Рецензиялар
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ғалым Әріп — «Рецензиялар». ТАҢ ЖҰЛДЫЗЫ ТУЫПТЫ!
/uploads/0e4d1754-d94e-59b2-9c21-f346255de9c2/cover.png
ТАҢ ЖҰЛДЫЗЫ ТУЫПТЫ!
Ақын Есенғали Раушановтың «Шолпан жұлдыз
туғанша» атты жыр жинағы туралы
Поэзия жан-жүректің терең бұлқынысын, ішкі дүниенің аласұрған асау толқындай жұлқынысы мен үрдіс сілкінісін сүйеді. Нағыз толымды өнер туындысы да ақын осылайша бүкіл болмыс-бітімі, жан-тәнімен жеріне жеткізе тебірене толғағанда ғана дүниеге келмек. Біздің қолымыздағы кітап бұған дейінгі қос жинағымен-ақ өлең әлемінде таң жұлдызындай жарқ ете қалған жас ақынның өзіндік үні, өзіндік қолтаңбасын, ешкімге ұқсамайтын дара біткен сом тұлғасын одан сайын ірілей түссе, бір жағы оның азаматтық ақын ретіндегі кредолық тұғырын да асқақтатқандай.
Жас ақын бұл жинағында топтасқан лирикалық өлеңдері, не поэмаларында болсын, өзін ел, жер, халық тарихы, тілі, тағдырынан бір де бөлек алып қарамайды, қайта онымен бүкіл жан әлемі, арман-мүддесімен қабыса түседі...
Көлем жөнінен де көзге қораш көрінбейтін аталмыш жинақты қолымызға алғанда, оның едәуір мұң мен нұр арқалаған атының тауып қойылғанына, мұқабаның безендірілу сипатындағы ерекшеліктерге, ондағы ақын ойымен үндесе ұштасқан суретші қолтаңбасының да біршама сәтті шыққанына көз сүйсінтіп, көңіл тоғайттық.
Бірінші бөлім «Менің мұрам» атты өлеңмен ашылады.
Жел соққан дейді жеті күн
Бейнеудің бетпақ қырынан,
Аспантай, Матай - екі құм
Аспанға қарап ұлыған, -
деп басталып, көркемдік құдіретімен жетегіне ертіп жөнелетін бұл өлеңді оқи отырып, сөз етіп отырған ақынымыздың өзінің бүкіл ата-тегімен осы бір қыр мінез өлкемен етене, қандас екендігін аңғарамыз. Тарихқа, тағылымға, тылсым да қатыгездеу табиғатқа жаратылысы сай тарпаңдау ер жүрек өлкесі туралы ақын жадынан шығармай, ұдайы ой қозғайды.
Ойланайық, жат па барлық көнелер,
Өз жеріміз, өз үйіміз себебі ол.
Қазір айтар сөзіміз көп, тыңдайды ел,
Сөз артынан іс келеді, көреді ел.
Өткенсіз бүгін жоқ. Бұл жалпы адамзаттың диалектикалық даму заңдылығы. Е.Раушановтың өлең жолдарын оқи отырып, жас та болса, көрген-түйгені, оқып-тоқығаны мол, аңғарымды да зерделі ақынның хал ықтық мұралар мен ауыз әдебиетінен қанықты сусындағанын, одан өз бойына құнарлы нәр ала білгенін көреміз. Бұған қолымыздағы жинақтағы дүниелерді оқыған сайын молынан тәнті бола түстік...
Ақынның жыр жолдарында нағыз Шығысқа тән даналық (фәлсафалық) үлгілері, тіл шұрайлылығы, кесек-кесек образдар, бедерлі сурет, төгілте әрі сұлу жырлау сияқты қасиеттері үздіксіз кезігіп, тоғысып отырады.
Ақын ойшылдығының мысалдары:
Күңсиді дала, таңдайы кеуіп, татып сор,
Шөкім бұлт шықса, шөл үшін,міне, бақыт сол.
(8-бет)
Тұрағы бір туыс санап Жер елін,
Тілімді емес, ділімді ұқса деп едім.
(12-бет)
Паңданады дуадақ,
Өзімнің жер-суым деп.
(Бұл да сол бетте)
Шалдары бұрынғының алды құтты,
Көп ойлай келешекті, мәңгілікті.
«Түбі бір адамзатпыз. Туыспыз», - деп,
Айтуды өзіне сеніп қалдырыпты.
(16-бет)
Образдылық, суреткерлік, бейнелілік, ақын өлеңдерінде поэзияның бейне бір кілтіндей саналатын троп үлгілері (метафора, теңеу,эпитет, тағы басқа) өзінің тапқырлығы, сонылығымен қайран қалдырады.
Көкжиектерден шығады сағым ойнақтап,
Көрінсе болды аспанның алтын табағы.
(8-бет)
Гүл астынан пыр етіп ұшқан торғайлар,
Танкодромның мұнарасына қонады.
(9-бет)
Тау астынан лау етіп,
Көтерілген көк әні.
Жарық күнге тәу етіп,
Қол созғандай болады.
(13-бет)
Нарт қызыл күн талаурап,
Иығында тұрды оның.
(15-бет)
Қаланың үстін қаптаған сұр бұлт бейне бір,
Шұбардың үйірі шұбырып жеткен жырақтан.
(30-бет)
Мұндай құнарлы жолдар мен «ұлпадай жайлы, уыздай тәтті бұл ғалам», «Алды-артын орап бораған ақ шаң, ақ түбіт», «кетіктау», «тентек қарғын», «төбел шың», «ақ түнім -аппақ сезімдер», «момын күз», «жуас бұлттар», «томсарып көнбіс жартас көнек бетті» сияқты толып жатқан фразалық тіркестер алдына биік мақсат қойған ақынның халқының тілін, шешендік өнерін меңгерудегі еңбекқорлығы мен ізденімпаздығын, оның бұл жолдағы мол мүмкіндігі мен сәтті қадамдарын айғақтайды.
Есенғалидың «Тауда», «Қара бауыр қасқалдақ», «Өліара», «Гүлтобылғы күзде ашады ақ гүлін», «Жаңғақ ағаштары» секілді бір топ өлеңдері астарлап айтып, сан мағына білдіру, соған лайық түр, форма табу, жырлау шеберлігімен ерекшеленеді, ақынның логикалық тұрғыда ойлау қабілетімен айрықшаланады.
Е.Раушановтың табиғи тума талант екендігінің бір кепіл і - ол нағыз үздік поэзияға тән, нағыз төкпе шайырға тән образдылықпен ойлауға ғана дағдыланған. Үшінші кітабында қолтаңбасы толыққанды толысып үлгірген Есенғалидың қай өлеңін болсын бей-жай күйде оқу қиын. Ол жандыға да, жансызға да жан бітіреді, тіршілік рухын себеді.
Мысалы:
Сирей берді сағымы барқыт белдің,
Жолға түсіп үн-түнсіз тартып бердім.
Жалғыз ағаш нені айтып сыңсиды деп,
Топ шеңгелден сұрауды артық көрдім, -
дегенде ақынның ойлы да сазды, мірдің оғындай мерген жолдарына тәнті боласыз. Ақын мұнда «Саяқсыған мен құсап сан досымнан, ну тоғайдан қалыпты бір қу терек» деген алдыңғы жолды одан әрі ширата, әбден ойлы да мұңлы әсер қалдырып тұр, тек осы өлеңге «Элегия» деп ат қойса, қатып кетер еді.
«Планета боп Есенин айналып жүр» атты өлеңінде ақын өзінің ел, халық, туған жер алдындағы азаматтық парызын терең ұғынатынын пайымдатады.
Көкке кетті Есенин серілікпен,
Есенғали мында жүр көп үмітпен.
Аспан жақты әзірге қойды-ау деймін,
Жерде өйткені жұмыс көп оны күткен.
(22-бет)
Бұл ақынның қоғамдық позициясының да үстемдігін аңғартады. Оның бұл реттегі қызмет бабындағы табыстары да қуантады.
Ал аталмыш жинақтағы Е.Раушановтың үш поэмасы оның ауқымды, жілікті жанр жүгін де қайыспастан, жауапкершілікпен, абыроймен көтеріп жүре алатынын, эпикалық қарымда бүгінгі күннің, өткеннің және келешектің тамырын тап басып, төгілте толғай алатынын айқындайды. Бұл поэмаларында да тынымсыз тер төккіш әрі тумысы, жаратылысы өлеңмен егіз жас ақынның қазақ поэзиясының көркемдік қазынасын бірегей дүниелермен толықтырудағы өзіндік үлесін танисыз. Есенғали бұл дүниелерінде де орынсыз шұбалаңқылыққа жол бермейді, аз сөзге көп мағына сыйғызады.
Жас ақын халық поэзиясының, жалпы адамзаттық поэзияның классикалық үлгілерін еркін меңгергенін, Абай, Махамбет, Ілияс мектептерінен үздік тәжірибе алғанын аңғартады.
Әсіресе, «Бердәулет пен Жоламан» поэмасы бұл кітаптың шоқтығын асқақтата түседі. Кезінде (1983) «Жалын» журналының жабық бәйгісінде бірінші орынды жеңіп алған бұл поэма қазақ поэзиясының алтын қорына қосылатын халықтық тіл құдіретіне малынған көркемдік дәрежесі, поэзиялық пафосымен айрықша құнды. Орынды жеңімпаз атанған поэманы оқып қана тұшынбаса, оның көркемдік дәрежесін тілмен суреттеп жеткізудің өзі қиын дүние.
Қорыта келгенде, Е.Раушанов өлеңде өз үні, өз стилі, жазу мәнері мен қолтаңбасы бүгінде толық қалыптасқан, қазақ поэзиясы жас өкілдерінің арасында соңғы кезде айрықша дараланып шыққан арғымақ ақындардың бірі десек, асыра әспеттеу емес, қайта уақыт рухына сай барды әділ бағалай білгеніміз болар. Ол қалайда жарып шықпай қоймайтын тұмса қайнар бұлақты еске түсіреді.
1988 жыл.
ШЫН ШАБЫТТАН ТУАДЫ ӨЛЕҢ...
(Ақын Гүлжауһар Сейітжанованың
шығармашылығы хақында)
Поэзия сезімнен туады. Бұл ретте қалай және
неліктен деп сұраудың жөні жоқ.
Нальбий.
Ақындық - асқақ мұрат. Оның биігіне жету немесе өрлеуді былай қойғанда осы бір арман жолын өмірлік мақсатың етіп, таңдап алу, және сол сара жолмен айнымай алға тарту кез келгеннің тәуекел етер ісі емес. Тегінде ақын болсам деп талпыну ізгі үміт болғанымен, оның жан күйініші мен сүйініші, жан толқуы мен арпалысы арманшыл да қиялшыл жан үшін аз азап әкелмейді. Өлең - өмір бірде сені өксітіп жылатады, тағы бірде жаныңды бір жасантып, жұбатып отырады. Ең бастысы, ақын өзінің алған бетінен таймайтын, қандай жағдай болса да өлең жазуын қоймайтын рухы мықты, балауса бұлақ қалпынан өмір бойы ажырамас сезімге бай, ақ адал, еңбекқор әрі ізденімпаз адам болса болғаны.
Бұл құрғақ мораль, арзан фәлсафа ретінде айтылып отырған жоқ. Өзіміздің жерлесіміз, бүгінде үш бірдей жыр кітабының авторы Гүлжауһар Сейітжанованың ақындық болмысында да осындай табиғи жарасым бар. Қолымызға қалам алдырған Г.Сейітжанованың өзімізге жерлестігі ғана емес, біраздан бері өлеңді серік етіп келе жатқан қаламгер есімінің жарытымды аталмай келе жатқандығы. Міне, осыған себеп іздедік. Қалай болғанда да, жоғарыдағы сөзіміздің сабағы - әдеби сын айтылмады екен деп іркіліп, тоқырап қалып жатқан Гүлжауһар жоқ. Өйтер болса, ақын болмас та еді. Қолына қалам алып жыр жазып, республикалық басылымдарда көрініп жүрген қазақтың ару қыздары санаулы. Ал мұның үш кітабы шықты, ал сыншылар назарына ілікпеуі неліктен?
Бұл үшін, біздіңше, ақын қыз кінәлі емес. Ол өз жан әлемі, жүрек лүпілімен қалың жыр сүйер қауымға үнемі сыр шашып келеді. Оның өз тылсымы, өз оқырманы, өз ағысы мен өзені, өз әуені, сазы бар...Әуен-сазы деуіміздегі гәп қандай? Г.Сейітжанованың лирикалық өлеңдерінің тақырыбына зер салып көріңіз. Міне, «Тұңғыш» кітабы қолымда. «Белгісіз солдат», «Жалғыз кемпір», «Адамдар», «Домбыра», «Өкпелеме», «Жүрегім». Оның өлеңдерінде жасандылық, еш әсер-шабытсыз өзіне зор салып отырып қинала жазу белгісі жоқ. Әрине, жекелеген өлеңдерінде көркемдік компоненттердің жетіспей жатқан тұстары кездесуі мүмкін. Біз мұны мүлде жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, әңгіме басқада болып отыр. Кешегі «тоқырау» аталған кезеңдерде жазылған бұл өлеңдерде бәрінен бұрын саясаттың, идеологияның сарқыншақтары жоқтың қасында. Жалпылай алғанда ақын махаббат, ізгілік, қайырымдылық, әділет, бейбітшілік тақырыптарын өлеңдерінің өзегі еткен. Соңғы кітаптарын «Ақерке», «Ақ көгершін» атапты. Ішіндегі өлеңдер мазмұнына жарасып-ақ тұр. Алғашқы тырнақалдысының өзінде жанының лирикалық әлемінен сыр аңғартып үлгерген автордың кейінгі жинақтарында одан әрмен ширап, қолтаңбасы айқындала түскені аңғарылады. «Тұңғышында»:
Арасына жаз, қыстың сына қағып,
Балауса тал желпінді тұра қалып.
Алғаш жауған ақ жаңбыр Маңғыстауда
Терезеден барады жылап ағып, -
(«Маңғыстау көктемі»)
деп образды ой түйіндесе, «Ақеркесінде»:
Жетімсіреп кәрі емен жылап тұрды,
Тына қалып ақ бұлақ құлақ түрді...
О, табиғат, қуаныш ортақ еді,
Қайғымыз да екен ғой бір-ақ түрлі, -
деген жалғыз шумақпен адам баласының да табиғатпен етене, Жер-Ананың өн бойынан жаратылған қауым екендігін сыршыл тіркестермен пайымдатып өтеді.
Немесе:
Көгорай шалғын, көк майса,
Даланы гүл көмкерген.
Қырдың иісі аңқиды
қызғалдақты өлкемнен.
Көкжиекті Күн кешіп
бара жатыр белінен,
Бал-бұл жанып нұр жүзі
қуаныштан өртенген, -
секілді жолдарды сұлу сурет демей көріңіз.
Алғашқы екі жинақтағы нәзік сырлы әуендерді оқығаныңда жаныңды тербетпей қоймайды. Тек өлеңді түсініп оқи білсеңіз, жетіп жатыр. Жыр жинақтарынан әншейінде көпшілік жұрт үркіп жүреді. Бұл, бір жағы, өлеңді, әдебиетті түсінбеушілік болса, екіншіден соңғы жылдарда халқымыздың тілін, дінін, әдет-ғұрпын ұмыта бастағанымыз сияқты, жұртымыздың алтын тамыр - поэтикалық құдіретін де жатсынып, бойларын аулақ ұстай бастағаны деп түсінеміз.
Тағы да әуен-сазға үңілелік: «Наз» деген өлеңнің бір жолы мынадай:
Өзен, өзен, жасырма,
жазығымды ұғындыр,
Келіп едім әдейі
сыр тартқалы бүгін бір.
Тым болмаса үміттің
етегінен ұстат та,
Ал әйтпесе біржола
дүниеден түңілдір...
Міне, осынау бір ғана шумақтың өзінен ақынның албырт көңілі, сыршыл жан иірімі, табиғи мінез-құлқы сезіліп-ақ тұр. Санасында сәулесі бар оқырман да мұндай жолдарды тебірене оқи отырып, орамды ой мен әсерлі сезім жетегіне ерері хақ.
Ақын өз жанының толғанысын паш етсе де, оның жырлары жалпыға ортақ рухани қазына бола бермек. Ақын жаны нәзік, толқымалы. Ол өзгенің де қайғысы мен қуанышын бөлісіп, жырына қоса алады. Қалай болғанда да баршаның жанына жағатын өлең шынайы тебіреністен туады.
Мен бір нәрсе әсер етіп, сезімім оянғанда ғана қаламымды қолға аламын, - деген бір кездесуде Г.Сейітжанова. - Жасандылыққа жаным қас...
Иә, ақын жаны толқындарға ұқсас. Гүлжауһар ақын да өлеңінде болсын, өмірде болсын ақындық бейнесін, сезімтал қалпын жоғалтпай келеді. Оның өлеңдерінен қаншама мұң, қаншама сыр ақтарылып тұрса да, ол боркемік емес. Оның өзіндік ағысы бар... Соңғы жинағының «Ақ көгершін» аталуының астары мына бір өлеңде жатқан сияқты. Біз ең бастапқы және соңғы шумақты келтірдік:
Тәтті ұйқыда жатырсың балбыраған,
Көзім тоймай қараймын келбетіңе.
Күн астында жаралған барлық адам
Неге әр түрлі деймін мен енді өкіне...
...Ойнасын бақыт сәуле жүзіңде асыл,
Сенем мен, әділеттің күші берік.
Әсем әуен - пысылың бұзылмасын,
Жүрсін ақ көгершіндер түсіңе еніп...
Иә, ақ көгершін - әділет құсы. Дүниенің барша қызығы, бар мәні сол бала, сол баланың тыныш ұйқысы. Оның тәмпіш мұрнының пысылынан асқан әсем әуен жоқ екендігі рас.Ақын соны тап басып тауып айтыпты.
Жалпы, Г.Сейітжанованың соңғы жинағының салмағы басым. Тақырып та тереңдеп, сезімталдық ойлылыққа ұласа түскен, ақынның өмірлік көзқарасының да өткір сипаты сезіледі. «Жеті нан», «Уақыт», «Шындық», «Кавказ», «Тарасқа» секілді бірқатар өлеңдер тақырып, түйін, көркемдік жағынан төрт аяғынан тең басып-ақ тұр. Мұндай өлеңдердің «Ақ көгершінде» көбейе түсуі - өсудің белгісі. Ендеше, бұл қалыпты бір ырғақпен (бәлкім, сан ырғақпен) өлең жазуды мұрат-мақсат тұтумен бірге ізденіс жолы арқылы кінәмшіл, кіршіксіз, қайнар бұлақтай, тұнық поэзия табуға деген құлшыныс деп те бағалағанымыз ләзім.
Асылы, ақындарды категорияға бөлу дұрыс емес. Ақын халықтың жүрегінен табылатын жырларды дүниеге әкелсе, ол көркемдік талап пен талғам биігінен табылса болғаны. Ақындардың барлығы бірдей тасты жарып өсетін гүл емес. Бір тәуір ақынның тамаша жырларын өзгеше бір жырлайтын басқа бір ақынның тұшымды шығармаларымен салыстырып қарау - көз қарықтырар жұпары аңқыған екі әсем гүлді сарапқа салып, салғыластырғанмен бірдей. Осы тұрғыдан келгенде, Г.Сейітжанова - өлеңде өз үні, өзіндік стилімен оқырмандар көңіліне жол тауып келе жатқан қаламгер. Өлеңдерінің өсу рухы алда бұдан да биік белестерге қадам басуға мүмкіншілігі бар екендігіне сендіре түседі.
1991 жыл.
ПОЭЗИЯ ПЫРАҒЫН ТІЗГІНДЕГЕН
(Ақын Темірхан Медетбек - 50 жаста)
Оның есімін ел біледі. Темірхан Медетбек десе, елең ете қалмайтын ешкім де жоқ. Астанадағы әдебиетші, ақын-жазушы қауым ортасында да Темірхан аты аталса, кім болмасын оған құрметпен қарап, лайықты бағасын беріп жатады. Ол өзімен толқындас буынның таланттар шоғырының әрдайымда көш басынан көрінеді. Алдыңғы буын ағалар да, соның ішінде алғашқылардың бірі болып оның талант тегеурінін тани білген біздің жерлестеріміз - Әбу Сәрсенбаев пен Әбіш Кекілбаев. Т.Медетбектің Маңғыстау жұртшылығына екі елі жақын тұратындығының себебі бір ғана бұл емес. Ақынның бүкіл саналы ғұмыры, еңбек және шығармашылық жолдары осынау киелі өлкеде өтіп келеді. Ол өзінің алғашқы еңбек жолын Қарақия баурайындағы экспедициялардың бірінде бұрғышының көмекшісі болып бастаған. Ұзақ жылдар бір кездегі «Коммунистік жол» газетіңде жасаған. Осы мезгілдегі оның қаламынан туындаған сандаған очерк, суреттеме, мақалалар, оның қашанда қайнаған өмір ортасында жүруі, мерзімдік басылымдар бетінде жиі жарық көріп тұратын өлең-жырлары, жыл сайын шығатын кітаптары Т.Медетбекті халыққа кеңінен танымал етті. Темақаң бір кезде Жазушылар одағының облысымыздағы кеңесшісі, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып қызметтер жасады. Ол бұл қызметтердің қай-қайсысында жүрсе де, өзінің туған халқына, оның рухани жағынан жетіле түсуіне, түрлі әлеуметтік, қоғамдық-саяси мәселелердің оңынан шешілуіне барынша атсалысты. Ұлттық тіл, салт-дәстүрлер, мейрамдар, тағы да басқа мәдени өрлеу шараларында оның өзіндік үлесі, рөлі ерекше. Темақаң өзінің алып денесіндей батыл да батыр, қайратты да қайсар, өз айтқанынан таймайтын, дегенін істетпей қоймайтын, хан алдында болса да жалтақтауға жаны қас, алға қойған бағыт-бағдары мен позициясы нық та өткір өр азамат. Бір қарағанда соншама бірбеткей де адуын көрінетін ақынның кеңкілдеген кіршіксіз күлкісі, өмірдегі қарапайымдылығы қайран қалдырмай қоймайды. Оның жарыққа шыққан онның үстіндегі кітаптарының ішіндегі өлеңдердің дені Маңғыстау өңірінде жазылған әрі осы өлке тақырыбын арқау етеді. Ол әне бір жылдары бірнеше рет Алматыға барып бірнеше айлап жұмыс та жасап келді. Әдеби ортаға жақындағысы, астаналық болғысы да келген, ол жақтан шақырту да аз болмаған-ды. Алайда, Темақаңның бүйрегі киелі Маңғыстау топырағына бұрды да тұрды. Шөлейт өлкенің аңқа кептірген аңызағын, үнемі үздіксіз болып тұратын үздіксіз желі мен аласұрған асау айдынын аңсайды да тұрады. «Бұл - менің стихиям, - дейді ол. - Маңғыстаудан алыстасам, бірде-бір өлең тумайды...»
Әйткенмен, Т.Медетбекті бір ауыл-аймақтың, тіпті бір ғана қазақтың ақыны санаудың өзі әбестік болар еді. Ақынды кейде ру, тайпа, жерге бөлу түгілі, ұлтқа бөлудің өзі келіспейтін секілді. Ақын - қашанда Ақын! Ал Темірхан секілді кесек ойлы, шыңырау сезімді кемел ақындар, көл-дария ақындар - ең әуелі өз халқының мақтанышы болса да, оның шығармалары бүкіл адамзаттың игілігі деп танығанымыз дұрыс. Ол өзі өмір сүріп отырған Замана - Уақыттың жаршысы ғана емес, оның асқақ даусы, өлең-жырларының дабысы Кеше мен Бүгінді жалғап, Ертеңге ұластырып жатыр. Ақынның әрбір өлеңінде адамзаттың рухани азығы саналарлықтай көркем образ бен салмақты ой тереңнен бедерленеді. Ақын өз өлеңдерін әлеуметтік, қоғамдық және жеке адам-пенделер бойындағы түрлі жағымсыз кеселдерге қарсы қаруы етіп қолданады. Бұл ретте Темірхан қоғамдық күрескер, адамгершілік-имандылық моралдарды асқақтайтын тәрбиеші-тәлімгер, елдікті, еркіндікті ту еткен сайыпқыран сарбаз! Біз Оған бүгінгідей мерейлі күні:
Ақыны Ол - дауылпазды дәуірінің,
Ақыны Ол - Қазақ Елі қауымының.
Ақын Ол,
Азамат Ол
Халқы үшін
Дауылға тоса білген жауырынын.
Әр сөзі саф алтындай салмақтанған,
Ақыны Ол киелі елдің аруақтанған.
Тел ұлы - Түркістан мен Маңғыстаудың –
Темірхан батыр тұлға айбаттанған.
Кеңдік бар кеудесінде Даладайын,
Мәрт ақын баладайын қарапайым.
Ешкімге ұқсамаған дара болмыс,
Тұрпаты бөлек біткен нар
А...! -
деп жыр жолдарын арнап жатсақ, қандай жарасымды.
Таяуда оның 50 жасқа толуына орай облыстық филармонияның залында үлкен өнер - өлең кеші өтті. Той иесіне ат мінгізіліп, шапандар жабылды. Ақын өз өлеңдерін оқыды, жиналғандардың көптеген сұрақтарына жауап берді. Ақын өлеңдерін жас жеткіншектер оқып, оның өлеңдеріне жазылған әндерді шырқады. Мұның өзі елдің, ел азаматтарының Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтары сыйлықтарының лауреаты, Президенттің стипендианты, көрнекті ақын Т.Медетбекке деген шынайы ілтипаты мен құрметін көрсететін еді. Ел болатын ел көзі тірісінде біртуар талант иелерінің қадірін біле білсе керек. Ал оның үстіне атам заманнан бері Ақынды, ақын болғанда да шын жүйрік дүлдүлдерді айрықша әспеттей білген жұрт емеспіз бе?! Бұл жолы да біз сол халықтық үрдістің жоғалмағандығының тағы да бір куәсі болғандаймыз. Қай заманда да, қай қоғамда да сол кезеңнің ұзын көшінің басында Ақындар жүреді. Оның даусы бірінші әрі батыл естіледі. Батылдың да батылы, ақынның да ақыны бар! Соның бірегейлері санатында - бүгінгі біздің кейіпкеріміз Темірхан Медетбек! Даңқты ақын мерей жасын өз халқымен сұхбаттаса, сырласа отырып атап өтті. Өлең сүйер қауым поэзия нәрімен сусындап, бойларына рух бітіп, қанаттана түсті. Өйткені, Ақын жырлары оның өзінің ғана емес, халқының, әрбір адамның рухани мұрасы әрі сырласы ғой! Темірхан-ақынның бұл кешінде өлең-жыр төгіліп, домбырадан ән мен күй құйылып, құйқылжып, көңілдерді шалқытты, сезімдерді балқытты дейсің бір...
Иә, иә, иә! Ақын тойы – Елдің тойы. Бұл той иесінің ғана емес, барша ағайынның мерейін тасытты. Біздің Темақаңның қорғасыннан құйылғандай жыр жолдары, нардай тұлғасы, мәрт мінезі маңғаз Маңғыстаудың кескін-келбетіне мейлінше келіңкірейтін секілді. Жүрегін жарып шыққан жырлары да, бауырынан өнген ұлдары да - маңғыстаулық. Өзін асқақтаған Ақынын биікке көтере бермек киелі өлкем! Өмірде де, жыр әлемінде де Шолпан жұлдызыңызбен бірге жарқырап, жана беріңіз, жайсаң аға, Темақа!
3.06.1995 жыл
АҚИЫҚ АҚЫН АЙТУАР
Қазақта «Ай ортақ, Күн ортақ, Жақсы ортақ» деген тауып айтылған тамаша сөз бар. Міне, осы бір нақыл сөздегі мен білетін жердегі нағыз Жақсы - ақын Айтуар, адам Айтуар. Мен осынау теңіз болып бұрқанып, аласұрып жатқан ұлы айдын - өмір-тіршілікте бір бола жүріп Айтуардың біреуді жамандағанын, немесе тіпті бір ауыз өзгенің тарапына ғайбат сөз айтқанын, дәл сол сияқты Ол туралы да әлдекімнің жағымсыз әңгіме айтқанын ешқашан да естіген емеспін. «Жақсының жаны - қазына, ұқсайды өмір жазына» - дейді тағы да біздің қазақ. Бұл да сол, міне, өзіміздің Айтекеңе бағышталған дүние. Жайшылықта адамдармен емен-жарқын амандасып, жымия жүздесіп, қиядағы қыран бүркіттің қырағы жанарындай өткір көздері күміс сәулелер шашып мерейлене жүретін Пушкин тұрпатты ақын қызмет бабы, немесе қоғамдық өмірдегі сан алуан мәселелерде өзіндік көзқарасынан, принципті де татымды пікір айтудан еш талмайды.Қайсыбір салалардағы болмасын елдік, халықтық мәселелерде А.Өтегеновтің шегініп қалған жері, күлбілтелеп көмескі тартқан кезі де жоқ. Өйткені, оның таным-білім көкжиегі кең, елін, жерін сүйетін, қажет болса осындай Отан сынды қасиетті ұғымдар жолында жанын да шүберекке түйе алатын мәрт қасиетін білетіндер аз болмас. Бар ғұмырын газет тіршілігіне, журналистикаға арнаған әдебиет пен баспасөз сардары соңғы жылдарда аудандық мәслихаттың хатшысы бола жүріп, өлкенің экономикалық-әлеуметтік, қоғамдық-саяси дамуына барынша атсалысуда. Қандай қызметте жүрсе де Айтуардың ақын жүрегі өршіл өлең болып өріліп, кестелі жыр нөсері болып толас таппайды. Бір қарағанда осы Айтекең тылсымы тереңдерде тұнған, мүлдем тұңғиықтардан маржан терген, әлдебір қасиетті жұмбақ жан болып көрінеді. Бұл, шыны керек, көзі тірімізде бірімізді-біріміз көре алмай, содан да келіп барымызды базарлап, лайықты бағасын бере алмай жүретін біздің қазекем үшін қандай ой туғызарын білмеймін. Алайда, ақиқаты сол - Айтуар Өтегенов - өмірде де, өлеңде де - Құбылыс!
Бір назар аударарлығы, Айтуар ақын өлеңдерінің классикалық халық поэзиясынан нәр алатындығы. Содан да барып оның халықтық сипатының айқындығы, бояуының қанықтығы. Содан да келіп оның эпикалық та құлаш алуы...
Бозбала мінез - боз далам,
Сырың көп ешкім жазбаған.
Азап-мұңыңа таң қалып,
Азаттығыңа мәз болам,
О, боз далам, боз далам! –
деп тебіренген ақын сол туған өлке, туған аймақтың қат-қабат құпия сырларын жыр жауһарымен жайнатуды, жаңғыртуды мақсат тұтады. Сөзімізге дәлел іздегіңіз келсе, біз сөз етіп отырған автордың соңғы шыққан кітабындағы («Арманым саған ауған», Алматы,1999) «Жер атауы - шежірем», «Ақ Жайық - Ару», «Адыраспан»,« Қосыла алмай қос теңіз», «Сырыңды ашшы ұлыңа», тағы басқа да өрнекті өлеңдер мен 2-бөлімдегі «Жеті жұрт мекен еткен жер», «Ант немесе суын құлын хикаясы», «Шалмағанбет немесе сырлы аса сыры», «Тобанияз жайлы толғаулар», «Қара кісі», «Құла ат қасіреті» тәрізді көлемді туындыларды оқып шығыңыз. Сонда өлке тарихының арғы-бергідегі сыр-сипатына көркем желімен ой бойлатасыз, сол арқылы ақиық ақынның ішкі рухани-танымдық-поэтикалық қуатының келісті көкжиегіне, шалқар шабыт құдіретіне тәнті боласыз. Ұлы Абай атамыз «Өлең деген - өсекші, сырыңды жұртқа жаяр» дейді. Ақсақалдың бұлай айтуы, толғануы тіпті де поэзияға күл шашқаны емес екендігін есі бар елдің бәрі түсінеді. Дегенмен де осы жолдарды басқаша түрлендіріп, «Өлең деген - өмірің, алып ұшқан көңілің. Сүю менен күю ол, Ел дегенде - өр үнің!» деп жаңаша кескіндеп, Айтуар ақынның өлеңдерін оқуды ұсынар едік. Ол жан тебіренбес, толқымас, бой балқымас, көңіл - дөнен шалқымас сүреңсіз өлең жазбайды. Ол Тәңірі тартқан табиғи талантын жорға шабыстан жаңылдырмай, әрбір өлеңде, әрбір шығармада қырани дәлдік пен сезім кәусарлығы, ой мен фәлсафа үндестігін асқан шеберлікпен үйлестіріп отырады. Көсілетін жерлерде көсіліп, есілетін жерлерде есіліп, арғымағын тебінетін жерлерде тебініп, бірде төгіліп, бірде қабырғасы сөгіліп, не болса да өлең болып өріліп тұрады. Ақын өз шығармаларын бар жан-тәні, жүректің қанымен жаза отырып, әр туынды құрылысын мінсіз талғам мен жоғары сапаға негіздеп әсем әрлеп, мәрмәрлейді. Осы кітаптың соңғы бөліміне кірген бұрынырақта жазған өлеңдерінің бірі - «Махаббат».
Әлі өмірдің белесіне шықпадым,
Махаббаттан екі-ақ нәрсе ұққаным:
Дәмі мүлдем тәтті екен,
Заңы мүлдем қатты екен, -
деп түйінделеді. Немесе, «Айта алман» өлеңі де төрттаған:
Достар да көп жалғандығы байқалған,
Қыздар да көп көңілімді қайтарған.
Сонда да мен махаббатты, достықты
Баянсыз деп айта алман.
Жалпы Айтуар аз сөзге көп мағына сыйғызғанды ұнатады. Мысалы, елдік, тектілік қадір-қасиетті сақтауға үндейтін «Серт», «Намыс» сияқты өлеңдерде «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін таба білу», сол арқылы сертіңді бекемдеп, намысыңды жани білу ақынның жыр - нөпірін жанына дәру, мақсаты жолында қару еткендігін айқын аңғартады.
Бабалардың үнінде өктем дыбыс,
Бостандықты аңсаған неткен тыныс.
Асылдарды алға алып бара алмасақ,
Масылдарды көбейтпей онда өмірден
Ертерек кеткен дұрыс! –
деп қайрай түседі, масылдық пен жасықтықтан қашырады. Фариза ақынға арнаған «Мінез» өлеңіндегі тектілік тұрпаттары Айтекең қаншама кішіктік танытса да, өз бойында да тұр! Ол сыртқа тек Өлең болып, өлең болғанда да мәйегі мол, жұтқаныңда мерейіңді қандырып, ащы теріңді бұрқ еткізетін шымырау суындай шымыр жолдар болып ытқиды! Тек поэзия шәрбатымен сусындай біліңіз.
«Елуге келген досқа» өлеңінде:
Өзгешелеу маңыздылау әуені,
Адамзаттың бәрі содан дәмелі.
Суарылған бал мен кермек нәрімен
Ер Елудің бақшасында мәуелі, -
Дейді өзгелер - бұл бақшаға кірерде
Жүрегіңді мықтаңқыра әуелі... –
деп келетін жолдар бар екен. Ал ақиқатына келгенде, бұл мәселе күніне, түніне он ойланып, мың толғанатын Ақын үшін де аса маңызды, Айтеке!
14.11.2000 жыл.
АҚЫНДЫҚ ЖАРАТЫЛҒАН ПЕРІШТЕДЕН...
Дүниеге жаңадан келген әрбір кітап - автордың төл перзенті. Ал ол көркем шығарма болса, оның үстіне поэзиялық туынды болса, бұл жинақты періште-сәбиді қолға алғандай іңкәр көңілмен, шынайы таза кірпияздықпен аялап ұстап көресің. Мынау жаратылыстың сыр-сипатына үңіліп қарасаңыз, мұндай баққа біреулер кешеңдеу қол жеткізіп жатады. Қалай болғанда да, жарық дүниеде одан асқан байлық, одан асқан қазына бар ма? Кітап та сол сияқты. Оның ішінде поэзияның орны да, жолы да өз алдына бір төбе.
Менің алдымда елуге келгенінде әсем әрленіп, айшықталып, өріліп, тасқа басылып шыққан жерлесіміз Рза Оңғарбайдың «Таушықтың сансыз таулары-ай» атты төлтума кітабы жатыр. Р.Оңғарбайды бұған дейін халық ақын ретінде таныды ма, танымады ма, мен оған сәуегейлік айтпаймын. Рзекеңнің тірліктің қым-қуыты, ел ішінің шаруаларымен жүріп, бұған дейін жан-жүрегін жырлатуына қолы тимеді ме, тәуекелі бармады ма, оны да айту қиын. Не болса да оның әу баста шырылдап дүниеге келгенінде сол жан-дүниесіне Алланың құдірет-пәрменімен қонақтаған жыр жауқазыны күндердің күнінде бүршік жармасы мүмкін емес еді. Кім білсін, өмірдің ащы-тұщысын толық көріп, айналадағы барша құбылыс, жақсы мен жаманнан, жарасымдылықтар мен қайшылықтардан толыққанды ой түйіп, толысқан шағында қаламды қолға алғаны да бір есептен дұрыс болды ма? Атпал азамат Рза бойындағы тектілік тұрпат пен өр өлкесіне ұқсас нарлық мінез мәрттік пен жайсаңдық, нағыз ақынға тән алғаусыз сезім мен баладай риясыздықтан, тереңдерден түйін түйетін тұнық сыршылдықтан өріледі. Өн бойында атойлаған осы сезім құдіреті «Таушықтың сансыз таулары-ай» деп тебірене толғанған Рза ақынды туған ауылдан Ақтауға алып келіп еді. Ол бекерге тебіренбепті, бекерге күңіренбепті. Ақын Таушықтың тауларынан елу жасқа дейін маржан жиған екен, сонысын енді халыққа, әлеуметке тарту етпекші екен. Тәуекел қайығына отырып, жыр желкенін керіп шықты енді, міне.
Кезім жоқ ортаңызда мен жүдеген,
Елім-ай, өздеріңмен елжірегем.
Сендердің сезімдерің құйылыпты
Кеудемде болып тұнба-мөлдір өлең.
Келеді енді жұмбақ сырға бөккім,
Жүректің жұбанышы жырға кеттім.
Әкімдік, сен де мені кешіргейсің,
Мен сені жыр жолына құрбан еттім, -
дей келіп, «Ақындық жаратылған періштеден, әкімдік мансап жұмыс мен істеген» деп өз жанының әкімдіктен гөрі ақындық аулына тым жақынырақ екендігін айқара жайып салады. Олай деп белді бекем бууында да үлкен мәніс бар екен.
«Елуіңде бастасаң жыр өнер ме?»
Деме жүрек, сілкін бір, түрегел де.
«Ештен кештің өзі артық» демейді ме,
Қол берелік біздер де ұлы өнерге, -
деп Поэзия Тәңірісіне тағзым етеді. Одан ары қарай:
Жанарымнан жалтылдап дала тайып,
Тауларды бір таңдантып қаратайын.
Қане, соқшы, ескек жел, сен еркелей,
Көкбестінің кекілін таратайын, -
деп құйғытып алып жөнеледі. Ақын кітап тақырыбын қалай тап басып қойса, әрбір өлеңінен бәрімізге бала кезімізден ыстық, жүрегімізге қайда жүрсек те сартап сағыныш боп ұялаған ауылдың отты бейнесін бояуы қанық тілмен кестелей әкеп көлденең тартады.
Қуанышта шек болмай тасып аққан,
Жасырынсақ
таппай жұрт басы қатқан.
Бір шетінде Таушықтың тақыр жатыр,
Балағымды түріп ап асық атқан.
«Өзімді көріп қалдым».
Бір ғажабы, ақынның баллада жазуға өте бейімдігі. Оның бір заңды реті, жігіт ағасының ел әңгімесін, ел дәстүрін, ауыл адамдарының қыр мінез қасиетін әбден танып, біліп болғандықтан да болса керек. Мәселен, «Ат үстінде ойналған жасырынбақ», «Ақтау мен Қаратау», «Аққулар іңкәр болған құт мекенім», «Ақ маялы еді біздің ел», «Жусанбай» секілді шығармалары автордың кең пафоспен жырлап кете алатындығына да бек сендіреді. ішкі жан сырын сыртқа шығара беруге сырбаздық таныта беретін Рза ақынның туған жеріне, оның табиғатына, әсіресе Таушыққа, оның қасиетті тауларына деген шексіз махаббаты бұрын бұғынып жатады екен. Сол баяғы бұла қалпы булығып, бусанып, буырқанып шығыпты. Әсері мол арынды өлең-өзен.
Оранбасын деуші едім орда мұңға,
Қалғып тұрған Қаратау қорғаның ба?
Сусыз өлкем, желегің - адыраспан,
Бұйраланған боз жусан орманың ба?
Күйкі тірлік күндер-ай, мағынаң жоқ,
Сезімдерім сергімей сабылам көп.
Көкбөрінің орныңда көпек ит жүр,
Қарғы таққан кейбіреу қабылан деп.
Атар болды бұл күнде мазаны ап таң,
Қол көтердік күрделі қазанаттан.
Жұрнағы жоқ мейірім, шапағаттың,
Мен қорқамын жетесіз азаматтан.
Қырқаларым қыбырсыз биік тарлан,
Құмбыл далам қуарып күйік таңнан,
Қаратауға қарасам, көз алдыма
Қарт келеді қабағын түйіп алған, -
деп бүгінгі қоғамдағы кереғарлықтарға, мұнарлы өлкенің іштей тынған мұңды пішініне зерделі азаматтардың назарын аударады. Көлденең көк аттыларға Қаратау бейнесіндегі абыз қарт болып сес көрсете қабақ түйеді. Алайда, мұндай бейнелі образ, астарлы сипаттауларды түсініп-түйсіну үшін де танымдық-талғампаздық түйсік керек. Рза арды бермеген арғы аталарға меңзеп, солардың рухы мен ғұрпын, кескін-келбетін жоғалтпауға үндеп отыр.
20.04.2001 жыл.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру