Бақ жұлдызы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Жоламан Айдарбаев — «Бақ жұлдызы». БАҚ ЖҰЛДЫЗЫ
/uploads/18244a06-642c-5390-80af-1a05e32eb92b/cover.png
Ойпыр-ай, мұндай да өмір болады екен-ау! Ғазиз өз қатарлы балалардың өмірін тыңдап отырса қызығады, олардың өмірі біркелкі тыныш өтіп жатқанға ұқсайды, тұрмыс-тіршілігі келіңкірегенімен, тағдыры мүлде бөлек. Өзге балалар ел ішінде туылып, ел ішінде жайлы тірлікпен өсіп жатыр емес пе? Ал, Ғазиз болса аржағында қандай жағдайда туылғанын кім білсін, беріде көзін ашып, ес жиғалы көргені ─ көшпенді күйкі тіршілік. Қашан, қай жерде туылғанын берігіректе әркімдердің айтуынан, естігенінен ғана біледі. Әкесі Әбдіразақ шопан болыпты. «Чапаев» колхозы Құлсары мұнай кәсіпшілігіне жақын болатын. Әбдіразақ осы колхоздың малын бақты. Ес білісімен Ғазиз әкесіне жәрдемші, үй-ішіне қолғанат болды. Әке жанында мал соңына түскенде ол он жасында екен. Барып кел, шауып кел, қойды қайтар ─ мұның бәрі қолды-аяқтай балаға не тұрыпты. Жүрген жерін тасқабақтай қуырып, тындырып жасайды. Қайсыбір кезде малды өзі де бағып жүреді. Жайылымның құйқалы, шөптің шүйгін жерін таниды. Қарақұмның қай қиырында, құм таулары ішінде қырдың асты мал тұяғы тимеген, қай малы қандай шөпті жерге тоқтап жайылады, жаңбырдан кейінгі сай-сала қуалап тау етегіне бөктерлей жайылған отар тез тойынып, ерте күйсейді, мұның бәрін біліп алған Ғазиз әкесі ауырып, не шаруаларымен жүріп қалған кездерінде мал соңында өзі жүре берер еді. Әкесі кідірмей асығып қайтып келгенде алдындағы отарының тап өзі бардағыдай тұрақтап жайылып, тойынып жүргенінен көрер еді де баласының қолғанат болғанына марқайып қалар еді. Өзекке жайылып, өлең шөпке тоғайған малды бұйрат бойын бойлай келіп, ыстықтан шөліркегеннен отар енді бірде Жем өзеніне құлап, суға бас қойып жағалай шықпай жатып алар еді. Сонау Мұғалжар тауларынан бастау алған Жем суы жазда тасып, арнасынан асып төгіліп, жағалауды жарып кетіп, айналасы атшаптырым ойдым-ойдым жерлерде жарқыраған көл тұнып, қалың қамыс бітік шығып, үйрек-қаздың мекеніне айналған мыңсан қоғажай көлшіктерге мал кіріп кетсе шықпай қоятын. Мұндай кезде Ғазиз өзі де мұздай көл суына шомылып, рахаттанып, ыстықтың райы қайтқанша самалдап, ұлы бесін шамасында алдындағы малы қоғажайды тастап шыққанда отар соңына еріп қана отырар еді. Содан асықпай жайылған мал қараңғы түсе түнекке келіп күйіске түсер еді. Мал жайылымын таңдай білген баласына Әбдіразақ:
─ Сен келіп жаным жайланды ғой, ─ деп отырар еді.
Бірақ, малмен бірге көшіп, қонып, ұшарын жел, қонарын сай білген жалғыз қараша үйдің тыныс-тіршілігі бала Ғазизге жанына жай, жағдайына күй бола қоймаған. Өзі қатар балалардың тыныс-тірлігі бөлек. Ел ішінде тұратын олардың өмірі Ғазиздің ішін пыстырғандай. Олар мектепке барады. Үстерінде үйлері бар. Көппен өткен өмірлері де көңілді сияқты. Ал, Ғазизде оның бірі де жоқ.
Колхозға сиректеу келгенінде Ғазиз көңілге мұң ұялатарлық бір жағдайға тап болады. Ауыл ішінде әр үйдің тұсынан өткен сайын бір мұңды сезінеді. Соғысқа кеткен азаматтарынан қайғылы хабар келіп, ауыл мұңға батып тұрады. Қайсыбір үйлерден әйелдердің зарлы үні естіледі. Таңның атысы, күннің батысы мұңға бөккен ауыл ішінде әлгі бір зарлы үн, жоқтау ─ ауада қалқып тұрып қалғандай. Әншейін бір ағайынның үйіне бас сұға қалса да әлгіндегі қайғылы үн ішкен асын батырмай, естіген жанды өзімен бірге ілестіріп әкетіп бара жатқандай. Тұңғиыққа батырып бара жатқан мына қараша үй іші оған қараңғы көрдей әсер етеді. Мұндайда ол үйден тезірек сытылып шығуға асығады. Мұңға батқан ауылдың мына күйінен оған өзінің айдалада жалғыз өткен өмірі артық сияқты. Өйткені, онда мынадай еңсеңді басқан ауыр ойдан, зілді мұңнан аулақ жүресің. Нендей бір зілді ой, қайғы, мұң сенен аулақ. Мұнда тек қайрат-жігері енді тасып, болашағына батыл қадам баспақ болған өсіп келе жатқан балаң жігіттің көңіліне сағыныш ұялап, әлдеқайда алысқа қарай алып-ұшып тұратыны бар. Көңілге мұң ұялатар Чапаев колхозының қараша үйлерінен өзге күні көңілді, тіршілігі оңды жер жоқ па екен? Fазиздың жаны осындай жерді аңсайтындай. Ол соны іздегісі келеді.
Әбдіразақтың әзір бойында қайраты бар адам. Ғазиздың өзіне жәрдемші болғанын жақсы көргенімен, оның есейіп, өскелең жігіт боп келе жатқанын көріп, ендігі жерде ауыл-аймақтың назарына түскенін қалайды. Шүкір артында өсіп келе жатқан екі інісі бар. Ендігі жерде мал соңында Ғазиздың орнына Шәріп те жарайды. Ол да қазір он жаста. Ең кішісі Жақсыбай сегізде, үйде анасының жанында, үй шаруасына жарайтын боп қалған. Ендеше Ғазиз ел ішіне шығып, өзгеше бір тіршілікпен айналысса дейді. Өзі өмір бойына осы қой соңында келеді. Одан ұтқаны ─ бала-шағасына нәпақа тапқаны. Осы колхоздың қайсыбір балалары Құлсарыға барып, сонда әнебір аспанға шаншылып қалған қалың мұнаралар тоғайында тірлік жасап жатқан көрінеді.
Колхоздың азаматтарын түгелдей соғысқа алып кетті. Сонда шопан керек деп Әбдіразақты алмады. Әбдіразақ алдындағы малының етін, сүтін, жүнін тамшы қалдырмай колхозға өткізеді. Колхоз бәрін жиып-теріп майданға жібереді. Колхоз Әбдіразаққа жоспар береді. Әбдіразақтың ол жоспарын орындамаған кезі болған емес. Сол кезде Ғазизының көмегі аз болған жоқ. Енді соғыс аяқталып, ауылдың есі кіріп, беті бері қарады. Колхоз да бұрынғы соғыс кезіндегідей емес, ет бер, жүн бер деп күнде шауып келіп тұрған жоқ. Малшыға аз да болса еркіндік бар. Ол да жеңілдік. Қазір Шәрібі қолғабысқа жарады. Өзі де қайраттан қала қойған жоқ. Ендеше, Ғазизының Құлсарыға барып өзгелер сияқты мұнай тірлігімен айналысқанын іштей мақұл көреді.
Әкесінің бұл ыңғайы Ғазизға қолдау болды. Осы колхоздың өзі құралыптас балалары Құлсарыға барып мұнайшы болып жүр. Сиректеу көріп қалса олардан қалай кіргенін, қандай тірлік екенін қадалып сұрайды. Олардың әңгімесіне қарағанда ол жұмыстар Ғазиздың да қолынан келетін сияқты. Бірақ іштей қаупі ─ мені ондай жұмысқа қабылдар ма екен дейді.
Бұл кезде он бес жастағы Ғазиз ақыры осыған бел буды да, көзді жұмысы ауылдан шықты. Бірақ, өмір ол күткендегідей емес-тұғын. Әлі балалығы мол аңқау көңіл бірден барып жұмысқа кіре қоймақ болған. Енді білсе қолдан келмес кедергі көп екен. Соның алғашқысы сопаң етіп алдынан шыға келді. Ол кедергі ─ алдымен оны жұмысқа алуға жасы жетпейтіндігі болды. Ауылдың бір таныс баласы оны алдымен өз жұмысына, бастығына апарып көрсеткен. Ол әлгі баланың тіке өзі қарайтын кішкентай бастық болып шықты. Ал, жұмысқа қабылдайтын үлкен бастықтар поселке ішінде орналасқан басқармада отыратын көрінеді. Онда барғанда үлкен бастығы кішеңдеу біреуіне жұмсайды. Айналадағыларының айтуларына қарағанда, осы бір кішкене қара көлеңкелеу бөлмеде отырған ағай жазып тіркеуге алатын болса керек. Олар айтқан тәртіптерге Ғазиз түсіне де бермейді. Орта жастардағы аға жігіт есіктен жасқана кірген бойы сорайған сопақ сары баланың алдымен не шаруамен келіп тұрғанын сұраған. Жұмыс жайын айтқанда:
─ Жұмысшы керек қой, қане документтеріңді әкел, ─ деген.
Ол несі деп ойлады Ғазиз. Документ деген сөзге түсінбей қалды. Бұл сөзді бұрында естімеген. Аңырып қалған Ғазизды әлгі адам түсінсе керек:
─ Өзің нешедесің? ─ деп сұрады.
─ Он бестемін, ─ деді Ғазиз.
Мұны естіген әлгі адам өзі аңырып қалды.
─ Өзің бойың сорайып, он бестегі бала сияқты емессің ғой, ─ деп Ғазизға бажырая қарады. ─ Қане туылғандығың жөніндегі куәлігіңді әкелші.
Ғазиз ондай қағаздың жоқ екенін айтты.
─ Ендеше, справка әкел ауыл Советтен.
Чапаев колхозының ауыл советін танитын. Ол алдындағы қағазын әрі-бері аударыстырып отырып, оның ішінен таппады.
─ Шырағым-ау, - деді ол әлден соң, ─ сен мына тізімнің ішінде жоқсың. Әбдіразақты білем ғой. Ол неге осы күнге дейін баласын тіркеуге бермей жүрген, ─ деп әуелі біраз кейіс білдіріп алды. Сосын барып:
─ Енді саған куәлік шығару үшін дәрігерден анықтама керек сенің туылғандығыңның растығы жөнінде.
─ Сонда менің туылғанымды өтірік деп тұрсыз ба? ─ дейді Ғазиз.
─ Ойбай-ау, сенің бір заманда туылып, енді бүгін жігіт боп келіп тұрғаныңды көріп тұрмын ғой. Бірақ, енді тәртіп осындай болса мен қайтейін.
Сонымен, әңгіменің тоқ етері Ғазиз өзінін туылғанын көрген дәрігер іздеуі керек болды. Ақиқатына келгенде ол заманда мұнан он бес жыл бұрын, Қарақұмның етегінде мал соңында жүрген жалғыз үйде Fазиздың дүниеге келгенін әкесі Әбдіразақ пен анасы Нәбирадан баска кім көрді дейсің. Ол кезде шақырғаныңда да келе қояр дәрігерің әзір тұр ма? Ал, мына кісілердің талабы ─ қалай істесең де әйтеуір бір дәрігер тауып, сен туылды деген анықтама әкелуің керек. Одан өзге жол жоқ. Ғазиз енді сондай жол іздеді. Бірақ, ауылдағы да, аудандағы да дәрігер дегендер:
─ Туғаныңды көрмек түгіл өзіңді, ата-анаңды танымаймын, айтып тұрғаның не, ─ деп ат-тонын ала қашты.
Тауы шағылып Ғазиз көп жүрді. Жанындағы ауыл балаларынан сұрастырып көрсе осындай тауқыметті олар да бастан кешкен болып шықты. Бірақ, әйтеуір, олардың әрқайсысы әрқилы жол тапқан. Біреулері таныстық, ағайыншылық жолымен осы арадағы дәрігерлерден қағаз алған. Енді біреулері ондай анықтамасыз-ақ жол тапқан. Тағы біреулері ауыл советпен тіл табысқан. Ал, Ғазиз үшін оның бәріне де жол жоқ. Осындай күдерін үзіп, табанынан таусылып, тауы шағылып жүрген күндердің бірінде ойда-жоқта бір үлкен жүректі, қайырымды жан табыла кетті. Ол өзі бір әңгімешіл жан екен. Құдай итерді ме, әйтеуір, жолшыбай тап бола кеткен ол кісінің назары Ғазизға ауды. Әйтпесе, ол жыға танымағанымен шырамытты ма кім білсін, әйтеуір өзіне жақын тартып арғы жақ, бергі жағын қалдырмай, аударыстырып сұрай отырып, ақырында ретін тауып келіп, жекжат болып шығарды. Ол Ғазиздың әкесі Әбдіразақтың әкесі Төлендіні де көзі көргенін айтты.
─ Бөтен бала емес екенсің, - деді ол түгел сұрастырып, оның жүріс-тұрысының жағдайын біліп алғаннан соң, ─ саған, Төлендінің ұрпағына жәрдемдесе алсам бір сауапты іс болар еді. Сен Гурьевке барып, сонда аурухананың бас дәрігері Сүндетов деген кісіні тауып ал, -деді. ─ Тек менің атымнан барасың.
Бейтаныс қала Гурьевте Fазиздың тоқтайтын жері жоқ. Ол аурухананы іздеп ұзақ жүрді. Жолы болғанда Жайықтың жағалауында орналасқан ауруханада дәрігер Сүндетов қарсы жолықты.
─ Мына бала сізді сұрайды, - деді медбикелердің бірі тұсынан өтіп бара жатқан бас дәрігерге.
Жігіт ағасы шамасындағы кісі кілт кідіріп, Ғазиздың жүзіне тесіле қарады.
─ Сені тани алмай тұрмын ғой.
Ғазиз өзін кім деп таныстырарын білмей мүдіріп қалды. Әйтеуір, абырой болғанда өзін жіберген адамды айтты. Сүндетов оны жақсы танитын болуы керек.
─ Жүр ендеше, - деді сөзге келместен.
Ғазиз ізінен ілесті. Ұзын дәліздің арғы ұшына тақау орналасқан шағын бөлме іші мұнтаздай көрінді.
─ Ал айта бер, кімсің, қайдан келдің? ─ деді Сүндетов алдына отырған Fазизге.
Ғазиздың әңгімесі қысқа болды. Ол жағдайын айтты.
─ Ол кісі сенің нең еді? - деді дәрігер Ғазиздың тым келте жауабына риза болмаған пішінде.
Ғазиз тағы да мүдірді. Шындығын айтсам ба деп ойлады. Бірақ, әшейін біреу еді десе, онда анықтама бермей қоятындай көрінді. Ал туысым еді десе ше? Онда түп-тамырын сұрап қазбалап кетпей ме? Ол кезде Ғазиздың жалған сөйлеп тұрғанын біліп қалып, кабинеттен айдап шықса ше? Осындай түрлі ойлар шырмауында отырған ол тәуекелге салды.
─ Ағайым еді, ─ дей салды.
Сөзі аузынан тым сенімсіздеу шықты. Бірақ мына кісі оған әлде көңіл бөлмеді, не іші сезіп, қазбалап жатуды жөнсіз көрді. Ол оң қолы саусақтарымен столды тықылдатып аз-кем отырды да:
─ Жарайды, мен саған тек туылған жылынды айтып анықтама ғана жазып бере аламын. Ал, куәлікті сол қағазбен барып ауыл Советтен аласың.
Ол кіреберісте ауызда отырған ақ желенді әйелді шақырып анықтама жазуды тапсырды. Іле ауызғы бөлмеде жазу машинкасының тықылы естілді. Көп ұзамай ол қайта кіріп, жазылған жарты парақ қағазды дәрігердің алдына қойды. Сүндетов қағазға мөрін басып Ғазизға ұсынды. Ғазиз ауруханадан көңілді шықты.
Оның бітпестей көрінген документінің осылай сәті түсе кеткен. Мұнан кейінгілерінің бәрі оп-оңай біте берді. Ақырында қолына паспорт та тиді. Құлсарыдағы мұнай кәсіпшіліктері конторы Гурьевке, Батыс Қазақстан мұнай басқармасына жіберді. Мұнда жұмысқа алынсын деген қағазды қолына ұстатты. Ал, Құлсарыдағы мұнай бұрғылау конторы әрі бері кеңесе келе оны бұрғылауға жіберуге келісті.
─ Бұрғылауға сен сияқты айтылғанды екі етпейтін тәртіпті де, күші де бар, ойы да, бойы да сай жігіттер керек, ─ деп күлді.
Ғазиз қазір жұмыс тандап тұрған жоқ еді. Ол қандай жұмыс болса да ауырлығынан, қиындығынан қашпай алып кетуге әзір еді. Ал, мына бұрғылау деп отырғаны ─ бұрын есітіп қана жүрген жұмыс. Көз ұшында ұшқанда қара жоқ айдалада, жалғыз мұнараның аңызақ желмен қосылып ызыңдап тұратынын көруші еді. Мұнда адамдар жердің терең қабатын бұрғылап жатыр дейтін. Қазір бұрғышы дегенде оның көз алдына осы көрініс келді. Ғазиздың ойында жеті қабат жер асты түгел жатқан жұмбақ. Бүкіл байлықтың бәрі ─ алтын, күміс, темір, мұнай, газ ─ қысқасы бәрі жердің астында деп айтады. Өткен жылы бірде Ғазиздың Құлсарының мұнай кәсіпшіліктерінде болғаны бар. Сонда көргені мұнай деген сұйық келген қоймалжың зат болады екен. Оның ойынша осы жеті қат жердің астында осы мұнайдан тұнып жатқан көл бар. Ал, осы көлді тауып, оның жатқан тереңдікке дейін бұрғылап, мұнайды жер бетіне шығару осы бұрғышылардың міндеті. Бұл ─ қиындығы да, қуанышы да бірдей, асқан құрметті жұмыс деп білетін. Енді болса, міне, сол әрі қызығып, әрі армандаған сол жұмыс Ғазиздың өз қолына тигелі отыр. Ендеше, мұндай жұмыстан бас тартуға тиіс пе. Ол қазір қуаныштан жүрегі алып-ұшып бара жатты. Тезірек осы жұмыстың қолға тиюін асыға күтті. Кадрлар бөлімінің бастығы Ғазизды қазір осында жүрген Бегалиев Ожақай деген кісімен кездестірді. Ол геологиялық-іздестіру партиясының бастығы екен. Ғазиз осы партияға үшінші дәрежелі көмекші бұрғышы болып қабылданды.
Ол жұмыс жасайтын геологиялық іздестіру партиясы Құлсарыдан шалғайда, Ұшқан деген жерде бұрғылап жатқан. Ол Сарықамыстан Маңғыстауға қарай шығатын бетте. Ожақаймен бірге келген Ғазизды мұнда бұрғышылар жылы қарсы алды. Ол өзі де жігіттермен тез араласып кетті. Бұрын мұндай ортаны көрмеген жас жігітке мұнда бәрі қызық көрінді. Көз ұшына дейін ұшқанда қара жоқ маң далада аспанға қол созған жалғыз мұнара шығыстан соққан аңызақ желмен қосылып бірге сыңсиды. Бұрғының арынды үні төңіректі тербетіп тұр. Ұзын тұрбалар бірінен соң бірі жер түбіне сіңіп барады. Мұнда Ғазиздың міндеті ─ бұрғышының жанында, оның керек-жарақ құралдары жеткізіп тұру. Құралдар жеткізілмей қалса бұрғылауда кідіріс болады. Сондықтан ол керек-жарақтарының бәрін күн ілгері әкеліп, дайындап, жолды ашып қояды. Жұмысына мұқият қарап, сақ тұрады. Келе-келе бұрғышының ыңғайына түсініп алды. Қандай сәтте қай құралдар керек болуы мүмкін екенін өзі аңғарып, соны әзірлеп тұрады.
Ғазиз бұл жұмысты тез меңгеріп кетті. Бұрғылау жұмыстарының барысын жатқа біледі. Әр он-он бес метр сайын бұрғы ұшынан жер астынан топырақ үлгісі алынады. Ғазиз оған үңіле қарап ұзақ тұрады. Әр тереңдіктен алынған керндерді салыстырады. Түрлі тереңдік топырақтарының құрамы әр түрлі. Мұны осындағы көзі қанық жігіттер әр түрлі элементтер, минералдардың бар екендігімен түсіндіреді. Таза құм, тас, бор, саз топырақтарымен элементтер, минералдар аралас үлгілерді қалай ажыратуға болатынын айтады. Ғазиздың алдымен білгісі келетіні ─ мұнай, газ белгілерінің қандай болатыны. Бұрғышылардың негізгі міндеттерінің өзі ─ осы мұнай мен газ іздеу. Осы топырақ үлгілерін арнаулы зертханаларға жібереді де өзге элементтер сонда зерттеліп, анықталады. Мұнай белгілері қарақошқылданып шығатын көрінеді. Ұшқан жерінде бұрғылауда ондай белгілерді кездестіре алмады. Күзге дейін бұрғылап, жобалы тереңдікке жеткеннен кейін мұнда бұрғылау тоқтатылды. Бұл кезде күз түсіп, ауа салқын тартқан. Қорғасын ауыр қара бұлттар аспан әлемін бүркеп алып, бірнеше күннен бері жаңбыр құйып тұр. Алғашқы екі күн жаңбырдың толастауын күтіп отырған. Бірақ, күздің қара жаңбыры толастар болмады. Қара бұлттар үсті-үстіне астасып сіресіп тұрып алды. Жер дүниені су алып, көлшіктер пайда болып, жылға-жылға, сай-саладан сарқырап су аға бастады. Жол аяқ алып жүргісіз. Жаңа алаң ─ Биікжал деген жерге көшу белгіленген. Тапсырма бойынша келесі күні-ақ партия жаңа алаңда бұрғылауды бастап кетуге тиіс болатын. Ал, бригада ескі орында екі-үш күн артық кідіріп қалды.
Бұрғылауда жағдайға қарай қимылдау белгіленбеген. Жоғарыдан белгіленген жоспар бойынша жұмыс жасау керек. Үшінші күн дегенде бұлт аздап ыдырап, күн көзі сығалай қалған. Құмдауыт жер тез-ақ сорықты. Осы сәтті пайдаланып, бұрғышылар Биікжалды бетке алды. Жүз-жүз елу километрдей жолға бригада екі күн жүрді. Бұрғылаудың көшіп-қонуының өзі үлкен жауапты жұмыс екенін Ғазиз осы жолы өз көзімен көріп, сезінді. Бұл кезде де көмекші бұрғышының міндеттері көп екен. Мұның бәрін де білу болашақ бұрғышыға сабақ болды. Биікжал барлау бұрғылауы жас жігітті осы жұмысқа біржолата төселдірді. Жаңа алаңды бір жылдай бұрғылаған іздестіру партиясы бұл жерде де ұзақ тұрақтай алмады. Оның ұзақ тұрақтауы үшін ол жерден мұнай, газ белгілері байқалуы керек және ол белгі ─ өндірістік маңызы бар деген баға алуы керек. Биікжалда ондай белгілер болмады. Айлап-жылдап қазылған жерден бірдеменің қармаққа ілінуі – бұрғышылар үшін ұмытылмас қуаныш. Ал, ол жерден ештеме шықпаса ─ ол кезде барлаушылар маңдайы тасқа тигендей болып мұқалып қалатыны бар. Мұндай сезім жаныңдағылармен бірге Ғазиздың да бойында қалыптасып қалған. Соңғы Биікжал алаңында Ғазиз осынша-ақ мұнай, газ табылатындай көрген. Және ол үнемі ондай күнге асығатын. Дәмеленіп келгенің болмай шықса маңдайың тасқа тигендей болып қайтып қалатын кез болады-ау. Қазір Fазиз осындай сезімдетұғын.
─ Мұндай жағдайдың талайын көргенбіз, ─ деп жігіттер өзін-өзі жұбатады, ─ бәріне де көндігу керек.
Бірақ мұның сырына әлі қаныға алмай жатқан Ғазиз:
─ Сонда үнемі осылай болып жүре бермек пе? - дейді.
Оған жігіттердің әрқайсысы әр қилы жауап береді. Біреулері:
─ Солай. Табылмаса осылай сабылып іздеп жүре бересің, ─ десе, енді бірі:
─ Күдер үзбеу керек. Жер асты толған байлық. Тек соның көзін таппай жүр емеспіз бе? Ол көзді таппай қоймаймыз. Және сол көзді тауып ашатын біздер боламыз, ─ дейді.
Бұл сөз Ғазиздың бойына жігер отын кұйып, жалындата түседі.
Мұнан кейін 1950 жылы Қаратонға бұрғы салған партия бұл жерде мұнай барын сезіп, жігермен бұрғылап жатқанда, жоғарыдан келген әмір бұл алаңның өнімділігіне баға беруге жеткізбеді.
Өткен XIX ғасырдың екінші, үшінші онжылдығынан бастап Маңғыстау түбегі орыс, ағылшын ғалымдарының назарын аударған.
Бұл ─ әлемде мұнай саясатының алғаш белең алған кезі болатын. Орыс патшасы Индия алтыны желеуімен Маңғыстауға бірнеше дүркін зерттеу экспедицияларын жібергені тарихтан белгілі. Олар Н.И.Андрусов, Г.С.Карелин. Совет үкіметі бұл мәселені алғашқы күнінен-ақ күн тәртібіне қойды. 1930 жылдардағы зерттеушілер В.А.Мокринский, М.В.Баярунас, Бүкілодақтық Ленинград геологиялық барлау ғылыми зерттеу институты (ВНИ- ГРИ) жүргізген жұмыстар осының айқын айғағы. Бұл зерттеулер ─ Маңғыстау жерінде мұнай, газ қорының бар екендігін көрсетіп берген. Мұнайға зәру жас Совет үкіметі соғыстан кейінгі жылдары Маңғыстау мұнайын ашуды күн тәртібіне өткір қойды. 1950 жылдың өзінде-ақ СОКП Орталық Комитеті Маңғыстаудан мұнай көзін табуға тапсырма берді. Партияның айтқан мәселесі ─ қалай да шешілуге тиіс болатын. Егер ол орындалмаса ─ бұл төтенше жағдай деп саналатын. Маңғыстау жөнінде де мәселе осылай қойылды. Оны шешу үшін бұдан былай барлаушы бұрғышыларды Маңғыстауға бағыттады. Құлсарыдағы бұрғылау конторы Таушыққа көшірілді. Бұл бағыт ─ Бегалиев Ожақайдың геологиялық іздестіру партиясына да ықпал етті. Гурьев мұнай басқармасы бұл партияға Маңғыстауға көшуге тәртіп берді. Бұрғылау партиясының жігіттері жедел буынып-түйінуге кірісті. Fазиздың өзінің жеке қара басында айта қаларлық жүгі жоқ. Бір-екі көйлек, шалбары салынған қалтасын қолына ұстап жүре берген. Бірақ, партия Маңғыстауға бұрғылау құрал-жабдықтарын мұнара сорабының моторларын, бұрғылау тұрбаларын алып кетуге тура келді. Ал бұл арадан төрт жүз шақырымдай Маңғыстауға тура апаратын көлік жоқ. Мұнда әуелі машинамен, сосын катермен, кемемен, тағы да машинамен көшуге тура келеді. Әзір аллалап автомашиналармен үзіп-жұлып тасып Гурьевке жетті. Мұнда «Сенек» деп аталатын кемені күтті. Маңғыстаудан келетін кеме уақыты әлдеқашан өтіп кете тұрса да әлі келмеген. Ғазиз алыс Маңғыстауға көшіп бара жатқанын үйге айта алмай кетті. Мұнда келіп кеме күтіп, бірнеше күн тұрып қалғанда үйге барып кетуді ойлаған. Бірақ, үлгермей қалам ба деп бара алмады. Маңғыстау ─ Fазиздың ата мекені. Әкесі Әбдіразақ та, атасы Төленді де осы Маңғыстауда туып-өскен. Жем бойына беріде ес білгесін көшіп келдік деп отыратын әкесі. Оның айтуынша жоқшылықтан осы Жем бойына көше алмай отырғанда нағашысы Адай тайпасының олжашы Жеменей тармағынан атақты Айдарбай би қол ұшын беріп жәрдемдескен.
─ Балам, нағашыңның осы жақсылығын ұмытпа, есіңде жүрсін, ─ деп тапсырып отыратын.
Әкесінің осы сөзі Ғазиздың есінде қалған.
Айтуларына қарағанда Fазиздың өз ата-бабасы да, арғы-бергі нағашылары да осы Маңғыстаудан. Міне, Fазиз сол ата-баба мекені Маңғыстауға кетіп барады. Қазір Маңғыстау оған жат жер емес. Ата мекені оған жылы ұшырап көрінді. Міне, ол осы Маңғыстауда мұнай бұлағын аттырмақ. Әкесіне осы қуанышын жеткізбек еді, бірақ асығыстықтан бара алмады. Кеме күтіп төрт-бес күн жатып қалатынын білгенде барып та үлгеретін. Бірақ, өкінгеннен пайда жоқ.
Маңғыстаудан «Сенек» кемесі бесінші күні ғана келді. Бұл ─ тамыз айының жиырма бесінші жұлдызы болатын. Кемеге бұрғылау құралдарын тиеуге де екі күн уақыты кетті. Жиырма жетінші тамыз күні Маңғыстауға қозғала беріп, қайта тоқтады. Бұл күні шығыс құрылықтан қатты жел соқты. Оның арты дауылға айналып, үйдей-үйдей ақжал тау толқындар аспанды да, жерді де көрсетпей жіберді.
─ Ертеңнен қалмай Форт-Шевченкоға жетіңдер, ─ деген Гурьев мұнай басқармасының бастығы Сафи Өтебаев. Кеме капитаны ─ жасы қырықтар шамасындағы орыс жігіті мұнай басқармасының бұйрығына бағынбады.
─ Сіздердің өміріңізге жауап беретін мен, ─ деген ол орнынан қозғала берген кемеге қайтадан жағаға якорь тастауға бұйрық беріп тұрып.
Жезтырнақтай тырмауышты ауыр якорь теңізге кайта тасталды. Аптыққан толқындар теңіз беттен долданып кеп қайта тасығанда кемені жағаға әкеп тықты. Аспанға атылған ақ бас толқындар палуба үстіне төңкерілгенде кемені топан су басып қалғандай. Жағадан кейін серпілген қуатты толқындармен бірге кеме де төңкеріліп кетердей еңсеріліп барып, қайта тіктелді. Каюта ішіндегі адамдар сеңдей соғылысып, қақпақылша ойнап жүр. Тербелістен басы айналған олар кім құлап жатыр, кімдер құсып жатыр. Кеме капитаны дер кезінде тастап үлгерген болды. Өйтпеген жағдайда бұл күні ауыр жүктер ─ бұрғылау құрал-жабдықтарын тиеген кемеге шындығында да қауіп еді.
Сонымен, бұл күнді де жағада өткізген бұрғышылар келесі таңды асыға қарсы алған. Келер таң жарқырап шығып атты. Кешегі шулаған теңіз бүгін мың-сан сәуле шұғыласын шашып, момақан күйге енді. Сонау көз ұшында жиекте кешегі тентек бұлттардың ізі де қалмаған. Төңіректегі бүл көрініс, теңіздің күлім қағып жыбырлап жатқан мың-сан толқындары бұл күннің тыныш боларын сездіргендей. Осындай тыныштықта барар жеріне тезірек жетіп алуды ойлаған кеме жедел теңіз төріне қарай қозғалып, баяу жүзе бастады. Бұл күнгі жол сәтті болды. Тыныш теңіз төсінде кеме құлаштап еркін жүзіп отырып ұлы бесін тұсында Форт-Шевченко қаласының пристанына кеп тоқтады. Кемеден түсе-түсе қалған жігіттер жағаға шығып, құрылықтың үйреншікті ауасын сіміре жұтты.
Мұнда барлаушы-бұрғышылардың келе жатқанын күнілгері хабарлап қойған. Қазір көп күттірмей машиналар келе қалды да, көп аялдамай жүктерін тиеп алып, тау жоталарын қуалай терістік бетке қарай тартты. Машиналардың қара жолдағы жүрісі теңіз бетінде жүрген кеменің жүрісіне ұқсамайды. Ол көтеріп соғып, лақтырып, қайта қақшып алып отырады. Әлгінде күтіп алған өкіл ─ бұлардың Түбіжік деген жерге барып бұрғы салатынын айтты. Ол Форттан қырық шақырымдай жер екен. Ауыр жүк тиеген машиналар қара жолмен ырғатылып, салдырлап жеткенде күн де анау қыр астына қарай домалап бара жатқан. Батысы ─ теңіз, терістігі ─ тау, шығысы қыраттармен көмкерілген осы бір жоталы жер ─ Түбіжік деп аталады. Селеуі белуардан да, жусаны тізеден өскен жер ─ жайылып жатқан отар көрінбейтіндей. Бұл манды көптен мал ізі баспағаны байқалады. Машинаның арылдаған үнінен үріккен киіктер топ-топ болып әр қырдың астында зытып барады. Бұта-бұтаның түбінен қояндар зып беріп, келесі бұтаға кіріп, көрінбей кетеді.
Жаңа қоныстан баспана ─ шатыр тігіп, жертөле қазып алатын жер топырағы жұмсақ қыр басы тандап алынды да, ал бұрғылау қондырғылары аулақтау ойпаң жерге түсірілді. Енді бұрғылау осы жерден басталмақ. Сол күні шатыр тігіліп, баспана жасалды да, келесі күні бұрғылау қондырғыларын орнатып құрастыру басталып кетті. Күндіз қондырғы құрастырылып, кешке жұмыстан кейін жігіттер жер үй қазуға кірісетін. Бұл ─ қыркүйек айының бірі болатын. Күздің сызы байқала түскен шақ. Күндіз жылы да түні салқын. Сонау теңіз бет жиекте қара бұлттар желідей көсіліп жатыр. Кез─келген уақытта жел айдап бері қарай жөңкіле жөнелердей.
Жергілікті халық бұл жылды жаңбырлы болды деп айтады. Ендеше, жазы жаңбырлы жердің күзі де шықшытты келетіні белгілі. Және қолдан тігілген шатыр іші де баспана деген аты ғана болмаса, жайлы орын болып жатқан жоқ. Түнде жігіттер тоңып, бүрісіп ұйықтап, қалшылдап шығады. Ал, күндіз күн көтеріле іші ысып кетіп, жігіттер түскі шайын ішке отырып іше алмай көлеңке қуып жүреді.
Сонымен, жеделдетіліп жер үй қазылып жатты. Араларында бірен-саран әйелімен, бала-шағасымен келгендер де бар. Жас жігіттер жағы жер үйден кең жатақхана қазып алып, соған орналасты. Ғазиз да осы жатақханада. Жер үйдің төбесін жабу қиынға соқты. Көржермен жауып көріп еді, оған күндіз мал, түнде тас қараңғыда адамдардың өздері де көрмей басып қалып, ішіне түсіп кетіп жүрді. Ал, итарқа етіп жабуға бөрене ағашы, не өзге шатыр ештеме жоқ. Ендеше қамыс тоқып жабуға болмас па деген ой келді. Бірақ, жақын маңда қамыс та жоқ. Жиырма-отыз шақырым теңіз жағасында не бар, не жоғын білмейді. Ал, оның бәрін айналып қарауға уақыт керек. Енді еске түскені ─ Форттың басында қамысты жағалау бар екенін өткенде жергілікті шофер жігіт айтқан. Ендеше, ендігі әдіс осы ғана. Шофер жігіттің жанына үш-төрт жас жігіттерді қосып қамыс орып әкеліп, одан ши тоқып, и г арка жер үйдің төбесі жабылды. Бұл әрі жеңіл де әрі қолайлы болып шықты. Оның үстін жұқа батпақпен сылап, топырақ төгіп, кіріп алды. Жер үй түнде жылы да, күндіз ыстықта салқын, әрі қолайлы.
Маңғыстау түбегінде бірінші болып осы Түбіжік жерінде қондырылған «К-2» қондырғысы бұрғылана бастады. Мұнда жаңа жерде Ғазиз бұрғышы болып кірісті. Бұрғылау шебері Дүмбай Нұрболғанов. Бұрғының құлағында тұрып, басқан Ғазиз болды. Бұл жерде алғашқы жоба тереңдік мың метрдің төңірегі ғана. Бұл кезде бұрғылау сырын Ғазиз бір мамандай-ақ меңгеріп қалған. Ол Маңғыстау түбегінде ата-баба, әулиелерге жалбарынып тұрып тұңғыш бұрғыны өзі қадаған. Өзіне көмекші бұрғышы етіп Өтесінов Кемал мен Денова Қансұлуды таңдап алған.
Жаңа жердегі тұңғыш бұрғының құлағын алған өзі ұстады. Мотор үні гүрілдеп бұрғы арындай жөнелді. Бұрғының ұшы алғашқыда білінбей жерге жеңіл сіңіп бара жатқандай болған. Бұл жер бетіндегі бос топырақтың бұрғыға күш түспей, ұршықтай жеңіл айналып тұрған. Біраздан кейін бұрғы зорланып, мұнара дірілдей бастады. Арынды үн ғасырлар бойы үнсіз тыныш жатқан маң даланы бөрліктіріп, төңіректі жаңғырықтырып жіберді. Бұрын-сонды көріп, естіп білмеген қуатты жат үннен бүк түсіп бұйығып жатқан қыр басы мәңгі ұйқысынан оянып қалтырап тұрды. Күні кешеге дейін адамнан безіп анау белдің басына шығып, үрке қарап елеңдеп тұрған киіктер енді мың-сан албасты қаптап келе жатқандай бұл маңға енді қайтып қарасын көрсетпей зытты. Бүл мәңгі ұйқы құшағында балбырап жатқан далаға жан бітіріп жібергендей болды.
Fазиз қолындағы бұрғыны басқару тетігін қысымдай түседі. Төбеден сонау мұнара басынан бері жылжыған бұрғылау тұрбаларына сиректеу көз тастайды. Сонау аспанға таласқан мұнараның тас төбесінде тұрған «верховой» жігітке белгі береді. Өйткені, орынды үн аузыңнан шыққанды жаныңда тұрған адамға да естіртпейді. Ал, сонау зеңгір аспанның бержағында көкпен таласып тұрған әлгіндегі «верховой» жігіт пен бұрғышының арасында байланыс жоқ. Бұл жерде барынша айқалағаның да естілмейді. Сондықтан ол екеуі қимыл белгі беріп, ыммен ғана түсініседі. Бұрғылау басында тұрған Ғазиз жоғары қарап оң қолын сілтеді де қайта түсірді. Жерден көз алмай, тұрбалардың жылжыған қимылын қадағалап тұрған «верховой» жігіт оған түсінді. Бұл - сақ тұрып, мұқият болып, бұрғылау ережелерін қатаң ұстану керектігін ескерткені. Ол енді байқады ─ жоғарыдан тұрбалар ретсіз орналасып, содан төмен тәртіпсіз жіберіле бастаған. Бұл ─ бұрғылауға кедергі келтіріп, орынсыз салмақ түсіреді. «Верховой» жұмысын жедел ретке келтірді. Енді тұрбалар жоғарыдан тік желі құрап, бұрғы еркін жылжи бастады.
Бұрғылауда мұнараның дұрыс орнатылып, бұрғылау қондырғысының ережелерді сақтай орналасуы, бұрғылау амалдарының мінсіз орындалуының үлкен мәні бар. Егер мұнара, қондырғы жай көзге байқалмайтын елеусіз ғана геометриялық сәл ауытқушылық бұрғылаудың дәлдігін бұзып, көлбеу кетіп қалуы мүмкін. Бұл болса өз кезегінде бұрғылаудың тез жүріп және қабатта белгіленген нүктедегі орналасқан кен шекарасынан ауытқып тайып кетіп, кен қабатының сыры ашылмай қалуы да ықтимал. Мұның бәрін бұрғышы біліп, оның технологияларын сақтап, жаныңдағылардан соны талап етуге тиіс. Ғазиз қазір осыларды түгел ескерді. Бұрғы зарлана айналып, зіркілдей түседі. Тиісті тереңдіктерден топырақ үлгілері алына бастады. Әр кезек керн алынған сайын Ғазиз үміттене қарайды. Тереңдеген сайын алынған топырақ үлгілерінің өңі бұзыла түсетінге ұқсайды. Бұл ─ әлденеден үміт күттіретіндей.
Түбіжікте алғашқы бұрғылау тереңдігі мың метрдің о жақ, бұ жағы болатын. Геолог Бегалиев Ожақай бұрғылау басынан шықпайды. «Қазақстан мұнай» комбинатының нұсқауымен бұл алаңды крелиустық әдіспен бұрғылау белгіленген. Ожақайдың бұрғылау басынан шықпай жүргені ─ жаңа жердегі тұңғыш бұрғылаудың алғашқы нәтижелерін біліп, одан қорытынды жасау. Бұл ─ Маңғыстауда болашақ барлау жүргізу үшін керек. Ғазиз оған күн сайын бұрғылау мәліметтерін жеткізіп отыр.
─ Ғазиз-ау, ─ дейді ол енді бірде, ─ бұрғылауда біраз жыл тәжірибең бар ғой, қалай ойлайсың, жаңа жерде еңбегіміз жанар ма екен?
Ожақай жас жағынан үлкен және ол Ғазиздың бұрын тікелей бастығы болған. Үлкен демей, жас демей қарауындағы маман жігіттерімен ақылдасып, кеңесіп отыру оның дағдысы. Кішіпейіл де жайлы адам. Әсіресе, жер қабаттарының геологиялық құрылымдарын жатып өргізеді. Жанындағы қарапайым жұмысшыларынан да ақыл сұрап жүреді. Ғазиз оған қазір ақыл айтуға ұялды.
─ Ожеке-ау, ол жағын өзіңіз менен артық білесіз ғой, ─ деді кеңес беруге тартыла сөйлеп.
─ Ғазиз інім, сенен сұрап жатқаным әр адам өзінің іс қылып жатқан жұмысының қаншалықты нәтижелі боларын алдымен жүрегі сезеді. Соған сенің жүрегің не дейді деп сұрап жатқаным ғой. Қуанарыңда көзің тартады, жүрек алып ұшады. Ал, бір пәлеге жолығарда май ішкендей жүрегің басы кілкіп тұрады. Құдай бәрін де білдіреді адамға.
Fазиз оның сөзін таңырқай тыңдады. Өйткені, өзі ондай ырым- жырымды біле бермейді. Анасы Нәбира жамандықтың белгісі, олай деме деп отырғанын есітетін де, бірақ оған көңіл бөлмейтін. Енді міне, сол сөзді Ожақайдан да естіп отыр. Енді болса сол ырым-жырымға сеніп те қалғандай ма? Шындығында Fазиз алғаш бұрғылауға кірген Ұшқан, Биікжал, Қаратонда ештеме де аңғармаған. Жүрегін де тыңдап көрмепті. Қолына кәсіп табылғанына мәз болып далбағайлап жүре бергенге ұқсайды. Ал, енді Маңғыстау топырағын басып, Түбіжікке келгелі шындығында да істеп жаткан ісінің нәтижесін көргісі келетіндей. Бұл ─ әшейін бір қызығушылық па, әлде арман ба ─ ол жағын ойлап көрген емес. Әйтеуір, бұрғы ұшынан керн алынған сайын әлдене іздейтіндей үңіле қарайды. Неге? Оны өзі де білмейді. Және сол күткен дүниесінің алдынан шығатынына сенімі бар сияқты. Сонда жүрек сезімі деген осы болмады ма? Олай болса, жүрегі үмітті. Қазір ол Ожақайға шындығын айтып:
─ Ертелі-кеш бір қуаныш бар сияқты. Іздегеніміз ақыры табылатындай, ─ деді ол.
Бұл сөз Ожақайды қанаттандырып жібергендей болды. Оның қуанышын көріп Ғазиз өзі де қанаттанып кеткен еді.
Олар «К-2» бұрғылауын сонау ерте күзден бастап келер 1952 жылдың наурыз айына дейін бұрғылады. Бұрғының төменгі ұшы жоба тереңдікке жеткен. Сейсмикалық зерттеудің тәртібі бойынша одан ары бұрғылауға болмайды. Бұл ─ кен жатқан өнімді қабатты ОГІІІ кету қаупін туғызады. Бұрғылау тоқтатылды. Ереже бойынша оны сынақтан өткізу керек. Ал, бұрғыланған скважинаға сынақ жүргізудің арнайы талаптары бар. Оған дайындықтар жүргізілді. Мұнай шығатын жолдардың өзегі барынша кішірейтілді. Сынаққа мамандар түгел жиналды.
Бұл «амалдан кейін» «бесқонақ» өтіп, көктемнің көріне бастаған шағы. Қыстан қымтырылып, қалың қар шылқып еріп, аяқ асты ми болып, қырдың бусанып, көктің бүр жарған шағы. Осындай көңіл көктемі жарқырай көрінген шақта бүкіл Маңғыстау жерінің болашағы айқындалар сәт жетті. Осы жолы мұнай, газ белгілері байқалса, онда Маңғыстаудың болашағынан үміт күтуге болады. Ол кезде барлаушылар тұңғиыққа шабуылды күшейте түспек. Өйткені, белгі табылған жер күр болмауға тиіс. Ол жерден қадалып айырылмау керек. Ал, егер ондай белгі табылмаса ше? Бұл ─ жігіттердің талабын мұқатып тастар еді.
Жігіттер сан ғасыр үміт етіп келген Маңғыстау жерінің болашағы жайлы осындай екі ұдай ой үстінде болатын. Қазір осында жиналғандардың әрқайсысының жүзінде қуану мен торығу қатар байқалып тұрды. Қайсысы үстем шығарын санаулы қалған уақыт көрсетпек.
Ожақай он қолын көтеріп сосын жіберіп қалды. Бұл ─ сынақты баста деген белгі. Бұрғының жоғарғы ұшы баяу ашыла бастады. Мұндайда егер бұрғы кен қабатының үстінен түссе, мұнай не газ фонтан болып атылуға тиіс. Әзір ондай белгі жоқ.
─ Тағы да, - деді Ожақай.
Оны өзгелері де мақұлдағандай сыңай байқатты.
─ Екі жарым, үш..., үш жарым...
Жоқ. Мұнай фонтан бермеді. Жігіттер сағы сынған кейіпте тұр. Геология заңы бойынша, егер қабатта мұнай, газ көп болса, онда оның қысымы да жоғары болып, ондайда штуцерді атқанда мұнай, газ фонтан болып атқылайды. Қайсыбір кездерде қабаттағы мұнай қоры аз болып та келеді. Ондайда фонтан бермейді. Оны білу жолы ─ скважинаға енді осы әдісті қолдану қалған. Компрессор орнатылды. Мотор іске қосылды. Тағы да күту. Міне, қызық, сәлден кейін скважина аузынан қара қошқыл қоймалжың сұйықтық аға бастады.
─ Мұнай..., мұнай..., ура, - деп бұрғышылар оның сөзін іліп әкетті. Көптің қуанышты үні мотордың үнін басып кетті. Скважинаның аузынан аққан қоймалжың қара мұнай бұл кезде скважина төңірегіне аяқ астына жайыла бастаған. Скважина аузын жабық деп ешқайсысы айтпады. Қуаныштан олар жабуды ұмытып кеткендей.
Бұл оқиға Маңғыстау жерінің құр еместігін, онда талай мұнай мен газ көмбесінің бар екенін ашып берген еді. Ендігі міндет ─ сол мол көмбелерді талмай іздеп, шаршамай бұрғылап, таппай тоқтамай керектігін көрсетті. Мұны қазір осында тұрғандардың бәрі де түсінді.
Осы күні түнімен жігіттер қуаныштарын жуып жатты. Ал, геолог Жақаш пен бұрғылау шебері Дүмбай, бұрғышы Ғазиз үшеуі түнімен жертөледе май шам жарығымен Гурьевке «Қазақстан мұнай» комбинатына телеграмма-рапорт дайындады. Онда барлау алаңы, оның орналасқан аймағы, жер қабатының құрылымдары, геологиялық, геофизикалық зерттеу, бұрғылау нәтижелері, соңғы сынақ қорытындылары туралы мол мағлұматтар берілді. Соңында геолог ретінде тұжырымдары айтылды. «Бұл оқиға Маңғыстау жерінде барлау-бұрғылауын одан әрі жалғастырып, кең көлемде шабуыл ұйымдастыру керек» деген өз тұжырымдарын да жазды.
Уақыттың өзі көрсеткендей мұнан кейінгі уақытта Маңғыстау жеріне кең көлемде геологиялық барлау, бұрғылау жұмыстары белгіленгенде осы Түбіжік алаңындағы алғашқы барлау, бұрғылау нәтижелері де есепке алынған еді.
Түбіжікте мұнай белгісінің алынуы геологтарды ойға қалдырды. Маңғыстау жерінің құр еместігі анық. Бірақ, жарты түбек ─ кең аймақ. Оның бас-аяғы талай мыңдаған километрге созылып жатыр. Ол аймақты бастан-аяқ бұрғылап шығу бір-екі жылдың емес, талай ондаған жылдардың жемісі болмақ. Солай екен деп ондаған жыл нәтижесін дала кезіп жүре беру ақылға сыймайды. Ендеше ақылды ғылыммен ұштастыра отырып жұмыс жүргізу қажет. Ендігі тұжырым ─ осы маңайды тағы да бұрғылап көру. Сейсмологтар берген мәліметтер де соған саяды. Олар осы аймаққа көрші Қызан жерін де көрсеткен. Бұл мәліметтің де жаны бар. Түбіжік нәтижелері де осыған итермелейді. Сейсмологтардың тағы бір көрсеткен жері ─ Ақшымырау. Бұл жер де құрылымы жағынан осыған ұқсас.
Сонымен, бұдан былай барлаушылар екіге жарылып, екі жақта қатар бұрғылау ұйғарылды. Досымбетов Құрманның бригадасы Ақшымырау алаңына аударылды да, геологиялық іздестіру партиясының бастығы Искаков Зейнолланың бригадасы Қызан жерін бұрғылайтын болды. Ғазиз осы Зейнолланың бригадасында. Бірақ, Түбіжікті түбегейлі тастап кетуге болмайтын. Қалай болғанда да жалғыз бұрғының қалың қабаттар құпиясын түгел ашып бере алмасы хақ. Олай болса алаңды одан әрі бұрғылап, зерттей түсу қажет. Сонымен Түбіжік, Қызан, Ақшымырау жерлері қайта бұрғыланып жатты. Бұл алаңдарда бірнеше скважиналар бұрғыланды. Ғазиз крелиусты бұрғылауға маманданған. Әр скважинаның бұрғылау тереңдіктері түрліше болды. Олардың нәтижелері де әр түрлі. Түрлі қабаттардан алынған топырақ үлгілері Мәскеуге Геология министрлігіне зерттеуге жіберіледі. Бірақ оның қорытындысы келмейді. Көз алдында мұнай мен газ атқылап жатпағасын оның өзге қасиеттерін бұрғышылар да білмейді. Олардың міндеті ─ қашан мұнай, газ бой бермей атқылап жатқанша қаза беру.
Осы алаңда Ғазиз 1959 жылдың аяғына дейін болды. Бұл кезде ол ыстығына күйіп, суығына тоңып, қиындық біткеннің бәрін де көріп, бастан кешіріп, әбден қайнап пісіп шыққан бұрғышы маман болатын. Сол жылы көктемде Искаков Зейнолла геологиялық іздестіру барлау участогының бастығы болып жоғарылатылды да, бұдан былай Зейнолланың орнына бұрғышы шебері Ғазиз болды. Бұл кезде Түбіжік, Қызан алаңдарына геологиялық баға берілген болатын. Ал, Маңғыстауға геологиялық шабуыл жыл сайын кең көлемде жүргізіліп жатты. Оңтүстік Маңғыстауға назар аударылды. 1959 жылдың 20-шы желтоқсаны күні Ғазиз бұрғылап жатқан скважинасының соңғы метрін қазып тоқтатқан. Ал, 24-ші желтоқсан күні оған бұрғылау бригадасымен көтеріле Өзенге баруға тәртіп берді. Сейсмологиялық зерттеулер нәтижесі бойынша Өзен, Жетібай жерлерін перспективалы алаңдар деп табылған. Ондай үмітті алаңдарды бұрғылау ─ тәжірибелі де білікті, геология талаптарын қатаң ұстанып, сақтайтын білікті мамандарға тапсырылуға тиіс. Осыдан екі жыл бұрын ─ 1957 жылы Форттан «Маңғыстау мұнай газ барлау» тресі ашылған. Трест геологтары түбек геологиясын мұқият зерттеді. Өзен жеріне ондай жоғары жауапкершілікті мамандарды іріктеу жүргізілді. Мұнда кімдерді жіберу жөнінде қызу айтыстар болды. Солардың ішінен алдымен таңдау ─ Ғазизға түскен. Сол күні-ақ трестен тәртіп берілді де, Ғазиздың бригадасы жолға жинақталды. Бұрғылауды сөгіп, машиналарға тиеп, Өзенге сындырып, бүлдіріп алмай аман жеткізудің қамына кірісті. Бұл жылы Маңғыстау жері ерте суытып, қар қалың түскен. Желтоқсан айы ішінде қар жауып, артынша боран, аспан мен жер астасып, ақ түтек долы боран сай-саланы бітеп тастаған. Бірақ Маңғыстауға барлаушылар жанына жағдай іздеп демалу үшін келген жоқ. Мұнда қолайлы жағдай, сәтті күн күтіп отыратын мүмкіндік жоқ. СОКП XXII съезінің шешімдерін жүзеге асыру үшін күрес жүріп жатыр. Маңғыстауда мұнай, газ кенорынын aшy, зерттеу алға қойылды. Соны жүзеге асырып, жақын жерден басшылық жасап, геологиялық-іздестіру жұмыстарын тиімді ұйымдастыру үшін Форттан «Маңғыстау мұнай газ барлау» тресін ашты.Трест кезек күттірмес мәселелерді алға қойып, оның орындалуын жеделдетіп отырды. Бұрғының бір күн бос тұрып қалуы ─ мемлекет үшін үлкен шығын. Партия мен үкімет алға қойып отырған күрделі міндеттің орындалуына қауіп. Fазизға бұрғылау бригадасының бос тұрысына жол бермей жедел Өзенге жеткізіп, жаңа жерде бұрғылауды бастап кету қатаң тапсырылды. Бірақ жол аяғы мынау, сықырлаған сары аяз бетті қариды. Терістіктен соққан суық жел қойын-қонышыңды аралап, құтырып барады. Бұрғылау қондырғысының құралдарын тиеген машиналар тізбегі үлкен керуен көшіне ұқсас. Маңғыстау жерінде сайрап жатқан даңғыл жол жоқ. Ат, түйе жүрісіне ғана үйренген дала машинаны мойындай бермейді. Оның үстіне қыс қаһарына мініп, кез-келген сай-саладан қарға батып, ірметілген машиналар жүрісі мандымайды. Жол өнбей келеді. Жолға екі қонып, үшінші күні ғана Өзен жеріне іліккен бұрғышылардың күйі кетіңкіреп қалған. Әрі ұйқы жоқ, әрі жылы ас-су жоқ, темір-терсек ─ бұрғылау құралдарын тиеген ашық машина үстінде суық сорып, боран жалап келген оларды қазір танып алудың өзі киын еді. Жұмысшылардың құр шықпаған жандары ғана жеткен. Осындай күйде ақ түтекпен араласып, қабақтарына қар, кірпіктеріне мұз қатып, тебіндеген сақал-мұрттарына қар қонақтап қар адамына ұқсаңқырап кеткен. Машинадан түскенде олардың тілдері де жуыспаған. Ғазиз қазір күнде көріп жүрген жігіттерін танымай қалған. Оларға қарап өзінің де тап қазір кескін-кейпінің қандай екенін көргісі келмеді.
Араларындағы жол біледі деген жігіттердің өздері де жерді айыра алмай, тұспалдап зорға жеткен. Онда да Қызылсайды шығысқа қарай еңістей жатқан құлауынан, Төңірекшыңның терістіктен түстікке қарай созылған ернеуінен әзер таныған. Мынау «анық Өзен бе?» деп келесі күні де азанда тұрып күдіктене қарап, бағдар алған. Өзен жері азынап-ақ тұр екен. Жел өті Үстірт үстіндегі қарды шығысқа қарай айдап жатыр.
Бұл күні оларға ықтасын жасаудың өзі үлкен күшке түсті. Мұнда олардан азғана күн бұрын мұнара құрастырушылар келіп тоқтаған. Олардың қазып алған өздері әзер сыйып отырған жер үйіне Fазиздың төрт-бес жігіті зорға сыйып орналасты. Ал, тағы жертөле қазуға сүйменді тон батырмай, тық-тық етіп сыртқа тебеді. Алғашқы күні жігіттер белуардан ғана қазып, төбесін шатырмен жауып, ықтысын жасап түнеп шықты. Келер таңда оларды күтіп тұрған кезек күттірмес жұмыстар көп еді. Олардан бұрын келген мұнарашылар түстік бетте он шақырымдай жерде мұнараны құрастырып, тұрғызып қойған. Енді бұрғылау құралдарын осында жеткізіп, орнату керек. Жігіттер әлі жылы суын ішіп бойын тіктей алған жоқ. Түнді палатка астында өткізген жігіттер қазір қолдарына сүймен ұстай алмай тұрған. Бүгін қалайда жер үй қазып алу керек. Оларға ыстық тамақ ұйымдастыру да Ғазиздың мойнында. Ғазиз бұрын келген мұнарашы жігіттерден сұрастырып еді, оларда да азық-түлік жағдайы оңды емес екен. Әзірге жігіттерге өткенде жолға деп берген азғана қалбырдың қалғанын ашып, жылытып беруді ойлады. Өкпе-бауыр қалбыры жолда таусылған. Қалғаны Форттан шығатын майшабақ қалбыры. Одан да бірнеше дана ғана қалған. Қатып жатқан қалбырды жарып су қайнатып құйып еді, әр жерде жылан қарағы бар сорпаға ұқсастау бірдеме болып шықты. Ал, жәшік түбіндегі нан тас боп қатып қалған. Жігіттер кезек-кезек пышақ салғанымен батпады. Сосын балғалап сындырып, қайнаған суға салып жібітіп жеді. Ыстық су бойын жылытқан жігіттер қайратқа қайта мінді. Таңға сүйменді бойлатып жертөле қазды. Төбесін жауып, отын-су әзірледі. Қолдан қазандық қалап, от жағып еді, жертөле іші абажадай кең болғанымен тез жылынды.
Азанда Ғазиз жертөле қазып, ас-су дайындауға төрт-бес жігіт қалдырды да, бұрғышыларды өзі бастап мұнара басына бұрғылау қондырғысын орнатуға кірісті. Жатар жылы орны бар, ас-су әзір, жігіттер бұл жұмысты тез бітірді. Бұрғылауды іске қосу үшін ерітінді әзірлеу керек. Бірақ су тапшы. Жақын маңда су көзі жоқ. Мұндайда сол скважинаның өзінен жер асты суын алып пайдалану әдісі бар. Қазіргі амал сол ғана. Ғазиз «К-1» бұрғылау қондырғысын трактормен тартып апарып су шыңырауын қазуға кірісті. 450 метр тереңдіктен «колон» жіберіп компрессормен сорғызып еді, су атып кетті. Жігіттер қуанысып қалды. Шыңыраудан бұрғылау қондырғысы басына су жеткізіліп, ерітінді дайындалып үлгерді. Енді компрессор мен бұрғылау қондырғысы «К-7» скважинасына әкеліп қондырылды. Арадан екі-үш күн өткенде Өзен жерінде тұңғыш бұрғылау дайын болды. Қызаннан көшіп келіп, орналасып, бұрғылауды дайындағанша арада бірнеше күн босқа өтіп кеткен. Ал, «Маңғыстау мұнай газ барлау» тресінде мұның бәрі есептеулі. Бұрғылаудың жұмыс істемей тұрған әр күні үшін Ғазиз жауап береді. Ол жауаптың арты жай ғана сөгіспен аяқталса жақсы. Әйтпесе қатаң шаралар қолданылып, әкімшілік жаза алумен аяқталуы да мүмкін. Және ол жақында бұрғылау шебері болған Ғазиздың абыройына да нұқсан. Сондықтан да ол жаңа жерде алғашқы бұрғылауды тездетіп бастап кету ойында. Жаңа алаңның бұрғылау нәтижесін бір трест қана емес, «Қазақстанмұнай» комбинаты да қырағы қадағалап отыр. Осының бәрін өзіне сын деп білген Fазиз жаңа алаңдағы тұңғыш бұрғылауды жедел бастап кетуге мүдделі-тұғын.
1960 жылдың басында Өзен жерінде тұңғыш бұрғылау басталып кетті. Ол Ғазиздың бұрғылау қондырғысы болатын.
Осыдан он жыл бұрын 1951 жылдың күзінде ол Түбіжік жерінде алғаш бұрғы салғаны есінде. Сонда сан ғасыр ұйқы құшағындағы сары дала бұрғы үнінен оқыс сілкініп кеткендей болған. Қазір де Fазиз ойлы-қырлы бүк түсіп жатқан мына даланы сондай күйде сезінді. Алғашқы бұрғы Өзен үстірті үстіне қадалған. Шығыстан соққан азынаған Маңғыстау желі мен бұрғылау үні қосылып өңірге бір тосын сарын әкелгендей. Бүк түсіп жатқан қырлар оянып, беймезгіл пайда болған тосын сарынға құлақ түре қалды. Бұрғы зіркіл қағады. Қашау шыр көбелек айналып, жер қойнына сіңіп барады.
Қыста қар қалың түскен өлкеде бұл жылы көктем ерте көрінді. Наурыз өтіп, күн сәулесі молынан төгіліп, жер беті тез-ақ бусанып, төңіректе жусанның хош иісі бұрқырап шыға келді. «К-7» бұрғылауы зіркілдеп жер теуіп тұр. Бұл кезде осы Үстірт үстінде әр жерде сиректеу қадау-қадау мұнаралар пайда болған. Бұл көрініс ─ айдалада жалғыз емес екендігіңді білдіріп, көңілге демеу. Fазиздың бар көңілі бұрғылауда. Күндіз-түні бұрғылау басында. Демалыс дегенді білмейді. Вахта жігіттері орын ауысып демалып жатқанда Ғазиз жұмыс басында қонып та қала береді.
Сол жылы жаздың аяғына таман «К-7» бұрғылауы жобадағы 950 метр тереңдікке жетті. Бұрғылау кідіріссіз жүрді. Ғазиз бұрғылаудың технологиялық талаптары түгел орындалуына күш салды. Жоба тереңдікке жеткеннен кейін Ғазиз бұрғылауды тоқтатуға тәртіп берді. Енді скважинаны сынақтан өткізуге дайындалды. Бұл жаңа жердегі қазылып біткен тұңғыш бұрғылау. Ол Өзен жерінің мұнан былайғы тағдырын айқындап бермек. Сондықтан да бүгін трестен мамандар қалмай қатысты. Міне, сынақ басталды. Ысырманы қозғағаннан-ақ күш бермей мұнай мен газ атып кететіні бар. Олар содан сақтануда. Қолдағы ысырма баяу жылжиды. Мұнай, газ бар болса ендігі белгі беретін уақыт болған. Брак, белгі жоқ.
─ Ысырма штуцер толық ашылды, ─ деп дауыстады әлгі жігіт. Күткені болмаған жұрт тым ─ тырыс қалды. Қазір олардың барлығын шырмап алған бір ой бар. Ол сонда Өзен жерінде де ештеме болмағаны ма? Ғазизда да үн жоқ.
─ Жарты жылдан артық уақыт бұрғылаған еңбегім еш кеткені ме? - деп ойлады.
Ол осы жолы үміттенген. Сондықтан да бұрғылауға айырықша мән берген. Әлгінде сынақ кезінде штуцерді ашқанда да көңілі әлдене бір жаңалықты күткен. Енді болса міне, дым да жоқ, жігері кұм болып тұр. Мына жиылған көптің де қазір көңілдері күпті. Бәрі үміттеріне су сепкендей күдер үзіп қалған.
Бүгін мұнда келгендер көзін осы бұрғылауда ашқан, осы жұмыстан көзі ағарған жандар. Олардың ішінде Ембі мұнайын қолмен қазып алған, Татария мұнайын түбінен қопарған, Грозный, Баку мұнайын қасықтап ішіп, бұрғысын қолдан қаққандар. Олар қандай сәтте бұрғылауда нендей өзгерістер болатынын бес саусақтай білетіндер. Қазір Маңғыстау топырағының құпиясын білмей алданып қалғандай. Табиғат тылсым. Оның талай құпиясы шешусіз қалып жатыр. Бұл да соның бірі болар. Мұндайда не істеу керектігіне каротажшылар шешім шығарады. Бұл шешім ─ геолог барлаушы, мұнай іздестірушілер үшін бұлжымас заң. Бүгін мына «К-7» скважинасын да каротажшылар қолына алып, өз қорытындыларын берді. Ол қорытынды ─ нүктеден мұнай, газ табылмады деген. Енді бұрғылау заңы бойынша скважинаның аузы бекітіліп, бұрғылау қондырғысын басқа нүктеге көшіру керек.
Сонымен, жиылған мамандар көңілсіз тарасты. Ғазиз бұрғылауды көшіру жайымен айналысты. Геологтардың келесі белгілеп берген нүктесі ─ осы арадан отыз шақырымдай жер. Ғазиз бұл нүктені де келіп көріп, жер ыңғайын біліп, бұрғылауды сүйрету жолдарын ойша белгілеп кеткен. Қаз-қатар тізілген бірнеше трактор бұрғылау мұнарасын сүйрете жылжи бастады.
Маңғыстау жері ойлы-қырлы, таулы өлке. Үстірт үсті бір жоба жазық дегенмен ой-шұңқыр, сай-саласы да жетерлік. Аспанмен таласқан алып мұнара баяу жылжиды. Сай-сала, жыраларға тап келіп теңселіп барып бойын қайта тіктейді. Мұндайда жүрегің зырқ ете қалады. Алып мұнара құлап қалар болса, оны қайта тұрғызу ─ ақырет. Құлсарыда жүргенінде көрші бұрғылау бригадасында мұндай оқиға кездескен. Құлаған мұнараны тұрғызуға айлап, апталап уақыт жұмсап, қаржыдан да, уақыттан да ұтылып, жыл аяғында жұмысшылары борышты боп қалған. Ал, қазіргідей бригадалар арасында жарыс жүріп жатқанда ондайға тап болса, бұл ─ Ғазиз үшін жарыста артта қалу ─ абыройсыздық.
Ғазиз бұрғылау мұнарасын жаңа орынға ─ «К-18»-ге көшіруге өзі басшылық жасады. Жаңа нүкте отыз шақырымдай жер. Жол ойлы-қырлы, сай-сала, су қашқан жыралар. Биік мұнараға қауіп көп. Тракторлар төте тартқанды ыңғай көреді. Бірақ, мұны мұнара көтермейді. Fазиз тракторлар алдында жаяу келеді. Тас тесіп, бұта тартқан етігінің қоныштары жырым-жырым. Алты трактор қаз-қатаp тұрып тартқан мұнара астынан көтерілген шаң терістіктен соққан желмен ұйытқып, көз көрсетпейді. Үсті-басы шаңға бөккен Ғазиз адам танымастай. Оқтын-оқтын ұйытқи соққан жел шаңды бір қырын айдап кеткенде ғана мұнара бағытын байқап қалады. Ізінше, алты трактордың аяқ астынан көтерілген шаң бері қарай қайта лап береді де, тағы да көз көрсетпей жібереді. Ғазиз алда caп түзеп жапырып келе жатқан тракторларға бағыт беріп қана үлгереді. Сөйткенше болмай мұнара астынан көтерілген ақ шаңдақ қайта лап беріп, көз алдын тұмшалап тастайды. Мұндайда сүрініп кетсең тракторлардың табаны астында қалу қаупі де жоқ емес.
Тракторлар біркелкі шапшаңдықпен жүріп отыруға тиіс. Біреуінің сәл іркілісі ─ мұнара екпінін бұзып, апатқа соқтырмақ.
Екі ортаға мұнара екі күн жүрді. Бұл ─ барынша шапшаң келгені.
Жаңа орынға «К-18» бұрғылау станогы мен мұнаралары толық құрастырылып біткенде қазан айы аяқталып қалған. Ғазиз жаңа нүктеде бұрғылауға жедел кірісті. Ендігі дәме ─ осында. Көңіл әлі күпті. Алда бір қуаныш күтіп тұрғандай сезімде.
Ол тағы да бұрғылауға ыждағатты кірісті. Бұрғылау талаптарына мұқият болды. Бірақ, ендігі кідіріс ─ ерітіндінің үлгермеуінен болды. Ал, ерітінді әзірлеуге су жетіспеушілігі қолбайлау бола берді.
Қызылсайда орналасқан геолог-барлаушылар ауылына ауыз су елу шақырым жердегі Борлыдан жеткізіледі. Онда да құдықтың суы мол емес. Және су тасушы машиналар да жетіспейді. Үстіндегі күбілері шағын 4-5 машина жолсыздықпен күніге бір реттен артық қатынай алмайды. Сөйтіп жеткізілген су ауылда әр үйге 1-2 шелектен ауыспай қалады. Солардан үзіп-жарып Ғазиздың бұрғылауына 3-4 күнде бір құйып кеткен су жетпей қала береді.
Осылай бұрғылау бір күн жүрсе екі күн тұрып қалады. Ғазиз бұл талабын трест басшыларының алдына сан қайтара қойғанымен олардың да амалы жоқ еді.
Осындай жайлармен 1961 жылдың жаңа жылы да келіп жетті. Жыл қорытындысы бойынша Ғазиздың атына трест тарапынан мадақтаулар айтылғанымен, бұл оның көңілін көншітпейді. Мұның бәрі әшейін бір көңіл жықпастық қана болып көрінеді. Оған көңілі тоғаймайды.
Қызылсай басы геолог-барлаушылар ауылы жаңа жылды тойлап жатқанда Ғазиз бұл күнді «К-18» бұрғылауы басында өткізген. Мереке тойлана береді, бірақ бұрғылау да тоқтамауы керек. Кеше желтоқсан айының соңғы күні құйылған бір цистерна сумен ерітінді дайындалған. Сонымен үш тәулік бұрғылаған қондырғы төртінші қаңтар күні ертінді бітіп, су таусылып, қайта тоқтап қалды. Ғазиз қанша жүгірсе де үлгерте алмаған.
Бұл күні скважина басына күзет қойды. Бұрғышыдан скважинаға технология талаптарын сақтауды тапсырды да, бұрғышылар су жеткізілгенге дейін демалуға тарасты. Бірақ, бүл күндер Ғазиз үшін демалыс болмаған. Өткен жазда үйін осы Қызылсайға көшіріп әкелген. Әкесі Әбдіразақ ауыратындығын білдіріп, уайым айта берген.
Қазір Ғазиз үйі осында болғанымен, өзінің бұрғылау басында өткеретін күндері көп. Бүгін бұрғылауы тұрып қалғасын үйге амалсыздан келген. Бірақ онда да тұрақтап отыра алмады. Ертеңгі бұрғылау жайы ойынан кетпей. Кезекті су жеткізу мезгілін күтсе әлі бірнеше күн тұрып қалары анық. Ол таныс машиналарына жолығып, шұғыл су жеткізу жағдайын қарастырды. Таныстарының бірі олай, бірі бұлай болып, әйтеуір ақыры біреумен келісті. Келесі күні су жеткізетін болды. Бұл күні ерте тұрып, таңғы шайын да ішпей Ғазиз бұрғылау басына тартты.
Мұнда келгенде кенеттен бұрғылау мұнарасына көзі түсті. Оның көз алдында өзгеше бір күтпеген көрініс пайда бола кетті. Скважинa аузынан қап-қара мұнай атқылап жатыр. Мұнай қонақтаған басы көрінбейді. Қондырғы етегін түгел мұнай көлі жауып кеткен. Ғазиз алдымен күзетші Дегбірді (Бөлтеков) іздеді. Оны таппады. Аздан кейін бұрғылау басында адамдар көбейіп қалды. Мұнай бұрқағын тоқтатпақ болып әркім өзінше тірлік жасап жатыр. Кім су шайып, кім батпақ, топырақ лақтыруда. Бірақ, аспанға атқылаған бұрқақ тоқтар емес. Фонтан биіктігі он сегіз метр мұнарадан да асып атқылап жатыр.
Ғазиз жедел рациямен треспен байланысқа шықты.
Қазір Ғазиздың қуанышы да, қорқынышы да бар. Қуанышы Өзенде мұнайдың бар екені анықталды. Ал, қорқынышы ─ бұрғылау талаптары сақталмай мұнай фонтаны атып кетуіне жол берілді. Ол үшін Ғазизды кінәлауға да, ақтауға да болатын. Осындай жағдайдың орын алғаны рас. Одан Fазиз қашып құтыла алмайды. Ол қазір трест басшыларына жағдайды баяндап жатыр. Мұнай кенорнын аштым деп сүйінші де сұрай алмайды. Бұрғылауда қате жібердім деп кешірім сұрауға да аузы бармайды. Аузына бар түскені:
─ Кешіріңіздер, «К-18» скважинасынан мұнай бұрқағы атқылап жатыр. Соны тоқтата алмай әуре болудамыз. Жәрдемге келе көріңіздер.
Арыдан:
─ Қалай?
─ Неге? - деген сауалдар көбейіп кеткен сияқты.
Бірақ оның ешқайсысын да қазір айтып түсіндіре алмасын біліп рация құлағын орнына қойды.
Сол күні сәске түске жетпей-ақ трестің бас инженері Асабай Хисметов пен геологиялық-іздестіру бастығы Қамысбай Мырзағалиев бастаған бір топ мамандар жетті. Мынаны көрген олардың жүзінде қуаныш пен реніш қатар ойнап тұрғандай көрінді.
─ Ештеме етпейді, фонтан қазір-ақ жабылады. Ал, Маңғыстаудан тұңғыш мұнай атуы ─ бұл айтып жеткізуге болмайтын қуаныш, ─ дейді Қамысбай.
Жиналған көп те мұны қуаныш деп қабылдаған. Асабайдың да қазір көпке сыр бермегенімен іштей көңілсіз еместігі көрінеді. Ол жедел басшылық жасап, мұнай бұрқағын тоқтатуға кірісіп, шұғыл машинамен цементтер жеткізіліп, қап-қап топырақ лақтырылып жатыр. Түске дейін осылай қарбаласта өткен уақыт ештеме бермеді. Бұрқақ күшейе түседі. Алғашқыда жайлап қара мұнай атқыласа, енді газ араласып, гүрілдеп кетті. Газ иісі маңайды тұншықтырып барады. Ғазиз басы айналып, жүрегі көтерілгендей болды. Әлгіндегі қап-қап цемент, топырақты жер астынан шыққан күшті қысым кері лақтырып, жуытпай түр. Енді фонтанный от алып кету қаупі бар. Күшті қысыммен қақтығысқан мұнара темірлерінен ұшқын шығып кетуі ықтимал еді. Фонтан от алып кетер болса бұрғылау маңына адам жуытпай, оны басу қиынға түспек.
Қарбалас үстінде бұрғы басында жігіттердің бірі құлап қалды.
─ Дөңбай құлады, құтқарыңдар, ─ деген ащы дауыс естілді.
Дөңбай Өтепбергенов бригадада алғашқы күннен бастап істейді. Ол Түбіжікті, Қызанды қазуға қатысқан жігіттердің бірі. Ғазиз көмекке алдымен ұмтылды. Көз алдында құлаған Дөңбайдың тыпырлап аунап жатқанын көрді. Көмекке ұмтылған жігіттер оны жедел алып шықты.
Бұл қалпында фонтанды жабу мүмкін болмайтыны көрінді. Енді мұнараны бұрғылау қондырғысынан ажыратып бөлек шығару керек. Бірақ колон бойында 360 метр инструмент жалғаулы. Алдымен соны ажырату керек. Қазір жігіттер осыған жұмылдырылды. Бір тобы қолдарына трос ұстап мұнара ішіне кірді. Жел күншығыстан. Мұның пайдасы тиіп, бұрғының инструмент тұрған жағы аздап ашық. Бұл ─ оған жақын баруды жеңілдетті. Тростар мұнараға байланды. Мұнараға кірген алты жігіт ─ Дегбір, Таңбай, Шүкірбек, Дөңбай, Жұмажан, Шертай қолдарындағы тростарын мұнараға мықтап таңды. Бұлар Мұсылов Жұмажан ─ моторис, Ережепов Шертай, Өтепбергенов Дөңбай, Есенғалиев Шүкірбек, Бөлтеков Дегбір, Қойшыбаев Таңбай ─ бұрғышы, көмекші бұрғышы жігіттер. Сыртына қара мұнай қатып қалған мұнара темірлері ұстатпай шығып кете береді. Әйтеуір, амалдап жүріп жігіттер тросты свечке байлап шыққан. Сол бойда бір нәрсе тарс ете қалды. Жоғарыдан ауыр бірдеңе түсіп кеткендей. Күтпеген жағдайдан Ғазиз шошып кетті. Жігіттердің бірі астында қалып қоймады ма деп қорыққан. Ол шыққан жігіттерді санады. Ішке кірген алты жігіт түгел екен.
─ «Құдай сақтады» ─ деп ойлады.
Егер жігіттер сәл аялдағанда олар мына тоқпақ астында қалып қойып түгел опат болатын еді. Қорқыныштан дірілдеп кеткен Ғазиз біразға дейін өзіне келе алмады. Жүрегі қатты соғып отырып қалды.
Жігіттер тростың екінші ұшын тракторге байлап, тартып, свечтер түгел жерге түсірілді. Енді скважиналардан ажыратылған мұнараны аулақ алып кету қиынға соқпады. Мұнара бұрғылаудан бөліп алынып, бес-алты метрдей жерге аулаққа апарып қойылды. Сосын оның қос бүйірінен ұзындығы екі метрдей томарға трос байлап жерге көміп, екінші ұшы тракторге байланды.
Келесі тракторге де осылай жасалды да трактор-кранмен тұрбаны көтерді. Скважинаға жіберілген тұрба ішінен мұнай аралас қара балшық атып кетті. Енді ішке цемент, барит, бентонит, қап-қап топырақтар тасталды. Сол-ақ екен мұнай фонтаны әлгі жалғанған тұрба ішімен жүгіре бастады. Мұнан кейін цемент аралас ерітінді айдалып, сосын ысырма жабылды. Фонтан икемге көнді.
Асабай мен Қамысбай рация құлағында отырды. Дауыс жеткен жерге Маңғыстаудағы алғашқы мұнай фонтаны туралы төрт құбылаға түгел хабар тарап жатты.
Фонтан басылды, көңіл орнына түсті. Енді Ғазиздың жүрегінде қуаныш бар. Ол Маңғыстаудың алғашқы мұнайын көруді тағдырдың өзіне жазғанына риза. Алғаш Түбіжікте Маңғыстау мұнайының куәсі болған. Кейін Өзенде «К-18» скважинасындағы мұнай фонтаны да осы Ғазиз басқарған бригаданың қолында атқылады. Осы екі мұнайдың да куәсі Ғазиз. Бұдан былай Өзен жерінде де мұнайдың бар екендігіне сенімі арта түскен.
Геологтардың да тұжырымы осындай. Сондықтан да «алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, геологтар мұнай белгісі байқалған аумақты шырқ айналдыра қазуды белгілеген. Осы маңда тағы да бірнеше мұнаралар қадалған. Ғазиздың бригадасы геологиялық іздестіру партиясының шешімі бойынша осы маңнан көп қашық емес «К-21» скважинасына көшірілетін болды.
Көшіп-қону барлаушы бұрғышылар үшін біркелкі жаттанды жұмыстар. Бұған көндіккен бұрғышылар оған таңданып жатпайды. Және ойланып та тұрмайды, тросты беліне қыстырып, жүре береді. Оған үйренген Fазиз де үн-түнсіз басын изей салған. Келесі күні-ақ көшу басталып, жаңа нүктеге келіп бекіне бастаған. Енді бұрғылауды қолға алар кезде трестен бұрынғы жоспарды өзгерту жөнінде хабар келді. Олар «К-21» скважинасын консервацияға қойып, № 1 скважинасын су алуға қазылсын деген тәртіп берді.
Өзен жерінде бұрғылаудың жүруі үшін су жетпеушілігі аяққа тұсау болды да тұрды. Мұнда кез-келген бұрғылау басталарда алдымен су мәселесін шешіп алу керек болатын. Енді тағы да мына № 21 скважинаны жеделдетіп қазу үшін Г № 1 скважинасы жанынан су қабатын ашып беру көзделген. Мұнда су көзі ашылғанша трестің бас инженері Асабай Хисметов өзі бас болып жүрді. Ақырында бес жүз метр тереңдіктен су табылды. Бірақ, су фонтан болып атқыламай, сораптың күшімен алынды. Соған қарағанда оның қоры көп емес, бірақ Өзен жерінде бұрғылау жүргізуге жетерлік деп табылды. Бұл да трест басшысының алдында Ғазиздың абыройын бір көтеріп тастағандай болған. Енді су жағдайы шешілген соң Ғазиз «К-21» скважинасына кайтып келіп, бұрғылауды қолға алды.
1961 жылдың ми қайнатар ыстық шілде айы. Бұрғы ұшы 850 метр тереңдікке жетті. Ғазиз пайдалану колонын жіберуге тәртіп берді. Сосын цементтеу жүргізілді. Арматур қойылды.
Бір уақытта Ғазизға «Г-13» скважинасына да басшылық жасау міндеттелген. Екі скважина арасында мігір таппай жүрген шағы. Әлгінде ғана «Г-13» скважинасынан оралған Ғазиз «К-21» скважинасының ысырмасын жайлап ашып көрді. Қазір оның жанына геолог Владимир Козмодемьянский келе қалды. Владимир ашық мінезді аңқылдаған жігіт. Жүрген жерінде сырын жасырмай жариялап жүреді. Институтты үздік бітірген жігіт мұнай, газ геологиясы саласында көп жайттардан хабары бар. Жер ыңғайына, терең қабаттардың геологиялық құрылымдарына қарай әр бұрғылаудың сыр-мінезіне, құпиясына қанық ол білгенінің бәрін Ғазизға сыр қылып ақтарып отырады.
Қазір вахтаның ауысатын кезінде екеуі бұрғылау басында оңаша қалған. Тәжірибесі көп геологтың әңгімелеріне Ғазиз аузын ашып қалған, қызыға тыңдап отыр. Арасында ол тыңдаушысын одан әрі қызықтыра түсу үшін күлкілі әңгімелерді де қосып айта беретін. Қазір де осындай бір қызықты әңгімелердің бірін бастап кеткен. Барлаушылар өмірімен, бригада жігіттерінің тәжірибесіне байланыстыра айтып отырған. Арасында бригада жігіттерінің сөз саптасын, күлкілі кейіптерін де келтіреді. Әйтеуір, тыңдаушысын зеріктірмейді. Оны Ғазиз тамсана ұйып тыңдап отыр. Бұрғылау басының тыныш бір сәті. Әлгінде дәнекерлеуші Қоңырша тұрбаны муфтыға жалғап, газ үшін бөлек факель желісін тартқан да Козмодемьянский бұрғылаудан бөлініп шыққан газға қолындағы шырпысымен от беріп, факель жағып қойған. Алау түтінденіп әрі толқындана жанады.
─ Міне, көрдің бе? - дейді Владимир әлгіндегі әңгімесін үзіп, Ғазиздың назарына енді көз алдында жанып тұрған факельге аударып, ─ мына көкшіл жалын ─ жанып тұрған газ. Ал, мына қап-қара түтін ─ жанған мұнайдың түтіні. Ендеше, Ғазеке, бұл өңір құр емес, мұнайдың бар екендігінде күмән жоқ.
Ол соңғы сөзін кесіп-пішіп айтты. Оның бүл сөзі топшылаудан гөрі тұжырымға көбірек ұқсады. Бүл - Ғазиздың жүрегіне қуаныш ұялатқандай болды. Ендеше, біздердің іздеп жүргеніміз де осы емес пе деп ойлаған. Кенет әлдене гүрс ете қалды. Оның құлақ жарардай қатты шыққан дыбысына Ғазиз шоршып түсті. Енді бір қараса Владимир сол қол жағына аунап түскен де Ғазиз шалқалай құлаған.
─ Қаш, газ атып кетті, - деп Владимир орнынан тұрып үлгергенше Ғазиз да есін жиған.
Скважинадан газ атылып кеткеніне енді көзі жетті. Аспанға бұрқырай атылған қуатты газ тасқыны тағы да мұнараның басына шапшып маңайды көрсетпей жіберді. Мына күтпеген оқыс оқиғадан әзер қашып құтылған Владимир мен Ғазиз былайырақ шыққанда ғана есін жиды.
Сонымен бұл күні Маңғыстау тарихының тағы бір жарқын беті ашылғаны, мұнда қисапсыз газ байлығының бар екендігі әлемге паш етілгені олардың ойына келмеген. Ал, кейін осы күн ─ яғни 1961 жылдың шілде айы Өзеннің көп қабатты газ байлығы бар екені анықталған күн ретінде тарихта қалды. Бұл кезде Ғазиз 29 жастағы жас жігіт еді.
«К-21» және «Г-13» екі скважина арасында жүру Fазизға ауыр тиіп, біраз шаршатып та кеткен еді. Бірақ, шаршадым деп айтуға оның мұршасы жоқ. Өзенде мол мұнай көзі анықталған бұл кезде енді талай мыңдаған ұңғыларды қазу міндеті алға қойылған. Оны жүзеге асыратын барлаушы-бұрғышылар тобының ішінде Ғазиз да бар. Сыры бимағлұм көп қабатты кен орнында бұрғылау жүргізу әр кезде бірдей сәтті бола бермеген. Оның сәтсіздіктері де, қат-қабат қателер де орын алып жатты.
Ұңғылар бірінен соң екінші, үшіншісі келе береді. Бұрғышылар рет-ретімен қазып кетіп барады. Жоғарыдағы «К-21» мен «Г-13» ұңғыларын қазғаннан кейін Ғазиздың бригадасы № 1 бұрғыға кеп орналасты. Бұл кезде терең бұрғылау жүргізіле бастаған. Оған Fазиздың бригадасы біршама машықтанып та қалған. Бұған дейін мың метр тереңдік шамасын бұрғылап келген. Енді мына скважинада 1500 метр тереңдікті бұрғылау белгіленген. Қай кезде де Өзенде су тапшылығы толық шешілген емес. Әр жерден скважина қазып, жерасты суын пайдалану ─ уақытша ғана әдіс болып қала берді. Осындай су тапшылығынан бұрғылаудың бір жүріп, бір тұруы дағдылы құбылысқа айналған.
1961 жылдың қыркүйек айы болатын. № 1 скважинасы 1500 метр бұрғыланып тоқтаған. Енді каротаж жұмыстары жүргізілді. Мұнда қабатқа электр жабдықтары жіберіліп, қабат құрылымдары, жер қыртыстары қаралады. Су, газ, найдың қай қыртыстарда жатқаны анықталады. Каротаж жұмыстарын бөлек арнаулы бригадалар жүргізеді. Ғазиз скважинаны каротажшыларға тапсырғаннан кейін өзі келесі бұрғылау жайымен айналысып жатқан. Каротаж кезінде жұмыста қателік жіберіліп, блок басып қалып кабель жүрмей ұсталып қалған. Мұндай кезде кез-келген жұмыс қатаң түрде арнаулы ережелерге сәйкес жүргізілуі керек. Мұнда әркім өз білігімен әрекет жасауға тыйым салынады. Ал, ақ каротажшылар бригадасында ол талап сақталмаған. Сөйтіп, мұндағылар әрқайсысы өз білігімен әрекет еткен. Ұсталып қалған кабельді талды блокпен күшпен тартқан. Бұл ─ бұрғылау ережесінде өрескел қателік болатын. Осының салдарынан бұрғылау скважинасы ұзақ уақыт бос тұрып қалды. Ал, өз кезегінде бұл Ғазиздың бұрғылау бригадасының социалистік жарысына зиянын тигізді. Бригаданың бұл айдағы көрсеткіші күткендегіден төмен болды. Скважинаны тапсыру рәсімі де кешеуілдеп жасалды.
Бірақ, Ғазиз бұл жолы терең бұрғылауды меңгергенін көрсетті. Бригада кінәсінен кездейсоқ жағдай болмады, орынсыз кідірістерге жол берілмеді.
Бұл кезде Өзен жерінде өте терең қабаттарда зерттеу-бұрғылау қолға алынған. Осыған байланысты бұдан былай Fазиздың бригадасына 2000 метрден асатын тереңдіктерді бұрғылау тапсырылды.
Жаңа мұнай, газ қабаттарын ашу ─ бұрғылаудың сапасына, технологиясының сақталуына тікелей байланысты. Егер бұрғылау талаптарға сай болмай сапалы жүргізілмесе мұнай орнына су беретін, не мұнайлы, газды қабаттардың ашылмай қалуы ықтимал. Осы жылы осындай бір жағдай Ғазиздың бригадасы «Г-8» ұңғысын қазған кезде орын алды. Егер ұңғы дұрыс шегенделмесе мұнай орнына су беретін кездері де болады. Осы скважинада солай болды да. Сынау кезінде ұңғы мұнай бермей, су шығып кетті. Бұл жағдай мамандарды таң қалдырды. Төңірегіндегі скважиналардың бәрінде сол тереңдіктен мұнай шығып тұрғанда, қақ ортада тұрған мына скважинаның су беруі ақылға сыймайтын еді. Бұған бірақ уақыт бас қатырған мамандар ақыры бұлай болуы мүмкін емес деген тұжырымға келді. Олай болса, себебін ашу керек.
Осыған келгенде олар тоқырап қалды. Әлде, бұрғының тереңдігін өлшеуде қате кетті ме? Не құпиясы көп табиғаттың өзінен болды ма? Табиғаттың мұндай ақылдан тыс құбылысы болуы мүмкін бе? Мамандар оның бәріне де ой жүгірткен. Бұл Өзен жерінде мұнай жоқ емес пе деген күмән туғызды. Мұндайда Ғазиз өткен № 18 бұрғылаудан шыққан мұнайды еске алады.
─ Ендеше, мұнай болғаны ғой, ─ дейді ол өзіне өзі.
Тағы бірде ол басқаша да ойлап кетеді. ─ Мүмкін ол өндірістік маңызы жоқ азғана жер астында жатқан дәл үстінен түскен көлшік болуы да ғажап емес. Бірақ айтарын айтса да, ол ойына өзі де сенбейді. Осындай ойлар үстінде мамандардың бәрі де күпті еді. Олар бұрғылау процесін бастан-аяқ тексеріп шықты. Ақыры оның құпиясы табылды. Сөйтсе, скважинаны шегендеуде қате кеткен болып шықты. Қанша цемент айдаса да ырыққа көнбей тұрғаны, саңылаудан ауа кетіп, мұнай орнына су айдап тұрғаны сол екен. Шынтуайттап келгенде мұны бұрғылауда кеткен қателік деп айтуға болмайтын. Шегендеу кезінде колонда ондай елеусіз саңылау қалып қою сәттері болады. Бірақ ол сынақ кезінде мұнайдың шығуына айтарлықтай әсері болмайтын. Мына құбылыс сирек кездесетін жағдай еді. Бұл да бұрғылау барысында кездесе бермейтін табиғаттың бір құпиясы.
Сонымен қателік түзетіліп, скважина одан әрі бұрғыланды.
Жобалы тереңдіктен кейін бұл жерден мұнай атылды. Кейін 1963 жылы Мәскеуден Мұнай министрлігінен, Алматыдан Геология министрлігінен келген мамандарға Маңғыстауда мұнай мен газдың мол қоры бар екендігі осы «Г-8» ұңғысы арқылы паш етілді. Бұл Ғазиз үшін орынды мақтаныш еді.
Ғазиз жұмысбасты болып жүріп отбасын ұмытып та кеткендей. Үйде карт әке Әбдіразақ, қарт ана Нәбира үнемі Ғазиздың жолына қарап отырады. Ол жұмыстан кешіксе де қарияларға ас батпайды. Таң атқанша көздері ілінбей, аласұрып шығады. Ізінде еріп келе жатқан екі інісі Шәріп пен Жақсыбай алдындағы ағаларына қарайды. Өткен жолы Шәріп Алматыдан институт бітіріп, әрі үйленіп қайтты. Өзі оқи алмаған Ғазиз Шәріптің оқуы үшін жанын салды. Інісі мен келінін үй қылып бөлек шығарып, Өзенге әкеліп, Қызылсайдағы мектепке екеуі де мұғалім боп орналасты. Енді шал-кемпірдің қолында он төрт жасар Жақсыбай бар. Соның оқып мұнайшы ─ инженер болғанын қалайды. Ол үшін мектепте жақсы оқу керек. Жұмыстан қолы босамай, мектеппен де байланыса алмады. Күндіз-түні бұрғылау жағдайы оған мігір таптырмай-ақ қойды.
Жұмыс жағдайын өмірлік жолдасы Жолдыбике де түсінеді. Әйтсе де күйеуінің бір мезгіл үйге қарап, өзіне жәрдемші болғанын да қалайды. Оның осы табалдырықтан аттағанына он екі жыл болған екен. Содан бері Ғазиздың жұмыстан бос уақыты болғанын көрген емес. Алдыңғы балалары тұрмаған оның биыл да аяғы ауыр. Осындай сәтте жанында болып, ауыртпалығын бірге көтеріскенді жақсы көреді. Ал Ғазиз болса қашан көрсең жұмыс деп кетіп бара жатады. Түнде бұрғылау басында қалып та қоя береді. Түнде босанып қалсам қайтем деп қиналады Жолдыбике. Сондай толғақ қысқан сәттерде жанында Fазиз болса, көңіліне демеу болар еді. Әсіресе, бұл соңғы күндері жиі білдіріп жүр. Іштей есебі бойынша күні жақындап қалғандай. Осындайда амалсыздан Ғазизға: ─ Осының-ақ жұмысы таусылмайды екен, ─ деп іштей ренжиді де. Бірақ артынша осы бала-шаға деп жүгіріп жүр емес пе, үкіметтің жұмысы ғой деп түсіністікпен де қарайды.
Ғазиз отбасының мұндай жағдайын түсінбейді емес. Жолдыбикенің айы-күні жетіп отырғанын да ойлайды. Осындай кезде оның жанында бола алмағанына қиналады да. Бірақ сонда не істеуі керек? Мұнда бұрғылау тұрып қалып жатыр. Оны жоқтатпау, мұнай, газ байлықтарын табу ─ мемлекеттік тапсырма. Ол ─ орындалмаса, жоспар артта қалса ше? Бұрғылау проблемасы бастан асады. Су жоқ, бұрғылау тұрып қалуда, құрал-жабдықтар үлгермей жатыр. Ғазиздың көзі тайып кетсе болды, бір жерден бірдеңе сопаң етіп шыға келеді. Соның бәріне өзі жауапты. Ол жұмысының мінсіз атқарылғанын қалайды. Шүкір, әзір абыройсыз емес. Бұрғылау бригадалары арасындағы жарыста трест бойынша алдыңғы сапта келеді. Жыл қорытындысында оның бригадасы міндетті түрде мақтауға ілігеді. Бұл абыройдың барлығы өздігінен келіп жатқан жоқ. Жұмыс жүрсе жігіттердің табыстары да жаман болмайды. Содан жігіттердің жұмысқа деген ынта-жігері да жақсы. Әзірге ол трест алдында да, коллектив арасында да абырой биігінен көрініп келеді. Осының бәрі Fазиздың жұмысқа деген сүйіспеншілігін танытса керек.
─ Ғазеке, сүйінші, ─ деді әлгінде бұрғылау жанына шаңдатып келіп тоқтай қалған машинадан түскен шофер жігіт.
Ол дауыс шыққан жаққа жалт қараса Рахметті көрді. Ол үлкен «Зил» көлігімен бұрғылау басына құрал-жабдық тасиды. Әлгінде ауыл жақтан шаңдатып келе жатқан машинаны көрген.
Күнде ондаған машина бұрғылау басына келіп, кетіп жатады. Олар өндіріс қамымен жүргендер. Ғазиз мына жігітті де солардың бірі деп ойлаған да, мән бере қоймаған. Қазір ол тура осында келіп сүйіншілеп тұр. Рахмет көрші жігіт. Екеуінің үйі есіктес. Оның қазір төтелеп келгеніне таң қалды. Қатар жігіт әзілдеп тұр ма деп те ойлаған. Бірақ кейіпінен әзілді байқай алмады. Сонда сүйіншісі несі?
─ Ол не сүйінші, ─ деді Ғазиз әдеттегі ұстамдылығымен.
─ Жоқ, алдымен сүйіншімді бер, әйтпесе айтпаймын, ─ деп ол салмақты артқа салды.
─ Жә, айтсаңшы. Сүйіншіге менде бар нәрседен қалағаныңды ал!
─ Әй, сенің үстіңдегі май сіңген шаң-шаң киіміңде адам таңдап алатындай не болушы еді? Қимас не затың бар ─ соны бер, ─ деп Рахмет тақақтап қалар емес. ─ Бір айлық жалақыңды бересің бе?
Бұл әңгімеге есітіп тұрған бұрғышы жігіттер де араласып кетті.
─ Ой, тәйірі, бір айлық жалақы деген не болыпты. Қуанышты зат қандай үлкен болса, оның сүйіншісі де сонша қомақты болады ғой.
─ Е, солай ғой. Алдымен қуанышты айт, сосын соған қарап сүйіншіге сұрағанынды ала бер, - десіп жігіттер шуылдасып іліп әкетті.
─ Жә, болсын, - дейді көнбеске амалы қалмаған Ғазиз күлімдеп.
─ Онда айтайын. Жолдыбике аман босанды, сүйінші, ұлды болдың, - деп Ғазизды құшақтады.
Мұны естіген бригада жігіттері де жинала қалды.
─ Онда сүйіншісі де лайық екен. Ал, құтты болсын. Қане жігіттер, Ғазекеңді бригада атынан құттықтайық, ─ деп ондаған қолдар Ғазизды көтеріп алды да: ─ Бір, екі, үш..., деп жоғары лақтырып, кайта қағып алды.
Ғазиздың басындағы темір каскасы ұшып кетті. Мұнан кейін жігіттер оны тік көтеріп аяғынан тұрғызды да біріндеп келіп құшақтап құттықтай бастады.
Ғазиздың анасы Нәбира соғыс жылдары көмекші бұрғышы болып жұмыс жасаған. Кейін батасын баласы Ғазизға беріп, соның тілеуін тілеп отырды. Fазиз алғашқы баласынан ерте айырылды. Алғашқыда Жолдыбике Fазиздың үйде көп болмай, ылғи жұмысбасты болып жүруін осы баласыздықтан көретін. Бірақ, сүйікті жарына деген ниеті адал Ғазиз әрдайым оған адал қызмет етуге барды. Жұмысбастылығы оның көңілі суығандығынан емес. Осыны Жолдыбикенің дұрыс түсінуін қалайды.
Оның әкесі Әбдіразаққа да, анасы Нәбираға да балалық сүйіспеншілігі бір сәт те ортайған емес. Өмірін мал соңында өткізген әке мен шешенің ең болмаса өмірлерінің соңғы кезінде адал да ақ сүтін ақтап өтермін, өзім тұрғанда қабақтарына кірбің ұялатпаспын дейтін. Ол солай жасады да. Бірақ, тағдыр оларға ұзақ өмірді жазбады. Ғазизының бір Өзен, Маңғыстау ғана емес, бүкіл ел мақтанышына айналған қуанышын көре алмай кетті. Ол Қызылсайдың терістік-батыс бетіндегі 4-5 шақырымдай жердегі қорымда қалды. Кейін бүл зираттың «Әбдіразақ әулие» атанарын да білген жоқ.
Енді бүгін көптен күткен арманына қол жеткізген Ғазиздың қуанышында шек жоқ болатын.
─ Жігіттер, енді мені осы бүгін босататын шығарсыңдар жұмыстан, ─ деді ол келіп тұрған көлікпен бірге ауылға қайтпақ болып.
─ Босатамыз. Алаңдамай қуанышыңызды тойлай беріңіз, - десті жігіттер.
Келесі күні бригада жігіттері балаға ат қою рәсіміне жиналды да, сосын Ғазиз үйде ұзақ бола алмай жұмысқа шығып кетті. Әбдіразақ қарттың немересіне ұсынған Сағидолла деген есім жігіттерге де ұнады. Олар мұны бір ауыздан мақұлдап, Ғазиздың қуанышына ортақтасып, оны есте қалатындай етіп атап өтті. Бұл күнді бригада жігіттері ұзақ уақыт еске алып жүрді. Кейін сол Сағидолланың әр жасқа толғаны бригада қуанышы болып аталып өтті. Ал арадан екі жыл өткенде Ғазиз тағы да ұлды болып, оның есімін Әбубәкір қойған. Екі ұлы шаңыраққа құт әкелді. Ғазиздың мұнан былайғы өмірі қуанышқа толы болды.
Ұлды болған Ғазиздың былайғы өмірі басқаша сипат алды. Отбасындағы қуаныш оның өмірінің, тірлігінің мәніне айналды. Бойына қуат, жігеріне жігер қосып, шабыт берді. Күнде таңертең ол үйден шығарда ұлдары Сағидолла мен Әбубәкірдің маңдайынан сүйіп, сосын барып жұмысқа шығуды әдетке айналдырды. Бұл ─ оны қуаттандырып жіберетін. Содан кешке дейін тізесін бүкпей жүрсе де шаршамайды.
Оның әр күні ерлікті еңбекке толы болды. Ол басқарған бригада ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Бұрғылаулар бірінен соң бірі бұрғыланып тапсырылып жатты. Өзен үстіртінің үсті де, ойпаты да мұнараларға толып, скважиналар тоғайы өсіп шықты. Төреғали Қадыровтың, Тынышбай Опиевтың, Петров пен Кулебякиннің, Fазиз Әбдіразақовтың бұрғылау бригадалары Өзен жерінде жарыса еңбек етіп жатты. Жарыс туын бұл аталған бригадалар бірінен соң бірі ұстайтын. Fазиз терең бұрғылауды меңгеріп, пермотриас қабатына қол салды. Бұған дейін жер қыртысының пермотриас қабаты сырын ашпаған.
«Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресі барлау бұрғышыларының тәжірибелерін қорытып, оны өзге жас бригадаларға, жас бұрғышыларға үлгі, өнеге қып ұсынған. Сонда бұрғылау бригадалары арасында ең қиын да тың әдістерді, бұрын-сонды қолданылмаған технологияларды қолдану ─ Fазиздың үлесіне тиген. Оның бұл тәжірибелерін облыстық, республикалық деңгейдегі газет-журналдар жарыса жазып жатты. Қайсыбір тәжірибелері бүкілодақтық деңгейде қолданылып жүрді. Оның бұл қайталанбас еңбегі ─ КСРО мұнай министрлігінде сараптамадан өтіп, жоғары бағаға ие болды. СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Жоғары Советі, КСРО Министрлер Советі, ВЦСПС Орталық Комитеті Fазиздың бұл еңбегін қалт жібермей қадағалап, лайықты бағалады. 1966 жылдың мамыр айының 23 жұлдызы күні Гурьев облыстық партия комитеті мен облыстық Совет атқару комитетінің атына СОКП Орталық Комитеті мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Қазақ ССР Жоғары Советі мен Қазақстан Министрлер Советінің, Кәсіподақтар Республикалық Советінің кұттықтау телеграммасы келіп түсті. Онда Ғазиз Әбдіразақовты «Ленин» орденімен марапатталғанын құттықтап, жұмыстарына жаңа табыстар тілеген.
Сол күні құттықтау телеграммалары жан-жақтан қарша жауды. Облыс аудан, қала, трест басшылықтары бірін-бірі кұттықтап жатты. Радио, газеттердің бетін бермеді құттықтаулар. Ғазиздың бұл күні жүрегі жарылардай еді. Марқұм әкесі Әбдіразақ тірі болғанда қазір қандай сезімде болар еді деп ойлады. Бірақ, қайран әкеге ұлының бұл қуанышына ортақтасуды жазбаған. Ол енді әке қуанышын өз ұлдарының көргеніне риза. Бүл күнді бір Fазиздың ғана отбасы емес, бүкіл трест, қала, аудан, Маңғыстау барлаушы-геологтарының табысы, жеңісі деп біліп, солай тойлады.
Ал, орденнің Fазизға табыс етілуі бұдан да зор жағдайда болды. Гурьев облыстық, Шевченко қалалық партия комитеттерінің бірінші секретарлары мен трест басшылығы арнайы жиын өткізіп, салтанатты жағдайда табыс етті. Ұзын бойлы, сары өңді, кескінді жігіт Ғазиз Әбдіразақовтың омырауында «Ленин» ордені жарқырап тұрды. Осы жиынға қатысушылар ұзақ қол соғып, қошемет көрсетті.
Ғазиз тумысында қарапайым жан. Күлімдеп тұра беретін кішіпейіл, ешқашан көкірек көтеруді білмейтін адам. Бүкіл ел болып оны басына көтеріп, мадақтап жатқанда да ол бұрынғы анасынан туылғандағы адал болмысынан жаңылмай, балаша мәз болып, күлім қағып тұра берген.
Бақыт қуанышынан өңі бал-бұл жанған жігіт ағасы Fазиздың бұл қуанышы жаңа табыстарға бастап, тың істерге жігерлендірді. Өзен жерінде терең бұрғылауды бірінші боп бастап, меңгерген Ғазиздың бригадасының тәжірибесі трест үшін зерттеу, сынақ орны сияқты болды. Бұған дейін 2500-3000 метр тереңдікті бұрғылап, тәжірибе жинақтаған бригадаға енді одан да терең қабаттарды бағындыра беру міндетін алға қойды. 1968 жылдың аяғында Өзен ойпатында 3500 метр тереңдікті бұрғылауды тапсырды. Ғазиз осы терең «Г-116» скважинасына бұрғылауды бастап кетті.
Ғазиздың Өзен жеріне келгеніне тоғыз жыл болған екен. Осы жылдар ішінде мұнда талай скважина бұрғылады. Сондағы байқағаны ─ Өзен жерінің қабат қыртыстарының геологиялық құрылымдарының әртүрлілігі. Бұған геологтардың өздері таң қалды. Олар мұны әрқайсысы әртүрлі түсіндіреді. Бірі ежелгі замандағы жер сілкінісінен десе, енді бірі қабаттар да тірі организм сияқты, онда үнемі өзгерістер болып жатады дейді. Өзен жерінде қай бұрғылаудың да тарихы бірдей. Су, материал жетпеушілігі, жұмыстағы кемшіліктер ─ мұның бәрі дағдылы, үйреншікті жәйттер. Оған құлақ үйреніп болған. «Г-116» скважинасы да осы жаттанды айқаймен бұрғыланып жатты. Кенет қашаудың ұшы 3000 метр тереңдікке барып жеткенде бұрғы мұқалып қалғандай одан ары жылжымай, бір орында зырылдап тұрып алды. Ал, жоба бойынша әлі 500 метр қазу керек. Әдетте қашау аса қатты тау жыныстарына кезіксе осылай болатын. Ол жынысты тесіп өту ─ ақырет. Бұл талай рет тәжірибеден көрініп жүрген қуатты бұрғының күшіне төтеп бере алмай, колон тұрбалары дірілдей бастады. Бұл ─ ұңғы жарының құлаған белгісі. Мұндайда өгізді қанша өрге салсаң да ештеме өнбейді, одан әрі қазу мүмкін болмайды. Сондықтан құлаған жардың орнын толтырып бекіту қажет. Бұл әдетте силикат ерітіндісінің күшімен атқарылады. Содан кейін қайта бекіту керек. Ғазиз солай жасады да. Сосын скважинаға қосымша шеген құбырын жіберді. Осыдан кейін ғана бұрғы қозғалып, 3500 тереңдікке жетті. Мына қызықты қараңыз. Сынақ кезінде бұл скважинада бензин белгі беріп, сұйық мұнай шықты. Ал, мұнан кейінгі уақыттары оның төңірегіндегі скважиналардың бәрінде бірдей қою мұнай болды. Мұның сырын Ғазизге геологтар да айта алмады. Ғазиз де табиғаттың бұл құпиясын түсінбей дал болды.
Бұл жылдары Оңтүстік Маңғыстау аймағы геолог-ғалымдардың назарын аударған. «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей Өзен алаңының мол мұнайы ашылғаннан кейін оның төңірегін, төрт құбыласын түгел зерттеп, барлау қолға алынған. Өзен ойпатының батыс жағында Тасболат, солтүстік батысында Асар, Түрікмен ой, Бұрмаша, Таспас алаңдарына бұрғы салу жоспарланды. Асар жерінде де терең бұрғылау жүргізу белгіленген. Түрікмен ой, Асар жері Өзен алаңына жалғас жатқан аймақтар.
Асар жан-жағы биік таумен көмкерілген шағын ғана алаңқай. Бұрынырақта бұл жерді асар деген кісі мекендеген. Ол осы орынға егін салып, одан мол өнім алады екен. Жиналған егіннің масағын терушілердің өзі қап-қап бидай алып қарық болады екен деп айтылады. Жер аты сол кісінің атымен аталып кетсе керек. Жан-жағы биік таумен көмкерілген алқап. Қыстағы қар суы, көктем мен жазда жаңбыр суы таудан төмен ағып ортадағы шағын алаңқайда үнемі су жатады екен. Мұнда егін бітік өсетін себебі сол болса керек. Міне, енді осы арадан талай заман өткенде сол жерден мұнай, газ ізделінбек. Терең бұрғылау көзделінген бұл алаңға тұңғыш бұрғы салу Ғазиздың еншісіне тиіп отыр. Мұнда 2700 метр тереңдік белгіленген. «Г-2» скважиналарын қолға алып, оны 1968 жылдың көктемінде аяқтады. Скважина мұнай фонтанын беріп, осылайша Асар кен орынын да Ғазиз өз қолымен ашқан еді.
Жас кезінде түрлі жағдайдан терең оқи алмай жеті жылдық біліммен қалған Fазиз көптен білімін жоғарылатуды ойлайтын. Ақыры оның сәті түсті. Ол Саратов мұнай техникумына түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шықты. Геологиялық-іздестіру, бұрғылау тәжірибесі жетерлік оған оқу қиындық келтірмеді. Ал, оқу ─ бұрғылау кезінде кен қабатының физикалық, геологиялық, химиялық қасиеттерін біліп, оны ескеріп пайдалану арқылы бұрғылау жылдамдығын арттырып, мұнайлы, газды қабаттарды тауып алуға жәрдемдесті.
Мұнан былайғы уақытта Ғазиздың жұлдызды кезі басталған. Ол бақытын еңбектен тапты. Сол еңбек оны шырқау шыңға шығарды. Сараптап қарасақ, Ғазиз үшін отыз төрт жасынан кейінгі өмірі қуанышқа толы болыпты. 1968 жылы Кәсіподақтардың Бүкілодақтық Орталық Советінің мүшелігіне сайланды. Әйтсе де, ол өмірінің ең бір қайталанбас қуанышқа, табысқа толы, бақытқа кенелген кезі ─ 1971 жыл деп біледі. Бұл жыл ─ оған екі бірдей қуаныш сыйлады. Бұл жылы Ғазизды еңбектес жолдастары және ел-жұрт, басшылық ұйымдар Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутат етіп сайлады. Сол жылы көктемде ол «Октябрь Революциясы» орденімен наградталды. Отан берген бұл үлкен құрмет, атақ Fазизды жаңа биіктерге, тың табыстарға жігерлендірді.
Мұнан былайғы уақытта қай алаңда да ол салған бұрғының бос қайтқан кезі болған емес. Ғазиз жүрген қай жерде де мұнай, газ бұрқағы атылып жатты. Ол 1973 жылы Бұрмаша алаңында № 3 бұрғылауды қазып, 2500 метрден бірінші мұнай фонтанын алды.
Ол жүрген жерінің бәрінде ең жоғары көрсеткіштерге қолы жетіп отырды. 1974 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы», ал 1975 жылы «9-шы бесжылдықтың екпіндісі» атақтарына ие болды. 1976 жылы екінші қайтара «Социалистік жарыстың жеңімпазы» атанды.
1968 жылы Кәсіподақтардың Бүкілодақтық Советінің ХІҮ съезінің, ал 1972 жылы Кәсіподақтар ХҮ съезінің делегаты болып сайланып, Мәскеудің төрінде өткізілген Бүкілодақтық алқалы жиында қатысып отырды.
1987 жылы «Еңбек ардагері» медалымен марапатталды. 1993 жылы қыркүйек айында «Маңғыстау мұнай газ өндірістік бірлестігінің» ардагері атағы берілді.
1998 жылы Маңғыстау мұнайының орталығы ─ «Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы» атанды.
1999 жылдың қыркүйек айының 1 жұлдызындағы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденіне ие болды.
Ал, 2004 жылы «Өзен мұнай, газ кен орнының игерілуіне 40 жыл толу құрметіне» ескерткіш белгісін омырауына тақты.
1992 жылы ол құрметті еңбек демалысына шықты. Қазақстан Республикасына ерекше сіңірген еңбегі үшін бүгінде дербес зейнеткер.
Одан бері де қай заман.
Бұл күнде жетпіс жеті жастағы Ғазиз ақсақалмен оның Ақтау қаласындағы 7 мөлтек ауданының 7-ші үйінің 21-пәтерінде кездесіп, әңгімелесіп отырмыз. Баяғы ұзын бойлы, қапсағай жігіттің бұл күнде иығы сәл еңкіш тартып, иілгені болмаса айта қаларлықтай сыр бермеген. Қимылы ширақ, отырып-тұруы жеңіл көрінді. Әңгімелері де тасқа басқандай бүтін, әр сөзін салмақтап айтады. Өмірлік жолдасым Жолдыбикенің қайтыс болып, мені артына қалдырып кеткені қатты батты, ─ дейді ол бір сөзінде ақиқаттан алшақтап кете алмай. Қарт үш бөлмелі пәтерінде келін балалары, немерелерімен тұрады екен. Екі ұлынан сегіз немере сүйген. Қазір сол бала-келіндері мен немерелерінің қамқорлығында отырған қарттың көңіл-күйі көтеріңкі. Денсаулығы да жақсы көрінді.
─ Балалық шағымыз жоқшылық пен қиындықта өткен біздер саналы ғұмырымызды Отанға, елге, халқымызға, ұрпағымызға арнап, солардың игілігі үшін жұмсадық, ─ дейді ол өткен өмірін есіне алып. ─ Енді бұл күнде қайратымыз кайтты. Адам үлкейгенде бала болады дейтін. Қазір сол бала кейпіндеміз. Заманымызда жасадық, болдық, толдық. Енді бұл күнде бәлду-бәлду бәрі өтірік. Қазір көшеде сол баяғы көз көрген таныстар кездесе қалса Ғазеке деп қолымызды алса, соның өзіне атқа мінгендей мәз боп қаламыз. Сонда бұл ─ бала болғанымыз емес пе? Көңіл деген бір атым насыбайдан деген ғой атам қазақ.
Ақсақал осы тұста өткен бір жайды есіне алды. Осыдан біраз жыл бұрын «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігінің бас директоры Нұрлыхан Бекбосынов Алматыға қызметке ауысар алдында Ғазизға «Волга» автомашинасын беріп, ат мінгізіп кеткен. Анау Маңғыстау топырағын алғаш басқан 1958 жылдары Ғазиз осы Нұрлыханмен Түбіжік, Қызанда жұмыстас болып, жақсы-жаманды барлаушы-бұрғышылық өмірдің ауыр-жеңілін бір көрген адамдар. Кейін Өзен жерінде де бірге болды. Ғазиздың Маңғыстау байлығын ашып, игерудегі еңбегін білетін адам ─ сол Бекбосыновтың мына құрметіне Ғазиз дән риза болған.
─ Әңгіме алып не бергенде емес, - дейді ол.
Қарт мұнайшы бар байлығын өзі ашқан Маңғыстаудың бүгінгі өндіріс басшыларына айтар назы да жоқ емес екен.
─ Біздер ендігі жерде ештеме керек етпейміз. Бала-шағамыз өз несібелерін өздері теріп жер. Біздер қазір тек көңілге ғана тоғаямыз. Кешегі біздер ашып беріп кеткен байлыққа бүгін өздері не болып, қайсыбір жайларда біздерді ескермей ұмытып кететініне не дерсің, ─ деп назырқайды.
Иә, ардагер ақсақалдың бұл назын орынды санадық. Уақыт сынына мойымай төтеп берген алтын сүйекті ақсақалдың есік алдына шығарып салып тұрып:
─ Шалдардың ұсақ-түйек айтқан назына бола жас басшылар ренжіп қалып жүрмесін. Олардың көңіліне тиетіндей қатты айтпай-ақ қойыңыз. Кейін өздері де түсінер, ─ деп ол тағы да балаша күлді.
Бұл күнде әжім торлаған кең маңдайы қайта жазылып, көңілі тез-ақ айығып жадырай қалды.
Жан баласына жамандық ойламайтын қазақтың дана қарттары-ай. Олар осы кен пейілімен, жанының тазалығымен қымбат. Ол бүгінгі байлығымен әлемді танытып отырған Маңғыстауды мен ашып бердім ғой деп міндетсініп отырған жоқ. Көңілі көктем, жаны жаз қарт төңіректе болып жатырған барлық оқиғаларға да, өмір өзгерістеріне, кемшіліктерге де, жақсы істерге де кеңшілікпен, даналықпен ой тоқтата қарайды.
Ақсақал айтқан ұлағатты әңгімелерді ризашылық сезіммен қызыға тыңдап, қимай қоштастық.
─ Тірлік жетсе тағы да кездесерміз. Бізді ұмытпай, тарихта қалдырам деп талаптанып жүргеніңе рахмет, ─ деп қолымды қысты.
Өз заманының айтулы ері болған, қара темірді қара күшпен қаусырған қарттың әлі де қайраты қайтпағанға ұқсайды. Тамыры білеуленіп, сом білектері әлі талайды ұрып жығардай. Қарулы қолдары ұстаған жерін қаусырып барады.
─ Тағдыр тағы да көрісуді жазсын, ─ деп қоштасып аттандық.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру