Мазмұнға өту
Home

Тауға саяхат

Мейіржан Жылқыбай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Тауға саяхат

Мейіржан Жылқыбай — «Тауға саяхат». ТАУҒА САЯХАТ

/uploads/0b52e637-c24c-5bb0-aed9-aa14070121bf/cover.png

БАЛА ҚОРАЗ

– Міне, дәл осылай! Қатып тұр. Басыңды әрқашан көтеріп ұста. Есіңде болсын, осы ауланың ең әдемі, ең күшті сылқымы – сенсің!

Таң атқалы шашы ағарып, қартая бастаған ата қораз бала қоразды өз білгенінше үйретуде. Қызыл-сары қауырсындары күнге жалтырап, бала қораз басын кекжите көтеріп, ауланы аралап жүр. Мақтаныш кеудесін керіп, үріліп тұр. Төбесіндегі қып-қызыл айдары жараса қалған. Есімі де осы айдарының әдемілігіне байланысты – Айдар аталған. Айдар әрі-бері аяғын кердеңдете басып, сәнін көрсетіп әбден әуре болды. Қол шапалақтап, қолпаштаған дауыс шықпады. Қараса, әркім өзімен әуре. Сары үрпек балапандар тостақтағы жемге таласып шүпірлеп жүр. Мұның ашуы келді.Менің әдемілігіме таң қалып, іші күюдің орнына бұлар қалай тарыға таласады? Талтаңдап келіп тары салынған тостақты бір тепті. Тары шашылып, балапандар шүпірлеп у-шу болды.

– Сол керек сендерге. Мен сендер секілді тарыға таласпаймын. Мен тоғайға барып құрт-құмырсқа жеймін.

Айдар маңғазданып ауладан шыға берді.

Күн көтеріліп төбеге жақындады. Басын кекжите көтерген күйі Айдар әлі жүріп келеді. Ыстықтан терлеп қауырсын жүндері денесіне жабыса бастады. Басы жоғары қарап келе жатқасын аяғының астын қайдан көрсін, ойыс жерден шалынысып топалаң асып құлады. Апыр-топыр атып тұрып қараса, айнала жым-жырт. Қалың тоғайдың іші. Тек торғайдың шиқылы мен судың сылдыры ғана естіледі. Бұған қарап тұрған ешкім де жоқ. Бәрінен бұрын шөлін қандырып алмақшы болып, суға қарай жүрді. Судың ортасында жапырақта отырған бақаны көрді. «Сұмдық-ай, байғұс бақаға қауырсын түгілі бір түк те бұйырмапты. Тыржалаңаш. Тұмсық атымен жоқ. Мойынын қалай бұрады екен, егер мойын деген жоқ болса? Басы – жап-жалпақ. Бұты – талтақ. Мұндай ұсқынсыз мақұлықты көрсе, көзі шықсын. Мен не деген бақытты едім. Менің сұлулығымды көрсе таң қалғаннан құлап қалатын шығар».

Мақтаныш кеудесін кернеп кетті. «Мен оған көрсетейін өзімнің керемет екенімді». Айдар су жағасында әрі-бері жүрді. Бақа мұндай сұлулыққа таң қалып, аузын ашып отырған шығар. Басын көтере, маңғаздана қанаттарын тарамдап қойып сызылды келіп. Бір кезде көзінің астымен бақаға қараса, оның мұнда шаруасы да жоқ. Әрі-бері өткен маса, шыбынды қақшып жеп отыр. Бұл таңданды. «Қалай менің сұлулығымды көрмей отыр, мүмкін алыстан көзі көрмей отырған болар. Жақын барайын». Айдар бақа отырған жапыраққа секіріп қалды. Сол-ақ екен, күмп етіп су астына кете барды. Әдемі қанаты жүзбек түгілі, зілдей болып төмен тартып барады. Өлді деген осы екен ғой. Кенет желкесінен біреу бүре ұстап, жоғары заулай көтере жөнелді. Айдар есін жағада бір-ақ жиды. Бақа бұның үстінде допша секірді. Ол секірген сайын бұның аузынан жұтқан суы атқылайды. Бақа бұған бұл ойлағандай таң қала қарап қалыпты. Бірақ сұлулығына емес, ақымақтығына таң қалды. Сумен қауырсындары бір-біріне ұйпаласа жабысып қалған. «Ой, қандай күлкілі». Бақаның екі езуі екі жаққа жайылып кетті. Таң атқалы дән жемеген бұған шыбын-шіркей ұстап берді. Айдар түкке түсінбеді. Қалайша бұл ұсқынсыз бақаға тәуелді болып қалды? Тіпті жақсы көріп тұр. Айдардың кіп-кішкентай басындағы кіп-кішкентай миы жетпей тұр.

БИІКТІКТІҢ КҮШІ

Айнала табиғаттан ештеңе өзгермесе де, басқа көрініс. Тіпті, өзге дүниеге тап келгендей бесеуі әлі тұр. Несі өзгерген, тап басып анық түсінбей тұр. Бұрын тал-терекке қарағанда, сондай жұмыр, сондай асқақ, жапырағы сабдырлап, ерекше күштің төбеңде тұрғанын білетінсің. Енді олар болса төменде момақан жерге жабыса жатыр. Үркітетін сыбдыры да естілмейді. Ал бұлар жақындауға дауаламайтын өзен көкшіл жол ғана боп көрінеді. Өздері көлеңкесінде ойнайтын үлкен үй мен қора жай ғана қорап сияқты. Бұлар солардың бәрінен өте кішкентай еді. Енді міне, соның бәрі болмашы нәрсе ғана болып қалыпты. Бәрінің кеудесін мақтаныш сезімі биледі.

– Біз! – деді Дос бар дауысымен қуана айқайлап.

– Біз! – деді Мими соза күшеніп.

– Біі-іі-ііз! – деп кісінеген Жебеге Айдар қосылды.

– Біз! Біз! Біз! Бәріміз! – деп тез-тез қоштады Үрпек. Ары қарай қосыла әндетті бәрі рэп стилінде. Әрі билей жөнелді бәрі шаттықтан.

– Мол екен ғой әліміз!

Қыдырамыз айналаға,

Өзен, тоғай, сайға!

Шықтық міне тауға!

Біз! Біз! Біз! Бәріміз!

Шынығады тәніміз!

Қуанады жанымыз!

Қуанады бізбен,

Асқар тау да, өзен де!

Қуанады талымыз!

Біз! Біз! Біз! Бәріміз!

Саяхатшы кәнігі!

Әдемі біздің тобымыз!

Әдемі біздің сәніміз!

Әдемі біздің әніміз!

Бәрі ән ырғағымен билей жөнелді. Соңында Айдар тасқа шығып алып: «Кук-кук! кукарейка! Кук-кук! Кукарей!» деген сөздерден тұратын «репін» айта жөнелді. Бәрі билей жөнелді. Айнала – гүл, шөп, талдарға дейін билеп тұрды. Тіпті, әтеш мінген тас қозғала жөнелгенде, бәрі аңтарыла қарап қалды. Айдар ештеңе сезер емес, екі иығы қопаңдап, екі қанатын олай-бұлай сермеп өлеңдетіп тұр. Кенет тас тоқтай қалды. Астынан бас шықты да, айқай салды:

– Ей, қойсай енді! Құлағымды керең қылатын болдың ғой!

Айдар шалқасынан түсті. Құлаған кезде басы басқа тасқа тие құлап еді, одан сайын әрі шорши секірді. Ол тастан да бас шыға ма дегендей. Тастың басы қайта жоғалды. Бұлар үйіріле әлі тұр. Сөйлейтін тасқа бақырая қарап қатып қалған. Дәл жандарынан сауысқан сақылдай күлді.

– Қорықпаңдар! Тас емес ол! Ол – тасбақа. – Бұлар естерін жиып, мәре-сәре болды. Айдар ғана бұртия қарап тұр тасбақаға. Дос барып иіскелеп, аяғымен түртіп қойды.

– Теппе! – деп тасбақа басын шығарып айқайлады да, қайта басын жасырды.

– Жарайды... танысайын деп едім... – Дос сасқалақтап қалды.

– Тасың ауыр шығар? – Үрпек бастың тұсына келіп шиқылдады. Үн жоқ.

– Ал, мен – Үрпекпін. Мынау – Дос. Анау – Жебе. Аналар – Мими мен Айдар. Тасбақа басын сәл шығарып, сығырая қарады да, қайта тығылды.

– Ал, мен – Асықпамын! – сауысқан ұшып біресе онда, біресе мұнда қонды. – Анам ылғи «Асықпа! Асықпа!» деп айқайлай берген соң, бәрі менің атымды «Асықпа» екен деп ойлап, солай атап кеткен. Ал мынау – менің досым. Аты – Тезірек. Таудың арғы бетінен келеміз. Келесі бетін көргіміз келеді. Біз шыққалы үш күн. Мен он бес рет барып көріп келдім. Енді Тезірекпен бірге жеткенше тағы көріп келем. Сендердің жүрістеріңді де бақылап жүрдім.

– Арғы бетке неше уақытта жетуге болады. Біз көлді көргіміз келіп тұр.

– Ой, жап-жақын. Бес минутта баруға болады.

– Қайдағы! Үш күн арасы, – тасбақа әңгімеге араласты да, басын иіп ұялып қалды. Басын ішке қайта тартып алды.

– Үш күн? Қой, алыс екен...

Біздің достар күбірлесіп, ақылдасып кетті.

Сауысқан тағы да сақылдай күлді.

– Сендер тасбақаның жүрісімен жүрмейсіңдер ғой. Және ат бар орталарыңда.

ҮЙШІК

Біздің достарымыз жайлап қана таудың екінші бетінен түсіп келе жатыр. Бәрі бәрін көргісі келеді. Таң қалатын ерекше нәрсе іздейді айналасынан. Бәрінің соңында қалыңқырап қалған, балапан мен күшік әр өсімдікке, әр тасқа тоқтап зерттей қарайды. Бәрінен бұрын таңқалдырғаны – тастардың пішіндері. Үлкен тастар бірі аңға, бірі адамға, бірі төсекке ұқсайды. Ал мына үлкен тастардың үйіндісі кәдімгі үйшікке келеді.

– Оуу! Мынаны қараңдар! Үйшік! Кәдімгі үйшік!

Дос жүгіріп таңқала айналып өтті. Жүгіріп төбесіне шықты. Ішінде не бар екен? Сығылыса ішіне енбекші болып жартылай кірді. Ал, енді өте алсашы. Қайта шықпақшы болып еді, шыға алмайды. Кептелді де қалды. Не ары, не бері жылжи алмайды.Үрпек тұр асықтырып.

– Болшы енді, Дос, мен де кірейін! Бұл болса тыпыр ете алмайды. Үрпек әрі итерді, бері итерді, болмайды. Екеуі әбден әуре болды. Достары әлдеқашан ұзап кеткен.

– Жоқ, болмайды, – деді әбден шаршаған күшік. – Қалғандарын шақырып кел.

Балапан үйшік тасты айналып жүр әлі. Үйшіктің әр жерінде тесік-саңылаулар бар екен. Бірінен оп-оңай лып етіп ішке кіріп кетті.

– Ой, мынаны қара, мен кіріп кеттім! – деп таңқалғаннан айқай салды.– Екеуміздің енді үйшігіміз бар!

– Үйшік екеуміздікі деймісің, қазір біз бір жарымбыз, – деп күшік дұрыстады оны.

– Иә, ең бастысы екеуміз таптық, яғни екеуміздікі, – деп ақылдымсыды Үрпек. – Ой, мына жер менің орным болады, – деп бір жалпақтау тасқа жата кетті. Әрі-бері аунап көрді де, басқа тасқа отыра кетті. – Міне, мынау – орындығым болады. Мынаны қарашы, Дос, тура үстел сияқты. Бұл тамақ ішетін орын болады, – «Орындық-тасты» «үстел-тасқа» қарай домалата жөнелді. Дос Үрпектің бұл қуанышын құптай алмай, көзі бақырайып, етпетінен жартылай сыртта, жартылай іште жатыр. «Мынау не тағы?» Жыбыр-жыбыр етіп оң жағында екі құмырсқа бір дәнді екі жағынан әрең көтеріп келеді. Екеуі екі бүктеліп, мықшыңдап келеді. Екеуінің кішкентай ғана дәнге сонша майысқанын көріп, Дос мырс ете қалды.Сол-ақ екен, соның екпінімен екеуі екі жаққа ұшып кетті. Дос шегі қата күліп жіберді. Үрпек болса: «Менің ойлап тапқан үйшігіме қуанып жатыр», – деп ойлап:

– Иә, айттым ғой саған, керемет болады! – деп тастардан небір нәрсені құрастыруда.

– Енді, түстікке құрт-құмырсқа, дәнектер табу керек. Қайдан қарасам екен?

Дос шошып кетіп, үстерін қағып, не болғанын түсінбей әрі-бері жалтақтап тұрған, құмырсқаларға қарады. Дереу алақанымен екеуін жаба қойды.

– Үрпек, мен мына жерден шығуым керек, осылай жата берген ұнамайды маған.

– Ой, сені бірінші шығарып алайық, иә? Мен қалғандарын шақырып келейін, иә?

Достың алақаны жыбырлап барады. Тістеп жатқан болуы керек, қышып барады. Үрпек әлі сөйлеп жатыр.

– Олар бізді іздеп жатқан болар, иә? Біздің үйшік тапқанымызды білмейтін шығар, иә? Сен ыңғайсыз жатқан шығарсың, иә? – Үрпек әрең дегенде кетті-ау. Дос алақанын көтерді. Екі құмырсқа тыпыр-тыпыр етіп атып тұрды. Түк түсінбей айналаларына алақтап тұр.

– Ана тесіктерден жел тұрып тұр, – деп бірі Достың танауын көрсетті. Бірі тіпті батыр екен.

– Мен қазір жоғары шығып қарайын, – деді да, күшіктің аяғына тырбыңдап шығып, жоғары өрмелей жөнелді. Күшік қорқып кетті, тыпыр ете алмай жатыр. Кенет шиқылдаған Үрпектің даусы келді құлағына. Аяғынан өрмелеп құлағына жетіп қалған құмырсқаны жылдам алақанымен баса қойды.

– Дос мен қайтып келдім. Мен аналарды көмекке ертіп келгенше ешқайда кетіп қалма, жарай ма? Соны айтуды ұмытыппын.

Дос үнсіз басын шұлғи береді.

– Ой, Дос, не болды? Құлағың ауырып тұр ма? Қане, көрейін.

– Жо-жооқ! Сен бара бер. Асықсаңшы.

Үрпек құмырсқаларды көріп қояды ма деп, құтылғанша асықты. «Ух!» деп дем ала беріп еді, «Ей! Сен кімсің?» – деген дауыс шықты шәңкілдеген. Мұрнынан жоғары, көзіне жақын бағанағы құмырсқаның біреуі тұр. Өз мұрнына кім қарай алушы еді, қараймын деп көзі қылиланып кетті. Құмырсқамыз қолына өзінше таяқ, біздіңше шөп алып алыпты.

– Кімсің-ей, сен?! – деді тағы шіреніп. – Көзіңе тығып алайын ба? – қолындағы шөбін көтеріп қалды. Достың зәресі ұшып кетті. Артқа қарай тартыншақтап барып, үйшіктен басын суырып алды. Көзін олай да,былай да қылиландырып қарап еді құмырсқа көрінбеді. Ұзай қоймаған Үрпек бұны көріп, әбден ашуланды.

– Неге шығасың? Біз сені құтқарып алатын едік!

– Шаршадым. Ары қарай соңыра жүрем, – деді Үрпек. – Сендер қалай ойлайсыңдар білмеймін, мен демалам.

– Біз бұлай тоқтай берсек арғы етекке қалай жетеміз?

– Ауладағылар уайымдайды...

Шулай жөнелді бәрі.

– Ауладағылар сендердің қайда екендеріңді біледі. Мен барып айтып келдім, – талдың басында Асықпа отыр. Отырған жоқ, ұшып біресе ана бұтаға, біресе мына бұтаға секеңдеп жүр.

– Не деп жатыр?

Бәрі шу ете қалды.

– Ана тауық басын екі қанатымен қысып алып біраз «ойбайлады». Ата қораз бәріне сендерді тәртіпсіз деп ойлайтынын айтты. Ана бие «Жебеге сенем!» – деді. Қозы-лақ ертпегені үшін, енді сендермен дос болмайтын болды. Ал, тасбақа бүгін кешке таудың төбесінен түсуді бастайды.

– Ал..? – бәрі тағы бірдеңе сұрай берем дегенше, Асықпа көзден ғайып болды.

– Айттым ғой, бәрі біледі енді, қайда екенімізді. Асықпай дем ала жүреміз.

Үрпек жұмсақ шөпке аунай кетті. Бәрі соны қайталап, аунап-қунап жата бастады. Мына шөптердің көбісі емдік шөптер. – деді Мими. Мынау – асқазанға ем. Ал, мынау – көз жақсы көру үшін. Ал, мынау – жүні бұрқырап жақсы өсу үшін. Ал мынау дауысты қатты шығару үшін. Ал, мынау керісінше, дауысты бәсең қылу үшін. Бірақ канша өлшемде ішетінін білмедім. Ал мына шөпке тіпті жақындауға болмайды. Оны жесең, қайта-қайта ұмытшақ боласың.

– О! Онда мынау маған керек! – деді Үрпек. – Көзім жақсы көретін болады, – деп шөпті жұлып алды.

– Дауысым қатты шығатын болады! – деп Айдар алды келесі шөпті. – Мені-і-ің кукарейкуіме бәрі тұратын болады.

– Мен енді аулада тұрамын ғой. Енді дауысты бәсеңсіту керек, – деп Жебе алды өз үлесін.

– Асқазанды емдеп алмасам, – Дос шөпті тістей жұлды.

– Құйрық-жүнім бұрқырап әдеміленетін болдым, – деп Мими де қалыспады.

– Не істеп жатырсыңдар? Маған да қалдырыңдаршы. – Асықпа секеңдеп тағы да тал басында пайда бола кетті. – Тездет таудан түсуді бастағанша сендерді көріп кетуге келдім. О, мына шөп әдемі екен! Не үшін дедің? – Асықпа ұмытшақтың шөбін іліп алды да жөнелді.

– Тоқта! Асықпа, асықпа! – Мими айқайлағанша болған жоқ, Асықпа көзден ғайып болды. – Бұл шөптерді сумен ішу керек. – Мими шөптің бәрін жиып алды да, бұлаққа қарай жүрді. Бұлақтың басында шөлдерін қандырып, бір-біріне су шашып ойнады. Жебе келді де, шөптің бірін алып жеді. Қалғандары да, бірін-бірі қуған бойда шөптерін алып жей бастады.

– Ащы екен! – деген күндей күркіреген дауыс шыққанда бәрінің зәресі ұшып кетті. Айдар қақалып қалды. – Не болды? – деп күркіреген Үрпек Айдардың арқасын қаға бастады. Кенет, Үрпек күркіреп тұрған өзі екенін түсінді.

– А-а-а? Мен ба – мынау?

– Мынаны қараңдар, – деп сыбырлағандай болды біреу. Қараса – Дос. Сыбырлайды. Дауысы естілер-естілмес, бәсеңсіп қалған. Жебені нұсқап тұр. О, тоба, Жебенің құйрық жүні бұрқырап, өсіп барады. Демде Шұбатылып жерге жетті.

– Шөптерді байқамай ауыстырып алдық! Және көбірек жеп қойдық, – деді Мими. – Менің асқазаным қатты жұмыс істеп жатыр. Қарным ашып барады. Тышқан қайда бар екен? – деп жүгіре жөнелді.

– Тоқта, ал емін қалай табамыз?– Жебе айқайлап жіберді. Мими бұта-бұтаны иіскелеп көрінбей кетті.

– Солға бұрыл, тастың түбінде ін бар! Әне ішінен тышқан шықты. – Айдар айқайлап тұр. Оңға емес, солға! Бұлар аң-таң болды. Тышқан түгілі бұларға Мимидің бұрылғаны да көрініп тұрған жоқ. Айдар керемет көргіш болыпты.

– Енді не істейміз? – Үрпек аюдай ақырып тұр. Жебе артына бұрылып мынадай құйрыққа қуануы керек пе, жоқ ренжуі керек пе білмей тұр. Дос сыбырлап Жебенің құйрығын ары айналып, бері айналып тамашалап жүр. Айдар Достың жүнінің арасынан құмырсқа тауып алып жерге қойды. Құмырсқа қолына шөп ұстап алған.

– Ох! – деп гүр етті Үрпек. Дауысы кішкентай денесіне тіпті келмейді.

Дос құмырсқаны танып мырс етті. Құмырсқа демнің екпінімен ұшып кетті. Қолындағы «таяғын» сермеп күш көрсетті де, зып беріп тастың арасына кіріп жоқ болды. Кенет Сауысқанның таныс дауысы сақылдады. Дәл жандарындағы бұтадан.

– Сәлем! Сәлем! Сәлем! – деп әрқайсына басын изеңдетті Асықпа. Басын иген сайын құйрығы да шошаңдап тұр. – Сендер кімсіңдер? Қайдан келесіңдер?

– Асықпа?..– деп бәрі таң қала шу етті. Сауысқан болса бұларды жаңа көргендей, жөн сұрап тұр. Бәрін ұмытып қалыпты.

– Ал Тездет болса, әлі таудың басында жүр, – деді Айдар таудың басына қарап.

– Ол кім тағы? Көріп келейінші, – Асықпа демде жоқ болды. Дос Айдарға ымдап еді, Айдар құлағын тосты.

– Айнала тастың арасынан қалай көріп тұрсың? – Дос сыбыр-сыбыр етті. Оны өзінен басқа ешкім естімеді.

ТҮЛКІМЕН ТАНЫСУ

Топ Мимиді іздеп алға жылжып келеді. Дос әр бұтаны иіскеп, жанындағыларға ымдайды. Олар еңкейгенде бұл олардың құлағына сыбырлайды: «Былай, енді былай қарай...» Кенет бір тасты айнала беріп, бір аңмен бетпе-бет кездесіп қалды. Тіпті, беттерімен соғысып қала жаздады. Дос әдетінше шоқиып отыра қалды. Басын бір жағына, сонан соң екінші жағына қисайтты. Құлақтары кезек тұрды. Ал ана аң болса сүп-сүйкімді. Тұмсығы сүп-сүйір, қызыл-сары жүні жалтырап көздің жауын алады. Сондай бір керемет сызылған дауыспен:

– Саламатсыздар ма? О-о-о! Қандай тәтті топ. Кешіріңіздер, қандай әдемі топ! Кіп-кішкентай әтеш! Пах! Айдары қандай! Қауырсындары құбылып көзді қызықтырады! Кіп-кішкентай күшік! Құдай бере салған, қандай сүйкімді балапан!

Мұндай ықыласты күтпеген Үрпек майысып, аяғымен жерді сызғылап қалды. Басын төмен салып ұялып тұр. Бірдеңе айтайын десе, дауысынан ұялып тамағын қырнады да қойды. Ал, Айдар басын көтеріп кекжиді де қалды.

– Құлын! Керемет! Құйрығы да керемет! Байлап қоюға болады, –Құлынның құйрығын олай да, бұлай да байлап көрді. Жанындағы бұтаға гүлдеп тұрып байлағанда бәрі мәз болды. Жебе болса, әдемі байланған құйрығына қуанарын да, ренжірін де білмей иығын көтерді.

– Сәлем! Сәлем! Сәлем! – бұтада Асықпа пайда болды. – Сендер кімсіңдер? Қайдан келесіңдер? Менің атым... – деп тақылдап тұрған сауысқан үнсіз қалды. Көзін жыпылықтатты. – Кім еді, менің атым? – деп аспанға қарап ойланды.

– Мамаңнан сұрашы, ол ана тоғайда, – деп жөн айтты бұлардың жаңа танысы. Сауысқан ұшып кетті.

– Бізде кішкентай мысық та бар! – деп мақтанды Айдар маңғазданып көзінің астымен қарап. – Ол алда жүгіріп кетті. Соны іздеп келеміз. Мен бәрін көремін. Оны да көретін ем, мына тастар кедергі болмағанда.

– Керемет! Керемет! Мен оны мына жақыннан көрдім, жүріңдер. Мысық: «Бірінші әтеш пен балапан келсінші» – деген.

– Біз ше? – деді Дос. Оны бірақ ешкім тыңдамады... Үшеуі тасты айналып кете барды.

– Кім бұл өзі? Сұрамаппыз ғой, – құлын ойланып қалды. Кенет басын оқыс көтерді. Көзі бақырайып кетті. Алға ұмтылып қалып еді, бұтаға байланған құйрығы жібермеді.

– Масқара! Бұл – түлкі! Анам айтқан! Қызыл-сары, сүйір тұмсық қу түлкі! Неге бірден ойламадым мен?!

Дос ымдады. Жебе еңкейіп құлағын тосты:

– Мақтағанға бәріміз түсіп қалдық қой! – Дос жүгіре жөнелді. Жебе олай тартынып, бұлай тартынып бұтаны түбімен жұлып алды. Бұтаның кіші болғаны қандай жақсы болды. Соны сүйрете шаба жөнелді. Дос екеуі дәу тасты айнала бере, төменде кетіп бара жатқан үшеуін көрді. Жебе кісінеп жіберді бар дауысымен.

– Айдар, Үрпек! Анау – түлкі! Қашыңдар! Біз бара жатырмыз!

Түлкі:

– Қайда-а-а? Келіңдер бері, менің тәттілерім! – Тісін сақылдатып, аузынан сілекейі шұбырып, балапан мен бала қоразға жақындай түсті. Екеуі көздері бақырайып бір адым шегініп, арттары тасқа тірелді де қалды. Айдар екі қанатын едірейтіп, бүгіңкіреп тұра қалды. Әр қауырсыны түсті пышақ секілді сатырлай жайылып түлкіге кезеніп тұр.Түлкі сәл сескеніп, балапанға бұрылды.

– Ей! – деп аюдай ақырып жіберді балапан. – Не керек саған!?

Түлкінің жүрегі ұшып кете жаздады. Сілейіп қалды. Не болғанын түсінбей артына жалт қарады. Тұяғын дәлдеп тұрған құлынды, тісін ақситып келе жатқан күшікті көріп, одан әрі шошыды. Атыла секіріп, зыта жөнелді. Бұлар шулап, алақайлай жөнелді. Төрт аяқтылар төрт аяғымен, екі аяқтылар екі аяғымен секіріп шаттануда.

– Біз! Біз! Біз! Бәріміз! Көп екен ғой әліміз! Біз! Біз! Біз ғой – бұл!

– Сәлем! Сәлем! Сәлем!

Бұтада Асықпа пайда болды. Шудан естімеді ме деп қайталады:

– Сәлем! Сәлем! Сәлем!

– Сәлем! – деді бұлар хормен. Мынау – Жебе! Мынау – Айдар! Мынау – Дос! Мынау – Үрпек! Ал,сен – Асықпасың. Мамаң саған: «Асықпа!» – деп айта бергеннен сені Асықпа атаған, – деді бұлар хормен. Асықпа таң қалғаннан ысқырып жіберді де, қанатының ұшымен ойша басының винтігін бұрады.

– Естерің дұрыс па сендердің? Әлде ойнап тұрсыңдар ма? Онда мен сендерге, Тездеттің таудан түсуді бастауды, бастайын деп жатқанын айтпаймын, – Асықпа басын кекжите көтерді де, ұшып кетті. Бұлар у-шуды сап тиды да, бір-біріне таң қала қарап қалды.

– Асықпа! – деп айқайлады хормен. Бірақ Асықпа ұзап кеткен.

Жебенің үстіне Айдар мен Үрпек мінген. Қатарласып Дос бәрі Мимиді іздеп келеді.

– Әне! Әне, Мими! Ана тастың артында тышқан жеп отыр! – Айдар айқай салды. Үрпек күркіреп айқайға қосылды, – Әне, естіді бізді.

Жебе мен Дос қосақтала шаба жөнелді. Бәрі бастары қосылып мәз болды.

– Жеті тышқан жедім. Енді қатты шөлдеп тұрмын, – деді Мими аузы құрғап әрең сөйлеп. Кенет Асықпа пайда болды бұтада.

– Сәлем! – деді сақылдап Мимиге қарап.

– Сәлем, Асықпа! – деді Мими. – Мен саған асықпасын деп айтып тұрған жоқпын. Асықпа – сенің атың. Мамаң саған... – Мими аяқтамай, сауысқан айқай салды:

– Ойбай, Құдай не жаздым? Бәрі маған мені таныстыра береді! Онда мен сендерге ана тастан кейін үңгір бар екенін, онда бұлақ бар екенін айтпаймын! – Асықпа басын кекжите көтеріп, ұша жөнелді. Бұлар қуанып, шулай жүгіре жөнелді.

АҢШЫЛЫҚ

Үңгірге жақындай бергенде, алдарынан бір қоян атып шықты. Көздері бақырайып, екі алдыңғы аяғын көтеріп сәл тұрды да, зыта жөнелді. Дос бұларға ымдады. Бұлар бастарын иіп, құлақтарын тосты.

– О! Қоян! – деді сыбырлаған дауысымен Дос, бұлар көріп тұрса да. Сосын қуа жөнелді де, қайтып келді. Бұларға ымдады. Бұлар құлағын тосты.

– Менде аңшылық қасиет ата-бабадан қалған. Енді, міне жолы түсті, – Дос жүгіріп көрінбей кетті. Қалғандары үңгірге кіріп, ағып жатқан мөлдір бұлақты көрді. Бірден бас қойды. Шөлдеп қалған екен бәрі. Жебе үркіп секіріп қалып, артына қарады:

– Бұл не тағы? Құйрығым қимылдап жатыр, – құйрығы демде өз орнына түсті. Байланып тұрған бұта сыпырылып түсіп қалыпты.

– Керемет! – деді кәдімгі өз дауысымен Үрпек. – Алақай! Біз емделдік!

– Қап, енді бәрін көргіш болмай қалдым...– деп мұңайды Айдар.

– Қарным тойып тұр, – деді Мими. Үңгірдің аузынан қашып бара жатқан қоян көрінді. Артынша Дос өтті шапқылап. Қоян керісінше, бағытта өтті. Артынша Дос өтті. Бұлар тамақтанып, аунап-қунап ойнап жатқанда, қуаласқан екеуі он рет өткен шығар. Бір кезде қоян кіріп келді. Екі көзі алақ-жұлақ етеді. Екі иығынан ентіге дем алады.

– Мені тығыңыздаршы, – деп жалынды. – Қайда барсам да қалар емес. Бұлар бірдеңе айтқанша: – Ойбай, кеп қалды! – деді артына қарап. Үңгірдің түбіне қарай қойып кетті.

Дос келді тілі салақтап. Ымдады бұларға. Бұлар еңкейіп құлақтарын тосты:

– Қайда? – деді ырсылдай сыбырлап.

– Кім? – деді бұлар түсінбеген құсап. Дос шөлден әрең тұр екен. Бұлаққа көзі түсе салысымен, бас қойды. Шөлі қанған соң ымдады. Бұлар бастарын иіп құлақтарын тосты. Дос бұрынғы өз дауысы шыққанын білмей айқай салды:

– Қоян! Жаңа осында кірді ғой!

Бәрінің құлақтары бітіп қала жаздады. Бастарын шайқап құлақтарын ашпақшы болды. Түк түсінбеген Дос тағы ымдады. Бәрі бастарын шайқап бір қадам шегінді.

– Құдай сақтасын! Керең болар жайымыз жоқ, – деді Үрпек.

– Дос сенің дауысың орнында, – Жебе түсіндірді.

– Шын ба? Алақай! – Дос енді түсініп мәз болды. – Ля-ля! Ля-ля-ля... – дауысын сағынып қалыпты. Аяқтарын кезек секіртіп, әндетті біраз. Кенет ойына қоян түсті.

– Қоян қайда?

– Ал, ол қашып кеткен қайтадан, – деп Мими өтірікті соғып жіберді.

– Қашан? – деп таң қалды Үрпек. – Ол...– Үрпек сөзін аяқтай алмай қалды. – Ой! Ой! Неге басасын аяғымды? – Айдар аяғын басып езіп барады.

– Кешір, білмей қалдым. Ал қоян шынымен қашып кетіп еді ғой, иә? – деп Айдар көзін қысты.

– А-а-а! – Үрпек енді түсінді, Досты алдап тұрғандарын. – Кірді де, қашып кетті. Мен оны қашқан жоқ деп ұмытып қаппын. Сондай бір ұмытшақпын. Айдар аяғымды баспағанда, оны тығып қойдық деп ойлап жүретін едім. – Үрпек ұйқаспайтын өтірік сөздерді соғып кетті. Көзі жыпылықтап.

– Дала қараңғы бола бастады, – деді Жебе. – Осы үңгірге қонайық. Әбден шаршаған бұлар дем алып жата кетті. Бір күнде неше оқиға, неше қимыл болды. Кенет үңгірдің түкпірінен қорыл естілді. Бұл әбден шаршап, ұйықтап кеткен қоянның қорылы еді. Бәрі бір-біріне қарады.

– Бұл не? – деді Дос көзі бақырайып. Әрірек жатқан Айдар өтірік қорылға кірісті.

– Айдар ғой, – деді Мими. – Шаршаған болар.

– Бұрын қорылдайтынын байқамаушы едім, – деп таңқалды Дос. – Шаршаған ғой. Менде күзетшілік ата-бабадан қалған. Ал мен ұйықтамаймын. Сендерді күзетемін.

Дос есікке жақын барып алдыңғы екі аяғына басын қойып, екі көзін сыртқа тіге жата кетті.

– Ал керек болса. Мен таңға дейін ұйықтамай, өтірік қорылдаймын ба?-деді сыбырлап Айдар жанындағыларға. Тың тыңдап жатқан Дос жалт қарады.

– Айдар, сен қорылдап жатып, сөйлей аласың ба?

– Иә, шынымен де. Қалай үйрендің, а? Мамам үйреткен шығар? Ал мен болсам, ұйықтасам да қорылдай алмаймын. Ұйықтамасам да қорылдай алмаймын, – деп мұңайды Үрпек.

– Жоқ, мен түсімде сөйлеп жатырмын. Ой қандай әдемі түс. Түсімде біраздан кейін менің орныма Мими қорылдапты. Одан кейін Жебе қорылдапты.

– Түсіндік, кезек келгенше ұйықтайық.

Түн ортасынан кейін, жау жоғын көрген Дос ұйықтап кетті. «Кезегі» бойынша «қорылдап» жатқан Жебе де ұйықтап кетті.

БҮЛДІРГЕН

Таң сыз бере Айдар тұрды. Дүр сілкініп, ұйқысын ашты. Үңгірдің аузына шығып, бар дауысымен «кукарейкуге» басты. Таудың керемет ауасы дарынын оятты. Рахаттана айқайлады.

– Сәлем, бүгінгі күн! Сәлем, Тау! Сәлем, табиғат! Сәлем... – көзін жұмып алып, мойынын барынша созып, делебесі қоза, рахаттана айқайлап тұрған Айдар сасып қалды. Қараса, алдында үсті ұйпа-тұйпа қоян отыр. Ұйқысын аша алмай, бұған ренжи қарап отыр.

– Сәлеммм, саған да қояннн! – деп бәсең, сасқалақтай аяқтады таңғы әнін Айдар.

– Сәлем, Кукарейку. Тағы да ұйықтағанымда ғой... Өмірі ұйқым қанбайды. Түнімен сенің досың Домалақ келіп қалады ма деп ұйықтамадым. Енді міне, сен таң атпай айқайға басып тұрсың. Елдің ұйқысын бұздым-ау деп, тіпті ойыңа кірмейді. – Қоян екі құлағы салбырап, қабағы қисайып, есінеп жағын таянды. Баданадай көзін кіртитіп, қалғи бастады.

– Кім Кукарейку? Менің досымның аты – Домалақ па? Сен ба ұйықтамаған?

– Енді кім? Сен ғой жаңа «Кукарейку!» деген. Досың домалақ емес пе не? – Қоян жауаптың орнына сұрақ қойды. – Ақымақ па не?.. – Қатты күрсінді. – Қайран ұйқым...

Айдар айтарға сөз таппады. Айналасына қарап еді көзі жайнап кетті. Кеше кеш батқасын байқамапты, үңгірдің айналасы толы бүлдірген. Қып-қызыл, көздің жауын алады.

– Алақай! Тұрыңдар! Бүлдірген! Ку-карейкуууу!

– Тыныш! – деді Қоян. – Домалақ оянып кетеді. Мен бұдан да тәтті бүлдіргеннің өсетін жерін білемін. Айдардың дауысына Достан басқасының бәрі тұрды. Кеш жатқан Дос оянғанымен, көзін ашуға ұйқы қысып, созылып, маужырап жата берді.

– Үлкендігі жұдырықтай. Аузыңа салсаң шырыны тіл үйіреді. Тәтті нәрсе оңай жерде өспейді ғой. Қиын жолдармен, бұралаң сиқырлы жерлермен бару керек оған. Жігіттік – сөзім! – Қоян көзін ежірейте, мақтана түсіндірді бәріне. – Мен сендерді ертіп барайын. Тек қана Домалаққа айтпаңдар. Ол ұйықтай берсін. Әйтпесе тағы қуа жөнелер. Оған, әрине, ала келерсіңдер.

Бұлар табандарының астындағы майда тастарды домалата бұталардың арасымен қоянның артынан еріп келеді. Бұл жолы төменге қарай емес, жоғарыға шығып келеді. Бұтаның басы желмен сәл қимылдаса болды, қоян көзі бақырайып бұға қалады.

– Айттым ғой, сиқырлы, қиын жер деп, – сыбырлап бұтаға қадалып қатып қалады. – Көрдіңдер ме, сыбдырлап, жыбырлап жатқандарын.

– Қайдам, бұта желмен қимылдап тұр. Оның несі сиқыр? – Жебе иығын көтеріп сеніңкіремеді. Үрпек пен Айдар, Мими де әр бұтаға үрке қарап жүріп келеді. Кенет аласа бойлы тау ағашының қалың жапырағы сытырлап, шайқала бастады. Бұлар жүректері ұша жерге жабыса, жата қалды. Шаңқылдаған дауыстар шықты да, пыр-пыр етіп біреулер қанаттары сатырлап, ұша жөнелді.

– Сәлем! Сәлем! –

Бұтада Асықпа пайда болды. Бұлар қуанғаннан атып тұрып, алақайлап Асықпаны құшақтады. Көтеріп алып аспанға атып, қағып алып, әбден марапаттады. Өздерінің құтқарушысындай көрді.

– Айналайын, Асықпа! Сен күндей жарқ ете қалдың ғой. Енді біттік дегенде!

– Әбден сағынып қапсыңдар ғой. Жарайды, кешірдім сендерді. Әкем мен шешем кеше ұстап алып, осы бұтаға қонғанбыз. Жаңа солар ғой «ешқайда қаңғымай отыр» деп ұрысып, өздері дән іздеп кетті. Қой, ілтипаттарыңа рахмет! Мені Тезірек досым іздеп қалған болу керек. Ол ендігі таудан түсе бастауды бастаған шығар...

Асықпа көзден ғайып болды.

– Айттым ғой, кейде сиқырлы жер, кейде сиқырлы емес деп, – қоян ұялғанынан дауысы мыңқылдай шықты.

– Қашан? Қашан айттың? – Үрпек жауап сұрап қоянның соңынан қалар емес.– Алла, сақтай гөр, – деді сосын төбеге қарап. – Ұмытшақ боп қалмайын. Мен кешегі Асықпа жеген шөпті байқамай тістеп қалған болуым керек.

– Міне, келдік, – деді қоян. Бұлар айналасына қарап таң қалды. Таудың құм-тасы аралас жері. Тікен, шөптен басқа ештеңе жоқ. Бұлар қоянға қарады. Қоян жұмбақ ыржияды.

– Қазір бәрің таң қаласыңдар! – Бір жалпақ тасты орнынан қозғап еді, асты әжептеуір үлкендеу тесік екен. – Кім батыр, бастаңдар! Осыдан сырғанап, бүлдірген алаңынан бірақ шығамыз.

Мақтаныштан қоянның мұрны делдиіп, екі ұзын құлағы бір-біріне ширатыла қалды.

– Биссімилла, – деп Жебе төрт аяғы бірден сыймағасын, етпетімен, алдыңғы екі аяғын созып, сүңгіп кетті. Осылайша бірінен соң бірі, соңы Үрпек боп сүңгіп кете барды. Сусыма құм екен. Әрі тік ылди. Суылдап етпеттерімен жатқан күйі сырғанап барады бәрі. Мынадай жылдамдықты кім күткен. Естері шыға:

– А-аааа-ааа! – деп айқайлап барады. Тар үңгіме. Кеңи келе алдынан жап-жарық ауызы да көрінді. Айқайлап, етпетінен сырғып келе жатқан Жебе лып етіп үңгірдің ауызынан бір-ақ шықты. Тұмсығы бүлдірген бұтасының арасына кірді де кетті. Артына сарт етіп қоян, Мими, одан Айдар, соңынан Үрпек кеп тірелді. Бәрі етпеттерінен жатыр, ауыздары құмға толып қалған. Орындарынан тұрып, қақырынып, түкірініп, бүлдіргенге бас қойды. Кенет Қоянның көзі бақырайып кетті. Лып етіп тастың артына тығылды. Бір көзі мен салпиған бір құлағы ғана шығып тұр. Бұлардың соңынан үңгірден Дос шығып келе жатыр еді. Қатты ұйықтағанның әсерінен еріне, маужырай сөйлеп тұр:

– Не болды, сонша шуладыңдар ғой?

Бәрі Досқа қарап қатып қалған. Сосын айналаларына қарады. Таныс үңгір. Өздері қонып шыққан үңгірдің алды.

– Мынау – біздің үңгір ғой! Мими мен Айдар, Жебе енді түсінді.

– Мейлі, біз одан басқа үңгір сұраған жоқпыз. Ең бастысы – бүлдіргені тәттірек әрі ірі, – деді Үрпек. Бүлдіргенге әбден тойып, бұлақ суына әбден қанып, аунап-қунаған бұлардың есінен қоян мүлде шығып кетіпті. Айдар кенет тастың шетінен салбырап тұрған құлақ пен бір көзді көріп қалды. Жайлап Досқа келді.

– Сен қоянды қумасаң болмай ма? – деп сұрады.

– Менің, бүкіл иттердің аңшылық маңдайымызға жазылған. Мен қоянды көріп тұрып, аңшылық құрмай, қатар жүрсем, бұл – сүйекке таңба. Бүкіл ит тұқымына күлкі болам.

– Ал көрмесең ше?

– Иә, көрмесем, қалай аңшылық құрам?

– Сен оны көрмей-ақ, мойыныңды теріс бұрып жүре берші. Ол да бізбен бірге жүрсінші, – деді Айдар.

– Ол бізге ең тәтті бүлдіргеннің өсетін жерін көрсетті ғой, – деп Үрпек араласты.

– Ол көрсетпесе, көз алдарыңдағы бүлдіргенді көрмейтін бе едіңдер? Жарайды, мен мойынымды бір жағына қисайтып, оны көрмей-ақ жүрейін. Бірақ өзі кеп көрінсе, ренжімесін.

Кіп-кішкентай томпайған Дос та аса бұрыла қоятындай мойын да жоқ еді. Амал жоқ. Басын бір жағына қисайтып жата кетті.

АРАНЫҢ ҰЯСЫНДА

– Алақай! Жүр шыға бер. Дос сені көрмейтін болды. Жүр. Шық, ол сені түк те көрмейді. Қарашы, басқа жаққа қара-а-ап жатқанын. – Үрпек қоянды шиқылдап жүріп ертіп шықты. Қоян бір басып, екі басып, құлақтарын салбыратып жіберіп топқа қосылды. Көзінің астымен Досқа қарап қояды.

– Бүлдірген жесей. Таң атқалы нәр татпадың.

Бәрі қорқақтап тұрған қоянның жүрегін орнына түсірмекші боп, орталарына шақырып әуре болды. Қорыққан қоян аш қалар деп Үрпек уайымдап жүр. Тойып тұрса да, бүлдіргенді аузына салып, қоянды қызықтырады.

– Ммммм, тәттісін-ай! Келші енді жеп көрші. Қандай тәтті... Сенің көмегіңмен керемет бүлдірген таптық. Жеші, кел! Мммм... – деп тағы біреуін аузына салып тамсанды. Қоян екі көзін күшіктен алмастан,бұқпалап келіп, бүлдіргенді жей бастады. Жапырағы ма, бұтасы ма, бүлдірген бе, қарауға шамасы жоқ. Көзінің қиығымен қарап, соғып жатқан қоян қақалып қалды. Қиқылдап, шиқылдап тұншыға бастады. Бәрі аңтарыла, не істерін білмей састы. Дос не боп жатқанын көргісі келіп, көзінің қиығын сәл жүгіртіп, мойнын бұра бастайды да, тез қайта теріс қарайды.

Жебе тұяғымен қоянның арқасынан қағып-қағып қалып еді, аузынан бүлдірген сабағымен, жапырағымен атып шықты. Сөлпиіп, екі тізесі дірілдеп, көзі ақиып кеткен қоян түсін жиып алды. Қабағын түйіп, көзін оқшитып, құлағы қалқайып Жебеге айқай салды:

– Ей, Тікаяқ! Өлтіресің бе? Арқамды тесе жаздадың ғой.

Мұндай жауап күтпеген Жебе сасып қалды. Көмек іздеп достарына қарады.

– Сен енді...Сен қақалғасын...Тамағыңдағы түссін деп...

– «Қәқәлғасын»... – дейді ғой. Аяғы таяқтай боп... – Қоян бұрқ-бұрқ ашуланды.

Қоянның тамақтанып, қатарларына қосылып келіп тұрғанына есі шыға қуанып тұрған Үрпек аң-таң қалды. Қоянды қызықтырамын деп, бүлдіргенді жей беріп, қарны қампиып кеткенін енді сезді. Ыңқылдап, іші сыздап барады.

Әрірек тұрған талды көрді. Түбіне барып дем алмаса болмас. Қарнын көтере алмай, талтаңдап барып талдың түбіне шалқасынан жата кетті. Рахатын-ай! Көзін жұмып, қарнын сипалады. Ызыңдап бірдеңелер ұшып жүрсе де қарамады. Ызың жайлап көбейе берді. Көзін жайлап ашып еді, шошып кетті. Айналасына ара қаптап кетіпті.

– Алақай! Көзззін ашты. Қандай әземі балапан! Сен бізге қонаққа келзің бе? Сенің атың кім?

Бір-бірімен жарыса, ызылдайды. Бұл түзеліп отыруға ерінді. Сөйлеуге де ерініп жатыр. Бүлдірген тамағына тіреліп тұрса қалай сөйлесін.

– Ұрпеқ, – деді бұл. «Ү»-ні айтса, тамағындағы бүлдіргендер ытқып шығатыны анық еді.

– Ұзпек?! Қуаныштымыззз! Менің атым – Дзи. Анау – Дзе, мынау – Дзю, Дзу, Дзо, Дза, Дзы, Дзт, Дзф...

Жүздеген араның атына басын шұлғып жатам деп Үрпектің басы айналды.

– Ал мынау – Дзн, Дзң! Екеуі – егіз! Қарашы аумай қалғанын.

Екі ара Үрпек көрсін деп жақын ұшып келді де, мұның қарнына кеп қонды. Екеуі беттерін тақап көрсетті, сосын теріс қарап қанаттарын қатар қойып көрсетті. Соңында тоңқайып, арттарын көрсетті. Өздері мәз. Ұқсастықтарымен Үрпекті таңқалдырмақшы боп, олай-бұлай ойнақтаған сайын, бұның іші жарыла жаздайды. Бұған бәрі де егіз сияқты. Тіпті, аумайды, ажырата алмайсың. Бұл қабағын шытып ыңырсыды.

– Ой, не боп қалды? Сен ауырып тұрсың ба? Емдеу керек тез. Балмен. Бал бәріне ем. Жүр біздің ұяға.

Аралар ештеңеге қаратпастан дызылдап, топтанып мұны төбелеріне көтеріп ала жөнелді. Ұялары сол талдың орта тұсында үлкен тесікте екен. Аузын ашуға келтірмей, дызылдап жүріп алдына бал әкеліп қойды. Бұл жайлап ауыз тиді. Тәтті екен. Тойып тұрған соң, соған қанағат. Рахметін айтпақшы боп аузын ашпақшы болып еді, аша алмады. Сүйір тұмсығын қалай созса да аша алмады. Масқара болғанда қою балмен тұмсығы бір-біріне жабысып қалыпты! Мылжың аралар әлі әңгімелерін айтуда. Бұл аузын ашам деп, басын изеңдеткен сайын қоштап отыр деп ойлап, жарыса дызылдайды. Бұл масқара болып, шарасыз көзін бақырайта қарап қимылсыз отыр. Достары мұны іздеп жатқан болар. Ұяның аузына келіп, төмен қарады. Достары таяқ тастам жерде бір-біріне дауыстап мұны іздеуде. Талға бірі де қарамайды. Қуыс пен жыраларды қарап жүгіріп жүр. Секірсе, қарны жарылары анық. Тұрып-тұрып шарасыз қайта кірді. Аралардың әңгімелері де таусылған сияқты. Қандай қонақ? Бір ауыз сөз айтпай басын шұлғи береді. Бәрі тізіліп, тесіле қарайды. Бұл тағы тесіктен қарауға бұрылғанда, бәрі бірден дыз ете қалды.

– Келіп, қонақ болып тұз. Біз қашанда қуаныштымыз!

Достарының абыр-сабыры күшейіп кетіпті. Дос жерді иіскелеп, із кесіп жүр. Қалғандары соңынан шұбырып жүр. Міне, бұл төмен қарап тұрған талдың түбіне келді. Біреуі жоғары қарайын демейді. Шұбырып үңгірге бұрылды.

– Түк түсінбедім! Осы екі ортадан басқа жерде иісі жоқ?!

Үрпек мөлиіп кері бұрылды. Тесіктен асылып тұрған өте ыңғайсыз. Сөлпиіп келіп қайта отырды.

– Ренжімесең, біздің тірлігіміз көп еді. Дем ала бер.

Аралар бірінен соң бірі ұшып шығып кете берді.

Үрпек: «Мені неге ала кетпейсіңдер?» дей алмады. Көзі жапақтап қала берді. Басын талға сүйеп, уайым деген сезімде бірінші рет отырды. Қандай жаман уайым деген. Кенет дәл жанынан таныс дауыс санқ ете қалды.

– Сәлем! Сәлем! Қалдарың қалай?

Үрпектің қуаныштан жүрегі жарылып кете жаздады. Атып тұрып тесікке келсе, дәл жанындағы бұтада Асықпа отыр. «Айналайын, Асықпа! Күнім менің, Асықпа!» – дер еді Үрпек. Ішінен айтты айқайлап. Ал ол мұны көріп тұрған жоқ. Ал төмендегі достары көрді. Шулап кетті қуаныштан. Бір-біріне көрсетіп, қолдарын шапалақтап, алақайлауда. Асықпа мұны «Маған көрсетіліп жатқан құрмет» деп ойлады. Ыңғайсызданып, ұялып қалды кенет. Қанатын кеудесіне қойып, басын иді әртістерше.

– Рахмет! – деді, – ниеттеріңізге. Мен сіздерге ән салып берсем қайтеді? – деді сасқанынан. Төмендегілер таңқалатын, басқа жауап қатты.

– Жаным сол, талға қалай шықтың? – деді Айдар.

– Табылдың-ау, әйтеуір. Енді қалай түсесің? – деді Жебе.

– Мен жел домалатып әкеткен шығар деп едім, – деді қоян.

– Бәсе, иісі осы талға дейін келеді де, жоқ болады, – деді Дос.

– Есі дұрыс емес оның! Ақымақ! –деді жұлына ашуланып Мими.

Асықпа ән айтпақ түгілі, бір сөз айта алмай қалды. Не деп жауап берсін.

Үрпек те көзін жыпылықтатқаны болмаса, үн жоқ.

– Келе ғой, арқама секір, – Жебе талдың түбіне кеп тұра қалды. Арқасы тесікке жап-жақын. Үрпек тесіктің ернеуіне жақындады. Асықпа аң-таң:

– Атқа өмірімде мінбеп едім. Мінбесем де, көңілім баяғыдай. Жебе, әуре болмашы. Шынымды айтсам, үңгірде бастарыңа салқын тиіп қалған сияқты. Сондай біртүрлісіңдер.

Асықпа ысқырып жіберіп, басының винтигін қанатының ұшымен бұрай мазақтады. Сақылдай күліп мойнын бұра беріп, бетпе-бет Үрпекпен түйісіп қалды. Шошып кетіп, Жебенің үстіндегі дорбаға құлады. Артынша Үрпек Жебенің ершігіне топ етіп түсті. Асықпа басын қылтитып дорбадан шығып келе жатқанда, бәрі шулап тағы қошемет көрсетті. Жебе ақырын екі тізесін бүгіп еді, екеуі сырғып жерге түсті. Үрпек түсе салысымен томпаңдап, үңгірге тартты. Бәрі артынан шұбырып жүр. Шиқылдап аузы жабылмайтын Үрпектің, үн-тілсіз талда ұзақ отырып, үн-тілсіз жүгіріп жүргеніне бәрі аң-таң. Бәрінен қызығы – оның талға қалай шыққаны. Бір-біріне сұрақты көзбен қарап, иектерімен Үрпекті нұсқайды. Үрпек бара, бұлаққа бас қойды. Аузы да сарт ашылды.

– Ух! – деп айналасына қарап тәтті жымиды. Мелшиіп, қарап қалған Асықпаны құшақтай алды. – Айналайын, Асықпа, күнім менің. Асықпа, ән салшы!

– Не болып жатыр өзі? Түсіндіретіндерің бар ма? – Асықпа айқай салды.

ЕСКЕРТКІШКЕ СУРЕТ

Улап-шулап, Үрпектің әңгімесіне шектері қата күліп, топ төмен түсіп келеді. Көл де қызықтыра шақырғандай, жалтырап жақындап қапты. Үлкен жалпақ тастардың ауданынан кейін, жап-жасыл шөп басқан топырақты таудың етегі басталады. Мына бір үлкен тасқа әркім аттарын жазып, жаза алмайтындар суреттерін салып өткен. Бұлар танитындардан – Асықпаның суреті тұр. Міне, Тезіректің де суреті тұр. Тіпті, бұлардың танысы – түлкінің суреті де тұр. Қоян өз суретін көрсетті. Тіпті, тұмсығын айға көтеріп, құлағын тікірейтіп, білектеріне буылтық-буылтық күштің суретін қоса салыпты.

– Келіңдер, ескерткішке сендердің де суреттеріңді салайық, – деді қоян. – Кезекпен тасқа жабысып тұрасыңдар. Екіншің мына бор-таспен айналдырып сызып шығасың.

– Оп-оңай! Жүріңдер! Бұлар кімнен бастарын білмей біраз шулады.

– Тікаяқ, сен тұр, бірінші. Басқаларынан соң суретің сыймай қалар.

– Неге ол – тік аяқ? Оның аты бар – Жебе деген! – Үрпек сөзге араласты.

– Шиаяқ, тыныш тұршы, аяғы тік екені өтірік емес, – деді қоян тіпті еркінсіп.

– Осы сенің атың кім өзі? Қоян-соям ба? – деді шыдамай Мими. Дос баяғы уәдесін бұза алмай, мойынын бұрып алған күйі. «Ух!» – деді шыдамай.

– Менің атым – Қоян! Қоян екенім өтірік пе?Ал сен – Майысқақсың.

Мынаған дауа жоқ екен.

Жебені тасқа жабыстыра тұрғызып, Мими үстіне шығып, одан жанына шығып, астына түсіп жүріп бор-таспен Жебенің суретін салып шықты. Тәп-тәуір сурет болып шықты. Бәрі шулап қол шапалақтап, кезекке таласты. Айдарды, одан кейін Мимиді қоян салып берді. Оған бұлар шулап қол соқты. Қоян тіпті есірді. Тасқа кеп жабыса қалған Үрпекті әрі ысырды.

– Үрпекті салған түк те емес, – деді де, кішкентай дөңгелек салды да, аяғының орнына екі сызықша сала салды. Тұмсық деп титтей ғана үшкірше, көзін бір нүкте ете салды. Ұқсап тұр. Достар шулап қол соға бастап, қоя қойды. Үрпек ренжіп қалыпты. Тымпыңдап барып, өшірді де, тасқа жабысып тұра қалып, Мимиге қарады. Мими әдемілеп салып берді. Тіпті, қанатын да салды. Айырмасы қанатында болмаса қоянның салғанына ұқсап тұрды. Бәрі шулап қол соқты.

Енді Досты салу қиын болды. Мими айналдырып сызып шығып еді, ешкім қол соқпайды. Қараса Достың басы жоқ. Басын тасқа жапсыра алмай, бұрып тұрса қалай салынсын ол? Қайран уәденің беріктігі-ай... Ит тұқымында алдау мен сатқындық жоқ қой. Содан шығар адамның бірінші досы болғаны. Мими әрі ойланып, бері ойланып, Достың басын тіке аспанға қаратты. Әрі әдемі, әрі қоянды көрмейді. Бірақ,соңғы уақытта ол қоянды қатты көргісі келіп тұр еді.

Көріп қана қоймай, ұстап алып достарын мазақтағаны үшін сазайын берер еді. Әттең уәденің аты – уәде. Дос: «Ух!» – деді тастағы қоянның суретіне қарап.

– Ой-бооой! – деді қоян Достың суретіне қарап. – Қисық бастың басы түзеліп қалыпты ғой.

Бітті! Шыдамның шегі осы жерде үзілді. Томпайған күшік басын түзеді. Көзі шоқтай жанды. Жалын күжірейтіп, бойын созғанда әжептеуір, есейіп, ызғарлы көрінді. Бәрі Досты жаңа көргендей қарап қалыпты. Басқа Досты көргендей. Қоян бұға қалды. Құлағын жымырып алды да, ытқи жөнелді. Дос атыла секіріп қуып барады.

КӨЛ

Алдарындағы көл жарқырап жатқанда, асықпауға болмайтын еді. Достың адаспасы анық. Бұлар төмен түсе берді. Бұлар жоғарырақ тұрғандықтан ғана көлдің екінші шеті бұлдырап әрең көрінеді. Мөлдір судың сонша жерді кернеп жатуы, бұларға беймәлім табиғаты, бұлардың кеудесін керіп шаттандырып, асықтырып жіберді. Көлге қарай жай жүру мүмкін емес. Оның сыйлар кереметтері өзгеше болғандықтан, тағат таппай кім де болса жүгіріп барады .Бұлар да жүгіре жөнелді.

Көлдің айналасы жұп-жұмсақ құм. Ортасына таман үйрек-қаздар жүзіп жүр. Суы жай ғана тербеліп, жағаны шылп-шылп ұрады. Жебе келе суға қойып кетті. Малтып жүр.

– Ой рахатын-ай, келіңдер! – дейді шақырып.

– Мен бағана бүлдірген жегесін жақсылап жуынып алғам, – деді Мими. Үрпек талтаңдап судың жағасында әрі-бері жүр. Жағаны ұрған судың тамшылары тиген сайын «Ой!» деп секіріп қашады да, қайта жақындайды. Айдар екеуі табандарымен суды шалп еткізіп басады да, беттеріне тиген суға мәз болады.

– Ахха-ха-ха! Жүр тағы да шалпылдатамыз!

Судың ең шетін жалдап, арқа-жарқа қуанышта. Мими жүгіріп толқынды қуады да, толқын бері қайтқанда секіре, қаша жөнеледі. Жебе жағаға шыққанда, бұлар әбден ойнап шаршаған еді. Сілекпелері шыққанымен, рахаттана келіп құмға құлады. Керемет демалыс болды. Достың кешіккені ғана дұрыс болмады. Жандарынан бірдеңе зу ете қалды. Бұлар бастарын көтеріп қараса – қоян.

– Мені тығыңдаршы, қайда барсам да қалар емес. Ойбай, кеп қалды.

Алақтап қайда қашарын білмей тұрды да, суға қойып кетті. Жүзу білмейді екен, ол да. Батып-шығып, тұншығып барады. Дос суға қойып кетіп, желкесінен сүйреп алып шықты. Жағаға әкеліп, жатқыза салды. Суға қарны қампиып, қоян әзер дем алады. Дос оған қарап:

– Сонымен кім қисық бас? – деді. Судан жүні жатып қалған қоян кішірейіп көрінеді де, құлағы ұзарып кетіпті.

– Ей, сен – қалқан құлақсың ғой! – деді. – Қалқан құлақ! – Арсалаңдай қуанып, суға түсуге кетті. – Угу-гуу! Келіңдер, шомыламыз! – деді айқайлап. Үрпек келіп қақты арқасынан, ішіне толған суды шығармақшы болып. Айдар келіп қақты. Күштері өздеріне лайық болған соң, ештеңе өндіре алмады.

– Тік аяғыммен қағам арқаңды, тесіп жіберсем, ренжіме, – деп Жебе арқасынан қаға бастады. Су толық шықпады.

– Мен майысқақпын ғой, ішіңді уқалауға жарар ма екем, – деп Мими сыздап келіп, ішін басып-басып жібергенде, аузынан су бұрқақша ақты.

– Дайынсың ба? Кеттік пе? – деді Дос қоянға, үстінің суын сілкіп тұрып. Қоян қылжиып тұрмай жатыр. Үрпек келіп, қоянның құлақтарымен оның көздерін жауып қойды.

– Ол ұялып жатыр, көзін жұмып, – деп түсіндерді өзі.

– Өзі неге жаппайды, онда?

– Көріп тұрсыңдар ғой, шаршап жатыр.

– Сәлем! Сәлем!

Көлде Асықпа пайда болды. Бұл жолы да ағашта, бірақ су бетінде қалқып жүрген ағаштың кесіндісінде. Қанатын керіп, керіліп алды.

– Ой-й-й! Көлде дем алғанға не жетсін. – Шалқасынан түсіп жата кетті. – Қалқып жатар едім. – Атып тұрды. – Бірақ, менің өмірі уақытым жоқ. Шаршап кеттім.

– Сәлем! Асықпа, сен көптен бері көрінбей кеттің ғой!

– Тезірек ешкім істемеген жылдамдықпен таудан түсіп барады.

– Қалай?

– Тасқа мінсе болды, сырғанап түседі. Мен келесі тасқа сүйемелдеп шығарсам, зу ете қалады. Жаңа бір биіктеу тасқа тірелгенде, қашып кеттім. Сендерге айтып келейін деп.

Ұшып төбелеріне келді.

– Уа! Біздің қоян досымыз суға түсіп кеткен бе? Сендер оны құтқарып алғансыңдар ма? Неге айтпай отырсыңдар? Бәрің менің аузыма қара-а-ап. Қой, мен Тезірекке тез айтайын. Әйтпесе,ол білмейді ғой.

Асықпа демде ұшып, көрінбей кетті.

Дос пен Жебе тағы да шомылып жүргенде, қалғандары толқынмен ойнап жүрді. Айдар ана екеуінің жүзгеніне қарап, қызығып тұр. Шіркін, бұл да жүзе алса ғой! Көзі Асықпа мінген ағашқа түсті. Толқынмен жағаға келіп шайқалып тұр. Бағанағы Асықпа сияқты шайқалып жатқысы келді. Жайлап барып мініп алды. Толқынмен, Айдардың мінгендегі екпінімен ағаш суға қарай жайлап жылжыды. Рахатын-ай! Жүзу деген керемет екен ғой! Мими мен Үрпек сыятын орын болса да, бата алмады мінуге. Айдар мақтана әндете жөнелді. Екі иығын қиқаңдатып: «Кук-кук! Кукарейка! Кук-кук! Кукарей!» деп рэпін айта бастады. Қанаттарын сарт-сұрт еткізіп билегенде, балықтарға дейін, судан шоршып секіріп қызықтады. Бір кезде бақалар шықты бақылдай қосылып. Бірі мұның ағашына секіріп мінді де, тыртыңдап билей, бақылдай бастады.

– Сәлем! Сәлем! – деді Айдар тоқтай қалып, таңқалғаннан суға шалқасынан түсті. Бақа соңынан секіріп Айдарды алып шықты.

– Сен бе? Қиқ, – деді Айдар ықылық атып жатып.

– Мен. Сені өлеңді жақсы айтады екенсің. Енді билей бастап ем. Суға құлағанды жақсы көресің бе? Достарымызбен көлге дем алуға келгенбіз. Бұлар тамақтанып, әбден дем алды. Әр нәрсенің шегі бар, қайту да керек.

– Бұл көлде алтын балық бар ма екен? – деп сұрады Үрпек бақадан.

– Оны не қыласың?

– Ол бізге тауға қайта шығып, қайта түспей-ақ үйге қайтуға көмектесетін еді...

– Мен де көмектесе алам, тауға шықпай-ақ үйге қайтуға. Сұмдық-ай, анау басына секеңдеп жеткенше көп күш керек қой, – деді бақа.

– Шын ба? Сен алтын бақасың ба? Алақай! – Үрпек бақаны құшақтай алды.

– Қалайша? – деп бәрі шулап кетті.

– Сәл жүрсеңдер, көлден ағып шығатын арна бар. Ол сендердің ауылдарыңдағы өзеннің басы. Жағасы толы қайық. Мінесіңдер де, кете бересіңдер. Есудің де қажеті жоқ. Өзен өзі-ақ ағыспен алып барады.

– Сенің атың кім? – деп сұрады Мими.

– Бақылдауық, – деді бақа.

– Әрине, – деп мырс етті Мими. – Сонда басқаларының аты қандай?

– Бықылдауық, Қықылдауық, Қақылдауық, Сықылдауық.Уақылдауық...

– Түу! Менің атымды неге Б-а-қылдауық қоймаған? – деді Үрпек ұртын томпайтып. Сосын жақтырмай аузын бүрістіріп:

– Үрпек,Үрпек, – дей береді бәрі. Достары бір-біріне шарасыз қарады.

Бұлар шамалы жүріп өзеннің арнасына да келді. Қайықтың ең үлкенін таңдап жүріп, мінді. Артқы орындыққа Жебе, артқы екі аяғымен отырды. Ыңғайсыз, әрине. Бірақ, достармен бірге болу үшін шыдауға болады. Әйтпесе өзен жағасымен шауып отырып баруға да болады. Қалғаны алдыңғы орынға жайғасты. Бақылдауық та қайту керек екен, ол алдындағы жиегінде отырды. Достары алдында жүзіп отыратын болды. Қайықты қоянға итертті жағадан. Қайық жылжып жүре берді. Суды дірілдетіп осып, еспей-ақ ағыспен жүзе жөнелді. Бұлар алақайлап шулай жөнелді. Қоянға қол бұлғады.

– Біз! Біз! Біз! – деді айқайлап.

– Мен де! – деді қоян айқайлап.

– Біз – бәріміз! Көп екен ғой әліміз.

Табиғатты аралап,

Шаттанды ғой жанымыз.

Біз! Біз! Біз! Бәріміз!

Тауға шығып, биікте,

Шырқалды ғой әніміз.

Достар тауып қуандық,

«Көбейді» – деп санымыз.

Көлге түсіп ширап

Шықты тәніміз!

Ән өзінен-өзі құралып жатыр. Бұлар ұйқас іздеп ойланып қалған кезде, Үрпек:

– Біз! Біз! Түлкіні қудық. Біз бүлдірген тердік. Біз талға міндік, – дегенде бәрі шулай күлді. Қайық ұзай берді. Қоян жағалаумен жарыса жүгіріп отырды да, қайық тауды айнала бергенде қол бұлғап қала берді.

– Сау болыңдар, Домалақ, Тікаяқ, Шиаяқ, Майысқақ, Кукарейку, Бақылдауық! – деді. Бұлар шектері қата күліп, қол бұлғады.

– Сау бол, Қалқанқұлақ! Сау бол, көл! Сау бол, үңгір! Сау бол, тау! –деді бұлар.

Бұларды алда Асықпа, Тезірек күтіпті тұрды. Және бүкіл аула күтуде.

КІМ КҮШТІ?

Шаршап-шалдығып жеткен Айдардың алдынан қарындасы Үрпек жүгіріп шықты. Қарындасының майда жұмсақ жүндері әрқашан үрпиіп тұратын еді, сондықтан Үрпек аталған. Ол әлі кішкентай. «С» әрпін айта алмай «Ч» мен «Ш» әрпіне ауыстырып, шиқылдап кетеді.

– Чен білешін бе, чен білешін бе, енді біздің аулада кім тұратынын?

– Кім?

– Ол...Ол... – Үрпек ұмытып қалды. – Өзі шабалақ, көзі домалақ, өзі үреді.

– Кім ол? Шар үреді ме? Шашы сабалақ бала ма?

– Жо-о-қ, ол – күшік. Оның аты...оның аты – Дош! – Үрпи есіне түскеніне қуанып кетті. – Ол чондай әдемі, чондай күшті.

Бұл хабар Айдарға ұнамады. Күшік дегенді көрші ауладан талай көрген. Қозы-лақ, тауық қуып жүрген немені ұнатпай қалған. Енді міне, өз аулаларында да пайда болыпты. Осы ауланың ең күшті, ең әдемісімін деп жүргенде... Енді бәріне күш көрсетіп, мақтанып жүре алмайтын болды ғой. Жарайды, әуелі тамақтанып алайыншы деген оймен бұрыла бергенде, салып-ұрып шауып келе жатқан күшікті көрді. Ол жүгіріп келіп, тоқтай қалды. Бұған қарап қалыпты. Батып бара жатқан күнмен шағылысып, жалтырап тұрған әдемі қауырсындарға қарап таң қалып отыра қалды. Төбесіндегі қып-қызыл айдарды көргенде, таң қалғаннан бір құлағы тұрып кетті. Одан екінші құлағы тұрды. Басын бір жағына қисайтып бақырайып қарап қалыпты.

«Не деген керемет! Менде неге жоқ? Қатты ма, өзі жұмсақ па?» – деп ойлаған Дос басып көрмекші болып қолын көтеріп кеп қалды. Қолы басқа сарт етті. Бұны күтпеген Айдар «қоқылдап» қаша жөнелді. Дос қуып барады.

– Керемет ойын басталды, – деп ойлады ол. – Ол қашады, мен қуамын.

«Күш көрсету басталды, – деп ойлады Айдар, – Менің мына қашқанымды бәрі көреді-ау енді». Ауланы жан ұшыра кезген Айдар бір кезде ошақтың үстіне секіріп мініп құтылды. Дос ошақты айнала жүгіріп үріп жүр. Тырбаңдап ошаққа шықпақшы болып еді, борталаңдап құлап қалды.

– Түс, енді мені сен қу. Ой, қандай қызық. Күні бойы ішім пысып еді. Сен қандай күштісің, тағы сондай әдемісің.

– Солай ма? Ол қалайша? – Айдар таң қалғаннан отыра қалды.

– Ой, соны білмейсің бе? Ошаққа қалай секіріп міндің, а? Ал қанаттарың қандай әдемі. Менде де сенікіндей айдар болса ғой. Былай-былай қимылдатып жүретін едім. Дос басын екі жаққа кезек шайқады.

Айдар әлі аң-таң: «Сонда, қалай болды өзі? Мен күшіктен күштімін. Менен бақа күшті. Ең күшті сонда бақа ма?»

ҚУАЛАСПАҚ

Жаздың тағы бір таңы атты. Дос керіліп, таңның салқын ауасын рахаттана жұтты. Шиқылдап жұрттан бірінші болып Үрпек шықты.

– Қайда барасың,Үрпек?

– Мен тез-тез тары жеймін, чондықтан тез өчемін. Чондықтан тілім де өчеді. Тілім өчкен чоң, чақау болмаймын. Чонда, Үрпек чақау демейчіңдер».

«Сұмдық ай, – деп ойлады Дос. – Шынымен де Үрпектің тілі кішкентай екен-ау. Басының өзі мынадай, анадай кішкентай тұмсықтың ішіндегі тіл қандай болды екен?

– Үрпек, – деді жай ғана Дос, – тіліңді көрсетші. Қатты-ы-ы көргім келіп тұр.

– Жоқ, болмайды. – Үрпи тез басып кете берді.

– Үрпек, тоқташы. Көрейінші, а?

Үрпек көрсетуге намыстанып, қаша жөнелді. Дос қуа жөнелді.

– Тоқташы, – деп жалынып қояды. Үрпек ауланы кезіп, безіп жүр. Дос қуалап жүр. Бұл жағдайды көрген Ана тауық, айқайлап шықты:

– Сен менің бала-шағамды қуалағанды қоясың ба, жоқ па? – Үрпекті құтқару үшін Досты қуалай жөнелді. Дос шоқып ала ма деп қаша жөнелді. Әлі қашып жүр. Ана тауық қалар емес. «Дәу төрт аяғыммен жүгіріп келе жатқан менен шидей екі аяғымен қалар емес. Қалай тез жүгіреді өзі?» – Дос көрмекші болып тоқтай қалды. Бар екпінімен зытып келе жатқан Ана тауық бұған соғыла аунап барып, арықтағы суға күмп берді. Атып шығып қоқылдап ауланы басына көтерді. Бұл дауысқа Ата қораз келді жүгіріп. Дос қорыққанынан үйшігіне тығылды. Үйшіктің түкпірінен көзі ғана көрінеді жылтырап. Ата қораз бар дауысымен қоқылдап, қазіргі жастардың тәртіпсіздігін, бұрынғы иттердің ақылдылығын, шынжырда байлаулы тұратынын айтып жатты. Үйді, ауланы күзетіп, әркімді бір қуып мазаламайтынын айтты. Ата қораз айтып тұрғаным миына қонды ма, жоқ па деген оймен:

– Енді ақыл кірді ме саған? Әлде тағы да елді қуалап, тағы ауланы шулатасың ба? – деді. Қалай, не бүлдіргенін түсінбей басы қатып жатқан Дос, не сұрақ қойылғанын түсінбей қалды. Қайтсем құтылам деген оймен айқай салды:

– Иә, Ата қораз, солай істеймін!

Ата қораз ашудан булығып, не айтарын білмей, ұзын мойны қалтылдап кетті. «Қоқ-қоқ», – деді да, қақалып-шашалып қалды.

– Тағы да у-шу. Тағы да Дос кінәлі. Қашан тыныш ұйықтауға болар екен бұл аулада? – Талдың жуан бұтасында керіліп жатқан бала мысық орнынан тұрып, талдан секіріп түсті. Досқа кіналай қарап, маңғаздана басып ұзай берді. Бұл мысықтың аты – Мими.Өзін осы ауладағы ең ақылды жануар деп санайды.

ЖОСПАР

Бүгін Мимиде маза жоқ. Басында небір ойлар жетіліп-пісіп жатыр. Әрі-бері жүріп, біресе жата қалып жоспар құруда. «Мынау Дос деген күшік келгелі аулада әрі-бері кергіп жүргенді қойды. Мұны көрсе ыржалаңдап жетіп келеді. Бұл талға мініп кетіп құтылады. «Жүр ойнайық», – дейді. Қайдағы ойнаған. Жерге аунатып жұлмаламақшы ғой. Өзін жақсылап жазаласа ғой. Айдарды, Үрпекті анау қуалап. Ана тауық пен Ата қоразды анау үлкен екен демей мазаққа ұшыратты». Ал өзіне істегені тіпті, өтіп кетті. Кеше зерігіп жатып өз құйрығына көзі түскен. Олай-бұлай бұлғаңдап тұрған құйрығын ұстап алмақшы болып секіріп қалып еді, ол лып етіп шығып кетті. Тағы секірді. Тағы ұстай алмады. Кенет үстіне ауыр бірдеңе сарт ете қалды. Бұл қашпақшы болып еді, құйрығы жұлынып қала жаздады. Қараса – Дос. Мұның құйрығына мініп алыпты. Түсер емес.

– Мими, ұстадым! Мен саған құйрығыңды ұстап бердім! – дейді ыржалақтап.

Сол құйрығы әлі ауырады. Мими құйрығына қарап қойды.

Күн батып, жұлдыздар жамырады. Жан-жануар үйшіктеріне кірді. Алды ұйқыға кірісті. Мими дыбысын білдірмей, тауық қораға кірді. Көлденең қойылған ұзын бұталарға мініп алып, қалғып ұйқыға кете бастаған тауықтарды көріп Мими мырс етіп күлді. «Не деген ақымақтар, қақайып отырып ұйықтаған ұйқы оңады ма? Шіркіндер менің мамық төсегімді көрер ме еді... Тауықтың миы тарыдай деген осы да». Мими Айдар мен Үрпекті әрең көндіріп ертіп шықты. Екеуі ұйқысын бұзған Мимиді, жақтырмай күтіп тұр.

– Менде жоспар бар, – деді Мими.

– Жошпар? Ол не?!

– Тс-с-с...Досты үйшігіне қамап қоямыз. Көрсін бәлем елге тиіскен қандай болатынын!

– Қалай? Ол үлкен ғой. Оны үйшігіне қалай кіргіземіз?

– Кіргізгені несі? Қазір түн ғой, ол әрине, үйшігінде ұйқыны соғып жатыр. Үйшігінің жанында тақтай жатыр, сонымен есігін бекітіп қоямыз.

Олар сыбдырын білдірмей, үйшіктің жанына келді. Тақтайды еппен әкеліп үйшіктің есігін бітеді.

– Енді тақтайды ұстап тұратын бір зат табыңдар, мен әзір итеріп тұрайын, – деді Мими сыбырлап. Айдар мен Үрпек ауланы шарлап жүр. Қараңғыда не табуға болады? Айдар кішкентай ғана гантельді көріп қалды. Қандай жақсы болды. Көтеріп әуре болмайсың. Итерсең, дөңгелеп жүре береді. Гантель шамалы дөңгелеген соң, бір дөңгелегі ойыс жерге түсіп, жүрмей қалды. Екеуі әрі итеріп, бері итеріп әуре болды. Жүрер емес. Кенет арсалаңдап Дос жүгіріп келді.

– Не істеп жатырсыңдар?

– Көрмей тұрсың ба, итере алмай жүргенімізді?

– Кане? – Дос жалпақ табанымен итеріп қалып еді, гантель домалай жөнелді.Үшеуі мәз.

– Былай, былай қарай. – Үрпек жол көрсетіп келеді.Үйшікке де келді-ау.

– Мими, мынаны қарашы, біздің нені тауып келгенімізді! Мими арқасымен тіреп тұрған тақтайды тастап жіберді. Үйшікке қараса – бос.

– Ы- с- с- с- с, – деді. Жыны келіп, ызадан жарыла жаздады.

– Ой, Доч шен үйшікте емеччің бе? Енді жошпар болмайды ма?

Айдар мен Үрпек жағдайды енді түсінді.

– Тауықтың миы тарыдай! – деді Мими долданып.

КІМ ӨТІРІКШІ?

Таң атқалы біраз уақыт өтті. Түс мезгілі жақындап қалса да, Дос бүгін үйшігінен шықпады. «Жетеді, – деп ойлады Дос, – «Дос тиісті, Дос қуды», – деп аула ішіндегілер шулайды да жатады. Шықпай қояйын, не айтар екен». Басын алдыңғы аяғына қойып, қап-қара көздері жылтылдап, момақан ғана жатыр. Күн қандай тамаша! Тығылыспақ ойнағысы келгендей, біресе бұлтқа кіреді, біресе жалт ете шығып, қуаныш нұрын себе жөнеледі. Айнала жап- жасыл. Ағаштар мен шөптер, қызыл-жасыл гүлдер көз тартады.

Мимидің көңілі көтеріңкі. Ұйқысы қанық, тамағы тоқ. Іші пысып айналасына қарады. Кіммен ойнаса екен? Қозы-лақ өрісте. Тауық, балапандар ойынды ойлар емес. Жем теріп жеп, жүгіріп жүр. Дос үйшігінде моп-момақан жатыр. «Қазір мені көрсе жүгіреді. Қуса қусын, талға шығып кетемін. Ол болса шыға алмайды. Қызық болар еді». Кербездене басып Достың алдынан әрі-бері өтті.

Дос үнсіз. Міз бақпайды.

– Мен сенен қорықпаймын, – деді шыдамай. Дос үнсіз.

– Менің дәу ағам бар. Аспанға жетеді бойы. Көзі от болып жарқылдайды. Даусы жерді жарып жібере жаздайды. – Мими қайтсем Досты қорқытып аламын деп өтірікті соғып жіберді.

– Білемін, – деді Дос, – танимын сенің ағаңды. Мими таң қалды. Бұл ондай ағасын ойдан шығарса, ондай ағасы жоқ болса, Дос оны қалай таниды?

– Жо-о-оқ! – Мими ашуы ұстап, Достың сөзін бөліп жіберді. – Жоқ ондай аға менде. Ол жоқ болса, сен қалай танисың оны?

– Жоқ емес, бар сенің ондай ағаң. Мен оны танимын.

Мими ашудан ысылдап кетті. «Жоқ! Жоқ!» – дей берді қайталап. – Сен неге осы тыныш жүре алмайсың? Неге елге тисе бересің? Сен өтірікшісің. Сен бар ғой,Сен бар ғой!..– Мими ашудан сөйлей алмай қалды.

– Әне! – деді кенет Дос. – Әне, Мими, сенің ағаң! Айттым ғой танимын деп, – Дос аспанды нұсқады.

Аспанды қап-қара қою бұлт торлап алыпты. Демде айнала күнгірт тартып, найзағай жарқ-жұрқ етті. Артынша аспан күркірей жөнелді. Мими үйге зып берді.

ЖАҢБЫРҒА АРНАЛҒАН ӨЛЕҢ

Жаңбыр тоқтамай күндіз-түні жауғалы екі күн болды. Сай-сала суға толды. Ауладағы жан-жануар үйшіктері мен қораларда. Бәрінің іштері пысып, далаға шығуды армандады. Әсіресе, Досқа қиын. Әрі-бері жүретін кең де емес үйшігі. Ұйқы баяғыда қанған.Үйшігінің шатырындағы кішкентай ғана тесіктен тырс-тырс етіп тамшы тамып тұр.

– Жаңбыр, жаңбыр, жаңбыр-ау!

Ойынымнан қалдым-ау. – Дос қуанып кетті. Қалай ұқсас. Яғни, ұйқас. Қуанғанынан секіріп қалып еді, басы үйшіктің төбесіне сарт ете қалды.

– Жаңбыр, жаңбыр,жаңбыр-ау, – деп қояды сонда да, басын сипап.

– Жаңбыр, жаңбыр, жаңбыр-ау!

Ойынымнан қалдым-ау.

Үйшігіме тығылсам,

Шатырымды ұрғылап,

Тесік тауып тамдың-ау!

Кенеттен өлең шығарып жібергеніне, Достың қуанышы кеудесіне сыймай кетті. Шіркін жүгіріп, секіріп алар еді... Дос шыдамай үріп жіберді.

Кешікпей, жаңбыр да тиылды. Жануарлар сыртқа шықты. Бірінші болып шыққан Үрпекке Дос жүгіріп барды.

– Сен білесің бе? Мен өлең шығардым, – Дос өлеңін қайталап оқып берді.

Үрпек те қосылып қуанады деп ойлаған. Қайда-а-ан, ол шиқылдап, ашулансын.

– Доч, чен өлеңіңде түк те дұрыч айтпайчың.

– Неге?

– Жаңбыр Үрпектің де шатырына тарчылдатып жауды деп неге айтпайчың? Мен өзім шығарамын өлең. Мен де чен туралы айтпай қоямын.

Достың басына ақылды жауап келгенше, бұрылып кетіп қалды.

Шамалы ғана уақыт өткен соң, бағанағы ашудан түк қалмаған, қуанышты Үрпек жетіп келді.

– Чен білешің бе? Чен білешің бе? Мен де өлең шығардым.

Жаңбыр-ау,жаңбыр-ау,

Чен көп жаудың ғой.

Чен Дочтың шатырын ұрмай тұрғанда,

Бірінші менің шатырымды ұрдың.

Жаңбыр-ау, жаңбыр-ау!

Дос аң-таң болды. «Тауықтың миы тарыдай, – деп Мими дұрыс айтыпты ау»...

ІЗ КЕСУШІ

– Ку-ка-ре-ку-у-у! Ку-ка-ре-ку-у у! – Айдар таңды көргенін паш етуде, – Күн көрінді, түн өтті, таң келеді, тұрыңдар!

Жан-жануар қыбырлап, ұйқыларын ашуда. Түнімен қыбыр еткен дауысқа елеңдеп, бөтен иіске үріп, үй күзеткен Дос ұйқысын қимай жатыр. Көзін ашайын деп еді, бір ғана көзі ашылды. Екінші көзі ұйқыда. Ашқан көзін қайта жұмды. Ұйқының тәттісі-ай.Балқып ұйқыға кетті. Бұл не тағы? «Шиқ-шиқ» еткен дауыс ұйқысын бұза береді. Амалы жоқ, қараса – Үрпек.

– Доч, шен кеше ертең тауға барамыз дегеншің. Жүр, кеттік!

– Ертең?.. Тау?.. – Дос ойлана алмады. Сұрады да, ұйқыны соға берді.

– Иә чолай, шен айтқаншың: «ертең тауға барайық» деп. Чих-чих!

– Ерте-ең... Таууу?.. – Дос күбірлеп, мұрны пысылдап, тағы ұйқыны соғып кетті.

– Иә, тау! Тау! Ертеңге барамыз дедің, – Үрпек қатты ашуланды. Ашуланғанда жүндері үрпиіп кетті.

– Мен таумын ба? Ертеңге барамыз ба? – Дос қайта жұмылып бара жатқан көзін ашып алды.

– Ертең енді өзі келмейді ма? Мұндай ақылсыз сұрақ Үрпектің миына қонбады». Тауға барамыз, жер дүниені төбесінен көреміз, гүл тереміз», – деп таңды әрең атқызып жүгіріп келгенде... Көтеріңкі көңілін Достың ақымақ жауабы басып тастады. Оның орнына ішіне ашу толды. Кенет түсіндірмекші болды. Қайта ашуланды. Қайта түсіндірмекші болды. Екі сезім кішкентай ішіне сыймай үріліп кетті. Үріліп-үріліп, жерден көтеріліп барып, қайта жерге түсті. Шамалы жел тұрып еді, Үрпекті дедектетіп ала жөнелді. Желмен ұшып келе жатқан Үрпек талға барып соғылды. Ішіндегі үрілген ашу, басындағы ой бәрі жоқ болып кетті.

– Не болып кетті өзі? – Дос жүгіріп келді.

– Үрпек, саған не болды? Еш жерің ауырмады ма?

– Ауырмады ма? – деп жауап берді Үрпек.

– Жоқ, ауырмады, сенің ше?

– Жоқ, ауырмады. Ченің ше? – деді Үрпек.

– Мен желмен ұшпадым, талға соғылмадым, неге ауруы тиіс?

– Мен желмен ұшпадым, талға чоғылмадым, неге ауруы тиіш? – деді Үрпи тағы да қайталап.

– Сенің өз сөздерің қайда? Менің сөздерімді ала бересің?

– Ченің өз чөздерің...

– Жо-о-оқ! – Дос айқайлап жіберді.

– Жо-о-оқ! – деді Үрпек көзін жыпылықтатып. Дос үн-түнсіз Үрпекті ертіп Мимиге келді.

– Мими, – даусын шығармай сыбырлады Дос. – Үрпектің сөздері жоқ. Сен қатты сөйлеме, ол сенің сөзіңді алып, өзіңе қайта айтады. – Дос болған оқиғаны үш рет қайталағанда, Мими бірақ түсінді.

– Рас па? – деді ол Үрпекке бажырая қарап.

– Раш па? – деді Үрпек.

– Түсінікті.

– Түшінікті.

– Мими – ең ақылды, ең әдемі, ең...

– Мими ең ақылды, ең әдемі, ең...

– Міне, Дос естідің бе, елдер мені мойындай бастады, – деп сыбырлады Мими.

– Үрпек, Дос ең ақылды, ең әдемі,ең күшті, – Дос та қалыспады.

– Үрпек, Доч ең ақылды, ең әдемі, ең күшті.

– Мимиден соң, – деді Мими.

– Мимиден шоң, – деді Үрпек.

– Мими, ақылды болсаң, Үрпекке көмектес. Сөздерін тауып бер, – деді Дос сыбырлап.

– Сөздерін соңғы рет қай жерден көріп едің? Яғни, қай жерде естідің?

– Менің үйшігімнің жанында.

– Жүріңдер, сонда барайық. Мұнда Үрпек екуіңнен басқа кім болды?

– Ешкім.

– Үрпектің сөзі ше?

– Болды.

– Тағы кім, не болды?

– Жел болды, ол Үрпекті ұшырды. Тал болды, оған Үрпек басын соғып алды.

– Яғни, соңғы куәгер үшеуің. Және ол екеуі Үрпекке дос болмаған.

Мими құлағын талға тіреп тың тыңдады. Жапырақтар сыбдыр-сыбдыр етті.

– Жоқ, – деді Мими, – талдар өз сөзін сөйлеп тұр. Егер ол Үрпектің сөзін сөйлесе, «чыбдыр-чыбдыр» ететін еді. Ал бұл «сыб-сыб» дейді. Енді желді тексереміз. «Ф-у-у-чф!» – деп ысқырып, Мими жел шақырды. Қашан да жел ысқырықты жақсы көреді. «Г-у-у-у, зу-у-у.» – деп айналаны кезе жөнелді.

– Жоқ, бұл желдің өз сөзі. Үрпектің сөзі ондай емес. Ендігі куәгер – өзіңсің. Үрпектің соңғы сөзін қай жерден көрдің, яғни, естідің? Ол қандай сөз еді?

Мими кинодағы кәнігі тергеушіден айнымай қалыпты. Дос көзін жыпылықтатты.

– Ос... Оч... Оч... Осы жерден, – қорыққан Дос сақауланып қала жаздады.

– Қалай дедің? – Мими біртабан жақындап қойды.

– Ол тау деді, ертең деді... Дос есіне әрең түсірді. Барайық деді, – деп Дос айқайлап жіберді.Үрпек селк ете қалды. Ол таныды сөздерін. Ойына түсті тауға баратыны.

– Иә! – деді айғайлап Үрпек. – Тауға барайық!

– Міне, Дос, Үрпектің сөзін қайтарғаның дұрыс болды. Мими ең тапқыр із кесуші! – Мими бұрылып кетіп барады.

– Иә, тапқыш екенсің! Бірақ мен оны қалай алдым, есімде жоқ!

– Онда ертең, Дос, сенің есіңді іздейміз.

ЖЕБЕ АТ

Күндегідей жап-жарық, күндегідей қыбыр-жыбыр тірлікке, ойынға толы – аула. Тақ-тұқ еткен тұяқ дыбысына бәрі жалт қарады. Екі құлағы тік тұрып, түп-түзу аяқтарымен тас төселген жерді билей теуіп тұрған құлынды көрді. Қысқа жылтыр жүндері жалтырап, екі көзі жайнап тұр.

– Қандай сұлу? – деді Айдар мойнын бұрып, таң қала қарап.

– Қандай күшті? – деп Дос отыра қалды шоқиып.

– Қалай тақылдатады? – деп Үрпек жерді басып-басып қойды. Олай тақылдамады.

– Менің очындай аяқтарым болша ғой.

– Мұндай аяқтар саған сыймайды, – деді Мими.

– Біреуі де ме? – деді Үрпек кайтпай.

– Біреуімен қалай жүрмекші екенсің?

– Онда денем де очындай болша ғой.

– Жерден калай тары теріп жемекшісің. Мойның жетпейді ғой.

Үрпек анадай дененің үстіндегі өз басын елестетті.Ойша басын олай созды, былай созды.

– Одан да Үрпек болып жүрген оңай екен ғой... Алақай! Өзім болған

қандай жақшы.Үрпек болған ең жақшы! Ал, чендерде мен болғыларың келе ме? – деп Үрпек айналаға мақтана қарады.

– Кешір, Үрпек, әзір ондай ойым жоқ, – деп Дос төмен қарады.

– Бізге бір Үрпек те жететін шығар, – деп Мими құлынға бұрылды, – Сенің атың кім? Қайдан келдің?

– Менің атым –Жебе. Тегім – Ат. Таудан келдім. Күзге дейін анам екеуміз осында боламыз. Анам күндіз өрісте болады. Ал мен аулада жүремін.

– Тұяғың қандай қатты? Оны қалай шынықтырдың? – деді Дос.

– Мен осылай туылғанмын. Тауда мұндай тұяқ керек. Тастардың үстімен жүремін. Қыста қарды теуіп, астынан шөп теріп жеймін.

– Саған ешкім тамақ әкеліп бермей ме? Өзің іздеп табасың ба?

– Әрине, қыс бойы тауда жүреміз. Табиғаты, суы, шөбі – керемет.

– Қандай рахат, мен де тауда тұрғым келеді, – деді Үрпек.

Таң атуға шамалы уақыт бар. Аяғының ұшымен басып ауланың қақпасының алдына біздің ескі таныстарымыз жиналуда. Бұлар үлкендерден рұқсат алмай, тауға шықпақшы. Олар, әрине, рұхсат бермейтін еді. Сол үшін оларды оятып алмау керек. Әсіресе, Айдар мен Жебе сақ болуы керек. Таң шапағы шығуға жақын қалса, Айдарды тоқтата алмайтын еді. Ол қайда болса да, «Таң атты!» әнін орындауға міндетті. Ал Жебе еппен басып жүруді білмейді. Біреуі айқайлап, біреуі тақылдатып жүрсе, үлкендер оянып кетуі анық.

Мими Жебенің алдына түсіп алып, аяқты қалай еппен басуды үйретіп келеді. Жебенің тік аяғы еппен созуға келмей, төртеуі төрт жаққа кете жаздады. Тіктелемін деп, Мимиді басып кете жаздап әрең жүріп келеді. Ал Үрпек болса Айдардың тұмсығын жіппен орап әуре болуда.Үшкір тұмсықта жіп тұрмай, сырғып түсе берген соң, Үрпек жіптің екі ұшын Айдардың айдарына байлап тастады. Айдары құлаған, аузы байлаулы Айдар көзі жыпылықтап соңында келеді. Достың қуанышында шек жоқ, бәрінен озып алға шығады да, қайта қосылады. Осылай сыбырлай сөйлесіп, жолға шықты.

Шамалы жүрген соң, таңның шапағы шыға бастады. Жебе неше күннен бері еркін шаппаған, рахаттана көсіле шапты. Тұяғының сатырлаған үні мен құлағын осып өтіп жатқан ауаның гуілі оны одан сайын шабыттандырды.

– Е-хе-хе-хеу, – деп одан әрі шаба жөнелді.

Дос қарап тұрсын ба, жарыса ол да көсілді. Шамалыдан кейін екеуінің шаңы ғана көрінді.

– Бізді тауға енді кім апарады? – деді Үрпек көзін бақырайтып. Шамалыдан соң екеуі қайта бері шапты.

– Ух! – деп бәрі шу етті.

Алдында – Жебе, артында – Дос шауып, жандарынан өте шықты. – Оларды қалай тоқтатсақ екен? – Мими басын ұстап ойланды.

– Мен білемін! – деп Үрпек айқай салды да, артынша: – Білмеймін ба әлде? – деді.

Айдар басындағы жіпті шеше алмай, басын қанатына үйкеп әуре болуда. Бәрі мұны ұмытып кетіпті. Мими жүгіріп барып шешіп жіберді. Айдар «кукарейкуіне» басты. Ұзап кеткен Жебе мен Дос кілт тоқтады. Бірге шыққан достары ойларына түсті. Басында Жебе, соңында Үрпек соқпақпен бойларына қарай жүріп келеді. Небір қызыл, сары гүлдер жайқала өсіп тұр.Үрпек топтан шығады да, бір иіскейді де, жүгіріп қайта қосылады.

– Пах-пах, қандай жұпар иіс. Иіскеңдерші сендер де.

Бәрі бұрылып иіскеп көріп жатыр. Мими түшкіріп әуре болып қалды.

– Айтасың-ау, сен де! Ең керемет иіс ол... ол...– Мими көзін сығырайтып айнала қарады. – Ол да осында! Мұнда тышқанның иісі бар. – Мими еппен басып, іздей бастады. Үрпек көргенін қайталап аяғын еппен басып соңында жүр.

– Жо-о-о-оқ! – деді бәрі бірден. – Тауға қашан жетеміз?

Топ алдында Жебе, соңында Үрпек жүріп келеді.

– Біз келеміз! Біз келеміз! – деп мақтанды Үрпек.

– Оң аяғым, сол аяғым,

– Басып, басып тез жүреміз! – деп қостады Айдар.

– Қандай әсем жердің беті.

Қызыл-сары гүл тереміз.

– Қандай екен тоғай іші,

Көру үшін біз енеміз.

Тоғай өтіп, өзен өтіп,

Тау басына біз жетеміз!

Түске қарай, біздің тізбектелген топ кішкентай тоғайға келіп кірді. Тоғай іші салқын, көлеңке, майда шөбі кілемдей – ғажап екен. Биік ағаштардың жапырағы сыбдырлап, самал жел бойыңды балқытады. Мөлдір бұлақтың суына қанып алған олар, көк майсаға аунап ойнады. Шамалы дем алып, тамақтанып алған соң тоғайдан шығып, таудың етегіне жетті.

– О-о-го-го-гоо! – деді бәрі тауға қарап. Таудың етегі жасыл шөппен, қызыл-сары гүлмен көмкерілген. Ал ортасынан төбесіне қарай жалпақ, жылтыр тастар жауып жатыр.

– Та-ау! Біз саған келдік-ау! – деді Үрпек. – Сен сондай әдемісің. Тақияң аппақ бұлттан. Жейдең қоңыр тастан. Етегің ғажап гүлден жасалыпты.

– Үрпек, сен қалай дұрыс тауып айттың. Үлкендер сияқты ойлайсың! – Өзінен басқаны мақтай алмайтын Мими таң қала мақтап жіберді.

– Үрпек дұрыс сөйлеп тұрған жоқ! – Дос айқай салды.

– Неге? Өте тауып айтты. Не деген ақылдысың, Үрпек! – Жебе қоштады.

– Қалай олай айта аласың? – Айдар Досқа таңдана қарады.

– Жоқ, ол өте әдемі айтты. Бірақ қате, ой, яғни дұрыс айтты. Ол... Ол Сен сондай әдемісің деп айтты! Ол «Ш» демей «С» деді!

– Алақа-а-ай! – деді бірден бәрі. – Үрпек «С!» деді.

– Келіңдер, Айдар, Үрпек! Мініңдер арқама! Тауға шығамыз.

Жебе арқасында Айдар мен Үрпек шаба жөнелді. Дос пен Мими артында.

Самал жел Үрпектің үрпек жүнімен ойнап ұйпа-тұйпа қылды. Ол болса дән риза. «Сссссссс!» деп ысылдап қояды да ыржияды. «Сол, сонан соң, сен, су, сел, сол сияқты» деп қайталай береді, Жебенің жалынан қатты ұстап алып. Айдардың екі көзі артта. «Дос пен Мими қалып қалар ма екен» деген оймен мойнын бұрып алып, тастай қатып отыр. Екі рет дем алып, таудың басына да жетті біздің топ.

Айнала тегіс көрінеді екен. Әне, анау – өздері дем алған тоғай. Анау – көпірінен әрең өткен өзен. Анау – өздерінің ауылдары. Таудың арғы бетінде суы айнадай жарқырап көл жатыр. Табиғат барлық сәнін көрсетіп, мол шуағын төгіп тұр. Бізді достарымыз таңқала қарап тұр.

– Сенің тауың қандай керемет! – деді Үрпек.

– Бұл бәріміздің тауымыз! Біздің әлем! – деді Жебе.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙