Ұлытау аймағы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Мейрамхан Жәпеков — «Ұлытау аймағы» (Көркем әңгіме). ҰЛЫТАУ АЙМАҒЫ
Қарсақбай мыс зауытының солтүстік жағында 120 км жерде Ұлытау дейтін тау бар. Бұл тау өзінің биіктігі жағынан да, алып тұрған жер көлемі жағынан да оңтүстік-батыс жақтан солтүстік-батыс жаққа қарай мыңдаған километр жерге созылатын Сарыарқа дөңдерінің негізгі кіндігі болып есептеледі. Сарыарқа мидай жазық Сібір даласы мен Бетпақ шөл даласын айырады. Орал таулары мен Алтай тауларын бір-біріне жалғастырады. «Сарыарқа» бұрынғы ғылым кітаптарында «Қырғыздың таулы аймағы», «Арал-Ертіс суларын айыратын дөң» деп аталған. Жергілікті қазақ елі бұл дөңдерге «Сарыарқа» деп ат қойған. Қазақтың бұл дөңдерді «Сарыарқа» деуі дұрыс-ақ. Өйткені бұл дөңдер Батыс-Сібір даласын оңтүстіктің ыстық желінен қорғап, ауыл шаруашылығы үшін жақсы жағдай туғызды.
Ұлытаудың алып тұрған жер көлемі 200 шаршы км-ден кем емес. Таудың оңтүстік және батыс жақтары тік, жар болып келеді. Ұлытау жүйесіндегі кейбір таулардың биіктігі тегіс жердің бетінен алып өлшегенде 750 метрге жетеді; кейбір таулардың биіктігі бұдан да асып кетеді. Тауда құз-жарлар, жартастар көп болғандықтан, мұндай биікке шығу өте қиын тиеді. Ұлытаудың биіктігі теңіз суының бетін алып есептегенде 1150-1200 метрге жетеді.
Таудың нәсілі граниттан жаралған. Сондықтан, оның төңірегіндегі өзен сулары болсын, жердің астындағы суы болсын тұщы болады. Кеңгір өзені таудан жылжып ағып, оңтүстіктегі Бетпақ шөлге қарай кетеді. Үлкен, Бала, Терісаққан өзендері солтүстікпен батысқа қарай ағып, Обь өзенінің саласына қарай асады. Қара, Сарыторғай, Жыланшық өзендері Ұлытаудан басталып, солтүстік, батыс Қазақстандағы көлдерге құяды. Бұл өзендердің суы тұщы болады; ішінде жайын, сазан, шортан сияқты балықтар көп болады. Олардың төңірегіндегі сай-салаларға тал, қамыс сияқты өсімдіктер мен ағаштар көп шығады. Кейбір жерлерде өзендер таудың түйісіп келген араларынан өтіп, тамаша әдемі көріністер береді. Өзендердің екі жағында қара топырақ көп болғандықтан, көк майса шөптер кілемнің түгіндей болып, түрленіп жатады, тоғайлар да көп кездеседі.
Ұлытаудың сай-салалары мен аралықтарында қарақат, қара бүлдірген, желек сияқты жемістер көп шығады. Қайың, жабайы алма, ақ қайың ағаштары топ-топ болып, жиі кездеседі. Таудың араларында қызылды-жасылды гүлдер толып тұрады, гүлдердің төңірегінде тау аралары (бал құрттары) омарта салады. Ұлытаудың батыс және солтүстік шығыс жақтарындағы терең көлдерде жаздың күні үйрек пен қаз өте көп болады. Түлкі, қоян, қасқыр сияқты аңдар тау төңірегінде өріп жүреді.
Бұрынғы уақытта Ұлытау Қазақстанның саяси өмірінің орталығы болған. Қазақтың Алаш (Ақназар), Абылай, Кенесары атақты хандары Ұлытауда мекен еткен. Бұған таудың жаратылыс жағынан өте әдемі болуы және Қазақстанның жағрапиялық орталығында болуы себеп болған. Ұлытаудың саяси саяси-экономикалық маңызын отаршылар да білген. Олар өткен ғасырдың 30 жылынан бастап тауды табандап мекен етуге тырысқан, әскерлерін әкеліп орналастырған. Бірақ, жергілікті қазақ елі соларға шабуыл жасап, тыныштық бермеген.
Қазір де Кеңестер Одағының шаруашылығы қаулап өсіп, Қазақстанда социалистік құрылыс өркендеуімен қатар, Ұлытау өндіріс жағынан үлкен маңызды орынның бірі болып отыр. Осы күні бұл таудың төңірегінен орасан көп мыс, темір, маргенец, алтын, қорғасын, көмір байлықтары табылып отыр. Ұлытаудың солтүстік-батыс жағында 80 км жерде қорғасын, алтын кені мол қорғасын ауданы бар. 100 км жерде күкірт колчеданы мен көмір сапасы миллион пұттан асатын Болат там ауданы бар. Таудың оңтүстік-батыс жағында 100 км жерде мысты Жезқазған кені бар. Бұл кеннің зерттелген мысы қазірдің өзінде-ақ 1,5 миллион тонна болады. Әбден зерттеліп болмаған запасты қосқанда Жезқазғанның қызыл металы 3 миллион тонна болып отыр. Осы кен запастарын еске алғанда республикамыздың үлкен алыптарының бірі – Қарсақбай зауытының қазіргі жылына 6 мың тонна мыс қорытуы, алдындағы күндерде істелетін ірі жұмыстардың тек бастапқы адымы болып қана есептеледі.
Қарсақбай ауданында тау өндірісінің қаулап өркендеуі Ұлытау төңірегінде ауылшаруашылығын қайтадан құру жөнінде көп жұмыстар істеуді керек қылады. Біздің ойымызша, Ұлытаудың тамаша табиғат байлығы төмендегі екі бағытта пайдалануға тиіс:
Ең алдымен, Ұлытау төңірегінде өзендердің сай-салаларына дәнді егіс пен огород егу жұмысын жақсылап қолға алу керек. Ет-сүт фермаларын ұйымдастыру керек. Бұл шаруашылықтардың ауданда салынып жатқан және өндіріс алыптарының жұмысшыларына азық-түлікті толық жеткізіп бере аларлық мөлшерде өркендеуі керек. Жұмыс қарқынын тездету қажет. Екіншіден, Ұлытаудың жақсы жаратылыс байлығын өндірістердегі жұмысшылар мен қызметшілер емделетін, дем алатын орын есебінде пайдалану керек. Мұнымен қатар, Ұлытау төңірегіндегі жабайы өсетін алма, жемістерді мәдениет жолымен өсіру арқылы бақша шаруашылығын өркендетуге болады. Бал шаруашылығын өркендетуге де мүмкіншілік мол.
Оқиға желісі мен шешім
Ұлытау төңірегінде дәнді егіс шаруашылығы мен ет-сүт фермаларын ұйымдастыру жұмысын кең көлемде жерді суландыру ісін жүргізу негізінде жүзеге асыруға болады. Мұнымен қатар бұл жұмысты колхоздардан заттық және ұйымдастырушылық базасын күшейту жұмысымен де байланыстыру керек. Себебі осы күні аудандағы елдің 63 проценті Ұлытау төңірегін мекендеп отыр. Ал, енді огород шаруашылығын алғашқы кездерде совхоздарда қолға алу керек. Өйткені, огород егу жұмысы осы күнге дейін жергілікті халықтың тәжірибесінде болмаған. Мұның үстінде Қарсақбай зауытының Ұлытау төңірегінде огород совхозын ұйымдастыру жөнінде істеген тәжірибесі тауға жақын жерде картошка, қызылша, капуста сияқты огород өсімдіктерін егу әбден болатындығын көрсетіп отыр. Ұлытауда демалыс үйін ұйымдастыру жұмысы үлгілі курорт, санаторий салу ісімен нық байланысты. Себебі осы күннің өзінде-ақ Қарсақбай зауытында 3500-ден аса адам істейді. Жұмыс жағдайы ауыр, ауа райы жаман болғандықтан жұмысшыларды жылдың басынан аяғына дейін үздіксіз түрде демалысқа және демалыс үйлеріне жіберіп отыруға тура келеді. Бірақ, совхоз темір жолдан алыс. Жұмысшылар бір жаққа барайын десе, демалыс күннің көбін жолда өткізеді, сонан демалуға уақыттары қалмайды. Ал енді Ұлытауда үлгілі демалыс үйі ұйымдастырылса, жұмысшылар тілеген уақыттарында барып демалар еді, теміржолға бару, әрлі-берлі сандалу азабынан құтылар еді.
Қарсақбай ауданында жыл санап металлургия өндірісі өркендеген сайын жұмысшылардың демалыс үйлеріне мұқтаждығы да артпақ. Әсіресе, Үлкен Жезқазған өндірісі кең түрде өріс алған күнде бұл мәселе қиындамақ. Жезқазған жылына 150 мың тонна қызыл металл қорытып, ондағы жұмысшылардың саны ең кемінде 25-30 мың болмақ. Міне, осы себепті жұмысшылар үшін демалыс үйін салу мәселесі үлкен негізгі мәселелердің бірі болып есептеледі.
Демалыс үйінің жанында үлгілі қымызхана ашу керек, бақша, огород, бал шаруашылықтарын ұйымдастыру қажет. Олардың бәрін істеуге Ұлытаудың жаратылыс байлығы толық мүмкіншілік береді.
Демалыс үйінің ет-сүт сияқты нәрселерді өзара шарт жасасып, көршілес отырған колхоздардан алатын болуы керек. Ұлытаудағы демалыс үйінің өз алдына, Қарсақбай комбинатымен байланысы жоқ, транспорты болуы қажет.
Ұлытауда демалыс үйін ұйымдастырып, кең түрде мәдениет ағарту және емделу жұмыстарын ұйымдастырудың тек өндіріс үшін ғана емес, бүкіл Қарсақбай ауданындағы халық үшін де үлкен маңызы бар. Себебі аудандағы көшпелі халықтың көпшілігі Ұлытау төңірегіне отырықшыланбақшы.
Мақала «Орталық Қазақстан»
газетінде жарияланған.
Ескі қаріптен қазіргі қаріпке түсіріп,
баспаға әзірлеген ҚарМУ-дың
журналистика кафедрасының аға
оқытушысы
Мейрамхан Жәпеков.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру