Заңғар
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Әбілқайыр Спан — «Заңғар». "КӨЗ ЖАСЫ" НЕМЕСЕ СӨЗБАСЫ
/uploads/128236e6-fac0-5b77-84b6-65545e8cfd8a/cover.png
"КӨЗ ЖАСЫ" НЕМЕСЕ СӨЗБАСЫ
1964 жылдың 25 тамызы. Үстірт. Маната. Маната болғанда, кәдімгі күй атасы Құрманғазының "Маната" атты күйіне арқау болған асу. Маңғыстаудың қара ойы мен Үстірттің астасқан жеріндегі атақты асу. Әбіш Кекілбаев "Үркер" романында: "алдарында ішіне құйрық- бауыр салып, құдаларға ұсынған қара тегештей дөңгелек алқап, ақ шыңдар мен қара шоқылар ай құшақ қауып жататын Маңғыстаудың қара ойы" деп суреттеп кететін жер. Осы асудың қырға иек артып жығылар жеріндегі шағын төбешік басында ертеңгісін екі адам тұрды. Екеудің бірі: ұстындай ұзын қайың қара шал Спан - менің әкем, ал қасындағы науша бала мен едім. Күткеніміз - ойға қарай жүретін жол-жөнекей машина. Күткен екеу болғанмен, жолаушы -жалғыз мен. Жолаушы болатыным оқуға келе жатырмын. Жазға салым колхоз орталығындағы 8 жылдық мектепті бітіргенмін. Енді 9-шы сыныпқа бармақпын. Ол кезде бүкіл Маңғыстау ауданында орта мектеп - үшеу. Бірі аудан орталығы Таушықта, қалған екеуі түбектің екі қиыры Ұштаған мен Тұщықұдықта. Оқимын деуші талапкерлер көп. Бірақ мектеп жанындағы интернатта орын аз. Оған қол жету ауылдағы азғантай шөпке саңғырлардың балалары болмаса мен сияқты қойшы, қойманшының қара домалақтарына оңайлыққа түсе бермейді. Сол себепті көңілде алаң да жоқ емес... Не де болса деп бағымды сынап көрмек боп, сол үш мектептің біріне ат маңдайын бағыттап шыққан бетім. Әкем солай беттеген машинаның біріне отырғызып, шопырына табыстап жібермек. Біржола апарып орналастырып қайтуға шаруадан қолы босамайды. Мойнында колхоздың бір отар қойының зілмауыр ауыртпалығы тұр.
Сиыр сәске болды. Одан өтіп түс жетті. Әлі бір де бір машинаның қарасы көрінер емес. Шөліркеген соң дауыс естім жердегі қойшы Әбілшенің үйіне беттедік. Біздің жайға қанық олар күтініп отыр екен. Есіктен ене-ақ дастархан жайылды. Қырдың шайы ұзақ ішіледі ғой, сірә. Бірақ маған осы жолы тым ұзаңқырап кеткен сияқтанды. Себебі, әлгінде күйелеш шәйнек астына бір журнал төселген. Көзіме оттай басылды "Жұлдыз". Енді мына шайы түскірдің тезірек ішіліп бітіп, ана "Жұлдыздың" өз міндетін атқарып шәйнек астынан босауын дегбірсіздене күтулімін. Дегбірсізденбей де қайтейін-ау. Жаз бойы жайлауда екі көзім төрт болып күткенім осылар емес пе еді. Менің оқуға әуестігімді білетін әкем қазақ тілінде шығатын, бүкіл мерзімдік баспасөздің бәрін де үйге жаздырып алады. Өзі жаңаша сауатсыз болған соң таңдап-талғап жатпайды. Ішінде "Үгітші блокноты" да бар бәр-бәрін алдырады. Бірақ қырдағы ауылға сол көл-көсір ризықтың өзі түгел келіп жете бермей, оқитын ештеңе таба алмай мені жазғы каникул бойы әбден пұшайман қылған. Міне, сол іздеген бірегейім қайран "Жұлдыздың" қол созым жерде жатып қолыма түспей діңкені құртқанын қайтерсің. Уһ! Ақыры шай да жиналып әлгі жексұрын шәйнектің де қарасы батты-ау. Сол-ақ екен "Жұлдызға" ұмтылдым. Қарасам -журнал біздің үйдің еншісі. Бақсам, ауылдың оңбаған жалқау шопырлары колхоз орталығынан беріп жіберген газет-журналдарды жолдан қиыс ауылдарға апаруға мойындары жар бермей жолшыбай Әбілшенің аулына қалдырып тарта береді екен ғой. Баяғыша аталары бай болған деген қудалаудан қашып Иран өтіп кетіп, бертінде оралған Есбергенов Әбілше ағаңыз сауатсыз. Әліпті таяқ деп білмейді. Тегін газет-журналдың игілігін қол сүртіп, тұтқыш қылып, күйе шәйнек, қазан астына төсеп осылай көріп жүріпті...
Журнал оқуға әбден машықтанып алған тісқақты оқырман емеспін бе, бірден мазмұнына көз жүгірттім. Әбіш Кекілбаев. "Ажар". Триптих. Көзім жарқ етті. Өйтпегенде ше. Білем Әбішті. Көрші ауыл Ондыдан. Мамасы Айсәуле кемпірді де танимын. Ана жылы Ағашты бұлақтың аяғында отырғанда мамам екеуміз үйлеріне қыдырып та барғанбыз. Биыл "Алтын шуақ" деген өлеңдер жинағын оқығанмын. Мен жалпы әдебиетті көп оқығанмен, өлең оқуға онша құлықты емеспін, бірақ "Алтын шуақ" ұнауын ұнаған. Сол Әбіш тек ақын екен деп жүрсем, жазушы да екен ғой. Мына "Триптих" деген несі екен? Жә, артынан біле жатармын. Сол жерде "Ажарға" тарпа бас салдым. "Көз жасы". "Таң әлдеқашан атқан. Тор-тор керегенің көзінен ескен тау бойының шық-шыламды салқын лебі жылы көрпеден тұра берген Нұртайдың денесін дір еткізді. Төсекке қайтадан тереңірек сүңгіп, тек басын ғана қылтитып, іргеден тысқа көз салса, анасы кіп-кішкене қара тайлаққа өңмендеген аруананың бауырына енді ғана барыпты". Баурай жөнелді бірден. Дәл біздің ауылдың көрінісі. Айна-қатесі жоқ біздің балалық шағымыз. Тіпті Нұртай баланың бар байлығы "аузы бүрмелі шыт қалтаның іші толы асық, оларға араласып жүрген бәкінің сынығы, шөп машинасының бұрандасына" шейін біздің бала күнімізден қалған мүкәммал. "Ауылдың желке тұсындағы әгін жауын шайып тастаған шабдар үй"... - бұл - Ондының дүкені ғой. Біздің Жармыштың дүкені де дәл сондай. Және бұл да ауылдың желкесінде тұр. Бұрын неғып байқамағанбыз, біздің жердің көктеміне жетер ештеңе жоқ екен-ау. "Қарынан айырылған Қаратау шоқылары ең жазықтың қақ ортасынан анадайдан аңдап-аңдап тұратынын" көрсек те көзге ілмегенбіз бе?! "Кең жазықтың қақ ортасындағы айнала тұрқы кеп-келтек найза төбені орағыта шалқыған ақ тақыр қазір шалқар көл. "Ие, бұл біздің ауылдың көктемеде төл аяқтандыратын қонысы Қостақыр ғой. Қостақырдың айна-қатесі жоқ көшірмесі Қаратаудың күнгей бетінде де бар болып шықты-ау. Кешегі қыз, келіншек, ендігі жесір Ажар. Бұл да белгілі жай. Оның құрбы-құрдасы, тағдырласы Жармыш аулында да жетіп артылады. Ажар мен Әбен С.Мұқановтың "Мөлдір махаббатын", Н.Лесковтың "Мцен уезінің леди Макбетін" тағы басқа сол тақылеттес шығармаларды оқып қойған маған ол екеуінің арасындағы байланыс жосағы онша таңсық емес. Таңсық болмаған соң дүниеге Нұртай баланың келуі де әбден заңды.
- Айтқан екенсің... Осы ауыл түгел біледі. Сен Жанқожа өлген соң туыпсың...
- Шын әкеңнің атын айт бұлтақтамай.
- Қап, мына атаңа лағынет бұзақы неме бүлдірді-ау. Сонша қазбалап несі бар еді, - деп шалдуар Сәбитті іштей жерден алып, жерге салып-ақ отырмын.
- "Фамилияң кім? Көкеңнің атын айта қойсаң болады".
Мұғалімнің бұл сауалына жауап бере алмай тосылған бала жалт бұрылып есікке зыта жөнелді. Мұғалім аң- таң. Нұртайдың столдың үстінде қалып қойған дәптерінің бетінде екі тамшы мөлдірейді". Бұл жолдарды оқығанда ет жүрегімнің езіліп сала бергені. Өйтетін реті бар еді... Тегі ауыл баласы аңшыл, әр нәрсеге құлағы түрік боп өседі ғой. Басқа алаңдары болмаған соң ба солай. Естігені жанында жатталып қала береді. Іштей қорытындысы шықпаса да қордалана береді. Соның өз ауылымның осы Нұртай балаға ұқсастығы бар бірер жағдаятынан менің жады түскірім де құр алақан емес-ті. Сол жерде ойыма сап ете қалғаны.
Біздің әкей молда кісі. Білем деушілердің айтуына қарағанда, оқу-тоқуы өзге молдалардан молырақ сияқты. Содан болар маңайдың дінге қатысты рәсімдерін өзі бас боп атқарады. Діни жол жоралғының жоқшысы. Бірде бастасы, әрі дос жары бір қарияның жиені қайтыс болады. Мәйітті жаназалап жер қойнына берер кезде шығады шұрқан. Әкей жаназаның әлдебір рәсімін орындаудан бас тартқанының үстіне мәйітті ортақ зиратқа жерлеуге шариғат ұлықсат етпейді деген қисынын алға тартып отырып алады. Сөйтсе бақилық баланы шешесі оң жақта отырып тапқан екен. Оның жаназасы шығарылмай, бөлек қойылуы - бұл енді артындағы жұртына өшпес таңба. Лажы таусылған қария еңкілдеп жылап жіберген. Сонда біраз қиналыстан соң барып әкей марқұм баланы нағашы атасының баласы қып атап жаназасын шығарып, ортақ зиратқа жерлейді.
Осылай етер алдында қарияны ақыретте жауапкершілікті өз мойнына алатындығын ескертіп сөзін алады. Артынша дәл сондай жағдай тағы қайталанады. Айырмасы бұл баланың шешесі күйеуі соғыста өлген жесір. Баланы көлденеңнен тапқан. Әкей ләм-мим деместен, баланы мәңгілік орнына анасының соғыста өлген күйеуінің баласы деп табыстап, күйеудің әкесінің қасына жерлейді. Әлбетте қышыма тілді, қыңыр тартатын қу жақтардан біздің ауыл да кенде емес. Сәл нәрсенің өзін безбендеп жүрмесе безі ісетін солардың бірі "Молдеке, мұныңыз қалай? Ана жолы солай дедіңіз. Бұл жолы бүйттіңіз. Бұл не?" - демей ме. Сонда әкейдің берген жауабы:
- Алдыңғы бала жұрт тыныш, ел аман заманда некесіз жарық көрді. Соңғының жөні бөлек. Ана азаматын борышына берген жоқ. Ел басына төнген зұлматтың құрбаны - ол. Шейіт болды. Ана ар алдында да, Тәңір алдында да адал. Өзінің аналық парызын ақтап, дүниеге перзент әкеліп, періште болды оның үстіне. Оның жолы ақ. Тіпті, етегінен беріп жатса тағы перзент сүюге тиісті. Дін қағидасы, Құран Кәрім өсиеті осы.
Желім ауыздар өсіріп айтпаса діни аңызда ортақ зиратқа көмілген некесіз бала өзге өліктерге келген тиеберсін нәпақа түгілі кебініне дейін тартып жамылатын жегі болады-мыс. Оны былай қойғанда, некесіз бала табу исі қазақ үшін ұят, әулеттің бетіне басылған таңба, ортақ мін. Сондықтан қазекең оны еске алу түгілі некесіз баланың ''көрдемше" деген атын атап түстеуге де құлықсыз. Тіпті, ол сөзді көп жерде білмейді де. Мысалы, мен 1988 жылы Гурьев облыстық газетінің қызметкері бола жүріп некесіз бала табудың етек алуы ұлттық намысымызға сынықтық екендігін айту үшін жазған "Көрдемшелер неге көбейіп кетті?" деген мақаланың тақырыбындағы "көрдемшенің" не екенін басқа-басқа сөз саууды кәсіп қылған әріптестеріме түсіндіре алмай қиналғаным бар. Амалсыздың күнінен Әбекеңе - Әбішке жүгінгенім. Әбекең көл-көсір творчествосының ішінде "Құс қанаты" повесінде осы бір жексұрын сөзді реті келуін келіп тұрса да атамай өтіп "ор шұнақ" сөзімен алмастырған сыңайлы. "Сол жылдары талай қатын көлденеңнен бала сүйді. Кейбіреуі бүгежектеп ел көзіне көріне алмаса, кейбіреуі ойда жоқта пайда болған ор шұнақтарын алдарына алып, ертелі-кеш бәдік айтып әндетіп отырғаны", - деп баяндайды бұл жайтты. Құптарлығы ұлттық салт-сана, табу - тыйым салып қойған, өмірге болдырмау түгілі, жадтан жоғалтуға тырысқан "көрдемшені" өзге қаламгерлер де ауызға алуға құлықсыз.
...Тамыздың сол бір түсінің қалай қайтқаны есімде жоқ. Есімде қалмағаны басым "Жұлдыздан" көтерілмеді. Бәрін оқып түгескен соң "Ажарға" тағы оралдым. "Кек". Оның астарына бірнеше жылдардан соң ой бойлату мүмкін болды. (Ол туралы әңгіме кейінірек) "Галстук сатушы қыз" туралы хикая да пәлендей баурамады. Байғұс қыз ғашық болуын болған-ақ екен. Сонысына қарай, Ажар атына орай, Құдайекеңнің ажар бермегені қандай өкініш. Не де болса маңдайынан көреді-дағы. "Тесік моншақ жерде қалмайды" деп үлкендер тегіннен тегін айтады дейсің бе? Табар теңін дедім де қойдым. Мені мықтап баураған "Көз жасы" болды. "Нұртайдың столдың үстінде қалып қойған дәптерінің бетінде екі тамшы мөлдірейді. Осы екі тамшы жастай жуасытуға жаңа ғана жарап, оң-солымды енді ғана тануға бет бұрған менің бала жүрегіме зілмауыр салмағын салып кеткендей болды.
"Жұлдыздың" "Ажар" жарияланған сол санын мен біразға дейін қастерлі жәдігердей сақтап жүретінмін. 1969-1971 жылдары армия қатарында жүргенімде үйдегі шалдуар інілерім жоғалтып жіберіпті. Міне, мен өзім әдебиет әлемінде пір тұтатын қаламгерім Әбекеңмен алғаш осылай кездесіп едім.
Одан беріде Манатаға әлденеше рет жолым түсті. Баба күлдігімнің бір пұшпағы Маната маған өте-мөте ыстық. Жолым түскен сайын аялдап өту дағдым. Сондайда баяғы Әбекеңмен, Әбекеңнің қауырсын қаламынан шыққан "Ажарымен" алғаш ұшырасқан шағын төбешік көзіме оттай басылады. Көлденең назарға қырпуын әзер аңғартып тұрғанмен, маған ол Қаратауымның екінші Отпаны іспетті. Табаным оған тимесе бір нәрсе олқы соққандай болады да тұрады. Соған жетіп аялдап өзіммен-өзім болған сәтте алты қыр астында бірте-бірте алыстап бара жатқан балалық шағым, 1964 жылдың 25 тамызы, "Ажар", Әбекең түседі есіме...
...1976 жылы СССР Журналистер Одағына мүше болып өтерде әдеби бүркеншік есімімді "Ә.Манати" деп таңдадым. Себебі айдан анық, Маната жарықтық мені Әбекеңмен жүздестіріп, өмір бойы оның қасиетті қаламына табынып өтуіме ұйытқы болған мекен. Заманымыздың ұлы жазушысына, замандастарына тірі кемеңгерді көру бақытын сыйлаған кемеңгерге деген іңкәр ілтипатымның мөлдір бастауы басталған жер ол.
Мен сөйтіп "Әбіш ауруымен" 1964-тің күзіне салым ауырғанмын". Сол "дертімнен" әлі айыға алмай келемін. "Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады" дегендей, бұл жалғаншының жүзінен ол сырқатымды арқалап өтеріме әбден көзім жеткен соң, аз да болса жеңілдермін деген үмітпен осы еңбегімді, оқушы қауым, сіздерге ұсынып отырмын.
АШ БӨРІ
Бұл алғаш "Бір шөкім бұлт" жинағында жарық көрген әңгіме. Етек-жеңі жинақы, шап-шағын ғана шығарма. Бас сап оқығаннан үйіріп ала жөнелетін шытырман оқиғадан ада. Қажет десеңіз, негізгі кейіпкердің аты да бір-ақ жерде, онда да бейтаныс ортада, бейуақта өз аузымен жалғыз рет қана айтыла салады:
- Құрманғазы!
"Қара мұрт ондай да күйші бар ма еді дегендей, ақ сұр шалдың аузына елеңдей қарады". Құрманғазы күйлерін шамырқана тыңдағаны болмаса, оның шытырманға толы өмірбаянынан бейхабар. ұлы күйшінің «Аш бөрі» атты лақап аты танық көп оқырманның "Аш бөрі" шыққанда мына қара мұртқа жете қабыл күй кешкені анық. Өзі Құрманғазы бола тұрып құба жонда жападан жалғыз жабы мініп, домбырасын теңдеп тентіреп жүрісі қалай дейді ғой баяғы. Дейтіні бұл шығарма шыққан кезде Ахмет Жұбановтың "Құрманғазысы" қырдағы елге жетпей, жеткен бірен-сараны ауыл кітапханасынан ұзамай жатқан-ды. Көп жұрт қазақта туып бір кеткен әйтеуір бір сондай күйшінің болғандығын ғана біледі.
-Жазушыны "Аш бөріге" қалам тартқызған -жұртыма сол білмегенін білдірсем бе деген ниет болуы.
- Әрине, солай.
- Жасыратын несі бар, 60-шы жылдары көбіміз тым қарабайыр тыңдаушы болдық қой. Күйді құлағымыздың қармағанын ғана қанағат тұттық. Былайғымыз былай тұрсын домбыра ұстаған азын-шоғынымыздың өзі бірсыпыра көлденең қол тартқанда "Қоңырала" мен "Сәнәуді" айыра алмай қалатын...
Автор күйшісіне Сібірдің қара көлеңке барағы мен қара жал ығындағы үйде қолына домбыра ұстатқан сәтінде күй тілімен көсіліп кетеді. Бұл да қалың оқырманның зейін, зердесіне сәуле шашпақ талпынысы екен-ау.
- Оған сөз бар ма?!
- Біздің Әбіш мына кітабында Құрманғазыны жазыпты. Әй, өзі де мықты-ау, тіпті, астындағы атын, киген киіміне дейін түгендеп түстеп, түрмеге түскеніне дейін тергеп, қонған үйінің қойшысына дейін елеп-екшеп бақайшақтаған екен. Соның бәрін қайдан біліп жүр әй. - деп "Бір шөкім бұлт" қолдарына тиген біздің елдің көзі қарақты қау көкірек оқырмандарының бір қатарының кезінде кеудесі көрікше күмпиіп көтеріліп кеткені де бар.
Артынан білсек, Әбіш Құрекеңді білгендей-ақ біледі екен. Оның өзіндік сыры да болып шықты.
Құрманғазының қуғыннан бой тасалап Жем бойындағы түп нағашылары Төремұрат, Нарынбай, Өтен батырлардың аулына келіп 2-3 жыл жүргені белгілі жайт. Бұл батырлардың руы - Таз. Адай мен Таз емшектес бауыр. Оның үстіне жазушының арғы атасы Қожаназар байдың жайлауы батырлар аулымен жапсарлас. Қожаназарға ас Жем бойында берілген. Күйшінің тек Таз нағашылары ауылында болмай, Адайлар арасына да сапарлап, Үстірттің Маңғыстау ойына құлай беріс ернегіне дейін келгеніне оның "Маната" атты тамаша күйі бұлтартпас айғақ. Оның осы сапарында "Арқадан келген күйшіні көрмек боп" сонау Бозашының Тасорпа түбегінен ат арытып арнап шыққан адамның бірі Ақбота Ишан - ғалым Қабиболла Сыдиықовтың арғы атасы. Қабиболла болса қара әңгіменің жүйрігі, Әбекеңнің университет қабырғасында 4 жыл бірге біте қайнасып жүрген жеделдес ағасы. Төремұрат туған топырақта кіндігі кесілген. Бір бастау осы. Ал екінші дерек көзі Төремұрат, Қызданайға қатысты Адай елінің жадында әлі жаңғырып келе жатқан мына әңгіме.
Құрманғазы күй арнаған Қызданай Таздың Шарға дейтін аулының айттырулы келіні екен. Оның сұлулығы соншалық, бейуақта кіріп келген үйінің ішіне сәулесі түседі екен деп аңыздайды. Соны естіген Төремұрат батыр Құрманғазыны ертіп барып көреді. Ел мақтаған жігітті қыз жақтап, сұлуға жігіттің де көз сұғы қадалып екеуі жүрек жарастырады. Бұл жарастықты құптаған Құрекең сол жерде "Қызданайдың қылығы" деген күйін жебейді. Онсыз да басы даулы Құрманғазыны пәлеге қалдырғысы келмеген Төремұрат оны елге қайтарып жіберіп, артынан Қызданайды алып қашады. Қыз ауылы Хорезм ойында. Жем мен ара біраз жер. Жесірден айрылған (Қызданай соның алдында ғана айттырулы жеріне түсіп, беті ашылып қойылған екен деп те айтылады) Шарға аулы қапылады да қалады. Бес қаруын асынып арттан қууға - Төремұрат ағайын. Таздың жастабанынан. Ақыры кеңесе келе қашқындардың артынан елші аттандыруға шешеді. Талап - жесірді қайтарсын. Сол ауылда бір қарғағаны қате кетпейтін қарғысшы бар екен. Мұның сол қасиетіне қанықтар ақысын төлеп жесірді қайырмаса соған қарғатуды да ойластырады. Қарғыстың салмағы ақысына қарай. Егер Төремұрат талапқа көнбесе жеті күннен қалдырмассың, - деп нақтылап қояды.
Елшілер жетіп бұйымтайын айтса Төремұрат илікпейді. "Айып, айбанасын төлеуге, тағы-тағылар - бәріне әзір. Бірақ, Қызданайдан тіріде айрылмайды". Кезек қарғысшыға келеді.
- Төремұрат, шырағым, райыңнан қайтсаң қайтеді? Мені қарғауға мәжбүр қылма.
- Қарғыстан қорқып алған қатынымды қайтып берем деген сертім жоқ, - дейді онсыз да әлгі елшілермен ырғастан жүйкесі жұқарып тұрған мәрт батыр.
- Ендеше менде жазық жоқ, обалың өзіңе, жеті күнге жет, сегізінші күнге қалма. Жеті күнге дейін тәубеге келсең қарғыс күші қайтады. Әлі де ойланарсың, батыр - деп қарғысшы да атының басын кері бұрады.
Төремұрат Төремұрат қой. Қыз алып қаштым екен деп ат борбайлайтын бозымбай емес. Ен далада Қызданайының қызығына елтіп асықпай ара қонып ат шалдырып келе жатса керек. Сөйте-сөйте жетінші күн дегенде Хорезм ойының Үстірт үстіне шыға берісіндегі Қасқа жол аузынан көтеріледі. Түс ауа алдынан өңшең шөгерме бөрік киген аламан түрікмендер тобы қоршай алады. Бұлар Адай еліне жортуылға шығып, жолы болмай келе жатқан қарақшылар екен. Амандық жоқ, саулық жоқ, қылыш, найзаға кезекті береді екі жақ. Төремұрат қанша батыр болса да көп көптігін жасайды. Қасындағы серіктерімен бірге мерт болады. Қызданай жау қолында кете барады. Бірақ қанды қол қарақшылар ерте қауқылдасқан екен де. Қасқа жолдан құлай бергенде алдарында әлекедей жасанған қазақ қолы қарсы шыға келеді. Бұлар Хорезм ойындағы түрікмендерді шауып келе жатқан Адайдың аламандары екен. Түрікмен қарақшылардың өлгені өліп, өлмегені қашып құтылады. Тұтқын қыздың Қызданай екенін білген соң, оны орталарына алған қазақтар Төремұрат пен серіктерін жерлеп, садақасын береді. Төремұрат аулына қаралы хабаршы аттандырады.
Қызданайды құрметтеп ауылдарына алып жүреді. Жортуылшылардың дені Қаратау, Онды бойындағы Жаңай аулының жігіттері екен. Қызданай сол ауылға келіп түседі. Таз аулымен аралас, Төремұратпен сыйлас ауыл Қызданайды қызындай күтеді. Арада жыл өтеді. Ақсақалдар Қызданайды шақыртып алып, "Шырағым, жазмыш осылай болған шығар. Болғанға болат бол. Батырыңның жылы өтті. Енді басың бос. Біздің елден қалауың болса құп аламыз. Ал еліме оралам десең - алдыңнан ақ күн тусын. Батамызды береміз" деген байламын айтады. - Мен бір рет ант бұзып, қарғыс алып, хас батырдың обалына қалдым. Жастабан аулына жолым түспеді. Ол қадамымды Құдай құптамады. Сол бұрынғы атастырған жеріме барайын. Сіздерге таңда тәңір алдында ризамын, - дейді Қызданай. Бұған тоқтаған ауыл ақсақалдары Қызданайды жасаулап, еншісіне мал айдатып жесіріне шамданған Шарға ауылына басу айтар бас білікті азаматын көшке бас етіп жолға салады. Маған бұл әңгімені айтушының бірі Қырықмылтық Әбділданың бабасы Қызданайды егдерген кезінде көріп болған оқиғаны соның өз аузынан естіген екен. Қызданай елге барған соң атастырулы күйеуіне тиген. Екі балалы болған. Олардан өрбіген ұрпақтар қазір Қарақалпақстанда тұратын көрінеді.
Ал "Қызданайдың қырғыны" күйінің шығуы туралы аңыздың мен естіген нұсқасы төмендегідей:
Жоғарыдағы оқиғадан соң Таздың екі тақтасы Жастабан мен Шарғаның арасына жік түседі. Бір жағы жесірімізді барымталады десе, бір жағы бір төмен етектіге бола бір Таз түгілі Кіші жүзге ортақ батырымызды қанды ауыз қарғысшысына қарғатып өлімге қиды деп өкпесі қара қазандай. Ақыры, реніш арты дауға, дау арты жанжалға ұласады. Екі жақ қол жинап ұрысуға дейін барады. Оларды тоқтамға, бітімге келтірген басқосуда Құрманғазы осы күйін шығарған екен.
- Таз ағайын ара ағайындыққа Адайды шақыртыпты. Оған Адайдан жеті би барып екі жағын да риза қылатындай кесік айтыпты. Бәрі соған тоқтап, дау арты ақсарбас сойылып, бата жасалып, бауырлардың бірін-бірі қайта тапқан тойына ұласыпты. Соған Қызылқұрт Құрманғазы күйші де қатысып күй шығарған екен. Адайдан барған жеті бидің бірі менің бабам Қорек би болыпты, - деп отыратын біздің Молдағали Айдарбайұлы деген ағамыз. Қорек Сегізбайұлы 1870 жылы Иса, Досан көтерілісі кезінде Хиуа ханы жағында елді орыс патшасына қарсы үгіттеп. ханның үндеуін таратқан белгілі би. Бұл туралы Бақытжан Қаратаев жазған. Баласы Айдарбай да сөз ұстап, Адай ревкомының төрағасы Тобанияздың төбе биі болған. Моласы Сисем ата қорымына жақын төбе басында, Қойымдық Сегізбай атымен аталады.
Қызданайдың Адайлар арасына, Ондыға келіп бір жыл тұруы шамамен Әбекеңнің бабасы Жаманқұлдың жігіт шағымен тұс келеді. Ендеше Әбекеңді 4-5 сыныпқа дейін түйесінің артына мінгестіріп алып ағайын аралатып, жер танытып жүрген Теңге шешесі бұл хикаяға тіпті қанық қой. Ол әрине, жыр қылып айтты.
Әбекеңді бұла бозбала шағында күй құдіретіне табындырушының бірі, өзінің аталас ағайыны - Мұрат Өскембаев. Әбекеңнің әкесі Кекілбай да өнерді серік еткен. Күйші болған. Өскенбайдың қасына көп ерген шәкірт інісі. Бірақ байды, барды қырына ала келген жаңа заман шонжардың тұқымы Кекілбайдың салдық өмірін кілт тыйған да, қолына домбыра орнына күрек ұстатқан. Мұрат туралы академик Ахмет Жұбанов "Құрманғазы деген кітабында былай деп жазады: ''Құрманғазының "Бас Ақжелең'" деген күйін, әсіресе, аса қымбатты "Қазижан'" деген әнін берген республиканың атақты домбырашысының бірі -Мұрат Өскембаев. Мұрат қазіргі Маңғышлақ облысы Қарақия деген жерде 1904 жылы туған. Әкесі Өскембай Маңғыстауға аты жайылған үлкен домбырашы, ақын. Соның әсерімен Мұрат жас басынан-ақ домбыраға құмар және қабілетті болады. Бірнеше жыл әкесінің қасына еріп домбыра тартыстың қызу мәжілістерін көреді. Мұрат жиырма жасқа келгенде Өскембай өледі. Енді Мұраттың аты жайылады. Мұрат Өскембайдың, Тазбаланың, Сәулебайдың, Абылдың және басқа дарынды күйшілердің репертуарын меңгереді. Сонымен қатар, Совет жылдарының кейбір кезеңдерінде Түрікменстанда тұрып, түрікмен күйлерін шебер орындаушы болып, түрікменнің дутаршыларымен тең дәрежеде тартысады. Мұрат домбырамен катар ән де салады. Кішкене ғана музыкалы дауысы бар, бірақ әннің ырғағын жақсы келтіреді. Мұраттың репертуарында үш жүзге жақын ірілі-уақты күй бар. Мұрат тек шебер орындаушы ғана емес, оның өзі шығарған күйлері де бар. Олардың көпшілігі заман ырғағымен үндесіп жатады".
Әбекең ҚазМУ-дің бірінші курс студенті болғанда Мұратекең үйі Алматыда. Өзі филармонияның таңдаулы домбырашысы. Қандас ағайыны, әрі майданда шейіт болған туған ағасы, өнердегі әкеден кейінгі сейісі Хамиттің қарулас шейіт серігі Кекілбайдың баласын ол құшақ жая қарсы алады. Інісінің күйге сусақ "дертін" жазуға аянбай-ақ күш салады. Мұратекеңнің әріптестері, достары Қали Жантілеуов, Мұраттың немере туысы Мырзағұл Панаев, Ғалым Қойшыбаевтардың да жұлдызды, дер шақтары. Оны азсынсаңыз, домбыраның Құрманғазы мектебіндегі орындаушылары Әзидолла Есқалиев, Бақыт Қарабалина сияқты жас перілері тағы бар. Бұлардың бастары қосылған сәттерде оларға көзінің астымен үнсіз күле қарап отыратын домбырашы Жұмекен Нәжімеденовтың өзі күймен қоса поэзияда да дүлей екенін кейіннен тап бастырып танытты емес пе?!
Бір сөзбен айтқанда, Әбекеңнің астанадағы зиялы ортада әдебиет қауымынан соңғы екінші ден қойғаны осы өнерпаздар ортасы болған екен де...
"Қазижан". Құрманғазы, сансыз күй шығарған, сұлу саздың небір сиқырлы қайырым, иірімін шынашағының ұшында үйіріп меңгерген ұлы сазгер тек екі ән ғана шығарыпты. Сол әннің алғашқысы, тұла бойы тұңғышы Қазиға арнаған әні - "Қазижан". Академик Ахмет Жұбанов "Қазижанды" берген, яғни жеткізген тек қана Мұрат Өскембаев екенін айтады. Оған дейін бұл ән зерттеушісіне белгісіз болып келген. Өкінішке орай, Мұратекеңнің "Қазижанды" кімнен үйренгенін ешқайсымыз анықтап сұрай алмай қалыппыз. Мұрекең ауызекі әңгімесінің бәрінде өзінің бірегей ұстазы ретінде әкесі Өскембайды атаумен болатын. Бәлкім, ән оған осы Өсекең арқылы жетуі. Олай тұспалдаудың бір себебі бар. Атақты Мұрын жырау Сеңгірбекұлының өзінен он жас үлкен ағасы Төлеген асқан домбырашы. Өскембайдың бірге жүрген дос әріптесі, Құрманғазымен күй тартысқан Айжан қыз күйшімен де өнер сайысына түскен өнерпаз болған. (Бізге бұл деректі Мұрын жыраудың жиен қызы 1987 жылы берді). Осыдан қуғанда Өсекең Құрманғазы жайына өте қанық болған сыңайлы. Мұратекең сол "кішкене ғана музыкалы даусымен" (Ахмет Жұбанов) "Қазижанды Әбіш інісіне айтып берген.
''Анада осындай бір кештен кейін түс көріпті. Өзінің үйінің көлеңке беті. Анасы айран құйып беріп отыр. Айран ашытқан қос құлақты емен күбі шелектің өңез исі аңқиды. Қасына Қазиы келіпті. Маңдайындағы жалбыраған кішкене кекілін тұмсығына апарып еді. Ыңғай жалаң бас жүретін баланың басы күн иістеніп күңсіп кетіпті. "Құлыным-ай" - деп бауырына қыспақ боп, ұмтылып еді, үстіне жамылып жатқан қара тоны сусып ауып түсті. Тұла бойы оқыс шімірігіп, көзін ашты. Түсіп кеткен тонын ап, қайта жамылды. Қара тонның сауыс-сауыс жағасынан күңірсік тер исі шығады екен.
Содан соң көкірегіне сағыныш ұйып, ылғи мең-зең күйде жүрді. Одан осы бостанға шыққан соң ғана айықты".
Бұл жолдар тек әнді елтіп тыңдап, қыр-сырына қанығып, сол арқылы кейіпкері - әкенің жан дүниесіне ой бойлата алған құйма құлақ қарымды қаламгердің ғана қолымен қағазға түсе алған.
Құрманғазының екінші әні, сірә, "Аш бөрі".
Аш бөрі, етің қалады сойған жерде,
Ит болып жүре алмаймын тойған жерде.
Ел кезіп өр киіктей жүрсем-дағы, -
Соғармын тағы айналып туған жерге.
Ас жетер, көңіл жетсе бір ауылға,
Іс істер жігіт қайда бұл қауымға.
Қайтпаған қалың жаудан Құрманғазы,
Тағдырдың бөгелмейді дырауына.
Жан шошыр бастан өтті талай майдан,
Шыққан жоқ атқан серкем терең сайдан.
Өзіммен ұлы дуға бір түсетін, .
Ұл туар мендей бала қатын қайдан.
А.Жұбановтың "Құрманғазысында" ән текстісі осылай берілген. Ахаң онан әрі "Ән қазақ әдетіндегі сөздің басталуымен аталатындай "Аш бөрі'" атанып кетеді. Әннің өзі шырқалып айтылмайды, жай жанға жайлы қоңыр дауыспен ғана айтылады дейді. Ал Әбекеңнің "Аш бөрісінде" ән текстісі төмендегідей:
Аш бөрі жүрген жерім қанды майдан,
Шыққан жоқ атқан аңым терең сайдан.
Қазақта талай қатын ұл туғанмен,
Дәл мендей ұл табатын қатын қайдан!
"Пионер" журналының 1957 жылғы қаңтардағы санында "Құрманғазы" деген көлемді мақала жарияланды. Тартымды, танымдық мақала. Мен онда Түбіжіктегі бастауыш мектептің бірінші сыныбында оқимын (Әбекең Ұштаған мектебінің 10-сыныбында оқиды екен сонда). "Әліппені" әлдеқашан "құтарып" тастаған соң оқуға құштарлық таныта бастаған кезім. Құрекеңнің кім екенін мен алғаш, әрине, бала түсінігіме сай өлшеммен осы "Пионердегі" мақала арқылы білгенмін. Сонда "Аш бөрі" жоғарыда Әбекең келтірген текст бойынша, онда дәл осы шумақ беріледі. Ән сөзін Маңғыстау, Атырау елі де осылай айтады. Соған қарағанда, Ахаң берген текст өзгеріске, әлдекімнің өзінше редакциялауына түскендей. Оның бірден аңғарылатыны қазақ "серке" сөзін аңға қолданбайды. Себебі, серкенің тура мағынасы ешкінің еркегінің ақталанған түрі. Соған қарағанда, "Шыққан жоқ атқан серкем терең сайдан" деген қосымша серкенің шын мағынасына түсіне бермейтін біреулердің жапсырмасы болуы керек.
"Аш бөрінің" шығу тарихы Шөкен қыздың Құрманғазыға тайталасам деп тіл тигізуінен туындағаны белгілі.
Байлардан белгі қалады қонған жерде,
Түлкінің еті қалады сойған жерде.
Ішкен ас, сый-құрметті олжа көріп,
Жүресің төбет иттей тойған жерде.
Қайдағы Адай, Таздың арын арлап,
Сен жүрген бір "Бозқаңғыр" біздің елде.
Шет жерде әлін білмей әлек болған,
Сөзім шығын болады-ау сендей кемге.
Өте ауыр сөз. Қайран Алаштың Құрекесі түгілі қаймана қазаққа да айтыла бермейтін сөз. Шөкеннің бұлай деп шамадан тыс кетуі де тегіннен тегін емес екен. Ол туралы ел аузында төмендегідей әңгіме бар.
Шөкен Таз руының бір бар адамының бұлғақтаған қызы екен. Басы бос, яғни айттырулы жері жоқ. Төремұрат, Нарынбай, Өтен батырлар оны қонақ жиендеріне қолайлайды. Ниеттері құптарлық, атағы Алатаудай Құрекеңе салт бас, сабау қамшы жүрген келіспес әрі аяғы маталған соң, ортамызда қалар дегендік қой. Күйшіге көзін тіктеп жүрген Шөкеннің өзі оған қуана келіседі. Бірақ, Құрманғазы елде әйел, баласы бар екенін оның үстіне қуғында жүрген адам екенін айтып ыңғай бермейді. Кім білген, інгенше көзін сүзген соң буыршын бұйда үзеді дегендей құртақым жүрген Құрекеңнің аздап жігітшілік жасап жіберуі де... Сонымен ел арасында Құрманғазы Шөкенді менсінбепті деген әңгіме қаулай жөнелмей ме? Шөкен қыздың, шаптыу себебі осы делінеді. Келіспеген кер аузы түскір не демейді, Шөкен олай дегенмен жеңіс Құрманғазынікі! Дүниеге "Аш бөрідей" ән келді, "Бозқаңғырдай" күй келді. Құрекең Шөкен қыз әңгімесін айтқанда, анасы Алқаның "Сенің орныңда мен болсам, сол Шөкенді торы аттың сауырына салып алып, Жиделіге алып келіп, біреуге сыралғыға бермес пе едім" деп күлуі жоғарыдағы әңгіменің ақиқаттығын меңзейді. "Аш бөрінің" ұзын ырғасы - осы.
Әуелде Құрманғазыны зерттеушілер бастығы Ахаң болып, оны Сібірдің Үркітіне, Алатауға, Сыр бойына, Сарыарқаға апарды. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың сары даласын ұзына бойына кездіріп шығарды. Сондағы айтар уәж, келтірер дәлелі күйшінің "Алатау", "Сарыарқа" т.б. күйлері. Сөйтіп, күйші қазақтың ен қыры мен ойының топонимикалық картасын күймен "жасап" шыға келді. Бұған бір жағынан зерттеушілердің Құрманғазыны бүкіл қазаққа ортақ еткісі келген ниетінің де әсер еткенін түсінуге болады. Кейіннен мәлім болғанындай, ол Сібір бетінде Орынбор сыртынан әрі ұзамаған. Шығыс бетте Мұғалжар тауынан аспаған. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның осы күнгі батыс өңірінен ұзамаған. Кейбіреулер: "Көзі ашық, көкірегі ояу сұңғыла композитор бүкіл қазаққа ортақ, атағы аспандаған Алатау мен Сарыарқа туралы күйін есту, көз алдына елестетумен де шығара салуы ғажап емес". - деп топшылайды. Әрине, бұл - жорамалдың жорамалы. Әбекеңнің "Аш бөрісінен" мынандай жолдарды оқимыз: "Құбыла жағына көз салып еді, күн бойы буалдырдың арасынан әлдене ағараңдайды. Біреу-екеу емес. Кейбірі ойдым-ойдым үзік-үзік болса, кейбірі тым аумақтылау. Ағарғандардың астындағы көкшіл мұнар тұп-тұтас. Е, мынау тау болды-ау, Алатау осы болды-ау деп ойлады ол".
Бұдан білгеніміз жолаушы Алатаудың темірқазық жағында келе жатыр. Ал оның қандай жер екенін жазушы әңгімеде күнұзаққа жортқаны жұртсыз жөн, тастақ сай басында жалғыз құдық. құдықтың түстігі тырбық тікенек бұталы қатқыл, құдық басында ағарған тас әйкел, әр көдені түгендеген соқпақ та сыңар, өсімдігінің дені де жер тістеп қалған кесіртке өң тарамыс жусан түрінде әсем суреттейді. Нағыз бар мейірім, шапағатты көктен жауған тәңірдің нұрынан күткен шел дала ғой бұл. Іле Алатауының түстігі осындай ма? Жоқ. Тараздың Алатауының түстігі осыған ұқсай ма? Айта көрмеңіз. Адайдың ақпа-төкпе ақындарының бірі.
Сыр бойынан қозғалып,
Сыпырылып Сауран айналып.
Маңғыстауға келгенде,
Тілекті Алла бергенде, - деп бағзы баяғыны бір шолса, енді бірі одан бергі кезеңді:
Алатаудың белінен,
Алғидың ала шөлінен
Бұл жерге Адай келгелі,
202 жыл өткен, - деп нақпа нақтайды. Бұл соңғы сөз 1910 жылы айтылған. Демек, 1708 жылы Адай елі біз білетін екі Алатаудың белінде болмаған ғой. Сонда қайда? Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе елі әлімсақтан осы күнгі Атырау облысы, Жылой ауданы мен Ақтөбе облысы Байғанин ауданының шегіндегі Иманқара, Қойқара, Оймауыт, Доңызтау, Желтау т.б. тау сілемдерін бір сөзбен Алатау дейді. Бұл Әбекеңше айтқанда, "кейбірі ойдым-ойдым үзік-үзік болса, кейбірі тым аумақтылау" жатаған таулар. Халық әні "Ибаш-айдағы"
Доңызтауда Шошқакөл қиядағы
Уәденің болар ма тиянағы. - делінетін Доңызтау - осы. Содан Аралға қараған алқап Алғидың шөлі делінеді. Мұғалжар тауының Алғиға қараған етегінде Жаңай деген кішкене жыланшық өзен бар. Бағзы уақытта ол, әрине, ағыны қатты өзен. Ел жады Әбекеңнің қазір ру атын иеленген түп атасы Жаңай осы өзен бойында туғандықтан, Жаңай аты қойылған делінеді. Жаңайдың баласы Қожаназар - Адайларды Маңғыстауға бастап барған белгілі адам. Зираты Солтүстік Үстіртте. Ал оның әкесі Жаңайдың моласы Жемнің ортасы - Бақашыда. Жаңай-Қожаназар заманы 1700 жылдардың басымен тұстас келеді. Сонда жадтағы деректі топонимикалық атаулар өз-өзінен айғақтап шыға келеді емес пе?! Біздің бұл болжамымызды қуаттаушысы Құрекең тақырыбына жемісті қалам тартқан өлкетанушы Құрманғазы мұражайының директоры М.Жолжанов "Алатау" табиғатқа арналған күй... Жемдегі шағын тау қыраты Алатауға арналған күй - бұл. Ол өзінің кішілігіне қарамастан, көгілдір көркімен, жұпар ауасымен "дала тұрғыны" Құрекең түгілі, 1858 жылы мамырдың 31-інде оның етегіне қонып шыққан Орынбор генерал-губернатор Катенинді де есінен тандырған" деп ақиқаттың төріне қондырып, күйдің шығу кезі 1867-1868 жылдары, яғни сазгердің Орал түрмесінен шыққан уақыты дегенді айтады.
Жазушы "Алатаудың"' алғаш орындалып, тұсауы кесілген сәттегі әсерін былай суреттейді:
- Күйім-ақ екен, - деді сұйқылт сақалының ұшын саусағына орап ап, тапжылмай тыңдаған ақ сұр шал.
- Құлағыңды қытықтайды, - деп мұртты қара ұйып қалған оң шынтағын ұстап, құс жастыққа шалқалай ауып түсті...
- ...Күйші жалма-жан домбырасына жабысты.
- Жаңағы күйдің аты не? - деген ақ сұр шалдың сауалына:
- Алатау, - деп асыға жауап берді, домбырасының құлағын қайта бұрап жатып.
Бақсақ "Алатаудың" сыры осылай екен ғой!
Сарыарқа деп біз әдетте қазіргі Орталық Қазақстанның Тарбағатайға дейінгі өңірін түсінеміз. Онымыз қате емес. Дәл солай. Құрманғазы олай қарай ат ізін салған жоқ дедік. Ендеше "Сарыарқа" күйі қалай, қайда шықты?
"Аш бөріде" күйшінің еріксіздікте жүріп "Әй, Арқаның қызыл изені-ай" деп ән салғаны айтылады. Бұл атақты Махамбет ақынның:
"Арқаның қызыл изені-ай,
Басы да күрдек түбі арал, - деп басталатын өлеңі ғой. АҺ ұрған қыжылға толы әні де бар. Оны Ғарифолла марқұм шырқағанда жайшылықта жабу көтере алмайтындарыңның өзі еңсесін тіктеп, көзін ежірейтіп шыға келмей ме. Махамбет те Орынбор мен Хорезмге барғаны болмаса, алыс шығыстағы Сарыарқаға ат басын тіреп көрген емес. Ендеше оның көрмеген, білмеген Сарыарқасын аһ ұрып аңсайтын реті тіпті жоқ.
Атыраудың байырғы балықшы жұрты жел бағытына анықтама бергенде "Жайықбастан тұрды" десе, тура солтүстіктен соққан желді айтқаны. Жел бөксесі солтүстік шығыстан соқса, Арқадан соқты дейді бір сөзбен. Маңғыстау елі де солай дейді. Бұлардың ұғымында Арқа Жайық пен Жемнің аралығындағы сары дала. "Арқада қыс жақсы болса арқар ауып несі бар" деген қанатты тіркес те жиі айтылады. Атақты Мұрат Мөңкеұлы ақын жұтап Маңғыстаудағы Адай нағашыларын сағалап көшіп келген сапарын:
Біз көштік Сарыарқадан бермен асып,
Көлденең Сағыз бенен Жемді басып, - деп баяндай келіп Маңғыстауды дербес иеленгісі келген, оны тек біздің ру ғана жаудан босатып алды деп, көкірек керген нағашыларына төмендегі тарихты шертеді.
Есболай, Кете Әжібай қарай келген.
Қасына батыр жары Шотан ерген.
Әжібай Сарыарқаны қыстап қалып,
Бұл жерді Есболай бай иеленген.
Мұндағы аты аталғандардың бәрі - тарихи адамдар. Есболай Қаратоқай Беріш. 1832 жылы Хиуа шапқыншылығына қарсы күресте ерлікпен шәйіт болған Құлбарақ батырдың бабасы. Есболаймен еріп бірге келген Беріштер содан бері Маңғыстауды тұрақты мекендеп қалды. Ал Әжібай бай қарауындағы Кетелер Сарыарқада қала барды. Адайлар Кетелерді "Баяғыда аталарымыз Сарыарқаны бірге жайлаған. Құдандалы елміз" деп өзге рулардан іштарта сөйлейді. Демек, біздің Сарыарқамыз Жайық пен Жемнің арасындағы "аш бөрі" Құрекеңнің қалбаң құлақ, қара атының аяғы астында қауы құрт-құрт күйреп, селеуі суылдап жатқан құба жон, сары да сайын дала.
"Күйшінің көкірегінде тағы бір тосын саз қордаланып келеді".
Бұл саз жарықтық "Сарыарқаның" сарыны болып шықты!
Міне, гәп қайда жатыр!
"Аш бөрі" - Әбекеңнің студент кездерінде жазған тырнақалды шығармасы. Соған қарамастан, мұнда кәнігі, тісқақты қаламгерге тән жағырапиялық дәлдікті қатаң сақтауы сүйсінтеді, тіпті таңғалдырады. Сонысымен ол ұлы күйшінің "Алатау", "Сарыарқа" сынды атақты шығармаларының дәл аталған өңірде дүниеге келгенін бұлтартпай дәлелдейді. Құрманғазы өмірбаянына қатысты деректер соқтықпалы, соқпақсыз жерде малтығып жатқан кезде бұл батыл қадам еді. Жалпы Ә.Кекілбаев шығармаларында елеусіз, ескерусіз қалар еш нәрсе жоқ. Кез-келген болмашы жайттың өзі автордың түпкі нысанасын дәйектеп, шығармаға мық шегедей қағыла қалады. Сонысы талабын енді ғана бастаған сонау жас "аш бөрі" кезінен "Аш бөрілерден" бастап қалыптасқан машық екен. Мысалы, анау сай тұйығындағы жалғыз құдықтың әйкелін алыңызшы. Әйкел, тек шел дала тұрғындары ғана білетін нәрсе. Құдық аузына қойылған тығырық ортасын ойып, бетін тегістеп тоқаш тәрізді қашаған тас. Қазақстанның басқа өңірінде мүлдем кездеспейді. Өзенді, бұлақты, нулы, сулы жердің оқырманы қажет десеңіз, оның не екенін де білмейді. Жолаушыға кешқұрым ұшырасып, ауылға бастап келетін кез өркеш аруананы алалық.
- Аруана бітеу өркеш болмай ма? Кез өркеші несі. Кез өркешті екен ол інген не жарбай болғаны ғой, - деп дау айтар бұған шұбат таңдайына тұщығандар. Керісінше, аруананың да кезі болады. Жалғыз өркеші нар мая сияқты қомақты, жонды аруананы көзі қарақты қазақ шашалы аруана дейді. Оның құйрығы ұзын, ұшы шашалы келеді.
Ал кез өркештісінің жалғыз өркеші қыр арқаның ортасынан шошайып жіңішкелеу көрінеді. Өркештің көтеріле берісі туйетайлы емес, тіктеу бітеді. Оны түйе баққан ел кез өркеш аруана дейді. Аруана тек шөл, шөлейт өңірді жерсінген ғана жануар. Қазақстанның көп жерінде тек айыр өркешті інген, нар мая, екеуінен шыққан будан тұқымды түйелер ғана кең тараған. Шығармада жалғыз аруана оқиғаның Арал мен Атырау арасындағы аймақта болғанын білдірген сәтті деталь міндетін атқарып тұр.
Ә.Кекілбаев - табиғатында дарқан даланың кемел суреткері. Пейзажист. Оның қаламы бұйығы даланы түлетеді, қу бұтаның басына бүршік жарғызады. Ал қажет жерінде мамыражай жатқан даласының әп-сәтте ту-талақайын шығарады. Бұл ретте оған Махамбет үрдісі тән. Ал ол қандай үрдіс еді?
Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Бұлттан шыққан шұбар күн. -Түсінікті. Онда да жалпы бағыт, бағдары, елесі ғана. Зейінімізге терең бойлаңқырауы үшін аспанды бұлай адыра қалдыра аларлық Айвазовскийлердің құдіретті қыл қаламы керек-ақ. Қайтесің, ол жоқ.
Арқаның қызыл изені-ай
Басы да - күрдек, түбі - арал...
"Аш бөрінің" өн бойында Махамбетке тән психологиялық параллелизм есіледі де отырады. "Күзгі қоңырқай көңілсіздеу дала" - күйшінің сұрқай күн кешкен көңілі пәс сәтіне дәлме-дәл. "Даланы қан жоса қып батып бара жатқан күн" - ол да оңды нышан емес. Әйтеуір бір "Сергімейтін, серпілмейтін сартап тіршілік. Қоңыр далада құлақ елеңдетер үн мен әуез де сарқылғандай".
"...Боталаған көзін көкжиекке тағы бір салған жолаушы атына мінді".
"Күйшінің көкірегінде тағы бір тосын саз қордаланып келеді". Бәсе, солай болса керек-ті. Өйтпесе Құрманғазы Құрманғазы бола ма!
Аш бөрі, жүрген жерің қанды майдан...
Музыкада кесек шығарманың беташар ілхамын білдіретін увертюра деген бар. Алғаш оқығанда маған "Аш бөрі" үлкен бір шығарманың сондай увертюрасы сияқты көрінген. Мұхаңның - Мұхтар Әуезовтің "Абай жолын" "Татьянаның қырдағы әнінен" бастағаны сияқты Әбекең де Құрекең туралы бір кесек туынды жазғалы жүр-ау, деп ойладым. Ойладым да қуандым. Абай сөз өнерінің алыбы болғанда, Құрманғазы саз өнеріндегі алып қой. Ендеше оның да нар тұлғасы сомдалса, ақ түйенің қарны жарылғаны емес пе?!
Болжамым дөп баспағанмен, айдалаға лағып кетпепті. Артынша атақты "Күй" келді өмірге.
Дегенмен, Әбекең ұлы сазгерді творчествосынан қағыс қалдырған жоқ. Құрманғазының 175 жылдық мерейтойында "Күй тәңірі" атты толғау эссесін жазды. Жазушының көсемсөзі өзінше бір ғажайып әлем, әдебиетіміздегі күрделі бетбұрыс десек, "Күй тәңірі" -соның шоқтықтарының бірі.
Ал жазушының әдебиеттегі өнер тақырыбына, ән әлеміне, саз сапарына алғашқы қадамы осы шағын әңгіме "Аш бөріден" басталыпты. Сонысымен де құнды ол.
«БІР ШӨКІМ БҰЛТ»
1966 жылдың жазында Алматының кітап дүкендерін аралап жүрсем, сөреде Әбекеңнің "Бір шөкім бұлты" тұр. Алғашқы прозалық жинағы шыққанынан хабардар едім. Іздеп жүргенмін. Қуанып кетіп, бірнеше данасын сатып алдым. Ішінде аттас повесінен басқа өзіме етене "Ажар" триптихы, "Аш бөрі", "Ең бақытты күн" әңгімелері еніпті. Бір буда "Бір шөкім бұлтты" құшақтай-мұшақтай таксиге отырдым. Таксиге жабысқан себебім жатқан пәтеріме тезірек жетіп, кітапты тезірек оқуға асыққаным. Бас алмастан құныға оқып шыққаным өз-өзінен түсінікті. Содан соң ойға берілмеймін бе келіп. Шығарма аты неге "Бір шөкім бұлт?" Көкте сұрауы жоқ жөңкіліп жататын, не болмаса арық қойдың ала көтерілген жалба-жұлба жабағы жүніндей жалбырап тұрып алатын бұлт атаулыдан жазушы шөбі неге бір ғана шөкіміне түсе қалды екен?! Ақыры ақырындап болса да байыбына барғандай болдым. Бір шөкім бұлт - бір ғана Аққаймақ басындағы бұлт. Көлеңке. Ал кешегі сор соғыс бағын тәрк еткен Аққаймақ тағдырлар, күлдіреуіші күйреп, шатынап сынған шаңырақтар қаншама? Елде есебі жоқ олардың. Бәр-бәрінің басында бір-бір шөкімнен бұлты бар. Түптеп кетсең, әр кеуденің де қақ жарып аһ ұрғызар бір-бір мұң, наласы бар. Шығарма тақырыбы соны меңзеп ишаралап тұрған болды. Бұл пайымымның ұлы нобайы жобаға соғатынын Әбекеңнің өзі де құптаған сыңай танытты... Жазушының кезекті бір жинағы "Бір уыс топырақ" деген атпен шықты.
- Біздің Әбіш "шөкімдеп, "уыстап" діңкені құртып болды ғой. Кесек турап, қарпып-қарпып қатырмай ма? - деп жатты ол тұста біздің ауылдың сөзін тұздықсыз сөйлемейтін көп оқырманы. Әрине, бұлары табынған, таныған таланттарынан көпті тамғы еткен үлкен тілеулестікпен айтылған лебіз ғой. Ал мен болсам «Бір уыс топырақты» Әбекеңнің кешегі қан майданда Қалмақ даласынан Берлинге дейінгі жеңіс жолында жусап қалған шәйіт әкелерінің қабірлеріне салған бір уыс топырағы деп ұқтым...
"Бір шөкім бұлттың" алғашқы әсері "Ажардағы", "Көз жасындағы" әсерді қайталатты да қойды. Далада туып өскен бала көңілі қашан да далада. Даланың ең бұйығы іш пыстырар тірлігінің өзі ол үшін басқа ортаның думанынан артық. Содан болар Шайтанкүпті жиектей қонған екі үй қойшы ауылдың қам қарекеті көзіме оттай басылды. Ауылдан аттанып жатқан қонақ Қаржау баланың нағашысы Ораз екен. Қонақтың сонау Шағадамнан тақым талдырып келу себебі жиені Қаржауды өзімен бірге алып кетіп оқытпақ. Көліктері -қомдалған нар. Екі нармен Бекдашы барып, одан кемеге отырып, Шағадам аспақ. Белгілі жайттар.
Маңғыстау елінің біз ес біліп оң, солымызды таныған 50-ші жылдардың орта шеніне дейінгі ең алыс сапары "қала шығу" еді. Сондағы "шығатын қаласы" үш бағытта. Бірі іргедегі Кетік - Форт-Шевченко. Оған да кемі 20 күн жүріп оралады. Сірә, шаруа елдің кардер оны-мұнысы өнеркәсіпті орталықтан оқшау өзі де алысқа қол жайып отырған Кетіктен табыла бермейтін болар, кәдімгі маңғыстаулықтардың Шағадам деп атайтын Красноводск мен Бесқала-Хорезмге қала шығуға бұлар тым шалғай болса да құлықтырақ. Шағадам жағына, әсіресе, Тау бойы деп аталатын Жармыш, Онды, Үштаған, Шетпе, Жыңғылды, Шайыр ауылдары үйірсек. Онысының тағы бір себебі, баяғы 30-шы жылдардың аласапыранында Шағадам жағына барып, қоныстанып қалған елдің табаны осы жақтан. Қарға тамырлы қазақтың көп ағайыны, тумасы сонда. Байланысы әлі үзілген емес. Өндірісі ертерек дамыған жер болуы себепті Бекдашы, Шағадамда орта мектеп, басқа да оқу орындары да бұрынырақ ашылған. Біздің Жармыштағы өз айтуынша "генералдың оң қолы болып қол бастаған", ақиқатында, әуелі, взвод, кейіннен рота командирі болған Қылышбек Есқожин колхоз басшыларының бірі Даражат Қожанов ағаларымыз соғыстың алдында Бекдашыдағы орта мектептің 8-ші сыныбын бітірген екен.
Қойшы ауылдың екі үйі -бірі Ожанның отбасы, екіншісі оның досы Құттым марқұмның қара шаңырағы болып шықты. Ожанның әйелі Жаңылсын, қызы Аққаймақ, Құттым үйінде жесірі Шайзада мен ұлы Қаржау. Ауылдың бар жаны осы бесеуі. Құттым марқұм дүние салғалы жатқанда "Қарашығымды қарасыз, панасыз тастап барам. Алдында аға, артында іні жоқ. Қарасары да кемістеу. Тірлігінде төмендік көріп, көңілі арымасын, қатарынан қалмауына бас-көз бола көр. Ашхабад жақта жалғыз нағашысы Ораз бар еді. Осынымды соған жеткіз. Жетіншіні бітірісімен өзі келіп, оқуға алып кетсін"', - депті. Аманатқа адал, сертіне берік Ожан содан бері екі үйдің жұбын жазбай келе жатыр. Тіпті ит екеш итіне дейін таласуды білмейді. Екі үйдің бар тірлігінің дәнекеріндей Қаржау кеткен соң көңілі алдымен құлазыған Аққаймақ болды. Қаржауды тіпті түсінде көріп, онысын жорытып алуға Жаңылсын мен Шайзадаға айту қысылысы - бұл бала қыздың алғашқы бойжету болмысы болмасын. Е, бәсе. "Бұның бәрі сағыныш екенін, сағыныштың да сарғайтар дерт екенін қыз бала енді ұғып келеді".
"Ол кезде Кеңестің хатшысы Шынжырбек балаңды оқуға тарт деп Құттымның үйіне келгенде, Ожан он жасар Қаржаумен бірге жеті жасар Аққаймақты да бір түйеге мінгестіріп жіберген-ді".
Сөйтіп. екеуі мектеп есігін бірге ашыпты. Демек, екеуінің арасы үш жас. Былтыр екеуі Ондыдағы жетіншіні бітірген болып шықты.
"Үштаған құмның күнбатыс құйрығында қыста іргелері белуардан топырақпен көмілген төру-бес қара күрке тұрушы еді. Бұлар Үштағанға бала оқыта келген Ондының кемпірлері. Аққаймақ та сол төрт-бес күркелі ауылда тұрады".
Түсінікті. Аққаймақ көрші Үштаған ауылындағы орталау мектепке оқуға келіпті. Мектеп жанында интернат жоқ. Ол кездің баласы солай өз үйлерінде, не ағайын туманы сағалап жүргені. Сол жылдың ерте көктеміне дейін Аққаймақ алыстағы Қаржаудан үш рет хат алды. Соңғы хат... "енді-енді ғана балалық ұйтқыма жалттан арылып, тұңғиық сын тұна бастаған қыз көзінде ұзын кірпіктері сұлқ жығылып, дым жүгіре бастаған кіреукелі кірбің күй бар" жағдайға түсіріп кетіп еді. Көктем. Жастық көктемі деген осы ғой. Әттең... "Ол тым ерте көктем" болып шықты ғой. Ерте басталған көктем ерте кетіп үлгіре бере суық хабар сарт ете түсті. Соғыс басталыпты!
Бұл суық хабарды жеткізуші почташы Түсіпке онша зейін қоя қоймаған екі әйел мынаны естігенде селк ете қалды.
- Қашан, кіммен?
- Қызыңды ұрайын, әйтеуір біреумен де. Ертең байыңа воянкоматтан пәбескі әкелемін. Сонда білерсіздер кіммен екенін".
"...Түсіп военкоматтан шақыру қағаз әкеліп берген күні Ожан отарын тапсырды. Түс қайта Қызылтам басына кетіп, кешқұрым қайтып келді. Атынан түсе сала Шайзаданы шақыртты. Оң жақ босағада беті-қолын жуып жатып:
- Құттым марқұмға көз жұмарында екі шаңырақтың, екі баланың жұбын жазбаймын деген антым бар еді. Мен жоқта бала-бажырлыққа бағып бастарың бытырап жүрмесін, - деді де Аққаймақ ұсынған орамалды алып сүртінді, айтқаны аманат та, сұхбат та сияқты емес, әншейін "қоңыр саулықтың қозысын үйге кіргізіп алыңдар" - деген сияқты келте қайырған кесім. Өңі сол баяғы байсалды қалпы".
Кесімі келте Ожан кесек тұлға. Маңдайға біткен жалғызы Аққаймақтың әке болып маңдайынан бір сипамапты. Құдай қосқан қосағы Жаңылсынға да іш алдырған жері жоқ. Сондай Ожан жасында "домбыра мен әннің соңына біраз түсіп көрді" дегенге нану қиын. Нанбайын десең "анада Үштаған барғанда домбыра жасатып әкеліп" Қаржауға көп күй үйретіп тастапты. Қаржау домбыра тартқанда былайынша тіпті, «іш алдыртпайтын Ожан анадайдан анда-санда қиғаштай көз тастап, сырттай сүйсініп отыратынын» қайтерсің:
- Шайзада, үйіңнен дәм әкелші". - Бұл Ожанның майданға аттанардағы айтқан соңғы сөзі. Зереңге құйылған ағарғаннан ауыз тигені - туған жерден татқан соңғы дәмі. Құттым досының үйінен татқан дәм. "Жаңылсынның даусы шығып кетіп еді, артына бұрылып, көзімен атып суық қарады". Сосын Жол асқанның жолына қарай жорта жөнелді. Жауың мың жерден жансебіл, Гитлер итің мың жерден жетібасты жалмауыз болса да Ожандардың мына бітім-болмысы алдында қабырғасы сөгілер-ақ. Солай болды да қойды емес пе? Жарақты жауды жер жастандырған осы халықтық, ожандық қайрат жігер ғой!
Соғыс басталған соң Аққаймақ Ондыдағы мектепке мұғалім болып кетті. Шынжырбек оқуы бірдей балдызын қоймай Аққаймақты ыңғайлауына қарағанда орнын тапқан болды. Сөйтіп, кешегі шәкірт қыз енді ұстаз. Соғыс кезінің зілмауыр ауыртпалығы оқу баласының да бұғанасын бұқтырған. Иіні жұқа бала тоңғақ, қарны аш бала қадірсіз. Бар ағайынның есігін сағалап, қиын тасып, дүзгенін бұтап жүрген көзтүрткілер солар. Ал әкесі қасында, шешесі отының басында, ішіп-жемі жеткілікті бірен-саран Есеттер болса ерке, тіпті, есерсоқ. Анада сол сотқар Есет дүкен күзетшісі Сәния кемпірдің баласы Үбәйді есебіңе қаратпадың деп түнде түзге шыққан жерінде, қар үстіне қол-аяғын буып тастап кетіпті. "Қатарынан көп аласа болғанмен пысық, сабаққа, әсіресе есеп сабағына жүйрік Үбәйді бір көзінде қызылшаның ізі - қасапшының балтасына жұққан майдай кішкене ағына бола "ақ соқыр", "май соқыр", "Кутузов" деп бала біткен мазақтай беретін" Үбәй -Әбіштің сыныптас досы, құрдасы Үбәйжан Жаңбырбаев Ондыда тұрды өмір бойы. Қолы қысқалықтан ұзап оқи алмай, арнаулы орта біліммен шектеліп қалды. Көп жылдар кеңшарда есепші, бас есепші болды.
- Әттең, қысқа жіптің күрмеуге келмегені ғой діңкені құртқан. Әйтпесе, бұл "Кутузов" ағаларың математиканың тап Әбіштің жазушылығындай бір дөкейі болатын еді, - деп қоятын марқұм Үбекең. Сырт көзге ретті жерінде қыстырылып айтылған сөз сияқтанғанмен бұл негізсіз де емес. - Шіркін, менің Үбәйжан мен Қайпы достарым оқи алмай ауылда қала барды ғой. Оқыса біраз жерге баратын солар еді, - деген бағасын Әбекең әлі айтады.
Әбекеңдер әдебиет аулына аяқ басқан жылдары соғыс кезіндегі ауыл өмірі жайлы шығарма көп болды. Оны да түсінуге болар. Әдебиеттің ол уақыттағы жас өскіндері өңшең дерлік соғыс уақытында ауылда ержеткен қамкөкірек қарлығаштар еді. Олардың балалық шағы сол соры сопақ астаудай ортада өтті. Ызғары да,мұңы да,напасы да шемен көңілден әлі ажырап үлгірген жоқ-ты. Жетім көкіректің шікәмшілдігінен бе, әлде ақиқаттың өзі көп жерде солай болды ма олар жазған шығармалардың көбінде өңшең бір мейманасы тасқан бастық, әңгірлеген ауылдық төра-әпербақан бригадир жүретін аттандап. Солардың озбырлық әрекеттері көбірек сөз болып жататын. Оқиғалар олардың төңірегінде түзілетін.
"Бір шөкім бұлт" одан ада. Ауылдағы басқарма Шынжырбек нәті жуас, байыпты басшы. "Елге адал, жұртқа қайырымды". Бар айыбы "әйеліне айбыны жоқ". Қашан көрсең де шаруа басында жүргені. Өзге кейіпкерлер түгелге дерлік еңбек адамдары. Ер азаматтың орнын жоғалтпай жүрген айғыр жал Шайзада, отқа көмген екі нанның бірін ошақтағы отқа жылына келген оқушы балаларға сақтайтын Жаңылсын, егісінен басқада шаруасы шамалы иі жұмсақ Ержан шал, сексеннің сеңгіріне шықса да еңсесін тіктеп жұмыстан қол үзбей жүрген Досан қария, қолы епсекті, қалт еткенде балалардың шашын алып беріп жүретін Асқармауыт... Өңшең бір мейірімнің, мейірбандықтың қайнар көзі. Жазушының ойдан қосып, қиялмен жөргемдеген ешқайсысы жоқ. Кейбірінің аты-жөні сәл өзгергенмен, затында өзгеріс жоқ. Бәрі кешегі Ондының жандары. "Бір шөкім бұлт" шыққанда ауыл адамдары бәрін дөп басып тани кетті.
Әй, Сәлкен, жүр сен, Тоқабай
Әй, Дәурен, жүр сен, Тоқабай! - деп өзімен өзі карта ойнап отыратын қара шалды тағы бір еске түсіріп көзге жас алғандар қаншама?! Ал Асқармауытты біз де көре қалдық. Асекең марқұм емсек те еді. Талай қан қысымы көтерілген кісілердің шекесінен қандауырмен қан алып, құлан-таза жазып жіберетін. 1965-тің жазында біздің жармыштық Бозанов Шамбай аттан құлап ес-түссіз бірер күн жатты. Қыр елінің дәрігерден гөрі емсектерге, сынықшыға пейіл беріңкірейтін уағы. Дәрігерге апарам дегеннің өзінде мұндай сырқатты қарайтын дәрігер облыс орталығы Гурьевте. Содан Асқармауытқа алдыруға тура келді. Асекең қарай келіп сырқат аттан құлағанда миы қозғалған деп тапты. Қайыс белдіктің бір ұшымен басты шандып таңып, екі ұшын керіп тартып тұрып, алақанымен қағып қозғалған миды орнына келтірді. Сырқат артынша құлан-таза айығып кетті. Отан соғысының ардагері Шамбай ағамыз осы бертінде бақилық болды. Міне, Асқармауыт қария сондай кісі болатын.
- Осы шіркіннің шеке бітісі, тіпті, сұмдық. Тіл-аузым тасқа, тіфә-тіфә, - деп Әбекеңнің бала күнінде шашын алып тұрып таңғалатын да осы Асекең ағасы.
Әрине, Маңғыстау - өңшең бір марқасқалардың мекені, Онды кілең оңдылардың отаны десек ала жіпті аттағанымыз. Түйсіксіздікке келгенде өзгенікін түсіріп кететін түсірімсіз кейіпкер. Түсіп мұнда да бар. Бұл - кәдімгі ауылға борандата келіп есіктен "қызыңды ұрайын" деп енетін почташы Түсіп.
- Бұл күнде бұл ауылдың Китлері Түсіп болды ғой. - деп Теңге кемпір жаманаттың бірден-бір хабаршысы қылып қойған Түсіп.
Почтадан келе жатып, Шетпеден Қызылтамға жеткенше «үйге барып, тағы да келінге жаутаңдағанша, Ержанды ертіп ап естіртуге баратын қара қағазы құрғыры бар ма екен» деп тілейтін, "соны ойлағанда көз алдына былбырап піскен жылы-жұмсақ пен әр дәмі баданадай- баданадай жүгері бөртпек елестейтін". '"Артынан бір нән зерең күңірсіген ақ сорпаны қағып салып, "өне бойың шып-шып жіпсіп, жылы төсекке құлай кетсе, шіркін..." деп армандайтын Түсіп. Түсіптің ең азы насыбай атқанының өзі күлкі. Күлдәрі келінінің ертеңгісін суын тасып беруден басталып дүкеннің қасында "майданда ефрейтор болған Елікпен билік таластырып тұрып төбелесіп қалған" ауыл ішілік тірлігі де күлкі. "Тышқақ лақтың шанашындай ар жағынан күн көрінген, жер тістеп жатқан қағанақ кеңсірігі" де күлкі шақырады. Ең азы оның атқа мінген құлағы түрік кісі ретінде айтқан майдан хабары, Ожанның қайтыс болған хабарын естірткені де күлкі. Жай күлкі емес "Әй, сен де жер басып жүрсің-ау, антұрған" дегізетін қыжылды күлкі.
Түсіп, сөз жоқ, жазушының сатирадағы табысы.
Сиыршы Сәлмендердің әкеліп тастаған бір қарын қатығына қарық, күйеуі Шынжырбектің басқармалығы жаман басына бақ болған Күлдәрі, от басындағы еріні түрік сары қатын, тәмпіш мұрын сары қатын, бұжыр қатын. кебіс ауыз шабдар қатын, опырық кемпір, самай шашы қобыраған қара қатын, қоңқақ мұрын дудар қатын - бұлар да қырдағы ауылдың көлкештеуге келмейтін көлеңке тұстарын көрсететін сәтті штрихтар.
Шығармада Қаржау мен Аққаймақ арасындағы махаббат тым сараң, тіпті, сөз арасында дерлік баяндалады. Онысы заңды да. Бір үйдің баласындай болып өскен балалық шақ. Артынан Қаржаудың Ашхабадқа мұғалімдік оқуға кетуіне байланысты қыз көңіліне тұнған сары тап сағыныш. Үмітті күдік алмастырған алмағайып күндер мен түндер. Ақыры қыз көңілін Қаржаудың соңғы хаты жай таптырды. "Қыз көңілінің естімесе деп елегізген лебізі осы хаттың ішінде келді. Тыныш заман болса айлы түнгі жолығыста не деп тіл қатарын білмей абыржыған "қызға қиыла, өртене тұрып айтылатын "сәулем" деген сөз мынадай қилы заманда қағаз арқылы жетті. Бұрын мұндай қолқа, мұндай тілекті естімеген қыз – көзбе-көз жолығыста да жақсы жігітке бәрібір сөз тауып айта алмас еді. Іштей лүпілдей, елжіреп қуанар еді". Көкірегінде осындай үнсіз қуаныш бар Аққаймақ Мырзайырға беттеген бұл сапарында Шайзада үйіне жетіп қонбақ.
"Бала кезінен керегесінің әр көгіне дейін жақсы білетін сүйегі ескірген бес қанат қоңыр үйдің табалдырығын бүгін ерекше сезіммен аттамақшы еді. Шайзада шешесі сүйсініп ішетін "тәтті шайды қанша ішем десе де құя бермек-ті. Бүгін де, ертең де, тіпті бүкіл өмір бақи..." Бірақ қу жазмыш қыз қазір асыға күтіп келе жатқан сол сәттің өзін көп көре қапты. Шайзада үйінен бүгін дәм бұйырмады...
Соғыс, алдымен, бұл үйден Ожанды әкетті. Артынан Жаңылсын көз жұмды. Кешегі жалымен жағаласқан Шайзада төсек тартып үй күшік болып қалды. Екі мұңлықтың ендігі бір үміті, бар медеуі - Қаржау. Ал ол болса... Оның ғұмыры "шын мәнінде 1945 жылы 7 майда Берлиндегі ақырғы ұрыстардың бірінде штабқа кетіп бара жатқан жерінде қарсы алдынан тақылдай жөнелген пулемет оғынан шөк етіп отыра кеткенде Қаржауды қан-қан қып санитарлар жерден көтеріп алған сәтте таусылған екен де..." Сор соғысты, бұл да азабы. Гүл ғұмырды көктей солдырған сұмдығы. Жанашыр командирі айтқандай. Қаржау "қасіреті соғыс тап қылған қасіреттің ең ауыры". Оған да мойынсұнған есіл Қаржау госпитальдан жазылып шыққаннан бері жұрт білмейтін құпия бөлімшеде. "Қолыма пистолет қайта түскен күні атылып өлмеген екенмін" деп өкінді анасынан хат алған күні". Туған топырақты, таусылғалы жатқан ананы, Аққаймақты ақырғы рет бір көріп қалайын деп елге соққан сапарының сәті анасының өлі жүзін көріп, қабіріне топырақ салумен бітті.
Ол сол жолы Аққаймақпен де мәңгілікке қоштасып кетті..
Туған жерге де енді ат ізін салмайтынына сеніп іштей таусылып кетті.
Артында Аққаймақ жер болып қала барды. Қаржау енді бұл үшін адыра қалған арман, жүректің басын мәңгі күйдіріп өтер күйік қана.
"Капитан Қаржау Құттымов Отан үшін аса пайдалы қиын тапсырманы орындап ерлікпен қаза тапты". Қаржау өлімі соның артынша ауылға жалғыз сөйлем боп жетті. Ондыдағы ақырғы "қара қағаз" Аққаймақты тапты...
Онан арғысы өң мен түстей, әйтеуір жерге сыймағанын біледі. Үштағандағы баяғыда бірге оқыған қыздарына барып та көрді. Қайда барса да артынан қалмаған елес... елес. Кешегі бір қас-қағым сәттің елестері. Мұның қарақан қу басының жалғыз серігі солар ғана. Мына опасыз пәниден мұның пешенесіне жазылғаны осылар ғана болғаны ма. "Байғұстың шешесі күйіктен өлді деп еді. Бұл да көтеріліп жүр ғой". Әйелдердің осы мүсіркеуі дәл келмегей. Мұны естімейтін жерге қашып кетуге болар. Бірақ адам өзінен-өзі қаша алмайды екен. Оған Аққаймақтың Қаржаудың баяғы Ораз нағашысының үйіне барып қасіретін ақтарып шер тарқатып кеп Шағадам асқанда көзі жетті. Осы сапарында тағдыр оны гармонын асынып жүрген соқыр әнші Тайбағармен табыстырды.
"Жаратқан-ай, құдіретіңе-ай амал бар ма-а-ай, Жалмады қанымызды жат топырақ..."
Көкірегі қарс айрыла боздап отырған соқыр әнші Тайбағар да - кешегі сор соғыстың бір пұшайманы. Қопарылған дәрі қос жанарын жалмап әкеткен.
-Жердің үстін қиып кете қою қиын-ау. Оның үстіне шиеттей екі бала бар,-дейді байғұс. Балалардың шешесі бұл соғыстан қайтар алдында ғана қаза тауыпты.
"Аққаймақ орнынан тұрып, айналасын қармалап жүрген соқыр әншінің қолынан ұстап алды..." Сол қол ұстасқан күйі Ондыға келіпті. Содан бері аттай он жыл өтті. "Шүкір Аққаймақтың қазір көз қуанышы бар. Ел қатарлы тұрмысы, өсіп келе жатқан балалары, сыйластығы суымаған төсек жұбы түгел. Баяғы жалын атқан өксік өшіп, бұл күнде анда-санда жүрек түйнеп өтер өкініші желге, көкірек тістеп кетер көлденең шаншуға, ойда жоқта оралып бір сәт көңіліңді ойран-топан ететін алыс сарынға айналған..."
Бір шөкім бұлт болып көлбеңдеп көгінен кетпей жүрген де сол. Бұл аты да, заты да өзгермей қаз қалпында суреттелген Онды аулының соғыс жылдардағы жайы. Тіпті онда автордың өзінің де "Әлі күнге көңілімнің бір түкпірінен сығалап тұрған, жадау иін, жыртық өкпе болсаң да, айрықша аяулы балалық шағым - бұл саған ескерткіш" деп осы шығарманың арнауында айтылғандай, балалық шағының табы бар. Анау Асқармауытқа шашын алдырып болған соң, алғыс айтуға ұялып, жаман жапатайын тақыр басына кептеп жамып бара жатқан қара бала - Әбіштің өзі. "Осы ауылдың балаларынан балалық шақтың базарын көрген кім бар?" - шығармадағы Аққаймақ ойына оралатын риторикалық сауалдың жауабы біреу - ешкім көрген жоқ. Әбіш бала сол көптің бірі ғана. - Есіңде ме, -дейді Әбекең Ондыда бір сыныпта оқыған бала күнгі досы Ізбасар Шыртановпен газеттегі сұхбатында, - Тірсегіміз майысып, қамсауы жоқ жаман бөрік киген басымызды ішімізге тығып, "Қызылтамдағы" мектепке қарай бүрсеңдеп бара жататынымыз". - Ізбасар да -соғыста шәйіт болған солдаттың баласы. Әкесі Шыртан соғысқа кеткенде қырқынан шығып қана қалған. Соғыс жылдарында шешесі Несіп ауылдық кеңестің төрағасы болды. Әбіш үйімен көрші отырды. Мектеп бұлардың үйінің күншығыс құбыла бетіндегі Қызылтамда еді. Қазіргі Ондының үлкен көшесінің шетіндегі зират ішінде әу баста қызыл кірпіштен салынған там болған екен. Содан Қызылтам атанып кеткен. Ауыл аты да біразға дейін Қызылтам делініп келген. Шығармада да сол атымен беріліпті. Мырзайырдың ойы, Басқұдық, Сәубет, Қалматайдың жалы, Қарауыл Күмбет, Ноғайтөбе, Сәлмен бөгет. Шетпе, Тасбас, Жармыш - бәрі сол маңайдың жер аттары.
- Жарықтық ата-баба зираты. Анау көк тастан қашап салынған арыстанды көрмейсің бе? О баста батыр жығылған жер ғой. Мына біздің үйдің күлінің ар жағында қып-қызыл нар төмпекті көрдіңдер ме? Қырғынның орны. Осы төңіректің топырағына дейін қып-қызыл -Ауылдың қариялары осылай дәріптейтін зират Ондының бір басында әлі бар. Бертін келгенше арыстан мүсіні де тұратын.
"Ернекке де жетті. Алды аран аппақ шың. Аппақ таста еміс-еміс бұлдырап қасқа жол жатыр. Құздың бір доғаша иілген тығырық қолтығынан ирелеңдеп еппен құлапты. Ат та қиын жолдың қия қалтарысын әбден жаттап алғандай, санап сақ басады. Қыз қарасаң басың айналатын шыңырау құзға көз салған жоқ".
- Қыс көзі қырауда Аққаймақ асатын бұл жол кәдімгі Ат жол. Одан шығыста Назар жол -Мырзайырға құлайтын екінші жол. Ақын Қырымқұл Өмір Қараұлы Назардың таудан қиялап салған жолы болған соң солай атанған. Шығармада суреттелгеніндей әлі қауіпті. Тіпті, оспадарсыз Түсіптің лағып оттап отырып сөз арасында көйіте кететін "Шетпенің бер жағындағы қоңырдаң" бар емес пе?! Шетпе - о баста "Жаңа жол" колхозының орталығы. Орталық Қаратаудың күншығысы жақ жиегіне шашырап орнаған үйлер еді. Қазіргі күнгі аты - "колхоз Шетпе". Ал бүгінгі аудан орталығы Шетпенің орнында темір жол келген 1963 жылға дейін қоңырдаң жатты. Күн сәл сіркіресе ернеуінен асып лықып толып өткел бермей жататын.
"Ауылдың ілгері тұсында иек артпа жерде жататын кішкене қоңыр жал қыс болды-ақ өзінен арғыны көлегейлеп көрсетпейді. Әншейінде мен мұндалап қарақшы көтеріп тұратын Қарауыл Күмбет сонау жер түбінен де дөңкиіп зор көрінетін Олжаның қызының үйдей қара моласы түгілі, үй іргесіндегі Қалматайдың cap тамының өзі бұл дүниеде атымен болмағандай жым-жылас жоғалады". - Бұл да айна-қатесі жоқ ақиқат. Маңғыстаудың көне көздері Маңғыстау ойында қысы аққұла қатты болатын жер деп Түпқарағандағы Түбіжіктің дөңін, Бозашыдағы Қаламқасты, Үстірттегі Өтесті сосын осы Қалматайдың қара дөңін үнемі айтумен өткен ғой. Әсіресе, осы жердің қары наурыз өткенше сіресумен жатады да қояды. Қары көп жатып астынан еріп сіңгендікі ме, бұл өңірдің көктемі де алабөтен. Әбекеңше суреттесек, "Әйтеуір, жер қойнында тамыры, дәні бардың бәрі өнеді. Сай, жыра бойлары таяқ тастасаң, жерге түспес боп қақалып қалады".
"Пай, енді сәуірдің ақ жаңбыры бір сіркіреп өтсе ғой, шіркін" деп қауқылдасып отыратын сол уақытта ауылдың қариялары. Ал Құдайекең ол тілекті берген күнде Онды ханға сәлем бермейді. Өрістегі малын ауылдың желкесіндегі "күйген бауырдай қара қоңыр таудың" басына шығып байқастап қойып, соңыра шөп буыны қатайған соң да шалғысын әлгі қоңыр жалдың үстінен салып шырт түкіріп жатқаны. Бәр-бәрі шығарма авторының бала күннен бойына сіңісті, етене, ыстық көріністер. Сол дөңдегі шөпшілер аулында бала Әбіш Кекілбаев талай қабырға газетін шығарған. Ертеңгісін сары ала таңнан тұрып шөпшілердің түнде ұзап жайылып кеткен түйелерін айдап әкелген жалаң аяғының ізі жатыр сонда. Анау сорабы бүгінге дейін жеткен сардиған сары жолдың алғашқы жүргіншілерінің бірі де Әбіш болатын. - Шөпші ауылдан колхоз орталығына ең жиі қатынайтын, онда да негізгі шаруасы кітапханаға соғып жаңа кітап алатын жан осы ысқаяқ қара еді, - деп есіне алады Ондының көне көздері әліге дейін.
Жазушы Әбіш Кекілбаев алғашқы шығармаларында-ақ өзінің сөзге бай, тілге ұста екендігін танытып тастады. Бірақ солай екенмін деп оңды-солды шашпалықтан аулақ. Сарабдал. Байлық шіркін де қадірін білгенге бақ қой. Бағалай білмей шашпалыққа салындың, оның аяғы даласуандық болады да шығады. Қаншама бұралаң бұлтарысты дегенмен өмір жолы көнбіс, көнтері. Данышпан өткен одан дарақы мен даласуанға да сыңар соқпақ табылады. Ал өнер жолы олай емес. Мұнда дәнекүстерге тізгін беру жындының қолына қанжар ұстатқанмен бірдей. Құдай әдебиет пен өнерді даласуан дарақылардан сақтасын! Тілеудей-ақ тілеу болғанмен, өкінішке орай, мұның қабыл алына бермей де кеткен жері болғанын қайтерсің...
Тегі жөргегінен сіңісті сарабдалдық болса керек - тілге бай, қазақтың қара сөзін шынашағының ұшында ойнатып қаймақ айыратын Әбекең творчествосында көп сөзділіктен аулақ. Тіпті несие сөз атымен жоқ. Ең азы әр кейіпкерінің әр сөзінде тұнған сыр жатыр. Міне, "Бір шөкім бұлтта"' Ержан шал мен почташы Түсіп әңгімелесіп отыр. "Құдайы оңдап'". Ожанның "қара қағазы" қолына тиіп, енді соны естіртіп етке тойғалы отырған Түсекеңнің аузында тыным жоқ. Бір сәт былай деп соғыстың бет алысын да шалып тастайды:
"- Е, шықпай. Бүкіл жерді билеген ақ патша Мекелайды жеңгенде суды билеп, күні кеше түкірігі жерге түспей тұрған Зәкірді жеңгенде, одан қала берді Мәскуадан шыққан банды Троскей мен мына біздің Ондыдан шыққан, атқан оғы айырапланды құлатқан банды Құрмашты жеңгенде есірік Китлерді жеңбес деп отырсың ба? Әй, қараңғылық-ай.
Түсіп өзі ғүлама кісідей қисайып жатқан жерінен басын көтеріп, шалқайып отырды. Мықынын таянып алды". "Суды билеген Зәкірге" автор Каспийдің ірі купеці Захар Дубскийді маңғыстаулықтар "осылай атайды" деп түсінік береді. Ал "атқан оғы айырапланды құлатқан банды Құрмаш кім? Біраз уақытқа дейін оның аты аталмай, аталғанда да банды деген анықтаушы тіркеліп барып аталып келді. Көзіміз көре қалды үлкендеріміз Құрмаш туралы көшелі әңгіме жебеу түгілі абайсызда есімін аузына алып қалғанның өзінде қайдан айттым күйге түсіп, қуыстанып бітетін. Дегенмен, жалпақ елдің іші Құрмашқа іш тартатын. Аузы уәлі қарттарымыздың сараң айтқан бірер ауыз лебізінен құлағымыздың қармай қалғаны Құрмаш атағы құбыжық емес.
Ақыры осы соңғы бағаның ақиқатына бертінде еліміз егемендік алған соң ҰҚК құпия архивінде сақталған "Құрмаш Қосжановтың тергеу ісі" деп аталатын 5 томдық істі қолымызға алып зерттеген соң барып көз жеткіздік. Осы іс негізінде 'Тоқабай Құрмаш" атты шағын кітап жазып, оны 10 мың данамен бастырып елге таратқаным, Құрмаш басына күмбез салып, есіл ердің есімін таныту ісіне мұрындық болғаным себепті бұл мәселеге көп тоқталмай, тек оқиғаның ұзын-ырғасын ғана түйе кетейін. Құрмаш Қосжанұлы осы Ондыда туған. Ру жігімен алғанда Әбекеңе ағайын. Жаңаймен бірге туған Тоқабай атасынан өрбиді. Содан ел арасында "Тоқабай Құрмаш" делінеді. Қыста тау алдын қыстап, жазда арғы Үстіртті жайлап жүрген орта шаруа. Еті тірі, өжет, намысқой, кісілікті адам. 1928 жылы Жылой жерінде әсіре қызыл белсенділер көшіп келе жатқан Құрмаш аулына шабуыл жасап, оқ атып ішінде Құрмаштың бесіктегі баласы да бар бірнеше адамды өлтіріп жаралайды. Жазықсыз жапа шеккен Құрмаш жағы, әуелі, үкімет орындарына арызданады. Істе осы арыздармен қоса, араша, теңдік алып беруді сұрап Бақытжан Қаратаевқа жазған хат та тіркеулі. Бірақ есе ала алмайды. Есе беру былай тұрсын банды болды деп Құрмаштың өзін қудалауға алады. Барар жер, басар тауы қалмаған Құрмаш атақты Құныскереймен қосылып қолға қару алып бас қорғауға мәжбүр болады. Құныскерейдің кейіннен қуғыннан аман құтылып кетуіне қол ұшын бергеннің бірі осы -Құрмаш. Көп қорқытып, терең батырып, ақыры Құрмаш қасындағы серіктерінің өлгендері жазалаушылармен ұрыста өліп, өлмегендері тұтқынға түсіп, ал өзі туған жерінің бір пұшпағында Ондыдан бір көш жерде оққа ұшады. Құрмаш ісі бойынша 42 адам сотталып, оның 22-сі атылды. Бұл тек 1929 жылғы Құрмашқа қатысты алғашқы соттың үкімінде көрсетілгендері ғана. Әйтпесе жазалау органдарының Құрмашқа әйтеуір бір байланысы болды деген желеумен жазаланғандарының саны өте көп. Аяныштысы Құрмаш аулының қолға түскен 1 жас пен 14 жас аралығында 19 баласын "басмашы ата-аналарынан оқшаулау қажет" деп тапқан ОГПУ облыстық бөлімшесі Қарақалпақстандағы Қоңырат, Шымбай, Хожелі қалаларындағы балалар коммуналарына бөліп-бөліп таратып жіберді. Сол 19 бақытсыз баланың екеуінің ғана тағдыры анықталды. Бірі әке-шешеден 3 жасында қалған Айзақов Рзабек Түрікменстанның Қулы Маяк кентінде тұрып елге беріде шал болып оралды. 5 жаста қалған Ізтұрғанова Пәнди балалар үйінде ержетіп, педучилище бітіріп, туған жері Ондыға қашып келіп мұғалім болды. 1947-50 жылдары Шайырдағы мектептің директоры болды. 1950 жылы бала күнінде балалар үйінде жұқтырған өкпе ауруы алып тынды. Зираты Шайырда. Ұрпағы жоқ. (Пәнди марқұм Әбекеңнің алғашқы ұстаздарының бірі болуы себепті ол туралы кейіннен кеңірек тоқталамыз) Міне, Әбекеңнің қасиетті қаламының жол-жөнекей сүйкей салды бір түртіп кеткен жерінің өзінде осыншама көл-көсір тарих жатыр. "Тоқабай Құрмаш" менің жазу кәсібіндегі кесек тұла бойы тұңғыштарымның бірі болуы себепті өзіме өте-мөте ыстық. Ал оған апарған Әбекеңнің шапағаты "Бір шөкім бұлттағы" әлгі бір ауыз сөз еді.
Әбекеңнің әр сөзінде мән, әр сөйлемінде көл-көсір сыр мен мағына жататындығының тағы бір мысалы.
Почташы Түсіп Шайзададан таяқ жеп "елді басына көшіріп дауыс еткен долы келінін: "Тырс етпе, ертең Шетпедегі мелисе Оңайтқанға айтып, Шайзаданы Шикаловқа айдатып жіберемін" деп зорға жұбатқан. Түсіп айтқанында тұрып «Оңайтқан шәлкес Шайзаданы Чкаловқа жүретін жұмысшы батальонға алдыруға көніп еді». Шынжырбек азар да безер боп араша түсіп алып қалыпты. Көп оқырманға таңсық болғанмен, Маңғыстаулықтар үшін бұл да бесенеден белгілі жайт.
Жылаған бала атын естігенде жұбанатын қара қаһар Оңайтқан милиция да өмірде болған адам. Шығармада тек аты сәл-пәл өзгертіліп алынған. Ал жұмысшы батальоны ше?! О заман да, бұл заман әйел әскери міндетті қызметтің тылдағы түрі болып саналатын жұмысшы батальонына алынып па еді деп таң қалмаңыз. Маңғыстауда алынған. Соғыс кезі түгілі бейбіт уақыттың өзінде алынған. Колхозшы жылына ең аз мөлшері 365 еңбек құн табуы керек. Ол міндетті. Әйел мен еркек тең құқықты болғаны себепті ол норма әйелдерге де бір. Мүгедек не төсек тартып жатқан мұсалдат болмасаң өл, тіріл ол жоспарды орындауға тиіссің. Орындамасаң кеңестік құрылысқа қарсы зиянкес элементсің. Ортадан аластайды. Еңбекпен түзелуіңе жағдай туғызып, әлгі жұмысшы батальонына жібереді. Тірі тозақ оның азабын көріп оралған шешелеріміз аз болған жоқ. Маңғыстау елі Шикалов-Чкалов жақтың ащы дәмін солай татқан. Заман түзелді деген 50-ші жылдардың орта шенінде бір отар қойдың ауыртпалығын көтерген бір отбасының жиынтық еңбек құн табысы жыл аяғында 1 мыңнан бірде асса, бірде жетпей жататынын еске алсақ, салт бас әйел байғұстың әлгі норманы орындауының қаншалықты тамұқ болғанын шамалаймыз. "Айналайын Кеңес үкіметі талай сары тоқалды талтаңдатты ғой" - өсекші кебіс ауыз шабдар қатын солай дегенмен ол бастықтың қатыны Күлдәрінің әр ауылдағы бір-жар Күлдәрілердің пешенесіне ғана тиесілі баға. Әйтпесе, ауылдың борбайын бұта жыртқан салпы етек cap балақ сан сапат әйелдерін кеңестің жарылқап қарық қылғаны шамалы. Керісінше, онсыз да еңбегі еш, бейнеті мол бейбақтардың сорын қалыңдата түсті. Тіпті, қаһарына мінсе Құдайекеңнің өзін жерден алып, жерге салып ышқырына қыстырмайтын қайран қазақтың әйелдері-ай, ең болмаса сөйткен кеңес үкіметін айызыңды қандырып, ақырып бір қартай да алмай арманда кеткендеріңді қайтейін!...
"Бір шөкім бұлт" ширақ қыз жинаған отаудың жүгіндей шап-шағын ғана повесть. Бірақ көтеріп тұрған жүгі зілмауыр. Өзегі тау қойнында бүріскен бір Онды аулының ғана емес, бүкіл ауылдың, қазақ аулының қиын-қыстау жылдары басынан өткерген ауыр халі. Базарлы шақтағы әр кеуденің бір қиялы емес, ел бағының бастан тайып, баянсыздығын бір танытқысы кеп кеткен кездегі әр көкіректе қонақтаған ауыртпалық. Әр көңілдің көгінде күндізгі айдай бозарып беріш боп қатып қалған мұң. Сол мына шығармада сәтімен шертіле қапты.
"КҮЙ"
"Бір шөкім бұлтты" оқыған соң-ақ көзі қарақты оқырман қазақ әдебиетіне үлкен бір жазушының келіп қосылғанын біле қойды. Жақсыдан тамғы еткен көңілдер қаламгердің жаңа жазғандарын оқуға асықты. Бұл ықылас оның творчестволық мүмкіндігіне берілген баға еді. Дәл сол қарсаңда Әбекеңнің ауылдағы әдебиет аулына тым жақын оқырмандарының құлағына ол айтқан "Мен енді басқаша жазатын боламын. Өз көңілімнің жұмбағына өзім жаңа үңіле алған сияқтымын ба, қалай" деген бір ауыз лебізі де жете қалғанын қалай ұмытасың. Естіген бойда ол елең еткізді. Артынша "Жұлдызда" "Күй" жарқ ете түсті. Ол сыншыларымыздың аузына "жанрын тапқан жазушы" деген жөнсеу сөздің жиі орала бастаған тұсы. Ол уақытта, әрине, біз бұл сөздің байыбына көп бара алатындай емеспіз. Әлі балаң оқырманбыз. Бірақ "Күйді" оқыған бойда-ақ Әбекеңнің үйрену шағын артқа салып тастағанын, кәдуілгі көптей бұл кезеңді тым ұзаққа созып найқалып жүріп алмай үлкен жол сорабына тез түскенін аңғардық. Қуандық.
"Күй" 1967 жылдың қысқа салымында "Жұлдыздың" екі саны арқылы оқырманға жетті. Сол жылдың қоңыр күзі-ай, шіркін. Соңғы жарты ғасыр мұғдарындағы Маңғыстауда ол бір ерекше күз болды. Құс қайтып бастаған соң-ақ көк жүзін торлап алған қорғасын бұлт шоғырын бұзбай айналып себезгілеп тұтас бір ай жүрді де қойды. Бүгін мына ойда қақ тұрса, ертең ана ойда телегей теңіз. Және сүйектен өтер суығы жоқ, өкпек желі жоқ, енді-енді сабақтап жетіле бастаған мал жүнін салалаған сылбыр жауын, ақ жауын. Несін айтасың, сол айда Атырау мен Арал арасындағы өңір ыстық суға бөрткен тарыдай бөкті де қалды. - Жерге ылғал бір метрден астам сіңіпті. Тірі болсақ көрерміз, келесі жылы Маңғыстау тоғайға айналады, - десіп сәуегейлік айтысып жүрді үлкендер жағы. Айтқандай-ақ сол күзгі жауын көп жылдан бері кенезесі кепкен жерді бір жасатып әкетті. Сол күздің Маңғыстау үшін жауыннан кейінгі үлкен оқиғасы Әбішінің қаламынан шыққан "Күйі" еді. Үйде де оқылды ол, түзде де оқылды ол. Кітапхананың оқу залынан бастап қойшының күзеудегі қоңыр шатпасына дейін барды ол. Тіпті, әншейінде бөтелкемен бұлтиятын қолаңсы қолтықтар енді «Күйі» бар «Жұлдызбeн» қомпиды. «Дауыл ала келіппін» деп Әбу - Әбекеңнің Дауыл кейіпкері айтпақшы, Әбекеңнің атақты «Күйі» сөйтіп туған топырағына жауын ала келіп еді. Ал көктің нәрі қашан да қазақ үшін ризық басы болған ғой...
Біздің көп оқырман қауым, әрине, «Күйдегі» оның авторының "стиліндегі эпиктерге тән байсалды баяндау, философиялық, психологиялық тереңдіктерге бару, кең тынысты, бейнелі, иірімді тілдік құралдарды пайдалану секілді ерекшеліктерді" (Герольд Белгер) көп байқай қойған жоқ. Бірақ маңғыстаулықтарға оның әрбір ырғақ иіріміндегі оқиға сорабына негіз болған аңыздар бесенеден белгілі еді. Оқиғалардың болған, өткен жері де солай. "Қақпақты десе дегендей, тақтайдай тегіс жалпақ дөңнің" аты шынында да Қақпақты. Бағзы баяғыдан, бұл қонысқа қазақтар келместен бұрын да сол атымен белгілі болған орын. Көп ретте ол Керімді- Қақпақты деп тіркесе де айтыла береді. Тайғырдың өңінен әрі Мая боталаған, Барша тіркес болып бір жағын теңіз, бір жағын Шағала сордың ақ шыңы көмкеріп, Қарабұғазға сұғына кіріп Қабылан қырға дейін созылып жатқан айлапат өңір аты ел аузында солай. "Түрікмендердің Қособа деген аулы" соның арғы басы. "Теңізге тұмсық тірей таусылатын қара жалдың шетіндегі көнетоз қауым" - бұл шығармада аты аталмаса да белгілі - Темірбаба әулиенің бақилық мекені. "Жалдың етегінен басталатын... көк айран дарияның төріне дейін сүңгіп кіріп жатырған пышақтың жүзіндей жіп-жіңішке түбек" аты - Ада...
Міне, осы далада кешегі бір кезеңдерде қилы-қилы оқиғалар өтіпті. Талайдың қаны төгіліп, талай қанжар тасқа жанылып, талай төбе басында талай пенде көз жұмып, жүзін шаң-топырақ жасырған көл-көсір тарих мына бедірейген бедеу даланың қойнында айтушысын күтіп сүрленгелі қай заман. Құдай сәтін енді ғана салып күткеніне де қолы жетті. "Күйіміз" сол сартап болған өткен тарихтың сағынышты сазы, бүгінге жеткен сарыны болып шықты...
Айта кету керек, негізгі оқиға өрбитін өңірдің "Айладырдың ақ тақыры" дейтін де қосалқы аты бар. Ақ тақыр, сірә ақ тақыр, шөл, шөлейт өңір. Ал Айладыр - Маңғыстауды мекендеген түрікмендердің рулық одағының аты. Айладыр делінсе осындағы ұлтанды елді айтқаны. Автор мұны шығарманың екі жерінде - Қараман ата басындағы анттасу пәтуасы сөз боларда "көл-көсір ала қырдың адайдың да, айладырдың да еркін жайлауына жететіндігі" айтылғанда, енді бірі дутар ,біздің "Үстірттің қыры мен Маңғыстаудың ойы түгілі Қарынжарық, Ақсорқа (дұрысы - Ә.С. Сақсорқа), Үдек сияқты жайдақ қоныстарының" өзі көзден бір-бір ұшқанын "Адыра қалған Айладыр" деп сарнап сазға қосқаны суреттелетін де айтып өтеді. "Кешқұрым ыстық тарап, сағым қашқанда терістікте сонау жер түбінен Қаратаудың шоқылары бұлдырайды" автор өте дәл меңзеп отыр. Қаратау шоқыларының құбыла бетте ең соңғы рет бұлдырап көрінетін жері қазіргі Өзеннің дөңі, "Айладырдың ақ тақырының" түстік батыс шеті.
Маңғыстауға қазақтардың ойыса бастауы Жоңғар шапқыншылығынан соң Атамекенінен ауа көшкен елге қоныс, малға өріс керек. Дала қанша кең болғанмен бос жатқан, сұраусыз жер жоқ. Бәрінің иесі бар. Өзі жаугершіліктің зардабын көріп келе жатқан қазақ бірден найза кезей келмегені аян. Ол туралы дәл жазушы туған өңірден өрбіген төмендегідей әңгіме бар: Түрікменге қоныс сұрай келген елшілік басшысы Бердалы батыр екен. Келіссөз әуелі ағайынгершілікпен бейбіт жағдайда басталған. Бірақ, шырықты мырық бұзар демекші, түрікмен ішінің бір әңгүдігі Бердалыны қапыда қанжарлап өлтіреді. Сонда түрікменнің бір абыз қариясы Бектұрлы ишан "елшінің нақақ қаны төгілді, Құдай кешірмес қылық жасалды, енді бұл жер бізге құт мекен болмайды" деп сәуегейлік айтқан. Әлгі әңгүдікті өлім жазасына кестірген.
Бірақ болар іс болып қалды. Бердалының кегін қуып келген қазақтар түрікменді Қаратау бойынан бір түнде түріп айдап шыққан. Таудың шығыс шетінде Бердалы батырдың күмбезі тұр қазір. Ел әулие тұтып басына түнейді. Қазақтан Маңғыстау ойында алғаш жерленген адам осы Бердалы батыр екен деседі. Әбекең шығармасында бұл оқиға "Қазақтан діні басқа, тілі басқа қалмақтан бас сауғалап ағайын деп келгенде түрікменнің алдарынан қару ап шыққанын, соғыстың содан тұтанғанын салық қылды" деген бір-ақ сөйлеммен тұжырымдалыпты.
Қазақтың туды-бітті маңдайына біткен екі дауы - жер дауы мен жесір дауы. Қаны бір, түбі бір туыс қазақтың өзі осы екі дауға байланысты өзара қырық пышақ болып жатқанда басқа елге қоңсы болған соң не жорық. Дауға оп-оңай найза араласатыны өзінен өзі түсінікті. Ал найза кез-келген қызылкөздің қолында "айбалта кез-келген тентектің тақымында жүр". Ал қызылкөз тентек екі елде де жетіп артылады. "Күнде туады."Мың жылда бір туатын кемеңгерге өңшең қылышқа жақын қыршаңқысы көп ел тізгінін бермей" тағы кетті. Тағы жауласу басталды. Бірақ мәңгілік жаулық болмаған ғой қашан да. Тіпті, тарихта ең көп жауласқан өркениетті екі ел Англия мен Франция аттай жүз жыл қандасып мәмпахат таба алмаған соң татуласып тынды. Сірә, жаулықтың ащы зардабын татыңқырағаны ғой, содан бері бір-біріне қару көтеруді доғарды. Соңғы екі соғыста да өзара қан қасап болған Франция мен Германия арасы қазір майлы қасықтай. Көздерін шел қаптаса бір-бірімен жаға ұстаса кететін орыс пен неміс те бүгінде өткенге салауат айтысып қойды. Тарлан тарихтың тағылымы деген осы. Ол ақыры қазақ пен түрікменді де тезге салды. Повесте сөз болатын Қараман ата бітімі сол жайдан хабардар етеді.
Әбілғазы баһадүр деректерінде Қараман есімі Маңғыстауға түрікмендерді Балқаннан бастап келген елбасы, бектің бірі ретінде айтылады. Ел аузы дерегі оның сүйегі қазіргі өзінің атымен аталатын қауымға, жер асты мешітінің ішіне жерленді дейді. Содан бері бұл жер аты - Қараман ата. Жазушының кіндік қаны тамған ойдың батысындағы бір көштік жердегі дөң. Түрікмен мен қазақтың қолын біраз уақыт пәтуаға жеткізген сол бітімнің шығармадағы оқиға қоюланған кезеңге тірі жеткен екі куә кейіпкері: Жөнейіт батыр мен Мәмбетпана бай. Одан бері де біраз жылдың жүзі ауған. Бітімді бала кезінде көрген бұл екеуі кәрінің арты дерлік шақта.
Жазушы, ғалым Ж.Дүйсенбаевамен "Сұхбатында"" бұл екі кейіпкері туралы Әбекең былай дейді:
- Мәмбетпана мен Жөнейіт шартты есімдер. Дәл осы оқиғаға қатысқан кісілердің аттары дәл солай деп мен ойлаған жоқпын. Бірақ сол кездегі Маңғыстауды жайлаған түрікмендердің Мәмбетпана деген үлкен ру басшысы күні кешеге дейін болған. Мәселен, Өскенбай Құлшармен айтысқанда Мәмбетпанаға бағынады. Сол сияқты Жөнейіт деген батыр да түрікменнің үлкен руы - Теке Жәуміттің батыры. Оны да мен әдейі алып отырмын, өйткені Жәуміттер Түрікменияға, негізінде, Сам арқылы Самға, сосын Балқанға құлап түрікменнің құрамында болған оғыз тайпасы. Сондықтан солардан шыққан батырлардың атын алдым, бірақ дәл солар емес.
Ал ''Ұйқыдағы арудың оянуында" бұл оқиға сілемінің нақты оқиғаларда жатқанын автор былай деп баяндаған:
"Жергілікті халық арасында "Қараман ата басындағы анттасу" деп аңызға айналып келген бұл саяси шараны жүзеге асыруда түрікменнің Егдір руының басшылары Мәмбетсапа Кулиев пен ишан Нұрмұхамед Бектұрлиев ерекше көзге түседі. Патша үкіметі жергілікті түрікмендер әулие тұтатын Бектұрлы ишанның баласы ретінде қазақ, түрікмен ру басыларынан құран ұстатып, ант алған Нұрмұхамед Бектұрлиевқа алтын медаль береді."
1870 жылдан кейін Маңғыстау приставтығы Кавказ соғыс округіне әкімшілік бағыныста болды. Сол кезеңде Орталық Тифлистен (Тбилиси) "Кавказ таулықтары туралы мәліметтер жинағы" атты арнаулы жинақ шығып тұрды. Ол әрине тау халықтарына, Каспий сыртындағы түрікмен мен қазақтарға патша саясатын насихаттайтын басылым. Осы жинақтың 1873 жылғы 7-ші санында осы Мәмбетсапаның өлеңі берілген. Мұнда оның аты Мұхаммед-Сафа делінген. Автор онда 1870 жылғы Адай елінің отаршылдыққа қарсы қарулы көтерілісін көзсіз тәуекел болды деп айыптайды. Осы көтеріліс туралы сақталған тарихи құжаттарда Мәмбетсапа есімі Адайлар мен орыстарды бітістіруші ақсақал ретінде көрініс береді. Сол бір аласапыран алмағайып кезеңде Адай жағының сөзін атақты Төлеп батырдың ұлы Мәмбетнияз би, ал түрікмен жағының сөзін осы Мәмбетсапа ұстаған. Аталған жинақтың сол санында Қафар Қаражігітов, Бәйменбет Маяев, Бекболат Есекенов, Хожаберді молдалар, Шелекен аралында тұратын түрікмен Нұри ақынның айтқан аңыздары, өлеңдері жарияланыпты. Олардың ел арасынан жиналып жариялануына жергілікті орыс билеушілермен достық қарым-қатынастағы адам әрі беделді би ақсақал Мәмбетсапаның да ықпалы болды деуге негіз бар. Ғалым Ж.Дүйсенбаева "Әбіш Кекілбаев прозасы" еңбегінде Мәмбетсапаның түрікмен басылымдарынан суретін тауып жариялады. Демек, Мәмбетпана образына негіз болған Мәмбетсапа тарихта болған белгілі адам. Бірақ шығармада оның бейнесі ел ақсақалы, пәтуашысы емес, керісінше малсақ қарау бай ретінде шаң беретін қосалқы кейіпкер түрінде. Екеуінің есімдеріндегі ұқсастық шығармаға арқау болған оқиғалардың, екі ел арасындағы бір кездегі саяси хал-ахуал, жағдайдың шын мәнінде солай болғанын айғақтайтын тұспал ғана.
Енді анттасуға келелік.
Көп елдерде "Құдай соты" деген бар. Атақты "Ефрон- Брокгауз энциклопедиялық қысқаша сөздігі" оған "адам сотының барлық мүмкін шарасы сарқылып біткенде сөзді Құдайға береді, дауласушы жақтар төрелікті тек хақ тағаланың өзінен күтеді" деген анықтама береді. Құдай сотының қазақ арасындағы көрінісі ант беру. Уәдесін Құдай атынан бекітіп, алысқан қолды Алланың мөрі деп танитын мәрт қазақ үшін ант берудің жолы ала бөтен. Оған ісінің адалдығына сенімі кәміл адам ғана бара алады. Көп көңілі айна да, таразы да. Өмірде не болмайды, ел ішінде кімдер жоқ, антқа қара жақ та тәуекел ететін жағдайлар да кезіккен. Оның көрінісі де Қараман Атада бар, қауымнан сыртқары жерленгендер антқа қарсы болғандар. Яғни қара іске ант бергендер. Сол себепті олар оқшау жерленген. Бірақ оның беті аулақ. Қазақ ондайды еш уақытта кешпейді. Ол аруаққа шетін, елге таңба іс деп қабылданады. Қара іске ант берген кісәпірмен қоныстас отыру, бір дастарқаннан ас ішу түгілі амандасып жүз көрісудің өзі кісілікті адамға мін, айып саналған. Ол жеті ұрпақ жаңғырғанша кетпейтін дақ болып есептелген. Ал анттасу технологиясы өте күрделі. Дауласушы екі жақ барлық мүмкіндікті сарқып тауысқан соң бір Құдайдың алдына жүгінуге пәтуаласады. Яғни, анттаспақ болады. Содан кейін ант ұстар аталады. Жазушы "Сұхбатта" мұның өте жауапты процесс екендігіне былай деп нақтылап тұрып тоқталады:
"Бірінші, антқа батырдың баласын ұстауға болмайды, батырдың қан арқаламай жүруі мүмкін емес.
Екіншіден, бидің баласын ұстауға болмайды, бидің қателеспеуі мүмкін емес, біреуге қиянат кесік кесіп қоюы мүмкін, ол антқа ұсталған балаға обал жасауы мүмкін.
Үшіншіден, антқа сұраусыз, я болмаса қайыршы, жоқ, арты сұраусыз кісінің баласын да ұстауға болмайды, өйткені оған бола ешкім оның уәжіне тоқтамайды... Сондықтан әрі сыйлы, әрі ешкімге қиянаты тимеген, әрі дәулеті бар, халық оның басына бірдеңе болса жоқтайтын, ол үшін намысқа шабатын адамның баласын ұстайды... Баланың өзі бәлиғатқа толмаған, таза, күнәдан пәк, ешкімнің тілі тиіп көрмеген жастағы сәби бала болуы керек".
Осы жерде Әбекеңе бір қосымша мұның ''Ант ұстар енеден туған жалғыз перзент болуы керек'" деген де қағидасы бар.
- Сондай адамды іздей келгенде таңдау Қожаназарға - оның Ақшолпаннан туған жалғыз ұлы, байдың қартайғанда ерні жібіп сүйген кенжесі Қошанға түскен,- дейді ел аузы дерегі. Қожаназар Әбекеңнің жетінші атасы. Демек, шығармадағы болған оқиға төркіні жазушының өз өтеніне қатысты оқиғалар. (Қожаназар, Қошан, Ақшолпан жайына кейінірек кеңінен тоқталамыз).
Ғалым Ж.Дүйсенбаева аталған еңбегінде Қараман ата басындағы анттасу, одан өрбіген аңыздарға егжей-тегжейлі талдау жасағандығы себепті оны қайталап жатуды артық санаймыз.
Көкбөрі мен Дүйімқараның жекпе-жегі өтетін жер Қақпақтының Қарабұғазға қараған шеті. Өткен екі ғасырдың астасқан кезінде Урал қазақ әскерінің білімдар есаулы Д.А.Ливкин бүкіл Каспий жағалауын жиектей өтіп, нәтижесінде "Каспийдің солтүстік шығыс жағалауының балық және ит балық кәсіпшілігі" атты тамаша кітап жазған. Ішінде бірнеше фотосуреттері де бар. Жазушы С.Мұқанов "Аққан жұлдыз" романын жазған кезінде балықшылар қосын суреттеген тұста осы еңбекке сүйенгенін жазады.
Д.А.Ливкин еңбегінде бір назар аударатын тұс - Тамды, Ожабай зиратындағы бір құлпытаста түрік тілінде: "Майға құнығып өтіп едің, енді тойған шығарсың" деген жазу барлығын айтады. Мұсылман ғұрпында бақилық болған адамның басына жаман сөз жазу түгілі, ол туралы ғайбат сөйлеудің өзі үлкен күнә саналады. Демек, бұл өте сирек ұшырасатын жағдай. Соған қарағанда, осы Көкбөрінің басындағы құлпытас болмағай еді деген болжамға бой ұрғандайсың. - Қазаққа есесі қатты кеткен Көкбөрі көрінде тегін жатпай тұсынан өткен-кеткен қазақтардың әртүрлі нышандармен қорқытып тіпті жын қақтырып жібереді-міс, - деген сөз айтылады ел арасында. 1987 жылдың қысында Әбекеңнің өзі күліп отырып мына бір әңгімені айтқаны бар:
- 50-ші жылдардың аяқ шенінде біздің ауылдың бір топ адамдары Бекдашыдан машинамен келе жатса керек. Шаруалары, сірә қала шығу ғой. Көкбөрінің тұсынан өте бергенде қорапта отырғандардың бірі әлдене ораған қатты қағазды лақтырған екен оны жел ұйтқытып кабинаның алдындағы әйнегін сыртынан сарт еткізіп әкеп жауып кеп тастаса керек. Көкбөрі әңгімесіне бұрыннан қанық шофер сол жерде рулінен айрылып қалып "Аллалап" шөкесінен жата қалыпты. Қатты келе жатқан машина Құдай сақтағанда шаққа аударылмай қапты. Сол шофер ағамыз содан соң Бекдашыға бар десе ат-тонын ала қашатын болды.
Әбекең "Сұхбатта" бұл жайға тағы тоқталып, ертерек кезде осы маңнан түйемен өткен қазақтардың арасында ақыл-естен адасып аурушылардың көп болғанын, оның не себепті екенін білмейтінін айтып өтеді. Шынында "Сен, қазақтың, осы дөңнен өтетін тұқымыңды аман жібермеймін" деп кіжінген түркімен батырының моласының бір қасиеті бар ма деп те қалғандайсың. Ана бір жылы дәл сол маңайдан біздің Жармыштың механизаторлары шөп шауып, оларға мәдени қызмет көрсетуге барған Қақаң деген автоклуб меңгерушісі бір түнде әлденеден қатты шошып оянып, артынан көп уақытқа дейін әрпіл-тәрпіл сөйлеп жүрді. Басқа мысалды айтпағанның өзінде ғалым Ж.Дүйсенбаеваның тап осы маңайдан түсірген видеопленкасы ағарып кетіпті. Екінші қайталап өтіп түсіргенде де солай болған үшіншісінде арнап Құран бағыштап барып түсіргеннен кейін ғана дұрыс шыққан.
Жазушының діттеген жерін шығармасында дәл көрсетіп нақтылауға келгенде өте-мөте ұсынақтылығы Жөнейіттің ұлы Дәулетпен бірге Темірбаба әулие басына келген тұсында көзге ұрады. Бұл жерде жазылғанның бәрі сол жазылғандағыдай. Теңізге еніп жатқан Аданың аралы, оны кейде Кендірлінің аралы деп те атайды, оның имек басының құрлыққа бұрылар ұшында үнемі толқып жататын бұғаз. Аралдың түп басындағы жартас, "Жартастың төбесі қалай болса солай, кедір-бұдыр қалана салған дөңгелек қорған. Әулие адамның моласы әшекейленбек емес. Дөңгелек қорғанның ішінде жай адамның бойына келіңкіремейтін үш құлаштай ұзынша төмпек жатыр". Көрген адам бұл жолдарды бастап оқығанда-ақ "Темірбаба әулиенің моласы" дейді жаңылмай. Баяғыда Темірбаба жарықтық Шопан ата әулиемен аруақ салыстырғанда мына көк теңізді кешудей-ақ кешкен екен. Басқан аяғы астында құрғақ жер болып қала барған жіңішке түбек ұзындығы 21 шақырым.
...Енді бір сәт осы арадан аяң бүлкілмен жүріп кеткен атты кісіге түстік жердегі Жөнейіт аулына оралалық. Күрке ішінде басына шіре тартылған бейшара алты тұтқын. Күні ертең мәңгүрт болғалы тұрған алты бақытсыз мұңлық.
«Мәңгүрт» дегеніміздің төркіні не - алдымен сол туралы. Біздің Маңғыстау елінде "мәңгүрет" деп те айтылады ол сөз. Мағынасы ақыл-есі кемшін, көрсеткенді істеп, айтқанды жасауға ғана бар міскін, мүсәпір адам. Бүгінгі тілмен айтқанда, тірі робот. Жазушы Әнес Сараевтың «Тосқауыл» романында Әлжанның түрікмен қызы Қанипаны алып қашып, артынан бесатарлы қуғыншы жетіп жан қысылғанда қорқақ серігінің "ағатай, мәңгүрт қылып мал соңына салса да пейілміз, тірі қалдырса болды берілелік", - деп жылайтын тұсы бар еді ғой. Әлжан болса Атыраудың батыс жағалауынан.
Біздің елде әу бастан тұтқынды мәңгүрт қылып кіріптар ететін түрікмендер деп есептейді. Бұл да бір адамды пенде етудің Хиуа, Хорезм, Бұхара хандықтарындағы тұтқынды қаша алмасын деп, өкшесін тіліп, тураған қыл салып, құлдықта ұстайтыны сияқты тағылық тәсіл деп ұғумен келді. Айта кету керек, Адай елінің біз естіп білген тарихында құл иеленушілік болған жоқ. Көрші елдерден көбіне бала, адам ұрлап, барымталау арагідік болып тұрған. Бірақ олар құлдықта жүрмеген. Жанұя құрып елдің бір адамы болып сіңіп кеткен. Әр түрлі себеппен қашып-пысып келген басқа ұлт өкілдері де солай. Мысалы, 1832 жылы Маңғыстауға келген Абросимов деген көпес Бозашыдағы Айым, Шақа деген ақсақалдар аулында жүрген Андрей деген қашқын орыс солдаты туралы жазады. Хиуа ханы Шақаға орыс патшасымен арадағы келісім бойынша қашқынды еліне қайтар деген талап қойған. Шақа оны орындамай Андрейді бір туысының қызына үйлендірген. Қазір сол орыстан өрбіген ұрпақтар қарасты біраз үй. Бәйімбет-Қыдыршаның Алескей дейтін бір атасы. Мұндай мысалдар жетіп артылады. Құлдық, кіріптарлық болмауы себепті бізге мәңгүрт ету технологиясы да таңсық. - Тұтқынның басын ұстарамен тақырлап қырып шіре байлайды. - дегенді қадау-қадау көне көз қариялардан құлағымыз шалғаны болмаса, дәл қалай болатынын да білген емеспіз. Әбекең "Сұхбатында" түйенің терісін басқа жылылай тігіп, бас киімше кигізіп қойса, біраз уақыттан кейін тері кеуіп басты сығады, шаш кері өсіп, домалақ бас сопақ күйге енеді. Бастағы қан айналысы кемиді, сол арқылы ми зақымданып, адамның ақыл-есі кемиді, ақыры мәңгүрт болып қалады екен" деген қазақ арасындағы сөзді повесте қиялымен дамытып әкеткенін сыр қылып шертеді. Қалай болғанда да ол - адамды қор етудің ең тағылық жолы.
Қазақстан халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов Әбекеңнің өте бір қадір тұтатын сырлас, жеделдес ағасы. Мәңгүрттікке қатысы бар әңгімені ертеректе жебеушінің бірі осы Әбдіжәміл аға болыпты. Кіші жүз Әлім елінде Әбекеңмен аталас, қандас Достан деген батыр, бай адам болған. Сол бозбала кезінде түрікмен мен әлім арасындағы жаугершілікте қолға түседі. Түрікмендер тұтқынын енді-енді мәңгүрт етеміз деп отырғанда, бір мейірімді түрікмен қызы қол ұшын беріп, екеуінің бұл одағы көңіл жарастыққа ұласып, ақыры бірге қашып шығады. Екеуі аман құтылып, Сырдарияның төменгі ағысына келіп суға түскен жерде әлгі қызды жолбарыс жеп кетеді. Осы қыз Достанға өмір бойы өкініш, қайғы болып өтсе керек.
Достан тарихта дерегі қалған адам. Ол туралы "Қазіргі қазақ-орыс қатынастарының" II томындағы мәліметтермен Әбекеңнің өзі де жете танысқан. "Ана тілі" газеті 1998 жылы ол туралы жазды да. Олардан бізге жеткен мәлімет Достан мәңгүрт болып қалудан аман қалып құтылып, еліне келген соң үйленіп көп перзент көрген. Адайдың ақпа-төкпе ақиық ақыны Нұрым Шыршығұлұлы "Оразбайдың қызына берген батасы" деген арнау өлеңінде ол туралы былай деп өтеді:
Басыңа бақыт құсы ұя салып,
Дәулетке дәрежелі уақтылы бол.
Әлімде отыз ұлды Достандай бол,
Табында Омар менен Оспандай бол.
Достанның бүгінгі көзі тірі ұрпақтары Ақтөбе облысының Шалқар ауданында тұрады. Бейіті Ақбасты дейтін жерде.
Басына шіре тартылмағанмен, соған жете қабыл азапты көргеннің бірі осы жолдар авторының арғы атасы Құлбек батыр деседі ел аузында. Жаугершілікте қолға түскен оны түрікмендер түйенің қатқан көңінен тігілген кепке салып, тікесінен тік байлап қойып азаптайды. Сондағы қойған талаптары: ата-тегі, зәу затынан безіп, құран ұстап, ант беріп, түрікмен жағына өтуі керек. Әйтпесе мәңгүрт жасалады. Құлбек оған көнбейді. Ақыры, сәті түскен бір күні сол ауылдың түбі қазақ жағынан қолды болып келіп, түрікменге әйел болып қалған бір мұңлық кемпірі батырды босатып жібереді. Құлбек содан елге аман жетіп ұзақ өмір сүрген. Сүйегі Бозашының Қызық деген қауымында. 1839 жылы жаугершілікте шәйіт болған. Қазіргі Өтес теміржол станциясының батысында Толыбай түбек дейтін жер бар. Толыбай Құлбектің әкесі. Мұның зираты сол жердегі қауымда. Жаугершіліктің беті аулақ. Жауласқан жақ басқаның бәрі құрығандай бірінен-бірі өткізіп кек алуды да бәсекеге жеткізген күндер өткен ғой. Несін жасырамыз оның. Бірақ аталарды бұл мәселеде қанша жазғырсақ та қазақ жағы тірі пендені мәңгүрт қылды дегенді естігеніміз жоқ. Ал енді мәңгүрттік технологиясын әдебиетке алғаш әкелген кім дейтінге келетін болсақ, ол басы ашық мәселе. Мәңгүртті, мәңгүрттікті жұрт осы "Күй" арқылы білді. Орыс сыншылары Ш.Айтматов "Боранды бекетте" мәңгүрттікті қайта сөз етіп, Ә.Кекілбаевқа жиендік жасады деп шулаған болып жатса... ауыз өздерінікі.
Шыңағаң оларға берген жауабында оны "Әбіш те, мен де халықтан алдық" деп құтылыпты ғой. Мәңгүрттіктің түп иесі халық екендігіне ешкім дау көтеріп, шұрқан шығармаса керек. Орыс сыншылары тіпті Шыңағаңа "Булгаковтың сарынына да үн қосты" деп айтып жібереді. "Ит жүрегін" ("Собачье сердце") жазған Булгаковтың жөні басқа. Ол фантастикаға иек артып өзінің қиялына ерік берген.
"Күйдегі" оқиғаның өткен жері - Айладырдың дөңі, Қақпақтының дөңі, қазіргі Оңтүстік Маңғыстау өңірі дедік. Сондағы Жөнейіт батыр аулында, баласы өлген қаралы ауылда енді ала бөтен бір бейтаныс кісі бар. Ол - "бір шеттегі құрым күркеде кісенде отырған тұтқын жігіт". "Тұла бойында бір шайнам еті жоқ, кісі көрер көркі жоқ, бір жапырақ құр сүлдер". Жөнейіт батыр артынан білді.
- Анада мұның марқұм ұлы Адай еліне барғанда, онымен өнер сынасып тең түсетін күйші жігіт осы боп шықты. Бұл Дүйімқара аулына аттандырған қолы Дәулетінен өлі айырылып, сүйегін артып келе жатқан бетінде айдалада сапаршылап жүрген осы бейбақ ұшыраса кетіпті. Сосын көп шуылдақ «Дәулетжандай арыстың өтеуіне» деп мұны ала келіпті...
Автор "Күйді" "Абыл күйші аруағына ескерткіш" деп бағыштапты. Сол сеп болып әу баста көп оқырман, оның ішінде Абылдың отаны Маңғыстау елі де күйшіні Абыл деп қабылдады. Маңғыстауда екі Абыл болған. Бірі Абыл Тілеуұлы Өтембетов - 1777-1864 жылдары өмір сүрген. Ақын. Зираты Бозашыда. Екіншісі Абыл Тарақұлы (1820- 1892) -күйші. А.Жұбанов бұл екеуін бір адам деп жазды. Оның екі адам екендігін ғылыми ортаға алғаш жеткізген ғалым Қабиболла Сыдиықов. Ақын Ә.Тәжібаевтың "Абыл" поэмасының кейіпкері осы күйші Абыл. Абыл күйші аңызына күй тақырыбының ақберен дүлдүл жыршысы Ілияс Жансүгіров те қызығыпты-мыс деген әңгіме шаң береді.
Абыл артына "Абыл", "Ақжелең", "Нарату", "Ақсақ құла", "Кеңес", "Аранжанның шалқымасы" атты бірнеше күй қалдырған белгілі сазгер. Жасыратыны жоқ, мен алғаш оқыған сәтте-ақ "Күйдегі" күйшіні осы Абыл Тарақұлы деп қабылдадым. Абылға қатысты ел арасында аңыз көп айтылады. Соның бір нұсқасы Ә.Тәжібаев поэмасына арқау болған. Енді бір аңыз оны түрікмендер қолында шәйіт болды дейді. -Жоқ, Абыл кіріптар тұтқын болған жоқ, өз ажалынан өлді, - деушілер де көп. Бұл соңғы версияны айтушылар біздің ауылдың көне көздері. Тегі осылардың сөзі дұрыстыққа жақындайтын сияқты. Себебі, біздің Жеменей Олжашы аулы көбіне Абыл туған Оймауыт, Желтау өңірін жайлады. Яғни қоныстас. Сол Олжашының бір ұрпағын Аранжан батыр Абылмен төс қағысқан дос болды деседі. Ел аузында ол туралы мынадай әңгіме бар:
...Аранжан Үстірт өрнегін қыстап, жаз Жем, Сағыз бойын жайлаған жоғарғы Адайдың бетке ұстаған батыры болыпты. Хиуа хандығының қарақшыларына қарсы көп ерліктер жасайды. Зар заманда, сірә, дау арылған ба? Дау бар жерде жау бар. Оның сыздап барып жарылар тұсы - барымта, қанды жорық. Кісі өлімі, қолды болып кеткен мал. Оның жоқшысы жалаң қылыш батыр болады ғой, әрине.
Аранжан сондай екі елдің арасы ушыққан бір тұста жорыққа аттанып, Арал беттегі бір елді шауып жеңісіне мастанып қайтып келе жатады. Бұл сапарында айдауға жүретін ұзын аяқты малға қоса беті жылтыр қыз-келіншектерді де ала қайтады. Жолшыбай Қараш қазған шыңырауының басына аялдайды. Осы кезде арттарынан жалғыз атты қуғыншы кеп жетеді. Бұл төрт өрме қамшысынан басқа қаруы жоқ уыздай жас жігіт екен.
- Сөйле, жас жігіт, - дейді батыр.
- Мен сөзімді сөз қадірін білетін дос-жар құлаққа айтсам деп ем. Елдікке бет бұрсаңдар, елдестіре алатын елшімін, қару сілтегенге қайрат қылатын қауқардан да кенде емеспін, -дейді жігіт.
Аранжан аусар болғанмен, ақымақ емес, ақылды, сөзге тоқтайтын тоқ мінез, мәрттіктің бағасын білетін мәтіби кісі екен.
- Сөзіңді құп алдық, атыңнан түсіп қонағым бол, інім, - деп жылы пейіл танытады.
- Рұқсат болса, бұйымтайымды айтайын деп едім, - дейді жігіт.
- Айт, меселіңді қайтармауға пейілмін, - дейді жігіттің кесек сөзіне тәнті болған батыр.
- Мен ұзында кегім, қысқада өшім жоқ, өнерімді үстем етсем деген ойдың желеуінде жүрген жанмын. Дау түйінін қарақшылық қайрат емес, уәлі ауыздан шыққан бейбіт уәж шешсін деген ниетті алға тартамын. Анау төбенің басында жәудіреп тұрған көп мұңлықтың ішінде Қаралды атты қалыңдығым бар, мынау алдарыңдағы жер қайысқан жылқының ішінде тақымыма басқан жалғыз қыл құйрық кетіп барады. Бұйымым осы екеуі, - дейді жігіт.
Болсын!. - дейді батыр. Батыр шешімін айтып бәрі орнынан тұрып жүре бергенде, қара арғымақ алдан оқыранып шауып келіп, жігіттің қолын иіскеп тұра қалады. Төбе басында иіріліп тұрған қыз-келіншектер тобына келіп қараса - Қаралды жоқ. Жігіт қобалжыған кескінмен батырға қарап ауыз ашам дегенше қара арғымақ шауып барып анадай жердегі төңкеріліп жатқан қазанды иіскеп кісінеп жер тарпиды. Бақса, Қаралдының сұлулығына қызығып келе жатқан жортуылшылардың бірі жігіт бұйымтайын айта бастағанда-ақ қызды топтан бөліп алып, қол-аяғын байлап, шұқырға салып, қазанмен жауып қойыпты.
Түйсікті жануар әлгінде иесінен соңғы жақын тартар жанға жасалып жатқан бұл қиянаттың бәрін көріп тұрған екен ғой.
Мәрт батыр сол жерде әлгі жортуылшыға дүре соққызып, ат-шапан айып тартқызады. Қаралды қарындасымның алдындағы айыбымды өтегенім болсын деп, айдалып келе жатқан қыз-келіншектерді босатады. Жігітпен төс түйістіріп, ақыреттік дос болады.
Арада аз уақыт өткен соң, екі елдің батагөй ақсақалдары, ділмар шешендері бас қосып бітіседі. Осы бітісудің ішінде болған Абыл күйші Аранжан батырдың әлгі жауласқан елді татулыққа бастаған кесек ісіне риза болып, "ер ортасы жасқа келдің, енді әркімнің айтағына еріп, аттандауыңды доғар, жалаң қылыштығыңнан арылып, ел жанашыры бол" деген достық ақылын айтады. Батыр келіседі.
Арада жыл өткен соң Аранжан баяғы жас досы балалы болды дегенді естіп, құтты болсын айту үшін жолға қамданады. Қасына Абыл күйшіні, Мыңкісі атбегіні ертеді.
Досы алыстан ат арытып келген ағасын құшақ жая қарсы алады. Меймандарға ел де риза қабақ танытады. Бірден бірге шақырып қонақ етіп біраз ұстайды. Сол қарсаңда көрші елде үлкен бір той өтіп, оған Абыл, Аранжандар да шақырылады. Аламан бәйге боп, Мыңкісі қосқан ат бірінші келеді. Артынан бас балуанды жығып, Мыңкісінің бағы өрлейді. Атын алыстан естіп, күйіне сусап жүрген жырақ жердің елімен дидарласып, тойға жиналған дүйім жұрт алдында таңды таңға ұрып, домбыра тартып Абыл да бір жасайды.
Бәрінен бұрын Аранжан батырдың көңілі көл-көсір болып шалқиды. Өмірін тебінгіге тер қатырып, терлікке қан қатырып жаугершілікте өткізіп келе жатқан батыр елдің елдігін көрсететін садақтың жебесі, найзаның ұшы емес. өрісті өнер екеніне көз жеткізеді. Атадан қайта туғандай болады. Досының бұл өзгерісіне тәнті болған Абыл осы сапарында "Аранжанның шалқымасы" атты күйін шығарған екен.
Әбекең Абылдың досы Аранжанға қатысты осы аңыздың бір бөлігін "Үркер" романында пайдаланады. Айырмасы мұнда жігіт аты – Қарабас, қыз - Қиялды, ал шапқан жау Қарабастың нағашы жұрты ретінде алынады. Сөйтіп, жазушы бұл жерде де халықтық көл-көсір мұраны өз шығармасында шеберлікпен пайдаланудың бір үлгісін көрсеткен.
Аңыздағы Абылдың жол серіктерінің бірі болды делінетін Мыңкісі Байсалұлы да -тарихта болған адам. Балуан Мыңкісінің зираты Маңғыстаудағы Бозашыда (Ақшымырау аулының шығыс жағында). Ол балуан сейістігінің үстіне сынықшы да болған. "Ол жас баланың күлдей боп уатылған сүйегінің орнына туғанына үш күн болған ботаның жіліншік сүйегін кесіп салды, кейіннен сол бала балуан боп күреске түсті" деп аңыз қылады халық ол туралы. Аранжан батыр ұрпақтары баршылық. Соның бірі Өмірзақ Телағысов инженер, Жаңаөзен қаласында тұрады. Енді бір ұрпағы (жиені) "Автомобиль" повесі арналған Қоблан Зоранов. Ұрпақтарының айтуынша, Аранжан батыр Жем бойында қайын жұрты Қосым Шеркеш аулында аттан құлап, оқыстан мерт болады. Ол уақтың бір салты қайтыс болған белгілі адам ата қауымына жерленуі тиіс. Аранжанның ата қауымы қазіргі Өтес теміржол станциясының қасындағы Толыбай қауымында. (Ол Толыбайұлы Құлыбек батырмен аталас.) Қалыптасқан үрдіс бойынша сүйек артылып жетектелген нар Солтүстік Үстірттің ернегіндегі бір ойға келгенде орнынан тұрмай қойыпты. Сонда ырымға сенгіш жұрт сол жерде "марқұмға топырақ осы арадан бұйырып тұр" деп, сол жерге жерлейді. Кейіннен Абыл күйші асабалық етіп, ел-жұрты басына күмбез тұрғызған. "Аранжан" атымен аталатын ол зират, күмбез Қызылтасқа жақын жерде әлі тұр. Осы оқиға туралы Жеменейдің Кедей тақтасынан шыққан Құрекеш деген ақын:
Темір тырнақ ажал кеп қадалғанда,
Айласын асыра алған адам бар ма?
Абылға ақырет қамын аманаттап,
Дүниеден өте барған Аранжан да, - деген. Айтушылар мұны "дастан дерлік ұзақ жыр еді, бізге жеткені осы шумағы" деседі. Құрекеш ақынның зираты Жаңаөзен қаласына жақын жерде. Немересі Кемел Шетпе кентінде тұрады. Бұл деректерден көріп отырғандай, күйші Абыл Тарақұлы көптің қалаулысы, елдің ұлы болған адам. Күйлеріне қоса өміріне қатысты аңыздар, әңгімелер де жадта жатталып қалған. "Күй" "Абыл күйшінің аруағына ескерткіш" болғанымен, онда Абылдың түрікмендердің де ортасында болып өнер көрсеткенінен басқа Абылға, Абыл өмірбаянына қатысты ештеңе жоқ. Автор өзі айтқандай, шығарманы жазу үстінде Абылдың өмірбаянына тәуелді болмаған. - Бұл түпкі негізден алшақтап, өзімнің суреткерлік пайымдауыма жол ашу үшін жасалған әдіс, - деп хабар береді Әбекең онан әрі творчестволық лабораториясынан.
Ал ол қандай пайымдаулар еді?
Ілияс Жансүгіровтің күйшісі ең соңында өнерінің құдіреті арқасында бостандық алады. Осы бостандығына арнап тағы бір күйін шығарады. Сөйтіп, әділдік туы - өнер мұратқа жетеді. Мәңгілік ғұмырын жалғайды. Әбділда Тәжібаев Абылы да дәулескер күйшілігінің арқасында аранын аша келген ажалдан басына араша алғаны былай тұрсын, ақырында, жауласқан екі жақтың да найза ұшын жерге шаншып, қылышын қыннан шығартпай мамыражай кейіпке түсіріп жеңісті малданады. Бұл екі поэманың да тоқайласқан ортақ шешімі өнер мәңгілік дегенге саяды. Ал Әбіш күйшісіне олардай емес, "қаталдау" қарайды. Күйші өледі. Жөнейіт қолынан қаза табады. Және бұл сорлының пешенесіне ең ауыр жаза азабымен өлу жазылыпты.
Алдыңғы ғасырдың басында - 1820 жылы Хиуа хандығына Россия Бас штабының офицері Николай Муравьев келеді. Бұл баяғы 1717 жылы князь А.Бекович Черкасскийдің сәтсіз жорығынан соң, мұнда ресми сапармен аяқ басып тұрған патшаның екінші өкілі. Н.Муравьев осы сапарынан соң, "Туркмения мен Хиуаға саяхат" атты еңбек жазды. Сонда "Хиуада елшілер мен басқа діндегілер үшін басқаша жаза ойлап табылған: оларды қу далаға тірідей көмеді, ондағысы пірадарлардың жері дінсіздердің қанымен былғанбасын дегендік. Хиуада болғанымда мен де сондай жазаға кесілдім. Мұнда қаза болған князь Бекович 1717 жылы бұдан өзгеше азапталған болатын: оның тізеден жоғары терісі тірідей сыпырылып алынып барабанға қапталды". Н.Муравьев осылай "хайуандық азаптау" деп атаған жерге тірілей көміп өлтіру жазасына кесіледі күйші. Жазаның бұл түрін бұрын тек қазақ әдебиетінде Мұхаң - Мұхтар Әуезов қана жазған еді. Онда бірақ Оразбай аулында көмілген адам өлмейтін.
Жөнейіттің күйшіні көмген жері - Түлей. Түлей деп Маңғыстау елі сексеуіл, дүзген сияқты шөптесін бұталар қалың жыныс болып шыққан жерді атайды. Олар Үстірт үстінде, негізімен жекелеп атасақ: Қара түлей, Есенқазақ пен Шағырайдың, Шылпықтың, Белсексеуілдің түлейі деп аталатын 6 түлей. Бесқала шыққан қазақтардың айдау жолы осылардың бір қатарын басып, бір қатарын жанап өтеді. Шығармадағы күйшінің тірідей жерге көмілетін жері де осылардың бірі.
"Жігіттер басын жерден көтермей шұқырды тез көмді. Қызыл төмпек жым-жылас жоғалды. Шұқырдың орнында күйшінің мойны ғана қылтияды. Тұтқын бұларға ләм-мим үн қатпады. Жігіттер атына мінді. Айдалада айдау қара жолдың бойында жаутаңдаған қос жанар тасыр-тұсыр шауып бара жатқан аттының соңынан көз алмай қарап қала берді..." Бұл аттылар оның мына жұмыр жер бетінен соңғы рет көрген екі аяқты пенделері болды да қойды. Сорына қарай әншейінде "Қоңырат пен Бесқаладан ақ жүгері іздеп қалашы шығып, айдау жолдың бойында әрлі-берлі шұбырып жататын қаңғыбас қазақтардың бірі болмаса біреуі" жолықпады. Күйші түлей кезген қасқыр, қарсаққа жем болды. Күйшіні осы жазаға кескен Жөнейіттің де көкірегінде "байғұс, бәлкім, әлгі қаңғыбас қазақтарының көзіне түсіп аман қалар" деген әлжуаз үміті бар еді. Оған да қырсық Құдайы орындалуды жазбады. Осы тұста жазушы кейіпкеріне тым қатал қарайды екен деген пікірдің шаң берері айқын. Рас, жазушы Әбіш Кекілбаев бұл ретте А.Чеховка ұқсас. Тек "Күйде" емес "Бәйге торысында" да солай. «Автомобильдегі» Жақаңды да "жарылқағаны" шамалы. "Шыңырауда" Еңсептің де еңбегін еш етті. "Шеткері үйінде" Зуһра бейбақты тіпті ергізде екі етпеген. Қарапайым адамның қарабайыр түсінігінде бұл кісәпірлік сияқты көрінгенмен, әдебиет үшін таңсық емес. Керісінше, үлкен суреткерлік. "Күйдегі" күйші пенделік өлшемге салғанда өлді. Ал өмірде ол бірден бір жеңімпаз. Зұлымдықты күй тілімен әйгілеп, әшкерелеп, ит сілікпесін шығарып жерлеп әкеліп, Әділдік алдында тізе бүктірді. Зұлымдық жоқшысы Жөнейіттің өлімі соның бір ғана мысалы. Оның құлағында ызыңдап тұрып алған саз Әділдіктің салтанат құруы. Оның бүгін де, ертең де, тіпті жыл, ғасыр өткен соң тұл қалмай келер лектің қолына өтетіндігі де Құрбан баланың шалысы арқылы сәтті ишараланған. Демек, күйшісі өлгенмен мұраты өлген жоқ, мәңгілікке қалды. Қалыпты өмірде қой аузынан шөп алмайтын момын, үлкен жүрек иесі мейірбан А.Чеховтың кейіпкерлеріне келгендегі "қаныпезерлігін" оның уағызшы емес, насихатшы емес суреткерлігі арқылы ақтаймыз ғой. Сайып келгенде, жазушы Әбіш Кекілбаев бұл Чехов өлшемінің аясынан да асып төгіліп шығып жатыр емес пе?! Шығармадағы күйшінің қолына домбыра түскен сәттегі ішкі толғанысын алыңызшы. Жаңа бір күйін жебер алдындағы өзіне қояр шарты, яғни болашақ сазымен айтпақ ойын іштей түйіндер сәтін алыңызшы.
"Адам қашан өзінің алақандай төріне көңілі толғанда ғана пейілі кеңитінін, шаншылған бас пен шашылған сүйектің ешбір елге ешқашан да шекара бола алмайтынын, адам өз бауырындағы бала мен өз қойнындағы жарын жарылқай алмай тұрып, көрші-көлеміне көңілі жібімей тұрып, байтақ елі мен күллі жұртына еш жақсылық жасай алмайтынын айт. Адамшылықтың басы - аяушылық. Аяушылық жоқ жерде адамшылық та жоқ. Өзің ешкімді аямасаң, өзіңді де ешкім аямайды. Өзің бөтен елге жасанып барсаң, жараланып қайтқаныңа ызаланба! Ол үшін көктегі Құдайды да, жердегі жауыңды да қарғама, өзіңді-өзің қарға! Жат жерде көргеніңе бола өршеленбе, қайта тәубеңе кел! Адам, адам қалпыңа келсең сонда келесің, әйтпесе, етіңе ащы тырнақ, өткір тіс батқан сайын өрелене, өршелене түсетін сен де бір хайуансың. Айуан екенің бар, өзгеден адамшылық күтпе! Өлгеніңе өкінбе, көргеніңе кіжінбе! Осы айтқандарымды ұғып отырсыңдар да, жоқ әншейін, мынау қаралы үйде мүлгіп-қалғып отыруға жалыққан соң бір сәт көңіл алдартқандарың ба! Түзікке түсінетін құлақтарыңыз бар екен, соны көкейге түйер құлықтарыңыз бар ма? Қазір ұғып, ертең ұмытып, қазір жылап, ертең есіріп жүрмейсіңдер ме? Әй, қайдам ... Сен бейбақтар осы дүниеге келгелі тауқыметті де аз тартқан жоқсыңдар, бармақты да аз тістеген жоқсыңдар. Бірақ содан не пәтуа шығардыңдар? Жабырқасаңдар -адамсыңдар, масайрасаңдар - хайуансыңдар. Кісі қай мінезіңе тұшынып, қай қасиетіңе медет тұтар..."
Ал, айтқыш болсаң осыдан озып айтып көр! Бейне Құран сөзі демейсің бе мұны! Қай қағидаңнан кем, қай мораліңнен олқы бұл сөздер. "Әйелді жамандасаң ішінде әжекем де кетеді" демекші, күйші ойымен мансұқталған осы бейқасиет пендешіліктің түбін түптеп, ей, жарандар, ағынан жарылып көрсек, сіз бен біздің де қалпағымыз қалқиып көрініп тұрған жоқ па?! Ендеше бұл жолдар бұл жалғаншының жүзінде ешкімді де бей-жай қалдыруға тиіс емес. Кешегі кеңестік кездегі "Егер жау берілмесе оны құртар болар" (М.Горький) деген оттақыларды жаттаған опығымыздың орнын енді осы сөздерді тұшынып оқып толтырар кезеңнің кезегі төрге озды! Осыны білелік алдымен! Осыны ұғалық әуелі!
Әбіштің "Күйі" Ілиястың "Күйшісімен" сарындас, оның прозадағы сыңары дегенмен мұндағы "Күйдің" шоқтығын биіктетіп әкетіп тұрған жерінің бірі - автордың тап осы консепциясы екендігін мойындау ләзім. Әбіш мұнда суреткер, аналитик емес филосов қаламгер ретінде де өзін таныта алған.
Жазушы Ә.Кекілбаев - ұлы гуманист. Өз сөзімен айтқанда, оған "бір халықты керемет, бір халықты керемет емес дейтін нәрсе жат, оны қай уақытта да жек көреді"
("Сұхбат...") Тек жек көріп тынбайды, осы жолда күрескер де бола алған. Осы қыры, "Күйде" де көрінеді. Мұнда ол "түрікмендер жаман, қазақтар жақсы, я болмаса, түрікмендер перілер, қазақтар періштелер" демейді. Жамандық пен жақсылық екеуіне де ортақ - қазақтың Дүйімқарасының түрікмендегі сыңары Көкбөрі, қазақтың күйшісінің түрікмен ішіндегі егізі Дәулет. Бұл мәселеде ол әлем әдебиетінің А.Пушкин, Л.Толстой, Э.Хэмингуэй сияқты абыздарымен үндес. Мысалы, Толстой "Кавказ тұтқынында" бүлдіршін қыз Дина арқылы бауырмалдық, аяушылық сияқты ізгі сезімдердің туын тіккен емес пе. Тағы да сол Толстой "Кавказ таулықтары жырларының" прозалық жолма жол аудармасын ақын Афанасий Фетке жолдап, Фет сол арқылы тамаша аударма жасап, кавказдықтардың поэзиясымен қалың оқырманды таныстырған екен.
- Хемингуэй кейде өте-мөте күйгелек, әсіресе нәсілге бөлушілікке қарсы көз қарасын білдіргенде, - дейді 1992 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты тринидаттық ақын Дерек Уолкотт. Ал Нобель сыйлығының 1976 жылғы лауреаты американдық Сол Беллоу, - Мен студент кезімнен-ақ Хемингуэйге таң-тамаша қалдым. Бірде ақын досым Демкор Шварц "Хемингуэй кодексін'' көрсетті. Ол дегеніңіз - адалдық, шыншылдық, өзіне-өзі бақылау мен талап, кәсіби шеберлік, ең бастысы өз басының ерлігі екен. Осы принциптерге берілгендіктен, барып шындықты айтқан жандардың күлбілтесіз ашық, ынтымақшыл, күрделі бірақ та сынық та сыпайы сөйлеу мәнері түзіліпті.
Ал Пушкин болса баскесер қарақшы Кирджалиді іштарта отырып әңгімелейді.
Демек әдебиеттің абыздары атаулыға адам баласын ұлтқа, нәсілге бөліп алалаушылық қашан да атымен жат болған да қойған.
Ал осы "Күйді" де жаугершілікке оның ішінде отаршылдыққа қарсы жазылған да шығарма десек бұған қалай қарайсыз, оқырман. Ойланып қалдыңыз, ә. Жә, көңіліңізде құлта қалмасын, мына бір жолдарды оқып көрелік.
"Бір жағы құм, бір жағы шың көк теңізден басқа суы жоқ, көкпектен басқа шөбі жоқ айна таза ала түз деп қомсынбаңдар. Осы құм мен шөл ырыстарың, әйтпесе, гүлжазира иранбақ болса кез-келген тентек найзасын шошаңдатып күн бермес еді. Мұны айтатын осы даланың байырғы тұрғыны Оғылан батыр. Әрине, батыр мұны көлденең көздің сұғы ең алдымен жеріңнің беткі бедері, суы мен нұрына қадалған кезеңде айтты. Одан берідегі Жөнейіт кезі келді. Бұл нағыз "жыласаң тағының" кебі болды да шықты. "Дұшпан шөліңе де, құмыңа да қарар емес. Малы мен жанының ындының ойлайтын жау атаңның аруағын, өзіңнің обалыңды қайтсін, қарны ашқанда әуелі бір пұшпағыңа жабысады да, сол арадан тойынған соң, жеріңнің төскейі мен қызыңның төсегіне қол салады. Күйінің бұзылатынын иттің қыңсылағанынан, күннің бұзылатынын жылқының іш тартқанынан білетін аңқау халық сол бір аяр қолдың қыл бұғалықты жеңіне тығып жасырып кеп, бір күні үн-түнсіз ту сыртынан шап беріп, алқымынан сығып, аяғынан жығатынын біліп құри ма, білмей құри ма - ол да беймәлім".
"Күйдің" прологы іспетті бірінші тарауы мен эпилогы дерлік соңғы сегізінші тарауында геодезистер туралы сөз болады. Мұндағы басты кейіпкерлер Қособа аулынан ұшырасқан түрікмен шалы - Құрбан, қазақтың жас геолог жігіті - Сырым. Автордың айтуынша, Құрбан ойдан алынған бейне. Ал Сырымның астарында белгілі бір дәрежеде автордың өзі, баяғы бала шағында зерттеуші экспедицияға көп еріп жүргендегі шатыр, ыстық кенептің исі, күйелеш кружка, темекі болмай "құрт жеп қаңсыған танаулар" т.б. шаң береді. Геодезистер - жер барлаушылардың алғы легі. Жаңа қонысты картаға түсірушілер, өлшеушілер, ен тағушылар. Бір сөзбен айтқанда, арттағы ұлы дүрмектің жансебіл шолғыншылары. Шығарманың соңында әлгі ұлы дүрмек алды Сырымға "алыстан найзасымен көк тіреген қалың қолға ұқсап" көрінеді. Орысша аудармасында бұл тараулар жоқ. Неге олай? Автор оның жауабын "Сұхбатта" былай деп береді:
- Ол тоталитаризмнің кезі, интернационализмнің тұсы, біздің елімізге талайлар келіп жатты, кенімізді алып жатты, соның бәрін мен идеялизация жасап жатқан жоқпын... Сондықтан бір жағы шындық сияқты, бір жағы өткенде болған сияқты, бір жағы бүгін болып жатқан сияқты, бір жағы сағым сияқты, сондай етіп суреттеу әдейі тұспал. Бір жағына шығып кетпеу, керемет деп айтпау. Орыстар... оны түсінді, алып тастады. Намек на что? Олар айтты: - Өте жақсы жазылған парабола, бірақ бұны берсек басқаша трактовать етіп кетеді. Біздің идеямыз халықтар достығына байланысты. Негізгі ядрода сол жатыр. мына оболочкіде сіздің намехіңіз бар. Сондықтан басын, соңғы тарауын алып тастаймыз",-деді. Автордың айтуынша, "бұл это как мост, переход историй к современности" деп түсіндіріп, тарауларды қалдыруды өтінгенінен ештеңе шықпаған. Орыс қаламдастары арасында бірен-саран бірге қиналысқандар болғанмен, тоталитарлық мемлекеттің сақ итаршысы цензураға ештеңе жасай алмаған. Есіл "Күйдің" жал- құйрығы солай күзелген де қалған.
Мұндай жағдайға "Үркер" де түсіпті. "Үркердің" орысша аудармасы шыққалы жатқанда Қазақстанға көлбеңдеп Колбиннің келе қалмасы бар ма. Қазақ "ұлтшыл" деген баяғы бір байбаламның қайта қабындай жөнелгенін де білеміз сонда. Ол қоламтаның көсеушісі, сірә, Колбин мен оның жандайшаптары. Қазақ әдебиетінің төңірегін торыған күншіл тобыр қай кезде де белсенді, қай кезеңде де жемісті жұмыс жасап баққан ғой. Оларға мұндай қолайлы сәтте қапы қалып не көрініпті. Сөйтіп, алдыңғылардың бірі болып Әбекең мен оның "Үркері" кезеп көзделген де қанды қарауылға тігілген. Сол бойда Одақтың мемлекеттік баспа және полиграфия комбинаты баспадағы қолжазбаларды қарап, алдымен, "Үркерге" қастерін тіккен. Қастерін тіккен де ту-талақайын шығарған. "Үркердің" орысша аудармасының қазақша нұсқасынан әлдеқайда қысқа болып шығу себебі - осы.
Бұған таңғалатын түгі жоқ. Мемлекет оның қаһарлы қарғылы сақшысы цензура қашан да, қай заманда да таланттың қас жауы болумен өткен ғой. Тіпті, одан тікелей I Николай патшаның қолдауымен, қаржыландыруымен жұмыс жасаған А.Пушкин де құтыла алмапты. Пушкиннің атақты "Пугачев тарихының" тақырыбын патша өз қолымен "Пугачев бүлігінің тарихы" деп өзгерткен.
Қолжазбадағы көп жерлер, орыс бүлігінің сойқандығы, тым даласуандығы айтылатын жолдар мүлдем алынып тасталған. Пушкин оны кейіннен "Капитан қызында" есебін тауып, елеусіздеу ғана қалпына келтіріп шығара алған. Н.Гоголь "Жазушыға сөзбен ойнау өте қауіпті" дегенде, көңілінің түкпірінде осы мемлекеттік бақылау аппаратының да тұрғандығында сөз жоқ.
Атақты математик Кантор "Математиканың бар құзыры оның бостандығында жатыр" деп тегіннен-тегін айтпаған. Себебі, ғылымның бұл саласы бақылау атаулыдан ада. Кеңестік цензура өз кезеңінде барлық елдің цензураларын қанжығасына бөктеріп әкетті. Өйткені оны негіздеген Лениннің өзі болды.
Ленин "Партиялық ұйым және партиялық әдебиет" деген еңбегінде кеңестік цензураның бүкіл жүйесін айқындап берді. Ұры арты қуыс, бүкіл болмысы алдамшылықтан жаралған партия, ең алдымен, халықтың тілі, үні-сөзінен қорықты. Кеңестік режимнен көресіні көрудей-ақ көрген белгілі орыс демократы В.В.Шульгин 1958 жылы "Ленин тәжірибесі" деген еңбегінде былай деп жазған болатын: "Өзімнің түрмеде өткізген тауқыметімнен мен мынандай қорытынды алып шықтым. "Ұрылар'" (әлбетте, бандиттер өздерін осылай атайды ғой) бұл партия, тіпті партия да емес бір түрлі ұйымдасқан одақ немесе тап. Оларға тән бітім сол өздерінің "ұры" деген атынан қорынбайды, қайта мадиықтанады, масаттанады. Және басқа ұры емес, адал адамдарға жеккөрінішпен қарайды... Бұлар өте қауіпті жандар. Белгілі бір дәрежеде алғанда олар сұрыпталған әшәдділер. Ал екінің бірі қиыққұлақ кәззап бола алмайды емес пе?!
...Бұл тығыз топтасқан "ұрылар" ары таза адам дар бас құрап біріккенше қанша қараң су алдырып бітеді десеңші. Міне, цензура дегеніміз Шульгин айтқан осы "ұрылардың", (Шульгин бұл теңеуді кеңестік ГУЛАГ-тың "заңды ұры" деген сөздік қорынан алып отыр -Ә.С.) кәззаптардың, алакүлік алаяқтардың, арсыздардың, дуа тимеген дінсіздердің, Ібіліс шайтанның төрт баласының адами болмысқа атымен жат барлық қасиеттерін бойларына қақтап сауып сіңірген қарғыс тигендердің қанды қанжары. Бірақ қанжар ұстағандар қанша қанды қол болғанмен, ақымақ емес. Қайда, қалай сілтейтінін біледі олар.
Ф.Достоевский адам жанын оның ішінде өз ұлты орыс жанын білудей-ақ білген жазушы. Сонысымен оның есімі Толстойға жете қабыл аталады. Тіпті, кей ретте алға шығып кететіні де құпия емес. Сол Достоевский күнделігіне былай деп жазыпты: «Көктөбе алынды. Және бір батыр және діндар халық Ресейге мойынсұнды. Енді Үндістан халқы да білсін "Ақ патшаның" жеңілуді білмейтіндігін. Енді біз жарты жолда тоқтамаймыз. Ақ патшаға о жақтағы хандар мен Үндістан императоры да, халықтар да бас июі керек. Осындай үкім қалыптасуы керек. Азия біздің болашағымыздың басы» ("Жұлдыз" 1997 ж. №3, 197-бет.)
Көктөбе ержүрек түрікмен халқының отаршылдыққа қарсы күресінің ең соңғы тірегі еді. 1879 жылы атақты жауынгер генерал Д.М.Скобелев 2 мың әскерімен, 1 миллион пұт оқ-дәрісімен Көктөбе қамалын қоршады. Бөлшекте де билей бер! - саясатын ұстанған отаршылдар 1873 жылы қару күшімен Ресейге біржола бағындырылған Адай қазақтарын да осы жорыққа пайдаланды. Жорыққа Адайлардың 500-ге жуық қарулы жасағы қатысты. Көктөбенің 5 мың пілте мылтықпен, қарумен, қылыш, найзамен, селебе пышақпен құралданған 30 мың тұрғыны ерлікпен қорғанды. Орыстардан 432 адам өліп, 833 адам жараланды. Жараланғанның бірі Адай жасағы басшыларының бірі Қосым Мырзабаев еді. Бірақ күш тең емес-ті. 12 қаңтар күні қорған қабырғасы астын кеулеп дәрімен қопарылып құлады да басқыншылар қалаға кірді. 20 мың тұрғын сол бойда құртылып, қалғандары қылыштың жүзінен өткізілді. Достоевскийдің жазып отырғаны - осы. Ұлы жазушы әлгіден соң ойын онан әрі былай деп сабақтайды:
''Азияны болашақта басып алудың қажеттілігі неде? Онда біздің қанша шаруамыз бар? Бұл өте қажет, себебі Россия тек Еуропа емес Азияда да тұр, себебі орыс еуропалық қана емес азиялықта. Тек бұл ғана емес, біздің ертеңге ұмсынған тағдыр талайымыздың басты жолы тек осы Азия ғана. Еуропада біз азиялықтар болдық, ал Азияда біз, керісінше, еуропалықтар болып саналдық. Еуропада біз ас ішіп, аяқ босататындар және құлдар болсақ, Азияға нағыз қожайынның өзі болып енеміз. Азиядағы біздің өркениетшілік қызметіміз мерейімізді үстеумен бірге солай қарай жетелейді де. Тек іс-қимылдың басталып кетуі ғана қажет".
Отаршылдық аранын осылай айдан анық ашып айтқан ұлы орысшыл, ұлтшыл Федор Достоевскийге ешқашан, еш уақытта цензура болған жоқ. Қайта кеңінен насихатталды. Басқа-басқа Ф.Достоевский "Өлі үйден жазылған жазбаларында" каторга қамытын өзімен бірге киіп жүрген бейшара кіріптар еврейге деген ұлы орыстық жеккөрушілігін жасыра алмай қалады. Сонда да оған сын жоқ. Керісінше, "Өлі үйден жазбалар" кеңес кезінде, тіпті, жер-көкке тигізбей дәріптелді емес пе.
Ал жазушы Әбіш Кекілбаевқа - отар ұлттың өкіліне, бодан елдің баласына, отаршыл державаның шын мәніндегі "өлі үйінің" тұрғынына ондай сара жолды кім берген. Сондықтан, ол амалсыздан айтайын деген ойын тұспалмен жеткізгісі келді. Бұл әдебиет пен өнерде қашаннан қалыптасқан үрдіс. Оны ұстанғандар көп болатын...
Орыстың талантты суретшісі Павел Дмитриевич Корин "Жаназа" атты картинасын жазбақ болады. Картина нобайы большевиктер тонап, талан-таражға салған атақты Успенск ғибадатханасынан шығып бара жатқан мінәжатшылар екен. Алдын-ала танысқан М.Горький картинаға "Кетіп бара жатқан Русь" деп ат қойып, суретшіге шеберхана бергізіп, қамқорлық жасап, картинаны қалай да салып бітіруді тапсырады. Суретшінің ұстазы Михаил Васильевич Нестеров шәкіртіне "Егер сен бұл картинаны салмасаң, мен саған ана дүниеден қаһар төндірумен боламын" деген қатаң ескертпесін де айтады.
Суретші іске кіріседі. Әрқайсысы адам бойымен бірдей 36 адамның портретін жазып бітіреді, әуелі. Содан соң картинаның негізгі эскизін салады. Эскизде әлгі 36 адам - монах, мүгедек, қайыршы, шаруа т.б. Успен ғибадатханасының ішінде михрабқа (альтар) жүзін емес, ту сыртын беріп тұр. Бірақ, шығып кету тіпті де ойларында жоқ. Әлденені күтулі. Қорықпай, саспай, абыржымай өр рухпен, шыдаммен күтулі. Ал сыртта маузерін білеген большевиктердің зорлық-зомбылығы. Картинаның бүкіл кілті, жұмбағы ғибадатшылардың нені күтулі екендігінде екен... Өкінішке орай, картина аяқталмай қалған. Неге - ол тағы жұмбақ. Бірақ осы біткен портреттер мен эскиздің өзі-ақ суретші Коринді танытып кетті. Сөйтсе суретші зорлыққа, зомбылыққа, зұлымдыққа халықтың өр рухын қарсы қойыпты. Одан қаймығып ''кетіп бара жатқан Русь" жоқ. Мың асқанға бір тосқан деп олар қайта зұлымдықтың, озбырлықтың жаназасын оқыр сәтті күтулі.
Міне, өнер құдіреті дегеніміз - осы. Ашық айтуға лажы болмаған Ә.Кекілбаев та осылай сол тұспал, ишара, меңзеу дергейіне бас ұруға мәжбүр болған. Авторын солай қинаған шығарма екен бұл. Толғағы қиын перзент екен, ақыры қайырлы болды.
"Күй" қазақтың көзі қарақты оқырманына қазақ әдебиетінде интеллектуальды прозаның Мұхаң-Мұхтар Әуезовтен кейін жаңа бір өкілінің қосылғанын бірден білдірді.
Ал басқа жұрт оқырманы "Күй" арқылы қазақ деген халықты тағы бір өр де өміршең қырынан таныды. Ол тек неміс тілінде бас-аяғы 13 жыл ішінде төрт рет басылып шықты. Өзге ұлт әдебиетінен атақты Гетенің, Гейненің елінде мұндай мәртебеге ие болған "Күй" -бірден-бір еңселі шығарма.
«ШЫҢЫРАУДАН» - ШЫҢҒА
Өзге өңірде су тіршіліктің көзі десек, ол Маңғыстау үшін барша тіршіліктің өзі де болған ғой. Әріге бармай-ақ, айтулы ақын Қашаған Күржіманұлының толғауында.
Маңғыстау деген - бұл аймақ,
Даласы шаң мен құм ойнақ.
Шулы өзендерге зар болып,
Кешпедік суын лайлап.
Адыра қалған аспаннан
Сұрадық жауын Құдайлап, - дегенде, бұл маң даланың бірден-бір мұқтажын дәл тауып, дөп басып айтудай-ақ айтқан ғой. Үш жағын дерлік теңіз қоршап жатқан осы бір айлапат аймаққа құдіретті күшті жасаған осы тұсқа келгенде мықтап сараңдық жасап жіберіпті. Содан болар, мұнда өмір сүру үшін атам заманнан бері су үшін күрес алдыңғы сапта болумен келіпті. Ал ол судың бір көзі әлгі "адыра қалуға'" көбірек құлықты анда-санда "көңіл күйіне" қарай кейде жауып, кейде сауып беретін аспан болса, екінші көзі жер-ананың бауыры. Ол екеуі де оңайлықпен бола бермейді. Тегі осы тапшылықтан, кепкен кенезені жібіту үшін, тынымсыз әрекеттен туындаса керек. Маңғыстау елінде суға, суатқа қатысты өзге өңірлерде сирек кездесетін сөздік қорлар өте көп. Арғыдағы жырауларымыз:
Қоғалы көлдер, қом сулар
Кімдерге мекен болмаған, - дегенде "қом" деп жайылма, ағын суларды айтқан ғой. "Ақбөбек біткен маңдайына көл бітпеген" (М.Сатыбалдиев). өзені жоқ бұл жерде қом су таулы өңірлердегі үлкен бұлақ деген мағынаны береді. Ал оның терең қазылған, мол шыңырау, құдықтарға қатысты баламасы - күдер су. Су ағар сайлардың бойынан бөгет салу мұнда да бар. Бар құралы кетпен мен күрек болған көшпелі ел салған бөгеттің қатты ағысқа көп төтеп бере алмасы белгілі. Сондықтан бөгет шайылып кетпеу үшін, ағыстың бөгет деңгейінен, биік жоғары жағынан тарам-тарам етіліп суағар қашыртқылар қазылады. Бөгет тола келгенде, артылған су әлгі суағарлармен басқа жаққа ағып кетеді. Ол суағарлар атауы - қашыртқы. Қазақтың уәдесінен тайқығанды "аяғын алып қаштыға салып кетті" деуі осы қашыртқының баламасы.
Далалық өңірлерде жауын, қар суын ұстайтын табиғи орын - тақырлар. Оған түскен су, әрине, көп жатпай буланып кетеді. Оны ұзақ сақтап қалу үшін тақырды жиектей апандар қазылады. Оны "oрпа" дейді. Құмды жерлерде қыста жауған қар бір шұқырға жентектеліп жиналып, үсті топырақпен қалың етіліп көміледі де жазда тұщы су содан алынады. Мұны ел "қазынды" дейді. Ал сай немесе кез-келген ағыстың басына жиналған қарды көміп аяғынан ағып шыққан суды "Шырлау" деп атайды. Жауын, қар суының ағыс бойындағы терең шүңейтке жиналған жерінің аты - қоңырдаң. Ал таулы жердегі сай тұйығында іркілген су көзі - күп. Ағыс бойларындағы тас шұңқырларға іркілгені-тасқақ. Тасқақтарды ертеде бүкіл ауыл болып ұрымтал жерден қолмен қашап та жасаған. Қатқыл жерде ойпаң шұқырларға ағып жиналған табиғи су қоймасы - тұран. Жерінің көп бөлігі жазық болып келетін өлкеде бұлардың өзі сан аулы, есепте дерлік. Сондай қардерліктен жер атауларын сондай су қоймаларының атымен атау қалыптасқан. Мысалы, Ауызды орпа, Тереңорпа, Ақорпа, Төрорпа, Елейдің тақыры, Айран тақыр, Ақ Қоңырдаң, Тасқоңырдаң, Оңайкүп, Үкікүп, Тесіккүп, Шайтанкүп, Қызылтұран, Қаратұран, Қаратаскақ, Қызылтасқақ т.б. Өрісінде мұндай суаттары бар елдің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Ал алатағанақ ала қырдағы ел күзеуде бұта басындағы қырауды жинап ерітіп, ішіп те жанбағыс тапты. Енді ашық аспан астында айлап, апталап жатқан, жердің сорымен ашып кеткен сол суларды қалай тазартып ішкен дейсіз ғой. Қайнатпас бұрын отқа әбден қызарып қыздырылған көсеуді салып, зиянды микробтарды өлтірген. Шәйнек түбіне қатқан қақты даладағы кәдімгі алдатөмпек (ғылым тілінде термиттер) деп аталатын қызыл құмырсқалардың "үйінен'' алынған топырақты суға салып қайнатып шайып кетірген.
Түбек құдықтарының түрі де сан алуан. Суы алғаулы, яғни ащы, мал ішуге жарамды тайыз құдықтар - бас. Өнімділігі жауын мен қарға байланысты өзгермелі болып тұратын құдықтар - еспе. Қаратау бойындағы сай тұйығынан қазылған тайыз су көздері бір сөзбен шүңкілдек құдықтар делінеді. Орпа құдықтар тақыр, құмдақ жерлерден қазылады. Бұл соңғылары көбіне маусымдық сипат алады да, қазу техникасына онша көңіл бөлінбейді. Маңғыстау ойындағы құдықтардың дені тайыз. Тереңдігі 4-5 метрден аспайды. Олардың ішкі жақтауы мүмкіндікке қарай таспен, тасы жоқ жерлерде жыңғылмен, сексеуілмен шегенделе салынады. Ал Атырау мен Арал арасында көлденең жатқан ала қыр -Үстірттегі негізгі су көзі - шыңыраулар... Олардың кейбірінің тереңдігі жүз метрден де асады. Мысалы "Жүз адым" шыңырауы. Адым - халықтың байырғы ұзындық өлшемі. Ересек адамның керіп аттаған екі аяғының арақашықтығы. Содан кейінгі өлшем құлаш—бұл айқара керілген екі қол арасының шамасы.
Шаңыраулар - бағзы баяғыдан жеткен жәдігерлер. О баста ол белгілі бір жүйемен, ұлы керуен жолдарының бойынан белгілі бір қашықтықты сақтай отырып қазылған. Әбекең-Әбіш Кекілбаев "Ұйқыдағы арудың оянуында" бір кездері Маңғыстау одан кейін Закаспий облысының билеушісі болған Н.Ломакиннің "Маңғыстау түбегі және одан Каспийден арғы өлкенің әрқилы жерлеріне баратын жолдар туралы" атты еңбегіне сілтеме жасап бес торапты атап өтеді. Ондағы аталған жер атаулары негізінен су көздері - құдық, шыңыраулар атымен аталады. Жазушы өлкедегі басқа жолдар осы негізгі бағыттардың қосалқы тораптары дейді.
1915-1917 жылдары Маңғыстау уезінің облысқа жіберген есебінде Ломакин деректері анағұрлым толықтырылған. Бұл жерде, негізінен, түбекте мал санының артуына байланысты жаңа өрістер игерілген, шыңыраулар көптен қазылған деген дұрыстыққа келіңкірейді. Жалпы 1875-1913 жылдар түбек экономикасы үшін үлкен өрлеу кезеңі болды. Өңірде материалдық мәдениетіміздің де өркендеп, оның құрамдас бөлігі шыңыраулардың да көп қазылғаны осы жылдар.
Қазылған шыңыраулар алдымен оны қаздырған кісінің қала берді оның туған-туыс, ағайындарының иелігінде, яғни меншігі. Бірақ даланың заңына байланысты оны пайдаланудың да тәртіптері бар. Көшкен ел көш жөнекей жолындағы шыңырау басына бір күн еру болып, малын суарып алуға құқықты. Егер екі күн, одан да ұзақ еру болғысы келсе иесінен ұлықсат сұрауға тиіс. Бірінші күні еру болғанда құдық иесі тарапынан қабақ шытылса, даланың қонақжайлық заңының бұзылғаны. Онда иесіне ат, шапан айып тартуға дейін кесік кесіледі. Ал құдықты баса-көктеп иелік етілсе, онда зорлықшы жағы айып төлейді. Мұндай дау артының адам өліміне, ру мен рудың арасындағы үлкен жаугершілікке ұласқан мысалдары жетіп артылады.
Осы ғасыр басында Солтүстік Үстіртте құдандалы екі бай Аймекен мен Шаңды құдық үшін төбелесіп, Аймекеннің басына қамшы тиіп, бас құйқасын ырситып тіліп кетсе керек. Шаңдының келіні - Аймекеннің қызы. Жаңай аулынан. Әбекеңнің - Әбіш Кекілбаевтың жақын апалары. Қонаққа табақ тартыларда, бастың құйқасын шаңбақтап беретін дәстүр бар емес пе? Сол дәстүр бойынша Шандының алдына бас келген сайын "Па, шіркін, Аймекеннің басындай қылып ырсита тілінген екен" - деп айта берсе керек. Бір рет емес, бұл сөзді талай рет құлағы шалған келіннің де шыдамы таусылған болар, ақыры:
- "Не мені алып кетсін, не атамның мына қорлауын қойдырсын", - деп төркініне хабар салады. Бұл жайдан бұрыннан да хабары бар, оның үстіне қыздарының сәлемін алған Жаңайлар жағы қапысын тауып бейуақта бейқұт барып, Шаңдыны тыпыр еткізбей ұстап, бас терісін шаңбақтай тіліп, онысымен де қоймай басты құлақ шекеден жоғары айналдыра таңба салып жөнеп кетеді. Шаңды жалма-жан үйірден бір ту бие алдырып сойып, қазысын тартып әзер аман қалады. Түстеп қолмен ұстаған айыпкері болмаған соң дау өршімей басылады. Осыдан соң келін кең өрістен құдық қаздырып, оны қоныстан тарыққан елдің ортақ пайдалануына береді. Содан "Келін қазған" атанып кеткен шыңырау арғы Үстіртте осы күнге дейін бар. 1987 жылы мен осы оқиғаны қағазға түсірдім. Сол маңайдағы ернекте "Қырық байтал" атты құдық та бар. "Қырық байтал" атануының мәнісі мынау:
Судан әбден тарыққан бір байдың көзі ернектегі шың астындағы сулы тепсеңге түседі. Бірақ барар жол жоқ. Мал түгілі, адам да түсіп шыға алмайтын шаппа өр. Ақыры, ойлана келе елдің қайратты, палуан жігіттерін жинап ақыл салса, олар жолды бір жазда салатынын, бірақ салған жолдың ақысы әр қадамына бір байталдан екенін ескертеді. Бай келіседі. Айтылған уақытта жігіттер сүйменмен сүйемдеп ойып қашап жолды салып бітіріпті. Сөйтсе оның ұзындығы 40 қадам болыпты. Бай уәдесінде тұрып жігіттердің ақысын төлеген. Содан әлгі су көзі "Қырық байтал" атанып кете барған.
Маңдай теріңмен, не адал ақысын қаздырып жайлаған құдығыңның суы екеш суының да дәмді болатынының бір мысалы былай айтылады:
Жазда Үстірт үстінде жайлауда жатқан қадірлі ақсақалдың бірі қатты сырқаттанып қалады. Ауру меңдетіп әрі ерні кезеріп шөлдеген сырқат ойдағы Талақ (осы күнгі Жаңаөзен қаласының батысында 30 шақырымдай жер) құдығынан бір мес су жеткізіп беруін өтінеді баласынан. - Көз жұмар алдында содан мейірім қанып бір ұрттайын - дейді. Баласы іле жолға шығады да араға бір жұма салып, мес суды алып жетеді. Сонда суды аузына алған әкесі - Әй, шырағым-ай, мынау Талақтың суы емес бергі жағындағы Шалабай бұлақтікі ғой. Көлігіңнің терін енді бір көш жер қия алмаған екенсің де, - деп қынжылыпты. Сөйтсе жағдай шынында да солай болған екен. Алыс жолдан қажыған баласы Шалабай бұлақтан ат басын кері бұрыпты.
- Ойда - Талақ, қырда - Көгесем, қайран қос кәусарым, қалдыңдар-ау! - Бағзы заманда Маңғыстаудан қоныс аударып бара жатып көкірегі осылай деп қақ айрылған түрікмен ағайынның бұл сөзі ел жадында әлі жаңғырады.
"Келесі күні ертемен ағаш үйден далаға шыққан мені бір көрініс қатты таңғалдырды. Бірнеше қырғыз жерге еңкейіп тұқшаңдап бірдеңемен айналысып жатыр. Әлден уақытта бойларын тіктегенде қолдарындағы жіпті көрдім. Ілкіде бұлар өздерінше дұға оқып, ғибадат етіп жатырған болар деп ойлағанмын. Бақсам, олар құдықтан су алып жатыр екен. Таяп келіп қарасам, жіптің екінші ұшында жылқы терісінен жасалған қауға бар боп шықты". 1900 жылдың көктемінде уездік қала Форт-Александровскіден қырға ұзап 25 шақырым жердегі Қаңға құдығының басында қоналқаға тоқтаған Бас штаб офицері Гаспар Насибьянец қаламымен осы жолдар хатқа түсіпті. ("Огонек" 1901 жыл 21-саны) Шіркін, сонда бұл орыс офицері тал осы Қаңғада кіндігі кесілген Қоқымның баласы Екінші дүниежүзілік соғыста шәйіт болған Кекілбайдың перзенті Әбіш Кекілбайұлының арада 70 жыл өткен соң, тап осы ата күлдіктегі құдығын, құдыққа қатысты қам қарекетін шынайы шеберлікпен көркем суреттеп, жалпақ әлемге танылған жазушы болатынын білсе ғой!
"Шыңырау" алғаш 1971 жылы "Жалын"-альманағында "Бір уыс топырақ", "Шыңырау" кітаптарында, орыс тілінде "Простор" (1975) журналында, "Баллада забытых лет", "Легенды степей" кітаптарында басылды. Неміс тілдерінде 1980, 1982, 1983 жылдары басылып шықты. (Ә.Кекілбаев "Таңдамалы" Алматы, "Жазушы" 2-том, 393-бет.)
Жалпы әлем әдебиетінде, оның ішінде, шөл далада, жер астындағы ылғалдан үнем айырған Кіндік Азия әдебиетінде бұрын-соңды құдық, оны қазушының кәсібі, қарекеті туралы кесек шығарма болған емес. Атақты тарихи романдарын жазар алдында шөл даланы зерттеуге мықты ден қойған В.Янның өзі мұндағы құдықтарды атүсті шолудан аса алмады.
"- Құдықтар бір күндік жол аралығында бірінен бірі шамамен жиырма-отыз шақырым қашықтықта орналасуы тиіс еді, - деп жазады ол өзінің өмірбаяндық повесінде. - Бұл картада солай көрсетілгенмен, шынында олай болмай шықты. Бір құдықтар сусыған құм астында қалған, енді біреулері опырылып құлап қалған. Сондықтан, бізге екі-үш тәулік бойына тек местегі су қорымызға ғана есеп жасауға тура келді.
Көптеген құдықтар сексеуілмен күмбезделіп жабылып сырты сазбен сыланыпты да аузы шөптен тоқылған жабындымен бүркелген. Тереңдігі жиырма метрге дейін баратын өте терең, ені бір метр енсіз құдықтар іші сексеуілден тоқылған тормен көмкерілген". Жазушы онан әрі Ашхабад-Хиуа жолы аралығындағы бұл құдықтарды күтіп ұстау үшін үкіметтен арнайы қаржы алып отырған бір ишанды жұрттың "шайтан ишан" дейтініне тоқталады. В. Ян 1902 жылғы осы сапарында Үстірттің шығыс шетіне дейін келіп қайтады. Өкінішке орай, ол Маңғыстау Үстіртіне аяқ баспаған, мұндағы жүз метрге дейін баратын терең шыңырауларды көре алмаған.
Міне, Әбіштің "Шыңырауына" дейінгі бұл тақырып осылай атүсті, жол-жөнекей дерлік "ат шалдырылып" қана жазылып келді. Бұл тұрғыдан келгенде "Шыңырау" қазақ әдебиетінің кемелденгенінің көрінісі болды да шықты! Әбекеңнің бұл шығармасы проза жанрындағы алғашқы ("Бір шөкім бұлт", "Күйден'" кейінгі) кесек туындысы екендігіне қарамастан, әдебиет әлеміне үлкен бір тұлғаның, таланттың қосылғанын көрсетті. "Шыңырау" осылай танылды, өзін танытпасына қоймай танытты. Бұл соңғы сөзді айтуымызға себеп - кезінде "Шыңырау" өз бағасын алуға келгенде өзінің өлең топырағында қағажу қалды. Әншейінде болмашыны көріп таңдайын сүйел шыққанша қағатын сыншыларымыз жұмған аузын ашқан жоқ. "Шыңырауға", алдымен, дәл бағасын берген - неміс жұрты, Ұлы Гетенің елі болды.
Енді "Шыңырау" қалай жазылды екен, соған келейік. Ол туралы жазушының өзі былай дейді.
- Мен бала кезімде Бейнеубай бар, басқа да құдықшылар жөнінде көп естідім. Университет бітірер кезде әкемнің Қарақалпақстаннан тумас қыздары келді. Баяғы Қара кісінің тұқымдары біздің бір қыздарымыздың ұзатылған жерлері екен. Соларға амандасу үшін, Қарақалпақстан мен Қазақстанның шекарасында отырған соларға бардым. Олар Ақотты-Нар деген жердегі құдықтың маңында отыр екен. Сол құдықтарды көрдім, соларға байланысты әңгімелерді сұрадым. Олар біздердей емес, бала кезінде естіген әңгімелерді сол қалпында сақтайды екен. Ақотты-Нардың тарихын айтып берді. Неліктен солай аталған себебін.
Судың ең соңғы күнінде су шығатын көзді құдықшы ашпай кетеді. Жол-жөнекей ашып қойса, ары қарай қаза алмайды да, ол құдық тайыз болады, тайыз болған құдық таңқы болады. Судың қоры көп жиналу үшін су ашылған жерден ары қарай қазады. Күші жетсе екі-үш құлаш қазып судың астынан қазған сайын судың шығатын көзі де көбейе береді. Сол кезде су үстін жауып кетпес үшін оның бәрін жолдан жауып, сылап, саналы түрде сөйтіп жауып отырады. Қоры жетеді, енді қайтуға болады, я болмаса астындағы судың дәмін сақтап қалатын, дәмін бұзбайтын қатты сазды пластқа келгенде, құдықшы ары қарай қазуын тоқтатып, енді су көздерінің бетін шұқып ашып, жан-жақтан шүмектеп аға бастаған судан өзін алып қашып шығады, құдықты бітірген соң. Осындай бүкіл технологияны білетін құдықшылардың көлігі түйе болатын. Таңертең түседі, түсте шығады, қайта түсіп, кешке шығады, осының барлығын сыралғы көлігі түйе арқылы жасайды. Ақотты-Нарды қазған құдықшы ойлаған, су шығатын, жиналатын көзге әлі де екі күннен кейін жетем деп есептеген. Бірақ су жиналатын көз көбірек болған көрінеді. Бірнеше жерден жарған судың астында қалатын болған соң арқанмен белгі берген. Құдықтың сыртындағылар: "Ол бүгін болмайды, екіндіге дейін нар жайылсын, - деп күнде шығырға жегіп жүрген түйені аяғын тұсап, жайылысқа жіберген. Енді шыдатпайтын болған соң қасындағы қосымша жұмысқа жегіп жүрген нарды алып келеді. Шығырға бұрын түспеген түйе үркіп қашып, құдықтың ішіне олай соғып, бұлай соғып, ана кісінің мылжа-мылжасын шығарып алып шыққан. Содан соң құдықтың атында "Нар" деген сөз қалып қойған. Содан кейін ел қорқып қасына көп қонбайды екен. Малын содан суарып, ауыз суды басқа құдықтан алады екен. Кішкентай бір эпизод әсер етті де құдық жөнінде бұрын естіген бүкіл әңгімемді қайта қорытуға тура келді. Содан барып "Шыңырау" повесі шықты.
Бұл - Әбекең творчествосын зерттеуші Жанбибі Дүйсенбаеваға автордың ауызша айтқан әңгімесінің магнитофон таспасына жазылып қағазға түсірілген баяндауы. Әбекеңнің университет табалдырығынан алған мамандығы тіл мен әдебиет пәнінің мұғалімдігі екендігін ескергеніміз ләзім бұл жерде. Әңгімеші ұстаз әріптесіне әңгіменің ұлы нұсқасы-фабуласын баяндап тына салмай тәптіштеп түсіндіруге тырысады. Соңыра "Шыңырауының" сырын жас лекке түсіндіру методикасына ден қойыңқырайды. Тегі, ұстаздық ұлағат дегеннің бір мысалы деуге сыяды осы бір қарапайым әңгіменің өзін.
Қашан да тарихи дерекке сүйенетін Әбекеңнің осы ауызша мөлтек әңгімесінің өзі көл-көсір тарихқа толы. Мұндағы "Баяғы Қаракісі" делініп отырғаны есімі Адай еліне белгілі Қаракісі. Дау-шарға, жанжалға үйірлігімен аты шыққан. Бұл фәниден азан шақырып қойған есімі Күмісбай аты ұмытылып, Қаракісі атымен бақилық болған. Моласы Үстірт ернегінде. Ал Бейнеубай Құлшарұлы - Адайдың белгілі құдықшысы. Руы - Қараш. 1864 жылы туып, 1942 жылы өлген. Қараштың немересі Жәдік өте қайратты, күреске түскен кісі болғандықтан, Балуан Қараш атанған. Қараштың әкесі - Шегем. Бес баласының бес рулы елге айналып атаққа шығуына орай, ел бұл ауылды Бес Шегем атайды.
... Сырлыбай, Бабық, Жаубасар
Ожау, Қараш - бесеуі
Бес Шегем болып теңелген.
Күш иелері атанып,
Жоғарылы төменнен:
Байлық пенен батырлық
Ерлік пенен батылдық
Сәулетші, тамшы, құдықшы
Бұл Шегемнен табылған, - деген өлең жолдары сақталған бұлар туралы ел жадында Қараш атаң баласы бүкіл әулетімен құдықшылықты кәсіп еткен. Құдықшылардың соңғы өкілі Бейнеубай Үстірт өңірінде туған. Бабық Таймас ишанның мектеп медресесінде сауат ашқан. Емсектік қасиеті де болған. Бірақ молдалық құрмаған. Ата кәсібі құдықшылықтан қол үзбеген. Үстірттегі ең терең, сулы, "Қараш қазған" шыңырауын 1920 жылы қазыпты. Содан кейінірек Сенек Сұмса төңірегінен бірнеше құдық қазған. Білетіндер Маңғыстау өңірінен тек Бейнеубай қолымен қазылған құдықтар санын (өзге елдесі бар, бәрін) 1000-ға тарта жақындатады. 30-шы жылдары молда деп айыпталған Бейнеубай амалсыздың күнінен түрікмен жеріне қоныс аударуға мәжбүр болады.
Қазір Ақтау қаласында тұратын соғыс және еңбек ардагері Сұлтан Балхайұлы Бейнекеңді осы кезде көріпті. Көрші отырған.
- Бір күні судан тарыққан ел Бейнекеңе құдық қазып беруді сұрады, - дейді Сұлтекең, -Бейнекең "Қаз десеңдер қазайын. Бірақ бұл жерден тек ащы су шығады", - деді. Ел келісті. Бейнекең қазып, қырық құлаш тереңдіктен мол су шығарды. "Қырық құлаш" аталатын, суы мол мал ішуге жарамды сол құдық әлі бар.
Түрікмен жерінде де қудалау көрген Бейнеубай 1933 жылдары Иран жеріне ығысуға мәжбүр болады. Сол жерде көз жұмады. Бейнеубайдан 3 бала: Іңірбай, Әлпейіс, Арқарбай.
Арқарбай 1938 жылы әкесінің артынан Иранға барып амандығын біліп, баспана тұрғызып беріп келгендігі үшін 10 жылға сотталған. Жазасын өтеп аман оралған. Бейнекеңнің арғы бір аталары біздің ата кәсібіміз сегізінші ұрпағымызға барғанда жаңылар деген сәуегейлік айтқан екен. Сол айтқаны дәл келді.
Бейнеубай немересі Іңірбайұлы Есберген - журналист, Жайберген (марқұм) мұғалім, Аяпберген құрылысшы инженер болды. Жарықтық Бейнекеңнен қалған тәбәрік - сүймен қазір жиендерінің төрінде мақпал қынапқа салып әспеттеулі тұр. Телпегі Есбергеннің үйінде. Ауырып-сырқаған нәресте осы телпекті басына кигізіп ұшықтағанда жазылып кетеді. Оған көп адам батылдық етіп қол да тигізе бермейді.
Әбекең меңзеп отырған Ақотты-Нар құдығы Оңтүстік Үстіртте. Қазақстанның Қарақалпақстанмен шекаралас аймағына жақын. "Шыңырауда айтылғандай, өзге құдықтардан бір көштік жырақта және осы өңірдегі ең мол су көзі. Ел осы күнге дейін ризығын көріп отыр.
Әбекең 1992 жылы оқырмандарымен кездесуге "Еңсеп осы Бейнеубай сынды бірнеше құдықшының жиынтық бейнесі" деген еді. Демек, дәл Еңсеп атты құдықшы өмірде болған емес. Ал менің бір рет сол өмірде болмаған Еңсеп болып қалғаным бар. 1986 жылы іссапарымен Ленинград қаласына бара қалайын. Алдымен көптен арманым болып жүрген Салтыков-Щедрин атындағы кітапханаға бас сұғайын. Іздегенім Пушкинге қатысты жәдігер. Ұлы ақынның Маңғыстауда болған досы В.Д.Вольховскийдің кейіннен И.Малиновский жазып, Харьковте 400 данамен бастырып шығарған ғұмырнамасы еді, ақыры таптым. Қуанышым қойныма сыймай оқу залына кірсем, ине шаншар бос орын жоқ. Тек алдыңғы қатарларда ғана бос тұрған орындар бар екен. Ол неге олай деп ойланып жатқан мен жоқ, бардым да қонжия кеттім. Ғұмырнаманы оқып, конспектілеп жатырмын. Бірер сағаттан соң шаршап, әрі қаужаңдап алмақ боп, буфетке қарай беттедім. Маған ілесе тағы бір сидаңдау жас жігіт шықты. Буфетте екеуміздің басымыз бір столдың басында тоғысты.
- Қайдан келіп едіңіз? - деп сұрады бейтаныс. Акцентіне қарап Балтық бойының жігіті болдың-ау деп ойлап қалдым.
- Қазақстаннан.
- Қазақстанның қай жеріненсіз?
- Маңғыстауданмын.
- Еңсептің жерлесі екенсіз ғой.
Еңсептің кім екені қапелімде есіме түспеген мен тосылып қалдым. Онымды байқаған танысымның:
- Әбіш Кекілбаевтың "Шыңырауын" оқымаған екенсіз ғой. - демесі бар ма. Ал керек болса! Мәссаған! Құдайдың төбеден қос қолдап ұрған жерін қара. Күйіп кеттім. Өйтпегенде ше. "Шыңырауды", Әбішті бір адам оқыса, мен оқыған шығармын деп жүрген неменің бірі емеспін бе, мен!
- Ғафу етіңіз. Сіз қайдан едіңіз?
Сөйтсем, бұл бейтанысым Германия университетінің Кіндік Азия, Қазақстан елдері әдебиетін зерттеп жүрген ғалымы болып шықты. Ойнайсың, құнан қойдың сақасымен! Сол жерде, қанша дегенмен, Адай атаңның баласы емеспін бе, жалма-жан реванш алудың қамына көшейін.
- Ал сол Әбіш Кекілбаевтың досы, әрі аудармашысы Герольд Бельгер екенін білетін боларсыз?
- Білгенде қандай!
- Бельгердің қазақ мектебінде оқығанын, ана тілі - қазақ тілі екендігін, аударманы қазақшадан тікелей жасайтынынан ше?
- Бұл жағынан бейхабармын.
- Ендеше неміс Герольд Бельгерді біз қазақ төл жазушымыз деп есептейміз. Ол Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының түлегі. Әбіштермен қатар жүрген дос, пікірлес, - деп бастырмалата жөнелдім есесі қайтқан мен, - Ал Әбіш Кекілбаевпен жерлеспін. Аталарым да, мен де Еңсеп қазған шыңыраудан су ішкен кісілерміз. Еңсеп туралы тегі мен айтқаным дұрыс шығар.
- Дұрыс, профессор мырза, кешіріңіз әлі академиктікке жете қоймаған шығарсыз, мен тыңдауға әзірмін. Әлгінде сыртыңыздан көріп отырып, сізді Кіндік Азия халықтарының бірінің өкілі болар деп ойлаған едім. Қателеспеген екенмін. Танысқаныма өте қуаныштымын.
Сөйтсем мен мана оқу залына келіп отыра қалған бос орын академиктер мен профессорларға арналған орын болып шықты. Маңғыстаудағы Жармыштың жарық өкше баласы мен үлкен кітапханалардың ондай тәртіптерінің барлығын қайдан білейін. Мен профессор емес, боқшасын сүйреткен жалаңаяқ журналист екенімді, орынға білмей отырғанымды айтып мәз болыстық.
Жаңа таныс бір жайсаң жігіт екен. Әбекеңді, Еңсепті айтқан оның алдында маған бәлсініп не көрініпті. Екеуміз кітапханадағы шаруамызды ертеңге қалдырып сыртқа беттедік.
Сөйтіп сол күні болашақ ғалым Күрт дос екеуміз оның айту мәнері келіспейтін орысшасына, менің мәнерге қоса жалғау жұрнағы жұтаған орысшам қосылып, біраз мәселенің басын шалдық. Менің өзге тілді түгілі қазіргі орысша оқыған қазақтың өзі дұрыс айта алмайтын Әбілқайыр атым айтуына қиындық келтіре берген соң "Еңсеп'' деп атауын өтініп едім, неміс досымның тілі тақ ете түсті. Сөйтіп мен аз уақыт "герр Енсеп, Фройд Енсеп" атанып төбем көкке сәл-ақ тимей қалды.
Мен бұл әңгімені бұра сөз күлерге жақсының жоралғысы үшін емес, өркениетті неміс елінің Әбіш Кекілбаев творчествосын қалай жетік біліп, қалай бағалайтынының мысалы үшін айтып отырғаным түсінікті болар.
Әбекең "құдықтың қазу технологиясы" деп тектен-текке сөз саптап отырған жоқ. Ол - бір жатқан әлем. Ал оған дейінгі тұщы су көзі шығатын құдық орнын дәл таңдап табу дегеніңіз тылсым құпия.
"Ала қырдан бір ұрттам су тата алмай аласұрып, әбден қаталаған тіршілік иелері көзі қарауытып, миы зеңіп келіп бас қоятын сұлама дөңде жалғыз бұлтиған осы бір әйкелді құдық ажал аузында сұлқ жатқан шала жансар дененің төсіндегі әлі суала қоймаған сыңар емшек сияқты". (Таңдамалы... 379-380 беттер) - Жазушы тіршілік үшін мән-маңызын осылай жеріне жеткізе баяндайтын құдықтың өмірге келуі - ең бір күрмеуі қиын күрделі іс. Алдымен, көкке томсара қарап мелшиіп жатқан жалпақ даланың бар қыраң, қырпуы, жазығы, ойы түгел көкей көзінен өтіп сарапқа салынады. Ана жердің де топырағы, мына жердің де топырағы қаралады, шөп тамыры қазылады, исі иіскеледі. Ең соңынан үйірлі жылқы дала үстінен дүсірлете айдалып тың тыңдалады. Жердің тасты, сазды, бос топырақты қабаты ат тұлғының дүбірі арқылы солай шамаланады. Содан соң барып қазық қағылып үстіне үй тігіледі. Ақсарбас шалынып, бата жасалады. Ендігі кезек құдықшынікі.
"Осы жолы бұл көк тасқа он кісі бойы жер қазып зорға жетті. Мұнша жерді шегендеу үшін қыруар тас керек". Он кісі бойы тереңдік біраз жер болғанмен бос топырақты. Оңай қазылды. Үрдіс бойынша ол аумағы апанға жете қабыл кең болып қазылады. Шеген -соны көк тастан жоғары қарай ішінен таспен мықтап қалап өріп шығатын жақтау қабырға. "Әрқайсысы алып тоқаш сияқты қалыңдығы қарыс жарым да, биіктігі кез жарым"" тас. Бұндай тасты сонау үш күндік жердегі құлама ернектен тасып әкелудің өзі күш. Ол үшін белді-белді нарды кәтептеп, ауыттап қомдайды да, екі жағына бір-бір шеген тас сыйып кететін екі үлкен кебеже теңдейді. Еңсептің мына қазып жатқан шыңырауына шеген тас тасуға Байсал байдың қора-қора түйесі ішінен сондай сегіз нар әзер табылғанға ұқсайды.
Көк тасқа жеткен соң әлгі тастармен құдықтың қазылған жері шегенделді. Шегендеу де -шеберлік. Соңыра су алғанда қауғанды қағатын кедір-бұдыр қалмай теп-тегіс, түп-түзу шығуы керек. Бір жерден бір тас кетілсе, шетінесе бүкіл еңбектің зая кеткені. Сондықтан әр тас мұқият қаланады. Қалағанда балшықсыз бір-бірінің үстіне өз салмағымен отырғызылады. Шеген мен құдық жақтауының арасы сазбен жентектеліп бітеледі. Ауызға жеткенше жермен бірдей шегенделіп болған соң да жұмыс жеткілікті. Белуарға дейінгі биіктік қалың-қалың таспен көтеріліп аузына әйкел орнатылады. Бітті. Енді бұл түрінде құдық жер жарылып, аспан опырылып кетпесе одан бергі зілзалаңа болмайды. Мәңгі жасайды.
Құдықшы анада жеткен көк тасты сүйменімен сүйемдеп ойып қашап әрі тереңдейді. Құдық ішінің бұдан былайғы аумағын шегенделген бөлігімен бірдей болып кете барады. Бұл да теп-тегіс, жып-жылмағай. Тек әр жерден ішке түсіп шыққанда аяқ тірейтін ойық теппелер ғана қалдырылады. Босаған топырақты сыртқа тартып шығаратын құрал - қос құлақты түйенің терісінен арнайы жасалған қауға іспеттес, бірақ шаңбағы да, кергіші де темірден емес тобылғыдан, түйенің мойнақ терісінен өрілген қайыс арқанға байланған долы. Арқан тек қана жылқының қылынан әуелі үш танап болып қолмен жеке-жеке есіледі. Өзге арқан шыдамайды. Жаңағы қолмен есілген үш танап қыл арқанды біріктіріп қайта еседі. Бұл технологиясын арқанды ширату деп атайды. Қыл арқанның есуі түгілі ширатуының өзі оңай емес. Бұған сайлы төрт адам керек. Сырттағы үш жігіт не қолы қарулы осыншама әйелдер арқанның керегенің көзінен тысқа шыққан ұшын кере тартып бір бағытқа ширатумен тұрса, іштегі бір адам арқанның екінші басын тартумен тұрады. Күш түскені болар, осы сәтте алты қанат жасаулы үйдің сүйегі сықырлап сыр беріп тұрады. Сөйтіп есілген арқан - бұл.
Шор болып қатқан күсті алақанның өзіне темірдей қатты тиеді. Оған шыдас беретін шығырдың еменнің діңінен ортасын кезеттеп ойып, өзегінен өткізген (оны сым темір дейді): жуан болат темір мен шығырдың айыр басына орнатқан доғалақ қана. Шығыр доғалағы құдық аумағының ортасына дәл келтіріліп, әйкел аузына бөксесі жерге зілмауыр тастармен бастырылып орнатылады. Арқанның бір ұшы нардың беліндегі арнайы "бел басы" деп аталатын жабдыққа көліктің аттанар жағынан байланады.
Құдық түбіндегі долы толған соң нар бұрылып шығырмен арқанды тарта жөнеледі. Діттеген жерге барған соң, әйкел аузындағы екі жігіт долыны сыртқа шығарып алуы үшін оны екеулеп ұстайды да шығарды тартушы адамға "Қайт" - деп дыбыстайды. Долы босап құдыққа жіберілген соң, нардың үстіндегі шығыршы кері аяңдайды. Осы бір ырғақты тірлікке үйреніп, көндігіп болған бас білгі жануар шаруагердің құты. Соңыра құдықтан су шыққан соң тай терісінен тіккен ішіне он шелектей су сыятын долы қауғаны белі қайысып таңның атысы, күннің батысы тартатын да осы бейнетқор. Содан оның белі мыңғырған мал суға қанып қауырттағанша жіптен босамайды, ал қауғаның алдын алушының белі жазылмайды. Екі қолымен айырдың екі құлағынан баса ұстап "қайт", "қайт" деумен күн кешеді. Бұл тірліктің аяқталар шағы самал ауып, мал бақтырылып өріске беттеген шақ. Міне, осы сәтте ғана қауғашы да, шығыршы да, шығырға салынған көлік те "УҺ" - деп демдерін бір алады... Осы аталған шаруалар жәй көзге қарапайым көрінгенмен нағыз, шыдамдылықты, төзімділік пен қажыр-қайратты талап ететін машықтана жасалатын кәсіби мамандық болып есептеледі.
Көк тас сулы қабаттан барып бір шықса жақсы. Жолшыбай "үлкен арнадан қашып шыққан ұры ағындар босатып тастаған қайыр қабат" ұшырасса құдықшының соры. Әуелі соны әрірек кеулеп алып тастауың керек. Соңыра тереңдегенде одан тамшылаған судың үстіңді малмандай қылатынын қайтерсің. Ондайда қабаттап киген тері жарғақтың да, қос ұлтандап ұлтарып киген көн шоқайдың да қамсауы жоқ. Суық судың ызғары шекеңнен шығады. Сүйменді құлаштап ұрып қимылдап қана жылынасың. Ал саз қабаттың жарасы бұған қарағанда көп жеңіл. Сүйменмен тез опырылады, су сіңді болса күрекпен кертіп те ала бересің.
Міне, сулы қабатқа да жетті-ау, ақыры. Әуелі, бір көзден, сосын екінші бір көзден тамшылап су ақты. Көзеуге әлі ерте. Үлкен көз әлі тереңірек. Мыналар - соның беткі тамырлары. Ақыры, оған да жетіп тынды. Енді құдық түбінен қораба су жиналар орын жасау керек. Жоғарыдан келген суға еркін бататын ошақ оюы тағы бар. Оны жалпақ тілде құдықтың қазандығы деп атайды. Қазандық неғұрлым терең болса, соғұрлым жақсы жиналатын су көп болмақ. Және ағыспен келетін құм-топырақты көзеуге де ыңғайлы болады. Ал ағыл-тегіл молшылыққа не жетсін. Құдайым таңқылықтың бетін аулақ қылсын тегі. "Пәленшенің қазған құдығының тереңдігі пәлен қадам болыпты" деген даңқ, дақпырт үшін тереңдете берсе де болар еді. Бірақ әлемде өлшеусіз ештеңе жоқ.
Тұщы су әдетте ащы судың бетінде бейне көздің қарашығы сияқты болып тұнып жатады. Өте-мөте Үстірт үстінде, Арал мен Атырау арасында солай орналасқан. Ол екеуінің астасқан шекарасынан өтсең, соңыра құдығының суы, әуелі, алғауланып, артынан ашып кететіні сонша, тіпті ит жаламас тұзды тосаптың өзіне айналып, шыға келеді. Оның беті аулақ. Осы ризықты игілікке пайдалана алса да жарар.
Осы қорытындыға келген құдықшы шыңыраудың қазандығын ойды, ошағын дайындады, көз аңғалағын көзеп көңітті де арқанды сілкіді. Ол - сыртқа тарт деп берген белгісі. Осылайша "Ерні кезерген ала тағанақ қырдың тағы бір жерінен су шықты. Оған, ең әуелі, құрым күркелі құдықшы ауыл қуанды. Су шыққасын құдықшылардың қимылы, тіпті, тездеп кетті".
Ең соңынан "cap кемік сандық тастың ортасын ойып астау орнатты". Астауы түскір де оңайлықпен ойылмайды. Тасы түскірің де жақында емес. Әлденеше нармен жиі үзілген әлденеше құлаш арқанды жалғап, талайын ақ жем қылып жолда қалдырып, құдық басына әкеліп түбіндегі су ағар тесігіне шейін мұқияттап ойып, өліп-талып тұғырына қондырудың өзі күш. Сондықтан ғой Үстірт үстіндегі бір суаттың қазылған құдығының санымен, тереңдігімен емес астауының санымен "Қырық астау" атанып кеткені. Еңсеп шын мәнісінде құдықшы атанып, алғашқы тырнақалды құдығын қазарда Қараш аулының бір топ ақсақалдарының жаңа құдықтың суы тұщы болатындығын болжап "Қырық астаумен" екі ортада не сор, не кебір жоқ, қара жон" (381 -бет) деп кеу- кеулесетін «Қырық астауы» -осы.
Амал не, Еңсепке соңғы маңдай тері тамшылап қазған шыңырауының абырой, атағын малдану жазбаған екен де. "Үстірттің үстіндегі ең терең, ең мол шыңырау боп атағы жайылған шыңырауы "Еңсеп қазған емес, Еңсеп өлген" атанып кетті. (396-бет)
Повестегі Еңсеп пен Қалпақ арасындағы дәлірек айтқанда, Еңсеп тарапынан іштей шаң беретін бәсекелестікті бақталастық тұрғысынан ғана пайымдасақ, беріден қайтқандығымыз. Жасыратыны жоқ, кейіпкеріңіз ол пендешіліктен де құралақан емес. Бірақ бұл бәсекенің орны - бөлек бәсеке. Ол - күрестің көрінісі.
Әбекең жоғарыдағы айтылған магнитофон жазбасында "Өмір - күрес" деуі Маркстің адамзат санасына жасаған қиянаты дей келіп, "Күрес деген біреуді біреу жою емес. Күрес деген тіршілік үшін талпыныс болуы керек. Жер бетінде жаратылған барлық мақұлық тіршілік атаулы өзінің тірлігі үшін талпыныста болады, еңбектенеді, тыраштанып әр түрлі күйге түседі, амал, айла жасайды, қиын-қыстау жағдай болса, оған көндігуге тырысады, өзінің өмір сүріп отырған байырғы ортасына бейімделіп, ортақ тілге келуге тырысады" деп тегіннен- тегін айтпаған. "Шыңырауында" жазушының осы концепсиясы шаң береді. Оның Еңсебі - нағыз қарекет иесі күрескер. Қалпақпен бәсекесі сол күресінің қызығын көру жемісін татып, жеңісін малдану жолындағы соңғы шайқасы. Бірақ "Өзгенің табан астында тасы өрге домалаған тосын бағы Еңсепке өткінші өмірдің ұйтқыма опасыздығын ұқтырды". Оған Еңсептің "Қалпақ қазғанның" Үстірттің үстінде қазылуы бітпей жатып-ақ ең терең құдық болғалы тұрғанын көріп қайтқанда-ақ көзі әкеткен. Бірақ бойына біткен күрескерлік оған бұдан былайғы күрестен бой тартып бүк түсіп жатып алмай, Байсал байдың өтінішін қабыл алдырды. Бұған бір жағынан оған өзінің қақпан қарап, аң қағу орнына "жер қарап" жүріп көзін жеткізген'" жер асты сулы арнаның көзін ашсам деген кәсіби құштарлығының да ықпал еткенінде сөз жоқ...
Ақыры арна ашылды. Бірақ ол ашушысының ажалы болып тынды. Аянышты-ақ емес пе?! Авторға өлтірмей-ақ қойса қайтеді екен деген налаңды айтуға шақ қаласың. Бауыр еті кейіпкерін Әбекеңнің өзі де өлтіруге құлықты емес қой. Бірақ жазмыштан озмышың жоқ, Еңсеп сорлының талайлы тағдырының талқаны солай жазып тұрса өйтпегенде шарасы қане. Өйткені "өткінші, ұйтқыма опасыз өмір" үнемі күрес үстінде. Ап күрес өмір бақи біткен емес. Оның ақыры болмақ емес. Еңсептің орнын басқа басуы, ол қазған терең құдықты басқа бір терең шыңырау алмастыруы тиіс. Демек Еңсептің өлімі күрес. төңкеріс құрбандықсыз болмайды деген лениндік танту емес, жазмышының пешенесіне жазғанына мойынсұнған ақ, адал өлім. Ноқталы бастың шәйіт ажалы.
Үстірт қарағанда Еңсеп өлімін автор кездейсоқ кәсіби сәтсіздікке апарып ұрындырған сияқтанып та көрінеді. Ақиқаты олай емес. Еңсепті талай түндер бойы тызылдатып "Әй, қайтадан құдық қазар болсам бүйтер едім'' деп жан баласына тісінен шығармай көмейіне бұқтырып келген бір арманына жете алам ба, жоқ па деген тымырсық күдік". (389-390 беттер) Сайып келгенде, оны ақырғы күреске бел будырған бұл күдікті атамекеннің өзі қордаландырып еді...
...Солтүстік Үстіртте "Жарық" атты бұлақ бар. Мол суат. Ырсиып жарылған шың ернегінен темен бойлап ағып шағын көлшік құраған. Асты ұлы теңіздің арнасы. 1930 жылдардан бері теңіз қайтқан соң, қазір сор болып жатыр. Сол Жарықтың етек бетінің топырақ беті әлі күнге дымқылданып жатады. Көне көз қариялар "о баста осы жерде теңізге құяр жер асты арна бар еді, бірақ қорқып ешкім бармайтын. Себебі, құяр сағадан тұщы су ала барған қайықшының бірін айдаһар жұтып кетіпті. Енді бір тәуекел иесіне перінің қызы салқынын салыпты" деп аңыз қылатын.
Атақты Әнетұлы Төлеп батыр осының ұшығына жетпек болады да тау басындағы бұлақ басынан құдық қазады. Батырдың қартайыңқырап қалған шағы болса керек, бірақ қайраты бойында. Жер асты арнасының өзі болмаса да күркіреп аққан судың дыбысы естілетін тереңдікке дейін жетіпті. Сөйтіп, жұмыс өніп жатқан күннің бірінде суат басына Құла аты шауып келіпті. Құла ат, әдетте, ел шетіне, жылқыға жау тигенде солай етеді екен. Батыр атып шығып, күндегі әдетінше үй орнындай үлкен тасты дөңгелете ысырып әкеп, құдық аузын бүркейді. Арна ішінде жатқан айдаһар не пері шығып кетпесін деген есеппен соңғы күндері осылай етеді екен. Тасты Төлеп батырдың өзі болмаса қасындағы сан сапат көмекшілердің бәрі жабылса да орнынан қозғалта алмайтын көрінеді. Батыр содан атқа мінгеннен құдық басына әр түрлі себептермен орала алмай кетеді. Көп ұзамай бақилық болады.
Артынан батыр бастаған істі жалғастыруға тәуекелшілер табылғанмен, әлгі жабынды тасты орнынан қозғалта алмай қойыпты. Төлеп батырдың қартайған шағындағы бір қайратының куәсі делінетін кейіннен жартылай жерге сіңіп кеткен сол тасты бала күнімізде талай көрдік. Теңіз қайтқан беріде сол тұста, шынында да, жер асты арнасы болғандығын аңғарғандайсың.
Екінші бір мысал: 1832 жылы Г.С.Карелин келіп қамал салған Қызылтас маңындағы Қарақозы, Қостам, Қосақыр-Шилі құдықтары. Бұлардың суы әрі мол, әрі тұщы. Үстірттің дәл ернегінде. Түсіріп алған қауғалар теңіз жағасынан шығып жатады деп әңгімелейді көзі көрген қариялар. - Бірде құдыққа түсіп кетіп ертесіне теңіз жағасынан жүзіп шығып, ауылға маңырап келген лақтан сескенген ел садақа айтып, Құдай жолына ақсарбас шалып әбігерге түсіпті, - деп айтылатын ел арасында аңыз да бар.
Дәл сол тұстан екі-үш көштік жерде Дүңгірлек деген құдық бар. Атақты Махамбет Өтемісұлының жиені айтулы жылқышы Байғалидың байырғы жаз жайлауы. Белгілі күдер су. Әйкелінен еңкейіп қарағанда бетіңді суық леп аяздай қариды, қыста буы бұрқырап жатады. Әйкелінен үңіліп түбіндегі тынысқа құлақ түрсең шарындаған, шұрылдаған, шуылдаған, ара-тұра дүңгірлеп дүрілдеген дыбысқа қарық боласың. Атына заты сай. Қаздырған Адай елінің атақты байы Жұбанның баласы Шам. Қазылғаннан бері шыңырау түбіне түсіп көрген ешкім жоқ деседі. Шамның моласы сол маңда. Ал ұрпақтары 30-шы жылдары тәркілеуден қашып, Түрікменстан, Иран асып кетті.
Үстірт ернегінің осындай құпияға толы екендігін 1970 жылдары осы төңірекке бұрғы салып мұнай, газ барлаушылар да жыр қылып айтатын.
Ал Ақотты-Нардың Оңтүстік батысында сегіз шақырым жердегі Кіжіктіден 1969 жылы тереңдігі 800 метрлік үш ұңғы қазылып, атом заряды салынып жер асты жарылысы жасалды. Қазір екі ұңғының аузы аумағы ат шаптырым шеңберленіп ойылған қазан шұңқырлары сол қатыгез тарихтың куәсіндей болып міз қақпастан жатыр. Үшінші сынақ сәтсіз болып заряд жарылмай қалыпты. Жарылыс кезінде жер бетіндегі таяу аңғарлардан шыққан радиация тарап кетіп сынақшы әскерилер бүкіл дүние мүлкін тастай-тастай қашып құтылған. Бұл жарылыстар құпиясы тек 1990 жылдан соң ғана ашылып, олар туралы айту, жазу мүмкін болды. Қазір бұл маңайдағы ел арасында әртүрлі ауру-сырқау, асылып өлу көп. Сөйтіп. қайран Ақотты-Нар бүгінде Семей пилигонының Маңғыстаудағы сыңары. Бұрынғы атақты Ақотты-Нар атауын қазір азапты ажал атауы алмастырды. Ақотты-Нар десең ел қызықтап, мақтан тұтып емес, үрке қарайтын болды. Кейіннен белгілі болғаны, егер Үстірттің жер бетіне таяу қуыстары болмағанда әскерилер әлгіндей жарылысты жалғастыра бермек екен. Осылайша Еңсептің басын жұтқан құпия арналар елінің бір әжетіне жарап, сауабын алды.
Творчествосының барлық қырында нақтылық пен дәлдікті, неміс ағайындарға тән пунктуальдылықты қалайтын Әбекең "Шыңырауында" туған жердің осы бір бедері бетінде көрінбесе де қойнына бүккен құпия бір белгісі де шаң бере қапты. Өмір үшін күрестің туы "Шыңырау" сонымен де шыншыл. Сонысымен авторының атын шыңға шығарған шығарма болып төл тума әдебиетіміздің алтын қорына мәңгілікке еніп тынды.
ШЫҢНАН – ШЫҢҒЫСҚА
"Ханша дария хиқаясы" - Ә.Кекілбаевтың аңыз желісі негізінде жазылған екінші шығармасы. "Күйге" іле-шала жазылды. Бұл бірден "жолы бола кеткен" шығарма деуге болады. Үзіндісі, әуелі, "Лениншіл жас" газетінде, "Дала балладалары", "Шыңырау", "Таңдамалыда", орысшасы "Избранные страницы", "Баллады степей", "Баллады забытых лет", "Легенды степей" кітаптарында, "Дружба народов" журналында жарияланды. Немісше аудармасы үш рет басылым ұстады. Эстон, татар, башқұрт, тәжік, болгар тілдеріне аударылды.
Шыңғыс хан қазақ оқырмандарына да таныс. Олар оны, ең әуелі, В.Ян романдары арқылы білді. Кейінгі Д.Досжановтың повесі қазақтың сол уақыттағы кіндік қаласы Отырарды Шыңғыс хан әскерінің қалай жаулап алғанын баяндайды да Шыңғыс ханға соқпайды. Демек ақиқатқа ден қойсақ, Ә.Кекілбаев - қазақ әдебиетінде Шыңғыс хан образын сомдаған бірінші жазушы. Тарих төрінен орын алған, тарихи дамуға ықпал еткен ұлы адамдар туралы жазу оңай емес. Оның үстіне Шыңғыс хан -ұлы қолбасшы, көреген. саясаткер немесе қаныпезер жаулаушы, қатыгез, қанішер десең де сыятын, қай бағаң да қалт кетіп жарымайтын дара тұлға.
Тегі тарихтың қалыпты өлшеміне сыя бермейтін тұлғалар туралы жазудың қиямет қайым болғандығынан, Л.Н.Толстойдың өзі I Петр туралы жазбақ болған романын бастамай-ақ тастағаны білдірсе керек. Онысын кірпияз, ақсүйек графқа орыстың ұлы патшасының іс-қимылындағы кесектік пен ожарлық, белден басып, тізеге салатын өпіремдік ұнамағандықтан десек тым қарабайыр, жалаңдау пікір болып шығары даусыз. Ал шындығында, ұлы жазушы алған бетінен қайтарған - жауапкершіліктің ұлы жүгі. "Кейіннен I Петрді Алексей Толстой жазды, сонда бұл Толстой ол Толстойдан талантты болғаны ма", деп оқырман қауымның бұған талас туғызуы да ықтимал. Бұл жердегі гәп -соңғы Толстойдың заманының құлы бола білуінде. Сталиннің ойынан шығатын, большевизмнің өпірем әрекетін заңды деп ұғындыруға лайықталған шығарма жазып бере қоюында, және бір ғажабы романды сәтімен жазды. Сондықтан да ол орыс әдебиетіндегі, кеңес әдебиетіндегі, екінші бір Толстой болып шыға келді.
Шыңғыс хан I Петр емес, Одан күрделірек. "Бірінші Петр" әлемге орыс үстемдігін орнатуға ұмтылған, патшалық құрылымды түбірімен күйретсе де, ұлы орыс үстемдігінен бас тартпаған кеңестік үкімет тарапынан қолдау тапты. Сондықтан "бағы жана кетті". "Бұратана" Шыңғысқа ондай бақ "бұйырмады". Ол бар болғаны тағы жаулаушы күйде қалуға тиіс болды. В.Ян шығармаларының бірден жолы бола кетуінің сыры - онда, ең алдымен, жаугершіліктің суреттелуі, соғыс қимылдарының молдығы, оқиғаның қоюлығы. Жазушы Ян қажет десеңіз, Шыңғыс хан мен Батудың, Сүбітай баһадүр мен оған тете нояндардың образдарын жасауды алдына нысана етіп те қойған жоқ. Оның шығармалары маңғұл шапқыншылығының әдеби тұрғыдағы шежіре - баяны ғана. Ол көбінесе саясат ағымына мойынсұнып қайдағы бір қуса құмалақ түспейтін кейіпкерлер - можантопай Назар Кәризек, Торопко, Мысық туралы сөз етіңкіреп, сол арқылы әжептеуір ұпай жинаған.
Тағы да сол жазушы жауапкершілігі дегеннен шығады. В.Янның бұл тақырыпқа келуінің өзі қызық. Сөзді жазушының өзіне берейік: "Менен Азияның ұлы жаулаушыларының ішінен неге тек Шыңғыс ханды таңдадыңыз, оның образын қалай, неге сүйеніп түздіңіз", -деп талай сұралды. Бұған бір кездейсоқ жағдай себеп болды... Бұдан көп жыл бұрын Солтүстік Иранда саяхатта жүріп, 1904 жылдың жаңа жылын жапан дүзде мылтық атып, жұпыны дастарқан басында қарсы алдық... Осы түнде таң алдында мен бір қызық түс көрдім.
Түсімде өзінің киіз үйінде Шыңғыс хан отыр екен. Сол аяғын астына басып, оң тізесін таянып отыр. Мені қасына отыруға шақырды. Екеуміз әңгімелесіп кеттік. "Өмірбаянымды жазбақсың ғой. Бастадың ба? Сен мені бағындырған елдердің қамқоршысы, адамзатқа бақыт әкелуші егіп көрсетуге тиіссің. Осылай етем деп сөз бер!" Мен тек шындықты жазам деп қана сөз бердім. "Сен алдап тұрсың. Тура жауаптан жалтарып тұрсың? Мені жаманатты қылмақсың ғой. Олай етуге қалай батылың барады. Мен сенен күштімін ғой.
Күтпеген жерден ол маған күресіп көруді ұсынды... "Сен менен күштісің ғой?" Сөйтіп, біз екеуміз күресіп кеттік. Шыңғыс ханның күші алып, менің омыртқамды маңғұл әдісімен шалқайтып бара жатқанын сездім, енді- енді қабырғам күйремек! Не істеу керек? Қалай құтылуға болады? - деп ойладым түсімде. - "Енді сәлден соң мүлдем кетем! Өлім! Тұңғиық!..." Оянып кеттім. Төңірек түн құшағында. Шыңғыс хан да, оның өңменіңнен өткен көзі де жоқ. Бірақ сол сәттен бастап жиһангердің бейнесі мен үшін тірі бейнеге айналды.
Шыңғыс ханның сол бейнесі жазушының жадында мықтап қалғаны соншалық кейіннен түсіндегі көргені бойынша 1937 жылы суретін де салған. Ол сурет В.Янның таңдамалы жинағында жарияланған.
Сол күннен бастап В.Ян Шыңғыс ханға "шүйліккен". Маңғұл, қытай, парсы, араб жылнамаларын, Рашид ад-Дин, Ибн әл-Әсір, Жүзжани, Нәсәуи, Бартольд, Владимирцов, Берцин, Козмин, Д.Оссон, Говорт жазбаларын оқып, зерттеген. Бірақ, ұзақ жылдарға созылған жұмыс нәтижесінде ол бар болғаны көрнекті маңғұл танушы академик Б.Я.Владимирцовтың "кемеңгер жабайы" бағасына сай Шыңғыс хан туралы ғана жазып қалдыра алды. Оның обьективті себебі саясат аужайынан шыға алмауы дедік. Міне, сондай Шыңғыс ханды жазу орысқа бодан елдің бозбала жазушысы үшін үлкен тәуекел еді.
Шыңғыс ханға ілесе одан кем түспейтін Ақсақ Темір туралы роман жазу бұл енді шын мәнісіндегі ұлы ерлік еді! Тарих таразысын басқан ұлы тұлғалар туралы жазуға үлкен әдебиеттің Толстой сынды ұлы абызының табаны тайсақтағанда Ә.Кекілбаев сынды талабы әлі алдында дерлік жазушының бұл қадамға ол жылдары бара алуы, сөз жоқ, қазақ әдебиетінің қалай мақтануға да тұрарлық ұлы бетбұрысы! Әрине, Әбіш те Шыңғыс ханға әуелі В.Ян арқылы қанықты. Ғалым Жанбибі Дүйсенбаеваның Әбіш ағасымен сұхбатында төмендегідей диалог бар:
- Көптеген ақын-жазушылармен сіздің творчествоңыз жөнінде пікірлесіп сұрағанымда Әбілқайыр Спан (жазушы-журналист) Шыңғыс хан жөнінде мынадай ойдың ұшығын шығарды:
- Әбекең Шыңғыс хан жөніндегі әңгімелермен бала кезінен таныс. Арғы аталары Қожаназар бай Шыңғыс ханмен өле-өлгенше берілмей соғысып өткен Жалеллединнің нағашы жұртының ұрпағы Әжнияз бекпен анда дос. Ол жөніндегі әңгімелер жазушының қиялына дем беруі әбден мүмкін, - деген еді. - Сол рас па?
- Онысы психологиялық жағынан дәл келеді. Бала кезімізден жазатын адамдардың әрдайым сіңіп қалатын, өзіміз байқамайтын рухани ыстарымыз болады. Сананың ішіне сіңіп қалатын ыс сияқты әркімнің өзінің рухани ысы болады. Менің рухани ыстарым - ата-бабаларым бастан кешкен жағдайлары, өйткені мен 1939 жылы тудым.
Біздің үйіміз Иран асып кетейін деп жатқан жерінен артынан Ораз Исаев. Алшын Меңдалиев, Мәншүк Мәметованың әкесі Ахметовтар барып алып келді. Бізді сонда олар Бакуге алып барды. Бакуден Дағыстанға шыр айналып барып, Маңғыстауға алып келді. Маңғыстауға келсе, баяғы олардың дәулеті ортаға түсіп кеткен. Ағайынның көбі колхозшы болып кеткен. Бұлардың өзі қайтадан кірме жағдайға түскен. Байдың баласы, баяғы бәленше байдың тұқымы деп шолақ белсенділер көзге түртіп жүргізбеген. Содан кейін өзінің туған аулында өзінің ағайындарымен бір жыл қоныстануға ғана жүйкесі әрең шыдаған әкем мен туғаннан кейін, мені бесікке таңа салып, Таушықтағы Донбастың шахтерлері ашқан треске барып жалданып, көмір шахтасына білекті сыбанып кірісіп кеткен.
Сондай жағдайда жүрген адамдардың айтатын әңгімесі өздерінің көрген қорлығы мен зорлығы, баяғы бабаларының кім болғаны... Олардың арғы тегі туралы әңгімелер болмақшы. Көп ұзамай әкем де соңында қалды, қолымызда оның шешесі қалды, соғыстың аяқ жағында марқұм бақилық болды.
Жақын шешем Теңге деген кісі мен 4-5 сыныпқа дейін баласыз болды. Атамыз жер ауып кетті. Қыздары Оралда. Екеуміз демалыстарда ана ауылдағы ағайынды, мына ауылдағы ағайынды түйеге мініп алып аралайтынбыз. Жол бойында айтатын әңгімесі біздің бабалардың кім болғаны, олардың қайсысынан кім қалғаны, қандай жағдай болғаны, өз өзінің ел ортасында жүргенде жанға айта алмайтын әңгімесін айдалада кетіп бара жатып бала маған айтатын. Ондай кісілер көп болды.
Ең үлкен апам - Жаманқұл деген кісінің әйелі Зейнеп деген. Күні кеше ғана дүниеден өтті. Кейін қайнысына күйеуге шықты. Одан бірнеше балалары бар. Бірнеше әулет болып дүреген, мен оның атын да атамаймын. Ол мені көрген сайын құшақтап, бауырына басып, өзінің немересі деп есептейтін. Өйткені ана кісінің кенже әйелі Ысықтың қызы болатын. Соның бәрі менің өзіме өз төңірегім, өз тамырым дүниеге қалай келіп, қалай жүргенім туралы болжам пікір қалыптастыруы мүмкін.
Атың өшкір. отызыншы жылдардың ойраны ата алдын көрсетпей, сор соғыс тілі енді ғана шыққанда әкесін алып кеткен Әбіш баланың көрген кәріқұлақтары сол ғазіз шешелері болған екен де. Бала құлақтың алғаш қармағаны солар айтқан әңгімелер болыпты. Өткеннің ғибратымен алғаш солар ауыздандырыпты. Сол шақтан есінде қалған мына бір хиқаяны Әбекең маған 1987 жылдың қысқы кешінде шерткен еді:
- Жетінші атамыз Қожаназар Жаңайұлы бай, жомарт, кісілікті адам болған деседі. - Ел аузындағы әңгімелерде де солай айтылып, "Адай шежіресінде" де дәл солай жазылыпты. Өзіне қараған ауылдарды Маңғыстауға қоныстандырушылардың бірі. Сай сайға құяды демекші, жақсыға жақсы жанасқан емес пе. Қожекең Түпқараған, Кетікті билеген түрікменнің басшысы Әжнияз бекпен төс қағысқан дос болады. Түрікмендер ондай достықты біліштік дейді. Бұл баяғы скиф бабаларымыздың анда достығы сияқты туыстық іспеттес жегжаттың бір түрі еді. Қожекең баласы Тағанды Әжнияз білішіне өкіл бала етеді. Өкіл бала болу дегеніміз - құдай айырмаса адам айыра алмайтын туыстық. Түрікмен бегінің бір көңіл олқылығы басқа жарымағаны екен. Маңдайына біткен жалғыз бала - ол да кемтар, іштен туа құныс болады. Күндердің күнінде сол құныс бала ержетеді. Атастырулы қалыңдығына үйленер уағы келеді.
- Балам ұрын барғалы жатыр. Қасына Тағанжанды ертсін. Тойды екі балам бірге қызықтасын, - деген сәлемін жолдайды бек Қожаназар білішіне. Қожекең тарту-таралғысымен баласын жібереді. Өз кезегі, сірә, кейінде - келіннің босаға аттаған тойында. Арада ай өтеді. Бір күні Үстіртте отырған Қожаназар аулының іргесінен таңмен таласа ат дүбірі шығады. Қараса - келіп тұрған баласы. Қасында түрікменнің бір уылжыған перизат қызы бар. Сұрастырып көрсе, онысы бектің баласына айттырған қалыңдық болып шығады. Жарымжан күйеуін менсінбей, Тағанның етегінен ұстап келіп тұрған беті екен. Сол жерде ұяттан өртенген әке таң намазын оқып жатқан жайнамазының үстінен шөкелеп тұра алмай қалды деседі.
- Бұл оңбағанды қасындағысымен қосып, қол-аяғын байлап, құдай дескен досымның алдына апарып тастаңдар. Қалай жазаласа да өзі білсін, - деген байламын айтады мәрт әке әлден уақытта. Әке әмірі екі болмайды.
- Мына балам кеміс еді. Құдай әу бастан-ақ бұл некені құп алмаған екен. Бірақ олай болды деп жаратқанға өкпе артар жайым жоқ. Келінімді бір бала түсірмесе бір балам түсірді. Қарақтарым, алдарыңнан ақ күн тусын, Қыдыр ата жолдастарың болсын. Алдына келген екі жасты жазалау орнына бек осылай батасын беріп, тойын жасапты. Еншіге суы бал, шөбі шекер, қырының ернегін тұт тоғайы көмкерген жер жәннаты Қаңғаның ойын атапты. Содан Қаңға Қожаназар әулетінің құт қонысы болып қала барған. Әбекеңнің біраз ата-бабасы, Қожекеңнің ең соңғы қосағы Ақшолпан шешесі осындағы қауымда жатыр. Әбекеңнің әдеби бүркеншік атының "Әбіш Таған болуының себебі осы Таған бабасына қатысы бар. Соның рухы үшін таңдалған.
"Шыңғыс қолымен ұрыста жеңіліс тапқан Жәлелледин қасына ерген 70 шақты жауынгер жолдасымен Маңғыстаудың ақылды, айлакер әміршісі Өдек ханға келді'' - деп жазған ән-Нәсәуй ғұлама. Сондағы Өдек ханның қонысы Қаңғаның солтүстігінде қозы өрісіндей жерде (қазақтар оны Үдек дейді) Әжнияз бек - сол Өдек ханның ұрпағы. Баласына айттырып, Тағанға бұйырған келіннің де шығу тегі Өдек ханнан өрбиді. Өдек ханның белгілі ұрпақтарының бірі СССР FА-ның академигі, аты мәлім сейсмолог геолог ғұлама Өдек Ақшаұлы Өдеков ақсақал Ашхабадта тұрады. Түрікменнің ата атын ұрпағына есім қылып беріп жоғалтпайтын үрдісін ұстап, бағзы баяғыдағы хан бабасының Өдек атын еркек кіндікті әулетінен үзбей келе жатқан ұрпақтың бірі – осылар.
Өдек ағамен 1986 жылы Ашхабадқа арнап барып сәлемдестік. Сонда білгеніміз Өдекең ғұлама ғалым шежірешілігінің үстіне төгілген ақын да екен. Орыс тілінде жазған өлең жинағын сыйлады. Екі сөзінің бірінде "менің ата күлдігім - Маңғыстау", - деп отырды. Өдектің көп ұрпағы Маңғыстаудан қоныс аудармай табан тіреп отырып қалды. Төл құжатында ұлты түрікмен болып жазылғанымен, әбден қазақыланып та алған екен. Солардың ұрпақтарының соңғы легінің бірі Бекжанов Нұргелді ақсақал Өдектен бері өрбитін ата тек шежіресін дайындап, 1967 жылы Маңғыстаудың белгілі өлке зерттеушісі Есбол Өмірбаевқа арнайы келіп, Түрікмен Ғылым академиясына тапсыруды аманаттап кетіпті. Өзі де Қожаназардың бір ұрпағы Е.Өмірбаев ағамыз ол аманатты абыроймен орындап, түрікмен ағайындарының ықылас-алғысына ие болды.
Тарихшыларымыздың назарынан тыс қалып жүрген тағы бір жайт бар. Ол I Павел патшаның Маңғыстау түрікмендеріне дербес хан тағайындауы. Ол - Пірәлі хан. Нұралы ханның бір баласы. Пірәлі елін өркениетке бастаған, Орынборға келген сапарында I Александр ханзадамен кездесіп, сонда мұсылман мешітін салуға мұрындық болған адам. Маңғыстаудағы хандық қызметін атқару кезінде іргелі ел Қожаназар әулетіне арқа сүйеген. Еліне әділдігімен қадірін арттырған, зираты Маңғыстауда. Исі қазақ, түрікмен оны әулие тұтады.
Бұлардың бәрін бажайлап отырған себебіміз Әбекеңнің ата-бабаларымен белгілі Өдек хан, Жәлеллиддин, олардан қуып Шыңғыс хан әулеттері арасында тарихи тамырластық, сабақтастық барлығы. Оның кешегі кезге дейін үзілмей келіп, талай әңгімеге арқау болғандығы, оның айтыла келе жазушыға жетіп, бала кезінен санасына сіңген "рухани ысқа" айналғандығы.
Шыңғыс хан кім деген сұраққа әр түрлі басылым әр қилы жауап береді. Сондықтан саясат ауанынан аулақ, беделге ие "Брокгауз - Ефрон қысқаша энциклопедиялық сөздігіне" жүгінейік. (1909 жылы шыққан).
"Шыңғыс хан - маңғұлдың атақты жаулаушысы. (1155- 1227ж.ж.) Гоби шетіндегі шағын маңғұл билеушісінің ұлы, өз қол астына маңғұлдармен қоса, басқа да тайпаларды біріктіріп, 1206 жылы хаһан - ұлы хан атын қабылдады.
Шығыс Түркістанды жаулап алды, ұйғырларды бағындырды, Оңтүстік Маңғұлиядағы Таңғұт патшалығын талқандады, қаруын Қытайға қарсы кезеп, Пекинді биледі, Мұхамед Хорезм Шахтың үлкен патшалығын жаулап алды. Сөйтіп мұсылмандардың Бұхара, Ходжент, Самарқанд, Балқы, Үргеніш, Мары, Герат т.б. гүлденген қалаларын талқандады. Содан соң шолғыншы жасақтарын Персияға, Кавказ бен Оңтүстік Россияға жіберіп, онда ол орыстарды Қалқа өзенінің бойында талқандады (1224). Шыңғыс хан өз патшалығын 4 ұлының бесеуіне бөліп берді. Үлкен ұлы бүкіл мемлекетке әмірін жүргізді".
"Ханша-дария хиқаясы" жазушының мынадай бір ауыз сауалды лебізінен басталады: "... Шығыс Азиядағы бір өзенді қытайлар Хуанхэ-сары өзен, тибеттіктер Мачу - қызыл өзен. Маңғұлдар Хара Мұран - қара өзен деп атайды. Ал енді оны Хатын ғол - Ханша дария десеңіз, бәрі де түсіне қояды. Неге олай?"
Автор осылай мәселені бірден көген түптен ұстайды. Бұл уақытта жазушыны әбден танып алған, оның қаламынан шыққанды қағып алуға ықылас пейілді оқырманды әп дегеннен мына жұмыр жердің қиыр бір түкпіріне бастайды. Бұл жолғы сыр ұшығының ұшы үйреншікті баба даламызда емес, алыс қайдағы бір қиян дала жер шетінде жатқандығын қаперге беріп тастайды. Бұл да - шеберліктің бір қыры.
"Күз таңының сұрғылт суық нұры шатырдың ішіне енді-енді жайыла бастағанда ол ұйқыдан оянды. Бүгінде таңертең төсектен тұрғанда таңдайынан дәмі кетпей тамсанып отыратын баяғы балқаймақ ұйқы жоғалған жан-жағындағы сатыр-сұтыр ат дүсірін де естімей, ердің басына қамшыңды тіреп, маңдайыңды соған қойып, сәл мызғысаң, қыз қойнынан өргендей көңілің бүрлеп сала беретін құнақылық та ұмыт болыпты -шығарманың Әбішке тән мына "балқаймақ ұйқының" дәміндей тәтті тілі бірден-ақ осылай үйіріп ала жөнеледі.
Оқырман тіпті негізгі кейіпкерінің әлі кім екенін де дұрыс біліп үлгірген жоқ. Әзірге "Ол" ол ғана. Ілияс ақын айтқандай. "аузында азу тісін аршыған, сида, арсақай, қаңсыған шал". Бірақ бұл Молықбай Қобызшы емес. Шексіз билік иесі -әмірші. Жалпақ әлемнің жартысын жаулап алған ұлы жиһангер. Көзі қарақты оқырман жаугершілік сапарлар сөз болған бетте-ақ "Ол" болып дәріптеліп келе жатқан кейіпкердің басқа ешкім де емес. Шыңғыс ханның өзі екенін біле қояды. Жаулаушы дегеніңіз әдетте қарулы қолының күш-қуатына сенгенінен кеудесін көріктей көтерген, әзәзіл жайлап алабұртқан көңілге желқуық нәпсінің желі қосылып барып жұлдызын оңынан туғызар жандар болатын еді. Ал мынаның тойнағы бөлектеу ме, қалай?! Бұл салған ойран бүліктердің тұсында "тек басын баққандар ғана жер басып қалады екен. Себебі олардың ұрпағының пешенесіне де солай бас бағып өту жазылмақ. Бас бағатындардың мойын-омыртқа сүйегі осал болады екен". Сосын иілгіш. Иілгіш бас итерген жағыңа икемделгіш. Көкжиегі түгілі көз алдындағыны да көрмейді. Жыбырлаған аяқ пен қол иесі ғана. Жамағат, қарашың кілең осындай болса, билігің баянды, әмірің екі болмайды. Таңғалғыш та солар. тамсанғыш та солар. Ал сұңғылаңның жөні бөлек. Олардың болғанынан болмағаны абзал. Сондықтан мұның алдымен көз сұғын қадағаны да солар болыпты.
Әміршінің көз сұғы қадалды деген сөз - сұңғыла бас ауыз омыртқадан ажырады деген сөз. Әміршінің "сөзден бұрын көзбен тергеп алу - қашаннан бергі әдеті" болатыны да содан екен. Солай тергеуге тойымсыз көз дүниедегі жақсы атаулы. таңдай қақтыратын тамаша атаулы менде ғана болсын деген ашкөздікке келгенде де тым терең боп шықты.
"Таңғұттардың Шидүрге деген бір бекзадасының Гүрбелжін деген әйелі қараңғы үйге кіріп барғанда, самаладай жарқырап кетеді дейді" - қаңғалақтаған қаукөкірек Қасар мергеннің осы бір ауыз сөзі тойымы жоқ кеудесін Қанеке жайлаған әміршінің тоғайрағынатағы бір құрбандықты шақырды. "Шыңғыс хан ойланып қалды". Оның ойлануы тағы бір ойранның басы болды да шықты. Таңғұт елі хан талапайға түсті. "Жер бетінде жалғыз таңғұт тірі қалса менің кегімді жоқтайды" - деген еді Шидүрге. Солай деген Шидүргенің көз алдында таңғұттың ең соңғы алпыс боздағының басы алынды. Алпыс бірінші бас Шидүргенің өзінікі болды. Буаз әйел біткеннің құрсағы қанжармен қарналды. Гүрбелжін сұлу хан шатырына әкелінді. Тырдай жалаңаш шешіндірілді. Тойымсыз төсекке енгізілді. Жетелеп жүрген жеті еркек әкелген бойда ханшаның сұлулығына таңданған күйі таңдайын қағып кері айналды. Шатырда қалған жалғыз еркек-Шыңғыс ханның қасында Гүрбелжін ханша. "Құмарлықтың дүлей желігіне біржолата беріліп, құдды бір жағаға шығып қалған балықтай тынысы тарылып, танауын жас тәннің, асау қанның, елден ерек сұлулықтың хош иістері қосыла аңқыған қос анардың ортасына енді апара бергенде, ұлы әмірші оқыс ышқынып, сылқ етіп, сұлу үстінен ауып түсті". "Менің басыма көктегі хан тәңірдің өзінен басқа ешкім қауіп төндіре алмайды" деп асқақтаған Шыңғыс хан тұл төсекте қан шаптырған бұтын ышқына қысып, бүк түсіп қала барды...
Онан арғы оқиға ұлы әміршінің де, жұмыр басты әмірші түгілі көктегі хақ тәңірдің де еркінен кетіп аңыздың ырқына көшті.
Шыңғыс хан сол тұл төсек ордасына жерленіпті. Ұлы орданың екі үйі де сонда. Хан сүйегі салынған күміс табыт соның бірінің ішінде деседі. Басына әуелі жыл сайын адам шалынады екен, кейіннен тибеттіктердің дін басысының әмірімен жылқы шалынатын бопты. Баяғыда Гүрбелжін Шыңғыс ханнан қапай кек алатынын айтып көгершін аяғына хат байлап жіберген екен. Сонда сүйегімді судың аяғынан емес басынан іздеңдер депті. Жұрт жыл бойы сарсылып іздеп, сол меңзеген тұстан ханшаның сүйегін тауыпты. Ол Темір-Олхо деген маңай екен. Шыңғыс ханнан кек қайтарған арудың денесіне тауап етіп салынған топырақтан басы биік төмпекке айналыпты. Киелі мекеннің маңынан өткен жүргінші де бір уыс топырақ қоса кетеді екен оған.
Гүрбелжіннің Шыңғыс ханнан қалай кек алғанын өзінен басқа бір адамға айтып берген адам да Темір-Олхоға бір уыс топырақ қосқан адам болып есептеледі.—Аңыз өзіне осылай өлмес ғұмыр еншілеп бақилыққа бара жатыр-мыс. Сол аңыздың бізге айтушысының бірі - Әбіш. "Ханша-дария хиқаясын" миллиоңдаған оқырманның оқығанын ескерсек, біздің Әбекең - бұл аңыздың ең көп еңбек сіңірген жоқшы- айтушысы. Бейне қырғыз бауырдың жомықшысындай айтқышы. Айтушысы болғаны өз алдына, "Ханша-дария хиқаясы" - Гүрбелжін сұлуға орнатылған дербес ескерткіш. Зұлымдықты табанына таптаған әділдікке қойылған өлмес ескерткіш.
- "Ханша-дария хикаясында'" Таңғұт патшалығының күйреуі мен Шыңғыс хан өліміне байланысты жиі айтылатын аңыз пайдаланылды. Бұл да "баллада" деп аталатын жанрда жазылды. Сондықтан оқиғаның төтен сипатын сақтай отыра, оның төркінінде жатқан тарихи оқиғалар жанамалап сөз болады. Бірақ таңғұт, маңғұл өмірінің көріністерінде. кейіпкерлердің психологиялық құбылыстарында нақтылық сақталынды. Бұл бірнеше аңыздың жиынтығы емес. Шыңғыс хан өлімі жайындағы нақты версиялардың бірі негізге алынған көркемдік, суреткерлік топшылау.
Мен үшін бастысы - кім жасаса да, зұлымдықтың қарымтасының қайтпай қалмайтындығы" - депті автор ғалым Ж.Дүйсенбаеваға берген сұхбатында.
Автор шығармасында "оқиғаның төтен сипатын" ғана сақтамайды. Оның болған нақты мекенін де сақтайды. Мысалы, Әбіш "Шығыс Азиядағы бір өзенді қытайлар Хуанхэ -Сары өзен" дейді десе "Брокгауз-Ефронда" ол туралы мынандай мәлімет бар: "Хуанхэ -сары өзен, Қытайда ұзындығы жөнінен екінші өзен, ұзына бойы 3500 шақырым, аумағы 1120 мың шаршы шақырым, сағасына өте көп шөгінді су қалдыратындай сары су ағады". Ал аталған энциклопедия таңғұттарға"Қытайдың Қансу мен Тибет аймағында тұратын тибеттіктерге туыс бақташы тайпа" деген анықтама береді. Демек Шыңғыс ханның сол шапқыншылығынан соң басынан бақ дәурені ұшқан атақты Таңғұт патшалығының замана көшіне тек тамтығы ғана ілесіпті. Қаһарлы хан жер бетінде тірі таңғұт қалдырмаймын деп қанша қан төккенмен, бүтін бір халықты жер жүзінен мүлдем жойып жібере алмапты.
Зиялы неміс оқырмандары "Ханша-дария хикаясынан" соң Ә.Кекілбаевқа «аңыз айтқыш» деген бағасын берді. Әрине. бұдан ол қауым жазушыны ел аузындағы аңыз-ертегіні жаңғыртып айтып беруші (сказитель) тұрғысында түсінді деген сөз емес. Керісінше оның айту мәнеріне, кебегін ұшырып керегін алатын талғампаздығына таңданды.
Бірде Шыңғыс хан Бауыршық нояннан адам жаны неден рахат алады деп сұрапты-мыс. Сонда ноян көктемде жүйрік ат мініп, қолға қыран алып аңға шыққанға не жетсін дейді. -Жоқ, - депті сонда хан, - адамның мұратына жетіп рахатқа батқаны сол - жауын табан астына салып жеңсе, түбірімен құртса. барын алса, қыз, қатынын құшса, бетінен сорғалай аққан көз жасын көрсе...
Шыңғыстың бұл мұраты шығармада оның өз ойымен былай беріледі: "Қашан жоса-жоса боп аққан көз жасын көргенше, екі қолы артына байланған тұтқындарды әкелдіре береді, әкелдіре береді. Көз жасын көргенде барып, мынау үнсіз тергеуін оқыс тыяды. Алда-жалда ешкімнің көзінен жас кермесе, шаһардан да сау тамтық жұрнақ қалмайды. Шабылған елге шабынған ер емес мөлтек деген көз жасы араша болмақ". Түптен келгенде жаулаушы біткеннің мұраты осы екен. Қай жаулаушы болсын мейлі, ол қандай идеяны ұстанып өтсін мейлі, дегеніне осы телегей теңіз көз жасы арқылы жетпек. Арғыны айтпағанның өзінде бергі Наполеон. Гитлер жаугершілігінің сыр-сипатының өзі - осы. Ал маркстік-лениндік жаугершілік бұл мәселеде олардың барлығынан да озып шаң қаптырып кетті. Бұлар бүкіл әлемді қансоқтаға айналдырмақ болды. Бұлар "Барлық елдің пролетарлары, бірігіңдер!'" дегенде, өңшең құл-құтанның басын құрап ризық еншілейін деп жүрмеген, керісінше бар нәпаханың өзін талан-таражға салып тәрк қылғалы жүрген болып шықты. Адамзаттың болмысына, қалыпты өмір көшіне көлденеңнен килігіп тиіскен ол көрдемше идеяның бір ғасырдың ішінде тарих қоқысынан бір-ақ шығуының себебі де осы болып шықты. Демек жаулаушылықты ешбір тарих ақтамайды. Бірақ ол солай екен деп мүлдем талақ та тастамайды. Тарихи дамуға тигізген ықпалы сөз болмай қалмайды. Атақты саяхатшы Марко Поло Шыңғыс ханға былай деген бағасын береді:
''Белгілі бір аймақты жаулап алған ол елді жәбірлеген емес, меншік құқына тиген жоқ, тек олардың арасына өзінің бірнеше адамын ғана қалдырып, жаугершілік сапарын әрі жалғастырды. Бағынған ел өздерінің көршілерден қорғалып тұрғанын, бағыныштылығынан еш зиян көрмейтініне көзі жеткен соң, сондай-ақ әміршінің билеуші ретінде шапағатты екенін көргеннен кейін оған бар жан-тәнімен беріліп, бұрынғы жаудан таза берілген қызметшіге айналды". Бұл айтылғандар негізсіз де емес. Шынында Шыңғыс ханды көзі тірісінде батысқа жорық жасауға итермелеген көршісі Мұхамед Хорезм шахтың 250 мың қол жинап қауіп төндіруі, бейбіт керуенін тонап, елшілерін керуеншілермен қосып қыруы болды. Ал таңғұттармен араздық - олардың қаны бір бола отырып оның идеясын қолдамағаны.
Әрине, жазушы Әбіш тарихтың бұл жайттарына бойлап жатпайды. Ол оның мақсаты да емес, міндетіне кірмейді. Оның басты мұраты - жаугершіліктің ауыртпалығын көрсету. Жаулықта әділдіктің сағы бір сәт сынғанмен, оның түптің түбінде жеңіске жететіндігін ұғындыру. Сөйтіп, суреткердің жақсылық атаулының бәрін ту етіп ұстанған ұлы үрдісінен табылу. Соны тап басып танып, бағасын берген Герольд Бельгер шығармаға жазған алғы сөзінде былай депті:
"Ә.Кекілбаевтың жазушы ретіндегі ең сүйікті тақырыптарының бірі - әділет пен сүйіспендікке, адамшылық пен қайырымдылыққа қарама-қарсы суреттелген, көпшілікті өлшеусіз қасірет-қайғыға, алапат ойран-сұмдықтарға бастайтын шегі-шеті жоқ билік пен қарақан басының қамын күйттеген сол билік иесінің ештен кеш болса да, райынан қайту кезеңі рухани қайыршылық көріністері оның көпшілікке белгілі "Ханша- дария хикаясы'' повесінде жан-жақты сипатталады'".
Жазушы, ең алдымен, өзінің туған халқының абыройы мен ар-ұжданының жаршысы. Демек күрескер. Ә.Кекілбаев осы шығармасы арқылы сол күрескер дәрежесіне көтерілді. Зорлық-зомбылық атаулының айыптаушысы бола алды. Оның бұл айыптауының астарында кіріптар елдің өкілі ретінде отаршысына ашына айтқан ащы шындығының да доң айбаты жатыр еді. Сәті түскенде оны кеңестік кеңкелестер қапелімде аңғара алмай қалды. Шыңғыс ханды даттап, құлағын сарсылтқан көп шығарманың бірі деп қабылдады. Жазушының ол көмбесін бірден дөп басып біле қойған неміс зиялыларына қошеметтен басқа айтарымыз болмауға тиіс.
Автор повесте Шыңғыс хан өліміне байланысты айтылатын аңыздың бір версиясын ғана алғандығын айтады. Шынында, оның өлімі туралы аңыз көп. Нақты делініп жүрген версия бойынша ол 1226-1227 жылдың қысында тобымен құлан аулап жүргенде аттан құлап содан ауырып өледі Марко Поло тізесінен тиген жебеден өлді десе, Плано Карпини жасыл түсіп жай таптырды дейді. Бүкіл ғұмырын Шыңғыс хан ғұмырын зерттеуге арнап артына "Шыңғыс хан қолбасшы және ұрпақтары" деген тамаша еңбек қалдырған (еңбегін Бельградта эмиграцияда, яғни кері ықпал етушілерден сыртқары жүріп жазып бастырған -Ә.С.) доктор Әренжан Қара-Даван аталған еңбегінде Шыңғыс хан қазасы таңғұт ханшасы Гүрбелжін қатынның ханмен болған бірінші түні салған жарасының зардабынан өлді, айлакер Шидүрге хан гаремін тастар алдында әйеліне қалай өлтіруді үйретіп кетіпті, Шидүргенің ол айласының жүзеге асатынына сенгені соншалық, Шыңғыс ханға төсекке жатар алдында әйелін қапы қалмай тінтіп қарауды ескерткені туралы моңғолдарда аңыз барлығын, оны өзі де естігенін жазады.
- Шыңғыс хан денесі сол өзен бойында шатыр ішіндегі табытта, оның басына бертінге дейін адам, артынан мал аңызды Г.Н.Потанин жазған аңыз нұсқасы "Ханша-дарияның" соңғы түйініндегі Әбекең келтірген нұсқаға жақындайды. Айта кету керек, ол уақытта көпшілікке Э.Қара-Даван есімі мүлде белгісіз. Қытай тарихшыларының Шыңғыс хан жайлы жазғандары да беймағлұм еді. Сондықтан жиһангер өмірінің ақыры туралы Әбекең алған деректің бір тіні осы Потаниннен алынды деуге негіз бар. Әрине, мәселе ол қалай, кімнен алынды дегенде емес, автордың көркемдік шешімінде, фольклордық қазынаны қалай әжетке жарата білуінде. Тап басып айтсақ, қалауын тауып қар жандыра өрнектеуінде.
"Ханша-дария хикаясындағы" назар аудара кетерлік бейне Қасар мерген. Тарихи деректердің барлығында ол Шыңғыс ханның туысы делінеді. Э.Қара-Даван Қасар мерген мен Белгүтей балуан Шыңғыстың жаужүрек бауырлары, ал Бауыршы соңынан қосылған жан досы деп нақтылай түседі.
Әбекең "Сұхбатта" Ж.Дүйсенбаеваның "Кейбір деректерде Қасар Шыңғыс ханның інісі деп берілген: Повесте Қасар жөнінде аңыздық желі бар ма?" деген сауалына былай деп жауап беріпті:
- Иә, Шыңғыс ханның Қасар деген інісі болған. Ол мергендігімен көзге түскен. Мен оны ханның бауыры ретінде емес, бір кезде еркін далада бірге жүрген және сол дәуренін аңсайтын мерген ретінде ғана алдым. Егер тарихи роман жазсам, бәлкім басқаша қарастырар едім. Прозалық баллада табиғатына сәйкес бұл кісіні де тек бір қырынан қарастырдым.
Повесте оны таныстыру "Қасар мерген бұның ел- жұрттан безіп, тау мен тасты паналап жүргенде қасына, ерткен жолдасы еді" деп басталады. Ол уақытта бұл, әрине, билеуші емес. Қасар бұның емес, керісінше бұл Қасардың жолдасы. Тіпті, мергеннің атып алған киігін тасып, тезегін қалап, тамағын пісіретін қол ұзартар қосшысы. Соңынан кездесуі бұл хан болғаннан кейін.
"Қасар мерген сары ала шатырдың ішіне кіріп келгенде, қақ төрде шалжиып отырған бұны көріп, екі қолын бірдей созып, ентелей ұмтылды: кірген беттен сампылдап сөйлеп, саңқылдап күлді". - Осы жолдарды оқығаннан-ақ қырдың ақкөкірек,аңқау, адал, елпі етек жайдақ жанын бірден-ақ біле қоясың. Шыңғыс хан ба, әмірші ме, тіпті құдекеңнің жердегі өкілетті елшісі ме - ол жағына ой жүгіртіп жатқан мерген жоқ. Шыңғыс - бұл үшін бар болғаны кешегі арқардың құрым сорпасын жабасалма ішінде бірге сораптаған серік. "Бір күн жолдас қамын күн сәлем деген" деп көрген жерден қалбалақтай ұмтылғаны содан. Шатыр ішіндегі сызданып сызылған өзге немелеріңнің енесін ұрсын ба. Мергеннің сәлем мезіретінде бір халықтық табиғи етенелік бар. Бір қызықта біздің Адай елі тап осылай қос қолдап амандасады. Сыңар қолдап, қол алысуды ол сыңарды да көп көріп, он қолдың ұшын ғана ұсынуды бері келгенше шікірейгендік деп біліп кіді алып қалатын. Басқа жақтағы бір ағайындардың, әсіресе еркектерінің көріскенде сілекей жағысып шөп-шөп сүйісіп жатқандары біз үшін кірме, біртүрлі ерсі. Сірә, Адай атаң баласы көңілдес кісісін көргенде "екі қолын бірдей созып, ентелей ұмтылатын" әдетін бағзы заманда Зайсанның арғы жағындағы Жеменей өзенінің бойын жайлаған кезден бойына сіңісті етіп келе жатса керек. Хан шатырында кешегі қосшысы, бүгінгі тақ иесімен көріскенде сөйтіп жұртты, айран-асыр қалдырған Қасекең арада екі-үш күн өткен соң тағы да өз әуеніне басып сыңайылықты сырт айнала "Тауыма қайтам" деулі.
- Тауыңда нең қалып еді?
Сөйтсе мерген қу тезектің түтінін, арқардың қара сорпасы мен жөргемін, майлы қуырдағын, тері бөстегін, тақымын отқа тақай отырып, емін-еркін тыныстайтын қара лашығын сағыныпты. Соны түсінбеген билеушінің түйсіксіздігіне ренжігенін ол қас-қабағымен білдіре жібек шатырдан қысып шығумен болады.
Құзыры күшті билеуші Қасарды тауына жіберген жоқ. Ол хан төңірегіндегі көпті таңғалдырушының бірі болып қалып қойды. Бірақ сол қарапайымдылығымен ханға "тақтың тауқыметін аңғартып'' жүрді. Міне, автор шығармасының бір кейіпкері етіп Қасар мергенді сол үшін алыпты. Ол шынайы халықтық образ. Халық өкілінің жиынтық бейнесі. Оның хан қасында өзгелердей ызылып-сызылмайтыны ардалық емес - халықтық бұла еркін күштің иесі болғандығы. Шыңғыс ханның өлер алдында ұлы әмірші басымен сарқытын ішуге пейіл боп у құйылған кесені, алдымен, Қасар мергенге ұсынып оны өзінен бұрын өлтіруі - мұның арғы-бергісін ұңғыл-шұңғылына дейін білетін куә - сол халық өкілінен үрейленуі, қорқуы, жеңілісі. Сайып келгенде тарих соты алдында табанының тайсақтауы. Бір сөзбен айтқанда, жазушы Қасар мергенді деп басып таңдап, оңымен, оңтайымен шебер мүсіндеген де қойған. Сол арқылы көл-көсір халықтық романтика, мінез құлық болмысы айқындала түскен.
Әбекеңнің өзі шығарманың ілхамында үш тілде – Сары, Қызыл, Қара анықтауышы бар өзеннің төртінші түрікше атының Хатын-ғол - яғни Қатын су екендігін меңзейді.
Меңзейді де табан астында оның Ханша-дария деген аудармасын да айтады.
"Неге олай?" - автор өзіне қойған осы сауалды бір сәт біз өзімізге де қоялықшы. Гүрбелжін Шидүргемен бір жыл ғана отасқан. Ендеше ол біреудің заңды әйелі, Ханның ханымы. Сол елдегі әйел затындағы ең бірінші, ең мәртебелі тұлға. Бағзы түркі дәстүрінде оларды "қатын" деп ұлықтаған. (Біздің қазаққа келгенде "қатынның'" ол мәртебесі аяқасты болып мүлдем кері мағынаға ие болады) Ендеше өзеннің Хатын-ғол - Қатын су аты дұрыс. Бұл өзгерістің мәнін Шыңғыс сияқты қаһарлы қанды қол ханнан кек қайтарған Гүрбелжінге риза болған халықтың ықылас, пейілінен іздеген жөн. Оның "Сүйегімді өзеннің аяғынан емес басынан іздеңдер" деген аманатының өзінде де аңыз кейіпкерінің халық мүсіндеген бейнесінде өнеге тұтар өр рух пен қайсарлықтың лебі еседі. Соның құрметіне бола халық Гүрбелжіннің пәктігін жоғалтпай ханша кейпінде жадында қалдырды. Халқының сол көңілін дөп басқан жазушы Гүрбелжінге осы шығармасы арқылы қыз ғұмыр сыйлады.
"Ханша-дария хикаясының'' өзі де - мәңгіге қыз ғұмыр болып қала беретін құнды шығарма. Әдебиеттегі ғұмыры шексіз осындай құнды шығармаларды тасқынды судың ағысына ұқсатсақ ол да өмір өзенінің салынды басқан, сапырылысқан лайсаң аяғынан емес, төбесінен үңілгенде бейне түбінен көрінетін мөлдірей аққан тұп-тұнық басынан табыла бермек. "Күштіліктің шын аты - Мәңгілік" дейді Әбекеңнің өзі аңыздың ақырында. "Ханша-дария хикаясы-сол Мәңгілігін өзін басыбайлы еншілеп алған шынайы, шығарма.
ОНДЫНЫҢ ОҢТҮСТІГІ
Әбекеңнің тұңғыш баспа жүзін көрген еңбегі - газетте жарияланған "Екпінді" егін екпей ме?" атты шағын мақаласы. Бұл тырнақ алдысын ол оқушы күнінде жазған еді. Ол уақытта оқушының газетке мақала және кесек, сүбелі тақырыпты сөз етуі өте сирек құбылыс. Бұл тіпті Маңғыстау тарихында тұңғыш рет болған жай. Былайғы ел таңқы құдықтың өзіне таласып жатқанда "Екпіндінің" таудың бұлағын текке ағызып қоя беріп, қол қусырып қарап отыруы, оның газет арқылы бүкіл ауданға жария етілуі колхоз басшыларына жайлы тимеген болуы керек. Апысы кіріп, күпісі шығыпты да қалыпты. Ол уақыттың қатаң тәртіптері бойынша шұғыл колхоз басқармасы шақырылып мақаланы талқылаған. Оған "кемшілікті дөп басып дер кезінде көрсеткен бала тілші Әбіш Кекілбаев" та қатыстырылады.
Сыртқа сыр бермегенімен, бір қатарының "тілші немені" суқандары сүймегені де көрініп тұрды. Бірақ кешегі Кекілбай марқұмды, тіпті Қоқым ақсақалды да көре қалған басқарма мүшелерінің салиқалы егде жағы қаршадай қара баланың осы бір патриоттық талпынысына қатты риза болысқан. Сан-сапалақ шаруасы түскір киіп кетіп, егісті екінші кезекке қалдырып алғандарын мойындасқан. Мойындағанда жай емеурін ұшы емес, ішінде "Әй, Әбішжан, жарайсың" бар ағынан жарылған құлшынысты мойындау да бар болатын. Ол бір ел тізгінін жөн-жобаны білетін, жаманды-жақсыны көріп ысылған азаматтардың ұстай бастаған жылдары еді.
Маңғыстау бұрынғы Шевченко ауданынан бөлініп өз алдына дербес аудан болып шыққанда, колхоздың саны 29 болатын. Колхоз деген қомпиған аты дардай болғанмен, өңкей бір сіңірі шығып тұралаған, өлмешінің күйін кешкен жұпыны шаруашылықтар. Отызыншы жылдардың ойранынан омақасып, енді-енді ғана жиған есті соғыс қайталай соғып онан әрі есеңгіретіп, кетеуін кетіріп, оңайлықпен келеге келуін қиындатып жіберген. "Екпінді" болса солардың бірі. Шығыс Қаратаудың күнгейіндегі бір қуысқа орналасқан шерменде шаруашылық. Одан шығысқа қарай дауыс естім жерде тағы бір колхоз - "Ақырап". 1950 жылдардан кейін осы екі колхоз бірігіп белі қатайып "Екпінді" аталды. Орталық"Ақырап" тұрған жерге орнады да "Екпінді" ауылдың бір шеті болып қалды. Жармышқа қарай жол асатын кез аузындағы бұрынғы "Екпіндінің" орнында 60-шы жылдардың аяғына дейін ауыл отырды. Оның ең соңғы тұрғыны етікші - Тәтіш. Әбекеңнің "Бір шөкім бұлтында" "етікті өзінен інісі Бәтіш жақсырақ тігіп кетті" делінетін - Тәтіш.
Колхоз орталығы орналасқан Онды о бастан құдайы қарасқан жер. Сай-саласы сарқыраған бұлақ. Бұлақ аяғы ит мұрны өткісіз дерлік қалың ши. Сол бұлақтар күнкөрістің көзі болып бұл маңайдың елі әуелден жер шұқып диқаншылықпен айналысқан. Әбекеңнің алғаш рет 1977 жылы "Мәдениет және тұрмыс" журналында, кейін "Құс қанатында", "Таңдамалыда" жарияланған "Есболай" әңгімесін оқығанда, көз алдыңа сол Онды алқабы келе қалады. Айна-қатесі жоқ Онды. Онды екенін диқан Есболай қарттың таусыла тұрып "Енді тойындыңдар... Қияндыға енді егін не керек, су неге керек, жан-жақтан келген тамақты жалмап, жұта беретін кер ауыз, кең құрсақ болса жетпей ме!" деп шыбын жаны шырқырай таусылғандағы Қияндысы осы - Онды!
"Есболай" - бас-аяғы шып-шымыр мөлтек әңгіме. Шүкір, қазақ әдебиетінде қысқа әңгіменің небір асыл үлгісі жетіп артылады. Мынау соның бірі, тіпті бірегейі деуге сыятын шығарма. Мұндағы Есболай шал ауылдың жай бір шақар шалы емес, тентегі де емес, заман ағымын аңғармай айдай беретін айқайшы, қияс, қыршаңқы да емес, нағыз белсенді күрескер. Ата кәсібін ардақтаған, арда елдің ақжарма ақкөкірек қариясы. Атасы "Ожырай алты баласынан айырылып жерге шөгіп қалғанда да, осы екі шығырды айналдырып, мынау тулақтай жерді тырналағанын қоймапты". Айдалада шешесі мұны тапқанда әкесі баласының кіндігін өзі орақпен кесіп, шекпеніне орап, осы араға әкеліп "Әй, құлағыңды ұрайын, күшік! Мына адыра қала жаздаған екі шығырға енді өзің ие бол. Анау екі-үш бұлаққа ие бол. Мына тоқымдай жерге ие бол. Жазда қойға еріп, қырға шұбырып кететін еліңнің мына қаңырап бос жататын қара жұртына ие бол. Әй, ұмытпа, ие бол-ай. Сенің атың - Есболай!" депті, сақалын жуып жылап тұрып. Сол Есболай жетпіс жыл ғұмырын осында өткізіпті. Әкесінен қалған екі шығыр, үш бұлақты сауып, кешегі қиын жылдары азғантай елге талғажау тауып беріпті.
Енді міне, алманы Алматыдан алдырып алшаңдап, қауын-қарбызды Сырдан әкеліп сырдаңдап, ұнды қаптап дүкеннен әкеліп дүрілдеген жұрт Қияндыны ұмытқан. Қара шалдан қалған екі шығыр бастықтың пешіне жағылып, бұлақ киесі сарүйек жыланға дейін өлтіріліп тынса, бүл шырылдамағанда кім шырылдайды! "Осы күні жұрт аузын ашса "бірлік-бірлік" деп қақсайды да, іс істесе, барлығын тентек балалардың ойынындағыдай "шілдік білдік" қылып жіберуге шебер болып алыпты". Жо-жоқ. "Құдайға шүкір қара шал мен қара кемпірдің бұлтарма- жалтармасы жоқ ақ адал пейілінен жаратылған" Ожыраев Есболай жолдас оларың бола қоймас. Ақтарады бұл зәнталақ немелердің қоясын. "Айтады. Ішектері үзіліп кетсе де айтады". Ақыры, айтып тынды. Бәлемдердің көкелерін көзіне көрсетті. Дүйімбайдың дүмді бөксесін қопаңдатып-ақ қозғалтты, оның сенген тауы басқарма Жиынбайдың бетін желіндетудей-ақ желіндетті. Өзге жалбақбайлардың да әкесін танытты. Дегенмен, әлгі бас инженер бала бір бас қондырысы дұрыс бала боп шықты-ау өзі. Есболай қарияның жанайқайын түсінген сол екен. Сау болғыр, сол бала шалдың айтқанына ой бойлату қажеттігін алға тарта алды...
Кеңестік кездің қасаң қағидаға айналған әдеби дәстүрінде заманы өткен ескішіл үлкенге жаңашыл жас қарсы шығып тайталасып жататын. Және жеңетін. Әкенің сақалынан алып жеңген ол жеңіс аянбай-ақ дәріптелетін. Әбекең "Есболайында" ол үрдісті тәрк етті. Сөйтіп "жас келсе - іске" деген халықтық қағиданың дұрыстығын алға тартады. Мына Есболайлар ісінің мұрагері солар дегенді меңзейді. Бірақ, олар әлі жасаңдау. Тамыр тартып қалған кәрі шөңгелер жас өскінге оңайлықпен бой салдырар емес. Олар әлі төрдегі орындықта отыр, түйіліп отыр. Ожыраев жолдастың шығыр басында таусылып айтқанына орай, өзінше ой түйіндеп оны қағазға түсіріп берсе, мына жалақор орта оны өз мақсаттарына пайдалана қоймақ болуын көрдің бе?!
"Қағаз болса арыз болып шығуы міндетті емес шығар". Ол қағазда жазылған мәселе Есболай қарияны, басқа да көне көз кісілерді қатыстыра отырып, талқылануы тиіс дегенді түйіндей отырып айтып тастады бас инженер. Бұл албырт жастың бас асаулығы емес. Керісінше, кетеуі кеткен керенаулыққа айтылған саналы қарсылық. Талқылау дегенді айтуының өзі жас зиялының заманы мен қоғамының бірінші кардері - демократияны көксеуі. Жас жігіттің лебізі тек Есболайдың құрыс-тырысын жазған жоқ, халықтың қарапайым өкіліне де қозғау салды. "'Басыбайлы әйеліне жұмған аузын ашпайтын Баламанның өзі" Дүйінбайға ағайындығына қарамастан, "өз жөніңді түзеп ал" деп дүңк еткізді. Сөйтіп, колхоз кеңсесіне "қызыл өңеші жұлынып, қотыр тайлақтай қуып" тасталуға тиіс болып барған Есболайекең есе алып еңсесін тіктеп қайтты. Оның ән салғысы кеп кетті. Тап осы қазір ол ән салмағанда, кім ән салады.
Бергенше -е-е -е-й үш-төрт ешкі ай қышындырып-ау!
Берсейші-а-а-а-й бір тартым күй ұшынды-р-ы-ып- ай... Дүние бірде алдын береді, бірде артын береді деген осы. Бүгін "жынды Есболай" дегендер, ертең "жарықтық Есболай" дейтін болады әлі.
Жазушы осы шағын әңгімесінің өзінде өзінің темірқазық концепциясы - әділдікті үстемдік етуден айырылмайды. Бұл әңгіменің тағы бір ерекшелігі үлкен әлеуметтік астарға иелігінде. Баламан қойшылар қозыны көп алып, соның арқасында талай бастық қалпағын алшысынан киген кешегі бір кезеңнің бүкіл болмысы бар онда. Бастық Жиынбай ағасының арқасында боғына пісіп дүрілдеген Дүйімбай, бастық ыңғайына жығылғыш бас зоотехник, олармен үндес көрбілтей әкім-қаралар, ұзатқан жалғыз қызының жасауына апарар кілем таппай табанынан таусылған кемпір Бибатпа, "қашқанға да, қуғанға да жақ" қайтып кетемнің Көшен көсесі - бәрі-бәрі таныс бейнелер. Ондайлар әр ауылда да толып жатыр. Тіпті, жалғанды жалпағынан басып, жаулап алғаны күні кеше. "Есболай" жазылған 1977 жылдары ол жағдай тіпті дәуірлеген. "Екпінді", шынымен, егін екпейтін болған. Егіп қайтеді, Арқа жақтан астық, Бесқаладан көкөніс келіп төгіліп жатса. Соның буы ма ортаны "ал құдай, аузыма сал құдай" масылдық баурап алған. Есболайлардың прототипі Аманқали қария әлдеқашан бақилық болған. Ол егіп жайқалтып кеткен бақ құрап қалған. Баяғыда Тоқабай Тастемір диқан сағасының қайырына етектеп әкеп саз төсеп тоспа аудан жасап егін еккен Ағашты бұлақ иесіз. Суы толы сүлік болған соң, жұрт мал да суармайтын болған. Қарасайдың бойы қасқырдың жатағына айналған. Әбекең жеделдес ағасы Лебен Сәдуақасұлына айтқан бір сыр ұшығында "Алматыда қанша жыл тұрсам да, тегі жерсінбегенімнен болуы керек, бұған келгенде қаламым кібіртіктей береді. Ал енді Ондыға ойыссам болды бар-ау, әрбір шиінің өзі сүмбідей сұлу сөз болып құйылады" деген екен.
Сөйткен ши, Ондының желкесіндегі ши тоғайы Жалпақ ши орнында қазір қотыр түйенің көніндей болып кебір жазық жатыр. Қайран ши тек алқаптың сәні емес, тұрмыстық қажеттіліктің де қардері еді. Ақтай тоқылған ши үй сыртына ұсталатын. Әр түрлі бояулы жүннен кілем өрнегіндей өрнек салып оралған шымыраулы ши сәндік үшін кереге сыртынан тұтылатын. Ең аяғы балапан ши - одан ірімшік, құрт жаятын өреше үстіне төсеу үшін шынта тоқылатын. Ши құрыған соң олар да көзден бір-бір ұшты. Бір сөзбен айтқанда, Ондының да өңі өзгерді. Осы келеңсіздік жазушының қырағы көзіне іліккен. Оның көзінің шалғаны - шидің қырқылған түбірі сояуы қалған кезі. "Есболай" - соның бір жемісі.
Ондының тағы бір перзенті - Қарабала. Қарабала болғанда "Тасбақаның шөбіндегі" тасбақа шөбі бар ұста Қарабала. Мінез-құлығы Есболай ағасына қарама-қарсы, бұйығы, құдай деген жан. Қақ-соқпен ісі жоқ, момын пенде. Нағыз "Иә, құдай бергеніңе шүкір" тобаның иесі. Асықпайды, аптықпайды. Қыдырып ел танып. жер көруге де құлықсыз. Бұл ағаңыз өмірінде аулынан үш-ақ рет ұзап шығыпты. Әуелінде баяғыда бір рет әскери комиссариаттың шақыруымен аудан орталығына барған. Сосын қайын енесі қайтқанда, артынан қайын атасы тоқал алғанда, көрші ауылдағы қайын жұртына барып қайтқан. Бұған қарағанда қайта аяқ артар көлігі құла атынын аяғы ұзынырақ. Ол болса қияндап, ұзап, көк қуалап жайылғыш-ақ. Сондай, "сөйткен үйден шықпас, үндемес Қарабала енді міне, атқа қонды. Анау-мынау емес, тура ауданның өзіне бармақ. Кеңсе жағаламақ..." Неге? - Жә, асықпай тұра тұралық. Жолаушымыз ауданға жеткенше не заман, Қарекеңмен әлі де болса таныса түселік.
Биағаң-Бейімбеттің Мырқымбайы мырқырап жүрсе де әйтеуір көш қарасынан қалмайтын. Қараға қара көрінім жерден болса де ілесетін. Біздің ағамыз одан да дегендей, екі етегіне сүрінумен жүреді. Ол шайы қайнағанша еру ел көшіп, баратын жеріне барып үлгіретін "борпы аяқ Сақып'" болып шықты. Қатыны солай болғанда қамшысы жарты кез таяқтың басына резеңкені екі шегемен ілекерлей салған шыпыртқы сапалақ. Көлігі аяғын санап басатын шәлтік құла. Оның да құйрығын бота жеп шолтитып тастаған. Сірә, қыдда ағзасына қажетті бірдеңе бар болар, бота, тайлағы түскір жылқының құйрығына өш. Көлігіне ықтият ер азамат ауылда атының құйрығын бота жемесіне өзі байқас болады. Ал қонаққа барса, түскен үйінің баласы қадағалайды. Қонағының атының құйрық жағын ботаға жегізу - үй иесіне үлкен сын. Бұл - баяғыдан келе жатырған үрдіс. Оны білетіндер баласына күні бұрын ұғындырып қояды. Ауыл баласының қонағуарлыққа баулып тәрбиеленуінің бұл бірінші басқышы саналады. Қарабала, сірә., қонаққа бармаған кісі. Бара қалғанда датап атының құйрығының амандығын біреуге міндеттейтін кісінің сойынан емес. Иесі сондай болған соң шелтік құлаға не сын. Құйрығына ұмсынып келген ойсылқара баласын теуіп, тістеп бездіріп әлекке түсетін жылқың бұл емес. Құйрығы түгіл жалына ауыз салып жатқанда да жайылысын үзбейді. Шаруасынан қалмайды. Сонысымен шәлтік құла тек құйрық емес, жал жағынан да ұяттылау. Иесі ауданы түскірге қалай ғана бет ала қойып едім деп кегежесі кейін тартып келе жатса шәлтік құла әншейінде ұста дүкеніне сексеуіл, көмір түсіріп алғанда болмаса көп ер сала бермейтін иесінің мына сапарына наразылығын, жусан санатар мимырт жүрісімен білдіріп келеді. "Көктемгі боз қылшық сұрқай дала құлазып тұр. Аспанның да жабырқау қабағы жазыла қоймаған. Осынау ұлан-асыр кеңістікте қыбырлаған төрт аяқты бір өзі ғана екеніне масаттанғандай шәлтік құла үсті-үстіне пысқырына береді". Сөйте-сөйте "ауылдың алдындағы қара жолдың қақырай сөгілген шығыс басына де жетті. Оң жағында Шығыс Қаратаудың үзілер тұсы. Айдау соқпақ алдағы әнебір далдадан асқанда аудан орталығы да көрінеді". Баяғы Қарабала әскери комиссариатқа баратын жылғы Таушық емес. 1964 жылы орталық теміржол сағалап, осы Шетпеге көшіп келген. Ондыдан бір көштік жер. Егер орталық бұрынғы Таушығында болса, ондай қиырға Оңбай көксоққанның Қарабаланы жалғыз жібере қоюы екіталай. Ал Қарабаланың өз бетімен Таушықты тауып баруы одан да күмәнділау.
Басқа ешкім таппағандай дәл осы сапарға Қарабаланы жұмсағаны Оңбай сорлының да әбден мұқағаны болар. Жоқ, әлде анау аудандағы Оңбай десе ит жыны құрыса қалатын басшыларға ағаш оғым болса да, бір атып қалайыншы деген далбасасы ма екен. Осының екеуінен де құр болмауы ықтимал.
Қарабаланың аталас ағайыны, құрдасы, күні кеше ғана кекілін тарап жүрген сүліктей жігіт. Оңбай бүгінде осыған жеткен. Алдымен сор соғыс бір аяқты сан түбінен қырқып алып сорлатты. Оған болмаған Оңбайекең басқарма болып еді, онысы да бейопа бақ екен. Дала кезген экспедицияға қоймашы, ауданның салық жинайтын агенті де болып байқады. Қазір міне, екі балдаққа асынып, қарға адым жер мұң болып, күні Қарабалаға түсіп қалған жайы бар. Өзін өгейсіткен өмірге өкпесі қара қазандай. Бұл етекте қалғанда төске өрлеп тау асып кеткен басшы атаулыларға, сірә, қаны қас. Сол қысастығына бағып, әр жаққа арыз жазып көріп еді, ештеңе шығара алмады. "Дәукес Бисенов" деген тағы бір атты жамап алды. Одан қара қайраты, содан соң қайқы төс, қара балғасына жалынған Қарабала көш ілгері. Осы үшеуі мұны Қареке атандырып әдімұлыққа жеткізбесе де, әйтеуір қатардан қалдырмай келе жатыр.
Туды-бітті болмайдысы жоқ болмысы ынжық Қарабала Оңбай жұмсаған осы тауқыметке мойынұсынғаннан басқа шарасы кәне, Оңбай сілтеген бір есікке кірді, одан екіншісіне, одан шығып үшіншісіне. Тасбақаның аузынан шөп алған адамның ойлағаны болады дейтін еді. Аруағыңнан айналып кетейін ата-баба білмесе айтпайды ғой. Дәл солай болды да шықты. Манағы жолдағы тасбақа сәтімен жолыққан екен де. Ерінбей атынан түсіп аузындағы шөпті алып, қалтасына сала салғаны қандай ақыл болған десеңші. Келген шаруасы бітті. Қоймада тұрған жалғыз машинаны Оңбайға бергізетін қағазды ақыры алып тынды.
Оңбай сыртынан сылқита жамандап сыбағанмен әлгі үш басшы тап адамды қаралай зәрезап қылатындай зәрлі кісілер болмай шықты. Доғал бас қазақы ердің үстінде шалқайып отырған Қарекең әлгі үшеудің екеуін қайда көргенін есіне зорға түсірді. Бірақ оларға өзінің айтудай-ақ жақсылық жасағанын, мына тілдей қағаздың соның хиуазы, алғысы екенін білуге оның ойы жетер емес. Оған жетем деп бас қатырар кісінің сойы бұл емес. Оның қазіргі бар ниеті ауылға тез жетіп, Оңбайды қуантпақ...
Оқушыларымен болған Әбекеңнің бір лебізінен аңғарғанымыз осы Қарабаласы жазушының көңіліне бір.түрлі жақын. Ол осы бір долаң, қолайсыз қимылымен, бүкіл қарекеті кісіге қайырым жасауға бағытталған, ол жақсылығына өтеу дәметпейтін үлкен қасиетімен, Қарабаладан Қарашалға дейінгі өмір жолында бұлжымаған қазақтың қазақи болмысымен тек жазушы емес, барша оқырманына етене ыстық.
"Тасбақаның шөбі" сырт көзге шағын күйкі өмірдің кәдімгі көп күйбеңін сөз еткен сияқты көрінгенмен, астарын астына бүккен күрделі шығарма. Қазақ әңгімелерінің антологиясына енем деп сұранып-ақ тұрған туынды.
Ол орта мектеп оқулығының хрестоматиясына еніпті. Тәлімгер ұстаз мамандарымыз балалар Қарабала аталарының әскери комиссариатта періштедей келіншек алдында тыр жалаңаш шешініп, масқара күлкі болғанын оқып, іштері жарыла мәз-мейрам болсын деген болуы керек ала бөтен "Тасбақаның шөбін" енгізіпті. Әйтпесе олардың көзі алдымен "Көлденең көк аттыға"' түсуі керек сияқты еді...
Бұл - Әбекеңнің бала тақырыбына біз білгенде тұңғыш қалам тартуы. Оны да түсінуге болар. Жазушылықты кәсіп деп емес, қоғамдық, әлеуметтік ауыртпалықтың зіл батпан жүгін көтеретін азаматтық парыз деп түсінген қаламгердің біршама тақырыпқа мұршасы да келе бермеуі заңды. Әйтпесе прозадағы тырнақалды туындысы "Бір шөкім бұлтын" "Әлі күнге көңілімнің бір түкпірінен сығалап тұрған, жадау иін, жыртық өкпе болсаң да, айрықша балалық шағым, бұл - саған ескерткіш деп арнаған балалық шағын жазушы, тіпті, де ұмытпақ емес. Ұмытылмақ та емес қой ол. Шығарманың "мені" - басты кейіпкері енді- енді оң-солын тани бастаған бала. Көлдеңең көк аттымыз баланың майданда қаза болған Ахат көкесінің қарулас інісі - Самат. Жетім өскен жалқы жігіт. Әскерден босаған соң соғыста қаза болған командирінің, өкіл ағасының аулына қарай ат басын бұрыпты. Әуелі, қасында теңізі бар қалаға келіпті. Қазақстанның ол уақытта қасындағы теңізі бар жалғыз қаласы - Форт-Шевченко. Демек, солдаттың табаны тиген жер - сол. Ол уақытта қайбір ағылып жатқан көлік бар. Аттай үш күн күтіпті. Ақыры болмаған соң, төртінші күні жаяулап тартып кеткен. Сәті түсіп кездейсоқ командирінің нағашысы Дайыр жылқышының үйіне тап болады жолшыбай. Онда дәл осы ауылға келе жатқан капитан Бекенге кезігеді. Үшеуі ауылға келіп қазаны естіртеді. Сөйтіп, тағы бір шаңырақ қара жамылды. Тағы бір әйел жесір қалды. Марқұмның артында перзент қалса дәтке қуат еді. Құдай оны да көп көрген екен. Жазира келіннің пұшпағы қанамапты... Арада бір ай өтті. екі ай өтті. Самат осы ауылда қалатын боп шешті.
Ауыл колхоз орталығынан қозы көш жерде. Қой ауыл. Суаты - "аласа таудың тар қолатына ұйлыға өскен қалың шидің ішіндегі жалғыз құдық". Аузындағы тас әйкел, сопақша тас астау, құлай берісі қара жал маңы қалың ши. Шығырсыз. Суы қауғамен қолдап тартылады. Көрген көзге таныс мекен. Автор бала күнінде жалаң аяғының табы талай қалған Жаңасу құдығын суреттеп отыр. Ондының шығыс жағында ол құдық әлі бар.
Кешеден бері шөл, енді суы қанып, сыз тепсеңге бауырын төсеп жатқан қой, астаудағы мұздай суға салған бал қойыртпақ, жұмырға пісірген қорықтық. Қойшы өмірінің бұл да өзіне тән романтикасы. Балалық шақтың балдай әсері. Содан кейін аға мен інінің арасындағы әңгіме қандай жарасымды. Дәл айна-қатесі жоқ, бүгінгі алды егдеріп, аға буын атанған туысы ауылдық лектің балалық шағы тап осылай өтті. Ең азы балаң сауалдарға дейін сол күйі шығармада шынайы қалпымен қойыла қапты. Қолға түсуі арман әр түрлі қарындаштар мен қағазы сусылдаған дәптерлер, кеңсірігінен ілініп жабылатын аспалы портфель - бұлар да бір ұмытылмас жәдігерлер еді-ау...
Әттең, мұңсыз, қамсыз тіршілік осылай жалғаса берер ме еді, егер араға атқа мінген Жаныс келіп килікпесе. Ол Жазира келінді колхоз орталығына қызметке іліндірді. Содан-ақ Жазираға бір өзгеріс енді. Көзіне жарқыл бітті. Бірде, тіпті, ауыл сыртындағы қыр астында Жаныс екеуінің аттары ерттеулі күйі қосақтасып тұрып қалысыпты. Иелері көрініңкіремейді... Оның алдында түнде ауыл сыртында әлдекім - "Айдаладан қаңғып келген тентіренді неме, көлденең көк атты бөтен біреу, саған не жорық. Кімді кімнен қорып жүрсің? - деп Самат ағаны сөккен. Онымен қоймай мұрнын бұзған.
Қоңыр күз түсті. Бала Самат ағасы екеуі колхоз орталығындағы дүкенге келді. Дарақы Зайырдың дүкен ішінде Самат көкесін тентіренді деп сөккенін өз көзімен көрді. "Жазира келіннің етегін күзеткеннен басқа не білем дейсің?" дегенінің мағынасын түсінген жоқ, әрине. Ауылға оралды. Ертесіне таңертең тұрса қасындағы төсек бос жатыр. Күндегі әдетімен қой артынан барса - әкесі жалғыз. Құбылаға қарап құмалақ ашып қалыпты... Самат аға кетіп қалыпты. Аға мінезі таныс, не нәрсеге де ер кезегі үш деп, үш рет кезек беретін. Бір күн күтті – келмеді, екі күн күтті - келмеді, үшінші күн ауылға сыймай дызғып та көрді. Бірақ кеткен келмеді. Күн ұясына мұны мысқылдағандай күлімдеп батты да барды... Иә, соғыстан соңғы балалықтың бұл да - бір мұңды елесі. Жазушының үлкен жүрегінен Онды мен Жаңасу арасындағы адырлы қолатқа үзіліп түскен бір тамшы мұң. Әдемі элегия.
Жазушының творчестволық лабораториясына бойлағанда, оның шығармасындағы оқиғалардың орнын таңдауға келгенде жал жағалап, тау асып табан тоздырып әлекке түспейтініне тәнті болдық. Әбекеңе сол баяғы өзінің "жаз болса табаныңды шоқ боп жалап жүргізбейтін кебір топырақ не ыстық құм" шағыл молынан жетіп жатыр. Тегі өлең топырағыңнан артық өріс, мекен болмайды екен. Ал ол қандай еді, сөзді Әбекеңнің өзінен тыңдайық.
"Сол күні анам мені сары ала таңнан оятты. Әйтеуір, әлде бір жаққа жүріп келем. Басып келе жатқаным құмақ екенін білем. Шөп басының шық екенін білем.
Жүріп келем. Қалғып келем.
- Балам көзіңді ашсаңшы. - дейді анам.
Аштым. Анадайда әлдене ағараңдайды. Терістіктен тағаша иіліп қоршап жатқан ақ тау. Аппақ-ау, аппақ! Ол кезде біздер алтыннан да ардақты көретін шақпақ қанттай ақ. Баурайлары - тіп-тік құлама шың. Тек біз тұрған тұс қана сәл түйетайлыланып барып, қайтадан шыңға айналады. Сол түйетайлы кезден түсіп келе жатқан қасқа жол дәл мен тұрған қара тепсеңге кеп тіреліпті. Қара тепсеңнің қақ ортасында жалғыз құдық. Ақ бор тастан қаланған аласа әйкел. Қазір кәрі кісінің тісіндей сарғыш тартқан. Дәл сондай ақ бор тастан ойылған ұзынша астау. Ештеңеге түсіне алмай маңайға көз жүгіртем. Ту сыртымда, құбыла бетте дөңкиген-дөңкиген құба шағылдар. Шағылдың етегі - жүзген, құрақ, бидайық ұйлыға өскен қалың жықпыл. Қалың жықпылдың ортасындағы оймақтай тепсеңде жалғыз құдық. Тепсеңнің терістік жағы дыңылдаған сор. Сордан әрі шың. Шыннан әрі мөлдіреген көкжиек.
Аңтарылып анама қараймын.
- Ұмытпайтын болып жаттап ал!
Жаттайтындай несі бар? Шың, сор, тепсең, шағыл...
Анам құдықтан батысқа қарай, шамамен екі жүз қадамдай тоқтады да тағы да:
- Әбден, қарап ал! - деді.
Қарадым. Сол баяғы шым тепсең. Көзге ұрып тұрған ештеңе жоқ.
Не дерімді білмей, бедірейген жерге тағы қараймын. Мен тұрған жер былайғы жерден қатқылдау ма, қалай? Бозаңдау ма, қалай? Әне, әне бір жер де бозартады. Әне, әне.. әне... Оймақ жараның орнындай бес-алты дөңгелек теңбіл жатыр. Дөңгелек теңбілдердің әрқайсысының алдында жермен-жексен шұқырдың орыны мен бірер тас қылаңытады.
Сөйтсем, мен дәл осы арада туыппын. Мен туған жер мен туғанда біздің үйдің тігілген орны екен.
Көйлегімді шешіп, жеті рет аунап тұрдым. Енді мен бұл араны өмірбақи ұмытпайтын көрінем. Енді мен бұл араны көзімді байлап қойса да, табатын көрінем. Енді тағдыр мені кең дүниенің қай қырына айдаса да, мен бұл араға тапжылтпай тауып келе алатын көрінем. Елді мен туған ата-анамды қандай жақсы көрсем, жұмыр жердің осы бір пұшпағын да сондай жақсы көретін көрінем. Өйткені ол маған өмір сыйлапты, мынау кең дүниені түгел сыйлапты.
Сөйтсем, ол жылы мен жетіге келген екем.
Сөйтсем, мен сол күннен бастап аяғымның астындағы мыңқ етпейтін қара нардай мығым жерге зер сала қарайтынды шығарыппын".
Әбекең туған жері туралы сыр толғау, жыр толғауы ''Ұйқыдағы арудың оянуында" дәл кіндік қаны тамған киелі орынды осылай көрсетеді. Топонимикалық атауын айтпайды. Айтпаса да белгілі. Ондының құбыласындағы Мырзайыр, Басқұдық ойы. Әбекеңнің аталас ағайыны ақын, сазгер, күйші Өскенбай Қалманбетұлы жырында:
Мырзайыр мен Басқұдық-
Жылқыға жаман болғасын
Айтпай кеттім қас қылып.
Бекі менен Сәубеттің
Төрткілі жатыр қасқиып, - деп айтылатын Мырзайыр, Басқұдығыңыз осы. Тек "жүзген, құрақ, бидайық ұйлыға өскен қалың жықпылдың" селдіреп қалғаны болмаса, бәрі орнында. Құдық та бар. Сыңар құдықтың түстік құбыласындағы бірінің суы ащы, бірінің суы тұщы Ащы егіз, Тұщы егіздің басында әлі ауыл отыр. Ой ортасындағы баяғыда ақ бор тастан қиылып қаланып кейін қызылкөз белсенділер құлатып, тасын қора қылып әкеткен ақ мешіттің орны да ақ айранданып жатыр. Өзгеріс - "түйетайлы кезден түсіп жатқан қасқа жол" орнында асфальт жол.
Бір жағы - құм, бір жағы тау қамашаулығы себепті ұзын аяқ жылқыға тар өріс болғанмен, қашаннан қамбалы Мырзайыр, Басқұдық - уақ малдың, түйе мен сиырдың өлең өрісі. Қоңырқай күйі бар шаруаның қоңын үзбейтін құтты қоныс. Жазушы 1939 жылғы желтоқсанның жеті жаңасы күні туған. Анасы Айсәуленің айтуынша, киіз үйде туыпты. Олай болатын да реті бар. Маңғыстаудың шаруа елінің көбі қыс қыстау, тас үй сала бермеген. Бұл, біріншіден, қазақтың байырғы көшпелі тұрмысынан сіңісті дағды болса, екіншіден, құрылыс материалы, әсіресе, төбелік бел ағаш таптырмайды. Сосын мал баққан ел сай тұйығындағы көңге, кеуекке қыстап шыға береді. Іші-сыртын киізбен тұмшалап, іргесін белуардан көмген есік алдында отын үшін шапқан сексеуіл, дүзгеннен ықтасын жасаған қазақ шамалы қысыңа сыр бермейді. Оның үстіне колхозшысына ілекерлеп те болса қыстық баспана-жер үй қазып беретін колхоз байғұста ол уақытта қайбір шама бар. Өз бетімен тырбынып жер үй қазып алуға соның алдында ғана Жем, Атырау айналып, Қап тауына да табаны тиіп, Шағадамның шағала сорында да сульфат тасып, ата күлдігіне енді оралып, "кірме" саналып отырған жалғыз ілікті әрі білетіндердің айтуындағы үйдің күйбің тірлігіне сырторайлау Кекілбайдың қолы тимеген сыңайлы. Сөйтіп, осындай бірнеше шаңыраққа сол қысты Мырзайырдың терістік шетіндегі жалдың күнгей бауырын қыстап шығуға тура келген.
Онды колхоз орталығы болғанмен шаруа күйттеген елдің ұйысқан жері, қысы жайлы, суы іргесіндегі Мырзайыр мен Басқұдық. Басқұдық Мырзайырдың шығысында қозы өрісіндей жерде Борлы-Торым құдығы бар. 50-ші жылдары осы құдықтың басына жел двигателі қойылған. Біз естіп білгенде Маңғыстаудың қырына келген алғашқы өндіріс жаңалығы -осы. Әуелі зырылдауығы желмен шырқ айналғанда қозғалысқа келіп, суды жоғары тартып шығаратын "керемет кеңестік шығырды" тамсанып, жыр қылып айтып жүрген ел бірақ оның қызығын көп көре алмады. Оған, сірә, ебедейсіз шаруа елінің "сырын білмеген аттың сыртынан жүре" алмағаны себеп болуы. Жел двигателінің орнында сорайып ұзын темір мосы тұғыры ғана қала барды. (Ол осы күнге дейін сақталған).
1957 жылғы жастар фестивалінің алдында ауыл-ауданда да өнер сайысы өтіп бір желпініс болды. Сол науқанда онда Үштаған орта мектебінің 10-шы сыныбында оқитын Әбекең ақын ретінде алғаш танылыпты. Оның сонда осы Борлы-Торымдағы адыра қалған жел двигателіне шығарған да бір шумақ өлеңі бар. Ол өлең "Колхоз қыздарының тақпағы" деген тақырыппен облыстық "Социалистік құрылыс'" газетінің сол жылғы 10 қазандағы санында жарияланған. Әбекеңнің қауырсын қаламынан шыққан жәдігер, сонысымен қымбат болуы себепті ол өлеңді толық келтірелік. Газетте "Маңғыстау ауданы көркемөнерпаздарының творчестволық есебі'" деп қосалқы тақырыппен берілген беттегі бұл тақпақ кезінде ауыл сахнасында да айтылған. Оны орындаушылардың бірі кейіннен консерватория бітіріп, өнерде өз орын алған үштағандық - Зәуреш Есбергенова.
Колхоз қыздарының тақпағы
1-қыз.
Ей, жігіттер, шақырамыз,
Келіңіз біздің ауылға.
Ен байлық та, салтанат та,
Табылады ауылда.
Қыздар да бар даңқы шыққан,
Ер атанған еңбекте.
Ақерке - шопан, ол - депутат,
Бөленген сый-құрметке.
Ей, жігітім, дәмеленбе,
Ақеркеге қол созып.
Шопан болып кел де бізге,
Жарысқа түсіп көрші озып.
2-қыз.
Бірақ жалқау жігіттер бар,
Өздері сал сипаңшақ.
Қолдарында аттестаты,
Жүр еңбексіз сайраңдап.
Малға десең мұрындарын,
Шүйіреді баспайды.
Жыл бойына бос жатады.
Бір еңбеккүн таппайды.
3-қыз.
Тым-ақ жалқау емес пе олар.
Құртарлықтай діңкені.
Тентек судан жұтса болды,
Малға болмас икемі.
Сиыр десең сүзеді деп,
Қалтырайды, қорқады.
Бірақ солар еттен асап,
Жақсы жұтады сорпаны.
4-қыз.
Бұндай жалқау әйелдерден,
Кездеспей де қалмайды.
"Екпінді" де бар Түзелхан,
Іс басына бармайды.
Киімі көк, тамағы тоқ,
Күйеуі бәрін табады.
Сондықтан да уайымы жоқ,
Сол жұмыстан не алады.
5-қыз.
Бастықтарға айталық сын,
Әлі қолмен істейміз.
Нелер терең құдықтардан,
Су тартамыз күштейміз.
Сельхозснаб Гурьевтегі,
Малшыларды "кенелтті".
Азын-аулақ жел диірменді,
Ременсіз-ақ жөнелтті.
Бәрі.
Жөнделікші олқылықты,
Келіңіздер, жігіттер.
Ауылда іскер қолды мықты,
Күтіп-ақ тұр көп істер.
Келіңіздер, жігіттер,
Қонақасы табамыз.
Ауыл болып қонақжаймыз,
Қуана қарсы аламыз.
Би билейміз, ән шырқаймыз,
Шақырамыз жарысқа.
Ей, жігітім, болшы бекем,
Байқа-байқа қалыспа.
Тексін жазған Ә.Кекілбаев - Ленин атындағы мектептің оқушысы.
Әбекеңнің жоғарыдағы шыр етіп жерге түскен топырағын дәл көрсетіп кескіндегенін оқып отырғанда, есіңе бір көрініс сап ете қалады. Е, дұрыс, дәл соның өзі. "Ең бақытты күндегі" таныс сурет. "Аяқ астында аяқ басқан сайын күрт-күрт күйрейтін кебірсіп жатқан сортаң топырақ, ұйлыға өскен жыңғыл, ауыл алдындағы айдын сор. Сортаң мен ши астасқандағы жиектің күнбатыс шеті сәңкиген ақтұмсық. Оның іргесі - құмақ. Ақтұмсықтың өкпе тұсы - ақ шаңдақ тақыр, онан әрі ұйысып өскен - қалың ши. Ши ортасы – тепсең-тепсең ортасындағы әйкелді құдық". Айна-қатесі жоқ дәл осы -Мырзайыр.
Адам бала кезінде байқағыш па, жоқ әлде көргені есте қалғыш па, сірә, осы соңғысы басым, қазіргідей информация тасқынына қақалып, мұқалған, тозған, жүдеген, жұқарған санадан гөрі ақ қағаздай ашық балаң сана көргенін көрген күйде жадқа жазып қалдыра беретін болса керек. Әлі есімде Мырзайырды мен де көрдім. Алғаш 1956 жылдың тамызының аяғында көрдім. Мен сонда көргенде де ойда "қызыл шағылды етектей бір жұрттан біржұртқа жылжып қонып келе жатқан пішенші ауыл"' бар еді. "'Ең бақытты күнде'' Торғынның атасының ұстаханасы делінетін шикі кірпіштен салынған ескі үй де айналасы темір-терсектен ыбырсып жатқан-ды. Одан сәл ілгерірек, бұл енді сол жылдардың алдында ғана салынған құрылыс, қасында қоржын үйі мен қой қорасы тұрған-ды, 1956 жылы Мырзайырға соққан себебіміз содан сәскелік жердегі Тасбаста мұнай қараған экспедиция бар еді. Әкем Бақыт сонда жұмыс жасайтын. Біздің елден онда тоғызбақай (бір башпайы жоқ болуы себепті алған "заңды" лақап есімі) Рысбай, Әбіштің жездесі Айтуған, Айдабол аға, Әбді сияқты көп адам тұратын. Мамам екеуіміз сол ауылға қыдырып келе жатқан бетіміз. Көлігіміз - қомдаулы түйе. Пішенші ауылда шай ішіп аялдап, ыстық қайтқасын аттанып кеткенбіз.
"Ең бақытты күн" алғаш 1964 жылы "Бір шөкім бұлтта", 1979 жылы "Белая аруана" жинағында жарияланды. Неміс, украин, белорус тілдеріне аударылды. "Таңдамалыға" енді. Жазушының прозадағы тырнақалды туындыларының бірінен саналады. Мөлтек әңгіме. Бар оқиға қырдағы ауылға майданнан солдат, Дәулеттің оралуы. Ол майданға аттанғанда "атасынан қаймығып жылай да алмай қалған" бұйығы келіншектің жан толқынысы. Соның өзі аз баяндалады. Аз болса да саз. Беті жайбарақат, бірақ тереңдегі тегеурінді иірімі қатты даланың ұлы өзендерінің ағысы сияқты сыр бар осы бір бұйығы келіншекте. Жат орта, жат босағаны аттай бере, күйеуі ажал аранына аттанды.
Қоңсың "қара қағаз" алып, қара тұтып жатқанда сенің де көңілің әлемтапырық. Почта тасушы үйіңе қарай беттегендегі қуанғаныңмен ауыл сыртындағы қыраңнан асып келе жатқан 3-4 атты көрінгенде жүрегіңнің аузыңа тығылып, қорыққаннан аяқ-қолыңның дірілдеп сала беретінін қайтерсің. Күйеуімнен жаман хабар келе жатқан жоқ па екен деп беттеріне жаутаңдап бітесің. Олар қабақ ашқанда барып, уһ деп шәйнегіңе жабысасың. Сонда барып денең ширайды, көңілің орнына түседі. Құрсын, ол кездің қарасы батты ғой. Анадағы көктемде жеңіс тойынан кейінгі сағыздай өтіп болмаған күндері құрғырды айтсаңшы. Әншейіндегі қысқа дейтін жаз түні бітпейді, тіпті.
Бұл тезек теруді сылтау қылып ауыл шетіндегі қыраң басына қанша шықты. Көз ұшындағы Қарауыл-Күмбеттің кезіне қанша телмірді. Сөйтіп күткен Дәулеті міне, ойда жоқта сап ете түсіп, әне шайдан қалған сумен аяғын жуып отыр. Су құйып тұрып, күйеуінің жүзіне бас көтеріп қарауға да ұяңдығы түскірдің жібермеуін қарашы... Не де болса бүгінгі күн бұл шаңырақтағы ең бір бақытты күн болды ғой. "Шүкір Алла, бергеніңе" деп атасы дұрыс айтады.
Солдатын күткен үй жалғыз бұл емес-ті ауылда. Көп еді олар. Соның бірі Кекілбай шаңырағы еді. Қарауыл Күмбетке қарағыштап жүрген көп келіншектің ішінде Айсәуле де бар-ды. Жанындағы кекілі жалбыраған қара бала да түсін көрмеген көкесін көрсем деп тағатын таусып жүрген. Әттең, не керек. "солдат махоркасы мен ащы тер исі аңқыған ыстық көкірекке сіңіп", тұшырқана иіс тарту бұл мұңлықтардың маңдайына жазылмапты...
- Сөйтіп, әкелері, ағалары майданнан оралған балаларға қызыға қарап иінім түсіп, жұқарып жүрген кезде майданнан немере туысымыз Мұқыр көкем келе қалды. Міне, біздің үйге де солдат келді деп сол күнгі қуанғанымды айт. Сөйтіп, менің көшемде де бір той болып, шекелеп қарап марқайып қалдым, - деп есіне алады Әбекең әлі.
Мұқыр көкесі қазір Ондыда тұрады. Әбекеңнің осындағы ат басын тірейтін - шаңырағы. Арагідікте ауыл сыртындағы баяғыда осы көкесі аман келіп, ақ түйенің қарны жарылып, ақ сарбас сойылған төбе басына бір шығып қайту да әдетке айналып кеткелі қашан...
Арғы-бергіде әдебиетімізде ер қанаты - атты сөз етпеген ақын-жазушы сирек. Көбінің үкілеген бір-бір тұлпары бар. Сол аламан бәйгеге Әбіш те "Бәйгеторысын" қосты Ондыдан жаратып. Иә, тұлпардың алғаш қағанағын жарып түсіп тиген топырағы басқа емес, дәл осы Онды болып шықты. Аттың әуелгі қойшы торы кезінде қойшы ауылдың көшіп келген "бұрын бұл жүріп, бұл көрмеген соны жайлауы"- Үстірт. "Маңай көз талдыратын көл-көсір жазық. Қойдың өрісі жер тістеп өскен жатаған қоңыр жусан". Ал ернегіне қалың баялыш өскен өңір тек Үстіртке ғана тән. "Өкпе тұста Үстірттің тік құлайтын шың құзы бар, оның ар жағы ат құлатпас ақ шыңның қарнау қолтығы, қарнаудың өне бойы үңірейіп-үңірейіп тұратын кеуек үңгір" деп оны жазушының өзі де нақтылай кетуді ұмытпапты. Міне, осы Үстірттегі "Екпінді" колхозының жайлауы Қарақұдық- Пысқында болашақ Бәйгеторы тұңғыш рет қолтығы сөгіліп қасқыр алды. Түз елінде жаңалық хабар жатпайды, тез тарағыш. Жүйрік жайы атбегі Сейіс құлағына да шалынды. Сөйтіп ол жылқышы аулын қайта тапты.
"Сейістің үйі шоқы-шоқы Қаратауды қақ айырып құлайтын бір қара қапы аңғардың табанында екен. Тау жақта сылдыр-сылдыр судың дауысы. Есіктің алдында анадай жерде оймақтай егіс жатыр... Бұны келген құшақ, аңғардың аузындағы кішкене тоғанның қасына өскен өлең шөпке тұсап жіберді. Тау жақтан екі жағасына жал топырақ үйген салма арық құлап жатыр. Арықтың үстін исі мүңкіген түйежапырақ басыпты. Астында күні-түні су сарқырайды". Жазушы өзі туып өскен өңірдің тағы бір пұшпағын осылай жаралғанын жаралған күйде мөлдіретіп суреттей қойыпты.
Қаратауды қақ айырып құлайтын қара қапы - Ондының шығыс жағындағы Қарасай. Шығыс Қаратаудың оңтүстігіндегі қапы жалғыз сол ғана. Қапы бойы - бұлақ. Сол бұлақ аяғын салма жасап бұрып әкеліп алдын тоғанмен бөгеген. Қарасай бойы, бұлақсағасы исі мұрын жарған түйежапырақ. Біздің елде оның нарпоз дейтін де аты бар. Исі өткір, үйренбеген кісінің басын айналдыратын шөп. Қарасай аяғы қашаннан Сейістердің аулы болумен келеді. Оның сырын атбегі қарттар былай деп түсіндіретін: "Таулы, тасты жерде ұсталған аттың тұяғы берік, бейне қалыпқа құйылғандай әдемі болып келеді. Шамалыға тасырқамайды. Ал бос, құмды өрістің жылқысының тұяғы қаңылтырдай жұқа, аламан шабыс түгілі былайғы күннің өзінде шытынап, жарылып тұрады". Ең бастысы, сай аяғы ақ шөпті, жүйрікке жегізетін тары, сұлы егетін егістік жері де қасында. Және алды жазық. «Тақтайдай тегіс жазықтың үстінде жападан жалғыз қылаңытып тұратын төрт құлақты сары там» - іздегенге сұраған бәйге төбе.
"Жатаған таудың бауырында көздері жылтырап тұрған он-он бес тас үй" - бұл колхоз орталығы. Соғыстан соң еңсесі әлі де пәстеу ауылға тән көрініс. Орталарына жүйрігін алып өкше көтерген жолаушылар "жарты күншілік жол жүріп, Қаратаудың бір әсем қойнауына жетті. Әр жер-әр жерде әсем көгеріп ағып жатқан суы да мол". Бұл аудан орталығы - Таушық. Ондыдан дәл жарты күншілік жер. Батыс Қаратаудың ең шеткі қойнауы. Алды жазық. Сай-сайы бұлақ, етекке таман тепсең. Осындағы бәйгеде Бәйгеторы тұңғыш рет Бәйгеторы деген атақ алды. Үшінші болып келді. Енді жүйріктің аты екі ауылдан асып аудан барды. Ондағы үлкен бәйгеге қатысар күн де келді. "Бұлар кештете екі таудың арасынан бақшаң ете түскен кішкентай аппақ қалашыққа жетті. Ақ шаңқан қаланың алды әр жер-әр жерінен бір кездегі тастақ жотаның тұқыл жарықшақ тастары қылтиған жарқабақ екен. Жарқабақ пен қаланың арасы - мидай тегістік". Бұл көрші ауданның сол кездегі орталығы Форт-Шевченко. Таушық Әбекеңнің бала кезінен таныс жер. Ана жарқабақ астындағы шүңкілдек құдықтан мамасы метеймен талай су әкелгенде, бұл қасынан қалмай томпаңдап еріп жүретін. Бәйгенің де талайын тамашалады. Кейінірек Сейіс шалдардың кеу-кеу әңгімесінен атбегілік өнердің де біраз сырларына қанықты. Қандай сыр еді олар?
Жүйрікті айтып, бәйгені марапаттап кеу-кеулеген біздің шалдардың аузына алдымен Қосжан атбегі түсетін еді. Жары Қосжан дейтін-ді оның атының алдына руын сала айтатын үрдіс бойынша. Сол Қосжанның егдеріңкіреп қалған кезі болса керек. Арқада әлдебір байдың асы өтетін болып үш жүзге сауын айтылады. Асқа, әрине, әнші, жыршы, ақын, палуан, жүйрік ат апару керек. Ат мәселесіне келгенде қолқа Қосжанға түседі. Сейістің "енді бәйгеден қосқан атымның қалып келгенін көрмей-ақ тұғырымнан түсейін'' деп бұл кәсіпке сырт орай тартқан кезі екен. Көптің мысы жеңген соң амалсыз белін буады. Дітті мерзім таяп асқа барушылар жолға шығады. Сейіс жолшыбай келе жатып Ауызорпа шыңыраудың басында шығырға жегіліп тұрған бір бурыл мәстекке көзі түсіп, жатады да саудаласады. Ат иесіне жетектегі жаратып келе жатқан жүйрігін беріп, оған қоса ертең бәйге алып жатса оны да түгел алдына салатын болып бурыл мәстекті алады. Соны жаратып аламан бәйгіге қосады да жібереді. Сонда жануар бурыл аламан бәйге алдында сүт пісірім бұрын келген екен. Сонда Сейіс "Әттең, ана Әлімнің тор алаяқ атының алақандай жерінің ащы тері алынбай шапты-ау. Әйтпесе бас бәйгі соныкі еді", -деп өкініпті деседі.
- Шіркін, бурыл, сенің құнан шағың мен менің 25 бұла шағым оралмайды ғой. Оралса, алты Алаштың талай бәйгесін қанжығаға байлар едік, - деп көзіне жас алыпты және бурылды алған бәйгесімен иесіне табыстап тұрып. Олай деуінің мәнісі бурыл кәрі ат екен. Сол оның ең алғашқы, әрі соңғы бәйгесі болыпты да тыныпты. Қосжан сейіс те содан соң ат қосудан тыйылыпты. Әлгі бурыл қарасына сойылыпты, - дейтін біздің ел қариялары. Жүйрік ат десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Көпті көрген көне көздердің небір сәйгүлік көкмойнақтар туралы айтқандарының бірі-бірінен басым түсіп жатар еді. Солар майын тамызып шерткен ат дүбірі жазушының шабытын қозғап, ол "Бәйгеторы" болып қағазға түскен де қойған.
Әрине, Әбекең сейіс өз тұлпарын өзінше үкілеп, өзінше баптаған. Сарыарқаның сардиған cap даласы да, Сағынай асының сарыны да жоқ мұнда. Бәрі көз көрген үйреншікті орта. Бәйгеторы баржамен барып бірер бәйгеге қосылып келгені болмаса, Маңғыстаудың қара ойынан ұзап та шықпайды, өрісімен, өмірімен етене. Тіпті, анау әр әрекеті қызық пен жұмбаққа құрылған шуылдақ көп екі аяқтылардың да қимыл қарекеттері жатырқарлық емес. Тек сәйгүліктің басынан бақтайған күні иесінің ғаріп басқа қамшы ұрып, көзін зақым етіп тастап Көктеңбілге қарай жалт бергенін ғана жануар түйсігі бағамдай алмай қала барды. Бағамдамайтынның басы мұның сейісі кешегі бір қимас, көзден бір-бір ұшқан Бәйгеторы күнгі дәуреннің баянсыздығын, бейопалығын ана көкжиекке сіңіп бара жатқан суреттей көк дөненге мінген соң, тағы ұмытып кетті. Иесі ой байырқалатпаған түйсікке мұның меңіреу жануар миы қайдан жетсін.
Өмір - ағыс. Және анау-мынау ағыс емес, ағыл-тегіл тасқын. Соның екпіні тағы бір қыраң асырып тастады. Күні кешегі Бәйгеторы мінген қазақтың тақымы енді жаңа тұлпарға тиді. Оның аты - "Автомобиль". Жаңалық атаулы қырға жатырқай келуші еді. Бір қызықта техниканың далаға аяқ басқан алғашқы қарлығашы автомашинаның жолы олай болған жоқ. Баяғы жалғыз аяқ керуен сорабына ілкі әзірде ұзыны сыйса да, ені сыймай кібіртіктегенмен, жүре бара адымы ашылды да кетті.
- Сен біздің ауылда бұрын-соңды ешкім ата кәсіп ете қоймаған жаңа өнерге бірінші боп бет бұрғандардың бірі едің. Құландар жортқан құба түзге талай-талай соны соқпақты өзің салдың, - дейді автор бұл шығармасының марқұм досы Қобылан Зорановқа арнау сөзінде. Қобылан Зоранов - Әбекеңнің ауылдасы, екі жас үлкендігі бар жеделдес ағасы. Маған жақын жиен болып келеді. Ауылда алғаш машина руліне отырған жастардың бірі еді ол. Ақыры, сондай сапарынан орала алмай қалды... "Ақтүтек боранда бала кезден бауыр басқан рулі ғана басын сүйеді..."
Автомобиль демекші, оның біздің елге алғаш келуі де қызық. 50-ші жылдардың бас кезінің ең бір елеулі оқиғасы болып есте қалыпты ол. Әр колхозға бір-бір машина.
Бөлініп, соның бірі біздің Жармышқа да жетіпті. Келген бетінде кеңсенің алдына көлденең тұрыпты. Ол тұрған соң жұрттың бәрі жиылыпты. Әрі айналып, бері айналып, о жер, бұл жеріне қол тигізіп көріпті. Ық жағынан тұрып иіс тартып та байқапты. Сөйте-сөйте мемлекеттік номері жазылған қорапқа көздері түсіпті.
Машинаның машина екендігін білгенмен, оның тетік атаулысының бәрі таңсық. Сұрайын десең, атын да білмейсің. Онымен салыстырғанда мынау әйтеуір жазу мен сан. Көзің көреді. Оқып тұрсың. Сосын "тіске жеңілдеу" көрінген соң осыны мошқайды. Қораптағы сан алдында "ШЖ" деген екі әріп бадырайып тұр. Біздің ауылдың ортақ ұғымында бұлай қысқартылып жазылған әріптердің дүмі мықты, тегіннен тегін жазылмайды ол. ОГПУ, ВКП (б), НКВД, КГБ... Әне көрдің бе? Мына "ШЖ'"-да да үлкен астар бар шығар. Енді келіп сұрақ туындамай ма?
- Бұл Шоңай мен Жаңай деген. Осы екі рудың басқы қысқарған екі әрпі, - дейді сонда бір білгіш.
- Неге Шоңай мен Жаңай? Басқа ру құрып қалғандай?...
- Олай болатыны бұл екі ру ауданға жақын отыр. Жоғарының аузын алып қойған. Оны айтасың, жаңа машинадан түскендердің кім екенін көрмедіңдер ме. - Сөйтсе, шынында да бұлай деудің қисыны бар. Басқарма Қозыбағаров Мыңбайдың руы Шоңай, шоферы ағайыны Ерсайын Жексенбаев Жаңай руынан. Ендеше, алдымен өз руларын әспеттеп алмай олардың басына ат теуіп пе? Бұл екеуі басқа ауылдан, яғни "кірме". Сондықтан бұл ауыл адамдарының оларды шетке қағатындары да құпия емес. Сол шиқан тап осы жерде жарылады да кетеді.
- Қап, мына екеуінің басынуын-ай! Ay, сонда менің Ескелді атам мен сенің Төлеп атаң құмадан туып па?! Жазу керек мұны Сталин жолдастың өзіне, - деп сол жерде зығырданы қайнап кеткен бір ағаңыз машинаның әлгі "ШЖ" әріптері бадырайып тұрған қорабын қамшымен тартып-тартып жіберетін жері ғой. Бұл жайт сол уақытта ауыл адамдарының автомобильге қатысты түсінігінің тым қарабайырырақ болғанынан хабардар ететіндей. Мұның тағы бір мысалы "Асыққан су тасушы водовозбын" деп басталатын "Су тасушы қыздың әні". Ол ән - Қазақстанның алғашқы миллиард пұт астығының құрдасы. Демек, су таситын арнаулы машинаның шыққан жылы да - осы. Біздің ауылға мұндай машина әніне ере келді. Оның шофері қыз емес Құрақов Қылышбай деген мұртты, ағамыз болды. Ортамызда әлі бар ол.
Онды ауылына келген алғашқы автомобильді жазушы Жақан кейіпкеріне "сыйлапты'". Жетім бала. Бұл ауылдағы ең жақыны көксұр Елемес - директордың кабинетінде тұңғыш көрген адамы, оның да ағайындығы төмендегідей болып шықты.
- Бұл ауылда менен жақын ешкімің жоқ. Әкең марқұм теңіз асып келген кірме еді. Менің әкеммен көже тамырлығы бар-тын. Баяғыда Текенің базарында танысыпты. Сүйек шатыс болайық деп мені өзіне өкіл бала еткен. Анаң байғұс біз қырда жүргенде қайтыс бопты. Жер аяғы қашық. Тұсында келе алмадық. Биыл басқарма қырға көшірмей, ойға қалдырды. Енді сені қайтып жалғыз тентіретіп қояйын. Түсінетін шығарсың.
- Қолыма алып, қолғанат етем. Азамат қып шығасың.
Аман болса, келін алып беріп, бөлек үй етем, - дейді онан әрі көксұр Елемес аталатын мына жанашыр.
Ә.Кекілбаевтың шығармаларына, әсіресе ел іші өмірінен жазылған әңгіме, повестеріне тән ерекшелік олардағы адамдардың бір-біріне бауырмалдығы. Шідер үзгендер сирек. Көп кейіпкерлері тірліктің тірегін бірліктен іздейді. Осы ерекшелік бұл шығармада да шаң береді. Көксұр Елемес тақыс, ішкі есебі мықты адам. Жақанды қолғанат қылуында қол ұзартқысы келген ойы мен мұндалап-ақ тұр. Таңдауының Жақанға түсуінің жалғыз себебі - әлгі өзінің оның әкесіне өкіл бала екендігі.
Өкіл бала қазақтың сонау бағзы баяғыдан сіңісті әсем бір дәстүрі. Тіпті, қазақ қазақ атанбаған кездегі аталарымыз бір-бірімен анда болып туыстасады екен. Тіліміздегі "қудандалы" деген сөз соның жұрнағы. Ол бертін келе өкіл бала, өкіл қыз, өкіл күйеу түріне ауысқан. Бұл ықылас- пейілі бір-біріне ауған екі дос адамның құда болуға мүмкіндігі жоқ жағдайда балаларын өкілдетіп табысуы. Осы пәтуадан кейін өкілдетілген перзент жаңа ата-ананың туған баласындай болып кете барады. Елемес сол жолды ұстанып отыр. Азамат қылып шығарып, келін алып беретін, бөлек үй қылатын ниеті де алдарқату емес. Шын көңілі. Оны істемесе Елемес Елемес болмас еді. Досқа күлкі, дұшпанға таба болар еді. Елемес үйіндегі күйіне Жақан да риза. Не ішем, не кием демейді. Шаруаға төселе бастады. "Төрт аяқтыға есесі кеткен екі аяқты жоқ. Екі аяқтыларға есеңді жібермесең болар" деп Елемес ағасы да ақылын айтып бағады. Біле білгенге бұл да жолда көзі қиып қалдырып кете қоятын ақыл емес-ау өзі.
Жақан осылай жылқышы ауылда жүре берер ме еді қайтер еді, егер Елеместі түлен түртіп мұны колхоз орталығына жұмсамаса. Жұмсағанда да басқарманың Теңбілкөгін апарып келуге жұмсады. Жетектетіп емес, өзің мініп бар деді. Құдайекең берейін десе қолақпандай қылып ұстата салады екен ғой өзі. Енді, міне, шоқтығы Қарауыл Күмбеттің шоқысынан да асып салдыртып келеді.
"Автомобиль" тұңғыш рет 1978 жылы "Жұлдыз" журналында жарияланды. Сол жылы "Құс қанаты", 1985 жылы "Біздің ауыл" кітаптарына енді. Сол "Жұлдыздағы" алғашқы нұсқада Жақанның колхоз орталығына келе жатқан бетінде жол бойындағы үш мола, оларға қатысты аңызды жазушы былай деп ақтара кететін:
Ерте-ерте, ертеде осы аймақта бір өзінің ақтылы қойы мен торы ала жылқысы толтырған атақты бай өмір сүріпті. Бай болған соң ай десе, аузы, күн десе, көзі бар, сұлу қызы болатыны, сірә, белгілі. Сұлу қыз жүрген жерде оған өліп-өшетін ғашық жігіт қайда кетсін?! Ондай ғашық жігіт жалынынан тартып мінер жалғыз жүйрік атынан басқа ештеңесі жоқ, сіңірі шыққан қу кедей болып келетін әдеті. Кедей жігіттің елден асқан ерлігі мен өнері болмаса, оған байдың қызы ғашық бола ма?! Тең-теңімен, тезек қабымен дегендей, әлгі жігіттің айдалада киік атып күн көрген аңшы досы бар екен. Сіңірі шыққан кедейге, бай қызын бермейтін болғасын, екі жігіт алдын-ала қызбен уәде байласып, алып қашатын болыпты. Содан жұрттың бәрі тәтті ұйқыда жатқанда, екеуі ұрланып келіп, қызды алып қашсын. Малы көп, жаны көп ауылдың біреу-міреуі көріп қалған ба, әйтеуір қашқындар екі-үш белден аса бергенде, арттарынан шаң көрініпті.
- Мен осы арада бөгей тұрайын. Сендер Қаратауға жеткенше, қарайламаңдар. Тау арасына бір жетсеңдер, құтылғандарың, - депті аңшы жігіт.
Ұрандап атқа қонған қалың топты баудай сиреткенмен, көптің аты көп емес пе, аңшы жігіт ажырықты ойдан шыға бере опат болыпты.
Қашқындар құмақ жалға енді тұмсық тірегенде, қуғыншылар қиқулап тағы да жетіпті.
- Манағыдай емес, қаралары азайыпты. Мен бірдеңе қып бөгей тұрайын, сен құтылып тауға тығыл! - депті жігіт.
Арыстандай арпалысқан жалғыз жігіт те қылышқа жем болыпты. Жары жалып, артына жалтақтап бара жатқан бейшара қыз қанша жерге ұзай алсын. Келесі жалға көтеріле қуғыншылардың құрығына ілігіпті. Қандарына қарайған ақикөз топ бауырларынан шыққан баланы да аямапты. Сол арада өлтіріпті. Енді, міне, әрлі-берлі жүрген өткіншіге нысана боп үш жерде үш күмбез тұр.
Күйеу жігіттің моласына жеттің-ақ иек сілтем жерде қалыңдықтың моласы.
Қалыңдықтың моласына жеттің-ақ - үш бейбақтың көзінен бір-бір ұшқан қара шоқылар қарауытады.
Маңғыстау, сенің жеріңде,
Тау да аңыз, тақыр тас та - аңыз.
Алғидың ала шөлінде
Өшпепті әрбір басқан із.
Дәріптеп ерді кіл мықты,
Айтпақ ем аңыз, алайда.
Аңыздан асқан шындықты,
Аңыз қып айту оңай ма!
Айта алмай соны, жан қыстап,
Жүрейін мен-ақ қарызда.
Сен жаса, жаса, Маңғыстау,
Ақиқат пенен аңызда!... - ақын Дүйсенбек Қанатбаевқа осылай дегізген айшықты аңыздың бірі - осы. Бірақ "Автомобильдің "Жұлдыздағыдан" басқа жарияланымында бұл жоқ. Ондының құбыла бетіндегі бұл аңыздың заттай айғақтамасы үш мола осы күнге дейін сақталған.
Жақанның ауылға келуімен тағы бір кейіпкермен жүздестік. Ол басқарма - Шайхат. Қарабайыр көпке оның көп іс, қимылы жұмбақ тосын көрінгенмен, онша көшесіз кісі сияқты емес екен басқармаңыз...
"Автомобиль" жарық көргенде Маңғыстаудың көзі қарақты оқырманы түгел Шайхат басқарманы дөп басып тани кетті.
Айтса айтқандай, қазір елдің сөз ұстар абыз қарияларының бірінен саналатын - Шаңытбай Махамбетов ағамыздың Ондыға бір кісідей-ақ еңбегі сіңді. Көп жыл колхоз басқармасының төрағасы болып шаруашылықты өрге сүйреді. Шәкеңнің "Қара аңғардың аяғын бөгеп, тоған салдырғаны" да - шындық. "Ит байласа тұрғысыз Бөрілі ойға тары еккізгені" де - ақиқат. (Шығармада ой аты сәл өзгертіліпті. Дұрыс аты - Борлы) Ондының көшесіне түйірлеп тал шаныштырып жұртты ешкі-лақпен жауластырған да осы - ағаңыз. Міне, сол ағасы Жақанның қайратын жанып-жанып "техниканың құлағында ойнатпақ" боп аудан орталығындағы шоферлық курсқа жіберіп отыр.
- Жігіт деген атты әскердің қылышындай жасанып тұруға тиісті. Жасық болмау керек. -Ат-түйедей қалап-ақ алатын ақыл ғой Шайхат басқарманың бұл айтқаны.
- Мен сенің орныңда болсам, техниканың құлағында ойнап, Еділ-Донда ма, Тақия-Ташта ма жүрер едім. Оған жасымыз асып кетті. Енді сол өз қолымыздан.келмейтін шаруаны жастардың тындырғанын жақсы көреміз, - деп басқарма әлгі айтқанын онан әрмен тиянақтап жатыр. Ешқандай күлбілтесі жоқ ашық айтылған сыр бұл. Жасы құрғырдың асып кеткені көрініп тұр, сірә. Ал осы ауылда ең көп білетін, көпті көрген ел ағасының жалынды жастығында көргені Еділ мен Дон екен. Онда да соғыста жүріп. Ал Тақия-Ташы Хорезм ойындағы қыр жұрты қала деп қанша қампайтқанмен бәкене балшық үйлері иін тірескен үлкен бір елді мекен. Оны да шаруа бабымен ағаш үйдің сүйегін, шай, шекер, кездеме ала барып жүргенде көрген. Маңғыстау елінің хан базары - сол.
- Міне, маңдайымыздағы жалғыз машина шофер жоқтықтан қарап тұр. Техниканың маманы өзімізден шықпай көсегеміз көгермейді. Ауданда шоферлар дайындайтын курс ашылыпты. Соған сені жіберсек қайтеді?
Басқарма бұйрығын осылай берді. Барасың - болды, айттым - бітті, кестім - үзілді деген жоқ. Өзінше ағалықпен, салиқалықпен ұғындырды. Повестегі осы бір Жақан "көзін төмен салып, столдың сирағын шұқылап отырып" ал Шайхаттың "шаршы топтың алдында мінбеде тұрғандай оң қолын сермеп-сермеп", содан соң "столды екі жұдырығымен нығарлай жаншып" алып сөйлеген сәтте көңілге ұялай кететін әсем ұнасым бар. Түптей келгенде үлкен сыр тұнып жатыр. "Жасы асып кеткен" Шайхат пен оның тұстастары кешегі майдангерлер, тізгін қағып ілескен лектің көбін соғыс жалмаған, оралғанының да біразы жарымжан, мүгедек. Ал олардың артынан қаулап ілесуге тиіс Жақанның құрдастары отызыншы жылдың ойранына ұшырап көбеймей қалған.
Бұл жақтан келгенде Жақан тек бастан емес құрбы-құрдастан да жалғыз. Сосын ғой бар таңдауды өзі еншілеп, бірегей таңдауды өзіне түсіріп отырғаны. Әйтпесе, Ондының өзгесі түгілі, білмейтіні жердің астындағы Шайхат басқарманың өзіне жұмбақ кәсіпке бет бұру елден ала бөтен жапатайын жөндеп кие алмай жүрген жалақ ерін, жалаң аяқ Жақанға бұйырар ма?!
Сонымен Жақан - аудан орталығындағы 1 жылдық шоферлық курстың курсанты. Өзі сияқты жиырма бір бозбаланың бірі. Курстағы жиырма екінші бір көзін қара былғарымен тартып таңған сау "жалғыз көзі шатынап тіп-тік қарайтын, пышақтың жүзіндей жұп-жұқа еріндері туғалы бір жымиып көрмегендей, кірпікшешеннің қылтанағындай тікірек шашы тебен инедей" Естемесов. Естемесов "өзін қосқанда жиырма екі қазақ тұрып, орысша сөйлейді. Тек біреудің ерсі қылығын көргенде аузынан еріксіз шығып кеткен удай ащы мысқылы ғана қазақша". Онсыз да "кел, айналайын" деп тұрмайтын Естемесовтың ызғарлы жүзінен орысша сөйлегенде жел терістіктен шыққандай үскірік есіп қоя береді".
Туды-бітті көрген орысы киномеханик Колке, ол да үнемі қазақша сөйлейтін орысшасы орашолақ орыс, Жақан үшін бұл дозақ емей немене. "Знаешь?" - деп қадала қараған Естемесовке "Не знаешь?" деп басын шайқамағанда не демек. Сумақай Сұлтандарға күлкі керек. Бір емес, екі емес, қайта-қайта солай. Ақыры шыдам шарт сынды. Жақан курсты тастап айдалаға безіп шықты.
... Әуелі аудан орталығын желкелей сұлаған тау сілеміне сүңгіді... Тау арасының сіресіп бүтін жатқан күртік қарын кешіп келеді. Ара-арасында белуардан батып-батып та кетеді. Тырмысып жүріп шығады, әйтеуір... Борша-борша терлей бастады. Екі көзін ілгеріге қадап ентелей түседі. Бір қырқадан соң бір қырқа көлденең сұлап жатып алады". Аудан орталығы Таушық тау ортасында. Омбылаған қар, үскірген аяз түгілі ашық жарықтың өзінде жаяу жүргенде қара діңкеңді құртады. Жер бедерін бейнелеуге келгенде шебер жазушы ештеңесін алып қоспаған. Қаспақ-қаспақ қырларды, дөңкиген дөңдерді, ұры жыраларды дәл сол күйінде суреттеген де қойған. Бала күнінде жалаң аяғын тас қажап қозы, лақ қайырған, басына шығып алыс көкжиекке көз жіберген шоқыларды сол тұрған-тұрған күйлерінде суреттеген де қойған.
Сәті түскенде Естемесов бас болып жиырма серігі мұны тау арасынан іздеп тауып алысты. Онан арғысы өң мен түстей. Есін жинап өз-өзіне келген соң... "орнынан атып тұра бермек еді. Алдында үңіле қарап тұрған қара сұр кісі кеудесінен басып қозғалтпады.
Сенсің бе, сенбесін бе... Манадан бері мұның маңдайын сипаған жылы алақан... иә... иә... Естемесовтікі екен". Жақанның бақилық боп кеткен ата-анасынан соң маңдайынан сипаған алақан осы болды. Жоқ, Естемесов бұлар ойлағандай әшәдді емес екен. Ол иірімін тереңінде ұстайтын дала өзендері сияқты үлкен мейірім иесі болып шықты. Былайғы сырт көзге қаһары, орысша сөйлеуі - бәр-бәрі шәкірттерінің шиырылып өссін, ширығып тұрсын, тұтымы берік болсын, көздері ашылсын, енді ғана басталғалы тұрған өмір жолының сардиып жатқан сара жол емес, соқтықпалы соқпақ екендігін ұқсын деген жанашырлығы екен.
Сол күннен бастап қасындағы жиырма серігі күрт өзгерді, бір күнде дерлік есейді. "Кеше ғана бірін бірі көрсе алыспай-жұлыспай тұра алмайтын алаңғасар бала жігіттер" - сайып келгенде бұлардың да төрт құбыласы түгел емес-ті. Біразында әке жоқ, бары соғыс мүгедегі. Көбінде алдына қарап өсер аға жоқ. Ол кешегі сор соғыстың салып кеткен ылаңы. Қысқасы, әр кеуденің де бір-бір мұңы бар. Сол мұң, нала әлгі бір түннен соң жалғыз бас Жақанға серіктерін жатырқатпай әкеліп табыстырды да жіберді.
Әбекең 1999 жылы "Көгілдір экранда" айтқан бір лебізінде - "Әке көрмесем де әкемді көргенді көрдім. Соның бірі соғыстан бір аяғын беріп оралған мүгедек ағамыз қан майданнан жеңіске тақап оралғанда "біреудің қолынан келген екінші біреудің қапынан да келеді екен, елден елдің артық ештеңесі жоқ екен" деген түйінін айта келді", - деп еді. Солай деп Әбекең айтпақшы, Жақан ақыры машинаның құпиясын меңгерді. Тәлімгерлері Көксұр Елемес пен Естемесов айта беретін тұтым Жақанның да бойынан да табылды. Ауылдағы жалғыз машинаға жан бітірді. Әуелі қиқалаңдатып жүргізіп жұртты қаралай үркітіп еді. Келе-келе жүрісі түзілген соң Шайхаттың өзі отыратын болды. Ілкіде қиқалаңдап егіске қоң апарып келген қара машина енді дала төсіңде. Бәрі де Жақанның көзіне ып-ыстық таныс өңір - "мына бір мортықты дөң талай-талай жылқы қайырған жері... Сол баяғы көлденең сұлап жатып алған бір өң, бір кейіп кеспелтек жалдар... Төбесінде сырықтай бұлдырап көрініп тұратын нысана ағашы шошайған кертік тұмсық қара жал...
Бұл маңайда не көп, осындай бірінен бірі аумайтын домалақ бас кесірткедей кеспелтек жалдар көп. Бәрінің басында да - құс саңғып тастаған нысана ағаш, не көне мола'". Бәр-бәрінің аты бар. Кесіртке бас кертік жал "Қарауыл Күмбет", анау марқа жон жалас "Кәпір там", мынау иек астында дөңкиіп жатқан "Қалматайдың қара жалы". Қарашажының төрткілі, әуелеген Әуреннің үйігі, Тасбастың биігі. - Бұлардың бәрі бұл өңірді көрген-білген әркімге-ақ таныс жер. Жазушының, Әбекеңнің балалық шағы өткен маңай.
Жақанның қолы қалт етсе, машинасының маңдайын ықыласпен бұрар темірқазығы да осы жалдардың арасында. Бұрғысы келе беретіні онда мұның ақ желең арманы Жамал қыз бар. Бұл жолы ауылға ол мизам туа бір-ақ келді. Келсе көп өзгеріс боп қалыпты. Көксұр Елемес анада соққанында"...баяғыдай емес, арыған. Қыр мұрын сорайып сүйірлене түскен. Бет-аузы күнге тотығып қарайған..." еді. Тұмсығын шөп жеп тастаған шаң-шаң етігі босағада жатқан-ды. Қайтсін жылқыны жалғыз бағу оңай тиіп жүр дейсің бе?! Енді ол машахаттан құтыла бастаған сыңайлы. Жақанның орнын қитар көз бала басыпты. Көрші "Ұшқын" - Аусарыдан, Елеместің жиен інісі көрінеді. Ауру шешесі бар екен. Елемес көп ұзамай қасына көшіріп алмақ. Теңбілкөк тұлпар жылқышының белдеуіне байланыпты. Сірә, астына машина тигелі Шайхат басқарма аттан сырт орай тарта бастаса керек. Төрде құдайдың құйрық-бауыр жескен жалғыз құдасындай болып сұлап өтелші Өтемағанбеттің баласы Оразмағанбат жатыр. Кәдімгі әңгүдіктеу "жүріс-тұрысы, түгілі сөйлеген сөзінің өзі келі түйгендей дүңк-дүңк ететін" Оразмағанбет. Бұл жолы тіпті мығым. Үстінде жылтылдақ қара костюм. Қолында жарқ-жарқ еткен сағат. Тіпті, "ауылдың желкесіндегі жүлдеге баруға да ерінді. Машинаның тасасына теріс қарап талтайып тұра қалды". Енді-енді жарапазаншы Жанақ шалдың қара есегіндей белі үзілгенше шірене қайқайып сілкініп-сілкініп алмақ еді, ерегіскен Жақан машинасын қозғап әкетті.
Бақса әңгүдік немеге тектен тек жел бітіп жүрмеген екен. Жамалды алмақшы. Өтелші Өтемағанбет пен көксұр Елемес әлдеқашан уәдені пісіріп қойған болып шықты. Мәссаған безгелдек! Жақан байғұс бостан босқа ынтығып жүр екен ғой. Мұның арманы "Бір кездегі- Теңбілкөкке мініп қыдыратындай есірік арман..." болды да қойды ғой. Дегенмен, жігітіміз жарады. Оның "Жамалды мынандай сілімтіктің қанжығасына өңгертіп жіберіп қарап тұрар жайы жоқ. Елдің алдындағы, заңның алдындағы өйткен мақұлдығы құрысын...'" Атасына алты нәлет! Қызды машинасының кабинасына отырғызды да алып жүре берді. Жер дүниедегіні білетін көксұр Елемес те, әлгі әңгүдік те қыңқ ете алмай қалды.
Содан бұлар тоқтамастан зулап тартып келеді. Әне, "іркес-тіркес шоқылардың етегінде тарыдай шашырап колхоз орталығы көрінді. Машина ауылдың қақ алдындағы биік қара жалдың құлауына ілікті". Әттең, бұл екеуі осылай жұп жазбаған күйі тарта берсе-ақ екен дейсің. Шығарманы оқып отырған жұрт соған сеніп, батасын беріп те қойған. Бірақ қыз қалауы басқа екен. Жақанның басына қас-қағым сәтте орнай қалған бақ шіркіннің кетуі келуінен де тез болды. Ол да бір Нұркеннің басына барып байыз тапқалы келе жатқан, соған асығып зулап келе жатқан жәдігөй, алдамшы болып шыға келді. "Қап!" деп қара саныңды қанша соқсаң да ерік өзіңде. Солайы солай болды да қойды. Жақанға жалғыз басы сол баяғысынша сопайып, машинасына мініп, өз жөнімен тарта беруден басқа жол қалған жоқ. Күнге бет алып жүйткіп келеді. "Батып бара жатқан күн көзінің дәл он жақ үстінен туған ай... Үйелеп жатып та қалмай, шалқалап құлап та кетпей, кербез сұлудың құлағындағы күміс сырғадай сызылып" әдемі туған ай.
"Ай астында ақ жібек делбедей жарыса созылып, қалт-құлт бұлдырап қос тармақ қасқа жол жатты". Жазушы Жақаны үшін, Жақанға тілектес оқырманы үшін мұңмен біткен әдемі хикаяны осылай түйіндейді. Бұл түйін әлгі бір әлемтапырық көңіліңе сап-сап сабыр айтып тұрғандай ма қалай. Аяулы Жақанның, жігіт Жақанның, мәрт Жақанның жібек делбедей ақ жолы әлі алдында, оның айы оңынан туып тұр демей ме ол. Ендеше, жолаушымыздың жолы оңынан болсын деп тілелік.
Шығарманың ширығып біткен соңғы сәтінде сырт көзге елеусіз қала баратын бір сәт бар. Ол Жақанның жолшыбай Қосжан баланы кездестіріп, қасына отырғызып алатын сәті. Қосжан болғанда Жақанның сыныптасы "мектептегі ең озат оқушы, сабақ .үстінде күлмейтін, үзіліс кезінде ойнамайтын" Қосжан. Мына кабинаға мінген соң "сұрғылт жүзіндегі зіл батпан сабырлылықты құлан-таза қуып шыққан қалқан құлақ қара бала" -Қосжан. "Әрдайым ересектерге ұқсап бағатын бір мектептің маңдайға ұстаған жұлдызы, озат шәкірті жүрегін жарып бара жатқан қуанышын жасыра алмайтын алақызба, желөкпе, ұшқалақ, алаңғасар балалық мінезбен қайта табысыпты. Аңырайып аузы ашылып қалыпты. Жол жиегінен қосаяқ жүгіріп өткенде, отырған орнынан атып тұрам деп, маңдайын талай рет төбеге ұрып алды". Жақан "қай сабақтан сұрасаң да, бәрін іштей біліп тұрғандай, сайрай жөнелетін сұңғыла баланың мына дағдарысына масаттанып келеді. Дүниеде оның да білмейтіні бар екеніне, ол әлі білмейтін бір нәрсені өзінің енді, міне, біліп үлгергеніне масаттанып келеді".
Көңілі жүйрік оқырманның машина ішіндегі Қосжаннан бала Әбіш Кекілбаевты тап басып тани қойғанында күмән жоқ. Сірә, Әбекең ет жүрегіне жақын Жақан ағасын әлгі бір Жамалынан қол үзіп, көкірегі қарс айрылып қалған сәтінде жалғыз қалдырғысы келмеген болуы керек, ''екі балағын тізеден жоғары шиыршықтап түрген". "маңдайы үңірейген жыртық бәтіңкесінің бауын байластырып, мойнына ілген" баяғы жадау иін бала қалпы ағасының қасында жарбиып бара жатыр. Алдағы күн, оңынан туған ай, табан астындағы "ақ жібек делбедей ақ жол" бұған да ортақ.
Автор "Автомобильдің" арнауында "мені әлі күнге ұлығат шеруден қалдырмай ілестіріп келе жатқан осы сапарыма арқамнан қағып, аттандырып салған өзің едің. Солхапар ақым, дос қарызым өтелген жоқ, енді өтелмекші де емес..." дейді. Өтелмейді деуінің мәнісі Қобылан марқұм әлгі бір атың өшкір "айлап-жылдап жүретін ұзақ рейстен әлі оралмай қойды".
Әбекеңнен бір көйлек бұрын тоздырды дерлік үлкендігі бар аға досы Қобылан Зоранов қазалы арнауда айтылғандай, молдығы, ерлігі, ірілігінен бейбіт заманда бейуақ опат болды. Ол 1963 жылдың қақаған қысында бақилық болған биікті жұрт осы уақытқа дейін "Қобылан өлген" деп атайды. Қобылан марқұм болғанда артында қосағы Жәния жеңгеміз сол үш қарғасын әкесін жоқтатпай тәрбиелеп өсіріп, азамат қылып шығарды. Қазір олар үйлі-баранды. Ақтау қаласында тұрады. Әбекең "Арнауында" Қобылан алдындағы "сапар ақым, дос қарызым өтелген жоқ, өтелмекші де емес..." депті. Әбекеңнің өзі солай деген соң келісеміз, әрине. "Автомобиль" авторының ол екі қарызын өтемесе де ықылас қарызын артығымен өтей алған шығарма десек, бізбен оқырман қауым да келісер деп ойлаймыз.
...Бұл әңгімеміздің ілхамын "Ондының оңтүстігі" деп бастағанымыз тегіннен тегін емес. Себебі "Бір жағы алғидың ала шөлі айна тақыр Үстіртті, бір жағы жықпыл-жықпыл жымысқы құмды жайлаған малшы ауыл" Ондының құбыла бетінде болған бұл хикаяларда баяндалатын оқиғалардың дені. Осы Қаратаудың оңтүстігінде өтеді. Жазушының қарымды қаламы туған жерінің осы жағын бұл шығармаларында қарпыңқырап қамтыпты. Осыған орай біз де Әбекеңнің ыңғайынан шыға алмадық.
Ағыл-тегіл өмір ағысы Ондыдан Әбішті алып кеткенімен, оның көкейінен Ондыны алып кете алған жоқ.
ҮСТІРТ ҮСТІ
Маңғыстау - айна-қатесі жоқ айдың беті. Қорғалаған ай жарықтықтың жүзіндегі анау қаралтым тұсы Маңғыстаудың қиырын бір шетке созып әкететін қара ойының көшірмесі. Оның ортасындағы сәл қошқылырақ көрінетін тұсын Қарақияның таңбасы десең тап басқаның. Ал енді шұғыласын молырақ шашып тұрған, көзге оны-мұны белгі-бедері онша біліне қоймайтын өзге жазық жағы бейне Үстірт екен дейсің.
Сол Үстірт қашаннан осы өңірдің құрамдас бөлігі. Бозашы беткейім болғанда ол -төскейім, Қарағантүбек табалдырығым болғанда ол - төрім. Түбектің өзге жері кең жайылған керегедей десек. Үстірт шалқақ тартқан шаңырағы. Бір қарағанда, далиған дала елімнің дарқан көңілінің белгісіндей. Енді бір көз салғанда сағымды сахара - көнтөрі де көнбіс халқымның сартап сабыры. Қаңтарда қарлы бораны түтеп бір кететін жазық -шамырқансам жалыма қол апартпайтын асаулығым. Бір сөзбен айтқанда, қазақпын деп жүрген қазақтың мен дегізер болмысының бірі осы - Үстірт.
Әуелі, ернек тұсындағы қоңырлықта "Бәйгеторысының" қолтығын жазып қасқыр соқтырып, Еңсебіне шыңынан әлденеше көштік жерден "Шыңырау" қаздырып алған Әбекең "Бір шоқ жидесі" мен "Бәсекесінде" Үстірттің төр жағын ен жайлап алыпты. Әсіресе "Бір шоқ жидеде"..."Не все ли равно, про кого говорить?
Заслуживает этого каждый из живших на земле" - И.А.Буниннің осы сөздерін эпиграф етіп алған автор шығармасында адами ғұмырдың, адами тағдырдың қай-қайсысының да елеулі, ескерулі, есепте екендігін қаперге береді. Автор бұл жерде И.Бунин есімін тектен тек ауызға алып отырған жоқ. Ол Әбекеңнің өте бір ден қойған жазушысы. Орыстың ұлы сөз зергерлерінің бірі. Буниннің Әбекең ықыласын баурағаны соншалық бірнеше әңгімелерін қазақ тіліне аударды. А.Толстой 1941 жылы соғыс басталардан төрт күн бұрын Сталинге Бунинді эмиграциядан елге қайтаруды сұрап жазған хатында "... Буниннің шеберлігі біздің әдебиетіміз үшін өте-мөте маңызды өнеге - орыс тілімен қалай жұмыс жасау керектігінің, көз алдымыздағыны қалай көріп, оны қалай икемдеп бейнелеудің өнегесі. Біз одан сөздің шеберлігін, бейнелілігін, шыншылдығын үйренеміз" деген екен.
Міне, сондай Буниннен Әбекең оны аудара отырып үйренген сыңайлы. Оқып үйрену деген, әрине, сыбай-сылтаң үйрену дегенге келіңкірейді. "Біреудің жоғын біреу ән салып жүріп іздейдінің" кебіне ұқсап та кетеді. Ал аударып үйрену іш қырындысына бойлау. Зерттеу. Осылайша тіл ұстартам деп емес, оның үрдісін ілгері апарам, жалғастырам деген шешімнің оң қадамы - ол. Алдына осылай талап қойған жазушы "Бір шоқ жидеде" Бунин әріптесінің бейнелілігін, шыншылдығын, шеберлігін ту қылып қана қоймай, кейіпкер таңдаудағы жолын да ұстаныпты.
Бүл шығарманың кейіпкері сағымның өзін сан соқтырып адастыратын салқар, қиырынан қиырына қыран қанатының өзі талып әзер жететін жазықтағы қарапайым ғана жандар. Бірақ жайдақтықтан, жадағайлықтан ада-күде аулақ. Дербес болмыс, бітім иелері. Мынау жалпақ әлемде өзіндік ізі, орны, үні бар саналы тірлік иелері. Шығарма әп дегеннен соның бірінің бақилық болған сәтінен басталады.
" - Халайық, Сұрапалдыұлы Тілеу қандай адам еді?
Қызыл төмпектің аяқ жағында мырс-мырс жылап отырған күлте сақал кісі:
- Жақсы адам! - деп тұншыға кемсеңдеді.
Аядай зираттың бір пұшпағындағы кішкене шоғыр жарыса тіл қатты.
- Жақсы адам! Жақсы адам!"
Қазақтың өлгенінің бәрі жақсы. Әйтсе де тап осы жолғы лебіз жалған айтылмаған боп шықты. 78-ден арғы жасын топырақ астында жасау о бастан маңдайына жазылған Тілеу марқұм тіпті жайсаң адам екен.
Көп шығармаларында басты кейіпкерлері күйші, суретші, сәулетші, сейіс, құдықшы, әйтеуір бір тіні өнермен, көкейкөзге қатысты қарекетпен астасып жататын кәсіп иелері болып келетін жазушының бұл жолғы бас кейіпкері - зергер. Ағашқа жан берген, темірге әр берген ісмер. Дүниеде осыдан артық өнер бар, кәсіп бар деп білмеген кәсіпкер. Несие сөз түгіл ауыл-аймақтың аман-есендік хабарын айтуға да жоқ. Сырт көзге тұйық, өте бір жұмбақ жан. Бірақ "ошақ бағып отырған көтерем шалдың көкірегінде жүрген көк жұлынға" бара-бара қаныға бересің. - Бұл туысынан жалғыз екен. Жалғыздық, басқа жарымау деген тек бұл емес, ата-бабасынан бері қарай келе жатқан дерт десе де, сор десе де болғандай.
Баяғыда Өтеу атасы жеті ұлынан бір күнде айырылыпты. Ол да шебер болғанға ұқсайды. Ауыл сыртындағы жиделі тепсеңнен бір қу томарды сүйретіп әкеп домбыра жасап алады. Ең соңғы баланың садақасына шалынған боз марқаның ішегін кемпіріне иіртеді. Содан ал кеп тартсын. Айдалада шошайған жалғыз үй, оның ішінен кіріп шығатын кемпірі екеуі болған соң тартушы бұл болғанда тыңдаушы сыңар болмай ма? Сол байғұстың мына зар сазды естіген соң ағыл-тегіл еңірей жөнелмесі бар ма. Шал "қолындағы домбыраны тізесіне сап морт сындырды. Одан кейін кемпірінен жасырып тұл отаудың сағанағынан жасап алған сырнайы да баянды болмады."
"Құдайға өкпелеп айдалада жалғыз қалған қайсар ағасына Ақпан бір баласын апарып берді"'. Ол бала Сақтап аталары екен. Әкеден әлгі жалғыз күйді алып қалған Сақтап. Бақсыға тілі тиген Сақтап та басқа жарымапты. Баласы тұрмапты. Ақыры алпысында көрген ұлының атын Сырттан қойып, қырық қазанның астынан өткізіп, қырық әйелдің емшегін емізіп, жаңа күшіктеген қызыл қаншықтың бауырына тастап барып аман алып қалыпты. Бұл әулеттің керегесінің басына найза орнына көрік ілген сол Сырттан аталары екен. Сырттанға келгенде де баяғы қырсық сырт қалмайды. Байұлының 12 атасының 5 атасынан бес әйел алса да, ерні жібіп бала сүймейді. Сосын, көрші ауылда оң жақта жүкті боп қалған бір қыздың сәбиін ап, бауырына басыпты. "Ол - Сұрапалды аталары". Сұрапалды атасына күйшілік пен зергерлік өнер бірдей қонады. Бірақ бұл да перзент көрмейді. Соңында, қайын жұртынан бір ұл асырап алған. Ол осы Тілеу. Баяғы Өтеу бабаның зар күйінің ендігі жалғыз мұрагері.
Мұның артынан қара ерген. Ол зарығып көрген Тілепалдысы еді. Ол соғыстан қайтпай қалды. Содан бері мына қоспа қосқан төрт қанат шатпаның бар тұрғыны кемпірі мен екеуі. Ауыл сыртында жиделі тепсең. Жарықтық о баста тоғай болғанға ұқсайды. Енді төрт-ақ ағаш қалыпты. Оның қапталында тірісінде қарасы көбеймесе де өліп моласы көбейген ата-баба қауымы. Олардың көне жұрты мына үй тігулі тұрған қара көң. Оқшау, оңаша түкпірдегі мұның былайғы әлеммен байланыстырар қызметі шабындықтың қарауылдығы екен. Оны да автор сараң бір екі-ауыз сөзбен баяндай салады. Тілеу отырған жердің Ұлы құм екендігін содан білесіз. Үстірттің Аралға қараған шеті. Колхоз орталығы сонау қияндағы өзен бойында боп шықты. Бұған жақын өзен - Жем мен Сағыз. Соның бірінде болды. Тілеудің ең жақын қоңсысы Күдері - құм мен қатқылдың арасындағы қатқылда база бар - соның қожасы. Екеуінің арасы бір жас. Яғни құрдас. Екеуі жер шарының екі полюсі сияқты қарама-қарсы жаратылған жандар. Тілеу үндемейтін болса, Күдекең сөзуар. Бұл жуас, ол ширақ. Бұл үйкүшік, ол аяғына су жұқпас жүрдек кезбенің өзі. Бұл ауыл арасынан арғыны аңғара бермейтін болса, ол сұңғыла. Бірақ соған қарамастан, екеуінің достығында қылап жоқ. Туды бітті жүз шайыспаған кісілер. Бірі үшін бірі қоң етін кесіп беруге бар. Жалпы жазушының "далалық" шығармасының көбінің кейіпкерлеріне бауырмалдық тән. Ал мұнда ол тіпті басымырақ. Тілеу үйінің аяқ жетер жердегі тілеуқоры да, жанашыры да, жоқшысы да - осы күлте сақал Күдері шал. Екеуінің мұңы да бір. Күдекеңнің де ұлы соғыстан қайтпай қалған. Бірақ ол Тілеуге ұқсап отқа омалып отырған жоқ. Сүйенер ұрпағы бар.
Кенет күтпеген жерден Тілеудің қара жамылған қара шаңырағына да тәңірімнің мейірімі түсті. Бақыра шөккен түйесімен бірге аңыраған даусы бірге шыққан әйел көп көңіл айтушының бірі емес, Зейнептің жеңгесі Жаңыл еді. Сонау Жем бойынан жалғыз өзі жолаушылап жеткен беті. Бесікте әлі қырқынан шықпаған нәрестесі. Бір жұма жатып, аттанар сәтте бесіктегі сәбиін бұларға бала қылып беретін шешімін айтты. "Қара болсын" деді. "Мырза құдайдың рақымы түсіп, ерке қыз құрсақ көтеріп жатса, бұл бесігін тербетер" деген ақ тілегін тағы айтты. "Төріңде ұстаймын десең де, есігіңде ұстаймын десең де, біздің көңіліміз баяғыдай" дегенді де үстеп қойды. "Отыз күн бауырын сорғызғанын салық қылмады. - Сендердің шаңырақтарыңның ендігі амандығынан садаға, мә, төсімді ошақтарыңа саудым, - деп демдеулі шай құман тұрған отқа қарай ұмсына омырауын аша отырды. Тырсиған қос емшектің үрпінен ытқи шыққан уыз сүт қызыл қоламтаға cap-cap етіп шаптырды. Болды!
Жаңылдың ендігі әрекеті басқаша - мына сәбидің нағашы жұртының өкілі ретінде өрбіді. Зейнептің алдына кішкентайларына әкелген көйлегі мен көрімдігін тастады. Арғы-бергі әдебиетте қазақ әйелдерінің қасиеті айтылудай-ақ айтылып, дәріптелудей-ақ дәріптелді десек те, тап осылай биікке көтерілгені сирек. Бар халықтың да әйелі жақсы, әйелі бауырмал. Дегенмен, тек осындай кесек қимыл, тойнағы бөлек бауырмалдық тек қазақ әйелдеріне ғана тән. Аттанарында жастық ағаш түбінде қалып бара жатқан қызыл шақа сәбиіне бір бұрылып қарамай, тарта берген қазақтың қарқарадай ақ жаулықты, қара жадағайлы, қара торы бүйрек бет әйелі-ай, қазақты қазақ еткен де сенің осы қасиетің, осы қасиеттілігің ғой! Мың бол, мың жаса!
Сөйтіп, құдай жарылқамаған Тілеу мен Зейнеп байғұсты аяқастынан адам жарылқады. Ұлдарының атын Тұяқ қойды. Тұяқты болды. Сөйтіп, қаңырап қалған қара шатпадан сәби үні естілді.
Жазушы халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын өте жетік біледі. Бұл тұрғыда ол бейне бір энциклопедия дерлік. Жалпы Әбекең творчествосындағы халықтық этнография тұнып тұрған бір әлем, түрен тимеген тың. Тек зерттеушісін күтуде.
Айдаладағы жалғыз үй Тілеудің баласының ит көйлегін өзі алып қашатын сәтін ғана алыңызшы. Сәбидің шілдеханадан кейінгі үлкен тойы ғой бұл. Тек осының төңірегінде қанша жол-жоралғы, ырым жатыр десеңізші!...
Өткен ғасырдың басында Маңғыстауда Рихард Карутц деген немістің этнограф ғалымы болған. Өзі де бір көргеннен көзақы алған неме екен. Зерттеудей-ақ зерттепті. Артына '"Маңғыстау қазақтары мен түрікмендері арасында" атты үлкен еңбек жазып қалдырған. Сонда бір назар аударарлық түс бар. Ол қазақтың булы қазаны оттан түсіп, алдарына табақ келгендегі сәті. Көрмеген жер - көрстан демекші, бейсеубет бейтаныс мейманға бәрі таңсық. Ол сонда көргендерін өз өлшеміне салып былайша баяндайды:
Бұл қазақ дегенің дүниеде өте сирек кездесетін қомағай халық болып шықты. Буы бұрқырап қазан келісімен, әлгінде арқасын іргеге беріп сұлап-сұлап бей-жай жатқандар қунап сала берісті. Күліп, көңілденіп бері ұмсынып отырды. Енді ортадағы табаққа өліп-өшіп көзін сатып мөлиіп әрең отыр. Сірә, бүтін бір бас еншісіне тиген шал оларды аяп кетті ғой деймін, алдарына бастан кесіп бір-бір шөкім ет тастады. Оның мезіретін ет турап отырған жігіт те қайталап әлгілердің әрқайсысына бір-бір сүйектен үлестірді. Үлестіріп отырып өзі де құр қалмай турап жатқан етінің майлы кесегінен аузын толтырып асап-асап қояды. Сөйтіп турап та бітті.
Сол-ақ екен жұрт табаққа лап қойды. Әңгіме сап тыйылған. Себебі, ауыз бос емес. Бірінен бірі озбақ болып апыл-ғұпыл асап жатыр, асап жатыр. Әлден уақытта үйме табақ толы ет таусылуға таяды. Сонда ғана ұмытқандары естеріне енді түскен бастар кері шегінді. Есік жақтан созалаңдай тұрған жас әйел көңілсіздеу келіп табақты алды. Табақты аларда осы қалдырғандарыңа да рақмет деген мезіретін білдіріп иіліп тәжім етті. Сорпа сапырылып жатыр. Оның сууын күткен қазақтар бос отырмай енді әлгі еті желінген сүйектерді мүжуге кірісті. Жілік майларын рахаттана сорпытып сорып мәз. Енді біреулері сүйектерді кеміріп, майы сорылған сүйектің кемігін алдарына түкіріп тастап жатыр. Ол шаруаны реттеп болған соң сорпаға кірісті. Рахаттана сораптай жөнелді. Оны бітірген соң қолдарының майын майлық сүлгіге сүртіп қалдыруға қимай қоныштарына сүртісті. Дастарқан жиналды. Етке тойған қазақтар төр алдына ұзыннан-ұзақ созылып манаурап жатыр. Кейбірі тісін шұқиды, енді біреулерінің аузында насыбай. Аузы толы түкірікті далаға түкіруге ерініп алашаның ұшын қайырып астына былш-былш еткізеді.
Неміс энтографы біздің ет жегенімізді тап осылай мөлдіретіп суреттей қойған. Ол қаншама сұңғыла этнографпын дегенмен, мұның астарында үлкен мән жатқанын қайдан білсін. Бас - ең қадірлі мүше. Ол сыйлы ақсақалға ұсынылады. Ұсынбас бұрын үйдің бәйбішесі төбе құйқасын шаңбақтайды (біздің елде оны "басты күлдіру" дейді). Ол от басының ұйытқысы әйелдің "мейманым, төрт жағың төрт құбыла болсын" деген тілегінің мезіреті. Ал анау тұмсыққа қарай тілінген ұзынша тілік "жүрер жолың ұзақ болсын" дегенді білдіреді. Бас қасында жамбас. Төстік күйеудікі, құйымшақ қыздың енші мүшесі, көтен-мойын қойшынікі. Шілдеханаға сойылған малдың мойнын жас босанған әйел жеп қалжаланады. Ішек-қарын, талақ, бүйрек, сирақ ошақ басындағы қатын-қалаш, бала-шағаның сыбағасы.
Әрқайсысының орны, әр жіліктің, әр сүйектің иесі бар. Қысқасы "он екі жілік, отыз омыртқа мен қырық қабырға жөнін тапса ала көз ағайынның көңілін бүтіндеп ел етеді, жөнін таппаса жүректеріне сүңгі сұққандай атыстырып-шабыстырып кетеді" екен. Үй иесі бір күнде қанша мал сойса да өз үйінде жілік ұстамайды екен. Ал енді сойылған малды мүшелеп, әр табаққа тартудың өзі бүтін бір ғылымға пара-пар. Оған бүкіл әлемнің қасапшылары жиналса да, бір пышақ ұстаған қазақтай қайран қыла алмайтан боп шықты. Қазақтың қазаны мен табағының төңірегінің құйтырқы құпиясы тек қазақтың өзіне ғана мәлім болып шықты. Ендеше әлгі Рихард Карутц ағайынның айтқанына апшу басымен артық шаруа. Көргенін айтқан көлденең көзде жазық кәні?
"Бір шоқ жиденің" Тілеу пышақ қандаған тұсын оқығанда өзімізге тән, өзімізде ғана болатын әдетпен "Апыр-ау, мына Әбекең аталарының баяғыда Кеңес тәркідеген бар малын бір өзі мүшелеп сойып, қызыл көз белсенділердің бар табағын бір өзі жасап тартқаннан сау ма" деп сүйсінбеске лажымыз жоқ.
Тұяқ бала күн тиіп ауырған сырқатынан қарақұйрықты үстіне бауыздатып жазыла бере тағы бір кейіпкерімізбен ұшырастық. Бұл бір нән. "Жоқ қарап жүріп соққан қазақтың да екі шай, бір ет сыбағасы бар шығар... Аман болса өзімнің сыбағалы шайым да бір келер" деп төрде бұрыннан жасаулы шайға бас қоймай шалжиып жатысы анау. Шынында да жоқ қарап жүрген, түйе жоғалтқан боп шықты. Оны түстеп сұраған Күдеріге берген жауабы: -Жоқ, құм арасында кесіртке санап отырған Әлімнің жаман екі шалына сәлем бере келдім. - Әлім? немене, жиенің бе еді, нағашың ба еді?
- Болса болар да қояр. Қалмақ пен түрікменнің қызын атына өңгеріп жүрген біздің ауылдың шалдары іргесіндегі Әлімнің қызына қырындамады дейсің бе?
Сөйтіп бұл "адыраңдаған Адай" бұл ауылға жиен болып шықты. Күдекең де осалдың сойынан емес. Ол Адайға жиен. Енді артық-ауыс сөздің тергеуі де сұрауы да жоқ. Қалжыңның қоламтасын көсеп бір-бірін қағыта беруге жол ашылды. Қонақ дастарқанға бата жасамай Күдекең осыдан бір ұпай алмақ еді. Адыраңдаған неме "Шайыңа бата жасап, қазаның шағылып отыр ма?" деп шашасына шаң жуытпай кетті. Бұлар қалай ырғасса да бәрі жарасымды. Бәрі қазақи болмысқа етене жайт. Бөтендігі жоқ - қайта қажет нәрсе. Соны ұғып жаны жадыраған соң ғой күлмек түгілі жымиюының өзі жылында бір болатын Тілеудің көзінен жас аққанша күлгені. Тегі, нағашылы жиендік те қазақты қазақ етіп ұйытып тұрған жолы оңды жоралғы...
Әбекеңнің көп кейіпкерінің домбыра көрсе, арқасы қозатын әдеті. Мынауы да сөйтті. Әуелі, ақырын басталған қоңыр әуен қызды-қыздыға келе аттанға басты. Енді бір сәт "Сүйекті үгіп бара жатқан майда саз басқа әуенге ауысты" Жазушы күй тілімен сөйлеудің, күйді сөйлетудің де шебері. Әуен, саз десе елеңдей қалатын оқырман бұл жолы тартылғанның "Адай" күйі екенін бірден біле қояды. Соңында, "Адайды" нағыз адайша тартқан адай қонақ әлгі домбыраны қол үздік қылып алып кетті. Қол үздік тегін алынатын салт болса да оны тәрк етіп іздеп жүрген маясын Тілеу үйіне байлап кетті. Тағы кесек қимыл.
Өткен күнде белгі жоқ. Тұяқ та ержетті. Ұзап оқуға алыстың дәмі тартпаған екен, шоферлық курсты бітіріп тынды. Армия қатарына барып келді. Баласы ауылға оралғанда, алдында анасы Зейнептің сүйегі жатқаны-ақ қиын. Көңілге медеу болар нәрсе анасына баласының топырағы бұйырғаны. Қараша үйдің ендігі тұрғыны - жетім шал мен жетім бала. Тілеудің ендігі уәйімі - баласын аяқтандыру. Бұл тығырықтан мың болғыр Күдері құтқарды. Етегі далақтап ел аралап қыз қарап кетті. Ай өткен соң, далақтап қайтып келді. Сөйтсе шаруаны бітіріпті. "Баяғы домбыра алып кететін күйек сақалдың" қызына құда түсіп оралып отыр. Періштенің әумин дегені - осы.
Күдерінің қара шаңырағына да келін түсті. Үй әлі сол орнында. Неге деген сауал көлеңдейді осы жерде. Автор оның да жауабын бере кетуді ұмытпапты. Тілекең "Ақ тауды айырып, қара тауды қайырмағанмен, қой соңында кіш-кіштеп жүрсе де, атамекенінде басы қарайып ұрпағы жүргенінен ғанибет не бар дейсің?!" деп ұғады. Баяғыда атасы байғұстың сүйегін зорға көтеріп жатып айтқан аманатын аттай алмай жүр. Сөйтіп, қанша қиын, айдалада құбыр тартқандар қосында салт жүрген Тұяқ пен қара күрке мен қара шалды күзетіп от басында омалған келінге обал екенін де біліп жүр. Білгенмен қайтсін, "Мынау ұшан даладағы тіршілік белгісі - жалғыз үйлі ауылдың жалпылдақ отын қайтып сөндіреді... Ата қоныстың аңылжып иесіз қалғанына жер астында жатып шыдаса шыдар, жер үстінде тірі жүріп қайтіп шыдайды..." Жер жер ғой. Тілеудің көңіліне тағы бір уайым қашты. Ол келінінің түскеніне жылдан асса да ештеңе көтермей жүргені. Сол уәйімі түскір енді зілбатпан зілмауыр қайғыға айналғалы жүргенде Күдері суылдақтың жыбырлақ аузының бір жаңалықты жарқ еткізгені. Енді шал байғұстан дегбір кетті. Күн санап жүр. Әулие-әнбиелерге оқыған дұғасында да есеп жоқ.
Ақыры келін ай-күніне жеткенде қолына асықты жілікті алды. Қобдиын қорыс қылып асай-мүсейін шығарды. Кәрі жанардың өшіп бара жатқан соңғы болмашы нұрын енді осыған төкті. Қас шебердің, бүкіл ен Үстіртті аузына қаратқан қазақтың соңғы зергерінің соңғы тұяқ серпуі еді бұл. Жалғызы Тұяқтың артында қалуға тиіс тұяқ үшін шүмек жасап отыр. Соны соңғы рет қолына алғанда, туғалы тайып көрмеген қолы түскір тайып кетті. Бармағына пышақ тығып алды. Сол пышағы түскір ұшына тиген екен де. Әуелі, бармағы, артынан қолы күп болып ісіп кетті. Есі кіресілі-шығасылы күйге жетті. Есін бір жинағанда сол баяғы Күдері аузынан естіді - келіні ұл тауыпты!. Өмірінде кісінің алдында көңілін босатып көрмеген Тілекең сол жолы іргеге қарап жатып, баяғы бабасының "Бебеу күйін" шалған сырнайын жонған сағанақтың бірін құшақтап ұзақ жылады. Тіпті жұбанбай жылады. Немересінің шүмегінің нобайын аңғарғаны суалған жанардың соңғы нұры болғанда, мынау соңғы жасы болды. Енді сыртқы дүниемен жалғастырып тұрған құлағы еді - ол да мұны қалдырып барады екен. Оның да соңғы қармағаны - бір ызың. Анада баласына өзі тартып берген сарын. Баяғы бабасының "Бебеу күйі". Тұяқтың магнитофонынан естіліп жатыр ол. Жаны жай тапқандай болды. Ұйықтап кетті. Тек бұл түптің түбінде болмағы шарт әлгі оянбайтын, мәңгілік ұйқы еді. Тілеудің "езуінде бір өмір бақи жүгірмеген жайдары күлкі" үйіріліп кетті. Бұл - бақиға армансыз аттанғандықтың белгісі. Осылайша мынау cap даланың тағы бір жайсаң жаны уақыт бедеріндегі өмір деген өлшемін тауысты. Ғұмыр бойы қимаған тепсеңінің тереңіне бет алды. Жарықтық Үстірт соңғы бір жоқшысынан айрылды.
- Ешкімнің бетіне жел боп келмей, жағалас-жанталассыз ғұмыр кешкен жарықтығым-ай, о дүниеге де тым-тырыс, жайбарақат қалпыңмен аттанып жүре бергенің бе... - досының өлі денесінің жанына шөкесінен түскен Күдердің осы бір ауыз лебізіне автор кейіпкерінің бүкіл болмысын сыйғызған да қойған.
Тілеу марқұм болған соң қырық күн қатарынан бата оқыған келім-кетім арылмапты. Үй артына талай ат байланыпты. Келгендердің қай-қайсысы да Тілекеңе қатысты кепті қысқа, қайыра алмапты. Талай жылды қамтып, талай жерді шарлап кетеді екен ол әңгіме. Сөйтсек қара қобдишасының қасында шөкелеп отырып, балғасын тықылдатумен өткен шығар дейтін кейіпкеріміз әйтеуір өлгенде бір мақталуға тиіс көптің бірі болмай шықты. Елі біледі екен қадірін. Ортасында орны бар адам екен ол. Мына Күдерінің аузымен айтылатын көп-көп қимастық сырдың асыл қоймасы, мөлдір бастауының басы екен Тілекең. Енді бақилық оның аты алдына қосарланып айтылар сөз "жазған'" емес "жарықтық". Сөйтіп мына жиделі тепсеңнің соңғы әулиесі болып қалды ол.
"Бір шоқ жиденің" әуелгі басылымдарында шығарма Тұяқтың бұл әулеттің ежелгі емен шаңырағын көк қасқа машинасына артып ап ризық тапқан жаңа қонысына кете баруымен. Күдерінің өзінің жасын жыл қайырып есептеп жападан жалғыз жұртта қала баруымен тынатын. "Таңдамалыда" ол өзгерген. Тұяқ атамекеніне ат ізін салып, әке-шешесінің жыл садақасы алдында бастарын қарайтқысы келеді. Сөйтіп повесті әуелгі оқырманның қабірдің топырағы құрғамай жатып көшіп кете барған Тұяққа "тумағанның түбі шикі"' деген осы-ay деп қоңылтақсуы жойылды. Автордың көкірегін жарып шыққан перзенті -шығармасына үнемі жауапкершілікпен қарауының бір мысалы ғана бұл.
"Құмды аймақты күңіренте шыққан таныс гүріл бірте-бірте жақындап келеді". Күдеріге таныс бұл сарын бізге де таңсық емес. "Күйден" таныспыз біз онымен. Айырмасы "Күйде" ол жаңа жердің қойнындағы қазынасын іздеуші геолог-барлаушылар, бұрғышылар болса мұнда табылған қазынаны ту даланың ту-талақайын шығарып тілгілеп құбыр жүргізіп тартып алудың ұлы сүргін шеруі. "Өмір деген кексе қу" деп Әбекеңнің "Ажарды" жазғандағы қауырсын қаламы айтпақшы, бұл тағдыр тәлкегін қойсаңшы-ау. Тілеу байғұс қызғыштай қорыған ата жұртты солардың шынжыр табанды техникасы таптады. Ертең ана бір шоқ жидені кесіп алып, отқа жағып, өздері шорт дейтін шолақ шалбар киген шайтан шаштар шашлық пісіреді. Өтеу әулетінің қалқиған зиратына солардың қандені сариды. Осылай болады. Одан бұл жалғаншының жүзінде бұлтару да, қашып құтылу да жоқ. Кешегі кеңестік саясаттың социалистік реализм дегені бар, болған болса осы - соның тап өзі.
Реализм демекші...
Ұлы Пушкиннің ең бір реалистік шығармасы "Бекетші" емес пе?! Айтса айтқандай-ақ, шығарма ғой. Оның реалистік қуатының өзі мұнда халықтың ең бір қарапайым пақырана өкілі бекетші Самсон Выриннің бейнесінің әсем сомдалуында. Байғұс бекетші-ай, жан дегенде жалғыз қызы Дунядан қапыда айырылып қап, артынан сонау жер түбінен іздеп барғанда күйеу баласы байбатшадан төрге шық деген де лебіз естімеді-ау. Төрге шық деу былай тұрсын, көшеге итеріп тастады. Біздің қазаққа өте оданы тіпті ақылға сыйғысыз көрінгенмен сол уақыттағы орыстың әр қилы әлеуметтік тобының арасындағы жағдай -осы. Боямасыз шындық. Еріккен көрсеқызар, әсіреқызыл байбатшалардың ермегіне айналған осындай сорлы Дунялардың өте көп екендігін автордың өзі де шығармасында ашық жазады. Ол орыс ақсүйектері үшін үйреншікті салтқа айналғаны соншалық, Пушкиннің өзі де аттап өте алмай Болдинода жүргенде басыбайлы шаруагерінің қызымен ашына болған. Одан туған қызын досы Вяземскийге бақтырып қойғандығы ешкімге құпия емес. Өзі сондай "күнәһар" ұлы ақын "Бекетшіде" Дуняны бақытты болды деп жақауратады. Солай болған күнде де Дуня мұңлықтың ол бақыты шын бақыт бола қойды ма екен?... Өзі өмір сүрген кезеңнің барша болмысын қаз қалпында суреттеп берген Пушкин - нағыз реалист. Ол да өз топырағының бәйтерегі. Ал ол қандай топырақ еді - бұл сауалдың жауабын да ұлы ақынның өзінен білелік. Ол 1822 жылы туған інісі Л.С.Пушкинге былай деп ақыл айтып хат жазыпты:
"... Саған әлі өзің біліп болмаған адамдармен істес болуға тура келеді. Әп дегеннен бастап олар туралы ойлауға боларлық барлық жаман ойды ойла. Өте қатты қателесе қоймайсың. Адамдар туралы, менің сенімімше, адал, ақжарма жас жүрегіңнің айтуымен бағалама; оларды ең сыпайы түрде жек көр... Бәрімен салқын бол, өзімсіну әрқашан зиян... Елп ете қалма және жүрегіңнің жұмсақтығын тежеп ұста... Сені көлденең достықтың аясынан да тежеп ұстағым келер еді... әйелді неғұрлым аз ұнатсақ, оны соғұрлым уысымызда сенімді ұстаймыз. Алайда, бұл ермек ХҮІІІ ғасырдың қарт маймылдарына ғана лайық... Саған бұл айтып отырған ақылдарымды мен өмірімнің ащы сабақтарының бәсімен алдым... Күндердің күнінде сен менің тәубемді естірсің де, бірақ ол менің өзімшілдігіме тым қымбатқа түсер, бірақ ол мені тоқтата алмас."
Міне, А.С.Пушкиннің қабы да, сабы да бір туған бауырына айтып отырған жүрекжарды сыры осындай.
Арада аттай 15 жыл өткен соң ұлы ақынды өзінің осы өлең ортасы құртып тынды.
Өйткені ол ортаның өзі солай. Боямасыз болмысының өзі сол. Ал "Бір шоқ жидедегі" адамдар ше. Кілең бір бауырмал орта. Тілеу мен Күдерінің бар ілік шатыстығы қоныстастығы, қоңсылығы, араларында бір жас айырмашылығы бар құрдастығы ғана. Әйтпесе екеуі де Әлімнің "құм арасында кесіртке санаған екі шалы". Соған қарамастан, бұл екеуінің жұбы жазылмастан келеді. Тіпті, Тілеу бақилық болған соң да жазылған жоқ. Күдері байғұс досының қара жұртын қиып кете алмай әлі жүр. Оны көшіріп әкетуге тіпті осы заманғы өркениеттің өзінің әлі келмеді. Вертолет екеш вертолетке мінгенде де Күдекеңнің тапқаны Тілеудің үйі болды.
Бүкіл шығармадағы жалғыз бейсеубет көлденең көк атты кейіпкер - түйе қараған Адай -ол салған жерден-ақ төрге озып кетті.
- Бәйбіше, кідіре тұр. Жоқ қарап жүріп соққан қазақтың да екі шай, бір ет сыбағасы бар шығар. Маған қарамай іше беріңіздер. Аман болса, өзімнің сыбағалы шайым да келер, -деп соқты. Қонақасы - қашаннан қазақтың бөлінбеген еншісі. Сараң сыр тартып көргенде бұл қонақ Әлім аулына жиен болып шықты дедік. Ал Күдерінің шешесі Адайдың қызы болды ғой.
- Тәйт әрі... Бізге біткен жиен сен секілді айран жалаған мысыққа ұсап жылмиып тұрмайды. Баяғыда екі теңіздің арасын ереуілдеткен Есетің бар емес пе, біздің жиен, әне, сол. - Жиендігін айтқан Күдерінің сыбағасы солай берілді. Күдекеңнің - адай мейманның нағашы жұртының тегін түптеп есе қайтармақ әрекеті де сәтсіздікке ұшырап өзі омақасып тынды. Есті кісі бұдан соң сөзге қонақ бермегі дұрыс. Жеңіс - меймандікі.
Ақыры, шығармада әлгі жоқ қараған қонақ Тілеумен құдай дескен құда болып тынады.
Бұлар арасындағы әңгіме әуені кәдуілгі әжік-күжік емес. Автор оны күйттемеген. Керісінше қазақты қазақ еткен абзал қасиеттерді шеберлікпен сөз етеді. Ерін емеурінімен-ақ көп нәрсені ұқтырады. Бақсақ мына кең-байтақ Үстірттің сартап жазығындағы бар берекенің басы осындай бір-бірін сыртқа теппеген бірлікте, жақын тартқан жарасымдылықта жатырған болып шықты.
Бұлардың бәрі іштен бүлік іздемеген, іштен шұрқан күтпеген бейбіт, момын жандар. Анау ауыл сыртындағы шөп басына жел ұшырып ілініп қалған ішінде көсем мен екі сардарының суреті бар аудандық газетті бір қызыл көз көріп пәле салмаса деген Тілеудің қаупі, жер дүниені қаран су алдыратын бомба ойлап тауып Күдеріні жылататын Әмірқан есерсоқ, ауылдағы салық төлемегеннің жер-жебіріне жететін имек мұрын агент - бұлар сырттағы ию-қию тірліктің мына құмға жеткен сарыны. Тілеу мен Күдеріні әрқашан жаугершіліктің қансоқта даласында көз жұмған балаларының жолдарына қарағыштатып, қапаға түсірген де сол сырттағы ылаң. Әйтеуір қауіп атаулыны сол жақтан күтеді бұлар. Ең соңында, Тұяқты алып қара жұртты қаңыратып кеткендер де сырттан келді емес пе... Автор осылайша бір шоқ жиде түбіндегі ауылдың да заманына тәуелді, ортасының бөлінбес бір бөлшегі екендігін көзге көрсетіп береді. "Адам - заманының құлы деген ақиқат мұнда да үстемдік құрады. Дегенмен, заманының шіре талқысы қанша қыспаққа алса да, шоқ жиде түбіндегі шоғыр топ адамдық болмысынан арылмайды, ажырамайды. Қазақтың ұлы даласын ұлықтаған осындай жандардың да болғандығына тәнті етеді.
Көптеген әдебиет зерттеушілер ''Бәсеке" повесін де аңыз желісімен жазылған дегенге саяды. Ақиқатында, олай емес. Ол аңыздан гөрі өмір шындығы деуге келіңкірейді. Шығарманың бүкіл фабуласы-баққа мас, байлыққа мас адамның артын ойламаған көзсіз әрекетінің соңы опық жегізді. Қоппа мақтан бәсекеге апарды. Ол жалғыз сұлу қызының тағдырының тәлкегімен тынды. Бақ шіркін де әлгі артына қарамай әр жерге қона беретін көк қарға сияқты екен. Бата да дарағын таңдамай дарып кете баратын боп шықты. Әйтпесе елден ел құрып есірік Есеннің жолы болар ма...
"Бір шоқ жиденің" орны Үстірттің ұлы құмының сілемі болғанда "Бәсеке" өтетін жер Жем-Сағыз - екі өзеннің төңірегі. Үстірттің Арқаға қараған беті. Балпан - осы өңірдің мыңғырған байы. Жылқысы құла сағым. Қойының санын өзге түгілі өзі білмейді. Әйтеуір бұл түліктің өлшемі - жүнін саудагердің күніне 10 арбадан тасып 15 күнде зорға жөнелтіп тауысқанынан шамалайды. Мырза құдай бұл дегенде алақанын ашып-ақ бағыпты. Бәрі оңынан келе берген. Ең азы мына әйелі Жаңылды да әкесі ел адақтап құда түсіп жүріп айттырып әперді. "Әй, жаман, жасық, доңыз неме, қатын аласың ба?" - деп сұрады. Бұл да әкесінің сөзінің ыңғайына қарап, "жасық, доңыз" атанғанша, қатын алып құлағымды тыншытайын деген болуы керек: "Алам!" - деді. Алды. Әкесі байғұс ырзық дарыған жер еді деп біліп айтқан екен. Жаңыл түскелі бұл көлденең пәле бәтерден аман. Тек түбі түрікменнен келген қызыл мая іші жарылып өліп еді - ол да адал өліп пышаққа түсті. Балпанның өзге байлықты, барлықты құрдастары екі-үштен қатын алып, оны да місе тұтпай, көлденең көрпе мен көйлектің астын түрткілеп жүрсе, бұл ол жағына әуелден құлықсыз еді. Өйтіп ала өкпе болған жоқ. Бар білгені Жаңылдың ірге жағы мен екі жамбасының арасы боп қала берді. Ұлдан - Өтеген, қыздан - Ажар екі перзент көрді. Құдайдың бұл бергеніне де шүкір. Өтегенді нағашы жұрты аяқтандырды. Сөйткен құдайы да тыныш, құдасы да тыныш Балпанда енді маза жоқ. Сауқаты жоқ сәлемшісінен құтыла алар емес үйі. Бәрінің көз құрты - Ажар. Соған құда түседі. "Бәрібір баяны жоқ жат жұрттық бала ғой" деп баяғыда бірінші келген құдамен баталаса салғанда-ақ болады екен. Құдай сақалдатқанда ол ойына келмепті.
Енді міне, күніне екі-үш ауылдан келген құдаға бұл ауылдың иті екеш иті де үре-үре даусы қарлықты. Қара қазан, сірә, оттан түспейді. Бүгін – Можан, ертең - Байсал. Енді бір күні, дәмесін көрдің бе, әлгі даукес Даржан келіп отыр. "Өзінен аумаған көк шұнақ тентек, көбік ауыз, даукес, әулекі баласы бар еді". Соған Ажарды айттырады. Атасының басы! Оны қиястанып отырып қыр асырды. Одан соңғы саудагер Шүрен, тілмаш Бекес, би Алшағырлар да бір жауаппен аттанды.
Ақыры, ең соңғы келген Сауытбай Балпан байдың қызымды бәйгіде аты озған, көп алдында өнері мен күші асқан жігітке берем деген шешімін естіп, жұртқа жаршы болып кетті. Сөйтіп, Балпан бай тағы алшаңға басты.
Бәсеке бәсекесімен оның, ең алдымен, ертең мұның атын бүкіл елге алып кететінін айтсаңшы. Онымен де тұрмай атағы өлген соң да артында қалатынын айтсаңшы. Тіпті ертең қызының жасауын артып жөнелтетін көштің өзінің, алдымен, Балпан атын батпандай қылып артатынын айт тағы бас түйеге. Балпан Балпанымен, осы бәсекеде аты озған қазақтың аты қанша жерге барар екен?! Бұл қызыққұмар қазақ қызыққа тойып көрген бе. Екі ауылдың арасында екі күннің бірінде екінің бірі басы жарылып жататын барымтаны қызықтап, оған місе тұтпағанда мешкей жарыстырып, ит таластырып ермек қылып жүргендерге мына бәсекенің тіпті жөні бөлек. Сөйтіп, ат жетер жердегі жұрт Балпан аулына шұбырды. Келудің де келуі бар. Қасыңа ерген айғыр топ адамның саны мен сыны да бәсеке. Мінген атын мен ер-тұрманың да сынға түсетін жер - осы. Ең азы қамшыңның бүлдіргісі мен етігіңнің нәліне дейін бәсеке.
Тек осыншама тыраштықтан атымен ада бір жан бар мына алпыс үй толы мейман ішінде. Ол Сапақ деген сасық байдың Есен деген есірік баласы. Бір құлағы шұнақ, бір көзі әпірейіп аспандап бітсе, бір көзі жер бетін тінте қарап, түртінектеп шолып жүр. Жасы қырыққа таяп қалса да әлі үйленбеген. Мына бәсеке хабары құлағына тиісімен далақтап оның да келіп тұрған беті. Бәсекенің бірінші шарты өнер сайысы еді. Есен әнді ұрсын ба?! "Балпан бай қызын әнге-күйге берсе жын-шайтанға берсін" деп дау айтып одан басын арашалап алды. Даржанның "өңшең жігіт тұрып қызды қырма сақалға беріп қойса обалдары өзіне" деген сөзі қамшы болып бұл сайысқа қатыспай-ақ өтті деп есептелді.
Екінші сайыс күрес еді. Есеннің шөбіне әлгі даукес Даржанның қызыл көз әңгүдік баласы түскен. Белдесіп келіп кеткенде ол әңгүдіктің қолы мұның иегіндегі бес тал сақалына тигені. Сосын бұл сартабайды салды дерсің. Асанбай хазірет бастаған қазылар тал түсте мұсылманның сақалына жармасқан әумесерге қалай жақ болады - жеңісті бұған берді. Есекеңнің ол күнгі бір оңымен оралтып бітірген шаруасы етке тойғаны, артынан бір кесе сорпа мен бір кесе қымыз ішкені. Сосын өзен бойына барып шуаш сасыған аяғын суға малып тоқ басқаны. Содан кейінгі жүктің түбіне сұлай сап соққан ұйқы да аз олжа емес. Алпыс үйлі ауыл толы адамнан сол күні тыныш ұйықтаған екі адамның бірі - Балпан бай да, екіншісі - Есен.
Бәсекенің үшінші күні алдыңғы өнер сайысында озып күресте жыққан жиырма жігіттің аты аламан бәйгеге түседі. Озып келгеніне қыз бұйырады. Ажар бойжеткеннің бағы сөйтіп қыл аяғы қыл құйрықтының бағы мен бабына қарады да қалды. Көмбеден таң ата аттанған жиырма тақ тұяқтының ішінде Есеннің де бурыл аты кетті. Дүкенші Шүренге ұқсап, жүйрігін сүт беріп, ақтаған тары беріп, Есекеңнің басына ат теуіп пе. Тіпті ащы терін де алып әуре болған жоқ. Тіпті бәйге төбенің басында күтіп тұруға да шыдамы жетпеген соң, әдеттегісінше "қызыңды ұрайын" деп, былш еткізіп бір боқтап, етектегі ауылға қымыз ішуге жөнелді. Қиқу шыққан соң ғана әуесқойлығы жеңіп емпеңдеп жүгіріп келіп еді, мәреге құрық тастам жерге бурыл аты келіп қапты.
Есеннің тақымында жауыр боп жүрген жануар қас тұлпардың өзі екен. Бас бәйгіні алды. Ол жасауымен Ажар сұлу еді. Ел теңселіп кетті. Сәлден соң бурыл атты жетелеген қазылар алқасы бері бұрылды. Есірік Есен атының бота жеген қыл құйрығының ұшынан сүйіп-сүйіп қояды. Балпан бай есеңгіреп кетті. Ажар отырған ақ үй жақтан жылаған дауыс шықты. Мына ойраны шыққан ортадағы жалғыз мәз адам - Есен. "Есірік неменің екі езуі екі құлағында..."
Герольд Бельгер "Бәсеке" повесінде дала шонжарының ару қызы феодалдық заманның қанды құрсауынан құтыла алмай есірік біреудің қолына түскені баяндалады" деп түйіндейді. Бұл сараң түйінде кешегі кеңестік кезеңнің салқыны ғана шаң беретіндей. Сөз жоқ, Балпан бай да - заманының құлы. Бірақ оны орға жыққан заманынан гөрі өзінің пендешілігі. Артын ойламаған-аласуан әрекеті. "Баламның бағы ашылсын, өнері асқан, күші асқан, аты озған жігітке жар болсын" деген тілеудей-ақтілеу. Барлық әкенің кеудесінде қонақтаған ақ тілегі осындай-ақ тілек. Әттең, байлық та, барлық та ортасына бедел, аяқ басқан жеріне бедер де біткен Балпан байғұсқа әр нәрсенің опық та жегізер артын ойлар пайым мен парықтың бітпегенін қайтерсің. Қайта мұнымен салыстырғанда, "лепіріп сөйлеп, леки күліп жүргенмен, сараң кемпірдің түйген шүберегіндей шамалыға ішін алдырта қоймайтын Можан" құрдасы бұдан көш ілгері ме деп қаласың. Бәсеке басталарда-ақ "Бұл жын ойнақтан" бізге ештеңе тие қоймас" - деп осындай опыр-топырға мал шашып отырған Балпан бай әумесерді ішінен сілейте бір боқтап, тымырайып тайып отырған" сол Можан емес пе. "Асыл үлегіңді інгеніме шөгеріп алайын" деп, Балпанға қолқа салып жүрген ол немеңнің шұлғауын мойнына сүйретсе де шаруасы түгел.
Келінсіз қалам деп отырған ол жоқ. Қайта Балпан қызының елден ел құрып есірік Есенге бұйырғанын желкесі жерге тигенше қақсап айтумен кетеді ол енді. Можан былай тұрсын, даукес Даржан да Балпаннан озды. Бәсекеге қырық кісі нөкерімен келген саудагер Шүрен де ендігі жерде Балпанның жайынан бұрын, Ажардың бақытсыз болғанынан бұрын аламан бәйгеде өлген күрең қасқа атын уайымдайды. Соның кегіне Ажардың ақырын айызы қанып әңгіме етеді. Соның бәрінің сайып келгенде, Балпанға "өзіңе сол керек'' деген ортақ табасы бар. Міне, жазушы Әбіш Кекілбаев бұл шығармасы арқылы оспадарлыққа, шашпалыққа, дарақылыққа осындай қатал да аяусыз үкімін шығарды. Тіпті Үстірт сияқты сауыры кең жазықтың өзі де ауырсынатындай үкім - бұл.
Г.Бельгер повестегі "композициялық шымырлық, тұрмыстық және этнографиялық детальдардың дәлдігі, терең психологизм, кейіпкерлердің әрекет-қимылдарын жан-жақты талдап көрсету, кейде сатиралық, кейде жеңіл күлкі шақыратын сыпайы, сұлу баяндау тәсілін" де дұрыс бағалаған. Автор не нәрсені айтса да жеріне жеткізе алады, қарымы ауқымды, құлашы кең. Анау өнер сайысы суреттелетін тұсты алыңызшы. Бұл дегеніңіз тұтасымен жыр ғой. Тұнып тұрған поэзия. Оны оқып отырып тек қазақ даласының ғана осылай ән салатындығына ден қоясың. Аламан бәйгедегі аттардың шабысы тек "Адайы" арқыраған, "Сарыарқасы" сарқыраған сайын далада ғана мүмкін боларлықтай. Ат құлағын қағып қалып бара жатқан жел ызыңы тек осы өңірде ғана болатын сарын.
Оны Тайганың ну орманына апарып тели алмайсың, Африканың сахарасына сыйғыза алмайсың. Мынау бәйге жолында мен мұндалаған қоңыр жалдар, әр жер-әр жерден қылтиған оқшау молалар, адыр белдер, ажырықты ойлар, қоңыр тақыр біздің жердің ғана бедері.
"Дүниедегінің бәріне күңіндей кіжініп, тоқалындай иемденетін екі аяқты" томарбастар -есірік Есен, 0исайып жүретін қыңыр Қоразхан, сүйегі саудырап жүріп өзгенің әйелінің етегіне емешесі құритын Сеңгір, төсек жорғалыққа келгенде, төрт аяғын тең басқан Зейнел, Можанның құдалық сөзін ұстап келген көке мылжың көк сақал бұл жарықтықтар да - осы өңірден өрбігендер. Жақсы мен жайсаңға ортақ жер мен ауаға бұлар да ортақ. Олар да сол өздерінің табиғи ортасында алаланып-құлаланбай жүр. Жөнімен жөңкілмей жөпелдемдетіп те жүруден құралақан емес. Қатық өткен өңештен өңез де өтетіні сияқты олар да өткелектен өтудей-ақ өтіпті. Сөйтіп, озығы мен тозығы шашау шықпастан тоғыса келіп, даласының өзінше бір бітімін мүсіндеген. Сырлы мүсін ол. Оның аты - "Бәсеке". Әдебиет әлемінен өзіндік бәсіресін ойып алған "Бәсекеңіз" осы болады.
МЕНІҢ КЕКІЛБАЕВЫМ
Айтпақшы, "әңгіме басынан болсын" дейтін Әбекең туралы айтып отырып, мен онымен бір кісідей білістігіме тоқталмай тарта беріппін. Қадірменді ұстазым Зейнолла Қабдолов: -осы кейбіреу Мұхаң - Мұхтар Әуезов туралы айтқан болып отырып, өзінің қалпағын қылтыңдатып көтере береді, - деуші еді. Ондай ойдың беті аулақ. Құлақ пен көз көрші болғанмен, естігеннің қасында көзіңмен көргенге не жетсін. Оның үстіне Әбекеңнің тұла бойы - тұнып тұрған лұғат, өнеге. Одан үйрену, оған еліктеу өз алдына, тек көзіңмен көргеніңнің өзі көл-көсір олжа, баға жетпес бақыт. Осы тұрғыдан ойға оралған тұжырымды салмақтай отырып қалам тартуға бел будым.
Әбекеңшілеп мен де бұл жолы балалық шағымның бір естелігінен бастағалы отырмын. Бала болғанда да мектеп жасына дейінгі ойынның қара сирақтарымыз. Мұрынның астындағы қаспақты тазалаудан көрі асықты құнттаңқырап жүрген шағымыз. Ол уақыттың аулында қой да көп сойыла бермейді. Сондықтан болар асықтың көзі тым аз. Оның үстіне ұтысымыздан ұтылысымыз көп, тәжірибе тағы жоқ, әйтеуір асыққа жарымаймыз. Жиі-жиі "жұтаймыз". Шешелеріміздің жүн-жұрқа бояған қазандағы қалдық тұнбаға олармен қабаттаса жүріп тоғытып, алуан түске боятып алған асығы көп бала - ең бақытты бала. Қысқасы, бүгінгі тілмен айтқанда. асық- ауылдың бала қауымының арасындағы бірден бір валюта, байлық, барлық өлшемі.
Бір күні менің қолыма бір әдемі журнал түсті. Әйтеуір есімде қалғаны түрлі-түсті суреті көп. Бір бетінде омырауына моншақ қадаған Сталин көкем бар. Ауылдағы еңкейген қарты мен еңбектеген баладан ол кісіні танымайтыны кемде-кем. Сол суретке көрші баланың қатты қызыққаны. Көкейіне түсіне қойдым, үйіне апарып, уықтың арасына қыстырып қоймақшы. Саудаласа кетіп ойланбастан айырбасқа үш асық ұсынды - көнбедім. Төрт асық, екеуі бояулы, ұсынды - көнбедім. Ақыры үстемеге қорғасын құйған сақасын қосып келісімге келдік. Саудамыз сәтімен аяқталғанына екі жағымыз да қатты риза болыстық. Міне, осы "оқиғадан'' кейін-ақ дәндеген қарсақ құлағымен ін қазадының керімен әлгіндей журналдарды көзден таса қылмай, көздей жүретін болдым. Сталиннің соңынан екі асыққа Ленин бабамды үкіттім. Омырауында ештеңесі жоқ болғандықтан, ол Ленин басымен су тегін, тері бәсімен кетті. Балалар үшін мұрты едірейген, иығы оқалы, мұрны қоңқақ, омырауы моншаққа толы сақалсыз шал әлдеқайда құнды болды.
Сол жылы жазда біздің ауылда төрдегі кереге басы мен уық арасына көсемдердің, әскер басылардың суреттері көптеп ілініп, ауданның мақтауына да ілігіпті. Оған ауылдың басшыларының да өлердей риза болғанын үлкендер әңгіме етіп отыратын. Шынымды айтсам, ол ешкімнің айтуымен, үгітімен емес, менің әлгі асық саудамның жемісі болатын. Өкінішке орай, менің ол "еңбегім" ескерусіз қала барды... Бірақ ол бақ менің басымда көп тұрақтамады. Ауылға қоңсы қонған әлдебір жер шұқушы орыстардың көшіп кетуіне байланысты әдемі журналдың да қарасы батты.
Ауылымыз тау үстіндегі Жалпақ шиде болатын. Ол Ондымен дәл екі ортада. Ол уақытта ел қазіргідей қысы-жазы тас үйінде отырмайды. Қазақи көшпелі қасиетінен ажырамаған кезі. Жаз болса "таза ауа" деп ағаш үйімен далаға шығады. Жалпақ ши де сондай жаз жайлайтын белгілі қоныстың бірі болатын. Оған құбыла беттен Ондының да біраз үйінің басы кеп тоқайласады. Осылайша екі ауыл тек әкімшілік бөлінісі болмаса іштей аралас-құралас отыра беретін. Бір күні бір топ бала Ондыға барсақ, орталықтағы бір қоржын үйдің іші толы кітап. Мен тәптішдеп жинаулы тұрған, бір қатары жабулы жатқан осыншама кітапты сол жолы тұңғыш рет көрдім. Әлгі үйдің жер еденінде менің көз сұғым болған журналдар да ыбырсып жатыр. Мына көрініс біздерді еріктен тыс қатты қызықтырды. Үйдің оңаша қалуын аңди бастадық. Ауызғы бөлменің, бір терезесінің көзі жоқ екенін де көкейге түйіп үлгердік. Ақыры, бұл әрекетіміздің де сәті түсе кетті. Күні бұрын келіскен балалар тобымен үйге таяп келдік. Өзгелерге қарағанда ширақтау болдым ба, әлде өткендегі журнал саудасына құнығып кеттім бе, әйтеуір таңдау елден бұрын маған түсті де, әлгі сынық көзден ішке жып бердім. Сыртқы есік жабық. Қауіптенер ешкім жоқ. Төргі кітап толы бөлме де біздің билігімізде қалды. Сондықтан болар дәл осы үйдің иесіндей батырың аяқты нық басып келеді.
Төргі бөлмеге кіретін есіктен ішке ене бере қалт тұрдым да қалдым. Есік қайрылысындағы бұрышына таяу жатаған терезеге жапсырыла қойылған столда бір адам отыр. Қаннен қаперсіз бар зейіні, ынта-ықыласы қолындағы кітапта. Бөлме іші сыз, күн бұлт басқан желкемді болғандығынан ғой деймін, үстіне қоңыр күпәйке жамылып алыпты. Тани кеттім - Әбіш. "Көп оқиды, адам болады" деп үлкендердің аузының суы құрып мақтап жүретін Әбіш біз үшін ол уақытта үлкен соқталдай жігіт болып көрінеді. (Сонда ол орта мектептің сегізінші сыныбын бітірген екен) Шаңдаққа аунайтын шалдуарлар біздер түгілі өз қатарларынан да бойын оқшаулау салып сырт орай жүреді. Мен алыстан ғана көріп жүретінмін. Жақыннан кездесуім осы. Және қандай жағдайда десеңізші?! Әлгі біздің көз сұғымыз қадалып жүрген журналы түскірді бізден басқа ешкімге қажет болып жарытпаса да (керек болса шаң-шаң еденде ыбырсып жатар ме еді) тап қазір мен ойлап келген жолмен алу - ұрлық. Ол - жаман нәрсе. Үлкендер солай деп санамызға сіңіріп қойған. Сосын батырыңыздың зәресі зәр түбіне кеткені соншалық, қапелімде қашу да есіме келмей қапалақтап тұрып қаппын. Әбіш, әуелі, маған бұл кім еді дегендей, сәл көз тоқтатып қарап алды да, басын шайқап жымиып күлді. Сосын столды саусағының сыртымен тық-тық еткізіп ақырын қағып қойды. Әбекеңнің "Ажар" триптихының "Көз жасы" бөлімінде "тек Әбен ағай ғана терезеден қаламымен тық-тық еткізіп қағатын да басын шайқап, күлімсіреп қоятын. Онысына көңіл аудармасаң да болады. Өйткені ол кісі ерінбей-жалықпай сыртқа шығып, асыр сап жүрген қара сирақтарды үркітуге самарқау" деген жолдар бар. Taп осында суреттелетін жағдай сол жерде бір қылаң берді. Мен оңай құтылғаным өзіме олжа, келген ізіммен сыртқа сып бердім. Терезеден түскен бетімде бір жығылып тұрып әлгінде ғана мені тастап үріккен қойдай тауға қарай опыр-топыр қаша жөнелген "каһармандардың" артынан салдым...
Міне, менің Әбекеңмен алғаш бетпе-бет кездесуімнің "сиқы" - осы.
1970 жылдардың орта тұсы. Облыстық газеттің редакциясы. Бір топ жігіт кеу-кеулесіп әңгіме соғып отырмыз. Әңгіме көрігін қыздырушы ақын - Темірхан Медетбеков. Тақырыбымыз - Әбекең. Сөз желісі онымен таныстық, білістік туралы. Мен үнсіз тыңдап отырмын. Әлден уақытта Темірханның "Әй, сен неғып тым-тырыс қалдың. Әбекең екеуіңіз бір топырақтансыңдар ғой" демесі бар ма. Жаңағы оқиға алғашқы рет сол жерде аузымнан шықты. Тәптіштеп бастан-аяқ айтып бердім.
- Содан соң Әбекеңді бетпе-бет кездестірген емеспін. Реті келмеді. - Мұным - шындық. Әбекең мектеп бітірген бойда Алматыға кетіп сонда қалып қойды. Мен орта мектепті Өзенде оқыдым. Артынан мұнайшы болдым. Әскерге кеттім. Алматыға екі-үш мәрте жолым да түсті. Әбекеңнің тұрағын да білем. Бірақ шынымды айтсам, іздеп барып сәлемдесуге жігерім жетпеді. Үлкен кісілерге баратын, көрісетін орыным да бар. Онымды да сездім. Ақыры, төменшіктей жүріп, сәтін түсіре алмай елге қайтып оралдым.
- Апыр-ай, мынау бір тарихи кездесу екен. Мұны неге жазбай жүрсің, - деп жігіттер бір кездегі "асық саудасын, журнал хикаясын тілге тиек ете" мені қылжаққа айналдыра жөнелді.
- Несі бар. Жазылса жазылар. Естелік дегендердің өзі осындай шағын детальдардан тұрады емес пе, - деді Темірхан. Бұрынғы әдетінше, Әбекеңнің аты араласқан жерде өте-мөте сабырлылық, ұстамдылық танытатын қалпынан жаңылмай. (Осы жолдарды жазып отырып, сондағы Темірханның айтқаны келді-ау, оның аузына сол сөзді сонда Құдай салды-ау деп күліп қоямын қазір).
- Алматыға барғанда Әбекеңе соқ. Сәлем бер, - деген сөзін Темірхан көпке дейін қайталаумен жүрді. 1987 жылдың ақпанында мен Алматыға партия мектебі жанындағы журналистердің жарты айлық курсына бара жатқанымда, бұл ұсынысын тағы да пысықтады. Бұл жолы қалайда Әбекеңмен кездесу өзімнің де ойымда бар еді. Оным себепсіз де емес-ті...
Соның алдында Әбекеңе "Үркер", "Елең-алаң" романдары үшін республиканың ең жоғарғы наградасы - Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы берілген еді. Романдарды алдын-ала талқылауға менің де қатыса қалғаным. Қатыса қалайыншы, осымен көріне қояйыншы деген ниеттен аулақпын. Ондайдың беті әрмен. Бәрінің "Үркерден" басталғаны. Оның үзінділерін алдымен "Жұлдыздан" оқыдық. Кітап болып шығуын асыға күтіп жүргенде, ақыры, ол сәтке де жеттік. Нансаңыздар, Ақтаудың кітап дүкендеріне "Үркер" түскен күн көп оқырман үшін үлкен оқиға болды. Бәріміз "Үркер" қуып кеттік. Басымыз қосылған жерде соның кеу-кеуі. Мен онда облыстық теледидарда аға редактормын. Бас редакторым, яғни тікелей бастығым - иманды болғыр Жәмек Оспанов. Жәкең - бастықтығының үстіне әріптес ағам. Тәлімгерімнің бірі, екеуміз бір үйде тұратын құдайы көршіміз. Осылар біріне бірі себепті болып, екеуміздің арамызда өте бір жарасымды қарым-қатынас орналған.
Жәкең де Әбекеңнің жанкүйер, жанашыр және ең сауатты оқырмандарының бірі болатын. Жақында дүкеннен "Үркерді" екеуміз бірге барып алғанбыз. Роман туралы пікірлеріміз де үндес. Менің бір әдетім ұнатқан шығармамды араға уақыт салып қайталай оқитынмын және бұл жолы шұқшия кірісетінмін. "Үркерді" де солай оқыдым. Содан соң бір ойдың келе қалмасы бар ма. Оның осы қордаланған пікірімді қағазға түсірсем қайтеді деген ой еді. Ойлау оңай болғанмен, оны жүйелеп жүзеге асыру қиынның қиыны болды. "Үркердің" зіл батпан салмағын қапелімде игеру оңайлыққа соқпады. Әбден пұшайман болдым. Сондай іштей арпалыспен азап шегіп жүрген күннің бірінде. - Осы сенің көңіл күйің дұрыс па, өңіңде бір жабырқау бар? - деді Жәкең. Мен шынымды айттым.
- Әй, бәсе, - деп күліп алды Жәкең әуелі - түйенің шұбатын көп ішкен неме бошалап жүрмін десеңші. Ендеше оның емі өзіңді стол басына байлау. Күн демей, түн демей жазу. Сосын көрелік.
Жәкеңнің сол сөзі қамшы болды ма, мен сол күннен бастап, "Нар тәуекел" деп бастап кеттім. Жазып болған соң екеуміз бірігіп оқыдық. Өзге әріптестерден ілгерілеу көріп Әнуар Жәнібеков деген журналисімізді шақырып алып, Жәкең маған тағы оқытты. Содан соң барып өзінің пікірін саптады.
- Жалпы жаман жазылмаған. Сөйлем құраудағы бірер мүкісі редактор қаламынан ауыспайды. Тек Бөгенбай батырды сен дұрыс аша алмапсың. Сенің Бөгенбайларды білмейтінің көрініп тұр, - деп, Жәкең тарихта Бөгенбайдың біреу емес, бірнешеу екендігіне тоқталды. Қазақ Совет Энциклопедиясының бұл мәселеде ағат кеткенін айтты.
- Рақмет, Жәке. Ендеше осы айтқандарыңызды қосып жазыңыз да осының алғашқы редакторы және авторы өзіңіз болыңыз. Мұнымыз, әрине, "Үркерді" толық талдап, танытқан еңбек болмайтыны анық. Бірақ жұртқа осындай сүбелі еңбектің шыққанын хабарлауға, насихаттауға жарап қалар.
Жәкең келісті. Сол бойда облыстық газет редакторы Киікбай Мырзағұловқа телефон шалдым. Мың болғыр Киекең "Мынау тіпті қатып кетті. Өзім де "Үркер" туралы кім жазар екен деп елеңдеп отыр едім" деп елп ете түсті. Сөйтіп, біздің "Үркер" туралы пікіріміз облыстық "Коммунистік жол" газетінің 1981 жылғы 25 желтоқсан күнгі санында "Мөлдір махаббат" деген тақырыппен осылай жарияланған еді. Бұл "Үркер" жөніндегі мерзімді баспасөз бетінде жарияланған оқырманның тұңғыш пікірі екен. Кейін кезегі келіп "Үркер" мен "Елең-алаң" Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда, бұл пікір қазылар алқасының назарына беріліпті. Аталған айтулы романдарды дер кезінде сыйлыққа ұсынған екі газет - Атырау мен Маңғыстаудың облыстық екі газеттері екенін де оқырманның білгені жөн.
1985 жылы талқылау кезінде маған "Елең-алаң" туралы да жазуға тура келді. Әрине, маған қомақты пікір айтқандай, сыншылықтың аулы алыс еді. Соған сәйкес жазғандарым да тек оқырманның жүрекжарды пікірлері болатын. Газетте жария болған "Мөлдір махаббат" соның айғағы. Марқұм Жәкең ағам екеуміздің Әбекеңнің творчествосына байланысты тұңғыш тырнақалдымыз. Кейіннен өзге түгілі өзім де "Мөлдір махаббаттың" олпы-солпы тұсын, жетпей қайырған жерін көріп те жүрдім. Бірақ тұла бойы тұңғышым ретінде сол күйде өзгеріссіз оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім.
Мөлдір махаббат
Қаратаудың басынан көш келеді...
Бұл бір ел басына зауал төнген кез еді. Күншығыстан қаптаған қанқұйлы басқыншылар халықты қара орманынан айырып, қан қақсатты. Ен далада ел зары "Елім-ай" қалықтады.
Қара таудың басынан көш келеді...
Жо-жоқ, бұл ән емес-ті. Жағасы жайлау, жалпақ жұрттың еркіндікті көксеген өксікті үні еді бұл. Бостандықты болашақтан күткен уыз арманы еді. Аласапыранда арқа сүйер дос іздеген мүдде де осы бір әуенмен астарласып жатқан сияқты.
Жазушы Әбіш Кекілбаевтың " Үркер" романында қазақ елінің тарихындағы осы бір ауыр жылдардың сабағы, іргелес екі елдің - орыс пен қазақтың қарым-қатынасының басталар тұсы қамтылады. Ежелден еркіндік аңсаған екі халықтың ортақ мүдде жолындағы алғаш тоқайласқан кезі суреттелді.
Бұл тақырыпқа қалам тартқандар аз емес. "Елім-ай", "Жаушы", "Жанталас" романдарының негізгі оқиғасы Жоңғар хандығымен соғысу да, жанама оқиғасы Россияға қосылу. Ал "Үркерде" бұған керісінше Россиямен қосылу негізгі оқиға да, Жоңғармен күресу жанама оқиға болып табылады. "Үркердің" құндылығы да осында болса керек.
Осы саяси психологиялық романның тағы бір артықшылығы, бас кейіпкерлердің біріне бірі ұқсамайтын, бірі қуатты, бірі әлсіз, бірі көп, бірі аз, бірақ ортақ мүдде орайластырған екі елдің екі перзенті болуы. Осы екі тең тұлғаның толғаныс, тебіренісі, таным, нанымы, болжам, бағдары арқылы екі елдің тіршілік тынысының өрілуі, өткені мен бүгіні, үмітті ертеңі шүбәсіз сендіріп, көкейіңе қона кетіп баурап алатыны ғажап! Кіші жүздің ханы Әбілқайыр мен тілмаш Тевкелевтің сом тұлғасын жасау, қазақ елі мен орыс патшалығының сол кездегі жай-жапсарын, тарихи деректерін айна-қатесіз алдына жайып салумен бірге, тарихи істер философиясын терең ашу жазушының арғы-бергі жайды жетік білетін зердесін де, өз ісіне жауапкершілігі мен мәдениетін де көрсетсе керек. Автордың туған еліне, елінің еңсесін көтерген ұлы орыс халқына деген мөлдір махаббаты да осының айғағы. Ал үлкен махаббаттан үлкен шығарма туса керек-ті.
Романда Әбілқайырдың тығырық қиыннан қиырға бастар жол таба білген ақыл иесі, көреген саясатшы екені, ел бірлігін аңсаған, сол бірлікті аңсай отырып, билікті бір уыста, тек өз уысында ұстауды көксегені нанымды суреттеледі. Сайып келгенде, Әбілқайырдың түпкі ойы мен барша қам-қарекетінің өзі осы соңғы мүддесінен бастау алып жататындығына кәміл сенесің. Жоңғарға қарсы әскери одақ құрайық деген ұсыныстың ұшығын ұстап, орыс патшасына елші аттандырады. Бірақ елшіліктің түпкі мақсатын өз бетімен айқындап, белгілеп береді. Қол астыңа енемін, бодан боламын дейді. Өйткені, ол ендігі жерде еңсесі биік елге арқа сүйемесе қол астындағы халқының ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кететінін өзгелерден бұрын сезіп білген-ді. Патша елшісі Тевкелевтің Ор өзенінің Жайыққа құяр сағасынан қорған салып алып, орыс қаруын паналау туралы айтқан ұсынысына "ханның қиылған қара мұртының жылтырап қоя беруі" тегін емес. Өйткені оның түпкі ойы "қолымдағы қыл тізгінді орыстың тас қорғанының ішінде жайлы төсекте жайғасып отырып алып, қос ауыз қара мылтықтың көк сүңгісіне шие байлап тастар болсам, қай қазақ қыңқ ете алады" деген түйінмен шегендеулі.
Ел билеген ұлықтың ебі - жұрт алдындағы қылығы.
Осыны бек ұғынған хан қара халық алдында көзге түсуді, ретті жерінде ауыздының аузын алуды, шашасына шаң, сулығына су жұқтырмай өтуді біледі. Көбіне ақылын айбаттан гөрі айлаға жұмсайды. Алақанын ашпай-ақ аялайды, жұдырығын қатты жұмбай-ақ жұмсартып ұстайды. Алқалы топ алдында өзіне тиген асфаһани қылышты Ұлы жүздің батыры Саурыққа сұқсырды Орта жүздің Жәнібегіне тарту етуі, әлгі екеуінің бірін қарусыз, бірін қатынсыз қалады дегендік емес немесе ханның Таймастың сәйгүлігін тартып мінген немере інісі Мамайды топырақ қаптыратын қылығы ше? Бұл әлімжеттік әрекетті әділдікпен безбендеу болғанмен, оның артында соңынан жеті рулы ел ерген, Есеттей еңіреген ер ерген Бөкенбайды ыңғайына иіп, ығында ұстау және көп назарын дербес иеленсем деген ниеттің бір ұшы жатыр. Дала дипломатиясының жазылмаған қалтарыс-бұлтарыстарын жетік меңгерген Әбілқайыр тіпті ұлы елдің өкілімін деп табалдырықтан асқақ аттап енген жырынды елшінің де табанын тайғанатудың амалын табады.
Жазушы өз геройының қат-қабат қыры мен сырын, терең жан дүниесін бірден жарқыратып жайып тастамайды. Керісінше, әр оқиға иірімі сайын кейіпкердің онсыз да мығым шомбал бейнесін иін қандырып кеп, шым-шымдап қайтара суарып, шеберлікпен сомдай түседі. Сөйтіп, тарихи тұлғаның заманға тән, адамға тән, өмірге тән образын шынайы суреткерде болатын айшықты әдіспен мүсіндейді.
"Көп қорқытады, терең батырады" деген халықтық осы бір қарапайым қағиданың айнымас ақиқаттығы романның төртінші тарауында көрініс табады. Күні кеше айбары асып, мейманасы тасып күпсіп жүрген хан антқа тұрды. Көп талқысына түсті, көшпелі халықтың бағзы баяғыдан қалыптасып қалған қатал заңының талабына мойынсұнды. Әділдік пен арамдық, пәктік пен пасықтық, ақтық пен қаралық таразыға тартылып, талапайлы тағдыр қызыл өңештен қылғынта қысқан шақта, тәйірі, ханыңның да, қарашаның да киер кебі біреу екен ғой өзі. Алмағайып сәтте алдыңнан айыбың шықса жеңілгенің - желкең үзіледі. Бетмоншағыңды үзіп, бетпақ еткелі тұрған бедеу жала нақаққа шықса жеңгенің - жауыңның желкесіне шығасың. Не бүк, не шік. Міне, басындағы бақты, тақты, малды, жанды бәр-бәрін пидаға шалып, ант бұзарына жазықсыз жаяудың күнәдан пәк жалғызын ұстаған хан ант бергелі тұр. Кешегі қабағын айға қағып, кірпігін күнге тіктеген айбар иесі бүгін "Құдайдың пендесі Әбілқайыр Абдоллаоғлы" болып жұтап қапты. "Жаным арымның садағасы" дейтін сахараның сахи халқы, сөйтіп тәжді бастың да кәдімгі июге келетін омыртқа ұшында тұрғандығын көзге шұқып көрсетті.
Терең бағамдап көрсек, осы бір жайт арқылы автор халықтың темір тегеурінін, шамырқанса қандай мықтыңды да қалтыратар қаһарын суреттейді. Хандық дегеннің өзі халық иініндегі тоз-тоз боп жыртылып, тігісі қақырап әзер ілініп тұрған ескі қамыт екендігін дәлелдейді. Бұл орайда тағы бір айта кетер жайт, көшпелі елдегі сот ғұрпы жазба әдебиетімізде бұрын да жазылып жүрген тақырып. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің "Еңлік -Кебегінде", "Абай жолында" билер сотының біраз қыры көрініс тапқан ғой. Әбіш бұл шығармасында оқырманды дала заңының тағы бір қырымен егжей-тегжейлі таныстырады..
Автор Тевкелев арқылы оқырманға орыс мемлекетінің сол тұстағы жай-жапсарынан, саяси хал-ахуалынан, сыртқы, ішкі саясатынан да қыруар мағлұмат береді. Патша сарайының тас дуалының қараңғы қалтарысындағы кейбір күйкі жайттардың да бетін ашады.
Әбіштің суреттеуінде Тевкелев - Құтлық Мәмед Мамашев, сөз жоқ, өз кезеңінің зердесі ашық, жан-жақты білімді азаматы, Шығыс ісін жетік білетін сұңғыла дипломат. Кездейсоқ жағдайға өзін шұғыл бейімдей білетін, көргеніне өзіндік тұрғыдан баға бере алатын аққаптал, айтпақ ойды ерін емеурінен білетін жырынды елші. Әбілқайыр жіберген елшіліктің шын мән-мағынасы айқындалған сәтте ол абыржып апшымайды. Қайта хан қамалған тығырықтан шығудың амалын дағдарыс иесімен бірлесіп іздейді. Ханның сын сағатта қарабасының қамын күйттеп кететін қарау мүддесін де тез аңғарып, ыңғайынан шыға келеді. Мысалды алыстан іздемей-ақ тағы да әлгі бір Ор өзенінің Жайықпен астасар тұсынан бекініс салу туралы пәтуаны алалық. Осы келісімнің өзімен-ақ көңілі көкжиектен арғыны шолатын сұңғыла елші біраз табысқа жеткен жоқ па?! Отарлау ісіндегі ең бір шешуші мәселені - бодан болған елдің территориясынан қамал салу мәселесін оп-оңай-ақ шешіп алды. Соңыра салынатын қамал ханның қарақан басына қалқан болудан гөрі, ереуіл елдің екі иығынан қыса ұстайтын темір тегеурінге айналатынын патша елшісі біліп отыр.
Романда Әбілқайыр мен Тевкелев мақсатына қарсы әрекет иелерінің бейнелері де нанымды шыққан. Бірақ, Бақтыбай, Бәби, Батырдың елді қырық бөліп, тоз-тоз қылып, ауылды ауылға айдап салып билеп, билік үшін өзара қырық пышақ болып тозып бара жатқаны жан-жақты ашылған. Олар - зар заманда халықтың еркін ноқталап алып, "ортақ өгізден оңаша бұзауым артықтың" туын көтерушілер. Сондықтан да олар дербес өз мүддесіне келгенде өндіршегі сорайып, жоны күдірейіп шыға келеді.
Шығармада билер образының галереясы жасақталған. Қазыбек, Төле, Әйтеке сынды күміс көмейлер ел бірлігін мұрат тұтқан абзал қасиеттерімен дараланады. Өздерін халық трибуны ретінде танытады. Автор билер образын жасағанда, фольклорлық мұраларды -шешендік сөз өнерінің озық үлгілерін, мақал-мәтелдерді, айшықты аңыздарды молынан пайдаланған. Бұдан жазушының дала шежіресінен мейірі қана сусындағаны тағы бір аңғарылып қалады.
Шығармада ел қорғаны батырлардың жиынтық бейнесі Бөкенбай образы арқылы берілген. Шынтуайтқа келгенде, қазақ халқының орыс халқымен бауырластық ізгі ниеті Бөкенбайды да мықтап баураған. Ол көкірегі сәулелі, ойы айқын, қимылы кесек батыр, достыққа адал. Патша елшісінің іргеге тықыр таялғанда Бөкенбайға қорғалауын, оның қас-қабағына қарауын батырдың осы қадір-қасиетінің бағасы деп білген жөн.
Осы тұста басын ашып алатын бір мәселе бар. Қазақ Совет Энциклопедиясының екінші және соңғы томында 1731 жылы 10 октябрь күні Әбілқайырмен бірге Орта жүздің Шақшақ руының батыры Бөкенбай ант берді деп жазылған. Бұл жаңсақ пікір ғой деп ойлаймыз. Өйткені, Әбіш Бөкенбайдың Кіші жүздің Табын руынан шыққан адам екендігін, Әбілқайырдың туған жиені екендігін бұлтартпайтын деректермен дәлелдеген.
Елеусіз болса да есте қалатын бейненің бірі - Сергей Костюков. Сырт көзге қораш болғанмен, жаны жайсаң, бала мінез, бауырмал жан бар болғаны бір-екі тұста жылт ете түскен сайын көңіліңе бір жылы нұр құйып кетеді. Соның өзінен-ақ оның жаңа елді жете тани түссем, біле түссем, көргенімнен көрікті әсер түйсем деген игі ниетін аңғарасың. Кәдімгі ылдым-жылдымы жоқ, аузын ашса, көмекейі көрінетін орыс адамының ақжарқын пейілін танисың. Өкінішті жері, ол романда бар болғаны жалаң қызықтаушы, шимайшы күйінде, бір қайнауы ішінде қалып қойған сияқты. Егер Сарытайлақ табалдырықтан салиқалы зерттеуші, халықтың тұрмыс-салтына, әдет-дәстүріне, өнеріне үзіле қарап, түйген әсерін пайымдағанын анау артында қалған қалың елге ала барам, айта барам дейтін азамат ретінде аттаған болса құба-құп еді. Сонда Әбілқайырдың елшінің қанжығасын құрдан-құр қаңсытып қайтарған "айыбын" Әбіш бірсыпыра жеңілдеткен болар еді дейміз.
Қанжыға дегеннен шығады-ау, ақжолтай елшінің, алыстан ат арытып келген мейманның тағы бір сый-сияпаты кемдеу соққан жоқ па екен осы.
Біз әнші халықпыз, жыршы халықпыз, өнерлі халықпыз. Мамыр өте мәртебеге келген дүйім елдің де мәртебесін бір көтеретін осы ән-жырымыз еді ғой. Бірақ елшіміздің құлақ құрышы қана алмай кеткен сияқты ма, қалай?! Бар тыңдағаны ет пен шайдың арасындағы екі күй еді, көзіне өлім елестеп отырған ол сол аздың өзін де зердесіне бойлата алмаған болар...
Ештен кеш жақсы, күні ертең-ақ бүгін еліне оралған Сарытайлақ "сары атан" болып кейін бет түзеген үлкен көштің шаңырағын артып, қайта келер, тағы бір соғар деп күтеміз. Сонда небір әсем ән де айтылар, күй де тартылар.
Әбіш қаламының қадір-қасиеті, талант құдіреті танылар жайттың бірі - мынау. Аталмыш шығарма йен қазақ психологиясының, мінез-құлқының шежіресі іспетті.
Романды оқып шыққанда, осы қазақ мінезіне ажарсыз бояу көбірек түсіп кеткен жоқ па екен деген күдіктің шаң беріп қалуы да мүмкін. Тереңірек ойланып көрсек, мүлде олай емес. Ұлы орыс халқының көлеңкелі жағын бір кісі айтса Чернышевскийдей-ақ айтар. Ленин мұны ол өз халқын сүйгендіктен айтты демеп пе еді. Қазақтың бар мінін бақайшақтап тізіп берген Абайды халқын сүймеді деуге қалай аузымыз барады. Әбіштің суреткер жүрегі де халқына деген іңкәр махаббатқа толы екен. Қазекеңнің "бітер істі бітірмей, сілекей ауыздың сілімтігіне салатынын", сөйтіп "белін босатып алу үшін, биік жер іздейтін әдетін" айдалада маңып бара жатқан жолаушыны шақырып әкеп, қонақасы беріп, төс түйісіп, жылап айырылатын бауырмалдығын, сөйте тұрып, "бүгінге керек әділдіктің арқауын баяғыдағы даудан іздейтін" даңғазалығын Әбіш қабырғасы қайысып айтады. Көрбілтей бишігендер тобының елшіден алапа дәметкен тұсын алайықшы. Бұл сұрамсақтық па? Жоқ. Бақсақ, олар елші сандығынан шыққан екі кез матаны үнем көрмейді екен. Ертең ауылдарына барған соң көпке көрсетіп, күпілдеп мақтану үшін сұрайды екен. Сөйтіп шүберек екеш шүберекті де өздерінің үстемдігін нығайта түсетін, бақай саясатын пысыта түсетін құралға айналдырады екен ғой. Міне, гәп қайда жатыр!
- Мінездегі кейбір жекелеген кемшін міндерді әшкерелеуде автор жеңіл иронияны да әсем қолданады. Мысалы, Итжемес жайлы оқып отырып, апыр-ай, осы Ғабеңнің Ақаны мен Қиналғанының ағасы болып жүрмегей еді деп ойлап қаласың. Қолындағы істік темірін ұстап шауып жүрген Сағалбай жалт ете түскен тұста "асырып та, асығып та айтатын" Мүсіреп шаң бергендей болады. Ағалардың ізгі дәстүрінің үлгісі деген осы болса керек.
Жалпы Әбіштің қай шығармасын оқысаңыз да тілінің шұрайлылығына, құнарлылығына тәнті боласыз. Толғауы тоқсан тілін Әбіш бұл шығармасында бұрынғыдан да ұстарта түскендей. Айтайын дегенін айналасын теп-тегіс жұмыр етіп көз алдыңа жайып салады. Мысалы, мына бір жолдарды оқып көрелік "...Алдарында ішіне құйрық-бауыр салып құдаларға ұсынған қара тегештей дөңгелек алқап, ақ шыңдар мен қара шоқылар ай құшақ қауып жатқан Маңғыстаудың қара ойы". Көріп отырғаныңыздай, қыстың қыраулы кезінде бұйығып жатқан өңірден де әсем үйлесім таба білген. Ал мұндай айыз қандыратын тұстар шығарманың өн бойында самсап тұр.
Қош, сонымен ұзаққа созылған ұзын сонар дүбірлі оқиғаның бір тіні әзірге Әбілқайырдың жеңісімен, ақжолтай елшінің еліне маңдай түзеуімен аяқталады. Бірақ, үміт үркерін бетке алып, үдере көшкен суыт көшке бел суыту әлі ерте. Өйткені, олар алдан жарқырап атар таңға асығады. Әжімді маңдайдан сипайтын аялы алақанға асығады. Айқара ашылған достық құшаққа асығады. Ләйімде көш көлікті болсын дейміз. Ел өміріндегі елеулі кезеңді, сол тұстағы халықтың тарихы мен рухын шынайы суреттеген қаламгерге де осы тілегімізді айтамыз".
Ақыры, күткен сәтте жетті. Жазушы Әбіш Кекілбаевқа "Үркер", "Елең-алаң" романдары үшін Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақ әдебиетінің табысына, мақтанына айналған екі шығарма лайықты бағасын алды. Оған, ең алдымен, бөркін аспанға атып қуанған біздер - маңғыстаулықтар, әрине! Қуанбағанда ше, ақыры, біздің өңірден де лауреат шықса!
...Алматыға келген күннің ертесіне Жазушылар Одағына тарттым. Әбекең - онда Одақтың екінші хатшысы. Кабинетінде бірсыпыра кісілер бар екен, босауын күтіп біраз аялдадым. Ақыры ендім. Әбекең, әрине, мені таныған жоқ. Аты-жөнімді айтқан соң барып - Е, Жармыштың жарық өкше баласы сен бе едің. Иә, халің қалай, Әбілқайыр, - деп күліп жатыр. Мен сәлем беріп, алған атағымен құттықтап кеткелі келгенімді айттым.
- Рақмет, айналайын, көп рақмет. Ал, ел-халық аман ба?
Мен ауыз ашқанша болған жоқ алдындағы бір телефон безектей жөнелді. Онымен сөйлесіп болмай жатып тағы бірі... Сосын тағы. Ақыры, Әбекең босады-ау. Сосын маған қарап күліп, - Айналайын, жұмыстың сиқы - осы. Тіпті башартпайды біздің адайша айтқанда. Сірә, бізді бұл жерде әңгімелестірмес бұлар. Кел, былай келісейік. Курсқа келдім дедің ғой. Кешке қолың бос шығар. Сен біздің үйге кел. Мен 6-дан көп кешіге қоймаспын. Ерте барсаң тіпті құба-құп. Шешең үйде, әңгімелесе тұр. Елден адам келсе бір жасап, қуанып, қунап қалады. Келістік пе? Әбекең қолыма үй адресін жазып берді.
Шынымды айтсам, Айсекең шешемізді де көруге құштар едім. Естуімше, оны тірі шежіре десетін. Ендеше қолайлы сәтті құр жібермегенім дұрыс болар. Түс ауа Әбекең пәтеріне қарай беттедім. Есікті Айсекең ашты. Баяғыда бала күнімде көргенде денелілеу, толықтау сияқты еді. Уақыт қоя ма, кәдімгідей отырыпты. Өзгермеген көз қарасы, киім киісі, сөз әлпеті. Басында баяғы қарқара ақ жаулық. Үстінде мол пішілген бешпет, бүрмелі көйлек, мәсі.
- Е, қарағым, аман келдің бе? Біздер қартаймай қайтелік. Кешегі құрттай сәби сендер де, міне, отызды орталаған азамат болған соң. Өтіп бара жатқан күн деген осы, - деп алды Айсекең бір сәт. Мен білгенде бірсыпыра қариялар мұндай лебіздерін кіреуке мұң араластырып, аздап күңіреніңкіреп айтушы еді. Айсекең керісінше қанағатшылдық қатолы қошуақ сезіммен айтты. Айсекенді мен алғаш рет "Бір шөкім бұлттағы"" Жаңылсынға ұқсатқанмын. Бала күннің эсері - ол жұлқынған қайратты, ділмар кісі болатын. Айырмасы соғыс кезінде Жаңылсын колхозшы да, Айсекең Таушықта көмір шахтасында жасаған деп естігенмін. Бүл кәсіби дағды дегенді қойсаңшы-ау. Сол жерде Айсекеңнен интервью алмақ есебімде жоқ болса да: - Сіздер соғыс жылдары Таушықта болдыңыздар білем. Сіз шахтада жасадыңыз ба? - деген сауалдың тіл ұшына үйіріле қалғаны.
- Иә. шырағым, ондай да күн өткен бастан. Соғыс басталып ер-азаматтың бәрі майданға кеткен соң ауыртпалық әйелдерге түсті. Мен жасымнан қаражұмысқа ысылғанмын. Жас кезім, қайратсыз да емеспін. Сол сеп болды ма шахтаның ішіндегі жұмысқа жіберді. Көмір толы вагонды рельс бойымен сыртқа сүйреп шығарамыз. Жұмыс ауыр. Нормаңды қайткенде де орындауың керек. Әуелі қиналмай орындап жүрдім. Стахановшы атандым. Бірақ жүре бара жағдайым қиындай берді.Аяғым ауыр еді.
Әбіпген кейінгі қызыма. Әбіш ұлдан жалғыз. Одан бұрын бір ұлымыз болып жастай шетінеген. Әкесінің "қайтсең де осы қарғамды қараға жеткіз" деген аманаты бар, жұмыстан қалсам, Әбішімнің қарны ашып қалады-ау деп уайымдаймын. Уайымдайтыным - жұмыста жоқ кісіге паек бермейді. Ақыры ай-күнім жақындап, вагон сүйреп, көмір тиемек түгілі жүріп-тұруым қиындады. Бұл күйімді шахта бастығы Сұлтанкелдиев деген кісі байқап қалыпты. Мені шақырып алып, үкіметтің жүкті әйелдерге демалыс беретін заңының барлығын, еңбекақының, азық-түлік карточкесінің де беріліп тұратынын түсіндірді. Неге ескертпедің деп десятнигімізге де ұрысып жатыр. Қуанғанымнан жылап жіберіппін.
Құдайға шүкір, артынша аман-есен босандым. Әбішімнің артынан қарындасы ерді. Мен шахтада жүргенде үйіміз Таушықта - қазіргі 7-шахта аулының алдындағы қабақтарда еді. Босанғаннан кейін жеңілдеу жұмысқа ауысып, темір жол жөндеуші болдым. Үш ауыздың темір жол өтетін ортаңғы аузының бойына барып қоныстандық. Жаз,ағаш үйдеміз. Қыс жер үйді қыстаймыз. Қиын болуын болды ғой. Шүкір, әйтеуір басымыз аман. Тек азаматымыздың оралмағанын айтпасаң...
Сол жерде менің есіме облыстық архивтен оқыған бір қызықты құжат түсті. Ол аудан басшыларының облысқа жазған хаты.
- Ауданда жұмысшы қолы мүлдем сарқылды. Шахтаны тоқтатпау үшін, балалы әйелдерді де жұмылдырдық. Енді өзге аудандардан жұмыс күшін жібермесеңіздер жағдайымыз мүшкіл, - делінген онда.
Міне, жағдайдың тірі куәсі, сол могикандардың соңғы тұяқтарының бірі Айсекең әжеміз -осы.
Әңгімемен отырып кештің де болғанын білмей қалыппыз. Бір уақытта ішке Әбекең енді, -Біздің жармыштық бір жігіт келген жоқ па? - деп сұрай енді.
- Келді, келді, - деп жатыр әлгінде танысқан Клара жеңгеміз, - апамның қасында әңгімелесіп отыр.
- Қалай, Әбілқайыр, мамам жалықтырмаған шығар. Ауыл адамын көрсе, біздің тілмен айтқанда шабыты шалқып кететіні бар еді ғой.
- Айтпаңыз, Әбеке. Қарық қылды. Баяғы шахтер болған кездің естелігін жебеп отыр еді.
- Жарықтық шахтаның наны да таңдайымызға татып еді-ау, - деді Әбекең. Ол маған да мәлім. "Тырау-тырау тырналар" шығармасынан белгілі. Сондағы ересектер арғы беттегі шахтадағы жұмыстан қайтар кезінде нан ала келетін жолдағы ащы ағар сай әлі жылымшылап ағып жатыр. 7-ші шахта сұлбасы да сақталған.
- Біздің үйдің желкесінде бір шүңкілдек құдық болушы еді. Ауыз суды содан алатынбыз. Қозы-лақта суды содан ішетін. Егер қазір барсам сондағы үйдің жұртын, құдықты дәл табар едім, - деді Әбекең. (Осы сөз жадымда жүрген мен артынан жолымды түсіріп сол маңайға бардым. Қабақтар алдына тас үйлер салынып кетіпті. Ал шүңкілдек құдық орнында ыза жатыр).
- Сол 'Тырау-тырау тырналардағы" жайт өмірден алынған. Қызылшадан көп бала қырылып қалды. Мен де мықтап ауырып тұрдым. Одан бас көтере бергенімізде кезік деген пәлеге жолықтық, - деп Әбекең аяулы балалық шағының естелігін шертіп отыр. - Оның да іздеп тапқаны мен болдым. Бірден қалпақтай түсіп қанша күн ессіз жатқанымды білмеймін. Көзімді ашып алсам, сыртта есік алдында үстінде көк сәтенмен тыстаған көнетоздау жадағайы бар бір қария тұр. Біздің бала ұғымымызда ол кезде ер адам атаулы өңшең бір кәрі-құртаң шал, ақсақ-тоқсақ кембағал болып көрінетін. Өйтпегенде ше, бізге қу тағдыр тепсе темір үзетін көкелерімізді көруді жазбапты ғой... Мына қария ауылда қалған шал-шауқаннан жүзі бөлек, иманжүзді сияқтанып сала берді маған. "Е, әлгі үлкендер айта беретін Құдай деген кісі осы болды-ау" деп ойладым іштей. Ендеше өзі Құдай бола тұрып менің майдандағы бірер жылдан бері хат-хабар бере алмай жатқан көкемді білмеуі мүмкін емес қой" деп ойлап, қасына жүгіріп бардым.
- Құдеке, менің көкемді көрдің бе? Аман ба? - Қария маған жауап беру орнына жылыұшырап қарады да, маңдайымнан сипап, тікесінен тік тұрған күйі көкке ұшып кете барды. Аң-таң қалып жан-жағыма қарасам, мамам жүгіріп келе жатыр екен. Лақты ешкісі бар көрші үйге менің таңдайыма тамызатын сүт әкелуге шығып кеткен болып шықты.
- Мама, мама, мен жаңа Құдай шалды көрдім. - Менің бұл сөзімді естіген соң, мамамның зәресі ұшып кетті. Сірә, маған бірдеңенің шалығы тиді ме деп ойласа керек, ұшықтап, өзінше кәлима қайырып әбігерге түсіп жатыр. Оған да місе тұтпай, екі етек болып көрші шалға жүгірді. Ол да келіп ұшықтап, - Бәйбіше, абыржыма, әлгі шал ұшып кетер алдында маңдайымнан сипады деп тұр ғой. Балаң бақытты болар, - деп басу айтып мамамды сабасына әзер түсірді...
Мен қажының ақтығы, молданың баласы болуым себепті діндарлықтан да ада емеспін. Соныма сайып сәуегейлік айтсам, Әбекеңнің сол жолы маңдайынан сипаған шал тегін шал емес. Қыдыр атаның тап өзі болмағай. Жарықтық еңсесі бүгіліңкіреп қалған елінің жайына қабырғасы қайысып бір кеткен сәтінде біздің жерге де бір ат ізін салмады дейсің бе?! Елдің уәлі аузына ұйысақ, Маңғыстауда Ер Төлеп батырдың әкесі Әнет би. Ескелді Саназар әулие, Әбекеңнің арғы аталары Қожаназар сақи, Тәстемір Назар сақи, Бәйімбет Қыдырша Қыдыр көрген екен деседі. Көріп отырғандай, Қыдыр ата кез келген пендеге көріне бермейді екен. Қиырдың қылаңындай елеп-екшеп барып таңдаудың тұлпардың тұяғындай Әбішке түсуі көкейге қонып-ақ тұр!
Клара жеңгеміздің бапты шайы үстіндегі әсем әңгіме бір сәт әдебиет жайына ойысты.
- "Автомобиль" бәрімізге ұнады. Бірақ кітаптағы нұсқасында Күйеу там, Олжаның қызы, Қалматайға қатысты аңыздың неге түсіп қалғанын түсіне алмадық?
- Баспадағы білгіштердің жасап жүргені. Көлемі көбейіп кетіп бара жатыр дей ме-ау... Әйтеуір, айтар сылтаулары көп. Шынында ол бір әсерлі аңыз еді. Өзіме де қатты ұнайтын.
Әбекеңнің бұл сөзіне қарап мен: "Апыр-ай, асқар Алатаудай Әбекеңе әлімжеттік жасайтын баспа, шын мәнісінде, нағыз монополистер екен-ау", - деп таңғалумен отырдым.
- Өзің көлемді бірдеңе жазып жүрсің бе? Байқаймын, әдеби сынға ебің бар сияқты ғой. Соны қаузаңқырап көрмедің бе? — Әбекең осылай сауал берер-ақ деп шамалағанмын. Мүлт кетпеппін.
- Мен енді журналистпін ғой. Бұл да бір күнделікті газет тірлігінен мойын бұрғызбайтын кәсіп екен. Әзірге нақтылаған жоба, жоспарым жоқ. Сыншылыққа, шынымды айтсам, тәуекелім жете бермейді, - деп мүдіріп қалдым. Сосын қайдан шықсаң одан шық, айтылар сәті осы болар - деп - Әбеке, осы сіздің көп шығармаларыңызда автобиографизм, географизм көбірек шаң беретін сияқты. Қарсы болмасаңыз осылардан бір гәп шертіп байқасам ба деп едім, - деп салдым. Бұл менің көптен ойымда жүрген көкейтесті мәселе еді. Бір бүйірімде жазушының алдынан өтіп рұқсат мезіретін алса ғой шіркін деген арманнан да құр алақан емес едім. Соның ұтырының келген жері осы болды.
- Неге қарсы боламын. Қайта құптаймын. Тіпті, мұны сен жазбағанда, кім жазады? Бәрі таныс өңір. Көкірегіңде сайрап тұр. Ел ішіндесің. Арагідік соғып жадыңдағыны жаңғыртып алып жүрсің. Тіпті, бұл біздің әдебиетте бұрын көтерілмей жүрген соны тақырып. Еңбексіз ештеңе жоқ, біраз еңбектенуіңе де тура келеді.
Әбекеңнің айтқаны келді де тұрды. Содан бері аттай 20 жыл өтті. Осы уақыт ішінде осы тақырып менің маңдай алдымдағы темір қазығым болды да тұрды.
Менің жазушы Әбіш Кекілбаевпен, оның қаламын пір тұтатын оқырман ретінде кездесуім, жүздесуім осылай басталды.
Келесі жазда Әбекең Маңғыстауға келді. Кинотеатрдың үлкен залында облыс мұғалімдеріне қызметкерлерімен кездесу өткізді. Сол кездесу барысын республикалық радионың облыстағы тілшісі Асылтай Мұқажанов магнитофонға жазып отырған. Артынан соны тыңдап, өзімше зерттегенде, бір сырға қанықтым. Әбекең сөзінің ілхамын әуелі ұстазы Мұхаң - Мұхтар Әуезовше сәл кібіртіктеп бастайды екен де сосын төгіліп ала жөнелетін сияқты. Ауызша сөйлемнің өзін бедерлі, мәнерлі, күрделі етіп құрады және қатар үш-төрт сөйлемде бір сөзді екі рет қайталамайды. Әңгіме желісіне орай айту екпіні де бірде баяу, бірде салиқалы, сарабдал, бірден түйдек-түйдек, енді бір сәтінде нақпа-нақ өзгеріп, алуан шырайға еніп отырады. Аудиториямен жұмыс істеу тәсілі өте шебер. Ретті жерінде күлкі шақыратын иірімдерге де әуес. Бір сөзбен айтқанда, жалықтырмайды. Тек тыңдай бергің келеді-ау, тыңдай бергің келеді.
Ал енді Әбекеңнің ашық аспан астында мінберінде тұрып әңгіме саптауы тіпті ғажап екен. Оны да тыңдаудың сәті түскен жері.
Еліміз егемендік алып, қазақ тіліне мәртебе берілген соң бір топ тіл жанашырлары -мұғалім Жиде Жеткізгенова бастаған мәселеге орай басымыз қосыла қалды. Әуезов мектебі, Жамбыл мектебі сияқты біз де облысымызда Әбіш мектебін ашып көрсек деген тоқтамға келістік. Оның алғашқы оқушылары Ақтаудағы орта мектептердің әдебиетке бейімі бар жоғарғы сынып оқушылары болмақ. Ұстаздар тобы да іріктелді. Сәті түскенде бұл бастама жоғарыдан қолдауға ие бола кетіп, қаладағы № 13 орта мектеп жанынан бірер бөлме алдық. Кендеу біреуі Әбіштің шағын музейі ретінде жабдықталды. Сөйтіп, сабақты бастап кеп жібердік. 1992 жылдың қысында мектептің кезекті бір сабағына Әбекеңнің өзі келіп қатысты. Ол сабақ өзінше бір ғылыми теориялық конференция түрінде өтті десек артық айтқандық болмас. Кейіннен "Ә.Кекілбаев прозасы" тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, бірнеше монография жазған Республикада Әбіштанудың негізін қалаушылардың белгілі өкілі, ғалым Жанбибі Дүйсенбаева сол сабақтың негізгі баяндамашыларының бірі еді.
Ертеңінде ертемен сабағымыздың қалғанын далада өткізбек болып, ішімізде Әбекеңнің өзі де бар, сол кездегі облыстық халық ағарту басқармасының бастығы Өмірзақ Озғанбаев бастап, мектептің барша мұғалімдері мен оқушылары болып жолға шықтық. Бағытымыз Кетік - Форт-Шевченко қаласы. Ұзаңқырап барып солға бұрылдық. Ескілікті қамал орнына келдік. "Қарлыбас" деп атайды бұл ескі қамал тұрған таудың тұмсығын. Биік сүйір тұмсық басына салынған биік қоршаулы қамал. Сырт жағынан кірер жалғыз қақпасы ғана бар. Қорғанды жағалай орналасқан атыс ұялары. Төменгі жағы құзар шың. Соған қарағанда бұл кезінде азық-түлігі, құрал-жабдығы алдын-ала дайындалған сыртқы жауға айлап-жылдап қарсы тұруға есеп жасалған мықты бекіністің бірі болғандығында күмән жоқ.
Әбекеңнің "Үркер'" романында қапысын тауып тиген жау қолын көрген сәтте түрікмендер аулының тұсындағы дәл осы тектес қорғандарға қарай жүгіретін жері бар. Мына "Қарлыбас" қорғаны сол көріністі айна-қатесіз еске салады. Менің туған жерім -Жыңғылды сайының бойында Қарақорған, Қызылқорған деген екі дөңгелек таулар бар. Қызылқорған төңірегі шетіліп құлай келе биік шоқыға айналып қалған. Құзар басында сақталып қалған екі тепкішек баспалдағын бала күнімізде талай көрдік.
- Осының басында түрікмендердің тығып кеткен бір табақ алтыны бар екен. Соны алмақ болып Өмірдің Базылбегі шығып көрмекке талаптанып, бір ажалдан қалыпты, - деп аңыздайтын ауылдың үлкендері. Ал Қарақорған үсті жалпақ жазықтық, тау үстіне шығар жалғыз аяқ жолы бар. Мына Қарлыбас та соған ұқсас. Анау Ақмыштың қасындағы Шерқаланың бір көшірмесі іспеттес. Соған қарағанда, "Үркердің'" әлгі жолдары жайдан-жай емес, бұл елдің бағзы бір тарихының бағамын ұқтыру үшін жазылған болып шықты. Сұңғыла Әбекең оны жазбас бұрын, бұл қамалдарға талай рет назарын сала байыппен қараған сияқты.
Содан ол Қарлыбасқа қадам басқан соң, төгіліп берді дейсің келіп. Біз бейне бағзы баяғыға саяхат жасағандай аңырып тыңдап қалыппыз. Бақсақ, Маңғыстау тек аңыздардың, сәулетті ескерткіштердің, әулиелердің ғана емес, қамалдардың да мекені екеніне сонда барып көзіміз жетті.
Сапарымыз онан әрі жалғасты. Таушыққа жете берістегі Даныспан тауының басына шықтық. Ел аузында Даныспан алғаш осы елге мұсылманшылықты алып келген, мешіт ашқан ғұлама, ағартушы, сопы делінеді. Әбекең әңгімесінде сол деректің дұрыстығына, бұл сонау оғыз заманынан қалған ескерткіш екендігіне бажайлап тұрып тоқтады.
Бір кезде бұл жерге Т.Г.Шевченконың да аяғы тигені белгілі. Даныспан мешітінен салған оның тамаша суреті де бар. Шевченко жайлы айтылған тұста оның үзеңгі серігі, тағдырласы, әрі суретші әріптесі Бронислав Залесский есімінің де айтылуы заңды. Әбекең Залесский жөніндегі әңгімесін аяқтай келген сәтінде мен ол кісіге сауал тастадым. Бұл да бір менің көкейімде көптен қордаланып жүрген түйткіл еді. Ол Залесскийдің "Айрақты тауы" деген суреті туралы болатын. Суреттегі Айрақты тауын жұрт Шетпенің қасындағы Айрақты деп түсінеді. Ал Шетпенің қасындағы Айрақты суреттегі кескінге ешқандай да ұқсамайды. Керісінше, ол терістік Қарнаудағы Қайдақпен Өлі Қолтықтың астасқан жеріндегі Айрақты тауын салған. Ол Айрақты - менің баба күлдігім. Сол жерде аталарымның мешіті, тау тасынан салған үй жайының орны әлі сақталған. 1988 жылы арнап барып зиярат қылғанмын. Айрақты тауын да көріп, суреттегісімен салыстырып, оны Залесскийдің тал сол жерден салғанына көз жеткізгенмін. Сонымен Маңғыстауда Айрақты екеу. Оны азсынсаңыз, Залесский Арқа беттегі тағы бір Айрақтының барлығын да жазады. Бірақ менің бұл жаңалығымды кезінде көбік ауыз көп оппоненттер суретті өзіне етене жерге бұрып отыр деп мойындағылары келмеген. Мінеки, енді ғана даулы мәселенің төрелігін алып қалудың реті келген жері осы болды.
- Әбеке, Залесский жазбаларында үш бірдей Айрақтыны айтады. Біреуінің суретін де салған. Сол суреттегі Айрақты қай Айрақты? - Сірә, менің жайымды айтпай-ақ ұға қойды ғой деймін Әбекең күліп жіберді де:
- Сөз жоқ, суреттегі сенің Айрақтың, терістік Қарнаудағы Айрақты, - деді. Осы шағын детальдың өзі-ақ сұңғыла Әбекеңнің Маңғыстауға қатысты әр дерекке шұқшия назар салып, байыппен зерттеп ден қоятынын дәлелдеп тұрғандай еді.
Даныспан басындағы қауым - үлкен қойымдық. Қошқар тас, арқар тас, құлпытастардың да не заманнан бергі әсем үлгілері сақталған Әбекеңнің айтуымен. Олар туралы да біраз сыр шертілді. Даныспаннан түстікке қарай жүрдік. Көп ұзамай бәйкемше қоңыр ойдың ішіндегі Ақмая тауының қасына келіп аялдадық. Бұл да - бір тарихи орын. Атақты Иса-Досан қолы мен патшаның өкілі подполковник Рукин бастаған әскер осы жерде ұрысып, көтерілісшілер жеңіске жеткен.
1900 жылы Россия Бас штабының офицері Гаспар Насибьянец Маңғыстаудың қазба байлықтарын зерттеу мақсатымен келіп, осы Ақмаяны, мына ойды фотосуретке түсіріп, 1901 жылы "Огонек" журналында жариялаған. Одан бері бір ғасырдай уақыт өтсе де, Ақмая да, ой да сол суреттегі қалпынан көп өзгермеген. Жалғыз өзгеріс - мына табан астындағы асфальт жол, электр желілері, мұнай құбырларының желісі.
Бұл жердегі Әбекең айтқан әңгіме - түбектің геологиясы, жер бедері, құрылымы туралы ғана болды. Әдебиетші ғұламаны бейне енді геолог ғұлама алмастырып әкеткендей.
Жерінің бет-бедері таңғалдыратын Маңғыстаудың жер асты құпиясы тіпті таңдайыңды жауыр қылғанша қақтыратын тамаша сыр. Әріге бармай-ақ Қаратауды алыңыз. Ондының тұсындағы оның 555 метр ең биік жерінің пермотриас қабаты 100 шақырым шығыс құбыла Өзенде 1500 метрден арғы тереңдікте. Ал солтүстік-батыстағы 100 шақырым Қаражанбаста 400 метр тереңдікте. Солай шұңғылдана беретін пермотриас, содан Ақтөбе, Орынбордың астасқан тұсында жер бетіне нышанын аңғартып барып тағы әрі сүңгіп кетеді.
Шығыс Қаратаудың Тамдыда таусылған тамтығы жүз шақырымдай шығыстан барып жалғыз жерде шошая қапты. Ол бөлек тау аты - Қарашық. Одан әрі атақты Қарамая Кендірлінің Қарашоқысы. Ал мына Ақмаянық алдындағы Қоңыр жалдың көшірмесі таудың дәл арғы бетіндегі Бекі мен Сәубеттің ортасында жатыр. Қаратау солай біткенде, сыңары Ақтаудың бітім-болмысы тіпті шым-шытырық. Оның сырын тек геология ғылымы ғана түсіндіре алады. Ол ғылымның тереңіне бойлаған Әбекең ғана, оны бізге қазір түсіндіріп тұр. "Бойлаған" деген сөз бұл жерде боямасыз түрде айтылып отырғанын жазушының "Ұйқыдағы арудың оянуын" оқыған адам бірден түсінеді. Онда Әбекең сонау тай жалын тартып мінген шағында, яғни ауылдағы мектептің төртінші сыныбын бітірген жазда геология ғылымының үлкен бір ғұламасы Иван Иванович Боктың өкіл баласындай болып қасына ергенін, айтқандарына зейін қойып жадына түйгенін баяндайтын. Бұл салада Әбіш балаға ұстаздық еткен И.И.Бок та осал адам болмаған. Ол туралы Қазақ Совет Энциклопедиясында мынандай мәліметтерді оқимыз:
"Бок Иван Иванович: (8.10.1898 ж.т., Башк. АССР- індегі Белебей қ-сы)- геолог, пайдалы қазбалар жөніндегі көрнекті маман, геол. - минерология ғылымының докторы, профессор (1943). Қаз. ССР FА-ның академигі, ҚазССР-інің ғылым мен техникаға еңбек сің. қайраткері (1955) Лениндік сыйлықтың лауреаты (1958), 1928ж. Орал ин-тын бітіргеннен кейін, геол. экспедициялардың, партиялардың бастығы болды. Қаз.ССР ҒА-ның Қ.И.Сәтпаев атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді геол. ғылымдар ин-тында 1938 жылдан бері қызмет істейді. Мұнда бейрудалы пайдалы қазбаларға байланысты зерттеулер жүргізіп келеді. 1938 жылдан В.И.Ленин атында. Қазақ политехника ин-тында әуелі доцент, кейін (1948) пайдалы қазбалар кафедрасының профессоры және меңгерушісі болды. Б. 1964 жылдан ҚазССР ҒА-ның әлем және жер жөніндегі ғылымдар бөлімінің академик-секретары міндетін атқарды. Б. - Бүкілодақтық Минералогия коғамының толық (1946) және құрметті (1964) мүшесі. Б-тың жазған 200-дей ғылыми еңбегінің 128-і жарияланды. Олардың ішінде "Агрономические руды" (1965), "Основы рудной геологий" (1970) т.б. монографиялар, кітапшалар бар, Ленин орденімен наградталған".
Міне, Әбекеңе геология әліппесін үйреткен И.И.Бок - осындай керемет тұлға. Бір қызықта қаламгерге өз айтуынша, кезінде И.И.Бок басқарған геологтар тобының Қаратаудағы сәтін іштеріндегі әуесқой бір жігіт кинолентаға түсіріпті. Сосын Алматыға барған соң киножурналға берген. Ішінде Әбіш бала да бар, ол тележурналды көрген куәлар ауылда әлі де баршылық. Онда, әрине, қазіргідей күндегіні күнде көрсететін теледидар жоқ. Одақтағы, республикадағы жаңалықтардың көркем фильм көрсетілер алдында хроника түрінде беріліп тұруы бұлжымас дәстүр еді.
Таушық Әбекеңнің Маңғыстаудағы екінші отаны деуге сыяды. Ес білген шағын осында өткерген ол Ондының 7 жылдық мектебін бітірген соң, 8-сыныпты 9-шының алғашқы тоқсанын да осындағы Шахта орта мектебінде оқыған. 10-шы сыныпты Үштағандағы Ленин орта мектебінде аяқтаған.
Әбекеңнің туысы Лебен Сәдуақасұлының естелігі бойынша жаз басында Гурьевке фестивальға бара жатқан аудан өнерпаздары, көліктері қорапты автомашина жолшыбай Үштағанға соғып Әбішті физика сабағынан емтиханын кейін тапсыратын қылып алып кетеді. Жоғары орынның нұсқауы осылай бопты. Содан Әбіш облыс орталығынан оралған бетінде әлгі физиканы Шахта орта мектебінде тапсырып кәмелеттік аттестатты осы мектептен алады. Кейіннен Әбішке "сен журналист болуың керек'' деп құлағына құйып жүретін физика, математика пәнінің мұғалімі Бектұрған Жұмағазин "Бір ғана емтихан үшін Әбішімнің құжатын Шахта орта мектебіне жібермей, сол емтиханы түскірді өзім-ақ алып, аттестатын қолымнан тапсырмаған екенмін" деп қатты опынып жүріпті.
...Түс кезінде сол Шахта орта мектебіне келдік. Мектеп үйі, әрине, баяғы Әбекеңдер оқыған бір қабатты үш барақтан әлдеқашан осы заманғы сәулетті ғимаратқа көшкен. Соның кең залы лық толды. Ұлы жазушы түлеп ұшқан алтын ұясында тебіреніп бастаған сөзін үлкен тебіреніспен аяқтады. Бір сәт ауыл адамдарымен, шәкірттермен бірге баяғы жетінші Шахтаға қарай бағыттадық. Бұл Таушықтың аудан орталығы кезінде мерекелерде митинг, артынан бәйге өтетін жазық екен.
- Митингінің ажырамас бөлігі ретінде Сәттіғұл ақын домбырамен сол мерекеге, күн көсемдерге арнап шығарған өлеңдерін айтатын, - деп есіне алады Әбекең. "Содан соң, аламан бәйге. Шіркін, Бәйгеторының тұяқтары мына қоңыр жазықты талай төмпештеді-ау, деп мен ойлап үлгіргенше болған жоқ, Әбекең - "Бәйгеторыны" жазған кезде сондағы көріністер көз алдымда тұрды, - дегенді үстеп қойды.
"Тырау-тырау тырналарда" Херосима, Нагасакиге түскен екі атом бомбасының зілзаласы, бомба деген адам ойлап тапқан қырып-жойғыш құралдың қияндағы шахтерлер аулына да түсіп, жазушының бала санасында өшпестей із қалдырғанын төгілте баяндайтын түс бар емес пе. Сол жер - осы. Ол бір Таушықты тас-талқан қылмаса да, тылда үрей, әбігер туғызу үшін, Қап тауынан теңіз асып келген немістің барлаушы самолеті болса керек.
1943 жылы 7 қараша күні теңіз жағалап келіп әуелгі бір бомбаны тар табанды темір жол бойына лақтырған екен, сәті түскенде қиыс түсіп, жайылып тұрған бір тайлақты өлтіргеннен басқа зиян келтірмеген. Екінші бомба тап осы жерге тасталған. Ұшқыш, сірә, мұндағы мұржасынан көк түтіні көлбей ұшқан кірпіш зауытын нысанаға алса керек. Құдай сәтін салып, ол да ауытқи түсіп, орны абажадай апан болып қалыпты.
- Сол бомбаның жасаған аумақты апаны қашан көрсең де, күмпілдеген қара суман толатын да жататын. Содан болар, ел оны "күп" деп атап кетті. Кезінде ішінде мен де бар -ауылдың кәдімгі қарасирақ шиборбай балалары соған жалықпастан шомылатынбыз. Міне, содан біздер жүзуге үйрендік. Сөйтіп, сол "күп" бізді моряк қып шығарды. Әлгі лағып кеп түскен бомбасы түскірдің "шапағатын" біз сөйтіп көрдік, - деп күледі Әбекең. Сол күп әлі де жатыр. Суы да мол. Бірақ қазір оған балалар түспейді. Себебі, ана бір жылдары ауылдың пысықай шаруақорлары қой тоғытып, ластап әбден бүлдірген.
Қазіргі түрінде ол күп емес қоқыс лай су толған шірінді шұңқыр ғана. Бірақ "сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді" дегендей, жұрт оны баяғыша "Күп" атауымен атайды. Тек Әбекеңдер емес, Таушықтың одан кейінгі талай өскіндері осы күпке түсіп, алды жүзіп, арты малтуды үйреніп сауатын ашып "моряк" боп шығыпты. Соның бірі Таушықтың сол уақыттағы әкімі, қазіргі облыстық газеттің белді қызметкері - Рза Оңғарбаев. Мамандығы мұғалім - Рза ақын. Оның мына бір "Күп" атты өлең жолдары сол тарихи орынға арналыпты.
Соғыста сұрқай түрге енді,
Жара көп жердің бетінде.
Бар еді сондай бір белгі,
Біздің ауылдың шетінде.
Арылмас мәңгі күнәдан,
Соғыста бар ма ереже?!
Ауылым менің дін аман,
Сыныпты аз-мұз терезе.
Бос қалып ауыл қорымы,
Қашыпты тауға адам көп.
Бомбаның сол бір орыны,
Қазылып қапты апан боп.
Жанында бар-ды бір бұлақ,
Саясы ед жанның ол тұрған.
Күні-түн ағып, сылдырап,
Шұқырды сумен толтырған.
Шілденің шаңқай түсінде,
Кімің бар жанды күтпеген.
Сол шұқыр елдің ішінде
Бір атақ алды "күп" деген.
Ойнамай қалай тынамыз,
Балалар неге қарасын...
Күп қылып алдық мына біз,
Соғыстың сол бір жарасын.
Сол шұқыр сыйы шамасы,
Ұсынған жаратқанымыз.
Таушықтың бүкіл баласы.
Сол күптің моряктарымыз.
Айнадай жарық ажары,
Әлемде көлдер көп дейді.
Балалығымның базары,
Сол күпке бәрі жетпейді.
Соғыстың ізі - қайғы-мұң...
Сол күп еді бізді түлеткен.
...Алғашқы түскен айдыным,
Өшпессің, сірә, жүректен.
Таушықтың тарихын тауыса алмай, қимай қоштасқан күйі Жыңғылды аулына бет алдық. Ер жігіттің үш жұрты - өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты болса, Жыңғылды Әбекең үшін сол үш жұрттың бірі, яғни қайын жұрты. Жеңгеміз Клара осы ауылдың қызы. Жоспар бойынша, мұнда жазушының аудан оқырмандарының үлкен бір тобымен кездесуі өткізілмек екен. Келсек - мәдениет үйінің алды иін тірескен халық.
Олар Әбекеңді көруі мұң екен, қаумаға алып жамырай, жамыраса амандасып жатты. Наполеон өзінің таңдаулы гвардиясындағы солдаттарының бәрін бес саусақтай біледі деуші еді. Ал біздің Әбекең ол жөнінен Наполеоныңды он орап кетіп жүрмесін, мынау алдында тұрған айғыр топтың біреуін де қақас қалдырып жатқан жоқ. Әрқайсысын түстеп танып, үйдегі, түздегісінің бәрін түгендегі алды-арты орап амандығын сұрап жатты.
Өз ортаңда, оның ішінде өзімсінген ортада сыриған сыпайылық та сақтала бермейді екен ғой. Бұл жолы да солай болды. Бас қосу көп кешікпей етене еме жарқын сұхбатқа айналып жүре берді. Көпшіліктің көңілінде қордалаған сауал да көп. Олар да сауалдарын саумалап іркілместен беріп жатыр. Әбекеңнің де жауабы іркіліссіз, адам қызыққандай жалғасын табуда.
Әбекең осы тұста "Егемен Қазақстан" газетінің бас редакторы болатын. Яғни, мемлекеттік саясатының тұтқасындағы үлкен бір тұлға, қайраткер. Саясат дегеніңіздің қитұрқысы мен кілтипаны көп дүние. Әдетте, соған орай мінбеге шыққан адамды қоян жымына салып сөйлеуге мәжбүр ететін қиянаты да жоқ емес. Ал бұл сапарда Әбекең ондайдан мүлдем аулақ, ада болды. Жауаптары да жалтақсыз. Ащы да болса шындығы айтылды. Арагідік жиналғандарды өзімсіне де сөйледі. Базына артқан астарлы сөзден де құр алақан болған жоқ.
- Жұртым-ау, менің бабам Қожаназардың мыңғырған малын қай милиция, прокуратура, сот бағып берді деп ойлайсыңдар. Ол уақытта бар ұры қазірде де бар. Бақпаған малды қай уақытта да ұрлайды.
Бұл Әбекеңнің "елде мал ұрлығы көбейіп кетті", - деген ағайынға айтқан жауабы.
Залда жазушының бала күннен сыныптас, студент күнінде бір пәтерде түбі түскен ескі диванда бір жамылғыны айқара жамылып, жарты бөлке нанды жарым құрсаққа бөліп жеп нәрем алып өскен досы Ораз Телемгенұлы да отырған еді (бұл екеуінің достығына кейін келеміз.)
Орекең дүнияуи тірліктен сырт орай кісі. Малы түгел. Мал қораның орнын оқумен, біліммен баяғыда-ақ толтырып қойған. Қазір де сонысын нығарлап сықап толтыру қамында жүрген жан. Осындағы мектепте математика пәнінің мұғалімі. Математик болғанмен, жаны әдебиетші. Сондықтан болар оның қойған сұрақтарының көбі әдебиет жайлы, Әбіш творчествосы жөнінде болды және бірінен соң бірін туындатып беріп жатыр, беріп жатыр. Енді бір ретте Орекең:
- Әбіш-ау, осы бірсыпыра сыншылар сенің Әбілқайырыңды сынағыш болып алды. Солар шынымен Әбілқайырды сынап жүр ме, жоқ болмаса Әбілқайырды тілге тиек етіп, сенің өзіңді сынап жүр ме? Сол арасын айтшы, - деп қадалып тұрып алды.
Орекеңнің бұл сауалының да жаны бар еді. Қазақ әдебиетінің сынға жарыған кезі бар ма. Сын дегеніміз әдетте Гогольді тапқан Белинскийше нағыз талантты дөп басып тауып, танып, жалпақ оқырманға таныстырып аларлық сын болуға тиіс. Ал біздегі сынның көбісі мықтағанда жазушы мен оқырман арасындағы ілдебай делдалдықтан аса алмайды. Ал асып кетсе бүйрегі бұрған жазушысының жарапазаншысы. Аңғарған адамға аты озған қаламгерге көзінің итімен қараушы, күндестің сойыл соғары. Шындығына келсек, нағыз талантты нығыртып аяғынан шалудан қара үзіп кете қойғаны шамалы. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың да сыншысы бар, оның ішінде осы соңғы топтағылары да жетіп артылады.
Солардың бір қатарының Әбілқайырдың құлағын шұқып, әлдеқашан жермен жексен болып кеткен оның қабіріне найза сұғып жүргендері де бекер емес. Жалы қарағайдай талант иесі жазушыға өресі жетпеген соң ағаш оғын солай атқылап аттандап жүр.
Басқа-басқа берігіректе өткен Атыраудағы Исатай-Махамбет тойы үстінде аты белгілі әдебиетші ұстаз, профессор лауазымы бар бір ағамыздың алқалы топтың алдына шығып: «Бүкіл қазақты орысқа кіріптар, бодан қылып кеткен Кіші жүз елі. Әбілқайыр елдің сол ыңғайынан шыға алмады», - деп насырға шаптырғанын қайтерсің. Сірә, бұл ағамыз "Үркердегі'' тайға таңба басқандай мына бір жолдарды оқымаған болуы керек. "Қолымдағы қыл тізгінді орыстың тас қорғанының ішінде жайлы төсекте жайғасып отырып алып, қосауыз қара мылтықтың көк сүңгісіне шие байлап тастар болсам, қай қазақ қыңқ ете алады". - Бұл Әбілқайырдың Тевкелев Op өзенінің жағасынан қамал салып алу туралы ұсынысынан соң "қиылған қара мұртының жылтырап қоя беріп" ойлаған түпкі ойы екенін профессор ағамыз тәрк етіп тастаса керек.
Жазушының Орекеңнің сауалына берген жауабы қысқа әрі нұсқа болды да шықты:
- Жұртым-ау, менің жазып жүрген Әбілқайырым Әбілқайыр Спанов емес қой. Сыншымыз деп жүрген ағайындардың тап осыны түсінбей жүргеніңе өзім де таңмын. Ал, Ораз, осы жауапқа қанағаттанасың ба?
- Болды, болды, Әбіш. Қанағаттанғанда қандай, - деп Орекең де күліп жатыр. Әрине, зердесі зерек Орекең де, әлгі сыншылардың алқымына қатқан мәкруді, олардың түпкі ой мен ниетін түсінбейді емес. Әбден түсінеді. Ал қазіргісі көптен көрмеген құрдасын "сойдет" бір малданып қалу есебімен айтып отырған реті.
- Бәрекелді. Сен қанағаттансаң мен де болдым. Әйтпесе қасымдағы серіктеріммен үйіңе барып жауабымды жата жастана берем бе деп тұр едім.
Жиналғандар мәз болысып күлісіп жатыр.
Сол күнгі Жыңғылдыда өткен, ұзақ та болса халыққа келтелеу көрінген Әбішпен болған кездесудің ғибратын жеткізіп айту қиынның қиыны еді.
Келесі жазда "Әбіш мектебінің" жыл қорытындысына арналған сабағын Жиде Жеткізгенова, мен, әдебиетші ұстаз Жанбике Дәрібаева - үшеуіміз Әбекеңнің туған топырағында өткізуді ұйғардық. Тағы да жолдамыз. Бұл жолғы бағытымыз күннің шығысы. Алғашқы аялдамамыз - Тасбас. Онды аулына қарасты жердің шеті. Жазушының анасы Айсәуле шешеміз осы дөңде белі бүгіліп, шотпен талай шөп шалқан. Ана жарлауыт қабақтардың зілмауыр қақпақ тастарын аударып малшының қоржын үйлері мен мал қораларын салған.
"Өткен күзде Тасбастың бер жағындағы қара қабақтан қора салғалы тас аударып жүрген Бәйділ екеуі қотыр тастың жарығына сүйменді салып, басып қалса, бесті биенің төңкерілген сауырынша дөңгеленген қақпақ тастың бөлініп түсе қалғаны. Ұсақтап уатуға қимай, қораның бір жеріне тұтастай қалауды ойлап, сол күйінде арқасына салуы мұң еді, іші-бауыры үзіліп кетердей, қиындықпен межелі жерге әрең жеткізді. Күні бойы іш сарайы алдыртпай жүрді" - "Бір шөкім бұлттағы" осы жолдар маңдай терін бес төккен сол кездегі бейнетқорлардың өмірінен алынған. - 1945-1956 жылдары Тасбаста алғашқы мұнай барлаушылар аулы болды. Әбекеңнің үлкен жездесінің үйі осында тұрды. Бұл -тоғызыншы сыныпты бітіретін жылымыз. Демалысты пайдаланып, Әбіш екеуміз Үштағаннан Тасбастағы апа-жездемізге көрісу үшін жаяулап-жалпылап келгенбіз, - деп Лебен Садуақасов есіне алады.
Тасбастың терістік шығысынан бір қыраң ассаң Мырзайырдың ойы тиіп тұр. Баяғы кәрі сүрлеу жолдың орнына қазір сардиған асфальт жол төселген. Әбекеңнің кіндік қаны тамған қара жұрт - құт мекені де осы жерде болатын. Жидегі де осы сәтті пайдаланып "Ұйқыдағы арудың оянуындағы" Мырзайырға қатысты жолдарды жатқа айтып отырды. Жолдан бұрылып келіп, орны әлі күні бозғылт тартып жатқан үйдің орнын орағыта алқа қотан айнала тұрып асықпай көрдік. Әбекеңе еліктеп, оқушылардың бірсыпырасы ошақ орнына аунап тұрып жатыр.Мырзайырдан шығып Жақанның ("Автомобиль") теңбілкөкпен жортатын жолымен Қалматайдың қара жалына іліктік. Жолаушылардың бәрі жазушының бұл өңір туралы қаламынан шыққан шығармаларымен жақсы таныстығы соншалық, тіпті кей тұстарын жатқа соғады.
Анау Олжаның қызының тамы, Күйеу там, Қалматайдың моласы - бәр-бәріне сырттай таныс.
- Олжаның қызы деп неге аталды екен, ағай? Қыздың өз аты неге қалмаған?
- Ол, сірә, қызды қалыңмалсыз алып, яғни олжалап алғандығы себепті қойылған болар. Қыз құрбан болды. Оның атын білетін күйеу жігіт пен досы Қалматай да өлді. Сосын аты белгісіз боп қалған сияқты ғой. Ал Қалматай есімі сақтаулы, себебі, ол осы жерлік жігіт деседі. Күйеу жігіттің бақилық мекенінің тек "Күйеу там" аталып қалуына қарағанда, ол да жырақтағы елдің жігіті болмасын, - деген болжамға негізделген жауабымызды беріп жатырмыз балаларға.
Онды басында Жәкеңнің баяғы, құрдас сыныптастарымен бүгінде самайларын ақ қырау шалған апа, ағалармен жүздесіп әңгімелестік. - Менің көзімнің ақ сиқасын "қасапшының балтасына жұққан майға" теңегенімен тұрмай, шайқымазақ балалардың бір кездегі шатып-бұтқандарын тағы қайталады. Әбіш мені "Бір шөкім бұлтта" әбден қатырды. Өйтіп жазғаны бар болсын. Онысы үшін Ондыға келген соң сыбағасын мықтап бердім жазушы неменің, - деп Үбәйжан аға өзі де күліп, жұртты да күлдіріп жатыр.
Бір кездегі мектеп үйінің де жұрнағы сақталған. Ауыл ортасындағы зират та бар. Тек Қызылтам ғана жоқ. Жазушының бала күнінде жалаңаяқ қозы-лақ қайырған тау беткейлеріне шықтық. Бұл әулеттен соғыстан аман оралған жалғыз еркек кіндік Мұқыр келгендегі Әбекең үйі отырған жұртқа да ат шалдырдық.
Мұқыр аға Ниязов бүгінде осы ауылда тұрады.. Елдің қадірлі абыз қариясы. Майданнан офицер шенінде оралған соң, аудан көлемінде әр түрлі басшы қызметтерде болды. Бәрінде де абыройлы, жақсылықтың, жаңалықтың жаршысы ретінде танылды. Біздің Жармышта 4-5 жыл кәсіподақ комитетінің төрағасы болғанда үй-үйдің жанына жеміс ағашын отырғыздырып бау-бақша салдырған, әр үйдің ауласында құдық қаздырған осы Мұқаң ағамыз болатын.
- 1957 жыл. Мен онда аудандық комсомолдың хатшысымын, - дейді Мұқаң Әбіш інісі туралы естелігін жебеп: - Ұзақ іс-сапарынан оралып келсем, Әбішім Таушықта жүр. Кәмелеттік аттестатын алыпты. Бағалары "4" пен "5". Менің алдымда ғана аудандық "Еңбек туы" газетіне әдеби қызметкер болып орналасып алыпты. "800 сом айлығым бар" дейді.
- Ау, оқуды қайтесің?
- Әзірге жұмыс істей тұрсам ба деп едім. Артынан көрермін.
- Қой, қарағым. Көрем-мөреміңді, - мен білмеймін деп ал кеп ұрыс. - Уақытты текке өткізбе, сенің қалайда оқуың керек. Жұмыс, газет ешқайда қашпайды - деген ақылдарымды айттым. Әбіш құп алды. Газет редакторы Халел Сұлтанкелдиев көңіл тату, досжар інім еді. Соған барып жағдайды айтып, Әбішті жұмыстан шығарып алдым. Ол уақытта Таушықтан Алматыға жетудің өзі ақырет. Облыс орталығы Гурьевтен поезбен Қандағаштан ауысып мініп, әлденеше күн жүресің. Таушықпен екі араға қатынас одан да қиын. "АН-2" почта самолеті анда-санда бір ұшады. Ал уақыт болса тығыз. Сөйтіп, мен сасып жүрсем, Әбішім әлі паспорт алмаған болып шықты. Ол уақыттың заңында колхозшыға паспорт берілмейді. Колхозшының баласы да колхозшы болып саналады. Қысқасы, ауыл баласына паспорт алу оңай шаруа емес. Екі өкпемді қолыма алып, аудандық милицияның бастығы майор Хию Серікбаев деген досыма келдім. Сау болғыр, Хию сөзге келген жоқ, паспортты сол күні дайын етіп, Әбіштің қолына ұстатты. Ертесіне көліктің де сәті түсе кетіп, жолаушымды үһ деп жолға салып демімді бір алдым. Өйтпегенде ше, біздер отыздың ойраны, одан соң соғыс деп жүріп білім ала алмадық. Қарап отырсам, әулетімізден білімнің үлкен жолына талпынған, үміт күттірген, алғашқы балапан- қарлығашымыз осы Әбіш болатын. Осының бәрін ойға алып, Әбіш аттанып кеткен күні жолына бір боз марқаны шалып, жаратқанға іштей ниетімді білдірдім. Ата-баба рухына ілтипатымды бағыштаған болдым. Ауданның дырдай басшысының бірі ретінде атым бар. Сонда да тілегімді іштей тілеп, білген апхам-құлқуалламды іштей айтып, ашылып шашылған себебімді қонақтарымнан әлдебір себепті айтып көлкештегенім бар. Тек Хиюға ғана сырымның ұшығын шығардым. Оным орынды сақтық, егер менің садақа шалғаным білінсе партбилетіммен қоштастым, қос қолың алдыңа сыймай далада қала барасың деген сөз, - дейді Мұхаң ағынан жарылып.
Сөйтіп, Ондыдағы сабақ та сәтімен өтті.
"Әбіш мектебі" ізсіз қалған жоқ. Ол үлкен игіліктің басы болды. Ол мектептің оқушыларының көбі жоғары оқу орындарына түсті. Іштерінде тіл-әдебиетті, Әбіш салған жолды таңдағандары да жоқ емес. Басқа мамандықты қалағандары да әдебиет пен өнерге деген ынта-ықыласын жоғалтпай жүр. Сол мектептің бір ұстазы Жанбибі Дүйсенбаеваға тоқтала кеткен дұрыс.
Жанбибі - Шетпе орта мектебінің түлегі. Мектептен соң Абай атындағы педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін үздік бітірген мұғалім. Соңғы жылдарда Ақтаудағы №20 орта мектепте әдебиет пәнінің ұстазы. Таңдаған тақырыбы - "Ә.Кекілбаев прозасындағы халықтық аңыздар және көркемдік шешім". Өте күрделі, қиын тақырып. Қажет тақырып. Бұған дейін Әбекең шығармасы бойынша кандидаттық, оның да біреуі тілден қорғалғанын қаперге алсақ, қарындасымыздың тәуекеліне сүйсінуге әбден болады. "Ғылым инемен құдық қазғандай"'. деген сөздің ақиқаттығына осы Жанбибінің ізденісіне куә бола жүріп тағы бір көз жеткізгендей болдық. "Күйдің" сарынын қуып, Оңтүстік Маңғыстау, Қаңпақтының дөңін ерсілі-қарсылы бір шарлап өтіпті. Жай шарлаған жоқ, фото, киноаппараты, диктофоны, қағаз, қаламы - бір сөзбен айтқанда, зерттеушіге керекті бар асай-мүсейін арқалай жүріп шарлапты.
Сондай-ақ, "'Шыңыраудың'" ізіне түсіп арғы-бергі Үстіртті тағы кезген. Автомобильмен Жақан жүрген ала дөңді де аз шарлаған жоқ. Аданың аралын адақтады. "Қазаққа болсын демейтін" Көкбөрінің моласын түсірген фото, кинопленкасының ағарып кетіп, пұшайман қылғаны тағы бар.
Еңсеп образына негіз болған Қараш Бейнеубай құдықшы туралы дерек іздеп табанынан таусылып жүргенде, сол Бейнеубайдың журналист немересі Есбергеннің көп жылдан бері көршісі болып беймағлұм жүргенінің өзі бір қызықты хикая. Оның бұл Одиссеясына қаныққан Әбіш ағасының өзі "сен Маңғыстауды табандап зерттеуге келгенде, Андрусовтың өзінен де өттің", - деп әділ бағасын бергені бар.
1999 жылдың жазға салым кезі. Жанбибі де жұмысын аяқтай келген. Ендігі бітпей тұрғаны бірер мәселе. Ол Әбекеңе байланысты сауалдар, соның сәтіне қарай берілетін жауабына қарап тұрған сыңайлы. Диссертацияның қорғатуға мүдделі жетекші ғалым, профессор Серік Мақпыров ағасы болса талабын қойып жатыр. Әбекең Астанада. Хабарласу қиын. Арқандаулы аттай мұғалімге қапелімде бара қою да оңай емес. Оның үстіне балалардың оқуы, емтиханы дегені тағы бар. Жұмыс орнының жібермейтіні өз алдына. Бәрі де ештеме емес-ау, етектен тартып отырған үйдегі екі кішкентайды қайтерсің. Өзі жалғызілікті (балалардың әкесі бақилық болған.) Астанаға бара қалған күнде ағасымен кездесе ала ма, оның бос уақыты бола ма - ол өз алдына бір мәселе.
Солай қым-қуыт іспен қиналған күннің бірінде ол маған келді. Қайтпек керек? Мен де қапелімде ақыл бере алмай отырып қалдым. Ақыры он ойланып, жүз толғанып келіп Әбекеңе деген сауалды факспен жіберуге ақыл қостым.
- Ойбай, ағаның уақыты бола ма, ыңғайсыз емес пе, аға?!
- Ыңғайсыз екені ыңғайсыз. Қарапайым, қатардағы да кісі емес. Мемлекетіміздегі үшінші тұлға. Қазақстан республикасының мемлекеттік хатшысы! Оған факс жіберіп мазалау дегенің...
- Ал енді одан басқа амалымыз да жоқ. Не де болса тәуекелге осылай барамыз.
Мен білген Әбіш Кекілбаев - ұлы адам. Ал ұлылар қашанда кішік болған. Әбекең ұлы болмастан бұрын да кішіпейіл адам ретінде танылған. Сол табиғи қалпынан өзгере қалу оған жат. Сенің жағдайыңды түсінеді, - деп Жанбибіні сабасына түсірдім. Солай етуге келістік. Сөйтсек ол да, мен де Әбекеңнің факсын білмейді екенбіз. Ол тығырықтан оңай шықтық. Республика мәжілісіндегі қызметкер Нұржау Көшербаев інімізге жағдайды телефонмен түсіндіріп, Әбекеңнің көмекшісіне табыс етуді сұрап, факсты жібердік. Арада үш күн өтті. Төртінші күні Әбекеңнің жауап факсы келіп тұр. Сұрақтарға толық жауап беріпті. Артына дүғай-дұғай сәлемін айтып, жауапты жұмыс басты болып сәл кешіктіріп алғанына ғафу өтініп, "тағы да сауал болып жатса қысылмай-қымтырылмай хабарласуға болады" деп факсын көрсетіп жіберіпті. Жұмысқа сәттілік тілеген лебізі тағы бар. Кішілік, кішіпейілділік, адами түсіністік, тілектестік болса осындай-ақ болсын!!! Қазіргі әлемдегі бар мемлекеттердің мемлекеттік хатшысының Әбіш Кекілбаевтан басқа қарапайым адамның бір тілегіне осыншама ілтипат танытып жатқандары, құдай деп айтайын, жоқ шығар! Әлгі факс хаттан соң Жанбибі қарындасымыз қанаттанып кетті. Диссертациясын Алматыда ғылыми кеңесте өте жақсы қорғап шықты.
"Әбіш Кекілбаев прозасы" атты көлемі 10 баспатабақ монографиясын "Мирас" баспасынан шығарды. Оны азсынсаңыз, Әбіш ағасымен арадағы үнтаспаға жазылған сұхбатын жеке кітапша етіп тағы шығарды. Еңбектің жанғаны деген - осы! Жанбибі қазір, "Ә.Кекілбаев шығармаларындағы тарихи тұлға және көркемдік жинақтау" тақырыбында 10 жылдың үстінде жазған докторлық диссертациясын тәмамдау үстінде...
Жыңғылдылық мұғалім Ораз Телемгенов Әбекеңнің қанды көйлек досы деп едік қой алдында. Енді сол туралы.
Орекең екеуміз бір ауылданбыз. Бірнеше жыл көрші отырдық. Ағайындығымыздың үстіне екеуміздің шеше жағынан туыстығымыз және бар. Оның мамасы Дина - менің нағашы апам, мамамның жақын сіңлісі. Әрі Орекең менің ұстазым да болған кісі. 1962 жылы Қазақ университетінің математика факультетін үздік бітірген соң, Жармыш сегіз жылдық мектебіне келіп мұғалім болды. Біздің ауылдан алғаш университет білімін алған екінші адам. Алматыда Ғылым академиясында ғылыми қызметкер қылып жұмысқа қалдырған жерінен жанұя жағдайымен елге келгенінен хабардармыз. Жанұясы ауыр жағдайда. Әкесі Телемген (Әбекеңнін әкесі Кекілбай марқұммен майданға бірге аттанған. Қалмақ даласындағы ұрыста бір болған) можабай қарт кісі. Динекең де пайғамбар жасын әлдеқашан артқа салған әрі дімкәс, қарындасы Ағзия менімен құрдас, сыныптас. Жеңгесі Қала бір жыл бұрын қайтыс болған. Артында екі бала қалды. Үлкені Қағаз сол жылы мектепке барды. Шегебай - ойын баласы. Ағасы Мырзагүл - бойдақ. Ата кәсібі шопандықтан қол үзе алмай жүрді.
Орекең - Үштаған мектебінің түлегі. Сонда Әбішпен интернатта бірге бір бөлмеде жатыпты.
- Әбіш жақсы оқыды. Әсіресе тілге, орыс тіліне жақсы болатын, - дейді Орекең сол кезді есіне алып, - "Бірде комсомол жиналысын орыс тілінде өткізіп көрсек қайтеді. Сөйтіп, тіл үйренбесек ертең жоғарғы оқу орнында қиындық көреміз" дегені де бар. Әңгімені түбін түсіріп айтады. Білмейтіні жоқ. Ал енді қалған тірлікте нағыз Мырқымбайдың өзі. Бала болып ойнамайды. Бірде балалар болып футбол ойнадық. Басқа адамның реті болмаған соң, "ала өкпе болып доп қумайтын құбақан тыныш тірлік қой осы саған лайық" деп үгіттеп, Әбішті қақпашы қылып қойғанбыз. Жетістірді әбден. Бұл сабаз қиялай соғылған доп түгілі тура домалап алдына барған доптың өзін ұстай алмай, екі аяғының арасынан өткізіп алып аңырайып тұрып алды. Сол жүргенде бірдемені ойлаумен жүреді. Сөйтіп, Әбіштің қақпашылық мансабы бір таймға да жетпей-ақ бітіп тынды. Турникке асылу ол үшін қияметтің азабы. Бөкседен демеушісі болмаса, оның иегі ғұмыры белдік темірге жеткен емес. Волейбол командасында қанша ойыншы болатынын білместен әлі келеді. Еңбек сабағына да солай. Оның медалист бола алмаған негізгі себебінің өзі де осыларда деп білгенің жөн.
- Екеуіңіз Алматыға бірге келіпсіздер ғой, - деймін мен әңгімені ұштап.
- Иә, мен университеттің математика, ал Әбіш филология факультетіне түсті. Жатақханада орын жоқ. Пәтер жалдадық. Әуелі, Мұхтар Мағауин бізбен бірге жатты да артынан басқа пәтерге шығып кетті. Екеуміз қалдық.
Арттан келер көмек жоқ. Бар сенгеніміз - стипендия. Ол да көп емес. Көп болмағанмен тартып ұстасаң жетер еді. Бірақ Әбіш - кедейдің жомарты. Қарны қабысып жүріп қарыз бергіш. Онысы қайтып жарымайды. Кетеуіміз кеткен күндердің бірінде "Вагоннан сексеуіл түсіріп табыс табайық? десем "Қазақтың болашақ ұлы жазушысы вагоннан сексеуіл түсіріп жатса, жаныңа жағар ма еді", - деп шіренеді. Қолы оқудан қалт етсе пырылдап ұйқыны соғады. Ұйқышыл-ақ. Таңертең сабаққа жұлқылап зорға оятам. Соның өзінде: "Болашақ қазақ әдебиетінің классигі үшін қажеті шамалы – деп, кей сабақтарға бармай қалатынды шығарды. Білім – кітапханада, - деп пәлсапа сотый кітапханаға баруға пейілдірек.
Төртінші курста біз үшін қуанышты бір жағдай болды. Ойламаған жерден Әбіштің үйінен хат келді. Мамасы "қара биені сойып жіліктеп сатып ақшасын жібергелі жатырмын. Көп ұзамай барып қалар", - депті. Қуанып кеттік. Жыртық иін жүдеулеу күн кешеміз. Содан қорынып ересек студенттер болсақ та той-томалақ кештерге бара алмай, қыз-қырқынға батып қырындай алмай жүретінбіз. Қыз-қырқын демекші. Әбіш ол жатына тіпті қырсыз болып шықты. Әуелі үйірілудей-ақ үйірілген қызы құртыр жігітіміздің қызға айтылар лебіз орнына Шекспир, Ги де Мопассан, Толстой. Буниндерін айтып, құлағын сарсылтқан соң қашып құтылғандай болады-ау деймін. Әйтеуір қасына қыздар көп аялдағыш емес.
Бірде жігіттер болып ортаға алып, өзімізше ақыл үйретіп, әдістемелік нұсқау беріп отырсақ, жігітіміз қалғып отыр екен. Сосын қолды бір-ақ сілтегенбіз. Сөйтіп, Әбекеңді қызы жоқ, бойдақтардың санатына қостық. Сол күні қызбен қош айтыса отырып, қара биенің кележақ ақшасына жоспар жасадық. Әуелі, ел қатарлы киінбек болдық. Сосын ресторанға апаратын достарымыздың тізімін жасадық. Тағысын тағылармен бұл шаруаның да басын қайырып тастадық. Бір күні сабақтан келсем-Әбіш жоқ. Ертеңіне де жоқ. Балаларға хабарлассам, кеше жатақханада думандатып жүрген деседі. Ішім қылп ете қалды. Қара бие "қайтадан пышаққа" ілінбесе игі еді дедім. Соның ертесіне сабақтан оралсам, Әбішім үрпі-түрпі болып киімшең күйде төсекте сұлап, ұйқыны соғып жатыр. Қалтасын қарасам - мыж-мыж бір үштік, сосын бір уыс тиын жүр. Бәрін алдым да асханаға барып біріншімен қосып, екі екіншіні соғып алып сықап бір тойдым. "Жарлының шала байығаны" осы деп, қалғанына бір бөтелке шарап алып оны да қылғыттым да мен де келіп ұйқыны соқтым. Ертеңгісін Әбіш менен бұрын тұрды. Күйбең-күйбең етіп кіріп-шығып жүр. Мен де тұрдым.
- Иә, бие қайда? - деймін.
Әбішім міңгір-сіңгір етеді. Артынан білсем, әркімге қарызға үлестіріп үлгіріпті. Ол қарыз енді қайтып келмейді деп едім - солай болды да шықты.
Міне, біздің студенттік күндеріміз осылай өтті. Соңғы курста жағдайымыз түзелді. Әбіштің тасы өрге домалады. Алдымен Мұхаңның - Мұхтар Әуезовтың мақтауына ілікті. Мерзімді баспасөзге белсенділікпен араласа бастады. "Қазақ әдебиетіне"' жұмысқа орналасты. Оның алған жалақысы мен менің стипендиям екеумізге артығымен жетеді. Сол жылы Оразбек Сәрсенбаев денсаулығында ақаулық болып стипендияға ілікпей қалған. Әбіш стипендиясын ай сайын соған беріп тұрды. Оразбек келіспеп еді. Әбіш қоярда қоймай көндірді. Міне, біздің Әбіш дос десе қон етін кесіп беруге бар, сондай мәрт еді... Оразбек Сәрсенбаев кейіннен қазақтың белгілі жазушысы болғаны мәлім. Әбіш досы туралы жазған мақаласының бірінде "Оны М.Әуезовтың өзі тап басып танып, келешегіне көп үміт артты" деген. Оразбектің бұл пікірі Мұхамеджан Қаратаев ағамызға ұнамай қалғаны да құпия емес. Мұхаң кезекті бір мақаласында Әбіш туралы айта келіп, "мен де осы бір жастың ертеңіне үмітсіз емеспін" деп жаймашуақтай келіп, сонша тесіліп мақтап не керек деп Оразбекті де келістіріп сүйкеп өткен. Ол кезде азуын айға білеген М.Қаратаевқа қарсы шығып мәмпаха таппасы белгілі - Оразбек те "бұйырғаны болар" деп үнсіз қала берген.
Ал Мұхтар Әуезовтің Әбішке қатты ілтипат танытқанын әр жерде әркімдер жазып жүр. Ол - шындық.
Мен ол жазылғандарды қайталап жатпай-ақ осы жерде ол жайттың куәгері профессор Тауман Амандосовтың естелігін келтіре кеткенді жөн көріп отырмын. Таукең марқұм -қазақ журналистикасы абыздарының бірі, бәріміздің сүйікті ұстазымыз (менің диплом жұмысыма жетекші болған), Әбекеңдер оқыған кезде филология факультетінің деканы болған-ды. Таукеңнің маған 1979 жылдың жазында айтқан ол естелігі - мынау:
- Мұхаң бір күні деканатқа лекциясынан тым көңілді оралды. Сөйлей кірді: "Осы ана төртінші курстағы Маңғыстаудан келген қара бала бар-ау. Айтпады демеңдер, сол бала түбінде классик болады.
- Ой, Мұха-ай, - деді не де болса тура айтатын, тіпті Мұхаңнан да қаймықпайтын тік мінезді доцент Орынбасар Төлегенов. - Ол қара балаң әлгі Әбіш Кекілбаев болар. Менде оның бірінші курстан қалған «хвостысы» бар. Әлі тапсырмай жүр. - Өзің білесің
Орекең ағаңды, тіл маманы ғой. Ол уақытта да қатты талапкер болатын. Мұхаң қапелімде тосылып қалғанмен іле ойын жинақтап жүзіне күлкі үйіріліп, - Пәлі-ай, Орынбасар, грамматиканы білмей де жазушы болуға болмай ма? Сәбит, кәдімгі Сәбит Мұқанов ше, сол грамматикадан түк білмейді емес пе, - деді. Бәріміз ду күлдік. Орекең де шыдай алмай күліп жіберді. Декан ретінде маған мәлім, жалпы Мұхаң Әбішті өте жақсы көрді. Талантты ерте таныды. Егер Мұхаңдар ортамызда болыңқырағанда, Әбіш тіпті танылыңқырар еді.
Әбекеңнің университет қабырғасында өте жақын сыйлас, сырлас, жеделдес ағасы болған -Қабиболла Сыдиықов. Қабекең университеттен бұрын педучилище бітірген, бір жыл мектепте істеген өмір тәжірибесі бар және жоғары курста оқиды. Ақын. Ғалым болуға талаптанып жүрген ізденімпаз. Ауыз әдебиетінің білімпазы, университет қабырғасындағы әдебиет бірлестігі жетекшілерінің бірі. Білімге сусап келген Әбішті баулып, ақыл-кеңес берушілердің ішінде ол да бар. Қазір Республикамыздағы ғұлама ғалымдардың бірінен саналатын ғалым, жазушы, публицист, ақын. Марқұм Қабеңнің шапағатын өзіміз де бір кісідей көре қалдық.
Менің өзімнің елімнің үш дара бәйтерегі деп санайтын үш тұлға - Әбекең, Қабең, Фариза туралы айтқан мынандай бір сөзім бар: Әбіш - замандастарына тірі кемеңгерді көру бақытын сыйлаған тұлға, Қабең қазақтың эталоны, қазақтың бағы жанса ол - Қабең сияқты ұлдарының барлығы, соры болса, осындай ұлдарының аздығы. Фариза - қазақтың рухани майданындағы Жанна Дарк! Бұл көлгірсіп айтқаным емес, шын көңілім. Бағам.
Сол Қабең "Маңғыстау" энциклопедиясында Әбіш творчествосына "Оның аңыз тәріздес шығармалар шоғыры мен сезімнің жаңа бір қалыпқа - байырғы ұлттық эстетика мен жиырмасыншы ғасырдың интеллектуалдық парасат үрдісінің тоғысып, синтезделген сипатын танытады. Шығармаларынан Акутагава, Ясунари,Кавабатада кездесетін шығыстық желі еседі" деп жазды. Фариза апам да Әбекең творчествосы туралы қалам тербегенде жібектей есілген бып-биязы. Әбекеңе "ашуы жүрмейді", ақырғаны өтпейді. Фариза құрдасына Әбекең де пейілді. "Бәдәуилердің көнтерлі түйесі секілді тұрған жері тұнған қайрат пен жігер" деп сырттай сүйсініп отырғаны.
Қабең университет бітірген соң елге ұстаз болып кетті. Араға жыл салып Әбекең де оқуын бітірді.
- Әбіштің алдында екі таңдау тұрды, - деп еске алады досы Ораз. - бірі ауылға барып өмірге етене араласу. Анасы жалғыз бас. Жалғызымның қызығын көрсем, келін түсіріп, немере сүйсем деген арманының да орындалар шағы туды. "Ауылда жүріп, қоңырқай тірлік кешіп, творчествомен алаңсыз айналыссам. Қоң жинасам. Алматыға содан соң оралсам'" деген ой өзіне де шетін емес.
Мен оның ауылға кетуіне үзілді-кесілді қарсы болдым. Ондағым - Әбіш ат маңдайын елге бұрып кетсе, астанадағы белсенді өмір керуенінен сырт орай қалар деп қорыққандық. Әбіш солай екіұдай күй кешіп жүрген күннің бірінде ақын досымыздың бірінің келе қалғаны. Ол кезде балалар ақыны ретінде танылып қалған ол бүгінде белгілі қаламгep.
- Ауылға барсаң бар. Онда бір үш жыл болып улы, шулы ортадан жырақ алаңсыз ортада жазып, оқығаныңды саралап тоқысаң, сөйтіп бізге жетеқабыл багажбен оралсаң аз олжа емес, - деп ақыл айтты ол дос.
Әбіш өте намысшыл болатын. Мен аңғарып қалдым. Ақын достың "бізге жетеқабыл багажбен ораласың" дегені жүрегінің басына шық ете түсті ғой деймін, тегі. Ертесіне Алматыда қалатын боп шешті. Мен боқшамды арқалап ауыл қайдасың деп тарттым.
Орекең сонда Әбіш досы екеуінің студенттік күндерінің жәдігері - бір фотосурет альбомын ала келген екен. Содан бері сандығының түбінде көзінің қарашығындай сақтап келіпті. Әбекеңнің 60 жылдығы қарсаңында ғана жарыққа шығарды. Орекеңдегі ол қымбат қазынаның алғашқы куәгерлерінің бірі өзім болғанымды ғанибеттің ғанибеті деп білем.
Әбекең содан "Лениншіл жас" газетінде бөлім меңгерушісі. Бұл сол уақыттағы ең беделді басылым, көп тараған басылым. "Социалистік Қазақстанды" партиялық газет деп қаншама мүйізін қарағайдай қылғанмен, жастар газеті баршаға етене. "Лениншіл жаста" сол тұста журналист Маршал Әбдіхалықов та болды. Маңғыстаудың Маңғыстау болғалы алғаш республикалық белді басылымда екі бірдей перзентінің қатар қалам сермегені сол жылдар. Баспасөз бетінде көп көрінгені де сол тұс.
Үлкен газет беттерінде Маңғыстау туралы жазылуы ол уақытта маңғыстаулықтар үшін үлкен оқиға еді. Ол, тіпті, оқылмай, талқыланбай қалмайды дерлік еді. Өтпегенде ше, қияндағы түбекке арнап ат ізін салатын сирек. Әлдеқалай құдай айдап астанадан концерт бригадасының келуі жыл бойы айтып жүретін қырғын әңгіме. Сондағы келетіндердің дені өңшең зейнетке шыққан кемпір, шал-шауқан әншілер. Біз білгенде Ғарифолла Құрманғалиев Маңғыстауға 1961 жылдың жазында алғаш рет келіп, Үстіртте өткен шопандар тойынан қайтты. Руханият жағымыз осылай болғанда қалған жағымыздың да қарқалләзи болып тұрғаны шамалы. Гагаринді енді біліп жатқан ел космосты тек аспанның ар жағы деп ұғады. Сол тұста ел арасына кең тарап кеткен:
Жұрттың майоры жерді айналып ұшып жүр.
Біздің майор үйді айналып құсып жүр, - деген сөз тіркестері де болған. "Аспан айналған майор", сірә, Гагарин. Ал "Үй айналған майоры" біздің ауданның милициясы деп айтушы еді. Таңға дейін созылған көңілді отырыстан соң ағаш үйді айналып кетсе керек. Әдемі сөздің авторы атақты айтқыш жергілікті ақын Ғиззат Әбілтаев болатын.
Дәл сол жылы Өзен мен Жетібайдан мұнай табылды. Қыр елінің көбі мұнайдың атын естігені болмаса, көзі көрмепті. Ауылдағы көзі ашық білем деген мұғалім Шәуенов соны былай деп түсіндірер еді: - Мұнай қою қарасұйық. Майлақы. Қарапайым тілмен айтсақ, жердің жарасының іріңі. Соны бүлк еткізіп бір қайнатып алғаның -бензин, екінші қайнатқаның - керосин, солярка сөйтіп-сөйтіп кете береді. Ең қоюы - аптол, қазан түбіндегі қаспағы - солидол. Осы жауап сауалшыларды бек қанағаттандырып жүрді.
Енді бір сәт сөзді құжатқа беріп көрелік. Бұл сол уақытта Госплан басшысы, Қазақстанның мәдениет министрі де болған, елдің белгілі азаматы Ілияс Омаровтың ауданның бірінші хатшысы Төлеген Қағазовқа жазған хаты. Оны мен Төкең марқұмның жеке архивінен алдым. Сөз ыңғайына қарағанда, ол Т.Қағазовтың "Қазақ әдебиетінде" жарияланған мақаласына орай жазылған. Төкең мақаласы шыққанда Әбекең сол газетте қызметкер. Демек, соның араласуымен, сұранысымен жазылған. Хат "Қазақ әдебиетінің'" фирмалық конвертіне салынып адресі Әбіш қолымен жазылған. 60-шы жылдардағы ел жағдайынан біраз хабардар ететін құжат болуы себепті хатты сол күйі авторының жазу емлесін, тыныс белгілерін сақтап беріп отырмын.
Қадірлі. Қағазов жолдас!
Сіздің ""Қазақ әдебиеті" газетінде жарияланған "Жаңа арна" атты мақалаңызды зор ынтамен оқып шықтым. Жол-жөнекей жазыла салатын жайдақ мақала емес, ішінде ой бар, келешекке ұмтылу бар, істің тетігін білетін адамның қолынан шыққан шебер еңбек сияқты көрінді маған. Қазақстанды шаршылай кезіп жүргенде бармаған жерлерім көп емес, соның бірі - Маңғыстау. Үстіртті көп аралаған менің бір досым Армия генералы И.Е.Петров марқұм көптеген қызықты әңгімелер айтып еді. Әсіресе, ен даладағы шыңырау құдықтар, өте шебер салынған мазарлар, ағашсыз салынған күмбез сарайларды суреттеп адайлардың шеберлік қасиеттерін сөз ететін еді. Талай рет Маңғыстау жерін көруге ынтықсам да сәті бір түспеді. Мақалаңызда шаруашылық мәселелерінің негіздісі айтылып, келешегі болжалған көрінеді, аздаған мәдениет көріністері де бар екен. Ал, маған осы хаты жазуға түрткі болған бір жағдай болып отыр оны төменде баяндаймын.
Алдымен, осы хатты ресми түрде жазбай отырғанымның мәнісін айта кетейін. Біріншіден, сізді көптен бері қызмет бабыңыздан сол елдің қоғам қайраткерлерінің бірі деп білемін, екіншіден ресми түрде айтам деген нәрселер көптеген жолдамалардың бірі болып қала береді, онша өтімді болмайды. Айтайын деп отырған мәселем сіздерге жаңалық болмаса да, үлкен ынтаны керек етеді.
Ал енді тақырыпқа көшейін - бұл денсаулық сақтау мәселесі. Біздегі деректер бойынша ауыл мәдениетінде бұрынғы көшпелі тұрмыстың қалдықтары әлі көп көрінеді. Өзіңіз жазғандай, бүгінгі ауыл кешегі емес, бүгінгі малшы кешегі емес. Мәдениет шұғыласы қамтымаған түкпір біздің елімізде жоқ қой. Солай болса көне заманның көптеген салқыншақтарын неге сүйрете береміз? Мәдениетке күрт көшу, жаңалыққа бой ұруды қаттырақ неге қолға алмайсыздар? Ел тұрмысына, әр еңбекшінің үй тұрмысына көздеріңізді неге салмайсыздар? Адамды ойлау, оның мәдениетін, бағытын ойлау біздің бірден-бір парызымыз емес пе? Былтыр сіздің ауданға барып келген дәрігерлер тұрмыс көрінісін былай суреттеді:
Шаруалардың негізі әлі де жерде отырады, көрпе аяқ астында, жастық жантайғанның қарында, үй болса аласа, форточка жоқ, еденде жатқан текемет қағылып-соғылмайды. Қазақтың ауыз үйде малдың төлін ұстайтын әдеті тағы бар... Бұған тамақты бір табақтан қолмен жеуді қоссақ, адам басына ауруды өзіміз тілеп алғандай болмаймыз ба?Осылардың көбін әдеп-ғұрып деп түсінеміз. Бұл үлкен қателік. Әдет-ғұрып деген нәрсе де бір орында тұрмайды, заман ыңғайына қарай өзгереді. Көшпелі тұрмыстың әдеті бүгінгіге жат. Уақытының көбі ат үстінде өтетін қазаққа бір мерзім аяғын созып төр алдында жату керек болған шығар, ал сол созылудың бүгінге керегі не?
Жақсы үй керек, стол керек, форточка керек, простыня, пододьяльник, наволочка керек. Тамақ пісіретін жақсы пеш керек.
Осылардың бәрі болу үшін, партия ұйымдарының көз қиығы халық тұрмысына көбірек түсу керек. Айтылып отырған шаралар айтуға ғана жеңіл. Жең сыбанып кіріссе, көпке созылатын үлкен жұмыс, бірақ аса керекті жұмыс. Бұл жөнінде реніштік, қарсылық қарғыс айтушылар да болар (әсіресе, шал-кемпірлер) Оған қарасақ алға баса алмаймыз. Ілгеріге ұмтылу керек, ел болу керек!
Сіздің ауданда туберкулез көп. Бұл апатқа көптеген шаралар қолдану керек.
Мен жақында Москвада болып, Микоян ақсақалмен жолықтым. Әңгіме туберкулезбен күресу жөнінде болды. Сол кісінің айтқан біраз ақылдарын сізге жазып жіберуді жөн көрдім:
1) Ауруға шалдыққан балаларды сақтау керек. Ол үшін әдейілеп ауру балаларға арналған сәбилер үйін (ясли), балалар бақшасын ашу керек,.
2) мектеп жасындағы балаларды школ-интернатқа жинап емдеу керек. Бұл жөнінде қандай көмек керек, сұраңыздар!
3) Өкпе ауруымен ауырғандарға аздап жұмыс істеуге болатын көрінеді. Өзбекстанда аурулар үшін жеңіл кәсіпорындары, совхоздар ұйымдастырылыпты.
Доқтырлардан басқалары барлық жұмысты өздері атқарады екен. Осыны да ойластырсаңыздар қайтеді?
4) Аурулар үшін колхоз аралық, совхоз аралық демалыс үйлерін ұйымдастыру. Сіздердің жағдайларыңызда қымыз бен шұбатты көлдей ағызып қойып, кәрі Каспийдің жағасынан осы сияқты үйлерді ұйымдастыруға болмас па екен?
Жергілікті жердің жағдайына қарай тағы да көптеген шаралар қолдануға болатын шығар. Жалғыз ғана қатты ескертетін нәрсе - біздің заманымызда адамды ауруға жеңдіріп, ірітіп-шірітуге болмайды. Күрес керек. (Астын сызған хат авторы)
Бұрын соңды жалпы халық болып мұндай жақсы жағдайда болып көрген жоқ, адам үшін күресуге қазір де мүмкіншіліктер мол. Тек қана ынта керек, батыл қол, өткір тіл керек. Бұл үшін адамға деген жан ашушылық қана жеткіліксіз, адамды сүю керек. Халықтың жаны мен өз жаның шұрқырасып жатпай, ел билеу қиын.
Мен бұл хатты төрелігім ұстап жазып отырған жоқпын. Олай болғанда өзім, яки басқа үкімет, партия орындары арқылы ресми түрде жазған болар едім. Дүниеге келмей жатып науқасқа шалдығып жылаған сәбидің дауысы алыстағы Каспий теңізі жағасынан Алатауға жетіп жатса, сақ жүрек елеңдемей тұра ма?
Қалың елді құнарсыз өткен қу заманның қалдықтары торлап, нұрлы заманның шұғыласын еркінше түсірмей жатса, көңіл қайтып көншігеді?
Міне, осы ойларымды жазып, сіздің есіңізге салғым келді. Екінің бірі деп жазып отырғаным жоқ, есі бар, жігері бар, ел үшін еңбек етуге қабілеті бар ер жігіт деп жазып отырмын. Ескілікпен күрес ашып, елді жаңалыққа, мәдениетке сүйрерлік күші бар жігіт деп жазып отырмын.
Асығыстау жазылды, бірақ айтқым келген пікірлер толық қамтылған сияқты.
Сәлеммен Ілияс Омаров.
Алма-Ата Госплан Каз. ССР.
7.7.1962
Әрине, хатты оқи отырып, Ілекең ағаға түсіністікпен қарайтын жерлеріміздің барлығын қаперге бере кетеміз. Ол бір қазақы тұрмыстан мүлдем баз кешіп, етті қолмен жемейміз, столға отырамыз деп әулігіп жүрген тұсымыз еді ғой. Коммунизмге жетуге тым қатты асығыс емес пе едік.
Хатта аты аталған генерал И.В.Петров - Ұлы Отан соғысының белгілі қолбасшыларының бірі, Совет Одағының батыры, ол уақытта Орта Азия әскери округінің қолбасшысы еді. Бақсақ. ол Үстіртке де келген екен. Сірә, генералдың ол сапарын Үстірттен полигон ашудың дайындығы деп білгеніміз жөн болар.
Марқұм Ілияс Омаров аға уәдесінде тұрды. Артынша-ақ Тұщыбектен өкпе ауруларын емдейтін санаторий салынды. Ауылдық жерлерде емханалар көбейді, білімді дәрігерлер көптеп келе бастады.
Төлеген Қағазов - Маңғыстауда отыз жылдан астам басшылық жұмыста болып жақсылығымен жарқыраған абыройлы азамат. Газет жұмысымен келген Әбіш інісін талай бірге жүріп ел аралатқан. Оның болашағынан көп үміт күтіп, тілектес, ниеттес болумен өтті. - Шіркін, ел тізгінін осындай жалын жігерлер ұстаса ғой, - деген тілегін кешегі кеңестік қасаң кезде қаймықпай айтқандардың бірі..
Төкең басшы болған жылдарды жұрт Маңғыстауда қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт, тыныш, мамыражай кезеңге жатқызады. Шынында да солай. 30- шы жылдардың ойраны, соғыс ылаңы, одан соңғы соғыстан бүлінген шаруашылықты қалпына келтірудің сүргіні. 1948-1949 жылдары соғыста пленге түсіп, неміске қызмет қылдың деп жүзге жуық ер азаматтардың сотталып жер аударылуы, соның артынша соғыс кезіндегі ауыртпалықты пайдаланып, ішіп-жеді деген жаламен елдің бас көтерерлерінің тағы жаппай сотталуы -әйтеуір бұл елге дегенде сор екеш сордың өзі де ерінбей жанкештілік танытып бағыпты.
Сондай асыра сілтеу Төкең басшы келген соң сап тыйылғандай болды. Алақандай арызымен көзеп жазып, көздеп ататындар аяғын тартты. Құрыққа сырық жалғаған даңғаза даласуандар сабасына түсті. Ел сабырын қайта тапқандай болды. Ал сары алтын сабыр бар жерде салиқалық бар ғой қашанда. Салиқалы ел сәл нәрсенің өзіне сарапшы көзімен, сарабдал көзбен қарауға ділгер. Сайып келгенде, өркенді өзгеріске бастар оң нышан дегеніміз-осы.
Әбіш Кекілбаевтың сол кездегі мерзімді баспасөз беттерінде үзбестен жарияланып жататын мақалаларынан елінің осы бағыт-бағдарына деген қошуақ сезім төгіліп тұрады екен. Бақсақ, егемендік алғаннан кейінгі жылдарда қазақ көсемсөзінің көшбасшысы болып жүрген Әбекеңнің бұл қыры сол 1961 жылдан бастан қалыптасқан екен ғой...
МЕНІҢ МЕККЕ МЕКЕНІМ
Түйте ахұн мен Түмен ақын - пейіште нұры шалқығыр марқұмдар Маңғыстаудың абыздық дәстүрінің біздің заманға аман жете алған соңғы сарқыты екен. Әйтеуір аман жетті демесек, олардың көрген құқайы мен зобалаңын ноқталы бастың біріне де бере көрмесін.
Бұл екеуі де Бозашының Жиделісінде туған. Түйте өзін дін жолына бағыштап молда болған, Мешіт ұстап, имандылық туын жоғары көтерген, ахұн атанған. Ал Түмен ескіше оқу, тоқуы мол болғанмен, өлең, өнер жолын қуған. Даңқ, дақпырты алысқа жеткен ақын, шайыр атанған. Жақсы атаулының артына шам алып түскен кер саясат екеуін жау аттандырып, елден аластайды. Кесімді жылдарын өтеп оралған соң да тыныш қоймай, тыңшы көзден тысқары жібермей қала іргесіндегі Қаңғаға жер аударыпты.
Белгілі уақытта Кетік қаласына барып жіберген жерлерінен табан аудармай, бетегеден биік, жусаннан аласа жүргендерін білдіріп қоюлары тиіс тәртіп тәрі тағы бар. Ауырып-сырқаса дауасы жоқ, бұларың қалай дерлік дауыстары да жоқ. Өле қалса сұрауы тағы жоқ. "Үш күннен кейін көрге де үйренеді" деген, екі мұңлық, ақыры, бұған да көндігіп, әйтеуір жер басып, татар дәмдері таусылмай жүргендеріне шүкіршілік халге жетеді. Сондай еңсе тіктей бастаған күннің бірінде Түмен ақын серігіне – Түйтеке, нар тәуекел деп, Меккеге тартып кетсек қайтеді. -дейтін жері ғой. Мұны естіген Түйтекенің зәресі зар түбіне кетеді.
- Байғұс-ау, Меккең не айтып тұрған? Қаңғадағы қайыршы күйдің өзі жұмақтай болып тұрғанда Мекке біздің не теңіміз? - депті, көзі атыздай болып.
Сонда Түмен ақын: - Әй, Түйтекем-ай, түсінбей қалдың ғой. Әркімнің туған жері -Меккесі емес пе? Біздің Меккеміз - Жиделіні айтқаным-дағы. Жарықтық, соңғы күндері түсімнен шықпай жүр. Қатты сағындым. Табанымды бір тигізіп, шағылына бір аунап қайтсақ па деп едім, - деп көзіне жас алыпты.
Сол қайран Түмекең айтпақшы, мына жұмыр жерде әркімнің-ақ бір-бір Меккесі, бір-бір қимас өлең топырағы бар ғой. Оны Атамекен деп ұлықтап келеміз. Ол сөзіміздің ауқымы кең - ұлтыңның, ұлысыңның ұлы қонысы дегенге саяды. Содан соң Атакүлдік деп тағы қосымшалаймыз. Ол ата-бабаларымыздың от жағып, күл төккен құт қонысы. Баба далаңның сол пұшпағында кіндігің кесілген, кіндік қаның тамған, жөргегің жуылған топырақ - туған жерің. Жұмыр жердің қай түпкірінде жүрсең де көлбеңдеп, көз алдыңда тұратын бірден-бір ғазіз мекен - осы.
Жазушы Әбіш Кекілбаевтың атамекені - Қазақстан, қазақтың сардиған cap даласы болғанда атакүлдігі - Маңғыстау. 60-шы жылдардың басында Қазақстанға келген бір мейман бұл ел туралы алған әсерін қойын дәптеріне "Әуезов. Байқоңыр. Маңғыстау" деген үш сөзбен түсіріпті дегенде төбесі көкке төрт елі тимей қап, демі үйінің түндігін желпілдеткеннің бірі біздің ел, соның бірі өзімізбіз, сол аптығымыз әлі басылмай жүр. "Туған жерді мақтаған әңгіме де өзің жақсы көретін ғазіз жанды мақтаған әңгімедей құлағыңа ерекше жағымды естілетін".
(Ә.Кекілбаев "Ұйқыдағы арудың оянуы" 8-бет.) болса өйтпегенде ше?!
Қалам мен қағаздың көп бейнеқорлары Маңғыстауды әдетте шөл дала, шөлейт өңір деп суреттейді. Аңызақ өтіндегі аңылжыған сары дала, тұзға әбден бөгіп қалған тулақтай бырысып-тырысқын сұрқай өңір деп те жібереді. Келіспеске болмайды.
"Үш мың метр биіктіктен қарағанда тамаша рельеф картасына ұқсайды. Самолет қанатының астында мүсінші шеберханасынан жаңа ғана шыққандай, не керемет ою-өрнек секілді ирек-ирек жыралар тілгілеп тастаған ақ, қызғылт, көкшіл, тыр жалаңаш жоталар қылт-қылт қылаң беріп, қалып жатыр, қалып жатыр. Міне, бір шөкім шағыл құм көрінді. Батысқа жүрген сайын найзаның ұшындай жіңішкере түсетін ұзынша құмның ендірек жерінде он шақты ғажайып төбешікті көріп қайран қалдым. Олар шахмат тақтасындай айқұш-ұйқыш орналасыпты. Табан бір шақырым немесе бір жарым шақырым, биіктігі ондаған кез, соншама құлаш шошақ-шошақ төбелер немесе қазан шұңқырлар. Бұл сахарадағыдай жалғыз-жалғыз емес. топ-топ. төбесі сүйірлене түспей, жандатпа тартқан тап-таза құм пирамидалар еді..." (Сонда 153-бет.)
Құдайға шүкір, теледидарға телміріп қалған бүгінгі ұрпақ үшін бұл таңсық көрініс емес. Сахараға ұқсауын ұқсағанмен ол емес, ендеше Американың Колорадо штатындағы көрініс қой... дейсіз. Жоқ, атымен қателестіңіз. Бұл - Маңғыстау, ал бұлай деп жазған жазушы СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. СССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, география ғылымдарының докторы - Б.А.Федорович.
Тағы да сол Б.А.Федорович ғұлама былай деп бауырынан жазыла жөнеледі:
"Егер жер шарындағы шел атаулының барлық түрін жалаңаш құзар шың қара тауларды, жапан түздің не ақ шағаладай ағараңдап, не батар күннің нарт қызыл нұрындай жалқынданып, алыстан көз арбап тұратын көркем мұнаралары мен алдырмас қорғандары бар "сиқыр тас шаһарларын", құм шағылдар төккен әшекейлерді, сорлардың сан-сапат түрлерін, шыңдар мен құзарттардың тастай боп дыңылдап жататын айдын тақырларды өз аяғыңызбен басқыңыз келсе, бояулардың не ғажайып сесі мен реңкін, ағын сулар аямай шимайлаған ою-өрнектерді, құба түзде құландай жортқан жебір желдің қолынан не келетінін, шөлдің тағы басқа талай ғаламаттарын қызықтағыңыз келсе - Маңғыстаудан артық жерді бәрібір таба алмайсыз". (Сонда 7-бет.)
Ал айтқыш болсаңыз, осыдан өткізіп айтып көріңізші!
Әй, қайдам?
Мына Федоровичіңіздің ғұлама ғалымдығын ақындығы он орап алып тұрғандай-ау өзі. Рухани әлемдегі төрт жағы төрт құбыла кемелдік болса осындай-ақ болар!
Федорович ғұламаның бұл айтқандарын азсынсаңыз, Россия мұнай геологиясының атасы Н.И.Андрусовтың Маңғыстауды әлемнің геологиялық картасының көрнекі үлгісі деп бір түйіп тастағаны тағы бар. Тек түйіндеп түйіп қоймаған таңғала, таңдайын қаға тамсана ағынан жарыла төгіле жазған.
Күпір болам деп қорықпай айтсақ, құдіреті күшті жаратқан иеміз о баста Жерді жаратар алдында әуелі Маңғыстауды жасап алып, бүтін жер шарын содан соң соның үлгісіне қарап отырып асықпай жасаған ба дерсің. Әйтпесе Австралияның теңіз жағасы Қарағантүбектің жағалық жақпар құздарына қандай ұқсайды? Үстірттің ақар-шақар шыңдарымен Америка құрлығының кәдімгі "Маккенаның алтыны" шым-шытырық оқиғалы көркем фильмі түсірілген Колорада шатқалы неге бір-бірінен айнымай қалған? Тау бойындағы жұп-жұмыр, дөңгелек аммонит тастардың көшірмесі жердің арғы бетіндегі Кордильер тауларының етегіне қайдан барып жүр? Арабияның құмдары мен Маңғыстау ойындағы Сауысқан, Бостан құмдарының айырмасы неге жоқ? Немесе Африка сахарасымен неге ұқсас? Австралияның шөл даласы мен Қарын Жарық Сақсорқа неге егіз қозыдай? Бұл біздің шарғымыз жетер құпия емес, шарғымыз жету түгілі жобасын шамалағанымыздың өзін жеткізіп айтып беруге тұрқы шартық шабытымыздың шамасы жетпей тағы оқсатады. Сондықтан Әбекең - Әбіш Кекілбаев көмегіне жүгінейік. Ол "Маңғыстау" энциклопедиясына жазған алғысөзін "Жер кіндігі атанған өлке" деген атпен былай бастапты. "Жасаған ие осы бір құлазыған құла дүзді былайғы дүниені шектен шыға таңдандыру үшін жаратқандай. Қиялда ғана болатын қиян өлкеге көкте самғамасаң, жер бетімен жылжып, ғұмыры жете алмайтындайсыз.
Иллюминатордан қағынды тиіп арам қатқан арық түйенің қатып қалған қара сұр көніндей солғын жер бедерін көргенде, ғарыштың әлдебір белгісіз планетасына келіп қалған екенбіз деп ойлайсыз.
Бірақ, бедірейіп жатқан осы бір бедеу кеңістіктің түбіне бойлай түскен сайын көзіңізге жылт оянып, көңіліңіз әрі-сәрі күйге толады. "Ойпырайға" тірелген сезіміңіз жайбарақат тарта қоймаса да, "қайдан келдімге" түспейсіз. Көре түскіңіз, біле түскіңіз келеді. Көре түскен сайын, біле түскен сайын құпия сандықтың қақпағы ашылғандай құмарта түсесіз.
Бір қызығы оның бойынан Алтайдан Атырауға дейін көсіліп жатқан қазақ даласына тән сан қырлы қасиет пен сипаттың қай-қайсысын да табасыз. Тіпті қазақ даласында бұдан басқа аймақтан ұшыраса қоймайтын ерекше нышандар да некен-саяқ көзге түспей қалмайды. Ұлы Тұранның теріскейі мен күнгейінің, батысы мен шығысының ежелгі, кешегі, ертеңгі кескіндері түгелдей қылаң берері хақ. Тұран деген не бопты, тәйірі... Күллі планетамыздың жаратылыстық болмысынан мұнда бой көрсетпейтін ештеңе қалмағандай. Құдіреттің өзі аспан асты әлемнің барлық сыр, барлық қасиетін қаз қалпында бейнелейтін арнайы көрме залын осында әкеп әдейі орнатқандай.
Міне, мынау - атақты Қарақия ойпаты. Мұхит деңгейінен жүз отыз екі метр төмен жатқан алып қазан шұңқыр. Қапелімде, сонау Синай түбегіндегі Өлі теңіз қолтығына тап болған екем деп қаласыз. Тап сондағы Інжіл аңыздарына толы сортаң көлдерді, кебір бұйраттарды, қай дұшпан кеп қамаса да, айлар бойы алдыртпастай аңдыздап тұрған табиғи қамалдарды көресіз. Өлкенің әр тұсында шашырай жайылып шыққан шарбы бұлттардай ақ шаңқан таулар айсбергтерге толы Гренландия маңында жүзіп келе жатқандай әсерге қалдырады.
Атыраудың шығыс бетінде тізіле төніп тұрған жалаңаш құздар түксиген Скандинавия тұмсықтарын еске түсіреді.
Әлдекім әлдебір самұрықтарға тиеп әкеп, әдейі аспаннан төгіп кеткендей кереге жал сусыма құм шағылдарға кезіккенде, Нубия мен Такла-Макан шөлдерінен бір-ақ шыққан екенмін деп ойлайсыз. Ал жүздеген шақырымдарға созылып жатқан тақтайдай тегіс түз сорларды, ондаған шақырымдарға созылып жатқан жылмағай тақырларды, жүздеген шақырым бойы тұяқтан қағар, шашаға жармасар кедергісі жоқ тұлдыр жазықтарды, бәлкім, басқа ешқандай да емес, тек осынан ғана таба алатын шығарсыз. Түбектің құбыла бетінен кірсеңіз, теріскей бетінен апарып бір-ақ шығаратын ұзыннан-ұзақ жер асты үңгірлер, айдаладағы түлкінің ініндей тар апаннан басталып, біріне-бірі жалғасып жатқан зәулім кеуектерді шүпілдете толтырып жатқан жер асты көлдер, жылмиған құба түзде жер астынан өзінен-өзі жарып шығып жатқан ащы сарқырамалар, жер бетіне өзі көрінбей күркіреп ағып жатқан үні ғана жетіп тұратын тұңғиықтағы өзендер, өзінен-өзі опырыла құлап, оқыс ойылып кететін оқпандар - әй, қайдам, Маңғыстаудан басқа тараптан табыла қояр ма екен?!
Біреулер оны мың қыстау елі, мыңдаған жолдар өлкесі, мыңдаған шың құздар мен құдықтар аймағы деп жатады. Ал маған ол әлі де сырын аша қоймаған мың құпия, мың жұмбақ ордасындай көрінеді де тұрады. Оның әжім-әжім таулары мен көне кітап парақтарындай сарғыш тартқан жырым-жырым жазықтарының сырларына терең бойлаған адам тек бір өлкенің ғана емес, күллі Еуразия құрлығының, ол түгілі әмбе Жер шарының тіпті, күнді айнала орналасқан ғарыштық әлемнің талай тылсым құпиясына қаныға алар еді".
Ал, керек болса! Ойнайсың құнан қойдың сақасымен!
Әдетте көркемдік әлемін біз үш тағаннан - эпостан, сәулеттен, саздан тұрады дейміз ғой. Маңғыстау - құдіреті күшті жаратқан иенің шебер жасай салған архитектуралық жәдігері, бір тумасы болғанда бұл сөздер оның көсемсөз өнерімен мүсінделген жұбы емес деп кім айтар?!
Ал сазын іздесеңіз ол да осы өңірде шүпілдеп толып тұр; сырғи соққан желдің сиқыр уілі, шөп басының сыбдыры, қыранның шаңқылы, торы ала қаздың қаңқылы, торғайдың шырылы, теңіз толқынының жағаны ұрған арсы-гүрсі айбаты болып толассыз ойнап жатыр ол саз. Тіпті, біздің Маңғыстаудың сарүйек жыланы екеш жыланының ысылы да ырғақты естіледі. Ең азы жусан екеш жусанының басы да баппен бас изейді. Баялыш бұтасының әрбір бұтағының өзі дирижер таяқшасындай ырғалады.
"Тіпті қазақ даласында бұдан басқа ұшыраса қоймайтын ерекше нышандар да көзге түспей қалмайды", - депті ғой Әбекең. Қандай нышандар екен олар. Келіңіз, оқушы, бір сәт сіз бен біз соған назар аударып көрелік. Мың нышанның бәрі болмай бірнешеуін көрсек те аз олжа емес. Тұлпар тағасының ізінің бедеріндей болып жатқан Маңғыстаудың қара ойы. Соның қақ ортасынан созылып жатып алған Қаратау, онымен көрінім жерде қатар сұлаған Ақтау. Бұл екеуін қосыла алмай бір-біріне көз сатып телміріп қатып қалған арманды қос ғашыққа ұқсатсаңыз, орталарындағы көсілген сары белді екеуінің сартап сағынышы деңіз де қойыңыз. Ақтаудың теріскейі шашырай орналасқан бөлек-бөлек ақ шың - айсбергтер.
Қаратаудың екі қапталы сансыз шоқылар, бел-белестер, төрткілдер. Бір қызығы әрқайсысы әр түрлі реңге ие. Күлгін далап төбелер бидай өң сұлудың келісті бетіндегі меңнен айнымайды-ау, айнымайды. Онан әріректегі ақ айран жазық ортасында ала бөтен қап-қара болып тұрған шоқы-желегі түспеген келіншектің жарқылды жанарындағы қарашықтай. Жоқ, әлде батагөй баба алақанын толтырып асатқалы тұрған майлы ет ортасындағы бір жапырақ бауырға ұқсай ма?! Жағалай шашыраған іргесі ақшыл, төбесі қызғылт реңді төбелер жайылған шыпта үстінде енді-енді тобарсып кебе бастаған ірімшік пе дегізгендей.
Ал мына қапталдағы кеспелтек келген ұшы сүйір төбені кейуананың алыстағы тұңғыш немересіне сақтаған сұр үлпершегі де қой. Онан әріректегі Үстірттің күн, айына, мезгіліне қарай қырық құбылатын әжімді шыңдарын төрде сәнімен қартайып кейінге сап-сап сабырын айтып жатқан абыз қарияға ұқсатсаң, тіпті де қателеспейсің. Онан әріде әлденеше көштік жерде көзге қырпуларын әзер аңғартатын қыратсымақтарын ғана еріне қалдырып, сонау Аралға, Қаблан қырға қарай тарта беретін кең жазық қазағымның татаусыз ақ пейілінің айшығы. Сол жазықтың төр басындағы шөптесін бұталары ұйысқан төрт түлей ата шаңырақтың төрт жағын төрт құбыла етіп бере салған төрт немеренің қарын шашындай әсер қалдырады.
Ғұлама ғалымдар Қаратауды әлемдегі ең ежелгі тау дейді. Қаншама аспанның төсін арда емдім деп асқақтағанмен, жұмыр жердегі Тянь-Шань, Кавказ, Карпат, Кордильерлеріңнің бәр-бәрі біздің Қаратауекеңнің немере, шөбере, шөпшектері болып шықты. Менің Отпанымның жалы Хан Тәңірінен де биік екен. Даныспанымның даңқы жұмыр жерге Қап тауынан да бұрын тарапты. Қаратау үшке бөлінеді. Батыс (Таушық), Орта, Шығыс Қаратау. Ең биік шоқы Үркімбай 555 метр - Шығыс Қаратауда. Бір қызығы Қаратаудың бітім-болмысы Қырымның Қаратауымен айна-қатесіз ұқсас. Ең азы шоқыларының биігіндегі айырмашылық та жоққа тән. Жер атаулары да бір. Аңғарлар мұнда да, онда да "қапы" деп аталады. Онды сол көп аңғар қапының бірі. Әлдебіреулер оны қателесіп, Оңды деп атауға құштар. Олай емес. Дұрысы Онды. Тіл мамандарына құлақ қойсақ, моңғол тіліндегі барлықты, молдықты білдіретін -ты,-ті жұрнақтары қазақ тіліне кірігуінен өрбіген атау деп түсіндіреді жер атының сырын. Сірә, осы қисынға келетін сияқты. Маңғыстауда Қамысты, Келеңді, Өлеңді т.б. жер атаулары көптен саналады.
Міне, осы Онды - Әбекеңнің туған жері. Балалық шағы түгел дерлік осында өтті. Қандай балалық еді ол?
Жазушының анасы Айсәуле әже "Парасат'" журналының тілшісіне берген сұхбатында ұлының балалық шағы туралы "О кеш пен бұ кеш үйде отырып қағазға үңілетін. Кейде біреулер келіп ертіп әкетуші еді. Біздің қасымызда болып әңгіме айтып береді дейді. Бүгінгілер секілді күні-түні қасында отырып оқу оқытқан жоқпын. Ертеңнен кешке дейін жұмыста жүрдім, - дейді. Әңгімеден байқалып отырғандай анасы баласының сауат ашып, оң-солын тануға енді мойын бұрып, білуге құштарлық танытқан шағын айтып отыр.
Соғыстан соңғы жылдардағы ауыл. Оның бүкіл қазақ даласына ортақ сипаты жүдеулік болды десек, бір қиырдағы. Маңғыстауда тым жүдеуірек, жұпынырақ болғандығы айна-қатесіз шындық. Сыртқы дүниемен жалғыз байланыс почта - оның өзі жүз километр аудан орталығынан атпен, түйемен жеткізіледі. Ауылға келген ең алғашқы өркениет - радио. Ол да біздің Онды мен Жармышқа 1955 жылы жетті. Радионың электр қуатының көзі - баған басына орнатылған зырылдауық флюгерлі жел двигателі. Сосын тағы бір баған басындағы дыбыс күшейткіш - ақ шелек. Үй-үйге репродуктор тартылғаны соңынан. Сол радионың өзі бейне жаңа қонысын жатырқағандай екі күннің бірінде бұзылып қала береді. Содан кейінгі жаңалық - араға ай салып барып зарықтырып келетін кино.
Кино демекші... Киноның біздің ауылға келуінің өзі үлкен бір оқиға болып еніпті тарихқа. Және анау-мынау оқиға емес, ойран бола жаздап барып шақ қалыпты.
Біздің колхоз Чапаев атында. 1937-нің ылаңында бір күні 54 "халық жауы" шығып ұсталып, соның 38-і атылған "атақты" ауыл. Кеңестік жазалау органдарының қара тізімінің төрінде тұрған есептегі ауыл. Ауданға алдымен "Чапаев" кинофильмі келіп, оны көрсетуді үлкен саяси науқанға айналдырып және фильмді басында "халық жауларының" аулында көрсетіп үгіт-насихат жұмысын жандандыру түсе кетіпті аудандағы бір мықтының ойына.
Сөйтіп, бір "Чапаев" жетіп келеді бізге. Қасында аудандық партия комитетінің бір нұсқаушысы, арнаулы органның салпақ құлақ өкілі тағы бар. Ауылдың тайлы-таяғы қалмай жиналады. Кино дегенді бұрын-соңды көрмек түгілі көбі естімеген жұрт дегбірсіздене күтіп отыр. Кенет керулі ақ мата экран жарқ ете түседі. Сол-ақ екен алдыңғы жақта отырған бір шалымыз: «Халқым-ай, ақсарбас садақа! Мына пәлеңді мен ана жылы кезік болғанда бір көріп өлімнен қалып едім! - деп бақырып тұра қашады. Оны көріп өзгелер де азан-қазан болған жұртты сабасына түсірудің өзі оңай шаруа болмапты. "Чапаевта" ақ офицерлердің саппен психологиялық шабуылға шығатын жері бар ғой. Кілең бір сары ала иық, аксельбант таққан уыздай жас жігіттер. Режиссерыңа да болайын, аксельбант-иықтың оқалы бауын патша армиясында тек Бас штабтың академиясын бітіргендер мен қолбасшының адьютанттары ғана тағатынын білмейді екен, әйтеуір саптағылардың бәріне бірдей жапсыра беріпті. Кино орыс тілінде. Сол себепті ондағы оқиғалар мүлдем таңсық.
Біздің ауыл кісілері "орыс әскерін құрметтесек, үкіметтің көңілінен шығамыз ғой'"-деген есеппен әлгі жерде ақтың сап түзеген сарбаздарына қол соғып құрмет көрсетіп, даурыға ұрандап қоя берсе керек. Жұрттың сөйткен әскерлері енді бір сәтте жаппай жусап, жусамағаны тырым-тырағай босып бара жатыр. Бәрінің түбіне жетіп жатқан жалғыз қатын - пулеметші Анка. Құдайдың, үкіметтің, кешегі соғыстың не құқайын көре жүрсе де қатынның алдында қабағын салыңқы ұстауды өлім деп ұғатын біздің өңшең қаһарман ағалар мына қорлыққа қалай көнсін. Өре түрегеліп, пулеметші Анканы боқтап, балағаттап әбден сыбағасын берсе керек.
Оларымен де тұрмай кино артынан алған әсерлерін талқылауға арналған жиналыста "Чапай, Чапай дегенге баяғы Алпамыс, Қобыланды, өзіміздің Ер Төлеп, Сүйінғара сияқты жарқылдап, найзасын білеген апайтөс батыр ғой деп жүрсек. Мынауың бір мұрхы, едіреңдеген шәлтірік біреу ғой. Ақыры ит жеместе өліп көмусіз қалды. Ал не болды. Өйткен батырлығыңды ..." деп тағы қорқытатын жері ғой. Сырттан барлап, байқастап тұрған "үндеместің" салпаң құлағына да керегі - осы. Ауданға барған соң "Солай да солай, ол ауыл кеңеске дұшпандығын әлі қоймапты. Азамат соғысының батыры Чапаев фильмін аяқасты қылып, өзіне тіл тигізді" деп құрыққа сырық жалғаған мәлімдемені тәшләп келіп жібереді ғой. Сәті түскенде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әмір Бақыраев бір құдайына қараған адам болып шығыпты. Сол көшелілік танытып, сауатсыз ауыл жағдайын органның әлгі әңгүдіктеріне ұрсып ұғындырып барып қауіптің алдын алса керек.
Әбекеңнің ауыл туралы жазған екі шығармасы - "Бір шөкім бұлт" пен "Автомобильдегі" Қаржау мен Жақанды Ондыдан ауылға алып кететін кино қоятын машинаның сыры осы. Әбіштен аттай он жас кіші мен алғаш Жармышта киноны мектепке барған күзде көрдім. Әлі ұмытқам жоқ. "Садко" фильмі болатын. Көрінісін тамашалап аузымыз аңқиып мәз болғанымыз болмаса, түгіне түсінгеніміз жоқ. Өйткені орыс тілінде еді...
Міне, жағдай солай болған соң білуге құштар баланың бар саналы, мазмұнды әрекеті - оқу. Мектептен соңғы бас тірері - кітапхана. Әбекеңдер кітапқа құмарлық танытқан кезде кітапхананың қандай болғанын білмесек те шамалаймыз. Қазақша кітаптар тапшы болды. Орысша кітаптарға, сірә, тіс батпайды. Содан соң оқуға құмарлар кітап атаулыны іздеп жүріп оқыр еді. Келген газет-журналдар да "Қазақстан коммунисі" журналы мен "Үгітші блокнотынан" басқасы түгел оқылатын.
"- Сондай бір күн еді, - деп еске алады Әбекең. - Жазғы каникул. Киіз үйіміздің ішінде етпетімнен түсіп Константин Симоновтың "Күндер мен түндерін" оқып жатқанмын. Есіктен аласа бойлы қартаңдау орыс енді. Мамам құйып берген бір зерең айранды басқа бір көтеріп, "спәсибәсін" айтып маған назар аударды. Оқып жатқан кітабымды қолына алды. Мені білмесе де Константин Симоновты біледі. Сірә, алыс ауылдағы қара сирақтың оның шығармасын оқып жатқаны сүйсінтсе керек, маған үйіріле қалды. Шалдың он ауыз қазақшасына менің бес ауыз орысшам "қол ұшын" беріп әңгімелескен болып-ақ жатырмыз. Ақыры, әлгі шал мамамды әзер дегенде көндіріп, мені қасына ертіп алды".
Ол шал тегін шал болмай шықты. Кекілбай шаңырағына келген Қыдыр екен. Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі Иван Иванович Бок екен. Ілкіде далада қарақұрт шағып алар деп қорыққан Айсекең баласы "киөлік орыс шалына" пейіл таныта берген соң қасынан қалмауына көп қарсылық жасамапты. Олар көп адам екен. Ішінде 3 қазақ қызы -таукен факультетінің жоғарғы курс студенттері де бар екен. Бір қызықта Әбекең ол апаларының аттарын әлі күнге дейін ұмытқан жоқ. Бері келгенше олармен хабарласып тұрған.
- Әуелі күн аралатып үйге соғып тұратын Әбіш енді бір жолы бірнеше күн әлгі геологтармен жоғалып кетті, - дейді бүгінде Әбекеңнің 1 жас үлкен немере ағасы Лебен Сәдуақасұлы, - Содан Айсекеңнің көңіліне қауіп енсін. Асан (белгілі журналист Асан Әбдіров) екеумізді ізінен іздеуге, хабар алуға жіберді. Қаратаудың бір бұлағының басында қос тігіп жатқан геологтар қосын тауып келдік.
Қостағылар "Әбіштің достары келді" деп мәз болысты. Асханаға апарып тамақтады. Әлі есімде ішіне әлдебір жеміс салынған тәтті суды құмарланып қайта-қайта іше бергеніміз. Артынан білсек, ол кәдімгі компот екен. Біз түс кезіне тап болыппыз. Әбіш тақырбас шалдың шатырында кітап оқып жатыр екен. Көрмегелі бірнеше күн - сағынысып қалыппыз. Бұрын да ол әңгіме айтса имам алдындағы мүриддей ұий қалатын біз бұл жолғы оның айтқандарына тіпті ауыз ашып қалдық. Бейне мына таудың әр аңғарын өзі қолмен қашап, тасын етектеп әкеп өзі тасыған кісідей есіп отыр. Мына құж-құж Қаратау соншама қызықтың қазынасы деп кім ойлаған?! Сол жолы біз Әбіштің өскен соң геолог болатын байламын естіп қайттық.
Лебен мен Асанның сол 1951 жылдың жазғы каникулында Әбішті іздеп барып кездесетін геологтар қосы Жездібас сайының басында тұрыпты. Әбекеңнің кейіннен тауы мен даласының сұңғыла жыршысы болып қалыптасуы жарықтық Жездібастан басталыпты.
Жездібас демекші...
Ана бір жылы, әуелі, бірер адамның дербес құпиясы ретінде басталып артынша баршаға Маңғыстау, Жездібас атын шығарған бір қызық оқиға болды Ақтауда. Ақтау теңіз порты мен қала арасындағы жағажай - жаз кезінде көп жұрттың сүйікті демалыс орны. Демалушылардың біразының етене ермегі сүңгуір киімімен, тыныс алатын ұзын түтікті тұмылдырықпен суға сүңгу. Солардың бірінің көзі кенет жағаға жақын су астында жатқан көлемі шағын зереңдей сары түсті металл құймаға түсірді.
Алтын таптым деп қуанған сүңгуір сол жерде үлкен салқынқандылық танытып әлгі жерді "белден қазуға" кіріседі. Құйманың тағы бірін, сосын тағы бірін табады. Сосын ақылға келіп, тапқандарын сол жерге су астына жасырып үйіне келеді де құпиясын жан деген сенімді бір жолдасына айтады. Ертесіне екеуі асай-мүсейін қамдап келіп әлгі маңайды сүзсе-құймалар тіпті көп. Жасырып үйге әкеліп сыртын үйкеп тазартып көрсе алтын деп жүргендері кілең бір үлгідегі қалыпта, бірдей салмақта құйылған таза мыс. Алтынның ұрғыны да жоқ. Содан соң сүңгуірлер табыстарын хабарлауға мәжбүр болады. Лабораториялық зерттеу қорытындысы олардың біздің эрамыздан да көп бұрын құйылғанын көрсетті. Сірә, құймалар кезінде төлем құралы ретінде жүрген болса керек. Жағалауда сондай мыс ақшасы бар әлдебір кеме апатқа ұшыраған да қазына сәтті сағатын ғасырлар бойы күтіп жата берген сыңайлы. Осы мыс құймалардың бірнешеуі қазір Алматыда ҰҒА геологиялық зерттеу институтының көрме залында, Ақтаудағы тарихи өлкетану музейінде, кейбір жеке адамдардың үйлерінде тұр. Енді сол құймалардың құйылған жері - отаны қайда - осы жұмбақтың шешімін табу академик И.И.Боктың шәкірт ізбасары ақтаулық геолог Борис Федорович Иваншинге бұйырыпты.
Жездібас атына қанық, оны әлденеше рет барып көріп жүрген Борис Федорович көкейіне бүккен болжамына еріп солай қарай жол тартады. Жездібастың сайын екі нұқып, бір қарап жүріп, ақыры, мыс қорытқан пештердің орнын табады. Бақсақ, бағзы ата-бабаларымыз бұл мәселеде онша қаражаяу болмаған екен. Мыс кені, сірә, табан астында. Отындық көмір де осы арадан онша қашық болмай шықты. Қозы көштік Саурада. Жер бетіне шығып көрініп жатыр. Алуы оңай (бір қызықта біздің Жармыш Саураның көмірін осы күнге дейін қазып алып жағып отыр.) Бұл жердің бағзы тұрғындары мыс қорытқанда, Қаратау үстіндегі аңғар сайлар бойы тұтасқан тоғай болғанында сөз жоқ. Демек отынға ешбір кенделік болмаған. Осылайша бұл өңір Жездібас арқылы бізге ежелгі өркениет орны болғанын дәлелдепті. Оны анықтаушылар ішінде Әбіш бала да жүріпті.
Қаратау бойынан кейіннен ұран, Жездібастың шығысындағы Күркіреуік сайдан алтын, қасындағы Бескемпірден мысқа қоса темір, Барыстан қара мәрмәр, безендіру материалы -жылтырақ тас қоры табылды. Бұл сыр сандықтың қақпақ асты ғана құпиясы. Шешімімді тап деп жатқан тау жұмбағының ұшы-қиыры жоқ көрінеді. "Сол жұмбақты шешуге болар ме екен, сірә?" деп алып Әбекең өз сауалының астарына былай үңіледі. Тағы да сол алыста шығандап қалған балалық шағының естелігіне бізді жетелей жөнелді:
"Ширақ қимылдап, ширақ сөйлейтін жалтыр бас, тапалтақ, қапсағай кәрия қолындағы ұзын сапты балғаны сермеп қалып еді, кесе көлденең жатқан қара сұр тас шыны секілді быт-шыт шашырай сынды. Бір сынығын жерден көтеріп ап, маған ұсынды.
- Кәне, тіліңе тигізіп көрші.
Тіліме тигізіп көрдім.
- Не байқадың?
- Байқай қоятындай пәлендей дәмі жоқ.
Шал қалтасынан кішкене шыны құтыны алды.
Тығынын ашып, қолындағы тасқа бірдеңені тамызды. Қара тас былқ еткен жоқ.
- Бұл - құм тас.
Шаңқай түсте аңғар қара сайдың көлеңкесін паналап шатқал түбіне бойлап барамыз. Аяғымыздың астында жылымшы бұлақ жылтырайды. Су бойына өскен қалың нарпоздың шайыр исі аңқиды. Жалтыр бас қария сайдың екі бетіндегі жақпар тастардан көз айырмайды. Ұзын сап балға тағы сермелді. Бұл жолы ұшырасқан әлгіден гөрі сәл бозғылт тас быт-шыт шашырап тік сынбай, мүжіліп көлбеу сынды.
- Мә, мынаны, әуелі, иіскеп көр.
- Бір түрлі күлімсі исі бар сияқты.
- Енді тіліңе тигізіп көрші.
- Кебіртік дәмі бар ма, қалай?..
Қария құтысының тығынын ағытты. Жұмбақ тамшы әлгі тасқа тамбай жатып, қыж-қыж қайнай жөнелді.
- Міне, бұл известяк, әк тас.
Жалтыр бас қарияның қолындағы балғаға да, аузына да тыным жоқ. Кенет қол қалтасынан әлгіден гөрі сәл өзгешелеу тағы бір тасты тауып алды да, сөйлей жөнелді. Оның он ауыз қазақшасын ауыл мектебінің төрт сыныбын бітірген менің бес ауыз орысшам қосылып, талай нәрсенің басын қайырып келеміз. Шыны құтыдағы сірке қышқылы болды. Жаңағы қыж-қыж қайнай жөнелген тас бұл өлкені миллиондаған жылдар бұрын теп-тегіс су басып жатқан кезде өмір сүрген жан-жануарлардың қалдықтарынан жаратылыпты.
Өзіміз күнде қозы қайырып келетін төбешіктер мен қыраттардағы ақ тас, көк тас, қара тас, сұр тастардың аттары-ақ көп екен. Күн көзіне шағылысып жалтырап жататын беті жылтыр, іші бор кебір тас — гипс, қабат-қабат боп қатпарланып сынатын жентек тас -сланец, күн көзіне ұстасаң, сан құбылып тұратын бұрыш-бұрыш қап-қатты тас - кварц, өз-өзінен тоттанып жататын құж-құж қоңыр тас - темір тас, бір жері көк жасыл, сап-сары боп сан құбылып жалтылдап көрінетін қоңыр көк тас - мыс тас...
Қасымдағы қария соның бәрін жеті атасының атындай жатқа соғып келеді. Алдыма түсіп ап, сабы сала құлаш сүйір балғасын сермеп-сермеп қойып сөйлеп келеді. Аяғының астындағы кез-келген тасты жерден көтеріп aп, басын шайқап, әлденеге таңғалып келеді. Ал мен болсам, оның өзіне, білмейтіні жоқ сұңғылалығына таңғалып келемін. Білетін кісі жердің астындағыны да білетініне көзім жетіп қайран қап келем. Балажан ақкөңіл Иван Иванович бес күн бойы мені қасынан тастаған жоқ. Шығыс Қаратаудағы Байкісі, Барыс, Шағала, Сарқауақ, Бескемпір, Көкбұлақ, Жезді маңындағы сай-салаға тығылған геолог шатырларына бірге кіріп, жанжалдың басында отыратын қойшы ауылдардан айранды бірге іштік. Аузындағы айранның жұғынын сүртіп тастайды да, сөйлеп береді. Бірақ, мен оның сөзінің біріне түсінсем де біріне түсінбеймін.
Сонда қара жердің де құпиясын білетін сұңғыла қария маған не деді екен?"
Ұзын сонар сырдың ұшығын бір шығарып алған Әбекең енді "Әңгіме басынан болсын" деп алып, көсіле жөнеледі де алыстан қайырады тағы. Ең соңында, келген түйіні «Баяғыда, 1951 жылы тау үстінде елсізде екеуден екеу келе жатқанда, Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың тапсырмасымен Маңғыстау қазба байлықтарын зерттеп жүрген геологиялық экспедицияның жұмысымен танысуға келген академик Иван Иванович Боктың маған айтқаны да осы тақылеттес әңгіме болса керек" дегенге саяды.
Жазушының туған өңірінің жер бедері, қойынындағы қазына байлығы, табиғаты, келешегі туралы көтеріңкі, өр, оптимистік пафоста жазылған публицистикалық үлкен шығармасы "Ұйқыдағы арудың оянуы" осылай қағазға түскен екен. Оған тек публицистикалық деген баға жалаң, беріден қайыру ғана. "Ұйқыдағы арудың оянуы" тұнып тұрған сыр, төгіліп тұрған жыр, қазақ прозасындағы үлкен табыс, бетбұрыс. Әбіштің көсемсөзші келбетін танытқан танымал туынды. Ең бастысы, ол - ұлы жазушысының туған жеріне деген үлкен махаббатының лықсып тұрған бұрқағы.
И.И.Бокпен сол сапарынан соң Әбіш көкірегінде геолог болсам деген арман оянып, орта мектептің соңғы сыныптарына дейін серік боп жүріп алған сыңайлы. Бірақ әдебиеттің үлкен аулының ақыры пысы жеңіп тынғаны белгілі. Солайын солай болғанмен, Әбекеңе геологияның өкпесі жоқ. Академикпен жаз бойы болған ұмытылмас сапар ізсіз қалмады. Туған жердің тұңғиығына бүккен құпияға ойын бойлатып әкетті. Қиялын ұштады. Кемелділігін үстеді. Медине сыңары сөз болмаса, Мекке жарықтық та қоңылтақ. Астына бүккен сыры астарда қалмай көрініп тұрған үстімен қоса айтылса, Маңғыстау адамнан гөрі Алланың ауқымына лайық жер ұйығы екен ғой өзі.
Әбекеңнің қарымды қаламы соны ұқтырды бізге.
Әркімнің өз мінезі болатыны сияқты дербес машығы да болады. Ол - оның бүкіл бітім-болмысының бүтін бір қыры. Тегі ата қаны, ана сүтімен болған қасиетінің сыртқы ортаға, жағдайға байланысты, ең бастысы қасиет иесінің қабілетіне қарай қалыптасатын негізгі қырының өзі осы машық. Әбекеңнің жазу үрдісінде дәлдік, нақтылық басым. Сәл нәрсенің өзін, әсіресе, шығармасында сөз болып отырған жер, кейіпкерлері араласымен өтетін оқиғаның орнына келгенде ол өте ықтият. Мұны баяғы бала шағында нақты ғылым өкілдері - геологтармен сапардың сыйы десек қателеспейміз. Нағыз геолог үстірт пайымға тағы да бара бермеген. Тұжырымын көріп, қолға ұстағандай нағыз нақты дерекке сүйеніп барып шығарады.
Жазушының кез келген шығармасында мен мұндалап көзге ұрып тұратын темір тұтым, бұлталақтап, бұлтаруға жібермейтін, қайта дәлелдеп арамтер боп жатуды көтермейтін, күмән, шүбә атаулының бәрін атымен тәрк ететін берік байлам да сол балғын бала шақтан бастау алғандығына көз жеткізгендей боламыз. Ендеше, Әбекең Мекке мекенін, туған жерін "Мысыр шәһәріне" де балаудан асып, "Жер кіндігі атанған өлке" деп бағасын берсе ақиқаттың дәл солай, дәл сол айтылғандай екендігіне де шүбә болмауға тиіс. Маңғыстау жер кіндігі ғана емес жәннаты да!
ТҮЙІН
Әлі есімізде, 60 жылдардың орта шенінде қолымызға Шыңғыс Айтматовтың қазақ тіліндегі шығармалар жинағы «Тау мен дала хикаясы» деген атпен тиді. Солай Шыңағаңды, әуелі, Алатауы мен даласының жаршысы ретінде білдік. Әбішті де бірден туған өңірінің - қазақтың сардиған даласының оқшау бір оңаша түкпірінің суреткері ретінде таныдық. Талғампаз, кірпияз неміс оқырмандары оны «аңызшы» десе, бұл, ең алдымен жазушы шығармаларына халықтық деп берген бағасы. Халықтық болатыны «Күйдің», «Ханша дария хикаясының», тіпті материалдық дерегі қолдағы «Шыңыраудың» да бастау көзі халық жадындағы аңыз әңгімелерде жатыр,- Бірақ жазушы оны жалаң қайталаушы, жаңғыртып айтушы дәрежесінде қалып қоймаған. Өте күрделі көркемдік шешім, түйін жасаған олардан. А.С Пушкинге «Балықшы мен балық туралы» ертегіні айтып беруші досы В.Даль болған ғой. Ақын соны сол күйі поэзияға айналдырған да қолжазбасын «Ертегіші қазақ Луганский! Өз ертегің өзіңе» деп жазып айтушысына сыйлаған. (Луганский Дальдың лақап аты-псевдонимі). Әбіш олай етпеген. Халықтық творчествоның маржанын деталь ретінде ғана пайдаланған. Егер шынайы шебердің қолынан өтпесе алмаз, гәуһар, тағысын тағы асылдардың өзі жай ғана тас, минерал түрінде қала берер еді. Қажетті өлшемге сай құйылмаса, әшекей орнын таппаса, алтының да жай қымбат метал ғана. Әбіш шеберлігінің өзі сондасол жақұт гәуһар, алтындарды орнымен әжетке жаратып, жарқыратып шығара алғанында. Оның көп шығармаларының халықтық сипатқа ие болатын сыры осы шеберлігінде жатыр. Ал тұла бойы тұманың бәрін иітіп, толғатып шығарған туындысының халықтық болып қалуы өмірі өнермен өрілген адамның, әсіресе қаламгердің басты бақыты, мұраты емес пе?!
Даласын жазудай-ақ жазып, сол мұратына жетудей- ақ жеткен жазушы қаланы да өгейсітпепті «Шеткері үй» повесінің, «Керек адам», «Міне керемет!». «Ақырғы аялдама» әңгімелерінің басты кейіпкерлері қала тұрғындары. Оқиғалары үлкен қалада өтеді.
«Шеткері үйді» бастап оқыған бойда қаланың Алматы екені бірден белгілі бола қалады. Үй алпысыншы жылдары жаңа құрылыс әлі жете қоймаған шетте. Оның байырғы тұрғыны бұдан ширек ғасыр бұрынғы тоқ ақ балтыр иесі Зуһра екен. «Ақар-шақар шыңдардың етегіндегі кішкене қаланың орысы мен қазағы, ұйғыры мен татары, дүнгені мен қырғызы бірдей іш тартатын» қазақ Қара Махмуттың қызы болып шықты. Шешесі татар қызы, түп нағашысы ұйғыр, осылай қан араласынан туған Зуһра-сұлу. Әкесі саудагер, бай. Барды барымталаған дүрбелеңнен шашасын шалдырмай өткен шалымды Қара Махмут мінезді де. Кісіге көңілі біте бермейтін шалғы мұрт, қара шалдың бір шөбі түскен жаны Жәнібек - күйеу баласы болыпты. Күйеу бала Зуһраға несімен ұнады? -Мұны автор шешесінің қызына айтқан ақылынан аңғартады: Біздер бөрік иесі көп пақырлар осы кеудемізге қанша сыймай бұтқа толып жүрсек те,өзімізді-өзіміз білмейді екенбіз. Сөйтсек, бар қадыр қасиетіміздің өзі бір қолдың саусағы санап тауысарлық тапшы болып шықты. Бар болғаны көзге көрінетін үш, көрінбейтін екі қасиетіміз ғана бар екен. Екеудің бір сыңары ақыл - ол да көптің маңдайына жазыла бермеген бақ екенін мойындайтын жасқа жеттік қой. Екінші сыңарын қу кемпір қызы жас болған соң айтуды қажет деп таппаған. Соған қарағанда, оның да сірә екінің біріне бұйырмаған, жолы бірде болса, бірде болмайтын, пешенесіне солай екі ұдайлық жазылған бірдеңе болды ғой деген қорытындыға келелік... Ал көзге көрінетін үш қасиет - беттегі айбар, қолдағы қайрат, қалтадағы дәулет екен. Әйел үшін құндылығымыз осы соңғыларда жатырған болып шықты... Бәсе, намысы бір біз бөрікті жазғандардың көбіміздің өлі жүніміздің түспей жүргені содан екен ғой. «Тесік моншақты жерге қалдырмауға» келген де, пейілді Құдеке-ай, еркек пақырларға келгенде еріншектігің ұстай қалыптыау.
Сұлу Зуһраға қолы жетуіне қарағанда, Жәнібек әріптесіміз көбімізден бақытты болып шықты. Әттең, оның баянды болмағанын айт. Жәнібек соғыста шейіт болып кеткен. Зуһра жесір қалды. Бірақ алданышсыз емес.
- Ұлы Әлібегі бар. Жәнібектен қалған көз...
Сахнаға татар кемпіртағы шықты. Бүгінде шалынан айрылған ол да жесір. Бірақ зердесі айық. Қызына таңдайы тақылдап тағы ақыл айтып отыр;.
- «Жесір қатын баққан жетім ұлдан не пәтуа шығады?" - деп салды салған жерден.
- «Әйел - қырық шырақты» деген. Бағың жанайын десе, әлі де кеш емес.
Бірақ, тұл қатынға тулақ құшақтаған да сауап деп кім көрінгенге қор болма» - деп нұқыды.
Ең соңғы түйіні: "Жаман ұрғашыдай етегің толып, еңіреп жүргеніңді білсем, бұл дүние түгілі о дүниеде де: «Басыңда ми жоқ малғұн қаншық», - деп қарғап жатам ...»,—дегенмен бітті.
Сол ақыл Әлібек бүлдіршіннің онан арғы тағдырын шешті. Жартылай өлі, жартылай тірі жетім ол байғұс құлақ естісе де көз көрмеген жердегі Нахимов училищесіне бейтаныс әйәй тәтейдің жетегінде кете барды.
Бауыр еті баласынан солай оңай құтылған Зуһраның өз тірлігінің онан арғысын өзі «Өмір-ай» деуге аузы бармай «уақыт-ай» дей салады екен. Онда да естіртіп айтуға батпай іштей ғана. Иесі солай деген соң бізге не жорық, қазбалап қайтеміз.
Күзембаев, Себепбаев. Себепбаевпен бақас ғалым шал, қоңқақ мұрын, көлтабан офицер.... түн ортасында шаруасын тиянақтаған соң «Рақмет» деген жалғыз ауыз сөзін әзер қиятын үндемес теңге мұрт ақын. Содан кейін бұл үйдің есігін еркек ашуды қойды. Өте беретін уақыт, шіркін, қанша шексіз дегенмен жеке тіршілік иесіңе келгенде ол да өлшеулі екен. Соны соңғы рет білдірген "Өмір бойы шынжырда тұрып, талай жерде қапысы кеткен тағдырға налулы" арлан төбет. «Кенет аузы әнтек ашылды да, төрт аяғын бір-ақ серпіп, үзіліп жөнеле берді» ол мұңлық. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» демейтін бе еді. Өмірі шынжыр бұғауда жақсы мен жаманды айыру мүмкіндігінен адырам қалған арлан төбетке ол бақ та бұйырмады.
Тақыс тағдыр Зуһраның өзіне келгенде, көз жұмар сәтін ешкімге көрсетпеуді, өзі де тірі жан баласын көріп кетуді жазбапты.
Арада 4-5 күн өткен соң, ай аяғында алыстағы баласы салған ақшаны әкеліп беруге келген почташы кемпір көреді өлігін.
Зуһраның шешесі «Әйелдің қырық шырағы бар» десе, оны қазақтан «қарызға алып» айтып отыр. Солай деген қазақ бір сөзінде «Әйел жолы жіңішке» деп те қойған. Тегі солай соқпағы сыңар әйел байғұсқа әлгі анталап тұрған көп шырақты жағып aлy да оңайға түспейді екен. Оған да жігер, қайрат, ақыл, берік тұтым керек екен. Мыстан шешесі түскір қызына еркекті еркек ететін қасиеттерді түгендеп, бақайшақтап түсіндіріп бергенде таңдайы тақылдап кетіпті де, одан бұрын әйелдің әйелдік қасиетін жіліктеп ұғындырып алуды ескермеген екен де. Содан да Зуһра өмірге тым дайындықсыз келген болды да шықты. Жесірдің алды-арты сол емес еді.
Қайта мұның жағдайы көп жесірден ілгері. Басында сол кездің өлшемінде хан сарайы дерлік үйі, қызметі, ажар-көркі, баурында баласы бар. Жан жақсыз да емес. Анау елден қап арқалап келетін ерлі-зайыптылар Жәнібектің туыстары. Олардан «жөн сұрауды Зуһра білмейді». Бұл білмеген соң, олар да білместен қараларын батырды. Жақсы, мұны ауылдың аяғы шуаш, аузы сасық еркегі мен әйелінің қаланың кербез келіншегімен тіл табыса алмағаны делік. Сонда Зуһраның өзімен бірге туған, өзіндей сұлу екі апасы қайда? Олар неге жоқ? Риторикалық сауал. Бәрінің кінәлісі Зуһра. Ол ақыл, қайрат, жігерден қандай мақұрым болса адами мейрімнен сондай жұрдай. Жазушы оның дәл солай екендігін шығарманың өн бойында екі жерде нықтай кетеді. Бірі отқа түскен көбелектің кебін киіп келген Күзембаев байғұстың сөмпиіп есіктен қайтадан шығып кеткеннен соңғы күлкісі, екіншісі қасындағы соңғы серігі арлан төбет өлгендегі ағыл-тегіл жылауы. Бауыр ет баласынан тірілей айрылып тұрғанда шықпаған көз жасы осы. Сол бала ер жетіп, азамат болып оралғанда иімеген жүрек, баласы келінінің, екі немересінің барлығын айтқанда ерімеген шандыр көкірек иті өлгенде ебіл-себілі шықты-ау. Құдая тоба, ұлдының ұлынан, қыздының қызынан аулақ дейтін жағдай ғой.
«Шеткері үйдегі» шеткері үй емес, үй иесі - Зуһра.
Бұл баянды бақ үшін күрес орнына арзан қызықты күйттеген желбуаз бейопа тірлік жетегіндегі әйелге шығарылған аяусыз үкім.
«Шеткері үйдің» Зуьрасы «Құс қанатындағы» қақыра жаулық қара кемпірдің антиподы.
Әйелдің әйелдік трагедиясы жайлы талай марғасқа қаламгерлер жазды. Бірақ Ә.Кекілбаевтың «Шеткері үйі» олардың ешқайсысына ұқсамайды. Біздің Адай елінде мұндайдың бағасы «тойнағы бөлек» деген бір ауыз сөзбен беріледі.
Қазақ әдебиетіндегі көпке дейін соры сопақ астаудай болумен келген жанр сатира. Солай болған соң оның сарбазы аз. Сол аздың өзінің аяғы тұсаулы. Содан келіп сын сыңаржақ. Қожа, молданы сыпыра боқтап баяғыда құртып тыңғанбыз. Ендігі кезекте қарауылға ілінген жемқор бастық, қоғамдық еңбекке қырсыз жалқау, қуса құмалақ түспейтін төменгі буынның көрбілтей басшылары, жұрт хақынан үнем айырған сатушы, міне, біздің кезінде оқып тұшынған сатирамыз солардың төңірегінен ұзаған жоқ. Оза шабамыз деп құлағын қайшылаған Оспанхан Әубәкіров, Есенжол Домбаев тағы солардай шағын топ та етегі тартулы, етігі қоңылтаяқ болған соң мимырт тірліктен әрі ұзамай қалды. Қоғамдық өмірге бара алған жоқ. Өмір ағысының саяси астарына үңіле алмады. Осы кедергіні бұзған қазақ жазушысы Әбіш Кекілбаев. Онда да үш әңгімесімен. Қандай әңгіме олар?
Әбекең атына сатирик деген атақ тимегенмен ол қажет жерінде семсер сөздің иесі де бола кеткен жайы бар. Сонда оның қаламы қандауырдай осып түскен дерт күйкі тірліктің кәдуілгі көп кемшін-міні емес қоғамдық санадағы қабындап келе жатқан қатерлі ісік болыпты.
«Міне, керемет!» соның мысалы. Бас аяғы жұп-жұмыр шағын әңгіме. Темір жол бойындағы бекетіне қарама-қарсы қатар тоқтаған екі поездан түсіп бастары тоқайласа қалған екі жолаушы. Бір кездері институтта бірге оқыған, содан дәм әр қиырдан бұйырып араға көп жыл салып барып кездесіп тұрған ежелгі екі дос. Екі жағы да жалғыз емес. Қастарында әйелдері, бір-бірден ерін үсті түктенген балалары бар. Екеуі де бірдей дерлік киінген. Екеуі де тоқ қарын. Екеуінің де шыққан лауазым биігі шамалас, орын тағы тұрған кабинеттері қарайлас. Сәл айырмашылық бірі аудандағы аз ғана «серкенің» бірі болғанда, бірі астанадағы атауын ел білетін бір тірестің «еркесі». Бірінің әйелі дәрігер, бірінің әйелі институтта оқытушы. Екеуінің де егделіктің алдын-ала ескертуі дерлік дәрежеде ғана аздаған дімкәсін есепке алмағанда дені қарлары сау. Ең азы тоқ қарындардың сыртқы мөлшерлері де шамалас.
Әуелгі кездесудің өткінші әсері тез бітті. Соның өзі екі жақты есепке құрылғандықтан тым сыпайы, сырдаң.
Әйелдері танысқанның мезіретін жасады. Құрдас екі балалары жүз көрісті. Оңтүстіктің қауыны көп бір бекетінде тоқайласқан асығыс поездар көп аялдап тұра алмайды, әрине. Өз жөндерімен тартып кете барды. «Поезы түскір әлі де азырақ аялдай тұрса» деп өкінген екеу жоқ. Қайта соған ризашылық танытқандай ма қалай. Ендігі жай вагондарына келген екі еркек пен екі әйелдің ішкі ойлары арқылы баяндалады. Бұл да ұзақ емес. Қысқа. Бірақ нұсқа. Оқырман содан-ақ кімнің кім екеніне қаныға кетеді. Радиодан ән сазы төгіліп тұр. «Қайдасыңдар, достарым»
Достар, достар, жүрсің қайда,
Бірге еді ғой әніміз.
Кел, шырқайық осындайда,
Жадырасып жанымыз.
Екі жолаушы азаматтың түбіт иек студент кездеріндегі шырқалған ән. Айтып тұрған осы әнді сахнаға, эфирге өзі алғаш алып шыққан атақты әнші. Айтуында мін жоқ. Бірақ мына таңдаушылары үшін баяғы «әләләйға» айналып қала барыпты есіл ән. Кілт үзілді. Дұрысы «екі еркек те радионың тетігін сырт еткізіп жауып» үзіп тастады. Шағын әңгіменің тобықтай түйінін орысша ойлайтын екі бала шығарды: «Құшақтасты, сүйісті, қол алысты. Жымиысты, жылтырасты. Сонда тұрған не керемет бар?» Түк те керемет жоқ.
Поездар заулап келеді. Уақытпен жарысып келеді. Өмір ағысы дегеніміз осы.
Ойда-жоқта кездескен екі дос қайда екен? «Қайдасыңдар, достарым» әнінің шыққан кезімен шамалағанда бар, әрине. Әрісі жетпісте. Ол ер адамға онша қарттық емес қой. Жамандықтың беті аулақ, тоқ қарындарын сипап қойып жүрген шығар санатта. Кербез, керік жеңгелер де сырлы аяқтың сынын кетіре қоймаған болар. Ал орысша ойнайтын екі бала. Оларды қазір тегі ұлтым деп ұрты ісінуден әріге бара алмай жүрген заржақ демократтар тізімінен іздеген дұрыс болар.
Жазушының қысқа әңгімелерінен де «Күй», «Шыңырау» повестеріндегі ыңғайластық, үндестік көзге ұрып тұрады. Біріндегі айтпақ ой екіншісінде жалғасады, толығады, ұштала түседі. «Керек адам» атты әңгіме де солай. «Міне, кереметтігі» кейіпкерлердің енді бір тобымен кездеседі мұнда оқушы. Қияндыдағы қарапайым саналғанмен қатарынын, алды, білікті, кісілікті, іскер инженер Сәрсеновке еріп Алматыға келген оқушы мұндағы зиялы қауым деп аталатын ортамен танысады.
Хас-жазушы қашан да, қай заманда да өзі өмір сүрген қоғамның тамыршысы болумен келген. Қоғамның бойындағы індет, дерт атаулыны алдымен солар дөп басып білген. Пушкиннің Онегині, Лермонтовтың Печорині, Гончаровтың Обломовы, Тургеневтің Рудині бұлар орыстың, буынын cap су алған орыс қоғамының көрнекті өкілдері. Ұлт зиялылары. Орыстың ұлт жазушылары осылар арқылы орыс қоғамы, орыс ұлтын тұңғиыққа апарғалы келе жатқан жаңа салт-сананы осылардың образын жасау арқылы айтудай-ақ айтып, көрсетудей-ақ көрсеткен ғой. Қашан да опық жеуге қасағайым, «әуелі жылап алып ән салатын» Русь (С.Есенин), «Сасық арақ ішіп, қияр қайзалап жүріп» (Ә.Кекілбаев) өзгенің көшін оздырып алмайынша сан соғуға самсоз орыс халқы сонда да оңайлықпен қозғала қоймаған соң тағы бір ұлтжанды жазушы Добролюбов «Обломовшықтық дегеніміз не» деп дабыл қаққан ғой. Көнтері, көнбіс орыс халқы сонда да пәлендей айылын жия қоймапты. Ақыры сол жайбарақаттық бүтін бір алып державаны жар жағасынан құлатып тынды емес пе?! Алдыңғы екі ғасыр тоғысында соның боларын сезгендей қалам алған жазушы А.Куприн. Оның «Жекпе-жегі» ішінен іріп-шіріген орыс армиясына шығарылған қатал үкім сияқты. Мемлекеттің бірден бір тірегі саналатын армиядағы жағдайдың «Жекпе-жектегідей» болуы ол мемлекеттің күні санаулы деген сөз еді. Өзі кадет корпусының түлегі, әскер қатарында көп жыл кіші офицер болған, бас штаб академиясына екі рет емтихан тапсыра алмай тауы шағылған А. И. Куприн өз армиясының жай-күйін, ішкі хал ахуалын кез-келген генералыңнан артық білген. Білген соң солай жазған. Жаздырған күш, сөз жоқ, өркенді өзгеріске деген ділгерлік.
Куприннің меңзегені дәл келді де қойды. Азамат соғысы кезінде орыс армиясындағы байырғы офицерлер корпусының тең жартысынан көбі ( 70 мыңнан астам) қызылдар жағынан табылды. «Жекпе-жекті» оқып ескі қоғамның, патшалық құрылыстың армиясынан көңілдері мықтап қалған ұлттың сарбаз зиялылары оны қорғап қалуды қажет деп тапқан жоқ. Қайта тезірек талқандауды мұрат тұтты.
Азамат соғысында өз еркімен тастап кеткен әскер сапына қайта оралып, Юденич армиясында газеттің редакторы болып, қызылдарға қарсы күрескен, сөйтіп әскери антына адалдық танытқан, жеңілген соң эмиграцияға кетіп, Россияға өлер алдында өлуге ғана оралған А.И. Куприн «Жекпе-жекті» жазғаны үшін өкінумен өтіпті. «Шындықтың маңдайы қасқа келеді» деп қазақ біліп айтқан ғой. Орыс армиясындағы ақиқат жағдайды жасырмай жайып салған жазушы ақ армияның, ақ жолдағы қозғалыстың жеңілісінің негізгі бір себебін солай өзінен көріп бармағын тістесе керек.
Өзгеше түзілген Куприн тағдыры өзімен кетсін. Ә.Кекілбаев Куприн емес. Бірақ бұл да қарымды қаламымен өз қоғамының дертімен аяусыз күресті. Және ақырына дейін. Мұның да меңзегені дәл келіп, күткен қаупі болып, СССР деп аталатын алып держава бір күнде қираң етіп құлап, оны қорғап қалуға еш жанашыр табылмай, нәтижесінде қазақ елі, Қазақстан тәуелсіздік алғанда ол жаңа, жас мемлекеттің үлкен қайраткері, ақылман, батагөй абызы, күрескері болып аттады жаңа XXI ғасыр табалдырығын!
«Ақырғы аялдама» «Керек адамға» да, «Міне, кереметке" де ұқсаңқырамайтын бөлекше пішілген шығарма. Мұндағы басты кейіпкер Бисенов те кешегі ауыл баласы. Солай екендігі әңгімеде тіпті көбірек тәптіпттеледі.
Қияндағы ауыл. Ту сырты құмақ жал. Алды сусыған құмақ шағыл. Неше заманнан бері тұяқ кесті болған оған енді өлі шөптен сүттіген ғана шығатын болған. Өзге қылтанақ сілті басы тізеге жетер жетпес, қыста қар ұстап та жарымайтын, мал салуға аузын аяйтын итсигек пен құсқонбас. Соның арасындағы құмайт жолмен есегімен, типың-типың желіп келе жатқан шал, тайлағын ертіп өріске беттеген қу мойнақ түйелер, жатаған үйлер, көше бойындағы баған басындағы ақ шелек репродуктор. - Көпті көрген көне оқырман бірден-ақ баяғы Үштаған аулын дөп басып тани кетеді. Суы әлі шиқылдақ арбамен, екі күбімен тасылатын интернат, кеңсірік жел жақтан келетін бензин исін айыратын жағдайдан әлі арылып үлгірмегеніне, қаба сақал қарияның қоймашылықтан, көк сұр көсе шалдың есепшіліктен түсіп қалып, қадірлерінің кеміп, енді ештеңеден қауіптенбей-ақ алаңсыз дүкеннің көлеңкесінде шариғатқа таласуға кірісіп кеткеніне, ақ шелек репродуктордың да репертуар тапшылығын әлі тартып, «Шәй-шәй, қойымнан» әлі ұзамай жүргеніне, клуб көлеңкесінде киноға билет сатылып жатуына қарағанда бұл елуінші жылдардың басы. Ауыл басшылары да кеңсе көлеңкесінде шылымдарын жайбарақат тартып, аудандағы кешегі жиналысты ашық талқылауына қарағанда, қабақ астынан аңдысып, ауызды байқап ашатын сақтықтың әлі ауылға жете қоймаған кезі.
Қой аузынан шөп алмайтын момын, көнтері, өз ісіне тап-тұйнақтай, білігі бір басына жетіп артылатын бас кейіпкер Бисенов былай қарағанда жағымды-ақ кейіпкер. Бірақ түптің түбінде «ай, осыны қойшы» дегізерін айт тағы. Діңкені құртатынын сонысы ғой. Сөз жоқ, бұл Бисенов қазақ қоғамының, қазақи ортаның дербес Обломовы - оған қарағанда алымды-шалымды, мақсатына жетпей тынбайтын бала Ертай, жас жігіт Саурықов өз кезеңінің Штольцтары. Қоғамның қозғаушы күші осылар. Ал, Бисенов керісінше қоғамның жексұрын жымиыс, мүсіркеу күлкісі. Ең соңында сол құрымағырың мұның өзінің езуіне жылып қонып қала барды. Дүниеде өзіңді өзің қор тұтқаннан асқан қорлық болмауға тиіс.
... Жә, онсыз да өлі жүні түспей жүрген Бисенов байғұсты мошқай беріп қайтеміз. Бір сәт оның көңілін делбеген болып қасына ерелікші...
"Бисенов ауылдың сыртындағы құмақ жалдың тасасына тартты. "Қалың сүттігеннен басқа шөп өсіп жарымайтын төбел құмақ біраздан соң қатқылға ұласады. Реңінен айырылған қу бұта, қара жусан. Анадайда дөңкиіп тағы бір жал көлденең сұлапты... Көз ұшында жападан жалғыз мұнартып ақ тұмсық шоқы қалтияды. Төбесінде қарауытқан көне мола".
Айна қатесі жоқ Үштағанның солтүстік алқабы. Табан астың ой. Артыңа бұрылсаң ауыл тасада қалады. Үйлердің еңсесі биіктеген, ауыл қанатын кеңге жайып бері беттеген кезде де солай. Өзгермеген сол құбыла беттегі бәз баяғы көрініс. Баяғыша «шоқы-шоқы қызыл шағылдардың төбесі қылаңытады». Дөңбек жал, ақтұмсық шоқы да орнында. Өзгеріс сол жалдан асатын «жалғыз аяқ қысқа жол» орнын бүгінде асфальт жол басқан. Ақ тұмсық шоқының «төбесінде қарауытқан көне мола» да құлаған жоқ. Көпжасардың моласы ол. Әбіш ағаның түпкі бір атасы (Кекілбай-Қоқым-Жаманқұл-Өтек- Көпжасар) емес Жаманадай (Сүйіндік) Көпжасар.
Жазушының балалық шағы өткен, жалаң аяғының ізі қалған өңірдің қимас, қымбат бір пұшпағы осы. Сол ақтұмсық шоқы басына шыға келгенде ар жағынан Қаратау мен мұндалай кетеді. Соның батысқа қарай созылып түйетайлыланып біткен ашығында Онды. Анау кесіртке бас Қарауыл күмбет төрткілінің бергі тұсындағы қоңырлықта Айсәуле шешеміз көктемде жиі-жиі мал төлдететін. Бала Әбіш өзі әлгінде қағазға айнытпай көшірген көлдеу ойда осылай қарап отырғанда, бұл жақтан мамасы солай қарай ұлын емешесі үзіліп сағынып, каникулға қалған күнді іштей тағатсыздана санап тұрды-ау талай. Басқа емес «Құс қанатындағы» қақыра жаулық қара кемпір ғой ол Айсәуле шешеміз. Бүгінде ол бақилық. Мына сардиып жатқан қара жол жанай ететін ата қауымда тыныстап жатыр ол. Алыс емес. Құс қанатын самарқау қағып көтерілген шамалы биіктен ол да көрініп тұр. Иншалла, ендігі бір аялдап өтер тұс сол болар... - «Ақырғы аялдаманы» Бисеновтың, Бисеновтердің түсіп қалар еншісіне қалдыралық. Сіз бен біздің жолымыз жалғаса бергей.
Ақыры тұйықталып тынатын аялдаманың беті аулақ.
...Жарықтық Маната да орнында. Өзгеріс - баяғыда кең аңғардың әр иінінің басын айналып өтетін ирек-ирек сыңар соқпақты сардиған сара жол алмастырған.
Қазақ даласының төрін, Кіндік Азияны батыспен жалғастырған күре жолдың бойы ол. Соған орай жолаушысы да көп. Маната ағыл-тегіл өмір ағыстың бір тармағына айналған соң көбеймегенде ше.
Сол көптің, тіпті бәрі дерлік көбі бүгінгі халық жазушысы, қазақ әдебиетінің шаңырақ артылған ендігі қара нары Әбіш Кекілбаевтың мың сан оқырманы. ...Баяғыда сол Манатадан бастап Әбекең ағасының алғашқы прозалық шығармасы "Ажар" жарияланған "Жұлдызды" қолтығына тығып жүріп оқыған жалақ ерін, жарық өкше балалық өткеннің сығынышына айналған. Шіркін, сағыныш атаулының бәрі сондай болса ғой, - дегізетін сағыныш ол мен үшін.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру