Елдің мұңы, жұрт қамы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Сәкен Иманасов — «Елдің мұңы, жұрт қамы». БҮГІНГІ БІР СӨЗ
/uploads/03b4f530-0eca-5815-9b5b-9a91c1844f7a/cover.png
БҮГІНГІ БІР СӨЗ
Қазіргі қазақ елі ауқым-аясында жүзеге асып жатқан игілік пен ізгілік, жасампаз жақсылық, қысқасы, ұлы-кіші үрдістердің бәріне үдірейе қарап, үрке қабылдап, баз бірде тіпті отбасында отырып алып сынап-мінеуден арылмай-ақ келеміз. Арылмақ түгілі, әрбір жаңа нышан, тәп-тәуір бастаманың бәріне: "өй, сол баяғы гөй-гөй ғой, не өзгеріп, не жаналық бола қояр дейсің, тегі!" – деп кіді кекесін аралас күдікпен қарауды үдете түсіп бара жатқандаймыз. Қайдағы бір өнбес дауды қоздырып, қыздырманың қызыл тіліне ере бергенше, бұл да болса тағдырдың бізге қарай мейіріммен бет бұрғаны шығар, соған да шүкір дей отырып, бір мәміле пәтуаға тоқталсақ болмас па еді, деп төрелік айтар кісі де табылмай жүр.
Бұл жерде "тағдыр" деген сөзді әдейі баса айтып отырмыз, одан шошынар түгі жоқ. Кезеңдер мен дәуірлерге бөлінетін тарихтың салқар ұлы көш-легінде бес жыл, он жыл дегеніңіз теңізге құяр тамшыдай ғана болып қалуы заңды да, ондай болмашы уақ-түйек жылдар легіне бұрылып қарап, есепке алып жатуға ол "кәріңіздің" мұршасы да бола қоймас. Ал біздің еншімізге тиер мерзімнің қамшы сабындай қысқа екендігін ескерсек, "көрі тарихтың" жаңағы айтқан елеусіз он жылының өзі тағдырдың тосыннан бере салған өлшеусіз олжа-сыйы, шексіз мырзалық болып саналар еді.
Солай дей тұрсақ та, адам болмысы, пенде жаратылысы деген де қызық қой, тірліктің бар қатыгез тауқыметін, балтыры сыздап, басының ауруын, бақсыз, талайсыз болған кезеңнің бәрін тағдырға жабады да, сол тағдыр бет-жүзін оңға бұрып, күле қараған алғашқы сәтте-ақ қалпағымызды аспанға ата мәз боламыз да, әлгі Эйфория басыла бере кілт айнып: "анау жоқ, мынау жетіспей жатыр!" деп күңкілдеп, ырыс пен ынтымақ, дәулет пен бақ аспаннан лақ етіп неге бірден жауа салмады деп күйіне гөй-гөйге басатынымыз және бар.
Арғы-бергі тарихқа үңіліп көріңіздерші, қай елдің басына бірден бақыт үйіріле қалып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалай салыпты. Осы күні дәулет пен байлық жағынан алдына жан салмай әлемді аузына қаратып отырған. Оңтүстік Корея, Тайвань, Гонконг, Сингапур ұлттық енжарлық пен немқұрайды, миғүла мимырттықтан арылудың қаншалық ауыр жолын өткенін, қанға сіңген құлдықтан құтылу жолында қаншама қиналыстар мен жанкештілікті бастарынан өткізгенін біразымыз жақсы білеміз. Дәл осы елдер қантөгісті де, төңкерісті де көрген. Ел басқарған лидерлері де ауысып жатты. Ақыры өзіне лайық сара жол тапты, демократиялық үрдістерге мойын бұрды, ел тағдырын әрқайсысы өз тағдырым деп қарап, қай іске болмасын белсенділікпен жұмыла білді, ел таңдаған азамат басшыларының соңынан ерді.
Тағдыр өзі олжалатқан берекелі бетбұрысты баянды ету жолында бүйректен сирақ шығармай, үй ішінен отау тігуге әрекеттенбей-ақ, барымызды базарлап, бұрайтынымызды бұрап, құрайтынымызды құрап, туған елдің төрт аяғынан тік тұрар дәрежесін меже ете қимылдауымыз керек емес пе еді? "Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді" демейтін бе еді халқымыз. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" дегенді де сол халқымыз айтқан болатын. Енді-енді дербес ел болып енсе көтеріп жатқанда осы бір аксиомадай ақиқатты, қалтқысыз қағиданы бір сәт естен шығарар болсақ, жайылған қолдың саусақтарындай жан-жаққа шашырай бастасақ, бетін, әрине, аулақ қылып, әлгі мейірман тағдырдың теріс айналып, тонын сыртқа салып шыға келуі де ғажап емес қой!
Өз басым аса діндар адам емеспін. Сөйте тұра күнәлі болудан өлердей қорқамын. Ал өзім қорқатын күнәнің ең қорқыныштысы – қолда бар мүмкіндігіңді, ақыл-ес, күш-қуатыңды пайдалана алмай, маңдайыңа бұйырған бақ құсыңды үркітіп алу. Үркіп ұшқан құстың ол тұғырға қайта қона қоюы екіталай.
Біз әрдайым өткенге салауат айтып, бүгінге береке тілейтін елміз. Жапондарда: "Кешегің өтті-кетті, енді қайта оралмайды, болашақ қашан да күмәнді, сондықтан бүгінгі күнмен өмір сүр!" – деген қағида бар екен. Қазақы түйсікке қайшы да келуі ықтимал. Әйтсе де арғы астарында жан бар сөз. Өйткені уақыт толастауды білмейді, ағын судай зымырай ағып, көзді ашын жұмғанша бүгінгіңнің өзі қас-қағым сәтте өткен шаққа айналуы да хақ.
Сол кезде өкінбейтін болу үшін не істеуіміз керек.
Әлгі айтылған "күнә" сөзіне қайта оралайық. Тірлігінде әйтеуір бір рет күнәға батпайтын адам болмайды. Ондай тағдыр софыларға да бұйырмаған. Сондықтан да оқтын-оқтын жасағанға мінәжат етіп, күнәдан арылып отыру да көп парыздың бірі саналады. Не айтатыны бар, біз күн сайын белшеден күнәға батып жүрген қоғамда өмір сүргенімізді білмей келдік. Сондықтан да күнәдан арылу дегенге ой жүгіртіп көрген емеспіз. Қоғамымыз өткен жолдың бәрінде үзіліссіз, ұдайы күнәға батып отырыппыз. Бізге дәріс берген, оқытқан, оқытқанын азды-көпті тоқытқан ұстаздарымыздың өздері де шетінен күнәһар болыпты. Күнәһардан "тәлім" алған күнәһар болыппыз да шығыппыз. Соның бәрін кеш ұғып, кешігіп түсініппіз. Оған бола бармақ шайнай өкінудің де орны жоқ екен ендеше...
Соның бірін көрмеген, көрмек түгілі сезіне білмеген "бота тірсек бозбалалар" не істеп, не қойғысы келіп жүр қазір? Аңқау елді аңдап ұрып, ауыздағыны қағумен қалтасын қалыңдатып алып, енді сол кеше ғана езі қан қақсатқан елге көсем болып шыға келуді аңсайды. "Көсем" болып жатқандар да бар. Халық болып қаршадайдан хан көтерген ұлықтың айналып келіп жүлікке, жүліктен бүлікке айналуынан өткен сорақылық бола ма?
Баяғы ауыр күнәдан арыла алмай келе жатуымыздың бір белгісін осы арадан іздесек қателеспейміз.
Ой-сана түйсігі қабылдаған идеяны қолдауға, қорғауға, қуаттауға қабілеті жетпеген халықтың болашағы қайтсе де бұлдыр. Көп болып тізе қоса атойлап, айқай салып шығар тұста: "Өкіметтің өзі білер, көрмей отырған жоқ шығар!'" – деп іркілу бірте-бірте ой енжарлығына, бойкүйездікке апарып соғады да, ұлттың дара менталитетіне айналады. Сөйтіп ол халықтың әл-ахуалына орасан зор залалын тигізеді. Ұлттық дәстүрге айналған салғырттық соңы торығуға, үмітсіздікке келешектен күдер үзуге апарып бір соқпай қоймайды.
Өткен айлардың бірінде "Егемен Қазақстан" газетінің бетінен Қойшығара Салғараұлының Абылайхан жайындағы фильм түсіру барысына назаланған жан айқайын оқығаным бар еді. Болашақ фильмнің сценарийін жат-жұрттық біреу жазады, басты ролде басқа бір шетелдік актер ойнайды, сонда "таланттымыз, дарындымыз'" деп күпініп жүргеніміз жалған болып шықты ғой. Өз сөзімізді өзіміз айта алмасақ, үніміз іргеден аспаса – одан өткен мүсәпірлік бола ма? Ұлттың намысын аяққа таптату деген осы емес пе?!
Бірақ содан бері не кино түсірушілер жақтан, не үкімет тарапынан өкілетті бір адам тіл қатып, ләм-мим деген жоқ. Бұл не? Бойкүйездік пе, "күл болмаса бұл болсын" деген немқұрайлылық па. Не десек те, елдікті ойлаудан туған үнсіздік емесі белгілі.
"Біз күндердің күнінде жауларымыздың сөзін емес, достарымыздың үнсіз қалғанын еске алатын боламыз" – деген екен әйгілі Мартин Лютер Кинг.
Өнеге тұтар сөз осы!
ТОСЫН ТУҒАН ӘҢГІМЕ
Бұрнағы жылдары болатын, әлдене отырыстан кештеу шығып, түнделете таксимен келе жаттым. Қазақы қалжыңы бар, қуақылау, сөзуар жас жігіт менің қайда бара жатқанымды тәптіштеп сұрап-біліп алды да, бетіме жалтақтай қарай беріп:
– Аға, сіз жазушы емессіз бе? – деп сұрады. Сірә, не теледидардан өзімді, не бұрынғы кітаптарымның бірінен суретімді керген болса керек.
Кездейсоқ танысқан адамға өзімді-өзім әйгілеп "ақын едім, жазушы едім" деп жататын әдет менде бұрыннан жоқ, оның үстіне солай танысудан әрдайым қысыла сақтанып, аты-жөнімді айтумен ғана шектеліп қала беруші едім. Бұл жолы бейтаныс жас жігіттің сұрағына едәуір мүдіріңкіреп барып еріксіз бас изей келіскен сыңай танытуға тура келген.
Тақсиет жігіт ауызы аузына жұқпай сөйлеумен келеді.
– Қазақты құртып жүрген үш мәтел бар, аға, соны білесіз бе? – деп сұрады ол кезекті бір тақырыпсыз әңгімесін аяқтай бере.
Сұрауын сұрағанымен өзі менің жауап қатуымды күтіп де жарытпады-ау деймін, машина жүрісімен қосыла тағы қызық әңгіме тиегін әрі қарай бұра берді.
– Біріншіден біз, қазақты айтам, аға, соншалық қаперсіз, қамсыз халықпыз. Ертеңгі күнді ойлап бас қатырып жатпаймыз. "Таңғы нәсіп тәңірден" – деп бейқам жүре беретініміз бар. Етек-жеңімізді жинақы ұстау жағына мән бере қоймаймыз. Рас па, аға, осыным?
– Рас болар! – деймін мен.
– Екіншіден, – дейді айдаушы жігіт менің қолдауыма да, қолпашыма да зәру емесін аңғартып, – біз, қазақтарды айтам, аға, басымыздан біреу аттап жатса да, табанға сап таптап жатса да мыңқ етпейтін түйе сияқты көнбіспіз. Есемізді жібермеу, ош алу, кек қайтару дегенге мүлдем жоқпыз. "Е, қойшы – соны, құдайдан қайтар!" – деп енжар қарап жата береміз. Алдынды орап әлдебіреу ақынды жеді ме, намысыңа тиді ме, сол баяғы бейғам "құдайдан қайтарды" айтып қарымта қайтармай енжар қала беретініміз бар. Осы өтірік пе, аға?
– Өтірік емес! – деп қостап қоям мен де.
– Ендеше үшіншісін тыңдаңыз, – дейді ол да машина екпінімен екілене сөйлеп, оның үстіне құйма құлақ тегін тыңдаушы табылғанына да разы болған түрі байқалады. – Мұны да сіз жазушы болған соң бірде болмаса бірде әжетіңізге жарап қалар ма деген ниетпен әдейі айтып отырмын. Әйтпесе, қазақ десең өзіңе тиерін мен де бір кісідей білем ғой.
Менің мекен-жайыма шейін біраз жер бар еді, соған мөлшерлеп айдаушы жігіт те әңгімесін асықпай соза түсетін сияқты.
– Сонымен үшіншісі не дейсіз ғой, аға?
– Иә, үшіншісі не? – деймін енді мен де елеңдеп.
– Үшіншісі жаңағылардан да сорақы. Оны сіз менен де жақсы білесіз, – деп ол өзіме ептеп көпшік те қойып алды, – бұ тірлікте адамның күні адаммен емес пе, ағасы? Адамның адамсыз күні бар ма. Міне, сіздің де жеті түнде маған күніңіз түсіп, аяқ асты кіріптар болып келесіз.
– Қой, батырекесі, – деймін мен, – мен неге саған кіріптар болуым керек? Өзің айтқан пұлыңды төлеймін деп келісіп едік қой әлгінде.
– О жағын айтып отырған жоқпын, сөздің реті ғой, аға, әшейін. Адамның адамсыз күні қаран. Міне, бүгін мен сізге қажет болдым, қызмет етіп келе жатырмын. Кім біліпті, күні ертең қат бір шаруамды айтып сіздің алдыңызға менің де баруым мүмкін ғой, солай емес пе?
– Солай, – деп қостап қоямын.
Соны бәріміз де жақсы біле тұра, солай екеніне көзіміз әбден жете тұра ақырына дейін мән беріп, астарына үңіле мандытып жатқанымыз шамалы-ау! "Кісі көңілі бір атым насыбайдан қалады" – деп өздеріңіз күнде айтып жүресіздер. Соны біле тұра кейде есіктегі иті үшін, енді бірде балақтағы биті үшін өкпелеп, ет жақын, ең жақын дейтін екі туып, бір қалған туысқанына тосыраңдап: "Ә, қойшы, мені сол асырап отыр деп пе едің, онсыз да бірдеме етіп күнімізді көрерміз!" – деп теріс айналып кететін ағайындар да бар ғой. Ондайда тіпті "бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қомпайтар" деп, көпе-көрнеу күпініп, жота жүнімізді күдірейте дүрдиіп қоятынымызды қайтерсіз. Осы өтірік пе, аға?
– Түк өтірігі жоқ, – деп қоям мен.
Вот так, аға, – дейді сөзуар жүргізуші тағы да желпіне түсіп, – қазақты ілгері бастырмай, ел болдырмай жүрген де, кежегесінен кейін тартып отырған да осы мен айтқан үш сөз үш мәтел. Нанбасаңыз бар ғой, аға, қазір үйге кірген соң жеңешеміздің қасында қою шайын ішіп, маңдайымыз жіпси отырып тағы бір ойланып көріңізші.
Үйге де жеттім. Уағдаласқан ақы-пұлымды төлеп мен қалдым да, сөзуар шопыр өз жөніне кете барды.
Расында да ойлануға тура келіп еді. Үйге кіре Абайдың і ара сөздерін қолыма алып, қайта бір қарап шықтым. Жиырма тоғызыншы сөзінде: "Біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар" – деген еді жарықтық.
Сол Абай атам айтқан жарамсыз мақалдар мен мәтелдер ішінде әлгі жігіт айтқан үш қисын бар ма, жоқ па деп, аудара төңкеріп, ақтара тексере сүзіп те шықтым.
Жоқ екен.
Ендеше жаңағы сөзуар жігіттің түнделете жолаушы тасып жүріп ез көңілімен жеткен, өз түйсігінен туған тұжырым болды-ау бұл деп ойладым.
Не деуге болады, ойы да, сол ойдан өрбіген өзіндік пікір түйіні де орынды. Сені де әрі-сәрі күйге түсіріп, алды-артыңды қымтай түсуге мәжбүр ететін сөздер.
Дербес ел болып, дара туымыз желбіреген алғашқы жылдарға көз жіберіп көрейікші. Кеңес үкіметі күйреп, егемен бола бастағанымыз сол еді, мыңғырған мал да, фабрикалар мен зауыттар да, жер қайысқан техника да тістегеннің аузында, ұстағанның қолында талан-таражға түсті де кетті. Ондаған жылдар бойына бірнеше ұрпақ өкілі тірнектеп жинаған дәулет бірер жыл ішінде тып-типыл жоқ болды. "Тарта жесең тай қалады, қоя жесең қой қалады" дегенді естен шығарып, біреу қуып келе жатқандай түйені түгімен қылғытып жатқандарға "көп!" деп айта алмадық. Аз жыл ішінде жерінің асты-үсті де бай елдің қайыршы адамдары болып шыға келдік. Рухани асылымызды да су аяғы құрдымға кетіріп барып жинай бастадық емес пе!..
Ана тілі, мемлекет тілі деп тілімізді безеп бастағалы қанша болды? Қоғамдар да, комитеттер де құрған болдық, олардың басында да көп жерде "тіл білмес" шенеуніктер, кәрістер мен басқа да ұлт өкілдері отырды. Бүгінгі ана тілімізді жақтап ара түсіп жүрген әзірбайжан жұртының аяулы қызы Асылы Османова, әдебиетіміздің арын арлап, қала берді сол арымыздың намысын жоқтаушы болып неміс баласы Герольд Бельгер жүр шырылдап. Оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, әрине. Бірақ бұл да сол өз намысымызды өзіміз қорғай алмас "қазақылығымыз"', біреу тіліңнің өзін тілдеп жатса да, көзіңді ала бере өзіңді келеке ете жүндеп жатса да ол баяғы "құдайдан қайтар" дейтін самарқау санасыздығымыз, үркектігіміз, үргедектігіміз емей немене!
"Адамның күні адаммен" дегенді біле тұра, көкірегіміз қабылдай тұра тағы да сол баяғы "әй, қойшы, сонымен" таңымыз атып, күніміз шығып жүр. Қазақстан жазушыларының 700-ден астам мүшесі бар екен, тізе қоса қимылдап, ел ісіне өктемдікпен, өкілеттілікпен араласып, басым түсе батыл сөз айтып отырудың орнына, "сол одақ мен үшін не жасай қойыпты, талантыма талант қоса ма, кітап жазып бере ме?" –деп "күпіне" түсетін әріптестеріміз де жоқ емес. Көп түкірсе қол болатынын, көп қорқытып, терең батыратынын естен шығарып, "онсыз да күн керіп жүрмін ғой" деген енжар пиғыл өріс ала береді. Содан барып Одағыңның да, жазушыңның да бағы қайтып, беделі төмендеп, соған әрқайсымыздың қосқан "үлесіміз" барын "ұмытып" шыға келеміз.
Міне, солай, ағайын. Кейде бір күтпеген жерден шүйіркелесе кетуден де осы сарындас ойлар туады.
Ол да жақсы, бірақ...
СӘБИ БОЛҒЫҢ КЕЛМЕЙ МЕ?
Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын,
Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын.
Ақылдылар арланып ұялған соң,
Ойланып түзеле ме деп айтқанмын, –
деген еді бір кезде Абай жарықтық. Бұдан бұрын "түбін ойлап, уайым жеген" сөздің біразын біз де айтқан болып ек. "Ұялған арлыны да, түзеле кеткен" зарлыны да көре қойған жоқпыз. Сондықтан да болар, тағы бір әңгіменің орайы келіп тұрғаны. Оған да себеп болған өз замандасымыз, өткен ғасырдың тағы бір үлкен ақыны Мұқағали Мақатаевтың "Сәби болғым келеді" деп аталатын әуенді де әдемі өлеңі еді. Бұл өлеңді де біразымыз білеміз, әртүрлі үлкен-кіші той-думанда даусымыз келсін-келмесін бәріміз қосылып әнмен айтып та жүрміз.
Бәз-баяғы әлдене себеппен көңілің нілдей бұзылып, жүйкеңнің босап сала беретіні болады. Сондай бір қарап тұрып күйзелген кезде: "Сәби болғым келеді-ау, сәби болғым!" деп іштей ыңылдап мұңды әуенге ауыса бастағаныңды аңғармай да қаласың. Сөйте тұра: "Ақын неге сәби болғысы келеді екен?" дегенге ой жүгіртіп, осы сөз астарына да үңіліп бір көрейікші деген қайсымыз бармыз. Өйтіп құлшына қояр құлқымыз болған емес те.
Мұқағалидың өлеңі есіме түскен сайын менің өзімнің де сәби болып кеткім келетіні бар. Өйткені, өмірге келген әрбір пенде баласының ең бір мөлдір-тұнық, судан таза, сүттен ақ кезеңі де сол бір ғана балалық шағы екен. Әлі тіпті аңғырт та емес, албырт та емес, ақ-адал ғана кіршіксіз сәби шағы, періште шағы.
Иә, дейсің тағы да, ішінде қулық сақтап, лықсып келген ойын іркіп қалуды білмейтін, артық айтып қоймадым ба деп айналасына екі шоқып, бір қарап әдеттенбеген ары да, жаны да таза адамды көрсек, жас сәбиге теңеп: "Өзі де құдды бір бала сияқты екен!" деп баға беріп жатушы едік қой.
Әрине, келе-келе, жүре, есейе, көпті көре келе бәріміз де "балалықтан арылып", тығылып-бұғынуды, жалтарып-бұлтаруды, иіліп-бүгілуді үйрене бастаймыз. Тік сөйлеп, турасын айтудан гөрі жалтара қалып, жалған сөйлеудің әлдеқайда тиімді де пайдалы екендігіне көзіміз жете түседі. Ойламай сөйлегеннің от басып, үндемегеннің үйдей пәледен құтылып жатқанын көресің. Сөйтіп, сен де бұға қашып, бұлтара тұруға дағдыланып аласың. Көре тұра көрмеген, біле тұра білмеген бола қаламыз. Ақ сөйлеп, адал айтпақ болған адамның өзге түгілі, өз ағайынына да жақпасын аңғарасың. Соның бәріне етің әбден үйреніп, күні кеше ақ болғаның да, пәк болғаның да бірте-бірте "ұмытыла" бастайды. Тірлік атты ұлы көште әсіре адалдықтың аясы тарлығына, ойлағанындай опа берекесіне біржола ден қойып, енді өзіңнің сол сәби кезіңді: "Әй, мүлде бала екенбіз-ау, ештеңенің байыбына бармай, парықсыз жүре беріппіз" – деп мысқылдай қарап, мүсіркей еске алып, "заманың түлкі болса – тазы боп шалуға" қай жерде жүріп бейімделіп алғаныңды аңғармай да қаласың...
Сәби мұның біріне де баспас еді...
Міне, осыларды ойлап отырып, Мұқағали ақын өзінің сәби шағына қимас бір құштарлықпен қарап, өлең құдіреті арқылы болса да Қарасазда өткен қайран балалығына қайырыла соғып, қайта оралып жүрген екен-ау дегенге бой алдыра беретінің бар. Өйткені балалық шағын жиі-жиі есіне алып, өзіне өзі сырт көз арқылы сынай қарап жүрген адам ғана дүние кірін бойына қаншалық дарытқан-дарытпағанын, дүние шуынан қаншалық жалыққан-жалықпағанын мөлшерлеп біліп, таразылап, талдап алар еді.
Ал, осыған қарама-қарсы, балалықтан ат-тонын ала қашып, енді қайта сәби болғысы келмейтін, яғни "болдым да толдым" деп бейғам балалықты есінен шығарған адамның бұдан өрі ізгілік іздеп, иманға ұйып, кісілік жолынан адасқан жоқ па екенмін деп ойлай қоюы да екіталай.
Бұл менің осы жасымда әбден-ақ көзім жеткен нәрсем.
Көптің бірі болып ел қатарлы өмір сүре беру бар да, туа бітті дегдар қалпында кісі болып тірлік кешу бар. Екеуі екі басқа ұғым. Өзін ақыл иесі санайтын әрбір адам тәңірі сыйлаған барлық қуат-күшін, парасаты мен білімін, көргені мен түйгенін, өнегесі мен үлгісін кісі болып қалсам деген бір ғана мұратты мақсат жолына жұмсаса, сол бағыттан айнымаса – діттеген жерінен түбі бір шығар еді. Айнала жұртты: "Әй, кісі-ақ еді ғой, шіркін!'" – дегізетін тұлғаға айналар еді.
Бірақ адам біткеннің бәрі сол біз айтқан кісілік жолына барын сала ұмтылмайды, ұмтылуды қажет деп те санамайды. Жаратушы бізді Адам атаның бауырынан айырып, өзіміз сияқты екі аяқты пенделермен бірге болып, біріге жүрсін деп көп ішіне қосып жібере салған кезде бір нәрсені ескермегенге ұқсайды. Біздің әрқайсымыздың жеке-жеке ой-арман, мұрат-мүддеміз болатыны ескерілмей қалған ба деймін. Жаратылыстан кеткен сол бір "шалағайлықты" жөндесек пе деп те қаншама ойшылдар, кемеңгерлер адам нанғысыз қайрат-жігер жұмсады. Соны басқалардың бәрінен де өзіміздің Абай тереңірек түсінген тәрізді. "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың, жақсы менен жаманды айырмадың, бірі қан, бірі май боп енді екі ұрғың" – деп күңірене жүріп:
Менсінбеуші ем наданды,
Ақылсыз деп кем тұтып,
Түзетпек едім заманды,
Өзімді тым-ақ зор тұтып, –
деп те дағдарған болатын.
Қайтерсің, "жарлы емеспін, зарлымын" деп күйзеліп өткен сол Абайдың өзі де ащы зарын аянбай төге келіп бірде: "Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр, сырымды тоқтатайын айта бермей!" – деп көп сөзін іште бүгіп қала бергенін жасырмайды. Бұл не сонда? Надан жұртым сөз ұқпас деді ме, болмаса шындықты іркілмей айтудан жалтарғаны ма? О жағы маған беймәлім.
Өзінің "оныншы сөзінде" сол Абай атамыз тағы да: "...Хош, құдай тағала бала берді, оқы өзің жақсы асырай білесің бе? Білмейсің. Әуелі өз күнәңді өзің көтергеніңмен тұрмай, балаңның күнәсіне тағы да ортақ боласың. Әуелі баланды өзің алдайсың: "Әне, оны берем, міне, мұны берем" деп. Басында баланды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің? ... қу бол, сұм бол деп, "пәленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді" деп, тірі жанға сендірмей шет жат мінез қылып, осы ма берген тәлімің? Осы балаңнан қайыр күтесің бе?" – дейтіні бар.
Біз де сол, кейде бір елден бөліне ой тастап, пікір білдірген адам болса: "Баланың сөзін айтып!" – деп кекетуге, тіпті мұқатуға дайын тұрамыз ғой. Шындықтың өзі сол баланың сөзінде екенін тағы ескеріп, елеп жатпаймыз. Ағынан жарылып, адалын айтып отырған адамнан безініп, ат-тонымызды ала қашамыз. Балалықтан арыла бере қулықпен карын бөле, сұмдықпен сыбайлас болуға итермелеп тұратын да бір күш бар. Сыртқы күш.
"Балалы үйдің ұрлығы жатпас" дейтін қағиданы туғызған да, тұтас бір патшалықтың адамын ақымақ қылып, мазақ еткен Андерсеннің әйгілі екі алаяғын әшкерелеп: "Король жалаңаш қой", – деп үлкен-кішінің көзін ашып, шындыққа жүгіндірген де сол сәби еді ғой. Құйтымдай бала екі жүзділікке еті үйреніп кеткен бүкіл бір елдің масқарасын шығарған жоқ па еді сөйтіп.
Орыс жұртыңда да: "Устами младенца глаголит истина" дейтін аталы сөз бар. Яғни, сөзге нанғыш, айтқанға иланғыш болғанымен де, жалтарып, жалтақтамай, барды барынша, жоқты жоғынша әрдайым өз орнына қойып беретін де сол сәби көңіл, кіршіксіз таза балалық екенін айтады.
Бұл аңғалдық та, аңқаулық та емес, расына көшсек – айна-қатесіз, алып-қоспасыз адалдықтың өзі.
Өзі адал адамның ешқандай күдік-күмән ойламай, айтқанға сеніп жүре беретіні де содан. Содан да барып басқаға сілтенген ащы таяқтың өзі алдымен адал адамның маңдайына барып тірелетіні бар...
Соның бәрін біле тұра, баз-баяғы Мұқағали ақын айтқандай, сәби болып кеткім келетіні бар менің.
Ал сенің сәби болғың келмей ме?
КІСІЛІКТІ АДАМ ҚАЙДА БАР?
Бірде Александр Твардовский әлемге әйгілі музыкант Мстислав Ростоповичпен бірге шетелден ұшып келе жатса керек. Екеуі бірін бірі жақсы біледі, екеуі де ішіп-жеуді жек көрмейді; самолет үстінде едәуір сілтеңкіреп алған соң әртүрлі тақырыптағы әңгіменің де қызып беретіні бар. Кезекті бір сөз арасында Твардовский:
– Орыс жерінде кісілігі бар адам да құрып бітіп барады-ау өзі, – деп қалады.
– Асыра сілтеп алған жоқсыз ба, Александр Трифонович, адал адамдар,.. – деп дау айтпақ бола берген Госгроповичтің аузын аштырмай, ақын:
– Жо, сіз тұра тұрыңыз. Мен адал адамдар емес, кісілікті адамдар (о порядочных людей) жайында айтып отырмын. Екеуі екі басқа ұғым, әсте шатастырып жүрмеңіз, – дейді өзіне ғана тән байсалдылықпен әңгімесін әрі қарай жалғастырып. – Адал адамдардың, құдайға шүкір, әзірге бары рас, ал мүлдем құрып бітуге таяу қалғаны кісілігі бар адамдар. Солар туралы айтып отырмын. Айталық, мен сізге Кеңестер одағының келеңсіз бір ісі туралы өлеңімді (әңгіме Кеңестер одағы кезінде болып отырғанын ұмытпайық) оқып бердім делік. Сіз нағыз патриот ретінде оны дер кезінде тиісті орындарға жеткіздіңіз, оны өзіңізше отан алдындағы парызымды өтедім деп ойладыңыз, яғни ел қамы үшін адал қызмет атқардыңыз. Ал енді осы да кісілікке жата ма? Әлгіндегі кісілік пен адалдық жайындағы ұғымдардың да жөн-жосығы мүлдем кереғар екендігін айтқанда мен осыларды меңзеген едім.
Мақаламның тақырыбы тосындау естіліп, оқырман құлағына түрпідей тимесе де, сәл-пәл тіксіндіріп жүре ме деп мен әйгілі орыс ақынының өмірінен алынған осынау мысалды әдейі келтіріп отырмын. Барша жаратылыс-болмысы, бүкіл творчестволық тірлігі бір ғана кісілік жолына бағындырылған, бақты да, сорды да содан тапқан (өзінің үлкен-кіші замандас, қаламдастарының бірауыздан мойындауы бойынша) осынау бір аса талантты ақынның сөзіне бір нәрсе алып қосамын деудің өзі артық әурешілік секілденеді. Адам көңілінің елеусіздеу бір түкпірінде бұғып жатқан ойдың осылайша оқыс ақтарыла салатын кездері болатынын білетін едік.
Мен де кейде осы Кісілік қасиет (орыстың "порядочность" сөзінің баламасы ретінде алып отырмын) дегеніміздің өзі біржола құрып бітіп бара ма деп қауіп қыламын. Соған бір мысал. Тонның ішкі бауындай туысып кетпесек те, жеке басын көтере сыйлап жүретін бір азаматты білетін едім. Әрдайым алқалы топта ақ сөйлеп, адал пікір айтып жүретін. Аузынан ақыл, ажарынан мейір төгіліп тұрғандай көрінетін сол адам Президент нөкерлері қатысқан бір жиында Елбасының атына көл-көсір мадақ айтып көсіліп бір берсін. Бұл жерде ол мадақтың ешбір реті де жоқ еді, біразымыз "бұл қалай?" – деп бұға бердік.
Әрине, өз орнын, жөн-жосығы болған жерде айтылса ол сөздің ешбір сөкеттігі жоқтығы рас-тын. Бірақ бұл жолы "біреуі болмаса біреуі жеткізіп баратын шығар" деген ішкі есепке құрылғаны, ағамыздың да осындай реті келіп тұрғанда жағымды бір сөз айтып қалғысы келгені аңғарылып-ақ тұрды. Дәйім ғана аталы сөз айтып жүргендей көрінген адамның осы бір оғаштау қылығын езінің де аңғармауы, "жағымды" сөз бен жағымпаздықтың түп-тамыры бір екенін сезбеуі мүмкін емес еді. Біле тұра әдейі барды...
Бұл жерде мынаны да айтуға тиіспіз: кейде ұлы тұлғалар туралы жаза келіп: "бірақ барлық жұмыр басты пенделер сияқты бұл кісі де пенделіктен құралақан емес еді" – деп жататынымыз бары рас. Сол ұлы адам бойынан түйірдей мін тапқанына мәз болып, қыбы қана күлімдеп, "е, ол да өзіміз сияқты екен ғой" деп құдайы беріп-ақ қалатын тоқ қарын тоғышарлар аузына сөз салып отырғанымызды да аңғармай қалатынымыз бар.
Тоғышарға (обыватель) керегі де сол, түймедейді түйедей етіп, жаңағы жақсының сыртынан тисе таяққа, тимесе бұтаққа деп, кесек атып қалып жатады.
Осы арада бәріміз білетін "Мауглидің" авторы Редьеяр Киплингтің "Король болғысы келген адам" дейтін әңгімесін еске түсіре кеткім келеді. Тағдыр айдап жабайы индеецтер арасына тап болған Мысыр жауынгері көп уақыт көлеңкесіз бей-жай тірлік кешеді. Тәңірінің өзі жіберген жарылқаушымыз деп сенген жабайылар оның басынан құс ұшырмай, айдауына көніп, айтқанына жүреді. Бірте-бірте өзін шынында да жаратушының жердегі өкіліндей сезінген жігіт енді жабайылар королі болғысы келмей ме. Индеецтер онысын да жік-жапар болып, құлшылық ете қабылдайды.
Содан күндерден күн өткенде әлгі жауынгер құдай атып, жергілікті бір әйелге ғашық болады ғой баяғы. Қайтер екен деп корольді аңдыған индеецтер оның да өзгелер сияқты әйелді белгілі бір қажеті үшін пайдаланғысы келгенін байқап қалып, "е, бұ да өзіміз сияқты пенде екен ғой!" дейді де жабыла жүріп, оны өлтіріп тынады.
Бұл жерде кісілік пен пенделіктің арасы жер мен көктей екенін, пенде біткеннің бөрінің басына кісілік қасиет дари бермейтіндігін айтпақ едім. Қастек Баянбаевтың "өзімді өзім жек көрген кезім – пенделікке дейін төмендегенім, өзімді өзім бағалаған тұсым – кісілікке дейін жоғарылағаным" дегенге саятын екі шумақ өлеңі болушы еді. Кітабын таппай, дәлме-дәл келтіре алмадым, бірақ мағынасы осындай екені анық. Соны оқығанда ойлаушы едім, бір адамның басына кісілік пен пенделік қалай сиыспақ деп. Кісілік деген бірде артылып, бірде сарқылып жататын ақша емес қой, сүтпен сіңген болса, сүйекпен ғана кететін шығар деп.
Әрине, өмір бар жерде мұқтаждық болмай тұрмайды. Тірліктің бір ұшы еріксіз апарып сол мұқтаждыққа тірегенде көп адам сыр беріп-ақ қалады...
Өтірік пе, шын ба, о жағын анық білмеймін, әйтеуір Жамбыл-Жәкем айтыпты дейтін ащы бір мысқыл аралас әңгіме жүреді ел арасында. "Жәке, шүйінші, неміс фашистерін жеңдік!" – деп қуана жеткен ауылдастарына: "Немісті жеңетіндеріңді баяғыда-ақ білгем, мынау алты үй арғынды жеңе аласыңдар ма, соны айтшы?!" – депті дейді ұлы жырау.
Сол айтқандай, бұл күнде ғасыр дерті аталып жүрген СПИД, қылтамақ аурулары бар. Зардабы өте ауыр деп баспасөз біткен шуылдасып-ақ жатады. Бірақ маған солардың бәрінен де қазақ үшін қауіп-тірегі рушылдық деп аталатын дерт пе деп қалам. Бұл өзі ел ішін әбден жайлап, асқына түсіп бара жатқан кесел. Үлкен-кіші лауазымға ие болған, ел билеп, жұрт шүйлеуге енді-енді араласа бастаған адамдар маңына арадай құжынап жағымпаз-жақтас, ұраншыл-рушылдары жинала қалады. "Қайырдың бәрі ағайыннан, қайырымның бәрі туысқаннан" дегенді әлгі адамның құлағына құйып-ақ бағады олар. Туыспаса да қимасың, туғаннан артық сыйласың болады, опалы дүниенің өзі де ең алдымен солардың ынтымағында, өзара татулығында екенін естен шығарған жерде, әлгі дерт те ушыға түседі, енді ем қонбай, үдей береді.
Бұл дерт әсіресе жазушы, ғалымдардың бойына барып дарыса, одан асқан сұмдық жоқ. Енді олар реті келген жерде болмысты бұрмалап, ақиқатты аяққа таптап, ала қойды бөле қырқуға көшеді. Олар тіпті тарихтың өзіне көпе-көрнеу қиянат жасап, "у ішсең руыңменнің" жөні осы екен деп, өз елінен шыққан батырды, рулас әулие-әмбиесін басқа барлық қатарлас, тұрғыластарынан биігірек қоюға тырысып, барша кемеңгерлік, кендік, елеулі ерлік атаулыны бір ғана солардың басына үйіп-төгуді әдетке айналдырғанын көріп, күлеріңді де, жыларыңды да білмей отыратын кездерің аз болмайды. Мемлекет болып күресер, ұлт болып тамырына балта шабар сұмдық бір дерт осы деп білем...
Таяуда ғана екеуара болған әңгіме үстінде өзіме сыйлас, сырлас жүретін, алыс-жақын ағайынға жақсы атымен ғана танымал аға қаламгер республикалық газеттердің бірін басқарып отырған жас азаматтарға деген реніш-өкпесін сыр ғып айтып еді.
Бір кездері өзі де осы газет ұжымын басқарған аға буын өкілінің зәуімен апарған бір мақаласын ит тістеген тулақтай (әңгімешінің өз сөзі) етіп, әр жерінен үзіп-жұлып "жариялаған" болады ғой редакция. "Бұ қалай болды?" – деп өкпе айта барған авторға орынды уәж білдірудің орнына: "көнсең де сол, көнбесең де сол" дегендей сырт беріп, сес көрсетеді ондағылар. "Ең құрығанда өзіме айтып отырып қысқартпадыңдар ма, бұрыннан келе жатқан дәстүр солай сияқты еді"– деп күмілжіген автор уәжіне айылын да жимаған жас басшының бірі: "Бұрын қалай болғанын білмеймін, бұдан әрі осылай болады" – депті міз бақпай.
– Әрі қарай сөзді көбейтсем жағамнан ала түсуге даяр тұрған түрін көріп, біржола түңілдім де, жөніме кеттім, – дейді аға қаламгер. "Кеше келген тоқалдар – шөміш алып қоқандардың" кері осы болса керек...
Бұл енді бізден кейін ел сөзін ұстайды деп сеніп жүрген жас азаматтардың сыйқы еді. Осыдан кейін кісілік жайлы сөз етіп көріңіз.
Айтпағым көп еді. Көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда өңі қашып, пышырай бастады. Бірақ бұл тақырыптағы әңгіме мұнымен аяқталмас деп ойлаймын. Қайырыла соғып, ел есіне салып отырар ойдың бірі осы төңіректе екенін сезгендіктен де оқырман аузына әдейі сөз сала кету еді мақсатым.
БЕТБҰРЫС
Туған жер қай перзентіне ыстық емес, жұрттың бәрі секілді біз де өзіміз туып-өскен өлкенің, кір жуып, кіндік кескен өңірдің түрлене түлеп, гүлдене түсуін тілейміз. Тілеп қана қоймай, қолымыздан келгенше соған септігімізді тигізіп, қанатымен су сепкен қарлығаш құрлы болса да қол ұшын беріп қалғымыз келіп тұрады.
Оның үстіне негізгі дені ауылдан шығып, жусаны мен жуасының иісін жұтып ержеткен қазақ ақын-жазушыларының, қалам ұстап жүрген қайраткерлерінің ауылды аңсап жырламағаны, ауылы, ауылдастары жайында әйтеуір бір шығарма жазбағандары кемде-кем. Ақындар жағы бір кезде, тіпті, әлденеге ренжіп, әлдекімнен көңілі қалған сәттерде, қаладағы күнделікті күйкі-қиқым тірліктен жалыға түңіліп кеткен шақтарында: "Ауылға кетіп-ақ қалсам ба екен?" – деген сарындағы топтама өлеңдер де жазып, көзіне жас ала "жылап" жататын. Бір кезде біздің өзіміз де:
Жалықтырып бұйығы бақ, бұла түн,
Алматыға сыймағанда бұл ақын,
Арғымақпен аққысы кеп жұлдыздай,
Ауыл жаққа тартқысы кеп тұратын, –
деп жазып алып, сол бір ана құшағындай аңсап барып, бір сәт мауық басып қайтатын ауылымыздың да көз алдымызда кетеуі кетіп, аз жыл ішінде байырғы береке, ежелгі ажарынан айрыла бастағанына жанымыз аши құлазып:
Ауылдың да өз қайғысы, мұңы бар,
Бұрынғыдай шуағы жоқ жылынар,
Қазанат та көрінбейді белдеуде,
Азамат та азайыпты тіл ұғар! –
деп күйзелгеніміз бар еді.
Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап еді деп айтуға ауыз бармайды, әрине. Бірақ қырқасы малға, ойпаны егіске толып, қысы-жазы дүбірлі еңбек әсте бір толастамай жататын ауыл тірлігін көріп сүйсінетініміз рас еді. Қарын қамы, мал тойымын қана күйттемей, алыс-жақын жақсыдан, жылт еткен жаңадан үйреніп, үлгі алып, үдере ілгерілеп бара жатқан ауылдастарымызды мақтаныш тұтатынбыз.
"Егемен болдық, ел болдық" деп кепкімізді аспанға ата дүрлігіскен анау жылғы бір аласапыран, ала шапқын кезінде дарияның жарға соққан толқынындай жан-жаққа алаңдап, не болып, не қойғанымызды біле алмай әуре мен сарсаңға түсіп кеткен әуейі шақта мысқылдап кірген сол дәулет батпандап шашылып бір кеткен. Елу-алпыс жыл бойына ел болып еселеп жиған ен дәулет ұстағанның қолында, тістегеннің аузында жырымдалып және кете беріп еді.
Кешегі мыңғырып өскен малдан тігерге тұяқ қалмауға айналды. Күні кеше тонналап өнім беретін бетегелі бел, құйқалы қырат, көкжасыл мауытыдай көркем жайлау-жайылымның бәрі құлан жартпас кербаланың шөліне айнала бастады. Алыс жүрген біз түгілі, соның бәрін қолымен ұстап, көзімен көріп отырған, мал қарап, шаруа баққан ауыл тұрғындарының өзі: "Апыр-ау, кеше бәрі бар еді, қайда құрып жоғалды?" – десіп таңырқасты. Құдай кері келтірейін дегенде өстіп, басқа түскен таршылық бір келсе себелеп емес, селдетіп келетіні бар емес пе. Иығынан бодандық жүгі сыпырылып түскенге мәз болған жұрт кешегі қоғам малын хан талауға түскендей-ақ қастай шауып, қасқырдай талып, аз жылда ауылды аздырып, даланы тоздырып алды. Ұжымшар, кеншарлардың (колхоздар мен совхоздар) ауласына сән, аймағына әр беріп тұратын ескі-жаңа техника – жүздеген автомашина, трактор, ондаған комбайндардың әр жерде қаңқасы қалқиып, іріп-шіріп, тот басып, топалаң асып, әйтеуір "көзі жоғалып" тынды.
Ауыл тұрғындары қап арқалап қалаға қарай шұбырды.
Мұқағалидың баяғы ел аман, жұрт тынышта:
Сен де кеттің, мен де кеттім, ол да кетті ауылдан,
Ұят болды-ау ағайыннан, ұят болды-ау бауырдан! –
дейтіні бар еді. Қайран да сол Мұқаң бүгінгі күйзелген ауыл тіршілігін көрсе қайтер еді, қалай күңіреніп, қалай егіле жырлар еді деп те ойлайсың.
Туған ауыл, ескен жердің азыңды-тозыңды осындай сиқын көріп, бірақ қандай қаракет жасап, қалай қол ұшын берерімізді білмей дағдарған дәрменсіз күйіміз бар еді. Өрісіне мал, егісіне дән толады-ау деген үміттен де күдер үзіп бара жатқан сияқты болатынбыз.
Сол бір үзіле бастаған үміттің тұла бойына қан жүгіртіп, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы дүниеге келді. Қазақстан баспасөзі бетінде бұл Жолдаудың әрбір тарауы, әрбір концепция-тұжырымы ондаған онды әңгімеге арқау ма болып келе жатыр, әлі де бола бермек.
Сабақты ине сәтімен дегендей, енді осынау Жолдаудан өзімнің не түйіп, не қойғаныма келейін. Жас кезімізде аудандық, облыстық газеттер редакциясында қызмет істей жүріп «Ауылына қарап азаматын таны", "Азаматын көр де ауылын көр" – деген сияқты айдармен (мәдени, экономикалық тақырыптарға) мақалалар жазатын едік. Әрбір жақсы істің басында қандай шаруа болмасын қалауын таба білетін қабілетті адамдар жүрсе ғана ауыл маңы ажарланып, ел іші тоғайып, түрлене, түзеле түсетінін білеміз. Президент Жолдауында да әсіресе сондай іскер, "еңбексүйгіштігін көрсеткен" адамдарға енді мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін болады екен.
Мен өзіміздің ауылдағы біраз азаматтың басына түскен ауыртпалыққа куә болған адаммын. Жүгері, бидай егіп, қоңыр күзде содан алған өнімін қайда өткізерін білмей, оның үстіне астық сақтайтын қоймасы және жоқ, тығырыққа тіреле келе, амалсыз әлгі табан ақы, маңдай терімен тапқан дәулетін әлдебір алаяқтарға су тегін дерлік арзанға беруге мәжбүр болып, келесі жылы бәрінен түңіле қолды бір-ақ сілтеген жігіттерді де көргенмін.
Енді өнім өткізу рыноктары өз іргесінде болады екен. Соған кепілдігі бар, алданып қалмасына көзі жеткен диқан еселеп еңбек ете бастары сөзсіз.
Шаруа қожалықтарының қажетті несие алуы жолындағы кедергілер біршама жойылатын сияқты. Әйтпесе, сұраған нәрсесі қолына тиіп болғанша жырымдалып, әрбір айлакер, алаяқ делдалдың "қолын майлауға" жұмсалып, ит әуреге түсетін.
Ең бір жақсы жері – салық ауыртпалығының азаюы. Әйтпесе, көтерем егіздей болып бауырын көтере алмай жер бауырлап жатқан шаруаға "төле де төленің" астына алып алым-салық жинаушылар келгенде, екі аяғы бір етікке тығылатын. Мұның өзі үстінде лыпасы жоқ тыржалаңаш адамға "шешін де шешін" дегенмен бірдей еді. Сол жағы заңды түрде оңтайлы тұжырым тапса, шаруаның дәл қазіргі хал-ахуалына қарай реттеліп отырса, онды болары ақиқат.
Кеңестер одағы кезінде экономикалық жағынан әлсіз, техникалық қуат-күші кемшін шаруашылықтар оқтын-оқтын іріленіп, ұсағы ірісіне қосылып, қисайған жүгін ондап жататын. Ол әбден заңды еді де, ешкім реніш-өкпе білдірмейтін.
Біз болсақ жекеменшіктендірудің алғашқы кезеңінде сол кемеліне келе іріленіп, малы да, жаны да бір орталыққа шоғырланған шаруашылықтарды 20-30-ға бөлшектеп бөліп жібердік. Қаржы-қаражат жағынан да, техникалық жабдықтау жағынан да бірден ойсырап, тапшылық тығырығына тірелген шаруа қожалықтарының ілуде біреуі болмаса, көбі өз аяғынан көтеріліп кете алмай, бұл күнде өлместің ғана күнін керіп отыр. Біз жақта (бұрынғы Үйгентас ауданында) сол баяғы Дзержинскийдің атымен аталатын ұжымдық шаруашылық (бастығы Бабичев деген жігіт) бас-басына би болып, бөліп әкетпей, малды да, бау-бақша, тіпті омартаға дейін әу бастағы қалпында ұстап қалды. Қазір бұларда мал да бар, егін де жайқалып өседі. Бір орталыққа ұйыса, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген ауыл еңбеккерлерінің тұрмысы да күйзеліске ұшырамай, бірқалыпты тәуір дәрежеде келе жатыр.
Бәлки, жер ыңғайы, адам құрамына қарайлай отырып, осындай қуатты шаруашылық ұстап, соның ішінен мүмкіндігі жетіп бөлінем дегеніне кедергісіз және көмек беріп, қолдап отыру тиімді болмас па екен деген де ой келеді.
Қазіргі таңда облыстық ауылшаруашылық департамент! бар, әкім аппараты жанындағы ауылшаруашылығы және айнала ортаны қорғау бөлімі, осылардың үстіне Ауылшаруашылығы министрлігінің аймақтың басқармасы деген мекемелер бар. Бұлайша шашыраңқы шым-шытырықтан гөрі бір орталықтан басқарылатын, шаруа қожалықтарына техника, тұқым, жағар және жанармай, тыңайтқыш сияқты агроөнеркәсіпке ең қажет сұранымын дер кезі өтей алатын билік жүйесі керек сияқты. Басқаруды да, бақылауды да өз қолына алған ондай ұжымның жауапкершілігі де артар еді. Ел сенімі де ұлғая түсер еді. Оның үстіне бұл өзі Президент аппаратына, не тікелей Үкіметке бағынышты мекеме болғаны да дұрыс сияқты. Әйтпесе, қазақша айтқанда: "Қойшы көп болса – қой арам өледінің" кебін киіп жүреміз бе деген де қауіп ұялайды көңілге.
Біз "нарық, нарық" дегелі қанша болды? "Нарық өзі бәрін де реттеп, бәрін де жолға қойып, жөнге салады" деп жатамыз. Мемлекеттің өзі реттеп, түп тұтқасында өзі отырмаса рынок өзін өзі ешқашан басқара алмайды. Хаос, анархияға апарып соғады түбі. Содан сақ болуымыз керек еді, енді соның алғы шарты жасалмақ.
Қысқасы, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы бәріміздің де көңілімізге сенім ұялатады. Әйтеуір бір шұғыл бетбұрыс болатыны сөзсіз сияқты. Тек алдынан жарылқасын делік. Деп қана қоймай, бәріміз жұмыла кірісіп, қолдау көрсетелік.
МАРАПАТ ПА, МАҚТАН БА?
Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын бір топ ауылдастарымның наразылығына орай сол кезгі облыс әкіміне әдейілеп хат жазғаным бар еді. Біздің жақтағы ескіден келе жатқан тәп-тәуір қазақша аты бар бір ауылға кезінде колхоздастыру ісіне араласқан, Отан соғысынан оралмай қалған адамның аты берілмек екен. Оған жанын салып жүгіріп жүрген әлгі адамның артыңда қалған, сол кезде белгілі бір банктің тұтқасын ұстап тұрған баласы екен де, бірқауым ағайын-туғаны көтермелей қопаңдасып, қолдау білдіріп жатыпты. Мен ежелден-ақ құлаққа сіңісіп, ел аузында жүрген ауылдың атын жеке бір адамға бола өзгертіп жатудың қажеті жоқтығын дәлелдеп, көптеген деректер келтіре отырып, қарсылық білдірген болдым. Ондағы ойым "байдың асын байғұс қызғанады" емес, Отан соғысынан оралмай қалған 40-50 адамы бар ауылдың өзге де азаматтары арасында наразылық, реніш-өкпе туындап кетпесін дегеннен сақтандыру да еді. Сол шейіт болған адамдардың бәрі де ұмытылмауы тиіс еді, бірақ ауыл атын алып берерлік ауқатты балалары жоқ, бар жазығы сол ғана, сондықтан күні ертең ыңғайсыз сөзге қалып жүрмейік, деген уәж білдірген болатынмын. Оның үстіне жер-су аттарын бұлайша жөн-жосықсыз өзгерте беруге де қарсы көзқарастағы адам екенімді айтқанмын.
Бірақ "жалғыз қаздың үні шықпас", менің хатымды елеп, айтқан сөзімді құлағына қыстырған адам болмады. Бұл күнде көзі жоқ әлгі банкир танысым болса, өле-өлгенше маған қырын қарап, қырғи қабақ қалпында кетті.
Мұның бәрін тәптіштеп несіне айтып отыр дейсіздер ғой? Оған да келейін.
Қазір қазақ жерінде жаппай бір ел мен жер, ауыл мен көше, қала мен қамал атын өзгерту науқаны жүріп жатқан сияқтанады. Мұның өзі, тіпті, күннен-күнге белең алып, бүгінгі тілмен айтқанда, модаға айнала бастаған: "Оу, пәленше де осы өңірдің бір перзенті ғана еді ғой. Тіпті ең озық туған перзенті шығар. Сонда да атадан балаға мирас болып келе жатқан жер атауын сол бір ғана перзентінің атына көшіріп беруіміз қалай болмақ" – дейтін кісі көрінбеді. Бірімен бірі жарысқа түскендей таласа-тармаса баяғыдан келе жатқан, айрықша бір дара қасиетіне орай халықтың өзі қойған аты бар жер-су атауын сол арада туып-өскен ата-баба, әке-шешемізге алып беру жолында жан алысып, жан берісіп-ақ жатырмыз.
Осының себебі неде? Біраз ағайын, сірә, қалыптасып қалған жер-су атын бүгінгі күнге лайықтап өзгерту арқылы елім деп еңіреп өткен ерлердің есімін мәңгі есте қалдыратын боламыз, сол үшін жасалып жатқан марапат-құрмет деп ойлайтын да сияқты. Қазіргі күнде ауыл әкімінен Президент аппаратына дейінгі жер-су, елді-мекен атын өзгертуге азды-көпті қатысы бар мекемелерге бас сұғып көріңізші, "пәлен жерге пәленшекеңнің атын беруді сұраймыз, түген мектеп түгеншекең атымен аталса екен" деген хат-құжаттан аяқ алып жүре алмас едіңіз. Ел тілегі елеусіз қалмасын дейтін болуы керек, бұл күнде әйтеуір аты-жөні ауыл үй, ағайын арасынан әріге беймәлім, дәл қазір арамызда көзі жоқ демесең, сіңіре қойған еңбектері де шамалы ғана адамдарға ауданның, ауылдың, көшенің, мектептің, мекеменің, қала берді мешіттің атын беру әдеттегі іске айналып бара жатыр. Алматыдан аттап шығып кез-келген аудан орталығы, үлкен-кіші ауылға бас сұғып көріңізші, не істеп, не қойғаны ешкімнің есінде ми. адамдардың атына қойылған көшеге барып тірелесіз. Бұл кім еді?" – деп сұрасаң, "Пәлі, қалай білмейсіз, бұл кісі бір кездері осында парторг болды ғой" немесе "бүгінгі ана пәленшенің қайнағасы емес пе, неғып білмей қалдыңыз!" – деп өзіңе кінә таға қарсы тұратындарға кезігерің сөзсіз.
"Апыр-ау қызмет істесе – ақысына айлығын алып отырған жоқ па еді, оның үстіне өз мамандығына лайық жұмыс жасауға тиіс те еді ғой, ендеше оған бола елді мекен, көше аты неге берілуі тиіс? Бұл өзі өлгеннен кейінгі ерлігіне орай беретін награда емес қой, жұрт аузында жүретін не аты, не хаты бар айрықша туған ірі тұлғаларға ғана лайық марапат емес пе еді?" дейтін де ешкім жоқ әзірге.
Рас, жер-су, көше атаулары бұрын да оқтын-оқтын өзгеріске ұшырап жататын. Мен ес біліп, етек жиғалы осы Алматының да қайсыбір көшелері үш-төрт реттен атын өзгерткенін білемін. Бірақ олар көбіне-көп даму мен дәуірлік қажеттіліктен туындайтын еді, яғни белгілі бір идеологияның өзгеруіне қарай жүзеге асып жататын. Үгіті мен насихаты да соған орай жүргізілгендіктен жұрт құлағы да бірте-бірте үйреніп, жаңа атауға дағдыланып кететінбіз. Қазір мүлдем басқаша.
Оның үстіне ауыл-село, әсіресе көше аттары көптің көңілінен берік орын тепкен, үлкенге де, кішіге де танымал, "бұл кім еді тағы да?" – дегізбейтін Абай, Алтынсарин, Шоқан, Махамбет, орыстардан Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Горькийлердің меншігіне тиюші еді. Ел аузында жүрген Иса Байзақовтың елеусіздеу бір сазгерге қарата: "Ондай композитор естісем құлағым керең болсын!" – дейтін сөзі бар еді, сол айтқандай, есімін ел білмек түгілі, ешкім естімеген адамдардың ауқымды бір ауылдың, ұзынды-қысқалы көшенің деп, көптеген деректер келтіре отырып, қарсылық білдірген болдым. Ондағы ойым "байдың асын байғұс қызғанады" емес, Отан соғысынан оралмай қалған 40-50 адамы бар ауылдың өзге де азаматтары арасында наразылық, реніш-өкпе туындап кетпесін дегеннен сақтандыру да еді. Сол шейіт болған адамдардың бәрі де ұмытылмауы тиіс еді, бірақ ауыл атын алып берерлік ауқатты балалары жоқ, бар жазығы сол ғана, сондықтан күні ертең ыңғайсыз сөзге қалып жүрмейік, деген уәж білдірген болатынмын. Оның үстіне жер-су аттарын бұлайша жөн-жосықсыз өзгерте беруге де қарсы көзқарастағы адам екенімді айтқанмын.
Бұл кім еді?" – деп сұрасаң, "Пәлі, қалай білмейсіз, бұл кісі бір кездері осында парторг болды ғой" немесе "бүгінгі ана пәленшенің қайнағасы емес пе, неғып білмей қалдыңыз!" – деп өзіңе кінә таға қарсы тұратындарға кезігерің сөзсіз.
Рас, жер-су, кеше атаулары бұрын да оқтын-оқтын өзгеріске ұшырап жататын. Мен ес біліп, етек жиғалы осы Алматының да қайсыбір көшелері үш-төрт реттен атын өзгерткенін білемін. Бірақ олар көбіне-көп даму мен дәуірлік қажеттіліктен туындайтын еді, яғни белгілі бір идеологияның өзгеруіне қарай жүзеге асып жататын. Үгіті мен насихаты да соған орай жүргізілгендіктен жұрт құлағы да бірте-бірте үйреніп, жаңа атауға дағдыланып кететінбіз. Қазір мүлдем басқаша.
Атыңнан айналайын, Әулие-ата,
болды деп атым Жамбыл болма қапа, –
еп сәл де болса қысылып-кымтырылған ешкім және жоқ, қолынан келгені қонышынан басып-ақ жатыр.
Қысқасы, жер-су, ауыл мен қала, мектеп пен мекеме, кешене мен көшелерді екінің бірінің омырауына қадай салар орденге, не болмаса ата-баба ұранына айналдырып бара жатқан сияқтымыз. Әйтпесе, Қаскелеңді – Қарасайға, Қарабұлақты – Қабанбайға айналдырғаннан не ұттық? Қарабұлақ орта мектебі дегеннен Қабанбай орта мектебі деу құлаққа жұғымдылау естіліп түр ма? Болмаса, аруақты бабамыздың даңқына даңқ қосып, абыройын асырған жері бар ма?
Екеуі де емес. Әйтеуір, елден қалмау, "жұрт сөйтіп жатыр ғой, біз де тоқалдан туған жоқпыз..." деуден туған жалған ұран, жалаң патриотизм.
Ойланып қараңызшы, Қызылқұм, Қызылащы, Ащыбұлақ, Қаскелең, Кеген, Алакөл, Ақсу сияқты толып жатқан қазақы ауылдардың атыңда тұтас бір тарих, ел тағдыры жатқан жоқ па. Сол өңір, сол елдің өткенінен дерек беріп тұрмай ма. Оның үстіне келер ғасырдағы тарихшыларымыз: "Қазақ жеріндегі жер-су атаулары кілең кісі аттарына тұратыны қалай?" – дей қалса, не бетімізді айтамыз.
Осыдан отыз-қырық жыл бұрын Алматының қыз-келіншегі бірінен-бірі қалысқылары келмей, шетінен қара белдік тағынып шыға келгені бар еді. Сонда, ұмытпасам, Оразақын Асқар болуы керек:
Кім білсін, жараса ма, жараспай ма,
Әйтеуір, ел алды деп ала бердік", –
деп бітетін "Қарабелдік" өлеңін жазғаны бар болатын. Бұл да сол сияқты ұраншылдық. Әйтпесе, он-он бес үйлі ауылдағы көшеге Абылайханның атын қоюдың қажеті қаншалық еді?! Ал тарихи тұлғаларымызды, оған қоса әр өңірдің өткен-кеткен айтулы адамдарын әйтеуір марапаттау, арттағыға есімін түсу қажет болып бара жатса – тастан қашап ескерткіш тұрғызайық. Не со кісінің атына мектеп, мешіт, медресе салдырайық. Одан өткен құрмет те, тағзым да бола қоймас еді.
Біздің елде "Тарихи ескерткіштерді қорғау комитеті" бар. Дәл осы іспеттес, сондай мәртебедегі "Тарихи атауларды қорғау комитеті де керек сықылды. Дәл бүгінгі ономастикалық комиссиядан бөлегірек, шын мәніңде жер-су атауларының қалыптасып қалған халық аузындағы атын сақтап қалу жолында күресе білетін комитет болуға тиіс. Сонда, әйтеуір сөзі өтіп, қолы жеткендер ел тарихының өткенінен хабардар ететін көне отауды белінен баса бір-ақ сызып тастап, атасының немесе нағашы апасының атына аударып беруден тиылар ма еді, қайтер еді.
Біз бұл жерде айтпақ ойымызға аса тереңдеп жатпай, бет жағын ғана қалқып өтіп отырмыз. Қалың оқырманның аузына сөз салып көрейік, бәлки, бұл көптің де көкейінде жүрген ой шығар, ендеше үлкен-кіші азаматтар пікір бөлісіп көрмес не екен деп те ойладық.
Әйтеуір, қайталап айтсақ, жер-су аттарын өзгерту марапатқа да, мақтауға да айналмауы керек. Әрбір атаудың атын өзгертуде арғы-бергіге үңіліп, талдап, таразылай келіп, ең соңында екі шоқып, бір қарамай болмайды. Орыстың бір үлкен ақынының "Лишь ты будь зрячим, чувство меры, наш неподкупный проводник" – дегені бар еді, сол айтқандай, не нәрсенің де өлшемі мен мөлшері, шекара-сызық шектеуі болатын еді. Бәріміздің де сол межеден аспай, артық-кем ауытқуларға баспай, жүз ойланып, мың толғана отырып, мұндай ел мүддесіндегі мәселенің "айттым – бітті, кестім – үзілді" дейтін жеке шенеуніктің емес, халықтың ұйғарымымен ғана жүзеге асырылатынын ұмытпасақ дейміз.
ЖЕТІ БАСТЫ ЖАЛМАУЫЗ
Депутат болып сайлансам, Парламентке мүше болсам дейтін, тіпті ел басқарудан дәмесі бар үміткерлердің бағдарламасына қайыра бір көз жүгіріп көріңіз, қала берді өз қасыңыздағы ұлтыңыз бен жұртыңыздың жанашыры қатарында жүрген дос-жарандардың әңгімесін тыңдаңыз, – барлығы да бір ауыздан бұл күнде елімізде әбден етек алып болған коррупцияға (сыбайлас жемқорлық, жең ұшынан жалғасу дейсіз бе, басқаша атайсыз ба, – өзіңіз білесіз) қарсы аяусыз күрес қажет екенін зығырдандары қазандай қайнатпақ сөз етіп жатады. Ол ол ма, тіпті қазына мүлкіне көз сұғын қадауға бейім, соған мүмкіндігі де жеткілікті жемірлер, жемқорлар, жырындылар мен жұлымылардың өздері де әртүрлі мінбелерден айқайлап айтып: "Заңсыздықтарға жол бермеу, қарғыс атқыр сыбайлас жемсаулардың көмейіне құм құйып, құлқынын тығындау керек" деп жататындарын естіп те, көріп те жүрген жоқпыз ба?! Олар тіпті бұл жайлы басқаларымыздан да асыра, "ашына" айтатынын қайтерсің. Көріңіз де тұрыңыз, күні ертең сайлау қарсаңындағы кездесулерде айтылатын депутаттықтан үміткерлер сөзінің, уәде-байламының негізгі көзірі де сол бір жең ұшынан жалғасуға қарсылық жайлы болары айдан анық. Олар жұрт алдына тыр жалаңаш шықса шығар-ау, бірақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрамыз деген сол баяғы құрғақ сөз, жалған уәдесіз аттап баса қоймасы бесенеден белгілі.
Бұл жердегі ең басты кесел сол, тіл-жағына сүйеніп суырыла сөйлеушілердің өздері де, оларды "ұйып тыңдап" отырған былайғы көпшіліктің біразы да "осының бәрі мүмкін-ау" деген ойға илануға бейім, өкіметтің қолы ұзын, ұры-қарыңды тырп еткізбей жегенін желкесінен шығарып бүріп бір берер, "әй, бәлем, сонда..."
Иә, сонда не бола қояр деп ойлайсыз? Арғысын айтпағанда, егемен ел болғалы бергі тарихымызға ғана үңіліп көріңіз, қазына мүлкіне суық қолын сұққандардың бетіне қара күйе жағып, ағаш атқа теріс мінгізердей сынадық, құлаттық, жылаттық, ащы тілімізді сұқтық, біразын түрмеге де тықтық. Ұры-қарыға біржола тиым сала алдық па, бірақ? Қоғам ішін әбден жаулап алған осынау бір созылмалы дерттен аз да болса айықсақ керек еді. Түйірдей болса да әйтеуір сабақ алар нәтижесі болса керек еді. Жоқ, тиым да жоқ, сабақ, болар нәтиже де жоқ. Орысша айтар болсақ, өлі күнге тас қараңғы үйде көмірдей қара мысықты қуалап жүрген сыңайымыз бар. Билік басында ұры-қары көбейіп кеткенін, кез келген уақытта кез келген ірі шенеунікті жауапқа тартудың дәлелі бары жайлы өзге емес, ел Президентінің, өзі айтқан. Бірақ сол жең ұшынан жалғасу, парақорлық, жемқорлықпен (мәселе атыңда емес, затыңда) күрес ешқандай нәтиже бермей келеді. Есептен ұтылмайтын, ешқашан тұтылмайтын жемірлер көбейген үстіне көбейе түсуде. Қаншама сөз, қаншама қаржы желге ұшты. Күресеміз деген қарекеттің бәрі бос далбасаға айналып барады. Ендеше, жұртты бекерге емексітіп, елеңдете бермей, осы бір шаруаны біржола жылы жауып қойсақ та бола ма, қалай?
Мен ұры-қарыларға, әсіресе жең ұшынан жалғасып, ел байлығын сүліктей соратын қанағатсыз қарын, ындыны кепкен обырларға қарсы күресті мүлдем тоқтатайық деп отырған жоқпын. Күресу керек болғанда қандай, тіпті басқасын былай қойғанда, қоғам мүлкіне қол сұққандар ауыр жазалануға тиіс дейтін қылмысты істер кодексі де қатаң сақталуы керек емес пе. Оған қоса халық та өз мемлекетінің қол қусырып бекер қарап отырмағанын, біржолата құрдымға кетіре құрта алмаса да, ұры-қарыны әжептәуір ауыздықтай алатынын көріп, "алда разы болсын" айтып отырмас па еді.
Бірақ жоғарыда айтқандай, шегінен шыға асқынып, ем қонбас созылмалы дертке айналған сыбайлас жемқорлыққа бұл да дауа болып жарытпақ емес. Аз күнге ғана бебеу қақтыра сыздағаны басылып, көз шырымын алдыруға ғана жарар жараса. Жеті басты жалмауыздың бір басын ғана шабармыз, қалған алтауы бұрынғыдан да ащы ызамен қомағайлана түсері, обырлық-жемірлігін үдете түсері хақ.
М.Е.Салтыков-Щедрин бе, жоқ сол деңгейлес орыс біргірлерінің басқа біреуі ме, есіме түсіре алмай отырмын, әйтеуір: "Я не скажу, что все госчиновники казнокрады, а все казнокрады – госчиновники, что точно!" – дегені бар еді. Қазақшаласақ – "мемлекеттік шенеуніктің бәрі қазынаға қол сұғар ұры-қары деп айта алмаймын, ал бірақ қазынаға қол сұғар ұрының бәрі – мемлекеттік шенеунік екені анық" болып шығар еді.
Өкімет жағы біле ме, жоқ па, қайдам, ал біздің көбіміз сол шенеуніктердің жемірлігі негізінен заңды түрде, толық заңдастырылған түрде жүзеге асатынын байқай бермейміз. Қазіргі таңдағы кредит, лизинг, тендер, лицензия, бюджеттік қаржыны болу, әртүрлі мемлекеттік тапсырыстар, түрлі дәрежедегі жеңілдік, айналымдағы жылжымайтын мүліктер түпқазығы негізінен сол шенеуніктер қолында, жоғары деңгейде заңдастырылған, қандай құйтырқыға барып, әрі қарай қалай бұрмалаймын десе де өз еркінде, қолын қағар, жолын бөгер ешкім жоқ. Соны жете меңгеріп алған, "қайдан құлақ шығаруды"өзі ғана білетін шенеунік өзіне жүктелген ресми міндетін "абыройлы" өтеумен бірге, қай жерде қалай жымқырып қалуға болатынын, қай тұста жауырды жаба тоқып, жасырына білуді де меңгеріп алады. Сырт көзге оныкі ұрлық та емес, өйткені заң жүзінде бәрі дұрыс. Сондықтан да ұры-қары шенеунікті ұстау да оңай бола қоймайды, олар да "ұсталмаған ұры емесін" білген соң, ештеңеден, ешкімнен айылын да жимайды, сынаптай сырғып қолға да тұрмайды. Жымқыра білмейтіндерге мүсіркей қарайды.
Айталық, мен жасы біразға келген қазақтың ақынымын. Аты-жөнім де айналама біршама белгілі шығар-ау деп ойлаймын. Сөйте тұра 5 адамдық отбасыммен бірге кооперативтік 3 бөлмелі пәтерде (Кеңестер Одағы кезінде сатып алғанмын) тұрып жатырмын. Айтарға демесең, тарлау, әрине. Әйеліміз екеуміз ұйықтайтын қуықтай бөлменің бір бұрышында жазу столым түр. Түннің бір уағыңда жазудан шаршаңқырап керіліп-созылып отырғанда жарықтан бетін көлегейлеп қойып, шырт ұйқыда жатқан әйеліме шынтағым тиіп кетіп, сөгіс еститін кездерім де аз емес. Бірақ амал қанша, басқадай барар жер, басар тау жоқ.
Ал бесіктен белі жаңа шыққан дерлік, бірақ әлдене себептермен мемлекеттік қызметке ертерек іліккен 25-35 жастың о жақ, бұ жағындағы жігіттер пәтерден пәтер ауыстырып жатады. Ебін тауып, есебін түгендеп айналасы ат шаптырым, ауласы автокөлікке толы сарай салдырып алады.
Үйінде екі-үштен үй қызметкерін, аспаз, бағбан ұстайды. Жұрттың бәрі көріп-біліп отыр-ау деп қымсынбайды. Оларды бір қарағанда "ұрлық түбі – қорлық" деп білетін бірен-саран ары таза, ақ адал қызметкерден ажыратып алу да қиын. Сыртқа сырын білдірмей, майлы мұртын бір сыйпап қойып, еркінсіп жүре береді. "Иектегі сақалын надан болып өсірген" бізге танау шүйіре төбеден қарайды. Әсіресе сот, прокуратура жағында жүргендердің тал таңы шектен шығып барады. Атасынан мұраға қалған да түгі жоқ, айлығы да жұрт қатарлы ғана болуы мүмкін. Сонда олар қаражатты қайдан алады? Қайдан алатынын сіздің ішіңіз сезеді, әрине, өздері де жақсы біледі, бірақ айыл жия қоймайды.
Қазақ үшін ұрлықтан асқан сорақылық жоқ еді бір кезде. Басқа амалы құрығанда өлген малдың етін жесе жер, ал ұрлық малдың етін жемейтін еді біздің қазақ. Бала-шағаны да сол бір ұлттық, бекзат қасиетті бойына сіңіре отырып тәрбиелейтін еді. Қазір ішіп-жем, мінер көлік, киер киім, баспана,– бәрі де ұрлықпен келіп жатқанын бесіктегі бала да біледі, үлкендерінің еті үйреніп кеткен. Олай болса, ел ішінде ұры-қарының көбеюі бақылаудың жоқтығынан немесе осалдығынан, жазаның ауыр-жеңілдігінен емес, қазіргі ереже-ұстанымның технологиялық әлсіздігінен етек алып отыр деп білу керек.
Бұл әлсіздікті де кездейсоқтыққа апарып тели салу қиын. Бәрі де әріден ойластырылған, сол шенеуніктердің өз қолдарынан өткен заңға негізделе құрылған. Өйткені әлі де сол баяғыша бірде-бір мемлекеттік ұстанымның шенеуліктің тікелей араласуынсыз шешілмеу жағы жете қарастырылған, сол қағида әлі де қатаң сақталумен келеді.
Сыбайластық аталатын жеті басты жалмауызбен күресу үшін құр айқай, жең ішінен жұдырық көрсете жаппай кіжіну аздық етеді. Одан гөрі қуаттырақ басқа амал, әлуетті әдіс қажет сияқты. Өйткені шенеунік бар жерде сыбайластық қоса жүреді. Кез келген шенеуніктің өзіндік заңды құқығын пайдалана отырып, өз дәрежесіне лайық кез келген уақ-түйек мәселені шешуге тиіс жердің бәрінде ол сәт сайын, сағат сайын туындап, қаулап өсіп-өніп, жетіле, жетісе түсіп отырады. Ендеше шенеуніктік ұрлықпен күресте жазаның ауыр-жеңілі пәлендей басты рөл атқармаса керек. Бұл жерде заңдық күші бар жалпы ереже-тәртіп атаулының қай-қашан мүлтіксіз сақталуын қатаң қадағалаудан өзге тиімді жол көрініп тұрған жоқ. Ондай бақылаудың түпкі мақсатының өзі шенеунік біткеннің "айттым – бітті, кестім – үзілдіге" саятын "өзім білеміне" тиым салу, тиым сала алмағанының өзінде белгілі бір кезеңге тежей түру деп білген жөн. Кез келген сападағы, кез келген көлемдегі алыс-беріс, актив айналымының тағдырын шешу тек қана белгілі бір шенеуніктер қолында болмауын қарастыру керек. Олардың ашкөздігін оятып, мешкейлігін үстей түсер жолды қайткенде тарс бекітіп, сыналай кірер тесік бітпенді тарылтпай болмайды. Үлкен бе, кіші ме, әйтеуір әмір-билік қолына тиген шенеунік заңдық күші бар құқығын пайдалана отырып былайғы ұры-қарымен бірге өзі де керегінше қарпи асап қалуға тырысары белгілі. Оның бірі көпе-көрнеу көзге ұрып тұрса (қолындағы билікті қалай пайдаланамын десе де өзі біліп, бәрін өз ыңғайына қарай билеп-төстеуі), енді бір қырын біз көрмейміз де білмейміз. Содан барып ұры-қарының араны ашыла түседі, келе-келе өз құлқынының құлына айналады. Оның ендігі түйені түгімен жұтар кеңсаба кеңірдегінен не өтіп, не қойып жатқанын бір айырса тек заңды бес саусақтай білетін кәнігі кәсіпкер, көпті көрген көнекөз заңгер ғана анықтап бере алады. Біз тек сырттан жорамалдаумен тынамыз. Билік басында екі-үш жыл болған мемлекеттік шенеуніктің баяғы 12 қақпалы Бұхара қақпасындай тас қамал қоршау ішіндегі үш қабат, бес қабат үйін көріп күйініп, талтаң-талтаң жүрісіне кіжіне қараумен шектеліп қала береміз. Сондай шектен шығушылықты тезге салын отырар, асқанға тосқан болар дейтініміз – Республика Парламенті еді. Онда да қазір кешегі обком хатшылары, бертіндегі әкімдер, министр, қалтасы қалыңдаған қомағай шенеуніктер отыр. "Қарға қарғаның көзін шұқымайды" дейтін орыс мақалын олар бізден гөрі жақсы біледі, жеріне жете меңгерген. Егер Парламент тек қана саңлақ туған санаулы жақсылардан, қара қылды қақ жарар ақ адал тура билерден түзілсе, мемлекеттік қызметкерлер бір жағы солардың бақылауына тәуелді болса, Парламент ел ісіне жедел де жіті араласып отырса, жұрт үстінен күн керетін қулармен күрес те белгілі бір арнаға түсіп, жақсы нәтиже бере бастар еш. Мемлекет, әрине, өз шенеуніктерінің ел ішінің, ел ісінің бәрін қамтырлық қауқарлы болуын қалайды, анаған да, мынаған да солар бас-көз болса дейді. Содан олардың санын да көбейтіп, жалақыларын да үсті-үстіне көтеріп, әспеттеп-ақ жатыр. Бұл күнде кейбір дәрежедегі мемлекеттік шенеуніктердің айлық ақысы 2-3 мың АҚШ доллары мөлшерінде, бұл да болса олардың жең ұшынан жалғасып, онды-солды жымқырғандарын, қоғам мүлкіне қол сұғуын қояр ма деген ниеттен туындаған болса керек. Бірақ бір ашы.лып алған аран оған бола тойым көріп, толатын ба еді. Қолдан келіп тұрғанда қоныштан басып, заңның өзі мүмкіндік беріп тұрғанда қарбыта асап қалмай бола ма!
Амал не, әзірге біздің қос палаталы Парламент ел мүддесі үдесінен шыға алмай жатыр. Оны бәріміз де көріп, біліп отырмыз. Парламентте қабылданған, қаралып жатқан заңдардың көбі сол қолында әмір-билік бар шенеуніктердің қарбыта асап қалуы, асай беруі үшін әдейі ойлап табылған сияқтанатыны бар. Оған мысал іздеп әуре болудың қажеті де жоқ, сол Жер туралы Кодекс, жекешелендіру жөніндегі жаңа қаулы-қарарлар, валюталық бақылау дейсің бе, әйтеуір бәрі де жайын ауыз, кең құрсақ шенеуніктердің үңгіп асап жей беруіне қолайлы жағдай туғызып-ақ тұр.
...Қалтасында көк тиыны жоқ сыпайы сырдаң бір жігіт қызбен қыдырып келе жатса керек. Қыз бала жігітіне назданып: "Такси ұсташы, шаршадым" демесін бе. Жігіт такси ұстамақ болып қызы тұрған жақтағы қолын көтереді екен де, екінші қолымен тоқтай берген таксиге "кете бер, тоқтама!" деп ымдайтын көрінеді.
Тура сол сияқты біздің қадірлі өкімет те бір қолымен жеті басты жалмауызды (сыбайлас жемқорлық) құртпақ болып әрекеттенеді де, екінші қолымен оның аман-есен қалып, жемсауын тығындай беруіне керек жағдайдың бәрін жасап, от пен суын молайтып, өрісін кеңейте түсіп келеді. Ендеше жеті басты жалмауыздың әзірге қауіптенер түгі жоқ, алаңсыз ғана жасай береді, қомағайлана қарбытып асай береді...
ЫҚЫЛАС ПЕН ЫНТА
Күдерің күлімсіге айналып, күлгеніңнің өзінен күдік іздеткен тар да зар, зәһарлы да қаһарлы заманды да бастан өткерген едік-ау.
Көзің төмен, көңілің шемен сол шақта ұлы-кішіміз қалмай дербес бір ел болар, еңсе көтерер күн де туар ма екен деп те армандамаушы ма едік. Осыдан он-он бір жыл бұрын ата-бабам ат жалы, түйе қомында жүздеген жыл аңсаған сол арманға да қол жеткізген болатынбыз.
Ел болдық, етек жиып есіміз кіре бастады.
Бірақ, айналаңның бәрі де ысылдаған, ысқырған, айбат шеге анталаған әбжыланға толып тұрған сияқты еді онда. Қапы кетсең, қалт жібермей бас салатыңдай, алқымыңнан алып, аяусыз шағатындай көрінетін. Сол жыланның қайқиған басын көтертпеу үшін, тәнімізге улы тілін дарытпау үшін де елім деп еңіреп туған ержүрек ұл керек еді халыққа. Сол кезде екі тізгін, бір шылбырды Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына берік ұстатып, "Уа, тәубалап!" – соңына ергенбіз. Көз алартқан ішкі-сыртқы дұшпанның делебесін қоздырмас, ел ішінің бейбіт-берекесін тоздырмас деп сенім білдіріп, сеніп барып ергенбіз.Соның алдындағы арқаны қарыған желтоқсан ызғары әлі арылмай, жылан тілі сумаңдап тұрған аумалы-төкпелі кезеңде билік басына келген тұңғыш Президентке ел сонда үмітпен де, күдікпен де қараған.
Президент те соны терең сезініп, ел сенімін ақтасам деп, әу деп халқына ант берген сағатынан бастап "ойдан-қырдан басымызды қосқан құдайға шүкір!" дей отырып, адам үйді-үйге сыймағанмен, ел елге сыяды, сығылысып, сыйысып, сыйластықта болайық деген тұрғыдағы береке мен бірлікке шақыра келді. Сол ұранынан әлі күнге дейін бір сәт айнып көрген жоқ. Бала кезімізде егде тартып қалған әке-шешеміз жатса-тұрса: "а, құдай, тыныштық бере гөр!" – десіп бет сипасып жатушы еді. Нұрсұлтан Назарбаев та екі сөзінің бірінде ел ішінің тыныштығын айтады. Қайда жүрсе де сол елдің ынтымағы мен бірлігін, берекесін сөз етеді. Ақылы мен парасатын соған жұмсайды. Ешкімді алалап көрмеген қазекеңнің қазіргі бейбіт тірлігіне өзі де қоса сүйсінетінін айтады, айтып қана қоймай, сол жолдағы ақ, адал қасиетін дамыта түседі.
Біздің ел маған әлі де аждаһаның аузында, арыстанның жолында тұрғандай көрінетіні бар. Қамсызбын деуге болмайды. Өйткені, адамға ортағы бақ емес, адамға ортағы – ақыл, ес. Біреуден біреу озса, бір елден бір ел озса тек қана малымен, бағымен емес, ақылымен, арымен озады. Өзді-өзінің тағына мастанып, бағына семірген елде береке-бірлік болған емес, болмайды да. Тарих оны күн сайын дәлелдеп келе жатыр. Ері елімен ақылдасса, елі еріне риясыз, қапысыз сенсе ғана, ұлтына бөлмей, руына ыдыратпай, ұялы тамыр, ұраны бір ел едік қой деп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білгенде ғана мұратқа жететін боламыз. Президент соны бәрімізден бұрын аңғарған еді. Бұрын аңғарды да ұлтшылдық өртіне ұрынбай, рушылдық дертіне бұрылмай өз халқының баласы ғана емес, бірегей туар данасы екендігін күн сайынғы ісімен, қам-қаракетімен дәлелдеу жағына қарай ойысты. Ел тізгінін өз қолына ұстаған адамның аузынан әрдайым ақыл, екі көзінен мейір төгіліп тұрар болар, өйтпеген күнде алыс түгілі, ет жақын ағайынның өзі бірте-бірте жат бауыр болып суынып, реті келген ұрымтал тұста одан сырт айнала салуы оп-оңай. Өйткені бүгінгі уақыт, бүгінгі заманда басшы түгілі, басқамызда мейір, сол рахым теңіз суындай кейін тартылып бара жатқаны өтірік емес. Содан сақ болудың жалғыз жолы тағы да – бірлік, тағы да ынтымақ. Ырыс алды – бірлік, бірліктен мәнді-маңызды, берекелі тірлік туады. Ынтымақ бар жерде – ырыс та бар. Аранын аша қаптай келіп, қабырғаңды сықырлата қысып бара жатқан қазіргідей қырсық заманда, тобырыңмен түгел қылғып обыр жұтқалы тұрғандай қалт-құлт еткен кезеңде өзді-өзіміз ала көңіл, алакөз болғанды қойып, қолдағы барыңа ғана емес, кеудеңдегі арыңа сүйенсең ғана ел болып аман қаларымызды әмісе есте ұстамай болмайды. Әлемдегі дәл қазіргі хал біздің бәрімізден соны тағы да талап етіп отыр.
Ел болған соң, ұры-қары да, ұр да жығы, қулары мен сұмдары да болмай тұрмайды. Сығылыса кимелеп келіп, қолайлы сәтіне орай сыналай кіріп алып, сылқия тойған соң сырт бере тұрып, аңыс аңдитын айласы көп мысықтілеулестер де жоқ бола қоймас. Түлкі құйрық, қасқыр көмей жылмайқаларды қайда қоясың? Сыбайлас қылмысқа жетекші болып, жең ұшынан жалғасып, жол көрсетіп жататындар да солар емес пе. Олардың күні әрдайым шуақты, қонысы сауатты келеді. Саяқты санға санамай, ел ішіне іріткі салатын, кісіліктің кеудесін жыртатын қыр тікенек те солар. Ел іші бөлінген сайын ол сұмырайлардың есебі түгелдене түседі. Содан барып ат үстінен билік айтқыш, аларға келгенде азар, берерге келгенде безерлер көбейеді. Борышы жоқ кепілдер, жоғы түгел куәлар ел ішіне іріткі салып, бүйі боп шығып жатады. Олардың бұлаң құйрық қарекеті, құйтұрқы тіл, түбі қылмыс тірлігінің ақыр аяғы сырты мерез, іші қуыс дауға апарып тірейді. Есіңнен айырып, есеңнен қағып, елдігіңнен ажырататындар да солар. Қазақ оны "қыздырмаштың қызыл тілі" деп бекер айтпаған. "Жарасыз ер, шарасыз ел болмайды" дейтін де сол халық. Елбасы қазір соның да әртүрлі шарасын іздестіріп, қатал тиым салудың қамын жасап жатқан сияқты. Соңғы кезгі кадр алмастыру саясаты да соны мегзей түскендей. Осы сыбайлас қылмыскерліктің бір ұшы барып бәріміз болып көп айта беретін рушылдыққа да тіреледі. Осы әрекетіміз Президент атына кір келтіреді-ау дегенді ескеріп жатқан жәдігөйлер және жоқ. Қайырдың бәрі туған мен туысқаннан ғана болады деп ойлайтын өресі тар әңгілер де бар. Туыспасаң да қимасың, туғаннан бетер қиыспасың болатынын, опалы дүниенің өзі ең алдымен солармен татулығында жататынын қаперіне алмайтын қаныпезерлер қаншама. "Құба түзде төрің бір, құба белде елің бір ағайының бар, жабықтан күнің жарқырап, Жайықтан суың сарқырап тұру үшін де ел ішінің татулығы керек", – дегенді сайрап, құйма құлақ болса құйып-ақ жатыр Президент.
Жауласқанды жау алады,
Бөлінгенді бәрі алады, –
дейтін еді атам қазақ. Адамда үрей біреуде, үміт көп. Үмітін үрейге жеңдірмеген ел ғана мақсатына жетіп, түптің түбінде ұтып шығады. Көсем салып, көш бастатқан баласы бар, көреген басшысы бар ордалы ел осыны әрдайым есте ұстағаны, өзі де ләйім соған лайық болғаны абзал. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ала қойды бөлек қырықпайтындығын дәлелдеген бір ғана ақылды басшысының аузына қараған ел ешқашан адаспақ емес. Сол тірліктің баянды болуын тілеп, біліп қана қоймай, жұмыла жүріп Басшы жүгін жеңілдете түсуге бір кісідей ат салысқанда барып мұратқа жететін боламыз.
Қазіргі қазақ ауылы бір сәулелі жағалауға қарай жалт бұрылып отыр. "Қирады, бітті, құлады, жұтты!" – деп қақсап та көрдік қой. Жақсыны көре білу де жайсаңға тән мінез. Ендеше Ел басы ықылас білдіріп отырғанда, ынтымақпен бірге ынта болу жағып да ойластырайық, ағайын. "Алма, піс – аузыма түстің" ауылы алыс қалғаны қашан!
2002 жыл
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру