Жез бақай
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Смағұл Елубай шығармаларының басты идеясы халықтың әлеуметтік пікіріне әсер етіп, тарихи санасын оятуда жатыр. Қазақтың кеңестік дәуірде бастан кешкен нәубетті кезеңдерін асқан шеберлікпен суреттейді. Жазушының қаламгерлік мақсаты ұлттық болмысты сақтап қалу десек, артық айтқандық емес.
Әңгіме
Айтушылар: өте ерте, ертеде, ай астында адамның көлеңкесі де жоқ кезде, қазақтың кең даласында үйір-үйір киік жүреді екен дейді. Табиғаттың бейкүнә төлі — ару ерке жануарлар даланың көркі мен сәнін келтіреді екен. Ол кезде киіктер алтын мүйізді болыпты. Шабысы шығыс пен батысты жалғап, басты арқаға салып ап зырлағанда, мүйіздері ақпа жұлдыздай жарқырап көгілдір кеңістікті тіліп бара жатады дейді.
Солтүстік желі суық ызғырыққа айналып, ауа райы бұзыла бастаған. Жиі-жиі аспан шағырмақтанып, күн көзі де сирек көрінеді. Көкжиектен өре шығып түтеленген қысыр бұлт көшеді. Ертеңнен кешке дейін азынаған қара жел. Шөбі қурап, солған дала реңкі біркелкі қарасұр. Салмақты, ойлы пішінде. Үзбей соққан құрғақ желге бұта біткен теңселе бас шұлғып үн қосады. Алыс кеткен шулы жаз. Иектеп, тақап қалған қыс... Осының бәрін жүдеу, мұңлы ызыңмен ұқтырады.
Балқаш көлінің түстік қанатын алып жатқан Сарытау құм адырларына бүгінде қыстауға көшкен шопандардың алды кіре бастаған. Өткен қыстан бері тынышы серпілмеген жайын құмның ара - арасына қыбырлап тірлік еніп келеді. Қора-қора мал, адам - қараның айқай-ұйқайы жері от соны өріске келіп кіріп жатыр.
Қыс болса, құмды аймаққа ауып жалғыз шопандар қауымы емес. Ыздиған шол даланың тұяқтысы мен тырнақтысы да мекен жаңалап, сексеуілді, ықтасынды құм өлкесіне жиналады. Балқашқа құятын үлкен өзен сағасын күздейтін киіктер бүгіндері үздік-үздік топ-топ боп құмды бетке алып жайылады. Сондай бір топтың ескі мекенін тастап, алыс құмға бағыт ап шыққанына, міне, он тәуліктен асқан. Бұл үйір көктем, жаз айларында Сарытау құмның елсіз, сусыз аймақтарында жайылатын. Сусыз шөлде ел, қасқыр сирек болады. Сондай шет көз қауіп-қатерден шалғай өлкеде төлдер еді де, күзге таяу шоп басы қурап, тамырларынан ылғал тая бастағанда лақтарын шұбыртып су аяғына жақындайтын. Сарсаңды күз тұтас сол аймақты мекен етеді. Судан шалғай өрістерінің өзі екі-үш күндік жолдан аспайды. Кейбір изен, алабота, күйреуікке мол отығып қаталаған топ киік суатқа қайтқанда қиян шел, аңызақ аймақтардан құласып шауып өтетін. Өңшең шидең бұт сымдай тартылып, жараған сәйгүліктей лып-лып орғыған әсем жануарлар көз ұшында кілкіген көгілжім сағым пердесін тесіп, андыздап шыға-шыға келер еді де, алдынды қиғаштай ағып өтіп, сонау көлденең дөңде жатқан көк сағымға сүңгіп ғайып болатын.
Арқадан азынаған қара желде әлдеқайда бір алыс өлкеде жауған қар сызы байқалады. Еттері салқындаған киіктер аз ұйықтап, көп жайылады. Семіріп, жазғы жылтыр тықыр түктің орнына түбі түбіттенген жүн өсіп келеді. Сауырлары дөңгелене түскен. Күн-түн демей қозғала жайылады. Таң алды тыныш сәттерде ғана үш-төрт сағат ұйықтап алады. Ұйқыдан кейін өндіріп отығып, шөпте шықтың ылғалы тұрғанда тойынып алуға тырысады.
Үйір басы — еңгезердей салқы тос шал бас теке жортуыл - шабыста оза шауып, үйірдің алдын бастап отырады. Қалғандары соның бүкіл қимыл-әрекетін қалт жібермей өкшелеп отырады. Даланың қырық құбыл сырына текенің тәнтілігіне түгел көздері жеткен. Оның алуан түрлі пысқырысы, құлақ қағысы тәрізді тілсіз үкімдері үйірге түгел тарап, табан астында орындалып жатады.
Ұзыннан-ұзақ жүріс бұларды талай шағыл, белден өткізіп, ол шеті мен бұл шеті тай шаптырымдай тегіс алаңға алып келген. Жалаңаш алаңның орта шенінде оқшау көтеріліп домалақ төбе тұр. Киіктер қабақтан біріне бірі жалғаса шығып, шұбырып алаңға құлады. Және сол шұбырған беттерінен таймай, домалақ төбені айнала өтіп барады. Ашық алаңқай іркусіз жайдақ желден мүлдем қаңырап, жүдеу тартып тұр еді. Киік біразы мойындарын созып, төңіректен иіс тартқандай болды. Бұл ара осы үйірдің жыл сайын көктемде келіп тол салатын оңаша мекені - тін. Май айының алғашқы жартысында бұл мекен жасыл торғын жамылып, ерек гүлдейтін. Сыңсып өскен түз өскіндерінен аяқ басып жүргісіз болатын. Сол күндер — киіктер үшін ең бір қызықты күндер.
Үйір алдында самарқау ілбіп келе жатқан шал бас текенің есіне сол күндердің бірі оралды.
Үш тәулікке созылған ақ селдір жауыннан кейін май айының шақырайған ашық күндері басталған. Ылғалға мол қаныққан жер қоңы сауырына ыстық тиісімен дүр көтеріле көктеді.
Жасыл аланда дуадақтай - дуадақтай шашылып үйір киік отығып жатыр. Сайтанның баласындай селтеңдесіп екі-үш күндік лақтар жүр. Үйірден шеттеу керне шығып, тапжылмай теке тұр. Көзіне қонған сары шыбыннан мазасы кетіп, басын шайқап - шайқап қояды. Көзін бір ашып, бір жұмып мүлгитін сияқты. Бірақ бар зейіні же л мен дыбыста. Іштей сергек. Бұл төңіректің бір де бір тосын қимыл мүлт жіберер емес. Үйір бұның жел жағында. Бұл үйірдің ық жағында. Және ылғи да солай.
Буаз ешкілер жаппай төлдеп жатқан осындай шуақты күннің бірі еді. Арқа тұс алыс сайдан үздіксіз естіліп тұрған саршұнақ шиқылы кілт үзілді. Бұл құлағын тіге қойды. Әлгі шиқыл іле қайта безектей жөнелді де, «шиқ!» етіп өшті. Саршұнақ нені болса да көргенге ұқсайды. Дауысынан дабыл, сақтық сарыны байқалады.
Теке еңсесін көтеріп, басын ербите түсті. Тапжылмай қалды. Енді әлгі тұстан берегірек «әндетіп» отырған және бір саршұнақтың әжептеуір бебеулеген үнін есітті. Бажылдаған бейбақ «биқ» етіп, ол да тұншықты. Шамасы, ініне екпіндетіп жетіп, ұрып кіріп кетсе керек.
Алғы аяғымен жер тарпып пысқырып, сес білінген жаққа бұрылды. Ойпаңда бейбіт жайылып жатқан үйір дереу бастарын көтеріп алды. Түгел состиып текеге қарасты. Теке бойын жиып, тыпыршып, бірер қатты құмалақ тастады. Сес білінген тарапты назарымен ішіп-жеп бағып тұр. Әудем жерде түп қараған тасасынан қос құлақты шалып қалды. Теке тағы пысқырынды. Қаттырақ пысқырынды. Ойпаңдағы киіктер сидаңдап қозғала бастады.
Теке қос құлақ көрінген тұсқа қарай ыршып секірді. Жүгірмей, аспанға тік шапшыды. Шапшуын осылай алты-жеті рет қайталағанда биіктен жауды байқаған еді. Қашар жолын байқаған еді. Шоп тасасынан тұра қуған жалғыз қасқырды ертіп йен шөлді бетке алды. Сайдан сай, қырдан қыр асып зымғап барады. Соңынан ілескен көк тажал құлақты жұмып ап, құнтиып өкшелеп келеді. Бұл — жас төлді қорғау мақсатымен істейтін көп әдісінің бірі. Әдетте, бұның ізіне түскен жау екі-үш жал асып қуғаннан кейін тілі салақтап, қалып қоятын. Бүгінгі жаудың аяқ алысы бөлек. Ә деп қуғанда аралық отыз құлаштай еді. Содан әлі қашықтаған жоқ. Теке қапталына мойнын бұрып алып, танауы, қарғып - қарғып шабады. Қасқырдың ырс-ырс тынысын естиді. Қасқыр тынысын естіген жаман.
Бір сәт аспан түс жарыла ысқырып кетті. Қасқыр қаңқ етті. Текенің көз қиығы жер бауырлаған жауын бүктеп үстіне қона түскен алып құсты шалды. Арбиған тас шеңгелін көрді. Жер шаңы бұрқылдап жатты. Кейде дәл осы көрініс шал бас текенің түсіне де кіреді. Әсіресе қасқырдың ырсылдаған дыбысы мен имек тұмсық құстың арбиған шеңгелін жиі көреді.
Арадан екі тәулік өткенде, үйір Сарытау құмның етегіне ілікті. Арқадан үзбей соққан ызғырық соңы қарға айналар түрі бар. Түс қайта таң атқалы ұрынып сарнаған жел пышақпен кескендей тыйылды. Аспан қызыл - күреңітіп, күн көзі кіреуке тартты.
Құм етегінің тұяқ тимеген изені мол екен. Үйір біраз тоқтап шымды. Отыққаннан кейін аяқ үстінде тұрып сәл-кем қалғып алысты. Соңғы күндері еті семіз шыбыш ешкілер жаңа мінез ашып, теке төңіректейтінді шығарған-ды. Ұйқыдан кейін үйірдің ұрғашы кіндіктері шал бас теке мен биыл үшке толатын екі жас текенің төңірегіне жиналып, әдеттен тыс мінез көрсете бастады. Иісі бұрқыраған текелерді иіскелеп үстіне түсе жаздайды. Айналсоқтап қалмайды.
Екі жас теке өткен жылы осындай «жеті амалдың» кезінде шағылысқа тиіп-қашып қатысқан. Бірақ шал бас текедей алдына үйір салып науқан кешкен емес еді. Биыл бұлар өсіп, теке болды. Мүйіздері қарқарадай. Төңірегіне күлімсі иіс таратады. Бұлар да еңсе көтеріп, мықтымсып әлек.
Әлгінде сап басылған желмен бірге құм алқабы да жынынан қағылған бақсыдай сұлқ түскен еді. Жайын дала енді демін ішіне тартып, құбылмалы күн райынан тағы бір тосын мінез күтеді. Көп ұзамай арқа желі қайта кеуде көтерді. Бұта бастарында бір сарын үн оянды. Ұшқындап қар түсе бастады. Қиғаш түсе бастады.
Киіктер бастарын. көтеріп, қар иісіне тұшырқанады. Бозамық аспан төмендеп келіп жерге қабысқандай. Көз жетер жер аймағы тарылып, тақыр жоталар ғана қылаңытады. Қар желдетіп сыбап жауып тұр.
Тұмсық ұшына қонған сап-салқын қар түйірін жалап, шал бас теке табиғат өзгерісіне аңтарыла қарайды. Осындай жел оңды-солды құбылып, қар үйірген апақ-сапақ қауіпті. Көз бен иісті байлап, жөн байқатпайды. Мұндайда еті мұздаған жыртқыштары тынбастан үрдіс жортпақ. Кезіксе, бықпырт тигендей іштен кетіп араласады.
Қазір топ киік тырнадай тізіліп ызың - ызың желіп келеді. Бет алыстары — ішкі құм. Топ басында шал бас теке. Бас пен құйрықтар тіп-тік. Бөкселер биіктеу, еңсе түс еңкіштеу. Тізіле желген отыз шақты киіктің аппақ таңдары жіпке тізген ақ мақтадай. Шұбырып бір өңкей сырғып барады. Сидаң бұт ши аяқтарға көз ілесер емес. Асу-асу жондардан тізіле шауып өткенде, толқыннан толқын аса жүзген құс тізбекке ұқсайды. Соңдарынан қуалай соққан борасын жүрістеріне жүріс қосып айдай түседі. Біресе қапталдап жарысып, біресе алдына түсіп сумаң қағып қашады. Төбешік, түбірлерді айнала жиналып жатқан үрлесін қар құйрықтап өсіп шығып келеді. Жалданып, томпия түседі.
Ымырт үйіріле үдеген түтек түнделетіп айқай боранға айналды.
Ұзақ жортқан киік тобы сексеуілді қалың шағылға еніп, үлкен қырат қалқасын паналаған. Ұзақ жүрістен кейін әдетте тыныш демалыс болушы еді. Бүгін өйтпеді. Үйір байырқалаған ойпаң іші арс - гүрс қимыл. Тынымсыз қозғалыс. Небары бір жетіге созылатын маталу науқаны басталған. Күйлеген шыбыш ешкілер дені үлкен үш топқа бөлініп, үш текені жағалап жүр. Текелер қаумаласқан ешкінің бірін үйірден бөліп, ойпаңды айналып қуа жөнеледі. «Бө-ө! Бө-ө!»-лескен теке үндері жиі естіледі. Екі жас теке төңірегіне жиналған шағын топты меншіктеп, үлкен үйірге жібермей, қайырып ұстайды. Бірлі-жарым тұштақай шыбыштар зыпылдап бөліне берсе, мүйіздеп қуып әкеп қосып қояды. Екі жас теке шал бас текеге онша жақындамай, өзара аңдысады. Ұзамай сарт-сұрт соғысып та қалды. Екеуінің бөлек меншіктей бастаған топтары әлі «тәртіпке» көне қоймай, араласып кетіп, соны қайта болу үстінде екі жас теке бетпе-бет келіп қалған еді. Дереу топты тастай сап, екеуі жекпе-жекке кетті. Өліспей берісер емес. Бұқа көзденіп шегінісе беріп, мүйіздерін нысанаға келтіріп алады да, бір-біріне қарсы атылған оқтай ұмтылады.
Пәрменмен келіп керіліп салады. Екі бас ортасынан қақ бөлініп төрт болып кетердей «гүрс» ете түседі. Мойындары жұлынып кеткендей «ыңқ» етеді. Бірақ екеуі де бас аман, құлақтары тікірейіп, қайта шегінісіп бара жатады. Бір текенің кеңсірігінен жортып кеткен қан қараңғыда көзге шалына бермейді. «Бө-ө, бө-ө» деген қаһарлы дауысты асау жел қақшып алып, түн түкпірінен әкетіп жатыр.
Шал бас теке шапқылап жүріп, бөлшектенген үйірді дөңгелентіп жинап алды.
Қос теке бір-біріне тіке шаппай, енді тәсілге көшіп, айнала соғысып жүр. Тұмсығынан қан кеткен текенің сәл босаңсып сыр білдіргенін байқаған қарсыласы іле күш алып, шабуылды үдетті. Анау ес жинап үлгіргенше, тиген - тиген жерден пәрменді бес-алты соққы дарытып жіберді. Тұмсығы қанаған текенің тауы шағылып қалды. Бүйірден, іштен тиген ауыр соққыдан есеңгіреп кетті. Аяқ буындары қалтыраса да қашпады. Бір сәт соққы өкпеден тиді. Құлап түсті. Артынша бүкшиіп түрегелген. Соны аңдып тұрған қарсыласы алыстан жүгіріп кеп тағы салды. Жеңілген теке соңғы түрегелгенде, шала-жансар түрегелген еді.
Қызыл көзденіп алған жеңімпаз теке есін жиып, төңірегіне бұрылып қарады. Өз тобын іздеді. Орнында жоқ, анадай жерде шал бас текенің алдында жүр екен. Жеңімпаз жас теке танауы делдиіп, екпіндетіп үйірге араласты. Соңғы күндері меншіктеген он шақты ұрғашы топты тырқыратып үйірден қуып шықты. Жас теке тобы одағайлап, үйірден бөлініп шыға бергенде, шал бас жортып кеп бұлардың жолын кес-кестеді. Шал бас текеден әзірейілдей қорқатын ешкі - шыбыштар тырағайлап үлкен үйірге қашып тығылды. Жалаң төбе басында бетпе-бет қалған қос теке біраз тұрып, анадай шетте үркердей үрпиіскен үйірге қарай ұра ұмтылысты. Теке тегеуріннен жасқанып қалған кәрі ешкілер жалт беріп қашып еді, бүкіл үйір солардың соңынан еріп дүркірей жөнелді. Қос теке бірінен бірі озбай жарыса түсіп, иық қағысып қалт тоқтай қалысты. Тұрыстары, егер дала кең болмаса, «жүрер жолға сыймаған - ау, пақырлар» дерлік. Енді бірін бірі алға өлсе оздырар емес. Төрт тағандап, иық түйістіре тұрып, ұзақ ырғасты. Сол күйі, арбаға жеккен аттай қосарласқан күйі, ойпаң ішін шеңбер жасап айналып та шықты. Үркіп үйірдің жел ырқына түсіп жүріп кеткенінен екеуі де хабарсызды.
Әлден уақытта жалт секірісіп бас түйістіре қалысты. Танауларын пыр - пырлап сызданып айбат шегінеді. Тас тұяқтар әдеттен тыс алшайып, тығыз топыраққа шаншылған. Маңдай тірескен қалыпта көздері ұясынан шығардай шатынап, тыныстары жиілей түскен. Енді бір-бірінен көз алмастан, адымдарын санап басып шегінісе бастады.
Қарлы боран кәрі сексеуілдің шашын жұлқылап ұлып құйындатады. Жабайы дала екі иығын жұлып жеп жынданардай. Жатаған жусандар етбетінен түсіп, ұрына жер тырнап шыңғырып жатыр.
Жалғыз бөрі желді түнді тінтіп сүмең-сүмең жортады. Ауық-ауық кідіріп, тұмсық ұшын желге тосып тұрады. Іле қайта жортып кетеді. Әлі аш қарынға ештеңе іліге қоймаған. Бұндай алғашқы боранда жылы қанға жылдам тұмсық көспегеніне ызалы. Алыс өзеннің жағасындағы қалың қопа мекенін тастап, Сарытау құмды бетке алып келе жатыр. Күн суытып, қар түсті дегенше, құм өңіріне қора-қора қой енеді. Бұл одан жақсы хабардар. Қыс тамағы сол қойлардың мойнында.
Қасқыр жел бағытын кесе жортады. Сонда жел жақта бұл байқамаған аң қалмайды. Бес-алты дөң асқаннан кейін, бір апан сайтан түсе бере қалт тоқтады. Тоқтады да, дереу боранға қарсы бұрыла шапты. Тұмсығын желге тігіп ап көсіле шауып келеді. Қалың сексеуілге еніп, бүкшиіп тұра қалды. Еңсесін бір көтеріп, бір басады. Сонан кейін торғай аңдыған мысықша бүкең-бүкең желді. Көлденең қырқаға жетті де, жер бауырлап жорғалады. Ойпаңда әлдене әлсін-әлсін «гүрс» ете түседі. «Бө-ө, бө-ө» деген киіктің таныс өкірісі естіледі.
Қасқыр қырқаға иек артып, көз алдындағы жағдайды байқастап сәл іркілді. Екі текенің үр да жық соғысын өзінше «тамашалады». Текелер шегінісе береді екен де, қарсы жүгірісіп «гүрс» ұрысады екен.
Қасекең жорғалай түсті. Бұл жақтағы теке ештеңеден хабарсыз шегіншектеп таянып келе жатыр. Аралық екі секіріп жер қалғанда, азуды керіп шапшып ұмтылған. Ауызы қара санға толды. Киіктің сілтеп қалған екінші аяғы қабырғасына тиіп, сөгіп жібере жаздады. Былғап жерге ұрды. Екінші киік жүгіріп кеп селтиіп тұра қалды да, іле жалт берді. Астындағы киіктің тамағын орып жіберіп, тұра ұмтылған. Көз жазып қалды. Қашқан киік зым-зия. Олай шауып, бұлай шауып, өлтірген киігіне қайтып келді. Жаны үзіліп үлгірмеген ыстық дененің тамақ қаны әлі атқып жатыр екен.
Ел ішінде «Құралайдың күні», «Теке бұрқақ» деп аталатын қыс тоқсанның алғашқы күні осылай басталды.
Алғаш беталды қашқан теке, қуғын болмаған соң, бел асып іркілді. Кейін бұрылып тұра қалды. Жер бетін ақ жабындап қар жасырып тастапты. Түн болса да көрініп жатыр. Шалбас теке сексеуілді мекенді бір айналып өтті де, желді ықтап салды. Үйір сүзіскен текелеріне бағыт сілтеу мақсатымен башай арасы иіс безі арқылы із қалдырып жүріп отырған-ды. Шалбас теке үйіріне таң бас жара жетіп қосылды.
Борасын үш күн ұдайы ұлып соқты. Соңғы екі күнінде алғашқы түн жауған қарды тоңазытып үйірумен болды. Аспан кіреукеленіп, ақ мұнар бір серпілмеді. Қатты желден ой-шұқырларға оппа үрлесіндер іркіліп, төбелердің дүңкісі жондары қарауытып ашылып қалған. Үйір киік ылғи осындай қарауытып жатқан ыздима жоталардың үстінде жайылды.
Қыс басы осылай ұшынып басталғанмен, одан кейінгі ай қар - борансыз құрғақ суық болды. Ала қанат қарлы шағыл шартарапқа үн-түнсіз жайбарақат созылады. Иен даланың бір шетінен есінеп кірпік ашқан күн әлсіз сығырайып, қарлы қабақтардан сәл көтеріле түсіп, жамбастап құлап жатады. Сол қысқа күн қырық түрлі көрініске бай. Таң атса, өрісте мүлгіп жатқан киікті дәл қасынан естілгендей шопанның мал қайырған айқайы оятады. Сондай сарындар қысқы таңның әр тұсынан да естіледі. Сәске түсте мал шетінде жүрген түйелі шопанның қарасы көрінеді. Бақырауық түйенің әлсін-әлсін шыңғырған дауысы бүкіл өрісті басына көтереді. Жайылымға мал, адам қыбырлап ене бастайды. Кейде тып-тыныш отығып жатқан киіктердің үстінен атты кісі шыға келіп, «Бас!», «Бас!», «Айтақ!» деп айқайлап қуа жөнеледі. Өздерінен үндері зор бір қора итті шулатып іздеріне салады. Алғаш алып тастардай арпылдасқан өңшең жүндес быртық иттер екі бел аспай-ақ, «сау бол!», «сау бол!» десіп қыр басында қалып қояды. Алыс жалдан ақ таңдары жарқылдап ағып өткен киік тізбегін көзбен шығарып салады. Кеш түссе, алыстан жылтылдап от көрінеді. Жел түтін иісін әкеледі. Тынбай ит үріп жатады.
Кең жайылым түнге тарта оңашаланып, босап қалады. Киіктерден өзге тұяқты қалмайды. Оңаша түн еркін отығуға жақсы. Осындай бейбіт түндер мен күндер қыс ортасына дейін ғана созылды.
Бір күні тізеден қар жауды да, соңы қақаған шыңылтыр аязға айналды. Қар беті көпіршіктеніп қата бастады. Арқадан күн-түн демей үскірік қара жел үрледі. Күн суытты.
Аспан бұлтсыз ашық, тап-таза. Қызыл құлақтанып көрінген күн жылусыз суық сәуле таратып алыстан сығыраяды. Ауа ызғары әрқашан ашыққанда өткір. Алғаш бірер күн тебін ашып жайылған киіктер жәйі бара-бара қиындай түсті. Қар астындағы тырбық изен мен жусанды ашу енді мұз ойғанмен бірдей. Күн санап қатайған беткі қабыршақ қалыңдай түсіп, тұяққа әл бермес сіреуге айналған. Жайылу өз алдына, қозғалып жүрудің өзі ауыр. Қардың қатқыл беті сирақ терісін қажап, қанатып тастайды. Шашырап әрқайсысы өз бетінше жайылудан қалған. Бірінің ізінен бірі жүреді. Бірінің тауып ашқан жусанына бәрі жабыла кетіп, түбіртегіне дейін кеміреді.
Соңғы күндері жайылымға өрістеп мал шыққан жоқ. Бақырауық түйе мінген шопан көрінбейді. Мал қайырған айқай естілмейді.
Шалбас теке өз өмірінде бұндай қақаған аязды кездестірмеген. Қанша суық болса да, қар беті бүйтіп тұтасып қатпайтын. Бұдан да қалың қарларда оп-оңай тебін ашып, жайылып күнелте беретін. Бұл тосын жәй небары төрт-бес күнде-ақ киік үйірін сенделтіп тастады. Кәрі-құртаң арық ешкілер әлден сыр беріп, әлсірей бастаған.
Қалың түн еді. Алыс-жақын бұталар қарауытып ербиеді. Ыздиған салқын аспанда қалтырап тоңған санаулы ғана жұлдыз бар. Үйір қыстауға жақын қорықта тебін ашып отығып жүрген. «Сауар мал, мінер көлікке» деп әр шопан үйінің бір жақ шөбін малға бастырмай, таза ұстайды. Ол маңда әрқашан бірер тұсаулы ат пен сиыр жүрмек. Сондай қорыққа кеп түскен үйір жер түртпектеп тебін ашып, қыбырлап қозғалып қыстауға таяу келіп қалған. Бұрқ етіп танауларына бір иіс келді. Түгел бастарын көтеріп-көтеріп алды. Жел жақын арадан қураған пішеннің құнарлы иісін үйіріп жеткізіп тұр. Көз алдарынан жасыл шалғыны жайқалған сулы сай көлбеп өтті. Аш киіктер танау делдите тұшырқанып, иіске қарап қозғалды. Иіске жақындаған сайын өзге де сыры беймәлім жат иістер молайды. Сырын білмеген жанды әруақытта қауіп күту шарт. Дегенмен, құрғақ пішеннің аңқыған иісі ештеңеге қарайлатар емес. Алға сүйрей түседі.
Оқиға желісі мен шешім
Қыстау қазан шұқырда екен. Үйір ошарылып токтай қалысты. Қауіп-қатер байқала қоймаған соң, берігірек шом боп үйілген шөпке таман ақырын басып қозғалды. Шалбас теке бұрынырақ жетіп шөпке бас қойған. Іле лып секіріп кейін ырғып шықты. Одағайлап соңына қарады. Шөптің бір жағында кебеже қарын ала сиыр пішенді күтірлете күйсеп тұрған. Селтеңдесе қалған киіктер қашуға дайынды. Бірақ ала сиыр бұларды қаперіне де ілмей, бейжай шөбін күйсей берді. Шалбас теке бастаған үйір бір-біріне жалғаса еріп шөпке кіре бастады.
Таң атты. Үй төбесінен жіңішке шұбалып түтін шықты. Сыртта адам көрінеді. Адам бермен қарай жүрді. Киіктер қашпай, жайыла берді. Адам үй мен шөптің дәл ортасына жетті де, шошайып біраз тұрды. Сосын жүгіре басып үйге кіріп кетті. Үйден екі адам боп шықты. Екі адам бермен қарай жүрді. Үй мен шептің дәл ортасына жетіп олар да іркілді. Аңтарылып біраз тұрды. Сосын екеуі ақырын басып кейін қайтты. Соңдарына жалтаң-жалтаң қарасып барды. Киіктердің шөбі мол жылы орыннан кеткісі келер емес. Үй, қора жаққа ауық-ауық қарап қойып, пытыр - пытыр жайылып жатыр.
Күн шықты. Үй сыртында адамдар көбейді. Қораның бір бұрышынан құйрығын бұлғаңдатып төрт аяқты жау көрінді. Киіктер бір-бірін пысқырып хабарландырып, дереу даланы бетке алып ойысып шыға берді. Жау көріп қалды. «Ауф» деп саңқ ете түсті де, тұра ұмтылды. «Жат!», «Әй, жат!» деген адамның қаһарлы дауысы естілді.
Иттер енді біреу емес, бірнешеу боп аңызда қуып берді. Бұларды алғаш көрген жүндес қара ала шырқап жұрттан бұрын жетті. Аштық меңдетіп әлі құрыған кәрі ешкі ылғи кейіндей беретін. Қара ала соны шаптан көтеріп жығып алды. Кейінен жеткен екі ит те оған болысып киікке жабылды.
Салпаң құйрық қара әлгі киікті тастай салып, үйір соңынан қайта қуып келеді. Сирағын қар қиып ақсаған әлжуаз шыбыш бауыр жазып шаба алмай, қарға омбыққан қояндай құр секіре берген. Қара аланың көзі соған түсті. Үйірден бөліп алып қалды. Айнала қуып қарға омбықтырып, оп-оңай ұстап алды. Шалбас теке көз қиығын салса, төбет шыбышты өлтіре алмай, ойдан - қырға сілкілеп сүйреп жүр екен.
Киіктер беталды лағып барады. Бір қараса, жүндес қара шыбышты тастай сап, құнтиып тағы қуып келеді. Шалбас теке үйірді алдына сап оздырып, өзі кейіндей берді. Жүндес қара «арс» үріп, даланы бөрліктіре далақтап келеді. Бұл бетінде үйірге қазір-ақ жетіп араласатын түрі бар. Араласса, арандататын түрі бар.
Шалбас теке бұрыла сап, мүйізін жүндес қараға қарай оқтады да, шапшып дүрсе ұмтылды. Қарқара мүйізді аптал текенің табан астынан өзіне қарсы ұмтылып келе жатқанын көргенде, жүндес қараның зәресі ұшып кетті. Құйрығы қақшаң етіп, қапталға тайқып түсті. «Мына киік жынданған ба?» дегендей алғаш ойысып қаша түсті. Сөйтсе, текенің де қуатын құлқы жоқ екен. Жалт беріп, жортып барады. Дәл осы арада Қара ала сұрапыл ашу шақырды. «Бұл тәлкегіңе мен көнбеспін!» дегендей кіжіне байбаламдап қайта ұмтылды. Тұмсық кіржите тіс көрсетіп, ашумен бас салды. Осы бетіме енді ешкім шыдамас деген іш есебі байқалады. Сөйтсе, мына теке - дағы әккіс боп шықты! Басындағы аша таяғын ыңғайлап, тағы ұрғалы келеді. Бұл өзі таяқты қатты «сыйлайтын». Сондықтан «ашуды» қойып, тағы да ығыса қашты. «Бас амандықтан не артық дейсің?!» Теке ұмтылса, қашады. Қашса, қуады. Ауыл жақтан атой салып екі ит жеткенде, шалбас теке оқыс шабыс ашып, бетті қиян шөлге түзеді. Арсылдасқан беймаза жауды үйірден адастырып әкетті.
Үйір үлкен жолға түсіпті. Бірақ шабысын әлсіретпеген. Қары тапталған жол шабысқа жайлы. Көптен бауыр жаза алмай діңкелеген киіктер тұяғы жолға тиісімен еркін көсіледі. Бұл құмды жарып өтіп қыстау аралайтын үлкен машина жол еді.
Үйір соңынан қуып жеткен шалбас текенің көз алдына жабылып ит талаған кәрі ешкі келе береді. Жан ұшырып қашуға ұмтылған ешкіні құйрықтары шошаңдаған төбеттер бір жіберіп, бір жығып азаптаған-ды. Одан кейінгі — салмағы жеңіл шыбышты жығып ап ойдан - қырға сүйреген сәті, құтырынып алған Қара аланың жан аямас жауыз кейпі, еркіне тисе, бәрін де мылжалап әлгідей ойдан қырға сүйреп өлтірмек пиғылы, бұл оған жер тарпып қарсы шапқан кездегі құты қашып жалт берген оның бейшара қалпы көз алдынан кетер емес.
Шөбі бұзылған киік тобы шамалы уақта байыз таппастай үркіп келген. Азулысы жабылып көрінер көзге тақымдап қырып салған қатыгез мекеннен біржола шошынып, осы екпіндерін ірікпестен өріс жаңаламақ. Бейбіт тыныш өлке іздеп барады. Құлақтарында — бес-алты белден асыра қуып тастаған төбеттердің «Аулақ!», «Аулақ!» деп арсылдасқан дауыстары. Онан сайын ажалынан қашқандай тырағайлай түседі. Қарсы беттен үргін жел тұрғыза жүйткиді. Шытынаған шұнақ аяз екілене ойнақшып, құлақ, тұмсығы ап - ащы уытын жаяды. Жүгірген сайын үлкен жол шұбалаңдап қаша түседі.
Соңдарынан әлдене сарын естілген. Бір сәт дыбыс иесі өкшелеп келіп қалыпты. Бұларға тұңғыш кезігіп тұрған мүлдем жаңа нәрсе. Бір тәуірі, жауға ұқсамайды. Сақылдаған тісі, қанталаған көзі жоқ. Және әдеттен тыс үлкен. Бұрын бұндай жауды кезіктірмегендіктен де, киіктер бой салып қашпады. Алғашқы қарқындарын өзгертпестен, жолдан шықпай, көсіліп шауып отырды. Дауысы да соны абажадай ірі нәрсе дөңгеленіп ерді де отырды. Анда-санда «беп!» «беп!» деп қояды. Киіктер өздері әбден шаршағаннан кейін, жолдан шығып алды. Нәрсе және бір «беп!» деп қойды да, өз жөнімен кете барды.
Баяу жылжып тағы бір саһра түні келді. Киік үйірі қалың адыр арасына тоқтаған. Төңірек -түс елсіз - шусыз. Құлаққа ұрған танадай тыныштық. Бұта басын қозғаған болмашы жел ызыңынан өзге дыбыс жоқ. Бұл киіктерге ұнайды. Өздерін қоршаған дүние неғұрлым бейжай, неғұрлым тыныш болса, бұлар да соғұрлым еркін, соғұрлым азат.Әр уақ тыныш нәрседен жаулық шықпайды. Оны тағы тірліктің тарнау - тарнау жолдары үйреткен. Шартарапқа созылып жататын жер бедері, төбеден төніп кеп қарап тұратын кең аспан, өздерінше өсіп-өніп жататын ербең құлақ бұталар. Осылардың бәрі де тыныш. Ешкімге тиіспейді. Бірден-бір сенімді достар.
Кесапат жуықтарда, ылғи осынау ұйыған тыныштықты шайқап жуықтайды. Төңіректен тыныштық қашып, оның есесіне жау килігеді.
Үйір ықтасын ойпаңда байырқалап оңаша жайылып жатыр. Кейбірі тұрған жерінің қарын тырнап ашып, жатуға қамданады. Жайылмай не жатпай, тыпыршып жүрген егіз лақ. Бүгін таңертең ит тартып өлтірген кәрі ешкінің көктемгі лақтары. Енесін жоқтап, үйірдің ол шетіне бір, бұл шетіне бір шығады. Жұбын жазбай қосақталып, әр ешкіні бір иіскейді.
Түрегеп қалғып тұрған шалбас текенің құлағына ыңыранған алыс бір сарын жетті. Байқастап зер салса, бүгінгі іздерінен қалмай «беп!», «беп!» деген нәрсенің таныс сарыны. Қатерсіз бейбіт пиғылды мақұлықтың дыбысы да жағымды. Шошытып не сескенткен жоқ. Қалғып тұрған күйі көзін ашқан. Қою түннің түстік шалғайын ауық-ауық серпіп тастап бір жарық көрінеді. Сарын да сол тұстан естіледі. Және кем - кем жақындап келе жатқанға ұқсайды. Қорықпай, сескенбей тұруының бір себебі бұл жарықты, отты о бастан білетін. Оның мүлдем қауіпсіз құбылыс екеніне көзі жеткелі қашан. Отты алғаш көргенін де ұмытпайды.
Бұл бір өте ертеде болған еді. Теке ол күндерді еміс-еміс біледі. Шаранасына оранып сап-салқын жерде жатты. Енесінің жып-жылы тілі тұла бойын түгел айналып жалап шықты. Көзін де жалап ашты. Кең дүниені тұңғыш сонда көрді. Жұп-жұмсақ жасыл шөптің үстінде жатыр екен. Алыс-жақын жасыл қырларды көрді. Үстіне түсіп еміреніп тұрған ана киіктің ұзын серек аяғының арасынан кенеуі кең әлемге жылт-жылт көз тастады. Ештеңені ұғар болмады. Жерден еңсесін көтеріп емуді ғана білді. Буыны әлсірегенде тұрған орнына жатуды ғана білді. Одан өзге ештеңе білген жоқ-ты. Ана киік бұны жалғыз тастап, жайылып кетеді. Бұл аш болса, емеді. Қарны тойса, ұйықтайды.
Әлден уақытта төңіректі көлеңке басты. Сап-салқын самал есті. Бұл қорқып бұға түсті. Иегін жерге төсеп көжек секілді бұғып жатыр. Төне берген қауіптен құтылудың әзірше бұдан өзге тәсілін білмейді. Анадай жерде аспай-саспай шытыр теріп жеп жүрген енесінен көз айырмайды. Оған қалай жетудің жолын білмейді.
Сұмдық сұрапыл кенеттен басталды. Қарауытқан аспан дәл төбесінен қақ айырылып, шатыр - шатыр ете қалды. Алыс-жақын белестер аппақ боп кетті. Бұл бұғып жатқан жерінен шегірткеше секіріп кеткен. Алғашқы шабысы еді. Аяқтың қашуға керек екенін сонда ұқты. Сол уақиғадан кейін де жарқылдауық аспан оттарын көп көрген. Мына жақындап келе жатқан түнгі жарықты да соның біріне балап тұр. Тек аспан отының көктемде емес, қыста бейуақытта көрінгеніне сәл тосырқай қарайды. Жарық біресе ұзарып аспанды сипап, біресе дала үстіне ет беттей қап, оңды-солды аунайды.
Гүріл қыр астынан естілді. Онсыз да мазасызданып тұрған егіз лақ үйірден шеттеп шығып елеңдесіп қалды. Қайтсе де ұшты-күйлі жоғалып кеткен енесін көргісі келеді.
Теке елең ете қалды. Манадан бері ойпаңның үстінен онды-солды аунақши берген шұбалаң жарықтың жалт етіп көзі көрініп еді. Азынап дыбысы да анық естілді. Нәрсе қырқаға көтерілді де, сылқ тоқтады. Дауысы енді ышқынбай - жұлқынбай, жәй «қыр-қыр» етіп тұрды. Қашуға болар еді, бірақ бейтаныс нәрсе не ұлып, не үрмейді. Жарық көзі «назарын» тайдырып әкетті. Тас қараңғы далаға түскен ұзынша жарық аппақ қар бетін жолақтап барады. Су бетіне түскен күннің қияс шұғыласындай. Ұзынша жарық төңіректі бір айналып, киіктердің екінші жағынан жылжып келеді. Тосын көрініске бәрі де үрпие қарасып қалған. Шұбалаң жарық сырғып кеп маңайдың бұта, төбесін түн ішінен бір ашып тастады да өте шықты. Өте шықты да, кілт тоқтады. Кілт тоқтап, кейін сырғи бастады. Дәл үйір үстіне кеп іркілді. Киіктер жарыққа қарсы бұрылып, әр жерде қадау-қадау селтиіп қалған. Көздері жап-жасыл, шөлмектің түнгі сынығында жарқырайды.
Жарық тапжылмай шақшия қадалып алған. Нәрсенің гүрілі қайтадан күшейіп, бермен қозғалып жүре бастады. Аралықтағы бұта бастары біресе ұзарып, біресе қысқарып секеңдеседі. Әдеттен тыс ұзын тұра көлеңкелер пайда болып, олай бір, бұлай бір шығып бұлтақтап жүр.
Қадау-қадау қалшиып тұрған киіктерге қозғалыс енді. Құйрықтарын шипыңдатып, ерсілі-қарсылы қимылдай бастады. Кейбірі таңдары жарқ етіп сырт беріп жүре түседі де, жарыққа қайта бұрылады. Қос жанары жасыл гауһардай құбылады. Қимыл-қозғалыстарында ештеңенің мәнін жете түсінбеген жұмсақ дағдарыс бар. Мұндайда алғашқы белгі шалбас текеден болар еді. Кәдуілгі «сақтаныңыздар!» немесе «қашыңыздар!» іспетті мағына білдіретін бұйрық - пысқырық естілмеді. Теке жағдайды қауіпсіз деп бағаласа керек. Тұтқиылдан қауіп төне қалғанның өзінде, мына жарықтың шарапатын көрмек пиғыл бәрінің де көкірегінде бар.
Төбесінде оты жарқыраған абажадай нәрсе бұта біткенді пашырлата сындырып, ыңыранып таяп қалды. Тынысқа жәйсіз май иісі тарады.
Шалбас теке пысқырып жіберіп жалт бұрылды. Осы сәт от сөніп, дүние тас қараңғылана қалды. Аяқ жолы тұрмақ, киіктер бірін бірі көре алар емес. Өзара соқтығысып, ілгері-кейін жүйткіп шабады.
Жарқ етіп от қайта жанды. Тоқтай қалған теке көзі жарыққа қарсы ұмтыла берген үйірді шалды. Үйір алдында сенімсіздеу ыршып - секіріп бүгін енесінен айрылған егіз лақ барады. Май мен түтін иісі аңқыған нәрсенің дәл жарық көзінің алдына жетіп барған лақтар көлденең тартып тоқтай қалды. Көлеңкелері ұзарып кетті. Егіз лақ сәл үркіп кейіндей түсіп, құлақтарын қозғап абажадай нәрсеге қарап, мойындарын созып-созып қояды.
Май мен түтін иісі аңқыған нәрсе үстінде қарбалас қозғалыс туды. Қысыл-таяң, күбір-күбір үн шығып, әлдене сыртылдады. Сыры беймәлім жарық көзінің дәл түбінде тұрған егіз лақ тыпыршып селтеңдесе қалған, одан беріде үш ешкі жер иіскелеп соларға таман қозғала түскен; олардан аз кейін тұрған шоғыр үйір жөн таба алмай сеңдей соқтығысады, бәрі де жарықтың аясына жиналған. Кенет құлақты тұндырып аспан қақ айырылды. Жарық алдында түтін бұрқ етті. Егіз лақтың бірі көкке атқып ұмтылып бара жатты. Теке де секірген. Бір шолғанда әлгі лақ жер сүзіп құлаған екен. Сөйткенше тағы гүрс етті. Гүрсіл біріне бірі ұласты. Жер иіскелеп бейқам жақындай берген үш ешкінің үшеуі үш тұсқа шалқалап құлады. Топырласқан үйір ортасында көзі ақшаңдап көкке шапшып жүргендер, ет беттеп түскендер көрінді. Аспан астын отпен түтіп керелегендей. Аяқпен қуып, азумен айқасар жау жөні бөлек - ті. Онда қайтсе қырыларын түсініп тірлік ететін. Мына жаңа жау жай тұрып-ақ жусатып барады. Серіктерінің бірінен соң бірінің ышқынып құлаулары да түсініксіз. Сөніп - жанып, сөніп - жанып ойнақшыған лаңды жарық көрсоқыр ғып естен тандыра түседі. Бір құлаған киіктің жан ұшырып тыпырлаған аяғы жарыққа ақ кесек қар ұшқындатып жатыр.
Теке бөліне қашқан бір топқа ілескен. Азуы көрінбей қырған жаудан қашты. Әрқашан қашу мен бас амандық егізді. Бірақ бүгін оңбай шатасыпты. Жарық көзі — пәле көзі болмаса не қылсын!
Қапталдасып келе жатқан бір ешкі омақасып кетті. Құлауынан тұруы тез болды. Ебедейсіз шапшып секіріп, жалғыз шығынып барады. Алда жарық түспей тұрған қараңғы терең сай бар еді. Топтан безініп озып кеткен жалғыз ешкі сол сайға жетіп құлапты. Үстінен үйір дүркіреп шауып өткенде, жалғыз киік тұрайын деп ұмтылып еді, қайта құлады. Шалбас теке айналып кеп тоқтай қалды. Тоқтай қалып, бүйірін соғып жатқан ешкіні иіскеді. Ешкі дірілдеп жатыр. Үп-үлкен қара көзі жәутең-жәутең етеді. Теке үйірдің соңынан қозғалғанда, жалғыз ешкі тағы да ұмтылып, тұра алмай құлаған.
Үйір қараңғы жылғаға түсіп ап, бүкең-бүкең желіске көшті.
Жарық іздерінен қумады. Ол тұстан дабыр - дабыр үн естілді. Киіктер қараңғыға әлі де көздері үйренісе алмай, кібіртіктеп келеді. Әлгі арс - гүрс құлақтарынан бір кетпейді. Маңайын қоршап, аяқтарын қия бастырмай ойнақшыған, от иісі бұрқыраған будақ-будақ көк түтін, тапжылмай тұрып тарсылдата беретін құбыжық нәрсе, тиген - тиген жерде жайрап, берекесі қашқан үйір — шалбас теке жарық дүниеге келгелі бұндай апатты кездестірмеген еді. Бұндай апат болады деп күтпеп еді. Төңірегін толтырып дүсірлеп шабатын үйірден қазір бір-ақ тұтам қалған. Шүлдіреп жалғыз соқпаққа сыйып келе жатыр.
Қараңғы сайда қалған ешкінің жаутаңдаған жанары көз алдынан кетпейді. Теке ешкіні жалғыз қалдырғысы келмей, алғаш айналшықтап тоқтап еді. Бірақ оған жәрдемге дәрменсіз екенін ұғып, қайта жүріп кеткен. Сонда ешкі бұның соңынан қарап қалған. Қап-қара үлкен көзі жәутеңдеп, әсем сұңғыла мойнын созып, ұмтылғысы келген. Оның неге қараңғы сайда құлағанын теке түсіне алмайды. Әйтеуір, бір кесапатты халге ұшырағанын болжайды. Жарық түспейтін қараңғы жылғаны бойлап қаша түсіп, өкшелеп ешкім қумаған соң, жай жортаққа көшкен. Қауіп артта, түн түкпірінде қалғандай еді. Маңдай алдағы үлкен биік домалақ төбенің бергі бетін ланды жарық тағы сүйкеп өтті.
Теке пысқырығы естілді. Саудырап жортқан шағын топ бұрыла сап кейін қарай серпілді. Ойнақшыған от пен түтін тағы да алқалап қамағандай бөрлікті. Манағы болған уақиға көз алдарына елестетіп, қырдан қырға қарғып өтіп жарық жүр. Қос қапталдың, арқа тұстың биік жоталарына лып-лып қонып, бұларды шарқ ұрып іздейді. Бірақ жарық көзі көрінбейді.
Шалбас теке топ алдында. «Бас сақтаңдар!», «Қашыңдар!» деген шолақ бұйрық -пысқырығы жиі естіледі. Шағын топ текені өкшелеп, онан сайын жүйтки түседі. Әлгінде жүріп өткен жылғамен тұп-тура кейін шауып келе жатыр еді. Сол қарқынмен жылғадан секіріп-секіріп шыға келгенде, қарсы алдында отты көзді манағы жау бақшия қарап тұр еді. Басқа ұрғандай қалт тұра қалған киіктер жарықтан назар тайдырып бұрылғанда, төңірек тас қараңғы бола қалды. Шалбас теке де жауға сыртын беріп қашуға ұмтылған-ды. Аяқ астында жап-жарық көрініп жатқан жер кенет лып ғайып болды. Іле үркіп кейін секірген. Ол тұста тас түнек. Жер көрінбейді. Секіргелі созған аяғы ауа қармай береді. Шабамын деп шоқалақ атады. Осы арада манағы сұрапыл гүрсілдер қайта жаңғырықты. Аспан шатынап сынып, «тарс-тарс» айырыла бастады. Қолқаға түтін иісі ұрды. Көз алдына қызыл-жасыл шеңбер ойнатып от есіреді.
Текенің жаны қыдырып, ілгері-кейін жүгірді. Көзі көрмегенмен, үйірдің де осындай күйге ұшырағанын біледі. Былқ еткізіп әлденені басып кетті. Құлаған киік денесі. Теке беталды ұмтылды. Қайда ұмтылғанын көрмесе де, азат кеңістікке шықпақ мақсатпен шапшып ұмтылған. Әлденеге сылқ соқты. Салмақты қатты нәрсе екен. Сүйегі үгітіліп кете жаздады. Денесін жау шеңгелі қармағандай болды. Теке жан ұшырып қатты ытырынды. Құлақ түбінен аспан жарылып, түтін сасып кетті. Ытырынып, өз-өзін беталды лақтырғанда, әлуетті төрт аяқ сары жайдай серіпті. Танауды көтеріп, кірістен шыққан сүр жебедей зырлады. Денесін қармаған жау шеңгелі, сәл кідірсе, сәл шабыс кемітсе, тарпа бас сап сүйегін мүжігелі төніп келе жатқандай. Емініп, енді-енді ұстағалы келе жатқандай. Тас бақайлар жерді анда-санда бір іледі. Жолшыбай алдында тұрған бұтаға періп кетіп, сатырлата қиратып өтеді. Көзсіз сілтеген құлаш бір сәт гүп етіп үргін қарға түсіп, омақасып кетіп, он домалады. Сол қарқынмен тұра сап өршелене жүйткіді. Күн аязы әсерін жоғалтқандай. Танауынан ыстық демі құшақ-құшақ будақтап, денесі жіпсіп, бусанып алған.
Жалғыз шауып белден өтті. Жайдақ даладан өтті. Бірде байқаса, аяқ жолын көріп келеді екен. Дөңгеленген көкжиек те, дүңкиіп жатқан дөңдер де көрініп қалыпты. Бұл сәт төңіректі аққұйрық сәуле кезе бастаған таң алды еді. Теке шабысын іркіп, бұрыла сап кейін қарады. Бас жарып атып келе жатқан таң астында, көлденең тегістеліп қарауытқан көкжиектің бергі көлеңкелі етегінде сығырайып қос от көрінді. Ноқаттай боп қана көрінген қос от қиялай жортқан аң көзіндей жылжып, бұл өлкені тастап кетіп бара жатты.
Теке сол алыс қос оттан көз алмай қарап тұрды. От жылжып барып тасаға түсіп ғайып болды. Соған ұқсас жылтырауық оттар қазір қаракөк таңғы аспан бетінде де көп. Таң үстінен сәл биіктеу жарқыраған жалғыз жұлдызға, одан кейін биік аспан өрінде тұрған бір шоқ жұлдызға назары іркіліп өтті. Соңғы көргені Үркер - тін. Енді жылжыған от көрсе, қашар.
Теке өз жолына түсті. Ақырын аяңмен келеді. Жүре түсіп тоқтады. Соңына тағы бұрылып қарады. Айқындалып келе жатқан теп-тегіс көкжиектен өзге, алқара көк тартып келе жатқан жайын даладан өзге ештеңе көрінбейді. Қар бетінде сайрап өз ізі жатыр. Сүйретіле шұбап жатыр.
Жүріп-жүріп кеп, бір түп қарағанға маңдайын тіреп байырқалап еді. Ұйықтап кетіпті. Көзін ашса, түс ауып қалған. Денесі тоңазып, қарны әбден ашыпты. Тұрып үстінің қарын түсіріп, сілкініп алды.
Тоқтаған жері алаң. Қос қапталы мүйіс. Шығыс тұсы ғана ашық кеңістік. Солай қозғалды. Тұяғы қар сызып ілбіп жүріп отырды. Түнде үйір қалған төңірек үстінде ұшып-қонған қарғалар көрінеді.
Теке таныс жылғаға кеп түскенде, сай табанында үймелесіп отырған мың сан қарға үркіп ду көтерілді. Даланы бастарына көтеріп қарқылдасады.
Түнде жалғыз ешкі қалған орынға жақындады. Ешкі орнында екен. Теке желе жортып жетіп келді. Жетіп келді де, состиып тоқтай қалды. Ешкінің ішін, кеудесін үңгіп әлдене жеп тастапты. Көз орнында үңірейіп қос үясы қалыпты.
Теке үйірінен ажырасқан жерге келді. Осы маңайды аралап шарлап шықты. Үйір де жоқ, иіс не із де жоқ.
Теке ілбіп беталды қаңғып кетті. Қар бетінде сүйретіліп жалғыз ізі ғана еріп отырды. Қарсы алдында оқшау бой салып Домалақ төбе тұрған. Теке жылжып соның басына көтерілді. Ең ұшар биігіне шығып тоқтады. Бұл төбе — жыл сайын көктемде етегінде ешкілер төлдеп жататын Домалақ төбе екенін еске түсірді. Бір ауық сол көктемнің құлпырған бір сәті елестеді. Бірақ ол елес жылт етіп тез өшті.
Төңірек мелшиген қарлы суық құла дүз. Қар жамылған сіреу дала жым-жырт созылып, тұс-тұсқа шалқалап ұзап барады. Ұзап барады. Кең дүниеден тірлік атаулы үдере көшіп кеткендей. Меңіреу суық жапанда жалғыз текеден өзге жан баласы қалмағандай. Мылқау тыныштықтың жалғыздықтағы осыншалық үрейлі сұсын сезінді. Кең әлем қапасқа айналып, төңірегін қоршап, біртін-біртін қорқыныш тудыра бастағандай. Ылғи қасында тысыр-тысыр жайылып жүретін серіктерін аңсатқандай.
Боз аспаннан сыпылдап бір жалғыз құс ұшып өтті. Сол құстың қанатының суылы селт еткізген. Қайдан келіп, қайда барары белгісіз қаңғыбас құс ұзаған сайын нүктеге айналып, сұрқай көкке сіңіп көрінбей кетті.
Жалғыз киік орнынан әлі қозғалған жоқ. Биікке қойған тас мүсіндей мелшиіп тұра берді.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру