Екі бала
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Смағұл Елубай шығармаларының басты идеясы халықтың әлеуметтік пікіріне әсер етіп, тарихи санасын оятуда жатыр. Қазақтың кеңестік дәуірде бастан кешкен нәубетті кезеңдерін асқан шеберлікпен суреттейді. Жазушының қаламгерлік мақсаты ұлттық болмысты сақтап қалу десек, артық айтқандық емес.
Әңгіме
«Алматыдан қонақ келіпті».
Кішкентай ауылдың бір бүйіріндегі қызыл шатырлы үйге тұмсығын тіреп көк «Волга» тұр. Өңшең ауыл қара сирақтары сол маңда. Сыртта ересектерден ешкім байқалмайды. Шамасы қонақтармен іште отырса керек.
Папасының иығына сүйеніп қонақ бала Маратик қыңқылдайды. Үлкендер жапырласа әңгімелесіп шайға түгел бас қойған. Бұны байқар емес. Маратик ауық-ауық танауының астынан түсініксіз сес жіберіп қойып, папасының иығынан сілкілейді.
— Не деп тұрсың, айнам? Конфетку хочешь?
— Нет!
— Шай ішесің бе?
— Не-ет!
— Ә, бауырсақ па, мә!
— Нет! Нет!
— Енді не керек дейсің?
— На лошади кататься хочу! Атқа, атқа мінеді.
— А, а-а! Атқа-а! — деп папасы лекітіп күліп алды, — Алматыдан шыққандағы арманы еді. Ну, ладно, ана өзіңдей Саттарды көрдің бе?
— Бар, сол сені атқа мінгізеді.
Маратик есі шыға қуанып кетіп, төрден секіргеннен есіктен бір-ақ шықты. Бұл далаға шыға келгенде есік алдында шуласып жүрген ауыл балалары су сепкендей жым бола қалды. Маратикті бейне айдан түскен адамдай қоршап ап тамашалайды.
Саттар Маратикті қолынан жетектеп, ат қораға беттеді. Балалар үймелесіп бұлардың соңынан ерді.
Бірін-бірі түртпектеп әлдене десіп сықылық қағады.
— Қыз ба деп қалсам... Ойбай, бала екен ғой, хи-хих.
— Бұтындағы шалбары ма, дамбалы ма?!
— Не де болса жартысын ит жұлғандай.
— Ұйбай, бері келіңдер, бірдеңесі жылтылдап көрініп барады. Саттар қаз мойынды қара бестіні қазығынан босатып, ашық алаңға алып шықты.
Мінесің бе?! — деп сүлік қараны сылаңдатып Маратиктің алдына көлденең тоса берді. Балалар бір оқыс құбылысты күткендей шүпірлесіп дөңгелене қоршап тұра қалды. Сәл кілт кетсе өзін оңдырмай табалауға дайын ондаған назар ұшында тұрғанын Маратик қарамай-ақ аңғарды. Жүзі бірден ду қызарып елеңдеп тұрған жарау ат қасына қалай жетіп барғанын байқамады. Бейтаныс атқа қол арту қалай қорқынышты болса, мына аңдап тұрған топ баланың алдында масқара болу да солай қорқынышты еді. Көңірсі тер иісі аңқыған ат бойы едәуір биік жатыр. Үзеңгіге аяқ жетпесін білді де, кідірместен дереу таралғыға жармасты. Атқа емес арқанға өрмелеген мысықша салбырады да қалды. Аяғы да ештеңе ілмей көлбақаша тарбаңдап абыройсыздау көрініс тудырса керек. Ат осқырынып үркектеп, қоралы бала қыран-топан жығылып жатыр. «Өй, өлдің жібер таралғыны!» деген Саттардың дауысын есітіп ызадан өртеніп кете жаздады. Қолын ағытып жіберді. «Қап, өлсе де мініп кетуі керек еді!». Біресе бетінің түгі шығып, бозарып, біресе жүзі лаулап қызарды.
Балалар бұны қоршап әлденелер десіп дуылдасып жатыр. Кейбіреуі аянышын білдіріп, кейбіреулері бұл кемшіліктен құтылудың жолын түсіндіріп, кейбіреулері көмектесуге уәде беріп жатыр. Енді біреулері «Байқа, бұл саған мініп алып педальды бассаң, жүре беретін машина емес!» деп рақаттана күледі. «Кәне тарандар!» деп әмір ете жақындап келген Саттар бұның алдына атқа міну тәсілін тәптіштеп көрсете бастады. Маратик ұялғаннан онан сайын жерге кіре түсті. Әлгі шуылдап жүрген балалардың бірқатары әлдеқайдан тай-құнан тауып мініп келді. Маратиктің алдында қарғып мініп, қарғып түсіп, «міне», «міне» десіп өнерлерін көрсетіп әлек.
Маратик біраздан кейін шыдамай Саттардың қасына келіп, енді өзім мінемін дегендей болды. Саттар сеніңкіремей:
— Мінесің бе? — деп сұрады.
— Давай, мінеді.
Саттар іркілдек семіз денені құйрықтан нұқи көтеріп ерге мінгізіп жіберді. Саттар әзірше жетелейін деп еді, Маратик:
— Не надо, я сам! — деп делбені өз қолына алды. Балаларға қызық керек. «Өй, маладес!», «Отырысына болайын!» «Ал кеттік!», «Жібер аттың басын! Хи-и-и!» — десіп қышқыра ұрандасып ұра келе шапқанда Маратиктің астындағы сүлік қара ытқып секіріп кетті. Сүлік қара ендігі сын өзінде екенін түсініп, құлақ жымып алға ұмтылған. Бірақ иығында шоқиып отырған зіл кеспелтек кенет шалқалап кетіп, ә дегенде май сауырға бір қонақтап екінші бір сәтте құйымшақ төңірегін сипап, топ етіп шаң арасында қалды.
Ойнап шыға келген сүлік қараны көріп жанын шүберекке түйіп жүгіріп Саттар келеді. Сырттағы у-шу үйдегі үлкендерді де өре тұрғызған екен. Маратиктің папасы елден бұрын далақтап ұшып келеді. Саттар жеткенде Маратик ұзынынан сұлап түсіп етбетінен жатқан. Саттар: «Әй не болды?!» деп иығынан көтеріп еді, анау ашумен бұның қолын сілкіп тастады. Саттар енді қозғауға батпады. Маратиктің иығы селкілдегендей болды.
— Ойбай-ау, тұрғызсайшы! — деп жүгіріп келген папасы еңкейіп отыра қалып, баласының қолтығынан ұстап тұрғызбақшы болды. Маратик орнынан ағыл-тегіл жылап түрегелді.
Папа! — деді әкесінің мойнынан құшақтай беріп, жоқ, құшақтамаған екен. Папасының жағасынан ұстаған екен. Ұстаған жерінен қатты-қатты сілкілеп:
— Папа! Мен... мен... неге атқа міне алмайды? — деп айқайлай өкіріп жылап жіберді.
Кешкі шай үстінде атасы мен немересі арасында мынадай әңгіме болды.
— Балам! — деді атасы, —«Он төртте отау иесі!» деген, жасың биыл он беске толады. Құдай берсе азамат болғаныңның алды бұл. Алдымыздағы жылы Алматыда оқығалы отырсың. Шеттің аты шет деген. Талай адаммен араласып, талайды көресің. Сондайда бір үлкен кісі сенің тегіңді білгісі келді делік. Сонан «Шырағым, Саттар, өзіңді таныстыра отыр, кім боласың?» деп сұрады делік. Кәнеки айтшы, қалай жауап берер едің?
Оқиға желісі мен шешім
Кекілі маңдайына түскен қара көзді талдырмаш бала жігіт кідірмеді:
— Қазақпын деймін дағы! — деп тақ еткізді.
Жауапқа емініп құлағын тоса берген шал иекке үрғандай басын кекшең еткізіп:
— Пыт! Үрген екенсің күшік! Қазақ екеніңді ит те біледі сенің. Әлгі Қаржаудың інжірер баласы руын сұраса «қазақпын» деп айтты дегенде өлгенше күліп едік. Бұ, құдай да шебер-ау! Алдымызға келтірді міне!— деп ашуланған шал демеу күтіп кемпіріне қарады.
— Қой менің балам өйтпес! Жәй айтпай отырған ғой, атасы! — деді кемпірі.
— Ата-ау, соны білмесе де бәрі бір емес пе!
— Мә-әс-сә-ған!...— деп көзі баттия таңданған қатпа шал кемпіріне қарап, «естіп отырсың ба?» дегендей басын изеңдетті. Сонан кейін кезі ақшаңдап шаңқ-шаңқ етті.
— Бетіңе мына ыстық шайды шашайын ба әй, осы! Адам болады деп жүргенде не деп оттағаны-ой күшіктің!.. Сені оқытқандағы көрмек әуеселіміз осы ма еді?!..
Шал сәл бәсенсіді-ау дегенде бала жымиып тіл қатты.
— Ата! Мен кім екенімді білемін. Мен, мен мысалы Табынмын!
— Өй, айналып кетейін. Сөйт, айналайын. Ұмытпа!... Ұмытпағаның жақсы! Сосын ары қарай, кәне, тағы-тағы!
Бала аспанға қарап көзін сығырайтып ойланып:
— Жа, жа, — дей бергенде шал екі санын шарт ұрып кеңкілдей мәз бола күлді. Әбден күліп болған соң «ой, күшік, Жалпақ тіл еді ғой!» деді. Соң оқыс байсалданып балаға таман жақындап отырды.
— Сөйт, балам білуге ұмтылғаның жөн. Әлі жассың ғой, білесің ғой. Кәнеки мен айтып отырайын сен түртіп ала ғой. Бұл әлі талай жерде алдыңнан шығады. Анау Алматыдағы қазақтың игі жақсылары еліңді, тегіңді айырып сұрайды деп естіп жатырмыз. Садағаң кетейін қазағым бар екен ғой. Дәстүр-ғұрыпты сыйлағаны да!
— Ал кәне түртіп ала ғой!
Бір тұтам қазақ қасапшының қолына түскен тоқтыдай домаланып жіліктене бастады.
— Ата-ау сонда бұны жазып ап жаттағаннан не пайда?
Шал бұ жолы тұлданбайды. Кемпіріне «сен шаруаң болмасын жата бер!» дегендей ым қақты да, өзі бұл түн немересімен ұзақ отырып сөйлесер аңғар танытты.
— Балам-ау, бұны сен «неге керек, неге керек» деп үрікпегін! Мен де саған зиян болсын деп айтып отырған жоқпын. «Сиынғаныңнан сүйенерің мықты болсын» деген ой. Ертең қалаға жүргелі отырсың. Оқуға түскің келді делік. Жалғыз өзің не бітіресің айналайын-ау! Сондай жерде кім саған көмектеседі?!.. Әрине — ағайын!
Немересінің оқыс таңданысын сезген шал көтеріліп желпіне түсті.
— О, балам жассың ғой әлі не білейін деп ең. Ағайын кім, жат кім оның арасын шекеңе тигенде білерсің! — деп бастаған кәрі көкірек бір ұзын сонар әңгімені қозғағысы келді, — мынау шолақ Сыздықты білесің ғой?
— Нұрланның папасы ма?
— Нұрланың кім?
Саттар етене досы Нұрланды асығыс сипаттай жөнелді. Кейбір жерде тілі жетпей «Нұрлан сондай жақсы бала» дей береді. Шал оны сөз ортасынан бөлді.
— Ендеше, сол Нұрланның әкесі Сыздық Беріш деген рудан болады, балам. Соның арғы атасы Ықсан төре кезінде екі иығын жұлып жеген шынжыр балақ шұбар төстің өзі еді. Сенің бабаң, біздің үлкен әкеміз Абралы жұқана ғана дәулетті, еңбегін сауған шаруа кісі екен! — деп әңгімені баяғыдан бастады. Екі рудан қатар қонған екі ауыл арасындағы көне сүрлеу шым-шытырық даушарғыны түртпектеп оятып тірілтіп көзге елестетеді.
Саттардың көз алдында көлбеп, бірінің қолы бірінің жағасынан босамаған қырық ру тірлік етіп жатты. Озбыр Ықсан ауылы мен бейнетқор бабасы — Абралы ауылының ұзаққа созылған жер дауы, құн дауы.
Жон-жоталы Ықсандардың тұтқиылдан қол жиып кеп Абралы елін шауып кетуі. Жастайынан ат құлағында ойнап сойылға машыққан ер жүрек бабасы Абралының осы маңайдағы исі Табыннан жігіт құрап ру намысы үшін, аяқ астына түскен аруақ намысы үшін ат беліне қонып: «Қанды сайда» жау жақпен тоғысуы. Дүркін-дүркін түйісіп, дүркін-дүркін беріспей шегініскен майдан суреті. Ықсан руы іргелі ел екен. Жиған қол,ы Абралы жасақтарынан үш еседей асып түсіпті. Абралы жігіттері орасан қайсарлық көрсетсе де көптің аты көп қой, топан судай көміп кете берген. Кешке дейін созылған соғыста Абралыны жүздей беріш ортаға ап соққыға жығып, ат бауырына ап сабаған!—деген кезде Саттар әңгіме әсерінен көзіне жас айналып толқып отыр еді, бірден сұрланып кетті. Оңбаған жау арыс бабасы — Абралының алтын басын мыс етіп қия шөлге тастап кеткенде оң қолтықтан сүйеп аузына сусын тосқан айналайын ағайын емес пе!
Бұл тұста Саттар жат руға сонша ызасы қозып, ағайынға иіп, елжіреп кетті. Осыны бұлтартпай болжап отырған әккі шал әңгімені тұздай түсті.
«Сол соғыста өлген біздің жақтың ай маңдайлы арыстарының құнын беруден Ықсандар ат тонын ала қашпады ма. Ол, ол ма Ықсан алдында азамат құнын даулай барған осы сені мен біздің әкелерімізді, ақ басты шалдарды құдайдан безген Ықсан жондарын түрдіріп қойып сабапты дегенде Саттар тісін қалай қайрағанын аңғармай қалды.
— Мына шолақ Сыздық, солардың төлдері, балам! Осыны ойлағайсың! Жамандық істе демеймін. Аң боп жүр деймін... Аулақ жүр деймін.
Шал сөйлеген сайын Саттардың сауаты ашыла түскендей. Дос дегені жау шығып, жау дегені дос шығып, көзқарасы аңғал-саңғал. Қазақтың көптеген рулардан тұратынын оқулықтан да білетін. Енді мына қызық әңгімеден кейін сол ру аралары қым-қиғаш әрекет қозғалысқа толып қимылдай бастағандай. Соның ішінде өзі де жүргендей көрінеді. Беріштерге ала көзбен қарайды. Анау әдебиеттен беретін Нұрқасым ағайды Беріш деп кім ойлаған. Әйтпесе қандай жақсы адам! Бірақ заты қарсы жақтан екенін ойлағанда жүрегі одан бірден айныды.
Нұрлан! Доспын деп жүрген Нұрланы! Сөйтсе ол да Беріш екен ғой! Қап, кеткен өкінішті-ай! Оның бабасы, бұның бабасы — Абралыны сабаған ғой! Әй, неге сабайды-әй! О, несі-ай! Осы кезге дейін жат пен жақын арасын неге түсінбеген!
Бала жүрегіне мұз енгендей.
Шал одан әрі де ұзақ сөйлеген. Бала жүзіне ауық-ауық ойнап шыға келген ашу толқынын байқаған. Сол толқынның алабұртып кері қайтуын байқаған. Іле сұрланып, тіс қайрағанын байқаған.
Тек түйілгеніне біраз болған жас жұдырықты байқамаған еді ол.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру