аяқ жағында, Ақбикеш - Қаратауда, Сауысқандық асуына маңайлас. Үш қатынды үш жерге қондырып, өзі құс салады екен. Ертең ертеменен Қаратаудағы Ақбикештікінен шығып, Сарысуды жағалап, Белең анаға түстеніп, күн бата Болған анаға қонады екен. Ертең ерте аттанып, жолда Белең анаға түстеніп, күн бата ба деген азамат жолбасшылыққа келісті. Өзі «Археология және этнография» орталығының жетекшісі, өзі Шиелі ауданының тумасы екен, ертеде әкелері осы Белең жағында жаз жайлап жүретін болса керек.

Болған ана, Талмас ата молалары Сарысу бойында, екеуі бір жерде болған дейді. Көмілген жері «Болған ана» аталып қалған. Белең ана өзі мекен қылған жайында, Сарысу бойында қалған да, «Белең» атанып, бұрынғылар «Сарысу» демейді екен, «Белең» деп айтады екен.

Ұлытау, Кішітаудың о жақ, бұ жағынан жеті өзен Сарысуға кұяды: «Жеті Кеңгір» дейді. Сол өзендер құйған жерді «Қаражар» дейді. Сонан төменгі жерді «Белеңнің бойы» дейді. Ақбикеш Қаратауда өліпті: «Басымды Темірқазыққа қаратпа, аяғым Әзірет Сұлтанға қарай созылады. Күнбатысқа да қаратпа, аяғым Талмас атаға қарай созылады!» - деп, өзін тікесінен тік тұратұғын қылып көмдірген. Моласын да шошақ... қылдырған».

Бір қарағанда ертегі сияқты, ал шын мәнінде бұл аңызда үлкен сыр бар. Сарысу - Қарағанды және Қызылорда облыстарының аумағындағы өзен. Сарысу - Бетпақ дала шөлін солтүстіктен оңтүстікке қарай кесіп өтетін жалғыз су магистралі. Жоғарыдағы аңыз Ұлы меридионалды жолдың негізгі бағытын нұсқап тұратыны аңғарылады, себебі Болған ана, Бетпақ далаға жетпей Ұлытау маңында кездесетін ерте ортағасырлық қоныстар, Белең ана қалашығының орны Сарысудың орта тұсында маңында кездеседі. Одан әрі Телікөл. Мәшһүр жазатын «Ой Түндік» - Түндік өзенінің бойы. Бұл шағын далалық өзен Баянаула және Қарқаралы тауларының ортасын қақ жара Ертіске қарай ағады. Қазақтың ауызша дәстүрінде Түндік өзенінің жан-жағындағы ОрталықҚазақстанның ерекше тәуір сәнді таулы өлкесін Қазылық деп атайды (Он екі Қазылық, Бес Казы лық, Үш Қазылық). Георгафиялық шекарасына келсек Қазылық Сарыарқаның солтүстік-шығыс бөлігі. Сонымен Белең анаға да келдік. Біздің жинаған деректеріміз бойынша «Белең» - Сарысу өзенінің орта ағысында орналасқан ортағасырлық қалашық. Қалашықтың өзі Сарысудың сол жағасына, ал қорым тура жарқабағына орналасқан екен. Өкінішке орай біздің заманымызда бұл қалашық әбден қирап біткен қалпында жатыр. П.И.Рычков заманы нда (XVIII ғасырдың ортасы) бұл жерден қаланың әлі де бірнеше құрылысының орнын көруге болатын: «Белян-Ана, городовые развалины на берегу реки Сарасу, от озера Телегуля (Телікөл-Таты - Ж.А.), в которое сия река впала, вверх один день, где поныне пять мечетей видны; и знатно, что сей город бывал по длине верст на шесть, а поперек с версту. Киризцы (қазақтар - Ж.А.) сказывают, что имя сие происходит от женщины, у них святой почитаемой» (Қара.: Артыкбаев Ж.О. Великий меридиональный путь // Среднее Прииртышье в контексте проблем истории Евразийских степей. Павлодар. 2008. с. 53-64).

Енді Белеңнің әулие аталу тарихына келейік. Бұл жерде жоғарыда Талмас ата туралы аңызда айтылатын Ұлытау мен Қаратауды қайта еске түсіргеніміз абзал. Ұлытау - Сарыарқаның онтүстік-батыс алқабындағы тау. Ұлытау өңірін Қазақ хандығы үшін де, оның алдындағы саяси бірлестіктер үшін де саяси орталық болғаны дерек көздерінен белгілі. Бұл жердегі тарихи ескерткіштердің бәрі де қазақ шежіресінің деректерінің биігінен зерттелуі қажет деген пікірдеміз. Ақбикеш, қазіргі Ақсүмбі - Қаратаудың терістік қыратында орналасқан биік қарауыл мұнарасы. Бұл мұнараны Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданының аумағында, Қаратаудың Ақсүмбе асуында көруге болады.

Біздіңше, Белең ана - Ұлытау мен Қаратауды қосып отырған басты нысан. Қазақ жерінің Солтүстік пен оңтүстігін көне замандардан жалғастырған көші-қон, сауда-саттық бағыттардың ішінде ертеде ең белгілі болғаны - осы Сарысу бағыты. Сондықтан жоғарыда айтылған аңыз Ұлы меридионалдық жол тарихының ерте дәуірінің куәсі дей аламыз. Әзілхан бауырымнан жергілікті қариялардан алған ақпараты да осыған сәйкес, қай әңгімеде болмасын Белең бірінші аталады.

Оқиға желісі мен шешім

Мен өз басым Белеңнің пайда болуы қола дәуірінде осы жерден жүрген үлкен көші-қонның және сауданың арқасы дер едім. Қола дәуірінде Қазақстаннан шығарылатын тауарлардың негізін мыс, алтын, қорғасын құймалары мен қола сияқты түсті металдардың қоспалары түрлі металл бұйымдар құраған. Қ.И.Сәтбаев атап көрсеткендей, металл өндіретін ірі металлургиялық орталықтармен қатар, ежелгі Жезқазғанда 1 млн. тонна, Успен-Нілдіде 200 мың тонна, Кенқазғанда 800 мың тонна мыс рудасы өндірілген, сонымен бірге Шығыс Қазақстан (Риддер, Зырян) және солтүстік Қазақстан (Имантау) территорияларында да металл осыдан кем өндірілген, сонымен қоса өңдеу орталықтары да (Атасу т.б.) болған. Бұл өндірілген өнім әлем өркениеттеріне Жанкент арқылы тарады. М.Қашқаридың Жанкенттің ежелгі аты Жезройын деуі де осы сөзге дәлел.

Ұлы меридионалдық жолдың бағыты бойында тығыз мәдени және саяси байланыстар жасалды, ауыс-түйістер мен сауда жанданды, өркениет құндылықтарының дамуы мен технологиялардың дендеп енуі байқалды деп болжай аламыз. Оның тарихтың түрлі кезеңдеріндегі ерекшеліктерін анықтап, солтүстік пен оңтүстік арасындағы ауыс-түйіс артериясы екені дәлелді қажет етпейді. Біз аталған меридионалдық бағыт бойында қалалардың пайда болуының басты себебі сауда деп қараймыз. Біріншіден, қала сауда орны ретінде, екіншіден, қолөнер орталығы ретінде, үшіншіден, әкімшілік орталығы ретінде өседі. Осы ретте Түркістан өңіріндегі қалалық мәдениеттің іргетасы - ең алдымен меридионадық сауданың негізі.

САРЫСУ БОЙЫНДАҒЫ «АЛА ТАҒЫ ӘУЛИЕ» - беймәлім ескерткіш

Қызылорда қаласында өткізілген Жезқазған күндерінің аясында бір бітірген ісім Ала тағы әулиенің басына бару болды. Өзімше қазақтың кәсіби тарихшыларының ішінен осынау беймәлім ескерткішке бірінші барған өзіммін бе деген пендешілік ой да қылаңдайды. Ала тағы әулие тура-лы шығыстың әртүрлі ескерткіштерінде жүрдім-бардым айтылып кетеді. Өкініштісі, осы күнге дейін арнайы зерттеу түгілі, ғылыми не көпшілік қолды мақала да жоқ. Таяуда Ерейментау жерінде Бөгенбай батырға арналған конференцияда Шымкент жақтан келген бір қария жасындағы адам өзінің Ала тағы әулиеге барып зиярат еткенін айтпағанда осы бір тақырып ұмытылып қалар ма еді?! Сонымен Қызылордағы келген соң, жаныма Қорқыт ата университетінің «Археология».

Ала тағы басында және Этнография» орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеевті ертіп Ала тағы қайдасың деп тартып кеттік.

Ала тағы туралы аздаған деректер Ақсақ Темірдің өмірін баяндайтын «Зафар намеде» кездеседі. Бұл жазбаларда Ала тағы әулие толық сипатталмайды, дегенмен Қаратаудың солтүстік жақ биігінде тұрған Ақсүмбе мен Болған ана арасындағы талай ескі жәдігерліктер айтылған: «Тимур счастливо выступил из этой местности (Ақ сүмбе - Ж.А.) прошел через степь по Урунг-Чагылской дороге и прибыл в местность Билан (Белең-ана - Ж.А.). Выступив оттуда и пройдя через Сарыкузен (Сары су - Ж.А) и Қурджун /Күршім құм - Ж.А.) он остановился в Ал-Кошуне...» (Шараф ад-Дин Йезди. Книга побед /Зафар намэ/ // Сборник материалов и относяшихся к истории Золотой Орды. Т. II / Извлечение из персидских сочинений. /Собр. В.Г. Тизенгаузен/М., -Л., 1941. С. 144-18919, 158 бб.).

Ақсақ Темір әскерінің тоқтаған. Ал-Кошуны қай жер? Өзге жерге тоқтамай Ал-Кошунды таңдап алуының себебі не екен? Таңбалы маңында көне дүниенің сынығындай болып ескі молалар, қоныстар, жеке құрылыстардың орындары жатыр. Тіпті олардың кейбірі кәдімгі баялыштан үйіліп, адам бойынан асады, арасына тас салынған. Осы құрылыстар қай заманның жәдігерлігі? Ал-Кошун /Ала қосын/ Темірге дейін осы жерді саяси орталық қылған Орыс ханға байланысты ескерткіш емес пе екен, - деген сұрақтар туындайды. Біздің ойымызша, осы Ал-Қошуны біздің Ала тағы болуы тиіс. Себебі біздің жүрген жолымыздың бағыты да осыған келеді.

Белең анаға тоқтағаннан кейін, біз осы жерде қой бағып отырған Ғалымжаннан маңайдағы жер атауларын сұрадық. Ала тағыға зиярат еттік деген ақсақал Белең анадан сәл ғана жүрсеңіз кездесесіз деп еді. Ғалымжанның айтуына қарағанда тура терістікке қарай отыз шақырым екен. Біздің көлік бұл жолға шыдамайтын болған соң Ғалымжанның «Жаман Нивасына» міндік. Бетпақ далада «Нива» машинаның төресі екеніне осы жолы тағы да көз жеткіздік, салдырлатып көздеген жерге бір сағатқа жеткізбей алып барды. Осынау шөлде бала-шағасымен жалғыз киіз үй болып отырған Ғалымжанның адамгершілігіне сүйсіндім. Ең бастысы баққан қойы өзінің меншігі екен. Баққан малың өсімді болсын дедім!

«Ала тағы» - Сарысудың оң қапталығындағы бір шағын төбе. Судың ортасында тұрған арал десек те болады, жан-жағы Сарысудың жайылмасы. «Соңғы кезде Сарысудың суы мол», - дейді Ғалымжан. Бұл жерлерге жақындай алмай, көктем уақытында біраз уақыт алыстан қарап отыратын сияқты. Төбенің басында бірнеше ірі құрылыстардың орны жатыр, көпшілігін жиде басып кеткен, жақындау мүмкін емес. Төбені жағалай бертінгі заманның қорымы орналасқан, арасында Мұстафа Шоқаймен ағайындас, атақты Торғай датқаның ұлы Оспанның да бейіті бар. 1924 жылы жаздың шілдесінде қайтыс болып, осы жерге жерленген екен. Кейін үлкендерден сұрап анықтасақ, Сырдың бойындағы өздерінің қорымдарына күннің ыстығынан жеткізе алмайтын болыпты, толық, етжеңді адам екен. Ал бұл жерден Сырға жету үшін малшы елге жолда үш қону керек.

Қызылорданың Шиелі жағындағы ескі көз адамдар бұл ескерткішті «Ала таға» деп те атайды екен. Осы маңда жастық шағы өткен жергілікті қариялардың ішінде «Ала тағы» атауы тағы жылқымен байланысты болар деп жорамал айтқандары болды. Біз болса болар дедік, қалай десек те бұл атаудың қазақтың «алаш» атауымен бір қатысы бары сөзсіз. Себебі оның бір қапталында Қазақ хандығы алғаш ту көтерген атақты Таңбалы тас әулие тұр. Шығыс тарихнамасының ең бір тамаша үлгісінің бірі болып табылатын «Бахр ал Асрар» еңбегінде Махмуд бен Эмир Вали (XVII ғ. бірінші жартысы) атақты Шайбан тұқымы Әбілқайыр ханның Моғолстанға жасаған сәтсіз жорығын баяндай келе бір қызық жағдайды сипаттай-ды. Қалың әскерді соңына ертіп алған.

Әбілқайыр хан Орталық Қазақстан даласынан өтіп, Бетпаққа ілігетін тұста «Ала-тағы» аталатын жерге келіп кідірді делінеді: «Знамена, достигающие вершиной Сатурна /Кейван/, благородством / подобного солнцу /Абу-л-Хайр-хана/ прошли через окрестности Ала-Така и, обеспеченные защитой творца-хранителя выступили по дороге через йайлак Кызыл-Надир. И когда после прохождения /нескольких/ переходов и перегонов местом расположения лагеря величия стал Иети - Кудук, искуссный фарраш - «Он выращивает облака тяжелые» - раскинул на краю неба темно-синий шелковый полог, и посыпал густой, тяжелый снег, и полил буреподобный дождь, и начал дуть сильный ветер, а холод достиг крайней степени...» (Махмуд бен Эмир Вали. Бахр ал-асрар // Материалы по истории Казахских ханств ХҮ-ХҮІІІ веков /Извлечения из персидских и тюркских сочинений/. Алма-Ата, 1969. 359-360 бб.).

Бұл сәтсіз жорық Әбілқайырдың соңғы жорығы болды. Моғолстан шекарасына ілігетін жерде қатты ауырып Дешті Кыпшақтың ұлы билеушісі Әбілқайыр о дүниеге аттанып кетті. Заман көші оған қарайды ма, жылжып алға тарта береді, Әбілқайырдың соңғы жорығы да, маршруты да шежіре бетінде көмескілене бастады. «Бахр ал - Асрарда» жазылатын «Ала-тағы» өзіміз көрген ескерткіш сияқты, ал Кызыл-Нәдір, Жеті Құдық Шу менен Таластың бойындағы жерлерді еске түсіреді.

Ала тағы басына шыққан адам шығыстан биік қыратты көреді. Жергілікті қазақтар қырат сөзінің орнына «нұра» дегенді қолданады, бұл Ұлытау қазақтарының да қолданатын атауы. Сол нұраның ішінде XҮ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ боламыз деген рулардың басы қосылған атақты «Таңбалы тас» бар. Әзілхан: «Әкем «Таңбалы тас» Керей мен Жәнібек сұлтандардың жайлауы» деп айтты», - дейді. Әрине, сөз жоқ, ешқандай күмән де жоқ! Себебі «Таңбалы тас» Сырдың оң жағасында орналасқан, ортағасырлардың атақты мегаполисі және алаш тайпаларының саяси орталығы Сығанақ қаласына қарама-қарсы тұр. Таңбалы жар аймағы Сығанақтың жайлауы десек дөп болады. Осы жерде Орыс (Ормамбет хан) хан тұқымы, Ақ Орданың соңғы билеушілерінің бірі Барақ ханның хижраның 823 жылы Ақсақ Темірдің немересі Ұлықбекке Түркістан өңірін босату туралы талап қойғаны еске түседі: «Пастбища Сыганака принадлежат мне по закону и обычному праву, так как дед мой Орысхан в Сыганаке воздвиг постройку». Хижраның 830 жылы Сығанақты қайтарғысы келмеген Ұлықбекті Барақ хан тас-талқан қылып жеңіп, Мәуреннахрдың әскерін Самарқандқа қуып тықты: «Войско, чьим лозунгом и превосходным качеством были постоянная победа и одоление, бежало и было ограблено... Все государство Мавереннахра до такой степени расстроилось, что некоторые близорукие люди хотели затворить ворота Самарканда и делать приготовления к сидению в осаде» деп жазады тарихшы Абд-ар-Раззак Самарқанди.

Ала тағы осындай ұлы оқиғалардың куәсі екендігі күмәнсіз, тек бұл жәдігерлікті зерттеу жетіспей тұр!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙