Мазмұнға өту
Home

Осылай да кездесу болады...

Қалтай Мұхамеджанов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Осылай да кездесу болады...

Қалтай Мұхамеджанов туындыларының басым бөлігі адам іс-әрекеті мен болмысының күлкілі тұстарын көрсетеді. Әзіл арқылы көп нәрсені әшкерелеу де бар. Автордың бірнеше пьесасы театрда сахналанған. Шығырмашылық жолын М.Горькийдің туындыларын аударудан бастаған.

(Бір актілі, екі көріністі комедия)

ҚАТЫНАСУШЫЛАР:

С а д ы қ — колхоз председателі
М ы р з а б е к — жас агроном
А қ а н— оқытушы

Б и б і г ү л — Ақанның әйелі, колхоз кітапханасының меңгерушісі.

К ү л ә н — Ақанның қарындасы

Оқиға біздің күндерде колхозды ауылда өтеді.

БІРІНШІ КӨРІНІС

Дала жазы. Сахнаның оң жақ төрінде «Интернационал» колхозының кітапханасы» деген жазуы бар үйді көреміз. Сол жақта жазық егіс даласы, алыстан комбайн, тракторлардың силуэті көзге шалынады. Кітапхана алдында ұзынша скамейкалар, кішкентай беседка. Кітапхана үйіне бума-бума кітап кіргізіп жүрген Бибігүл мен Мырзабек. Ең соңғы буманы беседканың жанына қойған Мырзабек Бибігүлге сынай қарап,.

М ы р з а б е к. Қарындас, дем алыңыз, шаршадыңыз ғой...

Б и б і г ү л. Рахмет, ағай, сіздің де біраз уақытыңызды алдым. Оған кешірім етерсіз.

М ы р з а б е к. Оқасы жоқ, қарындас, қызға қызмет көрсеткеннен қажыған жігітті көргем жоқ.

Б и б і г ү л (жүзінде күлкі белгісі). Оған да рахмет!

М ы р з а б е к (сергіп). Жүз кісінің жүзін танығанша, қарындас, бір атын біл деген, есіміңізді кім деп жүрем.

Б и б і г ү л. Кітапханашы...

М ы р з а б е к. Шырағым-ау, ол сіздің қызметіңіз емес пе?

Б и б і г ү л. Кітапханашы десеңіз жұрттың бәрі біледі.

М ы р з а б е к (өзіне - өзі). Қыздың кесірінен сүйіндір деуші ме еді. (Бибігүлге.) Күні бойғы еңбегім атыңызды білуге тұрмаса амал қанша, қарындас, еш кеткен еңбек те.

Б и б і г ү л. Қатты қынжылдыңыз - ау, ағасы, атым — Бибігүл.

М ы р з а б е к. Бибігүл қарындас, атыңыз тамаша екен (ақылдымсып), өзі бұл кезде баяғының қыздары сияқты ат жасыруға болмайды... Ал енді мен мынау кіші агроном Мырзабек болам... Осы колхозға қызметке келдім. Қарсылық жасамасаңыз оқушыңыздың бірі болар едім.

Б и б і г ү л. Оған қарсылық жоқ, бірақ кіші агроном деген де бола ма екен.

М ы р з а б е к. Неге болмайды, мен сельхоз техникумды ғана бітірген адаммын. Институтты сырттан оқимын... Егін бригадирі болып кетуге де правомыз бар.

Б и б і г ү л (кекетіп). Біздің колхозда қызмет көп... Ең аржағы сауыншылар да жетіспейді.

М ы р з а б е к (ызалы үнін жасыра алмай) . Сауыншы болу қолдан келе бермейді, қарындас, оған ренжімессіз.

Б и б і г ү л (жалтарып). Кешіріңіз, сізді айтып отырған жоқпын, жалпы жұмыс қолының көп керектігін айтам...

М ы р з а б е к (сабасына түсіп). Бәсе, қарындас, бекер қорқытпаңыз!

Б и б i г ү л (күліп). Қорқатын несі бар. Қыдыр ағай әйелі науқастанып қалғанда қарауындағы сиырларды өзі сауыпты деген әңгіме шыққан.

М ы р з а б е к. Ол да талантқа байланысты дүние болар, қарындас... (Күмілжіп.) Мен мысал үшін... (кенет) сиыр айналып кетейіннің еті, майы жақсы - ау, бірақ... (Бибігүлге сынап қарап.) Үйренсе, несі бар...

Б и б і г ү л. Үйрен де жирен демей ме?

М ы р з а б е к. Оған да көндік (қипақтап). Мен өзі общим турасын айтқанда... (Бибігүл тура қарап үнсіз күліп тұрады, Мырзабек қаймығып.) Былай шынында дегенім ғой....

Б и б і г ү л (күле). Кешіріңіз, менің жұмысым бар. (Кете береді).

М ы р з а б е к (жедел). Қарындас, тұра тұрыңыз... (Бибігүл тоқтайды.) Енді бір-екі минут уақытыңызды бөлсеңіз деймін.

Б и б і г ү л (бұрылып). Не айтайын деп едіңіз?

М ы р з а б е к (сөз таба алмай қалып). Аудан осы жерден неше километр?

Б и б і г ү л (күліп). Жаяу кеткелі тұрсыз ба?

М ы р а б е к (күмілжіп мән бермей). Жоқ, кетпеймін. Білейін дегенім әшейін.

Б и б і г ү л. Бірге келдік қой, қанша жер екенін шамалаған шығарсыз...

М ы р з а б е к (күмілжіп, мән бермей). Мм... Шамасы он бес-жиырма шақырым бар-ау ә...

Б и б і г ү л (күліп). Осы жерден табандаған 96 километр...

М ы р з а б е к (ұялып). Кешіріңіз, ие солай екен - ау... (Жайдарыланған кейіп білдіріп.) Уақыт қалай тез өтеді ә, Бибігүл қарындас!

Б и б і г ү л (күліп). Дұрыс айтасыз, маған да уақыт өткізбеу керек. (Бұрылып кете береді).

М ы р з а б е к. Бибігүл шырағым, бір минутқа.

Б и б і г ү л (өзіне). Ағай, менің жұмыстарым бар ғой... Әкелген кітаптарды тәртіпке салу керек...

М ы р з а б е к. Әрине, тәртіпке салған дұрыс... Мен айтайын дегенім... Мен өзі осы колхозда енді тұрамын ғой, солай емес пе?

Б и б і г ү л (күліп). Мүмкін...

М ы р з а б е к. Мүмкін болғанда, өзі мен бойдақпын... Шыны сол, то есть жалғызбын...

Б и б і г ү л. Маған неғыл дейсіз...

М ы р з а б е к. Әшейін айтқаным ғой...

Б и б і г ү л (әзілдеп). Осы уақытқа дейін қалай бойдақ жүрсіз?

М ы р з а б е к. Әскерге бардым, келген соң техникумда оқыдым... Сонымен настоящий бойдақ...

Б и б і г ү л. Біздің колхозда қыз көп... Үйленсеңіз той жасаймыз.

М ы р з а б е к. Рахмет, қарындас... Бірақ... Осы сіз кітапханада көп оқисыз ғой... Сол әлгі рас па?

Б и б і г ү л (түсінбей). Нені айтасыз?

М ы р з а б е к (абыржып). Кітаптарда бір көргеннен ғашық болады деген...

Б и б і г ү л (күліп). Қандай кітапта?

М ы р з а б е к. Кітаптарда ше? (Ойланып.) Әлгі атын ұмытып қалғанымшы....

Б и б і г ү л (әзілдеп). Кітап тек біз үшін жазылмайды, сіз де ондайдың талайын оқыған боларсыз.

М ы р з а б е к. Әрине, оқыдым. (Ойланып.) Қай кітапта еді құрғыры, сіз - ақ айтып жіберіңізші.

Б и б і г ү л (әдейі). Білмедім.

М ы р з а б е к (қолын бір сілтеп). Ыу общим... Қыз Жібекте екен ғой. Төлеген сүйтеді емес пе?

Б и б і г ү л. Өте алыстан қайырдыңыз.

М ы р з а б е к. Басқасы есіме түспеді, кешіріңіз, осындайда адам нетеді екен...

Б и б і г ү л (жалтарып). Сонымен жаңағы машинаның үстіндегі «Абай» колхозының қызына ғашық болып қалған екенсіз ғой. (Жалма - жан соңғы бума кітапты алып ішке кіріп кетеді).

М ы р з а б е к (кітапқа ұмтыла беріп). Қарындас, мен өзім... (Өзіне - өзі . ) Ашық ауыздығымды қарашы... Осындайда көмектесіп, мәдениеттілігіңді де көрсетуге мүмкіншілік жоқ. Қарашы, өзі де маңына жуытар емес, нағыз шу асау - ау шамасы... Тура айтсам ба екен! (Кеудесін басып.) Міне, дүрсілдей бастады.

Осындайда жүрегі құрғырдың өкпе сияқтанып бобырап кететіні несі екен... Көрісімен жабыса кетті, жеңілтек мінез жігіт екен деп жүрер. (Маңызданып.) «Махаббат дегеннің жолы ауыр», — дейді жұрт. Сонда бір шындық бар - ay. Әлгі пе деуші еді, ие, не... «Әйелге қанша көңілсіз қарасаң, ол саған сонша ынтыға түседі» деп Белинский айтқан жоқ па, әлде Жамбыл ма, Гоголь ме, әй Жамбылдың аузына мұндай сөз түсе қойды ма екен... Мынаны қарашы шатастыруымды, Пушкин айтты деп естіген екенмін ғой... Білмейтіні жоқ екен десін, қазір осыны айтып жіберейінші... (Бибігүл шығады.) Сонымен шырағым, Пушкин айтқандай...

Б и б і г ү л. Не депті?

М ы р з а б е к (өзіне - өзі). Бүлдіре жаздағанымды қарашы (Абыржып.) Колхоз бастығын қалай тапсам екен.

Б и б і г ү л (күліп). Пушкин колхоз бастығын іздеп пе?

М ы р з а б е к (абыржып). Ие, жоқ, жоқ... Маған енді сол кісіге келгендігімді білдіруім керек қой...

Б и б і г ү л (қолымен нұсқап). Анау тұрған колхоз кеңсесі. Бастық та бері келе жатыр.

М ы р з а б е к (бойын тежеп). Тамаша болды-ау өзі!., (Қалтасынан қағаздарын ала бастайды.) Бастық жақсы адам ба, қарындас.

Б и б і г ү л. Адамның жаманы бар ма?

М ы р з а б е к. Былайынша дегенім ғой...

Б и б і г ү л (күліп). Қалайша болса да жақсы. Осы колхозды отыз жыл басқарады.

М ы р з а б е к. Е, дәудің өзі десеңші!

Б и б і г ү л (Әзілдеп). Онша ірі кісі емес...

М ы р з а б е к (еркінси). Сіздің сөзіңіз, қарындас, былайша айтқанда, нелеу ме деймін...

Б и б і г ү л (әзілдеп). Нелеу дейсіз?

М ы р з а б е к (қолымен көрсетіп). Былай түйреп дегендей....

Б и б і г ү л. Тым нәзік болып шықтыңыз ғой.

М ы р з а б е к. Жоқ - ау, өзі... Әшейін әзіл ғой... (Садық кіреді). Салаумалейкум, ақсақал.

С а д ы қ. Уаликесалам... Іске сәт. (Қол алысады).

М ы р з а б е к (Бибігүлге қарап қойып). Айтқаныңыз келсін. (Қағазын ұсына береді. Садық алып жатып).

С а д ы қ. Бұл немене? Бибігүл қарағым, аман-есен жеттіңдер ме, біздің шофер қайда.

Б и б і г ү л. Ол кездеспей «Абай» колхозының машинасымен келдім. Мына кісі болмағанда, бұл кітаптар бүгін жетпеуші еді. (Мырзабек иығын көтеріп, мақтанып қояды).

С а д ы қ (көзілдірігін киіп жатып). Ол берекесіздің ауданға баруы - ақ мұң, ана бір балдызының үйінде қылжақтап жатып алатынды шығарыпты. (Қағазды оқып.) Е, айналып кетейін - ай, жеткен екенсің ғой. Райком уәдесін орындады деген осы... Іске сәт, міне оң қолым келді. (Бибігүлге.) Іске сәт, пайдасын тигізе келген азаматты айта бер... (Мырзабекке.) Кәзір, шырағым, сенімен де жұмысты бітіреміз. (Бибігүлге.) Қаншаның кітабын алып келдің?

Б и б і г ү л. Кейінгі жаңалықтардың бәрі бар. Өткен жолы Абайдың төртінші кітабы жоқ деп еді, келгеніне бір жыл болыпты, складтан өзім тауып алдым...

С а д ы қ. Іске сәт. (Мырзабекке қарап.) Сондай бюрократтардың басын шабар ма еді, балам ә, тойуста агроном жолдас ә...

М ы р з а б е к. Дұрыс айтасыз, ақсақал.

С а д ы қ. «Оянған өлкенің» де екінші кітабы складта жатқан шығар, оны байқамадың ба?

Б и б і г ү л. Ол әлі жазылып жатса керек.

С а д ы қ. Іске сәт, айналып кетейіндердің ұзақ жазатыны - ай. Егін егу мен жинауды бір күн кешіктірсек жерге кіріп кете жаздаймыз, осыларда жоспар деген болмайды - ау, шамасы.

М ы р з а бе к. Жоспар болатын шығар, бірақ асықпайды ғой...

С а д ы қ. Іске сәт, асықпайтын заман ба бұл... Сарыбастың баласы айға барам дегенді шығарыпты.

Б и б і г ү л. Ол да ғажап емес, аға.

С а д ы қ. Іске сәт, ғылым деген осы да, күнмен көрші, аймен ауылдас болып барамыз. (Бибігүлге.) Шолоховтан не бар?

Б и б і г ү л. Өзіңіз оқыған «Тынық Дон», осы жолы «Көтерілген тыңды» әкелдім.

С а д ы қ. Клубқа қоятын жеңіл - желпіден жайың қалай?

Б и б і г ү л. Ол жағы әзір тапшы болып тұр.

С а д ы қ. Іске сәт (Мырзабекке). көрдіңіз бе? Пьеса дегенің оқуға ауыр болғанмен, көргенде қандай рахат, шырағым... Ал енді сол да жетіспейді... Майлиннің майда пьесалары көп сияқты еді ғой.

Б и б і г ү л. Биыл алатын шығармыз.

М ы р з а б е к. Ақсақал, өзіңіз әдебиетшісіз - ау деймін, бәрін білесіз.

С а д ы қ. Шырағым, кітап халық үшін жазылады. Былтырдан бері журнал бетінде екі - үш романның төбесі көріне бастады, үзінділерінен байқаймын тәуір - ау, шамасы. Жаңалықтың бәрін оқимын. Жұмыстан шаршап келгенде жақсы кітап жанның рахаты емес пе?

Б и б і г ү л. Ағайдың өз кітапханасы да ешкімнен кем емес.

М ы р з а б е к. Байқалып - ақ тұр.

С а д ы қ. Ал нашар кітап оқысаң арқан жұтқандай әрең бітіресің - ау, шіркінді.

М ы р з а б е к Сондай кітаптар жөнінде газет – журналдарға неге жазбайсыз?

Оқиға желісі мен шешім

С а д ы қ (қуақыланып). Шырағым, ондай жаза бастасам, колхозымнан алып кетуі де мүмкін. Осы кезде бес ауыз өлең жазғанның бәрі Алматы қайдасың деп тартатын көрінеді. Бәйменнің баласы әжептәуір мұғалім болып жүретін. Жеті - сегіз өлеңі облыстық газетке шығуы - ақ мұң екен тайып берді. Анда - санда орталық газеттерден бір өлеңін көзім шалып қалады. Бақ ішінде кездесіп едің кетіп қалдың, жүрегімді жараладың, сен күлсең айдарымнан жел еседі, ренжісең жылаймын дей ме құдай - ау, бәрі осы. Әкесі менімен құрдас. Кеше кездесіп «ана балаңды зарлатпай шақыртып алып үйлендір, бұдан былай дені сау өлең жазатын болсын», — дедім.

Б и б і г ү л. Лирика деген сондай болады ғой. Үйленгендері де солай жазады.

С а д ы қ. Іске сәт, алдынан жарылқасын, бірақ Бәймен мен маған лириканың керегі не, тым болмаса әкесі түсінетін жылына бір өлең жазсай. (Мырзабекке.) Қош, агроном, басқа не өнерің бар?

М ы р з а б е к. Өнер болғанда өзі... Трактор, комбайндардың тілін білем.

С а д ы қ. Іске сәт. Ол өз алдына. Біздің клубтағы көркемөнер үйірмелеріне қандай көмегің бар?

М ы р з а б е к (Бибігүлге қарап). Көмек болғанда қандай...

Б и б і г ү л. Домбыра тарту, өлең айту, билеуден не хабарыңыз бар.

М ы р з а б е к (күмілжіп). Хабар болғанда «Кеңес күйін» тартам.

С а д ы қ. Шырағым, «Кеңес күйін» мен де тартам, одан аса алмаймын, өзің қалай едің?

М ы р з а б е к (абыржып, Бибігүл мен Садыққа кезек қарап). «Балбырауынды» ортан беліне дейін тартам.

С а д ы қ. Іске сәт, шырағым, шоқырағың белгілі болды. Ән жағынан ше?

М ы р з а б е к (қысылып). Оған қинамаңыз.

Б и б і г ү л (күлкісін жасыра алмай). Биге тәуір шығарсыз?

М ы р з а б е к. Аздап фокстрот, танго...

С а д ы қ. Іске сәт, ана жағынан кеттің ғой... оған да шүкір, семьяң көп пе?

М ы р з а б е к. Өзімнен басқа ешкімім жоқ (Бибігүлге қарап қойып), бойдақпын.

С а д ы қ. Іске сәт (әзілдеп), үйлендіру керек, той жасау керек, жалпы машақатың мол жігіт болдың ғой.

М ы р з а б е к (ұялып, Бибігүлге қарап қойып). Оған енді өзі...

С а д ы қ. Тойыңда бәрібір өлең айтқызамыз.

М ы р з а б е к (абыржып). Оған қинамасаңыз екен.

Б и б і г ү л (әзілдеп). Тойыңыз болғанша, үйренерсіз.

М ы р з а б е к (Бибігүлге). Айтпақшы, мүмкін...

С а д ы қ. Іске сәт (қолымен нұсқап), ана үй біткенше қонақ жайда тұрам десең де, ерік өзіңде, біздің үйде де орын жетеді. (Ойланып.) Қартайдық, енді сендер қолқабыс тигізіп, колхозды қолдарыңа алсаңдар қандай рахат. Отыз жыл ыстығына күйіп, суығына төздік. Құрылғандағы тоқсан тоқты, тоғыз торпақ мыңғырған мал болды. Тиын туып, сом балалап, миллионер колхоз атандық. Алда армандай коммунизмнің де табалдырығына тақалдық. Бұған да шүкір. Ден сау болған соң адам үйде отыра алмайды екен. Пенсия деген қуыңның да шалғайға жармасқанына да біраз болды. Енді бір - екі жылда кемпірдің дегені орындалып пенсияға шығам ба, кім біледі.

М ы р з а б е к. Түріңізге қарағанда, әлі жас көрінесіз ғой.

Б и б і г ү л. Ағай өзімізге баяғы бойы.

С а д ы қ (күліп). Көңілдеріңді құдай көтерсін. Алпыспен көңілдес болғанымызға екі жыл. Бірақ мені қартайтпайтын сендердің қуанышың, шырағы жанған еңбек қуанышы. Солай емес пе, Мырзабек шырағым.

М ы р з а б е к. Дұрыс айтасыз, ақсақал. Менің де жолым болады екен. Сіздей бастыққа және Бибі... (Сөзін жұтып, сездіргісі келмей, Садыққа қарап.) Өзіңізге кездескенімді қараңызшы.

Б и б і г ү л ( бұл да қысылып). Жолыңыз болады екен. Ағай талайды өз қолынан тәрбиелеп ұшырған.

М ы р з а б е к (қуанып кетіп). Іске сәт, көріскенше (қолын былғап кете барады).

Б и б і г ү л (өзіне-өзі). Қызық жігіт, Ақанға айтсам біраз мазақтап күлетін болды.

(Кітапханаға кіреді).

Ш ы м ы л д ы қ.

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Кеш, колхоз кеңсесінің алды. Басқарма жиналысы біткен. Жұрт тараған. Мырзабек шығады.

М ы р з а б е к (өзіне - өзі). Япыр - ай, бұл қалай болды. Өзім көмектесем деді ғой. Аудан не айтар екен. Шіркін, осындай қуанышта Бибігүл кездесер ме еді.

(Ақан келе жатады.) Мынау кім әй... Таныс адам тәрізді, ойбай - ау, Ақан ғой. (Ақан кіреді).

А қ а н. Мырзабекпісің? (Келіп құшақтай алады . ) Молодец, қайдан жүрсің.

М ы р з а б е к. Сен осында ма едің?

А қ а н. Биыл бес жыл болды. Мектеп директорымын.

М ы р з а б е к. Осы ауданда деп естігенмін. Бірақ осы колхозда деп ойламап едім.

А қ а н. Тамаша! Сапар оң болсын.

М ы р з а б е к. Айтсын, сендерге қызметке келдім.

А қ а н. Кім болып?

М ы р з а б е к. Агроном кәдімгі (мақтана), жәй ғана агроном емес, бас агроном.

А қ а н. Мәссаған, тойлайтын болдық.

М ы р з а б е к. Той қашпас. Үйлендің бе?

А қ а н. Екі жыл болды.

М ы р з а б е к. Біз әлі сүр бойдақ.

А қ а н. Біздің колхозда қандай тамаша қыздар бар. Шекесінен шертіп жүріп үйленесің.

М ы р з а б е к. Қыздарың тамаша болу керек, бүгін біреуімен таныстым.

А қ а н. Келмей жатып па, мықты болып кетіпсің ғой өзің. (Ойланып.) Ол кім болды екен.

М ы р з а б е к (мақтана). Әзір жария ету ертерек, досым, кейін білесің. Сенімен сырласпай үйленер деймісің?

А қ а н. Оның да жөн...

М ы р з а б е к. Шіркін, осындай қуаныш үстінде сол қыз жетіп келер ме еді. Сен де мені біраз таныстырып себіңді тигізер едің.

А қ а н. Атын айтшы, мен - ақ жеңгетай болайын.

М ы р з а б е к. Ертерек, бауырым, ертерек. (Кеңсені иегімен нұсқап.) Бастықтарың тамаша адам екен.

А қ а н. Сәкен деген нағыз даланың педагогі.

М ы р з а б е к. Менің қолымнан аға агроном болу келмейді десем «өзім көмектесем, әңгімені қой, бала» деп отырып алды. Қазір ауданмен сөйлесіп жатыр.

А қ а н. Тек еңбек істей біл, бұл кісі алып шығады.

М ы р з а б е к. Несіне аянам. Жасыратыны жоқ, «әлде қандай бастыққа тап болам» деп қорқып келіп едім, оның үстіне сен де осында, общим жолым болады...

А қ а н. Ал кеттік үйге, құрдасың да келген шығар.

М ы р з а б е к. Сәкең «біздің үйде бол» деп еді, қазір шықсын, кешірім сұрап кетейін. (Клуб жаққа қарап қуанышты үнмен.) Әне келе жатыр, жанында бір қыз бар.

А қ а н. Ол кім, кәне.

М ы р з а б е к. Бағана танысқаным, клубты айналып кетті, қазір шығады. Ал көрсет жеңгетайлық өнеріңді. Айттым ғой жолым болады. (Галстугін жөндеп, шашын тарайды.)

А қ а н. Қазір мен олармен сөйлесейін. (Олар көрінеді.) Е, мыналар ғой, біреуі біздің үйдегі құрдасың.

М ы р з а б е к. Қайсысы, тез айтшы.

А қ а н. Асықпа, қазір таныстырам. (Бибігүл мен Күлән шығады.)

Б и б і г ү л (Ақанға). Сен, шырағым-ау, күттіріп қойдың ғой.

М ы р з а б е к (өзіне - өзі). Дүние не болып барады.

А қ а н Жарайды жеті жыл көрмеген досыммен кездесіп қалдым, танысыңдар, колхоздың аға агрономы Мырзабек Сағатов.

Б и б і г ү л. Орныңыз құтты болсын. (Ақанға.) Бұл кісімен мен кіші агроном кезінен таныспын.

А қ а н. Қалай дедің?

М ы р з а б е к (абыржып). Дұрыс айтады, сіз кім боласыз?

Б и б і г ү л (күліп). Танымай қалдыңыз ба? Бибігүл, мына Ақанның жұбайы біз боламыз.

М ы р з а б е к (өзіне - өзі). Қап қатырды - ау! (Ақанға жалбарына) Ақан айналайын, кешір мені.

А қ а н (сенбегендей). Не боп қалды!

Б и б і г ү л (күліп Ақанға). Кейін айтам, қызық болды.

М ы р з а б е к (абыржып). Бибігүл нельзя адамды подводить етудің, оның несі қызық.

Б и б і г ү л (күліп). Құрбым, одан оғаштық көріп тұрған жоқпын.

М ы р з а б е к (жуасып). Ақанның жолдасымын деп неге айтпадыңыз.

Б и б і г ү л. Сұраған сіз жоқ.

М ы р з а б е к (абыржып). Сұрамадым да, ие сұраған жоқ екенмін ғой, сорлы басым.

А қ а н (күліп). Түсіндірсеңдерші.

М ы р з а б е к (оның сөзін бөліп). Мына қыз кім?

А қ а н. Менің қарындасым, осында ән-күй үйірмесін басқарады.

М ы р з а б е к (ұмтыла беріп). Айналайын, баяғы Күлән ғой. Үлкен жігіт болып кетіпсің.

Б и б і г ү л (әжуәлай). Тойыңызға дейін осы кісі ән үйретеді.

К ү л ә н. Ағайдың өлең айтатыны бар емес пе еді.

А қ а н. «Шұбар туша» деген әнді білетін.

М ы р з а б е к (қолын бір сілтеп). Шұбар тушасы құрысын, ол ешкі болып қаңғырып кеткен. Қазір ән салмаймын. Общим масқара.

А қ а н (күліп). Енді түсінікті болды. Масқара болған ешнәрсе жоқ. (Әзілдеп.) Біздің Бибігүлге көзің түскен екен ғой.

Б и б і г ү л (күліп). Ауданнан бірге келдік. Кітап әкелуге біраз көмектесті. Сосын... (сықылықтап күледі).

М ы р з а б е к (ызаланып). Күлмеңізші, пожалуйста.

А қ а н. Мырзаш, оның несіне ашуланасың. Танысқан екенсіңдер тіптен жақсы.

М ы р з а б е к (ызалы). Оның несі жақсы, келмей жатып күлкі болды деген осы.

К ү л ә н. Ағай, оған несіне ашуланасыз, жеңешем бағана маған айтқан...

М ы р з а б е к (ашулы). Айтса жақсы болған екен.

А қ а н. Достардың осылай кездескені де жарасымды емес пе, Мырзаш.

М ы р з а б е к (жуасып). Әй қайдам, Күлән - ау, бәрі дұрыс, бірақ айтпай ма?

К ү л ә н. Сізді танымайды, Ақанның әйелімін деп жар сала ма.

А қ а н. Бәсе деймін - ау, Бибігүлді неге кінәлайсың.

М ы р з а б е к (сабасына түсіп). Өзі солай екен ғой... Кешір, Бибігүл, ендеше... общим нечауа. (Садық шығады.)

С а д ы қ. Іске сәт, жастар жиналып қалыпты ғой. (Мырзабекке) ауданмен сөйлестім, дұрыс жасағансың деп жатыр.

А қ а н. Сәке, сіз кешіріңіз, Мырзабек бірге оқыған жолдасым еді, үйге ертіп кетем, сіз де жүрсеңіз екен.

С а д ы қ. Іске сәт, Мырзабек, көрдің бе жолдастарыңмен де кездестің, жолың болғыр екенсің, ал кеттік ендеше. Бәрі кете береді.

М ы р з а б е к (артына бұрылып). Осындай да кездесу болады екен, бұдан былай күлкіге қала көрме. (Кетеді).

Шымылдық.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙