Мазмұнға өту
Home

Мейрамның асы - бәленің басы

Мұстай Кәрім

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Мейрамның асы - бәленің басы

Мұстай Кәрім — «Мейрамның асы - бәленің басы» (Көркем әңгіме). МЕЙРАМНЫҢ АСЫ - БӘЛЕНІҢ БАСЫ

әңгіме

Бүгін мейрам. Құрбан айты. Көптен бері күн сайын жақындай түскен осы мерекенің сиқыры бар жанымды арбап қойғандай. Оның шапағы шалғай көкжиектің сонау шетіндегі ақша бұлттарға шағылысып ойнаған таң нұрындай көңілімді шарпығаны қашан. Күн әлі шықпағанымен төңірек жап - жарық. Дәл осылай келеді құрбан айты. Шыған шалғайдан баурап алады.

Өткен түні ұзақ ұйықтай алмадым. Ойым сан саққа жүгірді. Мереке күні жер-дүние кенет кереметтей құлпырып, өзгеріп кететін сияқты көрінді маған Үлкен шешем айтқан ертегідегідей, от пен су қосылып, қасқыр мен қой араласып, бір өрісте жүретін секілді, жауыз жақсыға, дұшпан досқа айналатын сияқты. Бұған өрі қуанамын, әрі қобалжимын. Қойларды аяймын. Абайсызда соларды қу қасқырлар алқымдап кетпегей - дағы. Жазатайым су сөндіріп тастай ма деп отқа да жаным ашиды. Достарды ойласам да көңілім байыз таппайды. Дұшпандар қастандық жасап, қырып тастай ма деп қорқамын...

Әйтсе де қуанышымның шегі жоқ. Ең алдымен қуанатыным - қара мақпал тақия мен резеңке кебіс. Қалаға үн сатуға барған Мұртаза ағам мерекеге тарту алып қайтқан. Неше күннен бері сол тақия мен кебіс менің тықыр басымды, күс-күс аяқтарымды күтіп түр. Күте берсін! Мен де оларды көп күттім. Бұған қоса Үлкен шешем маған лайықтап ақ жолақ тартқан қызыл кенептен қос қалталы шалбар тігіп қойды. Орайы келгенде айта кетейін, осыдан қырық жыл өткен соң осындай қынамалы қызыл шалбар киген әсемпаз жігіттерді мен Еуропаның ең әйгілі қалаларында өте көп кездестіргенмін. Ә - ә, бізге де еліктейтіндер бар екен-ау дегенмін сонда ішімнен, біз мұны сіздерден бұрын киіп, тоздырғанбыз, модасын оздырғанбыз! Әйтсе де Еуропа шалбарларының өңі біздікіне ұқсағанымен, тауары төмен. Қолыма ұстап, мұқият тексеріп қарағанмын.

Бір адамға осынша дүние, осынша жаңа киім-кешек алады екен - ау деп таңырқайтын шығарсыздар, бәлкім. Таңырқарлық, таңданарлық жай. Анау кермеде көгеріп тұрған не? Боран Абдулланың Шәрифасы тігіп берген көк көйлек - қиық жағалы сәтен көйлек еді. Осы мерекеге мені бастан-аяқ мұздай киіндірді. Қызық, үстіңе өсем киім киген соң көңілің шайдай ашылып, көркейіп кеткендей боласың біртүрлі. Мен көшеге осылай іші - сыртым жалтырап шықпақпын. Мейрамның қызығы көшеде болады. Үйге сыйған мейрам мейрам ба.

Менің тағы бір қуанышым, ең зор қуанышым бар. Іште сақтайтын - ақ сырым, бірақ кісі мұндайда шыдай ала ма? Айтып салғасын, айта берейін енді. Мен Ақманайда ат жалдап қайтқан соң кешке таман Үлкен шешем екеуміз көк дөненді тарантасқа жегіп, Сайран ауылындағы оның күйеудегі үлкен қызына - менің Ғайнижамал әпкемнің үйіне қонаққа бармақпыз. Жолда тарантасқа отырып, көк дөненнің делбесін өзім ұстаймын. Бұл жұртқа қыр көрсеткенім. Сайранда Үлкен шешемді де, мені де "Қонақ жігіт" деп үйден – үйге тамаққа шақырып, төрге шығарады. Төрде талай отырғам, оған мығыммын. Мына құлпырған қара мақпал тақия, резеңке кебіс, қызыл шалбар, көгілдір сәтен көйлек сайрандықтарға кім екенімді өзі – ақ айтар. «Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек» дейтін кейде Үлкен шешем. Сол рас, сезетін шығарсыздар, патша баласы секілді шоқтай киінуім кімнің арқасы? Үлкен шешемнің арқасы...

Құрбан айтқа жиналғандар әр жерде тоқтап, тәкбір айтып, Төменгі көшеге, мешіт жаққа өтіп кетті. Менің әкем де шығып, соларға қосылды. Ертеңгі шай айт намаздан соң ішіледі. Біздің үй бүгін тары бөкпен пісірген. Үлкен шешемнің қолы тисе, одан май тамып тұрады. Мейрам қандай тамаша!

Су жаңа шалбарымның бір қалтасына шекілдеуік, бір қалтасына қақталған мойыл толтырып, қақпа алдына шықтым. Ауыл төңірегінен сілекейіңді ағызатын хош иіс аңқиды. Әркім шама - шарқынша таба қыздырып жатыр. Жыл бойы ағарған көрмеген үйлерден де бүгін шыжыл - быжыл шығады. Біреулер бөкпен, екіншілер құймақ, үшіншілер май шелпек, төртіншілер майлы көмеш пісірген. Осы жеңіл - желпі тағамдардың иісімен аралас піскен ет иісі бұрқырайды. Кеуде кере тыныс алған сайын сол иістен есің кете жаздайды.

Тас төбемнен қарлығаштар самғап өтеді. Көк майсада торғайлар секіріп жүр. Тіпті құстар да адамдардың мейрамын мерекелеп жатқандай.

- Әй, Кіндік! Әй, Рукавказ! - бұл Шәһидүлланың дауысы. Шәһибек орамы жақтан есітіледі. Мені шақырады. Өзі көрінбейді. Шәһидүлла біздің бастығымыз. Ол атыңды атаса, дереу қасына жетіп баруға тиіссің. Қайталап айтқанды жақтырмайды. Мен жалма-жан бастықтың дауысы шыққан жаққа жүгірдім.

"Рукавказ" менің қосалқы атым, жауынгерлік лақабым. Таяуда ылғи балалар жан-жаққа бөлініп, соғыс ойынын ойнарда бір - бірімізге әр елдің атын қойғанбыз. Ортамыздағы ең күштіміз Шәһидүлла "Ресейді" алды, маңқа Уәлетдин "Америка", Ескендірдің Ыбырайы "Жапония" болды, қалғандардың сыбағасына "Англия", "Франция", "Австрия", "Түркия", "Германия", "Румыния", "Кавказ" тиді. Бәрінің кішкентайы мен. Маған жеткен жерде ел таусылып қалды. "Дүниеде басқа ел жоқ" деді Шәһидүлла. Бастықтан асып, жаңа ел іздеуге ешкімнің де батылы жетпеді. Мен алғаш қатты сасып, жылап жібердім. "Неге олай, - деймін іштей күйініп, - маған келгенде қалайша ел таусылып қалғаны? Өзгелер ел -елге бөлініп, рақаттана соғысып жатқанда жалғыз өзің аты - затың жоқ, бір шетте қақши да қал енді..."

Шәһидүлла сәл алысырақ болса да, бізге туыс. Сондықтан мені аяды білем. Жирен шашын саусағымен сәл тарап тұрды да, соның арасынан бір жақсы ой шұқып шығарды.

- Ұмытқан екем, балалар, жер жүзінде өте қайратты, өте айбынды, өте кекшіл бір ел бар. Ол - Рукавказ! Кіндік! Сен - Рукавказсың!

Сол Рукавказ кекшіл ел ме, жоқ па, қайдам. Ал мен намыстан жарыла жаздап тұрмын. Шәһидүлла мені шамдандыру үшін мұны жорта айтса керек, шамасы. Әлгі қосалқы атымды айтып қорласа да, шыдап бақтым. "Сабыр түбі сары алтын" дейтін әкем. Кіндік дегенде не түр дейсің! Рукавказ мың Кіндікке бергісіз ат...

Мейрам күні ертемен бастық әскери дабыл қаққысы келген шығар. Тектен-текке "Рукавказ" деп шақырмас еді. Келсем, орам толы бала. Тек Асхат жоқ. Біреулері шекілдеуік шағып, біреулері қақталған мойылды қайзап түр.

- Та – та – та - та! - деді Ыбырай мені бір айналып шығып. Мәкәриядан келген көпес емессің бе? Тек күміс шынжырлы сағатың жоқ. Бәсе, шынжыры мына жақта салбырап түр екен ғой!- деп ол менің шалбарымның салбыраған ышқыр бауынан тартты. Әйтеуір шалбар шешілмеді. Ыбырай менің досым Асхаттың туған ағасы. Неге екенін қайдам, маған десе іші тар.

Шәһидүлла әуелі менің келгеніме де, үсті - басыма да мүлдем көңіл бөлген жоқ. Тек қолымен белгі беріп, Ыбырайды менің қасымнан қуып жіберді.

- Шалбарың неге бұлтиып тұр? - деді бастық біраздан соң иегін сәл көтеріп.

- Бір қалтамда шекілдеуік, Шәһидүлла ағай, екінші қалтамда қақталған мойыл. Шекілдеуігім баданадай. Тәуіп орыс Тимофей әкелген...

- Дәркілдек неме, бәрібір жұртқа үлестіріп бітіресің ғой. Шекілдеуігіңді де, мойылыңды да сал қалтама!

Оның су жаңа жасыл шалбарының қалтасына әлгі шекілдеуікті, содан соң қақталған мойылды уыстап, қуана-қуана салып бердім. Бір түйірі қалмаса да өкінбеймін. Жемеген ас дейсің бе? Асқан жомарттығым мен ықыласымды аңғарту үшін алдымен оң қалтамды, содан соң сол қалтамды теріс айналдырып, қағып көрсеттім.

- Мырза жігітсің, қолың ашық, - деп мақтады мені бастық. Серпіуыс шекілдеуігімді, серпіуыс мойылымды қайтып берді. Шынында да кең пейіл, әділ адамдар көп қой! Солардың бірі біздің бастық.

Шәһидүлла ағам ермек тапқыш. Ойлап таппайтын ойыны, айтпайтын жұмбағы жоқ оның.

Ойын деуге ойын емес, жұмбақ деуге жұмбақ емес, тамаша бірдеңе ойлап тапты жаңа.

- Балалар! – деді ол. Біз бәріміз де оның аузына үңілдік. – Осы ауылда ең биігі кімнің үйі, балалар?

Біз бәріміз, әрине, Шәмсұлланың шарбақты үйіне бірден жалт қарадық.

- Шәмсұлланыкі! – деді ылғи жұрттан бырын жалбаң ететін Ыбырай. Сол сәт Шәһидұлланың жуан жұдырығы әлгінің жағына сарт етті. Біз сасқалақтап, бұғып қалдық.

Сол дауысымен әлгі сұрақты қайталады ол:

- Кімнің үйі биік, балалар!

Бұл жолы бастықтың құрдасы маңқа Уәлетдин зеректігін, тапқырлығын танытпақ болды:

- Бас кеспек бар да, тіл кеспек жоқ, қара қылды қақ, жарған шындықты айтам: биіктің биігі - Базар көшесіндегі Әхмәр молланың шатыры. Сенбесең... - "Сенбегенде" не болатынын Уәлетдин айтып бітірмей жатып, баяғы жұдырық құлақ - шекеден оны да қонжитты.

Бізді тамам бала қаумалай қоршап алды. Ауылда біз білмейтін, біз көрмеген, тек бастықтың өзіне ғана белгілі ең биік үй болса керек. Тағы бір-екі бала Ташболат карт пен Әғләм ұстаның үйін атап, бағын сынап көрді. Бірақ олардың жауабына да әлгіндей баға берілді.

Кенет менің басыма көктен түскендей бір ой сап етті. Тұла бойым шымырлап, бір рақат сезімге бөленген сияқтымын. Жүрегім дүрс - дүрс соғады. Қазір айтам да, барша баланы біржола қырып салам. Менің білгенімді біреуі де білмейді. Не айтқанымды өзім де аңғармай, бүкіл көшені жаңғырта айқай салдым:

- Мешіт мұнарасы!

Бастық теңселіп кетті. Бір қуарып, бір қызарды. Сепкіл басқан шұбар танауынан тер бұрқ етті. Бірақ дереу есін жинаған бастықтың жұдырығы тұмсығыма төне түсті. Әйтеуір, тимей, жанай өтті.

- Мешіт құдайдың үйі, - деді бастық. - Мұндай шатырларға есептелмейді ол. Соны да білмейсің - ау, есуас. - Шамасы, тілге алғаным "Құдайдың үйі" болғандықтан бес саусағы тастай түйілген жуан жұдырық мені аяды білем. Шәһидүлланы есебінен жаңылдырсам керек, әйтеуір. Ойынның берекесі қашты: балалар аузына келгенін айтып, танти бастады. Бірақ бастық айтқанынан қайтпады. Оған керегі ең дәл, ең тапқыр, ең әділ жауап.

- Соңғы мәрте сұраймын, ең биігі кімнің үйі? Бірде-біреуі тіл қатуға тәуекел ете алмады. Тым - тырыс. Тек маңқа Уәлетдиннің мұрнын тартқаны ғана есітіледі. Сол кезде ойынға да, тартыс - таласқа да сирек араласатын бала айлакерлігінен Түлкі атанған Шәйхаттар кенет тіл қатты. Оның аузынан бір сөз шықса, екінші сөзді айтқанша әбден сілең құриды.

- Гәп қай жақтан қарағанда ғой, - деді Түлкі, - бір жақтан қарағанда, Шәһидүлла ағай, сіздің үйдің шатыры биіктеу, екінші жақтан қарағанда мұржасы жоғары. Сондықтан сіздің үй биік - ау, шамасы. Сіздің үй!

Бұған екі - үш бала бас шұлғыды:

- Сіздің үй! Сіздің үй! Ең биігі сіздің үй! - Біреуі бас киімін аспанға атты.

Бастықтың жүзі жайнап кетті. Жирен шашының арасында қызғылт сәуле шұғыла шашқандай. Алайда сыр бермеуге тырысты ол Маңғазданып жұмбақтай сөйледі:

- Бәсе, қарай білген кез дұрыс көреді - дағы. Биікті аласадан айыра білу керек! - ол тісінің арасынан шырт түкіріп қойды. Ал Шәйхаттардың үйі жаққа бұрылып та қарамады.

Көріп тұрмыз. Қарсы алдымызда Шәһидүлланың әкесі Кәшфолла ағайдың жапырайған сабан шатырлы тапал қақырасы жарбиып тұр. Көше жақтағы терезелердің төменгі бір көзіне көпшік тығылған. Мұржасы да ап - аласа. Бірақ түтіні тура будақтап, көкке көтеріледі. Өте биікке көтеріледі түтіні.

Осындай ең тапқыр, ең дәл, ең әділ жауап табылған соң балалардың арқа - басы кеңіп, еркінсіп қалды. Бекерге бас қатырғанбыз. Бақсақ, жұмбақтың кілті дәл қасымызда тұр екен ғой!

Сонда да менің ішімде бір түйткіл қалды. Анығын айтқанда, кімнің үйі биік осы? Бұл сұраққа жауапты мен өсе келе таптым - жұдырығы жуанның үйі биік...

Мешіт мұнарасынан азаншының даусы жаңғырды. Қайтадан жаныма мейрам рухы енді. Бүгін дүниеге тамаша күн туды. Барлық үй биік, жұрттың бәрі бірдей. Анау өзіміздің Жасылтаудың арғы жағында қойлар мен қасқырлар бір өрісте бірге жүр. Сол малды резеңке кебісті, мақпал тақиялы, қызыл ыштанды, көгілдір сәтен көйлекті бала бағып жүр. Біресе қасқырлар, біресе қойлар келіп, оның қолын жалап кетеді...

Осылай дүниедегінің бәрін ұмытып, қиялға шоматын әдетім бар. Міне, қазір... Біреу бүйірімнен түртті. Мен селк ете қалдым. Қасымда Ыбырай ыржиып тұр.

- Естимісің, анау Хамитжан не деп тұр саған? - деп ысылдады, Ыбырай.

- Естімедім.

- "Кіндік", "Кіндік", "Кіндік" дейді ол саған.

Мен күйіп кеттім. Хамитжан сопақ басын шайқады:

- Қой, айтқаным жоқ, білләһи, айтқаным жоқ, - деді.

Ыбырай бұдан соң Хамитжанға барып сыбырлады:

- Көрдің бе, ананың ерні жыбырлап тұрғанын. Не дейді? "Сопақ бас", "Сопақ бас", "Сопақ бас" дейді.

Мен жыламсырай кемсеңдеп:

- Аспанда күн куә, нан ұрсын! Айтқаным жоқ, - дедім, - Хамитжан жетім ғой, жетімді құрбан айттың үстінде ренжітуге болмайды, - дедім.

- Мәссаған, құрбан айтыңды қайтсін ол.. Әне, көзін жыпылықтатып тұр: "Кіндік", "Кіндік", "Кіндік" дегені. Ішінен күбірлейді.

Хамитжанның көзі шынында да жыпылық қағады. Мұнысы тегін емес. Ішінен мені сөгуі әбден ықтимал Ай, жуаспын дейді - ау. Сол салпаң құлақ сопақ баста талай пасық ой жатқан шығар, сірә. Ызаға булығып барам. Тынысым тарылды. Хамитжанның қосалқы аты тілімнің ұшына үйіріле береді. Ол бір тал шөптің нәзік бұтағынан енді - енді сау етіп төгілетін мөлдір тамшыдай дірілдеп түр. Ірке алмадым, ақыры сау етті:

- Көзіңді жыпылықтатпа, сопақ бас неме, - дедім.

- Көзімде шаруаң болмасын, кіндігіңді біл, - деп кіржің етті әлгі. Мен мұны күтпегенмін.

- Қарашы мынаны, сопақ басыңды қыршып тастайын ба осы.

- Кіндігіңе түйіп жіберіп, ішіңді жарармын

- Қорқытпа, Сопақ бас!

- Қоқыраңдама, Кіндік!

- Сопақ бас, Сопақ бас!

- Кіндік! Кіндік! Кіндік!

Оқиға желісі мен шешім

Балалар бізді дереу қаумалай қоршап алды.

- Давай, давай! Екі жақта, бір жақта, әлің жетсе, тыржақта! - деп Ыбырай өшіктіре бастады.

Екеуімізді өшіктірудің қажеті жоқ еді. Жұдырығымыз түюлі, тісімізді қайрап, кіжініп тұрғанбыз. Мен алдымен Хамитжанға тап бердім. Ол біраз кейін шегінді де: "Өз обалың өзіңе" деп ішіме бір тепті. Мен бүктетіліп түстім. Дереу есімді жиып, дұшпанымның тұмсығына қойып қалдым. Мұрнынан қан бұрқ етті. Қан көрген соң мен қатты састым, Хамитжан мүлдем есі шыға еліріп кетті.

- Қанға - қан! - деп менің көйлегімнің жағасына жармасты. Мен жұлқи тарттым. Көйлек жұлынып кетті. Енді ақты - қараны айыра алатын хәлде емен. Бір-бірімізге шап бере жабысып, ышқына айқасып, аямай жұдырық жаудырып жатырмыз. Мен денемнің ауырғанын сезбеймін, есі-түсім кеткен. Бәрі соқыр ыза - төбелестің күйігі. Балалар қаққан қазықтай қақшиып қалған. Бізді айырып, арашалаушы жоқ. Тек ЬІбырай ғана қасымызда жүгіріп жүр:

- Қайтпа, қайтпа! - дейді ол бізді қайрап. - Жұдырық сендердікі, тіл менікі! - Оның дауысын алыстан, ну орманның арасынан есіткендеймін... Сол сәт Хамитжанның жұдырығы көзіме сарт етті. "Көзімнен от шықты" дегенді мен алғаш рет осы тұста, сегіз жасымда сезгенмін (онан соң өмір көзіме талай от көрсетті). Иә, әуелі ұшқындар жарқылдап, соңынан көз алдымда қара дөңгелектер ойнай бастады, бірақ қайтпадым. Сонда ғана сол есім кіріп, Хамитжанның салпаң құлағына жабыстым. Ол мыңқ етпеді, қайта маған қарай жақындай түсіп, бар ашуын жинап, басымен иегімнің астынан соқты...

Бұдан соң қанша айқасқанымыз анық есімде жоқ. Шамасы, бір - бірімізді тәуір төмпештегенбіз - ау. Мен одан бұрынырақ титықтап қалдым. Хамитжан менен гөрі ересектеу, мығымырақ болатын. Ақыры, әлім біткенін байқаған ол мені шалбарымның ышқырынан ұстап, үйіріп - үйіріп әкетті де, тартып ұрды. Жауырынымның үстіне қатты, үшкір бірдеңе кірш ете қалды. Үшкір тас - ау, шамасы. Өңім қашып, қуарып кеткенмін. Ес - түсін білмейтін Хамитжан кеудемді екі тізесімен жаныштады. Аузымнан жылымшы бірдеңе ытқып шығып, бетімнен сорғалап кетті. Мен құрдымға кеткендей батып барам, батып барам. "Айырыңдар бізді, мені құтқарыңдар!" деп айқайлағым келеді. Айқайлауға дәрменім жоқ. Қоршап тұрған балалар енді қадау - қадау қазықтарға айналған. Айқайласам да, айқайламасам да есітер емес. Тек көздері ғана жылтырайды. Олар да шын көз емес, ағаш бұтағындағы бездің орнында үңірейіп қалған тесіктер екен.

...Арада қырық төрт жыл өткен соң дәл осы жағдай өмірімде тағы бір мәрте қайталанды. Маған қаны қас біреу үстіме шеңгелдеп балшық шашты. Өзімді, өнерімді, тегімді, махаббатымды қорлап, жүрегімді аяғына таптады, кеудемнен қап-қара қан ытқып шықты. Сол кезде де бізді жұрт қаумалай қоршап алған болатын. Өзім жазықсыз шамына тиіп, қанын қайнатқан соң көтеріліп кет¬кен әлгі момақан бала маған балшық шашқан, осыған самарқау қарап тұрғандар да жаңа бірге ойнаған алаңғасар, қамсыз құрбыларым емес еді. Қатар қызмет істеп, қуаныш - қайғыны бірге бөліскен, тағдырымыз ортақ егде кісілер еді. Жамандыққа қимайтын шығар - ay деп дәмелендім. Міз бақпады. Олар мені сыйлайтын, тіпті біразы өзімді қатты ұнататындай көрінетін. Қорыққаны ма? Әлде: «Бізде талай рет тауқымет тартқанбыз, бұл да қасірет шегіп көрсін" дегені ме екен? Бәлкім, бір есептен солардікі жөн болар...

Бұған дейін балалар мені жөнсіз қажамайтын, ретсіз шеттете бермейтін. Үлкендері үйірсектеп, қамқорлық жасайтын. Енді мынаусы несі? Кеудеме талтайып мініп алған Хамитжанды әрі тартып әкететін бір жан қалмағаны ма? Әлгі тесік қазықтар бірін - бірі қуалап, төңірегім шыр көбелек айнала бастады. Шыр айналған жердің өзегіндей ортада Үлкен шешем тұр.

Дүние қайтадан бәз баяғы қалпына түсті. Енді езім ақырын тербеліп, әлдеқайда самғап, жүзіп бара жатқан сияқтымын. Құлақ - шекемде жұмсақ жылы бірдеңені сезем. Бұл Үлкен шешемнің алақаны екенін жазбай таныдым.

Бұдан соң мені өмір бойы аялап, қорғап қалған осы қолдың жылуы мен құдіреті. Тынымсыз, беймаза басыма ең сенімді, ең мархабатты қорған болған да сол Соңғы демімді алар сәтте, мүмкін, мен біраз жайларды еске түсіре алмаспын, небір қымбаттыларыммен қоштасуға үлгірмеспін. Әйтеуір, анық білетінім: әлдеқашан дүние салған Үлкен шешемнің жұмсақ қолын еске алып, соның жылуымен қоштасуға уақыт табатыным хақ. Басқасын қайдам.

Маужыраған тыныштық құшағында әлде ұшып, әлде жүзіп барам. Басым Үлкен шешемнің алақанында рақаттанып жатыр. Күн сәулесі кірпігімнен тартып, көзімді ашқандай. Мен әуелі зәулім зеңгір көкті, сосын Үлкен шешемнің қайғылы жүзін көрдім. Ол мені құшақтап көтеріп барады. Үйге қайтып келе жатқан шығармыз...

Мені үйдің кеше жағындағы қонақ бөлмеге жатқызды. Бұрын мұнда тым сирек кіретінбіз. Қазір тор алдындағы жұмсақ, төсек үстінде көсіліп жатқан бір төре дерсің... Еркін көсілуге де шамам жоқ әлі. Тыныс алған сайын жауырын сүйегімді бірдеңе жандырып, өртеп барады. Тамағымды қырнауға да шамам жоқ, аузымнан дірдектеген қан бұрқ ете түседі. Сол қанды сүртіп тұруға басымның астына бір шетін қызыл шүберекпен көмкерген сүлгі салынды.

Мені аяп мүсіркеген, Хамитжанды қарғап айқайлаған бір жан болмады. Бір сәт қасыма әкем келді. Ол маған оқтала қарап тұрды да, күрсінді:

- Оқасы жоқ, мықты жігіт боларсың... - деді, бар айтқан басалқысы сол.

Ағаларым қарап тұрды да үнсіз шығып кетті. Бөпелерімді менің қасыма кіргізбейді. Әлі көзіме көрінген жоқ. Кіші шешем еңкейіп, маңдайыма ернін тигізді. Сонда бетіме оның бұршақ - бұршақ көз жасы ыршып түсті. Сол жылы ылғал бойыма қуат беріп, еңсемді көтергендей. Кенет көңілім босап кетті, біртүрлі. Ең қымбатты сөздер тауып, оның көңілін жұбатқым келді:

- Жылама, апа, жылама, мен сені де сүйемін ғой, - дедім.

- Иә, сүйесің, мені де сүйесің, - деді Кіші шешем. - Мен оған жылап тұрған жоқпын ғой. Мен тіпті жыламаймын... Қай жерің ауырады, балам?

- Еш жерім ауырмайды енді, - дедім мен. Шынын айтып, Кіші шешемнің көңіліне қайғы салып қайтем. - Құрбан айт аяқталған жоқ па әлі?

- Әлі аяқталған жоқ. Әнекей, мерекелік сыбағаңның бәрі алдыңда, тіпті шәрбат та бар. Азырақ дәм татсаңшы.

Менің алдымда тегеш толы тәтті тағамдар түр. Оларға қарауға жүрегім айниды.

- Тәттілерін жинап, Асхатқа апарып берші, апа, - деп жалындым. - Оның құлағын ат тістеп, жұлып алған. Олар қатықсыз атала көже ішіп отыр. - Лоқсып жібере жаздап, көзімді жұмдым. "Жарайды, балам" деген Кіші шешем тегешті алып, шығып кетті.

Үлкен шешем ас үйден әкелген шайнегінің тұмсығынан маған бір ащы су ішкізді. Кекіренің кермек тұнбасы болса керек. Әлгі мерекенің сыбағасы ғой! Өзегімді өртеп кетті, бірақ ұрттаған сайын ұрттағым келеді.

- Талақ - бауырыңа шипа болар, іш, балам, іш, - дейді. Біраздан соң көңілім сәл серги түсті.

... Мүлдем рақат. Meн енді жасыл жаннат таудың бөктерінде кереметтей әсем, ашық алқапта мал бағып жүрмін. Аппақ бұйра қозылар берінің сүр бөлтіріктерімен араласып, шапқылай ойнап жүр. Жорта бір-бірінің құлағынан тістеп қояды. Олардың ата - енелері, кексе қойлар мен көкжал қасқырлар төлдерінің татулығына бір шеттен таңырқай қарап тұр. Қуанғаннан оттауды, тамақты ұмытқан сияқты. Бір сәт бөлтірік тәлпіш қозының құйрығынан тартты. Қозы бақырып, шыр ете түсті де, шапшаң шегіне беріп, әлгіні аш бүйірден соқты. Мұны көрген барлық қой қасқырларға шуласа лап қойды, көзді ашып -жұмғанша әлгілерді қылғындырып, қырып салды. Қойлар зым - зия ғайып болды, баурайда қасқырлардың өлексесі ғана теңкиіп қалды...

Енді от пен cy оқиғасы басталды. Әуелі екеуі қат - қабат жарыса келді. Су ирелеңдеп ақса, қызыл тілі жалақтаған от жағаны бойлап жүгірді. Үстіне оттың сиқырлы сәулесі түскен өзен жарқырап, жайнап тұр. Мың құбылған сәуле құлпырып ойнайды су бетінде. Өз сұлулығына өзі таңырқап, әлдеқайда асыға арқырайды өзен. Мейрамға ма? Тойға ма? Шаттыққа шыдай алмай ыршып түскен бір тамшы қапылыста отқа тамды. Бұған ызаланған тәкаппар от одан сайын лапылдап, лаулай түсті. Ысылдап, суға тап берді. Кешірім сұрап бір сөз айтуға үлгіре алмаған су буға айналып, быж етті де, ұшып кетті. Долылығынан судан айырылған от ызаланғандықтан ба, әлде өкінгендіктен бе, қайдам, жұмарлана жиырылып, көкжиекке қарай домалай жөнелді. Әне, лапылдата зәрін шашып, лаулап барады... Жерде тамшы су қалмаған. Су!

- Мә, балам! - Үлкен шешем ерініме баяғы шайнек тұмсығын тіреді. - Тамаша, тыныш ұйықтадың, - деді ол, - міне, таң да атты.

Көше жақтағы терезеден бетіме күн сәулесі түсті. Мен жай ғана күнге қарай бұрылдым. Сол сәт терезеден Хамитжанның сопақ тақыр басы көтерілді. Мен әуелі оның тас төбесін, содан соң қалқиған құлағын, үрейлі қара көздерін көрдім. Иегі кемсеңдеп, жыламсырағандай, күлімсірегендей - үстіңгі еріні дір етті. Жалпақ маңдайын терезе шынысына тіреп, қатып қалды. Мен оған ештеңе айтпадым. Жоқ, ызаға булыққандықтан емес, әлім жоқтықтан. Хамитжанды көрген Үлкен шешем де тым-тырыс, қолымен ишарат жасамады. Біз Хамитжан екеуміз бетпе-бет қадала қарап, ұзақ арбасып тұрдық. Қасірет толы көзін көргенде шыдай алмай, бетімді кері бұрып әкеттім.

"...Міне, саған мейрам!" деп ойланып жатырмын. Мейрам алдында адамдар бірін - бірі осылай ренжіткені несі? Былтыр сабантойда Қаранжылға сырнайшысына қаладан келген бір қаңғыбас қанжар салды. Әлгі сырнайшы ақсақ болып қалды. Жазғытұрым сен жүріп жатқан жұма күні Қыздар тауында өзіміздің ауылдың жігіттері көше - көшеге бөлініп, қыран - пышақ қырғын төбелес шығарды. Қыстыгүні Байғыз көшесінде той үстінде біреуді өлтіріп кетті. Тіпті үйық үмесінде де төбелеседі. Қырылысу үшін жұрт мейрамды әдейі күтіп жүретін сияқты. Алысып - жұлысып жүргенде жыл бойына тігіп киген ең тәуір киімдерінің пәре - пәресін шығарып, жұлмалап жыртып тастайды, ластайды, қанға былғайды. Аузына келгенін оттап, жанжалдасады. Той-томалақ жақындаған сайын бүкіл үй-ішіміз ержетіп келе жатқан Мұртаза ағамды ойласақ, зәреміз қалмайды. Ол да мен сияқты өте қан қызба. Басынан соз асырмайтын ұрыншақ.

Келіншек алып берсек есі кіріп, басылар деген дәмеміз бар... Қалай боларын қайдам. Айтқанынан қайтпайтын өжет. Кеше құрбан айтқа қарамай, таң алдында қос ат жегіп, егіс басына жер жыртуға кетті. Әкеме де, Үлкен шешеме де құлақ аспады. Қасындағы жігіт -желеңдерімен желігіп, сөз байласқан - ау, шамасы, "Құрбан айтты қайтем" деп қыңырая қалды. Әкем де артық егеспеді. "Мен бұрын тусам, сен біліп туған шығарсың" деп ризашылық сыңай аңғартты. Мұртаза ағам қызық. Мерекеге қарамай жер жыртуға кетуінен - ақ қиқарлығы көрініп тұр ғой.

Мен бетімді тағы да терезе жаққа бұрдым. Хамитжанның желкесінің шұқыры көз алдымнан кетпейді. Ол біздің үйдің іргетасында көше жаққа қарап отыр. Тіпті қатып қалғандай тырп етпейді...

Келесі күні де, одан соңғы күні де сол жерден Хамитжанның біресе бетін, біресе желкесін, біресе шекесін көріп жаттым. Ертеңгісін де, күндіз де, кеш те ол әлгі отырысынан тапжылмады. Біздің үйдегілер оны қумады, ешкім оған ренжімеген сияқты. Тек өзім алғаш рет көшеге шыққанда артына қайырылып қарамастан тұра қашты. "Хамитжан!" деп айқайладым мен. Ол есітпеді.

Өмір өз әуенімен жылжып өте берді. Балалармен талай жанжалдасып, талай татуластық. Бәрі де Үлкен шешемнің сөзімен айтқанда, иттің тәніне түскен жарақаттай елеусіз жазыла берді. Тек Хамитжан маған қайтып қолын көтермеді. Әйтсе де "Кіндік" деген атым барған сайын берік жабысты.

Осыдан тап он бес жыл өткен соң, жазғы таңда жау ортасындағы жалғыз емен түбіне құладым. Сонда кеудемді тесіп кірген оқтың жарықшағы өкпемді ойып, ұя жасап алды. Төрт жылдан кейін сол ұядан қан аға бастады.

... Міне, Мәскеу маңындағы өкпе ауруларын емдейтін ауруханада жатырмын. Шатырдан сәуір тамшылары тырс-тырс тамып түр. Көктем біз үшін ең қауіпті шақ. Неге екенін қайдам, дәл осы кезде, жер оянып, қайта жасаратын өларада мен сияқтылардың өмірі үзіліп кететіні бар. Осы көктемді сыртқа салсаң, бәлкім, жалғанды жалпағынан басып кетерміз - ау деп көксейміз. Иә, сөйтуі ықтимал! Бар арман, бар үмітіміз сол.

- Мотоциклмен бір милиционер келіп түр, сізді сұрайды. Кірсін бе? - деді маған біреу.

- Кім? Милиционер? Күллі күнәларым үшін біржола жауап алуға келген шығар, - деп әзілдеген болдым мен, - келсін, қане.

Заң қызметкерін жатып қарсы алу ыңғайсыз ғой. Тұрып отырдым. Күттім..

- Мүмкін бе? - деді келген кісі. Оның еңкейген басы маңдайшаға әрең тимей қалды. Ішке кіргенімен, еңгезердей денесін қайда қоярым білмей, алақтай береді. Шәпкісін алды. Оның жалпақ кең маңдайын бойлап тартылған терең тыртықтың бір ұшы оң жақ қасының үстінде тұр. Бірден сол тыртыққа көзім түсті. Кейін өзіме өте таныс мұңлы көзі маған жаутаңдап, жалына қарағанын аңғардым.

- Хамитжан! - дедім мен. Ол есітпеді. Бәлкім, даусым шықпаған шығар. Дөкей жігіт кенет бүрісіп, бір уыс болып қалды да, төсегімнің қасына келіп, тізерлеп отыра кетті. Тап баяғы терезенің ар жағынан көрінгендей, маңдайын менің кереуетімнің басына тіреді.

- Кіндік! - деді. Сені де көретін күн бар екен ғой! Ол еңкілдеп жылап жіберді.

- Жә, жә, Сопақ бас, қой, өзің сияқты дөкейге жылаған жараспайды, - деп оның шашынан сипадым.

- Көзімнің жасы ырқыма көнбесе қайтем, Кіндік?

- Қой, қой, Хамитжан. Басыңды көтер.

- Тимеші, азырақ мауқымды басайын, - деді ол сәл сабыр етіп. Кейін тіпті тіл қатпай қойды. Орамалын алып, бетін сүртті. Содан соң ғана басын көтерді. Қанша өтінсем де, орнынан тапжылмады.

Бір - бірімізге ұзақ қарап тұрған соң:

- Сәлеметсің бе? - деп қол ұсындым. Көрістік. Оң қолында екі саусағы жоқ екен.

- Сені де көретін күн бар екен ғой, - дей берді ол, - таба алмаспын деп күдер үзе бастағанмын. Әйтеуір, таптым - ау...

Хамитжан асықпай-аптықпай бастан кешкен оқиғаларын баяндап берді:

- Сенің өкпең ауыратыны туралы ауылдан хат алғам. Мәскеуде жатыр депті. Мен осыдан алпыс - жетпіс шақырым жерде ғана қызмет істеймін. Бір ай бойы күн сайын жұмыстан қолым қалт етсе, мотоциклге мінем де, Мәскеуге тартам. Әуелі өкпе аурулары ауруханаларын түгел аралап шықтым. Жоқсың. Тағы да қайтадан араладым. Осындай ауруханалардың бәрін қайта-қайта шарладым. Жоқсың. Айналадағы аудандық, ауылдық ауруханаларды да кездім. Жоқсың, жоқсың, жоқсың... Таптырмассың деп қорықтым, қатты қорықтым. Тіпті "аурухана" деген жазуы бар үй керсем, қалшылдап кететін болдым. Сол сөзді естісем, қаным қайнайды... Ақымақ басым! Ауылға мекен-жайыңды сұрап жеделхат жолдауға ақылым жетпегенін айтсаңшы. Тап осында келген соң аңғардым соны. Осы жолы табуыма себеп болған: "Бергісі келген құлына - шығарып қояр жолына" деген мақал Бағана бәріне қолымды бір-ақ сілтеп, Мәскеуден шыға бергенде бір әйел жолда "ала кетші" деп жалынды. Тым болмаса біреуге қайырым тисін деп мінгізіп алдым. Сөйлесе келе осында медбике болып істейтінін білдім. Сені сұрадым. Білмейді. Біраз бұрыс болса да осылай тарттым. Міне, дидар бұйырып, көрістік. - Хамитжан солығын басқан сияқты. Енді даусы да еркін шықты. Бірақ, бұл тыныштық көпке созылмады. Сақау бала кезіндегідей қасірет толы, үрейлі көзін маған қадап:

- Кіндік! - деді ол өзек өртейтін өкінішті үнмен. - Сенің ауруыңа себеп болған мен ғой! Анада кеудеңе мініп теппесем, сен мұндай халге кезікпес едің... Мен, мен айыптымын! Ғафу ет деп айта алмаймын. Мені кешіргеннен саған келер - кетер пайда қанша? Оны білем. Маған кешірім жасаудың қажеті де жоқ. Кешіруге тиіс емессің! Тек мынаны біл: өзіңмен бірге қайғырамын, өзіңмен бірге үмітім, сенімім бір. Мүмкін болса, бір өкпемді кесіп, жанымның жартысын берер едім. Мен сені іздегенде, бәлкім дәрігерлер менің өкпемнің сол жағын кесіп, саған салар ма екен деп дәмелендім. Бұған не дейсің, Кіндік? Қазір солай етуге болады дейді ғой. Айтып көрейік дәрігерлерге...

- Есерсің - ау, Сопақ бас, - деп басалқы айтқан болдым. - Дәрігерлер әзірше ескі өкпені ғана кесе алады, жаңа өкпе жапсыра алмайды: екіншіден, менің өкпемді тескен фашист оғы ғой. Бар пәле содан. "Не виноват военкомат, виноват гитлеризм" деген әнді естіген шығарсың. Сенің жазығың жоқ.

- Білем. Неміс оғын да, "кім виноват" екенін де білем. Егер анада езіліп қалмаса, сол бармақ басындай оқтың жарықшағына ауырар ма еді сенің өкпең? Сен ондай қауқарсыз емессің. Сенің тұқымыңды "емен өзекті" жандар деп тегін атамайды ғой. Әй, сәби шақ, есуас шақ! - деп ауыр күрсінді о л

Хамитжанды ақылмен емес, ашумен ғана жеңуге болатын. Сол мінезі ойыма сап ете түсті:

- Сен өзің немене, Сопақ бас, менің басымда еңіреуге келдің бе? - деп жекірдім түсімді суытқан болып. - Өлер ойым жоқ, әзірше. Бағанадан бері көзің жастан, аузың зардан тынбады ғой, сірә!

- Сен өлмейсің! - деп қостады Хамитжан. - Бірақ, сен менің зар жылап, қиналғанымды айыпқа бұйырма. Бұл саған жараспайтын жай.

Хамитжанды аяп кеттім. Ол қайтадан азап - қасіретті көп тартқан жетім балаға айналғандай жаутаң етті. Дауысым қаттырақ шығып кеткеніне өкіндім ішімнен.

- Сен өлмейсің, - деп ақырын қайталады ол, - баяғыда бір мәрте жаназаң оқылған. Енді төзе тұр. Жаназаның қайта - қайта оқылғанының несі жақсы.

- Қашан? Қалайша?

- Не, білмейсің бе?

- Жо - оқ! - деп сасып қалдым мен.

- Мың тоғыз жүз қырық үшінші жылы. Ешкім айтпағаны ма?

- Айтпады.

- Онда мен айтайын ба?

- Айт. Өз жаназаң жайлы әңгімені тыңдаудан қызық не бар...

Хамитжанның айтқанына қарағанда, мен өліп барып қайта тіріліп, ажал аузынан аман қалыппын. Жаныма мәңгі жазылмайтын жара салды осы оқиға. Хамитжан қайтып кетті. Кейін бас жағымдағы тумбочканың үстінде газетке оралған түйіншекке көзім түсті. Дереу ашып қарадым. Сарғайып, бүрісіп қалған қос алма. Ол кетті. Сол біздің соңғы дидарласуымыз, ақырғы айырылысуымыз болды. Көп ұзамай есіткен қаралы хабардан зәрем ұшты. Mac қарақшылардан бір жас қызды қорғаймын деп жүргенде жүрегіне қанжар қадалыпты. Жұрттың айтуына қарағанда, сол күні ол тіпті қызметте де болмаған. Хабар маған тым кеш жетті. Сондықтан оны жерлеуге де бара алмадым. Жақында ғана маған бір өкпесін, жанының жартысын бергелі келген Хамитжан, сөйтіп, бүкіл өмірін өзгенің өмірін сақтау үшін біржола пида еткен.

Бұл хабардан соң менің жан дүниемді екі қасірет ұдайы қинайтын болды. Біріншіден, жайсаң құрдасымның қайғылы қазасы қинаса, екіншіден, өз тағдырым маза бермейді. Хамитжан айтқан оқиғадан соң өзім біреудің есебінен күн көріп, қарызға өмір сүргендей болып көріндім. Сол ой жатсам-тұрсам миымды жегідей жеп: "қарызға, қарызға, қарызға..." деп қажайтындай.

Ол әлгі оқиғаны айтқанда көңілімді көтеріп, жаныма жігер беру үшін, маған ұзақ өмір тілейтін ниетін білдірмекші болды. Бірақ мүлдем басқаша шықты. Жанымды қайда қоярымды білмеймін. Дәрігерлерді де сергелдеңге салдым. Міне, сол қайғылы оқиға. Хамитжан марқұмның айтқандарын түгел қайталап айтып берейін. Ішімде сақтасам құсаланып кетермін.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙