Мазмұнға өту
Home

Жазбалар, эсселер

Ғалым Әріп

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Жазбалар, эсселер

Ғалым Әріп — «Жазбалар, эсселер». ӘКЕ БОЙЫНДАҒЫ АСЫЛ ҚАСИЕТТЕР

/uploads/11e0012f-84a6-55e0-ba57-9ca3feb69847/cover.png

ӘКЕ БОЙЫНДАҒЫ АСЫЛ ҚАСИЕТТЕР

1. Ақылман.

 Барлық мәселені тек қана ақылға жүгіндіру.

 ақылға салмай асығыс іс қылмау, ағат, абайсыз, аптығып сөз сөйлемеу.

 әрбір адаммен оның ақыл-парасатының деңгейіне қарай сөйлесу.

 ақымақтың өзін ақылмен, сабырмен, тілін-қыбын тауып жеңе білу.

 қанша тіл білсең де, қанша оқу оқысаң да, сана-зейінің, ақылың өрең болмаса, алысқа жете алмайтыныңды дәлелдеу.

 арақ ішкеннің өзінде ақылмен (шама-шарыққа, ретіне қарай) абайлап, сақ іше білу, әлі қалыптаспаған, өсіп келе жатқан жастар үшін арақ-шараптың асқан қауіп-қатер екендігі.

 өзіңді-өзің, бойыңды күте білу, кінәратсыз таза жүру.

 табиғи асты: қазақтың ет, қазы-қарта, қуырдақ, бауырсағын жеу, түйе сүті, айраны, шұбатын ішу, сүйек-саяқ, тәтті шырынға әуес болмау.

 табиғатқа, далаға, ауылға құштарлық.

 қайғылы, қазалы, қапалы кездің өзінде ақылдылық, салмақтылық, салқынқандылық таныта білу, күйіп, күйгелектенбеу(қысқасы, асып-сасып тығырыққа тірелмеу, өз жаныңды өзің күйзелтіп, жүрегіңді жаралай бермеу, тағдыр талқысына алдырмау, өмірдің бір-ақ рет берілетінін бағамдау).

Өйткені, Ол кісі:

 жоқшылық көрген
 ашаршылық көрген
 жетімдік көрген

 соғыс, қанды қырғын көрген, Сталинград шайқасында үш жерінен ауыр жараланған.

 зұлматты бастан өткерген
 әкесі кулак атанып, репрессияға ұшырай жаздаған
 түрме - тар қапаста отырған
 күйреген шаруашылықты қалпына келтіруге атсалысқан

 балалық шақ деген болмаған
 ерте есейіп, ес жиған
 анасы, әкесі ерте қайтып, өз қолымен жерлеген
 әке-шеше, іні-қарындастарына пана болған

 өзі оқымай, әуелі інісін оқытқан
 арғы ата-бабалар сөзін зейін-зердесіне құйған
 өмірдің неше алуан ащы-тұщысынан түйін түйе білген
 қосшы да, басшы да бола білген

 өмір бойы атқа мініп, Маңғыстау, Атырау аймақтарын тегіс аралаған.

 бұрынғы КСРО-ның қалаларының көбінде болған

 қай кезде де елмен, халықпен, ағайынмен етене, бірге болған.

 елдік мәселелерді жеріне жеткізе, қанын тамыза айта білген.

 алда болатын істі алдын-ала болжай білген

 көріпкелдігі сәуегейлік емес, айна-қатесіз дәл келеді

 он сегізден асқан қыз бен жігіттің барлық нәрсеге ақылы жетеді, сондықтан өздігінен шешім қылғаны дұрыс деп санайды.

 балаларды ақылмен тәрбиелегенді оң санайды
 «Қақпаған бала батыл болады» дегенді жөн көреді
 «Ақылды тентекке» дұрыс қарайды

 тентектің өзін дабырасыз, сөз құдіреті арқылы тезге сала алады.

 жамандық ойлағанды еселеп жақсылық жасап сабасына түсіреді.

 ақ адал нан тауып жегенді, ешкімнің ала жібін аттамағанды үлгі тұтады.

 денсаулығына, жазған сызған қағаздарына мұқият та мүлтіксіз қарайды.

 күнделікті әрбір жүріс-тұрысын, іс-қимылын ақылмен өлшеп-пішеді.

 әрбір атқарар ісі, қимыл-қозғалысында оның алдағы болуы мүмкін пайдасы мен зиянын таразылайды.

 көз-жанарыңа, сөйлеген сөзіңе қарап сенің көңіл-күйің, шама-шарқың, пәтуа-парқыңды безбендеп, айна-қатесіз біліп, іштей оқып тұрады.

 көзінің өткірлігі жан шыдатпайды

 сөзінің кестелілігі мен фәлсафалық сарыны мойындатпай қоймайды.

 жұмыс бабында қатал талап қойғанды, жауапкершілік талап еткенді, алайда тек қана әділ әрі қайырымды болғанды ұнатады.

 жан баласына қиянат жасауды қолай көрмейді, керісінше қолынан келген көмегін, жақсылығын аямайды.

 ел болып қауымдасып, тіл табысып, жан аямай тер төгуді мақсат етеді.

 Маңғыстаудың арын арлап, бабам қазақтың намысын жыртады.

Бірер мысал: - Сенің папаң бір орден алғанда, дейді бір ағамыз, дастархан басында I хатшыдан бастап облыс басшылары болды, сонда ол кісі былай деп айтты:

 Қызмет - жақсылықтарың Алладан қайтсын, азаматтар. Мүмкін, өзімнен қайтар. інілеріңнен қайтар, бәлкім балаларымнан қайтар...

Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев туралы:

«Ол ақылды, білімдар азамат қой. Енді оның жазатын бір кітабы бар, оның аты - «Адай!» -деді...

Менің екі кітабым шығып, Абай атындағы мәдениет сарайында тұсаукесер жасағанымда, шығармашылық кешімде айтқан алғашқы сөзі:

 Мен Ғалымның тойына қатысу үшін келгенім жоқ.

Ғалым туралы жұрт, азаматтар не айтатынын естуге келдім...

Бір әңгіменің орайында айтқаны:

«Хан бол, мейлі, қаншама деңгейдегі басшы бол, ертең оның бәрі де өтеді, бір күнгідей болмай кәрілік те жетеді, ештеңе есте қалмайды, ал бір түйір ғана жақсылық пен қайырым жасасаң, ол ешқашан ұмытылмайды».

2. Абыз.

 Адайдың, Кіші Жүздің, арысы Қазақтың таралу тегін жақсы біледі.

 Адайдың, атам қазақтың бүкіл әдет-ғұрып, салт-дәстүр, жөн-жоралғысын жетік біледі.

 Маңғыстаудың жер-су, құдық, қауым-зираттар, тау-тасының қыр-сырын жете меңгерген.

 арғы-бергі ата-бабалардың айтқан сөздері, шежіре, мақал-мәтел, уәлі әңгімелерін, билік сөздерін түгел дерлік біледі және жатық тілмен бабына келтіріп әңгімелеп береді.

 жергілікті халықтың басынан өткен әр кездегі қанды оқиғаларды (Иса-Досан көтерілісі, Адай көтерілісі, т.б.) әңгімелеп береді.

 социализм кезеңіндегі елдің тарихы, болмысын бастан-аяқ біледі.

3. Ақсақал.

 Бүкіл ауылдың үлкен-кішісі келіп ақыл-кеңес сұрайды

 баршасы келіп бата сұрайды

 кісіні ақырғы сапарға аттандыру, құда қарсы алу, тағы басқа жоралғылардың басы-қасында болуын өтініш етеді.

 кеңес алмайтын адам жоқ, ауыл әкім-қаралары да жиі келіп, ақылдасып тұрады.

 елдік намыс, ата жолын сақтауға, шалағай іс қылмауға сақтандырады.

 атақоныс, туған топырақ, ауылдың абыройын аласартпауға алқалы жиын-отырыстарда алғашқы болып сөз алып, елді ортақ пәтуаға ұйығым келеді.

КӨҢІЛДЕН ШЫҚҚАН КӨРІКТІ СӨЗ

1. Анаңнан айрылғанда - жыла,

Ана алдында алып азамат та - бала.

2. Ақша - арсыз, ар - асқақ.

3. Өз бағаңның шамасын салмақтай біл.

4. Сеніскен дос серігін сатпас.

5. Анадан асқан асыл жоқ,

Жардан асқан жақын жоқ,

Баладан асқан бақыт жоқ.

6. Өмір - күрес, Жеңілмей тірес.

7. Боркемік болсаң, бордай тозасың,

Ер көңіл болсаң, сонда озасың.

8. Бауырға өкпе жүрмейді.

9. Арамнан ішкен ас –

Ағызар көзден жас.

Адалдан ішкен ас –

Өмірге қылар мас...

10. Абай айтқан: «Жиналып өңшең қиқым»,

«Қалаулы» боламын деп сықты-ау битін...

11. Жемқор – жемтік (ақша-құлқын) іздеген қорқау қасқыр.

12. Дос! -

Досқа қолыңды соз!

Сөз! -

Ақиқат болса төз!

13. Өмірден-ой, тірліктен-түйін.

14. Әділдік - арың, намысың - қаның.

15. Жылы сөз - жүрекке емші.

16. Жанардың жылты - жүректің кілті.

17. Жақсыға жала жұқпайды,

Жамандар оны ұқпайды.

18. Ақымаққа - сөз шығын.

19. Жетекке ермеген - жетесіз.

20. Іштар ішқұсалықтан өледі.

21. Алаяқтың арманы - алдап-арбау.

22. Бәрі жақсы болады, егер денсаулық болса, бәрі жақсы болса егер, денсаулық та жақсы болады.

23. Қызың - қанатың әрі жәннатың.

24. Дүниедегі ең тәттісі - жан мен нан.

25. Қалта қамын ғана ойлап, қазына қамын қаперден шығарган - қоғамға қауіпті сілімтіктер.

26. Өмір - ырғалып жүру емес,
ырқылдап күлу емес,
Өзегің ел деп талмаса,

Бұл - өмір сүру емес!

27. Бастық болмасаң да, жастық болма.

ӨЛІ ӘРУАҚПЕН ЖҮЗДЕСУ

Ұлт қайраткері Сайын Шапағатовқа

Осынау дүрбелең дүние, мазасыз да қым-қуыт ғұмыр-пәниге адам-пенде баласының жалғыз рет қана жаратылатыны қандай тылсым сырға толы, жұмбақ десеңізші! Қай-қайсымыз да алқара көк түнде көк жүзінен ағып түсетін жұлдыздар тәріздіміз. Бір күн болмаса, бір күн жарық дүниеден аттану жаратылыстың заңы болғасын амалың қанша? «Әркімнің маңдайына жазылған тағдыры, тіршілік - ғұмырының өлшемі бар» деседі кәріқұлақтар. «Дүние-жалған-ай, өмір өтіп барады» деп әрбір күнін санайды екен бұрынғылар. «Қайткенмен де «жазмыштан озмыш жоқ» екендігі өзінен-өзі түсінікті. Сондайлық жаратылыс заңы бола тұрса да, жанды бейне, отты кеуденің бір мезетте жер астына тығылып, жаны бақиға мәңгілікке жоғалатынына тіпті де сенгің келмейді-ау. Өлді деуге қалай айтсаң да қимайтын, өз құдіретіне иландырмай қоймайтын Тәңірім жаратқан әулиелер де бар шығар. Сондай әруақты ер, асыл туған арғымақтарымыздың бірі де бірегейі Сен едің!

Өткен түнде тағы да түсіме кіріп, көзімді ашсам, кәдімгідей-ақ үйімнің төрінде отыр екенсің...

Кеттім деп ортамыздан жасыма, Аға,

Едің ғой көз тіріңде жасын дара.

Ерлерді өлді деуге кім сенеді –

Жаралған елден ерек асыл, дана, -

деген өлең жолдары еріксізден тіл ұшына орала берді..

Ал сен болсаң баяғы бәз қалпыңда, жүзің ұқсап жалын атқан жарқылға, жон арқаң мен тұла бойың жалданып, ұқсамай түк жұрт ойлаған марқұмға:

Келіп тұрдың түнгі ұйқыңнан селт етіп,
Мен де ояндым қиялды алыс серметіп,
Құшағыңды жайып маған қарайсың,

Жанарымнан жас төксем бе селдетіп?!

Өр жүзіңде өшпес алау лапылдап,

Жаныма бір келдің дерсің жақындап.

Көздерінде қайсар мінез мәрттігің,

Жер құшсаң да жүр екенсің жалындап.

Мен ойладым: сендік жүрек тоқтамай,

Соғар дейсің мәңгі лаулар оттардай.

Келіп тұрдың, келіп тұрдың жаныма,

Өн бойыңда үзілмейтін тоқ бардай.

Баурап алдың азаматтық тұлғамен,

Енді ғана Күн шыққандай нұрлы әлем.

Рухыңның өшпесіне сендім де,

Жүгінгенмін жүрек жарды жырға мен.

Таңға салым ұйқымды алдың демес ем,

Өзің менен сұхбаттасам, кеңесем.

Сенің менен сұрайтының - ел жайы,

Сол еліңді алға бастар кемесі ең,

Ортамыздан ерте кеттің неге сен?!

Туған жердің ойлайды енді қамын кім,

Жұрттың жүзін алған билеп сағым-мұң.

Қысылғанда шығатұғын ту ұстап,

Сұңқар сынды өр жүзіңді сағындым,

Халқың сыйлар қасиетіңе табындым.

Қадіріңді енді білген елің де,
Қыраны едің қалықтаған көгінде,
Туған дала намысты ұлға зар болып,

Тұмса тірлік алған жаулап тегінде.

Өздік қамын қамдауменен кімің де,

Күндер күйбең жатыр өтіп бүгінде.

Қазақ қашан Ел болады

Ер туып,

Ұлттық рух тұрар есіп үніңде?!

...Тағы да өзіңмен сырласамын. Сен еліңді бірлікке, батылдыққа, қайсарлыққа, ақыл мен айла, парасат пен пайымға, ер жүректілік пен еркіндікке үндейсің. Жағымпаз бен жәдігөй, алаяқ пен арсыздарды жүндейсің. Туған дала төсін қимай жаралы, Ашу менен Ыза-Кектен түтейсің...

Оспадар мен ойсыздарға,
Ойран салған мисыздарға,
Рухы пәсең қансыздар мен
Ашқарақтанған тойымсыздарға

жол бергің келмейді!

Көзіңнің тірісінде оларды хан ығардай қаһарыңмен, қанжар сөздеріңмен тілгілеп, үркітуші едің. Еркін де егеменді ел боламыз дегенде ерте сөніп кеткен Шолпан Жұлдызым-ай!!!

Сен жер астын құшсаң да, киелі топырағың үшін, қасиетті ел-жұртың үшін жаның маза таппай азалануда. Өлі әруақтардың киесі атып, көрсоқыр кеуде жазалануда...

Түбінде Әділеттің келері анық,

Дүниеде озық ойдың жеңері анық.

Ерлердің бағасына жетеді ақыр

Ертеңін ойлайтұғын дана халық.

... Күндер, айлар, жылдар өтіп жымысқы,

Жазатын бір қайда кездер тынысты?

Қайран, ерім, бұл өмірден сен өтіп,

Жалын атқан жауырын біздің құрысты.

Дем беретін, леп беретін, Маздағым,

Қалай ұшып барады аппақ Қаздарым?

Сен ұйқыңнан тұра келші кенеттен,

Дүр сілкінсін дүние қуған қазағым!

...Сен менің қасымдасың,
Адамгершілік мұратыңмен,
Адам деген ұлы атыңмен,
Арқалы тұлғаң менен,

Азаматтық кескініңмен,
Абзал келбетіңмен,
Ақжарқын қалпыңменен,
Қарақан бастың қамы емес,

Елің менен жеріңнің

Келіпсің жайын сұрауға.

Кием боп елес бердің бе,

Сөзімді елге жеткізер

Жан ғой деп маған сендің бе?

Үйіме келдің тағы да,
Отырдың төрде, ардағым,
Келе бер солай жаныма

Өлмесе деген арманым.

Өзгеге намыс бермеген

Тентек те текті тарпаңым!

Жатсаң да жердің астында

Тайғақты жолдар туғанда

Еліңді қолда, әруағым!

ЖАНКЕШТІЛІК РАХАТЫ

алматылық бір кәсіпкердің тіршілік тынысынан

түйген ойлар

Көптеген маңғыстаулықтардың құлағына бүгінде оңтүстік астанадағы «Нұрлы әлем» баспасы мен оның бас директоры Жарылқасын Дәулеттің есімі белгілі болып қалды. Біздің жерлестеріміз аталған баспадан кітап және басқа да полиграфиялық өнімдерді шығарудың екі жақ үшін де тиімді қырларын түсінген сыңайлы. Мені осы азаматтың бойына біткен сан қырлы таланты және оның Құдай қосқан қосағы Раушан Молдабекова екеуінің аса күрделі, бәсекелестік өте жоғары кітап бизнесі әлеміндегі жанкештілік тірлігі тәнті қылғасын қолыма қалам алуға мәжбүр болдым.

Бірінші мысал. Мен бірер жылдықта жолым түсіп Алматыда болғанымда оларға хабарласқанмын. Олар мені өздері тауып алатынын айтты. Мен курстас әрі бес жыл бір бөлмеде бірге жатқан, дарынды прозашы Нұрғали Ораз сынды жазушы досымның үйінде қонақта болдым. Жарылқасын ара-тұра телефон шалып, өздерінің қолдары тимей жатқанын ескертіп қойып отырды. Түнгі сағат 1, 2, 3-терде әдейі телефон шалып, қалайда хабарласатынын қайталай қаперіме берумен болды. Біз Нұрғали екеуміз студент кездегі қызықты әңгімелерді еске алып, уақыт өткізіп отыра бердік. Таңғы төртке қарай тағы да телефон соққан Жарылқасын: «Ғалеке, деді маған, айып етпесең, есіктің алдына шығып тұршы, бүгін сөйлесетін де уақыт болмайтын болды». Нұрғали екеуміз даладан күтіп тұрдық. Нұрғали: «Олар күні-түні дамыл таппайды. Тіпті тамақ ішетін де уақыттары да жоқ-ау, шамасы», - деді. Көп ұзамай олар да келді. Мінгендері - мінсіз қап-қара, сүліктей «Мерседес»! Жарылқасынның бір айтқаны ойыма сап ете түсті. «Өз деңгейіңде жүруің үшін тұлпарың да мықты болуы керек!»- деген еді ол. Адамдармен қарым-қатынас жасағанда да жылы әрі мәдениетті сөйлесу, кім-кімнің де тілін-қыбын тауып, келісімге келе білу, тек ақша қуалап кетпей, жеңілдіктердің түрлерін жасауға мән беру - оның берік ұстанатын саясаты. «Қандайма жағдайда да келісімге келуге болады», дейді кәсіпкер.

Түн ортасы ғой, тек амандық-саулық алысуға ғана мүмкіндік болды бұл жолы. Шынында да әрі баспа, әрі баспаханалары бар бұл кәсіп иелері күні-түні мігірсіз тер төгіп, ұйықтауға, демалуға, мезгілінде тамақтануға да уақыт таппайтыны рас екен. Осындай табанды тірлік арқасында ғана өз бизнестерін жандандырып, баспа мен баспахананы осы заманғы шетелдік озық техникалармен жарақтандырып, тым жақсы ұжым қалыптастырып, өндірісті қалыпты да ырғақты арнаға түсіргені байқалады. Ең бастысы, олар адамның қадірін біледі, өзара ортақ пайда мен табыс түсіруді жете біледі. Ең бастысы, олар алтын уақыттың бағасын біледі. Ең бастысы, олар ақша қаражаттың қадір-қасиетін біледі. Өз өндірістерін тек қана өз күштерімен өрге сүйрей жүріп, адами өзге де құндылықтарды жадынан шығармайды. Қаншама жанталасып тырбанып жатса да, отбасы тірлігін, өздерінен өрбіген 4-5 қарадомалақтың тәлім-тәрбиесін, қауіпсіздігін ойлауға да уақыт табады. Осы мақсат үшін үйлерінде қарындастарын ұстайды. Ағайын-туманың қуанышы мен қайғылы жағдайларын әсте қалт жібермейді. Қолынан келгенінше айнала-туысқа, ел-жұртқа көмек жасауды жадынан шығармайды. Жарылқасын тек өз тумаластарына ғана емес, көптеген елдік шараларға да демеушілік жасап, ел аузында жүрген ұлтжанды азаматтардың бірі.

Ол бір орайы келгенде Ақтауға келіп, Бекет атаның басына арнайы барып түнеп, тәу етіп қайтты. Аздап дімкәстігі бар бір қызына әулие-әнбиелерден шарапат тілеген.

Екінші сапары бас шайқап таңғаларлықтай болды. Өзі Ақтауға таңғы сағат 9-да ұшып келді. Дереу қалалық әкімшілікке аттанды да, түскі асты отырған жерінде қаузап, кешке дейін компьютер құлағында «ойнап», өздеріне берілген тапсырыстың «бұрауын» келтірді де, кешкі рейспен Алматысына аттанып кетті. «Үш мың шақырымдық Маңғыстауға жолың түскенінде бірер күн болмағаның қалай?» деп сұрақ қойғанымызда, жымиып күлген Жарылқасын: «Мен үш күн ұйықтаған жоқпын. Кеше жұмыстан үйіме бес-ақ минутқа кірдім де, әйелім дайындап қойған жол сөмкемді алдым да, өз көлігіммен құстай ұшып (он бес минутта!) әуежайға жетіп, сосын ұшып Ақтауға келдім. Міне, Құдай қаласа қазір Алматыға ұшып барғасын әуежайдағы көлігіме отырамын да, сол жерден Шымкент облысының өзім дүниеге келген ауданына аттанамын. Ол жақта ертесіне ауылдың мерейтойы өтпекші, соған жылда демеушілік жасайтын едім, қалайда қатыспасам болмайды» деп жауап берді. Жанкештілік демей гөр енді!

Осындайда менің ойыма ақын Темірхан Медетбек ағамыздың бір жылдары Алматыға республикалық Тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамына қызметке барып, көп ұзамай Маңғыстауға қайтып оралғасын айтқан сөзі оралады. «Әбекеңдердің (Әбіш Кекілбаев) жұмыс істеу стилін көргенде, таң қаласың. Күнбе-күнгі алапат жұмыс, өңшең шәуімбас академиктер пен профессорлар, нешебір сұңғыла ғалымдар түн ауғанша мәселе талқылайды. Кекілбаевтың жұмыс істеу ауқымы, уақытпен мүлде санаспауы, елдік мұрат-мүдде жолындағы табандылығы ғажап! Ілесе жұмыс жасаудың тауқыметінен, сондай жанкештілікті көріп оған шыдас берудің оңай еместігінен денсаулығыма байланысты кері оралдым» деген еді ол.

Мен білетін курстас әрі группаласым, қайраткер азамат Мұхтар Құл-Мұхаммедтің он бес жыл Қазақ энциклопедиясында көзінің майын тамызып қызмет жасай жүріп, теледидарда қосымша хабарлар жүргізіп тұрғаны, артынан өз алдына дербес «Атамұра» баспасын ашып, шарқ ұра іздене жүріп оны жан-жақты жетілдіріп, әрі ғылыми-шығармашылық қызметін жанкештілікпен жалғастырғанын жақсы білемін.

Жерлес інім, ҚазГУ-дің филология факультетін бітіргеннен кейін Министрлер кабинетінде нұсқаушы, ҚазГУ-де оқытушы, М.Әуезов театрында әдеби қызметкер бола жүріп, драматургиямен, прозамен зор шығармашылықпен айналысқан, нарықтың алғашқы бастау алған жылдарында өз бизнесін біліктілікпен жолға қоя білген, бүгінде Мәдениет, ақпарат вице-министрі болып абыройлы қызмет жасайтын Ермек Аманшаевтың еңбекқорлығы да тәнті етпей қоймайды.

«Еңбек ер атандырады» деген халықтық қағиданы ескерсек, бүгінгі таңда өз отбасыңнан бастап, ел мүддесі, ел игілігі жолында жанкештілікпен, шынайы беріле еңбек ету -адамзаттық даму көшіне ілесудегі Уақыттың өскелең де өткір талабы болып отыр.

Менің жақында Алматыға жолым түскен. Тағы да курстастарыммен хабарластым, кездестім. Сөйлесіп қарасам, бәрінде де үлкен өзгеріс бар. Өзгерістің ең үлкені - қарбалас та тынымсыз тірлік. Сан қырлы қызмет, шығармашылық... Алматы, Астана сияқты қалаларда өмір сүру бұрыннан да аса күрделі сияқты еді, енді бұрынғыдан он, тіпті жүз есеге дейін күрделене түскен сияқты. Ең бастысы, өмірге деген көзқарас, еңбекке деген шынайы құштарлық, сол еңбегіңнің рахатын көруге, тұрмысты жақсартуға деген ниет ауған. Әбіш Кекілбаев ағамыз айтқандай, «...бұйығы, бейқам қазақы менталитет енді өзгеріске түспесе болмайтынын» орталықтағылар жете ұғынған... Сол Әбекең айтқан: «ізгілік дегеніміз - елің мен үрім-бұтағыңа игілік болып даритын адал еңбек» екендігін пайымдаған...

Әрине, Маңғыстау атағы дүрілдеген аймақ болғанымен де, әлі де адамдар бойында маңғаздық, марғаулық бар екендігін жасыра алмаймыз. Бірақ, өмір жаңарып келеді. «Елу жылда - ел жаңа» демекші, жаңа заманның, озық ойлы көшбасшыларының, уақыттың қояр талабы да күннен-күнге айқындала түсуде. Жан бағу, жайбарақаттықтан гөрі қай өңірде де жанкештілік, жан аямай еңбек ету дағды-дәстүрге айналғанда ғана әлгі айтқан Уақыттан озып, биік межелерге жетуге, дүние көшінің алдыңғы легіне ілесуге болатындығын айқын аңғарамыз. Ал баяғы бабаларымыздың ел, жер қорғау дәстүрлері, ат үстінде ұйықтамай күні-түні сергек жүруі де сол қатын-баланың ғана емес, егемен елдіктің, тәуелсіз мемлекеттіктің айқын нысанасы екен ғой! Ендеше, заманның өзі бізден, әрбір азаматтан бойыңда бар қабілет-қарымың, күш-жігеріңді аямай, өзіңді толыққанды көрсете білуді талап етіп отыр. Мен жанкештілік бейнетін тартқандар оның рахатын да көріп, жемісін тере білетінін байқадым.

...Мен тағы да бір сәт Жарылқасын досымды ойлап отырмын. Өз бизнесін жоғары биікке өрлетіп, оны сенімді серіктеріне табыс еткен ол қазірде өзінің сатиралық шығармашылығы мен ән өнері, сазгерлік ізденісіндегі жаңа биіктерге өрлеуде. Халықтың рухани қазынасы - өнердегі жанкештілігі өз алдына бір төбе!

Түйін: біз өзімізге жалғыз рет қана берілетін дүние-дәуреннің әрбір күні, сағаты мен минутының бағасын біліп, барынша белсене еңбек етуге, бойдағы барымызды, күш-қуатымызды еліміз, жеріміз үшін, ұлан - ұрпағымыз үшін аямай төгуге тиіс екенбіз, айналайын әлеумет! Сонда ғана ата-бабалар сан ғасырлар бойы арман етіп, сол жолда жанкештілікпен жағаласып, қанды майдан кешкен ата мекеніміздің көсегесін көгертіп, жалпы адамзаттық даму даңғылына ілесе аламыз. Бүгінгі таңда әрбір қазаққа, әрбір қазақстандыққа Уақыт алға тартып отырған басты талап - жаңаша өмір сүру, сана-сезімді түбегейлі өзгертіп, қай салада да мігірсіз ізденіс, зор талапкерлікпен жетістіктерге, жеңіске жету болып отыр. Ендеше, іске сәт, замандас!

5.06.2006 жыл.

ТУҒАН ТҮБЕКТІҢ ТЕКТІ ПЕРЗЕНТІ

(Портреттік очерк)

Даңқты дәстүрлерімен аты аңызға айналған киелі мекен - қарт Маңғыстау өткен ғасырдың 60-жылдарында ұйқысынан дүр сілкініп оянып, нар маялар маң-маң басқан маңғаз өлкеде өркенді өндірістердің құлашын жая бастаған кезеңі еді. Алыс аймақ өміріне ерекше серпін туғызған сол бір жылдарда ту өлкеден түлеп ұшқан арманшыл жастардың арысы Мәскеу, Уфа, Грозный, Баку, тағы басқа қалаларға, берісі ел астанасы Алматыға шарқ ұрып арман жолында қанаттарын қомдай қаққан сәттері. Сол топ, сол дүбірмен күншуақты Алматыға ат басын бұрған жастардың жуан ортасында ата-бабалары осынау Ұйқылы-Ұшқи-Боржақты, Ақтау-Қолтық аймағында ғасырлар бойы мал бағып, көшпенділік дала салтын ұстанған Ноғай ақсақалдың тоғыз баласының бірі, Ақтаудан оқып, білім алған Ықыластың да болғаны ақиқат. Бастапқыда сол кездегі дағдымен ақ желеңді оташы дәрігер болуды ниеттеген бозбаланың бұл мамандықтан жыл өтпей айнып шығуында да табиғи мән бар секілді көрінеді. Өйткені, сол кездегі талапшыл жастардың таңдауы мен талғамына қарсаң, олардың дені мұнайшылықты таңдап еді. Құрылыс, тау-кен, энергетик, экономист мамандықтарын төңіректегендер де біршама баршылық. Ал тағдырдың айдауы, бәлкім, ата-бабалардың қолдауынан болар, өзі түскен Алматы мединститутын тастап, аттың басын ҚазПТИ-дің түрлі-түсті және сирек кездесетін металдар факультетіне күрт бұрған Ықылас Ноғайұлына сол сирек кездесетін және бытыраңқы элементтер мамандығын маңдайына жазыпты ғой. Ал Маңғыстаудан мұндай мамандықты алып отырған бұл бірінші маман.

Алайда, бұл орталықтан басқарылатын, қазақтың өз еркі өзінде емес замана еді ғой. Сол кезде аты дүрілдеп шыққан алпауыт ПГМК-ның маңына да жуытпайды жергілікті кадр атаулыны. Дегенмен де, сол кездің өзінде осынау атышулы өндірісте механик, энергетик, КИП мамандықтары, немесе парторг, комсорг секілді қоғамдық қызметтер саласында жасаған қазақ азаматтарының бірен-сарандап, қадау-қадау болғаны рас. Алайда, бұл өндірістегі қосалқы салалар ғана болатын.

Алайда, құпия материалдар туралы толыққанды ақпарат ала алатындай өндіріс ошақтарына жергілікті кадрларды маңайлатпайтын. Міне, ұзақ жылдардан қалыптасқан, жоғарыдан арнайы қаулы алынған бұйрықты бұзып, біздің кейіпкеріміз, өз жерлесіміз, ауылдан шығып, Ақтауда апасының қолында оқып қазақша мектеп бітірген Ықаңның бесінші разрядты слесарға дейін өндіріс қазанында қайнап, одан аппаратшы, технолог-шебер, күкірт қышқылы зауытының ауысым бастығы, цех технологы, цех бастығының орынбасары болып 17 жыл ақ адал терге малшынатын жері де осы жер. Тегінде бұ іске шамалы адамның жүрегі дауалайтын да жер емес. Өйткені, ол өзге ұлт арасындағы жалғыз әрі жергілікті қазақ еді! Өзінің алға қойған мақсатынан танбайтын өрлігі мен іскерлігі, батылдығының, бірбеткейлігінің нәтижесінде тасы өрге қарай домалай берді. Өйткені, ол Менделеев таблицасында кездесетін барлығы 65 металдың екеуі ғана (хром мен темір) қара металға жататын болса, қалғаны түрлі-түсті металл, ал Ықаң болса солардың ішінде де жер бетінде сирек кездесетін-бытыраңқы (уран, торий, цезий...) және радиоактивті элементтер бойынша қанық білім алған сауатты жас дарын еді. Еңбекпен есейген ер жігіттің жұмысшылықта ХГМЗ-да 5 разрядты слесарь, СКЗ-да 6-разрядты аппаратшыға дейін, одан кейін мастер, ауысым бастығына дейін жегу жолдары тек қана ащы термен ғана мес, сыншыл ортадағы қиян-кескі тартыс, табандылық, текті мінез, алмас қылыштай қиып түсер туралық, өжеттілікпен өлшенетін дүниелер еді. «Қия шатқал шың-құзға жорғалай жылжып жылан да жетеді, қалықтай ұшып қыран да жетеді» демекші, бұл сол өктемшіл ортада қанаты тез қатайған, топшысы бекіп, шеңгелін шегендей білген сәулелі де ұлағатты ұлан еді.

Әрине, ол кезде бұл жабық қала. ПГМК - уран өндіретін құпия әрі Орта машина жасау министрлігінің қорғаныстық бағыттағы аса маңызды нысаны. Ондағы ХГМЗ (химия-гидро-металлургия зауыты), СКЗ (күкірт-қышқыл зауыты) және АТЗ (азот-тук зауыты) -бір-бірімен тығыз байланыстағы, яғни бірінсіз-бірінің рөлі жоқ зауыттар. Мұнда урандық қоспалар және тыңайтқыштар шығарылады. Ең негізгі маңызға ие басты мамандық -технолог. Денсаулық үшін аса зиянды өндіріс болғандықтан, бұл жерде он жыл еңбек еткен соң зейнеткерлікке шығуға толық мүмкіндік бар. Ал өз мамандығын ғана емес, туған жерін сүйген намысты жігіттің ХГМЗ мен СКЗ-да 17 жыл табан аудармастан қызмет жасауы талайды таңғалдырады. Өзімен қызметтес болған талай көз көрген әріптестерінің бақилық болып кеткенін де ол жақсы біледі.

Әйтеуір, Алла қолдап, ата-бабалар дем берген, туған жер перзенті Ы.Ноғаев біздің ортамызда абырой арқалап жүр. Кей-кейде өткен іздері ойына оралғанда кейбір оқиғалардың есіне түсетіні де бар. Бірақ, оның өзі тереңнен күрсінбегенмен бас шайқай еске алатындай сәттері де аз емес-ау. Әйткенмен, бұған өзгелер «жалғыздың үні шықпас» деп тырнағын батыра алмады. Тумысында жүректі де ақылды, зерек боп туған қайсар жігіттің еңбекте ысылып, шыңдалуы тұғырын биіктетіп, табан тірегін бекем еткен еді. Жаратылысында жайсаң жанды, жағасы жайлау, алды-арты кең азаматтың бой бермес асау болмысы мен айтқанынан таймас мәрт мінезі айналасын сескендіріп, бүкіл комбинатқа атын да шығарып еді.

...Әлі есінде, бірде бұл зауыттың ауысым бастығы болып, бүкіл өндірістік процеске жауап беруші, яки бейне асау айдын төсіндегі кеме капитанындай, міндетті атқарып тұрған. Мұндайда, күні-түні жұмыс жасайтын зауыттың директоры да, бас инженері де өзіңсің. Міне, Ықылас жұмыс істеп тұрған блоктардың (өндірістік құрал-жабдықтардың) -барлығы 13- 3-4-уінің сыр беріп тұрғанын байқады да, ХГМЗ-ның бас инженері Н.Д.Алпатовқа зауыттың 3-4 блогын уақытша тоқтатып, техникалық жөндеуден өткізіп барып қайтадан іске қосуды, әйтпесе ол басқа да зауыттардың қалыпты жұмысына кері әсер ететінін батыл ескертіп, талап қойды. Алайда, бас инженер оны орындаудан бас тартты. Бұл өндіріс ырғағының бұзылуына себепші болды да, 3-4 күн шамасында бүкіл зауыттың тұрып қалуына әкеліп соқтырды. Мұндай ақымақшылыққа шыдамаған Ықылас Ноғайұлы бүтіндей комбинаттың бас директоры Ю.В.Кузнецовты басқарма алдында күтіп тұрып, өз қолымен орыс тілінде өткір әрі өндіріске деген шынайы жанашырлықпен жазылған рапортты табыс етті. Онда былай деп жазылған еді:

«Уважаемый Юрий Владимирович!

Из-за неграмотного действия гл. инженера Н.Д.Алпатова ПГМК понес ущерб на более чем 7 млн. рублей. На оснований вышеизложенного прошу тов. Алпатова убрать с должности и переправить в подшефный совхоз Тущикудукское рядовым чабаном, либо на другую должность не годится...»

Көп ұзамай комбинаттың партком хатшысы (әрі ол обкомның да хатшысы болып есептелінеді) Кольвах бастаған арнайы комиссия келіп тексеру жүргізіп, жиналыс өткізеді. Оны жүргізіп отырған зауыт парткомы міңгірлеп ештеңе айта алмайды. «Давай начнем по-кругу» деп отырғандарға сөз береді. Сөйлеушілердің аужайы: «Он грубиан... Никого не признает, ни парторга, ни комсорга. Все начальники жалуются на него» деген секілді сарында, мұқатқысы кекеткісі келген сыңайда болады. Біреуінің аузынан:

 Настоящий Адаец! - деген де жағымсыздау рәуіштегі дауыстар естіліп қалыпты.

Осы жерде жетінші болып сөз алған көптен келе жатқан байырғы маман, еврей ұлтынан, Борис Семенович Бернштейн: «Біз оны өзіне тән характері үшін сөге алмаймыз ғой. Ал өндірістегі бүкіл технологиялық күрделі процестер жағдайында ауысымға осы Ноғаевты қойып, соған сенім артатынымыз, ол жұмыста барда біз оған сенгендіктен тіпті ескертпей де кетіп қалатын тұстарымыз бар екенін неге айтпаймыз, оның бүкіл зауыттағы ең үздік технолог екенін неге мойындамаймыз, - деген салиқалы сөзі жиналғандардың көздеген ойын болдырмай, ақиқаттың салтанат құруына жеткізген еді. Сол жерде Ықылас Ноғайұлы: «Борис Семенович, моральдық қолдау білдіргеніңізге рахмет. Бұлар енді сізді.., ал маған ештеңе де істей алмайды!» - деп тағы да ата-бабалардан келе жатқан тектілік мінезін танытқан еді. Мұншалықты батыл сөйлеуге жетелеп тұрған бір жағы ата-баба жері, аталар рухы болса, екіншіден, бастан-аяқ қара жүмысшыдан бастап суарылған таза еңбегі, өз біліміне деген сенімі еді. Сабырға жүгінген Кольвах: «Ну ладно, мы выводы сделаем», - деп жиналысты жылы жауып аттанып кеткен еді.

Өмірде өзіңе ғана сенбесең, жолда қаласың. Бүгінгідей әкеге, көкеге сеніп тайраңдап жүргендерді көргенде қайран қаласың. Бала күнінен қозы бағып, қырда өскен жас өреннің өндіріс қазанында қайнап, қатал тәртіп, әскери режим, ұқыптылық пен дәлдік, кәсіби шеберлік пен жауапкершіліктің шыңына шығуы ерлікпен пара-пар іс еді. Бұл мойындалуға тиісті шындық. Заманында «өз адамдарын» ғана алып, өз жерінде қазақты өгейсіткісі келгендердің жалғыз қазақ тарапынан тауы шағылған тұстары да аз емес. Ең бастысы, Ықылас Ноғайұлы оларға басы істейтін, техника мен технологияны, физика мен химияны терең білетін жергілікті ұлт өкілдерінің де табылатынын таныта әрі мойындата, өзін сыйлата білді.

Бұл Ықаңның өндірістен кетіп қалуы да қызық. Бір күні бір бөлімнің бастығы Солодкин деген телефон шалып:

 Ықылас Ноғайұлы, 20 текше метр бөшкенің салмағын қалай шығаруға болады? -деп сұрайды. Табиғатында турашыл Ықаң сонда:

 5-кластың физикасын білмейтін адам маған керек емес, жұмыстан боссың, болмаса статья бойынша шығуға мәжбүр етемін, - деп тура сөйлеп, айбат шегеді. Бұл кезде үш жыл бойына цех бастығы міндетін атқарушы болған Ықаңның қарауындағыларға билігі жүретін еді. Келесі күні таңертең Москва облысына іссапарға кетіп, 12 күннен кейін оралса, өз орнында «Ты извини, меня назначили» деп, өткенде жұмыстан шығардым деп кеткен Солодкині цех бастығы болып отыр екен. Ықаң: «Ну, работай!», - депті де, сол кеткеннен мол кетіпті.

Шындығына келгенде Ықаң да ет пен теріден жаратылған адам ғой, біраз шаршады. Неше бір оқиғалардың қалың ортасында жүрді. Зауыттағы ең қиын мезгіл - 16.00-ден басталатын оның ауысымына (сменасына) ылғи да тексерулер келіп тұрды. Ілік іздеп, сын таққысы келді. Білігіне қарай амалсыздан технолог етіп қойғанымен үш жыл бойына цех бастықтығына қоймады. Өз ісін, зауыттың жұмыс режимі мен регламентін бес саусағындай білетін жоғары білімді жергілікті маманды қасақана өсірмеді, оның тапқырлығы мен өткірлігі, бәрін білетіндігін кешіре алмады. Әлгі айтқан Солодкиннің өзі кезінде оны цех бастықтығына ұсынғанда Ноғаевтан сескенетінін айтып, тәуекел ете алмаған сыңайы бар. Енді жұмыстан шығып қалатын болғасын, сол қызметті өзі барып сұрап алған ғой шамасы.

Сөйтіп, киелі Маңғыстаудың төл перзенті Ықылас Ноғайұлы ұзақ жылдар маңдай тері сіңген комбинаттан өз еркімен кетті. Бір кісідей еңбегі сіңді. Сол кездегі 4 мың адам еңбек еткен МАЭК-тің БН-да бір ғана қазақ маманы болса, отыз екі мың адам еңбек еткен алып комбинат-ПГМК-да бірден-бір технолог қазақ осындағы саусақпен санарлықтай өрелі кәсіби шебер мамандардың көшбасында болды.

Содан бері де он үш жылдай уақыт өткен-ді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын СКЗ-ні (Ақтау-ЛТД) екі күн бойы әуреленіп іске қоса алмай, әбден дағдарған тұстарында баяғы «атақты» Ы.Ноғаевқа іздеу салынды. Қаншама мықтымын дегендер басын ауыртып түк істей алмаған зауытты телефонмен нұсқаулар беру арқылы мінсіз басқарып, жарты сағатта бірқалыпты ырғақтағы техникалық режимге шығарып берген Ықылас Ноғайұлы өзінің өзге ұлт өкілдерінен өресі биіктеу болғанын тағы да дәлелдеп, қазақтың намысын абыроймен қорғай білді. Оның алдында, 1996 жылы, ОСЫ СКЗ-НЫҢ қышқыл шығаратын бағытын күкіртке ауыстыру жөнінде де біздің Ықаңның нұсқаулары нәтижелі болып, өндіріске енгізілген еді. Бұл мысалдардың барлығын да сол кезде зауыт директоры болған, қазірде Ақтауда АЭС салу мәселесінің басы-қасында жүрген азамат Виктор Васильевич Данилов та растайды. Бүгінгідей өз қолы өз аузына жетіп, егемендік алған тәуелсіз елдің азаматы әлгілерге өз білігін енді тегін емес, тиісті пұлына сатып беріп, өз білік қуатын тағы да дәлелдеуіне мүмкіндік туды. Ал енді мойындамай гөр! Бұл еті тірілік қана емес, бұл дарындылық!

90-жылдары ПГМК-дан экология мекемесіне ауысқан Ы.Ноғаев бар болғаны 2,5 жылдың ішінде қатардағы инспектордан аға инспектор, бөлім бастығы сатыларынан іркіліссіз өтіп барып, облыстың экологиялық бас сарапшысы, аумақтық басқарма бастығының орынбасары дәрежесіне дейін өскен еді. Өйткені, ол еңбекқор, «улы газдардың ауаға таралуы», «зиянды заттардың жерге төгілуі» (ластауы) дегендеріңнің зауытта талайын өз басынан өткерген, олардың залалын тереңнен түйсіне алатын маман. Сауатты. 1993 жылы Қошқар ата өлі көлінің проблемасына байланысты сотқа қатысып, ПГМК-ға 1 млрд. 300 мың теңге айыппұл салғызуға тәуекел етіп, сотта жеңген «сабазың» да осы кісі. Ал ол жылдардағы республикадағы экологиялық санкцияның асып кеткендегі мөлшері миллиондық деңгейлер шамасында болатын. Қошқар ата бойынша нормативтік-құқықтық актіні жасап шығарған да өзі. Біле-білгенге қазіргі аумақтық басқарманың ғимараты мен ондағы бір кездегі жылжымалы экологиялық жапондық химлаборатория да осы Ықаңның жеңісінің нәтижесінде өзара есептесу жолымен келген дүние. Немесе, Ы.Ноғаев әзірлеген «3X3 валдық шығарындысын анықтау бойынша және шаруашылық қызметтік мұнай-газ өнеркәсібі нәтижесінде су және жер қорларына ауаға келтірілген залалды бағалаудың республикалық әдістемесі», «Маңғыстау облысы табиғатты пайдаланушыларының табиғи ортаның ластануына төленетін төлемақы мөлшерін анықтау бойынша уақытша әдістемесі», басқа да республикалық ауқымдағы жобалар баршылық.

Тәжірибелі эколог, әсіресе, Каспий теңізінің солтүстік қайраңындағы мұнай операцияларын жүргізу бойынша жобаларды қарау кезінде өзін жоғары маманданған сарапшы ретінде таныта білді. Ол Каспий теңізін игеруге байланысты өзіндік ұстанымын әлі күнге ұстанып келеді. Яғни, теңіз саясат пен экономиканың құрбандығы болуға тиіс емес. Қойнауында құны 500 млрд. АҚШ долларымен есептелетін, ата-бабалардан аманат етілген зор биоресурстар байлығы тұнған тұйық теңізді жоғалтып алмау - мемлекеттің, ұлан ұрпақтың парызы. Ықаң бүгінде теңізде күні-түні үздіксіз бақылау-сараптама жүргізетін мемлекеттік мониторинг орнатуды ыждаһаттауда. Бұл ретте облыс әкімі, іскер басшы Қырымбек Көшербаев тарапынан ел, халық мүддесі жолындағы барлық заманауи оң идеялардың қызу қолдау тауып отырғанын атап айту керек.

Маңғыстау облысының жер қойнауын пайдаланушылар, ТМД және Қазақстан экологтары, шетелдік инвесторлар ел, жер мүддесі жолында қадалған жерінен қан алатын қатал да талапшыл бас экологтан әрі сескенеді, аяқтарын аңдап басады әрі оның біліктілігін аса жоғары бағалайды.

Ендеше, оның еңбегі қандай бағаға да, қандай марапатқа да лайық. Туған түбегіміздің түлегі, түрлі-түсті металдар мен радиоактивті қалдықтар, экология жөнінен академиялық білімі бар Ы.Ноғаев баба даланың қасиетін қанына сіңірген қайсар тұлға, қарымды-қабілетті Ер! Алпысты алқымдап отырған азаматтың шашына бір тал ақ қылау түсірмей, дүниеге текті тәрбиелі Алмагүл, Зада, Салтанат, Гүлданай, Жанат есімді бес қызғалдақты әкелген ағамыздың жар қосағы Сұлухан Шадиева ханым ҚазПТИ-дің геология факультетінің түлегі, бүкіл өмірін КазНИПИ саласына, бір мекемеге қызмет жасауға арнап келеді. Қыздары мектепті алтын, күміс медальмен, институтты қызыл дипломмен бітірген. Кенжесі Жанат ҚБТУ-дың студенті. Берекелі отбасының бақыты жарасып, шаңырақтан шаттық күлкісі естіледі. Бар ғұмырын материалдық байлыққа қызығуға емес, рухани байлық пен кемелдікке, ел-жұртпен, дос-жаранмен бірлікте саналы ғұмыр кешуге арнаған бұл жандардың өмірі өзгелерге өнеге бола бермек.

...Ықаңның бір арманы бар: ол - қазақтың маман-кадрларының, жастарының қай салада да өзгелерден артық болмаса, олқы соқпайтын деңгейдегі білімді, тегеурінді болғаны. Сонда ғана Қазақстан бәсекеге қабілетті болып, экономикалық, экологиялық, денсаулық, басқа да өзекті мәселелердің барлығының тігісі жатқызылып, шешіліп жүре берер еді...

21.02.2008 жыл.

ҰЛТ МАҚТАНЫШЫНА АЙНАЛҒАН ҰЛ

Қай заманда да өзінің ақ адал маңдай терімен мал-дәулет жиған жағдайлы кісілерді, олардың ішіндегі сахи-мырзаларын, жетім-жесір мен жоқ-жітікке қарасқан ел жанды азаматтарды халық құрметтеп, қолдап отырған. Қазіргідей нарықтанған кезеңде, немесе былайынша айтқанда, капитал билеген дүниеде де, егерде өзіңнің ақ адал еңбегіңмен байып, айнала жұртыңа, қаріп-қасірге қол ұшын созып отырсаң, абыройың аспандап жүре беретіні сөзсіз. Бұл ретте Алла тағаланың шапағатына, көпшіліктің де алғысына бөленетінің анық. Даналардың: «Хан бол, қаншама деңгейдегі басшы бол, ертең оның бәрі де өтеді, есте қалмайды, бір күнгідей өте шығады, ал бір түйір ғана жақсылық пен қайырым жасасаң, ол ешқашан ұмытылмайды» деген сөзінің терең мағынасы бар.

Ал материалдық игіліктердің құлағын ұстап отырмаса да, өзінің азаматтық-кісілік болмысын биік ұстап, қоғамда болып жатқан құбылыстарға адамгершілік пен елдік көзқарас тұрғысынан қарайтын жақсылар мен жайсаңдарды көргенде көңілің толып, толқисың. Қалтасы қалың болмаса да, рухани бай, рухы биік мұндай өрелі азаматтардың атқарып отырған игілікті істеріне тұшынбай қарау мүмкін емес.

Қазақстандағы қайырымдылық һәм меценаттық дәстүрлерді қолдау мен дамытуды көздейтін «Бауыржан» қайырымдылық қоры тұңғыш жыл сайынғы қоғамдық һәм ұлттық «Алтын жүрек» сыйлығын тағайындаған болатын. Ол жеке тұлғалар, ұйымдар, мекемелердің қоғам дамуына баға жетпес әсерін тигізетін әлеуметтік маңызы зор іс-шараларын, қайырымдылық майданындағы ізгі ниеттерін бағалауды көздейді. Аталған сыйлықты тағайындау жөніндегі Ережеде: «Бұл сыйлықтың негізгі мақсаты - дәл қазіргі уақытта, терроризм мен аймақтық қақтығыстар, зорлық-зомбылықты насихаттау ғасырында дәстүрлі құндылықтар мен гуманитарлық идеалдардың құнсыздануы заманында барша адамзат баласына қызмет етуді өз өмірінің мұратына айналдырған жандарды табу және олардың еңбектеріне әділ баға беру» деп келетін жолдар бар.

Сыйлық 13 номинация бойынша лайықты жеңімпаздарын табуға тиісті екен. Олардың арасында, айталық, «Ана мен баланы қорғау» бағдарламасына қолдау көрсеткені үшін», «Жыл құтқарушысы» (адам өмірін сақтап қалу жолында ерлік көрсеткені үшін), «Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін», «Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін», «Ардагерлерге көрсеткен құрметі үшін», «Жыл меценаты», тағы басқа да номинациялар бар.

Міне, осы сайыстардың арасында Ұлт мақтанышы» номинациясы бойынша атаулы сыйлыққа біздің жерлесіміз, техника ғылымдарының докторы, ҚР Заң ғылымдары академиясының академигі, Ақтаудағы IIM полиция училищесінің бастығы, полковник Оңайбек Нұрасылұлы Әбділов ие болып отыр. Бұл номинацияның халықтың аз қамсыздандырылған бөлігіне әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған бағдарламаларды қолдағаны үшін берілетінін білгенде, жеңімпаздың жеңісінде логикалық қисын бар екендігіне әсте таң қалғанымыз жоқ. Ол: Ресей Федерациясында өтетін біріншілікке аттанып бара жатқан «Жас полицейлерді» ақшалай сыйлықпен марапаттады. Қазанның 1-інен 10-на дейін (2007 жыл) қарттарға қамқорлық көрсетуге арналған он күңдікті ұйымдастырды. 2007 ж. «Қазақ соқырлар қоғамына» арнап түскі ас берген. Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаменті қариялар мен мүгедектеріне және «Қазақ соқырлар қоғамына» қайырымдылық көмек көрсеткен. Ақтау қалалық балалар үйіне көмек көрсеткен.

Неге?

Негесі жоқ. Өйткені, осы бір азаматтың өзін қоғамда болып жатқан құбылыстардан ешқашан бейтарап ұстай алмайтынын, қоғамдық белсенділігінің өте жоғары екендігін, қолынан келгенінше жан-жағына қайырым мен қамқорлық жасау жолында құрақ ұшып жүретінін білеміз. Қызметі мен өмірлік ұстанымын ұдайы қоғаммен, өзін қоршаған орта, ел мен жер тағдырымен етене өзектес құратын оның әрдайым да жарқын істерге жаршы, игі жаңалықтарға тілекші болып жүретініне ылғи да куә болып келеміз. Оңкең бауырымыз кез келген жерге бір ұрынып, әр нәрсенің басын шалып, әйтеуір көптің көзіне түсіп қалсам дейтін жасанды популистердің сойынан емес. Ол - дүние-құлқын мен мансаптың жолындағы емес, үлкен ізгілікті мақсаттың жолындағы азамат. Мақсатына ақ адал еңбегі, білім-білігі, ұдайы ізденісімен, өмірге, болашаққа деген құлшыныс жігерімен жетіп жүрген азамат. «Ұрпағыңды айтқан ақылыңмен емес, көрсеткен өнегеңмен ғана ұйыта аласың» деп пәлсапашылар өмірден ойып алып айтқанындай, білім ошағының тұтқасын ұстаған өнертапқыш ғалым, ұлағатты ұстаздың аузынан шыққан әрбір пәтуалы сөзі істеген игілікті істерімен көркем жымдасып, сабақтасып жатыр.

Оңайбектің бір тәуір қасиеті, ол ұлтқа, ұрпаққа қатысты мәселеде ұсақ нәрсе жоқ деп қарайды. Оның бастамасы бойынша училищеде әр дүйсенбі сайын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріліп, Әнұраны орындалады. Шәкірттер Ел Туы жанында суретке түсіп, оны үлкен мәртебе, мақтаныш тұтады. Бұл, сөз жоқ, болашақ тәртіп сақшыларының еліне, жеріне, Отанына деген шынайы сүйіспеншілігін оятуға септігін тигізеді.

Немесе, тағы бір мысал. Училищеге 32 басылым жаздырылып алынып, ондағы жаңалықтар ғана емес, құқық, тәрбие тақырыбындағы тұшымды дүниелер тұрақты талқыланып, өзара пікір алмасуға негіз болады. Бұл жас полицейлер мен шәкірттердің көзқарастарының ашық та кең, көп нәрседен хабардар болуына септігін тигізеді. Алғаш Ақтауға аяғы тиіп, біздің кейіпкерімізбен кездейсоқ сұхбаттасып қалған әріптесіміз, Қазақ радиосының тілшісі Мұнар Сағым Алматыға оралғаннан кейін «Ояу Қазақ» атты қоғамдық-көпшілік хабардың әліппесін осы Оңайбек Нұрасылұлының қызметі мен қоғамдық істеріне арнапты. «Жас шағынан-ақ аса намысқой әрі бірбеткей және ұлтжанды болып өсіп, есейген Оңайбек оқу-білімге қанығып, қызметке іліккеннен бері қарай қайда жүрсе де өз намысын ел намысына, өз жеңісі мен жетістігін ел мүддесіне бағыштауды ақыл-санасына арқау етіп келеді. Табысты күреп табуға мүмкіндік мол мұнайлы өлкеде жүрсе де, ел тынысын реттеп құқықтық тәртіпті қатаң қадағалайтын лайықты жергілікті кадрлармен қамтамасыз ету сияқты жауапкершілігі зор істің басы-қасында Оңайбек Әбділов сынды алаш рухты, көзі ашық, көкірегі ояу қазақ азаматының жүруі ел ертеңіне деген халық сенімін нығайта түсері сөзсіз» деп ағынан ақтарыла мадақтауы ақиқат ауылынан алыс емес. Осы хабар болып өткеннен кейінгі апталық шолуда Қазақ радиосының Бас редакторы С.Байдалы: «Мен өз басым «Ояу Қазақ» хабарын тыңдай отырып, әсіресе, сұхбат иесі - жоғары шенді полиция офицері О.Әбділов мырзаның ұшқыр ойлы, көп қырлы әңгімесін халықтың мақал-мәтелдері мен данагөйлердің шұрайлы шумақтарын еркін ойнатып қолдана отырып, шешен сөйлеуіне тамсанып риза болдым. Бұл хабар Қазақ радиосының әуе толқынынан өткен хабарлардың үздігі болды деп бағалаймын» деген тілегін мадақ иесіне де хатпен жолдаған екен.

Шынында да қашан көрсең де осы училищеде түрлі қоғамдық-саяси, спорттық-мәдени шаралар өткізіліп жатады. Білім ордасында басшысынан бастап түгелдей салауаттылық.

салтын ұстанады. Шәкірттер училище ғимараты жанында тал теректер отырғызып, оны күнделікті суарып, күтеді. Оңайбектің орынды ұсынысы облыстық мәслихат тарапынан қолдау тауып, республикада бәріне үлгі болып, міне, төртінші жыл қатарынан екі жылдық «Жас полицей» дайындық курстары өткізіліп келеді. Орта мектептердің жоғарғы сынып оқушылары осында аптасына бір рет келіп сабақ өтеді. Мектеп бітірген соң кейбір ниеті бар балаларды ішкі істер органдарының орта және жоғары оқу орындарына жіберіп оқыту мүмкіндіктері мол. Облыс көлеміндегі барлық орта мектеп оқушыларын спутниктік байланыс жүйесі арқылы түгел қамтитын жас полицейлердің 2 жылдық дайындық курсы мақсатты бағдарламасы бүкіл республикалық оқу тәжірибесі жүйесіне енгізілген. О.Әбділов училищеде жаңаша инновациялық оқу жүйесін енгізіп, жергілікті полиция қызметкерлері мен офицерлері және сержанттар дайындауды да жолға қойды. Сала сардарлары мен сарбаздарының намысын жыртқан ол училище жанынан «Қорғаушы» қоғамдық қорын құрып, әріптестерінің заң білмегендігінен, немесе ғайыптан ғайып жазықсыз жазаға тартылып кетуіне жол бермеудің де қамын жасады. Бұл да үлкен жүректілік, аяушылық пен адамгершілік деген ұлы сезімдердің көрінісі болса керек. Егерде жан сарайы осындай кең болмаса, әдетте қызметтестер арасында болатын қызғаныш пен күншілдік деген дерттерден мүлде ада болмаса, мұндай қоғамдық жұмысты қоса арқалаудың қажеті қаншалықты болар еді?!

 Бүкіл осы училищеге келіп жатқан тыңдаушыларды, бізде жалпы бәрі тыңдаушылар деп аталады, мейлі ол полиция қызметкері, офицер, не сержант болсын, оларды әуелі мұражайға апарудан бастаймыз. Өйткені, осы жерде тұрып алып өзінің тұрған қаласы мен өлкесінің тарихы мен табиғатын танып, білмейтіндер аз кездеспейді, - дейді Оңайбек бізбен әңгімесінде. - Содан кейінгі менің «оқу полигоны» деп әзілдеп айтып жүретінімдей, мәселені Ақтау қаласындағы қарттар үйі, тастанды сәбилер үйі, тентек балаларға арналған мектеп-интернаттан бастаймыз...

Иә, қашан көрсең де Оңайбек және оның ұжымы мен тыңдаушылары осындай қоғамдық назар аударуды, қамқорлыққа алуды қажет ететін орындардың маңында жүреді. Жүргенде де жәй жүрмейді, қорғансыз қарттар мен көздері жәутеңдеген жетім балаларға қанатымен су сепкен қарлығаштай көмектерін көрсетеді. Әрбір мерекеде оларға тарту-таралғылар жасап, концерттік, спорттық шаралар ұйымдастырып, қолтықтан сүйеп жәрдем беріп, жас балаларды әуп етіп, еркелетіп, олардың бойындағы өмірге деген құштарлықты оята біледі. Аталған орындардың жиі «қонағы» болып тұратын Оңайбек Әбділов бастаған жігіттер мен қыздарды қариялар «айналайын» деп, бүлдіршіндер «әкелеп, көкелеп» қарсы алуы қалыптасқан жағдайға айналды. Бұл бір жағы әлгі айтқан мүжәлсіз жандарға жасалып отырған адами жақсылық үлгісі болса, екіншіден жас полицейлер үшін де сабақ, өнеге, тәрбие. Біздің бас кейіпкеріміздің көкейіндегі қонақтаған терең ой, терең пайым да сол -заманында қасіретті көп тартқан қайран қазақтың ұлттық тіл мен дін, ұлттық дәстүр мен тәлім-тәрбиеден қанық суғарылып, еліміздің ел болуы. Сол егемен еліме перзенттік парызымды өтесем деп алып ұшқан жүрегі, алға қойған асқақ армандары мен биік мақсаттары орындала беретініне елі тілекші әрі сенімді деген ойдамын.

Өн бойына ұлтының ұлағаты мен қанағаты, ата-бабалардың шарапаты мен шапағаты ұялаған Оңайбек бауырымыздың алар асулары алда да көп бола бергей. Туған елге деген сүйіспеншілік, адам баласына деген махаббат мейірімнен бастау алатын үлкен қайырымдылық жоралғылары адамдардың алғыстарымен өз жаныңа жақсылық болып қайтып оралып, көздеген мұраттарыңа жете бергейсің, демекпіз біз оған.

6.01.2007 жыл.

АҚЫН ЖАНДЫ, АСҚАҚ ОЙЛЫ АЗАМАТ

Жарқылдаған, жалтылдаған алтынды, алмасты бір көргеннен танисың. Сол сияқты көкірегі көмбе, жан сарайы жақұтқа, нешебір асыл сыр мен ағыл-тегіл жырға толған, бұлақтай тұнба, даладай шалқар пейілді азаматты көргенде көңіл қыраны көкке самғай қалықтап, әдемі де әлемет әсерде қаларың хақ.

1980-83 жылдары Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары, 1994-98 жылдары облыс прокуроры болған Қабдылмәжит Шаймарданұлы Тәліповтен қызмет бабында сұхбат алуға барғанымда осындай керемет күй кешкен едім. Мен ол кісіге сол кезеңде жарық көрген «Жүрегімнің толқындары» атты жыр жинағымды ала барғанмын. Әп дегеннен әңгімеміз жарасым тапқан біз сонда облыс прокурорының кабинетінде бес-алты сағат шамасында әңгімелесіп қалған едік. Екеуара сыр-сұхбаттың иірімі тартып әкеткені соншалық, ол әңгіме тізгінін ағыта берген еді. Мен бастапқыда Қабекеңнің құйып қойғандай мәрт келбет кескіні, еңсегей бойы мен ашаң да нұрлы жүзі, салалы саусақтары, жалпы «Міне, қазақ!» дерліктей табиғат ана тарту еткен тұлғасына қаншалықты тәнті болсам, аузынан шыққан сөздері де саңқ-саңқ естіліп, үнінде ерекше бір күш пен қуат, әуен мен саз, жігер мен қайрат, рух пен шабыт аңғарыла берді. Бұл не деген күш, не деген өр көңіл екенін содан кейін барып білдім. Қабдылмәжит Тәліпов сынды прокурор ретіндегі айбынды азамат ата-бабаларының асқақ рухы мен асқан қаншылдығы, аршылдығын бойына терең сіңірген, жан дүниесі ақын болып сайраған айрықша болмыс иесі екен. Сұхбаттасым облысымыздағы қылмыстық ахуал, прокурорлық қадағалау, заңдардың орындалу барысы жөніндегі деректермен шектеледі ме десем, тар шеңберге сыймайтын тау өзенінің арыны мен сарынын аңғартып, Ақтамберді жыраудың термелерін сілтесін келіп!

Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екеміз,
Күдеріден бау тағып,

Қамқаны киер ме екеміз?!

Өзекте бие байлатып,
Төскейге орда орнатып,
Төрткілдеп ошақ қаздырып,
Төбел бие сойғызып,

Төменде бидің кеңесін

Біз де бір құрар ма екеміз?!

Құлаты тауға қол салып,
Садақтың оғын мол салып,
Бетпақтың ен бір шөлінен
Төтелеп жүріп жол салып,

Қолды бір бастар ма екеміз?!

Қабдылмәжит аға шабыттана Бұқар жыраудан да оқыды, дауыс екпіні зор, Тәңірім бойына үлкен жүрек пен талант берген дарынды жан екенін аңғара түстім.

Әңгіме желісі еліміздің тәуелсіздігі, елдікті қорғау мәселесіне қарай ауысқанда қаны қызып, аруағы ұстағандай одан сайын ашыла түсті. Сол бір ата-бабалар сан ғасырлар бойы аңсаған асыл арманға қол жеткізген тұста Орал облысының прокуроры болған кезіндегі оқиғаларға тоқталған тұлғалы азамат облыс басшысы Н.Есқалиев екеуінің ғана облыстағы қазақ ұлтынан шыққан билік органдарындағы басшы азаматтар болғанын, ал милиция, сот, юстиция тағы басқаларында өзге ұлт өкілдері болғаны, сондықтан да қазақтар бас көтеріп көшелерге шығып, Қазақстандағы «Азат», «Азамат», «Аттан», «Желтоқсан», «Семей-Невада», басқа да қоғамдық қозғалыстар аттандағанда, бәрін де заң аумағында шешіп, тәртіпті қалай уыста ұстағандарын делебесі қозып, тәптіштеп айтып берген еді.

 Маңғыстаудан С.Шапағатов бастап «Парасаттың» жігіттері де келді. Оралды казачества ұйымының шылауына бермеуде маңғыстаулық жігіттер, адайлар да зор үлес қосты, - деген еді.

Ол маған сол кездегі облысты басқарған азамат Н.Есқалиевке орынсыз жала жабылғанын, Нәкең екеуі барлық шаруаны ұлт араздығын қоздырмай, бәрін де заң мен парасат-пайым тұрғысынан тындырғанын, біртіндеп жоғарыда аталған құқық қорғау органдарына жергілікті қазақтардан жаңа басшылар тағайындалғанын мақтанышпен жеткізген еді.

Қабдылмәжит Шаймарданұлы қазақ жастарының өз елінің патриоты, отан сүйгіш, білімді де зерделі болғанын қатты армандаушы еді. Ол ел тәуелсіздігінің іргесі берік, шаңырағының биіктей түсуіне өзіндік үлесін қосып, прокуратура саласының кәсіби білікті маманы, 3 сыныпты мемлекеттік заң кеңесшісі атанып, елге де, әріптестеріне де сыйлы болып еді.

Павлодар облысының Қашыр ауданында дүниеге келген Қ.Тәліпов еңбек жолын ауылда механизаторлықтан бастаса да, мектеп қабырғасында жүрген кезінен өлең-жыр, мақалалар жазып көзге түскен екен. Өмір соқпағында журналист болсам деген арманына жете алмаса да, заңгерліктің биік сатыларына көтеріле білді. Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері, Орал, Маңғыстау облыстарының прокуроры, 3 сыныпты мемлекеттік заң кеңесшісі Қ.Тәліпов қызмет саласында «Озат тергеушілер тәжірибесі» жинағын шығарса, оның қаламынан туындаған «Махаббат машақаты», «Алтын бесік» секілді поэзиялық, публицистикалық туындылары қалың жұртшылықтан орынды бағасын алды.

Аяулы да абзал азамат осыдан аттай он жыл бұрын жарық дүниемен мезгілсіз қоштасып кете барды. Оның елім, халқым деп жалын атқан жүрегіне дүрбелеңді жылдар салмағын салып кеткені ме екен, кім білсін?!

Туған жерінде абыройлы азаматқа киелі Маңғыстаудың ақ мәрмәр тасынан күмбезді там ескерткіш бой көтерді. Оның арқаланған ақ жарма да арда көңілі мен мағыналы өткен өмірі көпшіліктің көңіл зердесінен әсте кетер емес. Өйткені, ол қарақан бастың қамын емес, елдіктің жайын күйттеп, қара қылды қақ жара білген әділ де тура, ер мінезді нағыз қазақтардың бірі еді.

2008 жыл.

Мәдени мұра

ТАС ТАРИХТЫ СӨЙЛЕТУ – ҰРПАҚҚА ПАРЫЗ ҰЛЫ ІС

«Мұра - Т(таңба, тарих, таным)» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы, облыстық «Дарын» қосымша
білім орталығының ғылыми-әдістемелік және оқу ісінің
меңгерушісі Мұрат Ақмырзаевпен сұхбат

Жерлесіміз, зейінді өлкетанушы, білікті тарихшы-педагог М.Ақмырзаевтың «Адай уезінің жазба мұралары» (Рухани қайнар) - (Маңғыстау ойы, Үстірт, Жем, Сағыз, Жайық, Ойыл, Хобда бойы). - Алматы: "Нұрлы әлем" баспасы, 2006. - 112 бет., + 48 бет жапсырма) атты еңбегі шын мәніңде тас тарихқа жан бітірген аса құнды дүние. Біздің тілшіміз кітапты оқып-танысқан соң, ғылыми ізденісті жаңалықтары, тың көзқарастары мол зерделі азаматпен сұхбаттасып, өзін толғандырған бірнешелеген сауалдарға жауап алған еді:

 Қадірлі Мұрат Мұрзағалиұлы, жалпылай алғанда бұл туындыңызға қалайша сипаттама берер едіңіз?

 Маңғыстау ескерткіштерінің эпиграфикасы үлгілері мен олардың мәтіні берілген бұл шығарма Каспий-Арал өңірінде мол сақталған өркениет ізін жаңғыртудың тамшыдай кіріспесі ғана. Оның мақсаты, өркениет пен мәдениеттің басты өлшемі саналатын жазба мәдениеттің қалыптасу тарихында Маңғыстау таңбалы тастарының да өз орны бар екендігіне жұртшылықтың назарын аудару. Маңғыстауда ғана емес, төрткіл дүниенің барша бұрышында кездесетін ежелгі таңбалардың салыну ұқсастығы ғана емес, беретін мағынасының да айна-қатесіз сәйкестігін дәлелдеуге дәйекті негіз қалай білген. Ал, қазіргі әлемде тілі мен әліпбиі алуан түрлі ұлттар мен ұлыстардың ортақ ой мен түсінік - түйсікті жалпыға бірдей ұғынықты таңбалауға ұмтылысы (қазіргі халықаралық жол белгілері, тауар таңбасы, электрондық құралдарды пайдалану шартты белгілері т.с.с.) бұл үдерістің тамырының тереңде жатқандығының айғағы. Ежелгі әліпбилер негізінен 20-25 таңбадан тұратын болса, қазақта атам заманнан рулы елдің елтаңбасы күйінде хатталған 100-ге жуық таңба бар. Адамзаттың дамуын Адам-Ата, Ауа-Анадан өз дәуіріне дейін жылын көрсетіп, жасын жылдап тарататын шежірешілер өкілі Хайролла жырау Иманғалиұлы (1879 ж.т.), өзінің Сыпыра жырау негізін қалдырды деп көрсетіп, 1952 жылдың 21 наурызында қағазға түсірген «Қазақтың ру шежіресі» қолжазбасында: «Адам Ата бұдан 7520 жыл бұрын (яғни б.д.б. 5568 жыл.ММА) дүниеге келген... Төрт арыс Ұлы жүз (Ақарыс) - 22 таңба, алты арыс Орта жүз (Жанарыс) - 31 таңба, Кіші жүз (Бекарыс) - 25 таңба, Кіші жүз (Шөмен) - 4 таңба, барша қазақта 82 таңба» деп жазады (Ауызекі әңгімеде 92 таңбалы деген тіркес те бар). Бұл таңбалардың тастағы жазулар ішінде ертерек хатқа түскен нұсқасы М.Қашқаридың «Диуани луғат-ит-түрк» қолжазбасының 40-41 беттерінде берілген (Қара. АУЖМ, Оғыз таңбаларын салыстыру-10 илл)., ал оның Асқар Егеубаев аударған үш томдығында «Түріктер тегінен жиырма тайпалы. Олардың барлығы Тәңірі әзіз көрген Нұқ пайғамбардың ұлы Иафас және Иафастың ұлы Түрікке барып тіреледі. ... Ең ашық-айқын әрі тура-түзу тіл - тек сол бір ғана тілді біліп, парсылармен араласпайтын және тех елдермен барыс-келіс жасамайтын кісілердің тілдері» [ яғни, түркі тілі-54,55 беттерде], - деген тұжырым бар. Бұл қазіргі сөз төркінін (этимологиясын) өзге тілдерден тапқанды дәреже көретін көрсоқырларға ескерту. Ежелгі Алладан түскен төрт кітап пен жеке уақилардың барлығында түркілік түп сөз аз емес. Кәләм-шарифтегі - қалам (қаламқас), Адам-ата, Ауа-ана, шежіре, құл т.с.с. сөздер араб тілінде де түркілік мағынасын сақтаған, сіз бен бізге ұғынықты қазақ (Серікбол Қондыбай енгізген дей-дей түркі) сөздері. Ал, жазу бастауы - тастағы таңбалардың өлкемізде мол екендігін түрлі деңгейде жариялап та, хабарлап та жүрміз. Бірақ, сол адамзатқа ортақ байлықты толық жинауға, дәлелдеуге, әлемге таныстыруға, ел ішіндегі билік пен игілікке қолы мол жеткендер арасында, елеңдейтін құлақ, қайырым жасар құлық кездесер емес. Өзгелерге әрбір жеке таңба әз-әулие. Мысалы, өткен жылы Польшаның Врослав ғылыми қоғамы отырысында болған кирилл әрпін, қазақ тілін түсінбейтін этнографтардан батыс Қазақстан тарихи-мәдени ескерткіштеріне қызығу танытқан сәлем хат соның айғағы «Vcherashijdoklad па zasiedanii Wroclawskogo Nauchnogo Obshestva, nа kotorom ja pokazywal Twoju knigu vyzval bol' shoj interes. Wroclavskaja nauchnaja sreda zainteresovana zapadnim Kazachstanom. Antoni. 12 Oct 2007».

 Әңгімемізді түркілік таным, Тәңір ұғымы төңірегіндегі ұғымдардан бастасақ...

 Ру таңбасының әлем жазба мәдениетіндегі орны туралы болжамның бос былшыл еместігіне қолдарыңа тиген кітапта жарияланбаған бірнеше мысал келтірейін:

Жазу туындауының (генезис) бастауында деп әлемнің экономикалық-қоғамдық даму белесіндегі елдері мойындаған «Ұлы» жазулармен (Египеттік таңбалар, әсіресе сына жазулары) халықаралық деңгейде бәсекеге түсіп, олардың қатарындағы сыйлы орынды ойып алуға ұмтылу өте қиын. Бірақ, Шумер сына жазуындағы түркілік таным іргетасы, кілт сөз - «Тәңір» (шумерше [діңір]) ұғымы мен оның дыбысталуы, ұғым мен дыбыстың түбі түркілік «Күн» таңбамен берілуі және қазіргі таңға дейін шумер жазуы қалыптасуының жетілген сатылары бабыл-ассирия кезеңдерін қоса қолданылған белгілер қатарының түркі даласында толық сақталуы бұл қарапайым ұқсастық емес, тектестік екендігін дәлелдейді (дара. Сурет 1 - сына жазуы генезисі және Маңғыстау таңбалары). Жалпы ежелгі жазуды оқу (расшифровка) орхон-енесай жазуларында да «Тәңір», египет жазуларында «Клеопатра» кілт сөздерінен басталған. Ежелгі Шумер жазуы элементтері б.д.б. IY-III ғасырлық «Бәйті» қазба қорған қамалы қабырғасында, «Қарлыбас», «Таңбалы орда», «Сенек», «Үстірт» (АУЖМ, илл. 11,12) таңбалы тастарында, Каспий циркумының барлық дерлік суаттары мен қауымдарында (АУЖМ- илл. 10,48) жиі кездеседі.

Дүние жүзілік ғылыми айналымға енген ең ежелгі жазулы құжаттар «ОртаАзия-Қосөзен» керуен жолы бойында шумерлер мекені Оңтүстік Ирак жеріндегі Урук 1 қала-мемлекетіндегі қазба жұмыстары кезінде табылып, ғылыми негізделіп б.д.б. 3300 жылдарды қамтитын энеолит дәуіріне жатқызылған. (шумерше-Унуг; інжілде-Эрех, грекше Орхоя, қазіргі - Уарке. Ортақ түпкі мән-мағынасы түркілік «Ұрық». Әр тілдегі мағынасы да осы - өнік, эрекция, оргия.

Осы шумер таңбаларының өзінде де көзге ыстық ру таңбалары мол. (Сурет 2 - Урук жазуы.А-қалыпты, Ә-негатив бейнесі). Олар: өзгелер таяқ деп білмейтін әліп, кіріс, алшын, ілмек, бота мойын, абақ, ай, босаға, аша т.с.с. таңбалар мен петроглифтік нұсқалар.

 Кітаптағы әлемдік таңбалардың ұқсастығы жөніндегі салыстырмалы тұрғыда терең талдау жасалынған тың зерттеу еңбектеріңіз тәнті етті...

 Айталық, «жасы» үлкен, б.д.б. 20 ООО жылдардан жеткен жазу үлгісі деп дәріптеліп жүрген Мадлен үңгірі жазуын қарастыралық. (3 сурет: а-жолында жеке күйінде таңбаланған Мадлен жазуы элементтері ( Назар аударыңыз! - жеке таңбалар!!!, яғни ру таңбалары сияқты әр жерде жеке кездесетін таңбалар.ММ А ); Ь- жолында грек; келесі жолдарда үнді (с), руна (d) таңбалары және е) осы таңбалардың дыбыстық мағынасы. Таңбалардың Орхон-Енесай таңбаларына, оларды бірнеше түрлендіре қайталайтын Маңғыстау таңбаларына ұқсастығы 100 пайыз деуге сияды.

Әлем өркениеттері арасындағы тектіліктің тарихи мұраға негізделген ежелгілігі ғана даусыз деп қабылданады. Сондықтан өз тегінің асылдығын көрсетуде еуропалық жас өркениет жерінде сақталған айтарлықтай тас жазуы болмаса да ежелгі жазулардан енші алуға ұмтылумен келеді. Мысалы: немістер - Арий ұрпақтарымыз деп, «Кіріс» символын таңдады, Орыстар «Игорь полкы туралы Сөз» жырын өздері мағынасын түсінбейтін түркілік сөздері мол болса да (Олжас есебінше - 1001 сөз) жазба мәдениетіміздің басы деп жариялады. Ал, біздің өңіріміздегі Алла аманаты, ата хаты мол сақталған тастағы тарих зерттеусіз, өшіп барады. Өкінішті-ақ.

Ру таңбаларының әлемдік жәдігерлерімен тектестігі әлемнің кең танылған өркениеттері: майя, жапон, қытай әліпбилеріндегі ым тұтастығынан, баршаға түсінігі ортақ сөздерден анық байқалады. Маңғыстауға келген жеті жұрт та Тұран алабы, Түркі тегінің төл перзенттері, нағашы, жиендері. Сондықтан олардың танымы да, тұрмысы да, қалдырған мәдениеті, оның ішінде жазуы да ұқсас болуы заңды. Қазақы түсініктің тереңдігі -табиғатты, қоршаған заттық және жанды ортаны барынша толық кеңістік үш өлшеммен қабылдау ежелгілігімен айырықша. Сүгір Бегендікұлы жырауда:

"Жез" таңбалы Жетіру, Базарын көптің аңдаған.

"Аз" таңбалы Алашта, Әлімге байтақ аға едің", - деген дерек жай ұйқас емес, өркениетті сақтаған елдің ұлына ғана тән тереңдік. [Жыр - дария. Маңғыстау ақын жыраулары. Ақтау қаласы 1995 жыл. 595 бет. 437 беттен]. Ақпа құлақ иіріміне сирек қонақтайтын осы жолдар таңбалық тұрғыдан барша жазу әлеміне ортақ ұғымды береді және қазақ даласында мол сақталған. Жетіру бірлестігінің Табынында "Жез найзалы Жездібай" да, жездің алхимия дәуірінен келе жатқан таңбасы "Шөміш" те бар. Алаштың "Аса" таңбасы (Қазақстан-1) әлемге аян. Құлағымызға сіңісті ең үлкен құрылық атауы "Азия", ондағы "Аз" түбірінің "Ас" киесінің айтылу нұсқасы екендігі де көпке мәлім.

Осындай Скифтерден (ағылш. Scythian, грек әріптерімен бейнеленген нұсқасының оқылуы - Аскитс) ежелден келе жатқан ишара сөйлесу мысалы «Тарих атасы» Геродоттан қалған. Ол мәтін: «Ежелгі парсылар аскитстерден өздерінің ұлылығы мен билеу құқын еркімен тануды талап еткенде, аскитстер оларға жауап ретінде құс, тышқан, бақа және бес жебе жіберіпті. Оның мағынасы «Парсылар, егер сендер құс болып әуеден, тышқан болып жер астынан, бақа болып батпақтан шабуыл жасауға бел бусаңдар, онда біздің жерімізге табандарың тиген бойда төбелеріңнен жебе жауатын болады» [Я.Б.Шницеръ. Иллюстрированная всеобщая история писменъ. Съ 155 рисунками и 19 отдельными таблицами. С.- Петербург. Издание А.Ф.Маркса. 164 с. 11 стр]. Ал, бәріміздің алғашқы ұйып тыңдаған ертегіміз «Аяз бидегі» Жаман мен Қарашаштың бірнеше мәрте құпия сөз саптауы, ақыл-оймен ишара пікірлесудің тамаша үлгісін еске түсірелікші. 1. Сұрау салу; 2. Гауһар, пышақ, тәрелке, қайрақ тас ұсыну; 3. Құралын сұрау; 4. Қабыл алу; 5. Жаманды, сырға беріктігі үшін дарға асу; 6. Дардан құтқарып, қылышты көкірегіне тастау; 7. Ханға шынын айту - Ас елі ұрпақтарының б.д.б. «Ымға түсінбеген - дымға түсінбейді» деген тәрбие тәлімінің, қара шаңырақ, қазақта айшықты күйінде осы кезге дейін сақталуы, ойы озық елдің таңбаны да алғашқы табуы мен тануының заңдылығын көрсетпей ме!?

Қорыта келе, айтарымыз, қазақ (ҚОНДЫБАЙ Серікбол ғұламаның пайымындағы дей-дей түркі) ру таңбаларының әлемдік жазу бастауы ретінде дүние жүзіне танылуы үшін, олардың барша нұсқасын жинақтап, талдап, ағылшын тілінде ғылыми айналымға беру қажет (Бұл екінші сұрағыңның жауабы).

 Сіз валеогиялық мәдениет тақырыбына біршама қалам тарттыңыз, бірнеше танымдық-тағлымдық ғылыми кітаптар да шығардыңыз. Ендеше, бұл уақыт ағымындағы жаңа да ерекше ғылым туралы да толыққанды мағлұмат берсеңіз дұрыс болар еді.

 Валеологиялық мәдениет 1980 жылдардан басталып жеке ғылым ретінде танылып келе жатқан жаңа пәнді меңгеру көрсеткіші. Қоғам мәдениетінің бір көрінісі ретінде түрлік айқын сипатымен бөлініп шыққан валеологиялық мәдениет , өз мән-мағынасындағы ғылыми тектік дара келбетімен: білім қорымен, білімді меңгеру мен дамытудың, оларды іс-әрекет барысында қолданудың гумандық бағытталуымен, нақты тәжірибеде шебер пайдаға асыру мүмкіндігімен ерекшеленеді. Ғылыми анықтамасы: "Валеологиялық мәдениет - индивидумның денсаулығын сақтауға және нығайтуға, салауатты өмір салты нормаларын, принциптерін, дәстүрлерін меңгеруге, оларды жеке тұлғаның ішкі байлығына айналдыруға бағытталған әлеуметтік-психологиялық іс-әрекеті" немесе «Валеологиялық мәдениет - «өңдеу», «әсер ету», адамның тәни және рухани қуатын жетілдіру, яғни ұзақ уақыт бойына белгілі бір нақты - тарихи нормаға жеткенше өз бетімен даму тәсілі мен өлшемі. [Ақмырзаев М.М. Валеологиялық мәдениет қалыптастыру терминологиясы. - Алматы: «Эверо» - 2007. - 82 бет. 6 -бетте]. Валеология пәні облысымызда 1998 жылдан бастап оқу үдерісіне ене бастады. Алғашқы кезде науқаншылдықтың да салқынына ұшырып, «жыныстық қатынаста бала көтермеу» жолдарын дәріптеп кетуіне орай, ел арасында теріс пікір туғызған кезеңі де болды. Ата-аналарға, ұстаздарға, жастарға менің айтарым: Валеология - таза қазақшылық ілімі, адамзат жалғастығының үдемелі қайталану тазалығын қайсы нүктесінен бастасақ та тұтас қарастыратын бәле-жаладан жан-жақты сақтану тұжырымдамасы. Ол жеке адам ғұмырының сапалы қалыптасуы мен өтуін жас ерекшелігін, тұрғылықты жердің табиғаты, ауа-райы, тамағы мен сусыны ерекшеліктерін ескере отырып қамтамасыз ететін қағидалар мен дағдылар кешені. Ал, валеологиялық мәдениет осы әрекеттің нәтижесі. Пән Қазақтың ата салтына сай шүкіршілікке құрылған, артық сәулет пен әшекейден ада, адамгершілік арқауы мықты, санаға имандылық басшылық ететін тұрмыс негізін қалыптастыру үшін барлық оқу ұйымдарына енуге құқылы. Мен, таңдау пәні, валеологияны оқыту үдерісіне енгізу білім беру ұйымы басшысының мәдениеттілік өлшемі дер едім.

Себебі, барша адамды үлгілі де дағдылы мәдени деңгейге жеткізудің әдіс-тәсілі мен әрекеті және оның нәтижесі - валеологиялық мәдениет қалыптастыру - деп аталады. Валеологиялық мәдениет қалыптастыру - дара тұлғаның тұрақты валеологиялық ерекшеліктері мен сапасының "денсаулық" ұғымының біртұтастығын меңгеруге жеткіліктілігі, тіршілікті ойдағыдай өткеру әдіснамасын ұйымшылдықпен игеру үдерісі және оның жемісі. Бұл тиым қағидаларымен, мақал-мәтелдермен, нақыл термемен ұрпақ бойына сан ғасырлар бойы сіңіріліп келген ұлттық діл, табиғи жаратылыспен тең өрілген далалық үйлесім, яғни нағыз қазақы салт-дәстүр.

Қазір Астанадағы «Фолиант» баспасынан біздің (медицина ғылымдарының кандидаты, білікті ұстаз және оқу ісін ұйымдастырушы Әлімжан Үсенұлы Сағымбаевпен бірге) бастауыш және орта кәсіптік білім беру жүйесінің оқулықтарына арналған республикалық эксперименттен өтіп, оқулық және оқу құралы грифін алған «Валеология (дәрістер жинағы)» және «Валеология (машықтану жұмыстары жинағы)» оқулықтарымыз шығып жатыр.

 Өлкеде, айталық, Бозашы, Қаламқас өңірлерінде әлі ат ізі салынып толық зерттелмеген тарихи ескерткіштер баршылық қой. Осынау киелі орындарды аралап, тас таңбаларды бедерлеп, хатқа түсіріп қайтуға қалай қарайсыз?

 Маңғыстауды толық зерттеу үшін ат ауыздықпен су ішіп, аяқ киім табаны тебінгідей болатын бірнеше жыл еңбек қажет. Бұдан үш жыл бұрын республикалық «Рух-мирас» альманағы арқылы "Мәдени мұра" корпоративті қоры грантына "Маңғыстау жазулары" атты жобаны ұсынған болатынмын. Сол негізде Қырымбек Елеуұлының қабылдауына сұранып, АУЖМ кіріспесін баспаға беруге тапсырыс алғанмын. Басталған іс үзілмейді деген ой болатын. Қиялға қамшы боларлық шара - 2007-2009 жылдарға арналған Маңғыстау облысы бойынша "Мәдени мұра" салалық бағдарламасын іске асырудың шаралар жоспарында "Маңғыстау аймағындағы эпиграфикалық және таңба жазуларды ғылыми зерттеу, белгілеу және баспадан шығару" бабы еніп, қаражат қарастырылған еді. Оны іске асыру үшін 2006 жылы құрылып, Маңғыстау облыстық әділет департаментінде 13.07.2006. жылы №7659 - 1943 - ОО тіркелген «Мұра - Т (таңба, тарих, таным)» қоғамдық бірлестігі атынан 24-экспедициялық зерттеу маршруты мен шығын сметасы Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасына да берілген. Бірақ лицензиялау талаптарындағы жүйесіздік жобаны іске асыруға мүмкіндік бермей отыр.

Менің жеке қорымда Маңғыстау ескерткіштерінің жазуы туралы 5 гигабайт материал бар. Олар жұмыстан қол бос уақытта ата дерегін іздеген азаматтармен бірге жүріп жасалған ізденіс нәтижесі. Атап айта кететін мәселе, Маңғыстау тарихи-мәдени қорығы қызметкерлері мәдени мұраны насихаттауда менімен қоян-қолтық қызмет жасап келеді. Кәсіптік білім беру және жоғары оқу орындары осы қорықта және өз аудиторияларында, мектептер акт – залдарында кездесулерге шақырып жүр. Жастар арасында тарихын тануға ұмтылыс зор.

Әттең жүріп-тұрары қолда болатын жеке далалық жүрдек көлік болса, бала-шағаға нан-суын алып беріп алаңсыз тас тарихпен айналысатын, әр төбеде, үңгірі, құдығында қалдырған ата-баба аманат-хатын шаршы метрін қалдырмай жинайтын күн туса, шіркін...

Жазба мұраның жоғын іздейтін ғазауатқа аттануға мен қай кезде де дайынмын..

 Маңғыстау жазуларын оқуға қалай тәуекел еттіңіз, осынау үлкен істі бастаудың сәті қалай түсті?

 1969 жылы 10 сынып бітіріп аттестат алған мені әкем Мырзағали, Төлеп ауылының аузы дуалы ақсақалы, Өгіз-Өреуліде отырған Қансұлтан қартқа сәлем бергізіп, ақ батасын алған соң Сейсемдегі Ер Төлеп басына тәу еткізіп, Шетпеден Гурьев поезына отырғызған болатын. Сол жолы әкем екеуіміздің, бәріне де тырналып «Ер Төлеп» деп жазылған, үш құлпытастың қайсысы Атам Төлеп екендігін ажырата алмай, бәріне де аят арнаған дәрменсіздігіміз арабы хат тану туралы ой салған болатын. Гурьев пединститутында білім алған алғашқы қыста (1970, ақпан) жетпістен асқан Жолдас молданы іздеп таптым. Ол кісі ескі қобдишадан сия сауыты мен қауырсын қаламын алып, оқушы дәптерінің бір бетіне араб әліпбиін жазып бергенімен бұл талаптан бас тартуымды, үйіне қайта келмеуімді сұрады. Дегенмен 1972 жылы Алматыда ҚССР «Наука» баспасынан шыққан «Казахский фольклор в собрании Г.Н.Потанина (архивные материалы и публикации)» академиялық еңбегі менің төте жазуды меңгеруде практикалық құралым болса, 1978 жылы Ақмұрат Сүйеуов ағамнан алған А.А.Ковалев пен Г.Ш.Шарбатовтың «Учебник арабского языка» араб тілі мен грамматикасын меңгеруде, құранды жүргізіп оқуға жеткізген оқулығым болды. Бірақ олардың қай-қайсысы да құлпытас жазулары мен маңғыстаулық қолжазбаларды толық айырып оқуға көмектесе алмады. Менің Маңғыстау жазуларының ерекшелігін меңгеруіме септігі тиген Қырымқұл Ұзақбай жырау қолжазбасы еді. 1988-1991 жылдары оның 100 бетке жуық жырларын транскрипциялап, «Жырдария» жинағына бердім.

«Жеті жұрт кеткен Маңғыстау» жазбаларын жалпы түркілік жәдігерлерді оқу қиындығы, олардың алғашқы зерттеушілерінің шетелдік-еуропалық және орыс тілді ғалымдар болуында. Бұл тілдердің барлығындағы басты кемістік-дыбыстың дауысталуындағы жұтаңдық. Араб тілі мен әліпбиінде үш [А,У,И], латын әліпбиінде бес дауысты [А,0,Е,У,И] ғана бар. Ал, түркілік жұртта «а» мен «ә», «ы» мен «і», «у»-«ұ»-«і» сөздің мағынасын мүлдем өзгертіп мың құбылтады. Орхон-Енесей жазуын оқуға да осы тұрғыдан қайта келу қажет.

 Тас тарихтың біздің ата тарихымыздағы өзіндік роль, маңызын қалай бағалайсыз?

 Тарихты күнін-күн, жылын-жыл күйінде қалпына келтіру мүмкін емес. Оның басты тану құралы сол заманда жазылған жазбалар, түпкі нұсқасында оқылатын хрестоматиялар. Солардың бірі - тас тарих.

Сейсем-Атада Шотан (Адай-Келімберді-Мұңал-Жаулы- Жары-Назар), Әнет, Байшағыр, Кенже сияқты шежірелік тізбекте Адайға 5-6 ата болатын және атағы Ру атына шығып, ұран болған тұлғалардың ата жігі дерегі толық белгі тастары болуы Үстірт қыры мен Маңғыстаудың қара ойына Алшын тайпаларының иелік етуінің әріден келе жатқандығының даусыздығын айқындайды. Ал, оғыз заманынан Махмұт Қашқари еңбегінен белгілі ру таңбаларының, оның ішінде қыр мен ойда ежелгі жазу элементтерін сақтаған 29 таңбалы кіші жүз ел таңбаларының жеке салынған дерексіз түрінің де мол кездесуі, бұл мекеннің мыңжылдықтан түркі ұлдарының, оның бір саласы қазақтардың да ата жұрты болғандығын куәландырады. Маңғыстау жазба мұрасында жыл қайырудың мүшел нұсқасы, хижра мен милади жылдары арасындағы дәл сәйкестік «надан» шалдарымыздың білімі терең, ойлауы айқын, салыстыру материалы әлемдік деңгейде болғандығының дәлелі.

 Аймақтың жазба мұраларын тірнектеп жинау жолында тынымсыз тер төгіп, аруақтардың алғысын алып жүрген арқалы азамат ретінде өзіңізге елдің де ықыласын жеткіземіз. Ел үшін, ата-бабаның қасиетті топырағы үшін жасалып жатқан игілікті істер жемісті жалғасын таба бергей!

Сұхбаттасқан Ғалым Әріп

Раушан ӘРІП, «АНА TІЛІ АРУЫ-2007»-

БАЙҚАУЫНЫҢ БАС ЖҮЛДЕГЕРІ:

«МЕН - ЖАУЫНГЕР САҚ ТАЙПАСЫНЫҢ ҚЫЗЫМЫН...»

Раушан ӘРІП, Ақтау қаласында 1986 жылы 15 сәуірде дүниеге келген, №13 қазақ гимназиясында оқып, Оны 2003 жылы қызыл аттестатпен бітірді. Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті мұнай-газ институтының 4-курс студенті. Үздік оқуына байланысты «Аджип» ҚКО компаниясының шәкіртақысын жеңіп алған.

БІЗДІҢ ЕРТЕГІМІЗ

...Сонау алыс ғасырлар, жылдар түкпірінде, Маңғыстаудың Бозашы деген түбегінде болған оқиға екен бұл... Ұлы даладағы Сақ елінде өзі сұлу, өзі батыр, Тұмар падиша өмір сүріпті. Талай елді жаулап, халқын қан қақсатқан парсылық Кир патша Тұмар сұлуға ғашық болып, оның өзіне қосылғанын қалайды. Бірақ ешкімге бас имейтін тәкәппар сақ қызы Тұмар ханым Кирдің сөзін жерде қалдырады. Оған ызаланған Кир патша сақтардың Отанына соғыс ашып, жерін басын алуды мақсат етеді. Бірақ қанға бөккен қызыл майданда Тұмар ханым Кир патшаның басын шауып алады да, «Ал, қанша ішесің, енді кереңнен шыққанша іш!» деп қанға толтырылған меске Кирдің басын салып қояды...

Дала аңызы осылай дейді. Сол Сақ ханшайымы аман алып қалған, ол басқарған ұлы далада, біздер бүгін емін-еркін, арқа-жарқа өмір сүрудеміз. Бұл ертегіні ойламаған жерден фильмге түсіп, «Сақ қызының» ролін ойнаған Раушанның да естіп, сол әуенге құлағын тосып өскеніне күмәнім жоқ. Себебі, оның өзі де сол топырақтан жаратылған, Томирис сұлудың нағыз сіңлісі... Әзірге, ертегімізді осы жерден үзе тұралық.

1. Өскен орта

...Әр баланың кішкентай кезінен бір нәрсеге ынта-зейіні артықтау болатыны сөзсіз. Соны тек ата-ана дер мезгілінде байқап, сол іске қызықтыра білсе, құба-құп. Раушанның да туа біткен қарапайым мінез-құлқы мен қарым-қабілеті «аржақ түбінде» жатыр. Әкесі Ғалым-журналист, ақын. Анасы-Бибігүл дәрігер. Бірі - Тұщықұдықта, бірі Бейнеуде туып-өсіп, арман қуып Алматыға барғанда танысқан. Бұлардың өзі 80-нші жылдардың жаңашыл ұрпақ, жас буын өкілдері. Олай болса, зиялы қауымға жататын олардың балалары да зиялы болып өсіп-өркендеуі орынды дер едік. Көп ата-ана өздерін зиялы санағанмен ұрпақ тәрбиесінде сол жолды қатты ұстауға мән бермейді. Содан соң «қиғаш бала» қайдан шықты деп таңданамыз. Бұл жерде біз көпшілікке бала тәрбиесі туралы фәлсафа айтқалы отырған жоқпыз. Бірақ баланың түзу өсіп, түзу жүріп, өзінің бойына құдай дарытқан дарын, талантын, кішкене болса да өнерін көрсетуге, өскен орта, отбасы, ата-ана үлкен септігін тигізетіні даусыз.

Раушан да бала кезінен сабақтан бос кездерінде әдеби кітаптарды көп оқыды, өнердің сан алуан жанрында әуестікпен бағын сынады, бастаған ісін тындыруға асықты. Бесінші сыныпта жүргенде алғаш рет Абай сарайында үлкен сахнаға шығып, жергілікті сазгердің «Тырналар» әнімен танылды. Мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, «Қыз сыны», «Алтын күз» байқауларының жүлдегері болды. Осылай бойына жас күнінен сіңірген әр іске тынымсыз көзқарасы және соны ары қарай білсем деген ұмтылысы, өз ойын еркін жеткізе білуі, бастаған ісін тез меңгеруі, бейімділігі, білімділігі және әр нәрсеге «тәуекел» ете білетін батылдығы жоғары оқу орнында студент атанған кезінде, оны үлкен ортаға алып шықты. Адам қашанда бір істі бастарда соған ниет етіп, белін буады да, кейде сәл тоқыраса, тастап кететіні бар. Ондай жағдай жас адам түгілі, үлкендердің де бойынан жиі кездеседі. Бірақ Раушан алған бетінен тайсалмайтын, намысқой, бір сөзді жас. Әп-әсем, биязы да, сүйкімді жаспен сөйлесіп қарасаңыз, көп жағдайға қанығасыз. Жиырма жастан енді ғана асқан Раушанның басынан кешкен оқиғаларына өзінің қатар-құрбылары, достары қызығып қарайтыны сөзсіз. Олай болса, әңгімені кейіпкеріміздің өз аузынан естиік.

2. «Ол - жауынгер сақ қызы!»

 Раушан, сені редакцияға алдымен «Ана тілі аруы-2007» байқауының бас жүлдегері ретінде маңғыстаулықтар атынан құттықтағалы және өзіңді жерлестеріңе етене таныстырғалы шақырдым. Әрине, мен сені Бозашының боз жусанын иіскеп, сусылдаған құмында ойнап өскен, «нағыз Маңғыстаудың қызы» деп есептеуім мүмкін. Ал, қайсы біреулер үшін сен «қала бойжеткенісің». Сосын... бәрін басынан бастап айтып берші, осы «Ана тілі аруы» байқауына қалай қатыстың?

 Сұрағыңызға жүйелі жауап берейін. Біріншіден, қалада туғанмен, өзіңіз айтқан Бозашының боз даласында жусанын иіскеп, аунап-қунап өскен баламын. Екіншіден, отбасымда қазақи дәстүрді берік ұстаймыз. Ал, жарысқа келсем, алғаш рет 2005 жылы наурызда біздің университетте «Наурыз аруы-2005» атты байқау өткен, сонда 1-ші орынды жеңіп алдым. Одан соң «Хабар» телеарнасына кастингке шақырды, ол жерде «Айбын» деген жас ұландарға арналған әскери бағдарламаны жүргізушілерге байқау жүреді екен. Және көбіне студенттерді шақыратын болып шықты. Жарысқа ҚазМҰУ-дің филология, журналистика, жалпы гуманитарлық факультет жағынан қыздар көп келетінін байқадым. Техникалық ВУЗ-дан жалғыз өзім. «Неде болса қатысайын» деп шештім. Алдымен бейнетаспаға түсіріп алып кетеді де, сосын оны басшыларына көрсетеді. Біз оқу орындарымызға қайтып кеттік. Бір күні маған «Сен өттің, енді эфирге шығатын хабарыңды дайында», деп шақыру келіп тұр. Сөйтіп, мен республикалық «Хабар» арнасынан жас сарбаздардың өміріне арналған «Айбын» деген бағдарламаның жүргізушісі болдым. Бірақ та бірнеше айдан соң, мамандығыма байланысты Ақтаудан өндірістік практикадан өтуім керек болды да, «Айбынды» қалдырып кеттім.

(Әлбетте, «Ана тілі аруы» аталып, республика көлеміне кеңінен танымал бола түскен Раушанға «Айбындықтар» қайтадан қолқа салып, бағдарламаны тұрақты түрде жүргізуге шақырыпты. «Хабар» телеарнасынан биылғы жаңа жылдық өнер кешін жүргізген ол, алда «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан жаңа жобалар бойынша жүретін бағдарламаларға конкурс арқылы қатыспақ. Сонымен қатар ол күз айында тұңғыш рет өтетін «Ана тілі сұлтаны» сайысында қазылар алқасының құрамына да енгізілген).

 Журналистік қызметтің алғашқы сатысынан өтіпсің, жұмыс ұнады ма?

 Ұнады, үлкен әсерде жүрдім. Журналистік жұмыстың қыр-сырын аз да болса ұғынып қалғаныма қуанамын.Ол жерде ұжымдасып жасайсыз, режиссер де, оператор да, техникалық қызметкерлер де бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста. Сабақтарымды алдын-ала «өте жақсы» деген бағаға тапсырып тастаймын да, студияға хабарымды жүргізуге барамын.

 «Ұлы Дала» деген деректі фильмге де түсіпсің?

 Иә, түстім. Ол да аяқ астынан болды. Студиядағы жұмысымнан шығып келе жатыр едім. Алдымнан жолыққан бір ағай: «Қасың жасанды емес пе, өзіңдікі ме?» деп сұрады. «Жасанды емес» дедім. «Бізге осындай табиғи сұлулық керек, ертең киноға түсуге келесің», - деді. Таңертең ертемен қаладан шығып кеттік те, «Өжет» деген жерге келдік. Жан-жағы таулы, табиғаты әсем, көрікті мекен екен. Сол жерде кино түсірілді. Олардың асыққан себебі, фильм сәуір айында өтетін 5-ші Евразия медиа-форумының алдында экраннан көрсетілуі керек болған.

 Кімнің ролінде ойнайтыныңды айтты ма?

 Иә, айтты. Батыр қыздың бейнесін жасайсың, - деді. Басыма киетін дулыға әкелді, шашымды соның ішіне жинап қойды. Үстіме ап-ауыр сауыт-сайман, қолыма қорғанатын қалқан, ататын садақ, жебе берді де, бетіме қара күйе жақты. Сосын атқа отырдым. «Анау жерге дейін шауып кетесің», «Қатты шабасың, құласаң да шабасың!» - деді. Солай еттім.

 Қорықтың ба?

 Қорықсам да, қайта-қайта шауып үйреніп кеттім. Рольді солай ойнап шықтым, бәрі риза болды.

 Сонда қандай көрініс ол?

 Мазмұны былай: мен - жауынгер сақ қызымын. Жау жақтан бір адамды жаралап кетемін. Атпен құйғытып бара жатқан мені дұшпан жігіт жебемен атады, сонда бас киімім ұшып түседі де, менің сақ қызы екенімді біліп қалады. Ол жауызға қаһарланып, сұсты кейіппен қараймын.Ұлы Дала ұландары ұрыста жеңілмейді, беріспейтін бекем баһадүрлер...Сондай әдемі көріністер... Жанымда және М.Әуезов атындағы драма театрының актерлері де түсті. Лентаны Президент мұражайының архивіне қойған және Елбасының қолдауымен арнайы түсірілген.

 Болашақта тағы киноға түскің келмей ме?

 Шақырса, түсетін шығармын, әзірше мамандығымды меңгеріп алайын.

 Ал, енді «Ана тілі» аруына келейік...

 «Ана тілі» аруы байқауы өтетінін газеттен оқып білдім де суретімді алып, көрсетілген мекенжай, Абай-Гагарин көшесіндегі «Баспалар үйіне» бардым. Барсам, бір кісі отыр екен. Ол оқу орнымды, өмірбаянымды сұрап алып қалды. Әуелгіде 200-дей қыз қатысқан, іріктеу сынында 34-35-і қалды, ал ең соңғы турда 12 қыз шықтық. Қыздар Атырау, Орал, Мәскеу, Павлодар, Аякөз, Астана, Алматы қалаларынан келген, ең жасы кішісі 9-сыныпта оқиды. Жарыстың талаптары тіпті де жеңіл болған жоқ.

2. Сайыстың аты сайыс

Осылай, Раушан алыс қалада жүріп, танитын көп жанкүйері болмай, қобалжыса да сайысқа түсуге жігерін жанып, кірісіп кетті. Әрине, алдымен ауылдағы ата-анасымен ақылдасты. Арулар жарысы болғаннан кейін киетін киім, тағатын асыл тастар, айтылатын сөздердің түп-төркіні қандай болу керектігін пысықтады. Жарыс алдында бір қыздар: «Мұндай сайыстарда орын алдын-ала тағайындалып қойылады, қатысып қажеті жоқ, кімдер алатыны әлдеқашан белгілі» деген болатын...

Байқау 7 номинация бойынша өтті. Айтар ауызға оңай болғанмен, әрқайсысының жүгі ауыр, мазмұны да терең, сұрақтар да күрделі. Өзін таныстырудан бастап, туған жерің, оқу орнын, алға қойған мақсатын жүйелеп, көрерменнің жүрегіне жол тауып, әсерлі етіп айтасың. Раушан оның бәрін өлеңмен ұғымды да, ұтымды етіп өрнектеді. «Тек, руыңды айттырмайды екен», - деп күледі Раушан. Бірақта, сөз ыңғайын пайдаланып, алыс Маңғыстаудан екенін кірістіріп кетті.Туған жері, Қазақстан Отаны туралы өз ойларын көркем тіл, нақты деректермен, мазмұнды етіп жеткізді. Ұлттық салт-дәстүр, тілді, тарихты, мәдениетті, дінді, ділді, өнерді білудегі қойылған талаптың бәрін мүлтіксіз орындап, өзінің ой-өрісінің кеңдігін паш етті. «Ана тілің - қазақ тілінің тағдырына қалай қарайсың?» деген төтеннен қойылған сұрақтарға, ана тіліміздің бүгінгі жайын қысқаша айта келе, ата-бабамыздың қасиетті де, киелі тілін қастерлейік,.

«Кең даламды қызыл гүлдер көмкерсін,

Ару қыздар ұлы өмірге өң берсін.

Тәуелсіздік көк байрағы секілді,

Ана тілім, самғап биік төрге енсін!» -

деп лезде өлеңмен жауап беріп, қазыларды риза етті. Өзінің сүйікті кейіпкері сақ заманындағы Томирис-патша қыздан бастап, қазақтың арулары мен аяулы аналары: Домалақ ана, Шоқанның, ұлы Абайдың аналары, Маңғыстаудағы Қаламқас ару туралы айта келіп, бұ заманның ардақтылары болған Сәбира Майқанова, Әмина Өмірзақова, Бикен Римовалармен аяқтап, 1986 жылғы желтоқсанда қыршын кеткен жастардың ерлігіне тоқталуы, «Атаның ұлы – ұлтын сақтар, Ананың қызы – жұртын сақтар» деген халық мақалын келтіруі, самсап отырған қазылардың көңілін пірлетсе керек.

Салт-дәстүрлерді насихаттау бөлімінде Раушан «Бесікке салу» дәстүрін әспеттеп, «Төріңде бесік тұрса, төре де бас иеді» деген халық мәтелін келтіріп, әдемі әуенмен «Ана әлдиін» айтқан. Алматыдан, бір үйден бесікті әрең сұрап алып, байқау біткенше, әрбір репитицияға барған сайын көліктен-көлікке арқалап жүріпті. Сайыстың соңғы бөліміндегі салт-дәстүрдің мазмұнды сәттері, сән үлгілері мен өнер жарысы бөлімін көрген де арманда, көрмеген де арманда. Бойжеткендер бұл жерде де ибалы, әдепті, мінез-құлықтары мен таным-түйсіктерін сарапқа салғанда Раушанның шоқтығы биік көрінді. Басына киген сәукеле-бөркі, оюлы нақышпен әсем өрнектелген, ұзын ұлттық киімі, мойынға таққан сом күміс алқалар өз сәнімен көрік беріп тұрды.

3. Сұлулық тәжі – Раушанда

Төрт мың адамдық Республика сарайы сол күні көрерменге лық толған. Байқау бітуге тақалып, қорытындысы жарияланғанда, дүйім жұрттың алдында Маңғыстаудың Раушаны, «Ана тілі аруы-2007» байқауының Бас жүлдесі мен дипломына ие болып, сұлулық тәжін басына киді. Ол өзімен бірге сайысқа түскен қыздардың да осал емес екенін білетін. Бірі атақты қобызшы, бірі белгілі биші, бірі бұрын сайыстарға қатысқан тәжірибесі мол қыздар еді. Бірақ мына таңғажайыпқа сенерін де, сенбесін де білмей таң. Тек іштей ғана тәубе етті. Қазылар алқасының тең төрағасы, ЖенПИ-дің проректоры Ләззат Мақаева: -Байқауға түскен барша бойжеткендер де құр емес, бәрінің өзіндік ерекше қасиеттері бар дей келе, аңыздағы сақ патшайымы Томиристен аумайтын оның сіңлісі Раушанға, «Саған бір көргеннен сүйсініп қарадым. Сенің бойыңнан қазақ қызына тән инабаттылық, биязылықтың лебі есіп тұр. Байқау шартын орындауда қылығың мен жүріс-тұрысыңнан қандай да бір жасандылықтың ұшқыны сезілмеді. Өзіңді ханшайымдай еркін ұстап, сөздеріңді тартымды етіп айттың, еш мүдірмедің, айналайын! Жыл сайын ЖенПИ-дің қыздары бас жүлдені ешкімге бермейтін. Биыл да оны өз қыздарыма алып беруге болатын-ды. Бірақ сен шын арусың, тұла бойыңдағы тұнған қасиетің, құдай жаратқан келбетіңмен соған лайықтысың. Сондықтан саған дауысымды бердім», - деп ағынан ақтарылуы, көпшіліктің ойымен дөп келгендей. Бұл шешімді 10-15 адамнан құралған қазылар алқасы да бірауыздан мақұлдаған. Сөйтіп, Раушан қызымыз өзінің талайды тамсандырған ақыл-көркі, әдепті қылығы, халқымыздың ұлттық дәстүріне құрметпен қарайтын сезімтал жүрегінің лүпілімен жеңіп шықты.

Біз ойладық, тек Маңғыстауда емес, бүкіл қазағымызда салт-дәстүрімізді қадірлейтін, тіліміздің сұлулығына тереңнен көз жіберетін Раушандай жастар көп болса деп. Оның нәзік жібін үзбей қастерлеп, алға апаратын осы Раушандай өнегелі қыздарымыз емес пе?!. Ендеше алдыңнан жарылқасын, сақ тайпасының сәруар қызы, ақ Раушан! Бұл «Ана тілінің аруы» байқауы - тек өнерлі жастардың сайысы ғана емес, оның арғы түбінде ұлттың көкейтесті мәселесі жатыр. Ұққан адам, «түйсігіне бірдеңе жамайды да, ұқпағаны сұлуларға арналған сайыс қой бұл» дей салар. Бірақ, Раушан қызымыз, оны өмірлік мәні бар, ұлттың мерейін тасытатын, ұлттың ерекшелігін дәріптейтін құбылыс деп ойлағандықтан ғана өз үлесін қосуды парызы санады. «Бұл аудан, қала көлеміндегі жарыс емес, республикалық көлемдегі үлкен мәдени шара ғой. Сайыста діттеген мақсаттарыма жетуім де, киелі Маңғыстау - туған жерімдегі ата-баба-аруақтардың қолдауынан болар. Маған тілектес болған ата-анама, достарыма, туыстарыма алғысым мол. Жүрексінсем де ана тілімнің намысы үшін өзімді қайрап, сайысқа түстім. «Сонша күш-жігер жұмсап, уақытыңды бөліп жүргеніңде, артта қалып қойсаң, неткен өкініш» деп те ойлайсың. Бірақ, бәрі ойдағыдай аяқталғанда, арқамнан бір жүк түскендей болды» ,- дейді Раушан. Оның құрбыларына айтар ұраны: «Сабақты жақсы оқып, бір мамандық иесі бол! Өз ана тіліңді біліп, оны насихаттаудан қашпа. Спортпен айналысып, денсаулығыңды күт, сұлулығыңды сақта. Содан соң армандарыңа жетуге дайындала бер, ешқандай кедергі болмайды». Біз де оның ақ тілегі өзіндей барша құрбыларына жұғысты болсын дедік. Раушан алдағы уақытта елімізді шетел жұртшылығына паш етуді көздейтін, ұлттық үрдістерді насихаттайтын бағдарламаларға орай Мәскеу, Түркия, Қытай мемлекеттеріне аттанбақ. Оң сапар, қасиетті туған жерінің арлы да, қайсар жас түлегі!

4. Эпилог

...Ба-я-ғ-ы-да ...Алматыда, әкем театрда «Томирис» спектаклін көріп отырғанмын. «Томирис қыз туралы кино түсірілсе, ол рольді Маңғыстаудың бір қызы ойнайтын болса. Жал-құйрығы төгілген жүйрік тұлпарлар шапқанда, Маңғыстаудың маң даласына әбден жарасып кетеді. Киноны түсіруге Үстірттің үсті әлде ой жақсы ма...»,- деп өз-өзімнен қиялға берілгенмін...». Қызық! Арада бірнеше жылдар өткенде көзімді ашып отырып көрген сол түсім аумай келгені ме?! «Ұлы дала» фильмінде Маңғыстаудың өз қызы Раушан, Томиристің ролін ойнап тұрған жоқ па?! Біреуге айтсам, сенбеуі мүмкін, өзім де сенбей тұрмын. Түсім шынымен келді...

Гүлнар НАУЫРША,

«Маңғыстау».

31 шілде, 2007 жыл.

РУХЫ БИІК ЕЛДІҢ ҚЫЗЫ

немесе «Ана тілі аруы-2007» сайысының бас жүлдегері

Раушан Ғалымқызы Әріппен сыр-сұхбат

 Раушан, сен нағыз қазақ қызы деген атаққа сай абырой иелендің. Жас болсаң да таудай талап қылып, үлкен бір биікті бағындырған екенсің. Өйткені, біздің қазақ деген қабырғалы халық үшін өзалдан тін тартып келе жатқан ана тілі, ата дәстүр, ата салт, ұлттық өнер мен әдеп-иман, ұлттық рухты асқақтатуға арналған өте жауапты, аса маңызды сайыста жеңіске жетуден артық қандай биік шың болушы еді?! Мұндай тамаша жетістіктің сыры неде деп ойлайсыз?

 «Бал бұлақтың тұнығынан қанып ішіп жатқанда оның бастау алар қайнарын ұмытпа» деген қанатты сөз бар ғой. Менің өн бойыма қайсар мінез бен буырқанған асау қандылық, зор күш-қуат берген киелі топырағым - Маңғыстаудың қаймағы бұзылмаған шұрайлы тілі, өршіл рухы, қазақы болмысы, өзім өскен ортамның игі ықпал-әсері деп ойлаймын. Мен Ақтаудағы қазақ гимназиясында оқыдым. Отбасында тіл мәселесі бала күнімізден төтесінен қойылды: үй ішінде, жүрген ортада орысша сөйлеуге ғана емес, орысша бір ауыз сөз де қосып сөйлеуге қатаң тиым салынды. Анамыз ертегі айтып өсірді. Сондықтан да ана тілімізді қанық меңгеріп, сол сияқты қазақ тілімен қатар орыс, ағылшын тілдерінен де қалалық, облыстық конкурстарға қатысып, жүлделі орындарды еншіледім. Үш тілдегі облыстық «Полиглот» сайысының жеңімпазы болдым.

 Солай дегенмен, «Ана тілі аруы» сайысының ауқымы да, талап-талғамы да күрделірек, өзгешерек емес пе. Оған қатысуға «тәуекелдің жел қайығына» ырғып мінуге түрткі болған не?

 Мен негізінен Алматыдағы Қ.Сәтпаев атындағы Ұлттық техникалық университеттің жоғарғы курсында оқимын ғой. Мамандығым - мұнайшы. Университеттегі «Рас» газеті, әдеби бірлестік, студенттер арасындағы түрлі шараларға араласып, «ҚазҰТУ аруы» сайысының жеңімпазы да болдым. Ал мектеп қабырғасында жүргенде де түрлі шараларды жүргізіп, өнер сайыстарына, олимпиадаларға қатысып, ылғи да алдыңғы шепте жүруге тырыстым.

Өмір болғасын күтпеген оқиғалар, сыни сәттер мен сәттіліктер де болады ғой. Мен ҚазҰМУ-нің филология факультетінде оқитын бір дос-құрбымның құлаққағыс қылуымен «Хабар» телеарнасында өткен бір конкурсқа қатысып, жүздеген талапкердің арасынан озып шықтым. Сөйтіп, «Айбын» әскери-патриоттық бағдарламасын тұрақты жүргізіп келемін. Артынша II Евразиялық медиа-форум қарсаңында «Хабардың» бас режиссері М.Бидосов ағай: «Айналайын, біз «Ұлы Дала» деген деректі фильм түсіргелі жатыр едік, сондағы батыр Сақтың қызына табиғи қасы-көзіңіз, келбетіңіз өте ұқсайды екен» деп ұсыныс айтты. Мен келісімімді берген соң, көп кідірмей Алматының «Өжет» деген аулының маңында кино түсірілді. Мен үстіме батыр қыздың қара зілдей сауыт-сайманы, бес қаруын асынып, атпен шабуды, найзаласуды үйренуге, еш қорықпауға тиісті болдым. Құдайға шүкір, айтқандарын еш қобалжымай шебер орындап шыққан сияқтымын, олар осылай бағалады. Естуімше, бұл кинолента Астанадағы Президент Мұражайына сақтауға қойылыпты.

 Ал басты тақырыбымыз айтулы «Ана тілі аруы - 2007» сайысына қалай жолың түсті?

 Алла сәтін салса, жол түсе береді екен. Мен жалпы дініме берік, бір Аллаға сенетін, аруақтарды ардақ тұтатын, жылда ораза ұстайтын, иман шарттарын сақтайтын жанмын. Содан да болар, кәнаратсыз көңіліме Тәңір-Алла дем берді. Бастапқыда «Ана тілі» газетінен суреттері жарияланып жатқан қыздар бейнесін көріп, апталық басылым редакциясына хабарласқанмын. Бәрі де содан басталып жүре берді. Суретім жарияланған соң пікірлесуге шақырды. Одан алғашқы іріктеу туры өтіп, жүз шамалы қыздың ішінен отыз бірін іріктеп алып, суреттерімізді түгел газеттің бір нөміріне жариялады. Сол бойынша оқырмандар SMS жолдауы ұсынылды. Бір ғажабы, осы SMS бойынша да мен ешкімге үгіт жүргізбесем де, 8 мың қазақстандықтың даусына ие болыппын. Бұл үшін тілектестерімнің баршасына алғысым шексіз. Алайда, сайыс барысында SMS бәйгісі роль атқарған жоқ.

 Сонда сайыс қандай жанрлар, талаптар бойынша өрбіді?

 Екінші тур 31 арудың қай-қайсысы үшін де оңай сын болған жоқ. Өзіңді таныстырудан бастап, шешендік, ұлттық салт-дәстүрді көрсете білу, қолөнері, өнер бәсекелері бағын сынаған жастардың талайының «ащы терін шығарды». Қорытындысында бір-бірлеп шақырды. Қыздар бірінен соң бірі жылап шығып жатты. Бәріміздің де көңіліміз қобалжыды, бірақ үмітті үзбедік. Мен, әйтеуір, 12-нің бірі болып өткен екенмін.

 Ал сайыстың соңғы мәресі Алматыдағы Республика сарайында өткенін естіп, білдік. Жеңімпаз боламын, жұлдыздай жарқырап топ жарамын деп ойладыңыз ба!

 Менің жалпы лидер болуға әуелден талпынысым бар. Өз алдыма қойған мақсатым, ұлттық намысым жолында бар күш-жігерімді аямай, жанкештілікпен тер төгуден қашпаймын. Жалпы, бүгінгі жастар заманның, қоғамның алдыңғы легінде болуға, біздің тәуелсіз Қазақстанымыздың жарқын болашағы үшін өз қабілет-қарымын, білім-білігін, өнерін, жастық жігерін аямай жұмсауға, халқымыздың қадір-қасиетін әспеттей білуге тиіс деп ойлаймын.

Ақтық сайыста біз ұлттық киімдермен сахна төрінде сән көрсетумен бірге, мен қазақтың «бесікке салу» жоралғысын көрсетіп, бір ән орындадым.

Елдің зиялы азаматтарынан, әдебиет, өнер, тарландарынан құралған әділқазылар алқасы бірауыздан жеңімпаз деп танып, М.Құлкенов ағамыз Бас жүлдені тапсырғанда асқақ арман мен шынайы бақыт дегеннің не екенін түсінгендей болдым. Тегінде, арулардың ұлттық таным-түйсігі мен жан сұлулығына, сыпайылығы мен инабаттылығына терең мән беретін халқымыздың сенімінен шыға білу жолында күресу қазақ қыздарының басты қағидасы болуға тиіс екендігін менің замандастарым түсіне білсе нұр үстіне нұр демекпін.

 Тұшымды әңгімең үшін көп рахмет, Раушан. Елдік, ұлттық намыс бәйгісінде жұлдызың жарқырай бергей! Бұл - бүтіндей елдің тілегі деп қабыл алғайсың.

 Мың да бір рахмет.

(Мара Келес, «Қазақстан әйелдері»,

№10, қазан, 2007 жыл)

ШӘРБАНУ ТАУЫП АЙТАДЫ...

Кіші қызым Шәрбану аяғын қаз басқаннан кітапқа әуес. Суретін қарайды, «оқып берші» дейді. Бес жасынан бастап өзі оқи бастады, тек кітап алып бергенді жақсы көреді, жатпай-тұрмай оқиды. Ана тіліне құрметпен қарайды, оқыған кітаптарындағы қызықты, тәлімді оқиғаларды әңгімелеп айтып отырады. Кейінгі кезде әнге, биге, жалпы өнерге әуестік танытты. Халық әндерін де, орысша, ағылшынша әндерді де орындап жүр. Облыстық «Әнші балапан», «Музыкальный вояж» (бірінші орын), «Жұлдыз болғым келеді!» (Гран-при) байқауларында жүлдегер, жеңімпаз атанды. Республикалық «Бозторғай» конкурсына да қатысып, топ жарды.

Шәрбанудың тауып айтқан сөздерін кей-кейде түртіп алушы едім, солардың бірқатарын іріктеп жариялауды орынды санадым.

«Фантастика!..»

Шәрбанудың үшке әлі тола қоймаған, екі жарымнан асып бара жатқан жас шамасындағы кезі. Бір күні ол көздері бір нүктеге қадалып қатты ойланып қалыпты.

 Ақ Шәрбөк,не ойлап отырсың?- деп сұрадым.

Ол:

 Фантастика! - деген бір ауыз сөзбен жауап берді.

Жауабына таң-тамаша қалып, жағамды ұстадым...

«Ақшаң көп пе?»

Мен үйге ақша әкелдім. Санап жатқанымды көрген бес жасар Шәрбан:

 Ақшаң көп пе? - деп сұрады.

 Иә, дедім мен, ертең Алматыға барғанда ақ Шәрбөкті жақсылап қыдыртамын ғой.

 Жоқ, деді Шәрбан сонда, бірінші мәселе - үйді ремонт жасау, сосын тойдың мәселесі...

Ағасы үйленгелі жатыр еді, соны ойлағандығысы. Яғни, үлкендердің әңгімесіне құлақ түріп, мәселеге мән беріп жүргені ғой.

«Балаларың біз емес...»

Шәрбан қайшыны алып әр нәрсені қиюға әуес. Бұл жолы да сол, ойнап отыр, айналасы толған қиынды. Ескі зонтигін де қиып тастапты.

 Қайшыны енді ұстама. Бәрін қиып тастайсың, - дедім оған.

 Сенің кітабыңды қиып тастаған ешкім жоқ қой, - деді ол қиқарланып.

Мен айттым: «Енді қалғаны кітап еді. Ол деген құнды дүние ғой. Ал менің өз кітаптарым балаларым сияқты».

Шәрбан жұлып алғандай: «Сонда сенің балаларың біз емес, кітаптарың болғаны ғой».

...Тағы бірде кітап туралы әңгіме болып қалғанда Шәрбан:

 Енді «кітаптарым - балам» деп айтпа, біз ренжіп қалып жүрерміз, деді маған ескерту жасап.

«Асағаным сен үшін емес...»

Рауан ағасы айтты Шәрбанға:

 Шәрбөк, мен үшін тамағыңнан асашы, - деп. Шәрбан үш рет асады.

Бір кезде далаға шығайын деп жатып ағасынан бір нәрсе сұрады, далаға мені шығаршы деді ғой деймін.

Ағасы оған келіспеген. Сонда Шәрбан:

 Жаңағы үш асағаным сен үшін емес, апам үшін, - деді.

«Теуіп өлтіресің бе?..»

Шәрбанның бапасы бір күні ұйқысырап айқайлап, қасында жатқан Шәрбөкті қатты теуіп жібере жаздады. Шошып оянған мамасы әйтеуір, Шәрбөкті өзіне қарай тартып үлгерді.

Тағы бірде бапасы:

 Ақ Шәрбөк бүгін менің қасыма жатады ғой, - деген.

Сонда Шәрбан айтты:

 Немене, мені түнде теуіп өлтірейін деп пе едің?!.

«Мені неге шақырмадыңдар?»

Дастархан басында теледидар қарап отырғанбыз. Бір кезде экраннан бірер күн бұрын облыстық әкімшілікте ҚР вице-премьері Ахметжан Есімовтің қатысуымен болған жиналысты көрсетіп жатты.

 Әкеңді көрдің бе? - дедім бір сәт телеоператор камерасымен мені алғанда.

Сонда Шәрбан айтты:

 Ол жиналысқа мені неге шақырмадыңдар?!

«Шығатын тесік таба алмай қалармын...»

Күздің бір салқын күнінде ұйқыға жатарда Шәрбан айтты:

 Бапа, пешім менің, жылытшы, - деп.

Шәрбөкті құшақтап бойын жылытып барып айттым:

 Сен біратала менің қарыныма кіріп кетсейші. Әрі саған жылы болады, әрі маған да жақсы - сағынғанда ішімде жатасың.

Сонда Шәрбан айтты:

 Қой, құрысыншы. Сосын шығатын тесік таба алмай қалармын. Әсем апамды көре алмай қалармын...

«Иә, біссіміллә, біссіміллә...»

Түн ортасыңда Шәрбөктің ұйқысырап сөйлегенінен оянып кетіп, құлағымды түргенмін.

 Иә, біссіміллә, біссіміллә! - деп күбірлеп жатыр екен...

«Ит замандағыны айтпашы...»

Күнде ұйқыға жатарда Шәрбан:

 Ертегі айтшы, я болмаса бала кезіңдегіні айтшы, - дейтіні бар.

Бір күні менің айтқан әңгімем жалықтырып жіберді ғой деймін,ол:

 Бапа, қоя қойшы енді, ит замандағыны айта бермей, - дегені.

«Ас қайырмай тұрма, отыр!..»

Бірде шешесі, Шәрбану үшеуміз ет жеп болғасын мен бір асықтым ба, үстел басынан тұрып кеткім келген. Шәрбан асықпай сорпа ішіп отыр еді, мені қолымен тоқтатып:

 Ас қайырмай дастарханнан тұрушы болма, отыр! - деді.

 Оның өте дұрыс, қызым, - дегеннен басқа шарам қалмай,оларды күтіп, ас қайырып, ата-бабалардың, өмірден озған анамыздың, жақын адамдардың рухына бағыштап әйет оқуыма тура келді.

«Адам болғанымыз қандай жақсы...»

Бірде теледидар қарап отырдық. Бір кезде мүйізтұмсық, зебра сияқты аңдар өзен айдынын кешіп екінші бетке өте бастады.

Су астында жүзген екі крокодилдің мүйізтұмсық секілді мүйізді ірі аңға тісі батпады. Алайда, зебраның біреуін жайратып, жұта бастады.

Соны көрген Шәрбан:

 Адам болғанымыз қандай жақсы болды, - деді де, «Бапа, осы біз неге аң болмадық?» - деп күлдірді.

Мен:

 Алла тағала 18 мың ғаламға жанды тіршілік сыйлады. Оның ішінде тек Адамға ғана сана сыйлады, - дедім.

«Бои без правил...»

Қыздар арасында осынау жекпе-жектен жойқын кездесулер өтіп жатыр.

Мен айттым:

 Менің қызым да ертең үлкен болғанда осы төбелеске қатысады ғой, - деп.

Сонда Шәрбан:

 Иә, бір күні мен бет-ауызым түгел қан, тас-талқан болып келіп тұрайын. Сонда жақсы бола ма не? - деді.

«Мені итше шетке ысырып...»

Бұрын әке-шешесінің ылғи да ортасында жататын Шәрбанға бірде төсек шеттен салынған ғой. Көңілі қоңылтақсып, ол жерге жатқысы келмеген Шәрбан:

 Мені ит құсатып шетке, есікке қарай ысырып тастапсыңдар ғой. Иә, жақсы болды, -деп көрпесін тарс бүркеніп, теріс қарап жатып қалды.

«Айтпайын десем де...»

Шәрбану «Музыкальный вояж» атты конкурсқа дайындалып жүр. Күн болса салқын, аздап тамағы да ауырып қалады. Күнде кешке мен оны өбектеп:

 Шәрбану, дауысыңды күт, қатты айқайлай берме, ертең даусың шықпай қалып жүрер, - деймін.

Сонда Шәрбан:

 Ой, бапа-ай, мені біреу түртіп тыңдамайды ғой. Музыка қосады, дискет салады, ән айтпай тұра алмаймын ғой, - деді.

Атаға бара жатқанда...

Бекет атаға - Оғландыға сапарға Ақтаудан мен, Рауан, Шәрбан үшеуміз шыққанбыз. Күн салқын болады деп жолдағы Жаңаөзен қаласындағы досым Киікбай ескерткен соң, қалың киініп алғанбыз.

Жүріп келе жатырмыз. Рауан:

 Президент келейін деп жатса, міндетті түрде Атаға соғады ғой. Онда жолды жауып тастауы да әбден мүмкін, - деді.

Сонда Шәрбан:

 Бекет атаға баратын жолды ешкім де жаба алмайды. Оған ешкімнің де құдіреті жетпейді ғой, - деді.

«Сегіз қырлы, бір сырлы...»

Мен көңілім бір соққанда үйдегі бірқатар шаруаларды тындырып тастайтыным бар. Сондай бір тыным алмай әртүрлі жұмыс жасағанымды көрген Шәрбан хошы келіп:

 Бапа, сен жұмысты күшті жасайсың. Сен өзі «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіттің нақ өзісің ғой, - деді.

«Алтын қыздар бола ма?»

Жаз, қырық күн шілде. Күн күйіп тұр. Шәрбан кешкі 5 болмай, ыстық қайтпай далаға шықпақшы болды.

 Далада ешкім жоқ, қойсайшы, - деді шешесі.

 Бар, қыздар көлеңкеде ойнап жүр, - деді Шәрбан өршеленіп.

 Күн аптапта далада ойнайтын жаман қыздарды қайтесің,- деді шешесі.

 Онда немене алтын қыздармен ойнайын ба? Бірақ, алтын қыздар жоқ қой, қайдан болсын, - деді Шәрбан не істерін білмей.

 Алтын қыздар - ақылды қыздар,- дедім мен Шәрбөкке.

«Тезірек жұмысқа кетші осы...»

Түскі тамақты ішкен соң ертерек есік алдына шығып, далада дүкеннен бірдеңе алып жеп, шаң-шаң болып жүрген Шәрбанды көріп: «үйге бар, беті-қолыңды жу бар» деп ұрыстым.

Сонда жыны келген Шәрбан:

 Бәле болдың-ау сен маған. Тезірек жұмысыңа кетші осы көзіме көрінбей, - деді.

«Қарға құсап...»

Шәрбан салқын тиіп ауырып, жөтеліп жүр. Ұйқыға жатарда айтты маған:

 Бапа, бүгін детскийге жатайықшы. Мен қарға құсап қоймастан қарқылдап отырмын ғой, - деді.

«Қолың волшебный...»

Үйде әйел адамдар болмай мен бір тамақ пісіргенде дәмін қарап Шәрбан айтты:

 Бапа, сен тамақты күшті пісіресің, қолың волшебный ғой, - деді.

«Желдің өтінде отырмын...»

Жаздың күні болса да, қарсы терезелерді ашып қойғасын - «сквозняк» күшейіп тұрғанын байқадым. Менің бөлмеге кіріп келіп, әдеттегіше ұрсуым мүмкін екендігін байқаған Шәрбан:

 Ой, мен өзі желдің өтінде отыр екенмін-ау, салқын тиіп қалар, - деді.

«Қатынға айналған еркектер...»

Теледидардан Мәскеуден «Субботный вечер» атты хабар сенбі сайын өтіп, мықты артистер сахнаға шығады.

Бір күні Шәрбан айтты:

 Мына бір қатын болып отырған екі еркекті қарашы, - деді әлгі орамал тартып алып, шіңкілдеп сөйлейтін «екеуді» ұнатпай.

«Көл болып жатырмын...»

Күн адам көрмеген ыстық болып кетті. Ауа жоқ, қапырық. Шәрбан айтты:

 Мен жеңіл жатырмын, соның өзінде көл болып жатырмын, - деді.

«Саған мұрт та жарайды ғой...»

Алматыда Жазушылар Одағында болғанымда қолыма «Шапағат-Нұр» деген діни тым-тәуір журнал түсіп, үйге ала келгенмін. Сол үстелдің үстінде ылғи көзге түсіп жатушы еді.

Бір күні далада сөйлесіп келе жатқанымызда Шәрбан ойламаған жерден:

 Назарбаев сақал қойыпты ғой,- дегені.

Селк ете түстім. Оның ойын сосын барып ұғып,сол журналдың мұқаба сыртындағы Нұрағаңның суретіне меңзеп тұрғанын сездім де:

 Ол да мұсылман ғой,әрі Нұрағаңа сақал жарасып та тұр, - дедім.

 Үлкен бапаның да сақалы бар,- деді ол.

 Ертең мен де мына бетімді түгел толтырып, сақал қоямын, дедім мен қайтер екен деп.

 Саған мұрт та жарайды ғой, бапа - деді Шәкең.

«Жоқ, тірі емеспін...»

Шәрбану ваннада өзі шомылып жатыр еді, Әсем деген он жасар тума апасы есік қағып айтты:

 Әй, Шәрбан, тірісің бе, қашан шығасың?

Шәрбан күлдіре әрі қырсыға жауап берді:

 Жоқ, тірі емеспін!..

«Аят ағам үйленейін деп жатыр...»

Шәрбанның бес жастағы кезі. Інім Нұртастың қызы Әсем апасы телефон шалыпты. Сонда Шәрбан:

 Әсем, енді көп соға берме, Аят ағам үйленгелі жатыр. Екі күн той жасаймыз,қолымыз тимейді...

Аят-көршім, досым, Исатайдың баласы. Исекең Шәрбанның кіндік әкесі еді ғой. Шәрбан сол тума болып айтып отырған сыңайы.

«Кәрілердің қасында отырмаймын...»

Досым Болаттың үйінде туған күн тойлап жатырмыз.Мен айттым Шәрбөкке: «Қасыма кел,отыр,тамақ же» деп.

Сонда Шәрбан:

 Кәрілердің қасында отырмаймын, - деп апасы Раушан, Болаттың қызы Гүлайымдар отырған басқа бөлмеге кетіп қалды.

«Бапа, свеклоң келе жатыр...»

Бас киімімді киіп қарап жатыр едім, Шәрбан келіп:

 Мен де киіп қарайыншы,- деді. Оның екі қолы қып-қызыл, шешесіне көмектесіп, салат жасағанына мәз болып отырған.

 Қолың лас, әуелі бар жуып кел, - дедім.

Сәлден кейін арт жағымнан келіп айқайлады:

 Бапа, қара, свеклоң келіп тұр! (Свекло деп өзін айтып тұр екен).

«Қышқыл сөйлеймін...»

 Шәрбан,- дедім бірде, - сабаққа барғанда көп сөйлеме.

Ол айтты:

 «Қышқыл сөйлеймін».

«Жаман әке боласың...»

 Шәрбан, - дедім, - көп тентек бола берме, жаман бала болып кетесің.

Ол да маған қарсы саусағымен көрсете нұсқап:

 Бапа, көп ұрса берме, жаман әке болып кетесің, - деді ойланбастан.

«Шашың айқайлап тұр!..»

Шәрбөк екеуміз үйден шығып келе жатыр едік, ол айтты:

 Бапа, шашың айқайлап тұр ғой, тарасайшы, - деп.

 Шаш қайтіп айқайлайды? — дедім сөйлеткім келіп.

Ол өз шашына қолын тарақтап, қобыратып, қатты айқайлап жіберді:

 Шаш деген осылай айқайлайды!

«Менің әжем болғанда...»

Бірде келе жатқанда ойламаған жерден Шәрбан:

 Менің әжем тірі болғанда маған жақсы болатын еді,- деді.

 Ол Бибігүлге «сенің ішіңдегіні де көрермін» дегенімен, ауылда ауырып,сенің екі айлығыңда көз жұмды ғой. Ал не жақсы болатын еді? - дедім сосын.

 Әжем маған шәлі тоқып беретін еді, - деді ол (алдында «Әліппеден» оқығаны есіне түскен ғой шамасы).

 Шәлі емес, орамал десейші қазақша.

 Жоқ орамал емес, шәлі деймін...

«Сонда нағыз король болатын едің!..»

Шәрбан айтты маған бірде:

 Бұл үйде неге домбыра жоқ, қазақтың үйі емес пе не? - деп. - Гитара бар, оны қойшы, - деді сосын.

 Бір домбырам сынып қалды, далаға тасталды. Екінші бір тәуір домбырамды ең жақын, музыкант досыма сыйлағанмын, - дедім мен.

 Сынғанын тастамау керек еді, домбыра қасиетті ғой, жасатуға болатын еді. Ал екі домбыраң да болғанда нағыз Корольдің өзі болатын едің! - деді Шәрбан.

«Тірі болсақ жарар еді...»

Шәрбану мамасы екеуі апасы Раушанның мектеп бітіру кешін видео таспадан көріп, тамашалап отырған ғой. Мамасы айтыпты:

 Шәрбөк, ертеңдері сен де үлкен болып, оқу бітіргеніңде, кешіңе біз де қатысамыз ғой.

 Ой, Алла-ай, оған дейін қайда, тірі болсақ жарар, - депті ғой Шәрбан сонда.

«Әй, бала, мына қыз ұйықтап қалыпты ғой...»

Ұйқыға жатқан түнгі мезгіл еді. Өз ойымен әлек болып ұйқысы келмеген Шәрбан арғы жағында жатқан мамасына бірдеңе десе,ол үндемепті. Сосын мені сөйлеткісі келіп еді, мен де теріс қарап жата қалдым. Шәрбан айтты сонда мені жұлмалап:

 Әй, бала, мына қыз өзі ұйықтап қалыпты ғой... (бала деп отырғаны - әкесі, қыз деп отырғаны - шешесі ғой).

«Хабар» көрмейтін болдың жақсы болды...»

Бір күні үйге келсем, коммерциялық канал - «Секателді» уақтылы ақша төленбегені үшін айырып тастаған екен. Мен айттым Шәрбанға:

 Жақсы болды айырғаны, енді неколодион (мультфильм) көре алмайтын болдың, -деп.

 Маған да жақсы болды, - деді ол, - сен енді «Хабар» көре алмайсың, ха-ха...

Не дейін оған мен тегі...

«Майкілерім қонаққа кетіпті...»

Мамасы Шәрбанның майкісін ауыстырайын деп басқасын іздеп таба алмай әуре. Мен айттым: «бәрі бірдей қайда кеткен қаңғып, жоқ болып» деп. Сондағы Шәкеңнің жауабы былай болды:

 Бүгін сенбі ғой, барлығы бірігіп қонаққа, не тойға кеткен шығар...

Сол кезде мамасының даусы естілді:

 Біреуін таптым, кел кие ғой.

Сонда Шәрбан маған қарап жымиып:

 Бір майкім тойға бармай қалған екен, бапа, - деп қара-ап тұр...

«Мен роботпын ба не?»

Шәрбануды шешесі дүкенге жұмсап нан алдырмақшы болған. Шәрбан әрнені айтып, кідіріп шыға қоймады. Басқа бөлмеде отырған мен оны сөйлетейін деп:

 Шәрбөк, барып келдің бе не? - деп айқайлағанмын.

 Мен немене робот деп пе едің? - деді Шәрбан.

«Қант жеуді қойғанда...»

Шәрбану су-суанға әуес, күні бойы сұйық ішумен жүреді. Бірде айттым оған:

 Минералды су жақсы емес, денсаулыққа зиян, көп ішпе, - деп.

Сонда Шәкең:

 Қант (секер) жеуді де қойдым ғой, сол сияқты минералканы да қоярмын, - деді.

«Күлкінің шошағынан келдіңдер ме?»

Мамасы мен апасы әңгіме айтып отырып, шек-сілелері қатып күле бергесін, қасында ойнап отырған Шәрбан айтыпты ғой:

 Не, күлкінің шошағынан келдіңдер ма? - деп.

Бұл сөзді ол мамасы алдында өзіне су сұрағанда айтқан «Шошақтың шөлінен келдіңдер ме?» деген сөзінен туындатып айтып отырған сияқты.

«Татуировка...»

Бір күні қарасам, Шәрбан қолына «Раушан апа» деп жазып алыпты. Оны байқап қалған мен:

 Анауың немене? - дегенмін.

 Татуировка, - деп жауап берді Шәрбан.

«Енді не, ол сәлем бере ме?»

Інім Нұртастың үйі шақырып, Шәрбан екеуміз бара жатқанда баспалдақпен өрлеп келе жатып:

 Қазір үлкен бапаға сәлем бересің бе? - дегенмін.

 Енді не? - деді ол менің сұрағымның жөнсіздігін бетіме басқысы келіп. - Ол сәлем бере ме не?!

(Сексен бестегі шал кісі жеті жасар қызға сәлем бере ме не деп кекетіп тұр. Жалпы Шәрбану үлкен адамдарға сәлем беру жағынан алдына жан салмайды. Егер сәлемін байқамай біреу алмай қалса, оның назарын өзіне аударып, даусын көтеріп, алды-артынан шығып, қалайда сәлемін алғызады).

«Келесіде ағылшынша шығарармын...»

Алматыға кеткен шешесі келгенде сағыныштан Шәрбан орысша өлең шығарып оқып, қарсы алыпты.

 Оның не? - дедім мен. - Қазақша шығармадың ба?

 Болады ғой кейде, - деді ол. - Ал түсінсеңдер келесіде ағылшынша шығарармын...

(Ол қазақша өлең құрастырып жүр, ана тілін таза білетініне сенімді болғасын айтып отыр).

«Үй де өртенген жоқ, қыз да аман»

Шәрбануды даладан іздеп-іздеп әрең таптым. Жұдырығымды түйдім. Шәрбөк қасыма келіп құшақтап:

 Бапам күшті ғой, екеуміз доспыз, - деп мені «алдады».

Үйге кіріп шәй ішерде «масқара, масқара, қаңғырып жүріп алған», - дедім.

 Иә, не деген масқара, үйде газды жағып, сөндірмей кеткен, - деп мені кекетті.

Сосын: «Бапа, қысылмай-ақ қой, үй де өртенген жоқ, қыз да аман» деп қара-ап тұр. (Қыз деп тұрғаны өзі ғой).

«Мен сені ақылды ма десем...»

Болат досымның үйінде қонақта болып, еттің соңында карта қызығымен ойнап отырып қалдық. Шәрбанға ертесіне сенбі күні сабақ еді, мамасы екеуі өтініп қоймағасын маған жігіттердің ортасынан тұрып кетуге тура келді.

Таксимен жолда келе жатқанда Шәрбан:

 Біздің бапа ақылды ғой, айтқанды тыңдап орнынан тұрды әйтеуір, - деді.

Араға бес минуттай уақыт салып барып, Шәрбанды сөйлетейін әрі ұйықтап қалмасын деген оймен:

 Мен қазір әлгі карташыларға кері қайтып баруым да мүмкін, - дедім қайтер екен деп.

Қалғып-мүлгіп келе жатқан Шәрбан селк ете түсті де:

 Мен сені өзі ақылды ма десем, шынымен ақымақ екенсің ғой, - деп кәдімгідей ұрсып айтып тұр.

«Бапа, мен тастай қылдым...»

Бірде зейін қойып ұзақ уақыт сабағын, ертегілерді оқып рахаттанған, өзіне көңілі толған Шәрбөк:

- Бапа, мен бәрін де тастай қылдым, - деді ризашылықпен.

«Мен әкеме ұқсайын...»

Таңертең ұйқыдан тұрарда Шәрбанның «бапа» деп айқайлайтыны бар. Бұл жолы да қасына келіп бетіне бетімді тигіздім де:

 Бетіңді, маңдайыңды май қылайын, - дедім.

Шәрбан:

 Онан да мұрт салып берсейші, мен әкеме ұқсайын, - деп жауап берді.

«Олар бірақ сөйлемейді...»

Тұщықұдық аулына бара жатқанда жолда көрінген қауымдар тұсында бет сипап отырдық. «Тие берсін» айттық.

Мен Шәрбанға:

 Өлілер де естиді, сезеді, бата қылған адамдарды желеп-жебеп, тілегін тілейді, -дедім.

Сонда Шәрбан:

 Олар бірақ сөйлей алмайды, - деді.

«Ақ күмістей алтын әкем...»

Шәрбан бір күні ұйқыға жатарда мені құшақтап:

 Бапа, мен «Ақ күмістей алтын әкем» деген өлең жазайын деп жүрмін, - деді.

«Президент те кәдімгі адам екен ғой...»

Бір күні теледидар қарап отырған Шәрбан:

 Мәс-саған, Назарбаев суда жүзеді екен, гантел көтерді, теннис ойнап жатыр, атпен шапты, ол кәдімгі адам екен ғой. Мен оны святой адам, Президент, өйтіп ештеңе істемейтін шығар, жұртқа тапсырма беріп қойып, өзі рахаттанып жүре беретін шығар деп едім...

Пәтуалы сөз

Шәрбан екеуміз бірде біраз әңгімелестік, ара-арасында тәжікелесіп, ақырында тіл табысып, дос бола бердік. Сонда Шәрбөк ойламаған жерден билік айтты:

 Бапа, сен қазақтың ерісің ғой, жүрген нағыз серісің ғой, екеуміз осы біреуміз аға, біреуміз жаға болып, тату-тәтті өмір сүрелік, - деді әкесіне.

Сұраққа – жауап

Шәрбанға бірде қатты ұрыстым, ашуланып қағып та жібердім. Біраздан кейін қызымды аяп:

 Ақ Шәрбан, мен саған көп ұрыстым ба? - дедім.

Шәрбан жұлып алғандай:

 Аз ұрыстың ба не ? - деп қарсы сұрақ қойды. Содан кейін:

 Сен мені ұрдың да ғой, - деді, - өз баласын ұратын әке бола ма екен?!

«Менен жақсылық күтпе...»

Бірде ұлым Рауан досы Ерболды пойызға Алматыға шығарып салмақшы болып, вокзалға барғандарында пойыз жүріп кетіпті. Рауан осы хабарды және өздерінің пойызды машинамен Шетпеге дейін қуып, тағы да жете алмағанын айтып маған телефон соққанында, мамасы оған ренжіп, ұрыспақшы болған.

Келер күні түсте ағасы үйге сыртқы есіктен кіре бергенінде Шәрбан айқайлап:

 Аға, сен кеше неге Шетпеге бардың? Мама саған ұрса алмай қалды, енді мен саған ұрсам. Енді сен менен жақсылық күтпе? - деді.

«Аузыммен демалып, мұрныммен...»

Бірде Шәрбан мыңқылдап сөйлеп отырғанын байқап:

 Неге мұрныңмен сөйлейсің? - дедім.

 Бапа, мен осы ылғи мұрныммен сөйлеп, аузыммен демалсам қайтеді? - деп қар-ап тұр.

«У меня доброе сердце...»

Шәрбан кешкі 6-ға дейін біз келгенше үйде байланып отырады ғой. Бір жолы біраз кешігіп келгенімізде :

 Мен бүгін 9-ға дейін ойнаймын, - деп көнбеді.

Ақырында біраз айқайласқаннан кейін: «Жақсы, деді, у меня доброе сердце, келісейін, 8-ге дейін-ақ ойнайын», - деді.

«Әумин болып кетті ғой...»

Шәрбан түнде маған айтты:

 Бапа, ертеңге, сабаққа 50 теңге бер, - деп.

Сонда мамасы айтқан:

 Сен неге күнде 50 теңге сұрайсың? Кешегі бапаң берген 100 теңге қайда, содан қалған шығар? - деп.

Сонда Шәрбан:

 Ол 100 теңге кеше әумин болып кетті ғой, - деп бетін сипады.

«Прекрасный улов...»

Шәрбан залдың арғы шетінде, столдың үстінде сабақ жазып отыр. Менің айтуыммен сол жерде орындықта қойылған костюмімнің қалтасынан 50 теңгені алды да, барынша маған лақтырып қалды. Ол «елулікті» менің қалай қағып алғаныма риза болып, таң қалған Шәрбан:

 Прекрасный улов, папа, - деді.

«Қызыл помидор болып кетесің...»

Шәрбан жаз шыға далада көп ойнауға әуес. Бір жолы мен оған айттым:

 Ала жаздай босқа қаңғи беруге болмайды. Негр болып кетесің, - дедім.

Шәрбан жұлып алғандай:

 Арақты көп ішуге болмайды, қызыл помидор болып кетесің, - деді.

«Енді менің қолым тимей жатыр...»

Бірде қағаздарымды реттеп, қолым босаған соң, үйге телефон соқтым.

 Не хабар бар, Шәрбөк? - дедім.

 Еш хабар, - деді ол.

 Дегенмен бірдеңе айтсайшы, - дедім.

 Не қолың бос па? - деп сұрады ол.

 Иә, - дедім мен, - ерігіп отырмын.

 Күнде мен ерігіп, зерігіп телефон соққанда «Жұмыс көп, 1 минут та уақытым жоқ» деуші едің ғой. Енді сен еріккенмен менің қолым тиіп отырған жоқ, - деді ол.

 Немене, тас шауып жатсың ба? - деп сұрадым.

 Ия!..(Ол телефонды лақтырып жіберді).

«Өзің домаласайшы, бапа...»

Бірде Тұщықұдық аулына бара жатқанда, ауылға жақындағанда әбден қаулап бітік шыққан шөпке, құнарлы далаға риза болып, ақ Шәрбөкке мен:

 Шәрбан, мынау сенің әкеңнің туған жері, ендеше сенің де туған жерің болады. Сен машинадан түсіп жіберіп, топыраққа бір аунап алсайшы, - дегенмін.

 Сенің туған жерің ғой, әуелі сен домалап,өзің бір аунап алшы, - деді Шәрбан.

«Казинода ойнап отырсақ...»

Бірде Шәрбану аздап тұмауратып, көбінесе үйде болды. Бір күні мен екі сағаттай оның көңілін аулап қасында отырдым. Біраз шашка, құрт деген ойындар ойнап, сосын карта ойнауға көштік. Шәрбан сол менің көңілімді аулағысы келді ғой деймін:

 Бапа, осы бір-бірімізді карттен ұтып қайтеміз. Казинода ойнап отырсақ бір сәрі, -деді.

«Саған бір кісі звондайды...»

Шәрбанға үйге телефон соғып едім, «тез телефоныңды қой, саған қазір бір кісі звондайды, Астанадан!» деп түйіп айтты.

Телефонымды орнына қойғаным сол еді, шырылдай жөнелді. Көтерсем, Астанадан, Парламент депутаты Зейнолла Алшымбаев ағамыз екен.

Шәрбану Астанадан телефон соққан жәй адам емес екенін оның сөз ләмінен байқағанға ұқсайды.

«Балаларға керегі тамақ емес...»

Шәрбан бірде айтты:

 Мерекеге бес-алты дос қызымды үйге шақырайыншы,- деп.

Мен оған «оларды шақыру үшін мамаң біраз тамақ дайындап, дастархан жаюы керек, әйтпесе құр қол ұят болады», - дедім.

Сонда Шәрбан:

 Ұсақ-түйек бірдеңе дайындай салар. Бапа-ау, балалар үшін ең бастысы тамақ емес. Ойын, ойынның қызығы ғой, - деді.

«Мұрныңды көтеріп қой...»

 Осы менің екі қызым өзімнен аумайды-ау, - дедім бірде Раушан мен Шәрбанды қатар құшақтап тұрып.

Сонда Шәрбан күлімсіреп:

 Мұрныңды көтеріп қой, сонда тіптен аумаймыз, - деді әзілдеп.

«Екеуміз нағыз доспыз...»

Шәрбан жұлдыз-жорамал бойынша шаян, балық, бикеш үшеуінің дос болатынын оқып білгеннен кейін:

 Бапа, мама үшеуміз дос боламыз, екеуміз сірә нағыз доспыз ғой, - деді. Өзі шаян, мен балық, шешесі бикеш қой, соны айтып отыр.

«Аман болсақ, әлі талай...»

Досым Исатай келін түсіріп, той жасады. Үлкен қызым Раушанға:

 Тойға бармайсың ба? - дедім.

 Шәрбан барады ғой. Жаңа түскен келіншектің түрін көреді, - деді ол.

 Киноға барамын,- деді Шәрбан сонда. - Аман болсақ, келіншектің түрін әлі талай көрерміз-ау...

«Кеш туғаным жақсы болды...»

Шәрбан айтқанды тыңдаңқырамай отыр. Мен айттым оған:

 Сенің ағаң мен апаң екеуі баяғыда тентек болып, айтқанды тыңдамаса, менен шапалақ жейтін еді, - деп.

Сонда Шәрбан:

 Менің кеш туғаным, сендер қырыққа келіп, қартайғанда туғаным жақсы болды, әйтеуір бір жақсысы осы, - деді Шәрбан.

«Менің саған миллион рахметім бар...»

Бір күні мен қан қысымым көтеріліп, үйге келіп жатып қалғанмын. Маған жаны ашыған Шәрбан қасыма келіп күшті қылып массаж жасай бастады. Әбден шаршаған мен қатты ұйықтап кетіппін.

Келесі күні Шәрбөкке:

 Саған, Шәрбөк, көп рахмет. Сен сылап-сипағасын таңға дейін қозғалмастан ұйықтап кетіппін, - дегенмін.

Сонда Шәрбан:

 Менің бір рет сенің қолыңды уқалағанымды несіне айтасың, бапа. Сен маған сан жетпес, мың-миллион рет жақсылық жасадың ғой. Менің саған сан жетпес, мың миллион рахметім бар, - деді.

«Сол кәпірді айтпашы...»

Балдызым Кенжеғалидың баласы Мерей ұйқыны соғып жатыр. Мен әзілдеп:

 Мерей түнде терезеден жіп салбыратып жерге түсіп, орыс қыздармен қыдырған ғой, - дедім.

Шәрбан менің әзілімді жаратпай:

 Сол кәпірлерді айтпашы, орыстар кәпір ғой, - деді.

«Әңгімені қалыңдатып жібереді...»

Шәрбану күні бойы үйде ғой. Сабақтарын оқып болғасын шешесі екеуміздің біреумізге телефон шалып «далаға шығайыншы» дейді. Ол үшін мамасы екеуміздің қайсымыз тезірек рұқсат беруіміз мүмкін екенін алдын-ала зерттеп алады.

Бұл жолы маған телефондап, сұранды.

 Мамаңа неге хабарласпадың, менің қолым тимей жатыр ғой, - дедім.

 Ол әңгімені қалыңдатып жібереді, бапа. Киімді де қалыңдатады. Ал қазір далада күн ыстық болып тұр екен, - деді.

«Жел ысқырып тұр...»

Даладағы жел гуілі үйдің ішіне де естіліп тұр. Шәрбан айтты сонда:

 Жел күшті ысқырып тұр. Ал мен жел сияқты ысқыра алмаймын, - деді.

«Светтің қадірін...»

Біз бір жерге кетіп едік. Қараңғы түсіп кеткесін үйге келсек, Шәрбану бажамның қызы Айгүлмен бірге үйде жарық сөніп қалып не істерін білмей отыр екен. Свет бір-екі сағаттан кейін әрең жанды. Сол кезде Шәрбөк:

 Светтің қадірін жарық болмай қалғанда білерсің, - деді.

«Қалаунды өлтіру керек!..

Сұлтан Бейбарыс бабаның арабтар түсірген тартымды сериалын толық көрген Шәрбан ең соңғы сериядағы Бейбарыстың у беріліп өлуіне себепші болған кім екенін іштей түсініп, күйініп:

 Қалаунды өлтіру керек, мен өлтіремін! - деді (көзінен жас ыршып кетті).

(Ол адамдардың сатқындығына ашынып әрі Бейбарыстың баласын аяп тұрған сыңайы бар).

«Егер шынымен ақылды болсаң...»

Бірде таңертең ваннаға кіріп беті-қолын шылап-шайып жатқан Шәрбанға:

 Егер әнші болғың келсе, тіс жууды ұмытпа. Әнші елдің көз алдында жүреді ғой, таза жүр, ұқыпты бол, - десем, Шәрбан:

 Ақылды бола қаласың екен, бапа. Осы анда-санда математикадан бір есептерді сұрай қойсам, ойбай, шешеңе көрсет деп білмей қаласың ғой, - деді.

«Кісімсімеші...»

Шәрбанға біраз ақыл үйретіп, ананы-мынаны айтып ұрсып отырсам, әбден үндемей тыңдап іштей тынып отырған Шәрбан:

 Кісімсімеші, бапа, неғыласың осы менің басымды ауыртып босқа, - деп қарап отыр.

«Бізден де асып кетіпті...»

Сенбі сайын Шәрбанулар домбыраға баратын болыпты. Сондай күндердің бірінде үйде телефон шылдырлады. Сөйлесіп болған соң Шәрбан айтты:

 Мәс-саған, оншақты күн сабаққа келмей енді домбыраға барам деп отыр, - деді.

Домбырадан келгесін мен одан:

 Әлгі қыз келді ме не, сендер апайға айтып қояды деп қорықпай ма? - деп сұрадым.

 Біз оны сатпаймыз ғой. Бірақ, ол бізден де гөрі көңілді, аттай шауып тұр екен, -деді.

«Воздушный шар» болып ұшып кетейін...»

Күн алай-дүлей. Таңертең сабаққа асыққан Шәрбанды бәріміз үпек-сүпектеп киіндіріп жатырмыз. Бір кезде:

 Шәрбан, жел күшті, барынша киін, әйтпесе желмен ұшып кетерсің, - деді ағасы айқайлап.

Сонда Шәрбан кідірместен:

 Иә, «воздушный шар» болып ұшып кетермін, - деді.

«Ғалым тауып айтады...»

Шәрбан келіп менің шашымды сипалап отыр. Мен риза болып, оны мақтап бір сөздер айттым да, сосын «жалпы мен қатырып айтам-ау» дедім Шәрбанды сөйлеткім келіп.

Сонда Шәрбөк:

 Сен енді «Ғалым тауып айтады...» деп жазуды бастасайшы, - деді.

«Бір мамамды қосайыншы...»

Бір қонаққа кеткенде 3-4 жасар Шәрбануды нағашысы Әзімгүлдің үйіне қалдырып кеткенбіз. Сол үйде бәрі бірге ет жеп болғаннан кейін Әзекең: «Шәрбан, алақаныңды жай да, тие берсін» деп айт деп, өзінің жақында бақилық болған анасының атын айтады. Сонда Шәрбану алақанын жайып отырып: «Тағы бір мамамды қосуға бола ма?» депті өз әжесін ойлап. Әзекең: «қоса ғой, қоса ғой» депті таңғалып.

«Мен нән кемпір боламын, ал...»

Шәрбанды әкесі ылғи еркелетіп жүреді. Енді, міне, тағы да әуп етіп келе жатыр. Алты жасар Шәрбан ұялып жерге түскісі келеді. «Ақ Шәрбөк, дейді сонда папасы, сен 1000-ға келсең де, маған құйттай қыз боласың!.

«Қойшы, бапа, дейді сонда Шәрбану, мен ол кезде нән, үлкен кемпір боламын. Ал сен өзің қандай боласың, а?»

«Тойға бармасам болмайтын болды...»

Шәрбану үш-төрт жасынан бастап кітап оқып, сурет салуға қатты әуестенді. Кітап десе, әбден есі кетеді, кітап сатып алып берсе қатты қуанады. Енді міне Нұртас ағасының 40-қа толған тойына келген Шақыру билетін оқып отыр. Оның ішінде әке-шешесі, аға-апасымен бірге Шәрбанның аты да жазылыпты. Сондағы Шәкеңнің айтқаны: «Қой, тойға бармасам болмайтын болды, мені де шақырыпты ғой...»

«Жарылқасын мені сатып кетті...»

Ақын Ғалым Әріп пен сатирик Жарылқасын Дәулетов біраздан бері дос. Жәкең бірде жол түсіп Ақтауға, Ғалымның ағасы Дүйсекеңнің 70 жылдығына қатысуға келеді. Тойға бәрі жинақталғанда, Шәрбану: «Мен үлкен бапаның үйінде қаламын» - дейді. Мамасы айтады: «Үлкен бапа да тойға барады»,- деп. Шәрбану жыны келіп: «Беті-ауызы мынадай, кілең сақал-сақал болып алып тойға бара ма?» - деп кіжінеді қолымен иегін ысқылап. Сонда әкесі айтады: «Сенің ағаң Рауанның баласы ертең 70-ке келіп той жасағанда, үлкен бападай шал болып отырғаныңда сен өзің бармайсың ба не?- деп. Шәрбану сөз таппай «барамын, әрине» дейді. Дәл осы әңгімені жайбарақат та қызыға естіп жатқан Жарылқасын көпшіліктің көзінше оны тәрбиелік мәні бар әңгіме деп ортаға салады. Тойға қатысып отырып оның сөзін естіген Шәрбану сол кезде әкесіне келіп: «Анау Жарылқасын мені сатып кетті. Үлкен бапа маған енді ренжитін болды» дегені. Ғалым сонда: «Шәрбан, ол дұрыс айтты, үлкен бапа енді саған ақылды бала деп риза болатын болды» дегенде барып әрең байыз тапты.

«Сен тумай тұрған кезден білем...»

Шәрбану әкесімен бір мәселеге телефонмен сөйлесіп тұрып дауласып қалады. Ақыры жеңісе алмаған соң, Шәрбан айтты: «Сен қоя ғой,бапа, мен оны сен тумай тұрған кезден білем»...»

«Менің бапам бәрін жеңер еді...»

Кикбокингтен Ресей-Қазақстан командаларының кездесуі өтіп жатыр. Әкесінің қасында отырып жанкүйерлік танытқан Шәрбанды мамасы ас үйге шайға алып кетті. Сол бөлмеде отырып Шәрбан айқайлады: «Бапа, кім жеңіп жатыр?» Бапасы: «Тағы да орыс...» Сонда Шәрбану қатты намыстанып мамасына айтыпты ғой:

«Қап, оқсатты-ау мыналар. Менің бапам болғанда бәрін жеңетін еді...»

«Көз жасым сақалыма тамып кетті...»

Шәрбану жатар алды бір жылап қалса айтады: «Мені әуелі жұбатыңдар. Жылап алып дұрыс ұйықтай алмаймын ғой. Міне, қарасаңдаршы, көз жасым сақалыма (әдейі иегіме деп айтқан жоқ) тамып кетті...»

«Негрден орыс жақын...»

Бірде бокс қарап отырдық. Шәрбан да біраз «қазақ жеңсе» деп тамашалаумен, сұраумен болды.

Тағы бірде тағы да бокс болып жатты. Шәрбан келді де айтты: «Біздің бала қайсы?» - деп. «Біздің бала анау негр» деді бапасы қайтер екен деп. «Анау кім?» деді Шәрбан. Бапасы: «Орыс...» «Негр құрсын, деді сонда Шәрбан,бізге орыс жақын,сол жеңсін!».

«Аман болшы, бапа...»

Мен тағы бір кітабым шығып, содан «келесі жылы мынандай кітап шығаруым керек», «таңдамалымды дайындаймын» т.б. деп мақтанғандай болып айтып тұрғанымды құлағы шалған Шәрбан:

 Әй, бапа-ау, аман болшы, бәріне де жетерсің, шығарарсың, - деді мені сабырға шақырып.

«Бақытты бола алар ма екем?»

Үйдің адамдары Бейнеуге қыдырып кетті. Үйде Шәрбан екеуміз.

 Шәрбөк, не айтсаң да сенің айтқаның болады, - дедім мен.

Шәрбан:

 Бүгін менен бақытты адам жоқ қой. Теңізге барайықшы, бапа, - деді.

 Түсқайта, - дедім мен.

Түс те қайтты. Күн аздап желкем.

Мен: «Ертең барсақ қайтеді?» - дедім.

Шәрбану жылап:

 Мен бақыттымын ба десем... Неге сөзіңде тұрмайсың, қалайда барамыз, - деді.

Екеуміз сол күні төрт сағат теңіз жағасында болып, суға түсіп, бақытты күндеріміздің бірі болды.

«Қара сорпа болып жүрміз...»

Шәрбану қырық күн шілдеде ауылға, Тұщықұдыққа кетті. Бір күні мен телефон соғып, жағдайын сұрадым.

 Жағдай жалпы жақсы. Бірақ, қара сорпа, монша болып, бықсып жүрміз, - деді.

Ауылда сол күндерде 40-45 градус аптап болған екен.

«Мен қарамын ғой...»

Теледидардан тай-бокс болып жатыр. Біреуі ақ нәсілді де, екіншісі-негр.

Мен: - «Аққа болысамын», - дедім.

 Мен негрді жақтаймын, - деді Шәрбан.

Бір кезде негр жеңді.

 Біздің бала жеңді, - деп мақтанды Шәрбан саспай.

Мен: - «Сен не үшін негрді жақтадың? - дедім.

 Мен қарамын ғой (біз жаз бойы ойнап әбден күнге күйіп кеткен Шәрбанды «қара қыз» деп қоятынбыз), енді ылғи қараларды жақтаймын, - деді Шәрбан.

«Құдай қаласа деші...»

 -Әй, Шәрбан, мен 60-қа келгенде сен 23-ке келесің, үлкен апа боласың-ау, - дедім бірде.

Сонда Шәрбан:

 Құдай қаласа деші, айта бермеші, аман болайықшы, бапа, - деді.

Туған күнің құтты болсын...»

10 тамыз - ұлым Рауанның туған күні. Таңертең ұйқысынан оянған Шәрбан шешесіне:

 Мама, туған күнің құтты болсын, - деп тауып айтты. Мен:

 Иә, бүгін маманың туған күні дегенімде, Шәрбан:

 Сенің де туған күнің құтты болсын, - деді маған. Мен:

 Рауанды туған мен емеспін ғой, - дегенімде,

 А, иә, сенің туған күнің қарашада ғой, - деді маған қарап. Шәрбан өзі қараша айында дүниеге келген ғой, менімен дос болғасын, өзін «бапам туды» деп тұрғаны ғой. Бұл сөзді естіп қалған шешесі:

 Шәрбан бапаң қарашада емес, сәуірде, Раушанды туды ғой, сені мен өзім тудым, -деді.

«Бәрі де ақша үшін ғой...»

Бейжің олимпиадасы, бокстан жекпе-жектер болып жатыр. Шәрбан менің қасыма келіп отырды.

 Қазір қытайлық қазақ Қанат Ислам шығады, бірақ ол сол Қытайдың намысын қорғайды. Одан кейін біздің Бақыт Сәрсекбаев шығады, ол Қазақстанның намысын қорғайды. Финалда екеуі кездесіп те қалуы мүмкін, - дедім мен.

Шәрбан:

 Сен екеуінің қайсысына болысасың? - деді Шәрбан.

 Екеуінің де жеңгені жақсы. Бірақ біз өз еліміздің жігітіне болысамыз ғой, - дедім.

 Жеңсе, оларға ақша бере ма? - деді ол.

 Әрине, көп ақша береді, - дедім.

 Е-е, бәрі ақша үшін шығады ғой, - деді ол.

 Қой, неге елдік намыс, атақ, абырой деген де керек емес пе? - дедім.

 Егер дұрыс ақша төлемесе, босқа бокстасуға ешкім де шыға қоймас, - деді Шәрбан.

Сосын тағы да қайталап:

 Бәрі де ақша үшін ғой, — деді.

«Шашымды сорып алдың...»

Шәрбанды шашынан иіскеп, сүйгенімде, ол:

 Шашымды сорып алдың-ау, - деді.

«Мен ол кезде бар ма едім?..»

Шәрбанға айттым:

 Сендерге мен Бомбейден (Бейнеу) күшті, ақылы көп мама әкеліп бердім-ау, -дегенімде,.

 Сонда маманы сен алып келген кезде мен бармын ба не?- деп бәрімізді күлдірді.

«Көзім жыламауы үшін...»

Жаз. Күн ыстық. Шәрбан мамасымен бірге базарға бара жатып:

 Қой, көзім жыламасын, очки киіп кетейінші,- деді.

«Екеуміздің...»

 Ақ Шәрбан, екеуміздің достығымыз үшін кефиріңді тауысып ішші,-дедім бірде.

Шәрбан іркілместен:

 Екеуміздің достығымыз үшін, бапа, сен мені кефирге зорлай көрме, - деді.

«Қап, сенің ақын болғаның, бапа...»

 Шәрбөк, - дедім бірде, бала тілазар, жалқау болмауы керек. Ата-анасы балаға қамқор болса, балалары ата-анаға қолғанат болуы керек. Ата-ананың баланы бағып-қағып, адам етіп өсіруі - парыз, ал баланың ата-ана аманатын орындап дұрыс адам болуы - қарыз, - дей бергенімде, Шәрбан шыдай алмай:

 Қап, сенің ақын болғаның, бапа...- деп күліп жіберді. іштей «сөз тауып айта беретінің бәле болды-ау» деп тұр екен.

«Астана менен кіші екен...»

 Бапа, - деді Шәрбан бірде, - Астана менімен құрдас екен ғой.

 Ол онда, ал сен биыл жыл аяғында 11-ге толасың ғой,- дедім.

 Е, Астана бізден кіші екен ғой, әлі жас екен ғой, - деді Шәрбан.

«Самолетпен келермін...»

Шәрбан айтты:

 Әннен шыққасын автобуспен келермін.

Раушан апасы:

 Қой, пойызбен келсейші ,- дегенде, Шәрбан мүдірместен:

 Иә,самолетпен ұшып келермін, - деді.

«Шама келмей тұр...»

Шәрбан жатар алдында «Әлі ерте, жарты сағат телевизор қарайын», - деді.

Мен: «Көзіңді ауыртып неғыласың. Шама келсе, көп қарамағаның жақсы», - дегенімде, Шәрбан бірден:

 Бапа, сол шама келмей тұр ғой, - деп телевизорды қосты.

«Қабырғаңды сындырармын...»

Мен ойламаған жерден қабырғамды сындырып алдым. Шәрбану шәй құйып беріп, мені тұрғызып, әбден бақты.

Күндер өтіп жатыр. Мен жақсы бола бастадым. Бір күні ашуланып Шәрбанға ұрыстым. «Шапалақ жейсің» дедім. Сонда Шәрбөк:

 Әйтеуір, маған қарай жақындап көр, қабырғаңды сындырамын, - деді.

«Сен ақын емессің...»

Бірде Шәрбан «мына сөздің синонимі не, ана сөздің антонимі не?» деп сұрап қоймады. Менің де есіме түсе қоймады.

Сонда Шәрбан:

 Әй, бапа-ай, сенің ақын болмағаның жақсы еді ғой, сөз мағынасын білмейді екенсің, - деп қара-ап тұр.

«Мынауың су емес...»

Шәрбану аздап ауырып, шешесі дәрі беріп жүрген ғой. Содан бір күні Шәрбан:

 Мына дәрің бұрын су сияқты еді, енді у сияқты болып кеткені несі? - деді.

Сонда мамасы:

 Оны қайдан біліп қалдың, бұрын дәріні езгенде суды көп қосатын едім, енді азайттым ғой,- дегенде Шәрбан:

 Әй, бәсе, өзім де байқап едім, у татып тұр,- деді.

«Ыбырайды сұрағанда...»

Шәрбану жұмыстан келген бойымда менен Ыбырай Алтынсариннің кітабын, оның өлеңдерін сұрады.

Жеке кітапханамдағы көп кітапқа көз сүзген мен: «1-і-м, Сәкен Сейфуллин, Жамбыл Жабаев...» деп күбірлей бастадым.

Тағы да сәл кідіріп барып: - Қасым Аманжолов, - дегенімде,.

 Қойшы сол Қасымыңды, Ыбырай керек, - деді шыдай алмай.

 Қандай ақынсың, үйіңде Ыбырай жоқ, - деді мені сынап. Мен «Бес ғасыр жырлайды» деген қос томдықты тауып алып Шәрбанға ұсындым. Ы.Алтынсарин 2-томда бірінші тұр екен.

Риза болған Шәрбан:

 Рахмет, бапа, - деді. Сосын:

 Келесіде Жамбылды, или Қасымды сұрасам, Ыбырайды әкеліп жүрме, - деді.

«Баламен бәле болма...»

Бірде Шәрбан екеуміз ділмарланып біраз айтыстық. Ақырыңда ол:

 Бапа, баламен бала болмасайшы, - деді үлкен кісі құсап. Мен одан сайын қырсығып:

 Онан да бәлемен бәле болмасайшы демейсің бе?- дегенімде Шәрбан:

 Баламен бәле болма, - деді іркілместен.

«Бапа, мен малаймын...»

Сабақ оқып жатқан Шәрбанның бөлмесіне кіріп едім, ол:

 Бапа, мен малаймын ғой, - дегені.

 Не деп тұрсың, кімге малай болғың келіп жүр, - дегенімде:

 Татарлар мен башқұрттар малай деп баланы айтады екен, - деді.

 Татар еліне барсаң, малай десе қайтесің? - дедім.

 Көнесің, - деді. Мен:

 Малай қылып жұмыс жасатып қойса қайтесің?- дегенімде,

 Жоғал әрі, - деп айтамын, - деді. Мен шығып бара жатыр едім, Шәрбан:

 Бапа, мен шағамын ғой, - деді.

 Ол не сөз? - дегенімде,

 Түріктер мен әзірбайжандар баланы «шаға» дейді екен,- деді.

Сөйтсем, ол осының барлығын кітаптан оқып отыр екен.

«Мені бағудың өзі азап...»

 Бапа, деді Шәрбан бірде, - сен жүзе аласың, мен де, апа да, мама да жүзе алмаймыз. Осы апа неге жүзе алмайды? - деді де, «Бірақ, оның ол кезде қайдан қолы тие қойсын, сабағы бар, үй шаруасы бар, оның үстіне мені бағудың өзі нағыз азап қой», - деді.

«Мен бағып жүрмін бе не?»

 Шәрбан, менің көзәйнегімді көрдің бе?

 Мен бағып жүрмін бе не?

«Баяғыда туғанда...»

Шәрбанды жұмсап едім, қозғала қоймады.

 Шәрбөк, - дедім, - баяғыдағы адамдар ешқашан ерінбеген, өмірмен күресе білген, бір қойдың етін жеген, - деп едім, ол:

 Баяғыда туып мал болып, маубас болып өмір сүргенше, осы заманым жақсы, - деді.

Тағы бірде Шәрбан салқын тиіп ауырып, он күн сабаққа бармай, соған үйреніп қалып таңертең тұрғысы келмегенде өзі:

 Түу, баяғы заман болғаны жақсы еді, әйтеуір, мал бақсаң да, сабақ оқымайсың, бәрін өзің білесің, - деді.

Сабаққа барып келгеннен кейін:

 Бапа, сабақ күшті ғой, білім алғанға не жетсін! - деді.

«Елімнің баласымын...»

 Шәрбану, сен осы кімнің баласысың?

 Елімнің, халқымның баласымын, - деді Шәрбан мүдірместен.

«Мен кейбір бала емеспін ғой...»

Шәрбану сабаққа қапылып жатыр.

 Бапа, - деді ол, - сағат неше болды?

 8-ге 10 қалды. Асықпа үлгересің. Кейбір балалар 5 қалғанда да шығады ғой, -дедім.

 Сен мені кейбір балаларға қоспашы. Мен старостамын, елден бұрын, ерте баруым керек, - деді Шәрбан.

«Керек емес тастың...»

Мен Шәрбанға:

 Керек тастың ауырлығы жоқ, ала кет, - дедім әлденені.

Шәрбан:

 Керек емес тастың ауырлығы бар, керек емес, - деді.

«Мен Құдайға шүкірмін...»

 Шәрбан, - дедім, - сен жүдеп барасың. Тамақты жеңкіре, ет, балық, тауық, жұмыртқа же, - дедім.

Шәрбан күліп (кекетіп):

 Мен саған, бапа, кластағы бір қызды көрсетейін, іші қабысып, жабысып жатыр. Мен, әйтеуір, Құдайға шүкірмін ғой,- деді.

«Бокс деген ұру емес пе?»

 Шәрбан, - дедім, - сені каратэге берейін - Өзіңді қорғай алатын боласың.

 Соны қайтемін, былай да бірдеңе қылармын.

 Онда мен саған боксты үйретейін.

 Бокс деген ұру емес пе, ол жағына жаман емеспін...

«Екеуіңді қатар қалай тыңдаймын?..»

Шәрбан мультфильм қарап рахаттанып жатыр. Мен жұмыстан келіп қызықтап, қайта-қайта сөзге тарттым. Ол екі көзі мултигінде, маған да алақтап қарап:

 Бапа, бара қойшы енді, сенің балаңмын. Құдай үшін бара қойшы. Мультик екеуіңді қатар қайдан тыңдай аламын? - деді.

«Жасы кішінің де...»

Шәрбан шәй үстінде бір әңгіме айтып отыр. Мен тақырыпты өзгерткім келіп сөзін бөлдім.

Сонда Шәрбан:

 Жасы кішінің де сөзін бөле берме, мен сенен бұрын сөйлеп жатырмын ғой, бапа, -деді.

«Денсаулық күтуді...»

Шәрбан сөйлеп тұр.

 Бүгін апай денсаулық күту туралы әңгіме айтты. Баланы тәрбиелеуде жылы сөйлей отырып, баулу маңызына тоқталды, - деді. - Сендер де денсаулықтарыңды күтіңдер. Ауырмаңдар, дәрі ішпеңдер, - дей келіп:

 Жалпы жан күтуді үлкен бападан-атадан үйрену керек, тоқсанға келсе де, пәлендей еш жері ауырмайды, - деді.

«Баласыз үй...»

Бірде жұмыстан келіп:

 Мамаңа көмектес, балам, жұмысты көп жаса, - десем, Шәрбан ашуланып:

 Жұмысты ең көп жасайтын менмін ғой. Менің бағамды білмейсіңдер екен. Сен өзі «Балалы үй - базар, баласыз үй - қу мазар» дегенді білмейсің бе? Мен болмасам, көрер едім сендерді, - деді.

«Әке, көкелеп» жалынып-жалпайып әрең қойғыздық. Шынында да кішкентай баласыз өмір сұрқай тартып кетеді ғой. Сөйтіп, ақ Шәрбан бізді тағы да сөзден жеңіп кетті.

Тіфә, тіфә, тіл-көзден аман бол, ботам, абыройлы бол. Қазақтың, халқымыздың ана тілін терең біліп, оның қадір-қасиетін арттыра беруіңе біз қашанда тілекшіміз.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙