Фельетондар
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Асқар Тоқмағамбетов — «Фельетондар». СЕН САЛАР ДА МЕН САЛАР
/uploads/154fbfda-3fa7-5688-90a8-3e879e828dbe/cover.png
СЕН САЛАР ДА МЕН САЛАР
БҰЛАҢ ҚҰЙРЫҚ "БОЛАДЫ"
Қ. қаласындағы кейбір кеңсе бастықтарының аузынан бұлаң құйрық бір "түлкі" шығып қашатын болып жүр. Шынында бұл ғажап нәрсе, түлкі деуге ол түлкі емес. Өйткені түлкі сияқты құйрығы мен құлағы, сойсаң қаны, соқсаң жаны жоқ, көзіңе де көрінбейді, көрінбей де қалмайды, үмітіңді де үздірмейді, сағымдай елестеп "енді ұстатам, енді жеткізем" дейді де, бұлаң құйрыққа салып қаша береді. Бұл мақлұқтың аты да тамаша, "түлкі" деген атты біз қойып отырмыз. Шын аты — "болады".
Кімде-кім осы "болады" көргісі, болмаса қуғысы келсе етігінің табанына екі елі темір қақтырып, екі жеңін сыбанып, қалалық электр станциясының начальнигі Юекеңе, болмаса облыстық яки қалалық мекемесінің бастығы Науекеңе барса да кездесе қалады.
Әрине, сіз барғанда оларға жұмыссыз бармайсыз. Я жарық, я телефон сұрайсыз. Ол кісілер өте кішіпейіл, етегі елпі, жеңі желпі адамдар. Барғаныңыздан - ақ ұшып тұрып қолыңызды алып, жүгіріп орындық қояды, жұмысыңызды сұрайды, сіз айта бересіз. Шала-шарпы тыңдай салып:
— Болады, әбден жақсы! — деп күлімсірей қарайды.
Міне сіздің алдыңыздан сол минутта құйрығы бұлаң қағып "болады" дейтін бір мақұлық елес бере жөнейді. Енді оның соңынан түспеуің сіздің лажыңыз жоқ. Өйткені алдыңызда "болмайды" емес, "болады" тұр. "Болады" қыр соңына түсіп кеп бересіз, ол есіктен есік қағып қашып береді. Сәл көз жаза қалсаңыз жүгіріп Юекеңе, болмаса Науекеңе барасыз. Сопаң етіп олардың аузынан тағы да шығып қаша жөнейді, тағы да дәмеленіп қуа жөнейсіз. Темір етік теңгедей болғанда барып, болары жоқ "боладыдан" тоқырап тоқтайсыз.
Дәл осы оқиға бір жолдастың басынан өтті. Осы "боладыны" қуып 365 күн сандалды. Бірақ болдыра алмады, өзі болдырды. Үйінде жарық та, телефон да болмады.
...Күндерден күн өткенде, ай емес жыл еткенде қалалық электростанциясының инженері оның үйіне кіріп келді. Сәлемдесіп бола беріп:
— Сіз ұстай алмаған "боладыны" мен ұстап келіп тұрмын, — деді. Оның қуанғаны сонша, жүгіріп барып 400 грамм "тентек суды" тамағына құйып кеп жіберді. Тұтқиылдан құйылған "тентек судың" тепкісінен қызарған жұтқыншақ бүлк-бүлк етіпті де:
— Міне, мен ұстаған "болады" мынау, депті де бір жігіттің қолынан ұстатыпты. "Түлкі" дегені жігіт болып шыққанына қуанып кетіпті де 400 грамды оған да құйып жіберіпті. Аузын ашып, көзін жұмып, бір түйір нанды айналдыра иіскеп, әлгі жігіт:
— "Болады" менің қалтамда... құны мың сөлкебай, сіз санап болғанша, мен үйдің ішіне электр мен телефонды қондырып боламын: шнуры да, шруппа - мруппасы да, қағатын шегесі де, қондыратын кнопкасы да, желімдейтін гипсі де, ашатыны да, басатыны да, өлшеуіш - контроль де — бәрі де... өзімнен табылады. Сіз отырасыз да шайыңызды іше бересіз. Тек ымырт жабыла бергенде анау кнопканы басып қаласыз, жарқ ете түскенін бір-ақ білесіз, — депті. Ол қуанғанынан тағы бір 100 грамды жұтып жіберіпті. Сөйтіп, бір жыл бойы қыр соңына түскен бұлаң құйрық "боладынының" болғанына істеген тойы болыпты да шығыпты.
Шынында да солай болды. Ол мың селкебайды санап болғанша, үйдің ішіне қондырып та болды. Ымырт жабылды, бір кнопкасын сарт еткізді де жарқ еткізді. Екеуі отырып әңгімеге кірісті.
— Бір жыл бойы сергелдең болып таппап ем, қайдан шықты бұл заттар? — дегенде, ол:
— Оның құпиясы мынау... — деді күлімсіреп отырып, — бұл кеңсе бастықтарының аузында тек "болады" ғана бар да, болдыратын заттың бәрі біздің қалтамызда жүр... Кімде-кім болдырамыз дейтін болса, 10 тиынның орнына 10 сом төлесін де бізбен сөйлессін! — деді де көзді бір қысты, үйден шығып жүре берді.
Сонымен, бір мың сомның күшімен үйге жарық кірді, бірақ, түнгі 12-ге дейін "соқыр теке" ойнатып, таң алдында ғана жарық болатынды шығарды. Әйтеуір үмітіңді үздірмей, болар-болмас "болады, енді болады мен" күттіріп, қалғытып төсегіне апарып жатқызып салады.
Ал, телефонды болудың да жолы осы екенін ішің, сезеді, бірақ, қалта көтеретін емес. Міне, бұлаң құйрық "боладының" тарихы осылай!
...Осы сияқты "бас аурудан" сау кісілер, бұл қалада бірен-саран. "Боладының" бұлаң құйрығында жүргендер екінің бірінен табылады. Сондықтан да қала бастықтарының:
Деп тұрмыз құлағына алтын сырға,
(Тізбейік кем-кетіктің бәрін қылға).
Болдыртпай "боладымен " құр жүгірткен
Бір соққы болса дейміз өңкей сұмға!
ДӘНДІҚАРА САЛҒАН ӘНДІ ҚАРА
Қар борасындап есігі жоқ қора мен тесігі көп үйді шыр айналып жүр. Үйіріп те соғады, қайырып та соғады, "аузы-мұрны" бітелгенше тыным таппайды. Түкірген түкірік жерге түспейтін суық.
Әсіресе, бұл сұрапылдың молырақ жері Жалағаш ауданының Мәдениет участогінде сияқты. Өйткені қай жердің ықтасыны аз болса, сол жердегі борасынның қабынуы қаттырақ болатыны заңды. Анығырақ білгіңіз келіп, толығырақ көргіңіз келсе, Дәндіқара басқарған ферманың баспақ қорасына бара қойыңыз. Бірақ, бұл қора дейтін қора емес. Ай далада "аузы-мұрны жоқ" жол шетінде үш бөлмелі бұзылған үй тұр. Есік орнында шеңгел, терезе орнында сабаннан тыққан тығын бар. Шығысынан соққан борасын батысынан шығып, уілдейді де гуілдейді.
Дәндіқара басын қасып тұрып: "Боран салған әнді қара" деп жымың-жымың етеді. Оның көзіне қар басып қатып қалған қызыл өгізше түспейді. Түсе қалса: "Ажалы жеткен өледі" деп тоқтау салады. Ферма бастығы тұжыра - тұжыра тұқылы қалған қара мұртын сылап тұрып: "Әрине, ажалға ара тұруға бола ма?" дегенді қосып қояды. Сөз сонымен бітеді. "Қалай өлді, қашан өлді?" деген сұрақтар аузынан шықпайды.
Баспақшы қарттардың:
— Қорада шөп жоқ, қолда жем жоқ, үйдің есігі мынау, тесігі анау!.. — дегеніне құлақ аспайды. Қайта жекіріп:
— Арқалап тасы, алақаныңмен біте, онда біздің жұмысымыз жоқ! — дегенді айтады да жөніне кетеді.
Осы үш бөлмелі қар сыбаған "аузы-мұрны жоқ" үйдің ішінде 127 баспақ бар. Оларды үйден сүйреп шығармасаң, өздігінен шығар қалы жоқ, бірі біріне жабысып қалған сияқты, әрең қимылдап тұр.
— Бұларың не? — десең қарттар ашулы пішінмен бастықты сықақтайды.
Жалағаштың баспақтары жатпайды,
Суыққа да қатпайды,
Үйде тұрып оттайды.
Бірақ бастыққа бұл сықақ та батпайды.
Қайта көнін сүйретіп,
Өлгелі тұрған баспақтарын мақтайды.
— Тығыз тұрса жылы тұрады, жылы тұрса тоңбайды, бірінің үстіне бірін кимелетіп, бастыра түс! — депті оларға Дәндіқара.
Қызыл өгізшенің өлгеніне ай толды, әлі аяқ астында баспақтардың ортасында жатыр. Оны алып тастауға ешкімнің батылы жетпей жүр. Өйткені мал дәрігері жоқ. Мал дәрігері болмаса акті де болмайды, акті болмаса өлген өгізше де тұрмайды.
Әрі өкіріп, бері өкіріп "өлікті" көрген баспақтар да басылды. Үйрене келе басына басын қойып жататынды шығарды. Оның үстіне үркуге де әл керек. Өйткені, барлық баспақтың жалайтыны үш-ақ шелек жем. Сондықтан ық етуге шамасы жоқ. Тіске тиер шөп болмағанына ай толды. Далаға шықса қар жалап, үйге кірсе кесек жалап жатқан жағдайы бар.
Баспақтардың бұл жағдайын басқа басшылары білмей отырған жоқ. Тіпті Өмекеңнің өзі көріп те, ферма басшыларына қатты-қатты кейіп те кетті. Бірақ түк өзгеріс болған жоқ. Дәндіқараға қарасаң: "Біз қайтеміз, боран салған әнді қара" деп даланы сілтейді. Дала боранды, боран қораны сілтейді. Қора тесігін қармен бүркейді, онан туған қылмысты ферма бастықтары бүркейді. Сонымен уақыт өтіп жатыр. Әр түскен қар, әр соққан жел, баспақтардың шыңына жетіп жатыр.
Дәндіқара, "Боран салған әнді қара" деп отыра бергенше, суықта тұрған малды да қара.
"ӘЛДИ-ӘЛДИ, ӘУКЕШІМ..."
Баласын жұбатқан шеше: "Әлди-әлди, бөпешім" дей келіп:
Жылама, жаным, жылама,
Жілік шағып берейін
Тақияңа тал - тал қып,
Үкі тағып берейін! —
деп әлдилесе, біздің кейбір колхоз басшылары мұндай "әлдиді" балаларға емес, қозысы мен бұзауына айтатын болыпты. Еметін сүті, жейтін шөбі мен жемі жоқ бұзаулары мөңіресе:
Әлди-әлди, әукешім,
Әңгіме айтып берейін.
Әңгімеден жалықсаң,
Ән ғып айтып берейін.
Жүгерінің собығын,
Жіпке тізіп берейін.
Оған тісің өтпесе,
Сүтке сүзіп берейін, —
дейді екен.
Әсіресе, Зейнекей жолдаспен әңгімелесе қалсаңыз: "Әлди-әлди, әукешім, әңгіме айтып берейін" деп бастайды да, таусылмайтын тараулары бар, бітпейтін оқиғалары көп әңгімесін бастайды. Зейнекей жолдас сөз білетін тақпақтап соғатын тілуар, әрі шешен, әріден бастап, бері мен тоқтайтын кісі екен. Әңгімесін мынадан бастады:
— Осыдан екі-үш жыл бұрын Шіркейлінің өзені тасыпты да кетіпті, суы бұрқырап ернеуден асыпты да кетіпті, қаптаған су кеңсені де, қораны да басыпты да кетіпті. Енді мынау кеңсеміз, есігі жабылмайды, пеші жағылмайды, отыратын орын жоқ, жарығымыз: бестік лампа сықсима, — деп қойды.
Сөйтіп Зейнекейдің әңгімесі: "Әлди-әлди, әукешім болып басталып колхоздың өмір тарихымен тарауланып, бүгінгі күннің әңгімесіне әрең жетті.
— Жаңадан үй салып, неге МТС - тен электр жарығын алмайсыз?
— Жаңа үй салудың толып жатқан әңгімесі бар. Алдымен кесек құю керек, оны жию керек, оны ұстаға өргізу керек, керегесін тұрғызу керек, төбесін жапқызу үшін оған ағаш тапқызу керек, ал жарық әкелу үшін баған керек, бағанды қондыратын адам керек, ал бізде адам жетісе ме, бірі бұған, бірі оған керек... — дейді де тағы да "әлди - әлдиге" салып тербете бастайды.
— МТС-пен араңыз жақын емес пе?
— Әудем жерге ия жетіп, ия жетпейді. Әрине оған бес - алтыдан артық баған да кетпейді, бірақ жұмысы құрғыр бітпейді. Оның да толып жатқан әңгімесі бар... — деп тағы шұбырта жөнеледі.
— Сіз оны қойып, мынаны айтыңыз, қыстың болатынын білесіз бе?
— Білеміз, білмесек өзі де айтып береді. Міне бүгін есіктің тесігі де сөйлей бастады, желкеңізді уқалатып отырған да желдің ызғары болар. Тереземіз де тентек, өлеңдетіп тұр. Оның да толып жатқан әңгімесі бар...
— Сіз оны қойып, қысқа даярлығыңызды айтыңызшы?
— Даярлықты әңгімелегенімізге көп болды. Ол жөнінде толып жатқан қаулы да шығардық. Бірақ, бізді шаршатып тұрған қора жағы. Жобамыз бар да қорамыз жоқ. Шіркін, су алып кетпегенде небір қоралар болған. Қайтесіз, су апатымен ойнауға бола ма? Айта берсе оның әңгімесі көп.
— Сіз оны қойып, малдың жем-шөбі бар ма? Соны айтыңыз.
— Жем-шөптен қысылмаймыз. Бірақ ол шөпті жейтін жері жоқ. Жаз басында шөп орылмай тұрып, шөпті сүрлейтін орын іздедік. Болашақ мал қора "осы маңайда болсын" деп жобаладық та, шөпті сол жерге сүрледік. Несін айтасыз, небір шөптер жатыр ғой топырақтың астында... Миясы керек пе, миқысы керек пе, майсасы керек пе, балаусасы керек пе? Бәрі бар, шіркін! Бірақ мал тұрып жейтін қорасын ойламаппыз. Айта берсе оның да әңгімесі көп.
— Сіз оны қойып, сүтті айтыңызшы.
— Сүт дейсіз бе? Сүт деген сиырға байланысты. Сиырдың жемшөбі болмаса суалғыш болады екен, жартысынан көбі суалып кетті. Бірақ, оны "восстановить" ету қиын емес, бар күшті салып қораны соғып жіберіп, сүрлеген шөпті ашып жіберіп, малға шашып жіберсек... ағыл-тегіл сүт болады да кетеді. Айта берсе мұның да әңгімесі көп.
— Сіз оны қойып, малшыларыңыздың жайын айтыңызшы.
— Біздегі ең бір "Больной вопростың" бірі малшылардың қысқы отыратын жайы. Оны біз күні бұрын ойламаппыз. Жайлауда жүрген оларға "вдруг" қыс түсе қалатынын кім білген?.. Шіркін, Крылов дейтін ақын ақылды болған кісі ғой. Мен, соның "Шырылдауық шегіртке" деген мысалын оқыдым. "Дәл осы бізге арнап жазған ба?" деп қалдым. Анығында біз де жаздай өлеңдеттік, айтпаған әңгімеміз жоқ, салмаған әніміз, де қалмады, енді бүгін мынау отырғанымыз, дірдек қағып... нағыз "Шырылдауық шегіртке" болдық та қойдық, тауып айтқан. Бірақ қарастырып жатырмыз, қар түскенше жайластырамыз ба деген ойымыз бар. Айта берсек бұл жөнінде әңгіме аз емес.
— Сіз оны қойып еңбек өнімділігі жөнінде, тәртіп жайында айтыңызшы.
— Еңбек өнімділігі жаман емес. Ал тәртіп жайында ашып айту қиын.
— Сонымен не істегелі отырсыз?
— Не істегелі отырғанымды біліп отырып сұрағаныңызға қатты ренжиміз. Не істейтініміз жайында болып өткен жиылыстарда өлгенше айтқанбыз: "Сүрленген шөпті ашамыз, сауатын сиырға береміз, сүтті молайтамыз, сиырды суалтпаймыз, қора да соғамыз" дегенбіз. Бірақ оған мұрса болып жатыр ма? Сізге де айтарымыз сол, бүгінгі ауданда болатын малшылардың жиналысында да осыны айтамыз...
Анығын айтқанда, Зейнекейде әңгіме көп те, істеліп жатқан жұмыс аз. Қыстау әлі соғылмаған, қора жөнделмеген, малшылардың жатағы жоқ, оның мәнісін Зейнекейден сұрасаң, ол Жарылқасынға қарайды, Жарылқасын Сәрсенбайға қарайды, Сәрсенбай жерге қарайды, жерден тайлықса есіктен соққан желге қарайды. Желдің айтатыны бізге белгілі:
Әлди-әлди, ағалар,
Әңгіме айтып берейін.
Әңгімеден жалықсаң,
Ән қып айтып берейін! —
деп уілдей түседі. Ол уілдің малға ас болмайтынын бұл жолдастар да білсе керек еді. Бірақ, білмей отыр. "Әлди-әлди, әукешіммен" малды қыстан аман алып шығуға болар ма екен?
"ТҮК ТЕ ЕМЕС — ЧЕПУХА"
(Бейқамдардың құлағына алтын сырға)
— "Қылышын суырып қыс та келер!" дегенде, кейбір аудан, колхоз басшылары: "Түкте емес — чепуха" деп тұмсығын көтергенін көзімізбен көріп едік, — деп қарт шопан өткендегі бір жайды еске түсіріп әңгіме бастады. — Ол кездегі бастықтарға:
— Қалай түк те емес, неге чепуха? — дегеніңізде, құлаш жарым қағазын жайып тастап, күде - күде пішеннің ақпары мен цифрын көлденең тартар еді. Әңгіменің ырғағы, "түк те емес пен" басталып, "чепухамен" тоқталар еді. Бұл жаздың арты, күздің басында болатын-ды. Міне, сол "түк те емес" пен "чепуханың" астынан кейде умаждалған жастық көрінсе, жастықтың арасынан бастық көрінетінді шығарып жүрді. Егер ол бастықтан:
— Бұл қай жатыс? — дей қалсаң, жастықтан басын әрең көтеріп:
— Түні бойы басында, табжылмай қасында болып, қырмандағы астықтан жаңа келдім, — дейтін болатын.
Бірақ анығында өзіне өзі қастықтан, болмаса жастықтан жатпаушы еді, түні бойы ішіп алып, тапа - тал - түс болғанша мастықтан жататын. Ол, тіпті, сол кездерде көңілді де болатын-ды. Кейде билеп, кейде әндетіп, ала жаздай гүләйттап "түк те емес" пен "чепуханың" құндағына бөленіп, бөкпе қарын болатын да жүретін.
...Күндерден күн өтті. "Қылышын суырып қыс келді". Жер тоңазып, мұз сықырлады. Бет тоңды, тіс шықырлады. Бірақ, бастық саспады. "Түк те емес" пен "чепухадан" танбады: — "Қыстың қысымын көргеніміз биыл емес. Бір күн суық, үш күн сұлық, бір күн қар, екі күн шуақ. Тегін жатқан тебін бар, Сырдың қойнауы, Қызылдың ойпаңы, сексеуілдің шырпысы, жиденің ығы, қамыстың қоқымы бар..." деп шұбырта жөнелгенде, не деріңді білмей де қалатын едің. Оның үстіне, оларға елдің қариялары да күн бұрын ескертті. Елдің ескі тәжрибесін айтты: — "Чепухаңды өзің білесің, түк те емесің дұрыс емес. Қыс қатты, қар қалың болады, жылдағыдай көрмеңдер, биылғы жыл "Тас мешін", тап-тұйнақтай болмасаң; тақияда тамтығыңды қалдырмауы ғажап емес" дегенде: "Алжығанның ақылы..." деп күлгендер де көп болды.
Бастықтар болжаған санаулы күн өтіп кетті, январь өтті, февраль жетті, қыс қылышы қынабына түскен жоқ. Қайта жалаң қағып жалтырай түсті. Қар қалыңдап, шашалыққа шапты. Қара суықтың аяғы қаңтардың қарлы аязына ұласты. Шөмелелер шөмиіп, нар арқалы қылағай іскірттер төбесінен қой секіртіп, табанға басылды.
Қар қалың жауып, мал тебінге шыға алмай қорада қамалып тұрып қалды. Қыс қыса түсті. Шөп қоры сарқылуға айналды. "Шөпті көп шаптық" деп берген көз бояған ақпар, құрғақ цифр мен өтірік ақпардың қарыны жарылды. Семіз мал майын жеп, арық мал жанын жеп, қорадан шықпады. Бастықтар қысылып фермасына барса, тойып емес тоңып, мастықтан емес аштықтан секірген төрт түліктің сиқын көрді. Бірі артынан шөмисе, бірі алдынан жүгініп тұр. Бірақ жаз бойы, күз бойы үйренген әдет, қалыптасқан ауыз: "Түк те емес — чепуханы" айтқызарын айтқызса да, артындағы бір шумақ зілді сөз: "— Осыған сен жауаптысың! Жаз бойы өзің селкілдеп босқа шауып, қыс түскенде бізді селкілдеттің!" деп алдында тұрды. Сол жылдан бері "Түк те емес — чепуха" деген сөз мәтелге айналды. Біреу-міреудің тоқмейілсіп, дандайсып шаруасына бейқам қарай бастағаны байқалып қалса: "Е, ол әлгі "түк те емес — чепуха" дегендердің кепешін кигелі жүрген сабазың шығар", деп күледі жұртшылық.
"КӨКЕК БАС"
Гурьевке жаңада келгем. Мұнай техникасымен таныстығым аз еді. Сондықтан мұнай шығару жұмысымен, оның техникасымен тез танысуға арман болдым. "Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан" дегендей, бір жолдасым тап бола кетті. Екеуіміз шұрқырастық та қалдық. Амандық айтылып, жай-жағдай қазылып жатыр. Мен сөздің бетін мұнай жайына кенет бұра қойдым. Мұнай шығару жөніндегі азды-көпті естігенімді пысықтап алғым келеді.
— Сіз көптен істейсіз ғой? — дедім жолдасыма.
— Енді бір он-он бес күнде он жыл толады, — деді ол.
— Онда сіз мұнай жайын жақсы білетін болдыңыз ғой? — дедім мен, қуанып кетіп.
— Е, азды-көпті білеміз ғой...
Мұнай жайында білетінім шамалы болғандықтан қазбалап сұрағам жоқ, тек қана:
— Сіз маған скважина дегеннің нендей нәрсе екенін түсіндіріңізші, — дедім жолдасыма.
— Скважин дегеніміз скважин - дағы! — деді ол ойланып тұрып: — чесный слово, соның қазақшасын білмеймін.
— Жоқ, оның аты емес маған керегі скважинаның қандай жұмыс атқаратыны.
Ол иығымен қоса миығын көтерді де:
— Скважинаның жұмысы дейсің бе?.. Ой, ол басқасына қарағанда онша елеулі емес... — деді, тыжырынып. Соңына түсіп қазбалай беруге жолдасымның сырын білмеуші ем де, скважинаны жылы жауып қойып, эксцентрик жөнінде сұрауға көштім. Ол мұнымды ұнатпай тыжырынып қалды. Дегенмен:
— Чесный слово, есітпеген затым. "Көкек бас" бір темір бар. Аты жадымда жоқ. Әлгің сол емес пе екен? Өзі жазы-қысы жоғарылы-төменді ырғатылып тұрғаны... Жем шоқыған тауық секілді.
— Сіздің айтқалы тұрғаныңыз качалкасы болар?
— Кім білсін, качалка ма, мачалка ма? Әйтеуір өзім оны "көкек бас" деймін...
Осыдан әрі мен одан түңілгендей болдым.
— Еһе, сөйтіп мұнай өз бетімен, біз өз бетімізбен жүріп жатырмыз десеңізші, — деп едім, ол мұныма шамданып қалды. Дегенмен:
— Қалайша, біз болмасақ, мұнай өздігінен шығар ма еді? Мысалы айталық, көлік жеткізу, азық жеткізу, тағы тағылары бар емес пе оның? Кеңседе отырсақ та, міне, соның бәріне тікелей көмектесеміз, — деді. Осыны айтты да ол кетуге айналды. Мен оны жолынан қалдырғаным жоқ.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар емес пе? Ол жолдасымның аты-жөнін айтуға қазір аузым бармайды. Өндірістің ортасында он жыл отырса да, оның жайынан он ауыз мағлұматы жоқ боп шықты. Тек кеңседе отыра - отыра орындықты жауыр қылған сол жолдасымның өзі "Көкек бас" емес пе тегі? "Көкек өз атын өзі шақырады" деген бар еді ғой.
ШАШ АЛ ДЕСЕ БАС АЛҒАНДАР
ШЫЛЫҚТАН ШЫҚҚАН БЫЛЫҚТАР
Алдымызда будаланған қағаз жатыр. Мұның ішінде не жоқ дейсіз, бәрі бар; анықтама керек пе, мінездеме, болмаса дәлелдеме, қолхат, тілхат, жолдама керек пе? Ең арғысы бұйрық пен жарлық та табылады. Осының бәрін оқып отырсаң шылықтан шыққан былықтар екенін біле қоясын. Бірі өзін-өзі ақтап жазса, бірі оны даттап, енді бірі мақтап жазады Мұның ішінде айқыш - ұйқыш айтыс, шым - шытырық жала, көп шимайлы арызда бар.
Әйелім Үрбибіні "жеңге алған" екенімді, "аға өлсе, жеңге мұра..." болғандықтан үйленгенімді есіткен де шығарсың, сондықтан менің сенімен тұрғым келді. Жеңіл-желпі "ойнап күлу" емес, менің айтып отырғаным...
Бегай бұған ырық бермеді. "Бала-шағаңды шулатып, әйеліңді тастатып мен саған тие алмаймын. Жесір екенім де, күйеуімнің жоқтығы да рас. Бірақ, адамшылық арым ол шылығыңа жібермейді", деп кесіп айтты, күдерін үздіре сөйледі. Бегайдың бұл сөзі Жәлекеңнің намысына тиді.
Міне, сол күннен бастап Жәлелдің жалақорлығы мен бәлеқорлығы қабатынан түсіп, Бегайдың үстінен қопарыла құлады...
— Менің алтын сөзімді аяқ асты ететін қайдан шыққан жесірсің, кесір болсаң өзіңе кесірсің, маған кесірлігің бір тиын! — деп лепірді. Әйтеуір Бегайдың беделін түсіруге бар әрекетті істеп бақты. Дөкірлік те, әкімшілік те, бұйрық та, тексеру де, ұрсу да, сөгу де... осы күннен басталды. Ең арғысы әйелі Үрбибі де барып, көптің көзінше балағаттады: "Байымды айналдырған бұзық..." деген ат тақты..
Жәлел көрінбей "жатып атудың да" әдісін білетін адам. Ол Бегайдың үстінен: "Бегай неге шолтаңдайды" деген арыз да жаздырды. Оған толып жатқан қол да қойғызды. Барынша бәле-жаланы үйіп-төкті. Бірақ, тексере келгенде анықталмады, агат айтылған арыз болып шықты.
Міне, осы күннен бастап, толып жатқан: дәлелдеме, анықтама, жолдама, бұйрық-жарлық мінездемелер... ағытылып жатты. Жәлекеңнің ертеңгі шайдан соңғы жұмысы — Бегайдың үстінен қылмыс қозғау болды да, Бегайдың істейтіні өзін ақтау үшін: мінездеме, дәлелдемелер табу болды. Арыздың шеті ауылдан ауданға дейін созылды.
Өзінің кім екендігін дәлелдегісі келген Бегайдың сапарының көбі аудан болады. Мұның да қолында "тасқа басылған" мінездеме бар. Мұны аудандық тұтынушылар одағы қолы мен мөрін басып жазады. Мінездеме қысқа, әрі салмақты болып жазылған.
"...Бегай Ш. жолдас Тартоғай магазинінде 1945 жылдан бері істеп келеді. Жоспарын ылғи артымен орындап отырды. Бір рет пайщиктерден арыз түсіп, оны тексергенімізде анықталмады..." деп беріледі.
Сонымен бірі "Қуылып, бірі қуынып жүргендіктен бұлардың іздегені "анықтама мен толықтама, бұйрық пен жарлық, мінездеме, дәлелдемелер..." бола береді. Папка қағазға тола береді де, нағыз керекті істейтін жұмыстар сыртқа қала береді.
Жәлекең дәл осы қарсаңда әкімшілікті де қолданып бағады, ауылдық советтің сессиясында Бегай туралы мәселені қабырғадан қойып, оның бұл қызметтен сол сағатында босатылуын талап етеді. Ақырында "терең талданып тексерілсін" деген тоқтамға келеді. Бірақ бұл "қаһарлы қаулы" Жәлекеңнің ойындағыдай болып шешілмейді, Бегайдың пайдасына шешіледі...
Сонымен шылықтың аяғы бірсыпыра былықтың да бетін ашып тастады. Жәлелдің Қыдыр деген азаматтан бір ешкіні заемға деп алып, оны өзі жеп қойғаны да білініп қалды. Сөйтіп айтқаны еленбеген, сөзі "аяқ асты" болған Жәлекең, бәле мен жаланың басын құрап бар айтатыны:
— Аяғыма жығып, алдыма әкеліп, "Жөлеке!" дегізермін... — болып жүр.
Сөйтіп, бұл сияқты шылықтан шыққан былыққа тыйым салудың орнына, кейбір басшылар: мінездемелер мен жолдамалар жазумен отыр. Мінездемелер мен жолдамалар әрлі-берлі шапқыласып тұр. Осы шабуылдың үстіндегі "бас қосулар" да көбейіп кетті. Әңгіменің басы жай сөзбен басталып, ортасы арақ-шараппен толықтырылып, аяғы айқай-қиқумен тарап тұрады. Қыза келе достары:
"Кәне көтер, Жалекесі,
Стаканды тұтайық.
Достар сыйлап берген соң,
Түк қалдырмай жұтайық!" —
болады да, бітпес дау, таусылмас айқаймен ұласыпты деседі.
Бұл шылық пен былық қашанға дейін созылар екен?
"АҒАШ АТҚА ЖІП ҚҰЙЫСҚАН"
Серікбайдың сергелдеңге түсуі оп-оңай болды. Біресе отырды, біресе тұрды, тамақ та сіңбеді, ұйқы да жоқ, ойланып жүр. Ол күбірлеп:
— Парта парта ғой, стол - стол ғой, телефон телефон ғой... — дейді өзіне өзі мақұлдатып. Түгелдей жұмбақ.
Серікбаев осыларды қайталап айтып, енді олардың бас басына тоқтайды. Сонда ғана аздаған түсінік пайда болады да, шытырманда кетеді.
— Мысалы партаны алайық. Партаның аты парта - ақ болсын. Ал оның фамилиясын кім деп қоямыз? Егер осы партаның шыққан тегін алсақ, ағаш емес пе? Онда оның фамилиясы "Ағашбаев" болмай ма? Бірақ, ағаш болғанда қай ағаш? Қара ағаш па, қарағай ма, қайың әлде терек пе? — деп Серікбаев осыған да қиналды. — Олай болғанда столдың да фамилиясы "Ағашбаев" емес пе? Онда партамен екеуі шатасып кетпей ме? Мейлі бұлар солай-ақ болсын. Сонда телефонның фамилиясы кім болғаны?
Серікбаев осыған келгенде қатты қысылды. Ет жемей-ақ, сорпа ішпей-ақ терлеп тұр. Күннің суығы да кәр қылатын емес. Бұйрықтың күштілігі қыстан да қатты болғаны да...
Мектеп болған соң онда бәрі бар. Балта, кетпен, орақ, балға тағы басқа толып жатыр. Жомарттың бұйрығы бойынша осының бәрінің атын тауып, фамилиясын қойып, өткен жылдың инвентарлық есебін беру керек. Срок тығыз, бас-аяғы ертеңгі сағат 10.
Серікбайға орақ, балға, кетпен, балталардың фамилиясын табу оңай болып тұр. Өйткені олардың бәрінің шыққан тегі бір, темір. Сондықтан да олардың бәрінің аттарын бөлек-бөлек жазып келіп, "Темірбаев" деп қоя салғысы бар. Бірақ, әлгі айтқандардан телефонның фамилиясын табу қиын. Олар бір заттан емес, әр заттан құралған, онда ағаш та, темір де, топырақ та бар. Будандасып кеткен заттар — ата тегін табу жұмбақ.
Серікбаевты сергелдеңге салған осылардың ата тегі. Ол толып жатқан фамилияларды атап көрді. Әсіресе телефонға іздеген фамилиясы қызық болды. Телефонның тікелей тегін таппаған соң "Почтабаев" деп те байқады, бірақ ол оған ұнаған жоқ. Қазақ "сыммен сөйлесті" дейтін еді деп, "Сымбаев" деп те көрді, бұ да қолайлы болмады. Ақырында телефон деген қатынастың бір түрі ғой деп "Қатынасбаев" дегісі де келді, онан да түк шықпады. Ақырында Серікбаев шалқасынан жатып алып, өздерінің ауылдағы істеген инвентарлық актілерін көз алдына келтірді.
Бұлардың актілері жаман жазылған жоқ еді. Онда мектепте қанша парта, қанша стол, қанша балта, неше балға, орындық, шкаф бар. Барлық инвентарь аталып жазылған, оны растап 5 адам комиссия қол қойған, мөр де басылған.
Әңгіме тек бас бухгалтер ойлап шығарған формамен жазылмаған актілерден шықты. Жомарттың жұмырығын түйіп, столды сабалап ақырғанда формасына сәйкес жазылмағаны болды. Серікбаев оған көне қоймап еді: әріп кемірген бюрократ Жомарт жұмырығын көтерді де столды қойып-қойып қалды. Сыйлар шырылдап көтеріліп, лоқсып құйылып төгіліп жатыр, қаламдар пырылдап ұшып аспандап жүр. Ол бұйырып тұр: — Қалай жазсаң олай жаз, онда менің жұмысым жоқ. Ертеңгі сағат 10-да осында боласың. Акты менің алдымда жататын болсын. Форма мынадай: (сөзбе сөз көшірілді).
— Міне осы сұрақтарға бұлжытпай, тапжылтпай тұрып жауап бер.
— Адам емес, ең арғысы ат емес, атан емес, қалай болады онда?
— Онда менің жұмысым жоқ.
— Ауыл алыс, 40—50 километр. Қалай мен ертеңгі сағат 10 да...
— Онда менің жұмысым жоқ.
— Қол қоятын комиссиялар да ауылда қалды. Қалай ертеңгі сағат 10 да...
— Онда менің жұмысым жоқ.
Аудандық оқу бөліміндегі бас бухгалтер Жомарт осылай бұйырды да, мектептің бухгалтері Серікбаев осылай жауап қайтарды. Әңгіме осымен бітті.
АТ ҮСТІНДЕГІ АЙТЫС
Аспан айналып жерге түскендей ыстық, астық пісіп, мақта гүл ашып тұрған шақ. Колхозшылардың қауырт жұмыстағы кезі. Әсіресе, агрономдар мен бригадирлердің тыным таппайтын уақыты. Астық бастыру, мақтаны баптау мен суару... бәріне басшылық керек.
Осы қауырт жұмыстың үстінде үш атты жарысып, қым-қиғаш шабуылмен қиқуласып келеді. Айқай-сүрең, алай-түлей шабыспен келгендер аттан түсе-түсе қалды.
Бірінші болып келген агроном болды да, соңғы екеуі: бригадирлер екен. Аттар ақ көбіктеніп ентігіп тұр, айқайшылар да аптығып қалыпты. Агроном шапкасын мақтаның қозасына іліп қойып, өлеңді соғып қоя берді:
"Бұл ауылдың аңыздары қайда кеткен ?
Келсін бері, өлеңмен сөйлесейік!.."
Тал түсте, жұмыс басында, қыз бен жігіттердің айтысы ұйымдастырылмақ болды. Бірақ қасақана бүгін бригадада қыздар жоқ екен. Тек 10 жасар оқушы қыз табылды. Агроном осы балаға қайымдап өлең соқты:
Ақ танау кер дегенге ақ танау кер,
Қысылғаннан шығады маңдайдан тер.
Зәуімменен әріптес болып едік,
Ең болмаса, құдаша, одеклон бер.
Тұтқиылдан болған бұл секілді "ат үстіндегі айтысты" естіп, колхоз председателі ат шаптырып, шақыртып еді, әлгі әуелі үш бейбақ пысқырғанда жоқ. Бір емес үш келген шақырушы босқа қайтты.
Өлең әлі "қызып жатыр... түскі демалыс біткелі қашан. Колхозшылардың жеуге келген тамағын жиып, ортасына үйіп қойып, айдалада әлгі бейбақтар әлі соғып отыр. Дауыс қарлығып, өздері ентігіп, көздері ежірейіп кетіпті.
Орамалын бермесе "той тарқары" болар емес. Мұны сезген қыздың жеңгелері орамал қарастырды. Өйткені қызбала жалаңбас келіпті. Ойласып келгенде бір әйелдің жаулығын жыртып, қыздың орамалы жасады да, бұларға ұсынды. Орамалға көңіл толмаған "ақындар" 10 жасар қызға өлең шығарды:
Жаулық па, бұл бергенің орамал ма?
Көне алмаймыз, шырағым, бұл амалға.
Кешке дейін қақсатып жаулық беріп,
Ала алмаған біздерде өшің, бар ма?
Жас әйелге өңешін сызып бір бригадир:
Қарсыдағы отырған, ақ келіншек,
Бізге шаршы орамал тап, келіншек.
Терімізді сүртейік ең болмаса,
Кейін толық білерсіз, жат көрінсек!.. —
деп сұғанақтанып сумаңдай жөнелді.
Сонымен айтыстың аяғы көпке созылды. Колхоздағы жұмыс тоқтап қалды. Тал түстегі топыр, "ат үстіндегі айтыс" күн батарда әрең тарады. Тезірек тарауына себеп болған шишалардың келіп қалуы. Егер шишалардың шықылы, тығыны ашылып құйылғандағы лықыл болмағанда, рюмка толып ауызға құйылмағанда, айтыс созыла беруі де сөзсіз еді...
Өлең, сауық өмір көркі ғой! Колхозшы жастар жұмыс та істей біледі, жұмыстан кейін өлең айтып, ән шырқап, мәдениетті демалып көңіл көтеруді де біледі. Әттең не керек, біздің фельетонның кейіпкерлері секілді кейбір бетімен кеткендер — "шаш ал десе бас алғандар", — кейде жақсы салттың өңін айналдырып-ақ жіберетіндері бар. "Ат үстіндегі айтыс" сықылды әпербақандыққа колхоз бастықтары атүсті қарамасын!
АСҚАР ДЕП АТАДЫ, ҚОЙ БОП ҚҰЛАЙДЫ...
Жамбыл Алматыға жақын ауданның бірі. Жамбылға барсаң Қарақастекке барғаның. Қарақастекке барсаң бір жағың тау болып, бір жағың бау болып ұласып, алдың орманды, артың жазық, кең алқапты дала боп кетеді. Жазда жайлау, қыста қыстауды да осы қойнаулардан табасың. Тауына шықсаң таң қалатының да көп: бұрқырап аққан бұлақ та кездеседі, құламалы құз да жолығады, биік шатқал шыңы да бар, шуағы мол қалтарысы да көп, орманы да жеткілікті.
Осы байлықтың ортасында "Октябрь" колхозы сияқты бірнеше колхоз отыр. Қаласа тауына шығып, тілесе төскейіне өрлеп, емін-еркін жайлайды. "Октябрь" колхозында председателі Қазыбекпен сөйлессең:
— Құлынымыз құлан боп секіріп құзда ойнайды, қойымыз арқарға ұқсап Алатаудың төскейінде ойнайды, есебінен де жаңылдық... Он мыңдаған қойды игеріп алу оңай ма? — деп лепірте бастаса, оның сөзін қой фермасының бастығы көпірте жөнеп, бухгалтері қостайды:
— Бұл қойнаудағы тағы бір тамаша — шатқалына шығып таутекесін де іздемейсің, орманына кіріп аюға да ұрынбайсың, осынау көрінген жықпылына барсаң алдыңнан орғып арқар шығады, атып қаласың... қой болып жығылады, аласың да қайтасың! — деп қыза келе ертегі сияқты қызық-қызық әңгімелер айтады.
"Ел құлағы елу" деген емес пе? Осы хабардың дүмпуімен Қарақастекке, арқар боп атылып, қой болып құлайтын қызықты көруге біз де бардық. Алдымызда Алатау, тас төбеден қарап Майбұлақтың шоқысы тұр. Батысымызда Қордай тауы көрінсе, шығыс жағымыз орманды тоғай болып кете береді.
Бізді бастап барған Заикин дейтін жігіт. Ол осы қойнауды өз қолынан орнатқандай, ойы мен шұқырын, өрі мен қырын түгел таныстырып келе жатыр. Өйткені ол өткен жылдары Қарақастектің тау бетіндегі колхозаралық су электр станциясында техник болып істепті.
— Қазіргі қызметің қайда? — десең, Заикин сылқ-сылқ күліп:
— Арқар деп атып, қой құлатсаң, қызметтің керегі не? — деп ақтарыла сөйлейді. Әзірге бұл қалжыңға түсіне қоймай, таңданасың да ере бересің.
Міне сол Заикиннің бастауымен қалың орманның бір қалтарысында бал арасын бағып отырған Тихон дейтін қарттың үйінің үстінен шықтық. Көріп жүрген, келіп кеткен кісі болмаса, табылатын да, білінетін де үй емес. Тастың тасасында, құздың қуысына сіңіп кеткен лашық екен. Сау ете түскен бізді көрген Тихон қынжыла сөйледі:
— Тағы да келдіңдер ме қаптап? Келуші аз болып жүр еді... О заман да бұ заман, қой атқанды кім көрген? — деп, шал наразылығын ірке алмай сөйледі.
"Арқар деп атсақ, қой болып құлайды!" деген дүмбілез сөздің астарына қалай түсінерімізді біле алмай келе жатқанымызда, Тихон қарттың мына сөзі бізді ыршытып жіберді.
— Қой атқаны қалай, қайдағы қой? — деп таңырқана қалғанымыз сол, тарс ете түскен мылтықтың даусы ойымызды бөліп кетті. Мылтық даусын естігенде "садағымызды қолға ала" біз де жүгірдік.
— Шақ еткен жоқ, дүңк ете қалды, тасқа тиген жоқ, арқарға тиді, қой болып құлады!.. — деді Заикин, ентіге сөйлеп.
Көп те жүгіргеніміз жоқ, аз да жер емес екен, бес-алты километр кетіп те қалдық. Алдымыздан әрі жұмсақ, әрі зарлы бір үн құлаққа шалынады: "Мә-ә!" дегендей болады. Жақындап келсек жаңа туған қозы, құлағы салпаңдап, қаз-қаз басып қашқан болады да қайта жығылады. Балалық та, тағылық та бар бойында.
Тарс еткен мылтық осы қозының анасын құлатқанын көрдік те, онан өрі барғанымыз жоқ. Барудың да қажеті жоқ еді, өйткені арқар боп атылып, қой болып құлаған "анды" бір машина ала қашып үлгірді...
Ендігі әңгіме қойдың арқар, арқардың қой болу себебін ашуда ғана қалды. Оның астарын табу, шындығына жету — таудың шыңына шығудан да қиын екенін бәріңіз де сезіп отырған боларсыз. Бірақ, шындасаң шыңға да шығуға болады, әділдікке барсақ — әңгіменің астарын да ашу қиын емес. Ол үшін шыңға да, құзға да жүгірудің керегі жоқ, сол өңірдегі колхоздардың архивтерін ақтарсаңыз болды. Алақандай қағаздың бетінде 200 қойдың "өлігі" жүр. "Өлігі" емес-ау, актысы жүр. Алты ауыз сөзбен жасалған акты: "...өрістен жоғалған... 200 саулықтың құны пәленше, түгеншелер есебінен толтыруға"... делінген. "Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылыпты" кері бопты. Қойдың құны шопандардан ұсталсын делініпті. Сонымен "есеп те түзу, қой да түгел" боп тұра қалған.
БІР ОРЫНҒА ҮШ БАСТЫҚ
Бір орынға үш бастық, үшеуінде үш жастық. Үш бастықтың бір жастықты жастанып жатқанының бірі — Қапия. Қапия қалжырап қалыпты, шалығып жетіпті, біресе шалқалап, біресе қырындап жатып үһлейді.
— Егер, мен келмесем осы колхоздың қой фермасына бастық табылмай қалатындай! — деп ренжиді ол.
— Семьяңыз қайда?
— Ауданда, көшіріп келу керек. Оған көлік, оған уақыт, ат, арба, ақша... керек.
— Сізді кім жіберді?
— Аудан! Міне жолдама! — деп машинкаға басқан бір жапырақ қағазды омырау қалтадан суырды.
Ендігі үш жастықтың бірін жастанып жатқан — Бекіш. Бұл осы колхоздың өз адамы, бұрынғы бригадир, қазіргі қой фермасының болашақ бастығы, Бекіш те бойкүйезденіп қалыпты. Салмақтанып сөйлейді, ауыр қимылдайды, әрең қозғалады.
— Арбаға бір ат жеккеннен екі ат жеккен жаман екен. Дырылдата қашып, ала жөнейді. Қарым салдырап, қолым салбырап қалды. Еті жыртылған ба, желке де көтертпейді, шалқая берген соң... — деп ол да қалтасынан қағазды суырып жатыр.
Бекіштің қағазы мықты секілді, мөрі де жалпақ, қойылған қолы да ирек-ирек.
— Аудандық ауылшаруашылық бөлімі арнап шақырып, қолыма жолдама бермегенде, мен көнбеген де болар едім. Басқасы да емес, ең дөкей бастығының өзі кабинетіне кіргізіп алып, осы қағазды берді — деп о да шіренді.
Үш жастықтың тағы бірін жастанған — Смағұлдың өзі, бұрынғы бастық. Анау екеуі "орныңа келдік" десе, ол кеңкілдеп күледі, күледі де кеудесін көтереді, маңғазданып жөтеледі.
— Маған әлі "орныңнан түстің" деген арнаулы бұйрық жоқ! — деді де жастықты бауырына тарта түсті. Сөз сонымен тынды...
Ақырын ғана ыңылдап Қапия жатыр:
Деген екен дегенге деген екен,
Құр әуре боп Қапия келген екен! —
десе, бұрын ойласып осыны айтайық дегендей:
Бізді әуре қып шақырған аудандағы, —
Бюрократ төре ме, немене екен?!
деп Бекіш домбыраны тыңқылдатты.
Смағұл да тіс арасынан сызықтап ысқырып алды да мұқалдап "тоқпағым мықты..." дегендей емеурін білдірді:
— Солай болса, жолдастар, солай шығар,
Қайтқандарың аулыңа қолай шығар.
Менің атым Смағұл, өзім бастық,
Қандай кісі алуды оңай сынар.
Сонымен бір орынға үш бастық, үшеуінде үш жастық. Олар әрі жатты, бері жатты, ақыры бөрі ауданға тартты, мүдделерін айтты.
Мал неғып жатыр? Кім бағып жатыр? Қыс қалай болды, ондағы іс қалай болды? Онда ешкімнің жұмысы жоқ.
Қыс өтті, көктем туды, қой қоздай бастады. Онымен тағы да ешкімнің ісі жоқ. "Сен салар да, мен салармен" жұмыс жүріп жатты.
— Қысқы отарымыз "Қонды", жайылымға онды. Мал семіз - ақ болды, — деп (сұрай қалсаң) Смағұл төсін қағады. Бірақ қыс бойы ол мал басына барып көрген емес. Сырттан жобалап, сырттан шамалап, ауданда жүріп кесіп-пішіп жүр... Айтысу біткен жоқ.
Сонымен үш бастыққа да тыным жоқ. Бастықтар ауданға қарай домалайды, әркім әртүрлі жобалайды. Қайсысының болары белгісіз.
Тегі аудан басшылары осындайды қызық көреді-ау шамасы.
ОРЫНДЫ ТІЛЕККЕ ОРЫНСЫЗ БҰЙРЫҚ
Алдымызда жаңа ашылған конверттен алынған хат жатыр. Бұл хатты бір адам емес, көп адам жазыпты. Бір мектептің оқушылары түгелдей өтініп, қолдарын қойыпты. Сондықтан да біз көп өзгеріс кіргізбедік, сол күйінде жіберуді мақұл көрдік. Хат мазмұны мынадай:
"Редактор жолдас!
Біздер педучилищенің оқушыларымыз. Жайымыз жатақхана. Жағдаймыз жақсы. Тек біздегі бір әдет, күз айы басталып, күн райы өзгерді дегенше төбе шашымыздың тік тұратындығы бар. Өйткені, жатақханамыз сыз, әрі суық. Отынның жоқтығы осы жағдайды әдетке айналдырып бара жатыр. Бір жыл емес, жыл сайын бұл қиындықты көріп келеміз. Сондықтан ба, жаңа директорымыз отын мәселесін жаз басынан қолға алды. Июнь айынан бастап қала басшысы Өмірбековтың алдынан шықпады. Бірақ, келісуі аз болды.
Күндерде бір күн директорымыз қуанышпен келді: Өмірбековпен келістім. Біздің 6 кісі бір ай жатып Тар - тоғайдан сексеуіл жинайтын болды. Ол қай күні бітсе, сол күні баржы дайын, сүйрейді де келеді. Түсіреміз де аламыз, деп мақтанды. Анығында бір директор емес, түгелдей қуандық. Жылы орын, маздаған от, жайлы төсек кімді желпіндірмесін. Желпіне сөйлестік. "Е, бәсе солай болса керек еді" дестік.
Бір күндері директорымыз қатты ренжіп, қысылып келді. Өмірбеков өзгеріп қалыпты. "Біздің 6 кісі бір ай жүріп 80 тонна отын жиған екен, жинауы біздікі болыпты да, бөлуін Өмірбеков басқарыпты. Біз бос қалыппыз" деді. Сөз аяғы күмілжи берді.
Бізге бұл хабар қатты батты. Бірақ, "тиісті орындар айтар, көндірер, мәселе шешілер" дедік жұмған ауызды ашпадық, ақырын күттік.
Сонымен директор айналып облыстық аткомге барыпты, олар бұл ретте телефонды қойып, әдейілеп арнаулы қатынас жазып, рәсімді түрде бұйрық беріпті. Бұйрығында: "Август айына келетін отыннан Педучилищеге тоқтаусыз 100 тонна отын бер" деп кесіп айтыпты.
Міне, Өмірбековтың өзімшілдігін қоздырған осы бұйрық болыпты. "Ең болмаса "берілсін" де демей, олардың "бер" деп шорт кесуі қалай? Оның үстіне "тоқтаусыз" деуіне жол болсын?" — деп ақыра түрегеліпті. Столды жұмырығымен төмпештеп, төбелеске бергісіз айқай шығарыпты:
— Қалай менің үстімді басып, облысқа барасың? Қалай мені даттауға уәжде барды? Саған отын түгіл түк те жоқ. Айта бар айтатын жеріңе! Қатынасыңды қалтаңа сал да, қайқай! Ылғи бездельник! — деп ақырған Өмірбековтың ашуына кез келдік.
Күн жылжып өтіп бара жатыр. Август өтті, сентябрь де жетті. Сүмбіле туып, суықтың хабарын су әкелді. Бұл хабар директорға да оңай тиген жоқ, тыным таппады. Қалалық отын дайындау мекемесінің бастығы Ушанинді тауып жолықты. Әңгіме ақшаға тірелді. Ушанин директорға: "Өмірбековпен келістім, сентябрьдің бас кезінде бір баржы бүтіндей саған берілетін болды. Сондықтан сен біздің есебімізге ақшаңды өткіз" депті.
Ушанинның бұл тілегі тез-ақ орындалды, 27 мың сом бұлардың есебіне өтті. Бұл июль айының аяқ кезі. Сонымен біздің директордың құлағы телефонда, көзі Ушанин жақта болды да отырды. Бірақ түк хабар болмай кетті, жым-жырт.
... Күндерден күн еткенде сентябрьдің 4-не қарағанда, талтүсте Ушанинның өзі мектепке кіріп келді. Түгелдей қуандық. Тұрған бойы отын сияқты болып көрінді... Ол айтып отыр:
— Мен Өмірбековпен келістім. Бүгін баржы отынға жүреді. Сол баржының отыны сендердікі. Бірақ, оған отын тиейтін адам жеткіліксіз. Сондықтан бізге 5—6 кісі бер, — деді.
Сонымен бізден 6 кісі барып, баржыға отын салысты. Баржыны аттандырып кері қайтты. Енді біз баржыны күтіп отырмыз. Өз қолымызбен тиелген сексеуіл таудай боп үйіліп көз алдымызда тұр. Сырдарияның суымен ығып келе жатқандай елестейді. Өлеңдетіп те қоямыз: "Шіркін томар, ұзын сонар, әңгіме боп қолға тидің, қалай тоңар, біздің Омар! — десіп, томар тиескен Омарды сықақтаймыз. Келгенше асығамыз.
Сонымен сентябрьдің 11 күні телефонның қоңырауы жан-жақтан қағылды:
— Сөйлеп тұрған Ушанин. Баржы келді, тез жет, отын сенікі. Өмірбековпен келістім. Бүгін түсіріп алмасаң отын жоқ, — деп Ушанин безек қақты. Бұл хабарды есіте салып, бір күнгі сабақты тастай - тастай жүгірдік. Он емес, жүз емес, үш жүз бала бірден жүгірдік. 8 сағат мезгілінен бұрын түсірдік. Әрине, шаршадық, біраз еңбек сіңірдік. Бірақ еңбектің түбі рахат екенін біліп тұрмыз. Көз алдымызда от маздап жанып тұрғандай...
Ертеңіне сентябрьдің 12 күні отынды өлшеуге кірісіп, тезірек бітіруге тырысып жатқанымызда, Өмірбековтің бұйрығы сап ете қалды. "Отын берілмесін, өлшеу тоқтатылсын! Алса 30 тонна, алмаса жүре берсін!" депті.
Өмірбековтің бұл бұйрығы бәрімізге де қатты тиді. Директор облыстық аткомге жүгірді. Олар отынды біздің пайдамызға шешті. Бірақ, "бұл тыныштық" көпке созылмады, бір такси машинасы ентелеп келіп тұра қалды. Тіпті ортамызға кіріп кетті. Бастырмалап, кимелеп келеді. Біз аң-таң болдық. Сөйткенше болмады таксидің ішінен Өмірбеков шыға келді. Қасында қалалық милиция начальнигі бар. Онымен бірге тағы бір милиция тұр.
Бұйрық қысқа, әрі мығым болды: "Досанов, отыннан бұрау да шықпасын, біреу де тұмсық тықпасын! Менсіз өлсең де берме! Бере қойсаң менің алдымды көрме!" — деді де тайып тұрды. Біз үйіліп-төгіліп қала бердік.
"Ел құлағы елу" емес пе? Өмірбековтің осындайы барлығын бұрында да есітуші едік. Бірақ, өзін көрмеп едік. Біз оның, ол біздің хал-жайымызды білмейтін де еді. Рас, оның жұмысы да көп шығар, қолы да тимейтін болар.
Өмірбеков жолдас! Сіз қаланың бастығы болған соң, Сізге арыз айтпайтын кім бар. Ең арғысы кейбір тозған арық, шанды көше, бұзылған көпір де арыз еткісі келеді. Еңкейіп қалған, шалқайып тұрған, жарылып біткен, сөгіле бастаған, егіле түскен үйлердің де айтар мұңы бар. Өйткені Сіз қалалық советтің бастығысыз. Неге соған Сіздің жаныңыз ашымайды? Неге соларға көздің қырын салмайсыз? Неге Сіз біздің отынға жұмсаған күшіңізді, қайсар қарыспалығыңызды соларды жөндеуге жұмсамайсыз? Бір мектептің отынына көзіңіз түскенде, бір облыстың орталығына көзіңіз неге түспейді? Орынды бұйрықты орынды тілекке неге шығармайсыз? Біз осыған таң қаламыз.
Біздің жаңалыққа жанымыз құмар-ақ. Қалада бір жаңалық болса айналып тұра қаламыз. Екі этажды кинотеатр үйінің әр кесегі қаланған сайын қуанамыз, күніне барып бір көріп қайтамыз. Қазақ көшесінің бойына шлактан салынған бір үй тұра қалып еді, оған да қуандық. Кімнің үйі екенін білгіміз келсе де, иесін таппадық. Иесіз үй бола ма? Оны, әрине, Сіз білетін боларсыз... Әйтеуір "жаңа үй көбейе берсін" деген тілекпен тоқырадық.
Ең арғысы "Қазақ бауының" ішіне ектірген жыңғылдарыңызға да "қуандық". Өйткені, Сіз оның әр түбіне қазынаның қанша қаржысын жұмсадыңыз, үкіметке "мыңдаған ағаш егілді" деп көз бояғыш ақпар беріп, "аброй" алдыңыз, оны да білеміз. Сөз реті келген соң айтып жатырмыз, Өмірбеков жолдас, айыпқа бұйырмаңыз.
Біздің әңгімеміздің желісі отын болғандықтан соңымызға көшейік. Өйткені, бізге отын оңай соқпады. Бәрінен де соның сергелдеңін айтсаңызшы. Әсіресе, біздің қынжылатынымыз: әпербақан, сал сойыл, ұрда жық мінездің, төрешілдіктің, менмендіктің, адамгершілік салтқа жатпайтын жат мінездің әлі де болса қалмай жүргендігі. Оның ішінде басшы қызметкердің бірі Өмірбеков жолдастың бойынан табылғандығы.
Бірақ, орынды тілекті орынсыз бұйрық жеңе алмайды. Өмірбеков жолдас, осыны еске алыңыз. Өтпес жарлық, бойға қорлық. Бұл да есіңізден шықпасын" депті хатта.
Бұл хатқа біздің алып, қосарымыз болмағандықтан қолымызды қойдық.
АРЫЗДАРДЫҢ АРЫЗЫ
Тоқсан түрлі арыздың тоқайласатын жерінің бірі қалалық совет. Біреу: "үйім бар да, тар" деп келеді, енді біреу: "үйім жоқта, бала-шағам көп!" деп келеді. Әйтеуір, шым-шытырық бұрыштама қойылған қағаздар келіп жатады, кетіп жатады...
Жақында біздің"Ара" журналына осындай арыздың біреуі кіріп келді. Түс - түсіне, сөз саптауына қарағанда, көп есікті ашып, көп сапарды басынан атқарған, жаяу да жүрген, самолетпен де ұшқан, арғы шеті Москва, бергі шеті Алматыда болған "қартамыс" арыздың бірі болып шықты. Оның білмейтін адамы жоқ. Көрмеген кеңсесі де қалмапты. Ол қалалық советтің екі-үш жылдық шежіресі секілді. Кім кетті, кім қалды? Қалай қабылдады? Қашан сөйлесті? Жүріп сөйлесті ме, тұрып сөйлесті ме, болмаса столды ұрып, әйтпесе күліп сөйлесті ме? Осының бәрі де жазулы. Біреуі қойған қолымен, біреуі бұйрығымен, біреуі жолдамасымен, әйтеуір бір белгісін қалдырып отырыпты. Ең алдымен, арыз алдымызға соны жайып салды. Арыз әңгімені былай бастады:
— 1953 жылы, апрельдің 13 күні қалалық совет председателінің алдына барғаным өлі есімде. Онда мен әлі ысылмаған ынжық едім, иіліп кіріп, сызылып шығатын ғана жағдайым бар еді. Әдеп сақтап, ақырын жылжып, көп қағаздың көлеңкесін тасалап, бірте-бірте председательдің көзіне түскенімді де ұмытқаным жоқ.
Ол кездегі председатель асып-саспайтын, айғайы жоқ кісі екен. Байқаусызда маған көзінің қиығы түсіп кетсе, бір ысырып қойып отыра берді. Сан қағаздың астында сарылып жатудың да оңай емесін сонда білдім.
Сонымен он алты сүйем жазу столының бетінде, бір күн оң жағына, бір күн сол жағына ысырылып, құлап та кете жаздап, алпыс күн жылжысам болар ма? Алпыс бір күн дегенде, желкеме түскен қызыл сияның айдауымен, көп орынбасардың ортасына барып сүңгідім де кеттім.
Әңгіме айтып отырған арыз, біздің жалыққанымызды сезді ме, оқиғаның басқа жағына көшті:
— Мен жазылғалы үш жыл өтті. Онда сен ("Ара" журналын айтып отыр) туған да жоқ едің... Үш жылдың әр жылында 365 күн, әр күнінде 24 сағат болса, соның бәрін көп бейнетпен бастан кешіріп келемін. Мен, Қ. Мәліктің арызы боламын. Әуелгі жазылғанда жалғыз парақ қағаз едім, күн өткен сайын көбейе - көбейе бір құшақ болдым. Мені жазғанда Мәліктің бес баласы бар еді, қазір жетеу болды.
Онда Мәлік жеке меншікті біреудің үйінде пәтерде тұратын-ды. Алақандай бөлменің іші бес баланың дуымен гуілдеді де кетті. Қораның іші де көңілдене бастады. Бірақ үй иесіне жақпады. Бір бала жүгіріп ағашына қол созса, бір бала барып помидорына ұмтылады, тағы біреуі гүлге қызығады. Осының бәрі жеке меншікке жасалған шабуылдай болып көрінді. Әрең табылған тар бөлменің өзі де Мәлікке жайлы орын болмады, көшірілетін болды. Өйткені баласы көп...
Міне, мен осы қарсаңда жазылған арыз едім. Бірақ жалынып айтылған жағдай ешкімнің көзіне түскен жоқ, оқып та шыққан жан болмады. Орынбасарлар біріне бірі өткізіп, ақыры пәтер үйлер бюросына бардым да, онда екі-үш ай істікке түйреліп тұрдым, үш-төрт ай ескі папканың шаңына тұншықтым, онан арғысын өзім де білгенім жоқ, олар да менен адасып қалды...
Қартамыс арыз осы оқиғаларды баяндап бола бергенде, орта жасар, көпті көрген, көңілді арыз бас көтерді. Оның сөзі былай басталды:
— Мен дүниеге келгенде жаңа председатель жолдастың келіп отырған кезі екен. Алғашқы арыз бес баланың атынан болса, мен алты баланың атынан түскен арыз болдым. Гараж дейтін көшеден көшіп, Восточная деген көшедегі бір қуыста баспаналап отырғанда жазылғаным әлі есімде. Бірақ председательдің алдына кіру бұрынғыдан да қиынырақ соқты. Ең арғысы езі түгіл, жаман - жақсылы сөзін де ести алмадым. Бір күн "онда кетті", бір күн "мұнда кетті", күнде ертеңнің аяғы жылға жетті...
Сонымен, менің Москваға аттануыма осы жағдай себеп болды. Арызды құрметтеуді, арыз арқылы ата мен ананы, адамды ардақтауды мен Москвадан көрдім. Жүрген - тұрғанымның бәрі тіркеліп, күнілгері, хабарландырылып отырды. Бас-аяғы бір жетінің ішінде қайта оралып, қалалық советке келдім. Өйткені пәтер билігі сонда ғой.
Бұл жолы арыз иесін орынбасарлардың орынбасары бір жолдас асқан кішіпейілділікпен қарсы алды, орындық ұсынып, жәй айтып, жағдай түсіндіріп, шүйіркелесіп отыр:
— Жолдас, арызды Москваға жазбай-ақ, өзіміз де істейтін едік қой... Көріп жүрген боларсыз, тұрғын үйлер салынып-ақ жатыр, қабат-қабат зәулім үйлер қай көшеде жоқ? Бәрінде де бар. Бірақ жетпей жатыр...
Осы сияқты жылы-жылы сөздермен сылап-сипап, бір фабриканың бастығына тіреп бұйрық жазды. Бұйрық жалынды - ақ, оты шығып тұр, қай жағынан барсаң да ыстық лебі бұрқ ете түседі... Ол бұйрықта: "Ұлы Отан соғысына қатысқан, көп балалы... М. жолдасқа 4-ші Линияның бұрышынан салынып жатқан 10 пәтерлік үйдің бізге тиісті біреуін, мүмкіндігі болса кеңірек... беріңіз", — деп жазылыпты. Сол сағатта бұл бұйрықтың көшірмесі қалалық пәтер-үйлер бюросының бастығына да кетіп жатты. Бір көшірмесі арыз иесінің қолына тиді.
Қолында осындай қағазы бар адамға көшіп-қону деген не? Бүгін болмаса, ертең үй алғалы тұр... Мәлік 14-ші Линиядан көшсе — Тастаққа, Тастақтан тайса — Комсомол көшесіне, Комсомол көшесінен Қаракөл кошесіне көшіп-қонып жүре берді, бұрынғыдай қынжылған жоқ. Жыл өтті, үй бітуге айналды...
Бір күні жәйсіз хабар бұрқ ете түсті. Фабрика бастығынан хат келді: "Сіз қағаз алған үй біздің қолымыздан кетті, басқа мекеменің қарауына етті, сондықтан сізге берілген қағаздың күші бітті" депті. Сонымен, Мәлік жолға қайта шықты. Арыздар осындағы орындарды бір аралап өтіп, Москвадан тағы оралып қайтты. Бұл жолы орынбасарлардың орынбасары тағы да хат жазды, онда: "Бұл көп балалы азаматқа кең пәтер беру туралы СССР Жоғарғы Советінен түскен телеграмманы, сіздің қарауыңызға жіберіп отырмыз. Өзіңіз қарап, шешерсіз. Қорытындысын "арыз иесіне хабарлай саларсыз" — деді де, бар арызға қолданатын шығарып салу әдісін тағы қолданды. Сонымен, бұл да аяқсыз қалды.
Енді қалалық советке арыз апарудан Мәлік шаршады. Бірақ мұнымен оның әуре - сарсаңы біткен жоқ. Өйткені Мәлік пен Мәлике (әйелі) бастаған үйелмелі-сүйелмелі жеті бала, он екі шаршы метрлік бір бөлмеде әлі тұрып келеді. Енді арыз айтуды Мәлике мен Мәлік қойса да, дәрігерлер қоятын емес. Олар жиі-жиі келіп, акт жасап кетіп жүр.
Әңгіме арызда да емес, актіде де емес, төрешілдікте, еңбекшінің мұң-мұқтажына құлақ аспауда жатыр.
ОБЫРЛАР
ҚОШҚАРЫ ҚОЗДАП, АЙҒЫРЫ ҚҰЛЫНДАҒАНДАР
Соңғы жылдарда ғылымның күшімен талай-талай тамаша тәжірибелер істеліп жүр. Мысалы қойды жылына екі рет және өгіз деп төлдету, қолмен ұрықтандыру, бір себілген дәннен неше жыл бойы астық алу әдістері де табылды.
Міне, мұның бәрі ғылыми жолмен табылған әдістер, істеліп жатқан тәжірибелер. Бірақ, қошқарды қоздату, айғырды құлындату, бураны боталату, бұқаны бұзаулату әдісін ешбір ғылым тапқан жоқ-ты. Осы секілді бұрын, соңды болып көрмеген "жаңалықты" біздің кейбір колхоз, ферма бастықтары іске асыра бастапты.
Бұл "жаңалық" әдісті іске асырудың шарты: қошқар болса құйрығы жер сызғандай, айғыр болса жалы керегедей, бура болса қомы астаудай, бұқа болса құйымшақ майы жұмырықтай болу. Міне, осы шарттар түгелденіп болысымен бір түнде, әрі кеткенде 24 сағаттың ішінде, "төлдеп" шыға келеді. Сонымен қатар ең қиындау, ең негізгі бір шарты түңде ғана көзге көрінбей, ізі білінбей қорадан шығып жолға түседі де, жақын жерде қаласы болса түнейді де, базарын бір аралап шығады да төлдей береді, егіздей береді.
Бұл әдістің аянышты бір жері — қоздаған қошқар, құлындаған айғыр, боталаған буралар қайтып келеге қосылмайды. Төлдеп болып, егіздетіп, сегізде барып тіршілігімен қош айтысады. Кейде бұл жануарлар тол орнына дүрия көйлек, мақпал шапан, жібек шәлі, батсайы көрпе де туа салады. Бірақ тұяғына тұяқ, қаз орнына қарға қалдырмай кетпейді. Бұлай ету төлдетуші мен төлдеушінің басты бір шарты.
Әрине, бұл әлі жарыққа шықпаған, жасырын сыры ашылмаған, жаратылыстың я үкіметтің заңына жатпайтын, ғылым жолына сыймайтын әдіс. Тек мұның терең тамырлы сырын ақпейіл, адал шопанның аузынан ғана естуге болады.
Жақында бір өкіл колхозға барып мал санын, әсіресе қой санын алыпты. Ол бұрын да келген, талай рет көрген кісі екен. Оның үстіне бұл колхоздың малының семіз, қыстан күйлі шыққанын да біледі екен. Әсіресе құнан қошқар, жалды айғыр, қомды атандарды да түстей біледі екен. Бірақ олардың бірі де жоқ, санаса саны түгел, басы аман, тұяғы бүтін...
— Шопан жолдас, шөбің мол, қораң жылы, қойың түгел, неге бұлай малдарың азғын? Ылғи саудыраған садыра, тесік өкпе, ши бұт тоқты мен тұсақ боп, еткен жылдағыдан ұсақтап кетіпті ғой! — деді.
— Қошқардан туған қозы, айғырдан туған құлын, бұқадан туған бұзау оңа ма? Бұлардың бәрі жасырын тәжрибенің беріп жатқан төлдері... — деп, күлімсіреді шопан.
Оған өкіл түсіне алмады. Қайталап сұрады:
— Қалай, қайталап айтыңызшы.
— Қалайы да, қайталайтыны да жоқ, біздің бастықтарымыз малдың басын жемейді, майын жейді...
Жұмбақтаған сөз шешілген жоқ, тұйық күйінде қалып қойды, өкілдің ойы асықпай ашып, астарын білу болды да аттанып кетті. Қошқарлар қоздап, айғырлар құлындап, бұқалар бұзаулай берді.
Күндерден күн өткенде баяғы өкіл сол колхозға қайта келді. Күдікті оқиғаны ашудың әрекетіне кірісті. Баяғы шопанға қайта жолықты. Колхоз бен ферма бастығын сұрады. Шопан күлімсіреп тұрды да:
— Олар еркек малды төлдету әдісін бітіріп болып, енді өздері толғатып, туғалы жатыр, ұл туарын, қыз туарын кім білсін?.. Бірақ, толғақтары қатты көрінеді... деген жорамал бар, — деп еді. Сасып қалған өкіл:
— О заманда, бұ заман, еркек бала туған ба? Қайдағыны айтады екенсіз, — дегенде, оған тоқыраған шопан жоқ:
— О заманда, бұ заман, қошқардың қоздағанын, бұқаның бұзаулағанын, бураның боталағанын көріп пе ең?
— Жоқ.
— Ендеше соны біз өз көзімізбен көрген кісіміз. — Ол ақырында әңгіменің жасырын сырын, негізгі түйінін түсіндіріп берді. Әңгіме былай екен:
Бастықтар қойдың қошқары мен ісегін, жылқының айғырымен семіз - семіз аттарын, түйенің бурасы мен атанын, сиырдың бұқасы мен өгізін бір түнде апарып сатады екен де, орнына бір тұяқ алып қоса салады екен. Жылқы да, түйе де, сиыр да осы әдіспен "төлдей береді" екен. Үстіндегі артығын өз құлқынына тастай береді екен. Қошқар мен айғырдың, бұқа мен бураның төлдейтін әдісі осы екен.
Бұл әдістің тез ашыла қоймауы, тез жарыққа шықпауы — сырт барған кісі тек малдың басын ғана іздейді екен, бірақ, бас түгел, тұяқ бүтін... болған соң кете береді екен.
Тек мұның сырын ашатын ақпейіл, адал ниетті шопан ғана көрінеді. Бағымызға малымыздың басында осылардай ақпейіл, адал ниетті малшылар көп болғай - ақ та!
ТЫҒЫНБАЕВ ТЫҒЫНДАЙДЫ ДА, ҚАЛДАШБАЕВ МЫҒЫМДАЙДЫ
Тығынбаев шелектің тесігін, қораның есігін тығындаудан гөрі кеңірдектің, өңештің, жұтқыншақтың тесігін тығындауды жақсы біледі. Шелегі тесіліп суы ағып жатсын, қорасы тесіліп жел гулеп тұрсын, оның онымен жұмысы болмайды, ал өңештің, кеңірдектің иненің жасуындай тесігі табылса сыналып, тығындап тастайды. Тығынбаев тығынды тек ескі-құсқымен тығындап көрген емес, түйенің, болмаса биенің, онан қалса сиыр мен қойдың семізімен тығындап жібереді. Кейде іріні майдалап, семізді жонып, бірін екі етіп те жымдастыра біледі.
Өткен жылдары қаңтардың қара суығында малдары дірдек қағып, жалғыз түйір шөп таппай өңештері сорайып тұрып алды. Ең арғысы қораның жылысы да болмады:
Мал сықырлап тонда жатты,
Бірі ойда, бірі жонда жатты.
Тығынбаев қысылған жоқ,
Жылы көрпе, майлы құйқа
Қайда арақ болса сонда жатты...
Тығынбаевтың орнына Қалдашбаев келді. Ендігі тығынды соның өңешіне тығындады. "Ауыз бастырық, құтты болсын" тағы басқа толып жатқан ырымды сылтаулап, Қалдашбаевтың арандай ашылған өңешіне: малдың ірісінен, қойдың семізінен, сиырдың сүттісінен, ақшаның жүздігінен тастап - тастап жіберді. Сөйтіп жүздеген бас малдың ізі жоқ болды да кетті. Ақырында Тығынбаев Қалдашбаевтың орынбасары болып белгіленді. Екі обыр қосылды, бірі тығындаса, бірі мығымдайтын болды.
Өткен жылдың берген ауыр тәжрибесі оларға сабақ бола алмады. Бұлар әлі жайбарақат жатыр. Жастық шынтағында, ет алдында, арақ қолдарында... Өлеңді көзін жұмып алып Тығынбаев бастайды, оны Қалдашбаев қостайды да, төмендегі қорытындымен бітіреді:
"Достың жырлап бергештағы,
Қалдырмай іш тамшысын!" —
Бірақ онсыз да стакандарда тамшы қалып отырған ж.оқ, тек тезірек ішуге қамшы болсын дегендік қой, оныкі.
Сонымен олардың қолы ала жаздай осы "науқаннан" босамады, колхоз бойынша шабылатын 6000 гектар шөптің 1200 гектары ғана орындалды. Бірақ, әлдеқайдан "өрт шығып", шабылған шөптің 50 гектардан астамы өртке кетіпті... Колхоз бастығы бұл қылығына қарсы шыққан біреу болса ебін тауып колхоздан тайдырып отырды, шөміштен қысты. Егер мықты өңеш қарсы ашылса тығындап тастады, леп шығартпады.
Дегенмен колхозшы Байтуғанов бұған көнгісі келмеді, ары, адамшылығы шыдатпады. Жоғарғы орындарға арыз жазды. Арызды жасырын жазбады, ашық жазды, қылмыстарының атын атап, ашып жазды. Арыз 16 пункттен құрылды.
Жақында осы арыздың анығын ашуға әдейілеп Әмиров келді де, ауданнан Қосанов жолдас қосыла барды. Тексере келіп бұлар екі бастықтың, жұмсақ жастықтың ықпалына кетті. Байтуғановтың басына барлық бәле үйілді де қалды. Ол өтірікші де болды, суайт та атанды, сымпылдақ, жылпылдақ, қыңқылдақ та болды. Қайдағы қыңыр атақтың бәрі қылға тізіліп, соның мойнына салынды. Шындық өтірікке, өтірік шынға айналды.
Тығынбаевтың үйінің алдына дәл сол түні бір ту қой байланды, бір сағаттың ішінде ол да жайланды. Сөйтіп, тексере келген Әмиров пен Қосановтардың өңешін Тығынбаев майлы құйқамен майлады да, үстін-үстін оны арақпен айдады. Бір күн, бір түн күліп-ойнады, араққа да тоймады, қашан жығылғанша өңеші құрғырлар жұтуын да қоймады...
Арызы өтірікке айналысымен Байтуғановтың соңына Тығынбаев пен Қалдашбаев елеуреп түсті. Бірі жаман сөзбен балағаттаса, бірі қамшымен ұрып қанағаттады.
Байтуған қарт тал түсте Қалдашбаевтан таяқ жеді. Таяққа сылтау табылмай ма? Табыла қойды. Өйткені, Байтуған арыз иесінің әкесі. "Балаң бізді қаламымен таяқтаса, біз қамшымен аяқтайық" деп мазақтады да, мықтап азаптады. Арқа етінің арсасын шығарды. Байтуған доктордан алған справкасымен үйінде отыр.
Қалдашбаев пен Тығынбаевтың әлі сол баяғы сарыны, баяғы қарыны... Күнде бір бастың миын жеп, ми палаулатып қыдырыста жүр. Кеше Әуесбаевтың үйіне лақ сойдырды. Бүгін Таңатардың қозысын сойдырып, ыстық бауыр тіске басылып, бөтелкенің аузы ашылып, әсіресе шампанның көбігі көкке шашылып жатыр. Таңғы тамақ Тәмпішбайдың мойнында...
Соңғы кезде бұлардың тапқан әдістері жұмысқа шықпай қалғандарды анду. Ондай саңылау табыла қалса, актіні апарып тығындай салады, тығыннан қорыққандар бұлардың өңешіне тығын ала жүгіреді. Әрине, бұл тығындар: қозының құйрығы, бөтелкенің арағы болып шығады.
Әсіресе, жұмыстың қауырт, шөптің маяға, азықтың қапқа, күріштің ораққа қараған кезінде, Қалдашбаев пен Тығынбаевтың араны ашылып кетеді. Ашылған аранды Тығынбаев тығындайды да, Қалдашбаев мығымдап, арақты қолға алып, майлы етті сығымдап тұрып:
"Достың жырлап бергештағы,
"Қалдырмай іш тамшысын!" —
деп қырындайды. Сөйте-сөйте сілейіп барып қорылдайды. Бұл қылық тұрғанда астық тасылмайды да күріш орылмайды, тек өңештің ғана тілегін орындайды... Мұның артының не болары бәрімізге де түсінікті емес пе?
"КҮЛШЕЛІ БАЛА..."
Вокзал начальнигі, бедірейген қараның бізге берген жауабы:
— Орын да жоқ, билет те жоқ.
Әрине, "жоқ" деген соң қайталап сұраудың да қажеті жоқ. Дегенмен, поездың келуін күтіңкіреп тұр едік, кер жорғаны, дөңгеленте құйылтып, ентелетіп келді де, аттан біреу түсе қалды. Тұрғандар:
— Майпром! Майпром! — десіп (май дайындау мекемесінің қызметкері солай атанып кеткен) ду ете түсті. Май жаққан қалаштай жылтыраған типылша жігіт, қол алысып амандасты да поездың жайын сұрады. Көрген - білгенімізді толық естіп алды да:
— Тырп етпеңіз, билетті мен аламын да шығамын, — деді.
— Қалайша, сіз, жоқ билетті аласыз да шығасыз?
— Бүлк етпеңіз! — деді де, жүгірді де кетті. Расында "Майпром" төрт билетті алды да келді. Бірлі-жарым сұрағанға, сыбырлап:
— "Күлшелі бала сүймекке жақсы" деген мақалды естігеніңіз бар ма? — дейді. Егер де ол: "бар"... десе, болғаны:
— Ендеше, бүлк етпеңіз, деміңіз ішіңізде болсын! — дейді де сырт айналады. Түсінгені түсініп, түсінбегені аңырайған күйі қала береді.
Поездың билетін алып болып, ендігі уайым вагонға қарай мінуде қалды. "Орын жоқ, жақындама, өрі кет!" — деп, проводниктердің жолатпайтынын білетінбіз.
— Билетті ұстап, қалып қоймасақ... — десем, "Майпром":
— Бүлк етпеңіз! — дейді, күлімсіреп. Тағы бір сөз айтсаңыз: "тырп етпе" деп жауап береді. Сөйтіп тұрғанда поезд келді. Бірақ, вагонның маңына да бара алатын емеспіз, Жақындасақ проводниктер баж ете түсіп, омыраудан қағады, Ал, "Майпром" асығатын да, сасатын да емес, проводниктің біреуімен ымдасады, көзін қысады...
Поезд кету алдында тұр. "Майпром"ның қолы шалбарының қалтасында, көзді ала беріп бөтелкенің мойнын проводникке қарай қылт еткізіп қояды.
Поезд жүре бергенде, біздің аяғымыз да үзеңгілікке ілінді. Проводник бізді аяған, мүсіркеген адамсып, көп қынжылумен: "қызмет адамдары болғандықтан ғана бұларды вагонға мінгізгендігін" айтып жатыр. Біздің "Майпром" да оған басын иіп, қайта-қайта шұлғып, алғыс пен рахметті ағытып жатыр.
— Тәңір жарылқасын, сіздің көмегіңіз арқылы ақшаға алған билетіміз чуть-чуть күйіп қалды, — десе, ол:
— Көріп тұрсыз ғой, вагонда аяқ басар орын жоқ, тек сіз, бір сөз айтқан соң, — деп проводник міңгірлейді.
— Мен, оған түсінемін... — деді де "Майпром" қалтасынан бөтелкені алып, проводниктің өзінен басқаға сездірмей, столдың астына ысырып, жытырыңқырап жіберді. Бұл "сыйлықты көріп көңілденген проводник мұртынан күліп, рахаттана сөйлеп, есіп отырды да, аздан кейін:
— Әрине, сіздердің шаршағандарыңыз қас-қабақтарыңыздан білініп-ақ тұр. Сондықтан, мен, лажсыздан алдын ала заказ беріп сақталып келе жатқан орынды сіздерге қалдырдым, жата тұрыңыздар... — дегені - ақ сол, "Майпром" қайта-қайта басын шұлғып, алғыс айтты да, бос орынды көрсетуді өтінді.
Барып көрсек бос келе жатқан орын екеу емес, төртеу болып шықты. Мен оған шыдамай:
— Қалай, бұлар бар орынды жасырады? — десем, "Майпром":
— Бүлк етпеңіз, — деп, жымың қағады. Мен оған:
— Жаным - ау, сен оларды жаман үйретіп, әлгі бергенің не? Билетіміз бар, оның үстіне... — дей бергенім - ақ сол.
— Мыңқ етпеңіз, — деп, тақымымды қысып қойды. Бір мәнісі бар шығар дедім де ақырын күттім.
— Демалыңыз, ұйықтаңыз, сонан кейін айтамын, — деп, теріс қарап жатып қалды.
Біраздан кейін "Майпром" өзінің құпия сырын ашуға кірісті. Ол, кейбір проводниктердің "бармақ баспайын" көптен біледі екен. "Бармақ баспай" болмаса мінгізбейтінін сезіп, күні бұрын даярланып, бөтелкені қалтасына салып ала келген екен. Манағы өзі айтқан: "Күлшелі бала сүймекке жақсы" дегендей вагонға мінуі, онан орын табылуы, ұйықтауы, демалуы... міне мұның бәрі осы бөтелкенің арқасында болып еді, деп шек-сілесі қатып күлді. Мен, оған күлгенім жоқ, қатты қынжылдым.
"АЛТЫН ҚАНАТТЫ ЖАРҚАНАТ"
Осы "Алтын қанатты жарқанат" соғыс жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкенттен шыға келді. Оның ұшып келген жағы да белгілі қалалар. Ол Ростовтан көтеріліп, ұшып отырып Челябинскіден шықты. Оның барған жерінен: "Алтын қанатты жарқанат" келді десіп, құшағын жайып, құлашын созып тұра қалатындар да табылды. Өйткені оның сөзі майда, тілі жұмсақ. Ол жағынуды да, жалынуды да біледі. Ол күлдіруді біледі. Ол есебін тауып асатуды да, асауды да біледі. Сондықтан оның қанаты "алтын", қадамы "құтты" болып алды.
Ол, оңтүстікті жайлап, солтүстікке ұшты. Солтүстік Қазақстаннан Шығыс Қазақстанға да ұшты. Қайда тілесе сонда барды, бәрінде де өз фамилиясынан гөрі "Алтын қанатты жарқанат" деген қосымша аты көбірек жайылды. Ол өлең болып өзімен бірге қосыла ұшатынды да шығарды.
"Алтын қанат жарқанат"
Ылғи түнде ұшады.
Күндіз көрсең жорғалап,
Із тастамай қашады...
Барған жері оны ғылыми қызметкер қатарында қарсы алды да, малдәрігерлік лабораторияны басқарып тұра қалады. Өйткені бұл мекеменің тіске жұмсақ тағамдары бар, қолға майда марлі жетерлік, жұтса білінбейтін спирті де молшылық. Әрине, дәрі -дәрмектің орталығы, кімге берсе де, қайда жұмсаса да ықтияры бар.
Кардаполовтың бір өнері өсек пен өтіріктің тұңғиығына түсе білгендігі. Өсек пен өтіріктің торын сайтанның өзі де мұндай жайып кете алмайды. Шым-шытырық шағыстыру мен қағыстырудың, таныстыру мен табыстырудың тілін білетін кісі. Оның сүйеніші де, қорғаны да мықты. Қолын облыстан асырып, республикаға да созып жіберетіні бар. Ол еркелік істейді. "Ұшқым келді", яғни басқа облысқа ауысқым келеді десе болды, онды-солды телеграммалар бұрқырай жөнеледі. "Алтын қанатты жарқанат" ұша жөнейді...
Кардаполов Шымкенттен шығып Ақмола облысына, ондағы облыстық малдәрігерлік лабораторияға келгелі адам таңқаларлық қылықтар жасады, бірі - бірінен асады. Ол бір жылдың ішінде торт бухгалтер, екі шоферді айдап салды, жеті санитарды шығарды, екі күзетшіні, бір атшыны қуды. Бұл оқиға неден туды? Олар "Алтын қанатты жарқанаттың" түнде жайсыз ұшқанын көрді, соларын әшкерелеуі мүмкін болды. Бұл оқиға осыдан туды.
Қардаполовтың өзіне тілектес "жарқанаттары" да жоқ емес. Олар да мұның жүрген жағында жүреді, кейде түн қараңғысында кездесіп қалады. Кардаполов ондайларын босаған орынға отырғыза салуға шебер - ақ. Тігісін білдірмей, жігін таптырмай жымдастыра қояды. Ол өзінің әйелін де ұмытпайды, өз қарауынан шығармайды, қайда барса да аға лаборант болып отыра қалады. Оның орны жаратылыста сол болып белгіленген сияқты. Әйелі де "қабілетті" кісі, күйеуінің беделіне сүйеніп, өзіне жақпағанды өзі билеп, өзі сүйреп тастайды. Оның лаборанттығы машинаның үстінде жүріп, колхоздан барып тауық сатып алу... Кейде қазды да тізіп қайтады, кейде жұмыртқаны да тиеп әкеледі. Әйтеуір оның қызметі аяқ үстінде: "келдің, кеттің!" жоқ.
Әрине, Кардаполовтың әйелі үй қызметіне көңіл бөлмейді, өйткені оның басқа шабуылы да жетерлік. Сондықтан да оның ішер асын, жейтін нанын даярлайтын кеңсенің жұмысшылары. Шмандюков, Эльвик, Степкин және басқалар тұрғанда директордың әйелі неге ас пісіріп, шай қайнатсын.
Кардаполовтың әйелі лабораторияға тексеруге келген, өлген малдың етін қайнаттырып иті мен құсына бергізуді де біледі. Көбінесе жүмысшы Лебединский осы жұмысты атқарып жүр, істемесе істен қуылатыны анық.
Кардаполов пен оның әйелін сынаған адамдар сынадай қағылады, қызметінен тайып отырады. Жақында Горбунова дейтін комсомолка қыз бір ауыз "артық айтылған" сөзінің кесірінен қызметінен босады.
Кардаполовтардың айласы мен сұмдығы да көп. Кейде "науқастанып" қалып, кейде "демалыс" алып, кейде үйінде отырып-ақ "командировкада болып", әйтеуір есебін тауып асай біледі.
Кардаполовтың әйелі лабораторияның жеміне семіртіп, шошқаны бордақы, тауықты маймаңдатып, қазды талтақтатып қояды. Кейде сиырды мөңіретіп, кейде ешкіні маңыратып айдап сатып, базар күнін көңілді өткізеді. Олардың ішіп-жемі тәжірибеге ұсталған "хайуанаттардың" есебінен шығып жатады да, бұлар табысқа батады.
Демалыстан басқа күндері лабораторияның машинасына тыным жоқ. Қайда керсең, қаз бен тауыққа толып келе жатады. Бірақ машинаға кеңсенің жолдамасымен барған болып, Цыгановтың атына жазылып келеді. Кейде Кардаполов өнімнің көбісін өлі затпен де тауып тұрады. Осы биыл колхоздардан лабораторияға 127 малдың өлігі тексерілуге келді. Олардың ішінде елу қой мен бір қара құлын бар. Бұл малдың барлығы"жұқпалы аурудан өлген" болып шықты да, терісі сылынып, Кардаполовтың үйіне тығылды. Ол ол ма, жүн де, түбіт те болып құлқынға құйылады.
Кардаполовтың пайдасына мекеменің мақта, марлі, спирті де жұмсалып жатады. Складтың кілті де өздерінің қолында: қалағанын алып, жағымсызын тастап, ірісін майдаға ауыстырып, жағыстырып, есебін тауып қағыстырып жатады. Бірақ, "Алтын қанатты жарқанаттың" түнде ұшқаны көрінсе де сезілмейді, білінсе де айтылмай қалып қоя береді. Өйткені астарласу, сүйеу, демеу бар, шым-шытырық тамыр-таныстық бар.
Министрлікте Кардаполовтың қылмысты істері бір кезде екі күн бойы талқыланды. Талқылауға 17 адам қатысыпты. Министрдің орынбасары бұйрық шығарып, Кардаполовты орнынан босатты. Бірақ барлық облысқа таратқан бұл бұйрығын артынша өзі бұзды. "Мұның өзі жақсы адам екен" деп, Кардаполовты қызметіне қайта қойғызды да, бос жүріп қалған уақыты үшін ақша бергізді Ленинградқа үш айлық оқуға жіберді. Енді міне Кардаполов баяғы әнімен, баяғы сәнімен өз орнында масайрап жүр.
Мұндай алаяқтардың ел ішіңде некенсаяқ кездесіп қалатыны белгілі. Бірақ олар көп масайрай алмайтын, тұтылатын еді. Кардаполов та соның көбін киер деп ойлаймыз. Сонда, Кардаполовтың ісін қарағанда, мыналарды да қоса анықтау керек:
Осындай лайықсыз жанды кім қорғайды және не үшін қорғайды? Оның ішінде тіпті министр орынбасарының бұйрығын бұзғызуға да өлі жететін мықты кім?
ПИНТТІҢ "БЕНТІ"
Сырт қарағанда Пинттің "бенті" мықты - ақ секілді, қалай ырғасаң да лықылдайтын емес, қайта нығызданып, ширай түсетіндей. Ал, бірақ, анығына келгенде Пинттің "бенті" бос, лықылдағыш "бент". Тек алқымына дән, болмаса ақша, яки балық, тіпті "тентек су" тисе де лықылдап босап сала береді.
Мүмкін, сіздер Пинт дегенді машинаның, болмаса арба дөңгелегінің бір бөлшегі деп те отырған боларсыздар. Жоқ, олай емес, бұл облыстық автотрактор жабдықтау конторы бастығының әкесінің аты. Бұл Пинттің атағын шығарып отырған да осы толып жатқан "бенттер" мен запас бөлшектер. Бұл Пинт облыстағы трактор мен машинаның ең керекті бөлшектерінің арасындағы — күндіз темір қажап, түніне майға оранып, астыққа бөленген "сұр тышқан". Ұстатпайды - ақ, жылт етіп шығып, жылп етіп сүңгіп, қолға түспейді - ақ. Егер зерттей қалсаң, складқа, оның бастығы Самекеңе тығылып ізін таптырмайды. Тек қана түп тамырын қазып, көп бөлшекті санай бастасаң, жүрген ізің, кірген інін түптейсің. Өйткені, берілген бөлшектің есеп-қисабы жоқ. Әсіресе, ең керекті, ең бағалы бөлшектерді МТС директоры қолы ашық, береген болса ғана ала алады. Қолывда дәні, балығы мен майы, еті менен шайы жоқ директор оның маңайынан да жүріп көрген емес.
Комбайн мен автомашина, трактордың өте қажетті, таптырмайтын бөлшектері "бармақ баспай, көз қыспайды" арасында жүріп, жоқ болады да, облыстың МТС - тары орнын сипап қала береді. Сипап, қармалап жүргенде көзіне түсетіні — 1717 сомның цифры. Бұл әрине, құлқынға түскен көп бөлшектің орнындағы көз алдар. Сөйтіп, складқа түскен бөлшек кеми бастайды да, орнында қалған цифр құйрықтана семіріп, көлемі зорайып, кеңи бастайды. Оған айғақ соңғы 7 айдағы жетіспей қалған бөлшектің орнындағы 14300 сомның цифры.
Мүмкін, оқушылар Пинттің өткен-кеткені деген сияқты жағдайын білмек болып, қайдан шыққан, қайдан келген деп те сұрайтын болар. Оның жауабы қысқа. Бұл Пинт деген бір суайт, неше рет сотталған, неше рет босанған, шарламаған жері жоқ, алаяқ.
Тағы бір "қызығы" — Пинттің "бенті" босаған кезеңде оның досы Самекең де "бенті" босап қалады. Тіпті кейде майлы шабақпен "тентек суды" ішіп отырып-ақ ауырып қалады, кейде 5 күн, кейде 3 күн жым-жылас ғайып болып та кетеді. Ол күндерде кеңсе бойында Самекең қатты науқас, ал, өз үйінде сап-сау, кәдімгідей тамақ ішіп, араққа мас болып жатады. Ал, онан тәуір болды дегенше үйіне отын тасып жүргені.
Міне, сөйтіп, Пинттің "бентінің" босау тарихы осылай басталып, осылай бітіп жатыр да, өзіне тиісті запас бөлшегін ала алмай МТС-тер отыр. Бұған қарағанда, Пинттің "бентін" бұрауға әділ заң мен әділ сот керек!
ҚҰЛҚЫНДАСТАР
Алекең К. қызметке алғашқы келген кезде өте мүләйімсіп жүрді. Қарауындағы кейбір қызметкерлерді суайт сөздермен байыта бастады. Сонымен бірге мемлекеттік мүдде үшін қажетті жерінде қасық қанын қиятын, екі сөзінің бірінде: "Мемлекет қаржысы көздің қарашығындай сақталсын. Суық қолды сұғанақтарға жол берілмесін", — деп көтеріле көкитін еді. Бұған МТС коллективі алғашқы кезде сеніп те қалды. "Жақсы сөз, жарым ырыс" — дегендей ашық пікірлі, адал жанды адам көрінеді. Суық қолды сұғанақтармен батыл күрес жүргізетін кісі болу керек" — десіп сүйсіне мақтаушылар да болды.
Бірақ, көп уақыт өтпей-ақ Алекеңнің құлқын құмарлығы сезіле бастады. Сенім серпіліп, күдік көбейді. Суық қолын сұғына жұмсап, тиын түссе тыға салды, мал кездессе жыға салды. Астықты арбасымен асай берді, бәріне жалған документ жасай берді... Сонымен нағыз құлқынның құлы Алекеңнің өзі болды. Күндерде бір күн:
Шақырып алып Тюгайды,
Отырғызып Хегайды,
Ішіне кіре сыр тартып
Жай жағдайын сұрайды.
"Сенетінім сендерсің,
Істерің маған ұнайды.
Тюгайым тым ұқыпты,
Тиыннан сом құрайды.
Хегайым да қайымшыл,
МТС-тегі жігіттің —
Құлағын құнттап бұрайды ", —
деп, көпшік қоя көлкештейді Құлматов.
Бұған Тюгай мен Хегай масаттана түсті. "Сіз бізге сенсеңіз, біз де сізге сенеміз, — деп, олар да қолдарын ұсынды.
Сол күннен бастап, суық қолды сұғанақтардың ымы-жымы бір болды да, обыр өңештер обыға түсті.
Суық қолды сұғанақтардың МТС механизаторларының еңбек ақысынан жырып жегенін ведомстыдан "білдірмей" жырып қалған қаржыларын айтпағанда: онан-мұнан жұла қашқан, бұра тартқан төтенше табыстары да біраз болды.
Өткен жылы МТС диірменіне сол жердегі тұрған еңбекшілерден біраз астық тартылды, диірмен ақысы үшін 6941 килограмм астық қабылданды. Бірақ, бұл астық МТС қоймасына жетпей-ақ: "жерге төгілді" болып жол-жөнекей талан-таражға ұшырады. "Мотордың пірі менмін" деп бас механик Хегай 409 килограмын қылғытып жіберді. Құлматовтың құлқынына да 486 килограмм бидай сүңгіп кетті. 360 килограмм бас бухгалтер Тюгайдың қабына салынды. Қалғаны диірменші Катюев пен бұл бөлісті көргендерге "көз ақыға" кетті.
Көктемде колхозға 5 центнер тұқымдық күріш қабылданды. Мұның 3 центнері МТС подхозына жұмсалды. Қалған екі центнерінен бастықтар колхоз жеріне "мөлдек" егіп алды. Әрине, бастықтардың "мөлдегі" МТС - тің күшімен салынды. Жұмсалған майға да, жер айдаған тракторшыға да қаржы мемлекет есебімен төленді.
МТС-тегі байырғы екі бие жыл сайын құлындайды, бірақ, туған құлыны өмірі есейіп есепке алынбайды. Жылға жетіп, буыны бекісімен-ақ "бір түндік" бола береді. Сөйтіп, соңғы екі-үш жыл ішінде туған құлындар Алекең мен сыбайластарының құлқындарына тастай батып, судай сіңді.
Таяуда арба қағып аяғын ақсатқан ала құлынның алқымына да қара пышақ қадала қалды. Еті шәңгекке ілініп сатылды да, тиын-тебені түгелімен құлындатардың қалтасына түсіп, жоқ болды.
Ендігі кезек "жұтып жіберу резервіндегі" инвентарға алынбаған қасқа құнан мен биылғы туған екі құлынға келіп-ақ тұр. Талғамай жұтатын тілемсек өңештер тағы да тынымсыз бүлкілдейді. Жануарлар жұтыла ма, әлде ажалдан құтыла ма? Кім білсін, ол әлі белгісіз. Әйтеуір бүлкілдеген тамақтардың астында тұр.
Суық қолды сұғанақтардың сұғынбаған жерлері қалмады. Сельпоның дүкеншісі Сарысуға барып қайту үшін 500 сомға МТС-тің машинасын жалдады. Әрине, алынған ақша құлқындастардың құрдым қалтасына құлады да кетті. Сөйтіп, озбыр өңештер зыр қаққан дөңгелекті де аңдитын болды.
Құлқынның құлы болғандардың алқымынан астық та, темір-терсек те, жүн-жұрқа да өтеді. Қақалатын кезі жеткен жоқ па?!
ЖЫЛЖЫП ЖАТЫР
Қазығұрт тауының етегінде екі кісі сөйлесіп отыр. Бұлар алысқа көз жіберіп, ойланып қарайды. Сөздерінде жұмбақ, зілді кекесін бар да, көздерінде ашулы өкініш, ренжу бар. Кең даланың көк майсалы шөбі пісуі жетіп, дәні толып, ырғалып тұрған бір шағы еді. Бұлардың назары соған түсіп отыр.
Қиырдан аудан орталығы көзге шалынады, оның бір бүйірінде МТС пен колхоз жатыр. Зырғып аққан мөлдір сулы өзен, күнмен шағылысып көк шалғынды төбелердің күміс белбеуіңдей жарқырап, ол жатыр. Шалғын шөптің ортасында қаңқиып пішен оратын машиналар тұр да, орылған пішен жинаусыз жатыр.
Екі кісінің сөзі жай айтса да жарқын, әрі анық естіліп отыр. Бірі:
— Жылжып жатыр, — десе, енді бірі:
— Қылғып жатыр, — дейді.
Олар, әрине, іштей түсінісіп, артын ашпайды. Бірақ, сөз ыңғайынан "жылжып жатқан" мен "қылғып жатқанды" білуге де болады. Кейбіреулер жылжыған су шығар десе, кейбіреулер қылғитынды айнытпай-ақ табады. Ол, әрине "өңеш қой" деп кесіп айтады. Солай болған соң өңешпен қылғитын су ғана емес, су бейнелес сұйық, бірақ, ашуы қатты "тентек еу" екенін де білу оңай.
Ендігі жұмбақ осы жылжығанды қылғып жатқандар кімдер? — деген сұрау. Бұған келгенде ауданның: мейлің тасынан, мейлің шөбінен сұра, бәрінің айтары: МТС - тің аға механигі мен трактор бригадасының бригадирі болады.
Әсіресе, бұлар екендігін пісуі жетіп, қармақтай боп басы иілген бидайлар үрейленіп тұрып айтады. Олардың қорқатыны жел, қарға - құзғындар... солардан сескеніп, ыршынып айтады.
Жақында аудандағы мақта дайындау пунктіне қарай екі тонна шөп жылжыды да, Л. селосында тұратын Е. дейтінге екі тонна шөп тағы зырғыды. Бұлардың артын ала "Заготскот" мекемесінің қызметкеріне екі арба шөп барып, жоқ болды.
Жылжып үйренген шөп орнында тұрар емес, күндегі әдетімен 6 арбаның үсті толы селодағы бір үйге кіріп кетті. Колхоз председателі жылжыған шөптердің түсімін түгелдеп болып, Қаратастың базарына жүріп кетті. Әрине, онда барған соң белгілі ғой: жылжу мен қылғу...
Жылжып жатқанның бәрі колхоз бастығының бұйрығымен жылжи бермейтіні де бар. Кейде оның бұйрығынан тысқары - ақ жылжып кете береді. Жақында трактор бригадасының бригадирі М - нің қулығымен колхоздың жүк машинасының баллоны домалап, өзінен өзі МТС-тің қорасына кіріп жоқ болды. Бірақ мұны жоқтаған колхозда ешкім болмады, соның ақыры ірі жылжуға кездейсоқ болды.
Осы июльдің 17 күні түн ортасында, айдың жарығымен пайдаланып: 12—04 және 06—33 номерлі машиналар Гвоздовтың қорасына қарай жылжыды, тау ғып үйген колхоздың шөбі, машинадан жылжып түсіп жатты. Үшінші машина жылжып барып, М-ның есігін құшып жатты...
Қазығұрттың етегінде отырып айтушылар, сол колхоздың колхозшылары болатын. Бұлар тек далада ғана емес, қалаға да келіп айтып отыр. Ауданның құлағына алтын сырға, облысқа да жетті бұл хабар.
...Өткен жылғы қыс колхозшылардың есінен кеткен жоқ. Қандай болып еді: қақаған қаңтар, сықырлаған аяз... бір шайнам шөпке зар болып, малдары тұрмап па еді?.. Екі колхозшы осыны ойлап отыр.
Бірақ, колхоз басшыларының ойында түк жоқ. Арақ пен шөп жылжып жатыр... өңеш байғұс қылғып жатыр, қылғыған сайын, жылжып жатыр...
ҚАРА БЕСТІ ҚАЙДА?
"Әкемнің аты Бапалақ,
Жасымнан жеппін шапалақ,
Шапалақ жейтін себебім,
Болыппын сондай сотанақ."—
Дейтін біздің Пірекең,
Сотанақтың бірі екен...
Сол Бапалақтың Пірекесі жасында сотанақ, өсе келе суайт, суайттан сұғанаққа айналды. Әсіресе, соңғы кездегі оның сұғанақтығы қабынып кетті. Ет комбинатының шаруашылығын басқарғаннан бері Бапалақ білгенін істеді. Ол іріні уаққа, уақты іріге, өліні тіріге, әйтеуір бірін-біріне ауыстырып,"қаз орнына қарға" дегендей, тұяққа тұяқ тігіп қылғумен болды. Оның осы қылмыстары айтылып газетте лақтың байбаламы" деген фельетон да шықты. Бірақ, "тамыр-таныс, жолдас-жораның көпті мен аяқсыз қалды. Ет комбинатындағы сыбайластары оның қылмысын біле-тұра ескере қоймады. Пірекең бұрынғы табыс, ескі шабысымен жүре берді. Ол соңғы кезде:
"Қара бесті ат астымда елеңдеген,
Ойда жоқ еді жануар өлем деген,
Мұз астынан сүлдесін тауып алдық,
Таныстырып қояйын өлеңменен!" —
деп соғатынды шығарды.
Бапалақтың бұл "Қара бесті деп" отырғаны ет комбинатының қара аты болатын. Оны Бапалақ мініп жүріп жоғалтты, із-түзі білінбей кетті. Ортан қолдай Қара бесті көк судың жағасында, Күміс өзек пен Обалы көлдің ортасында кісендеулі жүріп ғайып болды... Бірақ Бапалақ оның да есебін тапты. Өз-өзінен "ғайып" болған атты, "ауырып майып болды..." дегізіп ет комбинатына акті түсірмек болды да, қаза болған Қара бестіге "көңіл айтып" Мулявко жолдасқа екі ауыз сөзді қоса жазып, акті апарып тастады.
"Қара бесті жарықтық қайтыс болды,
Бұл жөнінде көптен-көп айтыс болды.
Біреу маңқа, біреулер көмекей құрт,
Тезірек құрт деді..." —
деп қол қойды. Бірақ, Бапалақтың бұл актісіне мал дәрігерлері қолын қоймады, заңсыз деп тапты. Әсіресе, Шіде (малшы) көнбеді. "Айтамын" деп отырып алды. Сонымен, Қара бесті күзде су астында, қыста мұз астында, Обалы көлдің ортасында іздеусіз жата берді...
Күндерден күн өткенде балықшылар мұз астынан бір балық көрді — көлемі үлкен, көлбеп жатыр... Бірі қармағын салды, бірі шанышқымен ұрды. Ақырында анығына жетті. Балық дегені ат болды, қабарсыз кеткен Қара бестіге тап болды. Оның "маңқадан" өлгені, "Көмекейқұрт" болғаны өтірікке айналды. Сонымен Қара бестінің дауы прокурорға түсті. Бапалақтың үрейі ұшты, тек оның сенетіні өзінің бөтелкелес "достары", ет комбинатының бастықтары. Олардың "не дейтіні" өзіне белгілі... Сондықтан да Бапалақ мұңайған жоқ, қайта көңілденіп кетті:
"Жарықтық өліп кеткен Қара бесті,
Құтылдым ба деп едім құлақ кесті,
Обалыдан өлігің шыға қалып,
Екі қойдың артына кеп мінгесті..."
Оның "екі қойдың артына кеп мінгесті" деп отырғаны, жақында ол екі қойды тағы жеп қойып еді. Оны да Шілде мен Омар (шопандар) біліп қалған. Бапалақ оларға өтініш те айтып көрді. Кейінірек төлеуге тілхат та берді: "жұмған ауыз ашылмасын, жұртшылыққа шашылмасын" деп өтініш салды. Бірақ Шілде мүлде көнбеді, "айтамын да айтамын" деп отырып алды. Сондықтан да оны (20 жылдық стажын ескермей) шопандықтан қуды да шықты. Сонымен Бапалақ, полевой сумка мойнында, төрт-бес мың сом ақша қойнында, қалаға келіп, "қарасатындарға" параға беріп, білгенін істеп, сапырып жүр. Қызып алса:
"Әкемнің аты Бапалақ,
Жасымнан жедім шапалақ,
Шапалақ жейтін себебім,
Болыппын жаста сотанақ!" —
деп есіре түседі.
Біздің таң қалатынымыз, таудай қылмысты тарыдай көрмей, Бапалақтың Пірекесі жүре бере ме?
«ТӘЙІРІ, БҰ ДА ҚЫЛМЫС БОЛЫП ПА!»
Досжан ағайға колхоздың Қоңыр өгізінің жүріс-тұрысы жақпай-ақ қойды. Қоңыр өгіз тұяғы сыртылдап, танауы пышылдап, ұрғанға жүрмейтін антұрған. Әсіресе, қоңы қалыңдаған сайын қыңыр кететінді шығарды. Ол ол ма, кейде тіпті қарап тұрып топырақ шашып, өкіретінді тауып алды.
Досжан бұған алғашқыда "Басыңа көрінсін, сойылғыр" деп жүрді де, күндерде бір күн бірден бауыздатты да тастады. Ең арғысы етін де жегізбеді, саттырып жіберді. "Мұндай антұрғанды сатып жіберуден басқа лаж жоқ" деп кесіп, пішті. Бірақ Досжан: "Еті арам болғанмен пұлы адал" деді де қалтаға салып алды. Бәрібір Қазалының қаласында қалатын пул" деп есептеді Досекең.
Өгіздің бәрі өгіз емес пе? Досекең қаладан қайтып келсе Қызыл өгіздің де мінезі ұнамайтын болып қалыпты. Көзін алартып қарай ма, қайтеді. Сүзгісі келетін түрі бар. "Сиыр сипағанды біле ме?" деді де оған да қаһарын төкті. Қоңыр өгіздің ізімен Қызыл өгіз де жөнеп берді.
Сонымен Досжан ағайдың үш әйелінен бес-алты бала бар. Бірақ бірі үйде, бірі түзде болып бастары қосылмады. Досжан оның да лажын тапты. Бәрін жиып "нақсүйерінің" атына жаздырды да, "көп балалар" қатарыңда үкіметтің ақшасына ие болды. Бірақ ол ақша да бітті.
"Тай атқа, ат мұратқа жеткізер" дегендей жас қыздар бой жетті. Досжан бір қызын күйеуге беріп, өркеші баладай қызыл нар мен торы жорғаға ие болды.
— Жұбандықтың Досжаны осының бәрін кімге сүйеніп істейтінін білесіңдер ме? — десең:
— Білеміз! — дейтіндер екінің бірінен табылады. Бірақ, ауданда Досжанды әңгіме етсең, көріне көзге:
— Тәйірі, бұ да қылмыс болып па? — деп, қақпақ бола қалатындығы бар. Соның себебімен Досекеңнің қылықтары мен былықтары басылып қала береді де, жабулы қазан ашылмайды.
Сондықтан да алдымен ашылатын нәрсе қақпақ, сонан соң қазанды таппақ онша қиынға түспес деп ойлаймыз.
САУДА ҚЫЗМЕТКЕРІ МЕ САУДАГЕР МЕ?
Құлатайдың Сұлутөбе сельпосына барғалы жұмбақты жағы көбейіп кетті. Оның жүргені де, тұрғаны да, ең арғысы күлгені де жұмбақ. Оны қырық аударсаң да қырын таппайсың, Құлатай жұп-жұмыр. Әсіресе соңғы кезде жұмырланып кетті, аузы-мұрны жоқ, бітеу. Қай жағынан келеріңді білмейсің, тұрған бойы сұрақ. Бірін суырсаң, бірі шығады, бірінен бірі ірі шығады. Оның бұл сиқы қарап: "Осының өзі сауда қызметкері ме, әлде саудагер ме?" деп те қаласың, қапелімде шешуін таппайсың. Әйтеуір Құлатайдың жолы қисық, жөні түзу емес. "Жүрсе ізі, бауыздаса қаны жоқ" дейтін жұмбақ секілді, жұп-жұмыр болып жүгіріп жүрген біреу...
Құлатайды шынында да "жүрсе ізі" жоқ қайыққа да теңегің келеді. Өйткені Құлатай сельпоның ең дүниесінің ортасында, оттай шалқып, қаздай қалқып жүзіп жүр. Оның "қолы да ұзын", қалай созса солай жетеді. Қолының бірі қаладағы базда жатса, енді бірі аудандық тұтынушылар одағында жатады. Тағы бірі Сұлутөбе сельпосының өзінде тұрады. Қай жағынан тартсаң да суырып ала алмайсың, әбден жымдасып, барынша қиюласып қалған. Құлатайды жұмбақ адам дейтініміз де осы.
Оның несібесіне сельпоның председателі райшыл, аудандық тұтынушылар одағының председателі үндемес болып кездескенін көрмейсіз бе? Олар көрсе де көрмей, білсе де білмей, көздері бақырайып, мұрындары салбырап отырып алған-ды. Әйтпесе алдарында жатқан фактураларды тексеріп, бұрыс - дұрысын айыратын сауаттары бар емес пе? Әрісін қойып, берісін айтқанда, облыстық тұтынушылар одағы сауда ба тасының N2 складынан N7 фактурамен Құлатай "ИЖ" маркалы төрт мотоцикл алды. Оның екеуі орнынан қозғалды да, жоқ болды. Ұшып кетті ме, әлде біреудің қалтасына түсіп кетті ме? Оны зерттеген ешкім жоқ. Қайта олар алдындағы фактурада мотоциклдің төртеу екенін көріп қалмайын дегендей көзін жұма қойды.
Құлатай баздан алған тағы бір мотоциклді жұтып жіберді.
Мотоциклдер мен пальтолар жоқ болып жатқанда үн дегендерің бұйым болып па? Өткен март айында совхозға і иісті жиырмалаған тонна ұнды "үшті – күйді мен" құртып жіберді. Ұнның арасында 60 метр масаты да кетті. Бірақ арты қайырлы болды, қатты да емес, жай соғыспен жайбарақат қана жабылды да қалды, жанын ауыртқан жоқ.
Құлатай сыртқа жұмбақ болғанмен аудандық тұтынушылар одағы председателінің дайындау жөніндегі орынбасарына жұмбақ болуы мүмкін емес. Өйткені ол білмейтін Құлатайдың қалтарысы жоқ. Құлатайдың жұтқыншағы бір бүлк етсе, олардікі екі бүлк етеді деген қауесет бар. Әйтпесе таудай нәрселер тарыдай домалап талтүсте, шаршы топтың (базардың) ортасында сатылып жатар ма? Жаны ашырдың жоқтығынан болғандық емес пе?
Құлатай жұта білсе, жұтқызуды да білетіндердің бірі. Кейде "Машина бос жүгірмесін деп сала салып едік" деген сылтаумен бастықтардың үйлеріне сексеуілді де түсіріп кетеді. Кейде: "Өзіміздің орган пішеніміз еді" деп шөпті де әкеліп тастайды.
Міне, осының бәрі Құлатайды жұмырландырып, қай жағынан келеріңді білдіртпей, бірі қақпақ болса, бірі жаппақ болып отырғандығын айтып тұр. Әрине, Құлатайдың бұл сұмдығына сұқтана қарайтын бастықтары болмаса, оның сұғанақтығы өрістей беретіні даусыз. Ендеше Құлатайды жұмбақ күйінде жүргізе бермей, сауда маңынан аластау керек. Көп жұмбақтың шешімі осында ғана тұр.
ҚАШАНҒЫ "СОҚЫРТЕКЕ" ОЙНАЙМЫЗ...
"Соқыртеке" ойынында бірінің көзін бірі таңып, бірін-бірі қуып ойнайды ғой. Алайда, біздің қалалық электр станциямыз кейде күн ара, кейде күн сайын осы "ойынды" көзді таңбай-ақ бақырайтып қойып ойнайтынды шығарды.
Бұлардың бұл "ойынды" бастауының өзі қызық. Кейде алдыңа ас ала бергенде, кейде қолыңа кітап ұстағанда - ақ "ойнай" салады. Күтпеген жерден "соқыртеке" ойынын бастап жіберіп, электр станциясындағы:
"Соқыртеке ", соқ - соқ,
Қараңғыда көзім жоқ,
Тиіп кетсе сөзім жоқ!
Шекелерге шекелер,
Кеселерге кеселер,
Шақыр-шұқыр соқ - соқ!" —
деп тұрғандай болады.
Әсіресе, бұл сияқты "соқыртеке" ойындары клубтарда, жиналыстар үстінде жиі-жиі болып тұратынды шығарды. Тіпті электр станциясындағы бір айдың үштен бірін ғана жарықпен алдаусыратып, қалған уақытын "соқыртекемен" шығарып салуды әдетке айналдырды.
Кейде электр станциясы лампочкалардың ішіне ирек-ирек "қызыл инелер" салып қойып, кейде сөнуге айналған шоқтың болмашы сәулесі секілді жылтырақпен іліндіріп қоятынды да тауып алды. Бұл сияқты "қызыл инелер" мен, "шоқ сәулесі" тұрғанда "жанбады" деп айтып көр... түк те дәлел жоқ сияқты. Сондықтан да үйренген үйіңнің есігі мен төрін сипалап тауып, түрткілеп жүретін болып аласың.
"Соқыртекенің" кесірінен іскен шекелер, сынған бұйымдар, тоқылмай қалған өрнектер, тоқтап қалған еңбектер, тұрып қалған өндіріс орындары, олардан келген жүз мыңдаған сомдық зияндар есеп емес. Тек айдың басында бір рет, ортасы мен аяғында бір рет жылтыраса болды, олар "ойының ойнап" отыра беретін болып алды.
— Бұларың қалай? — дегендерге:
— Жанып кетті, тайып кетті, сым үзілді, моторы бұзылды, мырт болды, шырт болды... — деген дәлелдерді қардай боратады да, іскен шекенің, тоқтаған сабақтың, сүрінген аяқтың "қызығына" қарап, "тамашасына" батып отырғаны.
Басқасын қойып, бір-ақ фактіге тоқтайық. Осы өткен түнде қалалық мәдениет үйінде село көркемөнершілерінің облыстық байқауына жиналғандардың қорытынды концерті болып жатты. Электр станциясындағы осы концерттің үстінде де "соқыртекесін" ұмытпады, жарқырап тұрған жарықты лып еткізді де, сөндіре салды. Салып тұрған ән де, тартылған гармон да тоқтады, қапелімде "соқыртеке" басталды.
Әсіресе, осындай "ойынды" жаны сүйетін тентектер қабылдай түсті. Біреуі ысқырып, біреуі қышқырып, біреуі тұмсығын соқтырып алып, пысқырып жатыр... қанша көрген тамаша, қызық пен сауықтың арты айқай-шу, тәртіпсіздікке айналды да кетті.
Осындай боларын алдын ала ескермеген клубтың жайбарақат бастықтары "соқыртеке, соқ - соқтың" ортасында сеңдей қағысты. Олай жүгірді, былай жүгірді, ең арғысы керосинді жылтырақ та табылмады. Жылт еткен шырпының жарығына жалт еткен көздер жабыла таласты. Ақырында қызу басталған көңілді концерт, соқтығысу - қақтығысумен, есікке таласқандардың айқайымен тарады.
"Соқыртеке" тек осы концерттің айналасында болса да оқасы болмас еді, жоқ, олай емес, қаланың барлық оқу орындарында, мыңдаған оқушылардың жатақханаларында, баспаханаларда, өндіріс орындарында да болып жатыр.
Зырылдаған станоктардың тоқтауы, ашылған кітаптардың жабылуын, жүріп тұрған машиналардың кілт тоқтауы, көшелердің қараңғылануы — осының бәрі зиян. Бірақ осы зиянды есептеп, оған саналылықпен қарап отырған электр станциясының қызметкерлері жоқ. Олай дейтініміз қолдағы бар мүмкіндікті толық пайдаға асыра алмай, көптің өскелең тілегіне сай қызмет ете алмай, еңкейген кәрі, еңбектеген балаға дейін "соқыртеке" ойнатумен отыр. Біздіңше мұнан былай:
Соқыртеке болмасын,
Аяқ-табақ сынбасын.
Шекелер мен шекелер
Бір-біріне ұрмасын.
"Қараңғыда көзім жоқ,
Тиіп кетсе сөзім жоқ ", —
Болып ешкім тұрмасын!
Бұл болатын, әрі орынды тілек. Оған сенім мол. Қ. қаласының басшылары осыны да ойласын.
БОРАШОВТІКІНЕ БАРАМЫЗ...
Сырдарияның бір қойнауы, көк шалғынды көлдің жиегі. Өрістеген қой, күйездеген жылқы, желіде жатқан құлын... Жұмыртқадай бес ақ үй қатарын тізіп бұлар тұр. Ортадағы үлкен үйден күмпілдете піскен сары сабаның гүрсілі шығып жатыр.
Бес ақ үйдің тігілген жері Сырдарияның бір алабы, Қатты көлдің жағасы. Үй кімдікі. Мал кімдікі. Бұл әлі оқушыға белгісіз.
...Екі жүк машина тола адамды мінгізіп алып құйындатып келе жатыр, бет алысы бес ақ үй.
— Қайда барасыңдар? — десең, біреуі: байға! біреуі: майға! біреуі: қымызға! — десіп күліседі. Анығына келгенде:
— Борашовтікіне барамыз. Сары қымыз, піскен қозының ми палауын асағалы келеміз! — деді ортадағы ұзын бойлы, атжақты келген бір жігіт.
Плотинаға келген сырт қонақтың бұл ауылға соқпай кететіні аз. Өйткені плотина басшылары өз сыйлықтары болмаған соң Борашовтікіне ала жөнейтін әдеті болған. Оның үстіне плотина басшыларының апарған қонағын Борашов та серпін көрген емес, өйткені оның плотинаға қайткенде мықтап жайласудың қамында жүрген кезі. Сондықтан да қынжылмай сыйлауында оның іштей есебі бар.
Сонымен жиырма-отыз кісі Борашовтың үйінде екі күндей қонақ болды. Саба-саба қымыз, мая-мая бауырсақ сары майлы дастархан ағыл-тегіл болды да жатты. Сүбелері жете қарыс болған тоқтылар бір емес, екі рет сойылды. Қонақтар екі күнді артына салып әрең аттанды. Бұған бір-екі жыл болып қалды.
Борашовтікіне барамыз, 15 гектар пішендік жерді Борашовтың малына деп шауып беріп едік, енді соны плотинаның өгізімен тасығалы келеміз... — десті. Соның арқасында Борашовтың малы күйлі, шөбі жұғымды, соғымы семіз, еті майлы болды... Қонақ келіп жатыр, кетіп жатыр. Бірақ, пайдалы адамдар болмаса, тегін ет, тегін қымыз неге берілсін? Пайдасыз, кездейсоқ адамдарға Борашовтар жүре сөйлейді. Шекесінен қарайды, сенгендері күшті секілді.
Тағы бір топ кісілер келе жатты.
— Қайда барасыз? — дегенге:
— Борашовтікіне барамыз, плотинаның дайын кесегі мен қышынан сыңғырлаған екі бөлмелі үй салдырыпты. Соған құтты болсын айтқалы барамыз, — деседі. Бұл Борашовтардың соңғы тапқан табысының бір ұшқыны болатын-ды.
Осы секілді шым-шытырық шытырманнан құтылудың әрекетіне кіріскен Борашовтар бірте-бірте плотинадан ауысып колхозға баруға жан сала кірісті. Аудан да мұны сыртқа серіккен жоқ, колхозға ұсынды. Январьдың 28 күні тағы да бір-екі адам шабуылдап келе жатты. Бұларға:
— Қайда барасыз? — дегенге:
— Борашовтікіне барамыз. Оны колхоз председателі етіп сайлапты. Соған шүйінші сұрай барамыз, — десті.
Арада төрт-бес күн өткен жоқ. Жазылған сия кепкен де жоқ, тағы да біреулер шауып келе жатты.
— Қайда барасыз? — дегенге:
— Борашовтікіне барамыз. Аудан жиылыс өткізіп, Борашовты колхоз председательдігінен жұлып тастады. Соны айтқалы келеміз, — десті.
Міне, Борашовтардың үйіне барғандар мен келгендердің бір-екі жылғы шабуылының ұзын ырға, қысқаша тарихы осындай. Бұлардың бүкпелі бұлғақ, мал жинап, үй тігуі, бармақ баспай, көз қыспай былтыр менен биыл емес, әріден басталады.
Әсіресе, кейінгі соққы (колхоз председательдігіне өткізіп тұрып, алып тастау) Борашовтарға оңай тиген жоқ. Қымыздың күші, еттің майлысына сыйынуға үйренген әдетімен шабуылдаса да өндіргені аз. Дегенмен Борашовтар әлі мұқайтын да емес. Жең ұшынан желпіндіретіндері де бар болуы даусыз. Бірлі - жарымда бара жатқандарға:
— Қайда барасыз? — десең:
— Борашовтікіне барамыз, — деседі әлі күнге.
Осы "Борашовтікіне барамыз"... тиылмай, Борашовтар сияқтылардың бүлдіргіш тамыры қиылмайды. Ол үшін керегі: айлашыл алаяқтарды арамыздан аластап, қылмыстарының бетін қаттырақ ашу.
ӘҢГІМЕ ЖІПТЕН ШЫҒЫП КЕТТІ
Көршіміз көңілді адамдар болатын. Олардың көңілсіз жүретін кезін аз көретінбіз. Бүгін күтпеген жерден бұлардың үйіне көңілсіздік туа қалды. Әйелі күйеуіне, күйеуі әйеліне қатты-қатты сөз айтып жатты. Әңгіме, сұрастыра келгенімізде, бір сабақ жіптен басталды.
— Ойпыр - ау, бір сабақ жіп табылмаған не сұмдық? Салақсың, олақсың! — дейді күйеуі.
— Дүкенде жоқ болса, мен қайтемін? — дейді келіншегі.
— Жіп болмаушы ма еді? — дейді күйеуі.
— Жоқ! — дейді әйелі.
— Мүмкін емес! — деп өңештейді күйеуі. Сонымен көйлек түймесін қадайтын ақ жіп табылмағандықтан көршіміз бен екеуміз магазин аралауға өзіміз шықтық. Менің іздегенім де "ұсақ-түйектің" біреуі, қауіпсіз ұстараның пышағы. Бұл "пышақтың" да әңгімесі аз болмап еді. "Таппай келдік" дегенде: "Ұмытшақсың, еріншексің" деп, мен де үйдің ішін ренжіткенім бар.
Көршіміз бен екеуміз көзімізбен көргенше, үй-ішіміздің айтқанына сенгеніміз жоқ. "Мүмкін емес" деумен жүріп кешелер бойындағы бар магазинді қарап шықтық. Іздегеніміз "болымсыз" нәрсе, бірақ керекті зат. Жіпсіз үй тіршілігі бітпейтін секілді. Түймең үзіліп елбе-делбе болып жүру — мәдениетсіздіктің белгісі. Оның үстіне екі шалғайыңды қашанғы ұстап жүрерсің...
Енді біздің кірмегеніміз шаруашылық есептегі N2 магазин болып қалды. Бұл ең көрнекті магазиннің бірі, соған жеткенше асықтық. Бізді сатушы әйел жайдары қарсы алды.
— Қош келдіңіздер, не тілейсіздер, қызметіңізге біз дайын! — деп ақ жарқындығын көрсетті. Магазиннің "ұсақ-түйек" бакал сататын әйнекті жәшігінен әркім өз керегін тауып алып, көріп жатыр.
— Бізге жіп керек еді, — деді көршім.
— Маған ұстараның пышағы, — дедім мен. Сатушының екеумізге кезек-кезек жыпылықтай қараған көзінен қысылып тұрғанын біле қойдық. Болмашы нәрсені "жоқ" деп айта алмай құлағына дейін қызарды. Жаңа ғана: "Керектің бәрі табылады" деп тұрған жеңгейдің жайдары сөзі көмескіленіп қалды.
— Ертең, бір күн болып қалар, қазір жоқ еді, — деді күбірлеп.
— Енді қайда болады? — деді көршім.
— Темір жол бойындағы магазиндерден табылмаса... — деді де бетін басқаларға бұрды.
— Ең болмаса қара жіп болса да? — деді көршім қаттырақ жекіп.
— Ағы болмағанда қарасы болатын ба еді? — деді сатушы әйел ашуланып.
Екі көрші тұра қалып, ендігі баратын жерді ойластық. "Біріміз осы магазиннің директоры Сәйдірге барсақ қайтеді" дедік, біріміз темір жол бойына тартуға ұсыныс жасадық. Бірақ директорды да таппадық, темір жол бойындағы магазинге де жете алмадық. Өйткені, аспан айналған ыстықта қаланың бар магазинін аралап шығу, оның үстіне бір каток жіп пен қаңылтыр пышақ таппау — біздің жүйке тамырымызды қаттырақ соқтырып, шаршатып та тастап еді.
Біз енді үй ішіміздегі болған көңілсіздіктің бас айыпкері өзіміз болып келеміз. Оларға біз "салақсың, олақсың, еріншексің" деп ренжітіп шыққанда, таппаймыз деп ойламап едік.
— Енді қайттік? — дейді көршім.
— Енді қайттік? — деп мен оған қараймын.
— Сіз осыған бір ауыз өлең шығарыңыз, — деп көршім жатты да жалынды.
— Өлең, жіп пен пышақ бола ма? — деп едім оған көнбеді.
— Барды жеткізіп бермеген сауда басшыларына сабақ болсын, әрі көпшілікке мазақ болсын! — деді қатуланып. Мен оған көне қойдым да екі ауыз өлеңді қаладағы бас магазиннің директоры Сәйдірдің адресіне жіберуді ұйғарып едім, көршім оған да көнбеді.
Ине мен жіп көптің керегі. Сондықтан да мұны "майда-шүйде" демейік, көптің мұқтажын ойламаған сауда қызметкерлерін газет арқылы: "салақсың, олақсың, еріншексің" деп ұялтқанымыз қолайлы болар деп тұрып алды. Оның ұсынысына көнуге тура келді. Сөйтіп, әңгіме бір сабақ жіптен шығып кетті де, аяғы фельетонға ұласты. Өлеңі мынадай болып жазылып еді:
Бұл оқиға, Сәйдір - ау, Бір сабақ жіптен басталды. Бір сабақ жіп табылмай, Түйменің орны бос қалды... Жіп таппаған не сұмдық Қаңылтыр, жұқа пышақпен? Айналысады енді кім, Осындай керекті "ұсақ пен ?!."
САПАСЫЗ БҰЙЫМДАР, ЖАУАПСЫЗ БАСШЫЛАР
Клара Б. ботинка алғалы базар басындағы дүкендерді аралады. Ақырында "осы лайық" деп табылған, көруге сүйкімді, бауырынан жарап, жылмиған ботинкаға келісті. Клара оған 150 сом бергеніне өкінген де жоқ, тұрғызып қараса жұтынып тұр, жүргізіп байқаса" өзі жүріп" кететіндей көрінді. Клараның бұл саудасын ағасы Нұртай да, жеңгесі Ағила да дұрыс деп тапты.
Бірақ, ботинка бірінші күннің өзінде-ақ "әндететінді" шығарды. Күн ыстығы тиген сайын тыжырынып, екі ұрттығы бұлтия бастады. Кешегі сұлулықтан бүгін-ақ айрылған ботинканы Клара су бүркіп, сүртіп, гуталин жағып жылтыратты. Ылғалы кепсін, май сіңіп жібісін деп күншуаққа қойып көрді. Сол-ақ мұң екен ғой, ботинканың жұлығы көпсіп, тұмсығы түріліп, өкшесі опырылып, судан шығып қалған лақаның аузындай ырсиып қақырады да қалды. Алғашқы көргенде "түсім бе, әлде өңім бе деп, Клара өз ботинкасынан өзі шошып кетті, жүгіріп ағасы мен жеңгесін ертіп келді. Үшеуі жүріп, ұнатып алған "сұлу ботинкасының" орнында өңі кетіп, бозарып қалған, шортан ауыз бір зат жатыр екен.
Берекесі қашқан құнсыз ботинка ертеңіне "Промартельде" өз құныңдай ақшаға қайта жамалып, Клараның аяғыңда көп шегенің күшімен қайтадан қыдия қалды. Оның неше күнге дейін қыдиярын кім білсін...
Бізге әдемі киім, жақсы мебель, жібек мата, сұлу ботинка, сапалы бұйым керек. Ендеше, Клараның ең болмаса екі күн киюіне жарамай қақырап қалған ботинканы тіккен, "жүрдім-бардым" бұйымдар шығарған қалалық промкомбинат пен артельдерге "бұл сұмдығыңды жөнде, брагыңды өңде" деудің артықтығы болмас дейміз.
Кімде-кім бұл оқиғаның анығына шек қоятын болса, қаладағы толып жатқан артельдер шығарған бұйымдарды сататын базар басындағы дүкендерге баруын ұсынамыз. Сол жердің өзінен-ақ толып жатқан фактілер табуға болады. Ең шеткі дүкенде "3-я пятилетка" артелінің құйған қазандары мен қаңылтырдан құраған аспалы құмандары тұр. Қазан дегеніміз — ортасы шұқыр, ербиген құлағы бар, насыбайшылардың тостағы секілді бір зат. Қорытуы жетпеген қоланың ірімтігі қазанның түбіне шөгіп, иіріліп - иіріліп шоғырланып қалыпты, ойып алмасаң өңделетін емес. Ал, аспалы құмандарының кейбірі — құйса су тұрмайтын, ашылса жабылмайтын, басылса ашылмайтын қаңылтырдан соғылған қиықша... Қысып қалсаң қабырғасы қайысып, майысып тұрған құранды. Оларды көрушілер көп те, алушылар аз. Осыған қарағанда көпшілікке керекті де, қажетті де бұйымдар екені байқалып тұр. Әттең сапасы жоқ, саны бар бұйымдар... Оған жалғас дүкенде қалалық промкомбинаттың балаларға арнап шығарған сандалдары ілулі тұр. Бұлар да қиындыдай құрастырылған, құрбақаның терісіндей құрысып қалған өңкей шыңылтыр. Арқалығын көтерсең, өкшелігі қушиып, өкшелігін тартсаң белдігі шошайып тіпті икемге келер сиқы жоқ. Тағы бір артельдің дүкенінде артель "шеберлері" тігіп шығарған жеңді майка ілулі тұр. Мұнысы жағасы жайлауына кетіп, омырауы оспадарсыз салбырап, етек-жеңі қиыспай, қалай болса солай созылып жатыр. Бейне бүйен секілді бір нәрсе. "Мына түрінде кімге шақтап тікті екен?" деп көріп тұрған Нартай ақын:
— Шіркін-ай, мына майкі, қандай майкі?
Жағасы жайлауында жатыр қайқы.
Арты ұзын, алды қысқа етегінің,
Болды екен неше мың сом мұның нарқы!..—
деп сықақтап, еді, айналаның бәрі күліп жіберді. Базаршылардың кеңкіліне байқамай еліктеп сатушының өзі де қосылып кеңкілдеді. Бірақ, батырық, артелі үшін қысылды білем, маңдайынан тері де шып-шып сорғалап қоя берді. Комбинат пен артель бастықтарының маңдайына да осы ұяттың шеті тиген болса, бұл сияқты сорақылықтың өмірі қысқарып, санына емес, сапасына көңіл бөлер еді. Сондықтан да оқиғаның "майда -шүйдесіне" қарамай мәселе көтердік. Мұнымызды "баға жетпейтін" заттарды сатушы мен саттырушылары болмаса, ешкім де теріс деп айтар ма екен?
"ЕҢКЕЙІП КІРІҢІЗ, ЕСІГІ НАШАР..."
Поездан түсесіз де сол жаққа қарайсыз, оң жаққа бұрыласыз. Көзіңізге бірі құлап, бірі құлауға бейімделіп тұрған тәпенек қана үйлер түседі. Үйлердің алды шұқыр, шұқыр толған қоқыр болады. Шұқырдан асып, қоқырды бассаңыз «қонақ үйдің» табалдырығына тірелесіз.
Сіздің алдыңыздан ұзын бойлы, ашушаң, тілі ащы бір жеңгей шығады да: «Не керек сендерге?» деп тұра қалады. Бізге «қонақ үй керек» дейсіз. Ол ең алдымен «Еһе!» деп күрсініп алады да:
— Отын жоқ, темір пеш жыртық, түтін шығады. Кроват сынық, үй суық, одеял нема... Осының бәріне көнетін болсаң, кіресің, — деп есік алдынан ескертіп, есік ашуға кіріседі. Бірақ есіктің ашылуы оңайға түспейді. Алдымен оң жағын көтеріп, сонан кейін сол жағын ығыстырып, сөйтіп барып сықырлатып итеріп қояды. Сөйтеді де: «Еңкейіп кіріңіз, есігі нашар», —деп бұқпалата бастайды.
— Байқаңдар, бас киімді алушы болмаңдар, жарылып тұрған жер жалп ете түсіп бастарыңды жарса, жауап берер жайым жоқ, — деп оны да ескертеді.
Осы көрініске көнемін дегендер ақшасын төлеп, ашушаң жеңгейдің айтқанына бағынып, еңкейе кіріп, бұқпалай басып, қырындай жүріп, "қонақ үйдің" қонағы болады, болмасқа да лажы жоқ. Тәртіп бойынша шешіну керек, бірақ ілетін шеге болмағандықтан (оның неге жоқ екенін сұраудың өзі де қиын) "бақырауық" кроваттың арқасына арта салып, дірдек қағып отырасыз. Өйткені бұған көнбеске лажыңыз болмайды.
Сонымен көңілдене қалса ашушаң жеңгей бір құшақ қамысты сүйрете кіріп от жағады. От тиген қамыс гу ете түседі де, түтіндете жөнейді. Бүйірінен де, аузынан да, арқасынан да, асты менен үстінен де бұрқырайды. Үйдің сызы қоңырсып қолқаңа кіріп түшкірте бастайды, түшкіре бересің, түшкіре бересің...
Ж. ауданының "меймандос" қонақ үйіне қонғандардың ішінде кім болмады дейсіз? Ақыны да, жыршысы да болған сықылды. Олардың жазған өлеңдері де бар:
Түтін жұтып түшкірдім,
Түшкіріп жатып түс көрдім.
Қамап қойған сыз үйде,
Бір ғажайып қыс көрдім...
Суық үйге жатыппын,
Селкілдеппін, қатыппын.
Ертеңгісін байқасам,
Сықырлайды шайқасам,
Мойын менен көк желке,
Мұз бопты да қалыпты,
Екі аяғым сіресіп,
Сыз бопты да қалыпты... —
деп жазады...
Міне, Ж. ауданының орталығындағы қонақ үйіндегі ауызекі айтылып жүрген "жарнамалардың" бірлі-жарым сыртқа шыққандары осылар.
Бірақ, осы масқаралықты ескеріп, барын бардай, жоғын жоқтай ұқсатып отырған ешкім жоқ. Айтсаң күледі де: "Барымыз осы!" дегенді көлденең ұстайды. "Жоқ, барыңыз ол емес, жөні түзу екі бөлме табылмайды дегенге кім нанар?" десең өршеленіп: "Үй табылса редакцияға табар ек, Жүсіповты жүгіртіп қоймас ек..." дейді.
Қалайда аудан орталығындағы қонақ үйдің осындай күйде болуы ұят. Енді бізге: "Еңкейіп кіріңіздің орнына — шалқайып кіріңіз, төменірек бұғыңыздың орнына, төрге шығыңыз!" дейтін уақыт жетті. Аудан басшылары осыны да ескеретін болсын.
ЖЫРТЫҚ ҮЙДЕ ТАМШЫ ОЙНАЙДЫ
Қ. қаласының "мейманханасы" дейміз бе, әлде "қонақ үйі" деп атаймыз ба? Онда тұрған әңгіме жоқ, әйтеуір екеуінің бірі. Әңгіме, осы қонақ үйдің қонақтарына жасаған меймандостығы, күтуі, тазалығы, тәртібі жайында болса дейміз.
"Бауырсақ жауған күні" деп Қожанасыр айтқандай, кеше ғана бірінші рет жаңбыр жауған күні, осы қонақ үйдің үстінде тамшы ойнады.
Қонақ үйдің есігінен кіре бергенде N2 бөлмесі бар. Бұл бөлмеде жататындардың саны төртеу. Күн кеш еді.
Қонақтың бірі көсіліп,
Енді бірі шешініп,
Жатқаны сол... жаңбырмен
Үй төбесі тесіліп,
Тамшы кетті сорғалап,
Қонақтар судан қорғалап,
Ілінгенін сүйретіп,
Еңбектеп жүр жорғалап.
Суды бірі кешіп жүр.
Бірі "ескекті" есіп жүр.
Бірі үйрекше "сүңгіп " жүр,
Сөйтіп жүріп қонақтар,
Тауып жыртық шелекті,
Аққан суды тасып жүр,
Айғызданған бет-аузын,
Ұялғаннан басып жүр.
Дежурный жүр шырқырап.
Өзі - өзінен бұрқырап:
"Осы тамшы ағып еді...
Биыл емес, былтыр - ақ.
Онда да бір қым-қиғаш
Түні бойы дірдектеп,
Төсектерін сүйреп кеп,
Сыртқа қарай қашып еді.
Жүкті осындай тасып ек.
Биыл тағы тамшылап,
Күз басынан қамшылап,
Айтып-ақ тұр мінеки,
Өшірген жоқ ескі күй".
Өйткені, директордың өз үйі құрғақ. Онан ағып жатқан су, тамып жатқан тамшы жоқ. Айлығын алады, қалтаға салады... Ал, қонақ үйдің төбесі ұмытылып қалады. Ішіндегі қонақтары "қос - қолаң" арқалап, түн ішінде тамшыдан қамшы жеп, жыртық шелекпен жыртық үйдің суын тасып әуре сарсаң болады. Бұлар кімге айтады?
Біреуі үйрек, бірі қаз,
Бөлме толған сулы саз...
Қонақтардың "малтып " жүр,
Киімдері "қалқып " жүр
Соны көзбен көріңіз,
Мықтап көңіл бөліңіз,
Мықтап көңіл бөлмесең,
Қонақ үйдің қонағы,
Қайда барып қонады?
Қонақ тыныш ұйықтайтын,
Тамшы қуып шықпайтын,
Жайлы үй "қашан болады?
ҚОНАҚ ҮЙДІҢ "ҚОРҚАҚТАРЫ"
Поездан түнгі сағат 1-де түстік те, бес-алты кісі бірге жүрдік. Отырар орын жоқ, вокзал залынан қуып шықты да, түнімен еденін жуып шықты, перрон да бос емес. Ендігі лаж — аяққа қонақтау, аяқ үстінде тұрып қалғу.
Станцияның алдында аздаған ағаш, ескі сәкі орнатқан шайхананың баспанасы, "келетін -кететіндердің" асханасы бар екен. Бізге оның да пайдасы тимеді. Қойған жүгімізді бірі әрі сүйреді, бірі бері сүйреді.
— Қонақ үйі бар ма?
— Бар десе де болады, жоқ десе де болады. Келген қонақ осы жерге қонады.
— Бары қалай, жоғы несі?
— Бар дейтініміз — "қонақ үй" дейтін аты бар, жоқ дейтініміз қонақ тоқтар жері жоқ.
— Аудан орталығы, әрі тоғыз жолдың тоқайласқан жері, бір поезд келіп, бір поезд кетіп жатады, түсетін қонақ жетіп жатады, бұл бір ғажап екен! — деп тоқырайды тоқайласқан жолаушылар.
— Нартай ақын, жантаятын жер де жақын, жүрегіңіз қысылса, жүріңіз сәкін - сәкін! —деп Әбдікәрім тақпақтап күлдіріп қояды. Біз қонақ үйді іздеп келеміз. Алқынып тұрып Көкең жөн сілтейді:
— Ей, жігіттер, мен көрген қонақ үй: ет базардың аржағында, сүт базардың бер жағында, көшенің бұрышында, жерден жеті қарыс қана биіктігі бар үй еді ғой... Өтіп кеттік, асып кеттік! — деп жобалайды.
Әне-міне дегенше түн ортасы да болды. Іздей - іздей қонақ үйді таптық. Есік емес, үңірейген тесігі бар, тентек сықырлауықты қақпаны әрең ашып, қақтық. Дыбыс жоқ, тым -тырыс. "Товарищ" деп те жалынамыз, "жолдас" деп те жалбарынамыз, мүмкін өзбек болар деп, "ортақ" деп те сұраймыз. Бірақ жауап жоқ.
Тықылдатып тыным бермеген соң ақырын басып, жай жүріп біреу келеді.
— Ашыңыз, жолаушымыз! — деп едік.
— Ашпаймыз, жолыңыз болсын, жүре беріңіз! — деді.
— Неге олай?
— Ол солай, қорқамыз.
— Неден қорқасыз?
— Үй қараңғы, электр қиылған, лампаның майы жоқ, ең ақыры оттықты да бітірдік. "Пожалуйста" ертеңгісін келіндер, есік ашық.
Біз көп арбастық, көп айтыстық, қасақана жаңбыр да бізді сабалап, мойнымыздан сорғалап тұр.
— Түстерің нашарлау екен, — деді іштен сығалап қарап тұрған әйел. Түсіміздің нашар емесін, сүмірейтіп тұрған жаңбыр екенін дәлелдеп, өзімізді таныстырып екі сағаттай кейістік, ақырында келістік. Есік ашылды.
— Байқап басындар, біріңді бірің қолдарыңнан ұстаңдар, еденнің тесігі бар, су құйған бақ бар, тайып кетпендер, ағып кетіпті... қап, мына бір шелекті біреу қағып кетіпті... — деп ол әйел сөйлеп келе жатыр.
Дежурный әйел бізді қараңғы үйге кіргізіп, жататын орынды болжаумен сілтеді.
— Сіздер алтау екенсіз, алтауыңа екі койка. Шуламаңдар, сиысып жатындар! — деп, қысқа-қысқа бұйрық берді де, шығып кетті.
Койканың аяқтары алшиып, төрт тағандап айқайын сала жөнелді. Ортасы ойылып, түсіп кетті. Көкең үйелеп қалды да, ұялған дауыспен өлеңдетіп:
Қайтеді үйелетіп мына шіркін.
Ойылып бара жатыр біртін-біртін?
Екі темір қабысып, ортасында
Қалмасы игі ем селтиіп екі мұртым! —
деп күледі.
Кәкеңнің сықағына қосыла күлуге де әл жоқ, қойындасып, қолтықтасып құлап тұрып, жығылып түсумен танды атырдық. Жарықтан қашатын жәндіктер жанталасып қашып жатыр. Тарақандар тым-тырақай сидаңдап қашады. Қан денелер торсаңдап, томпаңдап жорғалайды. Тозаңға сүңгіп, шаңға көміліп малтып жүр. Сынық терезе болмағанда дем алу да қиын еді. Кәкеңнің өкпесі сыр-сыр етіп:
Тар үй сығып алғанба үнімізді,
Есітпесін басқалар мұнымызды...—
дей беріп еді, дежурный әйел жетіп келді де:
— Алты адамға ақша төлеңдер, асығыспын! — деп алақанын жайып тұр.
— Қонақ үйдің директоры кім? Ол кісіні көруге бола ма? — деп едік.
— Ол кісі аудандағы колхоздың бастығы, өрі бізге директор.
— Ә, айлықты екі жерден соғатын, екі койкаға алты кісіні тығатын, қонған қонағы таң атқанша әрең тірі шығатын директор десеңші, бізге сол кісі керек! — деді Әбдікәрім. Әңгіме тағы шиеленісті. Дежурный өршелене түсті.
Кәкең енді ауданды қойып, облыстың басшыларына өлеңмен арыз жазып отыр:
Ардақты облыстың басшылары,
Жұмыстың көп қой рас, жақсы жағы...
Торабы тоғыз жолдың Арысыңда,
Жоқ екен жолаушының бас сұғары!
Кәкең көп жазды, ауыр-ауыр сөз жазды. Оған бәріміз де қосылдық. Бірақ қонақ үйдің "қорқақтары" ол өтінішті өздерінен басқаға көрсетер ме екен? Ай, көрсетпес!
Олар көрсетпесе, біз көрсеттік!
КӨЗДЕЙ КӨЛДІҢ КӨЛДЕЙ АРЫЗЫ БАР
Ш. қаласының станция жағынан келіп, қалаға тірелген биік жарына тұра қалсаң — көкжасыл жібекке малынған арудай әдемі, аспанмен тілдескен ағаштардың құшағында тұрған қалаға көзің түседі. Табан астынан қайнап аққан " Қошқаратаның" бұлағы бар көшені жүлгелеп, мөлдір суымен жеміс бақшаларын аралап өтіп жатыр. Жасыл ағаштың ортасынан кеудесін көкке көтерген заводтардың трубалары болашағы үлкен ірі қаланың сәулетін беріп тұр.
Қаладан басталып ұштасқан жасыл түсті бақшалы бау біріне-бірі ұласып, колхоз даласымен шектесіп, ұлан байтақ мақта плантациясына жалғасып кетеді. Күні кеше тас төселген көшелер бүгін асфальтпен әсемделгелі жатыр. Қаланың орталық парктері сұлу сымбатымен өзіне тартады.
Міне, осындай өскелең қаланың азғантай да болса кемшілігі көзге түссе, айтқың келіп, тамағың жыбырлап қоя беретіндігі даусыз. Әсіресе қала бастықтарына батыл - батыл сын айтқың келеді.
Басқасын қойып Түркістан көшесіндегі көлді алайық. Бұл — ортасында аралы, оған баратын көпірі, сайрандасаң қайығы, түссең таза суы бар, салқын кеш, ыстық күнде демалатын көл екен. Әсіресе балалардың басы көбірек қосылатын, күн аптабын сумен шайып өткізіп салатын, мәдениетті орын болған екен.
Бірақ, мұның бәрі ескірген, ізі ғана бар. Мүмкін бұл жағдайды қала бастықтары білмейтін де, барып жүруге қолы тимейтін де шығар. Дегенмен жүздеген жасөспірімнің шомылып жатқан көліне арнап барып, көңіл бөлсе артықтығы да болмас еді.
Көлдің қазіргі сиқы нашар. Суы көнеріп, көнерген суы көгеріп, қайызғақ, өңезе басыпты. Жанды су қосылып, еді суын тартатын өңеш тағы көрінбейді. Кір үстіне кір қосылып, қоймалжың тартып жатыр. Көлемі кеміп, күн сайын семіп бара жатқан белгі бар бетінде.
Бірақ, онысына қарамастан үлкен де, кіші де түсіп жатыр. Әсіресе, балалар тобы таң атқаннан күн батқанша кірлі көбігін жұтып, ішінде жүргені...
Қазір бұл көлдің басында үш қайыққа бір кассир билет сатып, бір кісі сол үш қайықтың арнаулы күзетінде, енді бірі ағаштарының саулығын сақтау қызметінде жүр. Алақандай аланды осы үшеуі билесе де, "қойшы кеп болса, қой арам өледінің" көбі бар сияқты. Бір кезде болған екі будканың қаңырайған төбесі мен аңырайған көбесі қалыпты. Бірі қиқайып шығысқа, бірі қайқайып батысқа қарап тұр.
Темір көпірдің жақтауы кетіліп, табаны тесіліп қалыпты. Басып қалсаң бақырады, аяғыңды алсаң ыңырсып жылайды. Ығыр болған секілді, арқасы қайқаң қағады.
Бұл көлге түспейтін, шомылып шықпайтындар жоқ сияқты. Топ-тобымен қаз да саңғып жүр, ит те ауыз тиіп, тастанды да гүмпілдеп түсіп жатыр. Әйтеуір бәрі бар.
Сондықтан да, қала бастықтары, көздей көлдің көлдей арызы бар. Тыңдай беріңіз, айтып берейік:
Біріншіден, осы көлмен сіздің танысқаныңыз жон болар. Екіншіден, көлдің жатып қалған өлі суын айдатып, жанды суын көбейтіңіз. Көл мәдениетті түрге түсетін болсын. Бұл қалпыңда қала берсе, қолайсыз жағдайға ұшырататыны сөзсіз.
Сізден тағы бір тілегіміз, артық айтсақ кешіріңіз, кем айтылса жетістіріңіз. Қаланың жақсылығы мен кемшілігіне ортақ, өрі жауап беретіндердің бірі болғандықтан атыңызды көбірек атағанымызды айыпқа бұйырмассыз.
Керек деп тапсаңыз сағатына 5 сом алып, үш қайықты қатарынан жүргізіп отырған тиісті бөлімдеріңіздің басшыларын таптырып аларсыз. Көлдің басында зіңгіттей үш кісі босқа отыр, тек айлық алып тамағын ішіп, ұйқыға жатады.
Мүмкін соларды жұмсарсыз. Өйткені көл басында олардың біреуінен де артылатын жұмыс жоқ. Зерігетін де, тіпті ерігетін де болар, олар кейде:
Көліміз бара-бара тозып кетті,
Құрт-құмырсқа күн санап қозып кетті.
Бастықтарды көрмедік биыл жаздай,
Бізден неге ойпыр - ау безіп кетті! —
десіп өлеңдетіп те жібереді екен.
Көлдің арызына сай қолданған шараңызды мүмкін тағы бірде әдейі арнап керерміз. Таза сулы көлге шомыла барып, мәдениеті аралдағы жаңа будкалардан салқын сусын ішіп алып, қайыққа түсіп, серуен жасап жүргенде кездесерміз, қош!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру